Сұлтанмахмұт
Мұхтар Әуезов
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Қазақтың заңғар жазушысы, қоғам қайраткері Мұхтар Әуезовтің шығармашылығы XX ғасырдың қайталанбас құбылысына айналды. М.Әуезов шығармаларында халықтың тыныс-тіршілігін, арман-мақсатын, тарихи болмысы мен бүгінгі келбетін көрсетіп берді. Алғашқы жылдары жазылған көркем туындыларында елдің тұрмыс-т...
(1893-1920)
Сұлтанмахмұт кәзіргі Шығыс Қазақстан облысының Шідерті ауданында 1893 жылғы октябрьдің 15-інде туған. Өз әкесі — Шоқпыт. Сұлтанмахмұт жасында өте момын, салқа, аңқау бала болып өскен. Алты жасар күнінде әкесінен оқып "еже" таныған. Одан кейін әр молдадан бір оқып жүріп, 12-13 жасқа келгенде Мұқан молдадан оқиды. Мұқан ептеп өлең шығарарлығы бар шайыр кісі екен. Молдасына еліктеп, 13 жасар Сұлтанмахмұт та өлең жаза бастайды. Сұлтанмахмұт одан кейін Баяннан медресе ашқан Әбдірақман молданың үйінде жатып оқиды. Сұлтанмахмұтты ол отын жардырып, от жатқызып, су әкелтіп, дәрет суын жылтқызып, малай қып жұмсайды. Өлең жазған күнә деп, жас Сұлтанмахмұттың талабын тойтарып, жазған өлеңдерін отқа жаққызады. Молданың ұрып-соғып, езіп ұстауына шыдай алмай, Сұлтанмахмұт одан шығып кетеді. Тройцкіден жаңа тәртіппен оқып келген Нұрғали душар болып, 19 жасында (1911 жылы) сонан оқиды. Одан ғылым пәндерін оқып, тарихпен танысып, газет, журналдармен көзін ашады. Сөйтіп жүріп, қалашыларға селбесіп Омбы келіп, Тройцкіге тартады. Көп азап шегіп, зарығып жүріп Тройцкідегі медресеге кіреді. Бірақ оқып жүрген кезінде көзі басыр болып ауырады. Көзі жазылғанша оқудан шығарылады. Оның үстіне жөтел пайда болады. Бірақ медресеге қайта кіріп, 1912—13 жылдары сонда оқиды. Орысша оқығысы келеді. Орыс тілін білмейді. Жасы 20-га келіп қалған. Орыс мектебінің шарты келмейді. Сүйтсе де қаржы жинап алу үшін Тройцк маңындағы елге шығып, бала оқытады. Сұлтанмахмұт 1914 жылдың жазында еліне келіп, елдегі жастардың сезімін "оятпақ ниетпен", "Шоқ серіктігі" атты мәдени ұйым ашпақ болады. Бірақ онысына қаржы жия алмай, шонжар Шорман ауылына барса, олар жәрдем бермей, бос қайтады. Сол барысында "Бір адамға" деген өлеңін жазады. Келген соң Семейге барып, одан Алтай еліне шығып, бала оқытып, екінші жағынан Әбдікәрім Ержанұлы деген мұғалімнен орысша оқиды. Сұлтанмахмұт науқасы үдей бастаған соң, Тарбағатай еліне барады. 1916 жылғы июнь жарлығында ол сонда еді. Ел үркіп, Қытайға ауа бастаған соң, Семейге келіп, семинарияға түсуге талап қылады. Орысшасының нашарлығынан кіре алмай, Томск қаласындағы жоғары дәрежелі мектепке даярлайтын курсқа түседі. Онда қаражат жағынан көп қысымшылық көреді. Дегенмен, 1916—17 жылдың қысында сонда оқып шығады. Сұлтанмахмұт 1917—18 жылдың арасында ұлтшылдық сарында бірнеше өлең жазады. Бірақ сол бағытында айнымас болып қалып қоймайды, 1919 жылдан бастап өзінің адасқандығын сезіп жол іздей бастайды. Дұрыс жолдың қайсы екенін білмей көп дағдарады. Ауыр тұрмыспен еңсесі түсіп, оқыған оқу қажытады. Науқасы қайта қозады. Курсқа қайта барып оқиын дегенде, дәрігерлер кеңес бермеген соң, 1918 жылы еліне келеді. Орыстың классиктерімен, Плеханов еңбектерімен танысады. Сүйтіп жүріп, "Кедей", "Өмір", "Айтыс" деген поэмаларын жазады. Соңғысын бітіре алмайды. 1919 жылы Сібірде Колчак үкіметі құлап, қызылдар Павлодарға келді дегенде, сонда келеді. Онда Егоров деген кісіге кездесіп, жай-мәнісін біліскеннен кейін, Егоров Сұлтанмахмұтты Совет үкіметінің жолын түсіндіруші, сайлаушы қылып елге шығарады. Сол жұмыста жүріп, науқасын үдетіп алып, төсек тартып жатып қалады. Сол жатқаннан көтеріле алмай, 1920 жылдың 21 майы күні қайтыс болады. Сұлтанмахмұттың оқу оқып, білім алуға құштар болғандығы өмірбаянынан мәлім. Сол құштарлық, құмарлық сөз сарынынан да естіліп отырады. "Оқып жүрген жастарға" (1912 ж.) деген өлеңінде:
Үмітпенен жоқ қуған,
Талабы алда баламыз.
Басқалар жоғын тапқанда,
Біздер қайтіп қаламыз?
Тәуекелге бел бусақ,
Көрдегіні аламыз!
Жеткізбейтін жүйрік жоқ,
Қусақ, бәрін аламыз, -
деп, жастарды тәуекелге бел байлап, батыл қимылдауға шақырады. Сұлтанмахмұт, түптей келгенде, қазақ бұқарасының тұрмысын көп жазған ақын. Қазақ кедейінің байдан көрген зорлығын да айтып, оқуға тартады. Ол алғашқы кезде қазақ халқын ілгері бастыратын ұлтшыл оқығандар деп түсінген. Бірақ кейіннен бұл пікірінің қате екенін ұғынған. 1918 жылы жазған "Неге жасаймын" деген өлеңінен оның бұқарашылдық жағының басым екендігі көрінеді. Алдағы мақсаттың елесі көрініп, дүниеге үміттене қарайды:
Сусыз, шетсіз шөлдерден,
Тұманды, түпсіз көлдерден,
Адамдық кеші өткенше,
Қасқыр мен қой дос болып,
Достықсыз өмір бос болып,
Шын өмірге жеткенше,
Іштен есіп адамдық,
Сырттан түлеп жамандық,
Тазарып әбден кеткенше,
Талай шаштар ағарар,
Талай тәнді жер алар,
Талай буын қуарар,
Талай өмір суалар, —
деп, қиыншылығын айта келіп, өз өміріне мағына береді:
Жасамаймын: "еңбектің Жемісін көзбен көрем", — деп. Жасаймын: "бір қолғабыс Кейінгіге берем", — деп.
Осы пікір 1919 жылы жазған поэмаларынан да табылады. "Кедей" деген поэмасында кедей тұрмысының тарлығы, бай мен кедей арасындағы қайшылық, кедей еңбегінің қаналуы, одан қала берді даладағы күшін сатып, күнін көріл жүрген жұмысшы тұрмысының ауырлығын айтады. Бірақ кедейге жаны ашығанмен, шығар жолды тауып бере алмайды. Тап тартысының революцияшыл түріне жете алмайды. Кедейге құр сырттан жаны ашиды, бірақ еңбекші таптың күресіне ілесе алмайды. Сонысымен Сұлтанмахмұт ұсақ байшылдық көлемінде қалады. "Адасқан өмірде" ақын алда таусылмайтын бақыт бар деп қарағандығын, ол бақытқа жету жолындағы тап күресінің қиыншылығына балуандығы жетпегенін көрсетеді. Сұлтанмахмұт өлеңнің түр сұлулығын жалаң түр қуып іздемейді, ұғымын тереңдетіп, мазмұн арқылы іздейді. Сондықтан мазмұнының төсегіне қарай түрі сәйкес келіп, сөзі күшті болып шығады. Сұлтанмахмұт сөз екпініне елігіп, шыға жайылмайтын, әр сөзін ақылға салып салмақтап отырып жазатын ақын. Сондықтан өлеңінің айшығы, буыны бір тегіс тақтадай болып келе бермейді. Реті келген жерде, өлең өлшеуін аямай бұзып та жібереді.
БІР АДАМҒА
Бір үйде жиюлы екен қазына-мал,
Көрсетті бәрін бізге ақсақал шал:
"Бұрынғы атамызға сыйға берген,
Біздерде мынадай бар, мынадай бар..."
Ол ырас, аталарың шенге алыпты,
Арзан қып, қымбат емес кемге алыпты.
Апыр-ай, қалай бұлдаған сатқандарын!
Оқа, түйме, сылдырлақ, теңге алыпты.
Суреттер және көрдім жүзі жарқын,
Ойладым: "оңдырған-ау баққан халқын".
Соншама құны толық бұлды түйме,
Артында қалдырмас па жақсы даңқын?
Дедім мен: "құтты болсын шекпеніңіз!
Артқыға қандай егін еккеніңіз?
Жусақ та денемізден кетер емес,
Сондағы тұқым шашып сепкеніңіз".
Көргенде күміс кесе, алтын аяқ,
Бір сөзді тамағыма қойдым таяп:
"Қай момынның малы бар бұл аяқта?"
Демейінше болмады, қарап жай-ақ,
Отырдым көрсем жекіп тастар ма деп,
Шал айтты: "көріңіздер, жасқанба" - деп,
Кесені қолыма алып қарай бердім,
Ішінде нақақ көзден жас бар ма деп.
1914 ж.
АУЫРМАЙ ЕСІМНЕН ЖАҢЫЛҒАНЫМ
5 июльде, кешкі шайды ішіп бола берген мезгілде бір бала ентелей басып келді де, қақалып-шашалып:
– Молдаеке, кітап! Неке қияр... Неке кітап сұрайды... — деді.
"Неке" - деп құлағыма тиісімен-ақ, сасқандығым сонша, үйден ата шығыппын. Себебі: "Жақын ауылда бір келіншектің 19 жасында күйеуі өліп, тиерлік жөні түзу кісі болмаса да, алты жылдан бері балаларын қимай шыққан-ақ отырып еді, биыл оның үстіне соры қайнап, сүйеніп отырған жалғыз ер баласын қызылша алып кетіпті. Апырым-ай! Бишарадан әлі күнгі үйтем-бүйтем деген сөз шыққан жоқ еді, солай болса да, жақын ағайындары енді бізде қарайлайтын нәрсесі қалмады, бір күні орнын сипалап қалармыз: қызға алданып отырмас деп, өздерінен өздері қобалжысып, қайын атасының інісі, саңырау Жүсіп деген жануарға ықтиярсыз басып тигіземіз деген соң, қорадан қораға қашып, тығылып, зар еңіреп жүр" — деп естігенім бар еді.
Мына залымдықты есіте тұра, күймесің бар ма?
– Некені де, кітабыңды да білмеймін. Тұр, аулақ жүр, — дедім.
Бала дүрсілдетіп ала жөнелді.
Артынан тағы тыныш отыра алмадым, бір замандасым келіп, сонымен: "Әй, қазақшылық-ай!" — деп, сонда бишараның хәлдерін қайғырысып, әңгімелесе жүріп, ауылдан бір талай озып кетіппіз. Артымыздан: "Молдашы, молда!" - деп, бүкіл елді көшіріп айқайлаған дауыс шықты. Апырым-ай! Бірдеме болып қалған екен! Ауыл отағасыларынан ұят болды-ау, молданы шайтан қуып кетті дейді-ау деп қыпылдап, ентіге жүгіре басып келсек, — баяғы қатын алатын сырбаздың тап өзі екен. Омырауы ашылған, етек жайылып кеткен, жайдақ атқа мініп, алдымнан қарсы шықты. Есі-түсі жоқ, кеудесімен жер соққандай.
– Ет пісіп тұр. Жүріңіз! Молдаеке, жүріңіз! Қатты, қатты оқыңыз: қасиетті адам ғой... — деп, атымен ентелеп, мүлде үстімді басып кете жаздады.
– Баруға уақытым жоқ... олай, былай... — деп едім.
– Апырым-ай! Тіпті білмесеңіз де, төбеңізді көрсетіңіз, — деп, ішіп жемеге қоймады.
Енді барып ықтиярсыздықты көзіммен көріп, неке оқымай, білгенімді қосып, зарлы бишараның көңіліне медеу болып қайтайын деп ойладым. Нақақ біреудің көз жасына қаламысың деп айтушылар болса да, әлгі жолдасымды ертіп, жаяу жүріп кеттім. Бара жатып:
– Жүсеке, жеңгей руқсат бере ме? Келініңіз ықтияр ма? Күйеуі өлгелі қанша болып еді?.. — деп сұрастырған болып едім:
– Қатты, қатты оқыңыз. Сіз барған соң болды да, — деп даурыққан жарықтықтың өз сөзінен басқа сөзді есіте алма¬дым. Сөзімді де есіттіре алмадым.
Барсақ, ет пісуге тақалған, жер ошақ басын айнала қамап алған қатын-қалаш, үй ішінде де аяқ басарға орын жоқ; пышақтарын алақандарына жанып, кеңірдектерін соза күрілдесіп отырған ақсақалдар.
- Бәрекелді! Қайырымен болар, молдаекем де келді. Жоғары шық, — деп шу ете түсті.
Келін біз отырған үйде болмағанға, бұл бишараны қай көріңе тығып булықтырды екен деп, басқаға құлақ қоймай, онда-мұнда қарай-қарай, еттен де құр қалдым. Бір жағынан ана жерде отырған қатындардың: "оған тигенше жарылып өлемін, алты жыл күттім, менен не күнә таптыңдар, — деп, кеше ойбай салып, дауыс қылып еді. Пәлен қайын ағаға байлаймын деп, түгеншік байы да ақырып қорқытқан болды... Ойбай! Көнетін емес. Бүгін басып неке қиғанмен, тұрар деймісің..."— деп, бір-бірісін түртісіп, сөйлескен пыш-пыштары құлағыма келіп, одан жаман құтымды ұшырды.
– Неке суын әкел! — деп, даярлап, екі сым борбайды куәға сайлап, Қалиядан сұрап кел деп жіберді де: — Ал, молда, оқитыныңды оқи бер, - деді. Мен:
– Су да керек емес, оқу да керек емес, көзбе көз тиемін деген сөзі керек, - дедім.
Сол-ақ екен, ақсақалдар бөрі маған үрпиісіп:
– Сен қайдан оқығансың? Мүйізі қарағайдай жуан-жуан молда да, қызық молда да басқа үйде отырып-ақ, куәлардан сұратып оқи беретін, — деп, ал келіп дуылдасты.
– Бұл үйтетін қыз емес, байы өлген қатын... — деп қанша әуреленсем де, онан жаман шабаланып, лаға берген соң, — сырттан басып қиюға уақытым жоқ, — деп кете бастадым.
Біреулері:
– Қой, молда шариғаттың жолын айтатын шығар. Басқа кісі кіргізбей, молдамен үшеу-төртеуің келе ғой, — десті.
Қотанның ар жақ шетінде, жатып қалған бір қараңғы үйге бардық. Шам жаққан үйдің сол жағында бір жаман шапанды бүркеніп, теріс қарап, басын жүктің жер астына кіргізе, тазы қуып, кебекке қысылған көжекше, қайтсем жан қалады дегендей, аяқ-қол жоқ секілді домалақ бір уыс болып, қарлыққан дауыспен бишараның ішін тарта-тарта булыға зарланып жатқан порымын көріп, жүрегімнің қайда кеткенін білмеймін, иман тітіркенгендей болып, тұла бойым қалтырап кетті. Қасына барып басынды көтер деуге, жалғыз адамның батылы барсыншы. Еркектердің тықпалауымен бір-екі қатын барса да, қақпандағы қасқыр секілді жұлып-жұлып тастаған соң, қайта баруға бата алмады ма, немене? Қайтадан екі қатын бас жағына қарай шегініп, қабірге құран оқитын молдаға ұсап, екі жерде шошайды да отырды. Бір отағасы: "Апыр-ай, шымылдық құрмайтын ба?" — деп, безектеп барып, анау жердей шымылдық әкеліп құрды. Бір мезгілде менің куәларымның разымысың деп, баспалатуларына қарсы, бір түрлі зығырланып күйген дауыспен:
– Құдай біледі, олда, разылығым жоқ. Дүние ақыретте разылығым жоқ, жоқ... — деп өксіген, мұңсыған дыбысы естілді.
Бір жағымнан мынау күйдіріп, бір жағымнан екі куәнің өткір "разы, разы" деген сөзіменен ақсақалдардың алдыма су толтырып құйып, "Құтпа оқы!" - деп, бір теңгені алдыма қойып, сылдырлатып қамаласуы, әй, не керек, көрге қысылғандай-ақ қысылдым-ау! Разы болса, бес-он тиынды олжаланып, әйтпесе неке оқымай, залымдығына тоқтау айтып, материал алып қайтайын деп ойлап келген "молдаеке" көптің талқысына түсумен не қыларын білмей бір олай, бір былай алақтап, сасқандықтан көзі шарасынан шықпасын ба... Жаңа келген мені осынша састырып, шығуға тесік тапқызбай отырған жұрт ана зарлап жатқан бишараның не жанын қалдырады екен деп ойлап, мүлде есімнен айрылыппын. Әрқайсысынан дабыл тиді болып қалған сорлы, құр жатып егілгені болмаса, бас көтеруге шамасы келе алмады. Мен шыдай алмадым:
– Бұл не деген сұмдық? Қазақшылығыңды қойсаң, әкелерің өле ме? Құдайдан қорықпай, адамнан ұялмай ықтиярсыз неке қылайын деп жатқандарың мынау! Оның үстіне мені шақырып былғамақсыңдар? Біреудің көз жасы, обалына қала алмаймын... - деп, бұрқырап тұра келгенде, бөрі жабылып:
– Ә, не қылғаның, молдаеке? Разы, разы, көп разы... Әншейін қасіретті кісі, бұрынғы күйеуіне қайғырады. Құтпа білмесеңіз де батаңызды беріп кетіңіз, отырыңыз, - деп тағы бір теңге салып, қолдарын жайысып, қамалап отырып алды.
– Олда, алмайын. Мың теңге берсең де алмаймын, көз жасты алмаймын... — деп, керілдесіп жатқанымда:
– Ай, неке оқымаса да, неке суын ішкізу ырымы, — деп күйеуге ішкізіп, шымылдық ішіне апарса керек.
Су-муымен аспанға шыққан аяқпен мынадай зарлы дауысты есітіп, тағы салғыласуға дәтім шыдамады, басымды ала қаштым. Дауыс мынадай еді: Алты жыл қимай күткен қайын атам, Мынау ма, сонда берген алғыс батаң? Өлсем де отқа күйіп, суға түсіп, Қойнына мылқау иттің қайтіп жатам? Алты жыл қимай күткен қайын енем! Қай жерде қайтқаны бар көңілің менен? Қайныңның өзі түгіл, атын айтсаң, Шошиды селк-селк етіп, барлық денем. Алты жыл қимай күткен құлыным-ай! Он үзген омыртқамды жұлыным-ай! Қарбаңдап сүйіп мауқым басатұғын, Айрылып сенен дағы ұлыдым-ай! Алты жыл қимай күткен ауыл-аймақ! Алдыңнан кесе өткем жоқ, құдай айғақ. Күтіп тұрған жаныңды отқа сал деп, Көтердің түс-түс жақтан бәрің сайғақ. Ал енді менің қайда барар тауым? Нәрсенің көз алдымда бәрі жауым. Ініңді алтындасаң, құлқым сүймес, Басқа жоқ онан езге айтар дауым. Жазаңды ақыретте құдай берсін! Жер болып жетім-жесір жылай берсін. Жиылып бәрін бірдей мені жеңген Ел-жұртым, қалай ерсің, қалай ерсің!
1913 ж.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру