Несіпбек Айтұлының шығармалары V том
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Авторы: Несіпбек Айтұлы
Қазақтың көрнекті ақыны, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лау реаты Несіпбек Айтұлының көп томдық шығармалар жинағының бесінші томына Шығыстың әйгілі шайыры Әлішер Науаидан аудар ған «Ескендір қорғаны» дастаны мен бір топ ғазалдары енгізілді. УДК 821.512.122 ББК 84 (5 Қаз) А 32 Айтұлы Н. Шығармалары. 7 томдық. – Астана: Фолиант, 2014. ISBN 978-601-7568-35-1 Т. 5. Аудармалар. – 480 б. ISBN 978-601-7568-086-0 ISBN 978-601-7568-086-0 ISBN 978-601-7568-35-1 © Айтұлы Н., 2014 © «Фолиант» баспасы, 2014 Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша жарық көрді А 32 УДК 821.512.122 ББК 84 (5 Қаз)
ЕСКЕНДІР ҚОРҒАНЫ (Дастан)
Ескендір хақындағы дастанның басталуы, бұл ақиқат шыңына жетелейді. Тәңірі жебеген оның шынайы өмір тари хының егжей-тегжейлі баяндалуы және оның дүниеге келуі туралы жазылған аңыздардың қайшылығы, сол алшақтықты зерттеушілердің қалыпқа салу үшін талпынуы, сөйтіп, оның дүниеге келуі туралы ақиқаттың ашылуы. Файлақұс патшаның мәңгілік қақпасын ашып, сапар шегуі, оның тағы мен тәжін мұрагері Ескендірдің иеленуі. Қаламмен кім тірілтсе бұрынғыны, Сырылар кереметтің шымылдығы. Билепті жер жүзінің дүйім елін, Төрт әулет тұтқасы боп дүниенің. Жыл тұрып төрт мың үш жүз отыз алты, Және он ай жалғасыпты ата салты. Олардан асып туған жан болмаған, Әмірін жүргізбеген жер қалмаған. Бұзылып бейбіт тірлік мың жылдаған, Кетіпті елдің сиқы сол бір заман. Келсе де қаншалықты кемеліне, Жете алмас патша біткен дегеніне.
Тағдырдың тартуындай асыл текті, Ескендір1 аз уақытта өсіп жетті. Тәңірі адамзаттан артық еткен, Жайылып шартарапқа даңқы кеткен. Ал енді біразырақ аялдайын, Сыр ашып, шыққан тегін баяндайын. Жырладым төрт әулеттің көркін сәндеп, Ескендір туды өткен соң екінші әулет. Қияндар2 орын теуіп тақтан ғана, Отырды соңғы ұрпағы – Бахман Дара3. Патшасы тарту тартып жер жүзінің, Фәнидің Дара көрген бар қызығын. Сол тұста аралығын Үрім4, Рус5, Бір өзі билеп тұрған Файлақұс6. Көркіне қылығы сай жаратылған, Жан екен періштедей дара туған. 1 Ескендір – атақты шах Александр Зұлқарнайын (Македонский) 2 Қияндар – Иранды билеуші патшалардың әулеті – кайянилар 3 Бахман Дара – Қияндар әулетінен шыққан соңғы шах. Біздің ж.с. 330 ж. бұрын өлген 4 Үрім – орта ғасырда қазіргі Кіші Азия (Византия) мен Греция Рум деп аталған 5 Рус – орыс мемлекеті 6 Файлақұс – Ескендірдің әкесі ІІ Филиппті шығыс халқы осылай атаған
Низами1 ақындықтың тәңірі еді, Патшалар тарихына кәміл еді. Кітабы – сөнбейтін нұр, ертегі-жыр, Былай деп дастанында шертеді сыр: Болса да бағы асқан жан ғаламдағы, Баланың өткен еді оған зары. Ұрпақсыз өмір – мәнсіз аққан судай, Тәңірден ұл тілепті жатпай-тұрмай. Саяхат, салтанатпен көңіл емдеп, Бір күні аңнан қайтты серуендеп. Қалқиған құла дүзде ескі тамды, Ымыртта анадайдан көзі шалды. Қақпасы, қабырғасы аңыраған, Үрейлі іші көрдей қаңыраған. Қаперсіз келген патша мұны көріп, Көңілі құлазыды күңіреніп. Әлгі үйде әйел жатыр азаптанған, Босанып, үзілуге аз-ақ қалған. Жан емес, жалған емес – қимағаны, Қия алмай нәрестесін қиналады. 1 Низами – Әзірбайжанның ұлы ақыны Низами Ганжауи (1141-1203)
Ыңырсып, ақтық рет қыбыр етті, Құлақта сәбиінің үні кетті. Сезініп жалғыздығын бала сірә, Жатқандай аза тұтып анасына. Тосын жай Файлақұстың жанын қозғап, Қайғыдан от тұтанды, жалын маздап. Берді әмір сақтаңдар деп баланы аман, Өлікке орын сайлап сол арадан. Патшаның ойда жоқта бағы жанды, Баланы бауырына салып алды. Қойды да Ескендір деп оның атын, Жасады мұрагерлік салтанатын. Осынау сәби жайын қылған өсек, Әлемде тағы да бір жүр қауесет. Дараға Үрім Шахы қыз беріпті, Миуадай үлбіреген гүл көрікті. Ерсілеу оқиға боп айталықты, Дара оны төркініне қайтарыпты. Ләззатқа батқан бір түн жанып өрттей, Сұлуға төгіліпті меруерттей. Күн өте көрініпті нұр сәулеті, Жарқырап аспан асты, жердің беті.
Парсылар бұл аңызға қанық еді, Соларға түп-төркіні анық еді. Әлемде екі Ескендір болыпты-мыс, Екеуі туған айдай толыпты-мыс. Біреуі Дараменен бірге өсіпті, Біреуі саяхатпен күн кешіпті. Әзелден данышпандар даңқ асырған, Сөз сөйлеп бұрынғы өткен сан ғасырдан. Көп жерге жалған аңыз болған мәлім, Әйтеуір, тартпаса екен ел зардабын. Жалғанда Жәми1 еді абыз ақын, Бұл жайды айтса, майын тамызатын. Тарихтың тереңіне мен де үңілдім, Ескендір құпиясын енді білдім. Түбіне бойлай алмай көне сырдың, Данадан медет күтіп көп отырдым. Ескендір екеу деген бекер дерек, Шын болса, Жәми оны білсе керек: Деді ол: «Біреулігі елге баян, Жұмбағы жалғыз ғана пендеге аян». 1 Жәми – Әбдірахман Жәми. Парсы-тәжік әдебиетінің классигі (1414-1492) Науаи дың ұстазы және досы
Низами айтып кеткен түп тамырын, Жәми де солай дейді жұртқа бүгін. Патшаның ұлы жайлы әңгімені, Бір білсе, бірге өскен жан біледі. Сыртқа сөз шығармауға қылды жарлық, Мен енді ақтарамын сырды барлық. Таба алмай бас қатырған талай дана, Сезетін құпия еді сарай ғана. Файлақұс Ескендірді ұлым деді, Мысқалдай өгейлігі білінбеді. Тәнті ғып байлығына шартарапты, Ғаламат той жасады салтанатты. Патшадан сыйлық алды жердің жүзі, Баланың жана түсті бақ жұлдызы. Сәбиді жақсы көрді ол ерекше, Қасында шыр айналды көбелекше. Тәрбие, тәлім берді кереметтей, Мақсатты одан өзге керек етпей. Үлде мен бүлдеге де бөлемеді, Болсын деп ер көңілді, өнегелі. Мысқалдап сіңірді оған білім нәрін, Ұқтырып өмір сырын, ғұмыр мәнін.
Жиналып ғұламалар дәріс берді, Үйретіп ғылымдағы әдістерді. Ұстаздық – Нақұмақұс1 дәстүрі еді, Атағы күллі әлемге машһүр еді. Ақылы дариядай терең еді, Ғылымда оның орны бөлек еді. Білетін барлық заттың қасиетін, Адамзат тәліміне бас иетін. Аялы, ойға толы нұрлы жанар, Болмыстан беретұғын түрлі хабар. Дананың Нақұмақұс данасы еді, Арасту2 озық туған баласы еді. Әкесі өлгеннен соң орнын басып, Білімде шамдай жанды нұрын шашып. Ғылымның қыраны еді заңғардағы, Пар келер ғаламда оған жан болмады. Баулытты Ескендірді сол данаға, Ілімнің нұрын септі ол балаға. Бақытты білімпаздың жанар түбі, Оның да даңқы шықты сол арқылы. 1 Нақұмақұс – Аристотельдің әкесі. Ескендірдің алғашқы ұстазы 2 Арасту – атақты Юннан философы Аристотельді шығыс халқы осылай атаған. Біздің ж.с. бұрынғы 380-322 жж. өмір сүрген
Баланың жанарынан ұшқын шашқан, Байқады болашағын әуел бастан. Дананың жалғыз өзі ғана білді, Баланың маңдайына не жазылды. Қай кезде қандай жағдай, не болады – Қарап-ақ жұлдыздарға жобалады. «Әлемге, – деп ойлады ол, – берді тәңір, Әрі әділ, әрі дана құдіретті әмір. Атағы аспан астын дүрілдетер, Айбаты арыстанды дірілдетер. Патшалар қол астына бағынады, Айтқанын екі қылмай табынады. Ғаламды жомарттықпен қаратады, Тағынан күн сәулесін таратады. Түзетіп тіршілікті сыны қашар, Тылсымның тынып жатқан сырын ашар. Әлемде патша болмас білгір одан, Түнекті жарқыратар бұл бір адам. Күн бұрын жұлдыз ашып болжап жолын, Байлайды зұлымдықтың шонжар қолын. Аралап аралдарды тылсым жатқан, Шарлайды жат теңізді толқын атқан.
Сапырып жер мен көкті сапарымен, Билейді күллі әлемді қаһарымен». Данышпан бәрін барлап білді осының, Қондырып көкейіне дүние сырын. Балаға үйретуден жалықпады, Бағы асып, даңқы көкке шарықтады. Қағып ап айтқан сөзді мәні күшті, Жас бала тұнық ойдан қанып ішті. Білімге қанған сайын талаптанып, Әр саққа ой жіберді қанаттанып. Толмай-ақ он алтыға елді ойлады, Білуге бар өнерді бел байлады. Ол тіпті келмей жатып кемеліне, Жетіліп алды соғыс өнеріне. Ат үсті сайысына дес бермеді, Жерде де тірі жаннан сескенбеді. Жебесі жай отындай жасын атты, Қамалды атқан оғы қақыратты. Найзасын айға білеп айбаттанды, Әп-сәтте сілтегені жайрап қалды. Демеді ажал алар ешкім оны, Қанжары тасты турап, кескіледі.
Құтылмай шалмасынан сермегені, Арқанмен қорғанға да өрмеледі. Қайраты қара дауыл үйіргендей, Гүрзісі тасты үгітті диірмендей. Жасатып айдаһардың кебін қолдан, Жаттықты майдан салып оң мен солдан. Күш емес, кейде ақылға ерік берді, Кейде күш бойын кернеп желіктенді. Жеткізбес мұрат бар ма батыл ұлға, Болыпты бар дегені ақырында. Көрсем деп тілеп еді ұл қызығын, Сөнбеуін тілеп өмір жұлдызының. Әкенің зауал шағы жақындады, Ырқына қоймады ажал, тақымдады. Дана қарт өсиетін мәлімдеді, Ескендір таққа отырар шағында еді. Бет бұрып ақ өлімге иек қақты, Табыстап Ескендірге тәж бен тақты. Көз жұмды көтермеске мәңгі басын, Қалдырып жалғызына бар мұрасын. Ел көзі түсуші еді қос бұтаққа, Айналды бірі – табыт, бірі – таққа.
Демеді кәрі бұтақ солдым екен, Жасы да қанаттыға болды мекен. Азалы ауыр қаза қинап жанын, Ескендір мүлде ұмытты дүние қамын. Даналар түсірген соң сабасына, Оралды әке сөзі санасына: «Ешқашан жеріңе жау аттамасын, Басынып, сүйегімді таптамасын. Даңқыңдай ұзақ шырқап ғұмыр-жасың, Мәңгілік тыныштығым бұзылмасын. Демеймін ізсіз-тозсыз жоғаламын, Өзіңнің алдыңда өлсем, жоқ алаңым. Артымда арыстандай ұл қалғанда, Өшпейді менің атым бұл жалғанда!». Әкенің аманаты – қасиетті, Бел буды орындауға өсиетті. Сейіліп мұң-қайғысы сала берді, Табанда тік тұрғызды тамам елді. Марқұмды шығарып сап мәңгі жолға, Жүзігін патшалықтың салды қолға. Туғандай алтын тақтың айбатына, Биліктің мінді қаһар-қайратына.
Жолына маржан шашып жұрт қарасты, Думандап жердің үсті, аспан асты. * Қамықпа, қапаланба көңіл бекер, Бір ем тап әке азасын жеңілдетер. Көз жасы жаза алмады еш дертімді, Сөндірер шарап бәлкім ішкі өртімді. Ұқсайын өлең-сөздің патшасына, Жадырат, әнші-күйші, жет қасыма. Ей, Науаи, дүние жалған, байқап қара, Ақ сөйле, тәңір алдында тайсақтама! Сұм дүние опа берген, сірә, кімге, Патшадан пақыр артық бұл өмірде. Ел кезген, еркін жүрген диуанадан Хан сорлы қапастағы, илан оған! Патшалық сән-салтанаттың аспандап, дәуірлеуі, қос қанат саясының қарауытқан Қап тауындағы алтын қанатты таңға жайып Күн құсының ұясына айналуы және рухтың ұлылығын мадақтау, Күн құсының күмістей жұмыртқасын қанат астына жасыруы: егер бұл қанаттардың саясы кедейдің төбесіне түссе, патшалар оның алдында қайыршыға ұқсап қалады, ал патша әлгі саядан айырылатын болса, онда қайыршы оның алдында патшаға ұқсайды.
Қадірін ғұламаның ғалам білмек, Ешқашан көптік етпес оған құрмет. Жоқшылық жомарттықты бөгей де алмас, Ер жігіт жаны дархан кедей болмас. Кім дейміз пасықтарды пақыр демей, Болса егер парасаттан тақыр кедей. Ежелден кісіліктің бағасы артық, Тұқыртпас тұғырыңды аласартып. Мұратын ізгіліктен тапсын әркім, Соңынан жұрт ереді жақсылардың. Жайсаңның жанынан нұр төгіледі, Халқына қасиетті көрінеді. Адамдық асырады ердің нарқын, Ез құнсыз уысында тұрса да алтын. Қайырсыз қазынасы кімді оңдайды, Сараңда көк тиындық құн болмайды. Дүниеқор байи қалса безілдейді, Қоймасын күзетумен көз ілмейді. Тұрса егер тізесінде соқыр жармақ, Емес ол өле-өлгенше бір қозғалмақ. Жамбы алса, жоғалтардай қора малын, Он қайта түйіншектер орамалын. 2-328
Кең ашып қаптың аузын жалаңдайды, Түссе деп артық тиын амалдайды. Қызығын көрмеген соң байлық бекер, Өмірің құрсауда қап, қорлықта өтер. Азаптан арыл, кәне, қазынаңды аш, Сілкінбей сырқат сана жазыла алмас. Аюды үйретумен баққан жанын, Тастамас итке ешқашан тапқан нанын. Маймыл да тапқанына тояды екен, Қалдығын інге тығып қояды екен. Ағашта жаңғақ қанша тұрсын қалың, Көмеді қара қарға қымқырғанын. Қызығын тышқан оның демде көрер, Жол тауып жер астынан жемге бөгер. Өтеді тойымсыздар жарымай-ақ, Көрініп таудай байлық тарыдай-ақ. Жері жоқ жымысқының өтпейтұғын – Олқысын қоқыспенен кептейтұғын. Сары қоңыз көң илеуден жалықпайды, Кеткенін қап-қара боп ол ұқпайды. Өлтірсін жаншып мейлі ат тұяғы, Қимайды сасық қоңыз боқты ұяны.
Көрінер таза жанға бұл сорақы, Жуымас былғанышқа берсең ақы. Жарлыға тұратұғын жаны ашып тым, Қалтасы тез қағылар қолы ашықтың. Көп болса ердің ісі өнегелі, Әмісе әлем нұрға бөленеді. Жәдігөй өмір-бақи жарымайды, Тартады байлығынан жаны қайғы. Адамның артық-кемін теңейді өмір, Бай да бір бұл заманда, кедей де бір. Парықсыз, парасатсыз, имансыз жан, Шырқырар шашау шықса жиған пұлдан. Өмірі тәтті тағам татпағанға, Татиды шекер-балдай қатқан нан да. Кемеңгер – қамқор бола білген кісі, Сараңдық – санасыздық бір белгісі. Не керек жатқан байлық бастан асып, Тұрмасаң қалың жұртқа қарайласып. Жарандар, еске ұстаңдар сөз анығын: Ең байлық – рухани тазалығың. Аз емес ел ішінде амал-айла, Кім қалай пайдаланар – соны абайла.
Зымияндық – қара зындан түбі жаман, Сараң мен қомағайдың күні қараң. Ақ көңіл, дархан ақыл, дана жүрек, Сескенбес зұлымдықтан қара түнек. Сұңқарға бұлттан асып қанат қаққан, Пенденің оғы жетпес жерден атқан. Қопарғыш дәріден еш жай атылмас, Мақтадан көктегі бұлт жаратылмас. Алауды көтергенмен қанша биік, Айдай боп жарытар ма нұрын құйып? Адалдың туы әрқашан аспандайды, Өмірде қиындықтан жасқанбайды. Барына қанағатшыл жақсы адамға, Көрінер кедей артық патшадан да. Мансаптың мінсе де алтын тұғырына, Зар илер зая кеткен ғұмырына. Мүсәпір деме ақылы кемтар жанды, Жасайды құдай ғана жоқтан барды. Кедейлер хан болсам деп емінеді, Кедейлік ханға қызық көрінеді. Барлығы тәңірге аян болмашының, Адамға өмір сыры көп жасырын.
Ескендір мен қайыршы болғысы келген патша, яғни, анығырақ айтсақ, патша болуға лайықты кедей туралы әңгіме; Ескендір дің оны шақыртып алып, салтанат тағына отырғызбақ болуы; қайыршының тәжден безіп, дүниені тәрк етіп, өзі қалаған өмірін сол тәжден артық санауы. Әлемді Ескендірдің даңқы жапты, Жұлдызы нұрын төгіп жарқыратты. Патшасы тақытынан түсе қашып, Қарсы алды барған жері құшақ ашып. Хандарды тақтан жұлып, қорламады, Астына ап қанатының қорғалады. Болған соң заң орнатып, тәртіп құрып, Келесі елді алуға кетті жүріп. Тек қана Мағрыб1 Шахы қарсыласып, Жыландай жиырылды уын шашып. Зұлымды қоршауға алып келген бетте, Су септі тұтанғалы тұрған өртке. Жаңылмай әділдікке жол ашудан, Іздеді елге көсем болатын жан. Жар салды: «Ер керек, – деп, – елге тұтқа, Айнымас адалдықтан әр уақытта. 1 Мағрыб – орта ғасырда Жерорта теңізі мен Африка маңын шығыс халқы осылай атаған
Жеткізер адам бар ма халқын баққа, Қоямын кім болса да алтын таққа. Елінде жақсылықтың жақса нұрын, Еркіне билетемін патшалығын». Бұл сөзді естігеннің бәрі егілді, Тілеуін тілеп оның тәубе қылды. «Уа, тақсыр, барған сайын бағаң артар, Тақытың биік өрлеп, көкке тартар. Тәңірі қалай сені қолдамасын, Іздедің бізге қорған ер данасын. Бар еді арамызда ондай кісі, Белгісіз қазір тірі, не өлісі. Жапанды жалықпастан көптен кезіп, Тәрк қып дүниені кеткен безіп. Тойдырған жалған ісі абыр-дабыр, Мекені – елсіз дала, ескі қабір. Тіріден шындық таппай көңілі қалып, Сұрап жүр өлілерден көрді қағып. Опасыз баяны жоқ тәж бен тақтан, Бейіштей рақат оған түзде жатқан. Құм іші – баспанасы... солай дерек, Мәлімсіз алатыны қалай қорек.
Кездейсоқ пенделерге жақ ашпайды, Маңына жан жуытпай аластайды. Тек қана жарлыларды жақын тартып, Соларға мейірім төгер, үміт артып. Бір сәттік жарық дүние, қалма қапыл, Деп оған мұңдасқандар салады ақыл. Жоятын жер бетіне зорлық сұмды, Жол бар деп ол үнемі елге ұқтырды». Ескендір қаныққан соң тылсым жайға, Берді әмір: «Табыңдар, – деп, – жүрсін қайда!». Жан-жаққа шабармандар кетті шауып, Күн бата әзер-пәзер жетті тауып. Көргеннің жаны ашиды жаман аяп, Жалаң бас, алқам-салқам, жалаң аяқ. Суынған әлдеқашан сұр өмірден, Таяқ бар қолында екі сүйек ілген. Ескендір сәлем беріп жұмбақ ерге, Шығарды құрметтеп жұмсақ төрге. Сонан соң шұғыл бұрып сөз ыңғайын, Сұрады қолындағы сүйек жайын. Дана айтты: «Кезіп жүріп қалың мазар, Осы бір сүйектерге салдым назар.
Әуремін ойға жауап қайыра алмай, Пақыр мен патшанікін айыра алмай. Тағдыры теңгерілді ақырда бір, Өлген соң патша да бір, пақыр да бір». Ескендір баға берді сонда таң қап: «Ерсің, – деп, – ойға дана, сөзге саңлақ. Ақылың дариядай тасып тұрған, Жалғанда жан екенсің асып туған. Боласың әділ патша ел аңсаған, Билігін Мағрыбтың берем саған!». Ол айтты: «Адамшылық – маған мұрат, Ал орнын толтырмақсың немен бірақ? Мен үшін қайыршылық мың есе артық, Биліктен жүрсем де алтын белдік тартып. Байлыққа табынбаймын шектен асқан, Төрт сипат жаныма нұр сепкен жастан. Бірінші – көк мұхиттай шексіз-шетсіз, Мәңгі өмір, қалтарыссыз, қасіретсіз. Екінші – қызық кешкен армансыз жас, Өкініп қартайдым деп аласұрмас. Үшінші – жан байлығың өлмейтұғын – Жұлдызы ақиқаттың сөнбейтұғын.
Төртінші – шаттық тірлік бал-бұл жанған, Көзде жас, болмайтұғын көңілде арман». Ескендір одан сайын ғажаптанды, Бас иіп, назар сала қарап қалды. Деді оған: «Уа, ізгі жан құрметті, Рухың неткен күшті құдіретті. Бұйырса әлемге әмір болу маған, Өзіңе пенде бар ма табынбаған. Жүрсең де дәруіш боп сұрқың қашып, Табынттың мені өзіңе нарқың асып!». Пақырдың даналықпен асар бағы, Алтын тақ қорлық оған қашан-дағы. Жарлыға жаны жомарт, жиған иман, Құрдымдай тақ пен атақ құмға құйған. ҒИБРАТ Бұл тарауда Ескендірдің Арастудан мақсатқа қай тұстың жолы жақын екенін және оған қайтсе қиналмай жетуге болаты нын сұрағаны айтылады. Арастудың кемелденудің, кәмелетке жетудің жолын көрсетуі және оған тек жеке-дара барудың қа жет екені туралы ақыл айтуы. Ескендір Арастудан сұрады енді: «Уа, дана, таңғалдырған мына әлемді!
Шындыққа төте жолмен жете алам ба, Адаспай аман-есен өте алам ба?». Ол айтты: «Дәурен сүр, – деп, – жеке-дара! Күйбеңнен аулақ қаш, – деп, – екеуара!». Сұрады: «Қайырым қылу тек қана сол, Байларға жазылған ба қалтасы мол? Болса кім жақсылығын аямаған, Емес пе шындыққа сол таяу адам?». Дана айтты: «Қайырымды бай – қадірлі бай, Алдамшы әзір олай, қазір бұлай. Етпесе қысылғанда жедел көмек, Артынан жарылқауы неге керек? Сәтінде істелмесе қолдағы ісі, Өтеді күнәһар боп онда кісі. Уағымен біткен іске баға жетпес, Қайыры, қасиеті ада кетпес. Тамырдан өркен жаяр әрбір нәрсе, Жайқалар, жеміс төгер мол нәр берсе. Керуенді кім тонаса күре жолда, Ыбылысты, Алланы да біледі онда. Шыншылдар патшаға да құлақ асар, Ұрылар қуыстанып тұра қашар.
Бір жүрген қарақшымен арам зәндәм, Тата ма ақ сарайдан адал зәмзәм. Түңілген өз ісінен безініп-ақ, Тақырға отырады өзі бірақ. Ұшырсын етіп өзін қара түтін, Қолымен қылған ісі қалар бүтін. Әйтеуір бір жүректің қалауы бұл, Үміт пен күдік түбі қалады тұл». Санайды інжу сатқан өстіп тізіп, Қарайды алушы үнсіз көзін сүзіп. Ескендірдің салтанат тәжінен бас тартуы, тақтан қаш қақтауы және Үрім халқының жалбарынып, оның аяғына бас ұруы, тақты жоғары көтеріп, тәждің қадір-қасиетін дәріп теуі; оның әділдігі күн сәулесіне шағылысқан айнадай жарқырап, түнекті тілетін жарқанаттың көзін қарықтыруы, қатыгез адамдардың жер бетінен зұлымдықпен қоса жойылуы. Бұл жайды жазса, қалам жорғалады, Ұшқындап, сөз маржаны сорғалады. Шегерде мәңгі сапар ер Файлақұс Ұлына патшалығын етті табыс. Ескендір ғұлама еді асқан дана, Ақыл-ой шұғыласын шашқан дара. Мұң басып, бір басына мың ой келіп, Тартынды тәж бен тақтан үрейленіп.
Қашанда зор биліктің жолы тараң, Қылп етіп қылдан тайсаң – күнің қараң. Алды-артын шырмап алды ой шырғалаң – Салды әке өсиеті де көңілге алаң. Күдік пен күпті жүрек жанын қинап, Өткізді ұлы жиын маңын жинап. Алдына жиналған соң елі келіп, Сөйледі таңғалдырып, тебіреніп: «Уа, Сіздер – күн нұрындай Үрім елі, Теңізсің қоршап тұрған бейне мені! Демеймін бірің төмен, бірің төрде, Бәрің де секілдісің мендей пенде. Патшамын! Сұрқым бірақ сендерден пәс, Жетіммін сорғалаған көзімнен жас. Әкемнің қолы жетіп баққа бірден, Тәңірдің әмірімен таққа мінген. Ақ жолдан, әділдіктен ауытқымай, Апатта қорған болған халыққа ұдай. Жазылса жеті атама ел басқару, Ақылға ұрпағы да болмас зәру. Айтыңдар ақиқатын, әділ халқым, Өтті олар таза сақтап атақ-даңқын.
Олардың қасында мен дәрменсізбін, Ел билеп, ұстай алман әлден тізгін. Уа, достар, алтын таққа менен гөрі, Лайық қой адамзатың кемеңгері. Арыстан құмырсқаға көз алайтпас, Піл жүгін қозғаймын деп маса да айтпас. Шах болып, жалғай алман баба салтын, Не шара келмей жатса шама-шарқым? Бермеген құдай маған ондай қуат, Бары осы – мейлің жылат, мейлің жұбат! Сеніңдер, жалқы жанмын көңілі күпті, Менен Шах шыға қоймас өмірі тіпті. Іздеңдер лайық адам, қапы қалмай, Патшалық парасатқа татығандай. Болсын ол әрі білгір, әрі даңғыл, Жаңылмас әділеттің жолынан кіл. Жалпыны пәк жанымен бірдей сүйіп, Халқына тұрсын нұрын күндей құйып. Әділетті бөлеп мизам шуағындай, Жайратсын қиянатты жай оғындай. Төндіріп жауға қаһар – қара түнін, Халықты астына алсын қанатының.
Шах сайлап сондай жанды алғыр, мықты, Қолына ұстатыңдар бар билікті. Бақыттың дәнін егіп, сыйлап жаппай, Өз елін гүлдендірсін Иранбақтай. Дұшпанға болсын өзін сыйлататын, Үгітіп жау қамалын қирататын. Өршітсе жаулар өсек ел нанбастай, Су сепсін қиып түсіп ақ алмастай. Салықшы арсыз болса, арам анық, Зар илеп, қан қақсайды қара халық. Алдынан мүсәпірдің жансын үміт, Қарасы қарақшының қалсын ұмыт. Ұрыға тыйым салсын, жолатпасын, Ұлыстың қазынасын тонатпасын. Зұлымдық деген сөзден қалмай белгі, Жоқ қылсын «зұлымдағы» «Л» мен «М»-ді1. Қылышын қолындағы жоғары ұстап, Құтқарсын жоқшылықтан әділ нұсқап. Тағдырдың бұйрығынан айнымасын, Халқының тізгінінен айрылмасын. 1 «Л» мен «М» – зұлым сөзіне үйретуді жою. Зұлым сөзін ауызға алмау деген мағынада
Зорлықтан дін-аман боп өмір көші, Әмәнда бұзылмасын ел іргесі!». Ескендір осыны айтып түсті тақтан, Халайық шулап кетті тұс-тұс жақтан: «Айнала жау анталап қысқан шақта, Тастама біз сорлыны қызған шоққа! Ақиқат бес саусақтай көрер көзге, Біздерді кенелдірдің кемел сөзге. Айтқаның естігенді қан жылатты, Жүрекке қайғы салып, қалжыратты. Бүйткенше қырсаң нетті қызыл қан қып, Жолыңа емес пе едік біз құрбандық. Соңыңа өле-өлгенше ере аламыз, Бізсіз – сен, сенсіз – біздер не боламыз? Болғанмен асыл сөзің елге сабақ, Мұныңнан кірмей қалдық көрге сәл-ақ. Күн туып екіталай тұрған кезде, Кетем деп айттың қалай тура көзге? Табамыз сендей Шахты және қайдан, Айқын ғой әлем сыры саған айдан. Қолыңда құдіретті білім кілті, Дәуірлер шырқап әлі Үрім жұрты.
Сөздерің киелі ойдың шуағындай, Жүрегің кең әлемнің шырағындай. Ұлы Шах Мұштаридың1 көзіндейсің, Біз үшін атқан таңның өзіндейсің. Әділдік бақытына жаралғансың, Көркің – нұр, демің – жұпар, ғажап жансың. Жігерің жүзі қайтпас шарболаттай, Патшаға сай жамалың жанған оттай. Түбі жоқ тұңғиықтай білім-санаң, Ертең-ақ бұйым болмас Үрім саған. Бұйырған әлемді алу тағдырыңа, Бас иеp құдіретіңе барлығы да. Келер күн мәртебеңді асырады, Жазмыш сол – жаһан саған бас ұрады. Тағдырдың сыйынан бас тарта көрме, Қисынсыз қиғылық сап жалпақ елге. Алмасаң бұл тілекті қабыл етіп, Жұртыңды жылатқаның еңіретіп. Әкенің тағын берсең бөтен жанға, Көзбе-көз құлағаның төтен жарға. Елдіктен кетіп онда арып-ашып, Қаңғимыз қиыр шетке жолы қашық. 1 Мұштари – ежелгі бір шахтың аты
Тентіреп тесіледі табанымыз, Өзіңе қияметте обалымыз!». Күңіреніп осыны айтып төңірегі, Жығылып, жалбарынып, еңіреді. Таңғалып тыңдады да жұртын тегіс, Бастады дүниені сілкінтер іс. Опық жеп өз сөзіне сонда қатты, Халқының қамын ойлап ойға батты. Сенімнің ұлылығын қастерледі, Ар туын биік ұстап, төске өрледі. Бөленіп пәк жүректер сәулесіне, Әкенің аманатын алды есіне. Ұғынды бұлтаруға болмайтынын, Ауыр жүк арқаларын алмай тыным. Жарлығын жария етсе де көңілдегі, Сырт көзге жазықтыдай көрінді өзі. Ақыры көп тілегін мақұл көрді, Сол мезет Арасту да жақын келді. Сәлдесін Ескендірдің алып бастан, Кигізді әке тәжін жарық шашқан. Тіледі патшалықтың бағын аш деп, Бір жақтан құттықтады Балинас1 кеп. 1 Балинас – көне грек ойшылы Аполлоний Тианский 3-328
Екеуі күн сәулесін таққа төгіп, Қолтықтап отырғызды Шахты әкеліп. Қондырып бақыт құсын алтындатқан, Құдіретті нұрға орады жарқыл қаққан. Балинас, Арасту бар оң мен солда, Қолдады Қызыр1 – жерде, Ілияс2 – суда. Орнығып көңілдері, ел қуанды, Туды деп тақтың күні енді мәңгі. Алтыннан шашу жауды бір тынбастан, Түскендей жерге келіп жұлдызды аспан. Тойлады бүкіл халық шалқып селдей, Неше күн оты сөнбей, тартып керней. Жүрегі Ескендірдің елжіреді, Hұp шашып шымылдықтай желбіреді. Әлемнің мандайына жаратылған Толқыды алтын айдай жаңа туған. Бақыттың ләззатына балқып ерек, Оңаша тынығуға тартты бөлек. Отырып гүл-бақшада жұпар атқан, Сімірді шұғынық түстес бал шараптан. 1 Қызыр – аңыз бойынша мәңгі өлмейтін жебеуші пайғамбар 2 Ілияс – аңыз бойынша теңізде, суда жүзушілерді жебейтін пайғамбар
Қолында алтын кесе шамдай жанып, Жапырақтар түнді оятты таңдай қағып. Өрнектеп ой кестесін мәні түрлі, Алдымен дана Арасту ағытылды. Тамызды кемеңгерлер сөздің майын, Патшаның мерейі асты одан сайын. Кеселер шыр айналып кезегімен, Ақиқат ақты әңгіме өзегінен. Жас патша сұрақ қойса нені білмей, Ғалымдар жауап берді бәрі бірдей. Шараптан шабыт алып ақыл-дағы, Қызуы мәслихаттың лапылдады. Бір мезет ғылымды да өтті шарлап, Патшаның бойын жеңді отты шарбат. Сап болып ойын-күлкі, әзіл демде, Тарасты мұны байқап уәзірлер де. Қара жер маужырайды түн мүлгіткен, Олар мәз істеріне бұл бір біткен. Оңаша қалған патша ақ жарылды, Зар жылап, жаратқанға жалбарынды. Түн бойы ие болмай көз жасына, Сыйынды тәңір алдында тәубасына.
Таң атты нұрға бөлеп айналаны, Ақ сәуле алтын тақты аймалады. Уәзірлер тақты көріп құдіреті асқан, Табынды салтанатқа шұғыла шашқан. Тағына кеп отырды ол салтыменен, Жар шашты жүздеспекке халқыменен. Патшаны отырысты елі қоршап, Күн шықты көк аспанның төрін аңсап. Ұйытып сөйледі Шах дүйім жұртты, Бүкпеді басқа түсер қиындықты. «Құрметтеп, көтердіңдер мені көкке, Дегенмен артасыңдар көбің өкпе. Білемін – біреу кедей, біреу жарлы, Тілегін айтсын бәрі жүрекжарды. Патшаның қаһарынан жасқанбай-ақ, Бетпе-бет баяндасын бастан-аяқ. Қасқарып, қия шауып, төске өрлесін, Сұсынан тәж бен тақтың сескенбесін. Ханға да, қараға да әділет – сын, Талабын аспай-саспай мәлім етсін. Халқымның қабыл болар тілектері, Емдеймін ауыр дертін жүректегі!».
Арман ғып Ескендірге мұң шағуды, Құйылып шартараптан жұрт ағылды. Үлгілі үкімімен таңғалдырып, Тыңдады ел арызын таңнан тұрып. Зұлымның басын қақты – емін тапты, Біреуді қинағанның қолын шапты. Жарылқап қапалы мен жүдеулерді, Таратып қазынасынан шүлен берді. Жүгендеп жасағанды көпке зорлық, Көрсетті қиянатшыл бекке қорлық.
Халқына қалқан болған патша – дана, Қаймықпас тұрса алдында хақ тағала. Қабылдап түске дейін әр күні елді, Түнекті қуды осылай арғы-бергі. Әкесі орнатса да келіспеді – Әділетсіз қатал заңды теріс деді. Ұлысты жаңа жолға бағыттады, Болды тек ойлағаны – халық қамы. Шахтардың рәсім-салты елге жайсыз, Қашанда қараларға хан қолайсыз. Талқандап ескі дертті – көне әдетті, Орнатты әділдікті – жөн-әдепті.
Әділетке жеңілдетіп жолды қиын, Жәбірлеу, жазалауға салды тыйым. Жоқтықтың зарын тартып тарыққандар Босады екі жылға салықтан бар. Бек сайлап ақылды мен адалдарды, Тайдырды миғұла мен арамдарды. Аямай ақыл күшін, төкті алтынын, Ойлаумен мүң-мұқтажын тек халқының. Бағаны бақылатып заңды адамға, Шек қойды алып сатып, жалмағанға. Темірден жасаттырып өлшеп тасын, Жөндетті таразының теңшеп басын. Ұзындық өлшемін де бір қалыпқа Түсіріп, бірдей етті бар халыққа. Тексеріп бидай өлшер қадақты да, Жаптырды жемқорларды абақтыға. Жасатып астық сақтар қамбаны да, Қарауыл қойдырды оның жан-жағына. Қойдырып алтынға да арнаулы өлшем, Сап тыйды арбау менен алдауды өңшең. Тонатпай жолаушыны қанды қолға, Салдырды бекет үйлер шаңды жолға.
Әділет бәйтерегі көкке бойлап, Арыстан киікке енді шекпеді айбат. Ішіне түскен лашын торғайлардың, Шөже ерткен мекиеннен аумайды әр күн. Күн сайын әділет қуып түске дейін, Кірісті күтіп тұрған іске кейін. Орнатты ол осылай әділетті, Болсын деп Үрім халқы әлуетті. * Әділет кесесіне құй, мөлдірет, Шах үшін шарап тартсын сүйген жүрек. Мас болып қалсам-дағы мен домалап, Төбеңе көтер, достым, ханға балап. Уа, жыршы, сазыңды сал, келтір нәшін, Сорғалап таң атқанша ән тынбасын. Сызылып құлағыма күй жетеді, Күңірентіп көкірегімді күйретеді. Ей, Науаи, мұңдасыңнан жырақтама, Солармен жетерің хақ мұратқа да. Тәуба қыл, шарбатыңды іш, күліп-ойна, Жасқанба, жабырқама ұлы тойда. Кезбеден қымбат емес інжу-маржан, Асыл тәж ақиқаттан мың есе арзан.
Ісімен елге жақса, дауа тапса, Болмайды одан асқан дана патша. Ескендір әрекетінің қысқаша мазмұндамасы және сол қысқа ша мазмұндаманың жан-жақты анықтамасы. Дара елшісінің Ескендірден алтын жұмыртқа сұрай келуі және болат жебедей өт кір жауап алып қайтуы. Найзағай жарқылының отты ұшқын дары Дара төзімінің қырманын өртеуі; оның күнжұт, доп және имек таяқ жіберуі. Ескендірдің имек таяқпен допты соғуы және күнжұтты құстардың теріп жеуі. Тарихтың түкпірлерін ақтарған жан Сыр ашты бізге қалың қатпарлардан. Ескендір хикаясын баяндады, Әңгіме бірден-бірге аяңдады. Ұстазы құлағына құйып еді, Дүниені шарлауды ойға түйіп еді. Өмірін әділдікке арнап еді, Құтқару елді сордан арманы еді. Көркейіп көкейдегі ой жазып құшақ, Айналды бәйтерекке нәзік бұтақ. Қолпашқа, даңғазаға желікпеді, Ақыл мен қайратына ерік берді. Жарқырап жалғыз өзі алып көкті, Күндей боп жер жүзіне жарық төкті.
Халқының құлақ қойды шағымына, Еш пенде тең келмеді шалымына. Қасында жүрген небір майталманы, Жым болып, алдында сөз айта алмады. Жеткізу мүмкін емес тілмен бәрін, Білмесең Ескендірдің кім болғанын. Ғажайып әр сағаты, әр күні оның, Желісін үзу қиын әңгіменің. Аяқсыз қалдырмайын, аянбайын, Ықшамдап арттағыға баяндайын. Толғасам тоқтап әрбір дерегіне, Өмірде жетер едім дегеніме. Үңіліп аңыздардың астарына, Түгендеп арқау етем дастаныма. Ескендір өмірінде ғажайып көп, Мәніне жетіп оның жазайық тек. Түзетем бұрынғыдан кетсе жаңсақ, Жырлаймын ақиқатын көпке жар сап. Ол барда Отанға ойран салсын кім кеп, Үрімге бола білді алтын діңгек. Босатып байтақ елін тар бұғаудан, Тазартты айналасын зәрлі жаудан.
Дүниені қол астына қаратқалы, Жорыққа әскер жинап, жарақтады. Еркінше жүргізбекке жарлық ерен, Жаулады Мағрыб жерін алдыменен. Сейілтіп сор-азаптың тас тұманын, Заңгібар1 халқының да ашты бағын. Әйгілі жауыздығы бар әлемге, Айқасты араз болып Дарамен де. Күшіне кім шыдасын табанда оның, Қаратты сонан кейін Фаран2 жерін. Илантып ондағы елді ар-намыспен, Шарттасты алыс жатқан Андалуспен3. Мысырды қайтарында бағындырды, Көк сүзген мұнарасы табындырды. Дамылдап әскерімен ол осында, Тұрғызды Александр4 қаласын да. Сонан соң оның күші құдіретті, Сөндірді Зардұштағы5 қалың өртті. 1 Заңгібар – ежелгі Хабашстан, қазіргі Эфиопия 2 Фаран – Батыс Европа 3 Андалус – ежелгі Испания 4 Александр – Жерорта теңізі жағалауындағы Ескендір салдырған қала 5 Зардұш – ежелгі ел аты
Тоқтамай Ирак пенен Ажам1 асты, Шаттанып барған жері әнге басты. Иракқа жеткен кезде қалың қолы, Көтерді төбесіне халық оны. Қаратты Халеб2 пенен Шам жерін де, Нұр төкті кембағыл мен қамкөңілге. Йеменде жүзі таңдай арайланды, Ақыққа тас біткеннің бәрі айналды. Теңізбен жүзіп сосын жағаны ала, Қалады қанша сәнді жаңа қала. Тек қана Фарсы3 еді алынбаған, Соғыссыз бірақ ол да бағынды оған. Байрағы бақытының желбіреді, Бетке алып терістікті енді үдеді. Көрді де жатқан жауды тізбектеліп, Жаулады Хорезмді іздеп келіп. Туымен сәуле шашқан көкті нұсқап, Даласын жарқыратты Дәшті-Қыпшақ. Ұзақ жол азабына қарамады, Сақс4 пен Сақлабты5 да аралады. 1 Ажам – ежелгі Иран 2 Халеб – Сирядағы қала 3 Фарсы – Иран мемлекетінің оңтүстік бөлігі 4 Сақс (Сақсын) – Азияның батыс бөлігі 5 Сақлаб – славяндар жұрты
Ос1 пенен Русқа да жорық ашты, Шошынып олардың да өңі қашты. Черкес пен Гуржаны2 да өтті басып, Олар да басын иді қатты сасып. Бас алған ұлы өзендер терістіктен, Шығысқа қолын бұрды жеңіс күткен. Фархардың3 қазынасына батты мүлде, Бөледі Гүлстанда бақты гүлге. Бүтіндей Мауреннаһрды алған кезде, Қақпа ашты Самархан да оған лезде. Құйғытып өте шықты құйын желдей, Чигил мен Яғманы4 да бұйым көрмей. Жатқанын Чиннің5 қирап көрді көзі, Жорғалап келді алдына ханның өзі. Хиндымен6 арасында болды соғыс, Кед7 елі қол қусырып, көнді тегіс. Бұзылып бұдхананың сәнді тамы, Ежелгі махрабаттың8 сөнді шамы. 1 Ос – Осетия 2 Гуржа – Грузия 3 Фархар – Түркістандағы қала 4 Чигил, Яғма – Орталық Азияны мекендеген түркі тайпалары 5 Чин – Қытай мемлекеті 6 Хинды – Үндістан 7 Кед – жер аты 8 Махрабат – бұдханалардағы шырақ орны
Ақиқат – қылғанының күллісі бұл, Ат басын түстікке енді бұрды шұғыл. Синд1 пен Кеч Мукран2 жерін өтіп, Қырманға3 бет түзеді жол үдетіп. Тыныстап, еркін жайлап Хорасанды, Ғираттай салтанатты қала салды. Иен мен құмды кезген сапарында – Пейіштей тұрғызды Рай4 шаһарын да. Солайша дүниені жаулап алып, Үрімге ұлы ойлармен келді оралып. Той-думан, қанша қызық ойын-сауық, Көңілін тыншытпады емін тауып. Сайланып шықты тағы ол жорыққа, Әділдік орнатпақ боп бар халыққа. Батыста біткен іске алаңы жоқ, Қорғады Яжуждерден5 амалы көп. Ойдым жер ол баспаған қалмағандай, Көкке де тоғыз қабат самғағандай. 1 Синд – Оңтүстік Азиядағы өзен 2 Кеч Мукран – Оман теңізінің солтүстік жағалауы 3 Кирман – Ирандағы қала және аймақ аты 4 Рай – қаланың аты 5 Яжуж – аңыз бойынша басы адамға ұқсаған мақұлық
Жолдарға жалғастырған әрбір елді, Арнаулы ағаш1 өлшем – қойды белгі. Әр ағаш ұзындығын мөлшерледі, Қари2 деп 12 мың өлшемдеді. Ерінбей бәріне өзі араласты, Бұйрық қып таңбалатты әр ағашты. Болмады қалған жері елге жақпай, Тындырды таудай істі кеуде қақпай. Китке ұқсап көк теңізде жүзбек болды, Жасалып сансыз кеме тізбектелді. Кемелер су бетінде жалтылдады, Сайланып, түгелденіп бар тұрманы. Ұзақ жыл жалықпастан жүзіп берді, Аялдап аралдарға қызық көрді. Аралда рақаттанды ол көбірек, Алланың өзіме арнап бергені деп. Судың да үстін түгел еншіледі, Көңілі сонда-дағы көншімеді. Күшейіп одан сайын өр екпіні, Жүрегі алағызып, өрекпіді. 1 Ағаш – ұзындық өлшемі 2 Кари – метр
Мұхитта жүзді судың перісіндей, Айдынның Алла сүйген серісіндей. Сүйікті мекеніндей болды бейне, Мұхитты бесігіндей көрді кейде. Көрмек боп судың астын енді ол бөлек, Әйнектен шар жасатты дөп-дөңгелек. Жасқанбай кірді де әлгі тұп-тұйыққа, Жапқызып түсіргізді тұңғиыққа. Естірген ұзын арқан бұған арнап, Жыландай жатты бейне шұбалаңдап. Бір ұшын әйнек шарға мықтаттырды, Бір ұшын сырттағылар ұстап тұрды. Жөнелді су астына сүңгіді де, Түкпірін тереңдердің үңгіді де. Керемет әлем көрді су түбінен, Айтып та тауыса алмайсың жыр тілімен. Ғажапқа талып түсті тосын құлап, Жинады кеме үстінде есін бір ақ. Әлде шын мұның өзі, әлде өтірік, Зер салдым тереңіне мен де отырып. Құтылып тас шеңгелден алқым буған, Сімірді рақаттана салқын судан.
Іздеді тар қапастан сәулелі өмір, Көңілін тыншытпады әуре небір. Қолдады Ілияс – суда, Қызыр – жерде, Көлденең тұра алмады ешбір пенде. Істеген ғажабына адам сенбес, Ғаламда жан болмады оған теңдес. Әлемді тәңір оған тарту етті, Биледі жалғыз өзі жалпы көпті. Байлық пен қазынасына шек жетпеді, Бөленді сый-құрметке жер-көктегі. Ол жайлы ойға тоқып сақтағаным, Өзінен кем соқпайды «Шахнаманың». Көлемі көтермеді ақ қағаздың, Ықшамдап қадырынша хатқа жаздым. Хиссаның баяндадым мәнісімен, Өлеңнің егіз ұйқас әдісімен. Дәптерге жаза берсем сыяр емес, Тербеді бәйіт сайын қиял-елес. Сомдадым келгенінше қолдан өнер, Бір Алла, өзің енді жар бола гөр. Өткенді көктей шолып бір өтейін, Түгелін болған жайдың жыр етейін.
Біреуі Дара патша жағдайы еді, Айтайын, оқиғасы қандай еді. Бағынып Үрім халқы Файлақұсқа, Кез еді даңқы кеткен барша тұсқа. Әлемді Дара бірақ алып бөлек, Тұр еді Үрім елі салық төлеп. Айбыны асқан тақтың сәулетімен, Дара еді Қияндардың әулетінен. Лухрасб1 бір заманда билік құрды, Гуштасби2 қалың қолды ұйлықтырды. Көркейіп Қияндардың әр бұтағы, Дараға Бахманның қалды тағы. Алтын тақ дүниені қалтыратқан, Қалған-ды Кейхисрау3, Кейқуаттан4. Патшалар құлдық ұрып ғаламдағы, Тәждерін тапсырды әкеп оған бәрі. Шетінен тарту тартып барын салып, Төледі бодан болып алым-салық. Дараға әрі дана, әрі күшті, Болған-ды Файлақұс та бағынышты. 1 Лухрасб – Қияндар әулетінің ІV билеушісі 2 Гуштасби – Қияндар әулетінен шыққан патша 3 Кейхисрау – Қияндар әулетінен шыққан патша 4 Кейқуат – Қияндар әулетінен шыққан патша 4-328
Жақ ашып, ешбір ләм-мим демейтұғын, Мың алтын жұмыртқа оған төлейтұғын. Әкенің жұмылған соң көзі мәңгі, Ескендір бар билікті өзіне алды. Заң менен салт бойынша әуелдегі, Дараға халқы дәйім тәуелді еді. Ескендір ұқсап лаулап жанған отқа, Лап қойды Зәңгі1 жерін жауламаққа. Ойнатып жайдың оғын аспанында, Ұшырды күлін көкке қас қағымда. Қан қақсап зұлымдыққа мазақ болған, Құтылды Зәңгі халқы азап-сордан. Қуарып жатыр еді күллі аймағы, Құлпырып қызғалдақтай қыр жайнады. Екі-үш жыл осылайша ұрыс салды, Жөнге кеп озбыр Шахтар дұрысталды. Талқандап санын бұзды тас қамалдың, Ырқына көнбеді енді басқалардың. Еселеп олжа салып дүрілдеді, Үлкейді екі-үш есе Үрім жері. 1 Зәңгі – Орта Азиядағы жер аты
Ерлікке үйретті елін алысқанда, Құландай алдырмайтын арыстанға. Теңіздей ұлылығы шалықтады, Даңқының туы көкте қалықтады. Қылышын жарқылдатып, жалындады, Тұлпары желмен ойнап арындады. Билеуді місе тұтпай бір ғана елді, Жаулауға бел байлады күллі әлемді. Жаһанда алатұғын төрден орын, Сезінді өзіне тең пенде жоғын. Осылай ойлап алғы істің жайын, Күш жинап, даярланды үш жылдайын. Үш жылда түгел шолып айналаны, Ел қамы болды жалғыз ойлағаны. Дараның бар-жоғын да елемеді, Салығын жыл сайынғы төлемеді. Ежелден бұл жалғанның көбі жарлы, Салғанын тағдыр басқа көріп алды. Аяғын аңдап баспас пенде, шіркін, Ешқашан Дара көніп, бермес ырқын. Екінің бірі тұрды айдан ашық: Не көну, не өлісу найзаласып.
Айқасса азу салып екі арыстан, Жасы оның батыл келер қасарысқан. Үрейлі көрінгемен соншама елге, Жан керек жауызға да – қорқа берме. Таласса екі айдаһар не қалады – Өртеніп бар байлығы жоғалады. Балықтың зор болғанмен аты – балық, Соқтықпас алып китке дәті барып. Сол күндер Ескендірдің бағы жанды, Тәңірі бар тілегін қабыл алды. Дарадан елші жетіп тұтқиылдан, Еңкейіп сарайға енді жұрт жиылған. Асықты таққа таяу жеткенінше, Дараның бұйрығын паш еткенінше. Көрді де Ескендірді ол төрдегі, Жер сүрте сақалымен еңкеңдеді. Әр сөзін асылменен әдіптеді, Патшаны аспандата дәріптеді. Ескендір көзбен шолып төңіректі, Алдына отыруға әмір етті. Жым болып елші отырды қарап жерге, Малшынды сасқанынан қара терге.
Сілейді тіл мен жағы байланғандай, Зеңітіп басы мүлде айналғандай. Байғұсты Ескендірдің мысы басып, Тізесі дірілдеді, түсі қашып. Ескендір енді оған көп тесілмеді, Тыныстап, жисын біраз есін деді. Өзіне-өзі келді деген кезде, Сұрақпен шақырды оны кемел сөзге: «Дараның көңілі қош боп, қуаты артып, Дәулеті бұрынғыдай тұр ма шалқып?». Түрегеп басын иіп, берді жауап, Сұрады тағы патша жылы қарап: «Тәңірі жарылқасын, бағыңды ашып, Айт, кәне, дегенінің бәрін де ашық!». Тағы да түрегеліп иілді де, Елші айтты: «Алдияр Шах, күйім, міне. Алдыңда құтым қашып, зәрем қалмас, Айтпасам сұраған соң және болмас. Файлақұс сенің әкең қыран мұрын, Тұратын салық төлеп бұдан бұрын. Жыл сайын мыңдап таза құйма алтыннан, Дараға шарт бойынша сый тартылған.
Үш жылдан әкең асты көз жұмғалы, Жаннатты жанына аян кез қылғаны. Үш жылдай төленбеген ұзақ салық, Достықты шытынатар сызат салып. Қазына бізге келіп құйылмады, Төленіп, не болмаса жиылмады. Бұйрықты орындаған бізде мін жоқ, Борышты өтеу енді сізге – міндет. Берсеңіз алып қазір жоғаламын, Айтыңыз бермесеңіз, не жауабын!». Мына сөз басқа ұрғандай ауыр соқты, Булықты шайнағандай жалын-шоқты. Түтігіп қап-қара боп шыға келді, Отқа үйтіп жіберердей мына әлемді. Алайда өзіне-өзі басу етті, Өшірді ақыл-суы ашу өртті. Жеңді де кемел ақыл дариядай, Түнекке ыза батты дари алмай. Көтеріп алды төмен салған басын, Гауһардай жарқыратты сөз жалғасын: «Дараға сәлем, – деді, – менен дұғай, Бұлжытпай жауабымды жеткіз былай:
Биліктен опа көрген адам бар ма, Ұқсайды қатыгездік терең жарға. Дүние қызығы үшін жан қинама, Бермесе жанға рақат мал жинама. Қазынаңмен жер бетіне сыя алмайсың, Сонда да қайрышысың, ұялмайсың. Байлығың бастан асқан кімге дәрі, Болмайды боқ дүниенің мүлде мәні. Өзіңе өз ісіңнен келсе залал, Дауа жоқ жасасаң да қаншама амал. Қайырсыз қылығыңнан жүздің бе өрге, Қаратпа өзіңді де, бізді жерге. Жаныңа жаға қоймас салқын хабар, Алып құс ұшып кеткен алтын табар. Ақылға тоқтам етсең, бүлік салмай, Болмақшы арамызда ілік қандай? Құп алмай, тартар болсаң өзің қыңыр, Сенің де қыстырмаймын сөзіңді құр. Елікпе құр елеске, жадыңа тұт! Түбінде тыныш өмір – жаныңа құт. Біздерге керек білім, кемеңгерлік, Жауды да тани білу – ерен ерлік.
Ұнтадың әлсіздерді диірмендей, Саған еш кездескен жоқ дию мендей. Байлығын жарты әлемнің жылда жалмап, Қоясың ескі тәжбен құр ғана алдап. Салықпен қалың елді титықтатса, Айрылар тақ пен тәжден қисық патша. Теңізде көп болғанмен асыл-маржан, Келе ме китке әлің асыр салған? Көл-көсір қазынадан нендей пайда, Жұмсауды білмеген соң оны қайда? Қомағай, тойымсыз бұл түріңменен, Боларсың тажал китке түбінде жем. Ақылдың айдарынан еседі жел, Зорлықтың ол жоқ жерде кеселі мол. Онсыз да өткен жазда тұраладық, Жауабын өзі-ақ айтар мына халық. Берсе де тағдыр сонша байлық-мансап, Қала алмас сені мәңгі қорғап-қоршап. Не қайыр әскеріңнің артығынан, Күшті қол сықпай қоймас алқымынан. Болсақ та сенен біздер қаншама әлсіз, Жарлыға рақымдымыз қалса нәрсіз.
Қуатты, бай болса елің – аса күшті-ақ, Керек пе саусылдатып жасақ ұстап?». Шах тынды. Елші тұрды соққандай сең, Тер басып, есеңгіреп, басы мең-зең. Сарайдан әрең шықты күйрегендей, Жөнелді құр сүлдерін сүйрегендей. Дараға шапты атын борбайлатып, Жеткізді естігенін кірмей жатып. Хабарға Дара тулап, қысып қаны, Қадалып қайта сұрап пысықтады: «Шынымен осыны айтса ол сұмырай, Жынданып, төбесінен ұрды құдай. Сабазың есіріпті есірудей, Масайып қалған шығар есі кірмей. Есірткен есебі жоқ дәулеті құр, Боқмұрын шығар, бәлкім, әулекі бір». Қарады елшісіне сенбегендей, Жауабын жалғастырды ол бөгелмей: «Ұқсамас балаға да, ақымаққа, Мас та емес – көрдім анық бақылап та. Ой – асыл, жүрек – батыр, ақыл – саңлақ, Алтындай әр сөзінде жатыр салмақ.
Жоқ екен пиғылында алалығы, Жан екен асып туған даналығы. Тіл жетпес сипаттауға, сөзім олақ, Байқалар жауабының өзінен-ақ. Шықсаң да жүз айналып шарлап жерді, Таппайсың одан асыл бағылан ерді. Қарадым көз айырмай тұрпатынан, Шіркіннің тырнағына кім татыған!». Мына сөз Шахты алқымнан сығымдады, Шығардай шырқырады шыбын жаны. Аспанын қара тұман торлағандай, Басына заманақыр орнағандай. Қорқыныш жарты әлемді қаптағандай, Шығар жер қасіреттен таппағандай. Елшісі тарылтқандай төңіректі, Зынданға тастаңдар деп әмір етті. Дара айтты: «Бұл да маған бағынышты, Әкеме әкесі еді жалынышты. Ол – құлым! Жеті атасы құл болатын, Жөні жоқ әспенситін, бұлданатын. Кім сонша, патша болса – менің арқам, Мейірбан мендей кім бар жаны дархан?
Қалайша отырамыз босқа қарап, Сүйекке таңба салса масқаралап? Мен одан айыл жиям жаман қатты, Атыма кір келтіріп оттап-шатты. Көрсетем көресіні ожар құлға, Шығарам масқарасын ел алдында. Тезге сап, қабырғасын сындырайын, Танытып жеті атасын жым қылайын. Есіріп дандайсиды ол несіне, Бәлемді түсірейін тәубесіне!». Елшіні табыңдар деп берді бұйрық, Сөзге епті, іске тапқыр, жөнге жүйрік. Елшіге тапсырмасын айтты кірген, Орақтай осып түсер алмас тілмен. Қолына берді оның доп пен шавхан1, Ішінде екеуінің жұмбақ жатқан. Сонан соң ұстатты ыдыс күнжіт толы, Мұның да аян еді сыр бүккені. Елшінің жолынан көз алмай қарап, Қалды Шах. Келер екен қандай жауап? Үрімге жөнелді елші шаң боратып, Қалады-ау қызыл тілден қанға батып. 1 Шавхан – ұзын таяқ
Жасауыл хабарлады ентіге еніп: «Дарадан тұр, – деп, – тағы елші келіп!». Көргенде Ескендірді қалшылдады, Балшықтай қара жерге жаншылғалы. Дізесі дірілдеді дәрмен қалмай, Жаңылды сөзінен де арбалғандай. Патшаның құдіретіне көзі жетті, Бүгіле басын иіп, тәжім етті. Арызын баяндады жер құшақтап, Елшілік ғадетімен жөнді сақтап. Ескендір елші жайын әбден барлап: «Қолқаңды айт, – деді оған, – келген арнап». Бас иіп, елші сонда шертті сырын: «Мың мәрте тәңір саған төксін нұрын! Алдыңда сөйлеуге жоқ, тақсыр, халім, Дараның жеткізейін тапсырғанын. Айт десең, бастан-аяқ жайып салам, «Жоқ» десең, осы арадан ғайып болам». Осылай елші сөзін пайымдады, Танытып көп тұспалды ойындағы. Айтты ол: «Мейірімі мол Дара Шахқа Сый тартар патша біткен әрбір шақта.
Жинаймыз бағынған соң көне салтқа, Әйтпесе хиражға оның күнін сап па! Патша жоқ падишахқа бағынбаған, Бұйрығын барлығы да орындаған. Хиражды төлеп тұру жыл құрғатпай – Белгісі бағынғанның тізгін қақпай. Сыйымды, сенімді боп марқұм әкең, Сыйлықтан қашпап еді жалпыға тең. Иесі алтын тақтың енді өзің, Әкенің орнын басар келді кезің. Бірақ сен өз мойныңа арттың кінә, Ауытқып, тура жолдан тарттың бұра. Үш жылғы салығыңды өтемедің, Өзеуреп өз бетіңше төтеледің. Ақыры елші салды ат шаптырып, Алдыңнан бір өтуді мақсат қылып. Елшіні ауыр сөзбен соқтың басқа, Тексіздік таныттың сен, сөктің босқа. Балаңдық шығар, бәлкім, әлсіз жерің, Байқамай маңдайыңмен тау сүзгенің. Парықсыз қылығыңды бойға жұқсыз, Жастықтың буы ма деп ойладық біз.
Жас қой деп кешірдік кең пейілменен, Басынан бұлдыр тұман сейілмеген. Жөнге кел, борышты өте, тарту байла, Қыбын тап, көңілін көтер, артыңды ойла. Кіруге қолтығына жасқанбағын, Сүйіп қал арланбастан баспалдағын. Қарабет болмас үшін безген ардан, Бізге адал қызмет ет, көздеп арман. Өзіңнің қарағайсың хал-жайыңа, Дараның бас ұрғайсың дарғайына. Дандайсып, шалқақтамай тек жүргейсің, Ақылға ашуыңды жеңдіргейсің. Кеудеңді желік кернеп тасқындатқан, Байқамай балалықпен бастың қақпан. Жіберді өзіңе арнап көп сияпат, Қабылда, көрсетпе енді бос қияпат!». Әккі елші осылай бір деп салды да, Қойды әкеп шавхан менен допты алдына. Тағы айтты: «Балалықтан айықпаған, Доп қуу таяқ ұстап лайық саған! Таяқпен допша үйіріп дөңгелетер, Патшалық ойын емес ермек етер.
Шамына тисең тағы салар дігір, Көрпеңе қарай көсіл, шамаңды біл. Келсе егер тезге салғым, маған сөз бе, Күл қылып, – деді, – шаңын қағам лезде. Көптігін әскерінің мына күнжіт Дәлелдер, байқап қара, рақым күт!». Деді де күнжіт толы шөлмекті ашты, Кілемге бір уысын сермеп шашты. Шөлмекті іле-шала бұрып еппен, Патшаның қойды алдына құрметпен. «Осындай, – деді, – сонсын Шахтың күші, Қарсы кеп кімнің оған батсын тісі!». Тынды да төмен қарап, баспалады, Жым болды жай түскендей басқалары. Біткенде елші әбден сөзін сарқып, Ескендір қарады оған езу тартып. Қатулы қабағымен жасқап көпті, Байыппен айтар сөзін бастап кетті: «Патшадан асыл текті үлгі аламыз, Дараның қасында біз кім боламыз!? Сөзіңе зейінменен тостым құлақ, Айтқаны Дара Шахтың бос былжырақ.
Әмірші бола тұра тұлғасы ерек, Қорлайды патшаларды құлға теңеп. Ел сүйер әділдікпен басқарғанды, Хан сайлар ақылымен асқан жанды. Басқаны құл деп қарау әділет пе, Жалғыздың жете ала ма әлі көпке? Құлмыз ғой бәріміз бір Тәңіріге, Көнемін соның ғана әміріне. Айтарын жүз толғанып, он ойламай, Патша да сөйлей ме екен абайламай? Құдаймен өзін қатар теңестіріп, Жасады күпірлікпен әбес қылық. Мастанған ақымақ деп аласұрып, Ол мені менсінбейді баласынып. Үш айып тағып тағы қаралайды, Өзінің күнәсіне қарамайды. Қалыппыз сөйлесуден шынында біз, Жаулыққа соғар түбі мұның нағыз. Жас болсам, ол үлкен ғой ұқса жайды, Үлкенге бірақ сөзі ұқсамайды. Болғанмен көкқұтанның денесі ірі, Сұңқардан көреді ғой көресіні.
Патшадай сыйлағансып сүйкімсиді, Таяқ пен доп жіберіп сиқырсиды. Құятын қақтығыстың отына май, Жұмбағын білдім оның шешіп оңай. Айтқанын даналардың ол жобалап, Екенін жердің білді доп-домалақ. Жасырды ол сырын допқа кекті ойлаған, Әлемді ұсындың сен доптай маған. Қолыма әкеп менің мәңгі ұстатқан, Дүниенің тағдыры екен белгі шавхан. Майданда қатты шаптым дүрілдетіп, Допты ұрдым басқалардан бұрын жетіп. Содан-ақ болған еді анық мәлім, Тасқындап, аспан-көкте шарықтарым. Түсейін төбесінен, бұлжытпайын, Айтайын енді саған күнжіт жайын. Күнжіттің дәніндей мол болсын мейлі, Әскерін әскерлерім менсінбейді. Күнжіттей әскеріңді құм жұтады, Заматта шөжелерім қылғытады!». Ескендір сөз тізгінін тежеп енді, Бұйырды әкеңдер деп шөжелерді. 5-328
Шашылған күнжіт дәнін ұсақ құмдай, Шөжелер шоқып қойды нысап қылмай. Хикметті көріп болған көз алдыда, Мәңгіріп елші тұрды, бозарды да. Ескендір деді: «Басың саған сауға, Жөнел тез, патшаңа жет аман-сауда. Жеткізсең оның сөзін маған қалай, Солайша жеткіз оған далаңдамай!». Түсердей басы үзіліп денесінен, Кетті елші жер басқандай төбесімен. Жабылды сарт етті де қақпа қатты, Аспандап өшпенділік от боратты. Сілтеді доңайбатқа қолын бір-ақ, Күңіренді қараша үйлер, халық жылап.
- * Даяшы, шарап әкел, бір түлейін, Ақырып арыстандай күркірейін. Жауымның ордасына атылайын, Ұшырып күлін көкке сапырайын. Уа, жаршы, «Шахнаманың» сырын шертіп, Күмбірлет күңгірт үйдің мұңын серпіп. Жауласты екі патша ызғар атқан, Жар болғай қалың қолға бір жаратқан.
Ей, Науаи, күнің өтті думандатқан, Өршіді өсек желі сумаң қаққан. Біткен бе бұл заманның мешехаты, Шараптан басқаның жоқ еш рақаты. Байқасаң, жер бетінде толған азап, Шарапқа тойған ғана сордан азат. Мухолофатты жауласуды айыптау: «Мух» пен «улфат тың» күншілдік дертімен астасып жатуы және «мухлдің» өкінішке жалғасып, «апатқа» ұрынуы; егер мусадохат болып, басқаша жазылса, яғни мұның жан-тәнімен берілгендік белгісінің танылуы; осылайша дұшпандықтан бас тартқанда ғана тұр ғындардың бақытқа кенелетіні; адамдардың өзара жауласуы адамзаттың қолы жеткен табыстарының (жақсылықтары ның) тас-талқанын шығаруға себеп болуы және соның салдарынан дүниені күйретіп, күйзелтетін қатердің төнетіні. Уа, достым, пенделерден опа кеткен, Сеніспей бірін-бірі қапалы еткен. Жауласып, жұлқысудан жалықпайды, Іргені қиратқанын және ұқпайды. Батасың шыңырауға ойға қалсаң, Қырқысу, қырық пышақ қайда барсаң. Жұбатар жан табылмас жылағанды, Көрмейсің көңілі тоқ бір адамды. Бәсеке, бақталастық арбап іштен, Азғындап кәсіптесер ардан күскен.
Сәл ғана артып кетсе тіс басады, Бір зергер бір зергермен ұстасады. Өнері бір шебердің өрлей қалса, Біреуі оны тәуір көрмейді онша. Осылай бақталастық жалғасады, Ұлғайып, бара-бара жауласады. Аңдысып күндіз-түні керісумен, Қалады бірін-бірі көрісуден. Сыймастай дүниеге қуарады, Бірі өлсе екіншісі қуанады. Жауыздық, қаскүнемдік бұл тірлікте, Білсеңіз, қызғаншақтық, күншілдікте. Тек қана өнерде емес мұндай әдет, Ол түгіл патшалықтар тынбай әлек. Патшаға бағынған ел жүз мыңдаған, Бөлініп, тоз-тоз болып тозғындаған. Патшаның не дегенін орындатып, Жақыны ел билейді арын сатып. Олардан қалыспайды әмірлер де, Қожа боп қалу үшін әрбір елге. Таласып әмірлікке қолбасылар, Бір-бірін жарға жығып, орға тығар.
Қолбасы сайлансам деп мыңбасылар, Естуге хан жарлығын күнде асығар. Мансапқа кім болса да жанын сатқан, Ғадет қой келе жатқан әлімсақтан. Қайсы ұлыс билесе де талас тынбас, Құртқанша көзін жойып тағат қылмас. Күштілер өз маңайын тұншықтырар, Көнбесе табанымен жаншып тынар. Қастықтың күдірейіп тұрса жалы, Араздық одан сайын құрсанады. Патшаның маңайы да оңған емес, Бәрінің іштерінде толған егес. Жүрсе де жаны кейіп, жанталасып, Кедейлер жауласпайды балталасып. Жауласу қашырады берекені, Жоқтыққа кіріптар ғып қор етеді. Қиын-ақ жарты әкімдер қақтығысса, Зарлайды ел тап болғандай қатты қысқа. Шошынса әркімнен де күй кетеді, Быж-тыж ғып патшалықты күйретеді. Арық мәз арнасынан ауғанына, Қарамас қурайды-ау деп бау-бағыңа.
Азапқа батса осылай толарсақтап, Әз патша ғана елін қалар сақтап. Жауыздық топан судан айнымайды, Қаптаса, тартар әлем мәңгі қайғы. Ширықса дүлей тасқын лақылдаған, Орнатар жер бетіне ақырзаман. Қозғалса суық қару сұмдық қатал, Қылыштай су түбіне шындық батар. Дүние қалтырайды қыл үстінде, Сорлылар зар болады тыныш күнге. Тасқын-сел қырып-жойып құтырады, Апаттан халық қалай құтылады? Шыдамы таусылғандар көріп қайғы, Кетем деп топан суға қорықпайды. Мінеки, екі патша тайталасты, Қақ жарып дүниені сойқан ашты. Алыс қап тыныш өмір, ырысты еңбек, Қалың ел қару ұстап ұрысқа енбек. Жетелеп суық сезім әрекеге, Ұмтылмақ әке ұлына, бала әкеге. Араға өшпенділік кіріп алар, Бірі өліп, от басында бірі қалар.
Қанына әке шөлдер өз ұлының, Баласы құртқанша асық көзін мұның. Кездессе ағайынды тосын қазір, Бірінің басын бірі кесуге әзір. Бұзылып достардың да пейілі небір, Адамдар жүрегінің мейірі кемір. Шахтардың арасында дау басталса, Амал жоқ шабыспасқа, жауласпасқа. Соғыстың ызғырығы шырқыратар, Көтеріп аспанға шаң бұрқыратар. Өсекті гулетуден жан ұялмас, Өзді-өзін шаң ішінен тани алмас. Басталса сұмдық соғыс орға айдайды, Күйзеліс, қызыл қырғын сор қайнайды. Болмай ма қандай дауды кекті оятқан, Соғыссыз бітіруге төкпей-ақ қан. Қанжылар қайда болсын қара халық, Жаншылып, жапа шегіп, жараланып. Әмірден рақым кетсе, елді аямай, Жорыққа аттануы сондай оңай. Сарбазға жаны қымбат қалған аман, Екінің бірі жеңсе болғаны оған.
Білесің қанға батып, азап көрсең, Соғыс та лапылдаған тозақпен тең. Екі Шах бітіссе елдің алмай шырқын, Бөленер абыройға қандай, шіркін! Тыйылса титықтатқан жанжал ада, Түйіні шешілмейтін дау бола ма? Патшалар келіп жатса келісімге, Орнайды рақат өмір ел ішінде. Жауласқан екі Шахтан күнә тартып, Емес пе жарлы екі дос мың есе артық. Әлемге әмір еткен екі билеушінің бір-біріне соқтығып, әлем халқын жасын түскендей қырғынға душар етуі, екі дос ынты мағының арқасында рақмет жаңбырының себелеуі және тілі жалақтаған өрттің сөнуі. Шыңғыс пен Хорезм Шах жалаңдаған, Соғысып бақ сынасты сонау заман. Біледі ел дүние талқан болғандығын, Қайталап қайтем оның мен барлығын. Шыңғысхан Шахты жеңді бұйым көрмей, Қаласын ұйпап кетті құйын желдей. Көрмеді адамдарды қойдай құрлы, Жайпады, ешкімді де қоймай қырды.
Теңізі зұлымдықтың ажал құсты, Жөңкіліп тау толқындар тажал сұсты. Әкелер жер таянды боздағы үшін, Шешелер қызын жоқтап боздады шын. Сарайы толды өлікке тіршіліктің, Қылғытты обыр өлім құлшынып тым. Сол шақта Шам1 елінде бір жай болды, Тұратын онда екі дос жұрдай сорлы. Тауқымет арқаларын жара қылған, Күндері төмен еді қара құлдан. Үзіліп үміттері болған айқын, Қанды жас көздерінен сорғалайтын. Барымен өздерінше мәзір еді, Бірі үшін бірі өлуге әзір еді. Біріне бірде пәле жамалды да, Байланып, әкелінді дар алдына. Түсті оған екіншісі арашаға, Жендеттің құшты аяғын бара сала: «Мойныммен көтерейін бар кінәні, Оны емес, мені өлтір!» – деп зар жылады. 1 Шам – қазіргі Сирия мемлекетінің ежелгі аты
Мұны естіп, қожайын да ашуланып, Тастатпақ болды осының басын қағып. Ал анау қарсы болып безілдеді: «Мені өлтір, кінәлімін өзім!» – деді. Тұрғанда бұлар өстіп дар басында, Шыңғысхан ұйықтап жатқан ордасында. Түсінде көрді Шыңғыс әлгілерді, Ғайыптан үн естіліп, белгі берді: «Ойнатпа жұрт басына жалаң қылыш, Екеуін құтқар жасап адамдық іс. Емес пе Хорезм Шах жуыққаның, Мойныңа арттың неге халық қанын? Қиратқан екі Шахтан жердің үстін, Сыйласқан қуаттырақ екі мүскін!». Шыңғысхан ояна сап әмір берді, Тыюға қырып-жою, зәбірлеуді. Жөнелді хан жарлығы тарап елге, Үміттің төкті ұшқынын бар әлемге. Түсірген екі құлды сары уайымға, Естіді қожайын да сол жайында. Арылып зұлым ойдың уытынан, Босатты қос бейбақты уысынан.
Тең бөліп көтеріскен таудай жүкті, Достығы қос жарлының қандай мықты! Екі дос бір-бірінен пана тапқан, Құтқарды әлем халқын алапаттан. Жарандар, көңіл қойған жақсылыққа, Осынау ғибратты әсте ұмытпа! ҒИБРАТ Соғыстың пайда болуының себептері туралы Ескендірдің Арастудан сұрағаны, ұрыс-керістің салдарынан барлық халық тардың күйзеліске ұшырайтыны. Алайда соғысты болдырмай қоймайтын жағдайлардың да кездесетіні: Арастудың бұл қара түнек сырын жарқырата ашып беруі және жауласудың жаратылысын айтуы. Сұрады Шах ұстазы ғұламадан: «Сырын айт тылсым күштің мына маған. Ұрысқа оның қалай тіленерін, Екеудің қақтығысқан бірі өлерін. Соғыста нысап бар ма құзғын көмей, Болмай ма оны ақылмен тізгіндемей? Өмірдің заңы ма әлде қалыптасқан, Әу бастан келе жатқан жалықпастан? Тағдырдың жолы сол ма жөңкілетін, Қиюын қисынсыздан келтіретін?».
Ұстазы жауап қатты тосыңқырап: «Сен маған қойдың-ау, – деп, – тосын сұрақ! Қантөгіс есіңді алар, жындандырар, Еріксіз шайқастырып құрбан қылар. Қанына қарайса егер біреу кейде, Аяғы соғысқа кеп тірелмей ме? Бейбіт ел содан барып зардап шегер, Содырды шектен шыққан қарғап, сөгер. Бәледен біле тұрып қашпаса аулақ, Обал жоқ аузынан қан ақса саулап. Қанқұйлы кеуде қағып көпіреді, Алмаса айтқан тілді өкінеді. Ұяттан безінеді, ардан аттап, Жолында жамандықтың қаңғалақтап. Қоймаса қырсық шашып, қас қылғанын, Жыртқыштың құрту ләзім нас тырнағын. Соғыстың пайдасы мен біл залалын, Ойластыр жеңілмеудің бір амалын. Атыспай тұрып жауды барлағайсың, Шайқасқа сырын білмей бармағайсың. Келмесе қалың қолың кемеліне, Жетпесе көзің жауды жеңеріңе.
Берік бол, жан-жағыңды өте қымтап, Дұшпанды күйретудің есебін тап. Егер де күшің еркін болса жетер, Қан төгіп не қыласың сонша бекер. Бәрін де кең ойланып, ақылға сал, Өзгелер сонда сені мақұлдасар. Бопсаңнан жауың әсте сескенбейді, Еліріп, екіленіп, дес бермейді. Қолыңнан келіп тұрса қалма аянып, Қашаннан соғыс заңы айдай анық. Сенбесең өзіңе-өзің аран ашпа, Шайқасқа ашуменен араласпа. Әскерін басқарса кім білгірлікпен, Апатқа ұшыратпас қырғын күткен». Ескендір тыңдады үнсіз ғұламаны, Қайталап ешбір сауал сұрамады. Ескендірдің сөздеріне Дараның таңғалуы, оның жан-жақтан қисапсыз әскер жинап алып, Ескендірге қарсы соғысқа аттануы. Бақытсыздықтың жойқын теңізі мен күйзеліс толқынына бетпебет ұшырасқан Ескендірдің сол құлағалы тұрған қауіп-қатер тауының бағдарын найзағайдай атылған шабуылды ұрыспен бұрып жіберуге әзір тұруы. Екі патшаның да аспанды төңкеріп тастауға дайындалуы. Алайда Дара мемлекетінің жалауын жойқын дауылдың теріс айналдыруы, ал Ескендір жалауын күн сәулесіндей жарқылдатуы.
Екі Шах оқиғасын енді үдетіп, Жырлайды көне жырау мөлдіретіп. Дараға елші жедел қайтып келді, Жауабын Ескендірдің айтып берді. Қорқыныш кейбір сөзден кірді ойына, Кейбір сөз қатты батты шымбайына. Байтақ ел ашып-жұмса өз қолында, Бұйырды айғай шықса қозғалуға. Тік тұрып төбе шашы айдарланды, Ашудан күйіп-жанып, айбарланды. Долданды дүниені шайқайтындай, Бұлқынды жанартауша жайпайтындай. «Тіфу!» – деп жер мен көкке тепсінді кеп, Жүрегін жібергендей от тілгілеп. Атылып жай оғындай жарқылдады, Тітіреп тұтас тірлік қалтылдады. Ем таппай іштегі уды ақтаруға, Жар салды әскер жинап, аттануға. Жан-жаққа жаушы шапты хабарды ала, Үрімге, Зәңгібарға, Фаранға да. Қалың қол қаптап кетті құйындатқан, Өзендей мұхитқа кеп құйып жатқан.
Тасыды жан-жақтан кеп жиналғанда – Машырық1, Тұран, Қытай, Ираннан да2. Қызықтан құр қалардай желдей ұшқан, Шұбырып нөпір басты жер қайысқан. Ақсай3 мен сонау Батыс аралығын Шаңдатты сансыз сарбаз қарақұрым. Жан қалмай түстік пенен терістіктен, Жиналды бірдей өр мен еңіс біткен. Әлемнің төрт бұрышын адақтады, Керегін армансыз-ақ жарақтады. Сынаптай сырғыды әскер сай-жырамен, Тұншықты қара шаңға қайғылы әлем. Сайысқа шықты торын жайып іштен, Саңлақтар саясаттың майын ішкен. Екі жыл дамыл алмай жинады жұрт, Жорыққа жердің жүзін пида қылып. Жаһанды әскер шуы кернеп кетті, Дабылы бұлт шайқады, тербеп көкті. Басқандай жердің бетін жыныс қалың, Қыбырлап илеуіндей құмырсқаның. 1 Машрық – Орта Азиядан шығысқа қарай созылып жатқан елдер 2 Тұран – ежелгі Түркістан 3 Ақсай – Қытай мен Үндістан аралығындағы жер аты
Жұлдыздай аспандағы дүрмектеді, Санасаң көптігіне құм жетпеді. Тігуге шатырларын жер жетпеді, Аттарын суаруға көл жетпеді. Аралап әскерін Шах пейілденді, Күдігі көкейдегі сейілді енді. Кірмеді дандайсыған көңілге алаң, Таптардай кімді болсын көрінді оған. Патшалар өтеп рәсім-жоралғысын, Жетті алып тартуы мен таралғысын. Бодандық белгілерін тағынып ап, Емпеңдеп елпілдесті табынып-ақ. Ортаға құдіретті Шах келгенде, Шаттанып ұрандасты әскерлер де. Саялы бау ішіне тақ орнатты, Сол жерден шапағат-нұр тарап жатты. Патшаның шатырына жиылып кеп, Шұлғысты қолбасылар, иіліп бек. Жар шашты қолбасылар: «Уа, сұлтандар, Жиналған кілең жайсаң, асыл жандар! Батырлар сәлем берсін келіп Шахқа! Жығылсын аяғына, сеніп хаққа!».
Сәулеті салтанаттың сілкіндіріп, Парызын өтемекке ұмтылды жұрт. Шах келіп көптің жүзін болды көрмек, Сүйді оның басқан ізін ел тізерлеп. Кімде-кім сәл жұғысса шалғайына, Қуанды бақ қонғандай маңдайына. Тәубе етті дүниеге келгеніне, Патшаның ақ дидарын көргеніне. Қалың ел қоғадайын жапырылды, Күн қайтып, кеш батқанша сапырылды. Қытайдың Хақаны да болды сапта, Үндінің Қараханы падишах та. Мысырдан Варқау сұлтан жұрттан асқан, Елінен Дәшті-Қыпшақ Теміртас хан. Фарандай Хауар1 елі тұр тағы да, Дауали Шируанның2 ер сұлтаны да. Топырлап Шахзадалар көбедей көп, Қаптады қолбасылар телегей боп. Жел есіп жүрді бәрі айдарынан, Татқанға ілтипаттың қаймағынан. 1 Хауар – шығыс мемлекеті, бұл арада Хорасан жерін айтып отыр 2 Шируан – Ирандағы қала 6-328
Жағымпаз, жарамсақтар жанып түсті, Бірінен-бірі асуға салып күшті. Тартулар таудай болып қалды үйіліп, Жүз жылда санап бітпес ел жиылып. Сарайдың кілтшілері жылмаң қақты, Қисапсыз қазынаны жинап жатты. Бар еді небір пысық елпеңдеген, Патшаның сеніміне енсем деген. Шахтарға алтын тонды берілді ерік, Жайғасып отыруға көңілденіп. Айнала отырысты түзеп қатар, Тік тұрды қолбасылар – күзет қатал. Ұлылар болғаннан соң тынышталып, Дара Шах сөз бастады қырыстанып: «Патшаң бар, сұлтаның бар, хандарың бар, Себебін дүрлігудің аңғарыңдар. Файлақұс қаққан еді кеше ғана, Дабылын келісімнің осы арада. Есірген баласы оның құрық көрмей, Жан-жағын жайпап жатыр ырық бермей. Үш жылғы төлемеді салығын да, Темірдей тізгін керек залым ұлға.
Мән-жайын білуге де елші барды, Есірді зор билікке елтіп әлгі. Насырға шаптырмай-ақ дау аяғын, Әліптің артын бағып, оны аядым. Аттады ол көргенсіз әдебінен, Сөз тыңдап, бас тартпады әлегінен. Қайталап тағы кісі салып едім, Сандалып, тоқтатпады әбігерін. Көкіді не дегенін өзі білмей, Жаныма тиіп бітті көзіне ілмей. Шығарып күл-паршасын дәулетінің, Сазайын тартқызбақпын әулекінің. Сол надан сабылдырып мұнша көпті, Ақыры қол жинауға душар етті!». Бір тұрып, әміршілер бір жығылып, Кезекпен айтты ойларын құлдық ұрып: «Қиқарды қиыс тартып қырындаған, Етейік тезге салып, күнін қараң. Қол жинап керегі не соншалықты, Қорқардай ол сүмелек қанша мықты? Жіберіп атты әскерді қырық мың-ақ, Тұқымын құртпаймыз ба қырып бір-ақ!».
Дара айтты: «Оқталған соң ерінбейік, Үрімде еркін жатып ерулейік. Кісі сап Зәңгібар мен Фаранға да, Күн бұрын сездірейік оларға да. Жағалай сүзіп екі аралықты, Жояйық ортадағы алалықты. Жауызды басымыздан асырмайық, Қорқақтап дегбірді бос қашырмайық!». Аузына құдай салса нендей шара? Тағдырдан құтылар ма ол бейшара? Түгелі Шах сөзіне тәк тұрысты, Үрімге аттануға бет бұрысты. Еткендей жанталасып жанын көпір, Таң ата қотарылды қалың нөпір. Батысқа шаң аунады, көк тұмандап, Хабары Ескендірге жетті демде-ақ. Алардай сансыз әскер ақыл-есті, Дауылдай төніп келе жатыр десті. Ескендір бірақ одан қаймықпады, Жүрегі секем алып, шайлықпады. Сәт сайын шолғыншысын сабылдырып, Отырды қылп еткеннің бәрін біліп.
Ер еді әм ұстамды, әм ақылды, Қысылса қиыннан жол табатын-ды. Дарадай әуре-сарсаң көріп тегі, Әскерін әлекке сап желікпеді. Семсердей жарқыл қағып ұрыс көрсе, Шығатын сарбаздары Рүстемше. Өзі де місе тұтпай жан баласын, Ширықты көргенінше жау қарасын. Жаңғыртып аспан астын ұрандады, Дарамен айқасқанша тұра алмады. Мынаны қатты шошып естігенде, Дараның түмендері шөкті демде. Сасқанын сарбазының іші біліп, Дара да діңкеледі мысы құрып. Күн сайын ара қашық тақай берді, Көрініп қараң-құраң атой берді. Ескендір дауылдатып шаң сапырды, Аң көрген арыстандай қарсы атылды. Дара да алдырмасқа қадам басты, Екі жақ тағылардай табандасты. Сескеніп Ескендірдің сыңайынан, Қарсы жақ медет күтті құдайынан.
Күн батты түн көрпесін жамылғалы, Аялдап, екі жақ та дамылдады. Жорықта қосын қашан талғаған бап, Қай жерге аты жетсе, сонда қонбақ. Жалма-жан жүк түсіріп жасақ түгел, Сардарлар күзет қойып, босатты бел. Түсті ымырт, жұлдыз көкте шықты самсап, Қақшиды қарауылдар тіпті сол сәт. Тілдесіп түні бойы бір-бірімен, Сақшылар шапқыласып жүрді кілең. Сескенбей тау құласын, жер қозғалып, Тұрысты кірпік ілмей, көзбен бағып. Екі Шах келе жатты жырақты үңгіп, Жол қалды түйісерге бір-ақ күндік. Ортада бір тау тұрды аспанға өрлеп, Кең дала қос қапталы жатқан көлбеп. Сол таудың екі жағы тұнған мұнар, Қайнаған қалың әскер ұмар-жұмар. Ескендір жинап алып сардарларын, Бұйырды жасаңдар деп қорған қамын. Ғаламат алып дуал орнады кеп, Аталды «Ескендірдің қорғаны» деп.
Ескендір көңілденіп шебін көрді, Жайланып жасақтар да сенімге енді. Қасына нөкерлерін алып мықты, Аралап айналаны шолып шықты. Көз салып тау басынан аумағына, Қадала қарап тұрды жау жағына. Тау-таста, жазықта да быжынаған, Жау қолы құмырсқадай құжынаған. Ұлғайып, үрей салып еміндейді, Ойдым жер ине шаншар көрінбейді. Кетердей жер жарылып, аспан құлап, Тітірей, зәрең ұшар, бас қаңғырып. Қара шаң – қара түтін қаптап ұшқан, Аққан тер, әлем-тапыр ат қағысқан. Зіл-зала әкетердей киіп-жарып, Қарады Ескендірге дүйім халық. Қиналды мұны сезіп, небір ой кеп, Ел жайы екіталай жегідей жеп. Ойлады: «Екі қосын аңдысады, Айқасса арандайды, қан құсады. Біреуге екеу-үшеу жабылса егер, Шарпысар, сөнгенінше жалын төгер.
Бір адам жеңіп шықса аруақтанып, Жүз кісі мол олжаға болмақ қарық. Кімде-кім рахым күтсе жан сауғалап, Мерт болып, өз мойнынан қан сауламақ. Дандайсып, қарамадым табаныма, Шайқастың кілем төсеп алаңына. Мұндайда шегінуден түк шықпаған, Айқассам, айдан анық, быт-шыт болам!». Уайымдап тұрған кезде жалғыз өзі, Таласқан кекілікті шалды көзі. Түте ғып мамықтарын бұрқыратып, Бір-бірін жұлып жатыр шырқыратып. Байқаса біреуі ірі, бірі кіші, Кішіден үлкенінің мығым күші. Күштісі өрепкиді көкіректеп, Әлсіреп әлжуазы текіректеп. Ескендір қадалды алмай көзін содан, Ұқсатып Дара менен өзін соған. Әлгіні көріп ойын саралады, Өзінің шама-шарқын шамалады. Тағдырдың жаншығандай ауыр жүгі, Күйзеліп, қобалжыды, абыржыды.
Сонда да төзім қылып, сақтап сабыр, Бел буды тәуекел деп мақсатқа бір. Сол сәтте көктен сұңқар шүйілді кеп, Сорғалап қанатымен үйірді леп. Ірісін кекіліктің қармақша іліп, Заңғарға шырқап кетті зар қақтырып. Жемтік боп кете барды қаншеңгелде, Әлсізі аман қалды дәл сол жерде. Ескендір көзбен көріп бұл ғайыпты, Еңсесін басқан мұңнан мүлде айықты. Сезінді Жаратқанның дем берерін, Жауының басы доптай дөңгелерін. Жабығып, қамыққанда көңіл жүдеп, Жорыды жақсылыққа көрінді деп. Қосынға қайтты жаны тапқандай жай, Тәтті ұйқы құшағында жатқан бей-жай. Тыныстап қараңғыда тау да ақырын, Тербетіп таптырғандай жанға тыным. Дүние рақаттана мүлгиді үнсіз, Манаурап маужырайды түн қимылсыз. Еппенен ұйқыдағы жұртқа қарап, Әскерін қос нөкермен шықты аралап.
Даңқымен, ерлігімен сан шулатқан, Сүйсінді сарбазына самсып жатқан. Қырағы күзетшілер жол қараған, Өткізбес тышқаныңды жорғалаған. Бас бағып, қарайғаннан қорқып тұрмай, Жүйткиді шолғыншылар жортып тынбай. Сан саққа кетсе де ойы тыншы болмай, Сыр сақтап, шыдап бақты үн шығармай. Екі Шах ояу отыр екі жақта, Ертеңгі шайқасты ішке тоқымаққа. Білмеді Дара санын әскерінің, Жеңбен деп ойламады әсте бүгін. Бақ-дәулет оралып тек таққа ғана, Көрінді қолдайтындай хақ тағала. Төнерін қара түнек біле алмады, Сиқырлап сағымды аспан бұлаңдады. Алмады Ескендірді қаперіне, Алланың шәк келтіріп қатеріне. Мылжыңға Ескендірді жорыған бір, Құдайдай қолбасысын көріп әрбір. «Дараға, – десті олар, – кім бас имес, Сый тартар, ақымақ та жынға тимес!».
Бірі айтты: «Әлі-ақ қара жамылады!». Бірі айтты: «Өзі-ақ келіп жалынады!». Ескендір болса көзбен таң атырды, Уайымдап қорғанысты аласұрды. Тұрмасаң табан тіреп тайсақтамай, Сезбейсің түсіргенін жайпап қалай. Ел мұңы сай-сүйегін сырқыратқан, Шаршаған, неше күнгі ұйқы батқан. Тәңірден тілеп көптің игі арманын, Сол үшін шүберекке түйген жанын. Жасымас жұрты барда асыл ері, Түнімен қару-жарақ тасыды елі. Көрінді бітпестей боп түн халыққа, Қымбат қой шеккен ғұмыр күн жарықта. Ыдырап бірте-бірте қараңғылық, Жарқырап таң да келді алаң қылып. Кеңітіп көкіректі дала сондай, Айнала айқындалды алақандай. Екі жақ екі өзендей төңкерілді, Шуылдан тау сілкініп, жер сөгілді. Басардай тұншықтырып зіл қара күн, Көкжалдар қалды астында зіл-заланың.
Шығардай күл-талқаны жер бетінің, Табардай қиналғандар демде тыным. Оранып көк темірге бар тұрманы, Жұлдыздай қылышкерлер жарқылдады. Шегі жоқ сарбаздардың сапқа тұрған, Түндегі найзағайдай көк сапырған. Әскерін тізіп Дара дегеніндей, Жылжыды тажал мұхит кемеріндей. Сел дерсің қаптай ағып озандатқан, Аспаннан күн көрінбес тозаң жапқан. Көкжиек әскер шетін кетті басып, Шығыстан күнбатысқа жетті ұласып. Самсаған сап түзелді жеті қабат, Жаһанның жеті ықылым бетін орап. Машырық жері жатты бір басында, Бір басы Самархан мен Чин-Машында. Қосылды жүз мың өзбек тағы келіп, Қалмағы жүз елу мың жанына еріп. Жасқанбай атылатын жанған отқа, Тұрды ерлер алты жүз мың оң қанатта. Даңқты чиннің батыр түркілері, Түрленіп, гүлдей жайнап дүркіреді.
Кежімі аттарының мың түрге сап, Түсіндей құлпырады кемпірқосақ. Желкілдер дулығасы түгелімен, Қытайдың шашақ таққан жібегінен. Қалсын ба қатарынан қалмақ ханы, Жасағын топтастырды жан-жақтағы. Саусылдап найза-қылыш сораңдайды, Тамұқтың алауындай жалаңдайды. Сартылдап сауыт-сайман саңғырлайды, Кең әлем күңіреніп, даңғырлайды. Бұлардың ханы залым Тұқтап еді, Соғуға ұрымталдан мықты-ақ еді. Анталап монғолдар да лекілдеді, Көптігі иттің жүні секілді еді. Қаптаса аспан жерге қабысқандай, Көсемі Манғу көкжал арыстандай. Сарбазды сымдай тартып жарлық қатал, Тізілді өзбектер мен маңғыт қатар. Құрсанып мұздай темір шегеді айбат, Жарқылдап черкеш қылыш төбеде ойнап. Әрірек Мауреннаһр сарбаздары, Жиылған он қаланың сабаздары.
Жігерлі жолбарыстай, жойқын пілдей От шашар жанарынан қорқу білмей. Жаһанда Самарханға жер тең бе екен, Ескендір етер, бәлкім, ертең мекен. Сіресті сол қанатта Мағрыб елі, Буртас1 пен Берберлер2 де мағлұм еді. Сарғыш ту, алтын тон мен күміс қалқан, Шағылып жарқ-жұрқ етті күнге шаңқан. Найзалы тұр қырық мың және арабтар, Астында жер тарпиды жарау аттар. Қара ту, қара қалпақ, қара садақ, Көргендер таңырқайды тамашалап. Арабты Уақи3 сұлтан өрлігі асқақ, Мағрыбты Талиғ4 өзі келді бастап. Тауды да жүз мың қылыш қақ айырған, Ардашер5 батыр жетті Мадаиннан6. Асырған өздерінше көркін бұлар, Сымбаты сәулеттенген көз тұндырар. 1 Буртас (Бартас) – Еділдің орта тұсындағы хазарлар мекендеген жер 2 Бербер – Африкадағы ел 3 Уақи – араб әскербасыларының бірі 4 Талиғ – Батыс елінің билеушісі 5 Ардашер – Сасанилер әулетінен шыққан Иран шахы 6 Мадаин – Ирактағы Фират өзені жағасындағы көне қала
Густахам1 көз тігеді барлап сірә, Бахрайын2, Құтайфты3, Бағдатты да. Оранып көк темірге дабыл қаққан, Көп әскер көк теңіздей дауылдатқан. Сіресті қабағындай салқын күздің, Сарбаздар сол қанатта алты жүз мың. Алдында жеті жүз мың екпін алған, Дауысы жеті қабат көкті жарған. Кіршіксіз арайындай таң нұрының, Үстінде аппақ киім барлығының. Сары ала тон кигендер қасындағы, Хорезм, Дешті-Қыпшақ қосындары. Жасақтар даурығады арқаланып, Өзді-өзі қолбасысын ортаға алып. Алғандай уысына аспан, жерді, Басқарды жеті сардар әскерлерді. Жүз мыңнан әскер болды бәрінде оның, Патшаның қоспағанда қалың қолын. Жап-жасыл Шах әскері жапырақтай, Қоймастай еш нәрсені қақыратпай. 1 Густахам – Иран әскербасыларының бірі 2 Бахрайын – Парсы шығанағындағы жарты арал 3 Құтайф – Арабстандағы қала
Секілді жердің жүзін басып алған, Кенеттен қаптап өсіп жасыл орман. Ешкімге Дара басын имейтіндей, Тәңірдің оғы да оған тимейтіндей. Солайша әскерінің шебін құрып, Жылжытты жауға қарай тебіреніп. Еместей соқтықса кеп кімді де аяр, Ескендір қарсы жақта тұрды даяр. Жұлқынып, жау қайдалап, топты жарған, Оң жаққа Фарандарды етті қорған. Әдейі жау көптігін көзге ілмеді, Ішкі ойын сырттағыға сездірмеді. Қолбасы Шайбал жүрді ешкім жеңбес, Баласы Рүстемнің Залмен теңдес. Сарбазы мақпал киген жеті түсті, Маржанға малынғандай жердің үсті. Бейне бір кемпірқосақ түрге ендіріп, Тұрғандай дүние төрін түрлендіріп. Жүз мың қол шаңға көмді күллі аспанды, Ақырған айбатынан күн жасқанды. Бартас пен Рус тұрды сол жағында, Жалтылдап сансыз шырақ қолдарында.
Қалайы сауыттары сұстанады, Шетінен болат найза ұстағаны. Жамылған қызыл шекпен үстеріне, Атының кежімі сай түстеріне. Дулыға бастарында сом болаттан, Айдары қауырсыннан сәнге таққан. Жасақтар тәуекелден айнымастай, Жайнайды еңселерін қайғы баспай. Бұлар да жүз мың еді жер толқытқан, Майданның бір шетіне қоршау тұтқан. Шептерін ұлан-асыр құрды да ерек, Күзетші жасауылдар тұрды бөлек. Көк сауыт кигендері сарт-сұрт еткен, Айнадай жарқыл қағып сәуле төккен. Шағылып дулығалар ай нұрына, Ерлердің айбын қосар айбынына. Болатпен қапталғандай аттары да, Дарытпас жай оғын да қапталына. Көк темір тау мен тасты жапырғандай, Үрей сап, жауына ажал шақырғандай. Үрімнің келе жатқан қолын бастап, Жас патша құдіреттей көрінді асқақ. 7-328
Жұтынып, нарттай жанып құлпырады, Ызалы арыстандай ұмтылады. Кежімі терісіндей жолбарыстың, Сауыты қызыл жалын толған ұшқын. Сел басты жердің үстін дамыл алмай, Гүрілдеп жолбарыс пен қабыландай. Шахтың да қаһары елді жанышқандай, Алдыға шабынады арыстандай. Екі жақ ұмтылысты жын құсардай, Арыстан, жолбарыстар жұлқысардай. Дара мен Үрім қолы қарсы келіп, Арадай құжынасты жер түнеріп. Дем беріп, сарбаздарға ұран тастап, Шапқылап қолбасылар жүр ойқастап. Жыртқыштар, дию-пері күркіресіп, Жатқандай қақ жарылып сілкілесіп. Сияқты жер қозғалып, аспан көшкен, Түріктер қимылдады астан-кестен. Тигендей тозақ оты қаудай жайпап, Дүние қияметке болғандай тап. Тұншығып қара шаңға ел қақалды, Аждаһа жұтатындай жер-жаһанды.
Ақырып аузын ашса жалын құсар, Түрі бар жолыққанның бәрін жұтар. Тұс-тұстан озандатып гүрлеп керней, Күңірентті қияметтік күн жеткендей. Аспанды тозаң басып, жапты түнек, Кеткендей күлге айналып жер тітіреп. Маңайды бүркемелеп қара мұнар, Даланың көзден тайды алабы бар. Қаптаған қалың жасақ тасаланбай, Жер бетін жарты шеңбер жасағандай. Жаншылып табанда қап жарты жалған, Күн көзі көрінбеді нор тұманнан. Нөпірде қалған адам қапалады, Зар болып тамшы суға қаталады. Айғай-шу тына қалды сәл тыныстап, Тыныштық одан бетер қорқынышты-ақ. Тұтасқан жер мен көкті көміп түгел, Ұйтқытып қою шаңды сейілтті жел. Жарқ етіп жай отындай сонда түнгі, Суырылып бір үрімдік алға атылды. Тұлпары тақымында салады ойнақ, Қылышы жарқыл қағып барады ойнап.
Мінер жақ иығында сонша ыңғайлы, Қытайы жамылғысы толқындайды. Оң қолда ауыр найза ұшы уытты, Сол қолда алып қалқан тысы мықты. Әбзелі әлем-жәлем желпілдейді, Тағынған гүл-шашағы желкілдейді, Ортада ат ойнатып елді жебеп, Шүйіліп сөз бастады әлгі кенет. Әуелі жалбарынды жалғыз хаққа, Деп тілеп: «Ескендірді жеткіз баққа!». Салды айғай сонсын жауға батылданып: «Берберден шыққан – менмін, атым – Барық! Дараның құлақкесті құлы едім мен, Көрмеген еш рақат бұл өмірден. Сорымды ол қайнатты сорпадайын, Тарттырды қаншама азап, қанша уайым. Иттен де күнім төмен болды менің, Езіліп табанында көп жүдедім. Алдына барып едім жылап-сықтап, Болды ол көрге мені бір-ақ тықпақ. Ақырып, ашуланып, жер тебінді, Сыпыртты дүрелетіп жон терімді.
Жүргенде көріп қатты азап тепкі, Ескендір рахым төгіп, азат етті. Барып ем Ескендірге пана тілеп, Құтқарды тар қапастан қара түнек. Жетер ем ол болмаса баққа қашан, Өлім ғой жақсылығын ақтамасам. Тірлікте бір өлім бар қандай жанға, Кіремін екі сертпен қан майданға. Алдымен қызметімді адал жасап, Патшама берем жауын табанға сап. Сонан соң ісім болсын Дараменен, Бәлемнің әуселесін бара көрем. Алынбай қоймас одан енді кегім, Көнбесе, басына бұлт төндіремін. Жөн білсе, мойнына алып зор кінәсін, Бас ұрып аяғыма, зар жыласын. Өйтпесе, өзіне оның өз обалы, Быт-шыт боп шығар мәңгі тозалаңы!». Сөзіне жатпады да жауап күтіп, Ұмтылды атын алға ол атқытып. Атылды біреу бұған қарсы жақтан, Түтіндей будақтатып шаң шұбатқан.
Тұлпары топты жарып арындайды, Сусылдап жанған өрттей жалындайды. Зулайды тұяғынан от шығарып, Шоғындай қасіреттің көкті қарып. Дүрлейді қаһарымен елді ықтырып, Омыраулап, өршеленіп, ерлік қылып. Ақырып, айбат шашып шатынаған, Әйгілі бұл батырдың аты – Харран. Майданға арыстанша келді атылып, Сыйынды патшасы үшін ол да тұрып. Барыққа шапты сосын жолбарыстай, Қасқайып қабыл алды ол да бұқпай. Екеуі алыса алмай көп сайысты, Шыдамай арпалысқа ат қайысты. Быт-шыт боп гүрзіменен ұрған қалқан, Найзалар шықырласты бұлқан-талқан. Харранды Барық дәлдеп кезеді де, Сүңгітті көк найзасын өзегіне. Күйретті қабырғасын баса-көктеп, Гуледі аспан асты қошеметтеп. Мойнына тұзақ салып қырылдатып, Әкелді Шахқа сүйреп дырылдатып.
Ескендір аруақтанып тосын тіптен, Сый тартты жеңіскерге басын тіккен. Күш кернеп құтырынған қызу Барық, Майданға қайта кірді бұзып-жарып. Қаһарлы пілдей бейне ол долданды, Тарпырдай қарсы алдына келген жанды. Ширықты шайқас тілеп, мың шүйіліп, Жауының төбесіне бұлт үйіріп. Өзі де, тұлпары да отқа кірген, Тұп-тұтас қапталғандай көк темірмен. Жау жақтан пілдей алып Шейд шықты, Өліспей беріспейтін жойыт-мықты. Сескенбей тұра ұмтылды анадайдан, Барық та жағаласты қалап ойран. Сұрапыл екі дию майдан ашты, Аянбай сілкілесті, найзаласты. Тәңірі Ескендірді ерек еткен, Жебеді ол Барықты кереметпен. Шейд те ат үстінен аударылды, Жартастай құлап түскен қақ жарылды. Барық ер жан сенгісіз қайрат жасап, Мұны да алып келді байлап-матап.
Жаратқан Ескендірге жар болды да, Дара Шах назаланды долданды да. Майданды көкжал Барық бөріктірді, Уайым сап, жаудың көңілін торықтырды. Алақтап жан-жағына көз тастайды, Шақырып жекпе-жекке ойқастайды. Шыққандар қара жерді демде құшты, Құлаған теректей боп ерден ұшты. Ер Барық шеттерінен соғып дүрдей, Жайратты жау батырын тоғыз бірдей. Бәрі де тұтқын болды – самсап сынды, Жарасы ауырлары жан тапсырды. Енді оған келе алмады ешкім батып, Салды айғай көзінен от ұшқындатып. Сұстанып, бет қаратпай тірі жанды, Шақырып жекпе-жекке тұрып алды. Дараның іші өртенді, ыза кернеп: «Мынаған енді қандай шығады ер?!» – деп. Ақыры біреу атын шықты ойнатып, Алысып ауыздықпен, от шайнатып. Сыртынан қарағанда пілдей еді, Керіктей тұлпары да бір дөй еді.
Қабылан терісімен атын жапқан, Жолбарыс ішік киген жарқыл қаққан. Қып-қызыл дулығасы секілді қан, Қап-қара сәлдесінен шошиды жан. Немесе қызғалдақтай жанып тұрған, Көзіңді қызылдығы қарықтырған. Түсінен адам шошыр түнеріткен, Бет-жүзі сақал басқан күреңіткен. Сиықсыз мұрты хұрма ағашындай, Ұсқынсыз келбеті де нақ осындай. Алмастай екі көзі от тастаған, Аумаған қанға толы қос тостаған. Бір дүлей көкірегін кек қайнатқан, Мағрыбқа қылыш сілтеп Ақсай жақтан. Ерлері ол өлкенің жұрттан ерек, Көкжалдай бет-бетімен жортқан бөлек. Өңкей бір күш иесі қара дойман, Жауына Шах бұйырса салар ойран. Көзіне көрінгенді қырады ұдай, Жар салса аттануға тұрады сай. Майданға жалғыз шығар пайда табар, Олжа үшін аспандағы айға шабар.
Бір тұтқын түсе қалса қолдарына, Түсіп ап тарта берер жолдарына.
Уысқа түскенінен айырылмас, Есебі түгелденсе қайырылмас. Тұтқынға ажырақ сап көндікпеген, Құл қылар қара табан зорлықпенен. Айбаты осал емес Барықтың да, Аузынан жалын шашар алып тұлға. Екі дәу дүниені шаң қаптырды, Көрмеді бірін-бірі қаңбақ құрлы. Жарқылдап жай отындай қақтығысар, Қусыра қуаласып аптығысар. Толассыз найза шаншып, қылыш сермей, Бір-бірін тықсырады тыныс бермей. Тулақтай қақты жерді шабысымен, Жүздері танылмастай шаң ішінен. Барық та алдырмауға тырысады, Ал анау одан сайын жұлысады. Кім білсін күн түсерін басқа қандай, Барықтан қуат сөне бастағандай. Алысып тоғыз бірдей алпауытпен, Қайраты бірте-бірте сарқа біткен.
Шалдығып, шаршағанын аңғарып қап, Қапсыра құшақтады жау да мықтап. Салды да иығына тірі өліктей, Қайқайып жүре берді тізе бүкпей. Қолына құл түскен соң жайын мұндай, Жөнелді қосынға да мойын бұрмай. Жеткендей арманына баршама енді, Бетке алып Мағрыбты тарта берді. Халайық бұл қылыққа таңырқасып, Кеткенше телмірісті таудан асып. Әлгінің сойқандығы салып мұңды, Көңілін Ескендірдің қамықтырды. Барықтың ойлап мүшкіл халін тағы: «Тағдыры не болар?» – деп жабырқады. Қуанды есесіне жойылды деп, Дараның жойдауыты шойын білек. Дара да жадырады үрейі ұшқан, Берберлік құрыды деп дүлей дұшпан. Бөктеріп кете барған дүрдей жанды, Алыптың кім екенін білмей қалды. Болмаса бассыздығы бағынбаған, Сүйсінтті ерлігімен дауылдаған.
Диюдан айырылып қалғанына Іші ашып, түсті уайым қармағына. Күн батты. Ай өрледі көкке қарай, Ескендір дидарындай төккен арай. Көрпесін қараңғылық жапты да алып, Екі жақ тыныштыққа шөкті барып. Талайлар түні бойы аласұрды, Бұйрықты орындаумен таң атырды. Дара да көз ілмеді лаулап іші, Ән-күй мен шарап болды алданышы. Секілді шарап емес, қан жұтқандай, Кім білсін, қасірет тұр аңдып қандай? Шығарды Ескендір де ұйқыны ойдан, Түнімен медет тілеп бір құдайдан. Орын ап оң жағынан кемеңгерлер, Жайғасты сол жағына ерен ерлер. Күңіреніп таң бозынан дабыл, керней, Дүние даңғырлады дамыл көрмей. Қиямет күні тағы зіркілдеді, Кең дала қалың қолға іркілдеді. Екі жақ өткізді әрең түнін бұғып, Күпті ғып бірін үміт, бірін күдік.
Жылжыды қанатын кең жайған ерлер: Мергендер, қылышкерлер, найзагерлер. Нұр құйып жүректерге таң шапағы, Ерлікке шақырғандай жар шашады. Екі жақ тағы, міне, бетпе-бет кеп, Салды айғай батырлары: «Жекпе-жек!» – деп. Жаңғырып дүниенің бар түкпірі, Дабылдың тағы, міне, сарсытты үні. Тағы да қылыш жүзі қылпылдады, Қырқуға қыршындарды қылқылдады. Тағы да қапас торлап ашық көкті, Тағы да көздерді қан басып кетті. Ескендір бір түтігіп, бір қуарып, Шайқасты ту сыртынан тұрды бағып. Сол замат жаушы жетті шауып қатты, Тапсырды Ескендірге жабық хатты. Шегелеп айтты және белгі беріп: «Мәніне қараңдар, – деп, – ой жіберіп». Жаратқан жарылқай ма жылағанмен, Ескендір ашты хатты дүдәмалмен. Ұғынды екі жанның кек тұтқанын, Дараға тұтқиылдан соқтыққанын.
Шектіріп зәбір-жапа сорға айдапты, Еріксіз тәуекелге бел байлапты. Дара да көрсетіпті көресіні, Қалыпты таяқ тастам көр есігі. Ашынып, өшігіпті тісін қайрап, Патшаны құртуды ойлап, қару сайлап. «Қимылдап алдын ала ұмтылмасақ, Қалып тұр көзімізді құртуға сәт. Жұлмасақ түбірімен улы ағашты, Төндіріп жұртқа зауал, лаң ашты. Азаптың отына аз ба жанғанымыз, Құтылсақ болмас еді арманымыз!». Қағазға ашық жазып атын тіпті, Арнайы Ескендірді шақырыпты. Ашыпты құпиясын именбей бір, Жандарын шүберекке түйгендей құр. Хат сөзі көкейіне қонды да анық, Ескендір мүскін жайға болды қанық. Дегенмен әлдеқалай күмән ойлап, Әліптің артын бақты тым абайлап. Ол айтты: «Жауап беру емес оңай, Жөні жоқ бәлен деудің және солай.
Қалай деп түсінеміз бұ қылығын, Шын болса жақсы емес-ау түбі мұның». Жіберді шабарманын көп ойланып, Ол кетті майдан сыртын кең айналып. Тағы да қалың әскер қақты дабыл, Соғардай ажал құсқан отты дауыл. Сөзінде әлгі екеуі тұрысты да, Бастады бір бүлікті ұрыс шыға. Қапыда жамсатуға тас түйінген Екеуі төнді Шахқа қос бүйірден. Қоя ма алғаннан соң ортасына, Қанжарды салды бірі қолқасына. Ағызды бірі бастан қызыл қанын, Келтіріп өз алдына өз қылғанын. Алтын тақ төңкеріліп жерге қарай, Түбімен қопарылды дәу қарағай. Іргесі Бахмен Шахтың құлады ескі, Кейқуат әулетінің шырағы өшті. Қазаны естіген соң ел дүрлікті, Ыдырап қосындар да ең бір мықты. Іріді әскер іші дүрбелең боп, Үрейі ұшқан тобыр кімге көнбек?
Үңіліп ақылменен мәнісіне, Ескендір көңіл қойды хақ ісіне. Атына қарғып мініп алға жүрді, Жол беріп майдан төрі қақ жарылды. Су сеуіп қанды шайқас лапылына, Дараның жетті жедел шатырына. Бас иіп алқа топқа қошеметпен, Келгенін баяндады не себеппен. Ізінше аттан түсіп шатырға енді, Қасына Дара Шахтың жақын келді. Түскендей түбі жоқ бір орға барып, Шах жатыр қызыл ала қанға оранып. Қасына тізе бүгіп отырды да, Қайғырып қара жұтты аһ ұрды да. Көтеріп басын сүйеп, алдына алып, Күңіреніп, зар еңіреп, болды ғарып. Үмітпен бетіне су көрді бүркіп, Дара Шах көзін ашты қанды кірпік. Басында отырған кім қатты жүдеп, Сезді де тілге келді ақтық рет: «Армысың, жас әміршім, аспандаған! Батырым, бағыланым, асқан данам!
Өзіңдей асыл қайтып жарала ма? Жауына сендей әділ бола ала ма? Білмеймін, неге саған төктім қаһар, Түсінбей құдіретіңді кеттім қатал. Жеткендей қасиетіңе көзім жаңа, Дараға пар келетін өзің ғана. Қолайлы халайыққа әрбір ісің, Жаһанның тәңір берген әмірісің. Махаббат, мейірімге дидарың бай, Құлақ сал, сырымды айтам иманымдай. Салыпты күңгірт жолға тағдыр баста, Қоймады аяғымды шалдырмасқа. Есіріп, елес қуған кешегі Шах, Сөнгенде үміті де өшері хақ. Беймезгіл қонағым боп жолықтың-ау, Кідіртпес мәңгі сапар – жорық мынау. Әттең-ай, қапы қалдым, құлазыдым, Фәниді қидым саған – разымын. Екенсің ең қадірлім – аңдамаппын, Бір сәттік енді өзіңе мен қонақпын. Заматын зауалымның дәл білгендей Басыма пиғылменен келдің нендей? 8-328
Танытып келген болсаң адамшылық, Көрмесін көзің ешбір жаманшылық. Басымды келіп тұрсаң алғалы егер, Сусырып қылышыңды қамдана бер. Аз ғана аялдарсың өзің дәт қып, Тыңдарсың бір-екі ауыз сөзімді ақтық!». Мына сөз қасіретін қатты қозғап, Ескендір қанды жасын төкті боздап: «Иманым бұйырмасын, алдияр Шах! Аярсып, жалған айтсам жан қияр сәт. Тілейін тірлігіңді хаққа жылап, Дүниені қараң етпе, тоқта азырақ. Етейін тәж бен тақты мәңгі талақ, Ұяттан өлмей тұрмын енді сәл-ақ. Кінәмді өз мойныммен көтерйін, Құлың боп керуеніңді жетелейін. Көргенше сенің ажал құшқаныңды, Жаһаннан жойсам нетті дұшаныңды. Не дейін, таяқ тиді тасырлықтан, Өзінің тажал болдым басын жұтқан. Шамданып болымсызға шошаңдадым, Сабырмен сыр түйінін шеше алмадым.
Қол жинап, қарсы шаптым есерлікпен, Не таптым жойқын қайрат, бос ерліктен? Бұлайша болады деп кім ойлаған, Қатерге толы екен ғой шырайналаң. Білмеппін дүние кері дөңгелерін, Әкелген хатқа да мән бермеп едім. Табанда жазаламай сол залымды, Отырмын тістеп, міне, бармағымды. Ақыры соқты неге қара мұның, Орнады басыма кеп қаралы күн! Тартынсам тас төбемнен құдай ұрсын, Жолыңа жаным құрбан, ұлы әміршім! Орныңа ләзім еді мені алғаны, Сен қалсаң, Ескендірдің жоқ арманы!». Шах айтты: «Тілегімді тыңда одан да; Мен, сірә, жоқ адаммын бұл ғаламға! Айтайын арызымды енді ақырғы, Дұғаңнан тастай көрме мен пақырды!». Елжіреп Ескендірдей кемел ерге, Сыйынып, сыбырлады жөнелерде: «Артыма үш өсиет қалдырамын, Құп көрсең, тыныш табар мәңгі жаным.
Мойныңа қарыз болар менің қаным, Сазайын тартпаса екі обыр залым. Қан ішіп кімге опа қылмақ кісі, Ой салып кетті саған – бір жақсысы. Фәниден пенде емеспін опа тапқан, Сақтасын құдай сені кесепаттан! Мүсірке Кейқуаттың ұрпақтарын, Өтінем, отай көрме бұтақтарын. Сенімен жан жоқ енді жағаласар, Кең болсаң, кем болмайсың – бағаң асар. Есірке жетімдерді, тартпа кекке, Балаңдай бауырыңа бас, артпа өкпе. Кемесі қайырымдының жүзеді өрге, Сабағын жас гүлімнің үзе көрме. Раушанақ – қарашағым, жан жұлдызым, Артымда қап барады жалғыз қызым. Сол ғана Кейқуаттың әулетінен, Атаның құр қалмасын дәулетінен. Салтанат рақатын көрсін ол да, Жайнаған өмірінің көркін алма. Сенемін ажарының сөнбесіне, Жылынып, жаныңды тос сәулесіне.
Бақытын жалғызымның жандырғайсың, Қадірлеп қасыңа алып, жар қылғайсың. Пәк еді көз жасының тұнбасындай, Қанатым, таянышым сырласымдай. Ардақта асыл-текті сүйегімді, Балам бол, өмірге әкел жиенімді. Мен егер жатсын десең көрде тыныш, Болғайсың қосағыңа сен де тыныс. Туған ұл Ескендірдің кіндігінен, Нәр алсын Кейқуаттың нұр гүлінен. Қолынан әділеттің туы түспес, Біздердей өкініштің уын ішпес. Қайтадан ғайып бізді кез қылар ма? Қайтарма ықыласымды көз жұмарда!». Ескендір жайып тұрып қолын көкке, Күңіренді дауыс салып қалың көпке: «Шахтардың ұлы Шахы, дана тақсыр! Құлыңмын, құдіретіңнен пана таптыр! Бейіште ғазиз жаның тапсын дамыл, Тәңірі тілегіңді етсін қабыл!». Мұны естіп, енді арманым жоқ дегендей, Дара да иек қақты көп бөгелмей.
Құлатты күнді аспаннан түн аударып, Сарайын Бахманның түнек жауып. Жойылып Лухрасбтың салған заңы, Дәстүрін Гуштасбтың шаң қармады. Лап етіп Кейхисрау сөнді шамы, Қапастай тұншықтырып сор құшағы. Көкке ұшты Кавус1 үшін болды да арман, Атағы Кейуаттың жерді жарған. Рухы Манучехр2 қараң қалды, Билігі Фаридунның3 тамамдалды. Тынды бір қызыл қырғын, ала шапқын, Ескендір орнын басты Дара Шахтың. Мәйітті көрсетпестен азалы елге, Оңаша алып шықты таза жерге. Арулап, табытқа сап жарқыл қаққан, Жерледі таң біліне жан тұрмастан. Жап-жасыл гүлді дала мың құбылып, Ертемен жұпар шашып тұрды күліп. Әскерін кең жазыққа тік көтеріп, Шатырын ортасына тікті әкеліп. 1 Кавус – Қияндар әулетінен шыққан екінші патша 2 Манучехр – Пешдадилар әулетінен шыққан жетінші патша 3 Фаридун – Пешдадилар әулетінен шыққан алтыншы патша
Жайғасып, сілкінді де тұнжыр ойдан, Жар шашты тоқталсын деп қырғын-ойран. * Даяшы, шарап шалқыт мен келгенде, Түстім ғой шерменде боп сергелдеңге! Дара Шах сімірді уды кесесімен, Құр қалмас Ескендір де есесінен. Төк, жыршы, тәтті әуенді жұртқа жаққан, Оятпа қасіретімді түпте жатқан. Шараппен пенде бар ма шөлін басқан? Фәниде құрғар емес көзім жастан. Науаи-ау! Аяқ бассаң зәбір-жапа, Жоқ мынау айналаңның бәрінде опа. Сатқындық, сұғанақтық жайлап алған, Абай бол, өзің бірақ тайма жолдан!
Патшалық тәртіп пен тәңірдің өзі жарасқандай асқан сәулетті әлемнің құрылуы, сол сияқты тәртіп пен құрылыстың иедершілігі, қалаулылардың, пайғамбарлардың, топтардың қайда екені және олардың басқа жан иелерінен өзіндік ерекшеліктерімен даралануы, әрқайсысының өз қасиетімен өзіне тиесілі орынға жайғасуы және егер бұл дүниедегінің бәрі бір-біріне селбесіп, көмектесіп отырса өте жақсы болатыны, олай етпегенде жаман болатыны хақында. Шах болып, жаям деуші іргесін кең, Әскерін қолбасыдан білмесін кем.
Айырып наданы мен білгірлерін, Танысын қол астында кім жүргенін. Дананың аты – дана қанша айтсаң да, Ұсақтан ұлы шықпас қампайтсаң да. Қандайлық татымсызда құн болмақшы? Бағасын әр нәрсенің білген – жақсы. Кемеңгер кішіреймес илесең де, Сүмелек қырға шықпас сүйресең де. Тақ бекіп, қазына тасып, шалқыр өрге, Әділ заң билік құрған алтын елде. Орнаса түзу тәртіп, халыққа – бақ, Патшаның атақ-даңқы шарықтамақ. Халыққа мақау патша қан құстырар, Оп-оңай ойрандалып, хандық құлар. Шыға алмас білімсіз Шах шиыр жолдан, Баладай шатырашқа1 үйір болған. Тастардың нарқын білмей былықтырар, Қолма-қол ту-талақай құрып тынар. Ладьяны пілге беріп жоя салар, Пешкіні ферзь орнына қоя салар. 1 Шатыраш – көне түрікше шахмат
Мұнымен нені оңдырып жарытады, Қаратып жұртын жерге налытады. Салса да қанша салмақ ол ойына, Ұқсамас шатыраштың нобайына. Ит сабын жей қоймайды сабасаң да, Мұжымас жылқы сүйек қамасаң да. Болмаса құдай атып жын қақтырған, Қасқырға сеніп қойын кім бақтырған? Жыртқыштың жыртқыштығын дәл ескермей, Ет бермеу арыстанға – өрескел ғой. Арыстан ашықтырсаң – жоқты ойлай ма, Бас салып бақташысын жеп қоймай ма? Алтын тәж таз басына қона ма нақ? Қарғаны керегі не томағалап? Ақиық ақша бұлттан ары аспай ма, Томаға соған ғана жараспай ма? Келіспес сәнді кежім көк есекке, Хақ надан қыңқ етпейді көрешекке. Жыланның басын езіп, жаншығаның – Жолыңды қаскүнемнен аршығаның. Жыланды маңайыңа жайлатқаның – Емес пе өзіңді-өзің жайратқаның.
Жыланға әуестікті қоймағаның – Ажалды мойынға сап ойнағаның. Көк төбет босағада ырылдайды, Төр жақта тарғыл мысық пырылдайды. Ит түзде қотаныңды қорғап-бағар, Мысықтан тышқан күнде жорғақ қағар. Тоқтықта мысық пен ит семіреді, Сүт ішіп, күнде сүйек кеміреді. Ашықса, кетер әбден кетеуі де, Жым-жылас тайып тұрар екеуі де. Айтайын терең толғап, тоқтап ерек, Тағы бір қасиетті Шахқа керек. Асылдың айырғандай қандайлығын, Адамның байқай білсін жан байлығын. Көмірді дей алар кім қара маржан, Әйнектен гауһар, сірә, бола ма арзан? Ақықты қандай адам тасқа балар, Керіш пен қыштың орны басқа болар. Жұлдыздар бір-біріне тең келер ме, Әр түрлі әлемдегі пенделер де. Танытпай нақ бейнесін жынды қылар, Аспанның қабағындай мың құбылар.
Кейбіреу күндей күлер жаны елжіреп, Кейбіреу қара ниет, шемен жүрек. Егіз де бірге туған ала-құла, Жұптасқан жақсысы да, жаманы да. Былайша Әліп пенен Әлф бірдей, Шатаспа, «бір» мен «мыңды» анық білмей. Қабығы тасбақаның шөлде қатқан, Інжудей көрінеді көлде жатқан. Кәдеге шірік сүйек аса ала ма, Маржандай әсем моншақ жасала ма? Болғанмен әнтек ұқсас жақындамас, Майшамдай сүңгі өмірі лапылдамас. Айнымас тұз бен қант үгітілген, Тек қана айырасың мұны тілмен. Қарғаға құмай ұқсас байқағанға, Тәптіштеп бәрін бірақ айта алам ба? Ақымақ еш нәрсені айырмайды, Мұны тек дана патша пайымдайды. Алтын деп қалайыны құр малданып, Күн ғой деп қызған таба, жүрме алданып. Білмесең сезгірлікпен мұның бәрін, Үйреніп өзіңе құт ұғынғаның.
Асыл Шах кемеңгерді жағалайды, Еңбегін құрметтеп бағалайды. Арына даналардың шаң жұқтырмас, Дақ салып жүрегіне шалдықтырмас. Құдайым қайыры жоқ тақтан сақта, Қадірлі халайыққа жаққан патша. Қатыгез Шахқа халқы жібімейді, Түссе де мүшкіл халге күні мейлі. Еркімен оған мойнын онша бұрмас, Қасынан қиын кезде жан табылмас. Әскері қолдарына қару алмас, Өшіксе болып кетер жауынан қас. Таусылып ел төзімі сынар бір күн, Бұрқ етіп, бүлік бастап, қылар қырғын.
Сұлтан Әбу Саид көреген туралы, оның қабіріне нұр жаусын, өзінің телегей-теңіз ақылымен небір қиындықты жеңіп, талай елді бағындырғаны, халықтың тыныштығын бұзып, елді та лағаны, ақырында өз әскерлерінің алдағы істі істеуге келіспей тарап кетуі, Шахтың қатер астында – жау ортасында жалғыз қалуы, ал қарсыласының оның басын оп-оңай қағып түсуі. Ісі мен даналығы атақты еткен, Патшаны Көреген деп атап кеткен. Өзіне дүниені қарата алды, Жаулады Мауреннаһр, Хорасанды.
Тапады Сипаханды1 бас салды да, Қырманды, Хорезмді, Қашқарды да. Бағынып Забулстан, Кабулстан2, Гүл жайнап тұсында оның табынысқан. Маңайын күштілікпен бір-ақ жайпап, Патшалық құрған еді ұлан-байтақ. Көңілі одан зорды қалап енді, Жаулауға көзін тікті кең әлемді. Жорыққа шықты ақыры оқталды да, Үрім мен Табризді бетке алды да. Берсе де құдай қанша кемеңгерлік, Бар еді жалғыз міні төмендерлік. Байлыққа жаны құмар болатұғын, Халықты аш сүліктей соратұғын. Масайрап сонысына күлетұғын, Әскері тісін басып жүретұғын. Үрімге тиді барып қапылыста, Қайсар да дайындалды қарсы ұрысқа. Қазандай бұрқ-сарқ етіп қайнады ұрыс, Майданға сыймай қалқан, найза, қылыш. 1 Сипахан – Ирандағы Исфахан қаласы 2 Забулстан, Кабулстан – Ауғанстандағы қалалар
Бұл соғыс толастамай көп ұласып, Күйзелді ел есеңгіреп, арып-ашып. Білдіріп наразылық қитыққаны, Әскері Көрегеннің титықтады. Жеңістен үміттерін үзді мүлде, Ұмытты Шахтың билік-тізгінін де. Қылышын кейбіреулер лақтырды да, Жау жаққа шықты көбі топ құрды да. Салбырап түсіп кетті ұнжырғасы, Мазақ боп масқараға тұлдыр басы. Көрсетпей тәңір де оған оң қабақты, Қабарып кешкі күндей мұңға батты. Селт етіп жендет кірпік қақпады да, Боялды алмас семсер Шах қанына. Құдай да көншімейді кісіге аса, Халықтың қарғысына ұшыраса. Айрылған әскерінен патша-пақыр, Қалады айдалада қақсап ақыр. Солмай ма үзілген гүл нәрсіз жүдеп, Емес пе бір кесек ет жансыз жүрек. Шах пенен әскер тұтас бір денедей, Бас кетсе, дене мәнсіз бірдеңедей.
Демей ме үйірілер бақ пен даңқ, Табысса ғашықтардай Шах пен халық. Алмаса сенімді әскер қолға қару, Жаһанды оңай емес жаулап алу! Ескендірдің ұстазы Арастудан әкімнің өз ісін тапқырлық пен жүргізу арқылы алдындағы перде сырылып ашылған соң, өзінің күткеніне қолы жетсе де қанағат етпеудің мәні туралы сұрағаны. Сұрады Дараны еске ап тағы бастап: «Ұстазым Платондай1 менің асқақ! Адамның мақсатының мәні қандай, Пайда мен зиянын кім танығандай? Ынтамен берілген жан талаптанып, Қияға талпынбай ма қанаттанып? Сезініп мұң-мұқтажын жамағаттың, Сәулесін төгер еді қанағаттың. Байқасам, тосын қонған бақ күмәнді, Мақсатсыз қараңғы екен Шахтың алды. Бермесе халық егер оң батасын, Жолда қап өзіңді-өзің сорлатасың. Өзі үшін ентелейді әркім алға, Бұлжымас тіршіліктің салты барда. 1 Платон – біздің заманымыздан бұрын 427-347 жылдары өмір сүрген, ұлы грек философы
Үстем боп сабыр менен ақыл-кеңес, Көп тілін таба білсе опық жемес. Аспандап сонда даңқы өрлемей ме, Тасқындап күш-қуаты кернемей ме?». Ұстазы жалғастырды табанда ойын: «Бұл сауал сан қойылған саған дейін. Тек қана сұңғылалар көнедегі, Жауабын айтқан талай өнегелі. Ақылға сүйенсе кім адаспайды, Шекпейді адалдықтан азап-қайғы. Шыдайды соққанға да, қаққанға да, Жемісін мехнаттың татқан ғана. Арқасы жауыр болар табандының, Маубастар тез танытар жамандығын. Желбуаз күмпілдектер не тілесін? Халықтың төгіп-шайқар несібесін. Ұстатпас ұғымсызға тәуір өнер, Қолынан дарындының бәрі келер. Пайдасын бір көрген соң игіліктің, Салады қыңыр тартып, қиғылық кім? Ертеңгі күнін ойлап ерінбейді, Бұйығып, салғырттыққа берілмейді.
Тайсалмай тасқыннан да толқын ұрған, Олқысын аянбайды толтырудан. Тілегі бағы жанып оңғарылса, Күйбеңдер жанталасып ол барынша. Іздеген нәр табады көк бұтаққа, Сәулесі ізгіліктің тек кітапта. Бұйырса талабынан татар дәмі, Болғаны мәңгі разы ата аруағы. Кітаптан қалмаса ешбір санаңда нұр, Не шығар жармасқанмен қаламға құр? Топастың алды әманда құлама жар, Ақиқат жолын меңзер ғұламалар. Табынса халық күн мен мешітке егер, Қайсысы қайырлы боп несіп себер? Таппаса ой жүгіртіп бір шарасын, Әзірге дәрменсізсің, бейшарасың. Қайсы ұстаз құпиясын анықтаған, Сөндірмей әлсіз шамды шалықтаған? Келтірсе жақсылықтың кім мәнісін, Тәңірі теріс демес қылған ісін. Жинауы келіскенде тең құлай ма? Қисыны келген шаруа жөн құдайға. 9-328
Ілессең әзәзіл мен жауыздарға, Алланы күнәһар боп ауызға алма. Адамдық, адалдықтың берері мол, Көгерер ырыздыққа кенеліп ел. Жерің жоқ еңбегіңді зая қылған, Лайықсың бұған өзің, ей, әділ жан!». Бәсеңсіп ұстаз үні тынды ақырын, Шәкіртке күндей құйып нұрлы ақылын. Мына сөз сыр қатпарын ашқандай мың, Көңілін жабырқатты басқандай мұң. Ескендір енді Дара мемлекетінің билеушісі болып алған соң оның қазынасы мен қоймасынан алтын мен маржанды бейне таң шапағы сәулесіндей шашты, осы жомарт сыйлығы арқылы қол астындағылардың мерейін өсірді, жан-жақтағы барлық елдің Шахтарын шақырып, шабармандар жөнелтті, барлық Шахтар мұның айтқанына бағынды, ал Кашмирдің Шахы болса тым жалбарынып, Үнді раджасы келісімін бермейтін жауап қайтар ды, чин Хақаны болса, оның ұсынысына қанағаттанбайтынын танытып шеттей берді. Бұл хабар кең әлемге тез тарады, Сыймады ақ қағазға сөз сорабы. Жеңісі Ескендірді асқақтатты, Жауларын күн дидары жасқап қатты. Ден қойып қызметіне үлгі жаяр, Дараны жақтаушылар тұрды даяр.
Жаһанға Дара жайы мәлімденді, Барша жұрт Ескендірге табынды енді. Алыстан келгендер де елді ойласты, Құруға берік достық бел байласты. Бас қойды Машрық үшін хаққа бәрі – Хорезм, Үнді, Қытай патшалары. Сыртына сыр шығарып бұлданбады, Көбінің кетті ішінде бір бармағы. Бағынды өз маңайы қыбыр етпей, Сыйынып Ескендірге құдіреттей. Берсін бе тірі тұрып төрін жауға, Кірісті ойлағанын орындауға. Аруақты құрметтеу заң емес пе, Түсіріп аза тұтты Дараны еске. Соғысты дереу тыйып сарсаң еткен, Жерлеген патшаға сай салтанатпен. Қамықты кірбің алып болмашыға, Кім кепіл өзі сондай болмасына? Басына бейнет қонып, сорлатты шер, Мойнымен көтергенге салмақ түсер. Дараның өсиеті мазалады, Ұстатып қос зұлымды жазалады.
Құрғызды дар ағашты жалақтатып, Екеуін асып қойды салақтатып. Сатқынға талайлардың құртқан мысын, Жауғызды тас аттырып, жұрт қарғысын. Бұл жайды тұтсын деді есіне әркім, Аяғын құшпас үшін осылардың. Денесін өртеткізіп әлгілердің, Өтіне лақтыртқызды шаңды желдің. Кім өзін қиын күнде еркінсінбек, Жалпыға жарлық шашты серпілсін деп. Үні өшіп дүрбелең мен әбігердің, Еңсесі көтерілді қалың елдің. Дараның жерін де алып қол астына, Күшейді мақсатқа жол кең ашты да. Қуалап көлденеңнен киліккенді, Сенімді адамдарға билік берді. Хатшысын шақырып ап қолға қуат, Раушанға көңіл айтып, жолдады хат. Қағазға өрнек салды жүйрік қалам: «Жалғанда пенде бар ма у жұтпаған? Сабыр ет, шөге берме жалғыз жылап, Жатырқап санай көрме тағдырды жат.
Бөлесін әлем бағы сені гүлге, Көктемдей нұр ойнатып көңіліңде. Малынып інжу-маржан, меруертке, Байлықтың қызығын көр, кері кетпе». Тағдырдың көнбейтіндей енді ырқына, Сонан соң хабар салды ел-жұртына: Қайғыдан қыз жүрегін кім құтқарса, Патшадан алады деп сыйлық қанша! Толтырып түрлі гүлді бақшасына, Бейішті орнатқызды дәп қасына. Аруағын риза етіп Дара Шахтың, Ден қойды мүддесіне жаңа тақтың. Дараның шек жоқ еді байлығында, Сол байлық аспандатқан айбынын да. Қазына Фаридуннен бермен қарай, Ауысып қолдан-қолға келген талай. Кезінде қолы жетіп елден бұрын, Қызығын Кейқуат та көрген мұның. Мұрасы патшалықтың еселенген, Ұрпақтан ұрпағына көше берген. Тұғырға кезекпенен қонақтаған, Бөтенді таққа жақын жолатпаған.
Биліктен мызғымайтын қорған құрған, Атаның қазынасын қорландырған. Дара да даналықпен жау жайратқан, Ғаламды қақпақылдай қолда ойнатқан. Патшалық мың үш жүз жыл ғұмыр кешті, Он төрт Шах өз тұсында дүрілдесті. Байлықты ғасырлармен көшкен бірге, Құдайым бұйыртты әкеп Ескендірге. Дара да қазынасын амал жасап, Сақтайтын бір жүз сексен қамалға сап. Тыққыштап алтын-күміс, асылдарды, Жер қазып, тас үңгірге жасырған-ды. Кілтшілер, қазынашылар иманы ұшты, Алдына Ескендірдің жиналысты. Үзгендей шеттерінен жаннан үміт, Кілттерін тапсырысты жалбарынып. Қиянат болмаған соң қылдай да бір, Қалдырды байғұстарды қылмай зәбір. Келтіріп қазынаны бір тізімге, Бұйырды жалпы есебін жүргізуге. Құрметтеп қолы таза монтандарды, Енгізіп қолтығына қамқорға алды.
Жазалап есебінен ши шыққанды, Сыпырып жон терісін үйтіп салды. Туралап дәптерімен қолындағы, Тізімі түзулерді қабылдады. Алғанша өз қолына бар мұраны, Қазғандай жерден маржан қалжырады. Тексерді кінәғамен салыстырып, Түгелін тасқаяқтай қағыстырып. Сыйлады шыққандарды сенімінен, Бағалы тарту тартып көңілімен. Кейбіреу дегендей іс тағаттады, Қалуға тілек айтып жағаттады. Қабылдап қазынаны шашау қылмай, Берді әмір үсті-үстіне бас алдырмай. Түсіріп талайларды тәубасына, Үлгі айтты жинап алып ордасына. Тарасты тапсырма алып сөзге келмей, Теңізден інжу іздер кезбелердей. Аптығып әрең алды тыныстарын, Жөнге сап есеп-қисап жұмыстарын. Қисабы қазынаның анық болса, Түспейді ауыр азап халыққа онша.
Тағы да бұйрық қылды мырзаларға: «Қазынаның жинап бәрін бір қамалға. Есігін тас бекітіп, құлыптаңдар, Мұраға мәңгі ешкімді жуытпаңдар!». Жүргендер қызметінде жүгіністі, Жарлықты орындауға жүгірісті. Байлықтың көптігінде шек болмады, Құйылған керуен бір тоқталмады. Әскерге бөлінетін қаржы айтылды: Көбісін мыңбасылар жалмайтын-ды. Шыдам ғып жүруші еді азар мұнда, Жасақтар қайыршының аз алдында. Ашуға ауыздарын батпайтұғын, Ызасын іштеріне сақтайтұғын. Айнадай айқындалды істің мәні, Мәлім боп адамдардың мүшкіл халі. Босаңдық ешкім бірақ танытпады, Сұрасып көп жағдайды анықтады. Ескендір байқап елдің жасығанын, Ескертті енді көзі ашыларын. Тап болған азып-тозып сан қорлыққа, Алды өзі Дара әскерін қамқорлыққа.
«Дараның өз алдына заң-жобасы, Тартпауы керек зардап жан баласы. Тиеді жоқшылықтың кесапаты, Төлейміз, – деді, – әскерге екі есе ақы!». Тағдыры тарықтырған сорлы жасап, Тартатын төрт жүз мыңға жарлы жасақ. Шыр бітіп ширап қалды бейшаралар, Жұлдызы аш-арықтың тойса жанар. Ілініп сіңіріне жарымаған, Бар еді екі жүз мың тағы да адам. Барлығы алты жүз мың тарыққанды Тауқымет тырнағынан алып қалды. Әскерді мойындатып мол ақымен, Дауасын тапты дерттің болатын ем. Сарбаздар саңлақтанып жал біткендей, Тасыды көңілдері шалқып көлдей. Төкті деп босқа шашып қазынаны, Құлқыны кейбіреудің азынады. Сонда айтты: «Нағыз байлық – әскер мен тақ, Өкінбес мұны дәйім ескерген Шах! Теңізді жоғалта алар кім жасырып, Қазынам кетпес әсте құмға сіңіп.
Болсам да әлей патша байлығы ырғын, Пайдасыз байлық түбі – қайғы бір күн. Қасыма онда менің жан жолай ма? Лағылдан тас қайырлы әлдеқайда. Жоқ ешбір қара тастан келер залал, Халыққа қазынадан төнер зауал. Арбаса сасық дәулет басың қаңғыр, Қарақшы қалғып кетер сәтіңді аңдыр. Сүйеді ел әділ болсаң айнымастан, Патшаға пысқырмайды байлығы асқан». Бетіне қазынаның қарамастан, Елдерді баурап алды араласқан. Аямай алтын-күміс, жиған мүлкін, Алдымен риза етті Иран жұртын. Даналық шұғыласын түсіріп кең, Ұйытты дүниені кісілікпен. Арайлап ақыл нұры күллі ісінен, Қақ жарды қара қылды үлгісімен. Мойындап бұқты небір көсемдер де, От ауыз, орақ тілді шешендер де. Тұсасаң мықты сөзбен тоқтайды жау, Келеді келісімге – соқпайды дау.
Май жаққан наркескендей қылпып тұрған Қызыл тіл дүлейді де тұншықтырған. Қашанда кемелдікпен ел басқарар, Әлемге тұтқа болар марқасқалар. Ескендір білгірлікпен дараланды, Таратты әрбір елге даналарды. Өкілдер жөнелісті сақ тұрмаққа, Үнді, Чин, Сақлабқа, Сақсын жаққа. Біреуі арабтарға басып ірге, Біреуі орын тепті Кашмирге. Біреуі Бағдат, бірі Мысыр асты, Наушадқа1 бірі әкім боп мысы басты. Тисін деп барған жерде әкімдік тақ, Ұстатты қолдарына өкілдік хат. Өкілдер беркеге шақырды елді, Уағыздап тыныштықты, ақыл берді. Шах хаты жазылған-ды өткірлікпен, Әр сөзі таңғалдырар тапқырлықпен. Құдіреттің баян етті қолдағанын, Жаратқан жаздырған соң жолдағанын. 1 Наушад – аңыз өлке
Ұқпаса істің мәнін пенде – надан, Азбайды ақылына сенген адам. Тәңірі қолдамаса хан да жарлы, Оп-оңай жарылқауы кембағалды. Халықтың бөленбеген алғысына, Құдайдың ұшырайды қарғысына. Бейбақтар бүйірлері бір шыққанға, Қуанар құтылғандай қырсықтан да. Дараның алтын тағын берем кімге, Десе де тәңірінің өз еркінде. Ілінбес пенде бар ма қармағына, Құдайдың кім көнбейді салғанына?! Шұлғытып жан біткенді тағдырға тек, Шахтарға сөз аяғын төндірді әкеп. «Иемденген Мен – Ескендір Дара тағын, Әлемді аузыма енді қаратамын! Сен Чиннің Хақанысың – қорғанысың, Тұранның айға шапқан көкжалысың. Ойлама қолымда деп жалған кілті, Талайлар менменсінген болған күлкі. Билейді жаратушы сыртымыздан, Болмыстың бәрі де тыс ырқымыздан.
Қаласа хан көтеріп қараны да, Тақсырдың тас батырар табанына. Жарлығын өтеу парыз тоқып ойға, Патша да, жарым-жарты жақыбай да. Тәңірдің бұйрығынан не келсе де, Еркінде жоқты барға теңерсе де. Маңдайға құтылмайсың жазғанынан, Салғанын әркім көрер өз бағынан. Ғайыптың ісіне кім тағар кінә, Жаһанды тарту етті маған мына! Жарылқау – жаратқанның пиғылынан, Хақым жоқ бас тартуға бұйрығынан. Кемеңгер дана болсам халқы ұнатқан, Жазмыштан жұлдызымды жарқыратқан. Көз жұмып, кіргенде әкем мәңгі көрге, Мұра боп патшалығы қалды менде. Білімге бойласам да зеректікпен, Билікті етпеп едім керек тіптен. Құдайдан мен емес ем бақ сұраған, Кенеттен сыйға тартты тақты маған. Ұйғарса нендей шара хақ тағала, Жазылса пешенеңе тоқтала ма?
Халық та зар еңіреп қолқалады, Қоймады көнбесіме зор талабы. Келді аян дауыс беріп ғайыптан да, Қорқақтап таққа отырдым, айып бар ма? Күшімен сол дауыстың көкті жардым, Қап-қара Зәңгібарды соққыға алдым. Білсем де оңдырмасын соғыс, сірә, Қараттым Бартасты да, орысты да. Құшағын қарсылықсыз ашты Фаран, Теңізге дейінгі жер көшті маған. Арттырып жаппар ием қуат-күшті, Көзімше Дара Шах та сұлап түсті. Шығарып шаңын көкке талай жердің, Жаратқан жебемесе, қалай жеңдім? Жүз есе көп дұшпаннан жасқанбадым, Құдайдың құдіретімен асқан бағым. Сорлатып соғыс сайын зар қақтырдым, Төңкеріп көкті жерге шаң қаптырдым. Ырқыма бағынған соң Иран-дағы, Әммеңе Ескендірдің би болғаны. Бас иген Дара Шахқа бодандары, Құлшынар енді маған одан да әрі.
Біреулер мұны күтпей бұлғаңдаса, Қараймын кешіріммен бұған да аса. Ақылмен қимылдасаң жанар бағың, Ақаусыз жүзеге асып бар арманың. Өзіңе мені босқа кектендірме, Тағзым ет, алдыма кел көппен бірге. Орындап әмірімді ұнағайсың, Жығылып аяғыма құлағайсың. Сендерге үйретейін білгенімді, Баспайын беттеріңе міндеріңді. Әлпештеп әз досымдай ардақтайын, Қолыңды еш нәрседен мен қақпайын. Алдыма келгеніңді сол сағатта, Жаяйын салтанатпен шартарапқа. Қырсық пен ара тұрып кесапатқа, Қорғайын ұрындырмай еш апатқа. Алайда қыңыр тартса жүрер жолың, Онда сен тығырыққа тірелгенің. Байқауға келсең егер жай-жапсарды, Кешкенің ардан аттап, тайғақ сазды. Тілегін тәрік қылсаң хақ тағала, Ешқашан босағамнан аттама да.
Келмесең көңіліме алаң кірер, Ініңді не балаңды маған жібер. Сен үшін таудан-тастан тайынбайтын, Түсінер алғыр болсын ойыңды айқын. Үнемі мал-басыңа құт қондырсын, Үстіне дұшпаныңның бұлт төндірсін. Жеткізсе қалауыңды сол да жетер, Арада жүрсін бізге боп дәнекер. Уәдемді екі қылмай орындайын, Етейін керегіңнің бәрін дайын. Шығарсаң шырық бұзып сыртыңа айбын, Жайыңды өзі білер бір құдайың. Көтерсең жаулық туын тасып мүлде, Жолыңнан адасқаның ашық күнде. Әу баста арам болсаң құдай ұрған, Қайтесің, қара құлдан жоқ айырмаң. Қағынып саған кім бар сорла деген, Мысқалдай күтпе рақым онда менен! Ақылым осы саған ой таратар, Қалғанын өкіл өзі айта жатар». Осылай хаттың соңы түйінделді, Хатшыға көшіруге бұйырды енді.
Қалмасаң айтарыңды сәтінде айтып, Жағасың сөнген сөздің отын қайтып. Бос сөздің көрдің бе іске татығанын, Дауасыз дұғасындай тақуаның. Хатты алып, жаушы шауып кетіп жатты, Үміттің ұшқындатып отын жақты. Бейтаныс қиырларға жетті алыс, Сәлемін Ескендірдің етті табыс. Кей жерде бүгілсе де қорқып әркім, Оңынан туды айлары жаушылардың. Кең ойлар келешегін білгір патша, Ерекше көңіл қойды бұл бір хатқа. Керек қой патшаға да жан баққаны, Сый беріп, жаушыларға жалбақтады. Әр сөзін ойларында сақтап ерен, Танытты құрметтерін хатқа деген. Қиқақтап шыдасын ба қағынуға, Ұмтылды ұлтарақ боп жағынуға. Жабыла жанталасты салып барын, Жіберіп тартуларын, салықтарын. Қашанда қаһарлының дүмі күшті, Шахтың кеп аяғына жығылысты. 10-328
Үш елдің әмірі тек қалыс қалды, Басқаға бас ұруға намыстанды. Көрсетер қырын келген елге сыртын, Алпауыт еді олар да бермес ырқын. Қырандай шамырқанып айтты қадап, Кашмирдің Шахы Маллу Ибн Мабақ: «Ескендір әлемді алсын, асқақтасын, Бұза алмас қазынамның тас қақпасын. Құдайым үш нәрседен бағымды ашқан, Келемін ешбір жауға бағынбастан. Бірінші – берік қорған жау жағымда, Тілдескен аспанменен тауларым да. Өзі кеп соқтыққанды сан сорлатқан, Айнала теңізім бар қоршап жатқан. Екінші – шыңдарынан от құлаған, Тауым бар ыстық жалын атқылаған. Аспаннан мың бір пәле төнсін мейлі, Ерлерім маңайға жау келтірмейді. Тышқанға арыстанды кім балайды, Жолбарыс ашу қысса жұлмалайды. Мен қалай Ескендірге таптатамын, Қоғадай әскерімді қаптатамын.
Үшінші – айла асырса алда-жалда, Қолымды тықсырмақ боп тар қамалға. Шегінем құлан жортпас құла дүзге, Қойнауы пана болар мына бізге. Қорған бар қызыл мыстан қабырғасы, Ұясы жын-перінің оның қасы. Қысаңнан тар соқпақ бар қиып салған, Кірген жан шыға алмастай тұйықталған. Қамалға жол аяғы тірейді әлгі, Соғып тұр қара құйын дүлей мәңгі. Байқалмас қалтарысы көрер көзге, Бастарын ұшырамыз кірер кезде. Ғажайып сиқырлы әлем құтырынған, Мекен боп келе жатқан ықылымнан. Есерлер біліп қойсын кеуде қаққан, Аламыз құдіретті күш жел мен оттан. Келгендер өз ажалын күте келер, Аптаптан қаңырығы түтеп өлер. Жел тұрса тағы қырғын басталады, Тажал өрт дүниені бас салады. От жақпай – ал қалайша күн көреді, Көмейін тіршіліктің құм көмеді.
Құрған соң тағдыр билік не қылмайды, Дұшпанға мұннан пана табылмайды». Тік шапшып Маллу өстіп төске өрледі, Рай да үнді Шахы дес бермеді: «Білемін Ескендірдің алғырлығын, Артпақшы мойнымызға тағдыр жүгін. Дараның заманында өзгеше еді, Бір соны жақтаушы еді ел кешегі. Хат жазып жігі-жапар болатұғын, Қиналса, маған қолқа салатұғын. Меселін қайтармаушы ем мен де мына, Екі жыл керек еді жол қамына. Жетерлік қаржы жинап екі жылдай, Әскерді жабдықтадым қапы қылмай. Жеріне уәделескен жеттім барып, Көбейтіп қалың қолын еттім қарық. Амал не, жүзеге аспай бар арманы, Ажалдың шеңгеліне арандады. Үмітін қатты соққы күл ғып езіп, Еріксіз кері қайттық құмды кезіп. Сарбаздар азып-тозды шер қысқандай, Быт-шыт боп мақсаттары желге ұшқандай.
Жорыққа сәтсіз күні аттаныппыз, Қорлыққа тұтылуға шақ қалыппыз. Сүмеңдеп Шахзадалар бейне құлдай, Өзгенің атын мінді мойны қырдай. Тау асып, бетпақ басып, сорға баттым, Ақыры тұғырымды зорға таптым. Ұрысқа әскерімді бастап кіріп, Жоғалттым оннан бірін тас қаптырып. Үйірілді басымызға қаралы күн, Амалын құтылудың табады кім? Жұртының сұрқы осы екен деп ойлама, Патшаға аза тұтпас қалай ғана? Көшпеспін Ескендірдің ыңғайына, Қайтейін, азап батты шымбайыма. Қисынсыз үкіміне қынжыламын, Жабырқап, жігерімді құм қыламын. Қалмаса халқым қажып мұң жұтпас ем, Бұйрығын күйім болса бұлжытпас ем. Патшасы оңала ма ел тарылса, Жөн еді екі-үш жылға берсе мұрса. Егер де зорлық жасап, салса күшке, Әзірмін қарсы шауып қантөгіске.
Аян ғой одан менің шошымасым, Қожаңдап, құдайсынып тасымасын. Ашынған пенде Алладан қымсынар ма, Бір уақыт сыйлағанды білсін ол да!». Доғарды бұл да осылай тақады да, Тартпады тізгін Чиннің Хақаны да: «Ескендір хаты, – деді таңдай қағып, – Қылыштай жарқылдайды, шамдай жанып. Ол өзі нақұрыс па, әумесер ме, Ұмытып кеткен бе әлде тәубесін де? Елім тоқ, күшім мығым, дәулетім бай, Басымды аулақ жүрсін ол қатырмай. Хат жазып мазалардай Шах біткенді, Біз қашан бодан болып тақтық белгі? «Үкімімді орында!» деп түнеріпті, Көшіріп кітап сөзін жіберіпті. Райы бұзылыпты, желігіпті, Жауығып, сыйластықтан жерініпті. «Алдыма Чин Хақаны келсін!» депті, Әдептен асып сонша еркіндепті. Қанатын әлемді алған кеңге керіп, Шәй десіп Дарамен де көрмеп едік.
Жауласып келмеп еді ол бір таяп, Ойнатып төбемізге әңгір таяқ. Дараға Ескендірді балайын-ақ, Әлемнің әміршісі санайын-ақ. Байлығын тұрған жоқ па шайқап әрең, Чин де бір емес пе еді байтақ әлем? Өрескел сөз айтыпты, бала ғой жас, Оңайлық менен жауап ала қоймас! Хатында қыр көрсетіп, болды лақпа, Жеңдірдім сабырыма мен бірақ та. Дарадай танытса егер жұртқа сенім, Мен-дағы оның сөзін жықпас едім. Дандайси берсе егер де қыңыратқып, Жасаса жаман ырым, түбі жаттық. Мен емес, ол ғой көкке күлі ұшатын, Көнбесе, жерін айтсын тұрысатын! Өзі кеп шырық бұзса аянбаймын, Қалаға, қорғанға да таянбаймын. Салам да бар күшімді қан қыламын, Астында қара шаңның қалдырамын!». Үш елші қайта оралып үш тараптан, Тер жауып, тозаң қауып түскен аттан.
Асығыс баян етіп естігенін, Сонан соң тыныс тауып, шешті белін. Артынып өзге Шахтар жетті бірақ, Көңілі Ескендірге қатты құлап. Сарайды думандатты салтанатпен, Жандарын жадыратып бал шараппен. Ескендір қанша ішсе де селт етпеді, Жүрегін жайсыз хабар жентектеді. Ұмытып думан-күлкі, той-нөпірді, Жорыққа шықсам деген ойда отырды. Алайда қар түсуге қалған аз-ақ, Қиын ғой қыс ішінде жолдағы азап. Бекініп келер жазға қарамаққа, Әскерін әкетті Арран, Қарабахқа1. * Шарапшы, қорқынышқа бос қамалма, Құйшы бір лақылдатып тостағанға! Шалқытшы, торықтырмай мұңға қамап, Қайтайын Кашмир, Үнді, Чинді аралап. Уа, жыршы, Үнді әнінің өзіне бас, Алдырсын Кашмир сазы көзіме жас. 1 Арран, Қарабах – Армения мен Әзірбайжанның арасындағы таулы өлке
Тартайын Чин кесесін шүпілдетіп, Тербеші жүрегімді лүпілдетіп. Ей, Науаи, сіміре жұт, мұңайма көп, Дүниеде Маллу, Хақан, Рай да жоқ. Өмірден олар өтті ізім-ғайым, Бұрайын Ескендірге сөз ыңғайын. Қоя тұр Ескендірді, қылмашы ығыр, Қызыр мен Масиханы1 жырлашы бір! Ғашықтардың алау атқан жалынды жүректерін мұз ғып қатыратындай қыстың нышанын байқататын суық желдің сыңайы, ғашықтардың нәзік тыныстарын танытатын аңыз, жандарында лапылдаған жалыны, бейне мәрмәр тастай қатқан мұз, бұрқаған боранның күллі әлемді таптауы және жылдың осы мезгілінде аспан асты ұшқын шашқан күннің алауынан жарқырап кетуі немесе бұйыққан дүниенің күн аруы көктем лебі арқылы күлімдеуі. Өте ме от шарапсыз қысқы думан, Шарап та, жалын да бір ыстық ұрған. Шараптай от лауласа қызу тарап, Жайнаса қызыл шоқтай қызыл шарап. Қаз мойын, шөлмек шіреп ірге жақта, Үйтіліп пісіп тұрса үйрек отта. Үй ішін сәуле гүлдей нұрландырып, Жанардай жымыңдаса тұрған күліп. 1 Масиха – Иса пайғамбардың лақап аты
Үйіріліп көбелектей отты айналған, Ару қыз шарап құйса шоқтай жанған. Жағымды түтін иісі манаурайды, От басы сары алтындай алаулайды. Гауһардай көмір шоғы тез маздайды, Ақықтай құйған шарап көзді арбайды. Көгілдір алау үйді нұрға орайды, Телміріп терезеден түн қарайды. Хош иіс қыр астынан жарып мұрын, Түнгі бұлт мамырлайды алып тыным. Айбарлы аппақ орда асқақтайды, Жауының жүрегіне тастап қайғы. Әуені жыршылардың мың құбылып, Шұлғиды отырғандар құлдық ұрып. Шарапқа қызды деудің мәні болмас, Солардың дидары мен әніне мас. Шер қоздап, мұңлы ырғақты төкті сарнап, Қиялы қиырларға кетті шарлап. Қыстығып, жүрек сыздап, көңіл жүдеп, Еркіне ие болмай егілді кеп. Масайып, елес буып тұрып алар, Алдында айдай ару мың бұралар.
Балқытар ыстық демі тартып жанын, Кеседей шарап толы шалқып жалын. Ордадай ойрандалған қызсыз өмір, Батпайды қарауға да көз сүзе бір. Елесі перизаттың шарап толы, Кесесін кімге ұсынса – азап-соры. Кесені алған адам – мойынса жан, Бағынар қияметке дейін соған. Етсе кім сол бір сәтте жан тәсілім, Ұғынар мәңгіліктің барша сырын. Жоғалса әлгі елесі зым-зия боп, Әр жерге құлайды мас қылжия кеп. Ай батып, таң атпастан қайта оянар, Бір жұтпай жанын байғұс қайда қояр? Думанның шамын қайта маздатады, Шаттықтың шоғын тағы қоздатады. Мөлиер соққандай бір тасқа басын, Ішпей-ақ, көріп соны мас боласың. Маңдайға баса киіп қара бөркін, Созылып жатар сабаз далада еркін. Қойсаң да жүнге тығып – бекер әуре, Жұлдыздай сүйіктісі төгер сәуле.
Бәрібір оған сенің қыс пен жазың, Іздейді сары аязда көктем назын. Ғашығын іздеп келіп өліп-талған, Сазарар оттай болып сөніп қалған. Тартқылап мазалайды құлағынан, Оянса, арбап тағы қылады лаң. Қылығы түн жамылған емес бекер, Өлімін Масиханың елестетер. Жан салып сүйгеніне бүгін түнде, Бергендей Қызыр уәде тірілтуге. Кім ішсе өмір суын сол қуанар, Жаңадан тыныс тауып мәңгі уанар. Ұмытпа, масайсаң да жаның мұңдас, Қашанда халық сөзі жаңылдырмас. Айырылған ғашығынан әлгінде бір, Мас та бір, естен танған Мәжнүн де бір. Көре сап перизатты кетті талып, Дертінен дүниені етті тәрік. Өрт түсті махаббаттан өзегіне, Жұмбағын жан пендесі сезеді ме? Ертесін таң бозынан қаңғырады, Қасірет көкірегін жандырады.
Қар ұрсын, боран соқсын болдырмайды, Өзге бір әсем әлем қол бұлғайды. Жолықсын жоқ қылатын сұрапылға, Келмейді басын ойлап бұл ақылға. Сең жүріп, судың беті құрсанды мұз, Түспейді таспен оны ұрсаң бір із. Күн нұры жылтыр мұзда құбылады, Жұлдыздай мәңгі сөнбес шұғылалы. Жарық қып түнгі аспанды самаладай, Жұлдыздар жыпырлайды баданадай. Ал күндіз күннің көзі сұрғылттанып, Батады өлеусіреп сырғып барып. Сұстанып билеушілер тіреседі, Көк сүңгі мұрттарына сіреседі. Құс байғұс безек қағып ебелектей, Ұмтылар жанған отқа көбелектей. Шалқыған жалын тілі шымшылайды, Ақиқат күйіп-жанып шырқырайды. Аспанда ай бозарып қалтырайды, Дүние мұз жамылып жалтырайды. Әуеде ауыр жүзіп ақша бұлттар, Мұз төгер қойны-қоншын ақтарып бар.
Түстікке қыс патшасы ашты жорық, Шүйілді боран-әскер тас түнеріп. Сөнгендей шамның бәрі түнге сіңіп, Алғандай ызғырық та мүлде өшігіп. Жарық пен жылылықтың мүшкіл халі, Жалынның жанданбаса ұшқындары. От жанар қырғауылдай мың құбылып, Қыс бірақ дүниені тұр қуырып. Ақ сіреу меңіреу әлем алаңдар ма? Оранған жылы тонға адамдар да. Қалың жұрт баса киген тымақтарын, Құл сорлы білмес қайда тұрақтарын. Қарасаң, қысқы дала қар сапырған, Арқаннан аумайды бір тарқатылған. Суықтың зәрі қайтып, сағы сынар, Сарнаған кәрі шалдың жағы тынар. Жәндіктер отқа үймелер тынбай жанған, Секілді шоғыр жұлдыз күнді айналған. Шуақты ел аңсайды аулақтаған, Тұтанып маздағандай лаулап сабан. Аязда хауыз беті тегіс қатқан, Сияқты көрінеді күміс жапқан.
Балықтар мұз астында қам жемейді, Жайынға жем болмайды қан көмейлі. Таптасын Бахман-аяз сан мың қолы, Сірескен былқ етпейді жердің жоны. Топырға толып дала, қырқа-дағы, Ақ түтек аспан асты бұрқанады. Көзіңді аштырмайды қылау батып, Сояудай кірпігіңе қырау қатып. Боласың қорыққандай, тарыққандай, Боранды бір әлемге жолыққандай. Түсердей тіршіліктің бәрі жайрап, Көзіңше сарбаздары салып ойнақ. Қалғандай дүниеден үйің шеттеп, Шықпайсың от басынан үйірсектеп. Жаныңа дыр-думанның сазы ұнайды, Ал сыртта тамұқ-боран азынайды. Хор қызы ұсынады кәусар суын, Сергітіп, үстемелеп жан шалқуын. Балбырап бір жығылып, бір тұрасың, Бас ұрып аяғына құлшынасың. Қорқасың айырылсаң тірі өлгендей, Тамаққа өткір пышақ тірелгендей.
Бақытқа батсаң егер ойлап қара, Көлдетіп көздің жасын, жайдақтама. Не керек жайнап тұрған үйің – жәннат, Жарыңсыз тозақтан да қиын болмақ! Ескен желдің лебінен Ләйлінің жұпардай хош иісін сезген Мәжнүннің күндіз де, түнде де тыным көрмей қыста даланы шарлауы және ғашық жарына бақытты тағдыр қолын беріп, жіптің соңғы түйінін ұстауы, сөйтіп мақсатқа жететініне илануы. Баса алмай сорлы Мәжнүн жан құмарын, Естідім шөл далада қаңғығанын. Бетпақты, тау шатқалын жазы-қысы Кезетін секілді бір түз тағысы. Тамұқтай қақтаса да тандыр-аптап, Жүретін байғұс жігіт сандырақтап. Ыстықта жерге түскен әуе айналып, Көлеңке іздемейтін ол ойланып. Сары аяз қызыл шұнақ сақылдаса, Не шара тағдыр қоймай тақымдаса? Батқан бір меңіреу, мылқау мұңға терең, Үй-күйсіз, үсіп өлсін қылмас елең. Жабысқан ғашықтықтан қайғы-нала, Ентелеп іздегені Ләйлі ғана.
Ләйліден хабар алса шарқ ұрады, Талпынып соған қарай алқынады. Асыққан гүл құшуға таңғы желдей, Дал ұрып, ынтығады жанды үзердей. Аязды бұйым көрмей тұрған қақап, Жеткенше жанталасар жылдам тақап. Ләйлінің аңқығандай гүлжұпары, Бұлбұлдай бақты аңсаған мұң жұтады. Көз байлап бейне қасірет – қараңғылық, Кідірмес шеңгелдесін боран бүріп. Ып-ыстық ынтықтырып жар құшағы, Тарс жұмып екі көзін алға ұшады. Жүгірер тәлтіректеп шалынғанша, Жарының есігіне соғылғанша. Лап қойып ашылса есік жын ұрғандай, Сұлайды сойыл тиіп жығылғандай. Ес жиса, көз алдында тұрар Ләйлі, Шолпаннан таңда туған бір аумайды. Шоқ түссе жаны қалай жай таба алар, Жүрегі ұшқын атып, майша жанар. Бас қояр аяғына, ұрып маңдай, Дүниені екі бірдей ұмытқандай. 11-328
Ләйлі де жаттан қорғап шын ғашығын, Жасырар түкпіріне құжырасының. Өтпейді өкініште өмірі бос, Сүйіскен мұңлықтардың көңілі хош. Құдіретін махаббаттың топшылағын, Ғашықтар жаға алады тек шырағын. Жаратқан, Науаиыңды мұңға көмбе, Адал, пәк махаббаттан қылма кенде! Ескендірдің Арастудан қыстың жай-жапсары мен адамдар дың оны не себептен қалайтынын және қақаған аязы мен ақ қар, көк мұзына қарамастан табиғи түрде соны тілейтінін сұраға ны. Данышпанның күлімдей отырып, ашық жауап беру арқылы білгірлік әлемінің маржанын шашуы. Сұрады шалқар ойлы дана Ескендір: «Ұстазым Масихамен теңескен бір! Ысқырған қаһар төгіп айдаһардай, Адамға зәрлі қыстан пайда қандай? Желдетер, дауылдатар, борандатар, Жолаушы жолда қалған арам қатар. Болғанмен түні ұзақ, қысқа күні, Боранның ұлып тұрар тыстағы үні. Денеңді суық қарып, тас боп қатар, Көзіңнен жас ағызып қоқшақтатар.
Неге осы халық қысқа жалпы құмар, Қандайлық жаздан оның артығы бар? Қыс қысып, бүрістірсе безілдейді, Сонда да адам неге безінбейді?». Айтты ұстаз кенелдіріп мазмұнды ойға: «Септігі білгірліктің аз мұндайда. Шерте алар табиғатты кім маңдайдан, Келеді қыс болмаса ылғал қайдан? Жалындап, жанталасу жастыққа тән, Қиын ғой кейде суып бастықпасаң. Сыртыңнан қысқан сайын қара суық, Ішіңнен қызу қаулар аласұрып. Шаруақор жаздағыдай қысылмайды, Әңгіме-дүкен үшін қыс ыңғайлы. Барлығын керегінің күзде ыңғайлап, Жамбастап жатар үйде қыз-қыз қайнап. Ақ таңнан жауып тұрса қар сабалап, Халайық шыта қоймас онша қабақ. Күйбеңнен арқа босап бір тынығар, Кеңесіп, қауқылдасып, күлкі қуар. Сауықпен, салтанатпен түнді аунатып, Көз ілмес ұзақ таңға думандатып.
Мехнаттан қыс болмаса кім босайды, Шаршаған шаруалар да бір жасайды. Ән шырқап, өлең айтып тоқ басуға, Сораптап шарап тартар от басында. Қисаяр ұйқы жеңіп меңдетсе егер, Тыңайып, қуат жинап сергектенер. Ұйқысыз тіршіліктің жоқ бір күні, Табиғат тарту еткен тәтті ұйқыны. Ұсталар өз үйінің бұрышында, Отырар түні бойы жұмысында. Пенденің дегеніне уақыт көнбей, Ұзақ таң сарсаң қылар атып бермей. Кім, сірә, қол қусырып қарап қалар, Біреулер білім іздеп талаптанар. Түбінде отырып ап шырағының, Тауысып көздің майын, қуады ілім. Майшамды екі ұшынан жақса-дағы, Белгілі таңға дейін жатпағаны. Аз емес қайырымдылар, мейірімділер, Алдымен солар түннің пейілін білер. Жарқылдап көп көзіне түсе бермес, Бетіне адалдықтың тіке келмес.
Тілеумен тек жақсылық оқиғалар, Түнімен дұғаларын оқиды олар. Табады қарауытқан түнен медет, Өмірді одан сайын нұрмен бөлеп. Ертеден қыстың мәні елге әйгілі, Уақыт қой – бізге берген мол байлығы. Міне, осы – қыстың әмән керегі де, Халықтың оны аңсайтын себебі де». Сайып кеп терең ойын кең арнаға: «Бақытың артсын!» – деді кемел дана. Ескендір бүкіл әлемді өзіне қаратып алу мақсатымен жорыққа аттанды. Хорасанға жетіп, Ғиратты салдырды. Мауреннаһр ды бағындыруы, көздің жауын алатын Самарқанды тұрғызуы. Кашмир жаққа қарай бағыт алуы, кашмирліктердің сиқырын тыйып, бейне Мұсадай өзінің қуатты қолын созып, таңғажайып айламен сиқыршылардың қорғанын талқандауы және жеңіліп талқандалған Маллудың өзінің сиқырлы қорғанына қарай бет алуы, ал Ескендірдің Кашмир қаласына дейін баруы. Жалғасып жеңіс жайлы дастан әрі, Былайша жаңа әңгіме басталады: Ескендір қыс сыңайын шамалады, Арран мен Қарабахты сағалады. Әлемді алуды аңсап тыншы кетті, Тажал ой көңілдегі түртіп отты.
Мәслихат құрды жинап дүйім халқын, Аңғартып алдағы істің қиын парқын. Тағдырдың ерді тылсым елесіне, Мінді де тәуекелдің кемесіне. Байсалды, батыл шешім жасап тағы, Әскерін жарақты ғып жасақтады. Жеңсін деп табанға сап түтіп жауын, Тілеуін тіледі оның бүкіл қауым. Жатса да жорық қамы асып бастан, Ойлады ел ісін де асықпастан. Аң аулап, саят құрды тыныққанда, Арастың маңындағы шығып тауға. Өтті де қыс айлары жайбарақат, Шуақты жасыл көктем келді рақат. Жер жүзін майса басып, қаулады көк, Қисапсыз қалың әскер саулады үдеп. Қыстаудан алып шықты әскерін Шах, Ұқсатып желкілдеген шөпке бір сәт. Жұлдызшы бергендей бір бақты жорып, Аттанып сәтті күні ашты жорық. Қадады Сипаханға бірден көзін, Хорасан ар жағында тұр қол созым.
Жолдағы Иранды оңай қаусатпағы, Жүзіктей ойнатады саусақтағы. Сүйсініп Хорасанның ауасына, Бөленді рақаттың дауасына. Өлке еді байтақ жатқан, байлығы асқан, Жайнаған көркінен бір айнымастан. Саф ауа, мөлдіреген аспан қандай, Елтисің жұпарына мас болғандай. Сеңгір тау, кең жазира, ерке бұлақ, Тынығар тұрған жаның өртеніп-ақ. Теңіздей төңкеріліп толқындатқан, Тағы да төрт өзен бар, шалқып жатқан. Бейіштен аққан судай сарқылмайды, Сапырып ақ көбігін сарқылдайды. Біреуі – Хирманд1 оның сусыл қаққан, Жаннаттай жазираны сусындатқан. Қандырып бау-бақшаны, көкорайды, Даласын Забулстан гүлге орайды. Саялы орманының көлемі дәу, Көркіндей патшалықтың көне мынау. 1 Хирманд – Ауғанстандағы өзен
Нимруз1 деп аты шыққан күллі әлемге, Төгеді шапағатын мұндағы елге. Бұл елдің кедейі де Хатамдай2 бар, Рүстемдей төгеді ері қаһарлы айбар. Дарижаз3 – екінші өзен мөңкіп аққан, Маржандай тұнық суы толқын атқан. Іздесең ондай су жоқ еркін шарлап, Жұтатын хор қыздары дерсің шәрбат. Ежелгі Балхқа4 әсем көрік беріп, Жауына қаһар шашар көбіктеніп. Балхты Хушан5 патша әсемдеген, Түп-тұтас астана деп әсерлеген. Таулары көк тіреген бұл өлкеде Брахими Адхам6 тұрған тым ертеде. Әйгілі үшінші өзен – Мұрғаб7 деген, Кәусары таудан құлар тулап төмен. Жазатын жан жарасын, күллі дертті, Суының шипасы бар құдіретті. 1 Нимруз – Забулстанмен қатар жатқан аймақ 2 Хатам – жомарттығымен аты шыққан араб билеушілерінің бірі 3 Дарижаз – Забулстандағы үлкен аңғарлы өзен 4 Балх – Хорасандағы қала 5 Хушан – Пешдадилар әулетінің бірінші билеушісі 6 Брахими Адхам – Балхтық Ибраһим Адхам (VІІІ ғ. өмір сүрген ақын) 7 Мұрғаб – Хорасандағы жер және өзен аты
Қасиетті суды жұрты әспеттейді, Құлпырған Марвтен1 жер әсте өтпейді. Жаннаттай малындырып лағыл нұрға, Орнатқан Тахмурас та2 тағын мұнда. Бұл жерге бақшасына кие қонған, Кейіндеу Санжар сұлтан ие болған. Чахчаран3 – төртінші өзен екпіні ерен, Бас алған шың-құздардан көк тіреген. Шашқан бір құс жолындай ақ тарысын, Ағады ақ айран ғып шатқал ішін. Інжудей малта тасы қолтығында, Жатады жұлдыз ойнап толқынында. Науқасқа шипа суы тыныс болған, Жазылар құлан таза мұны ішкен жан. Шашады жағалауы көктемдей нұр, Қызыр кеп гүл-бәйшешек еккендей бір. Аспаны – алтын шара төңкерілген, Бейіштей саф ауамен көмкерілген. Шөл қысып қаталаса таң сәріден, Әлемді сусындатар кәусарымен. 1 Марв – Хорасандағы сәулетті қала. Қазіргі Мари қаласы 2 Тахмурус – Пешдадилар әулетінің екінші әміршісі 3 Чахчаран – Забулстандағы өзен
Аяғы құмға сіңіп жоғалады, Жер астын кеулеп, үңгіп, жол алады. Ескендір Хорасанның өңірін шолып, Тоқтады төрт өзенге көңілі толып. «Болмас, – деп, – мұнан өткен жәннат мекен!» – Сүйсінді, көңіл құсы самғап төтен. Көз тоймас өлке, өзенді сол араға Салдырды көрікті, әсем жаңа қала. Сұрыптап атаулардың мыңдағанын, «Ғират» деп атын қойды бұл қаланың. Шықса да қала даңқы нұр сипатпен, Көргендер қараса да ілтипатпен, Ескендір тыя ала ма матап көпті, «Ғиратты» халық «Хири» атап кетті. Жас қала бой түзеді өрлеп көкке, Құлпырар қара тас та өрнектетсе! Көгілдір жеті әлемдей шеті көлбеу, Жер беті жеті ықылым – жеті белдеу. Күніндей кең әлемнің орасан бір, Жайнатып өз белдеуін Хорасан тұр. Секілді сұлулықтың мәңгі иесі, Ғират қой Хорасанның жан-жүйесі.
Алтын күн төбесінен шуақ төгіп, Дүниені нұрға орайды қуат беріп. Ешқашан құламасын ойрандалып, Гүлденсін, сәулетіне ел қайран қалып. Қаланы иемденіп көрік болған, Ескендір соқты айнала берік қорған. Аңсаумен жатса-тұрса жорық жолын, Жайқыннан бастап өтті қалың қолын. Көзіне елестетіп жер-жәннатты, Алдында гүлжазира көлбеп жатты. Ортасын қос өзеннің жері жойқын, Ежелден Мауреннаһр елі дейтін. Ол шеті, бұл шетінің ара-шегі – Сегіз жүз шақырымның шамасы еді. Бір өзен шығысында – Сайқын еді, Оңтүстік-батысында Жайқын еді. Жамырап ел ортасын жарып ағар, Арастай он бес өзен тағы да бар. Жағалай арық тартып кенерелі, Қалалар мол ырысқа кенеледі. Заравшан – оның бірі аққан ерек, Жер бетін безендірген баққа бөлеп.
Шәрбаты мейіріңді қандырғандай, Бақытын тіршіліктің жандырғандай. Құлпырып қалалары гүл жайнады, Қарық боп молшылыққа күллі аймағы. Құрдымға сіңіп кетсе Фурат1 барып, Кең өлке қаңсыр еді қурап қалып. Ескендір Иранбаққа кіргендей тап, Ұнатты мына өңірді бірден байқап. Ұқсайды мөлдір Құхақ2 шалқар Нілге, Немесе жәннаттағы салсабілге3. Секілді төсегендей жерге кілем, Мысырдан бұл араны көрмеді кем. Әрқашан халық қамын ерте ойлады, Қала үшін әдемі бір жер сайлады. Құт дарып, қонғаннан соң өзенге бақ, Құхақ деп ел атаған ежелден-ақ. Інжудей қызықтырар титтей тасы, Жібектей үлбірейді көк майсасы. Орны бар табиғатта әр нәрсенің, Құхақтан қандырады нулар шөлін. 1 Фурат – Бағдат қаласын жанап өтетін өзен 2 Құхақ – Заравшан өзенінің көне аты 3 Салсабіл – жәннаттағы арық
Ағады төбені орап сыр жасырмай, Ғашықтың көз жасының тұнбасындай. Сол тұсқа салынды бір жап-жас қала, Кең сарай кедейлерге болмас пана. Қарады кереметке ел аң-таң боп, Ескендір атады оны Самарқан деп. Орнығып болғаннан соң басып ірге, Аттанды қолын бастап Кашмирге. Қақ жарып шөл даланы әскер өтті, Тажал да қорқыта алмас әсте көпті. Шошынып қорыққан соң жандарынан, Қосылды хандар қаптап жан-жағынан. Жол бойын жаулап қамшы білемей-ақ, Тауына Кашмирдің тіреді аяқ. Сұстанып көз тартады айдаладан, Ұштары найза шыңның ай жалаған. Заңғарға көз жіберсең қасындағы, Түседі бөркің жерге басыңдағы. Ұшына сілемінің шыға алмайсың, Өрлесең биігіне құлардайсың. Көрген жоқ менменсінген тұрқы түсіп, Үстінен өте алмайды бүркіт ұшып.
Сол таудың басы биік, қапталы қар, Қақ жарған тап-тар терең шатқалы бар. Қысаңның көлденеңі он метрдей, Ішіне кірген сайын тар көпірдей. Шатқалдың кірер аузы тұйықтаулы, Шегендеп тастағандай биік тауды. Биікте арқалығы сәл ағарып, Көзге әрең шалынады доғаланып. Осы бір құпия тас таңғаларлық, Қақпадай кеуде тосқан жауға барлық. Шойындай сиқырлаған әсте берік, Шыққандай көкке өрлетіп таспен өріп. Он метр биіктіктің үстін ала, Орнатқан екі зәулім мыс мұнара. Қорған да, тосқауыл да емес сондай, Бірақ та күш жеңе алмас оны ешқандай. Құрсаулап дуал үстін сүңгі қойған, Тосыннан салмақ үшін қырғын-ойран. Тұрғызған адам қолы сол дуалды, Соға алмас сиқыршы да енді мәңгі. Ішінде екі мыңдай жатыр кісі, Бар небір арбағышы, ақылдысы.
Құрсанған күзетшілер жалақтайды, Таяуға тірі жанды жанатпайды. Қорғанды көрген адам болады алас, Жүрегі жақындауға дауаламас. Жат біреу аяқ басса солай қарай, Басы ұшар бір шақырым маңайламай. Ат мініп келсін мейлі жылмаң қаққан, Бәрібір құтқармайды құрған қақпан. Әскердің жан өте алмас арасынан, Аумайды бейне қолдың саласынан. Мұндағы болып жатқан тәмам жайды Сарбаздар Ескендірге хабарлайды. Иланып нанбас бірден ол сөздерге, Тартады Арастуды ап дәл сол жерге. Алдыңғы шепке дейін барады да, Жасақтың көз жеткізер хабарына. Деп айтты: «Бізді жындай дуалап ап, Кашмирдің сиқыршысы қуаламақ. Таппаса болмас күштің бір тәсілін, Күмбез бен қақпаларын құртатұғын!». Әскерін кері қарай тайғанатты, Оралып ордасына, ойға батты.
Шатырдың ішін қара көлеңкелеп, Іздеді тылсым жауды жеңер себеп. Тағдырдың төтенше бір тартуындай, Бар еді кеңесшісі жарты мыңдай. Сократ1, Фарфурнус2, Балинас та, Арасту, Арашмидос3, Шаминас4 та, Қылимон5, Валис6, Хурмус7, Платон да – Ұқсайды бас қосқанға, сірә, сонда. Тыншытпас көңіліне кірді де егес, Ғұлама ғалымдармен құрды кеңес. «Кашмирді қалай алсақ? – деп сұрады, – Қандай күш кереметін жоқ қылады?». Орнынан кемеңгерлер қозғалақтап, Жабыла жауап берді, көзге мақтап: «Ұлы әмір, оған қаның қараймасын, Ешқашан асыра алмас жау айласын. 1 Сократ – көне грек философы 2 Фарфурнус – Профир – көне араб оқымыстысы. Сур (Сирия) селосында туған. Грек тілінде логика, тарих жөнінде ғылыми еңбектер жазған 3 Арашмидос (Архимидус) – көне грек математигі 4 Шаминас – Ескендір жорығына қатысқан даналардың бірі 5 Килимон – Филемон, Спартаның хакімі 6 Валис – Фалес Милетский. Біздің ж.с. дейінгі VІ-VІІ ғ. өмір сүрген гректің фило соф ақыны 7 Хурмус – Гермес Трисмечист, біздің ж.с. бұрынғы VІ ғ. өмір сүрген көне грек оқымыстысы
Қамалын талқандауға серт етеміз, Білімнің құдіретін көрсетеміз. Тәңірі талайыңды үстем етсін, Сен барда бізге зорлық істемек кім? Жоямыз жын-шайтанын ербеңдеткен, Етеміз дуалдарын жермен-жексен. Алдамшы, сайқымазақ бірдеңелер, Сандалған сандыраққа кім бөгелер?! Күл қылып білім күші жын-ойнағын, Түсірер естеріне құдайларын. Ойлаумен тағдырыңды таң атырған, Құлыңбыз – ғұламалар мына отырған. Тұңғиық дариядай білімдері, Қауіптің кілтін табар күні ілгері. Сөз емес Платонға не болса да, Кезіксін қандай сиқыр келер шама. Сұңғыла Арасту да сүрінбейді, Жасырсын олар қанша сырын мейлі. Қалған жоқ Кашмирдің күні де ұзақ, Құртамыз залымдарды біріміз-ақ. Қарғалар қарқылдасын шуылдасып, Түк емес типыл қылу үнін басып. 12-328
Саят құр, ой соңында сенделгенше, Табармыз бір амалын сен келгенше. Ұясын ойран етер жын-бақсының, Шешеміз үш тәулікте жұмбақ сырын!». Қияға Шах көңілі ұрды құлаш, Марқайып, даналарға шұлғыды бас. «Осыны жұмылыңдар тез жасауға, Тоқталсын, – деді, – барлық өзге шаруа!». Ғалымдар мойнына алып қиын істі, Тәңірге Шахты оңда деп сыйынысты. Ақ жүзін құбылаға Шах та бұрып, Тілек қып, дұға оқыды ақтарылып. Бастады данышпандар хикметті, Балқытты көк темірді бүркіп отты. Таңдалып керек заттар бұл жұмысқа, Жасалды ең алғашқы үлгі-нұсқа. Сынапты қосып мырыш, қалайыға, Келтірді доп-домалақ нобайына. Жұлдыздай жеке тұрған оңашада, Жарқырар қай жағынан қараса да. Ішіне толтырылды не керемет, Атқылап жау ордасын төбелемек.
Қызықтап көрген жерде ел ынтыққан, Айнымас күлдіргі бір ойыншықтан. Сұсымен сескендірер илеген доп, Бауы да шырмауықтай ирелеңдеп. Тұрғанын неге бастап кім біледі? Әйтеуір кәміл мұның бүлдірері. Бауына от тигізсе шашады ұшқын, Лапылдап қызыл алау басады үстін. Көздеген межеге атып түсірді оны, Жарылды сұрапылы ішіндегі. Ұшқанда құйрықты шар көкті жарып, Ойқастап ойран салды өрт шығарып. Аударып астан-кестен түскен маңын, Бұрқ етті керемет бір күш пен жалын. Быт-шыт боп, үн шығарып ыңырсыған, Иісі қолқа қабар қоңырсыған. Сиқырды даусымен-ақ буып тастар, Ұшырып жау зәресін, бүлік бастар. Зауалын зұлымдардың тақалдырды, Қап-қара түтінге ыстап қақалдырды. Иістен сиқыршылар түсті баудай, Жаңылды естерінен күш қыла алмай.
Құшқан соң кеселділер қайғы-өлімді, Аспаннан мұңға шомған ай көрінді. Даналар адам сенбес істі аяқтап, Ай нұрын қызықтасты сүттей аппақ. Бәрі кеп Ескендірге тағзым етті, Қисынын келтіруге тағдыр епті. Білімнің баян етіп құт-ұясын, Тылсымның жайып салды құпиясын. Айтуға Шах мерейін тіл жетпеді, Ардақтап асылдарды құрметтеді. «Таптыңдар дер кезінде, арыстарым, Ғажайып, – деді, – мынау, табыстарың!». Деді олар: «Сөзің өмір сыйлығындай, Жарлығың – бізге тәңір бұйрығындай». Шах жетті әскеріне жарқын жүзді, Шуласып, дүрлігісіп, қарқын қызды. Әкімдер атқа қонып лап қойысты, Мұхиттай қосын қала жаққа ойысты. Ескендір ең алдында ұрандайды, Соңында шексіз шеру тұмандайды. Келеді ғалымдар да оқымысты, Сүйретіп қаруларын қорқынышты.
Құпия сұмдық қару арба үстінде, Сияқты сыр алдырмас мәңгі ешкімге. Дәріні тұтатқанда гуледі аспан, Халықты демегендей мүлде сасқан. Қалың қол қаһары жоқ күш ала ма, Гүрс етіп тиді барып нысанаға. Ысқырып жай отының айдаһары, Қоңырсып, үрейді алып, жайратады. Алапат ортасында қала қалды, Қалың өрт қаптай орап қамап алды. Зар қағып сиқыршылар жалынды әлден, Түтіннен тыныстары тарылды әбден. Килікті абыр-сабыр дүрбелеңге, Тіршілік тар көрінді түрмеден де. Тал қармап, шыбын жанға қам қылмаққа, Жосылды астанаға – Маллу Шахқа. Негрдей қап-қара боп реңдері, Соншалық қашып кеткен сүреңдері. Шаттанып шыққан еді дүрмектеліп, Оралды масқара боп күлбеттеніп. Ұзақтай шулап еді алдағы айда, Жымықты қарқ ете алмай қарғадай да.
Күл-талқан болды, міне, жау да мығым, Титтей тас үркіткендей қарғаны мың. Парықтап, сабыр сақтап, ден қоймады, Сиқырдың әсерінен деп ойлады. Құралын үрімдіктің мұнша күшті, Зар илеп Маллуға айтып, мұң шағысты. Шығарып естен Маллу қамсыздығын, Сезінді Ескендірден әлсіздігін. Басынан бағы тайып түнерген ер, Таппады сасқанынан кірерге жер. Байқаса қараң екен мұның күні, Еш сиқыр жеңбейді екен білімдіні. Жарағы, барлық жиған-тергені де, Түсерін ұқты жаудың шеңгеліне. Халайық қателігін басты бетке, Тұтылар бағынбаса тақсіретке. Күйініп өзін-өзі табалады, Халқын да уайым-қайғы қамалады. Адамның көзін түбі пайда жояр, Байлықты шіріп жатқан қайда қояр? Қайран күн алыстады көз ұшындай, Өзінің қаласына өзі сыймай.
Есепсіз қазынасын, мол астығын Тасытты жолыменен жер астының. Көрінеу көзің қиып шашу қиын, Бірінен-бірі өтетін асыл бұйым. Қазына түскен еді сан жорықтан, Осынша уайым салып, жанды арытқан. Қаншама алтын-күміс лықа толған, Жалпыға жоқ еді бір шықа тамған. Жете алмас есебіне қымбат заттың, Үйілген құлқыны үшін бір мақсаттың. Кешегі жиған байлық мұралыққа, Жем болып кете барды бір алыпқа. Күшейіп отыр еді құтырынып, Бәрінен жұрдай болды сыпырылып. Тығылды Қаратауға шырылдай кеп, Қарғаның үстіндегі шыбындай боп. Ескендір – Дара Шахтың мұрагері, Жам1 – оның қайратының куәгері. Атқылап от қарумен шашқан жалын, Жауының талқандады тас қорғанын. «Тәуекел, қолдар өзі пәруадігер, Қорғанға кірейік!» – деп тепсінді жер. 1 Жам – Жамшид. Аңызға айналған Иран шахы
Даналар бірақ оған жібермеді, Ашуды ақылменен шідерледі. Десті олар: «Бүгін ұрыс бастамайық, Ертеңге дейін тосып, баспалайық. Ондағы сейілген жоқ қара мұнар, Адамға тигізетін залалы бар». Арылып ақ аспаны ала бұлттан, Жайланды Шах көңілі алабұртқан. Оралып ордасына сауық құрды, Талайдың дертті жанын сауықтырды. Жинап ап жайсаңдарын кемел нұрлы, Сыйлық пен сияпатқа кенелдірді. Марқайтты, масайратты көтермелеп, Қараша хан мейірін етер медет. Ескендір жауына атқан қызыл доптай, Жалындап күн де батты қызулы оттай. Рақатқа бөленгендер шат-шадыман, Шаралап зәмзәм ішті Шах қолынан. Желпіді бақыт лебі төңіректі, Қоштасып, тыныстауға бәрі кетті. Қанғандар сусынына шат күлкінің, Тербелді құшағында тәтті ұйқының.
Секілді Ескендірдің отты шары, Күн шықты. Жарқырады көк құшағы. Күндей боп Ескендір де нұр жайнады, Сүйсініп сипатына тұрды аймағы. Алдына әскерінің шауып шықты, Рүстемдей піл тұрпатты алып, мықты. Қалың қол жер жаңғыртып атқа мінді, Қорғанға тасқын судай ақтарылды. Құйылды тау ішіне тыныстамай, Шұбырған илеуіне құмырсқадай. Бір кезде құйындатып қопаң қаққан, Көрінді жалғыз қара шаһар жақтан. Жаушы екен. Тағзым етті тақсырға ол да: Бір қолда – қала кілті, хат – бір қолда. Паш етіп кигендерін құлдық тәжін, Жазыпты қала халқы мұң-мұқтажын. «Маллудың табанында иленіп ек, Азаптан көз ашпастай күйге еніп ек! Салмағын қасіреттің иыққа арттық, Қорланып құлдан бетер, күйік тарттық. Жаныңа құдай қуат берсін ұдай, Жоғалды сенен шошып ол сұмырай.
Құтқардың қиянаттан, қияпаттан, Қидалап желкемізді қия шапқан. Ұлы Шах, өзіңде енді мәңгі ырқымыз, Жолыңа құрбан жан мен мал-мүлкіміз. Құлдықпыз әміріңе ақиқатты, Ынтықпыз дидарыңа күн сипатты. Құп көрсең, жамиғатқа жар саламыз, Алдыңнан бүкіл қауым қарсы аламыз!». Ескендір жаздырды хат сақтап әдеп: «Қарсы алып, болмаңыздар босқа әлек. Бекерге шашылғанша шығындалып, Тілеңдер тілеуімді тілімді алып. Боспаңдар үрейленіп, күн бұлтынан, Сейілер бастарыңнан бұлдыр тұман!». Оқылып хаттың сөзі болмай жатып, Қалаға кірді Ескендір қол жайнатып. Танытпай салтанатын тұра ала ма, Салдырған Маллу сарай бұл араға. Шырақтай сәуле шашып ойнаған нұр, Сарайдың айналасы жайнаған гүл. Қоршалған дуалменен тау жақтағы, Атаған бұл гүлзарды «Жәннат бағы».
Көз жауын алып мынау оңаша бақ, Таңданды кірген әскер тамашалап. Маңайға хабар кетті желдей тарап, Қызықтан қалған ба әсте ел бейтарап. Әкімдер Шах ойының сезді астарын, Қуанды олжа көріп өз бастарын. Шах үшін дұға оқысты жабыла жұрт, Үндері тұрды естіліп ауық-ауық. Түсіртпей қиянаттың көлеңкесін, Көтеріп тастады Шах ел еңсесін. Берді әмір тартпасын деп халық зардап, Пысықтар пайдакүнем жанын жалдап. Біреуді кім зарлатса малша қорлап, Өзінің қылша мойны талша болмақ. Темірдей тыйым салды әскеріне, Батырмақ емес тізе жас-кәріге. Мойнына оңай ма елдің бұйрықты арту, Жан-жақтан келіп жатты сыйлық-тарту. Орнатты тыныш тірлік дархан патша, Жолында алмады ешкім дархам жатса. Ескендір бал шарапқа жүзіп тағы, Жиһазын Кашмирдің қызықтады.
Ат көпір алып жатқан оң мен солды, Тартуды небір қымбат көзбен шолды. Толтырып тостағанды, сырлы аяқты, Көл-көсір шырын-шарап судай ақты. Маллудың қазынасының кілтшісі, Келді енді Ескендірге құрып мысы. Басады жалпағынан кім жалғанды, Кеткенде Маллу қашып, бұл қалған-ды. Табыстап өз қолымен кілттерді, Сый тартып, сияпат қып үміттенді. Қазына көрген көзді алды үйіріп, Лағылдың өзі таудай қалды үйіліп. Шараппен шалқу ләзім осындайда, Құр қалсаң, дертіңе дерт қосылмай ма?! Сөз болып жазу сыры шарадағы, Арқауын әңгіменің саралады: Жамшид Шах алған кезде жарты әлемді, Қырғындап, қалтыратқан қаншама елді. Жинап ап даналарды ойдан-қырдан, Екі ауыз қос шараға сөз жаздырған. Атапты «ақыл», «ләззат» шарасы деп, Бақытты – ұстағандар шамасы кеп.
Ақылың асса ғана даңқың асар, Өздерің түптеп ойлап, талқыға сал. Әлемді білімпаздар қолда ойнатар, Әлдилеп тіршілікті, жан жайнатар. Келсе де уын бойға таратқысы, Оларға жетпесе екен шарап күші! Жарқылдап қанша ішсе де жайраңдасын, Аяғы ренішке айналмасын. Сүрініп құламасын тәлтіректеп, Тік жүрсін өзіне-өзі ол тірек боп. Шарада шарап шалқып толқымаса, Соқпайды сауыққа да зауқың аса. Зияны пайдасынан болып басым, Шараптан әлем бірақ зорықпасын. Толтыра құйды шарап Ескендірге, Көңілді отырсын деп көппен бірге. Қысаған жан жоқ ешбір оны ішуге, Жайнады тотықұстай топ ішінде. Серпіліп, тулағандай қан бойдағы, Ойынан арылды бір қай-қайдағы.
- * Уа, достым, тұнық шарап толтыра құй! Түлесін жұрттың жаны, толқып ән-күй. Қызуын тұла бойға таратқан кіл, Тартпасын пенде зардап шараптан бұл. Сазындай Кашмирдің жан тербетер, Шырқатып сұлу әнді берсең, жетер! Әніңді үзбеші бір мен тынғанша, Шарада соңғы тамшы сарқылғанша! Ей, Науаи, сол шараға үйір болма, Түсірер харам-шарап қиын жолға. Ішерсің ұсынса тек ару ғана, Дертіңе сонда болар дәру-дауа! Екі дос туралы хикая, оның біреуінің көп сапар шегуінің арқасында аспан қожасы күн секілді ірі патша болуы. Екіншісі аяқ астында бопыр боп қопсыған тозаң секілді орнынан қоз ғалмайтын, жерге жабысып жататын. Ол бейне қиыршық құм құсап жерден бас көтермейтін еді, ақырында жоғары дәрежеге қалай қолы жеткені. Екі дос Хорасанда тірлік кешкен, Өтіпті бір-бірінен сыр бүкпестен. Кедейлік байғұстарды жүрелетті, Ауыр күн аш-жалаңаш, жүдеу етті.
Тағдырдан қорықпай бірі қаһар төккен, Аралап алыс елді сапар шеккен. Көндігіп жоқшылыққа илеп алған, Біреуі күйбеңдеумен үйде қалған. Кедейлер жұрт көзінен тайсақтайды, Қорлау мен мазағынан қайсақтайды. Асыл тас аздығымен ардақталар, Су моншақ көп болғанмен қор боп қалар. Сезініп сайран өмір, еркіндікті, Сапарға шыққанына серпін бітті. Қызық пен кәсіп қуды жанды аямай, Желгізді дүние, шіркін, желмаядай. Юннанға1 жетті жықпай көңіл туын, Тапқандай масайрады өмір суын. Жинады құтты жерден жанына нұр, Кіргендей даналықтың бағына бір. Кемеңгер ұстаз тауып, алды білім, Сол жолда сарп етіп бар ғұмырын. Тыңдаумен даналардың насихатын, Ғаламның ашты іліммен не сипатын. 1 Юннан – Греция ертеде осылай аталған
Білімпаз болғың келсе – аянбай бақ, Көңілі хас наданның оянбайды-ақ. Тәңірі сыйлаған соң ынта, жігер, Атанды нағыз ойшыл, шын дәрігер. Көп көрген кемелдіктен сая таппақ, Әлемді шықпақ болды саяхаттап. Жағалап Үнді еліне барған екен, Шахының көзі көрмей қалған екен. Халқына жар салыпты мынадайлық: «Көзімді емдесе егер шырадай ғып, Қызымды соған берем, болса да кім, Сонікі шалқар байлық, барша малым. Өзімнен туған ұлдан кем көрмеймін, Өмірде ешкімді оған теңгермеймін!». Қарашы, жаратқанның қостағанын, Жайнатты барды да оның қос жанарын. Шах қызын берді, тоқтап уәдесінде, Өткерді ұлан-асыр кәдесін де. Кім мәңгі дүниеде тұра бермек, Патшаның қалды артында мұрагер боп. Манағы жарлы досы білді кенет, Мұның Шах болғандығын Үндіге кеп.
Үміт пен күдік қатар кернеп ішін, Аттанды досын көзбен көрмек үшін. Тұрақсыз тұлдыр қайда тоқтай алмақ, Қалаға досы отырған жетті аяңдап. Кедейді анау ханнан бетер күтіп, Өзіне уәзір сайлап, көтерді тік. Үйінен ұзамаса пақыр байғұс, Жоқшылық тұра ма әсте батырмай тіс? Сайланып шығып еді алыс жолға, Қайралып мінді жігер, намысқа ол да. Рухы тасып туған алғашқысы, Даңқы асып, болды дана ел басшысы. Түсірмей мақсаттыны тұзаққа тар, Шеккенде, тәңірі жар бол, ұзақ сапар! ҒИБРАТ Ескендірдің Арастудан: «Данышпандар не себептен ылғи да алыс жолға шығып, сапар шегуге кеңес береді?» – деп сұрағаны. Данаға сауал қойды Шах мынадай: «Ұстазым, шалқар ойлы ақ тұмадай! Үйінде жатқан ұйқы қандырады, Сапарға шықан шаршап, шалдығады. 13-328
Дерт жамар жол қатері бар емес пе, Дәрігерлер неге үнемі салады еске?». Данаға болған еді бұ да – бір сын, Ол айтты: «Ғазиз досым, ұлы әміршім! Сорлатса жанарыңнан жас тамдырып, Дейсің ғой керегі не бос қаңғырып? Сапарды серуен деп ойлаймысың? Тартпайды ел еріккеннен жол қайғысын. Көңілің кейде шалқып, кейде тынар, Байқасаң әр бейнеттің зейнеті бар. Шикіні ауызға алып, татқан ба адам, Астында қазан жетім от жанбаған. Балқыған от ішінде сары алтынға, Төнбейтін тірі пенде табарсың ба? Ауыр ғой шөлдегі жол тозақтан да, Аптапта қаңсығаннан азап бар ма? Көрмесең мехнат тартып, талқы не бір, Таптырмас сен көксеген алтын өмір. Ғұмырды саф алтындай шалмайды кір, Қақтасын азап-аптап – жанбайды бір. Сапарда сілкінбесе әркім солай, Тазармас көкейдегі алтын сарай.
Өжет жан осынау бір сыннан өткен, Арылар күдікті ойдан мұңға бөккен. Ұзарып тартқан сайын жолың алыс, Құйылар қуат қаулап, жаныңа күш. Бұйығып жата берсең басың қатар, Қозғалсаң денең ширап, асың батар. Сәт сайын қимылдаған пайда табар – Тағамың тоя жеген бойға тарар. Ауаны жаңартпасаң жүнжір жаның, Жабығып, жігеріңді құм қылғаның. Сыры мол саяхаттың ұққан жанға, Құр аттай ойнақтайсың шықсаң жолға. Жазылса жүйкеңдегі құрыс-тырыс, Аласың кең көсіліп, дұрыс тыныс. Алайда артық жатыс денеңді езер, Сергектік үрке қашып, сенен безер. Осылай жан әлемің мың құбылар, Секілді бораннан соң күн жылынар. Ергенде сайран-сапар жетегіне, Саф ауа, мөлдір суға жетеді не? Асылы табиғаттың – су мен ауа, Таппайсың екеуінсіз мүлде дауа.
Кеңейіп көкірегің соларменен, Бөленіп рақатқа, толар денең. Болмасаң рухың күшті, дию-мықты, Сапарда жеңе алмайсың қиындықты. Міне, осы ақылмандық асыл шындық, Құлақ қой емшіге де, басың шұлғып». Жеткендей масаттанды мақсатқа мың, Жауапқа көңілі толып жас патшаның. Ескендір жорықпен Кашмирге жеткен кезде, Маллу желдің көмегімен өзінің тылсым қорғанынан отты ұрлап алып, Кашмирден кетуі және бұл уалаятты (аймақты) өлі дүниеге айналдыруы, тіршілік тынысын тоқтатып, денеден жанның белгісін сездірмеуі. Бұл тылсымның сырын Платонның ашуы және желдің жасырын сыры арқылы Маллудың өмірін күйретуі, оның тіршілігіндегі қырманға ұшқын мен алау отын шашуы. Ал Ескендірдің Маллудың орнына Фируз билігінің шамшырағын жағуы. Кемелдер сонау көне кезді аңғарған, Жырлады Ескендірді сөзбен маржан. Қоярын білмей қайда шыбын жанын, Маллудың баяндайды тығылғанын. Тартып ап тәж бен тағын табанға сап, Ескендір қылды оны тар заманға тап. Зорлық пен зомбылықтың өртін басты, Келді деп әділ патша ел шуласты.
Жалпақ жұрт жарлығынан шет кетпеді, Сенгендей тәңіріге етпеттеді. Дұшпанын құртпай қалай тыныш таппақ, Маллуды сұрастырды суыртпақтап. Айтысты қашқандығын көзі алақтап, Қорғанға бекінгенін быжалақтап: «Жинап ап жәдігөйін, зұлымдарын, Қайнатып отыр, – десті, – зығырданын». Сұмдықтың жаушылары сырын ашып, Қуанды бақытты Шах нұры тасып. Сиқырлы суретінің қатері көп, Білмесе алдын ала кетер үдеп. Бағынып жүрегінің әміріне, Шақырды ұстаздарын тағы, міне. Деп айтты: «Кашмир жері жайнап тұр-ау, Аптабы өртемесе қайнап мынау. Жібектей қоңыр салқын самал ессе, Пейіштің рақатын салады еске. Самалы желпімесе қурап қалар, Айналып ақ тақырға гүл-бақшалар. Ыстықта жерге түсер әуе айналып, Сезбейсің кеткеніңді қалай жанып.
Неғайбыл қапырыққа кім шыдары, Аузына тілі сыймай тұншығады. Аптап пен аңызаққа ерік берсе, Тозаққа айналады көрікті өлке. Жандырар жазираны тымырсық күн, Таппасақ бір амалын бұ қырсықтың. Егер де табылмаса айла-шара, Тұрмаймыз бұл араға байласа да. Әйтсе де тәуекелден қол үзбейік, Тылсымға тура тартар жол іздейік!». Ойланып білімпаздар деді былай: «Әрқашан болсын Шахтың көңілі жай... Құпия біз ашпайтын бар ма, сірә? Маллуды түсіреміз тәубасына! Төнсе де сескенбесін не сұрапыл, Дегенін болдырамыз, қосып ақыл. Он күндей мұрсат берсе қиын іске, Жалғанда қалдырмаспыз күйінішке». Шах айтты: «Он күн деген неткен жөнсіз, Ел қалай күн көреді от пен желсіз?». Батқанын көріп Шахтың тосын ойға, Платон сөз бастады осы жайда:
«Бақытты әлем Шахы мұңаймасын, Тезірек таппады деп бір айласын! Байыптап, бағдарлайын мұның жайын, Үш күнде келтірермін бір ыңғайын». Байқатып көңілге тоқ сырдың ізін, Данышпан Ескендірге бұрды жүзін. Сол мезет қас қылғандай жел де тынды, Тамұққа тап болғандай ел де опынды. Қапырық тіршілікті бүркеп тегі, От сөніп, жалын тілі жылт етпеді. Аспаздар жүгірісті зар еңіреп: «Кез қылдың, тағдыр, қандай бәлені? – деп. – Апаттың келді адамға оқыс күні, Сап болды таң сәріден от ұшқыны. Ошақты жаға алмаймыз. Ол несі екен? Әйтеуір көкейдегі от сөнбесе екен! Күн ұзақ темір шақпақ тыншымады, Амал не, от орнына су шығады. Азап қой ас әзірлеу мына бізге, Айыпқа бұйырмаңдар, күнәміз не?». От ғайып. Білінбеді жел нышаны, Тарылтып тынысыңды, шөл қысады.
Ұшпады күндіз түтін мұржалардан, Бір шырақ көрінбеді түнде жанған. Қап-қара құбыжықтай түн қапырық, Түбіне әкетердей шым батырып. Адамды азап пенен мұң қажады, Солғындап, жадау тартты нұрлы ажары. Шығар жол шырғалаңнан таппай қалып, Үш күнде қирап түсті жаппай халық. Қауіптен шошынып Шах мына төнген, Тағы да ақылдасты Платонмен. «Уа, дана, үшінші күн толды, – деді, – Бір қайран жасамасаң ел жүдеді. Осылай тұра берсе күйіп аспан, Өлмей ме бейшаралар күйі қашқан?». Ол айтты: «Түк бітпейді сасқанмен де, Түссе де төзім керек аспан жерге. Күн батпай таусылмасын шыдамыңыз, Мақсаттан ертең анық шығарымыз!». Мұны естіп Шах көңілі дамылдады, Тарасты өзгелер де маңындағы. Әр істің әуелі – анық, арты – күдік, Сеністі білімпазға артып үміт.
Кітабын Жамасптың қонған кие, Ашқанда дана оқыды сөзді әулие: «Күттірген талай ғасыр уағы жетті, Ескендір болады әлем бағы, – депті. – Билігін жер жүзіне жүргізеді, Әскерін Кашмирге де кіргізеді. Қашады Кашмир Шахы зымыстанға, Ұрлатып жел мен отты жын-мыстанға. Құтылмас бірақ мейлі бұлқынсын мың, Ғалымдар сырын ашар бұл тылсымның. Ғаламат құдіретімен болған мағлұм, Ішінде құпия үй сол қорғанның. Апаттың жолын кесіп ойрандамақ, Есірген желді сонда қойған қамап. Азынап ерте кезде өкіретін, Күйісін халайықтың кетіретін. Айласын өнерпаздар тағы асырған, Дауылды мәңгі ұйықтатып аласұрған. Небәрі бір терезе – осы жұмбақ, Әлгі үйдің бүйірінде Кашмир жақ. Осыдан ұмтылар жел сыртқа қарай, Тапқызып жанға сая жұртқа талай.
Жабылса кенет самал терезесі, Тұншығып, кебер елдің кенезесі. Қорғанның іргесінде бар құдығы, Жын-ойнақ мекен қылмақ мәңгі мұны. Құдықтың аузы тап-тар дәп оймақтай, Түп жағы ат шаптырым кең аймақтай. Қорғанда құдықтағы жарып түнек, Кезінен Каюмарс1 жанып тұр от. Әйгілеп тәңірінің ғажап ісін, Сол отты күзетуде қола мүсін. Теңселіп әрлі-берлі тірі жандай, Ыстық дем шығарады тыным алмай. Тұлыптың аузын бағып жел кернеген, Қалт етпей қарауда әлгі ербеңдеген. Қозғалтар тұлыпты хақ еркіменен, Тынысы шарпиды әлей өртіменен. Шыңыраудан түтін көкке қалықтайды, Ұшқындап, жалын атып, шалықтайды. Аспандап алау бұлтты бұлаулайды, Шоқтанып шыққан күннен бір аумайды. 1 Каюмарс – ертедегі Иран мифологиясындағы бірінші адам және бірінші билеуші
Баспай ма әлемді онсыз қара түнек, Адамзат содан ғана алатын от. Қандайлық балқытады тасты ерітіп, Қызуы көрген емес әсте бітіп. Құдықтың жолай алмас маңына ешкім, Аузынан лапылдайды жалын-ұшқын. Қақпағын жаба қойса біреу егер, Ғайып боп қас қағымда жүре берер. Ақ жалын көзден таяр сол заматта-ақ, Қолма-қол батқан күндей таудан аттап. Ескендір Кашмирге басқанда аяқ, Патшасы отты құртар жасқанбай-ақ. Даналар бас қатырар амал іздеп, Босатып отты қалай аламыз деп? Бар онда Платон да асқан ғалым, Қолына түсер ме екен қашқан залым? Жер асты жолын болмас таппасына, Шатырын тігіп алсын тап қасына. Жатса да жер астында жау аптығып, Он жеті қадам бассын санап тұрып. Байқасын айналасын әрі бармай, Шеше алмас құпиясын шолып алмай.
Көреді қос қақпақты қабырғадан, Бірінде – от, бірінде – жел дамылдаған. Қақпақты қатты итерсе бір қанатқа, Жабылған жол ашылар жел мен отқа. Тылсым күш мінген сәтте ашуға ерек, Кідірмей сыртқа қарай қашу керек. Жел мен от күш кернеген бермес ырық, Зіркілдер жіберердей жер көшіріп. От-құйын көкке шапшып, құтырынып, Шаншылар бағанадай ытырынып. Төндірер сөйтіп дауыл халыққа апат, Қорғанды күйретердей жарып, тапап. Құлатар ғимаратты әуелеген, Типыл ғып бау-бақшаны мәуелеген. Соққан соң дүлей қырсық күрт қағынып, Сенделер күндіз-түні жұрт сабылып. Құдықтан ұшқан алау тоқтамайды, Қаланы лапылдаған отқа орайды. Қуалап қорған ішін мына жалын, Ұшы да ұшқындайды мұнараның. Айналып қызыл шоққа тас жанады, Адамдар шыжғырылып қақталады.
Үстінен аударса кім қақпақ тасты, Жатпасын жер астында сақтап басты. Жалын мен желдің қалса үні тынып, Қорған да құлап түсер үгітіліп. Сол сәтте әлгі қайта саспай кіріп, Бекітсін қос тесікті тастай қылып. От пен жел сонда ғана тынышталар, Сарсаңға түскен халық тыныс табар. Қайтадан самал есіп салқын ерен, От шалқып жана бастар қалпыменен». Платон құпияның тауып кілтін, Түрердей тұрды орнынан қауіп бұлтын. Тау-тасты сүзіп шықты ол аралап, Жобаны қағаздан да қадағалап. Жасырған шатқалдағы тас түбіне, Жер асты жолдың аузын тапты, міне. Көшіріп Шах пен елді тауды асыра, Құдықтың шатыр тікті дәл қасына. Күндері бастан тайып қуанышты, Сиқыршы бәлелердің зуаны ұшты. Платон алдағы істің ойлап қамын, Асықты Шахқа айтуға жай-жапсарын.
Баяндап не білгенін Шахқа түгел, Ұқтырды бел байлаған мақсатын ол. Ескендір қайран қалып ғаламатқа, Жаудырды мың алғысын дана қартқа: «Ұстазым, – деді, – адамзат кемеңгері, Не істеп, қуантпақсың немен мені?». Сөйледі сиынып ап ұлы дана: «Жебеушім, бөлеген нұр-шұғылаға! Болжамым келді менің бұлжымастан, Қолдасын тәңір енді бізді бастан. Мерейің жан біткеннен бүгін үстем, Болмайды айналыспай шұғыл іспен. Асқақтап атақ-даңқың, хақ қолдайды, Жаһанда сенен кенен Шах болмайды. Шешуге жұмбақ сырды келді шамам, Талқандау қажет сұмды енді саған. Бекілген жылжымастай тас боп қатты, Ашасың өз қолыңмен қос қақпақты. Әлемнің сенсіз таңы атқан қашан, Жарамас бұл істі өзің атқармасаң! Тесікті жапсаң барып өзің тағы, Ұмытпас адамзаттың әз ұрпағы!».
Кеңесін кемеңгердің арқаланып, Шалқыды Шах көңілі марқаланып. Ұстазы жамандыққа бермес мұны, Түн болып, қаптаса да сел көшкіні. Сүрлеумен қараңғыда жол шамалап, Құпияға тартты екеуі тау сағалап. Платон кеткен еді тастап белгі, Сол жерге жаңылмастан бастап келді. Аттарын қалдырды да тысқа байлап, Жер асты түнегіне түсті абайлап. Ғұлама байқап еді сәл адымдап, Қос қақпақ жайнап жатыр табанында-ақ. Көрсетіп, деді Шахқа: «Қапы кетпе, Кешіксек, ұрынамыз қасіретке!». Ескендір қайраттанды қабыл ойлап, Сиынып, жалбарынып, уа, құдайлап! Пергілеп қақпақтарды айқара ашты, Жалма-жан сыртқа сосын қайта қашты. Екеуі бұқпантайлап тұрды күтіп, Қорғанға анадайдан көз жүгіртіп. Сөйткенше өрт бұрқ етті аспанға өрлеп, Жан-жаққа от ұшқынын шашқан көлбеп.
Артынша жалмап-жұтар жел бұрқырап, Алапат араласты ел шырқырап. Жер таппай жан сауғалар басы қаңғып, Дүрлікті азан-қазан шошыған жұрт. Төбеден жалын құсып, тас сауламақ, Екеуі зытты дереу бас сауғалап. Көрді де төніп келген зор апатты, Еріксіз жер астынан пана тапты. Дүмпуін жел мен оттың байқап алып, Тарс жапты қақпақтарын қайта барып. Өкінбес нартәуекел еткен ғана, Дін аман қайта шықты Шах пен дана. Жеткендей қуанысып баққа тәмам, Жөнеді әскерлері жаққа таман. Сол мезет айғай-сүрең шалынды бір, Қуысты күңірентіп, салып дүбір. От түсіп қорған іші лаулап жанып, Атылды жанартаудай жерді аударып. Сапырып көк аспанды, жел долданып, Қаңбақтай ұшты адамдар елбең қағып. Апаттан мына сұмдық салған қырып, Шықты аман аз ғана топ таңдандырып.
Тобырдың арасында қалған мұнда, Ұлы мен қызын ерткен бар Маллу да. Өртеніп киімдері алба-жұлба, Келеді жүгірісіп жан қамында.
Кейбірі от ішінде жап-жалаңаш, Секілді алаулайды жанған ағаш. Патшаның нөкерлері көре сала-ақ, Бұларды өрттен алды арашалап. Еттері қатты күйген қаншасының, Емдеуге келмей, етті жан тәсілім. Кашмирге билік құрып шарықтаған, Мабақтың ұлы Маллу қалыпты аман. Құтылды баласы да Фируз атты, Қызы да айдай сұлу, перизат-ты. Баяндау қажет емес бәрін қазір, Айтылар кезегімен соңында бір. Маллудың өрт шарпыған халі мүшкіл, Жүзінен байқалады жалыныш кіл. Алдына Ескендірдің жалп етті де, Жалынып құшты аяғын зар төкті де: «Алдияр, міне – басым, өлімге кес, Ешқашан ауыр қылмыс жеңілдемес! 14-328
Кешсең де, құтылам ба зор күнәдан? Азап қой тірлік кешу енді маған. Мен бе екем өртке жанған алғаш рет, Шыжғырса ұят оты – сол қасірет. Бақұл бол, төнді маған зауалды шақ, Әрқашан жайсын бақыт саған құшақ! Құлыңмын кірсем-дағы қара жерге, Кегіңді ұл-қызымнан ала көрме!». Қамығып, жаудырайды қарашығы, Байғұсқа Ескендірдің жаны ашыды: «Орынсыз үрке қашып, қырын жүрдің, Бәлеге өзіңді-өзің ұрындырдың. Болса да таудай кінәң кешіремін, Белінен бір-ақ сызып өшіремін. Қайтарам тағыңды да тірі қалсаң, Алым мен салық төлеп, тілімді алсаң. Тұрасың өз туыңды тігіп бекем, Еліңнен әскерімді ап шығып кетем. Өлімнен пенде бар ма құтылатын, Уақытың жетсе егер де тұтылатын. Қамқор боп, салып даңғыл, сара жолға, Сыйлаймын тәж бен тақты балаңа онда.
Қызыңды толықсыған туған айдай, Ажары жарық қылған түнді арайдай. Жар етем шаң тигізбей, күн түсірмей, Аялап, әлпештеймін гүлді үсірмей. Қасымда сәуле төгіп, сыр ақтарып, Отырар түн патшасы сияқтанып. Қалмасын сенің рухың, ізің жұтап, Жалғасын менен өрген үрім-бұтақ!». Мерейлі Шахтың сөзін естісімен, Мәңгіге танды Маллу ес-түсінен. Ішкендей өмір суын еш күмәнсіз, Жеткендей мұратына өтті қамсыз. Қанжардан емес, заман салған бұған, Үзілді қуаныштың салмағынан. Ескендір бордай босап, көп жылады, Қыстығып қайғы өзені, шер бұлағы. Сыйлады Шахқа Маллу бұл фәниді, Тарықпай тағдыр ісін кім таниды? Таңданды оқиғаға ел де аңырып, Жан-жақтан билеушілер келді ағылып. Ескендір әмір етті мархабатпен, Марқұмды жөнелтуге салтанатпен.
Тақыттай безендірген түрлеп шашақ, Табытпен алып жүрді құрмет жасап. Баруға бірі қалмай көр басына, Бұйырды патшаға да, қолбасыға. Қабірін ата-баба кім ұмытар, Аңқиды бейіт-бақтың гүлі жұпар. Баяндап рухының тыншымағын, Табытқа себелетті күн шуағын. Аспанға әсем мазар құлаш тастап, Күмбезді мұнарадай тұр асқақтап. Ішінде от маздайды айбарланып, Секілді періштелер қойған жағып. Қасынан ата-баба табар дамыл, Түнегін мәңгіліктің алар қабыл. Зарықса мәйітке зор азап болмақ, Сауап қой рәсімін тез ақтармақ. Түскенше табыт қапас тар түнекке, Жар шашты тұтуға аза жалпы көпке. Табытты орап қайғы кілеміне, Күңіренді үш күн халық шын егіле. Кашмир аспанының ақ жұлдызы, Зарлады Мехриназ жалғыз қызы.
Қасірет күйретеді күйіктіні, Көз жасын тыя алмады сүйікті ұлы. Дертінен қам көңілді сауықтырып, Берді әмір той тойлауға, сауық құрып. Отырып таққа тоғыз баспалдақты, Айбынын одан сайын аспандатты. Жайғасты Шахты айнала жеңген жасақ, Сап түзеп екі қатар, шеңбер жасап. Лық толып сыймай кетті алаңға жұрт, Қақпаның сыртында да адам қалып. Аруағын разы етіп өлгендердің, Бәріне сый тартқызды келгендердің. Аста-төк, ұлан-асыр ас беріліп, Жатпады дос пен дұшпан ескеріліп. Ешбір Шах Ескендірдей болмас дархан, Жайылған он мың еді ақ дастархан. Бөккендей елдің іші-сырты майға, Сойылған шек болмады жылқы, қойда. Жасалды тәтті тағам алуан түрлі, Шекер мен үйіреді халуа тілді. Аулаға ат шаптырым толған стол, Зыр қаққан даяшылар – қолғабыс мол.
Тартылды сансыз табақ сонша адамға, Мен оны жырлап, жазып тауса алам ба? Көрген де, көрмеген де жүрді арманда, Мұндай той болған емес бұл жалғанда. Той тарқап, толғаннан соң сыйға құшақ, Қайтадан халқын түгел жинады Шах. Қолына тұжыра ұстап тақ тізгінін, Қадірлеп, көңілдерін тапты ізгінің. Фирузды салтанатты киіндіртті, Таңдатып сәулетіне дүйім жұртты. Басына тәж кигізді алтындатқан, Оқалы шапанымен жарқыл қаққан. Сай келген ақылы мен қайрат-күші, Билікке қойды үш тоғыз сайлап кісі. Тартуға қалды сықап тақтың маңы, Болашақ сылаң қақты Шахтың жары. Сүйсініп патша ісіне сұңғылалық, Жүгінді тоғыз мәрте күллі халық. Фирузды сонан кейін қасына алып, Іштегі ойын айтты ашып анық: «Жазмыштан дейтін кім бар құтыла алам, Іргесі бар ма, сірә, бүтін адам?
Бір өлім ортақ ханға, қарашаға, Ажалға кім түсе алар арашаға? Тақытта мәңгі отырған бар ма, сірә, Кім кепіл Шахтың ғаріп болмасына? Қимылда өтпей тұрып жарқын күнің, Ертең-ақ күлге айналар бар тірлігің. Кімдерден билік пенен тақ қалмаған, Артына қарайлай ма аққан заман? Үмітім өкінішпен қақтығысты, Ұжмақ деп ойлап едім тақтың үсті. Кімде-кім таққа ұмтылса құмарланып, Құлдырап терең жарға құлар барып. Әуес қып алтын тақты, мансап құрған, Талайлар жалаңаш қап жан тапсырған. Мұратқа дүниеқорлық жеткізбейді, Ашкөздер аласұрып жоқты іздейді. Жан бар ма жұмыр басты өлмейтұғын, Соңында сөзің қалсын сөнбейтұғын. Қандай дән ексең жерге соны орасың, Ісіңмен бағаланар қара басың. Жаратқан ғаділетті пендеге жақ, Турашыл, ізгі патша елге мадақ.
Өзіңді осы өңірге Шах сайладым, Халқыңа қорған болсын бақ-байрағың. Жолынан кісіліктің тайқымасаң, Жұқпайды асқақтаған даңқыңа шаң. Түспесін ғұмыр-бақи жатқа күнің, Гүлденіп, өркендесін патшалығың!». Таңданды ел тәңірі көктен төккендей нұр, Жарқырап екі дүние кеткендей бір. Осылай ұқтырды оған пенде сырын, Ісләм дінінің де жөн-жосығын. Жас патша басын иіп дана Шахқа, Қарады сенімменен болашаққа. Ол айтты: «Уа, ұлы Шах, күн келбетті, Жайнатты әділдігің жер мен көкті. Кенелдім, көзім жетті мұнша жайға, Сен үшін жаным құрбан, жұмса қайда! Әуелден жарылқаған ізгіні оңдап, Жебесін хақтың өзі бізді қолдап. Артсаң да қандай міндет мойныма сен, Қынжылып, ешқашанда мойымас ем. Қарт әкем өзін-өзі арандатты, Сонысы батушы еді маған қатты.
Айтқанды елең қылмай, пышырады, Халықтың қарғысына ұшырады. Жат көріп Шах жарлығын адасты да, Мерт болып, түсті ақыры жер астына. Бетінен қайтпайды екен бір адасқан, Түссе де төбесіне құлап аспан. Тілеуім шалынып хақ құлағына, Бөлендім Шахтың, міне, шуағына. Жақсылық жасағаннан жанды аяр кім? Құлыңмын, қызметіңе мен даярмын! Әкенің опық жеген жөні басқа, Досыңмын, оған, сірә, мені қоспа!». Көңілі Шахтың бұған асқақтады, Шақырды биік таққа жас патшаны. Айдай боп балғын жігіт жаңа туған, Жайғасты алтын таққа шал отырған. * Патшаға құйғаныңнан құр қалдырма, Қайғыма ортақтасар кім бар мұнда? Тарқамай бальзам буған ойдан мастық, Қайтадан оралар ма қайран жастық? Уа, жыршы, толғашы бір ащы мұңды, Түсіріп еске сонау жас күнімді.
Ынтығар жаным менің сол әуенге, Кіргенше тәнім суық қара жерге. Ей, Науаи, күрсінесің несіне енді, Өзің ғой итке төккен несібеңді. Есігін жастық жапқан, бәрі біткен, Не қайыр қалжыраған кәріліктен? Ескендірдің Кашмирден шығып, Үндістанға кіруі. Тарихшы Үнді елінде ғұмыр кешкен, Былайша баяндайды мүдірместен. Фирузге берді Ескендір Кашмирді, Уәдесін орындады, шашып үлгі. Басына тәж кигізіп жарқыраған, Салыққа міндеттеді жалпыны оған. Сонан соң: «Екі айдай тұр, – деді, – осында, Жұртыңның тәртіп орнат арасында! Қол жинап, күш мығымдап, ер түгенде, Бәрінің көңілін тап, дертін емде. Ізінше Үндістанды бетке аларсың, Соңымнан көп кешікпей кеп қаларсың». Осылай жайып салып сырын кеңге, Қоштасты Мехриназ сұлумен де.
Ішінде шымылдықтың тоғыз қабат, Күндей боп қыз отырды сол бір замат. Жасытар жиһангердің кім жігерін? Алмаққа ындыны ауды Үнді жерін. Жылжыды қалың әскер қарақұрым, Көптігі – қаптағандай даланы құм. Дүлей күш дүниені жаншып алмақ, Аспанға көтерілді шаң тұмандап. Жаңғырып жер менен көк кетті ұласып, Тау-тасты, танапты да өтті басып. Қаратып қол астына ылди-өрді, Алдыға еш бөгетсіз сырғи берді. Тауларда қиын жағдай жолыққанда, Әскері алып жүрді салып қолға. Арамды аластады арасынан, Жақсыны жақын тартты жаны ашыған. Өзіне халықты етті арқатірек, Әкімнің көзін ашып көркөкірек. Жеткізді кембағалдың күнге қолын, Табаны тиген жері гүлдеді оның. Үнділер хабар салып дүпілдесті: «Қолымен келеді Шах бүкіл!» – десті.
Біледі Кашмирді алып Ескендірдің, Түйінін сиқырдың да шешкендігін. Дауасын тауып жанған көк пен жердің, Қамалын алғандығын от пен желдің. Апатқа білмесе кім күйер жерін, Ақыры Кашмирдің киер кебін. Таптардай бір ғаламат дүлей келіп, Отырды үнді Шахы үрейленіп. Атағы кең әлемді шарпып, орап, Ескендір билік құрды даңқымен-ақ. Адамға бақ пен байлық қона ма тек, Тоғыздан тарту тартты оған әкеп. Оралды пілге міну ойына енді, Салмағы жіберердей ойып жерді. Кім көрген бұрын-соңды мұндай сәнді, Тоғыздан тоғыз қатар піл найқалды! Шетінен дөңбекшиді жоталардай, Секілді тап берсе, тау қопарардай. Құзардай денелері қоқияды, Бастары шоқпар тастай шоқияды. Қайықтай құрлықтағы балпаңдайды, Ескектей қос құлағы қалқаңдайды.
Жылтылдап қара жоны айдаһардай, Тұмсығы ирелеңдер бейне арқандай. Тұмсығын алға созса сүйреңдеген, Көрінер айдаһардай иреңдеген. Қалдырар қарап тұрсаң ғаламат таң, Жыландай тауға өрмелеп бара жатқан. Құтырса, тұмсығымен жұлып шынар, Кеудемен қамалды да бұзып шығар. Сойдиып екі азуы екі ұртынан, Басқандай айналасын соқыр тұман. Пальмадай азулары жан шошытар, Құтырса қырып салып, қан сасытар. Үстінде алып пілдің күн жалаған, Қылтияр сынық айдай мінген адам. Таулардай мыңқ етпейді кішігірім, Қайыспас жон-арқасы, күші мығым. Бұлардан дүниеде өтпейді піл, Тұрпатын сипаттауға жетпейді тіл. Құбылар жабулары меруерт тізген, Боятып жеті түске, зерлеткізген. Үстінде әрбір пілдің орындық-тақ, Онда отыр тоғыз бала жолын нұсқап.
Меңдері көзге оттай басылады, Үндінің өңкей өрім жас ұланы. Таққандай қара меңнен бәрі моншақ, Үнділер ұлан-асыр, шадыман-шат. Киінген алуан түсті кілең асыл, Гүліндей көктеменің қызыл-жасыл. Тұмсығын ырғап пілдер қозғалады, Кіртиіп айғай-шудан көз-қабағы. Аттылар пілдерден соң келе жатыр, Екпіндеп, желдей есіп, салады асыр. Жарқылдар жал-құйрығы сүзілдірген, Тоғыз ат тоғыз түсті тізілдірген. Алысып ауыздықпен, ала қашып, Кетердей көкте бұлтпен араласып. Жүйріктер аласұрып өтті кілең, Ілердей ұшқан құсты екпінімен. Сап түзеп, алшаң басып, лекіл қағар, Қалықтап бара жатқан секілді олар. Шүу десе, зымырандай ағындамақ, Күндерді артқа тастап, сағымға орап. Ақбоздар көкке атылып арқырайды, Көзді арбап, күн нұрындай жарқырайды.
Кежімі тоғызының гүл-гүл жанып, Барады алтын қоңырау күмбір қағып. Аттағы найзагерлер елді ықтырған, Киініп гүлді көйлек, белдік буған. Бәрі де көк шыбықтай иіледі, Ілуге жерден теңге шүйіледі. Марстай қайтпас-қайсар батыл ыңғай, Алыпты қызуланып Сатурндай. Құлақта берілгендік сырғалары, Патша үшін өлуге бар – зыр қағады. Есектер жібек артқан шықты ортаға, Көз тартар алуан бұйым, жүк қаншама! Жұп-жұқа неше түрлі асыл киім, Жырлауға жетпейді әсте ақыл-миың. Кисең де он қабатын үлбіреген, Көрінер ар жағынан күллі денең. Қойылды сансыз ыдыс сом алтыннан, Шағылып күн нұрына жанар тұнған. Жарқырап аяқ-табақ шұғылалы, Көзелер, кеселер де құбылады. Тордағы тотылар да көрсетілді, Адамша жауаптасар – ерке тілді.
Зер – тұмсық, жақұт – қанат күн нұрындай, Дауысы мерует, маржан сыңғырындай. Отырған алтын торда тауыс қандай! Пейіштің құсы осында ауысқандай. Құйрығы кемпірқосақ секілденген, Басында алтын айдар кекілденген. Зор шықса, сірә, кімде қалсын сабыр, Сыйлады сандал менен алтын тамыр. Тартулар келіп жатты шалқып-тасып, Дұшпанның іші өртенді қорқып-сасып. Келгендер даналықтан тереді гүл, Кенелген кемеңгерге ел еді бұл. Ғалымдар өнер-білім таластырған, Кем түспес Платон мен Арастудан. Бәрі де ар жолынан жаңылмастан, Күндей ғып ақиқаттың шамын жаққан. Әрбірі жарық төгіп түн көгінен, Фаридтей бал тамызар тілдерінен. Жинап ап даналарын, ақылгөйін, Үндінің әмірі айтты ақырғы ойын: «Елге енді тағдыр мені ие қылмас, Құл болып, Ескендірге иемін бас.
Абырой әпереді кімге ерегес, Ойыма қарсыласу кірген емес. Онымен шайқасуға бармас дәтім, Күл-талқан болар еді бар мақсатым. Қарай ма көз жасына пендесінің, Әуелден тағдыр жазса өз кесімін. Әмірін орындауға үлгірмедім, Дерт меңдеп, болды жаным ділгір менің. Құп алып жарлық хатын тағзым еттім, Танытып ықыласын ақ жүректің. Құлындай қызметінде жүрер едім, Қайтейін, ауру меңдеп жүреледім. Тайсақтау әмірінен ойымда жоқ, Киліктім амалсыздан уайымға кеп. Тәңірі қисайтпасын бақ туыңды, Елшіңнің өзі-ақ айтар ақтығымды. Төсектен тұра алмадым сырқау батып, Кешіргей, жатқаным жоқ сылтауратып. Ұлы Шах артпас маған күнә бекер, Атының басын жолай бұра кетер. Айнымай келсе, шіркін, тілегенім, Әмірдің жолына бас тігер едім. 15-328
Бөленсем шуағына көктер жаным, Қанатын қағар еді көкке арманым. Зәредей тиер болса пайда-себім, Өлгенше қызметінен таймас едім. Тұлданса үйірермін иманымды, Әзірмін ішуге де құйған уды. Жазғырса Үнді елінен бақ қашады, Қатыгез қаралы күн қақпа ашады. Төндірсе суық тартып қара түнек, Бола алман Үндістанға пана-тірек. Кешірер, хал-жайымды Шах түсінер, Мен емес атағына дақ түсірер. Мейірімен шашқан бүкіл әлемге арай, Падишах жаны мөлдір шарайнадай. Жат пиғыл болған емес мына менде, Жазаға жазықты ғып жыға көрме!». Үнділік айтты осылай сөз жорасын, Келтіріп халайықтың көзге жасын. Алдынан шықты Шахтың қариялар, Сең жүріп тасығандай дариялар. Ұмтылды қара нөпір құйғып қалың, Арқалап тартуларын, сыйлықтарын.
Секілді таңғы тұман жерді алып, Ескендір ордасына келді халық. Жиналды қасқа-жайсаң ел билеген, Бір пенде қалмады бас енді имеген. Уәзірлер келгендерді қабылдады, Олар да салт жолынан жаңылмады. Бақыт та әділетті таққа қонар, Берілді бұл жайында Шахқа хабар. Ескендір адалдықты анық танып, Шалқыды риза боп, шабыттанып. Келген соң игі жақсы көңілі өсті, Өшіріп жүректегі кегін ескі. Үйілген қазынаға қарамады, Бағасын кісіліктің саралады. Төсетіп меймандарға қалы кілем, Бастады мәслихатын шалымы кең. Көрсетпей тақта отырып құр көкірек, Жасады төмен түсіп, құрмет-ізет. Жарасар кішіпейілдік патшаға да, Халқына қадірменді жақса ғана. Айтпай-ақ көпшіліктің ойын біліп, Танытты біліктілік, зейінділік.
Байытып дегдарларды жан нұрымен, Бас иіп сәлемдесті әрбірімен. Жақсылар жомарттықпен жарқылдамақ, Ешкімге байқатпады салқын қабақ. Жөнімен жайғастырды дау-дамайсыз, Әбестік қылмады бір жанға жайсыз. Алдына шықпады елдің омыраулап, Баурады балдай тілмен көңіл аулап. Бата ғып, тілеп олар тағдырдан күш, Риза боп, Ескендірге жаудырды алғыс. Айтты Шах ақиқатты жан сырындай, Кіршіксіз сыңғырлаған тау суындай: «Береке таппас пенде егеспенен, Сендерден аянатын жоқ ештеңем. Бәлен деп Шахтарыңды кінәламан, Алдымды дәті шыдап кім ораған?! Біржола түңілтпесе, сырт айналып, Жазаға тартып қайтем сұрқайланып? Жиналып келіпсіздер, ел жақсысы – Адамның артық туған ардақтысы. Өздерің келіп, кешу сұрағанда, Кеңшілік қылмай, сірә, тұра алам ба?
Тағамын татымсызға несіне мін, Әйтеуір сендер үшін кешіремін. Артықша жандарсыңдар бағаларың, Қайтарсам беттеріңді не боламын? Аттаса босағамды оң аяқпен, Әз тұтам, айыптысың демей-ақ мен. Бола алса, бұра тартпай, адал серік, Ұстатам тақ тізгінін оған сеніп. Іргесін орнықтырып мәңгі бекем, Байрағын бақытының желбіретем. Бағамды асырдыңдар, уа, даналар, Сендермен менің нарқым бағаланар. Өздерің жасаған соң құтты қадам, Керемет жігер, қайрат бітті маған. Өкпе-наз опындырған ұмыт болды, Кеудемді шаттық кернеп, үміт толды. Ежелгі салт-дәстүрді салам еске, Сый тарту келген Шахқа бар емес пе? Алайда ондай сыйлық мен дәметпен, Халықты қажытпаймын сорға бөккен. Болмай ма қамшы да ауыр зорыққанға, Босатам Шахтарыңды салықтан да.
Жоқшылық қайғыға елді бөлемесін, Екі жыл алым-салық төлемесін!». Даналар Шахқа таң боп кең пейілді, Бас иді, еңсе басқан шер сейілді. Қашанда кемеңгердің күші мығым, Ескендір танытты ұлы кісілігін. Келгендер көзбен көріп болған істі, Сөз таппай мадақтауға дағдарысты. Жүздесіп адамзаттың дарханымен, Түгелі тәнті болды жан-тәнімен. Тілесті тәңіріден жалбарына, Болардай бәрі пида Шах жолына: «Аспанда күн аманда жарқыраған, Мейрімін төксін саған жалпы ғалам! Ғарышқа даңқың өрлеп шарықтасын, Тағыңда күн сәулесі шалықтасын. Жалғанда ұзақ болып ғұмыр жасың, Жұлдыздай жарқырасын жұмыр басың. Үйіріліп сән-салтанат, толсын думан, Жолыңа жеті ықылым болсын құрбан. Жүзіңнен ақыл нұры себелесін, Жайнатсын кең жаһанның кенересін.
Салымыз суға кетіп, бұғып төмен, Жасқана келіп едік күдікпенен. Қатыгез шығар деп ек басқалардай, Көріп ек тура тарпа бас салардай. Жаратқан жан екенсің тәңірі бөлек, Құлдықпыз өле-өлгенше әміріңе бек. Бір саған патша біткен тең келе алмас, Әлемді сендей билер пенде болмас. Ашқандай ақ есігін тағдыр алдан, Айықтық сені көріп нар-күмәннен. Солмасын қызыл гүлің қауыз жарған, Тілегің орындалсын ауызға алған. Еңсеміз көтерілді алдыңа кеп, Бағымыз тұрмыз енді жанды ма деп! Есігін даналықтың ашқандай бір, Өрледің, үстемелеп шашқандай нұр. Шақырып ашу-ыза, кек төндіріп, Ешкімге көрсетпедің өктемділік. Тазасың періштедей бақ-талайлы, Тынысың сенің мәңгі тоқтамайды. Патшамыз білсе сендей кемел ерді, Жүгіріп алдыңызға келер енді.
Танытсаң жылы қабақ ұшар еді, Жығылып, аяғыңды құшар еді. Торлаған қайғы-мұңы болар ғайып, Біз оған қуанышты хабарлайық. Бұйырса билік туы өз қолыңнан, Айнымас өле-өлгенше әз жолыңнан!». Ескендір деді: «Енді өздерің біл, Қонады көкейіме сөздерің бұл!». Солайша бітер істің уәжі жетіп, Қоштасты ғұламалар тәжім етіп. Елпілдеп білімпаздар шапты асыға, Бұл жайды жеткізбекке патшасына. Төгілтті көргендерін ақтарыла, Ұстатып сенім кілтін Шахтарына. Қорықпайсың десті жаудан бүрсең қағып, Тездетіп қолтығына кірсең барып. Ертіп ап саңлақтарын білім кешкен, Тартты Шах Ескендірге кідірместен. Қисапсыз керуені жолға сыймай, Жөнеді тарту алып көл-көсір, бай. Жол бастап көсемдері жер тауысқан, Тау асып, тасты басты сонша алыстан.
Жол бойы жақсылармен құрды кеңес, Ғайып боп үрей буған бұлдыр елес. Ескендір даналығын сұрастырды, Ынтығып сөздеріне құлақ түрді. Ұлы әмір хақындағы сырға қанып, Болды бір жан әлемі нұрға қарық. Желпініп қуаныштың күшіменен, Ақыры жетті тізгін ұшыменен. Сейілтіп көңілдегі көп күдігін, Хабары Ескендірге жетті мұның. «Даналар шалқытатын кеңестен нұр, Төрімді жарқыратсын!» – деді Ескендір. Мойнымен көтерердей ауыр жүкті, Есікте үнді Шахы әмір күтті, Әреңге босағадан ол аттады, Тұрғандай қылыш төніп алақтады. Ескендір көрген бетте күлді жарқын: «Қалайша кінәлідей мұңлы қалпың? Жарқыным, жоқ қой сенің бір кемісің, Жетпей ме жақсылармен бұл келісің!». Жеңілдеп үнді әмірі тыныс алды, Түскендей төніп тұрған қылыш әлгі.
Ескендір иілді оған қылып тәжім, Кигізіп құрметпен ұлық тәжін. Көрсетті жомарт мінез көңілденіп, Қастерлеп оң жағынан орын беріп. Ал анау құшты аяғын ерен жылап, Аққандай таудан тасқын төмен құлап. Шах оның ықыласын байқап ерек, Тұрғызды қолтығынан қайта демеп. Үнділік басып көңіл базынасын, Ұсынды артып келген қазынасын. Риза боп ғұзырына қол артқанға, Жасады Шах та мәрттік жомарт жанға. Көгінен еңсе басқан ығып тұман, Серпілді көкірегінен күдік-күмән. Қасына жайғасты кеп жайсаң-жақсы, Олардай кімдер кеңес айта алмақшы? Сый тартты отырғызып таяу бәрін, Өшіріп көңілдегі қаяуларын. Өмірі өкінбестей ендігі әрі, Құдайдай Ескендірге сенді бәрі. Жайнатты достық сезім жан түкпірін, Қайғының тастағандай серпіп түнін.
Сөз қозғап бергі кезден, арғы кезден, Атырды сұхбаттасып таңды көзбен. Болған соң үнді Шахы көңілі жай, Орнынан түрегеліп деді былай: «Уа, тақсыр, қуанышқа кенелдірдің, Бақытқа ел-жұртымды бөлендірдің. Ерулеп қонағым бол еркін жатып, Жеріме дидарыңмен толтыр бақыт. Жоқ дейсің үнді елінде не ғаламат, Қызықтап бастан-аяқ көр аралап. Сыңсыған орманыма саятқа шық, Қозғалсаң аң кезігер аяқ басып. Таянып қалды емес пе сауықты қыс, Адамдар сайрандайтын алып тыныс. Еркіндеп, еңсесі өсіп масаттанар, Бөленіп ән мен күйге жасап қалар. Әлемде қыс болмайды майда мұндай, Шалқытар наурыздың мейрамындай. Бақ гүлдеп, жаңбыр бұлты мамырлайды, Ауасы шаң-тозаңсыз, қоңыржайлы. Болғанда күн ұзарып, жолың оңай, Жалғарсың жорығыңды әрі қарай.
Әскерің қиындыққа жолықпайды, Тосырқап, беті қайтып торықпайды». Мына сөз Шахқа ұнады көлденеңде, Бергендей мұздай сусын шөлдегенде. Жүзіне ойнап шығып жалынды ажар, Тіл қатты көпшілікке салып назар: «Ал онда көрсетіңдер жерлеріңді, Жайғассын, тостырмаңдар ерлерімді!». Айтты олар: «Дехли – үлкен шаһарымыз, Әскерді солай бастап апарыңыз!». Шах айтты: «Қала әскерге тарлық етер, Қалың қол ошарылған ел жүдетер. Нөпірдің шыдай алмас табанына, Халықтың кірбің түсер қабағына. Шолыңдар онан-дағы сырт маңайды, Ен дала қоныстарға жұртқа жайлы. Қаладан қашықтығы түк етпейді, Қыс менің әскерімді жүдетпейді». Зыр қақты үнді әмірі құлдық ұра: «Әзірмін, ұлы әміршім, бұйрығыңа. Құлыңмын, жер шолуға мен барайын, Етейін керегіңді демде дайын.
Қабыл ғып тілегімді жарылқағай, Өтейін жаным жасып, жабырқамай». Шах байқап мына сөзден кемеңгерлік, Сыйлады тақ пенен тәж, кемер белдік. Сонан соң сапқа тізді сан мың атты – Керік пен пілдей мығым арғымақты. Бәріне жарқыл қаққан ер салдырды, Көзді арбап, көргендерді тамсандырды. Жіберген шолғыншысын бетке алды да, Жөнелді үнді әмірі аттанды да. Ырысы шайқалмаса Шах қуанар, Еліне ала келді жақсы хбар. Әскердің залалсызын естіген ел, Шаттанып, мәртебесі өсті кемел. Мадақтап Ескендірді дуылдасты, Қуаныш қайғы-мұңның уын басты. Сабылды үнді Шахы шаршап қанша, Қонысқа ең қолайлы жер тапқанша. Қалаға таяу маңда гүлге оранған, Бар еді Нигар деген бір көк орман. Қиын-ақ көрмегеннің иланбағы, Пейіштің осындай-ақ Иранбағы.
Еседі жанға жұмсақ қоңыр самал, Құс сайрар әуенінен төгілте бал. Көкпенен зәулім сандал таласады, Желегі жел тербеген жарасады. Мәуелі бұтақтары иіледі, Жемісі таңдайыңды үйіреді. Шайқалса жұпар есер жапырағынан, Аңқиды хош иісі атырабынан. Ауасын жұтқан сайын сергітеді, Оятып ойларыңды өрбітеді. Перінің бұрымындай ширатылған, Жыландай бұтақтары шырматылған. Жапырағы сарғаюды мүлде білмес, Астынан саясының күн көрінбес. Ыстықта ми қайнаған, көшіп мұнар, Түбінен салқын сабат есіп тұрар. Асқақтап шынар тұрар өрілгендей, Қынамен боялғандай өңін бермей. Айналаң көз сүрінер қалың жаңғақ, Бір сәтте шығу қиын бәрін барлап. Інжірден аспандаған айналар бас, Әлемге таңданбасқа айла қалмас.
Әуелеп зәйтүн көкке құлаш ұрып, Жүзімнің сабағы оған тұр асылып. Мәуесі қозғап қалсаң үзілердей, Қаданы орап алған жүзім өрлей. Ұйысқан бұтақтары сан байланып, Өрілген нәзік сымдай таңдайланып. Жарысып жамырайды озып, самсап, Жармасып күнге қарай созып саусақ. Күз келсе жарқырайды маржан жүзім, Жұлдыздай көк аспанның алған жүзін. Сансыз құс аспан астын әнге бөлеп, Сайрайды ерке әуенмен әлдене деп. Мың түрлі күйге салып бой балқытар, Сергітіп, сезім тербеп, ой шалқытар. Құлпырған тотылар да мәз қылады, Сөйлесе құрысыңды жаздырады. Секіріп бұтақтарға шұбырады, Қызырдың шапанындай құбылады. Сораяр жапырақсыз зәулім ағаш, Алайда тұлдырмын деп ол жыламас. Дүр етіп тотықұстар қонса келіп, Береді гүл қонғандай сонша көрік.
Түрленер қызыл-жасыл гүл моншақтай, Алаулап тұмсықтары жанған шоқтай. Жымыңдап бірде жанып, бірде сөнер, Лапылдап шырқатардай үрлесе жел. Бір шетте таңдайының балын жұтып, Сайрайды қараторғай тамылжытып. Нәп-нәзік көмекейі бүлкілдейді, Мамығы алтын түстес үлпілдейді. Алтынмен қауырсыны апталғандай, Жарқырап айдарында от жанғандай. Толқытар жүрегіңді тербелгенде, Үйіріліп шыға алмайсың көрген жерде. Үлде мен бүлдеге әбден малынғандай, Басына жібек желек жамылғандай. Құбылтып қанаттарын дүр қаққанда, Жайнайды әсем тауыс бір қапталда. Құс болмас сірә да одан жалғанда асар, Ырғалып, кербез қарап, маң-маң басар. Тек қана қызықтауға жаратқандай, Жасылмен бояп, алтын жалатқандай. Қырғауыл, кекіліктер жүр шалғында, Көз тартар көмілгендей мың сан нұрға.
Қырғауыл сүмбілге ұшып қонып еді, Сән қосты сәулетіне төңірегі. Тауыстар қонып еді шынарға кеп, Көрінді періштедей бұларға ерек. Болатын, міне, осындай құнарлы аймақ, Жап-жасыл жыл он екі ай тұрар жайнап. Орайды теріскейін Синд саласы, Түстігін алып жатыр Хинд қаласы. Кемелер кең айдында шалықтаған, Көктегі ай секілді қалықтаған. Жағасы қалың құрақ саусылдаған, Жыр еді қанша айтса да таусылмаған. Құты еді тәтті құрақ осы өлкенің, Тәңірдің тартуындай өсер тегін. Арманы ішкен жанның бар ма тегі, Өзеннің аққан суы шәрбат еді. Орманның батысында тау көлбейді, Түрленіп, төрт маусымда өң бермейді. Гуілдеп қысы-жазы аралары, Бал жинап, гүлдерінен нәр алады. Талдары тәтті шырын сорғалатқан, Секілді шекер бұлақ таудан аққан. 16-328
Тас жарып, тұмалары сылдыраған, Жаныңды жадыратар тұнжыраған. Табиғат берген мұнда қанша сыйды, Сарқырап аққан суы бал татиды. Шыңында тау ешкісі салады ойнақ, Аңшыдан секем алмас, алаң ойлап. Керемет бөктерінің көгалдығы, Өріп жүр емін-еркін марал-бұғы. Бұл таудың ғажайыбы осыншалық, Суында балық тулар асыр салып. Жыртылып-айырылар тағы аңдары, Оларды шошытпаған адамдары. Гүл көміп, бақшасына нұр құйылған, Қала тұр мен мұндалап бір қиырдан. Келбетін осы өңірдің бейнеледім, Кеңіттім жазған сайын ой көлемін. Түгісіп иен жатқан жер еді бұл, Суы – бал, аңы – бейғам, желегі – гүл. Әкелді Ескендірді, міне, осында, Пейішке кіргізгендей расында. Әскерлер шатыр тікті кең қойнауға, Ғайыптан кезіккендей көк жайлауға.
Шах өзі қайран қалып аралады, Ұнады көңіліне бар алабы. «Шықсаң да жердің бетін шарлап тынбай, Табылмас, – деді, – сірә, жәннат мұндай!». Мәз болып тасы өрге жылжығандай, Қасынан үнді Шахы жүрді қалмай. Қалуға жаз шыққанша бел байлады, Жорыққа бұрынғыдай ден қоймады. * Толғанша алтын шара лақылдатшы, Жандырып, жүрегімді лапылдатшы. Нигардың кең даласын еншіме алам, Шалқиын, алтын шара берші маған. Уа, жыршы, үзілмесін сазды әуенің, Жанымды жабырқаған қозға менің. Үндінің бір тал гүлі шешек атқан, Батырды ауыр мұңға неше батпан. Ей, Науаи, жырға қостың үнді әмірін, Маздатып үмітіңнің мың да бірін. Дарқандықтан туатын ізгі ниет сипатының сонша ұлы болатыны, оның жомарттық пен ерліктің құнын асыратыны, адам көңілін гүлдей жайнататыны, қандай кінә жасаса да кешірімге барудың ізгілік екені, жүрегіндегі мейірімнің теңіздей
шалқып тұратыны, кінәлі кісі сол теңізге түскен бір тал сабан секілді. Оған теңіздің ешбір назар салмайтыны, өйткені сабан ның бір талы теңізді былғамайды. Ниеті жаман кісіні қанша тазаласаң да жанының еркін тыныс ала алмайтыны туралы. Дана Шах кешірімпаз елге жағар, Жарқырап бақ жұлдызы өрде жанар. Жалғанды жомарттықпен баурап алар, Бас иіп, жақын түгіл, жау бағалар. Тізесін әділ патша батырмайды, Мадақтап бүкіл халық мақұлдайды. Ізгілік үстем жерде үлгі жаяр, Тарайып жүрер жолы сұм мұңаяр. Күнәһар өзін-өзі құртып тынар, Өмірін азаппенен тұншықтырар. Кең болса Шахтың алды – кем болмайды, Қараса кешіріммен ел қолдайды. Күнәға малтыққанға бер қол ұшын, Адамдық жолға салу – зор борышың. Аяй біл айыпкерді, ол да пенде, Не пайда байлағанмен зор қатерге? Шапағат нұрын төгіп, жақса үміт, Ардақтар әулиедей патшаны жұрт.
Қит етсе құрта салу болмас дұрыс, Сілтесең қиып түсер алмас қылыш. Қараңдар кең пейілмен айыпкерге, Жараспас қатыгездік байыпты ерге. Құлақ түр халайықтың зар-мұңына, Тағдыры байланысты жарлығыңа. Ұмытпа, сен де соның біреуісің, Солар ғой арқаңдағы тіренішің. Қашанда көп ақылы көлдей болар, Ешқашан сені жауға бермейді олар. Жазыпты патшалықты тәңір саған, Жарлығын жүргізеді әмірші адам. Тәңірі мінгізбесе таққа дайын, Кім білсін, қандай болар бақ-талайың? Әйтеуір алмағайып тіршілік бұл, Сол үшін құдайыңа құлшылық қыл. Халықты қараласаң қан жұтасың, Алдымен өз басыңды қаңғытасың. Кестірмей тұрып басын кінәлінің, Бір ойлан, жоқ па өзіңнің, сірә, мінің? Жазамен сала алмайсың түзу жолға, Сабырмен саралай біл, қызу болма.
Абайла, бола берме қанға құмар, Аялда, артыңда ауыр салмағы бар. Құтқармас қатал тағдыр тозақыны, Сазайын тартар түбі өзі ақыры. Зынданға қайсыбірін қамардайсың, Қырғанмен көптің орнын жаба алмайсың. Біреудің көзі түнде жоғалады, Таңертең ақ боп шықса не болады? Білмесең ажыратып ақ-қарасын, Онда сен ел алдында масқарасың. Үйірме жұрт басына жалаң қылыш, Өмірі ұмытылмас жамандық іс. Қорланса кектенбесін кісі неге, Өзіңнің қан қатпай ма ішіңе де? Бұзасың қолың оған барып қалай, Сарайды қайта салу болып па оңай? Ойлашы, сүрінсе де әнтек кейде, Әз ана баласы үшін зар шекпей ме? Төрт бөлер түн ұйқысын бөбек десе, Жүрегін жұлып берер керек десе. Әлпештер отыз-қырық жыл өтсе де, Жалықпас жанын азап жүдетсе де.
Ол-дағы шыр айнала шарқ ұрады, Жетсем деп мұратына талпынады. Албырттық ұрындырмас кімді қайда, Асықпа қатал үкім, сұмдық ойға. Кім білсін, мәжбүр етті мүскін өмір, Бұйырмай бүтін шапан үстіне бір. Нәпсіге ерген шығар бастықпаған, Ол бәлкім ойлаған жоқ қастық саған. Немесе қол қысқалық, жауыр тұрмыс, Еріксіз жасатқызды ауыр қылмыс. Қасқырша аласұрма қойға шапқан, Жан бар ма жауыздықтан пайда тапқан? Өлтірсе түз мысығын бір әңгүдік, Не керек біреуге артып күмән-күдік? Өлетін зауал шағы тақағанда, Не шығар бәтшағарды отағанда? Мәз болма жазалыны жұтқаныңа, Көз жасын жетімдердің тұт жадыңа. Мейлі сен қара қылды жарсаң да қақ, Өлтірме, зынданда оған жан сауғалат. Қайтесің басын кесіп, кінәсін кеш, Жүрегін жаулап оның, бір ақыл қос.
Болмаса саңылаусыз, қаныпезер, Сәулесін ізгіліктің жаны сезер. Өлгенше қадіріңді мәңгі ұмытпас, Атыңа кір келтіріп, шаң жуытпас. Тосыннан тарта қалсаң уайым-қайғы, Жолыңа бас тігуден тайынбайды. Кейбіреу көрмесе де тәуір мейлі, Аспандап атақ-даңқың дәуірлейді. Өтеуі қылғаныңның болмаса да, Өкінбе, өз ісіңді оңға сана. Ескендір осылайша болды дархан, Бас иді әлем халқы қалды да аң-таң. Жайнатып жан сарайын, құйып үміт, Жақсылар жағаттады үйіріліп. Жаһанды жайсаңдықпен таңғалдырған, Жетеді мұратына арман қылған. Бір саудагердің қатты зиянға ұшырауы, баласынан айы рылатын болған соң құты қашып, байбалам салуы. Жүрегінің қаны шапшып, бетіне шығып, от боп жануы. Қалтасындағы қалған ақшасын түгел жұмсап, өлім жазасына кесілген баласын құтқарып алуы. Сөйтіп, баласы мен байлығына қайтадан иелік етуі. Арабта дәурен сүрген бір саудагер, Саудада игеріпті мың санды өнер.
Болыпты асып туған жалғыз ұлы, Сол еді бар үміті, бар қызығы. Саудамен дүниені еншілейтін, Көңілі қала көрмей көншімейтін. Пайдасыз жаны тыным таппайтын-ды, Біреуін екеу қылмай жатпайтын-ды. Бас салар қазынаңды қалғысаң-ақ, Бір күні қарақшылар алды тонап. Қорқақты алды-артына жау қаратпас, Жөнелді жалшылары сауғалап бас. Жарытпас жаман-жәутік қырға шығып, Кеткендей быж-тыж болды құмға сіңіп. Шықты өзі қашып қатер арасынан, Алайда айырылды баласынан. Саудагер басын соғып зар жылады, Сорғалап екі көзден қан бұлағы. Аһ ұрды көкірегінен жалын үрлеп; «Мүсірке енді, жалғыз Тәңірім! – деп. – Құйындай кезіп, дала шарлайын ба, Салынып көз жұмғанша сарыуайымға? Айырылып жалғызымнан не боламын, Жер бетін кезсем қайдан таба аламын?».
Болар деп қиналғанда бір керегі, Мың ділдә бөлек сақтап жүрген еді. Ділдәсін белбеуіне тігіп қойған, Сөгіп ап, сейілді сәл күдікті ойдан. Жанғандай болғанымен оты үміттің, Қайғырып аласұрды, өкініп мың. Қиырда қайыршыдай жеке қалды, Басы ауған жаққа қаңғып кете барды. Тау асып, тасты басып жаны ауырды, Кезумен әр қаланы, әр ауылды. Ақыры жетті шулы бір шаһарға, Тобырды көрді алаңнан тұрса сонда. Біреуді әкеліпті дарға асуға, Жендет тұр жалаң қағып дәл қасында. Қан басқан, қиналып тұр жаны азаптан, Байқаса секілді оған жала жапқан. Әлгіні құтқарсам деп жалтақтады, Беруге мың ділдәсін жан таппады. Құтқару жағдаятын естіп елден, Белдігін ділдә түйген шешті белден. Босатып алды дереу құнын беріп, Таныды сол арада ұлын көріп.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру