Мазмұнға өту
Home

Әдеби сын

Тоқболат Еңсегенұлы

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Әдеби сын

Тоқболат Еңсегенұлы — «Әдеби сын» (Көркем әңгіме). Тоқболат Еңсегенұлы

Филология ғылымдарының докторы, профессор

ӨМІРГЕ АДАМГЕРШІЛІК КӨЗҚАРАСТЫ КӨРКЕМ ОЙМЕН ЖЕТКІЗГЕН

Жазушы Әбіш Кекілбайұлының «Күй» шығармасы жөнінде

Бұл хикаяға, негізінен, ілгері дәуірдегі адайлар мен түрікмендер арасындағы бірнеше ғасырларға созылған өзара кикілжіңдер мен алауыздықтардың кем-кем үдей ушыға қасіретті оқиғаға айналып, адамның жапырақ жүрегін пәршелеген қилы әрекеттер сол заманға таңба болып қалғаны арқау болған. Бірақ сол болмыс қасіреттерінің жұрнағы осы өмір сүрген дәуірде ептеп белең алып жатқандығы бәрімізді едәуір толғандырады. Анау етене жазыла қоймаған қауіпті індет заманына қарай түсін, түрін, айлалы әрекеттерін сан құбылтып, қанша кетпендеп шапсаң да қуыс, тасаны қуалай тырмысып, тамыр жая беретін кәдімгі сары шырмауық сияқты. Әбіш Кекілбайұлының бұл «Күй» атты көп қырлы туындысының көтеріп шыққан жүгінің өте ауыр әрі күрделілігі осындай.

Мына шығарманы жасауда бұл қаламгер елеусіз нәрседен терең ой тудыратын өзіндік шеберлігін танытты. Ол қазақ халқының енжарлыққа қарай ығысқан пенделерді мінеуде қолданылатын «Мәңгүрт» сөзін түсінген адамын түпсіз тебіреніске түсіріп, мән-мағынасы дүние жұртшылығының таңдайын қақтырып, терең ойға батыратын символға айналдырды және әлем әдебиетінде бұрын-соңды есітілмеген мәңгүрт символын қалыптастырды. Шыңғыс Айтматовтың «Боранды бекет» романындағы Сәбит те осыған ұқсас. Қазір бұл қазақ сөзі төрткүл дүние халықтарының мыңдаған жылдар бойы сұрыптап, суындап жасаған типтік бейнені танытатын образды сөздер қатарына қосылды, тіпті одан асып, символдық бейнеге айналып барады. Қалай?

Тозыңқы тақтайдай жалпақ шексіз далаға үркектей қарап, сәт сайын тұла бойды безгек ұстағандай қалтырататын жойқын үрей осы шығармада бастан-аяқ қосыла өріліп отырады. Әлгіндей дара тапқырлық Ф.Достаевскийдің «Қылмыс пен жаза» шығармасына бойлай енген еді. Осындай жәйт «Күй» атты шығармада: «Қарауыл төбе жақты іргеден бағып отырған ала шапанды қайыс қараның иық тұсы бүлік ете түсті. Айыр сақал тіктеніп отырды. Қарауыл төбенің шығыс жағынан төбелерімен көк тіреген екі-үш қарайған шығыпты. Жаңағы қарайғандар тезек теріп келе жатқан мәңгүрт қазақтар болып шықты. Олар өткен жазда қолға түскен тұтқындар еді. Бұл Дүйімқараның туған нағашысының ауылын шауып, алты қыз бен алты бала жігітті таңдап жүріп атқа өңгеріп әкеткен-ді. Анадүрдіні Мәмбетпанаға жұмсады. Ақ тайлақтардың біреуін берсін. Көкбөрінің басына сойып құдайы берем деді»,–деп баяндалған (Ә.Кекілбайұлы. 2-том.Алматы:1999,60-61-б.).

Адайлар мен түрікмендерде мынандай тұтқиылдан төңіректі азан-қазан етіп, қылыш сермеп, зорлап, қорлау күнара, апта аралата болып тұрады. Ендеше қалай олар жайбарақат тамақ ішеді. Жоғарыда келтірген үзіктегі Айыр сақал – түрікменнің атақты қолбасшысы Жөнейт. Дүйімқара – адайдың даңқы жер жарған әйгілі батыры. Жөнейттің туған інісі, қарсы елге де Көкбөрі атанып кеткен Дүрдіні ол жекпе-жекте азаптап өлтіреді.

Мына аталған кейіпкерлердің әрқайсысының жұмбақ әлемі шығармада елеусіз қыртыстарына дейін өтектеліп шынайылықпен көрсетілген. Адам образын жасау сондай жолмен ғана қалыптасады.

Адай батырының қолынан қаза тапқан інісінің кегін Жөнейіт «қанға-қан, жанға-жан» емес, одан әлдеқайда еселей асырып тұтқын әкетті, оның үстіне, адам баласының құлағына шалынбаған тірілей азаптаудың ауыр түрін ойлап тауып, бір ауылдағы өрімдей жастардың ішінен таңдап жүріп он екі ұл мен қызды тұтқиылда алып кетіп мәңгілік күң мен құлға айналдырды. Анау шығарманың басынан-ақ алға тартылған мәңгүрт қазақтар – нақ солар. Осылай өш алуда Жөнейіт айналасындағы елдерге өзін айбынды батыр етіп көрсеткісі келді. Оның түпкі ниеті де жаугершілікпен даңқын шығару.

Ол шапқыншылық талабын мүлтіксіз орындау ниетінде жаңа сойған ақ тайлақтың терісін алты бөлік етіп кескізіп, алты тұтқынның пәкімен айнадай етіп қырылған басына кигіздірді. Жалын ескен ыстықта күнге күйіп кеткен түйенің терісі бас сүйекті қазір-ақ ұнтап жіберердей сытырлата сыға бастады. Тұтқындардың шыбын жаны жанарынан жас болып сорғалап, жарық дүние теріс төңкеріліп кетті. Арада шамалы уақыт өткенде олардың басына шаш шықты. Тықыр бастар бұрынғыдан да өрескіл бебеу қақты. Тұтқындар шашы түйе терісін тесіп өте алмай, адам басының құйқасына кіріп ішке қарай өсті. «Алты тұтқын елі қайда, жері қайда екенін білмейтін мәңгүртке айналды. Жүре-жүре тілден да айрылды. Түйемен бірге өрді, түйемен бірге келді. Тезек теріп қайтқан мәңгүрт қазақтар ауылға келіп, ошақтың басына қаптарын төгіп жатыр» (осында, 75-бет.).

Жер дауы, жесір дауы, барымта, құл, күң иемденуге ашқарақтана ұмтылудың және тосыннан тыныш ауылға қаптай кіріп, хайуандықпен қыз-келіншектерді өңгеріп әкету сияқты дарақы, жабайы әрекеттердің салдарынан адай мен түрікмендер арасы тиылмайтын дау, жанжалға, күш көрсету, кек қайтаруға жалғасып, бірте-бірте өмірі ымыраға көнбейтін өшпенділікке ұласып, залымдық пен зұлымдық, қатыгездік шырқау биікке көтерілді. Есінен мәңгі айрылған тірі өлік адамдар қатары қалыптасты. Бұлар қас жауыздар қолдан жасаған мәңгүрттер болатын. Мынау көне заманда өшпенделікке өлермендене ұмтылғандардың жасаған апатты әрекеті. Қазір ше?

Сонымен, Әбіш Кекілбайұлы бұл шығарманы алғашқы жолынан бастап соңғы нүктені қойғанға дейін тұтастай психологияға құрғандығы танылады. Анау тезек теріп жүрген қарапайым тұтқын қазақтардың алыстан зорайып көрінген қарасынан тұрікмен қолбасшысына дейін үрейленді ғой. Мұнда терең астар бой көрсетеді. Көркем шығарма адамның ішкі жан дүниесінің елеусіз бүлкіл, діріліне дейін ашып көрсетуімен ғана құнды.

Ә.Кекілбайұлының «Күй» атты туындысындағы осы аталған мәңгүрт образымен жарыса, тайталаса қатар шығып, күмбезді көкке көтерілген, символдық бейнеге айналған күйші образы. Себебі, күйшінің дүниені өзіне тәнті етер дара тұлғасы – барлық өнер атаулының бейнесі. Талдай түссек, шығармада бір-бірімен үйлесе, егіздің сыңарындай болып айналасындағы тас қараңғылықтың ұңғыл-шұңғылына дейін жарық шапағын төгуге ұмтылған қос күйші келбеті көрінеді. Екеуінің де мақсат, ниеті бір арнаға құйылған. Оған түрікмен қолбасшысы Жөнейіттің «Мынау жалба-жұлба тұтқын баяғыда Дәулетжаны тартқан салқын сазды қайдан біледі? О да тап осындай әлдекімді ақылға иліктіре алмай таусыла күңіренбеуші ме еді, талмаусырап егілмеуші ме еді? Апырау, Жөнейіт мықты еді ғой. Тап осы қазір бұл осынша неге жасып, неге жуасып отыр?» –деген сөзі дәлел (сонда, 102-б.). Күй құдіреті тас жүректі іштей егілтті. Қараңғы көңілге нұр шашқандардың біріншісі – тұтқын қазақ күйші, келесісі – түрікменнің дутаршысы Дәулет. Әрине, тұтқын күйші – жаулаушы қолбасшы Жөнейітті қаһарынан алжастырып, қылышы мен найзасын сындыруға мәжбүр еткен асқақ тұлға. Әлбетте, қолбасшының ондай әрекетке баруына оның кенже ұлы, күйші Дәулеттің де ықпалы едәуір. Қолбасшыны жаугершілік жолынан жаңылыстыру – күй өнерінің құдіреті.

Жазушының олай жасауына маңызды себептер бар сияқты. Турасын білдірсек, әр ұлттың рухани зор байлығы бекем қалыптасқан салиқалы өнері бар. Екіншіден, мәңгүрттік қасіретті қолдан жасап отырған түрікмен билеуші, батырларының бәрі және сарбаздары көзін ашқалы қылыш, найза асынып, шапқыншылықты жауынгерлік дәстүріне айналдырған. Елін уысында ұстаған қартаң батыр Жөнейіт те, оның көрші елдерде Көкбөрі атанған інісі де тек қана жауға шабуды біледі, қан төгуге құмар. Бұл олардың басты арманына айналып кеткен. Жөнейіттің барлық балалары сондай. Ішінде кенже ұлы Дәулетке ғана өнер қонған.

Бұл мәселе жайлы «Күй» шығармасында: «Көкбөріге Дәулеттің тұла бойынан ештеңе ұнамайды. Әсіресе оның әр немеге құмартатын әуейілігіне ызасы келеді. Еркекке найза мен қылыштан басқа не өнер керек. Қолыңнан келеді екен – қол баста, жау шап, келмейді екен – ақ таяқ ұстап қой бақ. Ал Дәулет кішкентайынан бақшы, дутаршы десе есі кететін, жасы он бестен асысымен-ақ көшелі күйші болып алды. Бұл өңірде онан асқан дутаршы жоқ», – деп жазылған (Ә.Кекілбаев, 2-том. Алматы: Өлке, 1999, 76-б.). Иә, жаманшылықтың қатары қалың, ал түбінде, шындық, әділдік жеңіске жетеді.

Әрине, анандай жаугершіліктің мекеніне айналған аймақ, әсіресе үнемі найза ұстап тек жаулықты аңсаған қара ниетті қолбасшы, батырлардың жүрегі өшпенділіктен тасқа айналған ғой. Ондайлардың есін кіргізіп, санасын оятып, терең үңгірдей түнек көңілдеріне адамгершілік сәулесін шашу үшін барша елдердің күйші, бахшылары қосыла ұмтылуы керек. Шығармада Дәулеттің ісін жалғастырушы Құрбан өсіп келе жатқаны ымдалады. Жазушының екі елдің атақты күйшілерін қосақтай ұстап, ортақ мақсатқа жұмылдырып символдық бейнеге айналдыруының түйіні соны байқатады.

Көрші елмен мәмілеге келместей болып өштескен қолбасшы Жөнейіт тірі қалған жалғыз кенже баласы, атақты дутаршы Дәулетті өз қолымен жауға қарсы шайқасқа аттандырды. Бұл кекшілдіктің шектен шығып кеткенін байқатады. Қазақ жерінде мерт болған баласын есеңгіреп жүріп көмген соң, өзі қартайып, артынан ерген тұяқ қалмағанына өлердей опынып, мұң-шерге шомылды. Кенже ұлын, оның жан дүниесін елжіреткен бахшылық, дутаршылық жойқын талантын есіне түсіріп, еріксіз, саналылықпен емес, мәжбүрлікпен өнер құдіретін мойындады. Мұнысы адамгершілікті еске алғаны сияқты. Тұтқындағы қазақ күйшіні алдына әкелдіріп, оған күй тартқызды. Одан кейінгі қолбасшының ішкі толқынысы шығармада: «Домбыраның үні былпып майда шықты. Құлақты қытықтар жұмсақ әуез көңіліне қонақтаған сайын көкірегін тілгілей түседі. Әлдебір әзәзіл сезім азғырғандай. Жөнейіттің жүйе-жүйесінің бәрі босап барады; ширыққан жүйкесі жібектей есіліп, құрыстанған арқасы кеңіп сала берді. Бұл не? Жөнейіт түсінбеді»,–деп суреттелген (осында, 102-б.).

Қазақ күйшінің қолына кісен салып алып кетті. Жөнейіт төсек үстінде төңбекшіп жатыр. Ол сан тарау ойдың қамауында. Күйшіге рақымшылық жасап еліне қайтарып жіберейін десе, жұрт онысын аяушылық емес, барлық балалары мен базарынан айырылған қарт батырдың айбатынан тайғаны деп санайды. Қолбасшы әлі тебіреніс үстінде, адай батырының келмегенін Жөнейіт іштей оны намыстан жұтаған есебінде санап кіжінді. Ол келсе күйшіні еліне қайтарар ма еді қалай? Жөнейіт анау Дүйімқараны да осы оқиғаға себепші санады. Бұл қасіреттің өршуіне шоқ лақтырған Дүйімқара сияқты. Оның туған інісін қорлап өлтірді емес пе?

Жөнейіт күйшінің тірі қалуына қарсылық білдірмейтіндей, әйтсе де соған ыңғайлы жол таба алмай әуреге түсуде. Өзінің мерт болған кенжесі Дәулет есіне түскенде қазақ күйшісіне іштей аяушылық білдіреді. Оның шексіз қайғы тебіреністен жан дүниесі қалжырап шаршағандай. Сонда да тұтқын күйші көкейінен әсте кетпейді. Бұл оның адамдықты қалауға мәжбүрлігі. Соңғы кезде Жөнейіт сол жігіт жайлы ойласа көз алдына қалың бұтасы қара түлей белес қайта-қайта орала береді. Тұтқын күйшіні сол жол жиегіне апарып басына дейін көмсе, көп керуеншілердің бірі адамгершілік жасап ашып алып, күйші тірі қалуы мүмкін. Жөнейіт ақыры осы байламға тоқтады. Күйші мына өзін тірілей көміп жатқан адамдарға жалыныш кейіпті танытпады. Иә, намыс өлімнен әлдеқайда биік.

Жөнейіт бұл оқиғадан кейін онан сайын қалжырап, қол-аяғы дірілдейтінді шығарды. Ол ұйықтайын десе түсінде күйшінің өлгенін көреді, содан көз ілмей, шексіз азапқа батады. Шығарма соңында Жөнейіт өзінен-өзі үрей қамауына түсіп өледі. Ондай жазықсыз жандарды мәңгүрттікке айналдыратын сұмдық жазаны шімірікпей іске асырған және балауса қыздарды қорлап, азапта ұстаған, ел шапқан жыртқыш – қылмыскердің мүлдем жоғалып кетуі мүмкін бе? Ә.Кекілбайұлының «Күй» шығармасындағы мәңгүрт қазақтар мен кеңес дәуіріндегі арбаға жегілген өгізден айнымаған қалың жұрт легі зерделей қараса бір-біріне ұқсас сияқты.

ШЫНАЙЫ СЕНІМ ЖЕҢІСІ

Сайын Мұратбековтің «Қара құлып» әңгімесі жөнінде

Өмір қайшылықтан тұрады. Әділдік пен жаманшылық үнемі жарыс, тайталас үстінде, әлем жаратылғалы солай. Бірақ, екеуі бір-бірімен егесе арпалысқан мен жақсылық ақыр түбінде жеңіске жетеді. Танымал жазушы Сайын Мұратбековтің «Қара құлып» атты әңгімесі заман ағысымен бірге мәңгі жасай беретін адамгершілік тақырыбына арналған. Әйтсе де Ар тазалығын әр жүрекке мәңгі ескерткіштей етіп орнату оңайға түспейді.

Оған көз жеткізу үшін сол шығармаға үңілейік, онда: «Біздің үйде сыртын әшекейлеп сырлаған үлкен сандық бар. Сандықтың іші неше түрлі кәмпиттерге толы. Бірақ сол сандықтың аузында үлкен кісінің қос жұдырығындай қара құлып тұрады. Қара құлып мелшиген, тастай суық. Сүйкімсіз құлып. Өзі зілдей ауыр-ақ»,–деп жазылған (Алтын бесік. Алматы: Жазушы, 2003, 95-б.).Бұл туындыда жазушының оқырманға ұсынар идеясы, айтар ой түйіні ала сандық аузындағы қара құлыпқа барып тіреліп тұр. Алдын-ала білдіреріміз, жазушы осы әңгіме желісін өз атынан баяндайды. Былайынша алып қарағанда да ол «Қара құлып» туындысындағы кейіпкерлердің бірі есебінде танылады.

Неге олай? Өйткені, анау сандықтың ішінде тәтті кәмпит сақталған, оның қақпағы үйге қонақ келгенде ғана ашылады. Сол сәтте ғана балалар кәмпитті емін-еркін жеп, мәре-сәре болып қалады. Қалған уақытта ала сандық аузында үнемі қара құлып тұрады. Қыдырып келген кісінің баласы Жақан үй иесі анау сандықтағы мол кәмпиттен алып дастарханға қойып жатқанда сол таңдай жұлар алуан түрлі кәмпит сақталған орынға құмарта қарап тұрады. Түстен кейін оңаша қалғанда Жақан сол үйдің баласын зорлап көндіріп, қара құлыпты шегемен ашып, ондағы орам-орам тәттілерді қойын-қонышына толтырып екеуі де тайып тұрады.

Бұдан былайғы кезде шаңырақ иесі ала сандықты құлыптамайтын болды. Себебі, ол үй тірлігіндегі барлық істі отбасындағылардан жасырмай, тығып ұстамауға, ал баласын қай нәрсені де сұрап, келісіммен алуға үйретуге тырысты. Шығарманың соңында қара құлып ешкімге қажетсіз болып далада қалады. Тағы ескерер жәйт, бұл туындыда үй иесі баласына жағымсыз әрекеті үшін кейімейді. Өйткені, перзентінің ұнамсыз әдетке қарай бұрылуына өзі де кінәлі екенін түсінді. Бұл әңгімеде Жақан сұғанақтық әдетімен есте қалады. Расында, жасөспірім тәрбиесінде оларды теріс жолдан сақтандыру үшін мұндай жиіркенішті бейне керек сияқты. Шығармада адам қара құлыпқа емес, ар-ожданға сену ымдалады.

ҮЙДЕ КӨРГЕНІН ҚАЙТАЛАЙДЫ

Үмбетбай Уайдиннің «Өтірік айтпа, өлтірем» әңгімесі жөнінде

Мектеп қабырғасынан ұшқан ұл-қыздардың көбісі жоғары оқу орнына түседі. Демек, бұлар өмір талабына лайық өзі оқыған ұядан тиянақты білім, тәрбие алып, дүниетанымы кеңейген, өз жолын таңдаған жастар. Олармен он бес, жиырма минуттай сөйлескеннен кейін сол жеткіншектердің қандай отбасында тәрбиеленгенін бірден топшылауға болады. Мұндайда, әсірес, мұғалімдер шаңырағынан шыққан жастардың тәлім-тәрбиесі көңілге қонымдылау. Себебі, олардың әкесі немесе шешесі мектептегі балаларға жарқын жол ашып жатқандар қатарында және мұғалімдер өмірде қарапайым тіршілік кешкендер, байлыққа қолын еркін батырмағандар деуге келеді.

Есімі елге етене танылған жазушы Үмбетбай Уайдиннің «Өтірік айтпа, өлтірем!» деген шағын әңгімесі өзіндік көркемдік ерекшелігі және юморға құрылған өткірлігімен, айтпақ ойын астарға құрып, адам бойындағы жағымсыз қылықтарды, жат мінезді пенделерді күлкіге ұшыратып әжуалауымен дараланады. Жазушы мына шығармасын жеңіл юморға орап бергендіктен, сол келекеге ұшыраған кейіпкердің өзі кектенуге шамасы келмей, өзі де қосыла кеңкілдеп күледі. Осы әңгіменің атауы «Өтірік айтпа, өлтірем!» – мектепте оқитын Бақыманның әкесі Жақиымның сөзі. Ол отбасында баласына «өлтіріп жатса да өтірік айтпа» деп туылғаннан бері күнде қақсап айтып келеді. Ал сол әкенің өзінің мінез-құлқы, әдебі қандай?

Енді бұл шығарма желісіне назар аударайық. Бақыманның әкесі жатардың алдында күндегі әдетінше баласына: «–Өтірік айтпа!–деп Жақиым леп белгісімен бекітті». Сол күні ол түнімен теледидардан хоккей көріп, таңертең кеш оянып өзі жұмыстан, баласы сабақтан қалып қояды. Сондай сәтте Бақыман: –әке, сабақтан кешіктім ғой мұғалімге не дейін дейді. Оған Жақиым «құлағым ауырып, әкеммен емханаға бардым дейсің да. –Өтірік айттың деп ұрыспайсың ба? –Онда автобус тоқтап қалды де. –Өтірік айттың деп ұрмайсың ба?

–Неге ұрамын, автобустың тоқтап қалатыны өтірік пе? Өтірік айтпа, өлтірем!»–дейді әкесі (Алтын бесік, Алматы: Жазушы,2003, 151-б.).

Шығармада әке отбасында баласына қандай тәрбие берді? Жақиымның үнемі «Өтірік айтпа, өлтірем!» дейтіні оның жаттанды сөзі сияқты. Жазушы бұл туындыны әжуаның астауына батырып алып, психология көрпесіне ораған. Жақиымның отбасында баласына ұрысып, ұрып, әрі жалған сөйлеп тәрбиелейтіні шығармада айқын аңғарылады Иә, Бақыманның әкесі өз келбетіне неге қарамайды?

АСТЫРТЫН МАЙДАН АЛАПАТЫ

Жазушы Асқар Алтайдың «Дода» атты әңгімесі жөнінде

Белгілі жазушы Асқар Алтайдың «Дода» атты әңгімесі алғашқы жолынан-ақ қамасқан қалың жұрттың арқасын қыздырып, намысқа шоқ тастап, сәулелі кеудеде алау жалын маздатып, жаппай бәрін анау арғымақ атпен шоғырлана сығылысып, жан таласа тартысқан дүрмек топтың ең қарулы білектері қасарыса тіресіп, түйдектелген тұсқа өршелене ұмтылдыратын қазақ халқының ежелден қалыптасқан, айызды қандыратындай ерен дүлейлі көкпарын тосыннан аламан құйын үйіре соққандай қызу, қызықты қалпында бейнелеуге ұмтылған.

Оған шығармадағы: «Қан қызып басқа шапқан, ат терлеп алып қашқан көкпар басталғалы біраз болған. Шал астындағы ақ көбіктенген Көкбестімен көкпардың қызығына батқалы қашан...»,–деген сөз дәлел (А.Алтай. Казино. Алматы: Атамұра, 2008, 206-б.). Осы төңіректі дүркірете дүрліктірген көкпарға шамамен үш жүзден кем емес ат құлағында ойнайтын, күш-қайраты тегеурінді үлкенді-кішілі ер-азаматтар қатысуда. Солардың ішінде сирек мұртын қырау шалған шал түйдектеле шоғырланған доданың ортасына сүңги кіріп, көкпарды қолынан шығарар емес. Астындағы күлте жалдылардың белі мықты, өздерінің білегі жуан, жүрегі түкті алпамса жігіттердің бәрі көкпарға түскен көксеркеге қарай жабыла ұмтылғанымен шалдың тақымындағы серкені жұлып алуға күш-қабылеті жетпей ащы терге малынып, намыс отына өртенеді.

Неге олай? Себебі, сол шалдың өзі бұл өңірде мұндай көкпар додасын алғаш рет көріп, солардың ортасында пұшпақтаған теріге шомылып жүр, көкпарды сағынып қалыпты. Өйткені, мына кәнігі додашының әкесі Кәкім де, оның арғы тегі де атақты көкпаршы атанған. Демек, ананың бойына бұл өнер ата қанымен тараған. Кәкім сонау кездегі ел ішіндегі жер аудару дүрбелеңі өршіген шақта әйелі және осы баласымен түн қараңғылығында қоштасып, үнін шығармай белгісіз жаққа қарай жол тартты. Ол тұста осы шал алты жаста еді.

Ақши ауылында жұрттың малын жаппай артельге өткізу басталды. Бірақ, мына шаңырақтың жалғыз сауын сиыры орталыққа тапсырудан аман қалды.Бірақ, «әкесі кеткелі атқа мінген, орысша киінген қайыстай қара қазақ түс кезінде бұлардың үйінен шай ішетін болып алды. Шешесі оның келгенін жақтырмаушы еді, бірақ үндемейтін. Бұл көбінесе ол келгенде далаға шығып кететін» (осында, 212-б.).

Осылай жазушы А. Асқар «Дода» әңгімесінде бала жүрегінде таңбаланып қалған сонау кезеңнің қилы-қилы көріністерін көкпар додасымен қосақабат баяндауға талпыныс жасапты. Байқап қараса, жиырмасыншы ғасырдың екі және үшінші онжылдығында: Аяма қама! Көнбесе ат! Түгел колхозға өткіз! Бұйрықты тез орында!–деген қатыгездіктің қылышын жалаңдатқан кеңес өкіметінің науқанды жұмыстары көкпар додасындай қатулы дүбірімен өтті. Керісінше, қазіргі мына додадағы бірнеше жүздеген қайрат-жігері бойына сыймаған жалындаған жігіттер көкпар додасында жеңіске жетудің айла-тәсілін білмейді. Халықпен бірге жасасқан ұлттық өнерден бейхабар, тіпті естімеген.

Бұл додашы шалдың есімі Нұрғалаи. Ол жастайнан сұрқиялы сол заманның момын халыққа арнайы ойластырылып жасалынған: жалпы жұрттың күнкөріс төрт түлік малын сыпырып алу, аштыққа тап қылып, жаппай қырғынға ұшырату, елдің қаймағы саналатын жүздеген азаматтарды абақтыға тоғытып, Сібірге айдау, дүниені жайпап келе жатқан соғыста әуелгі қарсылыққа тосқауыл үшін оларды жау шебіне лек-легімен айдап салып, тұқымын түгел құрту сияқты айла-әрекеттердің бәрін көзімен көріп, тозақ өртіне түсіп, күйіп кете жаздады, Әйтеуір соншама азаптың бәрінен итжандылықпен тірі қалыпты.

Нұрғалидің «Кәнтөжін» атануының өзі елеулі оқиға. «Көкке кеме ұшқан көктем еді. Жиналған жұртқа ауданнан келген адам аспандағы айға дейін еліміздің бір азаматы ұшып барып қайтқанын айтып, ауыл адамдарының түсініксіз сұрақтарына жауап берген. Ал соның артынша ауылда түйе мен жылқы жинау науқаны басталды емес пе? Колхоз-совхоздікі жетпегендей бірен-саран қолда ұстаған кекілді мен шудалыны да өкімет бағасымен сыпыра бастады. Әлдекімдер қарсы болып еді, ауданнан милициясы бар өңкей бір сықиған киімділер толып кеткен» (осында, 208-б.).. Нұрғалидің ауласына ауылсовет еріткен үш-төрт сұсты адам бас сұқты. Топты бастаушы үй иесіне жоғарыдан нұсқау келгенін, түйе мен жылқыны түк қалдырмай өткізу керек екенін мәлімдеді. Топтағы билік айтушы өктемдікке басып қасындағы жұқа өңді жігітке: –Жазып қой, бұл үйде бір жылқы бар, –деді.

– Ә, әкеңнің... – деп, Нұрғали қораға қарай тұра жөнелді. – Көрсетермін жазғанды. Нұрғали жүгірген қалпы қора алдында сүйеулі тұрған қайың құрықты ала салып, көздері алая кері бұрылды.

–Әй, мынау контужный екен ғой. Контужный болмаса сүйтеме? Контужный.Мұның пәлесінен аулақ, – деп ділмарсыды Құрышбаев (осында, 210-б.). Осы сәтте ойға Ш.Айтматовтың «Қош бол, Гүлсары» шығармасындағы Танабай бейнесі оралды. Қайран, Шыңғыс аға! Қайран, Танабай! Әр көңілде осылай жасай береді ғой... Жазушы А.Алтай «Кәнтөжін» сөзін бекер пайдаланбаған сияқты. Өткен ғасырда момын қазақ халқын үстемдік жасаушы ел сондай қасіретке әдейі күшпен айдап апарды емес пе? Айтпақшы, бұл қаламгердің «Кәнтөжіні» деп алған сөзі Әбіш Кекілбайұлының «Күй» шығармасындағы «Мәңгүртке» ұқсағысы келеді, бірақ соның елесі сияқты ма қалай? Әйгілі қаламгер Әбекеңнің сол атауы – мәңгілік символдық бейнеге айналып кетті ғой.

Додашы Нұрғали сол аудан, ауыл атқамінерлерімен тайсалмай айқасып, жалғыз аты Желжорғасынан айырылып қалмауда ажалға басын тігетінін, не біреудің қанын төгетінін сол сұсты топтың көзін жеткізіп, олардың зәресін ұшырды. Ақыры әупіріммен көңілдегісін орындады. «...Қазір мына көкпарға салып жүрген сол алпыс бірде қалған Желжорғаның тұқымы» дейді жазушы (сонда, 210-б.). Турасын білдірсек, анау жердің жеті қабатын жиырып тастайтындай зор екпінмен шабатын Желжорға сәйгүлігі үшін ол «Кәнтөжін Нұрғали» атанды ғой. Әділінде, бәріміз де желден жүйрік жануарды да, ұлттық өнер – көкпарды да Кәнтөжін додашыдай өзегіміз өртене сүюіміз керек қой. Бәлкім, оны сол кездегі өмірдің ауыр тағдыры езгілеп «Кәнтөжін» еткен шығар.

Нұрғали шал Көкбестіні қалың дүрмектің арасына сұғындыра енгізді. Бағана қапылыста айырылып қалған көксеркеге өжеттене қол созды, бірақ сәтті ыңғайы келмеді. Одан бері көксерке бірталай білекті азаматтардың қолына көшті. Шабандоздардың қарасының ерен көптілігінен бе, әлде ұйлыққан түйдекке қалай оңтайлы сүңгудің сәтін тапағандықтан ба бірнеше жігіттер сыртқа ығысып, салқын қабақ танытады. Дүлей доданың ортасына енсе де көксеркені тақымына қайта баса алмай кіжінген Кәнтөжін Нұрғалидің есіне әкесі Кәкім орала кетеді. Ол Көкбестінің сауырынан осып-осып жіберді...

Нұрғалидің көз алдына сол сәтте илеуінде үймелеген қара құмырсқадай шоғырланған додашылардың арасына сынадай қадалып, көксеркенің сирағынан ұстап жұлып алып зымыраған әке бейнесі елестеді. Бұл да ауылдағы көкпаршылар арасында бой көрсететін. Ол кісі соғыстан оралған соң додашы атануды кәдімгідей армандап, соған ебі барларды айналасына топтастырып жүретін, бірақ өмір ағысы ырық бере қоймады. Әттең, әкем ортамызда жүргенде көкпар өнері көмескі тартпас еді дейді іштей додашы. Мына азамат көкесінен ақыл-есі енді кіре бастаған тұста айрылып қалған. Көп ұзамай шешесі де аштықтан ауылда адам қалмай бара жатқан соң қайын жұртқа қарай бет бұрды. Жолда суық тигеннен бе, әлде жоқшылықтан өзегі үзіліп кеткен болар, төсекте төңбекшіп жатып көз жұмды. Өмір еріксіз «кәнтөжін» атандырған Нұрғали да айналасындағы бас сауғалаған жұртшылықтың соңынан қалмай ілгері қарай тырмысып жылыстай берді.

Бұл дода бұрынғыдан да дүлейлене, әрі үрейлене түскендей. Көкбестімен сүйкеле қатар шапқан Ақжал ат қияста сүрініп кетіп, додашы жігіт құм үстіне домалап кетті. Мылжаланған көксерке Кәнтөжін Нұрғалидің тақымында. Бірақ оның артында жан ұшыра жарысқан додашылар жаудың қалың қолындай қаптай зымырап келеді. Алды – толқыны үйіріле жөңкіген Ертіс өзені, айналуға төңірек сығыла тарылған, қамашау. Көкбесті қамыс құлағын қайшылап бұрылуға ыңғайланғанда Кәнтөжін Нұрғали оған қамшыны аямай сілтеді. Көкбесті құмды жардан терең суға қойып кетті. Кәрі Ертіс ортасында додашы Нұрғали, Көкбесті, өзен ағысы көкпарды жұлып әкете жаздайды, жаға әлі алыс.

Шығарманың ең соңына жазушы құбылмалы күздің ызғарлы суығында додашы Нұрғали көкпарды қолынан шығармай көкбестімен бірге үйіріле жөңкіген өзен ағысына көміліп, көзден ғайып болғанын сездіртеді. Қаламгердің қазақ халқының ұлттық көкпар өнерін өмір ағысы жұтып қойды дегені ма қалай? Мұнда көңіл аударар нәрсе, Асқар Алтай «Дода» сөзін символ ретінде алуға талпынған сияқты, бірақ, әлі қайда-а, көмескі. Әйтсе де, оқырманын ойландырады, Нұрғали бейнесі есте қалады. Сол дәуірдегі қолдан жасалған жасырын майданның пердесі аптеп ашылғандай.

Әңгіме

ШАЙТАН БӨРІ

(Биліктегі жемқорлар бейнесі)

Жалпақ әлемнің жартысындай болып көсілген Сардала аймағының бірінші басшысы құрық тимеген асау айғырдай мөңки тулаған билікті ауыздықтап ұстап, көктемгі дариядай кенересінен асқан бұл өңірдің ен байлығын емін-еркін кешіп тұрғанда бақ құсын қолына мәңгі қонақтатудың қамына бел шеше ұмтылды. Ол омырауына алтын жұлдыз таққанннан кейін бұрынғыдан да бетер қиял қанатына мініп, көкті шарлады. «Тағы да бір алтын жұлдызды қағып түссем, шіркін! Онда маған туған жерімде сәулетті мүсін тұрғызады. Соған қалай жетем? Оны қылышпен қағып түсірем ба, әлде айламен арбап түсірем ба? Қайсысы оңтайлы?!»

Көңілді күмпілдете кернеген сағым ой оны жындандырып жібере жаздады. «Бұл күн астындағы Күнке сұлудай сылаңдаған асқақ-арманды қылша мойнынан іліп бері тартудың тиімді тәсілі қай-сы-ы...? Ә, тап-ты-ы-ым! Өрдария мен Сұр өзені арасындағы шексіз-шетсіз алқапқа жалпағынан жатқыза күріш пен мақта егемін! А-а? Қуаң дала, ыспа құм?! Ой, тәйірі, сол да кедергі ме?! Қос өзеннің суын соған аударамын... Әне, жайқалған ақ мақтадан ақша таулар, суда сыланып өскен сары күріштен сары төбелер қатар түзеді. Анау аталған қырмандағы қыруар табыс ешқандай ілкусіз алтынға айналады. Сөйтіп келер жылы күзде екінші жұлдыз омырауыма өзі келіп тағылады. Әй-әй, бақ құсы! Аяғыңнан мықтап ұстадым ба, сенің!? Ы-ы-ым, сол керек саған! Сонан әрі сенің орныңа ұшатын мен, мына мен! Кімді жарылқаймын, кімді жылатамын, қайсысын жардан құлатамын, еркім өзімде...»

Сардала аймағының бірінші басшысы Мұсатай Кәрімов көкейінде түйіншек болып сақталған асқақ мақсатын мүлтіксіз орындау үшін оған даңғыл жол ашудың жаңа тәсілін қарастырды. «Пәлі, ондай айла-шарғының шырынын сығып ішкеннің бірі мен емес пе? Москваны семіз етпен, ақ маржан күрішпен қамтамасыз етеміз деп одақта алғашқы болып бастама көтеремін. Сонда бұл сөзім жоғарғы жалғыз билеушінің құлағына жетеді. Біздің елдің бірінші басшысы дейсіз бе? Оның өзі сол бәріміз тәуелді жаққа жасалған зор құрметті қолдамасқа амалы қалмайды ғой. Көрерсің, ең жоғарыдағы билеушімен төс соғыстырамын әлі». Айтқандай-ақ, кешікпей бұл аймақтың төрт түлігі наубайқанаға қарай тоғыта айдалды...

Сардала билеушісінің аузынан шыққан лебі бірте-бірте зорайып, байтақ даланы жаңғыртты. Тыңға шабуыл күн асқан сайын шапшаңдады. Осы сәтте бұл өңірде мал бағып, мамыражай тірлік еткен ел топан судан үріккендей бытырай жан-жаққа көшті. Кең атырапты ежелден еркін жайлаған жабайы аң мен құстар барар жер, басар тау таппай, әрі құтты мекенін қимай төңіректі безілдей айнала ұшып, құйындай жортып, қуғын-сүргінге ұшырады. Солардың ішіндегі жәбір көріп жапа шекпеген хайуан − Шайтан бөрі.

Бұл жыртқыштың арғы тегі қасқыр мен түлкінің тұқымынан тарапты. Бір ғажабы олар сырт көзге бетегеден биік, жусаннан аласа, момақан мақұлық сияқты. Сол елеусіз тұрпатқа арлан қасқырдың жойқын қайраты, бұлаң құйрық түлкінің тоқсан құбылым айласы сыйып кеткен. Кәдімгі айтулы көкжал жыртқыш бұлардың кез-келгенінің алдында күшіктей қыңсылайды. Әйтпесе сары жон бөрілер аналардың тұмсығын жалап, төсін үйкелеп, еркелеп тұрып-ақ байқаусызда жұлынын үзіп жібереді. Қиық құлақ сары жон жыртқыш жемтігіне анау жасыл көз қасқырлардай тура шаппайды. Ол қазіргі кезде айламен арбамаса доң лоққымен дәнеңе бітірмейтінін, қайта өзі шылқылдаған сорға тайғанақтай жығылатынын жете сезінеді. Сол ыңғайпаздығынан сары жон жыртқыш жортуылда түлкі қулық − мәймөңке, бұқпантайлыққа басып, кездескен момын хайуанаттарды оп-оңай жайратып, жалт беріп қарасын жоғалтады. Осындайдан зәрезап болған ел қасқырдың бұндай ерен қатерлі түрін − шайтан бөрі деп атапты.

Осы лақаптың ел аузында өзгеше түрі де бар. Сардала аймағын билеген бірінші басшының арғы атасы Шәріп хан елді індет ауру жайлағандай сілелетіп, тұтқиылдан жау шапқандай еңіретіпті залымдығымен. Оның есімін атаса бесіктегі бала жылағанын қойыпты. Ол елді алдап, үркітіп ұстамаса айдауға көнбейтінін, содан кембағалданып, өзінің атақ-даңқы, ен дәулет байлығы таяздайтынын бағамдайды. Сонымен, айбарлы билеуші күндіз-түні дөңбекши толғанып, алашұбар ойдың шырмауына маталады. Сөйтіп шым-шытырақ шатасып ұйпаланған шыжымның бір тінін илалап саумалап, шыңырау ойдың жиегіне жетеді. Сол Шәріп өзінен тараған тұқымын түлкі мен қасқырдың сүтімен ауыздандырып, оларға бөрінің жүрегін, айлакердің тілін жегізеді. Әлгі хан кейінірек төрт аяқты хайуанатқа айналады. Мына шайтан бөрілер сонан тарапты. Бұл жыртқыштардың ін қазып әуреленбей ескі қорымды, кейде оңтайы соқса іргелі қыстаулардағы дүниенің бар қазына-байлығы сақталынатын түйе бойындай дуалды, сом темір қақпалы қоймаларды мекендейтіні содан деседі. Өйткені ол былайынша ауланы, бар байлық сақталған қоймаларды қоритын кәдімгі ит атаулыдан айнымайды.

Мына шайтан бөрі тұқымдарының пір тұтқан аталық арланы қос өзен аралығындағы Жайпақ таудың арқаға қарай кеудесін көтере қатып қалған жолбарыстай дөң жотасына жайғасқан Қызылжар мұнарасын мекендеді. Ол өзінің айналасына тектестерінің ішіндегі қырық құбылып, тоқсан түрге енетін, әрі жанына сая болып, қысылғанда қорғанышына айналатын, арбасқанда ақыл қосатын бірнеше әккі аталастарын қалдырды. Ал қалғандарын әр өңірге билік құрып, әмірін жүргізу үшін таратты. Сөйтті де аналардың іс-әрекетін қас қақпай бақылады. Бұл шайтан бөрілердің арасындағы екі-үш қар басқан, қаратабан дәусемендері айналасын ашқарақтана тініткілеп, жорытқанда кезіккен жан-жануарларды құр жібермей, тістеп тартып, сілкіп лақтырып, олардың қалауынша кеңірдегін қиып, момын түз тағыларының жылы, тәтті қанына тұмсық тығып, бейшаралардың бүлік-бүлік еткен өкпе-бауыр, жүрегін суырып жеген сайын араны ашыла түсіп, жортуылды үдетіп, өр-қияны сайрандай кезді.

Онысынан бұлар залал шекпеді. Қаратабан-қандыауыздар бұл өлкенің төрт түлігі және ақмарал, ақбөкен, киігі жаппай қаптаған, салқын сабат, шұрайлы өңірді торауылдап, әлгі жаққа үйірсектеп, әмірін жүргізді. Осылай шайтан бөрі−дәусемендер сол аймақты жайлаған сан алуан мақұлықтарды қия бастырмай күнде торып, өзінің көңілі қалағанын, тісіне жұмсағын таңдап жеді. Сонау Жайпақ таудың жотасына өрлеп, төбесінен аңдыған арлан бөріні олар ұмытпады әсте. Оның мекеніне үйір-үйір жылқыны құлынымен, маң-маң басқан түйені ботасымен, табын-табын сиырды танасымен, отар-отар қойларды қозысымен, қырда қаптаған киікті лағымен қуып апарып, алдына тосты... Кейде соның өзіне көр-кеудесі толмай, қанағат тұтпай, арлан бөрінің жасыл көзі қанталап, от шашады. Сол сәтте қаратабан-қандыауыздар құйрығын шатының арасына қысып, үдере жортуылға бет қояды...

Тағы да момын мақұлықтарға өршелене, атойлата шауып, оларды есін тандыра қақтай шайқап, үйір-қотанымен алдына сап жөңкітіп, пір тұтқан арланның алдынан тоғытты. Осындайда байқалғаны, арқа еті арса-арса, борбай еті борша-борша болып, адал күшімен күнелткен, өмірдің шиқылдақ арбасын мойнына асып, тірсегі майыса сүйреген, тынымсыз міністен шоқтығын ер-тоқым сыдырған, ауыр жүк артқаннан арқасы ойылған, бұлшық-сан еттері бұлт-бұлт ойнаған қайратты, жігерлі, шыдамды жануарлардың бәрі қулық-сұмдықты елемейтін, аңқау, жаны таза, әрі мейірімді болатынын айтсайшы?! Міне, осы момақан, адал жан-жануарлар айлакер жыртқыштардың жемтігі үшін жаратылғандай.

Сондай қанадан асқан зұлымдыққа қалың тобыр тұп-тура кезігіп, қарсы алдындағы қасіретті көрініске сенер-сенбесін білмей таңданып, ақылы айран болады. Мысалға, бірде кәдімгі жасыл сағым толқыған сахараның өркешті тауы, алып кемесі болып әйгіленген ойсыл қараны соның жіліншігінен сәл асатын, жылмаң қаққан сары жон шайтан бөрі ана шудалы жануарды қас қағымда төбедей ғып теңкитіп жайратты да тастады. Сол мезетте онымен өрісте жарыса қаптап жайылып, бұйырған сораң, жантақты ернімен үйіріп жұлып, бырт-бырт шайнаған маңғаз түйелер бұл сұмдықты жанары шалысымен мойындары иреңдеп, шудалары жалпылдап алды-артына қарамай, тапыр-тұпыр тайраңдап қашып, лақты... Әрине, тегі жуас, мейірімді мақұлықтардың бәрін осындай деу әбестеу.

Мәселен, күлте жалды арғымақ айғырлар шайтан бөрімен жалғыз өзі шайқаса береді. Әсіресе, аршындай желетін, белді, жорық жылқысының әрекеті ерекше. Сол тұқымнан тараған жібек жалдылардың мұндай шайқастағы өрлік, ынтымағын қараңыз. Бір үйір жылқы бір-біріне жондарын тақап үй орнындай жерге тығылыса шоғырланған. Шайтан бөрі күрең қасқа айғырды құйрығымен алдап, жантая жалт бұрылып, мына қапталдағы сексиген ақбақай құлынға атылуға ыңғайлана бергенде бұл да ұршығынан кері айналып, болат тұяғын шайтан бөрінің жылмағай жотасына қарай лақтырды. Осы сәтте күрең қасқаның алдыңғы аяғы індекешке кептелді де, адуын айғыр тұмсығымен жер сүзді. Шайтан бөрі құйрығын пұтының арасына қымқырып, домалана аунап, күрең қасқа айғырдың арт жағынан, тершіген таңына тұмсығын соза бергенде, үйірдегі сары шап торы қанды көз жыртқышқа салпық ернін жиырып, оқтай атылды. Күрең қасқа да сүріне-қабына кеудесін жазып, қамыс құлағын жапыра қайта жымиды. Шайтан бөрі бұралқы иттей қыңсылап, үйдей сексеуілдің қуысына сүңгіді... Әрине, момақан қойдың қошқары ондай дағдыға бет бұрмаған, дағдыланса, кім біледі...

Мұсатай Кәрімов күн райы өзгеріп, қабағынан ищалатқан ызғар төгілгенін ұнатпады. Ауа райының мұның ұлықсатынсыз суытқанына шамданған кейіпте: «Мына қытымырлық танытқан күн қабағы кіммен ойнайды өзі? Көрдің ба мұның өршелене жараған бурадай жындануын! Қайтсем де сенің бермесіңді тартып алам!» –деп елерді бірінші басшы. Үлкен кісі атанған Мұсатай Кәрімов сарғая піскен күрішке орақ сермелгелі қамбаға құйылған, қырманда жиналған бар астықты ұшық-пұшығымен қоса қамтып шотқа қаққызды. Онан жұмарлана туындаған домалақ сандарға шұқшия үңілді. Меселі тағы толмады оған. Сонан тұқымға қойылған дәнді, бордақы малға берілетін жармақты, сауын сиырға сақталған жүгеріні дымын қалдырмай сыпырта шотқа салғызды. Мұның қорытындысына да тоғаймады көңілі.

Ол төңірегіндегі дөкейлермен ақылдасып, ырғасып өзінің көкейіндегі діттегеніне жеткізер оңтайлы тәсілді долбарлады. Сонымен, қар астында қалған күрішті сол ауыл-аймақтардағы әр шаңыраққа сажындап бөліп берді. Дала тұрғындарының ауыр бейнетке иығын тосып жүретін әдеті. Олар балапанын еріткен тауықтай бала-шағасымен шұбырып қарға көмілген күрішті сабағынан саумалай талдап, тергіштеп орды.

Шаруаның күс-күс алақаны тоңға жабысқан дәнге жан енгізді. Күріш сабағынан су сорғалады. Бұл көрініс диқан жүзін шырайландырды. Үйреншікті қалпынша, егіншілер жалғыз түйір дәнге жанды заттай қарап, «обал ғой» деп алақандарына салып үпілейді. Олар белін буып, жеңін түріп, жұмысқа сұғына кірісті. Сөйтіп, суындап бауланған күрішті әр шаңырақтың адамдары бесікке салған сәбидей мәпелеп үйлеріне қарай тасыды. Онда апарысымен алтын сабақ ақ күрішті бау-бауымен қалап ошақ басында кептірді. Осылай елдегі адамдардың өлшемге симайтын жанкешті бейнетімен, олардың әр түйір дәнге деген жүрегінің африкадай ыстық жылуымен қар жамылған күріш сақырлап кепті. Сол мезеттен бастап ауыл-аймақтардың арбалап, дорбалап жинаған қыруар астығы орталық қамбаға қап-қабымен құйылды. Осыдан кейін ғана үлкен кісінің ыпыны кіріп, реңіне қан жүгірді.

Ертеңіне-ақ Москвадан Мұсатай Кәрімовтің атына Сардала жұртшылығын еңбектегі аса жоғары табысымен құттықтаған телеграмма келді. Әлгі алақандай қағазды бұл жақта осы төңіректі жаңғырта ардақтағаны сонша, анаған қол қойған Қызыл Кеңестің дәу басшысының өзі мына шаһарға сұңқар ұшақпен зулап келгеннен кем соқпады. Сонымен, жаңағы екі ауыз құттықтаудың құрметіне Сардала өлкесінің орталығында Қазан төңкерісі мерекесінен кем соқпайтын той-думан ұйымдастырылды. Онда анау екі елі қағазда жазылған әрбір сөзге аузымен егін орған тілмарлар қырық қап жел байлап, әуелетіп аспанға ұшырды. Сол күмпілдеген тойдың табы басылар-бәсеңдеместен-ақ Сардала аймағын билеген Мұсатай Кәрімов республика Жоғары Кеңес төрағасына жоғарылатылды.

Айтпақшы, сонымен тап тұспалдас сәтте шайтан бөрінің арланы да жол тартты. Алматы жақтағы Алатауға. Сардала аймағын қой айдағандай шиырлап, сан жылдар бойы кезген кәрі қақсал осы жақты көне заманнан мекендеген мүсәпір хайуанаттарды жез тырнақты бүртік табанының астына қара шекшектей селт еткізбей басып ұстады. Осылайша момын аңдарды зұлымдығымен ықтырып, залымдығымен жаныштап илеуіне көндіргеніне арлан бөрі дүрдие масаттанды. Содан ол арындап, өз әмірін енді шартарапқа жүргізуге ынтықты.

Арлан бөрі кексе тартқаннан кейін-ақ, соңғы кезде иығына ақ желек іліп үшкір найзасын таянып тізерлей жайғасқан алыптардан айнымайтын сеңгірлі Алатаудың арша, шыршасы сыңсыған шұратты, салқын самалды, мөлдір бұлақты қойнауындағы жәннатты жерге қоныс аударып, би-патшалық құруды көкседі. Ол әнебір жылы күзде қасына қаратабан−дәусеменді ерітіп алып, көңіл желігімен әуейілене белден-бел аса жортып, бір қар басқан жұлындай жайтаңдаған тұмса қаншықтың соңынан қуалап жүріп осы өңірге із тастаған еді. Сонда асқақ еңселі Алатаудың баурайындағы жерұйықтың масатыдай құлпырған өңірін бөктерлей жортып, байқастағанда өзі жаратылғалы есітіп, білмеген ғажайып жайларға кезікті шайтан бөрінің арланы. Сол жәннатты өңір − жерұйықтың шыршасы сыңсыған беткейінің етегінде қымыз құйған тостағандай дөп-дөңгелек шағын көл шар айнадай күн сәулесіне шағылысып, төңірекке сағым-нұр шашады.

Айнакөлдің маңайы көктегі жұлдыздай жарыса қаптаған мың-мыңдаған хайуанаттар. Олар сол тұнық көлден мейірі қанғанша сіміре су ішіп, керіле бой жазып, емін-еркін көсіле жайылып барады өз жолымен, өз тобымен, өз жөнімен. Ана иін тіресе арлы-берлі ағылған әртүрлі тұқымдағы жануарлар бір-бірінен тайсақтап үрікпей, секемденіп ыршымай мамырстан тірлік кешуде. Мұны әжуа қылғандай шаңырақ мүйіз маралдың жібек жүнді марқа лағы шайтан бөрі ешкімге байқатпай бойын жасырған тұмсығының ұшындағы қоңыр қазан тастың үстіне ырғып, жапырақ құлағы елпеңдей ойнақтады. Бұны байқаса да балаң елік елең қылмағандай. Қайта осыны ес санап, еркелей секіретін секілді. Арлан бөрінің сол жамбасын жанай бұққан дәусемен шыдамы жұқарғандай тісін қайрап, бөксесін қымыңдатты. Кәрі қақсал оған көзін алартып, сыңар езуін ырситты. Қаратабан жыртқыш арланнан қорыққаннан сеспей қатып қалғандай бауырын жерге төсеп сүмірейді.

Кер маралдың ерке елігі шайтан бөрі тасасына тығылған қой тастың қыр жотасына тұқайын тік-тік қадап шыр айналып, дөңгелене секектеуде әлі. Арлан бөрінің жасыл көзі жасындай жарқылдап, қайшылай айқасқан сойдақ тісін ақситып, шұнақ құлағын едірейте қимылдатты. Сөйтсе де әлгі зымиян әрекетке ойыспады. Ондағы мән − тылсым тыныштықтың сақшысынан аумайтын заңғар тау қойнауы сылт еткен сылдыр, дыбысты құмбыл қақшып алып, іле жаңғырта қайталап, айналаны азан-қазан дүрбелеңге толтырады. Әгарда анау марқа лаққа ауыз салса оның бақ еткен даусы тау-тасты түршіктіре дірілдетіп, төңіректі сілкілей оятып, жау шапты дабылын қағады. Сол мезетте осы аумақты жайлаған ылғи мақұлықтар дауыс есітілген жерге дүмеліп, бұған қарақұрттай жабылып, оның қаңқа сүйегін де күлталқан етуден тайынбайды. Соны әужайлаған қақсал арлан жымырайған қалпын өзгертпеді.

Әйтсе де жылан арбаған торғайдай өзі үйіріліп аузына түсіп тұрған маралдың елігіне құмары ауып, апаттай кеудесін жерге үйкей сәл ілгері жылжыды. Марқа лақ оны елемеді. Бұрынғысынша тәмпік танауын делдитіп, жайнаңдай секектеді. Арлан бөрінің ішегі шұрқырап, қара тұмсығын кіржитті. Оның езуін алма кезек жалаған қызыл тілінің ұшынан сілекейі тамшылады мөлтілдей. Шайтан бөрі табандай, ептеп ғана ілгері жылыстады да ішіне жиырған мойынын сәл-пәл алға созып, шоқтай жанған жанарымен сол маңды қыдырта тінітті. Ол әудем жердегі шырша арасынан доға бұрыш құлағын жан-жағына айналта тосып, мұртын жыбырлатқан жолбарысты байқасымен көсік басын төмен тұғырып, көткеншектей кейін шегіншектеді. Кәрі арлан артымен қипаңдай ығысқан бетінде қапталындағы ойпаңды ыңғайлап, соған кірпідей домалады да шалғынды жарлауытты тасалап, қобыны қуалай бүкеңдеді.

Арлан бөрі келесі белестің қырқасына жөрмелей көтерілді де аяқ аузындай шұқырға бөксесін тығып, содан алынған топырақ үйесініне иегін асып жаңағы тұсқа жасыл жалын шашқан жанарын тіге қадады. Ана жымық көз, тарғыл тарлан әлгі ойнақтаған еліктің қасынан ештеңені қаперіне алмай маймаңдай басып ұзай берді. Шайтан бөрі сол қой тас үстінде бұлтыңдай билеген лаққа жолбарыстың назар бұрмай, сөмпиіп жөніне тартқанына күйінгендей алдыңғы аяғымен жапырылған шалғынды оса жұлып, ішегін тарта қыңсылады. Жасыл көзін жылтыратып ашып, бауырын көтергелі қу тамақтың құлы болып, ой мен қырды тінте тіміскілеп сыдырғанда зәуқайымда кезіккен сүйек-саяқты жүрек жалғар тұтып, тағаттанбай ылғи дәмді ет, тұщы қанды қылғытып үйренген арлан бөрі анау тарғыл терілі жыртқыштың жаңағы уыздай лақты екі шайнап бір жұтпағанына әжептәуір көңілі суып, опынды шынымен. Анау қасиетті аң − жолбарыстың қанағатқа қарнын тойдырып, өзіне ұрнықпағанға сүйкенбей, момақан қалыпта жорытқанын ол тап-таза ақымақтық санады.

Шайтан бөрінің арланы осы баурайға арпалысқанын алып та, шалып та жығатын азуы алты қарыс атайман аңдардың шоғырланғанын бағамдады. Бірақ олардың күн көрісі бейшараның тірлігіндей елестеді бұған. «Мыналардың мүсәпірлігі сонша, шіркейдей қаптаған шөп жейтін хайуанаттардың арасынан көңілі қалағанын таңдап жеуге ұмтылмайды. Бұлардың аңқаулығы ақ шел жапқан текенің көзіндей бадыраяды. Олар кәдімгі аты шулы қызыл көз қасқырдай жуас аңдарды топалаң тигендей қырып салуды мүлде білмейді. Сонда осыларың «Ет жейтін асыл тұқымдармыз» деп қалайша мақтана алады? Мыналарың өмір сүруді білмейтін мәгәстар ғой ылғи. Уә-ә, мен осы жерге қоныс аударайын тездетіп. Сосын бұл исалмас топастарды жұттан ыққан киіктей сабылттырам сенделтіп» деген жорамал жасады шайтан бөрінің арланы.

Расында, осы жерұйықта айдай әлемдегі аң-құстардың, жыбырлаған жәндіктердің жүз-мыңдаған түрлері тірлік етеді. Әлбетте, бұл киелі мекенге ылғи атына заты сай сүйкімді жануарлар жиналған. Осылардың әммесін де қиянатты қаламайтын жан-жануар төресі десе болғандай. Мысалға, аң патшасы − арыстан, жойқын қайрат иесі − жолбарыс, қисық табан кең қолтық, ағеден аю, көк тәңірісі − қыран, кербез сұлу− марал, жасыл орман еркесі ақ тиін, ай мүйізді арқарлар... бәрі-бәрі қасиетті жануарлар. Бұлардың ішіндегі жыртқыштар санатына кіретіндерінің өзі жөнсіз озбырлықты жақтырмайды. Тіпті орайы үйлессе олар қамқорлық, шапағат тигізуден қашқалақтамайды. Анау алапат айбатынан бүткіл хайуанат атаулы қаймығатын, апан ауыз арыстан жаны ауырғанда жәрдем тілеп екі аяқты адамға өзі барған ғой.

Ақыры шайтан бөрінің арланы Алатауға ұмбылы қоныс теппекке пәтуа жасады. Анау арлан осы жаққа жетісімен жерұйықтағы өз ауанымен тірлік еткен ығы-жығы аңдарды жатырқамай, олармен бағзы заманнан бірге туып өскендей жұғысып, еміне араласып, іп-ілезде-ақ бұл ортаға сіңісіп кетті. Ол моп-момақан кейіппен барша хайуанаттардың ығына есе бүлкектеп, түк те залалсыз жұп-жуас мақұлыққа ұқсады. Кейде арлан бөрі жуындыға тойған, дәнеңені білмейтін аңқау күшіктей кез-келген аңға еркелеп, оларға жонын тоса сүйкеніп, өзімсіне мойнына асылады. Әсіресе, айбаты қатты, азулы мақұлықтардың ыңғай бермей дүрдигенін елемей бұлардың пұтының арасына сүңгіп, төсінен иіскеп, табанын жалады.

Бүйтіп, «бетегеден биік, жусаннан аласа» бола жүріп, барлық жануарлармен бауырласып бақты. Сонымен қабаттастыра жыртқыш тағылардың шылауына оратылған қимаңымен олардың оп-оңай сеніміне кірді. Айталық, бұл аймаққа әмірін таратқан айбатты арыстанның алдында мысықтай жорғалап, жемтігін тасыды. Жойқын қайратты жолбарыстың ұнатқан ауқатын даярлап, жүрегінде ойнады. Ақырғанда аспанды жаңғыртатын қорбаң аюдың тәтті тағамдарын үдемелей әкеліп, оның қамқоршыл серігіне айналды. Осылай бұларды қанағаттан тайдырып, қарпытып асауға еліктіріп, аналардың жұмаршақтарына шыр қорғалатты едәуір. Арлан соларға жағынып ым-жымдасу арқылы осы төре текті мақұлықтардың бойындағы осал тұстарын байқап, көңіліне тоқыды. Ондағысы «Бұлардың көзін жоймай өзіне ең жоғарғы әмір билігі тимейді» деген оқпан кеуденің жорамалы еді.

Шайтан бөрі осы амалын ұзатпай кәдеге асырды. Ол өзінен өресі жоғары айбатты аңдармен бір-бірлеп оңаша жаққа қыдырып, жортуды әдетке айналдырды. Мұндайда сары жон жыртқыш жанындағы серігімен Алатаудың шатқалды қиясына өрлеп көтеріледі. Онда барысымен ізіне еріткен досына наздана сүйкеніп, құлақ тістесе ойнайды. Сондайдағы ұтырлы сәтте ананың алқымынан айқара қауып, мойнын қайырып, құлди құзға тыраңдата лақтырады. Арлан бөрі осы тәсілін тірі жанға сездірмей қайталай берді. Сөйтіп-ақ ол қауіп тұтқан азулы аңдардың бірталайының тұқымын құртты. Бірақ, Айнакөлдің үстінде қайғы бұлты қалғыды. Бажағынан айрылған хайуанаттар барар жер, асар тауынан жаңылып, тоз-тоз болып тентіреп, еңіреді. Оларға қосылып шың-құз да, тау-тас та, орман-тоғай да күңіренді. Бұл дүние жаратылғалы осы жерұйықта мұндай мұнарлы күн болмағаны әмбеге аян.

Алатау қойнауына тұмшалана шөккен осы азалы жағдайға жалғыз шайтан бөрінің арланы ғана қуанды. Оның айы оңынан туып, аңсаған арманы жақындап қалғандай мәре-сәре көңілде. Алайда, мұның анандай залымдығын орман қорыған тоқылдақ зәуқайымда байқап қалып, аң патшасы арыстанға күдігін білдірді. Қасиетті аң − арыстан арлан бөріні әлгі сезікті жорамалға еріп бірден жазғырып, жазаламады. Бұл қауесеттің анық-қанығына зейіл жеткізуге тоқталды. Соған орай қолпаландап, қалыс қадам жасамайтын төре тұқымды хайуанаттардан шағын топ жасақтады. Бұларға мына оқиғаның бүкпе сырын ашуды аманат етті. Ал сондайда кезігетін – тосыннан шабуыл тәрізді ұрымтал сәттерде жасқанбай тайталасқа түсуге тәсілқой әрі қайсар қабыланды жұмсады. Шайтан бөрі кеудесінде қозға қойған құмандай сарқылдап қайнаған жауыздығының желеуімен қансіміру кәсібіне тағы кірісті.

Ол бұл жолы өзінің алдауына аңқау, қоңыр аюды көндірді. Қисық табан балпаңбай ананың «Саған бір табақ бал сақтап қойдым» дегеніне құдайдай нанды. Борпаңбай аю тәттіні есіне салғанда-ақ аузынан сілекейі сорғалап, доғал, түрпі тілімен екі езуін алма-кезек жалап, таудың жартасты ендігіне қарай арлан бөріні өкшелей басып қомпаңдады. Олар қалың жынысты орманды көктей жосып, құлама құздың найза жарына асылып тырмыса өрмеледі. Шайтан бөрінің арланы текше тастың үстіне ырғыды да төмендегі аюға оның қапталындағы қуысты тұмсығымен нұсқады. Қисық табан, балқұмар қомпаңдап жаңағы шұңқырға үңіле бергенде арлан бөрі оның келте мойнының шықшытқа тақау тұсын нысаналап жолбарысша атылды. Сол әзірде айлалы жыртқыштың дәл төбесіне зеңгір таудың дәу тасы құлағандай, шайтан бөрі қара аюдың аяғының астына тұмсығымен жер сүзе жығылды. Бұл қайратты қабыланның жасын соққысы болатын. Жұмақ жер үстіне жауар бұлыттай көптен үйірілген ауыр қайғы ғазабаты мұндағы тірі жан-жануарлардың бәрінің қабырғасын қайыстырған еді. Егде тартқан қабылан бұл ортаға кеше ғана келіп қосылған шайтан бөрінің сұр жыландай сумаңдап, қу түлкідей жылмаңдаған қимыл-қылығына іштей жиіркеніп, оны суқаны сүймейтін. Және де бұл аймақтағы ұйытқан қатықтай шайқалмаған өмір тынысы анау пайда болғалы сілті тамғандай ірімтіктене бастағанына кәдімгідей таңдана күдіктенетін ол. Әне сол болжамы бекерлік етпегендей.

Қамшы құйрық қабылан ананың жортар жымын тауып алды да онымен тоқайласар қыл өткелге барып жасырынды. Ол шайтан бөрінің қарасын байқасымен тамырын тереңге сіңірген дарбиған дарақтың бұтағының арасына тығылды. Содан аңқау аюға ажал қаупі төнгенде ағаш басындағы қабылан арлан бөрінің сары жонына шүйіле ырғыды. Сол ашулы арынымен бұл арлан бөрінің көк желкесінен қарпыта қайта тістеді де құлама жардан сілкіп тастады төменге.

Қайратты қабыланның бар пәрменімен жұлқа ытқытқанынан шайтан бөрінің денесі ештеңеге соқтықпай лақтырған тымақтай дөңгеленіп, шыңырау құдықтай күңгірттене үңірейген үрейлі құздың түбіндегі батпақты шалшыққа былш етті. Арлан бөрі іркілдек лайға көмілген көсік басын жан екпінімен жұлқа тартып, қара тұмсығын жарық дүниеге қаратты. Кәрі қақсал өзінің тірі қалғанын сезді де соны қанағат тұтқандай төрт аяғын кере созып, серейе қалды. Мұнысы өлікке ұқсағаны. Әйтпесе анау жар жиегінде шоқиған айбарлы аңдар бұның қыбырлағанын көздері шалса жын қаққандай атой салып өзін ұн салған тұлыптай пәршелейтінін пайымдады. Шайтан бөрі бұл аймақ түн көрпесін қымтай жамылған кезде ғана денесін ақырындап қозғады. Оған кеудесінен жоғары жағы түгелдей сүйегі уатыла мылжаланған тәрізді. Тіпті әзер-әзер тыныстағанның өзіне шыбын жаны бүркіт бүрген торғайдай шыр-шыр қағады. Ол зеңгіген зілдей басын ақырындап қозғады. Қайқы қара тұмсығы өзінің сол иығына қарай қисайған. Тоңдаған сазандай серейген мойынын алдыңғы аяғымен жәй-жәй сипалады. Қақ желкесінен орып бауыздағандай ауыз омыртқа тұсының терісі сүйем қарыстай ырсиған.

Шайтан бөрінің арланы, шынымен кеудесінде жаны қалғанына шүкіршілік етті. Ол бұл аймақтан ұмбыла тезірек кетуге асықты. Келер таң атқанға қалса өзіне тажал қайта төнетінін ұқты. Шайтан бөрінің арланы қансыраған кеудесін әзер-әзер сүйретіп, қара жаулықты малындыра жамылған терең құздың жыра, шатқалын қуалап, Сардалаға − өз тектестеріне қарай емпеңдеді... Бұл жақтағы шөп жейтін момын жануарлар шайтан бөрінің осылай бет бұрғанын байқап, жеті басты айдаһар өздеріне жақын келіп қалғандай шошынды...

Тап сол сәтте республикадағы жоғарғы билік тұтқасын ұстаған басшылардың бірі Мұсатай Кәрімов қызметінен босатылды. Ол жасаған жемқорлық, залымдық әрекеттерді естігенде есі бар пенденің зәресі ұшып, шыбын-жаны үскірік жел жұлмалаған күзгі жапырақтай қалтырады. Мұсатай Кәрімов бір түнде жұртқа сездіртпей, үн-түнсіз Сардалаға қарай тайып кетті. Өйткені, онда өзі тәрбиелеп әкім еткен сыбайластары кәнігі қасапшыдай сол аймақты тегіс жайлап алған. Бұл сонда барған бойда аналардың әрқайсысынан жемқорлық арығын тартуды ойластырды.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙