Арманның алыс аралы
Сайламқан Мұстақиұлы
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Қытай елінде туып-өсіп, таяу жылдары атамекеніне оралған Сайламқан Мұстақиұлының “Арманның алыс аралы” жыр жинағына ақынның соңғы кездері жазған философиялық ой-толғамға толы өлеңдері, əн сөздері енгізілген. Қоныр үнді ақынның қоныр өлеңдері байыпты байсалдылығымен ерекшеленеді. Автордың бұл жинағы жастарға пайымды ақыл-кеңес бере алуымен, елдік, ұлттық мүддеге жиі қалам тербеуімен құнды.
УДК 821.512.122 ББК 84 Қаз 7-5 М 85 Қазақстан Республикасының Мəдениет жəне ақпарат министрлігі Ақпарат жəне мұрағат комитеті «Əдебиеттің əлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша шығарылды Мұстақиұлы С. Арманның алыс аралы: Өлеңдер жинағы. Сайламқан Мұстақиұлы. Алматы: Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы «Атажұрт» баспа орталығы. – 2012 ж. 144 бет. ІSBN 978-601-7023-51-5 Қытай елінде туып-өсіп, таяу жылдары атамекеніне оралған Сайламқан Мұстақиұлының “Арманның алыс аралы” жыр жинағына ақынның соңғы кездері жазған философиялық ой-толғамға толы өлеңдері, əн сөздері енгізілген. Қоныр үнді ақынның қоныр өлеңдері байыпты байсалдылығымен ерекшеленеді. Автордың бұл жинағы жастарға пайымды ақыл-кеңес бере алуымен, елдік, ұлттық мүддеге жиі қалам тербеуімен құнды.
УДК 821.512.122
ББК 84 Қаз 7-5
ІSBN 978-601-7023-51-5
© Мұстақиұлы С., 2012
© Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы
«Атажұрт» баспа орталығы, 2012
М 85
Алғы сөз
Сайламқан
Мұстақиұлы
ҚХР-ның
ШҰАР
өлкесіндегі Алтай аймағына қарасты Жеменей
ауданының көне Жеменей елді мекенінде 1958 жылы
18 қарашада туылған. Қытайда өткен «Мəдениет
зор төңкерісі» атты солшыл саясаттың əсерінен
жоғары оқу орындарына түсе алмай, 17 жасынан
бастап ауылда еңбек жолын ұсталық, трактористік
жұмыстармен бастады. 1988 жылдан Жеменей
ауданының кино қою мекемесінде жұмыс атқарған.
2002 жылдың күзінде тарихи отанына оралып, Алма-
ты облысының Текелі қаласына қоныс тепті.
Сайламқан жастайынан əдебиет-көркемөнерге
əуес болып, өздігінен оқып үйренуінің нəтижесінде
қазірге дейін 60-қа тарта əн, 300-ден астам өлең,
40-қа жуық əңгіме, мақалалар жазып жариялады.
Ол бұдан сырт тарихи тақырыптарға да қалам тар-
тып, «Шешеннен сөз қалмады», «Арыс алыптары»,
«Көтбай ақын өмірі мен өлеңдері» қатарлы деректі
аңыз-əңгімелерімен қатар «Абақ Керей Самырат
шежіресі» кітабын да жазып жарыққа шығарды.
Сайламқан ақындығымен қоса, ел арасында та-
нымал əнші əрі домбырашы. 1980 жылдан бастап
сазгерлігімен таныла бастаған оның Шынжаң халық
радиосы əн-күй алтын қорына өз орындауымен жəне
Қилымқан Көкейұлы, Өкен Таңсыханұлы қатарлы
кəсіптік əншілердің орындауында 8 əні енгізілген.
Осы əндерінің ішінде Мемлекеттік Орталық Халық
радиосы мен Шыңжаң Халық радиосы жəне Алтай
аймақтық мəдениет мекемесі тарапынан енгізілген
«Көктем жыры», «Мереке таңы», «Қарғалдақ»,
«Не қылайын» тəрізді əндері жүлделі орындарды
еншілеген.
Ол осы жетістіктерінің нəтижесінде 2001 жылы
Шынжаң музыкалық қоғамына мүше болды.
Сайламқан Мұстақиұлы атажұртқа келгеннен
кейін «Арманның жетегінде» атты жыр жинағын
шығарды. Ол жаңа көзқарас, ізденістерімен «Сəлем
саған, атамекен», «Көңіл құсы», «Мақтанышым
– Астана» қатарлы патриоттық əндермен қоса,
«Менің тілім», «Қазақ болсаң» сияқты ұлттық
құндылықтарды жақтайтын өлеңдері Дүниежүзі
қазақтары қауымдастығы тарапынан шығарылған
«Қоштасқым
келмейді»,
«Армысың,
атамекен»,
«Шалқар-2» газеті мен «Үн» журналында жарық
көрді. Ақынның республикалық мерзімді басылымдар-
да шығармалары үздіксіз жарияланып тұрады.
2008 жылы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы
он бес жылдығын атап өтуіне байланысты өткізілген
«Атамекен – тұғырым, ана тілім –байлығым»
атты жыр мүшайрасында “Киелі шаңырақ” өлеңі
марапатқа ие болды.
Сайламқан
Мұстақиұлының
қолдарыңыздағы
«Арманның алыс аралы» жыр жинағына ақынның
соңғы кездері жазған философиялық ой-толғамдары,
əн сөздері, қазіргі қоғамда белең алып келе жатқан
түрлі рухани дерттерге байланысты туған отты
өлеңдері енгізілді. Автордың бұл кітабы жастарға
тəлімді ақыл-кеңес бере алуымен, елдік, ұлттық
мүддеге жиі де жіті үңіле білуімен құнды.
ОТЫРАМЫН ОҢАШАДА ОСЫЛАЙ
Шапан киіп қайтайын деп тойлардан,
Жыр жазуды жан емес ем ойға алған.
Отырамын оңашада осылай,
Құтылуға мазалаған ойлардан.
Көзге түсіп көрінсем де кескінде,
Оқымаймын өлеңімді ешкімге.
Қуанамын құтылғанға бір ойдан,
Тыныш ұйқы көрем ғой деп бес күнде.
Құралып ап тамтық ойлар бастағы,
Тағы міне мазамды ала бастады.
Жыр тамшысы себелейді осылай,
Бұлттай қалса көңілдің көк аспаны.
Кейбір ойлар жыр жолына бағынбай,
Жатса бəлкім жақсы жырлар жазылмай,
Торықтырад өмір кейде көңілді,
Іздегенің ешбір жерден табылмай.
Ермек емес еріккеннен бұл тапқан,
Кəсіп те емес өлең – өнер бұл тапқан.
Тыныштықта мазалайтын жаныңды,
Кем емес кенет келген сырқаттан.
Кездескенде ағайын да, танысың,
Қанша дейді ақшалай нақ табысың.
Өлеңіңмен санаспайды ешкім де,
Қанша түйіп ақтасаң да тарысын.
Кім тоқтатар заманның бұл ағысын,
Дүние үшін бəсекелік жарысын.
Олар үшін сен ақымақ адамсың,
Өлең-жырдың түйіп жүрген тарысын.
МЕН ҮШІН ТЕК БІР БАҚЫТ КҮН СӨНБЕГЕН
Жан байлығым ортаймас əн байлығым,
Қанаттанып ұшқандай самғап бүгін.
Сондықтан да жаныма дарытпаймын,
Уын жаяр бойыңа қам-қайғының.
Артқан сайын өмірге құштарлығым,
Дүниеге жоқ менің іштарлығым.
Жүрегіңді тырнайтын аш мысықтай,
Іштарлықтың білемін дұшпандығын.
Өкпе жүрмес Тəңірдің бергеніне,
Ризамын ағайын сенгеніңе.
Он үш жаста мен өлген бала едім,
Бұл күнге де тəубе етем келгеніме.
Қайдан білсін өмірде түк көрмеген,
Тəтті ұйқыда қорқыныш түс көрмеген.
Өмірінде бір өліп, бір тірілген,
Мен үшін тек бір бақыт күн сөнбеген.
Өте ме күндер осылай,
Қиялдың қуып елесін.
Түсімде көрген ақ кеме,
Жағаға қашан келесің.
Толқыған теңіз бетінде,
Шалқып бір ұшқан шағала.
Арманның аппақ кемесін,
Күтіп тұрмын жағада.
Ақ желкенін жел керген,
Кемелер кетіп барады.
Тоңдырды менің жанымды,
Теңіздің салқын самалы.
Көкжиегі көз жетпес,
Арманның алыс аралы.
Толқындар келіп соғады,
Жақпарлы жартас жағаны.
ГҮЛДЕР-ГҮЛДЕР...
Гүлдер-гүлдер алуан гүлдер жайнаған,
Өздеріңмен көрікті ғой айналам.
Гүлге ғашық жан екенмін мен-дағы,
Гүл жайнаған гүл көркіңнен айналам.
Гүлдер-гүлдер алуан гүлдер құлпырған,
Талай жандар бір құшуға ұмтылған.
Гүлдер-гүлдер махаббаттың символы,
Жанарынан нұр ұшқындап, сыр тұнған.
Гүлдер-гүлдер алуан гүлдер көрікті,
Өздеріңе ғашық жандар бөрікті.
Сендер үшін талай жұлдыз нұр шашып,
Сендер үшін талай жұлдыз сөніпті.
Гүлсіз бақтар көз тарта ма түрі өңсіз,
Гүлсіз өңір – гүлсіз өмір сүреңсіз.
Гүлбақшаның бұлбұлы бар сайраған,
Гүлсіз сезім қуаң тартқан кілең күз.
ҮКІЛІ ҚОҢЫР
Кісінеген дауысы қобыз үнді,
Қосып келем үкілеп қоңырымды.
Жүйрік болып жүлде алып бермесең де,
Қалдырмадың əзірге көңілімді.
Болмасаң да топ жарғыш омыраулаған,
Дауысың медеу көңілге қоңыраулаған.
Бой тұмардай мойныңа жарасатын,
Мойныңа күмістен қоңырау тағам.
Қырдан биік көз салсам құлан түзге,
Қоңыр қаздар қайтқанда қоңыр күзде.
Бір қоңыр үн келеді құлағыма,
Үміт алдан дегендей күдер үзбе.
Дей алмаймын өзіңді «Əсем қоңыр»,
Жұлқынбайды дариға-ай бəсең көңіл,
Саз кешкенмен тұяғы жетілер ме?
Қағажуды көп көрген қасаң өмір.
«Телқоңыр» да емессің «Алқоңыр» да,
Əлі күнге белгісіз бар-жоғың да.
Ащы терің алынар қанжілік боп,
Талай асу қиындық бар жолыңда.
Қоңырымсың қолтума өзім сенген,
Бір күн асып келерсің қоңыр белден.
Көңілімді желпінтіп жабырқаған,
Жал-құйрығың сүзіліп қоңыр желмен.
КІНƏСІНАН КІМ ҚАЛАЙ АҚТАЛАДЫ?
Кінəсінан кім қалай ақталады,
Тараз алда айырар ақ, қараны.
Билік, байлық, батырлық пəнидегі,
Бақиға тек шыбын жан аттанады.
Пенде ғұмыр ғашық боп жас шағында,
Бақыт дейтін құбылғыш ақ сағымға.
Сағым қуып сандалып шалдыққандар,
«Өтті өмір» деп өкінеді қас-қағымда.
Қуыршақ пен қуантып жас баланы,
Алдағанға ата-ана мақтанады.
Жалған дүние өліммен аяқталып,
Содан кейін мəңгілік басталады.
ТАБИҒАТТЫҢ ҚАСИЕТІН КЕМІТІП
Табиғаттың қасиетін кемітіп,
Мұздықтарды мезгілінсіз ерітіп.
Парник газдар жердің бетін жылытып,
Алдымызда тұр кім білсін не күтіп?
Ғылым өзі бұл шындықты растап,
Теңіздерді жатыр мұнай ыластап.
Арал теңіз тағдырын да білеміз,
Ұшып жатқан ащы соры, тұзы əппақ.
Əлсіретіп жігеріңді, рухыңды,
Лас орта өзгертуде құлқыңды.
Протондар жауып жатса аспаннан,
Аспан озон қабаты да жыртылды.
Табиғат та шамырқанған секілді,
Апаттарды көзің көрді не түрлі.
Жаратқанның ескертуі болмас па?
Жина деген адамдарға есіңді.
АЛТЫН БАЛЫҚ
Өмірімде көлге бір бармаппын ғой,
Жез қармақты суына салмаппын ғой.
Алтын балық өзіңді ұстап алып,
Орындатып тілекті алмаппын ғой.
Қасиетті сол көлге барсам ба, екен,
Жез қармақты суына салсам ба, екен,
Алтын балық ұстап ап, уа, шіркін-ай!
Үш тілекті орындатып алсам ба, екен.
Арманымды көңілге серік қылдым,
Өз ұлыңмын үмітпен келіп тұрмын.
Үш тілекті орындап берер-ау деп,
Алтын балық өзіңе сеніп тұрмын.
Алтын балық қайдасың көліңдегі,
Ештемеде көзіме көрінбеді.
Үзілмеген үміттей көңілдегі,
Ертегім ең қияли өмірдегі.
Алтын балық өзіңнен зиян бар ма?
Жетелейтін қиялдай қияндарға.
Балықшы шал бақытты болмас па еді,
Кемпір сорлы нəпсісін тия алғанда...
6 шілде 2008 жыл.
АЛМАТЫНЫҢ АҚ ЖАҢБЫРЫ, ҚАЙДАСЫҢ?
Алматының ақ жаңбыры, қайдасың?
Ел мен жерге тигізетін пайдасын.
Аптап ыстық апшымызды қуырып,
Қос өкпеге түйреп жатыр найзасын.
Алматының қайда дымқыл ауасы,
Жасыл орман оттегі жан дауасы.
Алатаудан ала бұлттар асқанмен,
Белгісіз боп жауары да, жаумасы.
Бұлттар жауса нөсер болып, сел болып,
Ақ лайсаң көшелерде көл болып,
Сонда адамдар күпіршілік еттік пе,
“Жаңбырдан да кеттік-ау деп мезі болып”.
Жасыл орман, бақтар неге қуарад?
Өзен-көлдер қалай ғана суалад?
Періштелер пенделерден безініп,
Жын-шайтандар жатыр ма, əлде дуалап?
«Жақсымен ел, жаңбырмен жер көгеред»
Деген сөзі бабалардың керемет.
Жаумасаң да нөсерлеген ақ жаңбыр,
Күніне бір өте шықшы себелеп.
Жетісудің қайда жасыл кілемі?
Сарғыш тартты неге жердің реңі?
Тасаттық та беріп жатыр ауылда,
Қабыл болсын көптің ізгі тілегі.
19 шілде 2008 жыл.
ӨМІР БИІ
Бұл өмірді жан-тəнімен сүйгендер,
Биле адамдар той кешінде билеңдер.
Өмір деген күнде ойын, той емес,
Таусылмайды тіршілікте күйбеңдер.
Жас-кəрінің ұқсамайды биі де,
Жас-кəрінің ұқсамайды күйі де,
Жас қыз-жігіт таң атырса би-билеп,
Қарттар қайтар демалуға үйіне.
Қалмасын деп сезім іште тұншығып,
Билеп жатыр қыз-жігіттер құлшынып.
Өмір биін билеп жатыр əне олар,
Жалғасады соларменен тіршілік.
АМАН БОЛ, БАУЫРЫМ
Аман бол, бауырым, аман бол,
Дайын тұр демен саған жол.
Азамат болсаң арынды,
Тауып ал өзің барар жол.
Аман бол, бауырым, аман бол,
Таныдың əбден оң мен сол.
Қиналмайсың ағаң бар,
Созамын деме саған қол.
Аман бол, бауырым, аман бол,
Алдыңда тұр екі жол.
Бұл өмірде бəрі егіз,
Ақ пен қара, бақ пен сор.
Қатты айтсам кешір бауырым,
«Сөзінің деме ауырын».
Іздеуден əсте жалықпа,
Бақыттың алыс ауылын.
СЫЙЫ БОЛСА ЖАРАТҚАННЫҢ МАХАББАТ
Тартсамдағы махаббаттың азабын,
Көрсемдағы қорлығы мен мазағын.
Құдай өзі сыйға берсе құлына,
Махаббаттың əн мен жырын жазамын.
Сезімді ұстап тұра алар ма, түрмелер,
Сүйме, деген жарлығына кім көнер.
Сыйы болса жаратқанның махаббат,
Жүрекпенен бірге жасап, бірге өлер.
Аққу ұшса көлден іздеп сыңарын,
Кеудемнен бір жүргендей боп жылы ағын.
Көз айырмай қарап тұрып жағада,
Махаббаттың арнап айтам бір əнін.
Кесірінен адасқан бір тұманның,
Жолаушының болмасын еш күмəнің.
Тағып алғам жүрегімнің тұсына,
Махаббаттың қасиетті тұмарын.
Барар жерім əлі менің тым қашық,
Жүріп келем күндізде де түн қатып.
Алаңдаймын тұмарымды қымбатты,
Алам ба, деп жол бойында ұрлатып.
ЖҰЛДЫЗ
Онда біздің десектағы неміз бар,
Жұлдыз жайлы түрлі-түрлі аңыз бар.
Бізге жарық көрінгенмен жұлдыздар,
Олар мəңгі күн нұрына қарыздар.
Мекенденіп тұрғанменен ғарышты,
Жұлдыз өзі шығармайды жарықты.
Жарық дейміз күн менен ай, жұлдыз да,
Болсадағы бір-бірінен парықты.
Жұлдыздар да қарапайым тас екен,
Нейтройд деген тау жынысты зат екен.
Жер бетінің жұлдыздары бəлсінбей,
Бұл шындықты əбден ұғып алса екен.
ЖАЗЫЛМАЙТЫН АУРУ
Ақындығың былай тұрсын,
Əзір емес əманда.
Далбасалық естіге емес,
Жарасады сараңға.
Əзəзілдің əнін айтып,
Əуейіленген заманда.
Адаммын деп айтудағы,
Ауыр боп тұр мағанда.
Алты Алашқа сөзі жеткен,
Дана хəкім Абай да,
Ақынмын деп айтпапты ғой,
Енді өзің де абайла.
Өзін-өзі атақ беру,
Бұл да үлкен ауру.
Мүмкін бе, осы аурудан,
Түбегейлі сауығу.
ОСЫ КҮННІҢ ҚАДІРІНЕ ЖЕТЕЙІК
Ел деп келсем неге еңбектен ерінем,
Жеміс терген жерден неге жерінем.
Алдымдағы асқа емес, ағайын,
Сенің жарқын пейіліңмен семірем.
Бəрін түстей, бəрін іштей сезінем,
Көңіл толқып көп ойларға берілем.
Қиялменен келешекті суреттеп,
Таңға жақын тəтті ұйқыға көз ілем.
Қоныс алдым Алатаудың төрінен,
Өріс алдым Жетісудың жерінен.
Отбасым да ортаңа кеп орнықты,
Етене боп кеттік ауылменен.
Қиналсам да өмір жолы өрінен,
Арман құсым қанат қақсын көгіңнен.
Алға қойған мақсат үшін күресіп,
Еңбегіммен көп ішінен көрінем.
Жүрген кезде үмітіміз азайып,
Бір таң атты арайланған ғажайып.
Ол таңымыз тəуелсіздік таңы еді,
Бұл таңды біз шын бақытқа балайық.
Кеңес рас қарыныңды тойдырды,
Есесіне ұлт рухын жойдырды.
Тілің, ділің, дініңді де тонап ап,
Өлгеніңді жаназасыз қойдырды.
Жетер мақсат талғамастан жолды да,
Қарын тойып, қанса ұйқы болды ма?
Кеңесіңнің мақсаты еді біздерді,
Мəңгүрт қылып айландыру сорлыға.
Кел ағайын енді еңбек етейік,
Еңбекпенен жоқты да бар етейік
Көксей бермей келмес Кеңес заманын,
Осы күннің қадіріне жетейік.
УАҚЫТ ДЕГЕН ҚЫЗ КЕТІП
Жылу кетті түстікке,
Жыл құсымен ілесіп.
Батыстан суық келеді,
Боранын соққан үдетіп.
Қар-мұзы қатқан қаңтардың,
Табанынан ызғар, сыз өтіп.
Сан мың сұрақ жауабын,
Айта алмайын түгетіп.
Уақытты көпір ғып,
Барамыз ба, біз өтіп,
Біз қалдық па, білмеймін,
Уақыт деген қыз кетіп.
АТАМҰРА – ДОМБЫРА
Атадан асыл мұра қалды бізге,
Тай басса ат тұяғын өшпес із де.
Домбыра екі ішекті, тоғыз перне,
Осыдан не шығад деп күдер үзбе.
Тарихтың парақтарын ашсаң қарап,
Аз ба, еді қазақ шеккен сор мен азап.
Сонда да сақтап келген сауық-салтың,
Дархан ел, даналы ауыл, ақын қазақ.
Домбыра қазағымның өзі емес пе?!
Сақталған асыл мұра көзі емес пе?!
Тыңдатқан бабалардың кеңес күйін,
Ұлының ұлағатты сөзі емес пе?!
Тынбаған даласында қоңыр үні,
Тартысқан шанағында шаттық-мұңы,
Ол – қазақ өмірінің шежіресі,
Қу ағаш іші қуыс деме мұны.
Сақтай біл қасиеттеп ұлт мұрасын,
Шерткен ол əн мен күйін ұлт мұратын.
Қай қазақ «Сарарқаға» елікпеген,
Содан біл домбыраның күш-қуатын.
ҚҰДАЙ ӨЗІ СЕНІ СОЛАЙ СЫНАП ТҰР
От кеудеден жалын шашқан трактор,
Өмір жайлы осында бір сұрақ тұр.
Кетті сынып доңғалақтың білігі,
От алғанмен жүре алмайды бірақ бұл.
Кеше жүрген өзі жүкті сүйретіп,
Бүгін өзі бара жатыр сүйреліп.
Сынды белі жүк болды енді басқаға,
Тағдыр салған шарасыздық күйге еніп.
Денсаулықты зор байлыққа санаған,
Қалған сөз деп ойладық па, данадан.
Ғарып күндер болар-ау деп осылай,
Сап-сау болып туылған соң анадан.
Көнсең де осы, көнбесең де тағдырға,
Доңғалақты орындыққа таңды да.
Жаутаңдатты жанарыңды от шашқан,
Өзі берген байлықты өзі алды да.
Кім көнбейді салғанына Алланың,
Бəрі қалды мақсат-жоспар арманның.
Алғашында ар-намысың мазалар,
«Мүгедек» деп мүсіркесе жан-жағың.
Тағдырыңа жыласаң да налып бір,
Жаратқанға десеңдағы құлақ түр.
Тыңдамайды арызыңды айтқанмен,
Құдай өзі сені солай сынап тұр.
ОТ ҒАСЫР
Ғашық қылып тылсым мынау ғаламға,
Алып шықты асықтырып алаңға.
Құзырына құдірет қол салды кім,
Қасиетін басып тұрып табанға.
Жинап алып адамзат ой-ақылын,
Өзімізге беймəлім жасырын.
Жұмыс жасап жүрміз бе осы қауіпті?
Тез бастауға ақыр заман ғасырын?
Керегі не осы жолға барудың,
Ғалам сырын тым тереңдеп танудың.
Ойы ма деп озбырлардың деп қорқамын,
Жер бетіне құдай болып алудың.
Мен аңсаймын бабалардың заманын,
Баяу басқан жер бетіне қадамын.
Малын бағып, егін егіп соқамен,
Тауып жеген өз қолымен тамағын.
Асқынса да жанға түскен жарамыз,
Тоқтауға жоқ қой амал-шарамыз.
Адамдардың артып алған тағдырын,
Отарбамен қайда кетіп барамыз?
Онсыздағы ыстығы асқан ғасырда,
Тамұқ тілеп атом қару жатыр ма?
Түсімде де оттан шошып оянам,
Жүргендей бір жанар таудың басында.
СИЫР ЖЫЛҒА – СЫЙЛЫҚ ЖЫР
Биылғы жыл сиыр жылы жарықтық,
Мол өнімге кетті бізді қарық қып.
Аман-есен несібеміз бұйырды,
Дей алмаймыз шайлық сүттен тарықтық.
Сиырдың да күйі биыл қалыпты,
Зеңгі баба күштілігін танытты.
Көмпіс болып жаратылған еңбекқор,
«Дағдарыстан» алып шықты халықты.
«Жол картасын» ала келді бұл сиыр,
Жөндеп алдық көп жолдарды біз биыл.
Жол жөнделді «НҰРЛЫ көш» те басталды,
Ата жұртқа ағайындар кел жиыл!
Жыл иесі биыл келген су сиыр.
Көп болды ғой, жауын-шашын су биыл.
Жемқорды да, мүйізіңе бір ілдің,
Солар сені деп жатпаса қу сиыр.
Жұмыс жоқ деп қолды сілтеп ауылда,
Кетіп қалған не айтамыз бауырға.
Бұзауласа бес сиырың сауынға,
Дағдарыстың несі бар ед ауылда.
Айран-сүтің ауруға ем екен,
Біздің елде сиыр жағы кем екен.
Үндістаннан сатып əкеп бір сиыр,
Ауылға кеп сиыр баққан жөн екен.
Базарменен уланды ғой санамыз,
Ер-əйел де базаршы боп барамыз.
«Бір сиырды бір үйдің анасы» деп,
Ойланбастан айтқан жоқ қой бабамыз.
Қымбаттап тұр рас сиыр бағаңыз,
Сондықтан да сені баптап бағамыз.
«Сиырды пұл, əйелді би болады» ,– деп,
Тағы да айтқан сол əулие данамыз.
Сау бол сиыр саған ауыр жүк арттық,
Сауып-сауып, арықтаттық суалттық.
Кетіп қалма наурыз келмей қаңтарда,
Балаларға шырша жағып қуанттық.
БҰЛ ЗАМАН НЕДЕН ЖАҢЫЛЫС
Жаңалық деп жар салды,
Ирақта тағы жарылыс.
Əр таңды қанмен қарсы алды,
Бұл заман неден жаңылыс.
Қылмыскер кім заман ба,
Жауап бар ма, сұраққа.
Қылмыскер жалғыз Саддам ба,
Жауап жоқ əлі бірақ та.
Көрмей ме, анау көп көсем,
Қан жұтқан елдің көз жасын.
Бірін-бірі жөптескен,
Қорғай ма, бəрі өз басын.
«Жер бетінің құдайы»,
Сиқыршың неткен əмірлі.
Қарғатып қойды халыққа,
Жаратушы тəңірді.
Ұлттардың анау ұйымы,
Соғады кімнің сойылын.
Түгемейді жиыны,
Саяси болды ойыны.
Құрбан айт күні Саддамды,
Құрбандыққа шалып ед.
Сұмдықты көріп лағнет,
Жүрек сыздап қалып ед.
Рамазан айында,
Тағы да болды жарылыс.
Ақиқат қалды жайында,
Бұл заман кімге бағыныш.
Рамазан айы 2010 жыл.
АНА ТІЛІН ҰМЫТУЫҢ КҮДІКТІ
Нар тұлғалы қазақтың бір ғалымы,
Орыс екен көккөз сары ханымы.
Үш баласы аумай қалған анасы,
Олардың еш жоқ қой оған жазығы.
Ажал жетіп Жəбірейіл жан алар,
Ол үкімнен кімдер ұмыт қала алар.
Өз рухын өз қолымен қор еткен,
Тектен азу тексіздікке саналар.
Қанша ғалым болсадағы білекті,
Ана тілін ұмытуың күдікті.
Он сегіз мың ғалам тілін білетін,
Сүйлеймендей патша болсын жүзікті.
Аттың басын заман қайда бұрмады,
Бодандықтың аз болды ма, құрбаны.
Шала қазақ отбасында төрт орыс,
О, құдайдың осы емес пе, ұрғаны.
ТЕКЕЛІ
Жетісудің сен тауысың Текелі,
Қоңыр аңның, қоңыр елдің мекені.
Атақ-даңқың кең жайылып əлемге,
Төбең көкке жетпей-ақ тұр екі елі.
Қойнауыңда жатыр байлық кенішің,
Сай-салаңда миуа бақта жемісің.
Айтса, айтқандай байлығыңа көркің сай,
Жетісудің кең көсілер төрісің.
Тарих бар сырға толы тауыңда,
Өшпейтұғын нөсер жауын, дауылда.
Қорған болып елдігің мен ерлігің,
Беті қайтқан көз қызартқан жауың да.
Ерлерің бар естен кетпес кешегі,
Елі үшін еңбек еткен еселі.
Ел билігін даналықпен ұстаған,
Ескелді би, Балпық бидей шешені.
Отарлықта жатқа кеткен есені,
Түгенделіп жатыр бүгін есебі.
Өсіп-өнген өз жерінде қазақтың,
Маңдайында бағы бар ғой бес елі.
Баурайында аққан жеті өзені,
Ырысың ол тіршіліктің өзегі.
Өркениет өміріңді бүгінгі,
Қашанда ел биіктерден көреді.
Ұзағынан жазсын Алла бағыңды,
Енді ешкім сындыра алмас сағыңды.
Ел мен жердің болашағы сенімді,
Мұратты ұрпақ өсіп келед жалынды.
ЖҮРЕГІМ, МЕНІ ҚАЙДА СҮЙРЕДІҢ?
Жүрегім мені қайда сүйредің?
Аяқтың білмеушімең күйрегенін.
Ұстанып, ұлт мұрасы – домбыраны,
Əн салып көп ішінде кимеледің.
Жасымнан осы өнерді сүйген едім,
Өтсе де бар өмірім үйде менің.
Қолыма домбыра алсам, қобыз алсам,
Ерекше бір ғажайып күйге енемін.
Ауырған адамдайын желікпемен,
Соңынан бір сиқырдың еріп келем.
Дүние қуып, мал-мүлік жимаған соң,
Күнім жоқ дағдарысқа кезікпеген.
Біреулер ақымақсың десін мені,
Кəнеки осыменен жетілгені.
Мен əйтеу осылайша жан болыппын,
Жан жарым түсіне алсаң кешір мені.
ОН АЛТЫНШЫ ЖЕЛТОҚСАНДЫ ЕСКЕ АЛУ
Тарих куə біз қанша рет ұтылдық,
Кетуге де шақ қалдық біз жұтылып,
Құдай сақтап жеттік əйтеу бұл күнге,
Қанды шеңгел, тозақтардан құтылып.
Ақырғы «Алаш» жұлдыздары сөнді деп,
Енді қазақ қойша айдауға көнді деп.
Мас көңілмен масайрады Мəскеуде,
Ұлттық рухы мəңгілікке өлді деп.
Монополия берді деп өз жемісін,
Тойлап жатты Мəскеу де өз жеңісін.
Ұлт болмай-ақ терезесі тең тұрар,
Мəңгүрттікке бергендей-ақ келісім.
Тағдыр салған мойынға іліп азабын,
Көре жүріп қорлығы мен мазағын.
Ар-ұждан тапталғанда сілкінді,
Сабырлы елім, салқын қанды қазағым.
Соқтырса да желтоқсанның дауылын,
Қолданса да жаназаның ең ауырын.
Ақиқаттың өшіре алмай алауын,
Білді өздері шағылғанын тауының.
Соңы болып қалса да ұлттық ерліктің,
Терезесін көрсеткендей теңдіктің.
Жеңісіңде қасіретті желтоқсан,
Нышаны ол ерлік пенен елдіктің.
Тарихы ол ұмытылмас ұлтымның,
Тəуелсіздік бастау еді бұл күннің.
Желтоқсанда желбіреген жастарың,
Өлмегенін əйгіледі рухының.
Қанға бөккен тағдырыңа күйіңе,
Естен кетпес ерлігіңе сүйіне.
Мəні өзгерген əкімшілдік жүйені,
Содан бастап танып білді дүние.
Ұмытылмас ол қаралы күніміз,
Шындықты айтқан өшірілді үніміз.
Он алтыншы желтоқсанды еске алсақ,
Ол қасірет, жүректегі мұңымыз.
Шын бақыт деп білемін мен еркіндік,
Еркіндікпен бой жаза алдық, серпілдік.
Елдігің мен теңдігіңнің куəсі,
Женевада тұр көк туым желпініп.
Жүректегі сейілткен сол зіл-мұңды,
Күллі əлемге жеткізген шат күлкіңді.
Қаншама ұрпақ аңсап өтті армандап,
Біздер жеткен тəуелсіздік бұл күнді.
... ӨЗ МІНІҢЕ ҰЯЛУ
Шын махаббат құшағын,
Бір-ақ рет жаяды.
Екі жүрек бір тілек,
Махаббаттың баяны.
Қозы-Көрпеш Баяндай,
Махаббаттың перісі.
Зұлымдықпен күресіп,
Бірге үзілген тынысы.
Арам нəпсі қызғаныш,
Жүрегінде қабындай.
Қарындасқа көз салған,
Əбіл менен Қабылдай .
Күнəһар бұл пендеде,
Не қалады табылмай.
Қылмыс көп қой жалғанда,
Жатқан əлі жазылмай.
Бұзылды деп қыздарды,
Кінəлаймыз балаларды.
Көрмей ме, екен көздері,
Қағынған анау шалдарды.
Ақшасымен аздырып,
Немересіндей қыздарды.
Махаббатын жастардың,
Арам нəпсі бұзған-ды.
Күрестердің үлкені, Өз нəпсіңді тия алу. Ар-намысың оянса, Өз мініңе ұялу. Əбіл, Қабыл Адам атаның алғашқы ұрпақтары. Бірін бірі өлтірген. БАС Ми да, көз, құлақ, тіл де баста, Мисыз қимыл жасай ма, мүше басқа. «Жүрекке əмір жүрмейді» дейді екен ғой, Ал ендеше басеке өзің баста. Мимен ойлап, көзіңмен көріп барып, Ауызда сөз құлаққа жетсін анық. Қолмен ұстап, көз көрген анық болар, Естігенмен көргенде бар ғой парық. Кəрің де құдайым жасымызға, Беріпті ғой билікті басымызға. Ақыл менен бастай ма, ашуменен, Досымыз да бас екен, қасымыз да. «Жүрекке əмір жүрмейді» сен не дерең? Бұл сөзіңе еш уақыт беу демегем. Ми менен көз, құлақты керек етпей, Сонда жүрек жүре ме, кеудеменен.
ШЫН БИІКТЕН ШЫНДЫҚ ҚАНА КӨРІНЕР
Тірімін деп босқа ғұмыр кешпеңдер,
Тірі жүріп аз ба ұмыт боп кеткендер.
Қысқа ғұмыр кешседағы пəниде,
Аз да емес мұратына жеткендер.
Ізгілікпен жаулап алған сананы,
Бақ-жұлдызы еңбекпенен жанады.
Данышпанның көбейткенмен тізімін,
Өнер-білім, ерлік есте қалады.
Тіршілігін көріп кейбір ағайдың,
Мен де өмірге сын көзбенен қараймын.
Хакімдікпен хаты қалса Абайдың,
Зұлымдықпен даты қалды талайдың.
Жыр жазса да жиырма томдық япырай!
Жырдың көшін бір биіктен асырмай.
«Ұмытпаңдар мені де» деп жазды өлең,
Көңілдегі күдігін де жасырмай.
Ұмыт болу қорқыныш па, расында,
Мəңгілікке жоғалу ма ақынға.
Аласаның төбесі де көрінбес,
Тұрғандықтан биіктердің қасында.
Тау емес ол биікпін деп мақтанған,
Сары өзен* де сол биіктен басталған.
Төбешікке қарайтындар таумыз деп,
Гималайға қарай алмай жасқанған.
Шын биіктен шындық қана көрінер,
Шапағаты шуақ болып төгілер.
Жалғандықтың тауы құлап шағылып,
Тарихтың тасқынына көмілер.
(Гималайдан бастау алатын Хуаңқы дариясы)
БАҚ СҰРАҒЫШ БОП КЕТТІК
Мен менсіген жандарға,
Іштей мен де егесем.
Сен айтқандай мен рас,
Шалымды жан емес ем.
Жаза алмай жүрмін жақсы өлең,
Жалт қаратар əлемді.
Ит жеп кеткен секілді,
Меніңдағы дəмемді.
Өнер болған өлеңде,
Жарып бағы маңдайда.
Жаратқан өлең тықыршып,
Таң асқан талай таңдайда.
Бəйгеге қосса үкілеп,
Қазының кері санауы.
Бəйгеден озып келсе де,
Қанап қайтқан танауы.
Бап шаппайды бұл күнде,
Бақ шабады бапталмай.
Еңбегі еш кетеді,
Бапкердің де ақталмай.
Бақ сұрағыш боп кеттік,
Байланысты жағалап.
Шындық күйіп жанады,
Қаралық жанын жаралап.
АТА ЗАҢ
Дүниеге келсем мен,
Жаратқанның заңымен.
Адам ата, Хау ана,
Махаббат жүрек қанымен.
Заңды келсем дүниеге,
Заңсыз қалай күн көрем.
Тірлігі тай-таласқан,
Жалғанда мынау дүрбелең.
Заңдылыққа бағынбас,
Ешнəрсе жоқ əлемде.
Заңсыздықтан зарлаған,
Бейбақ аз ба, əр елде.
Заң менен нан бір ұғым,
Онсыз өмір болмайды.
Нан өмірдің азығы,
Заң өмірді қорғайды.
Құран да заңы Алланың,
Өзгертуге келмейтін.
Адасып жүр қанша адам?
Бір Аллаға сенбейтін.
Хансыз халық болса да,
Заңсыз өмір болмайды.
Заңсыз жарлық күшпенен,
Көңілге еш қонбайды.
Талай патша құдайсыз,
Аспады ма əлінен.
Заңсыздықтан сақтасын,
Пəле, жала бəрінен.
«Есімханнан ескі жол»,
«Қасымханнан қасқа жол»,
Толықтырған ел заңын,
Дана, хакім Абай ол.
Баға жетпес, құндылық,
Ата заң – күш, қуатым.
Өзіңменен іске асады,
Ұлы мақсат, мұратым.
Азаматтық қоғамның,
Құрылуын тілейік,
Қазақтың Ата заңымен,
Қазақша өмір сүрейік!
ЕЙ, АДАМЗАТ
Ей адамзат, пейіштегі пенде едің,
Сен сол жерде неменеден кенде едің?
Рас қой, сенің əзəзілге ергенің,
Сол себепті осы жерге келгенің.
Бұл күндерде көрмейтін түсіңде,
Жүруші ең ғой, миуа бақтың ішінде.
Сасытыпты гүл сарайын пейіштің,
Ұрлап жеген арпа дəні ішінде.
Тəңір заңын естімесе құлағың,
Тиылмаса, ындын, нəпсі, құмарың,
Жер де сенен жиіркенсе бір күні,
Тозақ болар ең ақырғы тұрағың.
Кінəлі боп Адам ата алғашқы,
Əзəзілдің тіліне еріп алжасты.
Сол кемшілік Адам ата бойынан,
Ұрпағында келе жатыр жалғасты.
Құлыңбыз ғой, кешіре гөр Құдайым!
Қуат берген тек өзіңсің күн-айым.
Күнəсізге рахым ет, кеше көр,
Саған ғана құлдық ұрып жылайын.
ТАБИҒАТ ТАҒДЫРЫ
Ортайып барады өзенім,
Өртеніп барады өзегім.
Сарқылып барады көлдерім,
Кенезем кеуіп шөлдедім.
Суалып бастаулар, бұлағым,
Булығып, қыстығып жыладым.
Қурап бір қалғанда құрағым,
Білмеймін мен қалай құладым.
Қырылып біткенде құстарым,
Қос қолдап жағамды ұстадым.
Аңдарың алысқа ауғанда,
Көрмедім іздерін таудан да.
Қырқылып жатқанда талдарым,
Шайналды амалсыз бармағым.
Кесіліп жатқанда қарағай,
Тəніме салған бір жарадай.
Солғанда тамырдан жас қайың,
Жүрегім мұздады тастайын.
Отын боп жатқанда терегім,
Білмеймін не айттым, не дедім.
Оталып біткенде орманым,
Ойсоқты осылай болғаным.
Құлазып даладай көңілім, Өксіді осылай өмірім. Өмірге не қалды тиянақ, Бұл неткен сұмдық ед, қиянат. АҒА ТІЛЕГІ Шамаламай менің білім өремді, «Жаза бермей майда-шүйде өлеңді». «Жығылсаң да жығыл деген түйеден», Прозалық кітап жаз дейді көлемді. Ауыр талап қойдың деймін неге сен, Кітап жазу оңай емес деймін мен . Кімге керек маған ұқсап тұрғаны, Төрт аяғын баса алмаса тепе-тең. «Қорғаншақсың жастайыңнан білемін, Дауаламайд бұған сенің жүрегің, Ұмыттың ба, кеше ғана əкелер, Айтып кеткен арыз-арман тілегін». Оның рас мен де оны білемін, Іштей əр кез толғаныста жүремін. Сол күндерді көз алдыма келтірсем, Жаурағандай күй кешеді жан – жүрегім. «Естен кетпес кешкен күндер кешегі, «Мəдениет зор төңкеріс» кеселі. Таусылмайтын тақырып ол жаза алсаң, Бір пұшпағы саған-дағы жетеді». «Ешкімге жоқ дей алмайсың қарызым, Мынау бес күн шекті пəни жарығын.
Өткенді де, бүгінді де пайымдау,
Есті болсаң өтеу міндет парызың».
Жазсаң егер ой саларлық сырмен жаз,
Удай ащы ойып түсер тілмен жаз.
«Акюлер» əкіреңдеп би болған,
Құйтұрқы сол заман сиқын зілмен жаз.
Мені жүрген осы бір ой мазалап,
Саған осы іс тапсырылған аманат.
Келісе алсаң қолыңды бер, бауырым,
Деп жүрейін сені де бір азамат.
Бұл айтылған саған тілек, өтініш,
Сөзің сабын, болмасын тек көпіргіш.
Жаза алмасаң сол жылдардан бір кітап,
Өксік қалған өзектегі өкініш.
Акю – қытайдың 1930 жылдары өмір сүрген
реалистік алға басар, сатирик жазушысы Лу-
шунның Советтер Одағындағы жүріп жатқан
таптық күрес көп өтпей Қытайда да болатынын
болжай жазуы.
«ҰМЫТЫЛҒАН»
Ұмытылған архив,
Жатқан сартап,
Оралды қайта өмірге.
Ғасыр аттап,
Ойын оқып жатырмыз,
Жұрттан озған,
Өлеңдерін тамсана,
Іштен жаттап.
Не болмады кер заман,
Кесірінде,
Ұмыттырған Шəкəрім,
Есімін де.
Абай дана, Шəкəрім,
Мұхтарлардың,
Санасына нұр құяр,
Ұққан жанның.
Оқу оңай кітабын,
Ұғу қиын,
Ол үшін көп ауырар,
Баста миың.
Жеткенінше шамаңның,
Нəр аларсың,
Баста миың болса егер,
Болса зейін.
«Ноқтасыз ой» болмаса,
Басыңда еркің,
Тамыршыдай білмесең,
Заман дертін.
«Ыстық қайрат, нұрлы ақыл,
Жылы жүрек»,
Тазалыққа ұмтылмай,
Қайдан болсын!
МƏҢГІЛІК МЕНІҢ МЕКЕНІМ
Мен қытайда тусам да,
Атамның басы осында.
Көсіліп еркін жатамын,
Басын буған қосымда.
Енді ешқайда кетпеймін,
Бақан алып қусаң да.
Тауып жеймін нанымды,
Еденіңді жусам да.
Біліп тұрып мініңді,
Құшақтаймын өзіңді.
Дарытпаймын жүрекке,
Аузыңдағы сөзіңді.
Қанымыз бір болса да,
Əйтеу біз бір ғажаппыз.
Ұлықбек ақын айтқандай:
«Теріс туған қазақпыз»
Алыс жүрсе ат жығып,
Іздеп барар ағайын.
Жақын жүрсең жанасып,
Қори қалар маңайын.
Келген екем Отан деп,
Енді қайда кетемін.
Бабамның басы жатқан жер,
Мəңгілік менің мекенім.
НАҒАШЫ
Жаны жомарт таудай менің нағашым,
Ет бауырым деуші еді ғой анашым.
Алматыға көшіп кеткелі алыстап,
Сағыныштан жуып та алад «шарасын».
Бөлек-бөлек болсадағы жанымыз,
Бір ғой біздің тамырдағы қанымыз.
Тілегіміз қашандағы тоғысқан,
Əр əуенмен айтылса да əніміз.
Нағашыға жиендікті білгізер,
Бұйда тағып тоқал өгіз мінгізер.
Таусылмайтын қырық серкеш аласы,
Жиендерді деп жүрмеңіз кім білер.
Маған өлең сізден жұққан нағашым,
Бұл шындыққа жоқ ешқандай таласым.
Нағашы мен жиен болып cиласып,
Əзілмен де табушы едік жарасым.
Тауысатын көңілдің де тағатын,
Өмір осы өкпелеме нағашым,
Барлық пенде аһиретті тосады,
Тірлігіңде бере алмайды бағасын.
Беріп қойса егер ерте бағасын,
Көбейсе жұрт арқаңыздан қағатын.
Біледі олар əуреге түсерін,
Өшіре алмай қызғаныштың шаласын.
Ер жігіттің үш жұртының біреуі,
Нағашы ғой жиендердің тіреуі.
Бақ-ырыстың тұрағы да береке,
Бірге болсын туысқандық тілеуі.
ӨЛЕҢНІҢ ДЕ ИНЕСІ БАР, ЖІБІ БАР
Өлеңнің де, инесі бар, жібі бар,
Əуелі сен осы жағын біліп ал.
Өміріңнің көңіліңнің жыртығын,
Сол инемен сол жіппенен тігіп ал.
Өн бойыңа бажайлап бір қарап ал,
Үзілсе егер түймеңді де қадап ал.
Керек болса, ине мен жіп осындай,
Менде де бар жолын тауып қалап ал.
Кінə тағып, кір іздеме сəбиден,
Жаңа ғана қауышты ол пəнимен.
Сол сəбиге жөргек тігіп беруге,
Ине-жіпті таба алмадық бар үйден.
Ине жіпті таба алмадық бар үйден,
Жалтыраған жабдықтармен сəн үйген.
Жөргек жоқ сəби жатыр жалаңаш,
Ұят болды-ау, ұят болды-ау сəбиден.
ЖЕМТІКТЕСТЕР
Қарға жүрсе қарқылдап күресінде,
Соған бола сен де оған күлесің бе?
Тəңір оған сыйлаған нəсіп болса,
Құштар ғой ол сондықтан күресінге.
Пенденің де бір ісі соған тектес,
Тоят тапқан жерінен ол да кетпес.
Тəн азығы таусылса жан қысылар,
Дайын асқа дəніккен терін төкпес.
Бір жылқыны жықса əкеп қасқыр жарып,
Жылы жұмсақ қазыға өзі қарық.
Көкжал кетсе тойған соң желе жортып,
Құмай, құзғын жемтікке болар қарық.
Құмай, құзғын қарғалар түлкі алмайды,
Түлкі түгілі қоянға бата алмайды.
Екі шоқып бір қарар сақ сауысқан,
Басқалары жемтіктен бас алмайды.
КӨНБЕДІ СЕЗІМ ЫРЫҚҚА
Келсе де жасым қырыққа,
Көнбеді сезім ырыққа.
Жиырма жыл ішке бүксем де,
Ақыры шықтың сыртқа.
Ал енді баста жырыңды,
Сиынар тап та піріңді.
Ортаға өзің шыққан соң,
Қоғамға болдың жығынды.
Өзіңді салдың азапқа,
Бұлдағы бір дерт қазаққа.
Жаза алмасаң жақсы жыр,
Қаларсың күлкі-мазаққа.
Не жазсаң да анық жаз,
Өмірдің мəнін танып жаз.
Сөз патшасын құл етпей,
Абайдан үлгі алып жаз.
СЕНЕН-ДАҒЫ ҚАЛСЫН ЖҰМЫС БАЛАҢА
Алыс жолдан келсең-дағы ашығып,
Асыңды іштің апыл-ғұпыл асығып.
Күндіз-түні асығыссың сен əйтеу,
Асығуға қалдың ба, əбден машығып.
Жүргендей-ақ біреу сені таяқтап,
Өз үйіңнен кеттің сыртқа саяқтап.
Бұл жалғаннның бар жұмысы сенімен,
Қалмағаны лəзім еді аяқтап.
Аялдауға болмаса егер тағатың,
Жылдамдатып ғұмырыңның сағатын.
Жаныңдағы мүмкіндігі шектеулі,
Жүрекпенен үйлесімін табатын.
Сабыр берсін Алла нысап, санаңа,
Түгеуші ме еді, жұмыс деген қалада.
Əкеңнен де саған қалған бұл жұмыс,
Сенен-дағы қалсын жұмыс балаңа.
РУХАНИ БАЙЛЫҚТЫ ҰРЫ АЛМАЙДЫ
Жан құралдың ақынға керегі не?
Жоқ секілді ойласақ себебі де.
Өрт шалмаса өлеңді ұры алмайды,
Ұрыларға өлеңнің берері не?
Рухани байлықты ұры алмайды,
Ойлама еш күдік пен күмəн жайлы.
Тонап кетті дегенді естімедік,
Құрдас ақын Қадыр мен Тұманбайды.
Тұрған жоқ қой еш қатер төніп, таяп,
Өлеңіңді қаза бер қорықпай-ақ.
Бір Аллаға сиын да сен жүрекпен,
Көрген түсіңді ешкімге жорытпай-ақ.
ТІЛЕДІМ ЖЫРДЫҢ АЗАБЫН
Отырмын жалғыз ойсырап,
Қабырғама мұң батып.
Шықтым міне тағы да,
Жыр сапарға түн қатып.
Жыр сапарға аттану,
Мен үшін тағы бір бақыт.
Жатпасам да ешкімді,
Жырымменен жырғатып.
Атқа мініп шыққандай,
Қырға да бір желпініп.
Иықты басқан зіл-мұңнан,
Қаламын бір серпіліп.
Ұйқыдан мен де зеріктім,
Ұйқы да менен қашады.
Түн мезгіл менің еркімде,
Ешкімнің жоқ шатағы.
Басқалар түгел ұйқыда,
Жатқан да шығар түс көріп.
Қарындаш дəптер қолымда,
Тіземе қойдым үстел ғып.
Не десе де дей берсін,
Қайтемін жұрттың мазағын.
Дертіме шипа беретін,
Тіледім жырдың азабын.
ТЕРЕЗЕ
Үй салғанда терезені,
Қалай қою ереже.
Үйге жарық, жылуды да,
Сəн беретін терезе.
Терезеңіз оңтүстікке,
Қарап тұрса тамаша.
Терезеңіз тең боп тұрсын,
Болса да шатыр аласа.
Терезе ол – телескоп қой,
Сыртқы əлеммен астасқан.
Терезеңді таза ұста,
Кір жұқтырмай лас заттан.
Терезесіз үй болмайды,
Түрмеге де керек ол.
Жаратқанның жарық, жылу,
Сыйын үйге берер мол.
Сəндейсің бе, оны өзің біл,
Терезеңнің пердесін.
Əйнегінде сызат болып,
Үйіңе суық енбесін.
ƏДЕБИЕТТЕ САҚАЛ ЖОҚ
«Əдебиетте сақал жоқ»,
Сын айтса, жастар сын айтсын.
Сындарлы болса, сындары,
Жалған айтпай шын айтсын!
Құнары кеткен атызды,
Тыңайтсын жастар, тыңайтсын,
Түйін жоқ түпте, баста дəн,
Құр сабақ орған құр қайтсын.
«Сақалын сатқан кəріден,
Еңбегін сатқан бала артық».
Құр мақтанның мінберін,
Қойған да жөн жаңартып.
Сынып тұрса бұрында,
Сын көтерсін ол қайтып.
Мақтан сүйгіш боп алдық,
Сын жанрын жоғалтып.
Əдебиет сондай бір,
Мінсіз болып кетті ме?
Бəрі бірдей Абайдың,
Талғамына жетті ме?
Жар құлатып ылайлап,
Уақытша тасыған.
Түбі шындық көрінет,
Су тұныса басынан.
КЕЙ ӨЛЕҢІМ ЖАЗЫЛАДЫ КӨҢІЛ ҮШІН
Кей өлеңім жазылады көңіл үшін,
Көз алдағы кіріптар өмір үшін,
Өткінші бұл өмірде көңіл қымбат,
Аражігін ағайын өзің түсін.
Көңіл керек адамға көңіл үшін,
Шарықтасын қиянға көңіл құсың.
Насыбайдан бір атым көңіл қалад,
Алдыменен ағайын соны түсін.
Кейбіреулер көңілмен санаспайды,
Өз басынан қулығы ары аспайды.
Ондай жанның білемін ожарлығын,
Ешкіммен де көңілі жараспайды.
Көңіл қымбат ағайын бағаласаң,
Көңіл оңай жазылмайд жараласаң.
Көңілінен кім саған орын беред,
Көңіліне сен оның қарамасаң.
ҚОЛЫҢДЫ БЕР, БАУЫРЫМ
Қолыңды бер, бауырым, келістің бе?
Береріңді беріп кет жер үстінде.
«Не дегенің бұл сенің»,- деп шошыма,
«Қарыздар емеспін»,- деп мен ешкімге.
Қарызың көп пəниде өтелмеген,
Жүгің ауыр алда əлі көтермеген.
Өз жолыңды өмірде өзің жаса,
Өмір жолында асфальт төселмеген.
КӨҢІЛДІҢ ТОЛҚЫҒАН СƏТТЕРІНДЕ
Көңілдің толқыған бір сəттерінде,
Кінəрат, кір жұқтырмай пəк сезімге.
Тірліктің күйбеңдерін қоя тұрып,
Отырам жырлар жазып дəптеріме.
Арқауы мықты болса, хам желісі,
Өмірдің болмысы ғой бай кеніші.
Тіл саралап қолданса, түр жаңалап,
Өлең болып өрілер ой желісі.
Өлең ойдың жемісі қортып алған,
Оты əлсіз жырларым шикі қалған.
Бір қайнатып көбігін қалқып алған,
Ой елегі деген сол тараз-талғам.
Рухани мəңгілік сарай салған,
Өлеңге де сара жол Абай салған.
Кетігін тауып кірпіш боп қаланар ма,
Орнын таппай байлаусыз қалай салған.
ТАҢ АТҚАНДА ТАҒЫ ДА БІР ҮМІТПЕН
Үмітімді еш уақытта үзбедім,
Арманымды тек алдыдан іздедім.
Күдігім де күнделіктен өшпеді,
Не болып, не қоярын да білмедім.
Бір шындық бар өзгермейтін өмірде,
Үмітте сол, күдік те сол көңілде.
Жарық барда көлеңкең де қасыңда,
Қараңғыда көрінбейсің өзің де.
Жырласаң да, шырқасаң да əн қылып,
Күндіз жарық, түн қараңғы мəңгілік.
Қиял кетсе қиырларға қаңғырып,
Ғайып болад кеш кіргенде таңғы үміт.
НЕНІ ІЗДЕЙСІҢ, КӨҢІЛІМ?
Нені іздейсің, көңілім, нені іздейсің?
Нені сезіп, нені сен сезінбейсің?
Ақ шағала бетінде шалқып ұшқан,
Толқын атқан тынымсыз теңіздейсің.
Нені іздейсің, көңілім, нені іздейсің?
Сағынышпен жаны бір егіздейсің.
Аққу-қазы айдынын аймалаған,
Айдын шалқар ақ суат көл іздейсің.
Нені іздейсің, көңілім, алып ұшқан?
Айнымайсың құйғыған қарлығаштан.
Тау бұлағын тұп-тұнық іздейсің бе?
Шөліркеген жандардың шөлін басқан.
ӨЗІМ ТУРАЛЫ
Мезгіл менің өзгертсе де көркімді,
Құбылыстар өзгерте алмас еркімді.
Туған екем ата-анамнан ұл болып,
Жасап өтем өлгенімше ер сынды.
Биігім бар өз еркіммен орнатқан,
Еш уақытта мен ол сертті қозғалтпан.
Келмеген соң жолдама алып өмірге,
Нар тəуекел бақ берсең де, сорлатсаң.
Қасіретке сірі менің төзімім,
Қуанышқа жібектейін сезімім.
Жанса егер əлсіз бүгін шырағым.
Болашаққа кəміл менің сенімім.
Жүрген жоқпын өткен күнге өкініп,
Əлдеқашан алғам іштей бекініп.
Əн саламын серпілтуге көңілді,
Жүрген жоқпын ойсыз жандай лепіріп.
ТОЛҚЫНАЙ
(Бір бойдақ жігіттің тапсырысымен
жазылған əн сөзі)
Саған қолым жетер ме екен, Толқынай,
Тұра алам ба, сезім шалқып толқымай.
Көңілімді білдіруге өзіңе,
Түсінер деп жыр арнадым осылай.
Затыңа сай, атың қандай əдемі,
Ару қыздар бұл өмірдің сəні еді.
Жыр жаздырған ынтықтырып өзіңе,
Саған деген махаббаттың əлегі.
Сүйген сəулем, жырды тыңдап, сөзімді ұқ,
Дүниені құтқарады дейді сұлулық.
Саған қолым жетсе менде арман жоқ,
Бір болайық отау құрып ғұмырлық.
Тыншыр еді меніңдағы жүрегім,
Орындалса менің осы тілегім.
Бойдақтыққа қош айтатын күн болса,
Жұбай өмір шын бақытын тіледім.
АҚЫНДАРҒА ƏЗІЛ ЖЫР
Ақын кедей келеді, ақын арық,
Ақын жаны арманшыл затында анық.
Жатпаса да ел жырымен бірге танып,
Көп естілген есімге көңіл қанық.
Ақын деген халықтың азабы көп,
Ойлары көп айтатын жазары көп.
Бірақ қазір саудада кітап өтпейді,
Құн жаратар өлеңнің базары жоқ.
Ақын деген жазбаса тұра алмайды,
Басқа іске мойнын бұра алмайды.
Қолы тиіп ақының қора салмайды,
Қорасы жоқ үйге мал құралмайды.
Жүрген күні ақының арақ ішіп,
Дүрілдейді желіндей Қарапұшық*.
Жер шарынан күдерін үздім дейді,
Өлеңімен аспанға бірақ ұшып.
Ақын біткен жазады махаббатты,
Сол жырымен мəңгілік жасамақшы.
Қай сылқымға жырыңды арнадың деп,
«Қарап тұрад жанында қатал сақшы».
Ақындардың сонда да айлығы бар,
Қаламақы болымсыз шайлығы бар.
Дүние байлық оларға керек емес,
Өйткені оның рухани байлығы бар.
*Қарапұшық – боран аты
БАЙ ЖОҒАЛСЫН
ДЕМЕЙМІН МЕН ҰРАНДАП
Бай мырзалар саяхатта, сайранда,
Би билеңдер қыздарменен майданда.
Көлге барып шомылыңдар шолпылдап,
Жағадағы құмға аунап қайранға.
Одан қалса хаузың бар, саунаң бар,
Ішің қызса қарға жатып аунаңдар.
Байлықпенен билік тамыр ежелден,
Бастықтарды өздеріңе баураңдар.
Сөйтіп бір кез дəурен сүріп кетіңдер,
Қызығына бұл жалғанның жетіңдер.
Ахиреттік өздеріңмен теңдесер,
Аш-жалаңаш жесірлер мен жетімдер.
Зұлымдықпен мал жимаса алайда,
Момын байды жек көрмеген Абай да.
Жаратқанның разымын ісіне,
Жүз кедейді жан бақтырған бір байға.
Шөп шықпайтын секілді бір тақырға,
Байлық тұрмас байдан басқа пақырға.
Бұл сөзіңе дəлел тапшы десеңіз,
Мойын бұрғын кешегі өткен ғасырға.
Салып кеткен қанды тарих ізің бар,
Заңдылыққа қарсы шыққан қызылдар.
Байдың малын кəмпескелеп алғанда,
Аз болды ма, ашаршылық қырғындар.
Барлығын да теңшеп қойған жасаған,
Таптық қоғам құрсадағы тасадан.
Бақыттың да ірге тасы байлықта,
Бақыттымын дей алар ма, аш адам.
Бас сүйектен қаланса да тұғыры,
Қанша ұзын болсадағы құрығы.
Кедей құрған «Кеңес» атты үкімет,
Кедейлесіп құты қашып құрыды.
Пролетарлық берілгенде сезімге,
Кедейлікті мақтан еттік кезінде.
Құрт-шабаққа көлшік суы жетеді,
Жайын балық мұхиттар мен теңізде.
Бай көп болса, қарны тоқ кедейдің,
Еш уақытта байлық жаман демеймін,
Мақсатымыз кедейліктен құтылу,
Қарау байды қара өлеңмен шенеймін.
Байлық қой сол сақтап қалған халқыңды,
Ұлттық дəстүр санаменен салтыңды.
Не болып ед кеше таптық қоғамда,
Тастан құнсыз көрсеткенде алтынды.
Бай мақтанса дейтін сөз бар табылар,
Тыраштанса кедей жомарт шабылар.
«Жоқ жомарттың қолын байлар» дегендей,
Бар мен жоқтыңдағы екі жағы бар.
Тіліңді де, дініңді де, білімді,
Құндылығың бізге жеткен бүгінгі.
Сақтап қалған арыстары Алаштың,
Тап жауы боп нысанаға ілінді.
Мал қадірін білген пысық бай болар,
Тілегіне талабы да сай болар.
Жалқау жарлы тапқанынан шашқаны,
Ондайларға тегін байлық қайда бар.
Байлығың да берекеге құралмақ,
Оңайда емес байлықты ұстап тұралмақ.
Жомарт байлар көбейсін деп тілеймін,
Бай жоғалсын демеймін мен ұрандап.
Байлық жалғыз бақыт емес мал жиған,
Малай ұстап құс төсекте шалжиған.
Байлықпенен бақыттың да бастауы,
Алла жолы ақиқат пен ар, иман.
АРМАННЫҢ БИІГІ
Ей, Жаратқан күпірлігім болмасын,
Көруге мен келдім міне Елордасын.
Бұдан артық арман бар ма аңсайтын,
Қызыр бабам жолымды ашсын қолдасын.
Өзімше бір жай қимылдан асыға,
Кимелеген көп адамдар қасымда.
Осы дедім арманымның биігі,
Шыққанымда «Бəйтеректің» басына.
Сол биіктен көп ой келді есіме,
Түйншектері көңілдің де шешіле.
Көріп тұрып Астананың келбетін,
Қарап тұрып есіліп аққан Есілге.
Тарихтың беттерін де парақтап,
Ойларымды ойлар жебеп сабақтап.
Екі түс кеп елестеді көзіме,
Қызыл қан мен аппақ рух, ар аппақ.
Көңіл бүгін бəйге атындай елтеді,
Шабыттана шаттық күйін шертеді.
Төртінші рет басқосты əлем қазағы,
Елдігіңнің арқасында еңселі.
Мəшқұр болған күллі əлемге есімі,
Рухы биік ұрпағыңның бесігі.
Бар қазақтың алтын қазық төрі сен,
Астананың айқара ашық есігі.
Ұлы мұхит айдынына шықты елім,
Алып кеме жайды жасыл желкенін.
Көш басшымыз Нұрсұлтандай кемеңгер,
Ертегідей көремін елдің ертеңін.
Осы емес пе, өмірдегі мəнділік,
Айтатын да дастан қылып, əн қылып.
Ақ ордада желбірей бер көк туым,
Бір Алладан тілек осы мəңгілік!!!
КИЕЛІ ШАҢЫРАҚ
Шаңырақтың қасиет киесі бар,
Бөлінбеген енші де тиесі бар.
Бабалардың арманы осы емес пе?
Шаңырақтың болса егер иесі бар.
Бір ұядан түлеген аға-бауыр,
Ұрпақ өсіп болсақ та бір-бір ауыл.
Керегенің біз болсақ сағанағы,
Шаңырақтың бақанға салмағы ауыр...
Айналайын киелі шаңырағым,
Алыс жүрсем өзіңді сағынамын.
Шалғайдан да жүрегім жалғайды əнін,
Қаным қызса қасыңнан табыламын.
Қауымдастық бас қосар шаңырағым,
Мақтан жырым өзіңсің шырқар əнім,
Он бес жылдық мерейтой, мерекеңе,
Шат көңілмен ағымнан жарыламын.
МЕН ҚОРҚАМЫН
Мен қорқамын қашанда содырлардан,
Одан бетер жемеңгер-обырлардан.
Шірітетін қоғамды солар болмақ,
Билік, байлық басына шоғырланған.
Мен қорқамын қашанда есіріктен,
Ол бейбақ қой бейшара есі кеткен.
Мен қорқамын ішімдік іштен шалған,
Спидіңнен қорқамын есірткіден.
Мен қорқамын қашанда сұрқиядан,
Тосама деп жолымды бір қиядан.
Мен қорқамын заманың кері бақса,
Атом қару, биотип-химиядан.
Мен қорқамын қашанда залымдардан,
Майда тілмен жаныңа жағып алған.
Білімдінің бəрі де ізгі болмас,
Мен қорқамын менменшіл ғалымдардан.
Мен қорқамын шетелдің ғалымынан,
Шектен асып бара жатқан қылығынан.
Құл темірден қорқамын, уранынан,
Қоғамның қоқысқан былығынан.
Мен қорқамын табиғат кемуінен,
Қызыл кітапқа аң-құстың енуінен.
Жер бетінің жоғарлап климаты,
Мұздықтардың мезгілсіз еруінен.
Мен қорқамын сулардан жатқан тасып,
Дүниенің барама ыстығы асып.
Мың əлсіздің жатпай ма мысы құрып,
Бір мықтының тұрғанда мысы басып.
Мен қорқамын қашанда асқақтаудан,
Реалдық тұрмыстан қашқақтаудан.
Артық сөйлеп аптықпа ей, ағайын,
Тіршілігің аспаса жан сақтаудан.
Мен қорқамын қашанда бас ұрудан,
Заң тапталып аяққа басылудан,
Басқа жол жоқ өмірде күресуден,
Не өнеді күрсініп аһ ұрудан.
МЕНІҢ ЖЫРЫМ ҚАШАНДА
ЖЕРГЕ ЖАҚЫН
Менің жырым қашанда жерге жақын,
Жерге жақын дегенім елге жақын.
Періштелер емеспін пейіштегі,
Пендемін мен ұқсаған жерге басым.
Елден кетіп не табам жерден кетіп,
Тамыры əлсіз қаңбақтай желмен кетіп.
Жерден жеріп жүргендер ұша берсін,
Мен іздеймін қашанда жерден несіп.
Орын алып кемеден осы бастан,
Қоныс шалып жүргендер космостан.
Аспанға ұшып ақыным не табасың,
Құдай өзі жаратса топырақтан.
Ғашық болған перінің қыздары да,
Адамзаттың жердегі ұлдарына.
Жерден нəсіп, сыйлаған жерден бақыт,
Құдай өзі жаратқан құлдарына.
Түнде көрген түсіңнің елесіне,
Күндіз тағы соңынан ересің бе?
Ауа ағысы өзгерсе жөңкілетін,
Тұрағы жоқ бұлттарға сенесің бе?
ОЙЛАН, ҚАЗАҚ
Ойлан, қазақ, өткенің мен бүгінді,
Заман артқан арқаңдағы жүгіңді.
Ұрпағыңа өнеге бол талап қой,
Болашаққа жалғар қазақ үніңді.
Өз басыңмен өнеге бол ағалап,
Ұрпақ сені қай ісіңмен бағалар.
«Ұлымыз» деп ұрандап біз кетсек,
Ізімізден ұрпақ нені таба алар.
Ұлттарменен ұлыстардың бəрі тең,
Нəсілінен тектімін деу қатер ең.
Самурай мен Гитлер қайда лепірген,
Бізден артық ешкім де жоқ, бізден кем.
Ұлы болсаң ұлылығың қайда жүр,
Тілің, ділің, дінің қандай жайда жүр.
Иманға да ұйығасың шамалы,
Отырсың ба, бата қылып айға құр.
Қылығындай жаңа оқыған баланың,
Бесті қойып өз-өзіңе бағаның.
Бұлғақтаған қу түлкідей заманың,
Əлде кімнің бағып отыр қабағын.
Бөріміз деп, қой жегенге мақтанып,
Қорадағы иттерден де жасқанып,
Қорадағы қойдан иттер көбейіп,
Тауда бөрі ұлымасын аш қалып.
Теңестірмей итті ешқашан бөрімен,
Ас ішкізіп ордалардың төрінен.
Бөрісі бар таудың малы індетсіз,
Садағасы кетсін иттер бөріден.
Биік таудың жаңғырықшы жартасы,
Кең де болар досы көптің ортасы.
Ердің қасын сұрағандай емініп,
Жай таныстан достың ауыр қолқасы.
Өмір бар да, досың да бар, қасың да,
Досы көптің қасы аздау расында.
Дос көңілін таба алмасаң əрдайым,
Дос та айналып шыға келер қасыңа.
Дос болуға өмірлікке біріккен,
Бабаларым сертте берік тұрып тең.
Дос боламыз осы күні қонақта,
Шарап толы хрустальды ыдыспен.
Бабаларым бөрі де еді, барыс та,
Кір келтірмес жан берсе де намысқа.
Бөрі болсаң көз жасыңды көрсетпе,
Барыс болсаң жүгіресің алысқа.
Опасызды қазақ итке балайды,
Ит те адамның қабағына қарайды.
Еркелетсең аузыңды да жалайды,
«Ит құтырса иесін де талайды».
АЛТАЙДАН КӨШІП КЕЛЕМІН
Сарыарқа десе санама,
Сағыныш сезім ұялап.
Түсіме жиі кіреді,
«Сарыарқа» күйі о ғажап.
Көңілдің бұлты ауған соң,
Алтайдан алыс Арқаға.
Көшуге бекім болған соң,
Жүк салдық бірден арбаға.
Алтайдан көшіп келемін,
Сарыарқаны бетке алып.
Тарихтың сан тарау,
Көш жолдарын еске алып.
Алтаймен үнсіз қоштасып,
Көз тіккен бізге елеңдей.
Сауырдан соққан салқын жел,
Жолдарың болсын дегендей.
Ертістің басы басталған,
Сонау асқар Алтайдан.
Көш алдында анамыз,
Жетпісте жасы қартайған.
Сарыарқа төсін аймалап,
Көз алмай қарай беремін.
Кездескен тау-су аттарын,
Анама айтып келемін.
Жайсаң көл жатыр толықсып,
Толқыған көңіл сезімдей.
Қалба тау қолын бұлғайды,
Бабамның ыстық көзіндей.
Сарыарқа бұлтты жаңбырын,
Төкті-ай бір келіп егіле.
«Сарыарқа» күйін шерткендей,
Самалы есті еліре.
Межелі жерге жеткенде,
Жеттік пе, дедік арманға.
Жеткізген қашан бұл арман,
Мынау бір пəни жалғанда.
Алтайдан көшіп келемін,
Сұрасаң оның себебін.
Білгің келсе тарихты,
Дастан ғып жырлап беремін.
АЛТЫН БАРЫС
Күмісті көл, жағасы алтын қамыс,
Шықты əлемге ғажайып алтын барыс.
Түрен салып жол алды тың сапарға,
Барар көмбе көздеген айдан да алыс.
Масаң көңіл марсиған ойдан қалып,
Алып аю ордасы ойрандалып.
Ес жиғанда еріксіз езу тартып,
Басын сипап отырды қайран қалып.
Батыстағы таудың да, шығыстағы,
Көкіректе сығылып тыныстары.
Аюың да, арыстан, аждаһа да,
Киелі барыс жолынан ығыстады.
Достасты олар ұсынып қолын берді,
Алтын сарай, ақ сарай төрін берді.
Алтын барыс əлемге əйгіленді,
Ақиқатты айнадай көзің көрді.
КЕЛДІК БІЗ ҚАЗАҚ БОЛЫП ҚАЛУ ҮШІН
Берсең бер, бермесең қой квотаңды,
Сонда да сүйіп келдік біз Отанды.
Көзіңе оттай ыстық басылатын,
Бабалардың басы жатқан қыр-жотаңды.
Сағынып атажұртқа келген жүрек,
Қалмасын ағайындар жадап-жүдеп.
Көңілдің қарымжысы көңіл деген,
Біздің де сіздерменен бірге тілек.
Келгенде атажұртқа аманыңда,
Нарықтың қысқан мынау заманында.
Тіреліп барлық жұмыс ақшаға кеп,
Таусылар ақылың да, амалың да.
Жетпесе ойдың сүңгіп тереңіне,
Айтып та артық сөздің керегі не.
Жайылар Аллаға тек алақанды,
Жаймаңдар пенделердің береріне.
Келмеді қайыр зекет алу үшін,
Келдік біз қазақ болып қалу үшін.
Алуға заңды жəрдем хақысы бар,
Ол жағын кім-кімің де анық түсін.
Түсінед оралмандар ережені,
Тең шешіп жаймай жатып керегені-
Дейсіңдер: «берем деп кел, берем деп кел»,
Оралман келмей жатып не береді?!
Қазақтың салт-дəстүрі мол емес пе,
Ерулік еру елден жол емес пе?!
Əкелсе ұл мен қызын ұрпақтарын,
Бергені оралманның сол емес пе?
Жанталас жаһандану заманында,
Бірлік күш болса екен қазағымда.
Өз жерің, өз еліңде өркендеп өс,
Қарама енді ешкімнің қабағына.
Сақталсын үш асылың бұл өмірде-
Тіл мен дін, салт-дəстүрің жүрегіңде.
Қарағым, қайда жүрсең қазақ боп жүр,
Бір болсын бір Аллаға тілегің де.
Кім бар деп түсінетін осы бізді,
Алмайық əлсіретіп отымызды.
Əуелі ірге теуіп қоныстансақ,
Түзерміз жүре-жүре қосымызды.
Біз рас оралманбыз, оралманбыз,
Айланып атажұртқа оралғанбыз.
Оралар əлі талай қандастарың,
Жалғасар «Нұрлы көшке» оралған із.
Əлемде бейбітшілік заман болса,
Еңбекпен еңсе көтер, шамаң болса.
Ағайын жақсарады жағдайымыз,
Ел мен жер, Елбасымыз аман болса.
КӨЗ ЖАЗБА ЕНДІ, ЕЛІМ, ДАНАЛЫҚТАН
Шыңғыс тау келіп тұрмын Жидебайға,
Рухтың Гималайы Жидебайда.
Абай мен Шəкəрімнің ақ күмбезі,
Ұқсайды санадағы күн мен айға.
Ашылып шаңырақ бүркеу түңлігінен,
Ғарыштан қуат алып тұрды білем.
Қазаққа қос ғұлама берді Тəңір,
Дəл осы Евразия кіндігінен.
Мұнартқан таулары да даласында,
Қазақтың бейғам жатқан баласына.
Атомдай қуатты жыр рух ғажап,
Ұлттың сəуле құйды санасына.
Оянған ұлт рухы бұл даладан,
Сұқтанып сұғын қадап сұм заманаң.
Сынаған атом қару мың қайталап,
Бұл дала көз ашпады мұң-наладан.
Торласа да ғасырдың қасыреті,
Ұлтыңның ұрпақтары асыл текті.
Жүректе өр рухын сақтаған ел,
Еркіндік егемендік күнге жетті.
Ғасырдың тоғысында бұрылыста,
Қол жетті бір ғажайып құбылысқа.
Арқалап алтын күнді көкжиектен,
Келіп қонды шаңыраққа қыран құста.
Көз жазба енді елім даналықтан,
Сақтасын Алла бізді алалықтан.
Көгінде, көңілінде бұлт торламай,
Əр күні атса екен ағарып таң.
СУСАҒАН КЕЗДЕРІМДЕ
Рухани сусаған кездерімде,
Сені аңсадым сен оны сезбедің бе?
Қиялменен қиырды кезгенімде,
Өзің тұрдың ойымның безбенінде.
Түсімде де көретін кəусар бұлақ,
Басы қар-мұз таулардан жатқан құлап.
Сол бұлақты табайық десем ылғи,
Бұл сөзіме ешкім де аспай құлақ.
Шөлдегенін сезбей ме, тегі бұлар?
Ащы суға болған соң əбден құмар.
Бөлісе алмай, ойымды келісе алмай,
Кездерім көп амалсыз іштен тынар.
ЕНДІМ МІНЕ ЕЛУДІҢ ЕСІГІНЕН
Қараған соң жаратқан кешіріммен,
Қырық тоғызда жүрдім екі жыл мен.
Ұялғасын тағы да кешігуден,
Ендім ақыр елудің есігінен.
Елу деген бір кезең дөңес екен,
Орта жайлау, салқын төс қоныс екен.
Аттың ерін мінбесең құйысқандап,
Ендігі жол ылғи да еңіс екен.
Қыр аспасаң қырпулы қырығың да,
Көре алмассың өмірдің қызығын да.
Еңкейген соң елудің етегіне,
Түспейді екен асауға құрығың да.
Елу жасың алды-артын болжайды екен,
Тəуекелден өз басын қорғайды екен.
Ердің жасы елу деп күпінгенмен,
Қылыш жүзді қырықтай болмайды екен.
Жастық дəурен басыңда мəңгі тұрмас,
Келіп қаппыз елуге құрбы-құрдас.
Өткен күнді қия алмай қиналғанмен,
Өмір деген өзенің мойын бұрмас.
Келдік міне шүкіршілік елуге аман,
Қырық інің болды енді елу саған.
Елу деген қосылған қос жиырма бес,
Жетпіс, сексен бұл елу сенің балаң.
Жатпасақ та той тойлап, көш өткеріп,
Жата бермей шалқалап төсек керіп.
Еркек болып елу жыл не бітірдік,
Қойған да бір жөн еді есеп беріп.
Тіпəй-тіпəй, түкірдім тілім тасқа,
Келгенде бар, келмеген елу жасқа.
Отау тігіп ұл-қызың құда атансаң,
Төр жайлауға ал елу, көшті баста!
СУСАП КЕТТІМ, СУ ҚАЙДА,
ӨЗЕН ҚАЙДА?
«Өзен өлді» ендеше өмір өлді,
Тасып шалқып жатпайды көңіл енді.
Көздің жасын ағызып үнсіз тұрып,
Аза бойым қаза боп күңіренді.
Қараңдаршы уланған анау көлді,
Су құстары уланып балық өлді.
Жасыратын несі бар жалған жақын,
Бұл шындықты адамдар көзің көрді.
Алласы жоқ пенделер иманы жоқ,
Жан алысып, жан беріп жиғаны жоқ.
Зауал, жаза келмесін жаратқаннан,
Бұл заманда жүрмейді оларға сот.
Нулы, сулы, құйқалы қайран далам,
Жан-жануар, аң-құсы сайрандаған.
Тақыр жерге отырған деген осы,
Енді өзіңдей жерді мен қайдан табам.
Көрдік міне о, сұмдық жер тақырын,
Күтеміз бе, заманның енді ақырын.
Бейуаздардың көз жасын көрмейсің бе,
Қайда жүрсің Жаратқан жан ашырым.
ШЫНАЙЫЛЫҚ БОЛСА ЕКЕН
ҚАЛҒАН КҮНДЕ
Өткен күндер тұрды ылғи сынақтардан,
Көңілдерге көлденең сызат салған.
Құндақталып алғанда қуысталып,
Онда қайда көңілден сыр ақтарған.
Кетем бе, деп сүрініп сынақтардан.
Өлшеуіштей сырғыма сынап салған.
Тұрғандықтан сынақтың майданында,
Көңіл үркіп, көңілден жырақ қалған.
Қиялшылдар жасаған сынақ заман,
Қаулылар мен жоспарлар қыр аспаған.
Бəрін-бəрін біз ғана жасаймыз деп,
Заман еді-ау, ол да бір тыраштанған.
Қиял күйі қысырақ арман мүлде,
Жан себілдік күн кештік жалған күнде.
Естігенің рас боп, көргеніңде,
Шынайылық болса екен қалған күнде.
«МАЛҒА ДОСТЫҢ МҰҢЫ
ЖОҚ МАЛДАН БАСҚА»
Бұл күнде адам бар ма, тəубе деген,
Бəрі-бəрі шапқылап жүр саудаменен.
Алаяққа ағайын алданбасын,
Сəлем айт үш қайтара тауға менен.
Саудада жүр бастығың, батырың да,
Саудада жүр ғалымың, ақының да.
Саудада жүр əйелің, жақының да,
Саудаласар бір сүйсең ғашығың да.
Заман жазған маңдайға, пешенеңе,
Сауданы айтад көсемің, шешенің де.
Бітпейтұғын сауда бар отбасында,
Баламенен арада шешенің де.
Қос министр кездескен Ақсарайда,
Сөздің басын саудамен бастамай ма?
Сатылмайтын бұл күнде ештеме жоқ.
Уайымсыз отырар патша қайда?
Көршілермен іш қосқан жау боп бір күн,
Елшілерді демеймін дауға жүрсін.
Бейбітшілік жалғасып мəңгілікке,
Арамызда тек қана сауда жүрсін.
Кедей болсаң амал жоқ жалданбасқа,
Нарық заңын жете біл алданбасқа.
Мына өлеңі Абайдың есіңде ме?
«Малға достың мұңы жоқ, малдан басқа».
АЛТЫН
Кімдер оны кірге салып өлшеді,
Жер бетінде аз зат қой ол мөлшері.
Алтыннан да қымбат заттар бар шығар,
Бірақ алтын қасиеттің өлшемі.
Аты да оның, заты да оның тартымды,
Алтынменен өлшейд байлық нарқыңды.
Жерге көміп тастаса да жетпіс жыл,
Тат баспайды еш уақытта алтынды.
Барлық затқа қарасақ та жан-жақты,
Қорғасынды ауыр десек тартымды.
Əспеттесек əлде кімді ардақтап,
Деп жатамыз алтыннан да ардақты.
ҚАЛАНЫҢ ҚАЛСАҢ ЕГЕР
ТҰРҒЫНЫ БОП
Тағдырдың маған берген сыйы бөтен,
Жаяулап көшелерден қиып өтем.
Теңгемен терезесін теңестірген,
Қалада өмір сүру қиын екен.
Болмасаң бұл қалада епшіл, бекем,
Ойлама кетпейді деп ешкімге есем.
Қалада қызық-думан бар деп келме,
Демесең жатпай тұрмай еңбек етем.
Сені ешкім шақырмаса құндылы боп,
Қаланың ұңғылы көп шұңғылы көп.
Өзіңе-өзің ғана жауаптысың,
Қаланың қалсаң егер тұрғыны боп.
ҚАРАШАДА ТУЫЛҒАМ ИТ ЖЫЛЫНДА
Он бесінде туыппын қарашаның,
Алғашқы үнім мазалап дала таңын.
Кінəдан пəк тап-таза еш армансыз,
Уа, менің қам-қайғысыз бала шағым.
Жан емеспін қызықты шалқып қуған,
Қиялшылмын жасымнан арман қуған.
Сабырлы жан екенмін салқын қанды,
Қарашаға мінезім тартып туған.
Қараша айы тусам да ит жылында,
Дүние жайлы бармадым итше ырылға.
Жалғандықты көргенде жаным күйіп,
Кездер бар ұстайтын ит жыным да.
Кейбіреулер торығад тез өмірден,
Шықпады деп бəрі де тез көңілден.
Ит жандының мендағы біреуімін,
Тəлкегіне тағдырдың төзе білген.
Суығында туылсам да қарашаның,
Əн-жырменен өмірге жанасамын.
Көптің бірі болсам да аласаның,
Өз орныма өлгенше таласамын.
БІР СҰРАҚ
Газет-журнал кітаптармен,
Дерлік əр кез қауышам.
Қайсы бірін оқысам да,
Қалай бəрін тауысам
Қоя тұрып бəр-бəрін де амалсыз,
Тіршіліктің күйбеңіне ауысам
Ертең бар деп,
Көңілімді жұбатып,
Бір ойларды жазуға да,
Таппай қалам уақыт.
Өтіп жатыр күндер солай
Білем, білем соның бəрі,
Өткен өмір зымырап.
Сылтау тауып көңіліңді,
Алдағаның үшін де,
Құдай өзі біліп отыр,
Қояр алдан бір сұрақ.
СӨРЕДЕГІ ЖОҒАЛДЫ БІР КІТАБЫМ
Сөредегі жоғалды бір кітабым,
Бір кітабым тамаша жыр кітабым.
Бетін ашып оқысам берілетін,
Ашқандайын алдымнан жыр құшағын.
Ашқандайын алдымнан жыр құшағын,
Жыр құшамын ып-ыстық нұр құшамын.
Түстікке ұшқан қаздардың қанатында,
Қиялменен биіктеп бірге ұшамын.
Жыр кітаптың орыны қуыс қалып,
Ұрым отыр қасымда қуыстанып.
«Кітап ұрлау қылмысқа жатпайды» деп,
Ереуілге шығардай ту ұстанып.
Өтіп кеткен осылай бір іс еді,
Ұрымдағы жыр құмар жігіт еді.
Абай болса қазақтың бас ақыны,
Мұқағали ақынның ірісі еді.
Жоғалған сол бір кітап сөредегі,
Мұқағали жыр еді өлеңдері.
Ұрым менің ұрттағыш болды дағы,
Бағы жанбай қалды ақыр өнердегі.
Құрмет етпей кітаптың иесіне,
Жолықты ма өлеңнің киесіне.
Сол жігіттің тағдырын көрген сайын,
Сол бір жағдай оралат жиі есіме.
ШИПА БАР МА?..
Ақ қағаздар ортасынан жыртылып,
Кітап жатса түбі түсіп қырқылып.
Өзім соған кіналы жан секілді,
Іштей қатты қысыламын қымсынып.
Өмір-ау деп, еңбек-ау деп аяп па ең,
Барындағы теуіп жүрсің аяқпен.
Қысылмайсың, қымсынбайсың сен оған,
Əкең нұқып айтса дағы таяқпен.
Өмір зая ақ қағаздай жыртылған,
Еңбек зая кітап түбі қырқылған.
Əке жанын түсінер ме ұл мен қыз,
Жанарында мұң қасірет сыр тұнған.
Жаулап алған, баурап алған сананы,
Материалдық құндылықтар заманы,
Тайталасқа түскен сана көзқарас,
Қайшылықтар асқындырып жараны.
Қайшылықтар асқындырып жараны,
Жаһандану ашылғасын араны.
Бір тұтас ұлт жармақталып санасы,
Əке-бала алшақтатқан араны.
Құрт уайым кіріп алған санаға,
Шипа бар ма жанға түскен жараға.
Өз қолыңды өзің қайтып кесесің,
Үміт те сол күдік те сол балада.
«ҚАЛАНЫҢ ҚАРА ҚАЙЫҢЫ»
«Қаланың қара қайыңы»,
Темірменен торланған.
«Ит саруға» айналып,
Ақ қайың солай сорланған.
Құдайдың берген ақ тəнін,
Көтере алмай жастықпен,
Жаңылып түсті ол торға.
Еліктірген мастықпен,
Қаланың қара түтіні,
Тұншықтырды қайыңды.
Қаланың уы бойына,
Бірте-бірте жайылды.
Ақ қайыңды сұлуды,
Сүйкенбей еркек өткен бе?
Қу нəпсі құрғыр осылай,
Түбіңе сенің жеткен бе?
Жастығы менен ақтығы,
Кірмей ме екен есіне.
Ақ тəні қара болған соң,
Лақтырды қала шетіне.
ҚҰРДАСТАРҒА
Құдайы бір дегендай құрдас жанның,
Бір жылғы төл, бірге өскен құрдастарым.
Ащы айтсаң да əзілмен тұщы айтсаң да,
Өздеріңсің өмірде қимастарым.
Аман болсын қатарың құрдастарым,
Бұлт шалмасын көңілдің нұрлы аспанын.
Бірге болған күндер-ай тойларыңда,
Əнге бөлеп ауылдың түнгі аспанын.
Құрдастарды көргенде аузың қышып,
Сайтан түртіп бүйірден өкпең қысып.
Жынданасың бурадай жынын шашқан,
Лезімде тигендей салқын, ұшық.
Іздеп келсе үйіңе құрдастарың,
Дастарханың жайылсын, сырмақтарың.
Араздық сап «арекең» араңызға,
Бүгіліп қап жүрмесін тырнақтарың.
Сөз бен ісің сай келсін заманыңа,
Құрдасыңның назар сал шанағына.
Баяғының құрдасы боламыз деп,
Ұятқа қап жүрмеңдер ар алдында.
Ақ босағаң тең болсын құрдастарым,
Ортаймасын қалжың мен қылжақтарың.
Өмір болса алдыда, көңіл болса,
Құрдас жайлы жазылар бір дастаным.
ТЫМ БИІКТЕ ШЫН БАҚЫТ
Өмір жолын жүргеніңде бағамдап,
Оңайлықпен келе қалмас саған бақ.
Қайшылықтар кездескенде кетілмей,
Қасқайып тұр қаймықпастан табандап.
Өмір жолын жүрген сайын қиялап,
Кездессе де қырсықтар мен қиянат.
Жүрегіңнің жандыр отын жасқанба,
Көңіліңе үміт сенім ұялат.
Өмір жолын жүрген сайын үдіре,
Ауырлайды арқаңдағы жүгіңде,
Шын өмірге шыдай алмай тайсақтап,
Еңсең түсіп көкіректен бүгілме.
Өмір жолы даңғыл емес сан бұраң,
Дұшпаныңды шалса аяқтан аңдыған.
Сүрінсең де жығылсаң да өмірде,
Тұра салып жүгіруге дағдылан.
Кездескенде бір ылдиға, еңіске,
Ойқой міне жеттім деме жеңіске.
Бір еңістің бір өрі бар алдыңда,
Сол биіктен өліспей сен беріспе.
Іздегенің рас болса шын бақыт,
Өрден биік қарлы тауға шыңға шық.
Ол үшін сен «альпинист» бол алдымен,
Тым биікте, тым биікте шын бақыт.
СЕБЕП ПЕН САЛДАР
Емге дəру, дəрің бар ма шипагер,
Жүрегіме мазалаған шипа бер.
Терлегенде жазылар ем егерде,
Күз желінен салқын-суық тисе егер.
Мен де өзімше сергек жүрем шынығып,
Сүрінсем де кетпеп едім жығылып.
Егерде мен жұмыстардан шаршасам,
Жазылар ем дем алғанда тынығып.
Кешіп жатқан мынау қатал өмірде,
Талай іс бар қатты тиген көңілге.
Көңілі жұмсақ əлжуаздау жан едім,
Содан ба екен деп ойлаймын өзім де.
Себепсіз еш болмайды ғой салдары,
Тағдыр мынау тайталасқан алдағы.
Жүрекке де, жүйкеге де жүк салып,
Сыртқы қысым түсті ме ауыр салмағы?
АҚЫН ЖАУАБЫ
Шығындайсың босқа үйдің шамын жағып,
Жүргендей-ақ өлеңмен бағың жанып.
Екі қолға бір жұмыс тауып алып,
Жүр ғой əне жұрт тыныш жанын бағып.
Кірісесің өлеңге шындап-шындап,
Өтем дейсің өмірді жырлап-жырлап.
Бəрі қымбат заманда наны қымбат,
Өлеңінді жатыр ел кəні тыңдап?
Тыңдамаса жұрт бүгін тыңдамасын,
Еш уақытта жоймайды жыр бағасын.
Өмір өзі бір күні құлақ салад,
Өлеңменен өмірді жырлағасын.
Өлең керек дейсің бе бай заманға,
Төрт тұрманы түп-түгел сай заманға.
«Елім-айды» тыңда сен «Ағажайды»,
Қазақ өлең айтпаған қай заманда.
Рух қалар өлеңнің жолдарымен,
Əзер бүгін керексіз болғанымен.
Таба алмайсың іздесең долларыңмен,
Миллионер сен ертең болғаныңмен.
Жолын ойлап баюдың пұл табудың,
Құлы болып қалдың тек құрсағыңның.
Рухсыздық жайласа ұлтсыздық,
Кім боларын ойлашы ұрпағыңның.
ЖЕЛІП ТҰРСЫҢ СЫЛТАУ
МЕНЕН ЖЕЛЕУГЕ
Желіп тұрсың сылтау менен желеуге,
Бауырым-ау, болар саған не деуге.
Алматыда тұрсаң-дағы алты жыл,
Бір шықпапсың мына тұрған Медеуге.
Сонда сірə не бар сенің ойыңда,
Сырқат бар ма əлде сенің бойыңда.
Əйтеу сені көп ішінен көрмейміз,
Өлімде де ағайынның тойында.
Бас-аяғы үш шақырым көшеде,
Қалған өмір тағы осылай өте ме.
Бауырым-ау сонша саған не болды,
Бір шықсаңшы міне тұр ғой Көктөбе.
Тірлігіңде ептеп-септеп жүрерсің,
Сонда-дағы елге құлақ түрерсің.
Басыңа бір іс түскенде қиындық,
Ел қадірін сонда ғана білерсің.
ШОР АЯҒЫМ ҚАҚСАП
ШЫҚҚАН ТҮНДЕРДЕ
Шор аяғым қақсап шыққан түндерде,
Нəлет айтам сол бір өткен күндерге.
Мəдениет төңкерісі он жылдық,
Ажал, бейнет, дақ салмадың кімдерге.
Əкеге артқан жалған, ауыр қылмысың,
Ойрандады отбасының тұрмысын.
Қыса түсті бізді дағы қырына ап,
Елге келген сол зобалаң бір қысым.
Дедің дағы «күшіктері қасқырдың»,
Аямадың саясатпен басқа ұрдың.
Мылтықпенен атпасаң да жазалап,
Жаламенен жазаладың қас қылдың.
«Ақты», «қара» зұлымдықпен жеңгені,
Қылмыс болып еліне еткен еңбегі.
Əкем сынды талай басшы кадрды,
Ажалынан үш күн бұрын жерледі.
Шаш ал десе, бас алатын заманда,
Еркіндіктің керегі не адамға.
Жығылғанның үстіне жұдырық дегендей,
Бір ұшық кеп жабысыпты маған да.
Заманының бет қаратпас кəрінен,
Жоламады оташы да, дəрігер.
Мүшел жаста мертіккен бұл аяғым,
Мен үшін ол ең ауыр күн бəрінен.
Өтті солай жастық өмір қор болып,
Төңкеріс жыл басқа түскен сор болып.
Зардап қалды жазылмайтын жанымда,
Аяқ қалды осылайша шор болып.
ЕЛІМНІҢ ЕСІЛ ЕРЛЕРІ
Елімнің есіл ерлері,
Еліне сіңген еңбегі.
Тар жол тайғақ кешуде,
Намыстың туын бермеді.
Өмірдің сапар көшінде,
Дауылдың тұрған өтінде.
Жырым осы арнаған.
Сендерді жырлап өтуге.
Ерлерің ырыс, несібең,
Олжа салар шетінен.
Еркелетіп ел-жұрты,
Қолынан сүй бетінен.
Жыр етіп ердің ерлігін,
Пейілдің жомарт кеңдігін.
Көрсете білсең сен бүгін,
Ол сенің нағыз елдігің.
«Ел үмітін ер ақтар
Ердің даңқын ел сақтар».
Бабаның осы сөзіне,
Құлақ салшы ей жастар.
Ғасырға аттап ғасырдан,
Бел шешіп түспей атынан.
Ерлерің осы ер жүрек,
Елімнің даңқын асырған.
ШЫҒАРҒАНДАЙ ҮКІМІН ТАҒДЫР СОТЫ
(Бұл өлең тағдыры бөлек жазушы Қажығұмар
Шабданұлының 80 жылдығына арналды.)
Шығарғандай үкімін тағдыр соты,
Шығаратын түрі жоқ түрме посы.
Тас қараңғы зынданның бұрышында,
Болар-болмас жылтырап үміт оты.
Не жанбаған сөнбеген шала жатыр,
Сартап болып сарғайған сана жатыр.
Алып кірген зынданға ана ғасыр,
Шығаратын түрі жоқ мына ғасыр.
Алты кітап жазыпты құдайға рас,
Қарсылықпен қайсарлық берген шыдас.
Романның сұрасаң, аты – «Қылмыс»,
Сенбесеңіз, қытайдан барып сұрашы.
Мазағы көп жан төзбес азабы көп,
Бұл пəнидің аталған тозағы боп.
Қырық жылдық тұтқыннан күтіп пе едік,
Алты томдық роман жазады деп.
Алла берген күш-қуат бойындағы,
Қайшылықтар тайталас ойындағы.
Арқау болды тағдыры романға,
Тарих бүгін тұтқынды мойындады.
Құбылысқа болар ма таңданбасқа,
Алты роман түрмеде кітап жазса.
Гиннестердің жазылар кітабына,
Қажығұмар дейтұғын ғажап ат та.
ДƏРІГЕРДІҢ АЙТҚАНЫ БОЛСЫН ЖАҢСАҚ
Қайдан шығат бұл жөтел жел болмаса,
Суық қатқан өкпеге тер болмаса.
Көкіректе сырқаттың болғаны ғой,
Дəрі-уколдың бірі де ем болмаса.
Екі өкпені жүргенде қолға алып,
Сүрінгенше сүлдерің жолда қалып.
Шыдай тұрсаң үмітті үзіп алмай,
«Жолыққанша бақытқа» жолдама алып.
Ауырады қалайша өкпе неден,
Ашық еді көңілім көпке деген.
Ес білгелі ойласам күндерім жоқ,
Адам түгіл, Аллаға өкпелеген.
Барып едім ем іздеп дəрігерге,
Қымыз жақсы деді ол бəрінен де.
Қымыз ішсем бірер ай тыным алып,
Мүмкіндіктер бар екен əлі менде.
«Көктің суы» көшенің бəрі қымыз,
Қайдан ғана табылар дəрі қымыз.
Көңіліңді көншітіп, кеудеңді ашар,
Сарығыңды басатын сары қымыз.
Жазылмай ма орыстың арағына,
Жазылмай ма француз шарабына.
Сүті ғой деп биенің сатып алсаң,
Шашаласың сиырдың шалабына.
Тексергенде дəрігер қарап көріп,
Кетіпті дейд өкпеңіз газға толып.
Сора берсек қаланың улы газын,
Жарыла ма бұл өкпе бомбы болып.
Кеттім сонда шарқ ұрып даланы аңсап, «Сары жайлау» деп тұрыппын тағы да əн сап. Қымызын ішіп жайлаудың жазылармын, Дəрігердің айтқаны болсын жаңсақ... ДАРА ШУМАҚТАР Ашындырад өмірде кей қылықтар, Күлетін де талай-талай қызық бар. Мен де қоғам бір мүшесі болған соң, Өз басым да сондай іске кіріптар. *** Бақты тепсең заман берген басында, Сор кеп қонар шақыртпай-ақ қасыңа. Сор келген соң сорлатуы керек қой, Ол, қарай ма кəрі менен жасыңа. *** Аяңынан өгіздің ерінбейді, Қамшыланып, болмаса тебінбейді. Күн батқанша жететін жерге жетпей, Жол ортаға тал түстен ерулейді. *** Алуан-алуан өмірде пенде болар, Қол аяқтан кей бірі кем де болар. Денсаулығын мақтан қып бос қалғандар, Ақыл-ойдан меніңше кенде солар. *** Түсі бірдей дегенмен бар түйенің, Жайын білер кірекеш əр түйенің. Атан күш қайтқаны жолдан тайса, Шөп шайнары қалмаған кəрі түйенің.
*** Қалмапты ғой біреуі де жолдастың, Мен деген сөз меншігіңде болмасын. Біз деген сөз бір іліктің белгісі, Менменшілдің білеміз ғой оңбасын. *** Арам шөп басқан аулаға, Қош иісті гүл ексең. Ұлы Абай бізді кешірмес, Сөз патшасын құл етсең. *** Бойын көріп күшік итке балағам, Сөйтсем оным кəндек екен қабаған. Бір өлеңі түсті есіме Абайдың, Балтырыма қарап тұрып қанаған.
*** Жазыла берер жалғасып өмір өлең, Жазығы да ылдиы, өрі де өлең. Айтып келем əлімше өмір əнін, Жүрмесем де алшаңдап төріңде мен. *** Қаға алмассың сен оның арқасынан, Ұйықтап жатса ол əлі шалқасынан. Оятуға шынайы ниет қылсаң, Сипаларсың қазы мен қартасынан. *** Аласаң да, ортаң да, биігің де, Тыс қалмайды назардан киімің де. Айна дейді-ау қоғамды, ол апарат, Бақылауы өзінің билігінде.
*** Жасаудан өмір жалығып, Сия алмасаң кең жерге. Пышаққа түс те жарылып, Мүрделер жатқан ен көрге. *** Пайдасын қойып қоғамға, Тигізіп жүріп зиянын. Түйсіну дейтін жоқ онда, Кім білсін қайда сиярын. *** Өмірге бір-ақ нəрсе тірек екен, Ол сенің кеудеңдегі жүрек екен. Соғуын ол мəңгіге тоқтатқанда, Адамда сондық ғұмыр сүреді екен.
*** Түлкідей қулық баққанды, Залым демей не дейміз. Ізденіп өнер тапқанды Ғалымдарға теңейміз. *** Бұл уақыт аялдап тұрмайды екен, Жасын қосып, жастықты ұрлайды екен. Көңілі жоқ қыздардай тосқаныңмен, Өткен күндер мойынын бұрмайды екен. *** Бақ қонғанда теңселіп, Танымаса құдайын. Сорлағанда сенделіп, Болған жандар мүлəйім.
*** Саған да бір істедім деп жақсылық, Мінем деме ер-тоқым сап ат қылып. Сен де оның жақсылығын ұмытпа, Екеуі де адамдыққа жат қылық. *** Жатса да іште аналықтың мейірі, Тапшылықтан тарылып тұр пейілі. Ойнап келген соң сегіздегі ұлына, Табысың жоқ тауықтай деп кейіді. *** Өмір күрес бір майдан ұт таласып, Шеттей берме бəрінен ұқ жанасып. Адам деген атың да, затың да бір, Таразыңды басып тұр, тек санасып. *** Оқимын өздеріңе жырларымды, Ойымды ортаға сап сырларымды. Халықтың қашандағы шəкіртімін, Ұстазым қабыл алам сындарыңды. *** Шарапқа болған мастықты, Шаттығы деме көңілдің. Ойынмен өткен жастықты, Бақыты деме өмірдің. *** Шаужайлап албырт сезімді, Ақылға қане бағынам. Болмасаң жаным төзімді, Құр кеуде сені не қылам.
СЫЙЛАҒАН ЖҮРЕКТЕРГЕ ЖЫР ЛƏЗЗƏТІН
«Махаббат, махаббат» деп жыр жазатын,
Сыйлаған жүректерге жыр лəззатын.
Махаббат жырларының майталманы,
Махаббат майданында жүр Лəззəтің.
Тауысқан тағатын да, қыз төзімін,
Көмескі жасын төккен қыз көзінің.
Қытайда сен алдымен жырға қостың,
Бұлқынған кеудедегі қыз сезімін.
Өзіңе теңемеуші ек ханның қызын,
Басқадан биік деуші ек бақ-жұлдызың.
«Бас тырнар бажаңыз бар байқаңыз» деп,
Бəлсінед қалжың айтсақ балдыз бүгін.
Жүректің тереңінен сыр ашасың,
Қыз тұрмақ жігітті де жылатасың.
Кезенсең жыр жебеңді қалт жібермей,
Көздеген нысанаңды құлатасың.
Су ішкен «Қарағай бастауынан»,
Көтерсе елің бүгін шашбауыңнан.
Толының толықсыған ақын қызы,
Жездеңнің құлап қалма мақтауынан.
Тынбасын айдыныңда «ақ толқын» жыр,
Астассын арманыңмен ақ толқын сыр.
Алланың ақ жолында жүрген жансың,
Жаныңды аймаласын ақ толқын нұр.
19 қараша 2010 жыл
ҚҰЛТЕМІР ДЕ ҚУШЫКЕШ БОП БАРАДЫ
Тез өзгертіп қоғам біздің сананы,
Асықтырып қабылдауға жаңаны.
Əн де шырқап, би де билеп бұралып,
Құлтемір де қушыкеш боп барады.
Құлтемірдің асып кетсе қулығы,
Солар болса майлығы да сулығы.
Адамдардың құндылығы кеми ме?
Заман болса құлтемірге құндылы.
БҰЛ ПƏНИДЕ
Жастайынан көрсе де көп қиындық,
Өмірінде қол жетпес болған арман.
Біреулерге құны жоқ көк тиындық,
Бір түнеген жерінде жолда қалған.
Өмір ғой ол өткен күн керуен жолда,
Ауса жүгі нар қайда теңселмеген.
Заман көлі толқыса оң мен солға,
Таразысы өмірдің теңшелмеген.
Сын сағаттан жаралған пəни жалған,
Тағдырымыз таразы табағында.
Не боларын кім білсін келер алдан,
Қан жілік қып ат жығар заманыңда.
Күдер үзбеу пендеге бір Алладан,
Түсседағы көңілге, сезімге дақ.
Кім киді екен ақ көйлек кір шалмаған,
Бұл пəниде дүние-ай кебіннен ақ.
КЕЛДІК БІЗ КҮН ЖҮЙЕСІН БІР АЙНАЛЫП
Ағысымен заманның шыр айналып,
Жүз толғанып жүргенде, мың ойланып.
Ұлы ғалам жүздіріп жер кемесін,
Келдік біз күн жүйесін бір айналып.
Табиғатта теңескен күн мен түнді,
Жыл басы деп есептеп наурыз күнді.
Бір Алланың таныған ұлылығын,
Ұлықтайтын ұлыс ек ұлы күнді.
Тұнығыңды шайқады, ылайлады,
Заңдылыққа қарсы кеп сұм ойлары.
Нанымыңды өзгертті, танымыңды,
Жер бетінің желіккен құдайлары.
Өздерінше дүниені таң қалдырып,
Көрсетсе де, құйтұрқы жалған қылық.
Тапты ақыры барлық ісі өз орнынын,
Жаратылыс өзгермесі бар заңдылық.
СОЛ СУРЕТІН МЕН ЕРЕКШЕ СҮЙЕМІН
(Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың жетпіс
бес жасқа толуына орай)
Қолыменен таянып ап иегін,
Ағытты екен қанша жырдың тиегін.
Ойшыл жанның образын танытқан,
Сол суретін мен ерекше сүйемін.
Қолыменен таянып ап иегін,
Қас тұлпарды өлең-жырдай киенің.
Бір ноқатқа қадалған қос жанары,
Көрді алысты əлемнің көк жиегін.
Қыран көзі қыр астынан шолатын,
Тілеп ұшса биіктерге қонатын.
Тұғырында қос қанатын қомдаған,
Сол бейнесі көңіліме толатын.
Түсіне алсаң мен ақынмын тегіннен,
Дегендей-ақ іштей мығым сеніммен.
Қулық, сұмдық көрмейсің ол əлпеттен,
Ақындықтың нақ бейнесі көрінген.
ӨМІР СҮРУ ҚИЫН ЖАЛҒАН СЕЗІММЕН
Жан жарыңды, жас балаңды жылатып,
«Қалыппын деп жас əйелді ұнатып».
Өз қолыңмен тіккен отау үйіңді,
Өз қолыңмен кете бардың құлатып.
Махаббатың махаббатқа ұласып,
Бірін тіктеп, бірін жүрсең құлатып.
Жігіттігім дедің бе, сен жінтікті?
Бұл қылығың тұр ма, өзіңе ұнасып.
Махаббатың жүректе, ол өзіңде,
Тұрған жоқ ол сайқал əйел көзінде.
Нəпсі құмар, пенде тірлік кезінде,
Бір жалт етпе бой алдыру сезімге.
Жүрек бар да, махаббат бар өшпейтін,
Күн сайын ол тамыр жайып көктейтін.
Жарың қайда, балаң қайда бақытсыз,
Көңіліңнен көлеңкесі өшпейтін.
Қызық қуып, қиындықтан безінген,
Сол күндерің бақытты боп сезілген.
Шын махаббат өміріңнің тірегі,
Өмір сүру қиын жалған сезіммен.
БАЛА КҮНДЕ БƏРІ ДЕ ТƏТТІҚҰМАР
Бала күнде бəрі де тəтті құмар,
Үлкейген соң болады ащы құмар.
Арақ ішіп, апиын шекпесе де,
Қызыл шайға қанбаса бастан құлар.
Ащы-тұщы тағдыр ма, өмір деген?
Шаттық, мұңы аралас көңіл деген.
Сезімменен кей сəтте сейіл құрсаң,
Қыл арқаны өмірдің төзім деген.
Бал мен сордан беу, өмір жаралдың ба?
Таразыға тартылып ар алдында.
Шағып алса уыты жан таптырмас,
Шырын сорып, бал жұтқан араның да.
Бұл өмірден болмаған жолым менің,
Ештеңеге жетпеген қолым менің.
Қышқылдықты мен неге қажетсінем,
Жеткілікті еді ғой сорым менің.
Не десең де бəрінен жаның тəтті,
Тағдыр қолы батса да жанға қатты.
У мен уды қайтарған емші дейін,
Тағамыма тұтындым сөзді ащы.
ҚОЛ БҰЛҒАП ТҰР, ЖАСТАР,
САҒАН АУЫЛЫҢ
Жаратушы əу бастан-ақ теңшеген,
Бəр-бəріңе жұмыс болмас кеңседен.
Егін егіп, мал да баққан жөн болар,
Тіршіліктің қамын жасап ертеден.
Штат деген қытайлықтар арманы,
Санасына əбден сіңіп алғаны.
«Өлмейсің деп, үкіметке қол артсаң»,
Ілінсе деп қазынаға қармағы.
Штат деген арман емес бұл елге,
Бір өтініш жазсаң болды кірерде.
Иномарка машина арман бұл елге,
Жарқыратып, жарыстырып мінерге.
Тағы да айтам сөз тыңдасаң, бауырым,
Екі жолдың таңда өзің тəуірін.
Ауылда да болашақ бар, өмір бар,
Қол бұлғап тұр, жастар, саған ауылың.
Ей, Жаратқан адал кəсіп, нəсіп бер,
Біздің елде бағаласаң бақытты ел.
Дамыған ел жолдарына қарасаң,
Жетпіс пайыз адам жеке кəсіпкер.
ҒҰМЫР КЕШКЕН ҚҰЛШЫНЫП
ЖЫР ЖОЛЫНДА
Қалам алып əлеуетті қолына,
Ғұмыр кешкен құлшынып жыр жолында.
Жазып еді романын «Өліара»,
Уа, дариға-ай өмірінің соңында.
Жас жүрегін ерте оятып ізгі арман,
Ұлы Абайды ұстаз тұтып үлгі алған.
Өткен талай сынақтар мен сындардан,
Жүйрік еді оза шауып жүлде алған.
Жыр жолында тайынбады, от басты,
Барлық ұлтпен жүректес боп достасты.
Келте ғұмыр жеткізбеді арманға,
Ер жасында ақын елмен қоштасты.
Кездессе де қырсықтар мен шырғалаң,
Жыр жолында бой тасалап тұр маған.
Ақиқаттың ақ жалауын көтеріп,
Ел өмірін, ер еңбегін жырлаған.
Биік ұшқан ақиығы Алтайдың,
Тянь-Шаньның бауырында марқайдың.
Байтақ жоңғар даласына із тастап,
Туған жерде мəңгілікке жантайдың.
Жыр көшінің сұлтаны еді көшелі,
Еңбек еткен елі үшін еселі.
«Шұғыланың» шаңырағын көтерген,
Редактордың біреуі еді кешегі.
Асқар, Мағаз, Күңгей менен Мақатан,
Алтайымның ақиығы аталған.
Сендер үшін тозбайтұғын ескерткіш,
Туған елдің көңілінен жасалған.
АҚШАМЕНЕН ӨЛШЕР БОЛСА БАҒАҢДЫ
Кетпейтіндей не жөнім бар соншама,
Түсіністік болмаған бұл ортаға.
Дүмшелердің дүрсе қоя бергені,
Шаң-тозаңды қаптырғандай қолқама.
О, қу тіршілік тақымға сап сүйреткен,
Асауды да бұғалықпен үйреткен.
Күнің үшін күлік жеуге мəжбүр ғып,
Жан сарайын күлталқанғып күйреткен.
Жағымпаздар қашандағы сарайға,
Арызымен қастық қылған талайға.
Өзгермейтін көріп өмір мінезін,
Ғажаптанып қаласың сен сан ойға.
Жасыра алмай дүниеге мастығын,
Ақ-қараны айырмаса бастығың.
Тыныш болмас ондай күнде ұйқың да,
Жайсыз болып жастағандай жастығың.
Ақшаменен өлшер болса бағаңды,
Кіналап та не істерсің заманды.
Аюдайын кіріп алып апанға,
Жалап қана жата бер сен жараңды.
ТАУЛАРҒА ЫНТЫҚ КӨҢІЛІМ
Тауларға ынтық болсадағы көңілім,
Алыстап барад таулардан бүгін өмірім.
Сыр беред кейде сынағында заманның,
Таулардан алған мойымас жігер төзімім.
Тауларда жатқан бабалар анау қабырың,
Таулармен менің жалғасып жатыр тамырым.
Желп етіп кейде желігіп оңай көңілім,
Таулардан сіңген салмақты салқын сабырым.
Жаңбыры таудың ширатып бойды жуатын,
Аңсадым иісін жусаны мен жуасын.
Əлсіздік кейде байқалып қалат бойымнан,
Таулардан алған сарқылмас күшті қуатым.
Ауқымы солай аунады деп заманның,
Тұтқыны болдық тас қамау мына қаланың.
Бір қасиет жұқсын таудан киелі,
Барып тұр əркез тауларға биік, қарағым.
КӨҢІЛ БАР МА БҰЛ ЖАЛҒАННАН
ҚАЛМАЙТЫН?
(Əйгілі ұлт жазушысы Жақсылық
Сəмитұлының рухына)
Əркімнің де өмірде айтар əні бар,
Сол əнімен əр қайсысын танып ал.
Аман болсын көп жасаған ағалар,
Көпті көрген есті ағадан тəлім ал.
Тұрмыс ылғи өміріңде бақ күліп,
Өміріңді алға жетелейді жақсы үміт.
Жаһан жанын түсінетін жандардың,
Жанарында қалды мұң мен жас тұнып.
Өшірем деп үрлесе де шырағын,
Билік үшін арнамады жыр-əнін.
Ақиқаттан тапжылтпай тұрағын,
Асқақтатты ұлтым дейтін ұранын.
Бір əні* оның мұрасындай бір елдің,
Айғағындай рух пенен жігердің.
Марғабылдың қасқа атындай тұсалған,
Бодандықтың үзіп кеткен шідерін.
Көп көрсе де қиянат пен тапшылық,
Көрсетпеді еш адамға жат қылық.
Аты менен затына сай өмірде,
Тек еліне жасай білді жақсылық.
АДАМДЫҚ БОЛМЫС
Шəкірт болып білмегенді үйренем,
Ұстаз болып білгенімді үйретем.
Адамдықтың болмысы да осы ғой,
Десең егер бұл өмірге үйлесем.
Өмірден ой қортып, түйін түймесең,
Жүре берсең немқұрайды күйде сен.
Өмір сені құшағына тарта ма,
Өмірді сен шын жүректен сүймесең.
АҒАЖАН, АУЫРМАСЫН ЖҮРЕГІҢІЗ
(Мұхтар Шаханға арнау)
Қазақтың ар-намысы арыстаны,
Жаулары табансыздық – алысқаны.
Ұлтқа рух берер күш бар сізде,
Ғажайып тылсым күштей ғарыштағы.
Білеміз, жүрегіңіз неге ауырды?
Көтерді ол жан төзбейтін ең ауырды.
«Желтоқсан», «Арал» сынды апаттардың,
Өткерді бір басыңыз сан дауылды.
Ағажан, ауырмасын жүрегіңіз,
Бұл біздің шын ниеттен тілегіміз.
Сіз жайлы жайсыз хабар естілгенде,
Біздің де сыздап кетті жүрегіміз.
Өмірге сіздей өршіл ақын керек,
Жырыңыз бізге шабыт, ақыл беред.
Сіз үшеу, біз жетеуміз білеміз ғой,
Кім бізге сіздей айқын бағдар беред.
Дайынбыз жармасуға жағаларға,
Жоқпыз ғой тірі жанды бағалауға.
Ажалдан арашалап алып қалған,
Мың алғыс түркиялық ағаларға.
Ұлттың қанына сіңген енжарлығы,
Рухтың ол сіз айтқан кемтарлығы.
Күйзелтті күндіз-түні білеміз сізді,
Қазақтың мынау ауыр тіл тағдыры.
Ағажан, ауырмасын жүрегіңіз,
Халықтың биік ұшқан түлегіміз
Адамзат рухының аспанында,
Самғаңыз мəңгілікке, тілегіміз.
ТОЙҒА БАРҒАН ҚАЗАҚТЫҢ
БƏРІ ӨЛЕҢШІ
Басқа түскен ауыр ой басымдылық,
Қиянаттар өмірде ашындырып.
Əнге құмар жан едім япырым-ау,
Жібере ме осылай ақын қылып.
Ақын болу азап қой ғазиз басқа,
Тура жолға құдайым кəміл баста.
Жан-тəніңде болмаса асыл рух,
Жұмыртқаның түскені қара тасқа.
Ақын болу деген сөз батыл болу,
Азамат ар-ұжданы басым болу.
От тұрса да алдында, су тұрса да,
Ақиқаттың жолында ашық өлу.
Ақын да Абай, білсеңіз батыр да Абай,
Мыңмен жалғыз алысқан дамылдамай.
Мен ақын деп аптығып айқай салсам,
Сөйле дерсіз шамаңа қарай, қарай.
Ақын деген Махамбет, Мағжандар,
Ел үшін құрбан болған бағландар.
Ақиқаттың жолында ашық өлген,
Мəңгі өлмейтін рухы асыл жандар.
Ақын деген Таңжарық, ақын Ақыт,
Нағыз ақын болады ол нағыз бақыт.
Ғасыр аунап жатса да, озып уақыт,
Асыл жырдың барады бағасы артып.
Мен өзімді Ақынмын дей алмаймын,
Сыбағасын басқаның жей алмаймын.
Тойға барған қазақтың бəрі өлеңші,
Мен тек соның біреуі дей алармын.
АЛТЫН БЕСІК
Сəлем саған, атажұрт – алтын бесігім,
Сағыныштың айқара аштым есігін.
Қайда жүрсем жанымда ұмтылмайтын,
Жүрегімнің төрінде ардақты есімің.
Алтын бесік Сарыарқа сайын далам-ай,
Құшақ ашқан алдымнан аялы анамдай.
Тербетілген бесікте бір ұлың едім,
Еркелеймін алдыңда сəби баладай.
Бауырыңда баба тау басымды иемін,
Құшырлана иіскеймін құлай сүйемін.
Батаңды бер балаңа тілегім осы,
Шаңырағым құт қонған сенсің – киелім.
Шаңырақтан шалқысын бүгін бақытың,
Шашу қылып шашайын жырдың жаһұтын.
Қой үстіне боз торғай жұмыртқалаған,
Бабаларым аңсаған армандаған күн.
ҚАРАҒАНДЫ
Мекені қара алтынның Қарағанды,
Арнаймыз саған жырды саған əнді.
Өмірге, көңілге де жылу берген,
Қарыздар бір өзіңе халық мəңгі.
Байлығын ұрпақтарға сақтаған жер,
Елбасы еңбек жолын бастаған жер.
«Ұлы тау», «Ордабасы» тарихта,
Жауына қарсы жорыққа аттанған жер.
Кеніңді ғасырлардан келген сақтап,
Ашыпты алғаш рет қойшы аппақ.
Ғабеңнің «Қарағанды» романы,
Көтерген биіктерге даңқыңды асқақ.
Жайлауы Сарыарқаның сəні болған,
Мəдидің «Қарқаралы» əні болған.
Қызыр дарып жеріңе бақыт қонған,
Қойнауың қазына мен малға толған.
Өзіңсің атамекен мақтанышым,
Көңілден ақ тілегім ақтарылсын.
Жазылған жалғастырып жаза берер,
Бақыт пен байлықтың сен дастанысың.
ҚҰТТЫ БОЛСЫН СИЫР ЖЫЛЫ
Бойына сеніп құр қалған жылдан түйе,
Жыл басына қу тышқан болған ие.
Тышқан жылды тауыстық тышқаншылап,
Келді өрістен жаңа жыл сиыр міне.
Бір аңыз бар ертеден бізге жеткен,
Бабаларым ұрпаққа тəмсіл еткен.
Бір хайуан жоқ екен тең келетін,
Күйсіз күлік сиырдай еңбек еткен.
Сиыр мен түлкі бірге арпа еккен,
Сиырға кеп қу түлкі арба жеккен.
Бөліскенде бар дəнін түлкі алып,
Қу сабанмен сиырды алдап кеткен.
Батыс десе бас шұлғып таңданбайық,
Таңсық көріп қаңсығын малданбайық.
Дəнін беріп түлкіге сабан алған,
Сиыр жылы сиырдай алданбайық.
Өмір жолы қашанда иір-қиыр,
Еншімізге бұйырса көмпіс сиыр.
Өгіз күшпен өмірді өрге сүйреп,
Дағдарыстан алып шық бізді биыл.
Адам рухын жебейтін намыс қана,
Жеткізетін алысқа ғарышқа да.
Намысты боп, қашанда табысты боп,
Келер жылы жетейік барысқа да.
Сүтті болсын сиыр жыл, құтты болсын!
Қамбамызға қазына ырыс толсын.
Ең зор байлық адамның денсаулығы,
Деніміз сау, рухымыз мықты болсын!
МЕНІ ӨЗІНЕ ШАҚЫРҒАН
Мені өзіне шақырған,
Егеменді елдігің.
Дүниемен теңескен,
Терезеңнің теңдігі.
Мені өзіне шақырған,
Көк байрағың емес пе?
Жүрегімді оятқан,
Əнұраның емес пе.
Мені өзіне шақырған
Елдік таңбаң емес пе.
Менің дағы көңілім,
Көтерілді белеске.
Мені өзіне шақырған,
Атамекен дəм-тұзы.
Сағынышпен сарғайған,
Алыстағы ұл-қызы.
Мені өзіне шақырған,
Үш жүз қазақ баласы.
Данышпаны, данасы,
Ел тұлғасы – ағасы.
Мені өзіне шақырған,
Қазағымның пейілі.
Ақтарылған ағынан,
Отанымның зейіні.
Мені өзіне шақырған,
Ортақ мұрат, тілегің.
Осылай деп түсінед,
Менің дағы жүрегім.
Мені өзіне шақырған,
Азаматтық борышың.
Күресемін аянбай,
Мен өмірде сол үшін.
Мені өзіне шақырған,
Ұлы рухы Абайдың.
Көкжиекке көз тігіп,
Биіктерге қараймын.
Мені өзіне шақырған,
Əн мен күйің «тамашаң».
Есім барда ел таппай,
Мен қалайша адасам.
ЖЕЗҚАЗҒАН
Жезқазған кен қаласы даңқың асқан,
Қаныштай ұлдарың бар елге мақтан.
Ерлерің еңбек сүйген құрыш білек,
Ақтарып тау қойнауын байлық ашқан.
Жезқазған кеншілердің қаласында,
Сарыарқа қазағымның даласында.
Жалынды еңбек сүйген жүрегіңмен,
Бақыттың жұлдызы боп жанасың ба?
Етене тілеулеспін тілегіңмен,
Кеншілер айналайын білегіңнен.
Шаттанып ерлігіңе, елдігіңе,
Əн шырқап жыр арнаймын жүрегімнен.
Жезқазған сен де бүгін биіктедің,
Өзіңнен жез қанатты киік көрдім.
Ақжарқын ұлдары мен қыздарын-ай,
Кең пейіл жомарт мынау сүйікті елдің.
ЖЕМЕНЕЙДІҢ ӨЗЕНІ
Уа, туған жер Жеменейдің өзені,
Сенсің менің əн-жырымның өзегі.
Естігенде дауысыңды дариға-ай,
Қайтып қана ет жүрегім төзеді.
Өз жағаңда күз айында туылғам,
Кіндік қаным тұнығыңа жуылған.
Қыр астында қырық бір жыл жүрсем де,
Отыз жылда іше алмадым суыңнан.
Өзен бойын шекара деп торлады,
Бекіттірді саған барар жолдарды.
Мекен еткен сені халық жазықсыз,
«Шетшіл» деген жаламенен сорлады.
Сол жылдар да өтті-ау біздің өмірден,
Торығумен үміт жалғас көңілден.
«Жоғалтайық» үні өшіп, ұраны,
«Оңалтайық» таңы алдан көрінген.
Оңалтудың «есік ашу» заманы,
Серпілтті бір құндақталған сананы.
Іздеп келдім туған жердің өзенін,
Жазайын деп жанға түскен жараны.
Жып-жылы боп ақ жауының жауып тұр,
Туған жерім жан жарамды сауықтыр.
Көпіріңнен сағынышпен өтейін,
Ар жақтағы туыстармен қауыштыр.
Енді ешқашан тор, тосқауыл болмасын,
Алтын көпір дос көңілін жалғасын.
Еркіндіктің елшісі боп жүрейік,
Мəңгілікке бейбітшілік орнасын.
ҮЙІМДЕ ҰЯСЫ БАР ҚАРЛЫҒЫШТЫҢ
Үйімде ұясы бар қарлығаштың,
Тоқыма бөрігіндей қарындастың.
Қарлығаш əнін айтып отырыппын,
Көктемде келмей сені сағынғасын.
Жақсымен көріспеуді жан қия ма,
Қонбассың адассаң да жат ұяға.
Келерсің кешіксең де өз ұяңа,
Қуантып көңілімді қапияда.
Көруге асыққандай дала таңын,
Талпынса ұядағы балапаның.
Ұядан жерге құлап кете ме деп,
Жайылған талай менің алақаным.
Мен шықсам сейілдеуге қыр басына,
Менімен құштар жандай сырласуға.
Ұшасың сен жанымнан жанай жақын,
Əніңді маған əдей тыңдатуға.
Сен жайлы ойласам мен қарлығаш құс,
Басыңнан сенің де өтті қаншама іс.
Адамға жақсылықты жасаймын деп,
Бойыңды кернеді екен қандай бір күш.
Ауырған жылан патша тəні неден,
Жазбаққа тəуіп адам қаныменен.
Баланың қанын сорған сұм сонаның,
Алғансың тілін жұлып алдыменен.
Əділет жүрегіңда аппақ арың,
Қорықпай қаһарынан аждаһаның.
Қанатың, құйрығыңды жұлдырсаң да,
Бермедің аждаһаға адам қанын.
Жасаған сол ісіңе бабам да сый,
Сен ұя салған сол бір ақ орда үй.
Көшпеген жау келсе де ұя бұзып,
Атанған сол ісімен «Қарлығаш би».
Ақылмен жауын жеңген Төле бабам,
Қорғаған сені де аман, елін де аман.
Қарлығаш жақындығын адамзатпен,
Білуге құлқы бар ма бүгінгі адам.
Көрмейміз сені бүгін қалалардан,
Жаныңда сенің ауыр жараланған.
Сен жайлы аңыз да бар əн мен жырда,
Өшкіндеп бара жатыр саналардан.
ҰЛТАН БОЛСАМ
Төзеді жаным тірліктің азабына,
Төзбейді арым қорласаң мазағыңа.
Қарын тойып қанса ұйқым мəз емеспін,
Дəулет шашып өтсем де базарыңа.
Байлық та сол бақыттың бағанында,
Ғазиз бастың осындай аманында.
Егеменді ел болған заманында,
Ұлтан болсам деп келдім табаныңда.
Із боп қалсам сол ұлтан табаныңда,
Сол іздерден шын бақыт табамын ба?
Еркін өмір есігін айқара ашып,
Шалқып өтем өзімнің шанағымда.
Ұлтан болсам жүремін жерді сүйіп,
Жерді сүйіп төменгі елді сүйіп.
Тұрағым да сол менің, тұғырым да,
Тең келмейтін ештеңе екі биік.
Тең келмейтін ештеңе екі биік,
Тұрады оның төбесі көкке тиіп.
Қос биіктен мен-дағы көрінермін,
Ел мен жерден бойыма қуат жиып.
ЖАҺАНДАНУ
Жаһандану жалғыз батыр жалаңаш,
Кел дейді жақын қоян-қолтық аралас.
Оның қамы ұрпақта емес құрсақта,
Əке менен шешеге де қарамас.
Жаһандану жақындаса жағаға,
Қалмас егер сақтануға шара да.
Деп ойлайсың кейде осы тайталас,
Уақыттың ерте-кеші ғана ма.
Қарсы жүзіп жаһандану заманға
Ұлт рухын еге алмасаң балаңа.
Шыдам бермес толқынымен ықтырып,
Қайығыңды қайрандатар жағаға.
Тып-тыныш боп көрінгенмен заманың,
Жүріп жатыр соғыстары сананың.
Жүрегіңді қорғамасаң иманмен,
Қорғануға болмас басқа шарада.
ТӨЛ ҚАРПІ БАР
БАЙЫРҒЫ ЕЛ ҚАЗАҚПЫН
Төл қарпі бар байырғы ел қазақпын,
Заманында бой түзеген алаштың.
Сеніменен газет-журнал жазылды,
Ой-санасын сен ояттың қазақтың.
Ахмет пен Міржақыптай даналар,
Талай арыс кешегі өткен ағалар.
Осы əріппен жазды бағалы еңбегін,
Кімің барсың бүгін мұны бағалар.
Ахметпен бір жоймақ боп көзіңді,
Жат əріппен тұншықтырып сөзіңді.
Сақтап қалды қытайдағы қазақтар,
Сол құрдымнан алып шығып өзіңді.
Ұлы құрлық Азияның жерінде,
Аспан асты миллиардтар елінде.
Тіл-жазуы бар санатта бес ұлттың,
Қазақ қарпі орының бар сенің де.
«Біздің отан», «Шалқар» болып оралдың,
Еларалық газет болып жол алдың.
Кеңір əлі қонысыңда өрісің,
Біз қазірше шүкір делік соған мың.
Ен-таңбалы еншісісің қазақтың,
Сен де бүгін елмен бірге азатсың.
Сеніменен сауат ашқан қазағым,
Бүгін міне барша əлеммен санастың.
Қазақ қарпі, биік болсын тұғырың,
Ұзақ болсын елің барда ғұмырың.
Шала қазақ аяғыңнан шалмаса,
Енді өзгелер сала алмайды құрығын.
ЖИЫРМА КӨКТЕМ
Жылы шуақ самалы сипап өткен,
Болыпты ғой тез неткен жиырма көктем.
Білектес боп он жылым бірге өтсе,
Тілектес боп он жылым жырақта өткен.
Естігенім есімде кешегім де,
Көргенім де көңілдің есебінде.
Қайда жүрсем қазақпын қарапайым,
Ел деп келдім арманның жетегінде.
Көктемінде гүл ашып қызғалдағың,
Сол көктемді суреттеп жыр жазғанмын.
Елдік, теңдік салтанат құрған шағың,
Болашаққа жалғаған ізгі арманың.
Қанша күттің бұл күнді қоңыр далам,
Мұңлы күйін толғаған қобыз заман.
Алла теңдік берген күн жетті ұрпағың,
Жиырманшы ғасырдың соңында аман.
Күрестердің бірі боп əлемдегі,
Елдігің мен ерлігің дəлелденді.
Оналтыншы желтоқсан ұлт күресін,
Ақиқаттың алауын əлем көрді.
Елді бастар ер дана бір сұлтаның,
Көкке самғар көңілі бір сұңқарың.
Бір Алла өзі нұр құйып жүрегіне,
Заман өзі тудырды Нұрсұлтанын.
Елді бастап болашақ ертеңіне,
Шешім тауып əр іске дер кезінде.
Көрегендік көсемдік тұлғасына,
Ие болды қалтқысыз ел сенімге.
Көк байрағың, ел таңбаң, əн ұраның,
Берік қамал қорғаның ер ұланың.
Ұлт рухын еңсесін биіктетіп,
Ақ ордамыз көтерді шаңырағын.
Бірі болмай арттағы еру елдің,
Заман көші алды боп керуеннің.
Арман-мұрат, мақсаты еліміздің,
Қатарынан көріну «елу елдің».
Бой алдырмай болмашы табысыңа,
Қамшы бастың қаракер намысыңа.
Айға білеп азуды арыстандай,
Айналамыз Азия барысына.
Жер-жаһанда осынау аспан асты,
Сүріндіріп қаншама бақ таласты.
OБCE-ға төраға болды қазақ,
Барша əлемді өзіне жалт қаратты.
Аман сақта елімді, ерлерімді,
Көзі барлар көрер-ау еңбегіңді.
Осығанда мың тəубе шүкір делік,
Баянды еткей Алла өзің бергеніңді.
Аспаныңда сөнбесін нұрлы күнің,
Əн мен күйді арнайық жырды бүгін.
Құтты болсын тəуелсіз жиырма жылың,
Баға жетпес байлығың, құндылығың.
КӨК ТАСЫ САМАРҚАННЫҢ ЖІБІГЕН КҮН
Кең жайып мерекенің дастарханын,
Татайық берекенің балдай дəмін.
Ұлыстың ұлы күні құтты болсын,
Көк тасы жібіген күн Самарқанның.
Жыл басы күн менен түн теңелген күн,
Шуаққа бар тіршілік кенелген күн.
Қауышып жаңа жылмен, жаңа күнмен,
Барша жұрт қуанышқа бөленген күн.
Ежелден сауық құмар ел екенбіз,
Өтпейтін əн мен күйсіз мерекеміз.
Ақ бата, ақ тілекке жалғастырып,
Құрбыжан, əн шырқайық кел екеуіміз.
Бұл күнді біздің қазақ тойлайтұғын,
Қыз-келіншек наурыз гүлдей жайнайтұғын.
Бозбала, бойжеткендер таң атырып,
«Ұйқы ашар», «селт еткізер» ойнайтұғын.
Көк тасы Самарқанның еріген күн,
Қараша да ханменен теңелген күн.
Кəрі-жас, ер мен əйел мəз-мəйрам боп,
Барша жан еркіндікке кенелген күн.
Төгілтіп шуағыңды кел жаңа жыл,
Жайнасын наурыз гүлдей кең далам бір.
Бөлісіп шаттығымды өзіңменен,
Арнаймын жүрегімнен мен жаңа жыр.
АҢСАТҚАН ДА ШАРШАТҚАН
Үш орайсың Абайды,
Кітабыңның санымен.
Үш кітабыңды өртепсің,
Саралап көріп санамен.
Үш кітабыңды өрте деп,
Алла аян берді ме?
Бір кітап өлеңіңмен,
Абай болғың келді ме?
Аңсатқан да шаршатқан,
Сенде де бар бір қиял.
Болғың келді-ау шамасы,
Сенің дағы «идеял».
ЕЛ ҚАЛАЙ КӨШЕДІ?
Ел қалай көшед деген секілді,
Дүрмекке босқа ермеңдер.
Көңілің көшіп келмесе,
Көрпемен көшіп келмеңдер.
Ананың айтқан сөзіне,
Имандай ұйып сенбеңдер.
Шындыққа жеткіз көзіңді,
Ақылың болса безбендер.
Шалықтап, шалқып жүрсің ғой,
Тұғырыңа қона алмай.
Қанша халық жүр бүгін,
Қара қазақ бола алмай.
Сəби сана қашанда,
Жатырқауық жас бала.
Сенімі жоқ өзіне,
Сене де алмайды басқаға.
Сынап келіп кетесің,
Өз жұртыңды кіналай.
Келгендерің кергисің,
Қыз беретін құдадай.
Бəлсінесің сен қалай,
Сіңіп пе ед бұл елге еңбегің.
Ұрпақ үшін мұрат қой,
Мұз шайнап барып өлгенің.
Аталы сөздің тегінде,
Бір шындығы бар болар.
«Шақырғанда келмеген,
Шақырғанға зар болар».
Құрсақтың қамын ойласаң,
Қозғалмай-ақ жата бер.
Ұрпақтың қамын ойласаң,
Ақ жол тілеп бата бер.
МҮГЕДЕК ƏЙЕЛ НƏЗИЯНЫҢ
50 ЖЫЛДЫҚ МЕРЕЙТОЙЫНДА
Тағдырдың ісіне,
Кімнің бар шарасы.
Өмірде кім-кімнің,
Берілер бағасы.
Тазалық ойыңнан,
Бойыңнан кетпеген.
Дер едім өзіңді,
Əйелдің сарасы.
Денсаулық жастықтың,
Қадырын біле алмай.
Құрбымен сырласып,
Əзілмен құламай.
Өзінше келіншек,
Еңбекке еріншек.
Жүдеу бас жүрген бар.
Қатарға келе алмай,
Солар кеп үйренсін,
Бəрі де өзіңнен.
Тəлім ап тəрбие,
Ақылды сөзіңнен.
Ұқсамайд адамның,
Түсінік санасы.
Сондықтан бітпейді,
Таласы-тартысы.
Жаныңды тап-таза,
Пенде емес қарашы.
Қызғанды-ау перілер,
Қызы да шамасы.
Ана боп екі ұрпақ,
Əкепсің өмірге,
Отбасың, балалар,
Медеу боп көңілге.
Келгенде елуге,
Келіп ап той жасап
Балалар қызығын,
Хақың бар көруге.
Алды үміт көрінер,
Бұл өмір жолында.
Біле алмас еш пенде,
Не болар соңында.
Үмітті үзбе сен,
Алланың жолында,
Шапағат рахым,
Жаратқан қолында.
ЖАҺАНДАНҒАН ЗАМАННЫҢ ҰРПАҒЫНАН
Қарттың толы кеудесі медаль екен,
Қандай ерлік еңбекке сыйлады екен.
Отанынына зор үлес қосса-дағы,
Отбасына қалайша сыймады екен.
Отан үшін жаныңды отқа сапсың,
Сол үшін де кеудеңе медаль тақтың.
«Баға алмаймыз» депті-мыс келіндері,
«Қартайғанда өзіңді Отан бақсын».
Жазылмаған заңдардың ережесі,
Теңшелмеген заманның терезесі.
Сыйғызбапты үйіне ұлы əкесін,
Коттедж үйде отырған немересі.
Отбасында қалмаған қарттың сыйы,
Əке жанын қажытқан қарттар үйі.
Жаһанданған заманның ұрпағынан,
Осы болды əкенің көрген сыйы.
МАҒЖАН ЖЫР
Мақамы бөлек, мақсаты биік мағжан-жыр,
Мұра болып мəңгілікке қалған жыр.
Өзегін жаудың өрт болып шалып күйдіріп,
Жалындап ұшқын от болып лаулап жанған жыр.
Баба рухын ұрпаққа жалғап егем деп,
Үмітін үзбей «жастарға мен сенем» деп.
«Тірліктің түбі бірлік» деп ол жар салды,
Түбі бір түркі бірлігін айтты тереңдеп.
Қиырды шалған қырандай текті қырағы,
Ой салар жанға қуатты құнды жыр əні.
Шошытып жауын ұйқысынан оятқан,
Найзағай даусы «Алашым» деген ұраны.
Түркілік рухы бойында қанды тасытқан,
Жауынан ығып жан емес көңіл жасытқан.
Арманның құсын түлетіп жастай ұшырған,
Безініп ерте тəн семіртер бақыттан.
Түрменің суық тастай сұсты сұр өңі,
Жігерін құм ғып езіліп жатты жүрегі.
Ерлерін бастап жауына шабар атойлап,
Шыңғысхан сынды батырды сонда тіледі..
Мағжанды қалқам дей көрме ол кім еді,
Кешеден жеткен ұлтының рухты тірегі.
Балаңа жастай жаттатып өсір есімін,
Алаштың туын көтерген ердің бірі еді.
Жыр етіп сені айтамыз асқақ əн қылып,
Жасасын рухың еліңмен бірге жаңғырып.
Зиярат етер зиратыңа қалмаған,
Мағжанды елім жүректе сақта мəңгілік.
ЕСІЛ ЕРІМ ЕЛ ҮШІН ЕҢІРЕГЕН
(Сəкенге арнау)
Есіл ерім ел үшін еңіреген,
Атың қалды əнші, ақын, сері деген.
Рухыңмен əрдайым сырласқандай,
Əніңді айтып жырыңды тебіренем.
Жан біткенді тамсантқан əнің қайда,
Қыз біткенді қымсынтқан сəнің қайда.
Сері ғұмыр айналып сергелдеңге,
Кете бардың қалдырып бəрін жайға.
Сұрқын танып сұрқұлтай замананың,
Мырзалықты, билікті қаламадың.
Артық санап жаныңнан ел теңдігін,
Күрес жолын өмірден қалап алдың.
Жан пида деп жолында аппақ ардың,
Ақ тəніңнен сорғалап ақты қаның.
Көңілге мұң, көзге жас алдырады,
Түрмеде айтқан «Лашын құс» ақтық əнің.
Азияның сен де бір барысы едің,
Алашымның ардағы, арысы едің.
Иілмеген басты ақыр қылыш кесті,
Құтқармады құрығы қанышердің.
Қар басқанда қара су жер өледі,
Ел азғанда еріксіз ер өледі.
Арын сатып сақтаған арам тəнін,
Бес күн жалған қызығын ез көреді.
Алашының аңсаған бостандығын,
Жанды жылтад жырларың оттан бұрын.
Өкініш пен жұбаныш шарпысады,
Еске алғанда алаштың тоқсан жылын.
АЛТАЙ АБЫЗЫ
(Асқар Татанайұлының 100 жылдық
мерейтойында оқылған өлең)
Асқар ата өр Алтайдың абызы,
Ел алдында өтелген ер қарызы.
Қарт абыздың көкірегімен жалғасқан,
Тарихтың жыр шежіре аңызы.
Хандары кім қазақтың кім батыры,
Ақылгөйы данасы кім ақыны.
Ұрпағыңа ұқтырған ұстаз едің,
Алыс қайсы, қазақтың кім жақыны.
Ер Жəнібек, Арқалықтай батырын,
Шəріпхан мен Баймолладай асылын.
Сізден оқып білді елің тереңдей,
Бабалардың бастан кешкен ғасырын.
«Төрт көнені жою деген» ұранда,
Керек болмай ешкімге бай мұраң да.
Қоярға жер таппай тықтың зиратқа,
Отқа жанып жатқан кезде құранда.
Өтті солай басыңыздан «үш кезең»,
Ағыстары ұқсамайтын үш өзен.
Салынды боп суға кетпей толқында,
Қарсы жүздің ақыл-қайрат күшпенен.
Ел асылын зерделеген көңілге,
Сексен жылдық сергек ойлы өмірде.
Өшпес рухы дана көңіл абыздың,
Егеменді ел əспеттесе төрінде.
Ұрпақтарға жалғанды асыл мұраңыз,
Сіз жайлы əлі талай кеңес құрамыз.
Сіз аңсаған теңдік дейтін текті ұғым,
Сол шындыққа біздер бүгін куəміз.
ОЯН, ҚАЗАҚ
(М. Дулатовқа арнау)
Бір дауылды соғар алдан ұйтқыған,
Сезе білді заманының сыйқынан.
Жаны қалмай жар салды ер Міржақып,
Оян, қазақ, түрегел деп ұйқыдан.
Сонда басын бір көтерді қазағым,
Не көрінді сонша деді, қарағым.
Тағдырының көріп тəлкек мазағын,
Ел-жұртының арқалады ер азабын.
Тағы да сол жар сап жүрген Дулатов,
Жүрген елін ұйықтатпайтын шулатып.
Төсегінің су шыққан ба астынан,
Не көрінді, не ғып жүр деп түн қатып.
Елі үшін күйген ерді сүйе алмай,
«Халық жауы» деді оны ұялмай.
Өз майына өз еттерін қуырған,
Не деген сұм заман еді ей Алла-ай.
Шекпен жауып надандарды құтыртқан,
Өз қолымен өз көздерін шұқытқан.
Əккіліктің асқан зұлым айласы,
Бастан жақты айырғандай шықшыттан.
Бірің жау деп бірің дос деп қазақты,
Көкжалдарын итке байлап талатты.
Бүгінгі ұрпақ білу керек осыны,
Солар көрген қорлық пенен мазақты.
АХМЕТ БАЙТҰРСЫН ЖƏНЕ «АҚҚҰМ» ƏНІ
Артық туған ардағы Ахметті,
Көшбасшысы қазақтың ақыл-есі.
Ақыл-естен айырып Алашынан,
Ғасырларға жалғасты қасіреті.
Арыстары қазақтың арыстаны,
Отаршылдық жаулары алысқаны.
Ар-ұжданын, арманын, мұраттарын,
Қаныпезерлер аяусыз жаныштады.
Жаншығанмен арыстың асыл тəнін,
Жоя алмапты рухын асыл əнін.
Естігенде Ахаңның «Аққұм» əнін,
Көкіректен күрсініп аһ ұрамын.
Уа, дариға-ай Аққұм деп салған əнің,
Еркіндікті аңсаған арман əнің.
Көкейімнен əуені бір кетпейді,
Сөнбейтұғын алауы аппақ жалын.
Əнің қандай керемет шырқау биік,
Əн болмас-ау Аққұмнан шыққан биік.
Шырқалғанда Аққұм əн жаным сүйіп,
Өткендей бір ақ жауын құйып-құйып.
Рухың қалды еліңде əнің қалды,
Сөздерің мен ұлағат тəлім қалды.
Сіз аңсаған ел болу егеменді,
Ақтық арыз арманың орындалды.
Кеңес кетті келмеске қатал заман,
Бұл күнге де жетті-ау бір халқың аман.
Елі бар да ұмтылмас ер еңбегі,
Ардақталды рухың, асыл бағаң.
ҚЫЗЫРБЕК ОРАЛ
(ақын рухына арнау)
Кетсең-дағы қапыда арамыздан,
Өшкен жоқсың еш уақыт санамыздан.
Рухыңмен сырласып оңашада,
Арманыңа үн қосып саламыз əн.
Жете алмадың аңсаған арманыңа,
Тез іліктің тағдырдың қармағына,
Жете алмадың көрінген тауға да анау,
Ішіңде кетті шайналып бармағың да.
Отызында орылған қайран өмір,
Жыр шырағын өшірді қайран көңіл.
Кең кеудесін ақынның оқ тескенде,
Қасірет шекті қан жұтып қаралы өңір.
Ақиығы Алтайдың, тас түлегі,
Еркіндікті аңсаған жас жүрегі.
Үш боздақты қыршынынан қиса-дағы,
Селт етпейді заманның тас жүрегі.
Заман азса алдымен арлы өледі,
Ашаршылықта алдымен жарлы өледі.
Өлсе де ақын рухы тірі мəңгі,
Өшпейтұғын артында қалды өлеңі.
Ақын Қызырбек Оралұлы 1970 жылдары
Қытайдағы 10 жылдық Мəдениет зор
төңкерісі кезінде, үкіметке қарсы қарулы ұйым
құрушылардың бірі делініп, Еменақын, Мəннəн
сияқты азаматтармен бірге 28 жасында
Алтайда атылды.
АТЫҢДЫ ҚОЙДЫҚ НҰРҒИСА
Дүние алғаш ашқанда,
Сəбиге өмір есігін.
Əлди əнмен тербетер,
Ана өмір бесігін.
Ырымменен қойылар,
Сəби өмір есімі.
Аналық тілек ақ тілек,
Алладан ғой шешімі.
Атыңды қойдық Нұрғиса,
Əнші-күйші болсын деп.
Қазақтың киелі өнері,
Саған да келіп қонсын деп.
Алматыда тудың сен,
Əн мен жырдың мекені.
Мұқағали, Шəмшілер,
Нұрғиса жүрген кешегі.
Сен туған күн тамаша,
Жайма шуақ көктем күн.
«Нұрғиса» атты күй кеші,
Алматыда өткен күн.
Кіндік қаның тамған жер,
Үшқоңыр бау-бақ ну мына.
Кіндік кірің жуылған,
Үшқоңыр қасқа суына.
Самғап ұшсын қырандай,
Алатаудың түлегі.
Қабыл болсын Аллаға,
Ата-ана ақ тілегі. Əумин.
ЖЕТІСУДІҢ ЖАЗЫ ҰЗАҚ
Жетісудың жазы ұзақ, қысы қысқа,
Жанға жайлы малға да, аң мен құсқа.
Жер жəннаты Жетісу деген сөзді,
Айтпаған-ау бабалар бостан-босқа.
Жер жəннаты Жетісу болған мекен,
Қызыр дарып, бақ-дəулет қонған мекен.
Жел жемісің бал шырын бау-бақшалы,
Жасыл кілем төсенген орман мекен.
Жеті өзенің құйылған Балқаш көлің,
Алатауың айбынды жатқан төрің.
Арқарлының асуы асқар белің,
Қалай айтсам сыятын мақтан жерім.
Жырға қосам əн қылып дастаныма,
Көңілімнен көл толқып ақтарыла.
Жетіп жатыр Жетісу бəрін айтпай,
Жалғыз ғана Балқашың мақтаныма.
Мақтансам мен мақтанам сеніменен,
Текелі тау текті тау кеніменен.
Ешкім-дағы өзіңде кенде болмас,
Еңбек етер ер болса ерінбеген.
Сан мың қандас оралды бауырыңа,
Қоныстанып қалаңа, ауылыңа.
Бір арнаға тоғысып армандары,
Етене боп айналды қауымыма.
Тəуелсіздік таңы атқан жиырма жылым,
Елдігіңе еңселі құйған нұрын.
Осы менің Жетісу саған арнап,
Мерекеңе ұсынған жинақ жырым.
ҚАТАРЫМНАН ҚАЛЫП
ҚОЙДЫМ КӨП КЕЙІН
Қатарымнан қалып қойдым көп кейін,
Күдір жолда көлігі əлсіз көштейін.
Талғамыммен сəйкесе алмай тағдырым.
Бірі алға, бірі тартты көш кейін.
Ауыр болды өмір жолы өнерде,
Орным менің болғандықтан төменде.
Қарайды ғой көз де көңіл жоғары,
Тең тұрмасаң кім қарайды төменге.
Қараса да қарайды олар төбеңнен,
Дегендей-ақ кім санасар Шөнеңмен.
Сен жүрсең де төрт аяқтап төбемнен,
Мен де есемді қайырамын өлеңмен.
ТІЛІҢ ҰЛТ БОП ҚАЛУЫҢНЫҢ КЕПІЛІ
Тіл тағдыры ауыр тағдыр сезем мен,
Талай ыстық-суықтарда кезерген.
Тілім найза жауларына кезелген,
Бұрын тиген нысанаға жебеңнен.
Бал да тамған, у да тамған тілімнен,
Қандауырсыз қастықпенен тілінген.
«Бас кессе де, тіл кеспек жоқ» дегенмен,
Басқа бəле тіл тартпаудан ілінген.
«Ов» пен бастап опса қазақ тіліңді,
Тілмен бірге дініңді де діліңді.
Ұсағыңды уысында қалдырып,
Көрге тыққан көсемің мен іріңді.
Тілім Абай, тілім Мұхтар ендеше,
Сөз сөйлеген барша əлеммен теңдесе.
Басымызға заман ерік берген соң,
Сөз сөйлеуге алдық қой біз енді есе.
Менің тілім көркем ойлы көсем тіл,
Менің тілім шежірелі шешен тіл.
Шұбар тілдер мазаласа жаныңды,
Төріңде отыр əлі неге бөтен тіл?
Тарихқа ойлы көзбен қара да,
Өткеніңді бүгініңмен бағала.
Құтылсақ та отаршылдық күштерден,
Жасамаймыз неге күрес санаға.
Ұлттың парқы айырылса тілімен,
Науқасты да көред емші тілінен.
Бет пердесін киіп алған басқаның,
Кей қазаққа қарап тұрып түңілем.
Берсең дағы бар дəніңді қонаққа,
Рухани байлығыңды тонатпа.
Тірлігіңде тілсіз қайтып кіресің,
Нағыз ұлттық рух пен санатқа?
СӨЗ ПАТШАСЫ
Мазалап ойлар, қытықтап кейде сезімді,
Босатса ептеп қатайып тұрған төзімді.
Қиялға еріп қиырға кетсем байқамай,
Ұзартып алсам кешіргін деймін сөзімді.
Қоғамды зерттеп, тамырын ұстап тексеріп,
Оқырмандардың жағдайын дағы ескеріп.
Көпірмешілдік көп сөзге босқа берілмей,
Бəріне бүгін жатырмыз жоспар шек беріп.
Күрмеуі қиын, күрделі мынау өмірде,
Ақиқат болса ісің мен айтқан сөзіңде.
Есері болмай, естісі болса əн-жырың,
Сөз патшасы отырар көңіл төрінде.
Сондықтан да болмадық əуес дастанға,
Бермейді орын шұбыртпа сөзге баспаң да.
Оқи сал мынау бес-ақ шумақ өлеңді,
Жексенбі күні дем алып үйде жатқанда.
Пір тұтам сөздің зергері мен ұстасын,
Теріс деп біреу, дұрыс деп біреу құптасын.
Отырмын ойлап Омар хаям ақынды,
Дүниежүзілік жазатын жырдың қысқасын.
МҰҚАҒАЛИДЫҢ ТУЫЛҒАН КҮНІНЕ
Ұлы сезім, ұлы жанды қинаған,
Сондықтан да ол тар шеңберге симаған.
Кең дүние есік ашты айқара,
Дарынды ұлға өлмес өнер сыйлаған.
Енді отыз жас берсе тағдыр нетер ед,
Армандаған осы күнге жетер ед.
Егеменді ел-жұртынан тəуелсіз,
Той да көріп, сый да көріп кетер ед.
Қайғы мұңнан ақын жаны жүдеді,
Ауырды ақыр жан жарадан жүрегі.
Болашаққа арыз жазды амалсыз,
Заманынан үзілген соң күдері.
Асыл текті ақ иық қыран аспанда,
Дүниеге келген мынау ақпанда.
Туған күнін тойлайық біз, тойлайық,
Ізгі өнеге мұра болсын жастарға.
ҚАЗАҚ БОЛСАҢ...
Сөйлемесең өмірде, өз тіліңде,
Дей аламыз сізді қайтып білімді.
Ештеңеге бас ауыртпай өмірде,
Көрсем болды дейсің бе, əлде күнімді.
Өз тегіңнен өзің үркіп жерісең,
Ұрпағыңды басқаларға телісең.
Ұлтымыз бір рухымыз басқаша,
Сізбен қайтып қазағым деп келісем.
Еш түсінік жоқ рухыңды жебеген,
Кейін тартқан баяғы сол кежегең.
Тілің, ділің, дінің кетсе денеден,
Ар жағында қалды сенің неменең?
Кеш жақсы ғой, ағайын-ау, ештен де,
Мақсат бар ма өмір жайлы кестеңде.
Мағынасыз өмір сүрсең мəні не,
Құлқын баққан ғұмыр құны бес теңге.
Заманыңа енді мына өкпең не?
Жұртта қалма, ел жайлауға көшкенде.
Біз салауат айтпап па едік өткенге,
Қазақ болсаң, басқа шауып, төске өрле!
ӨМІР БОЛСА
Өмір болса өзекте күн кешерміз,
Сол күндерде кімдермен үндесерміз.
Қара өлеңнің қаймағын қалыңдатқан,
Дана Абайды ұлықтап біз кетерміз.
Баба жырдан бастауы көрінбеген,
Болсаң болшы өз ісің өзіңменен.
Іздегенім өзіңнен табылмады,
Қазақ жыры еншіге бөлінбеген.
Қоя алған жоқ аспанға ешкім тіреу,
Абай дана, сиынар Тəңір біреу.
Екі тілек симайды бір көңілге,
Қабыл болсын қашанда ізгі тілеу.
Аласаны биікке жанастырма,
Жас өскінді жолынан адастырма.
Дарияның жанынан құдық қазып,
Өзіңе оңай мүмкіндік қарастырма.
Ұлың болса Мұхтардай жазық маңдай,
Бұл ғасыр да түсінер қапы қалмай.
Абай мəңгі адамзат ақылманы,
Ізгі өмірге жол сілтер бағдар шамдай.
ҚАРА ҚАЗАН
Балаңды ұрып жылатпа енді, қарағым,
Қалып қойған түрі ғой бұл жазаның.
Жегісі кеп тұр ғой базар тамағын,
Бала қайдан білсін парқын бағаның.
Бағы жанып тұр ғой бүгін базардың,
Бағын оның бастан тартып алар кім.
Сүт пісіріп, қаймақ-қаспақ жемеген,
Білмес бала қасиетін қазанның.
Дəндеп алған əбден қара базарға,
Кейбір үйде жоқ қой қара қазан да.
Таусылса егер ішетіні, жейтіні,
Базар жаққа жүгіреді азанда.
Отау тігіп үйлі болған адамның,
Мұра тұтқан атаменен, анаңның.
Ырыс құттың ыдысы ғой ежелден,
Болғаны жөн бір үйде бір қазанның.
Басыңа үй бауырыңа қазан ас,
Осы тағылым неге бүгін жарамас.
«Қара қазан сар баланың тілеуі»,
Қонақ келсе «қонағасын» қазанға ас.
Бізге жеткен баба салты ғасырдан,
Айырылып қалмайық бұл асылдан.
Он жылқының етін асқан «тайқазан»,
Қазағымның даңқын əлемге асырған.
ДАРА ШУМАҚТАР
Əдеті кемшіл адамның,
Десесінде дерт болар.
Ұяты кемшін адамның, Нəпсісі жеңсе мерт болар. *** Бағалы зат болмасаң да тым ерек, Архелогтар қазып алған құм шелек. Тарихтың мың жылымен құндысың, Беретұғын бүгін үшін тың дерек. *** Не сиқыр бар ақшаңда, Жұлдызды анау аспанда. Мойыныңа асылды, Моншақтай боп ақшамда. *** Жаман ғой шықса сыздауық, Ішіне ірің жинаған. Ауызы шықпай сызданып, Мазалап жанды қинаған. *** Дүние мүлік көз құрты ғой дұшпаның, Қаржың болса қажылыққа үш барғын. Білегіңде білезік те сап алтын, Қымбат екен тамшы сүті тышқанның. *** Өмір деген марафон, Жалау жалғап жүгірер. Шын жүйрікті көргенде, Жанынан жалқау түңілер. *** Тарих жатсын тамырлас өлеңінде, Өмір жатсын өріліп өзегінде. Жаттатам деп жат елге дəмеленбе, Оқылмаса өлеңің өз еліңде.
*** Қалыңдатып көп жазсаң, Оқырманың шошиды. Жұқа кітап ұсынсаң, Оқырманда оқиды. *** Кешірейін тағы да бір баласың, Ақылың болса жақсыдан тəлім аларсың. Əке аузын боқтасада сықпитып, Боқтамайды біздің қазақ анасын. *** Тəрбиені білімді қаламаған, Көкірегі көр соқыр надан адам. Ақиқаттан қашады сауапты істен, Арсыздыққа жаны үйір жаман адам. *** Жан болмаса нəпсісін армен тиған, Тұра ма оның бойында асыл иман. Шəриғатты бұрмалап пайдасына, Құран сөзін саудаға салса имам! *** Сағым бақыт сандалтып бұйырмаған, Сені қуған із азба шиырлаған. Бақытты адам меніңше бұл жалғанда, Өміріне көңілі риза адам! *** Үміт үзіп сөзіңді де кесетпе, Енді қайтып кездеспейміз десек те. Өмір жолы қиылысқан бір күні, Кездесуің мүмкін ғой бір бекетте.
*** Мықтымыз деп жүргендер, Бірі ай, бірі күн болып. Қалары оның белгісіз, Тарихта кім болып. Темір болса таттанар, Топыраққа көмгенде. Алтын болса жарқырар, Кейінгілер көргенде. *** Əр пенденің басында бар бір қиял, Оның сөзін бұл күндері кім тияр. Орақ орып ауызбен қиналмастан, Болмысы бар бəрінде “идеял”.
ЕР ЖƏНІБЕК – ƏЗ БАБАМ
Киелі батыр ер Жəнібек – əз бабам,
Рухыңмен шабыт, қуат бер маған.
Тəуелсіз бүгін арманға жетті еліңде,
Тəуелсіз бүгін ұлан байтақ кең далаң.
Көсем де едің кемеңгер елді бастаған,
Шешен де едің бөгелмей сөзді бастаған.
Еліне ес боп жеріне қорған бола алған,
Батыр да едің жорықта қолды бастаған.
Он сегіз жаста жорыққа шықтың сайланып,
Қылыштай өткір ызамен кекке қайралып.
Намыстың туын көтердің биік құлатпай,
Тек қана ел мен жеріңнің қамын ойға алып.
Тілекті бер деп Алладан медет сұрадың,
Қуат қып бойға анаңның таққан тұмарын.
Садақа еттің ар үшін ғазиз жаныңды,
Абылай, Абақ, Мұхаммет еді ұраның.
Келген жоқ оңай тəуелсіз бұл күн тегін бе,
Қарама салғырт берілме албырт сезімге.
Өткенде бүгін саралай білсек санамен,
Үлесің үлкен жан кешті баба сенің де.
Арпалыс өмір алпыс жыл аттан түспеген,
Жауыңды жеңдің ақылмен, айла, күшпенен.
Өшпейді баба ерлігің ерен жыр дастан,
Туған жер сенде ақ туын жықпай тіктеген.
Өмірге мынау келмесең-дағы жау тілеп,
Сүрінген елге бола алдың сүйеу бір тірек.
Есімі елге ұран болған ұрыста
Қазақтың сен де батыры едің жау жүрек!
ХАН ТƏҢІРДІҢ ҚЫРАНЫ
(əн сөзі)
Есті жанның мұңдасы,
Екі ғашық сырласы.
Мұқағали жырларын,
Жүрегіңмен тыңдашы.
Қайырмасы:
Хантəңірдің қыраны,
Қиырдан шолған қырағы.
Мейіріңді қандырған,
Жырдың кəусар бұлағы.
Самғауындай сұңқардың,
Шабысындай тұлпардың.
Əрбір сөзің əн болып, Асқақтата шырқалдың. Бойтұмардай есімің, Тербеткен сезім бесігін. Шалқығын шалқар шабытқа, Дүние ашты есігін. Мəңгіліктің алауы, Құштар жүрек қалауы. Жыр жолында ұстанған, Ақындардың жалауы. АНА (əн сөзі) Ақ сүтіңді емген, Ақтадым ба, ана? Ақылыңды берген, Сақтадым ба, ана? Қайырмасы: Бесік жырын айтып, Тербеткеніңді, ана. Ұмытайын қайтып, Ержеткенімді, ана. Түн ұйқыңды сенің, Бөлуші едім, ана. Бейнетіме менің, Көнуші едің, ана. Ай көрмесең жылдай, Сағынатын ана. Көзден жасын тимай, Ағызатын ана.
САУЫРЫМ
(əн сөзі)
Жүректен мақтан етем,
Өзіңді қашандағы.
Өзіңсің жер ұйығы,
Ат қойған Асан қайғы.
Қайырмасы:
Құштармын таңдарыңа,
Ұқсаған арманыма.
Қараймын мақтанышпен,
Ақбас шың заңғарыңа.
Бəріне қымбат бағаң,
Туған жер топырағың.
Көктемгі самалыңа,
Əніммен қосыламын.
Өзіңсің алтын бесік,
Мен үшін тербетілген.
Сендей жер таба алмаспын,
Іздесем жер бетінен.
ТОПТЕРЕГІМ
(Əкем туралы əн)
Топтерек саяңа кеп ойнаушы едім,
Балалық қызығыңа тоймаушы едім.
Бəйтерек сені ешкім қозғалтпас деп,
Басқаша балалықпен ойлаушы едім.
Өзің жоқ атың қалды ауылымда,
Сен өскен қоңыр дөңнің бауырында.
Еске алып келген сайын орныңа,
Кездесіп қайтам ылғи ауыр мұңға.
Білмеппін балалықтың базарында,
Сен шеккен өткен өмір азабында.
Топтерек, сені қайтып ұмытайын,
Мəуелеп тұрсың менің назарымда.
Уа, қайран топтерегім, топтерегім,
Ауылымның қорғаны да, орманы да.
Тек сен едің.
САҒЫНЫШ
Қоштасу қолын бергенде,
Қимастық нəзік сезіммен.
Аттандыра келгенде,
Сырыңды ұқтым көзіңнен.
Сен шектің сапар жыраққа,
Арманды қуып, сəулешім.
Мен қалдым күтіп бірақ та,
Жастықтың шегіп əуресін.
Дамылсыз бұлғап қолымды,
Қарадым ұзақ көз алмай.
Тіледім сенің жолыңды,
Құлазып көңіл төзе алмай.
Ол мезгіл қоңыр күз еді,
Тырналар қайтқан тыраулап,
Жылыстап ай-күн тізбегі,
Қыс өтті сырғып, жыл аунап.
Көктемде құстар келгенде,
Түстікке қарап əн салдым.
Сағыныш толқып кеудемде
Аңсадым сені аңсадым
Аңсадым сені аңсадым.
АҚ БЕСІК
Гауһар шамдай жарқыраған сəні үйдің,
Ақ отаудың, ақ орданың, бəр үйдің.
Бақыты да, байлығы да жарасар,
Қызығымен, қылығымен сəбидің.
Сəби келді өмірге қарсы алайық,
Сүйіншілеп ауылға жар салайық.
Ата-баба дəстүрін жалғастырып,
Шілдехана той жасап əн салайық.
Ұрпақтарға болмасыншы жат бесік,
Аналардың бақыты ғой ақ бесік.
Ауылымда ақ отаулар көбейіп,
Дүниеге сəби келді ашты есік.
Ақ отауда ақ босағаң тең болсын,
Əлди əн мен ақ бесіктер тербелсін.
Ата-ананың ақ тілеуі қабыл боп,
Ұл мен қызың бақытты боп ержетсін.
АРМАН ТАУЫМ
(əн сөзі)
Сағыныш жас іркілген жанарыммен,
Алатау асқарыңа қарадым мен.
Еркелеп асылсам да иығыңа,
Баспаймын биігіңді табаныммен.
Қайырмасы:
Аңсаған арман тауым,
Асқар тауым.
Айналдым қасиетінен,
Алатаудың.
Арманның сендей биік жетегінде,
Алатау жүрсем болды етегіңде.
Жыр етіп тауларыңды, кең далаңды,
Бабалар туын тіккен мекенінде.
Қараймын Алатаудың келбетіне,
Биігің «Гималаймен» теңдесуде.
Алатау шаттығыңа əн қосайын,
Сезімнің құшағында тербетіле.
СƏЛЕМ САҒАН, АТАМЕКЕН!
(əн сөзі)
Асқар тау, айдын көлді атамекен,
Əн-күй боп көкейіңде жатады екен.
Асыққан арманыңа жеткеніңше,
Əр таңың сағынышпен атады екен.
Қайырмасы:
Сəлем саған, атамекен жері,
Сəлем саған, Қазақстан елі.
Аққудай айдыныңды аңсап келдім,
Сағыныш сазыменен əн сап келдім.
Адасқан бір кездері дауылыңда,
Бір ботаң келді айланып ауылыңа.
Жатсынбай, жатырқамай немереңді,
Бас енді балапандай бауырыңа.
Сыйлапты тағдыр бізге екі мекен,
Туған жер, тұлғасы бір атамекен.
Бөліп тұр екі арасын жалғыз өзен,
Мен қайтып ол өзенді кешіп өтем?
Ат басын атажұртқа бұрдық қайта,
Айтпаймыз «Елім-айды» енді қайта.
Илаһим соңғы көшің осы болсын,
Қара нар қомдалмасын қайта-қайта.
Бабалар арманымен, тілегімен,
Қосылды елге елің, етекке жең.
Атажұрт, арта берсін абыройың,
Болса екен керегең кең, терезең тең.
АРМАН ƏНІ
(əн сөзі)
Арман əнін кім бар айтып тауысқан,
Күтуменен ғасырларда ауысқан.
Осы бір күн ұмытылмас мəңгіге,
Аңсап келіп атажұртпен қауышқан.
Қайырмасы:
Жүрсем дағы өз қойныңнан жырақта,
Ұмытқам жоқ мен өзіңді бірақ та.
Тілектеспін, жүректеспін өзіңмен,
Жету мақсат ортақ ұлы мұратқа.
Жан құмарым мейіріңе қанбаған,
Жазылар ма пейіліңнен жан жарам.
Тілегімді жүрегіңе жеткізсін,
Еміреніп, тебіреніп салған əн.
Бір үмітті көріп сенің көзіңнен,
Сол үмітті бақытым деп сезінгем.
Басқа жақтан таба алмаған жоғымды,
Іздеп келдім, іздеп табам өзіңнен.
КӨҢІЛ ҚҰСЫ
(əн сөзі)
Арман-ай алыстарға алып ұшқан,
Қанатын қайыстырып қағып ұшқан.
Көз тіккен көкжиекке көңіл құсы,
Зарығы басылмаған, сағыныштан.
Ұша бер, көңіл құсы, сен жасқанба,
Шомылып шұғылаға таң атқанда.
Талмасын арманыңның ақ қанаты,
Шалқи бер, шарықтай бер кең аспанда.
Қайырмасы:
Туған таудан түлеп ұшып кеттің бе?
Баба таудың бауырына жеттің бе.
Жалғыз ғана жүректің қалауымен,
Бұл сапарды ізгі мұрат еттің бе?
Мақсатқа жетемін деп сене алған,
Мазалап қинады ма сені арман.
Аялсыз асықтырған сол бір үміт,
Баба тау шақырды ма сені алдан.
ТУЫС-ТУҒАН ТУРАЛЫ
(əн сөзі)
Ардақты асқар таудай аталарым,
Ұрпаққа дарып жүрсін баталарың.
Ел едік сыйлайтұғын үлкендерін,
Кеше көр болса егер қателерім.
Ардақты айдын көлдей аналарым,
Ыстықта, суық көрсем паналарым.
Ананың мейіріміндей мейірімді,
Іздесем қайдан ғана таба алармын.
Ардақты алтыннан да ағаларым,
Қымбат қой бір мен үшін бағаларың.
Өмірде сыйласуға не жетеді,
Келеді жақсы ағаны жағалағым.
Салмақты күмістен де жеңгелерім,
Ағадан сізді қалай кем көремін.
Ағаның мінін айтып мінездерін,
Əзілде мені талай жеңген едің.
Аяулы əпкелер, жездекелер,
Сырласар өздеріңмен кез де келер.
Көтермес өмір кейде қалжыңыңды,
Иықта жүктерің бар тең көтерер.
Қашанда қарындасың бір тіреуің,
Тəңірден сендер үшін шын тілеуім.
Өмірде өкінішпен жылап жүрмей,
Ылғи да естілсін күлкілерің.
Аяулы арттан ерген бауырларым,
Болыңдар қорғасындай ауыр бəрің.
Жеңілді жел əкетер қаңбақтайын,
Өмірдің көрмей жатып дауылдарын.
Ата-ана, бала қызық, бала бағың,
Сынбасын сол баладан көңіл сағың.
Сынаптай бала жаны қолға тұрмас,
Тынбасын тəрбиеден тіл мен жағың.
Өмірде түсініскен өзің жарым,
Сен барда болмайды еш көңіл жарым.
Байлықты, басқаны мен не қылайын,
Қосылып шырқай берсең өмір əнін.
Кірлемей бүтін жүрсе жеңім, жағам,
Еңбек те жазылмай ма саған таман.
Өсірсек тəрбиелеп жарамды ұрпақ,
Тіпті де арта түсер сенің бағаң.
Қымбатты бір мен үшін туыстарым,
Бір қолмен берекеде ту ұстағын.
Өмірде бір көңілден қымбат бар ма?
Туыстар бір-біріңнен суыспағын.
АШЫҚ ОЙ
Асығасың сен несіне күн санап,
Өзгермейді ғасыр өтсе жер ғажап.
Өзгермейді табиғатта ешбір зат,
Өзгеретін жалғыз ғана күн парақ.
Əлемдегі өзгерістер мəңгілік,
Табиғатта бұлжымас ол заңдылық.
Өткен ғасыр аттанғанда тарихқа,
Келер ғасыр берші өмірге мəнділік.
Өзгерістер болып тұрад заманда,
Өзгерістер кілті əр кез адамда.
Бірақ соның оң мен солын танитын,
Білім болсын жан-жақтылы санаңда.
Көнерсе егер жаңала бас киімді,
Таза ұстасаң Қызыр шалар үйіңді.
Бір жаңалық орнамай ма өмірге,
Жаңа деген ой торласа миыңды.
Басталды «ашу» міне біздің өңірде,
Көп жаңалық кіреді нақ өмірге.
Сəтті болсын деп тілейік бəрі де,
Алаңдаулық болмай ешбір көңілде.
Жаңалыққа жаны құмар жастарым,
Өзгерсе де тұрмыс, əдет-салттарың.
Ғылымилық көзқараста болыңдар,
Əнін айтып əуейленбей басқаның.
Өзгермесін мəнді тұрмыс сəніміз,
Өзгермесін айқай-шуға əніміз.
Киімдерге тағы келсе қысқарту,
Маймыл болып кетпейміз бе əлі біз?
Өзгерістер болса екен оңынан,
Кенеттен бір құйын соқпай жолынан.
Жастарымыз жарамды боп өссе екен,
Еріп кетпей əзəзілдің соңынан.
Тарихта кім жеңілді, жеңді кім,
Бір жыр еттік ақиқаттың ерлігін.
Өзгермесін бейбітшілік берекең,
Өзгермесін тұтастығың, елдігің.
Қару болмай қалғаннан соң шоқпарда,
Отты қару енгізілді жоспарға.
Білтесіне от тисе егер қайтеміз?
Ажал тілеп тұрған сол бір оқтарға.
«Ыстығы асып» тұрған мынау дүние,
Есі ауысып қалса оған кім ие?
Он сегіз мың ғалам атты тіршілік,
Бірақ күнде болары хақ күл-күйе.
Кесірінен сыңар жақты тануың,
Кездестірдің зиянында дамудың.
Бүлінуі ластанып ортаның,
Көз жеткен соң өкінішке қалуың.
Адамзаттың ортақ ізгі тілегі,
Өзгермесін жер шарының реңі.
«Даму шындық дау жүрмейді қағида»
Халық бүгін бұл тəлімді біледі.
Білмей тұрып көзсіздікке ұрынба,
Сəтсіздіктер аз болды ма бұрында.
Қара дүрсін бұйрықшылға жол бермей,
Жүгінейік заң мен нақты ғылымға.
Жол көрсетер өміріңе ақыл-ой,
Айту керек қоғамға əркім ашық ой.
Күрделі өмір күреске де мұқтаж,
Өмір күнде емес ұлан-асыр той.
Шабан жүрмес сипай қамшылағанға,
Ашық айту керек кейбір адамға.
Жұмбақ жазып шешуін тап демеңдер,
Түрткілік ой айтам десең қоғамға.
Жаңа ғасыр туылған тың тақырып,
Дала жатыр ұлы ойларға асығып.
Əлқисасын сəт қадаммен бастайық,
Бойды билеп жүрмесін тек асылық.
КЕНДІРЛІКТІҢ ӨЗЕНІ
Сарқыраған Кендірліктің өзені,
Саған айтар сағынышым көп еді.
Атажұртым əн-күйімен əлдилеп,
Көңілімді қуанышқа бөледі.
Сақталғансың санамда сен сары терек,
Өзің жайлы тарихтан бар дерек.
Өз жағаңнан жырақта өскен бір балаң,
Келді міне құшағыңа еркелеп.
Атамекен, қасиетіңнен айналдым,
Өзіңде өткен ұмытылмас қайран күн.
Қайда жүрсем ұмытпаймын өзіңді,
Мен өзіңе кіндігімнен байландым.
БІР ƏНІН АЙТШЫ ШƏМШІНІҢ
Əндерің қандай керемет,
Жүректің тапқан жан емін.
Əніңмен сенің ғажайып,
Туған жер мынау əлемің.
Қайырмасы:
Бойжеткен қыз бозбала,
Дейсіңдер ме əншімін.
Домбыраны қолға ала,
Бір əнін айтшы Шəмшінің.
Əндерің сенің əлемді,
Тамсандырды таң қылып.
Қазақтың əні осындай,
Болуы да заңдылық.
Жан емес ол жай ғана,
Шəмші деген кім дейтін.
Бір қазақ жоқ əлемде,
Шəмшінің əнін білмейтін.
Қазақтың «əн ұраны»,
«Вальстің королі».
Жүрегінде мəңгілік,
Ұмытпайды ел оны.
САҒЫНЫП САНДУҒАШТЫ
ЕСКЕ АЛҒАНДА
( əн сөзі)
Сағынып Сандуғашты еске алғанда,
Əніне «Аға жаным» деп салғанда.
Дариға-ай, естен кетпес есіл ару,
Жарық етіп жанған жұлдыз өшті арманда.
Қазақтың əнші қызы Сандуғашы,
Əніне «Аға жаным» шырқаңдаршы.
Қалалық басқа жандар ұмытса да,
Ешқашан ұмытпайды ауылдасы.
Сандуғаш ауылдасың, Сауырдасың,
Ұмытпайд ағажаның қарындасын.
Ұмыту деген сөзді ойлағанда,
Жүрегің қалай ғана ауырмасын.
МАҚТАНЫШЫМ АСТАНАМ
(Астананың 10 жылдығына арналған əн сөзі)
Кең байтақ Сарыарқаның даласында,
Есілдің еміренген жағасында.
Ертегі-аңыздарда айтылғандай,
Ғажайып бір қала тұр нанасың ба?
Қайырмасы:
Ірге тасын өз қолымен қалаған,
Атын қойған Астана деп жаңадан.
Елбасының еңбегіне сүйіне,
Бүкіл əлем тамсанумен қараған.
Елімнің ақ ордасы мұраты асыл,
Өзіңді сыйға тартты жаңа ғасыр.
Тамаша жаңа ғасыр біздің ғасыр,
Əлемге Астананың даңқын асыр.
Қайырмасы:
Бабалардың өсиетін сақтаған,
Арманынан туған елдің астанам.
Болашаққа сенімменен бастаған,
Мақтансам мен Астанаммен мақтанам.
Тамырын терең тартқан бəйтерегім,
Сен жайлы бір аңызды айта келдім.
Өзіңе ұя салған самұрықтай,
Жалғаған мəңгі ұрпағың қайсар елің.
Көгіңде көк байрағың желбіреген,
Өзің деп ел жүрегі елжіреген.
Елімнің елдігінің арнасы өзің,
Есілдің өзеніндей мөлдіреген.
МАЗМҰНЫ Отырамын оңашада осылай.....................................................5 Мен үшін тек бір бақыт күн сөнбеген ...................................6 Арманның алыс аралы ............................................................6 Гүлдер-гүлдер...........................................................................7 Үкілі қоңыр ..............................................................................8 Кінəсінан кім қалай ақталады? ..............................................8 Табиғаттың қасиетін кемітіп ..................................................9 Алтын балдақ..........................................................................10 Алматының ақ жаңбыры, қайдасың? ..................................10 Өмір биі ..................................................................................11 Аман бол, бауырым ...............................................................12 Сыйы болса жаратқанның махаббат. ...................................12 Жұлдыз ...................................................................................13 Жазылмайтын ауру ................................................................14 Осы күннің қадіріне жетейік ................................................14 Уақыт деген қыз кетіп ...........................................................15 Атамұра –домбыра ................................................................16 Құдай өзі сені солай сақтап тұр ...........................................17 От ғасыр .................................................................................18 Сиыр жылға – сыйлық жыр ..................................................19 Бұл заман неден жаңылыс ....................................................20 Ана тілін ұмытуың күдікті ...................................................21 Текелі ......................................................................................22 Жүрегім, мені қайда сүйрейсің ............................................23
Он алтыншы желтоқсанды еске алу ....................................23 Өз мініңе ұялу ........................................................................25 Бас ...........................................................................................26 Шын биіктен шындық қана көрінер ....................................27 Бақ сұрағыш боп кеттік ........................................................28 Ата заң ....................................................................................29 Ей, адамзат ............................................................................30 Табиғат тағдыры ....................................................................31 Аға тілегі ................................................................................32 «Ұмытылған» .........................................................................33 Мəңгілік менің мекенім ........................................................34 Нағашы ...................................................................................35 Өлеңнің де инесі бар, жібі бар .............................................36 Жемтіктестер .........................................................................37 Көнбеді сезім ырыққа ...........................................................37 Сенен-дағы қалсын жұмыс балаңа ......................................38 Рухани байлықты ұры алмайды ...........................................39 Тіледім жырдың азабын .......................................................39 Терезе .....................................................................................40 Əдебиетте сақал жоқ .............................................................41 Кей өлеңім жазылады көңіл үшін .......................................42 Қолыңды бер, бауырым ........................................................42 Көңілдің толқыған сəттерінде ..............................................43 Таң атқанда тағы да бір үмітпен ..........................................43 Нені іздейсің көңілім ............................................................44 Өзім туралы ...........................................................................44 Толқынай ................................................................................45 Ақындарға əзіл жыр ..............................................................46 Бай жоғалсын демеймін мен ұрандап .................................47 Арманның биігі .....................................................................49 Киелі шаңырақ .......................................................................50 Мен қорқамын .......................................................................51 Менің жырым қашанда жерге жақын ..................................52 Ойлан, қазақ ...........................................................................53 Алтайдан көшіп келемін .......................................................54 Алтын барыс ..........................................................................56 Келдік біз қазақ болып қалу үшін. .......................................56
Көз жазба енді елім даналықтан ..........................................58 Сусаған кездерімде ...............................................................59 Ендім міне елудің есігіне ......................................................60 Сусап кеттім, су қайда, өзен қайда? ....................................61 Шынайылық болса екен қалған күнде ................................62 «Малға достың мұңы жоқ малдан басқа» ...........................62 Алтын .....................................................................................63 Қаланың қалсаң егер тұрғыны боп ......................................64 Қарашада туылғам ит жылында ..........................................64 Бір сұрақ..................................................................................65 Сөредегі жоғалды бір кітабым .............................................65 Шипа бар ма? .........................................................................66 «Қаланың қара қайыңы» .......................................................67 Құрдастарға ...........................................................................68 Тым биікте шын бақыт .........................................................69 Себеп пен салдар ...................................................................70 Ақын жауабы .........................................................................71 Желіп тұрсың сылтауменен желеуге ...................................71 Шор аяғым қақсап шыққан түндерде ..................................72 Елімнің есіл ерлері ................................................................73 Шығарғандай үкімін тағдыр соты .......................................74 Дəрігердің айтқаны болсын жаңсақ ....................................75 Дара шумақтар .......................................................................76 Сыйлаған жүректерге жыр лəззəтін ....................................80 Құлтемір де қушыкеш боп барады ......................................81 Бұл пəниде .............................................................................81 Келдік біз күн жүйесін бір айналып ....................................82 Сол суретін мен ерекше сүйемін .........................................82 Өмір сүру қиын жалған сезіммен ........................................83 Бала күнде бəрі де тəттіқұмар .............................................84 Қол бұлғап тұр жастар саған ауылың ..................................84 Ғұмыр кешкен құлшынып жыр жолында ............................85 Ақшаменен өлшер болса бағаңды .......................................86 Тауларға ынтық көңілім ........................................................87 Көңіл бар ма бұл жалғаннан қалмайтын .............................88 Адамдық болмыс ...................................................................88 Ағажан, ауырмасын жүрегіңіз .............................................89
Тойға барған қазақтың бəрі өлеңші .....................................90 Алтын бесік ............................................................................91 Қарағанды ..............................................................................92 Құтты болсын сиыр жылы ...................................................92 Мені өзіне шақырған ............................................................93 Жезқазған ...............................................................................95 Жеменейдің өзені ..................................................................96 Үйімде ұясы бар қарылғаштың ............................................97 Ұлтан болсам .........................................................................98 Жаһандану ..............................................................................99 Төл қарпы бар байырғы ел қазақпын ..................................99 Жиырма көктем ...................................................................100 Көк тасы Самарқанның жібіген күн ..................................101 Аңсатқан да, шаршатқан ....................................................103 Ел қалай көшеді? .................................................................104 Нəзияның 50 жылдық мерейтойына ..................................105 Жаһанданған заманның ұрпағынан ...................................106 Мағжан жыр ........................................................................107 Есіл ерім ел үшін еңіреген ..................................................108 Алтай абызы ........................................................................109 Оян, қазақ .............................................................................110 Ахмет Байтұрсын жəне «Ақ құм» əні ................................111 Қызырбек Орал ....................................................................112 Атыңды қойдық Нұрғиса ....................................................113 Жетісудің жазы ұзақ ............................................................114 Қатарымнан қалып қойдым көп кейін ...............................115 Тілің – ұлт боп қалуыңның кепілі ......................................115 Сөз патшасы .........................................................................117 Мұқағалидың туылған күніне ............................................117 Қазақ болсаң ........................................................................118 Өмір болса ............................................................................119 Қара қазан ............................................................................120 Дара шумақтар .....................................................................120 Ер Жəнібек – əз бабам ........................................................123 Хантəңірдің қыраны ............................................................124 Ана ........................................................................................125 Сауырым ...............................................................................126
Топтерегім ............................................................................126 Сағыныш ..............................................................................127 Ақ бесік ................................................................................128 Арман тауым ........................................................................128 Сəлем саған, атамекен ........................................................129 Арман əні .............................................................................130 Көңіл құсы ...........................................................................131 Туыс-туған туралы ..............................................................131 Ашық ой ...............................................................................133 Кендірліктің өзені ................................................................135 Бір əнін айтшы Шəмшінің ..................................................136 Сағынып Сандуғашты еске алғанда...................................137 Мақтанышым Астанам.........................................................138
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының
«Атажұрт» баспа орталығы,
Алматы қаласы, Ш.Уəлиханов көшесі, 43 А
Теруге 12.09.2011 жіберілді.
Басуға 30.07.2012 қол қойылды. Пішімі 84х100 1/32
Қалыбы офсеттік басылыс. Қаріп түрі «Тип-таймс».
Шарты баспа табағы 7.
Есепті баспа табағы 9. Таралымы 2000 дана.
Сайламқан Мұстақиұлы
(лирикалар)
Редакторы
Серік РƏСІЛОВ
Көркемдеуші
редакторы
Бейсен СЕРІКБАЙ
Корректоры
Жанар ЖАНАПИЯНОВА
Беттеген
Айнагүл АУАНОВА
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру