TELEGEI

Home

Өлеңдер жинағы.V кітап (Сырбай Мәуленов)

Сырбай Мәуленов

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Өлеңдер жинағы.V кітап (Сырбай Мәуленов)

Сыршыл сезімді, шынайы, көркем бейнелі өлең жазу үлгісін дамытқан Сырбай Мәуленовтің шығармашылығы қазақ поэзиясының алтын қорына қосылған зор үлес болып саналады. Әр жайтқа, құбылысқа өз қатынасын, көзқарасын, сезімін, ойын лирикалық кейіпкер арқылы, көбіне өз атынан сөйлеп білдіретін ақын шығар...

АҚШАМНЫҢ ҚЫЗЫЛ ҚАНАТЫ

БІРІНШІ БӨЛІМ

ЕСКЕ АЛЫП АШТАН ӨЛГЕН АДАМДАРДЫ

Қайран халқым көрді қанша қасірет,
Жау от қойып, туған жерін басты өрт.
Аштық, апат, терең зындан – тас түнек,
Көкірегін жайлады удай ащы дерт,

Көп болғанмен өлім-жітім шығыны,
Бірақ оның таусылмады ғұмыры.
Биік екен әуелдегі тұгыры,
Терең екен о бастағы түбірі.

Аңсады азыққа
Ақ нанды балалық.
Сағымға жазықта
Алданды балалық.

Аштықтың жылында
Азапты көп көріп,
Қазақтың қырында
Көбісі кетті өліп.

Еске алып аштан өлген адамдарды,
Астанад жағылсын алау мәңгі.
Әр жылдың бір күнінде аза тұтып,
Қадау керек қаралы жалауларды.

Аштық жылы жолда өлді ғарып ана,
Сатылды қыз бір уыс тарыға да.
Аш келіншек баласын қамап кетті,
Көрмеді ондай сұмдықты кәрі дала.

Голощекин ойнатып әңгір таяқ,
Ескермеді өлмеші жанды аяп.
Бүкіл дала аталып қабірстан,
Бүкіл халық құруға қалды таяп.

Аштық айдап бір жерде тұрғызбады,
Кетті босып елімнің ұл-қыздары.
Жерді баспай, япыр-ай, осы күні,
Қабір басып біз осы жүрміз бе әлі?!

Аяқтан қақпан қауып жібермеді,
Қапыда зорман байғұс тұр өлгелі.
Алдында бұлдырайды сағым буған
Жотаның жолақ-жолақ сілемдері.

Тәрізді жер айналып, аспан көшкен,
Дүние болды оған астан-кестен.
Аңсады аң да болса азаттығын,
Еске алды аз өмірінбастан кешкен.

Өзінің жүрген еркін ауанымен,
Тұтқын боп зорман әзер алады дем.
Алыста жалғыз нүкте қозғалады,
Жас толы жаутаңдайды жанарымен.

Ұзамай бұл өмірден кетуі анық,
Зарлайды сау аяқпен бетін жауып.
Бір емес, екі де емес, жеті бірдей
Барады балапаны жетім қалып.

Жәрдем жоқ жалынғанмен жасағаннан ,
Түлкідей қайран өмір қашады алдан.
Өзге түгіл, өзінің етін жеген
Не қайыр күтеді енді аш адамнан?!

(Ақын апа Мәриямның әңгімесінен)

Отыз екінші жыл.
Кетпейді еш есімнен.
Оны айта алмай қалды құр кеше сүлдем.
Өлген жұртты жағалай жинай жүрдік

Алматының көктемде көшесінен.
Аштық адам ажалын шапшаңдатып,
Аз күнде тайып түрды бастан бақыт...
Біздерге қарағандай бір қария

Аулақта отырды үнсіз таста қатып.
Қалпынан жеке отырған қауіптеніп,
Қайтайын деп ойладым барып-көріп.
Қойнында немересі,домбырасы,

Қария тас үстінде қалыпты өліп.
Немере үміт еткен бары ма екен?
Домбыра бүкіл дүние малы ма екен?
Тұңғиық білмейді оның халін бөтен,

Әлде ол күй атасы Абыл ма екен!?! ***

Жалбыраған киімі,
Салбыраған иіні.
Бір баланы келеді
Айдап аштық құйыны.

Көкірегін шер буып,
Омырауын сел жуып,
Келеді ол қаңбақтай
Шырқ үйірген жел қуып.

Кейде құлап сүрініп,
Келеді ол жүгіріп.
Екі өкпесі аузына
Алқынды тығылып.

Қас қарайып, күн батты,
Төңіректі түн жапты.
Қалың қабір ішінен
Тапты бала тұрақты.

Көк төсіне өрмелеп,
Ай да шықты дөңгелеп.
Жан серігін тапқандай
Қолын созды ол кенет.

Тұрса-дағы тым алыс,
Көрінді ай жұбаныш.
Әлсіреген балаға
Пайда болды бұла күш.

(Украин қартының ауызынан)

Аштық апат сонау жыл келді еліме,
Алды бүріп алаппат шеңгеліне.
200 грамм нан берді алдын ала
Тірілерге өлікті көмгеніне.

Грицай қарт сонымен күнін көрді,
Кемінде аштан өлгеннің мыңын көмді.
Кездестірді бір күні бір кемпірді,
-Тірімін, - деп ол байңұс күбірледі.-

-Қалай тірі жатамын көр ішінде?
Келмеді Грицай қарт келісімге,
Деді ол: «Тұрсың сен менің есебімде,
200 грамм нан алғам сен үшін де».

Грицай қарт кемпірді тірі көмді,
Бұл оқиға теңселтті тірілерді.
Қиналды да кеудеден жаны шықпай –
Көрдің іші үш күндей күңіренді.

Өлі дала, өлі аспан, өлі құм,
Репеті кеткен қазақ жерінің.
Адам аңнан жаман болып есі ауып,
Апанынан жем іздеген бөрінің.

Әке байғұс нан таба алмай сенделіп,
Жатты тірі үміт үзіп көрге еніп.
Қара құстар қара бұлттай қаптады,
Ақ айрандай аш көздерін шел көміп.

Бабалардың көкке түскен жарығы,
Қайда екенін кім біледі қабірі?
Құласа да қайсар емен, артында
Қалғанына шүкіршілік тамыры.

Өмірде аштық көрді, майдан көрді,
Ақыры жазда түскен жайдан өлді.
Оқыстан ойда жоқта опат болып,
Қалың ел азалады қайран ерді.

Бәрінен күшті екен көк тәңірі,
Жұмсайтын оған елдің жоқ қаруы.
Тірліктің дегендей-ақ демі жетсін,
Жайылды қабіріне шөп тамыры.

Шөп ертең кетпесін деп желмен ұшып,
Тал шықты көлеңкесі көрге түсіп.
Жарығы жалғандағы сөнбесін деп,
Басына жұлдыз жанды жерге түсіп.

Шөпті көк суарады нур суымен,
Жарқырап таңның жұлдыз тұр шығымен.
Жатқандай жаны оның тірлік алып
Көк талдың жаңа жарған бүршігінен.

Аш адамға
Ай күлше нан болып,
Жұлдыз дән болып
Көрінуі мүмкін.

Адасқан адамға
Жазық жер оба болып,
Тал қора болып
Көрінуі мүмкін.

Шөлдеген адамға
Сағым сел болып,
Шұқыр көл болып
Көрінуі мүмкін.

Қорыққан адамға
Қаудың өзі
Тау болып,
Таудың өзі

Жау болып көрінуі мүмкін. ***

Сол жылы болды Арқаның қысы қатты,
Қар боран жапалақтан түсіп жатты.
Артынан қызыл шұнақ аяз тұрып,
Аш адам, арық-тұрық үсіп жатты.

Сол жылы Арқада дән табылмады,
Қоныстан көшті қазақ ауылдары.
Жон болып жол үстінде өлік жатты,
Әл – күйі тірілердің ауырлады.

Сол жылы ер айналды әруаққа,
Әр үйден бірен-саран қалды артта.
Үрлеуге қоламтасын жерошақтың,
Ие боп қалды сынған шаңыраққа.

Таяп аштық тықыры,
Олқы түсті орта күй.
Тұрды түрі жұпыны
Қарабұтақ – төрт-ақ үй.

Ақ үйлер күй кешті ауыр,
Тұрғанымен жылтырап.
Маңайынан көшті ауыл,
Бұлттай шаңы бұрқырап.

Сағым қуған армандай
Жатты дала жұтап тым.
Тек қаңқасы қалғандай
Төрт үй – Қарабұтақтың.

Кім қол беріп қарасты,
Кім аштармен санасты?
Атқұлақты азық қып,
Үзім нанға таласты.

Мәңгүрттердей мәңгіріп,
Көргенді естен тандырып,
Жетім ұл мен жетім қыз
Зар иледі қаңғырып.

Дорбаларын арқалап,
Көз жанары қанталап,
Әлі жолда тұрғандай
Аш адамдар анталап.

Жазығы жоқ бірінің,
Азығы жоқ бірінің.
Адам, суыр екеуі
Бетпе-бет кеп тұр бүгін.

Ажал төніп бұлтартпай,
Аң діңкесі құрып тұр.
Әлсіреген түк татпай,
Адам іші ұлып тұр.

Ұйтқытып қызыл құмды жел суырып,
Табанды бастырмайды жер қуырып.
Қоштасып ата-баба қонысымен,
Беті ауған жаққа көшті ел шұбырып.

Бастықтар тартып алған қолда барып,
Қайыршы ел иыққа сап дорбаларын,
Қорқыттың қайда барса көрі тап боп,
Кездесті айрылмайтын сорға қалың.

Секілді жесір қалған ана мүскін,
Жоқ тіпті өңі тайған далада ұсқын.
Түседі ажалдай боп адамдарға
Қап-қара көлеңкесі қара құстың.

Кеудесін қара тастай басты бұлт,
Тұрды оның тамағына тас тығылып.
Бір үзім нан табылмай баласына,
Көзінен аға берді жас шұбырып.

Алдында алақанын жайған бала,
Қолынан келері жоқ қайран ана.
Бетіне бедірейіп соры шыққан,
Қарайды тірі өліктей айналаға.

Дүние бойы дір етті,
Өлді жұрт қанша аштықтан!
Жұтты жер қанша жүректі
Талқандап тауды, тас жұтқан.

Солардың әлде көзі ме
Жұлдыздар түнде лаулаған?
Солардың әлде сөзі ме
Даланың желі сарнаған?

Халқым менің бүгінгі
Халық емес бұрынғы.
Көп заманның көшенінен
Көп нәрсені ұғынды.

Ақтабан боп шұбырды,
Алқакөлде қырылды.
Ұрпақ қалып артына,
Болды бірақ ғұмырлы.

Отызыншы жылдары
Болды аштық құрбаны.
Отыз жетінші жылы атылды
Атақты не ұлдары.

Соғыс келді жалаңдап,
Ат қойды елге жау аңдап.
Қаза тапты қайран ер,
Құр қолменен қамалды ап.

Көрді апатты, жұтты елім,
Індет, дертті қаптаған.
Халқым, қалай мықты едің,
Қазақ атын сақтаған!

ОЙРАНДЫ ЖЫЛДАР, ОЙДАСЫҢ

Хан ұлына қарсы болып,
Даланың даусы болып,
Жалпақ елге жаршы болып,
Жалған кешті Махамбет.

Адуынды батырлық,
Дауыл үнді ақындық
Шыдатпады қатар кеп.
Найзағайды найза қып,

Шақпақ тастан ай жағып,
Қара ормандай қол ертті.
Аласапыран күнінде,
Алакеуім іңірде

Жайықты жалдап он өтті.
Қайтпай беті майданнан,
Аты оның айналған
Батырлықтың туына.

Арғымақтың шабысын,
Ақжайықтың ағысын
Ырғақ еткен жырына.
Исатайдай айрылып,

Жолын тосып қайғы, үміт,
Жорық күнін жоқтады,
Жалғыз өзі жат болып,
Ажалына тап болып,

Қараойға кеп тоқтады.
Қанды балта сарт етті,
Ұшты басы иықтан.
Тудай құлап жалп етті,

Жатты жерде ұйып қан.
Тұрды басын аялап,
Арайымен сүйіп таң.
Азынады айдала,

Жылады тек ай ғана,
Жылады тек Жер ана!
Қойнын ашты көр-мола.
Қалың қолдан ажырап,

Қалды адыра дала бос.
Аңырады азынап
Қараойдағы қара қос.
Жасырын кеп жау сайдан,

Ойда-жоқта салды ойран.
Ер тағдырын шешпеді
Қылыштасқан қан майдан.
Қайта мінбей атына,

Қайтарылмай қатал кек,
Кетті, әттең, қапыда
Қайран батыр Махамбет!
Қайран ақын Махамбет!

Найзағайдың найзасы
Қараойға тік қадалып,
Егілтіп ер азасы,
Еңіреді қара бұлт.

Арын қаралады,
Жанын жаралады,
Құзғындар сотқа беріп.
Қаралы о кезеңде

Қара өзенге
Кетті ол оқтан өліп.
Сотталмай,
Жайнап ақындық отыменен,

Патшаның тағын басып,
Көзінен жалын шашып,
Жендеттерге
Үкімдей оқыды өлең.

БЕЙІМБЕТТІҢ БАЛАСЫНЫҢ ЖАУАБЫ

Жоқ ешқандай айыбы,
Кетті атылып Бейімбет.
Балалары, зайыбы
Жапа шекті кейін көп.

Қанаттары қайрылып,
Басына бұлт байланды.
Бар бақыттан айрылып,
Ана алысқа айдалды.

Қатал тағдыр қаңғыртып,
Әңгір таяқ ойнатты.
Әйел адам қан жұтып,
Қан боранда қой бақты.

Желге мұңын шағады,
Қолдан келер шара жоқ.
Перзенттері тарады
Басқаларға бала боп...

Тоң-топырақ жібіді,
Жатқан көптен тусырап,
Мұздай ауа жылыды,
Нұрын шашып күншуақ.

Жау өшірген сәулеті,
Қайта жанып шырағы,
Өлгендердің әулеті
Қайта басын құрады.

Көп жыл көрші боп тұрдық
Бейімбеттің үйімен.
Айталатын көп шындық,
Тыңдайтынмын жиі мен.

Көріп ақын ұланын
Кешкен қауіп-қатерді:
-Көрдің бе, - деп сұрадым,-
Ұсталарда әкеңді?

Қабағы сәл түйілді,
Деді былай тілге кеп:
-Екі қара киімді
Әкетті оны түнде кеп.

Келмеймін де деген жоқ,
Келем деп те айтпады.
Содан кейін көргем жоқ,
Содан кейін қайтпады.

Түнде келіп қалар деп,
Ұйықтамадым түнімен.
Күндіз келіп қалар деп,
Алаңдадым күнімен.

Арада алуан жыл ауды...
Болдым-дағы байқамақ:
Баяғы сол сұрауды
Қойдым оған қайталап.

Қабағы сәл түйілді,
Деді былай тілге кеп:
-Екі қара киімді
Әкетті оны түнде кеп.

Соңғы он жыл ішінде
Қайта отын жақты үйім.
Енеді әке түсіме,
Киген шыттан ақ киім.

«Қара түнде жүргендер,
Қара киім кигендер,
Қара өмір сүргендер,
Енді әкеме тимеңдер!

Енді күйе жақпаңдар,
Ақ күйінде сақтаңдар.
Ар-иманын сатқандар,
Енді оны атпаңдар!...»-

Деп айқайлап ішімнен,
Оянамын түсімнен.
Өмірімді қиямын
Жаным әкем үшін мен.

Суреттен талайғы
Әкем күліп қарайды.
Аспан шайдай ашылып,
Атады таң арайлы.

Соқты оны қамшылап,
Ақты қаны тамшылап.
Талып жатты есінен,
Таң алдыңда қансырап.

Тағы да ұрды таяқтап,
Енді ол қайта тұрмады.
Өтті өмірін аяқтап
Ақиқаттың құрбаны.

Болды ажалы кісіден,
Жас еді ол өрімдей.
Қара бұлттың ішінен
Күн жылады көрінбей.

Кәтен молда аяқ-қолы байлаулы
Қостанайға қыстыкүні айдалды.
Торғайдағы қос мешітті қиратып,
Бастықтардың көңілдері жайланды.

Белсенділер салды үйіне ылаңды,
Отқа жақты ол ұстаған құранды.
Кәтен молда адам еді жаны ашық,
Болып шықты қатерлі жау, күмәнді.

Абақтыда біраз жатып сарылып,
Көп ұзамай оралды елге ауырып.
Кәтен молда о дүниеге жөнелді,
Бұл дүниенің азабынан арыып.

Білім берген, көзін ашып баланың,
Еш адамға тигізбеген залалын.-
Кәтен молда кетті ұйқыға мәңгілік,
Ортасынан орын алып қаланың.

Сонау кезде мұңға батып тұмандай,
Кәтен молда кетті ойынан шыға алмай.
Ол жамылған топырақтың түйірін
Көретіндер әлі де бар тұмардай.

Жасынан шырқап шыққан жақсы атағы,
Елінің әулиедей ақсақалы.
Қараңғы адамдардың зердесіне
Тараған таң нұрындай ақ шапағы.

Сөзінің ойы терең, оты күшті,
Уақытты озған орап оқымысты.
Ел оқып оның жазған ғибратын,
Жетілді сарайына тоқып ішкі.

Ол салған жлға түсіп талаптанып,
Өмірлік сұрағына жауап тауып,
Басына жастап жатып әліппесін,
Сан ұрпақ көзін ашты сауаттанып.

Атасы – тілдегі бар атаулардың,
Ұстасы – көсем сөз бен мақалдардың.
Ұстазы – академик ғалымдардың,
Өзі еді күресте өскен қаһарманның.

Бірақта қан жаударып қатал заман,
Жау болып елін сүйген аталды адам,
Патшаның, жеке адамның үстемдігі
Тізгіндеп, титықтатты Ақаңды әман.

Ол үшін аласарып биік аспан,
Құба бел құлазыды киік асқан.
Адымын ауыр кезең аштырмады,
Түнерді даласындай күйі қашқан.

Кінәсіз, болса да пәк, таза жанды,
Жазықсыз жапа шегіп, жазаланды.
Екі рет атылуға үкім шықты,
Мың рет ел ішінен азаланды.

Келсе де бірінші рет кешірімге,
Бермеді мұрша еркін көсілуге.
Айдалды алыстағы Ақ теңізге,
Салынды қара құлып есігіне.

Шалғыны келетұғын ат белінен,
Түсінде табысты тек Ақкөлімен.
Қапастың қара түнек қуысында
Арманы бірге астасып жатты елімен.

Ал елі атағына бас иетін,
Білетін қадірі мен қасиетін.
Айта алмай керек десе атын оның,
Қан жұтып, қамады ішке қасіретін.

Көздерден сағыныштың оты ұшты,
Торда ұстап торықтырды тоты құсты.
Ол жайлы жақындары жағын ашпай,
Жиында жым-жырт болып отырысты.

Түрменің босап шыққан түнегінен,
Қан ақты тағы да оның жүрегінен.
Көрді ол аштан өліп жатқандарды,
Қаңғырған қалаға кеп қыр елінен.

Жер қайда аш адамдар тұрақтайтын,
Ер қайда оларға нан сұратпайтын?
Жылжиды әлсіз аяқ әрең-әрең,
Көрмейді нұрсыз көздер шырақты айқын.

Аштықтың тентіреген дауылы айдап,
Халқына жаны ашыды қаны қайнап.
Жендеттер жер бастырмай емін-еркін,
Жөнелді абақтыға тағы да айдап.

Елінің есептеліп жат ұлына,
Тағы да үкім шықты атылуға.
Құзғындар өмір бойы қудалаған
Түбіне жетіп тынды ақырында.

Ажалға оны елі қия алмады,
Жүр деді Қолымада қияндағы.
Шығарған оның мұңлы әні айтылып;
Шертілді көңілдегі күй- арманы.

Теңізбен, жермен, көкпен байланысып,
Халқының тірлігіне айналысып,
Рухы Ахметтің ел үстінде
Жүр деді арманындай айнала ұшып.

Өлді ол сонау қиырдағы
Тайга ішінде тым-тырыс.
Туған жерден бұйырмады
Топырақ та бір уыс.

Ел білсе де сақтанады,
Алған жайлап есті үрей.
Ұлы жайлы жат хабарды
Көз жұмды ана естімей.

Қайран ана ойламады
Жалғыз ұлын өлді деп.
Кетерінде бойдан әлі
Шақырды оны соңғы рет.

МІРЖАҚЫП

Әдетінше таң атты,
Әдетінше күн шықты,
Тұтқында еңсең езіліп,
Үнің сенің тұншықты.

Темір кісен аяқта,
Ауыр қолат қолыңда.
Өтті жылдай ай, апта
Абақтының торында.

Күннің барын білмедің,
Айдың барын білмедің.
Тас бастырып тастаған
Жарығы жоқ түрменің.

Хабар-ошар ала алмай,
Сене үміт үзді ел де.
Қамалдың, жол таб алмай
Өзің туған Қызбелге.

Қабағыңа қатып мұз,
Бауырыңа батып сыз,
Қалды артыңда Жамалың
Жылай-жылай бақытсыз.

Өршіп өзің жөнінде
Тоқтамады тартыс бір.
Әділеттік жеңуге
Керек болды алпыс жыл.

РАХМЕТ КАРЕЛ ХАЛҚЫНА

Ерте өткен ерлеріне жаны жүдеп,
Қабірін бір көруге сағынды көп.
Зиратын естіді ел Міржақыптың
Карелия жерінен табылды деп.

Бұл хабар өтіп алыс кеңістіктен,
Желдей боп жетті ұшып терістіктен.
Қайсар жан болды қайта тірілгендей,
Еменге ерегісе теріс біткен.

«Оян!» деп бір кездерде дабыл қаққан,
Білімнің қараңғыда шамын жаққан.
Жақаңның қабірінде жарық жұлдыз
Тұр жанып арманындай жалын атқан.

Бұл жерге қойған оны кім болды екен?
Әйтеуір, саялы бұл оңды мекен.
Солтүстік аязында үсік шалған,
Әлде ол да қуғын көрген сорлы ма екен?

Тағдырдың жасымаған жәбіріне
Жақаңның жетті ме екен қадіріне?
Әлде сол көз жасымен өсірді ме
Қан қызыл райхан гүл қабіріне?!

Дауылдан, қорғасындай бұршақтардан
Аялап бұл қабірді кім сақтаған?
Әйтеуір, кім де болса ерлік жасап,
Қорғауға барлық күшін жұмсапты оған.

Түсінген «жау» атанған жан парқына,
Рахмет Карелия бар халқына.
Сүйегі Міржақыптың жату керек
Парктің ортасында Алматыда.

Таба алмай талай дана ұл өлігін,
Жайлады жалпы жұрттың жүрегін мұң.
Жүрейік тым болмаса тауап етіп,
Дұға оқып қабіріне біреуінің!

ЖҮСІПБЕК АЙМАУТОВҚА

Өнерің сенің алуан түрлі еді ғой,
Басыңа өлтірер деп кірмеді ой.
Кейіннен бүкіл қазақ кітабыңды
Жабыла оқитынын бідмедің ғой.

Мағжан сөзі

-Ей,көл,сенің қашанғы жыршың едім,
Толқыныңмен тәнімді жушы менің.
Ей,жел,ұштым өзіңді қанат қылып,
Тыңдасайшы зарымды тағат қылып.

Өздеріңді өзімдей жан ұқпаған,
Берсеңдерші,ай мен күн,жарық маған.
Қайда барсам-қазылған жер үсті көр,
Пейіштегі,қайдасың,періштелер?!

Өзіңменен бірге ұшсын шырқап ақын,
Кісінеп бір келсейші,тұлпар атым.
Саусағыңмен,сүйген жар, сипап өтіп,
Көз нұрыңды құйсайшы шипа етіп.

Желде үн жоқ шабытты шақыратын,
Көлде үн жоқ толқынды сапыратын.
Ай,жұлдыз жоқ,періште,тұлпар да жоқ
Құстай ұшып далада шарқ ұратын.

Кезін күтіп ұзамай атылатын,
Шөлдей,көрдей үмітсіз жатыр ақын.

Шәкәрім

Қазақтың өлеңінің пірі болған,
Халқының сөзін айтар ұлы болған.
Абайдың аманат қып беріп кеткен
Шәкәрім түсірмеген туын қолдан.

Әр уақыт бірге болып еліменен,
Елім деп еміреніп,еңіреген.
Дөңінде Дегелеңнің ән толғатып,
Отырған соған орай өріп өлең.

Айтысса шоң жеңгелі шүйделімен,
Шонжардың жалдамалы билерімен.
Көктемде сел бұзылып,сел жүргендей
Сөздерді тасқындатқан түйдегімен.

Шығыстыі жыр әлемін барлап ақын,
Пушкиннің дастандарын аударатын.
Орыстың кемел ойлы кемеңгері-
Көретін Толстойды жанға жақын.

Өлеңмен тауда өткізді түнді үнемі.
Бірде шат,бірде болды мұңды реңі.
Өмірдің асуында,өткелінде
Елімен соқты оның бір жүрегі.

Жолатпай белсенділер қалың елге,
Сарғайып жатты жалғыз сары белде.
Бірі атты белсендінің аңдып жүріп,
Ақынның ақты адал қаны жерге.

Ол қайта ет қызумен тұрды атып,
Жау тағы оқ жаудырды зуылдатып.
Шыңынан Шыңғыстаудың құлай берді,
Аспаннің қызыл қандай күні батып.

Белгісіз жағдайы ел,ағайынға,
Бір өзі,ешкім де жоқ маңайында...
Оқтардан опырылған жартастай боп,
Жатты ақын батқан күннің арайында.

Үкілі Ыбырай

Ыбырай жақсыларға жуық еді,
Біржанмен көп жыл бойы жүріп еді.
Сері Ақанның денесін өз қолымен
Арулап,көз жасымен жуып еді.

Жұлдыздай кербестімен ағып еді,
Құс салып,қиядан аң қағып еді.
Айтыста бас бәйгені алып еді,
Өнерде бір өзі бір дәуір еді.

Отырған жері күлкі базар еді,
Сауықтың салтанаты,ажары еді.
Әншілік ақындықпен туа біткен,
Сиқырлы ойындары ғажап еді.

Қайтпайтын таудан-тастан от жүрегі,
Алмастай тіліп түсер өткір еді.
Ыбырай артыызда қалса екен деп,
Біржан сал,Ақан сері көп тіледі.

Бір күні оған жат деп жала жауып,
Тергеді қайта-қайта жауап алып.
Содан соі бұзылмайтын үкім шықты,
Жаны адал,ақ болса да қараланып.

Есіне өткен күннің алды бәрін,
Халықты өнеріне таң қылғанын.
Сері жан айдаларда ән шығарып,
Қалдырды қалың елге «Қалдырғанын».

Қоштасты соңғы рет гәккуімен,
Өткізген Қакимамен шат күнімен,
Есінде қалды елдің өлместей боп,
Ең соңғы ақын айтқан аққу өлең.

Бүкіл халық ден қойып,тіліне ерген
Қаншама біз айрылдық тірілерден?!
Өлген соңда солардың рухтары
Теріс қарап,түңілді тірілерден.

Сең сіресіп,сел жүріп,мұз жібімей,
Аспан,жерде қара бұлт жүзді бірдей.
Әкелердің артынан балаларын
Сабағынан жапырақ үзді гүлдей.

Олар тұрды тұп-тура оққа қарап,
Сүйектерін өртеді отқа қалап.
Шыңда тұр,ан шындықтың қоңырауы
Қағылатын бүгін кеп соқты сағат.

Олар бізге уақыттың әмірімен
Оралғандай елші боп тәңіріден.
Олар жауып жұлдыздар жауынымен,
Біртұтасып шықты шөп тамырымен.

Қарады елге жанының жарығымен,
Бас иемін олардың бәріне мен.
Туған елдің оларды ары көрем,
Туған елдің оларды жаны көрем.

Ойдан қалмай келеді
Сонау өткен күн алыс,
Түршіктіріп денені
Тиген өрттей бір дауыс.

Жан шошырдай түсінен
Біреу сонша қызынып,
Жел ысқырып тісінен,
Сөледі кеп кіжініп.

Ерек шығып өзгеден,
Өз-өзінен жұлқынып,
Қарайды ала көзбенен,
Жан-жағына тінтініп.

«Болды қанды қақпаным,
Таптым отыз жауызды.
Сөйтіп адал ақтадым
Азаматтық парызды.

Кір жұқпайды арыма,
Адалмын мен антыма.
Он жауыздың тағы да
Түсіп жүрмін артына.

Құтылмайды өзімнен
Қылмыскерлер кінәлі.
Өз міндетін сезінген
Сақ құлақпын қырағы.

Жоғарылап теп-тегін,
Жүргендер бар төс қағып.
Ерлігімді тек менің
Елйтін аз еске алып.

Сол баяғы жердемін,
Қызметім қалыпша.
Жанар еді еңбегім,
Жағдайды есті жан ұқса.

Беріп біреу өол ұшын,
Қолтығымнан демесе,
Кеңейіп тар өрісім,
Жүзер едім кемеше...»

Сөйлеп солай еліріп,
Сұс көрсетті ол сестеніп.
Тына қалды ел бұғып,
Іштей қорқып,сескеніп.

Жатқан ішкі сарайда
Білдірді ой оспағын.
Орындамақ қалайда
«Жау» дайындау жоспарын.

Өмірді көрді тәтті,ащы,
Басына тепті қан қайнап.
Болды оны атпақшы,
Алып шықты таңда айдап.

Қарағайымен тік тұрған
Қарады оған жаз ақтық.
Үзілді үміт.Шықты жан,
Ажал боп жетті азаттық.

Өңі қара көмірдей,
Қаны иектен шұбырып,
Жұдырықтан темірдей
Жатты ол жерде жығылып.

Қорғаймын деп халықты,
Сақал-шашы ағарған.
Жолдарды өткен қауіпті,
Еді нағыз қаһарман.

Революция күнінде
Бірге болып елімен,
Сонау сиваш түбінде
Қалып еді өлімнен.

Атты әскерді басқарып,
Шығып еді қоршаудан.
Ауды бқзып,тас жарып,
Болды кезі жол салған.

Кім сенеді сол ерді
«Халық жауы» дегенге?
Қан-қан болып ол өлді,
Қатып тастай еденге.

Алды да ауыр тынысын,
Көз жұмды есі кіре алмай.
Ешкім өлі-тірісін
Келеді әлі біле алмай.

Білмейтін оны адам жоқ
Торғайдыңтабанында.
Өтті ол елге аға боп
Өзінің заманында.

Далада жылқы бақты,
Тұрды ерте қыс таңында.
Соғыста мылтық атты
Елінің дұшпанына.

Жаладан жәбірленіп,
Жабықты түрме ішінде.
Жатыр ол қабір болып
Ауданның іргесінде.

Қалды оның баласына
Кісілік,ірілігі,
Ойлы көз қарасы да,
Жанының жылылығы.

Құрбандар жыры

І

Түнерген бір түні ұқсас бір түніне,
Карлагты ұмытады кім тіріде?!
Бір кірсең қақпасына-қайтып шықпай,
Біржола кеткендейсің су түбіне.

Бораны бұрқап соғып,басылмайды,
Күн көзі апта бойы ашылмайды.
Тұтқынның жалғыздықтан жаны сыздап,
Тұтқынның кеміреді басын қайғы.

Ай мен күн ғайып болып ғарыштағы,
Мезгілдің білінбейді ауысқаны.
Кеткендей көшіп басқа дүниеге,
Жоғалып аң мен құстың дауыстары.

Алысып ақ боранмен ала қыстай,
Жатады ақ түтекті дала мыстай.
Қылт еткен қимылыңды үнсіз бағып,
Құзғындар шүйіледі қара құстай.

Өзіндей қияметтің көпірінің,
Ешкімге естілмейді жетіп үнің.
Жүргендей жүрегіңді тықылдатып
Тақасы күзетшінің етігінің.

Жендеттер,қаһарлары қарлы бұлттай,
Адамның тоқтамайды қанын жұтпай.
Темір тор,қазылған ор Карлагты сол
Келеміз өмір бойы әлі ұмытпай.

ІІ

Сұп-суық,сызды,дымқыл үйде тұрып,
Жұмысқа шығатынбыз сүйретіліп.
Түрмеге қайтатынбыз түнделетіп,
Ауыр жүк салмағынан күйретіліп.

Адамды малша есептеп санап шыққан
Бақылаушы мәз болатын қарап сырттан.
Шаршаған шала жансар байғұс жандар
Жататын сары атала шалап жұтқан.

Кейбіреу шыдай алмай өлетұғын...
Жер таппай кең даладан көметұғын,
Лақтырып сирағынан тас үңгірге,
Бастықтар тұрмастай қып тебетұғын.

Карлагтың басын жұтып қанды күні,
Ішінде кеткендер көп зарлы мұңы.
Қалайша аман-есен қалдым тірі?!
Ажалсыз болғаным –ау жанның бірі!

ІІІ

Лагерьде күнелтсек те жанды сүйреп,
Әйтеуір,жоғалтпадық арды билеп.
Лагерьде қара ормандай көп едік біз,
Бұл кезде жалғыз-жалғыз қалдық сиреп.

Ол кезде келіншекпіз жас уыздай,
Табанға тиді бөлме тасы мұздай.
Алыстан жұлдыз түнде көрінетін
Жылтырап көзден аққан жасымыздай.

Көретін пәле әлі көп секілді,
Тірі жан көмек берер жоқ секілді,
Кеудеден сырылдаған дем шығады,
Сөнбеген әлі шоғы от секілді.

Айқайлап Сарыарқаның ақ бораны,
Апталар айықпайтын шақ болады.
Шөп салып,қиды күреп жүретінбіз,
Ерте-кеш айналдырып ат қораны.

Түу деген түйме жасап түкіріктен,
Жынды жел жерді жүндей түтіп өткен.
Тұтқынның запыранды зар-мұңындай
Қу дала сарнайтұғын құты кеткен.

ІV

Жылаймын тас еденде,
Үсті-басты қан жуып.
Өрмекшілер төбемде
Өрмелейді ау құрып.

Бір шыбынды торына,
Шырқыратты түсіріп.
Менде әл жоқ,сорыма,
Жіберетін ұшырып.

Тұр азынап ұлып тек,
Бөлме іші көк тұман.
Тұла бойым тұлып боп,
Тұра алмаймын соққыдан.

Қозғалуға әлім жоқ,
Жан-жағыма бұрылмай,
Өлетінім мәлім боп,
Жатырмын сол шыбындай.

V

Арсылдайды атылып,
Жетектеулі көк төбет.
Тастауға бар жапырып,
Жіберсе егер жекпе-жек.

Сақшы солай өсірген,
Жастайынан асырап.
Өлім десе есірген,
Көзінен қан шашырап.

Едірейіп тұрады,
Өз-өзінен долырып.
Түніменен шығады
Қанды аңсап ол ұлып.

VІ

Жабырқаймын пақыр боп,
Жаныма мұң,зар тұнған.
Келетұғын жақын жоқ
Іздеп менің артымнан.

Еркін дәурен сүрмеймін,
Қол-аяғым байлауда.
Қайда екенін білмеймін,
Қатын-балам айдауда.

Көкірегі жаралы,
Жанарымнан қан ақты.
Түпке жетіп барады
Темір торлы абақты.

Айтатын шер-наламды,
Жоқ сыртпенен байланыс.
Қапастамын қараңғы,
Менен Күн де,Ай да алыс.

VІІ

Тым аз ғана уақытқа
Сыртқа бүгін шығарды.
Жеткендеймін бақытқа,
Тастап ойды күмәнді.

Аз да болса далада
Көкірегім жайланып,
Мас боп таза ауаға,
Барады бас айналып.

Сорып түрме қалдырған
Саудыратып сүйегін-
Мендей тұтқын жанымнан
Изеп өтті иегін.

Емеурінмен ым қаттық,
Бой жазып бір серпілдік.
Көрінді сол бір сәттік
Бір ғұмырдай еркіндік!

VІІІ

Азаттықты аңсаған
Аһ ұрғанмен кім берер?
Тікенегі самсаған
Түнереді түрмелер.

Темір торлы терезе
Жабады күн жарығын.
Онда қатты ереже
Жүргізеді әмірін.

Ереженің әр жолы
Атылады оқтардай.
Жендеттердің қан қолы
Шүйіледі шоқтардай.

Көк болаттан қақпасы,
Құлпы берік түрменің.
Қайғы жанға батқасын,
Қалады тек сүлдерің.

Тергеушінің түрінен
Еңсең түсіп езіліп,
Дөңбекшисің түнімен,
Ұйықтамайсың көз іліп.

Айналмайды шынашақ,
Іші індей бөлменің.
Бұдан-дағы туа сап
Жақсы дейсің өлгенім.

Болды бекер қор қазақ,
Айдады оны сор-азап.
Он бес жыл сап араға,
Оралды елге,о,ғажап!

Зынданға да қамады,
Жатты орда жаралы.
Жүндей түтіп паршалап,
Иттерде оны талады.

Қан жалатқан ауызды.
Кешіп суды белшеден,
Бөрене де ағызды.
Тапжылмаған тас жоны,

Тоң қазуға қосты оны.
Асырады қаны ағып
Екі аяғы,қос қолы.
Жон айналып жауырға,

Шіріді өкпе,бауыр да.
Опырылды омыртқа,
Қаусады қос қабырға.
Күтеді оны күм елеп,

Қалды отырып жүрелеп.
Аяқ-қолдан айрылып,
Болды ғаріп-мүгедек.
Тапты әркім оған ат,

Айтпады сөз ол ағат.
Жер бетінде келеді
Дөңбек адам домалап.
Арғы жағын жаза алмай,

Іш қайнайды қазаңдай.
Оны осылай қор қылған
Жүр-ау жауыз жаза алмай!

Жастарына аға еді,
Қарттарына бала еді.
Сондықтан да көретін
Бауырындай бар елі.

Жұртты кеште жинайтын
Бір ұара қос қалқиған.
Алпамысты жырлайтын
Қауға сақал қарт Иван.

Домбырада саусағы
Ортекедей ойнайтын.
Ауып соған аңсары,
Жұрт жырына тоймайтын.

Жақсы айтатын әнді де,
Жеткізетін сөзді айқын.
Шертіп кейде әңгіме,
Өз жайын да қозғайтын.

Кейде бірге күлімдеп,
Кейде бірге қамығып,
Кейде ішінен күбірлеп,
Тыңдайтын ел жабылып.

Қалың қазақ еліне,
Құнарлы бай өлкеге
Ішкі Ресей жерінен
Келіпті ауып ертеде.

Кейде алдын сор бөгеп,
Жоғалыпты жол кенет.
Шөккен нардай жотаға
Шығыпты олар өрмелеп.

Босқын жандар шұбырып,
Жолшыбай көп қырылып,
Қоға тартып суырып,
Қабық жепті сыдырып.

Тосқан алдан неше сын,
Таяқ жеген тағдырдан.
Көміп жолда шешесін,
Қаршадай жан қаңғырған.

Басты ойын қанды зіл,
Ана өлімі қапа ғып.
Жол үстінде жалғыз ұл
Жатты жіпсіз маталып.

Түйір дәндә таппаған,
Айнала өліп жатты адам.
Қақтығысып қаптаған
Шұбырынды ақтабан.

Аңызақ жел дамылдап,
Ауғанында екінді,
Қазақ шалы тауып ап,
Құшақтаған жетімді.

Жанды көздің шырағы
Таянғанда көріне.
Жетім орыс ұланы
Сіңді қазақ еліне.

Жетім күндер қалды артта,
Қазақ елі пана боп.
Дейді Иван: «Сол қартқа
Кеттім туған бала боп!»

Өмір деген-тас ұршық,
Жібі иірген-тіршілік,
Көздерінен жас ыршып,
Қоятын ол күрсініп.

Кең жазықтан жер алып,
Екті ол тоғай жасында.
Жатыр Иван демалып
Сол тоғайдың қасында.

Халыққа төнгенінде қара тұман,
Елім деп кімдер еді ара тұрған-
Қарусыз қалың қолға қарсы тұрып,
Сөйлеген суырылып дала атынан?!

Оларды қара түнде қамауға алып,
«Жау»дедік, «залым» дедік жала жауып,
Көрсеттік көрмегенді байғұстарға,
Ұйықтатпай ұрып-соғып жауап алып.

Ал бүгін ауыз ашпай ақталамыз,
Сырды айтып қоя ма деп сақтанамыз.
Жібермес жазықсыздың аққан қаны,
Шешілер түбінде бір ақ-қарамыз.

Әлі келмей күн көруге
Алмағандар өз үлесін,
Ие болып күллі өмірге,
Жазды жаңа шежіресін.

Белгісіздер жылы туған,
Кез болды енді күні туған.
Қайта аталды қастерленіп
Есімдері ұмытылған.

Хатшымын да деген жоқ,
Атшымын да деген жоқ.
Жүрді бірде биіктеп,
Жүрді бірде төмендеп.

Суыққа да бір тоңып,
Ыстыққа да бір күйіп,
Жұртпен қырда бір қонып,
Ой аулады,сыр түйіп.

Ескілікпен алысып,
Жаңалыққа жаршы боп,
Қырда егін салысып,
Тауды кезді малшы боп.

Кей мәселе жөнінде.
Алды ағаттық жіберіп.
Түйіп соны көңілге,
Жүрді бұлттай түнеріп.

Баламенен балаша,
Қартпен қартша сөйлесіп,
Жүрекке жол таба алса,
Жүрді ішінен кейде өсіп.

Біте қайнап халқымен,
Бірге өтті өмірі,
Қарапайым қалпымен
Атанды ол ел ұлы.

Тағы да Бауыржан жайында

Өкіндің бе өткенге,
Кеттің тастап жер үстін.
Іздеп жерден,көктен де,
Таба алмайды сенң ешкім.

Жалғыз өзің жалғандай
Жатырсың бір шоқыны ап.
Күн батарда жанғандай
Ту боп қызыл топырақ.

Болатұғың тегіңде
Батырлық пен дарқандық.
Тұрғандайсың өлімге
Алатауды қалқан ғып.

Әрқайсысы бір-бір тау сынды
Таласқан бұлтпен құздары
Алыптар тобы таусылды,
Бітті де татар тұз-дәмі.

Кең кеуде,шаршы иықпен,
Бойы да ойы жарасып,
Сөйлейтін еді биіктен,
Елжіреп елге жаны ашып.

Кей кезде кетіп бірбеткей,
Еркелік етсең кешіріп,
Көтеріп көкке тірнектей,
Баулитын еді өсіріп.

Көрсетіп тәлім-өнеге,
Бүгін де олар жүр бізбен.
Жатады биік төбеде,
Сырласып алыс жұлдызбен.

Бақсы

Қа жаннан бітімі өзге мүлде,
Күннің оты тұрғандай көздерінде.
Сиқырлы күш жатқандай сыры жұмбақ
Оның әрбір ойнақы сөздерінде.

Алған демі жалындай сыртқа шығып,
Перілермен жүргендеі бұлтта суық.
Қақ тіледі қанжармен ішін жарып,
Таң қлады бақсыға жұрт табынып.

Сонша күйге тұра ма жан қысылмай.
Шырылдайды шаруаның шаоғысындай.
Қырылдайды буынып өз-өзінен,
Шырылдайды безектеп таң құсындай.

Босағадан боз жылан аттатады,
Керегеден жер жылан қаптатады.
Кейде жүзі жігіт боп бал-бұл жанып,
Кейде шал боп береді ақ батаны.

Батыл жанды ортадан қарап көріп,
Өз өміріне өзі тек жауап беріп,
Атқызады мылтықпен,ал артынан
Бытыраны жатады санап беріп.

Алдын болжап айтады жақсылықтың,
Ауру,індет,жұт,апат,тапшылықтың.
Қасқыр,түлкі шақырып келтіреді
Күшіменен керемет бақсылықтың.

Қиялданып көрген жұрт ой кешеді,
Бақсы болса перімен сөйлеседі.
Жаныменен қайтадан көшіп кетіп,
Басқа жерде болады той кешегі.

* * *
Соғыс қуып келгендерге қиырдан,
Тауып бердік,болса-дағы қиын,нан.
Әр он оқтың жауға атылған тоғызы

Қазақстан болатынан құйылған.
Кейде соны ерекше елeп-ескермей,
Сөйлейтінді қайтесін құр дес бермей-
Жалғыз ғана соның елі соғысып,

Бір өзі бар ауырлықты кешкендей?!

Қазақ халқы ұлтшыл ма?

Қопарылып қозғалғанда қоныстан,
Тағдыры бір қазақтармен тоғысқан:
-Қазақ халқы ұлтшыл ма?-
деп сұрадым

Жүздеген жыл қоңсы отырған орыстан.
Деді ол менің сұрауыма таңданып:
-Келгенінде бабам қоны аударып,
Қарсы алыпты жомарт жанды қазақтар

Төбесіне көтеріп тұз-нан алып.
Бірі санап сыйласатын көршінің,
Бір бөліскен орман,тоғай,жер-суын.
Қазақ халқы ұлтшылдықты білмейді,

Айтар болсам ақжарылып мен шынын.
Күздікүні түнеп дала қосына,
Қазақ әнін бір шырқаған қосыла:
-Қазақ елі ұлтшыл ма?-деп сыр тартып,

Сұрақ қойдым украиндық досыма.
Мүмкі,ерсі болды білем сауалым,
Қарыс жауып қара бұлттай қабағын:
-Қазақтарда жоқ ұлтшылдық атымен!-

Деп қайырды қысқа сөзбен жауабын.
Көздерінде тұнып тұрған толып мұң,
Қанды ізі сайрап жатқан жорықтың
Белоруссия бағанымда,жаны жас

Белорустың бір қарына жолықтым.
Сөлеп кетті ол менің туған тілімде:
-Қазақтармен болды Берлин түбінде.
Ұлым қазақ ауылында тұрады,

Қазақтарды ұмытпаймын тірімде.
Жері бидай,көлі балық,тауы асыл,
Ағайынғы алаңы жоқ жанашыр!-
Тебіреніп қазақ халқы туралы

Осылай деп ақтарды ол адал сыр.
Көресінін көрген «ұлы көсемнен»
Кеңестім мен қазақ жайлы чеченмен:
-Қазақ елі бауырмал ел барынша,

Көп жақсылық көріп өстік осы елден.
Қазақ бізге орын берді төрінен,
Қазақ бізге бөліп берді жерінен.
Қазақ бізге бөліп берді нанынан,

Тірі қалдық пейілінің кеңінен.
Со бір кезде бір тігілген қостары,
Қасындағ балқар,ингуч достары
Оның ойын ортақ ой деп тапты ла,

Оның сөзін үстемелп қостады:
-Алапатты сонау қырғын аш жылда
Бірге болдық жер сілкініс,тасқында...
Қол ұстасып,қоғамдасып келеміз

Жалғыз күн мен жалғыз аспан астында.
Қазақтарда болмайды ұлттық шектелу,
Бір өзінен басқа ұлтты жек көру.
Қазақтарды ұлтшыл десе кімде-кім,

Ол-аруақтың рухына шет келу!
Ол-тірінің күйе жағу арына,
Ол-тірінің уды құю қанына.
Ол-қазақтың жара салу жанына!-

Деді олар бірауыздан жабыла.

Тар окоп болды сонда үйім менің

* * *
Қара жердің қабырғасы сөгілді,
Ажал жалмап, жұлып жатты өмірді.
Орыс, қазақ, украин, белорус,

Бір обаға , бір молаға көмілді.
Қол ұстасып шыққан талай ұрыстап,
Еді олар қандары бір туысқан.
Отан ана оларға ортақ болатын,

Жиналса да батыс пенен шығыстан.
Жүрек тілі жеткізіп бар сезімін,
Түйіні бір болды олардыңсөзінің.
Жатты олар жағасында өзеннің,

Жатты олар даласында өзінің.
Төртеуі де жігіи еді өндірдей,
Төртеуін де ардақтады ел бірдей.
Төртеуіне гүл қояды бір ана,

Төртеуінің жүрек отын сөндірмей.
* * *
Волховтың вокзалы алаңында
Гранит қабірлерге қарадым да,

Ойға алдым қызыл ала таңғы аспанды
Ұйысқан қанды бұлттар қабағында.
Алмайды ауру жандай дала тыным,
Окоптар толған өлік қара құрым

Жағалай жалын шашып жанады өзен,
Астында бомбовоздың қанатының.
Жарылған зеңбіректің доптарынан,
Атылған автоматтың оқтарынан,

Кеудені ащы кермек түтін ыстап,
Өзекті шарпып, ыстық от қарыған.
Анталап обыр ажал аран ашып,
Екі жақ ентелейді араласып.

Үш солдат кірді жаудың окопына,
Алысты қоян-қолтық жағаласып.
Далының дауылда өскен ұландары
Жауларды астына сап, жұмарлады.

Жер, көкте дұшпан күші басым болып,
Көп қолға төтеп беріп тұра алмады.
Үшеуі жатты жонда тас қамалдай,
Жау жолын бөгеттеп бір тастағандай

Олардың соңғы сөзі Отан деген
Болды елді шабуылға басатағандай.

Шекарашылардың иті туралы баллада

Жанарыңнан көрем иттің бір сұрақ,
Өз иесін жоқтайды ол қыңсылап.
Ол екеуі шықпағалы күзетке
Көз жасындай өтті ауыр күн шұбап.

Алды бір күн ит аяғын тасқа ұрып,
Қайта-қайта дәрігерге итін тапсырып,
Шекарашы кетті түнде күзетке,
Көзіне емес, жүрегіне жас тұнып.

Шекарада сел қозғалса селт етпей,
Айтқанын ит орындайтын екі етпей.
Есік пенен төрдей еді кеудесі,
Балтырлары болатын-ды кесектей.

Жапан түзде табылса да азығы,
Шекарада байлаулы еді қазығы.
Жазықсызға жок болатын жазығы,
Жатқа ғана бататын тек азуы.

Иесі оның сол үшін де сыйлайтын,
Ит тағдыры жатса-тұрса қинайтын.
Аяғынан жаралы боп оқыстан
Қалды бүгін жан серігі қимайтын.

Жапты жерді көрдей соқыр көк тұман,
Көк тұманнан пайда болды топты жан.
Он жауызбен жалғыз өзі айқасып,
Шекарашы құлады ауыр соқыдан.

Ойда жоқта өлтірді жау қамап ап,
Соны сезіп, шықты иті абалап.
Содан бері құрғамайды көз жасы,
Иесінің жоғы жанын жаралап.

* * *
Біздің қызыл қазарма
Болатын жақын базарға.
Көтеріп қызыл себетті,

Өтетін бір қыз азанда.
Күтетін бізді кәрі жон
Қарауытып қабағы,
Құшағын ашып полигон,

Жайылып спорт алаңы
Жүгіріп шығып аулаға,
Тұратынбыз біз сапқа.
Себеті толы алмаға,

Қарайтынбыз қыз жаққа.
Жайылғандай таңда арай,
Тұртаын алма тізіле
Еді сол бір алмадай

Алқызыл қыздың жүзі де.
Жоғалды бір күн қыз келмей,
Қалмады ажар базарда.
Қайғыға батып жүзгендей

Қарауытты қазарма.
* * *
Желтоқсанда күн күркіреп,
Жайдың оғы атылды.

Көңілге аспан бұлтты түнеп,
Күрсінді де аһ ұрды.
Содан кейін кетті бұрқап
Бура боран шудалы.

Көтеріліп көкке шырқап,
Ақ толқындар тулады.
Сол боранда арсылдады
Иттер үріп абалап.

Мылтық даусы тарсылдады,
Қалды қарда қара дақ.
Жігі тіпті білінбеді
Жер менен көк шетінің

Дүние шулап дүрілдеді,
Соқты боран екі күн.
Көмілсек те көк түтінге,
Окоптардан атылып,

Боранменен соқтық бірге
Жендеттерді жапырып.
Қалды бірақ жадымызда
Желтоқсанның бораны.

Тыным бермей жанымызға,
Со бір боран соғады.

Құлақта әлі жиырмасыншы жыл шуы,
Айналады оқиғалар ұршығы.
Жүрегіңді дүбірлетіп өткендей
Арғымақтың тұяғының дүрсілі.

Шекараға жасырынып жат түнеп,
Қызылардың қаны судай ақты кеп.
Тұрды келіп командирге орнатқан
Құлыптасқа ай маңдайын ат тіреп,

Жау ұмтылды жаншып түнде езуге
Ел буыны бекімеген кезінде.
Отан деген ұран жатты от шашып
Командирдің жалғыз ауыз сөзінде.

Жорықтарда болдырмады атымыз,
Мұқалмады болат семсер сапымыз.
Шекараның шебін соғып шеңберлеп,
Жұлдызбенен жаздық ердің атын біз.

* * *
Үйін өртеді,
Қызын өлтірді,
Жарын атты.

Жау соққысынан
Қиналды жаны қатты,
Сорғалап омыраудан қаны ақты.
Кенже ұлы бесігінде талып жатты,

Өлді ол ақырында оты өшіп.
Шешеінің,
Апасының
Әкесінің

Қалды артында жетім бесік.
* * *
Жасқанбай күннен ақырған,
Жалынға да өртенбей,

Толқында аласапыран
Ағады жылдар желкендей.
Кездесті оған от дүлей,
Кездесті селдің топаны.

Желкенде ешбір жоқ үрей,
Жақыны жалғыз Отаны.
* * *
Шашыраған тамшысындай көбіктің

Бірте-бірте бара жатты еріп түн.
Қырқаларды шалды қызыл жалындар
Алаулаған ұшқынындай көріктің.
Қарсы алды әлем сәлден кейін жас күнді,

Ағыпты күн, ақ мұхитай тасқынды.
Жазылмаған әлі күнге жарасы,-
Шекарада оқ тескен бір тас тұрды.
* * *

Бұза алмас жел қанжары,
Көкірегімде мұз қайғым.
Жапырылған жан-жағы,
Жап-жалаңш күздаймын,

Даналарым секілді
Ағаларымнан айрылдым,
Бабаларым секілді
Аналарымнан айрылдым.

Қара жолда қарсы алар
Қарлығаштарымнан айрылдым,
Тосынан соққан сары самал
Бауырластарымнан айрылдым.

Сүңгимін қарлы бұлттарға,
Қайғылы жанға күн өтпес.
Жеңгелер жоқтап шыққанда
Жүрегім қалай дір етпес?!

Бәрін де көрген хас солдат,
Не болды сонша күйініп...
Тұр әлі көзді жас торлап,
Тұр әлі жүрек жиі ұрып.

* * *
Жанға рақат ауа жайлы,
Жапты көкті барқыт түн
Қалың орман қарағайлы

Жағалауы Балтықтың.
Теңіз жатты сәл гүрілдеп,
Жарын сүйіп жағаның
Жас мөлдіреп, жан дірілдеп,

Соған үнсіз қарадым.
Соғыста өткен жылдарымды
Алдым еске сол түні.
Жиырмадағы жырларымды

Айтты теңіз толқыны.
* * *
Суықтан сыз өтер деп сақтанғам жоқ,
Бой түзеп, қырымпаз боп, баптанғам жоқ.

Боранмен бірге алысып жүре бердім
Еліме жау ұрланып атқанда оқ.
Аңдыды бой тасалап өлім алдан,
Тып-типыл жатты өңсіз жер қуарған.

Қойнына Жер ананың жасырынып,
Батпаққа баттым талай белуардан
Тар окоп болды сонда үйім менің,
Жұпыны күйіне оның сүйінгенмін.

Жанымның ұясындай жауға бермей,
Өтінде тұратын ол құйын-желдің.
Қайнаған котелоктың жылы буы
Қытықтап өтетұғын мұрынымды.

Бір қарап анда-санда кететұғын,
Солдаттың жайын сұрап күннің нұры.
Алысқа кетерімде кез қия алмай,
Қоштасқам тар окоппен өз ұямдай.

Солдаттың үй мен жайы сол болатын,
Бір өзі байтақ жатқан кең жаһандай.
* * *
Қап-қара бұлт қамап ап,

Кетпейді көк төрінен.
Жел орманды сабалап,
Қалтыратқан демімен.
Бомбовоздар қаптайды,

Ажал тығып ішіне.
Солдатты жер сақтайды,
Сенеді ол жер күшіне.

Өртерсің түбі өзіңді,
Жау, отпенен ойнама!
Жаудыртып сесті сөзіңді,
Қорқытам деп ойлама!

Кеткенбіз біздер қорқудан!
Қорқа ма жалын жалыннан,
Қорқа ма толқын толқыннан,
Қорқа ма дауыл дауылдан?!

СҰР ШИНЕЛЬ

Ызғарынан боранның
Тұрғанында суып күн,
Өзіңді мен орандым,
Денемді сен жылыттың.

Жаттым жердің қойнында
Аңыздағы алыптай.
Кейде жүрдің мойнымда
Асып алған қамыттай.

Кейде сені төсендім,
Кейде сені жастандым.
Төнді апат, неше өлім,
Тиді оғы қас жаудың.

Снарядтар шұрқ тесіп,
Жаралады сені де.
Кетпей қойды бұлт кешіп,
Көміп топан желіне.

Тағдыр қара түн болды,
Кештік қанды бір жолды.
Жорықтарда жаныма
Сенен жақын кім болды?!

Болды күндер тамұқтай,
Өңіріңе қан қатты.
Қорғап қалдың сауыттай
Ажалдан сен солдатты.

Қуат алып желінен,
Көп кешіп ем толқынын.
Теңіздей терең тебіренем,
Есіме түссе сол күнім.

Терістіктен төнген бұлт,
Теңіз беті көк ала.
Болатындай елге үміт
Тұрған жартас жағада.

Бастайтұғын дауылды
Қан майданға сені ол.
Көк крейсер кәдімгі
Үйіміздей еді сол.

Теңіз қаннан күп-күрең,
Жорықпенен өтті күн.
Бурыл ала бұлтпенен
Ұласатын көк түтін.

Асау толқын, ағын су
Анамдай еді емізген.
Жағасы жасыл қалың ну,
Қездестім қайта теңізбен.

Көрген түстей бұлыңғыр
Сол күндер әлі ойымда.
Қаруымды алып інім тұр
Қара теңіз бойында.

Аттанарда, махаббат,
Көзіңде ыстық жас бар-ды.
Кеткем сонда арқалап
Көз жасындай аспанды.

Қала берген шегініп
Туған дала орманы.
Жатқан алда керіліп
Қанды майдан жолдары.

Қалдың жалғыз айға ұсап
Аржағында таулардың —
Көңіліме қайғы сап,
Елесіндей арманның.

Жараланып тар жерде,
Ішінде қан боранның,
Әлде түспе, әлде ең бе,
Бүгін саған оралдым.

Болдың үміт кезінде
Өмір, өлім тайталас.
Бүгін тағы көзінде
Домалайды қайта жас.

Жеңіс күні ортамызда бола алмай,
Қан майданда қалды солдат оралмай.
Жалғыз ұлын жоқтап ғазиз анасы,
Аңырады азынаған борандай.

Кірпік ілмей өтеді көп таңдары,
Таусылмайды тіпті оның арманы.
Ең болмаса ел қатарлы жар сүйіп,
Артында бір тұяғы да қалмады.

Сүйеу болар жоқ байғұста өзге үміт,
Сол арманмен кетер бір күн көз жұмып.
Отырады баласының баяғы
Мінездерін ермек етіп, сөз қылып.

Аурудан қызыл шырай, кетіп сипат,
Бір бөлмеде жатырмыз екі сырқат.
Көрші қарт ұстарамен қырынды да,
Бастады бір әңгіме, бетін сипап:

— Өмірдің болды талай қысталаңы,

Көп болды мұны қолға ұстағалы.
Соғыста төрт жыл бойы сақал алған
Өлгенше тастамаймын ұстараны.
Ақиқат болса-дағы ел күлері,

Басқа зат қызықтырмас енді мені.
Орақтың сынығындай осы ұстара
Соғыстан қалған жалғыз белгім еді.

Аралап шатқал-жыраны,
Киікті бейғам сен қусаң,
Сыбырлап сақтандырады
Боз бетеге, кер жусан.

Киіктердей үрейлі
Шөптердің өзі бір түрлі.
От алмауын тілейді
Мергендердің мылтығы.

* * *
(Фашист лагері тұтқынының аузынан)
Лагерьдің жаттым талып тамұғында,
Көрмедім күн мен айдың жарығын да.

Жағалай темір тордан керіп көрме,
Толтырды құдықтарды өліктерге.
Өлтіртті өз қолымен өз баласын,
Қаздырды тұтқындарға өз моласын.

Адамға адам етін асып берді,
Жинады алтын тісті, ашып көрді.
Балғамен басты жарып, қан шашылды,
Боздақтар жазығы жоқ дарға асылды.

Тұтқынның арқасына темір басты,
Сол темірмен сойылдай нөмір басты.
Адамды айдаһарға тұншықтырды,
Бірді-бірге айдап сап, ұшықтырды.

Қызықтап, күзетшіге сабаттырды,
Ашыққан төбеттерге талаттырды.
Азапқа адам айтпас салды мені,
Сұрама лагерь жайлы әңгімені.

Өтер жылдар, кетер жылдар,
Бірақ ойдан шықпақ емес
Қараңғы окоп, қалың орман,
Түтінді аспан, күзгі кеш.

Қалар өшпей көңілдерде
Бұл сурет сол қалпы.
Кетер жерге көмілгенде
Соңғы соғыс солдаты.

Өз елінде бұйырмай
Туған жердің төбесі,
Әлі жатыр жиылмай
Солдаттардың денесі.

Неге ұмытты бүгін ел
Обал менен сауапты?
Әлілерге тірілер
Өмірімен жауапты!

Бұлау боп көзі іскендей,
Тұрады ай кейде талаурап.
Ішіме оты түскендей,
Отырам сонда алаулап.

...Көріп ем сондай ай жүзін
Соғыстың сұрғылт түнінде...
Жайылған ерттей қайғы ізін
Көрмесін ешкім бүгінде!

Күңгірт тартты жарық күн,
Ақты жерге қызыл қан.
Тамшы суға тарықтым,
Таптырмады үзім нан.

Арманыммен сол тұста
Өзегімді жалғадым.
Содан болар соғыста
Өлмей тірі қалғаным.

Аспанды мен жамылдым,
Төсеніш қып даланы.
Есімнен де жаңылдым,
Жаттым ауыр жаралы.

Туған елім жырақта,
Жан сырымды ашуға.
Ұқсап жанған шыраққа,
Тұрды бір қыз қасымда.

Дауыл тынып, өрт сөнді,
Салют болып оқ ұшты.
Әлем сонда серт берді
Болдырмауға соғысты.

Бас орнына орнатқан
Нейтронды иығына —
Айнып кетіп сол анттан,
Айқайлайды миғұла.

Өмірді өртеп біржола
Адамның қас жендеті:
Болсын дейді қу мола —
Қабірстан жер беті.

Адам кеше жем болған,
Бүгін жерде тәңірі.
Жүре алмайды еңді оған
Зұлматтың еш әмірі.

Түнгі алаудың самала жарығында,
Шықтық біздер түйіліп шабуылға.
Түсті ізіміз көк құрыш рельс боп
Сайын дала, сағымды сары құмға.

Соғыс даусы алыстан тұр естіліп,
Аш қасқырдай көшпелі құм есті ұлып.
Біз де сонау майданның кебін киіп,
Суды, нанды мөлшермен үлестірдік.

Көк дауылда бұрқанып, бұрқыраған,
Көрінді үміт шықтай боп жылтыраған.
Шор-шор болып иығы, ауыр жүкті
Шықты арқалап тылда да шіркін адам!

АБДОЛЛА

Баяндап тақсыретін тар жолдағы,
Жан күйін жазғаны үшін бар болғаны,
Жазғырып, талқылады жиналыста
Жас ақын Жұмағалиев Абдолланы.

Дүрілдеп кетті бірден қызыл егес,
Ортаға шықты шешен қызыл өнеш.

«Шәкірті Мағжанның бұл барып тұрған,
Таңдаған жолы теріс, түзу емес.
Жаңа өмір жанын ешбір толқытпайды,
Ескі өмір демеп, мұңын қолтықтайды.

Жазады мағынасыз махаббатты,
Жазады Асан қайғы, Қорқыт жайлы.
Бұл өзі декаденттің бір бұтағы,
Солардың оқитыны жыр кітабы.

Баяғы Байрондарды пір тұтады,
Арақ пен сыраны да қылғытады.
Жай ғана жасаған боп жиын-думан,
Оралда қоғамға жат ұйым құрған.

Әшкере болып еткен әрекеті,
Сандалған қоныс таппай дүйім қырдан.
Оралдан із жасырып орай қашып,
Бұл жерден тауып алған оңай кәсіп.

Көтібар жөніндегі айтыста ойы
Жатады Әуезовпен орайласып.
Жоғары, жоқ арнайы білімі де,
Мұндайдың құю керек су ініне.

Ауруы басқаларға жұқпау үшін
Болмайды балта шаппай түбіріне.
Жоқ мұның өлеңіңде өз өрнегі!..»
Осылай әлгі ділмар өзеуреді.

Абдолла атып тұрып, қолын сермеп:
«О, құдірет, туды қандай кезең,— деді.-
Жоқ менің құрған ешбір ұйымым да,
Болғам тек әдебиет жиынында.

Пушкиндер еліктеген Байрон ақын
Тұрады қалай десең сиынуға.
Байронға барлық тілек, ауды арманым,
Менің оның поэмасын аударамын.

О, құдірет, топай басты сендейлердін.
Топас боп туғанына таң қаламын?!»
Кетті оның әлгі шешен сөзін бөліп:
«Көкиді,— деді,— берсең өзіне ерік.

Өзі айтып баяндайды кім екенін,
Отыр ғой осы жұрттың көзі көріп.
Қатесін мойындамай таласқаны,—
Біржола ақиқаттан адасқаны...»

Ығысып жалақордың ызғарынан,
Басқалар тісін жарып жақ ашпады.
Абдолла жиналыста жеке қалды,
Сескеніп, көңіліне секем алды.

Жамылып Қызылорда көк тұманын,
Аттанып Алматыға кете қалды.
Соғыста кім екенін таныды әлем,
Өртенді өрт ішінде жанып өлең.

Абдолла жайындағы жаңа дастан
Жазылды Қасым ақын қаныменен.

Қырдың қызыл гүліндей
Жалаушаны қолға ұстап,
Жас қарындас күлімдеп,
Берлинге тұр жол нұсқап.

Көргенше ол бұл Майды,
Кешті қанша қасырет?
Бір қуаныш, бір қайғы
Ағады көз жасы боп.

Күн құйғанда селдетіп,
Тудың Сырдың бойында.
Бесігіңді тербетіп
Тұрды көктем тойыңда.

Анаң сені аялап,
Құйды шуақ мейірін.
Атаң сені аялап,
Құйды бұлақ бейілін.

Солар сені жебелеп,
Болдың жұртқа сүйкімді.
Еңбегіңді ел елеп,
Тартты саған сый түрлі.

Аман қайтып майданнан,
Досым, сенің бағыңа,
Арманыңа айналған
Қосылдың жан жарына.

Арнадым мен жырымды
Жүрегімнен, дос, адал.
Жүз жыл жазбай жұбыңды,
Қосағыңмен қоса ағар.

Ыстық ауа ұйысып,
От қорғасын жапқандай.
Буға айналып су ысып,
Жартас еріп жатқандай.

Жел отынан жер кеуіп,
Түтіндейді өртеніп.
Жылжиды алға армия,
Адым сайын тер төгіп.

Жүре алмайды алға аттар,
Сеп жоқ мотор-темірден.
Қару сүйреп солдаттар,
Қамыт киіп жегілген.

Жүрген жалғыз жел ойнап,
Өзі ие боп бұл маңға.
Асу бермес деп ойлап,
Жау сүйенген Хинганға.

Зеңбіректі, танкіні
Жотаға ерлер тасыды.
Еске салды Альпіні
Үлкен Хинган асуы.

Қарт бейнетті көп көрді,
Өтті өлімді өткелді.
Аузындағы ажалдың
Алды талай шептерді.

Тірі қалды, әйтеуір,
Бар екен күні көрешек.
Құшақ ашты қайта өмір,
Сүйреді алға келешек.

Әзілге тым шал ұста,
Сөйлейді ылғи қуланып.
Берсе ұлықсат, ғарышқа
Қайтсам дейді бір барып.

Освенцимнің туды ол лагерінде,
Лагерь ұлы дейді оны әлі күнге.
Көрген емес өмірде ата-анасын,
Тұрған емес жалғыз күн бәрі бірге.

Тамағына таба алмай тарығып түк,
Анасы өліп аштықтан әлі бітіп,
Қаза тапты әкесі Освенцимнің
Күндіз-түні уланған шаңын жұтып.

Көмек көріп сондағы адамдардан,
Бұл, әйтеуір, ажалдан аман қалған.
Жасырыпты сәбиді тұтқын жандар
Жендеттердің көзінен жалаңдаған.

Мола, мола жолдардың езуінде,
Қадалады шыңырау көзі үнгірге.
Үңгірде өлген мыңдаған жандарменен
Сезінеді жатқандай өзін бірге.

Қара орман шөгіп жатқан қара таудай,
Аспанда ақ бұлт та жоқ алақандай.
Келеді құлағыма сыбызғы үні,
Шырылдап бебеу қаққан балапандай.

Тебірентіп бейуақытта түнде мені,
Білмеймін қара орманда кім келеді.
Шерлі күй көңілдегі мұңды шертіп,
Біресе кектенеді, зілденеді.

Балқытты сыбызғының бізді үні,
Солдаттың айтты маған күндіз бірі:
Партизан жасағының хабаршысы —
Бала деп түнде тартқан сыбызғыны.

* * *
Босаса қолы жұмыстан,
Отыра алмай құр босқа,
Ұран сап жаумен ұрысқан

Барады солдат бір досқа.
Шірену деген жоқ онда,
Кешпейді көкіп көпірсең.
Келеді оңай орамға,

Өкпелетіп ап өкінсең.
Бет алдына сапырып,
Сөз айтпайды басы артық.
Жастықты ойлап аһ ұрып,

Тұрғандай ауыр тас атып.

Дауылдың көзін ашып қолтығында,
Туғандар жойқын жорық жортуылда
Тоқтатып топан суды бұғалықтап,
Теңіздің пысқырмайды толқынын да.

Тағдырдан сыбағасын тартып алып,
Жүреді найзағайдай жарқыл қағып.
Жетеді ұрпақтардан ұрпақтарға,
Жылдардың жоталарын даңқы жарып.

Көздің жасы бұршақтап,
Жүрек тұрды қансырап.
Сәбиді аш құрсақтан
Жау лақтырды шаншып ап.

Аяу білмес сұм дүлей
Жазықсызды жазғырып,
Көмді жерге тірідей,
Өзіне көр қаздырып.

Жеткенінше женіс боп
Қызыл тулы әділет,
Сайдың бетін тегістеп,
Ақты адамның қаны көп.

* * *
Көкіректе шулайды
Соғыстын, зары таусылмай.
Теңізде толқын тулайды

Қайғының ащы даусындай.
Тенізде кеше өлгендер
Толқын боп бір үн қатқандай.
Жүрек отын жеңгелер

Шам етіп түнде жаққандай.

АСПАН АСТЫ, ЖЕР ҮСТІ

Жер үсті жарылыстан дірілдеген,
Жер асты жарылыстан гүрілдеген.
Көлдерді көміп тас пен топыраққа,
Жарылыс таудың төсін тілімдеген.

Қара бұлт көктен емес, жерден ұшып,
Далаға жайылған у желмен ұшып.
Айықпас дертке ұшырап дымы құрып,
Сандалды Семейде ел сенделісіп.

Иманын айтуға да тіл келтірмей,
Жарылыс болды адамның індетіндей.
Жарылыс бүгінгімен бірге қосып,
Келешек қояр емес күнді өлтірмей.

Дүлейлі дүмпуінен жарылыстың
Қашады даладағы бәрі ырыстың.
Жойылып жер бетінен жан-жануар,
Қалмайды кеудесінде жаны құстың.

Тиетін ұрпақтарға зәрі күшті,
Миды улап, өртейтұғын жалыны ішті.
Дауылдай, топаң судай қаптап адам,
Болмайды тұншықтырмай жарылысты.

* * *
Өзгерді ауа райы,
Өзгерді дала шырайы.
Оңтүстіктен отты жел

Соғады ұйтқып ұдайы.
Бозарып қара топырақ,
Сарғайды ерте жапырақ.
Аспан жерге құлардай,

Қақ айрылып қақырап.
Айнала қалған сазара,
Жоқ бұрынғы таза ауа.
Дем ала алмай демігіп,

Көзін жұмды әз аға.
Қарайтын жастар қызығып,
Уланып, қаны бұзылып,
Өмірден өтті қарындас,

Үміті гүлдей үзіліп.
Тұрса егер осы қалыпта,
Көлеңке түсіп жарыққа,
Бұрынғы тамұқ рас боп,

Орнайтын болар халыққа.

Жүз мыңдаған киіктер жатыр өліп,
Егіледі ел болса да дәті берік.
Көмгізеді ауылдың басшылары
Әрбіріне бір сомнан ақы беріп.

Білмейтұғын жалтаңдап қорғануды,
Олар ерке даланың болды аруы.
Азат, еркін табиғат перзентінің
Болғаны ма жалғыз сом сонда құны?!

Көндік қалай уақыттьщ ырқына бұл?
Улы ауа қорғасын, дымқыл, ауыр.
Киік емес, көз жұмып жатқан жоқ па
Дертке ұшырап дауасыз шіркін бауыр?!

Жан-жануар жөңкілді жай таба алмай,
Кейбірі өшті тұқымы қайталанбай:
Жарылыстың зардабын шексек-дағы,
Жасқандық құр, шындықты айта да алмай.

Апат бұлты алапат басқа төніп,
Адамизат аң емес жатса өліп,
Қалмаса әулет артында әлуетті,
Көметін кім оларды ақша беріп?!

Кейде қала батпақ,
Кейде қара қатқақ.
Аласа дуалдарды
Адамдар барады аттап.

Бетіне шыққан топырақтары,
Қисайған қыңыр көше.
Жел ырза жапырақтарды
Ешкідей жұлып жесе.

Көріксіз көне мекен,
Қобыздың шанағындай.
Қалайша келеді екен
Тұрғындар жаны ауырмай?

* * *
Қашып кетер дегендей,
Атты мықтап тұсаулап,
Жар жағалап өңмендей,

Жүгірді аңшы құс аулап.
Кездесіп бір иінде,
Айттым оған жай ғана:

— Ұшқырлыққа шүйілме!

Жүйрікті оққа байлама!

Тәнінде қотыр-қотыр жарасы бар,
Қызыл көз, жүні сирек қара шұбар.
Осы итке төбеттер еш болатұғын,
Алда тамақ, үйшігі — панасы бар.

Әр қақпаның маңайын төңіректеп,
Басты аяғын ұрланып, жеңіл ептеп.
Қатыгездер таяқтап қуды оны,
Қораларға тығылды өңіреп кеп.

Алмады оны көп иттер іштеріне,
Мәз болды олар тегін жеп, ішкеніне.
Қу даладан кеміріп қу сүйекті,
Сирей түсті семсердей тістері де.

Аттатпайды ешкім де босағадан,
Шет жүреді інгендей бошалаған.
Талай рет өмірде таланса да,
Тағдыр шіркін тар өткел тосады оған.

Жүні жидіп, ырсиған қабырғасы,
Көрген адам құриды жарым жасы.
Жаны ашитын, ішіне тартатұғын
Жоқ байғұстың бір туған бауырласы.

Татқан емес дәмді бір астан көптен,
Қу сүйегі қуарып, аштан кепкен.
Жетімектей көрінді ол бір кездері
Айдалаға анасы тастап кеткен.

* * *
Шөл сусынын қандыратын суарып,
Торғай өзен барады енді суалып.
Айналасы ақ тақырға айналып,

Қуаң тартып, күнге күйген қуарып.
Бала кезде маған теңіз көрініп,
Жататұғын құлаш жайып керіліп.
Кемпірқосақ құшақтап екі жағасын,

Тұратұғын шұғыласы төгіліп.
Көктем күні ойды-қырды су басып,
Шегінетін шебін тастап құм қашып.
Алыс жатқан аңғарына Ақкөлдің

Жонды жарып түсетұғын тура асып.
Адам жетіп бара алмас та ала алмас
Айдалада жарқырайтын ақ алмас,
Көз ұшында көрінетін жалғыз тал,

Мен секілді жалаң аяқ, жалаң бас.
Көп еді онда инелік пен көбелек,
Мен оларды көретінмін керемет.
Желмен бірге көтеріліп көк толқын,

Ойнайтұғын күміс толқын себелеп.
Таусылмайтын Торғай өзен сырлары,
Таусылмайтын жаратылыс жұмбағы.
Табиғаттың тап өзіндей тап-таза

Мөлдір еді-ау балалықтың жылдары.
Енді бүгін танабы өзен тартылып,
Суы да оның әр жерінде сарқылып,
Жан-жағына жаутаң-жаутаң қарайды,

Ақырғы дем таянғандай алқынып.
Енді қазір өзеннің де суы лас,
Маңайы да манаурайды жым-жылас.
Қартайғандай әлсіз, баяу ағады

Қайран өзен ғасырлармен құрбылас.
Өзенімді көргенімде әрдайым,
Сол өзенге ұқсап менің жағдайым,

Қайта-қайта сора берем тілімді,
Құрғақ тамшы тілейтіндей таңдайым.
* * *
Бетпақ шөл қойны толы баялышқа,

Қойшының қоналқаға жайы алыста.
Ақсаған сол жапанда киік көріп,
Жас Сәкен батқан мұңды аянышқа.
Байғұсқа, қаны тамған жарасынан,

Елжіреп от жүрегі, жаны ашыған.
Қансырап, әзер дем ап қашқан киік
Ақынның шықпай қойған санасынан.
Кейбіреу аттап өтіп ар-ұятты,

Даланың құсын да атты, аңын да атты,
Атқанын қайдан білсін өзін өзі, -
Атқанын қайдан білсін табиғатты?!
* * *

Келемін көл жағалап кешкіқұрым,
Құстардың естімеймін ешбір үнін.
Кәрі ағаш жар басында тұрды жалғыз,
Еске алған қариядай ескі күнін.

Өтетін самал да жоқ жалын тарап,
Кететін көбік те жоқ жарын жалап.
Қалдырып құла дүзде құр сұлбасын,
Көлдің де кетіпті жыл бәрін талап.

Жүзінде жоқ баяғы рен-көрік,
Тамыры ағаштың түр білеуленіп.
Заман жоқ бұрынғыдай саясына
Жататын біреу кетіп, біреу келіп.

Келді ол талай сынға төтеп беріп,
Жүрмеді жел айдаған жетекке еріп.
Бір күні, кім біледі, қайран ағаш
Жатар ма жардан құлап, етекте өліп?!

Құлагер ішкен баяғы
Құлазып қалған көл байғұс.
Баспайды малдың аяғы,
Өтеді оған қонбай құс.

Алтын жалды арғымақ
Жайылмайды ойға отқа көп.
Иығым түсті салбырап,
Көңілім ойран-ботқа боп.

Толқынның ішкі жалыны,
Ақша қардай ақ көбік,—
Басылып асау ағыны,
Жағаға жетпей жатты өліп.

Ата жұрт, ескі орыннан
Кейбірі шұбап көшті елдің.
Ақтоқты — аққу шомылған
Көз жасын көрдім Қоскөлдің.

* * *
Жағасы бау саялы,
Теңіз өлді баяғы.
Көтерілді тұз дауыл,

Көк тұманға жүзді ауыл.
Көзден болды ғайып хал,
Қайырлады қайықтар.
Ақ көбіксіз — кебінсіз,

Жал-жал толқын өмірсіз.
Қалды байғұс балықшы
Қара қоста көмусіз.
Батқан сорға батпаңдап,

Теңіз орны ақтаңдақ.
Баяғыдай жоқ сайран,
Ақ шабақсыз ақ қайран.
Құс түңіліп жанынан,

Құлан безген қағынан.
Кең пейілі тарылып,
Өкпесі ісіп-қабынып,
Ақ тақырға айналып,

Беті кеткен жарылып.
Отырған жер үй қаптап,
Қазір енді ми батпақ.
Қайран теңіз жылайды,

Адамнан пәрмен сұрайды.

Экраннан қып-қызыл жанады аспан,
Ажал сеспен қарайды дар ағаштан.
Өртенеді даланың жасыл гүлі
Шешек жарып, бүршігін жаңада ашқан.

Айдынында теңіздің толы елік,
Құтқаратын адам жоқ қолын беріп.
Жас тамшысы жүзінде тарамданып,
Еңірейді кәрі әже соны көріп.

Көңілі шер ананың, көзі бұла,
Оған тамұқ киноның өзі мына.
Киноға емес, қараса болар еді
Шығып келген тамұқтан өз ұлына.

* * *
Чернобыльдың көрді ол зәрлі апатын,
Тосты ақыры қара жер тар лақатын.
Дертке ұшырап дауасыз, айтып жүрді

Қара дүлей сұмдықтың қарғап атын.
Қоштасуға соңғы рет тілі келіп:
«Бұл жалғанда болғанша тірі өлік,
Жас тәнімді киелі жерге беріп,

Кеткенім жөн!»—деді ол күңіреніп.
Кетті ол елден бөтен бір жайға алшақтап,
Қыр үстінде тартылды сайдан соқпақ.
Махаббаты болды ма, кім біледі,

Бір қыз жүрді қабірді айналсоқтап.

Тілін безеп, тікенектей сұққандар,
Ары менен антын бірге жұтқандар,
Дастарқанның дәмін татып көлгірсіп,
Күле кіріп, күңірене шыққандар,

Көр тышқандай көре алмаған соқырлар,
Жағадағы құрт-шабақтар — шоқырлар,
Бұл дүниеде жарқын өмір сүруді
Жата қалып күннен, желден оқыңдар!

Бұл өмірдің өзгерді заңы мүлде,
Түк билік жоқ бүгінде тәңіріде.
Табиғаттың өзі де басқа түгіл,
Жалғыз ғана адамның әмірінде:

Ауды адамға алладан ел тілегі,
Адам ғана көк пенен жер тірегі,
Адам жасап апатты өз қолынан,
Адам ғана адамды өлтіреді.

Өзі тұрсын, тұрмайтын ұлтанына,
Қас надандар жақсыны құртады да,
У шашады, біржола жою үшін,
Үрім бұтақ, зәузаты, ұрпағына.

Соны ойласам, қабағым тас түйіліп,
Көкірегімді кернейді ащы күйік.
Қара күзгі қара бұлт жаңбырындай
Жанарымнан жауады жас құйылып.

ТОҚЫРАУ ЗАМАНЫНЫҢ ТОҚЫЛДАҒЫ

* * *
Тоқырау заманының тоқылдағы,
Той жасамай түндерде отырмады.
Суық қолды, сұрқылтай сыбайластар

Тоқайласып, тоғайға топырлады.
Түніменен тоғайды солқылдатып,
Ішті біраз алған соң тоқылдатып.
Легенге ол иегін іліп қойып,

Түніменен құсты кеп лоқылдатып.
Таң алдында бойынан тарап мастық,
Сөйлеп берді шұқшия қарап бастық:
«Әкеліңдер әрқайсың мың-мың сомнан,

Тиынын да қате етпей санаптас қып.
Білесіңдер кім менен дәу екенін,
Дәу алдында мен-дағы тәу етемін,
Ұмытпаңдар және де қойынында

Дәудің дәудей зайыбы бар екенін...»
Тоқылдақтың таңғы осы бұйрығымен
Жиды ақша жылпостар, жиды кілем.
Дәу үйіне тоқылдақ бет түзеді

Сықап алған сан алуан сыйлығымен.
Ешкімді ертпей, ол өзі жалғыз барып,
Қайтты дәудің апандай аузын жауып.
«Азсынған соң бастығым амал қанша,

Қостым,— деді,— көп ақша қарызданып.
Шадыр әйел шалдуар, шайпаулы сөз,
Қала ма деп көрсетіп сайтан мінез,
Жұбайыңа тағы да сыйлық тарттым...

Керек боп тұр барлығын қайтару тез!»
Достары айтты: «Сыйлықтың аз расы,
Орынды аға-жеңгенің базынасы.
Қелер жолы екі есе көп берерміз,

Ортаймайды мемлекет қазынасы...»
Тоқылдақ мәз олардың ұғымына,
Орны толып, өтелді шығыны да.
Сайрандады сан жылдар қайран сабаз,

Сырдың суы келмеді жұлығына.
Жайлансын деп, кішкене өтіп уақыт,
Тоқылдақты қойып аз тоқыратып,
Бір жақыны қайтадан көтеріпті,

Жүр дейді ол қайтадан шоқыратып.

Оян енді ұйқыдан, пайғамбарым,
Кей пендеңе ашынып қайнар қаның.
Адам деген ұмытып ұлы есімді,
Көрмеймісің сайтанға айналғанын.

Ақикаттан жалтарып, ардан аттап,
Ішімізден шығып жүр жау жалақтап.
Жала жауып ұстатып жақындарын,
Мүләйімсіп болады қардан аппақ.

Өз қамы үшін өзгенің бәрін сатты,
Жүрдай етіп тонады табиғатты.
Бала әкесін үйінен айдап шығып,
Басты аяққа қор қылып ар-ұятты.

Кызметке қулықпен сатылаған
Жылпостар бар жамылған атын адам.
Опасыздар оздым деп жымыңдайды,
Айтысқан ант шықпайтын пәтуадан.

Арнап мансап жолына бар мұратын,
Өсек өртін өршітіп жандыратын,
Көпірме сөз, кері езу кесірлер бар
Өңеш керіп өзінше даурығатын.

Тыныштық жоқ әлі күн жер бетінде,
Жасалады шабуыл көрге түнде.
Аяқталмай жалғасып жатыр соғыс,
Мекенінен меңзең боп ел кетуде.

Сойқан жасап содырлы сорақылық,
Жалын лаулап жатады, оқ атылып.
Өзектерді өртейді өрт-жалыны,
Сарайлардың орнынан мола тұрып.

Оян енді ұйқыдан, пайғамбарым,
Көр көзіңмен осындай жайлар барын.
Адал жанды аялап алақанмен,
Бер жазасын ақ жолдан тайғандардың.

Бір өлермен өлең жазып,
Күнді түнге ұрды тынбай.
Дүниені белден қазып,
Біржолата қылғитындай.

Талайлармен жақындасып,
Ақшаны да тапты күреп.
Талайлармен ақылдасып,
Басқаны да жатты іреп.

Көзге әшейін көлгірсіді,
Жүрді күліп жақсы атпенен.
Жазды арызды, ең қырсығы,
Том жамылып басқа атпенен.

Бізбен бірге тұрады ол,
Күнде неше өзгеріліп.
Күңіреніп шығады ол,
Кірерінде көзге күліп.

Ішек сияқты ширатылған,
Үздіккенде үзілердей.
Жанып кетпей, шыдап тұрған
Мықты еді жүзі нендей?!

* * *
Ескі ізді қайталап шиырлаған
Көп мылжың көк өлеңнен ауырды бас.
Тұратын жиі естіліп жиындардан

Жалықтырды жалпы ұран, жауыр ұйқас.
Олардың өздеріне бәрі дұрыс,
Болмаса да жырының жылылығы,
Жақсы сөз,— дейді олар,— жарым ырыс,

Арқадан қағып қойып бірін-бірі.
* * *
Өзім өсірген текешік
Өзі болған секілді.

Көзінің ісіп, еті өсіп,
Өз басыма секірді.
Қуана алып қолыңды,
Болып жүріп дос-бауыр,

Аңдып басқан жолыңды,
Жасауға бар тосқауыл.
«Кешір» деп тек алдайды,
Көзінен жас домалап.

Жүзі тіпті жанбайды,
«Жанашырың» бола қап.
Күшігінен қараған
Күнді ұмытып лезде,

Абайды да талаған
Өз төбеті бір кезде.

Қатып қалған сөз тастай
Оның дастан дегені.
Үн шығармай, көз ашпай,
Туады әлі өлеңі.

Біледі онын, ел сиқын,
Тілдесетін жоқ орта.
Өсек десе өршитін
Бықсыған бір қоламта.

Ел егіліп жат хабарға,
Жандарынан түңілді.
Қара құзғын қақпаларға
Қара түн де үңілді.

Ашып айтпай барымызды,
Түкпірлерге тығылдық.
Ішті біздің қанымызды,
Іштен үңгіп жұлын құрт.

Жендеттерге бас ұрғаннан
Табылмады басқа амал.
Қайда барсақ, ашылды алдан
Темір торлы тас қамал.

Күндіз-түні ұрып-соғып,
Төбеттерге талатты.
Тұла бойы тұлып болып,
Қарақұстан қан ақты.

Неше түрлі сұмдық көріп,
Ақты көзден жасымыз.
Ақырында шындық жеңіп,
Азат болды басымыз.

Ант су ішіп мал табар
Опасы жоқ сол шіркін.
Пайдаланып жалтарар,
Көрсетіп тек жон сыртын.

Айтатыны өтірік,
Босқа лағып бетімен.
Сонымен бір отырып,
Сөйлескенге өкінем.

* * *
Иә, ол қатырды,
Залды сапырды.
Ақырды,

Бақырды,
Ақыры шатылды.

Кейбіреулер жүргендей-ақ шын беріліп,
Күңіреніп шығады, күле кіріп.
Денеңді құрттай үңгіп, қуыстайды,
Ішіңе терең бойлап кіре жүріп,

Жүйкеңді құртып, күнде қаныңды ұрттап,
Жүреді жағдайыңды бағып, сырттап.
Ұстайды біреулердің етегінен,
Күні үшін көлеңкесін тағы ықтап,

Қажетсіз оған қатып шөлдегенің,
Шалдығып шаршағаның, терлегенің,
Ондайдан алты айшылық алыс кетіп,
Өмірде бақыт — қайта көрмегенің.

Қамысы жоқ
Көл азады,
Намысы жоқ
Ел азады.

Сағымы жоқ
Бел азады.
Жалыны жоқ
Ер азады.

Қызғаншақтар өзгелерді күндейді,
Сырттан түйіп жұдырығын, тілдейді.
Шипаң құйрық қызтекелер шыжбыңдап,
Өсек өртін өршітеді, үрлейді.

Болмаса да қызғаншақтың дегені,
Арпалысып, жағаласып келеді.
Өздерінің жоқ өмірге берері,
Қолдарынан түк келмейді себебі.

Ал кеудесін бір керемет көргенде,
Әзір жұртты тірідей-ақ жерлеуге,
Жақсылығын көре қалса біреудің,
Соны күндеп, болады ол шерменде.

Күн де батты, сен күн болып батпадың,
Жұлдыз ақты, сен жұлдыз боп ақпадың.
Тасқын тулап, тас лақтырып сел жүрді,
Сен өзіңді қалайынша сақтадың?

Сонда кімнің батпаған сен күнісің,
Сонда кімнің үлбіреген гүлісің,
Сонда кімнің жұлдызысың ақпаған,
Сен өзіңді сақтап қалдың кім үшін?

Келсе де бой теңескің,
Таудан биік емессің.
Қелсе-дағы егескің,
Желден күшті емессің.

Теңізден терең емессің,
Жерден жомарт емессің.
Салыстырып оларға,
Тең тұтпайды сені ешкім.

* * *
Көрдім қайран ананы
Қөзінен жас парлаған.
Қарт жүрегі жаралы,

Қайғы жұтып зарлаған.
Басып тағдыр тас сызын,
Жоқшылықта болдырмай,
Өсіріпті жас қызын,

Гүлдей күтіп солдырмай.
Ақтамай қыз үмітті,
Жасамай еш қайырым,
Ананы үйден қуыпты

Айтуымен байының.
Асыраған анаға
Сол бопты айтқан «алғысы»
Кетпесе, сірә, далаға

Кейуананың қарғысы.
* * *
Жаратқан сүйіп құдай,
Ерекше өзгелерден —

Бір өзі иықтыдай,
Ығысты сөзге келген.
Жер тұрсын, көк аспанды
Даладай кезді мүлде.

Жарылқап жолдастарды,
Сүйеді өз мезгілінде.
Қалталар қалыңдады,
Қампиып ақшалардан.

Биікте дамылдады,
Бөлініп басқалардан.
Екі мың метрдегі
Жеді тек ұларларды.

Басынып жетімдерді,
Тіземен нығарлады.
Қара деп таза адамды,
Аямай жазалады.

Қолайлы қоныстарды
«Бөгдеден» тазалады.
Сынауға жол тоқтады,
Қайтты адам нар талабы.

Күштінің қолшоқпары
Қасқырдай анталады.
Аралас шыны-өтірік
Жазды әмір бұйрықтарды,

Үйінде түнде отырып,
Бөлді атақ-сыйлықтарды.
Қорыды төңіректі,
Талайды еңіретті.

Шындық кеп жеткенінше
Шырылдап өмір өтті.
* * *
Бассыздықтар бас алып,

Қең жайылды кемшілік.
Жамап-жасқап жасадық
Кемшілікке кеңшиілік.
Бас құрады әр қайдан

Қоғамға жат ерсілік.
Батты олжаға маңдайдан
Көрмегендер тер шығып.
Ұрлықшының ұрлығы,

Жылмысқының қулығы,
Сұмырайдың сұмдығы —
Болды жоқтай бір міні.
Жылмаңдаған парақор,

Сумаңдаған жалақор
Паналады бастықты
Ағайыншыл алақол.
Жоғарғымен жанасып,

Төменгімен таласып,
Алды жаңа қызмет,
Арсыз адам бағы асып.
Ділгер затты жасырып,

Жататын қыр асырып,
Дүрілдеді дүкенші,

Басқаларды басынып.
Сондайларды өсірдік,
Қылмыстарын кешірдік.
Жолымызға ор қазды

Кесапат пен кесірлік.
Масылдар сол кездегі
Арамызда әлі бар.
Болмаса да өздері,

Ұқсастары табылар.
* * *
Жатса да жаға, жеңі бүтінделмей,
Күйі жоқ болса-дағы күпінгендей,

Қоқиып, қоразданып жүргендер бар,
Дүниенің бар жұмысын бітіргендей.
* * *
Ұстайды кейбіреулер өзін асқақ,

Биіктен менменсиді көзін тастап.
Мекіреніп, басқаларды менсінбейді,
Жөтеліп, қақырынып сөзін бастап.
Өзінше өр көкірек бір сылқым жан,

Жымиса төгіледі у ұртынан.
Ондайға ешуақытта сеніп болмас,
Тұрады оғын сайлап ту сыртыңнан.
* * *

Өлеңіңді мен де сенің қараймын,
Табылады өн бойынан талай мін.
Терең ойдың соңынан ерген телміріп,
Ақыл сөзі аз қоныпты Абайдың.

Алас ұрдың тақпен бірдей бақты аңсап,
Мініңді айтса айқайладың аттан сап.
Керемет деп өзіңді-өзің көки бер,
Көке мылжың, қуыс кеуде, мақтаншақ.

Халқың үшін қан майданға түстің бе,
Халқың үшін қайғы уын іштің бе?
Қара бастың қамын ойлап әйтпесе,
Қалт-құлт етіп жүрсің бе жер үстінде?

Халқың үшін жәбір-жапа шектің бе,
Халқың үшін бір тал шыбық ектің бе?
Халқың үшін қара түнде толғанбай,
Қан ағызбай, тер тамызбай өттің бе?

Ел мерейін екідайда есіре,
Жарадың ба басшылыққа көшіне?
Бар ма еңбегің азамат боп айтарлық,
Жоқ болса егер шіренесің несіне?!

* * *
Сен мені аттың,
Қолыма кеп
Қадалды оқ.

Мен сені аттым,
Тиді ме оғым?
Одан еш хабарым жоқ.
Мүмкін, сенің.

Жалтарып қалды жаның,
Ақ қарға
Қып-қызыл боп тамды қаның?
Бір жолы

Сен қалсаң да
Аман-есен,
Кетпейді ешқашан да
Саған есем.

Әділет оғы
Бәрібір құтқармайды,
Аспанға ұш,
Жерге кір,

Маған десең.

Көзің тура бастықтың бақырайтып,
Бетіне басты мінін батыл айтып.
Бастық жүрді осыдан құтылудың,
Тезірек түседі деп сәті қайтіп.

Бастық бір күн бұрқанып, ашуланып,
Бас дәрігер мен екеуін қасына алып.
Ақырды оған: «Жын қаққан адамсың,—
деп,

Жүре алмайтын өзінің басын алып.
Сөзің шалыс, мінезің теріс кілең,
Шағым айтып тынбайсың неге үстімнен?
Жұмысыңнан дәл қазір қуыласың,

Қызметте мәніс жоқ сен істеген.
Түзелуің адам боп қиын сенің,
Ауру ойдан қажыған миың сенің.
Арыз жазғыш пәлеқор сендейлердің

Жындыхана табады бұйырса емін!»
Бастықтың сөзі бітіп соныменен,
«Етпеңдер,— деп,— арызына оның елең.»
Анықтама жолдатты жоғарыға,

Бас дәрігердің қомпитып қолыменен.
Қап кигізіп басына, қолың байлап,
Оны әкетті емхана жолына айдап.
Сап-сау адам қамалып темір торға,

Төрт жыл бойы күн кешті соры қайнап.
Ешкім құлақ аспады шағымына,
Ешкім көзі жетпеді анығына
Төрт жылдан соң дүние өзгерді де,

Шықты, әйтеуір, жалғанның жарығына.
Шындық жолын көлденең кесе басып,
Жүрген бастық онымен неше алысып,
Әділеттің тап болып қаһарына,

Өліпті өзі ақыры есі ауысып.
* * *
Жасады деп жетпіс жыл,
Әлдекімді мақтаймыз,

Айтқандары естіп-біл,
Жазғандары тап-тайыз.
Бояп қойған асықтай
Жылтыр жүзді жымысқы.

Жайлап жүріп асықпай,
Тындырады жұмысты.
Иіп саған дәу басын,
Ағайын боп бір туған,

Бітіргесін шаруасын,
Шегеді айбат сыртыңнан.
Басқа адамға жалынып,
Жарамсақсып жағынып,

Одан дағы безеді,
Өзге біреу табылып.
Баса қалса ісі өрге,
Жоқтай одан кісі өңге.

Ойда — досын түсіру
Кіріптар қып кісенге.
Тағы үндемей жым-жылас,
Табады бір тұрғылас.

Мәймөңкелеп жүреді,
Момақан боп тым жуас.
Көпке дейін жоғалып,
Қатынасты доғарып,

Тағы бір күн келеді
Жылмаң етіп оралып.
* * *
Адал айтсам

Ақ жарылып несі бар,
Соның үшін
Басым міне,
Кесіп ал.

«Арамзаның бір-ақ тұтам құйрығы»
Деген сөзін бұрынғының есіңе ал.
Көше салып амал менен айлаға
Белшесінен батқан, тегі, пайдаға.

Жымсық сөзді,
Жүзі қара,
Жымысқы,
Халық алдында қара бүгін айнаға!

* * *
Тастап қатын, баланы,
Қамын ойлап -қара бас,
Жүретіндер бар әлі,

Жүректері қара тас.
Сыймай жалғыз ой-қырға,
Әр жерге бас сұғып,
Күлетіндер бар әлі

Қойынына тас тығып.
Жетсе де уақыт жетектеп
Түсіретін тәубеге —
Тартып елді етектен,

Арада жүр әлі де.
* * *
Бір саудагер әнші деген ат тағып,
Алып барды базарға көк есегін.

Ақырды есек қайта-қайта мақтанып,
Қожасының қайтармауға меселін.
Базаршылар қолын соғып жағалай,
Желіктіріп мадақтады мазақтап.

Есек оған екіленіп қарамай,
Бақырды-ай кеп өзін-өзі азаптап.
Есек бір кез демі бітіп құлады,
Айқайлаған адамдардың тыншын ап.

Өліміне болдыңдар деп кінәлі,
Ал саудагер жатты жұрттан құн сұрап.
Басқалардан асырам деп бағасын,
Қолпаштауды көп ішінде қош көріп,

Бар ғой бізде білмейтіндер шамасын,
Әлгі есектей кететұғын босқа өліп.
Арамызда саудагерлер әлі жүр
Иесіндей сол есектің жаңағы.

Олар үшін өлі-тірі бәрібір,
Әйтеуір тек пайда тапса жарады.

Кейбіреу ұқсар алыпқа
Өзісіз таулар құлардай,
Жер жұтып, өзен жылардай,
Шатынап аспан сынардай,

Қара күн туып халыққа.
Кейбіреу құмар даңққа
Көбігін қылғып бозаның
Өлшеп бір пішпей өз әлін,

Сілкімей бойдан тозаңын,
Болардай тұтқа тарихқа.

ЖАРЫҚ ТЕРЕЗЕЛЕР КӨЗІНЕН

Сұңқардың қартайғаны емес пе,
Биікке ұша алмаса?
Тұлпардың қартайғаны емес пе,
Бәйгеге түсіп,

Мүше алмаса?
Алма ағаштың қартайғаны емес пе,
Жемісін жерге қайтармаса?
Сандуғаштың қартайғаны емес пе,

Сағыныш әнін айта алмаса?

Қайтсін-ай, қайтсін жапырақ,
Талайдың ойын тұтатқан,
Қара желмен қалтырап,
Ұшқалы тұр бұтақтан.

Қайтсін-ай, қайтсін арғымақ,
Ұшатын құс боп қиялдай,
Отаудай жерді орғылап,
Аунайды есін жия алмай.

Көгеріп ертең атырап,
Көктемде тағы май туар,
Жапырақты басып жапырақ,
Арғымақ болып тай тұрар.

Екпінмен тау көшіріп,
Жүрдік ессіз есіріп.
Желдей жүйткіп есіліп,
Кердеңдедік төс ұрып.

Талай белге таяндық,
Бәрін бастан кешіріп.
Тұрмыз енді, не керек,
Бәрін соның кеш ұғып.

Адам шыңға шығады үмітпенен,
Үміт болса, қалады күдік төмен.
Үміт деген көктемнің көк жауыны,
Жауса жауын қай тасты жібітпеген?!

Сарбаздарын саралап іріктеген,
Қолбасшыдай кәнігі үміт деген.
Шабады ол күдіктің қақпасына
Тұжырымсыз ойлары бірікпеген.

Қара бұлтты қаптаған тіліп түрер,
Ажалменен айқақа күліп кірер,
Дүниенің қорғар тек бейбіт күнің
Ай, жұлдыздың достары — үміттілер.

* * *
Ауыр ма әлде жеңіл ме,—
Көз жасын кім өлшеген.
Тебіренбей, тегінде,

Төгілмейді ол сенен.
Өмірдегі дертіңнен,
Өзегіңнің өртінен
Жаңбыр болып жауады

Қөздің жасы көлкіген.
Қап-қараңғы жан-жағы,
Келе жатқан жауғалы,
Мүмкін, артық болуы

Бұлттан оның салмағы.
* * *
Желдер үнемі зуламайды,
Толқын да үнемі туламайды.

Орман да үнемі шуламайды,
Бұлбұл да үнемі жырламайды.
Орманды шулататын,
Бұлбұлды жырлататын,

Толқынды тулататын
Дауылды бір сәт керек
Найзағай зулататын.
* * *

Баяудай сағат тілі де,
Қарасаң сырттай көңіл тоқ.
Сапырмалы дүние,
Өзгеріссіз өмір жоқ.

Жүрмейді өмір жаяулап,
Жүрмейді өмір баяулап.
Ашады жалғыз минутта
Айдын да сырын баяндап.

Есінен тауды тандырып,
Жаңғыртып тулап жарды ұрып,
Ағады алыс қиянға
Асығыс өмір мәңгілік!

Бір орнында тұрмайды,
Зырлайды уақыт, зырлайды.
Кездеседі өмірде
Мың қуаныш, мың қайғы.

Уақыт шіркін зымырап,
Бірде көкке ұшырып,
Бірде қыстай қырына ап,
Бірде ойға ысырып,

Бірде өзендей сарылдап,
Ағынымен толқытып,
Бірде бұрқап дауылдап,
Арынымен қорқытып.

Уақыт сені билейді
Соққан жылдам сағаттай.
Асықтырып сүйрейді,
Алды-артыңа қаратпай.

Жүгіреді дала шөптермен,
Айналады ауа кептермен.
Жүгіреді аспан зуылдап,
Жарысып самолеттермен..

Секілді жүйрік ұшқыр ат
Көшеді дөңдер көзімнен.
Өзіммен өзім күш сынап,
Жарысам өзім өзіммен.

Қапсырмаса қара жерді
Тамыры — саусақтары,
Адыра қалар еді
Қарағай қаусап кәрі.

Жылғалар жиылысып,
Құймаса сабасына,
Өзендер өлер еді
Жете алмай сағасына.

Тұрса егер сеніп нұры,
Тұманда тұншығып күн,
Жығылар еді туы
Жердегі тіршіліктің.

Халықтар дос болмаса
Қалтқысыз бір-біріне,
Аспанның жарығы не?!
Жердің тірлігі не?!

Кеуіп қалды өзендер көп
Аққан тынбай ерте-кеште.
Жақсылардың сөзі өлген жоқ,
Есте тұтты ел кеңесте..

Ұлы жолда серігі боп
Халықтың сөз қалды есінде.
Беріп мәңгі өміріне от,
Жарады елдің кәдесіне.

Қыранды тауынан,
Құланды қағынан,
Араны балынан,
Бұлбұлды бағынан

Айы-руға бола ма?!
Аспанды таңынан,
Асқарды қарынан,
Өзенді талынан,

Жігітті жарынан
Айыруға бола ма?!

Гүлдер ерте ұшады,
Келуі үшін жаз шыға.
Бір айырылса құшағы,
Табысқандар аз сірә.

Көктем сайын көгерер
Өмір қысқа гүлден де.
Адам көшіп жөнелер,
Оты сөніп бір демде.

Қара түндер де өтеді,
Жарық күндер де жетеді.
Адамның кеудесі —
Күн мен түннің мекені.

Жарықта нұрланады,
Қараңғыда мұңданады.

Кейбір қысқа сөздер бар,—
Оқып шыға алмайсың,
Өзіңді-өзің қыстамай.
Кейбір ұзақ сөздер бар,—

Қанша оқысан, талмайсың,
Болса да ұзақ қысқадай.

Қара көңілдер
Қара аспандай,
Қабағы түндей қайырымсыз,
Денеңді қалтыратады,

Олардан жайылып мұз.
Оларға қарағанда қара тастар
Жатады жайына үнсіз.
Қара көңілдердің

Ағаруы қиын
Ақ қар, ақ жаңбыр жауса да.
Олардың жаңаруы қиын
Қара тастар балқып жанса да.

Жібектің тініндей,
Ұршықтың жібіндей
Бұлдырап сәулелер құйылған.
Оның тесіп етіп нәзік нұрын,

Даланың көру жазық қырын
Тек көк тағысы қырандардың
Жанарына бұйырған.

Адам мінезі ауа райындай,
Кейде жаңбырлы жазы болады.
Кейде атқан таң арайындай
Күлімсіреп, разы болады.

Адам мінезі алуан құбылады,
Кейде боранды қысы болады.
Кейде сүрініп жығылады,
Кейде қиядан қарар тұсы болады.

Көк ағыстай ормандар,
Сағыныштай сары құм.
Көлеңкедей қорғандар
Сімірген күн жарығын.

Бәрі музей тәрізді
Бұқара өзі сақтаған.
Музей толы аңызды
Жастар қарттан жаттаған.

Еңсесінен басып зіл,
Жетті ескі күн тон тозып,
Жиырмасыншы ғасыр тұр
Сүйреуге алға қол созып.

Көп өткел артта қалғанмен,
Алдыңда асу талай сын.
Әлі де асау арманмен
Аптыға алыс қарайсың.

Тарта алмай жүкті табандап,
Шаршасаң да болдырып.
Алдыңа қарап алаңдап,
Отыра алмайсық орнығып.

Қап-қара кеш қараңғы,
Тұтасқан қара көмірдей.
Қалтыратқандай адамды,
Ызғары қарып темірдей.

Ұқсап бір мелдір моншаққа,
Аспанның күміс меңіндей,
Жарқ етсе жұлдыз сол шақта,
Қөресің соны өмірдей.

Сағат тілі сырғанап,
Бір орнында тұрмайды.
Қос тілінен тұр тарап
Бір қуаныш, бір қайғы.

Соққанында сыңғырлап
Қоңырауы сүйкімді.
Білдірмейді күнді ұрлап
Сыңғырымен сиқырлы

Құламасын деп қоғасын
Қолтықтап тұрған жер тіреп,
Оралып ойға соғасың,
Ормандай ойдым көл түбек.

Балдырға жем боп күнімен,
Шығушы едің ап сыйлық.
Ол сыйлық — қамыс түбінен
Ілінген қолға ақ сүйрік,

Кейіннен қойды ілікпей
Ақ сүйрік шіркін ақ саусақ.
Жалт етеді ол үміттей
Төсекте жалғыз жатқан шақ.

* * *
Желге иіліп тікейген көк теректей
Басылады ашуым көпке кетпей.
Көңілім бір көгершін, залалым жоқ,

Маңдайымнан сипарсың өкпелетпей.
Аспан бұрқап артынша ашылмай ма,
Боран-дағы айығып, басылмай ма?
Мен солардай түсемін сабама тез,

Тұрам білмей кеткенін ашу қайда.
* * *
Бөлінбеген өзіңнен
Еш уақытта іргеміз!

Балалықтың кезінен
Сен екеуіміз біргеміз.
Бірақ бірге болсақ та,
Біз екеуіміз бөлекпіз.

Ауыл үй боп қонсақ та,
Алыстаймыз себепсіз.
* * *
Сәулесін шашқан әмірге,

Жұлдыздай түсіп жарығы,
О, адам, сенсің, тегінде,
Алыптардың алыбы.
Айналып көкте ұшасың,

Айды да барып құшасың.
Сенің ой еркіндігіңді
Қай құдай енді тұсасын!
* * *

Жетіммін деп жасыма,
Жетімдік жоқ бұл күнде.
Ел тұрғанда қасыңда,
Жетім болу мүмкін бе?

Жалғызбыи деп мұңданба,
Жалғыздық жоқ бұл күнде.
Достар қоршап тұрғанда,
Жалғыз болу мүмкін бе?

* * *
Жанын қинап шабан ат,
Келеді шал итініп.
Қарсы алады абалап,

Сонадайдан ит ұлып.
Ат болдырған шаң жұтып,
Жүрісі өнбей, митыңдап.
Келеді шал әл бітіп,

Түнгі тәтті ұйқы қап:
Жоқ пен бардың арасы
Арман болды жеткізбей.
Табылардай дауасы,

Шал күдерін кетті үзбей.
* * *
Шырақ болса қалаларға,
Бұлақ болса далаларға,

Қалса өмірі балаларда,
Адамды ажал ала алар ма?
Шөлді өмірге шақырады,
Адам жерді жаңартады.

Ғарышқа да атылады,
Адамның ой — жанартауы.
Жаудырады бұлтын аспан,
Асқар тауға жол ашады.

Табиғатпен бір тұтасқан,
Адамның бар болашағы.
* * *
Көк жалынның өзегін шыққан жарып,

Түтін ұшып түндіктен тік қадалып.
Аздан кейін тозаңдай жоғалады,
Бұйра-бұйра бұлыңғыр бұлтқа барып.
Не қасиет, кім одан көгереді —

Сол түтіндей кейбіреу жөнеледі.
Кейбіреулер шалқиды жалын болып
Өмірімен өзінің өнегелі.
* * *

Саған қуат берердей
Ауылыңда бел тұрса.
Саған соның медеудей
Бауырында көл тұрса.

Аулаңда өссе ақ шынар,
Аяулыңдай сезілер.
Әлде ол қонған бақ шығар
Ілуде бір кезігер?!

* * *
Жарық терезелер көзінен
Ашық аспан қарайды.
Күңгірт терезелер көзінен,

Күлгін бұлттар тарайды.
Кей үйдің терезесі,
Темір торлы түнектердей.
Кей үйдің терезесі,

Кіршіксіз жүректердей.
* * *
Ақ шашты ананы аяймын,
Өмірі ертең үзіледі-ау деп,

Жетім қалған баланы аяймын,
Әркімге көзі сүзіледі-ау деп.
Тордағы бұлбұлды аяймын,
Гүлге қона алмайды-ау деп.

Ерте солған гүлді аяймын,
Енді қайтып оралмайды-ау деп.

Биіктер мен биіктер жарысады,
Палуандар мен палуандар алысады.
Төменшіктеп қалуға топқа түспей,
Шыдатпайды олардын намыс, ары.

Тұра алмайды биіктер сағыныспай,
Тұра алмайды жүйріктер алып ұшпай.
Олар ағып өтеді қарақшыға,
Сілкіндіріп жер бетін жарылыстай...

Биіктерді биіктер ғана сүйіп,
Көтереді аспанмен таласа иық.
Жалы дауыл соқтырып жүйріктердің,
Жанарына кетеді дала сыйып.

Хат танымайтын қапша шешендер өт
Бір сөзбен жауап беріп бар күдікке.
Кемеңгер ойлы қақша көсемдер өтті,
Із қалдырып өшпестей мәңгілікке.

Олардың ақыл-ойы, ұлылығы
Аңыз болып тарады ел арасына.
Олардың күндей нұры, жылылығы
Азық болды баланың баласына.

Судың бу болуы қиын емес,
Будың у болуы қиын емес.
Тағдыр тізесін батырса,
Патшаның құл болуы қиын емес

Қыс уламай-шуламай,
Борандатпай барады өтіп.
Шалқасынан туған ай
Шаруаны тұр алаң етіп.

«Жол ұзақ, тағдыр қатал, ғұмыр қысқа»,
Ақаннан бізге жеткен бұл бір нұсқа.
Жазмыштың жазғаны деп мойынсұнып,
Болудың реті жоқ құл тұрмысқа.

Өмірден үйренесің күресуді,
Әйтпесе ала алмайсың үлесіңді.
Лайық азаматтың азаматы
Ақтауға Адам деген ұлы есімді.

Адамдар өткен күннен сабақты алып,
Аттанар алғы күнге талаптанып.
Еңбекпен ерлер жетер мұратына,
Қырандай қия шыңға қанат қағып.

Адал болса тілегі,
Алау болса жүрегі,
Айтқан анттан айнымай,
Сүйсе өзіңді үнемі,—

Қалқатай деп қасыңнан
Қалдырма оны бір елі.
Неге керек әншейін
Алдамшының түр-өңі.

Адассаң, Темірқазық боп
Аспаның тұрар жол сілтеп.
Ашықсаң жер азық боп,
Тілер тек жолың болсын деп-

Толқыны жарды тербетіп,
Күркіреген көк өзен.
Тосар ол саған шербетін
Кепкенде шөлден кенезең.

Шөлден, аштан әлсіреп,
Өртенгенде өзегің,
Құтқарды сені қанша рет
Аспаның,

Жерің,
Өзенің?!
* * *
Орман отқа шарпылса,

Қатал тағдыр қырсығып.
Таразыға тартылса
Қайран өмір-тіршілік,
Бір тамшы да су болар,

Бір шыбық та ну болар.
Шабуылға шақырар
Шүберек те ту болар.
Еркін өмір жасауға

Еңбек керек қашанда.
Құрыштай боп жас өсер,
Құрық салып асауға.
* * *

Жасырар жүйрік денесін,
Түскенінше жарысқа.
Шешендер кермес өңешін,
Шапқанынша намысқа.

Теңіз үнсіз жай жатар,
Дауыл келіп соққанша.
Жарылса егер жайратар
Жатыр тауда от қанша.

* * *
Шөлдедің сен қар түспеген аңғардай,
Құлазыдың гүл жармаған таулардай.
Сонда дағы көріндің сен мен үшін

Қол жетпейтін, ой жетпейтін армандай.
Адамизат, жан-жануар, жәндігі —
Табиғаттың байланыста барлығы.
Бір-бірінсіз сүре алмайды жеке өмір,

Жер мен көктей еншілес бір тағдыры.
* * *
Түсі қара топырақ
Туады көк жапырақ.

Қара бұлттан түседі
Ақ найзағай жарқырап.
Қара екен деп түсіне,
Күдіктенбе кісіге.

Жатады ой жап-жарық
Кей қараның ішінде.

Дүниенің түбіне

Түптеп ешкім жеткен жоқ.
Өкінішпен тіріде
Өмірден өксіп өткен көп.
Қанша жүйрік болса да,

Уақыттан ешкім озған жоқ.
Басына бұлт қонса да,
Байырғы таулар тозған жоқ.
Қайырымсыз деме қойтасты,

Одан да жерде қатты көп.
Болса да тердей кейде ащы,
Өмірден артық тәтті жоқ.

Қап-қараңғы түндерде
Зар болсаң соқпақ-сүрлеуге.
Ақ нұрын шашып алдыңнан,
Жол бастайды екен гүлдер де.

Елегізіп жаның еліктей,
Жүргенде жалғыз елеңдеп,
Көрінеді екен серіктей
Ұшқан бір құстар төмендеп.

Сүйреген соң жетелеп үміт төрге,
Сенімменен қараймын күдіктерге.
Тәйірі, күдік-дүдәмал сөз болып па
Тәуекелшіл, тас жұтар жігіттерге?!

Өрлік керек қатерге шыдау үшін,
Өрт-жалында байқалар бұла күшің.
Қарсы алдында тұрады асу, өткел,
Қайратынды әдейі сынау үшін.

Жерде от,
Көлде толқын,
Аспанда бұлт,
Жиылып дүниеге шашқан жарық.

Барады дыбыстардай, сәулелердей
Біздерді алыстарға шапшаң алып.
Шексіздік, уақыт сыйып бір ұғымға,
Бермейді мұрша тіпті тынығуға.

Тек қана зымырайсың алға қарап,
Жолың жоқ кейін, кері бұрылуға.

Қалың шыңнан қаптаған
Суырыла сілтеп шаппаған —
Жабылар қалай тілейді
Басыма қон деп бақ-талан?!

Еңбексіз сыйлық бермейді,
Бәйге алды шаппай ат қашан?!
Бақ іздеп сені келмейді,
Бақты іздеп өзін, таппасаң.

Жұлдыздар аралы да,
Айдың табағы да
Толқындай бағып-шығып,
Жиылады телескоп жанарына.

Тұманды ғасырлардың,
Космостық асулардың —
Ақылмен адам бүгін
Қарайды ашып бәрін.

Ал адам жүрегінің
Космосын біледі кім?
Адам бір ашылмаған
Құпия сыры өмірдің.

* * *
Жақсы адамның аты жылдар жаңғырып,
Жүректерде қалуы да заңдылық.
Жаман адам тірісінде, өлмей-ақ,

Жерленеді көңіліңді қалдырып.
Жақсы адамның алақаны аялы,
Жақсы адам жасыл емен саялы.
Жұлдыздардай шақырады биікке

Жақсы адамның жарқын өмірбаяны.
Тауға біткен тәрізді тік ақ шынар,
Жер бетінде көп болса екен жақсылар.
Жоқ болса екен жер бетінде жамандар,

Жоқ болса екен ақыл-ойы тапшылар.
* * *
Жаманменен отырыс —
Өмір бойы өкініш.

Қалай одан қашсаң да,
Таба алмайсың бекініс.
Жақсы адамның бір сөзі
Жарқыраған күн көзі.

Ақылымен аспанға
Алып ұшар бірге өзі.

ЖӨНЕЛДІ ЖАС КҮН ЖЫЛЫСТАП

* * *
Көретін көп көз болар деп,
Жолықтың сен кеш түсе.
Тұрдың үнсіз сөз болар деп,

Біреу тыңдап, естісе.
Нәзік шыбық бүршігінен
Көрінді үміт жарқырап.
Жүрегімнің дүрсілінен

Дірілдедім қалтырап.
* * *
Бал орнына у татып,
Ұйқы көрмей түнінде,

Адам үшін бір бақыт,
Ғашық бола білу де.
Ер үмітін жетелер
Оның арман, қайғысы.

Ғашық жүгін көтерер
Ақыл, ойы бай кісі.
* * *
Күнде алаңда жүреді

Гүл суарып Гүлайра.
Гүл секілді реңі,
Маңдайы ұқсап тұр айға.
Сипайды гүл шашағын

Жұмсақ, майда алақан.
Сусап аузын ашады,
Гүлдер бейне балапан.
Сүйкімді-тін бұл бір қыз,

Жүзі жанған алаулап.
Бір тынбайды бұлбұл құс,
Гүлайраға ән арнап.
* * *

Жақын болып алыстайсың,
Арманымдай алдандырып.
Мен білемін, табыспайсың,
Тас жанса да тау жарылып.

Жақын болып алыстайсың,
Ұстатпайсың сен бұлқынып.
Мен білемін, табыспайсың,
Сел жүрсе де жер сілкініп.

— Көрген түстей өтті күн,

Кешегі жаз жоқ бүгін.
Қалды кеуіп қурайдай
Өзін, берген шоқ гүлің.
Ашылмаған гүл едім,

Айтылмаған сыр едім.
Кездескенде ұялып,
Дірілдеді жүрегім.
Әйел жолы нәзікті,

Өзім болдым жазықты,-
Деп осылай бір бикеш
Дәптеріне жазыпты.
* * *

Көңілімнен кетпедің,
Ішіме еніп білдірмей.
Күндер санап көктедің
Көктемде өскен сен гүлдей.

Көктемімен, қысымен
Өтті жылдар тез желдей.
Со бір гүлім түсінен
Келеді әлі өзгермей.

* * *
Сонау балалық шағымда көрген
Көк ленталы қыз түсіме кіреді.
Көбелек секілді жалында өлген

Балалықта кісі не біледі?
Көк ленталы қыз биге шығып,
Еденді тебеді тасырлатып.
Шешесі түнде үйден шығып,

Қызын іздейді басы қатып.
Тез тозды да қыз киген қызыл етік,
Өте шықты күнәсіз өмір гүлдей.
Сырлы еденді балалық жүзіп өтіп,

Көк ленталы қыз ұшты көгілдірдей.
Оралмады ол, қайтадан оралмады,
Көп жігіттің қалды оған қаны қайнап.
Келіншек боп, ақ жібек орамалды

Көк лентаның орнына алды байлап.
Есіме алып баяғы балалықты,
Көп жүремін Қостанай көшесінде.
Құйттай кемпір қақпада қадалып тұр,

Қыз қорыған ұқсап дәл шешесіне.
* * *
Қыз, жігіт жатыр қосылып
Оңтүстік, Батыс, Шығыстан.

Бір-бірін мәңгі дос ұғып,
Көбейді жекжат, туысқан.
Жандары түлеп жаңарып
Жарыса өскен егіндей,

Оларда болмай алалық,
Жүрсе екен жерге бөлінбей.
* * *
Сүйіп едік жасымызда

Бал шарапты,
Жас гүлді,
Бұлбұл құсты.
Ал бүгін

Жоламайды олар қасымызға,
Көздерден көлеңкесі бір-бір ұшты.

Жөнелді жас күн жылыстап,
Артында қалдым құлазып.
Отырмын енді тыныстап,
Ойымнан тауып бір азық.

Жұлдыздай таңда жоғалып
Жарығы өшкен жалт беріп,
Аяулым кетті қол алып,
Құшақтаған таңда ант беріп.

Басқа бір жайлы өлкеде
Жайнайды көктем құлпырып.
Басқа бір назды еркеге
Тұр басқа жан ынтығып.

Жанып кетер ме екенсің,
Жалаңаш аспан, жарық күн?!
Сен махаббат екенсің,
Жан отыңды жаңа ұқтым.

Үзіліп кетер ме екенсің,
Үлбіреп түскен шықтан гүл?!
Сен махаббат екенсің
Тасты жарып шыққан бір!

Әлденеге қымсынып,
Қолыңа ұстап гүл талын,
Өзің болып гүл шыбық,
Сахнада шырқадың.

Болмасаң да даңқты,
Талантыңды таныттың.
Көкірекке қондырдың
Шағаласын шабыттың.

Тыңдап сұлу дыбысты,
Балқыдым ән буына.
Әнмен бірге жыр ұшты,
Өрлеп өнер шыңына.

* * *
Бара берме, жас құрбым, бақ ішіне,
Жалтаңдама бейтаныс жат кісіге.
Біреу сенің жүрмесін көңіліңе

Өмір бойы кетпейтін дақ түсіре.
Ата-анаңның қара да қабағына,
Күнделікті көңіл қой сабағыңа.
Бойжеткен соң боз көйлек жаңаланып,

Бір теңдесің кез болар талабыңа.
Ортамызда бар деп бір қыз баламыз,
Көріссек те келісіп біз қаламыз.
Бір өзіңді көреміз періштедей,

Өзімізден өзіміз қызғанамыз.

Тағы да боран, тағы да жел,
Құтырады қыс тынбай.
Күтеді көктемді сағына жер
Найзағайлы ұшқындай.

Күтемін, еркем, мен де өзіңді,
Көктемді күткен жер секілді.
Болмайын қалай мен төзімді,
Күтерім барда сен секілді?!

Бір өзінді іздеп жүрмін мен топтан,
Балықтаймын жазғытұрғы сен соққан.

Дүниенің сұлулығы, шіркін-ай,
Түкке тұрмай қалады екен сен жоқта,
Бір өзіңді іздеп жүрмін мен топтан.
Қайда екенің, жай-мекенің мәлімсіз,

Түскен жерің, ішкен көлің мәлімсіз,
Гүл екенің, нұр екенің мәлімсіз,
Сенсіз қайтып күнелтерім мәлімсіз,
Қайда екенің, жай-мекенің мәлімсіз.

* * *
Барлық жұлдыздың жарығы
Жетпейді Шолпанның жарығына.
Барлық дүниенің аруы

Жетпейді өз жеріңнің аруына.
Күллі әлемнің айнасы көзі деген,
Көркіне қара тұрып,
Жылы нәзік сезімменен

Жаныңды жайнатады, таң атырып.
* * *
Жасыл аспан,
Жасыл кеш.

Жасыл орман,
Жас бикеш.
Оқытқандай отты көз
Жүрегінің жазуын.

Тоқтай ұрып өтті тез
Дірілдеген нәзік үн.
Тау жақындап көзге алыс,
Тосады алға қыр жолын.

Басталғандай қозғалыс
Өмірімен бір соның.
* * *
Сені ұшырып аспанға,

Қалдым жалғыз мен жерде,
Көзімде бір жас бар ма?
Бұлт жатыр ма кеудемде?
Кеттің сүңгіп сен бұлтқа,

Қайтқан күзде тырна боп.
Қалдым жалғыз мен жұртта
Құссыз құрдым жылға боп.
Қалдым жалғыз құлазып,

Жер қайғысын еншіме ап.
Маған енді мұң азық,
Мықты болсаң көр шыдап.
* * *

Оның атын атағанда
Өткен күн оралады.
Көз алдына келеді
Жастықтың көк аралы.

Оның атын атағанда
Тұрамын тау үстінде.
Шақырады алысқа
Дауыс түнде.

* * *
Мені сүйген қара көздің
Жай зат емес, Гүл есімі.
Періштесі бала кездің,

Қасиетті жыр бесігі.
Керіп кемпірқосақтарын,
Көк бетіне жақты бояу.
Теріп жаңбыр моншақтарын,

Шаң боратып шаптық жаяу.
Түсті бізге жолдар бөтен,
Басқа жаққа ауды күнің.
Тыңдайтыным содан ба екен

Тыныш, тұнық жаңбыр үнін?!
* * *
(Садықбектің аузынан)
Тұратын біздің ауылда

Қаймыжық ерін қара қыз,
Отын жоқ үйде жағуға,
Шөпшекке бірге барамыз.
«Мені сөзбен түйрейтін,

Молырақ жинап шөпшекті.
Жалаң аяқ билейтін,
Жапырып жасыл көк шөпті.
Құлағы түрік жүретін,

Құмартып әсем ән-жырға.
Алақайлап күлетін,
Алақан тосып жаңбырға.
Арыстың бойы көкпекті,

Көктем кеп тағы көктепті.
Теретін бірге шөпшекті
Ойымен сол қыз кетпепті.
* * *

Дауыл қуып қапыда,
Кафеге кеп тығылдық.
Қызық кафе аты да —
«Махаббат пен зұлымдық».

Желігімен жастықтың
Сол кафемен туыстық.
Тартты бізді шашлықтың
Бұрқыраған буы ыстық.

Жұттық шәрбат кәусарды,
Бұлағына жуындық.
Қашан барсақ қарсы алды
«Махаббат пен зұлымдық».

Ақында жоқ зұлымдық,
Ақында адал махаббат.
Бірақ апшы қуырып,
Келді ауылдан қатал хат.

Істеді өз дегенін
Қиян шеттен қызғаныш.
Ұрлап ақын өлеңін,
Қалды кафе құзда алыс.

Қайда кафе сондағы,
Орманы көп шымылдық?
Айқаста ма онда әлі М
ахаббат пен зұлымдық?!

* * *
Күн батқалы не заман,
Неге сонша кешікті?
Әр дыбысқа мен алаң,

Күзетемін есікті.
Айыптаймын сағатты,
Минут шіркін қойды өтпей.
Жапырақ жалт қаратты

Өзің киген көйлектей.
Таусылардай күшім де,
Алқынамын, аптығып.
Жалын жатыр ішімде,

Жауғалы тұр ақ бұлт.
Атқанынша алыс таң,
Кірпігім де ілінбес.
Өзіңменен қауышсам,

Шаршағаным білінбес.
* * *
Арғы бетке барасың сен,
Көлеңкең көлбеңдейді су бетінде.

Қараймын суретіңе,
Арғы бетке барасың сен.
Айдында гүлді көрем
Ақ бұлттай үлбіреген.

Сезбейсің жүрегімді
Көлдей күмбірлеген.
Сенен тіл ала алмаймын,
Жоқ бір үн сыбыр еткен.

Мен бірге аяндаймын
Судағы суретпен.
* * *
Бір апта бойы көрінбей,

Кетті ме деп ем ұмытып.
Оралдың ыстық өмірдей
Жүрегімді жылытып.
Көрсетпей ашық ауаны,

Кей кезде бұлттар жауады.
Ауырғалы ай өтті,
Сағынамын даланы.
Кемпірқосақ тартылса,

Күн күркірер артынша.
Күркірермін мен ертең
Баяғы бір қалпымша.
Сені көрсем жеңілдеп,

Сергиді бой езілген.
Күнара бір келіп кет,
Кім бар басқа өзіңнен.

Ақ төсін-туман торлап ап,
Қабағы аспан ашылмай,
Көзінен көктің сорғалап,
Жауады жаңбыр басылмай.

Қараймын көкке телміріп,
Қарауылдай бұлт бағып.
Қараймын көкке телміріп,
Көздерімнен шық тамып.

Жайылсын бұлттар өрмегі,
Көрмеуге жақсы көз бөтен.
Сүйіскен жанға жердегі
Көктегі жаңбыр сөз бе екен?!

Қайтамын дедің, қайтпадың,
Жайладың жалғыз тау шыңын.
Айтамын дедің, айтпадың,
Жабулы қалды жан сырың.

Күркіреген күндей жетермін,
Бұлттардың мен де даусымын.
Асулардан өтермін
Ақиығындай аңшының.

Күндей бір бұлттан ашылған
Шашарсың жанға шұғыла.
Ұяда ұстап жасырған
Қанармын сонда сырыңа.

Көңілге кеп қонды арман,
Кетті жылып салқын жан.
Айнымасаң болды, қарғам,
Айлы түнгі антыңнан.

Сарғаяр күз дауылмен
Сарыарқаның орманы,
Сарғаймай сен жалыныңмен,
Аман қалсаң болғаны.

Ағаш та сары бұл жерде,
Суы да сары Келестің.
Сарғайып жатыр құм белде,
Сарғайтпай қояр емес күн.

Жан-жақтың бәрі сары түс,
Сап-сары болмас тау қайтіп!
Сәулеңе деген сағыныш
Сені де кетпек сарғайтып.

Не жатты сенің жаныңда,
Білмеймін үрей, қорқу ма?
Тұрдың Тобыл жарында,
Тулаған қарап толқынға.

Сол толқындай сенің де
Сезілді толқын жаныңнан.
Қалды сол сәтің көңілде,
Өшпестей болып жадымнан.

Нәп-нәзік ұяң қалпыңда,
Періштедей көрікпен,
Білмедім сонда толқынға
Қарадың екен неліктен?

Қайратым жердей қажымаса —
Өзіңсің,
Айбатым желдей азынаса —
Өзіңсің.

Шаттық суын бөле ішетін
Өзіңсің,
Қарттық мұңын бөлісетін
Өзіңсің.

Ішіңнен тынып күбірлеп,
Елеңдеп жазғы түнгі уақыт,
Жан дүниең дірілдеп,
Қыз күту де бір бақыт.

Суынып жүрек қызуы,
Тарқады күту қызығы.
Күтесің енді кімді сен,
Маңдайда әжім сызығы?!

Қонды тауға кәрі күз,
Асу-асу құз аттап.
Көгілдір көз, сары қыз
Барады енді ұзақтап.

Жеткізбейді алтын шаш,
Жеткізбейді жалқын жас.
Күз жайлаған тау тұстас
Түнереді алпыс жас.

Жанымды жырға толтырған,
Жасымнан маған Сыр ыстық.
Тулаған асау толқыннан
Тапқандай болғам туыстық.

Аунасам сары құмыңнан.
Жан рақат тапқандай,
Ұқсаған қоян жымына

Іздерім сонда жатқандай.
Көз алдымда әлі күн
Тұрады бір қыз ұялшақ.
Жылуын беріп жанының,

Көкірегіме ұя сап.
Келмеске енді жоғалып,
Айналды бәрі сағымға.
Тұрамын ойға оралып,

Дарияның жанында.

Жүрегімнің төрінде едің,
Сен маған көрінбедің.
Өзенге тұрмын келіп,
Көзде — жас, көңілде — мұң.

Жел ауды терістікке,
Шаңытты аспан жүзі.
Жүзді бұлт кеңістікте,
Қар болып басқан ізі.

Болады қай тілегім,
Келем деп айтып едің.
Жүрегім тыпыршиды,
Табамын қайтіп емін?

Сағат таңғы төрт жарым,
Күте-күте кетті әлім.
Жүрегімді жалайды
Өрепкіген ерт-жалын.

Құлазимын алаң боп,
Әлі сенен хабар жоқ,
Кете алмаймын кетем деп,
Күтпесіме амал жоқ.

Қарай берем келер деп,
Батам ойға тереңдеп.
Жасқанамын бір түрлі,
Өз демімнен елеңдеп.

Бағдар жасап алысқа,
Белгі етемін жұлдызды.
Болған таңда табыспақ
Уәде қайда күндізгі?

Келесің бе сен әлде
Қарағаштан көрінбей?
Күндіз мейлі, түн мейлі,
Күтем сені ерінбей.

Ерлі-зайып екеуі малға ілесіп,
Жүрді жазда жайлауға, тауға көшіп.
Келіншектің көңілін көміп бұлтқа,
Өлді жары жұлдыздай таңда көшіп.

Арсыз ажал жас қой деп қарамады,
Жар жүрегін тілімдеп жаралады.
Артында үйелмелі-сүйелмелі
Қалды жылап жәудір көз балалары.

Айрылса да келіншек қосағынан,
Жоқ абыржып құр босқа ошарылған.
Балаларын жылытып жүрегімен,
Сендірмеді отын ол ошағынан.

Кетерде улап-шулап кәрі қайың,
Көңіліме салды менің сары уайым.
Жұлдыздар жылпылдады көк жүзінде
Шашылған шаруа қолмен тарыдайын.

Өмірдің өткен жайлы жазын көріп,
Қалыпты қайың жүзі әжімденіп.
Жап-жасыл жапырақты жамылып ап,
Бұлбұлдың тыңдаушы еді сазын елік.

Сол қалпын жас қайыңның елестетем,
Біз шыққан болса-дағы белес бөтен...
Сарғайып дөңде тұрған жалғыз қайың
Бір кезде мен сүйген қыз емес пе екен?

Құлын даусың сыңғырлайды,
Әнге бассаң сызылтып,
Көзім жаспен бұлдырайды, -
Өзегімді үзілтіп.

Келбетінде жарқырап таң,
Жанарымды үйірген
Сен де — ақ қайың жапырақтан
Жасыл көйлек киінген.

Жаңаланар жасыл жейдең
Жылда жаңа жаз сайын.
Өзгермес тек асыл бейнең,
Жанымда өскен жас қайың.

Болса-дағы кейбіреуі көріксіз,
Жүзі гүлдей, көзі күндей дедік біз.
Бойын сылап, өз-өзіне мәз болып,
Жүрді соған кәдімгідей сеніп қыз.

Мағынасыз мақтаудан көз аштырмай,
Сөздерді де бораттық сел тасқындай.
Аспандағы айға да біз теңедік,
Жер үстінде аяғын тік бастырмай.

Махаббатқа мас болдық та көз жұмдық,
Асыл сөзді тез оңдырып бөз қылдық.
Ай мен күннің айыптымыз алдында,
Оларды да айта-айта тоздырдық.

Қор қызының мекені деп көк кейде,
Көк жүзінен көрдік оймен көп бейне.
Жер бетінде өмір сүрген қыздарға
Жер бетінің теңеулері жетпей ме?!

Тамшылар тарс-тұрс ұрады,
Әйнекті қатты сабалап.
Тұманнан ұшқыш шығады,
Ойменен алдын шамалап.

Жардың көзі талғандай,
Жолына оның көп қарап.
Аңсап күткен армандай,
Жолыққанша жоқ тағат.

Аңызақ жел жалайды даланы өрттей,
Ештеңеге елегізіп алаң етпей.
Ұшырманы қағаздан жасап алып,
Ұшырамын биікке самолеттей.

Жел көтеріп кетеді бір қиырға,
Қалықтап ол аспанның иығында.
Көңілімнің кішкентай көгершіні
Көлбеңдейді көзімнің қиығында.

Ұшырмамды қыз көріп көршідегі:
«Бірін жасап маған да берші»,— деді.
...Көк жүзінде қаз-қатар қалықтады
Біз жіберген махаббат елшілері.

* * *
Ай қасында Айбаршын,
Күн астында Күнбаршын.
Ай қызына жетер ме,

Күн қызына жетер ме,
Айқайласам, бұл даусым?
Кеудеде орнап шерлі үміт,
Айға қарап телміріп,

Күнге қарап телміріп,
Екеуіне қол созып,
Ат арыды, тон тозып.

МЕН ӨЗІМНЕН АЛЫС КЕТІП БАРАМЫН

* * *
Мөлтілдеген нұры едім ауанын,
Желпілдеген гүлі едім даланың.
Бірте-бірте негізімді жоғалтып,

Мен өзімнен алыс кетіп барамын.
Жанартаудың жалыны едім бұрқаған,
Өзендердің ағыны едім шырқаған.
Мен өзімнен алыс кетіп барамын,

Тұмандарға тұмшаланып қымтаған.
Жалғасы едім тегеурінді төзімнің,
Арнасы едім емеурінді сөзімнің.
Мен солардан алыс кетіп барамын,

Жолдарымды қайта таппай өзімнің.
Көрмегенді бұрын-соңды көз көріп,
Ауа, дала, ағынды су өзгеріп,
Мен өзімнен алыс кетіп барамын,

Тығырыққа таянатын кез келіп.
* * *
Жолдар, зула,
Зымырай бер.

Шыркөбелек,
Шыр айнал, жер.
Алыс аспан,
Жақында сен жерге кеп.

Айдын көлдер,
Алдымда ойна дөңгелеп.
Жолдар, мені
Апар алып

Жұлдыздарға,
Тау-шыңға.
Өмірімнің ақ жолдары,

Өмір бойы таусылма!

Тұнжыраған түндерде
Қайғырмадым қан жұтып.
Қабағы ашық күндерде
Күдіреймедім жал бітіп.

Қуғаным жоқ құр мансап,
Болса болды өлеңім.
Өзімді-өзім сынға сап,
Бір қалыппен келемін.

Өмір бойы тынымсыз
Өрмелеймін асуға.
Жатыр шыңдар түк үнсіз,
Жалтырап күн жасында.

Түк жоқ аяқ астында,
Тасты ұстаймын шап беріп,
Айналғандай тасқынға,
Атады бұлт ақ көбік.

Маңдай терім тамбаса,
Маған шыңға жету жоқ.
Жатқан оған жалғаса
Өткел болар көпір жоқ.

Тар жол тастақ, жүк ауыр,
Шыңға өрмелеп барамын.
Шығармын-ау шыңға бір,
Тай жегендей талабым.

Алда дауыл соғады деп,
Толқытпа мені.
Таңда жауын болады деп,
Қорқытпа мені.

Өз дауылым бар басылмаған,
Өз жауыным бар ашылмаған.

Теретін жасымызда
Қалды алыс құм жуалары.
Жүретін қасымызда
Қалды алыс қыр дуадағы.

Қарасай қабағында,
Жүрген шығар мендей бір бала құмда.
Тұрған шығар түйедей мойнын созып
Бала дуадақ қара адырда.

Қадап тікен шөңгелерді өкшеге,
Балалық шақ баяғыда етсе де,
Асуында алпыстың ат шалдырып,
Айналсам да көк иекті кексеге,

Соның бәрін көзіне ілмей, ұмытып,
Көңілінде жоқ басқадай сыры түк,
Баяғыша бала дейді жеңешем,
Жүрегімді суық шалған жылытып.

Қайта маған оралғандай бала күн,
Жеңешеме жалтақ-жалтақ қарадым.
Жақсылықпен жеңешемнің алдында
Шынында мен бала болып барамын.

Жәудір көзін айырмай,
Жаутаңдайды боз құлын.
Жағада өскен қайыңдай
Еметіндей көз нұрын.

Ішінде құмшағылдың
Айналасы тас жота,
Еркесіндей ауылдың
Ойнақтайды жас бота.

Көз жіберсең түзге сен,
Жан-жағыңның бәрі жас.
Көптен кейін іздесең,
Жастық қайтып табылмас.

Жанына барлық жақын жұрт,
Балалық — балдай татулық.
Ертегіге еліккен
Балалық қиял — ақындық

Балапандармен суда ойнап,
Ботақандармен құм бойлап.
Асығатын жарыстан
Келетін жалғыз күнді ойлап.

Балауса гүлдер — балалық,
Тамаша күндер — балалық.
Алпыстан асты енді жас,
Алыстап кетті аралық.

Жанын, барда кеудеңде,
Жалынды үміт сөнген бе?
Бала болғың келеді,
Балаларды көргенде.

Балалықтан біздердің
Жоқ көрген еш сыйымыз.
Кебін кидік біз де елдің,
Аш-жалаңаш күйіміз.

Нан таба алмай титімдей,
Бір тұрып, бір жығылып,
Жұртта қалдық итіндей
Кешкен елдін, шұбырып.

Жөн таба алмай басы ауып,
Өлді қанша аш-арық?!
Еске аламын соларды,
Жанарымнан жас ағып.

Көкірегім күз болып,
Түсіп кетті ақ гүлім.
Көкірегім мұз болып,
Ұшып кетті аққуым.

Өтіп жатқан уақыттай
Ұшқыр өзен ағысы.
Көрінетін бақыттай
Қайда аққулар дауысы?!

Өтті, кетті жас ғұмыр,
Қашты нұр.
Шаш бурыл,
Басты зіл.

Секілдісің тас тұғыр,
Жазы кеткен қара жер,
Қазы кеткен қара көл,
Көне қара қайыстай,

Көндей беті қара жол.
Қарағаштар сыйдиып,
Ойға батқан тұңғиық.
Қартайғандай түрі бар,

Ішін жайлап мұң, күйік.

Адамдарға қартайғанда әл кетіп,
Ажал атты келетіндей жау жетіп.
Кемпір кейде ұйқтамайды түнімен:
«Жалғыз өзім қалам ба,— деп,— шал кетіп?!»

Шөгіп қалған бір кездегі нар тұлға,
Сыр береді ыстыққа да салқынға.
Қарт та кейде ұйқтамайды түнімен:
«Кемпір кетіп, қалам ба,— деп,— артында?!»

Таянышы бір-бірінсіз кім болар,
Жалғыздықтан ауыр қандай мұң болар?
Тәңіріге шүкіршілік етеді
Түннен тірі шыққанына күнде олар.

Бұғалық сап асаудай,
Бұл уақытты ұстар кім?
Қалды иесіз жасаудай
Күзде ұясы құстардың.

Жердің босап құшағы,
Жел кезеді анызды.
Жапырақтар ұшады,
Ұйтқып жалын тәрізді.

Көлеңкедей тұмша бұлт
Көкті жауып түнеріп,
Көзі жиі бусанып,
Тұла бойы тұр еріп.

Жүрек сыздап жай таппай,
Неге ауырды тізе бұл,—
Біздергеде байқатпай
Жеткені ме, күз өмір?!

* * *
Жұдырықтай жұмыр,
Бұлшық еттей шымыр,
Желіп өтті

Жігіттік ғұмыр.
Түнектей тұнжыр,
Жаңбырдай сылбыр
Күліп жетті

Кәрілік құрғыр.
* * *
Шығады күн шапағы
Жердің жүзін күлгізіп.

Күн өрт болып батады,
Көңілде үрей туғызып.
Шығарында шаттықтай
Жастық шақтан күш алған.

Батарында қарттықтай
Қайғыменен тұсалған.
* * *
Жапырақтарды төсендім,

Топырақтарды төсендім.
Тапшысың көрдім тұрмыстың,
Ащысын көрдім тұрмыстың.
Аурудың тарттым азабын,

Жетпеді бірақ ажалым.
Ішінде қанды майданның
Өлмедім қалай — қайранмын.
Сөнбеді қалай жалыным,

Бар екен көрер жарығым!
* * *
Киігіңді атпадым,
Биігіңді мақтадым.

Сүйрігіңді сақтадым,
Жүйрігіңді баптадым.
Кеудемменен мұз жарып,
Кештім селін майданның.

Сені жаттан қызғанып,
Қызғышың боп айналдым.
Демі бітіп өлеңнің,
Таусыларда дәм татар,

Мен де бір күн сөнермін,
Тағдыр жазып заң қатал.
Көтеріп дөң басына,
Қояр сонда биікке ел.

Келер сонда қасыма
Мен баптаған жүйріктер,
Мен атпаған киіктер.

* * *
Жапырақ жанып тұр күндіз
Жалынның сары тіліндей.
Сөнгендей жерде мың жұлдыз,

Жоғалып ізі білінбей.
Басады езіп еңсемді
Жаназадай жел үні.
Адамның да өлшеулі

Жапырақтай өмірі.
* * *
Тар көреді ғаламды,
Адам көңілі аядай.

Әйтпесе, адам адамды
Өлтіре ме аямай?!
Жер беті кең болса да,
Жан-жануар тар керіп,

Бір-біріне соншама
Жүреді ылғи жау болып.
Аздай тіпті арада
Кіршігі жоқ құс көңіл.

Кететіндей далаға
Онсыз да өзі қысқа өмір.
* * *

Анам Алмагүлдің рухына

Айналайын жан ана,
Менің алтын дариям!
Айналатын далаға
Өзің барда тар ұям.

Жасадың сен мейірім
Үлкенге де кішіге.
Ақ дастарқан пейілін
Жетті барлық кісіге.

Дертке ұшырап жасыңнан,
Ауруды да көп көрдің.
Ауыртпалықты басыңнан
Сыр білдірмей өткердің.

Болдың биік еңселі,
Төзімің жер күшіндей.
Аялады ел сені,
Алақаннан түсірмей.

Сал боп жатпай созылып,
Мезі қылып бездірмей,
Кеттің таңда көз іліп,
Өлгеніңді сездірмей.

* * *
Кеште асығып-үсіге,
Тұрды қызыл трамвай.
Кірді атылып ішіне

Бір жігіт оқ жыландай.
Алды-артына қарамай,
Барады ол аптығып.

— Қайран жастық заман-ай!-

Дейді міскін қарт тұрып.
* * *
Бұйра шаш сиреп бастағы,
Тістер де түсе бастады.

Апыр-ай, қайтіп жүр екен
Ағалар сексен жастағы?
Алпыста ақау кірді ептеп,
Ауруды жүрміз құрметтеп.

Киетін болдық пальтоны,
Күзде де желден дірдектеп.
Қалғанымыз тоналып —
Суығы ма екен майданның?

Келмей де қойдың оралып,
Жалынды жастық, қайран күн!

Алыстан келе жатқанда
Жарқырап атқан ақ таңда,
Сені келе жатыр деп
Вокзалдар қоңырау қаққанда,

Тыпыршимын тұра алмай.
Мені көріп қуанып,
Қолына қызыл гүл алып,
Сағыныштың татқан ләззатын,

Шаттыққа жанын суарып,
Жастығым алдан шығардай.

Жалынымен алаулап,
Күндер артта қалады.
Өткен күнге алаңдап,
Жүрек оттай жанады.

Дүние дүр сілкініп,
Жаңғырады тау іші.
Естіледі құм тіліп,
Аққан бұлақ дауысы.

Жастық шағың қалса да
Жел жете алмас жырақта,
Қайрат жиып қаншама,
Қарайсың сол бұлаққа.

Туған жердін, тоғайынын, әншісі,
Туған жердің жаңбырының тамшысы,
Туған жердің топырағының түйірі —
Адамдардың құдіреті, жан күші.

Туған жерің — маңдайдағы тағдырың,
Көңілдегі қуанышың, зар-мұңың.
Сонын, бәрін тастап бір күн кетесің,
Аманат қып балаларға барлығын.

Өткен күннің бәрі ойда сақталады,
Айырамыз есептеп ақ, қараны.
Күншілдік пен жауыздық күлге айналып,
Асыл сөздей жақсылық жатталады.

Өткен күннің іздері жоғалмайды,
Әттең, әттең, қайта бір оралмайды.
Қартайғанда жылдарың, жиып-терсең,
Бір күніндей жастықтың бола алмайды.

* * *
Өзенге алып тасқынын
Құяр бұйра бұлақтар.
Заулап аққан жас күнің

Қайда барып тұрақтар?
Өзіңе де белгісіз
Оның тұрақ-мекені.
Бар дүниеге бергісіз

Жастық күндер өтеді.
* * *
Қартаюға айналдым,
Көп бойымда өзгеріс.

Салдары ма майданның,
Құлақ мүкіс, көз кеміс.
Бурыл шаш та сиреді,
Былтыр ғана күшті едім.

Ауызымның диірмені —
Мұқалды өткір тістерім.
Ойлайтынын кім білсін
Бұл сезімді жұрт қалай.

Қартайғанын білді шын,
Қайғы ойлап қырықта Абай.
Абайға мен ағамын,
Жетпіс қалды жақындап.

Дей алмаймын жанамын
Жалын болып лапылдап.
Бір қалыптан табылып
Тұра ма адам сайтандай.

Тек өлеңде кәрілік
Тұрса болды байқалмай.
* * *
Денем күйіп-жанады,

Жатам жалғыз түн өтпей.
Тұмшалайды қаланы,
Бұлдыр тұман бір кетпей.
Қайда екенін білгізбей

Тұр Алатау басы да.
Қарайтынмын күндіздей
Оның қарлы шашына.
Серік болып тұратын,

Аспанда енді Ай да жоқ.
Ауруды айдап шығатын,
Айт-айтпадың, айла жоқ.
* * *

Тарқатып қайғы-шерімді,
Тазартып мұңнан көңілді,
Айтайын десем сырымды,
Таппаймын досты сенімді.

Біреулер жорта жымыңдап,
Біреулер мұрты жыбырлап,
Біреулер көзге көлгірсіп,
Сөйлейді сырттан сыбырлап.

Бәрін де соның көтердім,
Өзім бір мықты екенмін.
Ешкімге де дес бермей,
Дегеніме жетермін.

Ойға батып тұңғиық,
Бір салқындап, бір күйіп,
Өзіммен-өзім болармын,
Сыр бермей, сыртқа дүрдиіп.

* * *
Ақ сақалдан ақын біткен бата алды,
Сағди-дағы ақ сақалды атанды.
Көп тағандап түсіретін мақалды

Омар Хаям — ол да қаба сақалды.
Тұла бойы тұнып тұрған от ерлік
Фирдоусидің сақалы да жетерлік.
Сақал-мұрттан қалыспаған Хафиз де,

Сақалдыны сыйламаған бекер жұрт.
Емханада өсіп кетсе сақалым,
Күлме маған, құрбы-құрдас, қатарым.
Күдер үзіп келмеген кей досымнан,

Сақалымды сипап қойып жатамын.
* * *
Шыбын жаным шырқырап,
Алмаймын көз шырымын.

Сай-сүйегім сырқырап,
Бастырмайды буыным.
Пайда болмай емінен,
Пайда болмай дәріден,

Пайда болмай шөбінен,
Түңілемін бәрінен.
Бұлт та маған жақпайды,
Жел де маған жақпайды.

Тамаққа да тәбетім
Бұрынғыдай шаппайды.
Көкірек мұң, нала боп,
Тұманданып тұр тұнып.

Алатұғын шама жоқ
Ақиықтай сілкініп.
* * *
Емханада сезіледі жақындық,

Жабырқаңқы кеше жүрген жарқын жұрт.
Жатып алып Лермонтовты ойлаймын,
Көкірегіме қонады бұл алтын бұлт.
Пушкинмен бір шығып Кавказ шыңына,

Шомыламын мөлдір шипа суына.
Жұпар иісі алуан түрлі гүлдердің,
Құйылады күннен аппақ шұғыла.
Ұйқтай алмай, таңды көзбен атырып,

Өз-өзімнен дөңбекшимін аһ ұрып,
Күніменен дел-сал болып жүремін,
Түнде ойға шырмаламын шатылып.
Бір белестен асып түсіп бір белес,

Классиктер жатады ылғи іргелес.
Түсте ұйқтағым келгенімен, бәрібір,
Тұмандайды көз алдымда түнгі елес.
Ішкенменен ұйқтататын дәріден,

Кірпік ілмей жатам ойда әлі мен.
Өмір бойы дауасы жоқ жазылар,
Сөздіі дерті қиын екен бәрінен.
* * *

Құлады қарсы соққан машинадан,
Көзінен көк от ұшты шашыраған.
Әуелі ет қызумен тұрып кетті
Сүйегі сом болаттай асыл адам.

Жығылды тәлтіректеп жүре түсіп,
Көргендер жүгірді оған, үрейі ұшып.
Шоферді сөгіп сырттан, сыбады олар,
Тоқтамай кеткеніне ренжісіп.

Жаралы жатыр жалғыз халі кетіп,
Ажалға қарсы үмітті қару етіп.
Әкетті жедел жәрдем машинасы,
Кешені бір айқайлап жарып етіп.

Көп күндер ессіз жатты сандырақтап,
Көз алды қара тұман, қанды соқпақ.
Партизан достарының қанын құйып,
Дәрігерлер жанын оның қалды сақтап.

Ал шофер жүрді қашып қарайғаннан,
Қарабастан басқаны қалды ойлаудан –
Жолдасын атып тастап ауыр жолда,
Сатқындай сауғалаған қан майданнан.

* * *
Жанса жалын шатырлап,
Дауыл келіп тигендей,
Тұрамын мен қалтырап,

Оқта өртенген үйлердей.
Жай ойнаса іңірде,
Көрінеді қатердей.
Тұрам орман түбіеде

Оқтар тескен пәтердей.
Құс сайраса қайында,
Қуанамын ес қалмай.—
Көңілім өз жайында,

Қорқынышсыз ешқандай.
* * *
Дүние-керуен көштілегі,
Кетті өліп кеш түсе.

Тіл қатып ек естімеді,
Тірілер-ді естісе.
Ажал атқан оқ қадалып,
Өртеді ел өзегін.

Тірілер деп көп қарадық
Көрсе егер көзі оның.
Сөйлесуге халі жоқ меніменен,
Құлауға тұр құздағы берік емен.

Қоштасқандай соңғы көз қарасымен,
Қоштасқандай соңғы алған деміменен.
* * *
Сыртың суып мұздаған,

Ішінде бір өрт қайнап,
Жүре алмайсың жүз қадам,
Аяғыңды дерт байлап.
Өткенді де кеткенді

Таразыға тартасың.
Кім тыңдайды өкпеңді,
Кімге үміт артасың?!
Емханада жатасың,

Қажытады күн өтпей.
Қалың ойға батасың
Қараңғы көр түнектей.
Көңіліңді кірлетпе

Шаңға батқан сауыттай
Аурулығың міндет пе,
Жат жайыңа жабықпай!
* * *

Сары ала күй,
Сары таң.
Сап-сары бел —
Сары атан.

Қоштасады көлімен
Көктемдегі балапан.
Сары алтындай жарқырап,
Сапырылған жапырақ.

Жердің жүзі қалтырап,
Жарылардай шатынап.
Бірі туып, бірі өшіп,
Бірі өліп, бірі өсіп,

Өлмеу үшін із-түзсіз,
Келеді өмір күресіп.
* * *
Күн жұлдыздай зымырап өтеді ағып,

Бір-бірінен адамды кетеді алып.
Ақырында білмейсің, тау секілді
Тұрғаныңды жапанда жеке қалып.
Сен де енді сезесің кезегіңді,

Өлім бары өртейді өзегіңді.
Рақатынан азабы көп болса да,
Қия ала ма адамның көзі өмірді?!
* * *

Құшағы толы аршаға
Еске алам ескі қыратты.
Бармағалы қаншама
Сай қуалап су ақты?!

Жүрмін көптен соға алмай,
Ауады соған аңсарым.
Иісі дауа болардай
Дертіме қызыл аршаның.

* * *
Қараған күнге әйнегі,
Нұрқанның үйі қайда еді?
Сарайына енетін

Самал жел болып май лебі.
Домбыраны қолға алып,
Толқындай ақын толғанып,
Дауылдай ақын долданып,

Шығатын жырмен жолға алып.
Жыр жолы ұзақ болатын,
Қас батыр қайрат қонатын,
Жас бикеш гүлдей солатын,

Аяйтын еді соны ақын.
Соларға мұңын шағатын,
Өзі де жылап алатын.
Торғаймен бірге ағатын,

Өлеңнен ләззат табатын.
Ауысып енді алтын күз,
Өзенді жапты жалтыр мұз.
Көрінбейді енді жарқын жүз,

Домбыра тұр тартусыз.
* * *
Жүзі сынық, жүдеу деп,
Аузын аштың жараның.

Дүниеге тіреу боп
Қалмақпысың, қарағым.
Асыкпасаң, саған да
Айналар бір дерт келіп.

Шошимын бұл заманда
Сендейлерді көп көріп.
Неге ауруға күлесің,
Артып босқа обалын?

Қайдан болжап білесің
Алдыңның не боларын?!
* * *
Кейбір адам қу түлкі ғой,

Сертте тұрмай, құр алдайтын.
Күлкісі оның у күлкі ғой,
Бір ішкен жан тұра алмайтын.
Сені өлтіріп, той қылады

Серпіледі біраз жұтып.
Дұшпаныңды тойдырады,
Достарыңды құлазытып.
Келмеске енді кетті дейді,

Маған билік жетті дейді.
Ызасы оның етті дейді,
Көрінді де тепкілейді.
Ондайлардың қулығына

Найза да еш бойламайды»
Олар тіпті, бұл ғұмырда
Өлемін деп ойламайды.

Жас қабірдің жанында
Жабырқаңқы бесік тұр.
Ұқсап ана зарына,
Күздің желі есіп тұр.

Бала көрмей ынтығып,
Қайран ана кешті, күн.
Ақжарылқар күн туып,
Қабағынан көшті мұң.

Тапты тағдыр, әйтеуір,
Көрсе-дағы кеш мұны.
Басталды өмір қайта бір,
Сәби даусын естіді.

Көп тұрмады ол бірақ,
Жайнамады құлпырып.
Таппай көзін бал бұлақ,
Ақпай қалды іркіліп.

Ана құлпытасына
Ойып жазып есімін,
Қойды қабір басына
Баласының бесігін.

Көздің жасын селдетіп,
Тұр қабірде шерлі ана.
Тал бесікті тербетіп,
Әлдилейді жел ғана.

Көре алмайды жол алдын,
Соқыр өзі, жұбайы.
Ортасында олардың
Жалғыз ұлы — күн, айы.

Екеуінің тілегі
Жалғыз ұлдың үстінде.
Жүреді ұлы үнемі
Күн боп екі міскінге.

Берген аяп тәңірі
Екеуінің жарығы.
Сүйенгені, сенгені —
Жалғыз осы жан ұлы.

Атайды оны ата-ана
Жарылқаушы жалғыз деп.
Берілмейді қапаға,
Бұл барда біз бармыз деп.

Көзі біткен бұлақтай
Тағдырлары аяныш.
Тек келеді құлатпай,
Ұлы болып таяныш.

Келеді олар тізіліп,
Көңіл шіркін бұзылып,
Жанарымнан жалғыз жас
Жалт етеді үзіліп.

Бір-бірімен ауысып,
Бір-бірімен алысып,
Келеді жыл зуылдап,
Жаз бенен қыс жарысып.

Атылып асқар тау сөніп,
Зілзала зілін жан шегіп,
Қараңғы жердің қойнында
Қара көр болды қанша өлік?!

Бірінен-бірі айрылып,
Қуанып бірге, қайғырып,
Жетектеп бізді келеді,
Кеудені кернеп қайғы, үміт.

Соқпай қалған жас жүрек,
Тоқтай қалған қызу қан.
Тілсіз, мылқау тас сурет,
Қыр үстінде қызыл там.

Оның барлық арманы
Түскен мәрмәр тасқа ұйып.
Соңғы үйі таудағы
Тұр өзіндей қасқайып.

Көркейтіп өз қаласын,
Кетті көп үй тұрғызып.
Өмір, өлім арасын
Тұр айырып бір сызық.

Күн өтеді, өтеді,
Зымырайды жебедей
Кәрілік кеп жетеді,
Қайырлайсың кемедей.

Көзің күңгірт тартады
Күндей тұрған жарқырап.
Ойды қайғы сарқады
Судай аққан сарқырап.

Жүзін жаңбыр жумаған
Қуарған бір шөлдейсің.
Төсінде жел шулаған
Ұйқы-тұйқы көлдейсің

Таппай жерден ұнамды түк,
Тіршілікке құмар бітіп,
Тауды, өзенді жібергендей
Бір-ақ қылғып тұман жұтып.

Тұнжыр тұман тұр айықпай,
Бұлт одан хал сұрайды ұқпай.
Боз тұманның теңізінде
Суға батқан күн қайықтай.

Сонда кенет шықты бір үн,
Бозторғайдың жұттым жырын.
Тіршіліктің титтей құсы
Көрсетті өз мықтылығын.

Соғысынан соғыста жаңылмаған.
Оқ пен бомба астында жарылмаған
Қайраң жүрек, сыр бердің бүгін неғып,
От пен суды кешкенде ауырмаған?!

Екі дүние бетпе-бет айқасында
Жандың ұқсап жайнаған жай тасына.
Қайран жүрек, қанжардай қайратыңды
Қанды майдан күніндей қайта шыңда!

Кетті ме сүңгіп тауларға,
Баяғы ашық жазың жоқ.
Ұстатпай қашқан арман ба
Бетіңе түскен әжім боп?

Бір қырдың шығып басына,
Қалыпсың қыспен кауышып.
Көмірдей қара шашыңа
Тұрыпты қырау жабысып.

Толқыған ән боп кеудеңде
Жоқ енді сонау шат күнің.
Егде тарттым мен де енді,
Басылды албырт аптығым.

Там, там, тамшы, там,
Тамуыңды жаратам.
Сенің тамуыңа қарап,
Қасіретімді таратам.

Дертке жұмсап қарсы ем,
Дәрігер ойлап қамымды,
Түтіктегі тамшымен
Жаңартады қанымды.

Тамшы баяу үзіліп,
Сырғанайды түтіктен.
Қөз алмаймын сүзіліп,
Таусылуын күтіп, мен.

Бірақ оның ағысы
Өте сирек, тым баяу.
Шықпайды еш дауысы,
Тамшыда жоқ түр-бояу.

Кетеді жас қарындас
Тандайымды жібітіп.
Еске түсіп жалын жас,
Қалам дертті ұмытып.

Оның нұрлы көзінен
Түседі күн, жарығы.
Оның жылы сөзінен
Жұтам шипа дәріні.

Оның келіп кеткені
Менің үшін бір тыныс.
Ол — өмірдің көктемі,
Кектем, өмір біртуыс.

Әркім сөз қып ауруын,
Армандайды сау күнін.
Түнде ұйқтамай, күтеді
Терезеден таң нұрын.

Кетіп рең-әрі де,
Қеміген күш-әлі де.
Жаны сонда тұрғандай,
Созады қол дәріге.

Рұқсат жоқ тұруға,
Желпініске шығуға.
«Ауру — міскін» деген сөз
Рас екен шынында.

Емханаға күз түстім,
Дертім ауыр, әлім жоқ.
Бойым өрттей қызды үш күн,
Сендіретін жауын жоқ.

Емханаға қыс түстім.
Емес ауру ұмытар.
Қар борады үсті-үстін,
Кім бойымды жылытар?

Емханаға көктемде
Түстім қайта тарығып.
Кетермін жаз жеткенде
Ауруымнан арылып.

Ауырғанмен, отыра алмаймын жазусыз,
Жыр кернейді көз жасындай таза, үнсіз.
Қарт қырандай кетерілмей қиянға,
Жатамын ба арыстандай азусыз?!

Өмір — сұрақ, өлім — оның жауабы,
Өмір арты — қайғылы күн қаралы.
Мола деген — шекарасыз мемлекет,
Қара көрдей қара түсті жалауы.

Аз өмірдің бір бөліспей жемісін,
Жерге сыймай жүрді адам не үшін?
Жарайды ғой бір жарық із қалдырса,
Өзі өлгенмен, өлмейтұғын ел үшін.

Көңілде күдік,
Ойда үміт,
Таудағы қар шашымда
Бел дегенің шойырылып,

Келмейді аяқ басуға.
Аспан қара қазандай,
Жалайды күн бауырын.
Қиял қанат жаза алмай,

Еңсені езген ауыр мұң.
Әлде самал тұрды ма
Қозғалды тал желпініп.
Су аяғы құрдымнан

Шыққандаймын серпіліп.

Ауру адам мүсәпір,
Іздейтіні кіл емші.
Кейі емшінің кісәпір,

Кейі емшінің тіленші.

Арасында жүзіп қара бұлттардың,
Бас айналар биіктерге шыққанмын.
Тереңіне түсіп тентек теңіздің,
Ащы, кермек толқынын да жұтқанмын.

Алда күтіп азап пенен сор тұрды,
Білгенім жоқ қобалжу мен қорқуды.
Асу бөгет бола ала ма, тәйірі,
Кешкен жанға бұлттар менен толқынды!

Көктің күні көзден ұшып дөңгелеп,
Күңгірт тартып, бұлдырайды жер кенет.
Қара сүлік қаптап қара жыландай,
Омырауыма орнығады демде кеп.

Сорған жері тыз етеді бүлкілдеп,
Қанға тойса домалайды біртіндеп.
Үлкен бірі жатыр жүрек үстінде,
Сол түскенде кететіндей шіркін дерт.

Саусақ иілмейді,
Жұдырық түйілмейді.
Мұз жібімейді,
Тұз ірімейді.

Сүйек сырқырап,
Сыбызғы тартады.
Шыбын жан шырқырап,
Сабырды сарқады.

Жасымнан аштық, соғыс көрген күнім,
Жайылған олар жайлы елге жырым.
Ұят-ау, қырық жамаулы көрпешедей
Жаралы денемменен жерге енуім.

Бәрібір жер құшақтап қабыл алар,
Ой тұнып, қиял тоқтап, дамыл алар.
Тәнімнен көріп салған уақыт ізін,
Шіркін жер өз таңбасын танып алар.

Әлжуаз кірпіктерің дірілдейді,
Әлде бір қатырғандай мұң сілесін.
Білемін көзің түнде ілінбейді,
Жабығып жиі-жиі күрсінесің.

Жинап ал қайратыңды тұла бойға,
Есіңе ауруыңды ала бермей.
Иілме жүнжіп бекер қүлап ойға,
Қарсы тұр ажалыңа қара емендей.

Өткен елге азары,
Тартып бір күн жазаны,
Сотқарлардан болады
Сотқарлардың ажалы.

Оттың оттан — ажалы,
Судың судан — ажалы.
Сырқат неден жабысса,
Соныменен жазады.

Барлығы да тұрмайды
Заң боп қатып күшінде,
Барлығы да зырлайды
Жалғыз секунд ішінде.

Шырмап ұстап ол сені,
Езгенімен еңсені,
Өлімнің де өлшемі —
Қас қағымның мөлшері.

Жастық шағым,
Қалай сенен айрылармын,
Кетпеші.
Арманымдай, қайыңдар,

Көктеші.
Қара көздер,
Қап-қараңғы тереңіне батыршы.
Бала кездер,

Қайта мені базарыңа шақыршы.
Желпінейін,
Самал, мені саяхатқа басташы.
Көбелектер,

Жан ұшырып қашпашы.
Жүлдыз, маған,
Түнді жарып,
Түкпірлерді көрсетші.

Мұнар шалған шың биігің
Мұхиттардың тұңғиығын
Өлшетші.
Жастық шағым,

Жанымда боп,
Жалғыз тастап кетпеші.
Жүрегімде жалындап от,
Жапырақтай көктеші.

Ашуланба, қарағым,
Алшақтаған кезім жоқ.
Дүниеге қарадым
Әркашанда өзім боп.

Екеумізде бір тағдыр,
Екеумізде бір тамыр.
Өлсек-бізде бір шұқыр
Шықсақ-бізде қырқа бір.

Айтылды бүгін сөз бөлек,
Жан мұңын жайлап тербетіп.
Көңілдің бұлты көзге кеп,
Нөсерін төкті селдетіп.

Қара жердің қойнына
Қалайша сені қиямын?!
Қаратау — қайғы мойнымда,
Қайда барып сиямын?!

Өмірдің өзгерте алмас ұлы заңын
Сұм ажал, сужүрек бір ұры-залым,
Батыр болса, айқаспай жекпе-жекте,
Неге күтеді адамның жығылғанын,

Қаны тоқтап, денесі суынғанын?!

Жанатын күндер қайда жалынға ұқсап,
Ағатын күндер қайда ағынға ұқсап?
Қысып ап жер мен көкті құшағына,
Соғатын күндер қайда дауылға ұқсап?

Бәрі енді көзден ұшып, ғайып болып,
Аңдыды жылдар ауын жайып, торып,
Айдынға алабұртып ұмтылғанмен,
Жатырмыз жағада ескі қайық болып.

Қара шашқа түнеді
Бұлт секілді бурыл қар.
Бабайсын деп күледі
Өзім тұстас құрбылар.

Арман болған талайға,
Күлме, досым, бабайға.
Сол бабайдың жасына
Жетсем болды қалайда.

Жалғыз шықсаң сапарға,
Ешкімді ертпей қасына,
Тарығасың жапанда,
Таппай жан сыр ашуға.

Өзіңді-өзің жазғырып,
Етесін, құр күстәна.
Төнер басқа жалғыздық,
Зар боласың құсқа да.

Десек те өлім келуі
Әр адамға әр қилы.
Көбінесе ол ұры
Жалғыздарды аңдиды.

Қария талай келген жасқа,
Отыр толды көлеңкелеп.
Жасы үлкен жоқ елде басқа,
Күнелтеді елге еркелеп.

Қызыл гүлді нарттай жанған
Жел үрлейді алауратып.
Жас күндерге артта қалған
Шағынады ол алаңдатып...

Жеке бөлме,
Қара түн.
Көрінбейді от жылтырап,
Кетеді сабыр-тағатым,

Сай-сүйегім сырқырап.
Серік етіп жататын,
Көре алмаймын жұлдызды.
Медеу боп тіл қататын

У-шу да жоқ күндізгі.
Анау-мынау шамалы
Елемеуші ем дертті ұсақ.
Тұла бойым жанады

Сөнбейтұғын өртке ұқсап.
Таңдай шөлдеп, тұр кеуіп,
Дәрігердің жоқ жасары.
Қарлығаштай су сеуіп,

Өртімді кім басады?!

Солтүстікте күн ерте суынатын,
Шаруалардың апшысын қуыратын.
Қазанның бір жетпей-ақ аяғына,
Қыс қылышын қынаптан суыратын.

Алты ай жатып діңкені құрытатын,
Ел ұйқыны, күлкіні ұмытатын.
Ауырғанда әжемнің тері сіңген
Түйе жүнді күпісі жылытатын.

Ойсылқара жануар киелі деп,
Әжем маған мақтайтын түйені көп.
Түбіті мен сүтінін, шапағаты
Айтатұғын ауруға тиеді деп.

Жанып-күйіп ауырсам есім ауып,
Жатам қайран әжемді есіме алып.
Жабатұғын күпісін жан дәрменде,
Сілкіп-сілкіп үстінен шешіп алып.

Сырқат буып қысқанмен түнемелік,
Кететінмін таңертең түрекеліп.
Қайран әже, білдім-ау қадіріңді,
Өзім егде тартқанда жүре келіп.

Жиі-жиі қазірде ауырамын,
Қалай одан белгісіз арыламын.
Бала кезде терлеткен балбыратып,
Мейірімді әже күпісін сағынамын.

* * *
Шығатұғын өңкей шал дөң басына,
Дөң ұқсайтын олардың ордасына.
Кейде әзілдеп кәнігі жолдасына,

Кейде ренжіп қалатын болмашыға.
Батар күннің қарайтын қызылына,
Бұлтқа түскен күннің от сызығына.
Батпаса деп өз күні тілейтұғын,

Құлдық ұрып құдайдың құзырына.
Баяғы күн қалайша қалды кетіп,
Уысына кәрілік алды жетіп.
Таза, мөлдір ағысты ерке өзендей

Отыратын жас шағын әңгіме етіп.
Биыл барсам жоқ соның біреуі де,
Болмағандай олардың бірі өмірде.
Базарынан айрылып баяғы дөң,

Жетімсіреп бір өзі тұр өңірде.
* * *
Өткен күннен хабар жоқ
Келер күн де мәлімсіз.

Ойласаң да амал жоқ,
Айналаның бәрі үнсіз.
Ашық күндер енді жоқ,
Ғашық гүлдер енді жоқ.

Алшаң басқан кездерден
Айтарлықтай белгі жоқ.
Жаныңды ауру торлаған,
Әліңді алып, қорлаған.

Бетпақ шөлдей безеріп,
Бетіне құс қонбаған.
Түн келтірмей ұйқыңды,
Шығарады итіңді.

Тіс шамалы, тауықтай
Теріп жейсің қиқымды.
Қарап жүріп шаршайсың,
Өз өзіңнең қаусайсың.

Таудан, тастан қайтпайтын
Жас күніңді аңсайсың.
* * *
О, достым, ойла, не білдің,

Қалды артыңда қанша күн?
Көбелегін көңілдің
Қуа да қуа шаршадым.
Айрылдым қанша күндерден

Жүрегімдей лаулаған?
Қанша күн қалды, кім білген,
Ғүмырды септеп жалғаған?
Көңілді кейде басып мұң,

Көтертпес зілді тас құмдай.
Жастыққа бірақ ғашықпын
Шапшыған жарға тасқындай.
Өлімнен қашып-пысып,

Құтылып адам кетпейді.
Ажал оғы бірде асып түсіп,
Ажал оғы кейде маған жетпейді.
Өлім барын ұмыттырып,

Өмір мені келеді алдандырып.
От пен суға шынықтырып,
Жетелейді арман, үміт.
* * *

Қысты жүрек түнде оны,
Әкетердей бұл жолы.
Телефонға жармасты,
Дір-дір етіп бір қолы.

Айтты жедел жәрдемге,
Қалмады деп әл менде,
Ашып қойдым есікті,

Әрең деп жан дәрменде.
Содан кейін әл кетіп,
Миға шапшып, қан кетіп,
Қалды тоқтап жүрегі,

Денесінен жан кетіп.
Жау атанып жасында,
Билігі жоқ басында,
Жүрді жүндей түтіліп,

Ғарасатты ғасырда.
Қисық ұшқан түтіні,
Жат адам деп пікірі,
Желкесінен нұқыды,

Көзіне оның шұқыды.
Еш жақыны қалмады,
Жау деп бәрін жалмады,
Қайтарғанда қан жұтып,

Жалғыз қалып зарлады.
Жалғыз өзі жатжанда
Түсірді өлім қақпанға.
Жедел жәрдем келгенде

Сұлқ түсіп жатты алда.
Тарттырған көп жазаны,
Жетті ақыры ажалы.
Таңба боп, көз алдында

Тұрды көрген азабы.

Балалық артта қалды,
Жастық шақ артта қалды.
Олардан еш дерек жоқ,
Қүткенмен хат-хабарды.

Жоғалтқан жас арманды,
Қиялшыл асау жанды.
Батысқа қарай-қарай,
Қыздардың шашы ағарды.

Жасыл шөп жапырылып,
Топырақ сапырылып,
Қас қағым мәңгілікке
Қатарлас жатыр жүріп.

Шынымен-ақ қыс таянып қалды ма,
Тұнжырайды тұманданып тау мына.
Бір топ торғай қорғалаған суықтан,
Қонды келіп тереземнің алдына.

Ақпанды қыс байғұстарды қырына ап,
Бір орнында тұра алмайды тынымдап.
Безек қағып бебеулейді шырылдап,
Басқа қүстай іздемейді жылы жақ.

Бұлар менің жазда, қыста серігім,
Туған жерде өткізеді өмірін,
Дауыл бұрқап, нөпір нөсер құйса да,
Тірлік еткен айтсайшы жан себілін.

Асқар тау ұмтылады ұлылыққа,
Аққулар ұмтылады жылылыққа.
Ай нұрын тартатұғын ақ қайың да,
Әркім-ақ құмартады сұлулыққа.

Өзендер көк теңізге асығады,
Гүл бүрі жаңбыр болса ашылады,
Әл тайып, тән қартайып, әр кетсе де,
Кәрінің таусылмайды ғашық әні.

Азабы аз болмаса да,
Көп көрдім сый өмірден.
Бақытты әрқашанда
Өмірді сүйе білген.

Қуаныш, қайғыда да
Бір болдым халықпенен,
Заманда жайлы мына
Қымбат қой жарық деген.

* * *
Тереңіне бір батсам да бір шығып,
Су жұтсам да тұңғиықта тұншығып,
Шығармын мен шыңыраудан шымырлап,

Құмар болып тіршілікке құлшынып.
Ақ жанымды елге жайып ақ қардай,
Асқар тауға арманымды артқандай,
Жыр жазармын аспан — қағаз бетіне,

Жыл құстары жұлдызды жол тартқандай.
* * *
Жерден шықтың, тартады жер өзіне,
Қарамайды қияңқы мінезіңе.

Топырағын торқа орап сені,
Айналады Жер-ана күмбезіңе.
Тұрғыны боп мәңгілік жер астының,
Сезінбейсің жарылыс — сел тасқынын.

Көкірегіңде тұрғанда күнің сенбей,
Құшағыңды әлемге кең аш бүгін.
* * *
Қайтадан маған көріндің

Оты боп өшкен үміттің.
Рухын құйып өмірдің,
Жас күнді қайта тірілттің.
Жас едің онда, жас едің,

Көз жауын алдын құлпырып.
Алғашқы көрген әсерім
Көңілімде әлі тұр тұнып.
Жаңада жауған ақ қардай

Үстіңде аппақ көйлегің,
Сырыңды іркіп, ақтармай,
Сызылып қана сөйледің.
Қарап ең көздің астымен,

Өртеніп кете жаздадым.
Арман боп шықты ащы дем,
Сен болды сыр ғып жазғаным.
Қайтадан маған көріндің,

Жоғалып кеткен жастығым.
Үндемей іштен егілдім,

Көкіректі керді ащы мұң.

Көк аспандай ашық тұрған
Көңілімді күндізгі
Қара бұлтты басып тұман,
Дауылымен түн бұзды.

Жылайды жел, зар қағады,
Көл сабалап, бір тынбайды.
Теңселеді жар қабағы,
Көбік қайнап, бұрқылдайды.

Жарда бұғып жарқанаттар,
Желден қорқып, үріккендей.
Арқырайды ақжал аттар,
Тізгініне ырық бермей.

Бірде шулы, бірде мұңлы
Жел әнімен таң атырдым.
Сағындырып күн де келді,
Алды жаным жаңа тыным.

Жерсілкініс секілді
Жүрегім тулап, басылған.
Тастар жайлап етімді,
Берекемді қашырған.

Ерік бермей күдікке,
Иек артам үмітке.
Алпыс сегіз жастағы
Сөз бе солар жігітке?!

Жабысып ауру сүліктей,
Қашады ойлар бірікпей.
Бір жұлдыз көктен қарайды,
Жылтырап әлсіз үміттей.

Ауады соған көңілім,
Сол жұлдыз түнде серігім.
Сол жұлдыз ақпай, тұрса аман,
Үзілместей өмірім.

ОҢАША ҚАЛЫП ОЙМЕНЕН

Бірде жап-жас, бірде шал,
Бірде момын, бірде асау.
Бірде жүйрік, бірде шау,
Бірде жазық, бірде тау.

Секундта сан құбылған
Қайран ақын көңілі.
Жұрдай тыныштық-тынымнан
Жырмен өткен өмірі.

* * *
Отырасың ойланып,
Ұйықтағанда үй-іші.
Балқытады бойды алып

Жас гүлдердің иісі.
Жыр жазуға болысып
Жақыныңдай жанашыр,
Сенімен ой бөлісіп,

Шертеді аспан, дала сыр.
Онға бөліп ойыңды,
Отырғызбай орныңда,
Балқытады бойыңды,

Басталады жол жырға.
* * *
Біреуге жатса жолда зақым келіп,
Жалтарып жалт бұрылса ақын көріп,

Онда ол — жұрдай болған ой-сезімнен
Қара тас қатып қалған, заты — өлік.
Су, ауа, орман, құстар тату бәрі,
Жаныңды жайландырып жатыр бәрі,

Соларды орап өтіп кете алар ма
Ақ, көңіл дүниенің ақындары?!
* * *
Шабытқа берген талай тамызық от,

Өкпелеп айтатуғын арызым жоқ.
Сыйлаған жарық күнін, жасыл гүлін,
Өмірге қайтаратын қарызым көп.
Кейбіреу неғыламын түсінбесе,

Жылуын жүрегінің түсірмесе,
Айналып аспанымнан, ақ қанатты
Болады күнде шабыт құсы келсе.
* * *

Сырты сұлу бір кітапқа қызығып,
Қарай қалдым, шығып жолдың шетіне.
Ақша бұлттан түйір тамшы үзіліп,
Талып жетіп, тамып кетті бетіне.

Ойладым мен: іші де бас игізсе,
Сұқтандырар сырты болмай дақпырт жай,
Туған елге бір тамшы сеп тигізсе
Жарар еді, деп ойладым, ақ бұлттай.

* * *
Көңіл кейде көктің өлі бұлтындай,
Ертедегі көшкен елдің жұртындай.
Еңсеңді езіп, иығыңнан басады,

Жүрегіңнен тұрады бір жыр тумай.
Күн сәулесін құйып мөлдір сынаптай,
Кейде көңіл тасиды ақ бұлақтай.
Ұмтыласың қалам менен қағазға,

Қайран шабыт билеп сені, шыдатпай.
* * *
Қаншама ұмтылсам да іш тартпаған
Көп өлең жалдарынан ұстатпаған.

Алысқа өзі кетіп, тек сәулесі
Басыма ақ қырау боп қыстап қалған.
Жалт беріп қашты қанша ой арнадан,
Қашқанды қуалауын қояр ма адам?!

Шашымды қырау шалса, тұра берсін
Табиғи сұлулықтай боянбаған.
* * *
Бітпегендей бір ісім,

Отырам ылғи алаңдап.
Жаһанның бүкіл жыры үшін
Жанамын ылғи алаулап.
Кез енді таңды таңға ұрар,

Батса да қайтем сырқатым.
Аманатқа қалдырар
Өлеңім — менің тіл хатым.

Күздікүнгі таң нұрына құмармын,
Өзім, мүмкін, таңда туған шығармын.
Бұлтты аспанның жаңбырына құмармын,
Жаңбыр күні таңда туған шығармын,

Бұтағында отырып ап шынардың,
Өлеңдеткен құс даусына құмармын.
Сол дауыстар туысымен тербетіп,
Сол дауыстан ақын болған шығармын.

Ақынның тыныш түні жоқ,
Тебіреніс, толғаныс,
Тоқтайтұғын түрі жоқ,
Өлең-жырдың жолы алыс.

Алған түнде үй тыным,
Құшағында ұйқының.
Тереді ақын лақтырған
Қағазының қиқымын.

Мекен-жайы белгісіз
Іздейді сөз сиқырын.
Ой қашырып тынышын,
Тік тұрғызып түн ішін,

Алмай ақын тынысын,
Аулайды әлем дыбысын,
Шыр-пыр болып жыр үшін.
Қырық жапырақ құрауы

Желімделген парақтан,
Күлкі аралас жылауы,
Көп сынағы, сұрауы,—
Өмір берген сабақтан

Бір кезде өлең туады.

Жер бауырлап қалың бұлт жатып алды,
Ақ жалын боп көк толқын атылады,
Дауыл-дүлей сақылдап салып үрей,
Жекпе-жекке жер-көкті шақырады.

Арасынан көрінбей қалың бұлттың,
Күрсінеді көк теңіз жамылып түн.
Бурыл толқын, ақ көбік, көк дауылды
ІІІабытымдай сарылып сағыныппын.

Аямайды көз майын,
Ойламайды өз жайын.
Маңдайыңнан сипайтын
Онда майда сөз дайын.

Жырмен өткен бар күні,
Кеудесі өлең жаңбыры.
Сері жаны секілді
Сеңгірде өскен тау гүлі.

Іздемей атақ, данқты,
Қумай шатақ, дәріпті,
Топ құрап, топар сайламай,
Таланттар өзін танытты.

Оларды бірден ел білді,
Жанына тартып, жатсынбай
Көрді олардан сеңгірді
Аспанда тұрған ақ шыңдай.

Күжілдеп кейде кетемін,
Айыптар оны жұрт несін.
Дүрілдеп кейде өтемін,
Мейлі жел, мейлі бұлт десін.

Кетемін, кейде айға алыс,
Кетемін кейде күнге алыс.
Жасаймын аймен байланыс,
Жаныма жақын тұр ғарыш.

Сарп қып өмір сөзі үшін,
Жүремін солай қашанда.
Келеді жетпей өз күшім
Өзімді қайта жасауға.

Менде ешбір жоқ тыным,
Басылмайды дауылым.
Гүрілдейді толқыным,
Ашылмайды жауыным.

Күніменен, түнімен
Елдің шаттық, мұңы мен
Тыңдап жердің тынысын,
Өз жаныма үңілем.

Торын жайып алдыма,
Тосты өмір неше апат.
Қыр соңымнан қалды ма
Кесірі мол кесапат?!

Мені атпаған оқ бар ма,
Мен кешпеген өрт бар ма?!
Жаттым көк мұз, ақ қарда,
Мен көрмеген дерт бар ма?!

Бабын күйттеп жараның,
Жата алмаймын жай тауып.
Өткен күнді аламын,
Өлеңіммен қайтарып.

ТАБИҒАТПЕН ЖАНЫМ БІРГЕ

* * *
Тиді дала сыбағама,
Мен бір соған мұрагер ем,
Өтсін талай жыл арада,

Өз орнымда тұра берем.
Тасқын шайса, күнге қызып,
Желге үстімді кептіремін.
Желмен жайлап бірге жүріп,

Тау боп биік көк тірегім.
Жоқ ұштығыжол шегімнің,
Аспан мен Жер – сол серігім.
Мен - дүние өлшемімін,

Мен – табиғат бөлшегімін.
* * *
Топырағынды сүйгенмін,
Жапырағыңды сүйгенмін.

Суығыңа тонғанмын,
Ыстығыңа күйгенмін.
Тауыңа да шыққанмын,
Таңғы ауаңды жұтқанмын.

Жаңбырына шомылғам,
Жазғытұрғы бұлттардың.
Жылғалармен бірге ақтым,
Тырналармен тіл таптым.

Қасіреттің уын да
Бұл даламен бір тарттым.
Құлпыртатын қыр жүзін,
Дала – жарық күндізім.

Дала – мамық өзенім,
Дала – ақық жұлдызым.
* * *
Тербейді түнде поездер мені,

Тербейді түнде самолеттер мені.
Шала алмайды бойды ызғар лебі,
Ұзатады самала оттар мені.
Самалет даусы толқынның гүріліндей,

Сапырыла шапшыған су үніндей.
Ала бұлттардың арасымен ағамын,
Тұңғиықты сүзген сүңгуірдей.
Кейде жүрегім соғады

Құс қанатының діріліндей,
Жел үрлеген жапырық гуіліндей,
Жұлдыздар ағады найзағай шапағындай,
Бұлт көшеді сел тасқын топанындай,

Солардан қуат алып,
Тербелемін кеудемнен от арылмай.
Қызғалдақтар менңмен бір жолаушылып.
Қызыл от боп бірге ол да жүгіреді

Тарлан атын тұрғандай тау қамшылап,
Тас төбемнген түңіліп үңіледі.
Менімен бір ағады таңғы аспан,
Менімен бір ағады көл-өзендер,

Төбесіне электр шамды асқан
Жалт-жұлт етіп қарайды терезелер.
Күтеді мені асығыс, зор іс күнде,
Тыным таппай келемін жол үстінде.

* * *
Күнді тыңдап шатырлаған,
Нөсерді тыңдап сатырлаған.
Дөң үстінде жатыр бабам,

Ақын бабам, батыр бабам.
Жұлдызың жоғары болсын дейді,
Жұлдызыжанды Байқонырда.
Басына бақыт қонсын деді,

Бүгін менің ай қолымда.
Шырқады өмір асқарында,
Жұлдыздарға жақын далам.
Айды қойып бас жағына,

Дөң үстінде жатыр бабам.
* * *
Сақтаған көр аңызды
Дала абыз тәрізді.

Күңгірт тартса келешек,
Болды үмітке тамызғы.
Ойлы қырлы жол кезіп,
Ат арыды, тон тозып.

Адымдады бұл дала,
Арманына қол созып.
Сақтап келген алыстан
Көп екен ғой жалыны.

Сол жалынның ғарыштан
Қайта түсті жарығы.
* * *
Сан ғасырлар құпиясын таба алмай

Келген ғарыш ашылды айқын алаңдай,
Тәңірідей космосы ашып Королев,
Жер бетінде өмір сүрді адамдай.
Байқоңырдан жұлдызға жол басталып,

Королевтың тұрды өзі басқарып.
Акылмен айды айналған ұлы адам
Жатыр енді ұша алмай, жер жастанып.
Рухы оның Байқонырдың жерінде,

Құмы менен суларында, шөбінде,
Жер серігі жүзген ғарыш көгінде,
Тәңірлерді тудыратын елінде.
* * *

Қымбатты құрдас Қалқабай,
Мінезі жоқ әр қалай.
Күлкісі Сырдың суындай,
Жаны кең жазық Арқадай.

Болмайды онда наз-өкпе,
Жарайды әр кез қажетке.
Жанардың нұрын аямай,
Жастығын берген газетке.

Калса егер бір сөз ұнамай,
Айтары: «Әй, құдай-ай!»
Қағылса бір сөз сынадай,
Жанады көзі шырадай.

Елемейтін дауылды
Емендей терең тамырлы .
Осы адам бізге қадірлі
Қарапайымдылығымен кәдімгі.

* * *
Сексендегі кәрі ана
Бала сияты.
Тұрғанымен қалада,

Далада сияқты.
Әжім әжім көз алды,
Сай сиқты.
Жанары сөніп бара жатқан бозарып,

Бұлт ішіндегі ай сияқты.
Әрі ойлап, бері ойлайды,
Қала тар сияқты.
Далаға қарайлайды,

Қимасы бар сияқты.
Боранын ұмытпапты,
Дала тек жаз сияқты.
Қалада сырын тіпті

Тындайтын аз сияты.
Далада лі жүрген
Қатары көп сияты.
Ата ана қадірінен

Артық зат жоқ сияқты.
* * *
Жабысты ер қасына,
Жалбыр бала жасқанып.

Ие бермей басына,
Торы арғымақ қашты алып.
Басын төмен тұқырып,
Ордан орғып асады,

Мандай терін сыпырып,
Жалбыр құты қашады.
Шыққан шуға елеңдеп,
Торы арғымақ қарғиды,

Қай шұқырда өлем деп,
Жалбыр ойда сан қилы.
Жарысады желменен
Жазық дала жүйрігі.

Атқа мініп көрмеген,
Қопаңдайды құйрығы.
Торы арғымақ соғардай
Ұстамаса тас, тауға.

Жылап, Жалбыр добалдай,
Сұрайды аттан бас сауға.
* * *
Уақа емес қасқыр жерде азайса,

Азаймасын ақ тілекті адалдар.
Уақа емес тақсыр жерде азайса,
Азаймасын қарапайым адамдар.
Жер бетінде олар тұрған асқардай,

Әрқайсысы бір-бір теңіз, аспандай.
Әрқайсысы космосын атқарып,
Күнде жаңа Америка ашқандай.
Соларға жер өз тағдырын тапсырып,

Тек солардан ел күтеді жақсылық.
Солар бүгін болашақты жетектеп,
Аспан, жерді тұр ақылмен қапсырып.
* * *

Күннің көзі тұрса да,
Құяды аспан ақ жаңбыр.
Ақ жаңбырдан шыршаға
Мөлт-мөлт етіп тамған нұр.

Көңілі өсіп тұрғандай,
Құс шырылдап қояды.
Шыршаға кеп тұрғандай,
Көгілдір көк бояуы.

* * *
Бұлттардың көленкесіндей
Таулар қарауытты.
Құстарды көл еркесіндей

Буалдыр ауа жұтты.
Тұр жерді жағалай ұрып
Бұлттардың тамшылары.
Жапырыөтар баладай күліп,

Жанбырға малшынады.
* * *
Толқын қызды әкетті
Бірге алып өзімен.

Аппақ гүлдей жарқ етті
Көбік жасы көзінен.
Тентек толқын мінезді,
Толқын қауіп қашанда.

Толдқын боп қыз жүр өзі,
Бас үйретіп асауға.
* * *
Тамшы тамбай ырымға,

Өртенгендей күйіп қыр.
Таудың биік шыңында
Жалғыз қола киік тұр.
Шандып қайрат қуатын

Тастағандай арқандап.
Шамасы жоқ шығатын
Тасты жарып, талқандап.
Босатса оны бұғаудан,

Оған бір сәт жер күндік.
Кеудедегі ұлы арман
Тірі өмір - еркіндік.
* * *

Емшегін бұлттың жел қолы
Күрпілдетіп сауса екен.
Бұлт бұрқанып көк долы,
Селдетіп бір жауса екен.

Көк толқынға соқтығып,
От аңызақ сөнсе екен.
Жаңбырдан соң шөп шығып,
Қайта көктеп өнсе екен.

* * *
Жаңбырмен шйып тозаңды,
Жасартқан жаратылысты.
Мөп-мөлдір, таза, озонды,

Ашады ауа тынысты.
Бұлбұлдардың жырына
Құлақ тосып құнығып,
Көктемгі күннің нұрына

Тазарғандайсың жуынып.
* * *
Өзеннің ағыны -
Қиялдың арыны.

Құлаққа құйылған
Ерліктің сарыны.
Еменнің тамыры -
Төзімі, сабыры.

Тереңнен от алған
Жастықтың жалыны.
* * *
Бұлттар қонып тауларға,

Тұр жаңбырын себелеп.
Бағандағы шамдарға
Үймелейді көбелек.
Тегі, тыным таппайды,

Көбелекке от керек.
Өртенсе де жатпайды
Отқа, сірә, өкпелеп.
* * *

Құлап жерге
Көктен түсті
Таңғы шық.
Бік ақ түнде

Жарды көктеп
Тал бүршік.
Сол бүршікте
Тұрды шықтың

Өз демі.
Айнымаған,
Қарайды
Өз көздері.

* * *
Кейде бұршақ жауады
Бұлт бидайды бұқтырып.
Бидай қарсы алады

Күнді аяқтан тік тұрып.
Сан құбылып тұратын
Бұлтты алмайды ол ойына.
Жұмсайды бар қуатын

Адам құйған бойына.
* * *
Күн сияқты бір салқындап, бір ысып,
Еліктейді бұлақтардан су ішіп,

Жасырынбай тау, ормандар тәрізді,
Табиғатпен жатамын бір туысып.
Ақшатаудай алдын тосып боранның,
Өзендердей өмір жырын толғаймын.

Мен - адаммын, омырауына олардың
Сәуле шашқан күндей болып орнаймын.
* * *
Ақшамның қызғалдағындай,

Күннің от сызығындай,
Жайқалып тербеледі
Ақ сабақ қызыл бидай.
Жайнайды жүзі нұрдай,

Топырақтың қызуындай.
Ән болып шырқалады
Меруерттей қызыл бидай.
Түндерде дала беткей

Қып қызыл жанады өрттей.
Қырман бір қырға қонған
Жұлдызды самолеттей.
* * *

Көріп гүлдей қарбызды,
Көріп гүлдей қауынды,
Көріп тұрмын бар күзді,
Жарылқаған ауылды.

Қарап қарбыз жонына,
Торламаның торына,
Көз саламын диқанның
Тамырланған қолына.

* * *
Бұрқырап соғып бораны,
Мінезі қыңыр, бірбеткей,
Қарымен жауып қораны,

Мартта да қыс тұр кетпей.
Сай саланың бәрі де
Тастағандай тұз артып.
Сүйіп жатыр әлі де

Аяз бетті қызартып.
Қыстың бірақ аяғы
Тұсалғандай тыпырлап.
Күш жоқ онда баяғы,

Сынатындай сықырлап.
Жата алмайды, түбі, қар...
Шақырайып көктен күн,
Мұзды оятар түрі бар

Сүйменімен көктемнің.
* * *
Адам көктеп еңбекпен,
Күш тартады жер көктен.

Жалғайды оның ғұмырын
Сол еңбегі елге еткен.
Көкірегіне қатты мұз,
Бауырына батты сыз.

Жанып еткен еңбегі
Туды адамға бақ жұлдыз.
* * *
Көктем, көктем, аш қақпаңды,

Жай көкпеңбек дастарханыңды.
Жайна, аспан, жарқыра,күн,
Сүй амалап асқар тауды.
Шеккен қыстай шыдап бейнет,

Буырқансын бұлақ сөйлеп.
Үкілі бір жас бойжеткен
Кисін жасыл құрақ көйлек.
Келдің, көктем, тағы айналып,

Күтті сені талай халық.
Дала жайнап шыға келді
Қызғалдақпен арайланып.
Өлімге бас тігіп тұрып,

Күткен сені үміт қылып.
Қыс ызғарын жүректегі
Жібердің сен ұмыттырып.
* * *

Кеткен қысқы ызғырық,
Наурыз күні жас мәңгі.
Күн отымен қыздырып,
Балқытады тастарды.

Көлдерде сең бұзылып,
Қалмады түк қырда қар.
Үшкір тартып тізіліп,
Қайтты асығыс тырналар.

Көмкеріп кең даланы,
Көтерілді көк қаулап.
Қыр үстінде жанады
Көгілдір түс от лаулап.

Жаратылыс жаңарып,
Наурызбен бір келеді.
Баяғы күн балалық
Кірген кәрі жер өңі.

Тасты жарған мүк құйттай,
Талпынып тау шыңына,
Күн төгеді мұхиттай
Жерге күміс шұғыла.

* * *
Келді Наурыз қанатында көктемнің,
Қырда басы қылтияды шөптердің.
Қара жерге кірпіктері қадалып,

От бүркеді көктен күн.
Көк шөке көз тұнардай,
Тұр,андай ақ бүгін тасқа дала аунап.
Мұзбалақты қырандай

Тау қалғиды тұла бойы манаурап.
Құйылады мөлт мөлт етіп жотаға,
Көк көзінен жас тамып.
Тіршілікке болмас дау, о тоба,

Арша бойын көтерді тас жарып.
Құсқа толы көл беті
Қыстай жатқан көкпеңбек мұз құрсанып.
Табиғаттың таза бұлақ шербеті

Таудан ағып, күмбір қағып, жүр шауып.
Қанша айтқанмен көктем аты көктем ғой,
Кеткен қыстың ызғары.
Күн астында жеткен бой,

Күлімдейді даланың бұл қыздары.
Көзге түспей, білінбей,
Күннің нұры құйылады тамшылап.
Түсі дала түріндей,

Жол шетінде қалшияды саршұнақ.
* * *
Көктемді алып келді Наурыз жыл басы,
Ақ найзадай жарқырайды шың басы.

Найзағайлы наурыз күні от жалын
Мәңгі өмірдің, мәңгі жастық құрдасы
Сұлулықтың сипатына сүйене,
Құлақ тосып өзендердің күйіне,

Ақша бұлттар ағып жатыр ағылып
Асқар таудың ақ ордалы үйіне.
Жай отымен сілкіндіріп даланы,
Жаңбырымен шайып өтіп ауаны,

Наурыз күні қыр үстіне құлпыртып,
Қызғалдақтар қызыл жұлдыз жағады.
Көптен күткен көктем келіп тағы да,
Кірісті ел тіршіліктің қамына.

Жердің жүзі сан бояуға боялып,
Қайта келді жазғы жастық шағына.
Сылдырлайды, сыбырлайды су үні,
Жүректердей жапырақтар дірілі.

Қара тастың бойы балқып жіпсіген,
Қарағайдың бүршік жарған түбірі.
Айдын көлдің үкі таққан қамысы,
Көкектердің көкті жарған дауысы.

Жер мен көкке сүйрейді арман жетелеп,
Тіршіліктің иір-иір ағысы.
Бауырынан бір ананың тараған
Баласындай басын қосып бар адам,

Отырады адалынан жарылып,
Наурыз күні тілек тілеп жаңадан.
Алты ай қыстың артта қалып азабы,
Наурыз күні ел еркін бой жазады.

Әрбір үйдің жабылмайды қақпасы,
Әрбір үйдің түспейді оттан қазаны.
Тас төбеде азат құстар айналып,
Адамдарды ұшатындай айға алып.

Наурыз күні делебеңді қоздырып,
Төсегіңде жата алмайсың жайланып.
Нарттай жанған наурыз күні астында
(Жасты елемей, кәрісің бе, жассың ба)

Жел қайықтай зырлап ала жөнеліп,
Қосыласың ұлы дүбір тасқынға.
* * *
Босанып мұз құсаудан көл кешегі,

Төсінде теңбіл теңбіл сел көшеді.
Көгінде жасын ойнап күн күркіреп,
Көктемнің айдарынан жел еседі.
Жарқ еткен найзағайдың қанатынан

Бауыздалып қан құсқандай қара тұман.
Дүрілдеп дауыл айды қырды кезіп,
Сөйлейді жаңбыр жауған дала атынан.
Жағада қарауылдай нар қамысы,

Өзенмен жаңғырыққан таулар іші.
Тұр диқан жіті көзбен бәрін бағып –
Даланың даңқыменен ар-намысы.
* * *

Жылда барып тұрамын ауылыма,
Бөлененмін бөбектей сағымына.
Өзеніне шомылып еркелеймін,
Сипатамын арқамды ағынына.

Тыныш еді у-шусыз дала қандай,
Құйылыды кеудеге ауа балай.
Күміс ай сәулесімен күлімдетіп,
Дала желі шашымды тарағандай.

* * *
Көк күмбездей көрінеді мұнартып
Алатаудың бауырында қалың ну.
Бұлдыраған бұлтқа иегін шың артып,

Арықтарда салады асыр ағын су.
Ақ теңіздей дала оранған аққуға,
Сыртқа шығып терең алған жер демі.
Толды қаз бен құс патшасы аққуға

Жаутаңдаған жапан түздің көлдері.
Заңғар аспан кеудесінде ақырын
Ақ желкендей ағараңдап жүзді бұлт.
Шопан жігіт басын тартты атының,

Жолығардай құз үстінен қыз күліп.
Бәйге аттары бірін-бірі қуады,
Өара терге үсті-басы малшынып.
Қара шалдың қара шегір қыраны

Құйылады қу түлкіге шаншылып.
Сағыныштан жарылуға аз қалып,
Құмыр бұлбұл шертеді кеп баққа сыр.
Нәзік жаны, нәркес көзі назданып,

Қыз дүние құлпырады жап-жасыл.
Қыстай жатқан қар астында көміліп,
Жан жануар оянады ұйқыдан.
Бозторғайдың кеудесінен төгіліп,

Кең даланы тербетеді сиқыр ән.
* * *
Құттықтайды ел құстай ұшып қуанып,
Қол ұстасып қосылған қыз-жігітті.

Жатады аспан жаңбырмен суарып
Жаңа өмірдің үмітіндей шыбықты.
Жер үстінде жүзеді сан орамал
Наурыздағы кемпірқосақ түсіндей.

Наурызбен жастық қайта оралар
Құдіретті көктемнің өз күшіндей.
* * *
Даладағы шоқыдан

Талай тарих оқығам.
Қыстан шыққам қысылмай,
Жылу алып отынан.
Олар маған мыс таудай,

Олар маған қыстаудай.
Көзге әсте көрінбей,
Түтін болып ұшқандай.
* * *

Сыя алмай жердің астына,
Көруге түзден бақ сынап,
Бір күні көзін ашты да,
Атылды-ай келіп ақ бұлақ.

Қыр көгінде арайлап,
Иілді кемпірқосақ боп.
Жүгеріге дән байлап,
Түйілді мөлдір моншақ боп.

* * *
Қатал қыстың сөгілді
Қабырғасы қақырап.
Жайнатты жас өмірді,

Жайнап қанат жапырақ.
Терлеп бойы бусанып,
Кетті еріп қыс ағып.
Бұтақтар да жырлайды,

Желдің тілін құс алып.
Кеше жатқан еркіндеп,
Бүгін басы селкілдеп,
Қария қыс қашады,

Көзден жасы мөлтілдеп.
* * *
Жазғытұры еліріп,
Сеңді бұзып сел күшті.

Кемкрін соғып кеміріп,
Шайқайды асау Ертісті.
Атады көбік көк айдын,
Маңдайынан тер ыршып.

Жатады қалың тоғайдың
Құйқадай иісі көңірсіп.
Ерегісіп Ертіспен,
Күресіп күшін кім байқар?!

Оған жан жоқ тең түскен,
Кәрі деп оны кім айтар.
* * *
Талпынады көбелек сынық қанат,

Шал да аулаға жатады шыбық қадап.
Наурызда балық шашып уылдырық,
Қаз қонады қамысқа жұмыртқалап.
Наурызда мұз сөгіліп асқар тауда,

Баласын бауырына басты арқар да.
Шөптердің сөлін соңан қымызымен
Жатады бүкіл дала дастарқанда.
* * *

Бұлақтың күміс көбігі -
Таулардың аппақ көңілі.
Бұрқанған бұлақ ән күйі -
Таулардың мәңгі серігі.

Сөйлеткен жансыз тасты үні -
Бұлақтың асау тағдыры.
Ағындар тұрған арыны,
Жалындап тұрған жастығы.

Соғатын тулап үнемі,
Таулардың бұлақ жүрегі.
Тау жыласа - жылайды,
Тау күлсе - бұлақ күледі.

Өліммен күнде алысып,
Өмірмен бірге жарысып,
Келеді бұлақ шаршамай,
Ізінен күміс шаң ұшып.

* * *
Нөсерден соң сайрандап,
Жел жүр жерді кептіріп.
Жанары күліп жайраңдап,

Үйлерге жатыр от кіріп.
Айналаға шашады
Жауыннан соң гүл жұпар.
Жалбыраған шашағы,

Су сипайды сүмбі тал.
* * *
Отына орап даланы,
Көкжиекке күн құлап,

Қызыл доп боп ағады,
Қырдан ойға құлдырап.
Күннің жарты бөлігі,
Жатты жайлап екінді...

Белуардан көрінді
Айсберг секілді.
* * *
Кешке қарай басылып

Күндізгі шу жым-жылас,
Ымырт қырды жасырып,
Тұрды үнсіз түн жуас.
Жолды берін өлеңге,

Елге болып ырыс-құт,
Жайбарақат еменде
Жатыр ұйықтап тыныштық.
* * *

Жан жәндіктің ән күйі,
Сыбыр күбір айнала.
Қалтқы суда қалқиды.
Қара терең түбінде

Қайта қармақ сүңгіртіп,
Бір балшықты үңіле,
Сәтті шағың тұр күтіп.
Қалтқы суға егер де

Кете қалса шым батып,
Лақтырады кемерге
Ақ балықты тулатып.
Балықшы онда желігіп,

Жайнап жалын көзінде от,
Есі кетер еліріп,
Су патшасы өзім деп.
* * *

Қара нарлардай қатар қатар тіркеліп,
Қара сайға қап қара бұлттар тұр төніп.
Қалғиды мүлгіп жолбарыс жонды жоталар,
Қызыл ала құмды қымтай түсіп бүркеніп.

Тастағандай қазыққа байлап дуалап,
Кетпейді ұзап жайылған жалғыз дуадақ.
Жел айдайды қара бөріктей қаңбақты
Алдына салып, алдырмай демін, қуалап.

Батар күнді бауырына басып батыс жақ,
Бояйды өңін қызғылт нұрмен нақыштап.
Шопан тұр жалғыз шидің ішінен
Керме тосып, кереге жалды ат ұстап.

Бұлттар бір кез, құрыстап бойы құрсанды,
Еңкейе түсіп, еңіреп жылап, бусанды.
Көз жасының тамшысымен жуды кеп
Ұялып күннен сәл қызарған жусанды.

* * *
Торғайларды теректегі
Ертеменен жел тербейді.
Табиғаттың бөбектері

Бір біріне еркелейді
Көкірегіне толғандай күш,
Кетіп бойдан шаршағаны.
Таң атты деп торғай бақұс,

Шырыл ұағып, жар салады.
Оранған түн пкрдесіне,
Тыңдайды қыр, қия мекен.
Кішкентай құс кеудесіне

Қалай сол ән сияды екен?!
* * *
Қасында күмбезді үйдің мұнаралы
Секілді сұлулықтың бір аралы.

Малынып таңғы шықтың маржанына,
Мұнартып буланады гүл алаңы.
Шығыстың қоңыр самал желі келіп,
Гүлдерді аймалайды еміреніп.

Бозала таңнан бастап гүлдерге арнап
Жас бұлбұл әндетеді тебіреніп.
* * *
Көкті бұлттар қаптады,

Кешігер ме верталет?
Жел қағады қақпаны,
Ертеменен ентелеп.
Атқан таңдай арайлы

Ұшқыш жары Әйгерім
Ашып көкке қарайды,
Терезенің әйнегінен.
Бұлттар басса ауаны,

Ойнаса жай жаландап,
Аспанға көз салады,
Жарын ойлап алаңдап.
Жатпайды еркңн алып дем,

Көзі көкте үнемі
Аспандағы жарымен
Бір соғады жүрегі.
* * *

Күн көзі ашылған жоқ,
Бұлттар бүркеп жасырады.
Аспанның басылған жоқ
Айқайы, ашуы әлі.

Найзағай қамшылады
Осқылап қара бұлтты.
Дәндей ақ тамшыларды
Асыға дала жұтты.

* * *
Қап қара бұлттар қора қора қойлардай,
Көк суретші көрмеге оны қойғандай.
Жаратылыстың жауынды күткен қалпына

Көңіл шіркін ішпей жемей тойғандай.
Тамшылар көкткн талып түске шықтардай,
Шыршаға нілді көк бояу болып жұққандай.
Табиғат өзі табиғатпен табысып,

Өзінің демін өзі еміреніп жұтқандай.
* * *
Көпіршиді көл қайнап,
Көбік атып қазаны.

Көз тартады жер жайнап,
Ашылып көк базары.
Қағылады түнімен
Күнің күшті дабылы.

Жерді жалап тілімен,
Өтеді жай жарығы.
* * *
Көк аспан түпсіз тұнғиық,

Астында асқар шың биік.
Аспанға да, шыңға да
Тұр сәулесін күн құйып.
Ізгілік жолдан бір аумай,

Жақсылықтан танбаған.
Күнде бір күміс қырандай
Қантын көкке самғаған.
* * *

Қызыл нұрмен ауаны
Бояғандай тан бұлты.
Қызыл бүршік жарады
Алматының алмұрты.

Ар ұяты өзінде
Тұрған әлі бұзылмай,
Көрінеді ол көзіме
Табиғаттын қызындай.

* * *
Жаратылыс бөленді
Көктегі күн нұрына.
Жапырықтар көгерді,

Ұқсап көктем туына.
Аққайыңдар сән құрап
Қалыңдықтай жасаулы,
Қан жүгіріп, әл кіріп,

Жер дүние жасарды.
Қойшы қырда жортады,
Шықты өріске мал өріп.
Топыраққа торқалы

Тамыр жайды дән бөгіп.
* * *
Бауырына көлді басады
Қазбауыр бұлтты қайран жаз.

Шашыратып суды шашады
Қанатын көлге жайған қаз.
Сарқырайды сай сала,
Тербейді жел май гүлін.

Жайылып жасыл майсаға,
Жарысады тай құлын.
Айналаны тау қоршап,
Мұнарға тұр көміліп.

Адыраспанда ақ моншақ
Түсердей жерге төгіліп.
Тау бауырын жебелеп,
Гүлді сүйіп ғаламат,

Жасыл қанат көбелек
Жаз жүр жерді аралап.
* * *
Ақ көбік атып кемерге,

Толқиды теңіз жарға ұрып.
Қарайды қара тереңге,
Жағада жартас жаңғырып.
Сол кезде мен де тулаймын,

Қиянға қиял шақырып.
Кеудем бір бейне шулы айдын,
Жатады толқын атылып.
* * *

Найзағайын тауға қадап,
Таң алдында жауыпты бұлт.
Жаңбыр иісі қанға тарап
Алды мені сауықтырып.

Сол иістен бөлмеме еніп,
Келеді көл, келеді өзен.
Қайсар емен кеуде керіп
Қарайды тік терезеден.

* * *
Күн шатырлап, жай жатырлап көктемде,
Көктің бұлты көк нөсерін төккенде,
Дария шалқып, дала балқып, құс сайрап,

Күзде кеткен мекеніне жеткенде,
Жаратылыс жан анадан әл алып,
Дүние дүр сілкінеді жаңарып.
Алуан шөптің жатады иісі дәрідей

Алпыс екі тамырыңа таралып.
* * *
Жерді, көкті сілкілеп,
От ойнатты аспан бір.

Тамшылары сіркіреп,
Құйды сосын жас жаңбыр.
Жатты көкте керуендей
Ұбақ шұбақ бұлт өтіп.

Көктем жерге келгендей
Көрінді гүл қылт етіп.
* * *
Кенеттен кетеме деп жасын ұрып,

Көк күні күркіресе, басын бұғып,
Тұр үйдің түкпірінде Сағынғали
Қуыста жан сақтауда жасырынып.
Кеудесі көк жөтелдей жасырынып күркілдеген

Көк аспан жанғырықты түніменен
Тынбайды от жарқылдап, нөсер құйып,
Біз жаттық етпей соның біріне елең.
Жай оғы жерге түсіп ирелеңдеп,

Жалт етіп жоғалады билеген от.
Сапырып көшедегі көлшіктерді,
Көк дауыл қағады әйнек, үйге енем деп.
Күн шыға әупірімдеп ауа тынды,

Шомылған ақ жаңбырға қала тұрды.
Шошынып жасын мен күн күркірінен,
Көз ілмей Сағынғали таң атырды.
Бұлттардан ашылып күн жадырады,

Шуылдап шуақта жұрт жамырады
Манағы жай оғынан зәресі ұшқан
Келген жоқ Сағынғали бабына әлі.
* * *

Жай бұлттарды тілімдеп,
Сілкінсе аспан күрілдеп,
Бір сөнеді, бір жанып,
Жердің жүзі дірілдеп.

Бұлт сөгіліп қақырап,
Күн ашылса жарқырап,
Бұтақтарда жапырақ
Жайқалады қалтырап.

* * *
Тан атып күн шығыстан құлан иек,
Қыландап бозарғанға құба жиек,
Жатқандай Бурабайдың жағасында

Иегін ақ көбікті бура сүйеп.
Рақат бұл көрініс жазды күні,
Айдында қаңқылдайды қаздың үні.
Келгендей құлағыма сол дауыстан

Баяғы ерке сұлу наздың мұны.
* * *
Шаршасаң оймен отырып,
Бір уақыт барып бақты айнал.

Атады көбік көпіріп,
Алма ағаш гүлі ақ қайнар.
Алма ағаштың бүрінде
Ақ жұлдыздар асылып,

Ала көбең іңірде
Жатады ақ нұр шашылып.
Жаза алмай жүрген жырынды
Айтады саған жыршы құс.

Табасың басқа күніңді,
Боласың бақпен бір туыс.
* * *
Гүлдепті алма бір түнде,

Тұрсам таңда төсектен.
Табиғат деген шіркін де
Жаңылмайды екен есептен.
Көктеп қайта бас алып

Дәл былтырғы шағында,
Алма ағаш тұр жасарып
Ауладағы бағымда.
* * *

Өзендер жаңғырығып күні түні,
Ұйықтатпайды даланы гүрілімен.
Басқылаған соң атойлы күн күркірі,
Найзағай ойнайды от дірілімен.

Сөгіледі ыдырап қара түнек,
Ағараңдап алыстан тау тұрады
Жаңбырдан соң жадырап дала түлеп,
Кемпірқосақ гүлдері тартылады.

* * *
Көк көлдің бір шетінде,
Өрім тал желбіреп тұр.
Сәулесі су бетінде

Мөлтілдеп, мөлдіреп тұр.
Жүрегім елжіреп тұр.
Сиқырлы суретке
Қараймын қызығып бір.

Жоқ жастық-нуры кетсе,
Көңілімде күз ұлып тұр.
Жүрегім бұзылып тұр.
* * *

Ақ кемедей тербеп бұлттар тау шыңын,
Қарағайдан ұүйыладыбал шырын.
Шыңыраудант қия жартас түбіне
Созылады соқпақтары аңшының.

Шоқыларда жотасындай жайынның,
Шоқ шоқ талы жалданады қайыңның.
Асау өзен ағысына қосылып,
Тау жаңғыртқан шығады үні аюдың.

Жер мен көкке тіреу болып жалғаған,
Жалғыз өзі бар билікті жаулаған,
Қиянында қыран қанат саимғаған,
Арманымдай көрінеді тау маған.

* * *
Көп жүрдім тауды аралап верталетпен,
Тауда қыс, түссе дағы ерте көктем.
Сіреске қабат қабат қалың мұзарт

Алыптай ата баба ертегі еткен.
Төменде шың найдағай жарқыраған,
Ақбұлақ арғымақтай арқыраған.
Құздардың арасында көрінеде

Ақ тұман ақ теңіздей жарқыраған.
Жұлдызға тұрады деп шың асылып,
Біз бір кез мадақтаппыз тым асығып.
Анықтап тау үстінен қарағанда,

Биіктің қалады екен сыры ашылып.
* * *
Жап жарық жұлдыздарды
Көресің қар жүзінен.

Көгілдір ормандарды
Бейнелейді жалғыз емен.
Талдардың жапырағы
Көк жасыл шымылдықтай.

Төбеде тау тұрады
Жаумаған түнгі бұлттай.
Нәзіктік дірілдейді
Тастағы тал шыбықтан.

Күміс күн күлімдейді,
Жарқырап танғы шықтан.
* * *
Тау сырын тұрса білгің кеп,

Түгендей тінтіп шық түріп.
Қоңыраудай ол күңгірлеп,
Тіл қатады тік тұрып.
Іркес-тіркес жондары

Тұрады берік қамалдай.
Қазылып қанды жолдары
Шұбала көшкен замандай.
Жай оты жарып шынарын,

Жуылған селмен арқасы.
Жасырып өлген қыранын,
Күңіренген көрден әр тасы.
Аз емес көрген сұмдығы,

Шашы да таудын ақ қардай.
Өмірдін ащы шындығы
Төсінде ұйып жатқандай.
* * *

Тау басында қар жатыр,
Бауырында мал жатыр.
Жайып бағып сол малды,
Шаршап қапты шал пақыр.

Шал мен жұрттын жыры жоқ.
Көкірегінде мұңы көп.
Ақ таяғын беретін
Артында онын ұлы жоқ.

Мыңдаған мал айдады,
Тауды жалғыз жайлады.
Желдін жүрген ізіндей
Әжімінің сайлары.

Жұрттан құлық оздырып,
Көрген емес сөз қуып.
Тау мен малға кім ие,
Кетер болса көз жұмып?

* * *
Қыс қариды ауаны,
Көмекшіге бұлт ұнап.
Кезеді кең даланы,

Боранымен бұрқырап.
Бу будақтап демінен,
Тұр аязда сақшыдай.
Азынайды желімен,

Зікір салған бақсыдай.
Шопан жайлы тау-құзды,
Жүр мұртына мұз қатып,
Жанын бүріп жалғыздық,

Жабырқатып,сыздатып.
* * *
Әжімді жүзін жасартқан
Дөңгелеп күннің ұршығы,

Таулардың ауыр тас артқан
Тәкаппар қарап тур шыңы.
Найзадай тіке қадалып,
Найзағайларды ұстаған.

Қабағы отты қара бұлт,
Әлемде жоқтай күшті одан.
* * *
Ақша бұлт ақ аспанның ақ шынысындай,

Ақ таулар солардың бір туысындай.
Шыңынды ақ алмастай мұз жатады,
Жасынның жалын атқан қылышындай.
Өмірде рақым мен күтім көрмей,

Жылдардың жұтын көрмей, құтын көрмей,
Мұнартып, өзіменен өзі болып,
Тұрады тау жыртығы бүтінделмей.
Сарылдап сарқырама көбіктеніп,

Ағады суын жерге бөліп беріп.
Жүреді су ізінен күзде қыздар,
Көбіктің моншағындай өрік теріп.
Шыңына қондырып ап алтын айды,

Алатау қар жамылған, жарқырайды.
Желпіген жеңіл желді ауырсынып,
Шыршалар болар болмас қалтырайды.
Қауызын жарған жаңа, бүрін ашып,

Жапыраққа келеді күн нұрын шашып.
Аспан, жер арасында айбарлы тау
Қояды ақ найзадай шыңын асып.
Тастарды ерке бұлақ тінтіп өтіп,

Ағады тау бүйірін бүлкілдетіп.
Емшегін аруананың ертелі кеш
Сауғангдай әлде біреу күрпілдетіп.
Тұрып ап боз қанатты ала таңнан,

Құмартып көз алмайсың Алатаудан.
Ақылы сан ғасырлық азық болған
Аумайды ол аңыздаңы кәрі атаңнан.
* * *

Алаңдамай асығып,
Шауып өтті жаз аттай.
Алатау тұр басы бұлт,
Ақ сақалды қазақтай.

Тұғыр болып қыранға,
Бұлағымен тіл қатып,
Кейде бұлдыр тұманға
Бір шығады, бір батып.

Оны дауыл сынады,
Жатты бұлттар түнеріп.
Ол мәңгілік тұрады
Алысқа көз жіберіп.

* * *
Ертемен қала үсті тұр тұманданып,
Жасырған Талғар шыңын мұнар жауып.
Апанға абайламай түсем бе деп,

Қарайсың алды артына күмәнданып.
Еш нәрсе қалмағандай құмарлықтан,
Тәрізді жан отыңды тұман жұтқан.
Қаншама қаптаса да қара тұман,

Жарқырап бәрібір күн шығар бұлттан.
* * *
Қарауылда тұрғандай
Көзін ілмей тау мызғып.

Оны алаң қылғандай
Жалғыз ғана жалғыздық.
Келді қатал қыс қарлы,
Көк мұз үстін тұр басып.

Сағынғандай құстарды
Хал сұрайтын шуласып.
Қорғанбайды дауылдың
Алай дүлей желінен.

Ішіндегі жалынның
Жылынады демімен.
Тулайды ол ішінен,
Кеудесіне күш толып.

Оның суық түсінен
Қалтырайды қыс тоңып.
* * *
Жарқыраған басында

Қардан аппақ сәукеле.
Жатады күн қасында
Көкірегін тау кере.
Көкті түгел алғандай

Керуен тартқан тау көші.
Алыстағы армандай
Қарлы шыңның сәулесі.
* * *

Етегінде маң қыстау,
Етегінде қалың қау.
Баяғыша қасқайып,
Тұр жазықта жалғыз тау.

Мөлт мөлт етіп шықтардай,
Маңдайынан тер шұбап,
Бестаудан ол шыққандай
Жаңа ғана еншіні ап.

* * *
Қырандар тауда өсіп,
Қиянға ұя салған.
Жантақты жанды кешіп,

Нар жейді қия жардан.
Тапжылай талай уақыт,
Береді өмір сабақ.
Жоқ жеңіл, оңай бақыт,

Жоқ дайын тегін тамақ.
* * *
Тауды қанат астына ап, жаба бүркеп
Жатқан бұлт түзеді көш жаңа тіркеп.

Бұлттардың көлеңкесі елеңдетіп,
Қарады жалтаң қағып марал үркек.
Айнала тастар бұғып аңдығандай,
Жел ессе, елегзиді жаны қалмай.

Көркем қыз көршімізде келеді өсіп,
Жан жаққа өарап осы кер маралдай.
* * *
Көп нәрселер жетпейді адамдарға,

Жеткілікті бәрі де надандарға.
Сұлулықты аққудан іздеу керек,
Суға түсіп сыланып таранғанда.
Тазалықты үйрену керек қардан,

Түзулікті - тік өскен терек талдан.
Асуларға алдағы ұмтылғанда
Алу керек көңілге медет таудан.
* * *

Тебіренген таудың үні -
Жартастар жаңғырығы.
Жайқалған жанбыр гүлі -
Тастағы тал бұрымы.

Сағымдағы сәнді белдер
Жан бітіп - қозғалғандай.
Тіл шығып сәулелерге,
Дыбыссыз сөз алғандай.

* * *
Асқар таудың үстінде
Альпинистер мекені.
Алдыртпайды ешкімге

Басы турсын, етегі.
Таусылады шыдамы,
Жете алмайды жел өрлеп,
Тау үстінде тұрады

Тауешкілер елеңдеп.
Тау жоталы, иықты,
Жақын күннің қасына.
Сүйетіндер биікті

Шығады тек басына.
* * *
Таулар, таулар, кәрі алыптар,
Жерге қонған қара бұлттар,

Ақ сақалды даналықтар,
Ақ бұлақты балалықтар.
Кейде бұлттың қоршауында
Көздерінен жас сорғалап,

Жұртты күтіп қарсы алуға
Тұрады тау жолға қарап.
* * *
Кейде танғы тұманда

Жүрегіне мұң артып,
Ұя болған қыранға
Тұрады тау мұнартып.
Жаның ойға батады

Таудай болып сенің де.
Табиғаттың жатады
Көлеңкесі көңілде.
* * *

Бұлттар бүркеп демінен ызғар ұшқан,
Көрсетпейді тауларды қызғаныштан.
Арасынан бұлттардың теңбіл теңбіл
Күн сәулесі қарайды бізге алыстан.

Сен де сондай ойнатып бір шұғыла,
Бұлтты жанды бөлейсің күн нұрына.
Алысқа алып ұшасың тілегіңді,
Қондыруға қыранның тұғырына.

* * *
Ақ теңгедей ұйып қалған иас тұман
Жарқырайды аяғыңның астынан.
Жылғаны аттап, жылдам аққан елікке

Алабұртып көз тастайды жас қыран.
Түнереді тарғыл шыңдар төбелен,
Аумайды олар ақ желкенді кемеден.
Қолтығыңа кіргендей қос қанаты,

Таудың желі демеп сені жебеген.
Алма ағашы аппақ гүлден бүр жарып,
Тау үстінде жұлдыздардай тұр жанып.
Жолда сені сағына бір күткендей

Қарсы алады желмен баяу ырғалып.
* * *
Білмеймін, иә болмаса білем демей,
Тірлікті түбіндегі түгендемей,

Жатады тәкаппар тау тас жастанып,
Етегі өрнекті түк кілемдердей.
Бәрібір оған боран, дауылы да,
Жалаңаш батпайды сыз бауырына.

Сыр бермей ғасырларға келе жатқан
Таулардың таң қаламын сабырына.
* * *
Ақ нұрын шашқан жұлдыз

Атқан таңның жарығындай.
Бағандар басқан нығыз
Құрылысшы адымыңдай.
Туннель - бір терең аңғар

Салынған өрге биік.
Жасапты шебер жандар
Тастардан шеңбер иіп.
* * *

Сойып кеткен су іреп,
Тастарда талай сурет.
Өткен күн салған өрнегін,
Бірі кетіп, бірі кеп.

Хал-жайы бізге хабарсыз
Салынған тасты қамалдар.
Жайылып жүрген алаңсыз
Мүйізі иір маралдар.

Түскен бұл тасқа таңба боп
Батырлар, әккі аңшылар.
Хайуанат түрлі аңдар көп,
Тарих жоқ, тегі, таусылар.

Осы бір биік асқарға
Саз кешіп жетіп белшеден,
Археологтар тастардан
Замандар жасын өлшеген.

* * *
Жағадағы жартастарды көк теңіз
Ақ сабындай ақ көбікпен жуады.
Жыламсырап тұрады бір шетте құз,

Үстін жауып теңіздің бу тұманы.
Көкірегін тұрады ылғи шер басып,
Өткен күні күңгірт тартқан елестей.
Айтар енді мұң мен зарын желге ашып,

Көптен бері тұнып тұр ол жел еспей.
* * *
Тарбағатай жерінде
Кездеседі тау нендей.

Жылылық жоқ өңінде,
Қатып қалған дәулердей.
Тау алдымен алады
Таң шапағын қабылдап.

Салдыр-күлдір ағады
Сарқырама сарылдап.
Мұздай суық құшағы,
Жатыр онда күш қандай?

Көбік қайнап ұшады
Қиқу салған құстардай.
Сан бәйгеде сөгілген
Шаба-шаба қолтығы,

Меруерт тері төгілген
Ақ жал аттай толқыны.
Құлайды ол шың-құздан
Шыңырауға сақтанбай.

Жерге жарық жұлдыздан
Жаңбыр жауып жатқандай.
* * *
Жердің үңгіп ішінен,

Қазады әкем көмірді.
Тас көмірдің күшімен
Балқытады темірді.
Көмірі қыс кезінде

Жылытады бөлмені.
Тегеурінді төзімге
Оқытады ол мені.
Сыйлайды алыс жақыны,

Аралайды аты елді.
Жер астының батыры -
Мақтан тұтам әкемді.
* * *

Далада өтті өмірім,
Мен даланың ұлымын.
Тапқанмын алғаш көмірін
Қазыналы қарағандының.

Балқытқан қара тастарды,
Менмін - оттың туысы.
Жалынымен жапқан аспанды -
Мен -Теміртау құрышы.

Сілкінді дала шың басқан,
От алып екі күштіден.
Жалыныменен жалғасқан
Жер асты жердің үстімен.

* * *
Көгілдір сеңгір аспаны,
Көк теңбіл тастары.
Көмір боп отқа оранған

Жерінің асыл астары.
Жап жасыл әлем жайлауы,
Дертке шипа қайнары.
Тұрғандай жазды құндақтап

Қарақайыңның айдары.
Шөптері жасыл көбелек,
Туған жер, сенсің керемет.
Жүрегіме тұрасың

Күн болып нұр себелеп.
* * *
Қарағандының қара көмірінен
Көремін шахтерлердің қара терін.

Мен бүкіл өміріммен
Соларға тәу етемін.
Қарағандының қара желінен
Шахтерлердің естимін күрсінісін,

Қарағандының қара дөңінен
Жанартаудың көремін сілкінісін.
* * *
Қарағанды торқалы топырағы,

Шомбал шойын шоқылары.
Атылмаған жанар таудай
Іштерінде белгілі оты бары.
От алып қара адырдан,

Жұлдызын жаңа жандырған.
Көмір тауымен,
Темір тауымен
Шығады қала алдыңнан.

* * *
Қайрат пен Қарағандыдан,
Оянды дала қалғыған.
Шахтердің шамын ұстаған

Шығады қала алдымнан.
Қарағанды адырға
Тартылған кемпірқосақтай.
Бөлейді қырды жалынға

Теміртау темір ошақтай.
* * *
Шірене аяғыңды басқаныңда
Сөйлейді Жезқазғанның тастары да.

Шуылдап жаз өзені толқығандай
Жерінің жеті қабат астарында.
Мұнда жұрт тыныстайды жез демімен,
Жез оты сезіледі сөздерінен.

Тарихтай таңбалы тас сыр шертеді
Адам Ата, Хауа Ана кездерінен.
* * *
Темірі бұл даланың

Жалындар жонда атылған.
Басына мұнараның
Жұлдыздар орнатылған.
Жазылған найзағаймен,

Адамның тағдырындай.
Жұлдызбен жайнайды әлем,
Жарқырап таңғы нұрдай.
* * *

Теміртауда жалыннан
Тұрды күмбез шатырлы.
Демін алып дауылдан,
Найзағайлар атылады.

Ғажап еді бұл неткен,
Жерге алтын шашылып,
Мұнараға тұр көктен
Кемпірқосақ асылып.

АЛЛАЖАР

Теміртаудың сен едің,
Темірдей бір жыршысы.
Болат жайлы өлеңнің
Болатынсың жыл құсы.

Байронды айтып үнемі,
Тамсанушы ең таңданып.
Елжіреп жан жүрегің,
Жүруші едің аударып.

Ұшып өлең көгінде,
Өтті солай күндерің,
Өмір алда дедің бе,
Өлім барын білмедің.

* * *
Теміртау жері
Батырдай ертедегі.
Теміртау көгі

Жалынмен өртенеді.
Ай кірмей шымылдыққа,
Қарайды сұлулыққа.
Болатшы оттай қолмен

Береді жылу жұртқа.
Жұлдыздар күмбезімен
Жайнайды түні оттай.
Теміртаудың бір өзінен

Асатын сұлу жоқтай.
* * *
Теміртаудың болаты -
Теміртаудың ол аты.

Жүрсе жерде - сауыты,
Ұшса көкте - қанаты.
Теміртауда - от теңіз,
Теміртауда - от аспан.

Темірменен теп тегіс
Төбелері тұтасқан.
Сарыарқаның кіндігі,
Жасыл аспан түндігі.

Теміртауда құйылған
Құрыштй ел бірлігі.
* * *
Бұл жерді жаулар таптаған,

Бұл жерді отқа қақтаған.
Темірді қалай сақтаған,
Көмірді қалай сақтаған?!
Баяғы өткен бабаның

Бойындағы жалыны
Иесі бұл даланың -
Болды ұлының қаруы.
* * *

Жатамын қалай жалынсыз,
Өзені оттың аққанда?
Жазамын өлең дамылсыз,
Жарқырап атқан ақ таңда.

Жалын мен жалын жатады
Теміртауда алысып.
Басталды жыр сапары,
Жалынмен бірге жарысып.

Найзағай жерде ойнайды,
Бишігін бұлтқа үйіріп.
Еркіме мені қоймайды,
Кеудеме оты құйылып.

* * *
Бір шықтым Теміртаудың жалынымен,
Бір шықтым таңның атқан жарығымен.
Жанымда діріл қақты темір оты,

Қанымның бірге ойнап тамырымен.
Теміртау қол жеткенше құрышыңа,
Көп жаттың көп жылдардың уысында.
Сен өзің дүниеге келмей жатып,

Ойнадың Амангелді қылышында.
Теміртау тебірене қаның қайнап,
Жаттың сен болашықтың жанын жайлап.
Теміртау, көкке жақын бір қаласың,

Ұшады деміңнен күн жалыны ойнап.
* * *
Бұлттарды отпен осып, қуа түріп,
Қояды анда-санда күн ақырып.

Мініп ап қара дауыл қанатынағ,
Айдынды сыпырады су атылып.
Жағада жалғыз өзі Қайым қалып,
Күн жауса қашқалы тұр дайындалып.

Қақ жарып Өара Ертісті мен келемін,
Секілді жота жонды жайын балық.
Ертістің батпағы да шипа лайы,
Толқыннан жанға жайлы күй тарайды.

Ол мені көбігімен жуындырып,
Арқамды ағысымен сипалайды.
* * *
1930 жыл.

Бірінші май.
Бірінші май.
Дүние тұнғышындай.
1930 жыл.

Ол өзі жұмысшыдай,
Ол жаңа өмір құрылысындай.
1930 жыл.
Оятты жерді кәрі ұйқыдан,

1930 жыл.
Локомотивтермен
Сөйледі Түркісіб тарихынан.
1930 жыл.

Май айында,
Атқан таң арайында
Ұқсап саусақ саласына,
Түркістан - Сібір жолы

Құрыш шеңбер тартты
Қазақтың даласына.
Зуласа теплавоздар маңдайында
Бара жатқандай түнде ұшып күн.

* * *
Көктеміндей Арқаның Арыс қысы,
Баяу аққан Бадамның таныс түсі.
Жүйрік аттың танауы желбеңдейді,

Машинамен келгендей жарысқысы.
Көміп өтіп Арыстың шаңға қырын,
Күш санасу ол үшін арман бүгін.
Қайдан білсін өзіне өлшеу етіп

Машинаның ат күшін алғандығын.
* * *
Тоғайға қалды қыс таяп,
Қабағына бұлт тұнған.

Еседі желдер ысқаяқ,
Ызғарымен ықтырған.
Кеікпей боран соғады,
Даладан іздеп мол азық.

Сағалайды қораны,
Қойлардың бойы тоңазып.
* * *
Орман-су - екі бірдей

Құшақтаған қос ырысты,
Молшылық кепіліндей
Торғайда Тосын үсті.
Сұр құмды сусымалы

Сүйеді күн бетімен.
Қазғанда су шығады
Бұрқырап бір метрден.
Жаз кетпей паналайды

Тосынның ой-ығына.
Мал төлдеп, балалайды
Жып-жылы қойынына.
Тосынның белдеуіне

Кіре алмай, қыс жұлқынған.
Қарасу көлдеріне
Айырылып құс жыртылған.
Ақырын сипап шашын

Таңғы жел алақаны,
Аршаның шипа ауасын
Аймаққа таратады.
Сарқылмас мол қайнары

Жастықтың белгісіндей.
Тосын құм Торғайдағы
Ғажайып жер үйсіндей.
Тосады, бара қалсаң,

Бал суын, асын адал.
Тоймайтын араласаң,
Тосын құм - жасыл арал.
* * *

Көтеріп қызғалдағын дала тудай,
Қамбардың жататын қыр қара атындай.
Жүзетін көк аспанға ақша бұлттар
Жеп жеңіл көгілдірдің қанатындай.

Жалтылдап жаңбыр жауса күміс жоны,
Кең дала көсілетін ырыс толы.
Ақ бұлақ атылатын ағызғандай
Шойынды болатшының құрыс қолы.

Тоғайдың торғвн буы бетін көміп,
Ырғызға тіреліп бір шеті келіп,
Жамылып жасыл шырша аршаларды,
Тұратын Тосын тоты секілденіп.

Сағымға торғын тоғай жуынады,
Жолаушы саясында тынығады.
Оймақтай ойдым ойдым қара сулар
Жалтырап күнде айдай құбылады.

Жиделер найзалардай шаншылады,
Желменен желбірейді тал шынары.
Қаз, үйрек дүр етеді көл бетінен,
Қиядан көзі шалса қаршығаны.

Көктемде көз тұнады аршасына,
Жетеді иісі аң-құс баршасына.
Қанша мың жаралғалы жыл өтсе де,
Тосынның түскен емес қар шашына.

Тосынның қойны шаңнан мұнарланып,
Жатады талма түсте шұбарланып.
Көк жонды қоян шығып кеуегінен,
Жортады қызыл түлкі бұлаң қағып.

Тосынның пәк жүрегін жара қылмай,
Мәңгіге сақтап көздің жанарындай,
Жарайды жеткізе алсақ ұрпақтарға,
Тап таза табиғаттың аралындай.

* * *
Қостанай - бұл кәрі жер
Қойны қонышы бәрі жел.
Сол желінің өзі де

Денсаулыққа дәрігер.
Аққан таппай бір тыным,
Толқын атып Тобылы.
Үйіріндей жылқының

Орманының шоғыры.
Қостанайдың даласы -
Алтын бидай теңізі.
Рудный қаласы

Қостанайдың егізі.
Жетілдім мен десем де,
Сені талай іздедім.
Қалды талай көшеңде

Шаңды үйірген іздерім.
Өзіңменен тоғысқан
Бар тағдырым - жан сырым.
Келгенімде соғыстан,

Шинелліммен қаусырдым.
Поэзия асқарын
Бетке ұстаттың үміт қып.
Өз қойныңда бастадым

Жырларымды жігіттік.
Сонау жастық кезімнің
Мекенісің саялы.
Ақыныңмын өзіңнің

Алшаң басқан баяғы.
Қалдым талай боранда,
Көрдім талай шат күнді.
Айғақ болып соларға,

Қара шашқа ақ кірді.
Маңдайда әжім жолдары
Майдандардың шебіндей.
Сен жас болсаң - болғаны

Қартаймайтын өмірдей.
* * *
Қарағай иісі тарылған тынысты ашып,
Көл бетіне күн жүрген күміс шашып.

Наурызымда жатады көк пенен жер
Бір анадан туғандай туыстасып.
Жасап жомарт табиғат ана билік,
Науырызыма тартқандай дара сыйлық.

Үйге кіріп жүреді көптігінен
Қара көзі көмірдей қарақұйрық.
Көз тұнады Наурызым орманына,
Жосылада аң жөңкіліп жондарынан.

Күзде аумай аққулар қыстап қалып,
Дәм татады сәбидің қолдарынан.
Аспан төніп көліне шатырындай,
Жүзеді ақ қаз, үйректер ақырын, жай.

Жасыл құрақ, құба тал, қалың қоға
Көлді айнала қоршайды жақынындай.
Желді күні толқынмен жарға асылған
Құстар салған жатады жалғасып ән.

Қорықшылар ертеде кеткен құсты
Өзі салған таниды таңбасынан.
Қызыл ерні құлпырған қырмызыдай,
Гүлдер сәнді, сәулелі күн қызындай.

Қостанайдың Наурызым қойнауында
Жарық шашып жатқан бір жұлдызындай.
Құс құйылып көктемде көл басына,
Айналады тірліктің ордасына.

Аң мен құсты дүрбімен қарап тұрған
Қорықшылар ұқсайды қолбасыға.
* * *
Әлемге аты әйгілі,

Арқалық бүгін қала аты.
Жерінің кең байлығы,
Самолеттердің қанаты.
Өткізеді ол тынбай

Жұмыспенен әр күнін.
Тоғысып көп ұлт толқындай,
Тапсырған оған тағдырын.
Лай емес, жатқандай

Топырағынан торта ағып.
Даланың демін баққандай,
Арқалық - жаға орталық.
Бұқыраған бұла күш

Тұр білініп түсінен.
Көрем жойқын бір ағыс
Көшелердің ішінен.
Төгіп жатыр жыр бұлбұл,

Келеді көктем - жасыл май.
Әрбір қолда бір бір гүл,
Тартқан соған шашудай.
* * *

Қазанбасы орманы
Таласады көкпенен.
Тобыл - Торғай жолдары
Соқпай оған өтпеген.

Аң мен құстың мекені -
Қарағай тұр қаздиып.
Қарағайға өтеді
Ақ жаңбырын жаз құйып.

Қарағайдың реңінен
Болмайды еш өзгертіп.
Өзі ертегі, жыр елі,
Айта алмайтын сөз жетіп.

Табиғаттың осында
Ашылады бар көркі.
Шипалы көл қасында
Айығады жан дерті.

Қазанбаса даласы
Толқытады мені кіл.
Басығарға баласы
Қанапия жері бұл.

ОРТА АЗИЯ

1

Орта Азия –
Отта піскен сұрғылт күн,
Орта Азия –
Орғыл орғыл,

Жым жырт құм.
Орта Азия
Асуынан аса алмай,
Керуен шұбап,

Өлді талай құзында.
Орта Азия –
Өзі тұтас бір өлең,
Ұйқастарын болмайтұғын бұзуға.

2

Орта Азия –
Оттай жалқын
Күндерді.
Орта Азия –

Судай салқын
Түндері.
Орта Азия –
Ойдым ойдым ормандар,

Орта Азия –
Шұрық тесік қорғандар.
Орта Азия –
Мұнаралар бояуы,

Көне күннің
Сойыл діңгек сояуы.
Мұнарада
Ханды тосып

Тақ тұрған.
Мұнарадан
Құлды қыштай
Шыңырауға лақтырған.

Мұнаралар - көп құлдардың
Көлеңкесі, сүлдесі.
Мұнаралар - көп құлдардың
Қатып қалған мүрдесі.

Тәңірңне -
Теміріне
Қол жайып,
Орта Азия сары құмдай

Жетті бізге сарғайып.
Түнеріп өтті күндер
Түрікпеннің үстінен,
Өзбектерде кепті гүлдер

Секілді ескі тұс кілем.
Жанбады еш жұлдыздары
Алыстағы аз ұлттың.
Қыры кетіп қырғыздардың,

Сағы сынды тәжіктің.
Көзден бүркеп жоталарды,
Жапты қара жалпақ түн.
Қалды боздап боталары

Қырда қарақалпақтың.
Өмірден алмай сыбағасын,
Өтті олардың жылдары.
Аузын ашты арыстандай

Ажал мұнарасы,
Ажал зыңданы.
Қара кебін -
Қара топырақ

Бауырына басты да,
Қаншама жұрт түсті барып
Қара жердің астына.
Мұнаралар,

Мұнаралар.
Көшті құмдар,
Ақты сулар,
Жыл ауысты жылдармен.

Жасарды аспан,
Жаңарды жер
Жаңа отты жырлармен.

3

Орта Азия
Омырауында
Мәнгі сөнбес оты бар.
Жаңа атқан таң нұрымен,

Салюттің жасыл жаңбырымен
Тарихы оның оқылар.
Орта Азия –
Жер жаппалы,

Күркелі...
Болды қазір
Азат, еркін
Республикалар үркері.

Түйе жолдар
Шолде шаңды боратқан
Айқыш-ұйқыш
Шеңбер тартты болаттан.

Зындандардан
Алынады кен тастары.
Ракетамен
Сызылады көк аспаны.

Жапран дүзде
Жасыл теңіз жасалады.
Сол теңіздің толқынындай
Көктеп егін бас алды.

Орта Азия -
Құшағы гүл,
Күні аппақ.
Алпыс жылдың

Өр қиясын
Еркін басып,
Тұр аттап.
Орта Азия -

Ақ пейілді,
Жаны абат!
Өз күніңдей,
Өз гүліңдей,

Өз суыңдай,
Өз нуыңдай
Сау болып тұр саламат!
* * *

Күн күйдірген кер төбе,
Тас та бұнда қайнаған.
Жазалыны ертеде
Осы өңірге айдаған.

Ең шеткі жер түбі деп
Кушканы ел санаған.
Қуырып тас құмын от,
Жалын тілі жалмаған.

Кушка жері ежелгі
Дем ала алмай қысылған.
Аңызақ жел өзенді
Бу қып көкке ұшырған.

Ел бір кезде жасаған
Жайлау алып ереуіл.
Қайта туып, жасарған
Кушкадағы көне өмір.

Ереуілші ұлдары
Дөңде жатыр дем алып.
Ескерткішке қырдағы
Еңкейеді ел барып.

ЖАЛАЛАБАД АҢЫЗДАРЫ

1

Қатпар-қатпар тауды асып,
Бейбіт елмен жауласып,
Жеткен мұнда Шыңғысхан,
Екі көзін қан басып.

Қанға тоймай күндіз-түн,
Дүрілдеген долы хан.
Жалаләддин Шыңғыстың
Жазым болған қолынан.

Содан осы өлкені
Жалалабад атаған.
Басқа абызды шертеді,
Сұрасаң кей атадан.

Жалаләддин есімді
Дәрігер бопты бұл жерде.
Тапқан талай шешімді
Қиын-қыстау күндерде.

* * *
Жоқ кезінде бұл қала
Болған сусыз тұл дала.
Атырабын жайлаған

Безгек, сүзек құл ғана
Теңселтіп жер, аспанды,
Бір күн құрылыс басталды.
Жол үстіне төседі

Таудан әкеп тастарды.
Күші жаңа заманның,
Күші жаңа адамның
Қала салып, қойды атын

Жаңа туған Жалалдың.
* * *
Жалалабад ажары -
Жасыл жайма базары.

Орта Азия ішінде
Ондай базар аз әлі.
Алма жаңа үзілген
Жанып тұрған от нағыз.

Тоқтылардай тізілген
Сары қауын, көк қарбыз.
Қызыл моншақ - қызыл дән
Уызындай анардың.

Шоқ жұлдыздай жүзім дән
Жауын алған жанардың.
Шабдалылар тым ірі,
Сыртқа тапкен шырыны.

Бал татиды бармақтай
Жаңғақтардың ұрығы.
Жаралғандай аңыздан
Бар жемісі жайманың.

Кетпейтіндей ауыздан
Дәмі тәтті айваның.
Еңсеге кеп енгендей
Таудың шипа шөптері.

Көшіп мұнда келгендей
Жердің жеміс көктері.
Алуан - иіс алуан нұр,
Алуан жеміс - алуан гүл.

Жұмақ жұмақ болғанмен,
Жұмаққа да арман бұл.
Елді тегін емдеген,
Ажалға адам бермеген.

Ақылымен тентекті
Тезге салып жөндеген.
Содан осы үлкені
Жалалабад атанған.

Басқа аңызды шертеді,
Сұрасаң кей атадан.
Бай жаламен қудырып,
Тастап шыққан отанын,

Жалал деген құл жігіт
Сүіпті бек тоқалын.
Арада өсек жүріпті,
Бек болыпты күдікті.

Өлтіруге ойлапты
Дарға асып жігітті.
Жетіп оған бұл хабар
Тауып түнде бір амал,

Осы араға тоқтапты,
Көп күн жүріп құл Жалал.
Содан осы өлкені
Жалалабад атаған.

Шындық күйін шертеді,
Сұрасам бір атадан.
* * *
Қалдырып артта мені, еркем,

Аттанасың сен ертең.
Алқынға алған деміңмен
Кетердей еріп көленкем.
Күндей бір оты қызулы

Балқытты жанды жанарың.
Көрермін қашан жүзіңді,
Жолыңа күнде қарармын.
Жолығамыз тек жылында,

Жер шалғай ара тым алыс.
Ал күнде көріп тұруға
Суретің болар жұбаныш.
Екеуміз екі жағында

Жатырмыз жалпақ бір таудың.
Жиі ұшып саған баруға
Қанаты керек сұңқардың.
Дақ салмай серт пен сенімге,

Мыңғыртып мың сан мал басын,
Екеуміз екі өңірде
Күйттейміз елдің шаруасын.
Екеуміз шопан тойында

Ұшырасармыз жылда бір.
Қосылу менің ойымда
Жайқалған шақта қырда гүл.
* * *

Серпіп ашып көңіл көгін,
Желпіп өтті сенің желің.
Жалалабад, жақсы мекен,
Бүгін сенің төріңдемін!

Кездескенде асулардың
Қаралы жонын басып өттім.
Ақ жүзіндей асыл жарды
Мені өзіңе ғашық еттің.

Түстік көктен көбелек боп,
Жүгірді ай кеп дедектеп.
Құшағына қысты мені,
Жасыл жазды жер өбектеп.

Серпіп ашып көңіл көгін,
Желпіп өтті сенің желің.
Жалалабад, жақсы мекен,
Бүгін сенің төріңдемін.

ЦЕРЕТЕЛИ

Әулие тау басында
Жатырсың сен мәңгілік.
Қабірінің қасында
Суликоны қалдырып.

Құлпытасқа жас тамған
Ақ жаңбырдай тамшылап.
Түседі ақ аспаннан
Ала қанат қар шұбап.

Түнде шырақ жағады
Рухыңды ел елеп.
Сүртеді тас моланы
Қанатымен көбелек.

Іздеп келдім алыстан,
Күмбезіңді көргелі,
Сен арқылы танысқан
Суликоны көргелі.

Кура - аты шулы өлке,
Тасқыны оның - ел күші.
Мәңгі өлмейтін Сулико -
Махаббаттың белгісі.

Келеді өлмей асыл ән
Махаббаттай мәңгілік,
Әулие тау басынан
Жүректерді жандырып.

* * *
Ереванның қақ төрінде
Матенадаран тұр мұнарасы.
Жаңа орнын тапты өмірде

Ғасырлардың тұрғыласы.
Жайпаса да жау ұрынып,
Айрылмайды жұрт тілінен.
Сөйледі ол жаңғырығып,

Ғасырлардың түкпірінен.
Қолжазбалар қанды кешіп,
Өткен тағдыр өткелінен.
Көрінеді тарих көші

Сарғыш тартқан беттерінен.
* * *
Мен Еділде келем жүзіп,
Ертеменен оянып,

Тоқындардан өлең тізіп,
Ормандардан ой алып.
Кейде ағында шалқалаймын,
Қолымменен суды есіп.

Жалпақ жерде шалқар айдын,
Келеді оны күн кешіп.
* * *
Аю тау көктен сұғына қарап тұр суға,

Ақша бұлт жауып ақ орамал жүр шыңға.
Жотаны ат қып, тастардан қалқан көтерген,
Тау емес ол батырлардай дұрысында.
Төменде теңіз көбігін атып арындап,

Тастарда шықтан ұшқынын шашқан жалындап,
Алақаныңа құйылғандай, қолға алсаң,
Көк шөптерден күрпілдеп сүт сауылдап,
Теңіздің түсі көгілдір әрі қара көк,

Тауларды бұзып орналасқандай жаңа кеп.
Дауыл күні ала құйыны ұйытқыған
Атсаң да болар азынап тұрған дала деп.
Теңіз бір жатқан жеткізбейтін көкжиек,

Ернеуіне тұрғандай артып жер иік.
Текше текше ескерткіштердей тастарды
Орнатқандай иығын төсеп, жел сүйеп.
* * *

Күңіреніп жердің күйі ылғи,
Бос жатыр еді кеше жер.
Тосінде толып биік үй,
Созылған ұзақ көшелер.

Әйнектердің алдында
Көгершіндер қонақтап,
Көшедей шұбап тау, қыр да,
Жалтырайды жоны аппақ.

Қаланы кеткен ну басып,
Жоқ еді ағаш ат байлар.
Гүлдерді сипап су шашып,
Көшені кезген ақ қайнар.

Тастарды, дөңді көшіріп,
Дүниеге келген жақында.
Көше тұр батыр есімі,
Көше тұр ақын атында.

Көшенің нұрлы көздері,
Көшенің сырлы сөздері
Алыста жүрсем шақырып,
Алады тартып тез мені.

Көшелер менің көп үйлі
Ауылым болды аралар.
Балама жаны барабар
Жақыным болды қалалар.

* * *
Жолшылар жүр тыным алмай,
Күнде алысып құз желімен.
Тауда өскен бұғылардай

Салып соқпақ іздерімен.
Қыран жүрген ұя салып
Шығып шыңның төбесіне,
Жартастарды қия шауып,

Жол ашады келесіге.
* * *
Көресің кей адамды
Түн секілді қараңғы.

Жүреді ылғи туғызып
Басыңа ақыр заманды.
Көресің кей адамды -
Жұлдызға жол салады,

Күн секілді жанарлы,
Таң қалдырып ғаламды.
* * *
Тірлік үшін таппай бір тыныш тағат,

Күшін жиып, көктейді күрішті аралап.
Шомылады шыққан күн шапағына
Қия мұртты қылаудай күміс сабақ.
Күріштікті көп кешкен суы лайлы,

Тыныш ұйықтап өтпеген түні жайлы,
Иығына кетпенін асып алған
Көргендеймін сол бір сәт Ыбырайды.
* * *

Біржан мінді сал күрең,
Ақан мінді құлагер.
Бүгін атсыз қалдым мен,
Ұрпақ едім мұрагер.

Шақырады кең дала,
Таба алмайиын мен тағат.
Берші бір ат, ел, жаға,
Толқын жалды, жел қанат.

Өзі боп таң желінің,
Қанатымды қағайын.
Көзі боп сал серінің,
Жаңа атымен шабайын.

* * *
Машина қалды айдалада
Батпаққа батыпп,
Доңғалақтары айналмай.

Бір қарап айналаға,
Жалғыз аяқ жолға түстік,
Жаңбырлы күнде
Жатамыз қалай жайдан-жай?

Жол өнбеді,
Тоқталды толассыз жауған жауын да.
Малмандай болып,
Іліктік келіп

Ақыры бір ауылға.
Бейтаныс қыз,
Сәл қылымсып,
Жайды төрге көрпені,

Біздерді іздеп,
Жел ызғырық
Терезені шертеді.
Мұғалім екен

Осы ауылға
Жаңадан келген әлгі қыз.
Өлең жайлы,
Өнер жайлы

Көп айтысып,
Ұйықтамай түнде,
Атырдық көзден таңды біз.
Таңның ақ атына,

Мінгізіп қиял қанатына,
Тербеді ойлар бесігі.
Артынан білдім,
Әдебиет екен

Со бір қыздың есімі.
Көп жылдар өтті,
Сонан соң оны көрмедім.
Білмеді бірақ

Со бір түнде
Ақын екенімді
Ол менің.
* * *

Өмірдің кәусарындай
Бір жұтым суың маған.
Аңсаған аңсарымдай
Жалғыз тал гүлің маған.

Бір бүтін дала маған,
Бір шымшым топырағың.
Көрінер баба маған
Жантайған шоқыларың.

* * *
Күн қабағы ашулы,
Ауа райы бұлыңғыр.
Аспан отты жасынды

Ойнатардай бүгін бір.
Дамылдамай дауыл тұр,
Құмды ұйытқып сапырып.
Жауатындай жауын бір

Шөлді суға батырып.
Суырарда семсерін
Аспан бір кез ақырар.
Қандырарда жер шөлін

Елге дәмін татырар.
* * *
Айнала аптап, тымырсық,
Түскендей жерге күн ыршып.

Аңызаққа шыдамай,
Жатқандай жер ыңырсып.
Әкелуге жерге айдап,
Көктегі бұлтқа ие жоқ.

Көкірекке шер қайнап,
Жанды жейді күйе боп.
* * *
Сая жоқ жан паналар,

Ауа ыстық, қапырық.
Ысқырады балалар,
Ышқынып жел шақырып.
Шөп буыны қатпаған,

Тұр тынысы тарылып.
Жер тамшы су татпаған,
Кететіндей жарылып.
Көрінбейді қара көк

Бұлдыр маса бұлтынан.
Түтіндетіп жанады от,
Жамылады түн тұман.
Маса келіп жетеді

Бомбовоздай ызыңдап.
Зуылдатып өтеді,
Шаққан жері дызылдатып.
Біздей істік тұмсығы

Тұла бойды жара ғып,
Қанғанынша сусыны,
Тұрады тік қадалып.
Жеңе алсам да жеңіліп,

Көнем оның ырқына.
Тұрады ыстық көрініп
Енді маса бұлты да.
* * *

Бүктетіліп сары құм,
Жаза алмай бір жауырын,
Күндіз түні күтеді
Көктің нөсер жауынын.

Жаңбыр егер жауса бір,
Қаулап өсіп қау шығар,
Құмның үсті құлпырып,
Ашар еді арша гүл.

* * *
Жиі жиі жалтылдап
Аспан шашты ақ нұрларды.
Балапандай жасыл жапырақ

Жұтады жаңбырларды.
Тыныстаған жаңбыр ауасынан,
Жайбарақат үнсіз алап.
Бұлттардың арасынан

Қарайды күн сығалап.
* * *
Кемпіқосақ керіліп,
Тұрды үстінде қаланың.

Сәуледен өрнек өріліп,
Үйірді көз жанарын.
Салют ойнап сол шақта,
Аспан толды моншаққа.

Қадаоып жатты медальдай
Сол моншақ кемпірқосаққа.
* * *
Кәрі жер қайта жасарды,

Арылып қысқы бораннан.
Табиғат қызтайт жасаулы,
Үлде мен бүлде оранған.
Күн көзіне ентелеп,

Таратып бойға жылуын,
Гүл самалға еркелеп,
Тарқатады бұрымын.
Табылған жанның дауысы

Тап-таза мөлдір көктемде.
Дала иісі,
Аспан ауасы
Тұр тұнып жасыл шөптерге.

* * *
Жасыл бұлттай орман тұр,
Тауды орап етекте.
Көкек айы толған бір

Айдары алтын көкекке.
Таңда оятып мені ерте,
Шақырады сері ерке.
Құшағына қысады

Көгілдір түс көлеңке.
Бұтаққа ұшып секетеп,
Көкек «көкек көкек» деп,
Махаббатқа бастайды,

Мені орманға жетектеп.
* * *
Бір мезгілде серпілді
Ауыр ауа - қапырық.

Күн күркіреп, жел тұрды,
Қалың бұлтты сапырып.
Қайта-қайта жарқылдап,
От шашады көк семсер.

Қала қалды салқындап,
Құйып өтті көктен сел.
Аппақ нұрдай ауаны
Көк орманға тұндырып,

Табиғат дем алады,
Бір шаруасын тындырып.
* * *
Аспанынан ақырын күн зулайды,

Күннің енді көк емес, жер мекені.
Ақшам түйісіп айнала бұлдырайды,
Күндіз теңіз төсінде тербетеді.
Ай шығады аспанға қарауылға,

Көк төсіне қылыштай шаншылады.
Тамылжиды ол да еріп, таң алдында
Көлге түсіп жатады тамшылары.
* * *

Қашан көрсең көкпеңбек
Қарағайдың кекілі.
Қыстың әлі жеткен жоқ,
Жүрмеді оған өкімі.

Аумаған бір қалпынан
Жастық шақтың өкілі.
Секілді ол тартылған
Болашақтың көпірі.

* * *
Қызыл шырша оранып құз бөктерді,
Қыс жақындап, барады күз өткелі.
Қарағайлар қаздиып сапқа тұрған

Сұр шинельді солдаттай күзеттегі.
Сары жапырақ - сары алтын желмен ұшшып,
Жапырлайды құстардай көлге түсіп.
Жомарт күздің миуалы жемістерін

Алып жатар жағалай ел бөлісіп.
* * *
Түн ішінде мен тұрып,
Құлаш ұрдым Ілеге.

Жел айдаған жөңкіліп,
Көшті бұлттар үдере.
Іле суы жып -жылы,
Суымаған түнде де.

Таудың тақап тұр шыңы,
Қарауылдай іргеде.
Кейде аунап шалқалап,
Еркелеймін ағысқа.

Іле мені арқалап,
Барады алып алысқа.
* * *
Таластың белі талмайды,

Жолаушымен тау асып.
Көбікті көзін алмайды,
Қалардай одан адасып.
Кіп кішкентай болса да,

Қойтастарын лақтырып,
Өзіңе Талас жол салған,
Қайқаңдарды қақ тіліп.
Суы шырын балқайнар,

Шапқылайды шат күліп.
Талабы оның таудай бар,
Кеудесінде тәтті үміт.
* * *

Айналайын Алматым,
Айналайын немерем,
Сен ыстықсың жанға тым,
Сеніменен көгерем.

Мейлі ұйқы көрмейін,
Бесігіңдң тербейін.
Қызығыңды көрермін,
Аман болсам, мен кейін.

Мен өзіңді, бөбегім,
Жақсы көрем жаныммен.
Саған дайын өлеңім,
Әлдилеймін әніммен.

Менің айтар сөзімсің,
Менің көрер көзімсің.
Ақбоз ат пен көкбоз ат
Жылы туған өзіңсің.

Арғымақ жыл туған соң,
Жүлде берей өтерсің.
Енді біраз жылдан соң,
Еліңе еңбек етерсің.

Әлди-әлди, құлыным,
Әлди-әлди, інкәрім,
Менің ұзақ ғұмырым,
Менің сәби ұрпағым.

* * *
Тау мен тас жолын тосты аңдып,
Тастаймыз деп арқандап.
Іздеп ол тынбай бостандық,

Жол тарттық бәрін талқандап.
Төсіне жайып төрт түлік,
Жағасын жасыл жайлау ғып,
Бидайға жанды бөктіріп,

Далаға ол ырыс - жайған құт.
Аспан ашық, көқпеңбек,
Қызғалдақ гүлдер қыр, ойы.
Қыстада мәңгі көктем боп

Тұрды сұлу шу бойы.
* * *
Едің бір кез жас шыбық,
Елуге кепсің, Жақсылық.

Құшырлана сүйемін,
Құшағыма қапсырып.
Қудығ өне шіркінді,
Кенекеңнен бата алып.

Қойдың бір кез мұртыңды,
Бала Сәкен атанып.
Әндеріңе сүйініп,
Өнеріңді құп алдық.

Жатқан еркін құйылып
Өлеңіңе қуандық.
Өлең - қамал қат қабат,
Тартпасын жан жабырқау.

Шығар сені арқалап
Шыңдарына Жамыл тау.
* * *
Келе ме екен Тоқтасын,

Көрер ме екен от басын?
Білмей дал боп отырмын
Соғарын да соқпасын.
Соқпаса да амал жоқ,

Тоқтасыннан хабар жоқ.
Қарап оның жолына,
Мен отырмын алаң боп.
* * *

Толып жатқан мемлекеттен бәйге алып,
Қажымұқан келді елге айналып.
Қараөткелде қымызшы қарт үйінде
Демін алып жатты түсте жайланып.

Кіріп келді адуындай бір кісі,
Арыстандай тым айбынды түр-түсті.
Қажымұқанға мен мендікпен қарады,
Кім екенін келмей тіпті білгісі.

- Төбелестен көп жарылған төбесі,

Мынауыңның шомбал екен денесі.
Неде болса күресемін осымен,
Сен боласың екеумізге төреші.
Тысқа шықты сөзге келмей екеуі,

Қажымұқанның бар көңілінде секемі.
Белді бүрген мығым молақ қолынан
Білінді оның Балуан Шолақ екені.
Екеуін де қайрат кернеп, күш тасып,

Бір бірінен айлалары түсті асып.
Бірін бірі танып сосын, күреспей,
Адал көңіл дос болыпты құшақтасып.
Екеуіде тау секілді мықты адам,

Бірін-бірі жыға алсада жықпаған.
Екеуі де бірін бірі сыйлаған,
Кісілікпен күшті әулие тұтпаған.
Екеуін де ел үкілеп баптаған,

Екеуін де ел сүйсініп мақтаған.
Бірін-бірі жықпай, аға, іні боп,
Олар солай ел дәстүрін сақтаған.
* * *

Жаралған жаз бұлтынан
Қызғалдақтар құлпырған.
Жәй әшейін ұмтылам,
Қызығамын сыртынан.

Қызғалдақпен араны
Бүркеді бұлт жатып ап.
Өткенді еске салады
Жаз бейнелі жапырақ.

* * *
Қыстың қары кетті еріп
Құс қанаты лебінен.
Ерке лағын ертті елік

Өміріне теліген.
Лағын жайды ол етекке,
Қалың киік отына.
Содан кейін жетектеп,

Алып шықты шоқыға.
Кішкентай лақ монтаны,
Қымбат ана мүскінге,
Шырқырайды жан тәні

Жалғызының үстінде.
* * *
Адам, босқа шатылмай,
Табиғатқа басыңды іи.

Аспаны көк шатырдай
Табиғат - бір жасыл үй.
Ол бір тұрған сұлулық
Жел қолымен өрілген.

Орманы - көк шымылдық
Желбіршегі төгілген.
Торламасын көзін мұң,
Еркін жүрсін елігі.

Өміріңдей өзіңнің
Құстарының өмірі.
Айтар еді арызын,
Әттең ғана тілі жоқ.

Сақтау оны - парызың,
Онсыз адам күнім жоқ.
* * *
Күн қанаты лебінен

Жапырақ тұр дірілдеп.
Желдің алған демінен
Көл сөйлейді күбірлеп.
Жанарға нұр жиналып,

Жазылады арқа бір.
Жаз қуаты құйылып,
Шымырлайды қан тамыр.
* * *

Жатыр көбік сапырған,
Шалқар теңіз - салқын су.
Толқындардай атылған
Таппайды бір жан тыншу.

Толқын жарға ұрады,
Көбік шашып тозаңдай.
Жалғыз жартас тұрады
Көк теңізден көз алмай.

Теңіз оны жағаға
Тастағандай ноқталап.
Толқындардан көк ала.
Тұрғандай ол жоқ қарап.

* * *
Қанша бізде жанартау
Жатқан мүлгіп тым тырыс.
Жанартауды жаңартар

Керек бізге сілкініс.
Жел қойнында толқын бар,
Толқын еркін ойнасын.
Бұлт қойнында жасын бар,

Жарқылдасын, жайнасын.
Сілкінеді санамыз,
Алмаймыз біз бір күн дем.
Жер қазынасын аламыз

Шаңын қағып сілкумен.
* * *
Құйды көктем жаңбыры,
Түйін салды тал бүрі.

Түйір-түйір жаңбырдай
Түйме көзді тау гүлі.
Қарағайлар қарттардай
Бірін-бірі жетелеп,

Тауға тура тартқандай
Жолсыз жолмен төтелеп.
Желдер жүйткіп еседі,
Ештеңе де жоқ ісі.

Бұлттар ұйтқып көшеді,
Тар болғандай қонысы.
Көктем көші басталған
Қозғалыста табиғат.

Нұр жауады аспаннан,
Су ағады сарылдап.
* * *
Жел ақырын соғады,

Гүлдер жапқан қыр үстін.
Гүл үстіне қонады
Көбелектей күміс күн.
Құшағына күн еніп,

Барады енді гүл еріп.
Сағымдардың ішінде
Аң таң болып тұр елік.
* * *

Бабаның аңсап күткен жаңа ұрпағы
Жапанды қайта өзгертіп,жаңғыртады.
Солардың арманындай жалын атып
Жатады күндіз-түні Жауыр тауы.

Жауыр тау шалынбайды көзге демде,
Сөйлейді Теміртау боп сөз бергенге.
Тұрады қызыл ала таң секілді
Жалынын бөліп беріп өзгелерге.

* * *
Тұрады бұғы ала теңбіл,
Қап-қара көз-қара көмір,
Қайнап бұлттан шыққан күндей

Қара көзде жанады өмір.
Таудың тағы жетімегі,
Ерте айрылған енесінен.
Қашпақ болып секіреді,

Шықпай туған жері есінен.
Сыймай еркін бойға күші,
Іздейтіндей маң даланы.
Келіп бірге ойнағысы,

Тек балаға алданады.
* * *
Айдын көл ұқсап жатқан шарайнаға,
Селеулер селдіреген сай айнала.

Содан соң бұдыры жоқ, бұтасы жоқ
Алдыңнан ашылады айдай дала.
Сол дала көкжиекке созылады,
Шетіне жете алмайды көз қырағы.

Содан сон киіз үйлер кездеседі
Ойнаған іргесінде қозы-лағы.
Келгендей көріп қиыр жер шегінен,
Қуанып көріседі ел сенімен.

Тигенде жеңешеңнін саусақ ұшы,
Сиырдың сүт саулайды емшегінен.
Кеудеде құмарлықтың оты жанып,
Шыдатпай жөнеледі шоқыға алып.

Төңкеріп екі көзін тостағандай,
Қарайды ауыл аты оқыранып.
Келеме әкеткісі сонау қырға,
Жатыр ма жарыс күтіп жол алдында?

Тұлпарды таң атырып, қозы лақпен
Ойнайсың сол ауылда бала болып.
* * *
Шайқалмаған таңғы тұнық,

Тек сәуленің шаңы ұшқандай.
Қарағайлар тауға ұмтылып
Балтыр түріп жарысқандай.
Келеді көктем емін еркін

Ту көтеріп гүліменен.
Сүйеді аспан жердің бетін
Күннің ыстық тіліменен.
* * *

Көктемнің уылжыған уыз күні,
Даланың бұрқырайды қымыздығы.
Ағады есіліп бір ерке бұлақ,
Сылдыры бейне сырлы сыбызғы үні.

Жырлайма көп жыл тартақан азап, мұңын,
Бұлақтың кім ұғады ғажап тілін?
Талқандап тауды, тасты бұзып шыққан
Айта ма әнге қосып азаттығын?!

* * *
Бұлақ ойнап шығады шың түбінен,
Жас сорғалап ағады кірпігінен.
Көрінеді сол жасы тамшы болып

Шешек жарған бұтақтың бүртігінен.
* * *
Бұлт көзі мөлдіреп,
Жаңбыр боп құйып тұр.

Көк пен жер елжіреп,
Бір-бірін сүйіп тұр.
Аспан, жер өзара
Жаңбырдың тілімен,

Бұлт бүркеп бозбала,
Сөйлесті түнімен.
* * *
У шу өзен бойы әлі,

Билейдіжас тал қыздай.
Бұлтты шалған бояуы,
Күн қып-қызыл қарбыздай.
Қызыл іңір шапағын

Сіміреді қыр жұтып.
Күн аяқтап сапарын,
Тұр әлемді мүлгітіп.
* * *

Көк теңізбен табысты күн,
Тыны қалды ұйып толқын.
Шаттықпенен қуанышты мұң,
Бірін-бірі сүйіп сол күн.

Теңіз беті қызғылт тартып,
Шыдай алмай күн деміне,
Жатты бойы қызып, балқып,
Оны өзі білмеді де.

* * *
Күннің күміс көлінде
Көкше бұлттар тырналардай жүзеді.
Барады көшіп оңтүстік жеріне,

Қопарылып күз елі.
Барады күз алтын астық артып ап,
Күнге пісіп, жігер-күші толыққан.
Сары жапырақ сары алтындай жарқырап,

Жерді сары толқындарға тоғытқан.
Алмалардай албыратып тәтті үміт,
Ойға батқан тыныш бақ.
Жер тұрғандай ауыр жүгін лақтырып,

Тереңнен бір демін алып, тыныстап.
* * *
Қыранның қанатының тиіп лебі,
Шыңдарға шақырады биіктегі.

Қиялды еліктіріп жетелейді
Жұлдыздай аққан дала киіктері.
Көк жасыл жапырақты көктем киіп,
Әр менен әл алады шөптен жиып.

Бұлт қаптап, жай атылып, тау мұнартып,
Көк жаңбыр сатырлайды көктен құйып.
Көк тамшы жүгіреді тамыр бойлап,
Қапсағай қарағайдың қанында ойнап.

Жарқ еткен найзағайдың оттарынан
Жанымды жатқандай бір жалын жайллап.
* * *
Қарайды таудың төбесінен

Күн шаншыла.
Бүкіл алып денесімен
Сияды күн бір тамшыға.
Ал қауызы бір дәннің

Жер, Су,

Күннің
Сыйғызып тұр бәрін.
* * *
Жауып бұлттың шудасы,

Бұлдыраған шың басы.
Жоқ шағала сырласы,
Жатыр жым-жырт су басы.
Қара жер де сұстанып,

Тұр үндемей тіс жарып.
Сол бір сәтте аспаннан
Ақ найзағай түсті ағып.
Көктің отын жұлып ап,

Түсті жасын зымырап.
Күн күркірей жөнелді,
Сөгілді бұлт ыдырап.
Бұлтпен тұрған ұстасып,

Күннің күші түсті асып.
Кемпірқосақ ойнады,
Көкжиекпен ұштасып.
Бар бөгетке бас ұрмай,

Көктен түскен жасындай,
Жан дүниемде бір діріл
Тұрды менің басылмай.
* * *

Алдымдағы қағаздар дайындалған
Қарағай мен шыршадан, қайыңдардан.
Кереге көз кестелер бетіндегі
Үйретеді жазудың жайын маған.

Таң біліне жүзіне қан жүгіріп,
Олар кеше тұроатын сан құбылып.
Жаңбыр жауса жасарып қалатұғын,
Сергіп бойы, жүзінен шаң жуылып.

Өздеріндей тап-таза ауа болып,
Сырқаттарға шипалы дауа болып
Жесе өлең жарады оқушыға,
Сендер өсіп, гүлденген дала болып.

Күміс көбік сендерге шашқан бұлақ
Селге айналып, көзімді жасқа бұлап,
Толқындары алдымда тоғытылып,
Күні бойы жатқандай дастан құрап.

* * *
Күн құяды жауынды,
Есенинді оқимын.
Жылытады жаныңды

Рязньдағы оты үйдің.
Тағы қайта ашумен
Күркірейді көк күні.
Жалғап жерді жасымен,

Жалаңдайды от тілі.
Жауынға тұр жаз қанбай,
Шөлдеп қапты тоғай, қыр.
Көкте, ақын жазғандай,

Кісінейді көк айғыр.
* * *
Көк ала бұлттар көкте ойнап,
Нөсерін төкті көлдетіп.

Шөліркеген шеткі аймақ
Сімірді суды, сел жетіп.
Су тамырға таралып,
Шөлдетті шөл қиырды.

Жер жасарып, жаңарып,
Жасыл бешпет киінді.
* * *
Бұлттар аспан гүліндей,

Толқын теңіз тіліндей.
Көк тастарды көтерген
Таулар жердің піліндей.
Маңайына қараған

Бұлақтар таудың көзіндей.
Саф аумен тараған
Самал жел жердің сөзіндей.
* * *

Терең бойлап топыраққа тамырланып,
Сүтке бөгіп иленіп, қамырланып,
Жарқырайды ақ бидай қараңғыда,
Жан жағына самала жарық жағып.

Дән бүрленіп, сабағы иіледі.
Буазықтап шыққандай жиі демі.
Көгі семіп масақтың сарғаяды,
Сары көйлек көк дала киінеді.

* * *
Құйынға құйын қосылып,
Құйғыта шауып көсіліп,
Дүрілдейді құмдары

Дүрліктіріп көшіріп.
Жоқтай ода тынар сәт,
Нені іздейді сұрау сап?
Тыпыршиды тұра алмай,

Тыныштықты қыр аңсап.
Далада аттай жарысып,
Тұяғынан шаң ұшып,
Ұх деп демін алады,

Құйын жериен табысып.
* * *
Селдетіп тау тасқыны,
Азынады ащы жел.

Араласқан тас, құмы,
Алматыны басты сел.
Кепелердің жолдағы
Шығарды тас талқанын.

Жеңетін күш болмады
Табиғаттың тарпаңын.
Өлген әке-шешеге
Ертеде жан тапсырып,

Ескерткіш боп көшеде
Қалды түйе тас тұрып.
* * *
Жер қайықтай қалтылдайды,

Шатырлайды көк күркірі.
Жай отынан жарқылдайды
Ормандардың шет түкпірі.
Алуан түсті тастан шоқпар

Көтергендей көкте біреу.
Айқыш-ұйқыш аспанда оттар
Қадағандай жерге тіреу.
Құйды кенет көздің жасын

Жасыл таулы жерге бұлттар.
Жұтып көктің шұғыласын,
Келе жатты бүрленіп тал.
* * *

Қанаты қара түндердей,
Қанаты қара желдердей,
Төмендеп бұлттар келеді,
Тербеліп қара көлеңкедей.

Қап қара бұлттар келеді
Қап-қара жерге жаңбыр ап.
Қап-қара бұлттар келеді
Ағыл да тегіл ақ нұр ап.

* * *
Шыңнан құлап шуылдап,
Жер тепкілеп өкірген,
Ор киіктей зуылдап,

Тастан тасқа секірген, -
Айхай, асау бұлақтар,
Жаңғыртыңдар жер басын!
Жым жырт тыныштық тұрақтап,

Дүние тұнып қалмасын.
* * *
Шоқ шоқ орман, шоқ орман,
Көк көк орман, көк орман.

Арасында бала жүр
Қол орақпен шөп орған.
Жерді гүлге безеген
Ойда аққан көк өзен.

Бала соған шомылып,
Су ішеді көземен.
* * *
Ала көбік - ақ жолақ теңіздегі,

Жортып өткен жолаушы жол іздері.
Орқаш орқаш отаудай айдынында
Көктем күні көшеді сең тізбегі.
Табиғаттың қоймайды ол көнбесіне,

Бой бермейді тосқауыл термесіне.
Түсі - суық, іші - мұз тентек теңіз
Жуытпайды маңына селбесуге.
* * *

Аққудың мамығындай,
Күннің жарығындай
Ақ қайың жардан қарайды.
Жапырақтарын аш толқын

Ақ көбікпен жалайды.
Сүйеді өзен сол көбікпен,
Құмары бір басылмай.
Тұрады қайың өрге біткен,

Өзенге сыры ашылмай.
* * *
Күркіреп найзағайлы күн ақырып,
Тобылдың толқынын жел тұр сапырып.

Дауылдай мен де сондай дірілдеймін,
Толқындай көбік атып, жыр шақырып.
Жатқандай дір-дір етіп ток жанында,
Ойнайды найзағайдай от қанында.

Айналып кеткендеймін көк толқынға,
Айналып кеткендеймін көк дауылға.
* * *
Саусақтай салалы

Жүзімнің шабағы.
Көз жауын алады
Шықтардай шырыны.
Бұтағы секілді

Сұлудың бұрымы.
Шарпиды бетіңді,
Бойды алып жылуы.
* * *

Көршімде гүл көктейді,
Қолым оған жетпейді.
Көзімде ойнап келбеті,
Көңілімненкетпейді.

Гүлді сүю ерсі ме?
Ынтығамын көршіге...
Бірақ, бірақ, не керек,
Тимейді ол еншіме.

* * *
Торғайлар қонып талдарға,
Қосылып әнге салғанда,
Әнші жоқтай солардай

Осынау жалпақ жалғанда.
Тұрған тынбай сыбырлап
Жапырақтардан сыр ұрлап,
Махаббаттың мұңындай

Жылаған бір шырылдап.
* * *
Жел даланы аралайды,
Шыққандай кеш жортуылға.

Шулайды орман, қарағайлы,
Ұқсап өзен толқынына.
Бірте бірте соғады үдей,
Кереметтей желдің күші.

Жел азынап салып үрей,
Шуылдайды көлдің құсы.
Түнде таудың үңгірінен
Шыға алмайды жел қамалып.

Құс табысып бір бірімен,
Жер тыншиды, көл дамалып.
* * *
Сахарада саяқ аттай

Сары өзен жалғыз аққан.
Қызыл жаңғыл сая бақтай
Қорғайды оны аңызақтан.
Күн күйдірген кең даланы,

Кірпігінен жалын бүркіп.
Текеметтей жел қағады
Жердің тозаң-шаңын сілкіп.
* * *

Алатаудан бас алған
Ақ бұлақтың суы бал.
Соған құмар қашаннан
Түнгі желдің сыры бар.

Ақ бұлаққа төнеді
Ақ қайыңнан ай қарап.
Ақ бұлақты өбеді
Түнгі самал аймалап.

Ақ бұлаққа ынтығып,
Жел сыр тартар күбірлеп.
Бұлақ аздап бұлқынып,
Басылады дірілдеп.

* * *
Қарап күн батарында,
Елжіреп маңайында,
Орап от шапағында,

Кірді жер сарайына.
Жүзі оның тұрды жанып
Жалаулар жалынында.
Жүзді ол күлім қағып

Бұлақтың ағынында .
* * *
Түбірді жаз тірілтпей тек қояр ма,
О, ғаламат, гүл бітіпті сояуға.

Жомарт көктем сурет сап өзінше,
Жерді орапты көкпеңбек бір бояуға.
Шөп шығып шөл тақырға күлімдеп,
Тас та енді тіл қатқандай күбірлеп.

Көл бетінен көкке қолын созады
Қос қайыңның бұтақтары дірілдеп.
* * *
Жартысы аспан бүкіл тұр жанып,

Жалынға орап батқан күн.
Сол жалын қызыл сыр жағып,
Бояйды жүзін ақ қардың.
Тағынған қардан жұлызды,

Шыршалар мүлгіп, шуламай.
Жамылған өзен сұр мұзды,
Ойға батқан туламай.
Сәл ғана қалсаң қимылдап,

Ойланып өзен кетердей.
Сөйлесерсің сыбырлап,
Даусыңды да көтермей.
* * *

Шаңқай түс қайнайды,
Ақ жүзі албырап.
Тал көлде ауынайды,
Жапырағы жалбырап.

Шашқандай жер ұшқын,
Қызғалдақ жағады от.
Кезеді көл үстін
Инелік - самалет.

* * *
Біресе күн соқты қатты дауыл боп,
Біресе күн төкті нөсер жауын боп.
Айналып бұлт аңғарында аспанның,

Қоныс тепті қора-қора ауыл болып.
О, табиғат, арасында бір күннің
Бір жылатып, көкті бірде күлдің.
Мінезіңнің қаттылығын білдірдің,

Мінезіңнің тәттілігін білдірдің.
* * *
Тұрды ырысты күз шалқып,
Құрды алдына қас қақпан.

Мұзарт шыңға мұз артып,
Түсті суық, түсті ақпан.
Сол ақпанның деміндей
Қарыды аяз темірдей.

Қара оман тұр қасқайып
Шекараның шебіндей.
Сол орманға соқтығып
Көр соқырдай ақ боран,

Өзін-өзі жоқ қылып,
Өз ажалын тапты одан.
* * *
Қырман бейне жұлдыздардың жатағы,

Жұлдыздардай дән сапырып жатады.
Күзетеді жұлдыздарды қария,
Желмен ойнап жібектеі ақ сақалы.
Қызыл шырай келбетінде қыр өңі,

Қарияның жас жігіттей реңі.
Омырауында даласындай от шашып,
Жарқырайды сол жұлдыздың біреуі.
* * *

Бұлаудай дала аспаны
Бусынып турады тау құшып.
Қыраудай қара шаштағы
Қылаулап түсті таңғы шық.

Көктемнің меруерт жұлдызы
Мөлтілдеді шөпте еріп.
Көрді де алғаш күн жүзін,
Бір сәтте жоқ боп кетті өліп.

* * *
Жылы ұяны тапқан кептер
Бұтақтағы жапырақтай.
Шық моншағын таққан шөптер

Жерде лаулап жатыр оттай.
Көкжиекпен табысқандай,
Жер егінге сыңсып толып.
Көк жұлдызы жабысқандай

Бидайларға бүршік болып.
* * *
Азынап желі лепіріп,
Төнеді күңгірт күз үстен.

Оқтын-оқтын өкіріп,
Аспанда бұлттар сүзіскен.
Көз жасын көлдей шашты бұлт,
Шомылды шаңын тас жуып.

Көңілде ұшты әлгінде
Кернеген ойды ащы уыт.
* * *
Атқан таң арайындай қызыл қия,

Қырандар салады тек құзына ұя.
Жатады етегінде жайнап сабақ
Тамыры сала құлаш ұзын мия.
Айнала ертегідей жасыл әлем,

Шөп тұрсын, мүкке оранған тысы да ем.
Шырқаған бұлтқа бойлап шыңы түгіл,
Шығасың шоқылардың басына әрең.
Қойнауы алуан-алуан аң мекені,

Тауда ұлар қыздырады жәрмеңкені.
Саф таза табиғаттың музейіндей
Тұрасың тамашалап таулы өлкені.
* * *

Жалғыз жапырақ қалған тілдей
Сұр бұтақта қалтарайды.
Жалғыз жапырақ жанған күндей
Тұманды күн жарқырайды.

Тіршіліктің туындайтын
Жалғыз жапырақ куәсіндей.
Бәрі бірдей құрымайтын
Өлмес өмір мұрасындай.

* * *
Сары жапырақтармен
Сәулеге орап даланы,
Алтын оттарымен

Күз алауын жағады.
Омырауына қадалған
Дәннің қызыл жұлдызы,
Көрінеді даладан

Қырман таулар қырмызы.
Жердің жігер-күшіндей,
Ұйытқып қырда алауы,
Күздің күрең түсіндей

Далада оттар жанады.
* * *
Құмы бейне сары бұлт,
Сол қалпында кәрі жұрт.

Сарнайды жел баяғы
Сары қырда сабылып.
Жүрек соған тұр сыздап,
Сүмбіледе су муздап.

Кілегей күз келген бе
Жатыр жерде күндіз қақ?
Қыс жақынын сезініп,
Еңсе түсін езіліп,

Өткел бермес өзенге
Тұрғандайсың кезігіп.
Науша бойлы талдырмаш
Емессің сен балғын жас.

Өркеш-өркеш өрелі
Асу енді алдырмас.
* * *
Күннің жарқын нұрымен

Жаз өтті де жарқылдап,
Жұрдай болып гүлінен,
Бақтар қалды жабырқап.
Құс қоштасты көлімен,

Ауа райы бұзылып.
Жаңбыр бүркіп демінен,
Азынады құз ұлып.
Аралар жоқ гүл сорып,

Айнала ұшқан андыздап.
Жан-жануар жүр тоңып,
Салқын тартты тау мұздап.
Бұлт қарайды түксиіп,

Болар жаңбыр арты қар.
Бораны мен күш жиып,
Қыс келетін қалпы бар.
* * *

Қыс келеді жақындап,
Демі - үскірік, жұт ақпан.
Дірілдейді жапырақ
Айырылам деп бұтақтан.

Қаңбақ аунап далада,
Ұшқан күздің желімен.
Дірілдейді шағала,
Айырылам деп көлінен.

Ырқына жел, боранның
Болғанымен кіріптар,
Бір ғажабы, олардың
Үрейінде үміт бар.

* * *
Арқандай керіп ақ қарды,
Аспаннан жерді шұбалтып,
Қыс келеді ақпанды,

Боз қырау болып мұнартып.
Ағаштың ұшар басына
Ақ үкі қапты қадалып.
Қарап ем шамына,

Барады екен ағарып.
* * *
Биыл қар
Түсті ерте,

Жапты аппақ,
Қыс көрпе.
Жап-жарық тауларым,
Жап-жарық жан жағым.

Столға қонады
Жап-жарық жер жүзі.
Айнала жарық түн,
Жап жарық жер жүзі.

Ырғалған ырғайдан
Білінер жер ізі.
* * *
Ақ қар - аппақ көбелек,

Шыр айналып дөңгелеп,
Қанатымен жебелеп,
Қонады көлдей жерге кеп.
Түн ортасы шағында

Айналаны жарық қып,
Аспан ұлпа ақ ұнға
Жатты жерді қарық қып.
* * *

Қыста боран шақырып,
Тартады жел ызғырық.
Көлдің бетін қатырып,
Жатыр торын мұз құрып.

Жарып шыққан қауызды,
Аумаған гүл біртүгі.
Қырау ұшы тәрізді
Терезенің кірпігі.

Бұл көрініс әзелден
Келе жатыр ойымда.
Әлде қалған әжемнен
Ирек ирек ою ма?

* * *
Жаз - жадырап табысу,
Күз - сарғайған сағыныш.
Көктем - шулы ағын су,

Ұйытқыған ой кәрі қыс.
Бір-біріне бергісіз
Қасиет бар оларда.
Көңіл қалған көргісіз

Сағындырар боранда.
* * *
Жаздың сәні - қыстың әні таусылып,
Тартты енді бойкүйез боп тау сұлық.

Күннің көзін көлегейлеп жабады
Қара бұлттар қанатымен қаусырып.
Жиі-жиі түйіліп сыр қабағы,
Қара бұлттар қаралы жаңбыр жауады.

Қарды уыстап, ырысы деп егіннің,
Диқан ата күлімдейді жанары.
* * *
Қыс аяғы сқзылып,

Қақпады жаз есікті.
Соны алыстан сезініп,
Торала қаз кешікті.
Жиі қарап ауаға,

Алаңдайды бала да.
Торала бұлт көктегі
Қаз боп ұшып барама?
* * *

Аязымен қысқан қыс,
Айналам қазір қар аппақ.
Келер деп күзде ұшқан құс,
Қараймын көкке алақтап.

Білмедім алда күз барын,
Білмедім алда қыс барын.
Келсейші, көктем - қыздарым,
Келсейші, көктен құстарым!

* * *
Ақ теңіздей айнала,
Ала қаншық ақ боран.
Аласапыран айнала,

Ақ қар соққан ақ тоған.
Көрінбейді төңірек,
Азынайды ақ боран.
Секілді ол еңіреп,

Әлдекімді жоқтаған.
Қырды кезіп, ойды аттап,
Сарнап ащы күйменен,
Боран, боран ойнақтап,

Асыр салып билеген.
Ақ жалындай атылған,
Иреңдеген жыландай.
Жерді-көкті жапырған,

Уысынан шығармай.
Бірде шапшып жоғары,
Бірде жерде зуылдап,
Боран, боран соғады,

Ақ қанаты суылдап.
Қарлы құйын жабады,
Жоқ болады жер кенет.
Боран, боран қағады

Есіктерді ентелеп.
Қайда барса аш боран
Бос қыстауға жолығып,
Таба алмайды ас тағам,

Бұрқырайды долырып.
* * *
Жанардан құйылғанда жаңбыр жасы,
Маржандай жылтылдайды шалғын басы.

Еркіндік бейнесіндей жылқы малы,
Даланың ерте күннен тағдырласы.
Құйғытып қырдың бірге киігімен,
Өтетін жүзіп жылым - иірімнен.

Шапқанда шаңы аспанға шапшып шығып,
Құйын боп жерден қайта үйірілген.
Қан майдан қара термен қанын сыққан,
Жау тобын жанталаста жарып шыққан.

Түскенде қан талауға, жан қамауға,
Батырды ажалынан алып шыққан.
Бұрқырып бойда қайрат, ыстық буы,
Боранда тебіндеген қысты күні.

Сағымда бұлдыраған елес болып,
Жарысқан зымыран мен ұшқырлығы.
Жылқының кімдер тойған қызығына,
Не жетсін дертке дауа - қымызына?!

Қанғанның құлпырады жүзі нарттай,
Қымыздың көктемдегі уызына.
Құйылып жауған қардай мөлдір үні,
Жылқының жер бетіне келді жылы.

Тұлпардың тұяғымен жаңғырығып,
Жаңғырған естіледі ел дүбірі.

ҮШІНШІ БӨЛІМ

НАЙЗАҒАЙ ЖАРЫҒЫ

Зілзала жерді сілкіді,
Күл етті тасты уатып.
Дүрліктірді дүмпуі
Таулардай үйді құлатып.

Ел еңіреп егілді,
Болды ауыр зардабы.
Жер астына көмілді
Көп адамның арманы.

Қара бұлтты жамылып,
Аза тұтты Арарат.
Жатқан жердей жарылып,
Қанды жанда жара-дақ.

Батты елге зар-күйік,
Күңіреніп күрсінді.
Жаралыға қан құйып,
Тосты аузына сусынды.

Айастанға төгілді
Барша халық сын күні.
Зілзалада көрінді
Бүкіл әлем бірлігі.

* * *
Соғыстың соңғы құрбаны
Ойлаймын кім болды деп.
Білмейді кім тыңдады

Сөзін оның соңғы рет.
Қарадыма екен бұлттарға
Қарашығы қадалып?
Көз жасы тұнып шықтарға

Әлсіреді ме қаны ағып?
Айқаста болып, дем алмай,
Ажалмен төрт жыл беттесіп,
Салюттың отын көре алмай,

Өлді ме төрт жыл от кешіп?
Көгілдір мынау көктемде
Жатқанда кептер ұялап.
Жарқырап жеңіс жеткенде

Көз жұму қандай қиянат?!
Жалғызы ма екен ананың,
Жары ма екен арудың?
Таба алмай жұмбақ жауабын,

Ой соңында сабылдым.
Әлде бұл қыз ба, жігіт пе?
Анығын оның кім білсін...
Кім де болса, үмітке

Жете алмай кеткен бір қыршын.
* * *
Аштық келіп килікті,
Ашты қойнын суық көр.

Судан тарттық сүйрікті,
Сорды қанды сүлікткер.
Қоғадан қазып уылдық,
Қаңбақтан қағып құмаршық,

Миядан тамыр суырдық
Алдық құмнан жуа аршып.
Осындай аштық жылдарда
Күш алып жерден жетілдік.

Жер-Ана өзі тұрғанда
Көрмедік біздер жетімдік.
* * *
Бауырлас алыстағы ағайыным,

Мен сенің дей алмаймын бар айыбың.
Айырып ауыр жылдар тентіретті
Елімнің талай қызын, талай ұлын.
Даланың қаңбағындай аударылған,

Кеттіңдер қиыр шетке көтеріліп,
Аштықтың, зобалаңның зардабынан.
Пана іздеп басқа өлкенің тауларынан.
Талайды Гималайдың мұзы қарып,

Жасырды жат топырақ жүзін жауып.
Шұбырды ел, шұбатылып шаңы шығып,
Тибеттің тақырында ізі қалып.
Зар болып құс сияқты жұрт ұяға,

Ауды кеп бір қиядан бір қияға.
Сағалап индиядан сая іздеді,
Тығылды түкпірдегі Туркияға.
Оларды қатал тағдар тарықтырды,

Көбісін ажал болып алып тынды.
Бей уақыт бейнет шеккен бейбақтардың
Тамшылап қаны жерге тамып тұрды.
Алысқа қатал тағдыр асықтырды,

Кетті елден сағымданған асып қырды.
Далада қатал тағдыр ашықтырды,
Кеудені зіл қара тас басып тұрды.
Қарамай босқындардың обалына,

Кес кестеп тұрып алып жол алдына.
Аш, әлсіз адамдарды аямастан,
Жолшыбай қарақшылар тонады да.
Ер ойлап қатын менен бала қамын,

Жаралы жайды әркімге алақанын.
Бесігі ананың жолда аңырап,
Сүйегі қалды жолда кәрі атаның.
Көрді олар не хикмет көресіні,

Ашылды алдарынан көр есігі.
Қалды тек көкіректе күйге айналып,
Жатталып өзі туған жер есімі.
Сол жердің жусаны мен жапырағы

Жүректе жалын атып жатыр әлі.
Оларға қасиетті жалғыз уыс
Тұмардай туған жердің топырағы.
Мейірімді жанарындай аналардың

Тартады оты оларды қалалардың.
Тартады көне қыстау, әулие көл,
Тартады зираттары бабалардың.
Тауымның жоғалтқандай бір сілемін,

Сендер деп күңіреніп, күрсінемін.
Еңселі еменімнің бұтағындай,
Бауырым, қайдада аман жүрші менің!
Айтатын өздеріңе бар ақылым:

Ұмытпа ата салтын, ана тілін.
Болады жат жерлерде пірің солар
Құдіретті қуат-жігер алатұғын.
* * *

Гулзар баққа таратып сыбағаны,
Сіздің үйдің алдынан Сыр ағады.
Шыназдағы шырайым шуақ күндей,
Есіңе алып жүргейсің Сырағаны!

Жаным ашып, жақсыға бұлттанбаймын,
Жылы қабақ күтемін жұрттан дәйім.
Қаз-қалпындай өмірдің сен тұрғанда
Боямалы сұлуға сұқтанбаймын.

Сақтап көңіл төрінде тұлпарыңды,
Сағыныш пен күтермін бір хатыңды.
Мүмкін сенің сол хатың бой тұмардай
Жазар менің сыз шалған сырқатымды.

* * *
Көмкерілген аспаны
Жұлдыздардың зерімен.
Астау жонды тастары

От ұшырған демінен.
Туғанда той жасаған,
Өлең шөбін төсеген.
Биіктей бер босағам!

Көгере бер көсегем!
Суығыңы тоңайын,
Ыстығыңа күйейін.
Сенімен бір болайын,

Саған арқа сүйейін.
* * *
Біз кеше атын оның айта алмадық,
Ал бүгін Ахмет деп айқайладық

Ақиқат соты айыптан ақтап алып,
Оралды ол ортамызғат қайта айналып.
Болжаған не боларын байқап алда,
Осал деп жауы да оныи айта алар ма?!

Оның тек көлеңкесі болу мүмкін,
Ал өзін мүмкін емес қайталауға.
Халықпен бірге ұзарып ғұмыры да,
Тарихтың қонды даңқ тұғырына.

Ахмет Байтұрсынов бола алса егер,
Қазақтың аз емес-ау бір ұлына!
* * *
Айлап жылдап жол түсіп,

Бара қалса ауылға,
Жолықпаймын қол қысып
Мырзалы мен Ғалымға.
Тыңдап төрде жатпаймын

Ахметхан күйлерін.
Сарыбаспен атпаймын
«Айнакөлдің» үйрегін.
«Өлеңіңді ел тыңдайды,

Күтіп отыр, дайын»-деп.
Шекарада тұрмайды
Қарсы алуға Қайырбек.
Олар тоғай жонында

Жатыр бөлек үй тігіп.
Барам қоңыр қорымға,
Әрең басып титығып.
Әрқайсысы жанымның

Бөлшегіндей көрініп,
Торлап ауыр қалың мұң,
Тұрам үнсіз егіліп.
* * *

Қара жердің бетінен
Өтті қанша ағайын?!
Бір ауылдың шетімен
Көшті көрші маңайым.

Көшелердей көлемді
Көз шалады көп тамды.
Есітемін мен енді
Жыр орнына жоқтауды.

Басқанамен мұң-нала,
Тұрады еңсем езілмей.
Әрбір үйде жүр бала
Ағалардың көзіндей.

* * *
Барғанда Жанкелдиннің ауданында,
Жолықтым ауылымның шалдарына:
«Ал Ахаң ақталғанда, Жақаң қайда?

Олардың бір еді ғой арманы да.
Екеуі бір бірінен бөлінбеген,
Ер еді екеуі де елім деген.
Бірі аға, бірі іні боп қол ұстасып,

Беттескен бірге тұрып өлімменен.
Жақаңнан көптен күдер үзді елі де,
Жатады жібімейтін мұз көңілде.
Өлеңі, өткір сөзі айтылмайды

Өзінің,өзге тұрсын, Қызбелінде.
Біз ғана сақтап қалдық жатқа жырын,
Білмейді көбі оны арттағының.
Әділет салтанатын құрған кезде

Жақаңның күтіп жүрміз ақталуын!»
Олардың қойған осы сауалына
Мезгілдің жетті сол сәт жауабы да.
Ауданның сыймай халық алаңына,

Қалды ұйып радио хабарына.
Тілімен уақыт атты төрешінің
Тұрды айтып Міржақыптың ел есімін.
Беттеді Ахаң, Жақаң қатарласып

Төріне Торғайдың той төбесінің.
Қарамай өздерінің бас қамына,
Өнеге көрсетіп ел жастарына,
Аттанған еді олар сол Төбеден

Халқының арманының асқарына!

КАРАЧИДЕГІ ҚАРТТЫҢ АМАНАТЫ

Тұратын бір мекенде
Көрші-көлем, жақынды
Барып келген шет елге
Әлімжанов шақырды.

Алда ожау,шара тұр,
Айтты ол мәнің бұл заттың:
«Берген маған ана жыл
Сыйлығы еді бір қарттың.

Ол шал маған кетерде
Карачиде жолықты.
Зар боп ата мекенге,
Әбден өлер болыпты.

Аштық айдап ертеде,
Үш жүз түтін ауыпты.
Көбі болып жер төбе,
Жат өлкеде қалыпты.

Қара түнде қаңғырып,
Сорға батып сан дүркін,
Қарақшығы алдырып,
Тонатыпты мал-мүлкін.

Қуырыпты аңызық,
Үсітіпті үскірік.
Кешіпті ел жолды ұзақ,
Тек үмітін күш қылып.

Көздерінен нұр кетіп,
Ойларынан әл тайып,
Аштық пен шөл құл етіп,
Жастары ерте қартайып,

Пакистанға жетіпті
Қайнап тұрған шілдеде.
Әркім зорлық етіпті,
Күн көрсетпей кірмеге.

Жаза алмапты ел бауырды,
Аштық жеңген тұралап.
Жұтыпты екі ауылды
Түн ішінде шығанақ.

Дауыл ойнақ салыпты,
Жыртылыпты жұрт бүтін.
Қаншама үйден қалыпты
Бар болғаны қырық түтін.

Мені Файз ақынмен
Шал үйіне шақырды.
Аттанғалы жатыр ем,
Сөзін айтты ақырғы.

Бардық шалмен ілесіп,
Күйкі екен күйі де.
Ағайыны гулесіп,
Жиылыпты үйіне.

Тағдыр сонша жауығып,
Тасқа соққан маңдайын.
Барлығы да сағынып,
Сұрайды елдің жағдайын.

Суалғандай жанары,
Жылай-жылай жас қалмай.
Түйіледі қабағы,
Қатып қалған тастардай.

Мүмкін болса көшуге,
Жетсе соған өмірім,
Туған жердің төсінде
Жатса дейді өлігім.

Кісі елінде тамұқтай,
Не жақсылық күтеді?!
Көрінеді мамықтай
Өз жерінің тікені.

Тым болмаса жалғыз күн
Көріп, басып тау-құзын,
Туған жердің соңғы рет
Татсақ дейді дәм-тұзын.

Армандары көптенгі -
Кеуде тосып желіне,
Туған жердің көктемгі
Аунап жату шөбіне.

Қоштасатын кез келді,
Қалдық біраз отырып.
Айтты аманат сөздерді,
Қарт ойымен опынып:

- Қалдым шал боп тоқырап,

Сыр береді жүрегім.
Туған жерден топырақ
Бұйырмасын білемін.
Өздеріңдей баланы

Көрсем деп бір жүр едім.
Мына ожау, шараны
Еліңе апар - тілегім.
Мен үшін дос,көршіңе

Қымыз құйып, дәм татыр.
Ожау, шара еншіге
Берді дерсің шал пақыр.
Игілікке пайдалан,

Ырым етіп ала сал! -
Деді елді ойлаған
Қарачиде қара шал.
Ақсақалдың қолын ап,

Кеше қайта жол тарттым.
Отырмын мен орындап
Аманатын сол қарттың...»
Борышы оның өтеліп,

Дем алғандай жаңа сәл.
Ожау, шара көтеріп,
Кеп тұрғандай қара шал.
* * *

Бір жерінде ала дақ,
Бір жерінде қара дақ...
Қара ара қыс көшті енді,
Сайдың бойын сағалап.

Шамасы жоқ сөйлеуге
Боранымен лепіріп.
Көзін сатып кейде өрге,
Жылайды ойда өкіріп.

* * *
Шығыстан шыққан шарқап ғұламасы,
Даңқтың шыңнан биік мұнарасы,
Теңіздей тарих жазған өлеңменен

Ұстазы,ақындардың ұлы ағасы -
Фердауси таянғанда өлеріне,
Айтыпты өлім жоқ деп ел еріне.
Айтыпты ажал жоқ деп асыл сөзге

Жарайтын заманалар керегіне!
* * *
Қарайды шашын жайып,
Жаңбырдай жасын төгіп.

Кәрі ана құлап кетті,
Ұлының асын беріп.
Алаңды алып бүтін,
Қазылды қатар қабір.

Әруағын жарықтықтың
Әулие атады ауыл.
* * *
Қара түнде қара «Волга» жүйіткіді,

Қара түнде шаң бұрқырап ұйытқыды.
Қара түнде батырады елді ойға,
Көңілдердің күдігі мен түйіткілі.
Қаратүнде көрінбейді шырақтар.

Қара түнде көрінбейді қыраттар.
Көрінбейді қыстаулардың қаңқасы,
Қара түнде қара тұтып тұрақтар.
Ештеңеге елең етіп қайырылмай,

Қара жолдан өкшемізді тандырмай.
Таң атарда құладық бір ауылға,
Қара жолдың қарасынанайырылмай.
* * *

Қара бұлттар қара желең киініп,
Қара бұлттан қара жаңбыр құйылып.
Қара «Волга» қара жолда келеді,
Қарқынымен қара жерді үйіріп.

Қара киген қасіреттен азалы,
Айдалада Алашахан мазары.
Тәңірден тартып ол да жазаны,
Жеткен дейді осы арада ажалы.

Үйілген бір обалардай қыраттар,
Бауырында шалғын кескен құр аттар.
Көне заман көшіп өтті құйындай,
Көңілінде жоқ көріністі тұрақтар.

* * *
Алашахан жетегінде ажалы,
Жиналыпты даланың бар қазағы.
Айдалаға айлы күмбез салыпты,

Күндік жерден көрінсін деп мазары.
Көк сағымда көтеріліп биіктеп,
Төбесіне көтерілген тиіп көк.
Жолаушылар дұға оқиды бас иіп,

Көлеңкесін паналайды киік кеп.
* * *
Ұры иттей,ажал,тынбай қаңғисын,
Қашан ғана қалжырайсың, қалғисың?

Қайда жүсем бір қалмайсың, кәрі өлім,
Аттап басқан адымымды аңдыйсың.
Ойда жоқта бүлік салып тосыннан,
Айырасың бірге жүрген досымнан.

Айырасың ғашықтардың құшағын,
Бақыт тауып жаңа ғана қосылған.
Талайларды отқа тастапғ суға атып,
Үй іштерін аңыраттың шулатып.

Жас бөбектің сәби күнін ұрладың,
Жаңа ғана уілдеген тіл қатып.
Жалаң қағып, жаспен жуып жар жүзін,
Аналардың алып кеттің жалғызын.

Қанды жастар - зарлы жастар жуса да,
Жібімеді іште жатқан қар мұзың.
Бауырың - тұман, қара салған басың - бұлт,
Көрген емес қабағың бңр ашылып.

Алдарқатып, алып оңай кетесің,
Аяулыны көз алдынан жасырып.
* * *
(Қаныш қайтыс болғанда)

Қара жер қабақ түйді азалы елдей,
Тап болды қапияда қаза нендей?
Кеудеде алуан ойлар ауысады,
Қуалап бірін-бірі маза бермей.

Неліктен қалды тоқтап шың бұлағы,
Неліктен ашық аспан тұнжырады?
Неліктен жапыраққа жасын құйып,
Азалы Алматыда күн жылады?

Бір ұзын өмір жолы тұйықталды,
Шат күлкі еріндерде ұйып қалды.
Қаралы қасіреттің Қаратауы
Зілдей боп басты бір сәт иықтарды.

* * *
Сан бояуды тапты асыл,
Суретші көктем кеп:
Жер - дүние жап-жасыл,

Жер - дүние көкпеңбек.
Көктем көкке кенелтті,
Күн адымын ұзартты.
Қарағашты көгертті,

Қара жерді қызартты.
Көктем сөгіп көбесін,
Көк тастарға гүл біткен.
Көктем күшін көресің

Титімдей бір тірліктен.
Талпынады тал шынар
Құшағына көктемнің,
Бұтақтарда тамшылар

Көздеріндей кептердің.
Күннің ұлы күшімен
Жерден алып қуатты,
Түтін, газдың ішінен

Өрік өсіп, гүл атты.
Күлген қайта күрсініп,
Ойхой, қайран тіршілік!
Бір ысыған, бір суып,

Ойхой, майдан тіршілік!
Көкшіл мұнар көз ұшы,
Алматыда әр үй бақ.
Таңырқатып өз ісі,

Тамылжиды табиғат.
Нұр сағынған шөптердің
Жүзі айдай жадырап.
Құрсағынан көктемнің

Төгілді төл жамырап.
Күнге ұмтылған құлшынып,
Ойхой, қайран тіршілік!
Бір ысыған, бір суып,

Ойхой, майдан тіршілік!
Соқа тіліп аңызды,
Көтерілді жерде ақ бу.
Ақша бұлттар тәрізді

Қонды келіп көлге аққу.
Қайта аршылып саз арық,
Қайта қарап өз әнін,
Жайнады әлем тазарып,

Қайта сілкіп тозаңын.
Жерді қайта жаңғыртты
Жарықпенен жылылық.
Ерекше елге әл бітті,

Бастады алға ұлы үміт.
Алшақтамай арасы,
Бірікті енді сөз бен іс.
Жаңарды адам санасы,

Жасалды ұлы өзгеріс.
Жайды өркен жаңалық,
Шындалды ұлы шеберлік.
Шықты содан таралып

Биіктік пен тереңдік.
Арманға адам жетуге
Керек ұлы тыныштық.
Жасасын жер бетінде

Бірлік, достық, туыстық.
Өмірді өмір жалғасын,
Тұрсын түспей қолдан ту.
Адам қаны тамбасын,

Өртенбесін орман-су.
Өшсін аты соғыстың,
Күн сөнбесін көктегі.
Бақыт құсы боп ұшсын

Жариялылық көктемгі!
* * *
Әлі де ол өткен күнді сағыну ма?
Ой салған әлде Сібір дауылы ма?

Жалғыз жол өлең жазды ұлы Ленин:
«Шушада, Саянтаудың бауырында».
Жататын бұлт айықпай қабағынан
Өтті ме алыстағы дала алдынан?

Не бары, бас - аяғы бір жол өлең
Құйылды Лениннің қаламынан.
Айқастар алаңдатып оны алдағы,
Ол жолға Ильич қайтып соға алмады.

Әкетті жалғыз жолды жалғастырып
Сібірдің бұрқыраған борандары.
Шушаның жалғады оны күз көктемі,
Тырнаның әріптердей тізбектері.

Дауыстап жаздауылы оқыды оны,
Саянның қайталады құз бөктері.
* * *
Қияның қиырдағы түкпірінде

Жас көсем жасымады тіпті мүлде.
Бас қосып Надямен,отау тігіп,
Екеу боп еркіндікті күтті бірге.
Майшамның алакеуім жарығында,

«Шушада, Саянтаудың бауырында»,
Құрыштай құйылды сөз бастайтұғын
Әлемді болашақта шабуылға.
Серік боп сергек қиял, шабыт, төзім,

Ленин жазды ұрандай уақыт сөзін.
Үш жылды туды отыздан астам еңбек,
Сезінді ол үшін де бақытты өзін...
Қайтадан жолығуға жас шағына,

Шушаға қиял қайтабастады ма?
Бар еді тұңғиық сыр, көп мағына
Жалғыз жол сол өлеңнің астарында.
* * *

Қыста күшін көрсетіге бойдағы,
Күн күркіреп от - найзағай ойнады.
Жаңа жылды күз бенен қыс бас қосып,
Жаңбыр шашып, қар лақтырып тойлады.

Жер жарылып, тау құлаған секілді,
Жел өгіздей таң алдында өкірді.
Қарағайлар тасқа тіреп табанын,
Жел - боранға берілмеске бекінді.

Аспан жерді алмаққа бір сәт сынап,
Олай - бұлай шайқап көрді жақсылап.
Аздан кейін күн шықты да,төгілді
Жанабынан ақ сынаптай ақ шуақ.

Күз бен қыстан жол тапқандай көктем кеп,
Жердің беті көйлек киді көкпеңбек.
Тіршілікті тұншықтырып тастауға
Күз бен қыстың күші тіпті жеткен жоқ.

* * *
Бұл өмірде жасар дейсің кім мәңгі,
Біз көрмеспіз сонау лыс жылдарды.
Ізімізге түсіп ертең толғанып,

Біз туралы жазар біреу жырларды.
Өміріңнің ақтарып сай - саласын,
Тізіп туған, өлген жылдың арамын,
Еңбегіңді елеп - екшеп, мысқылдап,

Берер солар өзінің дәл бағасын.
* * *
Ауыруын өлер жасырған,
Шындықты қорықпа айтудан,

Жақсы жол алға басудан
Жаман жоқ кері қайтудан.
* * *
Адал болса көңілің,

Ойға алғанға жетесің.
Шындық болса серігің,
Тозақтанда өтесің.
Батып батпақ лайға,

Жасамасаң күпірлік,
Адам тұрсын,құдайда
Етер саған үшкірлік.
* * *

Көктөбенің
Көктемі едің
Сен де бір.
Жаның ашық

Ақ аспандай
Мөп-мөлдір.
Көктөбеде
Көк кереге

Жайды талдар өрімдей.
Қайда кеттің,
Қайран еттің,
Көктөбеде көрінбей.

Көктөбенің
Бір өзіңсіз
Жоқ секілді қадірі.
Көктөбенің бңр өзіңсіз

Бос қалғандай бауыры.
* * *
Қысты көрдім қары жоқ,
Жазды кқрдім жауынсыз,

Көлді көрдім талы жоқ,
Тауды көрдім жалынсыз.
Жан қайырылып қарамас,
Жапырақсыз жалаңаш

Оларда бір сенкілді
Қурап қалған кәрі ағаш.
* * *
Соғыс жайлы жазылды өлең бізде

Көз жасымен, жүректің қаныменен.
Соғыс ізі жатқанда денемізде,
Жазылады жаңадан әлі де өлең.
Өлеңдерде өлгендер тірледі,

Өлтімейді ешкімде атып оны.
Белгісіздер тізімге ілінеді,нсіз тасқа тура
Айқындалып қаітадан аты - жөні.
Өлең даңқы шырқайды талай әлі,

Жан бітіріп үн - түнсіз тасқа тура.
Қардай шаштар қайтадан қараяды,
Қайта келіп баяғы жас қалпына.
Атылады ақиқат жыр жебесі,

Тұра алмайтынисауыты қалған шыдап.
Ашылады көмескі күн елесі,
Қайғы - мұңнан тұрады қан тамшылап.
Өтірікті өлеңдер өлтіреді,

Бет пердесін сыпырып, отқа жағып.
Шындықты тек өмірге келтіреді,
Жалған сотты әуелі соттап алып.
Ел құлағы, көп күтіп, елеңдеген,

Шамырқанған шандықтың есті желі.
Барабансыз, кернейсіз өлеңдерден
Өмір даусы енді айқын естіледі.
Соғыс жайлы біткен жоқ әлі де өлең,

Түседі оның қатерлі жолы сынға.
Сұмдық, қулық, өтірік - бәріменен
Шығады өлең жекепе жек соғысуға.
* * *

Қамқалыда күлімдейді күншуақ,
Ақ көбікпен аққу үстін жүр сылап.
Тәттімбеттің «Сылқылдағы» сықылды,
Сұңқылдайды жүрегіңді шымшылап.

Қамқалыда желбірейді көк құрақ,
Қырда киік табысады топ құрап.
Сол киікпен жарысуға шаңдптып,
Жалындаған жастық шағым жоқ бірақ.

* * *
Бір суретесімде жан ауыртқан,
Көріп - у боп сезілді ауа жұтқан.
Қып қызыл боп от жалыған қара қазан,

Қып қызыл күн қарыған қара бұлттан.
Бір өзіне тұтасқан асыл көрік,
Кебез сұлу сойлейтін қасын керіп,
Қара шәлі жамылып қара түндей,

Жатты шейіт жарының асын беріп.
Қара құстар төбеден қақты қанат,
Отырды ол ойланып отқа қарап.
Оның-дағы жүрегін сол қазандай

Қызыл тілі қайғының жатты жалап.
* * *
Қалыспайда құм бұйра,
Машинамен жарысып.

Шұбалады ылдида
Дөңгелектен шаң ұшып.
Көк сағымға сүңгиді,
Шөптер шөлдеп қаталап.

Ұйқылы-ояу мүлгиді
Жар басында жапалақ.
Аспан төсін көмкеріп
Көптен бері бұлт алмай,

Тобарсыған жер кеуіп,
Өзегіне нұр тамбай.
Жолда жүрдік бірқауым,
Біз де жерде шөлдедік.

Жауады деп бір жауын,
Серт береміз қол беріп.
* * *
Тас төбеден төңкеріліп қарайды ай,

Қайырлаған шоқы құмға келмейді.
Көкшіл аспан күмбезді бір сарайдай,
Ал жұлдыздар қаққан соған шегедей.
Жел еседі, жел еседі жай ғана,

Аппақ сүттей айнала.
Жұлдыз бен ай өз келбетін көретін
Көл ұқсайды айнаға.
Жел жатыр мақпалдай,

Сылдыр-сылдыр бұлақ қонырау қаққандай.
Айға балқып, жұтып жұлдыз сәулесін,
Тіршіліктің бәрі дем ап жатқандай.
Бейбіт күнді бесіктей жай тербеткен,

Шіркін, тыныштық, рақатсың сен неткен!
Су, сыбырла, мел, аймалап сүй мені,
Жұлдыздарым, жерге түсіп, кел, көктем!
* * *

Қызғаншақтар өзгелерді күндейді,
Сырттан түйіп жұдырығын, тілдейді.
Шипаң құйрық қызтекелер шыжбыңдап,
Өсек өртін өршітеді, үрлейді.

Болмаса да қызғаншақтың дегені,
Арпалысып, жағалаласып келеді.
Өздерінің жоқ өмірге берері,
Қолдарынан түк келмейді себебі.

Ал кеудесін бір керемет кергенде,
Әзір жұртты тірідей-ақ жерлеуге.
Жақсылығын көре қалса біреудің,
Соны күндеп, болады ол шерменде.

* * *
Өткен жыл болды қыс суық,
Гуледі боран ысқырып.
Аязды жалтыр аспаннын

Ақ қар боп жерге түсті бұлт.
Бірінін-бірі озардай,
Жалпақ қар жарысып.
Қимылды бақты көз алмай,

Аяз бен боран ауысып.
Көшені жатты көлденең
Жал-жал болып қар басып.
Ертемен тұрып ел деген,

Күреді мұзды, жолды ашып.
Қар қайтадан қалыңдап,
Бөгелді жолдың тағы алдын.
Сұрауы күшті табиғат,

Сынады кушін адамның
* * *
Ыстық деп жазған ұрынып,
Суық деп қысты ұнатпай ,

Кейбіреулер құбылып,
Сырғақтайды сынаптай
Кінәлайтын барлығын
Жоқ оларда ар-ұят

Шақпайды тек зар-мұңын,
Кең пейілді табиғат.
* * *
Әріден жеткен біздерге

Аты жоқ құдық қаншама?!
Меңіреу, мылқау түздерде
Мейірім жеткен баршаға.
Әркімдер оймен шамалап,

Тарихын оның болжайды .
Беретін бізге саралап
Деректер жоқ ол жайлы
Бір жұтым су таба алмай,

Келгеніңде жол жүріп,
Сусынын тосып анаңдай,
Баспай ма шөлді сол құдық?!
* * *

Жас күндерде жалаңаяқ жарыстық,
Дауылменен, боранменен алыстық.
Сол кездерде бірге оқыған қыздардың
Тамырларда тулайтындай қаны ыстық.

Айтып-айтып, өтті ол күн, не керек,
Көл бойында қалды алыс көбелек.
Көлеңкесң әлі бірақ тұрғандай
Көңіліме бұлдыр сәуле себелеп.

Жауыннан соң ашылған гул бейнлі,
Көз алдыма елестейді кейде өңі.
Таңғы арайдай ормалы алқызыл,
Жібек қанат көбелектей көйлегі.

Ол туралы сыбырлайды жел ескен,
Күн өткізіп келем сиқыр елеспен.
Жаңбыр, дауыл боран бұрқап өтсе де,
Шығаруға шамам да жоқ сені естен.

* * *
Жуыла-жуыла ағарса да тау басы,
Теңселе-теңселе құласа да теректер,
Кебе-кебе тартылса да өзен арнасы,

Бұрқырай-бұрқырай бермесе де сен өткел,
Темір таяқтар жұқарса да теңгедей,
Шомбал шоқпар шөксе-дағы шеңгелдей,
Шор-шор болып шойын қамал бөгесе,

Керіп қойған керек тартып кемердей,
Өшірмеді адам жүрегіндегі жалынын,
Сөндірмеді адам жанарындағы жарығын.
Сапырылып жатқан өрт, дауылдың ішінде

Сақылмай адам, сақтайды өз сабырын.
* * *
Қабат-қабат қызыл таудай тұрысы,
Көзді үйілген кең жынысы.

Үркерлердей шақырады шам жағып,
Үшқұдықтай самалдай түн іші.
Үшқұдықта балдырған қыз, ұл өсіп,
Биіктеген үйлер тауға ілесіп.

Үшқұдықтың бұлбұлы шырқап бағында,
Үшқұдықта ән самалы тұр есіп.
Түу алыстан қораланып қысқы бұлт.
Танытса да салқын рай, түс суық,

Жаңа қала – менкені жас өрімнің,
Жас секілді көк жейделі Үшқұдық.
* * *
Жер бетінде қалың қар,

Жел өтінде қайың, тал.
Қатып қалған айдындар,
Мұз астында жайындар.
Жер ақ нұрға батқандай

Қар баспаған түкпір жоқ.
Бәрі әзірше жатқандай
Қатал қысқа тұтқын боп.
* * *

Бұлдырап алыс сағымдай,
Көзге де жүрдің шалынбай.
Өзегіме шоқ тастап,
Өртендің жанды жалындай.

Жүрегімді жүдетіп,
Сонымен жатыр жыл өтіп.
Өзіңді тағы ойлаймын,
Өлеңге қосып жыр етіп.

Жүрсек те тіпті ұғыспай,
Келеміз бірақ шығыспай.
Жанымыз бірге жаралған,
Қанымыз бірге туыспай.

* * *
Кей сөзіңе жанамын,
Іштей өрт боп шамданып.
Кей сөзіңе қаламын

Жас баладай алданып.
Бір өзіңсің мұратым,
Сусындайтын суатам.
Жоқ ешқандай амалым

Саған қарсы тұратын.
* * *
Атылса да ақындар,
Атылмай қалды өлендер.

Жалт бұрылса да жақындар,
Жанындай көрді өнерді ел.
Көре алмай өлең жарықты,
Қасірет дәмін татты удай.

Қапаста жатып қамықты
Аңсаған қөлін аққудай.
Көкірегі жаралы,
Жатты ұласып күнге түн.

Қабақтарға қарады
Жаутаң қағып жыр жетім.
Қуғында жүрген жырларды
Жүректер сақтап, жасырды.

Күтті өлең жақсы жылдарды,
Асты өлең асқар асуды.
Тас түрмені талқандап,
Қосылды сапқа сан ақын.

Жасқанбай бүгін жалтаңдап,
Жайды өлең еркін қанатын.
* * *
Қалыспайда құм бұйра,

Машинамен жарысып.
Шұбалады ылдида
Дөңгелектен шаң ұшып.
Көк сағымға сүңгиді,

Шөптер шөлдеп қаталап.
Ұйқылы-ояу мүлгиді
Жар басында жапалақ.
Аспан төсін көмкеріп

Көптен бері бұлт алмай,
Тобарсыған жер кеуіп,
Өзегіне нұр тамбай.
Жолда жүрдік бірқауым,

Біз де жерде шөлдедік.
Жауады деп бір жауын,
Серт береміз қол беріп.
* * *

Қалыспайда құм бұйра,
Машинамен жарысып.
Шұбалады ылдида
Дөңгелектен шаң ұшып.

Көк сағымға сүңгиді,
Шөптер шөлдеп қаталап.
Ұйқылы-ояу мүлгиді
Жар басында жапалақ.

Аспан төсін көмкеріп
Көптен бері бұлт алмай,
Тобарсыған жер кеуіп,
Өзегіне нұр тамбай.

Жолда жүрдік бірқауым,
Біз де жерде шөлдедік.
Жауады деп бір жауын,
Серт береміз қол беріп.

* * *
Жапырақтарды қорғамай, кім солдырады?
Торғайларды қорғамай, кім тондырады?
Жапырақты жанының отына орап,

Торғайды кім үйіне қондырады?
Жапырақ түнімен шуылдайды,
Торгай түн»мен шуылдайды,
Күздің түні тым ұзақ қой,

Неге олар үйге кіріп жылынбайды?!
* * *
Сәуіп өткен әтір жауын,
Жел желпіп гүл жапырағын,

Таратқан хош жұпар иіс
Аңғарына Атыраудың.
Шолдеп мұнай мұнарасы,
Түскендей бір су ішуге.

Майда қоңыр түн ауасы
Мамырлаған гүл ішінде.
Жұлдыздарды аспандағы
Теңіз сиқыр қағып алып,

Сәулелердей ақшамдағы,
Жатыр жайлап шамын жағып.
* * *
Бір жұтып торғын жібек бала демін,

Аспанға ай туғанда қарап едім.
Лебізі самал желдей, ай маңдайлы
Есіме түсті қайран анам менің.
Көз жұмбай өткізетін дала түнін,

Ұйкымды ай секілді бағатұғын.
Астына ап мамықтай қанатының,
Арқамнан самал жел боп қағатұғын.
Күмбірлеп көкірегі күй үніндей,

Даланың лағын ерткен киігіндей,
Жан анам аялайтын сол күнді ойлап,
Жүрегім дірілдейді иірімдей.
* * *

«Көрмейтіндер түйені де көрмейді»
Деген сөзге кейде сенгің келмейді.
Бірақ сенің сенбесіңе амал жоқ,
Көрмейтіндер сені тірі жерлейді.

Тізімдерден жанталасып өшіріп,
О дүниеге тастайды бір көшіріп.
Алдарында өлеңіммен төс ұрып,
Мен көлденең жатам таудай көсіліп.

* * *
Таулардың кшіндей
Бойында жас куат,
Ақ жалын түсіндей

Ағады тас бұлақ.
Көнілді күлкісін
Жолшыбай жоғалтпай,
Қайратын жұрт үшін

Сақтайды болаттай.
Бұлақтың басында
Жібектей жел есіп,
Бұлақтың тасында

Тұрады шөп есіп.
* * *
Жазда көк көйлек киеді жапырақ,
Күзде от көйлек киеді жапырақ.

Содан соң оны жұтады
Айдаһар демді атырап.
Көктемде ол қайта шығады,
Жатқанда бүкіл жер төлдеп.

Аялап оны тұрады
Алақанымен жел тербеп.
* * *
Көшіргендей даланы,

Опыр-топыр күресіп.
Ойран-асыр салады,
Жел менен бұлт тіресіп.
Дауылдан соң шалады

Көлдің мөлдір жүзін ңұр.
Жауыннан соң жанады
Жер үстінде қызыл гүл.
* * *

Жапырақ қарлы күн жауды,
Аппақ нұрға бөкті алап.
Бір бәйшешек гүл жарды,
Қыс вяғы кетпей-ақ.

Аязбенен күресіп,
Боранменен тіресіп,
Қарды қалың жамылып,
Қар астында ол тұр өсіп.

* * *
Археолог әрі тірі фольклор,
Тарих бетін қайта ашты халқына ол.
Қарапайым, кішіпейіл жан еді,

Академик болса-дағы даңқы зор.
Айтушы еді өзі жүрген жолдарын,
Мұхтарменен жасында бір болғанын.
Ленинград қаласында бірге оқып,

Ғасырлардың ақтарғанын томдарын.
Кәрі еді ол көне дүние көзіндей,
Жас еді ол жаңа заман сөзіндей,
Тұрушы еді жұртты үйіріп тілімен,

Қарттығы да, жастығы да сезілмей.
Сөз аз еді Әлкей Марғұлан жазбаған,
Кең далада жер аз еді ол қазбаған.
Ол барғанда ескерткіштер тіріліп,

Ошағында қайтадан от маздаған.
Жалғыз ғана тарихпенен шектелмей,
Көп ғылымға болды өтетін өткелдей.
Оның орны үнірейіп бос қалды,

Бір асқар тау опырылып кеткендей.
* * *
Кейде тұнық көлдерден
Өзен басын алады.

Ескі қорда көңдерде
Гүлдер жайнап, жанады.
Көкірегін кернеп күй тынбай,
Тастар да ән салады.

Әупілдек құстың құйтымдай
Даусы жерді жарады.
* * *
Алма ағаштың ақ гүлі

Күнді түн деп білгізбей,
Жарөырайды ақ нұры
Аула ішінде күндіздей.
Тұла бойы исініп,

Толғатқандай бақ түнде.
Қарасын деп сүйсініп,
Толтырады ақ гүлге.
* * *

Іште тұнған дертімді,
Шайқап өттің дауыл боп.
Дауыл алып еркімді,
Дауалайтын халім жоқ.

Кездесуге ақыл тап,
Тұра алмаймын көрмесем.
Бауырыңа жақын тарт,
Бақыт құсым сен десең.

Жатыр жұмсақ күй сенде,
Сол күй менің мұратым –
Сүймесең де, сүйсең де
Көңілімде тұратын.

* * *
Зырлайды күнде поездар,
Арқырап ағып, асығып.
Зулайды түнде поездар,

Әйнектен оты шашылып.
Разьездерге бас шұлғып,
Өтеді олар тоқтамай.
Тауды жарып, тасты үнгіп,

Шашады қара көкке арай.
Рельсті соғып сом балға,
Сынайды темір төзімін.
Тыңдайды үлкен жолдардан

Разьездер өз үнін.
* * *
Біреудің күні батады,
Біреудің таңы атады.

Дүние солай дөңбекшіп,
Дөңгеленіп жатады.
Артына ізін қалдырып,
Тұтатып отын мәңгілік,

Біреулер қайта тіріліп,
Шығады қайта жаңғырып.
* * *
Шыңға қарап сүзіліп,

Кеттің тауға өрмелеп.
Белдегі арқан үзіліп,
Құлап түстің сен кенет.
Қарауытып мұнартқан

Көлеңке боп кеттің сен.
Шың басында құмартқан
Жел ерке боп кеттің сен.
Өміріңді тауысып,

Кеттің қарда еріген.
Жана ғана танысып,
Достасып ем сенімен.
* * *

Күз күзеті ауысып,
Қарлы қыс алды кезекті.
Боранды сырқат жабысып,
Өртеді жалын өзекті.

Талайлар ерте жығылды,
Тағдырлы жетпей мезгілі.
Көкірегі суынды,
Күндей бір сөніп көз нұры.

Жаңа өмірдің өрені
Жаңа жұртқа жайғасып,
Аттың орнын келеді
Артындағы тай басып.

* * *
Пана болмай тоғайы,
Торғай тоңып шырылдап,
Ойы, келсе орайы,

Үйге кіпіп жылынбақ.
Қарап оның күйіне,
Ал қасыңа уақытша...
Қалар мүмкін үйіңде,

Бойы үйреніп, жатықса.
* * *
Қар суы қаптап кеткенде
Бермейді саған бір өткел.

Өздері ұқсап көктемге,
Жатады жасыл түбектер.
Жаз шыға сол су сарқылып,
Қалады кеуіп, тартылып.

Мақтайды оны шуылдап,
Орнына шөп пен тал тұрып.
Жалғасып жалпақ көлдердей,
Жататын бір кез жол бермей.

Тартылса да, сол судың
Ізінен өмір өргендей.
* * *
Қалды жазық ауданым

Бірте-бірте алыстап.
Қариялардай тауларым
Шықты алдымнан тал ұстап.
Көз жеткісіз қиыры,

Ойнаған дауыл, құйыны,
Қалды алыста ауылым,
Арғымақтардың үйірі.
Жүземін нулы жиекке,

Алдымда талай шың, асу.
Әдетім біткен сүйекке –
Дауылмен күшті сынасу.
* * *

Жүректе қазір өлең жоқ
Жылытып бойды тұратын.
Құлағым қалған керең боп,
Кеміген қайрат-қуатым.

Жайылып бір мұз денеме,
Тоңамын тісім сақылдап.
Білмеймін ажал ке ле
Ұрлана басып жақындап?

Жоқ; бекер! Өмір көзіндей
Қарайды маған ай төніп.
Шабытты сонау кезімдей
Шарқ ұрам, күшім қайта еніп.

* * *
Бір бұлт көктен жаздап жаумады,
Бір жас көзден тама жаздап тамбады.
Бір гүл көктем күндерінде қылт етіп,

Қауашағын жара жаздап жармады.
Қанатұғын жердің шөлі, тау шөлі,
Шіркін, сол бұлт, айхай, дүние-ай, жауса еді!
Көңілдерді көтеретін көркімен,

Қызыл гүлдер қауашығын харса еді!
* * *
Бұғалық сап асаудай,
Бұл уақытты ұстар кім?

Қалды иесіз жасаудай
Күзде ұясы құстардың.
Жердің босап құшағы,
Жел кезеді аңызды.

Жапырақтар ұшады
Ұйтқып жалын тәрізді.
Көлеңкедей тұмша бұлт
Көкті жауып түнеріп,

Көзі жиі бусанып,
Тұла бойы тұр еріп.
Жүрек сыздап, жай таппай,
Неге ауырды тізе бұл?

Біздерге де байқатпай
Жеткені ме күз - өмір?!
* * *
Жоқ қыздардың өзіңе тең ішінде,

Көбі олардың тұрмайды кебісіңе.
«Таудан артық тек қана таудың өзі»
Деген мақал бар екен ел ішінде.
Сұлулықпен, мүләйім мінезіңмен

Сен де сондай артықсың бір өзіңнен.
Қабағыңды қаққанда айналып ай,
Күлімдеген секілдеген секілді күн көзіңнен.

МӘРИЯМ АПАЙҒА

Өзгеше өте қымбат,
Алмастай асыл адам.
Жесірді жетегіне ап,
Жетімді асырған.

Тобылдай өлендері
Толқын боп шашыраған.
Жалындай жырларымен
Өмірге ғашық адам.

Жүрегі жұрт біткенге
Айдынды ашық алаң.
Туған жер топырағын
Жүре бер басып әман.

ҚАНДЫ ҚАПАС

Қан шашырап қаралы күн көзінен,
Жерде жылап тұрғандай бірге өзімен,
Күңірене егіліп қарағандай
Күлгін бұлттар аспанның күмбезінен.

Қабағында қайғы-мұң кәрі, жастың,
Аға, апа, іні мен қарындастың,
Жау атанып ай, күннің аманында,
Абақтыда көбі отыр бауырластын.

Омырауын жас жуып кәрі атанын,
Жазым болған жоқтайды балапанын.
Әруағына бабаның жалбарынып,
Алласына жаяды алақанын.

Қазылған ор – қанды көр алдарында,
Үміт оты жарқ етпей жандарында,
Қалтырап тұр қалың жұрт аңтарылып,
Тым болмаса тал таппай қармануға.

* * *
Теңіз жатыр аласұра,
Күңіренгені – күлгені ме?
Тұр бір жартас жағасында,

Басын тігіп күнде өлімге.
* * *
Аңызақта мұнартады көк күйіп,
Аңызақта көлге келді топ киік,

Дөң басынан домалады текесі,
Омырауынан мерген атқан оқ тиіп.
Қас қағымда өлді, тартпай азап түк,
Осы болды көрген оның жазы ақтық,

Қызғыш болып қалды жылап артында
Айнадай көл, айдай дала, азаттық.
* * *
Үй іші тар болғанмен,

Кең демалыс- тынысы.
Жұмысшы күс қолдармен
Орнаған құт- ырысы.
Жас күйіп, қыс тоңса да,

Келеді олар иілмей.
Үй іші тар болса да,
Бүкіл дала үйіндей.
* * *

Жырларында жатады –
Жүрегімнің дүрсілі,
Тіршіліктің сипаты,
Ойларымның бүршігі.

Өлеңімнің парағы –
Өмірбаян тарауы.
Соғыс салған жараның
Онда ізі бар әлі.

* * *
Көрінбейді көк орман,
Қиратыпты аралап.
Хас сұлуым тоналған,

Жанымды тұр жаралап.
Жас көркімен жайнаған
Жоқ даланың ажары.
Құстар да жоқ сайраған,

Тарқап кеткен базары.
* * *
Күреңітіп түс-өңі,
Күн-түн күзде дауылдап,

Бұтақтардан түседі
Сары жапырақ сауылдап.
Көктем қайта туады,
Көгереді жер төлдеп.

Басқа жапырақ тұрады
Орнына оның ертең кеп.
* * *
Өрден құлап жамырап өреді өзен,

Құйылады нұр болып терезеден.
Кейбіреуі жатады қарасу боп,
Сыры кеткен секілді көне зерен.
Кейбіреуі тарта алмай сыйын құмға,

Тұншығады құрдымның тұйығында,
Кейбіреуі ойсырап орта түспей,
Жарқырайды даланың иығында.
* * *

Бір жерінде – ала дақ,
Бір жерінде – қара дақ,
Қарала қыс көшеді
Сайды енді сағалап.

Шамасы жоқ сөйлеуге
Боранымен лепіріп,
Көзін салып кейде өрге,
Жылайды ойда өкіріп.

* * *
Тоңдырды ма түнгі ызғар,
Қардай суық қабағы.
Таң алдында жұлдыздар

Көлге түсіп жанады.
Зулап ерке елікпен,
Ескенде таң самалы –
Көргендейсің көбіктен,

Жұлдыздарды жаңағы,
* * *
Кеудемде қайрат, күш барда,
Алдырмай сырды дұшпанға,

Киікпен желдей зымырап,
Қосылам жыршы құстарға.
* * *
Қулық-сұмдық күйттеген,

Іші жүнжіп іріген.
Көзі кілкіп биттеген,
Арыз жазып түнімен.
Салсаң-дағы ұрлығын

Сорғалатып мойнына,
Істеп қалған сұмдығын
Ол, сірә да, қойды ма?
Айтқаныңда жол тауып,

Дейді: «Үшінші айғақ тап !»
Тура келсең, сайды аттап,
Зытады сұм, сайды аттап.
* * *

Педіштедей ақ халат –
Шағалалар ақ қанат.
Шырқ айналып, теңізден
Жүрген жандай жоқ қарап.

Қанатында жатқандай
Судың ұшқыр ағыны.
Теңізге шам жаққандай
Шағаланың жарығы.

* * *
Қыс кетті де боранды,
Құс қайтадан оралды,
Тобылғылы сайдың бойында

Толысып өсті тораңғы.
Жүрек тулап, жон ысып,
Қыстай жаттым ауырып,
Тораңғыдай толысып,

Кетермін мен де сауығып.
* * *
Шатынаған жүрегім,
Шыны аяқтай құрсаулы.

Қара түндей түр-өңім,
Көкірегімді мұң шалды.
Түніменен тыпырлап,
Алмаймын көз шырымын.

Сүйектерім сықырлап,
Дірілдейді буыным.
Хабардар бұл күйімнен
Айтады әрбір кісі ақыл,

Шыға алмайтын үйімнен,
Болдым қалай мүсәпір?!
* * *
Еңіреген есіркейді кім бізде,

Аштық патша әмірінде жүргізді.
Көрдік таңда ағып түскен сорғалап,
Көк аспанның көз жасындай хұлдызды.
Ызғырық жел тән қарыды темірдей,

Қан бораннан кетті дала көрінбей.
Айдын көлдер ақтақыр боп тартылды,
Аспан айы бұлт жамылды кебіндей.
Қыл бұғауды қуат тапқан үзердей,

Көп сенделдік, көштің беті түзелмей.
Қанды қырғын сел топанның ішінде
Қалдық екен қалай ғана біз өлмей ?!
* * *

Қалды бір жыл алты-ақ ай,
Жетпіс те енді таянды.
Уыты бір тарқамай,
Білмеді ауру аяуды.

Түнде ұйқыны мың бөлдім,
Сырқатпенен күресіп,
Керуеніне кндердің
Келем жайлап ілесіп.

* * *
Көк жүзінде көшеді
Керуендердей күзгі бұлт.
Далада жел еседі

Сыбызғысын сызғырып.
Қоды алысқа құс кетіп,
Көл сәт тілеп жатты оған.
Көп ұзамай қыс жетіп,

Бұрқырайды-ау ақ боран.
* * *
Көрші қызы Күнтуған,
Жүрегімде жүр тұлған.

Сол жылы күз соңырқап,
Жұлынбай жас гүл тұрған.
Келесі жаз кеш түсіп,
Керісінше күз жетті ерте.

Жігіттер тойлы кеште ішіп,
Табақта жатты көк серке.
Көрші кызы Күнтуған,
Жүрекке содан мұн тұнған.

Көкірегім көл бетіндей
Дауылды күні жыртылған.
* * *
Дауыл жайып қанатын,

Сыпырады көшені.
Сары жапырақ – сары алтын
Сапырыла көшеді.
Кей жапырақ жатады

Сайға қонып амалдап.
Саз балшыққа батады
Біржолата табандап.
Баяғыша ол бүгін,

Көре алмайды сәулені.
Тамыры жоқ сорлының,
Жоқ тірілер дәрмені.
* * *

Соловкидің бұрқыраған бораны,
Ішін тартып күндіз-түні соғады.
Қабірі деп біл ақынның жолда өлген
Жонда тұрған ақ кебіндей моланы.

Оның тартқан шексіз-шетсіз азабы,
Жетті азаптан ақырында ажалы.
Көңілі – ояу, көзі – ашық жан еді,
Тек сол үшін болды, сорлы, жазалы.

Көкірегінде кетті өзімен зар, қайғы,
Моласына іздеп ешкім бармайды,
Қатып қалған Ақтеңіздің аралы,
Соловкидің ащы желі зарлайды.

* * *
Аштық жерді жыландай өтті жалап,
Түған жерден ел босып, кетті тарап,
Ұл-қызының өлімін көрмеу үшін

Бейбақ ана бейітке жетті қалап.
Өлгендерге жайлы орын табылмады
Шырағдандар басына жағылмады.
Жатты ашық көгалда кебіні жоқ

Еркін өскен ерке кыз, дала ұлдары.
* * *
Жанарынан бұлттардың
Жанбыр боп жас үзіліп,

Кіреукесі күрт қардың
Сыпырылды бұзылып.
Кең қлкені жағалап,
Есті қырдан жел өкпек.

Сай-саланы сағалап
Көп жүгірді дедектеп.
Аязымен қыс қуып,
Айдалған жер шетіне

Алға бастап құсты үміт,
Қонды көлдің бетіне.
* * *
Жабылып бір оған ауру атаулы,

Ажал оның ауылына тақалды,

- Дала ауасы дауа болар, - деді де,

Алыстағы ауылына ел апарды.
Қалай шығам деп аурудың дітінен,
Туған жері бәйек болды күтүмен,
Боз даланың боз жусанын иіскетіп,

Боз биенің шөлін басты сүтімен.
Жағып оған өзі туған ауасы,
Жазып алды өзі туған даласы.
Боз жусаны болды оған бойтұмар,

Боз биенің болды сүті дауасы.
* * *
Қараторғай іріп жүні үрпиіп,
Көкке ұша алмай, құмырскқадай қыбырлап,

Өңі өзгеріп, екі көзі кіртиіп,
Шыбын жаны шырқырайды шырылдап.
Оңтүстіктің отты күні куырып,
Жанап өткен жерді жалын тілімен.

Көзі әрең бір ашылып, жұмылып,
Қараторғай күрсінеді күнімен.
Сапырылған даладағы сғым да
Толқын атып, көгілдір көл көшеді.

Торғай да оған самғап ұшып баруға
Күндері жоқ көкті кезген кешегі.
Болмаса егер бойда қайрат-күш, ақыл,
Сен бір сорлы бишарасың мүсәпір.

* * *
Тірлігінде жүрсе де жұрт ұлы атап,
Жасаса да көп жаналық, көп ғажап.
Көркен жоқ ол уақытта рақат,

Күні-түні ауыр оймен шекті азап.
Ұйқысынан тұнде талай тұрды атып,
Толқытты оны тоқсан ойдың толғаты.
Ол санады сонығ өзің бір бақыт,

Күтуге өзін мұршасы да болмады.
Жылдар қалай қткенін де білмеді,
Тәуліктермен тағат таппай жарысын,
Баса берді үмітпенен ілгері,

Ойыменен, қиялымен алысып.
Таусылды да кәрі өмірі жердегі,
Қалды артында қартаймайтын еңбегі.
* * *

Ақкөл жаққа түсте шықтық Торғайдан,
Отыменен күйдіреді күн ыстық.
Асфальт онда табылады жол қайдан,
Ойлы-қырлы кетті жолда тыныштық.

Бес-алты үйлі тұратұғын ауылдан
Шөптікөлге жеттік бір кез қыр асып.
Көптен бері кездеспеген бауырдан
Мәз боп қалдық аман-саулық сұрасып.

Машинаға майды кұйып қамданып,
Жолға шықтық, жасырынды жарлауыт,
Артымызда будақтады шаң қалып.
Жол үстінде тартыпәбден ақырет,

Қою шаңға белуардан батып ек,
Көл боп бізге қүшақ жайды Ахмет1
* * *
Жаяу-жалпы, жоқ астында ат-көлік,

Айдады аштық оны түпсіз қиырға.
Талайына тақыр заман тап келіп,
Кете берді ілесіп жел-құйынға.
Құмды кешті, оттай ыстық шағылға

Жалаң аяқ қос табанын күйдіріп,
Аңызақта аз ғана дем алуға
Қөйлегін ол көлеңке етті үй қылып.
Қасқырлар да қара түнде қамады,

Қорқытты оны айналдыра от жағып.
Таусылғанда қоржында,ы тамағы
Қорек етті жерден нәрлі шөп тауып.
Өмірі оның бір тұтанып, бір өшіп,

Тірі қалды ол тірлік үшін күресіп.
* * *
Өсірген бұлттар көктемде
Маңдайынан тер төгіп,

Жанады гүл көк белде
Қып-қызыл боп өртеніп.
Қыздай қызыл шырайлы
Ырғалады құлпырып.

Самал сипап-сылайды
Дымы құрып, ынтығып.
Асығасың жетуге,
Шаұырады қыр гүлі.

Тұнып қалған бетінде
Қызыл шапақ күн нұры.
* * *
Мерген оғы қадалып,

Көктен құлап түсті ме?
Қыран жатыр қаны ағып,
Қара жолдың үстінде.
Ұалай ажал болды кез

Ұыранға қр кеуделі?
Батты ма әлде қанды көз
Қүзғындардың шеңгелі?
Мың бір түндей жыры бар

Қасымдағы Қалмақан:

– Мұның қандай сыры бар? –

Деп аңырып, болды аң-таң.
Көзін шұқып жабыла,
Салмақ жауы ыланды.
Өзі туған тауына

Кимай өойды қыранды.
* * *
Алаң етіп ойда жоқта көңілді,
Қыр үстінде жол екіге бөлінді.

Айырықта тұрып қалдым абыржып,
Қайсысына артамын дер сенімді.
Тартып бердім неде болса тау жаққа,
Таңы да жол бөлінді екі тармаққа,

Жүріп кеттім бір соқпақпен ақырын,
Жылтырап от көзге түсті аулақта.
Жас келіншек мейман етіп қабылдап,
Аз ғана бір аялдадым дамылдап,

Баяғыда қалған біраз тынайып,
Жортақтады астымдағы жауыр ат.
Көп ұзамай атты таң да арайлап,
Ағараңдап сәулеленді бар аймақ,

Өзім және астымдағы атым да
Қара қосқа жаутаңдадық қарайлап.
* * *
Қара шашың желмен жайлап желбіреп,

Қара көзің көлдей тұнып мөоліреп,
Гүлдей сырлы, күндей нұрлы жан құрбым,
Есігімді қақпайсың сенн енді кеп.
Жатты өзен таудан тулап ойға ағып,

Жаздың тойын жәрмеңкелеп тойладық,
Алтыбақан ырғағымен тербеліп,
Ай астында ақсүйекті ойнадық.
Жұлдыз бұлтқа батып кетті асығып,

Жел де тынды желе жортпай басылып.
Келе жатқан жылдар бойы жасырып,
Жүректерде дүр сілкінді жас үміт.
Қарағайлар көкшіл-жасыл кекілді,

Көлеңкесі қөлегейлеп бетіңді,
Тұрып қалды балқығандай балбырап,
Иірімді күйге түсіп не түрлі.
Сырымызға үңілгендей тұңғиық,

Айдалада қарап тұрды бір киік,
Жер мен көкте тек тірі жан екеуміз,
Бар табиғат үнсіз, тілсіз тұрды ұйып.
Қиял сонда ұшты бізді айға алып,

Жұлдыздарды құша бердік айналып,
Қалғандаймыз жерге қайта түсе алмай,
Ақбозаттың қазығына байланып.
Махабатты жеткізеді сөз қандай,

Тұрып қалдық тілсіз-үнсіз қозғалмай.
Жер перзентін жеткізуге жеріне
Періштелер болды қолын созғандай.
Жерге түстік жұлдыздардай жарқырап,

Айдын көлдер ашты қойнын жалтырап.
Дем булығып, дірілдейді деміміз
Жапырақтай қайыңдағы қалтырап.
Тұрды бәрі бізден сыйын қызғанбай,

Сезіндік тек бұл әлемде біз бардай,
Бар дүние басқа жаққа ауғандай,
Бізден басқа тіршіліктен із қалмай.
Көбелектей күйдірді де от көркің,

Көңілімді үйірді де көк толқын,
Қас қағым сәт қайта маған оралмай,
Көрген түстей ғайып болып өтті ол күн.
* * *

Бірнеше үй бірігіп,
Бір аулада тұрамыз.
Қызғалдақтай құбылып,
Өсті аққұба бұла қыз.

Жүзінде ар-иманы,
Күліп күндей тұратын.
Әдепті әрі ибалы,
Үні үлбіреп шығатын.

Әрлі-берлі өткенде
Тұратынбыз жүздесіп.
Бір жылдан соң көктемде
Қетіп қалды қыз көшіп.

Ортадағы гүл нәзік-
Кеткеннен соң қызымыз,
Көңіліміз құлазып,
Солғын тартты жүзіміз.

Жөнелтті әр жайларға,
Жолықтырмай жол бізді.
Гүл бүршігін жайғанда
Қоям ойлап сол қызды.

* * *
Арақпенен айрылып бар бағынан,
Бір жас жігіт ажырасып жарынан,
Қаңғып, безіп, біражолата кетіпті

Ата жұрты – алтын бесік тауынан.
Еңбек етпей екі қарын талдырып,
Өліпті ол мас күйінде мәңгіріп.
Әкесі оның ауыр дертке ұшырап,

Айдалада жалғыз қапты қаңғырып.
Жастай тастап кетсе дағы оны ұлы,
Жастай қақсап өтсе дағы өмірі,
Атасына шыдай алмай көңілі,

Іздеп-тауып, бақты-қақты келіні.
Баласының бетке баспай айыбын,
Жағдай жасап, бабын тапты жайының.
Жер бетінде көрсетті ол әлі де

Бар екенін мейірім мен қайырым.
* * *
Баруға аң, құс батпаған
Сорғымай жатқан сор батпақ,

Ғасырлар бойы соқпаған
Сорабын салмай жол-соқпақ.
Тұншыққан тылсым тымырсық,
Жоқ оны желпіп жел айдар.

Жатқандай жылап ыңырсып,
Көз таба алмай сел қайнар.
Шыққанша жерді тепкілеп,
Көмір деген бір мықты,

Тілеуін оның көп тілеп,
Телміріп қанша жыл қүтті.
Қап-қара бұлттай қаптаған
Бұрқ етті ол тулап атылып.

Жұлдыздар содан жақты адам,
Өмірге шөлді шақырып.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙