Шекарада. Пьеса
Мұхтар Әуезов
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Қазақтың заңғар жазушысы, қоғам қайраткері Мұхтар Әуезовтің шығармашылығы XX ғасырдың қайталанбас құбылысына айналды. М.Әуезов шығармаларында халықтың тыныс-тіршілігін, арман-мақсатын, тарихи болмысы мен бүгінгі келбетін көрсетіп берді. Алғашқы жылдары жазылған көркем туындыларында елдің тұрмыс-т...
ШЕКАРАДА
(пьеса)
Үш актылы, он бір суретті пьеса
Қатысушы адамдар
Мұрат — райком секретары.
Xадиша — әйелі, дәрігер.
Ганшин Александр
Иванович — отряд начальнигі.
Сейіт — райисполком председатель
Нияз — МТС директоры, ұйғыр.
Смайыл — Нияздың орынбасары.
Омар — комсомол, аудан қызметкері.
Ажар — "Жігер"колхозының председателі.
Жарқын
Садық
Асан
Сәрсек "Жігер" колхозының мүшелері.
Жұматай
Сүйрік
Балтабек — колхоздың бұрынғы бастығы.
Сәт — колхозшы, ақын.
Роман
Степан трактористер.
Жомарт — Қытайдан қашып келген жігіт.
Зипа —әйелі.
Қонай — колхоз жылқышысы.
Жауһар — Нияздың қызы.
Байназар — кулак.
Торқа — оның әйелі.
Біреу.
Пограничниктер, колхозшылар, аудан қызметкерлері.
І АКТ
Бірінші сурет
Шекара заставында Мұрат, Ганшин, Хадиша.
Мұрат .(бинокльмен қарап). Тоқтай қал! Мынауың не қылған серуен?
Ганшин. Ие, арғы бетте бір оқиға болғанға ұқсайды.
Мұрат. Өзі бір үлкен шабуыл ғой.
Хадиша (о да қарап). Артындағы шаңның молын байқаймысың?
Ганшин. Алдындағы қашқын, артындағылар қуғыншылар, ә?
Хадиша. Қашқын екеу ғой.
Мұрат. Қысқасы, бұл тегі сыртқы ел драмасының бір сахнасы ғой өзі. Ганшин. Қысқасы, біздің шекараның жолдас Мұраттай жаңа келген, жаңа секретарьді қарсы алғаны осы ғой.
Мұрат. Рақмет. Тек бұл сауығың қымбатқа түсіп жүрмесін, Александр Иванович.
Хадиша. Шекара мына өзен ғой. Қашқындар тақап қалды.
Мұрат. Біздің кісілерді қара.
Хадиша. Қайдан шыға қалды? Қуғын іркілді.
Комендант (Ганшинге рапорт беріп). Жолдас начальник, арғы беттен бізге қарай екі нарушитель қашып шықты. Біздің жағадан атылған мылтық даусымен қуғыншылар іркіліп қап тұр. Ганшин. Нарушительдер мұнда жіберілсін. Қосымша нұсқау сол орында күтілсін. (Комендант кетеді. Мұратқа.) Істің үлкенін әуелі "Жігер" колхозынан бастайын дейсіз, ә?
Мұрат. Күштің үлкенін алдымен соған саламыз.
Ганшин. Дәл шекарадағы ең мол колхоз. Бірақ, ауыр колхоз.
Мұрат. Ие?
Ганшин. Тегі ауданыңыздың большевиктік басшылықты күтіп тұрған істері көп.
Мұрат. Өздері және ауыр істер, солай ма?
Ганшин. Сонысын сезе, біле тұра әдейі сұранып келдім.
Хадиша. Япыр-ай, сіздер әуелі мынаның не екенін ойласаңыздаршы.
Ганшин. Е, ол шекараның күндегі белгілі кәсібі ғой. (Мұратқа.) Мұндағы бұрынғы басшылық... Я, аудан сезімтал аудан. Е, мынаның бірі әйел ме еді?
Жомарт, Зипа, пограничник.
Пограничник. Жолдас начальник, арғы беттен бізге қарай өткен нарушительдер, тінтуде бойларынан құрал табылған жоқ.
Ганшин. Сіздер кімсіздер?
Жомарт. А, құдай ақсарбас, я, аппақ қожам, я қожа Пәуеден жолымды қыла гөр. Жер дегенде жалғыз сенгенім сен едің, кеңестің елі. Панаңды, панаңды сұраймын, тақсырларым.
Зипа. Ағатайлар, мұсылманның балалары екенсің...
Ганшин. Қай русыңдар?
Жомарт. Мынау Керей қызы еді. Үш қатын үстіне шалға берем деп елі зорлық етті.
Ганшин. Қай Керей? Қай уанның елі?
Жомарт. Жабай уанының елі?
Ганшин. Өзің қай русың?
Жомарт. Мен сол Керей ішіне сіңген азын атаның баласы едім. Түбім Қызай. Мына кісімен көңіл қосып ек, құштарым еді. Ол жақта дегенімізге жетер болмадық. Сонан соң сеніп қашқан елім сендерсің, әкетайларым.
Ганшин. Қуғыншылар кім?
Жомарт. Исі Керей боп соңымызға түсіп тұр.
Пограничник (келіп). Жолдас начальник, қуғыншылар кісімізді бер деп кетпей, тарамай тұр.
Жомарт (Ганшинге). Сауға, тақсырым, бір шыбын жаным сауға болсын.
Зипа. Пана бола гөр, ағатай.
Ганшин. Хадиша, мына кісінің жарасын қараңызшы. Оқ тиіп пе еді?
Жомарт. Білмеймін. Қолым садаға, жаным... жаным қала ма, тақсырым-ау?
Хадиша (қарап). Оқ емес қой.
Жомарт. Сойыл тиген ғой.
Комендант (келіп). Жолдас начальник, қуғыншылар қайтарыңдар деп жабысып тұр, не бұйырасыз? Жомарт. Тақсырларым, берер болсаң көз алдына апар да атып таста. Ақыретте тәңір алдында бір тамшы қанымызды да сенің мойныңа жүктемейік, тақсырым.
Ганшин (Мұратқа). Мәселе түсінікті ғой деймін.
Мұрат. Мәселе ашық. Бергізбе!
Ганшин. Болды. (Комендантқа.) Бар да, шекарадан тез тарасын, кейін барып сөйлессін де.
Хадиша (Мұратқа). Сен сыртқы ел драмасы деп пе едің? Тауып айтылған екен! Ганшин. Ендеше сыртқы ел драмасының шымылдығы осымен түсе тұрсын. (Комендантқа) Кісілер берілмейді деп хабар етілсін.
Жомарт. Уа, жортқанда жолың болсын, айналайын большевигім.
ШЫМЫЛДЫҚ
Екінші сурет
Колхоздың шеті. Жол үсті.
Сәт (жалғыз әндетіп).
Желпінген ақ селеулі ескек желім,
Шалқыған кең жайқындай мұнар белім.
Көктемдей жаңа күнде көгертеді,
Ен дала, еңбек елі иең сенің.
Жомарт, Зипа шығады.
Аласа бойлы жатаған,
Қытайдан қашқан қашаған.
Кезуменен кетпек пе ең?
Мекенің қайда атаған?
Жомарт (жорғақтап). Айналайын тіліңнен, айналайын, ақыным. Көмек етші мына қарындасыңмен екеумізге, колхозға орналастыршы. Қайда болса да қанағат. Тіпті босағадан озбайын. Мына қарындасың, қарындасың да соны тілейді. Зипа, айтсаңшы, бауырым-ау, сен де.
Сәт. Рас па? Солай ма?
Зипа. Солай еді.
Сәт. Зипа! Зипа, шын Зипа! (Сүйсіне қарайды, Жомарт қошаметпен күледі.)
Қызық екен осы ағам,
Зипадай шырын жеңгеме,
Бермей бұрын төрімді,
Неге ұсынам босағам?
Жомарт. Уа, тілің бұлбұл екен ғой, тілесең күшің дүлдүл ғой, ақыным. Ендеше мына тәтті жеңгең екеумізге назарың сап, пана бол. Тіледік сенен, ұстадық білегіңнен, Зипа?
Зипа. Ақын құрбым, қонақ қақы, шын тіледік.
Сәт.
Аласа бойлы жатаған,
Қытайдан қашқан қашаған.
...Мөлтілдеген мойыл көз,
Сай-сүйегім босаған.
Лебі дем-дем тартады,
Жақсы еді неткен жасаған.
(Кетіседі.)
Байназар (Торқаға). Бас, бас аяғыңды жылдам!
Торқа. Не деді? Қалай қаш дейді? Байназар. Шекара, шекараға тақап барыңдар да, қас қарайып түн бола бергенде тартып кетіңдер дейді. Торқа. Аналар ше? Сезбеп пе? Қумас па екен? Байназар. Білсе қумақ түгіл құрытар да... Ал далдалдап тарта бер, жүр... жүр... бас...
Торқа. Шекарасы алыс па өзі? Қанша қалды?
Байназар. Уа, мынау тұр, тиіп тұр... Ұш, жаның барында, ұш деймін енді жылдам ... жүр!
Жарқын жүгіре шығады.
Жарқын. Тоқта! Ә, Байназар бай, Торқа бәйбіше, тоқта, тоқта... Қайда барасың, түге?
Байназар. Шырағым, мен жазамды тартып болдым ғой.
Торқа. Ел аралап күн көрейік те.
Жарқын. Ел десең мына жақта... Мына бетің ел емес, шет қой!
Байназар. Шетің не, Жарқын-ау, жарықтығым-ау!
Жарқын. Жоқ, бұл шекара, бұнда бөгде кісі оқшау жүрмес болар. Мына жерде шекаралық отряд, Ганшин бар... Жүр, жүріңдер, сонда барамыз. Беттерің өзі де солай екен. Жүріңдер, өзім таныс қылайын. Байназар. Өй,Жарқын, бармаймын отрядқа, апарма онда... Онда мен жазамды өтеген кісімін, не ақысы бар менде отрядтың? Торқа. Бармаймын! Ауданға жібер. Апарма отрядқа. Қайда, қайда! Әлгі өзге колхозшы, уа, Балтабек, Садық, Асан, қайдасың, түге!
Жарқын. Жоқ, алдымен отрядқа мәлімденесің. Жүр, жүр былай.
Балтабек (Жұматайды ерте шығып). Өй, мынау ана бишараларды тағы отрядқа әкеткелі жатыр ғой.
Жарқын. Жүр, жүріңдер отрядқа!
Байназар. Ал, жарайды, қайтейін енді.
Балтабек (Жұматайға). Әлгі Садық, Асан қайда, жүрші соларға білдірейік... Мынау Жарқынның ісін солар да көрсін, өз көзімен көрсін... (Кетіседі.) Садық! Ай, Асан! Жарқын (Балтабектерге айналып). Ай, батырағым, сенікі не? Айдалып кеткен байға сенің қимаң неге қышыды? Байназар. Отрядқа апарса өзім де біттім, өзгенің де сырын ашқаным ғой. Ерікке қоя ма. Қой, қой, бүйткенше мен кетсем сыр ашылмасын...
Жарқын. Жүр, жүріңдер.
Байназар. Қазір, тоқташы... Тым болмаса нәрсемді жинап алайыншы... (Сахнадан шыға береді, өзіне пышақ салады.)
Жарқын. Өй-өй, мынау қайтеді!.. Өй, мынау бауыздалып қалды ғой.
Торқа, Садық, Жарқын, Сәт.
Торқа. Ойбай-ай, сұмдық-ай! Құдай-ай, қу қудай, тағы не күйге ұшырадым.
Садық. Түсірші арбадан, түсірші деймін.
Сәт. Не боп қалды, шұнақ-ау?
Садық. Бауыздап жіберді өзін-өзі.
Сәт. Е, қайта басқан қарт бураның шөккен жері осы де.
Жарқын. Е, өзін-өзі бауыздағаны несі мұның?
Торқа. Жоғал әрі көзімнен, қыршыныңнан қиылғыр. Ақыретте екі қолы жағаңда, Жарқын.
Асан. Шошытып, отрядқа ала жөнеліп...
Ажар Одан неге шошиды? Жарқын. Шошыса түбі шикі болғаны. Жомарт (Сәтке). Бәсе десеңші, осы шын азамат, шын сабаз дәл осы Жарқын ба деп тұрмын!
Жұматай. Тағы тергелем, тағы айдалам деп шошыды ғой.
Балтабек. Бұның обалы сенде, сенің мойнында, Жарқын.
Асан. Түбі шикі.
Ажар. Сандалма, түге. Әй, білдің бе? Асан. Сен де қалжырай берме, қатын, білдің бе? Ажар. Ой, Асан! Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі. Баяғыда мына Торқаның борсыған сорпасы мен быршыған іркітіне табынған күнде итаршы болуымыз жеткен, сандалма! Жомарт. Ой, жолың болсын, тіпті сөз-ақ емес пе? Балтабек. Ал, мынаның өлімін қайтесің? Жарқын. Ажар, мыналардың мына жұмысын мен тура партияның алдына саламын.
Балтабек. Иә, сөйтіп кісі өлімі үстінде тағы абырой-олжа табамын де.
Ажар. Ой, бастық, колхоз бастық, сен неғыл деп қоса қыңыратқып тұрсың осы.
Балтабек. Тәйт әрі, осындағы барып тұрған жікшіл осы Ажар, Жарқын, сендерсің, тіпті. (Сейіт шығады.)
Жарқын. Адыра қал! Қара мұны, шетінен шолақ итше діңкілдеп.
Асан. Әй, сенен келген керді көріп алайын, келші осы. (Жарқынмен жағаласады.)
Ажар. Тәйт әрі, Асан. Тоқта былай, тарт қолыңды.
Асан. Жоғал арман! (ұмтылады.)
Сыдық. Үр итті, жатқыз. (Қоса ұмтылады.) ұста, жіберме. (Омар, Сәрсек шығады.)
С е й і т. Тоқта! Қысқарт! (Келе жатқан машина даусы.) Садық. Өй, мынау кім? Анау Ганшиннің машинасы ғой! Өй, Асан, тоқта! Александр ғой. (Мұрат, Ганшин, Хадиша.)
Ганшин. Иә, бұл немене?
Мұрат. Хадиша, мынау адам қанға боялып жатыр ғой. Қарашы сен! Ия, бұл не хал? Жарқын. Кеше кешке ауданнан келе жатсам колхозға қарай ана Байназар мен қатыны келеді. Мына Торқа айдалып кеткен болатын. Содан бұл шекараға келіп жүрген жүрісін де сезікті көріп, жай-жапсарын погранотряд айырсын деп және солай алып жүрмекші ем. Сол екі арада Байназар, жанында пышағы бар екен, жалма-жан өзін-өзі орып жібергені. Ал, содан бері мыналар біржолата құтырып, мені бауыздарман болды, мінекей.
Садық. Болдың ба? Сен айтқан соң бәрін неге айтпайсың!
Ганшин. Өзің айтшы ендеше?
Садық. Колхоз Қытай емес...
Ажар. Өй, жүзің күйгір, байдың құйыршығы боп.
Асан. Әй, енді жетті сенікі, тарт тілінді.
Жарқын. Уау, мөй-ay!
Мұрат. Ей, жігіттер, қызбаңдар, сендердің аттарың кім осы? (Садыққа.) Сенің атың кім?
Садық. Садық.
Мұрат. Е, Садық сен бе едің? (Жарқынға.) Сенің атың кім?
Жарқын. Жарқын. Мынау Асан, анау соның үй жолдасы Ажар.
Мұрат. Иә, "Жігер" колхозы, сендер әмісе осылай жігерлімісіңдер? Жоқ, жігер жұмсайтын орын таба алмай, осыған ұрынып жүрмісіңдер? Керіс пен шатаққа ұжымдарың қалай берік еді?
Сәт.
Көп күттірген Мұратым,
Тусып тұр колхоз даласы,
Басшылыққа құштармыз
Еңбекшінің баласы,
Жалғыз-ақ шикі, дүмбілез
Бұл жиынның арасы.
Бірліктен безіп кер кетіп,
Біріне бірі сайлаған
Шашынан көп жаласы,
Ұят та болса айтайын,
Пай-пай, шырықты бұзды ғой
Белсендінің баласы.
Жұматай. Уай, қой, қойсаңшы ормен.
Ажap. E, несі бар, айтсын, айт бәсе.
Мұрат. Уай, ақын аға, басып айтпай, ашып айттың-ау деймін. Түйін тастадың ғой. Шынды айттың-ау.
Сәрсек. Сөйлей-сөйлей шешен боларсың.
Жұматай. Әлде көпке кесел боларсың.
Сәт. Айтарсың, тоғай араласаң үйші боларсың.
Ажар. Ел қыдырсаң сыншы боларсың.
Сәрсек. Ей, шырағым, ерінбесең етікші боларсың.
Жұматай. Ұялмасаң өлеңші боларсың дегенді де ескер. (Балтабектер күледі.)
Сәт.
Өлеңім өзек жарған шыным еді,
Басшыма сақтап жүрген сыным еді.
Егіннің жоспарынан жалтағы бар —
Жұматай сол себептен қырын еді.
(Жарқындар күледі.)
Ерінбеген етікшілік мін бе екен?
Өрлей шапса өлеңшілік сын ба екен?
Жанары жоқ, жатып ішер сорлыны айт,
Өнер алды өршілде емей кімде екен?
Мұрат. Ә, бәле, бәрекелде. Е, мынау өнерлі ел ғой. Тепсе темір үзейін деп тұрған колхоз ғой.
Ажар. Тепсе үзер еді-ау, жалғыз-ақ тепкісі келмей тұрғаны болмаса. Мұрат. Не дейді! О не деген дүдәмал? Сейіт, Омар, не бітірдіңдер? Жоспар жайын білдіріп пе едіңдер?
Сейіт. Білдіріп ек, соның біраз түйіткілі болып тұр.
Омар. Анау Сәттің тұспалдап тұрғаны сол ғой.
Мұрат. Е, ендеше несі бар екен, айтсын. (Халыққа.) Әй, жолдастар, мына бірінші апрель егіске шығатын күн. Сын күн. Соған жаппай әзірлік керек. Сендер анау Балқыбектің бес жүз гектар тыңын айырасыңдар. Не әзірлігің бар, не айтасың? (Үн жоқ.) Иә, неге үндемейсіңдер? (Үн жоқ) Қарсымысыңдар әлде? (Үн жоқ) Қарсы болсаңдар оларыңды айт.
Ажар. Уа, көрмей тұрмысың, жолдас Мұрат-ау.
Мұрат. Кім қарсы?
Ажар. Осы тұрған ақсақал, қарасақалдың бәрі қарысып тұрған жоқ па?
Жұматай. Уай, Ажар, басқа шауып, төске өрлемей, қой арман әрі.
Мұрат. Ия, сонымен сіз қарсымысыз?
Жұматай. Ия, қарсымын.
Сот. Анау қадірлі Сәрсек те қарсы.
Мурат. Рас па? Ә, Сәрсекең сіз бе едіңіз, ия, сөйтіп сіз қарсымысыз?
Сәрсек. Қарсымын, шырағым Мұрат. Қарсы боп тұрмын.
Сейіт. Міне, өстіп қыңыратып тұр шетінен. Ырық бермейді, тіпті.
Балтабек. Шекара деп сипай-сылай әбден құтырып алған бұл ел өзі.
Мұрат (Ниязға). Ал Нияз, МТС бастығы сенің де арылып болғаның осы ма?
Нияз. Сенбейді. МТС көмек етеді дегенге тіпті сенбейді.
Сәрсек. Сенбеймін, алдымен сол МТС-қа сенбейміз. Қарсылығымызда дәлел бар. Соны айтпақпын. Мұрат. Ә, ендеше шыңға келіседі екеміз. Айт, толып тұрған тракторы бар. Саған көмекке жасалған МТС. Не жазығы бар бұның. Сәрсек. Бәсе, осы МТС құрылғалы үш жыл болды. Тіреліп тұрған тракторы бар, тұнып тұрған өлке бар. Бірақ төстіктей жер жыртып берді ме екен, айтсаңшы қане?
Жұматай. Балқыбектің тыңына, егінші етем деп екі жылдай салып келеді аудан. Асан. Басында МТС көмек етеді деп жоспарды береді-береді де, eгіc үстінде тракторы бүлінеді, бастығы былығады...
Сәрсек. Жоспарды құшақтап біз қаламыз, атаған көметін бермей МТС кетеді. Жұматай. Тынды айыртпай танды айыртатын болды мүлдем. Малды колхоз ек, көліктен де жұрдай болдық.
Асан. Еккен егін, су тегін, шығымы жоқ қып-қызыл шығын.
Садық. Біресе шықпай қалады, біресе піспей қалады.
Жұматай. Тіпті болмаса үсіп кетеді.
Асан. Тұқымның бабын таппай ол құртты.
Садық. Қазір екі жүз үйдің қақ жартысында сауын да жоқ.
Сәрсек. Ал, міне, Мұрат шырағым, жұмыс істемейік деп пе едік? Балқыбекті баурамайық деп пе едік? Бірақ, асырмайтын асу боп құртқан жоқ па Балқыбек бізді. Бай колхоз, бар колхоз едік, осы соңғы жылдар шөмитіп тұр бізді.
Мұрат. Жә, колхоз бастығы, сен не айтасың? Бұл елдің бұнысы шыны ма? Балтабек. Не дейін, жолдас Мұрат, көптің асып та айтатын, басып та айтатын жері бар ғой!
Мұрат. Е, солай де, Ажар, Жарқын, сендер не дейсіңдер?
Ажар. Елдің бұнысы шыны. Бірақ қажымайық, қайрат табайық деймін.
Жарқын. Еңбегінде еңбек жоқ, егестен жеміс дәметкен ел боп тұрмыз да.
Мурат. Жә, Сейіт, Омар, сендер не дейсіңдер?
Омар. Босаңсымау керек қой.
Балтабек. Ырқына да жібере бермеңіз-ау!
Сейіт. Өзіне салса тұқырта беретін де әдет қой.
Мұрат (көпке). Егін ексе шықпайды. Мал өсірсе індет шырмайды. Адамын ауру иектейді. Аузында асы, қолында сауыны жоқ. Тракторы, машинасы тілде бар да, істе жоқ. Не жазығы бар бұл елдің? Сәрсек. Бәсе, осы жасықты жанып-жанып тасқа салатын, болаттың суын табатын партия қайда?
Жарқын. Осы өзің тапшы, жаным, есебін.
Балтабек. Е, сен керісті қоярсың сонда, Жарқын.
Мұрат. Ия, бастық келесі келіспесе, керіс жеңбей қайтушы еді? Жоқ, әлде жаны ашымастың қасында басым ауырмасынның көбі ме? Сен өзің, бастық бола-бола қажығанбысың деймін?
Сейіт. Ол ұсынысыңа құп дегеннен басқамыз жоқ.
Дауыстар. Өй, мынау Смайыл ғой.
— Ал, Смайыл келеді.
— Келіпті ғой... мал әкеп пе екен?
— Әкепті, айдап келеді дейді.
Смайыл келеді.
Сейіт. Жә, әкелдің бе?
Мурат. Қанша сиыр әкелдіңіз?
Смайыл. Қиталаса жүріп екі жүз сиыр алдым ғой әйтеуір.
Мұрат. Жә, қаншасы сауулы сиыр?
Смайыл. Жолдас Мұрат, Мұратсыз ғой? Екі жүзі де сауулы. Әдейі барды салғаным сол ғой, мына егіс науқанының алдында. Мұрат (Сейітпен ақылдасып алып, көпке). Жә, ендеше осы сиырдың дәл қақ жартысын, жүз сауулы сиырын, "Жігер" колхозы, саған берейік. Сауынсыз үйің болмасын. Мақұл ғой, ә? (Жұрт ырза болады.)
Смайыл. Е, тәйір, оның мақұл болмасы бар ма "Жігерге".
Мұрат. Ал, онан соң анау Балқыбекті қордалы байлық Балқыбегі етеміз. Тауда түлігің, егісте егінің шайқалып тұрған ел етеміз. Бірінші апрель ойын емес, шынымен сын күн. Ең алдымен МТС-қа, мына МТС директоры, Нияз, саған сын. Бар тракторыңның ремонты бітіп, барлық күшіңмен осы колхоздарға көмекке шығуға міндеттісің. Ол бір, екінші сол, бұл күн саған да сын, "Жігер" колхозы! Және сын болғанда қандай сын, мәймөңкелейтін түгі жоқ. Сол жаңағы барлық үлкен eгіc, үлкен тауды аударатын, меңгеретін срогің 15-ақ күн.
Дауыстар. He дейді? Ойбай-ау, қайтіп, қалайша?
Мұрат. Сол, солайша. 15 күннің ішінде барлық eгіc тамам боп біту керек. Бұл өлке, бұл аудан бүгінге шейін бүйтіп егіп көрген жоқсың ғой, солай ма?
Дауыстар. Көрген де, естіген де емеспіз.
Мұрат. Міне, партияның ауданға, МТС-қа, колхозға беріп отырған нұсқауы осы. Осыны дәл осы тұрған бәріміз бұлжытпай ада қыламыз, орындаймыз. Кәне, жүріңдер енді, жарыса-жарыса болдық. Сол әзірлікті кеңесеміз. Қане бері тартыңдар.
Дауыстар. Мейлі енді.
— Болсын енді.
— Көреміз енді. (Кетіседі.)
Сәрсек (Жұматайға). Жайнап тұрған отты жас екен. Тек жолы болса игі еді бақырымның. Жұматай. Сәрсек, бұл Ажар деген ақтарыла берсін. Әйтеуір кеңесіп, шындап алмай оңай көнбе.
Сәрсек. Есте болсын. Бірақ Балтабекке сен де ырық бере берме. (Кетіседі.)
Торқа (жылап шығады). Құрыдым ғой! Тентіреп кеттім ғой! (Жомарт, Зипа.)
Жомарт. Немене, бишара, байың қайтыс болды ма?
Торқа. Тілеуім құрыды ғой! Қолымда нәр де жоқ.
Жомарт. Мә, бақыр, мынаны талшық қыл. Құдай есіркесін. (Ақша береді.)
Зипа. Жомарт-ау, бұл кім еді, жаным-ау?
Жомарт. Ешкім де емес. Білмеймін де. Бұл да біздей бақыр ғой. Садақа әшейін.
Торқа. Жолың болсын, қарағым. Сен кім едің? Тым құрмаса атынды білейінші.
Жомарт. Білмей-ақ қой! Баяғыда байыңнан бір жақсылық көрген адам едім.
Торқа. Айналдым айналайын, садағаң кетейін.
Жомарт. Саған қылған Жарқын ғой?
Торқа. Сол қуарған. Құдай орайын келтірер, қолында өлермін. Жағасына жармасып өлермін, бәлем. Жомарт. Тиме Жарқынға. Тілімді ал. Сүйей жүрермін бақырым, жаным ашып айтамын. (Айналып қарап.) Зипа, сүйемелдеп былай жөнелтіп жіберші мүсәпірді.
Зипа мен Торқа кетеді.
Біреу (шығып). Байназар не болды?
Жомарт. Өліміне киліктім.
Біреу. Қатыны ше?
Жомарт. Мұнда қалады.
Біреу. Ә, дұрыс, ендеше бұйрық сол, соны керекке жарат.
Жомарт. Мақұл, тағы не бұйырасың?
Біреу. Смайыл жәйі. Қолынан іс келетін, өндіріп кететін кісі екен. Ірі де жырынды екен. Сыр алдырмай кетті. Шаруаны өрлетіп, абырой-атақ алып кететін сияқты. Әрісіне жіберме. Көз айырмай бақ, болмай бара жатса қыбын табасың. Жомарт. Жоқ, Смайыл қайта өрісіне жетсін. Сол қажет. Оны маған билетсең қайтеді?
Біреу. Ойланамын. Байлауымды кейін айтам. Ал, өзге қимылдарың немене?
Жомарт. Бір қимыл... Белсендіні ақсату.
Біреу. Кәр тіккенің кім?
Жомарт. Ең әуелі Жарқын мен Ажар. Ебін тауып, екеуінің де топшыларын үзіп-үзіп тастау қажет көрінеді.
Біреу. Дұрыс, қостаймын. Орында осыны.
Жомарт. Істей көремін, сол!
Біреу. Бар. (Анау кете береді, Зипа шығады.)
Зипа. Мынау кім, Жомарт-ау?
Біреу. Құдай қайыр! Ей, ағалар! Ей, апалар. (Кетеді.)
Жомарт. Е, бір қайыршы ма, мүсәпір. Мынау ел мен жолдың жөнін сұрап тұрмын.
Кетеді. Балтабек, Қонай.
Балтабек. Мені орнымнан алатын болды.
Қонай. Кімді бастық қояды екен колхозға?
Балтабек. Ажар деседі. Жақсы күнде аға ең. Жаман күн туса, қырын кетпе демекпін. Балтабек, Қонай бір әке, бір шешенің баласы ек.
Қонай. Өзің немене жорамалдап тұрсың, түге?
Балтабек. Тоқта. Мына Мұрат енді үш жерге күш салғалы жатыр. Бірі осы "Жігер" колхозы, екіншісі МТС. О да бұрын қырсыққан ит қыңыр жүгіредінің кебін киген жер еді ғой?
Қонай. Үшінші не екен?
Балтабек. Үшіншісі конезавод, сенің конезаводың. Ұқтың ба? Ал, колхоздан кетсем, менің барқадар табам деген жерім де сол сенің жылқы совхозың-заводың болатын. Ондағы сенетінім сен екеніңді білесің ғой?
Қонай. Өй, өзің не жағалатып тұрсың, жаным, осы?
Балтабек. Екеумізге сенің сол заводың арқылы бір береке оралайын деп тұр.
Қонай. Е, бақырым, онда соныңды айтсайшы.
Балтабек. Жалғыз-ақ демің ішінде болсын. Қала берсе қатыныңа да айтпайсың.
Қонай. Е, о не сұмдығың?
Балтабек. Жасырын.
Қонай. А? Өзі жоспардың жөні ме?
Балтабек. Жоспарға қарсы.
Қонай. Уа, Балтабек, тілеуімізді құртайын деп пе ең, не деп тұрсың?
Балтабек. Үндеме, түбі қайыр.
Қонай. Кімге қайыр?
Балтабек. Бұл жолмен жүрген кісі де аз емес деседі. Бұнда да көп бар.
Қонай. Балтабек, қай ботқаны былғайтыныңды білмедім. Бірақ, күндердің күні боп бір былығың шытатын болса бар ма, інім екен демеймін, тап төбеңді өзім оям. Қашан айтып ең деп жүрме, білдің бе? Балтабек. Бар ендеше, мынау былық екен де, қазір айт. Құдай ұрған жарымес, бар, айт деймін.
Қонай. Тоба, тоба... Шырмадым, шырмадым да былғадым десеңші онда. Балтабек. Жоқ, түк те былғағам жоқ, шырмайтыным да жоқ. Бірақ бір дер кезі соғады. Қолыңа мол береке оралады. Сонда қашан естіп ем деп жүрме. Қалт етпей әзір бол. Одан беріде сені мен көргем жоқ, мені сен көрген жоқсың. Тас түйін. Өзі ішінде жатсын да қалсын, болды.
Қонай. Ойпыр-ай, бәтір-ай...
Балтабек. Енді үн қатпа! Ұқтың, ұқтың да ішіңе тықтың. Жап енді!..
ШЫМЫЛДЫҚ
Үшінші сурет
Аудан орталығында Мұрат, Сейіт, Хадиша, Смайылдарға Сәт,
Жомарт, Зипа кездеседі.
Жомарт. Ассалаумағалайкум, иә алдияр, аталар!
Мұрат. Иә, шаруаңыз не еді? Ә, Сәт, есен бе?
Жомарт. Ағатай-ау, қонақ бір күн қонса ырыс, үш күн қонса жұт қой. Басқа пана, ауызға нәр боларлық бір орынға іліксек деп ек. Мына жеңгең екеуміз де соны тілеп жүрміз.
Мұрат. Менің сіздерге айтар орным жоқ. Иә, Сәт, сен ше?
Сәт. Өзім деген кісіге өзегімді беруші ем ғой, өзіміз деп келіп тұр ғой!
Мұрат (өте беріп). Түу, ақын-ай! Орналастырам деп өктеп тұр екенсің-ау. (Кете береді.)
Сәт. (Сейіт пен Хадишаларды тоқтатып).
Пана қып бізді қорғалап,
Кекіліктей жорғалап,
Құралай көзді қарындас,
Тәтті бір сөзі сорғалап,
Асыла тілек етіпті,
Мен де тұрмын қолдап-ақ.
Сейіт. Ә, солай ма еді? Немене, өзің бұны жете танып па ең? Күмәнсіз кісі ғой, солай ма?
Сәт.
Күмән жоқ, жылаулар ғой көзбен көрдім,
Көрдім де болысам деп сертім бердім.
Қарқ болса қашып шығып құтырып па,
Қайт қылма, ел деп келген бетін ердің.
Сейіт. Ал, әне, ақын да салыпты ғой, сендер не дейсіндер, Хадиша, Смайыл?
Зипа. Смайыл?! Смайыл дей ме, ой мына кісіні? Япырай, ә?
Хадиша. Иә, Смайыл болса қайтушы еді? Неге таң қалдыңыз?
Жомарт. Жеңеше-ау, бұндағы азаматтың атына қанық қой ол жақ.
Хадиша. Оны кім деп естіп едіңіз?
Сәт. Е, тәңірі, естиді де. Ана Ганшин, Сейіт, Нияз бәріне де қанық екен ғой, тіпті.
Хадиша. А, солай ма, болар.
Сейіт. Рас-ау, Хадиша! Тіпті осы кісі сенің қолың.
Хадиша. Маған бір көмекші әйел керек еді.
Сейіт. Ендеше мен маслихат етем, алшы осыны.
Сәт. Менің де қолқам сол болсын, Хадиша, алыңызшы.
Смайыл. Е, өзін Сот сәтімен әкелген ендеше.
Хадиша. Ал, сізді мен алсам не дер едіңіз?
Зипа. Апатай, не де болса панаңа алсаң екен. (Кетіседі.)
Мұрат бір топ колхозшы арасында.
Мұрат. Алған сиырдың сүтті болды ма? Қалай екен, Сәрсеке?
Сәрсек. Е, шүкір, сүт бар.
Мұрат. Сүйрік, сенің сиырың бұзаулаған сиыр ма еді?
Жұматай. Бұзаулаған ғой. Осы күнде біз де жаман емеспіз.
Сүйрік. Көрген сайын жәй-күйімізді сұрап тұрады өзі. Біртүрлі.
Мұрат. Жақсы. Бүгін бірінші апрель! Ал мына егіске "Жігердің" әзірлігі жаман емес... Ажар!
Ажар. Әнім жаңа түзелейін деді ғой, жолдас Мұрат-ау.
Мұрат. Бәсе, әнеугі әндерің жаман еді-ау, Жұматай, ә?
Нияз (шетке қарап, қолын бұлғап). Ал, жолдастар, ертең Балқыбектің тыңына мынау әнге басып отырып шығамыз.
Мұрат. Ал, көріңдер, бірінші апрельге МТС әзірлігі де жаман емес. Нияз. Төстабандар түсетін шын әншінің, зор әншінің әнін тыңдап көр әне! (Трактор үні шығады.)
Дауыстар. Ойбай, әннің төресі, шыны мұнда екен ғой.
— Ой, жанбауыр шөгелің!
— Ой, жануар, мынау неткен дүлділ еді.
Сүйрік. Әне, бір тобы тағы шықты.
Жұматай. Ол совхоз жерін жыртатын тракторлар!
Колхозшы. Жарқын, сенің бригадаң ба өзі?
Жарқын. Біздің тракторлар... Анау алдыңғы топ "Жігердікі", соған көмекке барады.
Жомарт (Торқаға). Жарқыныңды көрдің бе, жарқырап тұрғанын!
Торқа (жындылау). И-і-і-и, жіберші, жібер.
Жомарт (сүйреп, оңашалап). Қой, тиме! (Жарқынның қатыны баласын арқалап жүреді, соны көрсетіп.) Әне! Бүкіл Байсалдан қалған жалғыз Байназар еді. Ғайып болды. Исі Байсал құрыды ғой. Олар жоқ. Енді мына Жарқын көгереді, әне ұрпағы. (Алып жерге ұр деген ишарат жасайды. Торқа байпаңдап, құтырынып, Жақынның қатынының артынан кетеді.)
Дауыстар. Мынау Роман, біздің Салық бригадасына баратын трактор.
— Нешеу болды өзі, жаным-ау?
— Бәлем енді шыдап көрсінші Балқыбек!
Сәрсек. Үндеме, тек жолы болсын жортарымның.
Сәт (әндетіп).
Уа, тас қияға сермеген,
Асқар асқан елді көр,
Таспадай тыңы тілінген,
Топырағы торқа белді көр,
Құт қонады колхозым,
Қуанышты енді көр.
Дауыстар. Уа, дегенің болсын, ақыным.
— Әй, тілің бұлбұл, Сәтім-ай!
Зипа. Ақын құрбым, қуанышың қандай еді, қайырлы болсын.
Сәт. Қайырлы болсын, сенің оң шырайыңмен бірге болсын, Зипатай.
Зипа. Япырм-ай, соны аңдып тұр ма едіңіз.
Сәт. Мен тойға ұласса екен деп айтамын.
Қонай (оқшауырақ). Аңғал арап ақ айғыр, ақалтеке торы айғыр, қазақы қоңыр қара айғыр... Әй, жоқ, күйім жоқ. Бір жағы міне, бірінші апрель асқар ас дейді. Тағы бір жағы асқар асарда белден бас дейді. Мен қайдамын? Әй, Балтабек-ай, екіұдай қып құрттың-ау! Смайыл. Уай, колхозшы? Өздерің осы мынау алдыңғы трактордың үстіндегі кім екенін аңғардыңдар ма?
Дауыстар. Өй, мынау кім осы?
— Бәсе, осы кім? Қазақ қой?
Степан (мастау). Вот ду... чудак казак, дейсің, Асан десеші. Мына Ажардікі Асан. Үйреткен, ал ол, ол десеңші...
Дауыстар. Уай, ел болдың деген осы да.
— Ойбай, жаратқан-ай. Асан мынаған мінген соң егінші болмаған неміз қалды?
— Бәсе, өзіміздей-ақ талтиған таз емес пе еді осы да, о? (Тарс еткен дауыс естіледі.)
Дауыстар. Ойбай, сұмдық. Өртеніп барады ғой, өрт, өрт, өрт! Ой, анау, анау. Асан не болды өзі? Роман. Бұра алмады. Әлде тормозы бұзылған ба? Бензин алам деп анау май құйған бакке кеп соқты. Әне енді, барлық трактордың майы рәсуа болды. Атылып кетті.
Степан. Қап, егіске арналған барлық май кетті-ау, енді қайттік?
Роман. Неге отырғыздың сен Асанды, үйретіп болмай!
Степан. Апыр-ай, бұған не болды, көрсетіп-ақ ем ғой.
Роман. Көрсетіп ем... Он күнде үйретеді... Өтірік айтасың деп айтпап па ем, өтірікші демагог. Степан. Роман, қалжырама! Сен шовинист, шовиниссің. Осындайды пайдаланып қазақ колхозшысын тракторға жолатпайын дейсің ғой, білем сені. Роман. Бүлдірдің, демагог Степан, бүлдірдің сен. Степан. Мен емес, ерте үйреттірмей бүлдірткен сен. Бүгінгі күн тракторге мінгіз Асанды деп, жұрттың бәрі тапсырғаны қайда, райисполком тапсырғаны қайда?
Нияз (Мұратпен бірге шығып). Степан, Роман, жүгірші, мынау не шатақ? Мұрат. Нияз, бұ не қылған ойындарың? Смайыл. Ойпыр-ай, жаңа ғана бір қабағым ашыла ма деп ем!
Нияз. Колхозшыға жақсы көрініс болсын деп әдейі...
Мұрат. Өй, көріністерің бар болсын, түге. (Кетіседі.) Балтабек. Е, Ажар бір жарға ұрындырады демеп пе ем Асанды, сорлы-ай, сорлы. (Кетеді.) Смайыл (ашулы, Сейітке). Іші қостамап еді Нияздың. Сондықтан шала үйретіп, шығара салғаны ғой Асанды. Сейіт (ашулы). Қайда әлгі Нияз? Шақыр! Келтір мұнда. Әй, Нияз! (Нияз шығады, қасында Жауһар.) Бұ не? Мынау не қырсық! Не пәлең?
Нияз. Жолдас председатель.
Сейіт. Керегі жоқ сөзіңнің.
Нияз. Мінгіз, білгіз деген өздерің емес пе ең?
Сейіт. Бәсе, мінгіз, білдір демеп пе ек! Мынау халықтың қалың талабының үстінде сен не бүлдіріп тұрсың, сен МТС-тің директоры!
Роман. Міне, бұл нағыз барып тұрған зиянкестік.
Сейіт. Бәсе, зиянкестік. Бүлдірдің, әдейі істедіңдер.
Нияз. Жолдас председатель, сіз не деп барасыз осы? Ойлап айтыңыз, Нияз ондай кісі емес.
Сейіт. Жоқ. Жауаптылық сенде. Мен сені жауапқа тартам!
Нияз. Ендеше аямаңыз, көріп алармын.
Сейіт. Не дейсің, не деп егесесің? (Мұрат шығады.)
Жауhар. Не дейді мына кісі саған, әке? Сен бе едің сондай кісі! Жоқ, жолдас, бекер айтасың, менің әкем ондай емес.
Сейіт. Қой, шырағым! Нияз, сен жауаптысың, құтылмайсың!
Нияз. Айтқаныңыз мақұл, тартыңыз жауапқа.
Жауһаp. Жоқ, менің әкем жауапты емес.
Нияз. Жоқ, тарт, тартсын жауабын.
Сейіт. Ендеше тартыласың. Қабырғаңды қаусатып тұрып, жауап алғанды көрерсің ендеше.
Мұрат. Қой, Сейіт. Ашуды қой да, артық сөзді доғар.
Сейіт. Немене, не қалды енді? Бар жақсы әзірлік қайда кетті?
Мұрат. Ешқайда кеткен жоқ. Үркітпе жұртты.
Сейіт. Үркітпеймін, жауапқа тартқызамын.
Мұрат. Нияз жауапқа тартылмайды. Нияз ойыншық емес, адам. Біздің адам, оп-оңай жау таппайсың! Қаптама. Сейіт. Алғыз, ал арестке ендеше ана Асанды. Алдымен ұсталатын сол, ал арестовать! (Жөнеледі.)
Балтабек (Ажар, Жарқынға). Ал, Ажар, сенің екпінің Асанға тепкі болды ма?
Ажар. Не дейсің? Немене, табашымысың?
Балтабек. Уай, көз алдымда боп тұр ғой, көрме деп пе ең?
Жарқын. Ендеше ондайыңа жаситын кісі Ажар емес.
Балтабек. Әрине, бұның зор болғаны, отан сор болғанында кімнің жұмысы бар? Ажар. Не дейді мынау? Асанның күйігін жырлап тұрған жоқ, мені шырмап тұр ғой! Ер болсаң ішіңді ақтара түсші, кәнекей? Балтабек. Әдияғал, тапқан екенсің дұшпаныңды... Тракторды тырайтқан сендер емес, мен ғой, тегі. (Кетеді.) Ажар. Жарқын, не қылды, не бүлдірді, қалай бүлдірді бұ құрғыр, жүр, жүрші Мұратқа! Жарқын. Бәсе, осы Сейіттікі ашу мен күйік үстіндегі ұшқарлық болмаса игі еді?
Кетіседі, екінші жақтан бір шу шығады, қатындар шуы.
Дауыстар. Ойбай, жалғызым, не болдым, ұста, ұста қуды! Өлтірді, кісі өлтірді. Жарқын, ойбай сорлы Жарқын, баланды өлтірді, балаң өлді, Жарқын.
Қатындар жүгіріп кетеді. Жомарт Торқаны қуып келеді.
Жарқынның қатыны бірге келеді.
Жомарт (Торқаны алып соғып). Қураған-ай, қураған! Құлақ қатын!
Торқа. Ой, ой, Жо-жо... Жом...
Жомарт (буындырып). Өлтір, өлтір өзін! (Тізерлеп буындырып жатып өз пышағын Торқаға салып жіберіп, артынан Жарқынның қатынына пышақты ұстатып.) Сал, сал мына пышақты өкпесіне. Неге тұрсың, не деп тұрсың, бақыты күйген сорлы, сал, сал, е-е, жат, бәлем, жауыз.
Тұрады, кемпір өліп қалған, жұрт шығады.
Жарқын. Не дейді, не дейсіндер?
Бір қатын. Жаңа емшектегі баланды арқалап қатының келе жатыр еді. Мына Торқа, Байназардың жынды қатыны Торқа, баланы қатыныңның арқасынан жұлып алып, тасқа басымен бір қойып өлтіріп кетті. Тілеуің кесілді ғой, ойбай! Сейіт (шығып). Әй, мынау не сұмдық, не пәле тағы да? Ұсталды ма, қайда өзі, ол қатын.
Дауыстар. Ұсталды ғой міне.
— Ой, бұ неғып қан болып жатыр?
— Ойбай, бұ да өлген ғой.
— Бұ, қалайша, бұны кім өлтірді?
Жомарт. Ойбай, өзіне өзі пышақ салып жіберді ғой құзғын. Міне, мына кісі екеуіміздің көзімізше пышақ салды ғой өзіне. (Мұраттар шығады.) Сәрсек. Ойпыр-ай, мынау неткен сұмдық еді, жаным Мұрат-ай, пәле ғой. Бұл бір қырсық қой. Жарқын (баласын құшақтап). Жалғызым-ай, түбің күйгір дұшпан-ай! Қас дұшпан-ай.
Садық, Ажар, Хадиша, Омарлар шулап шығады.
Мұрат. Жә, тоқтат, Жарқын, берші, мына Хадишаға берші баланы.
Жарқын. Несін береді? Мына миын көрсеңші, біттім ғой!
Хадиша (алып қарап). Қап, не дейін, не істейін, жаным-ай, кішкентай қошақаным-ай! Жарқын. Ойпыр-ай, Мұрат ағатайым-ай, мынау кемпір құртты ғой. Тап жауының құртқаны ғой мені. Мұрат. Сабыр қыл, Жарқын. Жау бұл кемпір ғана болмас. Тегін болмас, түбіне шейін қазармыз, жетерміз түбіне. Мен әрдайым жаныңдамын. Барлық күшім сенің осы қазаңның жолында, ұқтың ба? Бұл сенің ғана күйігің емес, партияның, табыңның да күйігі деп біл. Садық. Жаным, Жарқыным-ай, дау еместі дау біліп, іс еместі іс деп біліп қаңғығанның бірі мен едім. Мынау кішкентай қозының өлімі қабырғамды қаусатты да, көзімді ашты ғой. Қайғыда серігің, қайратта сыңарың болайық. Мына жолдас Мұрат барды айтты ғой, бір жолдан шығайықшы, бауырым!
Ажар. Осыны мына нәрестенің өлімі үстіндегі серт етейікші!
Жарқын. Ендеше осы жаулықтың түп тамырын ашпасам ба, дүниеде тірі жүрмейін. Міне, менің партияға берген сертім. (Мұратқа.) Менің қынаптағы қылышым деп біл, партия! Жау жасытам дейтін шығар, адыра қал!
ШЫМЫЛДЫҚ
ІІ АКТ
Төртінші сурет
Хатшы газет оқып отыр. Омар кіреді.
Омар. Мұрат осында ма? Хатшы. Иә, Ганшинде.
Нияз, Ажар, Жарқын, Садық кіреді.
Жарқын. Мұрат босап па екен?
Xатшы. Жоқ, босаған жоқ. Омар. Әлі Ганшин бе? Нияз. Кіммен сөйлесіп отыр?
Омар. Ганшинмен.
Жарқын. Ұзақ сөз ғой.
Ажар. Оңаша сөз ғой.
Омар. Иә, аяғын тосқан мақұл болар.
Сейіт кіреді.
Сейіт. Е, жиылдыңдар ма? Ал Мұрат не, ол қайда? Хатшы. Мұнда. Сөйлесіп отыр.
Сейіт. Кіммен? Хатшы. Ганшинмен.
Сейіт. Ә, Ганшин бе? (Барып есікті аша береді.) Ганшин (көріп, түрегеліп, бері шыға бере). Ал, мен жүрейін, Мұрат.
Мұрат. Құп, Александр, сол!
Ганшин. Бұдан былай көбінше қайдан табыласың?
Мұрат. Мені Жарқын бригадасы мен "Жігердің" бірінен табасың.
Сейіт (Ганшин кеткен соң). Немене бұл? Қазір міне түн ортасы, сағат үш. (Күліп.) Жеті түнде неғып бөрліктіріп жүрсің? Мұрат. Ә? Сен немене, ұйқының жоқшысымысың? Ұйқы, тыныштық, тыныштық, ұйқы. Осы әншейінде шекара дейміз де, керек жерде, дер кезде сол шекарада ұйықтаймыз да жатамыз-ау, жолдастар, ә? Бұ тау арқасындағы ел осы, ұйқымыз қалың болса керек біздің. Бөрідей бөксерге тиіп жатқан жаулық, қастық та бар. Оған да мызғымаймыз-ау! Жә, осы шекара ма, жоқ па?
Сейіт (күліп.) Ойбай, сен тереңге кетейін деген екенсің, ал қойдық. Мұрат. Ендеше ертең ел алғаш рет, тегіс егіске шығады. Таңертең таты найқалып, халықты күттіріп отырамыз ба? Қазір колхоздар мен бригадалардың бәріне жетеміз де, ертемен елмен бірте аяққа басамыз.
Сейіт. Ал, мақұл!
Мұрат. Екінші, колхоз қайда жатса сонда жатып, нені ішсе соны ішеміз. Сойыс, түстік, тоқ, тыныштық бітті. Оның шырқы бұзылды. Аудан басшылығы сүт үстінде қаймақ болу жетті. (Кекетіп.) Еңбекті өзі істейді, ал біздей ерлер сере түскен, семіз серке болып күн кешеді.
Сейіт. Ойпыр-ай, тұқырттың ғой мүлде. (Күліседі.)
Мұрат. Ал, Жарқын, сен қалайсың? Көңілің қалай?
Жарқын. Көңілді не дейін? Бірақ, мынаны партия тапсырды. Осы істің үстінде партия сенімін ақтап шытам. Ал ішті, ананы сұрамай-ақ қой!
Мұрат. Неге сұрамаймын! Шыныңды айт, алаң емессің бе?
Жарқын. Ол бір іште оқ өтіп кеткен жер ғой. Жүректің түкпірінде қату боп шөгіп жатты ғой. Бірақ бар қажырымды отанның тапсырған міндетіне саламын. Мұрат. Болды. Дұрыс. Сен осылайша көзіңнің жасын жұтып жүріп, отан деп өзеурегенде, өзге басы аманның бәрі, мына тұрғанның бәрі тартынып, іркіліп көрсін. Садық, не дейсің? Садық. Мұндай күй, мұндай күнге келіп тұрып іркіліп қалсам, менің де өлгенім артықта. Сөзім сол-ақ. Жарқын. Ендеше менің жарам егісті емдесін. Егіс, табыс менің жарамды емдесін. Әзіргі жұмылғанымыз осы ғой.
Нияз. Әуелі соны емдеп алып, осыдан жолымыз болсыншы.
Мұрат. Жетті, болды. Одан арғысы...
Жарқын. Бәсе, одан арғысы...
Ажар. Көрерміз.
M ұ p а т. Көріп алармыз.
Жарқын. Көріп алармыз.
Мұрат. Міне, көрдіңдер ме, түсіндіңдер ме? Ендеше осы Жарқынның ішінде не жатқанын жадында тұт, ұмытпа.
Өзгелер кетеді. Мұрат, Ажар, Сейіт қалады.
Ажар. Екеуінен бір-ақ сөз сұраймын. Анау Асан кінәлі боп шықты ма, жоқ па?
Сейіт. Немене, байың ғой, ара түспек пе ең?
Ажар. Арам болса, байым түгіл әкем болса да омағатсын. Ал, адал болса шықсын деймін.
Сейіт. Шыққанына қуанасың ғой?
Ажар. Құр шыққанына қуанбаспын, адалдығына қуанармын.
Сейіт. Ол кінәлі болу керек. Ел алдында қандай үлкен компанияның қадірін түсірді? Ойлаймысың, не деп тұрсың? Босамайды.
Ажар шығады.
Мұрат. Асанның босауы керек, босайды.
Сейіт. Неге? Не үшін?
Мұрат. Ол үлкен іс, үлкен зиянкестік. Терең тамыры болар, онысы және ашылар. Бұндайға кінәлі шабақ болмас, шортан болар. Сейіт. Көзге шабақ көрінгенмен, шортан емес екенін кім біліпті. Қырағылық қайда? Мұрат. Жалғыз бір қараңғы колхозшыны шетке байлап, шығара қуып не барқадар табамыз? Қырағылығыңның бары сол ғана ма?
Сейіт. Мұрат, осы екеуміз ұғыса жүру керек еді.
Мұрат. О не сөз, не қыл дейсің?
Сейіт. Мен райисполком председателімін. Менің де авторитетімді сақтау керек болар. Мұрат. Қой, қолқа салыспайық. Ол лайықсыз. Авторитетті қолдан жасаспаймыз, іспен жасасамыз. Сол-ақ. Сейіт. Ендеше тағы бір сөз. Сен Ажар мен Жарқынға көп сенесің. Сақтандырайын, бұлар жік дегеннен бастары босамай келген адамдар. Өзі бұл жер шекара. Сақтана сенгейсің, бұныма не дейсің?
Мұрат. Болсын, жарайды. Бірақ, ол екеуін де істен сынаймын.
Сейіт. Сына, бәсе, сынай жүргейсің.
Мұрат. Сейіт, олар ғана емес. Сені де істен сынаймын.
Сейіт. Мен сыналып болғанмын. Сен жас қызметкерсің, мені орталықта да білетін кісілер аз емес. Мұрат. Бәсе, мен жаңа, жас қызметкермін. Сондықтан өзім сынап болмай, ешкімге де алдын ала жапырылмаспын. Осыным лайық емес пе? Басқа маслихаттар бермесін, солай емес пе? Сол. (Үндеспейді, Сейіт кетеді.) Ажар, Ажар, мұнда келші. (Ажар келеді.) Асан кінәсіз боп шықты. Асан босайды, таңертең үйінде болады. Тракторге қайта мінеді.
ШЫМЫЛДЫҚ
Бесінші сурет
Көшпелі амбулатория, Хадиша, Зипа.
Хадиша. Перерыв, перерыв, ал бөгелмей тез-тез жөнелтейік.
Колхозшылар шығады.
Колхозшы. Пай-пай, жағада Жарқынның бригадасы да кірісіп жатыр-ау. Сәт. Жұлқына кіріседі. Бірақ біз де осал емеспіз. Садық та қалыспай-ақ келеді.
Колхозшы әйел. Енді бізден бұрын тұрып, бұрын кірісуге бәсекелесіп апты.
Колхозшы. Садық бүгін соны көріп асықтырып, жарылып кете жаздамады ма?
Хадиша. Бәсе, олар кеше де, бүгін де бұрын бастады.
Колхозшы әйел. Оны қайдан көрдің, Хадиша апа-ау?
Зипа. Бәлі, құс ұйқы екен ғой бұл кісі, мүлдем.
Колхозшылар. Жарқынның тобын Мұраттың өзі бастап жүр ғой.
— Бізді Сейіт пен Омар да сүйреп-ақ келеді-ау.
— Социалистік жарыстың өзі базар, қызық, рақат думан екен-ау.
— Бәле, райком, райисполком өздері қыза кірісіп алған жоқ па?
— Шіркін, тракторларды айтсаңшы!
Роман, Жомарт.
— Уа, Роман, кел, кел.
Сәрсек. Айналайын Романым, Балқыбекті балқыттың ғой сен!
Хадиша. Роман, көрдің бе, колхозшыны қалай қуанттың? Жақсы.
Роман. Жолдастар, жалғыз Роман емес, мына Жомартты да айтыңдар.
Колхозшылар. Я, бұ Жомарт та тракторшы боп барады.
Жомарт. Тәңірі, Қытайдан қашқанда мен кеңестің елі де, ері де болам деп келмедім бе?
Сәрсек. Ә, бұныңа тіпті, әбден ырзамын, шырағым.
Хадиша (Романға). Немене, Жомарт шынымен жақсы боп келе ме?
Роман. Шек қылмаңыз. Шын ударниктің бірі.
Хадиша. Япырм-ай, ә
Кетіседі. Жомарт тығылады.
Сәт (Зипаға). Зипатай, көрдің бе әне, Жомарт та далада қалмайтын болыпты. Енді сөзіңнің ұшығына шықсам екен!
Зипа. Түу, науқан үстінде несіне алаң боласыз?
Сәт. Сен сүйдім, сендікпін десең, мен еңбек үстінде еңсем көтеріліп еселеп-еселеп самғамас па едім. Және жеңіл-желпі емес. Ұзағынан сүйіндір дедім ғой.
Зипа. Ұзағын айтасыз, Жомартты қайтесіз?
Сәт. Өз теңі табылмай ма?
Жомарт шыға қалады.
Жомарт. Жә, бұл сөзде мені де ортаға алсаңдар не етер еді? Ақын аға, ақын атасы... Жағы емес, жақын атасы екен-ау? Ал, сөйлейік, неге дағдардық? (Құбылып.) Жә, достар, ендеше саспайық. Шығар жол іздейік, табылар. Ақын, сен Зипаны Жомарттан мүлдем алам деме. Нысаны қара жерге отыртам дегенің қайда барсаң да қабыл емес. Ал, Зипа, сен де шалқайма, көңіл аула! (Зипа шошиды. Жомарт қатал түрде.) Сөзді қой. Адам болғанымыз кімнің арқасы. Қарызы бар. Және бұдан былай да пана болады. Екеумізге пана керек, дос керек. Сот абыройлы кісі. Жә, сол, оң шырайларыңды бересіңдер. Бірақ, мені жылатып тұрсыңдар ғой. Ақын, жалғыз-ақ сол қарызыңды ұмытпа. (Кетеді.)
Зипа (Хадиша шыққан). Ойпыр-ай, не деді? Не деген сұмдық?
Сот. Жаным-ай, бұның кім еді? Екеумізді қосты да, ортамызға жылан тастап кеткендей болды-ау, Зипа, жөніңді айтшы, Зипа. Осы мен кімді қорғап, кімге ара түсіп жүрмін. Жөніңді айтшы, жаным! Зипа. Сәт-ay, о не дегенің? Оның не жазығы бар? Қайтсын о байғұс, енді не десін? Құрысын, құрып қалсын, жер қып кетті-ау. Өлімнен ұят күшті деген осы екен-ау, осы ма еді?
Хадиша. Осы сенің күйеуің қалай адам өзі, ә?
Зипа (өзгеріп.) Не қалайын сұрайсың?
Хадиша. Мен саған сырлас болайық, шынды айтысалық деп едім-ау!
Зипа. Ендеше мен қолыңдамын ғой, апатай-ау!
Хадиша. Іріккенің бар ғой.
Зипа. Не дейін? Ала... жоқ, жоқ (қиналып), сізден іріккен түгім жоқ.
Хадиша. Осы Жомартты көптен білуші ме ең, жоқ жақында таныс па ең?
Зипа. Оның несін сұрайсыз?
Хадиша. Тағы саудаласайын дедің бе? Неге қашқалақтай бересің? Зипа. Қолқаң ол болса айтайын, апа. Дәл осылай кетерден үш-ақ күн бұрын таныдым.
Хадиша. Бұған неге ойыстың?
Зипа. Шалға тимеймін деп, ит пен құстың кіміне болса да тигелі жүргенімде осы оралды.
Хадиша. Бұл оралғы салысымен осылай әкетем деді ме?
Зипа. Жоқ, еліне, Қытайға әкетем деп еді. Солай жөнеліп те едік. Бірақ, алдымыздан қуғын шықты деп естіп, осылай кеттік қой. Жомартта жазық жоқ, ол емес.
Хадиша. Ә? Солай ма?
Сәрсек, Садық, Смайыл, Сейіт, Нияз, Жомарт.
Сәрсек (Садықпен бірге келе жатып). Кім шығарды бұл жаңа тұқым дегенді, тағы үсіп кетеді ғой! Смайыл. Өй, тәйір, сендер әнеугүні Балқыбекке трактор жүрмейді деп те сәуегейлік қылғансыңдар. Бүгін әне Балқыбектің оңы-солы, өнебойы қарс айрылып, таспадай тілініп қалғанын көрсеңші. Сәрсек. Қап, Смайыл-ай, осы елге сенің еткен еңбегің бар екені рас еді. Бірақ, тап осы тұста адаспаса игі едің, шырағым.
Смайыл. Адаспаймын.
Сәрсек. Тым болмаса Мұратпен де бір тіл қатпадым-ау.
Смайыл (Сейітке). Сөзін қара. Райсполком емес, райкоммен ғана сөйлескісі келеді-ау.
Сейіт. Әй, шал, қой енді. Одан да бөгелмей іске басындар.
Смайыл. Е, бәсе, шатақты доғарсаңдаршы, шалым-ау! (Жомарт Садыққа.) Бар, сол тұқымды септіріңдер.
Балтабек шығады. Жомарт онымен оңашалау сөзде.
Жомарт (Балтабекке). Немене, сенімді ме?
Балтабек. Үндеме, сенімді.
Жомарт. Неменесі сенімді?
Балтабек. Үситіні сенімді. Үндеме, қараңғыда там сүзеді Ажардың колхозы, бар, себе бер. Сәрсек. Қап, қап, болмас. Тек осының түбі қайырлы болсын. (Кетіседі. Балтабек, Жомарт.)
Жомарт. Әй, Қонайды қайттің? Ойыстырдың ба?
Балтабек. Ойыспай жүр, үркіп жүр. Өзім батып жүрген совхоз жылқысына қайтып қастық етем дейді.
Жомарт. Шын ба? Арылып болдың ба?
Балтабек. Арылып жүрмін, болмай жүр.
Жомарт. Жақының, атаң, бағаң зор-ақ екен атаңа.
Балтабек. Аянғаным жоқ.
Жомарт. Жә, жетті. Ендеше жақсы болмақ, мақтан алмақ қой. Ал, дәл соның өзіне қараған жылқы, дәл өз тобының ішіне ауру араласады, оны қайтеді?
Балтабек. Не дейсің? Қалайша?
Жомарт. Асыл жылқысы былғанады. Төрт-бес күн болды, МТС-тың подсобныйында екі жылқы жамандатып қалған екен. Сол орайда МТС бастығының біреуі подсобныйға барған-ды. Жалғыз-ақ жамандат жайын білмеген. Ал ол жерде жылқыны совхоз жеріне жаюға рұқсат сұралыпты. Өзге жер тозды, оты қашты депті. Сонымен рұқсатын алып ап, ауруларды дәл Қонайдың анау аңғыл арап ересек жылқысының тап ортасына апарып жайып жүр. Ұқтың ба?.. Сонымен жақында Қонай қонжияды. Жалғыз ғана емес, МТС бастығы да шатқаяқтайды. Балтабек. Ойпыр-ай, не дейсің? Ал барған бастық Смайыл ма? Бастықтың орынбасары ғой, Орай соныкі ғой?
Жомарт. Жоқ, ол емес.
Балтабек. Енді қайсы?
Жомарт. Оны басқа бір орынға сақтау керек болды. Нияз барған, міне енді Қонай жылқысынан індет шыққан күнді анды. Сонда сасып, қысылып есі шыққанда осының бәрі өзіңнен, көнбеген кесіріңнен деп жағалат. Көнбесең бұдан да үлкен отқа түсесің де, осыны да сездір... Білдің бе, бар!
Кетіседі. Хадиша, Зипа шығады, қастарында ауру Жұматай,
Балтабек және бірнеше колхозшы.
Колхозшы. Шырағым, мынау перерывке дейін зорға шыдадым.
Жұматай. Осы араға өкпемді әрең сүйреп келдім.
Хадиша (жақындап, иықтарын қарап). Кеше екеуіне де егіліп еді ғой. (қарап) Е-е, сол күдігім рас болды. Белгісі шығыпты ғой. Екеуіңдікі бір ауру. Ажар! Ә, Ажар, мұнда келші.
Ажар, Сүйрік, Сәрсек, Жомарт, Омар шығады.
Ажар. Мыналардың аурулары не екен?
Хадиша. Осы біздің колхозшылардың қолындағы сауын малының іш тастағаны бар ма екен, білемісің?
Ажар. Жоқ болар, жоқ қой. Солай емес пе?
Сәрсек. Тастаған-тастамағанын кім білсін. Қолымыздағының бәрі әнеугі Смайыл сатып әкеп таратқан малы ғой. Қасында еріп келген бұзауы жоқ, қайдан білейік. Хадиша. Сондай ауру малдың сүті осы ауруды туғызады, жұмыс үстінде сусыннан айыру да қиын. Бірақ енді тез қам істеп, тез сақтық етпесек мынау елдің бәрі ауру болуға мүмкін.
Жұматай. Жаным-ау, осыны шын айтамысың? Бұ не дегенің?
Сүйрік. Ойбай-ай, сорыма болайын.
Балтабек. Уа, өйдегенше құрттым десеңші.
Жұматай. Сиырымды алатын болсаң ендеше қамқорлығыңа рақмет.
Мұрат, Ганшин шығады. Сәрсек айтып жатады.
Балтабек. Е, бұл бір сылтау ғой.
Дауыстар. Уа, көнбейміз...
— Бермейміз.
Ажар. Уа, қойыңдар әpі, немене, сонша шулап, сандырақтап.
Дауыстар. Жоғал әpі.
— Күйдірме енді.
— Бүлдірме елді, білдің бе!
Мұрат (жақындап). Әй, тоқтаңдар. Бұл немене? Не десіп тұрсыңдар өздерің? Хадиша, сен немене, не қып тулатып тұрсың мынау елді.
Хадиша. Мен ғылым жолын, медицинаның дегенін істеуге міндеттімін. Мұрат. Е, сөйтіп жауаптылықты ада қылғаның мынау ғой, аулақ жүр ендеше былай. Ганшин. Жолдастар, сабыр. Бүйткенше шығар жолды айту керек қой. Мұрат, Хадиша, Ажар, біз ақылдасып жұртты ақтан айырмаудың жолын шешейік. Сол шешілсе өзгенің бәрі ашық мәселе ғой. (Колхозшыларға.) Жолдастар, сендер өз сиырымның ғана сүтін ішем деген дейсіңдер ғой? Осы ақ болса болады емес пе?
Дауыстар. Е, соқырдың тілегені екі көзі де!
— Ақ болса болады.
— Тек ақтан айырмашы осы.
Мұрат. Ендеше ақтан ауыздарың арылмайды. Ал одан өзгені қалай шешуді бізге беріңдер.
Дауыстар. Е, сөйдесеңші тым құрмаса.
— Е, бәсе, тіпті.
Ганшин. Міне саған сүттің бунты керек болса? Хадиша жолдас, бұ қалай, ә? Хадиша. Япыр-ау, Александр Иванович, ойласып білсеңдерші, мына халық сорлады ғой. Улады ғой. Бұл зор зиянның бір түрі ғой тағы да.
Мұрат. Жетті енді паника.
Ганшин. А, не дейсің, Хадиша.
Хадиша. Мұрат, тоқташы, ұғысайықшы.
Мұрат. Ой, ұғысқаның бар болсын. Сөйлеме. (Хадиша кетеді. Ганшинге.) Мәселе ашық, не сөз бар? Зиянкестік нәтижесі, көрдің бе?
Ганшин. Иә, жә, шаруа жолында ел ұғымы нығайып болды ма осы?
Мұрат. Ел жұмылды, дегеніне жетеді, бірақ ендігі пәле басқада жатыр.
Ганшин. Бәсе. Пәле адамда.
Мұрат. Қас ойлаған адамда жатыр. Ендігі біздің күш, көптің күші, барлық күш жау ініне тор салып суырып алуға арналсын.
Ганшин. Я, мезгіл жетті. Жау ұяларын табайық.
Мұрат. Жау бар, табу қажет. Барды салайық, табайық, тап соны. (Қоштасады, Ганшин кетеді. Мұрат, Смайыл.) Жә, сен сатып әкелген сиырдың дерт ала келгені қалай?
Смайыл (күліп). Онда әдейі дерттісін сатып алайын дегенім шығар.
Мұрат. Нәтижені қайтесің?
Смайыл. Нәтиже болса, осы аудан колхозшысын тегіс мал мен аққа молықтырдық. Егіс жоспарын 125 процент орындаған күнге жеттік. Оны не дейміз? Мұрат. Ол партия мен Советтің және қалың колхозшының тапқан нәтижесі болар, жігітім.
Смайыл. Осы сиырлардың көрер көзге дімкәсі, нашары болды ма?
Мұрат. Көрер көзге солай, ал іші не болып шықты?
Смайыл. Ішіне мен кіріп шығыппын ба? Ішінде, сүтінде не дерттің жатқанын қайдан білейін? Мұрат. Тәжірибең қайда? Кебенек тиген ешкі, маңқа болған жылқыдан аудан шаруасына тиген кесірді білмеуші ме ең? Мұнда саған не болды?
Смайыл. Бұл жолы асығыс болғанын қайтесің.
Мұрат. Бәрібір. Бұндайдың сен екеумізге бір зауалы болады, шырағым.
Смайыл. Жарайды, не дейін. Ал міне, мынаны көрші.
Сәрсек, Ажар бастаған колхозшылар тобы. Арасында Хадиша, Омар,
Садық, Жұматай, Сүйрік.
Сәрсек. Айналайын Мұрат-ай! Әнеугіде қатты айтқанда қамымды жеп айтқан екенсің ғой. Қолыңды әкелші, қарағым. Ел болайын дедім ғой.
Садық. Бүгін 14 апрель. Егіс басталғанға 13-ақ күн болды. 125 процент.
Мұрат. Құр өзіңді айтпай, мына Жарқынмен салыстыра айт.
Жарқын. О жағына батылы бармай тұр ғой, білдің бе?
Садық. Е, бес процент артық орындағаның рас. Ондық қисының да бар.
Сүйрік. Ой, сөзіңе болайын. Жете алмадық десеңші одан да.
Садық. Қой деймін. Тек тұр дегенім қайда, Сүйрік-ау.
Сүйрік. Ойбай, шұнағына болайын, айтам, неге айтпаймын? Табысты айтумен бірге кемшілікті де айт дейді, қайтесің ал.
Сәрсек. Бәрекелде, жарқыным, сен алдымен жарқырап тұрсың, неге мақтамайын? Мұрат (көпке). Егісті бітірулерің мақтан екені рас. Бірақ, егіс біткенмен есеп біткен жоқ, есебіміз кетіп жатқан жау бар. Жаулық бар. Осы егіске әзірлік үстінде дәл егістің өз үстінде жау жотасы аз көрінеді ме?
Ертіп кетеді. Нияз, Асан, Роман шығады.
Нияз. Анау Степанды біз орнынан шығарып отырмыз. Әзірге бірінші кінәсі ішкіштік. Роман. Тапсырылған міндетке жауапсыздық. Ондай адамның өзі болғаны керек емес. Асан. Бері келіп тракторды таныған соң байқадым. Әнеугі салғырттығы тіпті шын қастыққа бергісіз ғой. Бірақ әдейі деуге аузым бармайды. Оны айтпаймын. Роман. Асан қазір мықты тракторист боп алды. Нияз. Степанды жоқтатпайды ғой, солай ма? Сенімді ме?
Роман. Шоқ жоқ. Жігіт боп алды.
Степан шығады, мас.
Степан. А мені, мені уволить... уволить қылғансың, директор. А мен қандай кісі?
Роман. Бар, бар, қандай кісі екеніңді таныта алмаған соң шығарды, қайтесің. Степан. Таныта алмаған, жоқ... Мен қайғылы кісі, сондықтан ішетін кісі... Мен... мен, жолдас директор, өзімді Совет өкіметіне әлі танытамын, танытатын кісі. Әлі сен де танисың. "Степан!" дейсің, дейсің әлі!
Кетіседі. Қонай Мұрат, Смайылды ерте шығады.
Ниязды тоқтатады.
Қонай. Бері келіп құлақ салыңдаршы, азаматтарым- ай, мен бір сорға ұшырадым ғой.
Смайыл. О не, Қонай?
Қонай. Тап бес күн ішінде он атым жамандат боп шықты. Бүгін дәрігер айтып отыр. Осыдан он-ақ күн бұрын тағы бір әдейі қаратып ем, сап-сау еді. Мынау ылғи ақалтеке арғымақ, бір топты жеке баққызушы ем. Келді ғой пәле!
Мұрат. Қайда баққызушы ең? Жұққан ғой? Қайдан жұғып отыр?
Қонай. Бәсе, айналайын, мінеки тауып айттың. Жайылыстан жұғып отыр. Дәрігер әкеп тексеріп шығып ем. Тап мына Нияз, Смайыл, сендердің подсобниктеріңде жамандат болған үш жылқы бар екен ғой. Сорым бар басым. Не көріп жүр едіңдер?
Смайыл. Не дейді, бәтір-ау, онда сенің жылқыңның не ақысы бар? Қонай . Сол жылқыларың соңғы күндері ылғи түнде біздің жерге барып жайылады екен ғой.
Мұрат. Кім жайдырып жүр ол жерге?
Смайыл. Нияз-ау, бізде жамандат бар ма еді?
Нияз. Мен білген жоқ едім.
Сейіт. Ал, бұлардың жеріне жай деген қайсысың? Кімге бұйрық етіп ең?
Смайыл. Мен егіске айналғалы тіпті подсобныйға барған да жоқ едім. Нияз, осы әнеукүні сен барып келмеп пе ең?
Мұрат. Нияз жаңа адам. Сен не қарап қалдың, Смайыл?
Смайыл. Мен егіс қарап қалдым. He қарушы ем?
Нияз. Смайыл емес, менен болды ғой.
Сейіт (Хадишаға). Смайылға тиген тіпті орынсыз ғой, Хадиша-ау, тіпті обалы керек емес пе бишараның.
Мұрат. Жалғыз сенен емес, мынадан да бар, неге айтып жібермейді саған?
Смайыл. Есектің күші адал, сүті арам десеңші өйткенше.
Мұрат. Олай деме, шырақ, біздің досымыз есек болмайды. Саналы деп дос етеміз. Ол түгіл, қасымызды да құр есек қана демейміз. Қонай. Ойпыр-ай, жолдас Мұрат-ай, бәрінен де мен күйдім ғой, мені айтсаңшы...
Мұрат (оқшауырақ алып). Иә, рас, саған салмақ түседі, Қонай, сенің атың Қонай ғой, сен осы конезаводтың мақтаулы жылқышысы едің-ау!
Қонай. Мақтаулысын қайтейін. Құрыдым ғой...
Мұрат. Е, сотты болдым деп қорқамысың?
Қонай. Жоқ, Мұрат, тергелем деп қорықпайым, адал еңбегім арам терге айналғанын қайтейін?
Мұрат. А? Сен шынды айттың-ау, дұрыс айттың.
Қонай. Сені іздегенім осы еді. Айтып өлейін дегенім осы тана еді.
Мұрат. Ендеше сені оп-оңай су түбіне батыра салады деме, сен қурай емессің. Қолдан Қонай жасап ала аламыз ба, оп-оңай ма? Жасаған атағың болса өзің түзеп көр, таты сынайық деп айта алмайды деймісің? Қонай. Айналайын, айналайын-ай, тіпті жаным жаңа сая табайын деді-ау мына сөзіңнен. Ендеше мен қайтейін, не істейін, өзің айтып берші, сонымды да, өзің айтшы!
Мұрат. Олай болса, мынау іс қастың ісі болар.
Қонай. Япыр-ай... Ә? Не дейсің, айналайын-ау?
Мұрат. Қастық болса, және бірден совет малын торыса, екіншіден сені де, дәл осы тұрған Қонайды да қадаған қастық болмасын.
Қонай. Япыр-ай... Не дейсің, қалқам-ау... е-е..
Мұрат. Өзге жылқышының тобына килікпей сенің жылқыңа не тып ілігіп отыр? Осы бір жаты сені де түйреген оқ емес пе екен? Ал міне ойлан, ізден, бұл істің тамырын қазып, аршып ақтаруға бір жатынан өзіңді қосайық. Дәл сен білген жерде, сені тартайын деп жүрген жылым жоқ па екен. Осыны алдымен өзің іздесіп, барлық былық болса өзің тауып көрсең қайтеді? Қонай. Болды, Мұрат. Нар тәуекел! Жібер, мені де жіберіп көрші, айналайын... Мұрат. Кәне ендеше, Нияз, қазір мына Қонаймен барып, бар жылқышыны тексеріп, кімнен болған, неден болғанын айырып келіндер. Осы екеуің өздерің ретте, өздерің кіріс! Колхозшылар қайда, олар не біледі екен? Жарқын! Сәрсеке!
Кетеді. Смайыл, Жомарт, Балтабек, Степан.
Смайыл. Немене, Степан, кеттің бе?
Степан (мас күйінен айыға қап). Кеткенім жоқ.
Жомарт. Советке Степанды танытпай кетпейді бұл! Ұқтың ба?
Смайыл (Жомартқа). Өзің ше? Жіті басып өндіремісің, жоқ па?
Жомарт. Үндеме, саспа! Теріп жүрміз ғой тәңіріңнің берген нәрін, теріп жүрміз де.
Смайыл. Е, тер, тер! Балтабек не дейді?
Балтабек. Балтабек не десін. Қонайдан қолай таппадым дейді де.
Жомарт. Шырғаға келмей шарықтап тұр ма?
Смайыл. Халықты үйіріп әкетіп үгітті асырды ғой мына Мұрат.
Жомарт. Босаңсыма, түңілме, білдің бе?
Смайыл. Қонайға осы бір жамандат не етер екен?
Жомарт. Ала көкек неме ғой. Дәме қылсаң басқадан дәмеленсеңші.
Балтабек. Жылқышымен құдалық сөйлескелі жүрмін.
Смайыл (сақтандыра). Биттей бір ақаулы жерің болса аман қалады екем деме. Мына Мұрат, ашпай қоятын емес қой.
Жомарт. Кісінің санында емес, нәрінде ғой. Асықпай іздет.
Смайыл. Солай деймісің? Ендеше бұл ұсынысыңды мен ойланайын. Түбінде өзің шешесің ғой. (Балтабекке.) Үш күннен соң, базар күні аудан басында маған жолық. Ұқтың ба? (Степанға.) Ал, Степан, қатыныңа қадірлі күйеу боп баруға жараймысың, жоқ па?
Степан. Жараймын, тек күніңді айтшы!
Жомарт (Смайылға). Асықпа, шарықтасын сондай күнге қат-қабаты дәмді де.
Смайыл (Степанға). Қатыныңның сағынуы шегіне жетсін дейді Жомарт, білдің бе. Жомарт. Кейде запойм ішіп жібер. Сен түлкінің қалай қашатынын білемісің? Басқан ізін, құйрығын бұлаңдата, көміп кетіп отырады.
Степан. Ал, өзің, өзің ше?
Жомарт (қатайып). Мені сынама, білдің бе? Сөз қылма. (Келе жатқан колхозшыларды көріп қалып.) Бісмиллаһи, аллауакпар, я аппақ қожам! Кәпір, мынау біржолата ләйліп бітіпті ғой өзі. (Степан мас бола қалады.) Степан. Me... менікі кәпір ме? Кет! Кет! Қытайдікі қатын жылайды... Аяқ мынандай. Неге сондай? Значит сенікі кәпір. (Күледі.) Жомарт. Иә, қожай бәуәдін сырқынды немені қарашы, мас та болса қарсылығы қалмайды я пәруәрдигәр.
Мұрат шығады. Мыналар кетеді. Мұраттың қасында Ажар,
Жарқын, Сәрсек, Жұматай.
Мұрат. Анау Асанның тракторын бүлініп, трактор майының өртенуі, Жарқынның баласы өлуі, жұрттың дертті сиырдың сүтінен ауыруы, мынау жылқы дерті бар. Осының бәрі ұштасып, ұласып жатқан дерт... Ендігі күндіз-түнің, бар күшің осы жаудың жаулығын бағумен, соны ашумен болсын деймін. Жарқын. Отан алдындағы міндет, енді міне, осыны талап етеді, ендігі осыда, бәсе.
Жұматай. Ал, енді ізін-түсін айтшы тым болмаса "ол жаудың?
Сәрсек. Бәсе, соны тана сездіріңдерші.
Мұрат. Оны ашпақ керек. Шекараңды және өз араңды, ішіңді андып бақыла. Жау бар, жау анық. Бірақ сол жаулар кім? Соны табуға партия мен үкіметке жәрдемдес бол. Қайда, кәнеки, қайда сол жау?
Ажар. Қайда бәсе. Жау бар, бұл анық.
Жарқын. Жау бар, ол даусыз, ұясын, ұясын ізде.
Мұрат. Бұл жаулық тегі өзіне шебер-шебер әдістер жасап ал тан, жымын білдірмейтін, жылан жүрісті жаулық. Ажар. Ендеше, ендігі күшіміз, барлық отанды сүйген жігерлі күшіміз соған, соған жұмсалсын. Колхоз елі, шекара колхозының қажырлы елі, жауынды тап, тап жауыңды!
ШЫМЫЛДЫҚ
Алтыншы сурет
Түн дала. От. Колхозшылардың даладағы бір түні.
Ортада Мұрат, Ганшин, Хадиша, Сәрсек, Омарлар.
Сәрсек. Еңбек ақталатын сияқты. Үмітім зор, несін айтасың.
Мұрат (Ганшинге). Көрдің бе, Александр, Жігерің қалай, сенің подшефный колхозың осы жолы жігіт бола ма деймін?
Ганшин. Болады. Болмайтын несі бар, бәсе? Солай емес пе, Сәрсек? Сәрсек. Ал ендеше, бүгін түн ешқайда бармай мына колхозшының бір тыныққан, демалыс түнінде екеуің де бірге болыңдар.
Мұрат. Мақұл, өзі қандай бір әдемі, рақат түн еді.
Ганшин. Иә, сұлу түн.
Мұрат. Жұлдызды аспан, қалғыған жым-жырт дала. Желпіген қоңыр салқын.
Ганшин. Е, өзің ақынсың ғой, ну тағы, кәне қоса түсші.
Мұрат. Үндеме, күлме. Еткен еңбектің бір әдемі өтесіні сияқты бір әдемі түн. Сирек түн. Сәрсек. Бәсе, көптен бері көрмегендей бір аңсап қалыппыз-ау өзі. Шыны рақат. Мұрат. Солай ма, ендеше оның рас болса, бас әніңе. Әй, жолдастар, келіндер бүгінгі түнде, мынау оттың айналасында мынандай бір әдемі тыныс алуға түнде көңілденіп тұрып, бір сауық-сайран жасайықшы.
Дауыстар. Уа, келіңіз.
— Бәсе, осы неге отырмыз?
— Уай, он, би, гармон!
Ганшин. Ал, Жауһар, сен би билеп жібер.
Хадиша. Роман! Роман! Пожалуйста, баяныңмен бізге бір әдемі тура гопак сияқты тасқын күйлер тартып беріңіз. Мұрат. Ал, кел, бір көңіл көтерейік. Қызық сауықты келістіре білуші еді ғой осы тұрған ел. Сот, кәне әуелі сен басташы. (Сәт ән айтады.) О, жүрек толқыны. Түн — сүйіспендік түні дейді. (Орысша.) О, ночь любви.
Хадиша. Жақсы айтады, о, ночь любви.
Омар. Бәрекелде, айтсаң солай айт. О, ночь любви.
Сәрсек. Ал, Роман келді. Уа, айналайын Романым, бас, соқ. Уа, бас, соқ.
Роман. Не айтайын, Сәрсеке?
Сәрсек. Уа, барды тарт. Барыңды сал. Дәл мына, мен екеш кәрі Сәрсек мен де ырғып түсетіндей күйлер соқ.
Сот. Бәсе, сондайды... Айтты ғой жаңа Хадиша.
Хадиша. Ал, Жауһар... Шық ортаға, Жауһар!
Жауһар. Хадиша апа. Давай ендеше кавалеріңізді әкеліңіз.
Хадиша. Өзің, өзің баста.
Жауhар. Мен бе? Ну, мен ендеше пожалуйста, пожалуйста, кавалеріңіз шықсын, Хадиша апа, ну Мұрат аға, әйда, әйда, әйда әссә... әссә, Мұрат аға!
Соқтырып Омар билеп кетеді. Күлкі. Жарқын, Нияз,
Смайыл шығады.
Жарқын. Достар-ау, мәз-мейрам көрінесің, колхозыңа келген қырсықты білсеңші!
Сәрсек. Не дейсің, Жарқын-ау?
Дауыстар. Не дейді? Қырсығы не тағы да?
Жарқын. Ана Балқыбектің аяқ тұсына еккен жаңа тұқымның барлық егіні үсіп кетіпті.
Мұрат. Не дейді? Қанша гектар еді?
Садық. Ойбай, көп жер еді. Бестің бірі еді ғой, ойпыр-ай.
Жұматай. Жаным-ау, бұ неткен қырсық?
Сәрсек. Қарағым Мұрат, Александр, осы қырағылық дегенді көп айтып едіңдер, текке айтпаған екенсіңдер ғой. Шыдай-шыдай келіп ем, көзім жетейін деді ғой. Осы тұқымды екпейік деп құдайдың зарын қылмап па ем? Тақ осы егіннің жаласы кімге? Смайыл, бір шыбындай жаның бар, айтшы, айтып көрші, кәнекей. Садық. Бәсе, осы тұрған азаматтар, айтыңдаршы енді, мына Сәрсекең не деп еді, сендер не деп едіңдер? Смайыл. Рас, Сәрсек екпейік деп еді. Біз болмап ек. Кінәлі біз болдық. Не сөздігі бар.
Мұрат. Бізің кім?
Смайыл. Бізің — мына райисполком председателі Сейіт, МТС бастығы Нияз және агрономдар және мына мен деймін. Сәрсек. Не десең о де. Отқа жақынның қолы күйеді. Көсеу кімдікі болса, қол соныкі. Менің білгенім Смайыл. Кінәләйтін кісім де тақ сенсің, Смайыл. Смайыл. Бұл араға Смайыл деп, пәлен деп, салғыласудың қажеті де, пайдасы да жоқ, жолдастар, білдіңдер ме? Мұрат. А, сен солай деймісің? Ендеше, Нияз, Омар, Сәрсек, Садық, Жарқын — бесеуің қазір барып сол үсіген егіннің барлығын аралап, қай тұқымның егіні екенін анықтап акт жасап, ауданға әкеліңдер. Бүгін кешке ауданда тексереміз. Бар, тарай беріңдер. Сейіт, Александр, мұнда қалыңдар. (Өзге жұрт кетеді.) Жә, Сейіт, кім кінәлі бұған, жауап бер?
Сейіт. Кімді кінәлайын? Біреу әдейі қастық етті деймісің?
Мұрат. Қастық етпей не етті? Әлі де ақтамақпысың?
Сейіт. Ендеше совещаниеге бастық болған мен, қастық етті дейтінің мен болармын? Мұрат. Сейіт, мынау қастық іс. Қаскөй жоқ дейтін болсаң өзің өз басыңмен жауаптысың.
Сейіт. Мұрат, мен де сендей партия мүшесімін.
Мұрат. Кімнің кім екені істе сыналсын дескеміз.
Сейіт. Иә, сонда мені жат демекпісің, кім деп сөйлеп тұрсың?
Мұрат. Ешбір партия мүшесінің аяты аспаннан салбырап түскен жоқ. Өйтіп алшаңдаған еркелікті кім берді саған? Кімді өртеп, нені күйретіп, нені күйдіріп отырғаныңды көремісің.
Сейіт. Мен өртеуші емес. Мен ауданды аяққа бастырушы.
Мұрат. Доғар ол сөзді.
Сейіт. Болысқаның Нияз ғой.
Мұрат. Нияз жазықсыз болса неге болыспаймын?
Сейіт. Сен мені Ниязға сатқан екенсің. Көріп алармыз Ниязыңды да.
Мұрат. Беталды жабысып, текке соқтықпа Ниязға.
Сейіт. Сен неге маған соқтығасың, жазығым не?
Мұрат. Менің саған істеген коммунистігім сол. Шынымды өзіңнің бетіңе айтамын. Бүгін райкомда ең алдымен сенің басыңның мәселесі қойылады.
Сейіт. Мұрат, тоқтат, жетті енді.
Мұрат. Жетті? Не демек боласың? Жеткеннің әкесін енді көрерсің.
Сейіт. Көзіңді ашып қара, өйте берсең мен алынбаспын, алдымен сен ұшарсың.
Мұрат. Ә, сенгенің бар ғой, соған сүйеніп шолжыңдап жүрсің ғой. Жоқ, жолдас, оның да шегі бар. Сейіт. Ганшин, не дейді мына Мұрат, мынау зорлық, бұл жікшілдік, зорлық қой. (Ганшин үндемейді.) Оңай көнбеспін, көріп-ақ алармын ендеше сені де. (Кетіп қалады.) Мұрат. Қазір райкомның мәжілісінде ең алдымен бұның партиялық мәселесі қойылады, екінші, облыс алдында бұны орнынан алу әңгімесі қойылады. Және әсіресе мынау колхоз қазасы үшін сотқа беретін, шындап тексеретін болады. Не айтар екен. Мәжіліске сен де жүр, сен де бол, көзіңмен көр, мақұл ма?
Ганшин. Бол, ендеше жүр. (Кетіседі.)
ШЫМЫЛДЫҚ
Жетінші сурет
Қараңғы түн. Дала. Хадиша, Зипа, Жомарт жолдан адасып жүр.
Хадиша. Ойпыр-ай уақыт өтіп барады. Мұрат телефон соққалы міне бір жарым сағат болды. (Жомартқа.) Тап, тап деймін жолды. Сені не қара басты? Жомарт. Құдай қара бастырды ғой бәсе, мен сорлыны. Иә аруақ, иә құдай, демей гөр, иә аппақ қожам! Хадиша. Ой, сыйынғаның бар болсын, жолды тап, кешіктік қой, енді қайттім, бәтір-ау?
Жомарт. Өзі немене болыпты дейді Мұрат.
Хадиша. Доғар сөзді. Жолды тап шапшаң!
Жомарт. Ойбай, апатай, жөнелейін, іздейін, іздейін мен бақыр, мен бақырың. (Кетеді.)
Зипа. Апатай-ау, не қыпты дейді? Нияз өлген бе, өзі немене?
Хадиша. Кім өлгені белгісіз, әйтеуір қырып кетіпті дейді.
Зипа. Құдай-ау бұ неткен сұмдық? Қырған кім, апатай-ау?
Хадиша. Мәлім емес.
Зипа. Алда, көріңде өкіргір-ай, кім екен. (Шығып кетіседі.) Жомарт (қайта оралды, бас бағып келе жатқан Біреу кездеседі). Жә, жер тығыз, қысқа айт, немене? Біреу. Нияз қызы жарадар боп қапты, өлмепті. Егер есін жиса, кісі атын атап сырды ашып жібереді. Не қылсаң да дәрігерді — ана Хадишаны соған жеткізбей қақпалап әкетесің осы түнде.
Жомарт. Е, адасып-ақ жүрміз ғой. Кешіккенімізге бірнеше сағат болды.
Біреу. Жоқ, жеткіліксіз...
Жомарт. Енді қайт дейсің?
Біреу. Дәрігердің өзін де қамту керек.
Жомарт. О кімге керек?
Біреу. Қой, доғар бақасты. Айтқанды істе. Нияздың қызы кімге керек еді? Сол сияқты.
Жомарт. Мақұл. Кім орындайды бірақ?
Біреу. Мен.
Жомарт. Болсын. (Екі айырылып кетеді.)
Хадиша. Ойпырым-ай, мынау не деген қараңғы, түсі суық түн еді? Әлгі қайда жоқ боп кетті? Зипа! Зипа! Зипа деймін.
Зипа. Сұбыханалла. Апатай, шошыма, шошымашы. Неге қорықтың, апатай-ау?
Хадиша. Япыр-ай, қатты шошып қалғанымды қарашы.
Зипа. О не көрінді?
Хадиша. Жә, тоқта, болды. Не көрінді ғой дейсің?
Зипа. Енді не?
Хадиша. Осыдан тап 17 жыл бұрын 11 жасымда әкем, шешем, ауылдан, барлығынан жұрдай болып айырылып, үш күн, үш түн жапан түзде, жалғыз адасып, өлім аузынан қалып ем. 16-шы жыл еді. Елді әскер қырып, басы аманның бәрі босып кетіп, мен тау, тас ішінде жалғыз адасып қалған едім. Содан әке-шешеден дерексіз айрылып ем. Үш күн бірдей, осындай тастай қараңғы, ауыр дауылды түндер еді.
Зипа. Жаным-ай, не дейсің, апатай-ау?
Хадиша. Әлім әбден біткен жерде бір үлкен жолдың үстіне кеп жығылыппын. Содан кейін аузыма су тамызып отырған бір жүргіншілердің ортасында көзімді аштым. Кедей орыстың үй іші, қалаға көшіп барады екен, солар апарып приютқа беріп, содан өсіп адам болып ем. Мынау түн қайдағыны еске түсіргенін көрдің бе? Жә, қайда әлгі Жомарт? Зипа. Апатай-ай, сен әлі сондай ма едің? Сондайдан шығып жетіп пе едің? Япыр-ай, сондағы атың да Хадиша ма еді, жоқ, әлде кейін қойды ма?
Хадиша. Мені шешемнің Хатша дейтіні есімде еді.
Зипа. Хатша? Не дейсіз, апатай-ау, бауырым-ау?
Хадиша. Кейін мұғалім кітапша болсын деп Хадиша деп жазып, солай атандырып кетіп еді. Зипа. Ойпыр-ау, тәңір-ау, сол ма едің? Я, рас-ау, жетімді, сорлыны да ер қылғаны, ел қылғаны осы-ау!
Хадиша. Жә, әлгі қайда жоқ боп кетті, бәтір-ау!
Зипа (айғайлап). Жомарт, Жомарт. Уа, қайдасың, қуарған қу Жомарт! (Жомарт шығады.)
Хадиша. Таптың ба?
Жомарт. Басым қаңғырып, сорлы болдым ғой, сорлы басым.
Зипа (жақындап). Жомарт, жетті, жетті, сандалма, тап жаның барында.
Жомарт. Ойбай, әзірейілімсінбеші, әрмен, түге.
Хадиша. Не дейсің ой, сен! (Жақындап қадалып.) Осы сен кімсің, о? Елмісің әлде жауымсың? Жомарт (аяғын құшақтай ап). Апатай, не дедің, қысылғаның ба бұ, не дегенің, мен сорлыға!
Зипа. Осыдан таппасаң менен жақсылық көрмейсің, білдің бе?
Жомарт. Жол деген итінді аяп тұр деймісің мен сорлы. (Кетеді.)
Хадиша. Мынау есінен айырылған ғой өзі, тегі. Енді қайттім, бәтір-ау? (Біреу баспағып, мылтық кезей береді.)
Зипа. Ойбай... Бұл кім еді? (Хадишаны өз бойымен тасалай береді.)
Хадиша (мылтығын суырып, ата беріп). Стой!
Жомарт. Жоғал! (Атып жібереді. Біреу құлап түседі.)
Зипа. Иә қудай! Апатай-ай, жаның қалды-ау. Жомарт-ай, садағаң кетейін, құтқардың-ау. Жомарт. Мен Қытайдан қашқанда кеңес үшін, кеңес адамы үшін жанымды саламын деп қашпап па едім. Хадиша. Жомарт. Рахмет. Ал бұ кім? (Дауыс естіледі.) Хадиша, уа қайдасың, Хадиша? Жомарт. Иә, сот, дауыс естіледі. (Айқайлап.) Мұнда, мұнда, мұндамыз. Бері, бері кел. Ажар (дауыс). Хадиша, Хадишатайым. Хадиша-ау, қайда жүрсің ойбай-ау? (Шығады.) Ойбай ғана Хадиша-ау, қайда жүрсің? Қырғынға ұшыраған Нияз жайын естідің бе? Не дәтің шыдап тұр, Хадиша-ау, ә? Хадиша. Ажар-ау, адасып, сандалып тұрғанымызды көрмеймісің? Баста, басташы тезірек.
Ажар. Мынау кім өзі?
Жомарт. Бір сұм, ұры, тонамақшы бопты!
Ажар. Ой, мынау да тегін емес қой өзі, бәтір-ау? Хадиша, жүр, жүрші жылдам.
Зипа. Қайдан ғана жеттің? Жолың болар, апатайым- ау! Қайдан ғана жеттің?
Ажар. Мұрат сені іздеп тауып, тез жеткіз деген жоқ па? Содан шапқылап бармаған жерім бар ма? Қайдан ғана кетіп қап ең, байғұс бала-ау, ә? Хадиша. Мынау көрші колхозда қатыным ауырып жатыр деп, Смайыл шақырып кетіп еді.
Ажар. Ал Смайылдың өзі қайда? Ол неге бастамаған?
Хадиша. Оның қатыны қатты науқас деп содан шақыртып кетті ғой.
Жомарт. Ал, Ажар, өз арбаңа мінгізіп, ал шабындар, шапшы жылдам. Мен де артыңнан жетейін... (Кетеді.)
Хадиша. Жүрейік, ал, Ажар, Нияздікінде не болған?
Ажар. Әйелін өлтіріп, қызы Жауһарды да өлімші қып
кетіпті. Тым құрмаса соны, соның ғана жанын алып қалшы. Жүр, жүрші тез. (Жөнеледі.)
Жомарт (қайта оралып, Біреуге кеп). Тұр, түрегел. Шын өлдім деп пе едің?
Біреу. Тапқан екенсің?
Жомарт. Сен де қара айдаһардан мықтап оқығансың, ә?
Біреу. Үндеме! Енді тезінен конезаводқа жетемін, сонда болам, сондағы іске араласамын. Ал, сен өз жолыңмен істе, жөнел!
Жомарт. Құп, жөнелдім.
ШЫМЫЛДЫҚ
Сегізінші сурет
Нияздың үйі, ауыз бөлмесі. Зипада ақ киім, төргі бөлмеге кіріп-
шығып жүреді. Нияз, Омар.
Нияз. Ей, ғазиз балам, ғарып балам. (Зипаға.) Не дейді Хадиша? Жаны қала ма? Айтсайшы! Зипа. Ағатайым-ау, біле алмадым, қарап жатыр. Омар. Есін жиды ма, тілге келді ме? Зипа. Жоқ, әзір бір қалыпта.
Нияз. Бір ғана өлтірушінің, жауыздың атын айтса. Көрер ем әттең...
Омар. Сабыр қылшы, Нияз.
Ажар. Мұрат барлық колхозшыларды атқа мінгізді. Ауданды тегіс дүрк тұрғызды ғой!
Омар. Ұстаймын деп құлшынды ғой барлық елің. Сенің ғана қазаң емес қой. Нияз. Менікі емес. Бұл үлкен жаулық, үлкен кектің сарыны ғой. Мен 21-жылы Қытай шегіне барып, Кеңес үкіметіне қарай үлкен шабуыл жасауға әзірленіп отырған ақтың зор офицерін өлтіріп келгенмін. Мынау дәл соның орайы.
Омаp. He дейсіз, Нияз-ау, сол екен ғой ендеше, бәсе.
Ажар. Неге тегін болсын.
Нияз. Бірақ мына әйелім, мына Жауһарым, жалғызымның не жазығы бар еді!
Омар. Кімді аяйын деді дейсің?
Ажар. Өзіңді торымады деймісің? (Хадиша шығады.) Немене, Хадиша?
Нияз. Не дедің, айтшы, айтып өлтірші.
Хадиша. Қан көп кетіпті. Басқа кісінің қанын құямын. Шошыма, Нияз, барымды аямаспын. Жалғыз-ақ... Жалғыз-ақ... Нияз. Немене? Қан ба? Ал, менің қанымды, менің жалғыз шырағыма менің өз қанымды ал... Жүрек қанымды ал.
Хадиша. Жоқ, жоқ, тоқташы.
Зипа. Апатай, күйігіңе күйігімді, қаныңа қанымды қосып табысқаным болсын, тілеймін, менің қанымды ал.
Хадиша. Болды, жас адам дұрыс, жүр.
Зипаны ертіп кетеді, Смайыл кіреді.
Смайыл. Нияз-ай, не күйге ұшырадың, жарықтығым-ау, не болды?
Ажар. Не болсын? Жайратты міне. Қатын өлген. Асыл бала Жауһар әне өлім үстінде. Сенің Хадишаны сонша бөгегенің не әлі, осы? Смайыл. Не дейсің, жаным-ау, мен қашан бөгедім? Мұрат телефон соққасын әл үстінде жатқан әйелімді де көрсетпей лезде жөнелтпедім бе?
Ажар. Өзің неге бірге ере шықпадың? Адасқанын, кешіккенін білдің бе? Смайыл. Жерді біледі ғой деп әлгі Жомарт деген итпен жіберіп, өзім әйелімнің халін біліп қана шығайын деп ем.
Омар. Жомарт қайда?
Смайыл. Құдай төбеңнен ұрғыр, мүлде басы айналып адасып кетіп алғашқы шыққан жерге, сол колхозға қайта бармады ма? Соны ести сала атқа мініп шауып ем, өзім бастап барайын деп, әйтеуір жетіпсіңдер. Япыр-ай, кім болды, енді бұл қаскүнем жауыз?
Нияз. Не дейін? Кім дейін?
Смайыл. Қылды ғой бұл қаскөйлер, тегін емес қой, ұясы бар ғой мына қастықтың.
Мұрат, Ганшин кіреді.
Мұрат. Немене, жаны бар ма Жауһардың? Омар. Екі талай. Мұрат. Не шара істеп жатыр? Ганшин. Хадиша не дейді? Омар. Қан құйып жатыр, әлі мәлім емес. Мұрат. Кішкентай үміт болса екен. Сол болса қазір алып жөнелеміз. Нияз. Не дейді? Қайда, қайда алып? Ганшин. Аэроплан әзір тұр. Облыстық қалаға ұшырамыз. Соған келдік. Ажар. Қай аэроплан? Бар ма еді? Ганшин. Бар. Жауһар үшін бәрі бар. Нияз. Бәрі бар болса жау бар ма?
Ганшин. Табылды, ұсталып отыр.
Нияз. Не дейсің?
Омар. О кім екен, Александр?
Ганшин. Шекарада ұсталды.
Смайыл. Ойпыр-ай, кім екен о жауыз?
Нияз. Кім ол? Айт, айтшы, Мұрат.
Ганшин. Кейін білесің, Нияз!
Мұрат. Япыр-ай, Хадиша жөнін айтса екен тым құрмаса.
Хадиша шығады.
Хадиша. Жолдастар, Жауһардың жаны қалды. Жазылады.
Нияз. Құлдық, жан бауырым, Хадишам, алтыным.
Мұрат. Есін жиды ма?
Омар. Кісі атын атады ма?
Хадиша. Атады.
Дауыстар. Не деді? Кім деді?
Хадиша. Степан.
Ганшин. Степан?!
ШЫМЫЛДЫҚ
ІІІ АКТ
Тоғызыншы сурет
Егін басында. Сәрсек, Жұматай, Асан, Сүйрік, Смайыл,
Жомарт, Омар. Бұлар ортада.
Сәрсек. Қуарған жау, осы тағы колхозшының көңілін қалдырам ба деді ғой.
Жұматай. Нияздың үйін қырып, қанатын қырқам ба деп отыр ғой. Сәрсек. Бәлем жау көріп алармын, осы ұстағаным ұстаған партияның білегінен. Енді жігімді жазып, жолымды айырып көрші партиямнан.
Садық (Омарға). Әзірмісің дейді ғой партия, әзірмін.
Асан. Сақпысың, берікпісің дейді ғой, берікпіз.
Смайыл. Уа, ендеше жолың болсын, колхозшым.
Жұматай. Уа, дегенің болсын, Смайылым.
Ажар келеді.
Ажар. Жолдастар, жаудың алды ұсталғанмен арты әлі қою жатыр екен. Тамыры терең екен. Оның қолы құтыра бастады. Бүгін түнде конезаводтан қызыл әскерге ремонтқа берілгелі отырған 400 жылқы жоқ болып отыр.
Смайыл. Не дейді, сұмдық-ау, мынау бір ұйым ғой.
Жомарт. Мынауың бір обыр ғой. Сақтай гөр, я, аппақ қожам.
Ажар. Екінші, бүгін шекарадан он кісі қарулы жау ұсталыпты. Түсіндің бе, түге! Сәрсек. Түсінбей қайтемін. Нияздың үйін ғана қыру бір атой, белгі десеңші онда. Ажар. Бәсе, осы жолда біз де сыналатын жөн келді. Жаңағы он кісілік жауды отрядқа білдіріп, бірге ұстасқан Жарқын екен.
Смайыл. Уай, ерім. Не деген ер еді мына Жарқын.
Жомарт. Баласының кегін қайырыпты ғой, бәтір-ау.
Садық. Ендеше жау ұстауда, отан қорғауда әзірлікті біз де көрсетеміз.
Дауыстар. Көрсетеміз, біз де әзірміз.
Смайыл. Анау жоғалған жылқы шекарадан өткен жоқ қой. Осы маңдағы жаудың қайда тығылатынын менен артық білетін жерге жетік кісі жоқ. Ал міне мен қазір погранотрядқа, Ганшинге көмекке барамын. Таппай қоймаспын, бәлем.
Жомарт. Ағатай, мені де қасыңа ал. Қасыңа алшы осы.
Ажар (Смайылға). Солай деймісің? Жарайды, ниетіңе ырзамыз. Ендеше погранотрядка мен сенімен бірге барамын... Садық, сен де бірге жүр. Ал өзгелерің не істейтінін білдің ғой? Мұрат пен Александрдан хабар күтіңдер. Кәне, жүр, Смайыл. Смайыл (бөгеліп барып). Жүр, жүр. Жарайды, жүре ғой. Жүр, Жомарт. (Кетіседі.) Сәрсек (телефон шылдырлайды. Сәрсек тыңдайды). Иә, мен ғой, қарағым Мұрат, айналайын, сенбісің? Толғанып, ширығып отырмыз. Немді аяушы ем? Тапсыршы, былай бар де, былайша килік те, біз қостай білуші ек қой. Партия мен колхоздың бір бас, бір тас болған қайратын бұнда жұмсамай қайда жұмсаймын? Айт, Омар деймісің? Омар мұнда, мінеки ортамызда. (Омарға береді.)
Омар. Құп. (Сөйлесіп болады.)
Асан. Ал не деді, не бұйырды Мұрат!
Жұматай. Кәне, тапсырмасын айтшы Мұраттың.
Сүйрік. Атыңнан айналайын, қарағым, Мұратым, басташы тағы бір.
Омар. Жолдастар, Ендеше бар күшіміз Отан қорғау, Отан шегін қорғау ісіне, мынау шекарадағы қызыл сақшы отрядына көмекші болу ісіне жұмсалады. Біз барлық асу мен шатқал, қойнау мен өткелдің барлығынан тосқауыл жасаймыз. Айқын жау, жасырын жау барлығын сүземіз. Міне, партия дабылы. Әзірмісің, о не дейсің?
Дауыстар. Басташы ендеше, Омар.
— Қиынын айтшы сол міндеттің?
— Қарасын тана көрсетші.
Сәрсек. Жүр ендеше, алдымен өзім ерем. Басшым — партиям, сақшың мен. Өлексесін өз отына өртейін, отанымнан отын тартпайтын өктем кім? Көрсетші көзіме. Бұл ашу менің ашуым емес, ел ашуы, сел ашуы. Қарсыма шыдап көрсінші. Тарт отрядқа қарай!
ШЫМЫЛДЫҚ
Оныншы сурет
Хадиша, Зипа пәтерінде, колхозда.
Жомарт (асығыс кіріп). Зипа, а, Зипа. Бол тез. Жүреміз, әзірлен.
Зипа. Не дейсің, жаным-ау, қайда?
Жомарт. Ауыр нәрсе алма. Салт атқа сиярлық, киерлік қана ал, бол!
Зипа. Айт-үйт жоқ бұл қай жол, қай жүріс?
Жомарт. Сұрама, жолда айтармын.
Зипа. Хадиша апама жөнімді айтпай және сенен жөнді білмей қалай кетем?
Жомарт. Қысқарт. Ашпа аузыңды ешкімге. Иең мен, өлген жерде өлесің. Бол қазір.
Зипа. Жөніңді айтпасаң кетпеймін.
Жомарт. Жөнімді айтпай әкетемін. Ермес болсаң антымды білуші ме ең, жайратып кетем тіке. Бол. Боламысың, жоқ па? (Хадиша, Сәт кіреді.)
Хадиша . О не, Зипа? Не десіп тұрсыңдар?
Жомарт (шұғыл өзгеріп). Хадишатай, қуатым, Қытайдан соққы көріп, зығыр жеп келгенімде аузыма нәр, басыма пана болдың, алғыс айтам. Енді мына қазір Алматыға бір көлік жүргелі тұр екен, өлмес күнімізді көріп, оқуға, өнер табуға, сол Алматыға кетуге байладым.
Хадиша. Зипа, сен не дейсің?
Зипа. Кетпеймін деймін.
Хадиша. Неге?
Зипа. Сенбеймін.
Жомарт. Не дейсің ой, сен? Не дейсің, азғын қатын, ә?
Хадиша. Алматыға оқуға кетем деп тұр, өтірік пе онысы?
Зипа. Бұл бір құбыл. Әлде шын, әлде жын. Ермеймін. Япыр-ай, құтылдым ба? Құтылсам екен, құтқарсаң екен, апатай! Жомарт. А, жетесіз жақын, некесіз қатын, жау жақын ба едің? Жайратайын ендеше. Талақ, талақсың сен! (Мылтық суырып, тап береді.)
Зипа. Ойбай, құтқар, апатай!
Сәт. Қысқарт, енді жетті.
Хадиша (араға түсіп).Тарт, қысқарт енді!
Зипа. Талақ сенсің, көк талақ. Сорыма жабысқан қу талақ! Апатай, тыңда, біл ендеше міне... Менің ең жақыным сенсің. Мен сенің бауырыңмын. (Хадиша, Жомарт таң қалады.) Сен жасында адасып айырылған ауылдың қызымын мен. Таптым сені. Сенің қасында өлем. Мынаны, мынау құбылды қасыңнан кетір, кетір бұны. Жомарт. Хадиша, қатынымнан айырып па едің мені? Жә, жетті, жүр, жаның барында...
Зипа. Жүрмеймін, аулақ менен.
Сәт. Зипа саған жоқ.
Жомарт. Ә, солай ма еді? Жоқ қып кетейін ендеше сені де, сендерді де. Жомартты танымай жүрсіңдер ғой, мә! (Ата береді.) Хадиша. Мә болса, мә! (Атып жібереді. Жомарт құлап түседі. Хадиша жақындап үстіне барады. Бұл жақындап келгенде шап беріп мылтығынан ұстап, атып тұрып, жұлып алады.) Жомарт. Тұр бәрің де, тапжылмаңдар! (Аналар тұрып қалады. Зипаға пышақ сала береді. Сәт тап беріп бас салады, алысады...)
Сот. Тоқта, жетті! Ойнап жүрген шытарсың? (Хадиша телефонға ұмтылады.)
Хадиша. Погранотряд! Ганшин қайда? Александр Иванович! Александр!
Ганшин (кіріп кеп). А, мен мінекей, әміріңдемін, жолдас Хадиша... А, мұнда ма еді?
Хадиша. Александр Иванович!
Ганшин (Жомарттың мылтығын жұлып алып). Стой!
Зипа (Сәтке). Қуатым, бауырым! Ағатайларым! Менен шет жайылған күні өлесің, өлтіремін деп ант етіп еді. Міне сайқал, сырқынды сайқал, Александр, апатай! Көзін жоғалт кәпірдің, дұшпан, дұшпан! Сәт. Алтыным, досым екенсің, өзім екенсің-ау. Ерте танысам етті, ерте құтқарсам етті мен мұндар. Өзі де адасқан, анау итті дос деп, елді де адастырған мен мұндар! (Қонай, Балтабек кіреді.) Қонай. Александр, жеттім бе, ойбай, жаным, Александр-ау, мені тыңдасаңшы енді бір.
Ганшин. Немене, Қонай, не хабар?
Қонай. Мұратқа, алдымен Мұратқа барып, барды айтып ем. Ақыл берді де, енді тезінен Александрға жет, барыңды баян ет деді. Міне, түнде жылқы жоғалғаннан бері қарай менің іздегенім мынау, мынау ғана болатын. Мынау "Жігер" колхозының бұрынғы бастығы, менімен бір әкеден, бір шешеден бірге туған ұяласым, қазіргі дұшпаным, Байназар байдың құйыршығы, тап мына тұрған Балтабек. Сөйле. Ақтар ішек-қарыныңды. Жаның барында ақтар шапшаң. Болмаса өзім ақтарам қазір.
Балтабек. Жә, өрекпіме. Сұраса мына Александр өзі сұрасын.
Ганшин (Қонайға). Бұны неге алып жүрсің?
Қонай. Бәсе, неге алдап жүрмін? Айт, ей, шапшаң.
Балтабек. Нені айтып тұрсың?
Қонай. Ой, жүзің күйгір. Жалтарайын деймісің? Жалтарып кетші кәнекей.
Балтабек. Жөніңді айтшы өзің?
Қонай. Сонау көктемде, Байназар өлгенде әлгі Жомарт бері өткеннен кейін маған не қоңырсыттың? Білемісің? Жылқы совхозын айналдырайық деп қалай шырғаладың? Өй, жүзің күйгір, қайтіп қана бетіме қарап тұрсың сен менің. Балтабек. Жә, болды олай болса, сен аузыңды жап, білдің бе? Александр, өзің тыңда. Мен бір өрмекшінің ауындай торға шырмалған итпін. Мені апарған жылан жаңа ұсталған сияқты. Енді айттым. Тыңда, тыңдап өлтір мені, Александр. Ганшин. Жә, болды, бастадың, кезінде айтасың, доғар.(Жарқын кіреді, әскер Балтабекті алып кетеді.) Немене, Жарқын?
Жарқын. Үш жылқышы жоқ боп шықты. Сырттан кім қосылғаны мәлім емес.
Ганшин. Мәлім. Өз кісілерің әзір ме?
Жарқын. Бәрі де әзір, ат үстінде. Мұрат, сенен бұйрық алып, бар деген тау саласына бір сағат ішінде жетіп болыңдар деді.
Ганшин. "Жігер" колхозы жөнелді ме?
Жарқын. Олар бұйырған орындарына жетіпті. Маған беретін приказыңды айт.
Ганшин. Бар күшің мобилизовать етілді ме?
Жарқын. Бар кісім, бар күшім әмірінде.
Қонай. Иә, сәт, терең тамыр, үлкен түбірді ғана бір ұстасаң екен. Бүгін не, бүгін бәлем үлкен шортан ұсталмаса аңғал арап ақ айғыр, ақалтеке торы айғыр, еңбекшінің адал малы, сенің терің мен сорында.
Жарқын. Бар жарамды емдейтін күнге жеттім ғой.
Ганшин. Ендеше жараң емделер. Үлкен шортандар ұсталғанын көрдіңдер, Жарқын, Қонай, мін атыңа! Бүгінгі түн сын түні болыңдар!
ШЫМЫЛДЫҚ
Он бірінші сурет
Ганшин кабинетінде. Ганшин, Балтабек.
Балтабек. Қор болдым ғой, су түбіне кеттім ғой мен.
Ганшин. Сенің қолыңдағы ең соңғы тұтқа осы. Ашсаң да, жапсаң да өз мейлің. Өзің үшін, түсіндің бе?
Балтабек. Әкелші ендеше сол иттерді. Сөйлетші менің алдымда. Ганшин часовойға белгі жасайды. Ол Степанды алып кіреді. Бұның түсі түксиген.
Ганшин. Жөніңді айт, сен кімсің?
Степан. Мен Степан.
Ганшин. Барың сол ма?
Степан. Тракторшымын.
Ганшин. Нияздың үй ішін неге өлтірдің?
Степан. Қызметтен шығарды. Орынсыз қалдым. Ішкілікке салынып бұзылып кеттім. Кекті болдым. Содан қалай өлтіргенімді білмей де қалдым.
Ганшин. Қытайға неге қаштың?
Степан. Есімді жия алмай, шошығаннан қаштым. (Ганшин Балтабекке қарайды.)
Балтабек. Уа, Степан, сандалма, жөніңе көш.
Степан (Балтабекті танып). Балтабек!
Балтабек. Ия, мен Балтабек, білдің ғой. Бұрын Дутовтың досы, бүгінде Құлжаның кулагы. Қатын, балаң әлі сонда. Бұл жаққа әдейі кісі өлтіру үшін, алдымен Ниязды өлтіріп қайту үшін өткенсің. Сол жұмысты бітірген күні кетпексің. Не сандырақтайсың. (Степанда үн жоқ.)
Ганшин. Мынаған не дейсің?
Степан. Өтірік.
Ганшин. Басқа мамандық алмай, тракторшы болып келгенің қалай?
Степан. Тракторшы ең құнды кісі.
Ганшин. Нияздың үйін ерте қырмай, бұған дейін неге создың?
Степан. Әлдеқашан бітіріп кетуші ем, жібермейді.
Ганшин. Кім?
Степан. Бұйрық.
Ганшин. Кім бұйрығы?
Степан. Бас әміршінікі.
Ганшин. Ол кім?
Степан. Кім екенін мен білмеймін.
Ганшин. Ниязды өлтірмей, қатын, баласын неге өлтірдің?
Степан. Үйінде болмады.
Ганшин. Бұйрық неге бұрын өлтірмей, кеш өлтір деді?
Степан. Бір өлім емес, көп қазаны бір-ақ жабамыз. Соған мезгіл жетсін, әзірлік молайсын, кісі қосылсын. Аудан үлкен науқанға кіріссін. Сол кезде тұтас қимылдың белгісі Нияздың үйін қырудан басталсын деген... Балтабек. Сенің өзің ішкіш емессің. Ішкіш боп құр көлгірсіп жүргенсің, оны да айт.
Ганшин. Рас па?
Степан. Рас.
Ганшин (қызыл әскерге). Бара тұрсын. Ананы әкел. (Степанды әкетіп, Жомартты кіргізеді.) Кәне, шын атынды айт.
Жомарт. Жомарт қой.
Ганшин. Бұл жаққа неге өттің?
Жомарт. Мына Балтабек айтқан шығар, Балтабек.
Ганшин. Өзің де айт!
Жомарт. Ендеше Байназар бай бар ғой, анау Торқаның байы, соны арғы бетке алып кеткелі кеп ем.
Ганшин. Сол-ақ па?
Жомарт. Сол, барым сол!
Ганшин (Балтабекке). Сен айтшы, сол ғана ма еді?
Балтабек. Ол шының емес, қалғанын айт!
Жомарт. Е, білсең сен айт ендеше.
Балтабек. Олай болса, Байназар мен мені салып, "Жігер" колхозын бір түнде түгел көшіріп алып кетпек едің.
Ганшин. Жә, оны кім тапсырды? Сені кім жіберді?
Жомарт. Осы жақтан қашып барған байлар тапсырып, солар жіберді. Мен бір сәлем әкелуші ғана едім.
Ганшин. Барың осы ма?
Жомарт. Осы, осыдан басқа қылмысым жоқ.
Ганшин (Балтабекке). Барың осы ма?
Балтабек. Мен білгеннің үлкендері осы.
Жомарт. Мен бір хабаршы. Тұрған бойым осы. Одан артық не шығушы еді, тақсырларым-ау. Ганшин. Тоқтат тақсырларыңды! Енді артистік жетті, білдің бе? Жомарт рөлі бітті. Қазір бар шыныңмен өзің майданға шығасың, кәне, шын атынды айт. Жомарт. Тақсыр-ау, мені кім деп тұрсың? Тақсыр-ау? Жомарт болып істеген жаманшылығым аз боп тұр ма? Тағы кім үшін күй дейсің, алдияр тақсырым-ау? (Жығылып бас имекші болады.) Ганшин. Тұр, мынау сенің етігіңнің табанынан шыққан қағаздар. Міне, танисың ғой. (Қағаздарды аударыстырып отырып.) Бұдан біздің шекаралық үш заставаның съемкасы және мына камендатураның, одан соң ауданның жаңа орталығының және тағы конезавод жерлерінің съемкалары. Мынау асулар. Әскери топография жолымен жасалған съемка. Шыныңды айт сен кадет корпусында оқып па ең? Жоқ, прапорщик школында болып па ең?
Жомарт. Ойбай, сорлы басым-ай, не дедің? Нені айтып кеттің, тақсырым-ау. Ганшин. Ақымақ көрініп құтылмақсың ғой. Айтамысың шын атынды, жоқ мен айтайын ба?
Жомарт. Міне құдай, міне құран, шын атым Жомарт.
Ганшин (столынан сурет алып). Ендеше міне, Семей алашордасының Анненков, Колчакпен қосыла құрған алаш полкі бар ма еді? Мынау соның командирі Бектемисов, ал мынау тұрған сол полковниктің жас адъютанты, он тоғызыншы жыл аяғында шетке қашып кеткен ақ офицер, бүгінгі жапон шпионы — Түсіп Тоқсарин мына тұрған сен емеспісің? Бет-аузың көсе, аз ажымың болмаса, түсің тіпті өзгермеген. Солай емес пе? Енді не дейсің?
Жомарт. Олай болса, не дейтініңді өзің айт, жазаңды айт.
Ганшин. Жарқынның баласын сен өлтірттің ғой?
Жомарт. Емеурін жасаған мен едім.
Ганшин. Зипаны неге әкелдің? Оны қайдан ілдің?
Жомарт. Ол бір байға бармаймын деп бұзылып жүрген кедей қызы екен. Осылай кетерден үш күн бұрын Қытайға әкетем деп үйіріп алдым да, бері алып өттім. Бедел, бедел үшін керек болды. Ганшин. Бұл арадан өз керегіңе кісі алуды сен меңгердің бе, басқа кісі биледі ме?
Жомарт. Мен қатынас жасаушымын. Ананы билеген әмірші.
Ганшин. Кісі өлтіруді кім белгілеп отырды?
Жомарт. О да әмірші.
Ганшин. Әмірші кім?
Жомарт. Оны өздерің табарсыңдар.
Ганшин. Сен айтпаймысың?
Жомарт. Білмеймін.
Ганшин. Білесің.
Жомарт. Білмеймін, айтарым да жоқ.
Ганшин (белгі жасайды, Біреуді кіргізеді. Жомартқа.) Мына кісі кім?
Жомарт. Мен білмейтін кісі, танымаймын.
Ганшин (Біреуге). Сіз танисыз ба мына кісіні?
Біреу. Жоқ, танымаймын.
Ганшин. Көргеніңіз жоқ па?
Біреу. Көріп тұрғаным осы.
Ганшин. 1919 жылы, Семей қаласын еске түсіріп көрсеңіздер қайтеді?
Біреу. Ұзақ жылдар екен, ұмытып қаппын.
Ганшин. Әлде ұзақ жылдар ұмыттырған шығар. Сіз Токиодан бізге қарай шыққалы төрт ай он жеті күн бопты ғой.
Біреу. Бұл мен түсінбейтін жұмбақ.
Ганшин. Жә, ойынды қояйық... Мына отырған кісінің Жомарт аты біткен. Сізге мәлім адъютант, штаб капитаны Тоқсарин. Ал, сіз осы офицердің сол күннен бері начальнигі (қатты), полковник Бекгемисов! (Суретті жарқ еткізіп.) Полковник Бектемисов, кәне, әлде енді де білмейтін шығарсың? (Аналарда үн жоқ, бастары төмен түседі.) Ганшин. Алар! (Екеуін екі бөлек алып кетеді. Смайылды алып келеді.) Сені қай жерде ұстады осы?
Смайыл. Тұйықтың тұсында, шекарада ұстады.
Ганшин. Кімдер ұстады?
Смайыл. Несін сұрайсың? Сенің баулыған Омарың, сенің атқа мінгізген колхозшыларың, "Жітер" колхозы ұстатты. Солар қамады да, мына Ганшиндер кеп ұстады.
Ганшин. Атысып түстің ғой?
Смайыл. Е, атыспай аянушы ма ем?
Ганшин. Кебенек келген ешкі, күл болған қой, маңқа жылқы және мынау бруцеллез болған сиырларды өткіздіру сенің әрекетің бе, жоқ шеттен алған бұйрығың ба? Жалтарма. Есінде болсын, бар жайың мәлім.
Смайыл. Зиян ету бұйрығы жоғарыдан. Мына жолдарды қолданған менмін.
Ганшин. "Жігер" колхозына жүз гектар үсіген бидай еккізген сенсің ғой?
Смайыл. Мен.
Ганшин. Конезаводтың жеріне маңқа жылқыларды жайғызушы тағы сен ғой? Ашылды. Сенсің, солай емес пе?
Смайыл. Мен.
Ганшин. Соңғы алысқан талаптарың не еді?
Смайыл. Соңғы алысқанымыз жаңа секретарь. Мұраттың програмы болды. Колхозын отырықшы, егінші, халқын большевик етпекші боп келді. Осыдан ел тауанын қайтару үшін әрбір үлкен қимыл үстінде бір-бір үлкен оқ атып отырдық. Бірақ болмай кернеп бара жатты. Дегеніне жетуге айналды. Және бізді, әсіресе мені ашпай қоймайтын болдыңдар.
Ганшин. Сыртқа қашудағы пландарың немене еді?
Смайыл. Сезікке түскендер шетке шыға тұрып, орнына тың кісілер ауыспақ еді.
Ганшин. Жә, осы істің бәрінің шын басшысы сен емессің ғой. Басқа бастық бар ғой, шын бастық кім, соны айт?
Смайыл. Ондай жоқ.
Ганшин. Жоқ емес, бар.
Смайыл. Жоқ деймін.
Ганшин. Айтпайсың ғой? (Смайыл үндемейді.) Бірақ сол басшыңды ұстап алып беттестіргенде не дейсің? (Үндемейді.) Ә, үндемейсің? Ендеше бар, бара тұр!
Смайылды алып кетеді.
Мұрат (кіреді). Бүгін ашылған сұмдық.Қаскөйліктер шын дұшпандықтың шеті ғана. Әлі қоюы мен зәрлісі артта жатыр десеңші. Жә, енді Алматыға жөнелтесің ғой? Ганшин. Иә, ендігі бір саты — Алматы. (Колхозшылар есік ашады, алдында Жарқын.)
Жарқын. Рұқсат па?
Мұрат. Кіріңдер.
Барлық колхозшы. Омар, Хадишалар кіреді.
Әскери адам. Жолдас начальник, менің командам - дағы взвод "Жігер" колхозының колхозшыларының жәрдемімен және әсіресе Жарқынның ерлік, ептілік көмегінің арқасында тағы бір топ нарушительді ұстады. Басшысы осында алып келінді. Шекарада жауыр асуының қиын тасында ұсталды. Конезаводтан жоғалған төрт жүз жылқы да сол асудың бауырынан табылды. Жылқы конезаводтың өзіне қайтарылды.
Ганшин. Нарушитель мында келтірілсін. (Сейітті алып кіреді.)
Ажар мен Жарқын. Өй, жүзіқара, қанқор қорқау қасқыр, шоқ бәлем.
Мұрат (Сейітті алып кеткен соң). Жарқын, жараң емделді ме енді, айтшы?
Жарқын. Жарадан арылдым ғой, қалқам Мұрат. Шын жарам, үлкен жарам, кәпір мына Сейіт екен ғой, таптық қой.
Ажар. Ал енді бір сұрақ. Осы соңғысында кім озды? Жарқын ба? Садық па? Ганшин. Жарқынның тобы озбаса да, өзі озды. Он қашқынды ұстады, Сейітті ұстатты. Садықтың өзі озбаса да, тобы озды, Смайылдан бұл өзі бір жол алданып айрылып қалса да, "Жігер" колхозы қоймай ұстады.
Ажар. Сонымен?
Ганшин (күліп). Сонымен не болушы еді? Жарыс әлі аяқталған жоқ. Созыла беретін болғаны ғой.
Жарқын. Болсын. Бәрекелде, тағы да сынасамыз.
Мұрат. Ендеше осы жолда бір ұсыныс айтсақ қайтеді?
Сәрсек. Айт, қарағым Мұрат.
Дауыстар. Айт, Мұрат айтсын!
— Айтсын, Мұраттың өзі айтсын.
Мұрат. Ендеше колхоздың аты "Жігер" еді, сендер бұл күнде "Жігерден" асып жал біткен, жалын жұтқан жауынгер, ер қауым болдыңдар. Егісте екпінді, егесте серпінді, елдікте саналы ел болдың және әcіpece отан қорғауда жауыңды отпен тосып алам деп әзір отырсың. Олай болса бұдан былай колхоздың аты "Қызыл сақшы", ауданның аты "Қызыл әскер" болса не етеді?
Дауыстар. Құп болады.
— Болсын, болсын.
— Дегеніңнен табыламыз.
— Осы атынды атаймыз, болсын.
Хадиша. Александр Иванович, сіз қалай дейсіз? Колхоз осы атты ақтады ма?
Ганшин. Мейлінше ақтады. Дегені болсын, болсын деймін.
Сәрсек (Мұратқа). Уа, ендеше сөзіңнен айналайын, Мұратым. Александр, көңілімдегіні өзің табасың, көмейімдегіні өзің айтасың. Партиям ел болдың десе ел болмаған нем қалды. Құтты болсын. Сол айтқан атың еліңе де, өзіңе де құтты болсын. (Қуанышты дауыстар.)
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру