Мазмұнға өту
Home

Жусан қыз

Азамат Тасқараұлы

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Жусан қыз

Авторы: Азамат Тасқараұлы

          -2013 УДК 821.512.122-1 ББК 84 (5 каз)-5 Т 22 ТАСҚАРАҰЛЫ А. Жусан Қыз: өлеңдер / Азамат Тасқараұлы. – Астана: Фолиант, 2013. – 120 б. ISBN 978-601-302-050-1 Кітапқа ақын, ҚР Жазушылар одағының мү­ шесі, ҚР Үкіметінің «Дарын» Мемлекеттік жас­ тар сыйлығының иегері Азамат Тасқараұлының лирикалық­-философиялық өлеңдері топтасты­ рыл­ған. УДК 821.512.122-1 ББК 84 (5 каз)-5 © Тасқараұлы А., 2013 © «Фолиант» баспасы, 2013 ISBN 978-601-302-050-1 Т 22 «Алтын Қыран» халықаралық қайырымдылық қорының (Президенті Исламбек Төлеубайұлы Салжанов) демеушілігімен жарыққа шықты

АТА ҚАЗАҚТЫҢ ИІСІ * Заманауи ғылым мен техниканың өр­ кендеуі адам баласын кітап оқудан, поэ­ зия мен прозаның құдіретті киесінен жы­ рақтатып барады деген пікірлерді естіп қалып жүрміз. Бірақ қазақтың кө­кірек кө­ зі ашық жас оқырмандары, Құ­дайға шүкір, мұндай дерттен аулақ. Жақ­сы өлең қашан­ да жанға серік. 2012 жы­лы ақындардың арасында Мемлекет­тік «Дарын» жастар сыйлығын алған өскемендік Азамат Тас­ қараұлы әркімнің алдына барып, «мен жақсымын» деп жарапазан айтып жар салған жігіт емес. Оны соңғы 5-6 жылдан, «Шабыт» фестивалінде Бас жүлде алған кездерінен білемін. Әр мықтының жа­ нына жақын жүрген болып, атағын шы­ ғаруға үйір емес. Алтайдың кербұғы­сын­ дай өзімен-өзі жүріп, өлең пат­ша­лығына

өлермендігімен емес, шы­найы өнерімен аттаған, өзіндік әлемі бар ақын. Фариза ОҢҒАРСЫНОВА, Халық жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері * Азамат өлеңімен ғана емес, өмірімен де ақын. Оны қаршадайынан білем. Тағ­ дыры қиын ақын, өлеңдері де сондай тағдырлы, шындықтың қан тілінген жү­ зіндей. Өскеменге сапарлап бара қалсам Азаматқа қоңырау шалып шақырып ала­ мын. Екеуміз түн ұзақ әдебиет жайлы сыр шертеміз. Жасы жиырмадан енді ға­ на асқан жігіттің қай кезде осыншама білімді меңгеріп алғанына таңырқай­мын. Өскеменнен шыққысы жоқ. Алматыға, үлкен әдеби ортаға баруы керектігін сөз етіп ем, маған кербездене бір қарады. «Аға, мен Алтайыма, Ертісіме ғашық адаммын!» деп қайыра салды. Оның өлеңдерінен, тіпті ақтарыла сөйлеген әңгімесінен-ақ Алтайға, Ертіске, тұмса табиғатқа деген перзенттік пәк махаббат сезіліп, төгіліп тұрады. Азамат десе Алтайдың аппақ қар теңдеген биік, құзар шыңдары елес береді.

Өз өлеңі де бар, Азамат ақындықты арман қылған жігіт те емес, қызығы. Ба­ ла күннен композитор болуды көксепті. «Бір ән құйылады да тұрады» дейді өзі. Бала арманына деген аңсары ма, өлеңді нота дәптеріне жазатынын айтсаңызшы. Әуені ғұмырлы болсын, мәңгі болсын!.. Роллан СЕЙСЕНБАЕВ, Жазушы, Бүкіләлемдік Өнер мен Мәдениет академиясының академигі * Азамат – нағыз талант. Бұл кітап оның тұңғыш кітабы болғанымен, ішіндегі өлең­дер машықтан туған өлеңдер емес, нағыз ақынның өлеңдері. Өзінің «Түс» деген бір өлеңінде Бозінгенді, Киені аң­сайды. Сондай биік бір тазалыққа жаны ғашық. Ертістің өзіндей терең, қуат­ты жырлары. Өлеңде тереңдік пен сұлулықты әдемі ұштастыра білген Аза­ матқа ақ жол дейік. Ақ жол, Азамат! Жәркен БӨДЕШ, Ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері

  • Қазақ поэзиясында құбылыс дерлік аз ғана жастардың бірі – Азамат Тасқа­ раұлы. Дау жоқ, Азамат – өзінің ал­дын­ дағы тете толқыннан да оза шауып, дара келе жатқан ерекше талантты әрі өте жас ақын. Оның өлеңдерінен ата қа­ зақ­тың иісі де айрықша сезіледі... Ақын Азамат Тасқараұлының аталмыш жыр жинағында бізге «бірақ» дегізетін екі фактор бар. Біріншісі – бұл жинақтың түрлі оқырман топтарына түрліше әсер ете алатын қуатында. Ал, түрліше әсер­ лер – түрлі-түрлі Ойлардың бастауы. Бұл жағынан алғанда, ақынның жыр кітабы өзінің поэтикалық функциясын то­­лы­ ғымен атқара алады деген сөз. Екін­ ші­сі – жыр жинағының «тоғыз жол то­- ра­бындағы» толғаныс екендігі. Тыныштықбек ӘБДІКӘКІМҰЛЫ, Ақын ...Осыдан біраз жыл бұрын, 2007 жыл болуы керек, сол кездегі Жазушылар ода­ғы төрағасының орынбасары, талант­ ты қаламгер досым, марқұм Талаптан Ахметжанның ұсынысымен Қара­сазға

Мұқағали ақынның дәстүрлі республи­ калық оқуына қазылық етуге бара қал­ дық. Сонда поэзия бойынша бәйгеден сүліктей сары бала оқ бойы озық кел­ді. Ол – Мұқағалидың отаны Хантәңіріге Ал­ тайдан алқынып жеткен жас өркен осы Азамат Тасқараұлы болатын. Біз бола­шақ қуатты дарынға куә болып, оның алғашқы аяқ алыстарына сүйсініп қайтқан едік. Азаматтың ақындығы туралы айтқан­ да, алдымен оның ерекше қолтаңбасы­ ның айқындығын айту керек. Әрине, біз өз өрнегі болмаса, ешкімді ақын де­ мейміз. Бірақ Азаматтың тау бұлағының суындай табиғи бұла жырларында бағ­ зы жыраулардан тартып, қазіргі әлем­ дік көркемдікке дейінгі кемел кеңістік сәулелі сәйкестік тауып, сәтті сабақ­ тасып жатады. Оның үстіне қазір көп­ теген маңдайалды деп мақтап жүрген ақындардың өлеңдерінің өзінде де, көр­ кемдік құрылысы жағынан кедір-бұ­ дырлылық аз кездеспейді... Кейбірі жапжақсы жазып келе жатып-ақ, жасанды күрделілікке ұрынам деп, өлеңнің ең қа­ рапайым талабы – ұйқастың өзінен-ақ ақсаңдап қалады. Ал Азаматтың жыр­ лары жал-құйрығы сүзіліп, төрт ая­ ғын тең басып, арындап келе жатқан

арғымақты елестетеді. Оның жырлары ұлттық бояуының қанықтығымен, тұма сезіммен тұтасып жататын образды ой­ лау тереңдігімен және көркемдік шебер­ лігімен ерекшеленеді... Мысалы, «Әке», «Жетім қасқыр», «Сағыныш», «Тағдырымай», т.б. көптеген жырларынан ертеден шапса, кешке озатын, еңістен шапса, төс­те озатын «жерсоғарлы, сіңірлі» тұяқ дүрсілі естіледі. Шапқан сайын шабысы артып келе жатқан Азаматқа осы алған бағытыңнан тайма дегім келеді. Қазыбек ИСА, Ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты * Қазақтың үлкен ақыны Жұматай Жа­ қыпбаев «Мұхит жаққа асығады әр өзен, Сол бір ойы және қымбат, және жөн» деп жырлап еді. Біздің Азамат батыр да сол ұлы атырауға қарай арна сызған мөлдір сызашық. «...Толқындарын шай­ қалтып, теңіз етсе тәңір етті» дейтін кезеңге шығып сөйлей алатын суреткер. Алтайдың перзенті. Алтай десе есіңе не түспейді. Алтайдың жыры түркінің түп-

тұ­қиян, зау-затының үніндей боп естіледі. Азаматтың даусында да осынау Алтайдай асқақ, Алтындай таза кәусар дем бар. Ұлт поэзиясының уызына қанып өскен ұл нені айту керек екенін және қалай айту керек екенін жақсы біледі. Құлын жастан еру болып көшке мен, Құтпан айғыр үйірінде өскен ем. Ұшып бара жатқандағы тырнаға Әкем анау, ат үстінен «Қош» деген. Бұзау тісін қорғасынмен жалатқан, Қабағынан қырма боран жаратқан. Тазқарадан тайлақ жүнді айырып, Бие сауым шешетайға сабатқан. Ақ шетеннен жасатпаған құрығын, Ат пен қамшы құдай оған, Бір ұғым! Жануардың жалын үнсіз құшады ол, Баппен ғана шешіп өмілдірігін. Бұл жырда тек түркінің баласы ғана сезіне алатын аңсар, тек ұлы даланың сауырында ғана ғұмыр кешуге лайық салтанатты мұң бар. Осындай жырлар­ ды оқығанда, осынау терең болмысқа бой­лай алатыныңа, қазақ боп туғаныңа

шын қуанасың. Мұндайда қазақ сөзінің құдіретін соншалықты меңгерген жас жүректің лүпіліне, сұңғылалығына тәнті боласың. Азамат – ұлт поэзиясын болашаққа жет­­ кізер алаугер. Маралтай РАЙЫМБЕКҰЛЫ, Ақын, ҚР Президенті стипендиясының иегері * Мойындату үшін, мойындалу үшін міндетті түрде қырыққа, елуге, алпысқа толудың немесе өлудің, мемлекеттік үл­ кенді-кішілі сыйлықтар алып, сөлкебай тағынудың қажеті жоқ. Әдебиет ешкім­ ді жас пен жынысқа бөлмейді. Өкініш­ ке қарай, ақын адам өз ортасындағы қа­лыпты тәртіп пен тіршілікке тағы да жауапсыз қарай алмайды. Тума талант үшін ол құрсауды бұзудың бір ғана жолы қалмақ. Ол – «Тәңірінің берген өнеріне» деген, өз талантына деген адалдық пен қызмет қана. Азаматта осының екеуі де бар. Азаматтың өлеңдері дегенде, та­ би­ғатына және тамырына қатысты екі нәрсеге көңілім ауды. Бірінші – ақынның

өлең жазудағы еркіндігі, тіпті еркелігі де­се де болады. Күшенусіз, қиналыссыз туған жыр балқыған сары алтындай құ­ йы­лады да отырады. Бұл – талантқа ға­ на тән сипат. Бір қарағанда оның өлең­ де­рі­нің дені жауынды күнде, боранды түнде жазылғандай көрінгенімен, кісі­ні тіксінтіп, құлазытпайды. Қайта бір қо­ ңырқай, көзтаныс әлемге тартып, бау­рай түседі. Мұның мәнісі ақынның сезімі мен сөзіндегі айнадай шынайылықта, еркін де тентек, поэтикалық көңіл-күйінде, мі­ нез-табиғатында жатса керек. Екінші – Азаматты өзгелерден ерекшелейтін тағы бір тұс – оның өлеңдеріндегі этномис­ тикалық сарын. Бұл сарын бағзы, ба­ йырғы Алтайдың, көк түріктердің қай­ нар бұлағынан бас алып жатыр. Бері­сі тәңірлік-исламдық өркениеттің, қаза­ қы, ұлттық ауыз, жазба әдебиетінің мұ­ хитына жетіп жығылады. Мен Азаматқа абыройлы адамдық, шығармашылық ғұ­ мыр тілеймін. Талғат ЕШЕНҰЛЫ, Ақын, ҚР Мемлекеттік «Дарын» сыйлығының иегері

ӘКЕ Құлын жастан еру болып көшке мен, Құтпан айғыр үйірінде өскен ем. Ұшып бара жатқандағы тырнаға Әкем анау, ат үстінен «Қош!» деген. Бұзау тісін қорғасынмен жалатқан, Қабағынан қырма боран жаратқан. Тазқарадан тайлақ жүнді айырып, Бие сауым шешетайға сабатқан. Ақ шетеннен жасатпаған құрығын, Ат пен қамшы құдай оған, Бір ұғым! Жануардың жалын үнсіз құшады ол, Баппен ғана шешіп өмілдірігін. (Қамшыгерім, Сөзін ұққан көргеннің, Қадіріне жете алам ба кермеңнің?..) Бір қағытып қоятыны бар және Қалжың айтып уытындай ерменнің. Жүрек түріп қоңыр желге – күбірге, Аңсағаны дөң асқан бір дүбір де...

Ақтаңдақтай жұлдыздарға ағатын Ұзақ қарап отырады іңірде. Делебесі – жарбай таулар, жасыл дүз, Жасыл дүзге жаба-салма көшіргіз! Көп айтпайтын оның нәзік сөздері – Мама бие, саба желін, сосын... Күз! Мар теке жел қамыс басын ырғамай, Күз келді, әке! Мүлгіп-қалғып тұрған ай. ...Сенің күзің өлеңіме айналды Ұшып бара жатқандағы тырнадай.

ҚАРЫНДАС-БҰЛТ Мен ауылдан кеткен кезде көктем-тін, Көңіл сонда шыққан еді шектен тым. Қарындас-бұлт мұңын шағып Алтайға, Моншақ жасын жүрегіме төккен түн. Еншісіне бір жылулық тимеген Қоштасуды о бастан-ақ сүймеп ем. Ертіс бойлап кетіп бара жаттым мен, Жел ғана үнсіз бөрте сайда билеген. Қарындас-бұлт, сені мұңлы демес ем, Сол түні ауыр күрсініп ең неге сен?! ...Біздің жақтың қалжыңы ащы, айтпақшы, «Тақпағыңды қойсаш!..» – деді жеңешем. Көктем еді. Көктем деген шақ қана, Үнсіз кеткем, кеткенім жоқ мақтана. Өмір солай алғашқы рет бір шоғын Тастай салды жүрек дейтін мақтама.

Ауыл айын еске алам деп қияқты, Жанарымнан жақұт күндер жиі ақты. Кәрі Алтайға мұңын шағып, Мені ойлап, Қарындасым жылап тұрған сияқты. БЕЛЕСТЕ Жүретін көп-ақ жол әлі, Қаймыға көрме, қаймыға. Бәрі де сенде болады, Бақыт та, сор да, қайғы да. Адыр да адыр, адыр тау, Асуға жеңіл ер үшін. Көңілің неге жабырқау? Дүние деген – келісім! Көктем де көктем, көктемнен Күдері белді өттіріп, Түстерің тұрар көп көрген, Түтін мен түнді шектіріп. Сағым да сағым, сағымды Көшіріп жылдар дәптері. Өртейді талай жаныңды Сезімнің небір сәттері. Жүретін көп-ақ жол әлі, Барыңды сездір уақытқа. Бәрі де сенде болады, Қайғы да, сор да, бақыт та.

Гүл толып таудың етегі, Лақтырар қилы шаққа ұдай. ...Бәрі де сосын кетеді Кеудеңнен ұшқан аққудай. 2-5

БАҚАЛШЫҚ Өзен бойы бір бау қамыс, көк қамыс, Қамыс бойы қалды қанша шақпақ із?! Бақбақ болып ұшқан балаң күндерде Бақалшықтар жинаушы едік қапқа біз. Бақбақ көрсем толар бүгін көзге мұң, Жинаушымын, жолаушымын, кезбемін. Суық болсам – Ертісіме тартқаным, Өзектегі өзен демі – өз демім. Өмір деген өмір емес, тұл дарақ, Мезгіл жетсе, маңғаз тұрып құрғамақ. Ауылымнан кеткен кезім әлі есте, Өзен жаққа, зират жаққа бір қарап. Содан бері аңғалағын шаң басқан, Шақтар қанша көшкен, өшкен, алмасқан. Бір мылқаудың сөзін тыңдап өткен күн, Бір соқырдың көз жасымен жалғасқан.

Сілбі де ішіп, сілті де ішіп күйген ек, Керенау түн, желкеден бас, сүйреп өт. Бақалшықтар түсіме енсе бір шаттық, Жүрегіме батады ылғи ине боп. Тұсап ұстар шылбыр да жоқ, жүген жоқ, Күнге ғана тал күркемді тігем деп, Жолға қарап тұрмын тағы үн-түнсіз, Сыңғыр-сыңғыр бес тиыным түгендеп.

ГҮЛ ТУРАЛЫ СӨЗ Майқара жусан емес-тін, Өзегін берген ақ қарға. Сағағы төре көк өскін Бар дейді біздің жақтарда. Әңгіме, обыр-тобырды Бастайтын солай ағамыз. Алқызыл сирақ тобылғы Суырған онда баламыз. Құлазып жайдақ бөлме іші, Кіреуке тұтқан көз алдым. Баланың бар-ау сенгісі Сырына ғажап ғазалдың. Жапырағы жауһар гүл жайлы Естіп бір жаным кешеді от. Түз селеу қолын ырғайды, Алдымды менің кеселеп. Кетеді солай ой-құзғын, Ордадан орда өткендей. О дүниеден байғыздың Талықсып даусы жеткендей.

Жапырағы жауһар сол гүлді Көрсем бір көңіл болар шат. Өкпек жел бірақ тоңдырды, Келді де кешкі зауал шақ. Ауылдың асыл тірлігі-ай, Жалында ғана жылқының. Жапырағы жауһар құрғыр-ай, Жамалмас және жыртығым. Қора мен қидың арасы, Күрек пе керек, гүлің бе? Маужырап айдың жаңасы, Ұйықтамаспын-ау бүгін де. «Ақмаңдай, қозым, қошақан, Табам мен іздеп сол гүлді! Мініп ап саған, қашаған, Барам мен іздеп сол гүлді!..» Жауһар түс көріп жүрген ем, Қи тасып, қойға шөп тастап. Қиядан қиял ілген ем, Сол күндер дағы өтті асқақ. Өкпек жел бекер тоңдырды, Ұғындық бұдан нені біз? ...Жапырағы жауһар сол гүлді Табамын түбі, сеніңіз!

  • * Көз жасы да құрғап бітіп тамыздың, Боқырау кеп, Бозға оранса абыз-құм. Бір елесін аңдап-бағып жүрем мен Бұлт ішінен баяу түскен Қобыздың. Ол да, Мен де – көп бейбақтың біріміз, Һәм тоғысқан бір арнада үніміз. Алдымызда Өмір жатыр, Өңіне Алма-кезек тамшылайды мұңымыз. Қоңыр-қоңыр қасіретін созғасын, Қазға айналып кетсем деймін өз басым. Дөң үстінен қарайды да жылайды ол, Сіз Қобыздың көрмегенсіз көз жасын. Қыршын күнін сағынған ба кешегі, Қыр мінез жел Қалба жақтан еседі. Оның жасы үлкен емес әсте де, Оның шашы ерте ағарған деседі. Себез тартқан сенімге есік ашты кім, Сонымен бір жетпеп еді достығым.

Маған қарап еске алғанын қайтейін Жоққа тойған жетімдігін, жастығын?.. Қоңыр-қоңыр қайдан келген бұл қайғы, Басқа ешкімге көрсетпе, Өмір, мұндайды. ...Боқырау кеп, Бозға оранса кәрі Алтай, Біздің ауыл Қобыз зарын тыңдайды.

  • * Шапшыма асу, Шойын көк, Шабдар ат ерттеп мінгенім. Сары атан – менің айым деп, Тебіне беру білгенім. Алтайдың арда еркесі Сапалақ белді бұра өтті. Жел-қомнан түскен өркеші Көсе тас тауды кере өтті. Өмірдің сүрлеу-соқпағын Өтуге бірге аттанған. Айғұлақтана шапқаным, Алқымы көбік қақтанған. Жез топшы қыран жар еді, Соңымда қалып жел біткен. Дойыр бір қамшым бар еді, Салпыншақ қынды белдікпен. Кеспірі сұлу күн көрдік, Терледік талай, Тоңдық сан.

Зорайып өскен түн көрдік – Білтесі нашар ондық шам. Соқпақта жүгім артқан ба, «Тоқымнан аудым тосыннан». Айылын бостау тартқам ба, Айрылып қалдым досымнан?! ...Терімді теріс аударды, Кемелім – күнім, келелім. Шаужайлап мінген шабдарды Түсімде бүгін көремін. Кірпігімді ілсем, Кісінеп Ұйқымды бұзған қашаған. Соңыма қайдан түсіп ед, Уыз да аузы бошалаң?! Ес бар ма деймін шіркінде, Көзіне тұтас сыйған Ай. Бетпе-бет кел де бір күнде, Тарпып өлтірші, Қинамай!

  • * Алдай, алдай, ақ дүние... Жел тебініп қарсы алдан, Тізбек таулар кешқұрым шанақ қасып, ән салған. Қаражасыл күрсінген бұлттар ұшса қаз-қаздап, Қарабайыр сыр төгіп отырасың жазға аздап. Угай-угай түзде өскен қаба жалдың бірі едім, Сақпан-күнім сақ етсе – Сөйлейді ылғи жүрегім! Сөйлейді ылғи жүрегім – қыл суырып тұманнан, Түсініксіз бұл күйден тұтам-тұтам ұғам мән. Келе күндер кереғар, Сенен қалған жүрек бұл. Сере, сере, сере қар, Сенен қалған жүрек бұл.

Отау оттың орыны, Ойыл көздің жасы бұл. Оқ жаңбырдың сөзі бұл, Орақ тілдің өзі бұл! Ор жыландай шаққанда елес, елес... Елес-күн ит тісімді қаққанда, жүрегіммен кеңестім. Қағаз шайнап, сия ішкен қанша, қанша, таң қанша, Қызарақтап жүректің үміт-оты жанғанша?!. Жұлдыз құрап, жын мініп, желмен бірге көріп түс, Қанша жанмен жүректің уыс нұрын бөліппіз? Бұл жүректе ақпан бар, қараша бар, тамыз бар, Шайып өткен кемерін толқын-толқын аңыздар. Қайран менің жүрегім, ғашық болған бұрын бір, Содан бері (неліктен?) күңгірт, суық, бұлыңғыр.

Қар жауғанда туған ем, қар жауғанда өлем-ау, Қар ұлдарын ұғуға қандай жүрек керек-ау? Мұз кемірген жүрегім, Борап-борап сөйлегей. Айналаңа, жүрегім, Қарап-қарап сөйлегей. Сен де – Жүрек соққан бір, мен де – Жүрек, дұрысы, Өмір деген – қу шұнақ Құдекемнің бір ісі. Өмір деген – жездемнің сарыбауыр қамшысы, Өмір деген – жаңбырдың жалғыз, жетім тамшысы. Өмір деген, көп болса, көшіп өткен құмдай бір, Өмір деген – Жүрегің, Жүрегіңді тыңдай біл!

  • * Жетім қасқыр, Бұрыннан таныс маған, Жасырынған, Жақын кеп, Алыстаған. Адамдықты өзіне табыстағам, Адалдықты сақтауға нан ұстағам. Көзі қан-қан... Келеді маған қарай, Қалай тұрам ал енді алаңдамай. Сықырлайды түн деген қисық арба... Бұлт ішінде бұлдырап жоғалған ай. Осы шығар адасу ақылдан да, Қашып одан кетуге хақым бар ма? Маған қарап ұлиды сорлы жетім, Сорлы жетім... Қорқамын жақындауға. Мазалай ма оны, әлде, сенделісім, Сенделісті сабырмен жеңген ішім. Азуында жын ойнап тұрады оның, Жамылам деп тұрамын мен терісін.

Мұңаяды ол, Меңсіз түн жанын қажап, Қаным ба жат ол үшін, арым ба жат? Оған мекен болмай жүр қалың орман, Маған медеу болмай тұр қалың қазақ. Досым ба екен бұл менің, Қасым ба екен?.. Жарқ еткендей аспаннан жасын бөтен. Ағараңдап таң жатыр білте ұшында, Ағарайын деп қалған шашым ба екен? Үміті көп күпті ойлар көгерсе ептеп, Кірпігіме жұлдыздар төнер шоқ боп. Жиырмада көргенім – Жетім қасқыр! Отызында мына өмір не көрсетпек?!.

ЖАҒАЛАУ Құмшауыт жел – көмекейі қызарып қурай соқса, келгені ғой күз, анық. Күз сөйлеткен жағалауда өскен ем, Жағалаудан бірте-бірте ұзадық. Жағалауым – бозбас күнім, бастауым, Ақсұр айдың және айтайын шашбауын. От жаққан түн, Саған ауғыш көңілім – Қара аршадан жонып алған астауым. От жаққан түн, Сезімге серт берген түн, Отшашуын жұлдыздардың көрген түн. Андыздаған жас тізгінін босатып, Қу тірлікті құлай сүю енді еркім. Толқын атса бұйра сағым ақкөбік, Кетер ме еді кетік жанды бақ көміп.

Дымқыл қабір секілді бір суықтық Жүрегімді жатыр қазір қақ бөліп. ...Түнгі қала. Көз тартады мұнар көк, Мұнар көкке қараймын да құмар боп: Жағал күз бен Жағалауды еске алам, Мен жаққан от әлі өшпеген шығар деп. Күндер-ай, сені мендей кешті кімдер, Күндер-ай, емессіндер есті күндер. Қарасұр жаңбыр жақты мекен еткен, Ең мұңлы әуендерім, естіліңдер. Ең мұңлы өлеңдерім, ақтарылғай, Жөтелген жөргем қыстың ақпанындай. Өкінткен өмір жайлы сыр айт, жүрек, Өткенге қол бұлғаған шақтарымдай. Қара түн, шашырасын сенен де мұң, Қаралы шақтың әлі көрем көбін. Балалық деген жасыл жағалаудан Алыстап бара жатыр кемем менің.

Кемемнің желкені жоқ, ескегі бар, Ескекті ұстағанға көшпек ұнар. Гөк көңіл алабөтен күрсінеді, Ол да бір алабажақ кешке құмар. Қос ескек... Бірі – өмірім, бірі – өлеңім, Ағарған таңым және түнемелім. Алыста-а-а көрінбейтін жағалау бар, Соған кеп ертелі-кеш тірелемін. 3-5

  • * Бір күнге жетіп бір күннен, Киелі деген Сөзге ергем. Өзімді жинап жүрмін мен Түстерден, күннен, көздерден... Апаннан апан мекендеп, Жондардан жонға сенделдім. Өзімнің қызым екен деп, Бұрымын өрдім шеңгелдің. Гүлдерді көрдім қаулаған, Көктем де көрдім, Жаз көрдім. Көңілімнен менің аумаған Ертісті көріп, мәз болдым. Арымды көріп Алтайдан, Қарайып қалдым нүкте боп. Көршімді көріп марқайған, Еншімді көрдім, Түк те жоқ! Бұйығып, боздап, күлемін, Байыппен қарап бақтарға – Кінәмшіл менің жүрегім, Түн болып келе жатқанда.

Сөз таймау үшін көшімнен, Сол түнмен дос боп қалдым ба? ...Бір жолға түскем сосын мен, Өмірді киіп алдым да.

ТҮС Шоқал-шоқал құмдармен, Шоқылармен қаралы, Керуен тартқан жылдармен Көшіп дәурен барады. Қызыл көзі үкінің, Қыз-қыз еткен ошақ Ай. Желден аян оқыдым, Мені қалқам тосады-ай. Орғыл-орғыл тауды асып, Отап өтсем изенді. Нән жайынға жармасып, Малтап өтсем өзенді. Шоқ қара ағаш түбінен Жетім дуал көрінсе. Жоқ, қаба ағаш түбінен Бақсы-дуам көрінсе. Қоспағы оның көн табан, Алдыма кеп шөксе егер. Қос жыланы арқадан Алма-кезек өпсе егер. Тәңір жақтан шіркін боп, Түмен бұлттар құйса бір. Жердің беті іркілдеп, Жолдар болса ми, сабыр.

Кісі бойы ошаған, Қоспақ мініп кетсем деп. Ұры шықпай тасадан, Сол қалқама жетсем деп. Ай түбіне барғандай, Айға сұрау салғандай, Кекіре біткен көк ойға Көс-көстеп барамын дегенде қалайда, Кетті ілініп көздерім, Кетті үзіліп сөздерім. Қызыл-жасыл түс көрдім, Түсімде бір іс көрдім. Түсім менің ақ болды, Түсімде келесідей уақ болды: Қос көзімді қан қысып, Қырбақ ойға бойлағам. Күлтедегі таңғы шық, Әлі дегди қоймаған. Анық-анық сөз қусам, Аңқып ұшқан құстарым. Өне бойым боз жусан, Күн уығын ұстадым. Қара баршын қыранның Тыңдап күзгі шаңқылын. Ұмыт болған бір әннің Әуеніне балқыдым. Кірпігімді қақтым мен, Гүлдер ұшты көкек боп.

Кетіп бара жаттым мен, Бозінгенім жетектеп. Қар жауғанда бір керім Қалы кілем жапқаным. Аптабында шілденің Шайы кілем жапқаным. Сені досқа бақтым ба, Жануарым, өкілім. Жібек бұйда тақтым да, Үкіледім кекілін... Көне жұрттың көңіне Жеттік деген шақта біз, Сіңір-сіңір сайлардан Өттік деген шақта біз Құйрығымен жер сабап, Жылан жатты аппақ боп. Көне жұртты төр санап, Келгендерді шақпақ боп. Ақ жыланның ор тісін, Қалқан дене жартысын Алам, алам дегенде, Ары барам дегенде, Орап-орап бір қақты, Омырауымнан бір шақты. Тарылды кеп дем-өкпем, Танытпақ ем айбарды. Аппақ жылан кенеттен Мақта қызға айналды.

Жеттік деген шақта біз, Бөгет болған бұрымды-ай. Өзен жаққа Мақта қыз Түсіп кетті... бұрылмай. Зар жылады бозінген, Зар жылады ол расында. Адам ұқпас сезіммен Қала берді қасымда. Р.S. Маған кейде өңімде Керексің сен, бозінген. Көне жұрттың көңінде Демеп жүрсең, бозінген. Қабарса егер қабағым, У жұтқандай алқызыл. Қыршып-жұлып даланың Әкел дағы жалбызын, Әкел дағы жалбызын, Қабырғамнан тістеп кет, Қақ төсімнен иіскеп кет, Бозінгенім, жалғызым!..

ЖОЛАУШЫ Мені әкеткен жол ғой десіп, Келдім тағы бөктерге. Көкмойнақ бұлт гөй-гөй көшіп, Гөй-гөй көшіп өткенде. Таңның көзі қызарғанда Шашын жайған күз қайда? Селеу басы ұзарғанда Ұзатылған қыз қайда? Шоғыр күндер өте берер, Жұмырланып бір керім. Бурыл тартқан бетегелер Түсіме еніп жүр менің. Шоғыр күндей өтеді елес, Өрт боп қалып сол бір түн. Бурыл тартқан бетеге емес, Бала ғашық ол мүмкін. Жусан уытын бөлісерміз, Бөле ішерміз, құла дүз. Сол баламен көрісерміз, Көріспеспіз, сірә, біз.

Сол күзді әнге бөлеп өтем, Көк түске орап алам да. Бір сағыныш керек екен, Керек екен адамға. Бағымды өмір тонаса да, Үрлесе де тұманын. Жиі айтатын оңашада, Бір әнім бар, Бір әнім... БҮРКІТ-АНАНЫҢ ЖҰМЫРТҚАСЫНАН ЖАРАЛҒАН ЕРКЕЛЕКҮН ТУРАЛЫ СӨЗ Ыстық қанға толы ауыз, Кеуде жүні салыңқы. Қарабарқы сарыауыз, Жауырыны шығыңқы. Иықты кең аңғары, Шалғасы ұзын қанатты. Орқаш таудың самғары, Он қат көкке тағы атты. Боз өкпеге ептісің, Шаңқыл-шаңқыл төк-ті құт. Кеңсірігіңнің көк түсін Таң деп білдім, көктүбіт. Күннің жебе-жағысың, Шегірбаян, саған шыжым ба күзгі алап?!.

Тұмсығыңның сарысын Сәске дедім, мұзбалақ. Желпіп жаздың жарамды, Жалғанға арттым қайта үміт. Тұмсық ұшы қараңды Түн деп білдім, майтүбіт. Көк Тәңірі – Пері едім, Он бөлтірік – Бөрі едім. Бүркіт, Бөрі кіндіктес, Ақ от, қара от тамырлас, Аңыз көрген ер едім. Көк Бөрім-ау, көк Бөрім, Көк күмбезді Ақ Перім! Ори-айдай, он Бөрім, Пері кием Ақбозым! Ағар, ақшаң, буырыл, Бөрі біздің бабамыз. Ауыл маңы аршалы-ай, Аталық құс Саршам-ай, Сарша құстың тұқымы, Еркелекүн анамыз! Ана серік – баршыным, Ұятәңірі – шөгелім. Ақжем қылын аршыдым, Текті құсқа Бек едім.

Сарбөртпе мен сусоқта, Толарсақ пен қансоқта, Асың сенің текті еді. Тұғырыңа бір тағзым Күнгей құзар беттегі. Көз алабың от, тегі, Көз алабың от болса, Балақ бауымды үз менің, «Көкті тіліп жүз!..» дегің, Бүркіт-Ана, көктегі!.. ЖУСАН ҚЫЗ Байсың қыр, Бозінген жел, Бөрте сағым, Қайғысыз албырттықты мен тұсадым. Кермеден ерте айырылған құлыншақ ем, Алыстап кетті қазір ерке шағым. Жусан Қыз, Жауын күнде сырласып ек, Жоқ іздеп жолға шықтым бұрмасы көп. Мендейді ақын дейді екен халық, Өлеңі ойлы адамға бір қасірет. Өкіріп алғым келіп тысқа барып, Тістенем, Жүрек-торға құс қамалып. Өмірге әлсіз жерім белгілі екен, Шашымнан жұлқылайды ұстап алып.

Буазып, баспалды боп тыңған айдың, Жүзіне немкетті боп бір қараймын. ...Дәл бүгін не болса да той мен үшін, Жусан Қыз, ән айтпашы, Тыңдамаймын! АЛТЫН МҮЙІЗ КЕРБҰҒЫ Мұнарт, мұнарт қалған бұлт, ақ көпігі көпірген, Көбік бұлтты кеудемен көсеп-көсеп, өкірген, Алтын мүйіз кербұғы-ай! Күйек тартса, сай түбі сағал-сағал су тоқтар, Танау керсе, таулардың құшағына бу қаптар, Алтын мүйіз кербұғы-ай! Қыж-қыж идей божыған ашуынан жай шашқан, Қож-қож тасты тұяқпен турап барып айқасқан, Алтын мүйіз кербұғы-ай! Шағыр мұзды жаласа ағын пайда болатын, Жасаураса жанары – жауын пайда болатын, Алтын мүйіз кербұғы-ай!

Он төрт сала сом алтын – бір құдірет ойнаған, Қылтылдаған ноқат боп көкжиекті бойлаған, Алтын мүйіз кербұғы-ай! Аңыз орнын көрмеген Ата сөзді білмейді, Адасқанға жол сілтеп Алтайда әлі жүр дейді, Алтын мүйіз кербұғы-ай!!! Алтын мүйіз кербұғы-ай!!!

АҚ КЕМЕ «Армысың, ақ кеме! Бұл келіп тұрған мен ғой...» Ш. Айтматов, «Ақ кеме» повесінен Өзен демі өзеуреткен мені де, Кірпігіме сонда-ақ тұнған қырау шын. Ескі күнге қарап тұрған еліге, Есенсің бе, шыр жұқпаған шыралжын?!. Ұбақ-шұбақ ұлпа бұлтқа ұсадым, Сәтсіз шығып теңеуім. Маңдайыңнан иіскейін, жусаным, Аяғыңа жығылайын, селеуім... Бұғы Ананың мен де емшегін талмадым, Апы кіріп ауызына аңғардың. Балық болып жүзіп кете алмадым, Балық қанды кіділеу бір жан болдым. Жай тасындай жастығыммен алысқам, О, қай кезде қақ бөліндік бақпенен? 4-5

Қуқыл ымырт құлазыса... Алыстан Менің дағы көрінеді ақ кемем. Диірменнің қалағынан ұшқандай, Бидай құрлы тағдырым. Бидайық сол құстардай, Сағынысқан жаңбырын. Бұлың-бұлың бір елесті құшқандай, Бұғауынан босап шығып қарғының... Балалықтың қауызы түсіп келіге, Жол қамына ерте бастан көндім бе? Ескі күнге қарап тұрған еліге Шыр жұқпаған шыралжын ба, менмін бе? Ескі күннің естелігін сан үзгем, Болдым және айкезбе. ...Аңғал шақтан жалғыз аяқ дәлізбен Болашаққа шығып кеттік қай кезде?!. Бұлт ішінен Бұғы Анамды көремін, Тұман сосын аймалайды денемді. ...Жағалауға әлі талай келемін, Көру үшін түтін атқан кемемді. Алыстаған кемемді...

БОРБАС Бұйығып борбас-ақпан кеше кетті, Кетті де кесел мұңды еселетті. Қия алмай ұзақ тұрдық жел екеуміз... Неліктен? Неге? Несін? Не себепті? Кәрі Алтай, тағы ойнайды шекеңде елес, Ақпаным «Тез айналып жетем!» демес. Шашырап Қара Ертістен көктем кеп тұр, Ол маған жақын да емес, Бөтен де емес. Көктемім – аруым ғой... «Қош!» дегенді, Білмейді ол, ондай күйді кешпеген-ді. «Қоштасу қиын» деймін! Кешіріңіз!.. Бәрібір түсінбейді-ау ештеңемді. Соңынан қайтам әлі талай барып, Кеудемді пәк сағыныш сан айналып.

Шимайлап әр тамшысын жұқа түннің, Жатамын Борбас жайлы көп ойланып. Жатамын көп ойланып Борбас жайлы, Бұл ойды білем, білем қар баспайды. Жұқа түн таң алдында шашы ағарып, Әйтеуір, бір үмітке жол бастайды. Сыбырлап қояр сосын көше көпті, «Борбасты сағындың ба?» десе не етті?! ...Келеміз тәлтіректеп жел екеуміз; Неліктен? Неге? Несін? Не себепті?

КҮРЕҢ ҚАСҚЫР ТАУЫ. ҚЫЗЫЛ ІҢІР КҮБІРІ. Бұлтты тілген аспалы жол, Жол көреміз тек алдан, Қан тамырым қаздар қайтан іңір түстес боп алған. Аспалы жол, мүсәтір жел... Мұш Бабамның сонда ғой, Қызыл аты тасты тарпып, бір тағасы жоғалған. Ойыс-ойыс елес буып, ойдым-ойдым ой қақсам, Он оқ бұдұн арулары жатқан көрге бойлап сан. Қызыл аттың тағасындай ілулі тұр төбеде Ай дейтұғын жайдақ шам. Айға қарап аян оқып, шөпке қарап шөгейін, Мен – шудасы шайы кілем нар тұқымы, не дейін?

Күрең қасқыр, Иең қайда?! Қарынымды қан тілсін, Құба күрең топыраққа дала қаным төгейін. Дала қаннан боз аршаның бұтағына жан кіріп, Мық Үйінен мақау аруақ айдалаға қаңғырып, Оның ізін іле басып ілбіп, шіркін, мен барам, Қарынымнан қан ағызып... Боздақ таулар жаңғырып. Дала қаннан қарағанның күлі көктеп қайтадан, Ханшайымдар мола керіп, жусан белін жайпаған. ...Мына таулар жыныс емес, Менің асқақ Бабамның Қатып қалған түйір қаны екендігін айта алам. Дала қаннан сексеуілдің шоғы қызыл түтіндеп, Қызыл азбан Бұқаларға толып кеткен мұқым көк.

Жұлдыздарды мүйізімен жаншып-жаншып сөндірген, Тәңірді де табанының құдіретіне көндірген. Қарын шашы ерте түссе қан жұтуға жарайды ер, Сопақ төбе, сабат шірік емес оның тұғыры. Ат тағасы. Күрең қасқыр. Қызыл іңір күбірі. Аспалы жол шаңын басып қан аққанын қарай гөр!..

ЕСІЛ МЕН ЕЛЕС Күз сетінеп, тігісінен шақ күлсең, Бұлтқа ораулы осы күйің бақ, білсең. Іңір сала жауған уақ қардай боп, Есіл бойы кетіп бара жаттың сен. Қос көзіңе кептелгенде кеп кірбің, «Есіл, Есіл, ескі досым!..» деп тұрдың. Жүрегіңдей жұмыр тасты несіне Кешкі өзеннің кеудесіне лақтырдың?.. Есіл, Есіл... Ескі дертім сыздама, Сен көрген қыз елес қана, күз ғана. Арман ғана, жалған ғана, сенбе оған, Есіл, Есіл... Сен қаласың, мен қалам! Жалғыз гүлді солдыруға хақың жоқ, Бір сүйсе егер, сүйер сені жел, боран. Іңір сазы! Қара жолдар неткен қақ? Тұрдың еске қақ суындай өткенді ап... Қалт-құлт еткен қауырсындай сезімің Сол елестің жанарында кеткен қап.

Не өзгерсін сендік биік талғамнан, Бейуақ түстер бұған дейін бар болған. Бір әуенді салғың келді, айтпадың, Кездесу мен қоштасуға арналған... ...Қанатыңнан мұң себелеп, кеш құлап, Масайраған маңғаз бұлттар көшті ұбап. Сен көрген қыз елес қана, күз ғана, Өміріңді сүрші одан да өстіп-ақ. Есіл, Есіл... Елес, елес... сенбе оған! Ескі дертім, сен қаласың, мен қалам. ...Жалғыз гүлді солдыруға хақың жоқ, Бір сүйсе егер, сүйер сені жел, боран.

АЙ МЕН ЕРТІС «Ай көрдім, аман көрдім, Баяғыдай за­ман көрдім. Ескі айым, есірке, Жаңа айым, жарылқа!..» Қызарақтап жанған айға Дұға қылдым осылай. Он бесінен толған айға Дұға қылдым осылай. Не бар енді тоңатындай, Жаутаңдаман тілекке әр! Ертең өліп қалатындай Сүйгізетін жүрек бар. Жасыл сөздер бүр атады, Бөлек күйге бөлер түс. Жалғыз ұлын жұбатады Жалбыз татқан көне Ертіс. Тор-аспанға құсын өріп, Аһ ұратын өзенім. Шалғай кетсем түсіме еніп Шақыратын өзенім.

Өзек тілген өткір, мұңды ой Ұқсағаны-ай пышаққа. Ай жамылып кеп тұрмын ғой, Толқыныңмен құшақта. Қызуы мол өрт-дененің Жолы болса белесте – Аялауға серт беремін, Айналғанша елеске. Айналғанда елеске анық, Келер тағы бір ақын. Сені көрсе мені еске алып, Мені еске алып тұратын.

ҚҰЗҒЫН Түн ғана мұңға мұңды қоса алады, Сүзек жел соқыр тамды тасалады. Қарайып құзғын отыр там үстінде, Көзінен қан ағады, Жас ағады. Бұл сөзге әуре болма сеніп, құрбым, Киесін алмағасын теріп қырдың. Қазірдің өзінде де, Мен дәруіш, Құзғынның қызыл көзін көріп тұрмын. Сарсылам, Сабыр күтем, Қасым қағам, Құзғын кеп таратады шашын маған. Сұлуға бірте-бірте айналады ол Бір гүлі он екіде ашылмаған. Жалбақтар жалғыз едім барын күндеп, Ұяты, иманы мен арын білмек. Сол сұлу мазалап жүр несін мені? «Мен сенің құлыңмын...» деп, «Жарыңмын!» деп.

Сен мейлің, Сенбе мейлің, айтқаныма, Тәңірдің мына сыйы байытқаны ма? Неге мен сүйем осы қарағанды Құстардың топ-топ болып қайтқанына?! Белгілі сол құзғыннан қашпағаным, Ішімнен таусыламын, Бос қаламын. Әйел боп келеді әлі ол, Қара да тұр, Ұсынып у құйылған тостағанын.

  • * Бұл қай кезең? Өтем десем өткел көп, Адасамын «Күз қайда?» деп... Көктем жоқ. Көзім жұмсам Ертісімді көремін, Толқынымен қол бұлғайды «кел, кел!» деп. Бұл қай кезең? Қышқыл, шикі, тәп-тәтті, Адасамын айыра алмай бақ-тақты. Солқ-солқ етіп жылайды Ертіс түнімен, Жібітпекші жүрегімді қап-қатты. Жалған жалған екені шын? Жоқ шындық! Адасамын жанарымнан шоқ сырғып. Жалын кешіп, сағым кешіп келемін, Көкірегіме қамалғасын көп сұмдық. Өмірді ерте, өлеңді ерте білдім бе, Дүниенің түсі ұқсайды күлгінге. Келмей отыр тірі жанмен сөйлескім, Сөйлескісі келмей отыр түннің де.

Жолдар ғана тұман толы, толы қар, Жол сілтеуге кім бар екен жолығар? Көзім жұмам... Менің ғазиз Ертісім, Жалғыз ұлын бір ұқса егер сол ұғар.

  • * Білтедей баяу сөніп қыр, Бұйдасын үзіп, жел шөккен... Ақжем боп ақшам келіп тұр, Арқасын Айдың көрсеткен. Тобықтан ұрып салқыны, Тарлауыт асқан, Талай бел. Қайтеді-ей мені, жалқыны, Тапқан да досын қарай гөр. Адымын шәлкес басады, Өмірдің айтып озанын. Сапырып сосын... қашады, Көзімнің ыстық қазанын. «Сұрама, – дедім, – қал менен», Байғұсым жылай жаздады. «Абайдың әнін сал» деп ем, Қазақтың зарын қозғады. Сезілді кенет түнгі ызғар, Жібітіп қатты көңілді. Тамшылап жатты жұлдыздар, Арқалап бір-бір өмірді.

Көргендей түрін тозақтың, Ішкендей ірің құйып ап, Бір қауым ғана қазақтың Дос-жауы болған қиын-ақ. 5-5

ЖЕТІМ ТЕРЕК, АҚ ҚАЙЫҢ ЖӘНЕ ЖЕЛ ТУРАЛЫ МЫСАЛ Бұл теректің қайғысы ұзын, жыры көп, тұрған кейпі көп жалғыздың бірі боп. Ақ қайыңға құлай ғашық себебі, ал қайыңның қарайтұғын түрі жоқ. Жетім терек, серік еткен түн, айды, күрсінеді, тынады іштен, шыдайды. Кірпігінен жапырақтар үзіліп, Қара Ертіске баяу ғана құлайды. «Сүйемін ғой, сүйемін ғой, шынымен» – жұлдызды өлең тарқатылып тілінен, өксіп-өксіп алады да, ыңылдап Қайың жайлы ән айтады түнімен. Қайың болса, ғашығы бар Жел деген, Желден басқа әзиз жанды көрмеген.

Құшақтасып тұрады ылғи екеуі, қос ғашықты нәзік жаңбыр тербеген. Ашулы жел, қоңыр даусы бөлек тым, махаббатын сезсе керек теректің, тамырымен жұлып алды бір күні, Желге қарсы жетімекте жоқ екпін. Жетім терек деген еді «бүр ашам», одан енді сезім жайлы тумас ән. Бұған, жаным, Ертіс қана куәгер, өзі-ақ айтып береді ғой сұрасаң. Жалғыздыққа кім шыдайды, төзеді, түнге қарап тауысамын көзені. ...Ертіс деген, әуел бастан, білсеңіз, қосылмаған тағдырлардың өзені.

ЖАСТЫҚ Кім ұқсын мынау күйімді, Күйікті жинап жүдедім. Ескі іннің аузы – үйінді, Үйінді – менің жүрегім. Келте де сонар келер күн, Кермеден ерте босатқан. Ұзақ та сонар өтер күн, Ол күндер – көзден жас аққан. Күтейін енді нұр кімнен, Мұңды шақ осы, Қанды шақ. Өмірге қарап тұрмын мен Хат танымаған жан құсап. Шөңгесі шіріп табанның, Солқылдатқанын айтсам ба? Қара Ертіс деген бабамның Басына түнеп қайтсам ба?! Сұрықсыз күзді таспалап, Салынба, жаным, шерге құр.

Өмір мен Өлең – қос қанат, Қондырмай қойды-ау жерге бір. Бүк пенен шігін бағамдай, Байыз таппауға асықтым. Бетімнен сүйген борандай Бұрқасын шаққа ғашықпын. Не күтер бізді ендігі, Ентігіп, бәлкім, өтемін? ...Бір өкпем бары белгілі, Білмеймін кімге екенін.

  • * Кешеу жапырақ, Қаума-қаума жатқан мен де дестеймін, Сағым бойын жүр ғой дейсің кешпей кім? Бій өзені жел көбіктеп... Жел тербеп, Күреңотын бие бауы төскейдің. Сағым жайлы... Айтарымыз көп, тегі, Ай басынан көк айыл мұң кетпеді. Кешеу жапырақ, жанарыңда бір тамшы, Жалғыз тамшы, әй, кеппеді-ау, кеппеді. Кеппегені дұрыс бәлкім, Кім білген, Кірекештің күнін кешіп жүрмін мен. Қайыз біткен қаба ағаштың қолынан, Құрдастарың кетіп жатыр бір-бірден. Бій өзені, Сол айтады бір айтса,

Бітік-бітік жыр айтса, Бебеулетіп сыр айтса... «Өмір деген ең қайғылы той!» дейді ол, Рас деймін, жиі-жиі мұңайтса. Толқынымды теңіз ғып, Ат тобығы жүрегімді қобыз ғып, Мына жолға түсер кезде бойымда Үміт көп ед... Соның бәрін неге үздік, Кешеу жапырақ?!. «Мұнар-мұнар, табанында сарша құм, Сарша құмнан су дәметіп шаршадым...» Тағдыр деген осы деп ем... Күн батты, Оның түсі – жанғанындай аршаның. Енді бізге түн салады дыр қамшы, Төскей басқан күреңотым, ырғалшы! Кешеу жапырақ, кеппесінші, кеппесін, Бір тамшы су, Бір тамшы өмір, Бір тамшы...

  • * Күздің мұңы тыраулап, музам жайлы ой басым, Жүрегімнің көзінен сорғалаған жауындай. Сөз сейіліп қоймасын, Мұқым ішке бойласын, Алакеуім күрсінген менің Қалба тауымдай. Қара маған, жалғыздық! Үнсіздігім, көз қада! Ол кеткесін өмірім – түтіні өшкен ауылдай. Есалаң жел, Дертімді еміс-еміс қозғама. Жапырақпен би билеу қайбір ұнап жүр дейсің? Сөніп бара жатқан шоқ, шоғымды әнтек үрлейсің, Сөнген шоқтың естелік екенін де білмейсің. Көтерткізіп жағамды, көшемді түн жайласын, Жиі айтатын боп алдым Күзге өкпе, Айға сын.

Жапырақпен би билеу қайбір ұнап жүр дейсің, Кірпігіме қонсашы, Көбелегім, қайдасың?!

  • * Жоғалтуға көнгім кеп жүр, Көнемін, Сұрамаңыз, сұрамаңыз себебін. Көзге тікен кіргендей, Қызылқанат түнді кешіп келемін. Тысқа шықсам жел келеді, зарлығым, Ұмыттырмақ барлығын. «Құрғыр жүрек ауырмаса» деймін мен, Не керегі бар мұның?! Ақсақ бақыт бізге де кеп жетердей, Түнді жүре тұрсам ба екен мекендей? Ақ Ертісті кешіп өткім келіп тұр, Кешіп өтсем бәрі өзгеріп кетердей. Бәрі осылай біткендігі заң шығар, Өз ыңғайын өзі білер жаршы бар. Сен туралы ән жазуда тамшылар, Тамшылар, Тамшылар...

Жылы сөзге қойса керек жарымай, Жұқарады арық ай. ...«Енді қайтып жинамаймын!» деді ме, Өмір бізді шаша салды тарыдай.

  • * Бұл өмір ойынның бір түрі дегенмін, Кейіпкер ішінде ойыншық-денемнің. Уақыт – жеңімпаз, соңыңа жеткізер, Басыңнан бұлттарды, заманды өткізер. Жабығып отырмын. Жарымжан күйдемін. Аз ғашық болғанмын. Тым қатты сүйгенмін. Ойлаушы ем өзеннің көпір деп құрамы, Көпірден өте алмай көп үміт құлады. Есінеп Уақыт тұр, мұңайған тәрізді, Мұңайтып тұр ма әлде мені мен тамызды?.. Жабығып отырмын. Түн сөйлеп санамда... Бақытты болғанмын. Тағы да болам ба? Аспанның үрейі жерде деп жазғанмын, Он екі жасымда алғаш көр қазғанмын.

Айнаға қарасаң, Уақытты көресің, Ол сенің өткенің, өтерің, елесің. Жабығып отырмын. Өзімді аядым. Сақылдап күлемін. Түкіріп қоямын. Қадірлі замандас, ойымды ұғарсың, Сен бірақ... ойыншықтың бағасы шығарсың? Асылып өлуден сақтайтын шығар деп, Ойымды сыйладым, өтпе оған құмар боп. Жабығып отырмын. Жалғыздық кем емес Ауадан, аспаннан. Бәрі де – ерегес!

  • * Тағдырым-ай, арасында жоқ-бардың, Барды жоқ қып кетуге сан оқталдым. Сенің бір сәт күйдіре ме санаңды Найзағайы көзімдегі оттардың?! Өз-өзімді таппай жүрген кезімдей, Алабөтен боп барады сезімге ой. Менің көңіл-сахнамның пердесін Оң қолыңмен жауып кеткен өзің ғой. Мен сол сәттен мұңға өзімді батырдым, Мен сол сәттен ең талантты ақынмын. Өмір деген соқтықпалы ұзын жол, Қызыл түске өтіп бара жатырмын. Шақтар қайда ең санасыз, ең үстем, Шарапты да, шаттықты да тең ішкен. Кірін жуып жүр ме екенсің бір үйдің, Менің пенде кейпіндегі періштем?! Мен де қазір бұзылғанмын, білемін, Іш көрсетпей, ішқұса боп күлемін. Төзімімді сынап жүрген секілді Тоқтап барып қайта соққан жүрегім.

Хабар күтіп жүрсің бе екен менен де? Елеңдеймін... Сен де, Ботам, елеңде. Қапияда бір жолықсаң болғаны, Мен өзіңді ұмыттым-ау дегенде.

  • * Алтай жақта алты ай маусым боранды, Бұлтқа оранып түс көреді тораңғы. Торабынан жаңылысқан бөлтірік Ескі апанға тағы, міне, оралды. Азу тісі ақжем баспай көргенім, Балаң күнім секілдісің сен менің. Қараша ауыл маңын торып бейуақта, Бұлдыр оймен бөлдек асып келгенің. Бір төреге басыбайлы ит болып Кете алмайсың... Жақсы одан да өлгенің! Сұр қасқыр ма, көр қасқыр ма тағдырың, Ұлып-жұлып кету сенің бар мұңың. Ырғай басқан жалпақ түзде аппақ қар, Аппақ қардан тобан-тобан қарғыдың. Тарта-басып ойнайтұғын тулақпен, Барақ иттей болсам дейсің бір, әттең... Енең сені есейгенде шет қылды, Бір ұялас таппай жүрсің бірақ сен. Сосын, сосын, тағы да, Қарай бердің қараша ауыл шабына.

Итті дос қып алғың келді, ал олар Жоламайды-ау, жоламайды-ау маңыңа. Түн тұтамдап қас пен көздің арасын, Қан тілейсің, өртенесің, жанасың. Алапат бір кек сытылып кеудеңнен, Тауға қарап тағы да ұлып барасың... 6-5

ЖАЛҒЫЗДЫҚ Адыр, адыр аспан-ай, «Әлди-әлбай, айдай көк». Қож-қож қына тастары-ай, Қалың сайға бойлай кет. Шидім-шидім ши мен сай, Бой-бой бұлттар күз-құшақ. Жон арқасы күреңсе-ай, Серейгенім түз құсап. Біздің ауыл осы ауыл, Біздің ауыл осы ауыл. Қоңылтақ жел қағынып, Буынымнан босауым. Жылан ойдың түбінен Ысылдапты, ойдым-ай. Құла байтал түнімен Ішін тартты, ойдым-ай. Таң себездеп атарда, Өне-бойым құрысып. Анау адалбақанда Ілулі тұр бір ішік.

Таң бозарып атарда, Қалдым, ойбай, тоналып. Анау адалбақанда Ілулі тұр... балалық. Үйден тысқа жөнесем, Тыста менің көп есем. Дөң қабағым салыңқы, Дөңге қарап не десем? Дөң басында қуарып, Жалғыз ағаш тұр жылап. Сол ағашты суарып, Шал жүреді тұнжырап. Оның сәті таяу ма-ай, Құлар кезі жеткен бе? Бұтақтары сояудай, Бүр жармайды көктемде. Сол ағашты өбектеп, Су құяды шал неге? Жүрегіне шелектеп У құяды шал неге? Қош-қош болып көңілден, Қай-қайдағы көшеді. ...Шалдың ұлы өмірден Ерте қайтқан деседі.

Кешеу мұңым кеулесін, Қоздай жанып шықпастан. Жалғыз ағаш, кеудесін Қара-құрым бұлт басқан. Салсақ та алас-аласқа, Өмір құны өтелер. Бүр жармайтын ағашқа Су құймаңдар, әкелер!..

ЖАРАЛЫ АҚБӨКЕН Алтай өңірінде Кәлек Құмақайұлы атты атақты сыбызғышыны білмей­ тін адам кемде-кем шығар. «Жаралы ақ­ бөкен», «Кенже тал» секілді оның орын­ дауындағы күйлер қазақ күй өнерінің ал­тын қазынасына жатады. Ақсақал қа­- зір Зайсан өңірінде тұрады. Атақты күй­ ші­ні іздеп барғанда жазған өлеңім еді бұл... Ұқсайды қоңыр-салқын өмір жазға-ай, Кекілді ақтаң кердей, шобыр боздай. Тепеңдеп таудан асқан таңдар қайда, «Созатын даусын Біржан қоңыр қаздай». Кекілін ақтаң кердің мың сыладым, Ал, баста, күйшілерім, жыршыларым! Бұл дүние – аяқ ұршық, тоқтатпайды, Жақынды қырық күн де жоқтатпайды, Заяға салып мен де қырсығамын. Тоқыма бөкебайым қылаң дедім, Адырдан ауған жалғыз құлан дедім. Қайлауға көнбей қойған сол күндер-ай, Шөгелдің саңқылындай бір ән бе едің?

Мендегі жазық маңдай төбел ме еді, Төбелдің бұл күн емес өрер белі. Хан қыздар бұлт ішінен жерге түсіп, Құс жастық сабап маған берер ме еді? Арқарлар күн сүзетін асқарында, Тау басы тартып кетсем басқа мұңға. Ат алып аталыдан, майын мініп Басын бір қайырушы ем... Жаз салымда. Он сала өзендері аңғар өпкен, Заман да бұл-бұл ұшты зағара еккен. Алтайы қызыл бөркі қисаймаған, Алтайда қадау-қадау шалдар өткен. Кигені бөкен жарғақ, кебенекпен, Қобдадан деме күйші неге кеткен? Жусанның иісі жұпар өз жерінде, Қарттар-ай, иісі бар сөздерінде, Жүрекке жиі-жиі тебен өткен. Тарқатсам тарам сөзді Кәлек жайлы, Бітеді бипазға да бөлек қайғы. Көнекті жібітетін күй қасқасы-ай, Сендегі өрік те әйгі, терек те әйгі. «Кенже тал», «Хан жұбату», «Өрелігер», Өрт құшып, аман қалар өрені бер.

Ұшынан сыбызғыңның тамып жатқан Көз жасым толы мынау зерені көр. «Жаралы ақбөкенді» ойнат тағы, Аңызға аба шыққан бойлат тағы. Есендес жалғыз шалым сіз едіңіз Ертістің Қызы адасқан аймақтағы. Ақбөкен, өмірім бе ең, өлеңім бе ең, Мұңдассың бала күнгі үлегіммен. Шашымды селеу-селеу жел жайпаған, Селбі ұстап жалаң табан келемін мен. Іштегі екі ішегім босап барып, Әйтеуір, мамырлаймын қош ақтарып. Жаралы ақбөкенім содан бері Түсімде жүреді ылғи қосақталып. Жан-жағым қалың тобыр үймелеген, Жел сөзді таңдайға сап «бүй» демегем. Біздерді тірі күнде кім түсінсін, Тіріде кем қадірі күй мен өлең. Күйшім-ау, зәру боп жүр досқа-ай санам, Қалғандай астымдағы баспай шабан. Жүрек – сау, шаршаса егер, жұлып алып, Ертістің толқынына тастай салам.

Көңілге бір қайғыны май желі артып, Сақадай саққа ауыр ойды ұзартып. Онсыз да суық жүрек, жатар солай, Ертістің көп тасынан қай жері артық?!. ...«Жаралы ақбөкен-ай».

БОЛАШАҚТА ОҚЫЛАТЫН ӨЛЕҢ Молама, достарым, келіңдер, Сау болып немесе мас болып. Ақынның жағдайын көріңдер Күңгірлеп жататын тас болып. Басыма гүл қадап қойыңдар, Елжіреп қалармын сонда аса. Немесе дастархан жайыңдар, Ән салып қайтыңдар болмаса. Болса егер орындық, отырып, Арақтың ауызын ашыңдар. Достардың барлығын шақырып, Басыңдар, тағы да басыңдар. Мұң шағып үніңіз қаусырса, Сіздерге беретін жалын бар. Айтатын әңгіме таусылса, Саясат жайлы айта салыңдар. Биік дей көрмеңдер талғамы, Сүйемін сорын да даламның. Жылы сөз айтылса болғаны Үстінде көңілді моламның.

Жастарым өлеңін арнасын, Қастарым даттасын көпіріп. Мен жайлы аңыз көп болғасын, Мен жайлы айтыңдар өтірік. Алды-арты болды да жар-кілең, Күтті де бақытты көктемін. Әйтеуір, бір шыңдық бар, білем: Ол – менің өмірден өткенім. Инеге отырып сасқанда, Жұмылғам арудың көзіндей. Бір өлең боп тұрам аспанда, Бір өлең – аспанның өзіндей. Әй, осы өлмеймін, сеніңдер! Дерт қалмас жүрегім татпаған. Молама, достарым, келіңдер, Молама – мен мүлдем жатпаған.

КІСІКИІКТІ ІЗДЕУ Қара берен жолдарда, Қаталап та керелеп. Қара зерген жондарда, Күдір-күдір өре кеп. Толқын басы ағарған, Қу Ертістен әрі өттім. Селдір-сұйық қамысты Қаба-қаба жара өттім. Сірке жауын бу болып, Көк мұнарда тау қалқып. Иір-иір тұмандар Баба жолын аңғартып. Құба жалдан құлаған Құс жолына бас иіп. Ілбіс көріп жырадан, Қос көзіме жас ұйып. Қолым жеткен жерлердің Топырағын тырнадым. Күлін қызыл аршаның, Көміп жатып жырладым. Ала қанат қарлы тау, Іздегенім сен емес.

Алабажақ арғы тау, Көздегенім сен емес. Жамбасына жығылып, Кеңірдек боп жусан тұр. Бір мұң ішке тығылып, Қалқып мен де ұшам бір. Түтінші боп түстікке, Кісікиік, жолықшы. Бізден ағат іс күтпе, Көрсем деймін, соны ұқшы. Ісім ару қашан да, Тамағыңды ормаймын. Пырағыңды бер, сәтке, Құрсау көкке самғаймын. Кісікиік дегеннің Бірі менмін, соны ұқтым. Ала шолақ атымды Алты ай мініп арыттым. Байтал танып күзедім, Айғыр танып ен салғам. Кісікиік, өзіңді Іздеп талай жер шалғам. Еңкейгенім жазбасам, Ең алдымен бойға сын. Келі түбін бөлейін, Кеусенімді бөлейін, Сиқыр меңдеп жайласын. Үрлеп суық ай қошын,

Қос сайтаным ойнасын. Көк шарлаған батыр ең, Көкке ғашық ақын ем, Кісікиік, қайдасың? Кісікиік, қайдасың?!.

ТЫҢДАУШЫ Ақ Ертісім, Менің жалғыз тыңдаушым, Қатар жұтқан бейбақ едік түн даусын. Өлең мені тұншықтырып барады, Ер адамға, білем, мұңын бұлдау сын. Бұл қазаққа мал болса егер, бәрі есен, Толық адам туралы айтшы, кәне, сен. Өмір дағы дәл өзіңнен аумаған Жалғыз ғана жағалауы бар өзен. Дінге салса, сенім – артта, Құдай – шын, Иіріліп жатыр жерде талай сұм. Кімді күтіп жүрмін сонда мен осы? Не туралы ойлап өзің жылайсың?! Қоғам да сол, екі-ақ түрлі: бай да құл, Өлген адам беті құсап Ай жатыр. Қос қанатты сөз қадірін арқалап Жүрген басым тыным табар қайда ақыр?

Ақ Ертісім, Көңіл – улы ерітінді-ақ, Сауда, меншік бітірді ғой еркімді ап. Кетер едім тырналарға ілесіп, Тебінгісі тер сасыған ел қымбат. Істің мәні жатыр десек өреде, Ертеңгі ұрпақ ішкі сырын көре ме?!. Сен қаласың түбі кеуіп-тартылып, Шаң боп түбі мен қаламын сөреде. Сәл түнерсем жұлдыз ағып төбемнен, Екеуміз де сол жұлдыздай өлермен. Әділ болса, бағамызды кемітпес, Уақыт деген төрешіге сенем мен.

  • * ...және Түн екеуміз қалдық, білем, ұшынып, Жоқ қараймын, көзім асты ісініп. Бейбақ жұлдыз көшеді кеп көкшілтім, өткенді еске түсіріп. Қайта оралғым келгені ме өткенге, Өткен күннен өткен бақыт жоқ менде. Жүрегімді жұлып берсем көктемге, Көктем маған найзағайын төккенде. Ақындардың көретіні күз бе, әлде, Ақындардың кешетіні мұз ба, әлде?! Тағдыр бізді сүйсе деп ек маңдайға, Тағдыр мұңлы тарта берді бізді әнге. Қарсы алдымнан шыққан кезде кекеп түн, Ақ қанжардың жүзінен де көп өттім. Әлі талай көреріміз бар, тегі, Арасында өмір-өлім екі оттың. Мендік үн де емес, білем, ақырғы үн, Қайран басты ұрдым, жұлдым, батырдым.

Қалпағымды қисайта сап бір шетке, Нағыз ақын құсап келе жатырмын. Беу, жиырмам, таңғы шалғын тектес ең, Жерге де өсем, көрге де өсем, көкке өсем. Мен, әйтеуір, күліп жүріп шоқ басам, Мен, әйтеуір, ойнап жүріп от кешем. Жалған деген кіріп-шығар бір есік, Қарсы беттен тұрады ылғи мұң есіп. Кетем өзім шаршағанда бәрінен, Көңілі жарым Күз-Досыма ілесіп. 7-5

ЕСІЛ МЕН ЕЛЕС. №2 Мені арбаған елес қайда, жол қайда, Тұман көшкен өзен үсті, Тоңды Ай да... Қарашаның қырау-қырау кірпігін Сыбызғы ғып ойнап берсем болмай ма? Қайылмыз-ау, Қаяу мұңнан шақ па ұрттар? Біз жайлы да дүбәрә бір дақпырт бар. Көгенімді ағыт тағы алып кет, Ақ маясын теңдеп алған ақ бұлттар. Тебегенге бір құрығын кезер түн, Ерте есейіп, татқан едім сөз өртін. ...Маған ғана тиесілі өмірді Шашып-төгіп кетсем дағы өз еркім! Алабөтен бөледі ме жол әнге, Күз боп ұшқан жапыраққа обал де... Есіл бойы отырған кім ес-түссіз, Мен бе, Ол ма, Қараша ма, жоқ, әлде?!.

Кім болса да бұлақ-бұлақ төгіпті, Келдік, Көрдік, Ал, не бітті, не бітті? Құшақ-құшақ гүл сыйлағым келгенде Келсап-келсап күдіктерім тоғытты. Шүкір деген шене едік біз азға да, Өлең деген өмір ме, әлде жазба ма?! Ойда жоқта ғашық болған жан көрсең, Орғыл-орғыл оның сырын қозғама. Дәмін сезбей жүрген шақта күлкінің, Көңілімнің сен жамадың жыртығын. ...Құшып-сүйіп ұйықтап кетсем арман жоқ Қарашаның қырау-қырау кірпігін.

МІНЕЗ Құла көрдім, кер көрдім, Босаға мен төр көрдім. Тірсегінен су кешкен, Умасынан ну кешкен, Пырағының сағағын оң қолымен сипаған, Бетбейнелі дулығасы келіскен, Зере сауыт, кіреукесі күмістен, Құлан-құланиекте, Құла қызыл жиекте – таудан да түскен Ер көрдім. Баспа айылы бұғы мүйіз оюдан, Құр айылы қыңыр мүйіз оюдан, Қызыл оттың түсіндей ер еді бұл, ысқырын, Күзем жүннен терлігі, Жабағы жүннен көпшігі, Тебінгісіне ұлтандық жараған, Таралғысына да өрнек басқан құсмұрын. Қас қанжығасынан қасқырдың бауыздар қаны сорғалап, Бес қаруын сайлаған, Көпшігінен тері иісі аңқып, Сарбауыр қамшысы аракідік ойнаған...

Осым-осым-осыма, Қошқар Атасы бақ дарытқан баданадай басына, Көк түбіті құйқа үстінде ұлы-ұлы шаңқылдап, Ермен жусан лебінен уытты ашуы салқындап, Қыл жүгенді жібере сап келеді Ер. Оның сұлу пырағы-ай, Ауыздығы құрыштан, Шығыршығы болаттан, Сағалдырығы қайыстан, Өресінің өзінен тұяқ-тұяқ жай ұшқан. Жай ұшқанда айналасын шоқ қылған, Бозда жүрген қукесектің бәрін жоқ қылған. Шаңыраққа қарап есінемеген, Керегеге қарап керілмеген Ер. Жаман түс көрсе «сол иығымнан», Жақсы түс көрсе «оң иығымнан» шықсын деген Ер. Төбел бие сойдырып төменге елді, Жорға бие сойдырып жоғарғы елді, Ала бие сойдырып аймақ елді жинаған Ер. Қасарысқан дұшпанын қатын қылып қыңсылатып қинаған Ер.

Күнге сәлем берген Ер, Айға бата қылған Ер. Жақыны өлсе арғы күнде қойған, Қойғанда денесінен моладан үш айналдыра қойған Ер. Сулығымен маңдайдың суын сүртіп, Сол қолына қыл шылбырын алған Ер, Атқа ноқта салса да, Махаббатпен салған Ер. Күзтабанды жапырып, Қияқ елеңді опырып, Таудан түсіп келеді Ер. Таудан түсіп келеді Ер, Өзі – сауға, өзінікі – сыралғы, Мен танысам, қазақ осы, сене гөр!..

  • * Құстар қайтып бара жатыр аспандап, Аспан асты ағыл-тегіл жас парлап. Қайта оралмас күндерді ойлап мен тұрмын, Бір сүргіннің кезі келді басталмақ. Түсіндіре алман, сірә, себебін, Ана-а-ау ұшқан құстар емес, Өлеңім! Айнасы бар, адамы жоқ үйдеймін, Үй сыртында момын күзді көремін. Көрген сайын келеді ылғи қош атқым, Қайран, дүние, ебіл-себіл бес-ақ күн. Ұшып-қонып ойнасын деп мен бүгін Мұң шарпыған құстарымды босаттым. «Құс-көңілім жылу сүйгіш» десем де, Бір салқындық шайқалады кесемде. Кешікпесе бақыт деген бақыт па? Әлі-ақ менің той болады көшемде!

Тауға ілініп, тұман жаққа маңады Ай, Тұман үсті көздер төніп танадай. Қайта оралмас күндерді ойлап мен тұрмын Әкесінен сөз естіген баладай.

САҒЫНЫШ Сағынамын... Нені сағынамын осы мен? Кімді сағынамын? Таңға жиналамын, содан соң түнге шағыламын. Гүлді сағынамын ба – Ерініме алқоңыр таңдайын тигізген? Ымыртты сағынамын ба – Шайтанға салқын маңдайын сүйгізген? Жұмыр басымды сүйрелеп қайта тууды сағынамын ба, Жоқ, әлде, «Мама!..» деп, еркелеп күлуді сағынамын ба?.. Әй, әй, еркем... Жылауды сағынамын-ау осы мен: Үкінің киесін тамызамын сонда әрбір ғашықтың есіне. Олар ұғады сонда: Қайғы терең болғанда, Құдай жақын болатынын, Жан нұрлы болғанда, Бақыт өзі қонатынын...

Олар ұғар еді сонда: Құлақсыз естуді, көзсіз көруді, Дінге сенуді, яғни, өзіне сенуді!.. Әділдік болмайтынын – әділетсіздік болмаса, Арман алдайтынын – сенуші дұрыс боламаса. Сағынамын... Кімді сағынамын? Жалпы, сағынып не етемін? Мендегі ақылға бөтен бұл қазақ, бөтен үн... Тордағы құс ұшарын ұмытады ғой, Адамдар да әсте ойламайды екен кетерін. Әпкемді сағынамын-ау, сол ғана түсінеді, Биік әніне тартатын құсым еді... Нені сағынамын осы мен? Жазуды сағынамын-ау: Аз сөйлеуді үйрендім, салмақ салмаймын өңешке... Маңдайым тиеді солай азуға. Ой, барлық ақын бір-ақ кітапты жазуда емес пе? Ой, барлық ақын бір ғана көрді қазуда... Сағынамын... Басқа амалым бар ма ендігі?

(Бұзушылық сарыным жаны тазаға бола алмайды үлгілі). Бір ортаға сыймай жүрген қайран басым, Бір табытқа сыймайтының белгілі. Кімді сағынамын осы мен? Алғашқы іңкәрлікті сағынамын! Алғашқы іңкәрлікті сағынамын – балалығымды сағынамын, Жапырақ иісінен тарқатылған қара бұрымды сағынамын... Сезімді сағынамын, Арзан сүйістің дәмінен тоналып болғам... Ең бастысы, Өзімді сағынамын, Қара түнге шыққан да, жоғалып қалған...

  • * Құдықтарға жуық болғым келмейді, Түбі жоқ. Қоңыр күздей суық болғым келмейді, Мұңы бар да, тілі жоқ. Ерте келіп ерте кеткім келмейді, Қию қайда өмірді?! Жылы сөзбен еркелеткім келмейді Көңілді. Айды естімес қатты болғым келмейді, Түнімен. Ел жаяуда атты болғым келмейді, Шынымен. Жүрегімді аша салғым келмейді Жанға кез келген. Бес күнімді шаша салғым келмейді Бос сөздермен. Үйіме де жақын болғым келмейді, Бар туысым – жел, елес... Және мүлдем ақын болғым келмейді, Жазатын да мен емес.

ЭКСПРОМТ-2 Кеуде – бос үй! Сен ұмытпа құс барын, Соның бәрін бақылайды Ұста-Күн. Өшкен сайын – Құдай жақын, жалғызың, Өскен сайын – Абай жақын, дұшпаның.

  • * Өскеменнің түндерінде мұң бар-ды, Өзен бойы өркеш-өркеш құм қалды. Жыл да ардақты, Жылға да ақты тоқтамай, Көз етімен көсегендей ылғалды. Жайпау шағыл, жарбақ тастар, жасыл маң, Жендет-тозаң көлеңкемді қашырған. Көкжиектен жаңбыр иісі бұрқырап, Алай-дүлей жапырақтар шашылған. (Өскеменім – менің өміргүлім ең, Әр дертіңе таба алсамшы бүгін ем.) ...Андыздарын аялаған Ертіс-шал Аңыз айтып жатады ылғи түнімен. Мейлі, ойымды өлең деңіз, сөз деңіз, Өзен кешіп өскесін бе, өзгеміз... Шалдан екеу – ақ шағала және мен, Екеуміз де жоқ іздеген кезбеміз. Жалмап-жұтып кетпесе егер мені сұм, Аян саған жеңілісім, жеңісім.

Бақ шаба ма, бап шаба ма, білмеймін, Ақ шағала, сен аман бол сол үшін! Жоқ қуаныш, қайғы да жоқ, жоқ күмән, Білетінім, бұл ән емес ақтық ән. Білетінім, бір сапарға аттандым, Көзім алды – көшпелі бу, көк тұман. Ара-тұра есінейді ауыш қыр, Жүрегімде толқын атқан дауыс тұр. Ақ шағала, мүлде адасып кетсем мен, Жол сілте де, Ертісіммен қауыштыр.

ЖЫЛАН Орма тісті ор жылан, Оң иықта шек айбат. Сұлу көшкен сұр жылан, Сол иықта шек айбат. Жау ағаштың түбіне Ұя салған мен едім. Талайлардың өмірін Қия салған мен едім. Тура жолды білгенмен, Бір адасу – тілегім. Иір-иір жүргенмен, Інге түзу кіремін. «Жылансың!»деп қоймаған Ағаларға не дейін?!. Алқызыл гүл жайлаған Алқабымды өбейін. Түн арада адассам, Аяқтан шал, ақ жылан. Ай арада адассам, Аямастан шақ, жылан!

Тіліме у толады, Тораңғы ассам талай күн. Жарым жылан болады, Аяны өтсе Абайдың. Біз – жыланның тұқымы, Сарыбауыр бітімі. Сары желін емгені, Сағана там көргені. Тік атылам жорыққа, Түннің сетінеп жүрісі. Бізді көрсең қорықпа, Айналып өт, дұрысы! 8-5

  • * Бұл күнде сөз де аз, тілек те аз, Барар жер, басар тауым жоқ. Бауырым – қатты, жүрек – тас, Дос кетті, бірақ жауым көп. Досымнан жақсы қас шықты, Қастыққа қазақ дарынды-ай. Қос көзден әрең жас шықты Әкенің ішкі зарындай. Өтірігің, өмір, неткен ақ, Ұлыңды сен де біл енді. Құйрығын шаншып кеткен ат Ұстатпас жатқа жүгенді. Келемін іштен сөйлеп түн, Көшемен іркес-тіркес-ақ. Жеңімен шөжім көйлектің Көзімнің жасын сүрте сап. Ыңылдап айтып бір әнді, Мұң теріп алып келемін. Қаракөк себез тұманды Бүркеніп алып келемін.

Жалғыз дер бәлкім, жаңқа дер, Күш берсең болды, а, Құдай. Маң басып өткен маңқа жел Барлығып қапты жабыдай. Кетсе де басқа келген бақ, Көшсе де күндер құтырған, Өлмейтін өлең бергенде-ақ Бұ дүния менен ұтылған!!!

  • * Көзі ашық ұйқы сыйлап өткір өлең, Күндерім осы ма, ойбай, көп тілеген. Бұл қайғы – менің сәтсіз қуанышым, Жүректі аямастан тепкілеген. Сал да өтер, салғырт та өтер, салмақты өтер, Харекет қылған дұрыс тамбаққа тер. Адамда дос болмайды, қас болмаса, Дүние, ол да түбі алдап кетер. Астыңда айналады жер-қабірің, Өмірдің сезу қиын ерте әмірін. Өкінткен екі күннің арасында Көзіме бір түйір жас бер, Тәңірім! Болғанда Сөз – Садағым, Жырым – Батыр, Мендегі үміт –нәзік, мұңым – батыл. Қарайған көңілімнің түкпірінде Өз тілім, ақиқатым, дінім жатыр. Өткенім қыңсылайды – күшікке тең, Соры көп дүрмек жолға түсіп пе екем? Бар уын жиып алған, уа, Тағдырым, Мен кетсем, соның бәрін ішіп кетем.

МАЗМҰНЫ Ата қазақтың иісі...........................................................3 Әке..........................................................................................12 Қарындас-бұлт.................................................................14 Белесте.................................................................................16 Бақалшық...........................................................................18 Гүл туралы сөз..................................................................20 «Көз жасы да құрғап бітіп тамыздың...»............22 «Шапшыма асу...»............................................................24 «Алдай, алдай, ақ дүние...».........................................26 «Жетім қасқыр...»............................................................29 Жағалау................................................................................31 «Бір күнге жетіп бір күннен...»................................34 Түс...........................................................................................36 Жолаушы............................................................................40 Бүркіт-Ананың жұмыртқасынан жаралған еркелекүн туралы сөз..................................................42 Жусан Қыз..........................................................................45 Алтын мүйіз кербұғы...................................................47 Ақ кеме.................................................................................49 Борбас...................................................................................51 Күрең қасқыр тауы. Қызыл іңір күбірі...........................................................53 Есіл мен Елес....................................................................56 Ай мен Ертіс......................................................................58 Құзғын..................................................................................60 «Бұл қай кезең?..»............................................................62 «Білтедей баяу сөніп қыр...».....................................64 Жетім терек, Ақ қайың және Жел туралы мысал........................................................66

Жастық.................................................................................68 «Кешеу жапырақ...»........................................................70 «Күздің мұңы тыраулап, музам жайлы ой басым...».........................................72 «Жоғалтуға көнгім кеп жүр...».................................74 «Бұл өмір ойынның бір түрі дегенмін...»..........76 «Тағдырым-ай, арасында жоқ-бардың...»........78 «Алтай жақта алты ай маусым боранды...»......80 Жалғыздық........................................................................82 Жаралы ақбөкен............................................................85 Болашақта оқылатын өлең.....................................89 Кісікиікті іздеу.................................................................91 Тыңдаушы..........................................................................94 «...және...»..............................................................................96 Есіл мен Елес. №2...........................................................98 Мінез...................................................................................100 «Құстар қайтып бара жатыр аспандап...»......103 Сағыныш..........................................................................105 «Құдықтарға жуық болғым келмейді...».........108 Экспромт-2.....................................................................109 «Өскеменнің түндерінде мұң бар-ды...».........110 Жылан................................................................................112 «Бұл күнде сөз де аз, тілек те аз...».......................114 «Көзі ашық ұйқы сыйлап өткір өлең...»..........116

Азамат Тасқараұлы ЖУСАН ҚЫЗ Өлеңдер Редакторы Ботагөз Мұхиден Техникалық редакторы Эльмира Заманбек Көркемдеуші редакторы Жеңіс Қазанқапов Корректоры Шолпан Оразбаева Компьютерде беттеген Ұлжан Бердібекова Басуға 25.12.2013. қол қойылды. Пішімі 70х90 1/32. Қағазы офсеттік. Офсеттік басылыс. Шартты баспа табағы 7,5. Тапсырыс №5. Таралымы 1000 дана. Кітаптың сыртқы мұқабасында ҚР Суретшілер одағының мүшесі Т. Ә. Татиевтің «Көктем. Келін» картинасы пайдаланылған. Сурет Шығыс Қазақстан өнер мұражайының негізгі қорында сақтаулы.

«Фолиант» баспасының баспаханасында басылды 010000, Астана қаласы, Ш. Айманов к., 13 «Фолиант» баспасы 010000, Астана қаласы, Ш. Айманов к., 13

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙