Ескі қоныстағы ел
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Авторы: Өріс Яшүкірқызы
Өріс Яшүкірқызы ЕСКІ ҚОНЫСТАҒЫ ЕЛ (хикаят пен əңгімелер жинағы) «ЕЛОРДА» баспасы 2014 жыл УДК 821.512.122 ББК 84 (5Қаз)-44 Я 96 Қазақстан Республикасы Мəдениет министрлігі «Əдебиеттің əлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша жарық көрді Яшүкірқызы Өріс. Я 96 Ескі қоныстағы ел (хикаят пен əңгімелер жинағы)
Астана: «Елорда», 2014. – 256 бет ISBN 978-601-7350-06-2 Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Яшүкірқызы Өріс мемлекеттік тапсырыспен шыққан бірнеше кітаптардың авторы. Оның бұрын жарық көрген «Сексеуілдің шоғы», «Қараша қаздың қаңқылы» өлеңдер, сондай-ақ «Боямасыз өмір», «Шенеунікше тактика» сатиралық əңгімелер жинақтары туралы кезінде мерзімді баспасөз беттерінде жақсы пікірлер айтылып, оқырмандардан лайықты баға алды. Ұсынылып отырған бұл жинақта қазіргі нарықтық заманымыздағы ауыл өмірі, ондағы өмір сүріп жатқан адамдардың шынайы тіршіліктері суреттеледі. Туындыларында əсіре бояу мен əсіре сипаттаулар жоқ. Қайта шымшыма əзілдер мен юморлар астарланып əрбір оқиға өзіне тартып отырады. «Қараңғы үйдің жарығы», «Тот басқан тетік», «Қызыл диплом», «Қоқыстағы қазан», «Бүйрек» т.б. əңгімелері оқырман қауымын бейжəй қалдырмайды. Кітап жалпы оқырманға арналған. УДК 821.512.122 ББК 84 (5Қаз)-44 ISBN 978-601-7350-06-2 © Яшүкірқызы Ө, 2014 © «Елорда», 2014
ТУҒАН АУЫЛ ХИКАЯТТАРЫ Ескі қоныстағы ел I. Сұлутөбе Осы ауыл алғашқыда «Қазақстанның 30 жылдығы» колхозы аталыпты. Ал тұрғылықты халықтың өз аузында «Ескі қоныс» деп аталады. Ортаңғы бөлігі «Орта қоныс» кейінгісі «Жаңа қоныс» делініп кеткен. Əр ауыл бөліктерінде ата қоныстарына сай əр ру қоныстанған. Мəселен, «Ескі қоныста» таза шағырлар мен бошайлар, аракідік көкмұрындар, орта қоныста тіней наймандар, ал «Жаңа қоныста» тағы да таусылмайтын шағырлар (бұл менің нағашы жұртым) алтыбас пен кеншім, қонақбай, тағы да бір-екі үй көзей мен жалғыз үй абыз бар. Барлығы бір қыпшақтан тарайды. «Ескі қоныс» мекені мен көзімді ашқалы көргенім бойынша өркениетті елді-мекен. Өйткені бұл жер Қазақстанның астанасы болған Қызылорда қаласынан небəрі 35 шақырым. Бір қыр астам жерде «Сұлутөбе» үлкен теміржол бекеті (станциясы) бар. Бекетке тоқтамай өтпейтін поезд жоқ десе болады. Станция дегенмен Батыс пен Шығысты жалғастыратын күре тамырлы үлкен теміржолдың бойы, кішігірім қала десе болады. 1932-1934 жылдар арасында болған ашаршылық кезінде ескі қоныстың адамдары өздері аулап ұстаған қоян, қарсақ, түлкілерін Сұлутөбе станциясынан тоқтап өткен жолаушылар поезының жүргіншілеріне азық-түлікке айырбастап, жан сақтағанын көнекөз қариялардан талай естігенмін. Тұратын халық санының көптігіне қарамастан үйсіз жүргендер болмайтын. Кірпіштен, қамыстан, кəдімгі саздан салынған үйлер көп-ақ. Төбесін қамыспен жауып,оның үстін лайлап, қайтадан сазбен жауып тастайтын. Шешен ұлты салған үйлердің түрі мүлде өзгешетін. Олар тұтас қамыстан салады.Үйдің төбесіне жабылған қамыстарды лайлап, оның үстін жаңбыр өтпесін дейтін болуы ке-
рек қара қағазбен жабатын. Төбе жақ ернеуде қамыстардың шеті сыртқа қарай салбырап тұратын. Жас жұмысшылар тұратын бір қабатты, екі қабатты сары кірпіштен салынған жатақтар да көп кездесетін. Мұның əр бөлмесі ат шаптырымдай кең, ортақ дəліздері бар. Барлық үйлер ақ шағаладай шатырланған. Аурухана, емхана, жастар клубы, аралас тауарлар сатылатын бірнеше дүкендер бар. Оқулықтар сататын дүкен өз алдына бір бөлек. Жазғы каникулға шығысымен кітап дүкенінен оқулықтарымызды түгендеп алу үшін мұнда жиі келетінбіз. Орталықта даусы саңғырлап бүкіл елдің жаңалықтарын, ауа райының болжамын жариялап үлкен биік бағана басына ілінген шелектей радио тұрады. Кейде жүректі тербететін əндер беріледі. Əр сағат сайын уақыттың дəлдігін хабарлап отырады. «Сұлутөбеге» барған əсеріміз үлкен шаһарға барып келгендей, үйге қайтқанда марқайып қайтамыз. Станциядан сəл əрірек сылқылдап толқындары желге желбіреген жібектей сұлу Сырдария ағып жатады. Бұл ағысы біркелкі емес дария бойында арғы жақтағы елді мекендермен қарым-қатынас жасайтын түтіні будақтаған паром жұмыс істейді. Мұның да басы жыбырлаған халық. Паромнан өтетін кезекті күтіп дарияның жағалауын жата-жастанады. Демалыс дегенді білмейді. Тапсырма солай болса керек. Демалыс болып қалса, онда паромның бұзылып, кəдік шыққанынан болады. Арғы жақтан бергі жаққа малдарын, бергі жақтан арғы жаққа астықтарын сатуға өткізетін шаруалар ерте көктемнен қоңыр күз түсіп дария қатқанға дейін дамыл көрмейді. Күн сəскеден сəл ауғанда дария бетіне қарасаң, бейне қақталған ақ күміс жайылып жатқандай көз қарықтырады. Жағалау майысқан бал құрақ пен иісі мұрынды жаратын сарала гүлді жасыл жиде. Бала күнімде дария жағалауының осы бейнесі көз алдымда өшпестей əдемі сурет болып қалды. Кейде дария жел тұрып бұзылады. Сонда алай-түлей бұрқырап, толқындары төбеге көтеріледі. Бұл да керемет көрініс. Осы кезде бауырлары сары алтындай жарқыраған үлкен ақ сазандардың
толқынмен бірге көтеріліп, толқынмен бірге басылатынын айт. Ал, азуы кере қарыс ақ жайындар жағаға сеңдей соғылысып шығып қалатыны да бар. Кəнігі балықшыларға осы керек. Дарияның тік жар емес, ойыстау жағына тор құрып, құдай берген мол ризыққа кенеледі де қалады. Жалпы дария жағалауы ну орман. Бұған адамдар бұрын түскен сүрлеу арқылы бармаса, басқалай жаяулап бара алмайды. Жол жиегі қалың жиде, тобылғы, аршалы ағаш, қызыл жыңғыл, ара кідік ақ қайың аралас майда тал, олардың арасында киіміңді түте-түте жасайтын гүлді шеңгел. Кейбір су шайған ойпаңдау беткейі дəруменді қызыл мия мен жап-жасыл бал құрақ. Осы құрақты малына біреу дер кезінде орып алмаса, күзге қарай жаяу кісі түгілі, аттылы кісі көрінбейтін ну сары қамысқа айналады. Қайдан пайда болатыны белгісіз, қамыс арасы қорсылдаған жабайы қабанның мекені. Көкемдер тіпті өздерінің жас кездерінде осы аралықта жолбарыстың да көп болғандығын, кейін осында қоныс аударған орыстар атып тұқымын құртқанын айтып отыратын. Дарияда осындай ақ сазан мен жайын, басқа да ақ шабақтар тулап жатқан соң, бұл табиғи байлықты сол кездегі басшылар орынды пайдаланса керек, «Сұлутөбеде» үлкен балық зауыты жұмыс істеді. Зауытқа жан-жақтан жұмысқа келген орыс, қазақ, татар, кəріс, шешен ұлттары да жүретін. Даярланып, өңделген балық өнімдері батысқа қарай Ресей қалаларына жөнелтілетін. Қамыс та жоғары бағаланған кез еді. Сол уақытта «бір өзі комбинаттың жарты қала» деп өлеңге қосылған Қызылорда қаласында түрлі қағаз бұйымдарын өндіретін Одақ деңгейіндегі ірі Қағаз комбинаты жұмыс істеп тұрды. Біздің ауылдың қамысы осы ірі комбинаттың шикізаттық қажетін өтеді. Мұнымен №15 разъездегі қамыс зауыты арнайы айналысты. Бұл зауытта жұмыс істегендердің табысы, қазіргі мұнайшылардың табатын табысымен пара-пар болатын. «Сұлутөбеде» ауылшаруашылығына арнайы техникалық мамандар даярлайтын кəсіптік-техникалық училище ашылып, мек-
теп бітіріп, алысқа оқуға бара алмай жүрген жас жеткіншіктердің орта арнаулы білім алуына жол ашты. Бұған 14 жасқа толғандар қабылданатын болған. Арғыжағы «Тартоғай», «Бірінші май», ортада біздің ауыл, бергі жағы «Бірқазан» ауылына дейін осы училищеде білім алған түлектер көп болды. Кейін олар елдің барлық қызметіне жарады. Біздің үйдің бар ауыртпалығы өзіне түсетінін білген бауырым Жеңіс бір жасын өтірік үлкейтіп, осы училищеге оқуға түсіп, механизатор мамандығын алып шықты. Туғалы екеуміз бір-бірімізден бір елі ажырамағандықтан шығар, Жеңіс оқуда жүргендегі сағынышымды тілмен жеткізе алмаймын. Күнде ешкімге көрсетпей солқылдап жылап аламын. Оның тезірек келуін тілеймін де, апамнан жəй ғана: – Апа, Жеңіс қашан келеді? – деп сұраймын. – Келіп қалар, құлыным. Сен де сағынып қалдың ба? Үйде жүргенде күн көрсетпейтін едің, – дейді анам маған таңқалып. Айтып отырғаны рас. Баланың ең кенжесі болған соң, көкем мені «менің қызым» деп еркелетеді. Осыған масаттанып Жеңіс ағама жасамайтыным жоқ. Қазіргідей неше түрлі автоқалам жоқ. Сауытқа құйылған сияға қаламұш батырып жазамыз. Осы сияға №11 қаламұш деген қат. Жеңіс еркек бала емес пе, сындырып ала ма, жоқ жоғалта ма, сабағын əзірлерде менен осы қаламұшты сұрайды. Мен қырсығып бере қоймаймын. Біраз жалындырып аламын да, оған шарт қоямын: – Анау, Дəмегүлдің үйінің қорасына дейін мені арқалап апарып, алып келсең, онда беремін, – деймін. Ол бірден келіседі. Себебі, осы аралықта, дəл қазір сабақ əзірлеуі керек. Мен біліп тұрмын. Бұдан əрі уақытысы жоқ. Үйдегі малға шөп салады, жағатын пешке отын бұтайды. Мал қораны тазалайды, содан кейін барып көкемнен далаға бір мезгіл ғана ойнап келуге сұранады. Ол кезде көкем жіберсе жақсы, жібермесе үйдің тағы бір таусылмайтын жұмысына кезігеді. – Бол, енді тез, арқама отыр, – дегенде, мен де маймылға ұқсап жабыса кетем. Ол келісім бойынша сыртқа мені арқалап, жүгіре
жөнеледі. Маған керегі Жеңістің мені арқалағанын Дəмегүлдің көруі. Оның ағасы жоқ, көрсе қызығады. Менің бар мақтанатын жерім де осы. Алайда, Дəмегүл емес, осы кезде қорасынан құманын қолына ұстап келе жатқан оның анасы Шəйкүл көре қалады да, менің қиқарлықпен Жеңістің арқасында отырғанымды біле қояды. – Əй, қыз, түс арқасынан өгіздей болмай, – деп айқайлайды. Жеңіс ол айқайға қарамай, айналымын бітіріп, енді тезірек үйге қарай зырылдайды. Мен одан əрі мəз. Үйге келген соң ол арқасынан мені жерге топ еткізеді. Ішім лық ете, оңбай ауырып қалады. Бірақ, өз дегенімнің болғанына мен разы, бұған қыңқ демеймін. – Кəне, қаламұшты бере қойшы, – дейді Жеңіс ентігіп. Мен енді бəлсінбей кішкентай №11 қаламұшты қолына ұстата беремін. Бұл қаламұшты маған көршіміз өзіммен бір сыныпта оқитын Таңсықбайдың ұлы Аманкелдіден көп қып артығымен алып қойғанмын. Өйткені мен оған мұғалімнің тапсырмасы бойынша сабақ үйретемін. Сабақ үйрету аты ғана. Оның өзі дайындалады. Мен барып оны-мұныны əңгімелеп, «сабаққа дайындалдың ба?» деп сұраймын. Ол «Иə» дейді. Бітті. Ол менің əйтеуір үйіне келгенімді жақсы көріп қалады. Артығымен кім алып қоятынын қайдам, онда дəптер де, түрлі-түсті қалам да, жаңағы қат №11-қаламұш та пашкісімен толып жатыр. Қолы ашық жақсы бала, қанша сұрасам, соншасын береді. Жеңіс ағам екеуміз тетеміз. Арамыз төрт жас. Кішкентай кезімнен-ақ қандай еркеліктерім болса да көтеріп, бір сəтке де бала боп ренжіткен емес. Солай бола тұрса да, менің оған еркелік қиқарлығым басым. Тіпті мұның кейбірін озбырлық деуге де келеді. Көкемнің бір ауруы бар. Оны осы күнде ойлаймын. Мүмкін безгек шығар деп. Табан астында дірілдеп-қалшылдап ауырып қалады. Үйдегі темір пешке сексеуіл жақтырады. Онсызда төбесі аласа тар бөлме іші, от жаққаннан кейін күйіп кетеді. Апам болса жаны қалмай көкемнің аяғын, қолын уқалай бастай-
ды. Ауруы оған да басылмайды. Денесі қатты сырқырап, тістері сақылдап, ерні-ерніне тимей дірілдеп кетеді. Бұл ауру көкемнің денесі жіпсіп, тер шықпаса кетпей, қинайды. Осындайда көкем кейде етпетінен жатады да арқасын, жамбасын Жеңіске бастырады. Сəлден соң «салмағың аз ғой» деп, мені арқалатып қояды. Ыстық бөлмеде мені арқалап, көкемнің денесін басу деген «қыл көпірдің» үстінде тұрғаннан да ауырлау. Жеңістің аяғы денесінің бір жеріне қаттырақ тиіп кетті ме, көкем ашуланып, қасында үнемі жататын қамшысын алады да, «Атаңа нəлеттің баласы!» деп батырлата бастайды. Ешкім мұндайда араша түсе алмайды. Кейде көкем дəл мұндай қатты ауырмайды, жəй аурудың алдын алу (профилактикасы) болуы керек, арқасын маған бастырады. Мен мұндайда көкеме «Көке, Жеңіс мені арқалап бассыншы, мен мүлде жеңілмін ғой» деп есіне саламын. Көкемнің бұл көңілінен шығады. «Шақыр, ендеше!» деген бұйрық береді. Жүгіріп далаға шығамын. Балалармен енді қызып «лəңгі» (қорғасын құйылып тігілген бармақтай теріні аяқпен жоғарыға қақпақылдайды. Кім қанша рет (20, 30) аяпен жерге түсірмей қақса, ұтыс соныкі) ойнап жатқан Жеңіске «Тез, көкем шақырып жатыр» деймін. Содан көкемнің тағы да жамбасын, арқасын Жеңіс мені арқалап баса бастағанда, көкем: «жоғары... ы ы... е... е... төмен... ы...ы...» деп жаны рахаттана ыңқылдай, нұсқау беріп жатады. Мен де сол кезде арқада отырып алып, Жеңістің тура құлақ тұсына сыбырлай, əрі қытығын келтіре ернімді тақап: «Бас, малай, бас жоғары, төмен» деп көкемнің сөзін қайталаймын. Білемін, мұндайға ағам күйіпақ кетеді. Бірақ амалы жоқ. Тіл қатпайды. Көкеме арқасын басып тұрғанда «болды ма?» деп сұрауға жəне бата алмайды. Ақ тері шығып бұл процесті орындайды. Көкемнің денесі жұмсарып, жақсарады-ау деймін, маңдайынан бұршақ-бұршақ тер көрінеді. Сонда да қатқыл қалыпта: «Түсіңдер!» дейді. Уһ! Жан қысылған шақ бітті-ау! Жеңіс арқасына жабысқан мені жерге иығымен бар пəрменімен сілкіп кеп жібереді. Мен дүрс ете құлаймын, бірақ жыламаймын. Ал, Жеңіс болса көкемнің рұқсатынсыз далаға қайыра кетіп қалуға тағы да бата алмай:
– Көке, далаға барып ойнай берейін бе? – дейді. Арқасын басып, жан рахатын берсе де, көкемде жылы сөз жоқ. – Бар! – дейді əмірлі үнмен. Жеңіс далаға баруын, барады-ау, бірақ көп ұзамай үйге басы салбырап қайтып келеді. Өйткені, бұл кезде ойын аяқтала ма, жоқ оларды да əке-шешелері үйлеріне шақыра ма, балалар жоқ, тарап кетеді. Ағам көңілсіз, қабағы қатып, кітап оқитын бұрышқа бетін бұрады. Осы кезде мен оны шын аяймын. Аяғаным сол, тағы да арқасына жабысып, ол қаламаса да бетіне бетімді тақай түсемін. Одан соң желкесін, шашын иіскеймін. Басын сипалаймын немесе қытығын келтіретін əрекет етемін. Бұл менің көрсеткен жанашырлығым. Ол да мені түсінеді. Көп ұзамай өзінің қалпына келеді. Міне, осындай тəтті балалық шақтан бізді Жеңіс оқыған училище айырғанын біліп жылаған едім. Сағыныш дегенді тұңғыш рет ұғынған, сезінген кезім де осы болды. Бұдан кейін мен ағама орынсыз қиқарлықты күрт тыйдым. Бір күні каникул болған шығар, əлде басқадай себеп пе, Жеңіс үйге келді. Сөйтсем ол да мені сағынған екен (мен солай ойладым). Əдемі тарақ алып келіпті. Қуанғанғанымды көрсең. Мақтануға Дəмегүлге көрсетуге жүгіре жөнелдім. Қайтып келгенімде бауырым маған былай деді: «Мен оқуды бітіремін. Жұмыс істеймін. Сен қызсың ғой. Сонда көп əдемі қаланың қыздарынікіндей көйлектер алып беремін. Оқуыңды жақсы оқы» деді маған үлкенсіп. Қазір ойласам ағамның жасы сол кезде 13-те ғана. Осылайша бауырым «Ескі қоныста» еңбекке ересектермен қатар, бұғанасы қатпай-ақ ерте араласты. Ал, қазір осы қоғамда кейбіреулер отызды алқымдаса да өзге түгілі, қара басын асырай алмай жүр. Мұндайларды көрсем, ағамның сол кездегі отбасына деген жауапкершілік сезімін, туған қарындасына шынайы қамқорлығын əрі сүйсіне, əрі ет бауырым елжірей есіме аламын. Станцияның қасына тақау жерде М. Ломоносов атындағы 10 жылдық орыс мектебі болды. Бұл мектептен білім алып ұшқан түлектер Мəскеудегі жоғары білім ордаларына қиналмай ем-
тихан тапсырып түсіп кететін. «Ескі қоныстан» осы мектепке келіп оқыған Мамадəлінің Əлиханы т. б. Мəскеу Мемлекеттік университетінің математика факультетіне жоғары балмен оқуға түскенінің куəгері едік. Сондықтан мектеп те, онда сабақ беретін мұғалімдер де мəртебелі саналатын. Мектептің айналасын аққайың аралас ұзын теректер, қара ағаштар, көгілдір гүлді жиделер қоршайтын. Ауласының ішіндегі кішкентай ақ тастармен өрнектеліп көмкерілген гүл бағы соншалықты көз тартатын. Гүл бақты кішкене ағаш шарбақтар жауып тұрады. Оның өзі үнемі əкпен ағартылып отырылатын. Əр жексенбі сайын «Сұлутөбенің» шығыс жақ бетінде сəскеден бесін ауғанша тарқамайтын базар да болған. Базардан ұсақ-түйек тұрмысқа қажетті заттар алуға келген əке-шешемізбен, кейде бірге еріп келу үлкен қуаныш. Мұндағы тауарлар Ташкенттің базарындағы тауарлардан кем емес. Шиелі, Бəйгеқұм, «Бірінші май» колхозы, «Тартоғай», №17, №16, №14, №15 разъездерінің тұрғындары өздері тапқан көліктер: ат, түйе, есек арбамен базарға жиналып, аржағында Ташкент шаһарынан алып келген неше түрлі тауарларын үстемелеп сатып, пайдасын көретін. Біздің ауылдағылар бұл базарға қарынға салып тұздаған сары майды, құрт пен ірімшігін, немесе уақ ешкі, қойын əкеледі. Ірі қара мен жылқы, түйелерін де сататындар бар. «Сұлутөбе» станциясы арқылы өтпейтін поезд жоқ. Таңның атысынан кештің батысына дейін ерсілі-қарсылы ауыр жүк тиеген (оны сұр шұғамен көрсетпей, бастырып тастайды) жəне жолаушылар тасымалдайтын поездар жүйтки ағылып, гудоктатып «Уһ! Уһ!» деп ентіге, кесте бойынша болар, станцияға бір-ер минут аялдап өтеді. Қазақ əйелдерінен басқа орыс, кəріс, шешен əйелдері нарық жағдайын сол кезде-ақ білетін, қысы-жазы маусымға қарамай, поезға қолдан пісірген тоқаштары мен жұмыртқа, тауық еттерін, пісірілген картопты, қияр салаттарын жолаушылар поездарына сатып, күнделікті ырыс-несібелерін айырады. Ескі қоныстағы елдің ақшаға бір байып қалатын шағы – сары күз. Жаздай күтіп-баптаған бақша өнімдерін «Сұлутөбе»
станциясындағы уақытша ашылған қауын-базасына тапқаны машинамен, таппағаны ат арбамен əкеліп өткізіп, қолма-қол ақшаларын алады. Көп ала ма, аз ала ма кім білген. Əйтеуір алған ақшаларын біреу тегін бергендей қуанып, несібелеріне риза болады. Сөйтеді де, қасына ертіп келген ұл-қызын бір қуантып, «Сұлутөбедегі» дүкендерді аралатып, қыстық киім-кешектерін, үй тұрмысына қажетті кəкір-шүкір нəрселерін алады. Қауын базасына өнімдерін тапсыру да оңай шаруа емес. Қауын тиейтін арнайы вагонды күту, қалпақтары шошайып қаптаған кезектерді күту, қауын салатын жəшіктерді күту ол да титықтатады. Кейбіреулер бұған шыдамай, əрі үйіндегі қараусыз қалған бала-шағасының қамын ойлап, апарған сары ала қауындарын сол жердегі ағайын-туыстарына таратып, кетіп те қалады. Бұл уақытта қауын базасының директорындай асығы алшысынан түскен, ең құрметті, ең қадірлі, ең сыйлы адам жоқ. Əр жерде төбе-төбе етіп жинаған қауындарын қарауылдап, оны тиеп жіберетін вагонның босайтын кезегін күтіп, күнге төбесі күйіп шаршаған ақсақал, қарасақалдар директордың төбесін көрсе, жас балаша жүгіре алдынан шығып: – Ассалаумағалейкум, басеке! Айналайын, бүгін бір вагон босайды деп едің?... – деп елпелектей бастайды. Ал, директор болса бəрін қараң қалдырып: – Туһ! Білем! Білем! Жолдан былай тұрыңдаршы...(қартына да, жасына да осылай сен деп сөйлейді бұл уақытта) ана ағаш жəшік таусылып қалды... Таразы сынып қалды... Ойпырым-ай-ой, мүлде бар ғой, сендерге бəрі оңай. Күтсеңдерші енді, күтіңдер! Осы сендер үшін арқа етім-арша болды, – деп күнге тершіген маңдайын алақанының сыртымен сүрте, əрмен қарай өте шығады. – О, атаңа нəлет! – дейді осы кезде біреу. «Кезекпен тиейді» дегені қайда. Кеше ғана «Тартоғайдан» келген Құрманбай бар емес пе. Əне, қарашы, қатыны мен екеуі əнебіреу бос жəшіктерді жинап алып, қауындарын вагонға тиеп жатыр... О, сұм! Біз ғой осы жерде екі күн түнеудеміз.
– Оның не даурығатыны бар. Қауынмен бірге бір саулық ешкіні бақыртып тиеп əкелді, кеше көзім көрді. Баздың директорына берген шығар, – деп көптен біреу шығады. – Енді, қарағым, осының əділдік пе, мынауың не өзі? – деп айтайын десе қауын базасының директорын таппайды. Қым-қиғаш боқтау-боралау осы жерде басталады. Қауын базаға қауын өткізу бір жарым ай ішінде бітуі керек. Үлгерсең-үлгердің.Үлгірмесең жоқ. Қауын тиелген жүк вагондары еліміздің батысына қарай Ресей, Сібірге бет алады. – Қап, келесі жылы ма, «өйтермін-ау, бүйтермін-ау» деп бостекі тірліктеріне наразы болған ел адамдары күйіп-пісіп, ауылдарына қайтуға жинала бастайды. Енді бірі үйіп əкелген қауындарын, станцияның басында тапжылмай отырып, өткен-кеткен поездың жолаушыларына көтерме бағамен сатып отыратындарға арзанға беріп кетеді. Олар да қу. – Ойбай, ондай бағамен ала алмаймыз. Берсең килосын осыған бересің, бермесең өзің біл, – деп қасарысады. Қауындарын ауылға кері алып қайтуға тағы көлік жоқ. Аналар амал жоқ, сол арзанына да көнеді. Ал, біразы қайыра машина жалдап, не ат арбаға тиеп үйлеріне алып қайтады.
II. Ескі қоныс «Ескі қоныстағы» елге мал жəне егін шаруашылығы жүктелген. Сол кезде үкіметте Қазақстанның ауылдық аймақтарында көкініс пен жеміс-жидекті де дамыту, құс өсіру мəселесі қозғалған немесе осыған арнайы қаулы шығарған уақыт болуы керек. Əйтпесе, əрбір ауыл тікелей жеміс-жидек, əйтпесе, көкөніс өсіретін колхоз емес, жалпылама мұндай шаруашылықпен айналыспайтын. Колхоз бастығы Əлімбай Есенбайұлы болды. Бұл кісіні келіндері «Прəквас» қайнаға дейтін. Өйткені сөзінің лексиконында əрдайым осы сөз қайталанады. Əлімбай колхоз басқарғанда көлемі 200 гектар жерге өрік, алма ағаштарының көшеттері отырғызылды. Мұны күтіп-бағуға
ауылда шындығында адам да жетіспейді. Ер адамдар да аз. Көбісі кəрі-құртаң. Жесір əйелдер. Жаңа өсіп келе жатқан бала-шаға дегендей. Бірақ, социалистік қоғамның ерекшелігі сол, партия айтты, бітті. Орындау керек. Қарсы келуге болмайды. Əлімбай аға бұған жұрттың барлығын жекті. Тіпті бала-шағалы Емберген əкеге тауық фермасын ұстауды міндеттепті. Ферма бастық Емберген. Орынбасары əйелі Зүбайра, жұмысшылары бес алты ер баласы. Осыларға не жарытып еңбеккүн бергені белгісіз. Ол кезде колхоз бастық тапсырды ма, қарсы сөзге келмей орындайды. Каналдың бойында отырған Емберген əкенің 500 бас тауық бағуы да оңай емес. Шиқылдаған сары балапандарын еріткен ақ тауықтар қит-қиттап əр бұтаның түбінен дəм іздесе, қоразға қылымсыған мекиендер секектеп жер көкке тұрмайды. Колхоздың қайбір салып берген арнайы тауық қорасы бар. Баққан тауықтар сол үйдің мал қораларының бір жағында жайғасқан. Үй құстарын қорадан шығару, қайтадан қораға жинау да қияметтің қияметі. Емберген əкенің дəл үйінің тұсына жақын көпір бар. Көпірдің қасынан ойпаңдау жерден иінағаштарын иығына көтеріп, ауыз су алуға əр үйдің шелек көтере алатын кішкене 7-8 жас қыздары келеді. Сол қыздарға: – Əй, қыздар, ана тауықтарды бермен қарай қуып, жақындатып тастаңдаршы, құрғырлар-ай шығанға шығады да тұрады, – дейді Зүбайра үйінің қасындағы пешке нан жауып па, жоқ сүт пісіріп пе отырып, суға келген қыздарды жұмсап. Тауық деген қозы не лақ емес, оны діттеген жолмен жүргізе алмайсың. Оны тек жеммен ғана шақырып аласың. Ол үшін қолда жем болуы керек. Шағырлардың қыздары Зүбайраның айтқанын екі етпей иін ағаштағы су толы шелектерін қоя салып, тауықтарды қуалап кетеді, Емберген əкенің үй жағына қайтаруға. Əлде тауықты өздері қызық көре ме кім білсін. Мен шағырдың қызы емеспін, сондықтан елпілдей қоймаймын. Иінағашпен орта шелек суды əрең көтеріп кете берем. – Ана қыз кім, ей, – деп сұрайды, – менімен барған қыздардан Зүбайра апай бұрылмаған мені танып тұрса да, танымағандай.
Олар айтады. Зубайра апай енді тілерсегім майысып, екі шелек суды көтеріп бара жатқан маған айқайлайды: – Əй, Яшүкүрдің қызы, сен қызды ма, көресің, Қуатыма (ұлын айтады) алып бермеймін. Қарашы-ей қақшаңдап бұрылмауын, – дейді. – Керек еді сенің Қуатың, – деп менде бұрқылдап кете берем. Мен онда 8 жасқа толмаған кезім. Шағырлардың əйелдері менің маңдайымнан сипаған емес. Тауық бағудың қияметін Емберген əкенің үй-іші біліп өсті. Осы кезде тауықтан басқа мектепте «Жас төлшілер клубы» жұмыс істеп, қоян өсіру де қолға алынды. Оны да күтіп-бағушылар оқушылар. Сол қоян үшін мектепке жер бөлініп, оған əртүрлі көкөністер, сəбіз де егілді. Сабақтан қалып кезектесіп, қоян күтетін арнайы кесте де жасалған болатын мектепте. Ал «Жəрімбет бауының қасынан капуста көшеттері отырғызылып, қияр мен қызанақ, сəбіз, жуа өсірілді. Бұл жұмысқа да түгелдей мектеп оқушылары жұмылдырылды. Күзде жинап алатын жұмысшылар қолы жетіспей ме, егілген жуалар домаланып, жиналмай қалып қояды. Біз енді жуаның сырын білетіндер оны теріп аламыз. Ауыл адамдары жер тырмалап, қазып, кем дегенде екі-үш қап пиаз жинап алады. Күріш те сондай. Күрішке орақ түскенде комбайыннан масақ қалатынын жұрттың бəрі біледі. Бірақ ауылдың шолақ белсенділері неге екені белгісіз, жерде қалған масақты тергізбейді. Комбайын жүріп кеткен алқапқа ауылдың жүре алатын кəрі-құртаң əйелдері масақ теруге қасына жас балаларын ертіп шығады. Осы масақтанақ əр үй 5-6 қап күріш жинап алады. Қыстай азықтары. Сол кезде біздің үйден мен барамын. Менен басқа қыз атаулы масаққа шыққан емес. Еркек балалармен мен жүрем. Апам көршіміз Шəйкүлге ертіп жібереді. Қолыма болар болмас қолдан өзіме шақтап тігілген ақ қалта береді. Содан соң апам Шəйкүлге: – Осы қалтаны толтырып тере алса да жарар. Масақты да тергізбейді дейді ғой. Шəйкүл-ау, қасыңнан алыс шығарма, – деп тапсырады.
Əйелдер бастары қосылса əңгімеден ауыздары босай ма, олар əңгіме айтып, мен ер балалармен қосылып жолдағы шеңгел басында қаздиып тұратын ешкіемерді, кесірткелерді кесекпен атқылып, екі бұтаның бірінде иретілген жыланды қуып, оның да ызасын келтіріп таяқ лақтырып масақ теретін алқаптың шетіне келеміз. Егістік алқаптың жағалауы терең жап. Жаптың іші жапжасыл мияға, бал құраққа толып тұрады. Соның көлеңкесіне апарған көже-суымызды, нанымызды қойып, комбайын жүрген алқапты шоламыз.Күріштік алқаптың қорушы бригадирі шағыр Ниязхан. Біздің үй қыс қыстау мен жаз жайлауымыз Ниязхан ағамен бірге қоныстас. Сағағынан майысқан сап-сары күріш комбайыннан қалай қалып қоятынын біз білмейміз, алып барған қалта-дорбамызға масақты сала бастаймыз. Бірақ бойымызды көрсетпей жау зеңбірігінің астында жүрген солдаттай еңбектеп, бауырымызбен жорғалап жүріп жинаймыз. Беліміз талып, орнымыздан сəл көтерілейік десек, əйелдер «жатыңдар, ойбай, қазір көріп қалса қуып шығады бізді, терген масағымызды алып қояды, жатып теріңдер» деп бауырымызды жазғызбайды. Көздің ұшында күріш орған комбайындардың төбелері жəне «өлдім-өлдім» дегендей əлсізденіп шыққан «ғұр-ғұр-ғұрлаған» дауысы талып естіліп тұрады. Бір күні қай жағымыздан келгенін қайдам, күткендегідей алдыңғы жақтан емес, сырт жағымыздан дүбірлеген ат тұяғы жерді ойып жіберердей сатырлатып естілген. Əйелдер «ойбай қаштық» деп жапқа қарай қаша жөнелді. Мен аңызда аяғыма киіп барған аяқ киімім түсіп, табаныма шөңге кіріп, жүгіре алмай қалып қойдым. Сасып қалдым ба, жоқ қорқып кеттім бе қолымдағы кішкене қалтамды да жерге түсіріп алдым. Қасымдағылар жапқа тығылып үлгерді. Ал Ниязхан аға маған атын ентелетіп жетіп келді. – Өй, əкеңнің... сендерге қанша айтса болмайды, араның балына жиналғандай бəрің бірдей үймелеп, біресе ана жақтан, біресе мына жақтан шығасыңдар, кетіңдер түге бұл жерден (ана жапқа тығылғандарға айтқаны шығар), ал маған:
– Əй, Яшүкүрдің қызы, əкел бермен қолыңдағыны,– деп зекіді де, атын бастырмалатып келіп, менің берген, бермегеніме қарамастан қолымдағы қалтаны ат үстінен еңкейіп тартып алды да, сатырлатып əрмен қарай шаба жөнелді. Жапқа тығылғандар дін аман. Мен сонда 6 жастан мектепке барып, екінші класқа өткен жылым, 8-9 жастамын. Ызадан жылап жібердім. Өйткені шағырлардың əйелдері мен балаларына түк болған жоқ. Жалғыз үй абыздың қызының қалтасы кетті Ниязханның қолында желбіреп. Үйге келген соң мəн-жəйді естіген көкем, менің ызаланғанымды көрді де, маңдайымнан сүйді. Ал, өзі күлімсіреген күйі: – Оқа емес, қызым, сен менің – тілімсің. Ақымызды шағырларға жібермейміз. Ертең тағы да масаққа бар. Шешеңе бүгін тағы сондай қалта тіккізіп берем. Ниязхан сол масақ терушілердің қарауылшысы ғой, жоғарыға ол да есеп беретін шығар. Ертең тағы да сендерге келеді. Сен бүгінгідей жер бауырлама. Түрегеліп-ақ масағыңды тере бер. – Шəйкүл апа түрегелткізбейді.. – Бəрібір.. Түрегеліп тере бер. Ешнəрседен қорықпа. Содан соң Ниязхан тағы да сендерге атпен шауып келеді.. Аналар сенің кесіріңнен терген масақтарынан айрыла ма, айрылмай ма, оны өзің көресің. Бірақ сен аңыздан жапқа қарай қашпа. Орныңда тұра бер, немесе түк естімеген, түк көрмегендей масағыңды тере бер. Ниязхан тағы да саған айтар. – Əй, Яшүкүрдің қызы, кеше айттым ғой саған. Келме, масақ терме деп.. Əкел, қолыңдағы қалтаңды! – дер. Сен сонда тура қарап, қатты естілердей етіп былай де. – Ай, Ниязхан аға, мұрныңыз пұшықтау еді. Кеше бір қалтамды алдың, бүгін бір қалтамды алдың. Сол пұштиған танауыңызға қалтамды жамау қыл, – де. Бітті. Осы сөзді айта алсаң нағыз менен туған қыз екеніңді көрсетесің. Мен қуанып кеттім. Апама: – Апа, кешегідей тез қалта тігіп бер маған, – деп апамның ине жіп ұстауын тездеттім.
Ертеңіне Шəйкүл қолы босамай, масаққа бармай қалды. Мені апам өзгелерге қосып жібергісі келмеді. Алайда аңызға баруға құлшынысым артып-ақ кетті. Ниязхан ағадан қалайда ақымды алғым келді. Апам ақыры басқа масақ терушілерге қосты. Мен солармен күріштік аңызға келдім қуана. Бірақ кешегі жер емес, басқа жерге. Көкемнің айтқаны бойынша масақты шындап теруге құлқым жоқ. Бар ойлағаным бүгін Ниязханның бізді көріп, қуғынға салуы, менің көкем айт деген сөзді айтуым болып тұрды. Əйелдер маған айқайлайды: – Əй, қыз, түрекеле бермесеңші, жат, еңбектеп тер. Қап, мына қыздай, қақшаңдап тұра беруін қарашы-ей?! – Менің өз есебім өз ішімде. Құдай ойлағанымды беріп, ақ жабулы ат мінген Ниязханның төбесі бір кезде ана жақтан көрінді. Əйелдер жым-жылас үйреншікті жапқа қарай қаша жөнелді. Қызық сурет. Мұны Ниязхан ағай білмейді емес, біледі. Əйелдердің бала-шағаларымен топтасып масақ теретінін (ішінде əйелі Рəзия да болады кейде), өзінің төбесі көрінгенде жапқа немесе құрақ қалтарысына тығылып қалатынын бəрін айдан анық біледі. Сөйте тұра, неге өтірік қорқытып, айқайлайтынына таңым бар жəне түсінбеймін. Мен күріштік аңыздан көкемнің айтқанындай шықпадым. Шапқылап келген Ниязхан: – Əй, Яшүкүрдіңқызы, тағы сенсің бе? Келме деген жерге неге қайта айналып келе бересің? Термейсіңдер, дедім ғой, бұл аңыздан масақты. Барлығыңды үш күнге түрмеге жаптырып тастайын ба, түге? Əкел қолыңдағыны бермен! Мен қолына қалтамды ерікті түрде ұстаттым да, тура көкемнің айтқанын айттым. Расында Ниязхан ағаның мұрны пұшық емес, бірақ осыған ұқсастау екені рас. – Не дейді?! Не дейді мына қыз, ой əкеңнің аузын... Қайыра шаба жөнелді. Бірақ маған қалтамды қайырып, өзіме лақтырып тастап кетті. Жаптағы əйелдер де бұл сөзді тыңдады. Біреулері ішегі қатқанша күлді. Біреулері:
– Қақшаңдап неғып тұра береді десем, осы сөзді айтқалы тұр екенсің ғой... – Əкесі Яшүкір қызына бұл сөзді үйретіп жіберген ғой... – Бəсе-ау, бұл қыз неғып түрекеле береді десем? – Қыз емес, бұл нағыз бəле, қарашы түрін, безірейіп... Шағырлардың əйелдері менің көзімді бақырайтып тұрып осылай деді. Мен оларсыз үйге қайта алмаймын. Өйткені үй алыс. Жолда қалың жиде, сексеуіл жалғыз қайтуға қорқамын. Амалым жоқ өзіме көз алартқан масақ терушілерді күттім. Өзім қолыма бір масақ ұстамай, апарған сусыным мен нанымды жеп рахаттанып, біраз отырдым. Ақыры қалдырған қалтаны бос қайтып алып баруға дəтім шыдамай, масақ тере бастадым. Үйге келген соң бұл «операцияның» сəтті аяқталғанына көкем қатты қуанды. Тіпті апамның өзі де менің бұдан бір күн бұрын аяғыма шөңге кірген табанымның ірің кеулеп кеткен жерін таңып отырып, маған риза болды. – Қорықпағаныңды айтсайшы, енді əкең айтпай-ақ, ана əйелдер ауылдың барлық адамдарына жеткізеді. Ибай-ай, Ниязхан оңбай күлкіге қалды. Қалса қалсыншы, қаршадай қыздың қалтасын алғаны несі екен, жүрегін шошытып, – деді де, маған: – Болды, балам, масағы құрсын... Бармай-ақ та қой, термейақ та қой. Бұл масақтың жыры енді жетеді талай жерге, – деп бетімнен сүйіп, кешкілік ішетін тамағымды алдыма қойды. Ертесіне бүкіл жайлаудағы үйлер естіп, өріске мал айдап бара жатқанда бір-біріне айтыпты. Артынша ауылда бір үйде құдайы ас болған ба, үлкендер жиналған жерде көкем мəнерлеп барлық шағырларға тигізе оқиғаны түрлендіріп айтып береді. – Қызыңа өзің үйретіп жіберген шығарсың? – Қайдағы... Аяғына шөңге кіріп, үйге ызаланып келді. Ертесіне «барма, масағы құрсын, аттың тұяғының астында қаларсың» деп шешесі жібергісі келмеп еді. Кеткен. Сөйтсем, Ниязханға осы сөзді айтуға барған екен...
– Апыр-ай, ə, Яшеке, қызың өзіңнен аумай қалыпты. Сенің де ақыңды алып беріп отыр ғой. Бүкіл шағырларды масқара етті. Сөйтсе, көптің арасында Ниязханның үйіндегі Күлсін əжеміз мəз болып күліп отыр дейді. – Ниязхан айтып келді үйге. Қызы арқылы бүкіл шағырлардан кеткен ақысын алды, Яшекең, – деп. Егіннің масағы жайлы сөз болса, бала күнгі сол оқиға менің көз алдыма келеді. Кейін бес-алты жылдан кейін колхозда жаппай жүгері егу қолға алынды. «Жүгері – ет, жүгері – сүт, жүгері – құт, жүгері ек!» деген ұран шықты. Бұл СОКП-ның бірінші хатшысы Н.С.Хрущевтің тұсында болды. Ауылда бос жатқан шабындықтың бəріне жүгері егілді. Оны жинап алу, собығынан ажырату, кептіру, кепкен собықтан дəнін ажырату ешқандай механика-техникасыз тек қол күшімен атқарылатын шаруалар болатын. Бұл жұмыстарға да бұғанасы қатпай жатып мектеп оқушылары араласты. Бұдан кейін беріректе біз мектеп бітірер кезде «Қазақстанда қой санын 50 миллионға жеткіземіз» деген ұран көтерілді. Ауылды бөлімше-бөлімшеге бөлді. Шопандар қатары көбейді. Осы кезде озат шопандардың кеуделерінде «Құрмет белгісі» ордендері, басқа да медальдар жарқырады. Жалпы, не керек малшылар мен шопандардың еңбекке деген ынталарын арттырған кемелді шақ туды. Жоғары сынып бітірген оқушылардың қолдарына аттестаттарын бермей, бірден жоғары оқу орындарына түсіруге жолдарын қиып тастап, шопандар бригадасында екі жыл қой бағуға міндеттеген уақыт та осы болды. Қойшылар көктем шығар-шықпастан жайылымға мал айдайды. Ауылдан тысқары арнайы қой қоздайтын орын бар. Саулықтар сол жерде қоздап бітпейінше қозғалмайды. Қымбат бағалы қаракөл елтірісі жаңа туған қозылардың терілерінен алынады. Бұл үлкен жауапты науқан. Үш қозының екеуі туа сала терісі сыпырылады. «Обал-ай!» дейсің көргенде. Алтын сұр, көгілдір, мөлідей қара елтірілер өңделгеннен кейін шетелдерге экспортқа жіберілетін құнды тауарлар. Бақылау да, түрлі тексе-
рулер де осы кезде күшейтіледі. Веттехник, зоотехник, басқарма басшылары да осы жерде жүреді. Бармақ басты, көз қысты жасап елтіріні шығынға ұшыратса, ол үлкен қылмыс. Шопандар осы науқанын аяқтаған соң, көңілдері демделіп, əрмен қарай жас қозыны енесіне еріткізіп, Сарысу өзенін бойын жайлай, арқа жақтағы шұрайлы жайылымға көшеді. Қойшылардың жазда слеті өткізіледі. Əр саулықтан үш-төрт қозы алған, жоғары сапалы қаракөл елтірісін өткізген шопандар осы слетте марапатталып, қойшылардың марқайып қалатын кезі. Олардың көңілдерін көтеру үшін ауданнан өнер адамдары, əншілер, күйшілер барады. Арқаның кəусар самалды кешінде концерт қояды. Ұлттық ойын – көкпар тарту болады. Оның жеңімпаздарын да марапаттап тастайды. Сөйтіп қойшылардың жұмыс одан əрі жалғасады. Жазда қойдың қырқымы келеді. Биязы жүн қырқу, оны өткізу, ол да екінші жауапты науқан. Бұл науқан қойшыларда қырда өтеді. Бұған ауылдан қосымша жұмыс күші тартылады. «Сұлутөбедегі» тері жəне жүн қоймасына (мұны жұрт «заготконтор» деп атап кеткен) қырқылған тең-тең жүнді уақытысында тапсыру да қауын базасындағыдай кезек. Қыр мен «Сұлутөбе» аралығы 300 шақырымнан асады. Күннің ыстығында жүн тасымалындағы шоферлардың билігі де, үстемдігі де басқарма басшыларынан күшті. – Болдыңдар ма, тездетсеңдерші?! Біз барамыз дегенше қанша уақыт, – деп жүнді теңдеп жатқан қойшыларға дауыстарын көтере сөйлейді. Олар да жандары қалмай: – Əй, Аман-ау, Ақназар-ау, сəл-пəл нете (демала тұрыңдаршы дегені) тұрыңдаршы. Қазір ана жеңгелерің де ыстық бірнəрсе істеп жатыр еді. Жолдарың алыс қой, тамақтанып алып жүрмейсіңдер ме – дейді. «Тф» десе түкірігі жерге түспей тұрған шоферлар одан сайын асықтырып: – Ыстық тамақты кім жек көреді. Уақыт кетіп барады ғой, уақыт! Айтса болмайды-ей! Атаңа нəлет, қай бір тақтайдай түзу
жол тұр дейсің алдыңда? Мына аптап ыстықта көмейіміз шаңға көміліп ол жаққа жеткенше қанша... – деп, алады да, бар өштерін темекіден алып, езулеріндегі тұқылды одан əрі сора түседі. Содан қоңыр күзде тағы да күзем жүн қырқылады. Мұның да дəл осындай үлкен міндеті бар. Қыстауға бірден қойшылар қайта қоймайды. Алдымен саулықтарды күйекке түсіреді. Қар алғаш түскеннен кейін ғана қыстаққа оралады. Алты ай жаз көрмейтіндіктен кетерде сырда қалатын ағайын-туыстарымен кəдімгідей қоштасып кетеді. Күзде келгенде сағынысып, құшақтасып көрісіп табысады. Қойшылардың əйелдері (іскерліктерін айтсайшы) жаз бойы қой сүтінің іркітінен дайындаған дорба-дорба сарысу, ірімшік, құртты рет-ретімен көршілерге, ағайындарға бөліп береді. Елдегілер де оларға арнап сақтаған қауын-қарбыздары болса, қауыннан жасалған қақтары мен қауынқұрттарын үлестіріп мəре-сəре болады. Ірі қара малын бағатындар Сырдарияның төменгі ағысындағы Көксу деп аталатын шұрайлы жайылымды жайлайды. Бақташылар мен сауыншылар да шопандар сияқты назардан тыс қалмайды. Жоғары Кеңестің депутаттығына сайланады. Оларға сөйлейтін сөзді басшылар қағазға жазып береді. «Əй мынауың өзі мұндай екен ғой» дейтін ешкім болмайды. Аудан, облыс, республикадағы биік мінбелерден: «Əр сауын сиырдан мұнша сүт өндіреміз. Мұнша бұзау аламыз. Мал басын аман сақтаймыз. Мүмкіндігіміз мол. Жем-шөп жеткілікті, жағдайымыз жақсы. Үкіметімізге ризамыз, бізді қолдап отырған басшыларға рахмет» деп сөз сөйлеген соң, жағдай келсін-келмесін жанын сала терін төгіп жұмыс істейді. Ауылдың бел ортасында бидай мен күріш, жүгері егетін егіншілер, колхоз малына жем-шөп даярлайтын пішеншілер қалады. Жергілікті басшылар егіншілер мен пішеншілерді, ауылшаруашылық жұмысына қатысатын басқа да техника мамандарын егін-терім жұмысы бітпейінше дала қосында ұстайды. «Екпінділер», «Озаттар» деген атақтар алу үшін жарыс
ұйымдастырылады. Содан соң сол екпінділер қатарында боламыз деп пішен оратын механизаторлар отбасын ұмытуға мəжбүр. Үйлеріндегі бала-шағаларына жиырма күнде қос басынан мінəйі себеп тауып, бір түнге келе алса келді, келмесе жоқ. Ары-бері қатынап жүрген адамдардан ыстық сəлем айтады. Немесе көлік тауып, үйіне ұрланып келіп түнде балбырап ұйықтап жатқан балаларының беттерінен сүйіп қайтады. Менің ағам оқу бітіріп, алдымен жəй шалғышы, одан кейін механизатор болды (15-ке енді ғана толды). Өзіне жеке «Беларусь» тракторын бергендегі қуанышты айтсайшы. Үй ішіндегілер де түгел қуанды. Содан сол жылы жазда шабындыққа өзгелермен бірдей шөп оруға шықты. Көп ұзамай механизаторлардың ең озаты атанды. Алғашқы айлығы қомақты болса керек. Апама оны ұстатып жатып: – Апа, Өріске киім алып берейік. Ұлсары келіп киімдер сатпайтын ба еді ауылға? Күзде киетін палто алсын, жемпір алсын, – деді. Мен болсам оның айтқанына қуанып, Жеңістің мойнына асыла кетем. Үйге бір жылы шуақ келгендей болады. Əйтпесе, біздің үйде қаражат тауып отырған ешкім жоқ болатын. Үйдегі малдың да басы шамалы. Жеңістің аудандық, облыстық газеттерге суреті шықты. «О, Алла, тіл-көзден сақта!» деп апам кілең намазының соңынан тілек тілеп отырады. Механизаторлардың бригадирі Сəн деген кісі үйге жиі келеді. Жеңіс ағам екеуі ішкі бөлмеге кіреді де, бірнəрсе деп күбірлеседі. Ол кісінің жас шамасы 40-тан асқан. «Екеуіндегі ортақ əңгіме болса жұмыс басында болмай ма. Неғып үйге келеді» деп апам да ойлайтын болса керек. Апам: – Балам, жұмысың дұрыс па? Сəн неғып жүр? – дейді. – Жəй, апа, жəй. Бір запчасть керек еді. Сол жайында ғой, – дейді ағам. Бір күні ол тағы да ағам үйге келгенде келді. Арғы бөлмеде тағы да күбірлесті де, артынша Сəн ағай шықты. – Отыр, шəй іш, – деп апам бəйек болып жатыр. – Асығыс едім , рахмет! – деді ол шығып бара жатып.
– Апа, – деді Жеңіс, апама жақындап сыбырлап. – Сəн – оңбаған адам екен. Көңілім қалды. Ол келгенде бəйек бола бермеші... – Балам-ау, неғып?.. – «Еңбеккүнді саған артық жаздым, тракторыңа қызыл жалау байлаттым. Озаттар тізіміне қостым», – деп мен ақша алған күні жартысын беруді талап етеді. Жалақы алар тізімді жұрттың бəрі көреді. Əжептеуір айлық жазылады. Оған алдым деп жəне қолымды қоямын. Қасымдағылар: «Сен бізден көп ақша алдың ғой» дейді. Сəн маған айтып қойған. «Мұнша еңбеккүн жаздым, мұншасы менікі» деп. Міне, үйге ақша əкелдім, ол да келді. Жартысын санап алды. «Мынау саған жарайды» дейді. Үнемі осылай. Жəй жүрген жоқ. Ақша алуға келді. Бермейін десем, қысыламын. Сені «озат механизатор» етіп жүрген мен дейді тағы да. Ал, мен күндіз-түні шынымен де еңбек етемін ғой. Адал еңбекке келіп жабысады. Осыған соңғы кезде жарылардай болып əрең жүрмін. Бір күні шыдамым бітетін де шығар. «Озат» атағыңды өзіңіз алыңыз. Қосымша ақшаңыздың да керегі жоқ. Нағыз адал тер төккен еңбегім осыдан артық болмаса, кем емес. Енді тапқан табысыма жармаспаңыз» дегім келеді. – Апыр-ай, ə? – дей берді апам таңқалып, шəй ішіп отырған кесесінен көзін алмай, – Сəн дегенді өзім бір адал ,əрі ақкөңіл азамат деуші едім. Сен өте жас болған соң, саған қамқор болып жүр деп те ойлап едім... Алла-ай, Алла-ай... Біздің апам момын кісі. «Ия, сен сөйт» немесе «бүйт» деп кесіп-пішіп ақыл-кеңес бермейді. Сыртынан біреуді қарғап сілемейді де. Тек жартылай күбірлеп айтқаны: «Қайдан білейін, балам, құдайдан қорықпағанға бірнəрсе деуге бола ма?» деді де қойды. Жеңістің сөзін естігенде жас болсам да менің де ішім қайнап сала берді. Өмірде кездесетін күллі арамдықтарды бөлшектеп танитын болсақ, бұл менің алғашқы бөлшегін тануым болды.
III. Жалғыз үй абыз Ескі қоныстағы жалғыз үй абыз біздің үй. Абыз– біздің руымыз. Өзі сирек ру. Тегіміздіге шежіренің дəлелді құжаттары бойынша 13-14 ғасыр бұрын Абыз бабамыздың əкесі Қожамсүгір Сыр бойынан қасиетті Меккеге қажылыққа баратындармен атқосшы есебінде мал айдасып барып, аса зеректігімен ислəмият окуына түседі. Алла берген жанарының нұрлылығы сондай, ымыртта, қараңғыда шам жақпасан кітап оқи береді екен, Оның осындай ерекше қасиетті сабақ беріп жүрген Əбу Бəкір Сыдықтың (р.а.) ұрпағынан тарайтын Əбдішүкір халифке жетіп, ол Қожамсүгір бабамыздыңерекше зерттік парасаттылығын танып, өзіне ұл болуға, ол үшін қызына үйленуге ұсыныс білдіреді. Қожамсүгір елден тысқары жүрсе де: «Сіздің ұсынысыңызды орындау маған қиын. Пайғамбар əулетінен қызын алып, силай рахманнан мəкрүк қалғым келмейді» дейді. «Силай рахманнан мəкрүк болу: кімде-кім қарақан басының қамы үшін, туған-туыстарының қуаныш-қайғысынан қалып, ортақтаспаса бұл дүниеде, о дұниеде Алланың рахмынан құр калу» дегенді білдіреді екен. Мұны өзі де жақсы білетін халифа Қожамсүгірге одан сайын риза болады. Қызын қосып, кішкентай дүниеге келген Абыз баласымен Сыр бойындағы Түркістан еліне қайтарған. (Аманкелді Ертуғанұлы. «Тарихтан мұрағат-ұрпаққа ұлағат, Есабыз шежіресі». 2007 ж. кітабынан 422-бет). Бұл рудың үрім-бұтақтары көп жасамайды, əрі көп бола бермейді екен. Өздері абыз деген атына сай даналыққа, діндарлыққа, білімділікке жақын. Мəселен, менің əкем жеті атадан жалғыз басты болып келген. Үлкен əжеміз бен атамыз көкемді əбден зарығып көрген. Содан соң есімін «иə, Аллаға шүкір, сұрағанымызды бердің» деп, Тəңірге ризашылықтарын білдіріп, есімін Яшүкір қойыпты. Құдайдан сұрап алған осы жалғыз ұл жеті жасқа жеткенде 40 жасқа толмаған Əбдіхалық атамыз қайтыс болып кетеді де, Сейсенкүл əжеміз жесір қалады. Жасынан пысық, алғыр, оқу-білімге құштар болған соң əжем көкемді байдың балаларымен бірге Түркістанға медреседе білім
алуға жіберген. Барған балалардан көкем ғана нəтиже шығарып, 16 жасқа толмай молда атағын алып, бала оқытуға, жаназа шығаруға, діни уағызды насихаттауға құқылы болған. Бозбала кезінде көкем айтысқа да қатысқан. Тілінің өткірлігі, мысқыл мен əжуаға, əзілге жақындығы байқалып ойын-тойда көзге түскен көрінеді. Осы бозбала кезінде көрші ауылдағы 16 жастағы əдемі бойжеткенді жақсы көріпті. Ол бойжеткеннің атастырып қойған ауқатты қайын жұрты болса керек. Қыз көкеме «алып қашпасаң, мен жақында ұзатылам» деген. Содан көкем 17 жасқа толмай қызды ауылға алып қашып келеді. Біздіңше, Ромео мен Джульеттаның махаббаты ғой. Көкемнің ет жақын туысы жоқ, ал жамағайын руластары қыздың əке-шешесінен де, атастырған жерінен де қорқып: – Үйбай, мыналар балалық жасамасын, қызды қайтадан аулына қайтарайық, аналар бізді оңдырмайды, – деп көкеме қолдаушылық көрсете қоймаған. Жесір əйелдің үні шыққан ба, əжеміз шырылдап абыздардың бəріне жүгіріпті. – Өзі жалғыз еді, жалғыздығын білдіртпеңдер, қуғыншылар келсе, арқа көрсетіп, тым болмаса екі жастың бір-біріне ықыластарына демеу беріңдер, – депті əжеміз. Сөйткенше болмай қыздың жағы мен қызды алушы жақтың адамдары жетіп, көкемді дырау қамшының астына алған. Онымен де қоймай, ат құйрығына сүйретіп өлімші етіпті. Жалғыз ұлы осындай қорлыққа ұшырағанда ру болып көмектесе алмаған абыздарға əжеміз қатты ренжіпті. Мүлде жүрегі қысылып ауырып қалыпты. Тəуір болған соң, көп ұзамай төркін жағы, шағырлар руының мекені осы Ескі қонысқа көшіп келген. Біздің үй жалғыз үй абыз болып, шағырлардың ортасына осылай қоныстанған. Көкемнің анасы өзі төркін жұртына келгеннен кейін 36 – мүшел жасында көз жұмыпты. Құдайдан сұрап алған жалғыз ұлы көкемнің үйленіп, үй болғанын да көре алмаған екен. Апамның руы да шағыр. Апам да Есенбай мен Кенжебай деген ағайынды екі үйдің ортасында мəпелеген жалғыз қыз болған. Арабша хат таныған, білімі бар, мешітте арабша оқыған. Ағайынды
кісілердің ата-бабасы мешіт ұстаған діндар адамдар. Осы мешітке білімді молда керек болып отырған. Ал Бəйгеқұмнан Ескі қоныстағы нағашы жұртына көшіп келген көкем болса, іздесе таптырмайтын кадр. Апамның əкесі Кенжебай атамыз үндей қоймайтын, бірақ барлық істі ақылмен шешетін көреген кісі. Ол екі жалғызды қосып, бір шаңырақ жасауға ниеттенеді. Ақыры ағайындарымен ақылдаса келе, өзінің жалғыз қызы Қадиша анамызды көкеме қосып, алдарына мал салып, бөлек үй етіп шығарған. Көкем мешітте ауыл балаларына, хат танимын дегендерге сабақ береді. Бұл кез шамасы 1921-1928 жылдар. Қазақстанның астанасы болып тұрған Қызылорда аулымызға жақын. Атпен немесе түйемен бір қонып бара береді. Астанаға жақын болған елді-мекендерге жаңалық бірінші келеді. Бұйрық бірінші орындалады. Содан шығар, ауылдың шолақ белсенділері нағашы атамыз салған мешітті қиратып, ағаштарын өртеп, көкемді түрмеге жабатын болады. Нағашы атамыз Кенжебай жалғыз қызы үшін тағы да өз басын қатерге тігеді. – Мешітті салдырған менмін, иесі де мен, қамайтын болсаңдар, мені қамаңдар, – деген. Сөйтіп кішкентай балаларымен қызы қиналмасын деп, көкемнің орнына түрмеге кете барыпты. Ал көкемнің шағыр руына əрі жиен, əрі күйеу болып көрген құқайын ең кенжесі мен жас кезімде көп көрдім. Бірақ əкем бұған өзінің өткір тілі арқылы беріскен жоқ. Кейінірек мен де көмектестім. Жалғыз үй абыз болсақ та, менің түсінігімде əкемнен асқан ақылды, əкемнен асқан данышпан жоқ. Бүкіл ауылға тəлім мен тəрбиені менің əкем мен шешем ғана бере алды десем де артық емес. Өйткені, көрші-көлем, ағайын-туыс, жекжат-жұрағат дей ме бəріне, тіпті үлкені мен кішілері болсын бастарына іс түскенде немесе бір ақыл таппай қиналғанда көкемді табатын. Біреулер де ойларына ой, ақылдарына ақыл қосар болса, мықтап бекітіп алу үшін соңғы бəтуаны көкемнен күтетін. – Ия, ия, молдеке, онда мен сіздің айтқаныңызша сөйтейін. Ана Пəленшекең де осылай деген, бірақ өзім Яшекеңе барайын,
бұған не дер екен деп өзіңізге келіп едім, – дегенді талай естігенім бар. Ауылда Зейнеп деген əйел болды. Ұзын бойлы, ақсары əйел. Дене бітімі кесек, еркек пішінді. Қасы да еркектердікіндей қою. Ернінің жиегінде байқамаса көрінбейтін, байқаса көрінетін мұрты бар. Біздің көкемді «қайын аға» деп атайды. Əлқуат аға көкеме шеше жағынан нағашы. Зейнептің Əлқуат ағамен арасында шешілмеген бір жағдайлар бар. Оны мен тереңірек білмеймін. Біздің үйге жиі келеді. Осы жолы келгенде айтқан сөздерінен бірнəрсе аңғардым. Дастархан басында апамның құйған шəйін ішіп отырып Зейнеп осы жолы көкемнің алдында ағыл-тегіл жыласын келіп. – Қайнаға, сізге үлкен өтінішпен келіп отырмын. Ана Əлқуат ініңізге батырып айтыңыз. Компартиясы өзіне, рұқсат бермейтінін қойсын. Актив болып, атқа мініп, сөмке ұстағанына əлдеқандай болмасын. Сізді тыңдайды. Некемізді өзіңіз қиып беріңіз. Даладан бала тапқан жоқпын. Құдай оған бір емес екі еркек бала берді менен. Сол үйдегі шешей де білмей отырған жоқ, біліп отыр. Ол кісі үлкен боп бір шешім жасайтын шығар деп күтіп едім, дым білмегендей əлі үнсіз отыр. Бəрі бойы бір қарыс Болғаннан (Болған Əлқуаттың əйелі) қорқып отыр. Қанасынан шыққан екі ұлды аластатпай, қайта жақындатып, ана үйіндегі екі қызға бауыр бастырмай ма? Өткенде мен Əйнек шешейдің үйіне ұлдарымды ертіп бара қалсам, ана мықыр Болған Əйнек шешейге мен кеткен соң айтпағанды айтыпты. Көзіме батылы жетіп, айта алмайды. Өзімнен өзім меннің де тиіскім келмейді. Əйнек шешейге не депті дейсіз ғой. – Ана Зейнеп, неғып сізге келгіштеп жүр балаларын ертіп. Осы үйге жақынырақ келе берсе, Əлқуат балаларды көріп, Зейнепке емешесі құрып менің үстіме қатын қып алады деп ойлай ма? Ол көмөнес. Қатын үстіне қатын ала алмайды. Дəмеленбесін. Шешей, енді гəрі жолатпаңыз үйіңізге Зейнепті, – депті. – Қайнаға, осынысы дұрыс па? Айдалада жүріп қызғанады. Əлекеңнің (Əлқуатты айтқаны) үйімен қатар отыр екен деп енді Əйнек ше-
шеймен араласпаймын ба? Қайнаға, өзіңіз ақыл беріңізші, мен Сізге ашынғасын келіп отырмын. Қу соғыс күйеуімді жалмап, жеті жыл қу босағаны күттім. Осы ауылда əмеңгерлік жасауға бір еркектің батылы жетпеді... Əлекең ініңіз ұл баласының жоқтығын айтып, қолқа салған соң, рас қолын қаққан жоқпын. Ол адамға да, құдайға да аян. Жасырынғанымыз жоқ. Ешкімнен сескенбей келерде есігімді айқара ашып келді, төрімде шалжиып жатып, еркегім болып сескенбей берген дəмімді татты, ешкімнен сескенбей төсегімді жылытты. Мына екі ұлдың жарық көруін құдай қолдаған шығар. Бірінен кейін бірі бұлар келді дүниеге. Енді келіп неге сескенеді, айтыңызшы, қайынаға. Ұлдарының біреуі беске, екіншісі үшке келді. Əкесіне бауыр басатын, немесе əкесінің оларды мейірімі қанып иістерін иіскейтін кезі емес пе? Тірі жетім етіп, қашанғы жүреді? Мен алдыма мал салып бер, басыма дағарадай үй салып бер деп отырған жоқпын. Заң-зəкүнін білмеймін, оның керегі де жоқ маған. Мына Ескі қоныстың елжұртына жария етіп, бір тышқақ лағын сойып, неке қиғызып, ұлдарына ен салмай ма ең болмаса? Маған осыдан өзгенің керегі шамалы. Ал, одан да артық кетіп, сол шаңыраққа қатын болсам, ініңіздің басын төрге жеткізер мынау деген қатын болар едім. Сол бақытты мен сұрап та отырған жоқпын ғой? Болып отырған Болғанға екі ұлды берсе, құдай көрмей отыр ма?.. Апам үнсіз. Бірақ апамның да бопсасы босап, көзіне жас келіп отырғанын көріп қалдым. Көкем шəйін сораптап ішіп отырып, Зейнептің көз жасын əрмен қарай көлдете бермейін деді ме: – Пайғамбарымыздың жолымен жүргізіп отыр ма, мына заман? Сөзіңнің бір бұрысы жоқ. Алланың бергенін дүниеге əкеліп отырсың. Əкелігін танытып, ана екі ұлды бауырға тартып жүрсін дегенің де орынды, айналайын. Бір шаңырақтың астында тұрмаса да, өзің айтқандай, некемен де тұруға болады. Əлқуатқа да, үйіндегі жеңгеймен де сөйлесіп көрейін. Менің айтқанымды істесе, қанекей? – деді көкем. Зейнеп риза болды ма, болмады ма, ол жағын аңғармадым. Бірақ ішімнен «Зейнеп те Əлқуат ағаның əйелі екен ғой» деп ойлап, ойша екеуін көз алдыма қатар елестеттім.
Əлқуат аға еңселі, бойы екі метрден асатын биік, үлкен қапсағай денелі, кең жауырынды. Өзі кілең күлімсіреп жүреді. Шыжбыңдап көп сөйлемейді. Түр сипаты кітапта мен оқитын ертегілердегі батырлар сияқты. Үстіне сауыт кигізсе, нағыз батырдың өзі болып көрінер еді. Колхозда есепші ме, жоқ кассир ме, сондай қызмет етеді, кеңседе отырады. Мойнына комиссарлардың сөмкесіндей қоңыр былғары сөмке іліп жүреді. Зейнептің актив деп айтып отырғаны сол. Ал, əйелі Болған болса Əлқуаттың кеудесінің жарым тұсына да келмейді. Бойы тым аласа. Үнемі күйбежектеп үй жұмысынан босап көрген адам емес. Бірақ апам «Болған өте таза, сүт сауатын шелегін қайта-қайта жуғыштап жатады, сийырдың желінін де сүлгімен сүргіштеп тазартады, қазанының сыртына күйе тұрғызбайды, самаурыны зауыттан жаңа шыққандай жалтырап тұрады» деп мақтап айтып отыратын. Мен Болғанды Əлқуатпен теңестіре алмаймын. Ал, Зейнеп Əлқуатпен қатар жүрсе, екеуі жарасатын сияқты. Осы оқиғадан соң көкеме екі кештің арасында Əлқуат аға келді. Олар дастархан басында емес, бөтен ешкімді қоспай, ер адамдар болып оңаша сөйлесті. Көкемнің не айтқаны белгілі шығар. Мен үйге кіріп келгенде Əлқуат ағаның сөзінің аяғы: – Молда аға, мен коммуниспін ғой. Парт билетімді алады. Жиналысқа салады. Ал, сіз айтқандай некеге тұрсам, «дінге берілді, ескінің сарқыншағы» деп тағы басыма бəле жасайды... Соттады ғой мені. Сол балалардың менікі екенін жұрт біледі. Зейнеп те түсінбейді айттым талай, не дейді маған енді. Онымұнысына көмегімді беріп жатырмын... Некеге сіздер айтқандай тұру қиын аға, мені түсініңіз... Мен осы сөзді ести сала далаға қайыра шығып кеттім. Өзімше ішімнен «Қап, Зейнепке қосыла алмайтын болды-ау» дедім. Көз алдыма жылап отырған Зейнеп келді. Оны қатты аядым. Кейін сол Зейнеп ауылдан Шиелі жаққа көшіп кетті дегенді апамнан естідім. Əлқуат аға екі қызынан кейін Болғаннан ұл көрген жоқ. Өзі жеті атадан жалғыз бола отырып, көкем ең тұңғышы Жүнісбек ағаны шешемнің шешесі Мырзакүл əжеге берген.Ол
кезде шаңырақта ұл болмаса азаматтың аты өшеді деген сенім күшті болған. Кенжебайдың шаңырағында ұл болып, атасының атын өшірмесін дегендегісі. Мұсылманша кісіге бала бергенде «құдай алдында сұраусыз, осы баланы Пəленшеге бердім» деп құран ұстап береді екен. Діни дəстүрдің осы барлық қағидасын сақтап, апам босана салысымен кіндігін енді кескен нəрестені Мырзакүл əжеме берген.Ол кісі «Алланың маған бергені» деп етегіне орап алған. Жүнісбек аға өстіп, нағашы ағамыз, яғни Кенжебайдың ұлы, апамның інісі болып есептеліп, кете берген. Одан кейін екі жылдан кейін Мəкен аға дүниеге келген. Бұл біздің шаңырақтың, жалғыз үй абыздың ең үлкені, яғни апам мен көкемнің тұңғышы болып есептеледі. Жалпы апам он төрт құрсақ көтеріпті. Жүнісбек ағаны қоспағанда, содан тірі қалған төртеуміз. Төртеудің ең кенжесі мен. 1927-1942 жылдар арасындағы туған балаларының бəрі қызылшадан, басқа да түрлі аурулардан шетінеген. Жалғыз үй абыздың қиындығын Мəкен аға да көп көрді. Шағырлар ағаға жұмыстың ең қиынын тапсырғанын былай қойғанда, жөні түзу бір трактор бермейтін. Қажетті бөлшегі таптыра бермейтін үнемі «жарымжан» тракторды жөндеумен бар уақытысы кетеді. Оған аға күйіп-піседі. – «МТС-ке енді келетін трактор сенікі болады, мынаны жөндеп айдай тұр» дейді. Үндемей айтқандарын істеген сайын тіпті төбеме отырып алды. Жаңасы келгенде «ойбу, ендігісі сенікі» деп алдайтына күйемін. Одан да өтім жарылып кетсе де: «Əй, Мəкен, шағырлар тұрғанда саған трактор жоқ» тіке айтпай ма бетіме? Ұйымдасып алып, бір-бірінің қылмысын жасырғанда бəледей. Ана, ақи Шəмші (құрдасы болған соң солай айтады, əрі шағыр) актив болып, ол да қодыраңдайды... Бұл сөзді аға шынжыр табанды «К-700» тракторын үйдің алдына əкеліп, ішек-қарнын ақтарып тастап, қолы қап-қара маймай болып жөндеп жатқанда өзімен өзі айтады. Осындай қауқасы салдырлаған ескі тракторды жөндеумен жұмысы өнбейтін болған соң, еңбек күні аз төленетін болуы керек. Ендігі кезекте қолына
айлық алған күні айлығына риза болмай, бір-екі жүз грамм ұрттап келгенде айтатыны: – Осы ауылда байласа, бір күн тұрғым жоқ, ағама (көкемді аға дейді) бола əшейін келіп едім. Мені иттей етіп ең болмаса еңбеккүнді де дұрыс жазбаған, атаңа нəлет, шағырлар. – деп бота-бота боп жылайтын. Ағаның көз жасын көріп, мен болсам, айналаны түгел қоршаған шағырларды жек көріп кетемін. Бұл ауылдан басқа жаққа көшіп неге кетпейміз деп ойлаймын. Содан соң апама келемін. – Апа, бұл ауылдан кетейікші абыздар жаққа, – деймін. Апам болса: – Балам-ау, қайда барамыз? Əкеңнің өзі де жоқ, көз көргендері тағы жоқ. Абыздарда ет жақынымыз болса, қанекей, əкеңнің жалғыздығы ғой бəрі... – деп ұршығын иіріп, əлденеге өзі де алаң болғанын маған білдірмегенсіп отыра беретін. Ақыры, кейін аға №15 разъезге қамыс зауытына кетіп қалып, шағырлардан біраз уақыт бойын аулақ ұстады. Жастай еңбекке араласқан Жеңістің де шағырлардан қысастық көргені аз емес. Бұл бауырым да жастай еңбек етіп, Алматыдағы Ауыл шаруашылығы институтына түсіп, өз бағын ешкімнің көмегінсіз өзі ашты. Институтты бітірген соң екі жыл əскерде болып, Абай атындағы совхоз-техникумда оқытушы болып, сабақ берді. Əйтеуір Ескі қонысқа түпкілікті оралмай, Сырдария ауданының басқа совхозында директор болды. Кейін ел тəуелсіздік алғаннан кейін өзінің шағын бизнесімен айналысты. Жалғыз үй абыздың қызы – мен журналист болдым. Аудандық «Сырдария» газетінде тілші болып қызмет еткенде көкеме, Мəкен ағаға, Жеңіске құқай көрсеткен шағырлардың белсенділерін сілкілеп алуыма, құдайдың өзі сəтін беріп, əдемі жол ашты. Өйткені, біреуі қой фермасын басқарады, біреуі поштабай, біреуі егіншілікте, олар басқарған жұмыстық барлық кем-кетігі көз алдымда. Мені шағырлар ауылда көз алдарында өскеннен кейін бе, əлде руым абыз болған соң ба немесе тегі əйел заты деді ме, əйтеуір менсіне де қоймайтын. Əсіресе, өзімнің
туған нағашым болып келетін Есенбайдың балалары Кəрім мен Əлімбайдан қолдау көрген емеспін. Басқа шағырлар не істемесін? Ал жұмыстарындағы былық бастарынан асады. Мен қолымдағы қаламның күшін жақсы пайдаландым. Көзім көрген кемшіліктер «мені жаз, мені жаз» деп фельетон жазуыма өздері сұранып тұратын. Ол кезде облыстық газет түгілі, аудандық газетке қандай бір сын мақала, фельетон шықса, басшылар оңбай таяқ жейтін. Партияның бюросына салатын. «Жалғыз үй абыз» деп қысастық жасаған шағыр ағалар газет арқылы талай таяқ жеді. Бұл кезде, əрине көкем дүниеде жоқ, апам ғана бар. Апам айтатын: – Шағырларды қан шығармай бауыздап жатқаныңды əкең көре алмай кетті-ау, айызы қанатын еді – деп. Қанша дегенмен, қанымыздың бір екенін Жүнісбек аға білетін шығар, өзі шағырлардың санатында болғанмен, туған бауыры маған жаны ашитынын сезем. Менің газетке жариялаған өлеңдерімді, сындарымды, фельетондарымды газеттен қалдырмай оқып, риза болып отыратын. Ал шағырлар апама келеді екен. – Хадиша-ау, ана қызыңа айтып қойсайшы, нағашы жұрты емеспіз бе, бізге тісін батыра бермесін. Міне, ауданнан сөгіс арқалап келіп отырмыз, – дейтін көрінеді. Жүнісбек аға да тегі абыз бола тұра ол кісі де «шағыр» боп жетісе қойған жоқ. Көкем тірі кезінде сезді ме «кісіге бала берудің керегі жоқ» екен деп талай айтқанын естігем. Ұлы Отан соғысынан жаралы болып келген жалғыз қолымен жүріп шағырларға арқа сүйеп, бір жұмысына көмек сұрап, алдарына жүзін салған емес. Жоғары білімі бар ұстаз. Мектепте бастауыш класстарға сабақ берді.Ұлдары Рысбек пен Қамашты «сендер екеуің менің бір қолымсыңдар» деп жеті жасқа жетпей ауыр жұмыстарға өзімен бірге алып жүрді. Шөп шапты, отын тасыды, əйтеуір таңның атысынан күннің батысына дейін екеуін үйдің шаруасына жегіп қойды. Екеуі де ауылдың балаларына еріп, ойын қуып, далақтап, бала болмай өсті.
IV. «Партияның тапсырмасы» Ескі қоныста алдымен жеті жылдық, одан кейін сегіз жылдық мектеп болды. Директоры – Төрəлі Төкенов. Мектептің педогогикалық тəрбие жұмысына да, ішкі жəне сыртқы істеріне жүгіріп өзі жүреді. Химия жəне биология сабағынан дəріс берді. Əрбір оқушымен өзінің туған баласындай сөйлесетін, елгезек, ақкөңіл жан. Бағаға таршылық жасамайды. Ал, оқу ісінің меңгерушісі жұқалтаңтау Шəкір Алашаев қазақ тілі мен əдебиетін оқытады. Бұл кісінің білмейтіні жер астында шығар. Əдебиетті айтып тұрып, тарихқа да кетіп қала беретін. Ұлы Отан соғысына қатысып, аяғынан жеңіл жараланып келген деседі. Бірақ үйленбеген. Шешесімен екеуі ғана тұрады. Қашаннан келе жатқан ардагер мұғалімдердің бірі Құланбай Өмірзақов. Бір жақ бетінде езуі тартылыңқырап тұрады. Қатал кісі. Бұл кісінің де бермейтін сабағы жоқ. Бізге бастауыш сыныпта əн-күйден, одан соң қол еңбегінен, ал алтыншы сыныптарға математикадан сабақ берді. Қол еңбегінде қыздарды бөлек оқыту деген болмады, ұлдармен бірге ағаш жону, темір кесу, шеге қағу сияқты ұсталықтарды үйретті. Содан кейінгі белді мұғалім болып саналатын Сапа Күлімсейітов. Кең жауырынды, тұлғасы биік, қабағының ашылуы қиын ұстаз. Өз басым Сапаның күлімсірегенін көрмеппін. Ол бітірейін деп тұрған сегізінші сыныпқа жетекші. Тарих пен география пəні сол кісіде. Осы екі пəнді де мен жек көрдім. Шынын айтсам, Сапаны да ұнатпадым. Неге екенін өзім білмеймін. Жағы жаныған пышақтай келесі мұғалім Қиқым Құлашов та əртүрлі сабақтан беріп жүрді. Ол бізге қашаннан денешынықтыру сабағын жүргізді. Біздерді «олимпиадалық байқауларға қатысуға дайын болыңдар» деп, өтірігін, расын кім білген, спорттың əр түрін меңгеруді үйретті. Ауылда бола бермейтін спорттық киімдер киюді талап етті. Дене шынықтыру сабағында қыздар да, ұлдар да ақ майка мен қара труси кию міндет. Бізге жетінші сыныптан бастап, Қызылорданың педогогикалық институтын жаңа бітірген екі жас мұғалім келді. Математикадан
Əбутəліп Егізбаев, орыс тілі мен əдебиетінен Мейрам Əпенов. Осы мұғалімдердің мектепке келуі көп өзгеріс, жаңа леп əкелді. Болашаққа, өмірге деген көзқарас осы екі мұғалімге еліктеуден басталды. Жас ұстаздар өздерінің сабақтарын шынында да, басқаларға қарағанда тартымды əрі қызықты өткізе білді. Күрмеуі қиын математиканың күрделі есептерін шешуге оқушылар бар ықыласымен ден қойды. Бақылау жұмысы жиі болды. Бұл сабақты қиынсынған оқушы болмады, қайта ынтасы артты. Осыған жас ұстаз болса да Əбутəліп талпындыра білді. Əсіресе, Шəрі Ибрагимова осы математиканы шемішкедей шағып, бақылаудан ең үздік баға алатын. Орыс тілі мен əдебиетіне келгенде Шырынкүл Досмағанбетова мықты болды. Өйткені ол бастауыш сыныпта қала жақта оқып келді де, барлығымыздан басымдылығын байқатты. Əпенов ағайдан тек бестік алып жүрді. Тасболаттың қызы Балтагүл (кейін Сақова болды), найман Тілеудің қызы Ізімкүл, Əбдірахманның ұлы Қожа, Садықтың ұлы Жүсіп, Таңсықбайдың ұлы Аманкелді, Қайролланың ұлы Мақсұт, Дəуіттің ұлы Сейсен, Əуезханның ұлы Қаратай, Сүлейменнің ұлы Данышпан бірінші сыныптан бірге жұп жазбағандар едік. Жастарымыз да қатар. Кейіннен «Тасшоқыдағы» бастауыш мектептен бізден үлкенірек Оразбектің Жарқыны, Ахметтің ұлы Ерсінтай, Бұлтыңбайдың қызы Əшен тағы да басқа жақтан Ақантай Құлашев, Аманжол Сəтбаев, Алтын Шеріпбаева, Шəрі Ибрагимова қосылып, бір сыныпта 17 оқушы болды. Балтагүл маған нағашы. Ол көбіне барлық сабақты жаттап дайындалғанды қалайды. Ерсінтай Ахметов бір күні математикадан тақтаға шығып, алымы мен бөлімі дегенді аузына түсіре алмай, асты жəне үсті деп бəрімізді күлдірген. Ортамызда Əшен Бұлтыңбаева ең ересек қыз. Біз дене шынықтыру сабағына турникке тартылу, ұзындыққа секіру, биіктікке қарғу, қашықтыққа жүгіру бəріне шамамыз келгенше қатысып, мұрнымыз пысылдап жүргенде, Əшен Қиқым ағайға: «Қойшы ағай, мен жүгіре алмаймын, турникке де тартыла алмаймын, мəйкі мен трусиім де жоқ.» деп партадан тұрмай отыра беретін.. Қиқым ағайымыз
«Бар бол, Бұлтыңбайдың қызы, бар бол, мектепті бітір де, тез күйеуге кет» дейтін сонда. Кейін Əшен солай етті де. Дене шынықтыру сабағында да Шəрі алдымызда жүреді. Биіктіктен бір метр 15 сантиметрге еркін секіріп, ұзындықтан төрт метрден аса қарғитын. Қожа кекештеніп жүрсе де əдебиет пен тарихтан басқалардан көш алда еді. Мақсұт бар сабақтан жақсы оқыды. Мектептің кітапханасынан жаңа кітап алып бірінші оқитындар осы Мақсұт пен Қожа. Бірақ өзін өзі көрсетуге жоқ, қарапайым əрі сабырлы болатын екеуі. Мақсұт өмірі қысқа болып, ерте дүниеден озды. Жарқын көркемөнерпаздар үйірмесінің белсенді мүшесі болды. Дауысы да жақсы. Өзі де кілең қыздар арасында əн айтқанды жақсы көретін. Мектеп оқушылары колхозшыларға концерт қоятын сол кезде дəстүр бар болатын. Неге екенін қайдам Жарқынға басқа əн айтқызбай əкесі жылқышы болған соң ба, кілең «Жылқышы» əнін айтқызатын. Жарқын мектептегі көрікті қыздарға ерте қырындады. Ақылтай Жаппасбаев бір үйдің маңдайға ұстар жалғыз ұлы болған соң еркелеп сөйлейтін. Ізімкүл екеуі ағайынды екі адамның ұл мен қызы. Ішімізде өзіне шап-шақ киім киіп, əдемі жүретін Жүсіп болды. Өйткені анасы Сабира ауылдағы медпункттің фельдшері, əкесі қолынан өнері тамған ісмер, тігінші. Ауылда ешкімде жоқ монша тек Жүсіптің үйінде ғана бар. Ауылдың активтері, оның ішінде мұғалімдер бар сенбі сайын сол үйдегі моншаны жағалайды. Ал, Сейсеннің əкесі ауылда бас есепші. Үйлерінде 7-8 ер бала. Сейсен соның екіншісі не үшіншісі. Кішкентай інілерін бағып-күту Сейсеннің мойнында. Бір жазда қауындығымыз қатар болып, сонда менің көзім жеткені бар. Көп балалы үй сияқты емес, Сейсеннің үйі таза, босағаларынан төріне дейін жинақы, бір қылау жатпайды. Сейсеннің анасы көрікті əйел. Біздің апама келіп: «Апа-ау, тағы да аяғым ауыр. Біздің Сейсен əр бала туған сайын жылайды, «неге туасың» деп, тағы жылайтын болды» деп күліп айтып отырғанын естігенмін. Сабаққа орташа болды. Оның шындығында да үйдің жұмысынан сабаққа қарар уақыты жоқ. Ер бала болып ойнамайды да. Біз сияқты отақ отауға да бармайды. Əкесі мұғалімдерден
сұрап алатын шығар. Біз жазда отақта, пішен орып жүргенде болған қызықтарымызды Сейсенге айтамыз. Ол болса үндемей отырады. Білеміз, ішінен бізбен бірге болмағанына өкінеді. Ескі қоныста ересектермен бірге мектеп оқушыларының да ешбір тынымы болмайды. Бастауыш сыныптан бастап-ақ колхоздағы капуста көшетін отырғызу, оларды суару, одан кейін бидай мен күріштің отағы, қол орақпен пішен ору, күзде жүгері піскенде оның сабағын жинау, ал қыста қойшылардың қой қорасының қиын ойып, тазалап беру оқушылардың мойнында. Киім-кешектері мен төсектерін арқалатып жазғы демалыста оларды да қос басына жинайды. Қыз балаларды үйіндегі ата-аналар мұндай жерге жібергісі келмейді. Сынып жетекшісі оқушыларды жинап алып бұл жұмысқа кімдердің келіп, кімдердің келмейтінін бір күн бұрын пысықтайды. – Кəне, ертең кім келеді? Ер балалар жапа-тармағай қол көтереді. – Мен... Мен... Мен, ағай... Қыздар қалыс. Ешқайсы үндемейді. Бір-біріне қарайды. Демек оларды əке-шешелері жібермейді. Сынып жетекшісі «сен неге келмейсің?» деп олардан сұрамайды. Қыздардың жайы бəріне белгілі. Ата-аналарының жібергісі келмейтін райын біліп отыр. Амалдың басқаша жолын табу қарастырылады. Сол күні түстен кейін мектеп директоры Төрəлі Төкенов қасына сынып жетекшісі бір мұғалімді ертіп қыздары бар үйлерді аралауға шығады. – Ассалаума-ға-лей-кум, аға! (əркімді қалай атауды жақсы біледі «көке, аға», «жезде», «бажа», «нағашы» т. с. кете береді) Алғашқыда мектеп директорының төбесі көрініп, есік алдына атын байлап жатқанда қыздың ата-аналары сескеніп, «айпырай, мына қыз не бүлдіріп қойып еді?» деп ойлап та қалады. Келгендердің шырайлы оң қабағын көріп, əрі амандасуының өзі зор ықыласта болған соң, енді олар елпелектеуге көшеді. Келгендер төрлетіп, салынған төр алдындағы құрақты сəнді көрпешеге малдастарын құрып отырып, сөз сабақтайды.
– Өздеріңізге көптен бері сəлем бере алмай жүр едік. Мектептің жұмысын да түсінесіздер ғой, бүгін екеумізге (қасына қандай мұғалімді ертсе, соның атын қосып айтады) сəлем берудің реті түсті, – деп барып отбасының түгел амандығын, мал жағдайын, биылғы шөптің, қауындықтың, келген су жағдайын сұрайды. Алматыда қызмет ететін ұлы Жүністің де отбасының амандығын сұрап қояды. Олар да тура пионерлерше іле-шала жауап береді. – Аманбыз. Ия, жұртпен бірге əйтеуір жүріп жатырмыз ғой, – дейді жандары қалмастан. Төрəлі ағай содан кейін сөз арасында сыналап, колхоз жұмысының көпшілікке ортақ, ал оқушылардың колхоз жұмысына үлкен қолқанат екенін айтады. «Үкімет пен партия үлкен демей, кіші демей бəрімізге сенім артып, осындай тапсырма беріп отыр» дегенді мөлдіретіп, майын тамыза жеткізеді. – Е, жөн, жөн. Əйтеуір Шырынжан бұл үйде ұл баланың орнында ғой. Əлимаға серік... Мен əйтеуір үлкейіп келе жатырмын. Биыл шөп шабуға да шыға алмай отырмын. Енді Шырынның сабағы жақсы ғой əйтеуір, – деп бір қояды да, Мектеп əке əйелі Əлимаға ымдайды. «Шəй əкел» дегендегісі. Əлима апай бұл кезде далада ошақ басында қайнап тұрған ақ самаурынын үйге кіргізе бастайды да: – Шəй дайын болды, ішіп кетіңіздер, – деп бəйек болады. – Жоқ, уақыт аз, нан ауыз тиейік. Ертең шөпке (немесе отаққа) балаларды жинап жатыр едік. Тапсырма ғой, бізге де партия тапсырма береді. Соған Шырынкүлді (бұл жерде қай қыздың үйіне барса, сол қыздың аты айтылады) сіздерден сұрай келіп отырмыз. Қыз бала ғой, сіздер жібермей қоя ма деп... Бұл ортақ жұмысты Сіздердің қолдайтындарыңызды білеміз. Сонда да болса былай бəрін түсіндіргелі келіп едік. Басқа да оқушы қыздар барады. Шырынкүлге алаң болмаңыздар. Балалардың бəрі көз алдымызда жүреді. Колхозға он күндей қолқабыс тигізу керек болып тұр. Қол күші жетпей жатыр ғой, жетпей... Баяғыда бастарыңызда болды ғой, – дей бастағанда: – Е, барсын, барсын. «Көппен бірге көреді ғой». Бізде жалғыз Шырын ғой үйдегі шаруаға қарайтын... Үлкен бастарыңызбен
(бұл жерде қызмет лауазымын айтып отыр) үйге сəлем беріп, əрі Шырынжан үшін рұқсат сұрап отырсыздар. Алла жарылқасын, жіберем ғой, барады ғой, дей келе: – Əй, Əлима, Шырынның киім-төсектерін жинас. Қапқа сал. Түнде салқындап тоңып қалмасын. Жылы жидесін ұмытпа, – деп қауқылдаған ақкөңіл Мектеп əке директор Төрəлі ағай қызы Шырынды қазір қолдан жетектеп əкетсе де, разы болып, оның алдында құрақ ұшады. Бұл үйден шыққан соң Төрəлі ағай қасындағы Сапаға жымыңдай, келесі қыздың үйін бетке алады. Шырынкүлге əке-шешесі рұқсат берді, ол да қуанып кетеді. Бірақ онысын байқатуға болмайды. Байқатпайды да. Ішінен «Балтагүлді əжесі» жіберсе екен деп тілеп тұрады. Төрəлі ағай мен Сапа ағай қалай да үлкендердің тілін табады. Ақыры қыздардың бəрі ертесіне жүздері күлім қағып, төсек-орын салған қапшықтарын арқалап, мəз болып мектепке келеді. Қыздар келген соң балалар қуанып кетеді. Мектептің алдында сол күні колхоз пішенін тасымалдап жүрген жерінен сұрап алынған ашық қорапты көгілдір «Газ-51» тұрады. Ол кезде ауылдағы шоферлардың дəрежесі қазіргі космонавтардың кем емес. Автомашинаның əрбір тетігін қолға ұстаған қасығындай жақсы білгендіктен шығар Ильяс, Əбдірасыл, Өтеген, Ақназар, Аман сияқты шоферлар колхоз жұмысына қат. Оларсыз шаруашылықтың түрлі тасымал жұмысы тоқырап қалды дей бер. Шоферлар оны сезеді де, біледі де. Сондықтан болар «еңбек ет те, міндет ет» дегендей, өздерін тым жоғары ұстайды. Керемет-ақ. Шəпкілерін шекесінен қисайтып, кабинаның есігін жартылай ашып, тұрған тұрыстарының өзі қандай паң. Жəй адамдарға бұйрық беруге құмар, оқушылар үшін мүлде мектеп директорынан да жоғары. – Кəне, тырп етпей отырыңдар. Түрегеліп тұрмаңдар. Кəне, кəне, мен кімге айтып тұрмын, «отыр» дедім ғой мен саған! Біреуің кузовтан ұшып кетсеңдер, басым кетеді менің, – деп діңкілдейді. Бұл кəдімгі ескі қоныстағы жүргізуші шағыр Өтеген. Əскерден жаңа келген. Жасыл гимнастеркасы үстінен түскен жоқ.
– Ағай, басыңыз қай жаққа қарай кетеді? – деп əзілдейді қыздардың ішінен бəрінен ересегі Дүтбайдың қызы Шынар. Өтегеннің жаңадан үйленген Тынымкүл атты сұлу келіншегі найманның қызы. Шынар да найман руынан. Жезде деп əзілдегені. Өтеген көзін сығырайтып сөйлеген қызға қарайды. Артынша жүзін бұра қояды да, ол сөзге мəн бермегенсіп, ішінен «мына қыздың бəлесін қарашы!» дейтін болуы керек, машинаның айнасын сүрткен болып, Шынарға айнадан қарайды. Содан соң бүкіл уақытты қыздар алып тұрғандай айқайлап: – Қыздар, қыздар отырыңдар енді, тез уақыт жоқ! – деп, теріс айналады. Оқушылар машинада бəрі қосылып Ш.Қалдаяқовтың жаңадан шығып, ауыздан түспей жүрген «Менің Қазақстаным» əнін хормен айтады. Қай кезде де өлеңді қыздар бастайды. Сөйтіп улап-шулап бар қызықтары өздерінде болып, отақ отақтайтын егістіктің қосына келеді. Бұл отақ отаудың да өз машақаты бар. Соған қарамастан оқушылар таң сəріден кеш қарайғанға дейінгі жұмысқа қиналмай, уақыттың қалай тез өтіп кеткенін білмей де қалады. Кəмелетке толмағандарды жұмысқа жеккені үшін еңбекақы төлей ме, төлемей ме, оны ауылдың есепшісі колхоз бастығымен өздері ғана білетін шығар. Мұны ізденіп жатқан ата-аналарымыздан ешкім болмайды. «Партияның тапсырмасы ғой» десе болды, еңбекақысыз жұмысқа жегілгеніне қайта мақтанады. V. Əйелдер мен қариялар Ауылда үйде балаларының қасында қалған əйелдер, кəріқұртаңдар немерелерімен өздерінің бау-бақшасын күтуге, қорасындағы малы үшін жем-шөп əзірлеуге шығады. Бұлардың қолындағы таптырмайтын көлік – есек қана. Бұл хайуанға ер салады, арба жегеді, саты артады, əйтеуір ұсақ-түиек жұмыстың бəріне жегеді. Еңбегі адал, өзі арам. Біздің үйде де көкемнің көк тұлпарындай осындай есек болды. Онымен көкем «Сұлутөбеге» базарға барады. Ауылда шөп
басына мінеді. Қысқасы көкемнің өзіне ғана жекешелендірілген, жүріп-тұратын көлігі. Апам көкемнен осы есекті бір жұмысқа көмегі қажет болғанда, дастархан басында ыстық шəйін беріп, көңілі жəйланып отырған шағында ғана сұрайтын. – Үйде сексеуіл азайып қалып еді.. Соған отынға барып келейік деп едік... (біраз үнсіздік болады) ана есегің бос па... дегенім ғой... Көкем көңілді болса: – Е, тұр ғой, митықтатпай, отынды шамасына қарай артыңдар, – дейді. Көңілсіз болса: – Əй, осы есекке жабысып қалғаның не?! – деп бір-ақ кеседі. Бұдан əрі көк есек ауызға алынбайды. Маған есекті оты молдау жерге арқандау тапсырылады. Бұл жұмыс бұлжымастан орындалады. Мұндай есек ауылдағылардың бəрінде бар. Көршідегі Молдаш əкейдің үйіндегі есекте дамыл жоқ. Ол кісі шаңырақ жасайды. Шаңыраққа қажетті тал ма, жиде ме іздеуге кез-келген жерге жүре алатын көлік. «Жұмыс басты» екі есек бір-бірін көре қалса болды ақырады-ай келіп. Көкем əзілқой, əрі Молдашқа əзілдеуге құқылы. Ол – шағыр руынан. Көкем шағырға əрі жиен, əрі күйеу. – Ана есегің біздің есекке не деп тұр? – дейді көкем. – Өй, тəңір алғыр... айтпайтының жоқ. Оның тілін сен білетін шығарсың? Көкем соны күткендей өлеңдете жөнеледі. Сенің есегің менің есегіме мұң шағып былай деп жатыр. «Енді тыңда» деп көкем Молдаш əкемді тоқтатып қояды да, өзі екі иығын қомдап, мұртын саусағымен сипалай, табан астында өлең шумағын ұйқастырып:
– Үстімнен түспей мына Молдаш, Жасайды қиянат, сірə оңбас, Адам деген есекке Болмаушы ма еді жолдас. Айтқанымды дұрыс деп Ақырып сен де қолдаш, Іштегі шерді тарқаттым,
Тарқатпасам болмас, – деп жатыр сенің есегің, – дейді де көкем соншалықты ризашылықпен кеңкілдеп күледі. Молдаш əке бірақ, күле қоймайды. – Тəңір алғыр, сені, – дей береді. Есектердің дауыстары неге екенін қайдам, қораға кіргеннен кейін басылады. Молдаш əкем бізбен көрші. Тыным таппайтын шағын ғана қара шал. Момын кісі. Шаңырақ жасаудың, қамыт жасаудың шебері. Біздің апам: – Жарықтық, Молдаш талай үйге шаңырақ жасады. Қолының құты бар. Шаңырақ алғандардың барлығы жаңадан сəбилі болатынын қайтерсің. Өзін Алла, бір ұлдан қысты. Құрмаш сыртта жүрген соң ба, жат сияқты. Əй, сол Молдамардың ұлы екенін сезеді-ау. Ауылда, қасында болмаған соң, сол ғой. Мына Дəмегүлі мен Мəуітіге бақ берсін. Молдаштың жасаған шаңырақтары өзі өлсе де, өлмейтін қасиетті дүние ғой, – деп əркезде айтып отыратын. Бізбен екі үш үйден кейін Нəзікүл апай тұрады. Жұрт қойған екінші аты Жындыкүл. Оның Құрманəлі деген кішкене ұл баласы болды. Буыны қатпаған бала сол үйдің от пен суының, малының иесі. Мұрынбоғын қысы-жазы жеңіне сүрте салады. Содан соң жеңі мұз жабысқандай жалтырап жүреді. Шешесі үй-үйлерден оны іздеп келсе, кейін Құрманəлі жүреді шешесін іздеп. – Құрманəлі қайдасың, қата қалғыр-ай, қайда кетті, – деп Нəзікүл ауылды көшіріп айқайлап жүргені. Өзі Құрманəліні іздеп жүріп əр үйден бір-екі кесе шəйін ішіп алады да, біздің көкеме шағынады: – Яшеке, өткенде, ана каналдың сол жағындағы қалың мияға (шөптің аты) белгі сап кетсем, біреу соған қарамастан түгел орып, тіпті кептірместен алып кетіпті. Мен соны бар ғой шеге тіс Палжаннан көрем. Не деген құдайдан қорықпайтын адам-ей. Мені жесір деп басынады-ау деймін. Бүгін енді оратын шөптің қай жерде ыңғайын барып біліп келейін, мына жүгірмекпен шамам келгенше жиырма шақты бау ора алсам, орайын деп едім.
Енді қарашы, мына баланың жер астына кіріп кеткендей жымжылас табылмауын. – Құрманəлі, ай, Құрманəлі! Қайда жүрсің, қата қалғыр-ай, өстіп зарлатады да жүреді, – деп біздің үйден шығып, келесі үйге беттейді. Құрманəлі жасырынып, Аманкелдінің үйіндегі домбыраны үйренемін деп тыңқылдатып отырады. Аналы-балалы бірін бірі тауып, шөпке жиналғанша күн тал түс болады. Көкем баласын қарғағанды қаламайды. – Қата қалғыр! – дегенде қата қалса, «тұра қалғыр» деп сұрағанда құдай баласын тұрғызбай тастаса не істер еді? – дейді күбірлеп. Келесі көршіміз Тынымкүлдің əкесі Мырзакелді. Қызын мектептің оқушыларымен бидай отаққа бірде жібереді, бірде соғысқа қатысқан мүгедектігін айтып жібермейді. Пішен əзірлеуге кемпірі Исагүл екеуі шығады. Исагүлдің қолы айнадан босамайды. Таңертеңнен кешке дейін бір кішкентай айнаны алып, соған қарап отыратынын талай көргенбіз. Мүмкін сол кезде аса кəрі де емес шығар. Бірақ, беті-аузы қыртыс-тыртыс Исагүл бізге кемпір сықылды көрінетін. – И-са-гүл, үйден қамытты алып шықшы, – дейді Мырзакелді даладан. Əйелі лып ете қалмайды. Отан соғысынан жараланып келген аяғы ақсақ Мырзакелді жұрт құсап əйелін боқтап-боралап, сілелемейді. Жаратылысын қарасаңызшы. Қайтадан ақсаңдап үйге кіреді. Айнаны қолынан тастамай отырған əйеліне: – Сусынды сал дорбаға, өзім кете берейін, сенің барғың келмей отыр ғой, шамасы – деп, есегіне арба жегіп алып, шөпке өзі кетеді. Исагүлді жұрт «кесапат» əйел дейді. Халықтың ежелден келе жатқан ырымы бойынша ер адам жаяу болсын немесе көлікпен (ат, түйе, не есек) жол үстінде келе жатсын əйелдер олардың алдын кесіп өтпеуі тиіс. Өйтсе, ер кісінің жолы болмайды.. Ал, Исагүл бір қадам жер қалса да, етегін көлбеңдетіп ер адамның алдын кесіп өте береді екен. Жас уақытында осы ауылда бір еркек алдынан өткен Исагүлді қамшының астына салып сабапты да:
«бар енді күйеуіңе айта бар, мені сабады» деп кете беріпті. Сол қамшыдан кейін де түзелмепті. Қайта ерегісіп «пысқырғаным бар ма» дегендей бұрынғы əдетін өршіте түскен. Ырымшыл еркектер Исагүлді көрсе «жолыма кесірі тиер» деп өздері аулақ жүретін болған дегенді үлкендер талай айтқанын естігенбіз. Сөйткен Исагүл мүгедек күйеуіне жаны ашыса ашиды, ашымаса ашымайды. Еркі өзінде. Əйтеуір айнасы қолында. Осылай əр үй, өз тіршілігін жасап, қолда ұстап отырған малына қыста жейтін жем-шөбін өздері əзірлейді. Ал, қазір ше. «Мал неге ұстамайсыздар?» деген сұраққа ауылдағылар: «Ойбай-ау, оның шөбін кім əзірлейді. Бұрынғыдай совхоз жоқ жем-шөп беретін. Шаруа қожалықтары бізді жанына жолатпайды, жерге де, шөпке де солар ие» деп бостан босқа кер жалқаулықпен, əрекет жасамай отырғанына таң қаласың. VI. Үш молда Бұл кезде барлық еліміздегі сияқты атеистік жүйе салтанат құрды. Исламдық негіздер мен ұстанымдарға балта шабылды. Дін адам санасын улайтын апиын дегенді мектептен бастап оқытты. Ауылдық жердегі молдаларды мазақтап, отырған-тұрғандарын, сөйлегендерін, ұстаған құрандарын келемеж етті. «Молданың тілейтіні өлім. Өлімді жерде молда семіреді» дегенді ашықтан ашық бетке айтты. Намыстарына тиді. Осындай «соцреалистік» кезеңде кеуделерінде иман шырағын өшірмей, исламдық тура жолдан шықпаған біздің ауылда үш молда болды. Бірінші молда – Кененбай əке. Ол кісі күніге бес уақыт намазын оқып, оразасын ұстайды. Аллах Тағаланың бар екеніне сенеді. Алайда, Жаратушы мен Жаратылғандарды ажыратудағы негізгі таным жөнінде білімі терең еместін. Тіпті кейде Аллахтың сүйікті құлдары болған Пайғамбарлар тарихы жөнінде де көсіліп уағыз айта алмайтын кісі еді. Бірақ молда санатында. Бұл ұзын бойлы ақсары кісі. Екі бетінің ұшы үнемі қымыз ішіп алғандай қызара бөртіп, үстіне киген кең қолтық шапанының етегі жер
сүзіп жүретін. Негізі қарапайым, ақкөңіл жан. Көкем əзілдеп айтса да, шындап айтса да көзіне «Сен дүмшесің!» дейтін. Немесе сөйлеген сөзінде «мысалы, сенің дүмшелігің сияқты бірдеңе ғой,» дегенді талай айтқанын естігенмін. Кененбай əкенің руы шағыр, ал көкем болса шағырларға жиен əрі күйеу, сол себепті əжуалап, мысқылдап отырса да Кененбай əке ешнəрсе болмағандай, ешнəрсе естімегендей көкеме «Саған сөз шақ келе ме» дейтін де сиректеу сақалын саусағымен салалап, отыра беретін. Күзде, жұрт қыстауға келген кездің бірі екен. Ораза мезгілі болып, ауыз тұтатындар ораза ұстайды. Соның бір күнінде таңғы сəресіде Кененбай əкенің кішкене жертөле үйінің терезе пердесі тұтулы тұрыпты. Көршілерінің бірі қорасындағы сиырларының да сыртқа шығарылмағанын көріп, «мына кісілерге не болған?» деп есігін қағып, үйге кірмей ме. Сөйтсе, Кененбай əке кемпірімен екеуі самаурынды ортаға алып, терлеп шəй ішіп отыр екен. – Ойбай, шешей-ау, күн шығып қалды ғой. Малдарыңыз сыртқа шығарылмаған соң... Əрі сиырыңыз бұзауы емізілмеген бе, мөңіреп тұрған соң... Перделеріңіз əлі ашылмаған соң... үрейленіп қалып, келіп едім, – десе: – Ə... не дейді, күн шығып қалды ма? Біз сəресіні енді ішейік деп жатыр едік, – деп қалбалақтап қалыпты Кененбай əке мен əйелі Əйнек, терезе пердесін енді ашып. Бұл оқиға ауыздан ауызға, біреуден біреуге жетеді. Мұны біздің көкем естіп алған соң, қажетті жерде қарсы қолданудың мүмкіндігін күтеді. Бір күні тағы да көпшілік жерде болса керек. Алда ораза айы жақындап, сол туралы əңгіме сөз болады. Көңілінде ешнəрсе жоқ Кененбай əке: – Яшеке, оразаның күні ұзарып келеді жылдан жылға.Алда тамыз, одан кейін шілде бар. – десе керек. Сонда көкем: – Əй, Кененбай, оразаның күні ұзарып келе ме, қысқарып келе ме дəл сенің қиналатын ретің жоқ. Кемпірің мен екеуің терезеңді тұтып алып, сəресіңді тапа-тал түсте іше бересіңдер де, оразаңды жалғастырып тұта бересің ғой, – деген екен. Жиналған қауым рахаттанып күліпті. Кененбай əке жалтара алмай бір ауыз тіл
қатпапты. Содан ауылда ораза мерзімі болсын, болмасын кімдекімнің үйінде перде ашылмай, киіз үйінің түңлігі түрілмей қалса, екінің бірі айта беретін «Сəресіні ішіп отырған Кененбай молда құсап...» деген сөз қалған. Екінші молда – Нəдір əке. Бұл кісінің де руы шағыр. Ұзын бойлы, қара кісі. Көзі нұрлы. Бірақ, адамдарға көзімен тіктеп қарамайды, жанамалап қиықпен қарайды. Апам: «Көзі бар кісінің тіктеп қарамағаны дұрыс» деп отыратын. Нəдір əке қасиетті дұғаменен емдейтін емші. Құран аяттары мен сүрелерін жақсы меңгерген. Ақыл-есі ауысқан, тіл-көз тиген ауруларды, соның ішінде қояншықты емдейді. Көкем: «Нəдір қара суды теріс ағызатын дұғаны, сонымен бірге сиқырларға қарсы дұғаларды да біледі» деп, оған ерекше ілтипатпен қарайтын. Əзілдессе де орнымен, шамына тие бермейтін. Ескі қоныс елі бір-бірінің өмір тарихтарын жатқа беледі. Күйеуі Ұлы Отан соғысына кеткен Базарша шешей қояншық ауруы болыпты. Былайынша ер кісідей денелі, тепсе темір үзетін, денсаулығы мықты əйел. Ұзын бойлы, қараторының əдемісі, дөңгелек жүзді, екі бетінің ұшынан қаны тамып тұратын көрікті. Өзі ауылдағы əйелдер құсап көп сөйлемейді. Маған солай көріне ме, жоқ табиғаты солай ма, күлімсіреп жүреді. Үнемі Нəдір əке екеуі жұптары жазылмай бір жүреді. Бір жүргенде əке алдында, Базарша шеше соңында. Бірақ, қояншық ауру ұстағанда аяқ қолы сіресіп, қатып қалады да, шалқасынан құлайды. Ес-түсін білмейді. Екі езуінен ақ көбік атады. Бір рет біздің үйге құдайыға келіп, көпшілік арасында ауырып қалды. Базарша шешейдің қасына Нəдір əкем келіп: Ернімен күбірлеп дұға оқып, «тұр, тұра ғой» деп маңдайынан сипап еді, Базарша басын көтеріп, етегін қымтап «Биссмилла» деп түрекелді. Бірақ алғашқыдай емес жүзі көгеріп кетті. Нəдір əке көкемнен рұқсат сұрап, дастархандағы асқа қарамастан, Базаршаны қолынан жас балаша жетектеп үйіне алып кетті. Базаршаны Нəдір əкем ауруынан дұғамен жазған. Кейін күйеуі соғыста жүрген жерден «қара қағаз» келгеннен кейін Базар-
ша қайтадан ауырған. Базаршаға содан кейін үйленіпті. Күйеуі соғыска кетерде туған ұлын қайынсіңлісі «ағамның көзі» деп Базаршаға Нəдір əкеге тұрмысқа шыққанда бермей қойыпты. «Осы ұлын ойлады ма, Базаршаның ауруы қайта шығыпты. Бірақ Нəдір молда алақанда аялап ұстап-отыр» дейтін ауылдың əйелдері. Нəдір əкенің үйі ауылдың ең шеткі жағында, мектептен қайтар біздің жолымыздың бойында. Сол жақта қып-қызыл жыңғылдар өседі. Осы жыңғылды ешкім отынға алмайды. Біз жыңғыл гүлдегенде гүліне қызығамыз. Соны сындырып алайық деп барғанда жыңғыл түбінде қызыл-жасыл қолдан жасалған қуыршақтар, жыңғылға байланған қызылды-жасылды жартылай отқа күйген шүберектер көреміз. «Оны ұстамаңдар да, ондай жерге бармаңдар. Нəдір əкеңнің ауру көшіріп тастаған нəрселері ғой» дейтін үлкендер. Нəдір əкеме емделуге басқа жақтан да адамдар жиі келетінін жұрт айтып отыратын. Үшінші молда – менің көкем Яшүкір. Көкем туралы апам (туған анам): – Əкеңнің ілімі терең. Анау-мынау емес Түркістан жақта діни медреседен оқыған. Жасы 16-ға толар – толмастан молда дəрежесін алған. Ауылда ескіше (арабша дегені) балалар оқытқан. Қазіргі ауылдың белсендісі болып жүргендер əкеңнен хат таныған, білім алған, арқаларына əкеңнің шыбыртқысы талай тигендер, – деп отыратын. Мен көкемнің білімді екенін білем. Өйткені, ауылдың адамдары көкеме көп келеді. Жұрт жиналған жерде, құдайыда көкем бастап құран оқиды, қалған екі молда Нəдір мен Кененбай көкеме ұйиды. Көпшілік жиі қоятын құйтырқы сұрақтарға да көкем салмақпен жауап беріп отырады. Мəселен, көкемнен бұрын сабақ алған, кейін ауылда атеист болып жүрген белсенділер үйге келіп, көкеме əдейі тиіскенін талай куəсі болдым. – Ал, молдеке, айтшы, бізді «құдай бар» деп оқыттың. Талай шыбыртқыңды жедік. Қазір міне, дамыған ілім-білім оны «жоқ» деп отыр. Тіпті, білсеңіз, күн көсем Ленин оны – апиын дейді. Расында, Құдайға біз де сенбейміз. Ол бар болса неғып бір рет
адамдарға көрінбей жүр? Əлде ол жалғыз Сізге көріне ме? Осыны айтыңызшы, а.. хи-хи-хи... айта алмайсыз... – деп күледі. Немесе: – Молдеке, осы ғой арақта шайтан бар дейді. Қай жерінде шайтан? Талай ішіп жүрміз шайтанды да көрмедік,– дейді. Көкем: «Шайтандарың іштеріңде жүр. Оны жұтып қойдыңдар. Осы сөзді сендерге сол шайтан айтқызып отыр» десе, аналар тағы бір басқа сұрақтарды қойып, көкемді қалайда сөзден ықтыруға тырысатын. «Ескі қоныс» жұрты көкемді «молдеке» дейтін. Көкем өнебойына Құраннан көз алмайды. Қалыңдығы бірқарыс келетін Құран кітаптар біздің үйде көп болушы еді. Мен осы Құранды иіскеуге құмармын. Хош иісі мұрынды жарады. Көкем ұстаған сол Құрандардың иісіндей мен өзге иісті содан кейін өмірімде көрмедім де, сезбедім де. Бір кісі қаза болса, оның бұл дүниедегі істеген күнəларын Аллах ана дүниеге барғанда кешіру үшін артында қалған жақын жуығы, жанашыры Құран шығартады. Бұл сауапқа жазылған. Қазір бұл үрдіс ұмытылды ма, жоқ молдалар басқаша əдіс тапты ма, «Құран шығардық» дегенді естімедім. Сол уақытта жас болсам да көргенім: Құран шығартатын адам біздің үйдің қорасына бір лақ немесе қозы байлап, болмаса бір қап ұн əкеліп (қолдарындағы бары болар) көкемнен алдымен келісім батасын алады. Мен сезем. Көкеме осы міндет ауыр. Молда болған соң, ілімін аямау керек те шығар, өтінішін орындауға келіседі. Осыдан соң орнынан қозғалмай марқұм болған кісіге Құран ашып, бағыштап, демалмастан оқуды бастап кетеді. Апам малға өзі қарайды, арасында біз көмектесеміз. Тұтас Құранды басынан аяғына дейін оқып шығуға кем дегенде 3-4 күні кетеді. Бағыштаған кісіге Құран шығарып болған соң, қорадағы əкелген малды (қозы, лақ, немесе қой) тұтас сойдырып, үйде құдайы дастарханы жайылады. Көрші-көлем тегіс шақырылады (шақырушы əр кезде мен). Біздің үйдегі бұл құдайыға Құран шығаруға өтініш жасаған үйдің адамдары
міндетті түрде қатысады. Көкем: «Міне, бүгін Пəленшеге құран шығарып біттім, Алла, күнəсін кешірсін. Жатқан жері жайлы болсын. Алдынан пейіштің нұры шалқысын. Артында қалған ұрпақтарының ғұмырын Алла ұзақ қылсын. Қазіргі оқылатын Құран сол кісіге бағышталады» деп ұзын-ұзын бірнеше аяттардан тұратын дұға оқып, дастархан басындағылардың бəрі қол жайып, марқұмның аруағына бағыштау айтады. Жұрт тарағаннан кейін көкем апама: – УҺ! Бір міндеттен құтылдым-ау, енді бір қол-аяқты жазайыншы, – деп рахаттана жастыққа басын қояды. Көкем, міне үнемі осындай өлгендерге Құран шығарумен, алдынан Құраны, көзінен көзілдірігі түспей өтті. Осындай күндердің арасында бос уақыттары да болып қалады. Оны басқалар да сезеді-ау. Күн батып, үйге шам жағылғаннан кейін үйдің қасындағы көршілер біздің үйге жинала қалады. (тұрақты түрде десе болады). Дін туралы, жаратылыс туралы, Аллахтың жалғыз өзі екендігі, Құдайдың Адамды топырақтан жаратқаны жайлы Құраннан уағыз тыңдайды. Білмегендерін сұрайды. Қойылған сұрақтардың бəріне көкем Құранды ашып: «Міне, міне аятта былай делінген, мағынасы мынадай» деп дəлме-дəл аударып, тəпсірлеп түсіндіріп отырғаны. Мұның сыртында көкемнің шайырлығы бар. Қазіргіше суырып салма ақын. Сықаққа күшті. Арабша жазылған хиссаларды көпшілікке оқып береді. Бұл көбінесе қыстың айларында болады. Жұрттың сұрауы бойынша шығар деп ойлаймын. Кейде дін тақырыбынан басқа ауыз əдебиетінде жүрген «Шəкір-Шəкірат», «Жүсіп-Зылиха», «Керғұлы», «Лəйлі-Мəжнүн» қиссаларын кезектестіріп, арабша жазылған кітаптан (оның сырты құран сияқты) оқып беріп отыратын. Көршілер таң қылаң бергенше тыңдайды. Көкем: «Бүгін осы жерге келіп тоқтайық» дейді. Келесі күні кешегі хиссаны сол жерден əрмен жалғастырады. Түн ортасы ауады. Содан соң отырған əйелдерден біреуі есіней, терезеден сыртқа қарап: «Ибай-ау, ай шалқасынан туып қалыпты» десе, екіншісі: «Үркерді қара... қой тарайық, қорада
сиыр бұзаулайын деп тұр еді...» деп əрқайсысы бір сылтаумен, үйлеріндегі шаруасының ыңғайымен тарасады. Жартылай ояу, жартылай ұйқыдағы біз (Қазынашай, Жеңіс, мен) əрмен қарай тəтті ұйқыға кетеміз. Біздің көкем қайтыс болар алдында Нəдір əкемді шақырып алды. – Мен саған аманат тапсырайын деп едім, – деді. – Немене, Яшеке, ана жақтан шақырту келіп жатыр ма? – деп əзілдеді Нəдір əкем күліп. – Сен бұдан бұрын да екі рет елмен бақұлдасып, барамын деген жеріңе бармай қалып едің ғой... Аманатыңды қоя тұр... Тəуір болып кетесің... – Кім біледі. Қазір сайрап жатырмын. Кетерімде осы тілім бола ма, болмай қала ма?!. Алдын ала айтып қояйын. Кемпірде (апамды айтқаны) қолыммен өзім жазған кітапшам бар. Соны мен бір жөн болған соң, ақыреттік киім кигізгенде төсімнің үстіне қойып (мына жерге деп кеудесін көрсетті) жерлеуді саған аманат етем. Алла, өзіңе разы болсын. Тіршіліктегі артық ауыз сөз айтқаным болса да кешірім ет, – деді даусы дірілдей. Үлкен кісілер кейде кішкентайларды «бұлар не білер дейсің?» деп аңдамайды. Киіз үйдің ішіндегі осы диалогты мен тыңдап, жадыма тоқып тұрдым. Көзімнен жас та ытқып кетті. Шындығында көкем қайтыс болар алдында тілі сөйлеуге келмей ешнəрсе айта алмады. Осы жағдайды қалай сезді десейші. Көкемнің Нəдір əкеме аманатын тыңдағаным жақсы болды. Кейін көкемнің сүйегіне адамдар кірейін деп жатқанда, жылап отырып кітапшаны апамның есіне салдым. Апам да «Үйбүй... ұмытып барады екенмін...» деп кітапшаны қойған жерінен ораулы күйінде Нəдір əкеме табыс етті. Нəдір əке де: «Ия.., ия.., мен де ұмытып барады екенмін. Айтқаны, аманат еткені бар еді» дей берді... «Ескі қоныста» үш молданың ішінен көкем Пайғамбар жасына енді жеткенде бірінші болып дүниеден озды. Нəдір əке мен Кененбай əке көкемді шығарып салып, көздерінен жастары төгіліп тұрды. «Ілімі терең еді» дегенін естідім көкем туралы.
– Яшекең өлді, енді жарықтық əзіл де өлді. Енді ешкім молдакеңдей əзілді көтермейді, əзіл де айта алмайды, – десті балдызы боп есептелетін шағырдың қыздары намазда отырып бірбіріне көкемнің əрбір сөзін естеріне ала отырып. Одан соң мен оқуда жүргенде көп кешікпей Нəдір əке дүние салыпты. Əке қайтыс болған соң Базарша шешейдің жағдайы мүлде болмай, ет жақын туысқандары еліне алып кетіпті. Апам: – Ана, Бекəділ дұрыс жасамады. Анасы екенін білмей жүр дейсің бе, білетін шығар. Қолына алып Базаршаны қалған өмірінде бақса да болатын еді. Базаршада не жазық бар, сорлы ғой ол? – деген-ді. Мен сонда барып білдім, бізге көрші Бейсенкүл апайдың үйіндегі Бекəділ ағай Базаршаның туған баласы екен. Бірақ ол кісі де үйленбей, бала сүймей өмірден өтіпті. Ал Кененбай əке ауылда жалғыз молда боп қалды. Мен Алматыда оқуда жүргенде апам: «əкеңе сəлем беріп кіріп шық, кілең сені сұрайды. Қызыңа айтатын сөзім бар дейді. Барып шықшы» деген соң, үйіне келдім. Ол кісі мені көріп қуанып қалды. Қартайған. Жүзі қуқыл тартқан. Амандықтан кейін маған қолқа салды. «Оқуыңды бітір, қалқам. Менің Романым өсіп келеді. Бесалты жас ештеңе емес. Маған келін бол» десін. Мен үлкен кісіге күлдім де: «Жарайды, əке..» деп келісе салған болдым. Өйткені Романы менен анағұрлым кіші. Əлі мектеп қабырғасында оқушы. Мен кеткен соң ауылдың адамдарына «Яшекеңнің қызының уəдесін алдым, маған келін болатын болды» дейтін көрінеді. Ауылдағылар бұған көпке дейін күліп жүріпті. Кейін Кененбай əке де дүние салды. Бір-бірімен əзілдері жарасқан, бірін-бірі қолтықтан демеген, жан-жақтарына имандылықтың нұрын сепкен үш молдадан кейін ауылда салауатты уағыз айтатын, Аллах Тағаланың түсірген Құранын «Ақиқатпен дəлелдейтін» нағыз молдалар бұдан кейін болған емес. Қазір де «Ескі қоныста» үш молданың өз ұрпақтары болмаса, оларды білетіндер жоқтың қасы.
VII. Жайлау Жаз болса қыстауда отырған елді жайлауға көшіру міндеттендірілген. Қаласаң да, қаламасаң да қыстауда ешқандай үй қалмайды. Өйткені егістік жақын. Осы егінді басшылар жекешенің тұяқты малынан сақтандырады. Екінші, шабындықты жазда малға таптатпай, малдың қыста еркін отығуына жағдай жасайды. Сондықтан киіз үй тігіп, жайлауға көшесің. Сол кезде жайлаудың жазы да, күні мен кеші де бəріміз үшін рахат. Жайлаудағы кештердің де өз естелігі əркімде бар. Əр шаңырақта «Шалқар» радиосы шырқата əн салып тұрады. Киіз үйге қыстырып қойған. Халық осы радиодан төгілген əнкүйлерді, елдің хабарын естіп, рахаттанып отырады. Жайлауға көшкенде көңіліміз қалаған қыздың үйімен көрші болу мүмкіндігін тілейміз. Алайда, ол тілегіміз бола бермейді. Болса да өте сирек. Əркім қыстауларында кіммен көрші болды, сонымен жайлауда да бірге болады. Өйткені, көшірерде машинаның ыңғайы да солай болады. – Апа, көке, Бəкір əкемнің үйінің қасына (Ажаркүлді қалағаным) көшейікші. – Е, олар Сұлтамұраттың үйінен ажырамай бірге қонып та алыпты ғой, – дейді апам маған кеш қалдық дегенді меңзеп. – Туу, осы Үржамал мен Ажаркүл өмірі ажырамайды. Қыстауда да үйлері бір, жайлауда да үйлері бір, – деп қаламын мен күңкілдеп. Мұны көрші Бейсенкүл апай есігінің алдында жүріп естіп қалады. – Ол екі қыз бір күйеуге шығады, ал сен қайтесің? – дейді қасақана. «Қасыңда көрші Дəмегүл тұрып Ажаркүлге неге құмарсың?» дегенді меңзеп. Мен де түсіне кетіп, үндемей қалмаймын. – Дəмегүл екеуміз де бір күйеуге шығамыз, – деймін шімірікпестен. – Тілін қараш, мына қыздың, тілін кесу керек, – дейді Бейсенкүл. Дəмегүл деп отырғаны Молдаш əкемнің қызы. Бейсенкүл апа
оның қарындасы, жесір əйел. Шағырдың қызы болған соң. көкем оны да балдыз санап əзілдесетіні бар. Дəмегүлдің Мəуіті деген сіңілісін баурына салған. Екі үй екі қызды ай мен күнге балап, еркелетіп қойған. Мен сияқты «жүрдім-бардым» қара жұмысқа ол екі қыз жүгіре қоймайды. Дəмегүл момын, Мəуіті пысық. Дəмегүлдің менен бір-екі жас кішілігі бар. Мен оған ылғи да бірнəрсені үйретіп, «сөйтейікші» деп қолдау көрсетуге шақырсам, көне қоймайды. Аузынан неше түрлі конфеті түспей, оның қағаздарын маған көрсетіп қызықтырғанды жақсы көреді. Көңілі қалаған кезде береді, қаламаса менің сілекейімді шұбыртып, конфетін ернінен көрсете сорып тұрғаны. Мен өзі бермесе, «берші» деп сұрамаймын қырсығып. Осы себепті Дəмегүлді онша қалай бермеймін. Бірақ екеуміз басымыз қосылып қалсақ, ауылдағы адамдардың жүрістұрысын, сөйлеген сөздерін, іс əрекет қимылын салып мазақтауға ұстамыз. Жайлауда киіз үй ішінде мен ашық керегеге саусақтарымды салып, өзімше ой ойлағанды өте жақсы көремін. «Мен үлкейгенде мынаны жасауым керек» деп қиялға берілем. Көкем мен апам басы жастыққа тие сала ұйықтайды. Жеңіс балалармен ойнауға кетеді. Күн кешкіріп ұясына бата бастады ма, жайлауда қараша үйге төсек салынады. Ұйықта, ұйықтама жатуың керек.Түңлік жабылады. Көршілер де сондай. Салынған төсектерінде жатып алып кейде ұзақ əңгімелер айтады. Ол əңгіме екінші үйге естіле береді. Құпия жоқ, бəрінде де жариялылық. Көрші қонған екі үйдің біріндегі сөздерді естімеу де мүмкін емес. Үй-үйден дауыс естіліп жатудың өзі таза ауылдық қалыптың бір түрі. Бір жазда Айтана əжей біздің үймен қоңсы болды. Ол кісілер бізбен қыз алысатын, бірақ көкем жағынан нағашы туыс. Оның Бекназар жəне Ақназар деген үйленбеген ұлдары бар. Ақназар ақкөңіл. Дауысы дабырлап ағасына көрген-білгенін кешке жақын əңгімелеп жатады. Киіз үйдің іргесі түрулі, бізге бəрі анық естіледі.
– Əскерден келдің, енді үйленуді ойламайсың ба, – дейді ағасына. – Кімге? Бұл ауылда жөнді қыз жоқ. .. – Анау, Пəленшенің қызы бар емес пе? Пісіп тұр, алма сияқты... – Өй, қайтем, қыли ғой. – Түгеннің қызы ше? – Долы ғой, ұрысқақ. Жеп қойсын дейсің бе? Ол қызды мен білсем, ешкім де алмайды. – Ана қыз ше? (атын айтады). – Сол қыздың беті қып-қызыл... Мектепте оқып жүрген жоқ па? – Бір жыл күтесің де, алып қашасың. – ?... (ұзақ үнсіздік). – Апам Қазынашайды айтып еді ғой... – Білмеймін.Ол қызды... Мен 4 – сыныпқа көшкенмін. Жаңағы айтылған қыздардың бəрін білемін. «Бекназар енді кімді қалайды екен?» деймін ішімнен. Ол өзі көрікті жігіт. Мен оны тура үндінің актері Радж Капурға ұқсатам. Қазынашай Жеңістен үлкен менің қыз апам. «Осы Бекназарға неге күйеуге шықпайды екен? Оразғали ағайға шықпады...» деп ойлаймын. Ол мектептегі жақсы мұғалім. Оразғали мектепте бастауыш сыныптарда орыс тілінен сабақ берді. Төртінші сыныпта-ақ шатты-бытты тілімізбен орысша сөйлесеміз. Талаптың қаттылығы сондай, Оразғали ағайға түсінбегенімізді қазақ тілінде сұрай қалсақ, басын шайқап «Бұл орыс тілінің сабағы, сұрағыңды орыс тілінде қой» дейтін, өзі орысшалап. Əр екі күннің бірінде диктант жаздырады. Төрттік баға алатындар сирек. Үштік, содан соң екілік баға қойылғандарды тақтаға қайыра шақырып, қате жазған сөздің грамматикасын, түбірін талдап түсіндіреді. Түсіндіріп болған соң «не түсіндің, қане айт» деп қайыра сұрайды. «Болашақтарың осы орыс тіліне ғана байланып тұр. Бұл тілсіз оқи алмайсыңдар, тіпті нандарыңды сұрап жей алмай қаласыңдар» дейтін.
Оразғалиға тұрмысқа шықса орыс тілінен бестік баға алып отыратындай ой да келеді. Осы жылы жайлауда басқа ауылдағы Айтбай деген жігітке Қазынашай күйеуге қашты да кетті. Бұл біздің апам мен көкемнің жанын жаралаған оқиға болды. Көкем негізі қатты болғанмен ішкі мəдениеті мен біліктілігі басқалардан көш жоғары адам. Арабша, орысша, қазақша оқи береді. Заманның ағымын да біліп отыратын. Ескі қоныстың барлық шағырлары «жезде» деп əзілдей отырып, көп қысастық жасайды. Ертеректе көкемді ер балдыздары «тіліңді тыймайсың» деп жерге көміп кеткен кездері де болыпты. Бірақ оған мойыған емес. Əзілді əжуасы кез-келгенді оңдырмайды. Қазынашай егер «біреуді ұнаттым» десе, қолдан, сəнсалтанатпен беруге дайын екендігін айтып отыратын. Біреулердің «қыздары қашып кетіпті» деп естігенде, қыздың ұрланып өз үйіотбасынан қашып кетуін қаламайтынын білдіретін. «Қыз алдымен үйден ата-анасының ақ батасын алмай, бақытты болмайды» дейтін. Мен кішкентай болсам да, көкемнің қасында отырып алып, оның айтқан көп сөздерін көңілге түйіп жүрем. Міне, енді қарашы, Қазынашай апам осыны мен сияқты да түсінбегенін. Менің де ашуым келді. «Айтананың Бекназарына, Оразғали ағайға шыға салмай кімге кетті екен?» деп қоямын. Қара үйдің көлеңке жақ тұсына шығып алып, жұдырығымды қатты түйіп: «Мен ешқашанда қашып кетпеймін» деп өзіме ант еттім. Апам: – Барған жері қандай екен өзінің? Жыламайтын жерге бара алды ма, жоқ па, қызым-ай, ең болмаса маған да айтпағаның не? – деп жылады. Түске таяу «Сұлутөбеден» Мəкен аға келді. Көкем мен апама тоқтау салды. – Ай, апа! Жылама! Кетер қыз кетті. Ол қызды жолдан біреу сүйрелеп алып кеткен жоқ. Қызың, осы үйден өзі қашып шығып отыр ғой. Ендеше, ойлашы өзің, қызың барған жігітін сүйіп барып отыр. Жылама! – деп бір қойды. Көкемнің қабағы тарс жабылған. Үн жоқ.
– Апа, қойсаңызшы енді, – деді аға. Қазір қаласаң, «Сұлутөбеге» барып милицияға айтайын, оны қасыма ертіп алып, Тасшоқы ма, кеткен жағы, алып қашқан жігітті қаматып, сотқа берейін, ал қызыңды алып келейін үйге,-деді. Осы кезде апам шошып: – Ойбай қой, өйтпе. Қойдым, қойдым, енді жыламаймын. Бағын ашсын, алла, қайтейін енді... – дей берді. Көршілердің бəрі жұбатуға жиналды. Айтана əже көкеме қатты сөздер айтты. «Бекназарға бер дегенде, бермеп едің...» деп. Түс болмай көкем, бұл шуылдан құтылғысы келді ме, көк есегін ерттеп мінді де, қауындық жаққа кетті де қалды. Ауылдың барлық қатын-қалашы қайтадан үйге жиналды. Апамды жұбатты. Біз бұл жақта жылап отырғанда кеншімдердің ауылы қуанып, Тасшоқы жайлауында үлкен той жасап жатты. Қазынашайды мен дəл Жеңісті жақсы көргендей жақсы көре қоймаймын. Өйткені, ол маған үлкенсіп көп ұрсады, əрі көкем мені жақтаса одан сайын ашуы келеді. «Кетсін, жақсы болды күйеуге кеткені. Енді маған ешкім де ұрыспайды» дедім сол күні. Алайда, бір ай өткен соң қатты сағындым... Сол жылғы жасыл жайлау көркі өзгеше еді. Бозарық каналының суына қайта-қайта шомылып қыздар «қыздарша жүзу», «итше жүзу», «бір иықпен жүзу», «құлаштап жүзу» əдістерін үйренеміз деп, ретін тауып суға түскіш. Жағалай тігілген ақ киізді, қара киізді үйлердің алдында қарны көкке тойып мал жусап жататын. Кеш болғанда будақтаған түтіндік. Бəрінің орны бөлек, суретшіні полотносына сұранып-ақ тұратын сұлу сурет. Күн ұзын өрісте тойынып келген ірі қара малына шыбын-шіркейлер жиналады. Оған əр үй түтіндік салады. Қи иісі қолайсыз болса да, жұрт үйренген. Жайылымнан қайтқан сауын сиырлар маңғаздана күйсеп, кірпіктеріне қонған масаларды бастарымен шұлғып, денелеріне қонғандарды құйрығымен қағып, қастарындағы байлаулы бұзауларын иіскеп қойып, рахаттана тыныстайды. Əр үйдің алдында осындай бүйірлері торсиған екі-үш сиыр, кейбірінде 4-5 сиырдан болады.
Жайлауда да, қыстауда да көршіміз Ниязқан ағаның үйінде сиырлар көп. Сауатын сүті де мол. Разия апай күніне 2-3 күбі айран піседі. Айран пісуде Үржамалдың шешесі Зибагүлдің қимыл-қозғалысы жұртшылықты қызықтырмай қоймайтын. Бейне бір цирктің таяқ ұстап билеген бишісіндей қимылдайтын. Таң сыз бере жайлауда əр үйдің есігі алдында күмбір-күмбір пісілген күбінің де дыбысы ерекше болатын. Одан соң жаңа күбіден шыққан сары майдың дəмділігін айт. Жүрегіңе тимейді. Саусағыңмен таңдайыңа сүйсіне сала бересің. Сары майы бетінде қалқыған айранды сімірсең тоймайсың. Жас бөбектері бар үйлер осы айранмен-ақ балаларын тамақтандырып, олар ауырмайсырқамай жүгіріп жүретін. Ауылдағы еті тірі пысық əйелдер сары майды тұздап не тұздамай «Сұлутөбе» базарына апарып сатады. Жаңағы Зибагүл осындай май сату үшін қолайлы ыдыс іздепті. Біреу кеңес берді, немесе өзінің түсінігі шығар. Дүкеннен жас баланың дəретке отыратын ыдысын (горшок) сатып алып, соған лықылдатып май толтырып базарда бір күн отырғанда, ешкім алмапты деген сөз лезде ауылға тарап та кеткен. Жайлаудағы үйлердің қоңсы отырғандары бірінсіз бірі жəне тамақ ішпейді. Көршісінде қазанда тамақ пісіріліп жатса, шақыру күтпей екінші көршілер дастарханға еркін келе береді. Құрт қайнатса, жабылып бəрі шиге құрт жайысады. «Көжен су» деген таптырмайтын сусынды бəрі жасайды да, оны киіз үй ішіне жер қазып, салқын жерге ыдысымен қояды. «Тоңазытқыш» деген осы. Күбіден піскен сары майды да, осылай ылғалды жерге сақтайды. Жайлауда біржарым, екі айдан соң, əр үй өздері салған қауындық басына қарай көше бастайды.. Қауыннан қақ тіледі, қауынқұрт қайнатады. Тірлік деген шаш етектен. Қазан айында барып қыстауға бет алады. «Ескі қоныста» «Жəрімбет бауы» дейтін үлкен бау бар. Алғашқы колхоздастыру кезінде бір бұйрықтың күшімен егілсе керек. Қалай болғанмен де «П» əрпі сияқты 2 шақырым көлеміндегі
осы бау, біздер үшін анау-мынау орыс орманынан кем емес. Бау ені 3 метрден асатын кең жаптың екі жағалауын қамтиды. Ал жаптың тереңдігіне кісі бойламайды. Кішігірім каналға бергісіз. Жаптың ішіндегі судың мөлдірлігі сондай, жүзіңді айнадай көрсетеді. «Жəрімбет бауының» биіктігін «Сұлутөбе» станциясына барғанда да көре аласың. Жап-жасыл қалпы мұнартып «мен мұндалап» тұрады. Оның саялы көлеңкесі де ұзын. Шөпшілерге, егіншілерге дем алуға жайлы. Біздің қауындық осы «Жəрімбет бауының» бермен қараған шеткі жағында. Жайлаудан кейін киіз үйді осы баудың көлеңкесіне тігеміз. Көкем қауындықтың бір бөлігіне уақ малға арнап жоңышқа егіп тастаған. Жаз бойы кем дегенде үш рет орылады. Жоңышқаның орғаннан кейінгі иісі керемет. Жас жоңышқаның үстіне шалқалай құлап, көгілдір аспанға қарап, болашақты талай арман тұтқан кездерім бар. Қауындықта алма, өрік ағаштары жеміс салады. Алғашқы қауын мен қарбыз піседі. Тілі таңдайды үйіреді. Көкем ылғи да қауынның алғашқы піскенінен көршілерге дəм татырып, аруақтарға арнап құран бағыштайды. Қауындықтағы көршіміз Нəдір əкем. Ол үйдің қойларының түр-түсі бөлек. Құйрықтары тегенедей жалпақ. Ірі. Нəдір əкемнің үйінде мен сияқты жас баласы жоқ. Сондықтан, кешкілік өзіміздің уақ малдармен бірге ол үйдің де қойларын үй маңындағы шалғынға жаямын. Қараңғы түскенде қораға əкелемін. Базарша деген шешеміз бұл көмегіме риза болып, мені кеудесіне қысып-қысып «Құдай маған сендей қызды бермеді ғой» дейтін күбірлеп. Қазынашай күйеуге шығып кеткен жылғы жаздан кейін, келесі көктемде жайлауға шықпадық. Жүнісбек ағаның тұтты бауында киіз үй тігіп отырдық. Көкем қатты науқастанды. Жаз ортасы болғанда: – Мені қауындыққа, бау саясына алып барыңдар, сонда болайын, – деді Мəкен аға келгенде. Айтқаны орындалды. Ертелеу қауындыққа көшіп келдік. Сол келген күнінде мені қасына ертіп
қауындықты аралап шықты. Ақ күмістей сақалын саусағымен тарамдай, жан-жағына терең демалыспен қарады да: – Əттегене, ə! Əтте-ген-е ə! Өмір деген қамшының сабы деген, ə... – деген сөздерді айтты. Əрине, ешкімге қаратып айтқан жоқ. Өзінше айтқандай болды. Арықта сынаптай жылтылдап ағып жатқан суға саусағын салып, бетін жуды. Менің қолтықтан сүйемелдеуіммен қараша үйдегі салулы тұрған төсекке ентігіп əрең жетті. Сол жатқаннан көкем тұрмады. Күзде 1 қыркүйек күні бақилық дүниеге аттанды. Осы жылы жазда мен де соңғы рет ескі қоныстағы жайлауды, соңғы рет қауындықты, соңғы рет шабындықты, соңғы рет «Жəрімбет бауын» көрген екем. Келесі жылы көктемнен кейін, мен де қалаға оқуға аттандым. Бұдан соң менің де өмірім туған ауылымнан өз-өзінен алшақтай берді... Жасыл жайлауға елді көшіретін үрдіс те қалып, жұрт жайлауға бұдан соң көшпейтін болғанын кейін естідім. VIII. Орта қоныс Бұл ауыл биіктеу, дөңесте болатын. Бұрын «Сарысу» өзенінің үлкен жылғасы біздің ауылға дейін жеткен екен. Жылға деген жəй. Ауыл адамдары «Нəн сай» атап кеткен. Бұл үлкен сай. Сайдың ішкі енінің өзі 9-10 метрдей болады. Биіктігі де бірталай. Апамдар айтатын: «Шіркін, жер тозды ғой. Осы сайда шалқып су жататын. Енді əр жерде көлшік болып қурап жатыр» деп. Менің көрген кезім осы сай ішінің көлшіктен де ажырап, қураған, кейбір жерлері қызыл жыңғылға, кейбір жерлері ну қамысқа толы кезі. Орта қоныстағы ел сайдың екі жағына бердей орналасқан. Сайда су жоқ, бірақ үлкен құдық бар. Терең емес. Мал-жандары осы құдықтан су ішеді. Осы наймандар руынан Əуезхан колхоз бастық болғаны бар. Сол үшін бе, кейіннен жұрт «Əуезханның ауылы» деп те атап жүрді. Əуезханның Ниязхан деген інісінің үйі ескі қоныста бізбен қабырғалас көрші. Рəзия жеңгей мың болғыр жан. Үйінде енесі Күлсін деген əжеміз болды. Кезінде
байдың қызы боп, жарасыммен, сəн-салтанатымен жүрген. Сонысы байқалып тұрады. Айтушылар Əуезхан мен Ниязханды Күлсім əжем асырап алған балалары дейтін. Ол жағының қажеті қанша? Күлсім əжем өлгенше өзінің билігін екі ұлына жүргізіп кетті. Айтқанын болдырды. Дегенін істетті. Екі ұлынан Ақтай жəне Қаратай деген, басқа да немерелер көрді. «Негізі адам атын мəн беріп қойған дұрыс. Оның болашағына көп əсері болады» – деп жүр қазір ғалымдар. Көп тəжірибе жинақтап айтылған тұжырым екенін дəлелдейді тағы да. Мен өзім ғалымдардың осы тұжырымына қосылам. Ниязханұлы Ақтай – адал, аңқылдаған ақкөңіл болды жасында. Əуезханұлы Қаратай – менмен, өзімшіл болған. Ағайындылардың біреуі – көрші, біреуі – сыныптас. Екеуін де жақсы білдім. Қаратайдың кейінгі өмірі күрделі болды. Ал, Ақтай, əлі бала күніндегіше аңқылдақ, адал азамат. Баяғы əкесінің қарашаңырағының иесі. Орта қоныстағы наймандар аулында «ударник кемпір» деген əже болды. Өзі жазы-қысы ер адамдарша шалбарланып жүреді. Жиырма шақты қой-ешкісін өзі бағады. Сатса-ақша, сойса-еті, қысқасы, өз қаражаты өзінде. Не ұлы, не қызы жоқ. Жалғыз басты. Біз оқушылар мектептен кейін бейсенбі-жұмада осы орта қоныс арқылы жүреміз. Жолымызда жарқабақта «ударник кемпір» құдайы күлше үлестіреді. Дəмді-ақ. «Құдайыңыз қабыл болсын!» деп ыстық күлшені рахаттана ауызға саламыз. Мейірімін төгіп, біздерге риза болады. – Апа, ол кісінің аты неге солай? – деп, үйдегілерден сұрағанымызда: – Ол əжелерің кезінде екпінді колхозшы болған. Байғұстың балалары жоқ, қара басы қалды ғой қазір, – деп апам күрсініп, ар жағын таратып ешнəрсе айтпайтын. Сол кезде ел басқарған адамдардың да ел мен жерге деген ерекше ықыласы, қазіргі тілмен айтқанда шынайы сүйіспеншіліктері айрықша байқалып тұратын. Қазіргідей шаруашылық басқаруға басқа жақтың адамдары қойылмай ма, жоқ оны біз білмейміз бе, əйтеуір колхоз шаруашылығын басқаратын адам, шаруаның
ыңғайын жақсы білетін, сөзі елге өтетін осы елдің азаматтары еді. Олардың астында «Газ-69» автомашинасы болса да, шаруашылықтың ретіне қарай атпен жүретін. Бəрі қарапайым адамдармен қоян-қолтық араласып, қос басында солар ішкен асты бірге ішіп, ұзын қонышты саптама етіктерін аяқтарынан тастамай, қарапайым ғана жүрді. Ауылдың əр адамының күн-көріс тіршіліктері, хал-ахуалдары көз алдында болды. Жесір əйелдер, қарт-мүгедектер, асыраушысы жоқ адамдардың отбасына отын түсіріп беру, малдарына жем-шөп жеткізу міндеттерінде жүретін. Елді ұйымшылдықпен басқарып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарғандай бірлігін нығайтқан Мықан, Əуезхан, Əлімбай жəне Сыздықбай сынды ел ағалары ел есінде. Əсіресе, Сыздықбай аға малдың биылғы жемшөбі қай жерде шұрайлы, қай жерде шұрайсыз алдын ала атымен өзі аралап бақылап отыратын да, малшыларға кеңес беретін. Тұтас бір шабындықты бос қойып, күздік жайылымға қалдыратын. Қауырт науқан – көктем егісі кезінде бір дамыл таппайды. Кешкілік екіүш механизатордың бас қосып жүргенін көрсе, іші бірнəрсені сезе қояды. «Бір жарты ішпей, тегін бастары қосыла қалған жоқ» деп таң сəріден бірге жүргендердің үйіне келеді де: – Есаман, тұрдың ба? – деп бір үйге, – Мəкен, тұрдың ба? – деп екінші үйге келіп, терезеден айқайлайды. Оларда үн жоқ болса, келіншектерінің аттарын атап, Ал-тын-күл, Қаз-ын-а, «тұрғыз қасыңдағыны» деп айқайлайды. Өзінің Əділхан, Сейілхан деген ұлдарында да дамыл жоқ. Қазіргілердей «бастықтың баласымыз» деп ауырдың үсті, жеңілдің астымен жүрмейді. Қайда егін, қайда шөп, қайда мал қыстату қайнап тұрған жұмыстың ортасында, ұйықтамайтын, дем алмайтындардың арасында бірінші кезекте олар да жүреді. Кейінірек шөп дайындаушылардың арасында үлкен қылмыстық оқиға болған. Мұны маған апам айтып беріп еді. Пішеншілер дала қосында, түнде ұйықтап жатқанда біреу қосқа өрт қойған. Жаздың күні шілде қайнап тұрғанда түн дейтін түн де жоқ. Ауыл-
да түн қараңғысы сағат 23.00-тен кейін басталады. Ал, таң болса сағат 3.00-ден бастап қылаң береді. Сонда пішеншілер небəрі төрт сағат көз шырымын алады. Өртенген қостан біраз адам зардап шеккен. Ішінде Сыздықбай ағаның Ізімхан деген ұлы мерт болды... Жап-жас келіншегі (Керімбайдың қызы) кішкентай балаларымен жесір қалды. Міне, осы оқиға зерттелінбей, қудаланбай қалды. – Апа-ау, оларды алдымен қостың ішінде біреулер аяқ қолын байлап тастаған шығар. Əйтпесе, денесі күйіп, от тиіп жатқанда, жаны бар адамдар орындарынан тұра қашпай ма? Немесе, қостың сыртын түгел жіппен орап, бір адам шыға алмастай байлап қойған, – деймін ғой мен өзімше Агата Кристи құсап. – Қайдан білейін, балам? Əйтеуір, осы пəлекет неден болғаны ашылмапты. Сыздықбай мен Пошым ғана емес, бүкіл ауылға жеңіл болмады. Обал болды, – деп апам ұршығын иіріп отырып: «Ізімхан елпілдеп тұрған бала еді, тағдыры солай болды...» деді күрсініп. IX. Жаңа қоныс Бұрынғыдай емес, ел-жұрт «Сұлутөбе» станциясына қатынасын азайта бастады. Өйткені, ортада жаңа автожол құрылысы бітті. Сөйтіп, ауылдың батысы мен шығыс жағында жол қатынастары анағұрлым жақсарды. Шығыс жағы үлкен Ташкент, батысы Қызылордадан əрі Ақтөбе, одан соң Орал қалаларына жалғасып, үлкен жолаушылар автобустары қатынайтын болды. Автокөлік жолы ауыл мен «Сұлутөбе» станциясы аралығында, əрі ауыл жақ беткейінде болғандықтан, жұртқа автобусқа отырған тиімді еді. Автобус болмаса, жол бойынан зуылдап өтіп жатқан кез келген машиналар, баратын жақтарына ала кететіні жəне бар. Уақыт жаңаша тыныс алған кез де келіп жетті. Осыдан кейін ұзамай, ауылда көп өзгерістер басталды. Елдің қалауына қарай ма, аудан бойынша майда шаруашылықтар ірі шаруашылықтарға
біріктірілді «Ескі қоныстың» елді-мекендері «1 Май» совхозының №3 бөлімшесі болып жинақталды. Совхоздың орталығы «Сұлутөбе» станциясына көшті. Біздің ауылға жаңадан үйлер салынды. Үй салуға басқа жақтан құрылысшылар шақырылған жоқ. Қызылорда педогогикалық институтының студенттер отрядтарынан жасақталған жас құрылысшылар екі жыл жаз қатарынан өлеңдерін айтып, əндерін шырқап, домбыралары мен гитараларын тартып-ақ, (жастық екпіндері қандай десейші!) ақ шатырлы талай үйді салып тастады. «Ескі қоныстағы» елдің бұрынғы активтері (колхоз басшылары, есепші-кассирлер, дəрігерлер мен мұғалімдер, зоотехник, мал дəрігерлері, механик, инженерлері) алдында баубақшалық жерлері, малға арналған дайын қоралары бар, үлгілі түрде салынған осы жаңа үйлерге көшті. Он жылдық мектеп пайдалануға берілді. Клуб та, кеңсе де, машина жөндейтін шеберхана да түгелдей жаңадан салынды. №3 бөлімше болған ауыл бұрынғы «Ескі қоныс» кезіндегіден сан жағынан да, сапа жағынан да үлкен айырмашылыққа кезікті. Бұл кезде Балық зауыты, Қамыс зауыты, Кірпіш зауыты, кəсіптік білім беретін училище жабылды. Жұмыс күші азайды. Егіншілік қысқартылды. Жұмыс бірыңғай мал шаруашылығына көшірілді. Білім іздеп қалаға кеткен жастар ауылға қайтып оралмады. Табыс табуға қалаға көшкендер күн санап көбейді. «Қала мен дала теңесіп» келе жатқан əдемі өркениетті шақ, кілт кері бұрылып, артқа қарай шегініс жасай берді. Бертін келе ауылда мал шаруашылығы да төмендеп кетті. Өйткені бұрынғы малшылар қартайып, олардың мал бағуға шамасы жетпей, зейнетке шықты. Жаңа өскелең ұрпақтың мал бағуға ынтасы болмады. Ескі қоныс ауылы осы бір кездерде жүдеу-жадау тіршілікке ұшырады. Осы аралықта елге ұлы Тəуелсіздік те келіп жеткен. Ал, Тəуелсіздікпен бірге бұрын ешкімге таныс емес Нарық та қоса
есігін ашты. Ешнəрсеге дайын емес қарапайым ел мұны маңдайға тиген соққы деп қабылдады. Содан болар, ел есінен тана жаздады. Жаңа қоғамның талабы түрпі көрінді. Мұның «мынадай жолы бар» деп түсіндірген де ешкім жоқ. Əрқайсысы өз бетінше шара жасады. Жастар жағының бір тобы «қолымнан ешнəрсе келмейді» деген бойкүйездікке салынды. Бір тобы ұрлық пен қылмысқа ден қойды. Мұны көрген қариялар жаңа заманды қарғап, сілеп, ескіні көкседі. «Қорамызда мал бар оны өзіміз бағып, өсірейік. Атааналарымыз бұрын елде отырып, осы малмен күн көрген жоқ па еді?» деп өздерін өзі қаржыландырып, бала-шағаларын асыраған адамдар да, керісінше есігінің алдындағы құдығының суын шелекпен тартуға ерінетіндер де бар. Жоқтар «жоқпын» деп күн кешті. Барлардың ес жиып, етек жинағанын көре алмады. Əлдекім мол байлық үйіп-төгіп тастайтындай баяғыша жоғары жаққа қарай берді, қарай берді. Бірақ ол жақта ешкім төменге қол созбады. Ет жүрегі ел деп елжірейтін баяғы ескі қоныс елінің кейінгі ұрпақтарынан адамгершілік ниеттердің өздері де сиректей бастады. Арада жиырма жыл мерзім өте шықты. Ендігі ел қандай, жер қандай десейші?!. «Жаңа қоныста» баяғы студенттер отрядының құрылысшылары салған үйлердің тозығы жетті. Мал-қоралары да ырым-жырым болды. «Жəрімбет бауы» таздың шашындай сиреді, қураған түбіртіктер қалды. Өйткені халықтың тағыланып кеткені сондай, қыстың күні алысқа бармай сол баудың ағашын отынға жаратқан. Мал қораға салуға пайдаланған. Жағасы жасыл желек құрақ пен көк майса миялы шөп жауып тұратын үлкен каналдың өзінен бір кем емес жап жермен – жексен боп тегістеліп ол кеткен. Ескі мектеп жанындағы өсірілген мəуелі тұт сол кездегі түскен суреттерде ғана қалды. «Жас төлшілер» клубының мүшелері көжектер үшін тəтті сəбіз егетін жасыл алаңқай – қураған шеңгел. Осы жерде Жүнісбек ағаның бұрынғы екі бөлмелі ескі үйі. Ал үйінің алдында мəуелі қызыл жиде, алма ағаштар мен өрік,
алмұрт пен жүзім жайқалып тұратын. Сол бау-бақшадан бір түп алма ғана өлмешінің күнін көріп, бойын тіктеп тұр. Төрт жылда бір гүлдейтін көрінеді, жарықтық. Бір немесе екі ғана алма салады екен. Бұл маңайда тек ағаның үйі ғана емес барлық үйде майысқан жеміс ағаштары болатын. Құланбайдың, Əмзеқұлдың үйлерінің алдындағы майысқан жеміс ағаштары болды десем, ертек айтқандай боламын. Жүнісбек ағаның күшті биолог болғанын өз көзім көрді. Мичуринның том-том кітаптарын оқып, жеміс ағаштарын будандастырып, одан өнім алатын. Осындай өз қолымен өндірген жемісті қызықтап, мақтаныш қып көрсететін. Ағаның тапсырмасы ма, жоқ өздері ме, əжем мен Қанат (жеңгем, Жүнісбектің əйелі) қораға жан кіргізбейді. Жүзім сабағы майысып, тілден су ақтырады. Əжем басын қаратқанды жақсы көреді. Мен басын қарап, үлбіреген ақ шашты қолмен ұстауға да аяйсың, бірақ басын тырнағыммен сықсам, əже тез ұйықтап қалады. Осы кезде Зағира екеуміз қораға түсіп, жүзімдерді асығыс үзіп жеуші едік. Енді міне, бұл жер бозғылт қу топырақтың астында «дəуренім өтті, не дейсің?!.» дегендей қарайды. Отағын өзіміз отаған, масағын өзіміз терген күріштік пен бидайдың егіндік алқаптары да адам танымастай. Ну жыңғыл мен қызыл шеңгел басып кеткен. Жап-жасыл болып жататын шабындық су болмаған соң қурап, тұзды ақ сорға айналған. Сарысу өзенінен құлай ағатын терең нəн сай да жұқарып, тозып кеткен. Сырдариядан шалқытып су тартылған Бозарық каналы қандай еді?!. Мұның да жобасы қалыпты. Өйткені дария бұрынғы арнасынан көп тартылып, төмендегендіктен Бозарық каналына су көтерілмей, семіп қалған. Туған жердің тозғанын көру де ауыр екен. Жүрек өз-өзінен сыздап кетеді. Ескі қоныстағы елдің қамын жейтін бұрынғыдай басшылар көрінбейді. Жақсы адамдар да өздері жүрген жақсы уақытты өздерімен бірге ала кеткендей. «Сол кісілер қазір мына ортада болса, ел де, жер де тозбас еді» деп те ойлайсың. Ауыл сыртқа үдере көшпес еді. Қазіргі басшыларға елдің бұл жағдайы керек
емес. «Бəрі экология ғой» дегеннен танбайды. Ауылдың төмен тұрмыстық жағдайына алаңдамайды да, намыстанбайды да. Оларға бəрібір. Адамдар да сондай. Ауылдың шетінде өрт шықса, «бастықтар біреуді жіберіп сөндіретін шығар» деп отыра береді. Ол өрт өз қорасына жақын келгенде ғана жанұшырады. Оқыған, тоқыған білімділері сыртта. Мен сияқтанып, олар да сырттан жаны ашитын шығар. Əлде, ашымай ма? Кім білсін?!. «Ескі қоныстағы» елде ескі көздер қалмаған. Қазір олардың бəрі «Сұлутөбе» станциясына баратын тас жолдың бойындағы үлкен қорымда, біреуі ашық аспан астында, біреуі кірпішпен өрілген төрт құлақтың ішінде, ал енді бірі биік айшықты күмбездің ішінде жатыр. Бұл бейітті аралай қалсаң, бала күнгі бүкіл өмір көз алдыңа келеді. Мен əңгімемнің басында айтқан адамдардың бəрі осы жерде, топырақ астында жатыр. Ауылда қазіргі отырғандар осы бейітте жатқандардың ұрпақтары. Олар бұрынғыларын танымайды. Ауылдың салт-дəстүрі де өзгеріп кеткен. Сырттан келген адамға селт етпейді. «Мал сатып алайын деп жүр ме?», «Əлде жер сатып алайын деп жүр ме?» «Бұлар кім?» деп қарайды.» Осы ауылға қатысы бар кім екен?» деп білгісі де келмейді. Бұрындары ауылдағы үйлердің есіктері ашық, ал бала-шағалары, өздері есік алдында тіршіліктерін жасап жүруші еді. Қазір ауылдағылар да көк жəшіктің алдын бермей, күндіз-түні кəрістер мен түріктердің сериалдарын көріп, далаға шыға қоймайтын болған. Есік қағып келген адамға жат көзбен «Мынау рэкет емес пе?» дегендей, сұқтана қарайды. – Пəленше қайда? Түгеншенің үйі ше? – деп сұрайсың кездескендерден. – Ə, олар қаш-шан ауылдан көшіп кеткен. Қызылордадағы күріш зауытының қасында КБИ-ға (комбинат бетонных изделий), біздің ауылдың адамдарының бəрі көшті ғой. «Ескі қоныстың» елін сол жерден табасың.» Бəрі сол зауытта жұмыс істеп, күріш ұрлап байып, үй салып алды.» – деп аттарын атап, түстерін түстеп, тізіммен тізбелеп, жағымсыздау ақпараттарды алдыңа жайып салады.
Мен білетін «Жаңа қонысқа» – 50 жыл. «Елу жылда – ел жаңа» демейтін бе еді? Жаңасын байқау қиын. Қазіргі ауыл деңгейі елу жыл бұрын, біздің бала кезімізден де əлдеқайда төмендеп кеткен. Əңгіменің бас жағында айтылған біздің əке-шешелеріміз құсап ешкім бақша екпейді. Мал ұстап, оны бағып тағы күтпейді. Шаруаларын күйттемейді. Қазіргілер еріншек. Етті де, шайларына құятын сүтті де қалаға барып сауда дүкендерінен сатып алады. Осыған көңіл құлазиды, бірақ амал жоқ. Өз кіндік тамған жерің, өз елің. ...«Ескі қонысқа» қарай тартып келемін. Шешем марқұм шаңырағынан шыққан Мəкен ағамның үйі тарс жабық. Айтпақшы, есігі ашық, бірақ үй-ішінде тірі жан жоқ. Алтынкүл жеңгемнің қоқырсыған дүние-мүліктері өз орнында. Үйдің көлеңкесінде еш жерде жұмыс істемейтін ағаның ұлы шашы қобырап қалың ұйқыда. Бар болғырлар осы. Ағам тірі кезінде мен келемін дегеннен шешем екеуі қара жолдағы будақтаған шаңнан көз алмай күтетін. Өздері ғана күтіп қоймай, көршікөлем түгел құлақтанып, олар да есіктерінің алдынан біз келетін жолды аңдитын еді. Нағашым Əлімбайдың үйіне келем. Тірі пенде жоқ. Түсінікті болды. Алтынкүл мен Гүлбазар қыдырып, тағы бір жерге кеткен. Ауылда бір үй бір үймен жұмысы жоқ. Бұрындары ауыл шетіне машина келмек түгілі, аттылы адам келсе, немесе жаяу адамның төбесі көрінсе, үлкені-кішісі түгел алдынан шығып, ақжарқын амандасар еді. Бетімді енді жаңа мектеп жанындағы Жүнісбек ағаның үйіне қарай бұрам. «Апырым-ай, бұл үйге келем деп ескертпеп едім. Үйінде болса жарар еді-ау?!.» деген күдік мазалайды. Қасымда серіктес болып шыққан жолдастарымнан да ұялып барамын. Қайтыс боларының алдында, ағам Жүнісбек бір қолы жоқ болса да, шешендерді жалдап кең сарайдай үй салып, есігінің алдына құдық қаздырып, жеміс ағаштарынның көшеттерін отырғызып еді. Соның қызығын көре алмай, 49 жасында соқырішектің отасынан қайтыс болғанды. Сол қара шаңырақ бітуге жақындағанда
мен студент едім, ағамен екеуміз бұрын болмаған ерекше жақындықпен сөйлесіп едік. – Мамандығың қиын ғой? – деген аға. – Бітірген соң басқа жаққа жіберіп қоймай ма? – Оны білмедім. Көремін ғой. Шелекте де бір жыл істедім. Үйрендім. Екеуміз сүрлеу жолмен ағаның ескі қыстауына жаяу келе жатырмыз. Жеңіс ол кезде Алматыда оқуда. – Бір-бірлеріңе демеу болып, бір қалада оқып жатқандарың дұрыс болды. Сұлтамұраттың қызына ол да ерте үйленіп, оқуы бар, баласы бар оған да қиындау соғып жүр ме деп кейде ойлаймын... Жүнісбек ағаның шын бауыр тартып бұлай сөйлескеніне мен іштей қуанып, тіпті көзіме жас алып қалдым. Келер жылы аға осы жаңа үйді бітіріп, енді көшіп кіргелі отырғанда арамыздан кетті. Бұл шаңырақта бауырым Қамаш пен келін Күлшəй өсіп-өніп отыр. Екеуі де мектепте ұстаздық етеді. Ұл өсірді, қыз өсірді. Ағаның 49 жасында дүниеден ерте өтуі, техникумды қызыл дипломмен бітіріп, одан əрі оқиын деп тұрған осы інімнің жолын еріксіз кесті. Шиеттей балалармен (оның бəрі кішкентай қыздар) қалған ауру жеңгем де ұзақ өмір сүрмеді. Осы үйдегі шаңырақтың үлкені Рысбек, əуелден қалада, үйлі-жайлы. Мына шаңыраққа енді кім ие болмақ? Басқа ағайындардан қайран жоқ. Үйелмелісүйелмелі төрт қыз көздері жаудырап, олар тұр. Барлық салмақ өзіне түскен Қамаш амалсыздан жастай үйленді. Қыздарға пана болды. Шаңырақты құлатпай сақтады. Қамашқа жар болған көршісіндегі баяғы Сапа ағайдың қызы осы үйдің бағына келді. Бар қиындықты ініммен бірге көрді. Сондықтан, бұл үйден түтін де түзу шықты. Əкесінен бір, анасынан екі рет жетім қалған қарындастарын оқытты, тұрмысқа берді. Сөйтіп, Қамаш ағалық, бауырлық міндетін адал атқарды. Туған елді, туған жерді сүю, шаңырақтың түтінін өшірмеу жайлы анықтама болса, оны Қамаш пен Күлшəй ғана бере алар
еді. Кейде мен үшін бүкіл ауыл жалғыз осы інім сияқты. Кейде інім бүкіл ауылдың нағыз өзі сияқты көрінеді. Бұл дəлелді. Машина дүрілінен болды ма екен, Қамаш пен келін балашағасымен үйден шықты. Мен Алматыдан оқудан келгенде, алдымен жолай Жүнісбек ағаның үйіне соғам. Сонда үнемі қора жақта бірнəрсені күйбеңдеп істеп, жалғыз қолының жеңі желбіреп Жүнісбек аға жүреді. Менің төбем көрінісімен есік алдында күлімсіреп қарсы алушы еді. Інім де ағадан аумай қалған. Жүзі күн сəулесіне тотыққан. Күлімсіреп құшағын жая ұмтылғанда менің жабырқаған, жүдеу көңілім шайдай ашылып сала береді. «Ауылға сағынып келгенде, алдыңнан қуанып шығар інің, не ағаң болғаны қандай жақсы!» – деймін ішімнен күбірлей жəне оған мен де кішкентай құшағымды жаза. Інімнің маған жайған құшағы өзім туып өскен, жалаң аяқ жүгіріп, борпылдақ топырағын басқан, əбден сағынған «Ескі қоныс елінің» кең құшағындай болып, екі көзім жасаурап сала береді. – Ауылдың бəрі көшіп кетті ғой, КБИ-ге, – деген бағанағы сөзді енді түзетіп: – Көшпепті ауыл. Осында ғой, бəрі. Ескі қоныс орнында, – деймін ініммен бірге үйге бас сұғып жатып. ***
ƏҢГІМЕЛЕР Қараңғы үйдің жарығы Бұл үй тып-тыныш. Еш адам қатты сөйлемейді. Қатты күлмейді, мүлде күлімсіремейді де. Бұл түгілі қатты жөтеліп, немесе қатты түшкірмейді. «Мал иесіне тартады» деген. Бұл үйдің қорасындағы малдар да сондай. Сиырлар мөңіремейді. Қой деген жарықтық, бұрыннан мылқау түлік қой, маңырамайды. Есек болса ақырар ма еді, ол бұл үйде бұрын болмаған. Қазір де жоқ. Əтеші шақырмайды. Тауық екеш тауық та қыт-қыттамайды. Басқа үйлердің таң сəріден бастап əтештерінде дамыл жоқ. Ал, осы үйдегі əтеш, маңайындағы шақырған əтештерге жыны келеді-ау, сірə. Солардың даусы шыққанда, қос қанатын қомдап, торсықтай қызыл айдарын бір сілкіп қалады да үн шығармайды. Осыларға қарап, мал десек те, кейде адамнан гөрі, қолдан жем-шөп жеген мал да иесінің жүрегіндегісін сезе ме деп ойлайсың. Тыныштықта мүлгіп тұрған бұл алты бөлмелі ақ шатырлы еңселі үй кеңшардың ең сəулетті үйіне саналады. Қақпалары өрнектеліп, ағаштан жасалған. Есік алдында сəкі. Оны жазда жүзім жапырақтары қоршап, көлеңке түсіріп тұрады. Үйдің сол жақ бүйірінде қос машина сиятын гаражы бар. Оң жақ бүйіріне жақын, аузы қақпақпен ашылып-жабылатын шегенді терең құдық. Артқы жақта мəуелері майысқан қызыл жиде, басқа да неше түрлі жеміс ағаштары. Үйдің иесі кеңшардың бас есепшісі Болысбайұлы Əсембек. Əсембектің бірінің соңынан бірі ерген алты қызы бар. Ер бала көрмеді. Сол алты қыздың екеуі Алматыда, екеуі Түркияда, екеуі Кореяда оқыды. Ең үлкен қызының қызметі жақсы. Аудандық салық комитетінде істейді. Сол жақта Алматының маңайындағы ауданда қызметте. Қалған төрт қызының бақтары өздері оқыған жақтан түрік пен кəріс жұртынан табылды. Қыздарының бəрі бірімен-бірі келісіп қойғандай, басқа ұлтқа тұрмысқа шыққандарына ерлі-зайыпты екеуі риза да болған жоқ. Бірақ, ағайындары арасында күңкіл-шіңкіл əңгімеге де мəн
бермеді. Барлығын өздері жүрегімен көтеріп, іштерінен тынды да жүрді. Əсембектің үлкен қызы Айғанша күйеуімен екеуі Америкаға іс-сапарға баратын болып, 3-4 жасар ұлын бір жазда əке-шешесіне қарай тұруға əкелген. Томпаңдаған сүйкімді сары ұл ешкімді жатсынбай, көршілердің бəрінің көзайымына айналды. Келгеніне үш күн болған жоқ, тағдыр деген қандай, ойнап жүріп қас пен көздің арасында есік алдындағы беті ашық қалған құдыққа түсіп кетіп, жас сəби шейт болды. Бұл оқыс оқиға сол кеңшардағы жұрттың бəріне əжептеуір қайғы əкелді. Шетел асқан əке-шешелеріне не деп хабар берерін білмей састы. Əсембектің бір мезгілде шашы аппақ қудай болып шыға келді. Ал ешкімді көзіне ілгісі келмей, кербезденіп жүретін оның əйелі Маусым талып қалып, ауруханадан бір-ақ шықты. Баланың əкешешесі екі күннен кейін ұшып келді де, ұлдарының өлі денесін Алматыға алып кетті. Міне, осы оқиғадан кейін бұл үй осылай тыныш. Мылқау. Қараңғы. Тіршілік белгісі жоқ сияқты кейде. Ағайын-туыстың, көрші-көлемнің келіп жұбатуларын ерлі-зайыпты екеуі бірдей қаламады. Мұны сезген соң үйге адам аяғы сиреді. Бірақ үлкен дарбаза іштен бұрынғыдай бекітілмей, шалқасынан қайта ашық тұратын болды. Сол құдықтың суының дəмі басқа құдықтардан ерекше дəмді болған соң, көрші-көлемдері ауыз суларын содан ішетін. Əсембек немересінің өлі денесін құдық ішінен алып шыққаннан кейін тап ертеңіне бір үлкен машинаға қиыршық тас тиеп əкелді де, құдықтың жартысынан астамын толтырды. Жартысын топырақпен көмді де тастады. Кейбіреулер мұны «дұрыс» деді, ал кейбірі «дұрыс емес» деді. Бір жылдан соң Əсембек құдық жабылған топыраққа қаладан көкпеңбек бір шыршаның көшетін отырғызды. Шыршаның да, қараған адамға, жаны бар сияқты. Көзді еріксіз тартады. Көкпеңбек. Өте əдемі. Дарбазасы ашық болған соң, үй алдынан өткен-кеткендер енді соған қарамай өтпейді.
Қай кезде болса да, Əсембек темекісінің көк түтінін будақтатып, əйелі екеуі есіктерінің алдына шығып, шыршадан көздерін алмай, тапжылмай отырады. Бұл үйге қайтып басқа қыздары да немерелерін алып келмеді, бұрынғыша жиі қатынамады. Бұлар да оларға қыдырып шыға қоймады. Бар тірлік бір қораның ішінде, көк шырша қасында ғана өтті. Құдыққа құлап бара жатқандағы немересінің құлындай шырқыраған даусы құлағынан кетпей, Əсембек ұйықтай да алмайтын. Үнемі дəрі ішетін. Ал, əйелі Маусым болса, қан қысымы жоғарылап, оның да жүрегі сыр берді. «Жедел жəрдем» машинасы жиі келіп, дəрігерлер кейде оларды алып та кетіп жүрді. Қорадағы малды күтіп, оған қарайтын ауылдан біреуді жалдады. Осы бір тағдыр тауқыметін көтерген екеуі кең сарайдай үйдің жарығын да жақпай, ерте жатып қалатын. Түн ортасында екеуі қайта тұратын. Осындай күннің бірінде, таң алдында, Əсембек іңгəлаған нəресте даусын естіп, орнынан атып тұрады. Денесі тоңазып сала берді. Іңгəлаған сəби үні тұншыға, талмаусырап жететіндей ме? Қасындағы Маусым да ұшып түрекелді. Екеуі сыртқа шықса, көк шырша қасында ап-пақ болып бір ораулы жергөк жатыр. Сəбидің дауысы осы орамның ішінде... Ентелей, екеуі қатар қол созып, орамды үйге алып кіреді. Сасқалақтап жергөктегі нəрестені ашқанда, о тоба, қап-қара негр нəсілді, шақалақ нəресте. Ер бала... Басына оралған жұмсақ жаялықты шешкенде бұп-бұйра мөлідей қара шашы көрінді. Танауы пысылдап, жып-жылы болып жатыр. Маусым оралған жергөктің бүктеуін одан əрі ұқыппен шешіп, əлдене іздестірді. Міне, тілімдей бір қағаз. Орыс тілінде маржандай əріппен, өте асықпай, ойланып жазылған. «Бұл нəрестенің ерекше түсіне қарамаңыздар. Осы үйге бақыт əкеледі. Жетімдер үйіне тапсырмай, өздеріңізге бала етіңіздер. Өтінем, мені сөкпеңіздер...» Күні, айы жылы қойылған. Осы кезде нəресте «оқып болдыңдар ма, енді маған қараңдар» дегендей шырылдай бастады.
– Үйбай-ау, қайттік? Мына балаға не береміз? Ашыққан шығар? Не істедік? Кімге хабарлаймыз? – деп ерлі-зайыпты шынымен сасқалақтады. – Жас емізулі баласы бар кім бар еді, бұл ауылда? – Əлде, балалар ауруханасына алып барамыз ба? – Тыныш, бұл қазақ емес, орыс болса да, бір сəрі. Түсті бала ғой, қайдан келді, бұл жерге? – Ол кейін зерттелер. Отыр машинаға, милицияға барайық, – деді Əсембек. – Жо-жоқ. Бұл баланы бізге əдейі білетін біреу əкелді. Қағаздағы жазуды қайта оқы. «Осы үйге бақыт əкеледі» дейді. Біз сыртымыздан білетін біреу бар ғой. Барсақ, баланы қайырып бермей қояды. Тезірек емізу керек! Сүт керек – деп Маусым жылаған нəрестені бауырына қысты. Ораулы бала ылғалданды. Маусым оны құрғатуға шүберек іздеді. Содан соң есіне түсті. Соңғы кезде қатыспай жүрген, өзі жек көретін немере інісінің əйелі жақында босанып еді. Мүмкін бір рет емізіп берер. Аржағын тағы ойластырады. – Кеттік, Сəуленің үйіне. Машинаны дайында! – болды Маусымның дегбірсізденген үні. Көп ұзамай бұлар машинамен айтқан үйдің алдына тоқтады. – Ойбай, мына бала қап-қара, негр ғой. Қойшы, апай, денем тартпайды. Емізе алмаймын, – деді келіні ықылас бермей. Құдайау, біздің елде мұндай нəсіл жоқ. Көктен түсті ме өзі? – Қарағым-ау, бұл нəресте енді аштан өле ме, емшектің сүтін бір сорсын тым болмаса, – деп Əсембек те араласты бұл іске. Сөйткенше болған жоқ, ар жағынан күйеуі оянды. Оған Маусым мен Əсембек бүгінгі жағдайды айтты. Сол-ақ екен ол: – Əй, əкеңнің... өлесің бе, бір сорғыз. О, несі-ей, резеңке-дей емшегіңді бəлсініп, – деп дауысын көтере бастады. Əйелі жас нəрестеге төсін тақай беріп еді, анау енесіне ұмтылған қозыдай, сүт иісі шыққан омырауды сора бастады... Əсембектің беделі жоғары бола тұра, түсті нəрестені өздеріне бала етіп асырап алу құқын бірден ала алмады. Бұл нəресте
«Мемлекетаралық шиеленіс тудыруы мүмкін», «Халықаралық жағдайды ушықтырса ше?» т.б. көптеген сылтаулар табылып, мəселе ауданға, қауіпсіздік комитетіне дейін жетті. – Нəрестенің орауында табылған хат бізге арналған. Жəне сəби біздің үйдің алдында қалдырылған. Сондықтан біз өз атымызға жаздыруға құқылы емеспіз бе? – деген Əсембекке: – Хатта сіздердің аты-жөндеріңіз нақты көрсетілмеген, – деген уəж айтылды. Ақыры не керек, нəресте тастанды бала есебінде мемлекет есебіндегі балалар үйіне өткізіліп, тіркелетін болды. Содан соң заңнамалық тəртіп бойынша Əсембек пен Маусым балалар үйіне өтініш жасайды. Ол бір ай қаралудан өткеннен кейін, Əсембек пен Маусымға асырап алуға жəне өздерінің аттарына жаздыруға құқық беріледі. Нəрестеге Əсембек көп ойланып, Аманат деп ат қойды. Əйтеуір, біздің үйге əкелген адам аманат етті ғой. Осы есімі дұрыс деп шешті. Сөйтіп, түсті нəрестеге əкесінің аты Əсембек, туған анасы Маусым деп құжат берілді. Əсембек осы сəби үшін қораға сауылатын үш ешкі байлады. Маусым сəбиді ешкінің сүтімен, жаңа сауылған сүттің қаймағымен, бидай мен жүгерінің қолдан жасалған талқанымен, қозының балбырап піскен етін ет тартқыштан өткізіп беріп, жас сорпасымен тамақтандырды. Елдің адамдары «Бұл баланың анасы кім екен?», «Неге бұл бала басқа үйге емес, Əсембектің үйіне берілді?», «Демек, бұл нəрестені осы ауылдың басқа қалада оқып жатқан қыздары ана түсі қара нəсілден туып, осы үйге əкеліп отыр», «Кімнің қызы Түркияда, кімнің қызы Мəскеуде оқып жатыр?», «Ана пəленшенің қызы шығар?», «Оныкі болуы мүмкін емес», «Мүмкін ана қыз шығар?» деген сан түрлі сұрақтың астында қалды. Жұрт қалай ойласа, солай ойласын, Əсембектің үйіне осы нəрестемен бірге өзгеше шуақ пен ерекше жарық келді. Ерлізайыпты екеуі ауыруға уақыттары да болмады. Кішкене түсті нəрестенің күтімі барлығын ұмыттырды. Оны сəскеде күн көзіне шығарады. Əдемі арбамен есік алдына қыдыртады. Дəрігерге
уақытысында көрсетіп, денсаулығын тексертеді. Сөйтіп жүргенде сəби қаз басып, бір жасқа да келді. Жас сəбидің бір жасқа толуына орай, Əсембек көптен бері қатыспай кеткен ағайындарының басын қосып, үлкен той жасады. «Қараңғы үйдің жарығы, аппағым менің, аппағым» деп Маусым бала үшін жанын сала жүгіріп, қуанышын бөлісуге жиналған туыс-ағайындарына сый-сияпатын үлестіріп мəз. Баяғы паңдық, өзін өзгеден жоғары қояр тəкаппарлықтан Маусым күрт өзгеріп сала берді. Айналасына елпіл қаққан мінезіне ағайындары да, көршілері де таң қалады. Таң қалады да: – Құдай берді ғой, екеуіне, бұл баланы. Алла-ай, əйтпесе, екеуі үйлерінде өліп қалар ма еді?!. – деп риза болады. Маусым сəбиді бірде «аппағым», бірде «қараңғы үйдің жарығы» дейді. Қалай атаса да, сəби құшағын ала жүгіреді. Сүйкімді. Əсембек те дамыл таппайды. – Əне қарашы, сиыр мөңіреді, мө-мө... Қойға барайықшы, баа ба-а, дейді. Əтешке қара, кука-ре-ку. Бұл қорадағы мылқау болып қалған малдардың да үні шыға бастады. Мөңірейді, маңырайды. Кішентай Аманат айналаның бəрін жарыққа бөледі. Бірақ ерлі-зайыптылардың көңіл түкпірінде жатқан үлкен күдік кетпей қойды. Есік алдына бір күні машинамен бір қыз ба, келіншек пе келіп: – «Кешіріңіздер. Сіздерге баламды тастап кетіп едім... Қазір қатты өкінемін. Өзіме қайтып беріңіздерші», деп – ағыл-тегіл жылап тұрса, біз қайтеміз? Бұл – бірінші күдік. Екінші, бала ертең мектепке барғанда ауыл балалары «сен негрсің, қап-қарасың» деп мазақтаса немесе «сені асырап алған» деп оны өкпелетсе не болады? Ақыры осы күдік ерлі-зайыптыны бір шешімге бекітті. Келесі жылы Əсембек пен Маусым еш қиналмастан алты бөлмелі үйін, қора-жайы мен бау-бақшасын, малын сатты да өздері туып-өскен, кіндік қаны тамған ауылдан Қарағанды қаласына көшті де кетті.
– Бір тастанды бала үшін елден тысқары кетті.. – Ол баланы өсіргенде, одан қайырым таба ма екен?.. – Апырай, алты қызынан артық болып көрінде ме, сол негрдің баласы? – деп, туған ағайындары тағы да оларды кінəлай бастады. Кінəлай берсін. Жиырма бес жыл өткеннен кейін олар басқаша сөйлерін білмеді. ...«Əсембектің баласы Аманат біздің облысқа мұнай шығаратын зауыттың бас инженері болып қызметке келіпті дейді» деген хабар ауылға бірден жетті. – Апыр-ай, ə, баяғы қараңғы үйдің жарығы ма? – Ия, сол. Маусымның аппағы. – И, құдай берген екен де... – Əсембектер ауылдан сол бала үшін кетіп қалып еді... Енді туған ауылына бір соғатын шығар. – Соқса бар ғой. Баяғы сатып кеткен үйінің алдындағы көк шыршаның қазір қандай боп өскенін көрер еді. Жайқалып тұр ғой, шіркін! – Ол құдыққа құлап өлген немересінің көзі.. Жұрт осылай бір дуылдасты. Екінші рет: – Əсембектің баласы теледидардан сөз сөйлепті. «Ауылға газ құбырын тартамыз. Енді көгілдір отын əр үйде болады» деген көрінеді. Түрі таза қара нəсілдіге ұқсамайды, арабтарға келе ме? Көрікті жігіт екен. Бірақ қазақ тілінде көсіліп тұрған жоқ. – дейді. Артынша: – Əсембек пен Маусым баласын ауылға таныстыруға келеміз депті. Ел-жұрт болып лайықты қарсы алайық,– десті ағайындары басы қосылып, бір-біріне, – Əрқайсысымыз кезектесіп мал сойып, қонақасы берейік. – Баяғыда мен емізіп едім, сол баланы. Апамыз айтты ма екен? – деп қалды Маусымның немере інісінің келіні, – Менің Қуатыммен жасты ғой қараңғы үйдің жарығы. Осы кеңшарда Əсембектің ағайындары өстіп сапырылысып жатқанда ауылда бұрын мұғалім болған, қазір зейнеттегі Гүлбарша Астанадағы қызы Марусямен сөйлесіп жатты.
– Қызым, ауылда жаңалық болғалы жатыр. Аманат ауылға əке-шешесімен келеді деп ағайындары дайындық үстінде. Көргің келмей ме, балаңды... – Жоқ, мама, мен бара алмаймын. Мен мұндағы жұмысты тастап шыға алмаймын, – деді аржағындағы дауыс. Содан соң тағы да нығарлап: – Мам! Қызықсыз! Ал, мен көрдім дейін. Ал не көргеннен? Признаваться надо, что я биологическая мать. Мен айттым ғой сізге, вообще не надо оларға жақындай беруге деп. Сөз осымен аяқталды. – Сорлы, не қасыңда күйеуің жоқ. Не бауырыңда басқа балаң жоқ. Қаққан қазықтай қақиып қызмет-қызмет деп келесің, əй қызым-ай, қайтейін? – деп күбірледі шешесі өзіне өзі. Содан соң əрмен қарай, «Керек емес, осыны ойламайыншы» деп санайтын баяғы құпия оқиғалардың ішіне сүңгіді. ...Гүлбаршаның күйеуі Отан соғысына қатысқан. Екеуінің жас айырмашылығы жиырма жасқа жуық. Есейіп, əбден өмірдің ащытұщысын көрген ері Пернебек осы қыз дүниеге келгенде жаны қалмай қуанып, тым асыра еркелетті. Есімін Маруся деп (соғыста барлық жауынгерлер медициналық көмек көрсете жүріп, мерт болған медбикенің құрметіне елге аман-есен оралсақ, үйленіп, əйеліміз қыз баланы өмірге əкелсе, есімін Маруся қоямыз деп бір-біріне серт берген екен) орысша қойды. Тіпті бұдан кейін дүниеге келген Арыстан атты ұлын дəл қызындай еркелетпеді. Кеңес Одағы кезінде ауылда орыс мектебі ғана болатын. Қызы мектепте орыс тіліне де, ағылшын тіліне де жетік, əрі үздік оқып, алғырлығын көрсетті. Білімділігі, еті тірілігі арқасында Мəскеудегі беделді университетке де қиналмай түсті. Əкесі қызы оқуға түскеннен кейін бір жылға толмай дүние салды. Дүние салғаны да мүмкін оңды болған шығар?!. Қызының кейінгі тағдырын білмей кетті. – Мама, – деді қызы əкесінің намазына келіп отырып, – Менің аяғым ауыр. Сен бірақ «Кім оның əкесі?» деп сұрамайсың. Мен... мен... оқудан қалғым келмейді...
– Ойбай, қызым-ау, баланың əкесіне тұрмысқа шығып қойып па едің? – Жоқ! Тұрмысқа шығу болмайды. Просто мен баланы түсік тастатудан кеш қалдым. Енді босану керек. – Қызым-ай... қызым-ай, ел-жұртқа не дейміз? – Мам, білмеймін мен. Осылай болды. Жаным жаралы маған басқа сөз айтпашы, – деді де қызы бетін орамалмен басып өкіріп қоя берсін... Ерке əрі өжет қызының туғалы бері сағы сынып, көзінен жас шыққан, бейшара халге түскені Гүлбаршаға күйеуінің қазасынан да жаман жанына батты. – Сорлы-ай, сорлы-ай, қалай ғана от бастың? Ақылды едің, есті-ақ едің.., – дей берді шеріне шер қосып. Өзі қаралы болып отырған Гүлбаршаға бұл оңай соққы болған жоқ. Аузы буылып одан сайын өксігін ішіне тарта берді. – Мам, – деді қызы кетерінде, – Жұрттың не айтарында менің шаруам жоқ. Үш-ақ күнге келемін. Менің мақсатым еш дабырасыз үйде босану. Баланы Сізге қалдырамын. Емтихан басталады. Одан қалсам оқудан шығып қалам. Өзге варианттарды ойластырып жүрмін... Мұны тісіңнен шығарма. Гүлбарша қызының бəрін қолмен қойғандай кесіп-пішкеніне бір жағы таң қалды. Барлық нəрсе тура дəлме-дəл жүріп тұратын сағат сияқты. Тұңғыш тұмсаны үйде босану жеңіл емес. Дəрігердің көмегенсіз қалай босанбақ? «Мəскеуге барып, мына қыз бұзылыпты» дейтін болды енді... Ал, солай-ақ болсын. Бəрібір ел көреді, білмей ме? Міне, осындай сан-түрлі оймен жүргенде қызының келуге тиісті уақыты да жақындады. Күнде ұйқысы бұзылып, таңертең ерте тұратынды шығарды. Əйтеуір тұрып алып күйбеңдей береді. Мектепке барып 3-4 сағат сабағын беріп келеді де «Мына жағдайдың соңы не болар екен?» деп ойға беріледі. Өстіп таң алакеуімде бұзаулайтын сиырын байқамаққа орнынан тұра бергені сол еді, терезе жақтан көлбеңдеп қызының сұлбасы көрінді. Гүлбарша апыл-тапыл есікке жүгірді. Алдында өң-түссіз қызы тұр. Қылмыс жасағандай абыржулы...
– Мам, Мəскеуден шыға поездың үстінде босанып қалдым ғой. Сонда жолаушылар арасында дəрігер болып, көмектесті. Мүмкін құдай маған қарасқан шығар? Содан Тараздан түсіп, такси жалдап келдім. – Құдай-ау, бала қайда? – Мам... білмеймін сіз қалай ойлайсыз... Мен оны Əсембектің үйінің қасына қалдырдым... Осынымды жəне өзім ойланып дұрыс деп таптым. Олар асырайды... Немересі өліп қалған жоқ па еді? Соның орнына, бұл да ұл бала... – Айпыр-ай, ұл бала дейсің бе? Қызым-ау, далаға қалай тастадың? Шарана мерт болса, қайтесің? Кісіге қалай қидың? Апыр-ай, нəрестеге обал болды ғой.. осылай шешесі енді абыржаған үстіне абыржысын. – Мам, болар іс болды. Енді бір ауыз бірнəрсе дей көрме маған, – деп қызы иығы бүріскен қалпы ішкі бөлмеге қарай кетті. Гүлбарша енді қызына жаны аши бастады. «Босана сала екі аяқпен тік жүріп, ауырып қалмас па екен өзі? Ерні-ерніне тимей дірілдеп те тұр ғой. Байғұс-ай, əбіржіді-ау өзі» деді іштей. – Енді ыстық шəй-пəй іш. Көрпеге оран, – деп Гүлбарша қызына төсек сала бастады. – Төсіңді байқа. Емізе алдың ба, ана балаңды. – Поездың үстінде бірнеше рет емді... Мам, денем дірілдеп барады. Шамасы, ыстығым көтерілді. Дəрі болса ішейін. Мені əзірге ешкім көрген жоқ. Түнде қайыра кетем.Облыстан ұшаққа отырам. Қазір Сіз Əсембектің үй жағына барып барлау жасай салыңыз. Шешесі солай жасады да. «Бір негір нəрестені Əсембектің үйі алдына тастап кетіпті, оны емізуге Маусым таң атпай Сəуле келініне əкеліпті»... – деп жолай бір əйел жаңалық айтты. «Негр» дегенді естігенде, Гүлбарша одан сайын шошып кетті. Бірақ, білдірмеуге тырысты. Үйге келген соң қызына «түсті» нəресте қалай болды» – деп сұрауға батылы жетпеді. Таң қараңғысында келген қыз түн қараңғысында қайыра аттанып кеткенді. Міне, қанша жыл содан бері қызы сыртта жүр. Оқуын бітірді. Үлкен қалада үлкен дəрежелі жұмыста. Отбасының бақытынан
басқа қызында бəрі бар. Үй де, қызмет те, қошамет пен құрмет те. Жалғыз інісі Арыстанды да аяғынан тік тұрғызды. Қазір үйлі-жайлы. Өзі оқып бітірген мектепте білдей директор. Əке шаңырағында отыр. Басқа ағайындарға да көмегін аяп жатқан жоқ. Болған оқиғаны қызымен екеуінен басқа тірі пенде əлі күнге дейін білген жоқ. Марусядан сезіктенбеді де. «Маусым мен Əсембек сол баланың бір жасқа толғанын тойлады» дегенін естіген кезде де, араласпаған отбасы болған соң барып, құтты болсын айтып шығудың ретін таппады. Енді міне, тағы бір көруге мүмкіндік туғалы тұрғандай. Қалай барады? Не деп барады? Оның да жолын білмейді. Əсембектің баяғы үйі сатылды. Қай ағайынының үйіне түспекші?.. Гүлбарша жасы жетпіске тақаған соң ба, өзі көрмеген, бірақ қызының ішінен шыққан сол баланы көруге аңсарлы. «Қой, орталықтағы дүкенге соғайын. Онда жұрт бір-бірімен кездессе, естіген жаңалықтарын айтады. Бір хабарын білермін» – деп, үстіне жақсы киімін киіп жинала бастаған. Есіктен ұлы Арыстан тоқтатты. Өзі де салтанатты жиналысқа баратын киімін киіп алыпты. – Мама, қайда шықтыңыз? Баратын жерге апарып тастайын... – Менікі жəй əншейін. Дүкен жаққа соғып, бір керек-жарақты қарап шықсам ба деп едім... – Бүгін кеңсеге сағат 11-де халық жиналып жатыр. Аманат Əсембек деген «ап-пақ» адам келеді. Осы ауылға газ құбырын тартқызған... Ауылдың барлық ақсақалдарымен кездеспекші. «Облыстық мəслихатқа депутаттыққа кандидат болып түседі» дегенді газеттерден оқығанмын. Суретін де көрдім. Қазаққа ұқсамайды, – Гүлбарша баласына не дерін білмей аңтарылып қалды. Өзіне «Сабыр!» деп бұйрық берді. – Е, Арыстанжан-ай, ол қараңғы үйдің жарығы ғой баяғы. Əсембектерге құдайдың өзі əкеліп берген бала. Сен онда жетіншіде ме, сегізіншіде ме оқитынсың...
– Мама, біз бала болсақ та білеміз. Ауылда балалар бір-біріне айтып жүрді. «Негр бала екен. Біреу Əсембектің үйінің алдындағы шырша түбіне қойып кетіпті» деп. Біз балалар Əсембектің ауласына талай рет барып, қорасынан ылғи жасырын қарап, негр баланы көруге қызығатын едін. Бірақ, бірде-бір рет көре алмадық. Көшіп кетті ғой олар... Енді, ол міне, сол бала елге қамқор азамат... Мектептің барлық мұғалімдері түгел кездесуге барады. Мен кездесу рəсімінің сценарийі бойынша шығып, сөз сөйлеп, ауылға газ құбырының тартылып жатқанына рахметімді айтамын. Оқушы балалар гүл шоқтарын тапсырады. – Апар, мені сол жерге, балам, – болды Гүлбаршаның асығып айтқаны, – Мүмкін болса ең алдыңғы орынға отырайын. Ауылдық кеңсенің алды толған халық. Көпшілік жұрт Əсембек пен Маусымға сəлем беріп жатыр. Əсембек те, Маусым да үлкейгенімен түрлеріне қарасаң, қарттықтары сезілмейді. Маусым тығыршықтай болып, қайта ажарланып кеткендей. Қасында екі жасар топ-томпақ бір немересі бар. Тым қою қара емес, шым қоңырға келеді. Ал, көздері ботаның көзіндей үлкен, əрі қапқара. – Мына аппағымның тұңғышы, немереміз, – деп таныс-тырып жатыр Маусым айналасындағыларға. Сол топқа машинадан түсіп Гүлбарша да жақындады. Бірақ Əсембек пен Маусымның қасына келе қоймады. Екі көзі кішкентай қара домалақ балада болды. Қарадан қарап, саусағы дірілдеп кетті. Ауылдағы орта мектеп директорының шешесі Гүлбаршаға да құрметпен қарап, сəлемдесіп жатқандар көп. Соларға қарамастан «Тоба, тоба, бұған да тоба!» деп кішкентай томпаңдаған баладан көзін алмастан, аяғын алға баса берді. Осы кезде тағы бір машина тоқтап, жұрт жапырлай соған қарай бет бұрды. Машинадан кеңшардың директоры, аудан əкімі жəне ұзын бойлы, қою мұртты, көз жанары мейірімді, бұйра шашы қап-қара, сұрғұлт костюм-шалбарына аппақ жағалы қатырмалы көйлегі мен алқызыл галстугі жарасқан тұлғасы бөлек бір жігіт
түсіп, жағалай тұрған ақсақалдармен қол беріп, амандасып жатыр еді. Бағаналы бері Маусымның қасында жүрген қара бала көп ішінен əкесін танып: – Папа, папа, – деп қол созып, апыл-тапыл жүгірсін. Сонда барып, Аманат əкесі мен шешесін көрді. – Вы, что, меня удивить хотели? – деп баласын жерден көтере əке-шешесіне қарады. – Балам, бұл ел – біздің ел. Сенің туған жерің. Біз өсіп – өнген жер. Сенің осы ауылға шығатын сапарыңды біліп, саған айтпай біз де келіп қалдық. Оған айып етпе, – деді Əсембек баласына. – Сені кішкентай кезде «қараңғы үйдің жарығы» дейтін-біз, – деді көп ішінен біреу, «ата-анаңа жақынмын» дегенді білдіріп. Гүлбарша жиналыс болатын кең залдың алдыңғы қатардағы орындығына келіп отырды. Халық та бүгін көп жиналған екен. Залда ине шаншар орын болмай, кейін келгендері түрегеліп тұрды. Мінбеге кезегімен шыққандар көп. Не сөз сөйленді, кімдер не айтты. Гүлбаршаның онда шаруасы болған жоқ. Бар зейіні Аманатта болды. Көзі талғанша зерделеп, бет – əлпетіне қарады. «Марусяға келетін бір жері болсайшы. Тіпті сол қыздан туды дейтін емес. Мүлде басқа. Бөтен» деген тұжырымға келді. – Мейлі, бағып-қағып өсірген ата-анасына мейірімін берсін, – деді содан соң іштей өзіне. Осыдан кейін Марусяны түсінгендей болды. Осы бір құпиялы құлыптың ашылуында еш мəн жоғын Гүлбаршада түсінді. Біртүрлілер Қазір уақыт деген басқа. Содан болар онда өмір сүріп жатқан адамдар да бұрынғыдай емес өзгешелеу. Не түңілетіндей жаман, не қызығатындай жақсы емес. Бұларды бұл қоғамда «біртүрлі адамдар» дейтін болдық. Осы біртүрлі адамдар тағы да «əйелдер», «еркектер», «жас» немесе «қарт» деп бөлінбейді. «Еркек» дейін десең, сол
еркектеріңнің беліне бұратылып түспегенімен, екінің бірінің иығын жапқан шашы бар. Мойындарында жалтылдаған алқа, саусақтарында жүзік, білектерінде білезік. Ал «əйел» дейін десең, сол əйелдердің бұттарында шалбар, бастарында бөрік, əдемі боялған еріндері арасында темекі. Қысқасы ер де, əйел де сырттай ұқсас. Жас пен қартың да сондай. Киім киіс, жүріс-тұрыс жағынан айырмасыз. Бірақ бəрінің мақсаттары, ойлары мен көңіл түкпіріндегі ниеттері көбіне бірдей. Ол – қайткенде баю, баю жəне аса бай болу. Біртүрлі адамдар шеттерінен ғылым, білім, оқу, өнер, күллі саясат түрлерін меңгергендер. Сондықтан өздерін елдің нағыз патриотымыз деп есептейді. Алда-жалда олардың сөзін ести қалсаң, дəл өздеріндей ешкім елін, жерін, Отанын сүйіп көрмеген. Саясат мəселесіндегі айтыс-тартыс, пікірлерін тыңдасаңыз, түзу жүріп келе жатқан жолыңыздан тайғанақтап қаласыз. Жан-жақтағы ақпараттары қандай десейші?!. Барлық ақпарат көздерімен мұздай боп қаруланған. Осындай біртүрлілерге сырттай қарап отырып-ақ, біртүрлі ойға кетесің. Жақында біздің ауылда барлық елді дүрліктірген біртүрлі хабар жетті. – Құй сеніңдер, құй сенбеңдер, қорадағы сиырлардың, қойлар мен ешкілердің тезектеріне салық салатын болыпты. Сондықтан, малдарың бұрынғыдай тайраңдап кез келген жерге тезек тастай алмайды. Малдың иесі бұған өкіртіп тұрып айыппұлын төлейді. Өйткені «тезек» деген пəленің ауаны ластайтынын осы уақытқа дейін ешкім білмепті. Бас ауыруымыз, көз ауырымыз, бүйрек пен бауыр ауырлардың бəрі сол қидан, тезектен екен, – демей ме жаңалықты жеткізген адам. – Басқа-басқа мынадай жаңалықты жынды да айтпайтын шығар. Өзің не сандалып тұрсың? – деді көптің ішінен біреу көзі ежірейіп. – Надансыңдар, газет оқымайсыңдар, теледидар көрмейсіңдер. Үкіметте осы мəселе қызу əрі күн тəртібіндегі бірінші мəселе болып жатқан жоқ па? – деді жаңалықты жеткізуші.
Содан біздің ауыл қопарыла газет оқып, теледидар қарап бұл біртүрлі жаңалықтың жаны барына көздері жетеді. – Астапыралла, мына заман не болып барады-ей, сиырдың екі бұтынан қай кезде боқ түседі деп, енді соны қарайтын болдық па? – депті бір қария ана ызаланып. – Апа, қараймыз, қараймыз. Қарамасқа амал жоқ. Үкіметтің айтқанын бес есе артық орындататын ауылдың белсенділері енді қамшы басатын жерді қуана қарсы алатын болды. Сиырдың бұтына қараймыз. Қарамасақ, салығын төлеміз. – Айпырым-ай, біртүрлі заман келді десейші... Баяғыда қойдың, ешкінің сүтін желініне жабысып ешкіемер деген кесіртке еме берген соң желінқап тігуші едік, енді сиырға көтенқап тігу керек шығар. – Тігеміз, апа, тігеміз. Мына біртүрлі уақытқа ілесіп, біртүрлі іс істемесең бар ғой, өркениетке жете алмайсың. Бұл да өркениеттің біртүрі, – деді баласы анасын жұбатып. Осы бір біртүрлі жаңалықты жатсынғандар қазір сиырларына көтенқап тігіп біртүрлі болып жатыр. Жұрт сиырларымен əуре болып жатқанда осы ауылда бір кісі қайтыс болды. Көп ауырған жоқ өзі. «Қинамай жəне қиналмай жақсы кетті» деп жатты жұрт. Оң жақта біреу қисайып жатқанда, жаңағы біртүрлі адамдар сол жақта тұрып: «Намазға неше мал соятын бопты?» деп сұрақ қойып жатты. Намазға бір сиыр, бір жылқы, үш қой сойылғанын естіген соң халық көп жиналды. Адамдардың біртүрлі болып бара жатқаны сондай, кейде отбасының жағдайы мəз еместерден біреу қайтыс болса, бір ауылда тұрып-ақ ешкім кіріп шыға қоймайды. Қасақана естімегендей, қасақана қолы тимегендей бола қалады. «И, и, кіріп шығайын деп едім, енді барамыз ғой. Ауыл арасы болғанмен тіршілік, қол тимей, нетіп...» дейді де қояды. Жаңағы марқұм болған адамға қызмет істейтін балалары жаназаны шығаруға қаладағы мешіттен арнайы имам шақыртып, оны машинамен ауылға алып келді. Бұрындары жаназаға жиналған қауым табыттағы жатқан жанға бастарын иіп, іштерінен «иманды
болсын» деп тұратын еді. Мына қазаға келгендер құдды жиналысқа келгендей болды. Кісінің жаназасы шығып жатқанда өзара дабырласып кетті. Теледидардан не естіп, не көргендерін айтты. Біреуі көсемсіп елдің қазіргі саясатына, депутаттар сайлауының нəтижесіне шолу жасады. Даурықпа дауыстан жаназаға ұйып тұрғандардың шырқы бұзылды. Имам жиналғандарға бірнеше рет ескертіп үлгеріп еді. Əлгі даурыққандар оның өзін ғайбаттай бастады. «Қайтсін, қаладан арнайы шақыртып алған соң, алатын ақшасы да мол шығар. Соған жаны ашынып жатыр ғой» десті. Кезіксең, бəрін көресің. Біртүрлі отбасылар да бар. Ерлізайыпты екеудің арасында жақында ел саясатын сөз етуден кикілжің шығып, қазір ажырасудың алдында жүр. Екеуінің шəлкем-шəлісі неден басталды десең, əнеукүнгі депутаттар сайлауынан кейін болған. – Не бопты, Үкімет өзгермейтін болып па тағы? Ана бұрынғы депутаттардың бəрі қайтара сайланып алыпты ғой. Ана қарашы, бəрі мандаттарын алып, масайрауын. Бұрынғы команда, бір команда... Не тындырар дейсің енді? – деп Шарипа теледидар қарап отырып, күйеуі алдында білімсиді. – Ия, отырса несі бар? Олар аз жұмыс істеген жоқ. Адам барға ырза болу керек. Елдің жағдайына да қарап жатыр. Ауылға мамандарды жіберді. Оларға үй бергізді. Қолдан келген жақсылықтар жасалып жатыр. Мына елдің адамдары ғой бойкүйез. «Алма піс, аузыма кеп түс» дейді де отырады. Əйтпесе, бұрын осы ауыл қандай еді! Қазір қандай. Əркім өзі үшін жұмыс істеудің орнына Үкіметке алақан жаюын қоймайды. Сөйтіп отырып барлық кемшілікті сол жоғарыдан іздейді. Кемшіліктің бəрі мына өзімізде, білдің бе, өзімізде?!. – Əй, қойшы сен! Ірі қараны шет елдерден ұшақпен тасып жатыр деген жоқ па? Ол сырттан əкелінген мал қашан басын көбейтеді? Айтшы, а? Одан да, ауылдағы мал басының өсуіне көңіл бөлмей ме екен, түге? Айтпақшы, өткенде ана ауыл шаруашылығы министрлігі ірі қара малына есеп жүргізген екен, құдай-ау, пəлен мың бас кем болып шығыпты деп жатыр. Ай,
сонда сол малдың иелері не істеп жүр, а? Еттің өзі жылдағыдан да қымбаттап жатыр. Өткенде қойдың етін базардан бір мың бес жүзден, он килоны 15 мыңға алып келдім. Қымбаттап кеткен. Базардағылар қақшиып бір тиынға да түспейді. «Өзіміздің үстінен көретініміз 30 тиыннан ғана» деп зарланады. – Немене, сонда қойдың, жылқы мен сиырдың еті де бірдей баға болып кеткен бе? Кеше ғана мына көрші Құлтас қаладан жылқының етінің килограмын бір мың бес жүзден алып келе жатырмын деп еді ғой? «Қазысы мен шұжығын қоса алса, арзандау береді екен. Оған тоқпақтай етіп тағы бір жілік қосса, 25 мың сомға шығады екен», – деді. Құдай-ау, өзіміз осы малды қорада өсіріп бақсақ, шекеміз шылқымай ма? Мынаны қарашы енді... – Зарланбашы-ей. Енді ет жемейміз бе, қымбат деп? Бізде қазір қора да жоқ, мал да жоқ... – деп əйелі өзіне тиетін сөз бен таяқты білмей, күйеуіне даусын одан əрі жоғарылатқан. Күйеуіне шаншу дəл осы жерден қадала қалған. – Əй, нені тұспалдап отырсың, əкеңнің...! – депті əйеліне бірден түсі бұзыла ақырып. – Қорадағы екі сиырдың сүтін ірітіп, сауып іше алмай, күбіңді төңкеріп тастаған жоқсың ба? Сəл-пəл шаруаға араласып едің «Етегім алпы, жеңім салпы болды» деп жыладың, оңбаған! Ақыры ниетіңе сол малды ұрлатып тындың. Қайтара бір мал алуға безектеп қарсы болып отырсың. «Жұрттың бəрі қалаға барып, етін де, сүтін де сатып алып жүр. Қаланың дүкенінде сүттің неше түрі самсап тұр. Базарда ненің етін аламын десең, ол да дайын тұр. Мал баққанмен, ол еңбегіңе татымайды» деген сен емес пе ең? Енді кеп не тантып отырсың? Ауылда отырып, сонау қаладан ет пен сүтті сатып алу деген не масқара, а, не масқара? Ері қолындағы кесесін дастархан үстіне лақтырып жібереді. Əйелі қайтадан шап етеді: – Білем, сенің неге риза болмай жүргеніңді? Мені ана Қанипадай болмады деп отырсың. Қорасында бес сиыр сауып, құрты мен майын қалаға сатып, сандалып жүрген. Ол қатынмен мені теңестірме. Мен мектепте 30 жыл сабақ берген жоғары
білімді мұғаліммін. Ол қатын болса, өмір бойы үй шаруасымен айналысып келе жатыр. Класстас болған Қанипаға баяғыдан көңілің бар. Қит етсе болды, Қанипаны маған мысалға келтіресің. Бірің сиыр бақ, бірің сиыр сау, маған десеңдер екеуің қартайғанда қосылып алыңдар. Қаладан сенің етегіңнен ұстап ауылға келген едім. Ұлыңды өсірдім, қызыңды өсірдім. Мен бұл ауылдан тойғанмын. Қалаға кетем! – Ойпырым-ай, қорқытқаның-ай! Бар, кетсең кет ендеше! Сені ұстап отырған мен жоқ. Ол жаққа неше күн сияр екенсің? Жасың келгенде өнеріңді шығарып... – Кетемін. Бүгін кетемін! – Кетсең, қайтып келме! Ауылда сен болмасаң, ауа тазарып қалады. – Келмеймін де, төбеңді көрмеймін де! Міне, саясаттан басталған сөздің мəресі. Сөйтті де, мұғалім Шарипа қаладағы төркініне кетті де қалды. Шарипаның 80-нен асқан кəрі шешесі енді 60-тағы қызына ұрсып отыр. – Астапыралла! Не дейді, рас па айтып отырғаның?! «Ауылға бармаймын, ажырасамын» дегенің не? – Сіз бəрібір ешнəрсе түсінбейсіз. Қазір заман баяғыдай емес басқа. Екінің бірі ажырасып жатыр. Ауылдағы сондай шалдар кемпірлерінің үстіне жап-жас əйел алып, бүлініп жатыр. Мүмкін, ол да сөйткісі келетін шығар. Мен ажырасамын. – Ия, ия... ешнəрсені түсінбейтін шығармын. Бірақ мыналарыңа таң қалып отырмын? Құдай-ау əйел емессің бе, отбасына ие болатын. Үйде отырып екеуара басқа айтар сөздерің таусылды ма, түге?! Масқара-ай, үйдегі келінге, күйеу балаңа не дейсің? Қартайғанда, көрсеткен үлгілерің осы ма? Жастардан бұрын сендерге не жоқ? Біртүрлі болып кетіпсіңдер ғой?!. – деп қарт анасы қызына біртүрлі қарады.
Бүйрек Сіз өзіңіз де білетін, байқайтын шығарсыз қазақ деген ұлт бірі үшін бірі өмір сүретін халық. Ешқашан қара басының қамын жемейді. Ана сүтінен, əке қанынан дарыған бұл қасиеттің кейде ұлылығына бас иесің. Бір отбасында үш бала болса, үлкені қалған екеуін қамқорлыққа алады. Басқа үйдің балаларының оған тиісуіне жол бермейді. Ана екеуі үлкеніне арқа сүйейді. Осыларды бір-бірінен ажыратып көрші. Айырылмайды. Алда-жалда уақытша бөліне қалған жағдайда бірін-бірі іздейді. Сағынады. Осыдан шықса керек «бүйрегіңнен айналайын» деген сөз?.. Немесе, біздің қазақтай қай ұлт туысқанына, ағайынына бүйрегі бұрылғыш? Өзі жарымай отырып, бірге туған бауыры үшін қолындағысының бəрін бөліп беріп отырады. Ал, осындай көмектеспейтіндерді қазақ «Безбүйрек!» дейді. Безбүйректіктен асқан қазақта қатыгездік жоқ. Біздің ұлтта келтіре берсе, мысал көп. Мұны жинақтау үшін кемінде ек-үш том керек. Жəй қарапайым мысал-ақ келтірейін. Ағайынды жігіттердің біреуінің баласы болмайтын жағдайы болса, екіншісі «қамықпасын» деп баласының біреуін емшек сүтінен айырмай, əлгі ағасына береді. Олар ол сəбиді өздерінің атына жаздырып, асырап, тəрбиелеп өліп-өшіп жанын беруге дейін əзір болады. Сонда, ойлаңыздаршы, ана туысқанының қамын ойлау да үлкен ұлылық қой! Енді асырауға берген бала қайтеді? Басқа үйде өссе де, басқа əке-шеше қолында тəрбиеленсе де, мына жақтағы үйдің балаларына, əке-шешелеріне (білмейді нағыз əке-шешесінің кім екенің) өз өзінен тартылып тұрады. «Əй, бүйрегі бұрып тұр, қарашы...» дейді көргендер. Тағы да қазақта тұңғыш ұлының баласын (қыз болсын, ұл болсын, мейлі) алғашқы немере деп, ата-анасы бауырға салып меншіктейді. Бауырға басқан баланы əке-шешесіне еркелеуді, олармен жиі жанасуды шектейді. Қызғаныш сезімі пайда болады. Ата мен əжесіндегі бала қайтеді? Ебін тауып өз əке-шешесіне жақындап, оларды иіскеп, əйтеуір өзіндегі белгісіз сезімді иге-
ре алмай, қалайда жақындағысы келіп тұрады... «Əй, бүйрегін қарашы, өз əке-шешесіне бұрылып тұрғанын...» дейді мұны сезгендер. Осылай қазақтың бүйрегі. Ал ата-аналар ше? Көздері жұмылғанша, іштен шыққан балалары, немерелері үшін бүйректері бүлкілдейді деп тұрады. Сол үшін де кейде тіршіліктің қамыттарын мойындарынан түсірмей, бар болса да, жоқ болса да, əйтеуір жандары тыныш таппай, уайым арқалап жүргені. Айналып кетейін, «Ұлы» деп, 70 жыл қабақтарына қарап келген орыс жұрты ондай емес. Олар бір жейтін тамағы тоқ болса мəз. Балалары кетеді ел кезіп, дүниенің төрт бұрышын аралап. Бір жер ұнап қалса, ата жұртына енді кездескендей, сол жерде қалады. «Ойпыр-ай, əке-шешем анда қалып еді, дендері сау ма екен?» деп ойлап, хабарларын біліп жатқан олар жоқ. Ал, біздер ше? «Қазақстанның мынау тұрған Өскемен қаласына барып жұмыс істейінші, реті солай болып тұр» десінші, Шымкент жақтың бір баласы отбасымен ақылдасып. «Қой қарағым, сенің нағашың отырған жоқ ол жерде. Бір күн болмаса, бір күн сырт жерде бəлеге ұшырап жүрерсің. Қазір заман деген жаман. Тыныш. Осы үй маңайында-ақ табылған жұмысты істей берсей» деп, əке-шешесі жатып кеп жабысып, баласын жібермейді. Сөйтіп бар, баласын қасына жиып алып отырғанда, уайымсыз отырсайшы. Жоқ, олай емес. Бауырлары ауырып, бүйректері бүлкілдеуін қоймайды. Осындайда аралас ағайындардың басы қосылды ма, таудай проблема талқыға түседі. «Ойбай, анау үлкен ұлдың басында үй жоқ. Кредитке кіріп, сорлап отыр. Мына кенже ұл жүр сүрбойдақ болып, үйленемін деген мүлде ой болсайшы, түге. Кіммен құда боларымыз белгісіз. Алыстан бір шөпжелкені аламын демесе болғаны. Оған барып-келу, құда түсу, ол жақтың салтына қарай кит апару да бəле емес пе? Жиған-тергеніміз жетпейді. Осы ауылда болса, жақын жерде, өзіміз араласыпқұраласып дегендей, өз əкелген китін өздеріне қайтарсақ та, бола беретін. Дұрысы сол болар еді. Тұрмысқа шыққан ана қыздың да бағы болмады. Ажырасып, алаңсыз тынды. Енді оған кім
кездеседі дейсің, құдай-ау, жер дүниенің бəрі қыз. Бəрі алмадай пісіп «мені ал, мені ал» деп тұр. Күйеуден шыққан қызды қайтеді дейсің жігіттер? Қазақстанда бір еркектің басына бес əйелден келеді екен керек болса... Үлкен немерем жүр тест дей ме, содан биыл грантқа түсе ала ма, түсе алмай ма? Түсе алмаса, оны оқытуға да қаражат керек. Міне, əке-шешелердің балалары мен қыздарын өсіргеннен кейін де таусылмайтын тауқыметтері. Осыған қарап, осы қазақтардың бүйрегі басқа ұлттарға қарағанда, болмысы бөлек, ерекше сияқты. Біздің ата-бабаларымыз да «ұрпақ, ұрпақ» деп, тағдырдың тезінен, тозақтың көзінен өткендей күй кешті. Ғасырлар бойы қанды жорықты басынан өткерді. Мына кең байтақ қазақ жерін ұрпақтары үшін айнала шапқылаған жаудан қорғап, жарғақ басы жастыққа тимей, алып қалды. Міне, қазақтың бүйрегі. Ұрпағы үшін қос бүйрегі бүлкілдеп соққан неткен қазақ, қандай феномен? Ал, басқа халықтың бүйректері ұрпағына қалай соғады? Негізі бұл зерттелмеген жəйт. Кейде қарап отырсаң, түкке тұрғысыз нəрселерді зерттеп жатады. Нағыз зерттелетін нəрсе қазақтың бауыры мен бүйрегі. Медицина ғылымы күндердің күнінде осы тақырыпқа айналып соғып, адамдардың бір-бірімен қарым-қатынасындағы, жақын тартудағы бүйрек қызметін, рөлін зерттеуі де мүмкін деген ой келеді басыма. Осы бүйрек туралы əңгіме өзінен өзі қозғалып кетті. Енді айтайын. Ауданда белді қызмет істейтін Хамит Жанбөбеков деген кісі көп жылдай өзіндегі жалғыз бүйрегі ауырып, əбігерге түседі. Бұрын да бір бүйрегі алынып тасталған екен. Жан-жақта тамыр-таныстары көп, бəрі бүйрегінің жағдайын тексере, көре келе «Жалғыз қалған мына бүйректе де кінəрат бар. Оны басқа бүйрекпен ауыстырса түк те етпейді, қазір медицинада бұл қауіпті емес» деген кеңестерін айтады. Қаражаты молынан жететін Хамитке бір күні Күншығыс мемлекеті Қытайға барып, бүйрек ауыстыруға ұсыныс түседі. «Бұл мəселе Қазақстанда да көп жылдан бері шешімін тауып
келе жатыр. Ал, Қытайда білгір мамандар бұл жаққа қарағанда көп. Əрі донорларды қаражат көлеміне қарай келісіп, өздері таңдап алуына болады. Бүйрек ауыстыратын Орталық донорларлармен тығыз байланыста жүреді екен» деген ақпаратты сенімді кісілерден естіп, білген соң Хамит қасына əйелін ертіп, Кытайға сапар шегеді. Расында, айтқан Орталықтың дəрігерлері Хамитті жылы жүзбен қарсы алып, өздеріндегі медициналық Орталықтың сараптауынан, қайыра тексеруінен өткізеді. Қазақстандық дəрігерлердің «бүйректі ауыстыру керек» деген қорытынды шешімі дұрыс екендігін айтады. Көп күттірмей Хамитті госпитальға жатқызып, қан түйіршігі мен қан түйіршігі ұқсас, бүйрегі мен бүйрек көлемі сəйкес келетін жəне пациентке бүйрегін беруге келісімшарт жасасуға дайын жүрген жас жігітті шақыртады. Екеуін кездестіреді. Аудармашы арқылы қытайлық жігіттің Хамитке айтқаны мынау: – Бір жақ бүйрегі 35 мың доллар. Мен өз басыма пəтер сатып алу үшін осындай шешімге келдім. Əйтпесе, жасым 30-ға толмай бір бүйректен айрылу мен үшін оңай емес. Сондықтан, нотариат конторы арқылы алдын ала ақшаның 80 пайызын төлеуге келісім шарт жасалып, қолма-қол сол жерде ақша төленуі тиіс, – дегенді аудармашы арқылы жеткізеді. Ел асып барған соң, бұл шартқа келіспеуге де лажы жоқ.Өзіне сəйкес келетін донорды іздеуге тағы да уақыт керек. Басқасын іздегенде оның қоятын шарты қандай екенін кім біледі? Сондықтан Хамит қойылған шартқа келісті. Операция күні белгіленді. Алайда, межеленген мерзімде операция столына келу керек əлгі жігіт келмей қалды. Бір сағат, екі сағат күтті. Жоқ. Мобильді телефонымен байланысты. Үнсіз. Қытайлық дəрігерлер Хамитті жұбатты. – Бізде мұндайлар жиі болады. Əрине, ақша да қажет-ақ. Бірақ өз бүйректері өздеріне ол тіпті қажет. Кейбіреулер ұзақ ойланып, кейде алғашқы келісімнен бас тартады. Бірақ олар алған ақшаларын тез арада қайтарып береді. Бізде алдап кетпейді.
Тəртіп те қатаң. Имидж бізде басты орында.Уайымдамаңыз. Күтіп көрейік... – деді. Бір аптадан кейін бүйрек беретін жігіт төбе көрсетті. Хамит «не айтар екен» деп қобалжып қалды. Жалтақтап арадағы аудармашы қызға қарайды. – Мына донор жігіт айтады. Мен ойланып отырмын. Егер 3 мың доллар тағы да қоспаса, ақшасын қайтарып беремін, – деп отыр. Бір бүйректен айырылған соң, маған жаяу жүруге болмайды. Мен машинамен жүруім керек. Қосымша сұрап отырған ақша соған керек. Мендей жас жігіттің бүйрегімен ол кісі ұзақ жасайды. Бұл кісіге өзі шамалас 50 жастан асқан адамның бүйрегін іздестіру қажет болса, мен оны табуға көмектесемін. Сіз не дейсіз? – дейді. Қап! Мына қытайды-ай! Өзбектер сияқты жанды жерден ұстап тұрып саудаласуын-ай, ə?..Ауылда інілерімнің біреуі жаны ашығаны сондай, «Аға, Қытай асып не етесіз? Алматының өзінде де ауыстырып жатыр дейді ғой. Қасыңда жатып мен берейін бір бүйрікті. Лаждап бір бүйрекпен-ақ күн көремін. Бармаңыз алысқа,» – деп еді шын көңілімен ағыл-тегіл жылап. Бүйрегіңнен айналайын, бауырым-ай! – деп Хамит ауылдағы інілерін көз алдына елестетіп, еркек басымен еңкілдеп жылап алды. – Не істесем екен. Бұлардың тілін де білмейсің, ым мен жымын да білмейсің. Қайтарға қалған қаражатты түгел жаратсақ, немен жетеміз ауылға? – деп ойланып қалды. Қасына еріп барып, қонақ үйде жатып, күніне екі-үш мезгіл өз қолымен тамақ істеп əкеліп тұрған əйелі Сауық тапты бұның шешімін. Осылар тоқтаған қалада екі жылдан бері оқып жатқан бір жолдас əйелінің қызының телефонын ала шығып еді. Сол қызға байланысқа шығып, елден тағы да қаражат алдыру керек. Ал, қолдағы барды мына қытай жігітке төлей тұрсақ, ауруханадан аман-есен бүйрек бүтінделіп шыққанша, қыз арқылы келетін ақша қайтар жолға жетеді. ...Не керек, бүйрек салу операциясы сəтімен өтті. Қатар қойылған екі столда қытайлық жас жігіттен заматта бүйрегі алы-
нып, оны Хамиттің ақау бүйрегінің орнына салды. Қытайлар бұл орталықта операциядан кейін көп ұстамайтынын ескертті. Ары кетсе бес күн, одан əрі орынды кезек күтіп тұрған басқаларға береді. Енді операциядан кейін бар ауыртпалық Сауыққа түсті. Қонақ үйде тамақ істеуге рұқсат бермеген соң, сол маңайдан пəтер жалдады. Күніне екі мезгіл тамақ істеп, Хамитке жүгіреді. Апарған тамақты суып қалмай ішкізу, дəретке отырғызу, киімін ауыстыру, қосымша берген дəрілерді медбикелердің денеге салуын қадағалау сияқты жұмыстан сілелеп, жатар орынға əрең жетіп жүрді. Сауық Хамиттен сұрайды. – Қалайсың, қазір? Бұрынғыдан жақсарғандай сыңайды байқайсың ба? – Ол үндемейді. Қабағы тарс түйілген, ашылмайды. Тіпті сен сөйлеп отырсың-ау, демейді де. Үнсіз. Бұл жағдайды Сауық операцияның ауыр болғанынан шығар деп ойлады. Жол жүрудің де машақаты аз болған жоқ. Үш жерден ұшақ ауыстырды. Ақыры, елге де келіп жетті. Аудандағы ағайын-туыс, жора-жолдастар, қызметтестер бəрі келіп, Хамиттің көңілін сұрап, тезірек жазылып кетуіне тілектестігін білдірді. Алайда, бұрындары алдарына түсіп елпелектейтін Хамит оларға да селт етпеді. Тіс жарып, бір ауыз «Келгендеріңе рахмет, уақыт бөліп» десе де болатын еді. Қайта «мені мазаламаңдар» деп бөлмені тарс жауып, ішінен бекітіп алатынды шығарды. Бір ай, екі ай өтті. Өзгеріс жоқ. Көңіл-күйі төмен. Тамағы жақсы. Дəрігерлер: «Бұл жағдай имплантациядан кейін қалыпты жағдай» деп есептелетінін, бірақ үш-төрт айда өз қалпына келетіндігіне сендірді. Бір күні Хамитке əлдене ұнамай, Сауыққа қолындағы тарелканы лақтырды. Қосылғалы 35 жыл уақытта бір-біріне «сенсің» деп қатты сөйлеспеген екен. Мына жайт Сауықтың жанына қатты батты. Бұл да ештеңе емес еді. Сауықты бір күні тамағынан қос қолымен буындырып тұншықтырып «Өлтіремін, білесің бе?!» деп жатқанда үйге кездейсоқ келген анасы араға түсіп, əрең ажыратып алды. Анасына да айқайлап, мүлде боқтап жіберді.
– Үйіңе бар, мұнда келуші болма! – деді бар даусымен. Көз жасы көл болып, бөлек тұратын анасы ешнəрсе түсінбей ол кетті. Сауық психологтармен сөйлесіп, кеңесті. Олар, əрине, ауруханаға жатқызып, тексеруден өтуіне кеңес берді. Хамиттің əкесі Кеңес заманында ел ағасы болып, жауапты қызмет еткен, ауданның қадірменді ардагері еді. – Мұны, əзірге қоя тұрайық. Жарты жыл болды, енді жарты жыл артын күтейік, – деп ақыл қосты. Шыны керек, жан жары Сауық болса, Хамиттің қасына жақындауға жүрегі дауаламай қалды. Амал бар ма? Атасы айтты-заң. «Жарты жылда не өлермін, не мүгедекке ұшырармын?!.» Осы болды тоқтамы. Хамит тұрады. Жүреді. Тамақ ішеді. Газет-журнал, басылымдардың мүлдем бетін ашпайтын болды. Теледидарды да аз көреді. Немерелер қасына келсе, шақырмайды. Ұл-қыздарымен мүлде сөйлеспейді. Мұны көріп-білген, естіген ағайындар үйге ешқайсысы аяқ баспай қойды. Жағдайын тек сыртынан біледі. Уақыт екі жылдан асты. Бір күні Шымкент жақтан бір ағайындарына құда болып келетін үлкен кісі қыдырып, осы ауданға келеді. Көпшілік емес пе, сөзден сөз шығып, осылай Қытайға барып бүйрек салдырып келгелі Хамит деген кісінің мінезі адам танығысыз өзгеріп кеткенін, денесі жардай əйелі қазір сүйегі саудырап, аяғын əрең басатынын тілге тиек еткен. – Байғұс, Қытайға бірге барып, екі айдай қасында бағып-күтті. Сəбиіндей аялап «Хамит, Хамит» дегеннен басқа жазығы жоқ. Бір рет буындырған екен, екіншісінде пышақ лақтырып, ол Сауықтың көзіне тимей, басын қорғаштай берген білегін оңдырмай тіліп түсіпті. Шешесі баласының бұнысын көріп, аурулы болып үйінде жатыр. Бір қиын жағдайға тап болды сол отбасы, – деген. – Бар бəле, ана жаңа салынған бүйректе. Қаны бұзық адамның жанды бүйрегі бірден қанға араласқан соң солай болып жатыр. Қытай дегенің кəпір ғой... Аурудың бетін қайтару үшін дұғамен кем дегенде бір ай оқыту керек. Бұзылған қанды емдемейінше, бұл ауру асқынған үстіне асқынады, – дегенді айтқан келген кісі.
– Ойпырым-ай, бұл да дұрыс ақыл. Қарап жатқанша, ол емді де көрейік, амалсыз отырғанша, – деп Хамиттің інілері қасына жеңгесі Сауықты ертіп, Оңтүстік аймаққа дұғамен емдейтін емшіге бет алады. Емші екі апта емдегеннен кейін Хамиттің жүзіне кəдімгідей қан жүгіріп, қасындағы Сауыққа, еріп келген інілеріне мейіріммен қарай бастапты. Үшінші аптада өзі де тілін кəлимаға келтіріп, жүрегінің тұс жағының жеңілдей бастағанын айтқан. Бір ай мерзім ішінде бұрынғы Хамит өзіне келіпті. Екі жарым жыл күйеуінің қасында иненің ұшымен жүрген Сауыққа бүкіл елі, ауыл-жұрты ризалық білдіріп: – Айналайын-ай, жүйкең де тозған шығар. Азаматыңды аялап қатарға қостың, əйтеуір, – деп басқа келіндерге үлгі етіпті. Сонда осыдан шығатын бір ғана қорытынды: «Барым да, нарым да балам, ұрпағым, ағайыным, бірге туған бауырым, туысқаным, халқым мен елім», деп ет жүрегі елжірейтін, біреуі бір жағдайға ұшыраса, бүйрегі сыздап ауыратын қазақтың жүрегіндей-жүрек, бауырындай-бауыр, бүйрегіндей-бүйрек еш халықта жоқ екен ғой! Өлік туралы анықтама Біз тұратын ауылда Керімбике деген кемпір тұрады. Бұл атты жас кезінде жеңгелері мінезіне кереғар əдейі қойған көрінеді. Төлқұжатындағы есімін көпшілік жұрт біле бермейді. Керімбике дерліктей ажарлы, мінезі сыпайы, сабырлы əйел (əже) емес. Ұшып-қонып тұр. Сөзі де солай. Жылдам-жылдам сөйлейді. Айтқанын ұқтың, ұқпадың оған бəрібір. Өзі айтып бітсе, болды. Ести алмай қалсаң, өз обалың өзіңе. Ол кемпір қайтадан айтып бермейді. Өйткені, жаңа ғана не айтқанын өзі де білмей, ұмытып қалады да, саған ұрсады. «Жаңа айтқанда тыңдап алмадың ба, о, несі-ей келіп, қайдан білейін не дегенімді, есімде жоқ!» деп бір кеседі. Бітті. Басқалардың да өзі сияқты тез-тез сөйлегенін қалайды. «Немене, былжырамай,
ар жағы не болды, айтсайшы енді?» деп біреу əңгіме айтқанда, шетіне жеткенше асығады. Бұл əже жүйріктің жүйрігі. Бір үймен бір үйдің арасында, осы кемпірге ерсең, кəдімгідей желіп жүресің. Əйтпесе жеткізбейді. Жас кезінде желаяқ болған деседі. Күйеуі марқұм: «Сенің маған əйел болғаныңнан гөрі, бəйгеге қосатын ат болғаның дұрыс еді» деп əзілдейді екен. Бойы шағын. Денесі де бойына шақ. Кішкентай мəсіге лайық кішкентай кебісі бар. Тап-тұйнақтай болып, етек-жеңі көлбеңдемей ықшам тұрып, ықшам жүреді. Осы əженің жеті ұлы, алты қызы бар. Шалы соңғы қызын туғаннан кейін қайтыс болыпты да, осы бала-шағасын өзі əупірімдеп өсірген ғой. – Құдайдың бергені, он үшін тудым. Тіл-аузым тасқа. Біреуі шетінеген жоқ. Əйтеуір, бəрі көз алдымда келеді. Шүкір! – деп отырады. Осы əженің ұл-қыздары «Сен оқы!» демей-ақ, бəрі жас кезінде ауылда оқып, жоғары білім алып, Қазақстанның белді-белді қалаларында қызмет етеді. Алматы, Көкшетау, Астана, Атырау, Талдықорған, Қостанай, Өскемен қалаларында бəрі қызметте. Əже өзі Кентауда ең кенже ұлымен бірге. Бірақ тұрады деген аты ғана. Жыл он екі айда балаларын аралап, əрқайсысында жарты ай, бір айдан қонақта болып, сағаттың тіліндей айналып жүргені. Ауылдағылар «ең бақытты кемпір» дейді. Өйткені, ол кісі өмірі «ауырдым» деген емес. Қашан да тың, сергек. Құлағы да естиді, көзі де көреді. Əлі күнге дейін қорадағы сиырға өзі шөп салып, өзі сауғысы келеді. Бірақ, келіні «апа-ау, үстіңді бүлдіресің, үйдеақ бола берсеңші» деп өзі араласады. Бүгін міне, көптен бері ауылда болмай, алыстағы балаларынан келеді дегенді естіп, жақын-жуық ағайындары жиналып отыр. Көршілері шыдамай, есік алдына келіп тоқтаған қара «Мерседестің» алдынан шықты. – Құдай, əже-ау осы жолы тым ұзақ болдыңыз ғой. Біз сағынып қалдық. Екі айдан астам артық жүрдіңіз, – деп кезектесіп шүйкедей кемпірді бетінен сүйіп қарсы алуда.
– Астанадан Ақтауға кетіп қалғам жоқ па, сəмөлетпен. Ол жақтағы қызымның қайын атасы 60-қа толып, кəттə тойын жасаған. – Е, қазір əжем, енді ол жақтың салтын айтады-дағы, – деп ауылдағы шəйқұмар келіншектер кемпірді босағадан үйіне кірмей жатып қыздырады. – Несін айтасың, əр елдің салты басқа. Көрдік. Қазір айтам... Əй осы үйдегі Жəннəтта қайда? – деп өз келінін көп ішінен іздейді, «неғып алдымнан шықпай қалды» деп. – Апа-ау, жаңа машинадан түскенде ең бірінші бетіңнен сүйген мен ғой? Қаумалаған апайлар да Сізді беттен сүйсін деп ығысып, мұнда шəй дастарханына кеттім, – деп жатады келіні қайтадан енесіне бұрылып. – Е, сөйттің бе, құлыным, аман-есенсің бе? Ана сиыр бұзаулады ма? – Бұзаулады, апа, бұзаулады. Қаймағын қазір жейсіз, балдай... – Айсəуле қайда? Əділет қайда? – Енді немерелерін сұрайды. Əр баласынан туған немерелерінің де аттарын шатастырмайды. – Олар екеуі де бірінші ауысымда оқитын болған. Қазір мектепте. «Бүгін əжем келеді, оқуға бармаймын» деп əлек салды екеуі. – Төрге шығыңыз, төрлетіңіз, – деп көршілер əжемен бірге ілесіп, жаюлы дастарханның өздері төріне отырып алып, ондағы астан «əбден күте-күте шаршадық қой» дегендей қаужай бастайды. Осы жолы Керімбике əжені үйде бір апта болмай жатып, Қостанайдағы баласы шақыртты. Үлкен қызына сырға салуға құдалар келеді екен. – Апа, Шымкенттен тура Қостанайға жүрдек поез жүреді. Бүгін таңертең отырсаң, ертеңіне бізге келесің, – деп тұрып алды ұлы, – болашақ құдалар ғой, шаруасы бар шығар, «кейін келіңіздер» дей алмадық. – Қой, кеттім. Əсемкүлімнің (немересі) баратын жері қандай адамдар екен, көрейін, – деп əже жолға жиналды. Қалың көпшілік қауым көршілер тағы да кемпірді жолға шығарып салды.
Арада үш күн өткен жоқ. Қостанайдан Кентаудағы баласына суыт хабар жетті. – Апам, бүгін түнде ана дүниеге жүріп кетті. Дайындала беріңдер... «Ойбай, апашым-ай!» деп келіні бастап, қыздары қоштап жоқтауларын майын тамыза айтып, бұл жақтағы қыздары мен ұлдарының, туған-туыстарының, құда-жекжаттарының опыртопыры шықты. Басқа қаладағы алты ұл мен қыздарына да хабар жетіп, олар да Кентауды бетке алды. ...Керімбике əже немересіне сырға салып келген құдалармен жақсы-ақ отырыпты. Денсаулығына шағым жасамаған. Тек, «ертерек жатайын, төсек салып беріңдер» деп ерте жатқан. Содан келесі күні түске дейін кемпірдің бөлмесі тыныш. Келіні шəйға шақыруға барса, əже мінсіз қалың ұйқыда екен. Дем алысы байқалмайды. Дереу дəрігер шақыртады. Есіктен қолына ұстаған бір жəшік аппарат, қасында бір медбике орыс ұлтынан ер дəрігер кіріп келді. Ары тыңдады, бері тыңдады. Аппараты қосты, білектегі тамырын тыңдап, тексерді. Тыныштық. «Кеше не ішті, не жеді, жасы нешеге келді?» бəрін сұрап қояды арасында. Ұл мен келінде зəре жоқ. – Да.. да.. клиническая смерть наступила около 5.00 часов – деді содан соң басын шайқап дəрігер. Бар болғаны осы. Сосын абдырап, сасқан ұлы Кентауға хабар берген. Қостанайдан жолға машина жалдап, бермен шыққанда жолдан МАИ-қызметкерлері тоқтады. – Осындай да, осындай. Кентауға бара жатырмыз. – Ана машинада қандай жүк бар? Құжаты қайда? – Ойбай жүк емес, анам жатыр. Қайтыс болған. Асығыспыз. – Бола берсін, – дейді МАИ қызметкерлері, – беттері бүлк етпей. – Құжат болу керек қой. Анаңыздың жеке куəлігін көрсетіңіз... – Баласы асып-сасып анасының куəлігін таппай, келіннің қалтасында екен, əйтеуір тауып береді. – Ал, Хұсни Баһадүрқызының өлді деген анықтама құжаты қайда?
– И, и, Айналайын, ана жатқан кісі шынында да анам ғой. Қайтыс болып кетті. Қостанайға біздің үйге қыдырып келіп еді... Енді елге алып барамыз. Түсінесіз бе, немене соншама? Қазақ емеспіз бе, бəріміз, өлікті жолда тоқтатып, тексеріп... – Қазақ... қазақ... бұл жерде ұлттың қатысы жоқ... тəртіп, жолдың тəртібі керек, ағасы. Дəрігердің «өлді» деген анықтама қағазын қоса алып жүрулерің керек қой. Мен сіздерді алға жібере алмаймын. Мүмкін бұл кісі басқадай кісі қолынан қаза тапқан жан шығар? Криминалға ұрынғандар дəл сіздердей үнемі асығыс жүреді, – деп МАИ қызметкерлері енді дауыс көтере бастады. – Бəрібір осы автожол бойында басқалар да Сізден осы қағазды талап етеді. – Ойбүй... құдай-ай, не істедік? – деп амалсыз қаладан 200 шақырым бері шыққан жолмен кері қайтады. Таң атты. Бұлар барған емхана қызметкерлері: – Біз «өлді» деп анықтама бере алмаймыз. Бұл кісінің ауру тарихы қайда? Осы қалада тіркелген болса, қосымша учаскелік дəрігердің берген анықтамасы қайда? Бізге бұл кісі бір рет те қаралған жоқ. Тіркеу журналына қалай «өлді» деп тіркейміз. Жожоқ, – деп олар жолатпады. – Əй, кеше таңертең «Жедел жəрдем» станциясының дəрігерлері қарап, осылай қорытындысын айтты ғой. – Ендеше сол «Жедел жəрдем» станциясына барып, келіп қараған дəрігерден қорытынды қағазын алуларыңыз керек, – деді бір медбике. Өлік тиелген машина қала көшелерін жағалап аталған жерге келді. Барлық оқиғаны баяндады. «Өлген» деген анықтама беруді сұрады. Бас дəрігер: – Кеше Сіздерге барған дəрігер кім еді? – Ойбай-ау, аты-жөнін сұрамаппыз сасып жүріп. – Сіздің үйге сағат нешеде барды? Мезгілді айтыңыздар. – Күндізгі сағат 11-шамасы. Бір жарты сағаттан кейін барып:
– Өлікті машинадан алып, арнаулы кабинетте қайта қарап, тексереміз, – деді содан соң басқа бір дəрігер. – Кеше сіздерге барған дəрігер бүгін командировкаға кетіп қалған. Ол жоқ. – Бұл жақ солтүстік қой, айтқандарынан қайтпай тұрып алады. Дəрігерлердің көпшілігі орыс екен. Кім алғанды жек көреді. 200 долларды ана дəрігердің қалтасына салып жіберейік, – деді келіншегі күйеуіне. – Əй, сенікі де дұрыс. Сөйтсек, сөйтейік, – деп күйеуі қуанып, жаңағы қайта тексеретін дəрігердің соңынан қайта жүгірді. Көп ұзамай бұл іс ойдағыдай шешілді. Арада жарты сағат өткен соң бұлардың қолына мөрленген тілдей көк қағазды қолдарына ұстатты. Қостанайда бұлар бір қағаз үшін əрі-сəрі болып жатқанда Кентаудан қалта телефонына қоңыраулар соғылып жатты. – Қай маңайда келе жатырсыздар? Молдалар бүгін кешке келсе, ертең таңертең жерлеу керек дейді. Бүгін ата-бабалар қорымынан жер алып, апам жерленетін жерді дайындап қойдық. Бəрі əзір. Мал сойылып жатыр. Түгел басымыз қосылды. 700 адамға екі кафеге қатар тапсырыс бердік, – дейді, ары жақтан інісі. – Ойбай, қай маңайы несі? Əлі Қостанайда жүрміз. Бір анықтама алу керек екен. Жолға шығып, кері қайттық. МАИ инспекторларына апамның өлгені туралы дəрігерлер берген анықтама керек екен. Сол үшін кешіктік. Енді ғана жолға шықтық, – деді бұлар қысқа ғана, бəрін тəптіштеп жатпай. – Енді шыққаны несі? Сонда қашан, қай кезде келесіздер? Аржақтан інісі абыржып қалды. – Құдай-ау, Қостанай қайда, Кентау қайда? Əлі шықпапты. Əй, ертең шығаруға үлгермейді, – деп жиналған халықтың ішінде ақсақалдары қайта-қайта əзірленген шəйді асықпай ішіп отыра берді. Қасында оң жақта қойылған анасы жоқ, сонда да болса, келгендерге «Жан анам-ау, қасыңда бола алмадым» деп бір қызы дауыстап көрісіп жатыр.
«Ақылгөйім-ай, апатайым-ай» деп келіндері дауыс салады сұңқылдап. Айтқанындай жолда бұларды бірнеше МАИ тоқтатып, қағаздарын мұқият көріп, жіберіп жатты. Өйтіп-бүйтіп ауылға да кештетіп жетті. – Болса да, бүгін жерлеу кеш, күн кешкіріп қалды, кенже ұлының үйіне Алла бір түнетуді қош та көрген шығар, бір түнесін. Оң жаққа салыңдар, – деп жергілікті имамдар нұсқау беріп, жамағатқа ертең таңғы сағат онда жаназа шығарылатынын хабарлады. Өлік үйге кірген соң, апатайлаған, əжекелеген, бауырымдаған дауыстар үдеп үлкен үйдің іші азан-қазан шықты. Бір уақта жұрт басылып, қыздары мен ұлдарына, келіндері мен жақынжуықтарына жұбатулар айттылды. «Керімбике жақсы адам еді. Ойпырым-ай, Əсемкүлді айттыруға келген құдалармен əдемі сөйлесіп отырыпты. Ешкімге салмақ салмай, Алла əдемі алған ғой. Ұйықтап жатып кете берген...» десіп ауылдың басқа кемпірлері, «біздің де басымызға жазмыш осындайды жазса екен» деген тілеп отырған. Осындай сəтте оң жақта жатқан өлік қозғалып, артынша «УҺ, ашыңдаршыей терезені, қысылып барам» деп, бетіне жапқан ақ сейсепті қолымен көтеріп жіберген. «Астапыралла» деп қасындағы кемпір орнынан тұра берем дегенше, «өлді» деген Керімбике көзі бақырайып: – Əй, сен Балжанбысың, қашан келдің? – деген ғой. Демдерін іштеріне тартқан жұрттың біреуі «Біссмиллалап», біреуі «тірі, ойбай тіріліп кетті» деп көздері шараларын шығып, сілейген де қалған. Керімбике қаумалаған көпке «Сендер де Əсемкүлдің атаенелерін көруге келдіңдер ме?» – дейтін көрінеді ешнəрсе болмағандай. Содан соң Қостанайдағы ұлының келіншегінің атын атап: – Ақбота, балам, таңдайымның кепкенін қарашы, бағанағы шəйіңді əкелші, – деген.
Сонымен, ертеңгі жаназа əдірем қалып, халық қайта тірілген Керімбикені қос кафеде тойлады. Оқиғаны басынан аяғына дейін тыңдаған кемпір ешнəрсе білмейтінін, тек түс көріп керемет көк күмбез астында жалаң аяғымен біресе жер басып, біресе ұшқандай əсерде болғанын, содан соң тынысы тарылып, таңдайы кеуіп оянғанын ғана айтады. Ал балалары мен қыздары қуанып: – Өлік туралы анықтама қағазы жолды бөгегені қандай жақсы болды. Жарты күн ерте келгенде шешеміз жер қойнына тірідей көміледі екен. Құдайдың сақтағаны-ай, сақтағаны-ай, – деп жатса, Керімбике əже: – Айтпақшы, əлгі маған қазылған жерді біреу алып қоймасын, Төребек, ай, Төребек, айтыңдаршы, қайда жүр ана бала? Менің жерімді қоршап белгі қойсын. Біреу алып қояр, – депті. Көпшілік емес пе, арасында əзілдейтіндері бар. – Ай, алдымен өліп алшы, жер табылар. Үш күн шұбырттың ғой елді, жетер енді! Түк болмағандай тіріліп алып, балаларға əмір беруін қара! – десе, Керімбике əжей: – Қап, ұят-ай, тіріліп кеткенімді қарасайшы, – деп, қасындағыларды күлдіріпті. Керімбике бұдан кейін алыстағы балаларына көп қыдырмай, «Алла бір қайтарды жанымды, келесіде дайын отырайын» деп ауылынан шықпапты. Осы оқиғадан соң үш жылдан кейін 85 жасында қайтыс болған екен. Тот басқан тетік Жəмила төрт баланың анасы. Үшеуі үйелмелі-сүйелмелі болып қатар туылды да, бір ұяның күшігіндей бір-біріне бауыр басып өсті. Өзі университетте оқытушы бола жүріп, осы балалардың қалай өсіп, қалай ержеткенін білмей де қалыпты. Үлкені қыз бала еді, анасына қолқанат болып, өзінен кейінгі бір ұл мен қыздың күтімін өзі иығымен көтерді. Үшеуі де əке-шешесінің дегенінен шықпай, жоғары оқу орнына түсті. Үшеуінен кейін жеті жыл араға салып, ұлы Мереке дүниеге келген. Бұл сəбидің күтіміне мектепте оқитын үш баласы, күйеуі,
өзі – бес адам бірдей уақыт бөлді. Сəби «а» деп аузын ашса болды, барлығы «кəне, не дейсің?» деп елең етті. Барлығының бірігіп көңілмен қараулары, сұраған нəрсесін тəптіштеп ерінбей үйретулері күшті болды ма, жоқ туғаннан ерекше зерек пе, Мереке мектепке бармай жатып-ақ, өзінің қатарластары білмейтінді біліп өсті. Бастауыш сыныпты да үздік оқыды. Компьютердің тілін де меңгерді. Баласының оқуға ықыласы, өмірді тануға ынтасы күннен-күнге артқан сайын əке-шешелері «бұл баламыз болашақта кім болар екен?» деген ойға да қалды. Мереке тоғызыншы сыныптан кейін кенеттен өзгерді. «Балам, оқуыңды жақсы оқы» деген анасына бір рет: – Айтыңызшы, жақсы оқу маған не береді? – деп таңқалдырып сұрақ қойсын. – Не береді, несі? Білімді боласың. Қатарыңнан кем болмайсың. Жақсы азамат, адам боласың. – Сіздерге де əке-шешелеріңіз солай айтты. Сіздер содан кейін білімді болдыңыздар. Қатарларыңыздан қаншалықты артық болдыңыздар, айтыңызшы? Жақсы азамат, адам болудың деңгейі немен өлшенеді? Мама, Сіз студенттерге сабақ бересіз, оқытасыз. Тəжірибеңіз жетеді. Мысалы, жақсы азамат болуға жақсы оқығандық фактор бола ала ма? Жақсы оқымағандар сонда азамат, адам емес пе?.. – Балам-ау, ол не дегенің? Мəселен, Айнаш тəтең (үлкен қызы) мектепті жақсы оқыды. Университетті жақсы бітірді. Енді қызмет істеп жатыр. – Аха... дұрыс. Алайда, жақсы оқығандығына қарамастан, бірден неге қызметке тұра алмады? Сіздер қызметке тұру үшін араға қанша адамды салдыңыздар. Біреулерге өтініш жасадыңыздар. Өздеріңіз талай айтып отырдыңыздар. Жоғары сотта судья болып қызмет істейтін өздерің Сəке деп атап жүрген əнебір ағайды мектепте өте нашар оқып еді, жолы болып кетті деп. Соған ақырында пара бердіңіздер. Жақсы оқығанды кім бағалады?
– Балам, өскен соң түсінесің өзің, қазір... енді қоғам деген басқа болып өзгеріп кетті ғой... – Ал, ақша, пара дегендер сол күйінше орнында тұрған жоқ па? Ол – өмір сүрудің басты тетігі. Сол тетікпен Қоғам жұмыс істеп отыр. Өзгеріске түскен жоқ. Ал адамдар нағыз өмір сүрудің тетігін білмейді. Жоғары білім алсақ қана бəріне қол жеткізуге болады деп ойлайды. Сіздердің кездеріңіз бен біздің кезімізді алсаңызшы, мысалға. Міндетті түрде мектеп оқушысы «жақсы» оқу керек, міндетті түрде жоғары оқу орнына түсіп, «диплом» алуы керек... Содан соң міндетті түрде «тамыр-таныстық» іздеп, мамандық бойынша «жұмыс істеу» керек, тағы сол сияқты əрмен қарай кете береді. Біздің қоғамда жұрттың бəрі: оқығаны, оқымағаны, білімдісі, білімсізі, сіз айтқандай жақсысы, жаманы бəрі де пара беруге тəуелді өмір сүреді. Пара дегеніміз-ақша. Біз бəріміз ақша табу үшін өмір сүреміз. Дəл қазіргі кезде өмірдегі басты тетік осы ғана. Ал адам Ақша тауып, тапқан Ақша адамның өзіне қызмет көрсетудің жолы қайда? Кім біледі оны? Өйткені бізде таусылмайтын теориялар оқытылады, тəжірибе оқытылмайды. Оны тек өзің іздесең көресің, іздемесің көрмейсің. Тəжірибе көрмегенге оқыған оқудың, теорияның қажеті қанша? Мереке орнынан түрекеліп, есікке беттеді. Жамила баласына үндей алмады. Кешкісін бұл жағдайды күйеуіне айтты. – Да, балаң крутой ойлайды екен. Бұл ойлары менің басыма келмеген. Интернет арқылы біле ме екен? Мұны айтуындағы себебін білдің бе енді? – деді күйеуі Жəмилаға. – Жоға... Оны ыңғайын келтіріп екеулеп сұрап білмесек... Мына тоғызыншы сыныптың емтиханын тапсырып бітірсін. Мереке тоғызыншы сыныпты бітірді. Əке-шешесі байыппен өзіміз сұрармыз деп жүрген мəселенің бетін өзі ашып, атаанасымен диалогқа өзі шықты. – Мама, папа, мен бұдан əрі мектепте оныншы сыныпты оқымаймын. – Неге, балам-ау? Емтиханды тым жақсы тапсырдың. Енді екі жыл шыдап, он бірінші сыныпты оқып бітірсең, жоғары оқу орнына түсесің...
– Мен құрылысқа барып, қара жұмыс істеймін. Табыс табамын. Сіздерге салмақ салмай, содан соң оқитын кезде оқимын. Үш баланы оқытамын деп, қаншама өздеріңізге салмақ түсірдіңіздер. Жыл сайынғы демалысқа беретін азғантай ақшаны да солар оқуларын оқысын деп үнемдедіңіздер. Үстеріңізге жарытып киім де кимедіңіздер. Қаланың қасында тұрған мына Бурабай демалысына да ең болмаса біп апта барған емессіздер. Сол баяғы «балалар оқысын, жоғары білім алсын» деумен келесіздер. Адал еңбек етем, адал ақша табам. Əке-шешесінің бастары айналып, көздері қарауытып, құлақтары шыңылдап, шегелеп сөйлеп жатқан баласын тыңдауға шамалары жетпей, үн-түнсіз бір-біріне қарады. Мереке буыны қатпай жатып, екі жыл шетелдік компанияның құрылысында жұмыс істеді. Бара-бара тұрғын үй объектілерін жобалау, сыртқы жəне ішкі дизайндерін жасау істеріне араласты. Өмірге, жұмысқа деген құлшынысы оны бұрынғыдан да күшті жігерлендірді. Жұмыстан кейін интернет жүйесі арқылы күрделі жобалардың схемаларын сызды. Шетелдерде өтетін офистік объектілердің халықаралық жобаларының конкурсына қатысып, бақ сынады. Қазақстандық жас құрылысшының жобасы талайдың таңдайын қаққызды. Халықаралық ұйымдар тапсырыстар берді. Міне, бұдан кейін Токиодағы Халықаралық дəрежедегі құрылыс салу инситутын үздік бітіріп шықты. Сол Мереке қазір арамызда. Біреу біледі, біреу білмейді. Жас азамат өмір сүру ережесінің тот басқан тетігін өз қолымен жаңартып, қалаған бағытына өз қолымен бұрып келеді. Бұлардың қатары алдағы уақытта көбейе түседі. Қырымдағы хикаят Тайсия апай дəл біздің үйдің қасында көкініс дүкенінде сатушы. Жасы қырықтарға келіп қалған. Келбеті əйелдерден гөрі, ер адамға ұқсастау. Бойы ортадан төмен, бірақ иықты. Денесі тығыз, төртпақ. Үстіндегі жұқа халатынан əйелдің нышанын
байқатып, торсықтай кеудесі көтеріліп тұрады. Қараторы, бірақ көзге түсердей əдемі емес. Жүзі дөңгелек. Маңдайы қысқа, қасы қою, кірпігі ұзын, ал көзі үлкен, ерні жұқа. Бірақ жүзінде ме, жоқ адамға қараған жанарында ма, бір мейірімділік сезіліп тұрады. Мінезі ашық – жарқын. Жайдары. Сауда жасап тұрыпақ, қасындағылармен əзілдесіп, қалжыңдасып тұратынын талай көргенмін. Ісіне ширақ. Қолы-қолына жұқпайды. Ол кезде қазіргідей емес. Сауда орталықтары жоқ. Көкіністі жылдың төрт мезгілінде жемейсің. Əсіресе капуста қат. Көктем енді басталғанда оңтүстік жақтан капуста келеді. Қыстай ет пен картоптан шыққан соң, жаңа сағағынан үзілген капустадан борщ жасап ішуге, сілекейің шұбырып, дүкеннің ішіндегі созылған кезекке шаршасаң да тұрасың. Əр алушыға капустаны таразыға салып өлшеу, өнбейтін дүние. Оны есепшотпен есептеп тұру да қазіргіге қарағанда іш пыстыратын қиямет. Тайсия апайдың маңдайынан тері маржандай төгіліп тұрады. Кейде бір ұртына қасындағы қара нанды салып жіберіп, бір стакан суды сіміріп салатыны бар. – Қарақтарым, бұл біздің тамағымыз, таңертеңнен бері тік тұрғандағы. Мына капустаны сатып бітпей бізге дамыл жоқ енді. Кане, айта беріңдер, қанша келі керек? – дейді кезегі келген адамға мейіріммен қарап. Осы Тайсия апаймен ауруханада бір бөлмеде жаттым. – Міне, мына кереует сенікі, – деді мені əкелген медбике, жататын орнымды көрсетіп. – Бір команда болдыңыздар. Бұл бөлме толды. Бұл сөзді кімге айтқаны белгісіз, сөйтті де шығып кетті. Іргеде теріс қарап жатқан əйел бірден маған басын көтерді. Көкініс дүкенінің сатушысы Тайсия апай екен. Мен амандастым. Ол кісі мені танымайды. Сондықтан сəлемімді алған жоқ. Менің ұсқыныма ұзақ қарады. «Сені қайдан көрдім?» деп тұр ма деп мен: – Апай, сіз «Кооператорда», көкініс дүкенінде сатушысыз ғой. Мен сол жерде тұрам. Сізден ылғи көкініс алып жүремін ғой, –
дедім өзімше, «енді таныдыңыз ба?» дегендей. Тайсия апай елп еткен жоқ. Қайта қабағын шытыңқырап: – Қарағым, қайсысыңды тани берем мен, – деді қайтадан ірге жаққа басын бұрып. Сөйтті де теріс қараған күйі маған дауыстап: – Немене, жап-жас болып ауырасыңдар. Тастан-тасқа секіретін кездерің емес пе?! Сенікі де давление ме? – деді. – Жоқ. Менікі басқа... – Өтің жарылып кете ме? Енді айтпайсың ба, қандай ауру? – Шамалы жүрегім ауырып... – Жүрегіңе не болып қалды?! «Мына кісі қызық екен, келмей жатып, мені сотша тергеп» деп ойладым да, артынша əзілдеген боп: – Еркелік қой, əшейін, – дедім. Тайсия апай маған қайтадан бұрылды. Мен күлдім. Ол кісі де езу тартты. Мен сол күні Тайсия апайдың қатты ауру екенін көрдім. Қайтақайта емші дəрігерлер, бөлім меңгерушісі келді. Қан қысымын əлсін-əлсін өлшеді. Күре тамырдан ине шанышты. Екі сағаттан астам система қойды. Маңдайына мұздай шүберек басқызып, оны əлсін-əлсін медбикелар ауыстырып тұрды. Дəрігер де, медбикелерде: «Қозғалмаңыз. Сөйлемеңіз. Бір жақ қабырғадан, екінші жағыңызға аударылмаңыз» деп бақылауда ұстады. Бөлмеде менімен бес əйел. Басқалары түрегеліп жүр. Кешкі асқа бардық. Белгіленген ем-домды алдық. Қасымдағы Тайсия апай бағанағыдан соң қозғалмады. Сөйлемеді. Тамақ та ішпеді. Ұйықтадық.Таңертең ертемен сан түрлі сараптамаға қан алу басталды. Мен сонда болып, орныма қайта келсем, Тайсия апай керуетінен басын көтеріп отыр екен. Мені көрді де: – Күйеуің бар ма? – деді. Мен ойладым. «Мына кісі тергеуді қайта қолға алайын деді ме?» деп. – Бар. Екі ер балам бар, – дедім ақыры бұдарды да сұрайтын шығар деп толығымен. – Қай жерде істейді? Мен оған да жауап бердім.
– Өзің қай жерде істейсің? Оны да айттым. Тайсия апай: – Таң алдында оянып, сенің керуетіңе көз салсам, ешкім жоқ. «Мынау қайда кетіп қалған?» деп ойладым. Сөйтіп, дəретханаға шығуға орнымнан тұрып (ол кісіге орнынан тұруға болмайды) қарасам, пысылдап ұйықтап жатырсың.Тіпті керуетте жатқанда қоян құрлы да тұрпың жоқ екен. Күйеуің сені қалай əйел етіп жүр? Байдың қасында əйел деген балбырап жатпаған соң əйел ме ол? Сүйегің сүйегіңе жабысып... Құдай-ау, қай жеріңе қызыққан? Еркек дегендерің де, ай... Қалай сені тастап кетпей жүр күйеуің, мына шынашақтай денеңмен? – деді. Кей кісілер жақтырмаған адамдарына тиісіп сөйлейді. «Мына апайға ұнамай қалдым, білем. Мүмкін, əлденеге сынағалы тұр» деп ойладым да: – Апай, негізі мен сияқты жаман əйелдерге құдай бақ береді. Бағым сол, күйеуім менен кете алмастай етіп құдай маған екі ер бала берді. Тастап-ақ кеткісі келеді. Сезіп те жүрмін. Бірақ, шамамда, балаларын қимайды немесе партияның жалғыз əйелге байлап қойған талабынан қорқады. Осы екеуі жолын бөгеп-ақ тұрса керек. Сіз дұрыс айтып тұрсыз. Осы тұрқым кім қызыққандай? Ең болмаса, аяғымда балтырым да түзу емес, дедім мен, – Ауырып отырған апайым рахаттана қарқылдап күлді. – Сен əзілді түсінеді екенсің, айналайын, – деді содан соң кеңпейілденіп. – Мінезің жақсы екен. Сендей адамды ешкім тастамайды. Кешелі бері көңілімнен шықтың. – Енді осы палатаға мені прописка жасауға рұқсат бересіз ғой?– дедім одан əрі менде күліп. – Рұқсат! Бірақ, мен сияқты бір жарым ай жатпай-ақ қой. Бір ғана жетіге, содан кейін шагом марш! – Палатадағы басқа əйелдер күлді. Мен келген соң екінші күні Тайсия апай жақсарып, оған жүруге рұқсат етті. Оны Тайсия апай «қасыма келгендегі сенің жақсы шарапатың» деп жақсы ырымға қабылдады. Үшінші күні шыққан əйелдің орнына тағы бір жаңа əйел түсті. Алыстағы ауданның бір совхозынан екен. Түрі де ажарлы, бойы
да сымбатты. Жасы Тайсия апаймен шамалас. «Ауылдық жерде небір көрікті əйелдер болады-ау!» деп мен оған қызықтым. Сұлу əйелдің қабағы ашылмай, ешкіммен тілдеспей өзімен-өзі отырды. Тайсия апайдың енді көзі сол жаққа аударылды. – Мен бұл əйелге саған тиіскендей тиісейін. Қандай адам екенін білейік, – деді Тайсия апай менің құлағыма сыбырлап. Сөйтті де тышқан аңдыған мысықтай ана əйелдің қимыл-қозғалысын қалт жібермей қарады да отырды. Бір уақта жаңадан келген əйел үнжұрғасы түсіп, кереуетіндегі жастығын қағып қомпайтып, үйден алып келген əдемі сүлгісін керуетінің басына іле берген кезінде Тайсия апай: – Күйеуің бар ма? – деді ана əйелге. – Бар. – Не істейді? – Веттехник. Сиыр фермада... Жаңа өзі əкеліп тастады... Үйде балалар жас... Енді əбіржитін болды жалғыз өз...Тамақты қалай істеп ішеді? – Уайымың сол ма, өзің ауырып келіп... Əлде күйеуіңді аяп отырсың ба?.. – Аямағанда... қызықсыз... жұмысы бар... үйдегі балалар бар... – Ой-пай-ой... Сен керек едің оған... Сені қуана-қуана осында ауруханаға əкеліп тастаған жоқ па?.. Қазір ысқырып, өлеңін айтып жолда кетіп бара жатыр. Ертең сенсіз де оған қарайтындар жетеді... Алақанға салып сенен артық күтеді ана сауыншылар. Күйеуің де мəз, олар да мəз... Жаңадан келген əйел сөз айта алмай булығып кетті. – Сіз... Сіз... қызық екенсіз. Менің күйеуімді білмей тұрып сіз... ол ондай адам емес... Ондай емес! ө..! ө! ө..!, ии... – деп жылап бір берсін. Тайсия апай одан сайын өршелене: – Дəл сондай адам! Осыдан бар ғой, ауруханадан шығатын мезгіліңді айтпай, білдірместен барып көрші қалай боп жүргенін. Содан соң білесің... – Сіз немене менің күйеуімді... білетіндей... өө... ооо... уу... – деп көзінің жасы моншақ-моншақ ағып, ол бетін жағалай омы-
рауына, мұрнының ұшына төгіліп, бырсылдай, əйел бөлмеден шығып кетті. Не дерімді білмей мен отырмын. – Ақымақ əйел! Нағыз ақымақ! Дүниеде бар ғой, «күйеуім таза, менен басқаға көзін ешкімге салмайды» деп, мынадəй боп көз жасын төгетін əйелге жыным келеді. Ақымақ қатын... Өзінің көркіне сеніп отыр ғой. Пішту! Əдірем қал! Еркектерге бəрібір, көріктісің бе, көріксізсің бе? Осындайларды көрсем, ерегісіп кетем ғой. Жынымды қоздыруын қарашы... – Жыныңыздың қозуының да сыры бар шығар, айтсаңызшы?!. – дедім мен кəсіби əдетіме басып, білгім келіп. – Мен əлдекімдерге қатын құсап ананы-мынаны айта бермеймін. Журналиссің ғой, бірақ саған айтайын... Жазатындарың болады, соған кейде керек болса... Менің осы жасымда көргенім, мына өз көзіммен (көзін апай шұқып көрсетіп қойды) көргенім көп. Нағыз фактімен. Бұған менің Қырым курортында өз күйеуімнің басынан өткен хикаятым куə. Содан соң өз бастығымды көрдім... Өзінен 12 жас үлкен ана «Киімдер» дүкенінің сатушысы ақтөбелік қатынмен қалай жүріп-тұрғанын. Сол бастығымның бар ғой үйінде «мынауский» (бас бармағын көрсетті) уылжып, «келсең кел» деп тұрған қатыны бар, не жоқ десей кəрі кемпірге барып. Соларды көргеннен кейін мен еркектер адал дегенге сенбеймін, – деп барып, өршеленген қалпын сəл басып тоқтады. Ақыры бастаған соң айтып тынайын деді ме, бас жағында тұрған стакандағы суды бір ұрттап алды да, Қырымдағы хикаяны айтып берді. ...Осы қан қысымының көтеріліп кетуі сол курорт оқиғасынан басталып кетті... Мұндай ауру дегенді мен түгілі ата-бабамыз көрмепті. Мен енді осы аурудың қазір жетегінен шыға алмай отырғаным... Курорт дегенді білмеуші едім. Біздің үйден үнемі баратын күйеуім. Облыстық байланыс басқармасының білдей бас инженері. Бастық. Қырым, Сочи, Алтай, Есентуки дейсің бе, аттарын білмеймін де. Жылда кетеді жаз ортасында. «Мен де сенімен бірге барайын да» деген қатын емеспін. «Еш жерім ау-
ырмаса, несіне барамын» деймін. «Сол курорт тек бастықтарға, еркектерге ғана лайық шығар» деп ойлаппын. Сөйтсем, мына қатындай ақымақ екенмін ғой мен де. Дүкенді білесің ғой. Орныңа адам табылмайды. «Ойбай, Тайсия, адам жоқ, отпускной ақшаңды ал да, істей берсейші» дейді бастығым. Мен «Е, сөйтсем, сөйтейін» деймін. Алған ақшаны балалар өсіп келе жатыр, анаған керек, мынаған керек деп жинаймын. Бір-екі күн Қостанайдағы шешеме барып келемін де, жұмысымды жазы-қысы жалғастыра беремін. Содан бір қыста қайта-қайта жөтел қысып, суық тиді ме, ауыра берген соң күйеуім мені келісе қалар деп ойламаса керек: «Биыл Қырымға екі путевка алайын, сен де дем ал» деді. Əбден қалжырап жүр едім. «Е, жарайды, онда сенімен бірге курортты көрейін» деп, бастығыма жалынып, маған бір ай демалыс бер деп сұрадым. Ол жіберді. Жібермеуге амалы да жоқ. Оның хикаятын көргенмін. Ешкімге тырс еткен адам емеспін. Соған риза. Андасанда құлағыма сыбырлап: «Мен саған қарыздармын» дейтін. Сол қарызын өтегені шығар. Қайта. қосымша сыйлық жазып, қалтамды томпайтып, қалыңдатты. Сөйтіп. Қырым дегенді көрдім. Айтары жоқ əдемі-ақ екен. Жағалаудағы жайлы жерге орналастық. Бөлменің терезесі теңіз жаққа қарайды. Терезеден саф ауа тынысыңды кеңейте түседі. Бəрі керемет. Мені қойсайшы. көзіме өмірі ұйықтамағандай ұйқы тығыла береді. Жөтелден сап тыйылдым. Тамақ ішіп боламын. Бөлмеге келе ұйықтаймын. Бір күн өтті. Екінші күні де солай. Бөлмеден шығуға құлқым жоқ. Мына овощнойды білесің. Кейде жəшік-жəшік заттарды көтереміз ғой. Əбден демалыс көрмей, қалжырасам керек. Күйеуім: – Шығып, даланы, теңіз жағалауын көрсейші, – дейді. Мен: – Əй, қоя тұршы, демалып алайын, – деп ұйықтай берем. Күйеуімде дамыл жоқ. Ваннаға барам, ана емді аламын, мынаны аламын деп кетіп қалады, асханада бір-ақ кездесеміз. Бір апта осылай рахаттанып ұйықтадым. Бір күні кешке оянсам, таңдайым кеуіп жатыр екен. Алдында күйеуім көршіде тоқ шəйнек бар деп əкеліп
жүрген. Сол көршіден шəйнек сұрайын деп дəліздегі есіктерді араладым. Бір есік жартылай ашық тұр. Ар жағында бір əйелдің сыңғырлаған күлкісі естілді. Артынша ер адамның, анығында, менің күйеуімнің дауысына ұқсас біеудің үні шыққандай болды. Жайлап, ол мұнда неғып жүр деп қарадым... Қарасам, менің күйеуім лыпасыз, ана əйел де сондай сықылды... көзім шыдамады... екеуі... бұл дүниені ұмытып болып жатыр ғой... Есіктің тұтқасын ұстап тұрдым да, бар даусыммен барқырап: – Əй, албастылар, тым болмаса, мына есіктеріңді ішінен жаппайсыңдар ма? – деп айқайладым. Табан астында не қыларымды білмей, қалшылдап кеттім. Мұндайды көріппін бе? Жүрек кетті тарсылдап. Келдім де долданып жиналдым.Чемоданымнан тіпті киімдерім де толық алынбаған. Алқым-талқымы шығып күйеуім келді артынша. Бет жоқ қарауға. – Болды, кетемін! Бүйткен Қырымың құрысын! Жылда келіп жүрген курортың осындай ма? – дедім мен күйеуіме. – Барған соң ажырасамыз! Мен Қырымда барлығы бір апта ғана болыппын. Ананы қайдан тауып алдың? Əлде жылда осы жерге бірге келесіңдер ме?! Ваннаға, ем алуға, ана қатынмен бірге болуға қалай үлгеріп жатырсың? – Айтып жатырмын, айтып жатырмын. Сөйттім де сол күні самолетпен кері кеттім де қалдым. – Ол кісі қалды ма? – Қалды. Қалмай қайтеді? – Курортқа Қырымға кетіп барамын деп, əрі бастық көп ақша берген соң жұмыстағыларға жол аяқ жасап, əбден мақтандым емес пе? Үйге баруға, жұмыстағыларға көрінуге бет жоқ. Шешемнің үйі Қостанайға келдім. Өйткені балаларым сонда еді. Барлығын анама баяндап: – Болды, ажырасамын. Екі бала түгілі бес балам болса да ажырасамын, – дедім. Міне, осы давление дегенді сонда тапқанмын... Анам бірден үндемеді. Маған қарсы да келмеді. Қоштайтынын да білдірмеді. Бір ауыз не дұрыс, не бұрыс деп тіл қатпады. Тырсиып өз-өзіме келе алмай мен жүрмін. Тамақты да ішкім келмейді. шамалы күн өткен соң шешем:
– Ақылға салсаң, ажырасу деген ойдан қайт, қызым, – деді. Ашуыңды бас. Түрегел орныңнан, байың өлгендей болып, қара жамылма. Одан да маған қияр тұздас, ана балаларыңа қыста керек. Өтпескеңнің уақыты біткенше үйде еркінше дем ал. Сосын балаларыңмен үйіңе қайт. Əр еркекте жігіттік деген болады. Ол кешірілетін нəрсе. Қатынның басы алтыны жалғыз сен емес. Отбасың болмаса, сен ешкім де емессің. Балаларға əке де керек, ана да керек. Қақ бөлінсең, ұтылғаның. Тұтас болсаң, ұтқаның. Түбінде мұндайды түсінген əйел ұтысқа ие болады. Күйеуің орынсыз тілдемесе, қолын тигізбесе, табысы алақаныңда болса, саған не керек? Ерікпей, отбасыңа орал. Содан соң ертең келгенде «сен өйттің, бүйттің деп» миын күніге шірітпе. Өзі де бұл жолы опық жеген шығар. Ақылы бар азамат қой, бір нəтиже шығарар. Менің айтқанымды талқылама. Орында. Тұр, орныңнан тамағыңды іш, өзіңе кел! – деді. Шешемнің ақылымен содан соң, үйге келдім. – Анаңыздың айтқаны келді ме? – Келді. Содан кейін ол курортқа барған емес. Тіпті сол жағдай туралы сөз де қозғалмады. Жаз болса ол дачаға қарайды. Тайсия үнсіз қалды. Мен енді көңілін көтергім келді ме, жоқ басқадай ма, үнсіздікті бұзғым келді. – Палатадағы əйелдер айтты. «Күйеуі жақсы екен. Ауруханаға күніне үш рет келеді» деп. Ол əуелі кекесінді күлімсіреп алды. Содан соң: – Біреудің байы біреуге таңсық деген... Ия, рас, келеді. Алайда көңіл бір қалған соң қиын болады екен... Көңіл қалды ғой қашшан?!. – Тайсия апай күрсінді. Мен ауруханадан алатын ем-домым бітіп, үйге жиналдым. Шығарымда Тайсия: «Енді хабарласып тұр, сені іштартып қалдым» деп өз ықыласын білдірді. Мен де құп алып: «Сіз де тезірек сауығып шығыңыз, амандықпен кездескенше» деп жылы қоштастық. Өкініштісі, қайыра кездесе алмадық. Артынша жиырма күн толған жоқ, облыстық газеттің төртінші бетіндегі қазанамаға
көзім түсті. Онда Тайсия Жағыпарқызының ауыр науқастан қайтыс болғаны жарияланып, отбасына көңіл айтылыпты. Көзімнен төгілген жасқа ие бола алмай, сол күні өз-өзімнен бір түрлі күй кештім. Жасы 43-ке де толмапты. Ауруханадан үйіне шыққаннан кейін, қайтадан қан қысымы көтеріліп кетіп, қайтыс болыпты. Балаларының да отау тігіп, тұрмысқа шыққанын көре алмай кетті. Кешке жолдасым жұмыстан келгенде, себепсіз алара қарап, оның да кінəсі бардай жақтырмадым. Қырым хикаясындай неше түрлі хикаяттар əйел басында қазір де жетерлік. Бірақ Тайсияның анасындай біреу ақыл бере алар ма екен? Берсе де, Тайсия сықылды ол ақылды тыңдай алар ма екен, десейші?!. Оның сыртында өмірімізге белсенділікпен араласып жатқан гендерлік саясат та, əйелдердің қолтығына су бүркіп қояды. Ал, ерімен ажырасқан əйелдер саны ұлтымызда өршіп, əке тəрбиесін көрмей өсіп келе жатқан «қызтеке» балалар қаншама?!. Қоңыраулы сағат – «Будильник» Өмірі үйдің кезегін күтумен Жұрнақ өлерінен бір апта бұрын ғана үй алыпты. Онда да кезегінің жақындауына ғұмырлық қосағы жеті баланы дүниеге əкелгені сеп болған көрінеді. Марқұм сонда жеті баласына бөлмелерді былай бөліпті. – Мынау жалпы вагон сияқты бөлме. Бұған біз шешең екеуміз жатамыз. Қасымызда Ұлпаш мен Күлпаш болады, – деп үш жасар кенжесі мен бес жасар қызын қосыпты. – Мынау плацкарт вагон сияқты бөлме. Кереует сыймайды, мұнда Макура мен Шакура, Тəпек пен Жəпек қатарласып жатады, – деп орта мектептің үшінші, бесінші класстарында оқитын екі қызы мен жетінші, тоғызыншы класс оқитын екі ұлына бөліпті. – Ең жоғары, оңаша купейный вагоны сияқты түпкі бөлмеде Айтөре күйеуге шыққанша жатады, ол күйеуге кеткен соң Тəпек үйленсе, келінмен екеуі шығар, – деп төргі бөлмені бойжеткен қызына беріпті.
Əр жанға шаққанда, екі шаршы метрге жетпейтін осы үш бөлмелі пəтерді əупірімдеп жиырма жыл күтіп алғанда туғантуысқа қуанып той жасаған Жұрнақ бір апта қатарынан ішемін деп, қан қысымы көтеріліп қайтыс болыпты. Плацкарт бөлме тиген төрт баланың үлкені Жұрнақтың баласы осы Тəпек еді. Коммунистік қоғамда тұрғын үй жағдайының таршылық дəмін əкесі тартса, мына жаңа заманда Тəпек те баспанадан шекесі шылқи қойған жоқ. Əкеден болса да мұраға үй қалмады. Əр бала бүгінде өзінше тіршілік жасап жүр. Жастайынан баспана тарлығын көріп өскен Тəпек үш баласымен қашанғы үйсіз жүремін деп Ипотека құшағына ойланбастан күмп берген. Сөйтіп жиырма жыл қарызды мойынына арқалап, екі бөлмелі үй алған-ды. Сондағы бар сенгені – келіншегі екеуінің мектепте сабақ беретіні. Бюджеттен уақтылы тиетін азын – аулақ жалақысы. Ипотека қарызын банкіге төлеу де оңайға түспеді.Жұмыртқадан жүн қырыққандай жалақыларының əрбір тиыны үнемделді. Біріне жетсе, біріне жетпейді. Таршылық тауқыметі екі бүйірден шаншудан жаман қысады кейде. – Тəпек, – деді бір күні келіншегі. Осы дардай екі бөлме бізге неге керек? Бір бөлмесін жалға берейік. Он адам бір бөлмеде тұрған кез де болды ғой? Ең болмаса тамағымызды түзу ішіп, тиын-тебенге өкпеміз қысылмасын. Балалар да өсіп келеді. Киімкешектері де біраз ақша дегендей... – Біздің балалар шуылдап, тыным таппайтындар ғой. Бұл бір бөлмеге кім келе қояды дейсің? Тұрушыларға жанның тыныштығы керек шығар?!. – Ойбай, ол жағын мен реттеймін. Бұл көп адамның қолы жете бермейтін үй емес пе? Ыстық суы, жылуы ішінде. Мектепке жаңадан келген Күнтимес пəтер іздеп жүр. Күйеуі жол полициясында істейді екен. Екі баласымен жалға үй таппапты. Біздің бір бөлмеге келіседі. Баласы біздің балалармен қатар. Бірге сабаққа барады, бірге ойнайды.
– Жарайды, – деп келісім берді Тəпек. – Жарықтық көкем ғұмыр бойы «жалпы вагонда» өмір сүріп кеткен екен. Менің басыма да сол күй түсейін деп тұр ғой. Мына қарызды шамалы өтеп алғанша «жалпы вагон» бола тұрамыз да енді... – Əй, қойшы, – деді əйелі Инеш, – қай вагонда жүрсеңде, сенің несібең түгел болып жүр. Қазір бүкіл қазақтың басындағы тірлік осы. Тəпек осы қатқан қара келіншегіне риза. Басқа əйелдердей миын шағып: «анау жоқ, мынау жоқ» деген емес. Қосылғалы қиыншылықты қатар көтеріп келеді. Үш еркек баланы дүниеге əкелді. Тапқанын тарыдай үнемдеп жаратып отырады. Міне, көрдің бе енді, қаражат тапшылығынан тағы да жол тапқанын. Тəпек көнтектей ернімен əйелінің бетіне жабысып, шөп еткізді де, ыржың етіп «Сен мəледессің-ей» – деп бүйірінен түртіп кеп қалды. Мұны күте қоймаған əйелі: – Қойшы-ей, қытығымды келтірмей... Сақалыңды да қырмапсың, – дей қалды табан астында наздана. – Ертең үй тола адам болғанда бүйір түртуге де шама келмейтін шығар? – Ой-бүй, сені-ай, бар уайымың сол боп тұр ма? Сен өліп қалсаң да, оның ретін табатын шығарсың... Сөйтіп, жалпы көлемі 50 шаршы метрге жетпейтін екі бөлмелі үйде, екі отбасының 9 адамы тіршіліктерін бастап кеп жіберді. ...Қос келіншек өзара мəз. Тамақтарын бір асүйде істеп, мектепке бірге барып дегендей. Екеуі абысын-ажындай жарасып-ақ кетті. Қос үйдің балалары да мəз. Екі үйдің еркектері ғана жараса қоймады. Бірі болғанда екіншісі жоқ. Екеуінің де қабақтары əзірге келіскен емес. Күнтиместің күйеуі үнемі кезекшілікте жүреді. Тəпек мектептің байлаулы баспағы болып ол да ерте кетіп, кеш келеді. Кеште жастыққа басы тиісімен бар пысықтайтыны: «Менің шалбарым үтіктелді ме?» болады. Содан соң балалар шуылдап жатса да, жан-жағына алаң болмай терең ұйқыға кетеді. Инеш бір күні төтеден тиісті.
– Сенің осы шалбардан басқа еске алатының бар ма, жоқ па? Шалбарыңның шешілуі де, киілуі көрінбейтін болды. Сонда да «шалбар, шалбар» дейсің де отырасың. Үтіктелді, тұр əне!.. Тəпек күмілжіңкіреп: – А... а... е... енді маған не дейсің? – Көзімен аядай бір бөлмеде өсіп келе жатқан үш еркек баласының шүпірлеп тамақ ішіп отырғанын шолды. Келіншегіне қарады... Тіпті ерлізайыптылықты білдіретін төсек те көрінбейді. Анау тамақ ішетін ортада дөңгелек үстел. Күндіз жайылады, түнде жиналады. Одан екі қарыс жерде телевизор. Есікке жақын киім ілетін бір шкаф. Кереует деген жоқ. Қатар-қатар төсек салынғанда тіпті Тəпектің аяғы есік жақтағы шкафка тиіп жатады. Сабақ жазатын кішкене стол терезе жақтауында. Ол столдың астында балалары кітаптарын салған қағаз жəшіктер. Мына жақта Инештің ыдыс-аяғы, қазан-ошағы дегендей. Осы тіршілікке қарап Тəпек коммунистік қоғамда өлермендей жұмыс істеген əкесі Жұрнақ пен мына ел тəуелсіздік алған кезеңдегі өз өмірінде елеулі айырма болмағандығын сезді. Күрсінді. Күрсінді де жалпы вагондағы мына тіршіліктеріне, келіншегінің назының дұрыстығына еріксіз күлімсіреді. – Несіне күлесің? – «Сен мəледессің», деймін де. Кейбір нəрселерді мен ұмытып кетемін. Ал, сен еске саласың... Қатқан қара келіншек бұртиды. Сөйтті де жөні жоқ балаларына тиісті. – Əй, сендер ұйықтайсыңдар ма, жоқ па? Кəне, телевизорды өшіріңдер, сабақ қайда? Дайындалып та бітпейсіңдер. Екінші ауысымға баратын екінші ұлы: – Мам, мен ұйықтай алмаймын. Математикам бар əлі шығаратын. – Мен де. «Менің отбасым» деген шығарма жаза алмай отырмын. Сіз көмектесіңізші, – деп ортаншы ұл шықты. Ертеңіне Инеш сыбырлап Күнтимеске ерлі-зайыпты «проблемасын» айтты.
– Оның жолын менен сұрамайсың ба? – сыңғырлады Күнтимес,– біз жарықтықтың басымызда үйленген кезде де баспана болмаған. Бір бөлмеде ата-енеммен де бірге тұрған күніміз болды. Е, құдай-ай, десейші сонда да осы екі бала өмірге келді. Одан əрмен Күнтимес «тарихқа» кетіп қалмасын деп, Инеш сөзін бөлді. – Жолын айтам деп едің? Тар жерде қалай дегенім ғой. Қазіргі балалар да тез арда ұйықтай да қоймайды. Олардың ұйықтауын күтіп, өзіміз қатып қаламыз. Жаз емес, табиғатқа шығып... дегендей, – Оның жолы былай. Сен қоңыраулы сағат сатып ал, кəдімгі сағат ше шырылдап оятататын. Таңғы 4-ке ме, 5-ке ме, қойыңдар. Балалар таңғы ең тəтті ұйқыда жатқан кезде болмаса... – Бала түгілі, ересек адамдардың тəтті ұйқы шағы ғой... Инеш міңгірледі. – Енді жол, солай, біз кейде сөйтіп... Екеуі бұдан соң тағы да көп нəрселерді пысықтады. «Үйдің бар жүгі мойындарына түсіп отырған күйеулерінің қабағына да қараған дұрыс, əйтпесе бар ғой олар басқа жаққа көз сала бастайды. Сондықтан мұндайда өзің жол таппасаң көп нəрседен қағылып қалуың мүмкін», дей келе Күнтимес: – Қазіргі еркектер тура қораз сияқты. Жемді табуын тапқанмен, басқа мекиендерге де қыт-қыттауын қоймайды. Сондықтан олардың толып кеткен жемсауынан алатынды алып, орталатып отырмаса болмайды, тіпті жарықтықтарға сенуге болмайды, – дегенді айтты. «Озат тəжірибе көпке ортақ» – дегенді газеттерден Инеш талай оқып еді. Несі бар, қолданып көруге болады. Ұйқыдан оятатын қоңыраулы сағат мəселесін естігенде Тəпек бірден қуанды. – Бұл өзі табылған ақыл. Бірақ, сен мені əбден жұлқылап оят. «Əй, тұр» дей салма. Таңғы ұйқыны білесің ғой, – деді жымыңдап, «Сен өзі мəледессің-ей!»
– Мəледес, мəледес. Жақсы айтасың осы сөзді. Действие жоқ, по натуре... Мен де адаммын. Менің де ұйықтап қалуым да мүмкін... Сен оянсаң, қайта мені оят... – Керек десең мен бүгін ұйықтамай-ақ қояйын. Телевизордағы əнебір фильмдерді ше көріп отырайын. Тəпек жымыңдап, сыбырлай сөйлеп, қуаныштан көзі жылтылдап кетті. – Тəйт əрі, балалардарды ұйықтатпайын деп пе едің? Олар ол киноны дыбысынан-ақ ажыратады. – Ə, ол, бар екен ғой... – Жарайды, мені бүгін сен оят. Содан кейінгі күні мен сені оятамын. ...Ертесіне таңертең күн шыққанда балаларының дабырлаған даусынан оянған ерлі-зайыптылар алақ-жұлақ бір-біріне қарады. – Будильник қайда?! – Орнында. – Оят дегенім қайда?! – Ал, өзің ше, сен неге мені оятпадың?! – Қызықсың ба?! Мен не айттым саған. Жұлқылап, тұрғыз деген жоқпын ба? Просто өзіңнің оятқың келмеген. Мені дəмелендіріп... – Əй, басымды ауыртпа!, Дəмеленсең неге ұйықтамай қақиып отырмадың? Өмірі ұйқыдан өлгендей, жастыққа басың тисе болды қор ете қаласың. Жұлқылағанымда тұрдың ба?! Ыңырсып, бір жамбасыңа аунап түсіп: «кетші-ей бар өзің!» – деп қолымды қағып жіберген кім? Тəпек алғашқы қарқынынан бəсеңсіп қалды. Сөйтті де желке жағына қолын апарып, қысылып: – Мен сөйттім бе? Қап, əттеген-ай, мұздай суды неге басыма қотара салмадың? – деді «ұялған тек тұрмас» деген кейіппен. Ерлі-зайыпты екеуі бір сəт үнсіз қалды. Тəпек қайта-қайта ақталып, келіншегіне сол күні кешке дейін жұбату айтты. Кешірім сұрады. Жігіт күнінде айтпаған небір жақсы сөздерін айтты. Еркелетті. Əйтеуір Инештің кешке дейін ашуын тарқатты.
Қоңыраулы сағаттың ерлі-зайыптылардың арасындағы жағдайды шешіп, түзеген кезі аз болды ма, көп болды ма, бірақ нəтижесі жаман болған жоқ. Инеш сол жылдың жазында төртінші баласына, пəтерде тұрған Күнтимес үшінші баласына екі қабат болғаны рас. Бір күні Инеш: – Ішімдегі Будильник дүниеге келсе, бөлме тарлық етеді ғой... – дей бастағанда, Күнтимес: – Менің де Будильнигімнің несібесі бар екен. Күйеуіме қызметінен пəтер беретін болыпты. Қуанышымды айтайыншы, – деп Инешті құшақтай алды. – Құдайдың бізге қарасқаны... Сен менің, мен сенің Будильнигіңе кіндік шеше болуға келісейікші. – Бұл, əрине, міндетті түрде... Сылқ-сылқ күлкі одан əрі жалғасты. Содан соң екі келіншек тағы да бірнəрсеге сыбырласа қалды... Əйелдер дейсіңдер-ау, бұлардан бəрі шығады. Тек осындай жақсылық жағдайларды айтсайшы... Көздің шөбі Таңертең жұмысқа жиналып жатқанмын. Стол үстіндегі қалған ыдыс-аяқты жинастырып тұрып, терезеден аула жаққа көзім түсіп кетті. Сыртқы дарбазадан алқын-жұлқын асығып келе жатқан Айна жеңешемнің сұлбасы көрінді. – Ох, Мұрат аға тағы бірнəрсе бүлдірмесе не қылсын? Жеңешемнің таң атпай жүрісі суық,– деп ойлағанымша болған жоқ, үйдің тұтқасын ашар-ашпастан амандық жоқ, саулық жоқ (мұндайда амандасу мүлде болмайды) Айна жеңешем: – Бүкіл қыз біткенге өсиет тастаймын: «Естерің дұрыс болса суретшіге байға тимеңдер» деп. Құдай суретшілердің бетін аулақ қылсын! Осыдан бар ғой, қыз тусам қызымның қызына, ұлымның қызына айтып кетемін. «Суретшіден сақтаныңдар» деп айтамын. Əбден күйдім мен. – деді ентіккен күйде.
– Не болды жеңеше, сонша таусылып? Мұрат ағам ба тағы? Не болды? Көзіңізге тағы да «шөп түсіп» кетті ме? Сізді алақанға салып-ақ ұстайды. Сөйте тұра тағы... – Өй-пөй-өй, Өй-пөй-өй, күйдермеші солай деп. Мені алақанға салмай-ақ қойсын. Əне, бірнəрсе десең болды, сен де соны жақтап шыға келесің. Мұрат та, сенің ана ағаң Жексен де нағыздың нағыздары. (Жексен менің туған ағам да, Мұрат менің ағамның досы) Қайынсіңлі ғой деп бірнəрсе айтайын десең... Мен саған айтпағанда, кімге айтам? Айтшы, кімге айтам? Сен не білейін деп едің? Ешнəрсеге көзің жеткен жоқ. Бүгін түнімен ұйықтамай, тағы да... Ой, оңбаған-ай, оңбайды ол... Бұл əдетін ол қоймайды да.... Ол қоймайды... – Қойшы, енді жеңеше! Не болды түсіндірші? – Мұрат... тағы да... Менің сыртымнан жүруін қоймайды. Бүкіл қыздарға қылмыңдауын тыймайды, қақпас. Көзіме шөп салды... Өлердей болып алып еді. Апам (апам деген енесі) да осы қоймай, «Мұратжанымның етегінен ұсташы. Сендей қызға үйленбесе, ешкімге үйлендірмеймін деп» бір жағынан болмап еді. Бекер істеді, менің бағыма... Бұл қақпастың қыздармен қыдырғышын қайдан білейін? Мені алғанша не қылмады: суретімді де салды, өлең де шығарды. Өліп-өшіп қалмай қойды емес пе соңымнан? Бір сыныпта оқыған соң сыр мінезбіз ғой деп ойлап едім. Сонша өліп-өшіп, үздігіп еді ол да. «Сенің фигураңдай ауылда ешқандай фигура жоқ. Сенің суретің салып Мəскеудегі Третьяков галереясына қоямын» деді. Екі баланы туғанша, білгенім жоқ қой мұның қылығын. Осы оқуын бітірсін деп, Алматыға да бардым, өзің білесің, соңына еріп. Ақшаға тарықпасын деп, арсынбай еден жууышы да болдым, сен білесің... Мен сөйтіп жұмыс істемесем, суретшілік оқуын оқи да алмайтын еді... Сол жақсылығымды білмеді. Ана салып жатқан үйдің бүкіл кесегін құйып, арқа етім – арша, борша етім – борша болып онда да жүрдім. «Қойшы, сен қызметтесің ғой» деп əдемі кастюм-шалбарды үстіне кигізіп, өзім мынадай шыт көйлек кие салам. Жұрттың əйелдеріндей алтын, меруерт
тағамын деп айтқан емеспін. Түскен шаңырағымның ырысы мен берекесі үшін деп жүре беремін. Сонымды білмейді, қақпас, менің көзіме шөп салуын қоймай, енді бар ғой, үйме-үйме сабан салатын болды, е... е... ы... ы... ы... ы... Жеңешем бұдан əрі шыдамай алдындағы орындықты итере салып, жерге еденнің үстіне жалп етіп отыра қалады да, солқылдап жылағанын одан сайын үдетеді. Көлдей етегімен бет-аузын əлсінəлсін сүртіп, ағытылады дейсің. Көзінің төгілген жасы қандай десейші?!. Тура нөсерлеп құйған жаңбырдай ғой, жаңбырдай! Етегінің алды суға сығып алғандай болады. Мен жеңешемнің сырын жақсы білген соң, əрі үйге бас сұғып келгеннен кейін, ашуының алдын алуға өбектей бастаймын. – Тү, жеңеше-ай, ашу дұшпан-ақыл дос деген. Ашуды басып, былай, асықпай, абдырамай не болды түсіндірші енді... Жыламашы енді, – деп арқасынан қағып, құшақтаймын, көзінің жасы сорғалаған тұзды бетінен сүйемін. – Əй сен қыз, маған мақалдамашы, осы жыным келеді. Білдің бе, өткенде айттым мен сен қызға: «Ағаңа айт деп ақылыңды. Ұялт былай...» деп. Сен айтсаң, қояды, мен білем... Айтпадың ғой... айтпадың, сен қыздың да маған жаның ашымай барады... е... е... ы... ы... ы... ы... – Енді айтамын, жеңеше. Осы жолы айтамын, не болды? Мұрат ағаға не болған сонша, со кісі де қызық ... Сізді жылатып.... Бір жағынан газға шəйді қойып, дастархан жасауға кірісемін. Жылап отырып жеңешем, бір көзінің астымен менің не істеп, не қойғанымды көріп отырады да барлық ашуын тағы да менен алып: – Əй, қыз, шəйіңнің сүті бар ма, жоқ па? Сүті жоқ болса, мен ішпеймін, Қоймай-ақ қой, кетемін. Əшейін, ішіме сыймаған соң, сен қызға айтайын деп келіп едім, жұмыс, жұмыс деп өмірі босамайсың. Е, е, бұ қақпас па, бұ қақпас, менің көзіме шөп сал-ы-ы-п, күйдіреді де жүреді, күйдіреді де жүреді, – деп əрмен қарай жылай бастайды. Сыры мəлім жеңешеме:
– О, не дегеніңіз, жеңеше, қаймақ та, сүт те бар. Таңертең ертемен алып келгенмін. Кеше бауырсақ пісірген едім, варенье де бар! Сіздің келетініңізді білгендей болыппын ғой. Енді, бетіқолыңды жушы, шəй ішіп отырып айтшы, түсіндірші, – деймін одан əрі бəйек боп. Жеңешем бəрін алдын алып жатыр: – Сен, қыз, жұмысқа асығып тұрған жоқсың ба, əйтпесе мен кетемін, – дейді тағы да. Бұны да түсінемін. Неғұрлым бұйрық райлы сөз сөйленсе, Мұрат ағатайдың бүлдірген күнəсі де ауырлау болғаны... Оны қалайда иықтан оқ өткізгендей, өткізіп жібермесе болмайды. – Сіз келгенде жұмыс тұра тұрады-дағы. Қазір звондап жұмысқа бір сылтау айтармын. Асықпай отырамыз ғой... Жеңешеме бұл сөзім өте ұнайды. – Ендеше бірінші, жұмысыңа звондап ал. Звонда деймін мен сен қызға. Бұйрық күшті. Енді кідіруге болмайды. Жеңешем тыншу үшін звондауым керек. Қызметтестердің біреуінің телефонын теремін. – Ал-ло, Күйкентай, сен бе? Мен ғой Инеш. Мен бүгін.., – деп созып, табан астында қандай өтірік айтарымды білмей ойланып жатқанда, Күйкентайдың өзі аржақтан: – Бүгінгі нөмірге (газет қой баяғы) кезекші болған соң, кеш барамын деп айтайын деп отырсың ғой. Білемін, білемін. – деп жолды өзі тауып береді. Мен қуанып кетіп: – Ия, соны айтайын деп едім, біржола енді түстен кейін барамын ғой... Жеңешем бұл уақытта шамалы сабаға түседі. Дəліздегі айнаға қарайды. Беті-қолын жуып, менің жұмыстан қалғанымды біліп, жайланып дастарханға жақындайды. Мен көзімнің астымен байқатпай жеңешеме қараймын. Көз алды домбығып іскен. Сонда да келбеті əдемі. Қараторының əдемісі. Қиғаш қасы қарлығаштың қанаты дейтіндей-ақ қалың да емес, жұқа да емес, қара қаламмен əдейі арнап сыза салғандай. Қыр мұрын, мөлдіреген қара көз. Кірпіктерінің өзі ақындар жырға қосқандай тіп-тік əрі ұп-ұзын.
Ешқандай боянуды керек етпейтін табиғи сұлулықтың бəрі де осы жеңешемде жетіп жатыр. Айна жеңешем ауылдың нағыз Баян сұлы. Бойы да орташадан биік, сұңғақ. Қыпша белін, айтсайшы. Қазақ қыздарында сиректеу кездесетін түп-түзу тоқ балтырлы, мүсінді. Оның үстіне арқасындағы өрілген мөлідей қара ұзын шашын қос. Маңдайды қақ жарып ашады да, қос бұрымды солқылдатын арқаға лақтыра салады. Тілерсегін соғатын қос бұрыммен жүргенде көз салып қарамайтын адам жоқ. Айна екі шелекті иінағашқа қыстырып, ауылдың ортасындағы өзен сияқты каналға бет алғанда əсем сымбатына біз кішкентай қыздар да қызығып, соңында жəй ғана ілесіп жүруге құмар едік. Содан соң қауындыққа барғанда жүгерінің түрлі-түсті шырынды шашағын жинап, бұрым ғып өріп, шашымызға қосып Айна сияқты болып əдемілеп ырғақпен жүріп сəнденетінбіз. Менен төрт-бес жас үлкен ағам Жексен, Мұрат, Айна үшеуі де бір сыныпта оқыған. Түйдей құрдастар. Мұраттың үйімен біз көршіміз. Сол себепті Мұрат мені өз туған қарындасындай көрді. Зубай шешей күйеуі қайтыс болған соң бүкіл шаруа өзіне қарап, ең үлкен ұлы Мұратты əскерден келе салысымен, осы Айнаға үйленуге, шыны керек, күштеген. Қыздың төркіндері де кет əрі болмаса керек. Ал Айна өзі де Мұратты шын жақсы көрді, білем. Айна еш жерге оқуға барған жоқ. Мұрат аға суретші болуды армандап, Алматыға кетемін деп тұрғанда, Зубай шешей төтесінен бір-ақ қойған ғой. – Алматыға барасың, тек Айнаны қолға келін ғып түсірген соң... – Ойбай, апа мен оқуым керек қой, пəлен жыл. Досрочно үйленбеймін... – деп Мұрат бұлтартқан, шынында үйлену жоспарында болмаған соң. Оған көнетін Зубай шешей ме, болмай: – Кім саған оқыма деп отыр, үйлен де, оқи бер. Бір күн ауру, бір күн саумын. Тек келінім Айна болсын! Басқа жақтан тауып алған шөпжелке сөлкебайың маған керек емес! Анау інің үйленгенше қолымда тұра тұрады. Əйтпесе, Алматыңа ризалығымды бермеймін, – деп тұрып алған.
– Апа, онда сол балаңды-ақ үйлендірші. Өзі де қыздарға жақын ғой... Мен оқуымды бітіріп алайын, – деп өзінен кейінгі інісіне жол сілтеген. Не керек, Зубай шешей Мұратты Айнаға көп ұзатпай үйлендірді. Той өткен соң, бір айдан кейін, Мұратты Алматыға оқуға жіберіп, Айнаны өзінің қасында қалдырды. Мен де жазғы демалысым бітіп, Алматыға жиналдым. Айна мен Алматыға жүрейін деп жатқанда, көзі ботаның көзіндей мөлдіреп: – Сен қыз, Алматыға барған соң Мұратқа қарай жүрші, басқа қыздарға көңілі ауып кетіп жүрмесін. Сенен өтініш, – дегенін ұмытпаймын. – Ойбай, жеңеше-ау, ол басқа жақта, мен басқа жақта оқимын ғой. Тіпті кездесе де бермейді адам... – Биылша апам қасында болам ғой... Келер жылы қайным үйленсе... мен де Мұраттың қасына барамын... Немене бір жылға нең кетеді, сырттан бақылып жүрмейсің бе, мен үшін?!. Мен сол кезде «Жарайды» деп құтылғанмын. Осы «жарайдымның» өзіме кейін де көп міндет жүктейтінін сезбедім. ...Дастархан шетінде екеуміз. Шəй құйылды. Жеңешем бауырсақты аузына салды. Енді ұзын-сонар əңгіме. Оның көбісі ағамды қаралаудан басталады деп мен отырмын. Айна жеңгем тіл қатар емес. Күрең шəйдің үш-төрт кесесін сырғытты. Шып етіп, маңдайдан тер шықты. Содан кейін барып, көлбеңдеген етегінің екінші жағын алдына ысырыңқырап бетін сүртті де: – Автобусқа отырмай жаяу тарттым, сені жұмысқа кетіп қалама деп асығып. Содан таңдайым кепсіп, тілім салақтап келіп еді, мына шəй жақсы болды ғой, – деп бір қойды. Сосын барып: – Сен қызға жақсы. Күйеуің ешкіммен қақ-соғы жоқ, тынышсың, – деді менен де сыр білгісі келгендей. – Оны қайдан білесің? – деп қарсы сұрақ қойдым мен. – Ол да келбетті. Қыздар дегенің орысы, кəрісі, татары бəрі соңында керуен болып жүр. Тіпті, үйге де звондайтыны бар.
– Рас па, ей? Қойшы... – Өтірік айтып нем бар? Еркектердің бəрі солай.. – Сен қыз оқығансың ғой, бірақ байқатпайсың, ə, осының бəрін? – Байқатқанда не істеу керек? Ортамызда бала бар, шаға бар дегендейін. Үлкендер тұр сыртымыздан қарап. Қызғанған сайын құтырып кетеді олар. Мен жеңешемнің сыр тартып отырғанын біліп, күйеуімнің неше түрлі «күнəлəрін» ойдан қосып, баяндай берем. Шəй кесе араға жиі қатынайды. Жеңгем шындап терлейді. – Обшым бар ғой, еркектер опасыз десейші, ə? Мысалға бар ғой, сен қызмет істейсің. Оқығансың, ə? Сонда да күйеуің əлгідей, ə? Опасыз ғой, еркектер? – Барлығы емес шығар енді. Мəселен, Мұрат ағам ондай емес. Суретші болған соң енді əдемілікке, сұлулыққа қызығуы кəсіби талабы. Тəп-тəуір отырған жеңешемнің түрі өзгеріп сала кетеді. – Əй, сен қыз, ашуымды келтірмей отыр. Мен не айттым саған. Үстап а-л-ы-п келіп отырған жоқпын ба? – Кəдімгідей ме? – Мен таңқалғандай болам, – Айтпайсыз ба енді? Бағанадан бері буылған жіп, енді шешіліп кете барады. – Ол қақпасты («қақпас» жеңгемнің Мұрат ағаға «айналайыны» жəне қаратпа сөзі) білесің ғой, шахмат десе жанын береді. Есіктің алдындағы беседкіде кілең біреумен шахмат ойнайды. Қараңғы түскенше ойнайды. Үйде тамағы суып қалады ылғи. Балаларға айтамын: «Қараңдаршы, əлі папаң шахмат ойнап отыр ма?» деп. Балалар айтады. Папам екі рет мат қылған екен. Қасындағы жібермей үшінші партия ойнаймыз деп отыр дейді. Қашанғы күтем. Балаларға айтам: – Папаң келсе, тамағын ысытып ішер, мен ұйықтадым,– деп. Таңертең кетем, əнебір бəлницаның полын жуамын деп. Түсте келем. Ол жұмыста. Кешке кетемін тағы да пол жууға. Шаршап сүлелеймін. Сөйтсем, қақпас Мұраттың шахмат ойнағанына бір ай болыпты ғой. Алдында мен байғұс:
– Шахмат ойнап жүргенің қандай адам? Түнімен далада масаға жем болғанша, үйге келіп отырып-ақ ойнамайсыңдар ма? – дегенмін. – Өй, өзім де жөнді танымаймын. Қалаға сол подьезге қонаққа келген бе? Қарындасына қыдырып... Алдында бір орысты мат қылғанын көрген соң, «менімен бір партияға қалайсың?» деп едім, ойнайын деді. Содан басталды ғой. Итжығыс болып жүрміз. Бірақ ойнауына жақсы ойнайды екен, – деді. Беті бар ғой бір бүлк етсейші. – Ие, содан не болыпты? – Кеше жұмыстан келсем, тағы Мұрат жоқ. Балалардан сұрасам: – Папам шахмат ойнауға кетті, – дейді. Даладағы беседкіге қарасам, бейсауат ешкім көрінбейді. Енді келіп қалар деп ертеңгі жейтін тамақты пісіріп, одан қалды оның шалбарын өтектеп, сағат түнгі он бір жарымға дейін кухняда жүрдім. Ол əлі жоқ. Неғып мұнша кешікті деп далаға шықтым. Көрші үйдің отыратын орындықтарын қараймын. Ересек адамдар мүлде жоқ. Сосын «Əлгі шахмат ойнап жүрген адамы, далада маса жаудай болған соң, қарындасының үйіне шақырып, сонда ойнап отырған шығар» деп ойладым. Сөйтіп, сол подьездің төрт қабатындағы барлық пəтерлерді сүзгілемеймін бе? Бəрінде болмай шықты. Енді бір есіктің қоңырауын бастым да, жəй есігін тарта салсам ашыла қалды. Ашсам аржағында мəйкішең Мұратым тұр. – Ə, Айна, сен неғып жүрсің? А... а... Кел, кел, – дейді ғой сасқалақтап, тура өз үйінде тұрғандай. – Əй, сен неғып мұнда жүрсің? – деймін, ар жағында шахмат ойнаған адам бар шығар деп жəйімен сыбырлап. Сөйткенше болмады, кимона көк көйлек киген, итеріп қалсаң құлайын деп тұрған бір келіншек шықты еті терісіне жабысып. Мұрат қақпас не айтты де: – Жəй, мына кім, шəй ішейік деген соң, келіп едім... Енді шыққалы жатыр едім, – дейді беті шімірікпей. Бар ғой, тіпті мəйкішең күйі, тіпті көйлегін іздеместен. Сол жерде мына менің
жүрегім тоқтап қала жаздады. Ышқынған күйі зал жағына атып шықтым. Сөйтсем, ақ дастархан жаюлы. Үстінде неше түрлі тамақ. Ортада вино ма, коньяк па, білмеймін бірнəрсе тұр. Мойны ырғайдай имейген ана келіншек: – Келіңіз, отырыңыз, – дейді майысып жүзіқара. – Отырамын, – дедім мен, – мен ешқайда асықпаймын. Сөйттім де дастархандағы барлық тамақтың бірін де қалдырмай мына етегіме салып алдым да қақиып тұрған Мұратқа: – Ай, қақпас, көйлегің қайда үстіңдегі? Мына күйің не мəйкішең? Сенің шахматың осы ма? Ит жығыс болып жүрген? Ойнауын жақсы ойнайтын мына қатын ба? – дедім де, үрпиіп тұрған əлгі келіншектің бетіне шапалақпен бердім келіп, бердім келіп... Онымен де қойған жоқпын: – Сайқал, біреудің отанын бұзып не, көгересің бе? Ертең бе, ертең бастығыңа барамын, бəрін айтамын! – дедім бар даусыммен айқайлап. – Апатай, олай істемеңіз. Апатай, жалынамын, – дейді ұятсыз. – «Апа» дейтіндей соншалықты Сізден жас па екен? – Ит біле ме? Қызметкер сияқты, ілмигені айтып тұр. Бойы бір метрден сəл-ақ асады. Құдай-ау десей, уысқа түсер төстен төс жоқ, қатып қалған қара ағаш. Сонда деймін-ау, айтшы, сен қыз, маған қарашы, міне бойым, төс деген мынау, жұп-жұмыр. Міне, балбыраған ап-пақ сан, қарасай міне, балтыр деген мынау! Шидиіп тұрған жоқпын. – Жеңешем тұла бойының барлық жерін аямай ашып, қысып-қысып ұстап көрсетеді. Мен тек басымды изей берем. – Сонда сенің анау ақымақ ағаңа не керек деймін мен, не керек? Төсекке келсе, қолын қағып жатқан тағы мен жоқ... Қақпасай, күйдіреді кеп... – Содан соң? – Содан соң не болушы еді? Ана ағаң зытты үйге қарай, маған қарамастан. «Екеуің не болсаң, ол бол» дегендей.Қалған соң келіншектен барлығын сұрап алдым.
– Ағаммен шахмат ойнауға үйге алдында келген. Күйеуім түрмеге істі боп түсіп қалып... ағамның танысымен шамалы мерзімін азайттық... Ағам кеткен соң, кешегі шахмат ойнайтын жерде отыр екен. Айтқанмын «Шəй ішейік, аға» деп... – Немене бетсіз, күйеуің түрмеде болса, бөтен еркекпен пəтеріңде неге арақ-шарап ішесің? Қасыңа жатты ма, жатпады ма, соны айт маған... – Ағайда ондай арам ой болған жоқ. Жақсы кісі ғой. – Əй, саған біреудің байы қалай жақсы болады ей, а? Неге мəйкішең болады ендеше? – Ағай коньякті аша алмай, үстіне төгіп алып, сосын мен оны жуып балконға іліп қойғанмын... Апай, мені де, ағайды да кешіріңіз... – Əй, сайқал, – дедім мен, – өз байымды кешірем бе, кешірмеймін бе, өзім білем? – дедім де, үстел үстіндегіден дым қалдырған жоқпын. Бəрін етегіме жинап өрік, мейіз, кəмпитпешенейді телебизор көріп, ұйықтамай отырған балалардың алдына төктім. Олар қарқ болып қалды. Ана ағаң түк болмағандай, үйге келгеннен кейін маған: – Қойшы, Айым менің. Мұндай кезде мен Айым болып қаламын ғой. Сен қызғануға тұратын əйел емес. Сенің бар ғой, бір тал шашыңа тұрмайды, көзің көрді ғой түрін, енді еркек атым бар емес пе? Үйіне шəйға шақырып тұрғанда «Əйелімнен қорқамын» деймін бе? Бəрі орынында, – деді де жатып алып ұйқыға кетті. Кім біледі, олардың шаруасы мықты болған шығар?!. Əйтпесе мəйкішең неге жүреді, ей, ə? Ал мен болсам түнімен кірпік ілмедім. Сенің ағаңа дауа жоқ. Беті былш етпейді. «Аядым, күйеуі түрмеде жатыр екен. Біртүрлі аяп кеттім. Алдында ағасымен барғанда танысқанмын» дейді. «Ағасы қашан кетті?» деп сұрасам: – Осы бүгін ғой деймін. А, то ис.. кеше.. Содан соң шəй ішейік деп шақырғаннан кейін, көңілі жарым əйел ғой деп...... просто шəй ішкім келген... Ол-лаһи, ешқандай бөтен ойым болған жоқ. Сосын коньяк қойыпты. Мен ішпеймін ғой шамалы 50 грамм коньяк
ішейін, сыйлап, қойып отыр деп ашайын десем... үстіме төгіліп... Содан көйлегім кепкенше əлгінің өмір тарихын тыңдадым... – деп отыр. Общым, бар ғой, таза емес. Мен білем, өтірік айтқанда барлық нəрсені қиыстырып жібереді ғой, қиыстырып жібереді. Тағы да солай қиыстырып отыр. Осы қақпастың кесірінен немере сіңліммен ара қатынасты мүлде үздім. – Жансаямен бе? Неғып? – Ол қыздың өзі кінəлі. Айтпақшы бар ғой, үйіңе еш ағайынның қызын жатқызба! Мен саған оны айтуға аузым бармай қалды ғой... Жалпы ешкімге де айта алмадым... Ойбай ол оқиғаны айтсам бар ғой шалқаңнан түсесің. – Жансаяға не болды? Өзіңнің сіңлің, туысың емес пе? – Ия, жас, жас саған. Оқу емес, ол қызға тезірек күйеу керек болып жүр екен. Ақыры шығыпты ғой, біреуге... Тойына шақырғанда барған жоқпын. Сол қыздың кесірінен ағаң екеуміз шөт ажыраса жаздадық. Ойласам, сол оқиғаны жындана жаздаймын... Жеңешем «Уһ!.. мен не көрмедім» деп етегімен бір желпініп алды. Содан соң біраз ішінде сақтағанын жалғастыра берді. – Жансая оқуға түсемін деп келген сол жазда. Ана соғылып жатқан үйдеміз ғой, бəріміз бремəнкіде. Күндіз кірпіш құйып, топырақ үйіп сілелеймін. Ана қақпас қара жұмысқа шықпайды. «Ойбай бір батырдың суретін салуға тапсырма алдым, соны салуым керек» деп кетеді мəстерскойына. Мұрат жұмыс істесе ақша болады ғой, деп үндемемейміз ғой. Содан кеш бата, тамақ ішіп алған соң, бəріміз қатар қатар көрпешені саламыз да жатажата қаламыз. Менімен бірге кесек құйысқан қайындарым да жастыққа басы тиісімен қор ете қалады. Жансаяны қыз деп шəйпəй қоюға жұмсамаймыз болмаса түсетін оқуына дайындалсын дейміз. Ағаң кешке маған жылмыңдап, бүйірімнен түрткіштеп белгі беріп жүрген. – Ай, қақпас-ау, үйдің іші топырлаған адам. Құтырмайтын кезде құтырады екенсің, – деймін ұрсып,– өзің мен сияқты кесек құйып көрші көрейін.
Содан айттым ғой қатар-қатар жатамыз деп. Жансая менің қасыма жатады, оның ар жағында бір метрдей жерде Мұрат, одан кейін оның інілері... Бір кезде құдайдың өзі шығар деймін оятқан. Біреудің ыңырсыған дауысын естимін. Кəдімгідей. Көзімді ашып қарасам бар ғой, Мұрат қақпас қасымдағы Жансаяны дəл тамағына сүліктей жабысып сүйгелі жатыр, кəдімгідей-ақ. Ана қыз болса кет əрі емес, ыңырсып.. кетіп барады ғой...ра-хат-та-н-ы-п... – Əй, өй, бұларың не?! – демеймін бе, мен ұшып түрегеліп. Сенің ағаңда бет жоқ қой. – Ай... оянып кеттің бе? (Сонда мен оянбауым керек) Мен əшейін ойнап... Жансаяға жездесі болған соң... шамалы... бетінен сүйіп... нетіп жатыр едім, – дейді ғой. – Содан соң, жеңеше? – Оның бəрі көп əңгіме. Қайталасам, жүрегім ауырады. Жансаяны ауылына қайтардым да: «Енді сен мені көрмейсің» дедім. Ал, себебін əке-шешеңе өзің айт дедім. Мына ағаңнан ажырасайын деп біраз қиқаңдағанмын. Əй, мына балалар тұрғанда қайда, бəрі «папалап» жылағанда сай-сүйегім сырқырады. Сосын тоңқылдап-тоңқылдап басылдым, қайда барам. Ана қыз болса басқа емес, өз сіңлім... – Ағам, ол оқиғаға қалай ақталды? – Ақталушы ма еді, ағаң? Қайта, бар кінəні өзіме аударды. «Айым, сен қызықсың? Сенің қасыңда айдай толықсып, омырауын жартылай ашып сіңлің Жансая жатты. Сен болсаң қорылға бастың. Аналар (інілерін айтады) да қорылдап бір берсін. Содан соң ойымда түк жоқ (оның ойында əркезде түк болмай қалады) сен жаққа қарап, «байғұс-ай, бір бейнетке жаратылған адам ғой, кірпіш құйып шаршап жүр. Менің бағыма Айна кездеспегенде қайтер едім?» деп сені ойлап жатқанмын. Сөйтсем Жансая да ояу екен. Маған қарай аунап түсіп, жеңіл күрсінді. Ол енді сенің немере сіңлің емес пе? Былайынша, полный имею право жезделік жасауға. Содан соң қайтер екен деп барлау жасап, білегіне қолымды жəй салғанмын. Жансая қолымды қақпақ түгілі
қайтаратын түрі жоқ, ұстап алып, жібермей қайта қысты. Өзің ойлашы, өзі сезімді қытықтайтын түн. Ай сəулесі əдемі-ақ болып бізге түсіп тұр. Толықсып қасыңда қыз жатыр. Қолыңды лапылдап күйген алақанымен қысса тағы да не істеуім керек, а?! Жəне қызық, біртүрлі болып күрсіне берді. Содан соң жəймен ығысып жақындадым. Жан-жақтың бəрі толық қорыл. Сіңлің неге болса да кет əрі емес. Лапылдап от болып жатқан қыздың тамағынан енді иіскейін деп жатқанда, сен ояндың... Жалпы сіңлің де жетісіп тұрған жоқ. Маған қайта айтпай ма: «Аға, мұныңыз не, ұят емес пе?» деп. Пожалуйста, мен еркек адам бұл жерде ұйықтап қалған сен, сосын сенің ұйықтағаныңды аңдып жатқан сіңлің Жансая кінəлі, сосын осы үйге неменеге жатқыздың ондай қызды, топырлап жатқан жігіттердің ортасына, мен болмасам, ана Суат, Құрақ, Жұрат бəрі де зіңгіттей бойдақтар емес пе, қалай солардан сескенбейсің?! – деп қарап отыр. – Иə, ағатайымның бұл қылығы тура нағыз Дон-Жуандық екен. – Міне, міне сол! Киноларда бар ғой. Аты қандай ед? Дəл сол. Əнебір «Детский мир» бар ғой мəгəзін, соның үстінде бір қыз ба, келіншек болған. Оның көзін құртып едім, енді мынау шықты. – Енді мен не қылайын? Мұрат ағаға не айт дейсіз? Маған біртүрлі ыңғайсыз, бұл тақырыпта бірнəрсе деу, – деп күмілжи бастаймын. Алғашқы райдан əлдеқашан қайтқан Жеңешем: – Ей, қойшы-ей, сен қыз да... Əшейін, менікі ішіме сыймаған соң саған өзімсіп айтқаным ғой. Ешнəрсе демей-ақ қой. Əй, мына кəмпетіңнен балаларға орап бере сал. Біздің үйдің ұлдары бар ғой өмірі тəттіге тоймайды... Үйге ала барайын. ТуҺ, мына шəйің жақсы болды ғой. Жеңілейіп, жаным кіріп қалды, – дейді жиналып. Содан соң тағы да маған бұрылып, бетіме қарап: – Мына күйеу баланы үндемей жүріп қарашы-ей, оны өйтіп жібере берме. Сазайын анда-санда тарттырып қой, мен сияқты. – дейді. Жеңешемнің дауыс екпінінен белгілі, онысы өз күйеуінен басқалар да жігітшілік жасайды екен ғой деп көңілін жұбатқанға көбірек ұқсайды. Оны мен білем де:
– Жалпы, принципте еркектерді қызғанудың керегі жоқ, – деймін. Мысалы, сізге де соны айтар едім. Балаларыңыз бар, құдайға шүкір, аға Сізді жақсы көреді. Айлығын, басқа да табысын алақаныңызға салып отыр... – Ол қақпасты мен, ибай-ау, өлердей жақсы көрем ғой, жақсы көремін. Жылмиып алып, ол да көріктінің нағызы ғой жəне. Соны пайдаланады біреулер. Содан соң менің көңіліме келетіні оқымағандығым. Содан кемітетін шығар деген пəле келеді ойыма. Сен сияқты оқыған болсам, мүмкін қызғанбауым. Содан кейін ол мүлде көңілшек аяғыш-ақ. Көріп отырсың ғой, əркімді аяп жүргенін, енді өйте беруге болмайды ғой. Дұрыс па? – Əрине, ол дұрыс емес, – деймін енді абайлап, одан əрі жеңешемнің тағы ашуын келтіріп алмас ыққа жығылып. Сөйтемін де жеңешеме: – Үстіңізге мынадай көйлек кие салып көшеге шығатыныңыз не? Сізде анау бір көйлек бар ғой, фигураңызды ашатын, сол көйлекті киіп жүрмейсіз бе? – деймін назарын киім жаққа аударып. – Қайсы, ана прямойды айтасың ба, өзім тігіп алған? – Иə, соны... – Шашымды кессем бе, деп ойлаймын... – Ой, қой жеңеше, мынадай ұзын шашты кесіп. Бүкіл республикада бар ғой, сіздің шашыңыздай ұзын шаш жоқ. Ағатайым сіздің ана суретіңізді өте күшті салған бұрымыңызбен. Жеңешем көңілденіп, бағанағы ашудан із байқалмай, қуанып қалады да: – Өткенде бар ғой, мен жұмыста еден жуып жүрсем, бір палатада бастық жатады екен. Маған қарайды келіп, қарайды келіп... Көзінің жаманын-ай. Мен келесі палатаға өттім. Ол коридорға шықты... Əйтеуір маған қарады да тұрды. Содан соң келесі күні сол бөлмені жуайын деп шелегімді алып кірсем бүй дейді: – Қарындас, сіздей сұлу да көрікті адамға кім еден жуғызып қойған? Мен болсам үлкен субенер жəшік жасатып алып, сізді соған қойып, қарап отырар едім, – дейді. Менің көз алдыма
ағаң елестеп кетті, біреуге жылмиып осындай сөз айтып тұрған. Айқайлап бердім. – Үйіңізде мен сияқты біреу бар шығар, ауырып отырып, біреуге жаман көзіңізді салмай отырыңыз. Ұятсыз! – дедім. Тіпті өзі шошып кетті. Кешірім сұрады. Осыным дұрыс па? Бетін қайтарып тастағам жоқ па? – Дұрыс, жеңеше... бірақ айқайламай-ақ та айтуға болады ғой. Көрдіңіз бе, сіз шынында көрікті болған соң айтып отыр?!. Арам ойы болмаған да шығар. Сіз неге беттен аласыз? Ағатайымды беттен алуға əбден үйреніп кеткенсіз. Таныс емес адамға да долданыпсыз. – Осындайда менің оқымағаным көрініп қалады, иə? Расында өзім кейін «неге айқайлағанмын» деп ұялғанмын. Əшейін, сол кезде Мұрат есіме келе қалды. Қыздар көрсе бар ғой, сызыла қалады ғой, сыпайы болып, мүлде болттарының бəрі босап кетеді ғой. Өтірік мақтауға келгенде алдына жан салмайды. Лөбөй қыздар бірден жақсы көріп қалады. – Мұрат ағам сізді сүйеді, ешкімге айырбастамайды. Анаумынау енді бəріміздің де күйеуімізде бар. Бəрі де қыз дегенде, – дей бастағаннан-ақ жеңешем: – Қойшы, қоя қойшы енді. Барлық əңгіме осы жерде қалсын. Əшейін, ішіме сыймай кеткен соң саған келгенім ғой. Мен кетейін үйге. Түске əбедім де істелген жоқ – деп есікке беттейді. Мен де ішімнен «уһ» деймін де жұмысыма жинала бастаймын. Мұрат аға бірнəрсе ойда жоқта бүлдіріп алмаса, Айна жеңешемде бəрі жақсы, бəрі тыныш. Алайда, тыныштық тағы да көпке созылмайды. Телефон шыр-р етеді. Енді ар жақта Мұрат ағам асығыс: – Инеш, былай. Тыңдап ал. Мен, Жексен бəріміз сіздің үйде карта ойнадық. Түнде қондық. Таңертең алтыда тарадық. Все. Айна барса, солай дейсің. – Трубканы қоя салады. Қызық осылар. Кілең араларында куəге тартылып неге мен жүруім керек? Өзімше күңкілім басылмай жатып, есік қағылады.
Белгілі кім келіп тұрғаны. Есікті ашамын. Алқынып Айна жеңешем тұр, бүйірін таянып: – Əй, қыз, төлко шыныңды айт. Егер бар ғой осы жолы Мұраттың айтқаны шын болса, өмірбақи оған үндемейтін боламын. Саған да бүйтіп келмеймін, төлко шыныңды айт! – Не болып қалды, жеңеше? Шамалы қабағымды тыржитыңқыраймын. Осы сіз ағама өмірі сенбейтініз не? – Əй қыз, сенің ағаң барлық сенімнен шықса не істеймін? Өмірі көзіме шөп салады. Түнде Мұрат, Жексен екеуі осы үйде карта ойнады ма? – Ойнады, ал, онда тұрған не бар? – Содан соң осы үйге қона салды ма? – Ия, қонды. Онда тұрған не бар? – Жаңа таңертең ғана алтыда шықты ма? – Иə, онда тұрған не бар? – Рас екен ғой! – дейді жеңешем, сылқ түсе басылып, – Түні бойы Мұрат қақпас жоқ, жоқ. Əрі күттім, бері күттім. Жексендікіне звондадым. Үржан отыр, сенің байыңмен екеуі кеткен содан жоқ деп. Бұл үйге келе бермейді ғой, кім ойлаған? Е, жарайды, осында болса... – Айна жеңешемнің күдігі тарап, дауысы жақсара бастайды. – Мен осы əй, өтірікті соқты-ау, деп едім. Өтірік емес екен. – Біздің үйге қалай келгенін айтты ма? – деп сұраймын одан əрі оқиғаны білгім келіп. Айналайын жеңешем баладай одан əрі өзі-ақ айтып береді. – Айтты, айтты. Сағат 10-нан кейін, – деді, – Инештікінде болдық. Жексен өтіп бара жатып, «қарындасыма көп болды бармадым. Амандығын білейік, жиендердің бетінен сүйейін» деп қоймады. Келсек, күйеу бала бар екен. «Отырыңыз, отырыңыз» деп бəйек болды. Шəй қайнатып, тамақ істеп Инеш те отыр деген соң карта сыздық. Картаға отырған соң, білесің, қызығымен отырып қалыппыз. Түннің бір уағында такси жоқ қайтатын. Қонсақ, өз қарындасымыздың үйі деп қона салдық. Оның үстіне Инеш те: «Бейуақытта жүрмейақ қойыңыздар» деп жібермеді, айна-
лайын деп саған риза болып жатыр. Нанбасаң сұра деді. Звондайын десем, біздің үйдің телефоны бұзылып қапты. Түнде істеп тұр еді. (Мен түсіне қоям. Ағатайым, телефон сымын үзе сап, батыл айтқан екен ғой.) Содан жеткенім ғой, осында. Сен қыз қызықсың, түнде звондай салмайсың ба, Мұраттар карта ойнап отыр деп. Мен де келіп олармен бірге, сен қыздың шəйіңді ішіп, ана-мынаны əңгімелеп қайтатын едім. Телефонның «істемейтіні» менің де есіме сап ете қалады. – Звондадым жеңеше. Трубканы ешкім көтермеді. Дырылдап тұрып алды ғой.. – Иə, істемеген ғой. Сен қыз, кешір. «Көзіме шөп түссе» кілең саған келемін. Сен болмасаң мен не істер едім? Мені сен ғана түсінесің. Кішкентайдан соңыма ерген туған сіңлім сияқтысың. Оқығанның аты оқыған. Өмірді де жақсы білесің. Содан соң, кейде сенен шыққаннан кейін бар ғой, күллі қатындар мен сияқты ма екен-ей, деп ойға қаламын. Кешір. Менің білместігімді түсінгеніңе рахмет! – Жеңеше, мен сізге бірнəрсе айтсам, тыңдайсыз ба? – деймін жеңешемнің назарын аударып, – Сіз ғой ағатайыма ылғи із кесіп жүресіз. Шаршамайсыз-ау, шаршамайсыз. Анау Үржан да (менің туған жеңгем) сондай Жексен ағама дамыл бермейді. Сəл кешіксе, «Қайда болдың, кіммен болдың?» деп. Біздің жұмыста бір келіншек күйеуіне осындай тергеу жүргізе бергеннен кейін күйеуі жас тоқал алып кетті де қалды. Бітті. Қазір жүр бекер сөйлей берген екенмін деп. Сіз мұндайдан қорықпайсыз ба? (менің өтірігім) Жеңешемнің онсызда үлкен көзі шарасынан шыға жаздайды. – Қой, ə? Шын ба? Сен қыз əзілдеп отырған жоқсың ба? – Құй сеніңіз, құй сенбеңіз, болған оқиға осы. Мұндай оқиғалар көп қазір. Өйткені бүкіл Қазақстанда тұрмысқа шықпаған қыздар көп. – Ойбай, қыз-ау, онда көзге шөп салған дым емес десейші... Құр-ы-с-ы-н, не дейді? Рас шығар, иə рас. Біздің бəлницада да айтып жүрген. Бір дəрігер қыз отбасы бар бір еркекті қолына кіргізіп
алыпты. Өзі екіқабат, енді баласын тууға декретке шығайын деп жатыр екен. Сол емес пе екен-ей? Қазіргі қыздар да сосын тоқал болуға арланбайды деп те есіттім ғой. – Енді не дейсіз? Көзге анау-мынау шөп-мөп түссе, уқалапуқалап алып тастаңыз да, ағатайыма орынсыз допрос жасай бермеңіз. – Ал, сен ше? Сен не істейсің? Сенің де күйеуіңнің анаумынаусы бар емес пе? – Жеңгем маған жабысты. – Мен бе? Мен газетке «Бəйбішелер, бақытымызды бөлісе білейік!» деген мақала жазып жатырмын. Егер менің күйеуімді бір қыз жақсы көріп қалса, өзгеден де, менен де ұрланбайжырланбай отбасын құрып, балалы-шағалы болуына ризамын. Сондай əлгі тоқалдың біздің отбасымен, балалармен араласып тұруына қарсы емеспін. Ол қыз да бақытты болуы керек емес пе? Қазақстанда пəленбай мың қыз тұрмыс құрмай отыр. Ал, сіз сияқтылар күйеуін ешқайда бір қадам аттатқызбайды. Əйтпесе, Жексен қандай! Мұрат қандай! Осы мəселені ойласуға күллі бəйбішелерді шақырып отырмын. Ертең мақала газетке шықпақ. Оқисыз. Өзіңіз ойлаңызшы? – дей бергенімде жеңешем: – Нағыз жынды сен екенсің ғой! – деді де, есікті тарс жауып, шықты да кетті. Айна жеңгей бұдан кейін үйге шағымдануға келмейтін болды. Бұл – бір. Екінші, ағатайымды аңдуды мүлде қойып кетпегенмен, азайтыңқырапты. Тоқалға қарағанда, «көздің шөбіне» амалы жоқ келіскені болар деп ұқтым. «Қиын» көршілер Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) айтқан хадистерде «көршіңмен тату болу керек» дейді. Мұны мен құптаймын. Қарсы да емеспін. Бірақ, сіздердің көршілеріңізді қайдам, менің сорыма қарай, көршілерім «қиын» адамдар. Олар туралы мүлде айтқымақ келмейді. Бірақ осы жолы айтпауға шыдамым жетпей отыр. Біз сегіз подъезді көп қабатты үйлердің бірінде тұрамыз. Ең бірінші подъезд, екінші қабат, 6-пəтер біздікі. Үйдің қасында
мектеп, балабақша, дүкен бəрі бар. Қолайлы-ақ. Көршілердің қолайсыздығынан қазір-ақ көшіп кеткің келеді. Бірақ, үй ауыстыру оңай емес. Ал көршілерді ауыстыру одан да қиын. Енді көршілерге келейін. Тура біздің пəтердің қарсы есігінде полковник ағай тұрады. Отбасында адамдар көп. Кілең ер балалар. Оқитыны, оқымайтыны, жұмыс істейтіні, істемейтіні бар. Бірі үйге кіргенде, екіншісі шығып жатады. Үйіндегі Рəзия жеңгейдің айтуынша түнде де есіктеріне кілт салмай жата береді екен. – Қалалық жер, ұры түседі деп ойламайсыздар ма? – деймін ғой. – Қайдағы ұры? Оларға да жан керек шығар. Босағаға дейін адамдардың басы қылтиып жатса, – дейді. Осы үйде жасы жүзді алқымдап қалған полковник ағайдың шешесі тұрады. Томпиған сары кемпір. Қарттығын сыйлап, көре қалсам, барынша түзу амандасып, хал-жағдайын сұраймын. Құлағы естімейді. «Қатты айқайлап айт» дейді. Айтқанын орындаймын. Осы ізеттілігім өзіме кейін кедергі болды ма деп те ойлаймын. Өйткені жаңағы əже менімен сөйлесуге құмар-ақ. Жұмыстан қайтарда балабақшадан екі ұлымды алып, қолымда кешкі асқа керек-жарақ тағамдарды толтырған сөмкеммен, артынып-тартынып есіктің кілтін аша бергенімде, əлгі əже өз есігінен басын қылтитып, мені күте-күте шаршаса керек: – Бүгін кеш келдің ғой, – дейтіні бар. Шаршап келген соң ба, зығырданып қайнап кетеді. Сонда да сыпайылық сақтап, ақталып: – Əже, дүкенге соқтым, мына балаларды бақшадан алып келе жатқан бетім ғой, – дегенді айтамын. Естімеген əже маған тағы да: – Қаттырақ айт, не дейсің? – дейді. Мен енді қасына барып, жаңағы сөзді бар даусыммен қайталаймын. Ол «түсіндім» дегендей басын изейді. – Мен шөлдеп тұр едім. Үйіңнен шəй ішейін, – дейді. Күні бойы мені күтіп, өз үйінен шəй ішпеген сықылды. Амал жоқ енді.
– Кіріңіз, əже, Қазір шəй қоямын ғой, – деймін есіктің кілтін бұрап жатып. Ол сөзді естімесе де, əже үйге балалармен жағаласа есіктен бірге кіреді де, ас үйдегі орындыққа барып отырады. Дереу газға шəй қоямын. Балаларды шешіндіріп, өзім шешінгенше əже: – Ана шəйнегің қайнап кетті, – деп құдты менің енем құсап, ас үйден айқайлайды. – Міне, қазір əже, – деп мен енді ас үйге жүгірем. Екі тете бала бір-бірімен орынсыз нəрсеге таласып, ана жақта «мама, анау пистолетімді алып қойды» десе, екіншісі «жоқ, ол менің пистолетім» деп, бар дауыстарымен мені арашаға шақырып жылай бастайды. – Үлкенің момын, кішің-ау деймін бұзығы, – деп бір қояды да, менің қолыммен ашылып-жабылған тоңазытқышқа көзін жүгіртіп отырып əже тағы да: – Отырсай, бірге шəй іш, – дейді маған бұйрық бере. – Кешкі тамақты істейін, – деп тағы мен күйбеңдей бастасам: – Қандай тамақ істейін деп жатырсың? – деп сұрақ қояды. Мен осы кезде жарыла жаздап, өзімді əрең тежеймін. Ол кісі менің жауабымды күтпей, тағы сөйлеп кетеді. – Сенің палауың жақсы. Бүгін палау істесең, ертең кешке келіп, мен ауыз тиемін. Тамағым аш емес. Бірақ сенің палауыңды жақсы көрем. Мен расында палауға сəбіз үйде бар ма екен деп ойланып қаламын да, тоңазытқышты қайыра аша бастаймын. Осы кезде жұмыстан жолдасым келеді. «Жақсы болды ғой» деп қуанып қалам. Əже өйткені жолдасым барда отырмайды. Ескінің адамы ғой, ер адамды сыйлағаны. Үйіне қайтуға тұра бастайды. Мен де енді «отырыңыз» дей қоймаймын. Өйткені ол кісі бəрібір ертең, одан арғы күні де, одан кейін де дəл осы уақытта, лажын тапса, біздің үйге келетінін білем. Бір күні Рəзия жеңгей енесінің біздің үйге жиі келетінін сездіау деймін. Мені əдейі жолымнан тосып, былай деді:
– Айналайын, біздің əже сіздің үйге көп барады. Үйде сағатқа қарап, сенің келер уақытыңды тосып отырады. «Апа, ол үйде нең бар?» десем мені тыңдамайды. Ол кісі тойғанын білмейтін болды. Үнемі аш сезінеді өзін. Біз тамақты шамасына қарай беруге тырысамыз. Сіздің үйге баратыны сол. Содан соң түнде ауырады. Сіздің үйден қандай тамақ ішкенін айтып отырады. Сұрағанын бере берме, айналайын. Үлкен кісі ғой... Үйдегі ағаң талап қойды шешесіне. «Немене, ұят емес пе, қарның тоймай жүргендей, көршілерге барып. Өзі жас, кішкентай балаларымен жұмыстан енді келгенде жағаласып... Мүмкін тамаққа тапсырыс беретін шығарсың» деп өткенде қатты сөйлеген. Маған «үйден шығарма» деп ұрысты. Содан бері үйден шықпай отыр. Мұндайда не дерсің?!. – Оқасы жоқ, ешнəрсе етпейді. Расында үлкен кісі ғой, – дей салдым. Ал ішімнен «Уһ, жақсы болды ғой!» деп жеңілейіп қалдым. Əжеден кейін маған жабысқыш əйел үшінші подъездегі Əлима тəтей. Күйеуі жоқ. Болған, бірақ ажырасып кеткен. Бір қызы Қарағандыда оқиды. Ешкіммен араласпайды. Қонақ шақырмайды, қонаққа да бармайды біздің үйден басқа. Өзі емханада білдей көз дəрігері. Бұл тəтейден қазір мен түгілі күйеуім де, балаларым да мезі бола бастады. – Сізге үнемі ол кісі не айта береді? Шаршамай тыңдайсыз. Жалықпайсыз ба? – дейді. – Жалыққанда не істейін. Əдейі келіп, іштегі шерін тарқатып отырған соң, – деймін мен балаларыма. Тəте тұрақты түрде сенбі, жексенбі күндері мазалайды. Былайынша бес күнде жұмыстан сүрнігіп, сенбі күні ұйқымызды қандырып тұрайықшы деп ойлап, емін-еркін төсегіңде жатқанда, есіктің қоңырауы шылдыр етеді. Бірден аша қоймаймыз. Қоңырау бірінің үстіне бірі басылады. Ақыры болмаған соң, барып есік ашамын. Қарсы алдымда Əлима тəтей тұрады. – Құдай, қалай ұйқыларың қатты. Осы уақытқа дейін ұйықтап жатырсыңдар ма? Бағаналы бері басып тұрмын, басып тұрмын...
– Қатты ұйықтаппыз. Осы енді ғана естіп, келіңіз, кіріңіз, отырыңыз, – деп міңгірлеймін, басымды төмен салып. – Мен бар ғой ұйықтай алмай шықтым. Содан кетеді дейсің. – Не себептен ұйықтай алмадыңыз, бір жеріңіз ауырды ма? – деп сұраудың қажеті жоқ. Ондай сұраққа жеткізбейді.Өзі айта береді, айта береді. Жұмысында біреулер бұл кісіні көре алмай аңдиды екен. «Күйеусіз əйелдің моралдық жағы қандай екен?» деп. Тіпті соңғы кезде КНБ-ның адамдарын қосып, үйінің бір жеріне сөз тыңдайтын аппарат қойып кеткен сықылды. Сол аппарат түннің бір уағында дыбыс беріп тұрады аналарға. Шамасы «үйіне ешкім келген жоқ» деп хабарлайтын болса керек. – Үнемі осылай. Қызметте ешкіммен сөзге келмеймін. Бақталаспаймын. Сонда да мені аңдуларын қоймайды. – Неге сізге жамандықпен қарайды? – деймін бұдан əрі сөз таппай. – Маған бір кісі сөз салған. Осы жергілікті адам. Мен ұсынысын қабылдамадым. Енді сол адамның істеп отырғаны маған. – Ой, тəте, сөз салған кісі жасыңызға, өзіңізге лайық болса, неге келіспедіңіз? – Ой, айтпа. Мен енді тұрмысқа шықпаймын. – Қызыңыз ертең бақытын тауып, тұрмысқа шығады. Сіздің жалғыз өзіңізге ауыр емес пе? – Жо-жоқ, айтпа... Міне, үнемі бір орнында тұрған пластинкадай айтылатын сөздің мазмұны осы төңіректе. Ал алда-жалда подъездің қасында, үйге келе жатқанда, не жұмысқа бара жатқанда, немесе дүкеннің ішінде төбесін көріп қалсам, қалайда көрінбеуге тырысамын. Кездестің бітті. Қақпанға түстің. Қасынан шыға салу екі талай. Басталған сөзде не үтір, не нүкте болмайды. Амалсыз шырмаласың. Сол күні күндіз не болды, түнде не болды... Əлгі аппарат үйдің бір қуысында əлі тұр. Алынбаған. Аналар бұл тəтейге бақылауды күшейткен. Тіпті соңғы кезде жеке басына қауіп те төнген сияқты. Өткенде бір ма-
шина қасақана қағып кете жаздаған. Ол да күдікті нəрсе. Сөйтіп кете береді. Əлима тəтей əжеден күрделілеу. Бұл кісі сені ойламайды. «Мына үйге келдім. Мұның балаларын, күйеуін күтетін шаруасы бар-ау? Басқа да отбасылық жұмыстары болуы мүмкін» демейді. Өзінің жəйін күйттеп бірнеше сағат, тіпті күні бойы отыра беруге дайын. Сондықтан тəтей есікті ашып кіріп келе жатқанда сырын біліп алған күйеуім қулыққа басады. – Сен, тездет, жаңағы үйге уақытында барайық, – деп бір істің ұшығын шығарып қояды. Содан соң мен де: – Тəте, кешіріңіз, ана бір кісі шақырып еді, сол үйге баратын едік, – деп сылтау айта бастаймын. – Е, дұрыс, бара беріңдер. Мен түнде тағы да сөйтіп... – деп бір оқиғаны айтып, біраз тұрып барып, шығады-ау. Балконмен балкон жапсарлас көршімнің де «бəрекелдісі» жетеді. Олар екінші подъезде, екінші қабатта. Залымыз бен жатын бөлмеміз қабырғалас. «Тық» деген дыбыс естіледі. Бұл отбасы бастары піспейтін жандар. Ерінің даусы естіле қоймайды. Ал əйелі сасық күзеннің даусындай шақылдайды жатады. Мазасыз, əйелдің боқтампазы. Тілі удай ащы. Бұл көршілерде ерлі-зайыптының қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс екенін аңғару қиын. Күйеуі білім саласында, оның ішінде мұғалімдерді жетілдіру инситутының директоры. Жасы əйеліне қарағанда егде. Мінезі бір тоға сабырлы сияқты. Адамның жүзіне тіктеп қарамайды. Үнемі жерден ине жоғалтқандай төмен қарап жүреді. Көрші бола тұра бетпе-бет келгенде амандаса да бермейді. Интеллигент. Үсті-басы қашан көрсең де тап-таза, шалбарының қыры түспей, мұнтаздай жинақы жүреді. Ал əйелі күйеуіне қарағанда жас. Бойы тапал əрі ажарсыз. Оның үстіне көзіне киген ернеуі қалың ебедейсіз көзілдірігі ұсқынын одан сайын кетіреді. Орталарында жалғыз Досым деген ұлы бар. Менің байқауымша, əйелі нағыз бетбақ. Ерінің қасына кісі ертіп келгенді қаламайды. Күйеуі үйге кірмей жолдастарымен сыртта шылым шегіп отырады. Басталатын үлкен ұрыстың мерзімі
белгісіз. Кейде ойда жоқта басталады. Кейде түнде немесе түн жарымы ауа. Өйткені біз солардың үйінің айқай-ұйқайынан тəтті ұйқымыздан оянып əбігерге түсеміз. Кей кездері түнде күйеуіне есік ашпай қояды. – Аш! – дейді ар жағында ері, – Жаныңды шығарамын! – Кет! Албасты! Ақымақ! Ашпаймын! Қайда барсаң, онда бар! – Əйелі үнемі ұрысқанда орыс тілінде сөйлейді. Ортада кішкентай баласы əкесіне «Есік аш» деп жылайды. Шешесі «Үніңді өшір!», деп кішкентай балаға бажылдайды. Бала содан соң «папалайды» дейсің боздап, сай-сүйегің сырқырайды. Бір кезде біздің есіктің қоңырауы шылдырлайды. «Кім?» дейсің ғой баяғы жарым түнде. «Мен балкондас көрші ғой, əйел есік ашпай тұр. Сіздің балкон арқылы үйге өтуге бола ма?» дейді. – Əрине, əрине, – деймін ана кісіні аяп, есікті ашып жатып. Біздің балкон үйдің кішкентай қоймасы. Ондағы заттарды ығыстырып, шелек, керсен, велосипедтің доңғалағы ма, бəрін даңғырлатып, көрші өз балконына əупірімдеп өтеді. Содан соңғысы ана балконда. Əйелі балконның есігін тағы тарс жауып қояды. – Əй, əкеңнің, аш дедім ғой саған. Шақылдап əйелі ашпайды. Бір кезде салдыр-гүлдір шыны сынады. Ішке ері қияметпен кірген соң, сазайын ана əйелі тартатын болуы керек. Қабырғагүрс-гүрс. Шақұр-шұқыр. Шақ-шақ. Тақ-тақ. Əйелдің даусы өшпейді-ау, өшпейді. Бір кезде барып қыңсылаған қаншықтың даусына айналады да, артынша басылады. – Мынадай əйелді ұстап жүрген анау сормаңдай, – дейді менің күйеуім ұйқысы бұзылған соң жыны келіп. Содан соң маған түсін суытып: – Слушай. Мен ғой бүгін үйде бармын. Ал егер мен жоқта, командировкада жүргенімде мына көрші біздің балконнан өз балконына жаңағыдай түсіп жатыр дейік. Сонда жұрт көрсе, саған не дейді, маған не дейді? Ойланып көрші өзің?... Мен ойланып қаламын. «Расында, сырттан адамдар көріп қалса не дейді?» Жұмыстан кеш қайтқан немесе түнде қонақтан
келе жатқандар көрсе ше? Денем мұздап сала береді. Мұның соңы расында, күйем ескерткендей, мен үшін қолайсыз да болды. Екі күннен кейін бе, көзі домбығып ісіп кеткен балкондас көршінің əйелі мені есік алдынан кіреберісте көре салысымен (далада басқа да көрші əйелдердің көзінше) нақа күйеуімен ұрысқандай, шапылдасын келіп: – Сен («Сіз» демейді) неге менің күйеуімді үйіңе кіргізесің, а?! Неге балконыңды ашып бересің, а?! Біреудің отының басына неге араласасың, а?! Сенің кесіріңнен балконның терезесі де, есігі де бəрі быт-шыт болды. Енді оны кім істеп береді, а?!. Басқа жұртқа осы айтылып тұрған сөз түсініксіз ғой. Былай ойлағанда əр сөзінде мені кінəлау басым. Күйеуін үйге кіргізіппін. Отының басына араласыппын. Менің кесірімнен балконының терезесі мен есігінің быт-шыты шыққан. Ақыры не керек. Таңырқап, тыңдап тұрған басқа көршілерге болған оқиғаны баяндап, айтылған сөздің неден шығып отырғанын тарқатып беруіме тура келді. Бұлай анықтама бермесем, ана əйелдің сөзіне қарап «мынаның күйеуін үйіне кіргізіп несі бар?» демей ме?.. Төртінші көршім біздің пəтердің астында. Бірінші қабатта. Ерлі-зайыпты бұл екеуі бізден 5-6 жас үлкен. Алғашқыда мен осыларға қызығатынмын. Таңертең қолтықтасып қызметке бірге кетіп барады, кешке тағы да қолтықтасып бірге қайтып келе жатады. Екеуі бір елі ажырамайды. Қалай көктем шығады. Сенбі, жексенбіде ерлі-зайыпты екеуі балаларын машиналарына отырғызып алып, саяжайларына кетеді. Екеуі де еңбеққор. Көкөніс өсіріп, шілденің басы болмай жатып, қияр, қызанақтарын дорбаға толтырып көршілерге ауыз тидіреді. Күзде қап-қап картоп жинайды. Фарида тиянақты əйел. Қиярын тұздайды, тосапты да қайнатады. Бəріне үлгеріп жүреді. Үлкен қызы Айнұр сымбатты əрі салмақты қыз болып өсті. Ол кейін Алматыға оқуға түсті. Жетінші сынып жəне екінші сынып оқитын ер балалары – Фариданың қолқанаттары тəртіпті ұлдар боп өсті. Кейін осы үйде тыныштық бұзылды. Тыныштықтарының бұзылғанын мен ас үйде жүріп, талай естідім. Бір күні үсті-басы
малмандай су, білегінен бастап бас аяғына дейін күлдіреп күйген Фарида есік қақты. – Мені жасыр, құртады, қазір мені құртады ана жынды.Келсе, мені келген жоқ де, – болды айтқан сөзі. «Күйеуіне айтқанын жүргізе алатын-ақ əйел сияқты еді. Ағай да момын көрінетін еді» деп ойлағанымша болған жоқ, есік жұлынып кетердей солқылдап қағылсын бір. – Бұл кім? – дедім мен бер жақтан. – Кешір, айналайын, Фарида келген жоқ па? Мен ғой астыңғы қабаттағы ағаң. – Жоқ, аға. Фарида тұр түпкі бөлме жақта дірілдеп. – Ашпа енді. Тағы да келуі мүмкін. Көрдің бе, кірдің суын қайнатып жатқанмын газға. Оңбаған, үстіме бірден сол суды қотара салды... Обал. Терісі күлбіреп тұр. Мен Фариданы аяп кеттім. Бірақ «не болды, не себепті» деген сұрақтарды қоймадым. Ол да үндеген жоқ. Содан соң, ішкі бөлмеде бүрісіп алып, ал солқылдап жыласын. Қалай, не деп жұбатарымды білмей дал болып барамын. Бұл күн демалыс еді. Күйеуім балаларды алып, паркке кеткен қыдыртуға. Қазір келіп қалуы да мүмкін. – Мен сізге халат берейін, мына су киімдерді ауыстырыңыз. – Сенің халатың маған сыймайды да ғой? – Мына күйікке не жағатын еді өзі? – Қаздың майы... Ол жоқ шығар сенде? – Ондай май жоқ еді. Енді не істесем екен? – Ешнəрсе. Сен біздің үйге жəй звонок шалшы. Егер трубканы көтерсе ол үйде, сен қайыра қоя сал. Көтермесе. Онда ол үйде жоқ. Мен үйге барамын. – Балалар қайда еді? – Олар үйде. Əкесінен қорқып бір бұрышта отырған шығар. Мен айтқанын істеп, ол үйге телефон шалдым. Бір баласы: – Мама! – деп қалды. Менен трубканы Фарида жұлып алды. – Папаң кетіп қалды ма?
– Ия, – деді ар жақтан ер баласы. Осыдан соң Фарида асығып үйіне жүгірді. ...Сүттей ұйып отырған отбасын ағаймен қызметтес əйел бұзыпты. Өлердей ғашықтығын айтыпты. Оның күйеуі бар жəне. Қамсыздандыру мекемесінде ағай директор. Əйел болса орынбасар. – Өлтір! Не қылсаң ол қыл, мен сізге ғашықпын! – деген. Алғашқыда көнгісі келмеген ағай ақыры қармаққа ілінген. Төрт жыл жасырын жүріпті, екі жыл енді анық. Фарида сіңлісі екеуі ағайды аңдып, ана əйелмен екеуін кездесіп жүрген пəтерінде ұстаған. Ақиқатын білген. «Содан бері мен оның көзіне дию секілді көрінемін. Əсіресе, аузына арақ тиген күні. Қолына не келсе, сонымен салып қалады. Осы өмірім» деп бір күні жайшылықта келіп көз жасын көлдетіп, жағдайын түсіндірді. – Ол ашуланғанда көзіне қан толып кетеді. Аямайды. Қашып құтылмасам, ұрған үстіне ұра береді. Балаларға да қол жұмсайды. Жетінші сыныптағы балам ес біліп қалды ғой. Араға түседі. Сосын оны да аямайды. Сондықтан қашып шығам. Ашуы жоқ кезде, олай емес. «Үндемегеннің үйдей бəлесі бар» деген. Ағайды сыртына қарап ешкім олай ойламас еді. Мен бұдан кейін көрші ағайды қарадай жек көріп кеттім. Кірген-шыққанда амандасса, үндемей қалатынды шығардым. – Не істейсіздер, енді ажырасыздар ма? – деймін. – Мен ажырассам, ол қазір қуана-қуана кетіп қалайын деп тұр. Сонда үш баламмен мен қайтем? Ана əйелдің күйеуі сүмелек екен. Əйелін жөнге салар деп мен барып «осылай да осылай» деп көзбен көргенімді айтсам, «Біздің Зағира ондай емес, сенбеймін» деп қарап отыр. Басының шаригі кем біреуау?.. Бұдан кейін Фарида басынан қаны сорғалап тағы да үйге келді. Ондағы түрі адам шошырлық. Балтамен бір сілтеген. Сорлы «жедел жəрдем» шақыртпады. «Олар тəптіштеп сұрайды. Күйеуімнің қызметіне қырсығы тиіп кетіп жүрер» дейді.
– Бұл көрген жағдайлар ішіңде қалсын, – деп сенім артты Фарида маған. Мен сенімінен шықтым. Ешкім бұл оқиғаны білген жоқ. Бір күні кешке асығыс Фарида өзінің суретін маған əкеліп берді. Суреттің сыртына «Мені əр кезде еске ал. Фарида» деп жазыпты. – Бұл суретті жай бердіңіз бе? – деп сұрадым мен. – Күндердің күнінде мені кісі қолынан қаза тауыпты деген хабарды естесең, сен білесің, кімнің қолынан қаза тапқанымды. Саған ескерткіш. Көп ризамын саған, – деді. Мына сөзінен мүлде шошынып кеттім. – Қойыңызшы, адамды шошытып. Сізге тағы да қол жұмсады ма? Ажыраса салыңызшы енді, – деппін мен. – Үйбай-ау, бір-екі жылда Айнұрым тұрмысқа шығып қалса, «əке-шешелері ажырасқан адамдар екен, қай оңған отбасынан шыққан қыз дейсің?» деп Айнұрымның бетіне дақ түсірмей ме? Бір жоспарлар ойластырып жүрмін. Білмеймін, егер ол іске асса, жақсы болар еді, – деген-ді. Көп ұзамай түннің бір уағында бірінші қабатта тарсыл-гүрсіл шығып, дабырлаған ер адамдардың дауыстары естілді.Терезе жақтан сыртқа қарасам үлкен машинаға бір кісілер жүк тиеп жатыр екен. Ағайдың төбесі ағараңдап көрініп қалды. Ертесіне көршілер айтты. Ағай Көкшетаудың бір ауданына қызметке ауысыпты. Сөйтіп олар бір түнде көшіп кетті.Содан бері хабарсызбын. Суреті менің альбомымда əлі бар. Бұдан кейін 4-5 жыл өткен соң, ойламаған жерден Астанаға біз де көштік. Сөйтіп, жиырма бір жыл бірге тұрған көршілеріммен қоштасуға тура келді. Мектепте ұстаз болғандар жақсы біледі. Озат, үлгілі оқушылардан гөрі, ең «қиын» оқушылар мұғалімдердің есінде қалады ғой. Менің де «қиын» көршілерім əр уақытта есімде.
Некелік келісім шарт Қазір қоғам жаңарды. Осыдан шығар, адамдардың ойлауы, ойына қарай сезім-түйсіктері, іс-қимылдары бөлек. Мұның кейбіріне таң қаласың, кейбіріне қызығасың, кейбірінен жиіркенесің. Бірақ, өмір сүріп жатқан қоғамнан безе алмайсың. Қоғам қандай дөңгелекпен айналады, соның жетегінде сен де айнала бересің. Күшті болсаң тоқтатып көр. Күшті емессің. Демек, сен қоғаммен бірге қарсылықсыз жылжисың. Тақырып жалғыз. Жастар арасындағы сүйіспеншілік. Оның қадір-қасиеті, бағыт-бағдары, тоқтайтын аялдамасы. Байқауымша, (байқамасам, кешірім сұраймын) қыздар болсын, жігіттер болсын махаббат деген киелі сезімді «бақай есеп» деген темір жəшікке салып, байлап-матап, буып-түйіп тастаған сияқты. Есеп болған жер, білесіздер, сенікі-менікі, мендегі үлес, сендегі үлес дегенге, дұрысы, меншіктеуге келіп тіреледі. Меншіктеуге келгеннен кейін оның ар жағында қаптаған қисынсыздықтардың бас көтерері сөзсіз. Мына бір жəйт соның бірі. Көп отбасынан шыққан Нұржігіт Астанаға келген. Тасып кеткен, асып кеткен білім жоқ. Дені сау, іздегені екі қолға бір жұмыс. Ниеті түзу екен. Жұмыс табылды. Əскерге барып келгені көмектесті. Төтенше жағдайлар мекемесіне офицерлік шенімен күзетшілікке қабылданды. Өзіндей сырттан келген жігітпен пəтер жалдады. Сөйтіп қоғам айналып жатқан дөңгелекпен жылжып, айнала бастаған-ды. Қанша айналғанын өзі біледі. Бір айналымда айдай сұлу қызға тап болды. Жүрегі алып-ұшып сол қызсыз тамақ іше алмай, ұйқысы бұзылып, сол қызсыз тіпті ауа да жұта алмай қалды. Азғантай алған айлығының бір мөлшерін пəтер ақы төлеміне, бір бөлшегін қызбен қыдыруға жеткізу мүмкін болмады. Кафе, мейрамхана, түнгі клубтың бағалары Нұржігіттің қалтасы үшін өте терең. Қабағы түсті. Қиналды. Өліп-өшіп жақсы көрген қызын ойлаған жерге апара алмай намысы да келді. Қосымша жұмыс көзін қарастырды. Оның да реті болыңқырамады. Қыз бол-
са Нұржігітпен кездеспеген аз күнде тез-ақ суынды. СМС-пен «Біздің жолымыз бірге болмайды екен. Сау бол» деп хат жолдады. Біздің уақытымызда болса, «Қыз неліктен бұлай суынды? Кінəсі қандай қоятын? Не себепті мұндай шешім жасады?..» деп бас қатырып, тіпті күйініп, қызбен қайта жолығып, түсінісуге ұмтылып əбден əуре-сарсаңға түсер еді. Нұржігіт өз уақытысында туылған. Уақыттың талабын біледі. Сондықтан, жүрегі ауырса да, қызды кінəламады. – Əрине, жөнді бір жерге шақыра алмадым. Арзан кафеден ішкен тағам менің қандай жігіт екенімді байқатты. Оған басқа қалталы жігіттер кездеспеді дейсің бе? Ол соларды таңдады, қыз болсам, мен де сөйтер едім, – деді Нұржігіт темір керуетінде жатып ойға шомып. Бір апта жүрегі сыздап ауырды. Содан соң жаны айыға бастады. Тағы да дөңгелек уақыт. Тағы да айналым. Екінші қыз кездесті. Шындығында, ол қыз өзі жабысты. Алғашқыдан көңілі қайтқан соң, мына қызға өліп-тірілмеді. Керісінше, жабысқан қыз желім боп бұл жігіттен айырылғысы келмеді. Қыздың астында зуылдаған «Мерседес» көлігі. Рөлде өзі. Қыздан бұл сұраған жоқ: «Оқисың ба, жұмыс істейсің бе?» деп. Көп күн өткен жоқ. Қыз мейрамханаға «за мой счет» деп батыл шақырды. Одан соң үйіне бірге болуға ұсыныс жасады. Нұржігіт қыз ұсынысына келісті. Оңаша үй, оңаша екеуі... Қыз жігіттен гөрі масаңдау... Масаңдау қыз: – Сен... сен мені сынап біттің бе? – деп сұрақ қойды. – Ондай ойым жоқ, болған да емес. Не деп сынауым керек? Сынау үшін де мақсат керек емес пе? Мен расында өзіңе қатысты бөтендей ой ойламадым. Содан соң мақсатым жоқ, – деді шын көңілмен. – Мені өкпелетіп алма, – деді қыз мойнына асылып, еркін еркелеп. Менде мақсат бар. Айтайын ба? – Айта ғой... Біршама үнсіздіктен кейін қыз:
– Мен сенен бала көтергім келеді. Больше ничего! Это для себя... Тұрмысқа шығуға болады. Бірақ бұған батылдық жасағым келмейді. Көптеген подругаларым осындайдан опық жеді. Қыздың мына ұсынысы жігіттің төбесіне мұздай су құйып жібергендей болды. Бірақ өзін ұстап, сездірмеді. – Қайтіп опық жеді олар? – Ну... бəрі де айтуға келмейтін ұсақ-түйек. Бастысы некелік келісім шарттарының болмауы. Орталарындағы ортақ бала... Состояние үшін... Сонымен менің ұсынысыма қалай қарайсың?.. – Сені өкпелетуге тура келеді. Мен қарсымын. – ?!. Қыз үнсіз қалды. – Рұқсат болса, мен қайтайын. – Жоқ, қайтпайсың! Екінші ұсыныс айтам. – Айта бер... – Сен мені қалайтын болсаң, саған тұрмысқа шығам. Бірақ екеуміз алдын ала некелік келісім шартқа тұрамыз. Нұржігіт «некелік келісім шарттың» не екенін білмепті.Онысын жасырмады. – Кешір, менің көп білімім жоқ. Ауылда көп балалы отбасында өстім. Əскерге бардым. Келдім. Былайынша көп нəрсені тереңірек біле бермеймін. Сенің айтып отырған «некелік келісім шарт» деген не ол? – Шынымен білмейсің бе? – Қыз қолындағы рюмкесін ұстап отырып біраз ойланып қалды. Жігіт қайыра сөйлеп кетті. – Сен екеуміз отбасылық өмірде сəйкес келе алмайтын шығармыз деп ойлаймын. Сен қаланың қызысың. Оқығансың. Көп білесің. Қысқасы, сен менен гөрі биіксің. Мен болсам, ауылдан шыққанмын. Сенімен қатар тұра аламын дей алмаймын. Маған өзіме лайық біреу табылар деп ойлаймын. Қазақта мысал бар «тең-теңімен, тезек қабымен» деген. Бұл өзара үйлесімділік жайлы... – Ой, ой, үйлесімділік, сүйіспеншілік, махаббат – бұл теория ғана немесе киноларда кездеседі. Жазушылардың мөлдіретіп жазған хикаяттарында бар. Өмірде жоқ, болмайды да. Сен өзің
бұрынғы ғасырда жүрсің ғой? Жарайды. Тура айтқаныңа қайта рахмет. Бірақ, менің шыным. Сен маған ұнап қалдың. Ойлануға уақыт керек болса, уақыт берем. Менің ұсынысым күшінде қалады. Қазір саған рұқсат, – деді де қыз орнынан тұрып, есік жаққа беттеді. Жаңағы масаңдау қалпынан тез айығып кеткен сықылды. Нұржігіт қызды құшақтап, бауырына қыспақшы ниетте болған. Қыз орнынан кілт тұрған соң оның ретін таппады. Ыңғайсыздана түрегелген күйі костюмінің ашылған омырауын қаусыра бастады. Қыз есіктің тұтқасын ұстап тұрып, мөлдір көзін төңкере жəй ғана «жақсы» деп қоштасты. Нұржігіт есіктен шыға бере қыз солқылдап жылап жіберді. Жігіт алдында тауы шағылғанына күйінген еді. – Мамбет! Южан! – деп жастығын құшақтай өкірді. – Қандай көрікті қыз! Неге өз қадірін былайша кетіреді екен, ə? Жасын да сұрамаппын. Көп болса, жиырма бестерде шығар. Əкесі, шешесі бар ма екен? Əлде біреуден алданып, бұрын опық жеді ме? Мүмкін тұрмысқа шығып, жолы болмады ма? Мен неғып осыны сұрамадым, ей? Өзімше əлдеқандай болдым-ау?!. Аялап, еркелетіп, айтар сөзін, мүмкін басқа да сырлары бар шығар, неге бір түн тыңдамадым? Менікі жігіттік болмады. Шақырған мейрамханасына тамақ ішуге ғана барғандай. Расында, мені шынымен ұнатып қалса ше?..Дұрыс болмады. Жалғыз өзін тастап шығып жүре бердім, – деп бір ойлады Нұржігіт. – Жо-жоқ, қыз мүлде дұрыс емес. Қалайша сырын білмейтін жігітке жабыса қалады. «Өзім үшін бала көтергім келеді» дейді. Баланың əкесі қайда қалады сонда? Бұл қазақ қыздарының батысқа еліктегені. Шектен шыққан арсыздық. Асыл тұқымды бұқалардан күйек алушы еді. Еркектерді де солай етпек пе? Мен дұрыс айттым. Қасынан кеткенім де дұрыс болды. Бірақ, бұдан кейін де біеулерді мен сияқты шақырама екен. Сұм, алаяққа жолықса не болады? – деген тағы да екінші ойы болды. Нұржігіт бұл оқиғаны пəтер жалдап бірге тұрып жатқан қасындағы Ермек деген жігітке айтты. Шындығында əдейі айтайын деген жоқ. Екеуі қазіргі қыздар туралы пікірлесті. Қызметте
қыздардың рейтінгісінің жоғары тұрғаны, еркектерше жігіттерге өздері сөз айтатындығы айтылды. Осындай əңгіме арасында Нұржігіт «бала туғым келеді» дегенді өз құлағымен естігенде шошып кеткенін, оның үстіне «некелік келісім шарт» дегеннің бар екенін, осыған өзінің ұнатпайтын көзқарасын білдірген еді. Тыңдап отырған Ермек күйіп кетті. – Əй, не деген ақымақсың? Алтын балық өзі келіп қармаққа ілінгенде, қашқаның қалай? Қап! Мынаны-ай, ə?! Телефонын маған берші, мен көрейін. Өстіп жүр сандалып, пəтерден пəтерге көшіп. Некелік келісім шарт жасайтын болса, оның жылжымайтын мүліктері көп қыз. Бірнеше пəтер, рестораны мен сауда дүкендері бар шығар. Келісе салмадың ба? Содан соң көретін едің ар жағын. Екі бойдақ жігіттің арасындағы сөз осымен біткен. Бірақ Нұржігіт қыздың телефонын Ермекке өз қолымен берген жоқ. Ол қайтып сұрамаған да. Арада алты ай мерзім өткенде қасындағы Ермек бұған үйлену тойына шақыру билетін берді. Бұл қолындағы билетті көз салмастан ақжарыла құттықтай бастаған. Ермек: – Қара, бірінші ана билетке, содан соң қыздың суретіне қара, – деді мақтанышпен. Бұл қарады. Өткендегі үйінде болған қыз. Мына жігіт ыржың етті. – Сен қашқан соң, ол қызды мен тауып алдым. Білесің ғой, мен оны майлы ішектей айналдырдым. Бірақ, ол қыз өмірді білетін мықты қыз болып шықты. Анау-мынауға илігер емес. Ізінен қалмай қойдым ғой. «Алтын шыққан жерді, белінен қаз» деген. Сенің қасымда жатқаның туралы, сенен естігенім туралы айтпадым. Ол шарт қойды, мен де қойдым. – Егер, бірінші бала ұл болса, менің атыма бір пəтеріңді бересің, – дедім – Əйтпесе некелеспейміз. – Егер қыз болса, мен саған ешнəрсе де бермеймін, – деп тұр. Мен бұған шыдамай кеттім: – Тоқта, тоқта! Сен алдымен «өзім үшін бала туғым келеді» дегенсің. Мен болмасам, қалай туар едің? Айтшы, кімнен туар
едің? Сондықтан қыз болса, ажыраспаймыз. Əрмен қарай ұл болғанша бірге тұра береміз. Егер, мұны қаламайтын болсаң, онда астыңдағы машина менікі дедім. – Ол не деді? – Қайда барады? Біз ашық түрде саудаластық емес пе? Келісті. – Ең болмаса айтшы, ол қыз саған шамалы ұнай ма? Сені ұнатты ма? – Əй, өзің қандай адамсың? Ұнау, ұнамау деген не ол? Біздің өз есебіміз өзімізде. Ол да мені түсінді. Мен босамаса да түсіндім ғой. Оның ақшасы, жылжымайтын мүліктері мен байлығы ұнайды. Отбасын бір құрап алған соң көремін. Əзірге ол қыз өзінше маған диктовка жасап тұр. Жасай берсін. Менің де кезегім келеді. Күтемін, – деп Ермек өзіне-өзі риза болып, масаттанып күлді де. – Айтпақшы, бүгіннен бастап мен бұл пəтерде тұрмаймын. Қасыңа біреуді табасың ғой өзің. Тойға міндетті түрде кел, күтемін сені, – деп асығыс жиналды да, темекісінің түтінін будақтата, өзі бір жылға жуық тұрған бөлмеден шығып жүре берді. Тағы да айналым. Тағы да дөңгеленген уақыт. Нұржігіт сол қызметінде, пəтер жалдап жүріп жатты. Қызметтестері қала ішінде жеке коттеджде сұмдық өрт болғанын, ішінде бір жас əйелдің шала жансар ауруханаға жеткізілгенін, бірақ қатты күйіктен мерт болғанын айтқан. Жергілікті телеарнадан кешке осы оқиға жағдайы көрсетілді. Бір таныс бейне экраннан жалт етті. Телеканалдың дауысын қаттырақ ашып, Нұржігіт алға ентеледі. Бұдан үш жыл бұрын өзінің қасынан кеткен Ермек сөйлеп тұр. Оның айтуынша, өрт түн жарымында болған. Үйде əйелі жалғыз қалған. Өзі Қарағандыға іс сапарға кеткен екен. Тілсіз жаудың неден шыққанын білмейді. Ажал құшағында мерт болған жарынан басқа ешкім болмапты. Сөйлеп тұрған Ермек бұрынғыдай емес қоңданыпты. – Қап! Қап! Əттеген-ай! Жігіт бұл оқыс оқиғада бір шикілік барын сезді. Қасында жатқанда байқаған. Осы Ермектің пиғылы жаман еді. Бірнəрсе жасамаса... Обал-ай, баласы бол-
ды ма екен, ана бейшараның өзі? Орнынан бір тұрды, бір отырды. Өзінің қызбен екеуінің арасында болған диалогтарын еске алды. «Некелік келісім шарттан шықты» не болса да. Байлықты иемденудегі бақай есептен шығар мүмкін. Қап! Жақсы-ақ қыз еді. Қап, сорлы-ай, жастай тамырынан үзілді-ау?!. – дей берді өкініш ішін жайлаған Нұржігіт. Көп ұзамай тағы да телеарна: «Қасақана əйелін өртеп жіберген» деген бұлтартпас айыппен Ермек Бейсенбаевтың бүгін қамауға алынғанын, алдағы уақытта соты болатынын хабарлады. – Осы сотқа міндетті түрде барамын, тіпті баруымның өзі өте қажет, – деді Нұржігіт күйініп. Ананың бетіне түкіремін, оңбағанның! Бəсе-ау, ішім сезіп еді бірдеңені. Оңбаған-ай! «Əзірше диктовка жасай берсін, менің де кезегім келеді» деп еді. Мойындамай, бұлтаратын шығар. Мойындатамын мен! Мойындатамын мен! Ол осы сөзді бөлме ішінде жалғыз өзі айқайлап айта берді, айта берді... Қоян жылы Мен көп сəуегейлікке сене бермеуші едім. Мəселен, кейбір жылдар адамға қолайлы, кейбір жылдар аса қолайсыз болады дегенге. Енді ол ойым өзгерді. Менің қара басым үшін қоян жылы қолайсыз екен. Бұл жылды өзім он екі жыл қайта айналып келгенде (тірі болсам), есіме мықтап ұстайтын болдым. Қалай қоян жылы есіктен кірді, қақшаңдап жүрген едім, ауырдым. Расын айтсам, аурудың алдында енемнің алдында жүргендей елпілдей бермей, шыдайын деп біраз көрдім. Болмай қойды. Тіпті түн ұйқым төрт бөлінді. Төртінші күн шыдауға келмеді. Əл кетті. Қалтамдағы тиын-тебенді қағып есептеп, ақылы қызмет көрсететін дəрігерге көріндім. Біздің денсаулық сақтау саласын сіздер білесіздер. Анау биік мінбеде шенеуніктердің қызыл тілмен сөйлегеніндей, не болмаса БАҚ өкілдеріне медицина са-
ласы өкілдерінің мөлдіретіп сұхбат бергеніндей бəрі тегін емес. Тегін қызмет көрсететін мемлекеттік емханалар бар. Бар болғаны құрысын, ондағы қызмет көрсету аясын тілмен жеткізе алмаймын. Алдымен учаскелік дəрігердің кезегіне алдын ала бір күн бұрын міндетті түрде жазылу талап етіледі. Жазылу үшін де тіркелетін жер (регистратура) алдындағы шұбыртпа кезектен өту керек. Мұнда тұрғандар кілең кəрі-құртаңдар, мүгедектер, жасы келген зейнеткерлер, сосын студент-жастар. Осында кезекте тұрып-ақ, сөз жоқ ауруыңа ауру қосып аласың. Коммунизмге сəл жете алмай қалған азаматтармыз ғой. Қарапайым мəдениеттің қағидасы қолға бет орамал алып жүруді ешкім біле бермейді. Жөтелгің келді ме, қасыңдағы кісіге «зияным тиеді-ау» деп ойлаймайды. Өкпесі жыртылардай «Қа– қақ! Қиқ!» – деп қақырығын өзі шала жұтып, тұншығып жатқаны. Түшкіргісі келсе де сондай. Мұрны жыбырлап, көзіне жас аға «Əһ!.. ƏҺ!.. Əп-п– тшу!» – деп түшкіре салады. Еш қысылмайды. Кезекте тұрып-ақ, айналаңа жиіркенесің. Бетіңді қорғаштап-ақ тұрасың. Бірақ, бəрінен сақтану мүмкін емес. Өліп-талып жеткен дəрігер кабинетінің алды тағы кезек. Кешегі тіркеу орны алдында кезекте тұрған мүсəпірлерді қайта көресің. Кезек күтуден қалжыраған қарттар кейде жүрегі қысылып, талып та қалады. Осындайдан соң жаның қысылғанда ақылы қызмет көрсететін медициналық орталықтарға баруға мəжібүрсің.Онда бір жақсысы кезек жоқ. Бірақ, мұның да бірағы бар. Тек қалтаң қалың болса болғаны. Бірақ дейтінім, ақылы болған соң көрсетілетін қызмет соған сай болуы керек емес пе. Мұны кім зерттеп жатыр. Дəрігердің алдына бару үшін аяғыңа құны 20 теңгелік бақила киюің керек. Оны босағадан сатып аласың. Бір рет қабылдауға төленетін ақша екі жарым мың теңге. «Еще не все» дейді ғой орыстар екінің бірінде. Бұл ешнəрсе емес. Енді алдына сүйегіңді сүйретіп барғанда бірден ем-дом жасай қойсайшы, түге. Алдымен сені тыр
жалаңаш шешіндіріп, тыңдайды. Содан соң, шимайлап жазылған жеті-сегіз қағазды қолыңа ұстатады. – Мына анализдерді тапсырып келесіз. Содан соң барып емдеуді бастаймыз. – Бүгін іше тұруға дəрі жазып бермейсіз бе, тым болмаса? Осы тұрғанда аяғымды əрең басып тұрмын, – дейсің сен бейшара халіңді көрсетіп. Дəрігер жақтан мүсіркеушілікті көрмейсің. Бойыңа, киген киімің мен жалпы сықпытыңа бажайлап қарап алады да: – Сіз оқыған адамсыз. Білімдісіз. Өмір бақи дəрігерге бірінші рет келіп тұрмаған боларсыз. Мұндай сұрақ қоюға ұялмайсыз ба. Анализдеріңіз анықталмай қалай ем-дом жасалады?! – Мына жүректі қайтем? – Сіздің жүрегіңіз ауырып тұрған жоқ. Оның себеп-салдары мүлде басқа ауруда. Сондықтан мына анализді тездетіп тапсырыңыз. Шимайланған қағаздағы анализді тапсыру оңай емес. Оған бүгін қалтаңдағы ақша жетпейді. Зейнетақы екі-үш күнде беріліп қалар, соны күту керек. Ақыры ол анализді жан керек пе, тапсырасың. Дəрігерлер соны біліп отыр емес пе. Енді қолыңа басқа шимайланған қағазбен (анализдің нəтижесі) дəрігерге екінші қайтара кіруің 2500 теңге емес, 2000 теңге. Барлық анализдерді қарап отырып, былай дейді дəрігер: – Жүйке ауруының дəрігеріне қаралу керек сізге. Ол кісі сізге өз ем-домын жазып береді. – Айналайын, менің нанасыз ба, жүйкем тыныш. Оған шағымым жоқ. Менікі жүрек қой, мына жүрек... – Мен айтайым ба, сізге, бүкіл ауру жүйкемен байланысты. Осыны адамдарға қанша айтсаң да түсінбейді. – Енді бүгін іше тұруға дəрі жазып бермейсіз бе? – Жүйке дəрігері қарап, анализ жасайды. Содан соң барып. Ол тағы да бірнəрсе шимайлайды. Шимайлаған қағазды қолыңа беріп:
– Мына қағазды жүйке ауруының дəрігеріне бересіз. Осы кезде əрмен қарай жүруге шамаң жетпей, емхана дəлізіндегі орындыққа сылқ ете қаласың. Дəрігердің есіктерін жағалағанға бір апта өтті. Ал, ақша болса судай ағып жатыр. Қабылдап жатқан ем-дом əлі жоқ. Жүрегің атқылап ол тұр. Міне, тып-тыныш жатқан жүйкең осы жерде барып қозғалады. Бұл дəрігердің қабылдауы тағы да 2500 теңге. Жаннан аяйтын ешнəрсе болмай қалды. «Қойшы, бастадым ғой ақыры көрінейін» деп кабинеттің есігін ашып, рұқсат сұрап ішке кіресің. Онда отырған қыз ұялы телефонымен сөйлесіп отырады. Көңіл-күйі жақсы. Аржағындағы сөйлесіп отырған адам бір жерге шақырып отырса керек, бұл: – Сағат неше дедің? Машинамен жүрсің бе, дейсің бе?.. Қайдағы менде машина? Дəрігердің жарымсыз ақшасына кім машина ала алады? – дейді. «Аһа, дейсің сен мұны тыңдап отырып, əр аурудан 2500-теңгеден күніге кассаға қанша ақша түсіп жатыр. Нөпір ауру мынау. Оны кім алады, сендер алмай?» Ойыңды дəрігер қыз бөледі. Қолында кішкене балғасы. Тізеңе соғады, білегіңе соғады. Көзді қарайды. Жоғары-төмен, оң жаққа, сол жаққа, қиғаш. Бітті. Шимай қағазды бұл қыз да жаза бастайды. Сөйтеді де оны маған ұсынып жатып: – Сізге көз дəрігеріне қаралу керек. – Айналайын-ау, сендерге не болған? Менің тіпті көзім ауырмайды ғой. Ақылы емхана дегенің бір-біріне сілтеп əдейі жасай ма осы?... Жүрегім ауырып еді, жүйкеге жіберді, жүйке мынау, көзге жіберіп отырсыз. Не деген пəле бұл? Екінші апта жүрмін сүйегімді сүйретіп... – Сіз ашуланбаңыз. Тексерілмесеңіз өзіңіз білесіз. Ол сіздің шаруа. Көзіңіз ауырады. И все! – Қыз ашуланып, тағы бірнəрсені шимайлады. – Бүгін іше тұруға дəрі жазып бермейсіз бе? – Көз дəрігерінің заключениесінен кейін берем. Мынаны көз дəрігеріне бересіз. Бұл қыз да тілдей қағаз ұсынады.
Жүйке дəрігерінен шығып тұрып, жындыханаға түсіп кете жаздайсың. Өз-өзіңді сабырға шақырғың келеді. Болмайды. Жолай дəріханаға соғасың да ешкімнің нұсқауынсыз, жаныңды тыныштандыратын дəріні алып, сол жерде-ақ, таңдайға атып ұрасың. Ертеңіне көз дəрігеріне жорық басталады. Қабылдауы үшін тағы да 2500 теңге. Қолыңда бір бума қағаз. Кірдің. Отырдың. Алдыңда аппарат. Дəрігер аппартқа көзіңді былай салады, олай салады. Салып отырып айтады: – Сізде көздің қысымы жоғары... Зоббен ауырған жоқ па едіңіз? Тағы бір дəрігерге сілтейме деп: – Жо-жоқ! Құдай сақтасын. Ол қандай ауру еді? – дейсің.Ол үндемейді. Бірақ шимай қағазды ол да жаза бастайды. – Сізге бəрібір де зобыңыз бар ма жоқ па, тексерілу қажет. Ол үшін бізде түсіретін аппарат жоқ. Пəлен деген диагностикалық Орталықта бар. Аптасына екі-ақ рет қабылдайды. Соған алдын ала жазылып, тексерілген нəтижені алып келесіз... Мен сияқты қаны қызу адам, əй, мұндай шөре-шөрені көтере қояр ма екен? Əйел бола тұра əлгі қызды бетіне шапалақпен бір бергім-ақ келді. Амал жоқ. Іштегі ашуды қалай басу керек? Арақ ішетін адам болсам, бір бөтелкесін қопарар едім. Дірілдеген күйі далаға шығамын. «Қап, мыналарды-ай, ə! Əй, неге үйде отыра бермедім? Үш аптадан бері емсіз де жүрдім ғой... Жан керек пе, жылжисың. Диагностикалық Орталыққа барып аппаратына түстім. Ол қызметке де 2000 теңге кетті. Бұдан соң көз дəрігеріне, одан шығып жүйке дəрігеріне, жүрек дəрігеріне қайыра сапар шегілді. Қайта барғанда да қабылдау үшін əрқайсысына 1500 теңгеден төленді. Қорытынды емді берген жүректің дəрігері былай деді: – Айттым ғой мен сізге жүрегіңіз мүлде ауырмайды. Барлық ауру жүйкеде. Остреохондрозсыз. Көзіңіз де нашар. Аздап зоб бар. Əзірге мына емді бір ай бойына, екінші емді жарты ай,
үшінші емді тағы жарты ай, содан соң жарты жылдан кейін қайыра келесіз. «УҺ!» – дедім мен де. Ал, ем қабылдау үшін дəріханаларда сатылатын дəріні іздеу, оны біреуден біреу арқылы табу, инъекцияны күре тамырға салдыру, медбикелердің тамырды таба алмай қинауы ше? Сұрама. Жан керек пе, керек! Ендеше артық сөз керек емес. Бұл жағына тоқталсам, қайтадан жүйкем тозады. Əйтеуір, ақыры дұрыс. Қысқасы, қоян жылы қырсық екен. Барлығын айналып келгенде осы жылдан көрем. Ал, биылғы ұлу жылы құдайға шүкір, əзірге жақсы басталды. Сенімді өкіл Адамдар болмысы əрқалай ғой. Біреу көпшіл келеді. Топпен, қауыммен бірге жүргенді, бірге отырғанды қалайды. Қолында бар болсын, жоқ болсын жарқылдап, жайнап, жан-жағына жақсы шарапат төге жүреді. Қол ұшын көмекке созғыш. Көкірек көзі түзу болған соң ешкімді жатсынбайды. Тіпті үйіне ұры келсе де төрге шығарады. Көңілі кең, қолы ашық адамдар əркезде осылай. Бұлар, əрине, ашық көңілділігімен кейде ұтылып қалады. Дегенмен, Жаратқан иеміз де оларды қолдайтын болуы керек, əркезде несібесін молайтпаса, кемітпейді. Ал біреулер бұған керісінше. Кісікиік. Кірпияз. Көпшілікті қаламайды. Өз қара басын күйттейді, ұсақшыл. Тіпті мұндайлар ағайын-туыс, дос-жаран, жекжат дегендерге де салқындау. Біреуге көмек бере қоймайды, ал өзі көмек сұрамауға тырысып бағады. Ортағы сіңісіп кетуі де қиын. Сондықтан көбіне ет жақыны болмаса, жалпымен аралас-құралас бола алмайды. Жақын тартып тұрған адамның өзін жат санайды. Сəл нəрседен секемшіл. Мұндай кісілерге күнде «ақырзаман». Мамытбек Жүзбайұлы осындайлар тобына жататын. Қарапайым күнделікті тіршіліктің ұсақ-түйегіне мəн беретін. Мəселен дейікші. Есік қоңырауы шылдырласа, не себепті екені
белгісіз, үрейі қалмайды. Көптен бері қас-дұшпаны есіктен кіріп келердей құлағы тікірейіп кетеді. – Былай тұрыңдар, былай дедім ғой, – деп балаларын жолатпай, ішкі жақ көзден сығалап қарап: «Бұл кім?» дейді жіңішке даусын əдейі жуандатып. – Кешіріңіз, «Энергонадзордан» бақылау-есептегішті тексерейік деп едік, – дейді ар жақтағы дауыс барынша сыпайы өтініп. – Ашылмайды! Түрлерінің ұсқыны бөлек қой. Күндіз неге келмейді ей, осылар? Кім біледі олардың қандай адам екенін? Қазір əйелдер де қару ұстап жүреді дейді. Ашпаймыз. Сыпайы болып сызылуын қарашы, ей жаңағының. Өткенде, ана газетте жазылыпты. Осындайлар үйге келіп, бір отбасын қырып-жойып, дүние-мүліктерін, ақшасын, əйелінің алтын-күмістерін алып кеткен. Сендерге айтам, – дейді сосын əйелі мен балаларына қарап, – кешқұрым ешкімге есік ашушы болмаңдар! Есік қоңырауы тағы шылдарлайды. Бəрібір Мамытбек ашпайды, ашқызбайды. Қалалық жерде əр үйде домофон тағы бар қазір. Сыртта тұрыпақ, телефон сияқты пəтеріңде сенімен сөйлесе береді. Бұл үшін, əрине, домофонның үйдің ішіндегі трубкасын көтеру керек. Домофон шылдырлайды. – Ағай, ашыңызшы, мен 5-ші пəтерден едім. Үйге кіре алмай тұрмын. – Үйіңе кіре алмасаң қайтейін, адам деген салақ болмай, кілт дегенді қалтасына салып жүру керек. Болды! – Домофон трубкасын қоя салады ашпай. – Құдай-Ай, аша салсаң, не кетеді? Дала суық, тоңып қалатын болды ғой, дейді мына жақтағы əйелі күйеуіне. – Ендігі жолы өзіне сабақ болады. Мамытбек осы ісімен тəрбиелеп тастайды. Тағы да бірде есік қағылады. – Біз сайлау учаскесінен едік. Сайлаушылардың тізімін алып жүрміз. Бұл үйде неше сайлаушы қатысады?
Есіктің ішкі жағынан Мамытбек айқайлайды. – Жаза бер екі адам қатысамыз. – Кешіріңіз, есікті ашсаңызшы бізге. Біз жеке куəліктеріңіз қарап барып жазушы едік. Толық мəлімет керек. Қайда, кім болып жұмыс істейсіздер? Бəрін тізім бойынша толтыру керек... – Қарындасым, – дейді Мамытбек, іште тұрып, басымды ауыртпа. Сайлауға куəліктің, қай жерде жұмыс істегеннің қажеті қанша? Учаскеге керек болса, өзім барам. Слушай, осы сендер неге түнде жүресіңдер, а? Ұрысың ба, қарысың ба, біз қайдан білеміз? – Ағай, күндіз жұрттың бəрі жұмыста ғой. Сенбесеңіз, біз өз құжатымызды көрсетейік, – дейді есіктің ар жағында олар. – Жоқ, болмайды! Қарай гөр, маймөңкелеуін. Тегін емес... Соңғы кезде əйелдерден құрылған бұзық компания бар деп естідім. Ар жағында тапаншасын ұстап, мен білсем солардың еркектері тұр. Мамытбек бəрібір есікті ашпайды. Тағдыр деген кейде, адамның өз істегенін өзіне қайтарып беретіні бар. Жақында АО «Заман» құрылыс компаниясының президенті Қаржаубай Нұрболұлы (ұжымы Нұрболович дейді) қалалық мəслихатқа депутаттыққа кандидат болып тіркелген ғой. Ал, осы компанияда Мамытбек Жүзбайұлы басқарма бастығы болып істейді. Президент Мамытбек Жүзбайұлын шақырып алып: – Сіз менің сенімді өкілім болып бекідіңіз. Қалалық мəслихат депутаттығына «Жастар» шағын ауданында №5-ші сайлау учаскесінен сайланамын. Сізге бұл жұмыс қиын болмас деп ойлаймын. Өйткені ол ауданда өзіңіз тұрасыз. Қасындағы №53 мектептің оқытушылары сайлау жұмысына қосымша тартылады. Қысқасы, Маке, менің депутат болып сайлану, сайланбауым, көп дауыс жинау, жинамауым Сіздің сайлаушыларды үгіттеу, сайлау күні дауыс беруге жұмылдыру жұмысыңызға байланысты, – деген.
Құдай басқа салмасын! Депутаттыққа кандидат адамға сенімді өкіл болу қияметтің қияметі емес пе? Мамытбек Жүзбайұлының мұны естігенде жүрегі тоқтап қала жаздады. «Əлде, бастық бұл жұмысты əдейі тапсырып отыр ма? Ертең сайлау қорытындысы оң нəтиже бермей қойса, мына қызметімнен бірден қуып шығу үшін...» деген ойлар келді басына. Мамытбек, білмейді емес, біледі. Сенімді өкілге барлық шаруа жүктелген. Көпшілікпен ашық жарқын болып, сайлаушыларды сайлауға дауыс беруге үгіттеу, оларды тізім бойынша тексеріп шығу, қажетті құжаттарын бекіту тағы сол сияқты кете береді, жұмыс көп. Қазіргі сайлаушылар қарамағындағы қызметкерлер емес. Олармен ұсақ нəрседен абай болмасаң, бітті. Бұйырып тағы сөйлей алмайсың. Бүкіл ел болып жұмылып отырған саяси науқан емес пе? Сайлаушылармен нанға жағылған майдай жұғымды болмаса болмайды. Сайлау күні сайлаушылар учаскеге келмей қалса, бастықтың алдында басы кетпей ме? Не керек, Мамытбек Жүзбайұлының бұрылып қарауға шамасы болмады. Ала шапқын жұмыс басталды да кетті. Сайлау күні жақындаған сайын ұйқыдан қалды. Күнде жиналыс. Онда сенімді өкіл ретінде Мамытбек сөйлеуі керек. Сөйлегенде бұған үлкен шешендік керек тағы. «Біздің Нұрболович, басқалардай өзін – өзі ұсынып отырған жоқ. Беделді «Нұр қазақ» партиясы қалалық маслихаттың депутаттығына сенім артып ұсынды. Демек, бұл кісінің сайлау алды бағдарламасындағы атқарылатын шаралардың бəріне қол жетуге мүмкіндік бар... Сенімдеріңіз ақталады т.с.с.» Міне, қайда барса да, кімдермен алқалы топта кездеспесе де осы айтылғандарды Мамытбек қызыл тілді безеп қайталай берді, қайталай берді. Əйтеуір, көлденеңнен тиісетін қырсық сұрақтар қойылмайды. Оған да шүкір. Біздің халық деген қойдан жуас. Қол шапалақтап, бас изей береді. Мұның сыртында кешкілік бастық сайланатын сайлау учаскесіне қарасты барлық үйлердің тұрғындарымен кездесу, ол үшін əр подьездің есігін қағып, домофон нүктесін басып,
əрбірімен сөйлесу қажет. Қолында Қаржаубай Нұрболовичтің өмірбаяны, сайлаушыларға ұсынған оның бағдарламасы. Ең бастысы оны əрбіріне тарату. Жəй бере салмай сайлаушының алғаны жөнінде қол қойдыруы тағы бар. Міне, Мамытбек Жүзбайұлы кешкісін сайлаушылардың есігін қағып тұр. Проблема жоқ. Ақсары келіншек есікті тырс еткізіп ашты. – Келіңіздер, жоғары шығыңыздар, – деп жатыр тура ескі танысын көргендей, кіре берістен. Мамытбек қарадай ұялсын. Өзі болса қайтер еді? Талайдың бетін қайтарған жоқ па? Мыналар бөлек. Келесі үй де осындай. Елпілдеген адамдар. Үшінші үйде өзі сияқты ер адам, қол беріп амандасқан күйі қолын босатпай, дастархан басына əкелді. – Отырыңыз енді, мына соғымның етінен дəм татыңызшы, қазақ емеспіз бе? – дейді қоярда қоймай – Сайлауды білеміз, жүгіріс көп болады. Əлденіп алу керек. Бəрін түсініп жатыр. Неткен кеңпейілді адамдар? Жүрекке қандай жақсы! Бөтенсіген, бəлсінген біреуді кездестірсейші?!. Үйге көңілді оралды. Тіпті күндізгі сан жұмыстан шаршағаны да басылып қалған сияқты. Келіп, шешініп жатқаны сол еді, домофон даусы баж етті. – КСК-дан. 23-інші пəтерде труба жарылып жатыр, ашып жіберіңізші... Мамытбек сөзге келген жоқ, ашатын нүктені басты. Бұрынғыдай қауіптенбеді де, бəлсінбеді де. Сенімді өкіл бұл жолы біреудің қажетін өтегеніне кəдімгідей өзіне разы болып қалды. Содан бері ешкімнен күдіктенбей өзінен басқа да адамдарға сенетін болды. Қос күйеулі əйел Алматымен іргелес бұл қалада сауда орталықтары көп. Жаңадан төрт қабатты айнадай жарқыраған шынымен салынған əнебір соңғысына жұрт көп барады. Халықтың қойған атауы «Айна дүкен». Адам жанынан басқаның бəрі бар деп мақтайды.
Осы «Айна дүкеннің» алдына үлкен қара «Мерседес» келіп тоқтады. Ішінен көзіне қара көзілдірік киген, орта жастан асса да, киім киісі мен жүрісі сəнді, сымбатты əйел түсті. Машинаның рөлінде отырған келбетті, ұзын бойлы, қияқ мұртты жігіт ағасы, артқы есіктегі орта бойлы ақ кепкалы тағы бір кісіні қолтығынан демей, сымбатты əйелмен қатарласты. – Күннің ыстығын қарашы, жанып барады, – деді сымбатты əйел, – жаңа үйде шляпамды қалдырып кетіппін. – Білмеймін, маған осындай ыстық күндер жас кезімнен жаныма жағады. Жəне бар ғой, ыстыққа күйген сайын денем рахаттанады, – деді ақ кепкалы адам. – Ал енді осы жерден тура қай қабатқа, қай бутикке баратынымызды анықтап алайық. Əйтпесе, Сақыпжамал, саған еретін болсақ, біз шаршаймыз, – деді Заид, қолымен желпініп тұрған əйеліне. – Мен бүгін сендерді шаршатпаймын. Қазір Тілекке той костюмін алғаннан кейін сендер екеуің боссыңдар, қалғанын өзім осында қалып реттеймін. Арғы күні Аиданың туған күні. Қызыма сыйлық іздеймін, – деді Заидке. – А, солай ма? Менің есімнен мүлде шығып кетіпті. Осы кезде қастарынан жанамалай өтіп бара жатқан екі жас келіншек бұлардың сыртына қарап, тұра қалды. – Ана əйелді көрдің бе? Қасында сөйлесіп тұрған еркектердің екеуі де күйеуі дейді жұрт. – Қойшы... Рас па? Біз бір күйеу таба алмай жүргенде... Хихи-хи.. – Иə, иə. Олар өткенде де үшеуі бір жүрген. – Бір жүргеннің бəрі күйеуі бола бермейді ғой. – Бұлармен жақсы араласатын біреулер айтыпты. Ана ақ кепкалы ақсары адамды қарашы түрі милый и симпатичный, ə? – Ұзын бойлысы, вообще, керемет! Жас кезінде талай қыздарға арман болған адам екені көрініп тұр. – Қойшы, самайына ақ түскен шалға қызығып. – Знаешь, он такой статный. Бірден белгілі, ақшасы көп еркек.
Осы кішкене қала ішінде қалай, қашан, қайдан тарағаны белгісіз соңғы кезде қос күйеуі бар əйел туралы əңгіме бірден бірге құлақтанып кетті. Сақыпжамал көшеге, дүкенге, басқадай көпшілік орындарға шықса, «міне, мына əйел» деп сыртынан саусақпен көрсететін болған. Мұның тереңде жатқан сырларын жалпы жұрт қайдан білсін?!. ...Сақыпжамал кезінде ең сұлу қыз болды. Бір көрген жан көзін тоқтатпай өтпейтін. Қызыл шырайлы дөңгелек жүзінде қыр мұрын, қиғаш қас, мөлдіреген қара көз, найзадай ұзын кірпік дегендей. Маңдайын ашып, шашын екі жаққа айырып бұрым өргені де жарасатын. Иегінен жоғары, үстіңгі ернінің сол жақ тұсында көлемі тебеннің көзіндей қара меңі де көркін ашатын. Солқылдаған ақ қайыңдай сымбаты, оқтай түзу балтыры бəрі, бəрі Сақыпжамалдың тұла-бойынан мін тапқызбайтын. Марқұм əжесі Сақыпжамалдың құлағына тие берсін дей ме, кейде: «Əдемі көрік Алланың берген сыйы. Əйел сұлулығы ақылды болса – бақытқа, ақылсыз болса – сорға жетелейді». Ажарлы əйелге алдымен Алла сана берсін» дейтін. Нені тұспалдап айтатынын Сақыпжамал жас кезінде білген жоқ. Бірақ кейін əжесі айтқан бақыттылық пен сорлылықтың екеуін де басынан өткізді. Жасы он жетіге толар-толмаста күйеуге шығып кетті. Күйеуі Тілек те жиырмаға толмаған еді. Алматыда Ауыл шаруашылығы институтының бірінші курс студенті кезінде Ақмола облысының шаруашылығына өндірістік практиканы өткізуге келгенде Сақыпжамалды кездестірді. Екеуі бір-біріне өлердей ғашық болып, ақыры қосылып тынды. Бұл бір заманның түзу кезі еді. Төрт жарым жыл Алматыда екеуі жас отбасы болып тұрды. Ең бақытты ғұмыр кешті. Араларында бала болмағанына өкінген жоқ. Керегінше ойынсауық, думандарды бос жібермей, екеуі уақыттың қалай тез өтіп кеткенін білмей де қалды. Бос жүрмей Сақыпжамал Алматыда бір жылдық есепшілік курсты бітіріп алып, «Казпоштаның» бір бөлімшесінде кассир болып істеген соң, екеуі өзге студенттердей тарыққан да жоқ.
Тілек диплом алып, туған ауылы Көкшетаудың аудандық «Казсельхозтехника» мекемесінде механик-инженер болып жұмысқа орналасты. Ал көп ұзамай Сақыпжамалды аудандық ауылшаруашылық басқармасына қарасты бір мекеменің есепшілігіне орналастырды. Сақыпжамал өмірінің бақытты күндерінің шырқын бұзған осы ауданның, жалпы Көкшенің атын естісе, əлі күнге дейін жек көреді. Өзі есепші болып қызмет ететін мекеме басшысы қырықтың қырқасына шыққан Есенжол Таңатаров Сақыпжамалды алғаш көргеннен көзімен ішіп-жеп, жас келіншекті ішінен «аспаннан қолыма түскен періште» деп санады. Ал Сақыпжамалға бастықтың өзіне бұлай қарағаны ұнамады. Бойы аласа, маңдайы тайқы, тəмпіш мұрын, қасы қою, көзі бадырақ, бұл адам киноларда жансыз, сатқын боп ойнайтын кейіпкерге ұқсас. Жұмысқа екі күннің бірінде ішіп келетіндіктен, үнемі аузынан арақ иісі кетпейді. Күлгенде барынша қарқылдап, епетейсіз күледі. «Нағыз тасбақа» деп Сақыпжамал өзінше ат қойды. Бірақ, бұл жұмысқа күйеуі Тілек орналастырғаннан кейін ешнəрсе дей алмады. Осы Есенжол төрт-бес ай өтпей жатып Сақыпжамалға көңілін ашық білдіріп, мазалай бастады. «Сендей əйелді өмірімде бірінщі рет көруім. Сен осында жұмысқа келгелі менен ұйқы кетті. Сені көрсем болды өзімді қоярға жер таппаймын...» т.б. осы тектес мөлдіреген сөздер. Сақыпжамалдың күйеуі Тілек жаратылысында біреу туралы жаман ойламайтын, елгезек, ақкөңіл, аңқылдаған жан. Өзінен он бес жастай үлкен Есенжолды «ағалап» құрметтегенде жаны қалмайды. Бір-екі рет үйге ертіп əкелді. – Жас мамандарға бір жақсы үй беріледі деген соң, күтіп жатырмыз. Сол үйге шықсақ, жеңгеймен екеулеріңізді дəмге де шақыру ойымызда бар – деп Тілек ағынан жарылады. – Ойпырым-ай, мына Сақыпжамалдың құйған шəйін-ай, таңдайдан өтіп барады. Өмірі бүйтіп шəй ішпеуші едім, – деп Есенжол да жылмиып, кесесін Сақыпжамалға жиі жылжытады.
Екі жылға жетер-жетпесте Тілек пен Сақыпжамал аудан орталығында жаңадан пайдалануға берілген екі қабатты коттежден үй алып, қоныс тойын тойлады. Бұл тойға Есенжолды да шақырды. Ол əйелін ертіп келді. «Маған көз салып жүргенде өз əйелі қандай екен?» деп Сақыпжамал Есенжолдың əйеліне көз қиығымен қарап қояды. Бұл əйел ешкімнен кем емес. Денесі тығыршықтай. Кеудесі тырсиып тұр. Киген киімі де өзіне жарасады. Хас сұлудың өзі. Оның үстіне ізеттілігі, білімділігі, көпті көргендігі де көрініп тұр. Аудан орталығындағы мектеп директорының орынбасары екен. Жасанды мінезбен өтірік сызылатын əйелдерден емес. Жан-жағымен ашық жарқын əзілдеп, жұртты баурап алып отырды. Күйеуі мен екеуінің арасы жер мен көктей. «Сегіз қырлы бір сырлы» дегендей, ерлермен иық тіресе алатын іскер əйел. «Мынадай əйелі бола тұра, өзгеге көз салуы мүлде оңбағандық. Демек, көрсе қызар. Өзінің дегеніне жету үшін мұндайлар неден болса аянбайтын жексұрын» деп түйді ішінен Сақыпжамал. Бір күні таңертең Тілек Сақыпжамалға: – Біз бүгін бір топ аудан өкілдері облыс орталығына барамыз. Украинадан келген техникалар аудан-ауданға бөлінеді екен. Алдымызда егін орағы. Бізге де техника бөлініпті. Сол техникаларды алып келеміз. Мен кешіксем, алаңдама, үйде өзің бола бер, – деп ескертті де, жүріп кетті. Дəл осы күні түсте Сақыпжамалды Есенжол кабинетіне шақырды. Ол өзі əдеттегідей ұрттап алыпты. Мұны көрген Сақыпжамал «Осындай маскүнемді қалай басшылыққа қойып жүр?» деп ойлады ішінен. Ол əдеттегідей тоқсандық есепқисаптың жұмысын сұраған болып отырды да: – Күйеуің бүгін келмейтін шығар. Облысқа кетті біраз адамдар. Білем. Түнде жалғызсырайсың ғой... Сендей сұлу келіншектің анадай дағарадай үйде жалғыз өзі қалғаны қалай болар екен? – деп мұның қасына жылжыды. Бұдан əрі маймөңкелей «Сақып,... мен барсам, қолымды қақпайсың ғой?» – деп білегін ұстамақ боп, арақ иісі қолқаны қабатын аузымен жабыса берді...
– Ағай, мүлде ұятсыз екенсіз! – деді Сақыпжамал мықтап қысқан құшағынан əрең сытылып шығып. Сөйтті де жиіркенішті жылмиып тұрған бастығының бетіне шапалақпен шарт еткізді. Дəл осы жерде Сақыпжамал өзіне есеп бере алмады. Сөйтті де кабинеттен сумкасын алып, есікті тарс жауып, шығып кетті. – Бүгін Тілек аман-есен келсе, бəрін айтам. Бұл жерде жұмыс істемей-ақ қояйын. Оңбаған сілімтік! – деп өз-өзімен күбірлеп үйге келді. Үйде де жаны тыншымады. Бастығының бүгінгі қылығы қайта-қайта ызасын келтірді. Есенжолға шапалақ жеген түк емес болатын. Оның жанына батқаны Сақыпжамалдың екі жылдан бері өлердей айтқан сөзіне елітпей қойғаны батты. Сұлу қыз-келіншектердің бұл талайын көрген. Келісе қоймаған, тұңғыш менсінбей тұқыртқан, қолын қаққан осы Сақыпжамал. «Қарай гөр өзін! Əлдеқандай боп. Бедеу қатын. Бастығы мына мені көзіне қыстырмай, сөзімді жерде қалдырып, еще шапалақтауын! Сазайыңды берем!» Оның ішке түйгені осы. Екі қабатты коттеждің барлық бөлмелеріне шам жағып қойғанмен Сақыпжамал жалғыз өзі үйде «тырс» еткен дыбыстан секем алып, түннің бір уағын өткізді. Жоғары қабатқа мүлде көтерілмеді. Жатын бөлме де қорқынышты көрінді. Бірінші қабаттағы дағарадай кең залға бармады. Бұрын ондайы жоқ еді. Əлденеден секемденді. Қолына қару ғып, ас үйден кішкен ет шабатын балтаны алды. Сөйтіп кіре берісте жұрт аяқ киім кигенде отыратын кішкене диванға бүрісіп қисайды. Сырт жақтан есік алдындағы дыбыстар осы жерде анық естіледі. «Тілек келіп қалса да, бірден оянуға жақсы» деп ойлады. Бəле болайын десе болады екен. Есенжол да қасарысты. «Бүгін сен қатынның мені менсінбейтін көкірегіңді көрейін» деп тістенді. Жұмысынан көңілсіз келді. Қақиып теледидарға қарады да отырды. Оған қарағанмен ойы басқада. Кешкі тамаққа да зауқы соқпады. Кеш қоюланғанда ақыры үйінен шығып, Тілектің үйін бетке алды. Сол үйдің сыртын торуылдады. Барлық бөлмеде
шам жағылғанына дейін байқады. Жаңадан берілген коттеждер небəрі бес-алты үй. Тілектің үйі ортасында. Қарсы жақта əлі соғылғандар пайдалануға берілген жоқ. Есенжол үйдің ішкі жағына өтті. Алғашқыда мақсаты терезеден кіру болды. «Жоқ, деді ол, мен неге олай істеуім керек? Бірден есігін қағам. Ашпаса ашқызам». Осылай болды оның ойы. Есік сыртының қоңырауы шылдыр етті. Сақыпжамал көзі енді ілінген. Бұл дыбысты естімеді. Қоңырау ұзақ басылды. Оның сыртында есік қоса қағылды. Үрей билеген Сақыпжамал қолына балтасын мықтап ұстап: – Кім бұл?! – Мен, Есенжол. Сақып, есігіңді ашатын шығарсың... – Ашылмайды... Кетіңіз ағай! Мен Сізге айттым ғой. Кетіңіз, аулақ жүріңіз. – Мен бір ғана сөз айтамын. Содан шығамын. Егер ашпасаң, таңға дейін, күйеуің келгенше босағада тұрам. – Мен Сіздің қандай сөз айтарыңызды білем. Кетіңіз! Бұл жаңа берілген үйге телефон сымы тартылмаған еді. Мобильді телефон деген ол кезде жоқ. Сақыпжамал шын састы. Өстіп тұрғанда Тілек кеп қалса не айтады? Ашуға болмайды. Тұрса, тұра берсін. Есіктің қоңырауы қайта-қайта бажылдауын қоймады. Ашуы əбден келген Сақыпжамал бір кезде есікті ашып кеп жіберіп: – Ал, енді айтарыңызды айтыңыз осы жерде.. – Алдымен мен саған өзіңдікін өзіңе қайтарамын. Мойныма қарыз арқалағым келмейді, – деді де, Есенжол Сақыпжамалды бар пəрменімен жұдырықпен беттен салып жіберді. Ер адамнан соққы алған əйел оңа ма, көзінен от жарқ етіп, жерге бүйірлей етпетінен құлады. Есенжол ол аз болғандай құлаған əйелді аяғымен тепкілей бастады. – Сендейлер аяғымды құшып жылаған. Бағанағыңа кешірімді аяғымды құшып тұрып сұра, мен саған айтамын, аяғымды құшып кешірім сұра...
Сақыпжамалдың қолы құлағанда балтаның сабынан ажырап қалған. Тепкінің астында домаланып жатып, оның қолы балтаға қайта тап болды. Шап беріп ұстай салысымен өзінің жанын шығарып жатқан аяқтан бір перді. – Ойбай, əкеңнің аузы... Есенжол тəлтіреңдеп, балтырын ұстап қабырға жаққа соғылды. Тұщы етіне ащы таяқ батқан Сақыпжамал да бұл кезде ешнəрседен аянбады. Қабырғаны арқалай құлаған Есенжолдың басынан қолындағы балтамен бір соқты. Шекесінен қан атып шыққан Есенжолдан: – Өлдім! Өлтірдің! – деген екі-ақ сөз шықты. Міне, қас-қағым сəтте болған оқиға осы. ...Қазіргідей ақпарат құралдарынан жария таппаса да, Кеңес одағы кезінде əйел қолынан кісі өлімі болмайтындықтан, бұл оқиғадан аудан орталығының жұртшылығы дүрлігіп кетті. Аныққанығын білмейтіндер жап-жас Сақыпжамалды кінəлады. Ол кезде қазіргідей ешкім қорғаушы жалдамайды. Бірақ, Мəскеу мемлекеттік университетінің соңғы курсын оқып, осы ауданда диплом алдында сынақта жүрген Екатерина Павловна Степанова деген жас қыздың қорғаушы болуы Сақыпжамалға көп көмегі тиді. Алдымен ол Е.Таңатаровтың өзін зерттеп, зерделеді. Ауданда ол басшылық қызмет істеген мекемелерде болып, əйелдермен сөйлесіп, зорлық көрген əйелдермен тіл табысып, жазбаша түрде сотқа шағым арыз түсіруді сұрады. Мұндай əйелдер саны алтауға жетті. Бұл Сақыпжамалға берілетін жазаны жеңілдетуге жол ашты. Қорғаушы Е.К. Степанова сөз сөйлегенде сот залы сілтідей тынды. «Қызмет бабын пайдаланып, қарамағындағы əйелдерге психологиялық қысым көрсету арқылы, өзінің қалауына мəжбүрлейтін мұндай адамды басшы қызметке қойған аудандық партия комитеті ең бірінші жауапты. Бұл Кеңес коммунистерінің өндірістік жоспардың орындалуын ғана талап етіп, еңбек өнімділігін арттыруды ғана көріп, бағалап, адамдардың арасында да ар мен ожданның да бар екенін көруге көздері жетпейтін соқыр бола бастағандығын көрсетеді» деп, аудан басшыларына
да кінəнің ұшын артты. Жас келіншек Сақыпжамал Райымбекова өзін қорғауы ерлік. Осындай зорлықшыларға үлкен сабақ. Сондықтан С.Райымбекова кісі өлтірген жоқ. Ол өзін-өзі ғана қорғады. Ешқандай жаза болмауы тиіс» деп қортындылады. Сот С.Райымбекованың өте жас (23 жас), бұрын қылмыстық іске араласпаған, болған кісі өлімі өзін-өзі қорғаудың əрекетінен туған» деген қорытындымен түзету мекемесінде жалпы режиммен шартты түрде 4 жыл бас бостандығынан айыруға үкім етті. Жаза қанша жеңіл болғанымен, тағдыр Сақыпжамалға ЕТнің дəм-тұзын татуға жазды. Қилы-қилы тағдырлар тоғысқан жердің өз тəртібі бар. Осы тəртіпке еті үйреніп келе жатқан Сақыпжамалды калония бастығы бір күні кабинетіне шақырды. Сақыпжамал есікті имене аттап, ішке кіргенде Заид Шакуров темекісінің тұқылын өшіріп, бөлменің ауасын жаңарту үшін терезені ашуға орнынан түрекелді. Ол ұзын бойлы, кең жауырынды, тұлғалы адам екен. Түрі тау халықтарына ұқсас түкті, көзінің қарашығы қап-қара өткір, қою қара шашы бұйра, қияқ мұртты жігіт ағасы Сақыпжамалды түрекелген күйі қарсы алып, отыратын орындықты меңзеді. Сөйтті де алдында жатқан қалың папкіні бетін парақтап отырып: – Сақыпжамал, Сіз ең жас, ең көрікті жан екеніңізді білесіз бе, – деді, қағаздан көзін алмай. Сақыпжамал үндемеді. Бірақ, ойлады. «Əне, тағы басталды «көрікті», «сұлу», «ажарлы» тойғаным бар осы сөздерден. Жынымды қоздырады. Осы жерде отырғаным көріктілігімнен бе екен. Тағы алдымнан бір Есенжол шықпаса. Өткенде қасында бірге жатқан əйелдер «түрменің бастығы жақсы адам» деп еді. Ал, мынау не айтайын деп отыр». – Сіз бірнəрсені ойлап отырсыз ба? – деп, тағы сұрақ қойды бастық. – Мұндағы адамдардың ойсызы бола ма? Не айтқыңыз келді, төтесінен айтсаңыз.. – Сізге ұсыныс жасағалы отырмын. Ол ұсынысты қабылдағаныңызды қалаймын жəне Сіздің қауіпсіздігіңіз үшін.
– Айта беріңіз..қандай ұсыныс жəне қандай қауіп төніп тұр тағы. – Мені басқа түзету колонияға ауыстырғалы жатыр. Келесі жетіде болмаймын. Ол қайтадан темекісін алып шеккісі келіп, папиросын саусағына ұстап отырды да, сөзін жалғастыра берді. – Ал, менің орныма келетін адам, өте қатыгез, əрі сұм. Сізге қалай түсіндірсем екен. Сіздің Есенжолыңыз оның қасында əшейін... Мұнда қалып қойсаңыз, сөз жоқ Сізге зияндық жасалады.... Сіз мұнда келгелі адамдардың сұмдығын көрген жоқсыз... Өйткені, мен ондайға жол бермеймін. Мұнда мен жоқта қалсаңыз қиын болады. Сақыпжамал «Есенжолыңыз оның қасында əшейін» деген сөзден шошып кетті. – Мен не істеуім керек сонда? – Сізге мен үйленемін деп, мына жерден алып шығамын. Расында, менің əйелім жоқ. Үйімде үйелмелі-сүйелмелі үш ұлым, екі қызым бар. Соған уақытыңыз біткенше күтуші боласыз. Келісім берсеңіз, ресми құжаттарды өзім реттестірем. – Сізге жауапты қазір беруім керек пе? – Қаласаңыз қазір. Ал, ойланамын десеңіз екі сағат. Айттым ғой, жаңа мен сізге ресми құжаттардың бəрін реттеу керек деп. Тез болса, бізге жақсы.. – Жарайды, 2 сағат ойланайын, – деді Сақыпжамал. – Рахмет! Мен Сізді тағы шақыртам. Сақыпжамал бөлмедегі əйелдерге айтқысы келді. Ішкі жақ ойы «айтпа» деді. Бөлмедегі əйелдер бұл келе сала, жапа-тармағай: – Неге шақырыпты, жəй ма? – деді. – Сөйлесе алмадық. Қайтадан шақыртам деді. Ол өзі басқа біреулермен сөйлесті, – деп өтірік айтты. Уақыт тырсылдап соғып кетіп барады. «Не қылсам екен? Келіссем не болады, келіспесем ше?» Жаны ашитын адам сияқты. Мүмкін маған көмектескісі келетін шығар. Өткенде сот болмай тұрғанда қамауда жатқан жерге жолдас келіншек келіп: «Осыншама ақымақ болармысың. Бастығың көңіл білдірсе, қашқақтамай,
келісе бермедің бе? Ал, енді арымды сақтадым дегеніңе кім награда берді. Жазықсыз жапа шегіп отырсың. Кімге керек еді сенің ол істегенің? Тілек сені күтпейді. Бұл шын. Біреуге үйленеді, еркек емес пе. Əрі сенен көрген баласы тағы жоқ. Біреу бала туып бермейді дейсің бе. Енді сенің жолың бір бөлек, оның жолы бір бөлек болады. Қазір əйелдер бастығын қарата алмайды, ал сен...» деп біраз ренжіген. Екі сағат тез өтті. Бастық тура 2 сағат болғанда шақыртты. Есіктен кіре бере Сақыпжамал: – Мен Сізге келістім, – деді. Бірақ, мен Сізден сұрамаппын. Қасымдағы əйелдер Сіздің не себеппен шақыртқаныңызды менен сұрап жатыр. Мен не айтуым керек еді? Қазір тағы сұрайды. Əлде айтпауым керек пе? – деп пысықтады. – Ой, мен Сізге ескертуді ұмытыппын. Ия. Ия. Олар сұрайды, мен білем. Сіз айтпаңыз. Былай деңіз. «Іштеріңде сырттан анаша алып жүрген əйелдерді байқамадың ба?» – деп сұрады. «Мен білмеймін» деп айттым де. Осы əңгімеден кейін төрт күн өткен соң Сақыпжамалды күзетші темір есіктен бас сұғып: – Сақыпжамал Райымбекова! Тездетіп, сыртқа бүкіл киімдеріңізбен! – деп дауыстады. Барлығын əзірлеп қойған Сақыпжамал үш минутта кідірген жоқ, лып етіп жиналып, бөлмеде аң-таң болған əйелдерге: – Барлығыңызға тездетіп шығу бұйырылсын! Сау болыңыздар! – деп артына қарамастан, есікті жауып күзетшіге ерді. х х х Бұлар отырған машина қанша жүрді белгісіз, бірақ машина калониядан шығып, даңғыл жолға түскенде мүлде қас қарайған мезгіл еді. Машина бұдан соң бір жерге келіп тоқтады. Жүргізуші екеуі аулағырақ барып бірнəрсе сөйлесті. Содан соң екеуі қоштасты. Заид Шакуров басқа бір жеңіл машинаға өзі отырып, қасындағы орындыққа Сақыпжамалды «отырыңыз» деп есігін ашты.
Кең даңғыл жолға шыққаннан кейін Заид Сақыпжамалға: – Міне, сіз үшін жаңа жол, кең жол басталды. Мүмкін мен үшін де бұл жол жақсы болар. Сіз енді мені тыңдаңыз. Айтайын. Сіздің менің ұсынысыма келіскеніңіз өте жақсы болды. Сізге ендігі қамқоршы мен деп біліңіз. Жоғырыдағы бастықтарға айтуым бойынша Сіз менің əйелімсіз. Мерзіміңіз аяқталғанша біздің үйде боласыз. Қазір біздің үйге барамыз. Үйде ең кішкене қыз сізді «Мама» деп қарсы алады. Сізден өтініш, еш қысылмаңыз. Оны туған шешесі рөлінде аймалап, сүйіп, ауруханадан енді шыққаныңызды, сағынғаныңызды айтасыз. Ол 2 жаста, сеніп қалар. Үлкен ұлым 13-те. Аты – Марат. Екінші ұлым 11-де. Аты – Қанат. Үшінші ұлым 9-да. Аты – Самат. Төртінші қызым 5 жаста. Аты – Аида. Жаңағы ең кішкентайымнің аты Саида. Үш ұлым, əрине, сіздің келетініңізді біледі. Мен оларға түсіндірдім. Бірақ, қайдан келетініңізді, яғни жаңағы шыққан жерді айтам, білмейді. Мен ата-анадан жалғызбын. Ұлтымыз қарашай. Бірақ Қазақстанда əке-шешем қазақ болып кеткен. Алматы ауданында туылған. Əйелім Фатима жақсы адам еді. Жарты жыл болды. Бүйрек рагінен қайтыс болды. Бес баламен өзім қалдым. Жұмысым білесіз, өте жауапты. Мен өзім Аллаға сенемін. Жаратушы Алладан күндіз-түні жалбарынып сұрадым. «Шиеттей балаларыммен күйрете көрме мені» деп. Жақында əкем түсіме кірді. Сіз бұған сенбейсіз. «Балам, тарығып, зарығып жүрсің. Сенің қолыңның астында бір əйел бар. Өзіңе де, бүкіл балаларыңа да қамқор бола алады. Сен өзің де оған қамқорлығыңды аяма» – деді. Содан соң түрмедегі бүкіл əйелдердің құжаттарымен таныстым. Сырттарыңнан көрдім. Бəрінің өмірбаянын оқып, сотталған статьясымен егжей-тегжейлі таныстым. Жас шамаларын көрдім. Барлығы да үйдегі балаларды қарауға келмейді екен. Сен көзіме жылы ұшарадың. Бір оңбағанның қиянаты үшін күйіп кетіпсің... Бұл сенің басыңдағы тағдыр ғой... Осылай жүргенде маған басқа түзету мекемесіне баратыным жайлы бұйрық келді. Жұмысты тапсыруға бір апта мерзім
берді. Менің орныма келетін адам айттым ғой, нашар кісі. Əр калонияның өз сыры бар. Саған тəптіштеп бəрін айтқым келмейді. Онсыз да бақытсыз əйелдердің өмірлерін ол жақсы етпейді. Ал, сен сөз жоқ, оның көзіне бірден түсесің. Сенің тағдырыңа араласқым келді. Жоғарыдағыларға айттым: «Райымбекованы сүйіп қалдым. Үйленемін. Қалған өтеу мерзіміне өзім жауап беремін.Үйге шығарып аламын» деп өтініш жаздым. Əйелім жоқ екенін олар біледі. Осылай, жаным, менің тағдырым... Мен сенен əйел ретінде ешнəрсе талап етпеймін. Тек, анасынан жастай жетім қалған балаларыма мен қызметте жүргенде, үйде бас көз бол, əсіресе кішкене екі қызыма «өтірік болса да ана бол, солар аяғынан қаз тұрып кеткенше өтінішім осы, – деп барып, – əрмен қарай «менің де жасым жас емес, қырықтың қырқасында тұрмын. Дəлі 42 жастамын. Біліп отырғын», – деді. Сақыпжамал бұл айтылып отырғанды тыңдап отырғанда екі көзінен моншақтап жасы төгіліп отырды. «Осылай, жаным» дегенде мүлде егіліп, өксігі тамағына тіреліп қалды. Сонда да сыр бермей: – Мұнша жаста деп Сізді ойламап едім. Өте жас көрінесіз – деді Сақыпжамал көзінің сүрткен жасын байқатпай, ана кісінің көңілі көтерілсін деп. Машина үлкен қақпаның алдына келіп тоқтады. Ауланың ішінде самаладай электр шамы бірден жарқ етті. Заид алақанын ашып тұрды да, Сақыпжамалды машинадан өзі түсірді. Ер адамның алақаны мұндай да жұмсақ болады екен. Сақыпжамал өзінің қатты саусақтарының жұп-жұмсақ алақанның ішіне түскеніне қысылыңқырап қалды. – Міне, үйге де келдік, – деді ол ашылған қақпаның есік тұтқасын ішке қарай итеріп. Сол кезде үйдің ішінен балалар «Папа-папа, мама-мама» деп шуылдап сыртқа шықты.Үлкен ұлы Марат өзі көтеріп шыққан кішкене екі жастағы Саидаға: – Саған айттық қой, мама келеді деп, əне біздің мама келді, – деді. Сақыпжамал сценарий бойынша барлық балаларды маңдайларынан, беттерінен сүйіп шықты да:
– Жаным, Саида. Мен сені қатты сағындым. Қатты. Келші құлыным, – деп бауырына қыса берді. Ес білетіндері шешесін естеріне түсірді ме, бəрі де көздерінен жас ала сырт айналды. Екі жасар Саида Сақыпжамалды құшақтап «ты мама, ты мама!» дей берді. Тіпті бес жасар Аида да: – Мама, сен енді ешқайда кетпейсің ғой, кетпеші, – деп мойнына асылды. Аула сыртында бірін-бірі құшақтап, бірін-бірі сүйіп тұрғанда іштен шашын желкесіне түйген бір бойжеткен шықты да: – Сəлеметсіз бе, тəте, келуіңізбен! – деп Сақыпжамалды бұрыннан білетіндей құшақтады. Сөйтті де: – Енді ішке кіріңіздер, тамақ дайын, суып қалады, – деді. – Сақыпжамал, танысып қой. Бұл менің ең кенже қарындасым. Тіпті ең үлкен қызым десем де болады. Мединституттың студенті. Болашақ дəрігер Ашира, – деді Заид Шакуров. Сол күні кішкене Айда мен Саидадай бақытты жан болған жоқ. Екеуі екі жақтан Сақыпжамалдың кеудесіне басын қойды. Кішкене қызы омырауын ашып, төсіне қолын салғысы келді. Бетін, мойнын иіскелеп тіпті еркелеп кетті. Сақыпжамал ертесіне Аида, Саидамен бірге тұрды. Қыздар бір елі айрылмай, мамалап, қолынан түспеген сайын, Сақыпжамалдың да жүрегі елжіреп, езіле түсті. Екі күннен кейін Заид Сақыпжамалды машинаға отырғызып, дүкендерді бірге аралап, үстіне киетін киім кешектер, тағы да басқа керек жарақтар алды. Жаңа киімі Сақыпжамалды одан сайын көріктендіре түсті. Тіпті үшінші ұлы Саматтың өзі «Қандай сұлу» деді қасындағы Марат пен Қанатқа. Сақыпжамалдың бұл үйге келуі шаңыраққа ерекше шуақ əкелді. Мектептен келе сала үш ер бала жаюлы кең дастарханда барлығы шүйіркелесіп тамақ ішеді. Сақыпжамал олардың үйге берілген тапсырмаларын орындауын қадағалайды. Кешке əкесі келеді. Тағы да кең дастарханда бəрі бас қосады. Балалары мен кішкене қыздарының жүздерінен көптен бері үзіліп қалған шаттықты көріп, Заидтың да ішкен асы бойына тарай бастады.
Сақыпжамал осы күндердің бəрінде Тілектен хабар күтіп жүрді. «ЕТК-ге хабарласса немесе өзі іздеп келсе, жазасын өтеуші Сақыпжамал Райымбекова туралы баяғыда-ақ естіп білді. Ал, естіп білсе, мұның қандай шындыққа жанасымы барын ізденіп, ақиқатын анықтауға уақыт таппады ма. Бір жылдан астам уақыттан бері ешқандай хабар жоқ. Бұны бір дейін. Екінші, Заид Шакуров менің күйеуімнің бар екенін біледі. Ендеше арадағы «өтірік сценарийі» туралы Тілек хабардар болуы керек емес пе. Тілек туралы сұрап білейінші деген оймен бір күні: – Заид аға, менің күйеуіме осы үйге келген жағдайлар хабарланды ма екен, білесіз бе оны? – деп сұрады. – Мұндай жағдайлар басшылар арасында өте құпия болады. Сенімен бір бөлмеде болған əйелдер де тіпті білмейді. Алайда, Сіздің жолдасыңыз өткен жерге келіп байланысқа шыққан болса, онда менің тапсырып кеткен өз адамдарым бар. Олар маған ескертуі тиістін. Демек, əлі хабарласпаған болар, – деді Заид. Содан кейін тағы да: – Былай етейін, Сақыпжамал, мен басқа каналдар арқылы Тілектен толық ақпарат алдырайын. Уайым етпе. Сенімді адамдар бұл жағынан да бар, – деді көңілің алаңдамасын дегендей, иығынан қағып қойды х х х Сақыпжамалдың ойламаған жерден жазалы болуы Тілектің де жүйкесін жүндей түтіп, жанына оңай тиген жоқ. Азамат болған соң сырын ешкімге білдірмеді. Түнемелік төсекке басын қойса көз алдына Сақыпжамал келеді. Іші удай күйіп, жүрек тұсы шаншып кетеді. «Сол жерге бекер-ақ жұмысқа орналастырған екенмін. Оңбағанның зорлықшыл екенін кім білген. Ағалап жүріп арам ойын білмедім ғой..Менің де кінəм бар бұған» дейді кіжініп өзіне. Үйге келгеннен қайта жұмыста жүргені жеңіл. Анау-мынау ой бастан шығады. «Казсельхозтехника» берген коттежін өзімен
бірге жұмыс істейтін көп балалы отбасына беріп, Тілекке екі бөлмелі пəтердің кілтін ұстатты. Үйдің заттарын осы пəтерге əкелгеннен кейін, екі-үш-ақ күн қонды. Содан жаз бойы қара басы сілтиіп, егістік басында, пішеншілер қосында жүр. Бұрын темекі шекпейтін еді. Қазір темекінің қою түтінін ішіне сорып, екі көзін бір нүктеге қарап отыратынды шығарды. Тілектің бұл халін бөлісетін ет жақын ешкімі де болмады. Əке-шешесі студент кезінде қайтыс болды. Тілек жиырмаға жетпей үйленгенде өзге ата-аналардай «оқуыңды бітіріп алып үйленгенің дұрыс еді ғой» деп режитін шығар деп ойлаған. Жоқ. Олай болмады, қайта екеуі бірдей қуанып: «Е, тіпті жақсы болды ғой. Ертерек немере сүйеміз» деп, той-жабдықтарын қуана жүріп жасаған. Күткеніндей, немере көре алмады. Төртінші курста жүргенде бірінің артынан бірі жарысқандай ана дүниеге сапар шекті. Жалғыз апасы бар еді, ол да алыста оңтүстік аймаққа тұрмысқа шыққан. Бала-шағалары көп. Өткенде Сақыпжамал істі болғанда жылап-еңіреп келіп кетті. Қалғандары жамағайын, аталас туысжекжаттар. Көкшенің қысы сол жылы ерегіскендей ерте қазан айында түсіп, қар астында егін жиналмай қалды. Бұл үлкен дау-дамай тудырды. Компартияның дəуірлеп тұрған уақыты. Аудандық партия комитеті ауданның барлық коммунистеріне қылышын жалаңдатып, жоспардағы астықты мемлекетке тапсыра алмай қаламыз деп қаһарын төкті. Бастауыш партия ұйымының хатшылары егістік науқанында жұмысты дұрыс ұйымдастыра алмады деп сөгіс арқалады. Сөгіс алған партком хатшылары басқасын оңдыра ма. Диқан-механизаторларға «далада қар астында қонсаңдар да, егінді жинап алмайынша үй бетін көрмейсіңдер»деген нұсқау берді. Тілек аудандық ««Казсельхозтехниканың» механикинженері болған соң, біресе ана шаруашылықтың, біресе мына шаруашылықтың техникаларына қажетті бөлшектер жеткізіп, қолы бір босамады. Сақыпжамал үкім шыққаннан кейін, Алматы облысының № ЕТ-2 – түзету колониясына жіберілгенін білді.
Əйелінің артынан бір бара алмағанына іштей өкінеді. Өткенде «ең болмаса əйеліме барып келуге үш күн жіберіңізші, əлі артынан бір барғаным жоқ» дегені бар. Сонда бастығы қатты ашуланды: – Сенің əйелің ауданның білдей коммунист кадрын өлтірді. Басқа себеп болса, бірсəрі. Аудандық хатшы Жанабергенов жанымызды бір шүберекке түйіп отырғанда, осындай сөз айтуға қалай дəтің барады?! Немене бəрімізді партиядан шығарайын деп пе едің? Көрінбе, көзіме! Кететін болсаң, өтініш жаз да, сол жаққа əйеліңнің қасына мүлдем кет! – деп айқайлап жіберді. Тілек жас маман. Əлі қызметі сіңген жоқ. Амалсыздан сүмірейіп кабинетінен шықты. Содан міне, əлі қолы босамады. Арқаның ақтүтек бораны толастар емес. Егін даласы ақ қардан көрінбейді. Механизаторлар қарды қолмен айырмен тазалайды. Сөйтіп, комбайнның алдын аршиды. Диқан-механизаторлар дүлей табиғатпен бетпе-бет күресіп-ақ жатыр. Бірақ, жағдай күннен күнге ауырлай беруде. Жоғарыдан тапсырма сондай, ешкім егін басынан шықпайды. Тілек те қар басқан егін алқабында. Бір күні егін басынан аудан орталығына қажетті бөлшек алып келуге жеңіл машинамен жолға шыққан. Қарлы жолдан машина шыға алмай, доңғалақтары бір орнында шыр айнала берді. Ақтүтек боранда түнде жалғыз өзі далада қалды. Толассыз бораған аққардан машинаның да сұлбасы көрінбей қалды. Тілектің тұла бойы тоңазыды. Бір орында тұра беру мүмкін болмады. Не болса да алға жылжымақшы боп, машинаны қалдырып, «егістіктен үлкен жол трассасына шықсам, əрмен қарай, қатынап жатқан көлікке отырармын» деген. Омбылап жүріп келеді, жүріп келеді. Бағыттың қайда екені белгісіз. Тізеден əл кетті. «Мына жерде қар астында қалсам, ешкім де таба алмайды-ау, алға жылжиын, алға...» деумен, ақыры əл кетіп құлады. Ұйқысы келгендей ме... Қардың асты мүмкін жылы болар, бір мызғып алып, əрі қарай тағы жүрермін» деген. Сол жатқаннан Тілек қар астынан екі тəуліктен кейін табылды. Əйтеуір кеудесінде жаны бар. Жол трассасына 200 метр
ғана жетпей құлапты. Ақтүтек боран басылып, күн көзі шайдай ашылғанда машинамен өтіп бара жатқан кездейсоқ жүргізуші қарайған сұлбаны көріп, тоқтап, емханаға əкелген. Дəрігерлер жас жігіттің үсік шалған бір аяғын тізеден, оң қолының түгел саусағын кесті. Осылай тағдыр Тілекті де аямады. Одан басқа өкпесіне суық тигені тағы бар. Бір жарым жылдан астам əбіржіп, ауруханада жатып, балдақпен екі бөлмелі пəтеріне жарымжан боп оралды. Тілектің өзі осындай күй кешкен соң, түзету калониясындағы Сақыпжамалды іздеп баруға қайдан құлқы болсын. Екі бөлмелі пəтерінде жатып, енді күніне бір шөлмек алып ішетінді шығарды. Ішіп алған соң бөлмені басына көтеріп жылайды. – Қу бас болдым, тап-тақыр қу баспын. О, Құдай, кəне мені аяғаның, кəне! Ия, қатыным жоқ қасымда, ия, балам жоқ бауырымда, – деп боздады. Екі күннен кейін Заид Шакиров: – Сақыпжамал, Сіздің жолдасыңыз Тілек осы уақытқа дейін ана жерге келмепті. Менің адамдарым осыны айтты. Ал, мен басқа каналдардан Сіз айтқан аудандық «Казсельхозтехникадан» сұрағанда хатшы қыз: «Бізде ол кісі қазір жұмыс істемейді» депті... Басқадай қызмет бабымен жүріп хабарласа алмай жүрген шығар. Уайымдама, бір хабарласып қалар, – деді. Мына жеткізілген хабар Сақыпжамалға басқаша əсер етті. Жолдас келіншектің: «Тілек сені күтпейді. Бұл шын. Біреуге үйленеді, еркек емес пе? Əрі сенен көрген баласы тағы жоқ. Біреу бала туып бермейді дейсің бе? Енді сенің жолың бір бөлек, оның жолы бір бөлек болады» дегені есіне түсті. Оның үстіне түзету колониясына келген алғашқы күні бөлмедегі жеті орыс қатын мұны ортаға алып қандай қылмыспен түскенін сұрап алған соң барлығы қарқылдап күлгені бар. -Ах ты, дура, дура! Ой, какая ты, честная! Ой, какая совестная! Гордыня! Жить будешь теперь совестным, гордым, ах ты, ты... Ну и сиди с нами совестная красавица, – деп мазақтап күлген. Сақыпжамалға бірден «совестная» деп бүркеншік ат қойып алды. Содан кейін Сақыпжамалдың өте жас екенін көріп, миы-
на құйғылары келгені. «Никогда женщинам совестным не быть. Бог нас создал так, что мы безсовестные, несчастные были. Мы же бабы... б-а-б-ы-ы! Поняла?! Дура!» деп нығарлаған. – Ал, енді сенің күйеуің қазір қайда? Бір сұлудың қойнында... Ал сен мұнда... Ха-ха-ха... «Айпырай, еркектер шынымен де опасыз ба? Бір жарым жылдан бері бір хабар білуге келмегені несі екен. Менің жазамды жеңілдету үшін шырылдап жүгірмеп пе еді. «Сақып, төрт жыл дегенің өтеді де, кетеді. Екі жылдан соң мүмкін үйге де шығарсың, қайда сені жіберсе де саған барып тұрам, жаным» деп жұбатып еді, кеудесіне қысып. Енді мұнысы несі?. Керек болмай қалдым ба?» деген оймен Сақыпжамал өксіп-өксіп жылады. Жылап отырып қайта-қайта басын шайқап «мұнысы несі?» дей берді. Артынша басына тағы да бөтен ой келді. «Мен неге мына Заид Шакуровке сенуім керек. Мүмкін бұл мені алдап отырған шығар. Тілек маған осы уақытқа дейін бір келмеуі мүмкін емес, келген шығар. «Колонияның бастығына күйеуге шығып кетті деген соң», əрине іздемейді. Бұл органның адамдарының қитұрқылығын қалай білерсің. Жалпы осы кісі не ойлап жүрген адам?...» деп өзінің жатын бөлмесінен көрші бөлмеге шықса, ондағы диванда Заид журнал оқып отыр екен. Сақыпжамалды көріп, басын көтеріп: – Иə, сөйтіп Тілекті кінəладың иə?!. Содан соң мені де кінəлап шықтың. Солай ғой, иə? Көзіңнің жасы да көлдей боп төгіліпті... Дұрыс таптым ба, Сақыпжан? – демесі бар ма? Сақыпжамал ыңғайсызданды. – Ағай, Ия, ойлағаным рас. Сізді де, оны да – деді. – Енді аз ғана шыдасаң, бəрі де жақсы болады. Уайымдама. Жақсы жатып, жəй тұр, жаным, – деп өз бөлмесіне кетті. Заидтың кейде сирек болса да аузынан шығып қалатын осы «жаным» деген сөзі Сақыпжамалдың жанын жібітіп, мүлде балқытып жібереді. «Өте ақылды адам. Сабырлы. Бəрін оймен шешеді. Ішіңдегіні біліп тұрады. Бұл кісі алдауы мүмкін емес». Демек, Тілек дұрыс болмай тұр. Шынында адам өлтірген əйел
оған керек пе? Оның үстіне екеуміздің ортамызда бала да жоқ. Жарайды. Үйленсін. Үйлене берсін.Сөз жоқ, ол үйленген ғой, əйтпесе келмеуі мүмкін емес...» – деп өз ойына нүкте қойды. х х х Сақыпжамал бұл үйде үш жылды өткізді.«Сценарий» бойынша балалардың анасы, Заидтің əйелі. Негізіне келгенде Заидтың: «Келісім берсеңіз, үйімде үйелмелі-сүйелмелі үш ұлым, екі қызым бар. Соған күтуші боласыз» дегеніндей. Отбасында тамақ дайындау, балаларға қарау, үй-ішін тап-тұйнақтай жинастыру сияқты кез-келген əйел адамға тəн жұмыстармен күні бойына сүрнігеді. Ұлдармен арадағы қарым-қатынас баяғыда-ақ реттелген. Қазір үлкен ұл 16-да. Екіншісі 14-те. Жақында мүшел жасынан шықты. Үшінші ұл 12-ге келді. Бұл ұлдар үйде Сақыпжамалға көмекші. Əкесі айтып қоя ма, жоқ өздерінің туа табиғаттары сондай ма, елгезек, туған мамасы еместігін білсе де «мамалап», көмектесуге дайын тұрады. Екі қыздың бірі кішкене Саида құлдырыңдап шашына бантик тағып жүгіріп жүр. Ал Аида болса биыл мектепке барды. Бірде ол айнаға қарап тұрып: «мама, мен өскенде сендей сұлу болам ба?» деп сұрады. Сақыпжамал: – Əрине, сен менен туған соң, маған ұқсайсың. Бірақ, мен ойлаймын Сен ақылды боласың, – деп. Қыздарға ақылды болған көп қажет. – Саида саған ұқсамайды. Ол папама ұқсайды. Аппақ емес қара. Мен саған ұқсағам аппақпын, иə, мама... – Папаң қара емес, қараторы, көрікті. Күшті. Қайырымды. Мейірімді... – дей бергенде кездейсоқ есіктің сыртынан өте бере естіп қалған Заид: – Бəрі жақсы-ақ айтып жатқаныңыз. Папаң қартайған дегенді де қосып қойсаңызшы деді. – Жо-жоқ, мен сізге оны айта алмаймын, – деп күлді Сақыпжамал. Бірақ екі бетінің ұшы əлденеден қызарып кетті. Бұлар екеуі де бір-біріне «Сіз» деп сөйлеседі. Заид осы мерзім аралығында өзін бір қалыпты, ұстамды ұстады. Сақыпжамалға
əйел деп қарап, басқадай қолқа салып, немесе ер адам болып жақындаудың себебін іздестіріп, өз тарапынан сезім білдірген емес. Бүгін оның жүзі өте қуанышты. – Мен сізді қуантамын. Яғни сүйінші сұраймын, – дей бастағаннан-ақ Сақыпжамал: – Айтыңызшы тезірек... – деп қалды. – Сіз бүгіннен бастап бостандықтасыз... Мерзіміңізді уақытынан бұрын өтедіңіз... Райымбекова Сақыпжамал бостан-дық-та! Ура! – деп дауысын көтере, сөзін соза бергенде, Сақыпжамал Заидты мойнынан құшақтай алды. Ол да құшағына көмілген Сақыпжамалды кеудесінде ұзағырақ қысып, тұңғыш рет маңдайынан, бетінен сүйді. Ертесіне күн демалыс болатын. Бұлар бəрі үй ішімен түгел тау бөктеріне, табиғатқа шықты. Ұлдар да мəз. Үйден алып шыққан футбол добымен ойнап жүр. Көбелектер қуып ойнап, кішкене қыздар да мəз. Табиғат аясында өз бостандығын қарсы алған Сақыпжамалдың да қуанышында шек жоқ болатын. Ол бүгін өзінің бойындағы табиғи мінезімен ақжарыла күліп, ұлдармен белдесіп күресіп, доп ойнап, қыздармен де бірге көбелек қуысып кетті. Мұны сырттай тамашалап отырған Заидтың ғана көңілінде абыржу, əлдене толқыныс бар еді. Тіпті іші əлем-жəлем болып кетті. Дəл осы қуанышты сəттер ол үшін ең соңғы сияқты көрінді. – Енді не деймін, мына бақытты балаларыма? Сақыпжамал ауылына, үйіне кетеді. Қыздарым не болады? Шын көңілімді білдіріп «Маған тұрмысқа шық» деп айтсам көнер ме екен? Екеуміздің ара жасымыз да біраз алшақ. Бес баламен маған қалай қарайды? Күйеуі екеуінің арасы тағы белгісіз. Ол үйленді ме, əлде басқалай ма? Осынша уақыт хабарласпаған қандай жігіт өзі? – деп ойлап отырғанда Сақыпжамал: – Келіңдер дастарханға, кəне тез, қолдарыңды жуыңдар, – деп хабарлады. Бүгін дастархан шетінде коньяктің да басы қылтиып тұр екен. Таза ауада доп ойнаған ұлдар мен көбелек қуған қыздар тағамға бас қойды.
– Мынаны ала шығып едім, не істейміз? – деді Сақыпжамал шыныны көрсетіп. Заид ойлап отыр. «Рөлде екенімді, мұны ішуге болмайтынын ұмытып кетті, білем. Жолдың бойында МАИ инспекторлары қаптап тұр. Ауыз тимесем, Сақыпжамал бүгінгі қуанышында ренжіп қалар ма екен? Жарайды, не болса да көрейін» деп ойлады да: – Жақсы алып шығыпсың. Менің ойымда болмапты. Əрине, бірбір рюмкадан екеуміз ішеміз. Сен үшін, сенің жарқын болашағың үшін, деп алайық... – Сөйтті де екеуі коньяктан алды. – Төрт жылдан бері татпаған едім дəмін, – деді Заид. – Мен де – деді Сақыпжамал. Оның жүзі бал-бұл жанып, қызарып кетті. – Біз екеуміз бүгін сенің қуанышың үшін бұрын татпаған дəмнен ауыз тиіп жатырмыз. Мұндай дəмнің басқа да тəтті түрі болар ма екен, десейші, – деп тастады Заид жұмбақтап, көзі күлімдей. Сақыпжамал ақжарыла тағы да күлген. Ол күлкісінің мағынасын өзі де білген жоқ. Жəй сөз арасындағы сыпайылық үшін бе. Оны өзі байқамай қалды. Содан соң біраз ойланып үндемей отырды да Заид айтқан жұмбақты түсініп, қайтадан сылқылдап, екі беті бұрынғыдан да қызара: – Егер, сіз қаласаңыз бəрі болады, – деді. Заид ішінен «Менің ойымды дөп түсінді» деді де: – Ендеше сол тəтті дəмді тату үшін бір алайық – деп стаканға екінші мəрте мөлтілдетіп құя бастады. Таудан бəрі кеш қарая қайтты. Жолда Сақыпжамал əдемі даусымен əн салды. – Əнді əдемі айтасыз, – деп қалды үлкен ұлы Марат. – Мен мектепте жүргенде көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысып, əн айтып, би билейтінмін, – деді Сақыпжамал көңілденіп. – Ал, бұрын неге үйде жүргенде бір рет те айтпадыңыз? – деді екінші ұлы.
– Өйткені папаң мені бүгінгідей тауға қыдыртқан жоқ. – Папа, пап, енді əр сенбі сайын өстіп тауға келейікші, – деді ұлдар қосарлана. – Оны, мына мамаларыңның уақыты біледі, – деп Заид жауапты Сақыпжамалға итерді. – Сіз қалай қарайсыз, мама? – Үш еркек бала бірден жарыса сұрақ қойды да, оларына үшеуі бірден күліп жіберді. Машина үстінде екі қыз шаршап ұйықтап қалды. Олардың үлкенін Заид өзі көтеріп, екінші кішкентайын Сақыпжамал көтеріп, Сақыпжамалдың жатын бөлмесіне əкелді. Қатты шаршаған қыздар өздерін шешіндіріп жатқызғанын да білер емес. Білегін қыздан енді босата берген Сақыпжамалды ту сыртынан Заид қапсыра құшақтап, өзіне құшырлана тартты да, қапсағай кеудесінен қыса сүйе берді, сүйе берді... Дəл осы сəтте ұзақ жылдар көзі ашылмаған бұлақтай іште көмулі жатқан екеуінің ішкі сезімдері ақ қайнардай атылып-ақ тұрған. Ол қандай тосқауыл болса да бұзып-жаруға да əзір-тін. Бір-біріне оттай ыстық құшақпен шөліркеп табысқан екеуі бұдан əрі ішкі бұлқыныстарына қарсы тұруға дəрмендері болған жоқ... Таң атқанша бірін-бірі аймалап, күбір-сыбыры таусылмаған Сақыпжамал мен Заидтың ортақтасып шешкен шешімі біреу ғана болды. Ол: «Заңды түрде некеге тұру, қалған ғұмырларын бірге өткізу». х х х Елге тəуелсіздік келген ақ таңмен бірге Сақыпжамал мен Заидтың бақытты өмірі қайтадан жалғасты. Үлкен ұлдары Марат пен Қанат, Самат мектепті бітіріп, үшеуі де жоғары оқу орындарына түсті. Енді келесі жылы Аида мектепті бітірмек. Саида тоғызыншы сыныпта. Заид органнан еңбек демалысына шығып, басқа қызметке ауысты. Осы аралықта тағы бір он жыл зу ете қалды. Күндердің күнінде Заид Көкшетаудың «Оқжетпес» шипажайына жолдама алып, Сақыпжамалға:
– Тез, тез жинал. Уақыты өтіп бара жатқан путевка екен. Самолетпен барайық, – деп асығыс жиналып Көкшеге келген. Көкшетау десе денесі дірілдеп кететін əдеті бар Сақыпжамалдың. Оның себебі өзіне түсінікті. Бірақ, бұл жолы «Тілектен хабар білетіндер кездесіп қалмас па екен?» – деген ой да жылт ете қалды. Оқжетпеске келген үшінші күні асханада омырауы медалдар мен орденге толы бір зейнет жасындағы ер адам Сақыпқа қарай берді, қарай берді. Ақыры шыдамады білем, бұлар отырған үстелге келіп: – Сіз, танысам Сақыпжамал емессіз бе? – деді. – Иə, – деді Сақыпжамал. – И, айналайын-ай, айналайын-ай... Мына қасыңдағы күйеуің бе? – Ия, аға. – Заид орнынан түрегеліп үлкен кісіге ізетпен сəлем беріп, қолын алды да, түрегеп тұрмасын деп, қасындағы орындықты ұсынды. Қарт жайғасып отырды. – И, айналайын-ай... Баяғы көршің ше, ұмыттың ба? Əскери комиссариатта істедім ғой. Сендер «Полковник аға» деуші едіңдер ғой, Тілек екеуің... – Ой, ағай, – деп Сақыпжамал құшақтай алды қартты. Кешіріңіз, бірден танымағаныма... Тəтем бар ма, ол кісі қайда? – Тəтең кеткен ана жаққа. – Ол жоғарыға саусағын шошайтты. Мен қалып қойдым... Қазір ұлыммен бірге тұрам... Сол жерде, сол үйде ғой, қазір ескірді... Сақыпжамал есіне түсірді. Коттежге дейін тұрған үйде полковник ағай көрші болған. Сымбатты кісі еді, шөгіп қалыпты. Қайта ұмытпағанын, танығанын айтсайшы. Əйелі ұлты татар, сұлу болатын. – Аға, Тілектің жағдайы жайлы не білесіз? – деп сұрады Сақыпжамал. Қарт бірауық үнсіз қалды. Басын қайта-қайта шайқады.. Сосын барып: «Ол қазір, мүсəпір. Естімеген шығарсың. Он шақты жылдан асты... Бір аяғын тізеден кескен. Қолы шолақ. Далада қардың астында қалған ғой... Ой, газеттер жазды кезінде. Тілекті
мақтады. Бірақ ол аяқ бола ма, қол бола ма. Мүгедек боп қалды, содан кейін бір орыс əйелмен сожитель деген. Рая (əйелін айтады) барда сол айтатын. Қазір кімнен естимін. Келін оны білмейді, ішеді дейді, бірақ солай тірі.» дегенді айтты. Мына жəйсіз хабар Сақыпжамалды есеңгіретіп жіберді.Бірден жүрегі жаншып, ауырып кеткендей болды. Заид те мұны байқап қалды. Бөлмеге келген соң Сақыпжамал. «Байғұс-ай, ешкімі жоқ еді, əбден əбіржіген ғой, шамасы...» деп көзіне еріксіз келген жасын сүрткіштей берді. «Тілек оқу бітірерде маған: «Мен қанша оңтүстікке сұрансам да, жолдаманы ол жаққа бермей қойды. «Сен немене тың өлкесі ағаштан кадр жасай алмай жатқанда, сол ауылда туып-өсіп басқа жаққа сұранасың?» деп. Нанасың ба, туған жерім болса да сол жақта жұмыс істеуге құлқым жоқ. Ең болмаса сенің ауылың Ақмолаға да бермеді» деген. Енді қарашы. Мен де сол жерде оңбадым, ол да сол жерде оңбады. Қалай ғана мұндай мүгедектікке ұшырап қалды екен? – деп Заидке ішіндегісін ақтарды. – Жарайды, жүрегіңді бас. Осы жерден машина алып, сол жаққа барып, көзімізбен көріп қайтайық. Қаражат көмегі қажет болса көмектесейік, жаным. Келістік пе? – деп Заид əйелін жұбатты. ...Бұлар Заидтің қайда тұратынын білмеді. «Казсельхозтехника» мекемесіне барды. Олар бірінен бірі сұрады. Ақыры ескі кадрлардың біреуінің үй телефонын алып, айтқан жерге келді. Үш қабатты үш подьезді тұрғын үй. Екінші қабатына көтерілгенде Сақыпжамалдың жүрегі дүрсілдегеннің үстіне дүрсілдеп кетті. Есік қағылмай-ақ ашық екен. – Тілек! – деп дауыстады ішке кіре бере Сақыпжамал. Ешкім үн қатпады. – Тілек, қайдасың? – екінші рет дауыстады. Жауап жоқ.Есіктен ішке қарай өтті. Үйдің дəл ортасында ескі диванда Тілек ұйықтап жатыр. Бір аяғы салбырап, бір аяғы тізесінен шолтиып, көрпеден шығып тұр. Сақыпжамал көз жасын тоқтата алмады. Сақалмұрты өсіп кеткен. Айналасы шашылған қағаздар. Кішкентай
кір басқан журнал үстелінде тамақ қалдықтары. Суы бар банкі. Жыртық тəпішкесі диванның қасында. Заид Сақыпжамалға: – Мен далада күтейін. Сен оны оят. Сөйлес. Менен қысылып қалар. Сосын бəрін маған айтарсың, – деп шығып кетті. Сақыпжамал Заид шығып кеткен соң, Тілектің маңдайынан, шашынан сипап, бетіне бетін тақап, жұмсақ үнмен: – Тілек, жаным менің, оянсайшы. Мен келдім ғой, Сақыбың, Тілек, – дегенде барып көзін ашты. Ашқан көзін қайта жұмды. Тағы ашты. Сақыпжамал тағы да: – Тілек, оянсайшы, мен келіп тұрмын, – деді тағы да жұмсақ үнмен. Бірақ көзіне жас толып жылап тұрған. Тілек, бірден басын көтеріп алды да, өңі екеніне көзі жетіп, орнынан тұруға ұмтылды. – Сақышым-ау, мен саған жете алмадым ғой, жете алмадым. Мен білдім, кешірмедің ғой, ия, кешірмедің, ал мен болсам осылай болып қалып саған жете алмадым. Күнде түсімде көрем. Күнде көрем. Жап-жаңа ғана сені түсімде көріп жатыр екенмін, – деп екі иығы селкілдеп, бетін қолымен басып өкіріп жылады. Сақыпжамал да солқылдап отыр. «Заид ақылдылығын көрсетті. Шығып кеткені дұрыс болды» деп ойлады Сақыпжамал Тілектің қолын ұстап отырып. – Əйтпесе мен еркін сөйлесе алмас едім». Тілек асығыс бəрін баяндай бастады. Əр сөзінің басында, «Сен кешір мені, бара алмадым» дегенін қосып қояды. Сөз кезегін Сақыпжамал алды. – Сен мені кешір, – деді Сақыпжамал. Сөйтті де, қысқаша өзінің басынан не өткенін, өзінен хабар болмаған соң ойлаған ойларын, қысқасы барлығын баян етті. Сыртта күйеуінің күтіп тұрғанын айтты. – Ал, мен үйленбедім, – деді Тілек. Маған ешкім керек емес. Тіпті кейде өзіме өзім қол салғым келді. Өмірден əбден түңілдім. Іштім... Бір əйел келеді осында, қазір де келіп қалар, екеуміз бірге ішеміз. Бірақ, ешкімге үйленбедім. Ол арақ ішпегенде тамақ істеп береді, киім-кешектерімді жуады.Ақшасын берем.
Күйеуімен ұрсысып қалғанда маған келеді... екеуміз ішеміз... Сен Сақыш, күйеуіңді шақыр. Мен оған рахметімді айтайын. Ол сені көп нəрседен қорғады. Мені де іздестіріпті. Нағыз азамат! Мен оған рахмет айтайын. Бар, шақыр! – деді. Сақыпжамал Заидты шақырып келді. Тілек ақсақ аяғына балдақ сүйеніп түрекеліп қарсы алды. – Ассалаумағалейкум! Заид аға! – деді тура інісіндей. Оң қолым мынадай. Саусақтары жоқ, домалақ қолын көрсетті де, жең ішіне қайта жасырды. – Сондықтан қол бере алмай тұрмын. Жоғары шығыңыз.. – Аликсалам! Тілек бауырым, – деді Заид те туған ағасындай, оны құшақтап, бауырына тартып. Қалайсыз? – Осы көргеніңіздей, аға. Сізден, Сақыпжамалдан кешірім сұраймын. Сізге інілік жүрегіммен рахметімді айтамын. Сақыпқа көрсеткен қамқорлығыңыз үшін. Жəне, бүгін менің халімді білуге ат басын əдейілеп бұрғаныңыз үшін. Заид «Тілектің де жүрегі кең екен. Жаман жігіт емес» деп ойлады да, сөзін бастады. – Тілек, – деді, – естуімше сен жалғыз екенсің. Мен де жалғызбын. Туғаным жоқ. Сен маған іні бол. Мен саған аға болайын. Қалған өмірімізді бірге өткізейік. Менің балаларым бар, саған да бала бола алады. Қызым бар, саған да қыз бола алады. Жағдайыңды көріп, сезіп отырмын. Бір он күн, əрі кетсе бір ай ішінде Алматы жаққа алып кетейін. Келіс. Сол жақтан саған бір орын табылады. Дəрігерге көрсетейік...Денсаулығыңды қалпына келтіресің. Балалардың қуанышын бірге қызықтайық. Осыған келісім беруіңді өтінемін, – деді. Сақыпжамал Заид мынадай ұсыныс айтады, мынадай шешім етеді деп ойлаған жоқ еді, мынау айтқан сөзіне мүлде таң қалды. Риза болды. «Неткен ақылды, кең жүрек адам едің» деді ішінен. – Аға, мен Сіздерге масыл болғым келмейді. Осы жерде-ақ қала берем. Сақыш туралы көп ойлайтын едім. Бақытты ете алмадымау деп. Енді көңілім түзу. Алаңым жоқ. Елеп келгендеріңіздің өзі неге тұрады? Рахмет аға! – деп кеңкілдеп, теріс қарады.
Сақыпжамал оны көріп тағы да көңілі босады. Көз жасына ерік берді... – Міне, енді бұларың болмайды. Екеуіңнің көз жастарыңды екі жақтан көлдетіп мен де тыныш жүре алмаймын. Кесімді сөз айттым. Бітті. Он күннен соң алып кетем, Тілек! Күт ағаңды! – деді Заид. х х х Мұнда келген соң Заид өзі тұратын үйдің көшесінің бойынан сатып алуға үй іздеді. «Алла, əркезде адамның ниетіне қарай береді» дегені рас екен. Бір кəріс көшетін болып үш бөлмелі жер үйін сататын болып шықты да үй табылды. Заидтің үйі мен екеуінің арасында жет-ақ үй. Сол үйді сатып алып, ішін қайыра жөндеп, уəдесінде тұрып бір ай ішінде тілекті көшіріп əкелді. Дəрігерлерге көрсетті. Аяғына протез салынды. Қанша жыл жан ауру жəне тəн ауруымен зардап шеккен Тілектің жүзіне қан жүгірді. Енді өмірге деген құлшынысы қайта пайда болды. Заид бір күні кешке Тілекке келіп: – Бұл жерде автобаза бар. Машина-трактор жөндеу шеберханасы да жұмыс істеп тұр. Жеңіл-желпі саған лайықты жұмыс болса, сұрастырсам қалай қарайсың? Үйде отырғаннан гөрі бір мезгіл жұмысқа шығасың. Көңілің бөлінеді. – Ой, аға, менің де ойым осы болып жүр еді. Бірақ, қазір заман басқа. Барлық автобазалар жекеменшікке өтіп кетті. Білдей дипломым, тəжірибем бола тұрып, құр отырамын ба деп те ойлап едім. Жақсы болды. Сөйлессеңіз, – деп Тілек қуанып кетті. Айт не, айтпа не? Кейде тұтастай жер, ауыл, қала өзіне адамдарды қабылдайтын, немесе қабылдамайтын кездері болады екен. Бұл сыры ашылмаған белгісіз тылсым. Жетісу өңірі Сақыпжамалды да, Тілекті де қабылдады. Олардың екеуінің де жолы Көкше жерінде ашылмаса, осы өңірден бірден жолы болды дегенге кім сенеді?!. Тілек бір күннен кейін Зайд алдын ала сөйлескен автобаза директорының қабылдауына барса, өзіндей жігіт отыр. Бірін бірі
тани кетті. Баяғы Алматы ауылшаруашылық институтында бірге оқыған курстасы Мақсұт Құдайбергенов. Екеуі құшақтаса кетті. Студент кезде Сақыпжамалдың қолынан талай шəй ішкен Мақсұт бірден Сақыпжамалды сұрады. Тілек барлық жəйді нақтылап, қысқаша мəлімдеді. – Нағыз киноға түсетін оқиға. Геройлары да мықты.Жағымды образдары да көп, – деді тыңдап болған соң Мақсұт. – Сенің осы жаққа келгенің дұрыс болған. Саған лайықты қызметті міндетті түрде шешемін. Бүгін кешке біздің үйге барасың. Менің балашағаларымды көресің. Сосынғысын тағы үйде сөйлесеміз, – деп Тілектің көңілін мүлде көкке көтеріп тастады да: – Тағы бір сөз, – деді Мақсұт – Бүгін үйде саған «мынау» қызды көрсетем, бас бармағын көрсетті. Менің туған балдызым. Кəрі қыз. Күйеу жігітті көп таңдаймын деп отырып қалды. Аудандық ауруханада бас дəрігер. Құдай ақы, екеуіңді мен үйлендірем. Кім біледі, араларыңда бала дүниеге келер... – Ей, қойшы, сен де, – дей берді Тілек қысылып. Өзімді өзім асырап алайын, əуелі. – Сен нанасың ба, кездейсоқ тағдырлар осылай болады. Баяғыда Сақыпжамал екеуіңнің махаббаттарыңа қызығушы едік. Көрдің бе, тағдыр Заид екеуінің бастарын қалай қосты? Бұл тағдыр. Заид өте жақсы адам. Кең жүрек. Осы жаққа сені көз алдына алып келуі не дейсің ғой, мұнда терең философия жатыр. Сақыпжамалды қатты сүйгендіктен сені əкеліп отыр. Сақыпжамалдың саған алаңдайтынын білген соң, сол алаң болмасын деп əкелді. Түсіндің бе? Енді мені тыңда! Қызмет болады, жасаймын, қолда тұрғанда. Бұйрықты бүгіннен бастап шығарамын. Ол қолда. Бірінші, басты құрау керек. Қашанғы саған Сақыпжамал екі үйдің ортасына кастрюлін салдырлатын тамақ пісіріп жүреді. Сақыпжамалға оңай тиеді деп ойлама. Заидке де ыңғайлы бола бермейді. Сондықтан менің айтқанымды дұрыс деп ойла. Ендігі кезек менікі. Мен сені қолға алам. Айтқаныма тек келісе бер, – деп Тілекті арқадан қағып орнынан тұрғызды.
Əуелде Мақсұт əзілдеп айтқанмен, Тілек жарты жыл жұмыс істегеннен кейін, Мақсұттың дəрігер балдызына үйленетін болды. Бүгін сауда орталығына үшеуінің келу себебі қалыңдыққа тарту ететін неке сақинасын таңдау, киетін киімдерді бірге ақылдасып алу болатын. Алда да бұларды осы той ғана емес, көптеген басқа да тойлар күтіп тұрды. Бастан тайған бақ Ол өзі адам біткенге жақсылық жасауға құмар жігіт.Қолынан келсе өзі емес, өзге болсын, мен емес, ол – болсын, сол – жетсін дейтін жан. Бастапқы кезде қызметтен жақсы өсті. Орта жылдық мектептің директорынан аудан əкімінің орынбасары, аз жылдан соң аудан əкімі қызметіне тағайындалды. Осы қызметте жүргенде оның елге де, жерге де сіңірген еңбегі зор болды. Аудан көлеміндегі мал бағатын орта шаруашылықтар ірілендірілді. Егіншілік бұған дейінгімен салыстырғанда дамыды. Халықтың əл-ауқаты да жақсарды. Оқу-білім саласы да, өнер мен мəдениеті де алға жылжыды. Ауылдан шықпай, ауданнан аса алмай жүрген өнерлі жастардың бақтары ашылды. Бірнеше рет шет елдерде болып, өнер көрсетті. Жер көрді, ел таныды дегендей. Олардың атақ абыройы республика көлеміне тарады. Кеңес кезінен қирап жатқан спорт кешендері қайыра салынып, жабдықталды. Арнайы оқу орнын бітірген бапкерлер шақырылып, олар жас ұрпақтарды қазіргі заман талабына сай спорт түрлерінен жарыстарға баптады. Нəтижесі де жаман болған жоқ. Талай саңлақтар ірі-ірі көлемдегі жарыстарға қатысып, бақ сынап жүлдемен оралды. Ол басқарған аудан енді дүркіреп көтерілгенде, оны облысқа əкім орынбасары етіп, одан кейін шамалы мерзімнен кейін облыс əкімі етіп тағайындады. Сөйтіп, Құрмаш Қабдолович Сəнбиев есімі облыста құрметпен аталды.
Қашанда өзінің ізгі жүрегі арқасында қасына дос-жарандарын жиып жүретін Қ.Сəнбиевтің айналасы бұрынғыдан да толысты. Жерлестерінің де шегі жоқ. Туысқандары, қайын жұрт, нағашы жұрт, бірге оқыған сыныптастар, бірге оқыған курстастар бəрі орап алды. Əкімнің жүрген жерінде күнде қолпаш. Күнде мадақ. Билік қолда болған соң Құрмаш Қабдолович те қасындағылардың бəріне жақсылығын, көмегін аянып қалмады. Бірін қызметтен өсірді. Біріне үй əперді. Бірінің баласының Астанада қызметінің жоғарылауына, бірінің оқуға түсуіне, оқу бітіргендерінің жұмысқа орналасуына көмектесті. Енді біреулерге республика деңгейінде берілетін мемлекеттік атақтарды алып берді. Құрмаштың тұсында еліміздегі ордендер мен медалдарды да омырауларына таққандар аз болмады. Ақкөңіл, еш арамдығы жоқ, адал, досқа деген құшағы кең Құрмаш Қабдоловичке жабысқан жарамсақтардың да айы оңынан туды. Олар оны осы қызметте тұрғанда өздеріне пайдаланып қалудың барлық мүмкіндігін қарастырып бақты.Жəне ойлағандарын орындап та жүрді. Ел-жұрт десе ет-жүрегі елжірейтін, еліне ерекше тұлға боларлық Құрмаш Қабдоливичтен былайынша мін табу қиын еді. Оның бір ғана осал жері кісіге риясыз сенгіштігі болатын. «Маған осы жамандық ойлайды-ау» деп ешкімді ойламайтын. Қасындағы жандайшаптары сөздің қисынын келтіріп: – Оу, Құрмаш Қабдолович, сіз оны осы уақытқа дейін білмейсіз бе? Ол өткенде сіз туралы жақсы пікір айтқан жоқ. «Сондай да сондай...» деп отырды десе сенеді. Замдары, помдары өстіп тақырға отырғызып кетеді де: – Менің бүйтіп жүргенім сіздің арқаңыз ғой. Асқар тауымсыз ғой, еркелеймін ғой, – десе, тағы да кешіре салады. Қызметтес əйелдер де пайдалантын жерді білетін. Өйткені, ол əйелдерге барынша жұмсақ əрі көңілшек еді. Осы жұмсақтығынан өз əйелі Гүлтəж мүлде төбесіне отырып алғанын жұрт баяғыдан, мектеп директоры болған кезден біледі.
Əкім болған соң бас қосатын орта көп. Екі күннің бірінде қонаққа бару, жайылған ақ дастархан басында қошеметке толы ақжарма тілектер тыңдау төрдегі Гүлтəжді кейде жалықтырады. – Қайтамыз! – деп бұйрық береді қарадан қарап отырып. Күйеуінің əкім болғанын қайтсін?!. Құрмаш Қабдолович мəдениеті жоғары кісі көп көзінше əйелімен салғыласып жатпайды, қайтуға ыңғайланады. Гүлтəждің мұндай өрескіл қылықтарын сездіртпей, көңілді жақсы отырыс болуы үшін Əкіммен бірге қонаққа əншілер, əзілкештер қосып шақырылатын да кездер көп болды. Олар əн айтып, əзіл айтады. Гүлтəж күлмей қалса қауіп. Өйткені «Қайтамыз!» деп қалуы мүмкін. Отырыс енді қызып жатқанда қайтып кетсе, шақырған үй иесіне де ыңғайсыз. Сондықтан барлығы жалбалақтап Гүлтəждің қабағын бағады. Гүлтəж болса басындағы бағын бағалай білмейтін қарабайыр, оның үстіне қызғаншақ əйел. Құрмаш Қабдолович сол жерде бір əйелге жəй ғана қарап, көз салса немесе қошемет көрсетіп, сөйлесе, болмаса биге шақырып бірге билейтін болса шырқ бұзылды дей бер. Ауылдың қара қатындарындай «барқ» ете қалады. Менікі бұрыс болды демейді. Осындай келеңсіздік болмасын деп күйеуі дəрежесіне қарамастан үндемей, əйелдерге тіл қатпай, тіпті жымиып күлмей отыруы тиіс. Құрмаш Қабдолович қызметте бағы болғанмен, отбасында осындай бақытсыз адам еді. Мүмкін осыдан ол шаршады, əлде басқадай ма, бір күні «Əнебір телеарнада диктор болып жүрген əйелмен ашына екен» деген сыбыс естілді. Сол сыбыс мүлде үлкейіп бүкіл қала халқы құлақтанды. Жақын араласатындар «Құрмаш Қабдоловичтің ана əйелден кеткені-ақ дұрыс. Қақиып, өзінен басқаны көрмейтін əйел кімге керек?» десті. Ақыры бір күні бұл сыбысты Гүлтəж де естиді. «Мен əкімнің əйелі едім, алдымен анық-қанығын білейін» деп сабыр сақтайтын əйел ме, телеарнаға барып ойран-топыр «соғыс» ашады. Ана диктор да қырсық екен. «Басымды кессең кесіп ал» дегендей:
– Неге келіп тұрсыз бұл жерге? Рас, Құрмаш Қабдолович əйел қызықпайтын адам ба еді? Жалғыз мен емес, бүкіл басы бос əйелдер, тіпті күйеуі бар əйелдер де ол кісіге қызығады. Мен ол кісі үшін жанымды берем, Сүйемін. Ол өл десе өліп, тіріл десе тірілер едім, – депті бетпақтанып. Үйге ентігіп келген Гүлтəж құлаштай арызды жоғарыға жазып кеп жібереді. Осы арыз ба, жоқ басқадай себеп пе Құрмаш Қабдолович жарты жылға жетпей қызметінен босады. Сөйтіп, өзі еңбекпен өскен сатыдан төмен қарай жылжи берді. Қанша дегенмен, көпке жасаған жақсылық ұмыт болмайды екен. Бір шарапатын көрген лауазымды ел ағасы көршілес қаладан Құрмашқа тағы бір мекеменің басшысы етіп қызметке тұрғызды. Сол қызметті мүлде тамаша атқарып жатқанда Құрмаштың төбесіне тағы бір «бомба» түседі. Кездейсоқтық па, жоқ басқадай себеп пе əлгі диктор келіншек те сол қалаға барып жұмысқа тұрыпты. Мұны Гүлтəж тағы естиді. Өшін қалай аларын білмеген ол қала əкімінің қабылдауына жазылады. Неше күн күтіп Гүлтəж ақыры қабылдауында болады. – Менің үш балам бар. Екеуі студент. Оларды мен қалай асыраймын? Ана мекеменің бастығы қып қойған Құрмаш Сəнбиев деген оңбаған менің күйеуім. Табысын маған бермей, көңілдесіне беріп отыр. Осы мəселені қараңыз, – деп еңкілдеп жылайды. Əкімге бұл шағым ұнамайды. Мекеме басшылығынан Құрмаш Қабдоловичті «Бір əйелін басқара алмай жүрген адам, бүкіл ұжымды қалай басқарады?» деп орнынан қайыра алып тастайды. Өзіне абырой бермеген əйелімен бірге тұруға бұдан əрі құлқы болмаған Құрмаш Қабдолұлы шынында да диктор келіншекпен азаматтық некеге тұрып, көңіл жарастырады. Мұны досжарандары əрқилы қабылдады. Қызметтен кетіп, қолында билік болмаған Құрмаш Қабдолұлының бұрын көлеңкесіндей, қалмай жүретін жолдас – сымақтар енді мүлде төбесін көрсетпей кетті. Гүлтəж болса балаларын əкесімен қатыстырмауға тырысты. Бірақ, есті ұл-қыздары
əкесінен хабарларын үзбей, мүмкіндігінше қолдап отырды. Бұл отбасы əркімдердің ауызында əңгіме болып қалды. Өткенде қан қысымы көтеріліп республикалық ауруханаға түсіпті деген хабар шықты. Бұрын қол астында əртүрлі мекемеде басшы болған, шаруашылық басқарған жолдастары, жақын араласқан адамдары Астанада болатын. Алайда солардың бірең сараңы болмаса, көбісі ауруханаға барып көңіл сұрауға жарамады. Кейбіреуі мобильді телефон арқылы: – Ой, Құреке, (Құрмаш Қабдолович демей қалды) қалайсыз, тəуірсіз бе? Сіздің ауруханада екеніңізді Түгеншеден естіп едім. Қалайсыз енді? Қашанға дейін боласыз? (кəдімгі қонақта жүргендей) Соғып қалармыз. Бізде жұмыс қой, босамай жатырмыз, – деп сырғытпа сөзбен көңіл сұраудың ишарасын жасап құтылды. Ал əкім кезінде қалай еді. Болмайтын уақытты да болдыратын. Мұны Құрмаш Қабдолович білмеді емес, біледі. Баяғыдаақ кімнің кім екенін таразыға салып қойған. «Басыңнан бақ тайса, қасыңнан бəрі таяды». Мұны бұрынғылар бастарынан өткен тəжірибеден түйіндеп айтып кеткен. Соны қайталайды. Қайталап отырып, соншалық жүрегінің тазалығы болар, ешкімді кінəламайды. «Өкпелеуге болмайды, уақыт қазір солай» дейді жұбатып өзін. Күтуші Бөлменің іші қапырық. Іші қара көлеңке екен. Есіктен сығалаған ұлы əкесінің керует үстінде кешегі газеттердің топтамасын қарап отырғанын көріп: – Пап, терезені ашып, таза ауа кіргізіп алайын ба? Жарық жақсам, жақсы болатын шығар, – дей беріп еді, əкесі қырсығып: – Тиме, ешнəрсеге тиме. Бөлменің ауасы да дұрыс. Көзім де көреді, – деп жарықты жаққызбай, терезені де ашқызбай тастады. – Пап, мен үстел үстіне тамақ əкеліп қойдым. Қасында ыстық пісірілген бəліш бар. Ас суымай тұрып, ішіп алсаңызшы. Мен кеттім енді. Көшеде қапталыс, жұмысқа жетіп алайын.
– Бар. Бара бер, – деді əкесі салқын. Есікті жауып, басқыштан төмен асығыс түсіп келе жатып баласы «келін қалай, немерелер қалай, жұмысың қалай?» деп əке құсап, еміреніп бір сұрамайды. Бұндай адамға сиделка табылса да, ай, қайдам, онымен де қырсығып, берекесін алатын шығар? Шамасы, хабарландырулардан ыңғайлы адам кездеспеген шығар, көңіл күйі жоқ. Өзім сөйлесемін деп тағы бірнəрсе бүлдіріп алмаса» деп, көңілі қоңылтақсып, машинасына отырды. Əкесінің əскери дəрежесі генарал. Өмір бойы əскери қызметте істеген. Жасы 70-тен асты. Он жылдан бері жалғыз тұрады. Жалғыз ұлы жаңағы Бауыржан. Бауыржанның өз отбасы бөлек. Əйелі де, өзі де бизнесте. Екі ұл, бір қыз тəрбиелеп отыр. Шешесі тірі кезінде əкесінің мінезі байқалмайтын. Анасы дүние салғаннан кейін білді. Қиқар, өз айтқаны болмаса, болмайтын қырсық. Өзімшіл жəне өркөкірек. – Папа, біз сізбен тұрайық, немесе Сіз бізбен тұрыңыз.Жалғыз өзіңізге күтім керек, – деген Бауыржан анасы қайтыс болғаннан кейін. – Подальше от меня! – деп айқайлап жіберді. Бауыржан қасындағы келіншегінен тіпті қысылып қалды. Содан соң бір күні шешесінің жылы болмай «Мен үйленемін» деген. Қарсы тұруға дəрмен жоқ. Ұл мен келін келісті. Өзі бұрын қызметтес болған Сания деген жас əйел екен. Екеуінің үйленуін атап өту шағын кафеде өткізілді. «Бірге қызметтес болса, əкемнің қырсық мінезін білетін болуы керек. Əйтеуір өздерімен өздері болса болды» деген ішінен Бауыржан. Үш ай өткен жоқ, бір күні əкесіне келсе, сопиып жалғыз отыр. – Пап, Сания қайда, неғып жалғыз отырсыз? – деді Бауыржан. – Кетті. Құрысын! Оның басындағы ой басқа екен. Мынау үй оған керегі мен емес. «Некелесейік, некеге заңды түрде тұрайық» деп күнде қыңқылдап басымды ауыртты. Жөнді тамақ та істей алмайды өзі. Барсын. Жөніңді тап! – дедім.Əкесінің жалғыздығы тағы Бауыржанға батты.
– Үйге жүріңіз, онда. Ыстық тамақ ішіп, немерелеріңізбен бірге болыңыз. – Жоқ! Маған тыныштық керек! Содан бері, міне, бесінші жыл. Өзі асханаға барады, тамақтанады. Немесе Бауыржанның əйелі үйге келіп тамақ істеп береді. Ол болмаса, үйден істелген тамақты жеткізеді. Жылдың төрт мезгілінде қалаған уақытында шипажайға, демалыс орындарына демалады. Соңғы уақытта екі иығы қушиып, жиі ауырыңқырап, жан-жаққа бұрынғыдай шығуға зауқы болмай, үйде отырып қалды. Тамақты да жарытып ішпейді. Учаскелік дəрігерлер келіп, ем-домдарын үйде жасайды. Өткенде Бауыржанның келіншегі Гүлшат: «Мүмкін папаға қасына күтетін күтуші (сиделка) қоярмыз. Газеттерде хабарландырулар көп. Ыңғайлы əйел табылса...» деген. Осы ойды əкесіне Бауыржан айтып көріп еді. Əкесі қарсы болмады. Бірақ тағы да: – Газеттен іздейтін нəрсе болса, өзім іздейін. Сендер бұған араласпаңдар. Үйде қолым бос, газеттерді маған əкеліп беріңдер, өзім қараймын. Ақы-пұлы жайлы да өзім келісемін, – дегенді. Жаңағы қасындағы қобырсыған газеттер сол. Күтуші əйел хабарландырулар бойынша табыла қоймады.Содан соң қарт генерал бір күні есік алдына таза ауаға серуендеп шығады. Алдынан бір əйел сөмкесінде буда-буда газеттер бар: «Газет алыңыздар, жаңа нөмір» деп дауыстап тұр екен. Генерал жақындап жаңа шыққан газеттерді көріп: «маған көп хабарландырулары бар газет керек» дейді. Ана əйел: – Міне, мұнда бəрі бар. Үй іздейсіз бе, дүние-мүлік пе, жоқ жұмыс па, түгел осы газеттің ішінде, – деп ұсынады. – Мен сен сияқты əйелді іздеп жүр едім, – деп əзілдей қалады генерал. – Газеттен бе? – Енді осы газеттерде бəрі болады дейді. Мен сияқты еркекті күтетін əйелдер. – Ойбүй, ұят аға. Сіздей үлкен кісіні, бала-шағалары, күтетін келіндері болмай ма?
– Оларға салмақ салғысы келмейтін адамдар бар ғой, мысалы мен сияқты. – Көп ақша төлейсіз бе? – Келісу керек. Ол əйел бірінші менің үйімде тұрады. Пəтер ақы алмаймын. Тамағын, ішіп жемін төлеймін. Оның міндеті мені күтеді, ауырып қалсам, дəрі-дəрмек береді, қысқасы бас көз болады, арам өліп қалмауым үшін. – Ағай! Менің туған жеңгем келіп жатыр еді Алматыдан осы Астанаға. Жалғыз қызының қолында тұратын. Күйеуі жоқ, қайтыс болды. Күйеу баласы жеңгемнің үш бөлмелі пəтерін кредитке қойып, оны төлей алмай банк үйін алып қойыпты. Қызы мен күйеу баласы, жеңгем барлығы далада қалған. Осы үшін қызы мен күйеу баласы қырқысып, күнде ұрсысып маза кеткен соң, маған қыдырып келген. Айтып көрсем қайтеді? Мүмкін ол жеңгем сізге келісер. Ол кісі емханада медбике болып істеген. – Ендеше, осы үйде, екінші қабатта 6-пəтерге келіп Тұрсын Ботабаевты сұрасын. Мен үйде боламын. Сөйлесіп көрейін жеңгеңмен... Келесі күні есік қағылды. Тұрсын Ботабаев есікті ашқанда ар жағында үстіне жеңіл күртеше киген, сұңғақ бойлы, мойнына жібек орамал байлаған аққұба əйел тұрды. – Келіңіз, кіріңіз, – деді Тұрсын қарт. Шыны керек, бұл əйелдің кескін-келбеті генаралға ұнаған жоқ. Бірақ, əдеп сақтап, сөйлесіп көруге бекінді. Əйел аяғына киген туфлиін шешіп, күртешесін қолына алып, дəліздегі ілулі тұрған айнаға қарап, орамалының шетін түзеді. «Колхоздан шыққан қарабайыр əйел-ау шамасы?» деді ішінен Тұрсын қарт үстіндегі арзанқол киіміне қарап. Сөйтті де: – Мына жерде отырып сөйлесейік, – деп ас үйдегі үстел жақты нұсқады. Əйел төмен қарап, «мына кісі не айтар екен?» дегендей, сілтеген орындыққа келіп отырды. Өмір бойы шаршап, «бір демалыс болсайшы» деген қажыған адамдар болады. Мына əйелдің кескін келбеті де сол секілді. Əлде түрі түні бойы ұйықтамаған ба, сондай əбіржулі кескін.
– Кеше кім еді, қайынсіңлің бе? Газет сатып жүрген. Сол айтқан сіз жайлы. – Маған да сол айтты. Мен ойланып-ойланып келсем бе, келмесем бе деп, ақыры сөйлесіп көрейін деп ойладым. Əйтпесе, бұрын ешкімге күтушілік қызмет жасап көрген емеспін... – Мен де ешкімді күтушіге алып көрген емеспін. Келін мен ұл осындай ұсыныс жасады. Көрейін дедім. Əйтпесе олар «қолымызда бол, өзіміз қарайық» деп-ақ отыр. Молодец ол жағынан. Мен бірақ, өмір бойы өзгеге өз жүгімді көтертпеген адаммын. Сондықтан, осы принципімді өлгенше сақтап, оларға салмақ салғым келмеді. Мына давление бар, қарттық қой. Жүрек те сыр беріп қалады. Үйде жалғыз түнемелікке сырқаттанып қалсам, қасыма бір адам керек. «Жедел жəрдем» шақырған күнде кейде соларың бір жарым сағатта келеді. Сондайда, жан ауырғанда қасыңда біреудің болғаны жақсы.Зайыбым ертерек кетті бұл дүниеден. Əйел əлі үндеген жоқ. Тұрсын ойлаған. «Қазір қанша ақша төлейсіз?» деп сұрайды деп. Сөзді тағы да Тұрсын бас-тады. – Есіміңіз кім? – Анеля. Генарал күлкісі келіп кетті де, өзін ұстады. Қарабайыр қазақтың əйеліне мынадай есімді кім қойған. – Ал, Анеля, есіміңіз ерекше екен. Айтыңыз. Алдыңда отырған шалды күтуге қалайсыз? Күткенде массаж жаса, қалай еді денемді уқала деп айтпаймын. – Таңдау сізден болсын. Егер мені күтушіге өзіңіз қаласаңыз, бір айлық сынақ мерзіммен келісейін. Жұмысқа қабылдағанда да қазір сөйтеді ғой. Адамдар əртүрлі мінезде болады, бір-біріне үйреніспесе де қиын ғой... – Иə, иə, мұны дұрыс айтасың. Менің мінезім тік. Жұртқа ұнай қоймаймын. Бұл сөзге əйел жымиды. «Маған ұнағаның керек емес сенің» деген сықылды. – Кешір, əйелдің жасын сұрамайды дейді. Жасың нешеде? Мені күту өзіңе қиын соқпай ма дегендіктен айтып отырмын, – деді содан соң қарт.
– Зейнетке шыққан жоқпын. Қырық сегізге енді келемін. Қызымның кішкене баласын бағамын деп жұмыстан шығып едім. Кейін ол орныма тұра алмай қалдым. Содан былайынша жұмыс істеймін. Тұрақты сыр білетін клиенттер бар. Соларға қызмет етемін. Ауырып қалғанда ине саламын, система қоямын. Оған өздері пұлын төлейді. Сөйтіп күн көріп жатқан ғой. – А-а онда дұрыс, дұрыс. Əлі жас екенсің ғой. Өзіңмен бірге құжатың бар ма? Мына əскери адамдар нақтылықты қалайды. Сен ренжіме. Бұл өмірде əртүрлі адамдар бар дегендей. Əйел сөмкесінен құжатын алып, ұсынды. Тұрсын қарт құжатқа ұзақ қарады. Құжаттағы суретке бір, отырған əйелге бір қарап салыстырып отырғандай болды. – Сен Грузияда туылыпсың. Мынада ұлтың орыс деп жазылған. Əкең қазақ па? Құжаттағы суретің бір басқа, қазіргі түріңе мүлде ұқсамайды. – Бұл менің жиырма бестегі суретім ғой. Енді биыл құжатымның мезгілі бітеді. Күзде өзгертемін. – Мына бір сурет, – деді Тұрсын қарт құжатты ұстап тұрып, маған таныс адам сияқты. Қай жерде көрдім жəне қай кезде? – Мен сізді жас кезде көрген емеспін – деді Анеля. – Жарайды, Анеля. Көрмесең көрме. Бір ай сынақ мерзімді екеуміз көрейік. Мында жүр, – деді содан соң. – Мына бөлме сен тұратын бөлме болады. Таза төсек-орын анау шкафта. Киім-кешекке қажетті шкаф мынау. Бөлек теледидар, міне. Анау тоңазытқышта бəрі бар. Қалаған тамағыңды істеп іше бересің. Ертең келсең болады, – деді Тұрсын Ботабаев. – Мен Сізді қалай атасам екен? – Тұрсын Ботабаевпын негізі. Қазақтарды отчество болмаған ғой. Ботабаевич десең де болады. – Рахмет, Тұрсын Ботабаевич, ертеңге дейін. «Мына келген əйел менен сұрамады. «Қанша ақы төлейсіз, көрсетілетін қызметке?» демеді. Қызық. Əлде маған сенгендегісі ме. Бұрын молшылықта, бар болған адамдар сөйтеді. Ал, тумысында жарымағандар ауыздарын «ақша-ақша» деумен ашады. Негізі
текті əйел болмасын. Мүмкін əбден қажып, шаршағандықтан да түрі кəрілеу көрінетін шығар. Əйтпесе, жасы жас» деп ойлады қарт генерал əйел туралы кеткеннен кейін. Ертесіне Анеля ертемен келді. Тұрсын қарт есік ашқанда шалбар мен жеңіл жиде киген, жалаң бас Анеляны көрді.Киген киіміне байланысты ма, кешегіден түрі анағұрлым жас сияқты көрінді. Қолында ұстаған шағын екі сөмке бар.Ішке кірген соң бір сөмкені жатын бөлмеге, екінші сөмкені ас үйге əкелді. Анеля дереу ас қамына кірісті. Алдымен дəмін келтіріп көкөністен салат жасады. Грузин, болгар халқының хычин атты шайға қоятын дəмді тағамы бар. Жалпы бұл асқазанға жеңіл жұғымды ас. Дайындауы шеберлікті талап етеді. Ағзаға сіңімі өте жеңіл. Əсіресе қарт адамдар, содан соң жас балалар сүйсініп жейтін ұлттық тағам. Бұған əбден машықтанған адам болмаса екінің бірі мұны пісіруді қолға ала бермейді. Картоп пен тұзды сүзбені (брынза) еттартқыштан өткізіп араластырады. Бір бөлек еттің нанындай жұқа нан жайып, оны соған орап, табаға салып пісіреді. Содан соң арасына сары май жағып дастарханға қояды. Бұл тағамды дайындау Анеляға түк емес. Анеля айналасы бір жарым сағат болмай жас салат пен хычин пісіріп, шай əзірлеп, дастарханды түрлендіріп Тұрсын Ботабаевтың есігін қақты. – Тұрсын Ботабаевич, шəй əзірлеп едім сізге арнап, шəй ішіңіз, – деді есік сыртынан. – А, солай ма, Анеля ханум? Ия, көрейік, көрейік, – деп, ол орнынан түрекеліп, ас үйге келді.Үстел үстіндегі тағамдардың иісі мұрынға жағымды болып барады. Қарт жас балаша қуанғанын жасыра алмады. – Оһо, оһо... нағыз мейрамхана үстелі сияқты жайнап тұр ғой?!. – Сіз, мына хычин дейтін грузин, болгар халқының ұлттық дəмін татып көрдіңіз бе? Асқазанға жұғымды ас, алып көріңізші – деді Анеля. Тұрсын қарт жалт етіп Анеляға қарады. – Сен бұл асты қайдан білесің? Құдайым-ау, бұл менің ең сүйікті асым ғой... Ол дереу шанышқыны да алмастан қолымен
алдындағы асты жұмарлап, құмарлана асай берді. Шайнап жеп отырып, басын шайқады. Бас шайқағаны «өте дəмді» дегенді білдіріп еді. Сүйсініп жегеніне Анеля да риза болып қалды. – Сізге шайды сүтпен бе, жоқ сүтсіз құйсам ба екен? – Əрине, сүтпен – деді қарт. Анеля майлылығы жоғары сүт ала келген. Сол сүті бар қоңыр күрең шəйді де генерал сүйсініп ішті. – Көп болды тағамды мұндай сүйсініп жеген емеспін.Əсіресе, мына хачен бе немене еді хычин бе еді жемегелі қай заман... – деді ол кесесін тағы бір рет ұсынып жатып. Баяғыда Грузияда бір əйелдің, то есть бір қыздың қолынан сүйсініп жеген едім. Дəмі таңдайымнан кетпей қалған-ды. Содан кейінгісі осы шығар. Қарт бірнəрсе санағандай ойланып отырды да: – Почти 48 жыл болыпты – деді содан кейін терең тыныс алып. – Менің жасымдай уақыт екен, – деді Анеля – Ия, бір ғұмыр, – деді Тұрсын қарт. Содан соң: – Сан түрлі сұрақ қояйын десем, сен өкпелей ме деп отырмын. Əңгіме болсын, айтшы өзің жайлы, Грузияда қалай туылып жүрсің? – Менің шешем болгар. Əкем то ли қазақ, то ли татар. Ол жағын білмеймін. Мені шешемнің əпкесі асырап алған. Мен туғанда шешем қайтыс болыпты. – Əкеңмен тұрмаған ба? – Тұрғаны несі, тіпті некелеспеген. Сол жақта əскерде болған бір жігітпен екеуі Ромео мен Джулетта болған ғой. Тұрсын қарт осыны айтқанда шыдамай сөзін бөлді. – Ромео қайда кеткен сонда, шешеңді тастап. – Ол еліне кеткен дағы. Ол жігіт тіпті шешемнің маған аяғы ауыр екенін білмеген бе. Шешем айтпаған ба білмеймін. – Содан соң... – Менің атам өте қатал кісі екен. Шешем қорыққан. Ол кезде қыздар некесіз жүкті болмайды ғой. – Содан Мəскеуде тұратын шешемнің ең үлкен əпкесі көп жылдан бері бала көтермей, күйеуі екеуі сол үшін ажырасқалы
жүріпті. Менің шешем амалы таусылып əпкесіне барып шынын айтады. Ол естіп, қайта қуанып кетеді. «Жақсы болды. Ішіңдегі бала менікі болады. Мен күйеуіме бүгіннен бастап екіқабатпын деп айтамын. Ішіме жастық байлап лаждаймын. Содан соң «Тбилисидің ауасы жақсы, үй жаққа барып, сонда босанамын» деп келемін. Сен босанасың, бірден өзіме аламын» деп келіседі. Шешем некелеспей көтерген ішіндегі баланы көп уайымдады ма, əлде басқаша ма мені қиналып босаныпты, қан көп кеткен бе, бір жетіден соң қайтыс болған. – Содан соң... – Ой, мен сізге бүкіл өмір тарихымды баяндап кеттім ғой. – Мен сұрап отырмын, айта бер. – Тұрсын қарт мүлде əлденеден қызып кеткендей, көзі оттай жанып, əйел айтқан əңгімеге бойлай түсті. – Айтпақшы, менің қолымда шешемнің бір-ақ суреті бар. Ол суретте əскери адам шешемді құшақтап түскен. Өлер алдында мені асырап алған анам қолыма табыс еткен. «Кім біледі, Қазақстанда жүрсің ғой, күндердің күнінде сенің туған шешеңнің қасындағы мына адам табылса, не кездессе, онда сен əкеңді тапқаның» деген. Суреттің сыртында «Милая, я тебя люблю» деген сөз бар. Сосын қол қойылған. Жылы, айы , күні тұр. Тұрсын қарттың денесі əлде неден дірілдеп, орнынан түрекеліп кетті. – Сізге не болды, Тұрсын Ботабаевич, – деді Анеля – Жүр! – деді ол, даусы жарықшақтанып, – мында жүр. Ол өзінің бөлмесіне келді де, шифонердің төбесіндегі бір қара чемоданды көрсетті. – Ана чемоданды аяғыңа үстел қойып, ал. Анеля ешнəрсе түсінбеді. Бірақ айтқанын істеп жоғарыдағы қара чемоданды алды. – Бері кел, мында қой. Ішін аш. Анеля қара чемоданның ішін ашты. – Ар жағын қарай бер енді, қарай бер. Анеля көптеген қағаздарды бермен қотарып, астында жатқан ескі альбомды алды.
– Мынаны маған бер енді. Тұрсын қарттың қолы одан сайын дірілдеп кетті. Ол қолына альбомды алып ішін ақтара бастады да, ішінен бір сарғыш конвертті алды. Оның ішінен тағы бір сарғыш суретті алып шықты да: – Мына сурет емес пе сендегі? Анеля таңқалғаннан тұтығып қала жаздап: – Міне, дəл өзі... Бұл сізде қайда жүр? – Жеңі шолақ, етегі тізеден жоғары көйлек киген қыз. Күлімсіреп тұр. Оны сыртынан құшақтап тұрған мұрты енді тебіндеп келе жатқан гимнастеркалы жас жігіт. Табиғат аясында түскен сурет. Суреттің сыртында «Милый, я тебя люблю» Қолы. жылы, айы.. – Выходит, я твой отец! – Генералдың көзі шарасынан шығып кетті. Қорыққаны, қуанғаны, таңқалғаны белгісіз. Бірақ ентігіп, тынысын жиі алып кетті. Жаңа əзірде ғана сап-сау қалыптағы қарт: – Бөлмемдегі дəріні алып кел, – деді Анеляға. Анеля тездетіп дəрісін алып келіп, ішкізді. Қан қысымын өлшеді. Бірден жоғарылап кетіпті. 230-ды бірақ көрсетіп тұр. – Қан қысымыңыз жоғары. Оған мен ине салайын, – деп Анеля өзімен бірге əкелген қораптан дəрі-дəрмекті ала бастады. – Жаңағы қою шəйді сізге бекер бердім. Сол шəйден болмаса, – деп жатыр, өзін кінəлап. – Енді жатып дем алыңыз, қай-қайдағыны сұрадыңыз.Сізге тынығу керек. Қарттың қолында жаңағы сурет. Ол əлі қолынан тастаған жоқ. Бірақ, қайтара қараған да жоқ. – Содан соң. Əрмен қарай айт, не болды? – Тұрсын Ботабаевич, сіз шамалы дем алсаңызшы. – Жоқ, ештеңе етпейді. Бұл мен үшін өте маңызды. Қазір естуім керек... Сосын... – Мені құшақтап, шешемнің əпкесі Мəскеуге келсе, күйеуі жоқ. Үстелде хат қалдырыпты. «Мен БАМ-ға кеттім. (Байкал Амур Магистралі болды ғой, бүкілодақтық. Сол). Жалғыз емеспін. Қасымда сенің жолдас
қызың Тамара бар. Біз бір-бірімізді көптен сүйеміз.Ортамызда Егор атты баламыз бар. Кешір, Сакила» депті. Сіңлісі қайтыс болып, жаңа туылған жас бала менімен əбіржіп қалады анам. Ол кісінің мамандығы геолог. Содан мен бір жасқа толғанда Қазақстанға Жезқазған облысына келеді. Кейін анам бір қазақ жігітіне тұрмысқа шығады. Мен отыз жетіге келгенімде, сол анам қайтыс болды. Сүйегі сол жерде қазір. – Содан соң, əрмен қарай, айт не болды? – Мен медучилищені бітірдім. Мен де қазақ жігітіне тұрмысқа шықтым. – Мəскеудегі үй кімге қалды? Олар бөліспеді ме? – Ол кезде, білесіз ғой, қазіргідей үй бөлісу деген жоқ екен ғой. Пəтер анамның БАМ-ға кеткен күйеуінің атында екен. Анам ол кісімен дауласпады. «Баласы бар ғой. Мен туып бере алмаған баланы Тамара туып берді. Бақытты болсын!» деп отыратын. Анеля қайтадан үнсіз қалды. Қарт сол отырған күйінде қалғығаны белгісіз, жоқ əшейін ойға шомғаны белгісіз, көзін тарс жұмып диванда отыра берді. «Енді тынықсын» деп Анеля, оның бөлмесінен шығып, кешегі көрсеткен өз бөлмесіне келді. Мезгіл түс ауып кеткен. Қарт ұйықтамапты. Қалай Анеля бөлмеден шықты, əлдекімдерге телефон шалды. Ұзақ сөйлесті. Содан кеш түскенше, бөлмесінен шықпай қойды. Қарттың өзі ешнəрсе демеген соң Анеля «Жағдайыңыз қалай?» деп сұрауға бата алмады. Ас үйге барып, өзі шəй қайнатып ішті. Ана кісіні шақырарын, шақырмасын тағы білмеді. Жалғыз өзі ұрлап ішіп отырғандай оған тағы қысылды. Содан соң бөлмесіне келіп теледидарды қосты. Əлі таңға дейін қанша уақыт бар? Күтуші дегендер не істеуші еді? Оның ережесі қандай, білмеген соң, қиын екен. Ақыры қарттың жағдайын білмекке, қайтадан бөлмесінің есігін қақты: – Тұрсын Ботабаевич, қалайсыз? Сізге ішетін не əкеліп берсем екен? – деді есіктің ар жағынан Анеля.
– Ішке кіргін, – деді аржақтан қарт. Бұл ішке кірді. Қарт бағанағы диванда қақшиып əлі отыр екен. Керуетіне жатып қисаймапты да. – Ертең жұма. Арғы күні сенбі. Сенбі күні Астананың мен өзім жиі баратын сəулетті бір мейрамхана бар. Соған барып кешкі ас ішеміз. Торжественно. Баламды, келінімді, немерелерімді көресің. Алматыда əкемнің қарындасы бар.Алима əпке дейміз. Сол келеді. Петропавлде менімен мектептен парталас дос, қызметте 50 жыл бірге істеген Павел Петрович Вожаков деген кісі бар. Сол келеді. Сен сол дастарханның ең құрметті қонағы боласың. Басқа тағы бір екі кісі болады... əлі звондай алмай отырмын. Мына əмианды ұста. Сондағы ақшаға үстіңе жақсы киім ал. Бұл саған приказ. Сауда орталықтарынан ең жақсы, қонымдысын таңда. Шашыңды сəнде. Түріңе де солай. Мынадай киіну болмайды. Сен енді менің, мына генерал Тұрсын Ботабаевичтың қызысың. Арғы күні Вожаков келеді. Мен сенің əкең екендігімді Вожаковты куəге тартып, сол күнгі жиналғандардың алдында мойындаймын. Ал, Вожаков оны потвердить етеді. Мен сенің шешеңмен қанша рет кездесуге барғанымды Вожаков бес саусақтай біледі. Ал, ана суретке бізді Вожаков түсірген болатын. Бұл сурет Вожаковтың де архивінде бар. Суретті шығарып бергеннен кейін «Милая, я тебя люблю» деп мен, «Милый, я тебя люблю» деп ол маған жазып берген. Əйтеуір тірі жүрсе, есіндемін ғой деуші едім. Өмірден кеткені жаныма қатты батты. Мен сенің шешеңдей ешкімді шынайы сүйіп көрген жоқпын. Нағыз періште жан еді… Қарт генерал дауысы дірілдеп отырып, сөзін жалғастыра берді. – Жаңа досым Вожаковпен сөйлестім. «Қызым бар екен. Табылды» дедім. Сенің ұяңдығың, сабырлы сөйлейтінің бəрі шешеңе ұқсап қалған. Бағанағы істеген тамағың да тура шешеңнің пісіргеніндей. Вожаков екеумізге үйден пісіріп сондай тамақты талай əкеп берген. Жаны мөлдір, таза бұлақтай еді. Біз бірбірімізді шын сүйдік. Ромео мен Джулетта деп дұрыс теңедің сен сөзіңде бағана. Бірге көп кештерді өткіздік. Мен оған үйленемін
деп айтқалы жүр едім. Бірақ, айта алмай қалдым. Осы сөзді салтанатты жағдайда айту үшін арнайы кездесуге шақырған едім. Сол жолы білмеймін, не себеп болғанын, келе алмады. Келесі рет кездесуге шақыра алмадым. Бізді Тбилисиден бір түнде басқа қалаға алып кетті. Ол кезде дəл осы кездегідей мобильді телефон бар дейсің бе? Жоқ қой. Қысқасы, біз бір-бірімізден ажырап қалдық. Софиям менің, қандай, ғажап жан еді! «Ішімде сенен бала болады» деп те айта алмағанын қарасайшы?!. Айтса ғой, бəрі басқаша шешілетін еді. Қарттың көзінен мөлтілдеген шық көрінді. Ол оны қолының сыртымен сүртті. Анеляға бұл оқиға түс сияқты болды. Қолына ұстатқан əмиянға жармаса қойған жоқ. Қасына қойды. Оны қарт бірден сезіп: – Мен не айттым саған, мынаны ал. Ертең ұлдың машинасымен барамын десең, оны шақыртамын. Бірақ, сен оларға əзірге көрінбегенің жақсы. Сюрприз жасаймын. Мейрамханада бірақ көрсін. Сондықтан, екі күн өзіңді күт. Киіміңді ал. Нағыз генералдың қызы бол. Айтқанды істе, мені ренжітпе, – деді. – Тұрсын Ботабаевич, менде өтініш бар. Мен үш ұйықтасам əке бар, оны жəне кездестірем деп ойлап жүрген жан емеспін. Сөздің арасында Сіздің қазбалаған сұрақтарыңызға жауап беремін деп барлық айтылмайтын сөздер аузымнан шығып кетті. Жасым елуге тақағанда көрмейсіз бе? Маған өте ыңғайсыз. Мен Сіздің жаңағы айтып отырғаныңызға өте қысылып отырмын. Жиналған жұрт не деп ойлайды мені? – Жұрттың не дегеніне түкіргенім бар менің. Менің аузымнан сөз шықпайды, ал шықса ол орындалады. Бітті, енді ашуымды келтірмегін! – деді қарт сөзін шорт түйіп. Анеля бұдан кейін Тұрсын қартқа ешнəрсе дей алмай, өзіне берілген тапсырманы бұлжытпай орындауға белін бекем буды. ...Сол күнгі мейрамханадағы отырыс Тұрсын қарттың ойлағанындай салтанатпен басталды. Үстел басында отырғандар Анеляға үлкен ілтипат көрсетіп, құрметпен қарады. «Адам көркі – шүберек» демекші, Анеляны үстіне киген киімі ерекше көрсетті. Көпшілік алдында қарт оған мақтанышпен қарап қойды. Сөйтті
де шақырылған меймандары түгел жиналып болған соң, бүгінгі бас қосудың басты себебін терең толғаныспен баяндап берді. – Мына сурет өмір бойы менің жан жылуым болып келді, – деп қолындағы суретті жұртқа көрсетті. Үстелде отырғандар бірінен кейін бірі қолына алып, əскери киімді Тұрсынның Софияны иығынан құшақтап түскен суретін көріп шықты. – Мен осы көріп отырған болгар қызы Софияны ес-түссіз сүйген едім. Амал қанша, тағдыр солай шығар, қосылмадық. Оның есесіне София екеуміздің сол сүйіспеншіліктің белгісі боп қалған қасымдағы Анеляны тағдыр өзі маған кездестірді. Міне, бүгін менен асқан бақытты адам жоқ, – дей келе Анеляны өзінің туған қызым деп есептейтінін жария етті. Генаралдың досы Павел Петрович Вожаков та сөз сөйлеп, əскерде жүрген кезде Софиямен Тұрсын арасындағы кіршіксіз махаббатқа талай куə болғанын қызықты етіп əңгімелеп берді. – Пап, егер біз күтуші туралы сізге айтпасақ, сіз кездеспейтін едіңіз ғой Анеля тəтемен. Демек, бұл кездесулеріңізге біздің Гүлшат екеуміздің зор үлесімізді айтып кетсеңізші, – деп Бауыржан да сөз реті келгенде желпініп қойды. – Сен екеуіңе алғыс жариялаймын! – Жұрт бұған ду қол шапалақтады. х х х Осы күннен кейін Астанада Анеляның басқаша өмірі басталды. Əкесін алақанына салып, аялап күтті. Қырсық та қыңыр қарттың мінезі адам танымастай күрт өзгеріп, жүзінен əкелік мейірім шуағы төгілді. Бауыржанның да балаларын қасына алып, беттерінен сүйіп, аталық сүйіспеншілігін көрсететін болды. – Біздің папа Анеля тəтей кездескелі бері жүз пайызға өзгеріп шыға келді. Таңым бар, – деп Бауыржан келіншегі Гүлшатпен сыр бөлісті. – Мұның таңданатын түгі де жоқ. Таңданатын болсаң əкейдің жүрек түбінде жатқан керемет махаббатқа таңдан! Анеля тəтей сүйікті Софиясының көзі болып, күнде алдында көрінгеннен
кейін, əкейдің бойындағы бүкіл қаттылық, қасаңдық жойылып кетті. Бізге де көңілі көлдей бола бастады, адамның тұла бойындағы қаттылықты жібектей жұмсартатын махаббат екеніне көз жеткізді – деді Гүлшат масаттанып, – біздің балалардың қуанышын айтсайшы бəрінен-де. Ал, Анеля болса: «Көз жасым көл болып, үйден бір айырылып, күйеубаламен, қызбен көрместей сөзге келіп, қара басымды қоярға жер таппай осы қалаға келіп едім. Əлдекімнің қасықабағына қарасам да, адал еңбегіммен күтушілік қызметті де көрейін деп осы есікті қағып тұрғанымда, алдымнан бақыт есігі ашылар деп ойлаппын ба? Туған əкем табылды, бауырым бар, інілі болдым, о, Жаратушы ием, сен бəрін көріп тұр екенсің ғой, бар екенсің!» деп Тəңірге бас иіп, көз жасын көрсетпей жылады. Қоқыстағы қазан Ыдыс-аяқ жинастырып жүрген Бинұр шкафтың ішінде орын алып тұрған қара қазанды қайда қоярын білмеді. Осы қазанды күйеуі екеуі Астанаға бөлек үй болып шыққанда енесі берген. Ішіне бес литр су еркін сияды. Бұған ет те, бауырсақ пісіретін, картоп бұқтыратын. Кейін ас үй мебелі, оған қоса, ыдыс сервиздері алынғаннан кейін, əдемі ыдыстардың арасында бұл қазан тұратын орын жетпеді. Бірде былай ығыстырады, бірде олай ығыстырады. Ретін таппайды. Осы қазанға тамақ та пісірмейтін болды. Өйткені, бұл тұрып жатқан əсем үйлерде көгілдір отын тартылмаған. Бəрі қуатты ток жүйесіне қосылған. Ас үйдегі плитка токпен ғана жұмыс істейді. Плиткаға қазанның доғал табаны да сəйкес келе бермейді. Бинұрға салса бұл қазанды баяғыда-ақ далаға лақтырып тастар еді. Енесінің көзі тірі. Анда-санда осы үйге қыдырып келгенде тыныш отырмайды. Сол қазанды іздеп отырады. Іздегені де қызық. – Беу, мына бір жалтыраған ыдыстарыңның түбі күйіп кетпей ме, ана баяғы қазан қайда мен берген, сонымен лып еткізіп пісіре салмайсың ба? – десе, енді бірде:
– Қазанға піспегеннен кейін мынаның дəмі біртүрлі татитын сияқты ма маған? Ертең сол қазанға өзім сендерге əдемі бір палау жасап берейінші, қайда тұр өзі, көрсетші, шкафыңның қай жерінде? – деп бір қояды. – Мына жақта тұр, апа, міне, – деп Бинұр қазанды жəне тұрған жерді көрсетеді. – Мына жалтыраған ыдыс қазіргі заманның осы плиткасына сай. Өзіміз осыған үйреніп қалған соң, бауырсақты да осыған пісіреміз, қайта қазаннан гөрі, бұл ыдысқа тез пісетін сияқты,– деп түсіндірген болады Бинұр енесіне. Енесі енді келінін неге екенін белгісіз, қазанды тастап қоймасын дей ме қолпаштаңқырап сөйлейді: – Бейнұр-ау, айналайын, есің бар ғой, ана үлкен келінге үлкен қазанды, ал сендерге шаңырақ иесі деп, көкемнің көзіндей (атасын айтқаны) осы қазанды əдейі бөліп беріп едім. Рас, замандарыңа бəрі басқа болып жатыр. Сөйтсе де, күнім, бұл қазанды сыртқа лақтырып тастап жүрме, ескертіп қояйын. Ырысы бар қазан. Тіпті пайдаланбасаң да үйіңде тұрсын. Анда-санда бауырсақ пісіріп қой, іші қаңылтықсымасын. Тегінде, менің де, естігенім əрі көргенім бар. Айран пісетін күбі мен ас пісіретін қазан жарықтық қаңсып, бос тұрып қалмауы керек. Қазанда да ырыс пен несібе тұрады дейді. Көп пайдаланбай бос тұрып қалса, шайтан ыдыстың ішіне əбден түкіріп, білгенін істейді екен де, ырыс пен несібе шошып басқа жаққа ұшып кетеді дейді екен бұрынғылар. Солардың айтқандарының бəрі рас. Осы қазанды көкем (тағы да атасын айтқаны) мен келін боп енді түскен кезім, Бұқараға барғанда, маған əдейі сыйға əкеліп, «үрім бұтағың өсіп өнсін, ырыс-берекең тасысын, жамандық көрме, жақсылық көр» деп батасын беріп, алдымен бұған сүт пісіргізіп, одан өзі дəм татып ішкені əлі күнге дейін көз алдымда. Көкем одан кейін осы қазанды қалай сатып алғаны жайлы айтып берді. «Кетіп бара жатсам бір үйдің көлеңкесінде тəжік пе, өзбек пе, бір қаба сақалды қарт: «Мына қазанды алған адамның келіні ұл туады. Отбасында ырыс-берекесі мол болып, ол жеті атасына дейін еркін жетеді. Өйткені, қазан сондай ырыммен жеті түрлі
қоспадан: шойын, темір, мыс, жез, алюмин, бір мысқал күміс пен алтынның күлінен құйылған. Алған адам еш уақытта өкінбейді, жеті атаға мұра болар құт қазан, алғаның өкінбейсің» деп отыр екен. Мына сөзді естігеннен кейін қалай сатып алмасқа? Бұрылып барып, əлгі қарттан Ақсырғам ұл туар ма екен деп ырымдап сатып алдым. Жаңағы қарт тегін адам емес екен. «Алдың, енді жөніңе кете бер» деген жоқ. Тоқтатып тұрып алақанымды жайғызып, бар ықыласымен көл-көсір батасын берді де: «Бұл менің өз қолымнан жасаған, жаңағы жеті қоспаны балқытып құйған соңғы қазаным жəне соңғы қазынам. Кəсібімді үйренгендер көп ақша төлейді деп зауытқа кетіп қалды. Жетпіс жылдан астам атадан балаға мұра боп келе жатқан шеберханамды, оған жалғас тұрған үйімді, қора-қопсымды үкімет алып, быт-шытын жасап бұзбақшы. Орнына құс фермасы салынады дейді. Соңғы қазаным болған соң ба, іштен шыққан балам сияқты» деп кемсеңдеді. Мен тағы да қартқа қалтама қолымды салып ақша берейін деп едім, ол алмады. «Өз бағасынан артық бердің, енді ол болмайды» деді. Жақсы ырым қылып, Ақсырғама əкелдім, құдай қарттың айтқаны келсін» деген-ді көкем. Қалай осы қазанды пайдаландық, Есболсынның көкесі басқарма бастығы болды. Құдай несін айтасын, күнде үйде мал сойылады, күнде қонақ. Бұл қазан ба, енемнің бір қойдың еті түгел сыйып кететін қазаны болған, ол да жерошақтан түспейді. Малдың басы да өсті, жаман болған жоқпыз. Қос-қостан он литрлік самауыр селкілдеп ол қайнап тұрады. Колхоздың бастықтары, ауданнан келген уəкілдер біздің үйді босатпайтын. Мен де шаршамаймын, Есболсынның папасы да шаршамайды. Қонақжай, мейманжай болдық қой. Көкем əйтеуір, маған риза болатын. – Ақсырғашым, біздің кемпірдің (енесін айтқаны) топырағынан жаратылған, қолы кең, қабағы ашық, содан соң бұл үйден қонақ кетпейді. Айнайлайын, осыныңнан танба, əр қонақтың өз несібесі бар, – дейтін көкем əр келген сайын. «Қонақтар келіп қалады екен» деп сексеуілдің шоғын өшірмеймін. Күлге көміп қоямын. Күз, көктем кезінде де пештің тамызығын дайындап,
отынды құрғатып қоямын. Ұнды қаптап əкеліп қоямыз сарайға. Жерошақтан от босамайды. Мен де жаспын ғой, шаршамаймын. Сол жылы аяғым ауыр еді, Есболсынның ағасы Көпболсын келді дүниеге. Той да той, əйтеуір бəрі жақсы болып жатты. Алғашқыда үш бұзаулы сиыр көбейіп бес бұзаулы сиыр болды. Оның сүтін пісіру, айран ұйыту, құрт жасау бəріне үлгірем ғой. Ашытқымен бауырсақты ыстықтай осы қазанға пісіре саламын. Келген адамның бəрі риза. Ауданда бір уəкілдердің ішінде кəріс ұлтынан біреу біздің ауылға бір айға кəмəндірөпкіге келген екен. Өзі бойы кішкентай, өте арық кісі. Көзінде көзілдірік. Бастықтар ойын-шыны аралас əзілдеп айтыпты оған: – Басқарма бастығы Майлыбаев Бекбосынның үйіне жат. Əйелі Ақсырға сені бір айда семіртіп шығарады, – деп. Айтқанындай сол кəріс уəкіл біздің үйде аппақ болып семіріп, қарны шығып, кетерінде маған риза болғаны шығар: – Сен мынау əйел, мынау əйел, – деп бас бармағын көрсетіп кетті. Осыларды қазір ойлап отырсам, өзіме өзім сенбеймін.Тыңдап отырған сен де сенбейсің ғой, ə? – деп енесі Бинұрға қарады. – Жоқ, апа, о не дегеніңіз, мен сенем сізге. Сіз туралы көп жақсы əңгімелер естігенмін. Сіз басқарманың келіншегі болғансыз. Көрікті болыпсыз. Есболсынмен класстас оқыған бір қыз бар ғой, ауылда мектепте мұғалім Жанерке сол айтқан маған: «Сенің енеңді жас күнімізден білеміз. Ол апай түске дейін бір көйлек, түстен кейін бір көйлек киетін керім кісі болған» деп. – Ə, Жанерке айтты ма? Көрші болдық қой. Ау, өйтпегенде ше. Келім-кетім адамдар көп. Таңертең, кешке сиыр сауарда бір көйлек кием, етегі топыраққа тиіп бүлінеді ғой. Ауылдағылар соны айтады. Күн ысып кетеді. Онда жұқа крепдешин көйлек кием. Қолымда машина, сырр еткізіп тіге салам. Тауарды əптелəпке өздері əкеліп береді ол кезде. Таңдағанымды аламын. – Сіз көрпелерге де ақ шұғадан тыс тігеді екенсіз ғой. Ол кезде ауылдағылардың бəрі ондай тыспен көрпелерін қаптамайды..
– Е, неге өйтпеймін. Басқарманың үйі болған соң, қонған адамдар жиіркенбесін деймін. Колхоз бастықтар келеді шіренген. Бір қонып кеткен соң, ертесіне жуып, басқа тыс қаптап қоямын. Сол келгенде енесі Бинұрға осылай бір шешілеп сөйлеген. Өзі берген қазанға ертесіне дəмі ауыздан кетпейтін палау пісірді. Сөйтсе, марқұм ұлына Астанаға бой жазып келген екен. Соңғы рет өз қолынан келіні мен ұлына, немерелеріне татырған дəмі екен. Артынша ауылға барған соң, бір айға жетпей енесі Ақсырға үлкен ұлы Көпболсынның қолында қайтыс болды. Бинұр көпке дейін енесі айтқан сөздерді қайта-қайта еске алып жүрді. Бір күні күйеуі Есболсын үш бөлмелі пəтер алып Есілдің сол жағалауына көшетін болды. Үйдің барлық заттарын буып-түю, əрине, Бинұрдың еншісінде. Бұл отырған екі бөлмелі пəтерін барлық жиһаз-жабдықтарымен сатып алатындарға қалдырды. Ас үйдегі жабдықтан Бинұр «Цептер» қымбат ыдыс-аяғын өзіне алып кетуге жиыстырды. Осы кезде шкафтың бұрышында тұрған қазанға көзі түсті. Мұны не істеу керек? «Қазан қайда?» деп сұрайтын ене жоқ. Ойланып жатпастан салафанға ораған күйі даладағы қоқыстар төгетін темір жəшіктің қасына апарып қойды. «Біреулерге керек болса алар» деді. Дəл сол күні кешке қарай жаңа ғана тұрмысқа шыққан Айзада қоқыс тастауға келді. Көзі дөңгеленген бір қазанға түсті. Жас отбасы болған соң, бəрі керек. Өткенде бір қазан алғысы келген. Ақшасын үнемдеп ала алмай, келесі айлыққа қалдырған. «Егер мына қазанды алып, жуып-шайып пайдалансам, нем кетеді. Бір байлар мұны қажетсінбей тастаған шығар. Əбден ысқылаймын. Тазартамын. Пайдаланамын» деді де жас келіншек тастаған қазанды үйіне алып келді. Өзі есептегі қаражатын үнемдегенге көңілденіп сала берді. «Пəтер ақыға онша төлейміз, тамаққа мұнша қалу керек, бір айлық жол жүретін билетке мұнша деп айлық алғанда бөлшектегенде дым да болмайды. Қазан бар, қалған ыдыс-аяқ əзірге тоқтай тұрады» деп көңілденгені сол.
Ертесіне қазанды ерінбей ысты. Бұрын қатты ысылмаған қазан екен. Ысқан сайын жарқырай түсті. Ішін де, сыртын да ысып, Айзада оны жарқыратып, су жаңа етті. Айзаданың əжесі айтып отыратын. «Қандай да бір жаңа ыдысты пайдаланарда жақсы тілек айтып барып қолдану керек» дейтін. Сол есіне түсіп, қазанға су құйып жатып: «Е, қазаным, асымды мол қыл, жұғымды қыл, татымды ет. Үйіміз берекелі болсын, қазаннан ас түспейтін берекелі болсын, аумин» деп өзінше тілек айтты. Осыны айтып тұрып «Аузыма түспейтін сөздер қайдан өзі түсіп жатыр, нағыз əжелердей» деп таңқалды. Артынша Айзаданың күйеуі Жақан қуанышты хабар алып келді. – Біздің мекемеде бір кісі Жапонияға отбасымен екі жылдық оқуға кетті. Ол пəтерін екі жылға маған қалдырды. Пəтер ақы төлемейміз. «Тек ай сайынғы коммуналдық қызметіне төлеп тұрсаңдар болды» деді, – деп келді күйеуі Айзадаға. Ертең көшеміз. Айына 90 мың төлейтін пəтер ақыдан құтылғанына екеуі де мəз болды. Жаңа пəтерге көшкенін олар үлкен дастархан жасап ұжымдағыларды шақырды. Қоқыстан табылған қазанның ішінде жылқының еті бүлкілдеп қайнап жатты. Бұдан кейінгі қуанышты хабар Айзаданың аяғы ауыр болып, оның қуанышы аталды. Дүниеге ұл сəби келді. Оның тойы тойланды. Қара қазан қайнаудан ылғи босаған емес.Жақанның қызметі өсті. Тойланды. Жақан мемлекеттік бағдарламамен берілетін үй кезегіне ілікті. Тойланды. Одан соң көп ұзамай үй алды. Тойланды. Жас отбасы осылай үсті-үстіне бақытқа кенеле берді. Айзада жас та болса аңғарғыш. «Негізі осы қоқыстан тапқан қазанымда құт бар, өллаһи шын» деп күйеуіне үнемі айтып отырады. Ал, қазанды тастаған Бинұр мен Есболсынның жаңа көшіп келген үш бөлмелі пəтері құт əкелмеді. Кеден комитетінде қызмет істейтін Есболсынға қарадай қарай жазықсыз жала жабылып, істі болды. Үш бөлмелі пəтері сатылды. Қымбат көлігі ол да кетті. Сотқа, қорғаушыға қаражат керек боп Бинұр үйдегі сатып алуға
жарарлық дүниенің бəрін сатты. «Цептер» қымбат ыдысын да арзанға біреуге өткізді. Өзінің бағалы алтын, меруерттеріне дейін аямай, ломбардтқа салды. Əйтеуір екі жыл дегенде жазықсыз жаладан арылып, Есболсын бəрінен құтылды-ау. Енді қазір жұмыссыз. Інісі істі болғаннан кейін ағасы ауылында ағайындарды жинап құдайы ас берген. Ауланың ішінде үлкен қара қазанда бір қойдың еті тұтас салынып, қайнап жатты. Əйелдер жағалай отырып, етке нан əзірлеуде. Үйдің көлеңкесінде жас нəрестесін емізіп отырып Бинұр бірден ошақ басына жүгірді. – Жеңеше, – деді ол абысынына, мына үлкен қазан баяғы апамның қазаны ғой, ə? – Дəл өзі. Жəй сұрадың ба? Маған елде отырсың, осы қазан саған лайық, – деп маған берген. Саған өзінің қолындағы күнделікті ұстап жүрген қазанын бердім деп еді ғой. – Ия, берді. Мен дұрыс жасамадым. Сол қазанның құты бар еді. Мен құрттым оны. Құтты қашырдым, жеңеше... Апам байғұс, қайтыс боларының алдында үйге келгенінде «айналайын, түсінесің ғой өзің, ақылың бар ғой» деп, жұмсартып отырып бəрін түсіндірсе де түсінбеппін. Ақымақтығымды қарашы... – деп солқылдап жылап берсін. Сол жерде ағайындардың əйелдері жиналып, бəрі «Не болды?» деп сұрап əуре. Бинұр солқылдап, əбден жылап болған соң, енесінің өз үйіне келгендегі қазан тарихы жайлы əңгімесін жəне қазанды құрметтеу жайлы өсиетін, соңғы рет өз қолымен дəмді палау пісіріп бергенін айтып бергенде əйелдердің бəрі көздерінен жас алды. – Шіркін-ай, Ақсырға енеміз алтын адам еді ғой. Бүкіл ауыл əлі тамсанады ол кісінің істеген істеріне, – деп əрқайсысы еске алды. – Анау үш бөлмелі үйге көшерде қазанды далаға қоқысқа өзім апарып тастадым ғой. Ал, содан соң қараңыздаршы, сол үй бізге опа берді ме? Берген жоқ. Миыма бүгін, мына дəу үлкен қазанды көрген соң келіп отыр. Өкініштімін, қайтейін...апамның айтқанын істемегеніме. Ырыс-несібе дегеннің түп тамырын түсінсемші мен, – дей берді Бинұр.
Қызыл диплом Бөденнің ұлы Көбен ерекше бала болды. Бөденге ме, жоқ оның əйелі Əсемге ме, қайсысына ұқсағанын кім білген, пысық. Оның жасындағылар қасықпен өздері тамақ та іше алмайды. Ол неше түрлі тақпақтарды жатқа айтады. Айналасында не жаңалық бар, соны білгісі келуге, ұғынуға дегендегі құштарлығын айтсайшы! Содан бес жасқа толмай жатып, көршісінде мектепте екінші сыныпты оқитын Қали деген балаға еріп «мен де мектепке барам» деп жылап отырып алды. Оған «саған мектепке баруға болмайды» түсіндірудің өзі қиын. – Мен жаза аламын, оқи аламын. Есеп те шығара аламын, неге мектепке бармаймын? – деп отырып алсын. – Қап, мына жүгірмекті-ай, миымды шірітті ғой, мектепке барып, сөйлесші. Қалимен бірге барып, бірге қайтып жүрсін. Партасында қатар отыруға мұғалімнен рұқсат сұрашы, – деп шешесі Əсем Бөденді жұмсады. Бөден ұлын жетектеп мектепке келіп, Қали оқитын сыныпты сұрады. Сынып жетекшісі қазақтың əдемі қаракөз қызы екен. Жағдайды Бөден түсіндірген соң былай деді: – Ағай, «партаға қатар отырғызып, бес жасар баланы оқыта салу» деген жоқ қой қазіргі уақытта. Баланың жасы толмаса мектепке қабылданбайды. Мұндай жағдайлар ірі қалада баланың білімін тестіден өткізу арқылы жүргізіледі.Оның өзі сирек. Біздің мектепте ол тəжірибе əлі болмай тұр. Сондықтан балаға əлде де түсіндіріңіздер. Əлі ойын баласы, сабақ оқу жүйкесіне ауырлық түседі. – Болды, енді басты ауырта берме! Үйде отыр. Жаңа не айтты апай? Əлі саған мектепке бару ерте, – деп жолда əкесі Көбенге ұрсып келеді. Бəрібір Көбен көрші бала екінші сыныпты не оқыса, соны бірге оқыды. «Апай мынадай жаттауды берді» деп тақпақ жаттаса, Қалидан бұрын Көбен жатқа айтып беретін болды. Қалидың шығара алмаған есебін де шығарып береді. Қысқасы,
Көбен бірінші сыныпқа барғанда, екінші сыныптың барлық бағдарламасын біліп барды. Ауылдық жерде баланың ерекше дарыны барын кім түсініп аңғара берсін? «Бөденнің ұлы Көбен сондай бала екен» деген ешкім жоқ. Көптің біріндей сыныптан сыныпқа еркін көшіп оқи берді. Бір сынып артық білімі бар деп, ең болмаса Қалидың сыныбына секіртпеді де. Оны айтасың, мектеп ішінде тамыр-таныстық жайлап алған. Көбен мектепті алтын белгімен бітіретін бірден бір бала еді. Бірақ, алтын белгі сол ауылдағы үлкен кəсіпкер май құятын станцияның директоры Жарқынбектің қызы Жанарға берілді. Енді əрмен қарай оқу не болады десейші? Көбенге салса оқудың түбін түсірмекші. Ал əке-шешесінің қолы қысқа. – Осы Шымкентте де оқудың неше атасы бар, көз алдымызды жүріп оқи бер, – деп тағы да ата-анасы шырылдады. – Бұл жерді мафия жайлаған. Мен неде болса Астанаға жоғары оқу орындарының біріне барамын, – деп Көбен болмай тұрып алды. – Бір баспақты сатайық та, жолына қаражат жасап, жіберейік бұл баланы. Бағын көрсін, – деп əкесі қолдау білдірді. Жолы болып Көбен университетке жоғары балл алып түсіп кетті. Бұл университетті қызыл дипломмен бітірді. Ал, енді жұмыс қайда? Ана жерге барса да еңбек стажы керек дейді, мына жерге барса да, еңбек стажын сұрайды. – Менде еңбек стажы қайдан болады? Өздеріңіздей жұмыс орындарының бəрі маған осындай талап қояды, еңбек стажын жасау үшін алдымен бір жерде жұмысқа тұруым керек қой? – деп бір күні Көбен күйінді. – Ол сіздің проблемаңыз, – осындай жауап алды. – Мен алдымен жұмыс жасап, өзімді көрсетейін, қабылдасаңыздар болды, – деп көрді Көбен. – Ой, айналайын сен өзіңді көрсеткенше, қанша заман? Сен сияқты қызыл диплом ұстағандар толып жүр. Орын жоқ, кешір, – дейді Көбен есік қағып барған мекемедегі басшылар. Салы суға кеткен Көбен ұзақ ойланды.
– Əке-шешеме қызыл дипломмен жұмысқа тұра алмағанымды айту да ұят-ау. Енді кез келген жұмысты арсынбай істей берейін, – деген шешімге келді. Өткенде шаштаразға барғаны бар. Өзіндей жас жігіт қайшысының жүзін ойнатып бір самай шашын жөндеп бергеніне қомақты ақшаны қағып алды. – Мыналарың қымбат қой, – деген Көбен. – Білеміз. Бірақ мына орынды жалға береді. Оның ақысын төлеу бізге де қымбат. – Егер, құпия болмаса, айтшы. Өмір сүре алып жүрсіңдер ме, осы қызметпен. – Өмір сүре алмасақ, осындай жұмысты істейміз бе? Менің мысалы, қызыл дипломым бар. Сол дипломмен еш жерде жұмысқа тұра алмадым. Амал жоқ, содан соң осындай кəсіпке бел шештім, – деді шаштараз. Көбен ойлады. «Қызыл дипломмен жұмыссыз жүрген жалғыз мен емес екенмін». – Шаштаразшылықты қайдан оқыдың? – Осында. Курстар бар оқытатын. Бір айлық, үш айлық. Толып жатыр. Сертификат береді. Көбен сөйтіп екі айлық курсты оқып, шаштараз мамандығын алды. Ықылас болса, бəрі болатынын Көбен жасынан біледі. Шашты қию, түрлеу, өңдеу, қыру бəрі қолынан келді. Алдында Көбен ойлаған. Бір жылдай ақша тауып, өз мамандығыммен жұмыс іздеп көремін деп. Жақында бір клиенті айтты: – Екі мың доллар жина. Жұмысқа орналасу үшін осынша қаражатың болса болды. Мəселені шешуге болады, – деп. Қазір Көбен тапқан ақшасының бір бөлігін ауылдағы əке-шешесіне, бір бөлегін орынға жалға, бір бөлігін өзінің жүріп тұруына жұмсап жүріп жатыр. Мақсаты-ақша қорын жасау. Ал, қызыл диплом қалтада. Ішін де, сыртын да күйдіреді.
Ұл Қалаға көшіп келгелі қара кемпірдің ұйқысы қашты. Көңілкүйі жоқ. Күн шықса, батып болмайды. Күн батса, таң тағы да атып болмайды. Тұрған үйі əрі көшенің нақ бойында болар ма? Зырылдаған машиналардан құлақ тұнады. Бір толастасайшы, түге. Бөлменің терезесін аша алмайды. Ашса, біріншіден шаң кіреді, екіншіден көше бойындағы жүрген машинаның гуілдері, доңғалақтың тарсылдары құлақ тұндырады. Содан соң терезе пердесін тұтып, тіпті қымтап тастайды. Бөлме қаракөлеңкеленеді. Ал енді байғыз құсап отырып көр. Кемпір есік алдына шығады. Есік алды да жетісіп тұрған жоқ. Кең жайлаудай қайдан болсын! Аула болса тар. Оның үстіне қызының мектепте оқитын ер балалары ойпырым-ай, бір дамылдауды білсейші?!. Ауланың ішінде доп теуіп ойнап, ойран топырын шығарады. Міне, кемпір шыға бергені сол еді, ұшып келген доп қасақана жасағандай кемпірдің шекесін жанап өтті. – Əй, қағынды келгір жүгермектер, бар сырт жаққа ойнаңдар, тарсылдатып төбемді тесетін болдыңдар ғой түге! Қара кемпір айқайға басады. Неге екенін өзі де білмейді, қыздың балаларын жек көреді. Ұлдың тұңғышын өліп-өшіп бағып отырғанда, 4-5 айлықта шетінеп кетті. «Қолым құтсыз» болды деп оған бір жыл налыды. Келіні əлі көтерген жоқ. Мына қыздың балалары «əжелеп» тұрса да, іші жібімейді. – Дəу əже, апам басқа жаққа кетпеңдер, – деген. Біз қазір кетсек, апам ұрсады, – дейді екі ұл қосарлана. – Бар, құрыңдар! Мен айтты деңдер. Көріп алайын сосын. Кімге ұрсатынын. Кемпір қолын сілтеп, көше жақ бетті нұсқайды. Сол-ақ екен, амалсыздан байлаулы тұрған балалар дарбазаның кілтін асығыс аптығып аша берді. Ана жақта қораның түкпір жағындағы жуған кірін ағаш басына жайып келе жатқан осы үйдің ересектеу қызы, інілеріне айқайлайды.
– Еркөшке, Наркөшке, қайда барасыңдар, апам сендерге шықпа деп еді ғой? Інілері тыңдамайды. Қара кемпірдің «бар құрыңдар!» дегені дұрыс болды. Далаға зытып тұрады. Сол кеткеннен кеш түскенше төбе көрсетпейді. Аула іші тыныштанып қалады. Жаңағы кішкене қыз абажадай жеті бөлмелі үйді жинастыру жұмысына бір өзі қалады. – Туу, дəу əже, аналарды неге жібердіңіз, дүкенге барып нан сатып алу керек еді? Түпкі бөлмені жуу керек еді. Енді олар келмейді кеш батқанша, – дей бергенде қара кемпір ол қызға да айқайлап береді. – Тоқтат! Дүрсілдеп доп ойнағандары қаш-шан, ертерек жібермейсің бе дүкенге? – Дəу əже, сіз білмейсіз ғой қаланы? Дүкен сағат 9-да ашылады ғой. Уақыт енді болды... Қара кемпір үндемей қалады. «Қаланың таңы атып болмайды екен. Қаш-шан сəскенің болғаны. Бəсе-ау, бағана келінінің ырғалып-жырғалып жүргені сол екен ғой. Бəрі сағат санап қалған бəле. Таңның атысы, күннің батысы демей, шаруа жасаған ауылдың адамдары мисыз екенбіз ғой өзіміз» деді ішінен. Бұл Зəуреш атты қызының жеті бөлмелі үйі. Дəу əже аталып кеткен Қалия кемпір ауылдан осы қызының екі бөлмесіне көшіп келіп отыр. Бір бөлмесіне Ұл мен Келін, екінші бөлмесіне өзі жайғасқан. Дүние дегенде жалғыз екі сандығы мен көрпе-төсегі ғана. Қазаношағы бір қапқа сыйған. Алты қанат киіз үйді бүкіл əбзелімен алып келіп, сарайға жинап тастады. Бары сол. Келгісі келіп келген жоқ. Амалы жоқтан келді. Ауылда қасында жүрген кенже ұлын əскерге алып кетті. Үш жылға дейін қара басы отыра да берер еді, ауылдағы үйренген адамдарымен. Мыналар болмады. – Апа, енді ауылда не бар? Қалаға көш. Жалғыз өзің мұнда не қыласың? Бір-екі жылда үй беріп қалар бізге, əзірге Зəурештің екі бөлмесіне отырамыз, – деді үлкен Ұлы. Қалада Қалия кемпірдің тағы үш қызы бар. Олар да қоймады. Күйеу балалары да:
– Апа-ау, ұлың дырдай қызмет етеді, келінің қызмет істейді. Немереңді бағып отырмайсыз ба? Ауылда кім бар енді? Қалаға көш, қасымызға, – дегеннен кейін, қолдағы екі сиырды бұзауымен, жиырма шақты қой – ешкіні су тегінге сатты да, осы қалаға келген-ді. Бұрын бір өзі бір үйде би. Ауылда есікке құлып салынбайды. Қаладағы сияқты сəскеге дейін ешкім ұйықтамайды. Малды өріске ерте айдайтын болған соң, сауын сиырларды таң қылаң бергенде сауады. Ауылдың адамдары мал жайлап жүріп, арқажарқа болып, бір-бірінің хал-жағдайын сұрасады. Абысын-ажын, құрдас, қайынсіңлі, қайын дегендей əзілдесіп бірінің үйінен бірі тəтті шəй ішеді. Бірінің бітпей жатқан жұмысы болса, бəрі жабылып істеп тастайды. Қалия кемпір сол ауылда беделді болды. Үйін тап-таза етіп, жұмыртқадай ұстайтыны бəріне өнеге. «Айраны мен қаймағы балдай, қаққызады таңдай» деп қайнылары бір ауыз өлең де шығарған. Екі кештің арасында дүниелерін буып-түйіп күйеу баласының машинасына салып жатқанда, ауылдағылар бəрі: – Ойбүй, орның ойсырайып қалатын болды ғой, – деп көздерінен жас алып қоштасқан. Жүрегі езіліп, ауылды қимай тұрса да, Қалия кемпір білдіртпей əзілдеп: – Қойыңдар, түге, мынау тұрған қалаға барып тұрыңдар. Ұл, Құдай қаласа, Үкіметтен үй алайын деп жатыр. Қалада мына аяғымдағы мəсіні шешіп тастап, төпли киіп жүргенімді көресіңдер, – деген. Сөйтіп, «нар тəуекел» жасап келген кемпірге қала тіршілігі ұнамады. Келіп отырған қызының үйі болса да өз шаңырағы емес. Үйге тақау тұрған əжетхананың иісі мұрынды жарады. Өздері үйренген. Кемпір соның керек десең есігін ашуға жиіркенеді. «Сол жақтан ұшқан шыбындар үйге келеді-ау, ол пісіріп жатқан асқа қонады-ау» деп сыртқы дəлізге мата тұтқызған. Бір кіріп, бір шығатын мына балалар, кейде аңқайтып ашып тастайды. Қалия кемпір оған жыны келеді. Түннің бір уағына дейін балаларының бақ-шағы таусылмайды.
Қалаға көшіп келгелі тұшынып тамақ та жемеді. Бұл жақта нанның да дəмі басқаша. Аузыңа сала алмайсың. Бірде желім сияқты жеп отырғанда ерніңе жабысады. Бірде кебек дəмі татиды. Ауылда ұнға ашытқы салып, əркім өздері тапаға, немесе қазанға торсықтай-торсықтай етіп пісіріп алады. Жұп-жұмсақ маймен жейсің бе, ыстықтай шəймен жейсің бе, суытып айранмен жейсің бе, қалауыңда?!. Зауыттан шығатын мына нанды қара кемпір кейде саусағымен сығымдап, домалақтап тастайды. «Тауық та мынаны жемейтін шығар» дейді сосын. Бұл қалаға келгендігіне наразылығы. Қайран күбінің айраны-ай! Көзден бір-бір ұшты. Келіні салдырлатып шыны ыдыстағы қатықты əкеліп берген. Дəмін татып еді, жүрегі лоқсып кетті. Шəйға құятын сүттің түсі көгілдір. Ол шəйдің дəмін келтірмейді. – Мынадай сүт пен қатықты біз бұзауға да бермейтін едік, – деп кемпір қырсығып, шыны ыдысты дастархан шетіне лақтырып жіберді. Келінінің бұған жазығы жоқ болса да, осы жерге келгеніне өшін келіннен алғандағысы. Қалада тамақты бір күн бұрын істеп əнебір ақ жəшікке (мұздатқыш) салып қояды екен де, ысытып жей береді екен. Қалияның келіні де сөйткісі келді. Кемпір бірден қарсылық білдірді. – Айналдырған үш басқа тамақты уақытысында істеген дұрыс. Сенің қолың тимесе, менің қолым бос отыр. Түскі тамақты да, кешкі тамақты да уақытында істеп берем. Салма, əнебір сасыған жəшікке. Ұшынып, өліп қалармыз. Расында, қызының мұздатқышы иістеніп тұратын. Келіні істеген тамақты өздері мұздатқыш сатып алмаған соң, соған салатын. – Апа-ау, біз сізге тамақ істетіп қойып отырамыз ба? Мен қызметтен келген соң істеймін, – деп келіні бəйек болса да, Қалия кемпір көнбейді. Дəмді палау, қой етінен сорпа, кейде ет асып қояды. Самаурынды сексеуілдің шоғымен қайнатып, келіні түске келгенде, тек отыра қалып тамақ ішетіндей дастарханын жайып қояды. – Бол тез, тамағың суымай ішіп ал, – деп келіні қолын жуып жатқанда, желкесінде тұрып асықтыратын тағы əдеті бар.
– Айналайын, – дейді сосын келіні тамақ ішіп отырғанда, мен еңбектенген адамды жақсы көремін. Қысылма. Мен тірі тұрғанда, қайта осындай көмегімді пайдаланып қал. Ертең өліп қалсам айта жүресің. «Енем алдымда тамағымды əзірлеп отыратын еді» деп. Қолымдағы баланы өлтіріп алдым. Енді бағып отырған бала жоқ, сендерге тамақ істеп отырайын тым болмаса... Келіні нені меңзеп отырғанын түсінеді. «Тағы да бір бала неге көтермей жүрсің?» деген сөзді айтқандағысы. «Зəурештің шешесі көшіп келіп отыр екен» дегенді естіп көрші тұратын кемпір келген. Амандық-саулық сұрасып, оны-мұны айтып əңгімеге тартқан. Қалия кемпір өзі өсек-аяңға, бостекі сөзге жоқ еді. Сондықтан танымайтын көршімен өбектесе қоймады. Бір көрісті де, екеуі одан əрі бірін-бірі көре қойған жоқ. Қаладағы екінші қызы келді. – Апа, осы үйде отыра бермей, біздің үйге де қыдыр, – деді. Қалия бармады. – Жоқ! – деді бірден. Үшінші қызы жақындау көрші еді. Күйеуі жайсыздау, ішетіні бартын. – Апа-ау, біздің үйге де келсеңізші, – деп еді. – Немене, ана күйеуіңнің мас болғанда боқтауын естіртейін деп пе едің? – деп ол қызына да ұрсып тастады. Ұрысқанмен ол қызы бетіне тіке келместен, жанамалай: – Апа, бүйтіп отыра берсең ауырасың. Жүріп-тұрып, көппен əңгімелесіп, көңіліңізді бөл дегенім ғой... – Ойпырай, ақылшы болғаныңда-ай, ə? Ана ұл келгенде айқайды салайын деп отырмын. Оқыды, шоқыды. Бармаған қаласы жоқ. Енді келіп мені мына қыздың босағасына қамап отырғанын айтсайшы?!. Басында бір мысқал ми жоқ екен ғой өзі. Үкіметінің беретін үйі қайда, əлі отырмыз мына үйдің босағасында? – Апа-ау, сəл шыдасаңызшы енді. Үй беріп қалар. Кезекке қояды ғой оларды да. Немесе, жұрттың алып жатқан жері берілсе, үй салуға көптеп көмектесерміз. Бөтен бір үйде отырған жоқсыз
ғой. Өзіңнің қызыңның үйі. Күйеу балаң бірнəрсе деп жатқан жоқ. «Апалап» өліп отыр сізге. – Болды... болды... Қалия кемпір қызын тиып тастады. – Мүмкін ауыл жаққа бір барып, қыдырып қайтарсың? Өзің жүрген елдің адамдарымен сөйлесіп дегендей, – деді қызы тағы да қоймастан. – Не бетіммен барам? Екі жылдан бері керейдің (күйеу баласының руы керей, соны айтып отыр) босағасында отырмын деп барам ба? Ұлым анадай дөкей оқуды бітірді. Келінім дөкей қызметте, – деп талай жыл көкірек көтеріп жүріп, енді пыш болып сүмірейем бе, кісінің үйінде отырып? Қызына шешесінің сыры белгілі. Қиқарланып, ашу қысып отырғанда ешнəрсеге көндіре алмасын біліп, шығуға бет алады. Шығып бара жатып тағы. – Апа, ананы-мынаны айтып, жұрттың мазасын ала бермесейші, – деді. Кешке Ұл келді. Ауызғы бөлмеде дастархан жайып, самауырынды екі иінін демалдырып дəмін əзірлеп отырған анасына соқпастан түпкі өз бөлмесіне өтіп кетті. Күнұзын үйге келмей, кешке бір келгенде, алдымен шешесіне соғып «апа, қалайсың?» демегені несі? Апырай, осы Ұл Қалия кемпір байқап жүр өзіне салқын. Қыздары қайта жағдайын сұрап, көңіл-күйін бажайлап, ық жағына қарай бұрылып жүрсе, мына Ұл олай емес. Қайта келіні жақсы. Енесі қатты айтсын, жəй айтсын ибалығын сақтап отырады. Оқығанның аты оқыған. Осы босағаны аттағалы əдемі əдебімен келеді. Келінге қояр кінə жоқ. Мына өзегінен жарып шыққан Ұлға көңілі толмайды. Қалия төрт қыздан кейін туған осы ұлды еркелетіп, бетінен қақпай, «сенікі дұрыс» деп өсірді. Отағасы ерте қайтыс болды да алты баламен, колхоздың жұмысынан қалмай, балаларды ашжалаңаш еткен жоқ. Осы ұлы жастайынан интернатта оқыды. Өскен соң «балам, осы сен алысқа бармай, өзіміздегі қаладағы бір оқуды оқысай» деп еді, ұлы айтқанын істемей, сонау Ресей асты. Ол
жақта төрт жыл оқығанда қолындағы ұстаған малы бар, колхоздың жұмысынан алған еңбекүні бар, бүкіл қаражатты жинап, ешкімнен кем болмасын деп, оқыған жеріне жіберіп тұрды. Хан баласындай ешкімнен кем болмай, оқуын бітірді. «Үйленемін» деді. Үйленді. Содан келе анасы жəйлап байқап отырса, қыздарындай емес, шешеге дегенде көңілі алып-ұшып тұрған жоқ. – Балам-ау, сен сөйтпедің бе? – деп көрсінші. – Туһ! Араласпа дедім ғой, араласпа! – деп бетін қайырады. Қалия кемпір ойлап отырса, Ұлдан əр жерде көңілі қала береді екен. Міне, көрдің бе, бүгін де мынау. Шешесінің дайындап қойған асына бетін бұрмағаны былай тұрсын, япырау жағдайын сұрамай ма, кешке келгенде? Ашу қысқан кемпір бірден баласына тартты. Ұлы келе сала, телевизорға үңіліпті де қалыпты. Бас та сонда, мойында сонда, көз де сонда. Келді де кемпір көріп отырған көкжəшіктің сымын жұлды да алды. – Апа, не болды, сонша? – Не болды соншаны мен саған айтайын. Осы телебізір болмаса, өлдің бе, «шешем отыр ана бөлмеде қамалып, таңертеңнен кешке дейін жəй-күйі қалай?» деп неге білмейсің, əй, ə?! Бүйткен оқуың да, шоқуың да құрысын! Қуыршақтың ісіндей қызметің де құрысын! Намысың жоқ ез неме! Керейдің босағасына отырғаныма қатын мен намыстанамын, сен неге намыстанбайсың, əй, ə?! Ауылда алтыбас Əбдіраманның баласы оқымаса да, ешкімнен кем емес. Осы қалада дайрадай үй салып, менен жаман шешесін шалқытып отырғызып қойды. Сенген Ұл сенсің бе, əй, ə?! Үкіметтің үй бермейтін оқуын неге оқыдың əй, ə?! Өстіп кемпір күні ұзын ойлаған ойынан жинап-терген ашуын ұлына төге бастады. Ұлы тура шешесі ойлағандай дүңк етті. – Осы үйде адам қалай тұрады? Қашан болмасын, ұрыспен бастайсың сөзіңді. Немене, ауырдың ба, жəйіңе қарап ауыра бермейсің бе? Жұрттың бəрін əбіржіту керек пе? Қашан қоясыз осы айқайлауды? Ауылың емес қой бұл жер? Баласы орнынан тұрып жатын бөлмесіне кетті де қалды. Шəй қалды, тамақ қалды ішілмей. Енді Қалия кемпір не істесін. Келінге тиіседі.
– Ана бала бұрын мұндай емес еді. Саған қалай қосылды менің бетіме келетін болды. «Үндемегеннен үйдей пəле шығады» деген. Бар пəле сенен болып отыр. Мына, ұрысқақ шешеңнен бөлек кетейік деп сен шығар баламды азғырып жүрген, а?! Ойлап қой! Сендерден мен ешқайда бөлінбеймін. Менен құтылу деген жоқ. Баламды азғырма! – Ойбай, апа-ау, ондай ой жоқ қой. Сіз ашуланып айқайласаңыз, балаңыз одан сайын ашуланады. Өзіңіз байқап жүрсіз ғой. Өзіңіз ҰЛ. ҰЛ деп еркелеткен соң, соған үйреніп алған шығар. Менің айтқанымды істесе, қанекей? – деп енді келіні де ақтала бастады. – Ана күйеуіңе айтып бар. Ертең мына үйден басқа үйге көшсін жаны барда. Мен керейдің босағасында отырмаймын. Шешесінің мына айқайын естіген үйдің иесі Зəуреш келді. – Ой, апа, тағы не бүлдіріп қойдық? Даусың қаттырақ шығып жатыр ғой! – Сандалма, шық қазір! – Ашулансаң, ауырып қаласың. Үй болады ғой. Бұл үй бөтен үй сияқты болып отыратының не? – Ауылдан адамдар келсе, Қалияның үйіне бардық демейді, қызы Зəурештің босағасына бардық деп айтады. Бастарыңда ми жетпейді сендердің осыны ойлауға. Барлық ашудың шығатын ұясы Ұлдың өз шаңырағының болмауы. Қалия кемпір ертеңіне де солай. Тамақ ішпейді, ешкіммен ақтарыла сөйлеспейді. Бөлменің ішінде қалың ой құшағында отырады. Ақыры денсаулығы сыр берді. Асқазаны қыжылдап, ауруханаға түсті. – Бұл екінің бірінде бар ауру. Асқазан басында шамалы ақау бар. Ол емделу барысында кетеді. Бұның емі жүйкені жұқартпай, ашуланбай, көп ойларға бойламай, таза ауада, жақсы көңілкүймен жүрсе кетеді, – деп кеңес беріп, дəрігерлер екі жетіден кейін үйге шығарды.
Қалия кемпірдің қыздарында жан жоқ. Екі күннің бірінде қолдарындағы барын əкеліп: – Апа, мынаны ішесің бе? Мынаны жейсің бе? – деп жемісжидек, айран-сүт дегендей жеңіл тағамдардың бəрін əкеліп алдына тосады. Ұлдың жұмыстан қолы босамайды. Кеш келеді. Ерте кетеді. Күнара бөлмеден басын сұғып: – Апа, қалайсың? – дейді. Қалия кемпір Ұлы келгенде тырысып қалады. «Басын бөлмеден жартылай сұғып та, адамнан хал сұрай ма? Үйбай-ау, ана қыздардай, қасыма келіп отырмай ма, содан соң жағдай сұрамай ма? Орыс сияқты. Орыстарда өз туған анасына өйтпейтін шығар. Орыстың арасында оқып не боп кеткенін құдай білсін?» дейді өз ішінен ойлап. Анасы мен баласының арасындағы қиюы кеткен қарымқатынас күн сайын күрделене түсті. Екеуінің арасындағы күрмелген күрмеудің шешімін таппай, келіннің де көңіл күйі бұзылды. – Апам ұрсып отырғанда шыда! Үндеме! Қайыра тіл қатпа. Тамақты апаммен бірге отырып іш. Менімше, ол кісі соны қалайды, – дейді келіншегі анасының Ұлына. – Ей, басымды ауыртпаш, сен де. Өткенде бардым. Отырдым. Мені көрді де теріс қарап жатып алды. Ондай адамнан қандай жағдай сұрайсың? – дейді Ұлы. Ұлынан ерекше құрмет күткен Қалия кемпір ойлағаны болмаған соң күн сайын мүжіліп, аурына ауру қоса берді. Көктем шыға мүлде тамаққа зауқы соқпай, төсек тартып жатып қалды. Бір күні күйеу баласын қасына шақырды. – Мына есіктің алдына аулаға менің алты қанат киіз үйім сия қоймас, төрт қанаты сияды. Үйдің алдына ертең киіз үйді тігіңдер. Киіз үй болса да, мен енді сол үйде жатамын. Өлсем, сол өзімнің киіз үйімнен шығамын. Көңіл сұрап елден келетіндер болса да, сол үйге кірер, осы өтінішімді орындаңдар, – деді.
Қалия кемпірдің айтқаны орындалды. Балалар доп ойнайтын жерге кемпірдің төрт қанат киіз үйі тігілді. Қалия үйдің ішіне төсегін салдырды. Іргесін түргізді. Рахаттанып қалды. «Қалаға барғаннан Қалия кемпір ауру екен, тіпті төсек тартып қалыпты» деген хабар өзі тұрған ауылға жетті. Олар біртіндеп көңіл сұрап келе бастады. Келген адамдардың бəрі Қалияның киіз үйінен дəм татып отырып: – Əй, сен қалаға келдім деп еріге бермей, түрекел. Мына жатысың дұрыс емес. Əбден Ұлыңа, қыздарыңа еркелеп кетіпсің ғой, – деп көңілін көтерген болды. Бірақ өздері Қалияның қатты айықпас дертке душар болғанын көріп, ана дүниеге қимай, іштей қоштасып, көздерін сығымдап шығып жатты. Ақыры киіз үй тігілгеннен кейін екі айға жетпей Қалия кемпір дүние салды. Ұл шешесінің лезде, тіпті көзді ашып-жұмғанша қайтыс болғанына аң-таң болды. Тіпті оның ойынша, бұлай болмауы тиіс сияқты еді. Екеуі шүйіркелесіп бір дастарханда отырған да жоқ қой? Қалайша шешесі бүйтті? Əдейі ұлына ерегісіп бұл дүниеден өзінен өзі кетіп қалған сықылды. – Ал, енді сөйлемейтін, ұрыспайтын шеше тауып ал, – деп мəңгіге көз жұмып кете барғандай. Ұлының басындағы он орамға келмейтін ойы осы болды. Анасы оң қабақ танытпай кетті. Бəрінен жанына бататыны сол. Өкінді. Тым кеш өкінді. Ұл іштегі өкінішін қалай жоюдың ретін таппады. Жаз бойы құрылыс материалдарын іздеп, шешесінің басына айшықты күмбез салды. Бəрібір оған да жүрегі тынышталмады. Анасына не істесе екен? Қайтсе, іште жатқан өкінішін қайтара алады. Оңашада басын жерге соғып өкіріп жылады. Ішіндегісі кетпейді. Кімді кінəлайды, кімді? «Неге, ауырып жатқанда қасында көбірек болмадым. Неге анамның қадірін білмедім, неге? Енді ойласа анасының айтқанының бəрі дұрыс. Қандай ақылды анасы?!. Сол анасына қарсы неге сөзге келді? Мылқау боп, неге тыңдай бермеген? Барлығы өзімшілдіктен. Еркеліктен. Бетіне ешкім келмегендіктен.
«Сенікі дұрыс» дегендіктен. Ал, мен тіпті дұрыс емес екенмін. Қандай ақымақ болдым?» Ұл анасынан айырылған соң, анасы үшін не істерін білмеді. Қазір тіріліп қайтып келсе, бəрін басқаша бастар еді. Амал нешік, анасы қасында жоқ. Уақыт өтіп, Ұл отызға келді. Анасы көз алдында. Өкініші өрт. Ішін күйдіруде. Қырыққа келді. Анасы көз алдында. Өкініші у. Бүкіл денесін жұлып тастаса да, құтылар емес. Өз басын өзі ұрады. Елуге де келді. Анасы көз алдында. Өкініші ине. Жанын да, жүрегін сұққылайды. Алпысқа да келді. Көз жасы омырауын жауып, аңырайды келіп. Қалай етсе де өз өзінен, ішіндегі өкініштен құтылатын түрі жоқ. Өмірі түсінде де көрмейтін анасын Ұл түсінде көрді-ау, əйтеуір. Онда да анық емес. Бірақ анасы сияқты күмəнсіз, анасының дауысы. «Шаршадың-ау, ұлым...» дей берген еді. Тағы да бірнəрсе айтқысы келді ме? Бұл оны сөзін бөліп анасына құшағын жая ұмтылды. «А-п-а! А-п-а, мені кешір мені...» деп аяғына басын ұрамын деген. Оянып кетті. Алпыста сақалмұртын ақ шалған адам қарылдаған өз даусын өзі естіп оянды. Көзін ашып, жаңа ғана түсінде көрген анасына бір ауыз сөзін жеткізе алмай, айрылып қалғанына тағы өкінді. Тағы да өкіріп жылап берсін. Ерінің мұндай сырын жақсы білетін əйелі осы жолы ашуланды. – Əй, болды ғой, енді болды. Аңырамашы. Адам тіршілігінде сыйласу керек, тіршілігінде. Осы сенің басыңа неге жетпейді? Өлгеннен соң мовзолей салдырсаң да бəрібір. Болды енді өңкілдемей, – деді күйеуіне. Қырық жыл отасқалы бері бетіне басқаны осы. – «Ұл, Ұл», деп қыздарынан бөліп аспанға көтергенде, тірісінде бір ауыз жылы сөз айта алмағаныңды білетін жалғыз куəгер менмін. Өзіңнен өзің құтыла алмайсың, өз арыңның алдында ақтала алмайсың. Сосын барасың да өз өзіңді жейсің. Осынша жыл бірге өмір сүргенде мені де жетістіргенің шамалы. Егер мен өлсем, маған да өстіп өкінетініңді, білем. Бірақ мен, басыма ТəжіМахал мовзолейін салсаңда, кешпес едім. Тіршілікте сыйлас.
Əйелінің аузын аштырмайтын Ұл түк үндеген жоқ.Солығын ішіне алып, жастықпен бетін жауып, одан əрі бырсылдай берді. Қыз Кешке жақын көрші ауылдан келген қайнағасын күтіп, қазанын асып, шəйін қайнатып, барлық жылы-жұмсағын дастарханға қойған Назым таң алдында күйеуін оятып: «мотоцикліңмен мені ана жаққа (əйелдер босанатын үйді айтқаны) апарып тасташы, болмай тұрмын» деді. Түнде ағасына «келінің былқытып асқан мынадай əдемі етті құр сорпамен итереміз бе, шамалы мынадан көрсек қайтеді» деп жартының шетін қылтитқан інісі. Ағасы 60-тың асқарына шығып қалған еді, соған қарамай қарсы болған жоқ. Денсаулығына сенген болар. Содан бір жарты кетті, екінші жарты орталанды. Сөйтіп, кеш жатқан күйеуі оянбай қойсын. – Тұрсай, Жарас-ау, тұр. Ауырып тұрмын дедім ғой, – деп əйелі бір бүйіріне аунап түскен күйеуін оята алмай тұрған-ды. Қарсы бөлмеден қайнағасы шыға келді. – Келін, ауырып тұрсың ба? Бəлнисаға апару керек пе? Айналайын-ай! Құдай оңғарсын өзіңді. Менің келген аяғым жеңіл болып, аман-есен бір ұл тушы, құтты қонақ болайын, – деп қайнағасы елпілдеп кетті. Сөйтті де келіні оята алмай тұрған інісін сулы сүлгі əкелді де, бетін сүрткілеп, оған болмаған соң, мұздай суды кеудесіне шашып кеп жіберді. – Тұр, кəне, келінді бəлнисаға апар. Немене жарымайтын бірнəрсе ішкеніңді көтере алмай? – деп інісін жұлқылап, мотоцикліне отырғызған. Қолына ерте бастан буып-түйіп қойған түйіншегін алып Назым осы үйдегі Гүлсім деген тоғыз жасар ең үлкен қызына. – Аналарды (үйелмелі-сүйелмелі үш қыз бар, соны айтқаны) оятып тамағын бересің ғой, ботам, аман-есен жүздескенше, – деп тырқылдақ мотоциклдің артқы орындығына «Биссимилда» деп жайғасты. Бұл өзі жаздың бел ортасы болатын. Күн сəске болмай күйіп кетті.
– Е, Алла, оң толғағын бере гөр! Е, Алла ініме төрт қыз бердің осы бесіншісін бөтен түсті ер бала ете көр, – деп қайнағасы тілек тілеп, үйде қалған қыздарға бас-көз бола тұруға қалды. Ауыл мен орталықтағы аурухана арасы он шақырым жер. Мотоцикл ойлы-шұқырлы жерге қарамай тартып келеді. Назымның іші бүрген үстіне бүріп, толғағы қысып, жанын шығарып барады. Ақыры болмады. – Құдай-ай, мен ол жаққа жете алмайтын шығармын, Жарас, тоқтатшы, өліп барамын, – деді күйеуіне Назым. Шындығында толғақ үдеп, арт жақта селкілдеген орындықта отыру мүмкін емес еді. – Əй, немене енді жолда туайын деп пе едің? Енді шыда. Кеше неге осы айтпадың ертерек, бір күннің арысы не, берісі не, бəлницаға апарып тастайтын едім? – деп Жарас тоқтайтын түрі жоқ. Назымның күйеуімен салғыласуға дəрмені қалмады.Тоқтамай ызғытып бара жатқан соң, белінен қапсыра ұстап отырған бір қолымен бүйірінен бұрап тұрып, шымшып кеп қалды. – Өй, əкең... сен немене? – Тоқтат, – дедім ғой... Мотоцикл тоқтай бере Назым, жерге түйіншекті жазып бір орамалды ала берді де: – Ай, Жарас, бері кел, түрекеліп осылай тұр. Арқаңнан мен ұстап тұрайын... Теріс қара... Күйеуі теріс қарап тұрған. Белінен бұратылған Назым, Жарастың арқасынан мықтап ұстай беріп: – Ал-лай, Ал-л-л-ай! – дегенше болған жоқ. Шарананың шар еткен дауысы шықты. Назым күйеуінің арқасынан ұстаған қолын босатып қоя берді. Өмірі мұндайды көрмеген Жарас əйеліне: – Ойбай, мен не істеймін енді? – дей берді. – Кіндік кесетін пышақ па, бірнəрсе тап! Мұндайда пышақ табыла ма? Назым Тобасын айтып, Алласын айтып ол жатыр, бір қабат шүберек үстінде нəресте жатыр шырылдап. – Мына жерден тісіңмен тісте де тарт үзілгенше.
Жарас Назымның бұйрығын орындауға кірісті. Қан-жыны аралас ішек пе, ет пе бір бəлені тісімен тартқылап, үзді-ау. УҺ! – Кіндік жіп керек. – Назым ентігіп, əбден сөйлеуге де шамасы келмей бара жатқан сықылды болды. Жарастың естігені бар еді. «Пəленшенің əйелі бала үстінде қайтыс болыпты» деген. Осы сөз басына келе қалды да, шошып кетті. Нəрестеге қараған жоқ. Айпырай, Назымы аман болса екен. Тағы да Назым қаракетті өзі жасап жатыр екен. – Шүберектен жыртып, мына жерден қатты байла, қатты болсын, – деді. Жарас бағанағыдай емес, ширақ қимылдап айтқанын орындады. Шырылдап даусы сенбей жатқан шақанаққа енді көзі түсті. Ер бала екен. Қуанғанын көрсең, көзінен жас шығып кетті. – Əй, Назым, ұл туыпсың. Ұл екен. Əй, атаңа нəлет-ай, атаңа нəлет-ай, бəлницаға жетпей туылғанын қарашы ей, өзінің... – дей берді жаңа туған ұл нəрестеге Жарас мақтанышты үнмен. Баланы түйіншектегі жергөкке орап болған соң, Назым шамалы уақыт демалғысы келетінін айтып еді. Жарас қалбалақтап: – Мынаны басыңа жаста, – деп үстіндегісін түгел шешіп берді. – Осындайда бір доңғалақ кездессейші. Бəрі бүгін тып-тыныш бола қапты, – деп Жарас жол үстінде ешкімнің əрі-бері қатынамай қалғанына ренжіді. Күн болса тас төбеден шыжып тұр. Үп еткен тағы да жел жоқ. Маңдайы күйге күйіп тершіген Жарас: – Енді үй жаққа барамыз ба, жоқ бəлницаға барамыз ба? – деп Назымнан сұрады. – Соны өзім де білмей тұрмын. Мына баланың денсаулығын дəрігерлер тексеру керек қой, ауруханаға барғанымыз дұрыс шығар, – деді Назым. – Өй, қойшы, өзім тудырып алдым, өзім кіндігін кестім, Өзім кіндігін байладым. Дəнеме етпейді, ауылға қайтайық. Ұлды болғанымды ауыл білсін, – деп Жарас ауылға асығып тұрды. Сөйтті де мотоцикл келген ізімен кері қайтты. Араға екі-үш сағат салмай үшеу боп оралған оларға ауылдағылардың бəрі қуанды. Жарастың аузы дамыл таппайды.
– Үйбай-ау, біздің қатын оп-оңай босанды ғой. Мотоциклді ойқырмен айдағаным дұрыс болды ма? Əтең нəлетті өзім тудырып алдым ғой, өзім кіндігін кестім мына тісіммен. Қышырланып тұрып былай тістеп тарттым ғой, – деп болған оқиғаны келгендердің бəріне жырлап мəз. Қос-қостан қой сойылып, шілдеханаға жұрт жиылып, шампан дейсің бе, арақ дейсің бе, жұрт не қаласа сол құйылып, Жарастың үйі сол күні үлкен думанға бөленді. – Анау бар ғой, анау, Темірбекті айтам, маған кілең төрт қыздың əкесі, – деп мазақтайтын. Енді аузына құм құйылатын болды. Əкең... кəне құйыңдар, бүгін ішпегенде қайда ішесіңдер, – деп Жарас дастархан басында оңды-солды сілтеп отыр. Ертеңіне Назым, кішкене нəрестенің ыстығы көтеріліп тұрғанын байқады. – Əй, Жарас, тым ешіп кеттің ғой, құдайдан қорықсай! Мына баланың түрі маған ұнамайды. Емшек ембей қалды. Денесінде ыстығы бар секілді. Тез машина тап, ауруханаға бару керек. Жолда туылды. Кім біледі. Дəрігерлер көрсін. Ауруханаға келген соң дəрігерлер нəрестенің туу жағдайымен егжей-тегжейлі танысты. Кіндігін кесетін пышақ болмай, тіспен тістелеп кескені туралы естігенде мүлде шошып кетті. Тыңдап отырғандар екеуіне де дүрсе қоя берді. – Сіздер, қызықсыздар. Бұл бала өзі жолда босанса. Гигиена, санитария жоқ жерде кіндігі тіспен тістеліп кесілсе, неге ауылға қайтара қайттыңыздар? Кіндігінен инфекция тарайды деп ойламадыңыздар ма? Жап-жас адамсыздар, ескінің адамдарының ісін істеп... Сондай шүберек жіппен де байлауға бола ма? Ұрсып-ұрсып бұлардың қолдарынан шақанақты алып кеткен. Содан күн кешкіргенге дейін хабар болмады. Жарас пен Назымның шығарда жаны қалмай «дəрігерлер не айтар екен?» деп күтті. Ақыры, не керек, өкінішті болды. Қолдарына нəресте ораулы күйінде, жансыз тиді. Бір аптадан кейін Назым ауруханаға түсті. Төсі ісіп, қаны тоқтамай, ыстығы көтеріліп, əрі нəрестенің шетінеуінен шығар жүйкесі сыр беріп, халі ауырлап бір жарым ай емделіп, үйге шықты.
Жарас еңкілдеп жылап, екі апта қайтадан ішті. – Өз қолыммен тудырып алған ұлым еді, құдай оны менен көп көрді, – деп еңкілдеп жылауын қоймады. Бəрі тағдырдың ісі. Назым осыдан кейін бала көтермей қалды. Төрт қызын бала деп есептемейтін Жарас ішіп алса: – Менде ұрпақ қалмайтын болды, – деп зарлауын қоймады. Ағайындары жұбатады. – Жарас, сен Аллаға асылық жасама! Жұрт бір перзентке зар болып отыр. Саған төрт құбылаңды түгендейтіндей Құдай төрт қыз берді. Ұл демей, қыз демей жайыңа отыр. Берген ұлды құдай өзі алса, не дейсің енді? Қанағат ет, – десе де болмайды. – Бұлар кісінің адамдары... Өзгенің шаңырағына жаратылған. Қыздар қалай айтсаң да, ұл болмайды, – дейді. Қыздары əкесінің осы сөзін кішкентайдан естіп өсті. Шақанақ өмірге келе салып, шетінеп кеткенде төртеуі бірдей жылаған. – Құдай-ай, біздің үйде де ұл болып қалып еді. Тағы да «бұл үй кілең қыздың үйі» деп аталатын болды-ау, – деп 9 жасар Гүлсім еңкілдеп жылағанда, 7 жастағы, 5 жастағы, 3 жастағы сіңлілері де қосылып еңіреген. Міне, осы қыздар көзді ашып-жұмғанша өсті. Оқып, жоғары білім алды. Əрқайсысы əртүрлі қызметтің тұтқасын ұстап отыр. Үлкені Гүлсім Алматы халық шаруашылығы институт бітіріп, үлкен құрылыс компаниясында финансын басқарады. Екінші, қызы Гүлжан Алматы заң институтын бітірді. Мемлекеттік қызметте бір департаменттің директоры. Үшінші қызы Ақмаржан шет тілі институтын бітірген. Қазір елшілікте қызметте. Төртінші кенже қызы Айман жеке бизнесі бар. Назым мен Жарас ауылдан облыс орталығына көшкен. Кең сарайдай үш бөлмелі үйде тұрады. Жыл сайын шетелдегі курортқа, санаторияға барып дем алады. Жарас 60 жасқа толғанда, қыздары бірігіп «Мерседес» машинасын тарту етіпті. Ауылға, баяғы ағасының үйіне мініп келгенде бұрынғы көз көрген адамдар жиналып, құтты болсын айтты. – Сен ұлым жоқ, бəрі қыз, кісінің адамы түгел, – деп жылай беруші едің. Қыздарыңның бəрі ұлға бергісіз. Сендерден
асқан бақытты адам жоқ, – деп құрдасы Темірбек Жарасқа қызыға қарады. – Біздің ұлдар отыр, əне, ауылдың шаңын жұтып. Шаруашылықтары бірде жүреді, бірде жүрмейді. «Ауылдағыларға үкімет несие береді» дегенге сеніп едік, оның өзі де бармақ басты, көз қыстының ісі екен. Біздің ұлдарға жетпеді. – Əй, бəрі пендешілік қой. Жас болған соң ба, талай сөзді ойланбай айтқаным рас. Қазір қыздарым айтады: «Көке, бізді кішкентайдан қыз деп менсінбедің. Мүмкін сөйткенің де бізге қамшы болған шығар. Ұлдардан артық болуға тырыстық. «Көкем мен апамды ұлы бардан кем етпейікші, деген мақсат болды бізде», дегенде ұялып жерге кіре жаздаймын. Рас, қыздарым басымды төрге жеткізді, құрметке бөлеп отыр, – деп Жарас өз қателігін мойындай берді. Ал, Назымның үстіндегі киген киімдеріне ауыл əйелдері қызыға да, қызғана да көз тастайды. Қайыршының қамыты Осы бір қарт ана көптен бері сауда орталығының алдында өткен-кеткендерге алақан жайып тұрады. Өзі байқап қараған адамға аса кəрі де емес. Жетпіс жастың ар жақ бер жағында. Үстіне киген киімі жұпыныға жатпайды. Қыстың қар жауып тұрған кезінде басына жылы бөкебай тартады. Бөкебай болғанда əлгі орыстар «Оренбурский пуховой платок» деп əнге қосып жүрген түбіті бір қарыс, түсі шым қоңыр, жылы бөкебай. Қалың цегайкалы тон киеді. Жылы жүн етігі бар. Көктемнің жауыншашынды лайсаң күндерінде теріден тігілген шапкі киіп, мойнын ақ орамалмен орайды. Аяқ киімінің өкшесі жоқ, бірақ сапалы етік. Ал жаз күндерінде боз костюм мен тік тігілген ұзын юбка киеді. Туфлиі костюмнің түсіндей бозғылт. Көгілдір жібек орамалды басына байлайды. «Сырлы аяқтың сыны кетсе де сыры кетпейді» дегендейін, кезінде өңді əйел болғаны аңғарған адамға байқалады. Киім киісіне қарап та, аса жоқшылықтың қасіреті тартып тұрмағанын сезесің. Бұл қайыршы ана жүзін үнемі
төмен қаратып тұрады. Адамға көз салмайды. Алақанына ақша тастағанда елеусіз, əрі немқұрайлы «рахмет» дейді. Өткенде бір ересек адам, қасына немересін ертіп келіп, «қазір батасын аласың» деп қайыршы анаға ақша бергізген болуы керек. Берген сол ақшасын міндетсіп оған айқайлады. – Сені біреу осы жерде зорлап тұрғызып қойғандай тұрасың. Ерніңді жыбырлатпай, мына кішкентай балаға жөнді батаңды бермейсің бе? Ең болмаса жұрт ақша тастап жатқанда ықыласыңды білдірсейші, кекіреймей, – деді. Көпшіліктің аты көпшілік. Онсызда жетісіп тұрмаған қайыршы анаға ұрсып жатқан мына адамға қасынан өтіп бара жатқан ерлі-зайыптының біреуі дүрсе қоя берді. – Сіз неге айқайлайсыз, əйел адамға? Өйтіп, ақша бермеңіз, бергеніңіз сатулы болса, – деді. Неше түрлілер бар ғой арамызда. «Біреу тоңып, біреу тойып секіреді» демекші. Мен де анау адамды жақтыртпадым. Дегенмен, «біреу сені осы жерде зорлап тұрғызып қойғандай тұрасың» деген сөзі менің басыма басқа бір ойды жылт еткізді. Расында, бұл қарт ананы сырттағы үшінші адам зорлап тұрғызып та қоюы мүмкін ғой. Полицейлердің ондайлармен ісі жоқ. Заң адамдары араласпайды. Ал, жалпы адамдар бірімізге біріміз қараймыз ба. Қарауға уақыт жоқ. Қалада тұрғандар мүлде безбүйрек. Тіпті көршісінің кім екенін білмейді. Танымайды да. Əртүрлі жағдайларды естисің. Əсіресе, асыраушысы жоқ қарт кісілер мына сұм заманның алдауына түсіп, бастарындағы баспанадан айрылып қалып жатыр. Оларды жақын-жуығы сеніміне жетіп «Ойбай мына үйіңізді банктен несие алуға қоя тұрайық. Бір жылдан кейін анау болады, мынау болады» деп азын-аулақ сый сияпатпен көндіріп, қажетті құжатқа қол қойдырып алады да, кейін несиесін өтей алмай, үй банктің қарауына өтіп, опық жегендер қаншама?!. Осы ананың қайыршылық жасап тұрғанына екі жарым жылдан асты. Басында бір шырғалаң оқиғаның тұрмағанына кім кепіл. «Мүмкін шынында да біреу зорлап тұрғызып қойған шығар» деген ой еді басыма келе қалған.
Бұл ойымнан үйге келгенде де құтыла алсамшы. Ақыры бір күні мынадай көзсіз шешім жасадым. Қайыршы анаға хат жаздым. «Сіз кешіріңіз. Осы сауда орталығының аумағында тұратын болғандықтан, мен сізді жиі көремін. Егер мен Сізді дұрыс тани білсем, сізді қайыр сұрауға сырттан бір үлкен Күш мəжібүрлеп тұрған сияқты. Ол рас па? Ол қандай адам? Сізге көмек керек пе? Керек болса, маған сеніңіз, мына телефонға хабарласыңыз, тіпті кездесейік. Əңгімелесейік. Əйел емеспіз бе, жəй ғана сырласайық. Мен Сізге қол ұшын бергім келеді.» деп аты-жөнімді, тұратын мекен-жайымды, телефонымның нөмірін жаздым. Сөйтіп, сауда орталығына барғанда, алақанына ақша салып тұрып, хатты бердім. Хаттың соңында, оқып болған соң жойып жіберуді өтіндім. Қайыршы анаға хат берген соң көңілім жайланып қалды. Үшінші күні таңғы бестер шамасында біздің үйге қоңырау шалынды. Ар жақтан дауыс: – Мен қайыршымын ғой, – деді. – Ертемен ұйқыңызды бұзғаныма кешірім сұраймын. Сізбен кездесуге бола ма? Бірақ өте ерте. Таңғы жетілер шамасында сіздің əнеукүнгі хатта көрсеткен мекен-жайыңызға барайын деп едім...Үйіңізге емес. Сыртта кездессек, подъезіңіздің нөмірін айтсаңыз. Соған барайын. – Келіңіз, келіңіз. Мен күтемін, подъезд төртінші. Мен өзімнің ішкі түйсігімнің алдамағанына бір жағынан қатты қуандым. Екінші жағынан «менен қолымнан келмейтін көмек сұраса, оны қалай орындаймын,» – деген күдік қоса қабаттасты. Бұл күн жексенбі болатын. Жазда күн ұзақ. Таңғы сағат бестің өзі жарық. Мен түрегеліп, жуынып, шəй ішіп, кездесу үшін далаға ертерек шықтым. ...Қайыршы ана шынында мен ойлағандай болып шықты. Қайыршылыққа күштеп мəжібүрлеп отырған немересі екен. Кезінде фабрикада жіп иіруші, одан кейін бөлім бастығы болыпты. Күйеуі зауыттың бас инженері қызметін істепті. Бірақ ерте қайтыс болып, бір қызымен қалыпты. Өзі қызын Ленинградта
оқытып, қызмет істегенде үйіне қарап, қызынан туған немересін жас кезден бағып өсірген. Енді өзі өсірген немересі қорлық көрсетіп отыр. – Жасы жиырма төрттегі қыз. Инеге отырғалы бері мінез-құлқы өзгерді. Шешесі білмейді. Зейнетақымның бір тиынын қалдырмай немере қыз алады. Оны азсынады. Мені қайыршылықтан ақша аз тапқан күні тамақ ішуге рұқсат етпейді. Кейде жынданып, мені ұрады. Қылқындырады. Өлтіре жаздайды. Күніне мен таппадым дегенде 3 мыңнан аса табады екенмін. Оны қағып алады. Адамдар қандай қайырымды десеңші! Бермейтіні болмайды. Бəрі де береді. Сол тұрған жерде немерем əрірек машинаның ішінде отырады. Кейде қасындағы қыздармен, кейде жалғыз өзі отырады. Мені бақылайды. Ертерек кетіп қалмауым, бөтен біреулермен сөйлеспеуім керек. Менің Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданында немере інім тұрады. Бұл жағдайды ол білмейді. Тіпті қызым да білмейді. Соған кетіп қалғым келеді, мына қыз бір күні өлтірмей тұрғанда. Бір күні, аман болсам қайтарармын. Сол жаққа жетуіме көмектесіңіз, – деді қайыршы ана өзін Зеркүлмін деп таныстырып. – Сізде жеке куəлік бар ма? – Қайдағы куəлік? Ана қыздың қолында бəрі. Депозитімде жатқан ақша бар еді оны алып, құртты. Ай сайын зейнетақымды алатын карточкам да қолында. Менде ешқандай куəлік жоқ. Сіздің хатыңызды алғаннан кейін екі күн жыладым. «Қорғаушыны тағдырдың өзі маған жіберді» деп. Таңертең келуімнің себебі ол қыз сағат 10-ға дейін ес-түссіз ұйықтайды. Үйдің кілтін менен тығып қояды. Кеше түнде кілт байқаусызда, өзі отырған диванның қасына түсіп қалған екен. Алып қойдым. Сөйтіп, міне қазір үйден шығып кетіп отырмын. Əйтпесе менде үйдің де кілті жоқ. Мен көмек беру жəйін ойластырайын дедім. Бірақ сол кезде қалай ойластырудың мəнісін білгенім жоқ. Əйтеуір өзім бастаған соң көмектесіп көруге тырыстым. Зеркүл ана асығыс қоштасты. Бар жүк менің иығымды қалды.
Бұл мəселені «Өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» орындау үшін біраз адамдармен кеңесуге тура келді. Ақылдасатындармен ақылдастым. Қайыршы ананың басындағы жағдайды айтып, оны құтқару керектігін айттым. – Қызды ұстап алып, наркодиспансерге салу керек. Сол кезде шешесі барлығына көз жеткізеді. Анасына хабарлау жағын олар жақсы біледі. Қыз емделу керек. Күшті бір ықпалға түсіп кеткен. Емделмесе болмайды. Бір күні ана əжесін мерт етсе ше? – Ал, қыз қалай ұсталады? – Полицейлер ұстау мəселесінің құйтырқысын біледі. – Қалай, қай жерде ұстайды? Ана кісіге зияны тимей ме? – Тигізбейтіндей жасайды. Мен қатты сескендім. Мұның да жолы табылды. Адам басына іс түскенде жалғыздың қолымен ешнəрсе шешілмейді. Көп болып қайыршылық қамытын киген анаға көмектесу операциясы жақсы əрі сəтті өтті. Сөйтіп, инеге түскен қыз, оны түсірген жігіт, олардың қасындағы басқа да өрімдей қыздар мен жігіттер бірінен кейін бірі түгел наркодиспансерге емделуге түсті. Бəрінің ата-аналары ауқатты кісілер екен. Анасының екі жарым жыл қайыршы болып күн кешкенін жоғары жақтағы қызметтегі қызы да алғаш естігенде, жүрек талмасы ұстап қалып, дəрігер шақыртыпты. ...Қазір қайыршылықтан аман-сау құтылған Зеркүл ана Зайсандағы немере інісінің үйінде. Жағдайы жақсы. Ол бұл жаққа мүлде келгісі жоқ. Екі жарым жыл көрген қорлығы жанына қатты батса керек, немересінің құлан, таза айығып кететініне əлі сенбейді. Тіпті ол қызбен, шынын айтса, жүздескісі де келмейді. Біз екеуміз туған апалы-сіңлідей болып, телефон арқылы сөйлескенде білгенім осы. Мен бұдан кейін де қол жайып қайыр сұрағандарға зерделей қарауды əдетке айналдырдым.
Күйемнің көңілдестері Іргедегі аудан орталығынан жұмыстан түскі асқа қалаға емізулі бала үшін келемін. Баланы емізіп, енемнің дайындап қойған асын асығыс-үсігіс ішіп қайыра кетемін. Осындай бір күні түсте үйден жұмысқа баруға сыртқа енді шыға берсем, есік алдында бір жас келіншек пе, қыз ба біреу тұр екен. Бірден көзбен шолып өттім. Көрікті емес. Шомбал қара қыз. Маңдайында кекілі бар. Қысқа шашын желкесіне резенкемен байлай салған. Үстіне жеңі қысқа көк көйлек киген. Қос балтыры тузу екен əрі топ-толық, бірақ қысқа. Аяғында өкшесі жоқ қара туфли. Оны шаң басыпты. Менен бойы аласалау, ал денесі тығыршықтай. – Осы үй Ақжайық көшесі 27-ші үй емес пе? – деп сұрады менен. Үй қақпасының жоғары жағында нөмір ілулі тұратын. Өткенде осы қақпа көгілдір түспен сырланып, сандық көрсеткіш көрінбей қалыпты. Оны өзім де жаңа көрдім. – Иə, дəл өзі. – Мұқадес үйде болса, шақырып жібересіз бе? (Мұқадес дегені менің күйеуім) – Шақырар едім, бірақ ол үйде жоқ еді. Қарағанды жаққа командировкаға кеткен. Сіз алыстан келдіңіз бе? Жүріңіз, үйге кіріңіз, – дедім мен, өзім асығыс болсам да, күйеуімнің атын атап келіп тұрған соң, мен білмейтін жолдастарының бірі болар деп. Келіншек осы сəтте маған барлай қараған сықылды болды. Əйткенмен, көзін менен тайдырып əкетті. – Жүріңіз, ішке кіріңіз, – дедім тағы да. Ана келіншек не əрі, не бері кетерін білмей сəл тұрды да, «неде болса ішке кіріп көрейін» деді ме, қақпаның ішіне қарай аяғын салды. Енем жаңа ғана мен емізіп кеткен баланы аулаға көтеріп шыға қалыпты. Қайтып үйге кірген маған ба, жоқ қасымдағы келіншекке ме, біртүрлі абыржып қараған сықылды көрінді. Мен келіншекті бөлмеге кіргіздім де, қолына альбом ұстатып, «мынаны қарай тұрыңыз» деп, əлі суымаған самаурынды қайтадан
далаға алып шығып, қайтадан су толтырып, тездетіп от жақтым. Енем қасыма тақау келіп: – Немене, жұмысыңа бармайтын болдың ба? – деді. «Қасыңдағы кім?» деген сұрақ қоймады. – Мына келіншек Мұқадесті сұрап келіп тұр. Жұмысы бар шығар, сырттан қайтаруға ұялдым. Шəй ішіп кет дедім. Жұмысқа енді кешігіп барамын ғой, бірнəрсе деп дəлел айтармын, – дедім, көңілімде ешнəрсе жоқ. Енемнің түрі тіпті қуқыл тартып кетіпті. Сүтке тойып алып, менімен жұмысы жоқ немересін қолына көтерген күйі, қайтадан мені көрсе көңлі бөлінеді деді ме, оның жүзін көрсетпей менен бұрып, ауланың басқа жағына қарай алып кетті. Мен самаурын қайнағанша, дастарханға оны-мұны қойдым. Əйтеуір күтпеген қонаққа бармен базар қылып: – Келіңіз, енді шəй ішейік, дастарханға жақындаңыз, – дедім. Келіншек қолында көріп отырған альбомын көрпе-шенің үстіне қойды да: – Мына альбомда сіздің Мұқадеспен бірге түскен суреттеріңіз көп екен. Сіз Мұқадестің келіншегісіз ғой деймін, – деді. – Иə. – Анау, апай көтерген сəби сіздердің балаңыз ба? – Иə. Келіншек маған енді баяғыдай емес, тура қарады. Шамасы менен ешқандай алаңдаушылық байқалмағанын сезсе керек. Содан соң: – Маған Мұқадес сізді де жəне жаңағы кішкентай балаңызды да бар деп айтқан жоқ еді. – Сіз бұрын осында келдіңіз бе? – Иə, келдім. Онда ана бір бөлме жақта болдым. Сонда сізді көрмеген едім (ана бір бөлме жағы жұрт кіре бермейтін қуыстағы қонақ күтетін зал). Дəл осы сөзді естігенімде менің жүрегім əлденеден алқынып кетті. Бірақ байқатпадым. Сол қалпымша мен:
– А, иə мен Алматыда оқуда болдым ғой. Осы баламмен диплом қорғап, жазда келдім. Бұдан бұрын да қызымыз болған. Мына енемнің қолында шетінеп кетті. Мына ұл екіншіміз, өзіңіз қай жақтан келдіңіз? – дедім. – Мен Қазалыдан келдім. Менің жүрегім одан сайын соғысын жиілетті. «Қазалы дейді? Ойпырай кілең командировкаға Қазалыға бардым деуші еді. Мына əйелге менің барлығымды, яғни əйелі барын, баласы барын айтпаса, сонда көңілдесі болғаны ма?» Осы ой басыма енді ғана зу-зу етіп келе бастады. Сонда да сыр алдырғым келмей: – Ал, маған сіз туралы ол айтты. Дəмді қайаз балықтар беріп жіберген сіз емессіз бе? (қайаз балықтарды Қазалыдан талай рет əкелгені рас, бірақ əйел туралы білетінім өтірік) Келіншектің көңіл-күйі болмай қалды. Бірден сездім.Ішім алай-дүлей болып отырса да , енді еркінси сөйледім. – Атыңызды да айтқан. (бұл да өтірік) – Жамал, – деді ме? (өзі айтып берді, жақсы болды) – Иə, Жамал. Келіншек күрсінді. Оның күрсінгені менің жүрегімнің соғысын азайта бастады. – Сіз Мұқадеспен қалай таныстыңыздар алғашқыда? Маған айтып еді, соны есте сақтамаппын. – Екі жыл бұрын балық зауытына келген. Қасында адамдармен. Таныстық... – А, иə... иə айтқан. Сіздің үйге қонғанды айтқан (бұл да өтірік, жəй жоба). – Соған дейін айтты ма? – Жамал, сен түсін. Мен ғой Алматыда оқудамын. Ол бұл жақта Қызылордада. Еркек адамдар уақытша болса да нетпей ме... көңіл көтергісі... Əрі біз екеуміз бір класста оқығанбыз, бүгішігімізді жасырмаймыз. (бұл да өтірік) – Мұндайды бірінші рет естіп отырмын... Сіз қалай кеңшілік беріп қойғансыз?
– Менің күндізгі бөлімде оқуым керек қой. Сырттай оқуға ауыспадым. Сол үшін оған мен кеңшілік жасауға уəде бердім... (өтірік) Келіншек екі кеседен кейін шəй ішпей, кесенің бетін саусақтарымен жапты да: – Мен болдым. Сізге көп рахмет. Жұмысқа бара жатқан жеріңізден қалып, маған дəм бердіңіз. Осындай келіншегі бар адам да... Ол үнсіз қалды. Мен жалғастырдым. – Сіз туралы маған айтып, мен туралы сізге айтпағаны ғой сонда? Келіншек бірден солқылдап жылап жіберді. – Кешіріңіз... Мен қарап отырсам, мазақ болыппын...Сіздерге бəрін айтпай-ақ қояйын... Енем «мыналар неғып отыр?» деді ме, осы сəтте есіктен қарады. Ана келіншектің жылап отырғанын көріп қалды да, қайтадан есікті жаба қойды. Жаюлы дастархан орнында қалды. Мен күйеуіме деген ішкі ашуды енемнен алғым келіп, дастарханды жинаусыз қалдырып, орнымнан түрекелдім. Жағдай екеуімізге де түсінікті болды. Жамал сумкасын-дағы қол айнасына қарады. Көз жасынан айғызданған бетін дұрыстады да: – Сіз барлық жағынан да сұлу əйел екенсіз. – деді. Мен мына келіншекті қатты аяп кеттім. Үміті алданды. Менің күйеуім оны қатты алдады. Сыртқа қайыра шыққанда, Жамал маған Мұқадеспен екі күн бұрын ғана телефонмен сөйлескенін, бірақ командировкаға баратыны жайлы айтпағанын айтты. Мен басқа нəрсені қазбаламадым. Аялдамадан екі бөлек айырылыстық. Не деп қоштасарымды білмедім. Сонда да сыпайылық жасап: – Жамал, қалаға келсең үйді білесің. Келіп тұр, – дедім. Енді келмейтінін анық білсем де.
Ол үндеген жоқ. Тек «сау болыңыз» деген ишаратты қолымен білдірді. Кешке үйге келгенде енемнің түр-түсі мүлде жоқ екен. Күндегі əдетпен баланы емізіп, қолына ұстаттым.Дастархандағы енем əзірлеп қойған тағамға тəбетім шаппай, қасықты қолыма ұстадым. Енем: – Бағанағы қатынды (енем əйел атаулыны қатын деп сөйлейді) жұмысыңнан қалып, соншама əспеттеп күттің. Неғып жылап отыр? Осы жерде тығылып тұрған ішімдегілер сыртқа атылсын. – Апа, ол қатын сізге таныс қой. Балаңыз бір емес, бірнеше рет үйге əкеліпті. Қазалыға да өзіңіз білесіз, екі күннің бірінде командировкаға барып, сізге қаяз балық па, мекіре балық па, бəрін əкеліп жүр. Сыртымнан екінші келін қып жүр екенсіз, оны енді неменеге менен сұрайсыз? Сіз айтыңыз, қайта маған, неғып жүргенін? – дауысым ызаланып қаттырақ шықты. Енем шошып кетті. Жүрегі байқауымша, бағана түстен бері ауырса керек. Дауысы дірілдеп, əшейінде маған əмір бергіш енем мүсəпірленіп қалды. – Айналайын, ақылың бар ғой, мені тыңда. Мен жоқта əкеліпті осы үйге. Оны мен басқалардан естідім, сен Алматыда жүргенде... Мен Мұқадеске естігенде қатты ұрыстым... Мен барда əкелсе, мен шашын жұламын ғой, өзің білесің.Бағана келгенде сол қатын емес пе екен деп жүрегім соғып кетті. Ертесіне Қарағандыдан күйеуім келді. Қабағым ашыла қоймады. Енем маған жалтақ-жалтақ қарағыштайды. Ол кісіні аядым. Келін айқайды салады деп ойлаған болуы керек. Айқайлап қайтем. Бірақ барынша сабырлы болуға тырысып бақтым. Ақыры оңаша қала бергенде: – Жамал, деген бір келіншек үйге телефон шалды, – дедім, реакциясын байқағым келіп. Бет деген бүлк етпейді. – А, Жамал ма? Есіңде ме, айтып ем ғой саған? Ақтөбеде бірге оқыған жолдас жігіттің қарындасы бар деп, сол ғой.
– ?.. – Жəй іздеп пе, саған айтқан жоқ па? Ағасы өткенде айтқан маған, қарындасым барады деп. Осында келіп пе екен? Поездан күтіп алу керек еді. Командировкаға кетіп қалғанымды қарашы. Қашан телефон соқты? – Алаң болма. Жамал үйді өзі тауып келді. Ақтөбеге ауысып қайтесің? Қазалының Жамалы, қаяз балық, мекіре балық сен əкелетін. Сен жүз жиырма екі дəлелдемеңді алға тартпай-ақ қой. Жамалыңмен сөйлестік, білістік. Оған да, маған да бəрі түсінікті енді. Күйеуім тұңғыш рет осылай ұсталды. Кейінгілері көп. Бірақ ол қызық емес. Қызығы сол əр ұсталған сайын ақталып: – Қойшы енді, болды. Біреулер құсап басқа жаққа кетіп қалған жоқпын ғой. Алдыңда тұрмын. Жүрші екеуміз дүкенге барайық. Қалаған нəрсеңді ал, – дейді. Мен қанша ашулансамда, мұндай ұсынысты дер кезінде құр жібермей, пайдаланып қалуым керек. Ақшаны қайдан табатынын бір өзі біледі. Негізі ол менен жасырып, əркезде қор жинайды. (Осы қор ғой көңілдестерге бұйыратын). Айтқанына көніп, ең қымбат дүкенге, сауда орталықтарына барамын да, алғым келген нəрсенің бəрін ақшаны аямай аламын. Қасыма еріп жүріп «қымбат»деп қабақ шытпайды. Келесі ұсталғанша, киімдерім мұздай жаңаланып қалады. Негізі мен күйеуімнің көңілдестерімен паралельді жақсы өмір сүре беремін. Оларға үлкен құрметпен, ілтипатпен қараймын. Кейбіреулерін мақтауға тұрмайтын болса да, өтірік мақтай саламын.
БАЛАЛАР ТУРАЛЫ ҮШ ƏҢГІМЕ Жақсылық Күн сəскеге енді келгенде балалар ойнайтын аулаға бір-бір баланы ұстап ата-аналар шығады. Қазіргі балалар өзімшіл. Əрқайсысы жеке-жеке хан баласы, хан қызы. Айтқанын істетуге тырысады. «Бұған тек мен отырамын» дейді əткеншекті жалғыз өзі иеленіп. Екінші бала ол тез түспеген соң, қыңқылдап жылайды. Сырғанайтын ағаштан жасалған төбешіктің де таласы бар. «Кезекпен шығыңдар» дегенді бір бала ұқпайды. Ол əркезде бірінші болуы керек. Ана бір баланың ойыншық машинасы сары түсті ерекше екен. Дəл сондай көк түсті машинасы бар басқа бала, ана сары түстіні сұрайды. Ол бермейді. Қасындағы анасы: «Бере ғой, Аслан» дейді. Өзімшіл бала берсін бе, бермейді. Сұрап тұрған бала да өзімшіл. Қасындағы əкесіне «маған ананың машинасын алып бер» деп жылайды. Ауланың ортасына төгілген қызыл құм үстінде де бір топ бала. Əрқайсысы өз-өздерімен. Бірігіп ешқашан ойнамайды. Бірінің ойыншығына екіншісі тимейді. Мен осы аулада үнемі ешкіммен қақ-соғы жоқ бір 7-8 жасар кішкентай ер баланы көремін. Қасында екі жасарға жетер жетпес қарындасы бар. Ол көбіне қарындасын ойнатады. Қарындасы қиқар. Ағасын қасынан бір елі шығармайды. Анау бала əткеншек босаған кезде соған барғысы келіп: – Ботика, Ботика сен жақсысың ғой, сен отыра тұршы, мен анау əткеншекке барамын да келемін, – дейді кəдімгідей одан сұранып. Ол көне қоюшы ма еді? Бақырып бар даусымен жылайды. Қарындасының сырын білген соң, ол оны көтеріп, əткеншекке өзімен бірге алып келеді. Өзі де кішкентай, ана қызды алдына отырғызады. Сөйтіп енді əткеншек тербетіле бергенде қиқар қыз «əткеншектен түсір» дейді. Оған ағасының алдында отырып, тербетілу ұнамай қалады. Ағасы алдап-сулап көндіруге тырысып бағады. Қыз бəрібір көнбейді. Ақыры ағасы əткеншектен түседі.
Кішкентай қиқар қыз өз аяғымен аттап баспайды. Ағасының арқасына жармасады. Сондықтан болар ағасы қарындасын үнемі арқасынан түсірмейді. Бұл баланың аты Жақсылық екен. Мен қарындасымен үнемі ойнап жүретін осы баланы жақсы көріп кеттім. Өйткені оның қасында не шешесі, не əкесі, не басқадай үлкен адам көрінген емес. Қай кезде де Жақсылық қарындасы екеуі ойнап, өздерімен өздері жүреді. – Жақсылық, сенің мамаң бар ма? – деп сұрадым бірде. – Бар. – Ал, папаң ше? – ?.. – Мамаң жұмыс істей ме? – Иə, жұмыста.. – Мамаң жұмыста болғанда сендер өздерің осылай далада ойнайсыңдар ма? – Ия... Мен таң қалдым. Бала да үндемеді. Отбасында əртүрлі жағдайлар бар ғой. Жақсылық үнсіз қалған соң мен оның көңілін көтеріп: – Жақсылық сен жақсы баласың. Ақылдысың. Қарындасыңды ренжітпейсің. Оны ойнатасың. Үнемі соның айтқанын істеп жүресің. Бұл сенің мамаңа көмек көрсеткенің. Есіміңді де жақсылық деп жақсы қойыпты, – дедім. – Бұл үйде де жылай береді ғой. Маған мүлде сабақ оқытпайды. Дəптерімді шашады. – деп маған Жақсылық шағынды. – А, сен мектепке барасың ба? Мен ойлағанмын, əлі оқымайды екен деп. Нешінші сыныптасың? – Бірді бітіріп, енді екіншіге көшемін. – Бестік бағаң көп пе? – Бар, бірақ көп емес... Біздің қасымызда сəбилерін қол арбада ұйықтатып қойып екі келіншек күні ұзынға əңгіме айтып отырған. Біреуінің құмда ойнап отырған үш жасар қызы қайта-қайта келіп ананы-мынаны
сұрап мазалады. Бірақ, əңгіменің қызығымен келіншек орнынан тұра қоймады. – Сен жаман мамасың. Папам келеді, қазір айтамын, – деп жаңағы қыз бұртиып жылады. – Бұл енді папасының қызы. Папасын айтып қорқытады. Қой тұрайын, – деп келіншек күліп орнынан тұрды. – Мына қыз, еркелей береді, ерке, – деді Жақсылық ана қыз туралы жақтырмай. Қазір папасы келсе, «көтер» деп жылайды. Шамасы ол қыздың əдетін білетін болуы керек. – Папасын жақсы көреді екен, – дедім мен қайтадан сөзді папаға бұрып. – Менің де папам бар. Бірақ, алыста. Мен де көргім келеді. – Тіпті алысқа кетіп қалған ба? Сұрақты жəй осылай қойдым да ішімнен: «Мүмкін шешесі мен екеуі ажырасып кеткен шығар?» деп ойладым. Жақсылық тағы да жауап бермей біраз отырды да: – Маған мамам: «папаң туралы ешқашан сұрама» – деп ұрысқан. Сондықтан сұрамаймын. Мүмкін келетін шығар. – Жақсылықтың сөзінен əкесіне деген сағынышы барын аңғардым. Тағы да оның көңілін көтергім келіп: – Жақсылық, менімше сені де папаң ойлап жүрген сияқты. «Жақсылығым қалай өсті?» екен деп. Қарындасыңды да ойлайды. Сағынып жүрген болуы керек. Көп ұзамай келіп қалар. Тіпті жақында келуі де мүмкін ғой. Сендей жақсы баланы əкесі көруге асығады, – дедім. Баланың жүзі жадырап сала берді. Қуанып кетті. – Əже, мен сізді жақсы көремін, – деді сосын өзінен-өзі маған. – Мен де сені. Екеуіміз бір-бірімізді жақсы көреміз иə?..Мен оның кекілінен сипадым. Ал, сенің өз əжең жоқ па? Жақсылық жауаптың орнына басын шайқап «жоқ» дегенді білдірді. Біз жаз бойы бір-бірімізді көрмесек, іздейтін болдық. Соңғы кезде ол мүлде көрінбеді. Сонымен жаз бітті.
Сол жылдың қысында жолаушылап жолға шықтым. Вокзал басында ығы-жығы əдеттегідей халық көп. Бір уақытта құлағыма: – Əже, əже, – деген жас баланың даусы естілді. Шындығында маған қаратып айтылды ма, жоқ па білмеймін.Бірақ дауыс шыққан жаққа қарасам, Жақсылық маған қарсы жүгіріп келеді екен. – Əже, папам келді, əне анау, анау тұр... Мен қолын сілтеген жаққа қарасам, ұзын бойлы аққұба жігіт бір келіншекпен сөйлесіп тұр екен. – Қасындағы мамаң ба? Қарындасың қайда? – Қарындасым тұр ғой қасында. – Мен байқамаппын. Кішкентай қиқар қыз шешесінің ар жағында тұр екен. Шамалы өсіңкірепті. – Əже, біз енді Астанада тұрмаймыз. Көкшетауда тұрамыз. Папам, мамам мен жəне қарындасым сол жаққа кетіп барамыз. Мен сонда оқимын. Папам келіп, бізді сол жаққа алып кетіп барады. Жақсылықтың қуанышында шек жоқ. Байқалып тұр. Соны маған сездіргісі келген шығар. Мен де қуанып қалдым. – Мен айттым ғой, саған Жақсылық папаң келеді деп. Міне, келді. Сені алып барады. Папаң сені өте сағынған шығар ? – дедім мен не айтар екен деп. Жақсылық маған өте тақау келді. Маған еңкейші деген ишарат білдірді. Мен еңкейдім. Ол құлағыма: «Мамам мен папам екеуі енді ұрыспайды... Олар ұрсысып қалған соң біз осында келдік» деді жүзі бал-бұл жанып. Ол өстіп құлағыма сыбырлап жатқанда ана жақтан: – Жақсылық, қайдасың, бері кел? – деген əкесінің даусы шықты. – Пап, қазір.– Бала жүгіре жөнелді. Маған «сау болыңыз» дегендей қолын былғап кете барды. Жақсылықтың папасымен табысқанына мен де қуанып қалдым. Шынында, Жақсылық жақсы бала. Ол өскенде де жақсы адам болады.
Ауыл баласы Біз тұратын көп қабатты үйдің алдында жеміс-жидек сататын автодүкен бар. Бұл дүкен күн жылына бастағаннан сонау қар түскенге дейін алты-жеті ай таңертеңі сағат 10.00-нан кешкі 23.00-ке дейін жұмыс істейді. Автодүкен 9 қабатты 24 подьезді үйдің тұрғындары үшін өте қолайлы. Зейнеткерлер бар, қызмет ететіндер бар алысқа бармайды, есіктерінің алдынан жүгіріп барып көністер мен жеміс-жидектерінің қалағанын алады. Автоодүкен сатушылары ерлі-зайыпты Жұлдызай деген жас келіншек пен Төлеген деген жігіт. Шымкент жақтан. Жазғы маусымда Астанаға келіп, олар осындай жұмыс істейді. Жақында жазғы каникул кезінде олар екеуі тоғыз жасар Нұрсұлтанды жəне алты жасар Нұрболатты елден алып келді. Екі ұл да қаланың балалары сияқты емес. Сүйектері мықты. Шымыр. Ауылда жалаңаяқ жүгіріп ойнап үйренген болуы керек, кейде шашылып жатқан шыны қиқымдарына қарамастан аяқ киімдерін шешіп тастап ойнайды. Шыңдалған. Бұлардың қай кезде ыстық тамақ ішетінін кім білген? Сірə, анау автодүкеннің ішінде термоспен əкелген тамақты ішетін шығар. Ішпесе қайдам. Кейде олар қолдарына бір кесек нан мен бір бөтелке су алып жүрдімбардым тамақтанатынын талай көзім көрді. Менің немереме олар үйір. Немерем де оларды жақсы көреді. Қала баласы болса, жолай қоймас еді. Олар екеуі де бірдей балажан. – Менің мамам осындай кішкентай қыз туса, мойныма отырғызып алып ойнатар едім, – дейді Нұрсұлтан. – Сен кімнің баласысың, папаңның ба, əлде мамаңның ба? – деп сұраймын мен. Əдетте ата-аналар туған балаларын өздеріне бөлектеп телитіндері бар ғой. – Мен екеуінің де баласы емеспін, атамның баласымын, – деді Нұрсұлтан. – Атаң қайда? – Атам қайтыс болды. Сосын ғой осында қалаға келіп жүргенім.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру