Мазмұнға өту
Home

Маңғыстау ақын-жазушыларының кітапханасы 31 том

Жоламан Айдарбаев

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Маңғыстау ақын-жазушыларының кітапханасы 31 том

Авторы: Жоламан Айдарбаев

Маңғыстау ақын-жазушыларының кітапханасы

ЖОЛАМАН АЙДАРБАЕВ

РЕДАКЦИЯ АЛҚАСЫ:

Айдарбаев Алик Серікұлы – алқа төрағасы, Маңғыстау облысының әкімі. Әріп Ғалым Бисембіұлы – алқа төрағасының орынбасары, Қазақстан Жазушылар одағы Маңғыстау облыстық филиалының директоры

АЛҚА МҮШЕЛЕРІ:

Тұрғараев Бекет Тұрғараұлы– облыс әкімінің кеңесшісі, заң ғылымдарының докторы, профессор. Өтегенов Айтуар Оспанұлыақын, (кітапты құрастырушы, жауапты шығарушы-редактор), Қосбармақ Рахат Құсайынұлыақын, (жауапты редактор), Мыңжас Темір Мыңжасұлыақын Өлке қаламгерлерінің шығармаларынан мағұлымат беретін «Маңғыстау ақынжазушыларының кітапханасы» сериясының 50 томдығы Маңғыстау облысының құрылғанына - 40, Ақтау қаласына 50 жыл толуына арналып шығарылып отыр. Бұл томға жазушы Жоламан Айдарбаевтың «Бопай ханым» повесі енгізілді.

Жоламан АЙДАРБАЕВ 1944 жылы 15 тамызында Маңғыстау облысының Маңғыс-тау ауданы, Шетпе ауылында («Жаңа жол» колхозында) дү-ниеге келген. Орта білім алған соң қазақ Мемлекеттік универ-ситетінің журналистика факультетін бітіріп жоғары білім, ал 1975 жылы Жоғарғы Партия мектебін бітіріп, жоғары саяси білім алды. Атырау (бұрынғы Гурьев) облыстық «Коммунистік еңбек», Маңғыстау облыстық «Коммунистік жол» (қазіргі «Маңғыс-тау») газеттерінде, түрлі аудандық газеттерде, партия, Кеңес, кәсіподақ ұйымдарының жауапты қызметтерінде болды. Мұнайлы аудандық Советінің депутаты болып сайланды. Қазір «Жаңаөзен» газеті бас редакторының орынбасары. Жоламанның қаламынан туған көркем туындыларын әр кезде оқырман жылы қабылдап келеді. 1985 жылы екі томдық «Тоғысқан тағдырлар түбегі» кітабы, 1990 жылы «Жол айы-рығы» повесі, 1995 жылы екі томдық «Тұтқындар» атты рома-ны, 2004 жыл «Өтті өмір осылай» повестері кітап болып шық-ты. 2007 жылы «Әбу Атшыбаев», 2009 жылы Маңғыстаудың алғаш

мұнай, газ байлығын ашып, ел қызметіне қойған ерен еңбек иелері – «Ғазиз Әбдіразақов, Төреғали Қадыров, Сүйе-ген Салманов», 2011 жылы «Қазыналы Түбектің тарландары – Қуанышнияз Тоқбанов, Сұлушаш Баймағамбетова, Нәсіпқали Алмағамбетов», «Мұнайлы аймақтың ақиықтары – Ізбасар Құлжұмыров, Светлана Наушабаева, Лесбай Базарбаев» атты ғұмырнамалық кітаптары жарық көрді. Жоламанның елге сіңірген еңбектері үкімет тарапынан ла-йықты бағаланып келеді. «В.И.Лениннің туғанына 100 жыл», «Қазақстанның тәуелсіздігіне 10 жыл» медальдарымен мара-патталды. Қазақ ССР мемлекеттік комитетінің Дипломының иегері. Қазақстан Республикасы Ақпарат Министрлігінің, Маңғыстау облысы әкімінің, Жаңаөзен қаласы әкімінің Құр-мет Грамоталарымен, Қазақстан Республикасы энергетика және минеральды ресурстар Министрлігінің «Ескерткіш белгі-сімен», Маңғыстау облысының қалыптасуы мен дамуына қос-қан жеке үлесі үшін «Ескерткіш белгісімен» марапатталды. 2001 жылы және 2009 жылдары шыққан «Маңғыстау энциклопедиясы» кітаптарына, жылы «Балқан тауға барған ел» энциклопедиясына енген.

БОПАЙ ХАНЫМ (повест)

Сүйіндік ауылы Орынбор маңында Қабырға өзені бойында. Әкесінен қалған көк найза оған өмірлік жолдас болып келеді. Ханға қызмет еткен жас шағында Түркістанда Орда маңында тұрды. Кейін хан қызметінен кетпегенімен төңірегіне ұйыған алыс-жақын ағайындарымен бөлек ауыл құрап отырған. Атасы Әлменбет, әкесі Табынай кезінде ауыл болып бірікпеген, бұл төңіректің бір жерге ұйысуы Сүйін-діктің кезінде ғана. Осы ауылдың ағасы да, жағасы да Сүйін-дік. Бұл дәреже оған туа бітпеген. Батыр атағы бар, халқы алдында қадірсіз емес. Сондықтан да болар ханның өзі де одан ақыл, кеңес сұрайды. Ол – ханның ақылы жетпей жатқан-дықтан емес. Тәйірі, ханда қырық кісінің ақылы болмай ма. Ендеше, Сүйіндіктің қадірінің бөлек болғаны. Сүйіндіктің батыр атағымен бірге сұсы да бар. Дос-дұшпаны батыр ауылының айбарынан ығып жүретіні рас. Ұрымтал маңда отырған батыр ауылына ары-бері өткен көлденең көк атты түсе бермейді. Ал, атқамінерлердің қай-қайсысы да Сүйіндік ауылынан аттап өткен емес. Батырмен іштес болғысы келгендердің сылтау іздеп осы ауылға түстеніп, қонаға құлап кететіндері де аз емес. Қысқасы, ауылға шартараптан келіп-кетіп жатқан жолаушылар мен ауылдың бір шетінен кіріп, екінші шетінен шығып жатқан тарам-тарам жолдардың өзі-ақ бұл ауылдың сәнсалтанаты қай-қайсысынан да кем түспейтінін көрсететіндей. Осындай айбарлы ауылға Әбілхайыр қанша өркеуде болса да әлденеден тартына кіріп, сұқтана қарайды. Оның осы ауылға келсе мысы басылып қалатындай. Өзге ауылдарға шалқайып кірер төре тұқымы неге бұл ауылда бұғып жүреді. Ауыл ортасындағы еңселі ақшаңқан ордаға аулақта тұрып ұрлана көз тастайды. Бұл - Әлменбет ұлы көк найзалы Табынай Сүйіндік батырдың үйі. Ақсүйектен шықса да Әбілхайыр қазір мынау көз алдындағы айдынды үйге жасқана қарайды. Әбілхайыр арғы тегі төре тұқымынан, әз Жәнібектің екінші ұлы Өсеке сұлтаннан тарайтын Әжінің баласы. Олар бір әкеден төрт ұл. Үлкені – Тоқтамыс, одан кішісі Әбілхайыр, інісі – Бұлхайыр әке-шешеден ерте жетім қалып, жоқшылық көріп өсті. Оларға қарасқан ағайын-тума болған жоқ. Әкеден қалған байлық – мал қолды болып кетті. Ішерге ас, киерге киім таппады. Жастайынан жетім өскен оның жолы болмай-ақ қойды. Осыдан бес жыл бұрын ғайыптан тайып әмеңгерлік жолмен жесір жеңгесі қалмақ қызына үйленген. Онымен тағдыр ұзақ отастырмады. Жолына жуа бітті де тұрды. Әбілхайыр күнкөріс қамымен мал соңында жүрді. Бірде малдан келсе ауыл тас-талқан, өртеніп жатыр. Бұл күні Сырдарияның оң қабағында отырған ауылды жоңғарлар

шапқан. Ауыл адамдарын соққыға жығып, өлтіріп, бала-шаға, әйелдер мен шалкемпірлерді байлап-матап әкеткен. Оның ішінде Әбілхайырдың әйелі де бартұғын. Әбілхайыр үйі орнында күлі жатқанын көрді. Жауды ұзатпай қуып баратын жан болмаған. Кейін қазақ-жоңғар келісімдерінен де ештеме шықпай сол тұтқындар қайтарылмады. Арадан жыл айналғанда келген-кеткендердің бірінен Әбілхайыр аяғы ауыр әйелінің сол жақта жоңғарлар қолында азаптан өлгенін білді. Одан бері де төрт-бес жылдың жүзі айналды. Жолы болмаған жігіттің біраз уақыт сағы сынып қалған-ды. Бірақ, бойға біткен қайсарлық рухын жыға алмаған. Ол кеудесін көтере ұстады. Өмірден күдер үзбей, алдағы күнге қарыса ұмтылды. Табиғи мінез бен кеудесіндегі сол өршіл рух қайда кеткені. Осы ауылға келсе жүнжіп тұмсығы аяғының ұшына тығылып қалатыны қалай? Ауыл ортасындағы ақбоз үй мұның пысын басатындай. Аулақтан қарап осы үйден кірген-шыққан адамды түгендеп тұрғандай. Сол кіріп-шыққандар арасынан ол әлдекімді аласұра іздейді. Оны көрмесе көңіл көншімей, тапжылмай күнұзақ тұруға бар. Мұны көрген ауыл адамдары жиі келгіштеп жүрген осы бір жігітке күдіктене де сұқтана қарайтын. Ондайда Әбілхайыр теріс айналады. Орнын өзгертіп ол үйді енді басқа жағынан қарауылға алады. Мұндайда уақыт өтіп болмайды. Міне, ақбоз үйдің есігі түріліп, іштен қызыл шәлі тартқан қыз шықты. Сәміле киген зер бешпенті бойына құйып қойған ол Сүйіндіктің қызы Бәтима еді. Сүйіндік ел назарына ілігіп көзге түсіп батыр атанғанымен көп әйел алмаған адам. Бәйбішесінен екі қызды болды да ұл бала көре алмады. Тоқалы қалмақ қызынан құшағы құтты болмады. Бір әйелден кем тумаса да баласы тұрмады. Бәйбішеден екі қызды болған, үлкені Қанапия. Оны еркелетіп Қанай дейтін. Қанша еркелетіп ұстағанымен заты қыз емес пе, туған ұясын тастап кетті. Қанша қатты болса да батыр жүрегі осы жолы босаған. Ол оқыс көз алдына тұрып қалған елеусіз бір тамшыны жан баласына байқатпай теріс айналып сұқ саусағымен сипап жіберіп, қайта айналып тұра берген. Одан бері қанша жыл. Енді қолындағы жалғыз қызы Бәти-масының да бой жетіп қалғанын байқамапты. Жүрісі борпыл-дақтау оны Бопай дейтін. Бұрынғы Қанайы кеткендегідей емес қазір Сүйіндік қыздың жат жұрттық екендігіне көндігіп қалғандай. Бақ-дәулеті басында тұрғанда Бопайының құтты жеріне қонғанын қалайды. Қазір жиырманың үстіне шыққан қызының жасының өтіп бара жатқанын да ойлайды. Құданда-лы жекжаты өзіне тайлас болып келсе дейді. Бір-жар рет сөз салушылар да болмай қалмады. Олардың бірін Сүйіндіктің өзі тең көрмеді. Тағы бірін қызы қаламады. Осы қызына құдай бір артық қасиет берген. Ол – емшілік. Бала күнінде ойын қуыршағының аяғын, қолын таңып ем жасап отыратын. Жеті-сегіз жасында аяғы сынған қозы, лақты алақанымен бір сипап тұрғызып жіберетін. Бастапқыда оған көңіл бөле қоймаған. Бір күні інге сүрініп аяғы сынған құлынды енді мал болмайды,

бауыздап таста деп тапсырып кеткен. Кешке келсе жіліншігі таңылған құлын алдында шауып жүр. Қызының бойында емшілік қасиеті барына Сүйіндік осы оқиғадан кейін көзі жеткен. Бертін келе сырқат адамдарды қарайтын болды. Ендіден былай ауыл-аймақтағылар ғана емес сырттан келу-шілер де көбейген. Адам қарамаса ауырып қалатынды шығар-ды. Қол-аяғы сырқырап ұйықтай алмай шығады да, ауру қараса өз сырқатын ұмытып кетеді. Қызының осы күйін Сүйіндік іштей тәуір көрмегенімен құдай берген қасиетке дару таба алмайды. Өткен жылы жазатайым қатерге ұшыраған бейбақ біреу келіп, оны біраз күн бөлек үйге алып емдеп жүрді. Көрейін деген жарығы таусылмаған бір пенде екен де. Аң аулап жүріп аттан құлап, айдалада мертігіп жатқан бейбақтың үстінен жолаушылап келе жатқан Мырзатай тап болып ауылға алып келеді ғой. Сол бейбақ Бопайдың қолында жиырма бір күн жатып емделіп, тұрып кетіпті. Айтуларына қарағанда жетім-жесір жігіт болса керек. Бірақ, Сүйіндік оның кім екенін, ата-бабасын түгендеп жатпады, мән бермеген. Келушілер көп, олардың қайсысы есінде қалсын. Бопай алдына сырқаттың келетінін күні бұрын сезіп, біліп отырады. Тұла бойы құрыстай бастаса бұл сырқаттың келетін белгісі. Бопайдың өзі жаны қаламаса да осы қасиетінен арыла алмай-ақ қойды. Алдына талай адам келіп жатады. Олардың Бопай аты-жөнін де сұрамайды. Емін жасап шығарып жібереді. Олардың қайсыбірін қайтып айналып көргенде танымай да қалады. Әйтсе де Бопайдың алдына келген аурулар ішінде ұмытылмастай есте қалған бір жан бар. Алдына келгендердің ешқайсысынан аты-жөнін сұрамаса да, сол бір жас жігіттің аты-жөнін неге сұрағанын өзі де білмейді. Қыздың өзі сұра-ғанын жігіт әбес көріп қалмады ма деп іштей қымсынған. Иә, есімін Әбілхайыр деді. Нар тұлғалы жігіттің келісті бейнесі көз алдында сол қалпында тұрып қалған. Сол бір жігітті қанша рет ұмытайын десе де ұмыта алмай-ақ қойды. Көз алдынан елес беріп өте береді. Тысқа шықса да анау сайдың арғы бетінде атын тұсап тастап, биік өскен қайың түбінде күтіп тұрғандай. Ол үйден шыққан сайын әлдебіреуді іздеп төңірекке көз жүгіртеді. Содан кейін ауыл сыртындағы сайды бір айналып кезіп қайту дағдысына айналған. Сондай күндердің бірінде күткен үміті алдынан шыққан. Сол жігіттің бірде іздеп келгені бар. Бұ жолғы екеуінің әңгімесі – тәтті бір қиялдағы арманның оянған күні болды. Ыстық сезімдер бірін-бірі айттырмай түсінді. Жігіттің ыстық құшағы, аймалаған алақаны балқытып бара жатқандай. Бірақ бейсауат сұқ көздер-ден қаймығып, ұзақ тұра алмаған. Мұнан кейін тағы да ұзақ уақыт кездесудің сәті түсе қоймады. Бұл кезде Бопай оны іштей іздеумен болды. Қайсыбір кезде сырт көзден сақтануды ұмытып, көзге түсіп те қалған. Бірақ, ашына жаны оның ешқайсысын да елеп, ескермеді. Жүрегі аласұрып, оны бір көрмей жанын қоярға жер таппайтындай. Осындай шақтардың бірінде ауыл сыртында іздеген сол жігітті қайта кездестіргені. Өз көзіне өзі сенбей қаққан қазықтай қалшиып қалған.

Сүйіндік қолында

Осыдан біраз уақыт бұрын оның алдына келген сол сырқат жігіттің өзі. Аттан құлап сол жақ жамбасының ұршық сүйегі орнынан қозғалған. Бопаай орнына салып бірнеше күн емдегеннен кейін тұрып кеткен. Батыр тұлғалы қараторы сұлу жігітке сол жолы көңілі құлаған Бопай оны қайтып айналып соғар деп күтумен болған. Талай рет сол жігітті күтіп ауыл сыртындағы сайды да айналып қайтқан. Кездесе алмаса да күдер үзбеген. Сол жігіт міне үй іргесінен тап бола кетті. Бопай онымен тап осы арада кездесем деп ойламаған. Күтпеген кездесуіден қазір қуаныштан да, таңданыстан да аузына сөз түспей қалған Бопай жігіт жүзіне бір жалт етіп үздіге қарады. Жүзінен қуаныш күлкісінің нұры есіп, оған деген ерекше бір жан жылуы нұр боп шашылды. Бұл - Әбілхайырдың да шарқ ұрып іздеп, сарғая күткен жылуы еді. Сол нұрды ол қазір осы арадан тапты. Қыз жүзі де бал-бұл жанып, ұяттан өртеніп кетердей еді. Оған қазір бүкіл ауыл қарап тұрғандай. Енді осы бүгін-ақ Сүйіндік батырдың қызы тал түсте сөйтіп тұр да бүйтіп тұр боп бүкіл ауыл шулап шыға келетіндей. Жігіт ертең кешке ауыл сыртындағы сайдың арғы басында күтетінін айтты. Ұяттан өліп кетердей қыз жігітке биязы үнмен шығатынын айтып үлгерді де бұрылып жүре берген. Ол үйге кірерде есік алдында тұрып артына тағы бір қарағанда әлгі орнында тапжылмай тұрған Әбілхайырды көрді. Ақ орда киіз үйдің маңдайшасы желп етті. Қыз көрінбей кетті. Әбілхайыр сонда ғана өзінің аңырып тұрып қалғанын білді... Ол күні кешке қыз бен жігіт ұзақ әңгімелесті. Бірақ жиі кездесуге қыздың әр қадамы ел көзінде. Одан аттап кетуге дәрмен жоқ. Ал, Әбілхайыр қыз үшін қолынан келгеннің бәрін жасауға әзір. Бірақ, қолдан келмейтіні көп. Ұзақ ойланып Бопаймен жиі кездесудің жолын тапқандай болды. Ол тәуекелге бел байлап, Сүйіндіктің қолында қызмет ету. Әбілхайыр ақыры солай жасады. Ол Сүйіндіктің қолында бақташы боп кірді. Оның үйір-үйір жылқы, табын-табын түйе, сиыр, қора-қора қойын бағатын көп бақташылардың бірі. Сүйіндік жұпыны жас жігіттің ар жақ - бер жағын сұрастырып жатпады. Әуелден де тегін айтпауға бекінген Әбілхайырға да керегі осы еді. Ол өзі жөнінде жан баласына сыр тамызбады. Күнұзағына сылпып мал соңында жүрген жігіт кешке ауылға қайтқанша асығады. Өйткені мұнда ол түн жамылып қана Бопаймен кездеседі. Кездесу орны – ауыл сыртында сайдың арғы басындағы жықпылды жері. Бірақ бұл оңаша тұс болғанымен, қыз ұзақ тұра алмайды. Өйткені, іздеушісі көп. Әбілхайыр бұған да риза. Оған Бопаймен әр кездескенінің өзі бойына қуат беретіндей. Бұл кездесудің арты – екеуінің бірінсіз бірінің тұра алмайтындай күйге жеткізді. Ұяттан өлердей қызарғанымен қыз өз еркінен айырылды. Аңсаған жігіт құшағы оны еркінен тыс әрекетке апарды. Бопай үшін ендігі жол – біреу ғана.

Ол – осы жігіттің етегінен ұстап, басқа түскен тағдырын бірге көру. Жігіттің ыстық құшағында тұрып бір нәрсені кеш ұққанын енді түсінді. Ол қара суға теріс аққандай күй кешті. - Үмітім сенде, - деді үздіге. Оны Әбілхайыр айттырмай түсінген. Бірақ өзге амалы жоқ еді. Ендігі тағдырын тек тәуекел шешетін. Ол солай жасауға бел буды. Бопай мұңын әкесіне бір жеңгесі арқылы жеткізген. Мұны естігенде Сүйіндіктің жүрегі шаншып кетті. Бірақ бұл жолы өзіне тез келді. Көзі тірісінде қызын құтты жеріне қондырып кету көптен ойында болғанымен енді соның хабарына елеңдеп қалған. Бірақ, бас қосатын адамының жайы оны қуантпады. Арғы тегі ақсүйек болғанымен күнкөрісі жоқ қаңғып жүрген қайыршы емес пе. Бір тоған елді аузына қаратып, төңірегіне үйірген Адайдың батыр Сүйіндігі ақсүйекке тәнті емес. Ол өзін қандай хан тұқымы – ақ сүйегінен де кеммін демейді. Сондықтан да қазір ол кіммен құда болғалы тұрғанын білмей мұқалып қалды. Батыр Сүйіндік кіммен құда болып жатыр демей ме мына халық. Сонда не деп жауап береді. Сүйіндіктің қиналысы осы. Сүйіндік қайыршы сұлтанды қайткенде де өзіне тең көрмеді. Батыр бұлаңдап өсіп бойжетіп отырған сұлу қызы Бопайды қайдағы кезбе біреуге қалай жібере алмақ. Жоқ, Сүйіндік тірі тұрғанда олай істей алмады. Бірақ, қызына бұл бетіңнен қайт деп те айта алмайды. Бұл – Сүйіндіктің қиналған жері. Қайдағы бір кезбеге қызын бермеудің жолын таба алмаған Сүйіндік өзге сылтау іздеді. Ол қалыңмалын қалың сұрау еді. Сүйіндік солай жасады да. Болашақ күйеу болғалы алдында отырған жігітке ол сынай қарады: - Сұлтан мырза, сөз байласып қойған болсаңдар, амалым жоқ. Қалыңдығы қырық қара теңбіл, қырық ақ теңбіл бие үйірін айдап әкеліп желіге байла, - деген. Алғашқыда мұны әзіл ме деп ойлап қалған Әбілхайыр болашақ атасының жүзінен ащы мысқыл, ашудың ізін байқады. Оның жүрегі шым ете қалды. Бұл жерде әзілдің жоқтығы айқын еді. Сүйіндік артық сөзге келмей орнынан тұрып жүре берген. Жанына ертіп келген Нияз ағасы әлдене айтпақ болып ұмсына беріп еді, оған Сүйіндік қайырылмады. Құда мен күйеудің жүні жығылып шықты. Әбілхайырдың жағдайында айтылған қалыңды тауып беру мүмкін еместі. Әке-шешеден ерте қалып, мал байлығы талауға түсіп, қайыршылықта өскен жетімдердің күні ондай байлықты түсінде де көрмейтін. Қайыршы сұлтандарға қол ұшын бере қояр ағайынтуманың да сиқы белгілі. Әр босағада сүйретіліп жүрген жетімдердің аузына бір тамшы ас тамызарға жарамаған ағайын мынадай жан шошырлық қалыңды қайдан табады. Ойы онға жүгірген Әбілхайыр құлазып үйден құр сүлдері шықты. *** *** ***

Батыр қашан да жол үстінде, жорық үстінде. Оның бейбіт күні, тыныш өмірі болып көрген емес. Адам оған да көндігеді екен. Жәнібек қазір өзін жол үстінде тұрғандай сезінді. Оның отбасында көсіліп отырған күні есінде жоқ. Әйелді де, баланы да ұмытқалы қашан. Үйіне жолаушыдай жол үстінде кетіп бара жатып жолшыбай соғады. Жар төсегі ұмытылып, балалары да жат болып бара жатқандай. Тағы да қонбай өтіп барасың ба деп әйелі ерекше бір кейіппен мөлдірей қарайды. Ал, балалары – анау әкең, - десе де солай ма, жоқ па дегендей сенімсіз жәутеңдейтіндей. Жәнібек бүгін де жанындағы жасағымен келе жатып, үйге қарайлай алмады. Әйелін де, балаларын да ат үстінде тұрып көзбен ішіпжеп, өзгеге амалы жоқ жасақ басында кете барды. Кеше көрші ауылды қалмақтар барымталап кеткен. Қазір жасақ сонда асығып келеді. Жәнібек ес білгелі көрші қалмақ ауылдарымен арада бейбіт өмір болып көрген емес. Екі жақ алма-кезек аттандасып келеді. Барымта болған жерде қан төгіледі, оның арты ұзақ-сүрең тартысқа, шапқыншылыққа ұласады. Бала-шаға, әйелдерді, қарттарды тұтқындау екі жақта алма-кезек болып тұрады. Қатын үшін қан кешіп, бала үшін жан пида болып, арты ашық жауласу. Ел шетіне жау тисе алдымен атқа отыратын осы батырлар. Міне тағы да сондай дабылмен атқа қонып барады. Сырдарияның төменгі ағысындағы қазақ ауылдарына қалмақ қысымы күшейе түскен. Екінші жағынан жоңғар қаупі төніп тұр. Жәнібек жасағы Әмударияның оң жағалауында Түйемойын өңірі мен Ақсу аралығында отырған Аталық ауылын жоңғар шабуылынан қорғауға бара жатқан жолында қалың жықпыл тоғайлы өңірге кіре берістегі сұңғақ өскен терек түбінде жатқан адамды көрді. Айдалада жалғыз жатқан кім болғаны? Өлтіріп кеткеннен сау ма? Жасақ тоқтай қалған. Оқтын-оқтын кеудесі көтеріліп, басылып батыр тұлғалы жігіт ұйықтап жатқанға ұқсайды. Нендей бір қауіптен қаперсіз жатқан оның мына кейпі қандай жан екенін айтып тұрғандай. Құлашын кең жайып, апайтөс кеудесі көтеріліп, түсіп тым қаперсіз. Жәнібек ат үстінде найза ұшымен жігітті түртті. Кенет көзін ашып алған жігіт көз ілеспес жылдамдықпен атып тұрып ат үстіндегі Жәнібекке жебесін кезеді. - Тоқта, жігітім. Атып қала ма деп қауіптенген Жәнібектің даусы жарықшақтана: - Таста жебеңді. Мен Жәнібек батыр боламын. - Жәнібек болсаң ше. Найзамен түртетін кім едің. Жігітті енді таныған Жәнібек аттан түсіп Әбілхайырға құшағын ашқан. Екеуінің алғаш таныстығы осылай басталған. Қазір алдында тұрған сол батыр Жәнібек еді. Жәнібек пен Әбілхайыр сол оқиғадан кейін қатар келеді. Талай рет екі жақтың алмакезек шапқыншылығында бірге болып, қалмақтарға бірге шапты.

Әйтсе де бұрынғы жерде Әбілхайыр оған сырын аша қоймаған. Сол Жәнібек ойда жоқта екінші рет кездесіп тұр. Жігіттің мұңлы қабағын Жәнібек алыстан таныған. Алғашқыда ашыла салмағанымен қотырынан дәп басқан оны жауапсыз да қалдыра алмады. Осы жолы ішіне сыймай келген шерін ағытқан. Жәнібек Әбілхайырдың жай-күйіне енді қанықты. Қанықты да намысқа шауып достығын көрсетті. - Әй, Әбілхайыр, - деді ол, әрі намысқа шауып, әрі достығын көрсетіп, - сен үшін аянарым жоқ. Бас-аяғы сексен құла бие болса оны мен тауып беремін. Жәнібек сөзінде тұрды. Сексен құла бие үйірімен келесі күні-ақ Сүйіндік ауылының сыртындағы көлдеуді толтырып жіберді. Сүйіндіктің енді бұлтарарға жері қалмаған. Осы оқиғадан кейін сыбай екі ауылда ұлан-асыр той болып, бірі қыз ұзатып, бірі келін түсіріп, сән-салтанатының қаймағы бұзылмай, біріне бірі ұласып жатты.

Әбілхайырдың өмірі ат жалында өтіп келеді. Ол ес білгелі ауыл жау қаупінен тыныш ұйықтап көрген емес. Тым болмаса көрші ауылдың жігіттері жаңа туып арам өлген қозының терісіне бола да, не құдықтың бір астау суына бола өрістегі малға шауып барымталап кететін. Келесі күні бұл ауыл барымтадан кешегі кеткен малының орнын толтырып кек қайтарушы еді. Мұндай ауыл арасындағы дау-дамайдан Әбілхайырдың өзінің де талай түн қатқаны бар. Бертін келе қалмақтар мен жоңғарлар шабуылынан ел қорғады. Енді қалмақтар мен жоңғарлар, қазақтар арасындағы барымта бұрынғы ауыл барымтасына ұқсамай, іріленіп, ұлғайып кетті. Бұрын жылқышыны шоқпарға жығып алдындағы табынды айдап кетсе, енді бүкіл бір ауылды отқа орап, жандары қан қасап болып қалатын. Жас жігіттің оған да еті үйреніп кетті. Досқа жанашыр болса, жауға мейірімсіз болып алды. Шоқпар жанына батқан жоңғарлар мен қалмақтар есесі кетіп өшігіп алса, қазақтар да жанды жерлерінен тістеп тартып есесін жіберіп жатқан жоқ. Жау барған сайын екіленіп арыстандай айбарланады. 1681 тауық жылы жоңғар қонтайшысы Халдан Бушықты Сайрам қаласын қоршады. 1682 ит жылы Іле өзені бойын өз билігіне қаратты, 1683 жылы Сайрам қаласын қиратты. 1697 жылы Бушықты хан өліп, оның орнына отырған Сыбан Рабдан қазақ даласына өші қалғандай шапты, үздіксіз жорықтар жасады. Олар қазақ даласына үстемдігін жүргізуге бел буды. Қауіптің қара бұлты төніп келе жатты. Бұл қазақ жұртына айқын сезінген. Қазақты құртудың алғашқы буыны ұлы Жібек жолы бойында тұрған Шығыс, Қарақорым, Еуропа, Азия сауда жолдарының ұрымтал кіндігі Оңтүстік Қазақстан өңірін басып алуға өршелене

ұмтылды. Жоңғар хандығының қазақ даласына ұлы жорыққа дайындалып жатқан хабары жансыздар арқылы жетті. Тәуке өзіне қараған аймақтағы сұлтандар мен билерін жинап, ұлы жиын өткізбек болды. Өйткені, шығыстан батысқа, оңтүстігі Түркістаннан Жетісуға дейінгі шашырап жатқан қазақ ауылдарының екіталай күн туа қалғанда басын қосу мүмкін болмайтын. Ал, жасанып жатқан жауды көре тұрып елдің басын құрай алмай қапы қалмақ па. Хан қазақ билеушілерінің үлкен жиынын өткізбек болды. Ол жиынды нағыз жау өтінде өткізуді ойлады. Бұл – жауға ескерту де әрі күш көрсету болатын. Ондай жер – Қарақұм өңірі. Жоңғар қаупі осы тұстан. Бұл кезде қазақ хандығының өз ішінде де тақ, билік тартысы, бақталастық жүріп жатқан. Әр жүзді билеген кіші хандар үш жүздің ұлы ханына бағынуға тиіс болғанымен олар бағына бермейтін. Әрқайсысы өз алдына жеке бағыт ұстанды. Ұлыстарды билеген сұлтандар да дербес билікке құмартты. Бұл - шаруашылыққа, ел бірлігіне, бір жұдырық болып ұйысуына жол бермеді. Хандықтың жайын түсінген Тәуке қырғыз-дармен, қарақалпақтармен одақтас болуға қол созды. Өзге де күш көмегі тиеді-ау дегендерді төңірегіне топтастырмақ болды. 1710 жылы Қарақұм жиынына қазақ билік басындағылары, әскер-басылар, сұлтандар мен батырлар, билер түгел шақырылды. Жиын хабарын Әбілхайыр Бопаймен бірге отырып есітті. Табын Бөкенбей - Әбілхайырдың басына іс түскен, қиналған сәттерінде жанын алдымен ұғынар жақын досы да, сырласы да, мұңдасы да. Ол хабарды Түркістанда Тәукенің өз аузынан естіген. Тәуке Әбілхайырға арнайы сәлем жолдаған. Қазір сол хабарын Бөкенбай Әбілхайырға жеткізіп отыр. Үйленгендеріне әлі жыл тола қоймаған Бопайдың бұл кезде аяғы ауыр еді. Бопай қазақ салтымен әдеп сақтап ерінің бетіне тіке қарап сөйлеп көрмеген. Не айтса да бипаздап, майдалап: - Хан ием, - деп жеткізер еді. Онысы Әбілхайырға да ұнайтын. Құлақ түріп отырғанымен Бопай ер адамдардың әңгімесіне араласа бермейтін. Бірақ, ел туралы әңгімелерді бос жібермейтін де. Әңгіме ағайынжекжат, аралас-құралас ауыл арасының барымтасы, ауыл тентектерінің бірінебірінің қиянаты, өсек-аяңы болып жатса: - Әй, осындайымыз қалмайды ғой, - деп іштей наразылық кейіп танытар да қояр еді. Ал әңгіме ел жайына ойысып, жау шапқыншылығы жайлы болып жатса оған қонақтарына қымыз ұсына отырып қозғалмай құлақ түретін. Бірақ әңгімеге араласпай, кейін Әбілхайырдың өзіне ғана ойын айтар еді. Және әңгімесінде өз ойын қосып жеткізер еді. Бұл - Әбілхайырға ұнайтын да. Осынысымен Бопай күйеуін бірден-бірге өзіне елітіп алатын. Ол ешуақытта қабақ түйіп, не дауыс көтеріп сөйлемейтін. Не айтса да жұмсақ, майда тілмен биязылап отырып

жеткізетін. Күле қарап сөйлейтін. Оның үлбіреген жұмсақ еріндері еркелеп сөйлеген баланың кейпін берер еді. - Хан ием, - деп күле қарағанда Әбілхайыр бір сәтте өзін ұмытып қалай оның тұтқынына түсіп қалғанын байқама. Бопай осы қылығымен Әбілхайырдың жүрегін аулап алған. Қайсыбірде Әбілхайыр қанша қатайып келсе де Бопай алдында тез қайтар еді. Бүгін Әбілхайыр Бөкенбай хабарын қабарып отырып тыңдады. Тәуке ханның сәлемін жеткізген Бөкенбайға Бопай да зерең қымызын ұсына құлақ түрді. Бөкенбай бүгінгі ел жағдайын, төніп тұрған қауіптен қалай қорғану керектігін, хандық ішіндегі өзара қырқыс жайын әңгімеледі. Осының бәрінен ханның қауіп етіп отырғанын жеткізді. Бұл хабар Әбілхайырға ауыр ой қалдырды. Бөкенбайды үнсіз отырып тыңдаған ол ләм деп жақ ашпаған. Ол бұрынғы қызыл шырайлы өңін тез жоғалтып, бетінен қаны қашып, бозарып шыға келген. Екі жағы тез суалып, ішке кіріп кеткен. Бірбеткей де қатал мінезді Әбілхайырдың мазасызданса тез қуырылып қалатыны Бопайға белгілі. Ерінің бұл қасиеті қатты мазасызданып, не қамыққанда бой беретін. Ханның арнайы сәлемі – апаттың төніп келгенін білдірген. - Сұлтаным, мынау, жайсыз хабар екен, - деген Бопай әдеттегіше ернінің ұшымен сыбырлап сөйлеп Бөкенбай кеткесін. - Иә, солай, - деді Әбілхайыр әйелінің сөзін еріксіз мойынсына тыңдап, - бірақ оның қолынан не келмек. Хан Әбілхайырдан не дәметіп отыр? Бопай ханның сырттай таусылып отырғанын түсінді. Қазақта оны қолдар жанның жоқ екенін біледі. Осындай шақта хан күйзелісін түсініп, оған жәрдемші болатын кім бар. Өзара қырқысып, билікке таласып, бірін-бірі аңдыған сұлтандар мен кім берсе соның сөзін сөйлеген билер, кім ханға жақын, кім алыс деп өзара қырқысып, сырттай сөз аңдысқан батырлар аузы бірікпей отырып елге пана бола алар ма? Бопай Әбілхайырға осы ойын айтады. Оны Әбілхайыр да түсінбей отырған жоқ, бірақ, не істей алмақ. Қолынан не келеді? Төніп тұрған қатерден елді қорғап қалу үшін оның тізгін ұстаған сұлтандарын, батырлары мен билерін бір қолға ұйыту керек. Ол Әбілхайырдың қолынан келер дүние ме? Сөз баққан сұлтандардың аузы бірігер ме? Ертең сол жиындарында әркім әр жаққа ала қашып тұс-тұсына пытырап кетсе нағыз қасірет сонда. Бопай іштей осыдан шошынды. Ол қаупін Әбілхайырдан жасырып қалмады. - Сонда маған не дейсің? – деді Әбілхайыр. Ерінің жауабында шарасыздықтың сызы жатыр еді. - Елді қорғай алмасақ біздің ер азаматтығымыз қайсы. Мына жалғанда неменеге жер басып жүрміз?

Бопайдың сөзі бірден бірге тереңдеп, ендеп кетіп бара жатқанға ұқсады. Бұрын тап осындайын көрмеген ол алты алаштан таңдап алған қосағының жүзіне осы жолы таңдана қарады. - Ел үшін жаралған батырдайсың ғой, - деді таңданысын жасыра алмай. Әлден әйелінің әдеттегі сүйкімді жүзінен кенет бір қатқылдықты байқап қалды. Бұрынғы биязы үнінен ол күтпеген салқындықтың сызы ескендей. - Сұлтан ием, сізді ренжітіп алмадым ба? Ел ішінің сиқын көріп отырғасын жанашырлығым ғой. - Сенің айтар ойың жақсы болғанымен оны кім түсінеді, - дегісі келді де Әбілхайыр тағы да өзін тежеді. - Әйел сен түгілі, еркек менің сөзім өтпейді емес пе. - Иә. Әттең, затым әйел болып отыр емес пе. Әйтпесе, көп еркектің киімін сыпырып алып, жер сызған көйлек кидіріп қояр едім. Оның томпиған етжеңді еріндері еріксіз жиырылып, жүзіне әнтек ұяңдық үйіріле қалды. Әбілхайыр Бопайды тап осындай деп ойламайтын. Қазір оның алдында отырған өзі білетін Бопайы емес, жатыры жат басқа біреудей көрінді. Ол дөңес маңдайы астынан өткір көздерін қайта тіктеді. Бұл әйелінің мына оқыс мінезіне көңілі біткендік еді. Әншейінде күйеуіне қарап қабақ шытып көрмеген Бопайының керек болса кесек қимыл танытар еркек мінезі де бар екенін осы жолы анық аңғарды. Осы күйі еркек боп жаратылса оның қасында кесек мінезді өзі де бұғып қалатындай. - Өзіңнен күшті жауға еркек болғанда не істей алмақсың? Тәуке қолынан келер болса өзгеге көз салар ма еді. Жауынан әлсіз болғасын емес пе дымы құрып, бүкіл қазақтың басын қоспақ боп жатқаны. Сені мен менің білгенімді Тәуке білмей отыр ма? Бұл шарасыздықтың ісі емес пе. - Ханның қарауындағыға жалынғаны – құрығаны емес пе. Неге айтқаны орындалып, қылыштай қиып түсіп жатпайды. Тағдырың қылыштың жүзінде қылпылдап тұрғанда хан әркімге жалтақтаса не болмақ. Жаудан қалай қорғана алмақ. - Сонда ханға айтарың не? Мына жиынның керегі жоқ демексің бе? - Ханға мықты шоқпар керек. Әйтпесе, кім алдына барып бас имек. Жұрттың бәрі бірдей айттырмай ақылмен істейтін Бөкенбай дейсің бе? Әбілхайыр Бопайдың ақылға толы жүрекжарды сөзін үнсіз тыңдады. Оның әр сөзінің төркінінде ақиқат жатқанын ұқты. Сондықтан да оған қайырар жауабы дайын емес-ті. Әйел де болса хақ сөйлегенін көріп ауыз аша алмады. Тәукенің қол астындағы сұлтандары мен батыр, билерін неге бір жұдырық астына ұйыстыра алмағанына жауабы жоқ. Бәрін күшпен емес, ақылмен шешер ханның бұл да бір әдісі болса ше? Оны да жоқ деп айта алмайды. Ал, қазақ билеушілерінің аузы бірікпесе, оған ханның кінәсі не? Тәуке солардың аузы бірікпегеннен бір шаңырақ астына ұйыстыра алмай қор болып отыр емес пе.

Осының өзін де ол тарыдай пытырап жүрген сол қазақтың басын қосу үшін істеп отырмағанына кім кепіл. Әбілхайыр осының бәрін ойлай келіп, әліптің артын бағып бұғып қалды. Одан әрі Бопаймен сөз таластырғысы келмеді. Бопайдың да тап осы қазір сұлтанмен сөз таластыру ойында жоқ болатын. Бірақ солай боп шықты. Онысына іштей қысылып, әбес жасап алғанына өкініп ерінін тістелей берді. Әбілхайыр әйелінің бүгін өзімен жарыса сөйлегенін тұңғыш көріп отыр. Әдетте қазақ әйелдерінің ер адамдар арасындағы әңгімемен шаруасы болмасты. Және әйелдерді еркектер ісіне араластырмайтын да. Ал, Әбілхайыр қазір Бопайдың әңгімеге араласып қыстырылғанына риза болмаса да, оның сөздеріне қарсы дау айта алмады да, содан қарсы тұрып қайтарып тастамаған. Бірақ, оның әлгіндегі айтқандары көкейінен кетпей қойды. Ертең Қарақұм жиынында оның осы сөздері айтылар ма екен деп ойлады. Оның ойын өзі де сол жиында дәлелді етіп айта алмайтындай. Енді бірде Қарақұм жиынына Бопайды да ерте бару Әбілхайырдың ойында болды. Бірақ тағы да әлденеден, көлденең әңгімелерден тартынды. Қатын ақылымен іс қылған сұлтан деп елдің келемешіне қалмасына кім кепіл. Қатынжанды сұлтан атанса ел ішінде қандай беделі болмақ. Тағы бірде бұл ойынан айнып түсті. Жөн ақыл айтса қатын деп қарайтынымыз қалай. Елді жөнге салар болса, әйел болса ше? Әлгіндегі әңгімесін ертең ел алдына, хан алдына шығып тұрып қадап айтса неге мақұлдамасқа. Бұл жиында үлкен жайлар айтылуға, бірде бір жай тасада қалмауға тиіс. Бәрі мұқият ескерілгенде ғана қатерлі жаудан қорғана алмақ емеспіз бе? Ойы әр жаққа жүгірген Әбілхайыр ақыры бір тоқтамға келіп әдеттегі қайсар мінезіне салды. Бопайды Қарақұм жиынына ерте бармақ. Әуел баста Ханабадта өтетін болған бұл жиынға кейін Қарақұм жері таңдап алынды. Тәуке бұл жерде елдің қорғаныс қамын ойлаған. Ханабад қазақ хандығы аумағының оңтүстік шеті. Бұл кезде жаудың да қарап жатпағаны анық. Қазақ сиазының өтетіні туралы олардың да тыңшы-жансыздарынан біліп отырғаны ақиқат. Ендеше, қазақтың мұндай бос белбеу, бейғам кезін пайдаланып қалмақ оқыс шабуыл жасаса ше? Бұлар қиыр шетте жиында жүргенінде қорғаусыз қалған ауылдарды шауып кетсе қайтпек. Сонау Ханабадқа хабар жетіп, одан аттанып келіп ауылды қорғаймын деп жүргенде жау шаруасын бітіріп, кетіп үлгермей ме. Осыны ойлаған Тәуке қазақ жиынын үш жүздің де іргесіне жақын, алай-бұлай күн туа қалғанда келіп те, қорғанып та үлгеретін хандыққа тақау, айқайласаң дауыс жетер жер деп осы Қарақұмды таңдап алған. Бұл үш жүздің өрісіне де ортақ тұс. 1710 жылдың қысы қар қалың түсіп, көктемгі ағыл-тегіл ақ жаңбыр неше күн ұдайы көз аштырмаған. Содан мамыр айы-ның басында ғана қарқарадай

қалың бұлт ыдырап, арасынан күн сығалап аз күн ішінде-ақ жер бусанып, төңірек түлеп қоя берген. Селеу басы тізеден келіп көктемнің сал-самалына тербеліп, дала теңіздей толқып тұр. Жусан басы көк мамық оранып, хош иісі көңіл тербейді. Аяқ асты ажырық тұтаса шығып жер беті көк кілем. Құм жоталарын қалың бидайық басып, шөп басы гүл жарып, төңірек әсем бір түрге еніп, жайқалады. Жиын хабарын көптен асыға күтіп, іргені түріп тастап керегенің көзінен көз ұшында қылт еткен қара көрінсе хабар күтіп елеңдеп отырған ел енді Қарақұмды бетке алып қаптап қоя берген. Аттылы, жаяу, түйе мінгендер төрт құбыладан түгел шұбырып, андап келеді. Күні бұрын әзірленген аймақта ақ жұмыртқадай ақбоз үйлер қаз-қатар сән түзеп, бір түнде саңырауқұлақтай қаптап шыға келген. Алыс-тағылар арып-ашып, арнайы шақырылғандар күн асып - түн асып зорға жетсе, жақын маңдағы ауылдар тайлы-тұяғымен қалмай жеткен. Көптен жан баспай жайылымдыққа арналып бүк түсіп бұйығы жатқан дала бір күнде өңін өзгертіп, тіршілік нышаны қайнап шыға келді. Бел-белес, тау-тау құм етегін ала саумал ауалы көкке оранған жанға қызыл ала-көкала арабы кілемдер, арқардай-арқардай қойлардың күзем жүнінен басылған қошқар мүйіз өрнекті өре киіздер атшап-тырым жерлерді алып жатыр. Күн тұсау бойы көтерілгенде батыры бар, биі бар, сұлтаны бар, жақсы-жайсаңдарын ертіп Ақ Ордадан шыққан Тәуке көл-көсір жиналған халық алдына шығып, басын иді. Ығы-жығы халық хан сәлемін алған сыңай білдіріп, олар да жапырылды. Бұл жиынға Әбілхайыр Бопаймен бірге келген. Бопайдың өзі де жиынға қатысуға ынталы еді. Хан халқына бағыштап ұзақ сөйледі. Елдігіміздің жайын, қаптаған дұшпан, анталаған жау, ортасындағы Орда өмірін сөз етті. Не өлім, не өмір - екінің бірі, одан өзге таңдау жоқ екенін айтты. Шығыста орыс казактары, түстікте жоңғарлар, Бұхара, Хиуа, Мауереннахр хандықтары, түрікмендер мен Нәдір шахтың билеуіндегі қызылбастар, батыста қалмақтар мен орыс патшасы, терістікте башқұрттардың ортасында қазақ хандығының талауда қалып қойып отырғандығы, Жоңғар Алатауынан астасқан қалың қара бұлттың төніп келе жатқаны қауіптендірмей қоймады. Не елдігімізді найзаның ұшымен, қылыштың жүзімен қорғап қалу, не біржола құрып кету қалып тұрғанын, қазір осындай шешуші шақта қай жолды таңдау өз қолымызда екенін айтты. Қол астындағы халқын елді қорғап қалуға шақырды. Ахуалға көз жеткізе сөйледі. Мұнан кейін жаудан қалай қорғану керектігі жария етіліп, алқаға салынды, ақылға жүгінілді. Батырлар да, билер де, сұлтандар да ойындағысын ортаға салды. Біраз өзеуреді. Сөз алауыздық, қырқысқа кеп тірелгенде кінәні біріне бірі аударып, бірінен бірі көріп, кімнің шықшыты шытынап, кімнің жұлыны созылып, күре тамыры білеуленіп, енді біреулері құрезуленіп, қызыл кеңірдек болысты. Бір замандарда

мен айтпадым дейтіні қалмаған кезде күн көзі екіндіге қарай ауып бара жатқан шақта қалың нөпір арасынан Бопай ілгері озды. Бопай әуелі сөзін биязы бастады. - Елдігіміз сынға түскелі тұрғанда бірқатар батырлар мен сұлтандардың «Қап тауын бетке алып ауа көшейік, Қонтайшыға қол көтермей, беріле салсақ ол аяушылық жасайды», - деген көк езу сөздерін естіп жаным түршікті ғой, - деп ол сөзін әрі қарай жалғап әкетті. - Мынау кімнің әйелі? - Әйелге билік бергені... - Әйел басымен осындай жиынға... - Қатынның аузына қарап іс қылатын болдық па? Тағы басқа осы сынды сөздер әр тұстан естіліп жатты. Сөзін биязы бастаған оның үні бірден-бірге қатқылдана түсті. Үнінде діріл бар еді. Алдымен ел ішінің бірлігін сөз қылды. Өзара қырқысты доғару, ру тартысына тыйым, ақсүйек сұлтандардың соқыр сеніміне ерік бермей, бір қазақты бөліп-жармай бірдей сенім арту, батырларды бөлек жинап әрқайсысына ауыл басшылығы еркін беру, ханға бағынбаған-дарға қатаң жаза қолдану, ел қорғанысын алдыңғы кезекке қою – осының барлығын санамалдады. Еділден арғы бетке қаша көшу керек деген батырлар мен сұлтандарға енді қайтып сенім артпау керек екенін, олардың елді қорғамай, жарға жығатынын айтты. Сыртқы жаудан ішкі жаудың қауіптірек екеніне көз жеткізе сөйледі. Бұған дейін қазақтың бірлігін сақтап, іргесін бүтіндеп келген Тәуке ханның да осы тұста осалдық көрсетіп алғанын, төре тұқымдарына, батырлар мен сұлтандарға тым еркіндік беріліп бұғаусыз кеткенін, мұның ақыры қазақты титықтатып әкеліп жарға тақап, тұңғиыққа тіреп қойғанын, кез-келген сәтте құлауға әзір сылтау іздеп тұрғанын, мұның бәрін тап бүгін осы жиында түзетпесе кеш болатынын, қазақ деген атаудың біржола құрып кеткелі тұрғанын айтып, дабыл қаға сөйледі. - Мынау жөн сөз ғой. - Әйел де болса бәрінен асып түспеді ме. - Еркек кіндіктімін деп жүргендерің неге тым-тырыс қалдыңдар. Жауап беріңдер. - Еркекпін деп жүргендерді етегіне орап алды емес пе. Жиылған халық кеу-кеулеп көтеріп әкетті. Ойымды жеткізе алдым ба деп қысылған Бопайдың қос беті қызарып қан шапқан күйі көп ішіне сіңіп көрінбей кетті. Оның сөзіне риза болған халық оны қайсыбіреулердің көлгірлік көз сұғынан, көлденең сөз сұғынан арашалап, қанатының астына алып көрсетпей жіберді. Бұл жиынға Бопайдың әкесі Сүйіндік те қатысып отырған. Әке көзінше айтақтап шауып әбестік жасап алмадым ба деп те ойлады. Өткендегі Әбілхайыр екеуі отырып әңгімелескенде

айтқандарының бірқатарын ұмытып та қалды. Есіне түскендерін де тап солай жеткізе алдым ба деп қысылды. Ұяттан өртенердей беті дуылдап кетті. Сүйіндік пен Бөкенбай арт жағын ала сөйледі. Екеуі келісіп қойғандай айтар ойлары да, сөздері де бір жерден шықты. Екеуі де күш біріктіру ұранын тастады. Халыққа жігер бере сөйледі. Енді Әбілхайыр қамшысын ортаға лақтырды. Бұл сөз сұрағаны. Және оны жай сұрап отырған жоқ, аржағын кернеген ашуын баса алмай, айқайлап атып тұруға аз қалып, өзін-өзі басып, шамырқанған шақтағы қимыл-қарекеті осы болды. Ол қысқа сөйледі. - Елге өкпелесек те жерге өкпелер жөніміз жоқ, ағайын. Ұланғайыр өз өрісімізді тастап қашқанда кім күтіп отыр сені. Өріс іздемей жоңғар ойнап жүр дейсің бе қазақ жерінде. Ел асып, жер асып қашып жүріп өлгенше, өз жерімізді қорғап қасқайып тұрып неге өлмейміз. Қуған құдайдан қайда барып құтылмақсың. Ендеше, тәуекелмен қарсы тұрамыз қасық қанымыз қалғанша. Әбілхайырдың әр сөзін қалт жібермей қадағалап отырған Бопай ол орнына отырғанда барып тынысын бір алды. Халық қозғалысып қалды. Кеңесте қорғанысты осы бүгіннен бастап қолға алу келісілді. Ол үшін хан сайлауы мен әскербасын сайлау біраз талас-тартысқа түсіп, дауға ұласып кетердей сазы байқалды. Хан сайлау қазақта қашан дау-дамайсыз өткен. Бұл жолы да солай болды. Ру-ру, тайпа-тайпаға бөлінген айтыс, талас біразға созылды. Кіші жүзден әлімұлы, байұлы, жетіру, орта жүзден қыпшақтар мен наймандар Тәукенің орнына Әбілхайырды хан сайлауды жақтады. Өзгелері Тәукені ханды-ғын өзінде қалдырып, Бөкенбайды әскербасылығына ұсынды. Бұл жиында халық көпшілігі қолдап кетіп Әбілхайыр сұлтан хан сайланды. Ал Табын Бөкенбай Қараұлы бас сардарлыққа сайланды. Жиын шешімі «Алаш» туын Бөкенбай, «Арқар» ұранды туын Әбілхайыр көтеріп шығатын болды. Бопай Қарақұмдағы халық кеңесінен көп жайтты ұғып қайтты. Әбілхайырға артылған ауыр салмақ Бопайдың өз иініне артылғандай. Оны көтере алар қайрат табылар ма екен бойынан. Көтере алмай күлкіге қалмас па халық алдында. Ол осы ауыртпалықты өзі сұранып алмады ма? Қолының күші келмес шоқпарды беліне қыстырып несі бар еді. Мұнысы жөн болды ма, жөнсіз болды ма? Бопай осындай екіұдай ой үстінде оралды.

*** *** *** Қарақұм жиынынан кейін қазақ хандығының етек-жеңі түріліп, ширатыла түсті. Бірақ, Қарақұмда сайланғанымен Әбілхайыр әлі хан тағына отырған жоқ еді. Және ол хан болып ел тізгінін қолына алып кетуге дайын емес-ті. Жетім өсіп, үйленгеніне енді ғана жыл толған Әбілхайыр хан тұқымы дегенді естігені ғана болмаса, оның не екенін, сұлтандықтың міндеттерін түсіне де бермейтін. Енді-енді ғана елге кірігіп келе жатқан. Кешегі Қарақұмда халық оны жақтап сөйле-гендерінде де хандық қызметтің қандай екенін жете білген жоқ-ты.

Әдетте білетіні – хандық – төре тұқымдары болып дауысқа түсетін. Кім көпшілік дауыс алса соны хан сайланды қылатын. Ал кешегі Қарақұмда ол реттің бірде-бірі болған жоқ емес пе. Әркім тұрған жерінде Әбілхайыр хан болсын деп айқай салғаны болмаса, дауыс берген ешқайсысы болған емес. Хандық деген әркім жақтастарын жинап алып барып тартып алып ие болып кете беретін дүние болмасқа керек. Халық кеңесінен кейін ешқайсысы барып Тәукеге тағыңды босат деген емес, Әбілхайырға да кел отыр деп айтқан емес. Бұл кеңес – хан сайлауға арналмаған да. Ендеше, Әбілхайыр қалай хан болмақ. Таққа отыруға шақырған күнде де Әбілхайыр елді, халық-ты қалай басқару керектігін білмес еді. Ендеше ол әзір таққа шақырса да бармас еді. Және оны ешкім шақырған да жоқ. Оған Әбілхайыр қуанбаса ренжіген жоқ. Және оны ойлауға мұршасы да болмаған. Кеңестен кейін ел ішінде сапырылыс басталды. Ол қол жинап, ел қауіпсіздігіне кірісті. Ауылдарды қауіпсіз тұсқа көшіріп, күзет қойып, жау жолдарына бекініс белгілеп, күтіп алар шайқас алаңдарын таңдады. Мұның бәрінде Бөкенбай екеуі бірге болды, бірге жүрді. Қазақ хандығының Қарақұм жиыны – қалмақ шапқын-шылығын тездетті. Олар кеңес өтіп жатқан кезінде шабуыл-дамақ болған. Жансыздары арқылы біліп қалған қазақтар оның алдын алып үлгерген. Бес мың қолмен шабуылдаған қалмақ қолын Қарақұмға жетпей түстігі тау-тау құм, теріскейі Мұңалжар тауларының сілемдері көсіліп жатқан аралықтағы кең жазықтықта күтіп алды. Қазақ қолы екі жарылып, бірі тау сілемдеріне бой жасырса, екінші бөлегі қарсы беттегі құм тауларының арасына сіңіп кеткен. Қарақұмға қарай өтетін жазықтықта қалмақ қолына күтпеген жерден тап беріп, қос бүйірден қысып тастағанда оқыс оқтың ортасында қалған жау алғашқы айқастың өзінде-ақ жарты қолынан айрылып кері шегінген. Осы сәтті пайдаланып қазақ жасақтары екі жақтан ортаға алып, ес жидырмай отырып, қалмақтарды Жем өзенінен Жайыққа дейін, қалмақтардың екінші бөлегін Қарақұмнан өткізіп, Сарысу өзенінен ары қуып тастаған. Қазақтарға құдай қарасқанда қалмақтар мұның алдында башқұрттармен, ал башқұрттар қарақалпақтармен қазақтарға қарсы бір уақытта шабуылдамақ болған да, бірақ, одақтастарын күтпей оларды келіп үлгереді деп есептесе керек шабуылға ерте шығып кеткен қалмақ қолы жеңіліске ұшырап, кері қуылды да сол кезде башқұрттар мен қарақалпақтар өзара келіспей үздік-создық шабуыл жасады. Бұл – қазақ қолының қашқан қалмақтарды қуып жетіп біржола талқандап тастауына мүмкіндік бермей, Жайықтан өткізіп тастап, жедел кері қайтып олардың әрқайсысын жеке-жеке соғып тастады. Қарақұм кеңесі қазақтарды жеңіске жеткізіп, хандықты күшейтті. Бірақ бұл – жеңістің бастамасы ғана болды. Үлкен жау - тасада бұғып жатқан арыстан жоңғар хандығымен айқас алдағы күннің еншісіне қалды. Бұл кезде Сібір казакорыстары әзірге тыныш жатқан.

... Қарақұмнан оралғанда Бопайдың аяғы ауырлығы білініп те қалған. Оның отырып-тұруы қиындап, қиналысы көбейе берген. Жанында Әбілхайырдың болғанын жақсы көргенімен жау жолында қуғын-сүргінмен жүріп Бопайдың ол қалауына жағдай мұрша бермеген. Әбілхайыр қалмақтарды Жайықтан асырып тастап қайтқанда Бопай өткен түнде ғана босанған. Мұнан кейін де Әбілхайыр башқұрттармен, қарақалпақтармен шайқасып біраз күн жүріп қалды. Әбілхайырдың қайда жүрсе де жолы болып, бәрі оңынан оралып жатты. Мехнатпен жүріп Бопаймен қосылды, нұр жауып ұлды болды. Жауын жеңіп аман оралды. Ұлының есімін Нұралы қойды. Бұл есім Бопайға да ұнады. Ол ботадай көздерінен нұр тамып, ерінің жүзіне қара көздерін төңкере қарады. Әбілхайыр да оның көздерінен қуаныш ұшқынын байқап, нұрлы жүзіне көз тойдыра қарай берді.

Хан сайланбастан бұрын да Әбілхайырға халық өмірі таныс. Үш жүзге бөлінген қазақ халқының өмірі қайда да бір-ыңғай, ажыратып алғысыз. Жайылым үшін, су үшін талас бір тынбаған. Олардың ішкі өмірі де, сыртқы жаулары да ортақ. Қазақ хандығының оңтүстік аймағында қазақ руларына жоңғар хонтайшысы Сыбан Рабданның шап-қыншылығы тоқтамай, үдей түскен. Солтүстік батыста Еділ қалмақтары мен Жайық орыс-казактары, башқұрттар да Волга-Жайық аралығымен Ырғыз, Тобылдың жоғарғы ағы-сында қазақ жеріне ауыз салып күнде өңмеңдеп отыр. Жан-жақтан дүңк-дүңк хабар келген сайын Әбілхайырдың қалың қабақтарының қабара түскенін Бопай да байқады. Үш жақты қысымды бір уақытта тойтара ала ма? Іргеңді жау шауып жатқанда ойланып отыратын жағдай бар ма? Әбілхайыр жедел батырларын жинап, аттанып кетеді. Алдымен, қазақ ауылдарына шапқан қалмақты қайырады. Сосын алыстан тұрып жұдырығын түйген башқұрттарды серпіп тастайды. Одан оралғанда оңтүстік шығысында қазақ жеріне жоңғарлар ендеп кеткен болып шығады. Әбілхайыр тағы да қарап отыра алмайды. Бірақ, оның қоластындағы күші шектеулі. Қазақ түгел Әбілхайырға қарамайды. Ұлы жүз бен Орта жүздің басым бөлегі Қайып ханға қарайды. Ал, Әбілхайыр Кіші жүзді де әлі толық билей алған жоқ. Бірқатар батырлары мен сұлтандары теріс қарап дербес жүр. Әбілхайыр ақсүйектен шыққанымен оның жұрты, сүйенер халқы - қара сүйек. Сұлтандары да өзіне қараған жақын-немере ағайындары мен жалғыз туған інісі Бұлхайыр ғана. Өзгелері Шөме, Мамай, Қылышқылы, Нияз ғана. Қалған төңірегі түгел қаралар. Оның сүйеніші осы Кіші жүз қазақтары. Олардың ішінде де ең сенімді арқасүйері – Бопай төңірегі ғана. Осы жайды Әбілхайыр ескере бермейді. Бірде Бопай мұны есіне салған.

- Хан ием, айналаңа абай болсаң-шы, - деген ол, - сен үшін жан пидаға баратын кімің бар. Далақтап шаба бермей, алдымен төңірегіңді түгендеп ал. Бопай сөзінің жаны бар екенін Әбілхайыр ұқты. Ақи-қатында да ойлап қараса батырлар ішінде ақсүйектен шық-қандары жоқ екен. Есет - әлім, Бөкенбай - табын, Жәнібек Орта жүз, өзгелері түгел Кіші жүз батырлары. Белгісіз әулеттен шыққан Әбілхайырды Орта жүз түгел мойындай қойған жоқ. Ал, Ұлы жүз - өз алдына бөлек хандық. - Ендеше, хан ием, қай жорығыңда да осы Кіші жүз батырларына сүйенесің, - деген Бопай. Оны Әбілхайыр өзі де білетін. Сондықтан да осы ықпалды батырларды төңірегінде ұстады. Арқасында тұрған қара орман елі жоқ, өзі пытырап жүрген Кіші жүздің бір бөлегіне ғана билігі бар Әбілхайырдың төңірегінде анталаған жауға кезек-кезек шапқаны жандәрменнің күні болатын. Бұл күйде тағдырын мойнына артқан азғана елді қалай қорғап қала алмақ. Соңғы күндері оның мазасын кетіріп, ұйқысын бұзып жүрген күрсінісі осы еді. Ел тізгінінің осындай кезде қолына тигеніне де өкінеді. Оның өзі де түгел билік емес, жарты билік. Кіші жүз бұйдасын мойнына түріп бөлек шыға алған жоқ. Ұлы жүз бен Орта жүздің тоқымын сілкіп қана келе жатқан жайы бар. Әбілхайыр хан атанғанымен қазақтың аға ханы – Қайыпқа әлі тәуелді. Бірақ Кіші жүздің жауларынан мына көріп отырған құқайы олардың жанына батпайтындай. Қалмақтың құқайын көретін алдымен Кіші жүз. Еділ казак-тары мен башқұрттар да алдымен Кіші жүзді түртіп көреді. Оңтүстігінде қарақалпақтар мен түрікмендер де жер, суға таласса алдымен Кіші жүзбен таласады. Найза ұшы алдымен кімге тисе сол қозғалады емес пе. Әмудария мен Сырдария-ның етегін ала жоңғарлардың жолында отырғандар да Кіші жүз. Сонда желдің өтінде, жаудың бетінде кім отырса найза ұшы алдымен соған тимей ме? Мұның бәрі Әбілхайырдың жанына батады. Ал, оның бәрін қорғауға келгенде Әбілхайыр-дың қолы қысқарып қала береді. Жау бетін қайырып тастауға қауқары шатпайды, күші келмейді де тілін тістеп ширығумен болады. Әбілхайырдың жайын Бопай ғана түсінеді. Қолынан келсе оның жанына жалау болғысы келеді. Бірақ от басында отырған әйелдің қолынан не келуші еді. Бар білгені – ерінің қасы мен қабағына қарау. Әттең тағдырдың әйел қып жаратқаны. Әйтпесе Әбілхайырға жатса жастық, тұрса демеуші болып, жауға бірге шабар еді. Бірақ, тағдыры олай жаратпа-ған. Жау қорыққанына иіледі. Қаптаған жаудың ешқайсысы Әбілхайыр алдында иілмей тұр. Оларды қайткенде иілтуге болады. Ешқайсысы келісім іздеп Әбілхайырдың алдына келмейді. Сонда оларға келісім керек емес пе. Әлде байлығы мен күші асып-тасығаннан солай істей ме? Әбілхайырдың білуінше жоңғардың да асып-тасып бара жатқаны жоқ. Ру-ру қырқыс олардың да тамырын кеміріп жеп жатыр. Өздері Цин әулетіне бодан бола тұрып, қазаққа шабатыны қалай? Сонда ол кімге сеніп отыр. Олардың

қауқарын Әбілхайыр біледі. Сөйте тұрып қазақтан келісім сұрамайды. Қоқиланып қыр көрсетеді. Төңіректегі өзге жаулар да солай. Сөйте тұра келісім іздеп келгені жоқ. Мұның сырын түсіне алмай-ақ қойды. Жә Ресей күшіне сенеді делік. Ал, өзгелерінікі не? Мұндайда Бопай ақылшы бола алмайды. Үнсіз тыңдап қана отырады арасында сиректеу сауал қойғаны болмаса. Батырлары мен сұлтандары Әбілхайырға жиі келіп ақылда-сады. Сондайда Бопай қонақтарына қымыз ұсына отырып, әңгімелерін тыңдап, қанығады. Сондағы ұққаны – анталаған жауларының қай-қайсысының да қазақ хандықтарына ісі түспейді екен. Ендеше, ісі түспеген келісім сұрай ма? Сөз ара-сында қыстырылып Бопай оларға сауал береді. Бұл ақиқатқа отырғандардың ешқайсысы баса-көктеп жауап таба алмайды. Қарсы айтар дауы да жоқ. Ендеше, олардың ісін қалай түсіну-ге болады. – Жауды жанды жерінен ұстасаң неге ісі түспеске. Жанына батса неге келісім іздемейді. Бұл – Бопайдың ойы. Мұны жөн деп ұққан Әбілхайыр да, өзге батырлар мен сұлтандар да жаудың сондай жанына батар осал тұсын іздейді. Ақыры, Әбілхайыр жауға өзінен бұрын шабу керектігін түсінеді. Жерін, суын, жайылымын тартып алып, адамдарын тұтқындап, құл, күң қып ұстап бермей қойса олардың ісі түспей ме. Сонда қарсыласын шауып алуға күші жетпеген жау алдыңа кеп өзі жығылмай ма? Сосын оған талабыңды қоя бер. Мұны Әбілхайыр да, батырлар да мақұлдайды. - Әйтсе де, артық кетпей он ойланып жасау керек, хан ием, -дейді Бопай Әбілхайырдың бірбеткей де алыпқашпа мінезін аз да болса баса сөйлеп. Бұған дейін талай рет көресінін жоңғардан көрген Әбілхайыр жұдырығын түйсе алдымен жоңғарларға түйеді. Найзасын да сол жоңғар үшін ұштайды. Қазір де алдымен жоңғарды есіне алды. Сыбан Рабданды алдына әкеп шоқитып отырғызып қойса дейді. Бопай жоңғарға ала шапқанды қаламайды. - Алдымен, қалмақтар мен башқұрттарды ескертсе ше? - дейді ол. Ондағы айтпағы жоңғарларды қорқытамыз деп өшіктіріп алмаймыз ба дегендік. Ол ойын тіке айтпағанымен меңзей сөйлеген. Әбілхайыр сұп-сұр күйінде ештеме естімегендей, еш жанмен саудасы жоқтай міз бақпаған қалпы қалған. Бұл – айтқанымнан қайтпаймын дегені. Мұндайда оның назарын аударамын деп әуре болмайсың. Бірден жоңғардан бастағаның қате болады дегенді Бопай тілінің ұшына кеп тіреліп тұрса да айта алмады. Осы тұсқа кеп тірелгенде батырлар да, сұлтандар да үнсіз қалды. Мұндайда бұзып-жарып айтып тастайтын Бөкенбай бұл кеңеске қатыса алмаған. Ал, етек жақта отырған Бұлхайыр әңгімеге түсінбеген. Оның балалығы жеңіп әдеттегі барымта көріп отырған сыңайлы. - Қайда шап десеңіз сонда шабамыз, - деді ол.

Әбілхайырдың сазарған қалпы – жоңғарды алдыма әкелмей қоймаймын, - дегені. Тек шығар есікте ғана Бопай Жәнібекке: - Жоңғар оңай жау емес. Ол бөрікпен ұрып алуға келмейді, - деп үлгерді. Бұл - әлі де ақылға салың дегені. Бірақ Жәнібек оған жауап қатпады. Келесі таңда Әбілхайыр батырлары мен сұлтандарын бастап Сырдарияны бетке алып жүріп кетті. Жолда сұлтан-дары өз билігіндегі ауылдардан жасақтарымен келіп қосылып жатты. Бұл сапарында ол Сыр мен Әмударияның орта ағысы тұсында бейғұт отырған жоңғар ауылдарын қан қақсатып шапты. Малдарын айдап алдына салып, мыңдаған адамдарын тұтқынға алды. Әбілхайырдың осы жорығынан жоңғар ауылдары қатты күйзеліске ұшырады. Бұл Сыбан Рабданға қатты батқан. Бірақ ізінше қуғынға түсуге шамасы жетпеді. Өзді-өзі қырқысып жатқан жоңғар тайпалары хандықты әлсіретіп тастаған. Жансыздары арқылы біліп отырған Әбіл-хайырдың есебі дәл шықты. Оның осы жолғы соққысы Сыбан Рабданның жанына бататындай болған. Оларға енді есін жию үшін біраз уақыт керек болатын. Содан соң араға жыл жарымдай уақыт салғанда да жоңғарлар әлі қалпына келе алмаған. Тісін басқан Әбілхайыр оларды тағы бір рет соғып тастауды ойлады. 1714 жылы оның жекелеген жасақтары шетте отырған ойрат ұлыстарына шабуыл жасады. Бұл – Сыбан Рабданды одан әрі өшіктірген. Ол армиясын жаңа жауап жорыққа дайындап үлгермесе де, асығыс жасақтарын шығара бастады. Олар Тян-шань тауларының Орта Азияға қарай құлайтын жықпылдарына кеп орналасып, кез-келген сәтте шабуылға шығуға әзір тұрды. Бопай бұл соғысты қала-маса да Әбілхайырға қаупін айта алмаған. Алған бетінен қайт-пайтын Әбілхайыр жоңғарлардың жауап соққы бере алмай кідірістеп қалғанын әлсіздікке санаған. Ал, оның ақиқаты Сыбан Рабдан ойрат-Қытай шекарасындағы дау-жанжалға байланысты болатын. Ол алдымен Қытайдың көңілін тауып, сосын Әбілхайырға бет бұрмақ еді. Бірақ, Қытайдың көңілін таба алмай жіпсіз байланып отырған. 1716 жылы Ойрат-Қытай шекарасында аздаған уақыт тыныштық орнады. Сыбан Рабданның да күткені осы еді. Ол енді қазақ хандығына жедел әскер аттандырды. Кескілескен шайқас бірнеше күнге созылып, қазақ қолы көп шығынға ұшырады. Осы жолы есе жіберіп алған қазақ жасақтары іле есе қайыруды ойлап Іле өзені маңында көшіп-қонып жүрген ойраттарға, ал күзде Қайып хан мен Әбілхайыр бірігіп, Аягөз өзені бойында қоныстанып қалған жоңғарларға шабуыл жасады. Бірақ бұл шабуыл да сәтсіз аяқталып, көп шығынға ұшыраған Әбілхайыр жасақтары шегінуге мәжбүр болды. Сыбан Рабдан тізе бүкпеді, келісім де сұрамады. Әбілхайыр да бастапқы ойынан әлі бас тартпады. Мұнан кейін үш жыл бойы қазақ-жоңғар шекарасында тағы да күтпеген тыныштық орнады. Бұл кезде жоңғарлар оңтүстік-шығысында Қытаймен алысып кеткен де, бар күшін сонда аударған. Бұл жоңғардың әлсірегенін білдіретін. Осы сәтті пайдаланып қалу керек еді. Бұл кезде Арал мен Қарақұм аралығын мекендеген Әбілхайыр

ауылы алмакезек шабуылдан көз ашпай күнде жол қарап, иек артып отырған. Әбілхайыр тағы бәр сәтті пайдаланып, Жетісу бойындағы көшіп жүрген ойраттарға шабуыл жасап, үш мың адамын тұтқындап, жоңғарлар жұртында мал қалдырмай айдап кетті. 1715 жылы Әбілхайырдың өзі бастаған қазақ қолы Қазан губерниясы аймағында Черемшан өзені бойындағы башқұрт тайпаларына шабуыл жасап, ойсырата ұрып тастады. Башқұрттар көрші қазақ ауылдарына шабуыл жасайтындай болса, Әбілхайыр қолы Уфаға кіріп кетпек. Мұны сезген башқұрт жағы жедел келісімге шықты. Арадағы дау жедел реттеліп, тұтқындар алмасылды. Осы оқиғадан кейін іле қарақалпақ жасақтары солтүстік-батыстағы, сондай-ақ шығыс шекараға таяу қазақ мекендеріне шабуыл жасап, тұтқындарын Хиуа базарына құлдыққа сатты. Әбілхайыр жасақтары Орал мен төменгі Повольжеде шекарада отырған орыс селоларына шапты. Бұған да жауап алмаған Әбілхайыр орыстарды да алдына келтіріп, келісім-бітімгершілікке отырғызуға мәжбүрлеу ойынан танбай, 1717 жылы қыста он мың әскермен Новошешминск қыстағын басып алды. Келер жылы Яйцк қаласын қоршап, Самарадан бөліп тастап, бір ай қоршауда ұстады. Ал, 1719 жылы жиырма мыңдық әскермен қаланы екінші рет қоршады. Әр қоршау, шапқыншылық сайын талай мыңдаған адам тұтқындалып, қалалар өртеліп, тоналып, байлықтары олжаға түсті. Ресейдің Астрахань, Қазан, Сібір губерниялары бөрлігіп жатты. Орыс елшілерінен, губернаторларынан үнемі түсіп жатқан хабарлардан орыс патшасы да шошынып, үрікті. Патша чиновниктерінің іс қағазында Әбілхайырдың есімі жол бермейтін. Бұл кезде Әбілхайыр жасақтары кей тұстарда Ресейдің ішкі аймақтарына да ендеп кіріп кетіп жатты. Өз кезегінде қайсыбір тұстарда Ресей мен оның бодандары қалмақтар мен башқұрттар тізе қосып жауап соққылар да беріп жатқанымен олар қорқып та қалған. Сондықтан да Патша үкіметі ел ішіне жазалау отрядтарын шығарғанымен Ресейдің Повольже, Сібір шекара үкіметтері дала билеушілерімен саяси байланыстар жүргізуге мәжбүр болды. Орыс үкіметінің бірден қазақ хандарының аяғына кеп жығыла кетпейтіні түсінікті еді. Ар жағында қазақтармен тыныш өмірді қалап отырса да бер жағынан сыр бермей шалқаятыны белгілі. Солай болуға тиіс те. Қазақ хандығын қайырып, не соғып бас көтертпей тастауға орыс патшасының күші жеткенімен, олай жасауға болмайтын жағдайлар да бар еді. Орыс патшасына Орта Азия хандықтарымен бейбіт байланыс жасау керек болды. Ол мүдделілік – орыс патшасының Индия алтынына ұмтылуынан болатын. Ол үшін оған жол ашу қажет болды. Ал, ондай су жолы да, құрылық жолы да Орта Азия арқылы, оның ішінде қазақ жері арқылы ғана өтетін. Егер орыс патшасы қазақ хандығына шабуылдап, оны басып алу саясатын жүргізетін болса, онда Ресей шығысқа ешқашан жол аша алмай, Индия алтыны оларға арман болып қалар еді. Мұны

жақсы түсінген Бірінші Петр Орта Азиядағы маңызды буын – қазақ хандығымен басқаша саясат ұстануына мәжбүр болған. *** *** ***

Балтық теңізі жағалауы мемлекеттері үшін бір жарым ғасырға созылған күрес Ресейдің пайдасына шешілді. Енді Ресей Еуропаның кез келген елімен тұрақты байланысқа шыға алатын. Еуропа державаларының ішінде алдыңғы орындардың біріне шыққан Ресей қуатын одан әрі аттыруды көздеп, Индияға шығатын жол іздеп Орта Азияға назар аударып, көз тікті. Хиуа хандығын бодандыққа алып, Бұхар хандығымен достық қатынас орнату арқылы ол мақсатына жол ашпақ болды. Ол мақсаты қазақ жері арқылы ғана жүзеге асатын, қазақ хандықтарына соқпай өте алмайтын. ХҮІ ғасырдың аяғы мен ХҮІІ ғасырдың басы – Ресейде мемлекеттік қазынаның ортайып қалған кезі еді. Ондай қазына қоры болмайынша – Ресейдің үлкен держава ретіндегі Еуропа-дағы жетекші орынын ұзақ ұстап тұруы мүмкін емес. Бұл жағдай орыс патшасы Бірінші Петрді толғандырмай қоймады. Мемлекет алтын мен болат металға сусап отыр. Мұны ойлаған Петр патша тағында отыра алмай бөлме ішін кезіп кете берді. Ол қалай армандаса да мол алтынның көзін таба алмай ұйқысы қашқан. Қазір алтын үшін соғысқа да, басқаға да баруға әзір еді. Cолтүстік Балтық жағалауын және Батыс Еуропа мемлекеттері мен Ресей арасы қиян-кескі жағдайда. Оңтүстікте Түркия, Персиямен де жағдай бірқалыпты емес. Осындай шақта Бухгольц экспедициясы көп уақытын жолға дайындыққа жіберіп, 1714 жылдың тамыз айында ғана жолға шығып, қараша айында Тобылға жетті. Ал Жаркентке келесі 1715 жылдың шілде айында ғана жолға шықты. Жәміш көліне үш мың солдатпен жеткен ол мұнда шағын қорған салып, сонда қыстап, 1716 жылдың көктемінде баратын жерлеріне енді қозғалып жатқанында қорғанға он мың әскермен қалмақтар шабуыл жасап, орыс экспедициясының кетуін талап етті. Талап қабыл алынып, 1717 жылдың соңғы күндерінде Бухгольц алтын шығатын жерді тастап Тобылға қайтып оралды. Осылайша Сібір алтынына қол жетпеді. Ал, 1714 жылы Бекович-Черкасскийдің жасағы да жорыққа Астраханнан шыққан еді. Бірақ Гурьевке жетіп, одан әрі шөл даладағы ұзақ жолға жүруге дайын болмай кері қайтқан экспедиция келер 1715 жылы Каспий теңізінің шығыс жағала-уымен жүріп Әмударияның кеуіп қалған ескі жылғасын тауып, одан әрі тірлік нышаны байқалмаған сары даламен жүре алмай Астраханға кері қайтты. 1716 жылдың жазында князь үшінші рет жолға шығып Каспий теңізінің жағалауынан Қызылсудан қамал салды. Бірақ, жұқпалы ауру тарап, шөл далада қалып, жасақ тағы да кері қайтты. Мұны естіген патша қатты қаһарланып, қайтсең де Хиуаға жет деген әмір берді. 1717 жылдың көктемінде 3500 адамдық

әскерімен тағы жолға шыққан Бекович-Черкасский асқан қиындықпен шөл далада алыс жолға шыдас бермей көліктері жолда қалып, жасағы жаяужалпылап отырып, жартысы жолда қалып, Арал теңізін бетке алып жүре берді. Өйткені, патшаның соңғы пәрменінен кейін енді кері қайтуға болмайтын. Олар сүйретіліп келіп Қара ағаш жықпылына зорға ілігіп, осында шатырларын тікті. Бұл арадан Хиуада алтын, күміс шығатын Шайх-Жалил-Тағ тауы да қашық емес еді. Бірақ, оны орыс экспедициясы білмейтін. Егер біле қалғанда Хорезмді жауламақ ниеті де жоқ емес-ті. Соңғы аялдамада тынығып алып қалаға бірден кірмек болған. Жолсоқты болып, ұзақ жолдан болдырған солдаттар шатыр ішіне жата қалысып ас ішуге де әлдері келмей ұйқыға кеткен. Черкасскийдің өзі түннің бір уақытына дейін ертеңгі қимыл-қарекетті ойлап, мұнан былайғы жүрістің картасын сызып, Хиуаға кірер жолға барлау жасап, кеш қисайған. Біразға дейін ұйықтай алмай, түнгі күзеттерін тексеріп, әскердің қаруларын жайғап, алақызып, дөңбекшіп жатып, ұйқыға кеткенін білмей қалған. Келер таңда оларды мезгілсіз дабыл оятты. Оқыс басын көтеріп алғанда, тарс-тұрс атыс ол жатқан шатырға жақындап қалған. Атып тұрып тысқа жүгіре шықты. Таң бозарып қапты. Бас-аяғы әудем жерді алып жатқан лагерь аймағына әлдеқайдан атты жасақтар өңмеңдеп келіп қалған. Лагердің шет жағындағы шатырлар маңында айқас жүріп жатыр. Таң қараңғысында ат қойған жасақтың алды шатырлар қалашығына араласып, арты кейініректе құйғытып келеді. Атыс барған сайын қызып, лагерь маңы көк түтінге көміліп қапты. Александр жағдайды айттырмай түсінген. Мұның Хиуа хандығының әскері екендігін білді. Орыс әскерін кеше кешкілік осы араға келіп тоқтағанын байқаған олар түнде тосын тиіспек болған. Күзеттің сақтығымен дабыл қағып, экспедиция жауынгерлері құдай оңдап қорғанысқа көшіп үлгерген. Тез есін жиған жауынгерлер қарсыласып жатыр. - Атыңдар, - деп дауыстады Александр. Өзі де көздеп жүгіріп жүріп ата берді. Лагерь қалашығында түтін тұманы қоюлана түскен. Таң сазы дендеп, төңірекке жарық орнаған шақта атыс өршелене түсті. Өңмеңдей ұмтылған жасақ алғашқы атыстан-ақ селдіреп қалған. Көп адамынан айырылған шапқыншылар жарық түсе шегінуге мәжбүр болды. Осыдан екі жыл бұрын хан тағына отырған Ширғазы ханның бұған дейін беті қайтып көрмеген. Оның арғы тегі Сұлтан-Ғазы сұлтанның ұрпағы. Оның туған жері де, шыққан тегі де қасиетті Бұхара. Арғы тегі түгел күшпен ала алмағанын қулықпен, айламен алатын, аярлығымен аты шыққан сол ұрпақтың жалғасы Шерғазы балаларының ішіндегі айлакер де қатыгезі. Оны әкесі Жантөре хан өзіне ізбасар деп білді. Бала кезінде Бұхарада медреседе оқып, ыждағаттылықпен ғылым үйренді. Бірақ, ғылым оның бойына аяушылық нәрін құйған жоқ. Ел басқару ісі - асқан қатыгездікті сүйеді деп білді. Бұл – оның ата

тегінен құлағына құйып, енді қанына сіңіп кеткен қасиеті болатын. 1714 жылдың қамал айында оны Бұхардан алып келіп, Хиуаға хан тағына отырғызды. Шерғазының бала кезінен-ақ өз аймағында қатыгездік атағы тараған. Оның енді хан болғандағы сиқын танып білу онша қиынға соқпайтын. Сол Шерғазы Хиуаның хан тағына отырды дегеннен-ақ жақын маңдағы хандықтар мен аймақ билеушілері аяғын тартып бұл маңнан боса бастады. Қазақ ханы – Есім хан да, қарақалпақ жұрты да Арал жағасын тастап кейін серпілді. Ал, Арал өзбектері оған алғашқы күннен-ақ бағынуға мойын-сұнды. Оның табанын жалап, босағасын сүйіп, құлы болуға әзір екенін білдірді. Сол таққа отырысымен күн Ешкімүйіз шоқжұлдызына кіргенде Шерғазы қалың әскерімен қарақалпақтарды жоюға аттанған. Қарақалпақтар оған қарсы тұра алмай мал-мүлкін, үйін, тұрағын тастап қыста теңізде мұз үстімен Жаңасу, Сырдарияға қарай шұбырды. Хан әскері оларды теңіз ортасында қуып жетіп, мұз үстін қанға бояп қырып, қалғандарын бұғаулап хан алдына алып келді. Хан әйелдер мен балалардың да қанын судай ағызды. Хандық қызметін осылай бастаған Шерғазы таққа отырған екі жылы ішінде аймағына әлемді бағындырушы ретінде танылды. Даңқы жайылған хан қастасқан жауын күшпен алатын. Міне, сол Шерғазы тұңғыш рет орыс әскерімен бетпе-бет келген. Және тұңғыш рет жауынан беті қайқан. Орыс әскерін күшпен жеңе алмасын білді. От қаруы мол орыс әскері алғашқы қақтығыста-ақ Хиуа әскерінің тоз-тозын шығарып жіберген. Хан болғалы қарсыласынан тұңғыш беті қайтқан Шерғазы енді қулыққа көшті. Черкасский әскері Хиуаға тақап келгенінде алдынан елшілерін жіберіп, Хиуа жасағының орыс әскерін танымай қалып соғысқанына кешірім сұрады. Жатып жастық, тұрып төсек болып, аяғына жығылып, Хиуа ханы Шерғазының құрмет көрсетіп күтіп алмақ ойын айтты. - Ұлы патша алдында әміршіміз өзін кінәлі санап, кешірім сұрауға әзір, - деді олар, - осы сөзімізге сеніңіз. Құдай алдында күнәһар пенделері – мына біздер қолдарымызға құран ұстап тұрып айтқан уәделеріміздің ақтығына ант-су ішеміз. Мұны елшілер қолына құрандарын ұстап тұрып Бекович-тің аяғының астына жығылып жатып қайталаумен болды. Бастапқыда Черкасский елшілер сөзіне күмәндана тұрса да құран ұстап, ант бергесін сеніп қалған еді. Орыс әскері басшысының түсі жылығанын көрген елшілер енді уәдені үйіптөгіп, өздері алдына түсіп, әскерді қалаға бастап әкелді. Оларды қол қусырып күтеді. Бековичтің өзін Шерғазы хан сарайында күтті. Қойған талаптарын түгел орындауға уәде берді. Ресейге бодан болуға әзір екенін де айтты. Индияға тіке жол ашып, бастап апаруға келісім берді. Әскерді бірнеше күн қонақ қылып құрмет көрсетпек болды. Қабылдау үстінде Шерғазы жанында Құл-Мұхаммед аталық пен найман Әмір Ауаз инақ бар еді. Хан Бековичке берген уәделерінің бәрін сол жанындағы екеуінің аузымен айттырды.

- Бір ғана өтініш болып тұр, - деді Шерғазы Бековичке қарап, - 3500 солдатты бір уақытта тамақтау мүмкін болмай тұр. Егер сіз қарсы болмасаңыз оларды бірнеше топқа бөліп, әр топты әр жерге орналастыра тұрсақ. Ханның іші-бауырына кіріп жылы қабылдағанына сеніп қалған Бекович: – Болсын, - деді. Солдаттарын шағын топтарға бөліп, әрқайсысын әр жаққа пытыратып орналастырды да олардың қаруларын жинап алды. Сол түні хан әскері экспедиция солдаттарын қырып салды. Қасында үш-төрт көмекшісімен Черкасскийдің өзіне Шерғазы бөлек арнайы қабылдау жасайтын болып бөліп алып кетті де, сол бойда олардың қолдарын байлап, көз алдарында Черкасскийдің басын Шерғазы ханның өзі қылышымен шауып түсірді. Бұл сәтсіздікті естіп, ойы іске аспаған Петр әлі де ол ойынан бас тартпады, үмітін жоғалтпады. Орыс патшасы Индия алтынынан әлі де күдер үзген жоқ еді. Оның көз алдында жарқ-жұрқ күнге шағылысқан алтынның көз қарықтырар жарқылы кетпей тұрып алды. Қазір сол Бухольц пен Черкасскийді көрер болса, оған не істейтінін, қандай жаза қолданатынын бір құдайым білсін. Әйтеуір, түтіп жердей тістерін шықырлатты. Үлкен алақандай көздері дөңес маңдайына шығып кеткендей. Ол үшін құрбандыққа шалынған бүкіл экспедицияның үш, бес мың адамнан тұрған әскерінің, оның ішінде кабардин князі Бекович-Черкасскийдің де құны көк тиын еді. Оған керегі алтын..., алтын..., тағы да алтын... 1715 жылы Петр Индияға жолды Персия арқылы іздеуді көздеп, 28 жасар подполковник Артем Петрович Волынский-дің басқаруымен өкілетті елшілік жіберді. Оның міндеті – Персия шахын орыс елінің достығына сендіріп және Индиядан Каспий теңізіне келіп құятын өзеннің бар-жоғын білу. Ол Еуропа картасына қанша шүйілсе де ондай өзенді көре алма-ған. Әйтсе де көңілі құрғыр сенбейді. Мүмкін, бұрын белгісіз болып келген бір өзен табылып қалса ше? - деп тұрғандай. Ол кезде кемемен Индияға оп-оңай жете қойып армандаған мақсаты оп-оңай орындала қалар еді. Бұрынғы үлкен жібек жолының да бағытын өзгертіп, оған шахты көнді-руге болар еді. Біздің эрамызға дейінгі екінші ғасырда Қытай жібегі Батысқа осы керуен жолымен жеткізілген. Жол Персия арқылы Алдыңғы Азияға, ол жерден теңізбен Еуропаға тарт-қан. Петр Персияда жібекті Каспиймен Волгага, содан кейін Рыбинск өзені арқылы Петербургке жеткізбек. Одан әрі патша мұнда жібекті өз кемелеріне тиеп, Батыс Еуропаға жөнелтуді ойлады. Мұндай саудадан орыс қазынасы ортаймас еді ғой. Оның арманы жолында патша елшілері жыл үстінде дайындықтан өтіп, сегіз айда Астраханнан Исфаханға жетіп, 1717 жылдың наурыз айында ғана Волынский Персия шахы-мен кездесті. Патшаға бұл елде басшылықтың жоқтығын, елдің басына кеткенін жеткізді.

- Мұндай елді шығынсыз оп-оңай-ақ басып алуға болар еді, - деп те қойды. - Ал, бұл арадан Индия қол жетім жер. Патша жорыққа дайындалды. Волынскийді Астраханға губернатор етіп тағайындап, оған кемелер жасап, азық-түлік қорын дайындауды тапсырды. Армения, Грузия патшалық-тары орыс әскеріне қарсы тұрды. Жергілікті халық та наразы болып, тұс-тұстан жасақ-жасақ болып дүрк көтерілді. Бұл кезде алыс жолдан бірнеше жылдан бері жорық жолында жүрген орыс қолы әбден қалжыраған еді.

*** *** *** Әбілхайырдың 1715 жылғы Қазан губерниясына башқұрт-тар жеріне шабуылы олардың боданы болған Ресейге батып кеткен еді. Осыдан кейін орыс казактарымен аралас башқұрт-тар көрші жатқан Кіші жүз ауылдарына жауап ретінде шабуыл жасап, адамдарын тұтқындап, малдарын айдап әкетті. Әйтсе де Әбілхайырдың шабуылы жанына батқан Қазан губерния-сының губернаторы Салтыков Әбілхайырға кездесуді ұсынды. Әбілхайыр оған бірден құлай кетпеді. Өзі бармай орнына елші ретінде Тайқоңыр Құлтабайұлын жіберді. Ол жанына Бұлхайырды ертіп алды. Екеуі башқұрт батыры Қарта батырға келді. Тайқоңыр талабын алдымен жер дауынан бастады. Түркістан жерінің бұрын Тәуке ханға қарап келгенін, ол өлгесін Қайып ханға қарайтынын, Орынбор губерниясына дейінгі аралық қазір қазақ хандығына тиесілі екенін айтты. Орыс-казак пен қырғыз-қайсақ тұтқындарын алмасу жайын алға тартты. Бұл кезде Қайып ханның қолында 200 адамдай орыс тұтқындары бар болатын. Оларды босату үшін орыс патшасының Қайып ханға елші жіберіп келіссөзге келуін қалады. Сонда қазақ хандығы орыс патшасымен иықтаса отырып тең сөйлесе алар еді. Және қазақтар орыстарға талап қоя алмақ. О баста Бопайдың айтқаны осы болатын. Оны түсінген Әбілхайыр да осыған ұмтылды. Тайқоңырға Уфада жүргенде Бұлхайыр батыр осыны үнемі есіне салып отырды. Олар башқұрт барымташыларының қазақ ордасына шабуыл жасағандығынан қазақ хандығының осындай ақырғы әрекетке барып, орыс тұтқындарын ұстап отыруға мәжбүр болған дей келіп, егер орыс елшілігі келсе Қайып хан жеңіл талаптарға келіседі деген. Бұл кезде Кіші жүз хандығына қарайтын бірнеше адамы орыс тұтқынында отырған Әбілхайыр Қайып ханның қолын-дағы орыс тұтқындары орнына өз тұтқындарын босатып алу-ды көздеді. Егер орыс патшасы ондай келісімге барса, бұл да орыстардың ісін түсіріп, өздерімен есептесуге мәжбүр етпек. Бопай айтқан саясат келді. Әбілхайыр мен Қайып хан табан-дап отырып Қазақ пен Сібір губернияларының әкімшілігін келіссөз жүргізуге мәжбүрледі. Ол келісім бойынша тұтқын-дар алмасылды. Орыс боданындағы қалмақтармен, башқұрттармен, Орал және Сібір казактарымен қазақ ордасы арасын-дағы әскери

жанжалдарды реттеуге күш салды. Орыс купец-тері мен қазақ аймақтары арасындағы сауда байланыстарын дамытуға қолайлы жағдай туғызып, арадағы сауда керуен-дерінің қозғалыс қауіпсіздігіне екі жақ бірдей жауапты болды. Ұлы мемлекет иесі – орыс патшасының беті бері қара-ғанымен әлі де мойыны толық бұрыла қоймаған. Алғашқы елшілер келіп, арада аз-кем байланыс орнағанымен мойны жуан орыс мемлекетінің салмағы безбен басын басып тұрған. Орыс патшасы бірден сылқ ете қалмаған. Елшілерін жіберіп уақыт ұту үшін қазақ хандығын алдарқата тұрғанымен әлі теріс қарап тоң-торыс отырған. Мұның салқыны тиіп, елші-лермен арадағы келіссөз бірден жүзеге асып кете қоймады. Және ол келісім аяқталмай да қалды. Арадағы сауда керуендері босқа қайқаңдап өтіп жатты. Басы басталған тұтқындар алмасу тоқтап қалды. Екі жақта да көп тұтқындар бар еді. Орыс патшасының боданындағы қалмақ, башқұрт, орыс казактары мен қазақ хандығы арасындағы әскери жанжалдар әлі тыйыла қоймаған. Орыс-қазақ арасындағы өзге де түйіні шешілмеген жағдаяттар аз емес-ті. Ойындағысы орындала қоймаған Әбілхайыр үйге түнеріңкі кірді. Дөң маңдайы шеткері шалқайып, қалың қабақтары тырыса қалыпты. Күйеуінің көңіл-күйін айттырмай танитын Бопай оның жағдайын іштей түсініп те, түйсініп те отыр. Бопай әдетте ерінің іштей күйзелісін сезгенде оған өз қолымен қымыз ұсынар еді. Әбілхайыр оны бірден басына төңкермей тамсана отырып ұзақ ішер еді. Сосын барып жиырылған қалың қабақтары қайта тарқап, күпті көңілі сабасына түскендей болар еді де шешіліп бастар еді. Қазір де Бопай әдеттегі әдетінен жаңылмай қымыз келтіріп, күміспен жиектелген сырлы зереңге иінінен дем алдыра толтыра құйып ұсынды. Әбілхайыр сіркесі су көтермей келсе де Бопайға қабақ шытпайтын, қолынан қақпайтын. Қысылған сәттерде Бопайдың жанынан табылғанының өзі оның жаны жай тапқандай көңіліне демеу болар еді. Қазір де жанына жалау болар бір жайды қалағандай. Сол демеуді Бопайдан тауып, ол ұсынған зерең қымызды қолына ұстады. Сосын аузына апарып дәмін татқандай ырымын жасады да зереңді алдына қойды. Әбілхайырдың соңғы күндері қабағы бір ашылмай-ақ қойды. Оның қазіргі қатулы қабағына, оқыс жиырыла қалған маңдайының қыртыстарына, қиядағы қыраннан көз алмай отырғандай тұнып қалған тұңғиық көздеріне Бопай түсініп отыр. Ойындағылары орындалмай жатқан оның ойы онға бөлінеді. Орыс патшасының бір сәтке бетін бері қарата алғанымен ойындағысы болмай көңілі орта. Қалмақтар мен башқұрттар басынып барады. Оларды қанатының астына алған орыс патшасы үнсіз, иілгісі келмейді. Ал, жан-жақтың талауына қалған Әбілхайыр оны еңкейтем деп әлек. Төңіре-гінде жүріп жатқан қарбаласты өз пайдасына бұрғысы келеді. Бірақ асау өмір бас бермей ала қашып барады. Қайда барып тірелерін өзі де білмейді.

Енді бірде осы бір шексіз тірліктен мезі болып та кетеді. Ондай кезде жанында жүрген Бөкенбай батырды есіне алады. Бөкенбай ойын айттырмай ұғар еді де өзі алдына түсіп ала жөнелер еді. Сондықтан да қайда жүрсе де жанынан Бөкенбайды тастамайтын. Қайсыбір кезде жанына Бөкенбай да жалау бола алмайды. Әйтсе де Бөкенбайсыз жаны құлазиды. Оның дертіне түзде Бөкенбай дауа болса, үйде Бопай. Осы екі жан жанында болмаса, өмірінің не боларын, бастаған істерінің немен тынарын өзі де білмейтіндей. Өткенде Орскіге кеткен Бөкенбай әлі хабар-ошарсыз. Ал, Әбілхайыр болса от пен судың ортасында жалғыз қалып қойғандай. Қалмақтар мен башқұрттардың күнде шабуылы, күнде барымта жүйкесін тоздырып бітті. Әбілхайыр қай жауына да есе жіберіп жатқан жоқ. Қалмақтың да, башқұрттардың да Әбілхайыр қолында отырған тұтқындары аз емес. Тұтқындардың көздеріне қарап мүсіркегенімен орыс боданда-рының қылығына қарап қаны қараяды. Бүгін де Әбілхайыр сондай бір қалшылдап келген. Ерінің бірбеткейлігі Бопайға аян. Орынбор губернаторының ісіне ашынып жүрген ол енді бірде Орынбордың өзін де шауып алмақ болады. Мұндайда Бопай тоқтау айтады. - Хан ием, орыс патшасының күші басым ғой. Және олардың от қаруы бар. Сенің атты сарбаздарың оған қарсы шаба алмайды. От қаруға не істей алмақсың. Сондықтан орысқа қарсы шаппай ана бодан хандықтармен бола берген мақұл, - деген. Бірақ, ашу қысқан Әбілхайырдың қатулы қабағы әлі жазыла қойған жоқ. Алдындағы зерең толы қымызды оқтын-оқтын ерніне тигізіп, жерге қайта қояды. Зерең ернеуі әлі ортая қоймаған. - Бодан елмен бол дейсің. Оларға аржағында дем беріп отырған сол Ресейдің өзі емес пе. Егер орыс патшасы қолдамаса ол бодан елдер бізге қарсы шаба алар ма еді. Олар маған қарсы шаппақ түгілі лақтырған таяғымды әкеле алмас еді ғой, - деп көк желкесінде тұрған қос жастыққа қисая кетті. Бұл – ерінің көнбеске бет алғаны. Өзінен әлдеқайда басым орысқа қарсы қол көтеру қауіптің басы. Бірақ, ханның өзін мақұлдамағанын білді де Бопай үнсіз қалды. Ақиқатында да Әбілхайыр алған ойынан қайтпаған. Ол қайткен күнде де орыстың жанды жерінен соғып, өзіне иілдіргісі келеді. Осыдан екі жыл бұрын сондай бір соғып тастаған кезінде орыс елшілері өздері іздеп келіп еді. Одан кейін тағы да тоң-торыс қалған Ресейдің ойы оған бесенеден белгілі. Бұл - өткендегі жарасының жазылғаны. Ол Ресейдің сондай бір жанды жерінен тағы бір соғып тастамақ болады. Ондай әлсіз жері Қазан губерниясының Елек өзенінің жоғарғы жағымен шекаралас тұсы. Бұл жерде осы жуырда орыс-казак пен башқұрттардың біріккен жасағы қазақ ауылын шауып, олжалап кеткен. Бұл шығын Әбілхайырдың жанына бата қойған жоқ. Бірақ, жоқ жерден ілік іздегенге осының өзі де жеткілікті еді. Ресей елшілерінің осыдан екі жыл бұрын 1715

жылғы уәделерін орындамағаны оның есінде. Ханға батқаны – халқы алдында ұятқа қалғаны. Және патшаның да уәдесінің орындалмағаны. Елші уәдесі – патшаның сөзі емес пе. Ендеше, оның орындалмағаны патшаның кінәсі боп шықпай ма. Бұл – патшаның менсінбегені – қазақ хандығын ел деп есептемегені. Осы тұсқа келгенде Әбілхайыр қалшылдап қатып қалады. Оның алыста тұрып жұдырық түйгені орыс патшасына шыбын шаққандай әсер етпей тұр. Осыны ойлаған ол енді орыс патшасының шымбайына бататындай бір жұқа жерінен азу басқысы келеді. Сондай жерін таппақ болып қиялдап жүргенінде сәті түсе кетті. Бірақ, Әбілхайырдың бұл ойын Бопайдың мақұлдамай қойғаны. Әйтсе де Әбілхайырдың әдеттегі ашуымен қуаты кемімеген Ресейдің тағы бір жанды жерінен ауыз салу ойынан кетпей қойған. Ақыры осы ойын жүзеге асыруға бел буды. 1717 жылдың күзінде көрші Қазан губерниясының жеріне басып кіріп, үлкен олжамен оралды. Бұл маңдағы тәртіпті сақтап тұрған Жайық казак орыстарымен бірге Орал башқұрттарының біріккен жасағын соғып тастады. Тосыннан қатты соққы алған патша әскері тез-ақ шегініп кеткен. Бұл жағдай орыс елімен арадағы жағдайды бұрынғыдан бетер қиындатып жіберді. Орыс елімен ара шиеленісіп кетті. Осы екі аралықта сауда керуендері қайта тоқтап, барымта қайта күшейген. Екі жақтың елшілері де біріне-бірі қарап тұяқ серіппей қалған. Тұтқындар алмасып, елшілер жүріп, керуендерге жан бітуі үшін арадағы жанжалды қайта реттеу керек еді. Бірақ кергілесу, жұдырық түйісу жүріп жатты. Әбілхайырдың қылығына жауап қимылдар жасалды. Тағы да барымта, бейбіт ауылдарды шабу, екі жақ кезек айдап алып жатқан шулаған тұтқындар, азанқазан олжа мал. Тағы да елдің берекеті кетті. Қазақ хандықтарының бұл күйін қадағалап көз алмай отырған жоңғар қонтайшысы тонауды үдете түсті. Екі күннің бірінде жоңғар жасақтары қазақ ауылдарын шауып кетіп жатты. Жетісу, Сырдария, Елек бойларында жоңғар әскері қазақ хандықтарының шекарасынан өтіп, ішке ендеп кетті. Әбілхайырдың соңғы кек алу, есе қайыруы ханның пайдасына шешілмеді. Ат үстінде тақымы тозған Әбілхайырдың да қабағы ашылар болмады. Салыңқы қабағы тоз-тоз болып ығып бара жатқан ел, сарыуайымға батқан ауыл Бопайдың да көңілін күздей бүркеп, қоңырқай күйге түсірген. Бірақ еріне де, батырларға да қате жасадыңдар деп айта алмады. Одан пайда келмес те еді. Енді қалған жеріне елді аман алып шығу керек-тұғын. Күнде шабуылдан тоз-тозы шыққан елді аман алып қалу үшін қайткен күнде де орыс елімен тіл табысу керек-ті. Бірақ, Әбілхайыр есе жібергісі жоқ. Ал, есенің соңы есеңгіретіп барады. Солай екен деп аяққа жығыла салуға тағы болмайды. - Орыс еліне елші жіберсек қайтеді? – деген Бопай бір жолы Әбілхайыр мен Орта жүз ханы әңгімесіне араласып. Бұл жолы Әбілхайыр оны ашық мақұлдамаса да, қарсылық та білдірмеді. Бұл – оның теріс көрмегендік белгісі. Мұны сезген Бопай бастырмалатып айтып тастады.

- Күштіні ерегестіре бермелік. Үнемі жаулықпен өмір сүру Ресей үшін де жайлы болмас. Ендеше, олар да иілуге тиіс, - деген. - Біріміз есе қайырып сес көрсетіп, өзімізді танытсақ, екіншіміз бейбітшілікке шақырып, ортақ жау – жоңғарға қарсы күресіп, одақтас болуды ұсынуды келіскен. - Есе қайырысып отырып елші жіберу – аяғына жығылу емес пе? Бұл - Әбілхайырдың айтары. Онсыз да орыс патшасынан көңілі қалған Әбілхайыр дұшпандары алдында бас игісі келмей, 1715 жылдың қыркүйек айында Жайық казактары-ның жазықсыз ауылды шауып, тұтқындап алып кеткен 170 адамын босатуды сұрап Бірінші Петр патшаға хат жазған. Онда кінәсіз жесірлер мен балаларды алмасуды ұсынған. Бірақ оған жауап болмаған. Келер 1716 жылдың қыркүйегінде Ресеймен бейбіт өмір сүру пиғылын білдірген. Осы кезде Петр патша қазақ хандығының үстімен Каспий теңізі мен Орта Азия арқылы Индия алтынына жол ашу саясатымен Қайып ханның бұл хатына жауап ретінде Тобыл боярының баласы Никита Белоусовты Қайып ханға арадағы сауданы жаңғыртып және қазақтармен әскери одақ жасасуға келісімге жіберген. Мұнда жоңғар билеушілеріне қарсы бірге күресуге ұсыныс жасалды. Ал, 1717 жылдың қараша айының 29 жұлдызы күні Сібір губернаторы князь Матвей Петрович Гагарин бейбіт қатынасты жаңғырту туралы Қайып ханға хат жіберді. 1718 жылдың 10 қаңтарында Қайып хан Қазан губернаторы Петр Самойлович Салтыковқа хат жазып, онда бейбіт қатынастарды жаңғыртуға шақырды. Бұл хаттар шындығында Әбілхайырдың мұрындық болуымен жазылған еді. Онда бейбіт өмір сүріп, одақтас болуды ұсынған. - Ресей патшасы есеппен қимылдайды, - деген Әбілхайыр, - және ыққанын сыйлайды. Сондықтан да ол жатып жастық болғысы келмеген. Күштіге қол көтергеннің пайдалы емесін білсе де, иілуге де қарсы. - Ендеше, - деген ол Қайыпқа, - сен кішірейіп хат жазып, елші алмасып, бейбіт болуға шақыр, ал мен алыстан арбасып отырайын, айбарымыз бар екенін де көрсін, кіммен істес болып отырғанын білсін. Бұл – көздеген жерден дәл тиді. 1718 жылы қаңтар-тамыз айлары аралығында Сібір губернаторы М.П.Гагарин Әбілха-йыр мен Қайып ханға елшілерін жіберді. Елшілікке келген бояр балалары Борис Брянцев пен Яков Тарыштин және толмач Қабай Мамаев және Уфа дворянині Федор Жилин Арыс өзені жағасында отырған Әбілхайырдың ордасында бол-ды. Орыс елшілігі Ресейдің қияндағы қазақ елімен байланысқа мүдделілігін көрсетті. Әйтсе де бірден ішін бере қоймай, алыс-тан аңдысатын саясаты байқалды. Әбілхайыр да іш бермей, тым бауырына да тартпай, өңменінен итеріп те жібермей әлім-берім жіберіп-тартып, алысып, арбап отырды. Орыстың саясаты - қазақ жерін пайдаланып Индия алтынына өту болса, Әбілхайыр мен Қайыптың ойлағаны –

орыс патшасы Бірінші Петрмен жоңғарға қарсы әскери-саяси одақ құру еді. Ақиқатында Әбілхайыр мен Қайып Сібір губернаторы князь Матвей Петрович Гагаринмен күнілгері келіскен. Егер Петр патшаның тұмсығы бері қисаяр болса Гагарин жоңғарға қарсы одақтасуға әзір екенін айтқан. Бірақ бұл ойын өз аузынан айтпай, қазақ хандарының аузымен айттыру – патша алдында Гагариннің де абырой-беделі үшін керек еді. Мұның алдында ол бірнеше жылдан бері Тәуке ханға да, Қайып пен Әбілхайырға да жоңғар қонтайшысының Еуроазияның осы аймақтарында жүргізбек басқыншылық саясаты жоспарын айтып, одан аман қалу жолы – қазақ хандықтарының орыс өкіметінен қолдау іздеу керектігін айтып келе жатқан. Елшілер қазақ хандықтарын қорғауға жәрдемдесіп, ал қазақ хандары орыс мемлекетіне дұрыс көзқараста болатынына уәде берген. Бірақ, бұл жолы Қайып пен Әбілхайыр ұсынған жоңғар-ларға қарсы орыспен бірігіп жорық жасауды орталық орыс үкіметі қолдамады. Күшейіп әрі басқыншылық саясаты өріс алып бара жатқан жоңғар хандығы Орта Азияға, оның ішінде қазақ хандығына ғана емес, соңғылықта Ресейдің өзіне де қауіп туғызатын. Оның алды көріне де бастаған. Ол жөніндегі тұжырымдарын Гагарин орталыққа жеткізген де. Сібір губернаторы Әбілхайырды дәмелендірген. Орыс әкімінің Әбілхайырды қолдайды деп Бопай да, Әбілхайыр мен Қайып та арқа сүйеген. Қолдамайды деп ойламаған. Енді байқаса орыс саясаты бұлар шыққан шыңнан арыда жатыр екен. Қазақ пен орыстың бүгінгі көз көріп істес болып отырған жауы жоңғар болғанымен, нағыз алакөз алып арыстан – таудың арғы бетінде Цин империясының көрінбей бұғып жатқанын байқамапты. Әскери қуаты тез өсіп келе жатқан бұл елдің соңғылықта қауіп-қатері көп еді. Ал, бүгінгі күшейіп отырған Жоңғария орыс мемлекетімен арада қақпа қалқан болып тұрған қорған. Ендеше, сол қорғанды әлсірету не құлату орыс мемлекеті үшін өзін-өзі құрту болып шықпақ. Сондықтан да Ресей Жоңғарияны тым әлсіретуге мүдделі емес-ті. Орыс елі жоңғарлармен арасындағы дау-жанжалдарын бейбіт келісім жолмен шешті де, ойраттарға бодан болуды айта алмады. Бұл жерде қазақ жайы көрінбей қалды. Ал, Гагарин мұнан кейін жоңғар қонтайшысы жөнінде ләм деп тіл қатпады, ауыз да ашпады. Орыс губернаторының бұл ұйытқымасы әлдененің хабаршысы болатын. Бұл Бопайға патша тарапынан бір ызғар ескендей әсер етті. Осы ызғардан Әбілхайырдың іші қыж-қыж қайнап жатқан. Бұған көнгісі келмеген Әбілхайырға Бопай орыс елімен арада бейбіт қатынас орнағаны, осының өзі жеңіс екенін айтқан. Бопай күйеуі тағы шалқалап, Жайық казактарына қайта шаба ма деп қорыққан. Құдай оңдағанда олай жасамады. Әбілхайыр бұл байламмен үнсіз келісті. Осыдан кейін арада аз-кем тыныштық орнады.

Қыстан қысылып шыққан ауылдың көктемде аяқ-қолы кең көсіліп, жазылып, жастарының ырду-дырдуға құмартып кететін шағы. Мыңғырған малы қыр астында қаптап жайылып, сары белді сағынған ауыл биыл көктеуге ерте көшкен. Қыстаудың көңірсі иісінен құтылып, әрі өткен күннің мезі қып жіберер сартап оқиғаларын ұмытып, жаңаша бір ес жиып, өткенді ойдан ұшырып, бәрін жаңадан бастамақ болып, жаңалық күтіп серпіліп қалғысы келіп ел қырға асыққан. Өткен күннің сансыратқан қым-қиғаш оқиғалары Бопайды да санасын сарғайтып сартап қылып болған. Осы арадан жұрт аударса, өткен-кеткен қырсықтың бәрі ескі жұртта қалып, жаңа қоныста бәрі жаңадан басталатындай. Ерте көктеуде келіп тобықтан асқан көк майса үстіне тіккен ақ шағала – ақбоз үйлер, он күн үдере жауып ашылған тұлдыр бұлтсыз ашық аспан астында шақырайған күн төбеңді тесіп, жаныңа сәуле нұрын құяды. Жаңа қоныста көктемгі ауыл қызығы қанша құлпырса да Бопайдың жанын жадырата алмады. Бірінен бірі туындап, шиеленіспесе тарқатылмай, өрге сүйремей ылғи ылдиға тартып, құрдымға итере түсетін шеті жоқ, қаулаған сансыз оқиғалар шырмауына оратып, есті алып есеңгіретіп барады. Ауыл маңын неше күн ұдай у-шуға бөлеген ноқта тойы да, қырқым жібек жүн тойы да оның көңілін аша алмады. Жоңғармен арадағы қатынас шиеле-ніскен күйінде. Қалмақтар күнде қоқиланып отыр. Жайық казактары мен башқұрттар оқтын-оқтын шауып, тонаушылық күшейе түскен. Орда үшін сан жылдардағы итіс-тартыстан қажыған Тәуке хан да хош айтысты бұ дүниемен. Осындай кезде қазақ сұлтандары өзара таусылмайтын қырқыста. Ел басына қауіп төнген шақта үш жүз ауыз біріктіре алмай үш жаққа қарап отыр. Жоңғарға қарсы одақтасып, жорық жасауды орыс үкіметі мақұлдамады да Әбілхайырдың ойы іске аспай, қабағы қарс айырылды. Бірақ, Бопай үмітін үзбеген. Өйткені, Ресейден қол үзуге болмайды. Бопай осылай ойлайды. Бұрынғы қолдауға ниет білдірген Сібір губернаторы Гагарин енді жоқ. Оны Петр патша орнынан алып тастаған. Орнына келген губернатор әзір Орта Азия хандықтары ісіне араласа қолймаған. Сұлтандар арасындағы қырқыста Тұр-сынханның баласы Барақ сұлтан ықпалды көрініп, Әбіл-хайырға дөң айбат танытып отыр. Қайып ханның баласы Батыр сұлтан да ықпалын жүргізбек болып бағуда. Болат ханның баласы Әбілмәмбет сұлтан – арғын, найман, қоңыраттарға, Уәли сұлтанның баласы Абылай сұлтан арғын тайпасының атығай руын, Қайып ханның баласы Батыр сұлтан Кіші жүздің алшын тайпасына ықпал етіп, билік жүргізуде. Алауыздықтың ақыры – қазақ хандықтарын тағы бір қырсыққа шалдырды. 1718 жылы Тәукеден кейін қазақтың үлкен ханы Қайып қарауындағы сұлтандарының қолынан қаза тапты да бассыз қалған қазақ хандығы біріне-бірі бағынбай, бас-басына кетіп жатты. Қазақ ордасының ішкі жағдайын сыртқы жаулары да қалт жібермей бағып отырған. Мұндай сәтті жоңғар хандығы пайдаланып қалмақ болды. Осының бәрі

Әбілхайырдың қабағын бір жаздырмады. Ерінің қабағын алыстан, көш жерден танып, біліп отырған Бопайдың уайымы оның аржағында. Қазақ елі жалғыз Әбілхайырға керектей, қашқанға да, қуғанға да салақтап Әбілхайыр жүреді. Билікке таласып, бір қазақты үшке бөліп отырған анау Сәмеке мен Батыр сұлтандар қайда? Олар неге шаппайды. Қалмағың да, башқұртың да, орысың да бір Әбілхайырдың жауы ма екен. Олар шапса бір Әбілхайырды шаба ма? Ендеше, неге бар қазақ жұмылып, бірдің төңірегіне топтаспайды. Әлде ортақ жауды түсінбей отыр ма? Жоқ, түсінгенде қандай. Түсінсе де жаманатын Әбілхайыр арқалап, қиянатын Әбілхайыр көреді де, олар қызығына малынып, сауабына оранып шыға келмек. Бір Әбілхайыр қайсысына жарылмақ. Қалмағың мен башқұртыңды қайырып, орыс-казакка төтеп беріп отырғаны аз ба? Енді келіп жоңғар ханы да осылай қарап көз алартады. Ал, оның бәріне жалғыз өзі қалай төтеп бере алмақ. Жоңғар қонтайшысының сиқы жаман. Қазақ көресінін осы жоңғардан көріп келе жатқан жоқ па. 1681 тауық жылы Халдан Бушықты ханы Сайрам қаласын қоршап тас-талқанын шығарған. Бұл соғысқа Бопайдың әкесі Сүйіндік қатысқан. Оның әңгімесін әкесінен Бопай талай естіген. 1682 ит жылы Іле өзенінің бойындағы ауылдарды шауып, 1683 доңыз жылы Сайрамға жорық жасап, қаланың астын үстіне шығарған. Сүйіндіктің бір көзін алдыратыны да осы соғыста. Қылыштың ұшы тиген көзі ойылып түсіп қалған. Қылыштың жүзі тиген бетінің тыртығы әлі тұр. 1697 жылы Халдан Бушықты хан өліп, орнына Сыбан Рабдан отырды. Айтушылардың сөзіне қарағанда ол таққа жамбасы тиген күннен бастап, дүниені бір уыс қып қусыра келген. Қазақ ауылдарына бөрідей тиген. Осы арада Бопай Сыбан Рабданның қазақ ордасына сонша неге өшігетініне таңданды. Қонтайшы бір сөзінде өзінің бұл қылығына қазақтарды кінәлаған. Оның мынадай бір ақиқат жағдайы да бар. Қалмақ ханы Аюкенің асқан сұлу қызы Ақсұқсырды Сыбан Рабдан он төртінші әйелі етіп тоқалдыққа алмақшы болады. Екі мың әскердің қорғауында қыз ұзатылып бара жатқанында қазақтардың жолдан көшке тиіп, қызды алып қалған жері бар. Және бұл қияңқы әрекет Бопайдың өз төркіні – адай жұртынан шығады ғой. Сол Ақсұқсыр жеңгесін Адайдың Жеменей руының атақты байы, жомарттығымен атағы шыққан Аталыққа олжа деп сауға берген деседі. Кезінде осы әңгімені есіткенінде Бопайдың төркіндеріне риза боп айызы қанып қалғаны да бар. Ал, енді бүгін төркіндерінің сол жолғы әрекетіне іштей назаланып та отыр. Аузын айға білеген жоңғар елі ханының жесірін тартып алу – намысқа тиер қылық екені ақиқат. Хан оны кешіре ме? Сыбан Рабданның Ордаға өшігуі – осыдан деп айтады. Қазақтың зорлық-қорлығы, барымтасы қашан қалған. Күні бүгін де қатар отырған екі ауыл ру-ру болып тартысып, бірінің малын, бірінің жанын күнде барымталап жатқан жоқ па. Бірге туған екі сұлтанның бірімен бірі жауласып, таласып-тартысып жатқанын күнде көріп отыр емес пе. Ендеше, бұл

қазаққа не айтуға болар. Міне, енді болса сол қарекетінің зардабы бүкіл елге тиді. Онсыз да кімге ұрынарын білмей айға атылып отырған Сыбан Рабдан қазаққа шаппай қайда шабуы керек екен. Осы ойына түскенде Бопай қара суға теріс ағардай болады. Тағы бірде сабасына түседі. Соның бәрі бүгін ел басына зауал боп түсіп отырғанына жаны күйеді. Қатықтай ұйымай, айрандай іріген еліне қарап назаланады. Ел қорғайды деген батырлары мен елді ұйытып ұстайды деген сұлтандарының сондай қылықтарды бастап және оған өздерінің араласып жүргенін көргенде күйзеліп қалады. Оның жанына бататыны - қазақтың сол жаман қылығының бүгін алдынан шығып отырғаны. Оның да жауабын енді Әбілхайыр беруге тиіс. Бере алмаса тағы да Әбілхайыр кінәлі. Жалғыз Әбілхайыр кімге жетеді. Ендеше, барша қазақ болып оны боршалап бөліп алыңдар. Осыны ойлаған Бопай әуелі апшысы қуырылып, іштей бұлқан-талқан болады да, бірақ сыртына шығар дауылы жоқ бұрқырайды да қояды. Ашу қысқанда танауы қусырылып, өңі шүберектей болып, нұрлы көздері үзілердей бозарып сала берер еді. Бірақ нені болса да көңіліне кек сақтамай, ілезде бәрі ұмыт болып жадырап шыға келетін. Қазір де күйеуінің қас-қабағына үйренген ол енді бірде Әбілхайырдың түнеріңкі көңілін жадыратпақ болды. Әдетте Әбілхайыр қанша түнеріп келсе де үйде алдымен Бопайдың тынысына қарар еді. Бопай ерінің көңіл-күйіне, қас-қабағына қарап қимыл жасап, қарекет қылар еді. Қабағы қатулы келіп төсекке шалқая берсе, күйеуінің қабағын алыстан таныған Бопай оның арқасына құс жастық әкеп қабаттап қоятын. Құс жастыққа шалқалай қисайған хан біраз уақыт көзін жұмып отырар еді. Бұл кезде ол өткеннің бәрін ұмытып, рахат күйге бөленіп, әлгіндегі жанына салмақ салып, мүжіп бітірген ауыр ойлардан арылып, сала берер еді. Осындай кезде дем беруші, қиналып, қысылғанда жанынан табылатын Бопай ғана. Бопай болмаса халы не болар еді. Солай деп білген Әбілхайыр біраз тынығып, жүрегінің шаншуы басылып, жаны рахат тауып, сосын алдымен Бопайды іздейтін. Үй ішінде ол көзіне шалынса ғана көңілі жадырап қоя берер еді. Бірақ құдай берген тоң мінез – сонда да іштей мерездерін білдірмеуге тырысатын. Сырын ақтара салмайтын. Ондай сараң мінезін білетін Бопай құпия сандықтың аузы алшылғанын сезіп, енді оның ішіндегі бар құпияны біріндеп суыртпақтай бастайтын. Қазір де ерінің сондай күйін білген ол: - Хан ием, соңғы күндері қатты жүдеп кеттің ғой, - деді әдеттегі сыңғырлай майысқан үнімен, - елің үшін аянып жатқан жоқсың-ау, елің сол еңбегіңді танып, білсе. Әбілхайыр онымен үнсіз келіскендей өткір көздерін төңкере бір тастады да қайта аударып әкетті. Бопай оның ойын дөп басқан. - Мені сұлтандар мұқап болды ғой. Көресіні Жәдіке әулетінен көрдім емес пе, - деді қарлығыңқы үнімен.

Мұнысы қалың қазақтың ауызбірлігінің жоқтығынан жауыма жем, дұшпаныма таба болып отырмын дегені. Ішкі күйзелісін тарқатар жан таппай бар мұңын Бопайға шаққандай болған. Бірақ үнінде оған бола таусылған күйзеліс байқалмады. Қайта әр сөзі шеге қаққандай жігер байқалды. - Қолдаушың аз ғой, хан ием, сақ болғайсың, сенің ендігі қайратың – қалың еліңде. Тереңге батыратын да, құрдымнан алып шығатын да сол. Бопайдың бұл сөзі Әбілхайырға қуат бергендей болды. Оның ыңғайын түсінді. Әбілхайыр Бопай сөзіне құлақ асатыны – оның сүйікті әйелі болғаны үшін ғана емес. Бопай не айтса да білмей айтпайды. Және ойын тап басады. Оның осы қазір Әбілхайыр-дың құлағына құйып отырғаны – жоңғар мен қалмақ шабуылының жайы. Қазақ хандықтарын, Орданы үркітіп отырған да осы. Әдетте сан қилы шаруаларын Бопай айта бермейтін. Ал, Орда жайына келгенде әйел болып ер адамдардың әңгімесіне араласпай өзін саяқ ұстағысы келсе де шыдамы жетпеген. Хан қатынына билік беріп қойды деген сұлтандар мен билердің сөзіне қалып, енді ауыз ашпайын, еркектердің әңгімесінде не шаруам бар деп отырса да айтып қалады. Олардың әңгімесіне көңілі бітпегендік пе, әлде дағды, мінез, үйренген ауыз ба. Көп ретінде көңілі бітпейтіндігі де ақиқат. Көп еркектердің сөзі көңілінен шықпайды. Сұлтанмын деп шыртиып жүргендердің өзі әйтеуір аты еркек. Осындайда қол бастап шығары жоқ.. Ордаға күн туып тұрғанда қай еркек үйінде әйелінің жанында тыныш отыра алмақ. Заты әйел басымен Бопай да жаны күйіп, өзін жар басында тұрғандай сезінеді емес пе. Қылт етсе құлап кетер ұшпа шың басында тұрғандай, ұйқысы тыныш емес. Түн баласы Әбілхайырдың көзі ілінбей, Бопайдың да кірпіктеріне тіреу қойғандай. Бір замандарда барып көзі ілініп кеткенін білмей қалады. Содан азанда тағы да Әбілхайырдан бұрын оянып, дөңбекшумен болады. Сонда оның ойлайтыны - жоңғар шапқыншылығы, тұс-тұстан анталаған Ресейдің бодандары – қалмақтар, башқұрттар, орыс-казактары. Әр жаққа қылышын бір сермеп қарсы шауып жүрген жалғыз Әбілхайыр. Әбілхайырды ұлы хан боп кете ме деп қауіптеніп, болдырмау үшін барын салып, ел ішін ірітіп, ру-ру, жік-жікке бөліп, қазақ қолын пытыратып жүрген Жәдіке әулеті, тырым-тырақай бас қамында пытырап жүрген қазақ сұлтандары. Олардың қай-қайсысы да Орданы қорғап қалу үшін жан салып жүрген Әбілхайырға ала көздерімен ата қарайды. Бірақ оны елеп-ескеріп жүрген Әбілхайыр жоқ. Ол қылышын жарқылдатып шауып кетіп бара жатады. Енді бірде сол кеткен жағынан жеңіспен, олжалы оралған Әбілхайырды көреді. Сұлтандар тағы бірде Әбілхайырды ортаға алып, талау-ға салып жатады. Араларында тағы да Әбілхайыр жалғыз. Оларға тақау келіп тұрған орыс жасақтарын көреді. Бірақ, олар бұларға араласпай сырттарынан күліп, «шоқ, шоқ»...» деп тұрғанға ұқсайды. Бұған таңқалған Бопай «кешегі орыс елшілігінің жәрдемдесеміз дегені қайда? Ендеше, неге

ортада жалғыз таланып жатқан Әбілхайырға келіп қол ұшын бермейді деп ойлап, Бопай жанұшыра ұмтылады. Осы кезде селк етіп оянып кетеді. Ояу жатып қалай көзі ілініп кеткенін байқамай қалған ол әлгінде көрген өң мен түс арасындағы оқиғадан бастығырылып, жүрегі қатты соғып кеткен. Әйтеуір өңі емес түсі екеніне шүкір. Енді бірде қас пен көздің арасында көз алдына елестеген әлгіндегі оқиғаны түс екен деп жорығысы да келеді. Бірақ, оның жоруын таппай қиналады. Ал, түс емес өңім десе, соңынан шошынып, өкпесі аузына тығылады. Бопайдың жан-жаққа шаптырған жансыздарының берген хабарларына қарағанда Әбілхайыр ордасының жаулары мен дұшпандарының ортасында жалғыз қалғаны шындық. Олар жақсы хабар жеткізіп жатқан жоқ. Қазір ауыл сыртында қыр астынан бір жолаушы қараң ете қалса Әбілхайырдың әлгіндегі түйілген көнек қабағы іле жазылып шыға келеді де, ол хабаршы болмай, өтіп бара жатқан жолаушы болып шықса қабағы қайта жиырыла қалады. Бопайдың осы табалдырықты атағанына он жылдың жүзі болған екен. Өмірдегі орны осы Әбілхайырдың шаңырағы болып шықты. Оның жанын түсінетін Әбілхайыр ғана. Ендеше, ондай жан үшін неге Бопай бар жанын сыпырып салмайды. Неге ондай ең асыл адамының мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, ғұмырын соның жолына арнап өтпеске. Бопай соған бел буған. Оның атар таңы да, батар күні де Әбілхайыр. Ол - екі елі маңдайы-нан төрт елі соры кетпеген, көзінен қанды жасы кеппеген қазақ үшін жаралғандай. Бірақ, ондай жан көп емес. Осыған келгенде қу құдай да сараңдық жасаған. Кіл әпербақан ортасында қаққан қазықтай жалғыз қақшитып қойған. Сонда бәрінің баққаны - Әбілхайыр үлкен хан болып кетті деп, оны сүріндіруге бірін-біріне айдап салып, түрт сайтан түрт деп түрткіштеп, өздері сыртынан сығалап отыр. Қайткенде сүріндірем деп алыстан айдап салып жатқандар да аз емес. Сырттай бәрі Әбілхайырдың соңынан шапқанымен, іштей Әбілхайырдың жеңгенін емес, жеңілгенін тілейтіндей. Сонда Әбілхайыр хан болып елді басқара алмаса бәрінің айызы қанатындай. Әбілхайырдың орнына сендерді қойса көрер едім елді қалай басқаратындарыңды, қолдарыңнан не келетінін. Жоңғар мен қалмаққа жем болар едіңдер. Орысқа жатып жастық, тұрып төсек болып, аяғын сүртіп, есігінде құл болып жүрер едіңдер. Енді бірде Бопай ашуға берілгенін байқап, өзіне тоқтау салды. Бір сәт сабырлы ойға көшіп, салқынқандылық келтіріп, болмысын айтпай боларын айтып, ұйыстырып, хан соңынан еріп, елді жаудан қорғануға бастау керек емес пе. Ел арасында ауыздан байқаусыз шыққан қаңқу сөз алып ұшпа өсекке тамызық болып желді күнгі қау секілді лап еткелі тұр. Бопай содан сақтанды. Ханның күші халқында. Онсыз да қолдаушысы аз Әбілхайырды халқынан безіндіріп алмайын дейді. Хан да аспаннан түскен жоқ, қалт кеткен тұстары жоқ емес. Соның бәрін инеге іліп, жіпке тізген дұшпандары қарқ болып жүр. Мұндай

сәтте Бопай намыстанып, әйел басымен арға шабады. Ол Әбілхайырдың сүрінгенін көрсе де жау алдында бір, дұшпандары алдында екі құлағанын көргісі келмейді. Сондықтан да ол жан-тәнімен Әбілхайыр үшін омыраулап келеді. Дұшпандарын тойтарып, жауына қыр көрсетеді. Жалын күдірейтіп, тұяғымен жер тарпыған асаудай Әбілхайырға шаң жуытпай қорғаштап, айбар танытады. Бірақ, Бопай мұның бәрін алысып-жұлысып емес, табиғатында жұмсақ биязы қылығымен жасайды. Қол астындағы хан-қараларына, төре, сұлтандарына өкпелеп Әбілхайыр да жатып алған жоқ. Алты қырдың астында айбар шақырып, сұс көрсетіп жатыр. Жан-жаққа жігіттерін шаптырып, өткен көш, ескен желден сыр тартып, сыбысты мүлт жібермей құлағын тосып отыр. Бопай да жан-жаққа жансыздарын аттандырып, қай тұстан қандай қауіп барын ойша өлшеп пішеді. Оның ақыр соңын Әбілхайыр өзі таразы-лайды. Ұлы жүздің сұлтандары тоң-торыс. Орта жүз әлім-берім әпербақан. Әбілхайыр азды-кем Қайып ханмен сырлас-тық тартты. Ол өз күші асып-тасып жатпағанымен Әбілхайыр-ды түсінетін. Қайсыбір тұстарда қолдау да көрсететін. Жоңғар тарапынан төніп келе жатқан қауіпті ол да түйсініп, түсінді. Тәуке орнына қалған үлкен хан ретінде оған қарсы әрекетті қолдады. Айыбы – тек соның бәрінде ол өз орнынан шыға алмай, басшылық жасай алмады. Әпербақан сұлтандары оған да билетпеді. Ақыр аяғында Қайып ханның ажалы да сол өз қоластындағы сұлтандарынан келген. Тап осындай жау жаға-дан алғалы тұрғанда бөрі етектен жабысты емес пе. Ендіден былай бар ауыртпалық Әбілхайырдың мойнында қалды. Әбілхайыр жігіттерін сайлап, қаруларын түгендеумен болды. Жетпей жатқан тұстар көп. Сарбаз саны жоңғармен салыстыруға келмейтін, от қарудан жұрдай. Әбілхайыр қалай көсіл-се де аяғы шолақ көрпеден шығып кетіп жатқан. Осындай шақта оның жанын түсінер Бопай да шолақ көрпені ұзарта алмай-ақ қойды. Оның бар қолынан келері - Әбілхайырдың қасы мен қабағына қарап, дөңес маңдайы жиырыла қалса құрақ ұшып, жанын қоярға жер таппайды. Қайткенде ел қамы жанын жегідей жеп, құрттай кеміріп жатқан оның жанына жалау бола алам деп құрақ ұшады.

*** *** *** 1719 жылы хан жайлауы Арал теңізінің теріскей батыс жағалауында болатын. Бұл кезде Бопай үш ұлды болған. Жоңғар мен қалмақ қаупі күшейген, ел іші дүрлігулі. Мұндай шақта теңіз жағасында шалқайып отыра беру жөн бола қояр ма екен. Және бұл ара жаудың өті. Жаудың тосын шабуылына қылар қайран аз. Айдаладағы қауқарсыз орданы жаудың оп-оңай тапап өте шығуы қиын емес. Бопай бұл жайды күйеуінің құлағына салғалы қашан. Әбілхайыр да оны білмей жүрген жоқ. Ішкі есебі осы арада Орта жүзбен тақау отырып, қорғаныс жағдайын жасап алу. Ол ойы іске аса қоймады. Тағы да хандар мен

сұлтандардың аузы бірікпеді. Мұны Бопай Әбілхайырдың аузынан естімесе де ыңғайынан, көңіл-күйінен танып отырған. - Хан ием, бұ қазақтың қашан аузы біріккен. Оны күтіп отыра берсең ешқашан ісің алға баспайды, - деген бірде. Әбілхайыр әйелінің не айтпақ болғанын сөз ыңғайынан таныса да тіс жармаған. Мұнан кейін Бопай өзі-ақ ойын айтып салды. - Ел шетінде отырып, елді қалай басқара алмақсың. Орталыққа көшпеймісің. Орталық деп отырғаны қазақ хандығының ордасы тігілген Түркістан. Тәуке де, Қайып та осы Түркістанда отырған. Шетте жүрген Әбілхайыр ғана. Әбілхайыр мұны Бопайдан да бұрын ойлаған. Болмаса хан анау қия шетте жау жолында жатқан Аралда жер таппай жүрмеген. Ойы осы аймақты мекендеген қалың Кіші жүзді өз төңірегіне ұйыстыру болатын. Ол ойы орындалды. Жау шаба қалғанда қай жерді қандай қорғаныс жасау керектігін, әскердің орналасу шептерін білу де ойда бар-тұғын. Әбілхайырдың ойынан шықпағаны – Орта жүз сұлтандарын ұйыстыра алмады. Бірінің тілін тапты, төңірегіне жақын тартты. Енді бірінің тілін таба алмады. Олар шалғайын аулақ салды. Қайсыбіреулерінің қысастығы да байқалмай қалмады. Оның бәріне де төзді. Ендігі ойы күзді күтіп отыра бермей, арқаның кең кезінде Түркістанға көшіп алу. Бұл 1719 жылдың орта тұсы болатын. Және соңғы кезде жоңғар жағы үнсіз қалды. Әдетте дауыл алдында тыныштық орнай қалатыны бар емес пе. Бұл қауіпсіздікті Әбілхайырдың да іші тәуір көрмеген. Күйеуінің ойын сезген Бопай да Түркістанға асыққан. Бірақ аяқ астынан мұнда жедел көшуінің сырын сездіргісі келмеген, әдеттегі ауыл арасының көші-қоны деп көрсеткен. Ондағысы – төңірегіндегілердің бәрі Әбіл-хайырға сынай қарап отырған. Бұрын Тәуке бүйтуші, Қайып өйтуші еді енді Әбілхайыр... деп аспанға көтеріп жүргенде ісі мынау ма деп тұрғандай. Бұрын үшке бөлінген қазақтың бір бөлегі – Кіші жүзінің ғана ханы еді. Енді бүкіл қазақты қалай басқармақ. Оның үлкен тізгінді ұстағаны таяуда ғана. Әр қимылы ел назарында. Қалт кетсе қауып қалғалы отыр. Ханды кезек күттірмей күтіп тұрған іс - ел қорғанысы. Бірақ, алдымен кімнен, неден, қалай қорғану керек. Жан-жағы толған жау жапырғалы тұрғандай. Ойлап қараса Орда жауы өзінен көп те, күшті де. Қалмақ орыстың қолтығында, оған оқ өтпейді, қылыш шаппайды. Ал, жоңғардың жер бетін сілкінтетін от қаруы бар. Орыс ондай қаруын қазаққа бермей қойды. Қазақ-тың қаруы әңгір таяқ қана, онымен жау тоспақ түгілі атыңа қамшылыққа да жарамайды. Найза дегенің астыңдағы есегің-нің құйрығынан түртуге де жарамайтын боп қалды емес пе? Сонда несімен соғыспақ. Сарбаздар саны тағы кем. Оның да бірқатары қатынының қасы мен қабағына қарап, соның қасы-нан шыға алмай айналшықтап жүргендер. Ондайлар жауға шауып не қарық қылмақ. Ал,

сұлтандар мен батырлардың ай-рандай іріп отырғаны мынау. Осының бәрін ойлаған Әбіл-хайырдың ішкені ірің, жегені желім. *** *** ***

Түркістанға келгелі Әбілхайырдың қабағы жазылайын деді. Ол оңы мен солын түгендеп, төңірегін жиыстырды. Мұнда өзін қолдаушылар тапты. Қорғаныс жайын біраз жүйелеп алды. Күйеуінің ісі оңға басқанына Бопай да риза. Орыс елімен арадағы қатынас оңға басты. Елші алмасқан орыстар жылы қабақ таныта бастағандай. Қазақ хандығымен арадағы қатынасты жақсарту оларға да керек болған сыңайлы. Және айта қалғандай Әбілхайыр өткен жылы Уфа мен Орынбор маңына екі дүркін шабуыл жасағаннан кейін Ресей бұл жолы бұрынғыдай өршелене түспей, иіле қалды. Енді олар келісімге келетіндей рет танытты. Аюға намаз үйреткен таяқ дегендей Әбілхайырдың соңғы қадамының бұған септігі тигенге ұқсайды. Бұған Бопайдың да іші жылып қалған. Ресейдің қолтығында отырған башқұрттармен де, қалмақтар-мен де екі арадағы ауыл тентектерінің алмакезек шабысып тұратын барымтасы тоқтамағанмен, тіке шабуыл жасамай олар да аяғын тарта түскендей. Енді қырын қарап отырған жоңғар ғана. Ал, жоңғардың ұстанып отырған бағыты – оңтүс-тігіндегі Қытай мемлекетіне тікелей байланысты. Халқы тез өсіп келе жатқан Қытайға жер тарлығы көрініп отырған. Қытай үшін одан құтылу жолы – терістік батысындағы Жоңғария мен Шығыс Түркістанды иемдену. Қытай осы ойын іске асырып, аумағын жиырма мың шақырымдай кеңітіп алды. Ендіден былай аспан асты елі терістігінде Ресеймен, шығы-сында Халхи, батысында бургуттарға (қырғыздарға), оңтүсті-гінде Тибет пен Цинхайға дейін шекараласып жатты. Ресей мен Сібір және Орта Азия аймақтары Қытайдың бір бөлшегі деп қаралды. Ертіс жағалауының жоғарғы жағын олар Ресей-ден бөлек қарап, Қытайдың Сиюю аймағына жатқызды. Тіптен Ресей мемлекетінің өзін Қытайдың вассалы деп қарау ниеті де болды. Әйтсе де Цин империясы алыстағы Ресейден қауіптенді. Өйткені, Петр бірінші патшаның тұсында бұл мемлекеттің қатты күшейгендігінен хабардар еді. Оның төңірегіндегі мемлекеттерге қол созып, алыстағы Индияға да аяқ салғалы отырғанын біледі. Ендеше, одан қорғанудың бір жолы – арада жатқан Жоңғария мемлекетін қалқан етіп ұстау. Ол үшін ойраттар мемлекетін күшейтіп, Орта Азиядағы ірі мемлекеттердің біріне айналдыруды көздеді. Және солай жасады да. Олар Жоңғария мен Шығыс Түркістанды өзіне қаратып бұрын-соңды тарихында болмаған аумақта жерін кеңейтіп алған. Қазір де бұл аймақтарға ықпалы молынан жүріп тұр. 1697 жылы хан тағына отырған Сыбан Рабдан қарауын-дағыларды қатал ұстады. 1695 жылы Жоңғар ханы Халдан Бушықты бұрынғы жерде билеп келген Цин патшалығына қарсы шықты. Мұны көтермеген Чин патшалығы жоң-

ғарларға қарсы соғыс жариялап, Халдан Бушықты әскерін тас-талқан етті. Бушықты осы жеңілістен кейін Чин патшалығы-ның билеушісі Ежен ханға бағынышты екенін мойындап амалсыздан бас иді. Бірақ бұл тәуелділікке риза емес ол кез-келген уақытта тәуелділіктен шығып кетудің амалын жасаумен болған. Оған қарсылық әрекетін тоқтатпады. Ал, 1697 жылы Жоңғарияда етек алған тақ таласында Бушықты у беріп өлтіріліп, орнына Сыбан Рабдан отырды. Ол Чин патшалығымен жақсы қарым-қатынас ұстап, тәуелділікте өмір сүрді. Сыбан Рабданның әскерін күшейтіп алып, түптің түбінде Қытайға тәуелділіктен шығып кетпек пиғылын білген император Канси оны уысынан шығармай отырған. Цин әскері 1717 жылы Жоңғариямен шекараға келіп тұрды да жоңғар әскері тырп ете алмады. Сыбан бұған дейін таққа келген жиырма екі жыл ішінде қазақ хандығының жеріне бес рет басып кірген екен. Соның көпшілігінде жоңғарлар жеңіске жеткен. 1719 жылдың көктемінде ол қазақ жеріне тағы да шапқыншылық жасамақ еді. Тап сол кезде күшіне мінген жоңғар қонтайшысы мен түпкі пиғылын танып қалған Цин мемлекеті арақатынасы шиеленісіп кетті де император Канси Жоңғариямен шекараға әскерін әкеп төккен. Содан үш жыл бойына 1722 жылға дейін қанша ойласа да бар күшін Қытай шекарасында ұстады да, қазақ ордасына қанша жаулық ниет ойласа да бері қарап мойын бұра алмады. Бұл үш жылда Әбілхайыр Түркістанға орнығып алған. Бұған дейінгі хандықтың әлсіз жерлерін нығайтты. Қазақтың бас-аяғын құрап, үш жүздің іргесін бекітуге талпынды. Әйтсе де әлі толық біріктіре алмаған. Осындай шақтардың бірінде 1722 жылдың желтоқсан айының 20 жұлдызы күні Цин империясын ұзақ жылдар уысында ұстап келген император Канси ойда-жоқта дүние салды. Бұл хабарға Әбілхайыр мен Бопай қуанған жоқ. Соңғы үш жыл бойы қанша қауіп күтсе де Орда төңірегі бейбіт өмір сүрді. Мұның сырын Әбілхайыр мен Бопай терең түсіне алмаса да сырттай болжап тон пішіп отырған. Орданың жауы Сыбан Рабданның Қытайдан қолы босай алмай амалсыз бастығырылып отырғанын ойлаған. Мұнан былай жағдай жаңа императорға байланысты болмақ. Жоңғардың соңғы жылдары үн қатпай тыныш жатқанын Әбілхайыр олардың аз да болса аяғын тартқаны деп білген. Бірақ аяқ тартудың да құпиясы болды. Ол құпияға терең бойлай алмаса да, Әбілхайыр Орданың азды-көпті үрейі бар деп біледі. Ал, Бопай сонымен бірге оның себебін жаудың арғы бетіндегі ахуалдан суыртпақтайды. Бұрынғы кезде Кансидің үрейі басым келсе, ендіден былайғысы қалай болмақ? - Жоңғар аржағындағы Цин империясынан ықса ғана, Ордаға қауіп туғызбайды, - деді Бопай күйеуіне қымыз ұсынып жатып. Әбілхайыр қымызды сапырып салмай сораптап ұрттап ұзақ отырды. Әлгінде бәтуаласқан сұлтандары мен батыр-лары, билерінің айтқандарын есіне алды. Олардың әрқайсысы әр қилы жорамал айтқанымен, Әбілхайыр ешқайсысына құлақ қоймаған. Өйткені, олар Әбілхайырдың атағынан шошынып

отыр дегенге саяды. Кейбіреулер айтқанындай, Әбілхайырдың жоңғар шошына қоятындай не қасиеті бар. Не олардың жанына бататындай қандай іс жасады. Ендеше, оның себебі өзгеде сияқты. Осы тұста әлгіндегі Бопай айтқан әңгіменің жаны бардай көрінді. Бопайдың ойы – жаңа императордың Орда үшін қолайлы болмайтындығы. Бірақ, Цин империясының Сыбан Рабданға қандай қатысы барын түсіне алмайды. Әйтеуір, бір нәрсенің басы ашық. Ол – Орда тыныштығының Қытайға қатысы барлығы. Енді император ауысқан кезде ол тыныштық қайта айналып келе ме? Оған көз жеткізе алмайды. Ал, Әбілхайыр Жоңғардан жақсылық күтуден аулақ. Сыбан Рабданның ертелі-кеш Ордаға қайта айналып соғары анық. Сол күнге Орда әзір ме? Оған жауап бере алмайды. Өйткені, Орда ішінде үйлеспей жатқан жайлар көп. Әбілхайыр ойға алғанның бәрі іске асып жатқан жоқ. Сыншы көп, қол ұшын беруші аз, айтушы көп, қолдаушы, демеуші жоқ. Хан соның бәрінен жол табуы керек. Көзбен атырар таң көбейді. Әбілхайырға түскен салмақ Бопайға да түсті. Теріс аунап жатып ері күрсінсе, бұл алдымен Бопайға батар еді. Ол да түнімен ұйқы көрмей күрсініп, дөңбекшіп шығатын.

1723 жылдың басында Цин императоры болып Юнчжен отырды. Оның таңдаған жолы тіптен басқаша болды. Ол төңірегіндегі мемлекеттермен бейбіт өмірді қалады. Бейбіт-шілікті алдымен солтүстіктегі көршісі Жоңғариядан бастады. Жоңғар қантайшысы Сыбан Рабданға керегінің өзі де осы еді. Ол жаңа императормен бейбіт келісімге отыруға Бежінге жедел елшісін аттандырды. Сыбан Рабдан ұлы империяға тісі өтпейтіні белгілі. Ендеше, онымен тек уақытша бейбітшілік сақтайды да есебін тауып Цин империясына тәуелділіктен шығып кетпек. Ал, Орта Азия мемлекеттерімен қандай қатынас жасайтынын өзі біледі. Бұл – қонтайшы үшін іздегенге сұраған еді. Сондықтан да ол Бежінге елден бұрын жетті. Елшілерін жаңа императордың ығына жығылып, Цин әскерлерін жоңғар шекарасынан әкетуіне талаптануды баса тапсырған. Содан кейін өзінің кез-келген келісімге әзір екенін айтқан. Жаңа император Юнчжен иіні жұмсақ көнгіш адам болып шықты. Хонтайшының айтқаны келіп, желі оңынан тұрып, талаптары орындала кетті. Қытай әскерлері Жоңғар шекарасынан әкетіле бастады. Қытайдан қолы босаған қонтайшы енді Орта Азияға шүйіле қарады. Әбілхайырдың да, Бопайдың да бүгінге дейінгі жағдайға енді көзі жетті. Сыбан Рабдан көптен күткен ойын іске асыруға көзді жұмып кірісіп кетті. Ол алдымен қазақ ордасына естен кет-пестей сұмдық бір қатты соққы беруді

ойлады да дайындыққа кірісіп, баласы Шано-Лоузанды әскер қолбасшылығына қойып, оның қарауына отыз мың адамдық әскер берді. Бұл кезде Әбілхайыр да жанұшырып жатқан. Ертелі-кеш бір сойқанның болары хақ. Және сол күннің жақындап қалғаны сезіледі. Әдеттте қатты дауыл алдында сұмдық бір тыныштық, үнсіздік болады деуші еді. Сондай бір жұмбақ тыныштық қазақ ордасы үшін үш жылға созылды. Оның құпиясына қанша бас ауыртса да шеше алмаған. Оны Әбіл-хайыр неше күн бұрын сезсе де алдын ала алмады. Орыспен қанша жылы сөйлессе де от қаруын бермеді. Жоңғарға қарсы бірігіп соғысу үшін Әбілхайыр ортаға Қайып ханды салып, оған Бірінші Петрге хат жаздырып, әскер көмек сұратқан. Ол хатқа Қазан губернаторы Петр Самойлович Салтыковтың берген жауабында жоңғарлармен соғыста қазақтарды қамқор-лығына алып, әскери жәрдем беруге Петр патшаның келісім бергенін айтқан. Одан бері де үш жылдан асып барады. Орыс үкіметі ол уәдесінде тұрмады. Оның себебі бар еді. Адам саны көп те, жер жетпесшілігі сұмдық болған Қытай сонау солтүс-тіктегі Орал тауларынан бастап Тынық Мұхитқа дейінгі шек-сіз кеңістікке үнемі көз салумен келеді. Бірақ жері жеткілікті болғанымен Ресейдің де бұл аймаққа таласы бар. Осы бәсекелес екі елдің де көңілін таба білген жоңғарлар ортада отырып бұл екі елдің де мықты қаруларына ие болды. Жоңғарлар Ресейдің Кузнецк қаласымен байланыс жасап, от қару соқтырып алды. Орыс елінің Жоңғарға бүйрегі бұруының сыры басқада болатын. Ресейдің негізгі бәсекелесі Қытай болса, ендеше сол Қытаймен Жоңғария үнемі жағаласып келе жатқан. Сол бас қарсыласын әлсірету үшін жоңғарлармен астыртын одақтастығы бар. Сол басты қарсыласымен алысып жатқан одақтасының Ресей үшін әлсіремегені керек. Екіншіден, Индия алтыны мен Жаркент алтынына жету үшін қалмақтар мен башқұрттардың, орыс казактарының қазақ даласына біріндеп басып кіре беруіне жағдай туғызатын. Бұл – орыс елі үшін тиімді болғанымен, Орда үшін ортайып қалу еді. Және Ресейдің қазақ хандығымен де қырғи қабақтығы жоқ емес. Әбілхайырдың оқтын-оқтын орыс көршілерін де, бодандарын да шабуылдап мазалағанын олар ұмыта қоймаған. Қуатты мемлекеттердің әлсіз елдерден ілік іздейтін кәнігі әдеті емес пе. Ендеше, күнде шабысып, барымталап отырған Әбілхайырдың да, Қайыптың да ордаларында ондай іліктің талайы табылмай ма. Бұның осындай орданың ісі түскелі тұрған шағында орыс үшін ұтымды жағы бар. Осының бәрін инеге іліп, жіпке тізіп отырған орыс мемлекеті бұрын Тәукенің де сұрағанын бермей ұзын арқан-кең тұсауға салып келген. Бүгін де сол әдетіне басып отыр. Ресейдің іштей қазақ хандығының нығаюы үшін емес, оның әлсіреуін тілеп, сол үшін қызмет етіп отырғаны анық. Төрт құбыласынан түгел талауда отырған қазақ елін қолдап отырған жоқ. Оны жан-жағынан қысымшылықта қалдырған елдерге астыртын дем беріп отырғаны белгілі. Мұны Әбілхайыр да, Бопай да сезіп, біліп отыр. Бірақ солай екен деп қасарысуға қауқар жоқ. Сондықтан да

көрсе де көрмеген, білсе де білмеген болады. Оның іштей тілеулес емес екендігіне күмән жоқ еді. Бұл жағдайда орыстан дәмету – қошқардікі үзіліп түседі деп аузын ашып жатып аштан өлген ертегідегі қасқырдай болумен бірдей. Сонымен Жоңғария Цин мемлекетіне Ресейден қорғану үшін керек болса, Жоңғария Ресейге болашақта күшейіп келе жатқан Қытайдан қорғану үшін керек. Жоңғария бұл екі жағындағы екі арыстан үшін де әрі арадағы қалқан қызметін атқарса, әрі екеуін де әлсірету үшін керек еді. Әбілхайыр бұл құпияны кеш ұқты, Бопай да кеш түсінді. Осы арада қазақ хандығын бауырына да тартпай, сыртқа да теппей, айналшық-тап шықпай жүрген Ресей мемлекетінің де бет пердесі ашы-лып қалған еді. Әбілхайырдың о баста да орысқа қаны қатып қалған ештемесі жоқ-тын. Өзге амалы жоқтықтан ғана оған жылы қабақ танытып жүрген. Жанында өзге сүйенері дайын тұрса орысқа қисайып жын ұрып па. Ырсыйып қараған арыс-танға жымиып қарасаң о да бірден ашылмай аңысын аңдып, біраз тұрмайтын ба еді. Әбілхайыр қазір сол арыстанды аз уақытқа болса да арбап тұр. Жауың алдында қайрат шақыруға мұрсат алсаң соның өзі ұтыс. Орыстардың екі жақты ойынына енді түсінген Бопай Әбілхайырды сабырлылыққа шақырады. - Өзіңді өзің қорғамасаң, сырт не қылсын, - деген ол айтпақ ойын алыстан аңғартып. Әбілхайыр оны әлдеқашан түсінген. Сондықтан да қазір Бопайға ләм деп тіл қатпады.

Қол жетпес алыстағы Индия алтыны Петр патшаның түсіне кіріп жатса, тұрса есінен кетпеді. Ол әдеттегіше бүгін де ескі әдетімен жаңа күнін тастан қаланған қамалдан бастады. Бұл тас қамалды патша әрдайым қала деп атайтын. Ал, Петербург қаласын жәй Петербург дей салатын. Қамалдың жай-жапсарын біліп, бақылау жасап, одан шығып, Адмиралтействоға баратын. Түскі ас алдында төңіре-гіндегі жақын адамдарының біріне соғып, мұнда тамақтануға отыратын. Оның қасық, пышақ, тырнауыштары жанында жүретін. Өзгелердің қасықтарын ұстамайтын. Ішетін сүйікті астары – щи, быламық, тұздалған қияр қосылған қуырылған ет. Оған лимон қосып жеуді ұнататын. Балық етін жаны сүймейді, тәтті тағам жемейді. Аздап ақ арақтан тартып жіберетін. Бірақ, бүгін ол әдеттегі дағдыларының бәрін жасай алмады. Қамал мен Адмиралтействоға тек рет бойынша кіріп-шыққаны болмаса, жаңалық ештеме жасамады. Ештемеге зауқы соқпады. Көңілінде алыста анау Орта Азияда болып жатқан оқиғалар, Индия алтынына жолдың ашылмай жатқаны, Үндістанға ашылар жау қақпасы кілтінің қолға түспей тұрғаны. Оның күндегідей емес асқа тәбеті шаппады. Түскі астан

кейін біршама уақыт газет оқуға отыратын. Бүгін стол үстінде жатқан газетттердің бетіне де қарағысы келмеді. Көз алдында ұлан-ғайыр Ресей кетпей тұрып алды. Ресейді Еуропада алдыңғы қатарлы мемлекеттердің қатарынан көргісі келеді. Ал, болашақ Ресей үшін Орта Азияның, оның ішінде қырғыз даласының маңызы айтып жеткізгісіз. Ресей үшін қырғыз даласы – Үндістанға ашылар қақпаның кілті. Қырғыз даласын меңгермей тұрып, Индияға жол ашу мүмкін емес. Бірақ, қырғыз даласын иеленудің жолы көп. Ендеше оған қай тұрғыдан келу керек. Арысы Қытай-Цин империясы, одан беріде жоңғар, Орта Азия мемлекеттері, ең бергісі – қырғыз даласы. Бұл мемлекеттердің қайқайсысының да өз ерекшеліктері, ол мемлекеттердің әрқайсысымен қалыптасып қалып отырған жағдайлар бар. Соның бәрін ескеріп шешпесе тиімді ойлар шықпайды. Ресейге түпкі қауіп – күшейіп келе жатқан Қытайдан. Сондықтан арадағы жоңғарларды сол түпкі жауымен ортадағы қорғаушы қақпа деп біледі. Бірақ Жоңғария айдалада ұйықтап жатқан қарсақ емес. Өз кезегінде Ресей үшін оның да қаупі көп. Ендеше, олардың тым күшейіп кетуіне жол бермеу керек. Сонымен бірге тым әлсіреп қалуын да болдырмау қажет. Ал, қырғыз даласы өзара шабуылға толы. Қазақ хандығы көмек сұрайды. Жоңғар хандығын әлсіретсе Қытай қаупіне қорған бола алмайды. Ал, күшейтсе Индия алтынына жол ашылмайды. Патшаның бойына ас батырмай жүрген жайт – осы. Күшейген жоңғар қырғыз даласына күнде шабуылдап, Индия жолын бөгеп тастап отыр. Оған жол беруге болмайды. Қырғыз даласы – Үндістанға ашылар қақпаның кілті. Ол алтын кілтті қолдан бергісі жоқ. Патша Сібір губернаторы князь Матвей Петрович Гагаринді жер түбінен арнайы шақыртқан. Оның атқарған қызметін тыңдаған. Қызметіне орташа баға алған князь енді кері жүргелі тұрған күні Петр патша оны өзіне шақырды. Оның бұл жолғы әңгімесі – арнаулы тапсырмалар болды. - Қырғыз ісімен тікелей айналыс, - деді ол, - Ресей мен қырғыз елі арасында өте жақын қарым-қатынас орнату қажет. Мұны бірінші кезектегі міндет деп біл. Мұнан кейін ол Қытай жайын сөз ете келіп, екі мемлекет арасында қалқан болып отырған жоңғар мемлекетінің соңғы жылдары күшейіп, қуаты артып бара жатқанын, Ресей үшін мұның да қауіп екенін айта келіп, ендеше жоңғар қуатын әлсірету керек. Ол үшін жоңғар-қазақ арасындағы шапқыншы-лықта, яғни қазақ хандығының Қалдан Серенге қарсы күресінде қазақ хандығына көмек көрсету керек. Гагарин селт етпей мұқият тыңдады. Әйтсе де әлденеге жете түсінбеген. Оның ұғымынша ешкім жеңіп те, жеңілмеуі де керек. Олай болуы мүмкін бе? Бірақ, оны түсінбей қалғанын айта алмайды. Құлағы салпиып отыра береді. Ол патшаның ойын зорға ұқты. Қазақ хандығына әскери көмектесу керек, бірақ, жоңғар да жеңілмесін, тек әлсіресін. Гагарин патшаны толық түсіне алмаса да, түсінбедім дей алмады. Тек түпкі мақсатына болжау жасады да қойды. Бірақ

патшаға қарап басын шұлғи берген. Оның бар түсінгені – қырғыздармен жақын қарым-қатынас орнату керектігі. - Бірақ, - деп нығарлады патша, - Қайып, Әбілхайыр хандар Ресейге бодандыққа бас июге тиіс. Сен соған жауап бересің. Гагарин үн қатпай, шыбындаумен шықты. Ол айтқан-дарын қалай орындамақ екенін көз алдына келтіре алмады. Мұны айтқанда патшаның осыдан біраз жыл бұрын Орта жүз ханының Петр Самойлович Салтыковқа жазған хаты есіне түсті. Онда Қайып хан қазақ хандығының әрқашан да бейбітшілік көздейтінін, көрші мемлекеттермен, оның ішінде ұлы орыс мемлекетімен әрдайым бейбіт өмір сүруді жақтайтынын, алдағы уақытта да екі ел арасындағы бейбітшілікті қайта жаңғыртуды қалайтынын айтады. Бейбіт сауданы күшейтуді, жиі елшілік алмасуды ұсынады. Бұл хат жөнінде губернатор Салтыков өз қолымен жазылған ұсыныстарын бірге жолдаған. Ол хаттар қазір Петрдің алдында жатыр. Сол жылдың мамыр айының бірінші жұлдызы күні Қайып ханның губернатор М.П.Гагаринге хаты да осы папкінің ішінде. Мұнда да қазақ ханы бейбітшілік, әскери одақ жасасу, арадағы сауданы дамытуды ұсынады. Сол жылдың желтоқсан айында Әбілхайыр ханның інісі Бұлхайыр сұлтанның патшаның өз атына тікелей жазған хаты тағы бар. Мұнда да достық қатынаста болуды айтады. Ал, 1718 жылдың 10 желтоқсан күні Қайып ханның Бірінші Петр патшаның өзі атына жазған хатында Жоңғарға қарсы бірге соғысу үшін Ресейдің әскер жіберуін сұрайды. Петр патшаның бүгінгі әңгімесі осы жөнінде еді. Осы хаттан кейін Петр қазақтар мен жоңғарлар арасын-дағы қарымқатынастың нақты жағдайын анықтауды Сібір губернаторы Гагаринге тапсырған. Князь Гагарин бұл тап-сырманы орындауға келе кірісіп кеткен. Ол жеделдетіп Әбілхайыр мен Қайып ханға елшілері Борис Брянцевті, Яков Тарыштинді, Кабай Мамеевті аттандырған. Сол жылдың 21 тамызында орыс елшілерінің қазақ хандығына барып қайтқан сапарынан Сібір князі Петр Алексеевич Гагариннің атына жазған есебін де Петр столының арғы басына ысырып қойды. Патша қазақ ордасы мен жоңғар қарым-қатынасының жағдайына қанық еді. 1719 жылдың басында Қазан губернаторы П.С.Салтыков Петр патшаның Қазақ ордасын қоластына алып, оған әскери көмек беруге Петр патшаның рұқсат еткенін сүйіншілеп айтып хат жазды. Келе патша тапсырмасын орындауға кірісіп кеткен Гагарин 1718 жылы қазақ хандығы Әбілхайыр мен Қайыптың Ресейге бодандыққа келісімін алды. Бірақ, Сібір губернаторы-ның өзіне белгіленген аймақтағы жұмысы патшаға ұнамады. Қазақ хандарын Ресейге бодандықты қабылдауға көндіргенін айтады. Ал, ізінше Әбілхайыр орыс шекараларына шабуыл жасайды. Ресей боданындағы

қалмақтар, башқұрттар да тыным бермейді. Осылайша Гагариннің сөзі мен ісі қабыспай, бұл патшаның ренішін туғызған. Ақыры, Петр сол жылы Гагаринді Сібірден кері шақырып алды да қазақ ордасының бодандығы кейінге қалдырылды. Ресеймен арадағы байланыс та қиындаспады. Петр патша қырғыз даласын Ресей үшін «Индияға ашылар қақпаның кілті» деп білгенімен, патша үкіметінің бержағындағы ұлықтары ұстанған бағыт-бағдары-ның қисықтығынан арадағы жағдай ию-қию араласып, батта-сып кетті. Әбілхайыр орыс шекаралары мен бодан елдеріне шабуылдап жатқанда, Қайып хан Бірінші Петрге мәңгілік одақ пен достық жөнінде хат жазды. Әбілхайыр Қайыптың мұнысына түсіне алмады. Бірақ, оны қайырып тастар құдыреті жоқ хан болғанымен. Өйткені, Қайыптың арғы тегі Әбіл-хайырдан кем емес, қайсыбір тұстарда артық та. Екеуі де ақсүйек болғанымен Қайып Тәуке ханның өз баласы. Ал Әбілхайыр болса одан әрегіректен барып тарайды. Шығу тегі жөнінен одан кінәрат таба алмайды. Ал, хандық жолынан да Қайып әке орнына қалған тікелей мұрагері, үлкен хан саналады. Ендеше, мұрагерлік жөнінен Әбілхайыр оған бағынуы керек. Осы тұсқа келгенде Әбілхайыр салқынын сыртқа салып, қауырттап қалады. Кейде өзін орынсыз баса көктеп жүргендей де көреді. Енді бірде ол ойынан тез қайтып тағы да өзін ақтай жөнеледі. Қайып ханның қоластындағы халқын басқару ісіне көңілі толмайды. Күллі қазақтың жайынан гөрі қара басын көбірек күйттейтінге ұқсайды. Ары кеткенде өзінің Орта жүзінен аспайды. Әбілхайырға ұнамайтыны – осы. Бірақ оның ойына Бопайдың да келіспей қалатын кездері бар. - Орта жүз атынан бөлектеніп орыс патшасына хат жазатыны қалай? - дейді Әбілхайыр оның бұл әрекетіне теріс қарап. Мұндай сәтте Бопай Қайыптың іс-әрекетін жақтайды. - Жетісу өңірінде жоңғарлар мекендеп қалып отырған жер – бір кездері осы Орта жүздің мекені емес пе еді. Ендеше, олар өздерінің о бастағы атамекеніне өздері жайлап, көшкен жер, суларына оралмақ болса бөтен бе? Олар сол үшін алысып жатқан жоқ па? Сол мақсаттарына жету үшін ата жауының аржағында тұрған Ресей, Қытай билеушілерінің көңілін аулап қарекет қылса несі айып? Одан артық кетуге шамасы жоқ емес пе. Еділ қалмақтары мен башқұрттар, жағасы жайлау жайылымдарыңды тартып алып отырған орыстарға біздер де дым қыла алмай отыр емеспіз бе? Қазір олар билеп отырған өз жерімізді қайтарып алу үшін біздер де орыс патшасының көңілін аулауға амалсыз барамыз, - деген. Бопай сөзінде шындық ұштықтары жатқанын Әбілха-йырдың еріксіз есіне оралған. Әбілхайыр қазақтың өзі білетін тарихында ата қоныс жері үшін жан алып, жан берісіп келеді емес пе. Сол күрестің арқасында емес пе еді Ұлы жүз ұлысының бір кезде Моғолстан құрамында болғандағы, Орта жүз ұлысының бір кездегі Ақ Орда, Көк Орда құрамында, ал Кіші жүз ұлысының бір кездегі Алтын орда құрамында жүргендегі жайлаған қоныстарының көпшілігін бұл күнде

қайыра алып отырғандығы. Ойлап отырса өткен күн күрестерінің бәрінде де әскери күшпен бірге мәмілегерлікке көбірек көңіл бөлінген. Күні бүгінге дейін де Әбілхайырдың бір жағынан еруліге қарулы деп, дұшпандары атса атып, шапса шауып жауап берсе, екінші жағынан келісімге де шақырып отырған. Бірақ, оның мәмілесін кім тыңдап жатыр. Орыс әкіреңдесе, қалмақ қылышынан қан тамып, башқұрт басқа ұрып, жоңғар жосықсыз кетті. Сол заманда мәмілеге келмесең көзіңнен қан ағызады. Әлменбет пен Барақ балаларын қонтайшыға аманатқа беріп, елшілерін орыс елшілігіне үсті-үстіне аттандырып жатса, сонда мұның мәміле емей не болғаны. Сол мәмілеге келмей төңірегіндегі дұшпандарымен күнде шабысып отырған Әбілхайыр одан не ұтты. Төңірегіне барлай қараса жан-жақты қысымның қақ ортасында жалғыз қалған Әбілхайыр енді не істеуге тиіс екен. Жау ортасында жалғыз қалдың ғой деп оның жанынан табылып жатқандары тағы жоқ. Сонда, жау алдында иілмеске жағдайы қайсы? Бопайдың бұл сөзі Әбілхайырдың шымбайына батқандай. Әйтсе де ащы шындық бұлтартар емес. Бірақ, еш жанға иіліп көрмеген өр кеуде қазір де кішірейгісі келмей аласұрады. Бір толағай ашу көбігі бетіне бұрқанып шыға келеді де долы толқын кенерінен асып барып қайтады. Осындайда ол Бопай ақылымен келісе алмай, қазандай қайнап шыға келеді. Мұндайда Бопай Әбілхайыр жанына бәйек болып, бипаздап сөйлеп кішірейе қалады. Оның жанына жалау, шаншыған жүрегіне дәру болғысы келеді. Мұндайда Әбілхайыр Бопай-дың өзіне арнаған жылы сөздерінен қуат алғандай күй кешеді. Енді оның әлгіндегі бұрқ-сарқ қайнап шығар келген оқыс ашуы ілезде қайтып, жаны жай тауып, жағасы жайлауға шыға келеді де, дауылдан кейінгі теңіздей тына қалады. Әлгінде ашу үстінде Бопайға от басындағы әйел деп қарап, хан ісіне араласпа дегісі келсе, енді ақылшы досы деп танып, оған дөңес маңдай астындағы қиядағыны шолар шырақтай жанған өткір көздерінің нұрын төге қарайды. Оның әлгіндегі айтқа-нын қайта есіне алып, ақылға сала бастайды. Әлгінде ашу шақырып асығыстық жасап қалт жіберген жерін енді басқаша түсініп, әйел де болса ақыл сөзіне тоқтайды. Әбілхайыр төңірегіндегі шапқыншылықта олардың өзіне ісін түсіру арқылы сөйлеспек болған. Оның да жүретін жері бар делік. Солай жасау керек болған. Қалмақ пен башқұрттар қазақты қашан сыйлаған. Үндемеген жылдары олар қазақтың мойнына мініп алды емес пе. Қашан Әбілхайыр қол көтеріп, қарудың күшімен, найзаның ұшымен сөйлескенде ғана момақансып, мәймөңкелей қалғаны. Аюкеге намаз үйреткен Әбілхайырдың таяғы еді ғой. Гүрзі жұдырық қана оларды жөнге салмақ. Соның өзінде де олар ескі әдетінен жаңылмай, оқтын-оқтын шет қақпайлап қазақ ауылдарына ат ойнатып, барымталап кетуін әлі қоя алмай жүр. Әбілхайыр олардың төбесіне әлі де әңгір таяқ ойнатар еді, әттең... Сол кезде олардың қазақтармен қалай сөйлескенін көрер едім. Ал, енді қазақ хандығын екі жақтап мүйіздеп қыспаққа алып отырған Қытай мен Ресей жөнінде ахуал басқа. Бұл екі елмен еріннің

ебімен сөйлесесің. Бұл екі елдің қазақ хандығына деген пиғыл-қарекеті әр қилы. Орыс ұлысбегі қазақпен қарым-қатынасты жақсартып, сауда-саттық жасап, аралас-құраласта болсам деп Орынбор қама-лын салдырса, оңтүстік шығысындағы көрші алып Қытай жүзіңді бабалы көрсін деп қақ ортадан қол жетпес Ерен қабырға салдырған. Орыс қала салдырғанда қазақты сағынып көріп тұрайын деп салдырмаған, аржағында аңдап, билігін жүргізу үшін төбеңнен төніп тұрайын деп салдырған. Ал, ол қала ішіндегі аралас-құралас сауда қазақты уақытша алдарқата тұру болса, оның түп тамыры тереңде жатқан. Сенің қолаяғыңды тұсамай байлауға салдырған. Осы екі тажалдың кіндігіндегі қазақ елі тығырықта тұншығып отырған. Осыдан аман алып шығу - кім көрінгеннің майдайына жазыла бермеген. Қанша хан, билер, батырлар өтпеді. Бәрі ұтыры келгенде қарап қалмаудың, әлі жетпеске әлек болмай жоқ жерден жеңіспен шығудың жолын қарастырған. Және оның амалын тауып бүгінге жеткізген. Сол қазақтың бүгінгі қыл үстіндегі тағдыры Әбілхайырдың өз қолына тапсырылғандай. Ол бәріне күйіп-піседі. Сөйтіп жүріп бірде біліп қимыл жасаса, енді бірде білмей артық қарекет қылып қояды. Оның жанында қолдаушы жоқ. Үш жүздің билеушілері үш жаққа қарап, ауыздары біріккен күні болған емес. Қазақтың анталаған жауына есе жіберіп алып отырғаны сол. Әбілхайырдың тұстұстан анталаған жауларын кезек-кезек тұмсықтан соғып есесін жібермей жаудай жағаласып отырғаны да сол. Бопайдың орыспен жағаласпай өмір сүруге Әбілхайырға ықпал етпек болғаны да сол. Шығыс шекарасын-да да, батыс шекарасында да жер қайысқан қол ұстаған Цин империясы мен қия шетте Шығысқа көз тігіп отырған Ресейдің қимыл-қарекеті мен пиғылының аңысын аңдай тұру керек. Бопай соған ықпал жасамақ. Ал, Әбілхайыр олардың әрқайсысына қолма-қол жауап бергісі келеді. Өйткені, өзін талап жатқан бөрілер мұны түсінетіндей елдер емес. Оны Әбілхайыр бес саусағындай біледі. Қазақ елін қос бүйірден қысып отырған қос арыстанның ойлағандары одан басқаша болатын. Орыс патшасы Бірінші Петр дұзағын алыстан құрып, қармағын кеңнен лақтырып отыр. Оның алысты меңзеген жоспары құрулы. Құпиясын бір шеттегі хандықтар түгіл, жанынан қалмай күндегі жүріс-тұрыс, қимыл-қарекетін сызып беріп отырған ең жақын деген оң қол, сол қолдарының өзі білмейтін. Петрдің ішкі жоспары Орал тауын өзіне қаратып, одан әрі Қиыр Шығысқа дейін көсілу. Содан кейін Кореяның үстімен Қытайды жаулап алу. Бұл жерде патша үкіметінің тағы бір ойлағаны бар. Ол – Каспий теңізін толық өзіне қаратып, одан ары Индияға асу. Бұл - әлдеқашан сызулы жоспар. Бірақ, қия шетте оңтүстік шығыста терістік жағындағы қуатты мемлекеттің ұлан-ғайыр иелігіне көз тігіп отырған Цин империясы да Пілдің құлағында ұйықтап жатпаған. Оның пиғылы – бір кезде Шыңғысхан ұрпақтары жаулап алған ұлан-ғайыр даланың, шетсізшексіз кеңістіктің шетінен құлашын кең созып, қарпып қалу. Бірақ өзімен тайлас орыс мемлекетіне бірден бас салуға батылы жетпей тайсалып, арадағы

қалқан-қақпа – Жоңғар хандығын өзіне тартады. Ондағысы – ұрыншақ хандықты пайдаланып дегеніне жету. Осы екі арада ортада қалып қойып отырған қазақ хандығының күйі нешік болмақ. Ол төңірегіндегі ұсақ шапқыншыларға төтеп бергенімен, қос бүйірден қысқан екі алып арыстанмен есептеспеске амалы қалмайды. Қайыптың Қазан мен Тобылға, Сәмекенің Уфа мен Петербурға үсті-үстіне елші шаптырып жатқаны сондықтан. Мұны түсінген және алдына болжау жасап отырған Әбілхайыр да солай жасап жатыр. Өйткені, одан өзгеге амалы қалмаған. Орыспен тайталасуға шамасы келмесі анық. Батыста Польша, Швеция, оңтүстікте Түркиямен келісімге келіп, басымдық көрсетіп отырған Ресей үшін шығыс мемлекеттерінің қай-қайсысы да онымен бәсекелесе алмас еді. Ал, Орта Азия хандықтарын оның кез-келген уақытта басып алуға шамасы бар. Ондай күші өзінен әлдеқайда басым мемлекетпен қалай тайталаса алмақ. Оны-мен қарсыласар қандай қауқары бар. Билеушілері дүрдараз, жүзге бөлініп жақ-жақ ыдырап жүрген Сәмекенің де, Қайыптың да қарсы тұрар қауқары жоқ. Ал, жалғыз Әбіл-хайыр кімге шабарын білмей әуре. Сонда іргесіндегі алып арыстанға қандай қайран жасай алмақ. Ендеше онымен мәмілеге келуден өзге жол қалмайды. Бопай осыны меңзеп отыр. Ол алып арыстанмен алыспай айламен құтыл дейді. Кезінде орыс князі Александр Невский Балтық жағалауына дейін жаулап алған монғолдардың, екінші Фридрих сан жағынан дес бермейтін арабтардың кәрінен осылай құтылған. Оны Бопай білмесе де ішкі ақылы соған меңзейді. Қазір Әбілхайыр сондай әрекет жасаса, орыс ықпалына бірдей түсіп кетпей уақыт ұтпақ. Ал, кейінгі тағдырды уақыт көрсетер. Әйтеуір, орысты жеңем деп үміттенбейді. Ендеше, соңғы үміт – оның ықпалын әлсіретіп, ұзаққа созу ғана. Ол үшін орыс үкіметінің көңілін тауып, келісімге келу. Ол көнбесе де ұсына бер. Өйткені, күш - халықта, қайран – бірлікте. Оған сенім аз болған жерде келісіммен тірлік жаса. Бопай санасын билеп алған осы бір ойды Әбілхайырға жеткізумен әуре. Оған түсіне тұрса да Әбілхайырдың сыр бермей отырған, атысса атысып, шабысса шабысып, есе қайырысып, сырын алдырмай іштей арбасып, сырттай аңдысып отырған жайы тағы бар. Келісімді Қайыпқа айттырып, өзі аяғыңа құлай кетер мен емес, оған көнбесең тұрысар жеріңді айт деп кеуде керіп отырғаны. Бұл – оның сырттай қоқилануы емес, іштей қалауы.

*** *** *** Қытай үкіметімен келісіп – Жоңғар хандығының үзілген арманы алдынан шықты. Сыбан Рабданның күткені де осы еді. Ауызбірлігі жоқ қазақ хандықтарының пытыраңқылығы және соңғы жылдары қазақ хандарының жиі ауысуы – жоңғардың пайдасына шешілгелі тұрған. Қырық рудан құралған хандықтардың бір қолға бағынатын әскері де жоқ. Үш жүздің үш бөлек қолы бір

уыста ешқашан біріккен емес. Ендеше, нақ ұтырлы сәт – осы еді. Сыбан Рабдан қазақтың үлкен хандығына Әбілхайырдың отырғанынан хабардар болатын. 1717 жылы Тұрсын хан өлтірілді. Арадан жыл жарым өтпей Қайып хан о дүниелік болды. 1719 жылы ұлы жүздің Абдолла ханы кетті мәңгілікке. Ұлы жүз бен Орта жүзде хан тағына олардың балалары отырды. Олардың Әбілхайырдан өзгесі Жошы тегінен шыққандар болатын. Ұлы жүзде Абдолла ханның үлкен ұлы Жолбарыс хан болды. Ол Ташкентте отырды да, ал жайылымдары оңтүстік аймақтарда, Шыршық, Арыс өзендерінің бойын, Ташкент пен Түркістан аралығын иемденді. Орта жүзде Тәукеден кейін азғана уақыт Қайып хан, кейін біраз жыл Болат хандық құрды. Ал, жоңғар шапқыншылығы кезінде хандық билікті Болат пен Сәмеке бөлісті. Оған найман, қыпшақ, арғындардың бір бөлегі қарады. Қазақ даласында хандармен бірге әлеуетті, ықпалды сұлтандар да тәуелсіз билік жүргізді. Баяғы Ташкентте Есім хан өлтіретін Тұрсын хан баласы Күшік хан Найманның садыр руын басқар-ды. Бұл кезде садырлар Қазақ хандығының оңтүстік шекера-лас аудандарында, Қаратау бойында, Талас пен Арыс өзендері аралығында, Сайрам қаласының ілгері жағында, Жоңғар хандығына тақау маңдарда көшіп жүрді. Хандармен бірге қазақ даласында Орта жүз бен Кіші жүздің тәуелсіз, ықпалды сұлтандары да бар еді. Баяғы Есім хан өлтіретін Тұрсын ханның екінші ұлы Барақ сұлтан наймандар мен қоңыраттардың басым бөлегін билеп тұрды. Болат ханның ұлы сұлтан Әбілмәмбет арғын, найман, қоңырат руларының өздеріне жақын бөлегін, Уәли сұлтанның баласы Абылай сұлтан арғындардың атығай тересін, Қайып ханның ұлы Батыр сұлтан Кіші жүздің алшын руларына билік жүргізді. Бұл кезде билік үшін Орта жүзде жер тартыстары жүріп жатқан. Жан-жақты қысымда қалып қойған бір Әбілхайыр емес-ті. Асқынған ру таласы үш жүзде де бар еді. Бұл таққа, билікке талас бітпей үш жүздің бірігуі мүмкін еместігі көрінді. Әбілхайырдың да қауіп еткені – осы еді. Ал, жоңғар қаупі барған сайын төніп келе жатқан. Тереңін танымаса да Әбілхайырдың көңілі алаңдаулы. Енді болса міне, сол алаңдау шағында Орта жүзде тағы бір шу шықты. 1718 жылы Тәуке ханның мұрагері үлкен ұлы – Орта жүздің ханы Қайып өзара ру тартысында өлтірілді. Бұл хабар Әбілхайыр үшін жай түскендей болды. Барған сайын жоңғар Алатауы беттен төніп келе жатқан қара бұлт онсыз да іріп тұрған қазақ арасын ыдыратып жіберердей. Мұны Әбілхайыр да, Бопай да сезген. Бірақ Әбілхайыр сыр бермей сазарып қалды. Бопайдың да іштей қаупі мықты еді. - Хан ием, - деген ол күйеуінің көңілін жұбатып, мерез боп қатқан жүрегін жібітіп, жадау жанына қамсау болғысы келіп, - осы қазақтың бірлігі кетіп қалған жоқ па. Ол Әбілхайырдың жанын дөп басқан. Оның үнін шығар-май ішмерез қып тастаған да осы болатын. Сонда ол Орта жүз хансыз қалады деп қорықпаған.

Тәукенің мұрагері көп. Сол көп балалары бірінен соң бірі хан тағына отыра берері анық. Бұл ежелден келе жатқан хандық заңы. Оның уайымы – берекесі кеткен ел қаптаған жауына қарсы тұра алар ма екен. Осы бір уайым Әбілхайыр басынан бір күн де сейіліп көрген емес. Қайта қалыңдай түсетіндей. Ал, Түркістандағы күндері оның уайымын қоюландырып, қаупін күшейтіп жіберді. Әбілхайырдың ойы расқа шықты. Қайыптың орнына Тәукенің тағы бір баласы - Болат отырды. Тәуке балалары Әбілхайырға жақсы таныс. Жәдіке ұрпақтарының аты озып келеді. Бірақ, Әбілхайыр Болаттан ештеме күтпейтін. - Бозаңдау еді, хан бола алса жарады, - деген де қойған. Сол Болаттың хан тағында отырғанына міне төрт жыл. Осы уақытта Орта жүз бұрынғы кейпін де жоғалтып ыдырап бара жатқан. Мұны Әбілхайыр көрмей, білмей отырған жоқ. Бұл оның қаупін күшейте түскен. 1719 жыл мен 1722 жылдың аралығы – үш жыл тыныш-тала қалған Жоңғар қайта қозғалды. Олардың бұрынғы үнсіздігі Цин империясының қаупіне байланысты екені белгілі болды. Ол қауіптен құтылған Сыбан Рабдан енді жүзін бері бұрған. Орда тыңшылары ойраттардың үлкен шабуылға әзірленіп жатқанын жеткізген. Сыбан Рабдан әскеріне бас қолбасшы етіп ұлы Шоно-Лаузаны тағайындап, қарауына отыз мың әскер бөліп берді. Бұл кезде Әбілхайыр әскерін он бес мыңға жеткізе алмай жатты. Сол жылдың көктемінде отыз мыңдық ойрат әскері – Қазақ хандығының жеріне Шу, Талас өзендері бойына шабуыл жасады. Ел ішіне түрлі қауесет тарап, көз ұшынан құйын көрінсе де жау емес пе деп қаралай үркіп, елдің берекесі кетіп отырған. Қанша жүгірсе де Әбілхайыр тозтозы шыққан елді біріктіре алмай-ақ қойды. Жау күшін бағамдаған сайын Орда күшінің әлсіздігі сезіле берді. Ұлы жүздің ханы Сәмеке – бойын Ордадан аулақ салып, қырын қарап отыр. Орта жүзіне ие бола алмай Болат отыр. Арада Әбілхайыр жалғыз шауып жүр. Күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан қалған оның қалың қабағы қарс жабылған. Қайткенде жанына жалау болам деп Бопай әуре. Үріккен ел, Орда маңы ызғындай. Түркістан іші сапырылыс. Түркістанда Әбілхайыр өз төңірегін бір ауданға жинаған. Бопай да төркіндерін осында тартқан. Әкесі Сүйіндік те осы маңда. Әбілхайыр өгей шешесі Күнайды, соның өткен жылы қайтыс болған ағасы Тоқтамыстың үй-ішін де өз жанына қондырған. Інілері Бұлхайыр мен Досалы, Бопайдың інілері Мырзатай мен Құрмантай келесі аулада. Соңғы күндердің сапырылысында Бопай не істеп, не қойғанын білмеді. Бірнеше күннен бері Әбілхайыр да үйді ұмытқан. Батырлар, билер, сұлтандар хан төңірегінде. Қарт Сүйіндік де бұл кезде үйде отыра алмай, інілері Мырзатай мен Құрмантайды ертіп, Орда төңірегінде болды. Бопай құлазыған үй ішінде балалардың жанынан шыға алмады. Үлкен ұлы Нұралы анасының қасынан зып беріп шығып кете береді. Бір заманда Орда жақты айналып келе жатады. Сосын

нағашы атасы Сүйіндіктің үйінде тұрған ескі көк найзасын ұстап, ұшын ұштап, сабын сүртіп, ұзын ырғай сабын сүйретіп үйге әкеліп, босағаға қыстырып жүргені. Ал, Ералысы мен Қожахмет ағасының жанынан шықпайды. Олар да әлденеден үркулі алысқа кетпей айналшықтаумен жүр. Бопай төңірегін жинақтап, балаларын қамдап жүріп, жастыққа басы тигеннен ұйықтап кетіпті. Түнде түс көрді. Түсінде Әбілхайыр көп арыстанның арасында жалғыз қалыпты. Арыстандар қақ ортаға алып әрқайсысы бір тап беріп, жұлмалап, тістеп тартып жатыр. Арыстандарға таланып, тұла бойы қанға бөккен Әбілхайыр енді бірде соңғы демінде сытылып қашып шығып шырқырап кетіп барады екен. Жан баласы қол ұшын бермеді-ау, Сәмеке, Болат хандар қайда деп тұрғанында Сәмеке мен Болаттың әлдеқашан қашып қыр асып кеткенін көрді. Әлгі арыстандар Әбілхайырды тағы қуып жетіп талайды-ау деп жандәрмен көмекке ұмтылмақ болғанында шошып оянды. Қатты бастығырылып қалған екен. Қорыққаннан жүрегі қатты соғып жатыр. Әлгінде көргендерінің түсі болғанына қуанды. Әйтсе де оны неге жорырын білмеді. Өңкей жыртқыш ортасында ханның жалғыз талауға түскенін, қанға бөгіп қашқанын жаманға жорығысы келмеді, ал жақсыға жори алмады. Таң жарығы түсіп қалған екен, енді ұйықтай алмады. Күйеуінің төсегінің бос жатқанын көрді. Кенет тыстан аяқ дыбыстары естіліп, абыр-дабыр дауыстар естілді. Әдетте бұл уақытта төңірек тыныш болушы еді. Бүгін мына ерекше құбылыс оның жүрегіне күдік туғызды. Әлгі дыбыстар бірден бірге күшейе берді. Енді дауыстары анық естіле бастады. - Ой-ба-а-ай, жау шапты. - Қай жақтың жауы айтып отырғаның? - Жоңғар шапты. - Шаһарға жақын қалды дейді. Жанұшырған дауыстар бірден-бірге күшейіп, арты у-шуға араласып кетті. Бопай не істерін білмей, аш белін таяна берді. Жаудың ә дегеннен шаһарға жетіп келгені қалай? Сонда оның бетін қайырар жан табылмағаны ма? Хан әскері қайда? Қазақ қолы қайда? Әлде жау тым көп болып қайтартпай кетті ме? Тыстағы сапырылыс жаудың кеп қалғанын байқататын. Бопайдың әлгіндегі күдігінің жаны бар еді. Жоңғардың жойқын қолы алғашқы күні-ақ Шыршық, Боралдай өзендері өңірі мен Әулие Ата тауының төңірегін мекендеген қазақ руларын шауып, бес мың адамды тұтқынға айдап кетті. Мұнан кейінгі уақытта қазақ хандығына қарайтын аймақтың қай қиырында да қырылған жан төсек болып, ел тонауға түсіп, ауылдар өртеніп жатты. Босқындар жол бермей ерсіліқарсылы шұбырынды көбейді де, Хоженттің Бұхар жағы мен Ташкент, Сайрам, Харамурут шаһарлары мен ірі елді мекен-дері жоңғардың аяғы астында қалды. Қазақ қолдары бірнеше жасаққа бөлініп жау шабуылының өтінде тұрды. Бірақ, сан жағынан да, қару жағынан да жау қолы басымдығын көрсетіп, қай тұста да

тапап өте берді. Қазақ қолы амалсыз шегінумен болды. Жауға қарсы Ұлы жүз де, Орта жүз де межелі жерде жоқ болып шықты. Сәмеке қолы Қожент жаққа кетті деп естіді, ал Болат қолы Сырдарияның жоғарғы жағында шайқасып жатыр деген хабар келді. Әбілхайыр олармен бас қоса алмады. Жаудың негізгі күші Түркістанға бағыт алып келе жатқаны белгілі болды. Бұл бағыттағы жау қолы жиырма мың адам деп жеткізді. Әбілхайырдың жиған қолы сегіз мың адам. Жау бағытының дәл дерегі болмай, оны да әр жаққа бөлшектеп жіберді. Қорғанысы мықты емес еді. Түркістанға шабуылды Сыбан Рабданның өзі бастап келеді. Баласы әскербасы Шоно-Лауза Әулие Атаға қарай бұрылған. Әбілхайыр қақ маңдайда өзі тұр. Бірақ, лек-легімен толассыз құйылған жау қолы беттетер болмады. Ол қанша қайрат қылса да жасағы сансыз қолға төтеп бере алмай ыдырап кете берді. Әбілхайыр жаудан сытылып жүріп қайта айналып келіп сарбаздарының басын қосып қайта ұмтылады. Бірақ, толассыз құйылған жау екпініне төтеп бере алмай Әбілхайыр шегінген қолын сан рет қайтарып ұмтылса да ештеме шықпады. Артта Түркістанның көк күмбездері көрініп қалған. Бүгін бесінші күн шайқас жүріп жатыр. Сәмеке мен Болаттан хабар жоқ. Әскер шығыны екі жақтан да көп. Жау қолы ортаймайды, күн сайын толыға түседі. Ал, Әбілхайыр қолы толықтырылмады. Оның өз қолында күші жоқ. Арттан келер көмек тағы жоқ. Әскер қайта жабдықталмады. Дымы құрыған ол неше дүркін кезенсе де ештеме шығара алмай, салы суға кетіп, қылышын тасқа шауып қалған. Жаудың Түркістанға басып кірерін білді. Енді Орда маңын қорғап қалуды ойлады. Шаһарды тастап шығу жөнінде Ордаға хабаршы шаптырды. Қаланы тастап шығу оның ойына кірмеген. Енді болса, міне, жау онысына қоймады. Өңмеңдеп келіп, алды шаһарға кіре бастады. Әбілхайыр кеш қимылдап қалды. Неше күннен бері сапырылысқан халық, қала іші берекесіз күйге түскен. Ығы-жығы ішінде хан ауласы алдына қос ат жеккен бірнеше арба келіп тоқтағанда Бопай төңірегін жиып, балаларын түгендеп, асығыс арбаға отырған. Ол дүние-мүлік алып үлгермеді. Бар болғаны бірнеше арба олардың үй-іші жандарынан да ауыспайтын. Тоқтамыс, Бұлхайыр, Доса-лының үй-іші жандары, бала-шағалары, Сүйіндік, Мырзатай, Айбастың отбастары да келесі күймеге отырған. Бірақ, есі кеткен ауыл адамдары ұбап-шұбап, іркес-тіркес, бірін-бірі іздеп, бірін-бірі сүйреп, ығы-жығы, күймелер қозғалып болма-ған. Бұл кезде жау қалаға ендеп кіріп кеткен. Үлгергендер қаладан шығып батысқа қараған үлкен жолға түскен. Ал үлгермегендері жау қолына түсіп қалуда. Ендеген жау сарбаздары алдымен қала орталығындағы хан ордасы мен хан сарайына ұмтылған. Хан ауласы ығы-жығы. Найзалар көлденеңдей ұшып, қылыштар жарқылдап, самсаған садақтан жарыса ұшқан жебелер кірш-кірш қадалып, құлаған жандар көзді ашып-жұмғанша төсек боп жатыр. Жамбасына жебе қадалып, найза бойлаған сәйгүліктер шырқырай шауып маңып барады.

Қайсыбірі демі таусылып, жеткен жерінде гүрс-гүрс құлайды. Алай-түлей ішінен Бопай төңірегіндегілерден де кім бар, кім жоғын айыра алмады. Балаларын ғана жұлмалап сүйреп үлгерді. Әлгінде Нұралысынан оқтын-оқтын көз жазып қалып, шырқырап іздеп тауып алған. Жау басып қалған хан сарайының төңірегі опыр-топыр. Жоңғар сарбаздары үй-үйден қолға түскендерін үлкен демей, кіші демей, әйел демей, бала демей шырқыратып сүйреп шығарып жатыр. Қарсыласқан-дарының кеудесіне найза шаншылып, сүңгі қадалады. Бопай мінген күйменің делебешісі атқа қамшы салғанда жанындағы күймені жау сарбазы үлгеріп ұстап қалды. Бопай қазір мына арадан қалай сытылып шыққанына өзі де аң-таң. Ала жөнелген арғымақтар алдындағы кедергілерді түгел басып-жаншып, қағып-соғып шұбырған халықты кимелеп қоя берді. Қаладан далаға шыққанда ғана есін жиды. Алдымен балаларының түгел екенін көрді. Сосын барып төңірегін түгендеп еді, енесі Кінайды көрмеді. Ол алдында күймеге бір түйіншекті әкеліп, үйге қайта кіріп кеткен. Сосын қайтып көрмеген. Қазір ол өзге күймелерде де болмай шықты. Ендеше, келесі күймеде деп ойлаған. Бұлхайыр мен Досалының әйелдері жоқ. Жапатармағай таласып мінген келесі күймелерде екі қайнысының балалары да түгел болмай шықты. Бопай оларды көп босқындар ішінен іздеумен болды. Бірақ, ұшыраспады. Мұнан кейін де кездестірмеді. Бопайдың жүрегі көтеріліп аузына кеп тірелгендей, кеудесін өксік басты. Өгей енесі Кінай кемі жоқ кең адам еді. Сорлы ананың бағы жанбай өмірі өксікпен өткен. Қажы сұлтанның бәйбішесі ерте қайтыс болып, жетім қалған төрт бала үстіне осы Кінай келген. Ол кезде төрт ұлдың үлкені Тоқтамыс сегіз жасында екен де, одан кішісі осы Әбілхайыр бес жасында, Бұлхайыр үште екен. Жоқшылық көрсе де солардың барлығын адам қып жеткізген. Тоқтамыс қайтыс болғалы Кінайды Әбілхайыр өз қолына алып, жанынан үй тігіп, сарай салдырып берген. Оны Әбілхайыр туған анасынан кем көрмейтін. Бопайдың осы шаңыраққа келін боп түскеніне он төрт жыл. Содан бері оның қатты сөзін естімеген, көңіл қалдырып көрмеген. Ене мен келіндей емес, анасы мен қызындай болып кеткен. Бопайдың бір қамқоршысы – осы кісі еді. Міне, сол қымбатты адамынан Бопай қазір көз жазып қалғанына қиналды. Қастанды жаудың ханның анасына, туған-туысқандарына аяушылық жасамайтыны белгілі. Жетім балаларды өсіріп жеткіздім дегенде маңдайыңа енді жазылғаны осы болды ма? – деп ол өшуге айналған ескі бір сүрлеумен айдалада салдыр қаққан күйме-арба үстінде селкілдеп келе жатып, көзіне домалай қалған бір тамшы мөлдір шықты жаулығының ұшымен жасқап жіберді. Қазір мына шұбырынды ішінде өзінің де қайда бара жатқанын білмеген. Әйтеуір босқан халық басы ауған жаққа маңып барады. Сол шұбырынды ішінде Әбілхайыр да, Бопай да бар. Түркістаннан басталған шұбырынды аумағы барған сайын ұлғая берді. Хоженттен, Ташкенттен, Сырдария бойынан ыққан халық әр қиырдың астынан қосылып, барған сайын бас бермес ағын дарияға айналып

беталды ығып келеді. Күні кеше ғана бұйырғын, жусаны, бидайық, селеуі белуардан сыңсып өскен көктемнің хош иісі кернеген сары дала бір күнде ала шаңға көміліп, демді байлап тұншықтырып барады. Осы қалпында арада бірнеше күн өткенде бала-шағасын шұбыртып, кемпір-шалын сүйреп, жаяу жалпылап табанынан таусылып шұбырған халық о шеті мен бұ шеті көрінбейтін телегей теңізге айналып, жер беті жылжып көшіп келе жатқандай. Бағыт – теріскей батыс, алда Алқакөл. Жаудан қашқан халықтың бір сәт те тыныс алар мұршасы жоқ. Құлағандарын көтере алмай, сүрінгендерін сүйрей алмай, қимас жандарын тастап кете алмай, тың дегендері де ақтабанға айналып, әр қадамын санап басқан шұбырынды жүрісі өнбей келеді. Кеше Түркістаннан шығарда Бопай мінген күймеге жегілген екі аттың біріне жау жебесі тиіп құлаған. Үстіүстіне сабылып келе жатқан дүрмек бірін-бірі кимелеп, кептеліп қалған. Делебеші құлаған аттың делебесін қиып үлгерді. Жалғыз ат әлгіндегі үймежүймеден әзер алып шықты. Енді болдырып, ыңырана басып, күйме баяу жылжиды. Жаяу-жалпы қалжыраған қариялар, бала-шағалар дүрмекке ілесе алмай біріндеп қалып барады. Күймеге сүйенген қариялар Бопайға қиыла қарайды. Оған сай-сүйегі сырқырап кеткен Бопай одан әрі отыра алмай күймеден түсті де, орнына әлгі күймеге жабысып әзер ілбіген қария мен кейуананы отырғызды. Әлі құрыған қарияны күймеге делбеші мен Бопай демеп зорға мінгізген. Кешеден бері жолда жүре алмай келе жатқан әйелдердің балаларын күймеге ала берген. Күйме үстінде де орын жоқ. Өзі амалсыз күйме соңынан жаяу ілбіді. Шұбырынды ішінде жылаған аш балалардың әлсіз үні естіледі. Күйме үстіндегі балалар қыңқылдай бастады. Үлкендері Нұралысы мен Ералысы үнсіз. Жолға балаларына азық ала алмаған Бопай ернін тістелеп, кішкене Қожахметі анасының кеудесін іздеп, кезерген еріндерін сорғылап, қыңқылдайды. Мұндайда Бопай сәбиін омырауына тартып, біраз кеудесін сорғызады. Бірақ жолда неше күн ас ішпеген, әрі аяғы ауыр ол ілбіп зорға ілесіп келеді.

Жоңғар шабуылы барған сайын үдей түскен. Жау әскері Сырдария, Ташкент аймағынан Бұхарға дейінгі аралықта жосып жүр. Ел ыдырады. Балапан басына, тұрымтай тұсына кетті. Қазақ әскерінің басы қосылмады. Самарқанд, Хиуа бойы қаңырап бос қалды. Үш жүздің үш бөлек әскері үш жақта бас сауғалап, халқы үш жаққа жосып кетті. Ұлы жүз халқы Ходжент асып, Ташкентке, Қаратегін, Ферғана мен Памир тауларына жетті. Орта жүз рулары Самарқандқа бет алды. Кіші жүз Сауран айналып, Хиуа, Бұхарға қарай жөңкілді. Елден, жерден айырылған қазақ босқындарының тағы бір үлкен тобы кері Арал өңіріне шегініп, ол жақта да тұрақтай алмай, енді сонау қиыр теріскейге, Орал

тауының түстік беткейіне, Батыс Сібірге қарай шашырап көшкен. Қарақалпақтар мен Кіші жүздің енді бір бөлегі Жайық жағалауын бетке алды. Мұнда қалмақ Доржы Назар қолы жоңғар Хошот-Дондук әскерімен қосылып қарсы шауып, көшті қырғынға ұшыратты. Көштің аман қалып құтылған бөлігі Қызылжарға қарай бұрылды. Елек, Тобыл, Өр өзендеріне қарай қаша көшкен тағы бір тобын көшпелі башқұрттар мен Сібір даруғалары қақ маңдайдан соғып кері ығыстырды. Қазақ жасақтары мен башқұрттар арасында жайылымға, жерге, суға таласқан қақтығыстар болып жатты. Екі жақ кезек-кезек шабуылдасып, адамдарын тұтқындап, малдарын айдып алып, барымта шиеленісті. Мұндай күйді пытырап кешкен қазақ көштерінің бәрі бастан кешіріп жатқан. Алакөлге кеп құлаған босқын халыққа бұл ара да тұрақты қоныс бола алмады. Тұрақтай алмаған босқындар легі осы арадан жан-жаққа пытырады. Барар жері, басар тауы қалмаған енді бір көш айналып келіп Қаратауға қайта бет түзеді. Әбілхайыр көші бұл кезде Арал маңына құлаған. Жан айдауға, мал талауға түскен, қара жамылған ауыл хан ауылынан гөрі қайыршының ауылына көбірек ұқсайтын. Мал-жаннан жұрдай болып, жаудан қашып шығып, бас сауғалап қалған ауылдың бұрынғы сән-салтанаты көрінбейді. Азаматынан айырылып, қара жамылмаған үй жоқ. Ауыл оты ерте өшіп, қыз-қырқын деп, қымыз деп қаңғу қалған. Ауылдар да бір-бірінен ұзамай, жау шаба қалса деп дауыс жетіп, көз көрінім жерден аспай, түнде көз ілмей, күндіз кірпік қақпай отырған. Осындай күйге кез болған Әбілхайырдың жаны жаралы, жүрегі қаяулы. Ол жау алдында өзінің әлсіздігіне, мына ел алдында дәрмен-сіздігіне күйінулі. Қарс жабылған қабағы дөңес маңдайын бір уыс қып түкситті де қойды. Бопай оның дертіне дауа таба алмай пұшайман. Бұрын жанын жеген жегі құртын айтып, сырласушы еді. Ондай сәтте сыр бөліскен де жанын жібітіп, жүрегін жеңілдеткендей болар еді. Мұндайда сырына сыр қосып, шерін ақтарып Бопай да жеңілдеп қалатын. Бірақ, мінезі ауыр Әбілхайыр қатты қиналған сәттерде болмаса ақтарыла бермейтін. Ал іште сірескен тоңның жұмсаруы қиын. Ол тоңның құлпы Бопайдың нұрлы жүзінде ғана. Бірақ оған да ақтарыла бермейді. Ал, оның құпиясын ашу Бопайға да оңайға соқпайтын. Оның осы жолғы құпиясы Бопайға айтпай мәлім. Ел басына туған күн, тұла бойын кернеген кек жүрегін жарып бара жатқан. Мына елмен бірге оның өз жаны да жаралы. Көп азаматының айырылған ауыл санасында сарнап тұрғандай. Әр үйдің есігінен аза тұтқан қайғылы үн үздіге сыңсып естіліп, шаңырағынан мұң асып төгіліп жатыр. Жаралы жандардың ыңырсыған үні жанын жаралайды. Кешегі Түркістан үшін айқаста Бопайдың әкесі Сүйіндік те қатты жарақаттанған. Найзагерлер жасағын бастаған батыр өзінен әлдеқайда күшті жауға қарсы төтеп беріп үш күн шайқасты. Оның жасағы Әбілхайыр қолының сол қанатын ұстаған. Оң қанаттағы Бөкенбай екеуі араны ашпай ортадағы негізгі күшті сүйемелдеп те, қорғап та отырған. Олар Әбілхайырдың ыңғайына қарап

қимылдады. Қайсыбір тұста жау ішіне сыналап кіріп, басым жағынан орағытып өтіп, басты күшінің шашау қалған сәтінде қор-шауға алмақ боп дүрсе қоя береді. Мұны байқап қалған жау енді бері қарап лап береді. Осындай сәттің бірінде жаумен бетпе-бет келіп, қолма-қол шайқас жүріп жатқан. Қос қанатына өзінің сенімді қос батырын ұстаған Әбілхайыр батыл қимылға көшті. Қақ маңдайда жапырып келе жатқан ол кенет қалың нөпір арасына жойқын екпінмен киіп кетті. Опыр-топыр арасында кімді кім түсіріп жатқанын түсіну қиын. Бұл кезде қос қанаттағы Бөкенбай мен Сүйіндік ханды қорғауға ұмтылды. Қиян-кескі ішінде Мырзатай да, Айбас та бар еді. Айбас хан тұсындағы батырлардың бірі. Бопайға іні боп келеді. Ол Табынайдың бес баласының бірі Арыстанбайдан тарайды. Жастайынан көзге түскен Айбастың хан төңірегіндегі батырлар қатарына іліккені беріде. Бұл 1712 ұлу жылы болатын. Қазақ-жоңғар арасы ширығып, ахуал ушығып тұрған кез. Сырдарияның орта ағысы бойындағы қазақ ауылдарын оқтын-оқтын жоңғар жасақтары шауып, адамдарын тұтқындап, малын айдап алып жатты. Сырдарияның жоғарғы ағысына тақау жоңғарлардың тірек бекініс қорғаны орналасқан. Сүйіндік ауылы осы өңірді жайлап отырған. Табынайдың бес баласының төртеуі атқа мініп найза ұстаған. Ішінде жалғыз Дауылбайы ғана момындау. Әйтсе де өз шаруасына мығым. Ауыл азаматтары түгел ат үстінде, жау соңында қашты-қудымен жүр. Мұндайда еркек кіндіксіз қалған ауылға бас-көз ер азамат қалуға тиіс. Осыған қайым Дауылбай. Қаштықуды кезде ауылдағы жанға да, малға да қарайтын сол. Осындай ереуілді күндердің бірінде ауылды жоңғарлар шапты. Дауылбай жасанған жауға жалғыз қайрат қыла алмады. Кемпір-шалдарды үйден сүйреп шығарып, әйел, балашағаларды шырылдатып қойдай көгендеп, өріс толған малды алдына салып айдап кетті. Қарсыласқан Дауылбайдың өзін де соққыға жығып, қол-аяғын байлап әкеткен. Хабар жеткен Сүйіндік төңірекке хабар салып, олар жетіп үлгергенше арада екі-үш күн өтіп кетті. Ендігі жаудың барар жеріне жетіп қалар уақыт болған. Сырдарияның жоғарғы ағысына таяу жоңғар Алатауының етегінде жау бекінісі бар. Жау бағыты да осы бекіністі нұсқаған. Тыңшылардың жеткізген хабары осы Әмірсана бекінісінде жаудың он мың қолы тұр. Ал, Сүйіндік бес мың адамдық жасағын зорға жинаған. Оған жаудың алдырмасы белгілі. Батырлық деген көзсіз шаба беру емес. Жау да өзіңнен кем емес, артық болмаса. Оны есепке алмай болмайтын. Мұнда ақыл, айла, әдіс керек. Тау етегіне орналасқан жау бекінісі қиядан көзге шалынады. Қазақ қолы тау жағалап арқа тұстан келген. Сүйіндіктің ондағы ойы жаудың қамсыз сәтінде қапыда басу. Тыңшылар кешегі қазақ тұтқындарының тау ішінде қамаулы жатқанын, бекініс әскерінің ертең кезекті жорыққа шығатынын хабарлады. Ендеше, бекіністе жау әскерінің азаяр тұсын күту керек. Жаудың күдіктеніп қалмауы үшін Сүйіндік әскерін аулақ әкетіп, басқа бағытқа кетіп бара жатқан етіп көрсетуді ойлады. Жасақтарды әр тұсқа бөліп көзден таса тау ішіне

жасырды. Тыңшылар жаудың күдік алмағанын жеткізді. Олжамен оралған жау алғашқыда қуғыншы күткен де, кейін қаупі сейілсе керек. Тыңшылар жеткізген хабар расқа айналды. Барлаушылар бүгін азанда жоңғарлар бекінісінде қозғалыс, сапырылыс болып жатқанын жеткізді. Күн көзі тұсау бойы көтерілгенде төрт мың әскер Жетісу бағытына жүріп кетті. Ізінше тағы да екі мың адам Сырдарияның төменгі ағысын бетке алды. Бұл бағытта қазақ ауылдары орналасқан. Ендеше, олардың қазақ ауылдарын шабуға бара жатқаны белгілі еді. Қалған тағы да төрт мыңның үстінде жау сарбазы бекініс күзетінде. Сүйіндік күш арасалмағын ойша таразылады. Енді уақыт ұттыруға болмайтын. Күш басымдығы өз жағында. Ендеше бейғам бекініске тосын тап беріп, жедел қимылдап, жаудың қосымша күшін жәрдемге үлгертпей, тұтқындарды құтқарып үлгеру керек. Күн талтүстен ауа Сүйіндік қолы күндік жерден ат қойған. Жарау сәйгүліктер көз ұшында мұнартқан бекініске көзді ашып-жұмғанша жетіп келді. Бейғам әскер қатты қарсылық көрсете алмады. Бірақ, бекініс алдырмады. Жеңілген жоңғар-лар қашып бекініске тығылып үлгерді. Мұнда бекініп алған олар мылтықтан, садақтан оқ жаудырды. Тұтқындар аумағы атшаптырым бекіністің тау жақ шетінде орналасқан. Қазақ жасақтарын таныған олар шулап қоя берген. Қоршаған жоңғар сарбаздары енді бір кез тұтқындарға оқ жаудырды. Балалардың жылаған, әйелдердің зарлаған дауыстары сай-сүйегіңді сырқыратарлық. Бекіністен жауған оқтан қазақтар қолының алғашқы дүрмегі сиреп қалған. Сүйіндік қолы бекіністі қоршауға кірісті. Бірақ, беттей алмай пытырап шауып жүр. Бекініс алдырмауға айналды. Ойрат әскері жаны қылсылған сайын өшін тұтқындардан алуда. Ол жақтағы дүрбелең құлақ тұндырарлық, жүрек шымырлатарлық. Бұлай ұзақ тұруға болмайтын. Бекініске қосымша күштің келіп үлгеру қаупі де жоқ емес. Сүйіндік шабуыл әдісін жедел өзгерту керек деп білді. Ол жедел Айбас пен тіней Тәңірбергенді шақырып, шұғыл тапсырма берді. Айбас он алты жасқа енді толған. Бұрын ауыл арасындағы қашты-қуды барымташыларға қарсы шапқаны болмаса мұндай үлкен жорыққа тұңғыш қатысып тұрғаны. Осы қол ішінде оның әкесі Арыстанбай да, ағасы Алқұлы да бар. Сүйіндіктің қазір жас, балаң жігітті таңдаған себебі – оның болашағын таныған-дығы еді. Дене бітімі, ірі турайтын кесек мінезі, қайтпас қайсарлығы, іс-қимылы батыр кейпін беретін. Талай барымта-да қуғанына жетіп, ұстағанын шайнап, бүктеп тастайтын. Сүйіндік қазір де інісін отқа салып, суға малып әбден пісіріп алуды ойлады. Сүйіндік: - Жігіт болсаңдар мына тұтқындарды құтқарыңдар, - дегенінде балаң жігіт Айбас пен қырықтар шамасындағы Тәңірберген оқшау дараланып шыға берген. Екі жасақ бір мезгілде бекіністің қос бетінен тура шаб-уылға көшпек. Сол кезде алғашқы атыстан кейін ойраттарды атуға үлгертпей бекіністің түбіне

жетіп алады. Ойраттар иегінің астына кеп кіріп кеткен жасақты ата алмай абдырап қалған. Сол кезде қоршаудағы бекініске жан-жақтан шабуыл басталды. Мұнан кейінгі жағдай Сүйіндік ойлағандай болды. Айбас пен Тәңірберген бір уақытта шабуылға шықты. Ұрымтал тұстан бекініс қақпасына бұрын жеткен Айбас қиғаштай жауған жебе астымен ұмтыла келіп, қолы қақпаға тиген. Кісі бойынан биік қақпаны бар пәрменімен жұлқып қалды. Ауыр қақпа мыңқ етер емес. Іштен бекітілген қақпаны аша алмасын білген ол атын қақпаға тақау келтіріп, еріне аяқ салды да ат үстінен қақпаға өрмелеп шықты. Сосын ары қарай қақпа алдында тұрған күзет сарбазының үстіне қарғыды. Астына түскен сарбазды тез бүктеп тастаған ол қолын қақпа тұтқасына созды. Қақпа айқара ашылып кетті. Оқыс жағдайға енді түсініп қақпаға ұмтылған жау сарбаздарымен Айбаспен апай-топай алысып жатқанда Сүйіндік сарбаздары ішке лап берген. Гүрс-гүрс атылған мылтық, сыңсыған садақ үндері, ойбайлаған жандауыстар, шыңғырған тұтқындар үні - дүние жан шошырлық дыбыстарға толып кетті. Ойраттар қамал ішінен қаша бастады. Аласапыран ішінде Айбас қол-аяғы байланған Дауылбайды тауып алды. Байлауын шешкенде оның әлсіз демі сезілген. Оның жанына Сүйіндік те, Арыстанбай мен Табылды да жетіп үлгерді. Бекініс ішіндегі айқас ұзаққа созылмады. Қамалдағы тұтқындарды босатып алып қазақ қолы жедел шегінді. Қамалға жасырынған жоңғар сұлуын Айбас өзімен ала кеткен. Ол жоңғар ханы Сыбан Рабданның баласы Шоно-Лоузаның қызы болып шықты. Кейін Айбас бұл олжасын жанында жауға бірге шауып жүрген Тәңірбергенге сыйға тартқан. Осыдан кейін он алты жастағы балаң жігіт Жоңғар қақпасына жалғыз шапқан батыр атанған. Одан беріде он бір жыл өткен екен. Бұл күнде жиырма жетідегі Айбас хан ордасындағы айтулы батырлардың бірі. 1714, 1716, 1717, 1718 жылдардағы жорық-қа қатысқан найзагер батыр. Сол оқиғадан кейін Әбілхайыр Айбасты жанына жақын ұстайтын. Жанынан тастамайтын да. Қазір де сол Айбас Сүйіндікпен бірге ханды қорғауға ұмтылды. Бұл кезде жасы қауырттап қалған Сүйіндік қайратының қайта бастағанын өзі де сезінетін. Бірақ ел тағдыры сынға түскен шақта қатардан қалып қою қарт батырға жат қасиет. Сондықтан да әкесі Табынайдан, атасы Әлменбеттен қалған, атқа мінгелі қолынан тастамай келе жатқан, қуғанда қаруы, қиналғанда серігі болып, бұл күнде тот басқан көк найзасын қайта сайлап шыға берген. Қазір қарт батыр ауыр тарта бастаған денесін батырлық көңілмен қолға алып ат үстінде найзасын еркін сілтеп мығым отыр. Ол жау ортасында қалып қойған Әбілхайырға жәрдемге ұмтылды. Қалың нөкерді кимелеп кеп көк найзаны сермеп қалды. Әлгіндегі опыр-топыр жапырыла құлады. Қарт батыр осы қалпында найзаны екінші қайтара сілтемек болып тағы да ұмтыла түскенінде қақ маңдайынан қуатты соққы тиді. Ол ат үстінен аунап бара жатқанын сезді. Одан кейінгісі есінде жоқ.

Көзін ашса өз үйінде жатырған болып шықты. Қақ маңдайдан тиген шоқпар сол жақ көзін ойып кеткен. Кеттім-бардым болып неше күн хал үстінде жатқан Сүйіндік әйтеуір аман қалды. Бес ай жатып бір көзден айырылып тұрған. Бұл күндері Бопайдың жаны мұрнының ұшында. Ел жайы, әке жайы, әр түнін күрсінумен ұйқысыз өткізіп, Әбілхайыр жайы жанына тікендей батып-ақ жүр. Әбілхайыр күрсінсе ол бірге күрсінеді. Дөңбекшіген сайын жанын қояр жер таппай, діріл қағады. Қайткенде оның уайымын жеңілдетем деп ойлайды. Теріс қарап жатқанымен көңілі ояу. Әбілхайыр не ойлап жатқанын Бопай біліп жатыр. Ол қазақ халқын апаттан қалай аман алып қаламын деп ойлайды. Төніп келген апат оны еркіне қоймай өзімен бірге ағызып алып барады. Тасқын сел жұтып қоярдай аузын арандай ашып келеді. Одан аман қалар жол қайсы? Ортақ жауына қарсы тұрар қазақта қауқар қалмаған ба? Үш жаққа босып кеткен үш жүздің енді қайтып аузы бірігер ме? Тоз-тозы шыққан қазаққа кім қол ұшын беріп, мына апаттан аман алып қалар. Суға кеткен тал қармайды. Бет бақтырмас тасқынмен әр жартасқа бір соғып қақпақылша қалқып, телегей теңіз тасқынға батып-шығып бара жатқан Әбілхайыр да қармап қалар тал іздейді. Жан дәрмен күн кешіп жағаға ұмтылады. Бірақ, асау толқын бас бермей ала қашады. Қайыр күткені жалғыз орыс еді. Ол да теріс қарап жаулық пиғылын байқатты. Ал ана жағы жоңғар, мына жағы қалмақ ішке қарай сұғынып келеді. Терістігінде башқұрттар әлсіздігіңді байқаса шулаған бөрідей жабыла кеткелі тұр. Түстігінде түркмен түлен түртіп отыр. Сонда қайда барып күн көрмек. Өмір қамы – осы ортаға бейімделу. Ол үшін қам-қарекет жаса. Сонда ол қандай қарекет. Енді бірде Бопай оған өзі жауап іздейді. Орысқа өкпелеп ат-тоныңды ала қашқаныңда баратын жерің қайсы. Тағы бірде ол төңірегіндегі жауларын ойша салыстырады. Сөйтеді де олардың ішінде орыстан артығын таба алмайды. Және орыспен келісімге келудің реттері де бар. Шығыстың алтынына көз тіккен орыс патшасы оған жол ашуға құштар екені ықылымнан белгілі. Ондай жол - қазақ хандығының ғана үстінен өтер жалғыз аяқ жол. Осы жол үстінде орыспен мәмілеге келу жеңіл. Әбілхайыр оны білмейді емес. Бірақ, орыс патшасының алыстағы пиғылы мұнда өңі айналып жетеді. Ал бержағындағы ұлықтарының мұндағы жағдайды патшаға қалай жеткізіп жатқанын бір алла біледі. Әйтеуір, Әбілхайырды мақтап жеткізбейтіні анық. Әйтсе де, Ресей қазақ хандығының түпкілікті жауы емес. Оларға қазақ керек. Өйткені, жерін пайдаланып, өз мақсатына қызмет еттірмек. Ал, қазаққа орыс та керек. Өйткені, олардың ісқылығы жоңғар, қалмақ сияқты басқыншылық емес. Жеріміз арқылы Шығысқа өтсе несі бар. Олар салған жол қазақ үшін сауда жолы болмақ. Ал, сауда – аралас-құралас болудың алды, ағайындықтың басы. Одан неге қашамыз. Дәл қазір қазақ үшін керегінің өзі осы емес пе. Әбілхайыр мұны білмейді емес. Оны Бопай да танып-біліп отыр. Бірақ, ол ағайындық, алысты меңзеген екі жақтың пиғылы бірден іске асып жатса несі бар. Әбілхайыр орыс ұлықтарының осы

әрекетімен келісе алмай жүр емес пе. Олар патшасы алдында бас шұлғып келеді де, мұнда басқаша жасайды. Петр патша жоңғарды құртып жіберуді жақтамаса да, қазақ хандығына әскер беріп көмектес деді емес пе. Оны мұндағы әкімдері жасап отыр ма. Патшаның бір ауыз жылы сөзін пайдаланып, қалмақтардың қолтығына су бүркіп қоқиландырып, шабынан түртіп қазақтарға қарсы айдап салып отырғандар да солар емес пе. Орыс әкімдерінің осынысын пайдаланып, жоңғарлардың есіріп отырғандары да сондықтан. Оны әйел басымен Бопай да біліп, назаланып отыр. Оған Әбілхайыр қалай көне алмақ. Орыс әкімдерінің осы қылығынан күш алған жоңғар мен қалмақ қазаққа қарсы тағы бір оқыс іс-қимыл жасағалы жатқан көрінеді. Оны Бопай Әбілхайырдың қалмақ әйелі Дармагүлдің аузынан естіп ернін тістеген. Оның айтуынша Сыбан Рабдан мен қалмақ ханы Аюке әскери одақ жасасып жатқан көрінеді. Бұрын да балаларына қыз алысып, қыз беріскен бұл екі құданың мына жаңа одағы қауіпті көрінді. Олар қалмақ атты әскерінің соғыс қимылдарына күш көмек беріп жәрдемдеспек. Осылайша қазақ әскерінің ту сыртынан соққы бермек. Бұл әңгіменің түп төркіні Аюке ханның әйелі Дармабаланың аузынан шыққан. Соңғы екі-үш жылдан бері жоңғар мен қалмақ хандарының арасындағы қатынастың тым жиілеп кеткендігі, олар өздері құпия ұстағанымен шындық қапта жатпаған. Ауыздан ауызға көшіп тез тарап кеткен де, ақырында Әбілхайырдың да құлағына жеткен. Осыдан біраз бұрын Аюкенің үлкен баласы Церен Дондукқа Сыбан Рабдан қызын беріп, екі хан құда болғанын Бопай естіген де, бірақ оның ақырына мән бермеген. Енді болса міне ол құдалық тектен-тек болмай шықты. Құдалықтың алдында Сыбан Рабдан қалмақ ханына өзінің жеке елшісі Лекбайды жіберген. Ол жылға жуық осы хандықта болып, Сыбан Рабдан атынан құда түсіп, ырым-жырымдарын жасап, шешімді нығайтып кеткенін де білетін. Бұл сұмдықты Бопай Әбілхайырға жеткізген. Қалмақтардың түпкі пиғылына көз жеткізген Әбілхайыр Бопайдың мына сөзінен кейін шындығында қатты қауіптенді. Мұның жедел алдын алу керек деген шешімге келді де, қазақ, қарақалпақтардан құралған жиырма мың адамдық жасағымен Арал бойынан Жем, Жайықты бетке алып жедел жүріп кетті. Ондағы ойы – жоңғар мен қалмақ әскерінің қосылуына жол бермей, қалмақ атты әскерін олардан бұрын соғып тастау. Әбілхайырдың бұл жолғы ұйғарымы дұрыс болып шықты. Бұл 1723 жылдың жазы болатын. Әбілхайырдың суыт шыққан хабары қалмақ тайшысы Дорж Назарды, Хошат Дондукты және Лекбайды қатты шошындырды. Әбілхайырдан жанын қояр жер таппай қорыққан олар Жайық өзенінің сол жағасынан асығыс Қызылжарға қарай із жасырып көшумен болды. Хабар жеткен Аюке де үркесоқтап қалған. Шілде айы ішінде елшісі Көсеташты бейбіт келісім сұрап Әбілхайырға жіберді. Әбілхайыр елшіні қазақ пен қарақалпақтан құралған он бес мың адамдық жасақпен Темір өзенінің

жағасында күтіп алды. Ашуға мінген Әбілхайыр күлпілтелеп жатпай осы жолы қалмақпен де, орыспен де соғысатынын айтып салды. - Қырық мыңдық қолмен осы бүгін аттанғалы отырмын, - дегенде қалмақ елшісінің көзі шарасынан шығып кетердей болған. Сапары сәтсіз болған елші хабарды Аюкеге жеткізуге асықты. Ал Әбілхайыр күзге салым Еділ даласына жорықты бастап жіберіп, қалмақтарды Жайықтың екі бетінен де ығыстырды. Қазақтар солтүстік батыс шекараға дейін көшіп жүрді. Сол күзде қазақ көші мен қалмақ көші Еділ жағасында шекаралас жатты. Тамыз айында Әбілхайыр жорығын одан әрі жалғастырып бес мың қолмен Жайықты кесіп өтіп Елек өзеніне жетіп, орыс қалалары мен Еділ қалмақтарына соққы беруге ұмтылды. Аралдағы Әбілхайырдың бір күнде Жайық-тан шыққаны Еділ қалмақтарын қатты үркітті. Досанг тайшы жанындағы тайшыларын жедел Аюке ханға шаптырып, хан өзі бас болып жүрген әскерімен қалмақ ұлыстарының алғы шебін ұстауды тапсырды. Бірақ, Аюкенің вассалдарына жәрдемдесу-ге ондай мүмкіндіктері болмай қалды. Қазақтың жиырма мың әскеріне қарсы шығатын күші жоқ еді. Дәрменсіз қалған Аюкенің Астрахань губернаторынан қарулы күш сұраудан өзге амалы қалмаған. Бұл кезде Әбілхайыр қолы ат үстінде келе жатқан. Ол Лекбай тайшы ұлысының екі мың шаңы-рағын талқандап, көптеген адамдарын тұтқынға алып, малдарын сыпыра айдап әкетті. Онымен де қоймай қазақ қолы қалың қалмақ көшпенділері ішіне ендеп бара жатқан.

Петр Александрович бүгін көңілді еді. Әдетте оның мұндай кезі сирек болатын. Көздеген мақсаттары оңынан оралып жатса өзін қоярға жер таппай кабинет ішін әрлі-берлі кезіп кететін. Бүгін де сондай көңіл-күйде. Осы сапарында Астраханға ұзақ аялдамаған. Орыс патшасының бұл жылы сәтті өтті. Қап тауына сапары ойдағыдай болды. Тарки қаласын бағындырды. Дербент қамалы соғыссыз берілді. Одан әрі оңтүстікті де бетке алып Шемахаға қарай қозғалмақ болып, Астраханнан қару-жарақ жеткізетін флотилияны күтіп тұрғанда теңізде дауыл тұрып кетті де әскері қарусыз қалды. Петр өз пайымында әскерге арқа сүйейтін. Жорықта жеңіс әскер арқасында ғана келмек. Мұны өз тәжірибесінде талай көріп, көзі жеткен. Әсіресе, 1710 жылғы Прут жорығынан кейін осы ойын үнемі басшылыққа алып ескеріп отыратын. Бұл жылы Түрік сұлтаны орыста кеткен ескі бір кегінің есесін қайыруды көксеп, 1710 жылы Қырым ханы Дәулет-Керейді Ресейге қарсы соғысуға көндірді. Ал, 1711 жылы жиырма бесінші ақпан күні Осман империясына қарсы соғыс жарияланды. Петр патшалық қызметін атқаруды сенатқа тапсырды да, өзі жорыққа шығуға тәртіп берген. Ондағысы – түрік армиясын Дунайдан өткізбеу болатын. Егер орыс

армиясы Дунайдан бірінші өтсе, түріктерге қарсы христиан халықтары – болгарлар, молдавандар, сербтер, волахилер түгел көтеріледі деп ойлады. Бірақ орыс армиясы Днестр жағалауына он үшініш маусым күні ғана жетті. Бұл кезде түріктер Дунайдан әлдеқашан өтіп, орыс армиясына қарсы келе жатқан. Көп ұзамай екі әскер қарама-қарсы жолығысып қалды. Бірақ, Петрдің ойлағанындай болмай шықты. Христиан халықтары оны қолдамады. Жалғыз Молдавия билеушісі Дмитрий Кантемир қарсы алды. Қантемирдің әскері де Петр күткеннен кем еді. Және түрік әскерінің жоспары туралы Түрік әскерінің қолбасшысына орыс әскерімен келісімге келуге тәртіп берілген деген жалған хабар тарап кетті. Оған сеніп қалған Петр бейбіт көңіл-күйге көшті де, соғыс шебін таңдамай әскерін келе жатқан түрік әскеріне қарсы Прудқа қарай бұрды. Петр осылайша қатарынан екі қателік жіберген еді. Сегізінші шілде күні қырық мың әскермен өзінен әлдеқайда басым – бір жүз отыз мың әскері бар түрік қолымен кездесті. Осы арада орыс әскерінің тағы бір қателігі болды. Алғашқы күнгі соғыста-ақ артиллериямен атқылап, түрік қолы сегіз мың адамынан айрылып, әскері қаша бастаған. Ал келесі күні олар сол екпінді жоғалтпай шабуылға шығуы керек еді. Олар оны жасамай түрік әскері шабуылға шығады деп күтіп жатып алды. Бұл күні екі жақ та шабуылға шықпай, орыстар бірінші болып бітімге шақырды. - Құлдықтан өзге талаптарының бәріне көн, - деп тапсырды Петр елші Шафировқа. Шафиров Петр Павлович жасы айқын елудің үстіне шыққан, Петр патшаның жақын адамдарының бірі. Шетел істері коллегиясының ВицеПрезиденті, дипломат адам. Ол Петрдің айтқанын мүлтіксіз орындады. Осылайша келісімге қол қойылды. Бірақ, Ресей Түркияға Азов теңізін қайтарып, Таганрог қамалын бұзуға, елші Шафиров пен фельдмаршал Шереметовті кепілдікке қалдыратын болды. Орыс әскерінің бұл жорыққа әзірліксіз келгенін Петр түсінді. Бұл келісімнен Петрдің ұтқаны – оңтүстігінде біраз уақыт тыныштық орнап, Ресейге қуатты Балтық теңіз флотын құрып, мемлекеттік реформалар жасауға мүмкіндік берді. Бүл реформа орыс патшасының шығыс елдеріне деген көзқарасын өзгертіп, аз да болса жұмсартты. Сол Прут жорығының сабағын ол қазір еске түсірді. Қару-жарақ жеткілікті болмай тұрып қия шеттегі мағынасыз мақсат үшін әскер шығынына жол бере алмайды. Ол Дербентке бір гарнизонын қалдырды да, өзі әскерімен кері бұрылды. Оның ойындағы Шығыс жорығы, Индия алтыны тағы да арман болып қала берген. Жолда әскері шілде айының орта тұсында Баку қолтығына кірді. Төрт рет қатарынан соққылағаннан кейін қала беріліп, Каспий теңізінің батыс жағалауы түгел Петрдің қолына көшті. Сол жылы күзде орыс патшасы Персиямен бейбіт келісімге қол қойды. Ал, келесі 1724 жылы түріктермен бейбіт келісімге қол жеткізді. Бұл келісімде Ресей Каспийдің батыс жағалауына иелік етеді де, Осман империясына Шығыс Армения мен Грузия қарайтын

болды. Патша өзін Индия алтынына бір қадам жақындай түскендей сезінді. Ендіден былай Индияны ойлаған сайын оның көңіл-күйінде Орта Азияға, қазақ хандығына деген бір жылылық пайда болды. Сондықтан да бұл жылдары Астрахань, Оренбург, Уфа, Тобыл, Сібір губернаторларының қай-қайсысына да берген тәртіптерінде қазақ хандықтарымен жылы қарым-қатынас жасауды, қажет болған жағдайда жоңғарлардың қазақ жерін түгел басып алуына жол бермеуді тапсырған. Қазір Әбілхайыр мен Бопайдың дәмететіні де осы. Әйтеуір олардың көңіл түкпірінде орысқа деген бір жылы орын бар. Бірақ сол бір жылы сезімді орыстың шекарадағы билеушілірінің қылығы шайып кетіп жатыр. Бопайдың ішкі түйсігі солай деп тұр. Себебі - Әбілхайыр ордасын көрген орыс елшілерінің бәрі Бопайдың қолынан дәм татып, дастархан үстінде талай сырласқан. Сонда олардың қазақ хандығына, Әбілхайырға деген пиғылын теріс көрмейтіні, қайсыбірде олардың адамгершілікке, адалдыққа толы жылы сөздерінен Бопай қуат алып қуанып қалушы еді. Кетерінде ерекше ықыласпен Бопайдың қолын алып, сосын Әбілхайырмен жылы хоштасар еді. Сол жандардың енді болса Ордаға жау болып шыға келгеніне сенгісі келмейді. Әйтсе де ақиқат басқаша. Әбілхайырдың жалаңаяқ су кешіп жүргені сол емес пе. Әбілхайырдың соңғы жорығынан шошынған Аюке әскері көмек сұрап Астрахань губернаторы Артемий Петрович Волынскийге барған. Ал, Волынский патшамен ақылдаспастан қалмақтарға артиллерия командасын және Аюке хан ұлыстарын қорғауға алты эскадрон жауынгерін жіберуге табан астында тәртіп берді. Бірақ бұл кезде қаһармен атқа отырған Әбілхайыр тоқтайтын емес-ті. Ресейдің оңтүстік-шығыс шекараларында қазақтардың шабуылынан үріккен орыс үкіметі 1723 жылдың 12-желтоқсан күні Аюке ханға грамота жіберді. Онда қазақ-қарақалпақ әскеріне жауап соққы беру үшін Аюкені орыс әскеріне көмек беруге міндеттеген. Бірақ, орыс үкіметінің уәде еткен күші жағдайды өзгерте алмады. Аюке мен Досанга тайшының біріккен әскері Әбілхайыр қолымен Жайықтың жағасында кездесті. Әбілхайыр әскерінің бетін қайыра алмады. Әбілхайырдың бұл есе қайыру жорығын қазақ батырлары ішінде Көтібар ұлы Есет батыр ғана қолдады. Ол Әбілхайырдың қазақ хандығы мен қазақ батырларына өкпесін Ырғыз даласында жүріп естігенде қалайда Кіші Ордаға жетуге асыққан. Бірақ үлгермеді. Оны Ордада Бопай ғана қарсы алды. Бопайдың ниетін тани тұрса да ол іркілмеді. - Хан сені ұзақ күтті, - дегенді ғана айтып үлгерді Бопай. - Өзім де солай ойлағам, - деп Есет ат басын бұра берді. Ол ханды Жайық жағасында қуып жетті. Елден шыққанда батырлар мен хандардың бірі ермей, Әбілхайыр көңілін қаяу басқан. Бірақ, бар мұң-зары ішінде, екі жағы суалып азып кеткенше жанындағыларға тіс жармай сазарған күйі тарта берген. Жақ ашпаған ханға жанындағы Бөкенбай, Сүйіндік, Мырзатай

батырлар да соңынан үнсіз аттарының басын жіберіп келеді. Биылғы ағыл-тегіл жаңбырдан кейін тасып, кенерінен асып, төңірегі айдын шалқар көлге айналған Жайық суы көз ұшынан әуелі көгеріп, сосын күнге шағылысып жарқырап көрінгенде арттарынан аттарын еңіретіп Есет батырдың қолы да жетті. Елден шыққалы соңынан ере келер күштен күдер үзген Әбілхайыр артына бір қарамаған. Қазір сол үзілген күдері қайта жалғанып, Есет батыры келіп тұрғанда оның жүзінің сұсы кетпегенімен көңілі босап еді. Бірақ жүзі көк аязданып, жағы сола түскен ханның суық жүзі сыр аңғартпаған. Тек көзінен ұшқан қуаныш оттары ғана Есетке жылы ұшырады. Батыр оған түсінді де. 1724 жылдың қысында ақпан айының он тоғызыншы жұлдызы күні қалмақ ханы Аюке дүние салды. Бұл кезде Әбілхайыр мен Есеттің қолы – бірі терістіктен, екіншісі түстік беттен шабуылдап келе жатқан. Есет батыр Ембі өзенінің жоғарғы жағында көшіп жүрген қарақалпақтармен одақтасып, екі қол Күншілік өзенінің жағасында Жайықтың оң жағында қосылып, қалмақ басшысы Доржының баласы Лобжының ұлысына шабуылдады. 1724 жылдың наурыз айында Еділ өзенінің сол жақ бетінде Сарытау маңына көшіп жүрген қалмақ ұлысының Доржы Назар иелігіндегі ауылға шабуылдап, елу адамын тұтқындап, бес жүз түйе мен сегіз мың қойын айдап, тағы бір жасағы төрт жүз адамын тұтқындап, алты жүз түйе мен сиыр, он мың қойын айдап кетті. Тамыз айының жиырма бір жұлдызы күні Есет батыр басқарған жасақ Доржы Назардың баласы Лобжының ұлысына тосын шабуылдап, тағы да көптеген адамдарын тұтқындап, орасан көп малын айдап алды. Жиырма мыңдық қолмен қазақ әскері тағы да жорыққа дайындалып жатыр деген хабар жетті. Төніп келе жатқан қауіптен жасқанған Доржы Астрахань губернаторы Артеми Петрович Волынскийден әскери көмек сұрады. Еділ-Жайық арасында қазақ-қарақалпақ шабуылы қаупі күшейіп, шекарадағы орыс қалаларына шын қауіп төнген-ді. Бірақ тап сол кезде губернатор Волынскийдің де бере қояр қолында күші жоқ еді. Оның сүйенері Саратов гарнизоны, ол да екі жүздей ғана казактардан құралған екі драгундер ротасынан тұрады. Бірде бір зеңбірігі жоқ. Ал, Волынский өз қолындағы азғана зеңбірігі мен жасақтарын Доржыға көмекке жібергенімен олар шапқыншыларды тоқтата алмады. Лобжының жасағы өзен қолтығында Есет батырдың қолымен кездесті. Орыс қаруымен қаруланған Лобжы мен Доржының біріккен жасақтары бұл жолы қазақ қолын әзер бөгей алған.

*** *** *** Әбілхайыр Кіші жүз батырларының көмегімен қалмақтардың бетін қайтарған. Ал, орыс елі аз да болса ішін тартты. Жоғарыдағы патша бұрынғы бағытын өзгертпеді. Ал, бержағындағы губернаторлар қазақ жұртын қорғайын демесе де ашық қимылдай алмады. Тиіп-қашып соғып тастап, оны әлсіретуді

көздеді. Кешегі үйінен күліп шығып аттанған орыс елшілерінің бұл пиғылына Бопай да түсінген. Ол мұның бәрін патшаның ісі деуге күдігі мол еді. Бірақ, патшаның өзіне қол жеткізе алмады. Ендеше, губернаторлармен жақсы қатынаста болу, олармен тіл табысу қажеттігін Бопай көріп отыр. Бірақ оны сұрап ала алмайсың. Олар да өздігінен бере қоймақ емес. Ал, намыс Әбілхайырды оған жібермейді. Бопай оны да түсінеді. Елі үшін атқа қонған Әбілхайыр жауға намысты қолдан бергісі жоқ. Тек қана жеңіп алады. Онда да Әбілхайырдың кеудесінен тынысы тоқтаған күні. Осындай екіұдай ой арасында екі жаққа да тәуелсіз үшінші жол жоқ. Ал, Әбілхайыр бұл екі жолдың екеуін де көрді, бірақ үміті ақталмады. Ендігі ойы – жауымен қан майданда алысып өлу. Кеудесінде жаны тұрғанда елін, жерін таптатып қоя алмайды. Әбілхайыр таңдаған соңғы жол – осы ғана. Үйде отырғанымен Бопайдың жаны қыдырып жүр. Әбілхайыр ала шапқанымен жаулары да қасарысып жатыр. Әр жорық – төгілген қан, зар, мұң. Онсыз да мұңы аз емес елге қайғы үстіне қайғы қосылып жатыр. Қай жағыңа бұрылсаң да егілген ел. Елмен бірге Бопай отырған Ақ Орда да шөгіп, мүжіліп бара жатқандай. Бұрынғы еңсесі биік үйдің ұнжырғасы түсіп опырайып тұр. Ел азаматтары атқа отырған. Ауылдың қуаны-шынан қайғысы көп. Әбілхайыр оны түсінсе де тағдырының таңдаған жолы осы. Түнімен көз ілмей сырласып, мұңдасқанда одан өзге жол таба алмайды. Мұндайда Бопайдың көкірегіне шер толып, жамылғы астында көзін сығады. Оның кеудесін қысқан шерді Әбілхайыр жамылғы астында тұншығып шыққан тынысынан танып, күректей саусақтарымен жүзін сипап, жастыққа сорғалаған тамшыларын қолымен сүртеді. Мұндайда өзі де ауыр күрсінеді. Бірақ Әбілхайыр алған беттен қайтпады. Оған Бопай да қайт деп айтпады. Және айта алмас та еді. Ол төңірегі алаулаған өрттің ортасында қалғандай. Жалын шарпуы жалап барады. Ал, Бопай сол өртпен бірге жанып кетуге әзір. Бірақ сыртына сыр бермейді. Жақ ашпай Әбілхайырдың хабарын күтумен болады. Еділ-Жайық қалмақтарымен, шекарадағы казактармен есеп айырысып, 1724 жылы жаз аяғында енді бетін түстікке бұрды. Бұл өңірде жоңғарлар әлдеқашан аяқ теуіп отырған. Сырдарияның орта ағысы мен Түркістан аймағы Түркістан қаласымен жоңғарлар қолында. Әбілхайыр қолы осы аймаққа батыл шабуылға көшті. Тосын тегеуірінді шабуылға төтеп бере алмаған жоңғар қолбасшысы Шоно-Лаузан Қаратау шыңдарына қарай шегінді. Түркістан қаласы Әбілхайырдың қолына қайта көшті. Ташкент пен оның төңірегіндегі елдімекендерді де өзіне қаратып алды. Бірақ бұл өлкені осы жолы жарты жылдан артық ұстаған Әбілхайыр күші өзінен көп басым жоңғарға 1725 жылдың көктемінде қайта тастап шығуға мәжбүр болды да хан ордасы батырларымен бірге Бұхар хандығы жағына ауды. Белін бекем буған Әбілхайыр мұнда да қарап жатпады. Елу мың әскерімен қонтайшыны шауып, он мың үйін

талқандап өртеп жіберді де Ембі өзеніне келіп бекінді. Бұл кезде ел талауға ұшырап, қазақ босқындары жол бермей кеткен. Қай қырдың астында да, қай төбенің басында да, қалған қай жұртта да аңыраған ел, босқан халық, жұтаған көш жол бермейтін. Ал, Әбілхайыр қолы аттан түспеді. Күндіз де, түнде де байыз таппай айғыр белдердің астында андыздап кетіп бара жатты. Жыл айналып оның қолы Елек, Жайыққа қарай қайта беттеді. *** *** ***

1725 жылдың қысында Астрахань губернаторы А.П.Волынскийдің кабинеті қапылыс астында қалды. Лобжы, Добжы Назаровтардың бастауымен қалмақ тайшылары таратқан үркер хабар үсті-үстіне жауып кетті. - Ойбай, Әбілхайыр келіп қалды. Сан мыңдаған қазақ әскері тапап, қалмақ ауылдарын қырып жатыр. Әскерінің арты Ембіде, алды Жайық пен Елекке тірелген. Ендігі беталысы – Астрахань, - деп есі кете шырылдаумен болды. Оның үстіне Оңтүстік Сібір мен Еділ-Жайық аралығында толып кеткен қазақ босқындарынан да үркіп қорқып отырған орыс үкіметін тағы бір шошындыра түскен жағдай болды. Босқан ел, ауған көш, жер ауған рулар қазақ даласын сапырылысқа толтырып жіберді. Жер ауған халық шығыста Сібірге, батыста Еділ мен Жайық бойында орыс шекараларына қарай шұбырды. Ал Ресей үкіметінің заңы бойынша шекарадан өткізуге болмайтын. Урал өңірінің атаманы Матвей Арапов 1725 жылдың аяғында Петербургке келіп жағдайды баяндады. Оның алдын алып орыс шекарасын қорғау үшін Жайық казактарын бұл маңға қайта қоныстандыруды және Яйцк қаласынан жоғары Сақмар тұмсығынан қырғыз-қазақтар мен қарақалпақтардың өтіп кетуі мүмкін делінген аймақтан қамал салуды ұсынды. Жағдай орыс үкіметін шошындырды. Желтоқсан айының он бесінші жұлдызы күні император Екатерина шет ел істері бойынша жоғарғы құпия кеңесін шақырды. Кеңесте Ас-трахань губернаторы А.П.Волынский де қатысып мәлімдеме жасады. Губернатор Ресей шекаралық аудандарына қазаққырғыз, қарақалпақ босқындарымен бірге Әбілхайыр хан әскерінің басып алу қаупі төніп тұрғанын расқа шығарды. Қазақтардың Еділ қалмақтарына тыныштық бермей күнде шабуылдап отырғанын, қауіптің барған сайын күшейіп бара жатқанын жеткізді. Сенат атаман Араповтың мәлімдемесін басшылыққа алып, оның ұсыныстарын толық мақұлдады. Орыс шекараларын нығайтуға тапсырма берді. Ендіден былай орыс үкіметі Жайық бойына іштегі казактарды көбірек көшіруді ойластырды. Жайық қаласының жоғарғы жағынан атаман Араповтың ұсынған тұсынан Сақмар тұмсығынан қамал салуды қолға алды. Әбілхайыр мен Есеттің орыс боданындағы Еділ қалмақтарымен Ресей шекараларындағы аудандарға, Сарытауға жақын өзен қолтығына кезекті бір шабуылы осы кезге дәл келді. Сол жылдың желтоқсан айының орта тұсында

Есет бастаған қол Сақмарға қарай жылжыды да, Әбілхайыр қолы Өзен қолтығынан шекараның өкпе тұсынан тап берді. Казак жасақтары қар қалың жауған қыс ортасында тап осы арадан қауіп күтпеген. Күнілгері бекінген орыс әскері тосын шабуылға бастапқыда абдырап қалғанымен, кейін тез ес жиып, табандап қарсылық көрсетті. Зеңбірік атып үлгерді. Әбілхайыр бұл тұста орыстардың мықты бекініс-қамал салып алғанын білмеген. Қамал барын кеш біліп қалған ол қалай да қамалды алуға ұмтылды. Бірақ, бекініс берілмей, айқас ұзаққа созылды. Екі жақтан да шығын көп болды. Зіркіл қаққан зеңбіріктер Әбілхайыр қолын селдіретіп кетті. Түсқайта қамалға жәрдемге қосымша күш - Доржы Назардың қалмақ қолы келіп үлгерді. Күн бата Әбілхайыр қолына шегінуге тура келді. Бірнеше сарбазы қолға түсті. Оның ішінде Мырзатай да бар еді. Табылды аяғынан жарақат алып ат үстінде ілбіп келе жатты. Бұл күні көп шығынға ұшыраған Әбілхайыр қолы келесі күні қайта шабуылға шығатындай жағдайда емес-ті. Әйтсе де Әбілхайыр соңғы бір жыл бойына орыс үкіметімен бірге қалмақ хандығын да мықтап шошындырған. Сол жылдың жазында қалмақ билеушісінің елшілікке арнайы жіберген адамы Бибеш Астрахань губернаторы Волынскийге «қолға түскен қазақтар мен қарақалпақтардың төрт жүз он бес адамының оң құлақтары кесіп тасталды» деп мәлімдеген. Қалмақ хандығы да, орыс-казак әскері де Әбілхайыр қолын талқандай алмады. Орыс патшасы ондай мақсат қоймады да. Ал, жоңғар әскерімен қанша келісіп, сөз байласса да қалмақ ханы аянған жоқ, бірақ күші жетпеді. 1723 жылғы Сауран айналған жеңілістен кейін ширатылып жауларына кектенген Әбілхайыр қалмақ хандығын да, орыс үкіметін де дүрліктірді. Олар Әбілхайырға қарсы нендей де бір шешуші әрекетке бара алмады. Мұны түсінген Әбілхайыр енді жоңғарлардың оңтүстікте жасап жатқан сойқандарына жауап бермек болып, Арал жағалауы, Сырдарияның орта ағысына, Түркістан аймағына қарай жылжыды. Жоңғар қолбасшысы Шоно-Лаузан Қаратау шыңдарына қарай шегінді. Әбілхайыр Түркістанға қайта ие болды. Бірақ жарты жылдай ғана иелік еткен қазақ қолы бірнеше қайтара қантөгістен кейін өзінен басым жоңғар қолынан шегініп, Түркістанды тағы да тастап шығуға мәжбүр болды. Түркістан екі жаққа алмакезек өтіп тұрды. Бұл кезде Әбілхайыр ордасы әлі Арал жағалауынан қозғала қоймаған. Бірақ бұл жерде де тыныштық болмады. Төңірек-тегі күнде шабыс елді елегізітіп отырған. Жердің қоныстығы да кеткен. Бопай жаңа қонысқа Елек өзенінің бойын қолайлап жүрген. Ол ойын Әбілхайырдың құлағына құйып та қойған. Бұл бет жоңғарлардан да, қалмақтардан да шалғай жатқан өңір. Орыс шекарасына таяу болғанымен әзірге таласқа түсе қоймаған аймақ. Мұның алдында Жайық бойына жылжысақ қайтеді деп ойлаған, өйткені, мүнда қалмақтардың қарқыны басылған сыңайлы. Суы мол, құнарлы жайылымды Тобыл бойына орыс қамалы жуытпайды. 1725 жылдың көктемінде Кіші жүз ордасы осы Елек бойына

көшкелі отырғанда ол өңірді башқұрттар иемденіп алған. Орыс боданындағы олар қазақтарға қыр көрсетіп, тал түсте-ақ мұнда келіп орналасып алды. Ру басылары арасында жер, су таласы, жайылым үшін күрес күшейді. Жайылымсыз, жерсіз, сусыз қалған қазақ рулары мен қалмақ, башқұрт арасында талас шиеленісіп, қақтығыстар болды. Осындай жағдайда Бопай Әбілхайырға ата-қонысқа апар деп айта алмады. Ал, қазақ ру басылары үшін қоныс жайын шешу Әбілхайырдың да қолынан келмей жатты. Құнарлы, сулы жайылымдар жоңғардың аяғы астында, орыс бодандары қалмақтар мен башқұрттардың қолында қалып қойған. Ол жайылымдар, құтты қоныс үшін Әбіл-хайырдың жанталасуының кемі жоқ еді. Ол қалмақ пен башқұрттарды сескендірді. Өзінен әлдеқайда басым орыс үкіметі де Әбілхайырдан тіксініп қалған. Бірақ, қазақ жері одан кеңіген жоқ. Одан жайылым ұлғаймады. Тұс-тұстан жау қысымы тынысты тарылтып бара жатты. Бопай жер, су жағдайы орыс үкіметімен келісімге келмейінше шешілмей-тінін айтып-ақ жүр. Ол үшін Астрахань, Қазан губернаторла-рымен келісім жасау керек. Жағдай осыған тіреліп тұрған. Бопай осыны айтады. Өзге жолды Әбілхайыр да көре алмаған. Ол үшін орыс үкіметіне елші жіберуден өзге жол қалмаған. Сонда елшілері орыс үкіметіне қандай талап қоймақ. - Жайық, Елек, Орта Тобыл өңірінде қазақ көштеріне тыйым салынып отыр емес пе? Бір талап – осы тыйымды алу. Екіншіден, Жайық казактары мен орыс бодандары қалмақтар мен башқұрттардың орыс шекаралары маңындағы қазақ ауылдарын оқтын-оқтын шауып, адамдарын тұтқындап айдап кетіп жатыр. Осыны доғарсын, тұтқындар қайтарылсын, не тұтқындар алмасуға келісім берсін. Бұл талап, айтылғанда Бопайдың көз алдында алдымен Мырзатай тұрды. Табынай шаңырақтарынан кеткен басқа да тұтқындар көп еді. Талаптар дұрыс болғанымен оның шешілуіне Бопайдың күмәні мықты. Өйткені, бұл талаптарды қарайтын Астрахань, Қазан губернаторлары. Олар қазақ тағдырын жоғарыдағы үкіметпен ақылдаспайды. Қазақтардың талабын жоғарыға жеткізбейді де. Ендеше, біріншіден бұлар қазақтардың мүдде-сін көздейтін шешім қабылдамайды. Екіншіден, оны патша да, орыс үкіметі де білмейді. Сонда ойына келгенін жасап жатқан бұлардың қарекетін орыс үкіметі білмей отыр. Бопай қайт-кенде де мұны патшаға жеткізуді ойлайды. Ал, Әбілхайыр патшаға жол таба алмай әуре. Қазанға, Астраханьға жіберген елшілері жете алмай қайтады, не оларды ұстап алып қайтар-май қояды. Әбілхайыр шекара губернаторларына, бірнеше рет елші жіберіп ұмтылыс жасаған. Оның бәрі сәтсіз аяқталды. Ол ойындағыны орындай алмады. Бірақ, күдер үзбеді. Патшаға жетудің жолын іздеді. Ойда жоқта оның сәті түсе кетті. 1725 жылдың жазы болатын. Солтүстік шығыс Арал жағалауында әлі қозғалмай отырған Әбілхайыр ордасына Уфа уезінің Қазан губерниясынан

шыққан молда Максут Юнусов деген башқұрт саудагер тап болды. Ол орыс патшасына қолжетімді адам болып шықты. Оның тарихы былай болған. Қазақ хандығының басына күн туған 1723 жылы Ресейдің сауда-экономикалық мүддесіне Қазақ хандығына кепілдік алуды көздейді. Өйткені, орыс елі өз мүддесін тоқтатпай сауда, экономикасын жүргізу беру, әрі Петр патшаның Шығыс алтынына жол ашу арманын іске асыру болатын. Сол шығысқа жол ашу мақсатында Ресей Сырдарияның орта ағысы даласы мен оңтүстік аймақтарда жоңғарлардың екпінді жасақтары шабуылдаған кезде орыс елі армандаған шығыс жолының жабылып қалу қаупі туған. Егер осы өңірге көрші жатқан Бұхараны да жоңғарлар алар болса, орыс армандаған шығыс алтыны жолы жабылады да Ресей Индия алтынынан күдер үзеді. Осыны болдырмау үшін Бірінші Петр Бұхарды қалайда ұстап қалуды ойлаған. Ол үшін Петр өзінің сенімді адамы Флоридо Беневениді елші етіп, Бұхараға жібереді. 1723 жылдың ақпан айында Бұхарға саудамен келіп жүрген башқұрт молда Мақсут Юнусов осы Беневенимен ұшырасады. Орыс дипломатына өзін орыс еліне шын берілген адам ретінде таныстырады. Орыс мемлекеті үшін қандай тапсырманы да орындайтынын айтып, орыс патшасымен көзбе-көз көріп тілдесуге тілек білдіреді. Оған сеніп қалған Беневени ойлан-бастан оны есепке алады да маңызды мәліметтермен импера-тор сарайына жібереді. Орыс дипломатының тапсырмасымен Петербургте бірнеше ай болған. 1724 жылдың басында Петербургтен Бұхараға қайтады. Ырғыз, Тобыл өзендерінің жоғарғы ағысынан сәтті өткен Юнусов Аралдың терістік шығыс жағалауына келгенде қазақтар мен қарақалпақтардың қарулы жасақтарының қолына түсіп қалады. Патша үкіметі қазақтар сұраған бейбітшілікке оң жауап бермейінше жібер-мейміз деп кепілдікке ұстап қалады. Жан-жақты хабардар Юнусов қазақтарды орысқа бодандыққа үгіттеп бағады. Бодан болса Ресейдің жоңғарларға қарсы қазақтарға әскери көмек беретінін айтады. - Орыс-қазақ сауда байланыстары ұлғайса қазақтардың Жайық бойы жайылым қонысы болатынына кепілдік береді. Юнусов келгенде Әбілхайыр жорықта жүрген. Бопай оны жібермей Әбілхайыр келгенше ұстап қалуды ойлады. Орыс елінің байланысшысы патша кеңсесінен шыққан қатынас құжаттарын башқұрт Мошақбай Пулатовтан Бұхараға беріп жібереді де, өзі өкінбестен қазақтардың қолында қала береді. Максуд Юнусов Әбілхайырды бодандық сұрап орыс патшасына өтініш жазуға көндіреді. Қазақтардың елден, жерден айырылып, тұрақты қоныс таппай босып жүрген осы кезде қазақ-орыс сауда байланысы мен қазақтардың Жайық өңірінде еркін көшіп жүруіне кепілдік болатынына қазақ рубасыларының да көзін жеткізе сендірген еді. Сонымен 1725 жылдың шілде-тамыз айлары ішінде орыс патшасына өтініш жазылып, оны патшаға апарып тапсыру үшін Қабақ баласы Қойбағарды елші етіп жіребеді. Өтініште Кіші жүз хандығының орыс еліне

бодан болуға келісім бергенін жазады. Хатта башқұрттар мен Жайық аралығында Кіші Жар тауы маңында қазақтардың көшіп жүруіне, шекарадағы орыс қамалдарына еркін барып келуіне қауіпсіз жол ашылуын және Уфадағы, Астраханьдағы тұтқындарды алмастыруды сұраған. Хан елшісі Қабақов 1726 жылдың басында Москва арқылы Петербургке жетеді. Бірақ, бұл өтініштер орыс үкіметі тарапынан қолдау таппады. Біріншіден, Қабақовтың мұндай мемлекеттік аса маңызды мәселелермен айналысуға өкілеттігі жоқ десе, екіншіден, қазақтарды орыс бодандығына қабылдау орыс мемлекеті үшін тиімсіз деп біледі. Бұл – Ресейдің Орта шығыстағы сыртқы саяси жағдайын күрделілендіріп жібереді деп күдіктенді. Сондағы сылтау – Сібірдің оңтүстік шекара өңірінде Ресейдің әскери-стратегиялық шебінің әлсіздігі деп білді. Сондықтан да қазақ бодандығын Ресей үшін тиімсіз деп тапқан еді. Ал, тұтқындар алмасуды Астрахань, Оренбург, Уфа, Тобыл губернаторлықтары өздері шешетінін айтқан. Қойбағар Қабақов елге 1726 жылдың жазында келіп жетті. Ол Петр патшаның өзінің жеке қабылдауына кіре алмады. Ал, орыс үкіметі қазақтардың талабын қабылдамады. Қазақтар тағы да тұйыққа тіреліп еді. Қазақ рубасылары тағы да шығар жол таппай тоқырады. Орта жүз ханы Сәмеке, Барақ сұлтан және Сәмекенің баласы Есім сұлтан Әбілхайыр ордасында қанша бас қосса да қалмақтарға шабуыл жасау, оларды Жайық бойынан ары ығыстыру керек дегеннен өзге ақыл таппады. Бопайдың кеңеске қатысып, құлақ түріп отырғаны болмаса араласпаған. Бұл кеңес қалмақтармен күшпен ғана сөйлеспесе болмайды деген тұжырым жасады. Онсыз Жайық бойы жайылымдарын босату, тұтқындар алмасу болмайты-нына Бопайдың да көзі жеткен. 1726 жылдың күзінде бар болғаны он мың ғана қол жинай алған Әбілхайыр, Сәмеке, Барақ, Есім сұлтандар, Орта жүз бен Кіші жүз батырлары болып осы күзді алға салып қалмақ ұлысына тағы да жорыққа шықты. Бұл жолы жеңіс алмакезек ауысып тұрды. Алғашқыда Әбілхайыр қолы үстем болды. Кейін Жайықтың оң жағасында Әбілхайырдың адам күші өзінен бірнеше есе артық Доржы, Лобжы Назар, Дондук Омбо тайшылардың жасағы бір уақытта үш жақтан қоршап шабуыл жасап, ақыры екі жақ келісімге келуге мәжбүр болды. Бұл келісім ішінде тұтқындар алмасу да бар еді. Қалмақтардың қолына түсіп біраз уақыт Астрахань түрмесінде жатқан Мырзатай бастаған тұтқындар кейін Уфаға айдалған. Екі жақ үш жүз тұтқыннан алмасатын болып, Астрахань түрмесінде екі жүз жетпіс бес адам болып, қалған жиырма бес адамды Уфадан босаттырған. Соның ішінде Мырзатай да бар еді. Елге келгенде әдеттегі атандай оқшау жігіт Мырзатайдың екі жағы сылып алғандай шүйкедей боп қалғанын көргенде Бопай інісін тани алмай қалған. Сол жылдың аяғында текетіреспен келіп итжығыс түсіп жатқан қалмақ пен қазақтар бітімгершілік жасады. Өйткені, қалмақтарды ондай келісімге келуге әскери жағдайы мәж-бүрлеген. Сыбан Рабдан бастапқы мақсатына жете алмады.

Оның қазақ әскерімен Жайықтың жағасында кездеспек уәдесі орындалмады. Олай жасауға әр тұстан қазақ қолдарының қарсылығы жібертпеген. Бұл жағдай Әбілхайырдың енді оңтүстік шығысты еркін шиырлап жүрген жоңғар әскеріне қарсы күресуге қолын босатты. Бұл кезде Бопай Ордасы әлі ескі жұртта Сырдарияның төменгі ағысымен Арал жағалауы аралығында болатын. Бопай үйде отырғанымен оның жаны майдан даласында еді. Әбілхайырмен бірге Бопайдың төркін жұрты түгел осы жорықтың бел ортасында жүрген. Көзден айырылған Сүйіндік те, Табылдының баласы Мырзатай да, Алқұлы да, Наурызбай да, әкелі-балалы Арыстанбай мен Айбас та, әкесінің інілері Арыстанбай мен аяғынан ауыр жарақат алған Табылды да осы жорық ішінде болатын. Құдай сақтап бұл жорықтан Бопай төңірегіндегілердің бәрі де аман оралды. Ал әкесінің інісі Дауылбай осының алдында ауырып қайтыс болған. Қалмақтардың қолына түсіп қалған Мырзатай Ордаға аман қауышты. Азаматтарынан өлілей де, тірілей де айырылып қиямет-қайымды бастан кешіп жатқан ел ішінің ауыртпалығы кім-кімнің де есін алып кеткен. Бұл қияметқайым аяқталмаған. Жасанған жау әлі алда. Шешуші айқастар енді күтіп тұрған. Осындай шақта Бопай өзінің әйел боп туғанына өкінетін. Ер болып туғанда үйде қарауайымға батып отырмай өлсе де ер азаматтармен бірге қан кешіп жүріп өлмес пе еді. Қиналмай, қайғы арқаламай өледі емессің бе. Баршасының уайымын тартып отырғаннан, бірге жүріп өлгенді артық көрді. Енді бірде ол пешенесіне жазылғаннан асып кете алмасын тағы ойлайды. Өлімді жау елді жалмап барады. Күйзелген ел, ауыл тырым-тырақай, берекесі кеткен. Өздері де тозып біткен. Әлі тыныш өмірдің ұшығы көрінбейді. Ел жоңғарлардың табаны астында қалған. Үсті-үстіне құйылған жау қиырда жайылым, жақында өріс те қалдырмай шиырлап жосып жүр. Қалмақ беттен оралған Әбілхайырдың үйге түней алмай төсегін де ұмытқалы қашан. Қанқұйлы жау елді тықсырып, үш жүз үш жаққа шашырып, ел бір уыс боп қалған. Қазақтың жойылып кету қаупі туғалы қашан. Әбілхайыр Ордасы күнде жиын. Оның төңірегінде Орта жүз бен Кіші жүз хан, батыр, билері. Ұлы жүздің орны омырайып тұр. Ал, өлімді жауға қарсы үш жүздің бірігуі керектігі әлдеқашан көрінген. Неше күннен бері Әбілхайыр ордасының белдеуі булан, тобыр мен қылаңдардан арылған емес. Хан төңірегі күнде кеңестің тоқтаған жері – үш жүздің біріккен кеңесін шақыру. Кеңес 1727 жылдың басында Ордабасыда шақырылды. Мұнда үш жүздің тұңғыш рет басын қосып, қанқұйлы жауға қарсы тұруға бірікті. Әбілхайыр жоңғарға қарсы қазақ қолының бас қолбасшысы болып сайланды. Өйткені, бұған дейін қалмаққа қарсы жорықта қолбасшылығымен көрініп, атақ-даңқы асқан одан озған жан болмаған. Алдағы жойқын жорықта жолына деп ақбоз құрбандыққа шалынды. Осыдан кейін әр жүздік өз қолын түгендеп сапқа тұрды. Ұлы жүз Ордабасы тауының терістік шығыс жағынан сап түзесе Орта жүз Түркістаннан оңтүстік алқапқа қарай

созылып жатты. Кіші жүз қолы оңтүстік батыс бетті шарлап о шеті көз жетпес жерден шұбап келеді. Қалың қол топ-топқа бөлініп, әр сапты Кіші жүз батырлары бастаған. Оң жақтағы лекті табын Бөкенбай, ортада Есет батыр, сол жақ лекті батыр Сүйіндік бастаған. Теңіздей толқыған қалың қолдың қақ маңдайындағы үш лек үш түрлі көрініс беріп келеді. Бөкенбай легі табындардың ашатамай таңбасын туға байлаған. Есет батыр бастаған лек жалаң қаққан алмас қылыштарын айға білеп, көкке сілтеп, алтын күн шұғылысына шағылысқан қылыштан ұшқан сәулелер жарқ-жұрқ ойнап барады. Сол қол жақтағы Сүйіндікке ерген ұшы-қиыры жоқ қалың лек – адайлар қолы. Бұл лекті көк найзалы табынайлар бастапты. Ұста көрігінен жаңа шығып, көк жусанның шырынымен суарылған көк сүңгі найзалар әлгінде ғана шақырайып тұрған ашық аспанды ілезде тұмшалап тастаған қара бұлт бетке сіркірей бастағанда көріктің ыстық табы әлі кете қоймаған найза ұштарына сіркіреген жаңбыр шоқтары тиіп көгілдір буға айналып, лек үстін басқан көк тұман арасынан аспанға шан-шылған көк найзалар бұлдырай көрінді. Әбілхайырдың Сүйіндік бастаған көк найзалы табынайлар легіне көзі түскен. Сұсты көрінді. Ол мына көрініске іштей таңданған. Ордабасы жиынына төңірекке ат шаптырылғалы төркін жұртынан Бопай бөлек жасақ дайындауды ойлаған. Бүгінгі жиында Кіші жүз қолына сұс беріп тұрған да осы Бопай дайындатқан көк найзалар болатын. Сүйіндік батыр бастаған көк найзалы табынайлар жасағы соңынан қалың адайлар қолы түйіліп келе жатты. Бүгінгі жиынға айбын берген Кіші жүз қолына Әбілхайыр іштей сүйсініп тұрды. Ордабасы етегін алып қалың қол лек-лек жасақтар оңтүстік шығысқа қарай жөңкілді. Ордабасынан төмен қарай құйылған қалың қолдың алдында Әбілхайыр ат басын жіберген. Оның ізін ала Орта жүз ханы Сәмеке мен Ұлы жүз ханы Жолбарыс та ілескен. Қазақ қолының негізін құраған Әбілхайырдың Кіші жүздік қолы еді. Қазір Сәмеке мен Жолбарыс ханның алдында оның мерейі үстем көрінген. 1729 жылдың жазында Қазақ қолы Бұланты өзенінің жағасына таяу Қарасиырда жоңғар әскерімен кездесті. Бас-аяғы бірнеше күнге созылған бұл шайқаста бойларында кек оты қайнаған қазақ қолы жоңғарларды бет қаратпады. Кіші жүздің жетіруынан Тайлақ батыр, Ұлы жүздің атақты руынан Саурық батыр, адайдан табынай Сүйіндік, табыннан Бөкенбай, тағы басқа батырлар жауды жапырып кете берген. Ағын судай ақтарылған қазақ қолына төтеп бере алмай қырылған қалмақтар өліктерін жинай алмай қашқан. Бұл жер – тарихта «қалмақ қырылған» деген атпен қалды. Жеңіс қазақ даласына тез тарап, жеңілістен көз ашпай езіліп қалған халықтың рухын көтеріп жіберді. Олар жауға жігерлене шапты. Осы жеңістен кейін арада біраз уақыт үзіліс болды. Бірақ бұл ұзаққа бармайтын тыныштық еді. Біржола жеңілмеген жоңғар қолы бұл кезде жаңа

жорыққа әзірленіп жатқан. 1728 жылдың аяғында қазақ қолы қарап жатпай, ата жауына біржола соққы беруге кірісті. Барлаушылары жоңғар әскерінің жайкүйін жеткізіп тұрды. Жоңғар әскері жоңғар Алатауының Алакөл бағытына қарай орналасқан хабары жетті. Әбілхайыр қарауына қолбасшы, кеңесшілерін іріктеп, талай жорықты бастап кешкен батырларды таңдап алған. Олар - өзінің ең жақын досы да сенімді батыры Бөкенбай, Сүйіндік, Есет, Тайлақ, Саурық батырлар және Әбілмәмбет, Барақ, Батыр сұлтандар, Орта жүз бен Ұлы жүз хандары Сәмеке мен Жолбарыс. Әбілхайыр қолы Балқаш жағалауының бір қолтығына кеп орналасқан. Бүгінгі таң жарқырап тыныш атып келе жатты. Әбілхайыр жанына кеңесші қолбасыларын алып биік басына шыққанда алда Аңырақай даласы алақандағыдай көрінді. Бұл кезде айқас аймағына жоңғарлар бұрын келіп қолайлы шепке орналасып алған. Ал, Әбілхайыр болса әлі шайқасты қалай жүргізу керектігі жөнінде нақты шешімге келе алмай тұр. Ол қазір әскербасыларын жасақтарын басқаруға таратып жіберді де жанына Бөкенбай мен Сүйіндікті алып қалды. Оның бас кеңесшілері де осы екеуі болатын. Ондағы ойы – жау күші мен өз күшін арасалмақтап көру еді. Қазір олар қалай санаса да өз күштері жаумен салыстыруға келмей тұр. Жоңғардың күші атты сарбаздарының санында емес, әр жауынгерінің жеңіске деген сенімінде еді. Бұған дейінгі қазақтармен қай шайқаста да бір жұдырықтай жұмылған олар жеңіліспен келді. Ал, Әбілхайыр қолында Жәдіке Барақ, Әбілмәмбет, Батыр, Сәмеке хандар болса жеңіске сенбейді. Ордабасындағы жиында олардың: - Әбілхайыр, жеңіс әкелмейтін болсаң хандықпен біржола қоштаса бер, - деп айқай салғанын Әбілхайыр өз құлағымен естіген. Қазір Сүйіндік те, Бөкенбай да жоңғарларды басқаша әдіспен соғу керек, - дейді. Сонда ол әдісі қандай? Әбілхайыр соны таба алмай бас қатырып тұр. Ойы әр жаққа жүгіреді. Қиянды шарлап шайқастың елде жоқ жаңа әдісін іздейді. Оның білетіні – ата-бабалары жаумен бетпе-бет шайқасқан. Ал, Жәңгір хан жоңғар қонтайшысы Батырға қарсы соғыс әдісін басқаша жүргізіп жеңіске жеткен. Ол жоңғардың өзінен көп артық күшімен бетпе-бет соғыспай, Жалаңашкөл қолтығында жасағының бір бөлегін жасырып ұстап, қалғандарын бірнеше ұсақ жасақтарға бөлген де, тұс-тұстан шабуылға шыққан. Сонда жау өлігінен Жалаңашкөл қолтығында бос орын қалмаған деседі. Соғыстың бұл әдісін шалдардың аузынан талай есіткенін Сүйіндік пен Бөкенбай да айтып, Әбілхайырды мақұлдады. Әбілхайырдың қазір осы әдіске көңілі ауған. - Бірақ, оған біздердің ауызбірлігіміз жетер ме екен, - деп Сүйіндік ойындағы күдігін жасырмады. - Осы ауызбірліктің жоқтығынан ұзақ соғысқа шыдас бере алмауымыз мүмкін, - деді оның сөзін қуаттаған Бөкенбай.

Кеңесшілері Әбілхайырдың ойынан шықты. Оның өзі де солай деп білген. Ендеше, шайқасты ұзаққа созбай, барынша қысқа уақытта бітіру керек. Сүйіндік жіберген барлаушылар жаудың екпінді күші төрт мыңнан артық адам екенін жеткізді. Олар осы арадан үш-төрт өрістік жерде Көксу өзенін жағалап орналасқан. Сірә, осында түнеп шықпақ деп келді. Қазір хан барлаушы Ержігіт пен Айбасты алдына шақыр-тып, жоңғар әскерінің орналасқан тәртібін жерге сызып көр-сетті. Әбілхайыр бұл екі жігітті өзінің сенімді жас батырла-рының бірі деп білетін. Бұл жолы екеуін ертеңгі шайқас алдында жеңіс тағдырын шешетін аса жауапты тапсырма беруге шақырған. Қазір хан оң жақ бүйіріндегі кездігін суы-рып алды да оның өткір ұшымен жерге сызып көрсете бастады. - Мынау Қойбас қолтығындағы Көксу өзені, - деді ол, - көріп тұрсың ба, бөлтіріктің ініне ұқсайды емес пе? - Иә, - десті екі жас батыр. - Ендеше, - деді Әбілхайыр, - осы інге ұқсас қолтықтың шығар ауызы мына жерді бітеп, жауды шығартпай қамап тастау керек. Бұл жерде жоңғардың ең мықты делінген екпінді күші тұр. Хан олардың жүздеріне сынай қарады. - Естеріңде болсын, олар бізді күтіп тұрмайды. Біздерден бұрын шабуылға шығуы да ықтимал. Бұрын жеңіл жеңіске жетіп жүрген олар бұл жолы да одан бас тартпайды. Әрқашан есіңде болсын, жеңіл келген жеңіс бас айналдырады. Солай. Хан бүгін түнгі қимыл жоспарын таныстырып жатты. Ал, екі батыр мұқият тыңдап, бас шұлғып отыр. - Өлсек те тапсырма орындалады, - дейді Айбас. - Жоқ, өлуге болмайды. Сендердің өлгендерің – менің өлгенім. Бізге жеңіс керек. Әрқайсыңызға мың жігіттен екі мың сарбаз беремін. Бұл күні қас қарайған сәтте Айбас пен Ержігіт жасақтарын сайлап түнгі жорыққа шығып, жұлдыз ауа Көксуға жетті. Екі жасақ бағана хан сызып көрсеткен бөлтірік ініне ұқсас тұсқа жетіп, екі жасақ тар қолтықтың қос бүйіріне жарыла орналасты. Үш жағынан орап өтіп жатқан сақина тәрізді өзен иірімінде орналасқан қорғанысы сенімді жоңғар қолы бұл түні қаперсіз еді. Тар иірім, қалың қара ағаш өсіп, ауызды сырт көзден тасалап көрсетпей тұрған сақ күзетке сенген әскер түнгі ұйқы құшағында. Әдетте жоңғар жауынгерлері түнде аттарын алысқа жібермей жақын маңда арқандап, тұсап ұстайды. Ал, бұл жолы өзен иірімі тар бол-ғандықтан аттарын, тысқа жағалыққа шығарып, үш жүз атты күзетшімен жайылымға жіберген. Жау жағдайын анықтаған Айбас түнде барлаушылары арқылы Ержігітпен байланысып, жоңғарларға тосын шабуылдайтын болып келісті. Екі жасақ екі жақтан бір уақытта жүз-жүзден екі жүз жігіттерін бөліп, олар түнде жайылымға жіберілген табынға бет алды.

Өзеннен дыбыс шығармай өтіп, табынға тез жеткен Айбас мың жігітін алып өзеннің ағысымен төмен жылжыды. Олардың алдында жоңғар күзетшілері қараңдап көрінді. Айбас жігіттері қалың шөп арасымен кесірткедей жылжиды. Енді бір тұста Айбас жігіттеріне белгі берді де өзі ілгері жылжыды. Оның алдында елу қадамдай жерде жатаған атта отырған күзетші марғау ыңылдайды. Оның бейғам отырғаны байқалады. Әрегіректе бірнеше жерде лаулай жанған оттар төңірегінде жоңғар-лардың даурыққан дауыстары естіледі. Айбас әлгінде ат үстінде бейғам отырған күзетшіге жақындай түсті. Ара есік пен төрдей жер. Күзетші теріс қараған күйі өзімен өзі бейғам. Айбас сәтті бір кезеңде тағы бірнеше қадам жақындап келіп мысықша атылды. Ыңқ етуге шамасы келмеген жоңғар көзді ашып-жұмғанша жерде бүктеулі жатты. Айбас жігіттерін бірнеше топқа бөлді. Әр топ әр жерде жанған от төңірегінде даурығысып отырғандарға қарай беттеді. Түн қараңғысында от түбінен арқа тұсында төніп тұрған тау да көрінбейді. Жоңғарлардың түбіне келіп тұрған Айбас белгі берді. Сол-ақ екен, жігіттер қазан басындағы жоңғарларға тап берді. - Ах, - деуге жоңғарлардың шамасын келтірмеген. Және бәрі бір уақытта болды. Бұл уақытта Ержігіт те ширақ қимылдап, иіннің шығар аузындағы күзеттер алынып, Айбастан белгі күтіп отырған. Таңға дейін әлі біраз уақыт бар. Айбас ұзақ күттірмеді. Үркер ауып бара жатқан шақта белгілі жерге Айбас жігіттері де жетті. Қалың қамыс ішінде кездескен олар бірін-бірі айтпай түсінді. - Ал, кеттік. Қалың тоғайлық іші сатыр-сұтыр боп қалды. Осы сәтті күткен оң жақтағы жасақтар да үнсіз өзен иінінің қос босағасынан ішке ұмтылды. Бейғам ұйқы құшағында жатқан жоңғарларды жігіттер басып қалды. Жоңғарлардың дыбыс шығаруға шамасын келтірмеді. Беймезгіл оқыс дауыстан шошып оянғандары қараңғыда қалың қамыстықты сағалап зытып берген. Ізіне түскен қазақ жігіттері оларды құтқармады. Арадан біраз уақыт өткенде төңірек беталды шыңғырған айқай-ұйқай, шошына шыққан жан-дауысқа толып кетті. Сақ-сақ соғысқан найзалар, шақ-шұқ қылыштар айқыш-ұйқыш сілтесіп жатқан. Беталды қашқан жоңғарлардың бірқатары жолда құлап, жеткендері өзенге қойып кетіп жатыр. Бұл түнде олардың қашып құтылғандары аз болды. Бұғып жатқан қазақтар беталды қашқандардың бірін де құтқармады. Таң жарығы түскенде иірім ортасында тірі жоңғар қалмаған. Сол күні осы маңдағы жоңғар нояндарының ауылдары да шабылып, қазақтар мол олжаға кенелді. Айбас пен Ержігіт жасақтарынан үш жүздей адам шығыны болған. Елу шақты адам жараланған. Бұлар тұрған жоңғар бекінісі әскербасы Әбілхайыр қосыны тігілген жерден көп жырақ болатын. Бірақ, жаудың үлкен күшін талқандаған Айбас пен Ержігіттің бүгінгі ерлігі тез тарап кеткен. Әбілхайыр екі жас батырды бөлек қарсы алды. Әбілхайырға бүгінгі жеңіс туралы қуанышты хабарды жеткізген

Моссадық қожа құдай жолы құрбандыққа тайыншадай биені шалып тастаған. Інісінің ерлігіне сүйінген Сүйіндік Айбасты елдің алдымен келіп құттықтады. Осы араға ағасы Алқұлы мен әкесі Арыстанбай да жетті. Өткен шайқаста аяғынан жараланған Табылды бұл жорыққа қатыса алмаған. Әбілхайыр алғашқы жеңісті тойлағанымен, түбегейлі жеңіске әлі ерте еді. Бұл күнгі жеңіс сарбаздарға жігер беріп, рухтандыра түсті. Келесі күні сол алғашқы жеңіліс тапқан жеріне жоңғарлар асығыс өш алмақ болып қайта шабуылда-ған. Бұл күні екі жақ кезек шабуылдасып, тең жағдайда ажырасты. Бірақ, басты күштер - Әбілхайыр мен Қалдан Церен әлі айқасқа кіріспеген. Осы шепке келіп орналасқан үшінші күні қараңғы түсе Әбілхайыр алғашқы мыңдығын кісі бойы көрінбейтіндей қалың жықпылдың ішіне Аңырақай даласының таумен шектесетін қос тұмсықтың арасына кеп орналастырды. Сол күні жоңғар қолы да осы даланың қарсы жақ бетіне кеп тоқтаған. Олар қазақ қолы орналасқан қолтықты қоршай орналасып, тау басына зеңбіріктерін құрды. Бірақ, таң етегі көтеріліп келе жатқанымен екі жақ та айқас алаңына шығуға асықпады. Жоңғарлар алдымен ұрыс алаңына қазақтардың шығуын күтті. Бұл ара олардың бері қарап өңешін созып тұрған зеңбіріктерімен соғып тастауға қолайлы. Әбілхайыр қарсыласын алдап соғудың амалын іздейді. Сондықтан да, жасақтарын ілгері шығармай, артын күтулі. Жоңғар нойан-дары мыңдаған атты әскерін таудың әр қойнауына тығып, Аңырақай даласын қоршап тастаған. Жоңғар әскерінің сап түзеп, лап қоюға әзір тұрғанын Әбілхайырдың қиядан көзі шалып тұр. Әлден уақытта жоңғарлар лап қойғалы ұмтыла түсіп, қайта шегініп, рух шақырғандай дауыс көтеріп шулай бастады. Әбілхайыр олардың бұл әрекетіне жауап бермей, уақытты соза түсті. Ал, әмір күткен қазақ қолы тынып қалған. Бір кезде әскербасы алдыңғы қатарда ала шапқалы ауыздығымен алысып тұрған атты жасақтарға жүзін бұрды да: - Шабыңдар, - деп Аңырақай даласына қарай қолын сілтеп қалды. Сол-ақ екен тұс-тұстан тау қойнауынан әр жерден ағылған атты әскер Аңырақай даласына құйылды. Әлгінде мөлдіреп тұнып тұрған жасыл дала тез-ақ ала шаңытқа оранып, тұманды далаға айналып шыға келді. Қарсы бетте тау етегіндегі зеңбіріктер өңешінен жалын құсып зіркілдей жөнелді. Бірақ оған қарамастан бұл кезде Әбілхайыр қолы кең даланың ойлаған тұсына жетіп, күнілгері белгілеген шебіне - жоңғарлардың қос бүйіріне шығып алған еді. - А-а-ла-а-аш! - деген үн жаңғырыға шықты. Сол жақ қанаттағы тік бұрыш құраған жоңғарлар қолы ә дегеннен қысымға түсіп, шегіне бастады. Ал, мұны пайдаланған қазақ қолдары ішке ендей түскен. Мұнысы әскербасына ұнамаған. Өйткені, оларды қоршап алу қаупі жоқ емес-ті. Ол жедел ілгері ұмтылды. Енді бір көз салса әлгіндегі шашыраған жоңғарлар қайта қатар түзеп, топтанып, қазақ қолын ығыстырып бара жатқанын көрді.

Қатарындағы жасақтар шегіне түскен. Әбілхайыр Қалдан Цереннің ойын білсе де, оны күтпей, соғыс жүргізудің өз әдісіне салды. Жоңғар жағы жедел қозғала алмай іркес-тіркес ірметіліп, бірін-бірі кимелеп, өзді-өзі соқтығысып, қимылдай алмай қалды. Жаудың оң қанатында соғып жатқан қазақ жасағы күтпеген жерден жоңғарлар қоршауында қалып қойғалы тұр. Мұны көрген Әбілхайыр аяқ астынан үні шықпай қатты да қалды. Жүзінен мұздай ақмоншақ тер домалап кетті. Қазір оларға көмекке ұмтылар кім бар. Арыда анау аңғардағы күйеу баласы Батыр сұлтанның қолы неге шыға келмейді. Әлде олар мұны байқамай қалды ма? Осы сәт Әбілхайыр тұрған жал басына көлденең созылған көкжалымен Сүйіндік шыға келді де Әбілхайыр тұсына келіп ат басын ірікті. Батырдың қанмен жуғандай жалғыз көзі от шашып тұр. - Батыр сұлтан неге жоңғарды көк желкеден соқпайды. Ол қорқып тұр, - деп қырылдақ үнімен барынша айқай салды. Ашудан қолындағы найзасын бар күшімен сығымдап алған. - Олай емес. Батыр сұлтан мына жазықтықта еркін көсіліп соғысу үшін солай жасады. Енді көресің оның қимылын, - деп хан жүзін ары бұрып әкетті. Cүйіндік ханға түсінбей қалды. Ол қорқақты неге қорғап тұр. Батырдың қорыққан мына қылығын осы арада Сәмеке де, Жолбарыс та көріп тұрған. Қазір оны көрген өзге жасақтар жансақтап қаша жөнелсе қайтпек. Бұл жеңіліске соқтырмай ма? Ашуға булыққан Сүйіндік бұрқ етіп бір сыбап алды да, атына қамшыны бір салды. Ол Әбілхайырды түсінбей барады. Ал, Әбілхайыр Батыр сұлтанды күйеу болғаннан қорғап тұрған жоқ еді. Қазір біреуді жазалап жатар шақ емес. Оның ойлағаны басқа. Бүгінгі шайқас жоңғарлар үшін шешуші шайқас болғалы тұр. Мұны Әбілхайыр Қалдан Цереннің жасақтарын үсті-үстіне төгіп жатқанынан байқаған. Жүздік, мыңдық жоңғар жасақтары жан-жақтан құйылып, айқас алаңында жоңғарлардың азайып қалғанын білдірмей тұрған. Кескілескен шайқас жүріп жатыр. Қазақ сарбаздарының жан-қиярлықпен ұмтылып жатқаны - өз жерін, бала-шағаларын, отанын, мал-жанын жауынан қорғауда. Өйткені, шегінер жер жоқ. Бұл – соңғы демі. Ал жоңғарлардың өлімге басын байлап ұмтылатыны – заңы қатал. Қорыққаны үшін - өлім, аяусыз жаза, бала-шағасын өмір бойы қорлық, зорлық, құлдық күтіп тұр. Ал жеңіс – олар үшін – байлық, мал, жесір. Сондықтан да аянбай қимылдауда. Жаралылар да, кеудесінде соңғы демі қалғандар да қолындағы қаруын барынша сілтеп бағуда. Әйтеуір, бірін-бірі қиып жеп, шайнап жатқан біреу. Олардың мынау өмірге деген назасы аспанға атылған арғымақтардың өткір тұяғы астында қалды. Айқас алаңы тұяқ астында тапталған өліктерден, құлаған аттардан аяқ алып жүргісіз. Айқай-шу, шырқыраған жандауыстар, сақ-сақ найзалар, шақ-шақ қылыштар. Бүгін шайқастың үшінші күні. Қалдан Церен де, Әбілхайыр да ортаға соңғы мыңдықтарын шығарған. Аяқ басарға жер жоқ Аңырақай даласында төсек боп

мылжаланып жатқан өліктер үстінде тағы да жан беріп – жан алысқан айқас. Шырқыраған жан дауыстар барған сайын ұлғайып, түсқайта зарлы дыбыс даланы кернеп кетті. Әбілхайыр енді бір қараса жоңғарлар тұс-тұстан аңырап қашып, босып барады екен. Қазақ қолдары оларды қуып жетіп, түйреп, шауып, кескілеп жүр. Алды аңырап қашқан ойраттардың арты жалғасып, тұс-тұстан топ-тобымен соғыс даласынан шығып, басы ауған жаққа зытып барады. Осы сәтте Батыр сұлтан басқарған сол қанат бірден бірге шегініп, пытырап бара жатқан. Бұл жағдайдың айқас барысын өзгертіп жіберу қаупі бар. Мұны байқап қалған Бөкенбай мен Сүйіндік өз жасақтарын жедел осында бастады. Екі батыр кенет осы бетке шүйілген ойраттар ортасына батыл салып қоя берді де ә дегеннен оларды ығыстыра бастады. Майдан шекарасы қайта түзелді. Уақыт атылған жебедей зымырап өтіп жатыр. Айқас ала-ңында жоңғарлар сиреп қалған. Алды қашып берген жоңғар-лардың арты да батыл соғыса алмай, жылыстай берген. Күтпеген жерден Бөкенбай мен Сүйіндіктің біріккен шабуылынан сол қанаттағы жоңғарлар қатары тез-ақ селдіреп қалып кері шегінді. Қашқан жоңғарлардың алды тау бөктерін-дегі Қалдан Цереннің шатырына жетіп қалған. Қалдан Церен енді соңғы мыңдығын ортаға шығарды. Оны Әбілхайыр байқап тұрған. Қолында екі жүздік күзет нөкері ғана қалған қонтайшының күші кеткен еді. Енді Әбілхайырдың оны таяқпен соғып алатынына да көзі жетті. Осы кезде таяудағы аңғар астынан әрқайсысында бес жүзден екі жасақ жарыса шыға келді. Бұл Әбілхайырдың кейінге бүгіп қойған Ержігіт пен Айбас бастаған тың күші болатын. Айбас жасағының негізі көк найза көтерген табынайлар. Осыдан бірнеше күн бұрын Ордабасы жиынында Сүйіндіктің туы астында табы-найлар көк найзамен күркіреп өткен еді. Енді болса міне, жер қайысқан әскерден қалғаны - әр жерде найзалары шошайған азғана топ. Олардың қатары сиреп қалған. Кеше кешкілік Әбілхайыр Айбастың да, Ержігіттің де омсырайып, ортайып қалған жасақтарын қайта толықтырған. Бұл екі батырдың жасағы қазір берекесі кетіп пытыраған ойраттарға тосыннан тап берді. Жоңғарлардың тау басындағы зеңбіріктерінің де үні өше бастаған. Тосын тың күш - Айбас пен Ержігіт сарбаздары екілене ұмтылып, жауды жапырып бара жатты. Енді ойраттар жаппай аңырап қашты. Жеңіспен жігерленген Әбілхайыр да соңғы жау тобына қарай ұмтылған. Осы сәтте шегініп бара жатқан ойраттардың бір тобы кенет ханның көк желкесінен тап бермей ме. Шым болаттан соғылған хан қылышы жарқ ете қалды. Оның қарсы алдындағы жоңғар ат үстінен ұшып кетті. Мұнан кейін хан асфахани қылышын оңды-солды сілтей берді. Ол қазір қашқан жоңғарлармен айқасқа кіріскен. Енді бір сәтте жағасына жармасқан қара желеңді жас жоңғар жігітін иықтан асыра лақтырды. Хан осылай екінші, үшінші, төртіншісін ізді-ізіне түсіре берген. Кенет қылышы қолынан ұшып кетті. Осы сәтте жоңғар қылышын ханға асығыс сілтеп қалған. Мүлт кетті. Ханның жауға шапқан оқыс қимылын көріп қалған Айбас жедел

осында ұмтылды. Ойрат сарбазы қарусыз қалған хан басын қағып тастамақ еді. Айбас қылышын жоңғар сарбазына көлденең тосып үлгерді де оны ат үстінен жұлып алды. Осы арада Ержігіт те келіп жеткен. Хан ажалдан аман қалды. Ойраттың қылышы оның оң жақ иегі астын жалап кеткен еді. Қалдан Цереннің қираған әскерінің қалдықтары жылыстап тау қойнауларына сіңіп бара жатты. Әбілхайыр шайқастың жеңіспен аяқталғанын жариялап қолбасшыларына да, сарбаздарына да ризалығын білдірмек болып үлкен әскери кеңесін шақырған. Және өзін осы жеңістен кейін бүкіл Орданың үлкен хандығының туын ұстатады деп те дәмелен-ген. Бірақ ол ойы болмады. Хандар да, сұлтандар да жеңіс туралы ауыз ашпай, өз жасақтарын соңынан ертіп жөн-жөніне кете берді. Әркім өз қамын ойлап барады. Әбілхайырдың қасында өз батырлары – Бөкенбай мен Сүйіндік, Айбас пен Ержігіт, Есет, сұлтандар – Бұлхайыр, Нияз ғана қалған еді. Сүйіндік соңында Бопай төркіндері Табылды, Алқұлы тұрды. Хан қатарында Арыстанбай ғана көрінбейді. Әлгіндегі ақтық айқаста найза тиіп ауыр жарақат алған оны Сүйіндік жанына жасақ қосып, жедел ауылға жіберген де өзі осы жиынға қалған. Мына жайдың соңын ұққан Әбілхайыр да кеңесті тастап жасақтарын соңынан ертіп жүріп кетті. Бұл жасақ басында тағы да сол Бөкенбай мен Сүйіндік бастаған Бопайдың төркін жұрттары еді. Кіші жүз қолының ұзын көші басында Әбілхайыр жалғыз кетіп бара жатты. Оның артында сап түзеген әскербасылар ішінде Сүйіндік, оның жанында Айбас бар. Қазақ хандарының одағы ұзаққа бармай қайта құлады. Жеңістен кейін көңілі құлазып қайтқан Әбілхайырдың ендігі демеуі жанындағы Кіші жүз батырлары ғана болатын.

Воеводо Бутурлинге хат

Әбілхайыр әлдеқайдан бір хабар күтулі. Анау шеті-шегі жоқ дөңкейіп жатқан қыр астына күнде қарап көзі талғалы қашан. Жер түбінен бір қара көрінсе соның жолына қашан көзден ғайып болғанша үміттене қарап Бопай ордасының іргесінен кереге көзінен сығалаумен жатқанына да біраз. Петербургке елшілерінің кеткеніне төрт айдан асып барады. Күткен уақыты әлдеқашан өткен. Ел іші іріп барады. Күнде бір жерден ши шығып, хан ордасы қыспақта қалған. Ұлы жүз теріс қарап отыр. Орта жүз де солай. Екі жаққа кезек жалтақтап, Кіші жүз қалмаққа да, башқұрттарға да, Еділ орыс-казактарына да жалғыз шауып жүр. Жалғыз қалған жанның жайы белгілі. Анау бүк түскен мылқау қыр астына үздіге қарай беретіні сол. Енді болса одан да күдер үзіп барады. Қыспаққа түскен Әбілхайыр жайын Бопай ғана ұғады. Оған жантәнімен жанына жалау болғысы келеді. Бірақ, амал таппай қиналады. Мұндайда түрлі ойлар шырмап алады. Ол да қайдағы бір қауіп етер қорқынышты ойлар. Орыс патшасы тағы да қазақ ханынан бас тартса ше? Оның да болмай

қалмайтынына кім кепіл. Ол кезде қалай болмақ? Мұндайда төзім таусылып, тағы бір үміт оты көз алдынан қылаң ете қалады. Тағы да түпсіз терең ой тұңғиығына шомады. Әлгінде қылаң берген үміт те сиырқұйымшақтанып барып, жоқ болады. Осындай шақта Бопай тағы бір ойдың жетегіне түсті. Алыс үміті ақыры көріне жатар. Оған шейін күнде шауып маза бермей отырған жауларына аз күнге болса да тиым болса дейді. Алыстағы патшадан қайыр қашан жетпек. Қазақ үшін орыс үкіметі алыстағы патшада емес, іргесінде отырған Астрахань, Уфа генерал-губернаторларында емес пе. Патша жарылқаса да солар арқылы жарылқайды. Ақырзаманы да осылар арқылы келмек. Ендеше, осы губернаторлардың өздерімен келісуге болмас па. Оның жолы қайсы. Бопай осыған бас қатырады. Оларға елші жіберсе ше? Ол елшілік қазақтың жайын қолма-қол шешіп бере алмайды. Бопай тағы бір ой жетегінде. Оларға хат жазса дейді. Бірақ ол ойын Әбілхайыр мақұлдай қоймайды. Өйткені, ол талай елші де аттандырып, хат та жазып көрген. Орыс генералдарының аяқ астына жығылмағанымен, соған дейін барған. Бірақ, соның қайсысынан опа көрді. Сондықтан да бұған беттегісі келмеген. Бопай оны ыңғайынан таныды. Бірақ, солай бола тұрса да, осы соңғы үмітін де жасап көрмек болып қолына қағаз алды. Айтар ойы патшаға жазған хатта айтылғандар – жоңғар, қалмақ жайы, башқұрт тонаушылары, жер, су, жайылым. Ресейге қосыламыз, патшаға қызмет етеміз деп қол ұшын сұрайды. Басқа да талаптардың орындалатынын айтып, келіссөзге шақырады. Және ол келіссөзді жедел бастауға Ресейдің шығыстағы мүддесі үшін Әбілхайырдың қолдан келгеннің бәрін жасауға әзір екенін білдіреді. Екі жақты қарым-қатынастың алғашқы қадамын жедел бастап кетуге үндейді. Хаттың өн бойына Әбілхайырдың қатаң талабы емес, Бопайдың майдалап жеткізген бас тартуға келмейтін әйелдік өтініші. Және бұл хатты ол губернаторға емес, Уфа воеводосы Бутурлинге жолдауды жөн көрді. Өйткені, воеводо қолында әскери күш бар, ендеше, безбен басында сол тұр. Губернатордың өзі әскери қимыл жасауға соған тәртіп береді. Бопай бұл хатында Кіші жүз қазақтарының Ресейге қосылуға әзір екенін айта келіп, осы Кіші жүз қазақтары есебінен Уфа воеводосы-ның күшейе түсетінін, мұның шығыста Ресей ықпалын арттыруға қызмет ететінін айтады. Бопайдың ойымен жазылған бұл хатқа Әбілхайыр ештеме қосып, алмады. Және хат Бопайдың ғана атынан жазылды. Әбілхайыр хаттың жеткізілуіне қызмет етті. Бутурлин дала ханшайымының хатын оқып таңданды. Қазақ хандығы атынан сөйлеген бұл хатты – сен өкілетті адам емессің деп назарға алмай тастауға да болатын. Бірақ, жағдайдың ақиқаты ашық та, бүкпесіз келіп, бірегей жай айтылып отырғанда оны мән бермей қоя салу мүмкін емес-ті. Хаттың төменгі жағында ханша бармақтай өз мөрін басқан. Бутурлин Ресей үкіметіне өз атынан хат дайындап, Бопайдың хатын бірге жолдады. Әбілхайыр жіберген қазақ елшілері Құтлымбет Қоштайұлы мен Сейітқұл Құдайқұлұлы Петер-бургте

жүргенде Бутурлин жолдаған бұл хат сенаттың қолына тиген. Онда Бутурлин хан атынан хат жолдауға заңды өкілеттігі болмаса да ондағы жайлардың назар аударарлық екені айтылған. Бұл жай кейін патшайымға да жетті. Ол хатты біраз күн суырмасында сақтады. Ханшайым айтқан жайларды ескеру керектігі сенатқа тапсырылды. Қазақ хандығын бодан-дыққа қабылдаудан орыс үкіметінің ұтылысқа шықпайтыны және екі жақтың да тек қана ұтатыны дәлелді айтылған. Патшайым шығыс алтынына қақпаның тап осы арада жатқанын білген. Ол үшін қазақ ханшасының хаты сонысымен де құнды екенін жазбай таныды. Патшайым мұнан кейінгі сенатқа жіберген тәртібінде өзінің түпкі пиғылын ашып көрсетпесе де, хатқа терең мән бере қарап, қазақ хандығына жіберілетін елші Тевкелевке арнайы тапсырмалар беру жөнінде нақты көрсеткен. Ұзақ сапарға шығар алдында шақырумен кіріп шыққан Тевкелевке Анна Иоановна Бопай туралы бөлек тапсырма беріп, оны зерттеп, мұқият қарап, ол жөнінде бөлек ақпарат дайындауды тапсырды. Қазақ тілін жақсы білетін шоқынды татар Тевкелев патшайымның арнайы тапсырмасын ерекше ұғып алды. Бодандық жағдайында ханға ықпалы жүріп тұрған ханшайымнан көз жазып қалмай, оны болашақта өз мүдделеріне пайдалану мақсатының көзделген-дігі хақ еді. Тевкелев Петербургтен шыққаннан жол бойы ол тапсырманы қалай орындайтынын ойлаумен болды.

Аңырақай шайқасы жоңғарды да, қазақты да әлсіретіп кеткен. Жоңғарда енді соғыс ашып, қазақтардан есе қайыратындай күш қалмай, Қалдан Церен амалсыздан қазақтарға бітімгершілік ұсыныс жасаған. Оны қабыл алмай, қайта шабатындай қазақтың да күш-қайраты жоқ еді. Қазақ хандығына төнген қауіп әлі жойылмаған. Қалмақтар уақытша келісіммен, ал башқұрттармен шекаралас Жайық казактары арасалмақты бақылап отырған. Ал, орыс елімен келісім қажеттігі қай кезде де көрініп, сезінулі. Қазақтың орысқа шабар жағдайы көрінбейді. Ендеше, олардан қол үзуге болмайтын. Орысқа өкпелеп теріс қарау – қазақ хандығының өзді-өзіне қастандық болар еді. - Орыс өңмеңімізден итерсе де ішіне сұғына беру керек, – деген Бопай Әбілхайырға. - Сонда қайтпек. - Тағы да елші жіберу керек, - деп шешті. Әне жылы елшілікке Қойбағар Қабақ баласын жібергенде орыс үкіметінің оны бос қайырғаны Әбілхайырдың да, Бопайдың да есінен кете қоймаған. Бірақ, одан беріде бес жыл өткен. Ол 1725 жылдың жазы болатын. Одан бері өткен уақыт орыс патшайымының да жағдайын өзгертпеді дейсің бе. Мүдделілік үмітке әкеп тірейді. Және қазақ-башқұрт арасындағы әскери жанжалдар да орыс

үкіметінен сүйеніш іздеуге мәжбүр еткен. Башқұрт тархандары мен батырлары қалмақ, жоңғар соғысынан тұралап қалған қазақтармен келісімге келмеді. Башқұрттардың ноғай, Сібір даруғалары жиі шабуылдап, арадағы жағдай шиеленісе түскен. Қайткен күнде де қазаққа қорғаныш керек. Ал, ондай сүйеніш орыс патшасынан өзге ешкім бола алмас еді. Әбілхайыр мен Бопай-дың жылт еткен соңғы үміті сол. Ресейді келісімге шақыруды алдымен Тобыл губернаторлығынан бастап барлау жасап көрмек болды. 1729 жылы Тобылға арнайы төрт елші аттан-дырды. Елшілік басы Бекболатқа қазақ рулары мен тайпала-рының таяу солтүстігіндегі көршілерімен қарым-қатынасын реттеу міндетін жүктеді. Тобыл елшілігі қазақ жағдайын түбегейлі шешіп бере алмағанымен қазақ хандықтарына деген орыс мемлекетінің көзқарасын айқындап, үміт шырағын жаққан. Орыс елінің бұл жолы кет әрі еместігі байқалған. Ендеше, осы ұрымтал сәтті пайдаланып қалу керек. Орда осыған тоқтады. 1730 жылдың мамыр айында қазақ батыр, сұлтан, старшиналарының жиыны шақырылды. Оған Орта жүз бен Кіші жүздің белгілі би, сұлтан, батырлары қатысты. Бұл жиында патша үкіметімен бейбіт келісім жасау мақсатымен Петербургке арнайы елші жіберу келісілді. Бұл келісім ішінде қазақ-башқұрт арасындағы жер дауын реттеу жайы да бар еді. Қазақ-башқұрт арасындағы жанжал, қарулы қақтығыс осы жер дауынан ұшқындайтын. Оған қоса орыс Сібір казактары тағы бар. Олар да шекаралас қазақ ауылдарына ойран салып отырған. Әсіресе батыс Сібір казактары станицасындағы казак полковнигі Леонтий Парфентьевтің, Федот Матигоровтың көршілес қазақ ауылдарына жасаған шапқыншылығы естен кетер емес-ті. Бұл – адамдарын қырып, малын талауға салған ашық тонаушылық болатын. Мұнда қазақ ауылдары қорғансыз қалып, жан-жақтан талауға түсті. Малын, жанын, балашағасын тастап, қарабасын алып қашуға мәжбүр болған. Орыс бодандығындағы көрші халықтармен – башқұрт, ноғай, Сібір даруғаларымен қазақтар арасындағы жағдай шиеленіскен. Бұдан құтыла алмаған Әбілхайыр мен Сәмеке хан тұрағын өзгертіп, Арал жағалауын тастап, 1730 жылы Ресей шека-расына солтүстікке қарай көшті. Және сол күзге салым қыр-күйек айында Әбілхайыр ордасынан Петербургке Құтлымбет Қоштайұлы мен Сейітқұл Құдайқұлов бастаған елшілерді аттандырған. Бұл жолы орыс патшайымы қазақтардың бодан-дық жөніндегі өтінішін қош алды. Олар қазақ хандығын бодандыққа қабылдау жөнінде қазақ елшілерімен бірге өз елшілерін де аттандырды. Орданың асыға күтіп отырғаны осы еді. Петербургтен 1730 жылдың отызыншы сәуірінде шыққан елшілер қыркүйек айының аяқ тұсында келіп жеткен. Орыс патшайымы Анна Иоановна бұл жолы қырғыз-қайсақ ісіне шоқынды татар, тілмаш, шетел істері жөніндегі коллегиясы-ның кеңесшісі Алексей Иванович Тевкелевті жіберген. Оның аты-жөні әкесі жағынан Құтлымухаммед Искандер мырза деген. Ал, башқұртар мен қалмақтар оны Мамед мырза деп атар еді. Ресей елшісі

Тевкелев мырза бұл жолы Кіші жүз ордасының ханы Әбілхайырдың арнайы шақыруымен ордаға келе жатқан беті. Бұл күнді Әбілхайыр да, Бопай да күнде күтулі болатын. Тіптен орыс патшайымы қазақ елшілігін қабылдамаса ше? Қабылдаса да бодандықты құп алмаса ше деген де күдіктері жоқ емес-ті. Әбілхайыр Орда төрінде отырып кеткен елшілерінің жолы бола ма, жоқ па деп күнде құмалақ ашып, бірде жоруын таппай, енді бірде жақсылыққа жорып қайта жинап алып отырған. Құмалақ ашып, оны өзі жорып, өз көңілін өзі басып отырған оның әлем-тапырақ жандүниесін Бопай ғана түсінетін. Сондай қызылшаркат қалтаны қырық рет ашып, жауып отырған үмітті күндердің бірінде орыс елшілігінің Орданы бетке алып келе жатқан хабары жетті. Бастапқыда өзге хандықтарға өтіп бара жатқан жолаушылардың бірі емес пе деп күдіктенген. Кейін нақты хабары шыққасын барып көңіл тоқтаған. Оның қазіргі қуанышында шек жоқ болатын. Бірақ, хан ол сезімін сыртқа түгілі жанындағы Бопайға да сездірмеуге тырысқан. Әйтсе де ханның көңіл-күйін оның сөзінен, қозғалысқарекетінен Бопай танып, біліп отыр. Хабары шыққаннан хан елшілерді барынша салтанатпен күтіп алуды ойлап, елші керуенінің алдынан Сүйіндік бастаған жасақ шығарған. Әдетте хан құрметті меймандарын күтуге осы Сүйіндікті жіберер еді. Бұл жолы да солай жасаған. Сүйіндік орыс елшіліктерін Уфадан шыққаннан әскери салтпен күтіп алған. Және неше күн жол жүріп, елшілердің қауіпсіздігін сақтап, Ордаға жеткізген. Әбілхайырдың орыс патшасынан елші шақыртқанын, бодан болуға уәде еткенін әлі жалпы қазаққа жарияламаса да хабарланып болған. Хабардың қайдан да жететін, аяқ жеткен жерге де хабардың өзіңнен бұрын барып тұратын жері осы қазақ даласы боларау. Мұны Сүйіндік те осы жолы аңғарды. Орысты шақырып әкелгенге наразы талай қазақ жасақтары алдан шыққан. Сүйіндіктің көк найзасы олардың қайқайсы-сын да жуытпады. Оның қылышпен, сүңгімен, найзамен, жебемен қаруланған жасағы нендей жағдайға да әзір еді. Елшілер көшін де, қорғаушылар сапын да Сүйіндік батыр өзі бастаған. Жолай меймандарға қазақ жерін таныстырып отырған Сүйіндік алғашқы күні қонаға Елек өзенінің қалың қамысты жағасына тоқтады. Күн көзі анау қыр астына еңкейіп бара жатқанда қонаға жеңіл киіз шатырлары тігіліп қалған. Шатыр ішіне қошқар мүйіз өре киізді жайып тастады да кешкі ас әзір болғанша Сүйіндік елшіні құрметпен жанына шақырды. Төңірек табиғатына тамсана қарап қалған елші Тевкелев шатырға асыға қойған жоқ. Ол тізеден жоғары қалың өскен селеу аралас шөптің ішіне отырып, иісі көкіректі жарып жіберердей боз жусанды жұлып алып, танауының астына апарып ұзақ иіскеді. Сосын асықпай тұрып лаулап жанған ошақ басына барып, бұрқылдап қайнап жатқан қазанға таңдана қарады. Содан кейін Сүйіндік күтіп отырған шатырға кірді. Ол төрге Сүйіндіктің қатарына озғанда есік жақтан ағаш зереңге шүмпілдеп толып қымыз келді. Сүйіндік оны өз қолымен елшіге ұсынды. Тевкелев қымызды тамсанып рахаттанып отырып

ішті. Ол бұрын да осы өңірде болған. Қазақтар мен башқұрттардың салтдәстүрімен таныс. Олардың ұлттық тағамдарынан талай дәм татқан. Бірақ, соңғы бірнеше жылдан бері бұл өңірге аяқ баспаған. Арада ұзақ уақыт өткеннен бе, қымызды сағынып қалғандай. Қазір тұшыр-қанып отырып зерең қымызды басына көтерді. Ол қымыз асымен бала кезінен таныс. Атасының қасына еріп жүрген кезінде барған үйі алдымен қымыз ұсынар еді. Кейіндері Азов жорығына қатысқанында Қырым татарларының да осы ас түріне үйір келетінін көрген. Петр патшаның жарлығымен талай эскспедицияға қатысқанында, татар, чуваш, башқұрттар арасында жүріп осы сусынға үйренген. Мұндай киіз шатыр ішінде талай отырған. Қазан астында шатырлап жанған жүзгін, жыңғыл, тораңғы, сексеуілдің жалынын қызықтап, түтін иісіне үйренген. Ашық аспан астында жұлдыз жауған түндерде, ай толғанша әр жұлдызды бір түгендеп, осы далада өскен қарттар мен жігіттерінің әңгімесіне құмартушы еді. Осы жолы оның тағы да жолы болды. Қазақ батырының елі туралы әңгімесі бірден бірге оны елітіп тереңге алып бара жатты. Қарт батыр жанындағы мейманының қызыға құлақ қойып отырғанын байқап, қоңыр дауыспен бабымен баяу сөйлеп, қонақтарын өзіне елітіп, баурап алған. Тевкелевке ол өткен қалмақтармен, жоңғарлармен соғысы, Хиуаға жорықтар, тайпалар мен рулар тартысы, қазақ қолының жеңілісі мен жеңістері, алынған олжа, барымта, тағысын тағы әр кездегі қазақ қолының ерлік-тері туралы әңгімеледі. Өз кезегінде Тевкелев те экспедиция мақсатын, орыс патшайымының Ордаға деген қызығушылы-ғын, олармен тек достықта, бейбіт өмір сүргісі келетінін айт-ты. Ресеймен достық қатынас, Ордамен жауласып отырған тайпаларға тыйым болатынын, орынсыз шапқыншылық жасаған көршілерге орыс үкіметінің жаза қолданатынын, жоңғарларға қарсы Ресеймен бірігіп күресу керек екенін, орыс үкіметінің көмекке әскер бере алатынын жеткізді. Осындай әңгіме үстінде елшіге бұл түн тез өткендей болды. Осылай жолда бірнеше күн өткізген елші көші аптаға жуық жүріп хан елшілерді қабылдауға әзірленіп жатқан Торғай мен Ырғыз өзендерінің түйіскен жеріне келіп тоқтады. Жолсоқты болып келген елшілерді бұл күні тынықтырып, хан өзінің ордасына келесі күні қабылдады. Азанда ханның шабарманы Сүйіндік келіп елшіні хан ордасына шақырып жатқанын хабарлаған. Сүйіндік жанына жиырмаға енді шыққан жиені Нұралыны ерте келген. Жас жігіт Нұралы елшіні атқа сүйемелдеп отырғызып, хан ауылын қақ жарып келіп Бопай ордасының алдына тоқтады. Бұл жерде Нұралы лып етіп жедел қимылдап құрметті мейманды атынан қолтығынан демеп түсіріп, қолынан ұстап ілгері алып жүрді. Ақ Орданың мол тігілген киіз есігін ашып, мейманды ілгері оздырды. Бопай ордасы кең де жарық. Аумақты кең үйдің орта тұсына шағын стол қойылып, оның үстіне қыл арқанға шырақ

ілінген. Стол басында алтын жалатылған зермен көмкерілген ақ мауытыдан тігілген шапан. Барқыттан тігілген, қарсақ терісімен жиектелген тақиясы бар, басын төмен салып әлдебір ой үстінде отырғандай ықшам денелі адам алдымен көзге түскен. Ол есіктен ішке енген Тевкелевті көріп, орнынан тұрып қарсы жүрді. Тевкелев оның Кіші жүз ханы Әбілхайыр екенін білді. Кең маңдайы астындағы тұнық көлдей ойлы көздерімен ол мейманға шаншыла қарады. Сосын тағы да бір қадам ілгері озып Тевкелевке тақау келіп екі қолын ұсынды. Мейманын жас жағынан өзіне қарайлас деп білсе де, қазір ол кішілік көрсетіп: - Ассалаумағалейкүм, - деп келіп қолын алды. - Ұлы Орыс патшайымының елшісі Қутлумухаммет мырза сізді қазақ топырағында тұрып маған құттықтау бақыты бұйырғанына қуаныштымын. Мұнан кейін екеуі бір-біріне кезекпен тағзым ете иіліп, сосын құшақтасып, бірін бірі кезек-кезек кеудесіне қысты. - Сізбен кездесіп және көріскеніме теңдессіз қуаныш-тымын, - деді елші хан алдында тағзым ете сөйлеп, - ұлы Ресей патшайымы Анна Иоановна сізге, сіздің балаларыңызға және жұбайыңыз Бопай ханымға, барлық туған-туысқандарыңызға арнайы жолдаған сәлемін жеткізіп тұрмын, қабыл алыңыз. Патшайым ұзақ ғұмыр тілейді Сізге. Мерейіңіз үстем бола берсін. Мұны естіген хан да өз кезегінде ұзақ та әдемі сөйлеп, елшіні кеудесіне тағы қысты. Сосын төрді ұсынды. Хан меймандарымен есендесіп болғаннан кейін үйге Нұралы сұлтан мен Сүйіндік батыр кірді. Іле төлеңгіттер Ағлуқ пен Бәйбек ағаш ыдыстар үстіне бауырсақ, қуырдақ, торсық қымыз әкеліп, ортаға столға қойды да қайта шығып кетті. - Айыпқа бұйыра көрмеңіз, Қутлымухамед мырза, жұпынылау дастарханымыз үшін,- деді хан, - әлі лайықты сыбағаңыз бола жатады ғой, көңілге алып қалып жүрмеңіз. Хандық қабылдауым әлі алда. Ал, бүгін, екеуіміз ел-жұрттың көзінен таса құпия кездесіп отырмыз. Ондағы ойым – батыр, сұлтандармен, билермен өтер үлкен кеңес алдында екеуіміз оңаша кездесіп, келісіп алайық дегенім. Ал, бұл оңаша кездесуімізді жауларымыз, дұшпандарымыз біліп қалса, олардың сан-саққа алып қашып бүкіл даланы түрлі өсек-аяң жайлап кете ме деп... Әбілхайыр – халқына айтпай өз пайдасын көздеп орыстармен келісім жүргізіп жатыр деп әлі-ақ елге жайып жібереді. Мен көп сөйлеп, қонағымды ұмытып кеттім-ау деймін. Қане, құрметті қонағым, ас алып отырайық, - деп ол алдымен дастархан мәзірін өзі бастап берді. Тевкелев содан кейін ғана дастарханға қол созды. Азанғы ас үстінде отырып Әбілхайыр мейманын қазақ хандығының, соның ішінде Кіші Орданың жағдайымен таныстырып болған. Оның хандық жағдайы, күш-қайраты Тевкелевтің көз алдында тұрып қалды. Әбілхайыр ештеме бүкпеді. Қазақ арасындағы тақ таласы, тайпа, ру тартыстары, достары мен дұшпандары, жоңғар, қалмақ, башқұрт қауіптері, бәрі-бәрін қалдырмай әңгімеледі.

Әңгімесінің соңында Тевке-левтің осы сапарына байланысты күні ертең хан ордасында шақырылғалы отырған сұлтан, билер мен батырлары, стар-шиналар мен ақсақалдарының үлкен кеңесі шақырылғалы отырғанын айтты. Және олардың әрқайсысының пиғыл-ниеті-не шейін бейнелеп берді. Меймандарының пиғыл-ниетінен Әбілхайыр жігерленіп, арқаланып қалды. Әңгіме соңында ол қонағының ертеңгі үлкен әңгіме алдында жақсы тынығып алуына тілек білдірді. *** *** ***

Соңғы күндері түн ұйқыдан, күндіз күлкіден қалған Әбілхайырдың беті іспектеніп, көзалды күлтеленіп кеткен. Орыс елшісі келгелі сұлтандарымен, батыр, билерімен күнде жиын, кеңес өткізіп, орысқа бодан болудың не екенін, не үшін керек болып отырғанын түсіндірумен болды. Ол ойын айтып болғаннан кейін әңгімені Бопай жалғастырады. Әбілхайырдың бүгінгі қонақтары Бопайға қашаннан таныс, талай кездесіп, сыр алысып, дастарханынан дәм татып жүрген сыралғы адамдар. Олардың ішінде, Әбілхайырмен істесіп те, тістесіп те жүргендер бар. Бірақ, бүгін ондайлармен есеп айырысатын күн емес, оларды жылы қабақ танытып өздеріне тартып, есебін түгендеудің амалын жасаулары керек. Қазақта бір ханға бағыну деген болмаған. Би де көп, батыр да көп. Әрқайсысы әр жаққа бұра тартып, қырық ру боп жүгенсіз жүрген жандар. Олардың бәрін бір қолға бағындыру Әбілхайырдың қолынан келмей жатыр. Өйткені, қазақ даласындағы жағдайдың өзі осыған әкеп тіреген. Енді бүгін Әбілхайыр мен Бопай сол қырық ру қазақтың аузын біріктірем деп жинап отыр. Олардың ішінде Әбілхайырдың аузын бағып не айтса да құп алып, құрақ ұшып отырғандар да, таласып, тартысып келіп, тағы да мүйіздесіп ұстаса кетуге әзір сыныққа сылтау, есе қайыруға есеп іздеп келіп отырғандар да бар. Қазір ат шаптырып, Бопай ордасында сығылысып, зорға сиысып отырған қазақтың мен деген билеушілері, апайтөс бахадүрлері біреулері Әбілхайыр мен Бопайға сынап қараса, енді біреулері ала көздерімен ата қарап отыр. Әбілхайыр айтты екен деп иіле кетейін деп отырғандар емес. Мұндай кезде алдына құлай кету Әбілхайырға да жат мінез. Бүгін көнбесең ертең өзің келесің, ондай да күн туады дегендей сіресіп Әбілхайыр отыр. Осы-ның бәрін көзбен көріп, жүрекпен сезіп, қайткенде жағдайды жымдастырам деп, үрке қарағандарын өзіне тартуды ойлайды Бопай. Алдымен Бопай Әбілхайырдың өр мінезін, қазір де тас түюлі қабағын мына отырғандар басқаша түсініп қалмаса екен дейді. Соны жуып-шайғысы келеді. Ол өз ордасында отырып қабағын шытқанды мейманын жақтырмағандықтың белгісі деп біледі. Оның бала күнінен түйіп, білгені осы. Аржағыңда атайын деп отырсаң да қонағыңа сыр бермей, үйіңнен күле қарап шығарып сал дейтін анасы. Сондықтан қазір төрінде шақырулы меймандарына ерекше ықылас көрсеткісі келеді. Әрқайсысына жылы жүзбен қарайды. Әлгінде қызметшілеріне

алдырып қойған мол торсықтан жаңа пісілген сал қымызды сырлы зереңге өз қолымен құйып, меймандарына жылы шыраймен ұсынады. Бопайдың бұл ыстық ықыласы дос түгілі дұшпанын да өзіне тартпай, иілдіртпей қоймайтын. Ол ақ орда – отауын аттаған әр жанның алдымен өз денсаулығын, бала-шағасының, ауыл-елінің амандығын, өзі біліп танитын адамда-рының жай-күйін, туысқандарын, мал-жандарын қалдырмай сұрады. Содан кейін әңгімені ел жайына бұрды. Қалмақ пен жоңғар, күнде шабысып отырған башқұрттар мен Еділ қалмақ-тарын сөз қылды. Олардың қазақ елінің басына төндірген зобалаңын, ел қор болғанын, одан құтылудың жолы таптырмай отырғанын айтты. Сосын барып көрші орыс елі жайына ойысты. Орыстармен арадағы қатынас келеге келе бастағанын, Уфа, Астрахань, Тобыл губернаторларымен арадағы келісімді еске салды. - Сенесіздер ме, - деді ол осы рас па дегендей өзіне қада-лып қалғанын байқап. - Осы қазір менің туысқандарым Уфа, Астрахань губернаторларының ұлықсатымен Жайық жағасын жайлап отыр. Еділ бойы ен тоғай, ел жайлауын күтіп жатқан жұмақ жер, малына да, жанына да көктеу, жайлау, күзеуі түсіңе кіреді. Ал, қыстаулары жылдар бойына малдың тісі тимеген, шөккен түйе көрінбес ұйып тұрған, малға жатып өрер, жанға жатып жер - жерұйықтың өзі ғой. Малы семіздік-тен баса алмайды. Олар тонаушылық, барымта дегенді білмейді. Ал біздердің тыныш ұйықтаған түніміз болды ма? Тағы кім шауып кетті деп күнде елеңдеп, күнде үркіп отыр емеспіз бе. Олар мұндай тонаушылық дегенді естіп, білген емес. Және көрші орыстармен сауда-саттық керуені бір тоқтап көрмеген, күнде шұбырып жатыр. Мұнда орыс көпестері тауардың небір түрлерін әкелетін көрінеді. - Міне, қарап көріңіздерші, - деп ол арыдан қызметшісіне дауыстады. Үсті тау боп үйілген сандықты екі-үш төлеңгіт жігіттері әрең көтеріп әкелгенде Бопай орыс көпестері жеткізген мүліктерді біріндеп құлаштап суыра бастады. Жаз жайлауға жайылғандай кілемдер, алтын өрнекпен жиектелген көз жауын алар көйлектер, қызыл-жасыл мауыттар отырғандардың көз сұғын жаулап алған. Мұнан кейін тұрмыс шаруашылығына керекті жабдықтар - балта, балға, қасық, пышақ, ине, тағысын тағы мың-сан ұсақ-түйектердің өзі құдай-ау бұларда бәрі бар екен ғой десіп отырғандар таңдайын қағысты. Мұнан кейін, келесі сандықтан түлкі, қарсақ, тиын, жолбарыс терілері кезек-кезек шыққанда Сібір аңдары өріп келе жатқандай болған. Осы арада бағанадан қаққан қазықтай илікпей қақшиып қалған Әбілхайыр босағада қалған төлеңгіттер – Бәйбек пен Ағлұққа оң саусағымен ым қақты. Оны айттырмай түсініп, қағып алған төлеңгіт жігіттер келесі ауыр сандықты қолдап әкеліп Әбілхайырдың жанына қойды. Енді Әбілхайырдың қолымен ашылған бұл сандықтан әуелі жарқыраған қылыштар мен қынжал, кездіктер, сосын көздегенін мүлт жібермейтін орыс мылтықтары, жеті атарлар оқ-дәрісімен шыға бастады.

- Орыс көпестерінің саудасы Бұхар мен Қытай саудагер-леріндей қазақ қолында жоқ алтын ақшаға сатпайды. - Олар ат пен қойға, мал терілеріне де, одан жасалатын бұйымдарға да айырбастай береді, - деп Бопай Әбілхайыр сөзін үстемелей түсті. Олар мұның ірі-ұсағына да қарамайды. Енді Бопай жарқыратып зерленіп алтын жалатылған, күміспен буланған, зермен жиектелген бархыт матасынан тігілген бешпеттер мен шалбарлар, жас жігіттірге ғана емес, жігіт ағаларына да жарасар киімдер екенін айтқанда отырғандардың қайсыбіреулері тынысы бітіп, демдерін ішіне тартып, тағы біреулері көздерінде қызғаныш оттары лап ете қалғандай көздерін жұмды. - Ханның ғана қолы жетіп отырған дүниелер емес пе? – деп бірі төр жақтан күңк етті. - Малға, теріге айырбастаса, бұл осы отырған барша-мыздың да қолымыз жетер дүниелер емес пе, - деп босағадан тағы бірі оған жауап қайырды. - Шындығында да солай екен. Ал, мына Бұхар мен Қытай саудагерлері алтын ақша сұрап діңкемізді құртып болды емес пе, - дескен дауыстар шықты. Мұнан кейін жаймаға бүйірі күміс буымен шайылған ыдыс-аяқтар дастарханның сәнін ашып жібергендей. Бопай Ордасының кең дастарханы мен Бопайдың өзінің де кең пейілімен оларға деген мейірі отырғандардың бәрін де өзіне арбап алған. Олар ханымның сөзіне қаралай тойып отырған. Бағанадан көрген-білгені мен естігендері естерін алып кеткен мына көріністер тек орыспен ғана одақтас болғанда қол жетер дүниелер екенін білді. Бірен-саран сызданып, пиғылын ішіне тартқан сұлтандар мен старшина, ақсақалдар ғана болмаса, басым көпшілігі Бопай ханымның сөзіне ыңғай білдірген де орыстармен қосылуды мақұлдаған. Бүгінгі жиын сәнін бұзған Баймұрат қана болды. Ол отырғандарды мына көргендерінің бәрі алдау, көз арбау екенін, орысқа қосылмаймыз деп кесіп айтып, орыс елшісіне ала көзімен ата қарады. Орыс елшісін орыс барлаушысы деп сұқ саусағымен Тевкелевтің көзін шұқи сөйледі. Бұл – ертеңгі үлкен кеңес алдындағы дайындық еді. Оның қаншалықты діттеген мақсатына жеткен-жетпегенін айту қиын болатын. Бірақ, Баймұраттан өзге өңештеп сөйлеген жан болмаған. Әбілхайыр да, Бопай да осыны көңілдеріне медеу тұтты. Келесі күні үлкен кеңес шақырылған. Үш жүзден түгел келген қонақтар ханның үлкен ордасына сыймай кернеп кетті. Қақ төрде хан тағында Әбілхайыр жайғасса, орданың оң жағын ала Бопай бастап Кіші жүз ишаны қожа Моссадық, кең жауырынды, қара торы Бөкенбай батыр, одан төмен қарай Бопайдан тараған Әбілхайыр балалары Нұралы, Айшуақ, Қожахмет, Ералы. Есіктен елші аттағанда хан орнынан тұрып, ізетпен басын иді. Оған жауап ретінде елші де қазақша сөйлеп кетті. - Ұлы Ресейдің императоршасы, Анна Иоановна патшайым алдымен, қазақ ханы Мұхаммедқазы Бахадүр Әбілхайыр мырзаға, сіздің хандық отбасыңызға

және Бопай ханымға арнайы сәлем жолдайды, сіздің үлкен күйеу балаңыз Батыр сұлтанға, сіздің барша туысқандарыңызға, сондай-ақ балала-рың – Нұралы, Ералы, Айшуақ, Қожахмет, Әділге, сұлтандар мен старшиналарға, төрелерге, батырларға, ақсақалдарға және Кіші жүздің барша белгілі билеушілеріне, сондай-ақ бүкіл халқыңызға патша денсаулық, істеріңе сәттілік тілейді. Мұнан кейін елші Ресейдің қазақ ханын өз қамқорлығына алып, бодандыққа қабылдауға әзір екендігін білдіріп өтті. Сосын бодан болудың талаптарын санай бастады. Соңында ұлы император Анна Иоановнаға адал болуды тапсырды. Елші талаптары қабыл алынғанымен оның шешілу түйіні қиын болатын. Оны Әбілхайыр да, Бопай да түсінген. Баймұраттың әлгіндегі сөзі, қайсыбір старшиналар мен билер, батырлардың оны мақұлдап отырған кейіптері соған сілтеген. Жиын аяқталды, бірақ көңілдерде ауыр зіл қалдырды.

Кеш тараған кешегі жиыннан Тевкелев те шаршап шық-қан. Жиын қазақ даласындағы жағдайдың ол ойлағаннан да тереңде жатқанын көрсеткен. Жалпы жағдайға ойша көз жүгіртіп, безбендеп жатып ұйықтап кетіпті. Келесі таңда асықпай тұрған. Күн көзі хан ауылынан аулақ тігілген елші шатырларының төбесіне өрмелеп қапты. Таңғы таза ауамен тыныстап елші шатырына кірген бойы еді. Ара әудем жер хан ауылынан бері қарай шаңытып әйел адамның келе жатқанын хабарлады жәрдемшілерінің бірі. Түнгі күзетшілер көрінбей кеткенімен міндеттерін сақ атқаруға тиіс. Солардың бірі әлгіндегі жолаушының алдынан шығып кідіртті. Сосын елшіге мейман келіп тұрғанын жеткізді. - Жіберіңіз, - деді шатыр іргесінен жолаушыны сырттай бақылап жатқан елші. Шатырға тақау келіп атынан түскенде ғана оның Бопай ханым екенін таныды. Пүліш көйлек, құндыз терісімен жиектелген бархат бешбет киген. Киімдері оның бойын ұзартып жібергендей. Ақ жібек матаны басына шандып ораған оның сұлу келбетін көрсетіп, жасын болмысынан ұлғайтып жібергендей. Шоңқайма етігі де бойын кешегі көргенінен әлдеқайда биіктете түскен. Дөңгелек жүзі өзіне тән өзгеше бір сұлулықты паш етіп тұр. Аққұба жүзінде әжім дегеннің белгісі де жоқ оны Тевкелев қырыққа келе қоймаған деп білді. Ханның әйелі туралы Тевкелевтің Анна Иоановнаның арнайы тапсырмасы бар екені есіне түсті. Кешегі жиындарда ол көз қиығымен аңдап сырттай бақылап отырған. Бірақ, іс-қимыл, қарекетіне мән бере алмаған. Келбетті әйелдің билікке өз ықпалын жүргізетінін әр жерде естіп жүрген. Сөзге билік бермейтін оны ханның қарсыластары «жалмауыз қатын» деп те атап кеткенін естіген. Хан қатынының ақылынан шыға алмайды деген әңгіме де бар. Ол жөнінде Ресейде патшайымның өзінен бастап үкімет төңірегіндегі беделді

ұлықтары қазақтардың орысқа қосылуының бірден бір жақтасы деп біледі. Анна Иоановнаның да түпкі ойы – ханым туралы жете біліп, оны болашақта орыс қызметіне пайдалану болатын. Оны арнайы тапсырма алған Тевкелев те ұққан. Уфа-да ол жөнінде толығырақ сұрап білген. Ханымның Бутурлинге жазған хатын осында қайталап оқып танысқан. Қазір міне сол ханыммен жақын танысып, білудің сәті түсіп тұр. Бопай мұнда арнайы келсе де елші алдында сәл мүдіріп қалды. Тевкелев те бірден әңгімені неден бастарын білмей қалған. Арадағы үнсіздік ұзаққа барған жоқ. Бопай өзі бастап кетті. Ол алдымен орыс елінің салтымен орыс патшайымының атына жылы сөз айтып алды. Өз кезегінде елші де сол тақылеттес сөз айтып мейманын ішке бастады. Елші шатырының іші жұпыны болғанымен мұнтаздай таза еді. Қазақ дәстүрімен еденге киіз төселіп, елшінің кереуеті тұсына кілем ұсталған. Бопайдың алдымен шатыр ішіне көз жүгірткенін байқаған Тевкелев әйелдің аты әйел ғой, алдымен үйде дүние-мүлкіңе көз салады деп ойлады. Бопай екі көзі елшіде,оның әр қимыл-қарекетіне, сөзіне зер салып, сынай қарап отыр. Оны Тевкелев те байқады. Бірақ, ханымның өзін күтті. Кешегі мәжілістен кейін іле мұнда жеткені – нендей бір маңызды шаруамен келгені анық. Қазір елші соны күтті. - Елші мырза, - деді ендігі әңгімені Бопай өзі бастап, - біздің қазақта қоныстас қонып жатқан ауылмен жедел араласып, ерулікке шақырады. Қоңсы отырып араласпағанды ұят санайды. Сол салтпен арнайы танысқалы келдім. Арнайы ерулік кейін бола жатады, - деп Тевкелевке қарап күлді. Ханым қимыл-қарекетін жуып-шайып, күле қараса да ол көзімен елшіні ішіп-жеп өңмеңінен өткізе қадала қарайды. Оның отты көздеріне Тевкелев әзер шыдас беріп отырған. Жанына терең үңіліп бара жатқан ханым елшінің ыңғайына қарай сөзін жалғады. - Біздің Ордамызға жақсылық ниетпен келгеніңізді көріп отырмыз, Құтлымұхаммед мырза. Сіз ханға лайықты дос бола білсеңіз, Кіші орда Ресейдің айырылмас досы бола алады. Біз осыдан үміттіміз. - Құтлымұхамед мырза, - деді мұнан кейін Бопай елшіге тақау ысырыла түсіп, - өзіңізге оңаша бір айта келген жайым бар. Ол шатыр ішіндегі әлгінде ере кірген елші күзетшілері мен қызметшілерінің шыға тұруын сұрап сыбырлай сөйледі. Шатыр іші тез босап қалды. Шатыр есігі желп етіп жабыла кетті. - Құтлымұхаммед мырза, - деді ханым, - кешегі жиында сізге дұрыстап қарай алмадым. Сосын дұрыстап танысайын деп келдім. Бопайдың жүзіне жеңіл күлкі жүгірді де, ол ізінше ғайып болды. Енді ол сәл қатая түсті.

- Қазір мұнда ханның өзі келуге болмайды. Сырт көздер оның әр қимылын қалт жібермей аңдып отыр емес пе. Түйеге мінген бойын жасыра алмайды деген. Хан осы бүгін сізбен құпия да кездесе алмайтын жағдайда. Хан осында мені жіберді. Тевкелев Бопайға үңіле түсті. - Кеше сіз кеткеннен кейін орда ішінде үлкен айқай болды. Бірі орыстармен дос боламыз, сонда біздер жоңғарыңнан да, қалмағыңнан да қорықпайтын боламыз. Сол кезде олар бізге қоқаңдауын қойып, алдымызға түсіп бүгежектейтін болады десе, енді бір старшиналар көресініңді түбінде орыстан көресің деп, байбалам салды. – Дос төріңе қаруымен шыға ма? Орыс әскері мұздай қаруымен жеріңді таптап, төбеңді ойғалы келіп отырған жоқ па. Хан неге біздерді адам есебіне алмай, ақылдаспай орысқа жүгінеді. Елші жібергенін неге айтпаған? – дейді ғой баяғы. Ол бұлардың қазір айтып отырғаны ғой. Ал, ақыл салсаң оның аржағында кергиді емес пе. Әйтеуір өкпелері қара қазандай. Ал, Баймұрат пен Сырлыбайдың айтқаны тіптен басқаша. - Орысқа бодан болуға ант берген күні-ақ орыстың тонауына түсесің, - дейді олар. - Сізге айтайын дегенім, Мамед мырза, ханның орысқа деген ниеті түзу, ойы дұрыс болғанымен оның іске асуы оңайға соқпайын деп тұр. Біздің халқымыз түз тағысындай әр қырдың астында пытырап, шашырап өскен халық. Оларды енді бір алақанға жұмылдыру қиынның қиыны. Ол үшін күшті жұдырық керек. Сонда ғана оларды бір алақанға иліктіре аласың. Ал, қазір ондай жұдырық болмай тұр. Осы жөнінде сенен көмек күтеміз. Бопай әлденені ауырсынғандай көзін жұмды. Елші оның бұл сөздерді зорға айтып жеткізіп отырғанын байқады. - Ханның ойын түсіндім, - деді Тевкелев Бопайға аз-кем дем бере сөйлеп, - бұл өз халқының болашағын терең ойлаған адамның ғана қолынан келер іс. Ресей императоры Анна Иоановнаның мұны жақсы түсініп, жәрдем беретініне сенемін. Бопай елшінің мақұлдай сөйлеген сөзіне риза болған пішінде иегін шұлғыды. - Мамед мырза, - деді ол тағы да елшіге қарай еміне түсіп, - бір етікке екі аяқ сыймайды дейді ғой. Ал, біздерде орданы бір етік деп түсінсек, онда оған сыйып тұрған сансыз көп аяқтар-ды көресің. Қазір бір қазақ хандығының ішінде төрт хан бар емес пе. Осының өзі де біздердің қандай ел екендігімізден хабар береді. Және оның бер жағында әрбір сұлтан, старши-налардың өздері жанға бағынбайтын бөлек-бөлек жүрген дербес хандық. Көп басты аждаһа бір інге сыя ма. Өзіңіз ойлап көріңізші, біздер осындай күн кешіп отырған елміз. Әр бас әр жаққа тартқан орданың күні не болмақ. Ертең Ресеймен қалай достаса алмақпыз?

Бағанадан үнсіз тыңдап отырған елші ханымның не айт-пақ болғанын енді түсінді. Ханым айтпақ ойын төтесінен салып қоя бермей алысты орағытып отыр. Ресейге бодан болғаннан кейін Әбілхайыр қазақтың ұлы ханы болмақ ниетінде. Ханша орыс елшісінен осыған берік уәде сұрап отыр. Егер қазақ бір қолға біріксе, орысқа қуатты жәрдемші болар еді дегенді айтқысы келеді. Соны ыммен түсіндірмек болады. Ал, елші оның нені меңзеп отырғанын жақсы түсінсе де жауапқа асықпайды. Өйткені, ханшаның күткені оның қолындағы жайт емес. Бірақ, қолымнан келмейді деп тағы айта алмайды. Енді соны меңзеп түсіндірмек болады. - Ұлы орыс императрицасы мені қазақ даласына жібергенде орда тайпалары мен руларының өзара дау-жанжалдары мен таластарына, билеушілерінің ішкі істеріне араласпауды тапсырған. Әлі көп жағдайды біліп жатқанымыз жоқ. Ал, болашақта кімнің бас хан, кімнің басқа хан боларын жағдай көрсетеді. Әлгінде өзіңіз айттыңыз-ау қазақ хан, сұлтандары-ның өзара дау-жанжалдарын орыс патшайымы шешеді деп. Олай болса біздер ойлаған іске кім ұстамды еңбек сіңірсе, кім қол ұшын берсе... Ал, әзірге, мұның бәрі бір Әбілхайыр ханның қолында. Ресей патшайымы Анна Иоановна оны өз қамқорлығына алып, хандықты оның отбасына мұрагерлікке қалдыруға уәде етеді. - Бопайдың әлгіндегі түйілген денесі жазылып, үстінен жүк түскендей, бойын байлап-матап тастаған ауыр сезім жеңілдеп, тарқатыла бастағандай, жүзі жайдарылана түсті. - Ендеше, осы айтқаныңыз уәде болсын, - деп Бопай орнынан тұрды. - Хан тарапынан бәрі күткендегідей болады. Бірақ, қайсы бір хан, сұлтандарымыздың оған қарсылық көрсетері сөзсіз. Жүнін жұлған бүркіт қандай долылық көрсетер еді. Бұлар да тап содан кем болмас. Олар орыс пен Орда арасына от тастауға барынша құлшынар. Айбат көрсетер. Орыстар қазақтарды қырып жатыр деген өсек таратуға да бар олар. Тек соның бәріне сақ болайық. Бүкіл Орданы сізге қарсы қоюы да мүмкін. Біздер өзара қырқыса береміз. Оған үйренген халықпыз. Бірақ, оған сіздің араласуыңызға болмайды. Үлкен кеңес өткенше күтейік. Оны ертең кешке деп отырмыз. Бопай есікке беттей берген еді, елші оның жолын кес-кестеді. - Бопай ханым, қазақтар қуыс үйден құр шығармайды. Асықпасаңыз қонақ боп кеткеніңіз жөн еді. - Жә, әлі алда бәрі де болады. Қонақ та боламыз. Ерулік те болады. Тек ісіміз сәтті аяқталсын деңіз. - Сәтті болатынына сенеміз Әбілхайыр мен Бопай тұрған жерде, - деп елші арыда сандық ішінен бархыт матаға ораулы түйіншекті алып ұсынды. - Бұл – патшайымның өзі жолдаған орыс шарабы. Дәм деп білерсіз. Бопай сыйлықты орауын ашқанда таралғының сырты жалтырап көрінді. Ол риза болған пішінде елшіге күлімдей қарады.

- Мұндай сыйлықтан кейін енді елшінің үйінен шықпайтын боламыз ғой. - Жиі келіп тұрғаныңыз тіптен жақсы, - деп Тевкелев ханшайымның шын мөлдір көңілін танып күлімдеді. - Қазір осы тұрғанда, елдің көзі менде екендігін білесіз бе. Олардың мұны неге жорып тұрғанын бір құдайым біледі, - деп Бопай атына қарай беттеді. *** *** ***

Үлкен кеңес үлкен Ордада күн көзі екіндіге ауа басталды. Төңіректен толассыз ағылған халық Ордаға сыймай кеткен. Тыста қалғандар көлеңкеге таласып, бастырмалар жасап алған. Тағы да кешегі көрініс. Бүгінгі жиын да айқаймен басталды. - Дінін сатқан елші, сен даламызға не көздеп келдің, - деп бастаған Баймұратты бүгін де қолдаушылар кешегіден көп болмаса аз емес. Баймұраттың бұл сөзіне елші батырдың мейманын сыйлаған қазақтың ата дәстүрін бұзғанын ретпен ескертті. Айқай-шуға ұласып бара жатқандарды Қожа Моссадық тыныштық сақтауға шақырды. Сосын Баймұраттың тым көзсіз кетіп отырғанын айтты. Арасында Әбілхайыр елшіден кешірім сұрап, қайсыбір батырлар мен старшиналардың ашу үстінде айтып қалған ащы сөздерін жуып-шайып жатты. Әлгіндегі қаулай жөнелген өрт енді саябыр тартты-ау деген шақта Сырлыбай қалың қауға қайта өрт қойғандай жасады. - Халқыңның еркінен тыс мына орыс елшілерін кім ша-қырып келді. Қане, жауап бер, Әбілхайыр, - деп ол табандап тұрып алды. Отырғандардың ешқайсысы оған жауап қатпады. Мұнысы оларды Сырлыбайдың ығында кеткендей әсер қалдырды. Сырлыбай аяқ астында төселген киізге түкіріп те жіберді. Мұндайдың талайын көріп, естіп келе жатқан Бопайдың тап осы тұста шыдамы үзілген еді. Ол орнынан атып тұрды. Қолын бір сілтеп қалды да сөйлеп кетті. - Ау, ағайын, - деді ол әлгіндегі тосын келген ашуын баса сөйлеп, - мен затым әйел емес пе,. сіздерге ақыл үйрете алмаймын. Жел соқса қамыс шулайды, халық басына қайғы түссе тасқа жан бітеді. Дана ел ақсақалдары, жауын жайпаған батырлар, елі сүйген старшиналар, Әбілхайыр қуатты ел орыспен дос болайық десе ол - бөтен сөз бе еді. Сендер үшін сол орысқа ұлын аманатқа берген де сол Әбілхайыр емес пе еді. Құрып кеткелі тұрған қазақты құтқару жолы – Ресеймен достықта деп білсе, орыспен жауласу Орда шаңырағының ортасына түсуі емес пе. Ашудан тұншыққан ол аузына сөз түспей кептеліп барып қайта жалғады. Оның ақ жүзі оттай жанып қызарып, көздерінен от ұшқындады. - Ағайын-ау, - деп ол тағы да демін алып даусын көтере сөйледі. - Қуатты қоңсыдан теріс қарағанда қайдан пана табамыз. Өзі келіп қол созған ұлы

көршіміздің меселін қай-тарып не істегеніміз. Алды-артымызды бір ойлап қарайық та. Азғана қазақ қырық руға бөлініп көрдік емес пе. Одан не таптық. Енді бүгін сол пытыраған халықтың басын қосу мүмкін болмай, жауларымыздың аузына өздеріміз барып түскелі отырғанда қол созған көршіміздің көмегінсіз, қалай елді аман алып шығу ойларыңда бар, айтсаңдаршы. Көршіден көмек сұраса, Әбілхайыр қара басы үшін сұрап отыр ма екен. Әлде орыс оған артық бөліп береді деп ойлайсыңдар ма. Ашу мен ыза қатар келіп тамағына кептеліп бір сәт үнсіз қалған. - Әйел де болса жөн сөз айтып тұр ғой - деді бірі көп ішінен. Бірақ Бопай өзіне арналған бұл жолғы сөзден қуат алған жоқ. Бір сәт үнсіздікпен, әлгінде толқып кеп қалған ашуын басып, ойын жүйеге түсірді де, енді жүзін әлгі жаққа бұрды. - Құтлымұхаммед мырза, артық айтылса кешірім сұрай-мыз. Біз аталар салтымен өскен халықпыз. Батырларымыз да, басқаларымыз да ата дәстүрден аттап кетпейді. Ол ауыр тыныс алып, маңдай терін кимешек жаулығының ұшымен сипады. - Елші мырза мұнда өзі келген жоқ. Жасыратын несі бар, арнайы шақырып әкелдік. Орыс патшайымынан Кіші жүз ордасын қоластына ал деп өтіндік. Елімізді тонамасын десек, халқымызды аштық жайлап, қайыршы күйге түспесін десек ендігі жерде бір жұдырықтай түйілмесек болмайды. Бізді бақыт та, қайыршылық та осы далада күтіп тұр емес пе. Ендеше, жақсыны да, жаманды да осы далада бірге көрейік. Әлде мен адасып тұрмын ба, олай болса айтыңдар. - Дұрыс. - Дұрыс, Бопай апа, - деген дауыстар әр тұстан естілді. Орда іші тағы да гуілдесіп кетті. - Орыс патшайымы біздерге көмекке әскер береді. Сол кезде жоңғарлардың есін тандырамыз. - Олардың бірін қалдырмай қойдай бауыздаймыз. - Малдары мен әйелдерін олжалаймыз, - деген жанкүйді дауыстар естілді. Осы сәт Әбілхайыр орнынан көтерілді. Жұрт тына қалды. Көптің әлгі сөздерінен қуат алған ол батыл бұйыра сөйледі. - Бәріңе айтқаным, мына Баймұрат сияқты арандатушы-ларды тыңдамаңдар. Халқымыз соғыс пен қырқыстан шар-шады. Ендігі жерде осы отырған баршамызға да бейбіт күн керек. Ол үшін алдымен жер түбінен арнайы елші жіберіп, қол ұшын ұсынып отырған орыс халқын дос деп білеміз. Әлгіннен тығылып, үні шықпай отырған Баймұрат қайта атып тұрды. - Хан, жалған сөйлеп тұрсың. Сенің алдауыңа түспейміз. Бізді жоңғар шапса, ол - сенің келісімге келмегендігіңнен. Қонтайшы Қалдан Церен талай рет келісімге шақырды емес пе. Оған көнбегесін бізді шаппай кімді шаппақ. - Әй, Баймұрат, бізге жоңғардың әнін айтпа.

- Керек болса барып қолтығына кір. - Жоңғар сенің көмекейіңді алтыннан толтырған ғой, - деген дауыстар тұстұстан естіліп, көп ішін шуыл басып кетті. Баймұраттың үні өшіп қалды. - Әй, Баймұрат, сен не айтып тұрсың. Батырлар-ау, сендер не тыңдап отырсыңдар. Ол біздерді жоңғармен достасуға шақырып отыр ғой. Жоңғар – көп халық. Бірақ, өздерінің жері жоқ, басын сұғатын жер таппай, қазақ жеріне шауып жүр емес пе. Баймұрат сол жоңғарға жерін беріп дос болмақ. Жайықтан Алатауға, мына беті Тянь-Шаньға дейін созылып жатқан жерімізді жоңғарға беріп, енді азғана малымызға, жайылымға жер қалмай отыр емес пе. Көшіпқонатын да жерің жоқ. Бәрін жоңғар иеленіп алған. Ата-бабамыздың басы қалған жерден қуып шықты емес пе біздерді. Енді барар жер, басар тауымыз қалмай отыр. Осы бүгін тағы да қаралы хабар жетті. Қалдан Церен мыңдаған қолымен қазақ жеріне басып кірген. Осыдан екі күн бұрын Қаратөбедегі қазақтар жоңғарларға қарсы тұрып, соңғы қасық қаны қалғанша соғысқан. Олардың көмусіз қалған денесін құс шұқып, ит тартып жатыр. Бар, сен де сол жауға барып қосыл. Бүгінгі жиын ұзаққа созылды. Жиын соңында құран ұстап орыс патшайымына адалдыққа ант беріп, батырлар мен старшиналар өз руларының таңбасын қойып жатты. Сүйіндік батыр, Бөкенбай батыр, Есет батыр, Айбас батыр, Мырзатай батыр бірінен соң бірі қолдарына құраны, орыс патшайымына адал болатындығын айтып, ант беріп жатты. Ең соңынан ханның отбасы ант беруге кірісті. Соңғы антты Бопай ханым қабылдады. Ол антқа бармақ таңбасын қалдырып, тағы да алақандай мөрін басты. Жиын соңы тойға ұласты. - Уа, хан ием, бүгінгі жеңістерің ұзағынан сүйіндірсін. Қуатты дос таптық. Енді қорғанысымыз мықты. Ешкімнен қорықпаймыз. Хан ордасында үлкен той болып өтті. Бопай ханым тойға келгендердің әрқайсысына бір-бір қойдан, қайсыбіреулеріне ірі қарадан жетектетіп жіберіп жатты. Тойдың жомарт дастарханы басында қақ төрде басына қызыл шалма киген ханның өзі отырды. Оның сол жағынан Тевкелев, Есет, Бөкенбай, Сүйіндік, Айбас, Мырзатай батырлар орын алды. Оң жағында Бопай, одан төмен қожа Моссадық, одан төмен қарай Нұралы бастаған хан балалары отырды. Бопайдың бүгінгі қуанышында шек жоқ еді. Ол екі жағында отырған елші Тевкелевпен бе, Бөкенбай батырмен де жарқын әңгімелесіп үлгеріп отыр.

*** *** *** Кеңес аяқталып, ойындағысы іске асты. Қиындықтың бәрі артта қалды. Елшілер еліне дайындалып, енді көсілем дегенде тағы бір қасірет алдан шыға келді. Хан ордасында өткен үлкен кеңестен соң бесінші күні хан ордасына

Әбілхайырдың қайнағасы, Сүйіндіктің інісі Наурызбай келді атын борбайлатып. Қарт кісі бірден аттан түсе алмай, оған жігіттер көмектесіп, көтеріп жерге әкеліп отырғызды. Ірі денелі кісі аяғын жаза алмай біраз уақыт қисайып жатты. Әшейінде ат үстінде зорға отырып, аяңнан артық жүрмейтін қарттың бұл жолы атын қамшылап асығыс келгеніне қарағанда маңызды бір хабар ала келгені анық. Соны сезген ауыл адамдары лезде оны қоршай қалған. Бәрі де әлдене бір төте жаманат хабардан үркесоқтап жағдай сұрасып жатқан. - Өткен түнде қалмақтар шапты, - деп бастады ол хаба-рын. Бастап келген қалмақ старшинасы Тойшы. Ауыл адамдарын соққыға жығып, жас әйелдер мен бала-шағаны бірін қалдырмай айдап әкетті. Ол әңгімесін басын шайқап, теңселіп отырып айтты. Хан, сенің қарындасың Зылиханы тыржалаңаш шешіндіріп елдің көз алдында білгенін жасады. Екі баласын анасының көзал-дында өлтіріп, өзін ат құйрығына байлап сүйретіп өлтірді. Әбілхайыр, естіп отырсың ба менің сөзімді. Сен болмасаң кім кек алады. Ашуға мінген хан сол бойда-ақ қалмақ шапқыншылары соңынан әзір тұрған сарбаздарын жауып жіберді де, ауылға жедел көшуді бұйырды. Уық, керегелер буылып, шаңырақ дөңгеленіп жерге түскен. - Ертең азанда көшеміз, - деген енді елші шатырларын жинақтап жатқандарға. Жанына Сүйіндік пен Нұралыны ерткен хан сол күні кешке елші жұртына келді. Анадай жерде бірөңкей сұр ат мінген жиырма шақты нөкерлері мылтық-тарын асынып тұрған. Келгенде елші әскері көп сияқты еді. Енді болса міне, мына жиырма адаммен кімнен қорғана алмақсың, - деген хан елшіге. Өткен жолы Әбілхайырға сеніп, әскерінің жартысынан көбін кері Уфаға жіберіп қойған. Және ол жөнінде Әбіл-хайырмен ақылдаспаған да. Қате жасап алғанын елші қазір түсініп тұр. Әбілхайыр елшінің мына қалған азғана жасағымен Уфаға қайта алмайтынын түсінді. Осы күйінде оны мына түз тағылары опоңай тапап кетер еді. - Бұл күйде қайтуыңа қарсымын. Ордамен бірге көш, - деген Әбілхайыр оған. Жағдайды ұққан елші оған қарсы болмады. - Қумасаң қасыңнан кетпеймін, - деп күлді Тевкелев Әбілхайырға қарап, - үлкен істі бірге бастаған екенбіз, бірге аяқтайық. Осы арада Әбілхайыр мен елшіге Тақтайбай қарт төте бір хабар жеткізді. Оның балалары Амантай мен Бектемір Бай-мұрат батырға қызмет ететін. Өткен үлкен кеңестен кейін Бай-мұрат ауылына барып, жақтастарын жинап, Кіші кеңес өткізген. Онда Әбілхайырға да, елші Тевкелевке де шабуыл жасамақ боп келіскен. Оған Барақ та қосылған. Тақтайбай қарт қазір соны кешіге жеткізіп тұр. Мұнан кейін хан да, елші де сақтанудың қамын жасады. Келесі таңда Бопай ханымның жұртында бәрінің басы қосыла қалған. Бірақ төрде хан емес, Сүйіндік отырған. Ол басына шошақ төбелі дулығасын киіп алыпты. Қазір

қарсыластары шабуыл жасайтынын айтып, одан қалай қорғану жолын әңгімелеп отыр. Сүйіндіктің бұйрығы-мен хан ордасындағы үйлер бірін-біріне тақап тығыз орналастырылған. Бұл күнгі таң күтумен өтті. Әр қырдың астынан шаң көрінсе не қара көрінсе әне кеп қалды деп қаруға жабысып отырған. Қарсыластардың алғашқы жасағы түске қарай көрінді. Олар барлаушылары болып шықты. Түсқайта Баймұрат жігіттері Таймас Таймовты басып алғанын хабарлады. Ол Тевкелевтің жасағы болатын. - Атты әкел бері, - деп айқайлады ашуға булыққан Тевкелев, - Ол Баймұрат сотқарға мен өзім барып көрсетейін шапқанның қалай екенін. Оны жанындағылар әзер ұстап қалды. Сол күні кешкілік Батыр сұлтан Баймұраттан хабар жеткіз-ді. Онда Баймұрат, Барақ сұлтан старшина Сырлыбай Әбіл-хайырға Тевкелев бастаған елшілікті ұстап берсін деп талап қойыпты. Күткен шабуыл хан жұртында келесі таңда басталды. Баймұраттың жасағы қалмақ Лобжының қолына қосылып, қазір біріккен шабуылға шықты. Айқайұйқай, шақ-шұқ сойылдар, сарт-сұрт шоқпар, кімді кім түсіріп жатқанын айыру қиын. - Ойбай, Нұралы құлады, - деген ащы дауыс шықты. Дауыс шыққан жаққа Әбілхайыр да, Бопай да ұмтылды. Алдымен жеткен Бопай баласының үстіне құлай кетті. Анасы-ның үні құлағына жеткен Нұралы ұмтылғысы келген. Бірақ, әлдене зіл тұла бойын басып қалғандай қозғала алмады. - Тірі, тірі, - деп атынан аунап түскен Әбілхайыр айқайлап жіберді. Бопай жүзін қан жуып кеткен ұлын аңырап келіп құшағына алды.

Өткен шайқаста Нұралыға шоқпар тиіп жарақат алған. Басына сілтеген шоқпар құдай сақтап қолы тайып сол жақ құлағын жанай өтіп иығына тиіп, сол жақ құлақ шеке терісін жеңіл сыпырып кеткен. Сүйектері сау. Нұралы алған жарақатынан көп жатпай тұрып кетті. Құдай өзі көмектесіп аз да болса Бопайдың уайымы жеңілдеген. Әйтсе де ханның жауларынан қаупі мықты. Ханның жауы – Бопайдың да жауы. Қуған құдай қашқанмен қоя ма. Бопай одан қашып құтылмақ емес. Жауға жауша жауап бергенде ғана оның қаупінен құтыла алмақ. Жауларының Әбілхайырды мұқатар жері – орыс елшісіне тиісу. Қолдарынан келсе оны қолға түсіріп, тұтқындап, не жазым ету. Адамдарын тұтқындап айдап алу. Сонда орыс патшасы оның өшін Әбілхайырдан алады. Ол үш жүздің үлкен ханы болам деп жүріп, Кіші хандықтан да айырылады. Сол кезде үлкен хандық Әбілмәмбет пен Барақ сұлтанға тимегенде кімге тимек. Қазақта үлкен хандықтан үміткер сол екеуі. Бірақ Әбілхайыр түлкібұлаңға

салып жол бермей жүр емес пе. Жаулары Әбілхайырдан құтылу жолы осы деп біледі. Мына шырғалаңның бәрі сол Әбілхайырға жол бермеудің әрекеттері. Орысты біздермен ақылдаспай шақыр-дың деген сылтауларының да түбінде осындай пиғыл жатқан-ды. Енді пиғылдары іске аспай қалғалы тұр. Бұл – оларға өтіне тұз құйғандай әсер етіп, жанталасып жатқаны. Әбілхайыр да, Бопай да жауларының бұл әрекетін жақсы түсінді. Қайткен күнде де елшіні аман сақтау керек. Бірақ оларды тезірек қайтарудың сәті түспей кешігуде. Орыс патшайымынан Кіші жүз қазақтары - старшиналары мен батырларынан бодан болуға келісім-анттарын алып, қол қойдырып қайтуға тапсырма алған. Бірақ ол тапсырма жүзеге аспай жатыр. Орысқа қосылуға қарауындағы халықтарын қарсы қойып, енді ашық жауласуға шыққан. Кімнің жөн, кімдікі жөнсіз екенін түсінбеген қара халық әркімнің алдауына түсіп қия-бұрыс тартып адасып жүр. Хан халқын орысқа сатып кеткелі жүр деген қауесет тарап, ханның әр қадамы, қимыл-қарекеті аңдулы. Хан аулынан оқшау қондырылған елші шатырлары-мен екі аралыққа жаяу жол да түспеген. Өйткені, орыс елшісі ауылына келгенкеткеннің бәрі есепте. Арасында аса қажет кезінде хан мен елші хабарласа да алмай жатыр. Анда-санда хан ел ұйқыға кетерде балаларының бірін жіберіп, елшіні шақыртып алады. Онда да елші киімдерін ауыстырып қазақ тымақ, малақай, жүн шекпенмен жаяулап көзден таса келіп кетеді. Не елеусіздеу жүріп арасында Нұралысын ертіп Бопай хабарласады. Өткен жолы Бопай сондай бір келіп кеткен кезінде Тевкелев ханшаны шайға шақырған. Бірақ неше келсе де асығыс жүретін Бопай елшіге: - Құрметіңді кейінге сақтай тұр. Қыстың соңына таман орыс елі үлкен той жасайды деп естіп едім. Бірақ, ол тойды қалай деп айтатынын білмеймін. Сонда майға шелпек пісіріп, бәйге-таралғы жасайды деген. Сол тойларыңа шақырсаңыз келем. Онда шақырылар қонақтарды да өзім таңдап айтам, - деген әзілдеп. Ханымның бұл әзілінің түбінде ақиқат та жатыр еді. Шындығында да хан ауылына көрші қонғанына бірталай уақыт болса да хан төңірегіне әлі сый қызмет көрсете алмаған. Қазір Бопай ханымның соны меңзеп тұрғанын түсінді. Орыстарда сондай бір той дәстүрі бар екені рас. Және сол мезгіл - тақау болатын. Елші Бопай ханым әзілін ескерді. Бұл күнге шатырларын қайта кеңейтіп тігіп, меймандар қабыл-дауға ыңғайлады. Бұл мереке күніне мықтап әзірлік жасады. Жаңа қонысқа келгелі аузы ашылмаған, теңі шешілмеген сандықтарды ашып, шетел істері коллегиясының елшілік үшін арнайы дайындаған ыдыс-аяқтарын шығарды. Уфа губерна-торлығында Бутурлин де мұндайға мұқият адам. Бал, жаңғақ, аса құрметті меймандардың дастарханына лайық деген өзге де тағам, дәм түрлерін қалдырмай салдырған. Қазір Тевкелев соның бәрін шығарып, дастархан үстін жайнатып қойған. Қонақтар түске қарай жиналды. Алдымен туысқандарын бас-тап Бөкенбай батыр келген. Сосын

ханның ақылдас старши-налары, соңғы жағынан Әбілхайыр мен Бопай келді. Мейман-дар хан ордасындағы тәртіппен орналасты. Ас алдында фран-цуз шараптары құйылды. Елші той дастарханын өзі ашты. - Орыс халқының шарап ішерде бірі-біріне жақсылық, бақыт, сәттілік тілеп ішетін салты бар, - деді ол, - біздердің осы жер басып, осындай күйге жетіп, тойлап жатқанымыздың өзі сол бүкілресей императрицасы, ақ жол ашып берген орыс патшайымы Анна Иоановнаның денсаулығы үшін ішелік. Бүкілресей жарылқаушысы өз бодандығына кіріп қол қойған осы отырған әрбіреуімізді қамқорлығына алатынына күмән келтіруге болмайды. Отырғандар оның сөзін бас шұлғып қошаметтеп қолда-рындағы шарап құйылған ыдыстарын ауыздарына апара бастады. Әбілхайыр шарапты мұздаған етпен алып отырды. Әбілхайырдың мұндай шарапты бұрын да бір-жар рет ішіп көргені бар. Ұмытпаса, осыдан екі-үш жыл бұрын Аңырақай жеңісінен кейін Ташкент, Бұхараға барған. Ол жердің мұсыл-ман емес халықтары мұны жүзім шырынынан дайындайды екен. Олар мұны қуанышта, реніште, шаршағанда ішетін көрінеді. Соған қарағанда адамға көңіл көтертіп, қуат беретін қасиеті барау деп ойлаған. - Түу, сол ащы суда тұрған не қасиет бар дейсің, - деп Бопай таңданыс білдірді. - Олай деме, Бопай, - деп ханның іргесінде отырған Бөкенбай батыр алдындағы ащы суын алып жіберді де, ыдысын дастарханға қайта тіктеп қойды. Сосын асықпай баппен сөйледі. - Бұл ащы су – адамның жүрегіне қуаныш ұялатып, көңіліңді желпінтеді. Мұны ішкен адам мұрсатта өзгеріп шыға келеді. Қорқақ - батыр болып кетеді, кедей – бай болып шыға келеді. Көріксіз адам ішсе ол - өзін әлемдегі ең көрікті жанға балайды. Мұны естіген Бопайдың көзі шарасынан шығып кете жаздады. - Сол қасиеттің бәрін бұл шіркін қайдан алған. Ал, солай-ақ болсын делік, кейін оның күші қайтатын болар. Сол кезде қалай боп шығады? Бопайдың бұл сауалына жанында отырған қожа Моссадық жауап берді. - Ол кезде бәрі орнына түседі. Қорқақ - қорқақ болып қала береді. Кедей - сол бұрынғы қайыршы күніне қайтып келеді. - Па, шіркін, - деп Бопай айқайлап жіберді. – Ендеше, бұл – түс көргендей дүние болды ғой. Ондай іске аспайтын арманды аңсамай-ақ, неге қымызымды ішіп отыра бермей-мін. Сол екі арада Тевкелев қайта сөйледі. - Ендігі шарап дәмін Әбілхайыр хан үшін, Бопай ханым үшін және сіздердің жақын туыстарыңыз бен балаларыңыз үшін, олардың денсаулықтары үшін ішеміз.

Шарап құйылған ыдыстар босай бергенде есіктен тағы бір топ меймандар көрінді. Олар – Сырлыбай, Едіге, Қара батырлар, Ержігіт батыр. Бұл келгендер - Әбілхайыр ханның қарсыластары, орыс елшілігіне қарсы қол көтеріп жүргендер. Өткен үлкен жиында көрген, кейін елшіліктің бір-жар адамын тұтқындап кеткен, жақында елшілікті басып алмақ болып, Әбілхайыр Ордасына шабуыл жасаған оларды Тевкелев таныған. Қазір олардың мұнда қандай мақсатпен неден келіп тұрғанын түсінбеген елші алдымен Әбілхайырға, сосын Бопайға қарады. Төменде есік жақта отырған бір-жар жас жігіттер жағы соңғы қонақтарға тұрып орын бере бастады. Бірақ Әбілхайыр да, Бопай да орындарынан қозғалған жоқ. Бопай елемеген сыңаймен жанындағылармен әңгімесін жалғастыра берді. Оның оң жақ езуі сәл жиырылғандай діріл қақты. Жүзіне жұмбақ күлкі жүгірді. Ол Әбілхайырды бүйірінен бір түртіп қалды да мырс етті. Алғашқыда шақырылмаған қонақтардың мына келісін Тевкелев кейін барып ұқты. Мұның Бопай ханымның қулығы екенін енді түсінді. Соңғы қонақтар ішке өткенде елші оларға да мән берген болып, ұстамды түрде құттықтап сөйледі. Тым елпеңдеп те кетпеді, тым шалқайып сазарып та қалмады. Әбілхайыр соң келгендер жаққа көз де салмады. Ал, Бопай керісінше олардың сәлеміне мән берген болып, ұзақ сауқаттасты. - Арнайы шақыру жіберген екенсің, соған ризашылығы-мызды білдіргелі келдік, - деді жайғасып жатқан соңғы қонақтардың бірі. - Елші мырза, - деді бір кездері оның сөзін тосып отырған Сырлыбай, - тойларыңа дос деп шақырғаныңызға ризамыз. Қуатты Ресейге біздер де жау емеспіз. Қуатты көрші - сенімді орыс еліне жау емес, дос екенімізді білдірейік деп келдік. Таймас Шаймовты тұтқындасақ ол – орысқа жаулық әрекеті-міз емес, елімізге тыныштық бермей отырған башқұрт жұрты-на наразылығымыз. Соны түсінсеңіз болды. Орыс елшісіне ниетіміздің түзулігін білдіріп, башқұрт болғанымен орыс елшісінің қызметінде жүр ғой деп, өздеріңе қайтардық. Бұл – бүгінгі орыс патшайымының мерекесіне сыйлығымыз болсын. Екі күн тұтқында болған Таймастың өңі кетіп қалған. Қорлық көргені айқын. Тевкелев Бопай ханымның ақылына қайран қалды. Сырлы-бай мен Баймұрат өткенде оны «мыстан қатын» дегені есінде. Ол жолы дұшпандарының әшейін кемсіткені деп білген. Ал, қазір ханымның жауларын да өз мақсатына бағындырып, ақылға иіп алдына әкеліп отырғанына таң қалмасқа болмайтын. Қазір оның ақылы орыс елшісінің де пайдасына шығып тұр. Не деген тұнып тұрған ақыл. Тевкелев шақырылмаған қонақтарының сыйлығына ризашылығын білдіріп, оларды алдындағы асты алуға шақырды. Ет аралас ыстық тағамдар да келді. Отырыс көңілді болды. Көп ішінде сараң сөйлеп отырған Әбілхайыр мен Бопай ғана. Өзгелерінің шараппен шалқып кеткені байқалды. Алтынмен

апталған мол кимешегі ішінен Бопай әрқайсысына бір көз тастап қояды. Екеуекеу, үшеу-үшеу өзара әңгіме қыза түсті. - Қазақтың әлсіздігі осы алауыздығында. Ауыз бір бол-ғанда біздің бетімізге кім келуші еді. Енді мынау отырысы-мыз жоңғардан үркіп, орыстан қорқып. - Орыс, башқұрт – бәріміздің жауымыз біреу, ол – жоңғар. Енді жоңғарға қарсы бірге соғысамыз. - Жетер енді, - деп орынсыз дабырласып бара жатқан көп-тің шуылын Бопайдың ызғарлы үні басып тастады, – ойлан-бағандар ойлансын. Әлі де кеш емес. Қане, орыс елшісінің әлгіндегі қағазы қайда, әкел бері ойланғандар өз таңбасын қойсын. - Енді көзіміз жетті. Ойланатын ештеме жоқ екен. Қа-зақтың жауы біреу, ол – жоңғар. Ендеше, кімде-кім жоңғарға қарсы соғысам десе мен соның жағындамын. Әкел бері қағазыңды елші мырза, мен өз таңбамды басайын. Арыдан бірі елші қолындағы ұзақ тізім жазылған қызыл кітапты жұлып алып келді де Едігенің алдына тастай салды. Сол-ақ екен, әкел мен де қол қоям, орыспен одақтас болуға қарсы емеспін деушілер көбейіп кетті. - Ау, алдымен ол қағаз бетінде не деп жазылған, біліп алайық та. Сосын да таңба салып, бармақ басып үлгереміз ғой. Бұл - өткеннен бері қарсы болып жүрген Қара батырдың даусы. - Солай екен ғой, қане, кім оқып береді? Арыдан елшінің өзі келді де қағаз бетінде жазылғанды оқи бастады. - Әп, бәрекелді, бас кететіндей ештеме жоқ екен ғой. Бізге қол ұшын созып, жоңғармен соғысуға көмек беретін болса кім болғанда не. Орысың бол, орманың бол – бәрі бір емес пе. Соның несін үлкен дауға айналдырып жүр, түгелер. Ал, мен қол қойдым. Келесі кім? - Мен де... - Мен де қол қоямын. Осылайша елшінің қызыл кітабындағы ұзын сонар тізім одан әрі ұзара түсті. Тевкелев Ресейге бодан болуға келісім берген жаңа адамдардың атыжөнін өз қолымен қызыл кітапқа енгізіп жатты.

*** *** *** Ұзаққа созылған қыс ішін тартып, қырға жан кіре бас-таған шақ. Құмақ төбелер етегіне қызылды-жасылды гүлдер көрініп, көбелек қонып, ін-іннің арасына тышқандар жүгіріп жалтыраған күн көзіне қарап шиқылдып, әлденеден қауіп етсе қайта зып беріп кіріп кетеді. Кешегі қара торғайлар көрінбей, енді сары шымшықтар олардың орын басып, соңғы бірнеше күнге созылған ақ жаңбырдан кейін жылға-жылғадан су жүгіріп, қалың қау боп өскен бұта-

бұтаның арасы шықылықтаған шымшықтың ұясына айналып, төңірек құстар әніне толып кетті. Қыстаудан жайлауға көшкен ауылдар боз төбелердің арасына сіңіп көрінбей кетіп жатыр. Әбілхайыр бұл жазда Аралдан ұзап кетпеуді ұйғарды. Ол хан ауылын Жыланды жылғасына қондыруды бұйырды. Көш қазақ салтымен келеді. Хан көшін ақбоз ат мінген ауылдың ең сұлу қызы бастайды да, оның ізінен жігіттер еріп отырады. Содан кейін хан мен ханым, сосын соңынан көш ереді. Жайлау көшінің қос бүйірі мен алды-артын бақайшағына дейін қаруланған төлеңгіттер жасағы қоршап келеді. Бұл кезде дала барымтасыз да болмайды. Не жыра астынан аңдыған жаудың да шыға келу қаупі жоқ емес. Барлаушылар күнілгері жолды барлап, қауіпсіз деген жерлермен алып келеді. Әбілхайыр Тевкелевті өз жанына ерткен. Мұнысы сақтық болатын. Хан өткір көздерімен алысты шалып, үнсіз, көңілсіз келеді. Барлаушыларына сенсе де қиядағы қауіпті қалт жібермей шалып қалар күйде сақ отыр. Соңғы кезде барымташылар тағы да бас көтере бастаған. Алып кетті, шауып кетті деген үрейлі хабар күнде дүңк-дүңк етеді. Жауың қайсы, досың қайсы – айыру қиын. Барымташы малыңды ғана айдап кетсе, жауың малыңды алдына салып, ауылды өртеп, адамдарын қырып кетеді. Жыланды – ойпаңды, қумақты жер. Жықпыл-жықпыл ішінде көктем жаңбырынан жиналған су жылға-жылға ағып жатыр. Тізеден келген қыр басының боз жусаны мен ақ селеу, өлең шөптері көктем лебіне теңіздей толқиды. Ауыл қонған жерде шатырлар тігіліп жатқанда Тевкелев аулақтау шығып, жұмыр тас үстіне отыра кеткен. Оңашада өткен оқиғаларды салмақтап, таразылайды. Қай жерден қате кетті деп ойлайды. Қазақ даласына келгелі екі жылдай болып қалды. Өз ойынша патшайым тапсырмасын біртоға орындап жатқан. Бірақ бұл жұмыс алдымен патшайымды, одан кейін шет ел істері коллегиясын қанағаттандырып жатыр ма. Екі жылдан бері әлі жатырсың ба ісіңді аяқтай алмай дейтіндей. Ант алу ісінің ұзаққа созылғаны рас. Қарсылықтың көбейгені – жұмыстың жүргені емес пе. Елшілік жұмысы алға басқан сайын оған қарсылықтың да көбейе түсері анық. Енді елшінің кері қайтар кезі де келген сияқты. Бірақ шет ел істері коллегиясынан тәртіп келмей қайта алмайды. Олардан қайтуға бұйрық келсе губернатор Бутурлин хабарлауға тиіс. Қазақ даласының таусылмайтын дауы, бітіспес оқиғасы өзін де қажытып жібергендей. Қайсыбірде Бутурлинге жазған хабарламасында ол қайтуға рұқсат сұрамақшы болып, тағы да тартынған. Қандай абырой болған. Енді болса, міне, Бутурлиннің өзінен хабар келіп тұр. «Егер жұмыстарың біршама тиянақталған болса, қайтуға рұқсат етілді» деп жазылыпты. Тевкелев қуаныштан өзіне өзі сыймай кетті.

Жаңа қоныс – жайлаудың алғашқы таңында елшіні Әбілхайыр шақыртты. Хан жанында Бөкенбай, Сүйіндік, Айбас, Мырзатай батырлар. - Маған керек адамдар түгел осында екен, тап бір әдейі жинап қойғандай, - деп Тевкелев күле сөйледі. Оның жүзінен көңілділіктің лебі есіп тұр еді. Ол достарына Бутурлиннің хаты туралы айтып берді. - Саған әзір кетуге болмайды ғой. Сенсіз ханға қиын болады ғой, - деп Бөкенбай батыр қиналып қалғанын білдірді. – Тағы да бір жарты жыл бола тұрғаныңда қызыл кітап толатын еді ғой. Тап уақыттың шешуші шаққа тіреліп, қайнап тұрған кезінде кетіп қалғалы тұрсың. Оның қысқа қырқылған күйедей қара мұрттары жыбырлап кетті. Әдетте әлденеге беймазаланып, наразы күйге түссе осылай болар еді. - Старшиналардың көпшілігі ханды қолдағанымен, сұл-тандар ауыз біріктіре алмай айрандай іріп тұр емес пе. Ханды барымтамен қалдырамын. Бірақ, сенің орның бөлек еді ғой. Ол қазір төңірегіндегілердің жүзінен де осындай наразылықтың белгілерін көрді. Ол Әбілхайырға емес ернін тістеп қалған Бопайға қарап сөйледі. - Өзіңіз айтыңызшы, елші мырзаның тап осы қазір кетем дегені, жөн бола қояр ма екен. Тевкелев бағанадан бұл әңгімені мұқият тыңдап қалған Бопайға қарады. Қай нәрсеге де асығыс араласпай, ойланып сөйлейтін Бопай бұл жолы да жауапқа асыға қойған жоқ. Ол қонақтарына енді ұсынғалы отырған зерең толы қымызды қолына ұстаған күйі оны кімге ұсынуды да ойламай бір сәтте үнсіз отырып қалды да, сосын барып үн қатты. - Әлгіндегі айтқандарыңды мақұлдаймын, Бөкенбай батыр, - деді, - иә, нағыз қиын шақта қалғанымыз рас. Қарсыластары-мыз қаруын тастаған жоқ. Бұл жағдайда орыс елімен достығы-мыз әзір алыс сияқты. Халық бізді қолдағанымен жаулары-мыздың кез-келген сәтте тапап кетуі таң емес. Біздерді жауларымыздан орыс үкіметі ғана қорғап қала алмақ. Осы жағдайды Құтлымұхаммед мырза айтып барып, біздердің атымыздан патшайымнан жедел көмек сұраса деймін. Сосын ол екі жыл бойына үйін де көрген жоқ қой. Балашағасын сағынар уақыт болды емес пе. Бөкенбай батыр әлде менің айтқандарым жөнсіз бе. Бопайдың сөзі ақиқат еді. Мұны Әбілхайырдың өзі де ойлаған. Сондықтан да қазір Бопаймен іштей үнсіз келісіп тұрған. Елшілердің кері қайтатынын жарияламай құпия ұстау келісілді. Өйткені, бұл қарсыластарының өшіккен төтен қимылдарынан сақтанғаны болатын. Бұл кезде қарсыластары да қарап жатпаған. Үлкен кеңес шақырған. Оған әлі бодандыққа ант бермеген Баймұрат бастаған Сырлыбай, Ақшей бар бір топ адам ғана қатысқан. Олар Орта жүз бен Кіші жүздің старшиналары мен төрелері, сұлтандары мен батырлары, билері атынан «орыстар Ордадан шықпасын,

қоршауда ұсталсын. Егер қоршауды бұзып қашуға талаптанса табан астында шауып тасталсын» деген шешіп қабылдады. Шешімді ханға хабарлауға Сырлыбай мен Ақшей жіберілді. Олар Әбілхайырға келіп, оңаша сөйлесетіндерін айтты. Әңгімеге Бопайды қатыстырмауды талап етті. Әбілхайыр қарсыласпаған. Бопай да жағдайды шиеленістірмеу үшін үнсіз шығып кеткен. Ақшей қолындағы шешімдерін тістене сөйлеп айқайлап тұрып оқыды. Сосын Әбілхайырдан жауап күтіп, шүйіле қарады. Әбілхайыр біраз үнсіз қалды. Ондағысы ашу үстінде шектен шыққан қимыл жасап қоям ба деп сақтанғандығы еді. Және ашуын басуды ойлаған. Бірақ, оған шыдамы жетпеді. - Барағыңа айта бар. Орыстар әзір кетпейді. Олар менің жанымда және менің қорғауымда. Хан жауабына қанағаттанбаған олар артына зіл тастап кеткен. Келесі күні ханның бір табын жылқысын айдап кетті деген хабар жетті. Ашуға мінген хан Сүйіндікті шақырды. Сүйіндік ханның осындай кейпі үстінде кірді. - Мені жасым ұлғайған сайын құмырсқа кеміретін болды ғой. Енді барымташылар бұтымдағы лыпамды сыпырып алатын түрі бар. Тез, жігіттерді жина, ұрылармен өзім шайқасамын. Бұл маңға шайтан тығылса да тауып аламын. Сүйіндік хан ашуын орынды санаса да, мына қылығын жөн көрмеген. Оның барымташыларға өзінің шабуы бір өзіне ғана емес, бүкіл Кіші жүз еліне қауіп еді. Оны өшіккен қарсылас-тары кез-келген жерде түсіріп не жазым етіп кетуі кәдік. Ол кезде елдің белі сынады емес пе. Қарсыластарының көздегені де сол. Сүйіндік күйеу баласы ханның мына қимылын оғаш көріп, мақұлдай алмай басын шайқады. Бірақ, оған қарсылық білдіруге болмайтын. Және ол тыңдамас та еді. Ханның қазіргі күйі – құтырынған бурадай. Оған ақыл сөзін Бопай ғана жүргізе алар еді. Бірақ, қазір ол да көрінбеді. Өзгелер ақылға келгенше хан ауылдағы жігіттер мен төлеңгіттерін жинап та үлгерген. Ханның өзі бастаған төтенше жасақтың қозғалар алдында Сүйіндік жедел елшіге кіріп шықты. - Ауылда қарттармен бірге әйел, бала-шағалар қалып бара-ды. Мұндай кезде саған бұл ауылда қалуға болмайды. Өміріңе қауіп. Әзірге осы ауылға қарайтын сыбай ауылдардың біріне тарт. Біздер қайтып оралғанша сонда бола тұрарсың. Қарт Сүйіндік осыны айтты да хан жасағының соңынан атына қамшы басты. Тевкелев алғашқыда қарт сөзіне мән бере қоймаған. Бірақ ойлана келе о да жөн екен деп келесі ауылға тартқан. Өйткені, ақылға салып, елшіліктің екі жыл бойы жиған бүкіл қызметін, күллі елшілік тағдырын тәуекелге салу-ға болмайтын. Жанына екі қорғаушысын алып, тез кетумен болды. Шатырда қалған жалғыз жер өлшеуші маманына қандай жағдайда да қызмет қағаздары салынған сандықты сақтауды тапсырды.

Әбілхайыр ханның қайын атасы өмірін осы ордада өткізіп келе жатқан ең сенімді батырларының бірі – Сүйіндік қарттың көрегендігіне, әрі орыс еліне шын берілген адал жан екендігіне орыс елшісінің арадан екі күн өткенде толық көзі жетті. Сол күні Тевкелев қоңсы ауыл Бөкенбай батырдікіне келген. Арадан екі күн өткенде елшіге Бопай ханым хабаршы жіберген. Оның айтуынша, тап сол күні хан ауылына Баймұрат пен Сырлыбай бастаған қарсыластар жасағы шабуыл жасап, елші жұртының тас-талқанын шығарып кеткен. Ол әңгімені сол күні елші жұртында жалғыз қалған Ахмет кейін былай деп әңгімеледі. Түсқайтар мезгілде ауыл сыртындағы биік жалдан бір топ атты хан ауылына андыздап салып қоя берді. Ахмет ең алдында келе жатқан Ержігітті анық таниды. Бұл – баяғы Аңырақай шайқасында Айбас батырмен бірге шауып, жоңғар қорғанын ерлікпен алған Ержігіт еді. Кейін Баймұрат пен Сырлыбай өз жағына шығарып алып, орыстарға қарсы қойған. Өткен бір осындай шапқыншылығында қолға түскен оны Әбілхайыр да, Сүйіндік те өлтірмей, Бөкенбай батырдың ара түсуімен аман жіберілген Ержігіт еді. Сол Ержігіт батыр қазір хан ауылын шапқалы бастап келіп тұр. - Аттан, аттан, - деп Ахмет айқай салды. Бұл - шатыр ішінде қалған жер өлшеуші екі орысқа берген белгісі болатын. Жер өлшеуші казактар Зиновьев пен Писарев елші тапсырған сандыққа ұмтылды. Екеулеп сандықты жерге көмді де, топырақ үйіндісі үстіне ескі-құсқы нәрселерді тастай салды. Писарев шатырлар тігілген жұрттың іргесіндегі қалың қамыстыққа қойып кетті. Ал, Зиновьев киім-кешек мүліктерін жинап қапқа салып, оны арқалап қашпақ болып жүріп қолға түсіп қалды. Бұл кезде елші жұртына бұзып-жарып кірген Ержігітке тап болмай ма. Көзіне қан толған ол елшіні жанұшыра іздеп жүр еді. Осы кезде алдынан шыққан Ахметке тап беріп, оның жағасынан ала кеткен. - Қайда орыс, - деп ол құтырына айқайлап, арқалаған дорбасымен әлектеніп жүрген Зиновьевті қамшысымен тартып кеп жіберді. Зиновьев қатты соққыдан шырқ айналып барып құлап түсті. - Ол орыс елшісінің қызметші малайы, - деді қайдан білсін деген ыңғаймен. - Қызметшісі деймісің, - деп тістенді Ержігіт, - қожайы-ның қайда, тауып бер. - Ол орыс кетіп қалыпты. Жыландай зып беріп сытылып кеткенін қарашы, - деген дауыс естілді арыдан. Ержігіт енді Зиновьевке шүйілді. - Елшінің қағаздары қайда, таңба басылған парақтар, қызыл кітабы қайда? Қазақшаға түсінбеген Зиновьев қашып кеткен Писаревті айтып түсіндірмек болады. Сандықты сол алып кетті дегенді айтпақ болады. Қолын ербеңдетіп қалың қамыс тоғайлық жақты көрсетеді. Бұл – сонда қашып кетті дегені.

- Олар қағаздың қайда екенін білмейді, - дейді Ахмет бейкүнә орыстарды арашаламақ болып, - сандықты елшінің өзі алып кетті. Бірақ қайда баратынын айтпады. Әйтеуір осылай қарай кетті деп теріс жақты нұсқады. Шүйліккен Ержігіт Зиновьевті тағы да қыспаққа алды. - Мылтықтары қайда, от алғыш дәрілері қайда, оқтары қайда? Қайда жасырды, айт. Қарақшылар ауылда ұзақ тұрмаған. Астан-кестеңін шыға-рып ақтарып жүріп елші жұртының азық-түлік қоймасынан күнделікті күзетке ұсталып жүрген азғана мылтықты оң-дәрісімен алып кеткен. Қарақшылар Бопай ордасына, оның өзіне де, балаларына да тимеген. Ал Әбілхайырдың туыстары үйлерін дымын қалдырмай тонаған. - Дер кезінде қашып үлгерген екенмін, - деп ойлады Сүйін-діктің шын берілгендігіне дән риза Тевкелев, - әйтпегенде менің басым жерде домалап жататын еді.

Бұл күні қаны қарайып шыққан Әбілхайыр қарақшыларды таба алмай қайтты. Қуып қайда барса да алдынан шықпады. Жерге сіңіп кеткендей зымқайым. Жауымен кездесе алмаған ол діңкесі құрып оралған. Келсе ауыл – тасталқан. Шарасыз хан елшінің аман қалғанына қуанды. Оның әңгімесін тыңдап болғаннан кейін: - Жауларым тағы да бас көтеріп, күш алып барады. Біздің жағдайымыз жеңіл болғалы тұрған жоқ, жау жағадан алғанда бөрі ектектен алады. Жоңғар мен қалмақтар күнде жағама жармасып отырғанда өз ауылымның иттері түп етектен тістеп жатыр. Жоңғарларды маған жіберіп отырған Сәмеке хан. Ол Орданы құлатуға мүдделі. Құтлымұхаммед мырза, жүрем десең кідірмей жүріп кеткеніңді мақұл көріп отырмын. Бірақ, жолың да оңай болмас. Сенің жолың тонаушылардың торуы-лында. Маған барар жеріңе аман жеткенің керек. Арал шығанағы арқылы жүргенің жөн. Өйткені, торуылшылар сені осы арадан тіке тартады деп жолыңды ториды. Тап осы бүгін шығанақ арқылы айналып жүреді деп ойламайды. Шығанақ-тан шыққаннан кейін Уфаға дейін көштік жол. Меймандарына ат-көліктерін, жолға азық-түліктерін жеткі-лікті берді. Елшіні қауіпсіз аймаққа дейін аман шығарып салу Сүйіндік батырға міндеттелді. Ол жасақтарын әзірлеп, жігітте-рін қаруландырды. Жолға салар алдында хан жанына елшіні, Сүйіндік пен Бөкенбайды, Бопайды қалдырып, баласы Ералыны орыс бодандығына кепілдік ретінде елшімен қосып жібергелі отырғанын айтты. - Бұл – менің орыс патшайымына адалдығыма ант қабыл-дағаным болсын, - деді Тевкелевке қарап.

- Ал, сен, балам, - деді енді ұлына қарай бұрылып, - Ресейге барғасын патшайымға хан сүйікті ұлын достық кепілі ретінде жіберіп отыр. Патшайым Ордаға тезірек әскер жіберсін деп айт. Осы арада бағанадан көңілі бұзылып отырған Бопай да сөзге араласып: - Патшайым Сырдария, Ор өзендерінің бойынан қамал қала салсын деп айтпадың ғой, - деп тағы бір жайларды ерінің есіне салып үстемеледі, - ондай қамал-саудаға қолайлы болар еді. Керек-жарағымызды жақын жерден табар едік. - Сенің айтайын деп отырғаның – орыстың иіс суы, қас-қабағыңа, ерініңе жағатын қызыл опа майы ғой, - деп Әбілхайыр елшіге қарап күлді. - Несі бар ондай май, су жағып сұлу боп көрініп, қолымнан қымыз құйып беріп отырсам, елші мырза қазақ ордасын ешқа-шан ұмытпас еді. Және қыздары сұлу келеді деп патшайымға да мақтап жеткізер еді. Ол кезде патшайымға жеткізіп, елші мырза біздің мұңымызды алдымен орындауға ықпал етер еді, - деп Бопай да әзіл-шынын араластырып, көздеген ұпайын түгендеп жатты. Мұның бәрін елші ойына тоқып отырды. Қайсыбіріне басын шұлғыды, қайсыбірін үнсіз тыңдады. Елші керуені келер таңда ерте қозғалды. Оны Әбілхайыр мен Бопай Аралға дейін шығарып салды. Қоштасар жерде Әбілхайырдан кейін Бопай елшінің қолын қос қолдап қысып тұрып: - Қайда жүрсең де біздерді ұмытпай, бір бүйіріңде жүретінімізге сенеміз, - деді. - Дәл солай, - деп елші де хан мен ханымның қолын қысты. Нұралы сұлтан шығанаққа дейін шығарып салса, одан кейін Сүйіндік бастаған Бөкенбай жігіттері керуенді Уфаға аман жеткізіп салды.

Осы сапардан Бопайдың көңілі босап қайтты. Оның шарасы үлкен тостағандай мөлдір қара көздері тас астаудай мөлт-мөлт етіп асып төгіліп шыға келді. Елшіні шығарып салғаннан кейін қайтар жолда Әбілхайыр да, Бопай да ләм тіл қатыспаған. Әбілхайырдың тоң-торыс кейпін Орданың жағда-йына жорыған Бопай Ордадан бұрын алдымен тұлабойын жарып шыққан баласы Ералыны ойлаған. Орыс елінде он жыл болып келген Нұралысы орыстың озық тәрбиесін көріп келді дегенмен де ол жақта оның маңдайынан сипамаған ғой. Екі көзі төрт болып әркімге көз сүзіп жат жерде өскен бала қайбір кемелденіп жүреді дейсің. Әйтеуір Нұралыжаны қолына аман келгесін ана көңілі соған риза, бәрін де ұмытқан. Енді болса міне, мына баласы тағы орыстың қолына кетті. Сонда ол кім үшін, не үшін? Орда жалғыз Әбілхайырға керек пе екен. Өзге хан, сұлтан, билер неге ел қамын ойласа балаларын аманатқа бермейді. Бірде ол

Әбілхайырға мұны айтқан да. Бірақ, хан тұнық ойлы көздерін алысқа қадап, жауапсыз қалдырған. Өзінен болған баласын ол да іштей жек көреді деймісің, елі үшін, Орда үшін осыған барып отыр емес пе деп өзін-өзі жұбатып жүре беретін. Сонда да бауыр еті – баласы кеудесін жарып барады. Өкпесі алқымына тығылғандай. Осы күйі жорға үстінде зорға отырып, ауылға жеткен. Жүрегін қозғап, тұла бойын буып бара жатқан бір ішқұса запыранын ақтара алмай шерменде күйі көз жасын көрсетпей сыртқа сығып өксіп келіп табалдырықтан зорға аттаған. Жанындағы Әбіл-хайырға сүйе деп те айтпаған. Бар ойы жетіп құласам деп келе жатқан. Ішке кіргенде Әбілхайыр жанындағы жігіттеріне: - Жақсы, бара беріңдер, - деген. Қаннен қаперсіз төлеңгіттер аман жеткіздім деп жүре берген. Тыстағы аяқ тықыры ұзай бере хан құс төсегіне жетер-жетпестен гүрс етіп құлай кетті. - Уһ, - деп әлі жастыққа басы тиіп үлгермеген Бопай күйеуінің мына оқыс қылығынан шошып қалды. Ол жастықтан басын жұлып алды. Ханның жүзіне үңілсе көзі шарасына шыға аларып, екі қолы екі жаққа жайылып, шалқалай құлаған. Тістері ақсиып, құс төсекке езуінен төмен сілекейі жүгіре жөнелді. Қан-сөлсіз шүберектей өңі, жансыз денесі былқ-сылқ, шеке тамырлары адырайып шығып, алқы-мындағы күре тамыры білеуленіп кеткен. Тек жүрек тұсын-дағы әлсіз бүлкіл ғана кеудесінде жаны барын сездіргендей. Сырттай сыр бермей сазарғанымен бауырынан шыққан баласы қатты күйзелтіп жүйкесін іштей мүжіп жеп жатқанын Бопай енді ұқты. Ол балгер де шақыртпады, ем-дом да жасамады. Өзін ұмытып, күйеуінің мұздап бара жатқан алақандарын уқалап, сасқанда қолына түскен мауыты жаулығының ұшығын ылғалдап кеудесіне тартып, қос самайын саусақтарымен ысқылай берді. Осы жатқаннан Әбілхайыр үш-төрт күн жатып қалды. Содан кейін ғана есін түгендеп, беті бері қараған. Нұралысы он жыл жат қолында жүріп келгенде әбден күйзеліп, таусылған жүйкенің енді сол дүдәмал сапарға Ералысы тағы кеткенде шегіне жетіп, үзілген жері осы еді. Осының өзі-ақ сырттай баласын мақтан тұтқанымен, оның жат жердегі өмірінің қаншалықты өткелек екенін, одан аман келу-келмеуінің өзі екіталай екенін Әбілхайырдың мына күйінен сезген. Және соны ойлаған сайын бойы бордай езіліп, бір беймәлім күдік жүрегін шымшылай берді.

*** *** *** Орыс патшайымы ақыры дегеніне жетті. Ары аударып, бері төңкеріп жүріп кіші орда қазақтарын бодандыққа қабылдап тынды. Бұдан қазақтардың не ұтқанын Әбілхайыр біледі. Ал орыстың ұтқаны қазақтікінен кем емес. Ресей Индия мен шығыс алтынына жол ашам деп қанша талпынса да әлі жете алмаған. Бірінші Петр патша Кавказ мен Персия арқылы су жолын ашпақ болып еді, одан

ештеме шықпады. Иван Дмитриевич Бухгольц пен И.М.Лихаревтің әскери барлау мақсатындағы экспедициясы Ертіс өзенінен жоғары өрлеп көрді. Бірақ бұл бағыттың – Азия елдеріне және Сібір бағыты арқылы Индияға су жолын іздеудің болашағы болмай шықты. Енді Шығыс Түркістан мен Индияға тек қазақ даласы арқылы ғана шығу жолы қалды. 1734 жылы мамыр айында құрылған Оренбург экспедициясының негізгі мақсаты осы болды. Бұл мақсатты іске асыруға қазақ жерінің орыс бодандығына кіруі де ықпал еткен. Орыс бірден бірге ішке сыналай кіріп келе жатты. Бұл кіші орданың талаптарына сай келді. Оренбург экспедициясының жұмысы сәтті жүруі үшін қазақ хандығы жеріне тақау қамал қала салу қажет болған. Мұндай қаланың қазақ үшін де қажеті аз емес-ті. Біріншіден, жоңғар шапқыншылығынан қажып біткен қазақтар осы әскери қамалға сүйенбек. Кіші орданың орыстан күткен жәрдемі – осы. Екіншіден, қазақ тіршілігінің мұқтаждары үшін алыстағы Бұхара, Хиуаға айдамалдамай керек-жарағын іргесінен табады. Үшіншіден, Ресеймен арадағы сауда керуендері үздіксіз жөңкіліп, сауда-саттық үй жанында қызып жатады. Бұл - Әбілхайырдың көптен күткен арманы. Әнебір жылы орыс елшісі Мамед мырза келгенде және кері қайтарда шығарып салып тұрып Ор бойынан қала салу өтінішін патшайымға жеткізіп баруын сұрағаны да сол еді. Тевкелев уәдесін орындап, патшайымға да, сенаттың құлағына да жеткізген. Одан кейін де Әбілхайыр патшайымға да, Уфа губернаторына да талай рет хат жазған Ор өзені жағасынан қала салуды сұрап. Орыс мүддесіне сай келген бұл талапты да орыс үкіметі құп алды. Айтуларына қарағанда Ор қаласы басталып та кеткен. Олардың біреуі – қамалда қазақ даласын бұғалықтап ұстап отыратын әскер ұсталынады екен, мұнда мұздай қару ағылып келіп жатқанға ұқсайды десе, енді бірі – онысы жалған, қала - сауда керуендері тоқтайтын орталық деп, әртүрлі әңгіме айтып, мың құбылтып келеді. Әйтеуір, қамал жедел салынып аяқталуға жақын деседі. Орыс ұлықта-рымен байланысқан Әбілхайырдың қаланың бітер күніне дайындалып, сый-сияпат әзірлеп жүргенінен хабардар. Оқтын-оқтын елшілік жіберіп алады да, сосын олардың жолына қарап отырады. Ал, Бопай Ор жақтан бір топ адам келеді десе солардың арасынан Ералысын іздейді. Орыс ұлығының жайын айта бастаса солардың арасынан Ералыжанды көрмедің бе?- деп сұрайды. Сондай күндердің бірінде Ордан бері бір топ ұлық шығып-ты. Бағыттары Кіші орда деген хабар дүңк жетті. Басында аңыздай аптыққанмен, келе-келе әңгіме ақиқатқа айналып барады. Бопайдың ойы сол келе жатқан елшілік ішінде Ералы-жаны жоқ пе екен дейді. Қашан шығыпты, кеше қай жерде келе жатырған деп саусақ санап отырған ауыл осы бүгін Ордаға жетеді деп төбе басына шығып жол қарап отырғанда төңірегінде қаумалаған қараң-құраңы көп қара күйме шайқа-тылып келіп, алдарынан ауылдың ақсақал-қарасақалдары самсап тұрған ауыл ортасындағы айдынды ақ боз үйдің алдына кеп тоқтады.

Қара күймеден әуелі ұзын бешбет киген тік жағалы жалқын сары біреу шықты. Сосын жалбыр шаш басын қылтитты. Ең соңынан жүзін дудыраған ақ селеу шаш жапқан, бет-аузын көкшіл көздері іннен сығалаған жыланның көзіндей жылтыраған жүнді бұқадай біреу шықты. Оның жұқа лыпасы бұтына жабысып қалғандай етімен ет, борбайымен борбай болып тұр. Жиналған жұрт мынау өзі адам ба деп әуелі бет-әлпетіне қараған. Енді оны ұмытып, меймандарының сырт-сыйқына қарап жылан арбаған торғайдай денесіндегі алдымен көзге ұрып тұрған әбес жерлеріне қарап көз алмай қадалып қалған. - Ойбай-ау, патша қатынның жер түбінен жіберіп отырған елшісі осы ма? – деді көп ішінен бірі. Бірақ оған мән берген ешқайсысы болған жоқ. Бұл кезде хан елші меймандарды өз ордасында күтіп отырған. Меймандарды ордаға қарай Нияз сұлтан мен Мырзатай батыр бастап алып жүрді. Орданың қақ төрінде сары ала шапанды хан отырған. - Алдияр тақсыр императорымыз Анна Иоановна ағзам-ның пәрменімен сіздің ордаңызға арнайы сапармен келіп тұрған бек ғизатлу мейман Джон Кэстли мырза, інгилеш миллетинен. – Шуши малай тилмаш, Дитрих Люфтус. - Контора ишкари Сергей Костюков, - деп таныстырды оның жанындағыларды. Хан мейманының қолын алып жанына отырғызды. Онысы қатын патшаның арнайы адамы болса арыз айтып бармасын дегені. Хан мейманға арнайы қонақасы берді. Қонақасы үстінде орыс патшайымының, Орынбор уалаятының зор хакімі Статс-советник Иван Кирилловты сұрап, олардың сәлемін алып, өзі де сәлем жолдады. Келесі күні мейманын жанына Мырза-тайды қосып және бір топ саятшыны ертіп елшіні адай Табынай Табылдының ауылына қыдыртып қайтты. Джон Кэстли елші деп дабырайтқанымен суретші бола-тын. Ал суретшінің Әбілхайыр ордасына керегі де шамалы. Патшайымның да, Орынбор, Уфадағы ұлықтардың да неге оған сонша ниеті ауғанына түсінбейді. Әйтсе де сабалақ шашты ағылшын орыс елшісі боп ордада талтаңдап жүр. Орысқа күні түсіп тұрған Әбілхайырдың орыс елшісі дегесін діңкесі құрып отыр. Оны қайталап дастарханынан дәм татуға шақырады. Мейманда бір еркіндік бар. Нендей құрметтен де бас тартпайды. Және өзін қарапайым ұстап, араласып кете береді. Оның ішкі, сыртқы кейпінің қай-қайсысы да Әбілхайыр көріп жүрген орыс ұлықтарына ұқсамайды. Мейманға Бопай ханым ұнап қалған. Ол өзіне арналған қонақасы дастарханында отырып, патша сарайында Ералы-мен кездесіп тұратынын, екеуінің жақсы араласып кеткенін айтты. Сосын ханзаданың анасы Бопайға арнайы айтып тапсырған сәлемін жеткізді. Мұны естіген соң қозғалақтап қалды да, Бопай үнсіз басын төмен салды. Көзін мейманнан аударып әкетті. Сосын

төмен қараған күйі саусағының ұшымен кірпігінен төмен домалап кеткен оқыс тамшыларды көрсетпей сүртіп жіберді. Осы арада елші қағазға оралған әлденені шығарып, көптің көзінше орауын аша бастады. Қағаз ішінен Ералының суреті шықты. Суретті елші алдымен Бопайға ұсынды. Ералысының атын атағаннан-ақ ар жағында жарылып кетердей болып әзер отырған Бопай оқалы киім киіп орыс ұлықтарындай кейіпте түскен суретін көргеннен қос алақанымен жүзін жауып ал кеп егіл. Лықсып кеп қалған ананың балаға деген сағынышы көз алдын тұмандандырып, асау көңілін тоқтата алмай көз жасына ерік берген. Енді мөлдір астауын босатып алғаннан кейін еркін отырып, көз тоқтата қарады. Ералының екі жағы пышақ жанығандай жұқалтаң тартып қалыпты. Бойшаң тартқандай ма. Әбден ысылып, киімдері бойына құйып қойғандай қонып тұр. Алақандай көз аясы жүдеу тартқандығын байқатқандай. Ол суретке ұзақ үңілді. Өзінің дастархан басында, құрметті қонағын күтіп отырғанын ұмытып кеткендей. Бұл кезде елшінің өзіне көз алмай қарап қалғанын да аңғармады. Кешеден бері көркіне сай жүріс-тұрыс, қимыл-қарекеті, жанға жайлы сөздері де ұнап қалған мейман ханымның аналық жанын түсінді. Және жаны таза, көрікті ханым аңғал да көрінді. - Егер ханым рұқсат етсе суретін салар едім, - деп мейман алдымен төрде отырған Әбілхайырға, сосын ханның сол жақ іргесінде отырған Бопайға қарады. - Е, ханымың өзі біледі де, - дей салды. Ал Бопай: - Ералы жаным сағынып жүрген шығар, осы суретімді жеткізіп бере аласыз ба? – деді. - Әбден болады. Анасының суретін Ералыға апарып көрсетемін, - деп мейман леки жөнелді. Джон Кэстль дастархан отырысы аяқталысымен ханым-ның суретін салуға кірісті. Бойын түгел көрсеткен болып Бопайды тік тұрғызып қойды да суретшінің алдындағы ақ қағазға саусақтары жүгіре бастады. Сол екі арада Бопайдың кіші ұлы Әділ келіп анасының етегіне жабысты. Суретші баланы қолынан ұстап тұруды тапсырды. Бірақ, бала анасын өзімен бірге әкетпек болып, қолынан тартқылай бастады. Осы арада арыдан бойжетіп қалған қызы Зылиха шыға келді. Оның арғы жағында қызметші әйел алты-жеті жасар шамасындағы қызымен келіп тұрған. Суретшінің саусақтары қазғаз бетінде жүгіріп жүр. Қарындашының ұшы тиген жерде бейнелер пайда болып жатыр. Суретші Бопайға жүзін айқын көрсетпек болып оң жағына қарай сәл бұрып тұруды айтқан. Ол ары тартқан Әділін қолынан жібермей мойнын суретші жаққа бұра түскен. Ал, суреттің артында әрегіректе тігілген ақ боз отаулар көрінеді.

Суретші қағаз бетін шимайлап біраз отырды. Сурет дайын болды. Бопай өзінде қалған суреттің екінші дана көшірмесін Ералыға жеткізуді сұрады. Суретші оның көшірмесін сызудың көп қиындығы жоқ екенін айтып және сол жерде отырып-ақ сызды. Елшінің мына өнеріне таңдана қарап іштей шын ниетпен риза болған, бірақ сыртына ләм демеген Әбілхайырдың ойын айтпай таныған Бопай осы арада тағы бірдеме деп қалды. - Елші мырза біздерге орыстардың әдемі, құйқылжыған билерінің бірін орындап бермес пе екен? Әне бір жылы Мәмбет мырзаның серіктерінің билегенін көргенім бар. Және соған қызыққанмын, - деп тілмаш татар жігітіне қарап езу жиды. - Мен орыс билерін жете билей алмаушы ем. Ал ағылшын, неміс билерін орындап бере аламын. Бірақ ол билерді әйел адамдармен билейді, - деді ол төңірегіне көз жүгіртіп. Бірақ, онымен билеуге ешқайсысы құлық білдіре қойған жоқ. Өйткені, бұл жерден ондай адамның табылмасы белгілі еді. Оны суретшінің өзі де біліп тұрған. Мұнан кейін оған ешкім қолқа салмады. Енді суретші Әбілхайырдың өзіне қолқа салды. Өйткені, бұл - Анна патшайымның арнайы тапсырмасы болатын. Патшайым Ресейдің арманы болып келген Индия және Шығыс алтынына қол жеткізуде жалғыз-ақ жол – қазақ даласының кілтін орысқа ашып беріп, орыс бодандығына тұңғыш болып бас сұғып отырған ханның табиғи келбетін көргісі келген. Еуропаның көркемөнертанушысы (живописец) Джон Кэстль-дің осы сапарын арнайы ұйымдастырған. Сонымен бірге әскери мақсаттағы орыс үкіметінің құпия барлау тапсырмасы да болды. Өнертанушы бұл тапсырманы асқан шеберлікпен орындай білді. Суретші болып жүрген бұл барлаушының ондай тапсырмамен жүргенін Оренбург губернаторы Кирилов білсе білген шығар. Ал, одан өзге жан білген емес. Ол Кіші Орда даласын елші атағымен аралады. Қазір де оны ханға елші деп таныстырған және Әбілхайыр да елші деп білді. Осындай күтпеген, таңқаларлық өнері бар сол елші қазір ханға суретіңді салып беремін деп қолқа салып тұр. Біраздан көрмей көкірегінде әкелік сағыныш ұялаған Әбілхайырдың кешеден бері орыс патшайымы сарайында жүрген ұлы Ералысының суретін көріп, көңілі босап біраз қомданып қалғаны бар. Және айнытпай салғаны ұнады. Әке суретке қарап қазір де алыстағы осы ұлы жанында болса төңірекке сездірмей оңаша сәтінде маңдайынан иіскер ме еді. Апырай, осындай жансыз бейнеге жан жүгіртіп, қай заманнан жүрегі қатып қалған әкенің жан дүниесін балқытып жіберген бұл неткен өнер. Не деген құдырет. Әбілхайыр әлгіндегі Бопай суретіне сынай қарап, ілігер ештеме таппаған. Оның қазіргі кейпін көріп, қыз кезінде алғаш кездесіп, ғашық болған көз қарықтырар бейнесі көз алдына кеп тұра қалды. Егер қазір ол оңаша болса

Бопайдың қағаз бетіндегі жансыз бейнесіне көз тойдыра алмай әлі де қанша тұрарын кім білсін. Қазір одан әрі ұзақ қарауға төңірегіндегілерден қымсынды. - Хан болғаныңа, дым көрмегендей бір жақтағы бейтаныс ағылшын не немістің шимайына соншы қызығып, өліп кетердей шүйілгені несі сонша көзін сатып деп іштей келемеж қылмасын кім білген. Оны хан басына лайық көрмеді де қазір көзін тайдырып әкетті. Іштей мейманының ұсынысын жек көрмесе де сырттай сыр бермей тұрған. Енді ол мейманының көңілін қимағандай кейіппен келісім бере салды. Негізгі тапсырмасын орындауына мүмкіндік туған елші хан суретін салуға асқан ынтамен кірісті. Оның салалы саусақ-тары арлы-берлі жүгіре бастады. Қағаз бетіне шимай сызықтар түсіп жатты. Алдымен ханның орда төрінде хан тағында отырған бейнесін салды. Мұнда хан тәжімен түскен. Мұнан кейін кеудесінен жоғары портрет кескінін салған. Үшіншісін-де бойымен әлдеқайда алысқа көз салып тұрған кескін бейнеленіпті. Қазақ даласына тұңғыш тап болған ұлты неміс, ағылшын өнертанушысы Джон Кэстль 1736 жылы шілде айында Ресей императрицасы Анна Иоановнаның пәрменімен құрылған Оренбург экспедициясының құрамында болып, Кіші жүз Ордасын еркін аралап, патшайымның нақты тапсырмасын осылай орындап шықты. Бірақ, ол кезде тап осы сапарының тарихта өшпестей болып қалатынын оның өзі де, оны күтіп алған Кіші жүз ханы Әбілхайыр да, тіптен түптің түбінде қазақты өзіне бағындыру мақсатында әскери тапсырма берген нұр сипатты орыс патшайымы Анна Иоановнаның өзі де білген жоқ еді. Патшайым ол суреттерді тарихта қалдыру үшін салдырған жоқ. Жәй әшейін нұр сипатқа бөленіп таққа симай шаршысына толып отырған әйелдің кезекті бір қызығушылы-ғы ғана болатын. Сондықтан да Джон Кэстльдің бұл суреттері патшайымның бір-жар күн ғана алдында жатты. Патшайым оған бір-жар рет қана көз салып, сосын мән берілмей, ұмыт болып қалған. Басына мол ақ шәлі жаулығын шандып ораған қазақ әйелі оны қызықтырмаған да. Ол әйел тағы да менің алдымнан шығады деп ойламаған. Уақытша күні үшін әскери барлау қызметін атқарған өнер адамы Джон Кэстльдің өз мақсаты орындалғасын қазақ жерін отарлау іске асқасын керегі жоқ боп қалған. Ақиқатында оның өнерінің патшайымға да, орыс үкіметіне де түкке керегі жоқ болатын. Сондықтан да Джон Кэстльдің сапары жан баласының есінде қалмаған. Өзі ұмыт болған өнер адамының суреттері де, сол жолғы сапарынан жазған жол жазбалары да еш жерде жарияланбады. Бәрі ұмыт қалды. Тек арадан жарты ғасыр өткенде ғана Рига қаласында неміс тілінде Иоганн Фридрих Гарткнах деген белгілі баспагер неміс тілінде Джон Кэстльдің осы сапарынан жол жазбаларын басып шығарды. Мұнда қазақ билеушісі Әбілхайыр ханның өзі, үй-іші, отбасы, төңірегіндегілердің тұрмыстық өмірінен он екі суреті басылған.

Әбілхайыр жақын жер – қазақ хандығының іргесінен – Ор өзенінің бойынан салынар қаладан өз қолындағы биліктің нығая түскенін көргісі келді. Қамаудағы орыс әскері арқылы – ол өзінің қарсыластарының аяғын тұсап, басын байлар еді. Сол кезде азуына құм құйылған олар Әбілхайыр отыр десе отырып, тұр десе тұрып, айтқанына көніп, айдағанына жүріп, өзге әрекетке амалы қалмай алдында құрдай жорғалар еді. Орданың жоңғарлардан да, қалмақтар мен башқұрттардан да болашақ қорғанысын хан осы қала салудан көрді. Бұл жолы Ор өзені бойынан салынып жатқан қамал-қала орыс-қазақ шекарасына тақау болса, болашақта Сырдария өзені бойынан да осындай бір қала керек. Ол кезде орыс әскері қазақ орда-сының ішіне кіріп жатар еді де, қазақ қорғанысы орыспен жымдасып кетіп, қай жаудың да қазаққа тісі батпас еді. Бұл - Әбілхайырдың алысты меңзеген ойы. Түптеп келгенде одан Бопай да кет әрі емес. Өзімізден он есе қуатты, он есе үлгілі орыспен етене араласып жатқанынан қазақтың қиялы қырқы-лып, ойы ортаймас деп біледі. Әбілхайырдың арманы – осы. Ол кезде үш ордаға да сөзі жүріп, билігі басып, даңқы асып тұрар еді. Ал, Бопайдың ойы тіптен басқа. Орыс жақын келсе, оның озық жағы көп-ау. Саудасымен, әшекей-мүлік, ыдыс-құралдарымен бірге қазаққа олардың ризық, несібесі де, берекесі де, тиянақты қасиеттері де жұғар ма еді деп дәме-ленді. Әнебір жылы орыс елшісі Тевкелевке әзілге бұрып құлаққағыс қылғанда түпкі ойы – осы еді. Енді міне, ол ойы да орындалғалы тұр. Бұл қамал-қаладан осы жамағаттың әрқай-сысының өз көздегені бар. Орыс - Орта Азияны ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстамақ болса, қазақ күндегі тірлігін ойлап, одан арыға өресі жетпейді. Әбілхайыр – билікті армандайды, Бопай қазағының аз да болса орысқа бейімделе түскенін көргісі келеді, соны көксейді. Егер Әбілхайыр билігі іске асса ол ойы орындалар да еді. Жастайынан кепілдікте болып орыс тірлігін көріп өскен Нұралысы соған бейім. Ералысының да сондай болып келері кәміл. Одан қазақ зиян көрер ме. Бірақ Әбілхайырға қазақ ондай асқан билік бермек емес. Мұндайда Әбілхайырдың діттеген ойы іске аспаса оны күшпен алудан да қашпайды. Бірақ ондай күш кіші ордада жоқ. Әлбілхайыр өзінде жоқты орыстан алуды көздейді. Мұнысын орыс ұлықтарына әр жерде айтып та жүр. - Қазақ қорықпай түсінбейді, - дейді оларға. Мұнысы орыстан күш сұрағаны. Ал, қазақ даласының ішіне, не орыс-қазақ шекарасына қамал-қала салынса, ол – күштің өзі келгені. Бұл - Әбілхайыр ойының өздігінен жүзеге асқаны болып шықпай ма.

Бірақ Әбілхайырдың да, Бопайдың да ол ойының іске аса бермейтіні де түсінікті еді. - Қазақ даласын қаладан толтыра қоймас бұл орыс, алдымен осы Орынбор не Ор өңірінен салдырып алсақ та жарар еді-ау, - деп күлгені бар Бопайдың бірде. Әбілхайыр оны да теріске шығара алмай езуін бір жиған да қойған. Өйткені, Бопайдың ол сөзінің де жөні бар еді. Әбілхайырдың осы ойын айтып, орыс үкіметімен қалмай тартысып келе жатқанына жиырма жылдан асқан екен. Содан бері қазақ даласын қаладан толтыратын болса көрмей келе ме. Сондықтан, әзірге орыстың осы қарекетіне қанағаттануына тура келді. Доңыз (1719), тышқан (1720), қоян (1923) жылдары Әбілхайыр үш рет Жайық қалашығын басып алуға әрекет қылды. Ұлу (1724), жылан (1725) жылдары Түркістанға өз билігін сақтап қалу үшін жоңғарлармен қасарыса қақтығысты. Оның орыс патшайымына Ор қамалын салдыру жөнінде ұсыныс айтып хат жазуы да осыдан кейін еді. Ал, 1733 жылдан кейін ол патшаға да, жергілікті үкіметке де қазақ жерінің терістігі мен оңтүстік батысынан қазақ қалаларын салуды әркез айтып та, жазып та келеді. Бірақ оның қайсысы назарға алынды. Бопай осыны ойлайды. Ор қаласын да Әбілхайыр айтты екен деп не қазақтың қамын ойлап салып жатпағаны айдан анық. Орыс өзіне тиімсіз болса салмайды. Ал, қазақ оның пайдасын көріп қалуға өзі талаптансын. Бопай сөзін Әбілхайыр теріске шығара алмаған. Ендеше, ол айтысып-тартысып, таласып-тармасып жүріп Ор қаласының пайдасын көріп қалуға өзі әрекет жасауы керек. Ор қаласының салыну қуанышы Бопайды әнебір сергіте алмады. Тұлабойын жарып шыққан балаларын бірінен соң бірін жат елге кепілдікке жіберу дегенің ана үшін одан асқан қасірет болар ма. Нұралысынан кейін бұл тірлік енді тоқтайтын болар деп ойлаған. Жоқ, тоқтамады, жалғаса берді. Ералысынан кейін де жалғасты. Сан жылдарға созылған бұл қасірет тек Бопайдың маңдайына жазылған екен де. - Қазақ тек саған керек пе екен? Орда бір саған ғана керек пе екен, Әбілхайыр-ау? Ендеше, қазақтың сенен өзге ханы жоқ па екен. Ұлы хандыққа таласып жүрген анау Сәмеке, Жолбарыс хандар, Барақ сұлтандар қайда? Берсін олар да балаларын, ұлы хандыққа сосын талассын,- деген. Еріне ешқашан қарсы сөйлеп, алдынан кесе-көлденең өтіп көрмеген, қашан да хан ием деп сөйлейтін Бопай осы жолы әдеттегі қасиетінен жаңылып, Әбілхайыр-ау деп сөйледі. Отасқандарына отыз жылдай болса да алдында отырса-тұрса сызылып жүретін, әр қимылы, іс-әрекеті орындылығымен жанға жағып, көңілден шығып, әркез оны өзіне еріксіз баулап алып, бағындыратын Бопайдың осы жолғы кейпі оған қату қабақ көрсеткендей болды. Оның шаншыла қараған көзқарасы мен сабау кірпіктері өңмеңінен өтіп кеткен еді. - Мен мұны жетіскеннен жасап отыр деймісің, - деп Әбілхайыр түксиген қабағымен әдеттегісінше бір дүңк етті.

Мұнан кейін мұны одан әрі тәптіштеп жатпады. Өйткені, жағдай өзіне аян. Кепілдік бермеске амалы жоқ. Енді қолдан келері – ол кепілдікті шартпен беру. Неше жыл ұстайтыны, қандай күйде ұстайтыны, қашан қайыратыны, ол үшін қандай талаптар қоятыны – бәрі-бәрі келісілуге тиіс. Және солай жасалды да. Ол келісімдер бойынша Әбілхайыр да өз тара-пынан қарсы жақ талаптарын орындайды. Әбілхайыр өз тара-пынан ол талаптарды мұқият орындады. Асып та кетпеді, жет-пей де қалмады. Бопай да күнде бүйірін түртіп отыр. Жайық орысказактарымен, Ресейдің бодан елдері қалмақтар мен башқұрттардың қысымына, орынсыз зорлықтарына шыдай алар емес. Ондайда Әбілхайыр атқа қонады да, Бопай етегіне жабысады. Оған қайтатын Әбілхайыр ма. Алақұйын ол жауларының озбырлығы үшін өш алып қайтады. Ол – еліне қайтқан тұтқындар, айдауға кеткен мал-жаны. Зорлық жасағандардың бастарына қамшы үйірілетіні тағы белгілі. Әбілхайыр елді шауып тек жоғын түгендеп қайта бермейді. Еруліге қарулы, алдына тағы ол жерден де тұтқын ала қайтады. Осының бәріне Бопай үйде тірі жылан түсіріп отыр. Бірақ аржағында Әбіл-хайыр да мұның бәрін есеппен жасайды. Қанға – қан, жанға – жан. Есеп екі жаққа бірдей. Патша үкіметімен кепілдік талаптарында бұл жақтары да айтылған. Хан алайда уәдесін берік ұстанады. Ол ұтқысы да, ұтылғысы да келмейді. Ал патша үкіметі кепілдік заңын берік ұстанбайды. Кепілдік мер-зімі аяқтала тұрса да Қожахметті қайтармады. Сан жылдар сарғая күтіп сағынған Бопай күнде жол қарап, күнде түс жорытып, екі көзі төртеу болып, келісімді мерзімге өліп-талып зорға жеттім бе дегенде ұлын қайтармай қойып, ана үміті үзіл-гендей күй кешеді. Қолдан келер дәрмен жоқ ана мұндайда жүрегі шаншып, екі көзіне әлі келеді. Соңғы үміті - Әбілха-йырға патшайымға, орыстың жергілікті үкіметіне тағы да хат жаз дейді. Бопайдың әдеттегі қоңыр майда үні бұл жолы қатқылдау шықты. Отасқан отыз жыл ішінде оның өзіне ешқашан дауыс көтеріп сөйлегенін көрмепті. Хан ием деп майда қоңыр үнімен маңдайдан сипап отыратын. Сол майдай ескен лебімен рух беріп, жігерлендіріп жіберетін. Бопайдың бүгінгі әдеттегіден тыс тарғылданып шыққан үні Әбілхайырды қозғамай қоймады. Ананың сағынышы, әкенің күйзелісі, жанын жегідей жеп жатқан көрген зорлық-зомбылығы шыдамын тауысып бітті. Ол отыра қалып орыс патшайымы Елизавета Петровнаға тағы да хат жазды. Және бұрынғыдай майдалап сипақтамай қалыптасқан ахуалға қарай сөз таңдамай төтесінен салып қоя берді. «Сіздің уәдеңіз орындалмады. Кепілдік мерзімі әлдеқашан өтіп кете тұрса да қайтармай отыр. Бұл сіздің патшайым ретіндегі өзіңізге де, сөзіңізге де сән бермейді. Бұл Ресей үкіметінің беделін кетіріп қана қоймай, сіздің үлкен абыройыңызға нұқсан келтірері сөзсіз». Әңгіме кепілдікте жүрген Қожахмет туралы болып отыр.

«... Егда повелите римских, крымских, персидских и китайских царей детей при дворе Вашего И.В.Держать, то и мне о задержании сына моего прискорбности не будет, а бес того мне небесприскорбно есть». Одан өзге айтылар жылы сөз жоқ. Одан әрі аузын ашса артық сөздер де шығып кетуге әзір тұр. Осы араға келгенде Бопайдың да, Әбілхайырдың да көмейінде небір ірілі-ұсақты сөздер кезек күтіп кептеліп тұрған. Бірақ, соны айта алмай айызы қанбай тілін тістеп қалды. Және тап осы кезге Кіші жүз Ордасына Иран шахы Надирдің шабуыл жасау қаупі туып, найзасын шошаңдатып, зеңбірігінің өңешін үңірейтіп Түркістанға қарай бұрып қойған. Орынбор губернаторы, бұрынғы Бірінші Петр патшаның пікірлесі Иван Иванович Неплюевтің қазақ жерін отарлау пиғылын, әрекетін көріп, біле тұрса да аяқ-қолын соза алмай, бір жағынан Қожахмет қолға келгенше Бопай да етегінен басып, еріксіз ошарылып қалған. Бұл жағдай 1740 жылдардың орталарына дейін созылды. Бұл кезде Кіші жүз көшпенділері Хиуа, Бұхар өңірін қыстап отырған да, бұл маңға Иран шахы Надирдың да, жоңғар қонтайшысының да шабуыл қаупі бар болатын. Осыны пайдаланып Орск қамалының әскерімен Әбілхайырға қыр көрсетіп, кіші жүз қазақтарына Жайық бойында көшіп жүруіне рұқсат бермей, Жайық казактарының жақын маңдағы қазақ ауылдарына оқтын-оқтын күш көрсетіп, елін шауып, мал-жанын айдап кетіп отырған. Бұдан хабары бар Неплюев оған тыйым салмай, қайта үрлей түскен. Бұған Әбілхайыр көнгісі келмеген. Бірақ, батыр Бөкенбай да, Бопай да тоқтау айтты. Оны мақұл көрген хан Неплюевтің іс-қимылын жауапсыз қалдыруға мәжбүр болған. Бұл – орыс үкіметімен келісімге келгендік белгісін байқатқан. Бірақ ақиқатында келісім емес, әліптің артын бағу еді. Күткен жайдың өтіп болмайтыны белгілі. Орыс үкіметін жеңе алма-сын түсінген Бопайдың ұзақ күтсе де оған көнбеске амалы қалмаған. Ол талай сарғайды да. Қайсыбірде Әбілхайырдың ашуына дем беріп кеткен кездері де болды. Орыс үкіметі тарапынан оңды жауап болмады. Оренбург губернаторлығы да қолдамады.Осылай жалғыз қалып әбден сарғайған кезде араға алты жыл салып, 1746 жылы уақыт ахуалды күрт өзгертіп жіберді. Қуатты мемлекет, Орданың бірінші жауы жоңғар билеушісі Қалдан Церен 1745 жылдың күзінде қайтыс болды да, жоңғар үкіметінде хан тағына талас басталды. 1746 жылдың жазында хан тағына оның он үш жасар ұлы Цеван Доржи-Аджи-Нажмила отырды да, ойраттар елінде саяси күрес шиеленісіп кетті. Осыдан жоңғар үкіметі әлсіреп, ендіден былай қазақ ордасы үшін бұрынғыдай қауіпті болудан қалды. Келер жылы ахуалды қазақ ордасының пайдасына қарай өзгерткен тағы бір оқиға болды. 1748 жылы 20 маусым күні Хорасанда Иран үкіметінің шахы Надир қастандықпен өлтіріліп, ендіден былай қазақ ордасы үшін Персия алып мемлекетінің де қаупі жойылған еді. Үш жақты қауіптің екеуінен ойда-жоқта құтылған Әбілхайыр бұл сәтті тиімді пайдаланбақ болды. Орыс үкіметіне

бұрыннан іштей кіжінулі ол күшіне қайта мінді. Орыс шекара үкіметіне өзі бастап шабуыл жасауды ұйғарды. Бұл жолы оған Бөкенбай да, Бопай да қарсы болмай, қолдады. Ұлы Қожахметті қайырмай жан ашуы шегіне жеткен Бопай жанды жерінен соғуды ұсынды. - Және ұмытылмастай жарақат салу керек. Тым болмаса айта жүретіндей болсын, - деген. Бопайдың бұл сөзі демеу болған Әбілхайыр орыс үкіметіне шындап бір күш көрсетуді ойлады. 1746 жылдың 13 ақпаны күні бір мың бес жүз адамдық қолмен Жайықтың Гурьевтен төмен теңіз бетінен мұз ұстімен өтіп, Қызылжар қаласы маңында отырған қалмақ ұлысына шабуыл жасады. Қаны қайнаған Әбілхайыр ұлысты ұмытылмастай қып тонады. Жарты миллионнан астам жылқыларын айдап әкетті. Тағы осы маңда отыратын орыс балықшылары қыстағына шабуылдап, 75 адамын өлтіріп, 638 адамын алдына сап тұтқындап қайтты. Оның ішінде атақты орыс купецтері А.Ганюшкин, И.Ветлугин, А.Версин, тағы басқа да Астрахань, Оренбург шекара үкіметтеріне қатысы бар ықпалды адамдар болатын. Бұл – орыс үкіметінің жанына бататындай қимыл болған. Оған Бопайдың іштей айызы қанған. Өйткені, Неплюевтің Жайық казактарын қолдап, қазақ ауылдарын қырғынға ұшыратқан ісіне лайықты жауап болды. Хабар жеткен Неплюев сазарып тұрып қалған. Иван Иванович Неплюев Бірінші Петр патшаның жақын адамдарының бірі. Ол Орен-бург комиссиясының бастығы болып 1742 жылы тағайын-далған. Осыдан екі жыл бұрын Оренбург комиссиясы губер-ния болып қайта құрылды да, ол ендіден былай губернатор атауын алған. Ол Анна Иоановна патшайым кезінде патша сарайындағы абырой-беделін сақтап қалды. Ал, жаңа патшайым Елизавета Петровна кезінде А.П.Волынскийдің белгілі саяси ісіне қатысы бар болып шығып, бұл – оның бұрынғы беделіне нұқсан келтірген. Әйтсе де император-шаның оған деген пиғылы өзгермеді. Патшайым уақытша ғана орталықтан аулақ ұстауды ұйғарып оны алыстағы Оренбургке қызметке жіберді де, ел оны жер аударылды деп білді. Жаңа жердегі жаңа қызметі оған ұнаған. Онда ол патшайымның ісін оның өзінен де өткізіп жіберді. Оренбург қаласын Қызыл таудан Сакмар өзені Жайыққа кеп құятын жерге әкеп салды. Кейін бұл қаланы Ресейдің Азиядағы басты сауда қақпасына айналдырды. Ол асқан салқынқанды да, айлакер – қу да, өлшеусіз қатыгез де адам болатын. Алғашқы күнінен бастап-ақ қазақ билеушілерін Ресейге толық бағындыруға шешімді де батыл кірісіп кетті. 1742 жылы Жайық жағасынан Ильинский қамалын, сол жылдың қыркүйек айында Воздвиженский қамалын салдырды. Ал 1743 жылдың жазында Жайықтың оң жағалауынан Таналыцкий қаласын бастап, Сакмар өзеніне Бердский слободасын салдырды. Сол жылдың сәуір айында жаңа қамалдардың аралық тұсынан Оренбург қаласының құрылысын салуға кірісіп кетті. Ал, 1747 жылға дейін

орыс-қазақ шекарасы маңынан 38 қамал, 36 тірек, 3 – казактар тұра-ғын салдырды. Соның ішінде 1743 жылы салдырған Жайық және Гурьев қалашықтары да бар еді. Бұл қалалардың барлығы да қамал ретінде салдырылған. Ондағы түпкілікті мақсаты қазақтарды Ресейге біржола бағындыру еді. Шекара үкіметі басшыларының Қазақ Ордасының талаптарын елемей отырғанда осындай күш көрсету, астамшылық та бар болатын. Мұны сезіп те, түйсініп те отырған Орда осы жолы орыс үкіметіне жұдырығын батырып жіберген. Бұл Неплюевті састырды. Өйткені, онда мән бар еді. Елизавета патшайым да, сенат та оған Орта Азия мемлекеттерімен, оның ішінде Қазақ Ордасымен аса сақ қатынас жасап қарым-қатынас, сауданы реттеу, бодандық талаптарын бұзбау, сауда керуен-дері үзілісіне жол бермеуді тапсырған болатын. Ал мына жағдай оған кереғар. Қазір күшке сүйеніп әскер шығарса не оқыс қимыл көрсетсе, мұның арты шиелінісіп кетіп, ол Ресей үкіметі алдындағы сенімін жоғалтып алары сөзсіз. Ал оны елеусіз қалдыруға тағы болмайды. Сонда не істемек? Неплюев Әбілхайыр ханның осындай қырсықты қимылдарынан құтыла алмай-ақ қойды. Ол тілін тістеп біраз тұрды. Қырсық ханның қисынсыз қимылдарынан, қылығынан қулығы арқасында құтылып және талай тісін батырып та келе жатқан. Осы жолы қисынды қулық таба алмай, ішінен тістеніп, мерезденіп тұр. Бұрын да талай Әбілхайырдың өзіне хат жазып, талап қойғаны есінде. Алдымен патшайым сарайында кепілдіктегі ұлын кері қайтаруды талап еткен. Үш ордаға бөлінген қазақтың кіші ордасының ханы бұрынғы Петр патшаның пікірлесі де ең жақын адамы, соңғы патшайымның да алдында бедел-билігі зор, әмпей-жәмпейі бір ұлы Ресей мемлекетінің үлкен қайраткері, Ресей әкімшілігінің қазақ даласына бекітілген губернаторы Неплюев үшін кім. Қазақтың қай ханына да осындай астамшылықпен қараған Неплюев Әбілхайырды да көзге ілмеген. Өткенде бірде осы ханның әйелі Бопайдың хатын алған. Ол хат губернатордың столы үстінде жатты. Ол осы өлкедегі патша әкімдігіне ханның өзі де емес, оның әйелінің хат жазғанына таңданбаған, күлген. Ақылсыз әйелдің мұны күйеуімен келісіп отырып жазғанына шек келтірмеді. - Енді әйелінің сөзін тыңдау қалып еді. Ол мырс етті. Қолындағы хатты әрі ысырып тастады. Оған жауап бермеді. Ортаншы ұлы Қожахметті аманаттан босату-ды, не аманатты алмастыруды өтіне сұраған бұл хатына жауап болмаған Бопай бұған дейін орыс шекара үкіметіне үмітпен қарап келген болса, ендіден былай оның Неплюевке деген сенімі біржола жоғалған еді. Әбілхайыр да күдер үзіп, аманаттағы Қожахметін де, қазақ жүздерін орыс елінің ықпалымен басқаруды орталықтандырып үлкен хандыққа қол жеткізу үміттерінің күш теңдігі болмаған жағдайда мүмкін еместігіне көзі жетті. Неплюевтің өзіне қарсы әрекет жасап, орда алдында ханның ықпалын түсіруді көздеп жүргенін енді түсінді. Бұл кезде Қожахмет

Оренбургке алдырылған, Сорочинский қамалында еді. Сегіз жылдан бері көрмей сағынып, ет-бауыры үзілген ана ең болмаса ұлын бір көріп қайтуға Оренбургке келген. Губернатор қабылдамады. Сорочинский қамалы маңына да жуытпады. Бұл сапарынан көз жасына ерік беріп қайтқан Бопайдың орыс шекара үкіме-тіне деген жүрегі тас боп қалған. - Орыс ұлықтарынан енді қайтып жақсылық күтпейтін болдық-ау,- деді күдер үзіп қайтқан Бопай. Осы сапарынан кейін Бопай орта және кіші жүз старшындарының жиынына қатысып, сөз сөйледі: - Құдайым-ау, қазақтың басынан қашан тұман арылып, тыныш күн орнап еді, -деп бастады ол таусыла сөйлеп. -Қашан ол ертеңгі күннен қуаныш тауып еді. Қанды жас ақпай көз сорасының құрғаған күні бар ма еді. Мен өзім өмірге келіп көзімді ашқалы ондай күнді көрмеппін. Өмірін көк найза үстінде өткізген әкем Сүйіндіктің тыныш атқан таңы болмап-ты. Көрер таңын көзбен атырып, өмірін өткізген аталарымыз-дың басымызға қондырып кеткен ақ ордасын қалайша көз алдымызда шайқалтып аламыз. Жау жағадан алғанда бөрі етектен алады. Анталаған жау тұс-тұстан тап бергелі тұр. Мұндай шақта ердің ері ғана елін, шаңырағын қорғап қала алмақ. Алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді. Аузымыз бір болса бізге қай жауымыз да батылы жетіп шабуылдай алмақ емес. Құдайға шүкір, қазақ әйелі қай кезде де ұл туған. Ел қорғар азаматтарымыз бар. Найза ұстаған батырларымыз ел күзетінде қырағы тұр. Қандай жау да бізді ала алмайды. Осындай сенім мен үміт, түйсік пен үрей қатар келіп орналасқан шақта тұңғиықтан ауызбірлігіміз ғана алып шықпақ. Осы күнге дейін үрейлі күн кешіп келсек, ол ауызбіршіліктің жоқтығынан. Құрып келгеніміз сондықтан. Біздің осы қасиетіміз түбімізге жете ме деп қорқамын. Егер осы жолы да басымыз бірікпесе бұдан да қаперсіз болмайық. Елдігіміз сынға түскелі тұрғанда құдай тас төбемізден соғып жүрмесін. Талай сыннан өтіп едік қой. Жаратқан ием қолдап еді ғой соның бәрінде де. Халқымызға осындай ұлылық қасиеттерін берген жаратқан иемнен айналып кетейін. Елдің елдік, ердің ерлік қасиеті сыналар шақ осы. Жаратқан иеміз ерлерімізге батырлық та, намыс та берген. Жүрек жұтқан ерлеріміз тұрғанда біз кімнен ығамыз, кімге құл боламыз. Бір ғана кемдігіміз – бірліктің жетпей жатқаны. Халқымыздың ұлылығына дақ түсірмейтін де осы. Алар асуымыздан айырылып қалып жүргеніміз де осыдан. Осыдан ақсап, жауымызға айбар таныта алмай, дұшпан алдында ханымыз Әбілхайыр талай жер болып, жердің үстімен барып, астымен қайтқан кездері аз болды ма? Осы бірліктің жоқтығынан орысқа да, орманға да, қалмаққа да, башқұртқа да талай жем болдық емес пе? Жауға салар семсеріміз – маңдайға ұстар қалқанымыз – хан Әбілхайыр емес пе еді. Отқа көсеу, суға ескек болмап па еді. Халқы жауға таланса алдымен шабар Әбілхайыр емес пе еді. Сендер үшін оның отқа

күймеген, суға түспеген кезі бар ма еді. Ел басына күн туса алдымен шырқырап соған батты емес пе. Содан Әбілхайырдың көрген тозағынан басқа не рахаты бар. Қане ақиқатын айтайықшы, қайсысымыз оны билеуші деп таныдық. Тіптен хан екен деп құлағымызға да ілмедік емес пе. Бәріміз де бала сүйдік, бала үшін отқа да, суға да түсуге әзірміз. Ақиқатын айтайықшы, қайсысымыз ұлымызды бір күн кісі есігіне түнетіп, не жат қолына беріп көрдік. Әбілхайыр да осы отырған өздеріңдей пенде. Сөйте тұра ол қай ұлын да сендер үшін жау қолында ұстап келеді. Нұралыны, Ералыны, Қожахметті неше жыл орыс елінің пендешілігінде ұстап, кепілдікке беріп қойды емес пе? Күні қазір де тағы бір ұлы Айшуақ кепілдікте отыр. Сонда кім үшін? Ол да өздеріңдей әке, мен де өздеріңдей анамын. Қай-қайсысымыз да бауыр етіңді бір сүйе алмасаң қандай күйде боламыз. Ал Әбілхайыр міне сан жылдар бойы сол бауыр етін бір сүйе алмай, жау қолына беріп қойып отыр. Сонда бұл кім үшін, не үшін? Сендер үшін емес пе? Осы отырған баршамыз үшін емес пе? Ел, халық тек Әбілхайырға ғана керек пе екен? Сұлтандар мен батырлар, билер мен ел ағалары сендер неге ұлдарыңды кепілдікке бермейсіңдер? Қырғыз-қайсақ елі бәрімізге бірдей ортақ болса, аманат та ортақ емес пе? Әбілхайыр да өз қанынан жаралған баласын жек көрмейді, не ол ерлік көрсетейін деп отырған жоқ баласының тағдырын қауіпқатерге байлап. Осының бәрі біздің қырғыз-қайсақ еліміздің басы бірікпейтін тұрақсызды-ғынан болып отыр. Солай бола тұрса да сол елін сақтап, қорғап қалу үшін ұлдарын бірінен соң бірін басын бәйгеге байлап беріп отыр. - Жә, өткен іс өтті-кетті делік. Енді еліміздің бүгінгі тірлігін, бүгінгі тағдырын ойлайық та. Әлі де кеш емес соңғы тынысымызда отырып елдігімізді сақтап қалуға. Ал батырлар, билер, старшындар, сөйлеңдер. Аузымыздан шыққан әр сөзімізді алла естіп тұр емес пе? Ендеше ақ сөйлейік. Осы арада Бопайдың үні қобалжып, көз алды кіреукелене қалған. Бір-екі моншақ үзіліп те кеткен еді. Онысын білдірмеуге тырысқан ол жаулығының ұшымен көз ұшын бір сүйкеп жіберді де орнына беттеді. - Дұрыс айтып тұр ғой. - Жөн сөз, - деген дауыстар әр тұстан естіліп жатты. Оның қазіргі мұңлы жүзінен орыс үкіметінің әділетсізді-гіне деген наразылығы, анасының баласына деген шегіне жетіп, үміт үзген, айтып жеткізуге болмайтын сағынышы көрінгендей еді. Осы арада өзінің де жан жарасы қозғалып, өкпе-бауыры үзіліп түсіп қалғандай күйде болатын. Неплюевке деген бұл ашу-ызасын Бопай қалай да өзіне білдіру керек деп түйді. “Генерал мырза, сіз бірде-бір ісіңізді аяқтап, бірде-бір уәдеңізді орындамадыңыз. Мен сіздерге керек емес екенмін. Сіздер менен жақсылық күтпесеңіздер мен де сіздерден ешқандай жақсылық күтпеймін.”

- Осы айтылғандар оларға ықпал етпесе, олардың да талап-тілектері ендіден былай қазақ хандығына ықпал етпейтін болсын, - деді Бопай орнынан тұрған Әбілхайырға естірте. - Тап солай болады,- деді хан кесімді үнмен. Бопай бұл соңғы сөзімен соңғы хатының әдеттегіге ұқсамай, ызғарлы айтылып, жазылғанын білді. Солай бола тұрса да, оны жұмсартуды ойламады. Сан жылдар шегіне жетіп, ширыққан ашу оған жібермеді. Бопай патшайым Елизавета Петровнаға да осы мазмұнда хат жолдады. Хаттар барар жеріне әлдеқашан жеткенімен ашу тарқамаған. Осындай ширыққан шақта Неплюевтен Әбілхайырға жауап хат та келді. «Бодан қазақ хандығының бейбастақ әрекеттері үшін хан өзі тікелей жауап береді. Оны жедел ауыздықтау сіздің міндетіңіз. Ал үш жүзден бірдей аманат ұстау орыс үкіметі үшін тиімді емес және бұл әділдікке де жатпас еді» деп жазылыпты. Бопай ханның жүзі қаны қашып, тым сұрланып кеткенін көрді. Әдетте ол бір тосын әрекет, қимыл жасарда осылай қаhарына мінер еді. Бопай оның ашу үстінде оғаш қимыл жасап, арандап қалуынан да қорықты. - Хан ием, - деді ол, - не істесеңіз де төңірегіңізге ақыл қосып істеңізші. Оның үнінен асқан аяушылық та, шарасыздық та есіп тұр еді. Бұл сезім ханның ең сүйікті де, аяулы адамын осындай қасіретті күйге түсірген жандарға деген ханның қаһарын оятып, оның ашу-ызасын шектен шығарып жіберген. Мұнан кейін оның бұлқан-талқан жан дүниесі өзіне билетпеді. Бұрқанған хан бұл жылдары аттан түспеді. Баласы атқа шапса әкесі үйінде отырып тақымын қысады дегендей уайымға батып, ернін тістелеумен отырған. Бопай жолына қарап ерінің тілеуін тілеумен болды. Кіші орданың соңғы кезде тым күшейіп, бейбастақ кетіп бара жатқанын Неплюев жасыра алмай Орданың патша үкіметіне наразылық қарекеттеріне тойтарыс беріп, күшпен бағындырмақ болды. Соның салдарынан екі арадағы ахуал шиеленісіп, ушыға берді. Алма-кезек шабуыл, қанды қақты-ғыстар жиілеп, орыс-қазақ қатынастары үзілді. Орыс-қазақ, орыс Орта Азия сауда керуендері тоқтап қалды. Енді ушыққан жағдайды күшпен түзете алмасына көзі жеткен Неплюев арадағы шиеленіскен жағдайды Ресей үкіметінен жасырып қала алмай, ақыры мойындауға мәжбүр болды. 1746-1747 жылдары И.И.Неплюев Петербургте орыс үкіметі алдында Кіші Орда жағдайын мәлімдеп, бүлінгеннің бәрін Әбілхайыр-дың жаулық әрекетінен деп жеткізді. Және өзінің оқиға тізгінін қолдан шығарып алғанын, енді болса оны түзетуге шамасы келмей қалып отырғанын еріксіз мойындады. Неплюевтің бұл мәлімдемесі орыс үкіметін қуантқан жоқ. Өйткені, оған сеніп тапсырылған міндет – орыс үкіметіне қазақ даласы арқылы шығыс алтынына, Индияға жол ашу орындалмай қалған еді. Сондықтан патшайым да, сенат та оған жылы қабақ танытпады, маңдайынан сипамады. Ал Неплюев Ресейдің Оренбург өлкесінде болып жатқан

жағдай-ды реттеу үшін Әбілхайырды хандықтан аластатып, Кіші жүзге өздеріне ыңғайлы жаңа хан сайлауды ұсынып, жоғары-дағы ескі таныстары арқылы қимыл жасады. Онысынан ештеңе шықпаған ол 1747 жылдың тамызында шет ел істері коллегиясы алдында Кіші жүз қазақтарына қарсы қатаң шаралар алу құқығын беруді сұрады. - Қулығы басым ханды тек солай ғана бағындыруға болады, - деп өжектеді ол, - егер маған сондай құқық берсеңіз мен Жайық казактарының күшімен-ақ олардың бір-екі ұлысын бесіктегі баласына дейін қылышпен турап, елін алдымда дірілдеп отыратындай қылам, сонда хан алдымда құрдай жорғалар еді. Отырған сенат мүшелері қозғалысып қалды. Бұл жерде пікір екіге жарылды. Асқан қатігез губернаторды қолдау-шылар да табылды, қарсы шыққандар да болды. Осы жолы үкіметке бірнәрсе айқын еді. Ол – губернатор мен ханның арасындағы қатынастың шегіне жеткендігі. Ресей мемлекеті-нің қыр қазағы жөніндегі мақсаты сауда-саттық және шығыс алтынына жол ашудың тым күрделіленіп, шиеленісіп, енді шешілмеуге айналып кеткелі тұрғаны айқын болған. Патшайым сенатқа жағдайды жедел түзетуді тапсырды. Осыдан кейін үкімет екі жақты келісімге шақырған шешім қабылдады. Ресей үкіметі атынан ханға келісім жөнінде грамота беріп, Неплюевпен достық қарым-қатынасқа үндеді және оған қоса 1748 жылы мамыр айында Ресей шет елдер коллегиясының нұсқауымен бұл кезде қазанда жүрген дипломат Тевкелевті арнайы сапармен жіберді. Жүрер алдында ол Анна Иоанов-наға шақыртуымен кіріп шықты. Сенаттағылар да арнайы қабылдады. Олардың бәрінің де сөзі бір жерден шығып жатты. Тапсырма біреу – Ордамен қарым-қатынасты қалпына келті-ріп, шығысқа жолдың негізін қалау. Ол үшін сенаттың берген нұсқауы – Оренбург губернаторы Неплюев пен Кіші Орда ханы Әбілхайырдың арасындағы қайшылықты реттеуден бастау. Бұл жолы ол өзі де осы Оренбург комиссиясының бастығы граф Неплюевтің қарауында қызмет етуге келеді. Губернатор Неплюевтің үстінен Ресей үкіметіне Әбілхайыр түсірген арыз көп. Соның бәрін шешіп, Кіші Ордамен арадағы жағдайды реттеу осы Тевкелевке тапсырылған. Әбілхайырдың үстінен Неплюевтің таратқан мәлімдемесі де аз емес. Ақыр аяғында әбден ызаланған хан Кіші жүз ордасымен түгел Жоңғарияға не Ташкентке көшіп кетемін деп те, не бодандықтан шығып кетуге де мәжбүрлеп отырсыңдар деп те орыс шекара үкіметін қиналтпақ болған. Тевкелев осының бәріне терең үңіле қарады. Әбілхайырдың да, Неплюевтің де бір-бірінің үстінен жазысқан арыз, мәліметтерімен Тевкелев Петербургте жүріп танысқан. Енді байқап қараса Неплюевті де толық ақтай алмайды. Әйтсе де Әбілхайырдың ызасы басқада сияқты. Оны орыс патшайымы күллі қазақ ордасының ұлы ханы етіп тағайындамағаны. Ол ұлан-ғайыр билікті қолына жиып алғысы келеді. Бірақ ол ойы орындалмаған ханның ашуы шегіне жеткен. Ханның орыс шекара мемлекетімен келіспеушілігінің негізгі түйіні осы деп

білді. Ол кезінде бірге келіп ант берген батырлар мен билерін, старшиналарын енді Ресейге қарсы қойып отыр. Тевкелев Орданың бодандықтан шығуына қандай негіз бар деп өткенге көз жүгіртеді. Бірақ оған негіз таба алмайды. Ресей қазақ ордасын қорқытыпүркіткен жоқ. Көрші отырған қазақ-орыс ауылдарының барымтасынан өзге орыс үкіметі қазақтардың малына да, жанына да, жеріне де зиянын тигізбеген Жайық бойына да орыстар келіп қоныстанбаған. Қазақ Ордасы орыстан пайда көрмесе зиян көрмеген. Орданың орыс үкіметінен көрген пайдасы – алдымен Ресей Орданы қорғап, жоңғарларға ескерту жасады. Орданың Ресейге бодан ел екенін айтып, Қалдан Церенге елші жіберіп, Ордаға шабуылы Ресейге шабуыл жасағанмен бірдей деп білетінін айтты. Және бұл құр сөз емес, Жоңғариямен шекараға орыс жасақтары, әскери полктер барып тұрды. Осы қолдаудың арқасында қазақтар батыл шабуылдап, жоңғарларды қуып, жерін тазартып алды емес пе? Екінші пайдасы - қазақ сұлтандары мен старшындарының өзара қақтығыстары сап тыйылды. Үшіншіден, орыс пен Орда арасында сауда керуендері жүре бастады. Тевкелевтің Әбілхайырға қарсы қояр жауабы осы. Егер Әбілхайыр бұған көнбей түсінгісі келмесе, онда оны жолдан алып тастауға тура келеді. Ондай жағдайда үкімет ханды түсіріп, орнына басқа бір ыңғайлы адам қарастырмақ. Осындай пиғылмен шыққан Тевкелев он күн жүріп келіп, Оренбургке де тоқтамай тіке Орскіге тартқан. Тевкелев Орскіге жақындаған сайын күйме үстінде келе жатып, шығарда шет ел коллегиясы берген нұсқаулықты қолына алып, беттеріне көз жүгіртеді. Оның мына бір асты сызылған тұсын қайталап оқиды. “Егер Әбілхайыр хан мұнан былай айтқанға көнбей бейбастақ әрекет жасайтын болса оны хандықтан алып тастау керек те, орнына оның әулетінен ыңғайлы, қолайлы біреуін таңдау керек”. Тұяқ баспаған қазақ даласының қара жолымен күйме ырғала түседі. Ұзақ жолда ырғатылып,

күйме үстіндегілер мезі боп келеді. Жолсоқты жолаушылардың қақ маңдайынан кенет бір жаңалықты көрініс пайда бола кетті. Шетсіз-шексіз қара жол еріксіз сүйреп келе жатқан жолаушыларды ұйқы-сынан оятып жібергендей. Шындығында қыземшектеніп кел-ген қос таудың аралық тұсынан баурайға жайыла орналасқан жаңа қамал бұрынғы жатқан далаға ерекше бір өң беріп тұрған. Жолаушылар мына көрініске жарыса көз тікті. Петер-бургтен суыт жүріспен Оренбургке де тоқтамай Орскіге төтелеп келе жатқан оларды мұнда жолына көз тігіп күтіп отырған. Бұл Құтлымұхамед мырзаның араға он бес жыл салып келе жатқан осы өлкеге екінші сапары. Ол кезде Құтлымұхамедтің көз алдындағы көрініс тіптен басқаша болатын. Қазір алдынан оянып бас көтерген мына қырдың көрінісі ол кезде тіптен бөлек еді. Көз сүрінер қара жоқ тырдай жалаңаш бұл далаға көз тоқтамаған. Бұл далаға елші боп келіп, әлдекімдердің көңілін аулап, қызылды-жасылды шүберек

бөлістіріп, алдына келгендердің ешқайсысының бетіне қарамай, сен жақсы - мен жақсымен шығарып салатын Құтлымұхамед мырза болса, бүгін Ресей үкіметі сенатының арнайы тапсырмасымен келе жатқан кеңесші әрі осы өлке билеушілерін тәртіпке шақыра келе жатқан үкімет атынан сөйлейтін қолында билігі бар бригадирі. Россия шетел істері коллегиясының кеңесшісі. Оның алыстан арып-ашып келе жатып Оренбургке бір күн де аялдамай, суыт жүрісінің мәні осында болатын. Оның келе жатқан хабары әлдеқашан шыққан және асыға күтіп отырған. Тау етегіндегі жаңа қамалды бетке алып қыр басынан асығыс құлаған шағын керуенді мұндағылар алдынан шығып күтіп алды. Керуенге қамал қақпасы кеңінен ашылды да, алдарынан орыс офицер-лері шығып, содан кейін сап түзеген орыс жауынгерлерінің жасағы көрінді. Жасақ алдында тұрған майор шенді жирен адам – қамал коменданты болатын. Тевкелев қамал комендан-тының рапортын қабылдағаннан кейін күнілгері әзірленген шатырларының бірінде арнайы бөлмеге орналасуға келіп тұрған бетінде оның алдынан Әбілхайырдың үлкен ұлы Нұралы шықты. Әлгінде меймандардың алдынан шығып, қамалға қарай құламас бұрын күтіп алған Әбілхайыр балалары жолда ештеңе дей алмаған. Ә дегеннен бұйымдарын айтудың ретін таппай қысылған. Енді қазір сол бұйымтайын ерте бастан айтып қоюға әдейі күтіп тұрып алдынан шыққан. - Аса құрметті Құтлымұхамед мырза, хан сіздің өзіне жедел келіп кетуіңізді сұрайды, - деді бұрыннан әскери тәрбиесін көріп, оның дәстүріне қанығып өскен Нұралы бар қимыл-қарекетімен сол дәстүрді сақтап, сыптай бойын тік ұстап. Қазір оның баяғы Құтлымұхамед емес, мемлекеттік кеңесші екенін біле тұрса да, оның сол бұрынғы аралас болып достасып кеткен есімін айтып, өзіне жақын тарта сөйледі. Ескі досының келе жатқан хабарын естіген Әбілхайыр осы жолы Орскіге отбасымен келіп жеткен. Сан жылдар шеше алмай, ішіне мерез боп қатқан жайларды айтып, шерін тарқатар жан таппай, орыс патшайымынан күдер үзіп, Неплюевтің жасаған қианаттарына көнбей, төңірегімен түгел тартысып, енді соңғы үмітпен күні бұрын алып-ұшып осында келіп жатқан. Егер тыңдаса оның Неплюевтің үстінен де, қазақ даласындағы жағдаяттардан да айтары көп. Және бұл оның соңғы үміті, соңғы айтар жері. Басқа барар жері қалмаған. Ерте бастан келген себебі сол – күнілгері жетіп, ескі танысы ұлықпен жүздесіп, жобаға келсе сыбырлап мән-жайды түсіндіріп, жеткізіп қалу. Мүмкін құлақ қояр деп дәмеленеді. Ал лауазыммен келген Тевкелев мырза тым салқынқанды. Нұралыны тыңдағаннан кейін дөңес маңдайы жиырыла қалды. - Өзі келсін, - деп сәл іркіле түсті де, бұрылып жүріп кетті. Бұл күні ол ханды қабылдауына кешке шақырған. Ол біраз күттіріп барып қабылдады. Бірақ қабылдауда Әбілхайыр күткендей емес, өзін салқын ұстады, қол беріп иіліп, тағысын тағы қабылдаудың әдеттегі дәстүрін жасады. Сосын бір

кездегі өзін талай қауіп-қатерден қорғап қалған ханның өн бойына көз тоқтата бір шолып өтті. Соның өзінде ол көп жайды, уақыт әкелген өмір өзгерістерін ханның қазіргі кейпінен айқын аңғарғандай болды. Бір кездегі нарттай қызыл шырайлы, сом денелі жігіттің енді болса, маңдайын әжімдер шимайлап, қос самайын ақ шалып, біраз мүжіліп қалғанын көрді. Көздерінің асты да бұрынғыдай шырақша жанып, алаулап тұрған жоқ, бозара түскендей. Ол хан мен Бопайдың денсаулығын сұрастырды. Ал хан да өз кезегінде орыс патшайымының абырой-амандығын, патшайым сарайындағы аманаттары - ұлы Қожахмет туралы сұрап келді де, айтар уәжіне кірісіп кетті. Шыдамы жетпей арыз-ашуын үйіп-төгіп жатты. - Қарғыс атқыр Неплюев мені орыс патшайымы алдында абырой-беделімді төкті. Казактарды ауылдарға айдап салып жүрген де сол. Батыр, Барақ, Әбілмәмбет сұлтандарды маған қарсы айдап салып, өшіктіріп отырған да сол. Ол жоңғарды да алдап кеткен алаяқ. Бүгін Неплюевтің қойны-қонышын аралап, іші-бауырына кіріп алып отыр. Күні ертең оны да сан соқтырып кетері хақ. Неплюев оларға оқ-дәрі, мылтық беріп қойып отыр. Оның пиғылы - мені тақтан тайдырып, орнымды Барақ, Әбілмәмбеттерге әпермекші. Ол өшіге сөйлеп, сөздерінің ақ-қарасын таңдамай жан сырын бұрқыратып жатты. Аузынан шыққан әр сөзін қалт жібермей қарсы алдында Неплюев қағып алып отыр. Оның парик әнебір жарасып тұрмаған сопақша жүзі шаң басқан шанаштай шандырланып, қуарып кетті. Көгілдір мауыты мата жамылған отырғышқа маңғаз шалқайды. - Алексей Иванович, - деді ол әбден сөзін тасқа басқандай қадай сөйлеп, - біздер Орда ханын тауып сайлай алмай қателесіппіз. Сенің Әбілхайырың біздің ісімізге жарамайды. Ол Россия үшін нашар қызмет жасады. Өкпешіл, кеудемсоқ адам. Өзінен басқаны көрмейді, білмейді де. Оның еңбегі тек жүздеген ру басылары мен старшындарды бодандыққа ант қабылдауына ғана көмектесті. Бар болғаны сол ғана. Енді болса бүкіл Орданы Россияның аяқ астына жығып бергендей міндетсінеді. Ол Россияға Орданы қоластыма жиып бермедің деп өкпе артады. Ол күллі қазақ ордасына өз билігін жүргізбек. Оның кінәсінен Россия шығынға батты. - Өктем ханды орнынан алу керек. Оның уақыты әлдеқашан жеткен. Бүкіл қазақ ордасындағы барлық дау-жанжалдың басы осы Әбілхайыр болып отыр. Оны орнынан алсақ бәрі тынышталады. Өзінің қоластындағы хан, сұлтан, сташындарының өзі оны түтіп жеп қоюға әзір. Сол бір қаннан тараған сұлтандарының өзі оған қарсы. Қоластындағы батыр, сұлтандарына қадірі жоқ хан кімге керек. Осы сәттегі ащы күлкісінен оның ханға деген ашу-ызасы көрініп тұрды.

Хан мен Тевкелевтің әңгімесі келесі күні де жалғасты. Бұл күні оның қабылдауына Бопай да келген. Тевкелев оны шақырмаған. Бопайды әлдебір жайлар алып келген. Мерзімі өткен аманат Қожахметін орыс үкіметінің жібермей отырғаны жанына батқан оның да өкпесі қара қазандай. Әйтсе де жүрегі жаралы ана қайсібірде орыс үкіметінің жақсылық жақтарын да теріске шығара алмайды. Бодандықтан Орда зиян көрген жоқ. Әнебір жылы орыс елшісі Құтлымұхамед мырзаны еліне шығарып салып тұрып, жақын маңнан қала салынса қас-қабаққа жағатын бояуларды алып тұруға жақсы болар еді деп әзілдегені бар-ды. Сол жолы онымен бірге аманатқа кетіп бара жатқан Ералысына да реті келіп, аузың жетіп жатса айтып қаларсың деп қала салуды сұрағаны бар. Кейін сол елші мырзаға да, губернатор мырзаға да мен әдемі болғым келеді, маған қас-қабаққа жағатын бояу беріп жіберсеңіз, деп хат жазғаны да есінде. Енді соның бәрі орындалды. Міне, ол қазір сол армандап сұраған қаласында отыр. Орда үстімен сауда керуендері ары-бері шайқалып өтіп жатыр. Орда халқының керек-жарағы жақын жерден бітуде. Оны қалай жоққа шығара алар. Ал көрші елдермен арадағы қақтығыстар жөнінде әңгіме басқа. Барымта қай заманда қалған. Жайық казактары көрші қазақ ауылдарын шапса, оны орыс үкіметінің өкімімен жасап жатпаған болар. Берідегілер-дің бұзақылығынан, ұлықтардың қиқарлығынан хан қасары-сып, екі ел ерегеске түсіп, кетісіп қалып жүргені құпия емес. Мұндайда төрдегілердің таяқ жейтіні әу бастан бар емес пе? Әбілхайырдың сондай бұзақылардан елімді, жерімді қорғай-мын деп ақыр аяғында орыс үкіметіне жаманатты көрініп отырғаны емес пе? Бірақ оның жайын кім түсініп жатыр. Бопайдың ойынша Әбілхайырдың айыбы - кешіре білмейтін-дігі. Бірақ солай екен деп орыс үкіметін түзете алмайсың. Бодандықтың бір жағы – қайткен күнде де өзінен күшті орыс мемлекетіне тәуелділікте тұр. Оған мойын бұрмасқа амал жоқ. Ал, мұның бәрін Бопай ойлағанымен, Әбілхайырдың өктемдікке төзе бермейтінін біледі. Оның бұл қылығының орыс ұлықтарына жақпайтыны тағы ақиқат. Ресейдің жергілікті үкіметі мен ханның келіспейтінін біледі. Сонда бұл араздық шешілмей тереңдеп кете бермек. Осы келіспеушілік Әбілхайырдың да шашын ағартты. Бопайдың да жетесіне жетіп болды. Ары тартса арба сынып, бері тартса өгіз өледінің кері келіп тұр. Одан құтылудың жолы қайсы. Шешімін таппай басы дал болды. Келесі күнгі мәжілісте де жағдайдың шешімін табар жолы көрінбеді. Әбілхайыр өзінікін дәлелдеп кінәні Неплюевке үйіп-төгеді. Сан рет дауыс көтергенімен орыстың қол ұшын бермейтіндігі айқындала береді. Олар ханды өшіктіріп, қыспаққа алады. Оған хан өршелене түседі. Әбілхайыр Тевкелевке Оренбург ұлықтарының ханмен де, Орта және Кіші жүз старшиналарымен де байланыс жасамайтындығын айтады.

- Ендіден былай менің өлігімді аттап өтіп қана Ордамен байланыс жасайтын болады,- деді ол,- олай болмасын десеңдер мына ұлықтарыңа тыйым жасаңдар. Ашуға булыққан хан тұншығып қалды. Осы сәтті Тевкелев пайдаланып сөйлеп кетті. Ол хан талаптарының негізсіз екенін айтты. Оған кінә тағып, дауыс көтере сөйледі. - Бұған көнбесең бұрынғыңнан да айырыласың, - деді ол. Бұл күні Бопай бұл әңгіменің ішінде болса да ауыз ашпаған. Ол айтарын ішке сақтап, кезегін күткен. Кезегі келесі күні келді. Кешегі әңгімені өз көзімен көріп, өз құлағымен естіген Бопай айтысып-тартысуды жөнсіз көрді. Оған түсінер жанның болмасына да көзі жетті. Ол ұлықтың алдына қаралай шаршап келген. Тевкелев ұсынған креслоға сұлқ отыра кетті. - Біздердікі өзің білетін тірлік қой, көшеміз, қонамыз,- деді ол ескі танысын іш тарта сөйлеп. Хан бұл маңда тұрғысы келмейді. Әлденеге көңілі бітпей күйіп-пісіп жүр. Ол Тевке-левке қарай ұмсыныңқырап отырды да, сыбырлай сөйледі. - Біздің қазақта ат тізгінін ұстай алмасаң, астыңдағы атың да еркіне кетеді дейді. Құтлымұхамед мырза, хан тізгінді басқа біреуге ұстатар кез жеткен сияқты. Ол тізгінді енді сұлтан Нұралы ұстауға тиіс. Ол осы қалпында баяу үнмен сөзін жалғай түсті. - Ал, ханның өзі бұлай жасағысы келмейді. Осылай кете берер болса хандықтан айырылып қалғалы тұр. Онысымен тұрмай басы кетуі де мүмкін. Сондықтан да, Құтлымұхамед мырза, жәрдемдесіңіз. Ордаға келіп қайтыңдар. Көлік қалды-рып кетемін. Байланыс үзілмесін десеңіз бір жігітіңізді қосып жіберіңіз. Бопайдың бұлай деуінде мән бар еді. Өйткені ендіден былай тек осылай ғана жасау керек екенін түсінген. Бұл ойын Әбілхайырдың өзіне де айтқан біраз бұрын. Бірақ Әбілхайыр әдеттегі қыңыр мінезіне салып, алған бетінен қайтқысы келмеген ыңғай танытты. - Енді Неплюевтен, Барақ пен Әбілмәмбеттен қорқып ығына құлай кет демексіңбе? – деп оны қайырып тастаған. – Бұлар маған бүгін жасап отырған қысастығын ертең Нұралыға жасамайтынын қайдан білдіңдер. Орданың ертеңгі жауы бұдан да қатігез болып келеді. Көресіні сонда көрерсің, - деген. Оның бұл сөзінде біраз шындық жатқанын Бопай да білді. Бірақ одан өзге амал қалмағанды. Енді бұдан да айырылып қалу қаупі туып тұрғанын хан сезінер емес. Орыс үкіметімен жанжалдаса берудің ақыр аяғы осыған соққалы тұр. Одан құтылу жолы хан тағынан бас тартып, мұрагері Нұралыға қалдыру. Бірақ оның да билігі - орыстың, осы отырған орыс ұлықтарының қолында. Бұлармен ащыласудың аяғы хандықтан айырылып қалуға соқтырмақ. Бопайдың қауіп етіп отырғаны да осы. Оның бұл айтқандарына Құтлымұхамед мырза түсінді ме, түсінбеді ме, ол арасын айыра алмады. Айтарын айтқан Бопай одан

әрі жауап күтпеді. Қазір баяу қозғалып орнынан тұрды. Сосын ұлықтар дәстүрімен қолын кеудесіне жинап сәл иілді де асықпай шыға берді. Тевкелев көзін жұмып орындығына шалқайды. Неп-люевтің айтқандарында да шындық бар, - деп ойлады. Ал Бопай ханым қандай көреген адам. Ол мұнан он жыл ілгеріні болжап отыр. Ол жанына баяғы Тақтайбайдың баласы, қазір оған атқосшы болып Петербургтен келген Амантайды шақырды. Ол - баяғыда осыдан он бес жыл бұрын өзінің Ордаға елші болып келгенінде елші ауылын шапқан Сырлыбай, Баймұрат, Ержігіт, Барақ, Батыр сұлтандар оқиғасында елшіні қорғап қалған ағалы-інілі Амантай мен Бектемір еді. Қазір өзіне оққағар болып кеткен ең жақын да сенімді адамы сол Амантайды шақырып алды да бүгін хан көшімен ханымға еріп баратынын айтып ханым тілегін орындады.

Губернатор Неплюев сенатқа Әбілхайырды жедел хандықтан түсіру жөнінде қанша күш, бедел салғанымен ештеңе шықпаған. Шетел істер коллегиясы қазақ ханы сайланбалы жолмен болатыны, ал Әбілхайырдың әлі де халқы алдында беделі бар екенін ескеріп, оған Россияның араласуы жөнсіз екенін айтып келісім бермеген. Ханмен жанжал патша үкіме-тінің құпия кеңесшісі губернатор Неплюевке де абырой әкелмеді. Ол саяси тұйыққа тірелген. Өйткені бұл Россия үшін пайдаға шықпайтын. Себебі - алдымен Россияның түпкі мақсаты – шығыс алтынына қазақ жері арқылы өтетін жалғыз жол жабылып қалғалы отыр. Екіншіден, Ресей мемлекетінің күшейіп келе жатқан Жоңғар мемлекетінен қорғаныстық маңызы бар еді. Қазақ жері жоңғар шапқыншылығынан да, болашақта Қытай қаупінен де қорғап, арада қалқан қызметін атқарып тұрған. Ал, Неплюев осы сенімді қалқанды бұзып, Ресей үшін қауіп туғызып отыр. Орск қаласындағы кездесу орыс үкіметі үшін осы қауіптің алдын алған кездесу болды. Ал Бопай бұл сапарында ұзақ уақыт көрмеген ұлы Қожахметпен қауышты. Әбілхайыр аз да болса райынан қайтты. Ол соңғы қақтығыстарда қолға түскен орыс тұтқындарын қайтарып, орыс шекарасында әскери шапқыншылықтарын тоқтатып, Қожахметінің орнына төртінші ұлы Айшуақты және орданың белгілі старшиналары-нан төрт аманат беруге келісіп қайтты. Және бодандық дегеннің тәуелділік еместігін дәлелдеп бақты. Бірақ Әбілхайыр бұл уәделерінің егер талаптары орыс үкіметі тарапынан орындалған жағдайда ғана іске асуын берік ұстанды. Және қазақтар өз қоластына толық қарағанда ғана Неплюевпен келісімге келе алатын талабынан бас тарпады. Бұл жолы орыс шекара үкіметімен келісім Әбілхайырды да, Бопайды да қанағаттандырған жоқ еді. Әбілхайыр ол наразылығын айтып білдірткісі келмеді. Ал Бопай айтқаннан

ештеңе шықпайтынын, шекара қатынасын бұзып алатынын ойлап ішке түйіп кетті. Бұл жолғы сапар орыс үкіметінің де бет пердесін ашып берген. Бодандықтың қазақ ордасы үшін оның қорғанысының, қауіпсіздігінің берік кепілі еместігін білдірді. Бірақ орын алған орда жағдайында одан бас тартуға болмайтын. Ендеше қазақ ордасының ертеңгі қауіпсіздігінің өзге де жайттарын қарастыра беру керек деп түйді. Сонда ол қандай жайттар. Орданың қауіп етер бес жауы бар. Бірінші қаупі – орыс. Бірақ онымен бодандықтан бас тартпай, араны ашып суытып алмау керек. Ал орыстың орданы сыртқы жауларынан қорғау ниеті бар-жоғын уақыт көрсетпек. Екінші жауы – башқұрттар – орыс патшасының боданы, яғни одақтас деп қарауға болады. Бірақ ол орыспен жақтасып Ордаға шаппайды. Олар Әбілхайыр соққысына төтеп бере алмайды, әскери күші әлсіз. Ендеше жеке-дара өзі Ордаға қауіпті емес. Үшінші жауы – қалмақтар. Олар да орыстың боданы. Ордаға орыспен қосылып шаппайды. Ал жеке өзі қауіп туғызғанымен оның әскері Әбілхайыр үшін айбарлы емес. Тек оның Жайық казактарымен, башқұрттарымен Оңтүстік-шығысында жоңғарлармен қосылып шабуынан сақ болу керек. Төртінші жауы – Иран, Хиуа түркмендері. Бірақ ол жақтан Әбілхайырдың қорғанысы сенімді. Өйткені, бұл бетте бірде Әбілхайырдың өзі, бірде 1744 жылы Нұралы Хиуаға хан болып сырын біліп отыр. Жер арасы шалғайлықтан бірде оңтүстікте, енді бірде терістікте Еділ-Жайық аралығында көшіп жүрген Ордаға төтен қауіп туғызбайды. Орданың бесінші жауы – жоңғарлар. Ең қауіпті жау. Одан Орданың қорғанысы қалай? Ол жағын Әбілхайыр іштей безбендейді. Ақыр аяғында олармен достасу жолын іздейді. Қауіпті жаумен достасу, мәмлеге келуді Бопай да қол көреді. Бірақ оның жолы қайсы? Әрі-бері ойланған Әбілхайыр да, Бопай да Жоңғарияға елші аттандырудан өзге амал таба алмаған. Егер Жоңғар қонтайшысы елшілерді жылы қабылдаса, бұл - айының оңынан туғаны. Ал дұрыс қабылда-маса ше? Елшілерді жібермей ұстап қалу қаупі де жоқ емес. Жолы болғанда бұл кезде жетісіп тұрмаған қонтайшы Сыбан-Рабдан Орда елшілерін жылы қабылдады. Баяғы Орбұлақ, Аңырақай шайқастарынан кейін ұзақ уақыт өзіне келе алмай, әрі 1745 жылы қонтайшы Қалдан Церен өліп, тақ таласынан шайқалып, оңтүстік шығысында Цинь империясы күнде сүзіп жанын қоймай әлсіреген олар ежелгі жауы - Ордадан да қауіпсіз емес-ті. Және олар Ордадан қауіп күткен бір жай – Орда орыс бодандығын алып, Ресей Жоңғарияға бірнеше дүркін елші жіберіп Орданың орыс қорғауында екендігін, егер қонтайшы Ордаға шабуыл жасайтын болса, оны Ресей өзіне соғыс ашты деп қабылдап, жауап соққы беретінін ескерткен. Онысын іс жүзінде растап және бұл ескерту сөз жүзінде қалмасын деп жоңғар шекарасына орыс жасақтарының бүтін бірнеше полктарын жіберіп, олар қазақ жеріне күшпен кіріп елге зорлызомбылық көрсетіп жүрген жоңғар қолын талқандап, аман қалғандарын кері қуып тастады. Орыс қолынан сүйеніш көрген қазақ қолы Жетісу өңірін басып

алған жоңғарларға қуып жүріп батыл соққы беріп, жоңғар табанында қалған көп жерін босатып алды. Оларды Жоңғар Алатауына дейін қуып тастады. Осыдан кейін қонтайшы Сыбан Рабдан біраз жуасып қалған. Осындай жоңғарлардың әбден әлсіреп, батыстағы торғауыт қалмақтарымен де байланысып біріге алмай отырған шағында Орда елшілері келген. Бұл кезде олар елшіге артық талап қояр жағдайы жоқ болатын. Сондықтан да қонтайшы Әбілхайыр елшілеріне жылы қабақ танытуға мәжбүр еді. Егер қонтайшы келісімге келетін болса Әбілхайыр онымен арада жеке байланыс орнатуды қалайтынын айтып тапсырған. Мұны Сыбан Рабдан хош алды. Жеке байланыстың арты Әбілхайырдың қалмақ әйелінен болған қызын қонтайшыға әйелдікке беретін болып келісумен аяқталды. Бұл - Орск сапарынан кейінгі жаңа жағдайда Орданы аман алып қалудың амалы, болашақта орыс үкіметіне сенбегендіктен жасалған әрекет еді. Орда басына төніп келе жатқан бұлт қазақты қам-қарекет жасауға, ата жауымен де бітісіп достасуға итермеледі. Мұның бәрін Бопай арыдан ойлаған. Орыс үкіметі Әбілхайырдың тақтан кетуіне мүдделі және ол ойларын ұзаққа апармай жүзеге асырмақ сыңайлы. Орда заңы – мұрагерлік жол. Бірақ оны орыс үкіметі тыңдай ма? Ол дәстүрді бұзып, Әбілхайырдың жауы Төре тұқымы туыстарының бірінің қолына берсе ше ол да мұрагерлік заңына саяды қылып. Бопайдың ішкі қаупі осы. Тап қазір Әбілхайыр өз еркінен бас тартып, хан тағына мұрагері Нұралыны отырғыза салуына болар еді. Және осы өлі аралықты пайдаланып солай жасау керектігі көрініп те тұрған. Бірақ оған Әбілхайыр көнер емес. Оның Төре тұқымы жауларынан өш алмай кетпек ниеті жоқ. Ор қаласынан қайтқасын үш аптадан соң белгілі тархан, әрі батыр Жәнібек Барақтың Әбілхайырға шабуыл жасауға жалайыр жігіттерін жинап жатқанын естіп келген. Жәдіке тұқымдары оған көз алартуын қоймаған қолынан келсе Әбілхайырдан тақты тартып алмақ. Берсе қолынан, бермесе жолынан алуға талаптанып жүр. Барақ пен Батыр оның қыр соңына түскен Әбілхайыр тірі тұрғанда оларға тақ бермек емес. - Менің өлігімнің үстінен аттап тұрып аласыңдар тақты, - дейді Әбілхайыр. Әбілхайыр Жәдіке балалары Барақтың да, Батырдың да өзін өлтірмек болып жүргенін сезді. Талай рет оған жол бермей кеткен, яғни қолға түспеген. Оның жауларынан іштей қаупі аз емес-ті. Ұзақ уақытқа созылған сол қаупін бастапқыда білдірмей жүргенімен кейінгі кездері сыртына шығарды. Өлерінен бірнеше күн бұрын осы қаупін қымыз ішіп отырып Бопай мен Нұралыға сездірген. - Өз ажалымнан өлем бе, әлде жауларымның қолынан өлем бе, әйтеуір ертелі-кеш бір өлім бар ғой, - деген ол, – егер жауымның қолынан көз жұматындай күн туып жатса, осы айтып кеткен өсиетім болсын. Ұрпақтарыма

көз салсын, сосын Барақтан кек алынатынын мәлім етіңдер. Бұл – көзім тірі тұрғанда айтқан соңғы өтінішім. Бопай Әбілхайырдың қаупін түсінген, өзі де қауіп еткен. Бірақ сыр бермей үнсіз тыңдап, екі арада күйіп-пісіп жүр. Бұл - бір. Екіншіден, жұдырығын түйіп отырған Орен-бург ұлықтары Әбілхайырға жасағандарын ертең Нұралыға да жасары анық. Мұның бәрі Орданың болашағын бұлдыратып жіберетіні сөзсіз. Одан арысын ойлау қиын. Соның бәрінің алдын алуды Бопай осы жоңғарлармен байланыстырады. Осындай заманда Орданың болашағы үшін жасамақ бұл қарекеті -қонтайшының құдалығы Ордаға демеу болар еді. Орскіде губернатор Неплюевпен де, Россия шет елдер коллегиясының кеңесшісі Тевкелевпен де өткен жолғы кездесуден кейін Орданың ертеңіне күдік көбейді. Орыс шекара үкіметі ендіден былай айтысып тұрып кеткен Әбілхайырдың да, бар құпиясын ішке бүгіп үнсіз кеткен Бопайдың да күдікпен қарап, басқан ізін аңдулы. Неплюев пен Тевкелев Әбілхайырдан сақтанса, үнсіз кеткен Бопайдан қауіп еткен. Сондықтан да ендіден былай тыңшыларын күнде сүмеңдетіп әр қадамын көзден таса қалмай отыр. Әбілхайырдың жоңғарларға елші жібергенінен орыс үкіметі сұқтанып үркіп қалса, Сыбан Рабданға қызын беретін болғаны шошындырып тастады. Олар бұл екі хандықтың бірігіп кетуінен қорықты. Өйткені, Ресейдің оңтүстік шығысында баяғы Шыңғыс хан мемлекеттігінің ізімен татар-моңғол қорқынышы қайта жанданғандай сезінді. Үлкен Қазақ Ордасын әлдеқашан басып алған жоңғарлар Орта Орданың белгілі сұлтандарынан аманат алып, туыстық жағынан жақын Кіші Орда билеушілерімен бірігіп кетер болса, алып Қытайдың батыс иелігіндегі жерден бастап, Каспий теңізінің солтүстік бөлігі бір билеушіге бағынып, Россияның шекарасы жоғарғы Ертістен Оралдың тұмсығына дейінгі аралық тегі жақын бұл халықтардың шабуылына ұшырар еді. Сондықтан да бұл екі хандықтың ойлап тапқан амалын сатқындық деп біліп Неплюев шет елдер істері коллегиясына жедел хабар жеткізді. Ал, сенат бұл қадамды болдырмай, қалайда оның алдын алуды тапсырды. Егер орыс үкіметі Орда талаптарын осы жолы да орын-дамайтын болса, оған жауап ретінде жоңғар ханымен осындай одақ жасаудан өзге амал қалмайтын. Бұл жолы Орскіге үмітпен келсе де, көңіл түкпірінде күдік жайлап жатқан Әбілхайыр да, Бопай да осыған иек артқан. Екеуінің бұл есебі ойлағандай болып шықты. Сан жылдар сарғайып келген Бопайдың бұл сапарынан ұтқаны – Қожахметімен қауышып қайтқаны. Ұтылғаны – оның орнына кепілдікке Айшуағын қалдырды. Қалмақ әйелінен туған Шыңғысын аманатқа бермек еді, оған орыс үкіметі келіспеді. Ана бауыры бүтінделмей-ақ қойды. Бопай тағы да арманын алдағы күнге артты. Оған жетудің жолы әр жаққа тарам-тарам кетіп жатқанын көрді. Оның қай-қайсысы да ұшы-қиыры жоқ қырдан асып, көз ұшына жоғалып жатқан жолдар болатын. Тұңғиық ой үстінде

оралған Бопай елге келіп, Елизавета Петровна патшайымға хат жазуға отырды. Ол хатында Орда жағдайын сөз ете келіп, Неплюев басқарған орыс шекара үкіметінің қате қадамдарын, онымен ханның келіспеушілігін мойындап, енді болса ханның тақты мұрагагерлік заңы бойынша үлкен ұлы Нұралыға тиесілі екенін, Нұралының сарай төңірегіндегілермен жақсы таныстығын айтып, жергілікті орыс үкіметімен тіл табысып қызмет жасайтынын білдіріп, оны хан сайлауды ұсынды. Шетел коллегиясының да, сенаттың да бұған түсіністікпен қарайтынына сенім білдірді. Енді хат мазмұнын Әбілхайырға көрсетпек. Оны осыған көндіруге тырысып бақты. Осыдан бірнеше күн бұрын екеуі Орскіден бірге шыққан. Өлкейек тұсынан Әбілхайыр қарақалпақтардың сауда керуендерінен хабар ала қайтпақ болып өзенді жағалап кетті де, Бопай Торғайға құяр жерін қоныстанып отырған Ордаға төте тартқан. Жанында Тевкелевтің қосып жіберген адамы - Тақтайбайдың баласы Амантай бар, жолсеріктерімен ара қонып жеткен. Жол бойы хан жағдайын, Нұралыны хан сайлау жолдарын ойлаумен болды. Орыс үкіметінен бөлінудің мүмкін еместігін, жаңа хан сайлаудағы олардың ықпалын көріп, безбендеді. Орыс үкіметінсіз Орданың болашағын көз алдына елестете алмады. Енді Әбілхайырдың келуін күтті. 1748 жылдың тамыз айының бірінші жұлдызы күні Өлкейек таңы мұнартып атты. Терістіктен соққан қоңыр салқын леп өткен шілде айының ыстығын қыр-қырдың астына тығып, сағымды дала өңін өзгертіп, таңғы тұман тез серпіліп, даланың боз жусаны бір күнде күлгін тартып, белуардан келген селеуі сидаң қағып шыға келді. Аспанды торлаған алашұбар бұлттың да өңіжөні бөлек көрінді. Тұманнан соң бұлт бір дүркін бүркіп алды да, селеу басына қонақтай қалған мың сан моншақтар жалт-жұлт ойнап, көз жауын алардай. Шілденің ыстығына тұншыққан дала енді бусанып, төңіректе әдеттен тыс мамыражай тыныштық орнай қалды. Бұл – шілденің шығар мерзімінің таяу қалғанын аңғартқандай. Әйтсе де Орда қыстау қамына кірісе қоймаған. Өз ордасында отырған Бопай әлденеге тықыршулы. Бастаған ісін бітіріп тастауға асығып, Әбілхайырдың жолына қарайды. Әшейінде аяқ тықыры үзілмейтін Ордаға бүгін келіп-кетуші де жоқ, үй маңы құлаққа ұрған танадай. Лапырып келіп, апасы ұсынған зерең сары қымызды сіміріп салып, сапырып сөйлеп, ауыл-елдің хабарына қандырып кететін Мырзатай да тыйылып қалды. Ауылда жоқ болғаны ғой деп ойлады. Анау Ор жақтан базарлап қайтқандардан қара үзілмейтін үлкен жол бойы бүгін қаңырап бос қалған. Бопайдың кешегі желпінген көңілі бүгін аяқ астынан су сепкендей басылып, әлденеге алабұрта түседі. Аяқ астынан жүрегі байыз таппай, үйге кіріп-шыға берді. Шыққан сайын әлдекім сопаң етіп көріне кетердей қыр астындағы жолға қарайды. Сонау жолдың арғы шетінде, көз ұшында болар-болмас бозартқан шаң көрінді. Жалғыз атты жолаушы сияқты ма? Оны жанында жасағы бар Әбілхайырға ұқсатпады. Мына далада бейсауыт жүрген жолаушы аз дейсің бе, солардың бірі болар деп

қайта ішке кірді. Күйбің-сүйбіңмен үйде біраз айналып, сосын тағы тысқа шықпақ болып бойын жаза бергенінде тыстан үрейлі үн естілді. - Уа, аттан, аттаныңдар! Бопайдың тұла бойы дірілдеп кетті. Белі ұстамай шөгіп бара жатқандай. Аяғын бір, екі басып есікке жетті де одан әрі қозғала алмай қалды. - Уа, не болды? - Жау кеп қалды ма? - Аттан... аттаныңдар... - Ау, айтсаңшы, не боп қалды? - Жау қайда? - Қалмақ шапты ма, жоңғар шапты ма? - Уа, аттансаңдаршы, ханды өлтіріп кетті. Жетіңдер... - Не дейді? - Қайда? Кім өлтірді? Бопай одан арғысын түсіне алмады. Ол бәрін де сұрап білмек болады, бірақ үні шықпай қалды. Мынау кім өзі? Осы ауылдың адамы болғаны ма? Ендеше неге даусынан ажырата алмай отыр. Құлағы шуылдап, басы айналып барады. Хан ауылы лезде у-шуға толды да кетті. Бопай босағаға жетпей отырып қалды. Тысқа шықпақ еді қол-аяғы өзіне бағынбай барады. Көз алды қарауытып ештеңе көрмейді. Тыстағы шуыл үдеп, құлағын бей-берекет үрейлі, зарлы дауыстар кернеп барады. Кіші жүздің ханы Әбілхайырды Барақ сұлтанның өлтіріп кеткендігі туралы хабар алғаш Ордаға осылай жеткен еді.

КЕК

Әбілхайырдың өлімі Орданы шайқалтып кетті. Төңірегі толған Орда жауларымен аңдысып отырған шақта Орда қара жамылып қалды. Күллі қазақ күңіренді. Бірақ, Бопай басындағы қайғы ала бөтен еді. Арадан айлар, күндер, жылдар өтіп, өлім ізі суи бастағанымен, Бопайдың уайымы күшеймесе басылған жоқ-ты. Өлімнің де өлімі бар. Тұяғы бүтін тұлпар жоқ, қанаты бүтін сұңқар жоқ. Өлмесе ата-баба қайда кетті? Айы біткен айында, күні біткен күнінде кетіп жатса, оны қазақ алланың жіберген ажалы, ақ өлім деп ардақтап, ақ жуып шығарып салады. Ондай өлімді жоқтау да рет бойынша өтіп, кейін бірден бірге ұмытыла бастайды. Әбілхайырға дейін де талай хан кетті емес пе? Ал, Әбілхайыр өлімі ондай емес-ті. Кісі қолынан қапыда қаза тапса, оның сұрауы болады. Төре, хан тұқымының сұрауы ерекше. «Қанға - қан, жанға - жан»,

ұрпақтары кек алмай қоймайды. Ал, ұрпақтары, жақын туыстары кек қайтара алмаса – оның әлсіздігі. Бұл – намыс. «Қоянды қамыс өлтіреді, ерді намыс өлтіреді». Қазақ намысқа шапқан халық. Әбілхайырдың сұраушысы да, намысқа шабар төңірегі де бар. Әбілхайырдың қайтпаған кегі Бопайды жегідей жеп болған. Әбілхайырдың өліміне байланысты алып-қашпа әңгімелер де көп еді. Өлімге қатысы бар дегендер көбейе берді. Бұрыннан араларында билік үшін талас, өшпенділік бар Барақ сұлтан мен Әбілхайыр хан арасындағы алауыздық бітеу жараға айналғалы қашан. Оған Әбілхайыр мен губернатор Неплюев арасындағы келіспеушілік те қосымша. Екі төре тұқымы арасындағы алауыздықты жақсы білген губернатор да Ресей үкіметі алдында өзін талай ұятқа қалдырып, бағынбай жүрген ханға тісін басулы еді. Хан губернатордан алдымен Еділ-Жайық арасынан жайылымға жер даулаған. Әскер, қару сұрап, Хиуаны Нәдір шахтан, Маңғыстауды түрікмендерден босату, аманаттағы ұлы Қожахметті қалмақ әйелінен туған Шыңғыс деген баласымен алмастыруды сұраған. Бірақ, ол талаптарының бәрі де орындалмай, Әбілхайыр орыс шекаралық үкіметіне қарсы ашық қарсы қимылдарға көшті. Әбілхайыр қолына қарсы Неплюев сыртқы істер коллегиясы мен патшайымнан әскер шығаруға рұқсат сұрап ала алмағаны бар. Қазақ хандығын Ресейге бодандыққа алғаш қадам жасап, батыл кіріскен ханды бүгін теріс қаратып алып, орыс үкіметінің шығыс саясатын жүргізе алмады деп, әскер жұмсауға рұқсат етпеген. Ал, Әбілхайыр ізді-ізіне орыс қалалары мен қамалдарын шауып ала берді. Оған шара алуға Неплюев тағы да қауқарсыз. Бұл жолы Ресей үкіметінен әскер де сұрай алмай тұншығып қалды. Неплюевтің бұл шарасыз күйін іштей сезіп, білген Әбілхайыр мұнан кейін де бірнеше жорықтар жасап әбден сілесін қатырды. Осындай шақта Әбілхайырдың жоңғар қонтайшысы Сыбан Рабданмен құда болуы Неплюевтің қаупін күшейтті. Енді Кіші жүз ордасының күшейіп, Хиуаны, Маңғыстау түркмендерін өзіне қаратып, Ресейге бағынбай кету қаупін көріп шошынды. Әбден өшіккен Неплюев Әбілхайырдың қарсыластары Әбілмәмбет пен Барақты бекінісіне шақырып, оларды Әбілхайырға қарсы пайдаланбақ болды. Оның сәті түсті де. Ол Әбілхайырдың көзін құртуға Барақты жұмсады. Орыс үкіметі тарапынан қолдау алған Барақ бұл сәтті қолдан жібергісі келмеді. Ор қамалынан қуат алып кеткен Барақ Әбілхайырдың жүріс-тұрысын із кесуші жансыздары арқылы аңдып отырған. Ақыры орайы келді. Сол күні Өлкейек өзенінің Торғайға құяр аңғарында бейғам келе жатқан ханды Барақ екі есе көп жасағымен тосын қоршап алды. Ханның арқа тұсынан келген Барақтың баласы Шығай оң жақ басынан соқты. Сол сәтте Сырымбет батыр қанға малшынған ханды аттан аударып түсірді. Осы сәт Барақ сұлтан шауып келіп жерде сұлап жатқан ханның кеудесіне бірнеше рет найза сұққылады. Орыс үкіметінің қағаздарына бұл көрініс сол күйінде түскен. Араға жыл айналса да қайтпаған кек Бопайдың

жүрегін сыздатып, ашу-ыза кеудесін кернеп бара жатқан. Көкірегін кек кернеген Әбілхайыр балалары да намыстан жерге қарап жүр. Қарауында мыңнан артық шаңырағы бар Барақ сұлтан қамшымен ұрып алар оңай жау емес. Екі төре тұқымы арасындағы наразылықтың екі жүздің, тіптен қазақ хандықтары арасында қақтығысқа ұласу қаупі туды. Әбілхайыр өліміне Неплюевтің тікелей қатысы бары көрінді. Оның Бараққа тапсырма бергені расқа айналды. Орда ашуы осыған кеп тірелді. Оған Бопайдың да күдігі қалмаған, бірақ шара жоқ-ты. Салдырлаған Мырзатай күрт ашуға мінді. - Неплюевтің өзін өлтіру керек, оған мен бас болып барам. Қане, маған қосылар қайсың барсың, - деп әдеттегі күйгелектігіне басып шыға келді. - Сәл сабыр, - деді Бопай, - Орыс үкіметі жөнінде асығыстыққа бармай ойлап, пішіп жасалық. - Оның не ойлайтыны қалды, ендігі емі сол емес пе? - деп Мырзатай күйгелектей түсіп еді, Бопай басып тастады. Осыдан кейін Мырзатай көп ақылымен өз атынан Неплюевке хат жазатынын айтты. Және ол хаты сол күні-ақ дайын болды. «Бұл жауыздық қасақана және мұқият жасал-ғаны көрініп тұр, мұндай жауыздық тек сенің ғана қолыңнан келмек. Ендеше сенің де басыңа тап осындай өлім келетініне титтей де күдігім жоқ» деп аяқтады хатын. Осыдан кейін ол шері тарқағандай, Неплюевтен кегі қайтқандай жеңілдеп қалды. Бопай Әбілхайыр төңірегін де, адай жұртын да көзсіз намыстан сақтандыра сөйледі. Бірақ, заман заңында төре, ханның басын хан алады. Әйтпесе, Төре мен Қараның арасында жанжал туып, оның арты елді қанға бөктіріп кетпесіне кім кепіл» деген қаупін айтты. Бұл күндері Орда тек Бопайдың басуымен отырған. Әйтсе де, Бопайдың тентек төркіндері тұс-тұстан бұрқ-бұрқ қайнап жатқан. Әбілхайырдың өліміне жыл айналып бара жатты. Сұраусыз кеткен ханын сүйекке таңба деп білген адай ақсақалдары ұзақ уақыт қарап жата алмады. Намыс отына күйіп жүрген Бопайдың апасы Қанай баласы Қарпықтың құлағынан қалмай жүргені қашан. - Әбілхайырдың кегін алар кіші жүзде адайдан басқа ел жоқ, хан кегі қайтпай кеткелі тұр, - дейді баласы Қарпыққа. - Ең болмаса сөзбен қағытып болса да жер-жебіріне жетіп қайт. Өз ұлдарынан қайран болмай тұр ғой, - деп болмаған. Адай ақсақалдары да осы пәтуаға келісіп, елінің ниет пиғылын біліп қайтуды тапсырды. Қарпық екі жақты, бір тілдінің айтулы биі. Оған Бопай да қарсы болмаған. Қарпық орта жүзге жалғыз жүріп кеткен. Орта жүздің ханы Әбілмәмбет: - Хан мен хан, төре мен төре арасында қара қазақтың не шаруасы бар? Ол билігіңді еліңе жасарсың,жаның қалғанына қуан, - деп Қарпықтың сақалын күзеп қолына берді:

Бұл жағдай елге тез тарап кетті. Адайлар күйеуінің теңдігін сұраймын деп сақалын күзетіп қайтты. Күзелген жүннен не бұйым жасадыңдар, - деген келемежге қалды. - Апырай, атамыз адайдан бері жан баласы үстімізден аттап көрген жоқ еді. Бұл бір келіспеген жағдай болған екен, - десті адай ақсақалдары мен бас көтерерлері жол таппай тоқырап. Бұл хабар Бопайға да жеткен. - Әкеңнің кегі алусыз кетіп бара ма? - деген ол Нұралы мен Ералыға. Бұған дейін Бопай арызбен Нұралыны да, Ералыны да губернатор Неплюевке жіберіп алған. Бастапқыда Нұралы әке кегі орыс заңымен шешіледі деп ойлаған. Бірақ Неплюев әуелде солай деп емексітіп жүріп кейін: - Орыс заңында өлім жазасы жоқ, әрі орыс үкіметі Орданың ішкі ісіне араласа алмайды. Ал абақтыға жабылғанмен, жылын өтеп қайтып келеді емес пе. Одан да өздерің есептесіп жазасын бермейсіңдер ме, - деген ол. Неплюевтің пиғылы түсінікті еді. Бопай төркін жұртына ақыл салды. Қарпықтан кейін адай ақсақалдары пәтуа жасаған. Қосай Атағозы, Жеменей Қанай, табынай Айбас батырларды жіберіп, өлтірмей өш алып, тірі өлік қып қайтуды тапсырған. Жаза үкімін Бопай өзі бұйырған. - Барақты өлтірмеңдер, тірі өлік боп өтсін дүниеден, - дей келіп, Бопай жазасын өзі кескен. Ол Барақтың сақалын күзеп, тәжін, кісесін, асасын, бесқаруын жүзіктегі мөрін алып, бетіне былыш еткізіп бір түкіріп, елге масқара етіп кетіп, ол асыл заттарды Бопайға әкеліп беру. ...Бұл үкім мінсіз орындалған еді.

Бопай уайымы арта түсті. Ол баласы Нұралының хан мұрагері боп қалуына талаптанды. Қазақ хандығындағы жағдайды баяндап, Елизавета Петровнаға, жергілікті орыс үкіметі Неплюевке үсті-үстіне хат жазып, мұрагерлік заңы-мен баласының хан сайлануын талап етті. Жауларының оған қарсы әрекет жасап жатқанын, мұның барлығының болашақта орыс-қазақ қатынасына кері ықпал ететінін, жауларының орыс үкіметімен жауласу пиғылын жеткізді. Орыс тәрбиесін көріп өскен Нұралының бодандық заңын қатаң ұстанатынына дейін білдірді. Балаларының орыс тәрбиесін көріп өскенін, мұның орыс халқымен мәңгілік достыққа негіз қалайтынын дәлелдеп бақты. Бұл хаттар орыс ұлықтарының көзін жеткізе түсуіне негіз болды. 1749 жылы 13-маусым күні Нұралыны Кіші Орданың ханы етіп сайлау жөнінде орыс патшайымы Елизавета Петровнаның жарлығы шықты. Бұл Неплюевтің Бопай арқылы Кіші Орда алдында өзінің абырой, беделі мен ықпалын сақтап қалуға көмектескен еді. Неплюев алдында да, Ресей сыртқы істер коллегиясы алдында да Нұралыны хан сайлау жөніндегі талабы орындалған Бопай Неплюевке іші жылымаса да сырт

көзге аяғын тарта түскен. Бірақ, оның кеудесін тырнап жатқан бір ащы запыран кетер болмады. Қанша ұмытайын десе де Әбілхайыр өлімінің сұраусыз кетіп бара жатқанын баласының есіне салды. Намыс қысқан хан баласы да қарап жатпаған. Ханды өлтірген Барақ бұл кезде Сары Торғай өзенінің жоғарғы ағысында Абылай сұлтанмен бірге жүрген Ералыны да өлтірмек болған. Оны біліп қалған Абылай сұлтан жанына жігіттерін қосып, Бопай ордасына жеткізіп салды. Ханды өлтірген жауыздыққа қатты күйінген Орта жүздің ықпалды сұлтаны Абылай да наразылығын білдіріп, Неплюевке хат жазды. Онда Барақтың атына қарғыс айтқан Әбілхайырдың балаларына, Бопайға көңіл білдіріп, кеңес берді. Сол 1749 жылдың қаңтар айының аяғында Абылай Бопай Ордасына арнайы ат басын бұрды. Осында оның балаларымен бірге отырып, кеңес құрды. Бопайдың кек алуға ақыл беріп мақұлдады. Нұралы мен Ералыға қалай кек алуға ақыл беріп, оған өзінің де жәрдемдесетінін айтты. Бұл кезде Барақ Әбілхайыр балаларынан сақтанып, өзіне бағынышты бес жүз-дей адамымен араны ашып, Сарысу өзеніне қарай аулақтап кеткен. Осында жүріп Жоңғария қонтайшысы Цеван Доржыға елші жіберіп, одан баспана сұрады. Бірақ, бұл кезде Әбілхайырдың көзі тірісінде оның қызына құда түсіп келісіп қойған Доржы Барақты қолдамай, ешқандай келісім, жауап бермеді. Арада аз уақыт өткенде өзіне қысымның жан-жақтан күшейгенін сезіп Севан Доржыға екінші рет хат жазып, қорғаныш сұрады. Бұл кезде Сыбан мен Барақтың арасында келісе алмайтындай тағы бір келіссіз жайт болған еді. Барақтың үлкен ұлы Шығай сұлтан келген бір сапарында Доржының анасымен қатынаста болып қояды да, ол білініп қалып арты дау-дамайға ұласады. Бұл кезде Нұралының қарындасы, Әбілхайырдың қалмақ әйелінен туылған қызын әйелдікке алатын болып Доржы құда түскен. Нұралы әке өліміне кек алу ойын болашақ күйеубаласына құлаққағыс қып қойған. Сыбан Доржы Барақтың екінші хатын да жауапсыз қалдырды. Барар жер, басар тауы қалмай оңтүстікке қарай қайтып келе жатқан Барақты арғын руының старшиналары Әбілхайыр балаларына, Бопайдың қолына ұстап беретінін айтты. Қорыққан Барақ бұл жерден де аман сытылып шығып, енді Икан қаласына келіп тұрақтады. Мұны біліп қалған Абылай оны Нұралыға жеткізді. Бұл кезде Нұралы 1748 жылы қыркүйек айында Жоңғарияға Сыбан Доржыға қарындасын ұзатуға дайын екенін айтып хабар жіберіп қойған. Әбілхайырдың қалмақ әйелінен туған бұл қызы бұрын Бұхар ханы Әбілфайзға құда түсіп қойылған да, бірақ Әбілфайз қайтыс болып ұзатылмай қалған. Ендіден былай қазақ-ойрат келіссөздері жүріп, әулеттік қарым-қатынас орнап келе жатқан. Нұралы қарындасының қалыңмалына Ташкент пен Түркістан қалаларын сұрады. Қонтайшы бұл талапқа келісіп, қабыл алды да, ұлы жүздің ықпалды биі Төле биге Барақты ұстап, еркін жоңғар билеушісіне беруді ұсынды. Мұны естіп қалған Барақ Ташкентке таяу

отырған жерінен жедел Түркістанға өз иелігіне қарайтын найман, қоңырат тайпаларының арасына сіңіп кетті. Ол Нұралы ханға келіп кешірім сұрамақ та болды. Бірақ, қылмысының кешірілмесіне көзі жетіп Бопайға көрінуге батылы бармады.. Түркістанда тұрып жатқан Барақты 1750 жылдың наурыз айында Қарнақта таныс Қожа қонаққа шақырды. Сыбан Доржымен байланысы бар Қожа қонаққа екі баласымен келген Бараққа асқа у қосып берді. Сол күні Барақ Түркістанға жеткен бойда екі баласымен үшеуі бір күнде жан тәсілім болды. Сыбан Доржы мұны Нұралының айтуымен жасаған. Барақтың артынан көз салып, отырған Мырзатай Барақтың төтен ажалы туралы Әбілхайырдың тілмашы Неплюевтің тыңшы агенті Гуляевқа айтқан. Оның Неплюевке жеткізетінін білді. Бұл жерде Мырзатайдың көздегені – Неплюевке тағы бір мәрте қыр көрсету еді. Ол өткен жылы Әбілхайыр өліміне осы Неплюевтің де қатысы барын айтып, оған да бір күні тап осындай - өзінің жасағанындай абыройсыз өлімнің келетінін айтып ескерткен. Енді болса сол айтқандарының біріндеп жақындап келе жатқанын, бүгін Барақтың басына түскенін, ендігі кезек келесілердікі екенін айтқан болатын. Оны Неплюев те түсінді. Іштей ол да қауіп етті. Мырзатайдың меңзеп отырғаны кек алудың басталғаны. Бұл кезде әке кегін қайтаруға Бопай балалары шындап кіріскен. Барақ өлтірілгеннен кейін Ералыға Сырымбет батыр ауылының қай жерде көшіп жүргені белгілі болды. Сырымбет – Орта жүздің батыры. Барақтың Ресейге бодандыққа қабылдауын сұрап Петербургке жіберіп алған сенімді серігі. Сол күні Әбіл-хайырды Өлкейек өзені бойында аңдып ұстап алты жүздей қолмен қоршап, Шығай сұлтан ханның арт жағынан келіп көк желкеден дойырмен ұрып, есеңгіреп қалған Әбілхайырды ат үстінен жұлып алып жерге түсірген осы Сырымбет. Сол Сырымбет Сыр бойында көшіп жүр дегенді естіді. Бұл хабарды жіберген Нұралы мен Бопай болатын. Тап осы сәт Әбілхайыр өліміне қатысы барлардың бәрі Сырдария бойында бір жерден табылған. Бұл - көптен күткен сәт еді. Ералы жедел жігіттерін жинады. Барақ пен Сырымбет ауылын күнілгері нысанаға алған Ералы жасағы дәл төбесінен түскен еді. Түн жамылған жасақ Сырымбет батырды өз төрінде қолға түсірді. Қыстауда бейғам отырған Сырымбет кіріп келген Ералыны көргеннен атып тұрып тұсында ілінген қылышына қол созған. Бірақ, үлгертпеді. Аспалы шамның көмескі сәулесіне шағылысып, жарқ ете қалған қылыш батырдың қақ жүрегіне қадалды. Мұны көріп шар ете қалған жанындағы әйелінің де басы ұшып кетті. Батырдың алып денесі төсегі үстіне гүрс ете қалғанда жер қозғалып кеткендей болды. Батыр үйіне тақау отырған екі ұлы да өз отауларында еді. Ералы оларды да орындарынан тұрғызбай басып қалды. Ауыл ортасында оқшау тігілген Барақтың қара жамылған ордасын Ералының жігіттері қоршап алған. Төсекте шыңғырған кішкене балаларға тимеді. Бопай айтқан үкімнен аспады. Ералы Барақтың да, Сырымбеттің де қалған бала, ағайын-тумаластарын,

тоқалдарын тұтқынға алып, табын-табын түйе-жылқыларын, отар-отар қойын алдына сала кетті. Барақтың көп әйелінің біреуі, тағы бір қызы қолға түспей қашып үлгерді. Түн ішінде бүкіл ауылды астын-үстіне шығарып іздеп таба алмай көз жазып қалды. Бұл аса қатыгездік те орынды кек еді. Кейін Сырымбеттің туысқандары мұны шектен шыққандық деп билер сотына жүгінді. Оны Ұлы жүздің айтулы биі Төле би қарады. Ол Әбілхайыр балаларының бұл ісін ақтап және Сырымбеттің туысқандарына алты құн төлеу жазасын кесті. Бірақ, оның төрт құнына сұлтанның өзі кешірім жасап еді. Әбілхайыр кегі қайтты. Бопай көңілі орнықты. Бұл кезде Әбілхайырдың өлгеніне үшінші жылға айналып бара жатқан. Содан бері оның зираты басына бара алмаған. Торғай, Ырғыз, Жайық беттерінде көшіп жүрген Кіші орданың Әбілхайырдан кейінгі көрген тауқыметі аз емес-тұғын. Башқұрттар, қалмақтар Әбілхайырдан кейін де қоқан-лоқысын азайтпаған. Неплюевтің қасы мен қабағын баққан Жайық казактары Ордаға үрке қарап отырған. Ар жағында Цин империясы қаупінің ұлғаюына байланысты жоңғар қаупі сейіліп, Ордамен құдандалы болған сыңайы – бір жағынан амалсыздықтан да еді. Осы жазда Әбілхайырдың қалмақ әйелінен туған қызын Сыбан Доржыға ұзатпақ болып хабар жіберген Бопай той алдында Өлкейекке барып зияраттап қайтпақ болған. Қазақ батырлары мен билері, рубасылары Әбілхайырды Түркістанға апарып Қожахмет Яссауи кесенесіне бұрынғы өткен хандардың қасына жерлемек болғанында оған Бопай қарсы болып, Өлкейек пен Қабырға өзендерінің қиылысқан жеріндегі осы зиратқа қоюды ұсынған. Онысында мән бар еді. Өлер алдында Әбілхайырдың өзі де әңгіменің бір сәтінде: - Жаман айтпай жақсы жоқ. Олай-бұлай боп жатсам осы зиратқа қоярсыңдар, - дегені бар-тұғын. Бопай оның осы сөзінен өзінің әлденеден қауіп ететінін сезсе де, тап сол сәтте осылай болады деп ойламаған. Оны жасының ұлғайып келе жатқанына меңзеп айтқаны ғой деп түсінген де мән бермеген. Бұл маң хан ордасының ұзақ жайлаған мекендерінің бірі. Бопайдың әкесі Сүйіндік те, оның інілері Наурызбай мен Арыстанбай да осы қауымда. Сүйіндік те осы хан ауылының іргесін жайлаған, қонысы, қыс қыстауы болған жер. Іргесі ағып жатқан өзен, суы мол, кең жайылым. Ел бұл маңды хан атауынан бөлек, Сүйіндік жері деп атайтын. Бопайдың ханды Түркістанға Яссауи кесенесіне жерлеуге қарсы болып, осында жерлеткенінің бір сыры осы болатын. Келер жазда хан басына күмбез ғимарат тұрғызып, Нұралы оның төңірегіне он түп шыбық отырғызып кеткен. Бопайдың қалауымен хан жерге бес қаруымен – қылыш, жақ, сүңгі, кездік, найзасымен түскен. Мұның бәрі оның бала кезінен өмірлік жолдасы болған құралдары еді. Ол табытқа хан тәжімен, кісесімен, өзге де хан шапанымен, хандық киімдерімен оралды. Аяғына қошқар мүйіз өрнекті саптама

етігі кидірілді. Бопай қырық жыл отасқан қосағын жерлеуді өзі басшылық етіп ақырға сапарға осылай жөнелтті. Одан бері өткен төрт жыл ішінде шыбықтар жайқалып биік терек боп өсіп кетіпті. Бопай батыс қабырғада қалдырылған есік арқылы мазардың ішіне кірді. Үйінді төмпешік ортай-маған. Мұнда әлдекімдердің келгені байқалады. Бас жағына шырақ жағылған, майлы күйе қаспақтанып тұр. Құлпытасына байланған шүберектер тозығы жетіп, өңі қашқан. Әлдекімдердің кеп хан басына түнегені анық. Әдетте мұсылмандар әулие санаған жандардың басына түнеп, тілек тілейді. Ендеше, мыналар да ханды әулие деп білген жандар. Бопай үйінді топыраққа маңдайын тигізді. Көздерінен лықсып шыққан бір тамшы жас жүзін айғыздап сорғалай жөнелді. Ол басын көтеріп көз жасын сәмілте киген жең ұшымен сипап жіберді. Тыстан Нұралының даусы естілді де әлден есіктен өзі көрінді. Бопай еріндері жыбырлап іштей аят оқи бастады. Бопай қолын жайып отырып, енді көзі түсті. Нұралысы да, Ералысы да төмпешіктің аяқ тұсына тізерлей кеп қолдарын жайып мүлги қалыпты. Бұл олардың әкелеріне табынып, алдында іштей тағзым етіп отырғаны. Әлден уақыт Бопай жүзін сипады. Балалары да анасының қимылын қайталап солай жасады. - Балаларым, - деді ол әлден әдеттегі байыпты үнімен, жауларымнан өшім қайтты. Әкелерің үшін кек алдыңдар, ризамын. Алладан пәрмен келген күні мені де осы қауымға жеткізерсіңдер. Балалары ана сөзін үнсіз тыңдады. Ешқайсысы қылаң еткен жоқ. Бұл үнсіздік балалары үшін ана өсиетінің сөзсіз орындалатынын білдірген. Ана өсиетінің ұлдарының құла-ғында мәңгі жаңғырығып тұратынына Бопай шек келтірмеді. Бұл күні Бопай әкесі Сүйіндіктің басына барып та ұзақ тұрып, көзіне жас алды. Бопай алыстағы зират басынан ой үстінде оралды. Әр-кімдердің әр жерде айтып жүретіні рас болып шықты. Хан басына әулие деп түнеп жүргендер бар екен. Бұл халықтың ханды жәй адам емес, әруақты адам, әулие деп білуінде. Шындығында да хан зираты төңірегінде түрлі ғажайыптар болып жатқанға ұқсайды. Хан басына кеп түнегендер тілегінің орындалмағаны жоқ деп айтады. Ханның қас жауы Барақ сұлтанның екі баласымен бірге бір күн ішінде өле қалуы қалай? Оны өлтіруге қатысы барлардың бір күн ішінде түгел Ералының қолына түсіп кек алуы - сандаған жыл сәті түспейтін шаруалар. Ендеше, мұның бәрі кездейсоқ болғаны ма? Тіптен Оренбургте отырған ханның жауларының өздері оны – «құдайдың шын сүйген құлы» деп атайды екен. 1749 жылы мынадай бір жағдай болған. Әбілхайыр қауымының маңында көшіп жүрген хан ауылдардың бір старшинасы түсінде Әбілхайырды көреді. Ол бәрі жақсы болады деп жар салып тұр екен дейді. Қатты қыста өзге ауылдар жұтап жатқанда сол ауылдың малы аман қалыпты. Елге аңыз болып кеткен бұл әңгіме Неплюевтің де құлағына жетеді. Ол ақиқат жағдайға таңданысын жасыра алмай

басын шайқап отырып қалған. Құдайдың шын сүйген құлы өлсе де тек жатпай жауларын жасқап, халқын желеп-жебеп жатыр деп ел іші аңыз қып әкеткені. Айтуларына қарағанда Неплюевтің өзі де бұл хабардан кейін іштей қорқып жүргенге ұқсайды. Бұл маңда бірде бір жерде терек өспеген жайдақ далада Әбілхайырдың табаны тиген жер – оның денесі жатқан жердің аяқ тұсындағы әнебір жолы Нұралы отырғызып кеткен шыбықтардың бұл күнде саялы терекке айналып жайқала өсіп, осы төңіректі саясына алып тұрғанының өзін Бопай іштей жақсылыққа жорып қайтқан. Жайқалып, шайқа-лып өскен сол жалғыз түп терек бұл маңның көшпенділері ұғымында қасиетті болып қана көрінбей, көз сүрінер қара жоқ шетсіз-шексіз айдалада адасқанға бағыт сілтер бағдаршам темірқазықтай арлы-берлі өткен жолаушыға, осы даланы мекендеген көшпенділерге жер түбінен көзге шалынып мен мұндалап тұр. Осының бәрін хан бойындағы қасиеті, жаратылысындағы табиғатынан тыс ерекшелігі деп білді. Қазақ тарихындағы талай айтулы хан, батырлар, билер, шешендер зираттарының бірде-бірінде кездеспеген бұл жұмбақ құбылыстың Әбілхайырға таңылуы тегін бе. Бопайдың оған титтей де күмәні болмады. Бірақ сол жанның осы қадір-қасиетін көзі тірісінде еш жан да әспеттемеді. Ол да ақиқат. Бопай осының бәрі ойына оралып іштей налыды. Қауқарсыз күйге түсіп егілді. Көзі тірісінде танымай, енді өлгенде оны әруақ, әулие тұтып, басына түнеп, табынып жүргенін білгенде қайсыбірде оның шерменде жүрегі шерге толып кетті. Енді бірде өзін қолға алып, төңірегіне көз салып алысқа қарады. Ол өлсе де елін, халқын желеп-жебеп жатыр. Зират басына зәулім ғимарат салдыруды ойлады. Бұл онсыз да әулие деп танып құрметтеген халқының өлгеннен кейін де естен шығармай, дала көшпенділері бұл маңнан өткен сайын көз салып, көш жерден бұрылып кеп зияраттап, іштей тағзым жасап өтер еді. Бопай ойын ұлдарына айтты. Оның асықпай әңгімелеп, қазықтай қадап, мамырлап отырып айтқан әр сөзі балалары үшін әмір еді. Ешқайсысы қарсы келмейтін. Бұл жолы да солай болды. Нұралы ана сөзін мақұл көріп, өзінің бұған дейін мұны ойламағанына өкінді. Ендіден былай бұл істі көз жұмып қолға алды. - Қолдан келсе үлкен, көрнекті болғаны жөн, - деген Бопай, - күнге шағылысқан күмбезі көш жерден көрініп, күмбірлеп тұрса. Нұралының мұндай құрылыс салуға өз күші жетпейтін болып Неплюевке жолыққан. Іле ізін суытпай Бопай да Оренбурегке келіп, осы жаймен Неплюевке кірді. Екеуі ұзақ отырып әңгімелесті. Ол қарсы еместігін білдіріп, бірақ патшайымның келісімі, нұсқауы керек екенін айтты. Және хат жазып сыртқы істер коллегиясына мәлім етті. Сенат Елизавета Петровна патшайымға жеткізді. Бұл кезде патшайымға Бопай мен Нұралы қол қойып, мөрін басқан хат та барып үлгерген. Хатта Әбілхайырдың бодандыққа сіңірген еңбегін айта келіп, Әбілхайыр мазары жобасын жасап, келешекте қырғыз-қайсақ хандары мен сұлтандары жерленетін белгілі жерге айналдыру, ол төңіректен елдің ұзамауын

ойластыру үшін үлкен құрылыс - ғимарат салу ұсынысын айтты. Ол үшін 1000нан 2000-ға дейін адам жіберуді, қаржы бөлуді сұрады. Орыс үкіметі бұл ұсынысты қолдады. Хан жерленген Өлкейек-Қабырға өзендерінің қиылысы Ор бекінісінен бес күндік жер. Жер арасының шалғайлығы құрылыс құралдарын тасып жеткізуге қиындық туғызатын. 1749 жылы 2 қарашада Әбілхайыр хан басына кесене тұрғызу туралы Ресей патшайымының Жарлығы шықты. Жарлыққа орай Ресей үкіметі құрылыс салуға келісім беріп, мазар жобасын жасауға, бұл қойымдықты болашақта қырғыз-қайсақ хандары мен сұлтандары жерленетін белгілі орынға айналдыру жайын кеңінен ойластыруды тапсырды. Бірақ кейін бұл араның Ор бойынан қашықтығын, құрылыс құралдарын тасып жеткізу қиындығына байланысты Ресей үкіметі хан сүйегін Ор бекінісіне қарай жақын жерге аударуды ұсынды. Бопай бұған үзілді-кесілді қарсылық білдірді. Орыс үкіметі қолдамаса хан басына өздеріміз-ақ бір кірпіш болса да қоя берейік деді. Мұнан кейін Ресей үкіметі хан басына кішігірім кесене тұрғызатын болып Нұралыға құрылыс жабдықтарын тасуға түйелер керуенін жіберуді ұсынды. Осылайша хан басына үлкен құрылыс салынбай, шикі кірпіштен шағын ғана кесене салынды. Қалай болған күнде де орыс үкіметі жәрдемдесіп хан басына әжептәуір мазар тұрғызылды. Мұның бәрі Бопайға да, хан балаларына да демеу болды. Неплюев кінәсін осылай жуып-шайған сыңай танытты. Бірақ, Орда басындағы оқиғалар қайнап жатты. Қоршаған жаулар уақытша ғана аз-кем аяғын тартқанымен біржола бас тартпаған. Ал, Нұралы Әбілхайырдай бола алмай, басшылық босаңсып, ұсақ-түйектер қайтадан іріге айналып бара жатты. Бопай оның алдын алмақ ниетпен жоңғар қонтайшысына бермек болған Әбілхайырдың қалмақ әйелінен туған қызының ұзатылуын тездетіп қолға алып, келесі хабаршыны өзі жіберген. Бірақ, Орданың қыз беріп Түркістан мен Ташкентті қалыңмал орнына қайтып алмақ болған құпиясы орыс үкіметіне білініп қалды. Ресей сыртқы істер коллегиясы мұны алдымен Орынбор губерниясы үшін қауіпті деп тапты. Олардың бұлай деуінде бұрын ауыздары күйген сыр бар еді. Мұнан елу жыл бұрын, 1700 жылы қалмақ ханы Аюке қызы Сетержап сұқсырды жоңғар билеушісіне әйелдікке беріп, ал өзі оның туысқаны Дармабалаға үйленеді. Осы аралас құдандалық салдарынан Аюкенің баласы Санжин 1701 жылы Еділ қалмақтарынан он бес мың үйді ертіп Жоңғарияға көшіп кетті де жоңғарлар күшейіп, ал торғауыт қалмақтары әлсіреп қалды. Онысымен де тұрмай Жоңғария қонтайшысының қызы Дармабала Аюкеге тиіп алғаннан кейін бүкіл қалмақтарды Жоңғарияға көшуге азғырды. Бұдан орыс үкіметі әлсіреп, оның мықты жауы Жоңғария күшейіп кетеді деп қорықты. Мұның шындығы да солай болатын. Мұндай жағдай осыдан кейін 1722 жылы кабардалықтар арасында орын алған. Аюкенің баласы Дондық Омбы Кабарда билеушісінің қызы Жананы әйелдікке алып, ол қалмақтардың жарты байлығын Кабардаға көшіріп жіберіп, елді тонауға ұшыратқан. Онысымен де

тұрмай Аюке ұрпақтарына түгел Кабарда сұлуларын алып беріп, олар хандықтың ішкі әскери құпияларын хабарлап ашып беріп, кабардалықтар қалмақ хандығын басып алмақ болған. Егер солай бола қалған күнде қалмақтар біржола құритын еді де, оның ақыры – бүкіл Қап тауы елдері Ресейге қарсы аттанар еді. Аузы күйген Ресей үкіметі 1722 жылы Аюке өлгеннен кейін қалмақтың жаңа ханы Шерен Дондықтың құмық билеушісі Чепан Чепаковтың қызына үйленуіне рұқсат етпеген. Осы жолы бұрынғы Ордаға ықпалды хан Әбілхайырдың қызын, қазіргі хан Нұралының туған қарындасын алуы – қазақ хандығын басып алып өзіне қаратуды баяғыдан армандап жүрген жоңғарларды күшейтіп жіберуі мүмкін еді. Бұрын Әбілхайырдан қалған бұл әңгімені енді жаңғыртып жүрген Бопай екенін Ресей үкіметі біліп отырған. Бопайдың бұл саясатын болдырмауға жанталасты. Орыс үкіметі Нұралының өтініштерін орындап және оның өзіне сыйлықты аямай беріп, соның көмегімен тоқтатпақ болды. Олар Бопайды жолдан тайдыру қиын, ал Нұралы арқылы сөздерін өткізуге болатын еді. Сондықтан да Неплюев Нұралыны Орынборға арнайы шақыртты. Жырынды губернатор Нұралыны бірден өз ықпалына көндіріп алу үшін өткен жылғы Әбілхайыр зираты басына салынатын құрылыс жайын сұрады. Бопайдың денсаулығын сұраған болды. Мұның бәрі залым губернатордың торғай арбаған жыландай Нұралыны алыстан арбауы болатын. Содан кейін ғана ол өзінің түпкі мақсатына көшті. - Сіз бодандық тәртібін ұмытпауға тиіссіз, - деп бастады ол сөзін, - Ресей патшайымы сені Кіші ордаға хан етіп бекіткенде бодандық талабын қатаң сақтайды деп сенген. Нұралы оқыс сауалдан тосылып қалды. - Мен қандай талапты, қашан орындамаппын, - деді. - Біздің қолымызда бұлтартпайтын деректер бар. Неплюев сөзін үстей түсті. - Сен жоңғар қонтайшысымен астыртын байланысып отырған көрінесің. Оны жоққа шығара алмайтын шығарсың. Ол Нұралының жүзіне барлай қарады. - Жоңғармен одақтасып Ресейге қарсы шаппақпысың. Ол мақсатыңнан түк те шықпайды. - Қыз қайда кетпейді. Ол одақтастыққа жатпайды емес пе. - Бұл – одақтастықтың алғашқы қадамы. Бопай ханымның нені көксеп отырғанын білемін. Сенің құда болуға бірнеше рет хат жазғаның да белгілі. Бұл жөнінде патшайым да, Ресей сыртқы істер коллегиясы да хабардар. Олар саған осыны ескертуді талап етті. Ресейдің жауымен бодан елінің құдалығы – сол жаумен одақтасу, достасу деген сөз. Ендеше, Ресей өзінің бодандығындағы елдің мұндай қадам жасауына жол бере алмайды. Жоңғармен құдалық қатынасқа тыйым салынады.

Нұралы әңгіме төркініне енді түсінді. - Есіңізде ме, 1747 жылы бір қарындасым Бұхар ханды-ғына атастырылған кезде ешқандай тыйым болмаған еді. Енді бүгін неге рұқсат болмайтынына түсінбей отырмын. - Түсінбейтін дәнеңесі де жоқ. Ол кезде тыйым салынбауы себебі – екі жақтың да бір діннің адамдары болуынан. Мұндай жағдайда олардан орыс үкіметіне келер қауіп жоқ еді. Ал, қазір жағдай мүлдем басқаша. Жоңғария – діні басқа ел және күшейіп келе жатқан Ресейдің жауы. Қазір бұл ел – Ресейге тікелей қауіп туғызып отыр. Оған қазақ Ордасы тағы қосылса олар алдымен Ресейге шаппағанда қайда шаппақ. Сондықтан да Ресей оған жол бере алмақ емес. Жоңғариямен құдандалық қатынас жедел тоқтатылуы керек. Бұл – Ресей шекара үкіметінің үзілді-кесілді шарты болатын. Бұл талапқа көне кетуге де болмай, көнбеске де амалы қалмай Бопайдың Нұралыға айтар ақыл таппай тосылып қалған әрі-сәрі шағында жағдайдан тағдырдың өзің құтқарды. Көктемде ұзатылмақ боп отырған қыз кенет сырқатқа тап болып, уәделі уақытта ұзатылмай қалды. Әрі ауру, әрі уайым меңдеген қыз осы дертінен айықпай дүние салды. Бұл жағдай арадағы ахуалды түбегейлі өзгертіп жіберді. Ендіден былай орыспен қатынас сол бұрынғы бодандық күйінде қалды да, жоңғармен арадағы жағдайды орданың пайдасына тағдырдың өзі иіп әкелді. Жоңғар қонтайшысы өшін кімнен аларын білмеді. Бұл кезде оның Ордаға шабар жағдайы жоқ-ты. Өйткені, оңтүстік шығысында Қытай күшейіп, өңмеңдеп тұрған. Бұл Ордаға шабуына мүмкіндік бермеді. Ордаға шабу үшін алдымен Қытаймен түгендесіп алуы керек еді. Бұл кезде күшейіп келе жатқан Цин империясы бұрыннан жауласып жүрген жоңғармен осы жолы біржола есеп айырысуды ойлаған. Ұйытқыған аумалы-төкпелі жағдай ойда-жоқта Орданың пайдасына жәрдемдесіп кетті. Қытай күнде жанжалдасып, алмакезек шабуылдасып отырған жоңғарға қарсы 1756 жылы ашық жорыққа аттанып, бірнеше ғасыр бойына қазақтың ата жауы боп келген жоңғар мемлекетін жер бетінен біржола жойып жіберді. Енді Орда жағдайы өзгеріп шыға келді. Түбі бір ойраттардан күш алып, ордамен жауласып келе жатқан торғауыт қалмақтары әлсіреп, тәуелді күй кешіп қалған. Ал, Орда мен орыс қатынасы Ресейдің шығыстық мақсатын көздеген бұрынғы күйіне қайта түсті. Орда өмірі Ресейге тікелей тәуелді еді. Мұны Бопай түсінді. Нұралының санасына да осыны құйды. Ондағы мақсат – алдымен қазақтың болашақ ел болып кетуі еді. Нұралысын осыны ескеріп, хандық билікті уысынан шығармау қамын жасауға баулыды. Орыссыз Орда басында ұзақ отыра алмайтынын ұқтырды. Нұралы оны ұқты да. Сондықтан да орыс үкіметінің уысынан шықпады, ықпалымен ықты да отырды. Ресейдің пиғылы да барлық кезде бірдей Орда үшін қолайлы бола бермеді. Хандық мұрагерлікке сүйенген Әбілхайыр балалары-ның ел басқару әдісі әрқилы болып келді де, бұл халыққа қолайсыз тиді. Бұл кезде жасы ұлғайған

Бопайдың да ықпалы азая берді. Ал, білікті хандық басшылықтың болмауы Орда абыройын төмендетіп жіберді. Бұл - өз кезегінде орыс бодандығының артын – орыс отаршылдығына айналдыруға жәрдемдесті. Халық наразылығын туғызып, хан балаларының орыс үкіметі алдындағы беделін жоғалтты. Бопайдың 1755-1760 жылдардан кейінгі өмірі, қызметі жайлы деректер жазба тарихта кездеспейді. Оның өмірінің соңғы жылдары туралы деректер аз, тіптен жоқтың қасы. Тек белгілісі – жүз жасқа жуық өмір сүргендігі. Бір деректер көзінде тоқсанның үстіне шығып, 1780 жылы 31 мамырда дүниеден озды деп көрсетеді. Тағы бір деректерде жүз бір жасында қайтыс болғандығын айтады. «Денесі Елекке кеп құлайтын Жосалы өзенінің жоғарғы жағындағы (қазіргі Батыс Қазақстан мен Оренбургтің шекаралас жерінде) қорымда жерленген. Басына құлпытас қойылған» деп көрсетілген 2008 жылы шыққан Маңғыстау энциклопедиясында. Ол Нұралы, Ералы, Қожахмет, Айшуақ, Әділ атты бес ұл, Зылиха атты бір қыз тәрбиелеп өсірген, оларға тағлымды тәрбие берген ана. Жаңаны тез қабылдағыш, қазақ мәдениеті, өнері, ғылымына жанашыр болған. Ол ел ішінен іздеп тауып, жинастырып жіберген қазақ халқының мәдениеті, тұрмысына, салтдәстүріне қатысты дүниелер Санк-Петербургте орыс патшайымы Екатеринаның сарайындағы мұражайға қойылған. Сол арқылы Бопай қазақ халқын танытпақ болған. Ол балаларына өркениетті орыс халқының озық мәде-ниетін бере білген. Ар мен ибаны қатар ұстанған, дала мәдениетін бойына сіңіре білген тұңғыш қазақ әйелдерінің бірі. Бопайдан тараған ұрпақтардың қай-қайсысы да, немере, шөберелеріне дейін өз заманының айтулы тұлғалары болған. Ең үлкен ұлы – Нұралы 1748-1786 жылдары аралығында Кіші Орданың ханы, Ералы – Орта жүз ханы (1791-1794), Айшуақ хан (1797-1805), 9 немересі – Есім (1795-1797), Пірәлі (1770-1815), Жантөре (1805-1809), Серғазы (1812-1824), Бөкей (1812-1815), Қаратай (18061824), Сығай (1816-1824), Бөлекей (1780-1808), Темір (1817-1824) және 5 шөбере – Қасым (1808-1827), Маты (1817-1824), Жәңгір (1824-1825), Қайыпқали (1830-1850), Сауқым (1837/38-1843/44). Сондай-ақ, Әбілхайырдың екі немересі – Ералының баласы Бөлекей сұлтан (1808) және Әділдің баласы Ағын сұлтан 1740 жылдың аяғы мен 1741 жылдың басында және 1770-1771 жылдардың орта тұсында Хиуаға хан болған. Балалары мен немере, шөберелерінің көпшілігі – жеке бастарының ерлігімен және әскери соғыс өнері шеберлігін жақсы меңгергендігімен дараланған. Өзгелері де әкімшілік саяси басқару істерінде айтарлықтай кәсіби дайындықтарымен өздерін көрсете білген. Ал, Бопайдан тараған атақ-даңқымен танылған Бөкей ордасының ханы, қазақ даласындағы тұңғыш жан-жақты білімдар, Еуропа үлгісіндегі монарх, Кіші жүз қазақтары

рухани мәдениетінің жаңаша түрін хан тұқымдары арасында қалыптастыру үшін көп еңбек сіңірген - Жәңгір хан. Бопайдан тараған қыздар да өз замандарының айтулы тұлғалары, білімдар, ана деген ұлы есімді қастерлей білген білімді де білікті, асқан мәдениетті жандар болған. Бопай ұрпақтарынан тараған қыздары Шыңғыс тұқымдарынан тараған ақсүйектерге тұрмысқа шығып ұрпақ қалдырған. Батыр сұлтанның ұлы, Қаратай сұлтанның ұлы, Әбілмәмбет ханның ұлы, наймандардың ықпалды билеушісі - Әбілфайыз сұлтан (1783), Кіші жүздің Әлімұлы ұрпақтарының ханы Арынғазы (1815-1821), Хиуа хандары Елтүзер (1804-1806), Мұхаммед Рахим (1806-1828), Аллақұлы хан (1826-1842), Мұхаммед Әмин (1846-4855), тағы басқалары осы Бопай ұрпақтарының қыздарын алған. Бопайдан тараған ұрпақтар ішінде оның тұңғышы Нұралының қызы, яғни Бопайдың немересі Тойқара асқан сұлулығымен көрген жанды таң қалдырған. Сұлулығы жөнінен оған тай келер жан болмаған. Осы сұлулығымен өзінен әлдеқайда үлкен, Орынбор өлкесінің әскери губернаторы, барон Отто Генрих Фон Игельстромды өзіне тәнті еткен. Сұлулығын, ақылдылығын пайдаланып Тойқара Игельстромнан туысқандары үшін хандық өкіметті қайта құруды табандап сұрайды. Өзінің бүкіл болмысымен баронды арбап алған сұлу үшін губернатор хандық өкіметті Кіші Ордаға қайтару жөнінде Ресей үкіметінің коллегиясына шығады. 1792 жылы әулие Рим империясының «граф» жоғары құрметті атағына ие болған ол Ресей патшасының генералы ретінде Тойқараның – хан қызының абырой-беделіне аз ықпал етпеген. Әрі сұлулығымен, әрі асқан ақылдылығымен Ресей шекара үкіметін өзіне бағындырып алған ару мұны Орда үшін көп пайдаланған. Тойқараның күйеуі қазақ Қожа Нұрмұхамбетов шекаралық сотта заседатель лауазымында қызмет атқарған. Тойқара отбасымен Орынборда тұрғанымен күйеуінің қызметі бабында Петербургте жиі болып, жоғары деңгейдегі қызмет иелерімен, ақсүйектермен араласып, сол кездегі жоғары мәдениетті меңгерген. Ол қай жерде, қандай ортада жүрсе де бойына қонымды ұлттық киімдерімен жүретін. Төңірегіне еуропалық үлгідегі мәдениет өкілдерін жинаған Игельстромның өзі де қырғыз істері жөніндегі өкімдерінде аздаған өзгерістер болып жатса, ол – Тойқараның ғана ықпалы болатын. Тойқараның құрметіне, абырой-беделіне лайық оған «княгина» титулын алып берген. Ұлы император Екатерина Тойқараға ғажайып күйме тарту еткен. Тектілігіне қарап қала ішінде – Орынбор көшелерінде алты ат жеккен күймемен жүруге рұқсат етілген. Орынбор көшелерінде ондай күймемен жүру құқы санаулы адамдарда ғана болған. Анадан ерекше туылған Тойқараны күллі қазақ жұрты осылай құрметтеген. Бірге туған тумаластарының өзі, өзге де сұлтандар оның бетіне қарсы келе алмайтын. Оны құрметтеп те таңдана тыңдайтын. Олардың әр сөзінен, ісінен

кемшілік тауып, ескертіп, «әйел боп тумай, ер адам боп туғанымда ғой, сендерге көрсетер едім қандай болу керектігін. Және сөзбен емес іспен көрсетер едім. Маған қарап сендерге да тап солай жасауды үйретер едім», - дейтін. Тойқара патшайым қолынан алған медалын тастамай тағып жүретін. Бірнеше жыл Петербургте тұрған Тойқара 1797 жылы Орынборға оралып, мұнан кейінгі өмірін осы Орынборда өткізген. Бір қатарлы әскери казарманың қақ маңдайындағы үйде тұрған. Ол Еуропа мәдениетін терең меңгеріп өмір сүрген. Түрлі түсте тым әдемі киінген. Соның бәрінде оның қазақ қызы екендігі көзге ұрып тұрады екен. Тойқара 1806 жылы патша императордың өз қолынан жер иеленуге рұқсат алған. Орынборға жақын Жайық өзенінің жағалауынан қалың шалғынды, сулы да нулы жер бөлініп, осында өзінің иелігі болған. Мұңлы әуенді музыканы сүйіп тыңдайтын. Ол өз заманында осылай өмір сүрген. Тойқара 1806 жылы қайтыс болған. Оның денесі Орынбордың Миновой сарайының сыртына қойылған. Кейін күйеуі де сонда жерленген. Бопайдың шөбересі, яғни, Бопайдың екінші ұлы Ералыдан туған ең кіші баласы Бөлекейдің қызы әйелге тән нәзіктігімен және сұлулығымен өзбек жұртшылығының назарын аударып, сүйіспеншілігіне бөленген. Әуелі Хиуа ханы Елтезердің әйелі болған, кейін ол өлгесін өзбек маңғыттары әулетінен шыққан қаһарлы билеушісі Мұхаммед Рахим ханның әйелі болған. Бопайдың шөпшегі, ұлы Нұралыдан тарайтын Жәңгір ханның татар әйелі Фәтимадан (Орынбор мүфтиі Мухамед-жан Хусайновтың қызы) туған қызы Зылиха ең алғаш Еуропа білімін алған қазақ қыздарының бірі. Оны әкесі баяғы Петербургтен Кіші Ордаға елші болып келген, кейін 1748 жылдары Оренбург губернаторы Неплюевтің орынбасары, дипломат Алексей Иванович Тевкелевтің ұрпағы полковник Тевкелевке тұрмысқа шыққан. Нұралының немересі, Бопайдың шөбересі Хусни Жамал 1894 жылы Бөкей ордасында тұңғыш қазақ қыздарының мектебін ашқан және тұңғыш бала оқытқан қазақ қызы. Қазақ балаларының сауатын ашуды армандап жүріп тұрмысқа да кеш (40 жасқа келгенде) шығыпты. Бопайдың шөбересі Пірәлі қызы Жақсы ханым (Пірәлі біраз уақыт Маңғыстауда хан болған) Сырдария бойындағы Кіші жүз руларының басын біріктіріп ұстауға атсалысқан, сол замандағы саясаттарға араласқан ақылды әйел болған. Жақсы ханым Арынғазы ханға күйеуге шыққан. Арынғазы қазақ халқына теңдік сұрағаны үшін патша үкіметі тарапынан қудаланып, Калугаға жер аударылып, сонда қайтыс болған. Жақсы ханым күйеуінің артынан іздеп баруға орыс губер-наторынан рұқсат сұрап ала алмаған. Өлгенде ең болмаса сүйегін алып келіп туған мекені Ақтөбе қаласының түбіндегі Қарғалының бойына қою арманы да іске аспады.

Бопайдың нементайы, Нұралының баласы Қаратай сұлтанның немересі Шахзада Аронқызы да арғы тегі хан тұқымынан шыққаны үшін 1937 жылы қуғын-сүргіннің құрбаны болып аты-шулы «үштіктің» қатал үкіміне іліккен қазақ қыздарының бірі. Хан тұқымынан шыққаны үшін ол үш жоғары оқу орнынан қуылып, кейін атылды. Қайсар қыз атылар алдындағы соңғы сөзінде де тартынбай ақиқатын айтып қасқайып тұрған. Қазақ өнер мәдениетінің негізін қалаушылардың бірі, күні бүгінге дейін оның әндерін сүйіп тыңдайтын, онсыз қазаққа ас батпайтын атақты Мұхит әнші, үн мен әуез, саз сиқыршысы, бұл күнде тек атам қазақ балалары ғана емес, күллі Адам ата мен Хауа ана әулеті түгел мақтаныш ететін саз сиқыршысы атанған күй өнерінің сұңғыласы деп атауға тұрарлық саңлақ күйші Дәулеткерей Шығайұлының да арғы шыққан жері Бопайға кеп тіреледі. Яғни, Бопайдан Нұралы туса, Нұралыдан Шығай, Шығайдан Дәулеткерей болып келеді. Дәулеткерей көп жыл ноғай, шеркеш, қызылқұрт руларының, кейін қалмақ жағының сұлтаны болған. Қайткен күнде де бастауын Бопай жатырынан алған ұрпақтардың отаршылдық дәуіріндегі қазақ халқының мәдени-рухани өмірінде өшпес ізі қалды. Кешегі Кеңес үкіметі тұсында 1930 жылдардағы Сталиндік зұлмат - қуғынсүргін заманында да қан-қасапқа іліккендер – алдымен сол Әбілхайыр хан тұқымы – Бопай жатырынан өрбіген ұрпақтар болды. Анау 1930 жылдары Алматыда қазақтың тұңғыш ұлт-ас-паптар оркестрі құрылғанда оның құрамында Қамбар Медетов деген болған. Бұл кезде Өзбекстанда қуғын-сүргіннен бас сауғалап қашып жүрген оны мұнда ұлт аспаптар оркестрін тұңғыш ұйымдастырушысы, қазақтың тұңғыш ән-саз өнерін зерттеуші ұлы ғалымы Ахмет Жұбанов арнайы шақыртып алдырады. Қамбар да Бопайдың тұла бойы тұңғышы Нұралыдан тараған ұрпақ. Құрамында осы Қамбар бар қазақтың ұлт-аспаптар оркестрі 1934 жылы Москвада өткен қазақ мәдениетінің онкүндігіне қатысты. Осы онкүндікті Сталин да тамашалап отырған. Москваның үлкен театрында Қамбар Медетов өзінің арғы тегі Шыңғыс ханнан тараған Жошы хан жөнінде қазақтың «Ақсақ құлан» күйін орындаған. Қамбарды асқан домбырашы, шебер орындаушы болғасын Ахмет Жұбанов өзі сахнаға шығарған. Оның осы өнеріне залдағы бүкіл халық тәнті болып қол соққан. Москвадан оралған Медетов көп ұзамай халық жауы делініп атылды. Ал, кешегі Кеңес үкіметін жан-тәнімен жақтаған, оған барынша қызмет еткен, бұқара халық қызметінен аянбаған, Кеңес үкіметінің нығайып, орнығуына бір кісідей еңбек сіңірген ақтөбелік Бақытжан Қаратаев туралы әңгіме басқа. Ол да түп тамырын Бопайдан тартады. Ол Нұралының башқұрт әйелінен туған. Мемлекет қайраткері деңгейіне көтерілген қазақтың біртуар ұлы Бақытжан Қаратаев 1930 жылдардағы Кеңес үкіметі саясатын бұрмалаушыларға

жан-тәнімен қарсы болған. 1932 жылы Қазақстанның сол кездегі бірінші басшысы Голощекин Москваға бара жатып Ақтөбеге аялдаған. Бұл кезде жасы сексеннен асқан қарт Бақытжан Қаратаев ат арбасымен вокзалға жетіп, Голощекинге: - Совет өкіметінен халық осындай сұмдықты көреміз деп пе еді, - деп айқай салған. Ол заманда Голощекинге қарап осылай деудің өзі ерлік еді. Не деп жауап берерін білмеген Голощекин бұл жерде ұзақ тұра алмаған. Ал, үкімет басшысын қолпаштап жүрген жергілікті партия, совет белсенділерінің үндері өшіп қалған. Мұны көріп, біліп, естіп тұрған халықтың шулаған наразылық үндері белең алып кеткен. Әбілхайыр хан да, оның зайыбы Адайдың табынайы Сүйіндікқызы Бопай да орыс ақсүйектері алған білім мен мәдениетті өз балаларына бере білді. Және бүкіл қазақ баласының сондай білім мен мәдениетке қолы жетуін қалады. Сондықтан да Әбілхайыр мен Бопай балалары – тұңғышы Нұралыдан бастап қалған балалары түгел орыс білімі мен мәдениетін алды. Кейін олардың немере, шөберелері де сондай жоғары ақсүйектік мәдениетке ие болды. Нұралы балаларын Оренбургке, орыстың әскери командирлік оқуына берді. Немере, шөберелері, шөпшегі Орынбор мектептерінде, гимназияда, орта және жоғары оқу орындарында Қазанда, Орынборда, Петербургте оқыды. Кешегі Кеңес өкіметіне дейінгі Қазақстан мәдениеті мен ғылымында Нұралы хан, Айшуақ хан, Шыңғыс, Бөкей хан, Жәңгір хан, Шығай, Қаратай сұлтандардың - Бопайдан тараған ұрпақтарының баршасының да ағарту саласы тарихында, ғылым мен мәдениет салаларында ізі қалды.

МАЗМҰНЫ: Бопай ханым (повест) Сүйіндік қолында Воеводо Бутурлинге хат Кек

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙