Маңғыстау ақын-жазушыларының кітапханасы 42 том
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Авторы: Айтмағанбет Құдайбергенов
Маңғыстау ақын-жазушыларының кітапханасы
АЙТМАҒАНБЕТ ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ
РЕДАКЦИЯ АЛҚАСЫ:
Айдарбаев Алик Серікұлы – алқа төрағасы, Маңғыстау облысының әкімі. Әріп Ғалым Бисембіұлы – алқа төрағасының орынбасары, Қазақстан Жазушылар одағы Маңғыстау облыстық филиалының директоры
АЛҚА МҮШЕЛЕРІ:
Тұрғараев Бекет Тұрғараұлы– облыс әкімінің кеңесшісі, заң ғылымдарының докторы, профессор. Өтегенов Айтуар Оспанұлыақын, (кітапты құрастырушы, жауапты шығарушы-редактор), Қосбармақ Рахат Құсайынұлыақын, (жауапты редактор), Мыңжас Темір Мыңжасұлыақын Өлке қаламгерлерінің шығармаларынан мағұлымат беретін «Маңғыстау ақынжазушыларының кітапханасы» сериясының 50 томдығы Маңғыстау облысының құрылғанына - 40, Ақтау қаласына 50 жыл толуына арналып шығарылып отыр. Бұл томға жазушы Айтмағанбет Құдайбергеновтың «Ақбөбек» («Нұрлы Әлем», 2009) кітабынан алынған шығармалар енгізілген. (1930-1980)
Айтмағанбет Құдайбергенов (1930, Маңғыстау ауданы, Қызық ауылы – 1980, сонда) – жазушы. Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі ҚазҰУ) бітірген соң орта мектеп директоры, аудандық оқу бөлімінің инспекторы болып жұмыс істеген. «Әдебиет және искусство» (қазіргі «Жұлдыз»), «Пионер» (қазіргі «Ақ желкен»), тағы басқа мерзімді басылымдарда («Балықшының баласы», «Махаббат сарайы», «Қуанышты қайдан іздейді?», «Мұғалімнің қызыл сиясы», «Ер кезегі үшке дейін», «Төтенше комиссардың төрт аптасы», тағы басқа ) әңгіме, драма, повестері жарияланған. 1956 жылы Маңғыстау ауданы халық театрын ұйымдастыру жұмысына қатысты. А.Құдайбергеновтың «Ақбөбек» атты шығармалар жинағы Алматы қаласындағы «Нұрлы әлем» (2009) баспасынан жарық көрді.
МАҢҒАЗ ДАЛАНЫҢ МАРҒАСҚА ЖЫРШЫСЫ (Алғысөз орнына)
Айтекең есімінің, яғни Айтмағанбет Құдайбергенов атының, баспасөзде көріне бастағанына бұл күндерде жарты ғасырдан астам уақыт өтіпті. Жарты ғасыр, бұл аз уақыт емес. Осы мезгілдің ішінде оқырмандар қауымының бірнеше буыны ауысып та үлгерді. Қырқыншы жылдардың ақырындағы Айтекеңнің «Сталин жолы», бүгінгі «Жаңа өмір» газеті мен елуінші жылдардың басындағы «Әдебиет және искусство», «Пионер» журналдарындағы өлеңдері мен әңгімелерін қызыға оқыған сол кездегі жас қыздар мен жас жігіттер бұл уақытта ақ шашты әжелерге, ақ сақалды аталарға айналған. Бірақ солардың көбі Айтекеңнің жеке басының жай – күйін білмегенмен, автордың бір кездердегі өздері оқыған шығармаларын жақсы біледі. «Иә, Айтекең қаламының желі бар азамат екенін ерте аңғартты ғой, одан тілектес қауым – оқырманының күткені көп еді», - дейді. Табиғат оған талайлар сүйсініп қызығарлықтай қабілет, дарын берді. Соның арқасында ол 1954 жылы сол кездегі Қазақстанның маңдайына біткен жалғыз университетінің филиология факультетін үздік бітірді. Оның зерделілігі мен зейінділігіне ден қоятын замандастары Айтекеңді ғылым жолына түсіп, ғалым болатын шығар деп ойлады. Бірақ ол елге оралды. Өзінің кіндік қаны тамған ата – бабасының құт мекені маңғаз даланың жас өрендерінің жүрегіне бек бекінді. Еңбек жолын Ленин атындағы орта мектепке директор болудан бастады. 1956 жылы аудандық мәдениет үйі жанынан халық театры ұйымдастырылады да, соның алғашқы жетекшісі өзі болады. Облыста алғашқы болып Халық театры атағын алған ұйымға басшы, режиссер бола жүріп, бірсыпыра пьесалар жазады, кейін ауданаралық ақындар айтысы өткенде, Айтекең бұл додаға да қатысады. Бақ сынайды. Жүлдеге ие болады. Жиырма жылдың үстінде халық ағарту саласында қажырлы еңбек еткен Айтекең өз ұлтының жас ұрпағын тәрбиелеуге елеулі үлес қосқан қадірменді ұстаз, айбынды азамат болатын. Оның проза, драматургия, поэзия жанрлары бойынша қалдырған көлемі жағынан қомақты, көркемдік сапасы жағынан сындарлы еңбектері де түптеп келгенде, сол ұзақ жылдар бойы ұстаздықпен өткен өмірінің жалғасы іспеттес. Ұлт мүддесіне, ұлтты тәрбиелеуге қызмет етеді. Айтекең қаламгер ретінде, әсіресе, прозашы, қаламгер тұрғысында өзімен қатар шыққандарың болсын, немесе әдебиет майданына кейінгі келіп қосылғандарың болсын, қай – қайсысының да назарын аударлықтай шырайлы шығармалар берген автор. Яғни жазушылық өнерінде жүргендердің өзінің талап тұрғысынан қарағанда да ол шынайы шеберлікке қол жеткізген шығармашылық тұлға ретінде, сол ұлттың жан – дүниесін жарқырата көрсете білген сөз зергері тұрғысында бағаланады. Сол қасиетіне бола оны өзге халықта жатырқамай қабылдайды.
А. Құдайбергенов қаламына іліккен Қайып пен Ақбөбек оқиғасы, («Ақбөбек» повесі), Ә. Жангелдин отрядының жайы («Төтенше комиссардың төрт аптасы» хикасы), Ұлы Отан соғысы кезіндегі балықшылар тірлігі, («Зардап» повесі), 30 жылдардағы ашаршылық («Аққолтық» әңгімесі т.т.) бір қарағанда кім – кімге де таныс. Осы реуіштес жайлардың қай – қайсысы да қазақ әдебиетінде бұрыннан жазылып келе жатқаны белгілі. Бұл беріден айтқандағы жағдай. Ал әріден айтқанда: қыз бен жігіттің ғашықтығы, содан туындайтын қайғы – қасірет; өмір үшін, билік үшін мүддесі сәйкеспейтіндердің күресі; әйел мен еркектің бір – бірімен көңілдес болып, өмірге некесіз перзенттің келуі; перзенті үшін жанын шүберекке түйген ананың хал – жайы бұлардың барлығы да әлемдік әдебиетте жеткілікті көрініс тапқан... Міне, солардың барлығын жақсы білетін Айтекеңді осы мәселелерге баруға нендей жағдай душар етті? Біздіңше, мұның жауабы бірнешеу: біріншіден, жігерлі де ақылды әйел затының ақ махаббаты, адал сезімінің алдында қандай күреске де бел шешіп, білек сыбанып бара алатынын дәлелдеу; екіншіден, езіліп қорлық көріп жүрген қалың қауым қолыңды арманыңа жеткізем дегендердің ісі мен сөзіне иланса, басын қатерге, байлайтындығын көрсету; үшіншіден, бауырынан шыққан бала үшін нағыз жеме – жемге келгенде ана атаулының өзін құрбандыққа шалудан да тартынбайтығын бейнелеу... Қарапайым тілмен айтқанда, осылай айтылатын бұл жайлар – А. Құдайбергенов сынды тұлғаның авторлық концепциялары болатын. Ал терең ой, шалқар шабыттан бастау алған авторлық концепция – әр уақытта да асқақ. Маңғыстау аумағының ардақты перзенті, маңғаз даланың марғасқа жыршысы А. Құдайбергенов – аз ғана өмірінде артына мол мұра тастап кеткен аяулы қаламгер. Оның көзі тірісінде жарыққа шығара алмай кеткен дүниелерін жинақтап, оқырман назарына ұсынуда, автор шығармаларын зерттеп, насихаттауда филиология ғылымдарының кандидаты, Махамбет атындағы сыйлықтың иегері, доцент Жанбибі Дүйсенбаева қарындасмыздың еңбегі айрықша екенін баса айтуды өздерімізге парыз санаймыз. Ал оқырман қауымның қадірлі қаламгер ағамыз А. Құдайбергенов шығармаларымен жүздесуі келешек уақыттарда да жалғаса береді деген үлкен үміттеміз.
Жұмат Тлепов, филиология ғылымдарының докторы, профессор, халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі.
А.ҚҰДАЙБЕРГЕНОВТІҢ МАҢҒЫСТАУ ЦИКЛІНДЕГІ ШЫҒАРМАЛАРЫНЫҢ ТӘРБИЕЛІК МӘНІ Ол – әдебиеттің әр жанрында қалам тартқан жан – жақты әмбебап жазушы. Шығармаларының тақырыбы да әр түрлі: Отан, салауатты өмір, туған жерді сүю, өндіріс, адамгершілік, махаббат, табиғатты аялау, балаларға арналған қызығы мен шыжығы мол дүниелер, т.б. Әңгіме жанры – қиын жанр. Бұл жанр – қаламгерден шеберлікті, көлемі шағын болуды, білімді, жинақылықты талап етеді. Айтмағанбет – повесть, әңгіме жанрларында өндіріп, төгілтіп қалам тартқан жазушы. Ол студент кезінен –ақ, шығармашылықпен айналысты. Оның шығармалары «Пионер» журналының әр санында жарық көретін. Әңгімелері балардың түсінігіне жеңіл, ойлы, қызықты, тартымды еді... Қазір де біздің қолымызда өзіміз тапқан 30 шақты әңгемесі бар. Жазушының Маңғыстау цикліне кіретін әңгімелері бір төбе. Қаламгердің әңгімелері түгілге жуық өз өлкесі – өлең төсегіне арналған. Олар: «Әділет әкеден де ұлы», «Күзетші», «Тынымсыз немере», «Зағида», «Кішкентай жолаушы», «Аққолтық – Мұнаралы өлкем» циклді әңгімесі, «Бекіре», «Бір бөлменің тұрғындары», «Су тасушы бригада», т.б. Біздің тарапымыздан жазушының шығармаларын түгендеуде біршама ізденіс – талпыныстар жасалды. Атап айтар болсақ: а) Марқұмның көзін көрген, онымен қызметтес болған әріптестерімен, елдің игі - жақсыларымен кездесіп, сұхбаттастық. ( Олар: Жұмат Тілепов, Өтежан Алшынбаев, Сәбит Әбішев, Уап Сәрсенов, Танаш Меңдібаев, Дүйсенбі Әріпов, Төрәлі Озғанбаев, Базархан Сүйеуұлы, Ғиззат Жұмабаев, Қибатқали Әмірханов, т.б.); ә) Алматы қаласына барып, кітапханадан және сирек қолжазбалар қорынан қаламгердің шығармаларын іздестіріп таптық; б) Жазушының балалары және тумаластарымен сөйлесіп, оның өмірі мен шығармашылығына қатысты біршама мәліметтер алдық. Суреттері мен құжаттары, сақталған туындыларымен таныстық. Балаларынан әкелері туралы лебіздерін тыңдадық; в) Марқұмның туған жерін, жерленген бейітін көзбен көріп, суретке түсірдік; г) «Аққолтық» атты тебіреністі, өлкенің шежіресі іспетті көркем әңгімесінен үш түрлі зерттеу сабақ өткіздік. Қаламгердің шығармаларымен етене таныс, ардагер – ұстаз Б.Сүйеуұлы ол жөнінде былай деп еске алады: «Айтмағанбет көзі тірі болып, шығармашылықпен жұмыстана бергенде, ол Республикамызға белгілі балалар жазушысы болар еді. Сондай бауырмал, балажан кісі еді, жарықтық!»
Филология ғылымдарының докторы, профессор Ж.Тілепов былай дейді: «Айтмағанбет менің ұстазым болды. Ол білімдар, келісті, жақсы адам еді. Оның маған жазған хаттары бар. Олар менде әлі күнге сақталған. Баспасөзде жиі көрінді және оны оқырман жылы қабылдады....» Ардагер ұстаз Қ.Жұмабаев: «Айтмағанбетпен көп жылдар бойы жұмыстас болдым. Қазақтың қос ішекті, киелі қара домбырасынан күмбірлетіп күй төгілткенде, бүкіл қазақ даласын тебіренткендей еді ! Оны тыңдаған халық риза болатын... Ол – үлкен әртіс еді ғой! Анау «Ақбөбек» пьесасында - басты рольді сомдады емес пе?! Ой, бір денелі, реңді, көңілді, өте әзілқой адам еді !» - деп сағынышпен еске алады.
Шәкірті, еңбек ардагері, жазушы Сәбит Әбішев ағамыз өзінің «Досым туралы толғаныс» деп аталатын еңбегінде қаламгердің ұстаздық ұлағаты, адамгершілік, азаматтық қасиеттері жайында былый дейді: «Айтмағанбет ағай бізге қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берді. Мамандығын терең білетін, жер жебіріне жете айтып, сіңіре түсіндіретін еді – ау. Орта бойлы, төртбақ, бұжыр бет қара кісі болатын. 1956 жылы ол кісінің «Көксерке» - деген Каспий теңізі, балықшылар өмірінен жазған әңгімесі республикалық басылымдардың бірінде жарық көрді деп естідім. Пай, шіркін – ай, тауып оқыр ма еді деп жүруші едік. Ақыры, қолымызға түскен жоқ. Ал оқығандар мақтауын жетістіріп еді». Ардагер – ұстаз Т.Озғанбаев былай дейді: «Айтмағанбет адамгершілігі мол, парасатты кісі еді. Оның шығармалары құнды. Оны оқыған ел мойындайды. Кезінде
шығармаларын жастанып
оқитынбыз. Шығармаларының тілі сондай шұрайлы, әсіресе, балаларға жеңіл, әсерлі. А.Құдайбергеновті – Маңғыстау балалар әдебиетінің атасы десек те артық болмас деп ойлаймын». 2003 жылдың сәуір айының 21 – інде Ақтау қаласында М.Әуезов атындағы № 20 мектепте облыстық қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері мен кітапханашыларының біріккен семинары өтті. Бұл семинарда «Маңғыстау әдебиеті» бойынша насихатталып келе жатқан А.Құдайбергеновтің «Ақ қолтық» әңгімесін талқыға салдық... Жазушы шығармаларын одан әрі іздеу мақсатымен Алматы қаласына бардық. Бұл сапарымызда сәті түсіп, көптеген тың деректер кездестірдік. Қазақстан ұлттық кітапханасынан «Пионер» журналының бұрынғы сандарынан бірнеше әңгімелерін таптық. Атап айтқанда, 1955 жылғы ақпан айындағы санынан «Кішкентай жолаушы» әңгімесін, 1957 жылғы қыркүйек айындағы санынан «Күзетші» әңгімесін, 1958 жылғы ақпан және тамыз айларындағы сандарынан «Тынымсыз немере», «Бір бөлменің тұрғындары» әңгімелерін көшіріп, жазып алдық. Сол сияқты, «Әдебиет және искусство» (Қазіргі «Жұлдыз») журналының 1954 жылғы 5 санынан «Бекіре» әңгімесін, «Қазақстан мұғалімі» газетінің 1961 жылғы 5 қазандағы санынан «Зағида» әңгімесін таптық. Сондай – ақ, Алматы қаласындағы әдебиет және өнер институтының жанындағы Орталық ғылыми кітапханасының сирек қолжазбалар қорынан
А.Құдайбергеновтің 1945 -47 жылдар аралығында өз қолымен жазған №1129 папкасымен де таныстық. Он екі беттен тұратын бұл папкада Айтмағанбеттің өз қолымен жазған қысқаша өмірбаяны және он өлеңі сақталыпты. Айтмағанбет оқушы, студент кезінен – ақ, шығармашылықпен айналысыпты. Бұған дәлел – «Бекіре» әңгімесінің «Әдебиет және искусство» журналының 1954 жылғы 5 санында «Студенттер творчествосы» айдарымен жарияланғандығы. А.Құдайбергенов әңгімелері мен повестерінің көркемдік ерекшеліктері мынаған саяды: а) Өлкенің тарихын, табиғатын, әдебиетін, мәдениетін жетік біліп, шығармаларында қажетіне жарата біледі, әсіресе, аңыз бен тарихи мәліметтерді жете қабыстырады, әрбір адам алдымен өз атамекенін, туған өлкесін жақсы білуі, құрметтеуі керек. Қаламгер шығармалары туған өлкені құрметтеудің қадір – қасиетін таныта алған, жас өркінге патриоттық сезім ұялатады; ә) Оның балаларға деген ерекше сүйіспеншілігі, ыстық ілтипаты, махаббаты әңгімелерінен айқын аңғарылады; б) Балаларды іскерлікке, елгезектікке, әділетті, шыншыл, адамгершілікті болуға шақырады; в) Жас өренді еңбек сүйгіштікке, елін – жерін, Отанын қорғауға баулиды: « Тәрбие – тал бесіктен» бастау алатындығын, «Отан – отбасынан басталатындығын» тілге тиек етеді. г) Жастарды білімге шақырады, салауатты, толық адам тәрбиесі шығармаларынан кең орын алған. Ол әдебиеттің әр саласында қалам тартқан жазушы. Әңгіме, драма, поэзия жанрында да биіктерден көрінді. Мұнайлы Маңғыстауды жырлады. Балаларға арнап, тәрбиелік мәні бар әңгімелер жазды.
«Бала – адамның бауыр еті » - деген халық даналығы, Айтмағанбеттің көпшілік әңгімесі балаларға арналған. Біз бұл тұста төмендегі үш әңгімесін талдаймыз. Олар: «Күзетші», «Тынымсыз немере», «Әділет – әкеден де ұлы». Ақын – жазушыларымыздың барлығы бірдей балалар әдебиетіне ат басын бұрған жоқ. Себебі, балалар прозасын туғызу, оны мойындау, мойындату оңай емес. Балалар әдебиетінің атасы атанған – Ы.Алтынсариннен бастап, бері қарай –С.Көбеев, М.Жұмабаев, Қ.Мырзалиев, Б.Соқпақбаев, С.Қалиев, С.Омаров, М.Иманжанов, Ә.Дүйсенбиев, т.б. секілді бірнеше жазушыларымыз бар. Айтмағанбет педагог – жазушы. Педагог – жазушы деп атауымыздың да ерекше мәні бар. Балалар әдебиетінің көшбасшысы – Ыбырай атамыз, оның шәкірті – Спандияр Көбеев сияқты, Айтмағанбет те өз өмірінде ұстаздық – ағартушылық жұмыспен қатар, шығармашылықпен шұғылданып, жас ұрпаққа білім беру, оларды оқыту, тәрбиелеумен айналысқан.
Бала кейіпкердің табиғатына терең бойлап, мінезін, жан – дүниесін ашатын әлеуметтік – моральдық мәселелерді шебер әңгімелейді. Балалар әдебиеті – мазмұнға бай, қызықты, тартымды, әсерлі, қысқа да жеңіл. А.Құдайбергенов шығармаларының барлығы да балалардың тікелей өз өмірінен алынған. «Күзетші» әңгімесі бас – аяғы жиырма сегіз жолдан, екі диалогтан тұрады. Негізгі кейіпкері – кішкене Тұрар. Бұл әңгімеде ерлік жасауға ұмтылған Тұрар бейнесі суреттеледі. Ол ойыншық мылтығына қағаздан оқ салып, ататын бір нәрсе іздейді. Пештің үстінде екі көзін тас қып жұмып алып, мүлгіп отырған ала мысық – оған іздесе таптырмайтын нысана еді. Тұрар мысықты көздеп тұрып, тартып қалды. Шошынған мысық ашық тұрған есіктен ыршып кетті. Тұрар «Тиді, тиділеп» мәре – сәре. Баланың аты – бала ғой! Ол содан бері, ойыншық мылтығын «шын мылтық» деп таныды. Тұрар апасымен қораға шықты. Күзетте – қора алдында тұр. Ойы – қасқыр келсе, оларды жайрату. Түздің тағысы – қасқыр – Тұрарға, оның ойыншық мылтығына қайдан болсын?! Арманшыл баланың мәңгі қиялы – дағы. Әңгімеден Тұрардың қырағылығын, сақтығын, ерлікке бейімділігін байқаймыз. Жазушы Тұрардың елін – жерін, Отанын сүйетін малсақ қазақ баласы екендігін суреттей алған. «Әділет – әкеден де ұлы» әңгімесінде басты кейіпкер – мұғалім Қабес Құспанғалиев. Ол елу жыл ұстаздықпен айналысқан, көпті көрген абыройлы азамат. Өзінің туған жерінен басқа елді мекенге көшіп келген. Жаңа мектеп, жаңа орта, жаңа ұжым. Бір күні, мектепке, мектеп директорының атына суық хабары бар хат келді. Онда: «Қабес Құспағалиев – балық аулауға рұқсат етілмейтін қорық жерден қармақ салды. Аталған азамат мемлекеттік балық қорғау мекемесінің қызметкерлеріне қылмыс үстінде ұсталып, айып тағылды. Сізден бұл азаматтың айыбын өтеуге ықпал етіп, коллективтің талқысын ұйымдастыру сұралады» - деп жазылған. Болғаны – осы. Шағын жатса да, шағып жатыр. Қаламгер бұл хаттың Қабес ағайдың қолына тиген сәтін былай суреттейді: «...Қабес ағайдың тілі бір сәтке байланып қалды. Бетінің өңі қашып, екі көзі шарасынан шыға үлкейіп, селт етпеді. Әлеуетті қолдарын үстел үстіне шынтағынан сүйеп отырса да, күзгі жапырақтай қалтырай берді. Ал сол қалтыраған қолдарын қуқыл тартқан саусақтарында қыстырулы тұрған үлгі қағаз әдейі өштескендей, жыланның қабығындай сусып, сұрлана түсті». Жазушы Қабес ағайдың жаны күйіп, не істерін білмеген жан тебіренісін осылай береді. Оның қимылсыз қолдарын күзгі жапыраққа теңеп, қалтыратады. Ал қолындағы жансыз хатқа жан бітіріп, жыланның қабығына теңейді. Жазушы бұл жерде кейіптеуді шебер қолданған.
Әңгіме одан әрі, директор мен Қабес ағайдың арасында өрбиді. Қабес ағай кінәсіз, жаны пәк. Сүттен ақ, судан таза. Бірақ оған дәлелі жоқ. «Қылмыс! »Қылмыс пен ұстаз! Неткен жиіркеніш! Не деген бір – біріне қарама – қарсы, бірінен – бірі алыс, кереғар атаулар! Қабес ағайдың амалы таусылды. Енді не істеу керек? Мектеп басшысы үш күн мерзім берді. Үш күнде істің бәрін бітіру шарт. Амалы таусылған Қабес қарт ескі жұрт атамекеніне бет алды. Қайтсе де, ақталуы керек. Бірақ, қалай? Аулына келіп, жақын – жегжат, туған – туыс, көрші – көлем, өзі оқытқан шәкірттер – бәрібәрімен қайта қауышты. Болған жайды жасырған жоқ. Жайып салды. Олардың арасында Зәкен көрші, оның он жасар баласы – Сәтім де бар еді. Барлығы ұйып тыңдап отыр. Бәрі де үнсіз. Бәрі де Қабес ағайды жақсы таниды. Қылмысқа қимайды. Кінәсіз екендігін біледі. Бірақ шара қайсы? Дәлелі жоқ. Кенет үнсіздікті Сәтімнің діріл араласқан сыңғыр дауысы бұзды: «Иә, білемін! Әке, Бұл – біздер ғой! Есіңізде ме, өткенде, сізді агенттер ұстап алғанда: «Атым – Қабес, фамилиям - Құспанғалиев»- деп, құрдас болған соң ойнап, жаздырдым, - деп едіңіз ғой!..» Әкесі мен баласының көздері туралап келіп, от болып шарпысып қалды. Зәкен көрші жанарын тіктей алмай төменшіктей беріп, басын кеудесіне құлата салды. Ал бала өзінің талшыбықтай бұралған сұлу тұлғасын асқақ көтере ұстап, ұстазы мен әкесіне кезек қарап, тас мүсіндей қатып қалды. Көздері от шашқан, өңі балқып жанған оның қазіргі түрі әлі бір ақау түспеген кіршіксіз таза әділдіктің балғын да мөлдір сипатындай еді. «Әділет тілесе, атаңның болсын айыбын айт » - деген екен ұлы жазушы атамыз М.Әуезов. Сәлім сол идеяны ұстанды. Сөйтіп, Қабес ағай кінәсіз болып шықты. Кінәға батырған Зәкен көрші жер шұқып, үнсіз қалды. «Балалы үйдің ұрлығы жатпас » - демекші, Сәтім бар шындықты ашып берді. Ол өзінің мұғалімі – Қабес ағайды қылмысқа, қиянатқа, жамандыққа қимады. Жазушы әділдік адамның ең асыл қасиеті – адамгершіліктің, әдеп – инабаттың негізі екендігін ашып айтады. Баланы жастайынан әділдікке, шыншыл болуға шақырады. Жазушының «Тынымсыз немере» әңгімесі қарапайым балықшылар өмірінен алынған. Әңгімеге арқау болған Сапа қарт, кемпірі және жазғы демалысқа келген немерелері – Жәкен мен Нұрым. Жазушы құралы – қалам мен қағаз болса, ал балықшы құралы – ау, қайық, ескек. Сапа қарт егде тартқан, бет – аузын әжім басқан, көзінде – жарық көзәйнегі бар, келбеті кәрі көрінетін.
Жазушы күн қақты болып, тотыққан бір түрлі ғажап еңбекқор «адамның өңі» деп суреттейді. Бір сөйлемде оның біраз характері ашылғандай. Балықшы Сапа қарт күндегі тырбың тірлігіне көшіп, ескегін шығарып қояды. «Баланың ісі - шала» - демекші, немересі – Жәкен ескекті абайсызда сындырып алды. Қарт жел соққан теңіздей бұзылып, әп – сәтте бұлқан – талқан болды да қалды. Немересі қолын кесті де кетті. Бәрі тамақ басында, үнсіз. Кенет Жәкен атасына еркелеп, тізесінің үстіне жата кетті. Бәрі де сырт еткен дыбысқа елеңдесе қалды. Жәкен тағы да бүлдірді. Онсыз да, атасының жарық көзәйнегі күл – талқан болды. Атасы тағы да ренжіді. Балалар ойланып – ойланып, ақылға келді. Үйден атасының көзәйнегінің рецептісі жазылған қағазды тауып алып, көзәйнекке тапсырыс берді. Жәкен ағаш жонып, ескек жасады. Жап – жаңа ескекті атасына ұсынды. Сапа қарт балаша мәз – мейрам. Жазғы демалыстың да бітуіне шамалы күндер қалды. Балалардың қуанышында шек жоқ. Екі езулері – екі құлақтарында. Көптен күткен көзәйнектері келді, әке – шешелері келіп, қауышуда. Қос бота аталарына су жаңа, шынысы жалтыраған көзәйнекті тарту етті. Атасы шексіз қуанды. Қос немересін қойнына қыса берді, қуанғаннан – жанарынан ытқып жас та шығып үлгерді. Балалардың әке -шешесі ештеңе түсінбей, аң – таң. Кешікпей балалар әке - шешесімен қалаға оқуға кетті. Жазушының бұл әңгімесі жеңіл, тартымды, қызықты жазылған. Екі баланың іс – қимылын ерекше көрсеткен. Бір сындырғанда, атасына өте керек екі нәрсесін қатар сындыру – әрине, әдейі емес. Балалардың ісінің шалалығы. Бірақ, балалар жақсылық қылсаң, бүтін қыламыз деп, сынған ескек орнына су жаңа ескек жасап берсе, сынық көзәйнек ұсынды. Бұл әңгімесі арқылы балаларды абай болуға, сақ жүруге, мұқияттылыққа, құнттылыққа баулиды. Әрбір еңбектің өтеуі, құны бар. Сондай – ақ, әрбір еңбекті қадірлеуге шақырады. Қазақы ұлттық тәрбиедегі үлкенді сыйлау, құрметтеу, ізетті болу адамдықтың белгісі. Осы асыл қасиетке баулиды. Әңгімеден қаламгердің жергілікті тіл ерекшелігі айқын аңғарылады. Мысалы: көзәйнек сөзі әдеби тілде – көзілдірік. Ал қаламгер көзәйнек нұсқасын қолданған. Бұл Маңғыстауға тән тіл ерекшелік, сөз қолданыс. Кейіпкерлер жергілікті тілде сөйлеп тұр. «Өсер өсіп келеді» циклі Атырау қаласында, Жайық жағасында жазылған. Жазушының өзі – балықшының баласы. Көп жырлағаны – теңіз тақырыбы, балық кәсіпшілігі. Цикл бес бөлімнен тұрады. Олар: «Қуанышты қайдан іздейді», «Ер кезегі үшке дейін», «Құтқару», «Ақ Жайық қалай атанды», «Аврора», «Аврора»!
Халқымыз ежелден бері табиғат құшағында өмір сүріп келеді. Адамзат – табиғаттың бір бөлшегі, табиғат адамның екінші анасы. Адам табиғатқа тәуелді. Бір – бірімен қашан да тығыз байланысты. Әр ақын, әр жазушы табиғатты – жылдың қай мезгілі болмасын, өзінше суреттейді. Жылдың әр мезгілінің өзіне тән сұлулығы, әсемдігі, ерекшелігі бар. Қатал қыстың аппақ қары, жылы жаздың жасыл желегі, көкмайса көктемнің жаймашуағы, тағысын тағылар. Табиғатты майын тамызып суреттеуші, керемет пейзаж жасаушылардың бірі – А.Құдайбергенов. оның «Өсер өсіп келеді » әңгімесі былай басталады: «Жайық үстіне күз келді. Көгілдір сұр бұлтты, сылбыр жауынды күз. Ағынға шомылған ақ шағалалардың базары тарқады. Қалбаң – қалбаң ұшатын қара қарғалардан басқа құс баласы қалған жоқ. Кемелер де жөндеу базаларына барып, кірін жуғызып, сыланып – боянуға кірісті. Балықтар да судың тереңіне кетті. Жайықтың толқыны азайды. Су қоюланды. Мұз қатуға жақын қалды. Өзен тіршілігі келер көктемде қайта гулеп шығу үшін, қысқы тынысты күшейтті », - деп жылдың тамаша бір мезгілі – күзді суреттейді. Күз болғанда да, нағыз қоңыр күз. Циклде бас кейіпкер – Қар. Мұнда әңгіме негізінен, әке мен бала арасында өрбиді. «Әке – балаға сыншы» дегендей, қашан да әкенің арманы біреу – ақ! Ол – баласының жақсы қасиетті, еңбекқор, елгезек, еліне сыйлы азамат болуын қалайды. Ал армансыз, тәтті қиялсыз бала болар ма?! Ойын баласына керегі – ойын. Өсер достарының бәрі мектепке кетіп, жалғыздықтан іші пысып, өзімен ойнайтын серік – қара іздейді. Ол күз мезгілін сондай көңілсіз сезінеді. Әкесі Өсерге: «Еңбек етпеген балаға жылдың барлық мезгілі де көңілсіз» болатындығын айтып, Жайыққа мұз қататындығын, шананы жөндеу керектігін ескертіп, жұмыс тапсырады. Бала жұмысты орындап, көңілді оралады. Сонда әкесі: «Қуанышты ауаның райынан іздейтіндер қателеседі. Барлық қуаныш - еңбекте», - дейді. Қаламгердің бір келтірген екі сөйлемінде әңгіменің түйінін өзі келтірген. Талдаудың қажеті шамалы. «Ер кезегі үшке дейін» бөлімінде әкелі – балалы екеуі Жайыққа келеді. Бірінші кезек жолдары болмады. «Үмітсіз шайтан» десіп, екінші рет тағы да келді. Тағы да жолдары болмады. Әкесі баласына: «Адам асты ішу үшін, алдымен қасықты ұстап үйренеді. Бұл да солай. Еңбектің жеңілі жоқ, балам», - деп үйге оралады. Өсер көңілсіз. Әлгінде оның көп балық ұстамақшы ойы бар еді. «Ер кезегі үшке дейін» - деп әкесі баласын тағы бір мәрте алып шықты. «Енді, мұқият бол. Жүруді де құлап түсіп үйренгенсің. Бүгін бәрін басынан бастаймыз», - деді әкесі.
Сонда баласы: «Үштен қалса ше? » - деп әкесіне қарсы сұрақ қойды. «Онда, ер болмағаның да...» әкесінің берген жауабы осы еді. Өсер ойланып қалды. Ол «бүгін қалайда ер болам, қалайда ер атанам» - деп белін бекем буды. Сөйтіп Өсер бұл жолы үйге олжалы оралды. Әкесі: «Ерледің, балам! Еңбектен жалықпасаң, түбі осылай болады» - деп сүйсінді. Қаламгер еңбекті насихаттап, адам парасатын, ақылдылықты ардақтап көрсетеді. «Құтқару» атты бөлімінде Өсер Жайыққа анасымен келді. Осы кезде қуатты дизелі бар кеме өтіп, судың бетін астан – кестен қылды. Кеме толқынынан балықтардың бәрі жиекке шашылды. Олар тұмсықтарымен жер сүзіп, құйрықтарымен балшық сабалады. Тайызда қайырлап қалып, суға жетуге зар болды. Денелерін жиырып, аспанға шоршиды. Бірақ ұшуға жаралмаған ғой! Жайыққа қарап, қара көздері мөлдіреді. Сірә, жылап жатқан болар. Тыныстары тарылып, желбезектерін қатты – қатты соқты. Жазушы адамзатқа, барлық тірі ағзаға ауа қандай қажет болса, балықтарға да судың ауадай қажет екендігін бейнелейді. Сондай – ақ, табиғатты қорғау, аялау мәселесін бірінші кезекке қояды. Балықтарды қара көздерін мөлдіретіп, адам баласына теңейді. Өсер балықтарды құтқарып, бәрін суға ағыза берді. Анасын көмекке шақырды. Екеулеп құтқарды. Анасы баласының ісіне елжіреп: «Аяушылық сезіміңнен айналдым! Өс, Өсерім, өс! » - деді. Өсер анасының сөзін естіген жоқ. Бұл сәтте ол жағада балық қалған жоқ па екен деп көз жіберіп тұрды. Баланың барлығы бірдей емес. Бәрінде бірдей аяушылық сезім, қамқорлық сезілмейді. Ал Өсердің жылы жүректі бала екендігін байқаймыз. Бұл циклдің қай бөлімін алсақ та, әке мен ана міндеті бала тәрбиесі екендігін байқаймыз. Ата – ананың алданышы да, жұбанышы да, қуанышы да – бала. Бала шыр етіп дүниеге келгеннен – ақ әке мен ана балаға зор үмітпен қарайды. Шәкәрім атамыз айтқандай: «Адаспайтын айқын жоладамдық, кісілік. Ал шын бақыт – адал еңбек» деген ой айқын сезіледі. Жазушы бала тәрбиесінің ата – анадан бастау алатындығын әңгімелейді. Тәрбие – тал бесіктен. Әңгіменің тәрбиелік мәні – қайткенде де адал қызмет ету, адал қарекет қылу. Қол қусырып бос отырмау, еңбекқорлыққа тәрбиелеу. Қаламгер балалар прозасына қалам тартып, тер төкті. Мектеп, оқушылар өмірі - балалар шығармашылығының қашаннан бергі басты арқауы.
Жазушының қай әңгімесінен болмасын, әр кезең өкілдерінің өмір тынысын жақсы біліп, сирек қадағалап отыратындығын байқаймыз. Мұғалімнің өзі психолог. Жазушы үшін ең бастысы – өз рухын таныта білу! ( Астын сызған біз – А.С ). Ал тіл материалын пайдалану мен игеру болса, ол – жаттығудың жемісі. Айтмағанбет бала психологиясын жақсы түсініп, жете меңгеріп, балалардың мектептегі өмірі, мектеп пен үйдің қарым – қатынасы, мұғалім мен ата – ананың ара қатынасы – осылардың барлығының күрделі байланысындағы сыр – сипаттың бала ұжымына, мінезіне, көңіл – күйіне әсерін терең біліп, анық, талғап жеткізеді. Ізденімпаз жазушы А.Құдайбергенов балалар әлемінің асыл қазыналарын молайту жолында көп еңбек еткені сезіледі. Ол өзінің жемісті ұстаздық қызметін, шығармашылық қабілетімен тығыз байланыстыра жүргізген. Педагог – жазушының басты нысанасы – жас ұрпақты өнер – білімге, әдептілікке, адамгершілікке, сондай – ақ, таза да жинақы жүруге, ұқыптылыққа тәрбиелейді. Айтмағанбет өлкеміз – Маңғыстау туралы жырлаған біртуар дарынды жазушы. Ол киелі қазық ата жұртымыз – мұнаралы Маңғыстаудың қойыны қазынаға толы екендігін, табиғат жаратқан әсем дүниесін әдемі айшықтап, оны тарихпен, аңызбен байланыстыра жазған – бірінші жазушы. Жазушының көркем ерекше бір шығармасы – «Аққолтық» әңгімесі. Бұл «Аққолтық» әңгімесі бұрын Республикалық басылымдардың бірінде жарық көріпті. Облыстық «Маңғыстау» газетінің 2003 жылғы 14 -23 сандарында жарияланды. Оқырман, барша халық оны жылы қабылдады. Көптің көңілінен шықты. Шығарманың бұлай аталуының өзіндік мәні бар. Каспий теңізінің жағасындағы (1–шағын аудандағы) шомбал тұмсықтан теңіз портына дейінгі доғаша иілген ойыс жиек – «Аққолтық» атанған. Жалпы, Маңғыстауда Өліқолтық, Жылықолтық аталған жерлер баршылық. Соның бірі біз әңгімелеп отырған – Аққолтық. Маңғыстаудың 362 әулиесі желеп – жебеп жатқан Қараойында табиғаттың құдіретімен жаралған көрікті, келбетті дүниелер көптеп кездеседі. Мысалы, Арыстан бейнелі тас, Айрақты, Отпан, Шерқала, Самал, Тамшалы, Ақмыш және т.б. Халық бұлардың атын – затына байланысты қойған. «Аққолтық » - әсем қаламыз Ақтаудың бұрынғы аты. 1963 жылға дейін ақмаржан қала Ақтауымыз «Ақ қолтық» атанған. 1964 жылдан бастап, қайтадан Ақтау, ал 1965 – 91 жылдары Шевченко аталынды. Еліміз өз алдына дербес мемлекет болып, егемендігін алғаннан кейін, 1991 жылдан бастап, қаламыз қайтадан бұрынғы атауын – Ақтауды иеленді.
Әңгіме 1930 жылдары болған жұт пен аштыққа байланысты жазылған. Сонау ата – бабамыздан келе жатқан тарихымызға үңілсек: 1790 – 1950 жылдар аралығында Маңғыстауда он бес жұт болған деседі. Халқымыз олардың аса тажалдыларына ат қойып та отырған. 1879 – 1880 жылдары «Үлкен қоян» жұтында Маңғыстау малының 50 - 60 пайызы қырылды. 1890 – 91 жылғы «Ор Қоян» жұты түгел аймақты қамтыды. 1910 жылы «Ит» жұты, 1918 жылы «Жылан» жұты, 1921 жылы «Мешін» жұты, 1924 жылы «Доңыз» жұты болды. 1930 жылдары аштықтан 313 мыңнан астам адам зардап шекті. Ал 1932 жылдары 769 мың адам қырылды. Аштық пен індет салдарынан 1 млн. 750 мың қазақ шығынға ұшырады, жалпақ қоян жұттың қырғынын маңғыстаулықтар әлі де ұмытқан жоқ... Әдебиет тарихында мұндай аштық жұт көрінісін суреттеген көркем шығармаларымыз аз емес. Ғ.Мүсіреповтің «Шұғыласы», Б.Майлиннің «Күлпашы», С.Елубаев «Ақбоз үй», т.б. Бұл шығармалар сол кезеңнің көрінісі. Әңгіме ақ шаңқан қаламыз Ақтаудың «Ақтау» қонақүйінде өрбиді. Оқиғаны баяндаушы – жасы қырықтардан асқан бұрғышы. Шашына аздап ақ кірген, көп ойланып, аз сөйлейтін кісі. Әңгіменің негізі тақырыбы – сол 30 жылдардағы Маңғыстау өңіріндегі жалпақ жұт, ашаршылық індеті. Ал негізі идеясы – жұт жылдарындағы ашаршылық кездеріндегі Маңғыстау халқының кешкен ауыр күйі, соның ішінде, Мұқаш жанұясының шеккен зардабы, көрген қорлық азабы, қайғысы. Әңгімеде үш – ақ кейіпкер бар. Олар: Мұқаш, әйелі - Сырға және баласы. Осы үш кейіпкердің образы, бірнеше кейіпкердің образына татығандай. Жазушы жұтты, аштықты сол кездегі табиғаттың қураған көрінісіне теңеп сипаттайды: «Отызыншы жылдарда осы төңіректе айтулы жұт болыпты. Жұттың жеті ағайынды екенін естіген боларсыңыз. Жұттан соң аштық басталыпты. Жазда жаңбыр тамбады. Шілденің таңдай қатырған ыстығы онсыз да сирек шөпті күйдіріп те бітіріп, көсенің сақалындай тел – тел сояуға айналдырып, қаусатып тастады. Даланың ақшаңдағы шығып кеберсіген жер быт – шыт болып жарылып кетті. Мал баласының бәрі қайызғақты терісі сүйегіне жабысқан еті жоқ қаңқаға айналды. Жүні өспей, қу шанақ күйінде қалған қотыр – қотыр терінің бергі жағынан ақ ырсиған қабырғаларды, шодырайған омыртқаларды, жамбас сүйектерді санап, мүшелеп шығуға болатындай еді. Осы күйімен жүдеген мал қыстаққа барды. Ал қыс болса, шілдедегі ыстықтың керін кигізді. Төтеген ақ боран ұзақ – ұзақ соғып, айықпай тұрып алды.
Келер көктемде жұтқа ұшыраған Маңғыстаудың қалған малын саусақпен санауға болатындай күйге келді. Осы қыста аштық та басталды». Міне, осы жұт пен аштыққа шыдай алмаған жұрт әр тарапқа бас сауғалап, үркіккен торғайдай тоз – тоз болып, бытырап кетті. Көпшілігі Түркменстан мен Кетікке жаяу шұбырды. Мұқаш отбасымен жұртта қалды. Сондағы бар үміті – ата кәсібі еді. Соның арқасында, аштық бұл үйге кеш келді. Ата – бабасынан мұрасындай болып қалған ескі қайығы, жамау – жамау ауы, бәрі де – Мұқаш жанұясының аз күн болса да, күн көрісіне жарады. Бірақ бұл тоқшылықтан емес, «шықпа жаным, шықпалап» отырған бір өлмешіліктің күні еді. Енді, міне, күнкөрістің ақырғы құралы – жыртық ауды да кешегі буырқанып – долданған дауыл жұтып алды. Енді алданыш жоқ. Аялдау да қате. Өздері түгел, ата – бабасы аузына алып көрмеген су жәндігі – мүңгірт пен шаянды асып жеп отырып, Сырға үндемейтін, тұйық мінезді күйеуін қозғап, әңгімеге тартты. - Не ойың бар, Мұқаш? - Қандай ой болушы еді! Нені ойла дейсің, Сырға? - Мына құрыған күніңді ойла деймін, жазған! Өлместің қамын іздейік те! - Өлместің қамы осы! Мұқаш қолындағы шаянның ара тісті аяқтарын жұлып – жұлып тастады да, кеуде тұсын сылқ еткізіп сорып алды. Сырға қолындағы басы қауғадай мүңгіртті лашықтың табалдырығына атып ұрды. Былжыраған жәндіктің шырыш – шырыш тұлғасы ағашқа соғылып, мылжа – мылжа болды. Өзі теріс айналып қолын сүртті де, қасында жатқан баласын бауырына алды. - Балапаным – ай, бір қасық сүт татпағаныңа жыл болды. Енді, немен асыраймын сені, құлыным. - Емшегіңнен сүт бармай ма? - Балықтың сорпасы болса, бір жөн. Шаян сорған әйелден сүт шыға ма? - «Жұтқан жұтамас», Сырға. Бұл күніңе де шүкір ет. - Бұдан да жаманы бар ма? - Кім біліпті... Жазушы ерлі – зайыпты екеудің әңгімесін шебер, жып – жинақы диалогқа құрады, бір – бірімен сөз алмасуларын мінсіз шығарады. Қаламгер «Бұл күніңе де шүкір ет» деген сөйлемді қалыптасқан тіркеске құрып отырған жоқ. Алдағы күннің алмағайып заманның, жағдайдың қиындығын осы бір – ақ сөйлеммен аңғартады. Амалдары таусылған олар, жылаған баланың аузына табақ түбіндегі сарқынды сорпаның жұғынын ғана қасықтап тамызды. Бала басын әрлі – берлі алып қашып, ақыры, ауызына ілінген ащы да кермек жылымшы сұйықты амалсыз жұтып жіберді.
Мұқаш пен Сырға ақылдаса келіп, кетпекші болды. Бауырына баласын қысқан Мұқаш әйелі Сырғаны жетелей келіп, нар тәуекелге салып, қайыққа отырды. Кіндік қаны тамған асыл да аяулы атамекенін кім қисын? Туған жердің топырағы қашан да ыстық, қастерлі. Екеуі де туған жерін, елін қимайды. Әсіресе, Сырғаның қимас сәтін жазушы былай береді: «Туған жері көзінің жасындай ыстық, араманындай аяулы. Қырларынан қызғалдақ терген, шағылына аунаған, теңізіне шомылып, құмды жағада қуыспақ ойнаған құтты мекені еді, бұл ара. Сәбилік еркелігін де осы арада төккен. Бұлғақтаған қыз күнін де осы жерлерде өткізген. Махаббат тауып, от жағып, ошақ көтерген, өз алдына түтін түтетіп, уық шанышқан жерлер – ай! Атамекенім, аққұйқалы қонысым – ай!» Сырға бәрін де ой елегінен өткізе келіп, баласын бауырына қыса түсіп, көз жасын төгіп – төгіп жіберді. Мұқаш қайықты басқарып, артта отыр. Әйелінің жүзіндегі осынау құбылысты, өзгерісті – бәрін де қас қақпай танып, барлап отырып, әйеліне тіл қатты: - Көзіңнің жасын сүрт, Сырға.Туған жерім демесең, қимасыңдай нең қалды? Бір еркек, бір әйел, шиеттей нәресте үшеуін асырай алмаған, жұт жайлаған жұртыңды тістелеп аз отырған жоқсың. Сенің кінәң жоқ. Тойып бара жатырған жоқпыз, тозып бара жатырмыз. Ақ жолға шыққан екенбіз, жамандық шақырма, бекем бол! Бұл – нағыз ер азаматтың сөзі, әйел адам нәзік жаратылады. Әйел затына ер азамат ерік күш – қуат берсе, сонда ғана ол бекем болады. Мұқаш бұл жерде өзінің нағыз азаматтығын көрсетті. Оның «Ақ жолға шыққан екенбіз. Жамандық шақырма, бекем бол!» сөздерінен қуат алған, күш – қайрат жинаған Сырға: - Жалғыз желкен жамылып, жас нәрестені теңізге алып шыққан еріксіз сапарымызға налимын да, Мұқаш! Әйтпесе, елі көшіп, жұрты қалған қу мекеннің несіне жылайын?! Қасымда өзің болсаң, бауырымда балам болса, болды маған. Бұл – ақылды, сабырлы, көпті көрген ибалы әйелдің сөзі. Диалог ықшам тәрбиелі, мәнді, әсерлі. Бұл – қаламгердің диалог құрудағы жүйріктігін байқатады. «Жасы екіден асқан бала анасының омырауына жабысады. Әр нәрсені бір айтып, былдырлайды. Әлденелерді саусағымен шошайтып, көрсетеді. Алақанын бір жұмып, бір ашып, көк теңізді кешіп, жүгіре жөнелуден тайынар емес. Отты – от деп, суды – су деп ұқпайтын балалықтың көзсіз батырлығына басқан. Теңіздің тұзды суы бетіне шашырағанда, үлбіреген ернін жымқырып, кермек татыған ащы дәмнен қашқалақтайды, тыжыранады. Баланың бұл қылықтарына әке – шеше қатар күледі. Күледі де, қызықтайды. Бірақ баланың ояуынан ұйқысы көп. Әрі қайық тербеткен, әрі аш құрсақ бала жылап – жылап қалжырайды. Қалжырайды да, ұйқыға кетеді. Ол өзінің анасының ет жүрегі езіліп, өзін қыса түскенін де, ауызына ақ мамасын
тықпалағанын да сезбейді. Қайықтың құйрығын ұстаумен қолдары қарысып қалған әкесінің өзіне ұзақ – ұзақ талмай қарағанын да, ұйқыдағы сәби көрген жоқ. Әкенің жүзіндегі өзіне төгілген мейірімнен де бейхабар». Қаламгер жас сәбидің қимылын, іс – әрекетін, образын, оған риза болған ата – ананың алданыш – жұбаныш көңілін әдемі бейнелейді. Тіл өрнектері таңдантпай қоймайды. Бірақ бір үйлі жанның көздерімен ұғысқан бір – біріне деген ымыра – ілтипаты, ықылас – пейілі ұзаққа барған жоқ. Аштық пен жоқшылық жұт айдаған жандардың қалған өміріне бұдан былайғы тұрмыс – тіршілігіне, тағдырына ештеңеден тайынбайтын, дегенін жасайтын көк теңіз – өз таңбасын басты. Бұл сәтте жел біржолата тынып қалған еді. Ауа райының өзгеруі лезде ғой. Кенет аспан мен теңіздің астасқан жерлері қарақошқыл белдеулік болып құрсап алған. Қара түнек дауыл тұрып, жел болып ысқырып, тып – тыныш жатқан теңіздің быт – шытын шығарды. Толқын да Мұқаштарды келемеш қылғандай, ескекті жұлқып – жұлқып, ортасынан қақ омырса, енді бірде, тозығы жеткен желкеннің жұлым – жұлымын шығарды. «Саған сол керек! Бұл әлі де аз» дегендей, қайықты шыркөбелек айналдырып – айналдырып алып, лезде биік «таулардың» басында билетіп тұрды. Бұл ермегінен де запы болғандай, енді бірде, байғұс қайықты көз көрмес, құлақ естімес құрдымға жіберді. Сорлы қайық дауылға қарсы төтеп бере алмады. Іші суға толды. Мұқаш әйелі мен баласына қарады. Екеуі де малмандай су болыпты. Өлсек бірге өлеміз дегендей, бір – біріне жабысып алған. Өлі – тірісі белгісіз. Мұқаш құйылған суды төге бастады. Жаға алыс. Кейде толқындар қайықты биікке көтергенде, ағараңдап Аққолтық көрінеді. Бұл аласапыран күйді тек Мұқаш қана басынан өткеріп жатқан жоқ. Талайларды жалмады ғой, бұл аласапыран. Осындай аласапыран дауылдарға ұшыраған балықшылардың көбі айтатын, жетсем – ау деп арман ететін Аққолтығы сол. Онда ықтасын бар. Ол жер пана. Мұқаш соған қарап телміреді. «Сол жерге бір жетсек қой, шіркін – ай! Мынау құтырынған толқындардың мазағынан құтылып, бір дем алар едім – ау! Өлмей жатып, өлікке ұқсап жатқан, сорлы әйелі мен байғұсв баласының табандарын қасиетті қара топыраққа тигізер едім. Арман болған Аққолтық! Мынау арпалысқан ажал толқынын кешіп барып, саған жетуім керек. Жеткізермісің, құтқарармысың, Аққолтық! Өзің жақын көрінгенмен, жолың ауыр. Қиямет жолы осы да. Кез – келген сәтте, кез – келген құтырынған толқын қайықты талқан етіп, бір отбасылық жанды түп – түгелімен озбырланып жұта салуы да ғажап емес. Әлде қақпақылдап қуып, түбіңе айдап апарар ма екен? Иә,
сәтті арманым, Аққолтығым! Сәт санап, жақындай түскен сияқтысың. Әлде көзім, әлде көңілім алдаған жоқ па, мені?!». Бұл Мұқаштың ішкі монологы. Жазушы жаны тебіреніске түскен, не істерін білмей жаны түршіккен Мұқаш ойын көркем жеткізеді. Армандаған Аққолтығын көргендігіне қуанғанымен, қуанышына аралас сенімсіздік пен күдік те бар. Мұқаш жан арпалысына түсіп отырғанда, қимылсыз жатқан Сырға басын көтерді. Су төгіп, ойланып отырған күйеуін көрді. Екеуінің де жанары – Аққолтықта. Аққолтықтың жайын, сырын Сырға қыз күнінен бес саусағындай біледі. Балықшылықпен күн көрген қара қайықшы атанған әкесінен көп еститін. Аққолтықты талайлар паналаған, ық қылған, жан сақтаған. Бұл жер – киелі жер. Бұл жер – қасиетті жер. Балықшыларға қорған, медеу болған жер. Мұқаштың суды төге – төге әлі құрыды. Қайық суға батып барады. Шарасы қалмаған Мұқаш қайық үстіндегі үй мүліктерін суға лақтырды. Лақтырған мосысын, шәугімін, шәйнегін, қазанын бәрін – бәрін ысқырынған жел мен құтырынған толқын қағып алды. Қайық үстінде жалғыз сандық қалды. Мұқаш оны лақтырмады. Әйелінің ата мүлкі болған соң қимады ма, әлде, жұбайының көңілін құдайындай сыйлайтын әдеті жеңді ме, кім білсін?! «Жыртық – жыртық лашықтың төрінде тұрғанда жылтырап көзге түсетін осы бұйым еді. Кірген – шыққанның да назарына ілігер дұшпан – көзі де осы сандық еді. Бұйым ғана емес, көп естеліктер жинаған жастық шағының серігі еді. Әке байғұс оны ұзатар шағында ат құны, атан бағасындай қастерлеп, ұзақ шеберге әдейі жасатып берді. Сондағы қыз еншісі – қызыл сандық осы. Күмбезшіл түймелері мен гүлді бедерлерінде толқынның тамшылары іркіліп, жосылып жылап, ажалға бұйырылған ақырғы сәтін күтіп, еңіреп тұрып, егіліп тұрып қоштасқандай күйде. Жазушы осы бір титтей ғана ағаш – сандықты қалай әсірелеген десеңізші? Қазақтың қай әйелінің болмасын, төркінен келген жасауы ыстық қой. Сырғаның әке – шешесінің арнап жасатқан жалғыз мұрасы, көзі – осы сандық еді ғой. Олар дүниеқоңыздығынан лақтырмай тұрған жоқ, әке – шешесінің көзі болғандығына налиды, қимастық сезім баурайды. Бұл абзацта қаламгердің қазақтың қанына сіңген салт – дәстүрін, әдет – ғұрпын жақсы білетіндігін, мықты меңгергендігін байқаймыз. Шағын эпизод арқылы халық этнографиясын жақсы түсірген. Сырға одан әрі шыдамады. Мөлдіреген көз жасын сандық бетіне төкті де, оны суға лақтырып жіберді, қоштасқандай: «Дүние – жанымның садағасы» - деп күбірледі. Екі көзі – Аққолтықта. Аққолтық жеткізер емес. Су қайықты алып кетті. Мұқаштың ит – сілікпесі шықты.
Суды Сырға төге бастады. Су игертер емес. Амалы таусылған Сырға, лақтыратын бір нәрсе іздеді. Ештеңе жоқ. Өзі, күйеуі, баласы. Дымы құрып, амалы таусылған Сырғаның басына бір зымиян ой келе қалды. Көздерінен от шашып, аң көрген бүркіттей күйеуіне шүйілді. «Жоқ ! Жоқ! Жоқ! О, бетпақ қарғыс атқыр, бейшара! Өз балаңның әкесіне, өзін сүйген жарыңа қалай қолың барады? » Сырға жаман ойынан тез айықты. Ол күйеуін ажалға қимады. Сөйтті де, өзі сұм ажалға басын тікті. Мұқаш есін жиғанда, айнала дым болмағандай тып – тыныш еді. Кәрі теңіз: «Болды, бәрі де бітті. Керегімді алдым, енді тиіспеймін» дегендей Мұқашқа қарайды. М.Әуезовтің ең алғашқы шығармасы «Дауыл» әңгімесінің оқиғасы осы тұста еске түседі. Табиғат қатал деген осы – ау! Иә, Кәрі Каспий – ашулы, долы теңіз! Мұқаш жарының сүйегін қанша іздесе де, таба алмады. Аузын арандай ашқан ажалдан баласы аман қалды. Сол екі жасар бала әңгімені баяндаушы – бұрғышы. Әңгімеде Сырға образы ештеңеден тайынбайтын, тартқан ауыртпалығын да, шекен зардабын да мойнымен көтерген қазақтың қарапайым қайсар әйелі. Ол – ақылды әйел. Не десе де, ой елегінен өткізіп, ойланып барып сөйлейді. Іс тындыру үшін де ойын саралап барып, орындайды. Сырға өлі дүниеге тіл тигізді, қарғады. Ол неліктен? Әрине, ашынғанынан, өз тағдырына налығандығынан еді. Бір жағынан аштық, бір жағынан жұт қысқан бейшараларды теңіз долылығы да қысты. Сырға ақылдылығымен қатар, сабырлы, байыпты. Ол шиеттей баласын, сүйген жарын артына тастап, сұм ажалға ден қойды. Сол кезде не ойлады? Әлде, өзім тірі қалып, Мұқаш өлсе, баланы асырай алмаспын деді ме? Сырғаның орнында басқа әйел заты болса, не істер еді? Расында да, Сырға орнына Мұқаш өлсе, жас баланың тағдыры не болмақ? Сырғаның ойына нелер келіп, нелер кетпеді? «Әйел жолы жіңішке» дегендей, ол өзінің әлсіз екендігін сезді. Ал ер азамат түздің адамы. Әке аты қашан да ұлы. Себебі ол - әке, ол - азамат. Әке – қамқоршы, әке – тірек, әке – қорған, әке – пана. Жазушы бала күнінен теңіз жағасында өсіп, сол ауамен тыныс алып, теңіз психологиясына жете мән беріп, оны суреттеуде ерекше шеберлік танытты. Табиғат құбылысы болғандықтан, кейде, теңіз тыныш, кейде аласапыран тентек күйде. Теңіздің тып – тынық жайбарақат күйі әрине, сұлу айырықша әсер береді. Ал долылығына шыдап болмас. Мысалы: «...Жел жоқ, толқын жоқ. Тып – тыныш баяу ырғалып, шексіз де, шетсіз керіліп жатқан алып теңіздің жуаси қалған бойкүйез кезі екен.
Батар күннің қызыл сәулесі су бетіне қиыс түсіп, қиылып тұр» -деп бейнелесе, ондағы шағала бейнесін былай көрсетеді: ...Олардан жоғарыда, әріде су ортасына жақын жалғыз ұшып, ақ шағала қалықтайды. Оның ақ қанаты, шаңқан түбіті еңкейген күннің әлгі сәулесіне боялып, алтын түстес өң тапқан. Ол кейде биік ұшып, қанат сермемей, қалықтап тұрып алады. Кейде, төмен құлдилап келіп, ақ мамығын ағынның жұп – жұмсақ жолдарына сүйкейді. Жазушы табиғаттың жын ұрған сәтін, дауылды теңіздің аласұрған аласапыран тентек күйін, ондағы толқыннан қорлық көрген, толқынға, табиғат тәлкегіне мазақ болған сорлы қайық бейнесін үндестіре, қабыстыра суреттейді. Дауыл болса қап – қара бұлт болып түнеріп, жел болып ысқырып, суылының өзімен зәре – құтыңды қашырып, жетіп – ақ келеді. Ол тып – тыныш жатқан теңіздің бет қабатын соламайымен сыпырып алып, суды құйын етіп, бүркіп шашып, боратып әкетті. Алғашқы соққысының өзімен ескекті жұлқып – жұлқып, ортасынан қақ -омырып, әлдеқайда ағызып жіберді де, тозығы жеткен желкеннің пәрше – пәршесін шығарды, діңгекті екі бүктеп, шорт сындырды. Әлгінде ғана шайдай жарқыраған ашық аспан - қап – қара жалба – жұлба, будақ – будақ үрейлі бұлттардың құрсауы түйіліп келіп, түнеріп келіп, құларманға қалғандай. Биікке шапшыған толқындардың ақшулан жалдарына төніп – төніп өтеді. Байтақ теңізді бұрып әкетердей шүйіледі. Дүниенің бәрі астан – кестен. Дүниенің бәрі жөңкіліп көшкен. Су көшкіні, бұлт көшкіні. Ағындап заулап, жолындағының бәрін ілестіріп, еліктіре билетіп, тұншықтырып батырып, түйіп, қарып қаусатып, тіріні өлік еткен, барды жоқ қылған бір алапат басталды. Ақ жалданып құтырып, көбік шашып тулаған толқын қайықты қақпақылдап, бірінен – біріне лақтырып, қағып алып, мазақтайды. Әңгіменің шарықтау шегі, теңіз трагедиясы осылай көрініс табады. Жазушы әйел бейнесін бір сөйлеммен былай құтырады: «Ұзын бойлы, ақ сұр келіншек қыз күнінде тым сұңғақ, көрікті болғанға ұқсайды. Қазіргі жүзінде жалғыздықтың мұңы, жоқшылықтың жүдеу табы бар». Қаламгер портрет жасауға шебер, сөзге сараң, осындай бір – екі сөйлеммен түйіп кетеді. Енді бірде, Сырғаның бейнесін теңізбен, оның толқынымен, «Әйел көркі - шаш» дегендей, бұрымын қайық әуенімен ырғалта бейнелейді. «...Әйелдің жүдеу жүзіне мынау салқын ауадан қан жиналған. Өңдене, ажарлана түскендей. Иықтан құлаған жуан – жуан қос бұрым қайықтың ырғағымен бұлғақтап ойнайды. Үлкен - үлкен қара көздері теңіздің ертеңгі тынысына ұзақ – ұзақ телміреді, үздіге қарайды. Сонау қиырдағы Өзен мен Жетібайдың дөңдерінен сытылып шығып алып, мидай дала мен самалды теңізге нұрын төгіп, сәт санап биіктеп бара жатқан күн көзі әйел көзінің жанарына жарқыл қосады». Бұл – Сырғаның ойы ғана емес, өлкенің өсу, қарыштау биігі.
Бұл Сырға көзімен беріліп тұр. Адамның бәрі де биікке құмар. Сырғаның арманы да биік еді. Ет баурыңды езіп жіберетін сонау заманғы Мұқаш отбасының ауыр күйзелісін жазушы әңгімеде жап – жатық, шұрайлы тілімен табиғат пейзажымен байланыстыра, қиыстыра береді, сондай – ақ психологиялық иірімдер де жеткілікті. Қаламгер ұран отын – о замандағы жау шақырып, жаманшылықты хабарлаған ұры от – лағынет оты деп берсе, ал қазіргі заман отын – бақыт оты, адал еңбек оты, шаттық, бірлік, игілік оты деп береді. Сондай –ақ, қаз-қатар тізілген алып бағаналар мен мұнараларды өз басындағы қиял құсы мен сезімімен тебірентеді. Сырғаның қазіргі күнін қыз күнімен салыстыра береді. Өлкеде мұнара арқылы еңбектің келешектің жалғастық дәстүрі бар. Екі мұнараның екеуі екі басқа. Біреуітас мұнара. Ол-өнер, тарих, шежіре. Ал екіншісі-мұнай мұнарасы. Олбайлық, береке, бақыт. Айтмағанбетхалқымыздың бүгіні мен ертеңін, өткені мен келешегін салыстыра, астастыра жырлаған оптимист жазушы. Қаламгердің «Мұнаралы өлкем» әңгімесі – «Аққолтықтың» заңды жалғасы. Бұл әңгімені сонау ата – бабадан бері келе жатқан аңыз желісімен жазған. Әйелінен айырылған, осынау қиындықтан есеңгіреген Мұқаш баласын бауырына басып, жоқшылықтан, тас мұнара маңына келді. Бұл мұнара ата – бабадан қалған тас мұнара еді. Оған байланысты аңыз да қалған. «Ертемен күн шығып, шығыс жақтағы таудың басына қас – қағымдай қонақтайды. Алтын шеңбердің астыңғы иегі тау жиегіне тұспа – тұс келген кезде, мұнарадан көлеңке түседі. Сол көлеңкенің дәл ұшын белгілеп алып, жалықпай қазу керек. Сол жерге қазына көмілген. Бұл уақыттан бір мысқал ерте, не кеш қалуға болмайды». Бұл мұнараның басына талай келіп, талайлар кеткен. Бірақ бәрі де бос кетті. Аңыз екеніне, алдамшы екеніне көздері жетпеді. Өкінішке орай, қазына табылмады. Жоқшылықтық, қиындықтың ауыртпалығынан әбден қажып, шаршаған Мұқаш, Кетікті шарлады. Ол да жайсыз болды. Қайтып оралды. Көргісі келмейтін теңіз жағасына келіп, итше жұрттан қалған сүйек – саяқ, қылқанды балықтың басын мүжіп, кеміріп, қалғанын баласына беріп, өлместің күнін кешті. Жүдеп – жадап бітті... ... Мұқаш колхоз басына келді. Колхаз құрылып, бастығы да сайланды. Адамы аз ауыл жұртының ішінен бастықтың көзі Мұқашқа түсті. Алдымен оның аты – жөнін сұрады. Мұқаш бірден «Жарылғаппын» деп руын айтты. Бастық жекіп – жекіп, өз әкесін, әйелін сұрады.
Жетімді кім мүсіркесін, Мұқаш жайды баяндады. Дірілдеп тұрып, Аққолтық оқиғасын айтты. Мұқаштың «Әуелі» өз руын айтуын бастық ескіліктің сарқыны деп қабылдады. Ара – тұра орысша сөйлеп, жекіп қойды. Теңіз бен судың атасы бір дегендей, егінге салды. Мұқаштың бұл жүрісі де алысқа ұзамады. Салған егінің ауыл жылқысы отап кетті. Мұқаш колхоздан қуылды. Бәріне кінәлі – сол баяғы ата – бабадан қалған аңыз. Мұқашты тағы бір «Аңыз» түртті. Таушықтан көмір табылып, шахта ашылды. Мұқаш баласымен жаяу – жалпылап, Таушыққа да жетті: өндіріс,құрыылыс, қарақұрым адамдар. Тырбың тіршілік. Мұқаш ойы қайткенде де, Нысанына нан тауып беру, оны аш қалдырмау. Мұқаш қуанғаннан жылап та жіберді. Оның бар үміті мынау самсаған құрылыстан, өндірістен бір орын табу еді. «Мұнаралы өлкем – ау! Ата – бабам аңыз етіп, таба алмай, айдағаның бес ешкі, ысқырығың жер жарған жыламшы дәуірің өтіпті ». Мұқаш шахта жұмысына кірісті. Ол жер астының ауасына, қиын жұмысқа бірте – бірте үйреністі. Ер мінезін, қайраттылығын көрсетті. Мұнда өзіне серік Никонорды тапты. Мұқаш бойын қуаныш кернеді. Маңғыстау өз алдына отау болып, аудан болып құрылды. Ал Мұқаш депутат атанды. Депутат болғанмен, ол кім, не істеу екенін біле алмады. Оны мына диалогтан аңдаймыз: - Сен енді депутатсың, Мұқаш. - Сонда кім болғаным, Никонор. - Қара қылды қақ жарған, әділ болғаның?. - Ешкімге қылдай қиянат жасағаным жоқ өмірде. - Сөзіңді елің тыңдайтын әкім болдың. - Қалай боламын Никонор? - Бетегеден – биік, жусаннан – аласа боласың. - Үстімнен түйе жүрсе де үн қатпайтын жуаспын. - Сөйлегенде шешен боласың, керегіңде көсем боласың. Мұқаштың қуанышына тағы да бір шаттық құйылды. Нысан алғаш мектеп табалдырығын аттады. Бұл – Мұқаш үшін үлкен мақтаныш. Тапқан – таянғанын өзі аш қалса да, жалғызының аузына тосты. Оны өсірді, бақты. Өздері үшін жанын қиып суға кеткен анасын жоқтатпады. Қуанышы мен өкініші алма кезек кездесіп, бір айналдырса, шыр айналдырады деп отыратын қу тағдырдың Мұқаш үшін мәні болмады. Әрі қарай соғыс басталды. Таушық басы азан – қазан, айқай –шу. Жалғыз ұлы Нысанды Айша апайға тастап нар Мұқаш соғысқа аттанды.
Әкелі – балалы екеудің беттерін ыстық жастары көміп кетті. Жазушы бұл сәтті былай суреттейді: «Қыр басына шығып тұрып, әкесі Нысанды ақырғы рет қатты құшақтап сүйді. Жан – жағына, алыс – жақынға адырларға қар жамылған тау басына жасқа толған көзін қадады ». Сөйтті де, өзі де ойламаған жерден әлдеқашан біреулерден естіген сөздерді мағамдап жіберді: «Кіндік кесіп кір жуған жерінді сүй, балам! Ата – мекен, ақ бесік Маңғыстауыңды сүй, балам! Басынан қайыршылығы арылмаса да, туған жеріңді жаныңдай сүй!» Бұл – Отанын қорғауға, елін – жерін қорғауға аттанып бара жатқан абзал әкенің ақырғы өсиеті, соңғы сөзі еді. Бір айналдырса, шыр айналдырады дегендей, Мұқаш соғыста қаза тапты, қара қағазы келді. «Онсыз да жетім Нысан шын жетімдік күйін кешті». Бірақ ол мойыған жоқ. Өмірдің өзі оны өз соқпағына салды. Соғыс аяқталып, жеңіс күні туды. Нысан әке жолын қуып еңбек етті. Осынау аңыз болып сақталған Маңғыстаудың жұмбақ күйі, енді жұмаққа айналды. Тас мұнара мұнай мұнарасына айналды. Алғаш Жетібайдағы мұнай фонтаны атқылады. Бұл – 1961 жыл. Оған ат салушылардың ішінде Нысан да бар еді. Ол – бұрғышы. Әке жолын жалғастырған, оның ізін қуған бала нысан мұнайлы, мұнаралы, қазыналы Маңғыстаудың сырын ашты. Қаламгер бала көзімен шегініс береді. Біз жетіп отырған күн, міне, осы – күн. Әкесі мен анасы армандаған бейбіт өмірді, олардың көрмеген жайбарақат өмірін, шат – думанын көрді. Аңыздың желімен жазылған Бұл әңгіме адам жанына сондай әсерлі. Жолы болмаған Мұқаш, жалғыз қалған Нысан, теңіз жалмаған Сырға, бәрі – бәрі ерекше образ. Бұл жазушының шеберлігі, сөзге зергерлігі. Қаламгер аңызбен шебер жұмыстанады. Аңыз – символ, ол өсудің, қарқынды қарыштың белгісі. Маңғыстау әлі де аңыздап жатыр, алда да аңыздай бермек. Әңгімелерін аңызбен, тарихпен баяндай келе туған жердің киелі топырағын, қасиетті өңірін, табиғатын ұштастыра, сабақтастыра береді: «Ата – бабадан аңыз қалды. Өкше ізі ұлы теңізден шығып, ұлы дөңге қарай керуен – көш болып, таулар сілемі созылады. Ақтаулар мен Қаратаулардың жарысқан қатарлары озық – озық болып, ұлы дөңнің етегінде көлденең түсіп сұлап жатқан бабатау – Манатаға қарай маң тартады.
Бір кезде, бұлар таулар емес, адамдардың көші өткен дейді аңыз. Тар ойдан тұзды теңізден талғажау таппай, барлық тұрғын ұлы қырға қарай шұбырса керек. Кең жазираға ұлы дөңге шығар жолда көлденең жатып алған паң да тәкәппар Маната ұбақ – шұбақ болып шұбырып келген адамдар күшіне батасын бермей, асуын жауып, міз бақпай жатып алыпты – мыс. Жәннат іздеген жандардың жанқиярлығына жыны құрыстаған қатал табиғат қапысын тауып, осы кезде соғып беріпті. Он күн бойына үздіксіз құтырынып, құмын боратып, құйынын ұйытқытып, қиқылықты салыпты келіп. Адамдар тас болып қатып, түйелер тау болып шөккен екен.Олардың ашылмай жатқан сырлары таңғажайып құпия. Табиғаттың әлдебір дүр сілкінісінен әлде жылдар, ғасырлар қатарынан бірте – бірте құралған осы бір таулардың керуені шынында да, шалқар көшке ұқсайды. Ал бірде, таулар көші, таулар керуені емес, тарих көшіндей елестейді. Жау жолына көп қадалып күндіз – түні көз тіккен шолғыншы тау – Қарауылкүмбет, төбесіне от жағып, қалың елді қатерқауіптен сақтандырған оқшау биік - Отпан, қайғы мен қасіретті зындан шыңырауына сарқып құйып құрбан болған марқұмдардың сүйегін астына жинаған – Шерқала. Осының әрқайсысының өз сыры бар, тас тұлғалар, тілсіз ескерткіштер - бұлар». Осынау аңызбен берілген жұртқа – пана, малға – сая болған өлкеміздің қасиетті таулары: Қарауылкүмбет, Шерқала, Отпан, Маната, Таушық болса, киелі жер, елді мекендері – Кетік, Таушық, Ақшұқыр т.б. Бұларға шолу жасасақ: өлкемізге «Күмбет» сөзіне байланысты туындаған төрт жер – су атауы бар. Олар: «Күмбет», «Көккүмбет», «Қожакүмбет», «Қарауылкүмбет». «Күмбет» - Кетік қаласынан оңтүстікте – 15 шақырым жердегі қорым. «Көккүмбет» - Бозашы түбегінде, Тұщықұдық аулының шығыс беткейіндегі 4 шақырым қашықтықтағы көне ғимарат. Көккүмбет – батыр аты. «Қожакүмбет» - Бекі аулының Жарма, Ұштаған бойында оңтүстікшығысындағы 19 шақырым қашықтықтағы қорымдық. Әңгімеде аты аталған «Қарауылкүмбетке» байланысты екі аңыз бар. Бірінші аңыз – этимология бойынша, «Қарауылкүмбет» - батыр аты болса, екінші нұсқада қазақ батырларының ( соның ішінде Есек батырдың) қарауыл тұрып, от жағып белгі беретін жері. Шерқала – Бозашыдан Хорезм мен Хиуаға жүретін жол бойында, Айрақты тауының іргесінде солтүстік – батыс жағында 3 - 4 шақырым қашықтықта орналасқан тау. Бұл тау – Маңғыстаудың символы. Отпан – батыс Қаратаудың ең биік нүктесі. Биіктігі – 532 м. Маңғыстау халқының барша жұртшылығына танымал.
Ман – ата (Маң – ата) – Маңғыстаудың қақпасы. Қыр мен Маңғыстаудың қыр ойын жалғастырып жатқан он төрт құлама жолдың негізі. Таушық жотасының ұзындығы – 89 шақырым, ені – 67 шақырым. Ал Таушық елді мекені – 1965 жылға дейін Маңғыстау ауданының орталығы болды. Мұнда 1932 – 1939 жылдары «Таушық еңбек» көмір өндіретін артелі, 19391946 жылдары Маңғыстау көмір тресі болды. Ұлы Отан соғысы жылдарында көмір өндірілді. А.Құдайбергенов бұл тұста тарихи дерекпен дәлме – дәл сөйлейді. Оны ұтымды пайдалана отырып, аңызбен, бүгінгі күнмен шебер салыстырады. Тарихи шындықты көркем шындыққа айналдырған. Кетік (Форт – Шевченко) – Түпқараған ауданының әкімшілік орталығы. Маңғыстаудағы алғашқы қала. Каспий теңізінің жағасында орналасқан. Ақшұқыр – Түпқараған ауданындағы село. Ақтау қаласынан 17 шақырым қашықтықта. Каспий теңізі жағасында орналасқан. Әңгімеге негіз болған, Маңғыстаудың сәні – кәрі Каспий. Ол – Қазақстан, Ресей, Түркменстан, Әзірбайжан республикалары мен Иранды қамтитын тұйық теңіз. Жер шарындағы ең ірі, тұзды көл. Көлемі үлкен болған соң, теңіз атанған. Қысқасы, географизм терең көрінген. Жазушы топономикаға қатысты аңыздарды жақсы біледі. Осы жер - су атаулары әңгімеде әр қырынан аталып өтеді. Бір әңгімеде А.Құдайбергенов Маңғыстаудың қара ойының жер сипатының, табиғат жағдайын, тұрмыс – тіршілігін, сол кездегі болмысын, аңызын, тарихын түгел – түгел суреттеп шыға алған. Бұл шығарма – сол кездегі Маңғыстау халқының басынан өткен тарихи болмысының айнасы. Дәл осындай шығарма тек Маңғыстау әдебиетінде ғана емес,. Қазақ әдебиетінде кемде – кем. Бұл шығарма көркемдігі жоғары дәрежеде жазылған. Қаламгер өмір тереңіне, оның қайшылығына бойлай алған. Айналдырған үш адамның характерін беру арқылы сол замандағы әлеуметтік мәселелерді де айқын аңғарған. Өз кезеңіндегі өзекті шындықты «Аққолтық» әңгімесімен жеткізе алған. Шығарманың айтары көп. Заман келбеті қиындыққа душар болған ел, сол қиындықты жеңе білген Мұқаш пен Нысан тағдыры келер ұрпаққа үлгі болғандай. Бұл әңгіме арқылы жас ұрпақты қиындықты жеңе білуге, төзімділікке, сабырлылыққа, Отанын шын сүюге, құрметтеуге тәрбиелейді. Айтмағанбеттің алып теңізге байланысты жазған шығармалары аз емес. Соның бірі – «Бекіре» әңгімесі. Өлкетануға арналған «Өскен орда» тарихи – танымдық шолу кітабының 219 бетінен: «Жас прозашы А.Құдайбергенов алғашқы жазған әңгімелерімен – ақ, талғампаз жұртшылықты риза етті. Республикалық көркем әдеби басылымдарда жиі – жиі көрінген. Оның тырнақалды туындыларымен қадағалап танысқан белгілі әдебиет теориясының білгірі, академик – жазушы З.Қабдолов:
«А.Құдайбергеновтің тым тәуір тілі бар: қысқа әңгімесінде («Бекіре») теңіз суретін әдемі берген» - деген деректі кездестірдік. Жазушы бұл әңгімесінде, бірін – бірі қуалаған беймаза толқынды, жер бетіне сәуле шашқан күн нұрын, толқынмен бірге секірген балықтарды байланыстыра суреттейді: «Көгілдір шалқар теңіз барған сайын көкірегін керіп жазыла береді. Сәл ғана леп шықса да лықсып бетке тебетін беймаза толқындар ұзақ сүреңнен кейін бір сәтке көз іліндіргендей. Су бетінде жіңішке аңық із тастап бұрала иіріліп ойнайды. Ол әр тұстан шалқып басталады да, бірін – бірі қуа жүгіріп барып, алыстан сылдырай күлкі табады. Теңіз үстінде ашық сәулелі күн тұр. Ол қалықтап, ұшқан шағалаларды нұрландыра, су дүниесіне әсем, шат сәуле төге күледі. Толқыма ағындар арасында бауыры күнге шағылысқан ақ балықтар аспанға қарғып, жалт ете қалады. Қайта сүңгіп кетеді». Әңгімедегі бас кейіпкерлер – бала Ахмеди және балықшы атасы. Екеуі қайыққа мініп ас іздеп, теңізге келді. Көгілдір су шымылдығын кешіп келеді. Алыстан қарайып көрінген ауға көз салды. Жақындап зер салды, бір нәрсе түскен секілді. Арманы алдамаған екен, шынында да ауға үлкен балық – бекіре түсіпті. Қария мұз болып, баласына «тоқпыз» деп қойды. Ахмеди мәре – сәре. Ауыздарынан сілекей шұбырып кетті. Сол мезет гүрілдеген дауыс естілді. Бұл – катер дауысы еді. Катерде екеудің басы қараңдайды. Жақындай келе, қайықтағы бекірені көріп ыржиысып – ыржиысып күліп қойды. Ахмеди катерге қызыға қараған. «Ол бізді үйге апарып тастар деп ойлады». Бұл жас баланың мәңгі қиялы, арман – үміті еді. Бірақ бәрі керісінше болды. Әлгі екеуі бекірені «сирек кездесетін закуска» десіп, қайықтан көтеріп алды да, өз катерлеріне салды. «Бізді осылай тәңір жарылқайды» десіп, кете барды. Шал да, бала да аң – таң. Қоректерінен айрылды. Әлгінде балық ауға түскенде қуанған. Енді қуаныш жоқ. Тағы да Ахмедидің құлағына таныс, ащы қарқыл естілді. Енді қараса, катер ілгері жылжып кеткен. Артында ақ көбігін ойната буырқанып, толқын жатыр. Аш балаға алыстай берген катер – сол толқынға батып, қарасын үзіп бара жатқан секілді. Ол көзіне іркілген жасты сүртіп тастады. Әңгімеде балықшы кәсібімен күн көрген аталы – балалы отбасының көрінісі беріледі. Өздері ау құрады. Оған бір нәрсе түссе – түскені, түспесе, бірнеше күн күтеді. Әйтеуір, аштан қалмаудың қамын жасайды. Бүгін де міне, тапқанын әлімжеттік жасап, басқа біреу алып кетті. Аузынан қақты. Еңбектеніп, маңдай терімен тапқан асын кім бергісі келсін? Бірақ жасы келген қария мен жас баланың қолынан не келеді!
Бұлардың сілекейі шұбырып, іші құрылдап қала берді. Бұдан түйеріміз, «Дарын асқа – тік қасық» деп, біреудің тапқан – таянғанына көз салу, көз сату – әрине, өрескелдік, қиянат. Еңбекпен жеген нан – қашан да тәтті. Әлдінің әлсізге жасаған зорлығы, жуанның жалғанды жалпағынан басуы. Қаңғырма келімсектің батпан құйрықты тегін иеленуі суреттеледі. Айтмағанбет көтеріп отырған «Бекіре» әңгімесінің идеясы қазір де күн тәртібінен түскен жоқ. Бұл – қазір Маңғыстаудың байлық орнының тартып отырған басты қасіреті. Маңғыстау қашанда келімсектер мен қаңғырмаларға жем болған, оңай олжа табудың отаны болды. Айтмағанбеттің тек педагог қана емес, сонымен бірге, көрегендігін де осыдан байқаймыз. Өлкенің өмірін сипаттаған Айтмағанбеттің тағы бір шығармасы – «Бір бөлменің тұрғындары» әңгімесі. Бұл әңгіме күні бүгінге дейін ауданымыздағы бірден – бір мектеп – интернат болып саналатын – Жыңғылды аулындағы ақын Сәду Нұрниязұлы атындағы мектеп – интернат өмірінен алынған. Маңғыстау өлкесі топырағында тұңғыш ірге тасы 1961 жылы күзде, колхоздар бастамасымен, малшы балаларына ерекше қамқорлық жасау мақсатында Жыңғылды аулында жалпы үлгідегі орталау білім беретін мектеп – интернат құрылды. Әуелі мектеп – интернатта 150 тәрбиеленуші болды. Ол кезде өз алдына оқу корпусы болмағандықтан, қазіргі Е.Айшуақұлы атындағы орта мектеп оқу корпусында оқиды. 1966 жылы өз алдына оқу корпусы салынып, дербес оқу мүмкіндігіне ие болды. Бұл жылдарда мектепте Есен Бисенов деген азамат басшылық жасады. Қазірде бұл мектеп – интернат халыққа қызмет етіп, бала оқытып – тәрбиелеуде өзіндік үлесін қосуда. Әбдір – әңгімеде бас кейіпкер. Оның бастан кешкен шытырман, қызықты оқиғалары суреттеледі. Әбдір елін - жерін, табиғатын сүйеді. Оны қастерлейді. Ол ағашты жеп жатырған құртты ұстап алып, апайына әкеліп берді. Әбдірдің ойы – құртты спиртке салып, айыбын өтету. Өлген құртты көрнекі құрал ету. Бұл мысалдан оның білімділігін, зеректігін, ойының ұшқырлығын байқаймыз. Сондай – ақ Әбдір адал, кішіпейіл. Оны әңгіменің мына тұсынан аңғарамыз. Ол сынып басшысы Сәрсенмен ренжісіп қалған сәтінде, лезде райынан қайтып, бәрін ұмытып, тез достасып кетті. «Кекшіл болма, көпшіл бол» адамдық идеясын ұстанады. Әбдірдің тағы бір қасиеті – аңғалдығы, қолапайсыздығы. Бір күні интернат бойынша тазалық тексеру күні өтті. Тәрбиешілер, тазалық тексерушілер жатақханаларды аралап келіп, Әбдір бөлмесіне кірді.
Бөлме іші мұнтаздай тап – таза, жинақы. Комиссия тексере келіп, кенет көздері Әбдір төсегі асытындағы кір көйлекке түсті. Әбдірдің беті ду ете қалды. Бала болған жерде, көзбояушылық қатар жүреді емес пе? Бұдан байқайтынымыз Әбдірдің аңқаулығы және ұяла білгендігі. Ұяла білу де – адамгершілік. Әбдірдің қай қылығы да, болашақта жақсылықтың, ізгіліктің ізін байқатады. Негізгі түйіні – балаларды жақсылыққа, дұрыс жүруге, ынтымақтыққа, достыққа тәрбиелеу. Жаман қылықтан сақтандыруды көздейді. Қаламгердің бала психологиясының ерекшелігін шебер суреттеуін байқаймыз. Айтмағанбеттің педагогикалық толқыныс – тебіреністерге толы әңгімелерінің бірі – «Зағида». Жазушы өзі ұстаз болғандықтан ба, осы бір «Зағида» әңгімесі ерекше. Жас мұғалім – Зағиданың мектепке алғаш келуін, оның алғаш тіл табысуын, портретін, қарапайымдылығын үндестіре суреттейді: «Бұрын кездеспеген мөлдір қара бұрымды, ақ құба, орта бойлы, ықшам денелі, көзіне шынысы кішірек көзілдірік киген бейтаныс әйел». Алғаш рет келмей жатып, директормен Зағиданың келіспей қалуы, бір – біріне қарсы сөйлеуі – әңгімені одан әрі шарықтатады. Осыдан кейін, директор Зағиданы қадағалап, күндегісін – күнде оның сабақтарына қатысып, сынай жүреді. Басында оны білімсіз, кітапты жаттап алған жай әншейін көптің бірі деп ойлаған. Енді көзі жетті: алғыр, сауатты. Өз ісіне мығым жан, бар ынта – жігері – қайткенде де балаларға білім нәрін себу. Күндер өте келе, Зағида барлық қырынан танылды. Бірде, қоғамдық жұмыстар кезінде алтыншы сынып оқушысы Сәлім күрек ұстап, қолын күлбіретін алады. Осы шақта Зағида ақ халатты абзал жан – дәрігердің көмегін береді. Яғни, баланың қолын дәрілеп, мұқият дәкемен таңады. Енді бірде, директор Зағиданың тағы бір ерекше ісінің куәсі болады. Зағида оқушысының үйіне келсе, оқушысы жоқ екен, ал шешесі ауырып жатады. Үйде су жоқ. Зағида ауырып жатқан ананы аяп, су әкеліп береді. Директор бұл жайды да көреді. Зағида болған көп тұрақтамай, жолдасының қызметімен басқа жаққа қоныс аударады. Аз уақыт ішінде, ол оқушыларға да, ұжымға да сыйлы, қимас тату, адал дос та болып үлгерді. Зағида кететін кезде – барлық шәкірттері, мұғалімдер шығарып салды. Тіпті, шәкірттері қимай, жылап та алды. Ал Зағида ішінен өзіне бір табан жақын тұрған шәкіртінің бетінен сүйіп, ыстық махаббатпен, балалық жүрекпен жаудырай қараған мөлдір көздерді, сол шәкірттердің пәк сезімдерін бар жүрегімен түсініп кете барды.
Жазушы Зағиданың жақсы да, ізгі қасиеттерін, балаға деген махаббатын, көмегін, аналық мейірімін, ұстаздық абыройын, балаға етеңе жақындығын, бауырмалдығын, кішіпейілділігін, жылы лебізін, аялы алақанын шебер бейнелеп, жеткізе білді. Бұл әңгімедегі директордың прототипі – жазушының өзі. Анығырақ айтсақ, университетті үздік бітіріп, Ленин атындағы мектепті басқарып жүрген кезі... Оқиға кәдімгі өзіміздің Ұштағанда өтулі. Әңгімеден түйіріміз – мұғалімнің бәрі бірдей емес. Ал Зағида жақсы ұстаздар қатарында. Оны балалардың бәрінің жақсы көріп, сыйлауы, аналарындай құрмет тұтуынан – ақ көруге болады. «Шәкіртсіз ұстаз тұл» дегендей, аз уақыт ішінде Зағидаға балалардың тез бауыр басуы тегін емес. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деген осы. Әңгіменің түйіні - ұстаздық ұлағат. «Су тасушы бригада» әңгімесіне Маңғыстаудың шөл даласындағы салынып жатқан жас қала – Жаңа –Өзен, жаңадан бой көтеріп келе жатқан әсем де биік үйлер, сол үйді қалаушы құрылысшылар, онда орналасқан Аманхан үйі, бір топ балалар өзек болады. Құрылысшылар өте көп: Сәлмен, Атабек, Сәлім, Петро, Дүйсен, Егор. Бәрі де үймен бірге биіктеп барады. Аманхан бұлардың барлығын да таниды. Кейде, қиялға беріліп, құрылысшылармен бірге үй салғысы да келеді. Бір сәт әңгімеде айналасы шарбақпен қоршалған құрылыс маңында ойнап жүрген балғын бөбектер көрініс табады. Бір – бірімен былдырласып, бір – бірінің тілін түсінісіп, біреуінің қолында күрегі, енді біреуінің қолында жетелеп сүйреген краны бар балалар. Олар да зәулім үй салып жатқан үлкен ағалары сияқты жұмыс жасағысы, іс істегісі келеді. Қолдарынан келмесе де, соған талпынады. Аманхан мен балалар да қол қусырып қарап отырған жоқ. Олар құрылысшы ағаларына қызыға қарай отырып, біз қайтіп қол ұшын беріп, көмектесер екенбіз деп ойлады. Жаздың шырқыраған шілдесінде үй салу оңай ма? Терлеп – тепшіп еңбек етушілер шөлдейді. Аманхан бастаған бір топ балалар бригадасы оларға су тасып, көмек береді. Жазушы әңгімесін «...Сонымен Маңғыстаудың жас қаласы салынып жатыр. Онда үлкендермен бірге Аманханның сушылар бригадасы еңбек етіп жүр» деп аяқтайды. Тіршілік көзі – су. Маңғыстаудың шөл даласында, сор тақыр өңірінде су тапшы. Қаламыз Ақтауда су тұщытатын жылдам нейтронды АЭС болса, Өзенде мұндай АЭС жоқ. Қаламгер суға деген тапшылықты, қызуы қайнаған еңбекті шебер суреттейді. Жазушы бұл әңгімесін жаза отырып, «Баланы - жастан» демекші, балаларды кішкентайынан, жастайынан халқына еңбек етуге саналы өмір сүруге, іс – әрекет үйренуге шақырады. Айтмағанбет өлкеміз – Маңғыстауға арнап, біршама әңгімелер жазды.
Мұның тақырыптары да әр түрлі. Бұл шығармаларында аңыз сюжеттері мен шындық өмірді шебер бейнеледі. Оның негізгі тақырыптары – аштық және жұт жылдары, оның зардабы, еңбекті дәріптеу, туған жер, табиғат көріністері және мұнайлы өлке тарихы, келбеті. Сондай – ақ адамгершілік, бала тәрбиесі. Жазушының осы тақырыптар көлемінде тарихи әлеуметтік, қоғамдық дүниетанымдық көзқарастары анықталады. Ол өмір шындығын бейнелеуге адамгершілік тұрғысынан келгендігі белгілі. Өзі суреттеген белгілі объектілерді, образдарды беруде жазушылық позициясын нық ұстанды. Оның шығармалары қазіргі уақыт пен қоғамда биік дәрежедегі идеясымен мазмұнымен оқырманның сезім түйсіктеріне ықпал етті. Мағыналы да мәнді шығармаларында қазақ халқының ұлттық болмысын, характерін шынайы күйінде көрсете білді. Шығармаларында кейіпкерлерді үнемі өсу үстінде қоғаммен, заманмен байланыстыра бейнеледі. Әр жазушының өзіне тән жазу стилі, көркемдік тілі бар. Әрқайсысы өзінше сөйлейді, өзінше толғайды, өзінше нақыштайды. Жазушышынайы суреттер. Ол өзіндік өрнегімен, даралық суреткерлігімен сөздерді әсірелеп, көркемдеп қолданады. Сондай-ақ, әр жазушының өзіне тән суреттеу стилі, сөз саптау мәнері бар. Айтмағанбет шығармаларының тілі де өзінше бөлек. Сөздерді қолдануда өзіне шеберлігі байқалады. Тілі майда, шұрайлы, көркем. Оның сөз қолданысынан халқымыздың сөздік қорының байлығын, айшықты сөз иірімдерін, сөз құдіретін, сөз өрнегін жете меңгергендігі байқалады. Бір ерекшелігі қарасөздердің өзін шешендік сөз өнеріне құрады. Сондай-ақ Маңғыстаудың өзіне тән сөз қолданысы, тіл ерекшеліктері байқалады. А.Құдайбергенов сол тіл ерекшелігімен сөйлейді. Бұл оның халқымыздың ауыз әдебиеті мен жазба әдебиетінің асыл да бай қазыналарынан еркін сусындап, ерінбей ізденгендігінің, талпынысының белгісі екенін аңғардық. Ана тіліміздің ұшан-теңіз байлығын мұқият қадағалап, өзінің шығармашылығының игілігі, мұрасы ету жолында көп қызметтенгендігі байқалады. Жазушы тіліміздің көп мағыналы мүмкіндіктерін: синоним, омоним, антоним, тұрақты сөз тіркестері мен мақалмәтелдердің, шешендік сөздер элементтерінің көркем шығарманы айшықтап айқындауда ғажайып икемді сырларын терең зерттеп, өз туындыларының табиғатына жанастыра бейнелейді. Айгүл Сафиева,
филолог, А.Құдайбергенов шығармашылығын зерттеуші
АҚБӨБЕК повесть І Жер бетінде көк жасыл бояуын төгіп, жайнатып, көк масаты кілемін жауып, жасаулап, көктемнің көрікті айы – Көкек те келіп жетті. Аяқ астынан жасанып кеткен сымбатын алып денесіне жеткізе жамылу үшін қара жер бірде керіліп, бірде көлбеп, ырғала берді. Аспандағы күннен құйылып, буын – буынын сипалап жүріп, жібіте бастаған бал шуаққа дүние қапелімде қаныға алмай, бұла бойындағы қарлы қыстан, қара суықтан қалған ызғарын бу қылып ұшырып, тер қылып ағызып бусанып жатты. Ақыры ай толығып, көкек гүлді қанатын жер бетіне айқара жайып салды. Қыс бойына қар жамылған сұлу көктемді жылымықта ашылып қалған денесін көкектің көк көрпесімен қымтап жамылып алды. Қайтқан құстың қанатындай тұтасып, алқара көкке қарай көтеріліп ұшқан ылғалдан мамықтай ұлпа, жібектей жұқа шымылдық тоқып, құба белдердің басын көк торғын пердесімен мұнарлап тастады. Дәл осы кезде ұлылы, кішілі барша тіршілік ін мен үңгірден, апан мен айырықтан шығып, ұйыған буынын жазып, дүр – дүр сілкініп, үсті бастарына жұққан лайы мен топырағын, қиы мен тоңғағын сылдыр – сылдыр түсіріп тастап, әрқайсысы өзінің сиқы мен сымбатына лайық тал бойларын түзеді. Содан соң бәр – бәрі де бастарын көтеріп, аспандағы күнге қарады. Қарап тұрып, қатты – қатты есіней берді, есіней берді. Тірліктің әр түрлі болатыны сияқты, күнге қараған көздер де сан қилы еді. Бір көздер мойылдай, мөп –мөлдір жанарымен, енді біреулері шатынаған шағырын тігіп, жылылық пен жыртқыштықтың оразасын әлі ашпаған, енді ғана жортуылға кірісетін, жорғалай жөнелетін жанкештілік белгісін танытып қалды. Дала қысқы ұйқыдан осылай оянып, көктемгі тірлікке кірісті. Ұбақ та, шұбақ созылған ұзақ құмның бір сұлбасына қыс бойы паналаған үш – төрт тұрбалы жертөле ауыл демін бүгін алып, бойын бүгін жазды. Күн қабағын қалт жібермей, елшідей бағып отырып, көктемнің қырыс – тырысы әбден тарады –ау деген соңғы аптасынан бері, біреу түйесіне шұбатып, біреу есегіне сүйретіп жүріп, ағып – тамып, таусылып болмаған көші –қоны қаракетін әлгіде ғана аяқтап болды. Былайғы елдің күн жылына қара жұрттан шығып, кең өріске қоңырдағы шулы, базарлы, айдын шалқар салтанаты бұл ауылға ата – бабаларының заманынан бері бұйырмаған. Көздерін ашқаннан бері көргені маңдайларына біткен бір – жар мойнаққа шаңырақтарын кезектесіп артып, қалған шоқай – шоқпытын қолтықтарына қысып, жаяу жалпылап қыстаудан көшіп шыға береді. Сондағы жаңа жұрты қашық емес, бар болғаны таяқ тастам жер. Қысқы
қыстауларының арқа беті мен құбыла жағында ойдым – ойдым шағын тепсеңдер болатын, жыл сайын солардың әрқайсысына алмалап қонып, жазды өткізеді. Қой – ешкісі құмға, қозы – лағы тепсеңге жайылып, жан жалғайды. Бұлар үшін құбыла тепсең, арқа тепсең деп аталатын жазғы қоныстары айтулы байлардың Жем мен Сағыздағы шалғынды сулы жайлауларынан бір де кемдігі жоқ. Жарық дүниеге келген бойда, көздерін ашқаннан бергі көргендері жарлылық пен жақыбайлық болған соң, көрпелеріне қарай көсіле білуді әбден – ақ үйреніпті. Тәңіріне жылап, тағдырына лағынет айтып таусылмайды. Қалай дегенде де қарға тамырлы өзге қазақтардан бұлардың бөлекше сақалығы бар. Онысы тұщы етіне ащы таяқ тигізіп, өлерменсіп көзін сатып, бай ауылдың шылауына ермейтіндігі, шалғайына жабыспайтындығы. Бұл елге біткен еркек кіндіктің байлар мен барларға еңбегін сатқан кезі жоқ. Сонымен әрі жарлы, әрі шағын ауыл жақсы үмітін жарық жазға артып, қоқыр – соқыр, көр жерін жалғыз жарым түйелеріне артып, жаңа қонысқа көшіп алды. Көш көліксіз, жүк көріксіз. Уықтардың сыры кеткен де, сыны қалған. Шаңырақтың күлдіреуіші тозып, көні қалған. Керегелердің қаңқасы бар да, қанаты жоқ. Бірақ әйтеуір көптеп, көмектеп, ілдебайлап жүріп, аяғын тұсап, басын байлап, қара жерге қаз бастырып, таңғышпен таңып, құрмен шандып, қалқитып қойған соң, үй болмаса да баспана болмасқа амалы қайсы ? Туырлығын иіндеріне іліп, үзігін жайып, қырық бүктеп апарып, түндігін жапқаннан кейін бәрінің де өздеріне лайық сәні кіріп, сипаты түзеліп, кішкене, кішкене қараша күмбез болып шыға келді. Сонысының өзі көзге жылы, көңілге қуат. Тек ауыл төріндегі өзгелерінен иығы биік, сүйегі ірілеу қоңыр үйдің үзігі мен түндігі жабылмай, уықшаң күйінде тұр. Қорабайдың қоңыр үйі – осы. Бір қолында тебені, бір қолында шуда жібі, жаюлы үзікке кенептен жамау салып отырған ақ келіншек - Ақбөбек . Кермеқас сұлудың бұл босағаға келін болып түскеніне бір жыл толған жоқ. Бір ғана қыс өтті. Бұл өзгеге қыс болса да, оның өмірінің нұр көктемі, гүл көктемі іспетті, әрдайым бей – жай, үнемі ұйқыда, өң мен түстей болып алмасып келген бір жұмбақ мәуіріті болды. Жас сұлу өзінің осынау ұйқылы – ояу болмысына қоңыр күзде тап болып еді. Содан бері осынау сиқырлы да, сырлы ұйқысынан бірде оянбағандай күй кешеді. Ал кейде әлдеқашан оянғандай, әлденелерді ойланғандай, бәрін де, бәрін де бастан өткізіп, аман – есен арманын қолына қондырғандай тоғаяды. Қыс дегені мал тоңғысыз мамырға, қаталдық дегені қарт атаның үнсіз мейірімі мен асты – үстіне түсіп, бәйек болған ененің аяулы алақанына айналғаны ма, онысына өзі де сенбейді. Баталасқан күйеусіз де бақыт табуға болады екен ғой. Ол үшін тек өз жүрегінің қалауы, Қайыптың бір шешімі, өр кесімі керек екен де. Жылауық бойжеткен болмай, арын қорғайтын ару болып туғаны тәңірінің сыйы – дағы. Егілеегіле етегін жасқа жұқартып, арманын тасқа мұқалтып кете берсе, кім айыптар мұны. Өзінің жүрегі мен Қайып қана кінәлар еді. Өзге жұрттың – той біткенше, жолыңда өлейін деп, той біткен соң, машхарда көрейін деп, шыға келері хақ. Ақбөбек болса тойшыл дыр –
думанның бәрін жер соқтырып кетті. Өз басының тізгінін өзі ұстады. Әкесіне билетпеді. Бар кінәсі – осы. Қайыптың етегінен ұстады да, туған табалдырығынан бір түнде аттап шықты. Бар ерлігі – осы. Тоқшылықты талақ етіп, жоқшылықты іздеп тапты. Ұжмақтан тамұққа аттанғандай, зейнеттен бейнетке өз еркімен тұтқын болды. Ұтты ма, ұтылды ма? Өз түсінігінше ұтты. Қазір де солай. Киіз болып жаратылғаннан түтін иісі сіңіп, күн жеп, су сорып тастаған түтесі шыққан мынау құрымды жамап отырып, өз бойынан не бір жиіркеніш немесе жек көру дегенді сезбейді. Өзге байдың танауын көкке көтерген тәйтік әйелі болса әлдеқашан бұлғап – бұлғап бір соғар еді де, Қорабайдың сақалын арами ылғалымен жуып берер еді. Жібек пен барқытты сипалап өскен ақ саусақ, қи сасыған тулақтай киіздің үстінде сүліктей жорғалайды. Кестелі орамал тігуге ғана жаралған саусақ - ау ол, құрым киізге қор болған. Осының бәрі ненің күші, ненің құдіреті? Бұл сұрақтарға Ақбөбек жауап табады. Бірақ шар – тарапқа шашыраған ойының басын құрап айта алмайды. Мейлі, солай – ақ болғаны артық шығар. Қазақ салты бойынша жас келінге сумақай болу жарасқан ба? Ішкі дүниеңде бұрқ – сарқ қайнаған қазаныңды ай – пайына қаратпай, кезеген аяқтың астына ақтара салсаң кімсің? Ақ арманың мәпелеген ару емес, екі елі аузына төрт елі қақпақ жаба алмаған адуын қатын болғаның дағы. Артыңда қалған төркін жұрты, атасулы күйеуінің жұрты – екі елді бірдей улатып – шулатып кетіп алып, Қорабайдың ошағының күлін тағы келіп шашқаннан гөрі Ақбөбек ару атанып, қара жерді басып жүргенше, қара жерге кіргені ләзім. Осындай бір іс істеп, жамау жамап отырғанда, жарлы ошақтың мұқтажындай сарқылмайтын ойлар сан қабат. Олар кейде жоқшылықтың қанжарындай жар сүйген жүрекке қадалып, жаныңды жаралайды. Кейде шатасқан жіптей, шешуін таптырмай шырмалып, екі ұшын ұстатпай, күдіктен күдікке жетелейді. Осы қыстың бойында Ақбөбектің ақыл – ойы сан – саққа құбылды. Бірі жұбатып, бірі жылатып, шәлкем – шалыс түсе берді. Әуелде өз аулында жатып, мұның күйеу еліне киіп баратын етігін тігер сәтінде көріп еді Қайыпты. Он саусағынан өнері тамған шебер де ісмер екен деп, бір таныған сонда. Сыйласа келіп, сырласа келіп, көкірегі ояу, көзі ашық азамат екен деп, екі таныған. Жүре келе оның әнін тыңдаған. Әншейіндегі ауыз екі айтылатын амандық, саулық, етіктің жайы емес, ән басқаша сайрағанды сол жолы. Әкенің ырқымен, еріксізден елден кеткелі жатқан мұның жаралы жанын жылытып, тас болып қатқан жүрегін жібіткен де – сол ән. Ән бұған Қайыпты тағы бір қырынан таныстырған. Мойылқара көзді, қызыл шырайы сыртына теуіп, бал – бұл жайнаған дөңгелек жүзді, қара мұртты, оймақ ауызды, ортаң қол жігіт сүйріктей сұлу болмаса да, сүйкімді, сыйлы көрінген. Арудың арбалған күні – осы. Ақ махаббаттың да гүл ашқан сәті – сол. Осыдан соң жоқтан өзгені сылтауратып, етікші жігіттің отырған үйіне келгіштей берді.Тым болмаса үйдің іргесіне жанай өтіп, жалтаң – жалтаң қарай өтіп, майда жұмсақ үнімен ән салған дауысты тыңдағыштай берді. Ауыл жастарының алтыбақан тепкен бір кешінде айтулы ару мен өнерлі жігіт уәде байласты. Ақыры уәделі күн де келіп
жетті. Сарғайтып барып, сарылтып барып, жылжудан қалған күн батты. Ерініп келіп, шегініп келіп, үмітті артқан ымырт үйірілді. Түнеріп келіп түн жапты. Әншейінде қызыл іңірден қылжия қалатын кезекең дәл сол күні ұйқысы қашқандай кеш жатты. Жұрт аяғы басылды – ау ақыры. Иә, сәт! Жоқ, әлде? Төсектен тұрып іздеген бақытын тапқаны мақұл ма? Әлде? Жылауық қыз болып мына мамық төсекте мола болып жатқаны мақұл ма? Ойпырмай, жас қыздың жанының қиналғанын – ай. Қараңғыда басы зеңіп, тұла бойы өртеніп барады ғой. Безбеннің бір жағында мамық төсек, бір жағында қауіп қатерлі жол. Қайсысын таңдайды? Жұдырықтай жүрегі бар болғыр, қалай қарай бұрылар екен? Дүрсілдеуін – ай, жарылып кетпей, шыдаса игі. Құдай – ау, алдында екі түрлі жол бар. Қайсысына түспек? Қос тағдыр күтіп тұр, қайсысын қаламақ? Тәуекел деп, тас жұта ма, жасықпен деп жас жұта ма? Әкенің күңі бола ма, әйелдің гүлі бола ма? Кім болмақ? Заманы тарылып, амалы жаңылып Ақбөбек осылай ұзақ – ұзақ отырғанын біледі. Екі есті болған осы күйінен бас мұңы көтерді ме, жастығы көтерді ме, оны қазір ашып айта алмайды. Көктен құйылған нөсердей, үсті – үстіне төкпелеген қабағат қалың ой киіз үстіндегі Ақбөбекті өзге дүниеден аулақтатып, оңаша, оқшау отырғызып тастаған екен. Ол қолындағы тебенін де шанышпай, жамауының қалған жөргемін де жапсырмай қимылсыз да қыбырсыз қалыпты. - Бөбек – ау, Бөбекжан, - деген жұмсақ дауысты екінші рет қайталағанда барып, құлағы шалды. Киіктің лағындай, секемшіл, үркек бойы селт ете түсті. Сол сәтте бойын жиып, ойын түгендеп алды да, шұғыл түйініп, аппақ жүзін дауыс шыққан жаққа бұрды. - Иә, ақ апа? - Бір жерің ауырып отырған жоқ па, қалқам. - Жоқ, апа. - Бір құдай жар болсын, балам! Тіл қатқан енесі Түймеш өзінің жұпыны босағасына Ақбөбек келін болып аттағалы кемпірдің төбесі көкке жетулі. Байдың қызын емес, ханның қызын келін етіп еншілеп, хордың қызын баласы емес, өзі құшқандай жасаң тартып, балаша масайрап бітті. Әйтпесе дүниенің тауқыметін тартып, әрнеге бір кірбиіп қалатын әдетінен пышақ кескендей тыйылды. Жалғызы қос, жалқысы екеу болған соң, бар жыртығы жамалып, бар жоқтығы табылғандай күй таныпты. Қайып есейіп, қара қанат болғалы ұмыт болған аналық әлдиі мен әлпешін қайта тапты. Күйе – күйе болған қара шаңырағына ойда жоқта келіп қонған, үш қайнаса түсіне кірмеген, ойласа арманы, ұшса, қолы жетпейтін мынау аққудың көгілдірін енді қайтып, қапыда ұшырып алмасқа, үркітпеске бекіп еді, сорлы кемпір. Намазынан жаңылса, жаңылар бұл әдетінен көзі тіріде таймасқа, тапжылмасқа бекіген. Әулиелері мен әмбиелерін қуалап тұрып ант еткен. Сол дағдысына бағып, бұл жолы да үні жұмсақ естілді. Ол Ақбөбектің жауабына қанағаттанды. Сөйтсе де келінінің жүзіне күн жарығымен
сығырайып, ұзақ қарады. Ақбөбектің өзге жұрт аппақ көретін өңінен қадала қарап
отырып, сұңғыла кемпір қуқылдық көрді. Содан соң келінінің қасына келіп: - Орныңнан тұршы, бойыңды жазшы, көп отырып қалдың ғой, - деп жамау үстінен Ақбөбекті тұрғызып жіберді. Тарамыстанған, шандыр – шандыр қолына найзадай ұзын, сусылдаған өткір піспенді алып, жамауды жалғастырды. Ісін істей отырып, қасындағы тұрған Ақбөбекке тағы да тіл қатты. - Тебенді қолыңнан алғаным, сенен өткен шеберлігім не пысықтығым емес, балапаным. Сенің жағдайыңда қол аяғыңды ұйытып көп отыру қате. Бір құдай жар болсын, балам, - деді. Келіні бұған да үн қатқан жоқ. Жұп – жұқа ұрты ояң тартып, жәй ғана жымиды да қойды. - Қарап тұрғың келмесе, туырлықтың бауларын бекітіп, байлай тұр, - деп жүріп істейтін жұмысқа жұмсап жіберді. Өзі жалма – жан жан – жағына қарап қойып, жамауды апыл – ғұпыл бітіруге асықты. Айналасына ұрлана көз тастауының сыры бар. Қашаннан қоңсы қонып, ет жақын, етене араласып жүргенімен көрші ауылдастарынан да қымсынады. Түтіні басқаның ойы да басқа, кім біледі. Аузына ие болмаған әлде біреу – мына мыжың кемпірдің сығыраңдап, ине ұстағанының ерсісін – ай. Келінің ақсаусақ болса, көретін күнің осы да – деп ғайбаттауынан сақтанады. Адамның ішіне адам кіріп шыққан ба? Өзге түгел таңда бір төсектен өріп шыққан баталы байын күн ұзатпай жамандап, жерден алып, жерге салып отыратын қатындар аз ба? Суаңдаған тіл уын мың шашады. Сумаңдаған жылан уын бір шашады. Осындай өсек – аяңға кездесеріне қарамастан, келінінің аяқ – қолын ұйытпай, орнынан тұрғызып жіберуінің де сыры бар. Шыққыр көзі шықпаса, Ақбөбектің аяғы ауыр. Әне бір кезде тамаққа тәбеті тартылып, сырт көзді ала беріп, лоқсып құсқанынан үмітті. Қайраты қайтпай аяқ – қолы қалтырамай тұрғанда құдай немере сүйгізсе! Оны өзі жөргектеп, өзі бөлеп, өз қолымен тербетсе! Алдында қанаты, артында құйрығы жоқ, қыранның балапанындай дара Қайыптың соңынан тұяқ ерсе. Ой – хой, дүние – ай, тұяқ ерсе! Ол ойын қомсынған да, қорсынған да жоқ. Қайта керісінше, еншісіне тиген, маңдайына жазылған жазмышым деп түсінді. Сол шүкірлігін жадына сақтай жүріп, үй мүлкін тап – тұйнақтай жинастырып бітті. Бас қатыратындай мол дүние жоқ еді, бір тең, бір кебеже, бір сандық. Жүк етіп сіреп, қалап жинайтын барлық мүлік – осы. Содан кейінгісі тозығы жеткен, мақтасы мен жүні қопыраған ашқұрсақ жастық пен жұқалтай көрпелер. Бірлі – екілі терулі алаша бар. Келіннің шеберлігін салған жері осы – алашалар. Соларды үйдің бірде солына ұстамақ болып әлек болды. Төрге Қорабайдың тұсына ұстайтын десе, босаға жақтағы шидің жыртығы жалбаланып, көрініп қалды. Ақыры терулі алашамен ораған шидің өнерін ұштастырып көңілін тойғызды. Жетпесе дүние осы дағы. Басыңа тартсаң, аяғыңа жоқ. Күрмеуге келмейтін қысқа жіпті осылайша үйлестіре алмай, көкірегінде сайраған сұлулық дүниесін жарқ еткізіп жарыққа шығармай,
әуре – сарсаңмен жүргенде, әкесінің үйіндегі оюлы текеметтер, тұскиіздер, кермелер, адалбақанды майыстырған оқалы киімдер есіне түсті. Ақбөбектің тұла бойы жасын соққандай дір етіп, жүрегі сыздап қоя берді. Көзінен бір моншақ жас аяғының астына домалап түсті. Жая салсаң, әрқайсысы әр жазира, көзді тойғызып, көңілді көншітетін не керемет түркпен кілемдері сіреулі тұр еді – ау, шіркін! Бұйырмаған, адыра қалған, опасыз дүние – ай! Арғы төрі әйел заты емес пе? Қымбатты кім қияды, құндыға кім қызықпайды. Сол сәулет, сол салтанат қолының астында болса ғой қазір! Жайнатар еді – ау, жарқыратар еді –ау! Өмірі ондайды көрмеген, көрмек түгіл түстеріне кіріп те шықпаған үй сыртындағы қос қария атасы мен енесі есіктен кіріп келгенде, перінің мекеніне адасып кіргендей абдырар еді – ау! Таңдантар еді, тамсантар еді, не керек! О, дариға неге керек! Әттең – ай, дүние неге қарау болып, әділетсіз жаралған. Жасаусыз келін атанғандай жазығы бар ма еді? Әкенің айттырғаны кем болды. Құдайдың тап қылғаны тең болды. Мұның күнәсі қайсы? Жігіттің нарын тапқаны күнә ма, қыз болып арына тартқаны күнә ма? Қайсысы? Балиғатқа толғанша, әкесінің көзінің қарасы мен ағы болды. Балиғатқа толған соң, ата жауы болды. Ырысын қимағаны пейілінің тарлығы болсын, ықыласын қимағаны қорлағаны емей, немене. Қызын сатып малына мал қоспаса, осы қазақ жұтай ма? Қыз басымен түн жамылып, туған үйінен қашты. Жүрегінің әмірі сол болса, қашпағанда қайтеді. Жат жұрттыққа жаралғанын озалдан білген. Бірақ жұрттың да жұрты бар емес пе? Біреудің малы менен мүлкі бар. Енді біреулерде осының екеуі де жоқ. Бірақ жаныңды жылатар құлқы бар. Қыз махаббаты қайсыны таңдайды? Мүліктіні таңдай ма, құлықтыны таңдай ма? Мұның бәрі Ақбөбектің ішкі сыры, тереңдегі ызасы. Қазір осы ойлар басына лықсып тепкенмен, аузынан қымс еткен үн шыққан жоқ. Ішкі дүниесі ақ түтек болып, ұлып бораса да, аузына берік. Бипыл ауыз болмай, толғанып тұрып, тебіреніп тұрып ойды үнсіз түйетін қасиеті - Ақбөбектің ажарына ажар қосатын үстеме көркі. Әр кезде үнсіз қалып, тынып тұрғаны сырт көзге тәкаппарлық сияқты болып та көрінеді. Мейлі, солай –ақ болсын. Ұғымсақтар ұстамдылығы деп ұқса жетер. Ұрыншақтар не десе, ол десін. Ақыр түбі арулардың бір қасиеті тәкаппарлық екені алашқа аян. Өзгеге бітпеген сұлулықтың өзгеден иығы да биік. Мың бұралып майысып, буыны құрып, иіліп – бүгіліп, бәйпең қағуды қаламайды ол. Осындай шектерге бірде жақын, бірде алыс алым – берім аралас жүретін Ақбөбек бұл жолы сол үнсіз қалпынан жаңылған жоқ. Әкеге деген ашуы жанын жегі құрттай кеміріп, жүрегін қанжардай тілгілеп жатса да, аузынан ол туралы не мақтау, не даттау шықпайтын Ақбөбектің түптің түбіне сақтаған бір үміті мен ақ сәуледей сенімі бар. Жат босағаны жақында аттап әлі жыл асып үлгермеген, көкірегінің оты өшіп, қоламта, күлге айналмаған Ақбөбек әкесінен әлде де болса дәмелі. Райынан қайтар, әкелік сөзін айтар деп күтеді мұңлы. Өз өмірінің ішінде, тәңірінің жақсылығынан үміткер болса, қос тізесі бүгіліп тұрып, көзінің жасы егіліп тұрып, мінәжат етіп күтетін бір қуанышы сол – әке хабары. Бірақ әке қасынан бұл аттап шыққалы күз таусылып, қыс өтті. Жарқырап
міне көктем келді. Бір сәлемім жетер – ау деп, қос құлағын тігіп, ақ бөкеннің лағындай елеңдеумен әлі жүр. Мейірімі төгілер, мерейі үстем болар шуақты күні, шырақты күні алдында ма? Артынан төркіні қатысып, сәлем – сұқбаты, ықылас, ниеті жарасып, ағыл – тегіл қуанышқа бөленер сәті болар ма? Жоқ, әлде жаттан жар тапқан жартыкей қуанышын құшақтап, өмір – бақи жетімек күйде қала бере ме? Отыққан соң, маңдайына бір теуіп, ай далаға, маң далаға тағдырдың талқысына жалғыз тастап кете беретін қоянның көжегі емес, адамның баласы ғой. Адамдар бөбегіне қайырылмай кете ме? Қу тағдыр қалай бұрылар екен? Қыз тағдыры қу түлкінің құйрығындай бұлаңдаған опасыз дәрен – ай! Діңкені езгілеп, титықтатып болдың – ау! Күндікке қинасаң қина, тек түбінің қайырын берші. Жапа –жалғыз үй ішін жинап жүрген Ақбөбек осындай қасіреттің жан күйіндегі құса – дерттің әсерінен тікесінен тұрған күйі қимылсыз қалып, аз уақытқа сілтідей тынған. Бұл хәлінен оны ән айықтырды. Тағы да ән! Шығаннан жеткен, шырқай көтерілген жалғыз дауыс әуелде талып естіліп, бірден – екі үдеп, күшейіп барады. Кең даланы, ауыл, аймақты әп сәтте баурап, еліктіріп, еріксіз құлақ түргізді. Қанатын қағып, қимасын сағынып, көк аспанда көлбей ұшып, шарқ ұрып, асығып келеді. Ақбөбек есіктен атып шықты. Атып шыққан күйі, табалдырықтан әрі аттап қарс қадам баса алмай, ақылы арбалғандай, аяқ – қолы сал болғандай, киіз үйдің түрулі есігіне иығын сүйеп, жағы байланып, жанары мөлдіреп, үнсіз – түнсіз тұра қалды. Қос атты ауылдың маңдайындағы қыраңнан еңістеп келеді екен. Күн жағындағы қылаң аттысы – Қайып. Алыстан салған әні – жолдаған сәлемі. Көрмесе тұра алмайтын сағынышы. Көкірегінен ән етіп ұшырған ақ мамықты, ақ қанат көгершіні. Өзінен бұрын жетіп, сүйіп қосылған жары Ақбөбектің елгезек сезімін қозғап, жанын тербететін әлдиі. Ән бұл жолы да есікті сүйенген сұлудың тұла бойын елжіретіп, көзіне нұр, көкейіне қуаныш құйды. Сүйген жарының аман – есен оралған жолына ұмтыла түсіп, ұмсынып, желегі ұшқындап жүгіре жөнелуге үлкендерден ұялып, әдеп сақтап ұшарға қанаты жоқ құстай талпынып, тағатсыз күтіп тұрып қалды. Сөйтіп тұрып, құлағы әнде, көзі Қайыпта. Алыстан естілген сыбызғыдай сүйкімді дауыс, сиқырлы ән оның көз алдына өткен кеткенін алақанға салғандай етіп, ап – айқын алып келді. Тағы да сол әке табалдырығын аттап шығатын айтулы түн, шарпысқан ойлар теңіздің толқынына ұсап, қабысып қалып, қауысып қалып, бірін – бірі қуалап, бірін – бірі жуып – шайып, ұшығын ұстатпайды. Асқақ толқындар кейде қарысып, кейде қағысып, бір – біріне ақ көб3ктенген азуларымен бас салып, арыстанына өрелесіп, арс та арс ауыз салады. Егесіп келіп, ерісіп келіп қопарылған таудай соғысып, бірінің басын бірі жұтып, мың сан тамшы болып, азып – тозып, жоқ болады. Төсек үстіндегі Ақбөбекті қамаған ойлар да сондай. Күндізгі күйбеңнен сілесі қатып, өз босағасында өлесі болып ұйықтап жатқан анасынан басқа жан баласы жоқ, дағарадай
қараңғы үйде аруды жынша қамаған ойлар, перідей құйтырқыланып, құтырынып билеп жүр. Төсектен басын көтеруге де қорқып сұлу жатыр. Әлгі бір жын – жыпырдың ортасында болшағы бұлыңғыр тартып, жоғала береді. Алдынан ақ күн тумайды. Өңкей бір бұлт торлаған, тұман қаптаған күйкі тірлік көз алдынан арылмайды. Көзге түртсе көргісіз, осынау қараңғы дүниенің бәрі алжаспа, адаспа дегендей, азғыру биін билеп, қамап, қоршап, қақпан құрып тұрғандай қауіп төгеді. Бұрымы бұрым емес, қара шұбар жыландай, қатыгез тағдырындай шұбатылып, мойнына оралады. Қысып, сығып, тұншықтырып, жан тәсілімге жеткізіп, әбден сілесін қатырып, сілікпесін шығарып өштесе береді. Егер осыдан әкесінің мынау қасиетті қара шаңырағын тастап шықса, табалдырығынан дұрыс аттамай, бұрыс аттаса, қара аспаны құлап, қара орманы өртенеріндей көрінеді. Ұшы – қиыры жоқ осы шексіз ойлардың бәрі арбасып та алжасып та қажасып болған шақта Ақбөбектің де бойынан әл кетті. Кенет сілікпесі шығып, сұлап жатқан қыздың көз алдына махаббатқа толы ертеңі, бақытқа бөккен болашағы жарқырап шыға келді. Сол бақыттардың бәрі де дәл бүгінгі түннен, осы қазірден басталуға тиісті. Осы бекіммен бірге Қайыптың суреті, өзі сүйген махаббаттың бейнесі көк жиектен көрінген күндей шапақ шашты. Сүйгені үшін жанталасып күйіп жатқаны, бір ысып, бір суынғаны, өшіп жанғаны бәрі де сол жігіт үшін екені қыздың ақылына жаңа оралды. Оралған бойда шешілместей шиеленіп, түйін түйіп, тас болып беркіп қалды. Ендігі жерде қауіп қатердің де қайсысы керек дейтін анталаған астарлы сұрақтардың да барлығы жүн болып түтіліп, түтін болып сұйылып кетті. Оның орнына осы қараңғы түнде дәл осы сынды сағатта, сенімді сәтте уәделі жерде Қайыптың қос жүйрікті тізгінінен ұстап, тапжылмай күтіп, өкшесі жерге тимей, алас ұрып тұратыны есіне түсті. Бұдан қалса, өз бақытын өзі басқа тепкені. Қолына қонған ақсұңқардың білегіне оралған жібек бауы сусып, көз көрмеске, көңіл жетпеске лағып ұшып кеткені. Азаттықты аңсаған, еркіндікті іздеген көкейкесті мұңының бәрі жалған онда. Жігеріне құм құйылып, махаббат маздаған қыз көкірегінің оты өшкені. Қыз атаулының жарқыраған күні болмай, етегіне күл тиген күңі болғаны. Замандар бойына, ғасырлар тізбегінде жасы құрғамай, маңдайы жарқырамай егіліп кеткен, еңіреп кеткен әйелдердің жылаулы тобын көбейтері шыны ма? Басында ердің қайратындай қайрат пен бекем уәде байласып, аяғында ез болғаны, езілгені расы ма? Қазақтың қыздарын тұңшықтырған томаға тұйық көрпені кім қайырып лақтырар! Күн сәулесін түсірмеген түндікті кім түртіп ашар? Затың мәрмәр, атың ару емес пе? Бекін сұлу, тұр Ақбөбек! Әрі болса өзіңді малға сатқан қытымыр әкенің ақ батасын аттағаның шығар. Ол сенің бақытыңды тілеген бата емес. Сен үшін алған қырық жылқының күңі бол! Тұрсаңшы енді, уәделі ару! Басы артық киімін әуелден Қайыпқа беріп жіберіп, көз тасаға тықтырып қойған сұңғыла қыз бір киерін киіп, белін шарқатпен тас қылып буып, ұшатын қаршығадай құлшынып, әп – сәтте әзір болды. Енді
тек босағаны сықырлатпай ашып, киіз есіктің дыбысын білдірмей жабуы қалды. Өкшесінің сыртылынан қорқып, кебісін аяғына кимей, қолтығына қысты. Бай үйінің күтімді есігі жарлының босағасындай ойбайлаған жоқ. Майлы, бояулы, қанаты қыз жолына тосқауыл болмай, қайырғанға көне салды. Киіз есікте бір бұрышын көтере беріп, ораулы шилері сусып орнына жабылды. Сонымен үйдің ішін қайта қараңғылап, қашқан қыздың бос төсегін шеше көзінен бүркеп, көлегелей түсті. Ал иттер болса Ақбөбектің қызалақ күнінен ескі танысы, тілсіз достары. Талай рет қолынан жал мен жаяның үздігін, бауырсақ пен қант татқан кісінің иісін жазбай таныды. Сондықтан олар түн жамылып есіктен шыққан қашқынның ізінен үрудің орнына етегіне сүйкеніп, қолын жалап, құйрықтарын бұлғап, қоштасып, ауыл сыртына у –шусыз шығарып салды. Кебісін қолтығына қысқан күйі сытылған сұлу үркектей жүріп, көрінген бұтадан ығысып жүріп, Қайып күткен бір топ шидің түбіне қас қағымда жетті. Қашқанда қарға адым жер мұң. Қорыққанның көзіне қос көрінеді. Осы үрейдің екеуі де жалаң аяқ жүгіріп келе жатқан Ақбөбектің демін тарылтып, жұдырықтай жүрегін тас төбесіне шығарып жіберді. Бірақ оның үрейінен арманы биік еді. Қолтығына қанат бітіріп, жүрегіне жүрек жамап, желеп, жебеп алға жетелеген де сол – арманы. Ол – кіршіксіз таза, күнәсіз пәк арман. Бұл – арасына жеңгетай жүрмеген, әзезіл азғырмаған, өзі тауып, өзі танып, ұнатқан, әміршісі – жүрегі, әріптесі – тілегі болған, пара – пайдаға сатылмаған ақ махаббат. Ол сонысымен қымбат, сонысымен құдіретті. Жалаң аяқ қыздың табанын жерге тигізбеген оның күші сондықтан. Оның қызуында қисап жоқ, қызбалықтан мысқал жоқ. Ол тұтанбайды, лаулайды, бықсымайды, маздайды. Өліп – тіріліп, өшіп – жанып, жалап – жұқтап жалмаң қағатын ашкөздік бұған жат, аярлықтан ада, құшып сүйіп, қылғынып қалатын, аздан кейін ындыны қанатын қызылкөз, қомағайлықтан аулақ. Бұл – аттаған қадамының бәрі қайсарлыққа бастайтын, құрбандыққа ұшырататын қилы – қилы ұлы жол. Ару қыздың азаттық пен бостандыққа ұмтылған қасиетті сапары. Талай қолдардың созылған іңкәрлығы сол, талай жүректерді, құштар еткен ынтазарлық осы. Алдыңнан ақ күн тусын, Ақбөбек! Ақбөбек атқа қонғаннан кейін, үзіңгі қарыған жалаң аяғына кебісін сұқты. Оның құп – қу болған өңін, денесінің жапырақтай қалтырағанын қараңғы түн қалқасады. Қос атты – шу! – деп жөнеліп кетті. Аяулы арудың бұдан былайғы өмірінде көп – көп қасірет табатын, азаттыққа ұмтылған жұдырықтай басына зорлықтың қара шоқпары төнетін беймаза сапары осылай басталды. Әзірге ол бұл қауіптердің бірін де сезінген жоқ. Есі – дерті қашып құтылу, ауылдан ұзап шығу ғана болды. Сонымен түннің қалың ортасында атқа қонған екеу шабуылды салып отырып, ертесінде ұлы бесінге жетіп ат белін босатты. Көз ұшында Аққыз бен Балораздың тамдары бірінен – бірі тай шаптырым қашықтықта жарқырап тұр. Одан әрі қашқанға пана, тоңғанға ықтасын болатын иірімі көп, сексеуілі тұтасқан ұлы құмның сілемдері бұлдырайды. Бұл өздері іздеп келе жатқан Қайыптың аулынан күншілік жер.
Жерге аяғы тиісімен Қайып ердің үстіндегі көрпе, жастықты алып, жусанның үстінде жайып, тізесі қалтырап, аяғын аттап баса алмай тұрған Ақбөбекті тік көтеріп әкеліп, төсенішке жатқызды. Ат жалын тартып өскен қырдың қызы болса да, мұндай үрдіс жүріс арудың балғын бойына ауыр соқты. Әншейіндегі ат мініп, ауыл қыдырып, қыз – бозбаладан нөкер ертіп салт жүргені сейіл – серуен, еріккеннің ермегі екен. Қайып Ақбөбекке алдымен шалап жұтқызып, таңдайын жібітті. Айраннан қайнатқан ащы құртты тілінің астына салып, аузының дәмін келтірді. Содан соң алдына алып, нәрестедей құшақтап отырып, екі ұшынан кезектеп, қадала сүйіп – алма беттің қанын тамызды. Ер құшағы қорғаны, жар құшағы жан жәйі болған айдаладағы ару аз ғана сәтке бейқам ұйқыға кетті. Көптен бері әрі – сәрі болып, жұқарған жүйке балбырап босап, жан – жағын торыған қауіп – қатер ұмытылып, жау да жоқ, жауыздық та жоқ, тырнағын ішіне бүккен тірліктің мамыра жайын қайта тапты. Қас қағымға кірпігі ілінген құс ұйқылы қалпынан енді бір аз уақытта шошып оянып, басын көтергенде, Қайып та шүлгіп – шұлғып шаққа отыр екен. Ақбөбек өзі тұра келіп, орнына Қайыпты қисайтты. Алдымен өздері қашып келе жатқан қатерлі ізге көз салды. Қуғыншы көрінбейді. Торғайлар үрікпей қонған, шегіртке шырылдаған самарқау, бейбіт, тыныштық. Сүйгені қасында жатса да, ұлан – байтақ құла даланың жым – жырт күйінен шетсіз шексіз көлемінен көңіліне жалғыздық кірді. Өн бойы құлазып, елеңдей берді. Бүкіл бір дүниеде тек Қайып пен екеуі, екеуінің қос көлігі – қос аты қалып, басқа тірліктің бәрі бұларды жалғыз тастап, әлде қайда жым – жылас көшіп кеткенге ұқсайды. Ақ батаны аттап өткен мұның мынау ағат қадамына дүние түгелімен ақылынан жаңылып, есеңгіреп, есінен танып, біз сенен бездік, түңілдік дегендей қос қолын тас төбесіне қойып, үнсіз – тілсіз сазарып қалғандай екен. Барша тірліктен шығандап шығып, елдіктен қол үзіп, қол ұстастырып, оңашалап, оқшаулап әкеткенде, қанат, құйрықсыз тұл махаббаты қайда бастады мұны. Арты – ат құйрығын кесіскен жау, алды – беймағлұм. Ат атандырып, сүйек сындырды, құран сүйіскен уәдемді қыдырманың аяғының астына тастап қор қылды, - деп әкесі айқай салса, қалың малын төлеген қатын біздікі, - деп айттырулы жұрты сойыл көтерсе, шүйкедей басы қайда тығылады. Мал үшін шапса да, намысқа шаптым деп дүрлігер, түге. Ендігі шабуыл салып, шуласып табысқан да болар. Сонда мұның тәтті арманы, асқақ арманы аранға жығылуы кәдік – ау. Осынау тар жолында, тайғақ кешуінде Қайыптың өзіне серік болатындығына сенімі кәміл. Бірақ адас – күдеске, алысжұлысқа қайраты жете ме? Бүгін – жаны, ертең – жауы болып шығатын алды – артындағы көкке шашқан топырағы сеп бола ма? Өнерлі жан сыршыл, өнерпаз – сырбаз қара шоқпардың қолы емес. Ал мынау құлазу мекен, қуырған дала сыршылдықты түсіне ме? Сырбаздықты сыйлай ма? Төбесінен қыран қалықтаған, етегінен ақбөкендер жорытқан осынау қырлардың шалқымасы тұлпар тұяғының дүбірі шығар. Ақ жармасы – ақ найзаның ұшы ғой. Қайыңды шоқпар етіп көтеріп, аруды көкпар етіп тартатындай сынды сағат
соқса, Қайыптың әніне қай тентек құлақ асар! Жаулар шапса, жалған да болса намысым деп шабады. Ал бұл даланың еркектері намысын әнге суармай, қанға суарары хақ. Әр ханның ізі бір – бір қаралы мола болып, қыр басында, күн астында тұрған жоқ па? Ән қанаты қайырылады сонда. Аспанда қалықтаған аққу қара жерге құлайды. Көзге жас, көкірекке шер толады. Көкейден ән төгілмейді, мұң төгіледі. Мұның аты қасірет, қосағы – қайғы. Өнердің өмір бақи егіліп өтетін, еңіреп өтетін қаралы күйігі. Мен сонда осы жігітке жүрегімді сыйлай тұрып, мойнына арылмас жүгімді артқан жоқпын ба? Өзімнің бақытсыздығыммен оңаша қалмай өзгенің обалына қалған жоқ па екенмін? Қыз басыма түскен торды жігіттің басына да бөліп жапқаным қалай болды?! Әйелдің адалдығы ма, арудың аярлығы ма?! Әлде тіптен екеуі де емес, әйел затының өз басына сүйгенінен пана іздейтін табиғи әлсіздігі ме? Қайсысы осы... Әне, табалдырығын аттап шығуын шыққанмен, күн – түн жүріп, аз аялдап ақылы суынған шақта Ақбөбек осындай ойлардың шытырманына батты. Жан – жағына тесіле тағы да көз салды. Әр бұтасы жау, әр төбесі қуғыншы боп көрінген құба дөңге, қырат – қыратқа үздіге қарады. Алдыңғы жақта қатал тағдырдың хабаршысындай болып екі мола қараяды. Бұлар Аққыз бен Балораз. Талабы бір, тағдыры басқа сорлылар. Кешегі екі ғашық – бүгінгі қос мола. Бұл екеуі жайындағы аңызды Ақбөбек білетін. Тамдарын да таниды. Қазақтың өзге молалары сияқты бір төбенің басына бірлестіре салынбай, екі түйір мола екі төбенің басына шошайған. Сол мекенінің өзімен, бастары қосылмаған ғашықтықтары мен жолы болмаған махаббатты, біріне – бірі жете алмай, қапияда баз кешкен қыршын өмірді әйгілеп тұрғандай. Махаббаттың әлсіз шырағын жолдарына жарық етіп, осынау түбектің ойынан қашып, қырына жеткен екі ғашықтың мәңгілік мекені осы. Махаббатты қырда бастап, ойға қашқан Қайып пен Ақбөбектің де әзірге жеткен жері осы – Аққыз бен Балораздың моласы. Жақсы ырым ба бұл? Әлде кездейсоқ ұшырасу ма? Әлде...әлде... Ақбөбектің өне бойы дір ете түсті. Өзінің ойынан осы жорамалынан қатты шошынған ару Қайыпты бас салып жұлмалап, шапшаң оятып, тұрғызып алды. Сөйтті де тез аттанып, молаларға бір қырын жүріп отырып, жол ұшыратпаса, өз еріктерімен ұшырамай өтуге тырысып, әйгілі тамдардың тұсынан шұғыл өте берді. Япырмай, бір төбенің басынан обасы, екінші төбенің басынан моласы адағайлап шыға келіп, үрей шақырып, құтыңды қашыратын туған жері қандай қорқынышты, неткен сұсты! Махабаттарын паналататын көзтаса іздеп, шырылдап қашқан екі боздағына мекен таппаған туған топырағы қандай қатыгез. Еш күнәсі жоқ бүкіл ойдан бездіріп, қыр айналдырып қашып шыққанша қалмай қуып, қадала тақымдағанша, ашулары басылмаған неткен тас бауырлар. Райынан қайтпағандары, сабасына түспегендері не деген тоңмойындық. Дәл осы жерге келгенде, қуғыншыдан құтылмасын Балораз анық сезген екен. Бұғанға дейінгі енді қуа бермес, тиылар деген үміті әбден үзіліпті. Астарындағы аттары да шаршап болдырған. Содан соң Балораз
Аққызды үздігіп тұрып, үзіліп тұрып ақырғы рет бір сүйді де, қуған жауды тосып алмаққа, шамасы жетсе, өз басын құрбандап, қыз басын аман алып қалмаққа бекініп еді. Ол ажал алдында тұрғанын анық сезінді. Сондықтан да төбесінде жарқыраған күнді де, қасында тұрған күндей ажарлы сұлуын да, жауыздық қаншалықты қамап, аранын ашып, анталап қоршаса да, жер үстіндегі тірлік өмірін өлімге қимады. Бірақ енді қаша берсе де өлім, табандап тұрса да өлім екенін ұқты. Бәрібір іздеп тапқан ажал оны құтқармасқа айналды. Сондықтан ғашық жігіт ақырғы минутта жауынан қашып өлмей, бетпе – бет қарап, қарысып өлуді таңдады. Ажалға бекінген жігітті тастап, ілгері аяқ баспасқа тас бекінген жанкешті қызды аялап тұрып, аймалап тұрып, өлер алдындағы ақырғы тілегін айтып, осы арадан тапжылмасқа көндірді. Өзі найзасын қолына алып, садағын боратып, бұлттай түйіліп, тақалып қалған жауға қарсы шапты. Жете бере біреуін құлатып, екеуін құлатып, үшіншіге келгенде өзі де аттан мұрттай ұшты. Сөйтіп жатып, қаны судай аққан жаралы көкірегін көтеріп, басын бұрып, тұманданып бара жатқан жанарымен Аққыз жаққа қарады, ұзақ қарады. Артына көз салып, ат үстінде қыбыр етпесінен айқастың нәтижесін бағып, барлап, қадалып отырған қыз бір кезде ердің үстінен сәл жоғары көтеріле беріп, кенет бүгіліп, үзеңгіге салбырап қалды. Махаббаты өшкен қыз қалған өмірдің қызығына өз еркімен талақ тастады. Ол өзінің аппақ көкірегіне суық қанжарды сұғып алды. Ал қандарына қарайған жау ғашықтардың өлі мүрдесін де табыстырмай, демдері үзілген жерлеріне жасырды да кетті. Жаудан із де қалмады. Ал махаббаттан ай далада тұрғызылған екі кереге там қалды. Бұлар әрі жауыздықтың кепіліндей де еді. Бұл аңызға Ақбөбек ертеден таныс. Енді ойласа, бұл аңыз емес ақиқат екен. Аңыз болса, белгі қалмас еді. Ақиқат болған соң, там салынған. Қашқындар осы түнде тағы да түзге түнеп келесі күнгі ымыртта Қорабайдың аулына жетті. Қырдан қыр асып, аман – есен аулына тақалған сайын Қайыптың көңілі орныға берді. Ендігі сәтте суырыла желген ат үстінде отырып, көңілін бірлеген жігіт әнге басты. Бақыты тасыған жігіттің сол ән көкейінен суырып алып, айдын далаға шарқ ұрғызып, шалқытып жайып жіберді. Талайдан бері көкіректе булыққан күдік ән болып жарып шығып, қырды қырға қосып, еркін самғап, еркін қанат қақты. Енді міне, шаруа қамымен кеткен сапарынан жаңа жұртқа қонған туған аулына оралып келе жатып та, сол әнге тағы салып келеді: Ақбөбек, сайқылықпен бұлаңдайсың,
Сұм жалған өтер десем, тіл алмайсың. Ақбөбекке арналған ән – өзі әні. Сүйген жарының баға жетпес, қымбат сыйы. Махаббаттың өзімен бірге туып, бірге жасап, келе жатқан серігі. Күндер өтіп, махаббат тозса да тозбайтын, ескірмейтін ескерткіші. Ару қартаяр, ән қартаймас қашан да. Есікке сүйеніп тұрып, қай – қайдағысын есіне түсірген әнді Ақбөбек қаныға тыңдады. Қайыптар келіп, ат басын үйге тірегенше, сол күйінен табан аударған жоқ. Сағынып келген жарын атының тізгінінен ұстап, ізетпен түсіріп алды. Қолтығынан сүйеп жатып, сүйкеніп кеткенде, ерні күбір етті. Енесінің көзінше одан
артыққа барған жоқ. Ұшқалақ мінез көрсетпеді, ұшып – қонып бәпек те болмады. Сыпайы, сұлу келбетін сақтап, жол жүріп келген күйеуіне бота көзі күлімдеп, басын иді. Қайып сәлемдесіп болған соң қанжығасында бұлғақтаған екі қоянды шешесіне ұстатты. Қыстан қалған бар тықпасын тауысып отырған Түймеш кемпір баласының бұл олжасына аспаннан арқар құлағандай қарқ болды. Жалма – жан жер ошақтың басына апарып, терісін тартқылап, жұлқылап шапшаң сыпырып алды да, сүйегіне дейін уатып – уатып, түп – түгел қазанға салды. Содан соң балға үймелеген шыбындай қасына үйіріле қалған ауыл үйдің сыбай қатындарына былай деді: -Бәрің де бүгін шәйнек көтеріп, шай қайнатпай – ақ қойыңдар. Бұйырса шайды біздің үйден ішесіңдер. Екі қоянды қазанға түгел салған себебім сол. Бір құдай жар болса, қызыл қуырдаққа тойғызамын сендерді. - Жаңа жұртымыздың ерулігі де, Қайыпжанның жолашары да осы болсын, бісмілла, - деді. Қызылсырап жүрген көрші – қолаң бұл шақыруды ризалықпен мақұлдады. - Әй, ақ шешей – ай, таңдағы асынды тәңіріңнен күтетін осы пейілің – ай сенің. - Тісімнің қышуы бір қанатын болды –ау, несін айтасың. - Есесін құдай жеткізсін, шешей. -Ауыздарына қуырдақ тимей жатып, әйелдер алғыстарын жаудыра берді. Ал Түймеш болса үйіне кіріп, ескі кебеженің түбін ақтарып жүріп, сарғайып кеткен бір тілім маймен, жылқы етінің қатып қалған бір боршасын алып шықты. Әбден жуып, ұсақтап турап, көзгелдектей бақырашқа салып, оны қазанның қасына отқа қойды. Ендігі сәтте бақыраш пен қазанда қатар қуырылған қуырдақтың хош иісі мұрынды жарып, шыжылдаған дауыстары ауыл үйлеріне түгел естілді. Әлі де ошақтың басында ошарымен отырған әйелдер алғашында Түймештің мұнысына түсінбей қалды. - Қазан ортақ емес пе, мұның не, шешей – ау! - Өле жеген мұрат емес, бөле жеген мұратқа жетеді. - Білдім, білдім. - Атаңның қақ шекесін білген шығарсың! - Әй, сен, шошақай абысын, жыртаңдамай жайыңа отыр. - Білсең айта қойшы, әулие екеніңді естиік. - Айтса несі бар. Шешей үшін біз бәріміз бір төбе де, Ақбөбектің бір өзі бір төбе емес пе? - Болса несі бар? Шешейден деймісің. Кем жаратқан құдайынан көр. Өл де маған! - Пшту! Шіркін –ай, терезеңді Ақбөбекке теңейін деген екенсің. Әдірам қал, әдірам қалғыр. - Мынаның басында тауықтың миындай да былшырақ жоқ екен ғой, енді не бетімді айтайын. Жүкті қатынға қоянның етін татырмайтын қазақтың ырымын білесің бе?
- Не дейді бетім – ау, солай ма еді. Суақай абысын – ай, сенің білмейтінің қара жердің астында шығар. Бағанадан бері дау – далаба болып, шиеге түскен түйін енді шешілді. Ошақ басында жалпасынан отырған барлық қатын бір келелі істі тындырғандай сонда ғана демдерін алды. Ендігі сөз басқаша өрбіді. - Шешейай, тұла бойың тұнған қасиетау сенің. - Бұл да Түймештің шығарғаны емес, атам заманнан солай. Ұғатын құлақ болса, енекем жарықтықтардың ескертпегені жоқ қой. - Әңгіме еститін құлақта емес, ұстайтын баста ғой. Әйелдер дұрыс айтты. Түймеш кемпірдің де бақырашты көтергендегі ойы сол еді. Жүкті әйел қоян етін жесе баласы қоянжырық туады. Шын ба, өтірік пе Түймештің оған көзі жетпейді. Бірақ әр кезде де сауысқан сақтығын ойынан бір шығарған емес. Ал мына әйелдер кемпірдің сырына талапай – тартыспен тәжікелесіп отырып жаңа жетті. Іліп –қақпайда Түймештің қашан да шаруасы жоқ. Өзінің құмырсқа жөнін біледі. Осылай шуылдасып отырғанда қуырдақ пісіп болды. Ымырт үйірілді. Ауыл еркектері төрге, Қорабайдың қасына орналасқан екен. Қара қазанға ере кірген әйелдер босағаны толтырды. Ақбөбек от сәулесіне жарқырап отырып шай құйды. Бір ауыл бала шағасына дейін шашау шықпастан екі қоянның етін бөліп жеді. Төрдегілердің алдында қуырдақ ыдыста тұрды. Қатындарға ожау мен қасыққа, шай табақтарға салынды. Ал есіктерін сығалаған балалар сатпақ – сатпақ алақандарын жайды. Балалар несібелеріне тиген үлесті қос саусақтарымен шымшып көтеріп тұрып, орнындағы майдың жұғынын жалады. Тағы қойып, тілдерімен тағы сүйкеді. Енді қолдарындағы еттің үзік – үзік бөліктерін ептеп апарып ауыздарына салды да талмап тұрып, таңдайлары тақылдап тұрып, сорып – сорып ақ жем қылып, толғап – толғап жұтып жіберді. Содан соң көздері жәудіреп төрдегі үлкендерге, босағадағы әйелдерге қарады. Аздан кейін төрден де, босағадан да өз балаларының аттарын атап – атап шақырған шүйіншідей қуанышты дауыстар естіле бастады: - Нәрікжан – ай, келші асатайын! - Жұбан, әй, Жұбан, қайдасың мә, қақалып қалма. - Құрамыс, ау, Құрамыс, тух бәлекет, боғыңды ит жемейді – ау сенің. Елдің ең соңында тұрғаны несі! Аты аталған көзәйдін бала есіктен төрге дейінгі кереге жағалаған олжалы сапарын жүріп өткенде басына қонған кішкентай бақытынан төбесі көкке жетеді. Қолына тигенін аузының маңайына да жолатпастан, жуытпастан балдай сақтап, өбектеп, табалдырықтың арғы жағында тұрған жолдасына көрсетіп, мәз болуы үшін, мақтану үшін тас қылып уыстап, екінші қолымен телегейлі, қызғыштай қорып бітеді. Қуырдақтың тойы осылай тарқады. Төрдегілер бата жасады. Қуырдаққа біреуі де тойған жоқ. Көңілге бәрі де тойды. Дастарқан жиылып, әйел – балалар тараған соң, үйде ауылдың бас көтерер үлкендері ғана қалды. Жоқшылықтың жіңішкерген жібін үзуге келтірмей жалғап,
жыртығын жамау үшін қыстан жүдеп, жұқарып шыққан адамдардың кеңесі басталды. Жарлы ауылдың ертеңгі тірлігі, жазға сеніп, жазға қалдырған қарекеті осы отырыста ақи – тақи шешілді.
Қайып бүгінгі сапарында күндік жердегі рулас ағайындарының үлкен аулына барып келген. Қыстан қоңырқайысып, бармақтарын ол ауыл да сорып, шәй – суы, астық жармасы таусылып, Бесқалаға қалашы жіберудің қамында екен. Өз көліктерімен сол қалашыларға серіктесіп, бірге жүруді сұранған мұның өтінішін олар хош көріпті. Солайша уәде байласып, ертең таңда аттанып барып, қасына ерген жолдасы мен Қайып сол ауылдың керуеніне қосылмақ. Қасына еретіні осы төрт үйдің Қайыптан басқа бас көтерері төртбақ жігіт – Нұрберді. Әуелгі келісімде төрт үйден белді деп танылған екі түйе сапар шығаруға ұйғарған. Ауыл ақсақалдары ойланып – толғана келіп, тағы бір түйені жолға қосуды мақұлдады. Базарға апарар пұлдары, алар жиһаздары аз болғанымен, жол алыс. Елсіз шөл. Сондықтан екі түйенің жүгін үш түйеге бөліп артқандары сақтық. Керуенге ере алмай, жолда қалмастың қамы. Әйтпесе қала шығып, қара нарларға батпандап дүние артатындай салтанат бұлардың тақияларына тар. Жанқалталары тайыз. Барлық сенгендері өткен жаздың басынан бері жиналған мал мен аңның құшақ толмайтын терілері. Аздаған елтірі мен жүн – жұрқа. Апарары осындай. Базардан алатын жүктері астық, астық, тағы да астық. Келін кепшікке көйлек – көншектік азын – аулақ кездеме болмаса, басқа қызылға бұлар көз алартпайды. Өрік, мейіз,қант пен шай дегенді танымайды. Солардың бір түйірін тілдерінің астына салмай-ақ сақалдары ағарған. Құдайға шүкір, балашаға, шөберелері де алдыңғы арбалардың ізінен жүрер шығар. Барқыт пен мақпалды басқалардың иықтарынан көрсе қанағат. Қисая кеткенде, сүйектерін орайтын бір байлам шүберектерін әкелдіріп, көздерінің тірісінде сандықтарының салдырса, тәндерін жуатын бір бүлішке сабындарын сақтатып қойса басқа игілікті ол дүниеден күтеді. Бұл сапарлары тоқшылықтың тойып секіруі емес, жоқшылықтың тұяқ серпері. Жандары жетсе, осы жаз бен алдағы қыстың азығы. Түн ұйқыларын төрт бөлген, жатса да, тұрса да көкейлерін тесе берген осы шаруаларын ауылдың екі жігіті, үш ақсақалы болып, бас қосып отырып, осылайша "жә" дескен. Ертең сарыала таңнан тұрып, екі жігітті жолға салмаққа келіскен. Олар келгенше ауылдағы мал мен жанға бас көз болып, үш шал қалатын болды. Ұйғарымдарының сәтін тілеп шалдар үйден шығып кетті. Олардың соңын ала төсек салуға орын босатып Қорабай да тысқа шықты. Қайып пен Ақбөбек осы кезде оңаша тілдесіп қалды: - Сонымен жүретін болдың ғой, Қайып! - Жүруім керек, Бөбекжан. - Жолың болсын! - Тілекшім өзің болсаң, жолым оңалар, Бөбекжан! Базарлыққа не әкелейін? - Ең қымбатым өзіңсің ғой. Аман – есен өзің кел.
- Әзірге босанар күнің ерте ғой? - Ерте шығар. Үйге кемпір мен шал кіріп әңгіме үзіліп кетті. Осыдан соң шам сөнді де, үй – іші тым – тырыс жатып қалды. Қайып төсекке жамбасы тиісімен дыбысын шығармай, Ақбөбекті тас қылып құшақтап, ернінің дыбысын шығармай, үнсіз сүйе берді. Ол жарының бетін сүйгенде тіліне оралған кермек дәмінен, өз омырауына аққан ылғалдан жұбайының ағыл – тегіл егіліп, жылап жатқанын ұқты. Бірақ жігіт өз үйінде өлең төсегінде сүйген жарын ақырғы рет құшақтап жатқан ақтық түні екенін ол бойда сезген жоқ. ІІ
Қайыптар аттанып кеткелі үш күн. Жарлы ауылдың үш түйемен, екі жігіттің мойындарына болашақ үміттерін артып жібергендеріне де үш күн. Осыдан бастап, ай тола ма, айдан астам бола ма, бұл үйлер әйтеуір сол қалашыларды жалықпай күтуге мүдделі. Керуен жолдың бойына қайта – қайта қадалып, екі көздері төрт болып, жанарлары талып, жасаурап, түйелінің бәрі қарайған, қарайғанның бәрі түйелі болып шатасып кеткенше, тапжылмасқа пейіл. Осындайлық күйде күтіне бастауға, күпіне бастауға әзірге ерте. Сондықтан бұлар кешелі – бүгінді аттанып кеткен керуенге оңынан сапарын, ағынан жолын тілеумен әуре. Бір шаңырақ жол ашар шайын қайнатып, қалған – құтқан не жүгерісінің, не бидайының жұқанағын қуырып әбігер. Бір үйлер тоқым сілкерін жасауға ниеті құласа да кебежелерінің түбі тақыр. Әттең –ай. Бәр – бәрінің алақандары ашық. Бірақ күрмеуге келмейтін жіптері қысқа. Көкіректерінде жомарттық сайрап тұр. Аққұманға салатын шәйлары жоқ. Астығы болса, көршінің қазанын сұрап әкеліп, баданадай бауырсақты пісірер еді, не пайда, майлары жоқ. Жоқшылық деген қыңсылаған осы бір ит аңқылдап отырып, асын беріп, ақ көңілін төгетін талай келіншектің еріксіз етегінен тартып, шөкесінен түсіріп, жерге қаратып тастады. Бұл жайлардың барлығынан балалар ғана хабарсыз. Балалар ғана мәз. Олар көрінген таяқ пен уықтың сынығын ат қылып мініп. Түйе қылып тебініп, үй – үйдің арасын қорс қылды. Олардың әніне дейін өзгеріп кетті. Айт шу, айт шу, қара нар. Бесқалаға түзу бар. Жарлының сенері – жарық жаз. Жаз шықсын, жер аяғы кеңісін дейтін қап бәлемдер қай – қайдан да табылар шығар. Сондайдың көбі осы ауылда да баршылық. «Жарлының күні – иттің күні. Жаз шыққан соң тұмсығыма қапшық тігіп алмасам деп кіжінетін итке ұқсап, қыс бойы бармағын тістеп шығатындар біздерміз» деп өз күндерін келеке етеді, күледі. Жетісіп күлмейді, жетіспейтін өмірмен кетісіп күледі. Осындай ащы мысқылмен көкейге толған ызаларын ортайтып салып отырады әр кезде. Бұл күндерде Түрмештің аузының күбірі, қолының күлбеңі тынған жоқ. Етене мақалындай болып кеткен бір құдай жар болсын деген тілегін
жүз айтып, мың қайталады. Ала таңда Қайыпты шығарып салу үшін тысқа шыққанда, аспанның ашық қабағын танып, жарқырап тұрған таң жұлдызы – Шолпанды көріп шүкіршілік етті. - Қарағымның жолы болар, ләйім болғай – ақ та, - деп күбірледі. Содан соң көзі есекқырғанға түсіп еді, бүйірі бүлк ете түсті. Жақтырмай қалды. Сол бойда жалма – жан басын бұрып алып, теріс қарады. Мұның естуінше. Ұлы заманның құдай қарғаған, нұр сеппеген, өлім сепкен бір қаралы күнінде, ұлан – қайыр мына даланың бір жерінде, ажалды нүктесінде қырық есегімен керуен айдаған бір бейбақ шал дүние салыпты. Өлмесе өзімен кетсін, ол пақыр да елдің айтуынша, Бесқаладан ілбіп келе жатса керек. Шөлден қаталаған қырық есек түгел қырылыпты. Көп күндерден бері жалғыз тамшы су тимей шалдың алдымен тамағы құрғапты. Тілік – тілік болып ерні жарылыпты. Басыңды ауыртып неге керек, ақыры шал таңның осы сәтінде, осынау жұлдыз дүниеге келгенде, ол да дүниеден өтіпті. Есек қырғанды көрген сайын Түрмештің ойына қырық есек пен керуенші шалдың қырылғаны туралы аңыз үнемі оралады. Ал ол бұл жұлдызды күнде көреді. Өйткені дәл осы кезде жалғыз түйесін саууға оянады. Қалыптасып қалған дағды өзгерер емес. Ал бүгінгі көруінің жайы тіптен басқа. Жан дегенде жалғызы Бесқалаға аттанғалы тұрғанда, жарығы өшкірдің жарқырай қалуын қарашы. Сол күні Түрмеш ақ матадан бал орап керегенің жоғарғы жағына басқұрға қыстырды. Дегені келсе, Қайып сапардан оралар күні балашар ашылып, шүберегі босап, орауы өз – өзімен тарқатылып қалмақ. Алабұртқан көңілі бұған да басылмаған соң, керегенің басына қыстырып, шырақ жағып қойды. Кез – келген лептен үркектеген шырақ жұрт жатқаннан кейін жалғыз қалтырап жанып тұрды. Түрмеш төсегінде жатып осы бір жалғыз қорғансыз шырақтың шалқымай жануын, жалынының шаншыла тік көтерілуін, ойда – жоқта өшіп қалмай, тірі тұруын тілеумен болды. Оған көзі түскен сайын көкірегіндегі үміті молайып, шүкірлігі бекіп, көңілі марқайды. Содан соң ғана тұла бойы бей – жай болып, көзіне ұйқы тығылды. Айтса тіл жетпейтін таңғажайып тәтті, жаңылмастай болып жадында жатталып қалған, қатталып қалған қолмен қойғандай түс еді көргені. Түсім екен демей, өңім десе, бір өтірік болмайтын ап – айқын суреттер еді бәрі де. Қайыпжаны тап осы өзінің босағасының алдына келіп, атынан секіріп түсіп, қанжығасындағы ақ дорбаны кешегі екі қоянды қатар ұсынғандай етіп бұған ұсыныпты. Аумаған, төкпеген сол, сол көрініс. Тек қолындағысы қоян емес, ақ дорба ма, әлде ала қоржын ба осы арасын дәл айыра алмай қалыпты. Басқасында қап жоқ. Оның үстіне сөйлейтін көрінеді. Қайып: - Апа, басың ауырса мынау ақ құйрық шай. Аузыңның дәмі татымаса, мынау өрік пен мейіз, - деп күледі баяғы. Қолмен қойып, көзбен көргендей мұндай да түс болады екен, бәтір – ау. Ал Ақбөбек жұбайының аттанғанын құп алып, берік, бекем байлау жасағандай тыңайып кетті. Қайып аттанған шақтағы ертеңгілікті, көзіне жас алғаны болмаса, өзге босаңдық көрсеткен жоқ. Ол кезде де қасынан қыл елі қалмайтын енесі:
«Жақсы жолға жаман ырым көрсетпе» деп тыйым салған соң, көзінің жасын шапшаң құрғатып, сүртіп тастады. Бәсік, ұяң даусы мен жолдасына жол болсын айтты да, сергек, сенімді күйінде қала берді. Еркек түздің адамы деген көңіліне ет ұстаған ұғымы бойына қуат беріп, жалғыз қалған әйелдің жабырқау күнін тартпай, шапшаң жадырап, үй іші шаруасына айналып кетті. Малда жүрген қазақтың, жолда жүрген қазақтың, төріне қонақ қонса да, төсегін таза сақтайтын арлы, жарлыдан бүтін, жалқыдан егіз құрайтын құтты қол, есігін күзетіп, отын өшірмей отыратын бейнетқор әйелдерінің барша ауырлығы өзіне де ортақ екенін ұқты. Сондықтан атасы мен енесінің қасында, Қайыпсыз жалғыз қалған алғашқы күндерінде тынымсыз қозғалып, талмай қимылдап, үйінің ішін қағып – сілкіп, отының басын жаңалап, ошағының күлін шығарды. Сөйте жүріп, үлкендердің қасы мен қабағына қарап, көңілдеріндегі мұқтаждарын айттырмай түсінетін машықты халге жетті. Мезгілімен шай – суын әзірлеп, жайнаған шоққа аққұманды бұрқылдатумен болды. Бұнысына Түрмеш мәз, Қорабай, сірә, ішін ақтарған емес. Бір ғана Ақбөбек емес, бүкіл ауылдың белін буып, шыдамын қайрап, шындап күтер сәті туды. Нан сұрап жылаған балаға дейін «қалашы ағаларың келеді, сонда нан да мәмпәси де болады» деген сөзге жұбатып, тоқтам табатын кезі болатын. Осыдан кейін үш рет таң аты, ақыры мезгіл талма түске тақаған шақта ауылға бір бейтаныс жолаушы келді. Басында жалбағай тымағы, үстінде ескі шекпені бар, күржік жауырынды жолаушы түйе қараған момын қазаққа ұқсамайды. Жардан қазған тышқанның ініндей таңқы танауының ұшы келте, тұрқы батық. Сорлап қалған сол мұрынның үстінде шөккен түйедей болып, жүнді қабақ мінгескен. Маңдайы тайпақ. Басына кидім деген тымағы аунап кетіп желкесіне кептеліп қалған. Берекеттің бәрі аузында. Ерді мұрынды, атты ауызды етіп жарататын құдай ердің мұрнын бермесе де аттың аузын берген екен. Көзі әлгі жүндес қабақтың астында, ындының түбінде қарсы келген жанның зәре - құтын қашыратын да бет әлпетінің өзге сиқы емес, дәл осы көзі. Өзге пенденің көзін кірпігі жапса, мұның көзін қабағы қалқалайды. Сондықтан көзі үнемі ашық тұрады. Тұрмайды, жылт -жылт етіп, жүндес қабақтың тасасында ұры күшіктей жүгіріп жүреді. Жанары зәрдей, тілі удай, қимылы құйындай. Сол мінезіне тартып, бұл ауылда да еш үйге тұрақтаған жоқ. Бірақ бәріне де есігінен басын сұғып шықты. Сол замантында - ақ ауыл жігіттерінің Бесқалаға қалашы кеткенін біліп үлгерді. - Ой - бу, қарасирақ қасқалар, шайыңа тістейтін ащы құртың бар, сарысу мен балғаймағың бар. Сендерге де өрік, мейіз керек пе, тістерсіңдер шекелеу жағынан. Сөзге сараң Қорабай тіл қатқан жоқ. Шыдамсыз қарт сараң шайпау жігітпен жауаптасты: - Шырағым,осы ауылдың түгелімен үміт артқан жолаушылары еді, даттамасаң қайтеді. - Ой - бу, сақалды қасқам, үмітім дейді - ау тағы. Үміт арттым дегенше, өлік арттым десейші. Қорабай бұған шыдай алмады, ақырып жіберді.
- Тәйт, найсап, тілің неткен у еді, қара басыңа көрінгір. - Еһе, Қорабай деген қолақпандай сенбісің? Бай болмасаң да, байдың құдасы екенсің ғой. Ассалаумағалейкум, әрі болғанда, Есжан байдың құдасы боларсың, бірақ құдай емессің. Өкірме! – деді ығуды білмейтін жүргінші. Қорабай қайтадан үнсіздікке көшті. Сараң сөйледі. - Жарқыным, атамыз қазақ емес пе, жөніңді айтшы, - деді. - Менің жөнімді қайтесің, тазыңа жағасың ба – деп бір қайырып тастады да, жүргінші әрі қарай сөйлеп кетті. -Бесқаланың жөнін айтайын одан да, соны тыңда. Мен естіген Бесқаланың берекеті кетті. Пес қала болды. Екі жылдан бері оның қақпасын Тайшы қарақшы торуда. Қалаға діттеген керуен қақпадан кірмейді. Қақпадан шыққан еліне жетпейді.жағалай торыған ажал, құрулы қақпан. Мен естіген Тайшының арғымағы аман, қылышы бүтін болса, сендердің қалашыларыңның бастары ендігі құдай біледі, құдай куә деп айтатын, қанжығада бұлғақтап бара жатқан болар. Көздерің бақыраймасын. Солай екені солай. Тілімді кесесің бе менің, қай жерімді кесесің алжыған шалдар! – жүргінші дойырын білемдеп қойды. Шалдар қарсы тіл қата алмады. Тегіс есеңгіреп, үн - түнсіз отырып қалды. Жүргінші естері кетіп қалған шалдарға енді қайырылмастан, күржең - күржең етіп домалап келіп Қорабайдың үйінің есігінен үңілді. Ауыл ортасындағы шатақты манадан бері ап - айқын естіп тұрған Ақбөбектің өңі құп - қу еді. Жүкке сүйеніп, сілейіп қалған екен. Жүргінші табалдырықтан ішке аттамады. Есіктен басын сұғып тұрып: - Еһе, Есжан байдың сылқымы сұлу қатын болыпсың ғой. Байлықты басқа теуіп, бай таңдаған жекөкше, өкшеңнің қышуы қанған болар, - деп тілдеп өтті де кідірместен күржеңдеп, тізгінін қайырып, шылбарын қыстырып, жаяу жетектеп жүрген атына мініп алып, келген ізімен құйғыта жөнелді. Тұрған жерінде аяғын аттамастан, Ақбөбек жерге қарай аласара беріп, есі кетіп құлап түсті. Ол есін жиғанда, түс қайтып, кештетіп қалған екен. Көзінің алды бұлдырап, жанары кіреукеленіп, үй – ішін ажырата алмай, аз жатты. Әбден тыңайып, көзі де санасы да жарқырай жөнелгенде, бетіне төніп, тілміріп, үнсіз егіліп отырған Түрмешті көрді. Ауру келін, ару келін ақ енесін бауырына тарта бергенде, бағанағы сөздер мен жүргіншінің ұсқыны көз алдына қайта оралды. Қолы, аяғы дір етіп, шошып, суынып қорқып кетті. Қаны кеуіп, кезерген жұқа ерні күбірлеп жатты. - Қайда көрдім, қайда көрдім? Құдай – ау, қайда... Түрмеш Ақбөбектің бетіне су бүркіп дем салды. Күпісінің шалғайын шынтақтап жатқан Қорабай басын көтерді. - Не деп жатыр? - Қайда көрдім, - дейді. - Кімді айтқаны? - Бағанағы пәлекетті айтып жатыр. Қатты шошынса керек, қарағым. - Бұрын бір жерде көрген болды – ау.
- Солай болғаны. Итше тіміскілеген неме, кімдерге үріп, кімдерді үркітпеді дейсің. Жалғызымның сыңарынан аулақ, пәлекет. Пәле – жәлеңді ала кет, суффит! Бір жаратқан құдай – ау, жар бола көр. - Иә, сол ғой, мынау соның өзі ғой, - деп Ақбөбек тағы да шошып, шыңғырып жібереді. -Астапыралла, құдай – ау, астапыралла. Калимаңды қайтаршы, отағасы, - деп, Түрмеш біресе келініне, біресе шалына жалтаң – жалтаң қарай берді. Бірақ Ақбөбек одан әрі үркіткен жоқ. Әлгі бір ышқынған дауыстан соң, санасы ашылып, үрейі басылғандай басын көтеріп, төсегінде тұра келіп отырды. Жаратылысынан жұқа адам, сезімтал ару мұндайды барша болмысымен құлап тұрып түсінеді. Сондықтан да жағы суалып, өңі қуқыл тартып, ботакөзі бұрынғыдан да үлкейіп, аяқ астынан тап болған қиналыстың азабын аз уақытқа болса да тартып – ақ қалыпты. Бірақ сонысына қарамастан қазір басын көтеріп, дәрмені жеткен шағында өзін – өзі билеп алды. Қасындағы екі қарияға жанары түзелген көзін салып, қабақ астынан байқатпай барлап өтті. Олардың барша ықыласының мұның өзіне ауғанын, шығарда жандары ғана басқа екенін ұқты. Соларына риза болды. Қайрат жинады. Содан соң қалай құлағанын, неден қорқатынын баяу үнмен баяндай бастады. - Ақ ене – ау! - Ау, қарағым! -Мен манағы кісіден бірінші көргендіктен түрінен шошып, қорыққаным жоқ. Екінші рет қайталап көргендіктен шошыдым. Жаңылмасам, бұл мені айттырған рудың сілтесе қамшысы, іздесе көзі болуы керек. Әйтеуір құдайдан енді көрсетпе деп тілеген адамдарым осылар. Ол бекерге тінтініп жүрген жоқ. Із білуге келсе керек. Қайта оралса, мен құрыдым. - Қой, балапаным, жамандыққа жорыма, бекер болар. - Мен жорымас едім – ау, жамандық өзі іздеп табады ғой. -Құлыным – ай, құлынымның қосағы – ай. Сенің басыңды аман сақтай алсақ болар еді. Отағасы – ау, естіп отырсың ба? – деп Түрмеш Қорабайға бұрылды. - Естіп отырмын. - Енді неге отырсың? - Ұшайын ба? Ақылым жетпей отыр. - Сыранмен ақылдас, басыңа бас қос. Қорабай Сыранды іздеп, үйден шығып кетті. - алдыңғы жазда ауылға келгенде көргенмін мен оны. Әкемді жеп қоя жаздағаны бар. Қателескенім жоқ, сол. Анық сол. Бұлардың елі тау бойында біреуді іздемесе, ол мында неге жүреді бағытсыз, - деп Ақбөбек әлі ойын үзе алмай отыр. - Негесі бар ма, балапаным, жоқ қарап жүрмін, - деді ғой. - Қараған жоғы мен болмасам жарар еді, - деді Ақбөбек, көзі жасаурап, әкемнен жақсылық хабар әкелушіні күтіп жүрмін – ау мен. Жақсылық хабар әкелуші жоқ, кесірін атып келуші мына қатыгез болғаны ма сонда. Тым
болмаса, арттағы Есбергеннің елінен бітім таппағаны ма? Ризаласу әкемнен басталмаса, басқа кім бастамақ? Біздің сөзімізді тыңдай ма? - Тірі жетім болған, балапаным. Күндеріңді үзші содан. Осылайша бірі жылап, бірі жұбатып ене мен келін ұзақ отырды. Біраздан соң, манағы жүргінші кеткен Бесқаланың хабарын талқылап, бірі жылап, бірі сықтап естері кеткен ауыл әйелдері де Қорабайдың үйіне жиналып алды. Бәрі бас қосып, улап – шулап отырып, Бесқаланың қақпасын күзеткен қарақшыны да оның жөнін жеткізген хабаршыны да жерден алып, жерге салып, қарғап – сілеп әбден сілейтті. Сол үшін өздері да титықтады. Ақыры ауылдың шал – шапыры, қатын – қалашы бәрі бірігіп, Бесқалаға керуен аттандырған үлкен ауылға кісі жіберіп, анық – қанығын білдіруге келісті. Оған жер қозғалмай, қозғалмайтын Қорабай бармақшы болды. Жұрт тараған соң, Қорабай кемпірі мен келініне өзінің ішкі есебін ұқтырды. - Кемпір –ау, әлгі бір айтқан қауіп –қауесеттердің бір жағына шыққанша,мен келінді ертіп кетіп, үлкен ауылда паналата тұрайын. Қанша айтқанымен онда көпшілік қой. Көп қорқытады, терең батырады. Тақа бір құдайдан безген болмаса, ешкім батып зәбірлей алмас, - деді. - Оның дұрыс екен, отағасы, оң болсын. - Жаңағы жұрттың айтқанына жығыла кеткендегі есебім сол, осыдан басқа амал да таппадым, - деп қақ – соқты білмейтін Қорабай осы ортада бір көтеріліп қалды. - Бірақ... - Бірақ, тырақты қайтесің енді, айттым бітте емес пе? – деп Қорабай бұдан әрі сөз таластырғысы келмеді. Шалының дүңкілінен ығып үйренген Түрмеш сол бойда қайталап жауап қатып, көншімеді. Үнсіз, ұзақ отырып қалды. Біраз уақыт өткеннен кейін, Қорабай сабасына түскен шақта, суыртпақтап отырып бір тоға шалын өзінің дегеніне жықты. - Бөбекжанды атасына жетектетіп жібергеніміз қалай болады, отағасы – ау. - Не дейсің? - Атасына жетектетіп жібергеніміз деймін. - Ым, м. - Жас келінді жат ауылға атасы бастап барған ұят болар. Жұрты құрғыр күліп жүрмесін. Солай ма өзі? Сен барасың ба қайтесің онда? - Иә, келінді тәуіп кемпірге де көрсетейін. - Үйді қайтесің? - Бөбекжан аман болса үй орнында, ошағың бүтін. Түйеңді Төрежанның үйіндегі келін сауып береді. Шалабың өзіңнен, шайың ауыл үстінен. - Жә, бәрекелде, бара ғой онда. – Әлгіде өзі бармақшы болып қопаңдап отырған Қорабайды Түрмеш осылай сылап – сипат аттан түсірді. Кемпір мен шал жол шаруасын бейбіт шешкенімен бүкіл ауылда маза жоқ еді. Талма түстен басталған елеңдеу ымырт үйіріліп, қараңғы түсе тіптен күшейіп, ереуілдеп, әбігерленіп кетті. Әйелдер жарық барында
сауатындарын сауып, емізетіндерін емізіп болған соң, ауыл шетіне шоқтай иіріп, қарақшылап қойған қой аяқ астынан дүрлігіп үркіп, айдалаға лаға жөнілді. Төрт үйдің тайлы - таяғы түгел шығып, байырқатып, қайырып жүріп, әупіріммен әзер тыншытты. Ай қорғалаған кез еді. Ауыл үстін зілдей түн басып, аяқ жолды ажыраттырмады. Күннің қызылы семген соң, шығыстан суылдаған жел тұрды. Ошақ қасы, от басында қараусыз қалған шылапшын мен шелектерді салдыр – гүлдір домалатып әлдеқайда апарып тастады. Түндіктер желпілдеп, кереге, уықтардың сықыры күшейді. Оның үстіне енелері өрістен оралмай қалған боталардың зарлаған даусы құлақ тұндырды. Бүгінгі түні иттерге дейін ерекше ереуіл. Төбеттері шіңкілдеп, кейде жалғыз - жарым, кейде топ – тобымен аспанға қарап ұлып, азан – қазан беймаза күйге түсті. Балалар болса іңір қараңғысындағы, күндегі айқай – шуды ұмытқан, жым – жырт, жұп – жуас. Шеткі үйдің ығында, іргеге тығылып, біріне – бірі сүйеніп, тауықтың балапанындай шүпірлесіп отыр. Қараңғыға үрейленіп, қорқа қарайды. Суылдаған желге құлақ тосады. Сөйлеспейді, сыбырласады. - Тоқта, ат пысқырады! - Тайшы қарақшының аты болар. - Әне ат тұяғы дүңкілдейді. Атшылар келе жатыр. - Тсс, мен де естіп тұрмын. - Қашайық, қорқамын. - Мен де! - От, отты қара! Қырды қара, қыр өртеніп жатыр. - Жоқ, қыр емес, құм. Қаратүлей өртеніп жатыр! - Мама, ойбай от, от! Әйелдер үйлерінен атып – атып шықты. Ауылдың шығысындағы, көз ұшындағы биік құмның басы қып – қызыл болып, өртеніп тұр екен! - Ойбай, от, ойбай өрт! - Сексеуілді адыр өртеніп жатыр. - Жоқ, жалын Балораздың моласынан шығады. - Әне, көлеңкелер жүгіріп жүр.Әлде... - Аққыздың тамы қып – қызыл болып лаулап тұр. -Құдай – ай сақтай көр. Шалдар қайда, шалдарды шақырыңдар! Садақа айтыңдар, садақа! Таяқтарына сүйеніп шалдар да шықты. Сығырайған көздерін тігіп, сақалдары шошаңдап олар да ұзақ қарады. Ақыры мұның от та емес, өрт те емес екенін бірінші болып солар түсінді. Қалың қара бұлттардың қоршауында қорғалаған ай туып келе жатты. Қас қылғанда ол да бүгін ағарып тумай қызарып туды. Осының бәрін көзімен көріп, құлағымен естіп тұрған Ақбөбек дір – дір етеді. Дәл қазір сөйлеуге, бір ауыз үн шығаруға дәрмені жоқ. Сөйлесе, шыңғырып жіберетінін ұғып тұр. Бірінен бірі қорқынышты мынадай үрейлі сәттер тұтасып, күндізгі қаупін молайтып, бүгін түнде ме, ертең немесе одан сәл кешігіп пе, әйтеуір бір соғатын сойқанды көзіне елестетіп, көңіліне әрнеме түседі. Дүниенің бәрі жау, бәрі дұшпан болып, өршеленіп тұра келіп, шоқпар көтеріп, сұмдық
қаһар шашқандай, қарғыс ақтарғандай. Ең әрісі дүлей тылсым табиғатқа дейін ай болып тұтылып, жел болып ұлып, ит болып үріп, «батаны бұзған сайқал қайдасың, шық бері!» деп бір ғана өзін іздегендей. Сондықтан құп – қу шүберектей тозған сұлу қымс етуге халі жоқ, өлесі күйде, жалғыз панасы ақ енесін тас қылып құшақтап, елден бұрын бүркеніп жатып қалды. Тағдыры ортақ, талайы бір, бірі кәрі, бірі жас екі әйел жамбастары тақылдаған жұқа төсектің үстінде, тозығы жеткен ескі көрпені тұйықтап, тұншығып жатыр. Екеуінің де көздерінен ебіл – себіл жас сорғалайды. Ару әйел жылайды, ана – әйел жұбатады. Болмаған соң бордай тозған көңілдерін тоқтата алмай, екеуі қосыла еңірейді. Дауыс салмайды, үн шығармайды, құса болып қыстығып дыбыссыз төгіледі. Ойлап қараса, құдай бұларға өмірді пәк кешуге бермегендей, келемежке бергендей. Кәрісіне құшсын жар, сүйсін деп бала бұйыртты. Бірақ ризық пен нәсіптен құралақан қалдырды. Аштан өлсін. Көштен қалсын дегені болар. Жаны қалсын, бірақ жарымасын деген мазағы ма, кім білсін. Әйтеуір жарымағаны рас. Тағдыр тартқаны жалғыз ұлының қолының ебінің, әжетке жарағанының арқасы. Оғанға дейінгі күні қараңғы. Итке берсін. Аштан өлмес, көштен қалмас. Таңдағы асын тәңірінен күтер. Ал мынау ше? Қараңғы үйдің ішінде, көрпе астында тұншығып жатып, аяз қарығандай дір – дір қаққан еліктің лағын, қоянның көжегін қайтпек. Бауырына басар да, құшағына қысар – ау. Сонысымен сеп бола ма? Ажал күшті ме, қайдам, азап күшті ме қайдам? Әйтеуір қалтыраған жапырақтай, қалш – қалш еткені бір басылар емес. Аналардың әдетте қос қаруы – жүрегі мен тілі. Киелісі – алғыс, күйелісі – қарғыс. Алғысына ару жұбанып, қарғысына жау тоқтай ма? Ашынғанда ғана ана жүрегі жолбарыстың жүрегіндей түктенер. Бірақ қарабайыр Түрмештің қарабауырдың жұмыртқасындай жүрегі ондай айбатты айдан таппаса, қайдан табады? Ал сонда Ақбөбектей аруды несімен қорғайды? Жаман айтпай жақсы жоқ, осы мынау қарғыстай қараңғы түнде, зауал шақта, қаныпезер жау сойқанын салып, сойылын көтерсе, кім қорған кім пана? Жалғыз Қорабай ма? Түйедей Қорабайды түймедей етіп, үзіп таста йбермей ме өшті жау? Сыбанған жау - суырылған қылыш. Жалаңдаған нөкер кесер де кетер. Қылыш қынабынан суырылғанда, ақыл тілін тістеп, ашу жынын шақырар. Сонда өкімді тіл кеспейді, қылыш кеседі. О, Жаратқан жалғыз ием,мейірімі кең құдай, әлсізге пана, кінәсізге жақтас бол. Жалғызымның жұбайын шапағатты қанатыңның астына ал, ажалыңнан сақта! Қазақтың әйелі мен малы көгендес. Мал тапқан қазақ қатынды да табады. Ит тағдыр осылай екен, тоқпағыңа көндік.Бақталайын көрдік. Бірақ, тастың бәрі тас емес, арасында алтыны бар. Әйелдің бәрі салпы етек қатын емес, ақ маңдайлы аруы бар. Сонысына қарамастан таразысы бір, таралғысы ортақ. Таста мәрмар қат, әйелде ару ситек. Інжу мен жақұтты моншақ етіп, мойнына таққан қазақ аруды теңіне бермей, теріге айырбастайды? Ақбөбек жалқы еді, сыңарын тапты тордағы бұлбұл алқара көк аспанға шығып, қонатын шынарын
тапты. Енді тыныш қойса қайтеді? Ұясын тіккен арудың, балапан күткен ананың зәресін неге алады, кәрін неге төгеді ?Сұлудың жаны шынының шылдыры екенін ұқпай ма түге? Сындырады ғой, құм қылады ғой! Түрмеш келінін осылай аймалап, осылай толғанды. Сұлық жатқан Ақбөбектің ақылына да осыған тете ойлар оралды. Бірақ ол жатып тебіренгені болмаса, Түрмешке қарағанда әлдеқайда әлсіз, дәрменсіз еді. Аймалауға жаралған аппақ тәні сұп-суық. Аясына нұр толған көзі тас жұмық. Жібектей есілген қолаң шашы ұйыс, аршын төсі құныс. Үрейлі сұлу, үргелек сұлу мазасыз. Бүгіле береді, бүктеле береді. Бөдене бұғып жүріп, бөкен жортып жүріп бас сақтайды. Қапалы ару қалай сақтар панасыз басын? Көкедегі шері қызады, шемен тас болып қатаяды. Мұңы көп мұның. Қарқаралы қорғаны болатын әкедей бәйтеректі тапты. Бай керек деп кетті. Енді бармағын тістей ме сол үшін? Жоқ, жоқ. Әттегенайы жоқ тіпті. Өкінбейді, опынбайды. Жалғыз ене-жалғыз ағаш. Орман емес. Жалғыз жары – жалғыз кірпіш. Қорған емес. Тілек тілеуге мықты. Тіреп тұруға әлсіз. Сонда да ендігі тағдыры ортақ болса, осылармен біргн. Қиналса жаны, қорланса, ары бәрі-бәрі де таңдап тапқан осы шаңырағынан садаға. Ене мен келін осылайша еңіреумен көрер таңды көзден атырды. Ысқырған жел, желпілдеген киіз бәрі жау боп құйылып, жын болып құтырып, сақылдап қүліп, сартылдап соғып, есіріп те, егесіп те қорлап бітті. Жарық түскен соң Қорабай жолға қомдайтын түйені тауып әкелуге іздеп кетті. Ол қашан оралдады? Бұл да бір ақыры таусылмас азап пен ақырзаманға айналды. Мынау өкпек жел де жаяу шал ұзап шығып, түйеге ұшыраса ала ма? Тауып әкеле ме, жоқ па? Жол құтқара ма бұларды? Үйден кеткенде, үйдей пәле күтіп тұрса қайтпек ? Осының бәрі Түрмеш пен Ақбөбектің өкшелерін жерге тигізбеген көрдей қорқынышты болды.Дегенмен олар орындарынан тұрып, киініп, буынып әзірлен берді. Түндегідей емес, жерге жарық түскеннен кейін, тыныстары кеңіп, көңілдерін беркітіп, тыңайып алды. Ақыры түске салым түйені жетектеп Қорабай келді. Босағаның қыр көзіне шөгеріп, ескі – құсқы құрым киіздермен жалғыз өркешті орап, қомдай бастады. Жау да осы кезде құйылды. Сезімтал көңілі Ақбөбекті алдамаған екен, көріпкелі болмаса да ұшқыр үрейі, жетім көкірегі жамандықты сезіп еді. Дәл кешегі тасбауыр жүргіншінің қарасы батқан аласа қырқаның үстіне алты атты шыға келді. Алғашқы беттеріне тізгіндерін тежеп, моладай шошайып, обадай тас болып қатып алтауы алты жерде мелшиіп қалды. Енді қас – қағымда, сол тұрған жерлерінен құйын көтергендей, құйғыта шауып, ауылға қарай ат қойып, арандап қоя берді. Желдің суылы мен ат тұяғының дүсірі қосылып, қара аспан құлағандай, қара жер опат болғандай солқылдап, күңіреніп кетті. Ат қойған жау – ақ көбекті тасқын. Айбарымен ықтырып, шыбын жанды шықпастан бұрын шыңғыртып жерден алып, көрге салады. Ауылдың қатын баласы етектеріне сүрініп – қабынып үйлеріне бір кіріп, бір шықты. Ауыл үстін ойбай мен байбалам басты.
Жайбасар Қорабай ғана ештеңе болмағандай сол сылбыр қалпы, қаннен қаперсіз түйесін қомдай берді. -Қорабай әне, анау қолақпандай Қорабайдың өзі, - деген кешегі жыландай ысқырған суық дауыс қайта естілгенде, мойнын самарқау бұрды. Өзін түйесімен, үйін киізімен жұтып жіберердей болып, алты дұшпан қоршап алған екен. -Ау, жігіттер, менің құдай алдында да, адам алдында да жазығым жоқ шандымаңдар мені – деп дүңк ете түскен Қорабай мол денесімен көлегейлеп, қанатын жайып, есік алдын тосқауылдай берді. - Әне қара. Тілінің тұщысын қара, қопыраған сорлының. Бөгеме жолды! - Үйімде нелерің бар, азаматтар –ау? - Үйіңде әзезіл бар. Жынның сайқалы, шайтанның сапалағы бар! Ақ батаны бұзған албасты бар, сенің үйіңде! - Тимеңдер, жігіттер, қайтыңдар райларыңнан. - Мә, саған тиме! өзі өлейін деп тұрып, басқаны қорғағышын өлексенің! – осы дауыс шыққан бойда, сегіз өрме дойыр Қорабайдың маңдайына сарт ете түсті. Көзі бұлдырап кеткен Қорабай маңдайын ұстай алды. Добалдай саусақтарының саласын қызыл күрең қан бояды. Қорабай басын ептеп көтере беріп, дойыр сілтеген жауына көз салды. Қарсы алдында, шолтиған бұтын үзеңгіге әупіріммен әзер жеткізіп, бармақтай бойын ер үстінде шірей көтеріп, тағы да ұруға ұмтылған кешегі Күржік тұр екен. Қорабай арыстай бойын тіктеп, алпамсадай денесімен сызыла беріп, қан – қан қолымен өңірінен шеңгелдеп, өзіне сойыл сілтеген сойқанды ат үстінен тулақтай сілкіп, жұлып түсті. - Найсап! - Ойбай, өлтірді, өлтірді мына мақау, өлдім! – Ер үстінен жерге құлағанша лақтай бақырып үлгерген Күржік Қорабайдың мол денесінің астында бір тұтам болып, тырбаңдап жатты. Сол сәтте басына қайталап тиген екінші бір қорғасындай ауыр соққыдан Қорабай да құлай берді. Күржіктің өндіршегінен сығымдап, жанын алқымына әкелегн зауал саусақтар қапыда жазылып кетті. Көлденең құлаған Қорабайдың талмау денесін екі жау есік алдынан тез сүйреп тастап үйге кіріп, кіріп кетті. Ақбөбектің құлындай шыңғырған даусы естілді. Ізінше әлгі екі қанпезер сүйреп келе жатқан Ақбөбектің жанталасқан жалба – жұлба денесі сыртқа шықты. Оған ере етегінен кері тартқылап келе жатқан Түрмеш те көрінді осы ортада атына қайта мініп үлгерген Күржік дойырын аспандатып тұрып, қанқұйлы тобырының билік тізгінін өз қолына алды. Екі әйелмен жағаласып, ентігіп тұрған екі жігітке қарады. Аяқ астынан ақырып жіберді. - Өңгер атқа! Теп, анау мыстанды! Бір жігіт Түрмешті іштен тепті. Ол шалқалап барып, үйінің іргесіне арқасын сүйеп, жүрелеп отырып қалды. - Мынауың әл берер пәле емес, Күржік – ау!
- Қатынға да дәрменің жетпей ме? – деп тағы ақырды Күржік. Ол әлгіде өзінің Қорабайдың астында жатқанын қас пен көздің арасында ұмыта салды. – Өзің еркекпісің, езбісің? - Мынау әйел емес, пері шығар Күржікке! Жыландай сусын қолға тұрмайды. - Байла қолын, аяғын тұса! - Байлатпайды! - Тұзақ бау шал! - Шалдырмайды! - Онда өле қал! Құла да өл, сол албастының бұтының арасында, естідің бе! Есеңгіреп қалған Түрмеш есін осы кезде жинап, көзін кең ашып алды. Мас адамдай тәлтіректеп орнынан тұрды. Екі дұшпанның қолтығының астында, көйлегі дал – дұл, шашы дода – дода болған, жауларының бірін тістеп, бірін шайнап, бұлқынып тұрған келінін көрді. Қаны қашқан екі беті сұп – сұр, сұп – суық. Екі көзі шарасынан шығып, от шашқан. Тас қылып, тістеп алған ерні көгіс. Тырс еткен үн жоқ. Қыңсылаған дыбыс жоқ. Жалыну да, жығыну да ұмыт қалған. Еңіреместен, егілместен, тілсіз, мылқау күйінде, құлынның мүсініндегі тұлғасы тал шыбықтай иіліп, ширатылып тұр екен. Оның осы тұрысынан етегі толғанша, жылайтын сулы көз қатын емес, сұлулық пен қайсарлықтың хас иесі екенін енесі қайта таныды. Келінің бар болмысы азаптауға қас, азаттыққа дос жаралғанын ұқты. Осы ұғыну оның жүйкесін босатты, жүрегін шіміркендірді. Әлгіде буылып қалған, тығылып қалған ыстық жасы көзінен қайта сорғалады. - Аяулым – ай, Айналайын – ау – деп, өзінен – өзі тыпыршып берді, осы кезде Күржік дойырын қайта көтерді. - Бір сайқалды сауырға сала алмай, еркек болмай жерге кір, Шөңке, босат қолымды, ат жолымды! – деп емініп келіп, еліріп келіп, шегінген атын тебініп, төне берді. Түрмештің есі шығып кетті. -Ойбай – ау! Шынымен ұрмақ па мына дүлей, Аруға қамшы сілтей ме, адам? Ақбөбегім – ай, айналайын – ай. Құдай – ау, Ақбөбек жалғыз емес қой. Бөбегі бар ғой, әлі жарық көрмеген нәрестесі бар ғой, құрсағында! Енді қайттім, құдай-ау, енді қайттім, қайт, дүлей, қайт, - деп қарлыққан даусымен шыңғырып жіберді. Сөйтті де үйде сүйеулі тұрған бақанды Күржіктің атынан құлақ шекесін дәлдеп, итере салды. Желмен күнге шыңдалған бақан шекесіне сарт еткенде, ат оқыс жалт берді. Күржік тағы да қалпақтай ұшты. Мінезбен тілге берік болғанмен, шолтаңдаған қысқа тақым мүлт кетті. Бірақ бала – шаға, кемпір, шалы қалған қорғансыз ауылдың барлық қарсылығы осымен бітті. Ендігі сәтте құлағанға арланбайтын Күржік орнынан тұра келіп, бүлдіргісінен білегіне өткізулі дойырмен Түрмешті де Ақбөбекті де қақ бастарына бір қондырып, естерінен тандырды. Содан соң
құлаған сұлуды атқа өңгеріп алып, тобын бастап, айдалаға шапқылай жөнелді.
ІІІ
Қапалы сұлудың қаралы күндері өтіп жатты. Таң атып, күн батқаны болмаса, Ақбөбек үшін бұл жаз айының шуағы, жас дәреннің шырайы болудан қалған. Бір қимасының қазасына қатысып, ең қымбаттысының азалы күндерін кешкендей, мұңды жайлауынан ел көшкендей құлазу жандарынан нұр өшкендей кірбің. Алма беттің қызылы семген. Ақ маңдайдың жарқылы сөнген. Алды азап, арты мазақ. Ізіне қаңқу сөз ерген. Сұлу атағы көрге көміліп батаны бұзған сайқал, қатындар үшін бұл – бай таңдаған байтал. Кім қалай шақырса да ерікті. Әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ. Керісінше, бейпіл ауыздардың қолтығына су сеуіп, қолпаштаушылар жетерлік. Жастарының қызығы жоқ та, қыжылы көп. Қарттарының ұжымы жоқ та, мыжыңы көп. Естиярлар емге табылмаса да, есерлерден аяқ алып жүргісіз. Ақбөбектің қол – аяғын байлап, атқа көлденең салып әкелгенде, ата дұшпанын түсіргендей шуылдасып еді. Арты әжуа, келекеге айналды. Айтқаны келіп, атқаны тиіп, айбынымен ай тұтылдырып, қара жерді солқылдатып келген Күржік Ақбөбектің некелі күйеуі Есбергеннің үйінің табалдырығының алдында аруды емес, арлан бөріні алдынан аударып тастағандай, сылқ еткізген. Сонда – ақ, аруды ат үстінен көтеріп алуға тірі жан қолын созбаған. Қара тас болып мелшиіп – мелшиіп, сызбақтаған бәрінің аяғының астында даланың аңы емес, адамның аруы ессіз, тілсіз бірталай жатты. Тек қана бір ғана өңді, олпы – солпы, зілдей адам «Бөбек, бөбек,көбелек» деп қақсап әндетіп, айналсоқтап кетпей қойған. Көздері қанып, көңілдері көншіген былайға жұрт түндігі жабулы оқшау күркеге Ақбөбекті сүйреп тастаған. Содан кейін әлгі адам да жоқ болған. Ақбөбектің қалыңдасқан күйеуі Есберген сол еді. Ауылға айттырулы келін емес, өлік әкелгендей безерісіп тарасып еді бәрі де. Одан бері бірталай уақыт өтті. Дүниеден бақ кешкен ажалы емес, тірлігінде көретін аз күндік азабы екен Ақбөбектің. Аяғынан тік басып, қарғыс атқан қара жердің үстінде қайтадан жүруге жарады. Жүре бастағаннан – ақ аңдушы көз ерді, соңынан сөз ерді. Ақбөбектің ендігі жауы – осы екеуі. Көз иесі – Күржік. Сөз иесі – Садаға. Күржік – Есбергеннің туған ағасы. Әкелері өлген. Әкеге қараған мал мен жанның ендігі қожасы осы – Күржік. Жарғақ құлағы жастыққа тимей жүріп, Қорабайдың аулын іздеп тауып, Ақбөбекті жесіріндей желкелеп алып келіп жүрген - сол. Бойы бір қарыс болғанмен, аярлығы алты қарыс. Зұлымдығына найза байламайтын зынданның нағыз өзі. Бұл жолғы озбырлығының байыбына ақылдары жетіп, әзір ешкім де барып көрген жоқ. Есжанға төлеген қалың малы ма, әлде туған бауырының қолды болған қалыңдығы ма, қайсысы екеніне жан баласының көзі жетпейді. Әйтеуір Күржіктің түнде ұйқысын, күндіз күлкісін осы екі ықылымның
біреуінің бұзғаны рас. Айдын күннің аманында ауыл шауып, бас жарып, атқа қонғаны да, аттан салғаны да сондықтан. Осы істі тындырғаннан бері жағасы – жайлау. Бірақ көзі – жітік. Аңдығаны – Ақбөбек. Ал Садаға болса, Күржіктің әшна жеңгесі. Бай да жоқ, бала да жоқ. Осы ауылдың құдайы Күржік болғанда, ақ жаулықты құдағайы да, ақ желекті құралайы да – Садаға. Күржіктің жауырынына біткен бәкене ісік өркешін, сыламағанға мәз, сырт адамға торсаң. Ақбөбек ажалынан тайынбайды, осы екеуінен өлердей қорқады. Бірінің көзіне түспеуге, екіншісінің тіліне ілінбеуге пейіл. Ықпайтын да, бұқпайтын да қараған күні туар ма, қашан? Дүниедегі бұралаң жолдардың екі ұшы болатыны сияқты, тағдырдың да ұшығы екеу. Біреуі – тартысып өлмек. Екіншісі – басына не салса да көнбек. Есігі бекітулі оңаша күркеде отырып, алғашқы кезде осы ойларды көп шарлады, ұзақ толғанды. Әсіресе кешегі күні соққы көріп, сойылға жығылып, қанжығада бұлғақтап, тұтқын болып келгеннен бергі ойлары әсте көңілсіз. Жауатын бұлттай түнеріп, қабағын бір аштырмайды. Келер күндерден күдері үзіліп түңіле береді, торыға береді. Алыс кеттім – ау дегені адасқанындай көрінеді. Құтылған күндері өтті. Тұтылған күндер басында тұр. Тағдырына көнгені осы да! Қанаты сынған аққудың айдын көлге жеткені бар ма? Батаны аттаған қыздардың бақытын тауып, аман есен құтылып кеткені бар ма? Жоқ қой, жо! Арманын қуған Аққыз анау, ақ мола болып қырда жатыр. Анада жолшыбай Қайып екеуінің Аққыз бен Балоразға тап болғаны бекерге шықпады. Кешегі ай қорғалап тұтылған түні сол молалардан қан қызыл сәуле көрінгені де жаманшылықтың ескертпесі екен. От болып жанып, алу болып, лапылдап едің – ау, мұңы бірге мұңдасым! Жер үстіндегі қыздар – ау, ақ батаны аттама, ажалыңды табасың дегенің бе екен, кім білсін? Азаттық аңсағандар – ау, құм болып өмір сүргеннен күн болып үгілген артық дедің бе, әлде сырласым! Жан – жүйкесі егіліп отырып, тұла бойы езіліп отырып, Ақбөбек осындай ойлардың талайына тебіренді, талайына тербелді, Ойлар ұшы – қиырсыз, ойлар қабат – қабат, сол ойлардың қанатымен бұрын жатталған өлең жолдары жадына оралады. Екі ауылдың арасы дария толмас Өз теңіме бермеген әкем оңбас. Өз теңіме мен сорлы барар едім, Оқып қойған батаны бұзып болмас. Қарғыс атқан жердің бетіндегі теңіне бармаған қыздардың барлығының көздерінің жасын жиса, дария толмақ түгіл, кемерінен асып төгілер. Бірақ оған қайғырар бар ма, қаймығар қайда? Туған әкенің өзі қызына қас, жүрегі тас болып тұрғанда, өзгелер қайдан қайырылсын. Әкелер озалдан қызын теңіне берген емес, теріге берген. Әкелерге қызының жылағаны, жалынғаны жақпайды, қалың малы жағады. Олар үшін қыздың жасы қастерлі емес, дәрет суы қастерлі. Өз теңіме барар едім дейді, соры қайнаған өлеңші қыз. Өз теңіме барғандағы менің түрім мынау ма? Басыңа түспеген соң қайдан білейін деп едің? Батаны бұзбапты, ақыры
тағдырына көніпті, бейбақ. Осы өлең есіне түскен сайын Ақбөбек өз тағдырын айнадан көргендей болады. Біресе ашынып, біресе аяп қилы – қилы күй кешеді. Сөйтіп отырып өз тағдырын басынан бастап қайта ойлайды. Көніп қалғанына өкінеді. Ал егер көнбесе ше? Көнбеген Аққыз өлген. Ақбөбек те өледі. Ажалы тақау, қабірі қазулы. Сонда да болса Ақбөбек қатал тағдырына басын имей, тізесін бүкпей кетуді көп аңсайды. Аңсаған сайын табанын тірейтін бұдыр, қармайтын тал таппайды. Бергісі - Аққыз, арғысы Қыз Жібек пен Баян. Бас имегендер – солар. Бақи болғандар да солар. Қазақтың қыздарында махаббат болса, екеуінен қалған мұра. Мұңы болса, екеуінің мұңы. Ізгілік болса, екеуінен қалған өнеге. Олай болса қолды болдым деп, қорлы болғаны лайық па? Шықпаған жанның үміті бар, шығанға кеткен жарының қайта оралар сәті бар. Бүгінгі өксіген күйі, ертеңгі көксеген күні болып, жарқырап шыға келсе, тағы да қалықтап кете бармай ма?! Жібек болып жарқырауға жаралған арудың жүндей түгілгені тозғаны – дағы. Ақбөбек орнынан тұрды. Есіктің тиегін ағытып сыртқа шықты. Айналаға көз салды. Келген жері алты – жеті үйлік шағын ауыл екен. Есіктерін құбылаға қаратып, қыр басына қатар түзеген ақ киізді, ақ боз үйлер. Маңайында малы жоқ. Төлі мен бала – шаға да жоқ. Сірә, Садаға мен Күржіктің көңіл татуларының, шаш ал десе бас алған бас кесер нөкерлердің отаулары болса керек. Өзге іргелі ауыл ілгеріде, еңісте. Жоқ – жітік, кірме қоңсылар да, малшы – жалшы, құл – құтандар да сонда. Ауыл үсті мал тұяғының шаңы, ошақтың түтінімен мұнартып, шудаланып тұр. Бұларды сол ауылдан бөліп жүрген – Садаға. Керме қас бәйбішенің иіс қоңыстан жүрегінің сиқасы ұстайды. Айқай – шудан жүйкесі жұқарып, басының сақинасы құрыстайды. Сондықтан оған қыр басының салқын самалы қажет. Жылдан – жылға жасы ұлғайған сайын шыт – шыт болған бетінің әжімі көбейсе де, ернінің бүрілгені кеміген емес. Ақыл – есі кірмелі – шықпалы болған. Әлі құрыған талықсыған сол бір ауыр сәті Ақбөбектің көз алдында. Үзік – үзік сурет болып сақталып қалыпты. Күржіктің алдында атқа өңгеріліп келгенде, еш адам қол созбап еді – ау бұған. Оның сырына енді түсінді. Шіміркенер жас, игі жүректі кәрі бәрі де ойлап қараса, төменгі ауылда. Тұрмыстың игілігіне таңдайлары ағармаған, маңдайларының соры қырық қабат. Желілеріне қылшық бітпеген, желкелерінен қырсық кетпеген бейнетқорлардың ордасы аулақта екен. Ол ауылдың қара суы мен қайғысы да, көңілдің хошы мен көздің жасы да ортақ болуға тиісті. Тоқшылықта кекіреніп көрмеген, жоқшылықта мекіреніп терлеген ел бетегеден биік, жусаннан аласа момындық күйін кешсе керек. Шамырқанар кездері ұшырар, бірақ шалқаю оларға жат. Қатігездік, қаталдық дегені – қас дұшпаны. Қорлық көргенді – қимасым деп, қорлаушыны – қинаушым деп сезінсе керек. Олардың алақандары – мүйіз, жандары – мейіз болатын шығар. Қарабайыр болса да қара бауыр емес – ті. Тағдыр солардың ортасына да тап қылмады. Ақбөбекті екі күн, екі түн көрдей қараңғы күркеде жатқанда, ең болмаса біреуі келіп, жарық түсіріп, ерніне су тамызар ма еді, қайтер еді?.
Ал мынау қарғыс пен қаһардан елге жуымай, өкшелеп қалған кірпияз қатын Садағаның санап тұрып, саралап тұрып қондырған алты аразы ғой. Кекірлігі де, кесірлігі де он түйеге жүк болатын Садағаның шылауында аяушылық қайдан жүрсін. Төре де емес, төреден көкірегі кем де емес, шалапай сорлылар түге. Ақсүйек болып тумаған, бірақ ұқсап баққан тәкаппарлар өңшең! Күржіктің зорлығымен тұтқын болған Ақбөбектің алғашқы ашқан ащы шындығы осы. Арудың көңіл – күйіне, қасы мен қабағына қараған Күржік жоқ. Ақбөбектің ендігі тағдырын қолына берік ұстады. Келген күні Есбергенді қасына алып отырып, шаруаның бұдан былайғы бағытын ұғындырмақ болды. Қарашығы көзінің бірде алдына, бірде құйрығына тынбай жүгіріп тұрған жымысқы жанарын інісіне қадай отырып, сөз бастады. - Құсың құтты болсын, Есберген. - Құс болса балдағыңа қондырып әкелер едің, қасқырша салақтатып өңгеріп әкелегн жоқсың ба? Қасиеттеп, қастерлейтін несі бар соның? Құсың дегенше, қасқырдың қаншығы десейші одан да, - деп Есбергеннен бұрын Садаға киіп кетті. - Бай таңдаған қатынға не десең де жараса береді. - Бөбек, ,көбелек, - деп Есберген өз әніне басты. - Бөбек сенікі, Бөбек сенікі, - деп мақамдады Күржік Есбергеннің кеудесіне түртіп, әліппені жаттатқандай қайталап, ежіктеп отырып. - Бөбек менікі, Бөбек менікі, - деп Есберген түсіне қойды. - Сенің қатының, сенің қатының. - Менің қатыным, менің қатыным, - деді Есберген – мынау сенің қатының, сенің қатының, - деп Садағаға бас салды. Ендігі сәтте бұл жаттығулардың барлығы ұмыт болып, ақылы ауып кетті де – жеңеше, айран берші, - деп мелшие қалды. - Берейін. - Нан берші. - Мә! Есбергеннің қолына бір зерен айран мен жарты таба нан тиді. Қотарып ішіп, қопарып жеп, алдына келген асты Есберген көзді ашып, жұмғанша жоқ қылды. Зеренді жалап, әбден тас тұйнақтай етті де, Күржікке тіл қатты. - Аға, Ақбөбекті сен ал. Маған айран берсең болады. Мен ұйықтаймын, - деп орнынан тұрып жүре берді. «Бөбек, Бөбек,көбелек» деп ауылдың шетіне шыққанша, қақсап бара жатқан даусы біразға дейін естіліп тұрды. Күржік пен Садаға сол түні ұзақ отырды. Садаға Ақбөбектің ауылға әкелінуіне байланысты ішінде өртене бастаған қыжылды жасыра алмады. - Әй, Күржік, осы сен маған сес қылудан саумысың? Ініңнің түрі әлгі. Қатынсырайтын халі жоқ. Сонда не ойладың? Мен жүрген жерде басыңның жайлы болмаған жері бар ма? Өзіңнің сиқың мынау, сықпытың мынау. Жеңге алғаның жетпегендей, тоқалсырап жүргеннен саусың ба? –
деген. Күржік басқа зұлым ойларының бәрін зындандай терең көкірегіне тығып тастап, тек біреуінің ғана ұшығын тілімен тарқатты. -сәулең бар ғой деп жүруші едім, Садаға. Сайтаның да жоқ екен ғой. Қызылға қызығатын жас емеспін. Бой суытарым – өзіңсің. Намысқа да шаппаймын. Жалған намысыңнан маған бір уыс қамыс артық. Қысылғанда атыма асатамын. Түлік бір жұттық. Мүлік бір өрттік. Неге көзіміз жетіп отыр. Дірдектеп жүріп, тырнақтап жиғанда ғана баяндаса қалай бұл дәулет. Тіріде көздің тойғаны бар ма? Боқ домалатқан қоңыздың ініне жетпей тынғанын көрдің бе? Дән тасыған құмырсқаның илеуіне жетпей тыншығанын көрдің бе? Қайсысын да көрген жоқсың. Адам да сол қоңыз бен құмырысқа. Тәуіріңді таси бергің, жауырыңды қаси бергің келеді де тұрады. Есепке жетіктер арам өлген бір тұяғын да қимай жылайды. Ал бізден бір емес, жүз алпыс тұяқ арамға жем болып кетті. Қалың малға айдап берген қырық жылқының тұяғын төрттен санап көр де менің еңіремей жүргеніме шүкіршілік ет. Соның бәрі осы Бөбек қаншықтың пәлесі. Қаншықтың аты қаншық қой, саудаға түспей тұра ма? Әкемді қандай сор түртті екен десейші. Марқұм болмай, марту болғыр. Өле алмай жүріп, қыз айттырып неге керек. Қалың бергендей қай байлығы асып төгіледі екен. Сондағы баласының түрі анау. Жарты басқа жарты дүниенің байлығын тапқандай не көрінді. Асылы әкемнің өзінің басы бүтін болмас. Жә, енді. Нәгөй әке өлді. Қырық жылқы желге кетті. Қыз басқаға байға кетті. Осы отқа мен күймегенде, кім күйеді? Есбергенің әлгі, айраннан басқа арманы түгел. Менің аяқ қолымды жерге тигізбеген осы ғой, Садаға. Енді түсіндің бе? - Түсіндім, түсіндім, Күржеке. - Шашың ұзын, ақылың қысқа қатынсың ғой, қайдан түсінікті бола қалдың? Аржағын тыңда! - Бойың бір қарыс, ақылың қырық қарыс, Күржеке, құлағым сенде. - Баталасқан құдам өлді, мен сені танымаймын деп, Есжан енді құйрығын да шалдырмасқа ықтиярлы. Басы додаға түскен ол қырық жандарды қуғаннан гөрі қызын қолда ұстап отырып, әкесінен қызының жасауы мен еншісін талап еткеніміз тиімдірек. Ұлы да, қызы да жалғыз Бөбек болған соң кім біледі, Есжанның жұмылған уысы ашылар. Қызының отауы деп үй береді. Жасауы деп қызылды – жасылды дүние береді. Ал оның жиһаздарының бәрі қымбат. Бұл екеуін екі де. Үшіншісі, Есжан жарлы емес, бай , жоқ емес, бар. Сондықтан қызына енші береді. Маған салса әр түлектерден береді. Осының бәрінің басын қосқанда, біздің қалыңға берген қырық жылқымыз талай қырық болып, тұяққа тұяқ қосып қайтады. Ал енді Ақбөбек Тоғыстың қатыны болып жүргенде бізде мұндай мәпәхана түгел қоянның құмалағы да жоқ еді. Солай ма, Садаға? - Солай, солай. Бір түйір қатесі болса бұйырмасын. Күржік емессің, пайғамбарсың. Осы ойларын іс қылып шығару үшін Күржік екі күннен кейін Есжанның аулына аттанып кетті. Бойына сіңген әдеті бұл сапарында да құдалықтың жол – жоралғысынан басым түсті. Ауылдың төріндегі
Есжанның үйіне тікелеп түсіп, ат қаңтармай, шеттен бастап, есік – есікті түрткілеп. Жаяу аралауға кірісті. Атын құдасының кермесіне байламай. Құлаштай шылбырынан итше жетектеп жүрді. Сол бетімен Есжанға жетіп, оны оңашалап алып шықты. - Қызың менің босағамда отыр. - Ие, оң болсың, құтты болсы! – деп, Есжан жалпақтап қалды. Ауылға Күржік келді дегеннен – ақ, бауыр еті мұздап болған Есжан мына пәле қызыңды тап, таппасаң, қырық жылқыны қайтар деп, тағы да бұрынғысындай, әлек салады – ау деп шошынып еді. Күржіктің әлгі сөзіне іші жылыды. - Ендігі істі оңғару өзіңнің қолыңда. Өткен өреуіл, қалған салаут десең, қызыңның отауын қазір арттырып, жасауын алақаныма, еншісін алдыма айдап саласың. Несиеге қарамаймын. Күлбілтеңе көнбеймін, табанда алып, табанда айдап кетемін. Қызыңның былай да қылмысы жеткілікті. Сүтке тиген мысықтай етіп, мен оны өзімнің босағамнан қылтитпаймын. Ал егер де басына үйін, алдына сауынын берсең, қонысымнан қумаймын. Қызы қайтып келді дегізіп, сақалың ағарғанда сені жерге қаратпай – ақ қояйын, - деп Күржік Есжанды жаналқымға алды. Шындығында Есжанның әлдеқашан ойланып, толғанып шешіп қойған шаруасы еді бұл. Егер істің беті осылай бұрылса, Ақбөбекке байланысты дау – далабайдан түгел құтылмақшы болатын. Бірақ санақты мал мен қып – қызыл дүниені қолдап қиып шығара қою оңай емес. Сондықтан ұзын арқан, кең тұсауға сала бастады. - Әй, Күржік, сен тықаңдама. Тыпырлайтын да, тықаңдайтын да кісің Есжан емес, ондайды басқа жерден ізде. Қазақтың қашаннан қалған қасқа жолы бар. Соны неге ұстанбайсың? Келініңнің туған – туысқандарын аулыңа шақыр. Жасау – жабдық сонда апарылады, - деді. Бұл сөзге Күржік айылын да жиған жоқ. Жүндес қабағы бүлқ ете түсті де, жанары жүгірген көзі әлем – жәлем болып, қылиланып жүре берді. - Ой – бу, дәмесін – ай, құрмет күтіп тұрсың ба? Күтесің ә? Ойбай – ау, қызыңды қыз күйінде, әлпештеп ұзатып па едің сен? Біреудің қатыны болған соң, астында жатқан жерінен тауып, тартып әкелген жоқпын ба? Ал жақсы, шақыр десең, шақырайын. Әзер болса, бір тоқтының басы кетер. Бірақ ішкенің ірің, жегенің желім болмай ма? Сақалыңды сорпаға емес, ұятқа малып, жердің үстімен емес, астымен қайтпайсың ба? Өлер жеріңді де ойламағаның не? – деді. Бұл сөздерді Күржік аса бір ризалықпен, масайрап тұрып айтты. Осы сөзімен Есжанның ақыры тірегін қағып түсіріп, омақастыра жығып, үстем болған. Өз ыңғайын сұңғыла пиғылы сезе қойды. Сөзден жығылған құдасын сол бойда жұдырықтап, әбден сілікпесін шығарып, төпеп – төпеп алды. - Құдай емессің, Есжан, құдасың. Құда болғанда да ақ батаға тұра алмаған, сайқал қызын тия алмаған, қалың малын өзгеден төлетіп, Тоғысқа міңгестіріп жіберген қылмыстысың. Бірақ құда мың жылдық. Ақырын құдайдан күтерміз. Әзірге ұсынған сыйым, жапқан шапаным болсын, біздің
елге аяқ баспа. Жұрт саған шашу шашпайды. Топырақ шашады. Қызың сені қарғап – сілеп өшігіп отыр, сыйласпаған әкеден сыралғы болған ит артық деп қақсауда, - дегенді табанда ойынан шығарып, қосып айтты. Есжан осы сыйлықтан соң құтырған Күржіктен құтылғанша асық болды. Енді тілге келместен, бәйбішесіне де, басқаға да ләм деп жақ ашып, тіс жармастан, безеріп тұрып, безілдеп тұрып, Ақбөбектің отау үйімен жасау - жи–азын арттырды. Мұның өзі бірнеше түйеге жүк болды. Әр түліктен қызының еншісін бөлгізді. Бәрінің басы қасында шайқаң – шайқаң етіп, мардымсыған Күржік жүрді. Ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болып, тастай батып, судай сіңіп жатқан соң Күржік қисық мойнын Садағадан басқа жанға бұрмады. Әжнасының өзіне де құйрық – жалын ұзақ сыйпатпай паң да, маң – маң болып кетті. Есжанның аулынан шалқар көш болып, қағанағы қарқ – сағанағы сарқ болып келген бойда Садағаның есігін шалқайтып тұрып, қамшысының сабымен нұқып ашып, нығарлап тіл қатты. - Құдай бұйыртқан малды үйірін – үйірге, келесін – келеге қостырдым. Ал енді мына жансыз мүлікке сен ие бол. Арғы төрі Есжанның қызының мәпахасы болғанымен, бұйырмыс сенікі. Үйіңе жинап ал! – деді. Қапелімде Садағаның тілі байланып, есі шығып кетті. Тең – тең, сандық – сандық болған неше түрлі кездемелер, көздің жауын алған қымбат кілемдер, ішіктер, жағалы киімдер Садағаны ақылынан тандырды. Әрқайсысын сылап – сипап тықпалаумен, көзден жасырумен жүргенде, ұзақ күннің қай мезгілге келгенін де аңғара алмады. Ақыры барлығын қағып, іліп, сіреп жинап болғаннан кейін дұға оқығандай, ант бергендей күбір етті. - Төріме бір ілінген соң, көріме де бірге кірерсің, көзім тіріде айырылмаспын, - деді. - Ағаш үй іздеген адам болса, құлағыңды сала жүр. Жаңағы әкелген үйді сатамын, - деді Күржік. -шынымен сатасың ба? - Сатпағанда ше? Тоғыстың қатынының басына үй тігіп берер деп пе едің? Оған итарқа да жарар. Итке ұсап бай таңда деген мен емес. Үйдің өзі пұлы келіссе, бір топ қара. Кереге, уықтары балғадай. Есжанға жауабы берілген. Әй, ашық ауыз Есжан. Алдыңа мал бітсе де, басыңа ми бітпеген кеще. Осынша ма мал – мүліктің қызығын қызым шынымен көрер деп ойлады ма екен? Әлде әумесер, жармалығы ма? - Келсе, көрсе қайтеміз? - Келместей болған. Күржік сөйлеген сайын Садағаның жаны жайланып, алабұртқан көңілі орныға берді. Бір жағы алдау, арбаумен, бір жағы қоқан – лоқымен келген бұл дүниелер мен сондаймын деп айқайламады. Ілгені ілінген жерде, жиналғаны жинаған жерде тұрды да қалды. Садаға болса, жаңа дүниенің бірін киіп, бірін төсеніп мырғамға батты. Жасауының бұл ауылға әкелініп талауға түскенін Ақбөбек көп күн өткен соң білді. Көрші ауылға бастаңғыға шақырылған Садаға атына мініп, Ақбөбектің ашық тұрған есігінің алдында келіп, әлдебір
тапсырмалар беріп, әмір жүргізіп, кідіріңкіреп тұрып қалды. Ат үстінде отырған оның етегі түріліңкіреп тұрып қалды. Ат үстінде отырған оның етегі түріліңкіреп, үзеңгідегі аяғы жалаңаштанды. Үйде жүріп Садағаның аяғына көзі түсіп кеткен Ақбөбек алғашында өзіне – өзі сенбеді. Садағаның аяғына кигені – мұның кебісі. Ақбөбек үйден шыққанша, Садаға жүріп кетті. Шынымен сол ма, жаңылып тұрған жоқ па екен. Егер сүліктей өкшесі қызыл шегірен мен қызғылт жездің жұп – жұқа қиындыларынан желімделіп, бітелсе, анық сол болғаны. Өткен жазда оны Қайып тігіп еді. Шоңқайма етікті қолына алардың алдыңда осыны бітірген. Екі қапталы мен маңдайына күміс күмбезшіктерді қатарлап, зерлеп, жұтындырып тастағанды. Қарапайым етікшінің емес, хас зергердің қолынан шыққан, күміс пен былғарының құймасы еді, қыз жүрегінің қимасы да сол болатын, өйткені онда мұны сүйген жігіттің қолының ізі, жанының жазы бар – ды. Түстің қайтуында оралған Садағаны Ақбөбек әдейілеп күтіп тұрды. Ол жақындай бергенде, қарсы жолығып, шылбырына оралып, Садағаның үйіне дейін ере келді. Осы бір қас – қағым сәтте кебістің өзінікі екенін танып, біліп үлгерді. Жарқыраған күміс күмбездерінен сипап, сүйріктей өкшесін саусағымен сығымдап, арбала берді, аймалай берді. Бірақ үн шығармады. Менікі деп байбалам салмады. Қазір ол кебісті емес, осы кебісті тігіп отырғандағы Қайыптың келбетін көрді. Шебердің өзіне деген сондағы ықыласын, жігіттің өзіне деген жан сарайын көзін жұмып тұрып, көкірегіне ұялап қалған суретінен шолып шықты. Қолымен Қайыптың кең маңдайын сипағандай ләззат тапты. Жүрегі езіліп, тұла бойы балқып, толқи берді. Балдай тәтті бақытты дәурені елес болып тіркесіп, көз алдында көлденеңдеп тұрып алды. Не пайда ұзаққа бармады. Садағаның шаңқ еткен даусы шықты да, біздей өкше ақ маңдайын жарып түсті. Қан саулап жүре берді. Ат үстіндегі Садаға аямай тепті. - Әй, Күржік, қайдасың, тый мына қарды! Сол, сол – ақ екен басы – көзіне қамшы жауып кетті. Ақбөбекті меншікті күркесіне тағы да сүйреп тастады. Тәуліктеп, апталап қарасы батып, қаңғырып кететін Есберген жерден шыққандай, бұл жолы да тап бола қалды. Сықырлауықты қос қолымен қайырып тұрып, үйге үңілген есалаң маңдайының қанын сүртіп отырған Ақбөбекті көрді. «Бөбек, Бөбек, көбелек» - деп алдымен бір тақылдап алды да, ізінше: «шекесі қан, шекесі қан» деп үдетті. Содан соң ақылы қайта шатасып: «жеңеше айран, жеңеше айран», - деп әндетіп, бұрылып жүре берді. Есбергенмен оңаша кездесіп, Ақбөбектің бетпе – бет көргені осы. Арудың жүрегі тас төбесіне шықты. Үнін шығаруға да бата алмай, тілі күрмеліп, күбірлеп отырып, өзінің бақытсыз тағдырына да, әкесіне де бәр – бәрінің тұқым – тұяғын қалдырмастан тұңғыш рет лағынет айтты. Ар – ожданы аяққа басылған, жан дүниесі жұрдай болып тоналған мынау өмірден, ит тірліктен қандай жолмен болса да асықты. Ақбөбек асыққанмен, тірлік, болмыс асықпады. Адамдардың зұлым, қатыгез қолдарымен жасалған көрешегін әбден көріп, тойып та, торығып та
болғанша, тоқпақтаудан тыйылмады. Ақбөбек бұрын өзі тап болған зорлық пен зомбылықтың бәрін тағдырым деп түсінетін. Жарық дүниеге іңгәлап келерде маңдайыма жазылған жазмышым деп ұғатын. Ендігі жерде осы түсінік тірлігі барлығы теріске шықты. Ойлап қараса құдайдың құдіретімен бұл дүниеде еш нәрсе істелмейді екен. Бақыт пен бақытсыздық, жауыздық пен ізгілік бәр – бәрі де адамдардың ырқында болып шықты. Бұл малға сатылды. Ол – малсақ әкенің ұйғарымы. Қайыптан айырылды. Бұл – Күржіктің жауыздығы мен дүниеқорлығы. Олай болса тағдыр дегеннің өзі өмір керуенінде жолыққан, сені бас пайдасына жаратып қалуға жанталасқан зұлымдардың тегеуріні мен ізгілердің қамқорлығы екен ғой. Тағдыр сонда зұлымдық пен ізгіліктің күресі болып шыққаны ма? Егер Ақбөбек Қайып пен қайта жолықса, ақ ененің аясын тағы тапса, бақытын қайта тапқаны емес пе? Сонда мына сұм тағдыр өзгеріп жүре бермей ме? Жұрт Ақбөбекті сұлу дейді, ару дейді. Күржік осының екеуіне де қызығып көрді ме? Ол үшін сұлудың көркінен бір жылқының терісі құнды. Арудың бетіне айран құйып ішпейді Күржік. Олай болса жазмышын жазғырып, тағдырын малығанша жаманшылық жасаған адамдармен алысқаны мақұл ғой. Ойларын осылай түйіндеген Ақбөбек жатуға қамданды. Есбергеннің түрінен шошынған ол есікті бұрығыдан мықтап бекітті. Қысқы суықтарда өзін қалай ұстайтынын кім білсін, жаз айларында Есбергеннің үнемі далада түнеп, даладан өретініне шүкірлік етті. Апталар бойында жылқышылардың арасында болады. Қала берді қой түнетуге ереді. Әйтеуір күн жылыда ауыл көрмейді екен, мойнына ілген дорбасында наны, бүйенінде айраны болса, Есбергеннің төрт құбыласы орнында көрінеді. Ақбөбек төсегіне жатып қалды. Оның көз алдына Садағаның аяғындағы кебіс қайта оралды. Бір ғана кебіс емес, бірталай дүние әкелінген болуға тиіс. Қыс күнінде қызықтаған үкілі тақиясын, зерлі бешпеттерін ұмытпапты. Жастық шақтың, бақытты күндерінің елестері болып көңіліне ұялапты. Бірақ бәрінен де кебіс қымбат еді. Онда Қайыптың қолының қызуы бар еді. Сүйген жарым сүйсінсін деген, күрсінсін деген ақ тілеуі, пәк тілеуі барды. «Тақаңды биік шегелеп, бойыңа бой жалғадым. Енді жүрегіңе жүрегімді жалғасам қайтеді, сәулем» деген сыпайы, сыйлы сөзі құлағында әлі тұр. Ақбөбек ұйықтап кетті. Бірақ ұзамай әлде біреу түртіп оятты. Шошып оянған оңаша сұлу жалма – жан төңірегін сипап көрді. Қараңғыға үйренген көзімен күрке ішіне үңілді. Ұйықтар алдындағы Есбергеннен үріккен әлгі сезімдердің әсері болар деген оймен қайта қисайды. Ұзамай тағы да түртіп қалды. Тағы, тағы... ғаламат бір ептілікпен, білінер білінбес қуатпен, әлсін – әлсін түртіп – түртіп елгезек аруды орнынан тұрғызып жіберді. Ағаш үйдің есігі түрулі. Бекітулі босағаның ұршықты көзінен аспандағы ай жарқырайды. Жымыңдаған жұлдыздар сықырлауықтан сығалайды. Үй ішіне аппақ сәуле төгіліп, нұр қалқыған. Қой үстіне боз торғай жұмыртқалаған бұл тыныштық, қаймағы бұзылмаған мынау бейбіт
шақ қаптаған жаудың ортасына қалай орнады. Үстіндегі киіз күрке үй емес, ұя болып кешкен бе? Көңілі неге бей – жай? Бойы неден балқиды. Көптен бері кездеспеген халі, ұмыт болған рахаты осы ғой. Тағы да түртті. Түртті ғой әнеки! О, жасаған аш бүйірін түрткілеп жатқан нәрестесі ғой іштегі. Ақбөбектің балбөбегі ғой! Жарық дүниеге шыққысы келіп, түртініктеп, есік қарап жүргендей, қайта – қайта қақылауын қарашы. Қолы ма мынау? Қолымен түрте ме екен? Қолы өсіп қалғаны ма сонда? Әлде аяғы ма екен шолтаңдайтын. Қайып қой бұл. Қоңыраулатып келе жатқан сол ғой, соның ұрпағы ғой! Дүниенің есігін ашып, төрлетер күнің, әндетер күнің жақындапты – ау, бөбегім! О, жасаған, ару болмасам кер болайын, апа болып өтейінші өмірден. Арманым құмға көмілген, көзімнің жасы төгілген, жұмыр жер, сенің үстіңнен аппағымды жетектеп өтсем қанағат! Ерте күнімді кеш қылатын ермегім болса, шіркін – ай! Жалғыздық көрсем ес, жапа шексем жұбаныш ермегім болса шіркінай! Сауысқаннан сақ болар, сірә, тың – тыңдауын қарашы! Маңдайына бақ қонар, сірә, шым – шымдауын қарашы! Менің нәрестемнің тұсына да бақыт деген итің тапшы болар ма екен осындай. О, ұрпағым, тәні бірге тәндесім, жаны бірге жалғасым. Сорлы анаң бақытсыз болды. Соны түсін, соны ұғын. Өзіме шөл болған бақытым саған көл болуын тілеймін. Ендігі арманым – осы. Осы түннен бастап нәрестесі туралы тәтті ойларын Ақбөбек былайғы жұрттан қызғыштай қорып, оңаша қалып аялап, оқшау отырып әлдилей берді. Бірақ күндер өтіп, құрсағы өскен сайын бұ құпиясын сақтау қиынға түсті. Елдің алдымен секем алған Садаға сұлудың шытынаған қабақ қағысы, сылбыр тартқан аяқ алысы, ақ жүзіне түскен шұбыртпалы секпілі бәрі де сезімшіл әйелдің сұңғыла көзінен қақас қалмады. Әдейілеп бағып жүріп, аяғынан шалып жүріп, ару аялаған арманын, болашақ ананың алдынан күткен үмітін түрпідей тілімен шақпалап, улап бітірді. - Бай таңдаған ару бақытын іздеген асыл зат екен десем, бап таңдамайтын нәуетек екенсің ғой, тәйірі. Қашып – пысып жүріп, аттың жалы, атанның қомынан бала бітірген мекиен. Қыранша бір тумай, күлге аунаған тауықша күнде жұмыртқалайын деген екенсің. Етегіңнен жылан өрсін. Басыңда бағың жоқ, алдыңда бабың жоқ сорлы. Иттің күшігіндей інге тығып асырар ма екенсің, көрерміз, - деді. Өмірі өз өкшесі қанап көрмеген бедеу, керік бәйбіше керіліп отырып, өзгенің бақытын осылай күндеді. Тілімен ғана атып қоймады. Аяғы ауыр арудың күнделікті тіршілігін де ауырлатты. Бұл ауыл суды шымыраудан түйесіне артып әкелетін. Суды сушы бала әкелгенімен, ауыл ортасына шөгерілген түйенің үстіндегі метей шелектерді үйді – үйге Ақбөбек жеткізіп беруге тиісті болды. Құлақ, мұрны жоқ, домаланған шелектерді бауларынан тартып сүйрелеп, шаңға былғанып, мықшаң қақты. Кеудесіне көтеріп қоюға іші тіреп, талдай бұралған беліне арқалауға бұғанасы майысып, азап көрді. Ақбөбектің жандәрмен күйін көрген сайын Садағаның ұзында өші, қысқада кегі қайтып, масайрай түсті. Ізінен ұл еріп, етегіне қыз оралмаған тас бедеу құдайынан алмаған ақысын Ақбөбектен еселеп қайтарды.
- Тектілі байдың қызысың. Теңіңді іздеймін деп тегінге кеттің. Обалың өзіңе, - деп сақ күлді. Садаға мұнымен тынбады, көрген мен сезгенін табанда Күржікке жеткізіп, табалап отырып, танаулап отырып, шерін тарқатты: - Ұрпағың көбейіп, жапырағың жайылатын болды, шүйінші. Ініңнің төсегіне некелі қыз әкелген жоқсың. Балалы қатын, күшікті қаншық әкеліп салыпсың. Өзің өлсең, малыңа ие, үйіңе қожа тауыпсың. Тоғыстың ұрығы ма, доңыздың ұрығы ма, оншасын кім қазбалар дейсің, - деп бір кекетті. Айран сұрап келген Есбергенге де ағарған орынына тілінің уын жұтқызды. - Айран іздесең, қатыныңа бар. Жақында күшіктейді. Аққа да, сүтке де сонда қарқ боласың. Бір емшегін өзің ем, қалғанын балаңа бер. Бөбектің ішінде бөпесі бар, бөпесі бар, - деп қадап түсіндіріп миына шегелеп жіберді. Осы сөз санасының бір қалтарысында қалған Есберген Ақбөбекке келіп, бұрын қашық аумақта тұрып тіл қатса, енді әбден тақалып алып сабаудай саусақтарымен бүйіріне түртіп – түртіп қалды. Содан соң құбылмалы жіңішке үнмен: -Бөбек, Бөбек, бөпе, бөпе, айран, айран, - деп тақ – тақ етті. Ақбөбек оған айран беріп дәндетпейтін. Берерге айраны да жоқты. Бойын аулақ ұстағанды, қашқалақ жүргенді мақұл көретін. Есбергеннің бұл жолғы тақалуы мүлдем шошытып жіберді. Найзадай қадалған саусақтардың ізі көпке дейін басылмады. Жүрегінің асты тастай болып, әлдебір тірлік нышаны түйіліп қалғандай, жүгініп қалғандай зіл тартты. Бойы шошынған тұмса ананың іштегі нәрестесі жүгініп қалса керек. Тағдырдан тағы бір тілегені Есбергеннің қашық жүргені болса, енді ол да өзгерді. Тақала беруді, тақымдай беруді әдет тұтты. Соңы қайда соғар екен, қай тарапқа бұрылар екен? Өз әйелім, өлең төсегім деп бір күні жамбастап жатып алса қайтпек. Ақылға жарым жан еркектің аңша құмарлығы қозып, тағылық түйсігі оянар болса, мұның күні қандай болмақ? Сондағы панасы кім, шарасы қайсы? Сол үстінде сор жамалды. Сойқан үстіне сойыл көтерілді. Алды қыршаңқы әзіл болып басталып, арты қиян кескі төбелеспен тынды. Түс әлетінде ішілген қымыздың қызуынан бұрын тіл қайырмай, итқанды көйлек серіктері аяқ астынан Күржікпен ерегесіп тұра келді. Көздері ежірейіп, жанарлары қызыл тамырланып, қасқырша ырылдасып қалды. Әуелі сөзбен сарт – сұрт салысып өрелесіп өтті. - Қымыз беріп қыздырасың. Күржік, обалың керек емес пе? Оныңа құлдық, - деді бір көйлекті өзгелерден бұрын тоздырған Шөңке, жан – жағына жарамсақтана қарап қойып, құптаушы іздеген түрмен. - Қызыл қуырдаққа тойсаң, сары қымызға қансаң енді атаңның басы керек пе, - деп Күржік те шап ете қалды. - Сыйлаймын десең, менің әкемнің басынан басқа да сый – сияпатын жетер еді. Көздің сұғын, көңілдің құртын қоздыратын қызылды жасыл көп қой сенде. - Сұра Шөңке, сұра, - деп қасындағылар қыт – қыттай бастады.
- Сұрасам бермессің. Жыласам жерлерсің ғой - Сұра Шөңке, сұра! Қай сақалың күйіп бара жатыр. Бәрібір тып типыл көсесің ғой, - деп жұрт қауқалай жөнелді. - Құдай бір тал сақалын қимаған Шөңкеге Күржік бір төл макамалын қияр деп пе едің сұрама, - деп әрі бері жығушылар да табылды. - Құдай пенде, Күржік пенде. Құдай тағында, Күржік жанында. Аузың жеткенде сұрап қал, - деп қақсады біреулер. Астындағы атын сұра, жоқ қойнындағы қатынын сұра! Құрдастарға бәрі де байжұма, - деді екіншісі осы арада. Бәрі де қарқылдасып, күлісіп алды. Осыдан кейін Шөңке жөнделіп отырып, тамағын кенеп, көкейін тескен тілегін айтты: - Күржік, құрдас екеніміз рас. Ат жалын тартып мінгелі жорықтаспыз, жолдаспыз. Олжа түсірген алқалы күніміз болды. Қолға түскен қапалы кезіміз болған жоқ. Ұлтымыз бір, ұранымыз да бірдей. Руға салсаң туыспыз. Есберген әкелес болса, мен аталаспын. Есбергенді кем дегенім емес, оның есі дерті қатын емес. Қатық екенін менен кем білмейсің. Ақбөбекті салт басты, сабау қамшылы етіп, көрінген көз ді қызықтырып қоясың ба, солай. Маған бер. Өзім жұмсап қолымды ұзартайын, ішіндегі баласын меншіктеп, ұрпағыңды ұзартайын. Ақиреттік туыс болайық, деп Шөңке қиылып отырып қалды. Өзгелер де тым – тырыс. - Е, мақұл, дегенің болсын. Есжанға төленген малды қайтарсаң болды. Ақбөбек сенікі, - деп, Күржік опонай жығыла кетті. - Қалың ермесем де, қанымды бердім ғой. Сен үшін талай қан төккенім есіңде шығар. - Төгілген қан басқа, төленген қалың басқа. Арасы жер мен көктей алшақ. Қалыңсыз қатын алған қазақты қай атаңнан көріп едің, Шөңке? - Менің төлейтін малым жоқ екенін білесің. - Е, білемін, қалыңың жоқ болса, қатынсырап қағынып кеттің бе? - Қаныма қарайтпа мені, Күржік. - Қараймақ түгіл қағынып кет, қаңғырып кет, Шөңке! - Барымтаңа бардым, ұрлығыңа қатыстым, жоғалған түйеңнің бәрін жетектеп әкеліп, жүн – шудасын күзеп, ен – таңбасын түзеп, жымпитып тұрып, жылмитып тұрып, бұйдасынан қолыңа тіздім. Сондағы менің сыбағам қайда? Итке де, мүжіген сүйекті лақтырмайтын ба еді? - Сыбағаңды сұрап – сұрап құртқансың. Сүйегіңді кеміргенсің. - Осы Ақбөбекті Қорабайдың аулынан атқа өңгерген мен едім ғой. Төрелессең менің олжам емес пе? - Ақбөбекте ешкімнің ортағы жоқ. Ол – баталы қатын. Баталасқан – әкем. Мал берген – мен. Малыңды төле де, төсене бер! - Малым жоқ! - Онда қатын да жоқ! - Бауыздаймын! - Атып өлтіремін! Шөңкенің қолы қынына қыстырулы кездікке жармасқанда, Күржік төрде ілулі тұрған мылтығына ұмтылды. Бірақ арты ушықпады. Сойқан осылай
басталып, осылай тынды. Ақбөбектің сау басы саудаға түсіп, сауға сұралды. Адамдар осындай қарыспа. Бір ауылдың ішінде де бозторғайлар жұмыртқалап жатқан жоқ. Әр жан өзінің күйін күйттеген. Әр пенде өз пиғылының құлы. Береке – бірім – бірім. Бірлік – ырың – жырың. Табиғаттың да талағы қарыс айырылған. Аңызақ пен аптаптан қара жер шыт – шыт болып, жарылып кеткен. Жаздың жайма шуақ қырық күн шілденің қуырмашына орын босатты. Самалды белдер сарғыш тартты, бәйшешектер бүрісті. Балауса гүлдер солды. Қырлардың басына сағым етегінде құйын ойнақтады. Даланың өңі азап тартқан арудың жүзіндей қуаң, ауру батқан адамның бетіндей сарғыш. Ақбөбектің де ажары жүдеу, көңілі сынық. Көкмайсалы көктем кетті. Жарқыраған жаз өтті. Жаңаның жайлауы тозды. Жағасы жыртылды, үміті қырқылды. Жүрегінің жарасынан қан саулады. Айы – күні жетті. Аяқ – қолдан әл кетті. Қасқыр апанда, қаскөй ауылда босанып қалар қаупі күшейді. Бошалаған түйедей бет алды босып кетсе қайтер еді. Екеуі де құрбан болады. Құлазыған далада көмусіз қалады. Онысы - тіл тартпайтын ажалы. Ауылда қалса ше? Мұнысы – тірі қалатын тозағы, көрместі көрер азабы. Ал аналардың борышы өзін садақаға шығарса да, ұрпағын тірі сақтау ғой. Ақбөбек осы екінші тоқтамына қарай бұрыла берді. Өмір мен өлімде кезек таңдап, кезек салмақтаған осы бір ауыр күндер өтіп болмады. Қисынсыз ойлар қыл мойнына жылан болып оралып, жатса ұйқысынан буындырып, оятып, тұрса көзінің алдында ирелеңдеген, шұбалып елес болып тұрып алды. Сондықтан ол үрейлі де, үргелек болып кетті. Күндегі әдетімен ауыл ортасына әкеліп, түйесін шөгерген сушы бала мұның қолына жыланның тіліндей, жіңішке тарамысты қыстыра салғанда, ару қорыққаннан талып құлай жаздады. Баланың сыбырлаған даусын естіп, бойын бекітті. - Апа, мықты бол, сездірме! - Екеулеп метей шелектерді сүйрелесіп, мықшыңдай жүріп, бастары түйісіп – түйісіп кеткенде, тіл қатысып қалады. - Тарамысты кім берді? - Сізді танитын адам. - Басқа не айтты? - Бүгін таң ата мал ауылдың оң жақ шетінде деді. Сөз осымен бітті. Суды үй – үйге жеткізіп беріп, Ақбөбек күркесіне кірді. Тарамысты тас қылып қысқан уысын ашып қалғанда, көзінің жасы алақанына төгіліп кетті. Жазбай таныды. Қайыптың етік тігетін тарамыстарының біріні. Шебердің шебер атағын шығарған көп құралдарының елеусіз біреуі. Тілсіз сәлемі. Ғашықты ғашыққа қосқан, жүрегі мен жүрегін жалғастырған, жіңішкерсе де үзілмеген қасиетті жіптің бір ұшығы. Қыз күнінде өзінің аулында арманы алдында, бақыты алақанында күпті болып жүрген кезінде де ұшы түйілген осындай тарамыс қолына тиіп еді. Сонда да байланған уәденің белгісіндей, тілсіз қызмет атқарған қарлығаш болып ұшып келіп, шаңырағына қонған, жібектей сусып, саусақтарына оралған. Тіл басып сөйлемеген, сөз болып
төгілмеген. Бірақ бәрін де ұқтырған. Әлі де сондағы күйі екен. Шетінің түйілгені байлаулы уәдесі ғой. Жалғыз тінде болғаны жат көзіне түспейтін тылсымы ғой. Жауға жария болмас құпиясы – сол. Түлкідей айлакер болғанмен, сұмдардың да, сұңғылалардың да зердесі жетпейді бұған. Бұл Аяз биден қалған жұмбақ. Мең сұлудан қалған мұра. Ғашықтардың тілсіз тілі, ұғымсақ жүрегі. Ал бүгіндер күні жер үстінде, айы астында қапалы ару біреу болса – ол Ақбөбек. Сол ғана ұғынады мұны. Соның ғана шерттескен белгісі – бұл. Ақбөбек тарамысты уқалай берді, умаштай берді. Бүктеп – бүктеп қайта жазды. Ақыры әспеттеп отырып, қасиеттеп отырып, саусағына сақина етіп, орап алды. Сиқырдай сипап, көзін тайдыра алмай арбалып, дүниедегі тылсымның бәрі бір тарамыстың бойына жиналғандай, құдіреттің барлығы сақина болып, саусағына киілгендей қуаттанып кетті. Ендігі жерде жаулары анталап келіп, отқа лақтырса да, суға батырса да, қайырылмастай, қаймықпастай болып бекіне берді. Осы таңда ауыл шетінен күтетін жанның басқа емес, тек Қайып екендігіне сенімі мықты. Тіптен Қайып болмай, бөтен біреу болғанда да, табанын тайдырмастан еріп кете беретіндігіне көзі жетті. Басына түскен азаптан құтқарушы табылса, азаттыққа бастаушы мен мұндалап, бой көрсетсе, атақ – жөнін сұрамастан, ата тегін білместен етегінен ұстауға құлшынды. Дегеніне жетсе, өзін – өзі болмаса жарыққа шығуы жақындаған ішіндегі бөбегін арлы дүниеге аманаттап өтсе, қолынан басқа лаж келмей, тек осы ғана келсе, өміріне риза. Шілденің күні ұзақ, түні қысқа. Ақбөбек жұрт көзіне көп түспей, күнді күркесінде бүркеніп жатып батырды. Садаға мен Күржік кезек келіп, есіктен үңілгені болмаса, ішке кірмеді. Ақбөбектің орнынан табылғаны көңілдеріне тоқ. Ауырып жатыр ма, өліп жатыр ма онысында шаруалары жоқ. Ақысыз кеткен малдарын қайтарды. Жасау – жабдығын меншіктеді. Енді қандай жымысқылары бар екендігі өздеріне аян, әйтеуір Ақбөбекті көзден таса қылғысы келмейді. Сол міндеттерін ел жатарға дейін бүгін де екі рет орындап шықты. Ойда жоқта ыңырсып Есберген келіп қалмаса, Ақбөбекті басқа мазалаушы болмас. Мұның бәрі көңіліне қанық. Бірақ түн ортасынан ауғанда, Ақбөбектің тынышы бұзылды. Бүйірі зілденіп, салмақсып, түйіле берді. Бірде тарап кетіп, бей – жай болып, бірде құрсап алып, азғантай сәтке болса да бүріп ауыртып әлектеп жатты. Ақбөбек мұның шаншу емес, толғақ екенін ұқты. Бебеулеткен жиі толғақ емес, баяу құрыстайтын, жай толғақтың естіміш белгілерін есіне алды. Қараңғыда басын көтеріп отырып, үнемі жанынан тастамайтын жалпақ шарқатымен ішін мықтап таңды. Өзіне берген күндізгі серті есіне түсті. Сондықтан да толғақ түгіл, баласы белінен түсіп қалса да, орап алып, орнынан тұрып жүре бергендей еді. Толғаққа қараса, өмір бойы зар илейтінін есінен шығармады. Таң саз бере Ақбөбек үйден шықты. Еңістегі ауылға жете бере, Есбергеннің ыңылдаған даусы құлағына келгендей болды. Сөйткенше болмай қарсы алдынан бір нәрсе қараң ете түсті. Қос атты шаужайынан тас қылып жетектеген, түн жамылған Қайып осы еді. Жылауға да, сықтауға да әлі келмеген ару қосағына асыла кетті, Қайып
оны атқа көтеріп мінгізді. Екеуі желе жөнелгенде, арттарынан айтақ деген бір қырылдақ дауыс естілді. Бұл Есбергеннің дауысы еді. Бірақ ол екінші қайталанған жоқ. Қашқындар ауылдан ұзап шыққанда көк жиектен күн де көрінді. Шығысымен шұғыласын шар тарапқа шашудай шашыратып, нұрын құйып, сәулесін төгіп, күліп туатын күндегі сән – салтанаты жоқ бүгін. Ақ маңдайын дақ алтын тәжін тот шалғандай кірбің. Ажары ақшуақ емес, сары уайымдай сарғыш. Жанарының жарығы ғана бар, жарқылы жоқ. Бет алдын бұлт та емес, бұлыңғыр да емес, шаң тұтқандай кіреуке. Айықпас тозаң. Күннің осы сиқынан ба, әлде алдағы көмескілік пен арттағы қауіп – қатерден бе, бастары қайта қосылса да, қос жолаушы жабырқау. Айтулы аруды алып қашқан баяғы жігіттік желеңі оралмасқа кеткен. Бұл сапардың салмағы мен сынын қазір Қайып басқаша ұғынған. Көкіректегі бұрынғы желі пәсік. Көңілі қартаймаса, марқаймайды. Қатері жамалмаса ортаймайды. Бір кезде Ақбөбекті ғана құтқаруды ант еткен еді. Енді аруын да, ұрпағын да, өзін де ажалдан арашалауға міндетті. Ақбөбектің де құлындай ойнақтаған қыз күні өткен. Ай, күні жеткен. Аяғы ауыр. Осының бәрі Қайыпқа тиеді. Ол барлығы үшін күйеді. Солай етуге еркек кіндікті болып туғандықтан борышты. Жар парызы, әке парызы сол. Жігіт сондықтан тынымсыз елеңдейді, әлсін – әлсін сүйгенінің өңіне қарайды. Ақбөбек адам танымастай өзгерген. Екі ұрты суалған, екі жағы солыңқы. Айтыңдар, мынау менің Бөбегім бе? Ақылға теңіздейін тереңім бе? Япырмай, өңім қайсы, түсім қайсы, Тірелді Қайып қасқа не дейінге? Қайып баяу күбірлейді. Қайғысы запыран болып төгіледі. Бар қаруы – өлеңі. Зары да сол. Озғындығы – өнері. Бары да сол. Бірақ өлеңге жауы тоқтап, өнерге төре берген елі жоқ. Бұл өлеңмен сойып салса, мұны сойылмен қойып қалады. Мұның тілі бір тұтам. Заманының азуы алты қарыс. Қолына ұстағаны етікшінің бізі. Тамағына тақалғаны алты құлаш ақ найза. Жарықта жарқыратып жар сүйе алмады. Махаббаты түн жамылған қашқын болды. Жағасы босап, жайлауы кеңіп, бел шешіп бір тыныштық көрмеді. Жүрген жері ат шабыс па, ит жарыспа ию – қию, дүрлігу. Түзге түнеп, түзуден өріп қырдың құланындай қиқу көрген бір қиямет. Бүгінгі жол тіптен ауыр. Сәйгүліктердің сар желісі жоқ. Тасбақа аяң. Ақбөбек атқа отыра алмай келеді. Амал жоқ, күйме жеккен ару емес, күні жеткен қашқын. - Ақбөбек, ауырып келесің – ау! - Толғақ. - Толғақ! Қайып қуанарын да, жыларын да білмеді. Тек арты құтты болғай де. Толғағы жеіл болғай де. Шын қуаныш сонда. Тар жолда қысқан тағдырдың сәтімен бітер, ақ шашулы ақыры сол. Иә, сәт! Аналар өткен өткел. Апалар жүрген жол. Қиынға бұрылма, оңына орал! Сәуір салып келе жатып, жол үсті босанып, белін шарқатпен таңып, бөбегін жөргекпен
құндақтап, көшті бастап кете баратын қазақтың әйелдері аз ба? Қасиетіңнен айналайын, Хауана, сол рахымыңды қи Бөбекке, аруды қинама? Бұлар осындай мимырт жүрісінен жолды ұта алмады. Ал бұл кезде Қайып күткендей дүрлігу ауылда таң аппақ атқанда басталды. Түнде толғақ қысып жүріп, Ақбөбек есікті қаусыруды ескермепті. Ертемен түзге шыққан Садаға ашық қалған есікті көрді. Сол бойда дүние қараң қалды. Бітті бәрі де. Күржіктің тобы сатырлап атқа мінді. Сол – ақ екен Есберген де кездесе кетті. Бөбек, Бөбектеген үйреншікті әніне баса жүріп, түнде ат тұяғының дүбірін естіген жерді айналсоқтай берді. Одан арғысына жол басшының керегі жоқ еді. Ауыл шетінен шыға салған қос аттың ізі сайрап жатты. Ат үстінде құйындатып келе жатып, жердегі жарты түймені көретін Күржіктің қасқыр көзі шаң бұрқырап көмбеген, шөп жасырып үлгермеген суыт іздерді тінтінбей де, түртінбей де ап – айқын айырып отырды. Жанкешті тобын бастап, тізгінін ірікпесінен талма түстің үстінде, өзі діптеген қырқаның астында, бірі қисайып жатқан, бірі отырған Қайып пен Ақбөбектің төбелерінен түсті. Айдын даланың төсінде, ашық аспанның астында, бұлт та жоқ, бұрқасын да жоқ, бұйқыт күнде, қаруларын жайдың оғындай жарқылдатып, алмай қоймайтын тажалдай емініп, құтырған жау қыр басынан құйылып келіп, табан аудартпай қамап алды. Ақбөбек сірә да талықсып жатты. Қашып қарсылық көрсетпеді. Оның қолында шекпеніне орай салған әлі тәнінің шырыны да кеуіп үлгермеген нәресте бар еді. Жауларының қан құйлылығын білетін Қайып, сүйгені мен нәрестенің басына артық қауіп шақырмады. Күржік мән жайды бірден ұқты. Қасына ерген әпербақандар алдымен Қайыпқа бас салғанда араға Күржік түсіп, тыйып тастады. - Қайтесіңдер оны. Сатсаң пұл болмайтын, жұмсасаң құл болмайтын өлкеседе нелерің бар, - деп ақырып жіберді. - Одан қара бақыр пайда таппайсың. Атқа жүк, асқа шығын. - Онда өлтіріп кетейік. Осы – ақ сергелдеңге салып бітті ғой. Құртайық көзін. - Ақылың жоқ, Шөңке! Бұл ит қазір құйрыңын бұтына қысып, қыңсылап отырғанымен, артында рулы елі бар. Өлтірсең, құн сұрайды. Төлуге малың жете ме? Малды болсаң қатынды да болмақшы едің ғой. Әлде тойынып тұрғаның менің жиған қара орманым ба? Итке құныкер болатындай Күржік әзір дәулетіне құтырып, ақылынан алжасқан жоқ, - деп табанда өзінің бас пайдасын қорғап шықты. - Намыстан күйіп тұрса да, бүйрегі малға бұрып тұратын дүние қоңыз, - деп Шөңке күңк етті. Күржік оның сөзін құлағына ілген жоқ. - Қатынды өңгеріңдер! Өңгесі қала берсін, - деп шолақ әмірін шорт қайырды. Нәрестенің жолдасының түсуіне де қаратпастан, жаулар қан – қан болған. Ақбөбекті алдарына өңгеріп алып, кері шапты. Күн жаумаған, қарғыс жауған далада қасіретті әке мен көзін ашпаған анасыз нәресте қалды. Сол күйі жарық дүниеге сәби жанарымен жарқ етіп бір қарай
алмастан шырыш – шырыш болған анасының қаны жұққан саусақтарын талаураған күнге қарай, толықсыған далаға қарай бір серіпті де жан кешті.
ІҮ Ақбөбек, едің теңім, Айырылып сенен жалғыз жүргеннен де, Дүниеде бұл Қайыпқа бергей өлім. Қарғысқа тойған қара жердің желкесіне шыққан ұрадай болып, күмпиіп, күмпиіп біткен күмбез таулар көк теңізге телміріп тұр. Сол таулардың күнгейі түйенің көніне қадалған тас кенедей Кетік қаласы жабысқан. Қаланың әр үйі теңіздің тереңіне күмп бермеске жан ұшырып іргесін тауға сіңіріп жіберіп, шалқалақтап, жер табандап, жатып қалған. Етегін еңіске жаймай, көлденеңдеп өспей, ұзынынан сұлаған үргелек қала құртша созылған ұбақ – шұбақ. Шаһардың шаршысы толып, шаңырағы шеңберленбеген көшінің батысын тұзды сорға тіреп қондырып, шығысын шатқал мен шатқа шашыратып жіберген. Ал азабы ортақ қазаны бөлек Қарашекпен болса, отауын қырға тікпей, құмға тіккен. Теңіздің жал – жал ағындарының арасына сиырдың тіліндей, сұғынып кірген бақырашты айлаққа барып бұға қойыпты. Қара шаңырағы – Кетік, бала шаңырағы – Қарашекпен. Сиқы кетік болса да, екеуі де есепке жетік. Қарашекпенге теңізден кеме жиылады. Кетікке қырлардан керуен құйылады. Біреу бекіренің бес кеспесін мұзда сақтайды. Екіншісі қойдың құйқалы борбайын тұзға қақтайды. Бәсіне келісуге де, керісуге де хақылысың. Тек қана қамшың қайырулы, білегің сыбанулы болсын. Арты не қиқуға, не қиқымға соқпай тынбайды. Әлгі күмпек таулардың қыр арқасына, аспаннан аласа, жерден биік етіп салынған әскери қамалдың тас қорғанысы иығын көтереді. Өзге тірліктің көзі екеу болса, мұның көзі төртеу. Бір көзі теңізге, бір көзі қырға, бір көзі Хиуа мен Бұқарға қарайды. Қалған көзі Қаракешкпен мен Кетікте. Бір көзі айға, бір көзі сайға қарайтынның нағыз өзі – осы қыли. Бұл елдегі қайғылы халдердің ұясы да, ұйығы да осында. Ақтаудың шатқалына барып қырық солдатын қылышқа туратып, өзі атылып өлетін полковник Рукинге баспана болған. Айдаудағы ақын Григоревичке тас қамау болған. Досан батырдың сусақ болып, ындыны қанбайды деп өсек таратып, өзін атып өлтіретін жаналғыш та осы. Бұл қамалдың іргесі мен тұрқы да, солдаттарының жүрегі де бәрі де қара тастан жаралған. Көп күннен бері Ақбөбек осы қамалдың тұтқыны. Ұланғайыр туған даласының кеңдігінен ұлтарақтай тұрақ таппай, аң жүгіріп, жел ескен еркіндігі бұйырмай, бұлбұл торда, ару қапаста. Бұғанға дейінгі тұтқынмын дегені, тұтылдым дегені астамшылық болыпты. Мамыражай көк аспаны басында, мамықтай көк майсасы аяғының астында жатқаны азаттығы екен. Ақынды асқақтығы үшін қамасын. Батырды бас сақтығы үшін қамасын. Ала қырдағы аруда кімнің қандай өші бар? Ақбөбектің аңсағаны ақ патшаның тағы емес, жұдырықтай
басының еркіндігі еді ғой. Күннің көзін бір көруге, қыр самалын бір жұтуға зар болғаны қай қылмысты. Батырларды атып өлтіріп, ақындарды қамап тауысып, қатындарға қол салғаны әміршінің алжығаны шығар. Ақырында ақ балтырға кісен салып, ақ білекке бұғау кигізуі қалды емес пе? Қырдың қаскөйлері сырыққа құрық жалғап әкеліп, патшаның тырнағына бүргізді. Бәрі үндес, бәрі үйлес болғаны ма сонда? Тағында патша, ауылда Күржік әрқайсысы әр қиырдың ұлып табысатын бөрібасарларындай ғой, тегі. Малай орыс Метрей бекерге айтпапты. Ағынан жарылыпты, осы қамалда адам мен адамша тіл қатысатын орыс та сол. Басқаның бәрі шен таққан ақылы да ордыраң. Ақбөбектің тас қамалдан тапқан бір жылылығы осы метрей болды. Екеуі қазірде оңаша қорғанның алыс қалтарысында. Арқадағы қырға қарап, алыстағы теңізге қарап, көздері жасаурап, көңілдері алабұртып, әлде бір қиғаш күй кешеді. Ару қанатсыз құс сияқты. Көңілімен ұшып, көңілімен қонады одан артыққа лажы жоқ. Қасындағы орыс аға Метрей болса тұтқындағы арудың тірлігін түзете алмайды. Тілімен жұбатады. Жұбату үстінде оның өз басының да соры сорғалайды. Аруға сырын айтамын деп шынын айтады. Ақбөбектің бейшара халінен өз басына үйлестік табады, үндестік таниды. Мені қазақтар малай орыс Метрей дейді. Ал орыстар Митя – грязный дейді. Қай қайсысы да сәулем демейді, сәукеле кигізбейді. Ат тағалайтын, арба майлайтын әкімдердің көшері болып, көлігін айдаймын. Қатындардың отын жағып, күлін шығарамын. Бір қатын қауып алады. Бір қатын теуіп қалады. Қыңсылаймын, қыңсылаймын да шыдаймын. Күнім үшін. Бір үзім наным үшін. Еркек кіндікті мен солаймын. - Бұл өмірдің бәрі қорлық. Байтақ Россияның қасіреті қалың. Қайғысы қат – қабат, қызым. Бір қатынды ат құйрығына байлағандарын көзіммен көрдім. - Орыстарда да солай ма? - Солай. Ақсүйектер музыкалатып өледі. Қара халық қаңғырып өледі. Орыс пен қазақ ұлттас болмаса да ұрандас халықтар. Мұңы да бір. Есімдері де ұқсас. Бізде Иван бар, сендерде Иман бар. Орыста Павел бар, қазақта Қабыл бар. - Солай ма? - Солай, қызым. Сені қартайғанша мұнда қамап қоймайды. Оязға сүйрейді. Әне, анау көрінген шеткі үйде тақыр бас әкім бар. Онда саған Ақбөбек демейді. Киргизка, қырғыз дейді. Ал сен қырдың қызы бола біл. Мидай даланың айдай аруы екендігіңді таныт оларға! Сенің далаңда қырандар өсетінін олар біледі. Қырандардан өлердей қорқады. Қырда қырандай қыздардың да бойы жететінін көрсет, көкелеріне көрістір, иә, мә! Тауды айнала беріп, қамалдың бұрышынан қылт ете түскен салт атты сөзді бөліп кетті. Бота көзі жаудырап қадалып қалған, Ақбөбек айқайлап жіберді. - Қайып! - Ақбөбек!
Ару орнынан лып етіп көтерілді. Кенереден асыра созған қолдарының екі жеңі аққудың қанатындай жазылып, жердегі жарына қарай, алқара көкке қарай кезек – кезек желбіреп тұрды. Ұшарға қанаты жоқ қайран сұлу бар болмысымен ұмтылып тұрып, ұмсынып тұрып, күліп те, жылап та жіберді. Тал бойына күннен нұр құйылғандай балқып, жібіп, босаңсып қоя береді. Мізбақпас тастан қалаған қамал да, көріскен екі жұбайдың сағынышына жылынып, жүздеріне меңіреулік емес, мейірім біткендей әп – сәтте өзгеріп шыға келді. Есі шыққан Ақбөбек қасындағы Метрейді иығынан тартқылап, жеңінен жұлқылай берді. - Метрей, Қайыпты қарашы, Қайып! - Ақбөбек, жаулар мені босатты, ұзамай сен де босайсың. Аман бол, сәулем! Мылтық гүрс етті Қайып ат – матымен домалап кетті. Өң мен түстей ғажайып көрініс. Қас – қағымдай қысқа сәт. Қысқа да болса Ақбөбектің өмірінің ең бақытты минуттары еді бұл. - Митяй, анау мекиеніңді кез – келген әтешке қаратып қиқылдатпа. Түсіңдер қамалдың үстінен, - деп ақырды күзетші солдат. Метрей Ақбөбекті ертіп, қамал үстінен төменге түсіп кетті. Теңіздің күндегі күркіреген сарыны күшейе берді. Қарашекпенді толқындар қоршап, ақ шүйделі ағындар Кетіктің етегін арс – арс қауып жатты. Әлгінде көк бояуы бетіне шығып, күннің шуағына жанын қыздырып, самарқау көлбеген кәрі теңіз, аяқ астынан бұрқ – сарқ қайнап, таудай толқындарын қақпақылдап атқылап, ескі жыны құрыстағандай, құтырынып қалды. Ояздың кеңсесін сағалап жүрген Күржіктің жынын күткелі қашан. Басында Ақбөбекті өзі әкеліп тапсырып еді. Арты насырға шаппаса қайтсін. Әне бір күні Қайыпты баласымен айдалаға қаңғыртып тастап, Ақбөбекті атқа өңгеріп ала жөнелгенде – ақ, Күржіктің сұрқия пиғылы тағы бір сұмдықтың шетін шығара қойған. Мұрты майланып, қолы жұмсаққа тиетін мүмкіндік тағы туып, батпан құйрықтың күтіп жатқанын шыққыр көзі шалып қалған. Сол себепті Шөңкенің айтқанына еріп Қайыпты өлтіре салмай, тірі тастап кеткен. Бірақ Ақбөбекті аулына әкеліп тығып қойғанмен, Қайыптың руы бұған айып төлемейді. Ақбөбектің аулында, - «жоғалғаның түгел, бізде шаруаң болмасын,» - деп шалқалата ерісті. Сондықтан Күржіктің күйкі болмай, түлкі баласы болып туғаны рас болса, айқайды басуы керек. Байбаламға сала түскені жақсы. Өзінің де өзгенің же жарғақ құлағын жастыққа тигізбей, ұйқыдан да, күлкіден де айыруға тиісті. Ойдан ояз, қырдан қазақ бәрі жабылып шуласа ғана, Тоғыстың есін кетіріп, қиянаттан мал түсіруге болады. Тоғыстың берекесі сонда кетеді. Құтырғаннан құтылған деп, айып төлеуге көнеді, осы ойға бекінген Күржік Ақбөбекті аулына түнетпей, түйеге мінгізіп, Кетікке ала жөнелген, содан бері осында. Шешінген судан тайынбас. Енді қайтпақ жоқ. Бірақ Күржік ескермеген бөгеттер көлденеңдеп алдынан шықты. Қаланың тәрі бөлек, төрі алыс екен. Сол алыс төрге жете алмай, күзеткендермен ғана ымдасып, ымыраласып
діңкесі құриды. Мұнда ауыздан бұрын ақша сөйлейді. Қалтаның түбі қағылуға жақын. Екі жылқының құны кетті деп қалтырайды. Күржіктің одан молға дәті шыдар емес. Тырнақтап жиған малды бармақ басты, көз қыстымен құртатын түрі бар. Көңіліндегі бір жұбанышы Қайыптың руының айыбына төлейтін үш тоғызы олжа болғанмен, оны да оңды – солды шашуға қолы құрғыры бара бермес. Алғанына қақалғыр судья қазақ сөзін жемес, бүгін Ақбөбекті ояздың кеңсесіне шақырмақ. Содан соң бұл қаласымақтың бетін бабалы көрсін. Күржікке салса Ақбөбекті талақша лақтырып талатып кетер еді. Әттең, үш тоғыз! Отызға тарта жылқы – ау, ол. Қаланың батысындағы қаңылтыр шатырлы ғимарат жұтынып тұрған сұлу, сырлы қу нәрі де емес, өзгелерден еңселі де емес, ергежейлі де емес. Әлім – берім көкшіл үй. Өзінен іргесі мықты. Жер сілкінсе, тау шөңкері үстінде құласа, керегесі қаңырап, іргесі қалмақ. Көрген жұртты бақтыратын да, ұқтыратын да бір айбыны – осы. Былайғы ел босағасына ит байласа, бұл қос арыстанды тастай қашап құбыласына қондырған. Адамның патшасының мекен жайын аң патшасы ықыласымен күзетіп жатыр. Патшаның өзі алыста тағы астында болғанмен, оязы мен уағызы осында. Ұлы болмаса да құлы болуға жарайтындар бар, шүкір. Оқалылар, шенділер, көкірегімен көк тіреп түкірігі жерге түспейтіндер ықылым. Шашы құдайлар, тілі ұдайлар пәрменді күштілер, бақа тістілер бәрі де осында шеке түйістірген. Бәрінің де ата бабаларынан қалған өсиет біреу. Ол – мансапқорлық. Бәрінің де ата бабаларының жауы біреу. Ол – азаттық. Қолдарына іс түссе, жалықпай кеміреді. Астан семірмейді, істен семіреді. Қалтаны ақшаға, өрісті малға толтырады, ұлтанды ақшаға өрісті малға толтырады. Тіл ұштаған ақынды, найза ұстаған батырды, бай таңдаған қатынды бәрін де талғамай жұта салады. Ақбөбекке де үкімді осылар айтады. Қызды күйеуге әкелері ұзатпайды, әкімдер ұзатады. Кең даланың құдалары бұл жолы сақал сипамайды, көр қаланың құдайлары мөр басады. Қос жүректің әмірі жүретін қасиетті махаббат сотқа жүгінеді. Ақбөбек тізесін төрге емес, төрелерге бүгеді. Ояздың сот шапанын киеді, нәрін тігеді. Содан соң барлық ызғары мен зәрін бетіне жинап, Ақбөбекті алдына алдырып, жер тізерлетеді. Уылжыған сұлуды алжыған шариғатқа некелейді. Шалдар қолынан жетелеп аруды алыс қырға, көзін ашқаннан бері қорлық көрген даласына шығарып жібереді. Барлығы сонымен тынады. Шындығында, бұл – әлдеқашан шешілген мәселе. Сот дегені ояздың қол қусырып қарап отырмағандығын жұртқа көрсетпек болған көрінісі. Оқтын – оқтын үркітіп ұстайтын қоқан лоқысы. Қырдың қазағына сілтенетін ұзын құрығының бір сынығы. Түске жақын Ақбөбекті тау басындағы қамалдан босатып, қаланың қақ ортасымен ояздың шеттегі кеңес үйіне қарай алып жүрді. Әскердің жараулы ақ бозына мінген, қасы көзі қиылған қас сұлу көрікті еді. Тізгінің өзінің қолына беріп, шылбырынан солдат жетектеген арудың астындағы жалы төгілген, ақ боз аты ажарын ашып жібергендей екен. Ат үстінде бой жетіпп, арғымақтың құлағында ойнаған қыр еркесі құлындай
мүсінді. Құндыз бөрікті шекесіне салып, зерлеп тастаған мақпалдан қара бешпент киіп, белін шарқатпен қынап шалбарланып алған жас ару тұйғындай жинақы, қаршығадай ықшам. Көзінің жанары мол, жарқылы өткір ақ маңдайда сыз жоқ, сызат жоқ. Көз қараста кінәрәт жоқ, күнә жоқ. Бас қайғысының бәрін бүгін ұмытқандай, әлде іштей тыйылып, ерегеспей, егеспей шыққандай тас түйін. Екі беттің ұшы қан қызыл. Екі көздің аясы үлкен, ағы – маржан, қарасы қарақаттай мөлдір. Кірпіктері найзадай ұзын, қылыштай қайқы, қырлы мұрын түймедей, қызыл ерін шиедей. Оймақ аузы тас жұмық. Мәрмардан қамалған жәудір қаққан жанары танытады. Аппақ бетіне қызылдан шырай жүгірген өңі де дәлелдегендей. Жандаралдар болмаса да полковниктердің шеруін көріп жүрген Кетіктің бүгін тіптен есі шыққан. Қызға кім қызықпайды, қымызды кім ішпейді дегендей, тайлы – таяғына дейін орындарынан өре тұра келіп, иін тіресіп, жолға шыққан. Жан біткеннің бәрі қатарласып құрала қалып, араларын ашып, тірі адамдардың тізбегінен көше жасап, атқа мінген аруды алдарынан өткізіп тұр. Майлы, бояулы орыс та, жалбағайлы қазақ та, дегередей бөріктерін милықтатқан таулықтар да өз тілдерінде жамырасып, жарамазандасып қалады. - Вот это действительно степная красавица, - дейді бір орыс адамы таңдайын қағып, оған Метрей жауап береді. - Степь это не рай, красата это не свобода. Бұл сөздерді Ақбөбектің құлағы шалды. Бірақ сырына түсінбеді. Алтын солдат жетектеген, соңынан солдаттар ерген арудың әскери нөкері тағы ілгері қозғалды. - Ай маңдайлы арудың өзі екен, тусаң ту, - деп мақтанады бір дауыс. - Қылдырықтай белін – ай, білектей бұрымын – ай, - деп тақылдайды бір таңдай. Ақбөбек үн қатқан жоқ. Қолпаштаушыңның бәріне де жанарын бір төңкеріп өте берді. Оның қарағаны – Қайып. Бірақ осынау көпшіліктің ішінен ол көзіне түспеді. Бір қария шылбырына оралардай жақындап келіп, ақ тілегін айтты. - Ажарың тозбасын, аяулым. Алдыңнан жарылғасын, Ақбөбек! – деді. Ақбөбек тізгінін тартып қарияға бас иді. - Аяулың едім, аруың едім. Енді айдаудағы тұтқынмын, - деп көзінің жасын төгіп жіберді. - Қайыпты көрсең, сәлем айт, ата, - деп қосып айтты. Қария басын иіп, ізінен көз алмастан қарап қалды. Ояздың кеңсесіндегі билікті Күржіктің үш тоғызының азын – аулағына қол алысып, сөз байласқан судья қазақ жүргізді. Ол, алдымен, Қайыптың елден келген руластарын бөлек қабылдап, ел бірлігін бұзғандығы үшін, тентектерін тимағандығы үшін бармақ бастырып, айып төлуге тілхат алды. Айыптарын дау иесі Күржікке төлейтіндіктерін құлақтарына құйды. Осылайша май білемді құрғақтай асап, қақалмай жұтып жіберген судья алдына Ақбөбекпен Есбергенді оңаша шақыртты.
- Есжанның қызы, Ақбөбек, сіз сына Есберген деген азаматтың некелі әйелі екендігіңізді мойындайсыз ба? – дегенде Ақбөбек шошып кетті. - Бұл кісі Есберген емес, Шөңке ғой – деп Ақбөбек шыңғырып жіберді. Шынында қасында Шөңке тұр еді. - Ие, мен – Нұрқасынның ұлы, Есбергенмін, - дегенде, оның бет – жүзі бүлк етпеді: - Айттырулы қатыным – мынау. Бірақ шайтанның азғыруына еріп, отымды өшіріп, қазанымды тепті, - деп үстемеледі. - Әне, естідіңіз бе? Арызы орынды. Ол сіз үшін қалың мал төлеген. Біле білсең, сен енді бұл кісіге ақиреттік қарыздарсың. Мұны патша да, шариғат та кешірмейді. Әйелдер оттан қорықпау керк, ыссыдан қорқу керек, - деп нығыздады судья. - Би аға –ау, бұл Есберген емес қой. Бұл – Шөңке. Есбергеннің есі дұрыс емес, жынды. Сондықтан сіздің алдыңызға әкелмей отыр. Күржік екеуі бірігіп, көз бояп тұр, ағажан! - Аға дедің, Алла риза болсын. Ағаң риза болсын десең, ақ батаны бұзба, - деді судья. Ол алдында тұрған еркектің Шөңке ме, Есберген бе, онысына құлақ қойған жоқ. Түптеп келгенде бұл қатынды кім алса да оған бәрібір. Тек Күржік уәдесін жұтпаса жетеді. Сондықтан ол Ақбөбектің зар илеп, қарғағанын ілтипатқа алмады. - Ағажан – ай, бұл Шөңке ғой, Шөңке ғой, Күржіктің өткізген тағы бір зұлымдығы ғой, - деп егілді Ақбөбек. - Жан аға, Қайыптан айырмашы, қосағымнан дастырмашы, құлдығың болайын, би аға! - Қайыпты ұмыт, Қайып өлген, - деп ақырып жіберді судья. Ақбөбектің үні өшті. Көзі бақырайып, шарасынан шығып кетті. Өкпесіне түскен білектей бұрымы өз өзінен тарқатылып, сұп – сұр болған өңін жауып, шашылып жүре берді. Даусы шығудан қалып, ысқырық аралас, қатты сыбырға көшті. - Қайып өлді дейсің бе? Кім оны өлтірген? Сендер ме? Әрине, сендер! Күн тұтылып, ай сөніп, қара дауыл қаптаған екен де басыма? Ақ махаббаттың ақыры жеткен екен ғой! Даланың қаскөйі Күржігі – оның түбіне жеткен. Қаланың ақылгөйі, төресымақ соты, сен де барсың соның ішінде сенің де қолыңа қан жұққан, қан! Саусақтарыңның арасынан сығалап тұр, әнеки! Қара жүзді сот, қолыңды артыңа жасырма. Бәрібір халық көріп тұр оны, қырдың көзі көреген. Лағынет жаусын сендерге, лағынет! Дала толған халқым – ау, тұтасып келіп, ұстасып келіп қанқұйлы Күржікті де, мынау сот атанған сорлыны да, жағаларынан сілкілеп, жер тізерлетіп, мың жығып, әділет құбыласына тізе бүктірсеңдерші. Қазағымның қыздары – ау, менің күнімдей күн сендердің бастарыңа түспесін. Қорлықтың арты мен болайын көнбеңдер, өлсеңдер де көнбеңдер! Ақбөбекті бұдан әрі сөйлетпеді. Судьяның ымдауымен Шөңке оны иығына салып алып, есік алдына шыңғыртып көтеріп шықты. Тас баспалдақтың үстінде арудың көзінен сорғалаған жас қалды. Жерге
сүйретілген қара түндей шашынан дода – дода түйнектер жұлынып, түсті. Қайып бұл қылмыстардың бірінде көрген жоқ. Күржіктің сайлап шығарған жендеттері оның қолын артына қайырып байлап, ер үстіне арқандап тастап, туған елден шығындырып, өзге бір жат, көз көрмес, құлақ естімес, барса келмес алыс жерге асырып бара жатты.
МАҢҒЫСТАУ ӘҢГІМЕЛЕРІ
Терезелері теңіздің салқын самалына кең ашылған, ұшар биігі күнге созылған зәулім ғимараттың бір бөлмесінде екеуміз әңгімелесіп отырмыз. Бұл мекен-жайымыз - облыстық қаладағы «Ақтау» қонақ үйі. Әңгімешім – бұрғышы. Жасы қырықтан асқан, самай шашына ептеп ақ жүгірген. Жарқылдап көп сөйлемейтін, сырын ішке жинап, көп толғап, көп тебіренетіні көрініп тұр. Мен оның мамандығын сұрап білгеннен, бір сөйлесең, өз кәсібің туралы сөйлерсің деген оймен, мұндайда жаттанды болып кеткен өрісті шиырладым. - Бұрғышы деген құрметті мамандық боды, ғой, өйткені, Маңғыстау толы – газ, Маңғыстау толы – мұнай, - дедім. Ол бетіме ұзақ қарап отырды да, менің сөзімді бұрып алып, өзінің тереңге сүңгіген бұрғысындай, қаперіме келмеген тың жерден тесіп шықты. Маңғыстау толған – сыр. Маңғыстау толған – мазмұн. Табалдырығынан аттап шықсаң болды, адам санасын әлдеқайда жетелеп, еріксіз тебірентіп, қайқайдағыңды қозғайды. Мен әлгінде ғана Өзен – Шевченко жолымен автобусқа отырып келдім. Жол бойы бір тынши алсамшы, қалмай еріп, қатар жүгіріп, жөн сілтеп отырған бағаналар. Олар кейде астындағы автобусыңнан да, басыңдағы қиял құсыңнан да озғындап барып, алыс қырдың басынан алып иіндері салбырап, «кел мұндалап» - шақырып тұрады. Ал, кейде бір жерден, бір нүктеден бастауы тауып, кең даланың тағы бір тың бағытына қарай тізбек тартып, көш құрап, маңып бара жатады. Сондай қатарласқанда, ол әлдебір темірлерден ұстастырылған конструкция емес, көтеріліп ұшқалы отырған алып құстардың күміс қанаттарындай көрінеді. Олар сол барған жеріне жарық апарып жағады, қуат апарып құяды. Қысқасы, құр қол бармайды, өмір апарады.
Ал оттар туралы не ойлайсың? Өзен мен Жетібайдың тұстарындағы қаптаған факелдер ше? Бірінен озсаң, екіншісі алдыңнан алаулап шыға келмей ме? О, бір заманда жау шақырып, жаманшылықты хабарлаған оттарды Маңғыстау көрген. Анау Қарауылкүмбет пен Отпанның басынан талай рет түтін болып будақтап, жалын болып атой берген. Сол оттар лапылдап жанып сөнгенше, талай кінәсіз бастарды айбалта шауып, қыршын мойындарды қылыш тураған болар. Қара түнде қан ағызған қаскөйлектің хабаршысы еді ғой, ол оттар. Аналардың ақ шашы үйтіліп, аталардың ақ сақалы күйген, жас
нәрестелер бесігімен жайнаған шоққа лақтырылған лағынет оттары солар ғой. Түнде жанып, күндіз өшкен ұры оттар да солар болатын. Күндіз-түні бір сөнбей, гүрілімен құлақ тұндырып, қатар тұрып, биік көкте лаулап жанған қазіргі оттар ше? Адамдар еңбегінің жалыны дейсің бе, бүгінгі ұрпақтың бақыт оты, игілік оты дейсің бе, не дейсің? Өзің біл, менің тілім жетпейді, - деп бұрғышы бір уақыт төгіліп барып, тоқтап қалды.
Бұрғышы орнынан тұрып, ой желісін үзбестен баяу басып, балконға шықты. Жел жоқ, толқын жоқ, тып-тыныш баяу ырғалып, шексіз де шетсіз керіліп жатқан алып теңіздің жуаси қалған бойкүйез кезі екен. Батар күннің қызғылт сәулесі су бетіне қиыс түсіп, құйылып тұр. Қонақ үйдің іргесінен басталатын самалжайда балалар күлкісі дуылдайды. Ашық дауысты күмістей сыңғырлаған шат күлкі, сәбилер күлкісі. Олардың жоғарыда, әріде су ортасына жақын ұшып, ақ шағала қалықтайды. Оның ақ қанаты, шаңқан түбіті еңкейген күннің әлгі сәулесіне баяулап, алтын түстен өң тапқан. Ол кейде биік ұшып, қанат сермемей, қалықтап тұрып алады. Кейде, төмен құлдилап келіп, ақ мамығын ағынның жұп-жұмсақ жолдарына сүйкейді.
Осы суреттің барлығына ұзақ қарап тұрып, үнсіз, тыныш қарап алғаннан кейін, бұрғышы қасына мені шақырды. - Маңғыстау – толған сыр, Маңғыстау – толған мазмұн, дедім-ау мен. - Дедіңіз. - Онда, анау самалжайдың батысындағы шомбал тұмсыққа қарашы. Содан сонау теңіз портына дейінгі доғаша иілген ойыс жиек – «Аққолтық» атанған. Осыған байланысты бір әңгіме айтайын, тыңдайсың ба? - Құлағым сізде. Ол әңгімесін бастап кетті. Отызыншы жылдарда осы төңіректе айтулы жұт болыпты. Жұттың жеті ағайынды екенін естіген боларсың. Жұттан соң, аштық басталыпты, жазда жаңбыр тамбады. Шілденің таңдай қатырған ыстығы онсыз да сирек шөпті күйдіріп те, күйретіп те бітіріп, көсенің сақалындай тел-тел сояуға айналдырып қаусатып тастады. Даланың ақ шаңдағы шығып, кебірсіген жер шыт-шыт болып жарылып кетті. Мал баласының бәрі қайызғақты терісі сүйегіне жабысқан, еті жоқ қаңқаға айналды. Жүні өспей, қу шанақ күйінде қалған қотыр-қотыр терінің бергі жағынан ақ ырсиған қабырғаларды, мүшелеп шығуға болатындай еді. Осы күйімен жүдеген мал қыстаққа барды. Ал қыс болса, шілдедегі ыстықтың керін кигізді. Түтеген ақ боран ұзақ-ұзақ соғып, айықпай тұрып алды. Келер көктемде жұтқа ұшыраған Маңғыстаудың қалған малын саусақпен санауға болатындай күйге келді. Осы қыста аштық та басталды. Әркім әр тарапқа бас сауғалап, үріккен торғайдай тоз-тоз болып бытырап кетті. Көп ел Түркменстан мен Кетікке жаяу жалпылап шұбырғанда, Мұқаштың үйі жұртта қалды. Сондағы үміті – ата кәсібі еді. Соның арқасында, аштық бұл үйдің есігін өзгелерден кеш қақты. Атадан қалған ескі қайығы мен жамаулы-ау. Мұқаштың әйелі мен баласының аз күн ілдебайлап, күн көрісіне жарады. Бірақ бұл да тоқшылық емес, шықпа жаным, шықпалап отырған бір өлмешілік еді.
Бүгін де міне, теңіздің көз көрім жеріне апарып құрған ауды қарауға кеткен Мұқаш қайтып оралып келеді. Қайықтың жағаға бағыттағанын көрген әйелі Сырға жер кепенің алдына тігілген жамау лашықтан шығып, баласын көтеріп, күтіп тұр. Бауырындағы баласына алыс қайықты нұсқап сөйлейді: Әне, папаң келеді, құлыным. Папаң балық әкеледі. Теңізге қарашы, ұлым. Теңіз қандай үлкен. Онда алтын балық бар.
Ұзын бойлы, ақ сұр келіншек қыз күнінде тым сұңғақ, көрікті болғанға ұқсайды. Қазіргі жүзінде жалғыздықтың мұңы, жоқшылықтың жүдеу табы бар. Сонда да болса, бұрынғы сыны қалған. Баласын қос қолына көтере ұстап, жиекке соғып жатқан шалқар теңізге ұмсына қарап, қатып қалған. Қыз күнінен қиялын қозғап, жан-тәнін, зейіні мен ақыл-ойын сиқырлап алған кәрі теңіз бұған аса ыстық. Долы ашуын аспанға атып, бұрқ-сарқ қайнап тулап жатқан кезінде де теңіз мұны үркіткен емес. Қайта, ақ көбікті толқынға ынтығып, қайратпен ерен күшке сүйсініп, ашушаң шалдың жазбай, жаңылмай өзінен-өзі тұлданып жатқанына күлетін. Сәт санап құйқылжып, қас-қағымда келбетін өзгертіп шыға келетін құбылма мінезіне таң қалатын. Сол теңіздің қазіргі ажары тым тұнжыраңқы, қабағы түнерген. Сонау сағым ораған көкжиекке дейін бұзылмай да, жарылмай да, көбік те атқыламай, лықсыған су жалдары әлденеге тынышсызданып, төсегінде толқиды. Бітеу ағын болып аунақшиды. Түсі қоңыр тартып, қарабарқын тұңғиық болып, көлбеп керіледі. Күшті сарын құлақты тұндырып, әлдеқайда алыстан ба, әлде сонау түпсіз тереңнен бе, жан түсінбейтін дүбір қопарылып, көшіп келе жатқандай күңіренеді. Осынау бәрі қат-қабатталып келіп, Сырғаның теңізге үйреншікті бойын қалжыратып, бұрын тіпті кезікпеген үрейге батырып, түршіктіріп жібереді. Ол жиекке тірелген қайықты сабыры кетіп, сенімі сарқылып, еліктің лағындай дірілдеп шаққа күтіп алды. Мұқаш қайықты қайыршаққа сүйреп тастап, өңі қашып, қуқыл тартқан, көзі баданадай болып үлкейіп кеткен әйелінің қасына келді. Оның қолында ау да, балық та жоқ еді. Сырға бәрін де ұқты. Жан жалғап отырған ескі, жыртық ауды кешегі дауыл жұтып қойды. Күн көрістің ақырғы құралы құрыды. Енді алданыш жоқ, енді аялдау – қате. Осыдан үш күн өткенде, Мұқаштың жағадан теріп әкелген мүңгірті мен шаянын асып жеп отырып, Сырға үндемейтін күйеуін сөзге тартты. - Не ойың бар, Мұқаш? - Қандай ой болушы еді, нені ойла дейсің, Сырға! - Мынау құрыған күніңді ойла деймін, жазған! Өлместің қамын іздейік те. - Өлместің қамы осы! Мұқаш қолындағы шаянның ара тісті аяқтарын жұлып-жұлып тастады да, кеуде тұсын сылқ еткізіп сорып алды. Сырға қолындағы басы қауғадай мүңгіртті лашықтың табалдырығына атып ұрды. Былжыраған жәндіктің шырыш-шырыш тұлғасы ағашқа соғылып, мылжа-мылжа болды. Өзі теріс айналып, қолын сүртті де, қасында жатқан баласын бауырына алды. - Балапаным-ай, бір қасық сүт татпағаныңа жыл болды. Енді немен асыраймын сені,
құлыным. - Емшегіңнен сүт бармай ма? - Балықтың сорпасы болса бір жөн. Шаян сорған әйелден сүт шыға ма? - Жұтқан жұтамас, Сырға! Бұл күніңе де шүкір ет. - Бұдан өткен жаманы да бар ма? - Кім біліпті. Анасын жұлмалап тартқан бала жылады.
Сырға оның аузына табақ түбіндегі сарқынды сорпаның жұғынын қасықтап тамызды. Бала басын әрлі-берлі алып қашып жатты да, аузына ілінген жылымшы сұйықты амалсыздан жұтып жіберді. - Мұқаш! - Тыңдап отырмын, Сырға!? - Кетейікші! - Қайда? - Кетікке. Туғаның болмаса да, атасы бір ағайын бар. Ел бар, жұрт бар. Шешек шыққандай отырамыз ба – жалғыз үй. Әркімнің шайындысын жинасақ та, шалап тауып берейік, мына сорлыға. Ажалынан бұрын өледі ғой. - Жаяу жете аламыз ба? - Жетерміз. Болмаса, Аққолтыққа дейін қайықпен баралық. Ескі де болса, соған шыдар. Ар жағы – Ақшұқыр. Ел іші ғой. Жайлы болса, мекендеп қалармыз. Болмаса, есек те болса аяқ артар табылар. - Ойланайық, Сырға. - Ойланшы, Мұқаш, ойланшы, жаным. Құдайдың берген ұлын асырай алмай, өз қолымызбен көзапара өлтіріп алсақ, күйігі естен кетпес. Өкініші ортаяр ма өмірде. Мұқашым, жаным, ойланшы, «Иә» деші. Иә ма? - Мақұл, Сырға. Осыдан тағы екі күн өткенде, таңертеңгі елең-алаңда баласын бауырына қысқан Мұқаш әйелін жетектей келіп, тәуекел деп қайыққа отырды.
Күн шыға баяу жел тұрды. Таң ұйқысын қия алмай, марғау көлбеп жатқан алып теңіздің бетін ескек жел жұмсақ лебімен сипап, толқындарын түртіп оятып, ағынды ағынға жалғап, шексіз де шетсіз теңіздің бұралған биін билетіп, сыңғырлаған күлкісін күлдіріп, су үстінің ертеңгі сұрғылт өңін шығар күннің нұрына бөктіріп, жайнатып жіберген – таң келбеті жайсаң еді. Бұл күйде желкенін кере сырғи келе жатқан қайық та иелеріне рахат тапқызғандай. Сүйір тұмсығымен қаймағы бұзылмаған тыныш теңізді тіліп өтіп, артынан ақ көбік із қалдырып, жүйткіп келеді. Жыртығы жоқ, жамауы көп ескі желкен барлық көлемімен желді қауып, қайықты алға сүйреді. Тұмсық тілген су ғана сырылдайды. Күш түскен ескі тақтайлар ғана сықырлайды. Басқа дүние тыныш. Мұқаш қайықты басқарып, артта отыр. Ортада желкен құрған діңгекке басын сүйеп, әйелі қисаюда.
Оның құшағында баласы. Әйелдің жүдеу жүзіне мынау салқын ауада қан жиналған. Өңдене, ажарлана түскендей. Иықтан құлаған жуан-жуан қос бұрым қайықтың ырғағымен бұлғақтап ойнайды. Үлкен-үлкен қара көздері теңіздің ертеңгі тынысына үздіге қарайды. Алыс-алыс қадалады. Ұзақ-ұзақ телміреді.... Сонау қиырдағы Өзен мен Жетібайдың дөңдеріне сытылып шығып алып, мидай дала мен самалды теңізге нұрын төгіп, сәт санап биіктеп бара жатқан күн көзі әйел көзінің жанарына жарқыл қосады. Көңіліндегі күдігін тұсаулап, үмітін ұштайды.
Бірақ, ойы тұрақтаған жоқ, тайғақ. Үміті бұлдыр, сағымды. Көбіне көп жиі бұрылып, өздері шыққан Құрықтың аласа жағаларына көз салады. Тұсынан өтіп бара жатып, Қызылқұмның да шағылды жиектерін шолып шықты. Туған жері көзінің жасындай ыстық. Арманындай аяулы. Қырларынан қызғалдақ терген, шағылында аунаған, теңізіне шомылып, құмды жағада қуыспақ ойнаған құтты мекен еді бұлар. Сәбилік еркелігін де осы арада төккен. Бұлғақтаған қыз күнін де осы жерлерде өткізген. Махаббат тауып, от жағып, ошақ көтерген, өз алдына түтін түтетіп, уық шанышқан жерлері-ай!
Ата мекенім, ақ құйқалы қонысым-ай! Сырға баласын құшағына қыса ұстап, көзінің жасын төгіп жіберді. Әйелінің жүзіндегі құбылысты қас қақпай бағып, барлап отырған Мұқаш құрысқан аяғын жаза беріп тіл қатты. - Көзіңнің жасын сүрт, Сырға. Туған жерім демесең, қимасыңдай не қалды? Бір еркек, бір әйел, шиеттей нәресте – үшеуін асырай алмаған жұт жайлаған жұртыңда тістелеп, аз отырған жоқсың. Сенің кінәң жоқ. Тойып бара жатқан жоқпыз. Тозып бара жатырмыз, - деді. Ақ жолға шыққан екенбіз, жамандық шақырма, бекем бол! - Жалғыз желкен жамылып, жас нәрестені теңізге алып шыққан еріксіз сапарымызға налимын да, Мұқаш! Әйтпесе, елі көшіп, жұрты қалған қу мекеннің несіне жылаймын. Қасымда өзің болсаң, бауырымда балам болса, болды маған, - деді Сырға баласын бұрынғыдан да қатты қысып, аймалай түсіп.
Жасы екіден асқан бала анасының омырауына жабысады. Әр нәрсені бір айтып, былдырлайды. Әлденелерді саусағымег шошайтып көрсетеді. Алақанын бір жұмып, бір ашып қайықтың ернеуіне ұмтылады. Еркіне жіберсе, түсе қалып, көк теңізді кешіп жүгіре жөнелуден тайынар емес. Отты от деп, суды су деп ұқпайтын балалықтың көзсіз батырлығына басқан. Теңіздің тұзды суы бетіне шашырағанда, үлбіреген ернін жымқырып, кермек татыған ащы дәмінен қашқалақтайды, тыжыранады. Баланың бұл қылықтарына әке-шеше қатар күледі, күледі де қызықтайды. Бірақ, баланың ояуынан, ұйқысы көп. Әрі қайық тербеткен, әрі ашқұрсақ бала жылап-жылап қалжырайды, қалжырайды да ұйқыға кетеді. Ол өзінің анасының ет жүрегі езіліп, өзін қыса түскенін де, аузына ақ мамасын тықпалағанын да сезбейді. Қайықтың құйрығын ұстаумен қолдары қарысып қалған әкесінің өзіне ұзақ-ұзақ талмай қарағанын да ұйқыдағы сәби көрген жоқ. Әкенің жүзіндегі өзіне төгілген мейірімнен де бейхабар.
Бір үйлі жанның бір-біріне көздерімен ықылас білдіріп, пейіл төккен бұл сәті ұзаққа барған жоқ. Аштық пен жоқшылық айдаған жандардың бұдан былайғы тағдырына теңіз өз таңбасын басты.
Баласының балдай тәтті ұйқылы-ояу қалпынан жүзін төңірекке бұрғанда, Мұқаш желдің лебінің мүлдем тынып, басылып қалғанын аңғарады. Ол оқыс бұрылып, алыс көкжиекке көз салды. Аспан мен теңіздің астасқан жерлері жағалай қарақошқыл белдеулік болып, құрсап алған екен. Жігіттің жүрегі сыздап жүре берді. Бірақ әлсіздік білдіріп, әйеліне тіс жарып, тіл қатқан жоқ. Желкеннің бір бауын дереу босатып жіберді де, қайықты кілт жағаға бұрды. Бірақ тыныш қалған жел – желкенді теппеді. Жаяу салуға су терең. Жиекке бағыттаған ағынның әлсіз күшін ғана қанағат етіп, қайық қалқып қала берді. Ескектің күші жетпеді. Оның да бір қалағы сынық еді. Қайықтың алға жүзуден гөрі, табандап тұра қалып, бір орында шыр айналуы күшейді. Мұқаш сонда да болса, жанталаса есіп, қара терге түсті. Сынық ескектің жартусыз алымын көргенде, қайыршылықтың жеткен жері осы-дағы деп күйінді.
Мұқаштың жан терге түскенін көрген Сырға шыдай алмады. Баласын екі аяғының арасына қысты да, екінші ескекке отырды. Ол да жан-жаққа қарады. Бұлт болып қаптап келе жатқан дауылды көрді. Ал шаңқан қайыршағы түнере бастаған алыс жағаны көрді. Ботаның көзіндей үлкен көзімен үзіліп тұрып, үздігіп тұрып, арманға айналған қара жерге жаудырады. Сөйтті де, азғантай ескенді көтере алмай, көріктей кеуіп, ысылдай бастаған өкпесін басып, тұншыға беріп, қайықтың түбінде шырылдап жатқан жалаңаш баласының қасына құлап түсті.
Жаға алыс еді. Дауыл болса қап-қара бұлт болып түнеріп, жел болып ысқырып, суылының өзімен зәре-құтыңды қашырып, жетіп-ақ келді. Ол тыптыныш жатқан теңіздің бет қабатын соламайымен сыпырып алып, сулы құйын етіп, бүркіп шашып, боратып әкетті. Алғашқы соққысының өзімен ескекті жұлқып-жұлқып ортасынан қақ омырып, әлдеқайда ағызып жіберді де, тозығы жеткен желкеннің пәрше-пәршесін шығарды, діңгекті екі бүктеп шорт сындырды. Мұқаш арқанды қиып үлгірісімен-ақ кенептің қалдығынан, сәрбөздің жыртығынан, тезек қапшық қиығынан тігілген әлгі шоқпытты діңгегімен қосып көтеріп, әлдеқайда апарып, жым-жылас жұтып салып, жалаңдап тағы қайтып келді. Ендігі оралымды қайықты шыр көбелек айналдырып-айналдырып алды да, қас пен көздің арасында құрала қалған толқын-толқын биік таулардың басында билетіп тұрды. Әп-сәтте бұл ермегінен де айнығандай ұршыққа үйірілген сорлы қайықты көз көрмес, құлақ естімес құрдымға құйындатып қуа жөнелді.
Мұқаш қайықтың түбіндегі төсеулі алашаның бір шетін әйелі мен баласының үстіне жауып үлгерді. Малмандай су болған екі байғұс – бала мен ана суға кетсек те, бірге кетейік дегендей, бірін-бірі тас қылып құшақтап алған. Көміп кеткен толқыннан тұншығып қалып, өкпелерін соғып, ауыздарын ашып, үздіге дем алады. Әлде, бала мен әйелдің жылағаны ма, әлде, дауылдың ұлығаны ма – қайықтың үсті қым-қуыт, у-да шу.
Әлгіде ғана шайдай жарқыраған ашық аспан қап-қара, будақ-будақ үрейлі бұлттардың құрсауы түйіліп келіп, түнеріп келіп құларманға қалғандай биікке шапшыған толқындардың ақшулан жалдарына төніп-төніп өтеді. Байтақ теңізді бүріп әкетердей шүйіледі. Дүниенің бәрі астан-кестен.
Дүниенің бәрі жөңкіліп көшкен: су көшкіні, бұлт көшкіні. Ағындап, заулап, жолындағының бәрін ілестіріп, еліктіре билетіп, тұншықтыра батырып, түйіп қалып қаусатып, тіріні өлік еткен, барды жоқ қылған бір алапат басталды. Ақжалданып құтырып, көбік шашып тулаған толқын қайықты қақпақылдап бірінен-біріне лақтырып, қағып алып мазақтайды. Кейде, оны өздерінің ақ жалданған биік иықтарына шығарып, аз уақытта билете көтеріп тұрып, кейде сол биіктер арасындағы ойдым-ойдым түпсіз шыңырауларға атып жібереді.
Қайықтың ернеуінен қадалып қалған Мұқаш бір қолымен құйылған суды төгіп отыр. Белдеу тақтайдың астына кіріп кеткен баласы мен әйелі шүйкедей болып бүк түсіп, жансыз жатыр. Олардың өлі-тірісінен бейхабар. Алашаны тұмшалап алып, тас болып бірігіп қатып қалған.
Кей-кейде толқындар қайықты биікке көтергенде ағараңдап, алыс жаға – Аққолтық көрінді. Осындай аласапыранда дауылға ұшыраған балықшылардың көп айтатын, жетсем-ау деп арман ететін – Аққолтығы сол. Онда – ықтасын, онда – пана бар. Мұқаш соған телміреді. Оған бір жетсе, мынау толқындардың мазағынан құтылып, демін алар еді. Сорлы болған, өлмей жатып өлікке ұқсап, алаша оранған, құр сүлдері жатқан әйелі мен баласының аяқтарын қара жерге тигізер еді.
Арман болған Аққолтық, мынау арпалысқан ажал толқынын кешіп барып, саған жетуім керек! Жеткізермісің, құтқарармысың, Аққолтық! Өзің жақын көрінгенмен, жолың ауыр. Қиямет жолы осы да. Кез-келген сәтте, кезкелген құтырынған толқын қайықты талқан етіп, бір үйлі жанды түп-түгелімен обырланып жұта салуы ғажап емес. Әлде, қақпақылдап қуып, түбіне айдап апарар ма екен. Иә, сәт арманым – Аққолтығым, сәт санап жақындай түскен сияқтысың. Әлде көзім, әлде көңілім алдаған жоқ па мені?
Осы кезде манадан бері қимылсыз жатқан Сырға су болып сіресіп қалған алашаның бұрышын қайырып, басын көтерді. Қайықтың артында арқасын жақтауға тіреп, аяқтарын жазып жіберіп, табандап қалған, су төгіп отырған күйеуін көрді. Жанары бұзылған тұманданған көзімен жағаны іздеді. Мұқаштың тесіліп отырған бағытына бұл да қарады. - Аққолтық, Мұқаш, Аққолтық, - деп Сырға шыңғырып жіберді. - Иә, Сырға, Аққолтығың – сол! Аққолтықтың жайына Сырға қыз күнінен қанық еді. Қашаннан қара қайықшы атанған әкесі балық аулауға шыққан сансыз сапарларынан қайтып оралып келіп, тыныштық тапқан кездерінде көрген-білгенін әңгімелейтін. Судан тамақ іздейтін жанкешті әкені Аққолтық кейде дауылдан қашып барған бетінде паналатып, жан сақтататын. Теңізге сүйемдеп енген осы бір сүйір тұмсықтың күн шуағы ық, суырған желден қағу дейтін.
Талай балықшы Аққолтықтың сонау аймаққа дейінгі құмды қойнауында жан сақтаған. Бас сағаттап бұққан. Сол Аққолтық Сырғаның көңілінде ақ ниетті қорған, ақ мерейін пана бейнесінде берік ұялап еді. Қазір де оны көрген бойда, ойындағы барлық үмітін соған арнап, содан ғана жақсылық күтіп, зар қақсады. - Айналайын, Аққолтық, әкемді ажалдан құтқарған, ағайынға пана болған Аққолтығым, бізден де мейіріміңді аяй көрме, құтқар бізді! – деп ұмтыла беріп қолын ілгері созды.
Мұқаш әйелінің есі-дерті Аққолтыққа ауғанын, баласын ұмытқанын көрді де, қуыста домалап жатқан су-су баланы діңгектің сынған тұқылына алашамен орап-орап байлап тастады. Оның басын ғана ашық қалдырған, шашыраған судан көлегейлеп қойды. Сырға болса Аққолтықтан әлі көз айырған жоқ. Күбірлеп, сөйлеуден де жаңылмады. Бұл кезде суға әбден бөккен қайықтың жүзуі мүлдем тоқтады. Жел ұйытқи соғып, толқыннан толқынға лақтырғанда ғана кетеуі кеткен астаудай солқ ете түседі. Қайықтың орта тақтайына жеткен суды төге-төге Мұқаштың екі қары үзіліп қалды. Сілікпесі шыққан ескі тақтайлар. Қайыстай езіліп, сылбырап кетті. Суға батудың ең соңғы қатері туды.
Мұқаш қайық үстіндегі үй мүліктерін теңізге лақтыра бастады. Мосы, шәйнек, шәугім, қазан, буулы тең – бәрі де құтырған желде қаңбалақ ойнап, алас ұрған толқынға күмп-күмп түсіп жатты. Ойнақшыған толқын өзіне лақтырылған әр жиһазды қағып алып, қылғып қойып, қылтыңдатып қайта шығарып, допша қуып, қақпақылдап әкетіп жатты.... Сөйтеді де, тағы нелерің бар дегендей, көбігі бұрқырап қайта көтеріліп, жаңа ғана жеңілденіп, жан шақырған қайықты соққылай береді.
Аққолтыққа телміре қарап, үнсіз қалған Сырға, мүлікті суға лақтыру – күйеуінің қолынан келген ақырғы шарасы екенін айтпай-ақ ұқты. Ол өзі жамылып отырған алашаны суға атып ұрды. Әбден малшынған алаша қайықтың ішінде көлкіген біраз суды ала кетті. Қайық көз көрім жеңілденіп қалды. Сырға қайықтың тұмсығына жақын тұрған өзінің жасау сандығына көз тоқтатты. Мұқаш әлгіде басқа бұйымдарды лақтырғанда, оған тимеген. Әйелінің ата мүлкі болған соң қимады ма, әлде жұбайының көңілін құдайындай сыйлайтын әдеті жеңді ме, кім білсін. Қазір сол сандық қайықтың тұмсығында жалғыз тұр. Үй мүлкінен, жиған-тергенінен қалғаны да сол. Жыртық лашықтың төрінде тұрғанда, қиюлы қаңылтырлары жылтырап, көз аулайтын да сол еді. Кірген-шыққанның назарына ілігер дұшпан көзі де – осы сандық болатын. Бұйым ғана емес, көп естеліктер жинаған жастық шағының серігі де ол. Әке байғұс, мұны ұзатар шағында ат құны, атан бағасындай қастерлеп, Ұзақ шеберге әдейі жасатып берді. Сондағы қыз еншісі – қызыл сандық осы. Күмбезшік түймелері мен гүлді берлерінде толқынның тамшылары іркіліп, жосылып жылап, ажалға бұйырылған ақырғы сәтін күтіп, еңіреп тұр, егіліп тұрып қоштасқандай күйде екен.
Мұқаштың әлі де жанталасып, су төгіп отырғанын көргенде, Сырға шыдамады. Еңбектеп сүйретіліп барды да, жақтау тақтайға асыла тұрып, сандығын сулы алақанымен сипап, қақпағына бетін басып, көз жасын тамызып аз тұрды да, сырғытып суға түсіріп жіберді. Орнына қайта келгенде, қайықтан қалмай, қатар қалқып келе жатқан сандығымен қоштасқандай: - Дүние жанның садағасы, - деп күбір етті. Содан соң көзін алыста ағараңдап көрінген Аққолтыққа тігіп, діңгектің сынығына қосып таңулы баласын құшақтап отырып қалды. Аққолтық алыста.
Толқынның ырғағымен батып шығып, кілегей ойнап, сағымдай бұралып әлі тұр. Дәл қазіргі түрінде ол жер аты емес, жеткізбеген арман аты. Алдыңда арманың тұрып жеткізбесе, ол да бір азап екен-ау. Жетемін деп сен әуре, жеткізбесе ол әуре. Шексіз де, дауылды теңіздің қиял жағасында бұлдырап тұрып алып: «Кел жет, келе ғой» - деп қол бұлғайды. Кеудеңе үміт құяды. Қуат береді.
Осы ойларға беріліп кеткен Сырға қайықтың тағы да суға тола бастағанын, Мұқаштың әбден дымы құрығанын көрді. Демі бітіп, қайықтың жақтауына маңдайын сүйеп, ессіз-түссіз қалған күйеуінің жансыз, қуатсыз қолынан шелекті алды. Апыл-ғұпыл су төгуге кірісті. Қолы салдырап, шелекті ұстауға жарамай қалғанша қимылдады. Дауылдың соққысынан қиыны кетіп, тақтайлары қақыраған сорлы қайыққа ем қонбады. Су өне берді. Жанталасқан әйел анда-санда Мұқашты жұлқылайды. - Мұқаш, жаным, есіңді жишы, есіңді жишы. Суға кеттік қой, батып өлдік қой, енді! Бірақ есі кетіп қалған Мұқаш жауап бермеді. Сырға жан-жағына қарады. Тағы да суға лақтыратын, қайықты жеңілдететін нәрсе іздеді. Еш нәрсе жоқ. Күйеуі, баласы, өзі. Баласы болса бір шоқпыт шүберек жамылып, бүркеніп, таңулы жатыр. Өлі-тірісінен хабар жоқ.
Уа, құдай, аяныш жоқ, қатал құдай! Қарғыс атқан қу тағдырым-ай! Не жазып едім. Қандай кінәм үшін жазаладың? Бір үйлі жан опат болар ма екен осымен?
Есі шыққан әйел кез-келген жіптің үзігіне жабысты. Жақтау тақтайды жұлқылады. Ақыры аяғы, баласы таңулы тұрған діңгектің сынығын да толғап көрді. Содан соң, дымы құрыған, амалы таусылған дел-сал күйде отыра қалып,су мен суықтан қарлыққан дауысы шықпай, қатты сыбырлап, сыңси бастады. - Әкем айтушы еді: «Аққолтық-паң, тәкаппар, жалынғанды жақсы көреді» - деп! Құдай үшін, Аққолтық, жас нәрестем үшін, сүйген жарым үшін, құтқаршы! Құтқара гөр, Аққолтық! Сырғаның кейінгі сөзін биік толқын келіп көміп кетті. Шашы жайылып кеткен, көз жанары ауған әйел, малмандай су күйінде етсіз, арық жұдырығын түйіп, қос қолын көкке көтерді: - Міз бақпайсың ғой, Аққолтық! Тағдыр қарғаған әйелді қайдан тыңдайын деп едің, сен қара тас! Қара тұмсық, қара жартас.
Кенет осы күйде отырғанда, жантүршігерлік бір зымиян ой ақыл парасатын тіліп өтті. Көздері от шашып жарқырап, екі қолын бүркіттің тырнағындай қаусыра бүріп, ессіз отырған күйеуіне шүйіліп барды. Оның жансыз денесін жұлқып тартып қалуға, қайықтан – суға аудара салуға шақ тұрды кенет шыңғырып жіберді. - Жоқ, Жоқ! О. Бетпақ, қарғыс атқан бейшара, өз балаңның әкесіне, өзің сүйген жарыңа қолың қалай барады? Әйелдің ой-санасында найзағайдай жарқылдаған сезімдер аласұрып, толассыз алмасып жатты:
- Қыздай қосылған қосағым, айналайын, жаным, Мұқашым! - Ат, атып жібер, суға! Бәрібір ессіз жатыр! Қайығың жеңілдейді сонда. Сырға осы бір шиыршақ атқан қатерлі ойлардан тез айықты. Ұйқыдан оянған адамдай мең-зең күйінде, жаңа ғана өзінің адам баласы естімеген сұмдыққа бара жаздағанын ойлап, шошыған да жоқ. Өзінің сабырлы, салқын қанды бабын тапты. Ұлының басын бүркеген шүберекті қайырып ашты да, баласының көгіс тартып қалған бет-аузынан ұзақ-ұзақ сүйді. Ұзақ-ұзақ емірене иіскеді. Күйеуін де мойнынан құшақтап алып, басын өзінің су-су болған салқын бауырына басты. Өзі күбірлеп сөйлеп жүрді: - Осыдан тірі қалсаңдар, әкең қасыңда болса – қор қылмас, құлыным! Сендер үшін жанымды қидым, ақ нәрестем, ақ баталы жұбайым! Қош болыңдар! Қош бол, Аққолтық – жете алмай кеткен арманым!
Әйел бар денесімен оқыс көтерілді де, су болған көйлегін өршелене соққан желдің өтінде желкендей желбіреп, бір сәтке тапжылмастан тіп-тік тұрып қалды. Тағдырдың ауырлығына әбден тойған жақсылықты жақсы үмітпен күте-күте мезі болған бейшара, аласұрған толқынды да, құтырынған желді де елеген жоқ. Ақылы адасқан, ой мен санадан айырылған мұңды жүзін ессіз шалқалақтаған күйеуіне, діңгекте таңулы тұрған баласына бұрды да, қайықта қисайта беріп, тыңнан соққан алып толқынның екпінімен түпсіз шыңырауға құлап түсті.
Мұқаш есін жиғанда, дауыл басылған. Ағын айдаған қайық Аққолтықтың ығында қайырлап тұр еді. Қалжыраған қасіретті жан құмды жиектен бір күн, бір түн бойы жұбайының сүйегін іздеді. Бірақ жолы болмады. Одан әрі күтуге баласының халі көтермеді. Әрі аш, әрі салқын тиген бала, сол күндердің ішінде көзін бір ашпады. Сұп-сұлық болып жатты да қойды.
Амалы құрыған Мұқаш барар жері Ақшұқыр ма, әлде Кетік қаласы бола ма, қайсысы екенін өзі де білместен, дел-сал күйде жолға түсті. Оның құшағында тірлік белгісінен кірпігі ғана қимылдап, шот маңдай, шүңірек көз бала бара жатты.... - Сол бала мен едім, - деп бұрғышы әңгімесін аяқтады. - Аққолтыққа жете алмаған анаңыз арманда кеткен екен ғой... Оның жете алмағаны тек қана Аққолтық емес. Бүгінгі өмір ғой. Газ лапылдап, мұнай атқылаған – Маңғыстаудың бүгінгісі ғой!....
МҰНАРЛЫ ӨЛКЕМ І
Ата – бабадан тас мұнара қалды. Мұнараның құпия сырын молайтып, беделін биіктете түсетін аңыз қалды: «Ертемен күн шығып, шығыс жақтағы таудың басына қас қағымдай қонақтайды. Алтын шеңбердің астыңғы иегі тау жиегіне тұспа-тұс келген кезде, мұнарадан көлеңке түседі. Сол көлеңкенің дәл ұшын белгілеп алып, жалықпай қазу керек. Сол жерге қазына көмілген. Бұл уақыттан бір мысқал ерте, не кеш қалуға болмайды». Бары осы. Сөзі қысқа. Сыры мол. ІІ
Бұл мұнараның басына кімдер келіп, кімдер кетпеді. Тәтті аңыз ашық ауыздардың талайын тамсатты. Сабасын теңдеп, сойысын айдап, өле баюды аңсаған нелер қасқалар мен жайсаңдар да келді. Күрегін иығына салып, торсығын беліне байлап, қысқа қол жарлы, жоқ-жітік те келді. Қызық қуған бозбала, қызыл дәметкен кәрі келді. Бірақ, бәрі бос кетті. Аңыз екенін де, алдамшы екеніне де көздері жетпеді... өздері түңілсе де, өзгелерді түртіп, аңсайтын аңызды жаңарта берді. Қолмен ұстағандай қобырайтып, қойындарына тыққандай құпиялап, көріпкелін көбейтіп, атан түйедей ауырлық қосты. ІІІ
Амалы құрыған, ажалға әйелін құрбан етіп, шиеттей баласын ғана бауырына басып құтылған, жоқшылық қамшысы қуалаған Мұқаш осы мұнараның маңынан келіп шықты. Тағдыр тоқпағы әбден-ақ есеңгіреткен екен де, есін жия алмай ұзақ жүрді. Кетіктің қаласын кезді. Кім түртті болды. Қайта оралып, қайырылып көргісі келмесе де, теңіз жағасындағы елдердің сүйексаяғын кеміріп көп жүрді. Жүдеп, тұралап қалды. Біреуден балықтың борсығын басын мүжіп, қылқан қаптаған құйрығын жалғызы, жұбанышы, қасынан қыл елі қалмайтын баласына қажатты.
Аш өзегі талып, ақырғы сәт таянғанда. Маңғыстаудың қырында колхоз ұйымдасты деген хаба шықты. Ілдебайлап отырып, итше сүйретіліп, баласын жетелеп, тау бойындағы елдерге келді. Жиырма түтін болып қауымдасқан артельге мүше болып, дем шақырды.
Шаруашылық бірлігінен гөрі, аталастығы жақын бір рулы ел еді бұл. Колхоздың бастығына білгірін сайламайды, пысықайын сайлайды. Онда да сонау шырқау теңіз жағасындағы аудан орталығынан ат сабылтып, әдейілеп өкіл келген соң, амалсыз ұсынады. Ауылдың бөрік киген естияр еркектері ақсақалдардың үйіне кірді. Қатын-қалаш балаларын бауырларына көтеріп, бөкселеріне өңгеріп, қайсыбірін желкелеп қуып тастап, босағада қалып қойды.
Әйтеуір не керек, ауыл бір дуылдасып қалды. Осы дыр-думанда бастықтың аты да аталды. Әлгіде табалдырықтан ішке аттағанға дейін «қара шайтан» аталған пысықай Сәрсен үйден қайта шыққанда бастық атанды. Еркек кіндіктілер «әу» десіп, бата жасасты. Өкіл пәпкесін жапты. Әйелдер бірін-бірі иыққа түртіп, сауырға нұқып, сыбырласып сұрасып жатты. - Бастық болғанда, қалай болады?... - Бәрімізді бағындырады. - Байымызға бағынамыз ба, бастыққа бағынамыз ба? - Бастыққа бағынасың! - Бастықтың қатыны қайтеді?... - Бастықтың қатыны да бастық болады. Сонымен жұрт тарасып кетті. Мұқаштың келген ортасы осындай болатын. Ол келгенге дейін бастық Сәрсен әбден мықтылап, ауыл тізгінін қолына алған кез еді. Ауылдың жылқысынан таңдап тұрып астына ойқастаған құла жорға ат мінді. Ауданға барып, бір апта нұсқауланып жатты. Қайтар жолында басына қалпақ киіп келді. Аудан, сірә, жүріс-тұрысын да үйреткен болар. Кеудені шалқақ ұстап, қалпақты шекеге салып, аяқты аннан-мұннан бір тастап, жай басып, жайсаң жүретін болды. Бұрынғы «қара шайтан» есімі «қара қалпаққа» ауысып еді, жүре-жүре о да ұмытылды. Іздесе таптырмайтын бастық болып, таяқ жұтқандай қақиып қатты да қалды. Бүкіл ауылдың көз алдында бір адам шыттай өзгеріп шыға келді. Жауапкершіліктің күші ме, әлде заманның күші ме, оның байбына барған ешкім жоқ.
Бар адам саусақпен ғана саналатын ауылдың ішінде Мұқаш бастықтың көзіне келген күні-ақ ілікті. Найзағайдай ұзын сұқ саусағын имелеп тұрып, баласын жетектеген Мұқашты бастық өзіне шақырды. - Кімсің? - Жарылғаппын. - Жарылғап әкеңнің аты ма, әлде руың ба - Руым. - Қазір ру жойылған. Атыңды айт, давай! - Мұқашпын. Отарбайдың Мұқашымын... - Әкең бай болды ма? - Әкем аштан өлді. - Әйелің бар ма? - Жоқ. - Балаң бар да, әйелің жоқ. Как так? Қаңғыртып тастап кеттің ғой, ә? Қазір әйелдерге теңдік берілген. Шыныңды айт, давай! Нвйзағайдай саусағын шошайтып тұрып, бастық жекіріп қалды. Мұқаш қалтырап тұрып, Аққолтық жайын айтып берді. - Сен өзің су жағын біліңкірейді екенсің... - Теңіз жағын ептеп... - Қатыныңды жұтқан теңізді қайтесің. Сөз тыңда давай! Осы ауылдың қасында
бұлақ бар. Баяғыда сол бұлақтың басына Қази деген бір жекеменшік егін салған. Соның орыны әлі жатыр. Мен саған егін ектіремін. Егінің шықса еңбек күн аласың. Шықпаса... бастықтың сұқ саусағы тағы шошаңдады. – Ұқтың ба, ұғып ал. - Ұқтым, қарағым, ұқтым. - Ұқсаң сол. Нан-шалабың ауыл үстінен. Аштан өлмейсің. Давай! Аңыз Мұқашты да текке қоймады, арбады. Күнде ертемен тоқымдай жерге еккен егінін суарып тастап, кетпегенін иығына асып, мұнараға келетінді шығарды. Бірақ бір күні ерте, бір күні кеш келіп көлеңке басын дәл таппай-ақ қойды.
Сәт санап жылжыған күннің ыңғайымен көлеңке қыдырып, бірде оңға, бірде солға құйқылжып, ауып қона берді. Әр жерде бір шұнақ пайда болды. Осқылаған кетпен ізі қалды. Текке төгілген тер қалды. Осындай бір күні қараусыз қалған егінін ауылдың жылқысы отап кетті. Ертемен бұлаққа келген жылқы шөлін қандырып алды да, биіктігі тұсаулыққа келіп қалған көк балаусаны орақтай орды. Атыздардың үстінде ойнақтап, арықтарды тапап, талқанын шығарды. Жылқының дүбірінен қоста ұйықтап жатқан Нысан оянып, тысқа атып шығып, шыңғырып жіберді. Көз көрімнен дауысты естіп, Мұқаш жүгіріп келгенше, мабан той тарап та бітіп еді.
Колхоздан қуылып қалған Мұқашты тағы да аңыз оятты. Бұл өзі алды аңыз болып басталса да, арты шындыққа айналды. Таушықтың ойынан көмір табылып, шахта ашылды. Баласын жетектеп, шаршап, шалдығып жеткен Мұқаш Төрорпаның құдығынан сусындап, тыңайып алды. Көкшақпақ тау жиектеген тар жүлгеден өтіп, Таушықтың ойы көрінгенде, аң-таң болып, тілі байланып, әл-дәрмені құрып, отыра кетті. Алдында ой толған машина, басталған құрылыс, қыбырлаған адам.
Мұқаш бүгіліп отырған күйі көзінің жасы сақалын жуып, жылап жіберді. Көз жасымен бірге күбірлеп сөйлеген тілі де шықты: - Бұл керемет аңыздан жаралған ба, жаным-ау! Өң бе, түс пе өзі?! Нысан, Нысанжан, сен айтшы, есім дұрыс па, өзі? - Дұрыс, папа, дұрыс. Мен де көріп тұрмын. Аппақ үйлер салынып жатыр. Әдемі үйлер. Ана домалаған не, папа? - Автомобиль ғой, балам. - Адамдарды қарашы, папа, қарақұрым! - О, қасиетіңнен айналайын, туған жер, бақытың жаңа жанып, көзің жаңа ашылған екен де. Тақа бір сорлы болмасам, мына қаулаған өндірістен маған да бір тесік табылар. Екі қолға бір жұмыс. Нысанжанға нан тауып берсем, болды да. Мұнарлы өлкем-ау, ата-баба аңыз етіп, таба алмай кеткен жасырынды қазынам жаңа ашылған екен де! Айдағаның бес ешкі, ысқырығың жер жарған жыламшы дәуірің өтіпті. Жаңа өмірдің жолбасы осы болғай, иә, сәт!
Жер астының зілдей ауыр, сыздай ауасына Мұқаш әлі көндігіп болған жоқ. Денесін салмақ басып, көкірегін дем қысатын сияқты. Көмірдің иісі мұрынды жарып, тозаңы қолқаңды қабады. Жорғалап шығып, жорғалап кіретін аласа забойда жұмыс істеу ақырет. Біресе жамбастап, біресе шалқалап, аунақшып-ақ бітеді. Емін еркін, шалқайып тұрып сілтеген кетпен емес, жер жастанып жатып шапқан қайла көздеген жерден тие бермейді. Діңкені құртады. Тек намыс, ер намысы ғана найзағайдай осқылып, қажыған жігітті қайратына қайта мінгізеді. Құлаштай сілтеген қайла шақпақ тастай қаттыға тағы қадалады. Бірақ омырып түспейді. Қайыршының қара бақырындай әлде бір жарқашақтар ғана ұшқындайды.
Осындайда Мұқаштың қасына басқа бір шамның жарығы жақындайды. - Сенің сахараңда ат шаба ма, бап шаба ма, Мұқаш? - Бап шабады. - Ал мұнда әдіс шабады. Міне, былай. Бұл Никонор. Ол Мұқашты ығыстырып жіберіп, жамбастай жата қалып, қайланы сілтей жөнеледі.
Мұқаштың қолында тық-тық етіп қайта серпетін қайла, қара қабырғаға кірш-кірш қадалып, көмірді кесек-кесегімен қопарып жіберді. - Көрдің бе? - Көріп тұрмын. Құпиясы неде, Никонор? - Құпиясы көмірдің жігінде. - Мен соны айыра алмай-ақ қойдым. - Шамыңды жақындатшы бері. Ал, енді, не көрдің? - Шөптің тамырлары сияқты шатысқан бірдеңе.... - Соларды көре білуге үйренсең, сенің ауылыңда да той болады. Енді шауып көр. Шамыңды мына жерге қой. Қайлаңды қиғаштай сілте. - Сілтедім, Никонор. - Молодец, Мұқаш! Кең даланың еркебұланы жеті қат жердің астында алғаш сабақтарды осылай оқи бастады.
- Никонор? - Иә. - Менің туған жерім туралы не ойлайсың? - Сенің туған жерің әрі байтақ, әрі жұмбақ. Сенің өзің де туған жеріңе тартқансың. Кейде ашық, ақжарқын. Кейде тұйық бұйығы. - Мен жоқтықты көп көрдім. - Өндіріс адамды өзгертеді, Мұқаш. - Кім біліпті. - Өндіріс сенің туған жеріңді де өзгертеді... - Ғажап болар еді. - Бет ашары осы өзің қазып жатқан шахталар. Содан соң темір, маргенец, мұнай тағы тағылар. Солардың бәрі ашылғанда жұмбақ та шешіледі. - Ол кезде Маңғыстау жұмбақ болмайды. Ұжмақ болады десейші. - Дәл солай! - Аузыңа май, Никонор!
ҮІІ
Қат-қабатталған қуаныш күндері келді. Маңғыстау өз алдында отау тігіп, аудан болып құрылды. Аудандық Советтің алғашқы депутаттарының бірі – Мұқаш болды. - Сен енді депутатсың, Мұқаш! - Сонда кім болғаным, Никонор? - Қара қылды қақ жарған әділ болғаның. - Ешкімге өмірде қиямет жасағаным жоқ, өмірімде. - Сөзіңді елің тыңдайтын әкім де болдың. - Қалай боламын, Никонор? - Бетегеден биік, жусаннан аласа боласың. - Үстімнен түйе жүрсе де, үн қатпайтын жуаспын. - Сөйлегенде шешен боларсың, керегінде көсем боларсың. - Уһ! Ең қиының осы болар. Биыл бірінші рет Нысан мектеп есігін ашты. Мұқаштың тағы бір қуанышы осы. - Оқушы тәртіпті болуы керек, ұлым! - Қалай боламын, папа? - Бетегеден биік, жусаннан аласа боласың. - Мақұл! - Үлгілі пионер болуға тиіссің. - Ол үшін не істеуім керек, папа? - Қара қылды қақ жарған әділ боласың. - Қара қылды қалай қақ жарамын? - Сөзге шешен, қатарыңа көсем болуың керек. - Шешен деген кім, көсем деген кім, папа? Мұқаш баласының қарсы сұрақтарына жауап бере алмады. Бірақ, әйтеуір, Никонордың өзіне айтқан ақылын баласының құлағына аударып құйды.
ҮІІІ
- Соғыс! - Соғыс, Никонор! - Иә, соғыс, Мұқаш! Алақандай Таушықтың ойын кернеген айқай-шу, әзіл-оспақ сап тыйылды. Адамдар бір күнде өзгерді. Қабақтары қату, қимылдары ширақ, сөздері қысқа. Жағасы жайлау болып, етек-жеңі кең жатқан дарқан ел намыс атына мініп, жасақ құрып, аспан асынып, қас-қағымда тас түйін болып, қатуланып шыға келді.
Адамдар да қатал. Олар енді өліспей, беріспейтін қан майданға аттануға әзір. - Біздің ісіміз әділ, жеңіс біздікі! - Неміс фашистеріне өлім келсін! Ұрандардың әрбір сөзі өмірдің оғындай. Олар жүйкені қоздырып жүректерді шымырлатады. Жұмыс тәртібі де қатал. Жұмысқа он минут ерте келу міндет. Бір минут кеш қалу – қылмыс. Мұқаш әлі шахтада, майдан үшін смена сайын артық норма орындайды. - Майданға аттанатын ендігі кезек біздікі, Мұқаш! - Бірге аттанамыз, Никонор! Қыс та қатал. Таушықтың ойын тізеден қар басып салды. Қаңтардың сақылдаған аязында адамдар осы қарлы күртікті тізеден кешіп келіп, орталыққа жиналады.
Жиын қысқа болды. - Отанымыздың бостандығы мен тәуелсіздігі жолындағы қанды күреске сіздер аттанасыздар бүгін. Жеңіспен оралыңыздар, жолдастар!
Бір әйел дауыс салып жіберді. - Жалғызым, жалқым, маңдайымдағы жұлдызым, аман бол! - Мықты бол, Мұқаш! - Мықтымын, Никонор! Мұқаш Нысанды құшақтап тұр. Баласының мөп-мөлдір тұнық қара көздеріне қарап, қатып қалған. Ал баласы болса, нәресте табы кетпеген уыздай жүзін әкесінің жанарынан айырмай, қос көзінен жасы тамып үнсіз жылап тұр. - Ұлым, жалғызым, Нысанжаным менің! - Мықты бол, Мұқаш! - Никонор, шыдай алатын емеспін! - Шыдап бақ, солдат! - Ұлым! Ұшсам – қанатым, қонсам – тұғырым! Жалғыз ұлым, аман бол! - Қош, папа! - Шыда, Мұқаш! - Никонор, шыдар едім, жалғыз қалып барады ғой. Әттең, шешесі қалса қасында. - Алаңдама, Мұқашжан, анасы орнына мен ана боламын. Нысанды мен бағамын. Өзің аман бол! Бұл келген Айша апай. Ол әкесіне жабысып тұрған Нысанның білегінен мықтап ұстап, бауырына басты. - Рахмет, Айша! Апаңды тыңда, ұлым! - Тынышталыңыздар, жолдастар! - Жасақ! Отанымыздың бостандығы мен тәуелсіздігі жолындағы қан майданға шагом марш!
Берік сап құрап, жасақ қозғалып кетті. Қар кешкен жұрт көп жерге дейін оларды шығарып салды. Қыр басына шығып тұрып әкесі – Нысанды ақырғы рет қатты құшақтап, сүйді. Жан-жағына, алыс-жақын адырларға, қар жамылған тау басына жасқа толған көзін қадады. Сөйтті де өзі де, ойламаған жерден әлдеқашан біреулерден естіген сөздерді мақамдап жіберді: - Кіндік кесіп, кір жуған жерді сүй, балам! Атамекен, ақбесік – Маңғыстауды сүй, балам! Басынан қайыршылығы арылмаса да, туған жерді жанындай сүйген әке туған Отанын қорғауға аттанарда баласына осындай өсиет қалдырды. ІХ
Моладай құлазыған оңаша үйде кірпігін іле алмай, Нысан дөңбекшиді. Сонау қараңғы бұрышта жатқан Айша кемпірдің естігі аз. Діңкесі құрыған, өлі ұйқыда. Меңіреу, тылсым, су қараңғы түн таусылар емес. Қазандықтың тұрбасы еңіреп ұлып, мазасыз сыңсиды. Терезенің үңірейген көзі де үрейлі. Үйдің төбесі төмен түсіп, бұрыштар жақындап, анталап қамап, жаналқымға алып барады. - Апа, апа! - Иә, қарағым, көзіңді жұмып жата қой. - Апа! - Әкеден тірі айырылған сорлы жетімек, ұйқыдан да айырылайын дедің бе? Сәбидің бал ұйқысын айырған қарғыс атқан соғыс. Қашан басылар екенсің?!
Кемпір күңкілдеп жүріп, тұрбасы жоқ, жайдақ шамды жағып қойды. Бірақ оның септігі тимеді. Жайдақ от үй ішіндегі лүп еткен лепке бұлғақтап, өшіп жанып, көлеңкелерді көбейтіп, бірде жасқанғандай алыстап, бірде алып соғардай тақалып келіп, құйтырқы би билеп, періленіп кетті. Таң әбден атқанша, үрей үстіне үрей күшіктей берді. Дәл сол күні Нысанның әкесінен қара қағаз келді. Харьков қаласы түбінен жан кешіпті.
Жеңіс те келді ақыры. Көктемнің масайраған ақ шуақ күні еді, бір. Күн көзі ашық аспанға шырқай биіктеп, уақыт ұлы сәскеге жеткен шақта радиоторабы орналасқан үйге қарай, Таушықтың бар адамы өкпелерін қолына алып, етектеріне сүрініп, асығыс жүгіріп бара жатты. - Жолдастар, достар, қымбатты отандастар! Тымық ауада динамик үні саңқылдап тұр. Жұрт әлі жүгіріп келеді. Әлдебіреулер шаттана күліп, айқайлады, әлде біреулер өксіп жылайды. - Жеңіс! Жеңіс! - Уа, Құдай, жеттік-ау, бұл күнге! - Ура!
- Шапқылаған балалар жиналған жұрттың ұйқы-тұйқысын шығарды. Ешкім де бір орнында тұрған жоқ. Бәрі де қозғалыста. Бірін-бірі құшақтайды. Бірін-бірі сүйеді. Сүйіп тұра, қосылып жылайды. Сорғалаған жастарын әлде біреулер сығып тастап, әлде біреулер жаулықтарының ұштарымен сүртеді. Бес жылға созылған қасіреттің ақырғы көз жасы ағып барады. Бес жыл бойы үміт пен қатер буған көңілдер күндей жарқырап барады. Бес жылдың ішінде жүдеп біткен жүздерге нұр құйылып келеді. Динамик әлі сөйлеп тұр. - Жеңімпаз совет халқы жасасын! Адамдар қайта көрісіп, адамдар бір-бірін қайта құшақтайды. Қайта сүйіседі. Құрбыны-құрбы қайта сүйіп алды. Қалтылдаған шалдың сақал басқан бетін уылжыған қыз сүйді. Бәрі де жақсы. Бәрі де жарасымды. Жұрттың бәрі жасарып кетті. - Отанымыздың бостандығы мен тәуелсіздігі жолындағы күресте қаза тапқан батырлардың даңқы мәңгі өшпесін! Жұрт тып-тыныш. Бәрі де терең дем алды. Түгелдей терең күрсінді. Ұшқындаған көздерге мөлтілдеген жас толады. Нысанның көзінде де жас бар. Шешесін теңіз жұтты. Әкесінен соғыс айырды. Қайғысы қамап, еңсесін езіп тұр. Қуанышы да, қайғысы да қабатталған неткен күн еді, мынау.
- Кен іздеушінің жұмысы ауыр, Нысан! - Еңбектің жеңілін іздемеймін, Евдокимич! - Шөлден қаталайтын кездер болады. - Мен осы шөл дала перзентімін! - Боранда қалуға да болады, Нысан! - Соғыс жылдарында жалаң аяқ қар кештім! - Кейде азық-түлік те жетіспейді! - Соғыс нанды аз жеуге үйреткен! - Мықты екенсің! - Соғысты көрген ұрпақпыз ғой! Бұрғылау жұмыстарының мастері жас жұмысшыға сынай қарады. Ішкі жан дүниесін жанарымен жеткізіп тұрған қара көзі нұр жайнайды. Қайсарлықтың мөріндей қара шашы тіп-тік. Балалықтың бал дәурені еркелетпеген, ерте есейген балғын дене бойшаң, жарау. Қимылының бәрі дәл, ширақ. Кесіппішіп, қиып тастайтын сөздері өткір, төркінді. Өскелең жігіт қиғыр қылыштай қалпында екен.
ХІІ
От маздап жанып жатыр. Жыңғылдың майысқан шыбықтары мен дүзгеннің сабау бұтақтары ішінара, әр жерде ептеп салған сексеуіл сынықтарын ортаға ала қуалай бастады. Жіңішкелеп басталып, жағалай тіміскілеп, жүгіре жөнелген жалынның тілі сәт санап өсіп, жолындағының бәрін қызыл тілімен жалап, жалма-жан тұтатып, отынан от тастап, түртіп оятып, ушықтырып әкетіп барады. Арасынан дем тастап, айқастыра қаланған бұтақтар жіңішке ұшын отқа бұрын ұсынып, оқыстан дір етіп, өн бойын қуалай жөнелген оттың тылсым күшіне бағынып, сиқырына арбалып, сынып, сыртылдап жатты.
Оттың көтерген жарығы буровой мұнарасының бір жағын сәулелендіріп тұр. Түнгі аспанның шыңырау тұңғиығында биіктеп, қараңғыға еніп кеткен мұнара зорайып өсіп көрінеді.
Нысан сөйлеп отыр. - Мынау жыңғылдың шыбығы сияқты арманның да күйрегі көп. Тәтті арман биік сенімге мұқтаж. Сенімсіз арман өшіп-жанып қала бермек. Арманды үміт тұтатады. Сенім лаулатады. Арман деген көкіректің оты ғой. Отқа жану парыз. Сол отың сөнбесін, қашанда. - Кеше мынау буровойдың оттарымен бірге менің көкірегім жарқырап тұр еді. - Бұл қазып тұрғаның нешінші буровой? - Бірінші. - Түңілуге хақың жоқ екен онда. - Ал сіз ше? - Мен өз басым Түбіжіктің де, Бозащының да, Тасбастың да ой мен қырын тескілеген адаммын. - Бәрінде де осылай жер қазуды тоқтатты ма? - Әрқайсысында әр қалай. Бірінде жоспарлары тереңдікке жете береді. Бірінде сәл ертерек. Қалай болғанда да, жолы болмаған жігіттің таз телпегін кидік талай. Әлі де солай. Ертең тағы бір жерде мұнараның жұлдыздай моншақталған оттарын жарқыратып шыға келуіміз хақ.
Нысан әрі қарай сөйлемей қалды. Жолдасын қанша жұбатқанымен, өзінің де ішкі дүниесі дәл қазір алай-дүлей. Кеше мұнараның жұмысы ойда жоқта тоқтатылды. Бригаданың енді қайда бағыт алары белгісіз. Тағы да бір орындалмаған арман, аяқталмаған үміт қалды. Сырын жасырған құпия дала мынау. Түн жамылып, қою қараңғылығын қымтай түсіп, тас бүркеніп қалыпты. Күні кеше оттар жарқырап, үміт жетектеген бұрғылау мұнарасы әне тұр. Оты өшкен. Жұмысы тыйылған. Бірден екі қоюланып, тұтасып, өсіп бұлт келеді. Ол қазір түнгі аспанды қаптайды да, жұлдыздардың жарығын бүркеп, самарқау да марғау даланы сыры ашылмаған күйінде ежелгі ұйқысына қайта бөлейді.
ХІІІ
Әлсірей бастаған отты ақырғы рет қағыстырып қойып, Нысан ұйқыға жантайды. Іле-шала түс көрді. Әкесінің өңі өзгермепті. Әлі баяғы тас мұнараның түбін қазғандағыдай қиялшыл. - Осы мұнараның түбіне қазына көмілген, балам. - Аңыздың бәрі ақиқат емес, әке! - Сенімді жоғалтпа, үмітіңді үзбе, балам. - Кешір, әке, біз қазынаны сізше іздемейміз. - Заман сенікі, өзің біл, балам! Дала да, даланың кен іздеген ұлдары да әлдеқашан тәтті ұйқыға бөккен. Ертеңгі көшер жолын, қонар жұртын, тыңынан бастайтын тынымсыз өмірін ойлағандай, бұрғылау мұнарасы ғана үнсіз тұр.
ХІҮ
Ата – бабадан аңыз қалды. Өкше ізі ұлы теңізден шығып, ұлы дөңге қарай керуен-көш болып, таулар сілемі созылады. Ақтаулар мен Қаратаулардың жарысқан қатарлары озық-созық болып, ұлы дөңнің етегінде көлденең түсіп, сұлап жатқан баба тау – Манатаға қарай маң тартқан. Бір кезде бұлар таулар емес, адамдардың көші екен дейді аңыз. Тар ойдан, тұзды теңізден талғажау таппай, барлық тұрғын ұлы қырға қарай шұбырса екен. Кең жазираға, ұлы дөңге шығар жолда көлденең жатып алған паң да тәкаппар – Маң ата ұбақ-шұбақ болып, шұбырып келген адамдар көшіне батысын бермей, асуын жауып, міз бақпай жатып алыпты-мыс. Жәннат іздеген жандардың жан қиярлығына жыны құрыстаған табиғат қапысын тауып, құмын боратып, құйынын ұйтқытып, қиғылықты салыпты келіп. Адамдар тас болып қатып, түйелер тау болып шөккен екен. Осынау таулардың тізбегін жұмыс бабымен аралаған сайын Нысанның ойына осы аңыз орала береді. Олардың ашылмай жатқан сырлары таңғажайып құпия. Табиғаттың әлде бір дүр сілкінісінен, әлде жылдар, ғасырлар қатарынан біртебірте құралған осы бір таулардың керуені шынында да шалқар көшке ұқсайды. Ал бірде бұлар таулар көші, таулар керуені емес, тарих көшіндей елестейді. Жау жолына көп қадалып, күндіз-түні көз тіккен шолғыншы тау – Қарауыл Күмбет төбесіне от жағып, қалың елді қатер-қауіптен сақтандырған оқшау биік – Отпан, қайғы мен қасіретті зыңдан шаңырауына сарқып құйып, құрбан болған марқұмдардың сүйегін астына жинаған Шерқала. Осының әрқайсысының өз сыры бар, тас тұлғалар, тілсіз ескерткіштер бұлар.
Бұрғылау мұнарасының жаңа орынға ауып қонғаны кеше. Бригада монтаждау жұмыстарын бастап кетті. Мұқтаждықтар қисапсыз. Бастысы – су. Адамдардың ішуіне де, бұрғылау жұмысын жүргізуге де су керек. Су шығаратын скважина қазылып жатыр. Оған дейін қол қусырып отыруға болмайды. Сол үшін мазасызданған Евдокимич жақын маңдағы шыңырауды аршуды ұйғарды. Шыңырау түпсіз терең. Көзі бітелген. Түбінде шірік иіс, ескірген газ бар. Қиын екені рас. Бірақ, басқа амал жоқ. Адамдарды жиі ауыстырып отыру
керек. Сақтандыратын арқан байлаған мақұл. Қатер шайтанның қайда тығылғанын ім білген. Алдымен еріктілер түссін, байқасын. - Противогаз болса, шіркін. - Мүмкін скафандр керек шығар. - Жұрт космосқа ұшса, біздің Нысан шыңырауға түседі, ғажап! - Батыр – қайда да батыр! - Арқан шандыған батырды көргеніміз жоқ. Жұрт шыңыраудың ернегіне үңілген. Соңынан қуалаған әзіл-оспақ, қалжың Нысанды дауыс жетер жерге дейін шығарып салды. Евдокимич қобалжып тұр. - Халің қалай, Нысан? - Өте жақсы, Евдокимич! - Жиі дыбыстап тұр, Нысан. - Мақұл, Евдокимич. - Телефон тағып жіберу керек еді, - дейді бір әзілқой. - Мүмкін рацияны да іске қосарсың. - Тек тұрыңыздар, жолдастар! - Нысан! Нысан! - Иіс күшейіп барады, - деген дауыс талып жатты. - Тартыңдар! Қауғалы жігіттер іске кірісті. Ұсақ тас, малдың қаңқасы, шіріген үгінді сыртқа шығарыла бастады. - Жағдайыңды хабарла, Нысан. - Ау-у-у! - Ауаға шығарайық па? - У-у-у! Осыдан жиырма минут өткенде Нысанның бойына шандып байлаған арқан керіліп жүре берді. Бұл оның басы айналып, құлай бастағанның белгісі еді. Зорға шыдап тұрған Евдокимич ақырып қалды: - Тарт! - Саумалап тартқан арқан зіл қара тас. Құдықтың аузына жеткенше, қарулы төрт жігіт қара терге түсті. Арқанның ұшында өңі боп-боз болған Нысанның иіс тиіп, басы айналған былқ-сылқ тұлғасы көрінді. Евдокомич жусан мен нашатыр спиртін қатар иіскетіп, түшкірті де жалма-жан шұбат жұтқызып жіберді.
ХҮІ
Кен зерттеушілердің жүрген жолы, қонған жұрты – аңыздар мекені. Бір аңыз Ораз ата жайында. Туған жерді зерттеген орыс халқының өкілдерін ол бір заманда үйіне түсіріп, қонақтап құрмет тұтыпты. Зерттеушінің қажымас қайратына, мұқалмас үмітіне ден қойыпты. Сар даладан кен іздеген, шаршау мен шалдығуға, шөл мен аңызаққа да төзе білген, қасиетті халықтың осындай қаба сақал көнбіс ұлының арманы қандай әдемі. Алысқа ұшатын, самғай ұшатын қыран іспетті емес пе, өзі де.
Көгілдір көзіне көк аспанның тұнық айдыны ұялаған ба, қалай? Ат мініп, атан жетелеп жүріп, қыранның қанатымен ғана алып ұшатын армандауы арқалай береді емес екен-ау, адамды. Ораз атаға да мың сан рахмет! Жай қонақ емес екенін білген-ау! Ең қымбат кілемін жайып, иен төріне отырғызып, еркек қойын сойып, қалай-қалай қарсы алған қонағын. Асылы сол Ораз атаның өзі де Маңғыстауды көркейтсем деген әлгі орыс жігітті ұлы сәскеге дейін жауып қойып, самал-салқын соқтырып, жай жатқызып, жайлы тұрғыза ма? Әбзелжабдығын сайлап, астына ат мінгізіп, қозы көш жерге дейін шығарып салып, хош бес айтысып қоштасар ма, кез келгенмен?!
Аңызды еске алған сайын жас Нысан жасамыс Евдокимичке бауыр баса түсті.
ХҮІІ
Дүниенің бәрі екі қолын көкірегіне қойып, әлде бір оқыс оқиғаның басталуын күткендей тынып қалған. Құмдауыт төбелердің ықтасынын паналап жатып, аяқ астынан аңдып тұрып, үйіріле жөнелетін құйын да жоқ. Лүп еткен жел де жоқ. Ұясынан ақ шарбы бұлтқа оранып шыққан күн түстікке келді де, шақырайып тұрып алды. Ол Жетібайдың дөңіндегі мынау зәулім мұнараны қазір ғана көргендей, бәр-бәр жарығын көріп, жанарын тігіп қадалып қалды.
Даланың тағы ешкісіне дейін алыс-алыс дөңдерден үркіп өтіп бара жатып, қимасын қалдырғандай жалт бұрылып, бір қарайды. Алып мұнараның екпінінен солқылдаған да толғақ үстіндегі ана сияқты. Керіле береді, көлбей береді. Мотор үніне үн қосып, жаңғырығып ыңыранады. Дала өзінің қазір дүниеге әкелетін перзентін күннің шуағымен шомылдырып, сағымымен жергөктеп, құндақтап алып бауырына басуға асық. - Сақ бол, Нысан! - Сақпын, Евдокимич!
ХҮІІІ
Құйындай ұйытқып шығып, қара барқын сел болып атқылап, фонтан әлі де түтеп тұр. Себелеген қара жаңбыр күн көзін бүркеп, тұтылдырып жіберген. Таяу төңіректің бәрін ымырт пернесі қымтағандай, сары жалқын, күңгірт түске боялып, өзгіріп-ақ кеткен. Фонтанның жоғары ұшы оқтай атылып, найзадай шаншылып, құс ұшар биікке жетіп, қанаты сынғандай құлап түсіп, мың сан моншақ болып шашылып, бүркіп тұр. Жер астының ғаламат қысымы жолындағының бәрін сығып әкеліп, қара дауылдай ысқырып, төңкеріле дүрілдеп, көк аспанға қарай шашып жіберген. - Жігіттер! - Баста, Евдокимич! Бригада мүшелерінің асау табиғатты ауыздықтап, қолға тұрғызатын жанкешті күресі басталды.
ХІХ
Құлаққа ұрғандай тыныштық орнады. Көкжиекке дейінгі кеңістік жапжасыл кіреуке болып тұтасыпты. Ауада сары жалқындаған нұр қалқиды. Мұнараның маңы мұнай көліне бөккен, шалқыған май. Топырақ пен шөп қатар езіліп, баттасып жатыр. Дүниенің бәрі жым-жырт есінен таңғандай меңзең. Мұнараның тас төбесіне қарай алыстан күн жылжып келеді. Оның да нұры ақ шуақ емес, сары жалқын болып алаулап алған. Жетібайдың байтақ даласы босанған анадай сұлқ, ұйқыдағы арудай қимылсыз.
Әріде мұнай көлінен шетте, құрғақтау жерде ентелеген халық тұр. Бірақ бәрі тым-тырс. Кәрісінен жасына дейін қимыл серіппестен қақиып, қатып қалған. Киімдері мен бет жүздеріне дейін сары өңді, алтынның буына ұстағандай сәулелі.
Тұла бойы малшынған, балағынан май сорғалаған Нысан осының бәрін көріп тұр. Бірақ мұнда да үн жоқ. Айғайлағысы келеді, бірақ, тіл жоқ. Әлде біреу жыққандай дел-сал. Көкіректі жарып бара жатқан бір сезім бар. Елдің бәрін бас-басына құшақтап аймалағысы келеді. Жүгірерге дәрмен жоқ. Әне, анау көптің ішінде әкесі тұр. Әлде әкесінен айнымайтын біреу ме? - Қазынаны таптың ба, балам? - Таптым, әке, таптым! - Ата – бабаңның көкейін тескен арман алыста емес екен ғой!? - Арман сенікі еді, әке! Табушың мен болдым! - Бақытың жансын, ұлым! Нысан ұйқыдан оянғандай селк ете түсті. Оны сілкіндірген халықтың дауысы еді. Әлгіде табиғат пен кеншілердің айқасын аңдып кілт тына қалған жұрт енді дүр ете түсті. - Ура! Көңілдері сондай шат. Жүздері енді жарқын. Жұмысшылардан тосқауыл болмаса, мынау кілкіп жатқан мұнай теңізін кешіп өтіп, мұнараны тік көтеріп кетердей жігерлі. - Ура! Мұнайшыларға ура! - Халқыңның қуанышын көрдің бе, Нысан? - Көріп тұрмын. Дәл қазір менің көзім өткір, көілім ұшқыр. Мен одан арғыны да көріп тұрмын, Евдокимич! Халқымның Ильичі болды. Әкемнің Никонорчигі болды. Менің жетекшім өзіңсің, айналайын, Евдокимич! Жаңа заманың құтты болсын, мұнаралы өлкем менің!
ЗАРДАП ( Жиырма жыл бұрын) І Ел шетіне жау кіргелі екі жыл. Ұланғайыр Отанның қабағында қатулық, қаруында қан. Аспан көктің астында оққа тесілмеген, отқа шарпылмаған ине шаншарлық бейбіт бұрыш жоқ. Батыс қанаттағы туыстардың елі ойран, жері жау ормандарды сағалаған үйсіз – күйсіз босқын, қалғандары тікенді торға қамалған тұтқын – жау тұтқыны. Жүрген жерінің бәрін қанға бояп келіп, аяусыз жау айдаһар басын Ақ Еділге тіреген. Ал Еділ болса, қазақтардың қашаннанғы Еділ – Жайық екі өзен деп, бөлмей бөлшектемей, телі айтатын, бауырбасты дариясы, егізінің сыңары, Жайығының апасы. Сонымен ұлы соғыстың өліспей беріспейтін сынды сызығы екі арудың ортасында жатты. Бұл – жеңіліс пен жеңістің шебі. Бұл ақыр аяғында Құлдық пен Азаттық деген ұлы категориялардың тоқпақтасып болып, тоқайласып келіп, бірінің екіншісінен үстем болу салтанаты. Бұл жаныңды аямайтын, жауыңмен аяспайтын қанды шайқас. Шарқаттың толықсыған қыз дәурені қылышынан қан тамған осы кезге тап болды. Сондықтан болар, жас болып, жарқырамады. Өзінен бұрынғы сайран салған ұрпақтың үкілі жазын бұл аққулай алмады, күлкілі назын бұл гаккулей алмады. Қарақан басы хан базарға түскен жоқ. Қазақтың қырмызы қырларынан гүл теріп, өз өңіріне қадамады. Билі әуенге билеген жоқ, бірақ солдат етігінің дүңкілі құлағында қалды. Мектептен алған бес жылғы білімін қатал өмір өзі шыңдап, өзі бекітті. Ер балалардың көпшілігі шикі өкпе жастығына қарамастан, қан майданға тіленіп аттанды. Ал сол мектептің қыздары теңізден балық аулаушылар бригадасының мүшелігіне жазылды. Соның бірі – Шарқат еді. Тулаған толқынның өтінде іргесін жалпақ кемеге отырғызған, балық қабылдау пунктінің екі қатарлы шетен үйі тынымсыз билеп тұр. Қос бүйірінен үздіксіз толқын ұрып, аумалатып, көлбетіп тұрған астыңғы трюмнің іші қара – көлеңке, күңгірт. Балдыр исі, балық исі бәр – бәрі қат – қабаттасып, өкпені қабады. Едені тайғақ, лай, шырыш. Өңшең шыбықтай жас қыздар осы бір қайым мен қияметтің арасынан елу кило балық толтырылған зембілдерді талмай да таймай да алып өтіп, тұздықты шандарға салып баптауға тиіс. Асылы ұрпақтар заманына қарай жарқырайды деген рас – ау. Заман қатал. Заман – соғыс заманы. Соның әсері дағы – тал шыбықтай мықындар – бес биенің сабасындай. Үріп ауызға салғандай қуыршақ аяқтарды күрт –
күрт басқан қолақпандай етіктер жұтып қойған. Ақ балтырларды резина қоныштар сарт – сұрт соғады, солқ – солқ сорады. Аяусыз сабалайды. Бота тірсектерді кенеп шалбарлар қажайды. Ақ ұлпа алақандар күс – күс. Тұздық жуған ақ маңдайлар тотыққан. Ақша беттер жарық – жарық. Осының бәрі Шарқаттың көз алдында. Өйткені әлгі зембілдердің бір құлағын ұстаушы соның өзі. - Қолдарың қуатты болсын, қыздар! - Қолғабыс сізден болсын, Нәдір аға! - Жас қыздардың сұраншақ болғаны шәлкем – шалыс! - Жас жігіттің бұлданшақ болғаны әбден намыс, Нәдір аға! - Мен жас емеспін, жасамыспын, қыздар –ау. - Біз бәрін де білеміз, ағатай – ау, сіздің балаңыз бір түйір, әйеліңіз де жап – жалғыз. - Уа, қу түлкідей қыздар – ай! - Өзін өзі шал атаған, ағатай, баяғының шалдары алпысында қыз айттырған, ха! ха! ха! - Баяғының қыздары алпыстағы шалдарды мамыққа сүйреген, ха! ха! ха! - Бүгінгінің қыздары жиырмадағы жігітті балыққа сүйрейді, ха! ха! ха! Балық аулаушы желкенді жеңіл кеме пунктке келіп, байлау арқандарын беркітіп болғанша, кеме мен пункт арасындағы әзіл – оспақ осылайша шарпысып үлгереді. Алдымен пункттің жақтау кенерелеріне сүйеніп тұрған қыздар от тастайды. Соғыс комиссариатының бронымен балық аулау үшін әдейі қалдырылған Нәдір жасының үлкендігіне қарамастан, қыздармен орынды әзілдесіп, ұтымды жауап қайтара біледі. Балығын тапсырып, байлаудан босанған кеме сауыннан қайтқан аруанадай, ақ айдынның төсінде, үнсіз, дыбыссыз маңып барады. Жөргемін желге толтырған ақ желкен аулаушы қайықты ағыстардың арасыменен, өзінің шүйгінді өрісіне қарай, балық жатар жамға қарай жетектеп барады. Ол енді аздан соң, көгілдір аспан мен көк теңіздің астасқан жиегінде жалғыз ұшқан шағаланың қанатындай, аз уақытқа қалықтап тұрады да, сол қайырылмаған қатыгез күні көзбен таса болады. Қабылдау пунктінің жақтауына сүйеніп тұрып, күн астында жарқылдаған әлгі ақ желкенді ақ қанат арманындай аялап ұзатқан мөлдір қара көздер, қой көздер, мөйілдей моншақ жанарлар алысқа ұзатып тұрып өшкен сәуледей мұңая береді, мұңая береді.
Сағындым, Жайық, елдер – ай! Аға да, жеңге, теңдер – ай!
Сағындым, Жайық, сағындым, Жайық! Қосылған арна, көлдер – ай! Қыз бөлмесінің есігінен ән булығып естіледі. Асқақтап, шырқап, жалпақ әлемге жар салып, сайрамайды. Сыбырдан жоғары, шырқаудан төмен, майда қоңыр әуенді кіршіксіз мөлдір үнді қыз даусы бесік тербеткен жас ананың әлдиіндей, құлаққа ұяң естіледі. Жаныңды ма, жүрегіңді ме, әлде бөбек күніңдегі бесігіңді ме, әйтеуір бір тербетіп өтеді. Бесіктің жырындай жұмсақ. Жалғыздық сырындай мұңды. Бірақ егілмейді, еңіремейді. Көкірегінде қатқан шері, қаралы қапасы жоққа тән. Өксімейді, өкінбейді. Қыл қобыздың сарынындай жіңішке, сыңғыр дауыс сағыныш сазын, жалғыздың назын паш еткендей сияқты ма, қалай? Қыз көкірегінің алыста қалған, адасып қалған қимасы бардай, сыйласы бардай екен – ау! Табысуын аңсай ма, қауышуын армандай ма? Қыз жүрегі қайсысын тілейді, сүйген жарын ба, туған жерін бе? Қыз сыры жұмбақ, қыз кеудесі құпия! Сыр сандығы қақпақты. Ал мынау қыздың әні туған жері туралы сайрайды. Онысы тілінің ұшымен білдірген базынасы ғана емес пе, жанының сыры, жүрегінің қазынасы әріде болуы мүмкін. Туған жері бар қыздың сүйген жары да болуы ләзім ғой. Жер сағындым дегені жар сағындым дегені болмаса, қайтсін? Елім дегені, теңім дегені болар ма әлде? Ән сазы ұяң. Қыз сезімі ұялшақ. Ағынан жарылмайды. Әдебінен жаңылмайды. Бірақ әйтеуір қыз жанының төрт құбыласы түгел емес. Кемі бар, кетігі бар. Әйтпесе, ән шіркін, мұңаймас еді. Қанатын бүктеген қырандай қиядан сорғалар болар. Тауықтың ұясындай тар бөлменің есігі жабық, терезесі ашық. Аядай қуысты теңіздің ашқылтым тұздың исі жайлап алған. Қабырғаға беркіткен енсіз төсекте Шарқат отыр. Көзі теңізде, көңілі әлеқайда. Көмекейден төгілген ән шексіз судың бетіндей тербеледі. Ақ көбікті ағыс болып, алыс – алыс ағындайды. Көңілдің толқыны теңіздің толқынына ілесіп, қыз маңынан аулақтап, қара көзден таса болып, жартыкей жанды жалғыз тастап, беймағлұм бір жаққа жал – жал болып, сорғалай жөнелді. Бұлт торлаған көктің жүзі кіреуке көлеңке түскен теңіздің өңі күңгірт. Жалғыздық шеккен қыздың көңілі жабырқау. Ақ желкенді, ақ шағалалы Атыраудың байырғы тірлігі бүгін баяу. Балығы жамға тығылып, құсы ұясына қонып, бір Шарқаттың әнін тыңдап, мұңына елтігендей тынып қалған екен. Кенет осы қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған бейбіт тыныштықты әлдеқайдан күңіреніп келе жатқан бір алып сарын бұзды. Шарқат әнін тыйып үлгергенше пункттің үстімен оқтай тізілген қызыл жұлдызды самолеттер екпіндеп өте шықты. Бағыты батыс. Сонау қиял алысқа дейін көк пен теңізді қатар қалтыратып барды да көзден таса болды. Шарқаттың бойы бұған үйренген. Көптен бері соғыс самолеттері күндіз – түні тынбай өтетінді шығарды. Майданға бара жатқан жедел жәрдем, соғысқа қатысатын қырандар екені айдан анық. Оның үстіне көз жетер
қашықтан соғыс кемелері де қарасын көрсетіп қояды. Түтін де жоқ, дыбыс та жоқ. Үнсіз күйі көк теңізді жарғылап, ақ толқынды көбік – көбік шашыратып, олар да зым – қайым жөнеле береді. Бірақ сол сұсты, суық тұлғасының өзімен ой санаңды дір еткізеді. Барсам, көрсем деген құштарлық туғызады. Ел шетінде, теңіз өтінде жалғыз, жадағай емессің. Панаң бар, қорғаушың біздерміз дегендей, етене жақындық сездіреді. Дүниені дүр сілкіндіріп, дүркіп - дүркін ағылған осынау кемелер мен самолеттер сарқылмаған күштің, таусылмаған қуаттың белгісіндей. Кекті отан опасыз жауынан өш алуға түйілген. Пунктке келіп жатқан газеттер мен журналдар, тынбай қақсайтын радиохабарлар, ұзын құлақтар бәрі де Ақ Еділдің жағасында бір айқастың боларына меңзейді. Көріпкелдердің айтуынша, дәл осы өзеннің жағасына жыландай жорғалап жеткен жаудың басы осы жерде шабылып, омыртқасы осы жерде үзілетін шығар. Бейбіт елге семсер ұстап келген дұшпан семсерден ажал табуға тиісті. Еңкейген кәрісі, еңбектеген жасына дейін азаттығын қорғауға дүрк көтерілген азамат – ел терістігімен төскейін қиыры мен шығысын шоқтай түйініп алып, жарақатты бойын жазып, шын құдіретін танытуға алып тұлғасымен аяғынан тік тұрғанға ұқсайды. Қас пен көздің арасында Шарқаттың әнін үзіп, күйін бұзған әлгі шеру осынау ұлы мақсаттың бір тамшысы екені хақ. Ал соғыс болса ежелден қатал, ханға да қараға да аяусыз. Ол көңілдің хошын төкпейді, көздің жасын төгеді. Соғыс әнге жерік емес, қанға жерік. Бүгінгі қаһарлы таңда өзінше ойлап, өзінше тон пішетін жан иесі болмаса керек. Шарқаттың ойынша қазіргі тағдыр біреу. Ол – Отан тағдыры. Мың сандар мен миллиондардың жеке басы сол ұлы тағдырға бағындар. Бәр – бәрінің тірегі де, тілегі де бірдей. Шарқат та – сол миллиондардың бірі. Біле білсе, бас жарасын жеке жалап отыруға ерікті емес. Бірақ, бірақ адам емес пе? Белі бекіп, бұғанасы қатпаған жас емес пе? Қайда да адамның пендешілігі қалған ба? Шарқыттың жүрегінің қаны сорғалаған, жарақаты жоқ. Шекесіне жіп байлап меншіктеп, қан майданға, жау алдына жіберген еншілі жігіті де жоқ. Соғысқа не әкесі не бауыры қатыспады. Бәрі де ерте өлді. Туғаннан тұлдыр. Тас жетім. Анасыз да панасыз. Жалғыз да жалқы. Бой жетіп балиғатқа толған қимас аулы алыста қалды. Қаршадай басына соғыстың бұршағы борады. Сол соғыс айдап әкеліп, көк теңіздің тереңіне тұтқындап қойды. Содан ба? Арғы төрі әйел заты екендігінен бе? Әлде жетім көкірегінен бе, әйтеуір бір қорғаушы іздейді, қолдаушы күтеді. Әлде біреу жетпейтін сияқты жанында. Бір бейтаныс келіп, иығынан сүйесе елжіреп өтердей, езіліп кетердей көрінеді. Арқасын тірер асқар тауы сол ма екен? Жолығар жолы қашан ұшырасады? Қайда жүрген, кім екен онысы? Жер үстінде, жетім босағада жападан жалғыз қалуға жесірлер көнсе көнер, бойжеткен қыз көнер ме! Салт басты, сабау қамшылы сүр бойдақ па, әлде мынау жұрттың бәрі майданға аттанған, еркегі шөл, әйелі көл сұрапыл заманда, қатынын жіберген қырма сақал қу сирақ па, немесе тіптен гүлі ашылмаған қыршындай уыз ба? Болашағы қайсысы болып қауымдасар
екен Шарқаттың? Бесіктегі нәресте бап тілейді. Жасы жеткен бойжеткен бақ тілейді. Бұл баққұмарлық та, байқұмарлық та емес. Тіршіліктің бұлтартпас заңы. Төрт – бес жыл қырғын болса да бұл заңды бұза алмайды. Өйткені тірлік – мәңгілік, соғыс өткінші. Бүгінгі лаулаған жалын ертең өшеді. Өртенген жердің үсті тағы да гүл жарып, өркен жаяды. Жетімдер жетіледі. Жесірлердің жарасын уақыт емдейді. Өлгендердің мүрделері қара жердің астында, есімдері тірілердің жүрегінде сақталады. Ал соғыстың өзі өлгендерге қайырлы сағат, тірілерге арнаулы сабақ болады. Шарқат болса осынау улы соғыстың атқышы болған жоқ. Ашысы болғаны рас. Өзі мерген болмаса да мергендерге ас әзірлеп бергендердің қатарында еңбек етті. Бұл тұздаған балықтың бір үзімін қара нанның тіліміне қосып жанын жалғаған талайлар кездесер. Қалампырлап, бұрыштап, қаңылтыр – қалбырларға тас бекітіп жөнелткен майшабақтың жонын езуінен майы сорғалап аузының дәмін алғандар аз деймісің? Ас – адамның арқауы. Сол арқауды ширатуға жараса, Шарқаттың да жерде қалмағаны ғой. Осындай қабағат ойлардың сарқыны, Шарқаттың көңіліне қанағат сезімі болып ұялады. Ал қанағат қайда да қарын тойғызған. Әлгідей емес Шарқаттың ойы сейіліп, бойы жеңіліп шапшаң көтеріліп, киіне бастады. Пункте беркітілген аулаушы кемелер сауыны толып, өрістен қайтқан мал сияқты. Күн сайын түс ауған шақта оралады. Шетсіз, шексіз көк теңіздің әр тұсынан әуелі ақ желкендер ағараңдап көрінеді. Соған ере сүйір тұмсықты жүрдек кемелер ағын жалдарынан суырылып шығып, бірінен – бірі озғындап, әр тараптан қаптай бастайды. Алдынан ақ көбік боратып, соңында көгілдір иірім қалдырып, жарасқан кемелердің жүзулері тым сырбаз, үнсіз, салтанатты. Егер балықшы олжалы, балығы қайығымен бетпе – бет болса, қайық кенерелей суға бата жүзіп, су бетінде күн нұрына шағылысқан ақ желкен ғана сырғанайды. Дәл осы кез – қабылдау пунктінің ең бір базарлы, жәрмеңке шағы. Күні бойы қайда қаңғығаны беймағлұм. Шағалалар қас пен көздің арасында қаптай жөнеледі. Қанат қағысып, қаптай ұшып, қайық – қайықтың тұмсығының алдында көлденеңдеп, айран – асыр, мәз – мейрам бола қалады. Жіңішке дауыстарымен үзбей шаңқылдап, қиқу салып, аузына түспеген балықтың қарасына қуанып, ащқұрсақ той тойлайды. Әлде қалай суға түсіп кеткен шабақты қалқып бара жатқан бетінде лып еткізіп, іліп алып, ұзын, бүкір қанаттарын бір рет қағып жіберіп, көтеріле беріп, қылғытып кете береді. Атыраудың үстіндегі құс баласы, адам баласының тер тамызған еңбегіне қаралай мәз болып, атой сала жүріп, шетке шыққанда қағып – сілкіп жұтып жіберуден әсте бір қаймыққан емес. Ал адамдардың көңілдерінің хошы мен сөздерінің төркініне аулаған балықтарының мол, аздығы септігін тигізуде. - Қайығыңызда балық толтырмаған қуыс жоқ. Төңкеріп жіберіп, түбіне де тиеуіңіз қалған екен, Елеусін аға! Мұны бастаушы тағы қыздар.
- Айтпа, қарағым, айтпа! Айтсаң да тілім тасқа деп айт. Тіл мен көзден өлердей қорқамын. Аспаннан киіз жауғанда, маған ұлтарақ тимеген кездерім көп өтті. Қазан аузы жоғары болған күнім екен бүгін. Түкір, қарағым, түкір. - Түкірдім ендеше! - Бәрекелде. Қыздың көзі өткір, кестенің бізі өткір деген. Түкіргенің жақсы бопты. Біздің кемпір үнемі түкіріп отырады, байғұс. - Кемпіріңе де түкірейін бе, аға? - Көзіңнің сұғы болса, түкіргенің мақұл. Аман жүрсін. - Түкірдім ендеше! - Аяғымыздың астындағы тепсең ойылмайтын жарықтық қара жер емес. Түбі жоқ зынданның төбесінде, тұңғиықтың қыл көпірінде жүрміз. Аунап кетсек, ақыреттен бір – ақ шығарымыз хақ. Ырымшыл болғанымыз дұрыс, қарағым. Әулие ғой, жарықтық біздің кемпір. Ырымы беріктің тұғыры берік деуші еді. Әулие емей, кім енді? - Кемпіріңізден ығыстайсыз – ау аға? - Ығыстауды айтасың – ау, қарағым. Тұп – тура ығып кетемін. Дауылға ұшыраған қайықтай басы бүтін ығып кететін. Дауылға ұшыраған қайықтай басы бүтін ығып кетемін. Бетіне жел болып келе алмаймын, мүлде. - Қатты сыйлайды екенсіз онда? - Сағынып жүрмін. Адамның тұрағы – үй, аңның тұрағы – үңгір емес пе, қарағым. Жалыны лаулаған ошақ қайда қалды, мамығы қаулаған төсек қауда қалды! Күңкілі болса да, күркірі жоқ кемпірім қайда? Шаршадым тәмам! Ер етігімен су кешкен, ат ауыздығымен су ішкен соғысы құрғыр қашан тынады? Жау қашан қырылады? Ер азамат кеудесін оққа төсеп жүргенде, тілазар шалдың арқасын отқа қыздырып жатқаны өлім – дағы. «Қоянды қамыс өлтірер, ерді намыс өлтірер», сол рас сөз, қайрат емес, әншейін бір ашынған айбат. Қар төсеніп, мұз жастанып, оқ астында жау торып жүрген жанкешті жұртқа ұсынған бір майшабақ бір майтабақ дәм болып той ғызар, дем беріп тұрғызар селебелі кезең қазір. Қайыққа сол үшін міндік, қарттықты сол үшін жеңдік, қарағым. Жастары жау жаулаған, қарттары ау аулаған қилы кезең қазір, қызым. Уа, мына екпіндейтін қара қайық кімдікі? Пай, пай, пай! Шебер екен де жігітің. Желдің оңына оқыс бұруын қарашы! Талай асаудың құлағында ойнаған қу ғой мынау. Ойқастайды екен – ау азаматым. Е, Нәдір екен ғой. Нәдір болса, сөз қысқа! Балығын тапсырып болған Елеусін қария белін жазып, демін алып, пунктке таяп келген кейінгі қайыққа қарап, риза көңілмен сөйлеп тұр. Сөйткенше Нәдірдің қайығы да жетіп үлгеріп арқан тастады. - Хош келдіңіз, Нәдір аға! - Амансың ба, Шарқат! Нәдір күндегідей артық жарқылға бармады. Пункттің палубасына алдымен қасындағы серігі Бәкірді сүйеп шығарды.
- Қыздар, көмектесіңдер! - Бәкірге не болды? - Кешеден бері ауырып жатып қалғаны. Қыздар балаң жігітті жан – жағынан қоршап келіп, хал – жағдайын сұрап, қолтықтап алды. - Өңі құп – қу ғой. - Тұла бойының қызуынан болар. - Дәрігерлік бөлмеге апараййық. - Дереу қалаға жөнелту керек. - Комбинатқа мотор жүргелі тұр. - Соған отырғызыңдар онда. Үлкен доқтырға жетсін. - Уа, Нәдір не күн көреді? Жалғыз қала ма? Жалғыз жүріп балық аулай ала ма? Әй, кідіріңдер, ақылдасайық! - Балық, балық деп баланы өлтіреміз бе? Жіберіңдер доқтырға! Ауру жігіт қалаға жөнелтіліп, шаруа жайғасқан соң, пункттің меңгерушісі өз кабинетіне қыздарды түгел жинап алды. -Жағдай ауыр жолдас – қыздар! Бір аушы ауырып кетті, бір қайық адамсыз қалды. Жоспар пышақ үстінде. Пышақ жау қолында. То есть жолдас – қыздар! Аулаушы кемені тоқтатқанымыз – жаудың қолына пышақ ұстатқанымыз. Так! Как майдандағыдай бізде де фронт па? - Фронт! - Олай болса Нәдірдің қасына көмекші болып кім барады? Бұл өтініш емес, жолдас – қыздар, бұйрық. Бұл да фронт па? - Фронт, ағай, фронт! - Ойлануға бір минут уақыт. Ұрыста тұрыс жоқ! Бұл да фронт па, жолдас – қыздар! - Болғанда қандай, фронт, ағай, фронт! Меңгеруші мен қыздардың арасындағы әңгіме осындай әзілқой күйде өткенмен, бастық сөзін аяқтап төр алдында ерсілі -–қарсылы жүре бастағанда, қыздар үн – түнсіз ойланып, отырып қалды. Басшының мәнері күлкілі болғанымен, сырлы шындық. Аулаушы кемені жұмыссыз қаңтаруға болмайды. Осынау қыздардың әйтеуір біреуі сыбанып шығуы керек. Нағыз болмаса, бастықтың өзі сен барасың деп саусақ шошайтуға хақылы. Бұл – қатал шындық. Бұл – соғыс шындығы. - Жолдас – қыздар, жарты минут! - Аһа! - Жолдас – қыздар, қырық бес минут! - Оһо! - Жолдас – қыздар!... - Мен барамын!... - Уһ! Қыздар дауыс шыққан жаққа түгелдей жалт қарады. Оң қолын көтере ұстаған Шарқат, шеттегі жұпыны орнынан асықпай тұрып келе жатты.
ІІІ
Аулаушы кеменің тұмсығындағы аядай қуыс. Шарқаттың жатып өретін мекеніне айналғанына қай заман. Балықшы қыздың барлық тірлігін шексіз теңіз билеп алды. Күндіз – түні көретіні көк толқын. Еститіні алып сарын. Аспан биік, су терең. Соғыстың қатал заңы жер басуға жаралған адамды суда жүзеге мәжбүр етті. Барша дүниеде ұлтарақтай құрғақ қалмай, суға қалқып кеткендей. Толқын тербеп ұйықтатады, толқын тербеп оятады. Күннің көзі де теңізден шығып, теңізге батады. Бір кездегі, Шарқаттың қызалақ күніндегі қырда жарқырайтын жұлдыздар, бүгіндер суретін суға түсіріп, айнадан қарағандай шүпірлейді. Айлапат теңіздің үстімен жайдақ шамды көтеріп жүргендей, толқыннан толқынға ауып түскен ай сәулесі бишінің көйлегіндей құбылма, сынаптай сырдаң. Жыл мезгілі күзге айналған сайын, теңіз үстін қорғасындай қоңыр бұлттар құрсаулап, қараңғылық ерте түсетін болды. Күннің батып, ымырттың үйірілуін аңдып тұрғандай, жел қатайып, толқын күшейіп, әлде нелер үріп, әлде нелер ұлып, сарнай жөнеледі. Шарқаттың кірпігі айқаспай шығатын түндері осылар. Мұндайда ол тілдей сәкінің үстінде дөңбекшумен таң атырады. Орнынан қайта – қайта тұрып, құтырынған теңіздің түнгі сарынына құлақ тігеді. Сырттағы толқынның тоқпағынан дір – дір етіп, жол – жолымен қақырап кетуге әзір тұрған тақтайлардың салқын қабырғаларын алақанымен сипалайды. Адам баласы қашанда жалғыздыққа төзбейді. Ес болғанды, екеу болғаны көздейді. Түнерген түн мен дауылды теңіздің тұтқынында отырған Шарқаттың да дәл қазіргі бар тілегі, зар тілегі – сол. Мынау адас – күрес аласапыранда, көзін байырқататын. Көңілін аулайтын бір жан иесі болса, шіркін. Ол адам баласы болмай – ақ иттің күшігі, ешкінің лағы болса да мейлі. Қойны – қонышына сүйкеніп, бауырына кіріп, осынау ғаламат сарынан бірге үркіп, бірге жасқанып, жалғыздықты тілсіз бөлісіп, аяққа оралғы, қолға майда, көзге алданыш болып жүрсе ғой, тегі! О, ғажап! Өңімбе мынау ақаусыз, әлде алдамшы түсім бе? - Нәдір аға, Нәдір сенбісің? - Иә, менмін, Шарқат! Есік деп аталатын қос қайырманы ішке шалқайта қайырып, баспалдақ орнына қойған егіз тепкішті бір – ақ аттап, Нәдір күркешенің ортасына дік ете түсті. Кіруін кіргенмен, аласа төбеге тірелген сұңғақ бойын тіктей алмай, бүгежеңдеп ыңғайсыздана берді. - Келіңіз, отырыңыз, Нәдір аға! - Отырайын, ұлықсатсыз кіргенімді айып етпесең болды. - Келгенше қонақ, келгесін қонақ иесі ұялатын әдет қой қашанғы. Су жетеді. Айып болса жуылар. Шайылар да кетер. Уақасы жоқ. - Мына дауылда жалғызсырап отыр ғой деп келдім.
- Біріміз қайықтың тұмысығында, біріміз құйрығында кеш болса бұға қалатынымыз рас. Олай – бұлай бола қалса, көріспей кетеміз – ау деп қорқатыным тағы рас. Бері отырсаңызшы. Сіз дауылдан бұрын менен қорқасыз – ау тегі. - Дауыл – толқын. Сен – отсың ғой, Шарқат. Адам оттан да судан да сақ жүруге міндетті. - Теріс айттыңыз, нәдір аға, адам суға жаурайды. Отқа жылынады! Ұтылғанын сезген жігіт тілін тістеп отырып қалды. Ей, әділет – таразы шыныңды айтшы. Ағыңнан жарылып, адалыңнан сөйлеші. Ұлы сөздің шөресін айтпай, төресін айтқан мына қызда кінә бар ма? Отпен қыздың жылуынан естілердің күйі түсер, ессіздердің миы түсер деген осы да. Дал болдың – ау, Нәдір – әпенді. Соғысты қатал әмірі ме әлде тағдыр жолдарың тоғысты ма, қай жолмен болса да, бойжеткен қызбен көк теңіздің құшағында оңаша қалғаның ақиқат. Ел тұрмайтын аралда екеуден – екеу күй кешкендей күйдесің. Шындық керек болса осы, шымылдығы басыңда құрулы тұр. Ақиқат керек болса осы. Жалғыздықтан мезі болған, шайнайтын нан сұрамай, ойнайтын жан сұраған арманды қыз алдында ағынан жарылып отыр. Тартынып отырған қыз жоқ. Алқынып отырған қыз қасыңда. Етегіңе намаз оқыған сұпы емессің, Нәдір. Жетегіңе толқын жетектеген ерсің. Алысқа шаппасаң шаппа, еркектердің намысына шапшаң қанағат. Жасаңдау қыздың масаңдау ләпсісін тоятта! О, пәлекет, қызылға үймелеген құзғындардай, пиғылдары – құрғырлар – ай! Жабыла ұшып, жалп – жалп қонақтап, қияға емес, құрдымға сүйрелеуін қарашы түге! Тәтті піскен қауындай шырыны сыртына тепкен қыз бой жетіп толысса, көлденең көк аттының жемтігі үшін бе екен? Елінен шетке, қатар құрбыдан оқшау шықса, онысы соғыстың салқыны. Бейбіт күндері бұрынғыдай басында тұрса үйірінен айырылар ма еді. Аққудың балапанындай адасар ма еді? Теңі қайда бұл қыздың? Қай тарапта? Жауынгерлік сапта. Оң қанатта! Болашақ махаббаты қайда? Қан майданда! Сүйерінің есімі кім, аты кім? Белгісіз солдат! Сонда солдаттың сары майына сақалды басыңмен сұқтанғаның ба, Нәдір. Жоқ! Жоқ! Жоқ! О, әзәзіл пиғылдар! Нәдір шапшаң көтеріліп, орнынан тұрды. - Мен якорьды қарап келейін, мықты ма екен. Ығып кетіп жүрерміз әйтпесе. - Сіздің якорыңыздың мықты екендігін мен осылай да сезіп отырмын. - Сауысқан сақтық бас жармайды, Шарқат. - Хас еркектің үлгісі қыран емес пе? Аузыңызға сауысқан қайдан түсіп тұр? Қаққылап сөйлеп, қағыта сүйеніп отырған қызбен Нәдір артық таласпады. Орнынан тұра беріп, шайқалған қайықтың екпінімен тұлғасы ауа бергенде, Шарқатты еріксіз құшақтай алды..
Қас қағымдай уақытта балғын денесінің дір ете түскенін аңғарды. Сол сәтте қолын тартып алып, ауытқыған тұлғасын меңгеріп, лап ете түскен сезімдерін сөндіріп, есіктен шығып кетті. Шарқат тағы жалғыз қалды. Әлгідей емес, көңіл күйі бір мысқыл сейілгендей екен. Нәдір жанында аз тұрақтады. Сол азының өзі жұртына рулы ел қондырып кеткендей ажарлы. Күркеге шам, көкірекке шырақ жаққандай нұрлы. Ендеше сенімі берік, серігі иек астында. Әбден таусылып, елегізбесе де, елеңдемесе де болады екен. Жалғыздық пен жалқылық, жетімдік пен жесірлік қазір кімнің басында жоқ? Еркегі түгел шаңырақ бар ма? Төрт тағаны бүтін ошақ бар ма? Қаршадайынан жетім өскен қыз қыңқыл – сыңқылдық еркесі болмаса керекті. Көрпесіне қарай көсіліп үйренген сияқты еді ғой. Көк теңіздің төсіне күй таңдауға келген жоқ. Бай таңдауға да келген жоқ. Балық аулауға келгені қайда? Теңіздің дауылы жайлаудың ауылы емес. Шыдасаң шыда; шыдамсыз болсаң, шым бастырады. айқасу болар, аясу күтпе бұдан. Көздің жасы қайсы? Судың тамшысы қайсы? Бәрі баяғы ылғал мұнда. Анаңнан еркек кіндікті болып тумадың. Бірақ еңіреп жүріп, егіліп жүріп ерлердің ісін жалғастыруға жаралғансың. Соғыста бой жеттің. Ақ шуақ күніңді бұлтқа ораған соғыс. Аяулы жастығыңды күйреткен де соғыс. Талайыңа тас, маңдайына мұз жаудырған да сол соғыс! Соғыс! Соғыс! Соғыста бой жеткен қызсың, соғыстағыша көнбіс, төзімтал бол, аяулым. Жетім өскенің рас. Әке мейірімін, ана құшағын көрмедің. Жатқа жалтақ, жақынға күйкі болдың. Аямағандар да, аялағандар да кездесті. Бірақ бәрі де ғазиз анаңдай қайдан болсын. Жалғыздықтан өзгеше үркектейтінің сондықтан шығар, үркегім. Жетім ботадай боздап, енесіз қозыдай еңіреп, көзіңе көрінгеннің бәрін жақын тұтқан жартыкей көңілің жалғыздықтан зәрежап болды ма екен мүлде? Әкең мен шешеңді алып жетімдік бір қайырлатты. Тоқпақтан арылмаған шүйкедей басың қорғанышқа ділгер болмай қайтсін – ау. Үйірсек болғаны да бір ғанибет. Жетім көкірек, тас бауыр болып тағыдай тосырқап өссе, жетім қызды кім жолатар? Ата – ананың аясын көрмеген жетімнің адамзаттың панасын іздеуі айып па? Өзінің ойларын осылай сабақтап жатып, Шарқат ақыры көзін іліндірді. Теңіздің таңы атты. Жел тынған. Толқын басылған. Шарқат үйшігінен шыққанда, Нәдір желкенді көтеріп, қайықты тайыздан шығарып, ау құрған тұсқа бояу бағыттап әкеледі екен. Тыныш атса, теңіздің таңы сұлу. Ақ тымық самал – салқын жағалай нұр. Таң нұры. Қазір күн шығады. Теңіздің беті ару қыздың маңдайындай жарқырайды. Күн астынан бастап, бояу қаның санау көк жиекке дейін алтынның буына ұстағандай, сарыжалқын ағындар жүгіре жөнеледі. Олар бір жүгіріп қоймайды. Мың жүгіреді. Қуыспақ ойнайды. Қарсы шаппайды, қақтығыспайды. Біріне бірі өкшелес сырғиды. Өйткені ағынның жөні
желдің лебіне бағыттаса, бағынышты. Қытықшыл қыздың күлкісіндей ағындардың сылдыры ұяң, сыңғыры нәзік. Теңіз беті күн шыққанға дейін ғана сан – сапат сәулеге оранады. Ал күн көтеріле бастағанда әлгі ойнақы сәулелер жоғалып орнына қақтаған ақ күмістей, жарқыраған ақшыл нұр құйылады. Бұл кезде ағындардың да ойына қалып, сейілдей қайтқан бөбектердей жуасып, желдің күшіне қарай кейде аласа, кейде биік толқындарға жол береді. Жаңа күннің әзілкеш бала мінезі ұйқыдан оянған кәрі шалдың қытығына тиіп кетіп, қақсал ашуының алдында жым болады. - Бүгін де ауыңыз көздеп қалсын, Нәдір аға. - Айтқаның келсін, Шарқат. Қайырлы таң! Ұйқың қанды ма? - Сіз менің көз жұмарым болыпсыз, Нәдір аға. Сізден кейін қатып ұйықтап, тыңайып алыппын. - Ым, м.. кәне, қазан аузы жоғары деп тартып көреміз бе ауды? - Бастаңыз, Нәдір аға. Желкені түсірілген қайық су бетінде тізілген қалытқылардың оң шетінен келді де, ернектен суға еңкейген Нәдірдің салмағымен бір жамбасқа жантая берді. Ендігі сәтте Нәдір де, Шарқат та үнсіз қалды. Оның есесіне қайықтың жақтауына сарт – сұрт соққан қалытқылардың дыбысы, түпкі бөгендерге бастары мен құйрықтарын ұрғылап, тулаған балықтардың сартылы естіліп тұрды. Нәдірдің кәсібіндегі бұл бір шабытты минуттары болатын. Бар денесін қайықтың ернегіне жыға, екі қолын шынтағынан ауға малып, тереңге құлап кетердей үңілген жігіт бұдан өзге дүниені тарс есінен шығарған қазір. Үлгерген балығын ау торынан босатып, үлгермегенін солайша лақтырып, ай – пайға қаратпай, ауды қопарып қарс қылды. Жиналған аудың жетегіне ерген қара қайық ұршықша үйіріледі. Кейде бір орында табандап тұрып шарқ айналса, кейде ау арқанның бойын қуалап, зар жүгіреді. Жан ұшыра жүзген сол жолында алтындай сарғыштанған жалпақ сазанның күмістей қақталған оқтай түзу көксеркенің неше бірін аударып, тиеп сәт санап ауырып барады. Ау тарту аяқталды. Нәдір еңсесін тіктеді. Ентіккен демін басты. Күртесінің су – су жеңімен маңдайдың саулаған терін бір сүйкеп өтті. Әбден малшынған мата қолғапты сыпырып тастап дымқыл алақанымен самайдан төмен сипады. Алақанның ылғалы оттай дуылдаған екі беттің қызуын басты. Шынтағын тізесіне тіреп жүресінен отырды. Етігінің басы қонышына дейін үйілген балықтың астына көмілді. Ал балықтардың да алғашқы пәрмені саябырлады. Желбезектерін аңқита ашып, жапзып, жуаси берді. Сөзді Шарқат бастады: - Нәдір аға, мінеки біз екеуден – екеуміз бір дивизияға түстік, әзірледік. Нәдір мырс ете түсті. Қыз тым асырыңқырап жіберген сияқты. - Бір ротаны тойғызсақ та жетер. Шарқат берісер емес:
- Ал біздей екеулер қанша? Біздің пункттің өзіне қанша бригада беркітілген. - Мұныңа дауым жоқ. - Ал соғыстың ақыры әлі көрінбейді, - деп күрсінді Шарқат. - Өңменденген жауды тоқтатуға жарадық қой, Шарқат. Енді тоқпақтауға да әліміз келетін шығар. Оның арты – жеңіс, Бейбітшілік. - Бәрімізге арман болған Бейбітшіліктің өзіндік сорттамасы болатын шығар – ау. Жұрт соғыстық, жау қайырдық дер. Біз не дейміз, Нәдір аға! Теңізді тегістедік дейміз бе? - Адамдар аштығында жеген құйқасын тоқтығында ұмытпайды деген бар. Біздің де бұл шайқаста орнымыз болар, салмағымыз өлшенер. Әңгіме соғыстан кейінгі атақ – даңқты бөлісуде емес. Жеңіс үшін үлес қосуға мүдделіміз. Сол қымбат. Балықты сайран үшін емес, майдан үшін аулап жүрміз, сол қымбат. - Қымбат – қымбат сезімдеріңіздің бәрі осы ма? Әлде тағы бүккеніңіз бар ма, Нәдір аға? - Туып өскен елім қымбат. Кіндік кескен жерім қымбат! Сәбиім, жарым, қара орманым бәрі қымбат маған, Шарқат! - Сол қымбаттардың ішінде мен барамын ба, турасын айтшы, Нәдір аға! - Кемеге мінгеннің жаны бір, Шарқат! - Бірақ жан сырымыз, жүрек соғуымыз бөлек – бөлек, Нәдір аға. Жігітті осыған әкеліп тіреген қыз тағы да мұңайып қалды. Жетім көкірек бұдан арғы ойнақы жарқылға оза алмады. Сөзбен қақпақылдап отырып, төргі сырын ашып алды. Жан жарасын қанатты. Сонысы жеткілікті. Жыртық көңілді жел сөзге жеңдіргенмен, жетім қозы жалқы күйін күшпен жалғай ала ма? Бір қайырлы күнде соғыс та бітер. Бозторғайы сайраған бейбіт өмір туар. Солдаттар да қайтар елге. Кебенек кигендер келер, кебін кигендер оралмас сіра да. Қу жетімді де біреу іздеп келер сонда! Шарқаттың қазіргі халын Нәдір жүрегімен езіле түсінді. Жарқырар көгін, жадырар күнін күтеді бұл қыз! Қасына жақсыдан жарты қосылса, жас қыздың төрт құбыласы түгелденер еді. Осынау соғыстың өртіне керегесі шалдыққандардың бірі ғой бұл. Сенері мен ғой сонда. Қасындағы бары да, қосын артар нары да мен екенмін – ау шынында. Сырымды саған айтпай, кімге айтайын, көзіме көрінгенім сен болған соң деген осыдағы. Ал мен ше? Мен неге соқыр қозыдай түртінектеймін. Еркек басыммен қасымдағы бір жетімді жұбата алмасам, мыңдар қалай жұбанар? Соғыстың ағызған көл – көсір жасын кімдер, қалай құрғатар! О, тәуекел, тәуекел деңдер еркек кіндікті жер үсті! Соғыс салған бір ауырлықты арқаламасқа бұдан әрі амалым жоқ. Әлде неге мегзеген қызды сезбеген еркек қор! От алмайтын еркек болғанша, тұтанбайтын келтек бол. Әттеген – әй, үйімде жарым бар, бесікте жаным бар. Қарыздармын бәріне, қарыздармын! Бір ауып, бір ысынған жігіт шыдамады. Орнынан ұшып тұрды.
- Шарқат, айналайын! - Нәдір аға, аяулым. Нәдір Шарқатты құшағына орай түсіп, сәл іркіліп тұрып қалды. - Жоқ, тоқтау жоқ енді!
Шарқаттың босанар күні жақындаған сайын, Нәдір тереңге түнемей, теңіздің тайызын сағалай берді. Ауын қанша алысқа құрса да, таңертеңгі лепке желкен көтеріп, оған таяудан қосып, жетіп үлгеріп жүрді. Шарқаттың жағдайын пункттегілерден қанша жасырғанмен болмады. Сұңғыла қыздар жазбай таныды. Пункттің меңгерушісі Шарқатты ауылда босандыруға жан салып еді, қысқа жіп күрмеуге келмеді. Кеш қалды. Ақыры Шарқат қайықта босанды. Шығыстың сырғыма жүрдек желі соққан бұл бір ағынды түн еді. Әдетте шығыстың желі бір көтерілсе, апталап тынбайды да, табан да аудармайды. Оң қабырғадан соққан жел қайықты шайқалта берді. Шарқат үйшігіне кірді. Тілдей төсегіне қисайды. Бірақ тынши алмады. Қос бүйірі кезек ұйып, қайықтың аумалауымен қосылып түйгілей берді. Әлсіз ыңырсып орнынан тұрды. Мас адамдай теңселе жүріп, бұрыш – бұрышқа басын соға жүріп, есіктің маңдайшасындағы кенереге жабысты. Барлық салмағын екі қолына салып, асылған күйінде ұзақ тұрды. Тыныш мекен тауып, қайығын байлап, жатағы шаруасын алас – қапас аяқтап, Нәдір ішке кіргенде, Шарқаттың қолы қарысып қалған екен. Нәдірдің құшағына сылқ түскен ол, сол күйде босанды. Бірақ Шарқатқа дүниеге нәресте әкелген ананың ере келетін қуанышы жоламады. Бөбегіне еміренбеді. Асты – үстіне түсіп, көрінгеннен қорғаштап, қызғыштамады. Қол – аяғын бауырына жинап алғанша, үн – түнсіз, мең – зең күй кешті. Бүгін енді жаялықтарды жуып жайып, баласын өзінің ескі көйлегіне орап, құндақтай отырып ағыл - тегіл егіле берді. Нәдір тыста қайықтың қамымен жүрді. Жалғыз еңіреген Шарқаттың үні шықпады. Сондықтан оған ешкім бөгет болған жоқ. Ешкім жұбатпады. Жас жуған ернінен күбір еткен үні шығады. - Бітті, бәрі де бітті! – осы екі ауыз сөз қыз көкірегінде запыран болып талайдан ұйыған, қапа менен шерін суырып алып шықты.Жұқарған жүйкесін суық темірмен қарығандай, қалтыратып жіберді.Бойдан жылу, қол – аяқтан дәрмені кетіп, біраз отырды. Содан соң маңдайынан шып – шып тер шықты да, мүше – мүшесі тірлік тынысын танытып, қан қызуын қайта тапты. Сол сәтті күткендей ерні еркінен тыс қайта күбір ете түсті: -Бітті бәрі де! – осыны айтты да, тізесінің үстінде қол – аяғын шолтаңдатып, тырбынып жатқан баласына қарады. Кірпігін қақпастан ұзақ қадалды. Бірақ не бауыры иіп, не көкірегі елжіреп, жүйкесін босатып, аналық мейірім танытқан жоқ.
Тек қана қымтап, жабуға міндетті екендігін ұқты. Нәдірдің киімдеріне орап, кішкене нәресте Қанипаны қуыршақтай етіп, қасына тастады. Бір тәннің екі жарындысы болғанымен, бұл бір бөлек, ол басқа бөлек күйінде, екеуі екі жерде шынайып қала берді. Дәл қазір ол баласынан бұрын өзінің бас мұңын таусыла ойлап кетті. Алдымен өзінің қыз дәурені бітіп, босанған әйел, тұмса келіншек болғаны ойына оралды. Бұл халін сезімдер таласынсыз, түйткіл, күдіксіз шешті. Сөзсіз мойындады. Қазір тып – тыныш жатқанымен, енді аздан соң, шыр – шыр етіп жылай бастағанда, мына нәрестені бауырына алуға тиісті, емізуге тиісті екендігін түсінді. Сонысының өзімен – ақ түйнектей ғана бұл тіршіліктің өзіне әмір жүргізе бастайтынын ақиқаттады. Қыл елі қасынан шығармай, аттаса айқайын салып, жіпсіз байлап, қақитып отырғызып қояр әлі. Ерінсе, қонып, еріксе, көше беретін қыз еркіндік хош бол енді! Байқап, байыптап қараса, қыз дәурен, қызық дәурен дегеннің өзі құс сайранындай, бас – аяғы бес күндік екен ғой. Жаңа бой түзеп, гүл ата бастаған қыз сорлының өзін – өзі қамшылап, әлденеге асыға бастайтыны несі? Кәрі қыз атанбаудың жанталасы болар ма? Бұл неге асықты? Ойнақтап жүріп, от басып алды. Жеңілтек мінез жоқ еді ғой мұнда? Өмірдің жылуын іздеп шығып, жылымына жығылғаны ма? Тең құрбының ұлысы болмай, махабаттың ұрысы болғаны несі? Өзінің бақталайын күтпей, ыссылай сұғынып барып, бүтін ошақтың отын ұрлады. Әйелді ерсіз, баланы әкесіз қалдырды. Махаббат па бұл, жоқ! Бұл Нәдірді талпынып сүймеді, тартынып сүйді. Аш тартары болды, іңкарлығы болған жоқ. Жалғыздықтың түнін сейілтетін шырақ іздеді. Бірақ енді қалған өміріне Нәдірден алыс жүрсе де таныс жүруге міндетті өз жолы қайда бастаса да, соңынан қалмай еріп жүретін көлеңке байланды. Махабатта некелескен жар болмады. Тағдырлары төтелескен жан болды. Енді қалған жерде төсекке таңылмаса таңылмас, бірақ өсекке таңылары қапысыз. Жүрегінің бір түкпірінде Нәдірдің лауламаған оты қалды. Қолынды баласы қалды. Нәдір әлденеше рет сөзге тартып, келесі тағдырлары жөнінде кеңеске шақырғанда да Шарқат міз бақпай қойды. Тек қана нәрестенің атын Қанипа қоюға көнді. - Жау өлердей соққы көрді. Соғыс жеңістің соқпағына түсті. Енді аз уақытта жеңіс, Шарқат, біздің Жеңіс. Елге барамыз, бірігіп өмір сүреміз, Шарқатжан! - Сіз өз еліңізге, мен өз еліме барамын, Нәдір аға. - Қанипаны бірігіп бақпаймыз ба? - Сіздің балаңыз бен жұбайыңыздың оттарын бір рет ұрладым. Сол жетер маған! - Бұлайша, күйінбе, Шарқатжан, өмірде өлу – қайғы, туу – бақыт. Сен өмірге нәресте әкелдің. Ол соғыста қаза тапқан миллиондардың орнына келген бір тұяқ. Қасиетті ескерткіштердің етегіне өсірген бір гүлің. Ол гүлді дүниеге сен әкелдің!
- Жұбатамын деп, жылатып аларсың, Нәдір аға, қайтесің? Осыдан бірнеше күн өткенде, Қанипаны баурына қысқан Шарқат өзен жағасындағы елде тұратын апасын іздеп шықты. Сұрастырып тапқанымен, үйіне кіруге батылы бармады. Қанипаны ораулы күйінде табалдырықтың үстінде қалдырды. Өзі басы ауған жаққа қаңғып кете барды... Жалғыз басты Нәсипа табалдырығының алдындағы ораулы баланы көргенде, бойы мұздай болды. Суық сорған нәрестенің іңгалаған даусынан оның адам баласы екендігін ұқты. Сонда да тура барып құшақтай алмай, орағытып өтіп, шарбағының үстінен айқайлап көршісін шақырды. - Ғалия, ойбай, Ғалия! - Әу! - Бері кел, ойбай! - Ойбайлама, көксоққыр! - Кел деймін, ойбай! Қоярда – қоймай бебеулеп тұрып көрші кемпірді. Екеулеп үңіліп баланың бетін ашты. Әрлі – берлі айқайға басысты, дауға салысты. Қайдан, қалай тап болғандығын жорамалдасты. Ақыры құдай берейін десе, құндақтап жіберіп, аспаннан да лақтырады деген тұжырымға келісті. Сөйткенше Қанипа бар даусымен жылай бастады. Енді екі кемпірідің баланы үйге алып кірмеске амалы қалмады. Баланың омырауын ашып қалғанда, тілдей қағаз көрінді. Оны жүгіріп барып мұғалім қызға оқытып әкелді. Былай деп жазылған екен: «Нәсипа апа! Бұл сіздің қызыңыз болсын. Аты - Қанипа». Қанипаны құрғатып, жаңадан жаялықтап болған соң Нәсипа шайнек көтерді. Қуырмаш бидайлы, жұқа собалақты дастарқан жайылғанда, құтты болсыншылар да көбейді. - Уа, сен оздың, Нәсипа, қартайғанда қыз тудың. Бауы берік болсын. - Шұнақ кемпір, алжығанда етегің қанады. Саған ем болмас! - Айтқандарың келсін. Аулшы. Былай шығыңдар. Шайға келіңдер. - Шашы сары емес пе, әй. - Көмірдей. - Көзі ше? - Мойылдай. - Онда қара қазанның өзі екен. - Сандалма, нағыз бөтеке бет, тәмпіш танау, оймақ ауыздың өзі. - Кім болса да ұзағынан сүйіндірсін. - Иә, қайырымен болғай! Бұдан соң ертемен бала көтерген бір әйелдің Нәсипа апаның үйін сұрастырып жүргені әңгіме болды. - Онда Нәсипаға арнайы келген болды. - Құдай қашанда жақсыға сілтейді ғой. Келіншектің Шарқат екенін ешкім де ойлап таба алмады. Өйткені Нәсипа Шарқаттың туысы емес, жетім қыздың маңдайынан көп сыйпаған ең аяулы алақандардың біреуі ғана еді.
... Арада жиырма жыл өтті. Ал Шарқат болса, сол кеткеннен мол кетті. Туған өңіріне оралуды хош көрсе де, батылы жетпеді. Ауыл ішінің танығыштығын ескеріп, өзінің таңбалы күйін ойлап, өзен жағасындағы үлкен қаладан күнкөріс тапты. Бірақ есі – дерті ел жақта, Қанипаның қалған жағында еді. Он жылдықты аяқтаған Қанипа сол қаладағы мәдениет қызметкерлерін даярлайтын оқуға барды. Шарқат онымен талай рет кездесті. Бірақ қашанда бетпе – бет келмей, тайып жүре берді, немесе көз көрім жерден соңынан еріп отырып, ұзақ – ұзақ ұзатып салды. Халқы сеңдей соғылысқан мынау байтақ қаланың көшесінде Шарқат шыңғырып жібере жаздап, шаққа шыдады. Онда да көмекейдегі өксігі тынысын бітеп тастады. Қанипа жөніне аттап үлгергенше, көзінің жасы егіліп жүре берді. Әлгіде Қанипамен кездесерде сүйелген бағанадан үздігіп кете алмады. Санасы тұман, денесі дәрменсіз күйге ұшырады. Қанипа оқуын бітіріп қаладан кетті. Ұзамай Шарқат та елге оралды. Қанипаның жұмысына орай Нәсіпаның үйі Нәдірдің бұрынғы колхозына көшіпті. Балықшы Нәдір Жеңістің келесі жылында суға кетіп қайтыс болған. Артында қалған ұлы – соқталдай жігіт. Нәдірдің әйелі Зипа – бұл күнде сарықарын бәйбіше. Нәсипа әбден қартайған. Шарқат мұның бәрін сырттай білді. Өздеріне жүздесуге сан рет оқтанса да, баяғы сол батылсыздық жол байлады. Шарқат алдымен осы кемпірлер туралы ойын түйіндеді. Зипа туралы, Нәсипа туралы, қала берді өзі туралы пікір саралады. Талайлардың отының басына ойран салған соғыс бітті. Ел қайтадан көгергелі жиырма жыл. Бүгінгі кемпірлердің көбінің күйеулері соғыста қаза тапты. Бірақ оттары өшкен жоқ. Өшірмеген – осы кемпірлер. Бірінен қалған ұлды, екіншісінен қалған қызды ер жеткізіп, бой түзеткенде – осы кемпірлер. Менің Қанипамды өсірген де - осылар. Садағаң кетейін кемпірлер – ау, ұрпақтан қалған ұрпақты түлеткен сендерсіңдер – ау! Ал мен ше? Мен де сол көп ананың бірі емеспін бе? Қазір қайғы кімде көп? Оларда ма, менде ме? Қазір қапа кімде ауыр? Оларда ма, менде ме? Кінәм қай жерімде?
Кешеден бері ауылдың бар адамы қыз ұзатар, келін түсер екі үйде қонақтап жүр. Бұл – Нәдірдің баласы Ақмырзаның үйлену тойы. Қалындық - кітапханашы қыз – Қанипа. Кеше ертемен тойшылар Ақмырзаның үйіне жиналып, күйеу аттандырар сыбағасын жеді. Ауылдың қашаннан бергі
әдеті бойынша бұл отырмақ ұзақ та, көл – көсір де болған жоқ. Аз – аздан бокалдар көтеріліп, қысқа – қысқа тілектер айтылып аяқталды. Ендігі сәтте жұрттың бәрі орындарынан тік көтеріліп, далаға шықты. Қалыңдыққа баратын уәделі уақыт таяу қалды. Маңдайшаға қондырылған динамик аттандыру әнін сайрай жөнелді. Салтанат осылай басталды. Үйден шашу салған табақ көтеріп, Зипа шықты. Жол – жоралғыны қатты сақтайтын ол қалыңдыққа жұмсағалы тұрған бас құдасы Шәкенге бұрылды: - Нәдір марқұмның үзеңгілес жолдасы едің, Шәкен. Ақмырзамды жол – сапарға, оң сапарға бастағалы тұрсың. Піскен уәдеге күдік ойлап сенбегенімен емес, ата жолы дәстүрімен ақ батамды бергелі тұрмын. Жолың ақ, сапарың сәтті болсын.Ақмырзаның алды – артында тұлдыр жоқ, әкесінен қалған жалғыз тұяқ екенін білесің. Өз аяғыңнан ертіп келіп, жалқы тұяқты екеу ет, Нәдірден қалған шаңыраққа құс қондыр. Қондырар құсың құтты болсын, Шәкен замандасым. Зипа енді баласына бұрылды: - Балам, ұшар қанатым, қонар тұғырым жалғыз өзіңсін. Сені бұл күнге жеткіздім, менде енді арман жоқ. Сенің жолыңда өрмелеген биігім, көрмеген қиыным жоқ. Оған мына ақ шашым айғақ. Қаумалаған халқым куә. Жалғызым, жалқым болып ер жетіп едің, екеу болғаныңды да көрейін, бар балам. Әттең, дүние – ай, әкең болса, әкең байғұс, - деді де Зипа сөзінің артын айта алмады. Ағылған көзінің жасының ащы дәмін ала тұрып, баласының да, күйеу жолдасы Еркіннің де маңдайларынан сүйді. Шәкен күйеуді бастай жөнелді. Зипа олардың соңынан шашу шашты. - Жарайсың, Зипа! - Құлашта, құлашта! Той – дүрмектің сосынғы салмағы Қанипаның үйіне ауды. Ақмырзаның үйінен шыққандар тобын жазбастан, күйеуді алдына салып ере келді. Қыздың үйіндегі тойшылар да бірталай екен. Бәрі де көтеріле тысқа шығып, күйеу тобын көшенің ортасында қарсы алды. Той басталғалы Қанипа түс көргендей халде. Зердесіне бүгінгісі мен ертеңгі болашағы емес, өткен күндері жиі орала береді. Ауылдың кәрісі мен жастарын қуаныштың құшағына жыққан той делебесі мұның бойын қыздырмайды. Неліктен екені белгісіз, ойы қайта – қайта анасына ауып түседі. Өз өмірінің анасы – Нәсипадан бөліп алар, қас қағымдай да сәті жоқ екен. Тұман арасынан ашылған дүниедей есінде қалған. Алым – жұлым қысқа суреттер. Бәріне де Нәсипаның арқасында көреді өзін. Бірде иығында, бірде құшағында. Шүйкедей кемпірдің бар мүшесіне алма кезек ауысып, бұтаққа қонақтаған балапандай айнала берген екен. Мынау – бергі мектептегі жылдар. Мұнда да өз күнін өзі көрмеген. Тауды айырып, тас шауып келгендей, әзір асқа бас қойыпты. Сол кездің бәрінде Нәсипа емес, бұл көп тынығыпты. Анасы емес, бұл көп ауырыпты. Анасының қызулап жүріп, шаруасын жайғаған, ыңқылдап жүріп ас пісірген кездері көп – көп
есінде қалған. Аяпты, бірақ қол ұшын бермеген. Еркелік кетті. Ес кірді. Енді не істеп отырмын. Қанатымен су сепкен аяулымды қиып тастап, қайда барамын. Қартайғанда, қажығанда жалғыздан жалғыз қалдырмақпын жүдетіп. Осы арада Қанипа өзіне бұрын жұмбақ, беймағлұм болып келген жаңа бір сыр түйді. Ойлап қараса, аналардың өмірге деген ынтазары былайғы жұрттан артықша басым екен. Өз анасы Нәсипа да өзге кемпірлер де солай. Олар тірлікті тек аналық жүректерде ғана болатын есепсіз көп, бұтақ – бұтақ сансыз жолдарымен сүретінге ұқсайды. Өздері үшін де, өмір тоқымын бірге тоздырған жұбайлары үшін де, тар құрсақтарында тоғыз ай түнетіп, сәтті сағатында дүниенің мынау шулы, базарлы жәрмеңкесіне қаз бастырған перзенттері үшін кешеді екен өмірді. Сондықтан олар тек өздері үшін ғана күн өткізіп қартаймаған. Тәнін де, жанын да, аналық сүюі мен күюін де өзгелердің жер басып жүруі үшін жұмсаған, содан қартайған екен бәрі де. Күйеу мен жастарды Қанипаның бөлмесіне кіргізді. Ағынан жарылып, ақтарыла сөйлеп, тең құрбыға күлімдей қарайтын күйеу жолдас Еркін дәл қазір бұрынғыдан да жайнап кеткен. Ол батыл, ширақ басып ортаға шықты да Қанипаға бұрылды: - Тойың тойға, қуанышың шаттыққа жалғаса берсін, Қанипа! Құттықтаймын! Сіздердің қуаныштарың құтты болсын, бой жеткендер! Біздей жігіттерді танығанның үстіне тани түскеннің түбінде қайыры болады. Ендігі жерде біріңе жезде, біріңе балдыз болатын күйеу жігіт, Ақмырза деген ардақтымыз, мінеки! Дос көңілмен, хош көңілмен құрмет көрсетулеріңізді сұраймын. Ал мен болсам, таныстың да, бейтаныстың да қолына көп түсе бермейтін, бірақ ұйықтаса түстерінен шықпайтын, сұлулардың бәрінің арманы болған – Еркінмін! Әзіргі жұмысым күйеу жігітке – атқосшылық! Жақында күйеу дәрежесіне көтерілетін шығармын. - Тәубаңа кел, Еркін, қыздар қаласа де! - Жоқ, жоқ. Бәрің бірдей таласпаңдар. Орталарыңда іші сезетін біреуі бар, сол жетеді. - Кім ол, кім? - Ал енді менен дәмесі барлардың жете танысуы үшін, жеке қабылдауыма болады – деп төкпеледі Еркін. - Жә, жә, жетті. Таныспыз! - Мықтысын көрдің бе өзінің. Қанипаға бас білдіре алмай тұрып, тағы біреумізге құрық салғысы келеді. - Қарай гөр дәмесін! Жақсының сыры жария деген ғой. Ақпа шешен ғой өзі. Шақпа шешен болып жүрмесін, байқаңдар, құдашалар. Ендігі думан шайдың үстінде жалғасты. Екі самауырды меншіктеп Қанипаның жамағайын үш жеңгесі қонақтады. Олар: Асыл, Нұрбибі, Базаркүл. Сөзді жеңгелер бастады:
- Күйеудің шайын қаймақтап құй, Асыл. - Онда күйеу сиырын жетектеп келуі керек қой. - Қойшы әрі, Асыл – ай, сиыр жетектеп базарға келді дедің бе. - Мүйізіне жіп байлап, қоңыр сиырды жетектей келсе ғой. Шайынан қаймақ арылмас еді. Үш келіншек осылай бір қағытып өтті. Келіншектер содан соң бокал көтерді. - Кәні күйеу, ас есімен тәтті деген. Әзірлеген біз болғанмен осы дәмнің де тойдың да иесі өзіңсін. Алып жібер. - Тәтті тілектің үстіндегі жігіт қой, тәтті шараппен сыйлайық, - деді Еркін Ақмырзаның алдындағы ақ арақты шампанмен ауыстырып. - Күйеу жолдас, атың Еркін болғанға еркінен берме. Құйылған дәмін, бұйырған несібесін күйеуге қайтар. Жолдасыңды құлатып алармын деп қорқасың ба? Құласа төсек бізден болсын. Мамықтың қадірін білмесе, өз обалы өзіне, - деді тілді жеңге асыл. - Ие, деген – ау, осы ауылдың қыз беретінін білмеді ме. Жүрегі тұрмаса неге келеді – деді дүңк ете Нұрбибі. - Бізге ештеңе емес – ау. Еркектің арағын ішетін еркекке емес, ұрғашының шарабын ішетін ұрғашыға қыз ұзатыпты деп, күледі – ау жұрт ха, ха, ха! – мұны айтқан күлшегеш келіншек Базаркүл. Ақмырза Еркінге жалтақтады. Еркін күттірген жоқ. - Мен саспай, саспа, Ақмырза! Бір жеңгең асыл сөз айтты. Бір жеңгең ол сөзді әсірелеп нұр құйды. Енді бір жеңгең жұрттан қорқып, ол сөзді базарға ала шапты. Болғаны сол. Атың шықпаса, жер өрте деген. Жеңгелердің аттарының біреуі Асыл, екіншісі Нұрбибі, үшіншісі Базаркүл екенін білесің ғой. Аттарына қарай – заттары деген де осы. Әйтпесе сенің ұрғашы не еркек екеңінді жеңгелер білмейді деймісің. Әдейі аттарын шығарайын деп, жорта айтып отыр. Шарабыңды іше бер, содан ұрғашы болсаң, обалың маған, - деп, Еркін Ақмырзаны ілестіріп бокалын көтерді. Жеңгелер тілін тістеді. Қаттылау кеткенін сезген Еркін қайта сөйледі: - Артық кетсем, айыпқа бұйырмаңыздар, жеңгелер. Мен әлгі сөзді айтарда халқымыздың қашаннанғы екі түрлі дәстүрін таяныш еттім. Біріншіден, қалыңдықтың аулына күйеу мен күйеу жолдас келгенде, өзгеден бұрын сыйласы да, сырласы да жеңгесі болады деуші еді. Күйеу ұрын келсе, түн ішінде, жер астында жар мен жарды оңаша табыстыратын да – жеңгесі. Күйеу тойға келсе, елді ертелеу таратып, оқшау тігілген ақбоз үйдің ішінде күйеу мен қалыңдықты қол ұстастыратын да – жеңгесі деп еститінмін. Сол дәстүр есіме түсіп, жеңгелеріме еркелеп айтқан назым мен базынам еді. Екіншіден, қалыңдықтың аулына келгенде, тентек күйеу қойдан жуас. Мұнда оның көзі де құлағы да – күйеу жолдасы. Халқымыздың бұл да бір жайсаң ғұрпы. Жолдасы болған соң, Ақмырзаға қарлығаш қанатыммен су сепкенім болатын. - Пай, пай, пай! Мынаның жорғасын – ай. - Бірде у болып шағып, бірде су болып ағып тұр.
- Әй, қайтсін – ау, жеңгелерін өзі құлатып, өзі тұрғызып жатыр – ау. - Мақтамен бауыздайды екен де. Адамды қайда да жол бастайды емес пе? Құрбылары мен сүйгені қаумалаған Қанипа бұдан былайғы өмірінің алғашқы қадамын осылай аттаса да, көкіректі күпті. Жүрек тордағы шортандай. Аяқта діріл, бойында әлсіздік. Мына Еркін жағын жаппай неге сөйлей береді. Ақмырзаның екі езуі екі құлағында ғой, онысы несі? Қайда барамыз? Үйім артта. Алтын бесік босағам артта қалды. Әлпештеген анам да сонда. Әнеки қолын бетіне басып әлі тұр. Неге жүрмейді, неге ермейді маған? Аяулы бәйтерегім менің, бар бұтағың, бір бұтағың үзіліп түсті білдің бе? Мың қорған ұяңнан балапаның ұшып шықты. Сіздің бе? Өмір деген осы екен ғой. Қыз байғұстың бұл өмірде екі босағасы болады екен ғой. Бірінде есейіп, екіншісінен аттауға барамын, хош бол! Қыз күнімнің, наз күнімнің ескерткіші есен бол! Көрмей кетем демейін. Тірі жүрсем, есендігіңді талай – талай білермін. Жатырқармыз, жатырқасақ та жарасармыз. Құт бесігім. Көзінен мөлдір моншақтар үзіліп түсті. Шәкен бастаған топ бұл кезде Ақмырзаның үйіне жақындап қалды. Қалыңдықтың бастапқы шағындау тобы ауыл арасын бойлаған сайын үй – үйден қосылған дос – жараны, ағайын, жекжаты, құрбы – құрдастары бар, мол шалқар тізбекке айнала берді. Күйеу тобы жақындай бергенде, сансыз қақпалар шалқасынан ашылады да, қызыл – жасыл киінген қыз – келіншектер, ақ көйлектерінде күн сәулесі ойнаған жігіттер ақ жаулықты әжелер, таяқты қариялар ата - баба дәстүрімен құтты қадам тілейді. Кенет әлдеқайдан, аспаннан ба, әлде мынау ғашықтардың ежелгі мекені Ақ өзеннен бе, бағытын айырып болмайтын бір тәтті ән төгілді. Ғашықтар әні қуаныш сазы қанат жайды. Қуатты ән жарқыраған күннен басқа белгісі жоқ көк аспанға қарай шалқыды. Дүние жарқырап жүре берді. Таяқты шалдардың аяқтары қаздаңдап кетті. Осы кезде қатардағы үйдің бұрышынан шығып, бір әйел қалыңдыққа тақала берді. Ол тұманданған ессіз көзін жалт – жалт қадап, шашы жалбырап, қолы қалт - қалт етіп, оқыс тақала беріп, шыңғырып жіберді де Қанипаның ақ желегіне бас салды. Қанипа бұрылып үлгермеді. Қалыңдықтың ақ желегі дар – дар айырылып, оқтан құлаған аққудай, бір уыс болып бүгіліп, қара жерде қалған екен. Ұлпа жібектің сүйір ұшы киелі құстың жаралы қанатындай алқара көкке қарай, ақырғы рет созыла беріп, сұлқ түсті. Ән тынды. Жұрт сілейіп қалды. Қанипаның ақ желегін жұлып түскен Шарқат табанда талып құлай берді. Қас пен көздің арасында сүттей ақ, армандай кіршіксіз тап – таза аспаннан жасын төгіліп, табалдырықтың алдында бомба жарылғандай әлгіде ғана тойлы шаңырақ қазалы мекендей күңіреніп кетті. Құлап бара жатқан кінәлі әйелді қолтығынан сүйеп, қамқор болуға жалғыз жанның батылы бармады. Бір ғана қимылымен осынша жұрттың бәрінің жандарын жағаларынан сығып алған жан түршігерлік әйел тігінен шаншылып тұрып
– тұрып, қайыршағы сусылдаған қара жерге құлап түсті. Жауыздық пен жақсылықтың бәр – бәрін де талғамай көтере беретін жалпақ жерге жамбасы тиісімен шығарманға қалған шыбын жаны рақаттанғандай, тал бойы керіліп, құп – қу жүзін ап – ашық аспанға бұрып, шалқасынан аунап түсті. Адамның баласы ғой, көлеңкеге жатқызыңдар. Жұрт Шарқатты ағаш астына жатқызды. Сөйткенше, дәрігер де жетіп үлгеріп, Шарқатқа ес кіргізді. Ауру көзін ашты. Адырайған жанарын қаумалаған елге қадады да, жылап тұрған Зипаны шырамытты. Зипаны қасына шақырып, ернін құлағына тақады: «Атыңа әуелден қанықпын, Зипа. Жүзіңді сыртыңнан көріп, ұрлық қылған иттей талай рет бұрылып кете беруші едім. Кешір. Енді бұрыларға жол қалмады. Балаңа айт, Зипа! Қанипаға үйленбесін! Үйленбесін естисің бе? Осы айтқаным арылғаным, өтінгенім – өлердегі тілегім. Өксіме, Зипа! Түсін, әбден түсін. Ол екеуі бір әкенің балалары. Бір еркектің ұрпағы. Екеуі де сенің Нәдіріңнен туған. Қандас туыстар олар. Бай сенікі еді, базар менікі болды қайтейін! Қос әйелді бір еркекке теліген соғыс қой, қайтейін!» - Шарқат кеудесін көтере беріп, лезде үзіліп жүре берді.
А. Құдайбергеновтің шығармашылық ғұмырнамасы.
Адам баласы өзі туған заманының заңдылығына, қоғамдық қатынастардың қайшылығына, бірлігіне, өскен ортасына қарай қалыптасып, өсіп, пісіп жетіледі. Осылардың бәрінен жан – жақты тәлім – тәрбие алып, ілім – білім үйрену арқылы өзіндік көзқарасын қалыптастырып, өз топшылауымен замана шындығына ой жіберіп, ара қатынасын анықтайды. Сол арқылы өзінің өмір жолының белестерін бекітеді. Қарапайым еңбек жолы бола ма, әлде ой – өрісі кең, ауқымды шығармашылық бола ма, қай – қайсысы болса да, Алла тағала жаратқан адамзаттың сол жаратушылығына дарытқан ерекше қасиетінің айрықша танылуына себеп болған өмір жолдарының кезеңдерінен келешектің алға бастаған қызықты да қиын сәттерінен белгі береді. Әрине, оның шығармашылық тұлғаға тән екені даусыз. Оны өмір жолында азаматтық қалыптасу, өсу, өркендеу кезеңдерін нақтылап, танып – білу, зерделеп, зейіндеп өту біздің парызымыз. Сол себепті, біз алдымен, А. Құдайбергеновтің өмір жолы мен шығармашылығына, оның қалыптасу кезеңдеріне, өскен әдеби ортасына тоқталмақпыз. Ақын, жазушы, драматург, аудармашы, ұстаз, өнерпаз, айтыскер ақын Айтмағанбет Құдайбергенов Бозтайұлы 1930 жылы Маңғыстау облысы, қазіргі Қарағия ауданына қарасты Қызық жерінде дүниеге келген.[1,8 б] Қасиетті құрбан айт күні туылғандықтан есімі Айтмағанбет аталыпты. Әке – щешесінен ерте жетім қалып, әкесінің інісі – Балтайдың қолында тәрбиеленген. Балтайдың өмір жасынан нақты, жанды дерек берген, оны көзімізбен көріп, жылы қарым-қатынаста болған, елдің игі жақсысы, ұзақ жыл ел басқарған қария Өтежан Алшынбаевтың пікірін сөзбе – сөз келтірейік. Балтай Қүдайбергенов 1895 жылы туылған. Орысша сөйлеуге де, жазуға да сөзіне орнықты, ісіне мығым, жүрген ортасына сыйлы, беделді, инабатты азамат еді. Кезінде Таушықтағы Маңғыстау көмір тресінің коммуналдық бөлімін (1941-1948) басқарған. Көмір тресінің коммуналдық бөлімін басқару деген оңай шаруа емес. Әйелі – Секер екеуінің өз кіндігінен бала жоқты. Бірақ жанұясында Жұмагүл, Азанбай, Айтмағанбетті өз балаларындай қылып тәрбиелеген. Балалар Балтай ақсақалдан жақсы тәрбие алды. «Балтайдың балалары шетінен жалын ғой дейтінді жиі еститінмін. Құдайбергенов Балтай ақсақал зейнеткерлікке шыққаннан кейін, қосағы Секермен бірге осы Айтмағанбеттің жанұясында болды. Айтмағанбет Ұштағанда жұмыс жасады. Форт – Шевченко (Аташ поселкесі) қаласында да еңбек етті. Гурьев жаққа көшіп кетіп, сол жақтан кейін Таушыққа қайта оралды. 1950 жылдың күзгі айларының бірінде – өздері Аташқа көшіп келгеннен соң, отбасымен түгел біздікіне (Фортқа) келіп қонақ болып кеткеннен кейін, Балтай ақсақалды көре алмадым. [2,8 б]
Айтекең Маңғыстаудағы алғашқы орта дәрежелі білім ошағы Шахта орта мектебін тұңғыш бітірген он төрт түлектің бірі. 1948 жылы Алматыдағы Киров атындағы университеттің филология факультетіне оқуға түскен. Сол кездің өзінде үздік оқып, көзге түсе бастаған. 1954 жылы үздік бітіріп шығады. Айтмағанбет шығармаларын оқушы кезінен –ақ қағазға түсіре бастаған. Студент кезінің өзінде туындыларын жиі жариялап, Жас Жазушылар Одағының мүшелігіне өтеді. Зерттеу барысында 2004 жылы қаңтар айында Ш. Есенов атындағы Ақтау Мемлекеттік университетінің филология факультетінде 5 курс оқып жүргенде Алматы қаласына барып, Қазақ Ұлттық Кітапханасынан 1948-1978 жылдар аралығандағы «Әдебиет және Исскуство» журналдарын, қазіргі «Жұлдыз» журналын, Қазақстан мұғалімі газетін, Пионер журналын қарап, біршама дүниелер таптым. Мысалы: «Бекіре» әңгімесі «студенттер творчествосы» яғни студенттер айдары атынан шыққан. 1955 жылдан бастап еңбек жолын Маңғыстау ауданы Ленин атындағы орта мектепте бірден директорлық қызметтен бастайды.
1957-1959 жылдары Маңғыстау аудандық оқу бөлімінің инспекторы , Шахта орта мектебінде мұғалім. Ал 1962-1973 жылдары бұрынғы Гурьев облысы Балықшы ауданы Қызылбалық колхозындағы мектепте 10 жылдай ұстаздық қызмет етті. 1955-1966 жылдары «Махаббат сарайы», «Әкелестер» пьесаларын, 1972 жылы «Қуанышты қайдан іздейді?», «Мұғалімнің қызыл сиясы » атты әңгімелерін , 1973 жылы «Ер кезегі үшке дейін» әңгімесін, «Пенсиядағы адам » атты пьесасын жазды. 1977 жылы қыркүйекте «Төтенше комиссардың төрт аптасы» повесі облыстық «Коммунистік жол» газетінің № 17, 18, 19, 20 сандарында жарық көрді. Бүл повестің пьесасы да бар.
1979 жылы «Зардап» повесін, осы жылдың айында «Ақбөбек» повесін «Коммунистік жол» газетінің № 99, 101, 102, 104 сандарында жарияланды. 2004 жылы «Үш қиян» газетінің № 158, 160, 162, 164 сандарында «Ақбөбек» повесі зерттеушлердің
ұсынысы бойынша ықшамдалып жарияланды. 1980 жылы денсаулығының сыр бергеніне қарамай «Аққолтық», «Мұнаралы өлкем» әңгімелер циклін жазды. 2003 жылғы № 173, 174, 179 сандарында «Аққолтық» әңгімесі жарияланды. 1981 жылы Алматы қаласы «Жалын» баспасынан «Балықшының баласы» атты балаларға арналған түрлі – түсті кітапшасы шықты. Зерттеу барысында Алматы қаласындағы ҚҰкк – нан қаламгердің «Әдебиет және исскуство» журналының (1948-1970 жылдар аралығындағы сандарын қарап) 1954 жылы № 5 санынан және 1957 жылы 5 санынан «Бекіре» әңгімесін таптық. Сондай – ақ, Пионер журналының 1948-1979 жылғы сандарын қарап, 1952 жылы № 2 санынан «Кішкентай жолаушы», 1957 жылы № 9 санынан «Күзетші», 1958 жылы № 2 санынан «Бір бөлменің тұрғындары», 1958 жылы
№ 8 «Тынымсыз немере», 1961 жылы 5 қазандағы «Қазақстан мұғалімі» газетінен «Зағида» әгімесін кездестірдік. Сондай – ақ, Алматы қаласындағы «Әдебиет және өнер институттының жадындағы Орталық Ғылыми» кітапханасының (3-этан) сирек қолжазбалар қорынан А. Құдайбергеновтің 1945-1947 жылдар аралығында өз қолымен жазған № 1129 № 6 папкасын көріп, таныстым. Папка 12 беттен тұрады. Бұл папкада Айтекеңнің он өлеңі және өз қолымен жазылған қысқаша өмір баяны жазылған:
Өмір тарихым Мен Айтмағанбет Құдайбергенов 1930 жылы Шевченко ауданында тудым. [№ 1129, № 6]1. Өлеңдері: «Ақын аға»(Ж. Жабаевтың 100жылдығына), «Жаз», «Оқушылар олимпиядасында», «Алтын нұрлы мерекем» 1995 «Комсомол» 1946 жыл. «Қызыл әскер туралы кеңес», «Еңбекке, достар, еңбекке», «Майдан ері мен тыл ері», «Үгітші досқа», «Көңілді демалыс». 1947 жылы мұның ішінде «Алтын нұрлы мерекем» 1945 жылы комсомол 1946 жылы «Көңілді демалыс» оқушы кезінде жазған өлеңдері. [1129 № 6]
Мектепте оқып жүргеннің өзінде жиындарды өзі ашып, өзі жүргізе беретін еді.
Отан. Михаил Юрьевич Лермонтов. Аударма 1840 жылы жазған өлең. Стихотворения, поэмы, маскарад, герой нашего времени. Орыстың белгілі жазушысы – Михаил Юрьевич Лермонтовтың 135 жыл толуына байланысты А. Құдайбергенов «Родина» өлеңін аударған. М. Ю. Лермонтов 1814 жыл. 1945 жыл ең алғаш А. Құдайбергенов «Алтын нұрлы мерекем» өлеңін жазды. Сонда ақын бар болғаны 15 жаста екен. «Әдебиет есігін қаққан алғашқы тырнақ алды туындысы» - осы өлеңі. Бұл өлеңнің туған күні 1945 жылдың қазан айының 4 –жұлдызы.
Ал А. Құдайбергеновтің «Ақбөбек» кітабында бұл туған күнде, «Оқушылар олимпиядасында» өлеңі туды деп беріпті. [ ]. Шындығында А. Құдайбергеновтің өз қолымен жазып тапсырған № 1129 № 6 папкасында бұл «Алтын нұрлы мерекем» өлеңінің туған күні. Сәл қате кеткен сияқты.
«Оқушылар олимпиядасында » өлеңі Сталин заманында жазылған өлең. Ол өлең ең алғаш 1946 жылы Оқушылардың аудандық олимпиядасында оқылыпты. [ №1129 №9].
Халқымызға қашанда өлең өнері бір табан жақын. Поэзияның небір кереметтерін жаратып, оны оқырман санасына ұйыта сіңіріп, жүрегіне орнықтыра алған талай дүлдүл ақындар болған.
Тағы бір айта кетерлік жайт, ұлтымыздың улы творчествалық тұлғалардың көпшілігі сөз өміріне өлең арқылы келген.
Өлең - сөздің патшасы, сөз сарасы, Қиыннан қиыстырар ер данасы. Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп Теп – тегіс жұмыр келсін айналасы, [72 б ]
деп Ұлы Абай атамыз айтпақшы өлең жазу, өлеңнің құдіретін түсіну, кейіпкер бейнесіне кіріп сөйлеу, тілсіз нәрсені жан бітіре суреттеу мұның бәрі ақын үшін оңай емес.
Алдымен өнердің осы бір асыл түрін үйреніп, сонан соң сөз өнерінің басқа қырларын ашқан. Бұл сөз өнеріндегі өзгермейтін, орнықты құбылыс. Поэзияны қазақ ақындары қашан да жоғары . Оны өмірдің тамыр соғысы, өмір ағысы деп санаған. Себебі, қай ақынның болмасын туындыларына тоқталсақ та, олардың туындыларының өмірмен өзектесе, мәндес шығып жатқандығын аңғарамыз. Міне, сондай ақынның бірі – А. Құдайбергенов Әдеби мұрасы еңбегімізге арқау болып отыр. Орыстың ұлы сыншысы В. П. Белинский ақын туралы былай дейді: «Ақын ең алдымен өз елінің, азаматы, өз заманының ұлы. Халықтың рухы, заман рухы оған басқа адамнан еш әсер етпеуі мүмкін емес.» [150 б]
Халық қалауының қадір – қасиетінен жаралып, ақындықтың күшінен нәр алып, туатын поэзия ішкі қиял – ойдан, рух мүддесінен жаратылатыны айдан анық. Поэзия жанры мынау – жас, мынау – кәрі деп бөлмейді. Ол – әдемілік пен сұлулық, ақиқат пен шындық, жақсылық пен парасат, ізгілік пен жарасымды киелі тұтқан сезім майданы. Белгілі бір кезеңді бүкіл поэзияның дамуын, өсуін белгілеген, оның көтеріп тұрған жүгін талмай тартып, өрге сүйреген шығармашылық тұлғалары сол бағдар тұтқасын мәңгі ұстап тұра алады. Заман өзгергеніне байланысты өмірге талай жүйріктер келуі ғажап емес. Заман талабына сай олар да жаңа қырларынан танылып, қоғам қажеттілігіне сай өрнегін салуы занды.
Қай ақынды сөз етсек те, ол өзінің лирикалық кейіпкері арқылы беріледі, сезімін сол арқылы сздіреді. Лирикалық кейіпкерлердің көзқарасын замана келбеті астасып жатуының себебі де осы. Ал лирикалық тұлға деген не ?
Лирикалық тұлға дегеніміз – ақынның бұл шығармашылық белесінде айқындалатын бейне, ал лирикалық кейіпкер кез – келген мәтіндік бөлшекте және лирикалық өлеңде көрініс тапқан авторлық саланың көркемдік туындысы. Осы орайда А. Құдайбергенов поэзиясынан оның туған жеріне, еліне деген ерекше сүйіспеншілігін, адамдық, адамгершілік қасиеттерді жоғары бағалауын, Қаламгер шығармашылығы – оның жан дүниесінің сыры, құпиясы, өмірге деген көзқарасы, түсінігі, танымталабы.
Біздің пайымдауымызша «Алтын нұрлы мерекем» атты өлеңі әдебиет есігін қаққан алғашқы туынды. Ол 1945 жылы 4 қазанда жазылған. Ұлы Отан соғысынан жеңіс тапқан қазақ халқының қуанышты сәтін ақын былай бейнелейді:
Ұлы Октябрь мерекем қызық жарқын
Күйреткен нұр төгіп совет халқы.
Ән шырқаймыз естірте миллион мың
Салтантпен орындап мейрам салтын
Биыл міне майданда жеңген қуанышпен
Тылда және майданда жеңген іспен
Мейрамдаймыз Октябрь мерекесін
Гүл – гүл жайнап күлімдеп жарқын түспен.
[514 б]
Ұлы Октябрь мерекесі тәуелсіздік алғанға дейін тойланып келді. Сол кездегі заман ағымына қарай Айтмағанбет те Ұлы Октябрь мерекесін жырға қосты.
А. Құдайбергеновтің «Ақбөбек» кітабында «Оқушылар олимпиядасында» атты өлеңі 4 х 1945 деп берілген, шындығында Орталық кітапханада № 1129 № 6 папкасындағы дерек бойынша ол «Алтын нұрлы мерекем» өлеңінің туған жылы. Сәл қателік кеткен сияқты.
Халық поэзиясының алыбы атанған Жамбылдың туғанына 100 және 125 жыл толуы, ақындық өнеріне 75 жыл толуы Советтік Қазақстанда және бүкіл Советтер елінде әдебиет пен мәдениет мейрамы ретінде барынша кеңінен атап өтілген. [a 3 бет]
Қазақ әдебиетінің осы уақытқа дейін ескермей, тән ерекшелігімен сақталып келе жатқан бір саласы – аса бай ауыз әдебиеті, әсіресе суырып салма ақындық өнер. Бұл бір сарқылмас бұлақ. Жамбыл сол бұлақтың қайнар көзі іспетті.
Қызақ халқының рухани байлығын айта келіп, Л. И. Брежнев «Тың» атты кітабында халық қазынасын жоғары бағалағанды. Халық сүйген ауыз – екі творчествоны да ұмытуға болмайды – деп жазды ол осы еңбегінде – Жамбылдың «Ленинградтық өрендерім» - дейтін қанатты жолдары бүкіл елге әйгілі. Халық ақындарының творчествосы қазақтың ұлттық әдебиеті мен көп ұлтты совет әдебиетінің ортақ арнасында өмір сүріп, дами берсін. [ ]
Қазақ халқының қанатты поэзиясының жарқын өкілі Ж. Жабаевтың 100 жылдық мерей тойына арнау өлеңі. 1846 жылы ақпанда бұрынғы Әулиеата маңайы, Шу өңірінде дүниеге келген. Ата – бабалары Ұлы жүз, Шапырашты, Екей деген елден тарайды. ХІХ ғасыр қорқынышты жылдары Шапырашты рулары Қоқан, Хиуа хандығының шапқыншылығынан, патшалық империяның билеу тәртібінің қатаңдығынан және Күнгей Алатаудағы Шоң манаптар Орманхан мен Хан Жантайлардың феодалдық барымталарынан қатты күйзеліске ұшырағандықтан Сарыарқаны беттеп Шу өзенінің солтүстік ағысындағы қалтарысы Көп хан және Жамбыл тауларына барып ықтаған.
Жамбылдың әкесі Жабай (Жапа), шешесі – Ұлдан баласының атын өздерінің көшіп – қонып жүрген Жамбыл тауының атымен атаған. Шапырашты, Екей елінің негізгі қоныстары қазіргі Алматы облысы, Жамбыл ауданының териториясына қарайды. [ Б 429]
Ата – тегі – Кедей шаруа жастайынан діни мектеп есігін ашқанымен, шала молданың шатпағына шыдамаған Жамбыл оқуды тастап кетеді. Жамбыл 1860 – 1861 жылдары 14 жастан бастап, өлең – жырлар жазғанда атақты Сүйінбай ақсақалдан бата алған. Бірнеше жыл Сүйінбайдың қасында жүріп, оның импловизаторлық мектебінен үйренген. [429 ] Талантты жас Жамбыл,
оқу оқып білім алмаса да, қаршадайынан өлеңжырға, шешендік сөзге әуестеніп, өзінің суырып салма ақындық өнерге икемділігін таныта бастайды. [a 5б ] Жамбылдың 100 жылдығына орай А. Құдайбергенов өлең арнады деп жоғарыда келтірдік. Бұл өлеңде негізгі кейіпкер – Ж. Жабаев.
Аралап туған елдің ой мен қырын,
Баяндап өз халқыңа өмір сырын. Әлемде ғасыр бойы дабыл қақты.
Дұшпанға ақ, досқа нұрлы алтын жырың.
Жырыңыз досқа жылы, дұшпанға ақ.
Жауларға әрбір сөзің қып – қызыл шоқ.
Жырладың ел бірлігін, ер бірлігін.
Ғасырдың Сталиндік бұлбұлы боп. [ Ақб. 597] Бұл өлең 5 шумақтан, 20 тармақтан тұрады. Негізгі идеясы 99 жас 100-ге 1 ғана жыл жетпеген Жамбыл ақынды суреттейді. Мына шумақтарды қарап отырсақ –а, а-б, -а қара өлең ұйқасына құрылған. Айтекең Жамбылдың ғасыр бойы туған елінің ойы мен қырын кезіп дабыл қақтырғандығын, өз халқының өмірін, тұрмыс – тіршілігін сөз қылғандығын сөз етеді. Өлеңде дұшпанға – ақ, досқа нұрлы алтын жырың деп келтіреді де, енді бір жырында жырыңыз досқа жылы, дұшпанға ақ деп, туған – туыс, дос – жаранға айтқан өсиетің жылы тисе, дұшпанға ақ боп қатты тиеді деп астарлап келтіреді. Енді бірде жауларға әрбір сөзің қып – қызыл шоқ, ғасырдың Сталиндік бұлбұлы боп деп, сөзді қызыл шоққа, ал Жамбылды - бұлбұлға, ер Сталин заманы болғаннан кейін Сталиндік бұлбұл деп теңейді. Атасы көркем сөздің асқар белі, Ардақтап сүйген тегіс совет елі Сіз салған жырдың даңғыл жолыменен Ілгері дами бермек жыр өрнегі. Қаламгер Жамбыл атамыздың сөз өнерінің атасы, көркем сөзді өз биігінде асқақтата білгендіктен де, өзіңді бүткіл совет елі құрмет тұтып, ардақтап, жоғары бағалағанды өзіңіздің әдебиетте қалдырып кеткен әдемі өрнегімен, әдебиетте қалдырып кеткен дара жолыменен поэзия жанрының күні бүгінде ілгері дамып, өсіп – өніп келе жатқандығын әдемі бейнелейді.
Жыр көктің социялизм дәуірінде Арнадың сөз маржанын Сталинге Сіз айтқан бақыт жырын біздер міне Шырқаймыз жаттап күнде салып әнге. Мына бір шумақта (-а –а –а –а ) шұбыртпалы ұйқасқа құрылған. Шумақтың соңғы сөздері дәуірінде, Сталинге, міне, әнге деп бірыңғай аяқталады. Жамбылдың Айтмағанбет Социялизм дәуірінде өмір сүріп, Сталинге жыр арнадың, сіздің салып кеткен сара жолыңызды жалғастырып, бақыт жырын біздер де шырқаймыз дейді. Жамбылдың өзі «Социялистік Қазақстан» газетіне арнап өлең жазды: Құттықтаймын өлеңмен Шыққанда бес мың Сенің әрбір бетіңнен, Көрер елім өмірін Балаларым оқыса, Не жазған деп тыңдаймын.
Әрбір сөзін тыңдасам,
Өсе түсер көңілім !
Айтмағанбет Жамбылды жырлай келе аяқтайды. [ Б 172 ]
Сондықтан, Ақын ата, сізді ардақтай,
Ұмытпай жырларыңды есте сақтай,
Жүз жылдық мерекеңе шашу еттім Ұрпақтық міндетімді жырмен ақтай. Бұл өлеңде жыр алыбы Жамбылға деген үлкен құрмет, абырой. Бұл өлеңнен екі ұйқас түрін аңғардық. Шұбыртпалы ұйқас, ал екіншісі қара өлең ұйқасы. Ақынның сөз қолданысы, сөз саптауы, теңеуі ерекше.
Келесі бір өлеңі – «Жаз» өлеңі.
Жаз – табиғат жаратқан төрт мезгілдің бірі.
Бұл өлеңде жарқырап келген жазда жер – ананың әдемі күйге бөленіп, жан –жануар, тіршілік атаулының оянып, мәз болған шағын бейнелейді.
Жазбен бірге жайнаған Керім түсер көркем жер деп екпінді еңбектің қызу қайнағандығын, егінге байыған жердің келбетін, түрленген колхоз даласын байланыстыра суреттейді. Өйткені, достар, бұл кезең Сталиндік нұрлы жаз Мақтан етсем жел сөзбен Бойым сергек, көңілім мәз. деп өлеңді аяқтайды. Өлеңді қарап отырсақ, барлық шумағы да аб – аб шалыс ұйқас түрінде жазылған. Тілі жеңіл, ыңғайлы. «Оқушылар олимпиядасында » өлеңі 11 шумақтан тұрады. Ұзақ болғанымен, тілі көркем. Сталиндік заманда
Сталинге арналған деп бастайды. Сол кездегі заман талабы Сталинді өлеңге қосу. А. Құдайбергеновтің «Еңбекке, достар, еңбекке» өлеңі жас ұрпақты білімді, өнегелі болуға шақырады. «Еңбекке, достар, еңбекке» атты өлеңі 4 шумақтан тұратын шағын өлең.
Ардақты да асыл жолдас Білімді бол, дана бол Оқуыңа проваң бар Жарқырап тұр жаңа жол. деп жырлайды. Бұл өлеңінде Сталиндік заманға арнаған. Жас ұрпақты білімді, дана болуға шақырады. Қалай оқыса да жол ашық, білім іздеген жанға зор мүмкіндік бар екендігін ескертеді. «Қызыл әскер туралы кеңес» өлеңі армиядан. Отан алдындағы борышын өтеп келген әскер туралы ой қозғайды. Жігерлі, мықты жауынгер Ұлы Отанын, туған жерін, елін қорғауға міндетті екендігін сөз қылады. «Қызыл әскер туралы кеңес» өлеңі 10 шумақтан тұрады. Армиядан келген еді. Жарқын мінез жақсы аға Маған өте сүйкімді ол Солай болмақ басқаға Бір күні мен сол ағаның
Күле келіп қасына Еркелікпен отырдым ғой Иығына асыла Сонда ағам деді, қалқам Кідірді аз ойлана. Бұл шумақта ақын мен әскерден келген ағаның қимыл – әрекетін көре аламыз. Ақын әскердің қандай болатындығын білгісі келіп, қызығып, ынтығады. Бақытты елдің болат таңы Құрыш қамал қорғаны. Сақтайтын сол сыртқы жаудан. Ұлы Отанды, Орданы. Болам дедім қызыл әскер, Сталиндік заманда Орындалмас арман бар ма
Сталиндік адамда ... Қызыл әскер Отан алдындағы борышын өтеуге міндетті азаматтың батыр жүректі, күшті білекті, нағыз жігіт болу керектігін айтады. Күші ешқашан таусылмайтын жойқын күш екендігін ескертеді. «Сен де жасың жетіп, бойың өскесін, елің үшін еңбегің сіңіп, батыр атанарсың», - деп інісіне ақылын айтады... Бала ақын Сталин заманының нағыз «қызыл әскер» болатындығын жыр соңында айта кетеді. Біздің заманда әскер қатарына бару сиреп кетті. Қазіргі жасар армия туралы, Отан алдындағы борышы жайлы ойламайды десекте болады. Себебі: әскер қатарына бәрі бірдей шақырылғанымен, баратыны некен саяқ.
Ал бала – ақын бойы – жасы, ақылы өспесе де, бала кезінен қызығып, әскердің кім екендігін, қандай болатындығын сұрап отыр. Кішкентай болса да Отан алдындығы борышын өтеудің парыз екендігін сезгендей. Қаламгердің «Көңілді демалыс» өлеңі 1947 жылы жазылған. Бұнда ақын басқа ақындар секілді табиғатты әсем бейнелейді. Сол әсем табиғат аясында саяхаттап жүрген бір топ жастарды суреттейді.
«Үгітші досқа» өлеңі Айтекеңнің өз қолымен жазған №1129 № 6 папкасында «Үгітші досқа» деген атпен берілген. Ал, «Ақбөбек » кітабында «Үгітші досыма » деп берілген. Бұл өлең Маңғыстау аудандық, Сталин жолы газетінің 1947 жылғы 6ақпандағы №5 санында жарияланған. Үгітші дос жалынды сөз сарайы, Саған тура отырмын ой салғалы Алдыңдағың мерекелі сайлау күні Сеннен шашу дәметеді зор бағалы. деп халықты бір ауыздан сайлауға шақырады. Айтекеңнің келесі бір өлеңі – «Комсомол» деп аталады. Комсомол өлеңі былай басталады: Бойды билеп шаттық сезім, Қиял ұшты шарықтап. Шаттанамын шатты кезім,
Көңіл өскен қызық шақ. шағын да 5 шумақты өлеңінде сол кездегі қазақ жастарының комсомол мүшесінде болып, ауызбіршілікпен, қиын күндер де көпшілікпен бірге болғандығын жырлайды. Айтмағанбеттің № 1129 № 6 папкасында қалдырған өмірбаянында былай деп келтірген . 1944 жылдан комсомол мүшесіндемін. [№ 1129 № 6 1 бет]
«Көңілді демалыс» өлеңі 1947 жылы жазылған.
Кішкентай ғана өзеншік
Айналасы – орман ну.
Ну ішінен естілді
Қуаныш күлкі, шатты ду.
Көк торғын терек ағаштар, Ағынды суға ұштасқан
Көлеңке салып төніп тұр
Жиектей жіп тұс-тұстан. деп өлеңді әуелі әдемі табиғат бейнесі мен бастайды. Кішкентай ғана өзеншіктің айнашасында орналасқан ну орман, ондағы дуылдаған шатты ду – күлкілер, көкке орнаған ағаштар одан түскен көлеңкені байланыстырып 2 шумаққа ғана сиғызып, шебер бейнелейді. Одан әрі сол демалыс орнына келген бір топ жасты суреттейді. Олардың әлемді жаңартып салған әні, жарқын жүздерін, көңілді кейіптерін жырлайды. Келші достым біздерге Қосылып жастар тобына Жетейікші тезірек Бақытты көлге жамыла. деп, достарды да сол демалыс орнына шақырады.
А. Құдайбергеновтің ерекше қыз бен жігіт айтысына құрылған ерекше бір өлеңі – «Майдан ері мен тыл ері» деп аталады. Алдымен жігіт қыздан сұрайды; Майданда мен жауға қарсы, Жеңіс үшін сабылдым. Айтшы, достым, елде жүріп, Жеңіс үшін не қылдың ? Қыз жауабы; Елде жүріп трактормен, Қара жерді айырдым. Жеңіс үшін міндетімді Егін егіп қайырдым. Майданға аттанған жігіт елінде қалған қыздан жеңіс үшін не істедің ? деп сұрады. Ал қыз елде қарап қалмай, ер – азаматтарша киініп, трактормен жер жыртып, егін еккендігін айтады. Жігіт: Гитлершіл бандиттердің Басын кестім туралай Ұлы елдің бақыты үшін Жауға шаптым уралай. Қыз:
Меңгеріп ап, бекем ұстап. Трактордың тізгінін. Халқымызға көрсетті мен, Екпінді еңбек үздігін. Сен боратсаң жауға оқты, Алдын қарап кеселмей. Мен жібердім астығымды, Азық үшін еселей.
Жігіт елдің келешегінің бақыты үшін бандиттердің басын кесіп, оларға қарсы жауға шапқандығын айтса, қыз трактордың қыр – сырын меңгеріп, оның рульінде отырып, егін егіп, астық жинап, оны еселеп майданға кетіп, жұмыстың бәрі аяулы қыз – келіншектер мен ақ жаулықты ана – әжелерге қалды. Олар күндіз күлкіні, түнде ұйқыны ұмытып, халық үшін еңбек етті. Тіпті техника тілін де меңгеріп, оны айдап үйреніп, жер жыртты. Егін егіп, жемісін жинап, астық пен елді де, майдандағы ер – азаматтарды да қамтамасыз етті. Бұл әрине, сол кездегі ару қыздармызбен әйел – ананың еңбегі. Жыр соңында қыз бен жігіт қосыла: Қандай қиын бөгеттерден,
Күдер үзіп қайтпадық. Жауымызға қарсы шығып, Халық болып қаптадық. Жеңісті айтар ән шырқаймыз, Бар әлемге баяндап. Күшімізді ісімізді, Әділ жолға аяңдап. деп жырлайды. Майдан ері – жігітте, тыл ері – қыз да үздіксіз еңбек ету барысында, тынбай қызмет қылғанның арқасында халық үшін, ел үшін, жерімізді, Отанымызды қорғап, жеңіске қол жеткізді. Ақынның бұл өлеңі қыз бен жігіт айтысына құрылған ерекше өлең. Мұндай өлең қазақ әдебиетінде кем де кем деп айтсақ, сірә, артық айтқандық болмас.
Ақынның «Автобустар» өлеңі 6 шумақтан турса да, авотобус техникасының мінез – құлқын керемет аша түседі. Автобус (француз autus – өзі, лат (omni) bus – баршаға арналған) – жүргізушімен қоса есептеген де 9 және одан да көп адамды алып жүруге арналған, қорабы вагон түріндегі автомобиль. Алғашқы автобус ХХ ғасырдың басында пайда болған. [685 б]
Ақ өлкем, ауыл – елім, ақ қоныстар,
Жолдар менен сапарлар, аттаныстар.
Осылардың бәріне жеткізетін,
Өздеріңсің, желаяқ автобустар. Ел – жұртын, ауыл – елін, қоныстарын айта келе бәріне апарып – әкелетін автобус көлігі екендігін суреттейді:
Қазақ пенен қазақты көрістірген.
Ағып өтіп келдің бе өрістерден ? Аман ба екен, жайлаулар, мал баққан ел, Аман ба екен, туғаным тегіс менің. қазақ пенен қазақты көрістірген, ата – қоныс, жайлауларын, мал баққан елін, туған – туысының амандығын тілсіз автобустан сұрайды. Сенде де тіл жоқ, мотор бар, менде жүрек. Әр жолыңды тұрамын үнсіз тілеп. Аман – есен сапардан орала бер, Сен шалдықсаң, қаламын мен де жүдеп. Бұл шумақта ақын өзін автобуспен салыстырады. Автобус – тілсіз, оның жүрегі – мотор. Ол талмай, шаршамай ел кезіп, жолаушыларды қажет жеріне жеткізеді. Ал адамның жүрегі бар, тілі бар. Айтар ойын сөзбен жеткізеді.
Адам баласының сол автобустарға тікелей екенін айтады. Оған деген ынта – ықыласын былай жеткізеді: Автобустар, аман бол, ақ тұлпарлар, Алдарыңнан қарсы алар асқар шыңдар. Кең далалар кездесер шетсіз – шексіз, Ақ сапарға барыңдар, армай – талмай. Сағым буып қырлары алыстаған. Маңғыстаудың жолдары таныс маған. Сол жолдарды қапысыз ұту үшін,
Шоферларды шоферлар ауыстырған. Тағы да автобустарға амандық, саулық тілеп, оларды «тұлпарға» теңейді. Техника дамымаған заманда «атам қазақ» жазда жайлауға, қыста қыстауға тұлпар ат яғни жылқы жануарын пайдаланып мал бақса, баласын жел маяға құндақтап, керек – жарақ, дүние – мүлкін түйе жануарына артып көшіп – қонып күн көрген. Ақын өзінің туған топырағы киелі Маңғыстауды да жырға қосып отыр. Себебі: Маңғыстаудың ой – қырын, тау – тасын, сай – саласын жетік меңгерген. Үздігем, сағынамын, ақ қоныстар. Жаңа таныс, бейтаныс, ақ таныстар. Жолым түссе бәріне жеткізеді, Айналайын желаяқ автобустар. деп өлеңді аяқтайды.
Қазақ әдебиетінде туған елін, жерін, Отанын жырламаған ақын – жазушы жоқ десек, өтірік айтқандығымыз болмас. Адам баласы өмірге келгесін туған жері, елі болады. Оны жырлап, жырға қосу да асқан шеберлік. А. Құдайбергеновтің «Туған өлкем» өлеңі шағын болса да, сондай тартымды. Аңсаулардан, арманнан жаралғансың, Жанкелдиндер көтерген жалауларсың. Сондықтан ба жүрегін жан біткеннің, Толғандырмай тып – тыныш қала алмайсың. Қиқу салған кешегі қыр басында Алқызыл жалын болып алаулайсың. Ақ жалынды, алаулы, өлкем менің. Есімде ыстығыңмен өртегінің. Мен үшін сонда дағы туған жерім,
Аңызақ аптабыңмен көркем едің. Туған жердің, елдің ақ жалынды алаулы өлкеге теңейді. Маңғыстаудың табиғаты шөл – шөлейт, ыстық, жазы құрғақ. Үнемі жазда күн ысып, аптап болып тұрады. Ақын аптап болса да, өзінің туған топырағын аңызақ аптабыңмен көркем едің деп аяқтайды. Айтекең 19621973 жылдар аралығында Атырау облысында Балықшы ауданында мұғалім болды. Осы бір жылдары туған жерден алысырақ, жырақ жүргенде шығарған өлеңі деген ой келеді. «Туған жердің қадірін алыста жүріп білерсің» деген осы да.
А. Құдайбергенов орыстың ұлы ақыны Лермонтовтың «Родина» өлеңін аударған. Ол «Отан» атты аудармасы Маңғыстау аудандық «Сталин жолы» газетінің (қазіргі «Жаңа өмір » газеті) 1949 жылғы 17 қазандағы № 38 санында жариялаған. Лермонтов өлеңді былай бастайды: Люблю отчизну я, но странною любовью! Не победит рассудок мой. Ни слава, купленная кровью, Ни полный гордого доверия покой. Ни темной старины заветные преданья Не шевелят – за что, не знаю сам – Ее степей холодные молчанье, Ее лесов безбрежных колыханье, Разливы рек ее, подобные морям, Проселочным путем люблю скакать в телеге И, взором медленным пронзая ночи тень,
Встречать по сторонам, вздыхая о начлеге, Дрожащие огни печальных деревень. Люблю дымок спаленной жнивы, В степи ночующий обоз С отрадой, многим незнакомой, Я вижу полное гумно, Избу, покрытую соломой, С резными ставнями окно; И в праздник, вечером росистым, Смотрет до полночи готов На пляску с топаньем и свистом Под говор пьяных мужичков. деген шумақтарын ақын: Не қараңғы ескі өмір өсиеті, Қалтыраған оттарын бір көруді. деп келтіреді. Көріп отрғанымыздай Айтмағанбеттің жаңа бір қыры ашылды. Ол тек ақын, жазушы, драматург қана емес, сонымен бірге, ол – аудармашы.
М. Ю. Лермонтовтың бұл өлеңі кезінде орыс сыншылдарынан (В. Г. Белинский, Н. А. Добролюбов) жоғары, жағымды бағасын алған. А. Құдайбергеновтің «Қалыспа, ата, жарыста» өлеңі Маңғыстау аудандық «Сталин жолы » газетінің 1947 жылғы 20 тамыздағы № 28 санында жарық көрген. Бұл өлеңі «Жыңғылды» колхозының 15 қара қой өсірген қарт шопаны Байғабылов Жұбанға арналған. 1947 жылы Ұлы Октябрь мерекесіне
орай, Ресей орталығы Москва да ауыл шаруашылығының көрмесі өтеді. Сол жерге Айтекең де барады. Сөйтіп, Жұбан атамызбен кездесіп, сол көрмеден соң, бірден өлең шығарады. Байғабылов Жұбан 1890 жылы Жыңғылды аулында туған. Зайыбы – Байғабылова Зердеш 1895 жылы туған, руы – Адай – Бәйімбет – Күшіктің қызы. Жұбан арғы тегі қарапайым отбасыннан шыққан, руы – Бәубек. Жұбан атамыз кішкентайынан малға жақын болған. Бала кезінен мал бағып, өмірден өткенше малшы боыпты. 1941 – 1945 жылы өткен әлемге әйгілі Ұлы Отан соғысына Жұбан қатыспаған. Соғыс жылдарының өзінде мал шаруашылығымен айналысып, қора – қора қойын төлдеткен.
Ақын шопан өмірінің қиындығын ерекше бағалайды. Бір жыл ішіндегі мезгілдер алты ай қыс, алты ай жаздағы мал шаруашылығының қиындығы кім –кімге де мәлім. Қойға күйек салудан бастап, оны төлдету, төлін бағып асырау, жазда жайлауға, қыста қыстауға, күзде күзеуге, көшіп, орналасудың өзі орасан шаруа.
Қой төлдетудегі төл алу жұмысы нағыз қиын кезең. Себебі: күн бірде жылы, бірде салқын. Сол ауа райына қарап, қозы – лақты жылы жерге салу, оны ауыздандыру, бәрі – бәрі шопан үшін оңай емес. Одан қалса, табиғат, ауа – райының кедергісі де жетіп жатыр. Ұйытқыған жел, уілдеген боран бетті қарып пашартпайды. Немесе, жаңбырдан кейінгі сергелдең, қардан кейнгі былшық, балшық, шалшықтардың өзінде мал бағып жүру бір әбігер. Сол бет қарыған боранға, аяқ алып жүре алмас балшық – шалшыққа шыдап, күнін мал бағумен өткізген Жұбан шопан, сонда да, 15 қора қой өсіріп, жоспардан тыс еңбек еткен.
Бірақ 1942 жылы Жұбанның үлкен ұлы Өтеш соғысқа аттанып, оралмаған. Баланың күйігі қарт шопанды қатты әлсіретіп, титықтатып бітірді. Ұлын күтумен, үмітін үзбей өмір сүреді. Баласынан еш хабар, еш дерек келмеді. Тек қана Россия елінде соғысқандығы ғана белгілі.
«Әке – шешемнен 10-ның үстінде бала болыпты. Көпшілігі қызылшадан қайтыс болды. Артында тек үш ұлы ғана қалды », - деп еске алады Жұбанның кіші ұлы Күзембай ағамыз. Үлкен ұлы – Өтеш 1942 жылы соғысқа аттанып, оралмаған. Россия жерінде шайқасып, қаза тапқан. Псковск облысында Пыталовск районында жерленген. Еш хабар болмай 65 жыл дегенде жерленген жері белгілі болады. Жұбанның кіші ұлы Күзембай Жұбанов Айтекеңді былай деп еске алады: «Мен Айтмағанбет ағайды өте жақсы білемін. Себебі, ол кісі менің ұстазым еді, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен дәріс берген. Айтекең менің әкемді өлеңге қосқанын білмеппін. Алғаш «Ақбөбек» кітабы қолыма тиген де, қуаныштан төбем көкке екі елі жетпей қалды, мал бағу оңай іс емес».
А. Құдайбергенов прозасындағы көркемдік танымдық сипат. А. Құдайбергеновтің кеңестік дәуірде өмір сүріп, өзінің басты шығармашылығын сол тұста жазған жазушы. Өзінің 70 жылдан астам уақыт – тарихын социялизм дәуірінде өткерген Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бергі тұсқа сенімсіз көңілмен қарап, көп нәрсені жоққа шығарып жазған. Бірақ өнер қай кезде де өзінің өнерлі болмысын сақтап қалатындығын әсте естен шығаруға болмайды.
Көркем әдебиет тек эстетикалық категория емес, оның қоғамдағы танымдық рай де үлкен. Егер бүгінді танып, болашақты болжай білу үшін өткенімізді мансұқтамай, тарих сыбағасынан тәжірибе алуға тиіспіз. Ал тарихты айқындайтын уақыт бедері сол тұста жазылған көркем дүниенің еншісінде. Оларда заман шындығын көркемдік шындыққ айналдыра білген жазушы шығармасы, уақыт өткен сайын кейінгінің зияткерлік, әсемдік пайымын кеңейтуге игілікті әсер етеді, ете бермек те.
Бұл бұрынғыдан алғанда, ХХ ғасырдың ІІ жартысынан, 1960 жылдан кейінгі әдебиет, оның ішінде қазақ прозасы тың серпінмен өркен жайғаны шындық. Сол 60 – жылдың 90 – жылдарға дейінгі аралықта қазақ прозасының ең бір өркенді буынына талантттар мен дарындар легіне айналған Т.Ахтанов, І. Нұршайықов сынды алдыңғы толқынмен солармен ілесе көркемдік көркін ашқан Ә. Кекілбаев, С. Мұратбеков, Қ. Ысқақов, М. Мағауин т.б қазақ көркемсөзінің көсегесін көгертіп, шаңырағын биікке көтеріп, керегесін кеңейтті. Олар қазақ прозасына тақырып, өмірмен идеялар, жаңа типті характерлер ғана әкеліп қойған жоқ, сөз өнерін поэтикалық жоқ том байытып, оның көркемдік кеңестігін түрлендірді. Сөйтіп оқырмандарына кеңестік кезең шындығын көркемдік шындық арқылы жеткізе білді. Міне, осы буынның қатарына сан қырлы саңлық иесі Айтмағанбет Құдайбергеновті де қоса аламыз. Ол өзінің әңгіме – повестерінде өзі өмір сүріп отарған кезеңнің, заманның шындығын ашады. Сондай – ақ, повестерінде Ақбөбек пен Қайып, Әліби Жангелдин, Тобанияз Әлниязұлы сынды кейіпкерлерді тарихи тұғаларды әдеби кейіпкер ретінде сомдайды.
Бұл бөлімнің арқауы А. Құдайбергеновтің әдеби мұрасының үлкен бір саласы болып табылатын прозалық шығармаларына талдау жасай Отырып, көркем прозада мәселелерін көтерген өз уақытының шындығын ашқан шағын жанрдағы шығармалары мен повестерін талданып, сарапталады. Негізгі мақсат – жазушының қазір замандық әңгіме – повестеріндегі өмір шындығы мен көркемдік шындықтың арақатынасы таразылап, оның шығармашылық лирикасында өмірге келген жаңашыл көркемдік ізденістердің табиғатын ашып көрсету. Сөйтіп, А. Құдайбергеновтің прозалық мұрасының қазақ әдебиетіндегі орнын айқындау. Айгүл Сафиева, филолог, А.Құдайбергенов шығармашылығын зерттеуші
МАЗМҰНЫ:
Маңғаз даланың марғасқа жыршысы А.Құдайбергеновтің маңғыстау цикліндегі шығармаларының тәрбиелік мәні Ақбөбек Аққолтық Мұнаралы өлкем Зардап А.Құдайбергеновтың шығармашылық ғұмырнамасы
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру