TELEGEI

Home

Қозы Көрпеш – Баян сұлу. Қос мұңлықтың махаббаты.

Ахан Өмірбек

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Қозы Көрпеш – Баян сұлу. Қос мұңлықтың махаббаты.

Пьесада аты аңызға айналған екі кейіпкердің \герои\ – Қозы Көрпеш пен Баян Сұлудың қайғылы махаббаты суреттеледі. Пьеса ежелгі қазақ халық аңыздарының желісі бойынша \по линии\ жазылған.

Павлодар

2020

AУДК 821.512.122

ББК 84 Каз-44
3 26
3 26 Ахан Омирбек
Қозы Көрпеш – Баян сұлу. Қос мұңлықтың махаббаты.

2021. - … п.

ІSBN 978-601-06-5581-3

Пьесада аты аңызға айналған екі кейіпкердің \герои\ – Қозы Көрпеш пен Баян Сұлудың қайғылы махаббаты суреттеледі. Пьеса ежелгі қазақ халық аңыздарының желісі бойынша \по линии\ жазылған.

УДК 821.512.122

ББК 84 Каз-44
Орыс тілінен аударған Кенжебай Ахметов

Автордың барлық құқықтары қорғалған. Автордың келісімінсіз шығарманың жекелеген бөліктерін қайта басып шығаруға және пайдалануға тыйым салынады.

ІSBN 978-601-06-5581-3

© Ахан Омирбек, 2021
Ризашылық
Автор осы кітаптың шығуына үлес қосқан адамдарға алғысын білдіреді:
Ақтоты Райымқұловаға шығарманың идеясын дамытуға қатысқаны үшін;

Павлодар облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына;
Дамир Қалдыбаевқа - жұмысты жариялауға ұйымдастырушылық күш салғаны үшін;

Павлодар көркемсурет мектебінің директоры Л.М. Магзамоваға мектеп оқушыларының суреттерін кітапқа иллюстрация ретінде пайдалануға мейірімді рұқсат үшін; Алматы қ. ЮНЕСКО клубтарының Қазақстан ұлттық федерациясына, ұсынылған сурет үшін; Нұр-Сұлтан қ. ЮНЕСКО клубының балалар көркемсурет мектебіне, берілген сурет үшін; Суретші Наймановқа Б.Т. кітаптың мұқабасына \обложка\орналастырылған мазардың берілген суреті үшін.

Ежелгі дала аңыздарына негізделген
Орыс тілінен аударған Кенжебай Ахметов
Менің ата-анам - Зәуреш Бейсенбайқызы мен
Жаппар Өмірбектің жарқын махаббатына арналған.

Автор
Қатысушылар:
Қарабай сұлтан – сахарадағы ірі рубасыларының бірі
Сарыбай сұлтан – сахарадағы ірі рубасыларының бірі

Баян сұлу – Қарабайдың қызы
Қозы Көрпеш – Сарыбайдың ұлы
Әпсебай – Қарабайдың інісі
Қарашаш – Қарабайдың қарындасы

Таңсық – Қарабайдың қызы
Ай – Қарабайдың қызы
Айғыр – Қарабайдың қызы

Қодар – Қарабайдың асыранды ұлы, арғы тегі қалмақ, әулеттің шаруасын басқарушы

Меруерт – Қозы Көрпештің шешесі
Ербол – Қозы Көрпештің досы
Сұлушаш – Баян сұлудың құрбысы
Тайтөлеу – Қарабай сұлтанның сарай қызметшісі

Үміткерлер – Баян сұлудан дәмелі бозбалалар
Жебе – Қодардың оң қолы
Көріпкел
Бақсы

Жаушы – қалмақ әміршісі Қонтайшының хабаршысы
Қарауылбасы
Той басқарушы
Қаралы хабаршы

Қызметшілер, нөкерлер, малшылар, сарбаздар, аң-құс қағушылар
Хор – оқиғалар жаршысы
Бірінші акт
Бірінші оқиға

(оқиға аңшы-саятшылардың даладағы қонысында өтеді)
Бірінші көрініс

(сахнада – саятқа қатысушылар: Қарабай, Сарыбай, аң-құс қағушылар, қызметшілер, нөкерлер, Хор)

(Хор алға шығады)
Хор:
Саятқа! Саятқа! Саятқа!
Саят құру – айыз қана аң қағу,

Саят құру – өз шамаңды аңғару.
Саят құру – жанымыздың таңдауы,
Біздің өмір – сұр жебенің самғауы!
Тоқтамаймыз қанжығамыз майланбай!

Саят құру – біз үшін қан майдандай,
Тыншымаймыз жан құмары жайланбай,
Бозөкпелер жата берсін жайдан-жай,
Аттанайық қарайламай, айналмай!

Саят құру – біз үшін қан майдандай,
Тыншымаймыз жан құмары жайланбай...
Түз тағысын, жерошақтың түтінін
Аңсағанға керек пе бап, күтімің?!

(Хор сахнадан кетеді).
Қарабай:
Айрылдық-ау маралдан.
Сарыбай:

Буаз екен жарықтық...
Жалғай берсін тірлігін.
Қарабай:
Аяудың не жөні бар?

Сарыбай:
Әлгі марал сияқты,
Ұрпақ күткен үміт бар ғой бізде де.
(екеуі, бірге):

Жар бола гөр, Жаратқан!
(сахнаға хабаршы жүгіріп шығады)
Хабаршы:
Сүйінші, сүйінші, мырзалар!

Қатар келді дүниеге қос сәби!
Қарабай:
Шүкір! Шүкір! Ұл ма, қыз ба туғаны?
Хабаршы:

Сенікі қыз, Қарабай,
Сенікі ұл, Сарыбай!
Сарыбай:
Қуанттың ғой, жарқыным!

Қарабай:
Қуанышым сыяр емес кеудеме!
Сарыбай:
Дүниеге қатар келсе ұл мен қыз,

Нышан болар бізге Көктен берілген.
Ант етейік балаларды қосуға,
Қосақ болсын батамызбен телінген,
Достығымыз беки түссін сеніммен.

Қарабай:
Абзал досым, қабыл болсын тілегің!
Айнымасқа ант етем! Өзіңе адал жүрегім!
(Сахнада тұрғандар «Қабыл болсын!» деп хормен дауыстайды)

Сарыбай:
Сәл кідірші, біреу келе жатқандай?..
Көріпкел ғой...
үміт отын жаққандай,

Болжап берсін қос сәбидің жазмышын,
Біз де ертеңге көз тігейік сақтанбай.
Екінші көрініс
(сахнада – сол адамдар және Көріпкел)

Қарабай:
Көріпкелім, жазмышты болжаған,
Жанымдағы Сарыбай – досым, мені қолдаған,
Бұл досымнан асып түсер туысым да болмаған.

Бүгін, міне, қатар туып қыз бен ұл,
Құдаласу жолын ашты бізге бұл.
Ант еттік біз балаларды қоспаққа,
Көріпкелім, болжап берші жазмышты,

Ойымызды Жаратушы қоштап па?!.
Көріпкел:
Бір жол ғана жазмыштың бұйрығы,
Екіайырық жол болмақ емес таңдайтын...

Бір адамға бақыт болар сыйлығы,
Біреуге сор бұйырады қалмайтын!
Тағдыр жолын мойындаса бір десіп, –
Бөліскендей қуанышты бірлесіп,

Өту керек азапты да бір кешіп.
«Баламызға қандай тағдыр бұйырмақ?..» –
Деген ойың кетпей тұрса, шиырлап,
Тыңда онда, – бүгінгі қос сәбидің

Ақ некесі бір молада қиылмақ!
(Көріпкел сахнадан кетеді).
Қарабай:
Мұздап кетті-ау жүрегім!..

Сарыбай:
Не деді әлгі?.. Үзілмек пе тілегім?!.
Қарабай:
Шынымен-ақ, мерт бола ма сезімнен?!.

Сарыбай:
Табу керек тоқтатудың бір ебін...
(Қарабайға арнап)
Өмір сүрдік жазылмастан жұбымыз,

Бірге болды қызығымыз, мұңымыз.
Айып па еді жолымызды үлгі етсе
Ай мен күндей қызымыз бен ұлымыз?!.
Қарабай:

Әке жолын балалары жалғаса,
Жазмыш қарсы тұрады деу – далбаса!
Сарыбай:
Сене алмаймын көрмегенге көзіммен!

Бас тартпаймын ант беріскен сөзімнен!
Ұл-қызымыз ақ некесін қиғанда,
Қаны аралас туыс болам өзіңмен.
Білмейтіндер махаббаттың қадірін

Қорқытпасын, айтып мола, қабірін! (Сахнада тұрғандардың бәрі сахна түпкіріне беттеп, көшуге дайындалады. Сахнаға Хор шығады)

Хор:
О, махаббат! Жетерің хақ сертіңе,
Ажалды да бағындырып еркіңе!
О, махаббат! Сенсің жалғыз құдірет,

Дауа тапқан ғашықтардың дертіне!
Тосқауыл боп ниетіне зұлымның,
Жолын ашшы қызым менен ұлымның!
О, махаббат!

Екінші оқиға
(оқиға орны – Сарыбай ауылы)
Бірінші көрініс
(сахнада – Меруерт, Қозы Көрпеш, Хор)

Хор:
Арада он сегіз жыл өтті.
(Хор сахнадан кетеді).
Қозы Көрпеш:

Қарабай сұлтан антынан бастартқан ба?
Меруерт:
Айныды ғой антынан.
Қозы Көрпеш:

Себебі не сондағы?
Меруерт:
Қыз балаға сұлулық та бір сын ғой...
Қарабайдың қызының сұлулығы соншалық,

Бір көрген жан танады екен есінен.
Менмін деген талай ер ақылынан айырыла,
Қалың мал да ұсыныпты қисапсыз.
Қыз жүрегі қаламапты ешбірін...

Кенет қайтыс болғанша, әкесі де қызын жақтап өтіпті.
Қозы Көрпеш:
Солай деңіз! Несі бар, барайын да,
Өз көзіммен көрейін.

Меруерт:
Әуреленбе!
Сенің жолың дуаланып, жабылған.
Жазым етер, танып қалса әлдекім.

Басың тікпе қатерге!
Қозы Көрпеш:
Қатерлі ме? Тіпті жақсы!
Қауіп-қатер қыздырады қанымды.

Ішім пысып кеткен еді, әйтпесе...
Меруерт:
Көріпкелдің болжамын...
Қозы Көрпеш:

Е, ақымақ шал не демес!
Айла жасап, басқа адам боп барамын,
Ешкім мені тани алмас ол жақта!
Меруерт:

Ақылға кел, қарағым!
Құр тәуекел не керек?!
Ақылына көркі сай сұлтан ұлын
Армандап, аһ ұратын ару аз ба осы елде?!

Қозы Көрпеш:
Жоқ, анашым, бөгеме.
Барамын да, жүзін көріп.., қайтамын,
Өмір сүрем құшағыңда алаңсыз!

Меруерт
(бетін бұрып)
Тыншымай тұр жүрегім, тоқтатуға амал жоқ...
(Қозы Көрпешке бұрылады)

Ербол досың бірге барса өзіңмен,
Сапарыңа сенімдірек болар ем.
(өзіне өзі)
Әй, дегенмен тынши қоймас көңілім!..

(Меруерт сахнадан кетеді).
Қозы Көрпеш:
Қауіп-қатер ер жігітке сын ба екен,
Сүйіктісі күтіп жүрсе сағына?!

Тәуекелге белін буса кім бекем,
Қол жеткізер бақытына, бағына!
Ғашық жүрек тұра ала ма іркіліп,
Ажал күтіп тұрса да алда, жолында?!

Қажет болса, қыранша дүр сілкініп,
Өлу керек хас дұшпанның қолында!
Ер тілегі – жазмышымен алысып,
Сәйгүліктің тұяғынан шаң ұшып,

Асу да асу, асулардан әрі асып,
Арман еткен аруымен жарасып,
Бақыт құшу емес пе!
Үшінші оқиға

(оқиға орны – Қарабай ауылының сырты)
Бірінші көрініс
(сахнада Қодар)
Қодар:

Бұл өмірде бөлінбепті теңдей бақ,
Біреулер жүр бақытына мастанып.
Көз ашқалы сор кешіппін мен бейбақ,
Күн кешіппін күйік пен шер жастанып.

Қос түлкідей қулығым мен шыдамым
Шерменденің шеңберінен шықты алып.
Сүрінбестен өттім бейнет сынағын,
Білем енді бақ қонарын, құт дарып!..

Даңғаза мен даурықпаға елікпей,
Алға басып келем мысықтабандап...
Жүргенім жөн алға ұмтылмай, желікпей,
Күнім туып, қонғанынша маған бақ!

(Қодар оқиға орнына беттеген Баянды көреді).
Қодар:
Іздегенге – сұраған... Арманыма айналған
Ақ Баянның өзі келе жатыр ғой.

Бой тасалай тұрайын... Кім біледі,
Жан сырына куә болып қалармын...
(Қодар ағаш тасасына жасырынады).
Екінші көрініс

(сахнада – Қодар мен Баян сұлу)
Баян сұлу:
Неге сонша алабұрттың, жүрегім,
Тор ішінде аласұрған шымшықтай?..

Алиса Плахотнюк, 13 жас
Мен де дерттің табам ба деп бір емін,
Қыр басына асығамын күн шықпай...
Құс әнімен тербеледі таңсәрі,

Іздей ме екен олар да өз сыңарын?..
Қай жақта екен жүрегімнің аңсары,
Сейілте алар көңілімнің мұнарын?!.
Ақ көйлегім желпіп өтіп түн ішін,

Шолпым төксе сыңғыр-сыңғыр күміс үн,
Сәндеп өрген қос бұрымның жұпары
Еліктірсе, – соның бәрі кім үшін?...
Ес білгелі елес қуған ғаріппін...

Аңсарым-ау, күте-күте зарықтым!..
Жетсең етті жадыратып жанымды,
Қара түнде жарқ еткендей жарық күн!
Үшінші көрініс

(сахнада – бұрынғы адамдар және Әпсебай)
Әпсебай:
Шіркін Уақыт, жүйткисің-ау жүйріктей
Аламанда алға ұмтыла құйғытқан...

Тізгін тартпақ болған жанға илікпей,
Құстай ұшып, жеткізесің мәреге, –
Айнымайсың жазмыштағы бұйрықтан!
(Баянға бұрылады)

Солай, солай, қарағым...
Күні кеше көгалда
Асыр сала ойнақтап,
Көбелек қуған қыз едің.

Жан-тәніңмен беріле,
Жарысушы ең самалмен...
Енді міне, алдымда
Бойжеткен тұр еліктей!

Айтарым бар, қарағым,
Құлағың сал ағаңа:
Әкең Қарабай сұлтан мен
Сарыбай сұлтан дос еді...

Бірде... саят кезінде
Сүйінші хабар естиді,
Бірі – ұлды, бірі қызды болыпты.
Ежеқабыл салтымен

Ант етеді екеуі
Ұл мен қызды қосуға...
Баян сұлу:
Атын айтшы сол ұлдың.

Әпсебай:
Бірақ әкең айнып қалды
Құдай дескен антынан...
Баян сұлу:

Атын айтшы сол ұлдың.
Әпсебай:
Есіңе тұт, – Қозы Көрпеш – есімі.
Бір тілегім бар менің:

Анттан тайған әкеңді
Құтқару керек күнәдан!
Баян сұлу:
Ант етемін, ағажан,

Қателігін түзетуге әкемнің!
Бірақ... оны қалай танып-білмекпін?
Әпсебай:
Жаратқанның нышаны бар ол ұлда:

Арасында шашының
Алтын түсті айдар бар.
(Баян сұлу мен Әпсебай сахнадан кетеді)
Қодар:

Қан жауғыр-ай! Кенеттен
Шыға келді-ау бақталас!
Көрмесем де, жауымын!
Көре қалсам, сол сәтте

Жайратамын! Жайпаймын!
Сұр жебеммен сұлатам!
Төртінші оқиға

(оқиға Қарабай ауылында, Сұлтанның Зәулім шатырының алдында өтеді. Жұрт Жыл басы – Наурыз мерекесін тойлауда)

Бірінші көрініс
(сахнада – Әпсебай, Қарашаш, елдің игі жақсылары, көпшілік, Хор)
Хор:
Тайталаста түнек қашты шегініп!

Жарқыра, Күн, түнді түріп, бер үміт!
Көк аспанды бүркеген бұлт ығысып,
Сән түзесін, кемпірқосақ керіліп!
Жер-анамыз бусануда, көк түлеп,

Көңілдерде жаңғырды үміт, көп тілек!
Қыс кетті де, көктем жетті шуақты,
Жариялай: «Қыс дәурені өтті!» деп.
Дүниеге, жаңа өмірі басталған,

Күн мейірі төгілуде аспаннан!
Жетті Наурыз – Ұлы күні Ұлыстың!
(Хор сахнадан кетеді).
Әпсебай:

Ұлыс тойы құтты болсын, әлеумет!
Қақаған аяздарда қар астында
Қиналсақ та, аман жеттік бұл күнге!
Төрт түлік те түгел шықты, шығынсыз!

Қадамына қарап тұрып көктемнің,
Үміттіміз жемісті жыл болар деп.
Қарашаш:
Кең даланы ен жайласын төрт түлік,

Отауларда жас сәбилер көбейсін!
Өмір солай... Алмасқандай күн мен түн,
Бүгінгі адам жол береді ұрпаққа...
Әпсебай:

Ал, ағайын, тойымызды бастайық!
Екінші көрініс

(Сахнада сәндене киінген көпшіліктің көңілді қозғалысы басталады. Сахна шетінде Қарабай сұлтанның қыздары Баян сұлу, Таңсық, Ай, Айғыр топтасып тұр. Олардың маңайында Баян сұлудан дәмелі бозбалалар үйіріліп жүр. Қодар басын ие ұстап, Баян сұлуға жақындайды).

Қодар:
Ару Баян, той тізгінін өзім алдым қолыма,
Бір сен үшін жинадым сайыпқыран ерлерді, –
Әнші-күйші, шабандоз да, палуандар да осында!

Көз сүйсініп палуандардың күшіне,
Ақындардың жырына қансын құлақ құрышы!
Дүлдүлдердің бәйгесі делебені қоздырсын!
Басы айналсын сұлулардың

Той-думанға елітіп...
Баян сұлу:
Оның да жөн,
Жігіттердің басы айналсын

Қызуынан қымыздың!
Бірінші үміткер:
Бас айналса, жалғыз себеп –
Бір өзің ғой, Баянжан!

(кенет баж ете қалады)
Ойбай-ай! Ойбай-ай!
Қодар:
Абайсызда басып кеттім, көңіліңе алмассың...

Бірінші үміткер:
Аяғым-ай!.. аяғым!..
Қодар:
Қопалдығым бар енді,

кешір, мырза!
(сыртқа қарап)
Тынды шаруа! Енді мұндай аяқпен
Жүре алмассың таяуда, күйеусымақ сабазым...

Үшінші көрініс (сахна шетінде Қарабай сұлтанның қыздары Баян сұлу, Таңсық, Ай, Айғыр тұр. Аулақтау тұста – қыдырып жүрген көпшілік. Беріректе ақындар айтысы басталады).

Таңсық:
Несі қызық бұлардың?! Бірін-бірі қайталап,
Ыңырсыған жәреукелер шетінен...
Бар айтары – «Баян сұлу! Ақ Баян...»

Ішім пысты құр даңғаза, айқайдан...

Ай:

Олай деме! Қызықтадық қауырсындар сайысын:
Ана біреу домбыраға қаздың жүнін байлапты,
Ал мынаның ілгені – қауырсыны аққудың!
Айғыр:

Мекиеннің жүні ғана жетпей тұр!
(апалы-сіңлілер күледі)

(сахнаның алыстау бір тұсынан атын Қотыртаз деп өзгертіп, малшы кедейдің киімін киіп, домбыра ұстаған Қозы Көрпеш көрінеді. Әнін айта бастайды).

Баян сұлу:
Тынышталшы!
Тыңдайықшы мынау ғажап дауысты!
(қыздар жас жыршының дауысына құлақ түре қалады)

Кім болды екен бұл дауыстың иесі?

Ай:

Мәссаған, ғашық болып қалдың ба?!
(қыздар күледі)
Таңсық:
Жақында алған жалшымыз ғой,

Қотыртаз екен есімі...

Ай:

Орамалы бір түспейді басынан,
Ойма тазын жасырады-ау, шамасы...
Баян сұлу:
Көрмесем де, даусымен

Жаулап алған сияқты...

Ай:

Мынаны қара, тазға ғашық боп қалды!
(қыздар күледі)
Баян сұлу
(сыртқа қарап):

Шынымды айтсам.., бұл жігіт
Өзім күткен сырды ашатын сияқты!..
Бесінші оқиға

(оқиға Қарабай ауылында өтеді. Жастардың сауық құратын жері. Кеш. Күн батып барады).

Бірінші көрініс
(сахнада – Баян сұлу, Қозы Көрпеш, қыздар, жігіттер)
Қыздар
(әндете):

Қанатымен айдынды аққу желпіді,
Айдай ару күлімдеді, бұрыла.
Қолындағы құмыра да елтіді
Бойжеткеннің бақыт жайлы жырына.

Жігіттер
(әндете):
Кербез сұлу, кімге әніңді арнадың?
Қандай сыр бар қыш құмыра ішінде?

Бақыт болса аңсай күткен арманың, –
Бақыт біз ғой, күткен өң мен түсіңде!
Қыздардың бірі:
Қияларды шарламасын үмітің,

Жырлағаным – аққу әні, жігітім.
Жігіттердің бірі:
Сүңгігеннен сескенетін біз бар ма,
Жету үшін аққулардай қыздарға!

(Сауық қыза түседі. Жастар «Ақсүйек» ойнайды, ойын кезінде олар жұптаса, оңашалана бастайды. Сахнада Баян сұлу мен Қозы Көрпеш қалады).

Баян сұлу:
Әнші жігіт сен едің ғой кешегі?..
Қотыртаз:
Сұлу бикеш, ән-жырыммен

Жұрттың жанын жадыратсам деп едім...
Баян сұлу:
Ол ниетің іске асты. Өзің кімсің? Соны айтшы.
Қотыртаз:

Бар білерім – тұлдыр жетім екенім...
Баян сұлу:
Байғұсым-ай!
Бірақ-та... ұқсамайсың тексізге:

Жүзің ашық, сымбатың да келісті...
Кейінгі әке-шешеңе мінәйі бір себеппен
Аманаттап кеткен болар текті әкең?
(абдырап қалған Қотыртаз үндемейді).

Қотыртаз:
Қаласаңыз, бір ән салып берейін.
Баян сұлу:
Шырқап жібер ендеше!

Қотыртаз
(әндетіп):
Көкте қыран қалқиды,
Боз даланы төске алып.

Көңілі ердің шалқиды,
Аяулысын еске алып.
Қыран тоят табады,
Бағындырса биікті.

Жігіт от боп жанады,
Сағындырса сүйікті.
Домбырасын толғайды,
Сезіледі күйде мұң.

Күймен сәлем жолдайды
Елеңдетіп сүйгенін.
Бойжеткеннің жүрегі
Алқынады бұлқынып.

Жылқышының күреңі
Шідерленді, жұлқынып...
Батар күнге ұмсына,
Дүние дүр түледі,

Жанасқанда қымсына
Ғашықтардың білегі!
Баян сұлу:
Шыныңды айтшы, қайдан келген жан едің?

Қотыртаз:
Іздеп жүрген қалыңдығым бар еді,
Қозы Көрпеш – есімім.
Баян сұлу:

Шешші, қане, бөркіңді!
(Қозы Көрпеш бөркін шешеді. Басындағы алтын айдар көрініп қалады).
Баян сұлу:
Алтын айдар!

Күткенім сен едің ғой!
Кездестік-ау ақыры!..
Қозы Көрпеш:
Шын айттың ба? Шынымен-ақ солай ма?!

О, Жаратқан, енді менің басыма
Құласа да қара аспан, бақытсызбын демес ем!
Құлай бер, аспан! Аяма!
Баян сұлу:

Мен де солай...
Бақыттымын аңсарымды тапқанға!
Табан асты, қара жер қақ айрылып кетсе де,
Өкінбеймін! Бақыттымын бәрібір!

(Қозы Көрпеш пен Баян сұлу бір-бірінің қолынан ұстайды)
Баян сұлу:
Енді, міне, қасымдасың...
Қозы Көрпеш:

Сен де менің жанымдасың!
Кездестік-ау, тайталасып тағдырмен!
Баян сұлу:
Жазмышқа қарсы тұрдық қасқая...

озы Көрпеш:
Қос жүректің тілегін
Бұза алмайды жазмыш та!..
(Баян сұлу мен Қозы Көрпеш сахнадан кетеді. Сахнаға Хор шығады).

Хор:
Жолында махаббаттың зарыққандар
Қалай да кезігеді!
Жүрекке жүгінуден жалықпаңдар, –

Жүректер сезінеді!
Ғашықтар кездеседі сағынысып,
Бөленіп шапағатқа!
Уақыт асығады алып-ұшып,

Жол ашып махаббатқа!
Алтыншы оқиға
(оқиға Қарабай ауылындағы Cұлтанның Зәулім шатыры алдында өтеді)
Бірінші көрініс

(сахнада – Әпсебай, Баян сұлу, Қозы Көрпеш, халық).
Әпсебай:
Уа, халайық! Тыңдаңдар:
Сұлтанымыз Қарабай сонау бір жылы ант еткен

Сарыбай сұлтан ұлына өзінің қызын беруге;
Дүниеге қатар келген қыз бен ұл
Баян сұлу, Қозы Көрпеш болатын.
Ортаңда тұр екеуі. Әрмен қарай тыңдаңдар:

Қызымыздың құдай қосқан қосағы,
Айбары асқан Сарыбайдай сұлтанның
Ізін басқан тұяғы, Қозы Көрпеш баламыз
Қалыңдығын іздеп келді осы елге.

Ендігі елдің үлкені, Қарекемнің інісі
Болғандықтан айтамын:
Наурыз тойы тойға ұлассын тағы да!
Қозы менен Баянның ақ некесін қиямыз!

Ертең бізде той болады, әлеумет!
Қодар:
(теріс қарап):
Сорлы Қодар... Бәрі бітті-ау!.. Күйреді-ау!..

Әпсебай:
Ал, халайық, қыздырайық думанды!
Қызықтайық әбжіл ерлер қимылын!

(сахнада – жұрттың қозғалысы, алаңға беттеген көптің қуанышты дауыстары. Сахна шетінде Қодар жалғыз қалады).

Қодар:
Жылдар бойы аялаған арманым,
Жылу сыйлап келіп едің жаныма.
Мұздай суық тірлігіме нәр берген де сен едің.

Бітті бәрі! Өлді әділдік осымен!..
Ессіз сүйген бір бейбақ тексіз болып қалды да,
Бар арманы жем боп кетті
Қаңғып келген қайдағы бір сұлтанға!..

Енді ертең... басқа біреу ашпақшы
Баянымның желеңін... жамалына жұтына,
Пәк сезімін иелене қоймақшы...
...әппақ тәнін ұйпалайды-ау!.. Әттең-ай!..

Дәл жанымда бақытына мастанған
Әлдекімге қызмет қылып жүрем бе,
Қызғаныштың тырнағына бүріліп?!.
Жоқ! Бақытымды бере алмаспын оп-оңай!

Мендік сезім – сезімдердің қоры емес!
Сол сезімге себепкер жан болу керек менікі!
Сұлу Баян, маған ғана тиесілі аңсарым,
Сен мендіксің, бұйыртпаймын басқаға!..

Жетінші оқиға
(оқиға Қодардың киіз үйінде өтеді)
Бірінші көрініс
(сахнада – Қодар және Баян сұлуға қолы жетпей қалған үміткерлер)

Қодар:
Асыл текті мырзалар, хабардарсың бәрің де
Ертеңгі той жайынан. Өкінішті, әрине,
Айрылдыңдар Баяннан! Не істеген жөн мұндайда?

Бұйырмаған бақыттың дығы қалды көңілде..
Адал сезім белгісі етіп, Баянға
Сый тартсақ ше? Айыбы жоқ, меніңше!
Той үстінде Баянмен ақ ниетпен қоштасып,

Таңғажайып сый жасап, тарасалық жан-жаққа.
Сыйға ұсынар жүзік те бар, мінекей!

(Ішіне жүзік салынған тостағанды қолына алған Қодар оны үміткерлерге созады).

Бұл жүзікті көрген жан ақыл-естен айрылар!
Жүзік жатқан тостағанға сусын құйып киелі,
Жар саламыз: «Хас сұлуға лайықты сусын» – деп.
Сусынды ішіп біткенде, көзі түсіп жүзікке,

Тәнті болар текті мінездеріңе.
(үміткерлерге иіліп, сөзін аярлана жалғайды)
Сол мезетте оған жақын келіңдер –
Ұшқын атқан көздеріңнен көрсін ол

Алғаусыз пәк сезімнің күші қандай екенін!
Кім біліпті, бәлкім, ол (бәрі мүмкін өмірде!)
Тастай қашып желегін...
(ол үміткерлерге бұрынғыдан бетер жақындап, сыбырлайды)

Таңдап қалар біріңді...
Бірінші үміткер:
Мен тұрғанда, жол бұйырмас ешкімге!
Екінші үміткер:

Әлі дәмең бар ма еді?
Шойнаңдаған аяқпен
Жете алмассың Баянға!
Үшінші үміткер:

Дауласпайық. Әуелі
Жүзік құнын білейік.
Екінші үміткер:
Иә, соны сұрайық,

Көзімізбен көрелік.
Үшінші үміткер:
Кеттік, оны жарық жерде қарайық!
(үміткерлер мен тостағанды қолына ұстаған Жебе киіз үйден кетеді).

Екінші көрініс
(сахнада – Қодар. Киіз үйге Жебе кіреді).
Жебе:
Қодар мырза, орайласты ойыңыз!

Жүзікті олар сатып алды.
(жүзік салынған тостаған мен ақша салынған дорбаны Қодарға береді).
Қодар:
Бұл – шаруаның басы ғана.

Сен де боссың, бірақта ұзап кетпе алысқа.
Ербол менің үйімнен шыққан кезде
Маған кел.
Жебе:

Мақұл, мырза.
(Жебе кетеді).
Қодар
(жүзікке қарап тұрып):

Жаналғыш деп кім айтар бұл жүзікті?!.
Мына тасты бұрап қалсаң болғаны, сусынға у төгілмек.
Адам байғұс дәрменсіз ғой қашаннан!
Бір тамшы у жетеді... иә, дүние жалған деген сол.

Тәнімізді сүйреп жүрген пенде ғана болсақ та,
Өзімізді құдыреттей көреміз.
Бәлкім, ажал жатқан шығар аяғыңның астында,
Сезім түгіл, өзіңді де жоқ қылар...

Кеудеңдегі тәтті жан көзге ілікпей тұрғанда,
Жан жарасын кім көрер?..
Бәлкім, менің пешенеме жазғаны –
Ниетімді қорлағанның бәрін де жою шығар, кім білсін?!.

Бұл өмірде ақылыңнан адаса, елігесің сезімге,
Жетсем дейсің бақытқа, бірақ сені
Қаламайды бақытың... Жә, мұным не!
Батыл кіріс, кідірме! Бастадың ба, аяқта...

(Қодар жүзіктің тасын бұрады да, жүзікті тостағанға салады. Үйге Ербол кіреді).

Қодар:
Ербол мырза, төрлетіңіз, келіңіз...
Өзіңізбен ақылдассам деп едім.
Күйеу жігіт жағымен келісетін бір сөз бар,

Қалыңдықтың атынан шақыртып ем сол үшін.
Қиындау іс бұл өзі...
Естіген де шығарсыз,
Жылы қабақ көрмесе де Баяннан,

Қызымыздан үмітті бекзадалар жиылып,
Білдірмекке көңілдегі құрметін,
Бір ғажайып жүзікті
Тарту етпек ниеттері бар екен.

Ербол:
Естіп едім. Тосындау боп көрініп,
Таңданып та қалған ем...
Қодар:

Таңданатын несі бар, қалыңдықтың өзі де
Қайталанбас хас сұлу ғой.
Мінсіз ару! Баянға қатыстының бәрі де
Ерек болса, айып па?!.

Ербол:
Қайдам...
Қодар:
Қозы Көрпеш мырзаның

Қалыңдығы мынадай жүзік тағып жүрсе егер,
Қарсы бола қоймассыз?
(Қодар ішінде жүзік жатқан тостағанды Ерболдың бетіне таяйды).
Ербол:

Дәл мынадай сыйлықтан бас тартатын
Әйел заты дүниеде жоқ шығар...
Қодар:
Байқауымша,

Дегдар мырза болған соң,
Асыл заттың бағасын тап басады екенсіз!
(тостағанды Ерболға ұсынады)
Көзіңізбен көрсеңіз де, болады...

Қол тимесін тек қана! Тостағаннан сыйлықты
Баян сұлу өзі алғаны абзал ғой.
Ербол:
Күмәнім жоқ, дәл мынадай сыйлыққа

Қарсы болмас ешкім де!
Қодар:
Алаңдаған көңілге дем берді ғой сөзіңіз.
Тостаған мен жүзікті жеткізетін аспазға

Адам болмай тұрғаны...
Ыңғайсыздау болса да, қолқа салғым келіп тұр.
Мойынға алған той шаруасы шаш-етек,
Аспазға да баруға жетпей жатыр уақытым.

Асыл затты құл-құтанның қолына
Ұстатуға болмайды!
(Ерболдың құлағына сыбырлайды)
Сізге сенем, әрине...

Ербол:
Әкеліңіз, келістім.
Қодар:
Құдайдан қайтсын қайыры.

(Тостағанды ұстап, Ербол кетеді. Үйге Жебе кіреді)
Қодар:
Ізінен қалма әлгінің.
Ең сенімді жігіттерді ал қасыңа...

Әлгі неме шыққан кезде аспаздан
Әлденені сылтауратып, алдап-сулап апарып
Қалтарыстау бір тұсқа.., қыл арқанға іліңдер.
Денесіне тас байлап, лақтырыңдар өзенге!

Көзге түспей, тындырыңдар бәрін де!
Жебе:
Ұқтым, мырза.
Тап-тұйнақтай қыламыз.

(Жебе үйден кетеді).
Қодар
(өзіне өзі):
Ал, сүйікті күйеусымақ, қанатыңды қырқармын,

Тым биікке самғап кеттің, әйтпесе!
(ойлана, әрлі-берлі жүреді).
Қодар:
Жөн-жөнімен бәрі орайласқандай...

Мүлт кетуге болмайды! Ой сенікі болғанмен,
Істің оңға басуы (аспанды нұсқап) жоғарының қолында...
Кім біліпті, ұстараның өткір жүзін
Жазмыш сенің қалауыңша бағыттар!

Әлде қолды қусырып, қайрат қылмай,
Мойынсұна, күткен жөн бе ақырын?
Жоқ! Сынау керек тайталаста бағымды!
Қолың жетпей қалса да,

Іште өкініш қалмайды ғой,
Өзіңді өзің кінәлап.
(пауза)
Тайталасу, таласу...

Жазмыштың жазуы ғой тайталас.
Талас... тартыс... өмір солай өтеді:
Бар өмірің – тайталас!
Соңғы сынақ – өлімің. Қалай өттің бұл сыннан? –

Тірілерге қалдыр оның бағасын...
Күшің жетсе, үлесіңді тартып ал,
Қорықпа да, қаймықпа!
(үйге Той басқарушы кіреді).

Той басқарушы:
Шақыртыпсыз, әміршім?
Қодар:
Өзіңменен тойға бірге баратын

Сұлуларды дайында.
Ілестіріп соларды, барасың да ас үйге,
Киелі сусын құйылған тостағанды аспаздан
Жұрт көзінше аласың.

Содан кейін барасыңдар той-думанның ішіне.
«Киелі сусын құйылған бұл тостаған – арнайы
Дайындалған құрметі
Осы тойға алыстан

Келген бекзат жастардың!
Пәк махаббат жүзігі бар түбінде!
Қарабай сұлтан қыздарының ішінен
Ең сұлуы ие болмақ сыйға!» – деп,

Жар саласың елді аузыңа қарата.
Той басқарушы:
Жаттап алдым сөзбе-сөз.
Қодар:

Қателеспе!
Қателессең, бас кетеді мойныңнан.
Сегізінші оқиға
(оқиға Сұлтанның Зәулім шатырында өтеді)

Бірінші көрініс (сахнада – жас жұбайлар, Әпсебай, Қодар, Қарабайдың қыздары, шақырылған қонақтар, қызметшілер)

Әпсебай:
Уа, әлеумет! Жұғысты болсын жақсылық!
Сан қиыр, сан тараптан тойға келген қонақтар,
Елдің игі жақсылары, қуаныш ортақ баршаға!

Екі жастың ақ ниеті арқылы
Әулетке әулет қосылып, күш-қуаты нығаймақ.
Дос сүйініп, дұшпанымыз күйінсін.
Кідірмейік, бастайық!

Баста, Қодар, мерекені!
Той бастаушы өзіңсің!
Қодар:
Армысыздар, қадірменді қонақтар!

Ақ тілектер аста-төк болары анық бұл тойда.
Алайда мен сұлулыққа тәу етіп,
Құрметтеуден бастағанды жөн көрдім.
Ең әуелі Хас сұлуды таңдайық,

Жеткізіңдер Хас сұлудың сыйлығын! (сұлу қыздар қаумалаған Той басқарушы келеді. Қолында – сусын құйылған тостаған).

Той Басқарушы:
Киелі сусын құйылған бұл тостаған – арнайы
Дайындалған құрметі
Осы тойға алыстан

Келген бекзат жастардың!
Пәк махаббат жүзігі бар түбінде!
Қарабай сұлтан қыздарының ішінен
Ең сұлуы ие болмақ бұл сыйға!

Бірінші үміткер
(Баян сұлудың алдына келіп):
Жер-жаһанды тәнті еткен жалғыз сұлу, ол – Баян!
Екінші үміткер

(Бірінші үміткерді ығыстырып жіберіп):
Иә, Баян ғана жан біткеннің сұлуы!
Даңқыңды естіп, толқын атқан Атыраудың бойынан
Келіп жеткен Ерболат ер мен болам.

Үшінші үміткер
(Екінші үміткерді ығыстырып жіберіп):
Сұлу Баян, көркіңізге тәнтімін!
Сіз туралы аңыздарға елігіп,

Жетісудан жеткен ғашық Жомартпын!
Баян сұлу:
Мен ырзамын ықыласқа, мырзалар.
Бірақ бүгін менің тойым. Сондықтан

Қалыс қалам сайыстан.
Бұл сыйлықтың ең сұлу бойжеткенге арналғанын
Ұмытпайық және де. Үш сіңлім тұр осында,
Ең сұлуын таңдаңдар!

Ай:

Әділдіктен танбайық!
Жол кезегі – Таңсықта,
Соған лайық бұл құрмет!
Айғыр:

Ең сұлу қыз – менің Таңсық апайым! (Той басқарушы басын ие, тостағанды Таңсыққа ұсынады. Таңсық тостағанды қолына алып, қатысушыларға сөз арнайды).

Таңсық:
Қан майданда қол жеткізсе даңққа,
Ер жігітке сол бақыт! Ал қыздардың бақыты –
Дүниені таңдантып, жүректерді жаулаған

Сұлулықта, әрине!
Бүгін менің бақ жұлдызым жанғандай! –
Ең сұлу қыз атандым!

(Тостағандағы сусынды ішеді. Кенет, күтпеген жерден, тостаған қолынан түсіп кетеді).

Баян Сұлу:
Таңсық, сіңлім.., айтшы маған.., не болды?
Арбасқандай ажалмен, өңің кетті-ау бозарып...
Таңсық:

Шынымен-ақ, жеткендей ғой ажалым –
Сұп-суық көр ызғарын сезінуде жүрегім...
Апатайым, бақұл бол! Жар сүюдің бақыты
Жазылмапты маңдайға... Өкінбеймін бірақта,

Ең сұлу қыз мен болдым ғой, апатай!..
(Таңсық жерге сылқ құлайды).
Баян сұлу:
Дереу емші шақырыңдар!

Тайтөлеу:
Мен қарайын,
Бала кезден дарып еді емшілік.
(Тайтөлеу Таңсыққа жақындап, тамырын ұстайды. Өңіне үңіле қарайды)

Уланыпты... Таусылыпты дәм-тұзы!..
Енді емшіден қайран жоқ. Қайырлы болсын қайғыңыз...
Кідірместен, іздеу керек қаскөйді.
Баян сұлу:

Уланған ба шынымен?!
Маған арнап әкелген улы сусын
Сіңліме ажал болып жабысты-ау...
Қодар:

Әй, қарауыл!
(Қарауылбасы келеді).
Қарауылбасы:
Тыңдап тұрмын, әміршім.

Қодар:
Қоршауға алып шатырды,
Бұйрығымсыз шығармаңдар ешкімді!
Ендігі істі мен аламын мойныма!

(Қодар шатырдан шығып кетеді. Шатырдағылар дағдарып қалады).
Әпсебай:
(жұртқа қарап)
Туған-туыс, дос-жаран, қайғы орандық,

Қапияда Таңсығымыз мерт болып...
Қасыреттің үстінде той жасаудың жөні жоқ.
Той кейінге қалады.
(Қодар келеді).

Қодар:
Тыңдаңыздар, мырзалар, анықтадық мән-жайды:
Той алдында ас үйге Ербол кіріп шығыпты,
Жүзік салған тостағанды ұсыныпты аспазға.

Жұрт көзінше құмырадан қасиетті сусынды
Құйыпты аспаз тостағанға, толтыра.
Содан кейін Той бастаушы кісіміз нөкерлерін шұбырта,
Тостағанды алып келді осында.

Біз әлгінде ішіп көрдік құмырадағы сусынды,
Аман-саумыз. Ендеше, кінәсі жоқ аспаздың.
Ербол ғана қалғаны. Тек сол ғана айта алады
Не болғанын тостағанның ішінде...

Қозы Көрпеш:
Иланбаңдар! Бұл жала!
Қодар жала жауып тұр
Менің Ербол досыма! Оңбағандық мұнысы.

Қодар:
Анықталған шындық осы. Айтпақшы,
Жоқ боп кетті досыңыз, іздеп жатыр жігіттер...
Тоғызыншы оқиға

(оқиға далада өтеді. Кешкі мезгіл).
Бірінші көрініс
(сахнада – Қозы Көрпеш).
Қозы Көрпеш:

Сене алмаймын кінәсына Ерболдың.
Себебі жоқ зұлымдыққа барардай.
Маған қастық ойлаған біреу бардай бұл жерде...
Абзал досым қаскөйлерге ұрынды-ау!..

Қайда екенің, қандай күйде екенің де белгісіз...
Арамзалар қастық етті-ау қапыда!..
Шынымен-ақ, досымды жерлей де алмай,
Жоқтай да алмай өтем бе?..

Қараңғыны жамылып,
Бағып жүріп қапыны,
Әлдебіреу зұлымдығын жасауда.
Сөйте жүріп, көрсеткісі келмейді елге өң-түсін.

Алдын-ала біле алмайды ешкім де
Қашан және қайда ажалы жетерін...
Бала кезде гүлдей көктеп, жайнаймыз,
Алабұрта асығамыз ертеңге,

Аңдамастан алдымызда не барын...
Кейбіреулер табады ажал семсерден,
Енді бірі үзіледі аурудан,
Таусылғанда дәм-тұзы, қош айтады бәрі де,

Жалғыз өзі кетеді... Ілеспейді ешкім де.
Біз қаламыз қасыретті құшақтап,
Қимас жанның соңында...
Оныншы оқиға

(оқиға далада өтеді. Түн).
Бірінші көрініс
(сахнада – Қозы Көрпеш, Баян сұлу, Хор).
Хор:

Жаз шықты.
(Хор сахнадан кетеді).
Баян сұлу:
Сағыныштан сарғайтып,

Қайда жүрдің көрінбей?!.
Қозы Көрпеш:
Қолаттағы қалың тұман
Бөгеп қалды жолымды.

Баян Сұлу:
Қалай жеттің адаспай?
Қозы Көрпеш:
Сүйген жүрек жетелеп,

Аспандағы ай жол ашты...
Баян сұлу:
Түнгі ызғардан қарылған
Жаныма от тигендей,

Ерітті ғой сөздерің.
Үнсіз қалмай,
Тағы, тағы сөйлеші!
Қозы Көрпеш:

Бет алсам да қай жаққа,
Саған бастап әкеледі
Бір тылсым!
Баян сұлу:

Тағы да айтшы, тағы да
Өртенейін отыңа!
Қозы Көрпеш:
Айтқандаймын түгесіп...

Баян сұлу:
Бар айтарың осы ма? Шынымен-ақ,
Сезімді айтар сөз жоқ па?
Қозы Көрпеш:

Сезім барда, қажеті не көп сөздің?
Баян сұлу:
Өртей түсші тағы да!
Жаным соны қалайды!

Сөздерің бал шырындай!
Қозы Көрпеш:
Сыңғырлаған қоңыраудай...
Жо-жо-жоқ!..

Күміс бұлақ сылдырындай
Дауысыңды сағындым!
(Баян сұлуды өзіне тартады)
Көзіңдегі тұңғиық

Әкетердей үйіріп,
Тереңінен қорқамын.
Баян сұлу:
Қорықпа сен...

Белімді қатты қыспашы...
Дем ала алмай қалдым ғой...
Қозы Көрпеш:
Ыстық демің масайтады, еліте...

Баян сұлу:
Шынымен бе?
Қозы Көрпеш:
Шіркін, менің жүрегім

Кең сарайдай болса ғой,
Сүйген жарым сыятын!
Баян сұлу:
Не үшін керек ол саған?

Қозы Көрпеш:
Сол жүректің ішіне сені енгізіп алар ем,
Ажырамай жүрер едік мәңгілік...
(сахнадан кетеді).

Он бірінші оқиға
(оқиға Қодардың киіз үйінде болады. Түн).
Бірінші көрініс
(сахнада Қодар, Қонтайшының жаушысы, Хор).

Хор:
Таңсық қайтқалы жыл өтті.
(Хор сахнадан кетеді).
Жаушы:

Әміршіміз Қонтайшы
Әскер күткен ойыңызды құп көрді.
Жеріңізге аттанады қалың қол.
Қодар:

Бәрекелді!
Қонтайшының қолдауына ырзамын!
Енді істің кеңесейік мән-жайын.
Жаушы:

Өткел бермес асу бар,
Өте алмаймыз ол жақтан.
Жолды жапқан әскер де бар ол тұста.
Қодар:

Сендер жақтан шығар кезде қалың қол,
Тосқауылға шағын жасақ қалдырып,
Себеп тауып, асудағы әскерді
Басқа жаққа жіберуді қолға алам.

Жаушы:
Онда, әлбетте, сөз басқа!
Талапайлап әкетеміз мал, жанды!..
Қодар:

Мейлі, түгел әкетсең де олжалап...
Бір сұлу қыз тисе болды еншіме,
Таласым жоқ басқаға.
Жаушы:

«Баста!» деген хабарды
Өзіңізден күтеміз.
(сахнадан кетеді).
Қодар:

Ақымақтар! Бар құмары – мал мен құл...
Менің алып қалатыным – бір-ақ қыз,
Есесіне жарты әлемге татиды Ол!
(Пауза. Қодар біраз уақыт үнсіз қалады).

Қодар:
Уақыт жетті
Атой салып шығатын!
Баянымның жолына бәрін бәске тігемін!

Қолыма өзі қонғанша қанды қасап жасаймын!
Иә, сәт!
Он екінші оқиға
(оқиға Сұлтанның Зәулім сарайының алдында өтеді).

Бірінші көрініс
(сахнада – Әпсебай, Баян сұлу, Қозы Көрпеш, Ай, Қодар, халық).
Баян сұлу:
Бір жыл бопты айрылғалы Таңсықтан...

Таңсық жатқан төскейде
Пайда болып ақ бұлақ, төңірегі гүлдепті.
Естігенге сене алмай, барған едім ғажайыпты көргелі –
Көзім көрді айдынды. Жағасында отырып,

Жоқтасам да зар илей, үн қатпады Таңсығым...
Қозы Көрпеш:
Бұл өмірде ештеңе де мәңгі емес,
Жаныңдағы жақының да мәңгі бірге жүрмейді.

Әпсебай:

Иә,

Өмір жалғаса бермек. Таңсықты азаладық. –
Енді тойдың жайын ойлайық.
(жиналған жұртқа бағыттай)
Ағайын-туыс, дос-жаран, Сұлтандардың

Анты – бізге аманат. Қозы Көрпеш пен Баянның
Тойын жасап, ақ некесін қияйық!
Қодар:
Уа, әлеумет!

Естеріңе салайын: Қарабай анттан бас тартқан!
Сосын... бәрің біле бермейтін бір жағдай бар бұл жерде...
Дүниеден өтерде Қарабай сұлтан
Қызметіме ырзалығын білдіріп,

Уәде еткен қызын маған беруге.
Баян, сен де білесің менің іңкәр күйімді.
Ер жігіттің сезімін мүмкін емес сезбеуің!
Елеместен уәдесін әкеңнің,

Ынтық көңіл, созған қолды неге кері серпесің?!
Бұл әулетке терім сіңген, хақым да артық Қозыдан!
Болдырмаймын бұл тойды!
Қозы Көрпеш:

Жоқ, той болады!
Әпсебай
(Қодарға назар аударып):
Шата неме, тексіз қалмақ,

Қалай дәтің барады шаптығуға тектіге!
Қозы Көрпеш теңіміз, туысуға тұрарлық.
Ал сен, тексіз, құл боласың қайтадан, –
Арсыздықтың өтеуіне сол лайық!

Қодар
(Баян сұлуға қарап):
Тыңда, Баян,
Бір сен үшін ештеңеден тайынбан!

Кетем қазір ата жұртым – қалмаққа,
Құмырсқадай қаптатамын оларды!
Өкінбеңдер сол кезде!
Дегеніме жетемін!

Әпсебай:
Арсыз неме,
Аузыңа ас салған елді сатпақсың ба қалмаққа?!
Мүсіркеген мүскінім сұр жыланға айналып,

Уын шашты-ау асыма!
Қодар:
Бір Баянның жолында бәріңді де тәрк етем,
Қарсы шықса кімде-кім, қанын судай ағызам,

Ойланбастан құрбан етем бәрін де...
Босағамнан аттатамын Баянды!
(сахнадан кетеді).
Әпсебай:

Шыққыр көзім, не көрдің?!.
Не күтіп тұр қалың елдің алдынан?!
Көмектесер кімің бар?.. Жан сақтаңдар, қашыңдар!
Қозы Көрпеш:

Уа, халайық! Ел басына күн туды!
Шайқасамыз туған жер мен ел үшін!
Маған келсін тәуекелге бас тіккеннің барлығы!
Бірінші сарбаз:

Мен дайынмен шайқасуға дұшпанмен!
Екінші сарбаз:
Мен де әзірмін аттануға майданға!

(сахнада жігерленген сарбаздар пайда болады. «Біз дайынбыз!», «Шайқасқа аттанамыз!» деген дауыстар естіледі. Қозы Көрпештің жанына сарбаздар топтасып үлгереді). Ай:

Шүкір.., елде
Сескенбейтін ажалдан
Ерлеріміз бар екен!
Қанды ұрысқа аттанатын ерлерге

Ақ жол тілеп қалайын...
(даусын күшейте, сарбаздарға сөз арнайды)
Бауырларым!
Елімізге қатер төнді кенеттен!

Алайда олар алғаш көрген жау емес,
Талай-талай тайталасқан қас дұшпан!
Қаншама әйел, бала-шаға
Тұтқын болған бұларға...

Сойқан салған іздері
Көзімізге күйік болып әлі тұр!..
Басымызға тағы үйірілді қара бұлт...
Дұшпан қолы таптап, тапап өтердей,

Көрінгенмен үрейлі,
Сескенбеңдер, бауырлар!
Ойға алыңдар елде қалған ұл-қыз бен
Ардақты әке-шешені, сүйген жар мен бауырды!

Аямайды қас дұшпан, соны есте сақтаңдар!
Жүректерің қара тастай қатайсын!
Сендерден соң жауға шабар
Сарбаздар жоқ сап түзген...

Сендер ғана – елдің соңғы үміті мен тірегі,
Сенім артқан қорғаны да – өздерің!
Қаптай шапқан қалың жау көрінсе де түнектей,
Түрілмейтін түнек жоқ. Соны ойла да,

Қақырата қақ жарып, жарыққа ұмтыл!
Майданға кір тайсалмай!
Көзін жой қас дұшпанның!
Құл боп кеткен ұлдардың,

Күң боп кеткен қыздардың
Кегін қайтар жауынан!
Өліп бара жатсаң да,
Дұшпаныңды ала кет!

Қозы Көрпеш
(сарбаздарға қарап):
Үміт еткен, сенім артқан ел барда
Біз жеңеміз, сарбаздар!

Сарбаздар:
Біз жеңеміз!
Он үшінші оқиға
(оқиға Баян сұлудың киіз үйінде өтеді).

Бірінші көрініс
(сахнада – Баян сұлу, Қозы Көрпеш).
Қозы Көрпеш:
Жау іргеге таянды, қоштасатын сәт жетті.

Баян сұлу:
Кетпексің бе?! Үрей билеп бара жатыр бойымды...
Аман қайтшы қырғыннан!
Саған қатер үйірілген

Сәтті маған сездірсе ғой тылсым күш!
Сол мезетте Жаратқанға жалына,
Тілеуіңді тілер ем...
Қозы Көрпеш:

Жадыңа тұт, Баяным:
Басталғанда қанқасап, ат тұяғы солқылдатқан қара жер
Дірілдейді, қан иісінен жирене...
Қасиетті қара жердің дірілін сезінгенде жүрегің,

Аласұрып кетпесе, – менің аман болғаным.
Баян сұлу:
Кідірші, Қозы, кетпеші!
Қозы Көрпеш:

Ер жігіттің парызы – елді қорғау дұшпаннан.
Баян сұлу:
Өзің жоқта үрейленіп, алаңдап,
Қалай жалғыз қалмақпын?

Қозы Көрпеш:
Жазмышына әйелдің бұйырғаны осы ғой, –
Өмір сүріп алаңмен, хабар күту, зарығу...
Баян сұлу:

Кетпеші, сәл кідірші!
Қозы Көрпеш:
Керней үнін естідің бе, Баяным?
Аттанатын сәт жетті.

Алаңдама, ораламын аман-сау.
(Қозы Көрпеш сахнадан кетеді).
Баян сұлу:
Күтем сені күні-түн,

Алаңдама, ардағым.
Үзілмейді үмітім,
Дем береді арманым.
Жылдар жылға алмасып,

Алар, бәлкім, сынаққа.
Үмітке үміт жалғасып,
Күте берем бірақта.
Күтем сені зарыға,

Бар тілеуім – бір сенде.
Тек... адал бол жарыңа,
Қай қиырда жүрсең де...
Ангелина Полянцева, 13 жас

Он төртінші оқиға
(оқиға далада өтеді).
Бірінші көрініс

(сахнада – шайқасқа қатысушылар. Қалмақтарды басқарушы – Қодар. Қарабай сұлтанның сарбаздарын басқарушы – Қозы Көрпеш).

Қодар
(қалмақтарға арнап):
Кенелгің келе ме байлыққа? –
Табасың найзаның ұшымен!

Қырып сал жауыңды, қаймықпа,
Мелдектей тойынсын күшіген!
Тарылтып дұшпанның тынысын,
Шап жауға атойлап, ұрандап!

Жарқылдай ойнасын қылышың,
Жау жатсын алдыңда тыраңдап!
Қозы Көрпеш
(өз сарбаздарына арнап):

Бауырларым!
Бізге сенген ел үшін,
Туып-өскен атамекен, жер үшін
Ата жаумен алысып,

Қан майданда қарысып,
Жауыңа найза шанышып,
Кек алудан асатын
Парыз бар ма Ер үшін?!

Ал, аттандық ұрысқа! (Қарабай сұлтанның сарбаздары қалмақтарды жеңеді. Қалмақтар ұрыс даласынан қашады. Қозы Көрпеш Қодармен шайқасып, оны жерге құлатады да, өлтіруге оқталады).

Қодар
(Қозы Көрпештің алдына тізерлей отырып):
Аяушылық жасашы!.. Аяй көрші бір жолға!..
Қозы Көрпеш:

Аяушылық жасалмайды сатқынға!
Қодар:
Қозы мырза, жекпе-жекте сен жеңдің,
Мен жеңілдім, бас идім.

Дәрменсіздің басын алу
Ер жігітке берер ме екен абырой?..
Қозы Көрпеш:
Сорлап жүрген кезіңде

Есіркеген елді саттың сен, азғын!
Қодар:
Жанымды қи! Мәрттігіңді аңыз етсін қалың ел!
Ант етейін, Баянға да таласпаймын мен енді!

Күміс сулы Аягөз куә болсын антыма!
(Қозы Көрпеш Қодардың басына қылышын үйіреді).
Қозы Көрпеш:
Аярсың-ау! Сенің берген антың да

Аягөздің суындай ағып кетер қазір-ақ...
Қодар:
Ал, ендеше, басымды! Допша лақтыр!
Содан жаның жай тапса!..

Сенің жауың жалғыз ғана мен емес...
Өзің жеңген қалмақтар да, бар болғаны, сыртқы жау...
Сенің нағыз жауларың – ағайыны Баянның,
Қаламайды олар сенің тойыңды.

Өйткені сен жар еткен соң Баянды,
Сол елдің де сұлтаны боп шығасың.
Кім ұнатпақ өзіне жаттың сұлтан болғанын?
Ең абзалы, үмітіңді үз Баяннан.

Білесің ғой, Қарабай сұлтан өз антынан бас тартқан...
Аманатқа қиянат жасамайды бұл әулет!..
(Қозы Көрпешке еңбектей жақындайды)
Қозы мырза, саған көмек бере алатын мен ғана!..

Мен олардың бәрінің осал жерін білемін;
Ант беруге көндіре алам оларды
Баян менен өзіңе ақ ниетті болуға.
Ақ некеңнің тағдыры кімде екенін білдің бе?..

(Қозы Көрпештен кейін шегінеді)
Айтып болдым, ал, басымды шаба бер!..
Қозы Көрпеш:
Сен өзі... қалай-қалай?..

Қодар:
Мойындаймын! Мен жеңілдім! Сен жеңдің...
Қозы Көрпеш:
Жоғалшы әрі көзімнен!

Қодар:
Қозы мырза, мейіріміңде шек жоқ-ау!..
(Қодар сахнадан безе қашады. Сахнаға Қозы Көрпештің қолбасшылары шығады).
Қозы Көрпеш

(қолбасшылардың біріне бағыттай):
Байқадың ба, сол қанаттан
Келе жатыр хабаршы.
Жеткізуге асыққандай

Шайқас аяқталғанын...
(сахнаға Қаралы Хабаршы шығады).
Қозы Көрпеш
(Қаралы Хабаршыға қарап):

Қолдарың аз болса да,
Лашындай
Шүйілдіңдер дұшпанға!
Жігер үстеп намысқа,

Арыстандай ақыртып,
Бастаған кім шайқасқа?
Қаралы Хабаршы:
Батыр қызы сұлтанның

Ай кенеттен шыға келді жарқ етіп,
Туды көкке көтере,
Хас батырдай атойлап,
Аруағын шақыра,

Араласты ұрысқа...
От жүректі арудың
Сөздері оттай шарпыды!
Түмен-түмен жау қолын

Талқандадық қаһармен!
Ажалдан сау қалғаны
Қашты жанын сауғалай.
Қозы Көрпеш:

Бәрекелді, батырлар! Жеңістерің
Бүкіл майдан барысына рух берді!
Ел есінде сақталады бұл ерлік!
Қаралы Хабаршы

(Қозы Көрпештің алдына тізе бүгеді):
Қозы мырза, мойныма ілген белбеуім –
Қаралы хабар жаршысы...
Қозы Көрпеш:

Сөйле онда.
Қаралы Хабаршы:
Ержүрек Ай қан майданда мерт болды.
(Қозы Көрпештің алдында басын иеді)

Қаралы хабар жеткіздім,
Жазаңызға лайықпын...
Қозы Көрпеш
(шайқас алаңындағы сарбаздар мәйітін қарап өтіп):

Қайран далам!
Не өтпеді басыңнан?!
Көз алартты талай дұшпан тасынған...
Топырағыңды таптатпады ұл-қызың,

Ар-намысы жаратылған
Жасыннан!
Жат қолында жүрмеу үшін қуарып,
Атой сала атқа қонды, ту алып.

Қаншама Ер шаһит кешті,
Қанымен
Қасиетті топырағыңды суарып...
Тіршілікке құштарлығы аңдала,

Түлегенде көктем сайын маң дала,
Туған жерге сіңген қаны Ерлердің
Қызғалдақ боп жаңғырады жандана!
Екінші акт

Бірінші оқиға
(оқиға Қарабай ауылының шетінде өтеді. Кеш).
Бірінші көрініс
(сахнада – Қодар мен Қарашаш).

Қодар:
Апатайым! Қарашаш!..
Қарашаш:
Әй, Қодар-ай!.. Қодар-ай...

Қалай ғана дәтің барды қастыққа?!.
Қодар:
Кешір мені, апатай,
Ғашықтық қой ақыл-естен айырған.

Қарашаш
(Қодарды өзіне тартып, басынан сипайды):
Байғұсым-ай! Азып, жүдеп кетіпсің!..
Сүп-сүйкімді ұл едің, ақ түсіпті-ау шашыңа...

Қодар:
Ащы терім сіңген еді осы елге!
Талай-талай қысталаңнан құтқарған
Мен едім ғой кешегі! Бәрі бәрін ұмытты!

Қарашаш:
Қодарым-ау, қалауың не сондағы?
Жаза бассаң, кешірмейді бірден ел.
Зобалаңның қасыреті басылсын...

Басқа жол жоқ, соған дейін күтесің.
(Қарашаш кетеді).
Қодар:
Ал, Қодарым, іс насырға шапты ма?

Күшпен тартып алмақ едің Баянды,
Тас-талқан боп ұтылдың!
Ыза-кектен өртенуде жүрегім,
Қызуына темір балқып кетердей!..

Жә, езілме, уақыт бар әлі де!
Айдың жылын өткергенше
Той болмайды, ол анық.
Сонда... кімнің тойын күтіп жүрмексің?!

Болмайды олай! Зая етпеймін уақытты...
Баянымның жолында арпалысып өтемін,
Ендігі жол басқа бірақ... басқа...
О, жаратқан, дұрыс жолды нұсқай гөр!

(тоқтай қалып, тың тыңдайды)
Біреу келе жатыр ма?.. Айғыр ғой бұл!
Не істер екен? Көрейік...
(Қодар ағаш тасасына жасырынады. Сахнаға Айғыр шығады).

Айғыр:
Мені аңсайтын ешкім жоқ, көңілі алаң мен ғана...
Оның күнде елестейтін келбетін аңсай күтем,
Көзін көрем әуелі, махаббаттың оты ұшқындап тұрады...

Содан кейін... қолыма қолы тигенін,
Үні үздіге, тіл қатқанын күтемін...
Оның мені сүйетінін сезініп,
Алабұрта, абдырай, шаттанады жүрегім!

Содан кейін... жұлдыз тұнған аспанды,
Жалқындай батқан күнді, ағарып атқан таңды,
Шоғы ғана қызарып жатқан от қызуын,
Тұмса бұлақ сылдырын қызықтауға

Жетелей жөнелгенін күтемін...
Осының бәрін сан мәрте бастан өткергем,
Бірақ Оның көзімен тағы да көргім келеді...
Мен үшін Ол – өмірімнің бар мәні, қалғандары содан соң...

Мен оның беті бетіме жақындай түскенін,
Ерні ерніме тигенін, әнтек ашылғанын күтіп тұрам...
Өзгелер айтатындай.., – шарапқа елтігендей масаямын сол сәтте.
Өзімнің өр рухымның Одан жеңілгенін қалаймын,

Оның кеудесіне басымды қойып,
Бәрін ұмытсам деймін... сосын оның білегінде оянсам,
Иә, оның білегінде оянсам ғой...
Мені аңсайтын ешкім жоқ, тек мен ғана сағына берем

Өзіңді.
Қодар
(өзіне өзі):
Е, Жаратқан, тілеуімді бердің-ау!

Ал, Қодарым, таскенеше жабыс енді, айрылмай!
(Қодар ағаш тасасынан шығады).
Мусина Илана, 13 жас
Қодар:

Ару Айғыр, армысың!
Айғыр:
Қодар! Шынымен-ақ, осы сөзді сен бе айтқан?
Қодар:

Тыңдар болсаң, айтарым бар тағы да...
Апайыңды сүйгенім рас, танбаймын.
Амал нешік, тасқа ұрынды сезімім,
Жүрегім де жараланды қан саулай...

Емші уақыт емдейді екен бәрін де,
Орайына жаза басқан сезімнің
Жүрегіңде туады екен басқасы.
Ғажап сезім бұл тіпті!..

Айғыр:
Қайғыруың созылмапты ұзаққа!
Қодар:
Соқыр болып келіппін,

Алданыппын, айналама қарамай...
Әлгі бір сәт... өткеніңде қасымнан
Жүрегімде өрт бұрқады, бой бермей!
Айғыр:

Қалмақтарға сатылған саған қалай сенбекпін?..
Қодар:
Оның да рас... Махаббат қой кінәлі,
Ақыл-естен айырылып, қастық қылдым еліме...

Сұмырайға айналдым... Құдай куә,
Өкінемін сол үшін! Бірақ ешкім сенбейді...
Жан азабын тартып жүрмін, сенші, Айғыр!
Бала кезден жетім өстім, мейір күттім бәрінен.

Шешелері балаларын өбектеп,
Еркелетіп жатқанын көрген сайын,
Таса жерге тығылып, өксіп-өксіп жылаушы ем...
Қайғыдан көз ашпайтындай болатынмын сондайда.

Ойда жоқта дертке ұрындым!
Өміріме айналған махаббаттың дерті еді ол!..
Амал қанша? Қиял ғана боп қалды.
Мынау жарық дүниеде

Мен байғұсты түсініп, маңдайымнан сипайтын
Бір абзал жан болса ғой...
Мейірімді білмейтін қатал екен бұл өмір!
Ақ ниетің керек емес ешкімге...

(Айғырдың алдына тізерлей жүгінеді)
Тым болмаса, сен түсінші жанымды,
Жылы сезім аңсаған жалғызбын ғой...
Айғыр:

Е, бейшара-ай, аяғаннан не шықпақ?.. (Айғыр Қодарды өзіне тартып, басынан сипайды. Сосын жалт бұрылып, шығып кетеді).

Қодар:
Айғыр... атың қандай күлкілі!
Шынында да, аумайды өзі айғырдан!
Сауырын-ай, сауырын!.. Танауын-ай... үңгірдей,

Тістері ше?.. Қай жері кем айғырдан!
Бірақ басқа амал жоқ, ғашық болам мен бұған,
Жаратамын кәдеме...
Шіркін, Баян! Тәтті түсім... арманым!..

Түсіремін қолыма!..
Ешкімді де аямаймын бұл жолда!..
Екінші оқиға
(оқиға далада өтеді. Түн).

Бірінші көрініс
(сахнада – Баян сұлу мен Қозы Көрпеш)
Қозы Көрпеш:
Тұңғиық түн, жанға жайлы мақпал түн...

Көкмайсаны ерке самал өбеді.
Тұңғиық түн, жанға жайлы мақпал түн...
Үнсіз ғана Үркер сәуле төгеді.
Тұңғиық түн құшаққа алды даланы,

Құс жолынан гауһар моншақ тағынып.
Тыншу тапты беймаз көңіл алаңы,
Қос жүректің лүпіліне бағынып.
Еркімді алды жүрегімнің иесі, –

Періште қыз, – жұлдыздардан жаралған!
Соғып өткен махаббаттың киесі
Мен ғашықпын, пәк сезімнен нәр алған
Періштеге, – жұлдыздардан жаралған!

Баян сұлу:
Тұңғиық түн, жанға жайлы мақпал түн!
Жебеушісі өзің албырт сезімнің.
Ғашықтардың сезім кілтін тапқан түн,

Куәсі өзің бақыт құшқан кезімнің.
Дүниедей, – күн нұрына ұмтыла,
Шапағатты шұғыладан түрленген;
Іңкәр жүрек бір-біріне ынтыға,

Талпынады тыныстауға бір деммен.
Тіліп өтті егіз жұлдыз аспанды,
Қас-қағымда бірге жанып кетуге...
Біз аңсаған сапар енді басталды,

Асығамыз армандарға жетуге...
Қозы Көрпеш:
Кідірмейікші!..
Баян сұлу:

Аялашы
Мені нәзік гүліңдей!..
Қозы Көрпеш:
Жаным, сенің әр лебізің

Дауасындай жүректің!
Баян сұлу:
Жасырмашы жан сырыңды,
«Сүйем!» деші тағы да!..

Қозы Көрпеш:
Бір сен үшін
Болар едім құрбаның!..
Баян сұлу:

Қажет емес құрбандық..,
Ұзамашы жанымнан,
Мәңгі бірге болайықшы тек қана!
Қозы Көрпеш:

Тарпаң едім
Бас имеген ешкімге...
Шідерледі ғашықтық!..
Баян сұлу:

Енді біздің
Жазылмайды жұбымыз,
Мына өмірдің
Соңғы сәті жеткенше.

Жаратқанға жалбарынам:
«Мәңгі-бақи
Болу үшін біз бірге,
Ажалды да

Жіберші, – деп, – бір сәтте!»
(сахнадан кетеді).
Екінші көрініс
(сахнада – Қодар мен Айғыр)

Қодар:
Қарашы, сүйіктім, құшағын жайып тұр
Сиқырлы түнгі аспан.
Үркерді қаумалай, шоқ шаша жиылған

Жұлдыздар жарығы түнгі өрттей
Жалқындай жанады!
Сенің де жанарың жұлдыздар сияқты,
Жанымды отқа орап,

Жүрегім өртеніп барады!..
Айғыр:
Сене алмай тұрмын-ау сөзіңе.
Қодар:

Жұлдыздар шегініп, алтын Күн
Бұрымын тарқатқан мезетте,
Атылған жебедей сәулесі
Жер жүзін жаулайды, қадалып.

Ал мені жаулаған сәулең ғой өзіңнің!
Жанарың қадалса, шыдамас берен де...
Тыңдашы толқыған жүректі...
Түнімен тыншымай, кеудемде бұлқына,

Тек сені аңсайды, аяулым!
Айғыр:
Сенейін,
Сенейін сөзіңе...

(Қодардың кеудесіне сүйенеді)
Шынымен де, жүрегің солқылдап тұр
Соққысындай балғаның!
Қодар:

Сенесің бе, жанымда сен жоқ кезде
Арыстандай аласұрам тордағы!
Жақындашы, жаным...
Айғыр:

Жо-жоқ... Жанаспашы ерніме..,
Қорқам сенен.
Қодар:
Қорықпашы...

От деміңмен өртеші.
Айғыр:
Мейлі енді... қорықпайын...
Қодар:

Жаным,
Бізге қызығып тұр
Жұлдыздарды нөкер еткен ай-ару!
Екеуімізді құшаққа алған түн қандай!

Ғажайып түн тұнып қалды
Жұпарында гүлдердің.
Бізбен бірге хош иіске масаюда дүн-дүние...
Өмірдегі бақытты сәт үзілмейді ешқашан,

От боп жанып кетсе де, шоғы қалмақ соңында!
Айғыр:
Ай-жұлдыздан, алаулы оттай сөзіңнен
Бас айналып барады...

Қодар:
Жиналса да алуан гүлі жаһанның,
Бір өзіңнің жұпарыңа жетпейді...
Айғыр:

Шынымен-ақ солай ма?
Қодар:
Жүрек пен жүрек үндесті,
Шындық сол ғой, сүйіктім...

Айғыр:
Түндер бойы аңсап едім өрттей жанған құшақты...
Жеткендеймін арманға!
Қодар, жаным, сезінсең ғой күйімді...

Мұндай тәтті сезімді кешпеп едім ешқашан!
Үшінші оқиға
(оқиға Қарабай ауылының сыртында өтеді. Кешкі мезгіл)
Бірінші көрініс

(сахнада – Қодар мен Қарашаш)
Қодар:
Ай марқұмның жылын да өткіздік.
Әне-міне Қозы мен Баян үйленбек.

Көңілдері алабұрта,
Олар соған асығады, түсінем.
Ал мені кім түсінер?
Үміт пен шер жүрегімді өртеуде...

Мен қайтпекпін, Қарашаш?
Қарашаш:
Ертең елге
Той хабары айтылмақ.

Сол кезде біз Қарабайдың аманаты
Бұзылғаны жайында жар саламыз бәріне,
Екеуімізді жақтайтынның бәрі де
Тойға қарсы шығады!

Қодар:
Апатайым, мәртсің-ау!
Жақсылығың құдайдан қайтсын!
Қарашаш:

Құдай емес, өзіңнен қайтсын, Қодар!
Жарайды, оны іс біткен соң есептесе жатармыз.
Мен олардың көптігіне алаңмын.
Есептей бер өзің-ақ:

Әпсебай, Баян, Айғырды қолдайтындар аз емес...
Қодар:
Айғыр бізді қолдайды.
Қарашаш:

Айғыр бізді қолдай ма?!
Қодар:
Күмәнім жоқ, қолдайды.
Қарашаш:

Онда, әрине, сөз басқа!
Қашаннан да күш – көпте.
Тізгініне әулеттің
Ие болар кез жетті...

Қодар:
Иә, апатай, бере алмаймыз тізгінді
Қаңғып келген біреуге.
(Қарашаш сахнадан кетеді).

Қодар:
Тасқаяқтай қағыстырып бұларды,
Қалауымша ойран-топыр етейін!..
Топалаңда қандырайын құмарды,

Көптен күткен жеңісіме жетейін...
Қызықтайын жанталасын қарманған,
Қоламтасын қызғаныштың көсейін!..
Түк шықпайды құр қиял мен арманнан,

Айла, амал, қулығыма көшейін!
Алдап, арбап, ілестіріп соңыма,
Қарайлатпай елді оңы мен солына,
Кегімді алып күйеусымақ Қозыдан,

Баянымды қондырамын қолыма!
Шыдау керек қол созғанша сәттілік,
Шыдам ғана жеткізеді ойыңа.
Алдамасын жемісі жоқ тәтті үміт,

Тек жеңіске жеткеніңше мойыма!
Төртінші оқиға

(оқиға Сұлтанның Зәулім шатыры алдында өтеді. Наурыз мейрамы тойлануда. Таңғы мезгіл)

Бірінші көрініс
(сахнада – Әпсебай, Қарашаш, Айғыр, Қодар, сәнді киінген көпшілік).
Әпсебай:
Ұлыстың Ұлы күні Наурыз келді, ағайын.

Мал-жанымыз аман жетті бұл күнге.
Тойды тойға ұластырып,
Қозы Көрпеш пен Баянның ақ некесін қиямыз!
Уа, жұртым, екі жастың жүрегін

Біріктірер сәт жетті.
Жазуымен жазмыштың кейіндей берді бұл неке,
Бәлкім, жазмыш сынағысы келген болар жастарды.
Ақ ниеті жастардың мойымады сынаққа,

Мойындатты сезімінің ақтығын!
Екі жастың неке тойын тойлаймыз!
Қарашаш:
Мен қарсымын бұл тойға!

Бүгіп қылдың бір жәйтті.
Ақтық демі алдында қарсы болған
Бұл некеге Қарабай. Аманаттан бас тартсақ,
Қарғыс атпақ әулетті!

Әпсебай:
Кім лайықты екенін де айтқан жоқ!
Қарашаш:
Лайықтылар аз ба еді?

Қызымызға қызыққан үміткерлер қаншама?!
Бүкіл әулет бұл некеге қарсымыз!
Қозы Көрпеш шектен шықты, басынып, –
Таптап өтпек Қарабай сұлтан шешімін!

Жол бермейміз біз оған!
Жазалаймыз антбұзар Қозы Көрпешті!
(Қарашаш жұртқа бұрылып, белгі береді)
Уа, халайық, антбұзарға жол бермейміз! Солай ма?

(көпшілік арасынан: «Көзін құртсын! Қарабай сұлтанның қалауын бұзуға жол бермейміз! Жазалансын антбұзар!» деген айғайлар естіледі).

Қарашаш:
Байқадың ба, Әпсебай?
Нөкерлерім әзір тұр жазалауға Қозыны!
Айғыр:

Менің нөкерлерім де жөн көреді жазаны!
Қодар:
Шайқастарда шыңдалған,
Менің екі жүз сарбазым

Әділдікті жақтайды.
Әпсебай:
Баяным-ай!.. Тағы үйірілді-ау қасырет!
Қарашаш:

Қасыреттің ең зоры – аманатқа қиянат!
Белден басу намысты!
Бесінші оқиға
(оқиға Қарабай ауылының сыртында өтеді. Қас қарайған мезгіл)

Бірінші көрініс
(сахнада – Баян сұлу мен Қозы Көрпеш)
Баян сұлу:
Қайғы бұлты айықпады-ау басымнан...

Не жазып ем ағайынға соншалық,
Некемізді ант бұзу деп санардай!
Қозы Көрпеш:
Біздің елге кетейік!

Ол елде мен сұлтанмын
Және менің әкем де айнымаған антынан.
Аттар дайын, жол ашық... Аттанайық, Баяным!
Сәйгүліктер жеткізеді бақытқа!

Баян сұлу:
Елден қашсақ, жауға таба боламыз.
Біз – сұлтандар нәсіліміз, сондықтан
Қалыңдықты алып қашу жараспайды сұлтанға.

Елден қашсам, ата-баба дәулеті талан-тараж болмақшы...
Жаудың ішкі есебі де осында.
Уақыт бер, мен елімді дегеніме көндірем.
Ал әзірше бөлінуге мәжбүрміз.

Менен хабар жеткенше,
Ел көзінен аулақта бой тасалай тұрған жөн.
Қозы Көрпеш:
Түсін, Баян, қаша алмаймын қауіптен,

Сүйегіме таңба болмақ ондай іс!
Қашып-пысу лайық емес сұлтанға!
Баян сұлу:
Ардағым-ау, құдай үшін,

Бірер күнге бөлінейік бар-жоғы!..
Шоқтеректе бой жасыршы, сұлтаным!
Алтыншы оқиға
(оқиға Қодардың киіз үйінде өтеді)

Бірінші көрініс
(сахнада – Қарашаш пен Қодар)
Қодар:
Күйеусымақ... қайда құрып кетті екен?

Жер түбіне кетсең де, суырып алып шығармын!
Кешігуге болмайды! Жаннан қымбат әрбір сәт!
Қарашаш:
Қосылып қоюынан қорқасың-ау, ә...

Қодар:
Кімнен тапты, қайдан тапты пананы?
Қарашаш:
Мен Баянды қалт жібермей аңдыдым:

Қараторғай ұстайды екен үйінде,
Сәлем-хатын тасиды екен сол құсы.
Ұстап алып торғайын, хатын қолға түсірдік...
Қайда екенін Қозының

Біліп алдық сол хаттан.
Қодар:
Ал?.. Үздіктірмей, айтсаңшы!
Қарашаш

(ошақтағы өмірді қозғап қойып):
От сөніп қалыпты, отын әкелсін.
Қодар:
Апатай-ай, күйдірдің ғой жанымды!

Қарашаш:
Мен – әйелмін бар-жоғы, білетінім – сөз ғана,
Сен еркексің, іс тындыру – сенікі...
Кешігіп қалма, ер Қодар, бас қамшыны

Шоқтерекке жеткенше...
(Қодар орнынан ыршып тұрып, сахнадан жүгіріп кетеді).
Қарашаш:
От тигендей жүгірді-ау...

Е, махаббат, махаббат,
Саған бола, адамға адам жау болды-ау...
Жетінші оқиға
(оқиға Шоқтеректе өтеді)

Бірінші көрініс
(сахнада – Қодар, оның нөкерлері, Қозы Көрпеш)
Қодар:
Әне кетті! Жібермеңдер! Ұстаңдар!

Қозы Көрпеш:
Біліп қойған екен ғой! Жарайда онда,
Шайқасайық, алғаш көрген майдан ба!
Қодар:

Оң жағынан келіңдер, қаумалайық тағыны!
(өзіне өзі)
Міне, бәлем, есептесер кез жетті!
Қозы Көрпеш:

Жекпе-жек, Қодар! Жекпе-жек!
Еркек болсаң, кел бері!
Қодар
(өзіне өзі):

Ақымақты тауыпсың...
Жан алқымға тірелгенде болмаса,
Тәуекелдің керегі не Қодарға?
Нөкерлерім бар емес пе мен үшін жан қиятын.

(нөкерлеріне айғайлайды)
Ей, ту сыртынан жақындап, жайратыңдар, аямай!
Қодардың нөкері:
Намысымыз жібермейді

Жабылуға жалғызға.
Қодар:
Өй, өңшең шірік!
(қасында тұрған нөкерге)

Әкел бері садағың бен жебені!.. (Қодар нөкерлерді тасалана тұрып, Қозы Көрпешті садақпен атады. Қозы Көрпеш ажал құшады).

Қодар
(өзіне өзі):
Жабылу дейді ғой...
Намысшылын... Тындыру керек осылай!

(нөкерлерге бұйыра)
Қалтарыстағы ізбен қайтамыз!
Сегізінші оқиға
(оқиға Баян сұлудың киіз үйінде өтеді)

Бірінші көрініс
(сахнада – Баян сұлу. Киіз үйге Сұлушаш жүгіріп кіреді)
Сұлушаш:
Сұмдық, Баян, сұмдық!

Шоқтеректі Қодар біліп қойыпты!
Баян сұлу:
Аттанамыз! Алдын ала жету керек Қозыға.
Қодар жауыз аямайды ешкімді...

Тоғызыншы оқиға
(оқиға Шоқтеректе өтеді)
Бірінші көрініс

(сахнада – Баян сұлу, Сұлушаш, қызметшілер. Баян сұлу Қозы Көрпештің мәйітіне еңкейеді)

Баян сұлу
(жанындағыларға):
Бақсы тауып әкеліңдер, –
Қас-қағым сәт болса да, дем бітірсін Қозыма.

Сөзімді айтып қалайын.
Ештеңеден тайынбаймын сол үшін,
Әруақпен де тілдесуге әзірмін...
(Сұлушаш пен қызметшілер бақсыны іздеп кетеді).

Баян сұлу:
Ояншы, Қозым, көзіңді ашшы, үн қатшы!
Асықпашы ол жаққа, кері қайтшы ұйқыңнан...
(пауза)

Естімейді ол шырқыраған үнімді,
Естімейді сыбдырын да қамыстың,
Естімейді көкте үйірілген құстардың да қиқуын, –
Естімейді тіршіліктің тынысын.

Тым болмаса, естісеңші жүрегімнің дүрсілін!
Қозым, қолың әлі жып-жылы...
Тамырыңа тіршілік дарытуға дайынмын,
Мен әзірмін өзімді өзім тәрк етіп, қосылуға өзіңмен, –

Сенсіз тірлік не үшін керек Баянға!..
Өзен суы, көмектесші сен маған,
Сүйіктіме жан бітірші нәріңмен,
Қыраныма қайта оралып қуаты,

Самғасыншы көгімде!
Екінші көрініс

(сахнада – Баян сұлу мен бақсы. Бақсы өз биін орындап, жан бітіру рәсімін жасайды. Қозы Көрпешке жан бітеді. Бақсы кетеді)

Қозы Көрпеш:
Әлгінде мен сезіндім ғой деміңді,
Жұмақта жүр екенмін ғой ендеше.
Жәннат бақта, шынымен де,

Күтеді екен ғашығың...
Баян сұлу:
Қозым, бұл сәт – соңғы сәтің жердегі.
Бақұлдасып қалу үшін өзіңмен,

Ақтық демің қалу үшін жадымда,
Тіршілікке оралта алдым бір сәтке...
Қозы Көрпеш:
Махаббаттан күшті ештеңе жоқ екен –

Шын ғашықтар ажалды да иліктіре алады.
Баян сұлу:
Махаббаттан күшті ештеңе жоқ екен –
Махаббатқа сену керек тек қана.

Қозы Көрпеш:
Біз өтсек те тіршіліктен,
Бізден соңғы басқалар
Біз сияқты бір-біріне болып өтсін ынтызар...

Баян сұлу:
Біз сияқты
Бір-біріне болып өтсін ынтызар...
Қозы Көрпеш:

Бірақ біздей бола алмайды-ау ешкім де!
Баян сұлу:
Бақұл бол, Қозым! Мені есіңнен шығарма,
Естен тана сүйгенімді ұмытпа...

Қозы Көрпеш:
Бақұл бол, жаным!
Ризамын саған, ризамын...
Баян сұлу:

Үндемеші!
Әл-дәрменің...
Қозы Көрпеш:
Баяным,

Жүрегім әлі соғып тұр,
«Баяным!» деп соғып тұр.
Баян сұлу:
Жүрегіміз мәңгі бірге соғады...

Қозы Көрпеш:
Иә... мәңгі бірге соғады...
Баян сұлу:
Қозы,

Өмір-бақи мен сендік боп қаламын,
Сезіміңді таптатпаймын ешкімге.
Қозы Көрпеш:
Мәңгі-бақи жүрегімнің төрінде

Өзің ғана боласың.
Басқа тағдыр қажет емес біздерге,
Біз екеуіміз
Жазмышымыз бұйыртқан

Махаббатты бастан кештік...
(Қозы Көрпеш көз жұмады. Сахнаға Хор шығады).
Хор:
Қорған болған батырымыз халыққа

Қапияда мерт болды жау қолынан.
Лайық еді Ол құрметке де, даңққа,
Шыға алмады жазмыштың жолынан...
Ерін жоқтап, – ерлігіне сүйінер,

Қайғы жұтып қала берді дүйім ел.
Ал, Баян ше, сүйгенінен айрылған?
(Хор алыстап кетеді де, сол тұстан Баянға қарап тұрады).
Баян сұлу:

Ажал жетті Еріме
Жол торыған зұлымнан...
Кім қорған боп еліме,
Сергітер зар, мұңымнан?..

Жер шетіне барар ем,
Сонда болса ғашығым;
Мұз тауын да табар ем,
Сонда болсаң, асылым.

Жатасың-ау көрпе ғып,
Көмеді-ау топырақ.., боздақ ең..,
Қайран жоқ саған жетердей...
Күш берсе Құдай, боздар ем,

Жер қақырап кетердей!
Жүрегіме шер тұнды,
Жазмышқа көндігіп.
Билеп алған еркімді

Батырым жоқ, сөнді үміт...
Тоғызыншы оқиға
(оқиға Қодардың киіз үйінде өтеді)
Бірінші көрініс

(сахнада – Қодар, Жебе)
Қодар:
Көшіп-қонып жүргенде тобымызға ілескен
Бір бақташы бар еді ғой. Жетім ол,

Іздеуші жоқ артында.
Соны өзіңмен ала шық.
Түн жамыла, жайғасыңдар қолатқа.
Түнге қарай үйір-үйір жылқыны беттетеді сол жаққа...

Түн ортасы ауғанда бір үйірді әкетіңдер қуалап.
Соңдарыңнан қуып жетем, сол кезде
Тастай салып жылқыны, қашасыңдар бәрің де.
Сен тобыңнан бөлініп қаласың да, менімен

Шайқасасың. Мына тұсқа қанжарыңды сілтейсің...
Дұрыстап ұр, қорықпа, –
Жаралауың керек мені. Ұқтың ба?
Ол тұс емес... сәл жоғары. Сүйегіме тигізбе!

Анна Лаптева, 13 жас
Жебе:
Жетімекті не істейік?
Қодар:

Абыр-сабыр басталғанда өлтіріп,
Өлген жерде қалдырыңдар мәйітін...
Жебе:
Түсінікті бәрі де.

Оныншы оқиға
(оқиға Сұлтанның Зәулім шатырында өтеді)
Бірінші көрініс
(сахнада – Әпсебай, Қарашаш, Тайтөлеу, әулеттің игі жақсылары)

Тайтөлеу:
Не білдіңдер, қараңғыны жамылып,
Қарақшылар шапқан екен жылқыға,
Қодар батыр қуып жетіп, шайқасып,

Өлтіріпті әлгілердің біреуін!
Әпсебай:
Естуімше, жараланған сияқты...
Қарашаш:

Жеңіл-желпі жара емес!
Аман қапты ажалдан!
Өз күнәсын қанмен жуды. Ер екен!
Әпсебай:

Мейлі делік,
Күнәсынан арылуға аздау болар мұнысы...
Қарашаш:
Бәріміз де білеміз ғой бұрыннан –

Шаруаға одан епті адам жоқ!
Арғы бетін өзеннің ен жайлаған түлікті
Тапсыруды жөн көремін Қодарға.
Сол жақтағы бәсекелес әулеттер

Жайлы өріске таласып,
Қояр емес малды қуып кетуін.
Әпсебай:
Сенікі де жөн сияқты. Солай болсын ендеше.

Қарашаш:
Аға, саған не болды? Өңің қашып кетті ғой...
Не боп қалды бүрісердей бүгіліп?!.
Әпсебай:

Кәрілік пен дерт дейтін
Екі дұшпан қатар қыс қысса, не істерсің?..
Он бірінші оқиға
(оқиға Қодардың киіз үйінде өтеді)

Бірінші көрініс
(сахнада – Қодар мен Айғыр)
Қодар:
Мұның қалай? Неге келдің тал түсте!

Жұрт не демек біз жайлы?!
Айғыр:
Не десе де, бәрібір.
Жараланды деп естіп,

Жеттім, дәтім шыдамай!
Жараң қане? Көрсетші... Байғұсым-ай!
Сүйіп... сүйіп, жеңілдетем жараңды...
Қодар:

Керек емес.. тәуірмін.
Келгеніңе рахмет...
Айғыр:
Келмей, қалай шыдайын?

Айналамда қырғын болып жатқандай!
Шоқтеректе Қозы Көрпеш мерт болды,
Енді сен де... өліп қала жаздапсың!
Маза қашты, жау шапқандай жан-жақтан!

Қодар:
Жақындашы берірек,
Құшағыма алайын...
Он екінші оқиға

(оқиға Сұлтанның Зәулім шатырында өтеді)
Бірінші көрініс
(сахнада – Әпсебай, Қарашаш, Айғыр, Тайтөлеу, әулеттің игі жақсылары)
Әпсебай:

Ағайын-туыс, дос-жаран! Үйірілуде қара бұлт.
Тыныштық кетті тірліктен!
Мал-жанымыз, жеріміз көзқұртына айналды
Жан-жақтағы көршінің...

Анталаған дұшпанды тойтармасақ кезінде,
Жемтік болып әркімге, әулетіміз жұтамақ.
Не істемек жөн бізге енді?
Қарашаш:

Тірлік жөнін білетін,
Жүрегінің түгі бар ие керек бұл елге.
Әпсебай:
Кім бар ондай? Мен қартайдым,

Қозы Көрпеш қапияда мерт болды...
Қарашаш:
Қодар бар,
Қан мен терін аямаған біз үшін!

Рас, көзін сезім тұмшалап, жаңылысты бір тұста,
Бірақ қазір түзелді ол.
Тайтөлеу:
Қодардан басқа кімің бар...

Іргеңдегі дұшпаның аңысыңды бағып тұр –
Мүлт жіберсең, аямауға бекініп.
Әпсебай:
Алып-қосар ой бар ма?

Жарайды онда, Қодар алсын тізгінді.
Ал, әлеумет, енді Қодар – басшымыз.
Бар тіршілік, тағдырымыз аманат.
Он үшінші оқиға

(оқиға Баян сұлудың киіз үйінде өтеді)
Бірінші көрініс
(сахнада – Қодар мен Баян сұлу. Шымылдық артында Сұлушаш жасырынып тұр)
Қодар:

Баян, Қарашаштан естідім көңілдегі ойыңды.
«Не дейтінін білші» деп, салмақ салған мен едім.
Қайғылы жыл біткен соң,
Туып-өскен үйіңде жесір болып отырмай,

Лайықты жан табылса,
Етегінен ұстайтыныңды айтыпсың.
Жөн білгендік бұл сөзің,
Тірі адам тіршілігін жасайды,

Бас тартудың орайы жоқ қызығынан өмірдің.
Біле білсең, дәл қазір
Сен түгілі, әулетіңнің тағдыры
Мына менің қолымда.

Бірақ сені қара күшпен иеленгім келмейді.
«Күтсін, – депсің, – жылы өтуін Қозының», –
Келісемін сөзіңе. Керек десең,
Өзім-ақ тұрғызамын мазарын.

(Қодар киіз үйден шығып кетеді. Сұлушаш шымылдық тасасынан шығады).
Сұлушаш:
О, сұмдық-ай! Өзі өлтірген адамға
Мазар салмақ қанішер! Сосын оның жесірін

Күштеп әйел етпекші...
Баян сұлу:
Зорлықшылдың ісі бар ма құдаймен...
Өздеріне ұнағанның бәрі жөн...

Сұлушаш:
Арсыз неме! Аттамақ па ар-ұяттан, намыстан?!
Баян сұлу:
Ар-ұятты қалай-қалай құбылту

Күштілердің өз еркінде емес пе?!.
Сұлушаш:
Баян, шыдамаймын мен бұған!
Шынымен-ақ, шықпақсың ба әлгіге?

Сене алмаймын мен мүлде!
Баян сұлу:
Алаңдама, Сұлушаш,
Өзім сүйген адамға

Адал жар боп өтемін...
Он төртінші оқиға
(оқиға Қарабай ауылының сыртында өтеді)
Бірінші көрініс

(сахнада – Қодар мен Айғыр)
Айғыр:
Қодар, тойдың жайы не болды?
Некемізді енді қашан қиямыз?

Қодар:
Тойдың жайын ұмыта бер, Айғыр-ау,
Баян маған жар болуға келісті,
Тойымызға келерсің.

Айғыр:
Сонда... қалай... бұл өзі?!.
Маған берген серт қайда...
Сен... айтқансың...

Қодар:
Оның бәрі өткен күн, ұмытқаның жөн болар.
Айғыр:
Сене алмаймын... Әзілің бе, шының ба?

(Қодар үндемейді)
Айғыр:
Шын екен ғой... сенген ем ғой мен саған...
Армандаған едім ғой... Сене алмаймын!

Өтірік деп айтшы маған! Солай деші.
Айтшы, айтшы, өтінем...
(Қодар үндемейді)
Айғыр:

Шын болды ғой... Сеніп едім...
Үздіге айтқан сөздерің елжіретіп жүректі,
Сүйгенімді тапқандай, өмір сүрген едім ғой!..
(пауза)

Тағы да бір қайталашы тәтті-тәтті сөзіңді!..
Көңіліме жағатын сөздеріңді сағындым:
«Сүйемін!» деп, «Жар етем!» деп айтушы ең,
«Дүниеде саған жетер сұлу жоқ!» деп айтушы ең...

Тағы да айтшы! Қайталашы тағы да
Өміріме мән берген тәтті-тәтті сөзіңді...
Қодар:
Жындысың ба-ей! Не деп тұрсың!

Айнаға бір көз салсаң, көрер едің өзіңнің
Сәңірейген танауың мен сойдақ-сойдақ тісіңді!
Адам деген қараушы еді өзіне!..
Ақылынан алжасқан бейбақ қана үйленер

Мына сендей құбыжыққа үрейлі;
Үйленгеннің өзінде,
Шымылдыққа көзін байлап кіргізер!
(Қодар сахнадан кетеді).

Он бесінші оқиға
(оқиға Қарабай ауылының сыртында өтеді. Күндіз).
Бірінші көрініс
(сахнада – Баян сұлу мен Сұлушаш)

Сұлушаш:
Естідің бе, сұмдық-ай!
Айғыр байғұс ақылынан алжасыпты кенеттен!..
Баян сұлу:

Не дейт тағы?! Мүмкін емес! Құдай-ай!..
(сахнаға Айғыр шығады).
Сұлушаш:
Әне, өзі де келе жатыр осылай...

Баян сұлу:
Түрі қандай қорқынышты боп кеткен!..
Жақын тұршы, Сұлушаш!
(Айғыр әндеткен күйі оларға жақындайды).

Айғыр:
Көл бетінде көлеңдеп,
Кежек керги жүзеді.
Көкала үйрек елеңдеп,

Оған көзін сүзеді.
Бір-біріне кезекпен
Көз салады елігіп.
Маза қашты кежектен,

Әлденеден желігіп.
Қос қанатын қомданып,
Көкалаға таянды.
Балағаны болды анық:

«Бақытына баянды».
Көкала да түледі...
Дүр сілкіне, қарады.
Алыпұшқан жүрегі

Майдай еріп барады...
(Баян сұлуға назар аударады).
Тамшы, тамшы, тамшылар! Қарашы, әне, тамшылар – ауада ұшқан гауһардай!
Қандай жақсы тамшы астында жүгірген... Түу, қандай салқын, рахат!

Сүйіктіңе жүзіп барған кезіңде жанарыңда бақыт нұры ойнау керек – міне, былай, былай! Құйрығыңмен былай-былай істеу керек – міне былай, былай!

(әндетеді)
Есіме алып қалқамды... –
Тағып жүрген мойныма,
Сыйлайыншы алқамды

Жаны мұңлы ойлыға...
(қолына қамшы алып, жан-жағына сілтейді)

Қашыңдар-ей, ақымақ қойлар, қашыңдар! Тойға киер көйлегімнің етегін былғамаңдар, құмалақтап үстіне!

Баян сұлу:
Айғыр сіңілім, бауырым, есіңді жи!
Айғыр:
Кет, харам күш! Ұрлайын деп тұрсың ғой менің моншақтарымды!

(Айғыр сахнадан қаша жөнеледі. Сұлушаш оның соңынан қуып кетеді).
Баян Сұлу:
О, жаратқан! Неге осынша жазаладың сен мені!
Бұл өмірге бақытты боламын деп келесің,

Бірақ қатал тағдырдың таусылмайтың соққысы
Тас-талқанын шығарады арманның!
(пауза)
Әлдеқайда әлдекімнің

Алма бағы гүл жарып, алма ағаштың жапырағы
Еркелейді самалға...
Сол бақшада әлдебір жан бақытты өмір кешеді,
Алаңды да, азапты да білместен!

(пауза)
Бірақ оның ешқайсы да
Бұйырмаған мен сияқты бейбаққа!..
Он алтыншы оқиға

(оқиға Қозы Көрпеш мазарына жақын маңайда өтеді)
Бірінші көрініс
(сахнада – Баян сұлу, Әпсебай, Қодар, үміткерлер, нөкерлер, көпшілік)
Баян сұлу:

Жылына арнап Қозының,
Асын бердік... тыныстасын мекенінде бақилық.
Бәріміздің барарымыз – сол мекен,
Біреу ерте, біреу кеш... бәріміз де барамыз.

Әпсебай:
Баян қалқам, асылыңды жоғалттың,
Сол қайғыңды біз де бірге бөлістік.
Бірақ өмір тоқтамайды, серпіл енді, жинақтал,

Серік болар азаматтар баршылық!
Қарашы өзің, жан-жағыңда қаншама
Бозбала жүр қабағыңа қарайлап !
Жылы шырай танытсаң, қай-қайсы да лайықты

Жоқтатпауға Қозының ақ пейілін.
Баян сұлу:
Қай-қайсы да... қай-қайсы... Бірақ менің жүрегім
Тыншымайды... жоқтай бермек Қозыны.

Бәлкім, мен де ұмытармын,
Егер мазар жанындағы құдықтан
Бір тостаған су ішсем... Ұрттай тұрып сол суды,
Тағы да бір еске алар ем Қозымды!

Қодар:
Ол құдығың шыңырау ғой түбі жоқ!
Тәуекелге бел буатын ержүрек
Табылар ма екен бұл жерден?!.

Баян сұлу:
Жалған дүние... шет-шегі жоқ сияқты!
Ал құдыққа түскен жан дүние парқын сезінбек...
Тұңғиықта тұнған суды алып шықса кімде-кім,

Иесі де сол болады менің махаббатымның!
Иә, рас, шыңыраудан сескенбейтін адам жоқ,
Бірақ маған керегі де – батыл жан!
Ғашықтығы қорқынышты жеңе алған

Жігіт қана бола алады маған жар!
(үміткерлер Баян сұлуға ұмтылады).
Бірінші үміткер
(Баян сұлудың алдына жүгіне отырып):

Мен түсемін түпсіз құдық ішіне!
Бір сен үшін өліп кетсем, арман жоқ!
Екінші үміткер
(Баян сұлудың алдына жүгіне отырып):

Мына құдық түбінде тозақ күтіп тұрса да,
Мен дайынмын түсуге!
Қодар:
Жоғалыңдар, күшіктер!

(үміткерлерді жан-жаққа итеріп жібереді)
Үйлеріңе қайқайыңдар –
Келерсіңдер езудегі емшек сүті кепкенде!
(Баянға бағыттай)

Мен түсемін... кепіл керек тек қана:
Соңғы сынақ екеніне көз жетсін, –
Бұрымыңды кесіп бер!

(Баян сұлу бұрымын кесіп алады да, қолында ұстап тұрып, жанында тұрғандарға сөзін арнайды).

Баян сұлу:
Мынау – менің бұрымым; шыңыраудан кімде-кім
Су әкеліп бере алса, сол үміткер алады.
Қодар

(Баянның қолынан бұрымды алады):
Көрген емен мұншама ұзын бұрымды!
Бұл бұрымнан тәж өргізем, содан соң
Сұлтан болған батырдың белгісі етіп,

Киіп жүрем тойымда.
(сыртқа қарап сөйлейді)
Қайта оралмай қалсам да,
Арылам ғой жан қинаған азаптан!

(Қодар құдыққа түседі).
Баян сұлу:
Нөкерлерім, ал, көміңдер құдықты!
(Нөкерлер құдықты көміп тастайды).

Баян сұлу
(көрермендерге бұрылып):
Бауырларым, сендерге аманаттап, тапсырдым:
Мына құдық қара обаға айналсын...

Қодар сұмның зұлымдығы, аярлығы, бәрі де
Оба астында тұншықсын!
(пауза)
Кек қайтарар сәт жеткенде,

Кегімді алдым жауыздан!
Кегің қайтқан мезетте
Тыншиды екен жаның да...
Көз жасымен суарылып,

Жүрегіңде тұнған кек
Қайтқан сәтте, тәттілігін сезерсің.
Үрейменен тыныстап,
Ұзақ күткен қанды кек

Қайтқан сәтте, тәттілігін сезерсің.
Маған кінә қоймаңдар,
Мен, бар-жоғы, парызымды өтедім,
Ақ-қарасын бір Жаратқан бағалар.

(пауза)
Баян сұлу
(өзіне өзі):
Алаңдарлық не қалды?..

Бір сәт гүлдеп, содан кейін қуарған
Өмір қалды артымда...
Жазмыш маған бұйыртпады бақытты,
Ондай жазмыш керек емес маған да.

Он жетінші оқиға
(оқиға Қозы Көрпеш мазарының қақпасы маңында өтеді).
Бірінші көрініс

(сахнада – Баян сұлу, Әпсебай, көпшілік, Хор. Баян сұлу мазардың есігіне жақындап, көпшілікке бұрылады).

Баян сұлу:
Аялауға тұрарлық ештеңесі қалмаса,
Бұл өмірде не мән бар?!.
Жан-жүрегін жайып сап,

Жалын ата, құшақ жаяр кімім бар?
Мен дегенде, бәрін-бәрін ұмытып,
Алып-ұша, асығатын кімім бар?..
Сұрқай тартып, сұры қашқан тірлікте

Жан үзіле, қимайтындай кімім бар?!.
Ақ пейілін, жүрегін маған ғана арнаған,
Болып еді періштедей жалғыз жан...
Сақтай алмай қара жердің бетінде,

Қапияда қолымыздан ұшырдық...
Енді ол менің жүрегімді мазалап,
Бола алмайды өмірімнің мәні де...
Періште жан адал, таза күйінде

Кетті ұшып көлеңкесіз аспанға...
Ғайып болса аңсарың мен арманың,
Бұл өмірде не мән бар?!.
Жабыңдаршы сәуле түсер есікті,

Жазмышымның есігі де жабылсын!
(Баян сұлу мазарға жүзін бұрады).
Баян сұлу:
Қозым, біздің жолымыз

Жетті ақтық шегіне.
Шорт үзілді жылдар да,
Бұрымыма ілесе,
Олар да жерге құлады...

Қарсы ал, Қозым, Баянды
Бұрымынан айырылған.
Асыл жарым, ардақтым,
Ақ некеміз қиылып,

Қосылатын сәт жетті.
(қанжарын суырып алып, жүзіне қарайды)
Міне, біздің некемізді қиятын
Жеңгеміз де дайын тұр.

(Баян сұлу мазарға кіреді де, Қозы Көрпештің зираты жанында өзіне пышақ қадайды. Қызметшілер мазар есігін жабады). Хор

(мазарға қарап тұрып):
О, ұлы әйел! Асқақ даңқы халықтың!
Мәңгі өшпейді күн нұрындай есімің!
Адалдыққа болады үлгі өлімің.

Мәрттігіңмен бұрын-соңды болмаған,
Асқақтаттың сен «махаббат» сөзін де!
(көрермендерге бұрылады)
Куә болып оқиғаға қайғылы,

Қасыреттен жүрегіміз қан жылап,
Жан азабын бірге кештік бәріміз.
Ал енді біз таратайық ғаламға
Баян жайлы, сүйіп өткен Қозыны!

Шымылдық
Нурдана Айкенжеева, 15 жас

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙