Мазмұнға өту
Home

Ілияс Жансүгіров шығармалары

Ілияс Жансүгіров

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Ілияс Жансүгіров шығармалары

Авторы: Ілияс Жансүгіров

Ағыңды менің Ақсуым

Ағыңды менің Ақсуым, Ақырып әлі ағасың, Ақиланған ашумен, Ақтарды асқар сабасын. Тас тарпуын, шапшуын, Қарасаң қайран қаласың, Жалғыз жазғы бір кеште, Жағаладым жағасын. Тұнжыраған торғын түн, Төндім сұлу суына. Таңырқап тау-тас тамсанып, Жымиды жұлдыз мұңыма. Сүмиген сүңгі сұрша тал, Шомылды таудың суына. Таймандаған тайпақ ай, Желегі ме, туы ма? Шүйке шарбы бұлтты Қалқалай қалды қылмия. Аспанды, ай алтын құшағы, Қусыра қайың құшады. Қарамай қайың, қалайша Қаужиған құшсын бұтаны? Қайың мен сәуле сүйіссін, Сүймегенді нысабы: Итмұрыны меңіреп, Қудырлап қоңыз ұшады. Бауырлаған ағынның, Сумаңдап суы сылдырайд; Қудиған қоңыр құрақтың Саусағы суда судырайд; Суға төнген бір шыбық

Дірілдейд, суда сырылдайд; Оған қонған бір шымшық Шиқ-шиқ етед, шырылдайд... Ақшам Көкше көкте ақша бұлт Көміліп күн нұрына, Жел байырқау, жер сұлық, Қызғыл алтын шұғыла. Ақ шашты ана - ала асқар Оқыды сам жығыла. Жау көргендей жартастар Жамылды тұман дулыға. Қабағын түйіп қоңыр күз, Қарағай, қайың қалтырап; Талда аңырап әнші құс, Таста суыр тантырап. Жазыла есінеп жапан қыр, Маужырар сұлап, балбырап, Даладан, таудан, көшті нұр, Салбырап, сам жамырап. Тауды тұман бөкселеп, Өзен төлі жамырайды. Көз жұмғанда көкше көк, Көсіліп жер тымырайды. Арман

Мезгіл бар ма құтылар, Шынжырлаулы тағдырдан? Бірақ ой жоқ ұмтылар, Табылар тағдыр дағдыдан. Рахымы жоқ шынжырға Байқамастан шалдырған, Аяқ, қолы құрсауда, Зарлауда жүр «балдырған». Желк-желк еткен жас шалғын Суық желмен майысып, Селк-селк еткен болды күн Көтермей белі қайысып. Ажарлы, нұрлы ақ балғын Заманмен тозды сайысып, Көңіл құрғыр соп-солғын, Жылдам суып, жай ысып. Арыным

Алқынамын, басылмайды арыным, Тау селінде екпін қайрат, сарыным. Жарлы-жалшы, жақыбайды жарылқау - Жандағы ауру, жүректегі жалыным. Егер салсам қос өкпеден тепкіні, Елең емес тау жақпары, тек тұры. Жау жапырар, көк дауылша бұрқырар, Шүу дегенде кер бедеудің екпіні. Толас болмас топ жасаққа тиіспей, Семсер ұрып, ақ найзаны үзіспей; Бет-аузым шаң, қанжарым қан қайрылып, Ұмсындырып жау сұлуын, су ішпей. Аял болмас айқай-сүрен салыспай, Қашқан жауды ат баурына алыспай; Қан сусаған болат сүңгім ашылмас, Шұрқылтайдан шұрылдата шанышпай. Тыншу болмас қалың қайрат қайнамай, Қанжығаға қанды басты байламай; Қара жүрек, қара қошқыл қанменен, Үш тосарлы, қанды ауызды майламай. Улы көкірек жиған сүтін тамызбай, Қызыл қылыш қырқа турап ағызбай; Басылмас бұл алқындаған арыным, Адал сүтпен жарлыларды жағызбай.

«Мен» емеспін, мен де көптің бірімін, Мендейлердің міне қостық бірлігін. «Мен» құралып «біз» боп шықпай күреске, Мен тудырман бұқарама тірі күн. Арылтамыз аспанды аршып тұманнан, Тазалаймыз жерді жонып жуаннан, Тапсыз, тату, мерекелі, өнерлі, Ел жасаймыз еңбегіне қуанған. Ауылдың алды Ауылдың алды айдын көл, Айдын көлде шағала, Айдын көлді жағала Айнала қонған қалың ел. Ауылдың алдын абайла, Ауылдың алды ұлы көш, Алдында өткел, оны кеш. Аяңда, ауыл, аяңда! Ауылдың алды айқын жол. Аңқылдар ауыл, аңырмас. Аңыртпай бастар бауырлас Қозғалармыз қалың қол. Ауылдың алды асқар тау, Асқар таудан асармыз. Асып жайлы жасармыз; Ел ер жетіп есен-сау.

Әнші

Арғынмын, атым Әсет арындаған, Арындап ән сала ма дарымаған? Аспанның аясында ән шалқытқан, Бұлбұлмын, даусы көкте дамылдаған. Көмекей көк қапысын әнмен ашса, Төгіліп меруерт, маржан сауылдаған. Тұлпармын, топтан озған, тосырқаман, Шаршы топ, шаршы ерім жоқ шабылмаған. Жорғамын, жұрттан озған, жортарманмын, Майдамын, майда желіс мамырлаған. Жұртымның аса топыр жиынында Бүгінгі ән адыра қалсын салынбаған!.. Тауықпын, тары тердім Найман шалдан, Найман ел - айы туған маңдайшадан. Үйректей, қаздай қалқып жүрмін жүзіп, Көл елде, көп жұртымда қыдыр шалған. Ертіс, Сыр, Есіл, Іле өзендерім, Тау өтпес Тарбағатай, Тянь-шаньнан. Ми дала, меңіреу шөл, күміс көлдер, Мекенім, ертеде елім ірге жайған. Құм-қыстау, өлке көктеу, өзен күзеу, Жайлауым - жалпақ дала қарлы таудан. Желғабыз, сол ортаның заржағымын, Толқытып тоқсан бунақ әнге салған. Асқақ ән аспанға өрлеп, асқар тербеп, Күңіренткен cap даланы, күндер жалған! Әнқұмар әлеуметім анталап тұр, Сайра тіл, аңыра әнім, «Інжу-маржан». Ән салсаң өзімдей сал аңыратып, Жайлантып, қоңырлатып, жамыратып. Аққудай аспандағы әнді өрлетіп, Қондырып қоңыр қаздай мамырлатып. Боздатып саулы інгендей күңірентіп, Нөсердей нөпір төккен жауындатып, Қазандай қарсы соққан дауылдатып,

Қамыстай дауыл жыққан сауылдатып. Соқтырып ай астынан алтын күрек, Қақтырып, бұрқақтатып, қағылдатып; Жүйткітіп, сонарлатып, саяттатып, Қыранды қыр жонында шаңқылдатып; Жүгіртіп, жүрдектетіп, жорғалатып, Аңқытып, аңқылдатып, ағындатып; Қаусырып қағып, түйіп, төгіп әнді, Қайырып, қалтылдатып, қалтыратып. Ән салсаң Әсеттей сал әсемдетіп, Қоздырып делебені дәсерлетіп. Шырқатып, шығандатып, шалықтатып, Шапшытып, шүмектетіп, нөсерлетіп. Талдырып, талықсытып, тамылжытып, Орғытып, орағытып, баса өрлетіп. Самғатып, саңқылдатып, cap желгізіп, Ұрынтып, өршелентіп, бәсеңдетіп. Серпілтіп, сумаңдатып, сексен ырғап, Қырық қырпып, тоқсан толғап, бес өрлетіп. Қарқынды үн - қан қайнатып, жүрек жұлып, Жан жалмап, көңіл тербеп, әсерлетіп. Сүйе бер, сілекейін секерлетіп. Сарайым - сабам құям пісіп-пісіп, Қойдырман ән қымызын ой кернетіп. Сөз жаңбыр, даусым дауыл, әнім ескек, Ойнақтап басылайын аз желдетіп!

Әншіге Өлеңге көңілің құмар, даусың жытар, Созылтып ән мұржасы созсаң зытар. Ән сүйгіш, жылы көңіл, сөзге таңсық Жылпыңдар жылы сөзді неге ұмытар? Тамырды солқылдатып, ойды қозғап, Жүректі тебірентіп, ішті жылытар. Қайғылы, мұңды, өнерлі, шерлі жанға Ой салар, ойын түртер, жыбыршытар. Еліртер, екілентер, елжіретер, Толғантар, толғақ салар, толықсытар; Аспанға ащы даусың шырқап, қалқып, Қоңырлап, көмей қайта аңыратар. Зарлының екі көзін мөлдіретіп, Болса да елжіретер бейлі шын тар; Салған ән магниті тұрған көпті Баладай тербеу жеңген бір тыншытар. Біздің күз

От жақтырды жауратып Шыңылтар күзгі тымырсық. Маздаған от болмаса, Кемпір мен шал ыңырсып. Қара қи қалап от жанса, Жылынар бала жыбыршып, Бүрсеңінен жазылар Қызыл қарын, бұғы шыт. Кәрі қойдың сорпасы, Таңдайға татыр жылымшып. Атасы берген жілікті, Келіні тістер қылымсып. Қойшыға жылытқан көженің Бет, ауызы мың қылшық. Ылақ, тоқты күйлесе «Шашыратқы» дер ырымсып. Қора жамап Бекей жүр; Өзгелерден бүйірсіп, Ат майлап мініп Әлі жүр Мал тапқыш, арқан ұрысып; Қызды ауылда Ержан жүр, Баямбайдың ұлысып. Барын жөндеп бақгырмай, Жоғын жөндеп таптырмай, Әлі менен Ержанды Иектеп жүр бір қырсық. Біздің күз

От жақтырды жауратып Шыңылтар күзгі тымырсық. Маздаған от болмаса, Кемпір мен шал ыңырсып. Қара қи қалап от жанса, Жылынар бала жыбыршып, Бүрсеңінен жазылар Қызыл қарын, бұғы шыт. Кәрі қойдың сорпасы, Таңдайға татыр жылымшып. Атасы берген жілікті, Келіні тістер қылымсып. Қойшыға жылытқан көженің Бет, ауызы мың қылшық. Ылақ, тоқты күйлесе «Шашыратқы» дер ырымсып. Қора жамап Бекей жүр; Өзгелерден бүйірсіп, Ат майлап мініп Әлі жүр Мал тапқыш, арқан ұрысып; Қызды ауылда Ержан жүр, Баямбайдың ұлысып. Барын жөндеп бақгырмай, Жоғын жөндеп таптырмай, Әлі менен Ержанды Иектеп жүр бір қырсық. Боранда

Қарлатып қатты боран қарпылдап тұр. Үскірік-аяз қызыл шартылдап тұр. Қой ығып, басын қоршап ыққа тығып,

Көміліп қалың қарға қарқындап тұр. Сүйеніп таяғына қой қасында, Дірілдеп Таймас сорлы қалтылдап тұр. Аяқта жуан жіппен буған шарық, Сүйреліп киіз шұлғау жалпылдап тұр. Ашылып қабырға-омырау қарға қарсы, Тақымы шалбарынан жалтылдап тұр. Денесін қалыбымен суық ұстап, Ызың жел селкілдетіп, аңқылдап тұр. Мойнына жабысқан қар ери қатып, Иекте мұз сүңгілер салпылдап тұр... Жылы ішік, түлкі тұмақ, саптамалы, Дүйсек бай дөң басында салқындап тұр. «Ары таман қойды қозғап, жайсаңшы!»- деп, Таймасқа қожайынсып шаңқылдап тұр «Алғаның ас болмағыр, ит-шошқа» деп, Қарғадай қармен бірге қарқылдап тұр. Бөбек бөлеу

Бөл-бөл бөбек, бөл, бөбек, Бөлейін бері кел, бөбек. Бедерлі бесік, төрт есік, Төгілте салдым төр төсек. Бөпешім, бесік - отауың, Отауыңа кір, бөбек. Бөл-бөл бөбек, бөл, бөбек. Бүлдіршін шүмек бәйтерек, Балалы үйрек, бас бармақ, Кішкене бөбек, бес бөлек. Саусақайы салбырап, Бөлене қойсын қос білек. Бөл-бөл бөпем, бөл бөпем; Бөлесем, жөнге көн, көкем. Көк ала жылқы көлде екен, Көк ала тайың сонда екен. Торсығыңды тосайын,

Тұмсық төсей cop, көкем. Бөл-бел бөпем, бөл, бөпем. Бөлейін бері кел, көкем. Жұлдызыңды жұм, көкем, Жуынып ерте тұр, бөпем. Алшая атқа мін, бөпем. Ақтан қара біл, көкем. Бөл-бөл, бөбек, бөл, бөбек. Бөлекен қонған көк өзек. Көк өзекте көбелек, Көлге көк құс шүй, бөбек. Көк өзекте көбелек, Көбелектей күл, бөбек. Бөл-бөл, бөбек, бөл, бөбек. Боларсың бөпем қолкөмек: Әлпештеген ата-анаң, Бола қалса мүгедек. Таңайын, ұйықта, таң атсын. Түнде оянба, түн түнек. Бөл-бөл, бөбек, бөл, бөбек. Бөріден бөстек ки, бөбек, Ерінбей еңбек ететін, Еліңе бол елгезек. Елгезек болсаң иісін, Ендеше саған екі емшек. Бөл-бөл, бөбек, бөл, бөбек. Бөгелмей білім біл, бөбек. Білмесең білім бекерсің, Бет алдыңа кетерсің, Елге есті ер керек, Ер жет! Есей ертерек.

Бұлақ бойында

Сылдыр-сылдыр су сылдырар бұлақтан, Тәңірі ме екен тауды-тасты жылатқан Анда-санда көңіл айтып «Көк!» Көк!» деп, Шығар даусы көкектің де жұбатқан. Ертелі, кеш сыңқылдайды, жылайды. He көксейді! Қыңқылдайды, сұрайды? Көк жүлгемен кебелесе көбелек, Төсін төсеп «көбешім» деп шулайды. Сыңқылдау не? Бұлақтағы зар ма екен? Бұлақ тілін білетін жан бар ма екен? Сықылықтап күліп жатқан өмірге, Әлде бұлақ бір ойнақы жан ба екен? Жок, бұл асқар Алатаудың өлкесі, Бұлақ соның ойнақтаған еркесі. Бұлақтың да сырласатын жаны бар, Онысы, анау: келе жатқан тәтесі. Айым Жамал ақгайлақтай монтайып, Екі көзі жылап ісіп томпайып, Сыңқыл қағып жылап жатқан бұлақпен, Жыласатын жанына кеп жантайып. Жамал қыз ед, қыздың шолпан жұлдызы ед, Шашы қолаң, қасы қара құндыз ед. Бұршақ салып тілеп алған құдайдан, Есекеңнің ұл қып сүйген бір қызы ед. Есекең де бәйбішесі Динамен Жылқы жылы қайтып кеткен дүниеден. Малды үлесіп, үйді бұзып ағайын Жамалды да талқылаған, сүйреген. Өз шешесі, өз әкесі болмаса, Өзі ұнатып сүйгеніне бармаса, Қараңғы елде қаңғып қалған жетім қыз,

Сөгіс пе екен, сумен бірге зарласа. Жетім Жамал тоқалдыққа сатылған, Теперішті... көрген күндес қатыннан. Қойнына алып Қожағұл шал жататын, Сабадай боп күнге көннен қатырған. Күндес қатын шағыстырса күңкілдеп, Шал қоятын зекіп, нұқып, желкелеп, Мөлдір көзден мөлтіл қағып меруерт жас, Келетұғын бұлағына ертерек. Еңіреп жүрек, майыса басып өлкелеп,

Көк шалғынды құшақтады көрпе деп. Жұбатқандай, жылатқандай бал бұлақ, Сылдыр қақты тәтесіне еркелеп. Сырласқандай сырды шешіп сылдыры, Жылатса да, жұбатса да су жыры. Сырды, шерді, мұңды, зарды толғайтын Сондай да бір судың бар ғой құрығы. Сылдырлады, сыр жылады, сөгілтті, Көздің жасын көк майсаға төгілтті. Су сылдырап, торғай шырлап, күн сүйіп, Жел сыбырлап ауыр ойлы жеңілтті. Сорлы Жамал тұрды жерден «аһ!» ұрып, Суға еңкейді жүресінен отырып. Қолды малып, жүзіктерді ағытып, Аузын шайды күміс сумен толтырып. Салқын сумен жуды бетін, білегін, Сергіткендей болды жастың жүрегін. Салқын сылдыр сергітер деп жүректі, Су тәтесі келетұғын күнбе-күн. Қарап еді ауыл жаққа «Аһ!» ұрып, Күндес қатын жұлқынып тұр шақырып. - Әке... баба... боқтап сойыл сүйретіп,

Қожағұл да шықты ауылдан ақырып. Салқын сылдыр сергіте алмай жүрегін, Дауыл айқай алды жастың жүрегін. Өмірге қор, өмірге ез боп жас Жамал, Ұялады жүрегіне тірі өлім. Бұлбұлға

Сайрадың құйқылжытып, кұбылжытып, Тамсандым, таңдайымның суын жұтып, Толқытып, толықсытып, емірентіп, Қиқуға қызықтырдың, қылдың ынтық. Ерікті алып, ес шығарып, екілентіп, Көңілді көлбектетіп, ойды ұмтылтып; Қанды қозғап, тамырды солқылдатып, Көңіл мұңын, жүректің лебін тінтіп. Малда дыбыс, көлде шу, желде ызыл жоқ, Маңайды манаурадым мүлде ұмытып; Судың сылдыр, тоғайдың дыбыры жоқ, Басқаны, қойдың, әншім, тақа құртып. Шырқатып, шыңғыртасың, шымырлатып, Төмендеп түсіресің сыбырлатып; «Мұңдым-ау! Мынау сенің мұңың ғой» деп, Жіберіп жер астына ызылдатып, Маған да әкелесің қыңырлатып. Қайтадан көтересің қимылдатып: Жүрегім, қаным, миым, көмейімде, Қосылтып, қос құлақты шыңылдатып. Сен сондай, ә, мен қандай сол мезгілде? Елжіреп ішім, бауырым кеткен мүлде. Қаныма қосып кетгің бір ауру, Осылай сайрамасаң күнде-күнде.

Бұлбұлға

Сайрадың құйқылжытып, кұбылжытып, Тамсандым, таңдайымның суын жұтып, Толқытып, толықсытып, емірентіп, Қиқуға қызықтырдың, қылдың ынтық. Ерікті алып, ес шығарып, екілентіп, Көңілді көлбектетіп, ойды ұмтылтып; Қанды қозғап, тамырды солқылдатып, Көңіл мұңын, жүректің лебін тінтіп. Малда дыбыс, көлде шу, желде ызыл жоқ, Маңайды манаурадым мүлде ұмытып; Судың сылдыр, тоғайдың дыбыры жоқ, Басқаны, қойдың, әншім, тақа құртып. Шырқатып, шыңғыртасың, шымырлатып, Төмендеп түсіресің сыбырлатып; «Мұңдым-ау! Мынау сенің мұңың ғой» деп, Жіберіп жер астына ызылдатып, Маған да әкелесің қыңырлатып. Қайтадан көтересің қимылдатып: Жүрегім, қаным, миым, көмейімде, Қосылтып, қос құлақты шыңылдатып. Сен сондай, ә, мен қандай сол мезгілде? Елжіреп ішім, бауырым кеткен мүлде. Қаныма қосып кетгің бір ауру, Осылай сайрамасаң күнде-күнде.

Бұлт Түнгі жаймен жуынып, Көгілдір көк күлімдер, Шөгіп шоқ-шоқ тұман, бұлт, Шоқы сүйіп, дірілдер. Көк мұнарлы белбеуін Алып тау бел буына; Сәлем беріп бұлт керуен, Таңда тауға жығыла. Қабағы мұз, суық шал Қолын алып, қас қаға. Желде, құзда несі бар, Қалғыды тас жастана. Бұлт - бөбек, тау - ана, Ана төсін аймалай, Ұйықтай тұрсын ол бала, Шыққанынша жел қалай. Гималай С ұ р а қ

Ақшалап басын қар көміп, Аспанның төсін арда еміп, Анасындай алтын күн, Сел жіберіп бір жауып, Жел жіберіп бір желпіп, Ауық-ауық құшақтап, Әлсін-әлсін нұр сеуіп, Есейген асқар Гималай... Сол күннен нұр ала алмай, Басы мұнар, бауры тар... Гималай асқар неге олай? Буырқанып, бұрсанып, Бұлттанып, құрсанып, Бірде жылы, нұрланып, Бірде ашулы, томасарып, Бірде торғын жұмсарып, Көк үйрілген анадай... Сол анадан сүт алмай,

Көзі соқыр, көңілі тас, Гималай асқар неге олай? Ырғалып, тулап, тербеліп, Тербетсе асқар күңіреніп, Жазықта аттай жарысып, Иықта жіптей күрмеліп, Тауды бұзып, тасты айдап, Сылдыр-сылдыр сөз сөйлеп, Өзендер салған неге айқай? Сол судан сыр ала алмай Қабағы құз, мұрны мұз, Гималай асқар неге олай? Жемісі жерде мәуелеп Терегі көкке әуелеп, Тағысы таста ойнаса, Қырдан қыран әуелеп, Андыздап ара бал сорып, Шешегін шымшып көбелек. Құндағы ну, қарағай Сол сәулетке оранбай. Борбайы борша, арша арқа, Гималай асқар неге олай? Бұлт тамшылап, қамшылап Бұрқақтатып күн шығад. Сол бұрқақтың астында Қиналған бір үн шығад. Қиналад та, күңіренед. Асқар әлде тұншығад, Басқан оны қай кұдай? Түсті ме екен найзағай? Жатыр ма екен жау жайлап? Гималай асқар неге олай?

Ж a у а п

Гималай - көктің кіндігі. Гималай - жердің түндігі. Мұз туырлық, қар үзік, Түрілмеген бір күні. Қалған құсы басында - Сауысқаны, құзғыны. Ол құлаған құландай. Күшігім, қорқау, құмайдай Жемтігіне жабысқан. Гималай сорлы, cop маңдай. Күнін көміп, батырған, Өзенін тас қатырған. Құзын, мұзын шеңгелдеп, Тегеурінін батырған. Апшысын аяз қуырып, Қақалса қан қақырған. Бар бір басқан тұмандай. Сол тұманнан шыға алмай, Жүрегі жара, көзі көл Гималай сорлы, cop маңдай. Жерін жайлап, у қылған, Ерін қанап, құл қылған, Елін талап, еңбегін Жалмап, теуіп, жүн қылған, Құлдың жанын құм қылған, Құлдың қанын қылғыған, Бар бір зәрлі жыландай... Сол жыланнан жылжымай, Қабағы жабық, қаны арық Гималай сорлы, cop маңдай. Тоқ қарыны басылған, Аш қарыны ашынған. Тұман әдет, қар сәлде Арылмаған басынан.

Құлғанасы құл жайлап Ғасырдан шіріп сасыған, Дертке дене толғандай... Сол бір дертке ем қонбай, Жаны жара, тәні ауру Гималай сорлы, cop маңдай. Тауды, тасты қашатып, Ойды, қырды жасатып, Ойбай!- десе тас атып, Қойдым десе босатып, Жалынса табан жалатып, Қарысса қан асатып, Бар құлданған зор құдай... Сол құдайдан құтылмай Заманы дозақ, қанды азап, Гималай сорлы, cop маңдай. Батыста қауырт бір қол бар, Қол алдында бір ту бар, Ту жазуы «Коминтерн» Шығыста қалың бір құл бар, Құл аузында бір шу бар, Шудың туы «Коминтерн». Сол туды шу қолға алмай, Тау толғанбай, қозғалмай Дерт жыланнан, тұманнан Айыға алмас Гималай! Гималайда қуат бар, Қозғалды оны құрауға. Гималайда ұлы от бар, Таянып тұр, тұтауға. Гималайда улы оқ бар, Құл атады құдайға. Болса болар, болғандай... Көксеп күн мен көк орай, Дейтіндерге неге олай? Айтар сонда Гималай!

Домбыра

Тарт күйіңді, домбыра! Төгіл, төгіл тәтгі күй, Тау суындай сылдыра, Желпін, желпін жел соқтыр! Тауда тұман тұрмасын, Көкте бұлт ыдыра! Тыңдамаған қоймасын, Ойды-қырды қыдыра, Құлшына тарт, домбыра! Екі желі, үш қазық, Тоғыз ноқта домбыра, Ойнатайын он саусақ, Құлындайын құлдыра. Бозда-бозда бота күй, Қашағанды қудыра, Құлшына тарт, домбыра! Еңбек елдің күйшісі-ау, Құлағымды қиқулат, Көңілімді қандыра, Тәтгі-тәтті күйге тарт Көргеніңді күй қыла, Құлшына тарт, домбыра! Еңбек елдің жыршысы-ау, Жанымды бір жадырат, Көкейіме қондыра, Тәтті-тәтті әңгіме айт Жаңа өмірді жыр қыла, Шежіре, шешен сұңғыла,- Құлшына тарт, домбыра! Ел шетінде, жау бетінде Бұлт қалың, ай қараңғы,

Куілдеп соғып тұр дауыл... Төңірек, маңай, ғаламды Жамылшы жапты бір ауыр... Қалың тоғай, қара орман, Су салдыры недәуір, Жаңа жұрт, жапан, жар қонған Жадағай қора, жарлы ауыл... Қорада қойлар қорқулы, Мөңіреп сиыр, көк теке Бақылдайды, у-шулы... Алдымда от алакөлеңке. Төңіректеген төбетім, Тығылып үйде ықтайды. Күзетер деген күзетшім Бүркеніп быр-быр ұйықтайды. Жайлау

Көк кілем қатипадай жасыл жайлау, Қаз-қатар ауыл арты желі байлау. Жайлаудың жаз мезгілін елестетіп, Мақтаншақ мінезім бар жұртқа айқайлау. Айы алтын, көк жайлаудың күні күміс. Ақ тасы бұлағының маржан, күріш. Етегін шалғын шалып, жел шайқаса, Бейне той секілденер жасқа жүріс. Құлын, тай кісінесіп шіңгір-шіңгір, Тас бұлақ жайлау мақгар қағып сылдыр. Тырайып көк жотада қой шетінде, Мастанған қатық ішіп қойшы құрғыр. Қарағай қалың отыр қарсы бетте,

Қарашы Қалиман мен Бейсембекке: Теңселіп, тебісіп тұр алтыбақан Байлап ап отын жібін әлпеншекке. Айналған аспанында алғыр бүркіт, Қатындар күрпілдетіп піскен іркіт. Әуені анда-санда бұлты торлап, Жайлауды шомылдырар жұпар бүркіп. Сапырып бәйбіше отыр сары қымыз, Бай отыр жалшы жұмсап, сөзі нығыз. Өзекте мұрын жарып, мастандырар, Қой үзген таңқурайдан аққан уыз. Үңілген қыз, келіншек бүлдіргенге, Қуқыл мәз тебеде елді күлдіргенге. Жапар таз қой, қозыны жамыратгы, Әуей боп бүлдіргенде бір жүргенде. Үй басы құрт қайнатқан, өре жайып, Күнделеп бие сауған келін, зайып. Дауылда жел қапсырған арқаны жоқ, Кедейдің қауешегі тұр қисайып. Іңірде жылқы жиған жылқышылар, Сызылтып көңіл тербеп әнге шырқар. Ән толғап бойжеткенді қыбылжытса, Күрсініп көзден кекіл кейін сипар. Қысырақ үйірленген бөрте бурыл, Саяқсып шет жайылып емес жуыр. Қайнатқан қазан түспей, таң білінсе, Азанды сықақ қылар таста суыр. Алады түнгі ұйқыны күндіз сәске, Сәскеде сары қымыз түсер бәске: Манаурап гүл толқытқан самал жұтып, Ақ сұлу ірге жақта тігіп кесте...

Жанартау Зәулім-зәулім заңғар тау Шығыс-батыс шегінде, Лапылдақ жалын, іші қау От ойнақшыл тегіңде. Қарындай кепкен қампайып, Борсып, бықсып, булыққан. Ашылып аузы аңқайып, Түтектен түтін, бу шыққан. Ұшқыннан от бұлқынып, Күрс-күрс, быж-быж оқ... Жалаңдап жалын жұлқынып, Айнала түскен қызыл шоқ. Лаба жалын жандырды Тас, қоқыр, тікен, сіріні. Тұншыққан жылан түтінге, Көзінен ақты іріңі. Қызыл жалын тазалап, Куарған қорданы өртеді. Жас балдырған жаңалап, Жайқала шықты өртеңі. Жанардың жанған жалыны, Жердің жүзін жарық етер. Жарылқар жалшы-жарлыны, Жаңа жұрт жасар, қарық етер. Жас жалшыға

Туғанда алғаш анаңнан, Балапан едің ақ үрпік. Құндағың тері, саламнан, Жеткіншек едің жез кірпік. Әкең қойшы, шешең күң, Жылы орны да жоқ еді. Қазан жалап сен үшін, Әйтеуір анаң «тоқ» еді. Азаппен жиған ақ сүтін

Мезгіл-мезгіл сорушы ең, Жұмыста анаң, жоқ күтім, Өксікпен өкпе соғушы ең. Шөп төсекпен шығысып, Денең тастай шираған; Күн қағып, жел жеп, отқа ысып, Бейнеттен күш жинаған. Аязды суық боранда Қалшылдап өстің сүмсиіп. Таңды атырдың қораңда, Қар құшақтап, мұз сүйіп. Ақ бәтестей ақ денең Ыстаған бейне қара көн. Қабағың салық, жоқ өлең, Ойнамайсың баламен. Ұрсу, соғу, зықынау, Жүректің қалған тоты боп, Өстірген шайып жас былау... Өмірлік сөнген оты жоқ. Үміті біткен тірліктің, Жас басыңнан шалдайсың. Қызығу, талап, ерліктің Біреуін де ойға алмайсың. Жасыңнан-ақ құлдыққа Ыңғайланып алыпсың, Мұқтаждыққа, мұңдыққа Мұңайыпсың, қалыпсың. Емес пе ең жазғы көбелек, Көгалда көлбеп ұшпайсың. He себеп, мұнша уһілеп, Қу таяқты ұстайсың? Өзіңдей жанның баласы, Оқып жүр ғой мектепте. Бет, білек қолдың саласы, Абайлашы, аппақ па?

Мектебі жақсы, көңілді, Арқалап боқша барады. Киімі бүтін жып-жылы, Ойнап асыр салады. Жабырқаусың, жасықсың, Ондай көңіл сенде жоқ. Жалынды жастай басыпсың, Пендеге де пенде боп. Ұйымы қайда жастардың, Әлде сені білмей ме? Әлде, асусыз асқардың Жібермей желі үрлей ме? Бұған қандай мәніс бар? Сен бұл күйде отырсың. Еске алар, аяр, танысар, Оқырсың қарғам, оқырсың! Ұран жақсы, үміт көп, Жамырар жастар, бас құрар. Өнерсің көпке жігіт боп, Жасыма жаным, жас құрғар. Жауын

Көк шатырлап, жел қарпып, Жайлар түсті жайнақтап. Қап-қара сұр мұнартып, Бұлт аспанда ойнақгап. Қырыққан ешкі бүржектеп, Күзеген түйе тайрақтап, Боранды бұршақ шүмектеп, Жер су болды тайғақтап. Құздардан құйды күңіреніп, Сай-саладан ылайтып, Сұрғылтым бұлты түнеріп, Моланы езді шұнайтып. Жадыраған жазғы күн, Қоштасты бізге «мұң» айтып. Арық, әлсіз наз-мұңын, Жылады, шырқап шын айтып. Қараңғы перде қанаты Аспанды шалып, жерді алды. Меңіреу ұйқы қуаты Ұйтты жеңіп, елді алды. Қышқыл уайым, ащы сөз, Бойдағы сіңген терді алды. Болжаған түс болып кез, Ел ұйқысын енді алды. Желді қарағай

Жайлауым желді қарағай, Жайлауында елі жарасқан. Жанымда жайлау жағалай, Жанса, қалай жақ ашпан. Қарағайың сыңысып, Қалың малың қаптаған. Қара бұлт бураң бұлықсып, Қара інген тауды қапсаған. Туырлықтай тұманда Тұмшаланды тұғыл сай, Тобылғы торы құнандай, Томсарды қасы қапсағай. Шоқшиған шұбар шоқының Шоғырланса ұшпа ұшынан. Шолақгың лоңқа шоқтығын Шолады көкте күшіген. Ол күнде біз бала едік, Оздыра құнан шауып ек. Орғыта ойнақ caп едік, Ойнай қозы бағып ек. Жалбағай тұмақ, жауқияқ Жауырынымызға жабысқан, Жая шыққан қозы-лақ Жамырауға жарысқан. Жетісу суреттері Жалпы сын

Жер таппан жерде жете Жетісуым Күркілдек, Көксу, Лепсі, Іле, Шуым, Асқардың аспан сүйген сілекейін, Жан бар ма татпайтұғын, айтпайтұғын. Бөленген бұлтқа мәңгі меңіреу құз, Ну тоғай, қоғалы көл, қоңыр құмым. Асқардан ақтарыла арқыраған, Жөкендің кім аңсамас балдай суын. Жетісу, кеудең асқар, аяғың көл, Қоңың құм, мықыныңда бар сексеуіл. Тау жайлап, қоңыр күзеп, құмды қыстап, Ол бір маң мал өсірген өлкедегі ел. Көктемде құмнан әсем жер болсын ба, Жайқалып жауқазыны, раң гүлдер. Бойдағы бозбаладай асыр салса, Қозысы құйрықтанып дөңгеленер. Шөгіскен шоғар асқар қатпарланып,

Қия құз, мұсатыр мұз жақпарланып. Емес пе көк ала бас ақ буралар, Оралған шудалары мақпалданып. Саятта аң аңдыған ол бір мерген, Мылтық ап, бүркіт ұстап, қақпан салып. Таудағы тас жаңғыртқан қойшы әндері, Қайырлад еткенімен сақпан саңық. Айқыра ала асқарлар жатыр шөгіп, Жер жаншып, көктің көлбеп төсін еміп. Ойнақы, құба, тарлан тағы аңдарын. Тәбеті тау-тасына қойған теліп. Құлпыртар құмда соққан қоңыр самал Мәсімнің масатысын желі желпіп. Қар кетіп, қара жері жасанғанда Қонбасын қалай кұсша өлі келіп. Ескінің ертегі айтсам ертесінен:

Жетісу қан малшынған белшесінен, Алайда, айналармын, айтам әлі, Шыға алмай жүрмін әзір жер шетінен, Қалмақты, Қоңтәжіні Жөңкесінен, Үркітіп Абылай мен Шоңай шауып, Жөңкенің асырыпты желкесінен... Тау суреті Тарбиған Тарбағатай жердің құты, Барлық - ол «қыдыр түнеп көшкен жұрты». Оранған ақ көбенек аруақты Алтай, Төгіліп бізге таман жатыр мұрты. Ертеде сол асқардың сәулетіне, Қиыспай қырғындасқан талай жұрты. Ақшұнақ, Жабағылы, Мыңшұқыр, Таз, Бұлардың бәрін тізген Жоңғар тұрпы. Аршалы, Амантекше, Қарасырық, Қараүңгір, Қалмақасу, Қаражырык, Сауыры Салқынбел мен Сайымбөлек, Суығы соғып тұрад аласұрып. Қымызын сол жайлаудың ішкен кісі, «Бәйгеге» қосад өзін таң асырып. Шоқысын Бүркітінің Үшбүйенге, Қойыпты сәуекендей жарастырып.

Күрделі қоныс қайда Күреңбелдей, Құр жатпас Қора мұзбен жүгенделмей, Тегерез төңкерілген тегеш, Шажа, Шамқой шал қабақ жаба түнергендей, Талақтай талаураған Баян - жүрек, Тұнжырап тұқырып тұр «тірі өлгендей». Мұрыны Мұзбұлақтың көкте мүлгіп, Ақтасты аспанға әдей тірелгендей. Қар кете қарлы алаңы қақ айыра, Қаптағай қаптай көшед Бүйенді өрлей. Түйірлі бұршақ нөсер ұшықтайды, «Ши ұшық», «қырық аяқ су» жібергендей. Көкжамбас, көл Көпірлі таудың көркі, Жатқан мұз Шатыртастың көкше бөркі. Ақиық Демікпеден алған адам, Алдырар Айдарлыдан Алтай түлкі. Қоңыртау қорқатыным бала жастан, Жыланы түрі жаман - түкі, түрпі. Түнімен тау күзеткен, таста айтақтап, Дуана заржақ байғыз - шайқы-бұрқы. Талғар тау тарғыл ала шоқы биік, Асқақтайд емшегі, ерін көкке тиіп. Арқырап асқарынан құлаған су - Бауырын балбыратқан еліне иіп. Малға жай, елге жайлау Үшқараштың Сүбесін мекендеген суыр сүйіп. Асы - астау, отырған ел - өрелі құрт, Құрт жайып қодырайған Бақай биік. Албыр бет Алматыда алма әдемі, Алғандай ақ тамақты ауызға үріп. Қарқара қалың қазақ кебесіндей, Албанның албырт - ерке енесіндей.

Қарағай қапталдағы, жыныс арша, Қыдырлы малдың кұтты келесіндей. Текестің көкке өрлеген тік қиясы, Сымпиып сол маңайдың төресіндей. Мың жылқы мыжырая жантайысқан, Өзгесі жүгініскен төрешідей. Былшықай, Бесжырғалаң, Түптің түрі Қатықтың жаланбаған тегешіндей. Қарқара жарасымды жазық жайлау, Үй - күлше, құрпың жайған өресіндей. Алыстан ауыл әрпін абайласаң, Сүйекті баймөңкенің шегесіндей. Сүті ағып сорғалаған Үшқарқара, Қорғасын қорып төстен келетіндей. Қарасаң Көкбұлақтан күміс қарға, Өрнегі шербеністің билетіндей. Осқырып теріс айналған Түптің суы, Сырт беріп қос аяқтап тебетіндей. Жыландай ирең қаққан Иірсуда Білдірмей тау іргесін сөгетіндей. Лабасы терде жатыр төс табандап, Шоңқиып малды ауылдың төбетіндей. Бота жүн, бозғылт күрең шалғын біткен, Жайлау жоқ Көктөбенің төбесіндей. Жарбиып осы ереңге ықтырмалап, Қоңырқай Қулық судың бөгетіндей. Ешкідей үркіп шыққан Шөладыр тұр, Қасқырдан бір тықырды көретіндей. Телміртіп Текес аса ай туады, Тайыншаның, тарғыл ала зересіндей. Жайлаудың ортасында Тұзкөл жатыр, Жарқырап төбел таздың төбесіндей. Айналсоқ ала асқарда сасық мұнар, Тіміскіп төс түртпесе өлетіндей.

Қыз емшек қызыл сүйір шоқылары, Томсартып тұман сүйіп өбетіндей. Меңіреу мөлдір қара бұлт қоршайды, Сұлуға жұпар бүркіп себетіндей. Баладай балдырлаған сақау самал, Қойнына әжесінің енетіндей. Тұмсығы Торайғырдың түгел орман, Сол таудың тыныс тартар өңешіндей. Таппайсың Үшмеркіден ұшы-қиыр, Қарағай қара шашты өретіндей. Басы мұз, зәулім жақпар, дүлей тоғай,

Барлық аң бір шатқалдан өретіндей. Мақтайтын ертедегі Иран бағын, Сол жаққа барған кісі көретіндей. Томардай тұқыл күйген, тұлан тұтқан, Сорлы тау неге болсын Сөгетідей. Қып-қызыл жамағандай тауды мыспен, Қорғасын қорығандай су-күміспен. Құймақы, қожыр қара жақпарлары, Арналып отырғандай алып күшпен. Таутеке, марал, бұғы тағылары, Тау-тасын мекендеген жазы, қыспен, Қартадай қатпар-қатпар қаптал жатыр, Тазы ертіп, күзгі қарда шықсаң кұспен. Қуыппыз көк жайлауда бір күн елік, Желіктен кісі аман ба қымыз ішкен. Тағыны тастан тауып тарсылдатып, Жүргенбіз тауды ұзақ күн қыдырыспен, Басына кешке таман Шырғанақтың Шыққаным әлі есімде Ыдырыспен. Ал, сонда алды-артыңа көзді салсаң, Онды-сол, көз жетерді шолып алсаң, Бұлдырап көзің шалып Түптің суын, Албанның қонысына қайта айналсаң:

Қылқиып қыры кеткен Қызылауыз, Кетпен мен Кеңсу кербез жатыр алшаң, Томпиып томағадай Сарытау тұр, Қарасай - ер қапталы атқа салсаң. Елбіреп Елшенбүйрек ел аулақта, Ойнамақ жасырынбақ Науша, Наршаң. Шалкөде шүйгін шөпті құтты жайлау, Сонда дейд сүзбе тұзды бара қалсаң. Жер бар ма дәу Бақайдан көрінбеген, Жүйеге тау қалсын ба бөлінбеген. Көресің алдындағы дастарқандай Жерлерді Теріскей, Сырт, Төрің деген, Лабастың саласын да шолар көзің, Тұлымдай тобық соққан өрілмеген. Аса алмас алғыр қыран ала асқардан, Өңкілдеп өзен қалай төгілмеген. Шығысқа беттей шөге жатқан таулар, Құшысып, сүйісіп тұр көгіменен. Меруертгей жалтылдайды күңгей Мұзарт, Кез түгіл үңілесің көңілменен. Құздары Құдырғының құлдыр шұнақ , Өрікті - ол боз биедей желіндеген. Ақсақал, Байсауырын, Тайсауырын, Жалмауыз шығар көктің көгін жеген. Асқардың арғы атасы Хантәңірі, Албанның өрісінің төрінде екен. Па, шіркін! Болады екен тау да сұлу, Мұз көйлек көк мұнармен белін буу. Көлдегі көп шағала ортасында Тартпасын көзді қалай айдында аққу... Өзгені үйме-жүйме отырғызып, Ортада бір ақсақал кеңес құру. Қайырып, топты үйіріп бір боз айғыр, Жусатып, қалғып көзін ашып-жұму. Осыған ұқсамаса сөкші мені, Басынан Кіндіктастың қарап тұру.

Жетісуда су суреті Ыстықкөл жер айнасы мөлтілдейді, Балқашты қамыс қамап желкілдейді. Аттанған алты өзені Жетісудің Балқашқа бауырымдап еңкілдейді. Балқаштан өзенді өрлей жүзген балық, Тұмсығын қас қаққанша еркіндейді. Бұлқынса анда-санда ала бура, Жетісу желпең қағып селкілдейді. Шу әне, тауды тарпып шыққан шулап, Ойнақтап, ырғи, жосып таудан тулап, Асқардың ақтарылған ағы емес пе, Қарқ болған қырғыз-қазақ суын сулап? Шуылдап жүйткіп жатқан Шудың үні: «Қолың бер, құт, береке» дейді «тумақ!». Ертеден ірге теуіп өскен Шуда, Ұлысы Ұлы жүздің Үйсін - Дулат. Шымырлап Іле қайнап құмды кезген, Қас қақпан ұйық, дойыр, долы безген, Алыстан арып көшкен керуендей, Тоңмойын, томсарулы тұнжыр көзбен, Елге де, егінге де қарайласпай, Жылысып жылжып жатыр бір мінезбен. Ел шайқап, ердің қанын ішкен Іле, Естісең ертегіні ескі сөзден. Арқырап асау Шелек орыпты тас, Бурадай бұлқынады көк ала бас, Ол баста Күншығысқа шыға шауып, Жалт беріп етекке еңсей сапты құлаш. Айдынды айдағардай күміс көл бар, Алысқан таумен, таспен алып болмас. Қожыр тас қопарыла құмға айналып, Жарпымен көшіп жатыр боп жым-жылас. Қысылып қыспақтағы қыл көпірден, Албандар өтеді азар деп «ақсарбас». Көпірген Көксу көл бар басы бастау Дегенге көшпелі әйнек суы ұйқастау,

Тау жуып, тасты қуған содыр суы, Аңқылдайд арнасында меруерт астау. Жалбасы, Шаған, Бұғы мүлгиді оған, Шалдуар шалдай қалғып шала мастау. Жар жарып, жерді жиған Көксу көл бар, Бейне бір Жалайырға шабатын жау. Арқырап айқай салған Көксу алып, Жазыққа шыға келсе үркіп ағып. Егінші, ылғи диқан Жалайырлар Үлесед үй басына тоған алып. Сол елдің қыдырынды қыдыры сол, Cap бала, қара қазан болып қарық. Мөлтеңдеп мойнақты орай Қаратал да, Көксуға қойындасад жарды жанып. Қосылып екі ерке су, екі сұлу, Балқаштап қалың құмға кетед лағып. Жетісу жәндігі Баяғы баяғының заманынан,

Асқарда шың мекендеп, жайлаған аң, Тағылар тарғыл тасқа баурын төсеп, Бар тышқан қоныс алған балағынан. Жасанған театрдағы ойыншыдай, Құздардың көрінеді аң алаңынан. Қиынның жынысыңда бар деседі, Сілеусін, ілбіс, аю, бұғы, бұлан. Кәдімгі қасқыр серек, қарақұлақ, Шуылдайд шүйебөрі үй артынан. Кәдімгі қарсақ, сусар, бұлғын, жанат, Сол таудың іздейді аңды ту сыртынан. Таутеке, арқар, құлжа, қарақұйрық , Көруге болад бәрін жайылымнан. Маралды мал ішінен атпен қуып, Әкеп жүр ауылына айдап Албан. Тазқара, балта жұтар, ақбас құмай, Бұлақта отырғанын көрем ұдай, Жарғақ бас жұртшы, саржақ су бүркітер,

Құмайдың қоғамында құдасындай. Лашын, тұйғын, тұнжыр, тыңар, мықи, Ителгі, бәрпі, қырғи, құр, тұрымтай. Барайық шыңда ғана болад десед, Бүркітпен барымталы ел ала жаздай. Тығанақ, үкі, ақсары, құладындар Сықылды толып жатыр мөжеп-томпай. Албандар атын атап түстейтұғын, Мінеки Алатауға біткен торғай: Қара, боз, суық, бұқбас, сипті, шымшық , Шапшақай, майлық, маубас бұқа, шөже. Тоқылдақ, сұрқұрқылтай, бұлбұл, шымшық Шымшықтың сан-сапалақ атаулысы - Айтарға сай-салада жүр лықсып, Тас жырып, балақ біткен шыңға шықсан„ Күй тартар той қылғандай торғай сыңсып. Көркемі көбелектің сол сайларда, Гүл шолып, жүрер ойнап ұшып сып-сып. Үстіңнен аю тасты сылдырлатса, Самайдан ішкен қымыз шығар шып-шып. Жер түгі Ағашта өзің білген қарағай, тал, Жалғыз-ақ неше алуан түрлісі бар. Долана, ұшқат, шетен, ырғай, арша, Ақ сасыр, қызыл қайың, барша, шынар. Шырғанақ, сөңке, терек, сөгет, емен, Үйеңкі, шырғай, балғын тораңғылар, Сарыағаш, қойқарақат, жиде, шетен, Тобылғы, түйеқұйрық, бауырқұрттар; Қараған, бозқараған, шеңгел, шілік Сықылды ағаштардың талайы бар. Биікте бітед шөптен сарыкүйік,

Тістеніп жатыр жұлып малы сүйіп, Қымызын сарыкүйіктің ішеміз деп, Албандар қоныстайды құстай биік. Тауқонақ, шәйшөп, маңқа, құлынембес, Сүттіген, ендік, мейіз, киізкиік, Аңшалғын, көкемарал, бетеге, раң, Жапырақтеңге, бұйра қисық иық, Балдырған, уқорғасын, атқұлақты Елік жүр сонысында соны қиып, Жұлкеуір, бәрпі, шырыш, шытыр. Сауыны биеемшектің кеп тұр иіп. Мыңтамыр, жуа, рауаш, жаужапырақ, Балауса, сорғыш, селдір, ермен, бақбақ, Сыбызғы, жалбыз, құлмақ, қарақияқ, Шоқайна, меңдуана, сора, шақпақ, Ішінде сол қурайдың сұлу солар, Шырмауық, кендір, қылша, жыланқияқ, Қанжыға, қоға, сасық, аққой болып Бөлінед жуалар мен таусарымсақ. Қымыздық, қызсаумалдық дейтіндерге, Ат қойған тау елінде сүйіп шын-ақ. Өріске біткен осы өңкей сүтгің Ішінде бір сүйкімсіз отыр бір-ақ: Қалақай қара тарғыл ол айтқаным, Сүйеді сүйкенгенді шымшып, бұрап. Өзге жан өмірі оған жоламайды, Төңбекшіп түйе жесе қалар құлап. Шалқиды шалғын көлдің қамысындай, Атқұлақ Тасарықтың тарысындай Үш қырлы, сұлу сырлы айылқияқ, Кіндігі қырғыз ерме қамшысындай. Селтеңдеп сепсе қурай сырға қадап, Саржағал сәлемдесед танысындай. Жуалар шайқаңдаған ол бір кербез, Шалма орап мұсылманның абызындай. Құс таңдай самал соқса сыбырласад,

Әзілді әйел, ажын-абысындай. Солармен судырласып ойнайды жел, Дүрмектің көкпар тартқан шабысындай. Неше елді аттандырған құтгы қоныс Әлі тұр әсемдігі таусылмай. Суретін сөз баяндап жеткізе алмас, Жерінің Жетісудың бәрі сондай! Жүдеу жүрек Былапыт, Ылат, Былжыр күз. Тұнжыр қабақ , Қылжыр көз. Қыр қызықсыз, Тау түрсіз. Су сұрықсыз, Сүйкімсіз. Жылауық көз - Сылбыр күз. Көріксіз, Әрсіз, Ажарсыз. Сілбірең Тұман, Көңілсіз, Жауын Айсыз, Жұлдызсыз. Түн, Түнек Түтін... Үй жалғыз. Отын дым, От бықсиды. Үрлейді қатын, Сықсиды. Қайнамай қазан, Түксиді, Мұкаш Бүкшиді. Ірге күңгірт

Көлеңке. Бұрылды солай Шүй желке. Көрдей күңгірт Үңгірде Жатыр төсек, Кір көрпе. Кеше ғана үйге енген Кеткен тоқал сүйгенмен. Жүрегі сыздап, Бой мұздап, - Үһ! - деді Іші күйгеннен. Кім екен? Бауырым, сәулем Күләнда! Неліктен солғын ажарың? Тұтылған айдай тұманда, Неліктен төмен назарың? Ақ дидарың тотығып, Ақша бетің солыпты. Жігерің жасып, от құрып, Жанбастай болып сөніпті. Жазық жаурын қайқайып, Шыбық белің бұралып, Құлағың қапты қалқайып, Тамағың, жағың суалып. Бүлдірген бетің сұрланып, Тыржиып қабақ қатыпты. Алмадай піскен нұрланып, Тартылып ұртың батыпты. Мөлдір тұнық қара көз, Ажарсыз тартқан алайып. Келте қара шашыңыз

Түбіт бопты шолайып. Ақ білегің азғындап, Білезіктерің босапты; Қарағанға байымдап, Саусақта жүзік бос қапты. Ұзақ, сары таң көрмен тең, Кірпігінде жоқ ұйқы. Ұзақ, сары күн шермен тең, Езуінде жоқ күлкі. Көзіңнен аққан суық жас Айғыздап бетгі шайыпты. Суық жаспен аралас Жүректен талап тайыпты. Тамаша сауық, жиын той - Біреуі де көңілсіз. Достық, қастық, қызықты ой Біреуі де сенімсіз. От лебіндей ып-ыстық Аузыңнан шыққан аһы-зар! Кеудеңді кернеп, дерт қысып, Көзіңнен сығып ағызар. Өз жөніңді ұмытып, Итке басыңды иесің. Ұзақ таңға у жұтып, Аһлап жастық сүйесің. Айт шыныңды, сәулежан, Кім мұңайтгы? Кім соқты? Айырып ажар ақылдан Әлде пері, жын соқты? Шыныңды айт, неге бөгелдің, Жүрекке жара салған кім? Махаббат, талап, жігердің Тамырын қиып алған кім?

Кім сарғайтты, налытты, Айт, жасыма, жасқанба! Дауыл менен жауыздың Ұшқан күлі аспанға. Өсекшіл жауыз қас дұшпан Деді-ау әлде: күң екен. Біз бұғаусыз арыстан - Күң қылатын кім екен? Көктемде

Жауыны жауып, жасылы Жарқылдайды - жаз кепті. Өкіреді өзен тасуы, Қаңқылдайды - қаз кепті. Ширады шымайт, шаң шықты Кұрғады құмайт, саз кепті. Төңірек ашық, тұман жоқ, Көктен нұрын күн септі. Тоғайда, көлде той қылып, Қаптады құстар жер-көкті. Ауылдың малы балалап, Айран шықты аз-көпті. Қонына құйып қоламта, Қоқаң емдеп таз кекті, Манаурап мал-жан жадырап, Жан-жануар мәз бопты. Құлазыған қыстайғы Малға толды сай, қоқты, Күпісі жалба жабағы Тойтаң қағып, тай бопты. Ісек шығып есіред,

Көрпелдес кентек көк тоқты. Есінде шығар, елім-ау, Емдеп ед Қоқаң қай көкті? Қоқаң көгі құлпырды, Құм сіркеден құтылды. Қунаң қақты, қоң бітті, Көгі көкке тойынды, Құтырып Қоқаң орғытты; Көмір жинап, көрік жығып, Ұсталар, ойдай, іс соқты. Ауылдың бейлі биыл кең, Үйткені мал-жан дін аман. Қисаймай шықты қылшығы Қысыңнан да қысаған. Азықсыраған ауыл жоқ,

Ашып алды астық ұрадан. Ақ шықгы, жатыр жағысып, Жарлысы жоқ жылаған. Шығынсыз шыбыш лақтап, Төлдеген тоқты бір заман. Астығын, малын базарлап, Қажетін алды қаладан. Кооперативтен көздеме ап, Киінді ауыл жаңадан. Бас-аяғы бір болды, Бастап еді баладан. Шаңқиған жейде шал киіп, Киінді кемпір аладан. Кәрістетті келіншегі, Шомытын тастап жамаған. Қыдырыңды азайды, Қыдырып үйді шұбаған. Жалқаулары көрінбейд Жатып ішіп сұлаған. Елдің түрі көрінді Етек-жеңін жинаған. Шаруасына көрінед Көбінің көңілі құлаған. Тісін сайлап, тырбанып,

Тіршілік етті тірі адам. Қызыл ма, қыз ба, қызғалдақ Қырға біткен, көз салшы.. Көк масаты көрпе көк, Көлпілдейді, ойға алшы. Көк ала батшәй көбелек, Көбелектей ме ол қайсы? Көлде тойлап толы құс, Қызығына тойсамшы! Мал маңырап өрісте, Қайырып оны жүр малшы. Өзгесін былай қоялық, Онда қайда диқаншы? Диқаншы кім ауылда? Айтамысың Қоқанды? Қоқан байдан қол үзген, Жалпы шығып, бай қалды Тоқпақтаумен тоқалды. Тоқал да тұруы екі-ұрық, Тоқалға да тақалды. Соңында ноқта сүйретіп, Қоқаң байдан ақы алды. Жалшыға да жар шықты, Бай жегенін қақалды. Бай жылады, жұлқынды, Сатала сауыс сақалды. Қосшыға Қоқаң жазылды,

Қоғам болды, соқа алды. Tic темірін тапта деп, Оны ұстаға апарды. Қазына берген қарызға Арбасы мен ат алды; Сайлады саймандарын да Шұжықтап мойыл шапанды Қырқаға әкеп қос салды, Сықыр-сықыр соқасы, Солқылдатты сол маңды, Қоқаң шашты тұқымды, Қоқаң жерді қопарды. Көлге

Көмкеруің көк көгал, Күлмеңдеген күміс көл, Көнерең кесте - құрақ, тал. Кестеңді өртер күзгі жел. Оранып ұлпа ойдымды, Ойпанда жатып етгің наз, Төсінде құстар той қылды, Той бастады қу мен қаз. Сүңгуір, сұқсыр сүмеңдеп, Қасқалдағың қалтылдап, Шүрегейің шүмеңдеп, Шағалаң шулап шаңқылдап. Шомылған сұлу суыңа, Шапылдатып алақан. Мықшиған мерген қуыңа, Балалар қуып балапан. Көк құндақты күміс көл, Күбірлеме, жыр айтам.

Сал құлақты, көңіл бөл, Болды сендей бір қалқам. Ол да сендей сұлу ед, Жасы да оның жас еді. Жаз өмірімде туып ед, Жазы да оның аз еді. Бейне біткен қайыңдай, Білегі мінсіз балғынның. Ақша төсі айдындай, Шашы сенің, шалғының. Қасы сенің қабағың,

Лебі сенің лебіңдей. Саусағы сенің шабағың, Шынтағы шыбық өрімдей. Оның да өмірі жартымсыз, Болды, лажсыз күз жетгі. Өмір күзі сұрқынсыз, Екі он бестен жасы өтті. Сен де сондай боларсың, Жаздың жақын өтері. Сен де сондай боларсың, Бір боларсың екеуің. Күлмеңдемес көзің көл, Өлезір де тұнжырар. Күй күйлетер күзгі жел, Бақа-шаян шыңғырар. Толқын бетіңді ажымдап, Қартаярсың қалтырап. Долы дауыл азынап, Жалп-жалп ұшар жапырақ. Қиқу салған құстарың, Қош айтысар күн болар. Құшағыңа құштардың Қалмас бірі, жым болар. Қарашалап қар жауса, Қалармысың қартаймай? Қамыс, қоғаң сарғайса, Қартаярсың қалқамдай... Көші-қон

Буалдыр бұлт ыдырап, Сүңгілі су сылдырап, Сабылған сабыр кепкенде;. Бөртіп бұта бүрленіп, Төлдеп түлік түрленіп, Көгерші гүл төккенде Ел қыстаудан көшеді. Аспанды тандақ таң сөгіп, Қырға қызыл нұр төгіп, Түн түнегі кеткенде; Қойшылары қобырап, Қой-қозысы маңырап, Ауыл даң-дұң еткенде Үй байлауын шешеді. Тепкішегі қимылдап, Жеткіншегі жымыңдап, Тақымға тай жеткенде; Келіншегі керіліп, Еріншегі ерініп, Ренжіп маза кеткенде Ауыздары айран ішеді. Үйдің бауы шешіліп, Көш жөнелді кешігіп, Кешегі ел көше кеткенде; Қопарған қуып кұмдарды, Құлатқан жуып шыңдарды, Өзені күрілдеткенде Көш көсіле өтеді. Шудалы шөп шүйкелей, Бұлтты айдай, төтелей, Жібек жел дірілдеткенде;

Желдірте жедел жетелей, Тараудан тоқсан төтелей, Ұлы өткелден өткенде: Жөн осылай деседі. Бұлттай көш жөңкіліп, Асауды малшы мөңкітіп, Дөңесті дүбірлеткенде; Жамырап жастар қысылмай, Қылымсып қызы қымтынбай, Қабағын күлімдеткенде; Жар жанаспай не етеді! Сағанағы салдырлап, Сақалдысы самбырлап, Көштің күйін шерткенде; Сары ұзын күн сарылып, Адасқан ит қаңғырып, Ұлы жол ұзап кеткенде. Көш қонаға жетеді. Жадырап жапан, жаз маздап, Жарлауыттан қаз-қаздап, Жамырасып жеткенде; Күн астында алыстан Басшы барлап шанышқан, Көріне көзі жеткенге Найза қылт-қылт етеді. Күй

Қобызшы - Молықбай шал Матайдағы, Матайда - Кенже, Тұңғат Сақайдағы. Қазақта қобызшының қалғаны сол, Жорға еді маймаңдаған бақайшағы. Жар қабақ, сида, арсақай, cap шұбар шал, Жарықшақ, үні тозған, қансыған шал. Іріңдеп екі көзі, қол дірілдеп, Аузынан азу тісін аршыған шал.

Еңкейіп екіндідей күні кеткен, Жұқарып, нашарланып күйі кеткен. Қобызшы ол - «Ақ көбікті» аңыратқан, Боздатып «Боз інгенді» күңіренткен. Қобызшы ол - «Көк көбекті» күрілдеткен, «Дүлдүлін Ер Әлінің» дүрілдеткен. «Онсан мен Ормамбетгің айрылғанын», «Жыласқан ноғай-қазақ» күйін шерткен. Қобызшы ол - «Қорамжанның» күйін тартқан, Зарлы қыл қыр қиялын қиындатқан. Қалыпты қолда қоңыр көне қобыз, О баста сырмайлатқан, күміс шапқан. Жайлауда ала қарлы, Амантекше, Қарлатып, жаңбырлатып нөсер төксе, Тоқсыртып кәрі аршаны, от маздатқан Шал үйін сағынушы ек біз ерекше. Құмар ек қобызшыны қолқалауға, Жақсы едік жалынуға, аталауға. Қобыздан құздың күйін, мұздың күйін, Құмартып келуші едік біз тыңдауға. Бұлттанса, құрыстанса мұз бенен күз, Mac етіп, маужыратқан ішкен қымыз. Тасқындап, көңілі өрбіп, күйі буып, Дейтұғын: «Кәне балам, әпер қобыз!..» Бес бұрап, төрт түкіріп, толғап тоғыз, Қозғалар «құлақ күйден» жосып қобыз. Көтерген көк түндігін күй өргегі Құлатып асқарда ағын, мәңгіде мұз. Ызғыған ызғырық күн, құлдырап қыл, Алатау, әсем бұлақ сылдырап тұр. Қиқылдап қырда қызғыш, көлде қаз-қу,

Қаңқылдап таңдай қаққан талда бұлбұл. Желдеткен, желде кеткен желмаясы, Желге не? Алақандай жер аясы. Ақырып Алатаудан өзен құлап, Саңқылдап самалданған сай-саласы. Жау тиген, айқай-ұйқай, үріккен жылқы, Долданған дуанасы шайқы-бұрқы. Толқытқан тұңғиықты долы дауыл, Дүлейі көл Балқаштың ұйқы-тұйқы. Іңірде баяулаған дауыл бәсең, Боздатқан бұлбұл күйін бабыңда әсем. Асықтар алқымдасқан, мауқын басқан, Сырласқан: «жарым да сен, жаным да сен!» Әдемі үн айтақтаған, қой күзеткен, Адамды - адам күткен, уһлеткен. Самалдай сайдан соққан саңқылдатқан, Әлдилеп қоңыр түнді қос бойжеткен. Кейде күй талмаураған, талықсыған, Кейде өжет, кейде долы, албытсынған. Кейде паң, кейде дарқан, кейде сергек, Шаршы өрге кейде шапшып шауып тынған. А, деген, асқақтатқан, әнін қосқан, Үн қайтса қосылуға қобыз тосқан. Кәрі саусақ қылтылдаған қаздаң қағып, Ойнақтап, үркіп билеп қылда босқан. Қыңқылдап қыл күшігі қыңсылады, Жә, әлде танысқан қыз сыңсығаны. Жүректің қылмен қабат шегін шерткен Саусақтың ыршығаны, шымшығаны. Қайырған, текектеткен, жорғалатқан, Сарқыған,екшеп қағып, сорғалатқан. Талмаурап самайдан тер сыпырғанда Тартуын «Боз інгенді» қолқалатқан. Қозғалған қайта қобыз, қымти бұрап, Қозғалтқан «кұлақ күйді» тартыңқырап. Боздатқан «Боз інгенін» ыңырантып, Күңіренткен бірде боздап, бірде жылап.

Тоңқалаң топ басынан асқан тұмақ, «Бәлі» деп бас тұқырған төмен құлап. Бой балқып, ой өрістеп, жаның жусап, Күзетте қалған жалғыз сергек құлақ. Ескіге, ертегіге ертер үшін, Тамырын тартып шердің шертер үшін. Қолқалап «Боз інгенді» сұрағанда, Былайша бастайтын шал ертегісін.

«Баяғы, дін мұсылман аманында, Бай бопты Бағлан деген, заманында. Арқа отгап, асқар жайлап, құм күзеген, Қыстауы Амудария аяғында. Құм қоныс, мал суаты Сырдың суы, Боз дала - тұяқ басты малдың шуы. Көкпекті көгертпеген көктен нөсер, Жарқылдап жай жарқырап жасыл туы. Түйесі сары қоңыз маусымдағы, Маясы, нары, үлегі, қаусырмалы. Қалмайтын қайымаған бір тайлағы, Келесін ие баққан Қаусылғазы. Болыпты бір боз тайлақ келесінде, Ол өзге, өзге түйе төбесінде. Өренде, өлкеде жоқ айуан екен Тартпаған бурасына, енесіне. Туғаннан ардақтапты бай-бәйбіше,

Мал айтып амандыққа әлденеше. Сақта деп, тілден-көзден сиыныпты, Су ішсе, қырға кетсе, шөбін жесе. Батқанда қырдың күні тұмандатқан, Қатқанда Сырдың суы бұлаң қаққан. Күл көрпе, қорда төсек, қолға байлап,

Үкілеп қара таспен тұмарлатқан. Қызылда қыстың күні шұнаң қаққан, Аязда түкірігің түспей қатқан. Жабулап Самарқанның жібегімен, Жабыла жануарды солай баққан. Боз тайлақ жасы толған, қайымаған, Қайғырып мал иесі зар жылаған. Балгерге бал аштырып, бақсы ойнатып, Қалмаған құмалақшы айырмаған. Бақсы ойнап күңірентсе де қобыз үнін, Қойқаптан қозғағанда Қорқыт жынын. Боз інген боталамай болды бедеу, Шашты ашпай құмалақшы қырық бірін. Жұрт жиып Бағлан айтты: Елім - халқым, Інгенім қайымады, көңіл салқын. Әулие көп ауызы, не айтасыңдар, Барлар жан бар ма ішінде мұның парқын? Күңіренген бәйбіше де қоңыр қазша! «Бермес пе ед бір шикі өкпе, ие жазса!» Ұйлыққан үндей алмай отырған жұрт, Шеттегі тұра келді жетім тазша: «Ау жарандар, жарандар, Маған да бір қараңдар. Мен болжайын, байқайын, Қамалмаңдар, бағыландар. Мен дауасын айтайын: Құлақ салып тыңдасаң. Тойыңды жеп қайтайын, Егер мені сыйласаң. Жын, әруақ не берсін, Өлтіресің қинасаң, Көпке ортақ айуан мал, Айтайын халқым, айтайын, Түйеңе көрген түсім бар,

Ботасыз бедеу боз інген, Болжадым, бермен алдыршы, Өрістен ұстап қалдыршы. Мүйізгегін жондыршы, Шал бураға шөгерші, Боз қараған шалдыршы, Жібектен бұйда тақтыршы. Желекі кілем жаптыршы. Желге-күнге тигізбей Жекеше өзін бақгыршы. Боталайды боз інген! Болғай мың бір қатасыз, Ал түшкірдім: «аптұщы!»

Күннен күн, аптадан ай, айлар өтті, Төлежіп, түгі түлеп, желін жетті. Күн бітгі, боз інген де боталапты, Ботасы алтын басты, күміс көтгі. Бір ұры бұл ботаны ұрлап апты, Бай дағы, бақташы да білмей қапты. Ботаны ел аулаққа буып тастап, Енесін керуенге әкеп сатгы. Ақдамда апақ-сапақ сауда біткен, Інгенді тіркеп керуен жүріп кеткен. Артына қарай-қарай, боздай-боздай, Құба құм, қоңыр түнді күңіренткен. Боздаған ботасына зар илеген, Қозғалған қоңыр іңірді әлдилеген. Екі көз жасты өзендей сорғалатып, Төрт табан құмды қосып нан илеген. Сыр суы көңілі босап сыңқылдаған, Аспанда қаз бенен қу қыңқылдаған. Тұнжырап жиде, жыңғыл дым үндемей,

Күйініп көкте жұлдыз, жел жылаған. Күркілдеп жөтеліскен кейіп көппек, Тартынып тұра қалса көткеншектеп: Тоқымға білеуітпен бұттаған құл, Жол тартқан, қузап айдап «атшу», «шөк» деп. Сатылған, саудаланған құл да ашулы, Айрылған ботасынан бұл да ашулы. Басы бір - біреуі адам, біреуі айуан, Білсін бе бірақ бұлар мұңдасуды. Қайғырған қара түннің қараңғысы, Томасарған тоғайдағы тораңғысы. Жалғыз-ақ жылқышы құс көңіл айтып, «Жоғыңның болсын,- деген,- оралғысы»!..» Елсіз жер... еңіреген інгенде күй, Селеулер жел оятқан билеген би. Аулақта қорқақ қоян зар тыңдаған, Тұқырып қала берген шеңгел мен ши. Көбейген көк жүзінде жұлдыз қоздап, Боз інген зар қақсаған жолда боздап. Түктіде түйедегі зарлы сарын Қажытпас қам көңілді қалай қозғап? Қозғайтын қобыз тартса әсіресе, Төңкеріп жан көңілін әлденеше. Құм кезіп, түзде безіп тыңдайтынбыз, Түйенің күйін сонау тартқан кеше. Түн қандай жазғы өліарадағы, Үн қандай күңіренген даладағы. Тартынса тықымына таяқтаған, Тарынған тазша-дағы бағанағы. Құл ұрса тартқан бұйда іркілмеген, Бұйда үзсе - қайта мықтап тірке деген. Телміріп құлға төніп төгілген зар,

Дегендей «неткен қатал шіркін» деген. Дегендей:«тазша-ау, мені тақымдама, Тап берме, таяғыңмен жақындама. Өзің құл, өзің-дағы мен сықылды, Ұрмастан ойла соны! Ақыл бар ма? Артығың менен сенің - білесің тіл, Тіліңнің пайдасы не? Жайымыз бір. Ботама босанайын, бұйдамды қи! Маған мін, кел қашалық, қайталық жүр!. Дегенге түсінсін бе, құл көнсін бе? Құл қашып қожасына, құмда өлсін бе? Құл айдап, түн жамылып, інген зарлап, Керуен кете берген Үргеншіге...»,- Деп күйші отырушы ед ертегі айтып, Зары деп Боз інгеннің күйін тартып. Егіліп ертегісін естуші едік, Отыр деп кім байқаған шалды тантып. Әсем күй саусақта би, саңғыраған, Жүйрік үн жүрек жалмап жамыраған. Боздатса «Боз інгенді» зарлы қобыз, Сарыны cap даланың аңыраған. Кер дала, күрең түнгі керуен қандай, Қоңырау күлдір-күлдір жүрген қандай. Еңіреп күңіреніп сарындаған, Зарлаған тіркеудегі інген қандай! Боздауын қобыз боздап, аңырауын Қыл сарнап, керуеннің дабырауын Ұғасың анда-санда, ойнақы үннен, Кей қағыс күлдірлетіп қоңырауын. Алатау айрыларда алтын күннен,

Күйменен шал сөгілген күңіренген. Кеш батып, кешкі қозы жамыраумен, Қобыздан «інген зары» сонда үзілген. Осындай ертегі айтып Молықбай шал, Қобызға «Боз інген» деп қосқанда зар,

Жүректе жебе сауған мұңды дауыс, Жанды улар, жыға жығар, жүрек құлар. Емес пе бір тұрлаусыз жас күн деген, Жас жүрек албырт асау бас білмеген. Көр бала, көргені кем, көрсе ұнаған, Қобызды шалға күйін мастірлеген. Күй сол ма ол күндегі бұлдайтұғын, Сазы ма сұр заманның тыңдайтұғын. Басып па ед Алатауды ауыр бұлт, Уайым орынды ма ед улайтұғын? Ол ма еді күйі күйік зарлы заман? Жаншылған зарлы ма еді зар жылаған? Күйініп күйін тартып, күйдірген шал, Кім еді, білмей тұрып кінәламан. Жара не шалдың сонау жүрегінде, Зар оның жазылған ба сүйегіне. Болмаса жапан дала жылауда ма ед, Мәнісін мен ол күнде білемін бе? «Қажыған көңіл қамын, жүрек жанын, Қозғаған қобыздағы қоңыр сарын. Әлемнің әуеніне бермес ем-ау, Қазақтың мұны тартқан күйші шалын. Деп шалды өте мақтап, асырып тым, Асыра сілтеңкіреп бағалаппын. Жарғақ шал, жарық қобыз, жалғыз дауыс, Тартқаны кімнің күйі? Байқамаппын. Сол шалдың тыңдай-тыңдай зарлы үнін, Байыпты уайымға балғын күнім. Сол бейбақ зарлай-зарлай соққан екен Жұқтырып жүрісінің ауыруын. Ол қайдан жабыстырды жан ауырын, Ішті ме жүрегі оның өмір уын. Ондайға мен тоқталман, сын тоқталар,

Мейілі, қайдан алса қобыз күйін. Алдандым осы шалдың күйін тыңдап, Жабығып, өрге өрлемей, төмен құлдап. Көңілді көне күйдің тоты басып, У сеуіп жүрегіме, жанымды улап. Еріксіз алған баурап шалдың күйі, Жүрекке жұққан шері басқан кірі: Жылаған, күңіренген ол, күйін тартқан, Жырлаған дертті жүрек, улы миы. Көп жүргем көңілім жүдеп, жаным жадап, Жабыққам, жатырқағам, тартқам азап. Сонау күй жүрегімді тыныштатпаған Пышағын кейде салып, кейде қадап. Шатырлап бұлт алған Алатауды, Сатырлап бұршақ төгіп, нөсер жауды. Сарқанның қып-қызыл боп суы тасып, He болды, біле алмағам, шалдың аулы.

Ашылған күн даланы долдандырған, Басылған алай-түлей соққан боран. Қысқан қыс іріп-шіріп қырдан кетіп, Жақсы жаз ойды-қырды нұрландырған. Арылған жапан дала жауған удан, Жарқырап қыр қуантып нұр күн туған. Қамқорым қайраттының білегімен, Жын бұғау быт-шыт болған қырды буған. Құрт, қасқыр тозғындаған жатқан жайлап, Өлік ел тұра келген құж-құж қайнап. Біз азат!

Біз жасаймыз!- деген жарлы, Қызыл ту қызғалдақтай қырда жайнап. Ұлы ду, жамырасқан жарлы халық, Қайратты қайраған сол, жанды жанып. Жарлы елдің жазын берген, нұрлы күннен, Бір тамшы жүрегіме кеткен тамып. Ыза боп көне күйдің күйігінен, Бөлініп кеткем өскен үйірімнен. Шыңшықты шыңнан іздеп шыққам жолға Қойғам да мәселені бүйірінен. Қалдырап құла құм мен боз даласын, Қалдырап даланың қыз, бозбаласын. Талап қып жауар ма деп нұр іздегем, Аралап үлгілі елдің кент-қаласын. Қайнаған, қыбырлаған қала келгем , Дәметкем дәннің дәмі нәр-ақ елден. Жасапты талай еңбек, талай білім, Бергенін әл-шамамша ала бергем. Күй көргем көкті қауып күрілдеген, Жан-жаққа «киін» деген, «жиыл» деген. Күш көргем тауды-тасты талқан етіп, Қорқытқан, шалқып оты дүрілдеген. Жан көргем жабырласып күшін қосқан, Еңбегін еншілескен, ісін қосқан. Өмірін өздерінше өзгертуге, Қайнаған, қайрат еткен, қол ұстасқан. Көргенде күйелі төс, күсті білек, Тапқандай жаңа ауыл, жаңа тілек, Жылы қан улы бойда шым-шым қайнап, Сауығып сала берген дертгі жүрек. Мыңдаған оркестрлі көргем топты, Жырлаған жаңа өмірдің күйін соқты.

Жуылған жүректен у сол күйменен Аршығам көңілімді басқан тотты. Балғалар сом темірді соққан қапы, Тас, шойын қорып отқа, қайнап ақты. Иіріп жүн-жұрқадан жіңішке жіп, Машина қоңыр самал күйін тартгы. Сол күйге жан жалынған, жүрек жерік, Шойындай сонау отта кеткем еріп. Қобыздың улы күйін қаннан сарқып, Соңғы күй тұла бойды кеткен керіп. Нұрланып қызыл от боп күн шыққандай, Түн кетіп жарқанатгар тұншыққандай. Тыңдағам мыңның күйін жүрегіммен: «Оян қарғыс таңба басылған, Жалаңаш - аш күл, қайрат қыл» Көкке өрлеп, жер тербеткен үн шыққандай. Бұл емес, қырда аңыраған анау қобыз, Бұл емес, ызылдайтын жалғыз-жалғыз. Бұл өктем болат жігер, күрес күйі Қосылған мың-мың дауыс, мың-мың ауыз. Сондықтан осы күйден, ұлы күштен, Көңіл шат, көкейге үні қона түскен. «Жалғыз үн, жарық қобыз, Молықбай шал, Тартар ма керек күйді - көкей тескен?» Жоқ, тартпас, қобыз үні кері кеткен Берінің ыңыранғаны - белі кеткен. Болмаса ажал күтіп анау шалдың, Жұртта қап еңіреуі - елі кеткен. Арылып жастың албыт тентегінен, Құтылып соқыр сордың жетегінен. Қуарған, қуанбаған сорлы шалдың Енді қош айтысқан жер ертегімен. Сонымен сол сапардан қайтқам елге,

Өкініп өміріме кеткен желге. Жаңартқан жан жүректі әсем күйдің Әніне әсерленіп басқам мен де. Сонымен сол барғаннан кейін қайтқам, Мен дағы жаңа тапқан күйді тартқам. Бағыстап жарлы жұртқа жүрек жырын, Байқамай, жыр айтам деп, сырымды айтқам. Мен емес, мендей талай бармыз бірге, Сол күйді айналдырдық оркестрге. Даланы дүркіретгі күй оятты, Басылды қобыз үні... шал да көрде. Күй күшті, тауды-тасты бұзатұғын,

Орнына өз өрнегін сызатұғын. Талқандап тас кереңді үн оятып, Дүкені дүниенің қызатұғын. Күй күшті, істі, еңбекті сүйдіретін, Тамырын тас емшектің идіретін. Жарлының тілек күйі, жүрек күйі, Өмірді бүлдіретін, күлдіретін. Аңдайын айдаланы мекендеген, Көңілін өміріне көтермеген. Жарлы жұрт жаны сүйіп тыңдаған күй, Мұратқа енді осылай жетем деген. Күйші Қамаудың хан ауылы қыр жағында, Аңқытып ақ орданың бір жағында. Күйші отыр домбыраны дүрілдетіп, Құмар қып тартқан күйдің ырғағына. Буынсыз он саусағы күй қағуға, Көңіліне тыңдағанның от жағуға. Бал тамған бармағынан домбырашы Жан терге түсіп отыр мынау дуда.

Күйшінің қошаметке көңілі тасып, Бес бармақ маймаң қақты перне басып. Толқынтып тоқсан күйді дүрілдетті, Көңілді бірде шымшып, бірде қасып. Екі ішек жүрек жарып көңіл ашып, Бірде ойнақ, бірде баяу сыбырласып, Зарлы күй, ащы күйдің, тәтті күйдіңБәрін де лақылдатып төгіп шашып. Күңіренген бір мұңды күй даланы алды, Табиғат тып-тыныш бола қалды. Қырдағы қоян құлан құлақ тігіп, Қамыстан жолбарыс та ыңыранды.. Күңіреніп «Асанқайғы» күй толғанды, Желмая желе жортып жерді шалды. Алатау, Алтай, Арқа, Қырды, Сырды Аралап, қоныс таппай күй зарланды.

Алатау күй тыңдады ауылдай боп, Тас балқып толқып жатты бауырдай боп. Аңқылдап алтын күрек домбырадан Құйып тұр жазғы жылы жауындай боп. Қағылды кейде бір күй дабылдай боп, Бұрқырап кетгі түтеп дауылдай боп. Әлде күш, әлде дауыл, әлде ат шапқан, Әйтеуір қырдан көшкен сарындай боп. Мұз еріп, қатты аяздың кәрі қайтып, Қас батыр көңілі жұмсап, зәрі қайтып. Майрылып ақ семсерлер қалайы боп, Қажытты мұзбалақты күй мұңайтып. Құлпыртып бәйшешекті кетті шалқып, Аққудай көкте күйлеп, көлде қалқып. Ақтарып, лекілдетіп, лепілдетіп, Талдырып, тамшылатып сығып сарқып. Біресе ағытылып күй сылдырлап, Тербетіп тыңдағанның көңілін ырғап,

Бұлақтай таудан тасып, тастан орғып, Аңқылдап жатыр жосып сайды құлдап. Күлдірлеп қоңыраудай, күй сыңқылдап, Бота күй маймаң қақты үн былқылдап. Қоғадай салбырасып хан, қарасы, Намазға ұйығандай отыр тыңдап. Қаққанда деген күйді «Терісқақпай» Жым-жырт боп тына қалды жел де соқпай. Домбыра айналаға дүбір салды, Адақтап жалғыз шапқан жүйрік аттай. Тартқанда батыр күйін «Қорамсақтай», Ақ түтек тұра ала ма боран соқпай. Ару боп ат артында қалмақ қызы, Безектеп перне басты шынашақтай. Күй алды Бақанастың қара өзегін, Дауылдай бұрқыратып ебелегін. Қара жер қалқып барып қата қалды, Саймақтың суырғанда «Сары өзенін». Үн қылып домбыраның өндіршегін, Тіл қылып сөйлеп, зарлап екі шегін, Күңіреніп жұрттың көңілі түйе болды, Шерткенде Тойтан тартқан «Боз інгенін». Күн тыңдап кірмей тұрды ұясына, Бұлт тыңдап мінбей тұрды тау басына. Мақұлық жерде, көкте маужырады, Қараған бір жан болмай шаруасына. Су ақпай жатты тоқтап арнасында, Қарғалар қалқып қалды жар басында. Сүйсініп домбыраны тыңдады жұрт, Тырп етпей, тілеулес боп зарласынға. Қалмақгың қақты қара жорғасына, Айналды ақ алмастар қорғасынға. Мәжіліс міне осындай болып жатгы Бір кеште хан Кененің ордасында.

Хан орда, хан тағында, жайнап көркі, Күй болып, ұйып отыр есіл-дерті. Отырған кұлағын caп, құлай тыңдап, Кенеге үн бір сарын, күй біркелкі. Қоршаған хан қасында қошаметші, Даяшы, төленгіті, би, жендеті. Ауылы Бақанастың өлкесінде, Арқадан Алатауға ауған беті.

Өзінің ордасында батыр Кене, Тарттырып домбыраны отыр Кене. Қиялы домбырамен сыбырласып Жатқандай шабуыл не? Жортуыл не? Келелі кеңестер не? Ақ найза не? He тоқтау толқып жатқан айдын көлге? Көтерген Абылайлап ала жалау, Шақыртқы ту бола ма тозған елге?.. «Абылай Көкшетауда көшелі хан, Кәні, кім ондай болды ұрпағынан? Ақ туын Абылайдың кім көтерді Алашта, дүниеден көшкелі хан? Жау жорық, болды заман жұрт шулаған, Шаң беріп әржерден бір қиқулаған Абылай аруағым, ала туын Көтерсем… көтерілер өшкен ұран…» Ойынан көшіп жатыр өткен күндер, Сарыарқа, Көкшетаулар, Жайық, Еділдер. Көк шалғын керегедей желі тартқан, Көзінен бұлаң қағып бұйра белдер. Ат сайлап, қылыш қайрап сарбаз ерлер, Зеңбірек атанға артқан, найзагерлер Жарқылдап сыбызғылы күй тартқандай, Алатау берік қорған, жұмақ жерлер. Көңілінен Кене ханның кірді ашқандай, Домбыра ауған елге сырласқандай, Ел қандай, Арқа қандай,, дұшпан қандай, Ауған ел арт жағымен жауласқандай. Тасытып көкірегін кек ашқандай, Тынбасқа жауды жеңбей, жер жастанбай. Нажағай ашуында жарқ-жұрқ ойнап, Бұлтты бұрқыратып от шашқандай. Көңілден керуендеп күй кешкендей, Әркімнің өз көндімен тілдескендей. Батыр да, хан да, қыз да, қазаншы да - Бәрі бір домбыраға мінгескендей. Жып-жым-жырт, тыңдағандар тіл кескендей, Құрыштап құлақгарын үн кескендей, Сылдырлап кейде қамыс, кейде бұлақ, Қырдағы қоңыр түнде жыр көшкендей. Арыстан ашуланса арс ұрады, Сескеніп жан-жануар жаншылады. Желді аяқ, шауып тұлпар топты жарса, Саусақтар үсті-үстіне қамшылады. Салбырап тыңдап отыр домбыраны,

Домбыра көшіреді, қондырады. Күйші айдап көшкен елдің күйін тартып, Қошамет болса қалай болдырады. Шаңқылдап бірде аспанда тау қыраны, Күрпілдеп бірде бие саудырады. Майдалап бірде қоңыр самал соғып, Бұрқ-сарқ бірде нөсер жаудырады. Домбыра қарғылады, орғылады, Манаурап, тыңдаған жан салбырады. Батырып күймен күнді, көз байлантып, Күйшінің күйін сонда қойдырады. Қарашаш ақылы дария, алтын басы, Әйелдің ақ сұңқары, ханзадасы. Өз басын мың қараға теңгермейтін, Кененің кеңесінде ақылдасы. «Дат!»- деді ханның өжет Қарашашы, Немере, хан Кененің қарындасы. «Ханыша, не датың бар?»- деді Кене, Аңырып тұрып қалды айналасы. Сырттан қыз сілкінгендей беріп сыртын, Талайдың айдынымен алған сұрқын. Иілді «Алдияр!» деп хан алдына, Қалды ұйып үйдің іші, болды жұрт жым. «Қамалым, хан данышпан, Кенем — құтым, Менің де сыртым бүтін, ішім түтін… Ордадан бұдан артық тілемеймін, Бер маған осы адамды басы бүтін…» Көтерді Кене ақырын қыздың басын, Отырды майда сипап қара шашын. Жолбарыс жымың қағып сылқ-сылқ күлді, Қарашаш жарлық күтіп керді қасын. «Осы ма сұрағаның, Қарашашым? Қаласа, қалағанын алсын, алсын! Үйсіннің ерулігі болар бізге! Бергенім басы бүтін байлап басын!» Жүйрік жан, маймыл күйші, сорлы маңдай, Сөзіне түсінбеді қыздың қандай. Хан: «Бердім басы бүтін» дегеніңде, Сұп-суық болды көңілі мұз құйғандай. He жазды бұл осындай іс қылғандай? He жөн бар хан осынша күш қылғандай? Әлде өңі? Әлде түсі? He жын соқты? Өзіне отыр күйші ешбір нанбай. «Алдияр, маған жарлық еткенің бе? Байланып басы бүтін кеткенім бе?»

Жіберді күйші сонда солқ-солқ жылап, Сорғалап сортаң жасы беттерінде. «Бердім мен ханышаға,- деді Кене, Сатса да, сойсадағы өз еркіңде!» «Екі емес хан жарлығы!» десіп жатыр, Бұғыбай, Бақай, Бұқай дегендер де. «Көрмеген бұрын орда неткен елсің? Қылатын қызметің күй күйлерсің. Жау қуып, отын алып, су құймайсың, Құдайдан бұдан артық не тілерсің!» Хан айтты, өкім болды! Жансын, күйсін! Жігіттің жері Балқаш, руы Үйсін! Жазығы домбыраны сөйлеткені, Сонымен кете барды сорлы күйшің!..

«Тыңдасын домбырамды хан тағында» Деп келген сорлы күйші атағына. Айтылып хан жарлығы кете берді, Қақтығып орданың бір шатағына. Ілініп ханның байлау, матауына, Азат бас айналды оңай ата құлға. Күйшіні ертіп келіп есік ашты, Мақпал бау, манат ойған отауына. «Алдияр!» ауызына азар түсті, Алақтап алды-артына назар түсті. Кіргендей болып кетгі бір сарайға, Алтын мен жібек жайған базар түсті. Ханыша мынау аппақ сазан түсті, Көріңді әзірейіл, ажал түсті. Жыланнан сырға салған жолбарыс қыз Сықылды жын патшасы дажал түсті. «Адам ба, осы отырған айдаһар ма? Ауылдан ажал мені айдаған ба? «Ақ көбек» күй айтқаны осы болып, Алдына жарлықпен хан байлаған ба? Анықта, аңғал көзім байқаңқыра, Жоқ, өзі түсі жылы, пенде бұ да…» «Сенікі сонау ірге!- деді ханыша,- Орын ал, жайлан дағы тарт домбыра!» Қалтырап буындары, тұрып жүрек, Жүгінді тізелерін тіреңкіреп.

Жаутаңдап екі көзі, кемсең қағып, Алдына ханышаның қылды тілек: - Алдияр, ханыша! - He айтасың, күйшім? - Мен үйімді қашан көрем? - Үйіңде нең қалды? - Шешем… - Оны күй біледі! Сөз бітгі, сонан әрі тілдескен жок, Қарашаш қайтуына күн кескен жоқ. Болғанда бүгін мұңда, ертең қайда… Мекені Кене ханның бір көшкен жұрт…

Арманын — «Не боламын?» ішіндегі Шешкенін қыздың қалай түсінбеді. Ақырын айналамен танысты көз, Айқындап төңіректің пішіндері. Ақ отау іші-сырты зер кестелі, Бір тозаң тимегендей ел көшкелі. Қазына — жібек, жанат, алтын, күміс, He патша, не хандардың берместері. Үй іші сап-сары ала, жапқан зері, Ақ күміс, ауыр тұрман, кім зергері? Ұстасы Көкшетаудың күміс шапқан Бақан тұр сырға қылып сәукелені. Қадаған бітеу үкі, шым кестелі, Түскиіз түрлентіп тұр керегені. Құс мамық, атлас көрпе, шайы жастық, Жолбарыс, аю жатқан іргелері. Үйіші қарсақ, түлкі, құндыз, жанат, Зер тоқып, күміс шауып, ойған манат. Бөленген осы асылға қыз төсегі, Күйдіріп көрген көздің жауын алат. Тауыс па, тоты кұс па жасыл қанат? Жарықтық жұмақ құсы қайда болад? Тұсында ханышаның ілулі тұр Нар кескен — аспаһани қайқы болат. Ақ отау асыл бұйым тұмшаланды, Бір үйге жия берген мұнша малды. Қол жетпес қазынаны көрген шақта Өзінің шекпеніне құсаланды.

Жасауға үйге жиған көз байланды, Жібекке алтын, күміс, көз майланды. Қыдырып күйші көзі түскен кезде Айдаһар алдындағы қызға айналды. Қара қас, қылаң қабақ, керқұба қыз, Қара шаш, алма сағақ, құралай көз. Сырықгай ордадағы сымдай бойы, Тал шыбық, қыпша белдің өзі нағыз. Түлкі қыз қызыл алтай, кер марал қыз, Ақ қоян, бозша байтал, ақша нар қыз. Қымыздай балға ашытқан тәтгі қызға, Жігіттер, бәріңізде-ақ сұқтанарсыз. Жамылып орман ішік иығына, Күлкі алып қалам қастың қиығына, Оралтып шәй көйлекті судыратқан, Мәсілер зер тоқытқан жұлығына. Молда айтқан ұшпақтағы хор қызы ма? Періште, әлде пері, әлде жын ба? Құлпырып қыздың беті албырайды, Ұқсаған алтай түлкі жондығына. Күлкісі тау бұлағы төгілгендей, Сөйлесе меруерт, маржан себілгендей. «Алғандай жерден пішіп» деген сұлу, Көркіне көз тойынып семіргендей. Алдыңа бір алма ағаш егілгендей, Кер марал жусап өрген керілгендей. Бойыңды ішпей-жемей буы мас қып, Сөйлескен жүрегінен сөгілгендей. Алды жаз, ескек аңқып жел жүргендей, Екі ерні ерте піскен бүлдіргендей. Қасынан бір моланың жүріп кетсе, Жыбырлап көрдегіге жан кіргендей. Бәйшешек, балауса, гүл, балдырғандай, Қаратып шырайына талдырғандай. Суындай әбілхаят шөлдеп ішкен, Лебізі сусыныңды қандырғандай. Тамсантып ауызға бал алдырғандай, Күйдіріп көкірегіңе от жандырғандай. Қар кетіп, қу жасарып, аш тойынып, Кәрі жан жігер бітіп жаңғырғандай… Жұтқанда аспаһани шарабынан, Көрініп жұтқан шарап — тамағынан. Текті құс, теріс азу, ақиық қыз, Паң қыран, қыр тағысы жаралудан. Аң іздеп Алатаудың алабынан,

Тастүлек, түлеп ұшқан бала қыран, Үстіне пенде батып кіре алмайтын, Қаймығып қарауынан, қабағынан. Ақылмен, аруағымен елді билеп, Кей, кейде Кенеге де әкім сөйлеп. Биі де, батыры да, қарасы да «Қарашаш айтгы» десе, «мақұл», жөн» деп. Түйіліп кейде тастай ашу кернеп, Жайдары, кейде дарқан келсең-кел деп. Найза алып жау алдынан шықпаса да, Айырып мақұл, тентек дауды тергеп. Алыпқаш, кесірлі қыз, ашуы өргек, Дария ақыл, кесте сөзі тастап өрнек. Жайдары, жайраң қаққан, жаны бала, Ән-күйді, ойын-сауық еткен ермек. Айрылды күйші есінен қызды көріп, Кірпігін қақпай қалды көзі төніп. «Адамның арғымағы осы шығар, Пендеге бітеді екен мұнша көрік?» Кер торы кәмшат киіп, қасын көріп, Жұқалап екі бетке еңлік беріп. «Тарт күйшім!» деп ханыша жарлық етті, Қанғанда сусын ішіп, бойы сергіп. Көңілі быж-тыж болған жаңа жылап, Өзгеріп өзге аранға кеткен құлап. Ойында тоқсан күйдің бірі де жоқ, Тантырап домбыраны отыр бұрап. Соққандай бейне пері талмаусырап, Түкіріп қайта-қайта, тұрмай құлақ. He болып, не қойғанын домбыраға, Ішінен отыр толғап, қыз да сынап. Домбыра әлі күнге жөнделмейді, Күйлер жоқ… Қыздың көркі көлбеңдейді. Бақсыдай жыны буған буыңды күй, Жынданды… Қыздан өзге күй келмейді. Жүйрікке тышқан тиді, жүгірмейді, Домбыра таңқ-тұңқ етіп, күй білмейді. He пұшық, не мысық боп, не күшік боп, Мыңқылдап, шәуілдейді, мәуілдейді. «Сарыөзен», «Терісқақпай», Інген де» жоқ, «Қалмақ қыз», «Қара жорға» мінген де жоқ. Есалаң… Ескі күйдің бірі түспей, He тартып, не қойғанын білген де жоқ. Саусақтар шаппақ, түгіл желген де жоқ, Пернеге әлі бір күй келген де жоқ.

Ханыша қарсы алдында күтіп отыр, Тартасың енді қашан деген де жоқ. Жіберді бір мезетте қағып-қағып, Тасқындап тыңнан бір күй қосылды ағып. Байырғы тоқсан күйдің бірі де жоқ, Жаңа күй, жаңа жолмен кетті лағып. Саусақтар ойнап, орғып, қаздаң қағып, Суырып ішек тілін, мұңын шағып, Жүйріктің шыны күйі келгенінде, Шығаннан шыға шаппай тұрсың нағып. Асқақтап, кейде күйді көкке өрлетіп, Алыстап, шырқап, сілтеп, әрі кетіп. Қайырып, қалықтатып, қайта оралтып, Бірден-бір, ақырын-ақырын төмендетіп. Ызғытып, өлке өрлетіп, баяулатып, Соқтырып кейде боран, дауылдатып. Көңілдің асқарынан тұманды айдап, Артынан нөсерлетіп, жауындатып. Ұшырып жер бетімен жазыққа айдап, Бұрқылдап бірде әлсіреп, бірде қайнап. Құмайдай түлкі қуған құлдыраңдап, Қырандай түлкі алатын көзі жайнап. Бурадай кейде ауызын қарш-қарш шайнап, Ойнақтап, оқ жыландай андағайлап. Тұлпардай жер тарпыған пысқырынып, Жорғадай майда дауыс, кейде маймақ. Қызарып екі көзі қыз көргендей, «Кел, кешке күтемін» деп сөз бергендей, Жете алмай айналсоқтап жүргеніңде, Жеңгесін жауабымен жібергендей. Ай жарық, ауыл арты кім жүргендей, Қызғанып қызды ауылдың иті үргендей. Атқанша таң талдырып ашық жар жок, Сарғайтып сарылтып күй өртегендей. Құмар қып ханыша қыз күйдіргендей, Құбылып ол да өз ішін түйдіргендей. Үстінде құс төсектің құшағына ап, Ернінен ып-ыстық қып сүйдіргендей. Аққу құс айдын көлге шомылғандай, Лашын құс өз бойынан қорынғандай. Үніндей домбыраның дүрілдетіп, Көк тұйғын қуға түсіп соғылғандай. Дауасыз дертке ұшырап ауырғандай, Жарылып жүректен қан ағылғандай. «Ойбайдың» орайына «асық жарлап»,

Сарылтып сары ауыру, сағынғандай. Күй төкті күшті қатты құмарланған, Көзі жоқ, орны қалды мұнарланған. Әлде қыз, әлде аққу, әлде марал, Алдында бір сұлу тұр шоғарланған. Күй жүйрік, кейде түнде сылаңдаған, Қашаған қыз алдында қылаңдаған. Құрықтап жетегіне ап жортады күй, Арты «Аттан» жер күңірентіп ұрандаған. Кейде күй қыран болып қылмаңдаған, Алдынан қызыл алтай бұлаңдаған. Саңқылдап домбырадан бір құмар күй, Сағынып cap балақгы жұмарланған. Бұлбұл боп кейде қақсап таңда зарлап, Торғай боп аспанда ұшып, көкте шарлап. Басына аққу киіп, дуана боп, Қасына ханышаның кеп тұр сарнап. Дуана ақтап отыр — я, аллайхақ! Сарынын ішіндегі шерге жалғап. Ойнақгап қара дауыл соқты қырдан, Ебелек ел алдымен қашты қаңбақ. Безектеп бір өткір күй құлдырады, Күйшінің көзінде қыз бұлдырады. Тамызда таңдай кеуіп талды күйші, Бір бұлақ мөлдіреген сылдырады. Ауырып домбыра да ыңыранды, Санасыз, саусақ қаңғып қыдырады. Бірде ысып, бірде суып, күйіп-жанып, Жүректей сандыраған күй жынданды. Қияңдап кетті мініп қиялына, Ондайда қиял бойын жияды ма? Ұмытып қайда екенін, кім екенін, Быж-тыж боп отыр сорлы қыз алдында. Әлде қыз, әлде түлкі, кім алдымда? Үстіне, не боп кеттім, құлармын ба? Әлде өңім, әлде түсім, қайда кеттім? Апырмау, бар ма, жоқ па көз орнында? А, білдім, аққу екен қыз пернелі, Қыран боп көлден қағып, сілкер ме еді? Кұс болмай, қыз боп шықса құшағыма ап, Бетіне қалампырды бүркер ме еді!.. Қыз екен! Ақ тамағын сүйер ме еді, Алпыс жыл асығына күйер ме еді! Көрінбей тірі жанға жүру үшін Құс кебін перілердің киер ме еді!

Құс кепті пері болып көкте қалқып, Алатау үстінде ұшсаң көз алартып. Іздесем мына қызды ойдан, қырдан, Көрінсе жерден бір күн көзім тартып. Бұрқырап алай-түлей дауылдатып, Үскіріп, нөсерлетіп, жауындатып, Аспаннан тіке түсіп алар ма еді, Ауылын Кене ханның баурымдатып! Аялап, ақырын ұстап, алып ұшып, Бауырға басып алып кетсем қысып. Жерінен жеті дария арман өтіп, Апарып алтын тауда жатсам құшып. Қуа алмай жердегілер ізге түсіп, Қалар ек жете алмасқа біз кетісіп. Жер соғып қанатымен хан қалар ед, Тек қана құмалақ caп іздетісіп. Апырмай, пері болмай, құс болмадым, Құс болып осы қызға тұс болмадым. Сонарда құмай болып қуып алмай, Қу басым, құр сандалдың, түк болмадың… Апыр-ау, жел боп неге жаралмадым, Қасына кісі болып бара алмадым. Жыбырлап ертеңді-кеш аймалақтап, Бетінен сүймес пе еді самалдарым. Су болсам сылдыр қаққан, ием иіп, Жүрер ем денесіне әбден тиіп. Жуынып меніменен жүрмес пе еді, Алмас па ем екі беттен шөп-шөп сүйіп. Су болмай, түлкі болсам орман иық, Қыз кисе қызылымнан ішік жиып. Жамылтып үстіндегі ішігіндей, Құшақтап алсам, әттең, жүрсе киіп. Болмадым ең болмаса аспанда күн, Елжіреп анда-санда қарайтұғын. Жалындап кешке жақын таудан ассам, Бір бұрып қаратпас па ем бетін мұңын! Болмадым әлде күміс, әлде алтының, Білезік білегіңе салатұғын. Болмадым тым болмаса қауырсыны Тоты құс сонау тұрған қанатыңның. Қарар ма ед, әлде, көкте жұлдыз болсам, Киер ме ед, қамшатына құндыз болсам. Оймақтай ауызынан жұтылар ем Ашыған ашығыма қымыз болсам. От болып ең болмаса маздамадым,

Күйдіре, жақындаса жаздамадым. Осыған жарық қылып жылындырып, Қызметін істемедім азғана күн. Па, шіркін, құдіретім бұған келсе, Мұқтаж боп қалар еді бұл да менше. Жел, қымыз, жұлдыз, шуақ, от, су болсам, Болмадым мұның бірі, кұдіретім жоқ. Бұл менен айрылар ма ед өмірімше? Сарылып ізге түстім, індету жоқ. Ішімді, уа дариға, қайдан білсін, Айтуға өмірімше менде тіл жоқ. Жүргенім дәулет пе екен құр күйші боп? Мен-дағы жігітпін ғой, құл иісім жоқ… Тумаған төре заттан — сорым-дағы, Туғаным, әтгеген-ай, Сарыүйсін боп! Келгенде осы араға қиял мұқап, Жүйрік ой тоқырады жарға тақап. Қаңғыбас қиялға ерген адасқан күй, Сүмеңдеп балдырғандай қақты шоқақ. Ханыша қарай құлды шын таңырқап, Үйткені қалған екен күй байырқап. Тізгінін қайта жинап, қамшы басып, Жөнелді жазған жүйрік қайта шырқап. Сабаулап кетті тағы дірілдетіп, Желдіртіп, маймаңдатып, дүрілдетіп. Бірде құс, бірде құмай, жігіт болып, Жетелеп бәрі қызға жүр-жүрлетіп. Төпелеп тағы шапты дүбірлетіп, Ақсады тойтырақтап, кібірлетіп. Түсінген күй тіліне ханышайым, - «Қой, күйшім, жетер!»- деді жымың етіп.

Осылай өте берді талай күндер, Шертілді шер шығарған талай күйлер. Айрылып тоқсан күйден қалды күйші, Бір-ақ күй билеп алып күндер, түндер. Пәлен деп бастаса да мынау күйлер, Сындырап өзге жаққа саусақ билер. Айналып қыздың күйін қылмыңдатып, Қалмайды бастап тартқан күйден сүлдер. Бір-ақ күй — қыз күйігі Қарашаштың,

Ханыша есін алып есіл жастың, Күйшінің көңілінен соққан дауыл, Лақылдап жүрегінен тасқан тасқын. Шерткені — сандырағы қызға мастың, Қызығу алмасына алма ағаштың. Айрылып тоқсан күйдің торабынан, Қаңғырған өзге жақга бұл бір қашқын. Егерде «Домбыра ал!» деп айта қалды: Бір күйді бас-аяғы қайталайды. «Ой, бауырым!», «Ақсақ құлан», «Қос келіншек» Сандырап мұның бірін тарта алмайды. Тартпайды даңғыл күйді, тайқалайды, Сүзгілеп өзге бір күй анталайды, Жүрегі қолын қағып қыз жетелеп, Кеткенін өзі қайда байқамайды. Тайпалып жорға болып салдырған күй, Мейірін тыңдағанның қандырған күй. Тартқанда зарылдатып, сұңқылдатып, Аққуды аспандағы қондырған күй. Лапылдап, мұз көңілді күйдірген күй, Балқытып мұз жүректі сүйдірген күй. Тасытып тас емшекті тағдыр болған, Бота боп нар інгенді идірген күй. Қажытып қам көңілді жылатқан күй, Бекітіп жылағанды жұбатқан күй. Пәлен деп бірауыз сөз айтпаса да, Әркімнің өз көңліне тіл қатқан күй. Жорға күй жолда шаңы бұрқыраған, Жалын күй көкке шапшып лыпылдаған. Кәріні бала қылып ойнатқан күй, Бұлақ күй сусағанға сыңқылдаған. Тәтгі күй, құмарлық күй сылқылдаған, Ауыру асық дертпен ыңқылдаған. Домбыра Қарашашты қайыстырды, Бір тілмен ертеңді-кеш қыңқылдаған. Соққан жел айдын көлді шайқамас па? Мүмкін бе күйдің, тілін байқамасқа? Құршына қыз кұлақтың қақсай-қақсай, Домбыра өз арманын айта алмас па? Ап-анық күйдің тілі Қарашашқа, Күй өткір ақ алмастай түскен тасқа. Мысқалдап қыз көңіліне ауын жайды, Қалмады ханышаға құламасқа… Ханыша анда-санда шерттіреді, Ол-дағы екі ішектен өрт тіледі.

Қоймады домбыра да сарнай-сарнай, Ішіне Қарашаштың дерт кіреді. Қарашаш зеріккенде тартгырады, Қағынтып, жындандырып, қақтырады. Сорлыны қалшылдатып күй безгегі, Күйшіні қара терге баттырады. Тартгырып, іші пысса күй тыңдады, Күй шіркін ылпылдады, бипындады. Күйшінің ауыруы күйден жұғып, Жыбыршып ханыша да құйтыңдады. Дәмденіп шерлі күйі сылқылдады, Жалынған жалынды бір жыр тыңдады. Жыбырлап, сыбырласып бір тәтті күй, Ханыша домбырадан сыр тыңдады. Белгілі ханышаға күй мазмұны, «Қызық бар, қыз қызықтар» деген тілі. Ойға айдап, ханышаны қырға қуып, Әкетгі қызды қағып күйдің жыны. Тартылған бір тәтті күй күні-түні, Қытықгап ертеңді-кеш күйдің үні. Бірде бал, бірде шарап кезек беріп, Жуып жүр қыз жүрегін күй сылдыры. Ол-дағы екіленді домбыраға, Домбыра қақсай бермей болдыра ма? «Тартпа!» деп күйді кейде тоқтатады, Өйтпесе ышқынған күй оңдыра ма?.. Жынды күй жылыта ма, тондыра ма? Көшіріп қыз көңілін қондыра ма? Қаһарлы ханышадан көлеңке жоқ , Ала өкпе болды, кетті ол бір бала. «Тарт! Тарт!»- деп алағызып кейде шалқып, Күй тыңдап отырады бойы балқып. Қызықгап қиялымен күйге толқып, Уһлеп кейде шерін іштен сарқып. Сапылдап кейде көңілі көлдей толқып, Асқақтап, кейде сөйлеп, желе жортып. Түйткілді әлденені ойға алғандай, Ышқынып өз-өзінен кейде қорқып. «Апырмай, неткен жігіт күйі тәтті? Күй бар ма екен күйігі мұнша қатты? Өмірдің бар қызығы домбыра екен! Жалмап жеп жүрегімді қайда тартты?. Күй тәтгі-ау… Көк балбырап, күн мұнартты, Күңгірт не? Көлеңкені күн ұзартты… От алды Алатауды, кеш кірді-ау күн…

Әлде күн, әлде көкті күй қызартты? Маймыл ма, саусақтары неткен епті? Осындай тәтті күйді қайда шертті? Міндіріп домбыраға ап кеткендей, Күй шіркін көкке ұшырып кетсе нетті? Бұлақ па мынау күйі сылдыр етті, Барады жүректегі жуып дертті. Егіліп қайыршақтай жұмсардым ба, Қайратым қара тастай қайда кетті? Беу шіркін, таудың күйі, тастың күйі! Құмартқан бір нәрсеге мастың күйі. Сылқылдақ міне бір күй тым тәтгі екен, Қосылып қызықтаған жастың күйі! Соғады кейде суық мұздың күйі, Мұз жатқан қарлы Алатау, құздың күйі. Осы-ақ қой, жаза басып, жаңылмасам… Толғанған жар сағынып қыздың күйі! Беу жаным жігіт екен! Бағлан торы! Безектеп не қылмақшы мынау қолы? Есіл ер хан боп неге тумады екен? Қарадан неге туған, алда сорлы? Түу шіркін! Мынау бір күй неткен оңды! Балқытгы-ау, ішіме бір жылу толды. Хан ием тағында ағар, мұны берген! Бұлбұлым, бұл байғұзым, күйшім болды! Бұл сорлы Дулат па екен, Үйсін бе екен? Күйшім боп өміріне жүрсін бе екен? Сүйкімді, жігітгің бұл бұлбұлы ғой, Қарашаш осыған-ақ тисін бе екен? Бұ сорлы күйді неге үйренді екен? Күйата бұған дарын жүрген бе екен? Қарашаш мұны қалап алдым десе, Хан Кене намыстанбай ти дер ме екен? Жок, болмас! Ауырдым ба, жындандым ба? Қараға хан затымды былғармын ба? Бұл менің басыбайлы бір маймылым, Тиюге енді маған құл қалды ма?! He болды? Ауырдым ба, жындандым ба? Жоқ әлде түңлік жауып, ұрлармын ба? Төсіме құл басымен шықса мынау, Сүйекке кетпес таңба ұрмаймын ба? Қарайтып хан басымды итіме исем, Аузыма тас толмай ма мұны сүйсем. Сұлтандай сүйегімді сындырмаспын! Өзіме өз ауруым, жансам-күйсем…

Аузыңа сорлы бейбақ ерік берсең, Айтқанын домбыраның сөйлеп көрсең! Алмадай, басыңды алып алдаспаным, Жазаңды не істеген біліп өлсең! Соқ жігіт! Соқ! Соқ! Жігіт! Күйіңді тарт! Тоқтатпа, «Тарт!» дегенім — қылғаным шарт! Толғауы тоқсан күйдің бір-ақ күй бар - Сылқылдат! Бастыр! Бастыр! Қадалт! Қадалт! Соқ жігіт! Соқ! Соқ жігіт! Күйіңді тарт! Лапылдат! Жандыр! Күйдір! Құмарт! Құмарт! Безілдет! Сарнат! Зарлат! Үздіктірші! Керек жоқ! Лақтыр әрі! Қысқарт! Қысқарт! Ханыша осылайша ауырғандай, Аһласа, кейде демі тауды ұрғандай. Жатады күйді тыңдап кейде жылап, Жастыққа жылы жаңбыр жаудырғандай. Қояр ма жалын күйге жан жынданбай, Бей-жай боп жалғыз өзін жау қуғандай. Еріксіз домбыраны тыңдай-тыңдай, Қалады айдалада қаңғырғандай… Күңде күй, күнде думан қыз алдында, Ханыша ішін жармай, өз салтында. Төпелеп домбырасын күйші де жүр, Күйімен жұдырық қып хан артында. Оңаша ханышайым отауында, Отауы оңашалау орта ауылда. Үстіне рұқсатсыз жан кірмейді, Жалғыз-ақ домбырашы жатады онда.

Артында келе жатқан орыс барда, Аулына Кене ханның қоныс бар ма? Бұл жерде бүгін болса, ертең де жоқ, Сақ болып тиетін жау, соғыстарға. Су қатып, сүңгі тұрған боқырауда, Беттеді Кенесары Алатауға. Қараойға Дулат жатқан жаппай қонды, Жайлы деп осы араны мал қыстауға. Осы өлке қыбырлаған қалың Дулат, Қарсы алды хан келуін улап-шулап. Той қылып, ерулікке бие сойып, Қонақ боп хан ауылы жатыр қунап.

Топ-топ боп амандасып, құртгай қайнап, Ат сыйлап, аруағына атан байлап. Кенені алдиярлап хан көтеріп, Ат-тұрман сарбаздарға, сойыс сайлап. Шақырып әр ақсақал ерулікке, Жүзіп жүр келген мейман қымызға, етке, Күнде той, күнде жиын Кене маңы, Масайрап мәз болған жан сый-құрметке. Кісі бар бір белгілі бұ Дулатга, Әлімқұл дейтұғын бір әлді датқа. Ауылы Әлімқұлдың бір мол суат, Әйгілі Ұлы жүзде жақын, жатқа. Жағымды жәнеде өзі Қоқан жаққа, Мансапты жинап зекет апармаққа Дулаттың бір түсетін төбесі деп, Кене хан келген жанап осы аруаққа. Әлімқұл Кене ханды қылды қонақ, Істелген сый-құрметгің міні жоқ-ақ. Бай, батыр, датқа ақсақал, хан, сарбаздар, Сыйласып бірін-бірі, елді тонап. Сойылып жатқан малды біреу бағад, Әне, анау қараша үйлер отын шабад. От жағып, ет пісірген міне біреу, Бүрсеңдеп қызыл сирақ дір-дір қағад. Іргелі ел Үйсін, Дулат қонысында, Келген жоқ бұған әлі орысың да. Кенеге ірге болып жатыр Дулат, Қаройдың көңірсіген қобысында, Аман ел аумай жатқан қонысында, Жетеді менмендікке сонысы да. Қарада өр көкірек болмай ма екен?- Төрені теңгермейтін қонышына? Баласы Әлімқұлдың Сапақ мырза, Бір сылқым, құрық бермес асау бұл да. Кұс салып, ит жүгірткен бай баласы, Ойнақтап бәйге сұр ат тақымында. Өз көңлін өрге айдаған балап мыңға, Ұқсаған бұл да қасқыр Әлімқұлға. Қайтпаған жаннан беті алғыр жігіт, Қырғидай қиын тиген қыз-қырқынға. «Іргелі ел, Ұлы жүзбін, жағалымын»,- Дегенмен жиып бәрін алабының Әлімқұл ат шаптырып, думан қылды, Аруақтап жапсар қонған хан ауылын. Бастары Дулатгағы бар жақсының

Қосылып, тойдағы аяқ, табақшының Бірі боп құрмет қылды Кене ханға, Бәйгеден келтірді өзі Сапақ сұрын. Айтысқан қараймыз ба біз ақынға, Атылсын ақ жамбылар сырғауылда. Алыптар бірін-бірі алып ұрсын, He қажет мұның бәрін теріп мұнда. Кене хан разы болып қылған сыйға, Білдірді разылығын Әлімқұлға. Қарашаш нөкерімен, күйшісімен Сауықтап салтанатпен қайтты ауылға.

Жалындап Алатаудың күні батты, Босатып күн таласқан жіберді атты. Отаудың оты маздап жағылғанда Ханыша «Домбыраны тарт!» деп айтты. Қарашаш тыңдап отыр күйді тәтті, Етіне түскен күйші аңыратты. Қыз жанын бір суытып, бір ысытып, Ышқынтып, ішекпенен ішін тартты. Домбыра лапылдатты, жалындатты, Жалынып қызға жылап, монтаң қақты. Ауырып ауыр оймен тыңдай-тыңдай, Ауғанда түн ортасы қыз да жатты. Ақ отау ай туғандай айдалада, Жап-жарық отау іші, ай самала. Ұйқы жоқ ханышада, күйші де ояу… Күй тыңдап жатқан жанда жай бола ма? Жердегі отау көктегі ай бола ма? Күйден бас көп тыңдаса айнала ма? Оңаша отаудағы қыз, жігітте Шертілген күйден бөлек ой бола ма? Ойлатқан осыларды жалынды күй, Бір тілді, бір белгілі сарынды күй. Ермегі кыз, жігіттің екі ішекте, Өлтірген өртей-ертей жанын бір күй. Қиналып домбырада ыңыранған күй, Бос шауып бет алдына ырғалған күй. Құмартып, құмай болып, түлкі қуып, Қызығып, қыз көзіне қырланған күй. Жандырып қыз күйігі сырланған күй,

Тіл қатпай, үн қатумен ұрланған күй. Сүйсем деп ақ тамақты алдындағы, Албытып асықтықпан жынданған күй. Алдынан ханышаның табылған күй, Дауасыз дертке ұшырап ауырған күй. Жұқтырып жүрегінің ауруын, Өртіне қызды салып жандырған күй. Жалындап жанын өртеп сарылған күй, Қылқылдап қызға қатты жалынған күй. Ерте-кеш маза көрмей, маза бермей, Аһылап арманы да жарылған күй. Қойса да, құлағында баяғы күй, От болып өртенгендей мынау ақ үй, Қырық аунап қыз жатады төсегінде Жандырып, үһілетіп жаңағы күй. Батпайды күйші байғұс уһілеуге, Ол жатыр іші өртенген күйік кеуде. Толғанып тоқсан ойда таң атырад, Ұмтылып анда-санда әлденеге. Сандалып лаққан көңіл сергелдеңде, Қалады кейде оқталып «келдім…» деуге. Сырғанап жамбасынан жетіп барып, Қасында ханышаның «менмін…» деуге. Ханыша айналғандай «бері кел» деуге, Қояндай күйші дайын ербеңдеуге. Сарылып сары таңда осы әуремен Тентіреп күйші көнді көлбеңдеуде. «Асығым» ана жатқан ханышам ба екен? Жақындап бер жағынан барсам ба екен? Мейрімі мен дегенде мол емес пе, Қосылып қызығына қансам ба екен? Апырмай, тұрсам ба екен, барсам ба екен? Өлімді өз мойныма-ақ алсам ба екен? Болмаса өміріме шерін тартып, Өртеніп күймен бірге жансам ба екен?.. Бір кезде қыз төсегі сылдыр етгі, Жатқан қыз кірпік қақпай, қыбыр етгі. Келді де қыз қасына бір көлеңке Ақырын «Ханыша!..» деп сыбыр етті. Аю қыз ашуланып бұрқ-сарқ етті, Наркескен қыз қолында жарқ-жұрқ етті. Кім өліп, кім қалғаны мағлұм емес, Әйтеуір үй есігі сарт-сұрт етті… Бұрқырап ашық аспан кетгі қайнап, Найзағай шатыр-шұтыр, нөсерді айдап,

Дауылдап жер сілкініп, тау күрсініп, Боп кетті қап-қараңғы көзді байлап. Сарбаздар сайлап мініп өңкей саңлак, Зеңбірек күрс-күрс атқан, гу-гу сайғақ. Күйшінің басы айналып кетті осылай, Қалтырап, қалды сорлы тілін шайнап. Ай құлап аспандағы соқгы жерді, Отаудан дүр-дүр етіп тұрды пері. Төсекте қыз киініп жатқанында Айдаһар ысқырынған секілденді. Сілкініп қаһарлы қыз түрегелді, Шаңқ етіп, жатқан елді ду көтерді. Күйшінің шыбыны ұшты, қалш-қалш етгі Шығарып самайынан шып-шып терді. Апырмау, әлде біреу, әлде мен бе?.. Алжастым… әлде менің көлеңкем бе? Қасында ханышаның жалғыз мен-ақ , Барады кімнің аузы мен демеуге? Кетгім-ау, мен ұшырап бір кеселге? Бардым-ау, өзім анық білмесем де… Аздырдың әзәзілдей сұм домбыра… Қу басым, күйге сенбе! Күйге сенбе! Қасына қалай бардым Қарашаштың? Аяғым сынып қалғыр қалай бастың? Өзімді оққа байлап, отына айдап, Есуас, міне, адастың! Қақпан бастың… Көрпесін ханышаның қалай аштым? Сандалдым, ашсам аштым… Өзім маспын. Әлде өңім, әлде түсім болар ма екен, Қалайша айналғаны мынау бастың?.. Жындандым, ажал айдап жаннан кешіп, Ақ сапы кетпес пе екен ішімді есіп! Алдына хан Кененің алып келіп Басымды алдаспанмен алар кесіп!.. Қорқақ ой бірден-бірге өсіп-өршіп, Болдырған босаң атгай үсті тершіп, Жоғалып жарық дүние, отыр күйші, Қоштасып өз жанымен өзі көрісіп. Қыран қыз шаңқылдады ашуы өрлеп, «Қайдасың, қырылғырлар! Шапшаң кел!» деп, Манаурап шырт ұйқыда жатқан ауыл, У-шу боп оянысты… Кетгі кернеп. Жиылып тұр отауда өңшең жендет, Қайнап тұр Қарашаштың кегі кернеп. Сыйғызып бір қауызға жанның бәрін

«Әлгіні тез қолыма ұстап бер!» деп. - «Бармыз ба, дүниеде, жоғалдық па? Бар болсақ, от басында омалдық па? Қайдасың, хан Абылай аруағың, Кетті ме мендей балаң құрбандыққа? Тұрмаймын құса болып бұл қылыққа! Итшілік, жігітшілік, тырқылыққа. Сұлтанның сүйегіне лайық па, Ханзада қалай шыдар бұл қорлыққа? Абылайдың жасыды ма асыл қаны, Осы ма хан ауылының шашылғаны? Аруағын Абылайдың мұнша қорлап, Қай қазақ қай заманда басынды әлі? Ит иіскеп есігімнің ашылғаны: Қарадан хан төмендеп басылғаны! «Ауып жүр Кенесары» дегені ғой, Жау алып жағамыздан басынғаны! Талап қып ілемін деп ақсұңқарға Ұмтылған екен, кәні, қашан қарға? Тіміскіп ит, шошқалар із басуға, Жолбарыс айналды ма нашарлауға? Ер қайда? Аруақ қайда? Намыс қайда? Жау шапты ауылыңды Алатауда! Сүйретіп итгі алдымнан басын кеспей, Құрғырлар, неге тұрсың, шаппай жауға!» Дабырлап, жүгірісіп, жосып түнде, Бүлінді хан ауылы осы түнде. Қуырып бидайықтай жұртты иіріп, Ханыша тұр ашудың әлі үстінде. «Зәнталақ! Пері қаққан! Сен жүрсің бе!»- Деп біреу тап-тап берді Сарыүйсінге. Ақырып, о жендетін қыз тоқтатты: Қолынды қоқаңдатпа!- деп, Күйшіме» -Тауып бер өз қолыма жазалыны! Таныдым — Әлімқұлдың шолжақ ұлы. Қыл мойнын өз қолыммен қиып алам! Бітеді сонда оның таза құны! Тез келтір өз алдыма дозақыны, Мен оған көрсетейін мазақыны! Аруағын Абылайдың қорламасқа Үлгі алсын, мұнан былай қазақ ұлы! Қоймаймын көрге кірсе ондай кұлды! Тап шапшаң, таң атырмай!- деп ақырды. Қазақтың кәрі күні бұрынғы өткен, Туғызған талай мұндай дарақыны!

Қалтырап иман айтып күйші тұрды, Қысылып маңдайынан тер сыпырды. Сапағы Әлімқұлдың деген кезде «Үһ!» деп, күйші байғұс жан шақырды.

Таң көркем күзді күнгі қырдан атқан, Тас емес қара қатқақ, құмдар қатқан. Тәжім қып келіншектей шөптің басы, Оранып ақ күміске қараулатқан. Ауылы Кене ханның өре тұрған, Өргізген бәрін қойдай қыз антұрған. Ауылдың алдындағы бір төбеге Жиылып жатыр адам ойдан, қырдан. Бір дауыс осы таңда саңқылдаған, Мысық боп бұл дауысты жан тыңдаған. Иіріп бір шыбықпен жүр Қарашаш, Астында ақбоз атпен жарқылдаған. Сарбаздар саңлақ мінген, шоғырланған, Жасақтар жалаң қаққан жауға арналған. Семсерлі сері, талай найзагерлер, Болатгар тас тілуге ожарланған. Тізіліп сапқа тұрған сірі садақ, Ақ сары алдаспандар жалақ-жалақ. Сықылды Ержан, Науан ерлер де жүр, Мұз балақ, қаңтардағы қырау қабақ. Жиылды жасанған қол жауға анталап, Күрілдеп көкжалдары көз қанталап. Зеңбірек ырғақталып азар шөкті, Аулына Әлімқұлдың аузы қарап. Дүркіреп жанның бәрі жау дескендей, Жау жетті ел шетіне, әу дескендей. Тұяқган тасырлаған дабыл қағып, Қара жер дүбір қақты, дөң көшкендей. Үстінде ақбоз аттың зәр кешкендей, Біреуге бүгін ажал бар дескендей. Көлденең көп алдында тұр ханыша, Алмас қыз, түсі суык, наркескендей. Дауысы зеңбіректей жерді жарып, Алмасты аспаһани қолына алып, Ширығып, шыдамы жоқ тұр ханыша, У жеген бурыл бері порымданып.

Жер тарпып жел саңлақтар, дүмбір қағып, Оқыранып, кісінесе күмбір қағып: «Ұрыны қанды мойын қолға бер!»- деп, Дулатқа тұрғандары кісі салып. Басынып, басып-жаншып хан аулына, Сұқсын ба басын итше Сапақ мырза? Дулаттың битгі балақ датқасына, Деген кім хан аруағын бұлай былға? Шапқындап шабар кетгі Әлімқұлға, Алдында шабуылдың тіл қатуға. Жауабын кешіктірмей берсін жылдам, Жанжалды тыншыту ма, ұлғайту ма?

- Уа, датқа, хан жіберді, үйдемісің? Сөкпеңіз онша ерте жүрген үшін. Теп-тегіс хан ауылы ат үстінде, Бүлінді жаны сізден күйген үшін. Ханыша күйініп тұр сіздер үшін, Отауын бір текеңіз сүзген үшін. Жиылды жасақ сізбен жауласуға, Ел емес, жау деп күдер үзген үшін. Сарбаздар саңлақ мінді жауға балап, Түйілді сізге таман қырау қабақ. Қорқау боп қонағыңыз шапқалы тұр, Ыңыранды, сілкінді ту, тебіренді аруақ. Сіресті сізге қарай сірі садақ, Асыңды ақ алмастар алтын сағақ. Тұр датқа, төбеге шық, тұрғанын көр Аулыңа зеңбіректің аузы қарап. Айтқаным — айт дегені міне сізге: Сияқты көрінеді кінә сізде. Түйілді ақиықтың тастүлегі, Тапжылтпай түсетінін білесіз де. Қайтерді енді өзіңіз түйесіз де, Шабылып бекер босқа күйесіз бе? Осынан ел шабысып кете барса, Тимей ме талай таяқ күнә сізге? Шыдап тұр сізді күтіп ханыша азар, Көп енді кешіксеңіз уақыт озар. Құрыстап жай түсуге күн айналды, Айтқаным, мезгіл емес мұны созар.

Жіберді мені сізге бер деп хабар, Сіздерге жай қалмады көлбек қағар. He екенін ашуының көріп тұрсың, Тезірек тіл бермесең, аулың шабар. Әлімқұл састы қатты сабыр қалмай, Оңай ма құлайтын құз Кене хандай? Егерде тез уытын тарқатпаса, Үйтіліп датқа аулының кетуі оңай. Апырмау, бұл сұмдықтың мәні қалай? Ханзада қамырықты неден олай? - Ақсарбас айттым, алла, қақ пәледен! Медет бер, мен сиындым, пірлер талай! Әлде хан өкпелі ме ерулікке? Көңілі не? Кеше күтпей жібердік пе? Қақтығып біздің елдің бір баласы, Аулына атпен барып жүргендік пе? Ағаттық ісімізді білмедік пе? Көңілін бір нәрседен кірледік пе? Сықылды сиыр мінез жаман елміз, Орданың бір жеріне сүйкендік пе? Хан әлде бұл Дулатқа кекті ме екен? Бір хабар жамандаған жетті ме екен? Қатыннан, не баладан, не малшыдан Білместік, бір оқыстық өтті ме екен? Алды тар, ашуы ожар, екпін екен, Жіберген жарлығы тым өткір екен. Арқаның арыстаны Абылайдың Аруағы үстімізге шөкті ме екен? - Шабындар, жылдам, Үйсін, Дулатгы Тез келсін пәлен датқа, түгенше би! Ауылы жай түскендей Әлімқұлдың, Басына дулаттардың түсті-ау бір күй… Нән, ноян, жуан, жүйрік, сандақ ылғи Жиналды Әлімқұлға датқа мен би. Үйсіннің өңшең, құсы ұшып жетті - Тау бүркіт, күшігендер, мықи, қырғи.

Салбырап Дулат, Үйсін сақалдары, Төбеде тұрған қолға тақау барды. - «Уа алдияр, алдияр! Жер шайқалса — төбеге,

Ел шайқалса — төреге…» Дегенді айтып, Сөз бастап бір майталман мақалдады. Қарашаш қалды зекіп майталманды, Майталман одан артық айта алмады, «Тіліңді кесіп алып тастайын ба?»- Дегенде бидің көзі жаутаңдады. - «Сөз бе екен сұрағаным? Жан ашуы Қу тілмен дағды қыпсың арбасуды! Дулатгың датқасынан сұрап тұрмын Қорланған теңесін деп хан басымды! Көрмеген тентексіңдер тіл кесуді, Жоғалтып бұзылған ел ресімді. Сақалдар осы тұрған біле ме екен, Тентекке жаза, өлгенге құн кесуді? Келіпті сақалдарың сүйретіліп, Датқаның тіліне әбден үйретіліп, Күпініп көшпей-қонбай сасық Дулат, Семіріп алыпсыңдар үйде отырып. Сенімен ел болмаймыз бірге отырып, Сыйладың табағыңа у толтырып. Аруағын Абылайдың кім таптады, Қалды ма қу тілдерің күрметіліп? Би емес, бұзылғанның қуатысың, Тентектің телі менен суатысың. Ел болсаң тентек қайда? Билік қайда? Жүрсіңдер Әлімқұлдың мияты үшін! Келгендер Үйсінбісің, Дулатпысың,- Бәрің де Әлімқұлдың миятысың! Ел болсаң қандымойын ұрымды бер, Датқаның кестелемей ұят ісін! Алдияр, бас, тақсырлап, қойдай шулап, Алдында ханышаның тұрды Дулат. «Не болып, не қойғанын білмей тұрмыз, Міне бас! Тентек болсақ , кәрің тарқат!» Қарашаш деді: «Ізіңмен бәрің де қайт, Әділ кел, Әлімқұлға болмай мият. Сияңды Сапақ, итің кірді үйіме, Алып кел айыпкерді, алдыма тарт! Десеңдер, шабылмасын ауылыңды, Құрбан қыл ел бүлдірген сұм құлыңды. Көзіме кешіктірмей көрсет менің Албасты, қызға келгіш, мұңғылыңды! Ол итке кигіз арнап құл киімді, Күйе жақ, мойнына іл құрымды.

Әкеліп Қарашашты үш айналдыр! Мықтап тақ мойынына шылбырыңды! Ауылды айналдырып әкел маған, Жау болмай, өзге болсаң елге ұқсаған. Алдымнан жетектеліп өтсін Сапақ, Сертім сол — өз қолымнан мойынын шабам! Осыны істемесең не сөз маған? Сапақсыз бері таман баспа қадам! Шаңдатып, шаңырағыңа қобыз тартып, Әлімқұл, Абылайлап аулың шабам! Болсаңдар осы тұрған елдің басы: Жауаптың осы айтылған айналасы. Аруағын Абылайдың тұрмын жоқтап, Осы елдің қорлағанға құл тумасы. Барыңдар, би болсаңдар, бітім осы! Бүлінбес ел ішінің бүтіні осы! Кетсе де көрге кіріп кешікпесін! Төбеден уәдені күту осы!» Алдияр, бас, тақсырлап — шулай-шулай, Тентекті табамыз деп болса мұндай… Жығылды жапырыла желден соққан Сықылды өңшең Үйсін — сасыр қурай. Мойнына су төгіліп билер талай, Болар деп бұл сұмдықтың арты қалай. Ұйлыққан сең үстінде қойдай қорқып, Дулатгар қайтгы ізімен кейін қарай. Аулында Әлімкұлдың топыр, жиын, Қамалған жол таба алмай соқыр жиын. Үстіне Үйсін-Дулат жай түскендей, Салмағы Кене ханның болды-ау қиын… Әлімқұл қайтып көрсін ханның үйін, Ылайсаң — дейін десе менменсиін, Немесе ер көтерер қылық па осы? Бұл-дағы шертгі ішінен бебеу күйін. Жалғанда бұдан артық қорлық бар ма? Кім шыдар мұндай өкім зорлықтарға? Шапқызып өз баласын тұрған кім бар… Тентекті мақұл деуді жол құптар ма? Мұндай іс жаушылықты жаңғыртпай ма? Қараны қаһарланса хан құртпай ма? Хан басын қара қорлап кете берсе, Тыюсыз елге бір заң орнықпай ма?.. Ұйлықгы Үйсін қойдай, ақыл таппай, Біту ме, шабысу ма — шешіп айтпай… Бола ма ел жапсары жауласпауға,

Алдынан Қарашаштың ашу қайтпай? Ашуы тарқай ма екен қылыш тартпай? Қылмысты тентегінің мойнын шаппай? Егерде тентек ұстап берілмесе, Зеңбірек тұра ала ма күрс-күрс атпай? Би, датқа жақсылары келді ақылға: - «Әлімқұл, жұрт айтып тұр, міне, тыңда! Мойынды сұнған қылыш кесер ме екен? Қалмасын қамырығы хан артында». Тау құлап түсті салмақ Әлімқұлға, Келтірді кеп талқысы жан алқымға. Тентекті бермей тыныш таппаймыз деп, Байласты соған сөзді ең ақырда.

Күн өрлеп, тауға мініп, сәске болды, Жалақтап, жауды қайда дескен қолды Байқасаң, жау жарағы зеңбірегі, Қыз маңы бір ауыр қол — әскер болды. Есітіп шорт қайырған сертін соңғы, Дулат тез тентегімен келмек болды. Айдаһар қыз айбары құтын алып, Торғайдай тығылып тұр күйші сорлы. Қан қалмай құп-қу болып жүрегінде, Абайлап қыз мінезін бірден-бірге, Өзінің сұмдығына ішін тартып, Қалтырап, қырау тұрып жүрегіне. Білмейді жыларын да, күлерін де, Еліне кетерін де, жүрерін де. Көрінед әзірейілдей қыздың түсі, Қараса Қарашаштың реңіне. Қыз емес, мынау тұрған қорқау сырттан. Құтылар күн бар ма екен бұл қырсықтан Осыны оятуға оқталдым-ау, Албытқан жындымын ба, жүрек жұтқан?.. Қыз емес, мұз ғой түсі қырауытқан, Қай жері қызықтырып бой жылытқан? Азғырған ақымақ қып сайтан екен, Сандалтып сары ауру — күй ғой құртқан! He жаза жазым болсам көрер едім? Қырғиға қиқаңы не бөдененің? Дәмесін домбыраның тіл сөйлесе,

Мен-дағы осы Үйсіндей өлер ме едім? Мен сорлы қай жерімнен дәмелендім? Құмартып күндіз-түні әурелендім. Ажалым айдаһарға айдапты ғой, А, құдай, Тәуба! Тәуба! Тәуба дедім! Кәрлі қыз елді бүріп, шырық иіріп, Үйсінге, Дулатпенен салды бүлік. He болып, не қойғанын сыртган сұрап, Ордада Кене хан да отыр біліп. Оны да өртеп отыр мына қылық, Қарадан хан мойнына түскен кұрық. «Үйсіндер өз ісіне билік айтар»,- Деп ішке Кене осыны отыр түйіп. Бөрі отыр бөлтірікке беріп ырық, Алар деп өз абыройын өзі-ақ жығып. Балқаштың тұңғиығы толқын бермей, Тымырсып терең жатыр іштен тұнып. Жанжалды үй арасы ұсақсынып, Арыстан отыр барлап тісі ақсиып; Дүм қылып ханның сыртын Дулатгарға, Төбеде тұр әнекей, қыз қақшиып.

Ақ қырау салбыратып қырды басқан, Көк тұман қопарылды, желтең ашқан. Тымырсық бір сары аяз іштен тынды, Томсарып мынау қыздай зәрін шашқан. Тұмандай қопарылып желден қашқан, Жөңкіліп Дулат келді жаны сасқан. Төбеде тұрған қолға тартты Дулат, Қоянын алдына caп қақпан басқан. Мынау көп салбыраған Үйсін, Дулат, Келеді қызға таман улап-шулап. Алдыңда қызға ұсынған құрманы бар, Тез қатар, тасталатын қылыш турап. Аластап, күйелеген, бетін майлап, Мойнына масқаралап құрым байлап. Ұсынтып ақ мойынын, шешіндіріп, Жетелеп біреу атпен, біреу айдап. Бетіне Әлімқұлдың жан келе ме? Жалғыз-ақ кезігіп тұр хан Кенеге. Сүйтсе де тоғыз түрлі толғауда тұр,

Көңілін айдағандай әлденеге… Бұл-дағы теріс азу, көкжал неме, Бақылап не қылар деп батыр Кене. Ыңыранып белі кеткен жолбарыстай, Әлімқұл ауылымен тұр төбеде. Әлімқұл екі көзден жосып жасы, Кісесі мойынында, қалт-қалт басы. Тұлданып, бір қуарып, бір қызарып, Кененің ішке сыймай мына арасы. Мұның да Сапақ бірден-бір баласы, Әлімқұл өз елінде ел ағасы. Жалғызын қыз қылышы қиғалы тұр, Кетіп тұр кісіліктен ердің басы. Дедектеп келе жатыр сорлы Сапақ, Азамат әлде айыпты? Әлде нахақ. Қыл шылбыр мойынында қылқындырып, Өзі жоқ, көлеңкесі қақақ-қақақ! «Күнәлі», «қанды мойын» деген лақап, Дедектеп қыз құрманы келді тақап. Жігіттің бұл да бұлаң бір балғыны, Көрінді жауқазындай еті де әппақ. Сол кезде ханышаның дауысы сарт: -Жетеле, жексұрынды алдыма тарт!- Дегенде қызға ұсынды қанды мойын, Алдаспан қыз қолында еткенде жарқ… Көздері көрген көптің еткенде жалт, Қан басты жерді-көкті қып-қызыл нарт… Көк құлап, жер жарылып, тасыды қан, «Алла!» деп көзін жұмды Әлімқұл қарт… Бұрыннан етіп тұрған күйші қалт-қалт, Мұның да көзіндегі нажағай жарқ Еткенде, қыздың тартқан aшy күйін Домбыра, күй үзілді, кеткендей шарт. Көздегі от қыз қолындағы алдаспандай Жарқ етіп, өз мойнынан қан шашқандай. Жай түсіп жүрегіне, көзі от болды, Астында алдаспанның алжасқандай. Ол көрді кеткен көкке шапшып қанды, Қанды бас қылыш қаққан домаланды. Жоқ қылды қылышымен бір-ақ шауып, Әзірейіл ақ боз атгы, алдаспанды. Түйіліп, қолы үйіріп берген тап-ақ, Алдаспан қыл мойынға тиді тақап. Наркескен қылыш болмай, ақыл болып, Ұстатсып ашуменен қалды шап-ақ.

«Боласың бұл мойынды қалай шаппақ? Шапқанда не бітірдің ашу сақтап?..» Ашуды жағасынан ақыл алды, Жынды ашу қалды әлсіреп, қалбалақтап. Арс етіп сырт айналды ашу шорқақ , Жалт етіп шықты бұққан.мейірім қорқақ Мұның не?- деп мейірім жел боп соқты, Тұмандай бара жатгы ашу тарқап. Жіберді ашуды ақыл шайқап-шайқап, Монтаңдап ашу жасып берді тайқақ. Құрыш қол қылыш алған мақпал болып, Алдаспан шыға берді қайта тайқап. Баурынан наркескеннің мойнын тақап, Шабылмай қыз алдынан өтті Сапақ. Жалт етіп нұрлы дүние жап-жарық боп, «Ақсарбас!» деді Әлімқұл тұрған байқап. Ашылды аспаннан от еткен жарқ-жарқ Басылды тасқан өзен еткен бұрқ-сарқ. Па, шіркін, хандығыңа алдияр!- деп, Майталман бағанағы күлді қарқ-қарқ. Ақбоз ат жалт-жалт басып келді көпке, Ханыша тұрды сөйлеп би мен бекке: «Баласы Ұлы жүздің, разымын, Түспедің бірің ара бұл тентекке! Сәлем айт Әлімқұлдай датқа-бекке! Болмаған арашашы мұндай итке. Аруағы Абылайдың болды разы, Әлімқұл өзі қылған бұл билікке. Білемін аруағымды сыйлағанын, Ауылын Кене ханның қимағанын. Тындырған Әлімқұлға болдым разы, От жақпай арасына хан-қараның. Алып қайт, міне, берген ит құрманың! Кебіңе қидым, Дулат, иттің қанын. Қайтейін қылышымды қандап соған, Алдыма келтіргенім — ит қылғаным. Дегенде алдиярлап! Иә, тақсырлап! Құрақтай жел жапырған ығып, шулап, «Көп жаса! Тағыңда ағар!» деп қария, Батаға қол көтерді Үйсін, Дулат! Шешіліп Әлімқұл да сөзге құлап, Тоғыз қып түйе бастап, айып құрап. Байланды ханышаның отауына, Бәйгеден кеше келген қара сұр ат. Қылыштар қынға кірді еткен жалақ,

Ілінді керегеге сірі садақ Аулынан Әлімқұлдың бетін бұрды, Зеңбірек үңірейіп тұрған қарап. Тұғырға қонды қайта қандыбалақ, Сапаққа жаңа кірді жан домалап. «Енеден екі тудың Сапағым!» деп, Мәз болып Үйсін, Дулат кетті тарап.

Көлеңке шықты асқарға, шұбар тауға, Жылқыдай жатгы жусап тұман тауда. Ақбоз ат белдеудегі күн таласып, Шыралжын шырт-шырт етіп жанды отауда. Жамылған жанат ішік қыз отауда. Жұп-жуас, ілініп тұр алдаспан да. Жалыны жанба отынның лау-лау жанып, Мажырап үйдің ішін нұр басқанда. Қыздырған жадыратып оттың өті, Албырап алмадай боп қыздың беті, - «Е, күйшім, домбыраңды ал!» деген кезде, Күйлердің ағытылар келді реті. Қаққан қол домбыраға жып-жып етті, Құлдырап күймен бірге өзі кетті. Енеден екі туған жазған күйші, Еңіретіп естілмеген күйге шертті. Зарлатты, сарындатты, безілдетті, Қол ойнап, мұнарланып көзі кетті. Бұлқынып бүтін дене биге түсіп, Құлдырап күймен бірге өзі кетті. Күңіренген «Қорамжанды» аңыратты, «Жалғызым! Жалғызым!» деп жылап жатты. Боздады «Боз інгені» бота жоқтап, Маңыратгы, «қой-қозыны» жамыратты. Күркіреп көктен нөсер сорғалатты, Қыраннан қашқан құсты корғалатты. Тартқанда Абылайдың «Жау жорығын» Қалың қол қаптап қойды ордаға атты. Саймақтың «Сары өзенін» сыңқылдатты, «Жорғаның» шаңын көкке бұрқылдатты. Алдына «Ақ көбектің» байлап кеткен, Жылатып қыз, жігітгі қыңқылдатты. Жылқыға жау қаптады, найза қақты,

Қойлар да дүр-дүр үрікті, қасқыр шапты. Той бастап, қыз ұзатып, жар-жар айтып, Дүрілдеп ұлы дүбір көкпар тартты. Айнала қалғып, мүлгіп күйге батгы, Нәзік күй еркелетіп тербеп жатты. Бірде мұз, бірде жалын, бірде жылы, Домбыра тәтгі, тәтті әңгіме айтгы. Міне, бұл «Асан қайғы» түйе мінген, Қобыз ап, қоныс іздеп күңіренген. Мынасы шанышқан жау, шабылған ел, Салынып ат артына қыз күрсінген. Дейді екен мына күйді «Арша мерген», Кетпеген нұсқаған аң Арша көрген. Құмартып құмды кезген аң жолықпай, Кезі екен көзі тұнып аңсап өлген. Алдында құла шағыл қасын керген, Ойнаған бір мақлұктың басын көрген. Мерген көз мұнарланып, аң ербеңдеп, Қалды әне, бетіне алып, басып мерген! Түскенде жерік мерген шын құмарға, Есалаң өзі болмай жан тұрар ма? Көзге атқан құралайды даңғылынан, Ұшқан құс, жүгірген аң құтылар ма? Әнекей мерген ұшты, атқан аңға, Топырлап топырақ боп жатқан аңға. Өзіне оқ тигендей сандалып тұр, Үстінде жалғызының батқан қанға. Оқ тиіп, жатыр жайрап жалғыз ұлы, Өзіне ұғындырсын не деп мұны? Аңғал жан, аң деп атып өз баласын, Өкіріп жылап жатыр мерген құры! Күйініп кеңк-кеңк жылап адам үні, Үздігіп тілдескендей күй мазмұны. «Осындай айдалада күй болды» деп, Домбыра баяндайды міне осыны! Үйіне сүйретіліп келген мерген, Үні жоқ, сөз айтуға тіл күрмелген. Жалғыз-ақ жәрдемшіні домбыра қып, Көңлінің күйін күй қып шерте берген. Домбыра болған жайды сөйлеп берген, Құмартгы, құмды кезді аң көрінген. Аңды атгы, атып салған ұлын көрген, Құшақгап ұлды, құмды күңіренген. Домбыра зарлап, сарнап күңіренген. Тыңдаған күйді шеше еңіреген.

Тілі жоқ, домбыраның үні жылап, «Айрылдық жалғызым» деп еңірей берген. Жылаған, жалғызымдап зар үн шыққан, Шешесі болған жайдың бәрін де ұққан. Домбыра елімді үнмен естіргенде, Зарлы ана аңыраған, күй де у жұтқан. Аңғалдық, аңға құмар, қапылықтан, Оңай ма өз баласын атып жыққан. Көрісіп домбырамен әке-шеше, Дауысы жылай-жылай бос қарлыққан. Тартқанда осы күйді аңыратты, Мұңды айдап қыз көңіліне жамыратгы. Күйік күй қыздың жанын тәтті қинап, Жастықта тыңдай-тыңдай жылап жатты. Көкке күй өрт жалындай шалқып жатгы. Көк тасы Самарқанның балқып жатгы. Көк дауыл айдын көлді көкке шашып, Оқ тиген аққу құсты қаңқылдатты. Ескек күй шалғынды есті, серпе соқты, Өрт қылды қыз бойындағы азғана отгы. Толғантып тоқсан түрлі қыз көңілін, Жүректің жазы шығып, жаңбыр төкті. Түрлі күй жаңа ағылды сылқылдаған, Жер шалған, жорға салған жылқы ұрлаған. Төгілді тоқсан тарау байырғы күй, Күй қайда бір сарынмен қаңқылдаған… Айықты мас домбыра былқылдаған, Сауықгы ауыру күй ыңқылдаған. Жарысты ұлы дүбір домбырада, Ат шауып, барымта алып қиқулаған. Аңқылдап «Ақ көбек» пен «Қара көбек», Байланған осыларға «Бала көбек». Сыңсыған кейде сыңқ-сыңқ «Қос келіншек» Күрпілдеп кейде саба, кейде көнек. Осындай даңғыл күйлер алма-кезек, Домбыра бебеуледі тілін безеп. Біресе «Теріс қақпай» дүр-дүр етіп, Біресе «Желмая» күй желек-желек. Тартылды тәтгі күйлер алуан-алуан «Тәттімбет», «Кенже қара», «Тойтан салған» «Атылған аққу», «Күйген», «Суға кеткен», Тартылды талай сарын, талай арман. Маймаңдап маймыл саусақ балы тамған, Тартылмай күй болмады мұнан қалған. Жамбасқа таразы, үркер ауып түсіп,

Болыпты мезгіл міне таңға таман. Үркітіп, дүрілдетіп күй жылқыны, Әндетіп жатты қырдың қыз-қырқыны, He болды, не қойғанды түгел айтып, Сырласты ханышамен күй сылқылы. Қанығы ханышаға күйдің тілі, Үйреткен өз тіліне күй бүлкілі. Біреудің бүгін түнде сырын сөйлеп, Келтірді қыз ойына бір күлкіні: Дегенін жайы осылай күйдің тілі, Мерген қыз ширатып кеп ішке түйді. Келгенде осы араға бекіне алмай, Саба қыз құйылғандай сылық-сылық күлді. - Жарайды, жетер, күйшім, тоқтал енді! Кетіпті буған бір жын, соққан пері, Аспаннан арман асып кетсе керек, Жыбырлап жын-сайтанның жүргендері… Адасқан домбыра да қайтып келді, Түнеугі тоқсан күйді тартып берді. Алдаспан ақ сайтанды қақса керек! Аңқылдап домбырада күй түзелді!..

Болғанда алакеуім үйдің іші, Қуарып, бір қызарды қыздың түсі. Атырды таңды бүгін кірпік қақпай, Тебірентіп тоқсан түрлі күйдің күші. Пернесін қыз сөзінің түйген күйші, Ер болсаң қызға тілмен сөйлей білші? Күйшінің күйін, жайын таразылап, Салмақтап өкім қылды қыздың іші. «Жарайды, болдым риза тартқан күйге, Қылаңдап міне кірді сәуле үйге. Айтайын өзім шешкен түйінімді, Мінекей, атқан таңда, тілеулі үйде Күйшінің талсасасын, біреуіне, Күйшіні сенен асқан білемін бе? Мен разы, тілегіңе болам жомарт, Айт, күйшім, менен сенің тілегің не?» Қызылдап қан жүгіріп реңіне, Жалтақтап қарай берді қыз өңіне. Әлде шын, әлде өтірік дегендей боп,

Білместен жыларын да, күлерін де. «Алдияр! Алдыңызға тілек айтам, Көңлімде қалған кір жоқ, кетгі сайтан. Тілегім мың қайтара — бір-ақ тілек, Басыма бостандық бер, елге қайтам… Қарт шешем жүрген шығар, жылап анам, Қуанам, қайтарсаңыз елге барам. Рақым қыл торғайыңа торға түскен, Болар ма бөтен тілек, асылзадам…» Кербез қыз, ақылы балқаш, ашуы дүлей! Жайдары жайраң қақса жайнар күңдей. «Тілегім — қайтайын» деп күйші айтарын Қалып ед ханышаның өзі білмей. Қызарып қыз отырды түк үндемей, He «болсын», не «болмасын» бірі жеңбей. Отырып ойлап-ойлап: «Болсын» деді, Айтуға өзге сөзді тілі келмей. Айтқанда қыз осыны күйші сандақ, Көзі ойнап, жарқ еткендей болды жан-жақ. Телмірген тілегіне жетті-ау бүгін Қысылып қысы-жазы жүрген зарлап. Байлаудан босатылған атгай аунап, Қылмаңдап қалды күйші «алдиярлап», «Болды,- деп,- босатқаным әлдеқалай…» Дел-сал боп отыр әлі қыз қиялдап. Біржола күй кеткені қызға батгы, Енді оған естілер ме күйлер тәтті? «Таратып тоқсан күйді жібердің»,- деп Бір жақтан керең бір ой күңкіл қақгы.

Қайрат қып хандығына ханыша қайтты, Жібер деп өжет ақыл билік айтты. Төпелеп өзін-өзі ұрып-соғып, Үндемей қыз жүрегі жылап жатгы. Кетгі-ау деп құлағымнан күйдің сазы, Ішінен құрып отыр қыз таразы. Күйінің балы да бар, зәрі де бар, Кетсін деп қыз ақылы болды қазы. Жібермей қыз күйшіні бар ма лажы? Егерде күй тарттырса қысы, жазы. Өткір күй, жалынды күй жан қояр ма?

Түлкіге ұмтылмас па тағы тазы? Қыз-дағы күй тартты ғой неше буын, Сусаған тұра ала ма ішпей суын? Ханыша өзіне де сене ала ма, Егерде қостамаса бұл қайтуын? Қыз ішіп елтіп қалды күйдің уын, Дерттенген тыңдай-тыңдай домбыра үнін. Жүзінде ұстараның жан тұрғанда Бойында сақтамақшы кім ауруын? Сүйтсе де қатты ауру ханыша да, Ол дертпен өзге кісі таныса ма? Болса да қанша қатты қыз күйігі, Қара мен хан сүйегі қабыса ма? Сондықтан бұл екеуі табыса ма? Қарға мен қаз құшағы қабыса ма? Көзіне күйік болмай күйші кетсе, Онымен қыз арманын тауыса ма? Сондықган тоқсан толғау ойға қалды, Толғатып ішінен қыз ыңыранды. Көндіңде күй қазығы байлау болып, Ширығып, арқандалып шыр айналды. Екі қып хан жарлығын қайта алмады, Сүйтсе де жүре бер деп айта алмады. «Айрылып бұл күйшіден қалу болмас»,- Дегенге қыздың іші сөз байлады. «Тарта бер, домбыраңды, жаным, күйшім, Татымас бір өзіңе барлық Үйсін. Балбырат, әсіресе бал күйді тарт, Өртеніп, жүрек жанып, бауыр күйсін». - Алдияр! - Айт, күйшім! - Ертең елге қайтайын! - Тарта бер, асықпа әлі, ақын, күйшім! Дедім ғой тілегіңді мақұл, күйшім. Қыстайсың биыл менің өз қолымда, Қайтасың жаз шыққан соң ақыр, күйшім. Сонымен қыз байлады, сөз үзілді, Сандалды күйші, ішекте күй бұзылды. Қыңсылап домбырада дауыс қалмай, Мыңқылдап салып кетті құр күжілді. Байырғы тарта алмады күйші күйді, Күй жоғын домбырада қыз да білді. Күйшінің көңілінің бұзылғанын Білді де, білдірместен бүлк-бүлк күлді.

Сонымен айлар туып, күндер батгы, Қолында ханышаның күйші жатты. Тарттырды ертеңді-кеш талай күйді, Күшеніп күйші сорлы күйлер тартгы. Тебініп саусағымен сабаулатты, Кеудесін қызға таман омыраулатгы. Тасыған тасты жарып бұлақтайын, Сыңқылдап соныдан бір күй заулатты. Бұ күйдің өзге күйден үні бөлек, Серпіні қатгы, екпінді сергек, өргек. Өмірде естімеген бір күшті күй, Желпінтіп жерді, кетті аспанға өрлеп. Домбыра бірде күлді, бірде еңіреп, Бір кезек буырқанды кегі кернеп. Серпіліп тасқа соққан күшті желдей, Бытырап кетіп жатгы өрге өңмеңдеп. Баяғы тоқсан күйден ызың да жоқ , Құмартып жындандырған қызың да жоқ. «Ақ көбек», «Асан қайғы», «Нар идірген», Ақ иық, алтай түлкі қызыл да жоқ. Қылғынып қызға ұмтылған қызу да жоқ, Қыз күйік — күй сарынын бұзу да жоқ. Қарсылап алдында отыр сұр мегежін, Бетінде Қарашаштың қызыл да жоқ. Шөп желке, шолақ бұрым, қотыр-қотыр Қыз емес, қарсы алдында албасты отыр. Жыландай жиырылған кесерткі қыз, Осыны байқамаған неткен соқыр? Байлаған күйші көзін күй ғой кәпір, Байыптап жаңа-жаңа келе жатыр. Отырған отау емес, жын мекені, Құтылар бұдан қалай күйші пақыр? Бастады жаңа сарынды осындай күй, Сескеніп қыз түрінен шошыған күй. Күйшінің кенін шайқап, көзін ашты, Жаңа жел, жаңа тасқын — жосыған күй. Айықты қызға мас боп жынданған күй, Босанды байлауынан шырмалған күй, Сілкініп Алатауды, жерді жарған, Саңқылдап соқты сексен қырланған күй. Үні жоқ өтті күйдің қылған кебеп, Қалды екен әлдеқайда көлеңкелеп?

Сауығып домбыра да сала берді, Ауырған бұдан гөрі сәл ертерек. Кетіпті буған жыны бойдан сергеп, Бар шығар осыған бір күшті себеп. Шертіліп шынайы күй серпілгенде, Бұлдыр күй бұлтгай тарқап кетсе керек. Домбыра бебеулетті, безілдетті, Кернетіп кең даланы кезіп кетті. Біресе қашағанды қырда қуып, Ән шырқап қоңыр түнде қой күзетті. Әнекей қасқыр шапты, дүр-дүр етті, Қорадан қойды қырға қуып кетті, Мінекей шыңыраудан қауға тартып, Боранда жылқышы ұшып дір-дір етті. Дерт алды, бір сорлыны, жетгі сүзек, Сандалды сары ауру бақсыны іздеп. Қалды әне, қара лашық қар астында, Ақсүйек — жұттар жеді жүздеп-жүздеп. Жылады жетім-жесір таппай қорек, Көре алмай жоқ-жітіктер бардан көмек. Етікші, ерші, жалшы, жетім, күйші - Қысқа жіп күрмеу болмай, жүр тентіреп. Домбыра түйе болып отыр боздап, Сорлының мұңын салып, күйін қозғап. Жіберді-ау, улап-шулап міне бір күй, Жамырап қозыдайын, қойдай қоздап… Өртенді әнебір үй отқа маздап, Шулады бала-шаға кете жаздап. Осындай талай үнді төңкерілтіп, Күйшінің өз күйіне ауысты аздап. Домбыра әлде не деп зарлағандай, Айдаһар алдында қыз арбағандай. Есіне елі түсіп еңірейді күй, Шешесі ханышаны қарғағандай. Анасы құшақ жайып қол созғандай, Тұрғандай байлауда өзі тап қозғалмай. Мойнына қыз бұғауы мықтап түскен, Тек қана ашу қайнап, кек қозғандай. Қыз емес, жалмауыз-ау, аузы қалай? Кісі емес айдаһар ма, даусы қалай? Алдаспан анау қанжар еркін болсаң, Бұл қызды сүймес едім, бауыздамай. Қанішер! Ханыша емес, жауыз торай, Қожыр қып жаратыпты қауыздамай. Домбыра, бостандықгың ырғағын тарт!

А құдай жеткіз соған, ауызға май! Апырмай, бұдан қалай кетсем екен? Еліме қалай аман жетсем екен? Бір көріп шешем жүзін көріскен соң, Жетсе өлім, өкінбестен өтсем екен! Адамның азат басы дәулет екен, Өзінде ердің еркі — сәулет екен. Қақпанын хан Кененің келіп бастым, Құрылған маған арнап нәубет екен. Баласы Абылайдың Кене ме екен? Сорыма құдай айдап келген екен. Нашардың қанын сорып, жанын жеген, Хан емес, қара қабан деген екен! Апырмау, елге осылар төре ме екен? Төрелік елге дұрыс бере ме екен? Қой болдым қорасына келіп сіңген, Құл болып осыларға өлем бе екен? Бұлардың жүрген жері бүлік екен, Қан сорғыш, қаралардың сүлігі екен. Жалынсам алдиярлап аяғына, Қарашаш қара тастай жібір ме екен? Қойынын ханышаның ашсам ба екен? Қанжарды жүрегіне шанышсам ба екен? Осының қорлығына байланғанша, Аң болып Алатауға қашсам ба екен? Осындай сарындармен күй кіжінді, Кіжінген күйдің тілін қыз да ұғынды. Ысқырған домбырада жылан күйден Сұп-суық қыз жүрекке мұз құйылды. Бұрынғы сылқылдақ күй тәтті тілді, Айналды ашу шеккен күйге зілді. От сөнді, қыз бойынан қызу кетіп, Тырс етіп махаббаттың жібі үзілді. Билеген бұрынғы күй ыңғайына, Нәзік қыз кете барып өз жайына, Орнына отырды оның ашулы аю Тараған домбырадан у бойына. Құйылып жатыр ащы у қыз жанына, У ішіп қыз өзінің қиялында. «Алдымда жігіт емес, жылан отыр, Саусағы жез тырнақтың тұяғы ма? Күй емес, домбырасы ысқырады, Шағуға әлде кімді ышқынады. Жеркеніш міне біреу неткен күй ед? Айнытты жүрегімді, құстырады…»

Дегендей мұрнын ханыша тыжырады, Домбыра онан арман қызынады. Тарт әрі, тақылдатпай!- деп ханыша, Қабағын шытып, өңі бұзылады. Сонымен тоқтатады домбыраны, Күйші де әбден шаршап болдырады. Ханыша жерді шұқып отырғанда, Ерленіп күйші, қыздан сөз сұрады: - Алдияр! - He айтасың? - Тілегімді беріңіз! - Таң атсын…

Таң атты. Жусауынан ауыл өрді. Жамылып қырау ішік қыр көрінді. Отауда баялыштың оты жанып, Үй іші қыз бетіне бір нұр берді. Жеңілді қыз жүрегі, ақыл жеңді, Қызарды, қыздың беті тағы өзгерді. - Тастама домбыраңды, күйді ұмытпа, Тарта жүр сонау тартқан сергелдеңді! Бұзғандай өзен тасып жатқан мұзды, Жұмсартты тағы мейірім қатгы қызды. Ханыша өз қолымен құйып беріп, Сапырып сары майға құрт ішкізді. Астына Сапақ сұрдай ат мінгізді, Қош айтып ықыласпен ой білгізді. Беліне домбырасын қыстырып ап, «Уһ!» деп, ел қайдалап күйші сызды. Артына бір қайрылып қарап еді, Көрінбей хан ауылы қала берді. Ашылып айналадан қара тұман, Нұрланып дүние кеңіп сала берді. Сонымен хан аулынан күйші кетті, Тартатын тоқсан күйді Үйсін кетті. Аулынан Кене ханның ұзағанда Сапақ сұр cap даланы дүрсілдетті. Күйшімен тоқсан тарау күй де кетті. Сары Үйсін Сапақ сұрмен үйге жетті. Келген соң аман-есен ауылына Арманды «Азат» дейтін бір күй шертті.

Күн шыққанда

Шырт ұйқыда жатқанда Шырылдады торғайым. Ұйқыны ашты, оятты. Құлан иек, құлқын сәр, Құрылып торғын шымылдық, Шырға тартты, таң атты. Желі желпіп желегін, Жердегі бәйшешегін Күлдіре, сұлу күн шықты. Шыру, шыру, шіркін!- деп, Көмекейі бүлкілдеп, Торғайдан «тұрлап» жыр шықты. Жайшы көрпе, жастықты, Таста тастай тасбықты, Апа-ау, әне күн шықты. Шеш қазықтан сиырды, Аналар жібін иірді. Алсаңшы, апа, ұршықты. Оят, кигіз шекпенін, Қолына алсын кетпенін, Барсын әкем егінге. Қызылдап қымыз сабасын, Жыртығын үйдің жамасын, Айт, апатай, келінге. Орамалын оймыштап, Оған оқа қойғыштап, Тәтеме айт, тіксін кестесін. Шүлен шал мал береді, Қырығы қыздан дәмелі, Өз қызығын ескерсін. Текеметін тұйықгап, Жатыр ма ағай әлі ұйықтап, Барсын, малын көздесін. Барсын, барсын малына, Шаруа! Жалғыз шаруа!.. Қойдық сөздің өзгесін. Жастық па, әлде мастық па? Жатыр басы жастықта, Інішек мұрны шуылдап.

Күн әлемді оятқан, Күн күлкісін жел айтқан, Түр торғайың шырылдап. Мал масайрап өрісте, Құрт-құмырсқа бәрі істе, Тұр көкешім, күн шықты. Малда ағаң, әкең егінде, Тәтең көргіш керуде, Иірді апаң ұршықты. Қалыпсың ұйықтап, қарағым, Қалады-ау сенің сабағың, Жуын, жүгір мектепке. Ашасың көзді сабақган, Аласың білім кітаптан, Боласың адам мектепте. Қазақ қызы

Маужырап тау, күн күліп, Албырап аспан нұрлы көк. Маужырап қыр, жер жусап, Баяулай соқса жел жібек. Қырмызы жалау желбіреп, Өктем-өктем басқан топ, Октябрь тойы болды топ, Он бір жыл оған толды деп, Жамырап ду-ду қалың көп. Сол дүбірдің ішінде Топтанған әйел бір бөлек. Қаймақы қабақ қара қыз, Жинақы көйлек, келте шаш, Жаға, жеңін түймелеп; Жігерлі даусы саңқылдап, Сартылдатып тұр сөйлеп. Тұр десеңдер не сөйлеп;

- Анау, анау, заманда, Анау қалған атам заманда, Ер егер заманда, Ел әбігер заманда, Хан тағында заманда, Халық шабынды заманда, Шен шіренген заманда Қазақ қызы кім едік? Байдың шұлғауы едік, Бәйбішенің тұлағы едік, Мырзаның әуесі едік, Тұлпардың бәйгесі едік, Найзагердің олжасы едік. Саудагердің саудасы едік, Қулардың қуыршағы едік, Қазақ қызы күң едік. Енді мына, мына атқан таңда, Еңбекші жауын құлатқан заманда, Ескілікті қиратқан заманда, Езілген жұртты қуантқан заманда, Игілікті орнатқан заманда, Келелі кеңес қолға алған заманда, Оған он бір толғанда, Осы өмірдің, осы жұрттың, Қазақ қызы кіміміз? Күң емеспіз, азатпыз, Азаттық алған қазақпыз. Жылағанды уатқанбыз, Сұмырай заңды суалтқанбыз. Ілгері басқан елі бар, Бірлігі күшті, қадамы кұтты, Жаңа тұрмысты, жас жұртты Жасаушының біріміз.

Қақпан

Жамылып иығына жамаулы тон, Далаға Иса шықты таң атқан соң. Оранып ақ кебінге өліпті өлке, Шымқанып шаңқан киіз, қалыпты құм. Әуенің тиірмені түнде жүріп, Тастапты ақ ұлпаға жерді көміп. Қадап тұр үскебегін таңғы ызғырық, Аспанның, артын ашып, таңын түріп. Атқан таң, ақша қарлы ала кеуең, Жылмиып жұмыртқадай қыр мен өзен. Тұйықтап туырлығын терең көлдер, Қалтырап тал, қамыс тұр ренжіген. Антұрған, арамза туып жатып, Күшігін қаншық жатыр шуылдатып. Қыстауға көтеремдей жабу жауып, Қойыпты қар кірпігін қимылдатып. Қайтадан қапыл-құпыл үйге кіріп, Уа қатын! - деді жылдам көжені жылт, Әуе ашык, қалғып жатыр қанды сонар, Мұндайда отыра ма үйде жігіт! Па, шіркін! Қырда қызық міне бүгін, Жортар ма ед Ақөзектің тарғыл құмын. Түлкіні алтай қызыл бұлаңдатып, Қуатын қайда менің ат-айғырым. Шаңқиып сонар дүние, ертеңгі уақ,

Қыстаудан шықты малтып құзғын тұмақ. Айғыздап ақпа төсте малтады аяқ, Жылытпа ішкен маңдайынан бу бұрқырап. Қамысты жара-мара, түре-мүре, Түндегі жетті малтып түбегіне.

Жеткенде қақпан құрған жемтігіне, Ырылдап қоя берген міне бір не?.. Жортқанда ойды-қырды, тамақ айдап, Қалыпты қанды қақпан, қасқыр шайнап. Қақпанды қазықгаған, арс-ұрс қауып, Ызалы долы шіркін жатыр шайнап. Тұқырта тұмсығынан ұрды қатгы, Қаңқ етті, серейді де, дір-дір қақты. Көкжалға қанды қақпан ажал болып, Жылы қан тұмсығынан жылжып ақты. Жалмауыз, жауыз қорқау түзде жүрген, Тентек, сұм, теріс азу, тентіреген. Қылғаны ұрлық-зорлық өмірінде, Несібін елден жеген, жерден жеген. Қораға қашаннан бұл шапқан қатты, Жарып жеп жабағыны, жылқы тартты. Адасқан жалғыз-жарым адамды алып, Қуалап қой сорлыға талай шапты. Бөрі етті, бөлтірігін жемір етті. Жарлының жалғызын жеп еңіретті. Боздатып боз інгеннің ботасын жеп, Бұзаусыз не сиырды мөңіретті. Тиіп ап бала алдынан бес ешкіні, Жеп кеткен кеше ғана жемтік міне. Алғанда жау жағадан, бұл етектен, Қабынған қыс аңғары жаман жылы. Қу қақпан, күйсіз қақпан, жарлы қақпан, Майланып, бүгін қасқыр алды қақпан. Сілейіп, қанжулы боп жатты көкжал, Ығыр қып елге шапқан, зар жылатқан. Тасқындап тас жүрегі, тулап тайдай, Жарқылдап, жабырқау жүз, күліп айдай, Кезі ойнап, желбезегі желбелеңдеп: «Болатын болды-ау,- деді,- көйлек пен шай. Қақпаным! Жауымды алдың, алдың азық».

Деді де, әлді қолын алды жазып. Сүйретіп құзғын тұмақ үйге қайтты, Орнында қан, сауысқан, қалды қазық. Қырман

Қылмыңдап қырға сұлу күн, Қызуы қыздай жайнады. Сәлемдесіп сәулемен Су сумаңдап ойнады. Салалы талдар салбырап, Сайда самал еседі. Қарағай көкке маужырап, Бұлт керуендей көшеді. Алатау беті шұп-шұбар, Шырғанақ, дүлей бадалды, Алатау бауыры егіндік - Бұрқыратқан сабанды. Төскейде бұлақ сылдырап, Оятады далаңды; Төбеңде торғай жыр жырлап, Тербетеді мазаңды. Естіледі жалғыз-ақ: «Өк! шүу!»- Бекең сарыны. Бес сиыр қоста, жалғыз ат, Бекен айдайд тарыны. Көкшолақты қақпалап Қара пұшық баласы; Қараша үйде қап жамап Отыр оның анасы. Діңгекті сиыр айналса Бақайлары сыртылдап, Қызыл маржан жайнаса, Мұз қырманда жылтылдап.

Мұртынан күліп Бекеміз, Көлеңкелеп бұтаға. Қожалақ қолды қоялы Ышқырдағы шытаға. Қос айдаған баланың Құрықшасы тақымда; Бекем қағып шытасып, «Сусын!» дейді қатынға. Жамаған қабын доғарып, Басады Балдан жүгіре, Мелшиген мес шұбалып, Жетеді жығыла-сүріне. Саптыаяқ қалған саламда, Қоқымға көже сынысып, Топанды көже жұтқанда Күреден шығып тер шып-шып; Сусын жұтып, қырманды Жаңалап қайта шешеді. Қырмандап қайта шешеді. Қырмандап қыдыр диқанды, Диқаншы қызыл көшеді. Құлагер поэмасы Толғану

Тасқында, тау суындай, көңіл жыры, Қазақтың сусындасын ойы — қыры. Бұрқырат бұлағыңды кең далаңа, Бастырмай шөпке — шарға тоқтап құры. Далаңның той болғанда бүгін күні, Жүйріктей бабындағы жүгір, міні; Орай шап алдын, артын жиын жұрттың, Жыр қыла бүгінгіні, бұрынғыны.

Шарықта шартарапқа қиял құсы, Көңілдің кеп тұрғанда күнді алғысы. Халқыңның қуанышын қанат қып қақ, Қашан да қала берер ұяң кісі. Қашаннан қазақ көшкен тарих көші, Таланып жаудан, жұрттан жеткен осы, Көсемі көш алдында басшы болып, Бақыттың жайлауына қонған тұсы. Шат көңіл, шадыман жұрт ақынысың; Жүйріктің жұрт қуантқан жақынысың; Баласың бақытты елге, түс майданға, Халқыңның қайратысың, ақылысың. Тілісің, теңіз көңіл, батылысың, Өткір ой, сезгір сезім батырысың; Желіндей қуаныштың жеделдей соқ, Өлеңнің өзені бір сапырылсын. Күйіндей домбыраның құлдырасын, Суындай Алатаудың сылдырасын; Сөздердің асыл, көркем тасын қала, Ұйқасы өлеңімнің сыңғырасын. Тегінде кәр құлақсың, сұңғыласың, Сондықтан сұлу сөзді жыр қыласың. Соғайын сөзімнен бір сұлу сарай, Я көрсін, я көрмесін тұрғыласым. Ұзаққа жүгіретін өрен жүйрік, Секілді тыз етпеге қақпай күйбік, Көсіліп өресі ұзақ поэмаға, Жай тастап, кең құлаштап желдей жүйткіп. Десе де «Бұл ақынның сөзін сүйдік», Десе де «Ақынымыз кетті жидіп»; Тастай бер ортасына өз сөзіңді, Ұлы ұрпақ, осы күні көпте билік. Халқымның қуанышты бұлбұлымын, Жұртымның жүйрігінің дүлдүлімін. Көтеріп көптің көңілін күнде шауып, Жүлде алар жұма сайын туды күнім, Шат елдің шешенімін, даңғылымын, Шыным сол, правом бұл, заңды мұным.

Астанам Алатаудан саңқылдасам, Жетпей ме жер жүзіне жаңғырығым? Бақ туын тұрғанда ұстап бүгін қазақ, Көңілі судай тасып, оттай маздап. . Ескі күн елім көрген енді ойласам, Көрінер кейде қорлық, кейде мазақ.

Соларды әдетім еді айту аздап, Ескіге ендігі елдің кегін қозғап; Ескі күн — елдің жылап өткен күні, Ескі ән, күй сондықтан қалған боздап. Ежелден ескеруші ем елдің сөзін, Бұлақтың тазалауға тінтіп көзін. Бар ма деп ашпаған сыр, айтпаған жыр Құлақты қырға түріп жүрген кезім. Ақтарып асыл сөздің алтын, жезін. Салатын дүкеніме бар мінезім. Ақтарған Арқа астын инженермін, Ал, жұртым, керегіңе тұрса сөзім. Өзгеге ұғындырмас өзі бұзбай, Сыншыдан сақта құдай сортаң тұздай. Шатасқан шалдуардан жиіркенем, Елімнің ескісінен сөз айтқызбай. Сапырған сырлы сөзді сар қымыздай, . Заманның отырғам жоқ салтын бұзбай; Асылын арамынан аршып алдым, Қашаннан қазынаға халқымыз бай. Туған жер Мен өзім тауда туып, тасында өстім, Жасымнан мұз төсеніп, қарды кештім; Асқарда Аршалыға қозы жайып, Бұлттың аспандағы қасында өстім. Жөңкенің жоғары ала басында өстім, Ақ гауһар Ақ тастының тасында өстім. Аспанда ақиығы шаңқылдаған Құздардың құламалы астында өстім. Сондықтан бір қазақпын тауды сүйген, Тасы жоқ, таусыз жерді жерсінбеген.

Алматым Алатаудың бауырында Аңқылдап жел соққандай ән мен күйден. Жасымнан жырлап едім тауды талай, Гималай, Кавказ, Жөңке, Алтай, Алай. Ордасы ой, көңілімнің ала асқарлар Жырлатпай жүрегімнен жатсын қалай? Таудағы тасқындаған ағын судай, Өлеңім басталады таудан ұдай. Өсемін әңгіменің көп таратқан Айтылмай қалған екен тау мынадай: Көк орман, көркем тоғай маужыраған, Сұлудың көзіндей көл жаудыраған.

Малта тас, маржан, ақық, меруерт тас Төгіліп көл жиекке саудыраған. Көк кілем, балаусасы балбыраған, Көк жібек жапырағы жалбыраған. Ақ қант аспандағы сонда жауып, Бал бұлақ таудан, тастан ор құлаған. Бұл тауды іздеймін бе біздер шеттен, Талайы осы таудың бізге біткен. Мақтауға, мақтануға тұратын жер Айтамын Көкшетауды даңқы кеткен; Оқжетпес оқшырайып өрлеп кеткен, Кеудесін керіп көкке сермеп кеткен. Қия құз, жақпар сарай, бура тастар Тәртіппен көлді айнала сәндеп шөккен Кавказдай таласпайды аспан — көкпен, Қаһарлы Хантәңірі емес қар бекіткен; Алтайдай асу бермес асқар емес, Жөңкедей жолсыз емес құж — құж біткен. Көкшетау жер жаннаты жеке біткен, Бұл сұлу кең далада бойын күткен. Жомарт тау дастарқанды, момақан тау, Шипа тау тазартатын барлық дерттен. Көкшетау көп жердің бір көркем жері, Қыз орман, Бурабайдың мөлдірлері. Жамылып жасыл барқыт, асыл құндыз Түрленген тоты құстай тау көркемі. Сайраған бұлбұлындай әншілері, Зулаған дүлдүліндей жүйріктері. «Хан тұрып қазағыңа, ханды ант ұрған», Қонысы Абылайдың бір күндегі. Қазақтың әсем жері Арқасында. Арқаға жетер Арал, Балқашың ба? Сырымбет, Зеренді, Иман, Айыртаулар Арқаның тізілгендей алқасына. Арқаның алқа қонған даласына, Ауылдай таулар отыр жарасымда. Алапқа бетегедей киіз төсеп, Оранған орманды тау ағашына. Бұлақтың тәттісі де, тазасы да, Көлдердің кең, мөлдірі тап осында. Айдыны ала шұбар, құс қиқулар, Ауыл, мал, масаты көл жағасында. «Ауылы Сырымбеттің саласында, Ақ сұңқар ғашық болып баласына».

Құмар боп жерден жүйрік, көктен құсқа, Тұр таулар ән шырқалған арасында. «Ол күнде осы тауда жалғыз жан жүр, Дүниеден аулақтанған дабыр — дүбір, ., Қара шал қайыңды отыр көлеңкелеп, Бір қу бас шал үстінде ілулі тұр. Не еткен жан, әлде даңғыл, әлде мұңғыл? Бұл өзі ән күңірентіп айтады жыр». — Осылай ертегі қып кетуінде Елдің де ескі аузында жоқ па екен сыр? Салғанда шалқып, шырқап әр түрлі әнге, Осы шал ұқтырғандай көп әңгіме. Жетісу, Ертіс, Арқа жүген жаттап, Байбайлап салған әнін «Құлагерге». Кетсе де шалдың өзі көптен көрге, Жайылған әні, сөзі жалпақ елге. Елімнің есігінен иттер қуған Сорлының сүйреген ел басын төрге. Жақсының жақсылығын жан айтады, Сондықтан «Құлагерді» бәрі айтады. Егіліп әндеріне, сөзін тыңдап, Еріңді ел қиялы дардайтады. Қазақта Құлагерді көп айтады, «Серінің серігі еді» деп айтады. «Ат сыры иесіне мәлім» деп жұрт, Тегінде мал көрмесе, неге айтады. Заманда сонау сарсаң Ақан тұрған, Ол заман — ерге тұсау, зорға думан. Жалмап жеп айналасын аш кенедей, Семірген жұрт қанына нелер жуан. Хан қабан — халық құлағын бұрап тұрған, Бүйі би — билеп-төстеп сұрап тұрған. Қор қылып ақ алмасты отқа көсеп, Жүз -жүз жар теңін таппай жылап тұрған. Барымта — ел шулатып жылқы қуған, Әупілдек батыр шыққан әр рудан. Ел құнға жұма сайын бір жығылып, Қара нар, қалы кілем бітім қылған. Қанды кек ел арасын ушықтырған, Қорқауды қол табылмай тұмсыққа ұрған. Асыл ер, арманда жар опық жеген, Албасты әлсіз жанды тұншықтырған. Қырдағы қара сойыл бақандаған, Қалада қара жүрек қаһарланған.

Тұсында сері болсын, пері болсын, Ұнайды өмірімен Ақан маған. Ол күнде қазақ мұндай жасармаған, Құл мен күң қожасынан аса алмаған. Жарлыға, жалғызға да дес берді ме, Жыландай ысқырынған зәһар заман. Керексіз кісі болған ол заманға, Қайткенмен бір жұмбақ сыр бар Ақанда. Ез болмай, елге сыймай кім тұра алған, Жалғыз боп жанаса алмай барлық жанға. Түскен жан сондай күйге сұм жалғанда Ескеріп енді ойлансақ тегін жан ба? Қыңыр жан қырық кісімен қырықпышақ боп, Ел таппай өте берген неге арманда? Ішінде өрті жанып басылмастай, Шемендеп дерті кеткен ашылмастай. Тентіреп тауда, таста неге жүрді, Тасталып танылмаған асыл тастай? Бай басып, батыр әлде жасқаған ба, Би тауып, шерін шындап ашпаған ба? Сұңқар құс сүймеген бір жұмыртқасын Ұядан садағалап тастаған ба? Таба алмай тыныштықты туған елде, Кете алмай біржолата бөтен жерге, Тартқанда.тан жаны қорлық, . Төсеген талай ерлер оққа кеуде. Жақсы боп елден өлім талай ерге, Аз ба екен оққа ұшқандар дуэльдерде? Өлімді жан қорлықтан жақсы көрген Не дейміз Лермонтов пен Пушкиндерге? Өмірде бастырмастан көңілін өрге, Кім еді ел талантын тыққан жерге? Қыз емес, қара күш пен қаңқу сөздер Ертерек ер жүрегін көмген көрге! Өмірде солардайын қорлық тартқан, Сұм заман өткір жанды қор қып баққан. Жаралап ер жүрегін жау қанжары, Ысқырып жылан өмір жанын шаққан. Лермонтов бомағанмен біздің Ақан, Кісі ме ед ақындықтан құр алақан? Ортасын олқы көрген бұл да дара, Имеген иттерге бас сері, дарқан. Еріксіз ерте туған ел еркесі, Жетпестен қиылатын ер желкесі.

Лермонтов, Пушкин көктен атылған құс, Түскен бе Көкшетауға көлеңкесі? Қайт болып қара күштен меселдесі. Халықтың қайғыда өткен нешен досы. Жаныштап жұрттың жанын жерге тыққан Қара күш, қаңқу сөздеркесел де осы. Тегінде тегін бе екен Ақан сері, Бұл да бір емес пе екен елдің ері? Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе, Ел тегі алсын қайдан кемеңгерді? Туғаны Арқадағы Арғын елі, Өскені Көкшетаудың шалғын жері; Ащы тіл, асау мінез қлығынан Атанып кетпеді ме «азғын», «пері»? Лақабы -әлде әулие, әлде пері, Арқаның атақтысы Ақан сері. Көкшеде сұлу сүйіп, өлең айтқан, Бұлаңдап тақымында Құлагері. Көкшеге жаз көк жидек жапқандайын, Көкшеге қыс ақ күміс шашқандайын. Көкше қыз күзде киіп қырау ішік, Көк айнакөлі қыста қатқандайын. Жамылған қыста ақ үзік ақ қардайын, Төселген жазда кілем мақпалдайын, Қырдағы ел « Құлагердің» әнін тыңдап, Былайша әңгімелер Ақан жайын: Ақан Бурабай бір таза жер «пері» жүрген ... Онда жоқ жын мен сайтан өріп жүрген. Ағашқа атын байлап көлеңкелеп, Ақан ғой анда-санда келіп жүрген. Ақандай осы тауда сері жүрген, Су ішіп, тауда шие теріп жүрген. Қайыңдай мінсіз, таудай таза жігіт, Көң -қоңыр, былапыттан жеріп жүрген. Жасынан иеленген баласындай, Талпынып Көкшетауға анасындай. Көліне бетін жуып, ат суарған Арқаның бір сиқырлы айнасындай Сұрша тал -сұлу қолдың саласындай, Қып-қызыл қайың-қыздың баласындай. Жамылған жанат ішік, мөлдір сұлу, Көзінің Көкше көлі шарасындай. Кісі емес Ақан төрде билік айтқан, Ұры емес, ауыл торып, ел шулатқан.

Молда емес, мешіт салып, зекет алып, Нәжісін дүниенің бойға жаққан, Ол емес және өзінің малын баққан, Жалшы емес және байдың отын жаққан. Кісіні ит етінен жек көретін . Дау қуып, арыз айтып, биге шаққан. Төренің тұсындағы қасына ерген, Өзін ел құрмет қылған көрген жерден. Жерлерді тоқты сойған топыр қылып, Сал сүрей, саңлақ мініп, сұлу сүйген. Жүйрік ат, сонар саят, қыз-қырқынмен Өмірді өткізген жан өз ырқымен. Өмірдің ащы емес, тұщысында Қызықтап жігіт ойын, қыз күлкімен. Саңлақ ед шыққан мыңнан, озған жүзден, Көп сұлу көзін сүзген күнді өткізген. Қызықтың айдынына құлаш ұрып, Армансыз қаздай қалқып, қудай жүзген. Солардың келе-келе жаны безген, . Өмірде әлсіздігін әбден сезген. Сезгір жан, нәзік көңілін азап алып, . Жабырқап жапан түзді жалғыз кезген. Кісі емес көп қатынды үйірлеген, Болған жоқ бір пендеге тию деген. Текті құс тазалықты қолына ұстап, Арманы-ақ сұлулықты сүю деген. Адамнан, айналадан, күйіркеден, Бой тартып ел ішінен жиіркеген, Безінген біржолата тағы болып, Аулақтап әсем тауда жүруменен. Сұлулық жерден өніп, көктем жауған, Тапқан ол тыныштықты таза таудан. Шомылып мөлдір көлге, орманда ұйықтап, Жақсы жер жұмбақ жанын аялаған. Қарағай, қайың, талдар-қалың орман, Тау мен тас жеке жанға болған қорған. Қиқулап өлең айтып, күйлер тартып, Сері үшін құс, көбелек қылған думан. Таза тас сияқтанған күміс кесек. Жапырақ секілденген таза төсек. Жүрегін жуықтаса жаралаған: Кір өмір, тікен тұрмыс, улы өсек. Ақанды сол күндегі сопы десек, Әсем тау оған құбыла, Мекеге есеп.

Әназан, әдемі сөз-намаз болып, Кітап боп көңілін ашқан гүл — бәйшешек. Бұл өзі ауылында аз оқыған, Алғыр ой, ақын, әнші-көп тоқыған. Елді улап, өлім тілеп жалмаң қаққан Бұл ем,ес бөлек еді көп сопыдан. Көрмеген ілімді артық көп тоқтыдан, Не тапсын білгенімен көп соқырдан. Тәңірісі табынатын табиғат боп, Мешіт қып мекен алған көк шоқыдан. Жасынан туып,өсіп мекен қылған Жерінен патша қуған, қала отырған, Ел інін суға алдырған суырдай боп, Жойқын жұтсұрапылда малын қырған. Арманды ел ақ патшаға арыз қылған, Арыздан борыш басып, қарыз қуған. Жер мұның, елдің шерін өлең қылып, Ақан да жанның бірі жаны ауырған. Және де жақынынан жарды сүйген, Сол үшін ауыл-аймақ, безген үйден. «Алам» деп Ақмарқаны алас ұрып, Ала алмай ақырында жаны күйген. Сол үшін тау пәлені басына үйген, Тартқан ол тауқыметті болыс, биден. Соқпадым онысына осы арада, Бар ма деп жолдастарын жазып жүрген... Күйдіріп осындайлар жанын жеген, Кеңесіп келісе алмай қалың елмен. Тілімен жырды жаттап, жерді жоқтап, Ол өзін жазалаған алдменен... Сұрама оның бәрін бүгін менен, Тіршілік болса тағы айтып берем. Ақанның ең аяулы әңгімесіТек бүгін тарқасалық «Құлагермен». Арқада Ақанды айтқан әңгіме көп, Қылады оны әулие әлде не деп. Әулие болмаса да безеген жан, Неліктен? Тарихшылар табар себеп. Мен өзім сері Ақанды көргенім жоқ, Сөздерін, әнін жаттап, тергенім жоқ, Ақанның өзін көрген, сөзін терген Адамдар айтпас мұны өтірік деп. Серінің сүйген жары-Ақмарқасы, Көліндей Көкшетаудың жан қалқасы,

Сол ма екен елден айдап ән салдырған, Жүрегін күнде шауып қыз балтасы. Асыққан азап болып қызға айқасы, Қайғымен өртеді ме қыз-қалқасы? Жұрттан ба, жарынан ба жанын қинап, Серіні сыйғызбаған ел ортасы? Әйтеуір Құлагерді мініп баптап, Жалғыз жан жапан-түзге кеткен ақтап. Ақ көңіл, асқар жанын алып қашқан Арамнан, айналадан кірден сақтап. Сондықтан ән шырқаған жырды мақтап, «Асылым, Ақмарқам» деп атын жаттап. «Сендерге сүйгеніммен келмедім» деп, Орманға, құсқа, тасқа қызды мақтап. Жете алмай арманына болып қапы, Күңірентіп әніменен кең аймақты; Түлкі үшін тасқа түскен қыран құстай Болған соң кетті ме екен жаны запы? Жатталып Ақмарқаның аузында аты, Телміріп таста отырып жазған хаты. Жары да, жолдасы да тек біреу-ақОнысы астындағы жалғыз аты. Меншіктеп таза бұлақ, таудың тасн, Мекендеп жүрген дейді көлдің қасын, Айтады ослайша айтушылар, Кім білсін, әлде өтірік, әлде расын... Тамсантқан әніменен кәрі, жасын, Демейміз елге Ақанды сөз қылмасын. әңгіме Ақан емес, Құлагер ғой, осынан бастамақшы ек сөздің басын. Ендеше көлденең сөз былай қалсын, Қызықсыз қысыр сөзге кім айналсын. Көңілін көркем таудың жайлауына Шығарып, сері салтаң кете барсын. Асық боп Ақан жоқтап Ақмарқасын, Деп біраз жалын шығып, шер тарқасын. Жаңғыртып Сырымбеттің күллі алабын, Серіңіз серпіп көкке ән шырқасын. Бұлбұлдап көмейлерін бүлкілдетсін, Көделер ақ үкісін үлпілдетсін. Суырып көк жібектің сыртпағын, Құлагер көк шалғынды күртілдетсін. Суықта паналасын ну тоғайға, Ыстықта көлеңкелеп сая жайға.

Жауында үңгір тасқа ықтап, ұйқтап, Шомылып жүре берсін Бурабайға. Бата қып батқан күнге, туған айға, Бейшара жүре берсін Бурабайда. Серіні «пері» деген қалың қауым Не ғылсын, бір мақсымды қудалай ма?

Басталды әңгіменің былай басы, Болды оған жетпіс, сексен жыл шамасы. Арқада Ерейменді мекен еткен Керейде Сағынайдың болыпты асы. Қаудырап аппақ қудай сақал, шашы, Қалтырап жынданғандай қолы, басы. Сағынай саптыаяққа сиіп өлді, Тоқпақтай тоқсан төртке жетіп жасы. Білмеймін кім екенін Сағынайдың, Кім білсін, қай жыл өтті,өлді қай күн? Малы мол, малайы көп, қатыны көп, Әйтеуір болуы анық, бірі байдың. Жоқ болмас, бірі ғана құры байдың, Өзі-нән болса керек, руыайдын. Осы астың біз айтпай-ақ өзі айтады Болғанын әлдеқандай сұмырайдың. Іріңдеп, сығырайып екі көзі, Болыпты Керейдің бір бұлдысы өзі. Алдынан дау, аузынан сөз кетпепті, Айтқанда керейлерше «Дәудің өзі». Оларша -жердің белі, таудың құзы, Ата ұлы, арыстандай кер ауызды. Біздершехат білмейтін бір қатты шал Жуан ит сүйек бермес, жалмауызы. Қар кетті, көк жетілді, ағаш мүлги, Жетіпті Сағынайдың жылы жылжи. Қар жұқа, қысы жақсы, жер соны боп, Сол жылы Арқа елінде болып ед күй. Қатарлап қаладайын үйлерді ылғи. Көше боп көк майсаға тігілген үй. Айтылған қыстай сауын, ұлы дүбір, Хат алған неше дуан, болыс пен би. Әр елдер тұрғытұрғы, алыс, жақын Жаратып келіп жатқан дәмелі атын. Бас қосқан неше дуан ақтарылды ас, Жалпақ жұрт түгел естіп жатты даңқын.

Әйтеуір әудім жерге шаба алатын Бұла астан қалдырған қазақ атын. Қалмастан қаладағы биржевойлар, Саудагер қалыдған жоқ тағалы атын. Керейдің ас болған соң осы шалы Ағылды алуан жүйрік қосылғалы. Қаптасты құмырсқадай қырға қазақ, . Ас емес, шегірткенің жосылғаны. Қараөткел келіп жатыр, Қарқаралы, Кереку, Баян, Семей, Торғай-бәрі. Жетісу осында кеп құйып жатыр, Арқаға аунап шөкті Қаратауы. Әр жақтың қошқарлары, марқалары, Әр жерде ауыр қотан, алқалады. Жиылды Сағынайдың сорпасына, Асын жеп, атын шауп тарқағалы. Әр елдің бұқалары, өгіздері, Қызыл көз, саба құрсақ-семіздері, Жерлерден жарты ай жүріп келгендер бар, Келіпті бәленше де дегізгелі. Дейміз бе осларды нені іздеді? Жын қуды астын етін жегізгелі. Арқаға аударылды ас дегенге Лақылдап Балқаш, Арал теңіздері. Жан-жақтан ағытылды сабаны артып, Түсіріп, дүрілдеп жүр табақ тартып. Кісіге шыпылдады ақ ордалар, Қалың ат ер-тұрманы етіп жалт-жалт. Байланған қыс бордақы домалантып, Сойылды талай мертік, талай шартық Соларға бір сұғынды сұрпақбайлар, Мал сойып, табақ тартып, сорпа қалқып. Арқанынң жазы жібек, жері сая; Қоңыр жаз самал соққан күн жылмая. Қазақты асқа келген Арқа күтті, Су беріп бал бұлақтан, кілем жая. Тәтті жал, қазы, қарта мая-мая, Дамылсыз дастарқанды жүрген жая Жігіттер танымы жоқ, табақ тасып, Болғансып терлеп-тепшіп, бая-шая. Шалдарға былш-былш қақырынған Сар қымыз салқын үйде сапырылған. Қалың топ, қара құрық, қамыс кісі Толықсып, желді күндей жапырылған.

Әр елдің дәріптеген батырынан, Ақсақал ат әкелген ата ұлынан. Біреуді білмесе де нән деседіШіреніп насыбайды атуынан. Бір үйде тұздықтаған тәтті табақ, Бір үйде ет тартылмай қаққан жалақ. Бір үйде табақ теуіп етке өкпелеп, Боқтасып бір үй жатыр жерді сабап. «Шорманның Оқасы!» деп шапты анталап, Бір үйді қырғыз алды-Шабдан манап: Оязы Қараөткелдің Измайлов Бір үйде ләйліп отыр ішіп арақ. Жиынға ояз мінген бір арғымақ Тыншымай мамағашта тұр қарғылап. Тұқымы тобылғыдай тор қасқаның, Алынған француздан англо-арап. Бүгіліп бауырынан, жүйрік жарап, Жан-жақтан келіп жатыр не желді аяқ. Көл асқан қыр қазағы құстай қаптап, Топырлап қонып жатыр үйге тарап. Бір үйде бәйбішелер бауырсақтай, Ауызы еттен, майдан дамыл таппай; Сүртініп сорпан терін жеңіменен, Ұзын күн істеп отыр қарнын қаптай. Келіншек-жас жауқазын, сарымсақтай, Қыздар да пісіп отыр қауыншақтай; Ақ тамақ, алма бетті арулар жүр Қыдыртқан бақалшылар сабыншықтай. Бір үйде қобыз даусы шымыраған, Күңіреніп кейде, бірде ыңылдаған; Бір кезде бебеу қағып, күшіктей боп Қыңсылап, сыңсығандай күй жылаған. Бір үйде домбыра да ыңыранған, Қыр күйі құлдыраған, бұлдыраған; Қос ішек « Қосбасарды» сылқылдатып, Жүректі жұлып жеуге күй жынданған. Ет асып, пышақ қайрап, малды қырған, Кедейге сонда ырза емес бай антұрған. Жалғыз-ақ бұл жиында малшылар жоқ, Аңсаған ас етіне қойшы қырдан. Албасты Арқадағы абы жыланМолда отыр ысқырынып оқып құран; Атты арбап, атан жұтып жатыр молда, Құранмен жем түсіріп жуан-жуан.

Түлкісін санап қыстай пұшпақтаған, Бір үйде бір дарақы құс мақтаған. Саудагер мата сатқан сөз қатып тұр Қылжақтап бір тоқалға тұштақтаған. Бір үйде өлеңші отыр жұрт мақтаған, Сөз сатып, тиын тілеп елді ақтаған. Толтырып сүйек-саяқ дорбасына Бір қора қайыршылар жүр қаптаған. Кәрі ақын кіжінеді өңмен қағып, Бала ақын сар масадай жатыр шағып; Екі жақ ереуілдеп керісіп тұр, Даттасып бірін-бірі атып, қағып. Қолына я бөрік, я тұмақты алып, Ақтаған ат үстінен сияқтанып, Жаршылар жағы Семей жар қағып жүр, Жұрт жатыр әр хабарды құлақтанып. Таң атса шаң бермейді астың үйін, Күн батса жан бермейдітіреп иін. Сылтауы ас, Сарыарқаны қазақ басты, Қыл сақал, қымыз сасып, қолпаң киім. Осындай болып жатты ұлы жиын, Жиынның мыңнан бірін айту қиын. Еті тау, қымызы көл деуге болар Айтқанда тартыңқырап астың сыйын. Жүз-жүзден жүрген жігіт даяшыға, Ақ көбік мінген аттың жаясында. Екі айдай Ерейменді ет сасытпай, Жұрт малын жылулаған аясын ба. Сан сойыс Сағынайдың бұл асына Мал қайдан жетіп жатыр, расында? Жан-жақтан топ-тобамен төгілген мал, Көтерген малын Керей үй басына. Мал айдап жан-жақтан жұрт оннан, бестен; Көп саба келіп жатыр елдей көшкен. «Жоғалған тоқтым бар» деп бай жүгінсе, Қойшыға билер отыр кесік кескен. Шығынның, шаңырақ ақың мұнша дескен Бір үйде, старшындар құлақ кескен. Жасауыл анау жерде ат аударып, Мынау жер жесір дауы дүрілдескен. Жиылған көп күшіген әрбір тұстан, Қалмастан қарға, құзғын түгел ұшқан. Тояттап қазы, қарта, түйе кекірік, Қып-қызыл билер жатыр қымыз құсқан.

Қап қарын үйелмендер тісі шыққан, Ішіне ет пен майды істеп тыққан. Желпініп алды-артынан жел соқтырып, Тер сасып, қарнын қасып, битін сыққан. Сопылар тәспі тартып, құман ап жүр, Әр үйге «Аллай хақ» деп дуана жүр. Кемпірі Сағынайдың опыраңдап, «Кет-кет!» деп дуананы қуалап жүр. Қарғалар қызыл көрген анталап жүр. Май шайнап жамбастарды жаңқалап жүр. Итініп ет үйлерге ит пен жетім «Қай жерден қағамыз» деп байқап-ақ жүр. Мырзалар күміс тұрман шалқалап жүр. Кедейлер отын шауып арқалап жүр. Күңірентіп Сағынайдың кәр моласын, Осындай ас боп жатты Арқада бір. Құлагер

Қайырып қыстай баптап Құлагерді, Осы астың дақпыртына Ақан келді. Мінгізіп бәйге бала жайтаңдатып, Аулына ас бергеннің тақау келді. Араға алты қонып, алыс жерді Алып ед жайлап жүріп Ақан сері. Хабары Құлагердің осы жаққа Келуші ед еміс-еміс көптен бері. Көз тігіп, тұрған күтіп Көкшетауға Даяшы шапты алдынан қарсылауға. «Қош келдің, сері!» деген сәлемменен Түсірді Ақанды әкеп ақ отауға. Дегендей; шешен — дауға, батыр -жауға, Жүйрікті-бәйгеге деп бағалауда. «дүлдүлі Көкшетаудың келді-десті,- Топ жарған талай елге салған сауға»- Кермеге қойды байлап Құлагерді, «Маңайдан жан жүрмесін» деді сері. Көзінен неге таса қылсын Ақан, Іргені ат жақтағы түргіздірді. Дегене «Көкшетаудан Құла келді», Көруге ынтызар боп ел жүгірді. «Біреудің тіл мен көзі тимесін»-деп Дұға оқып, Ақан жерге түкірінді. Дабысы бұрын жеткен Керқұланың, Дегенде «Келді» түрді ел құлағын.

Ас тегіс алды, артына қалды үймелеп, Көруге Көкшетаудың Кер пырағын. Жиылған Арғын, Керей жан-жағына, Кермеде қалғып тұрды арда Құла Не сыншы, не қырағы-жиылған жан Көздерің қалды сүзіп саңлағына. Салбырап тұр Құлагер байлауында, Қарасып Құланың бас, аяғына: -Осы ма, Құлагерің?-деседі жұрт, -Жүйрігі жануардың қай жағында? -Салпы ерін, сала сүйек, салбыр тірсек. -Қатыбас, қаншыр мойын, ит өндіршек. -Бітімі ойқы-шойқы, орда шорқы, -Пішкендей жануарды олақ өлшеп. -Алмайды мынау бәйге жылқы көрсек, Көк еті кедір-бұдыр, бөлшек-бөлшек. -Көкшетау шолағын да мақтайтын ел, Осыған ит болайық бәйге берсек. -Құлаға мініп қоян атар едім. -Мен мұны жүргіншіге сатар едім. -Болғанша асқа күлкі « ат қостым» деп, Үйімде тыныш қана жатар едім. -Қойшыға мен мінгізіп қояр едім. -Семіртіп мен соғымға сояр едім. -Кемпірдің азасына әкеп салып, Бата оқып, ет, қымызға тояр едім. -Сүйегі-сиыр сүйек, қиқы-жиқы, Сал бөксе, жазық бауыр, ұзын тұрқы... -Осы ма даңқы шыққан Құлагер?-деп, Ас тегіс Ақан атын қылды күлкі. Сыншының келіп көрді отыз-қырқы, Күреңбай көріп деді: «Жаман сұрқы, Алдынан ұмтылғанда аң құтылмас, Артынан жөнелгенде жетпес жылқы!» Сөзіне Күреңбайдың жұрт таң қалды, Не сыншы, не сұңғыла ортаға алды. Жылқының қырағысы, шежіресіКүреңбай көзін сүзіп тұрып қалды. Күреңбай көзі тұнып көп қадалды, Айналып алды-артына көзін салды. Естуге Күреңбайдың байлау сөзін Тарқамай көптің тобы тұрып қалды. Күреңбай көріп тұрып артын, алдын: «Жануар жүйрігі екен жылқы малдың,

Жері ұзақ, күші алдында өрен жүйрік, Бітімі өзі айтып тұр жануардың. Келіскен кескін мынау, омыраудың Өзі айтар: қаратам,-деп-қазақ қаумын. Сом аяқ, быртық бақай, болат тұяқ Тасындай шұбар ала Көкшетаудың. Тәует бас, қамыс құлақ, қуарған жақ, Құлан жал, бұлан мойын, қой жұтқыншақ, Қоян жон, жазық жая, жауырынды, Құс топшы, қос шынтағы қалқыңқырақ. Сіңірлі, жер соғарлы, аяғы тік, Түлкі төс, тазы тізе, ит жіліншік, Шашақты, шақпақ етті, аласа ұршық; Құндыздық қалай біткен құйрыққа дүп? Қоқанның жібегіндей жеңіл құйрық, Не қою, не болмаса емес сұйық! Бұтының арасынан ел көшкендей, Жамбастың басы делдек, қуыс қолтық. Шүйделі, шоқтығы өргек, шідерлігі, Серке сан, желмаядай тілерсегі; Тау желін тартса жұтқан талыс танау, Тынысты кеңде жатыр кеңірдегі. Жүрсе де жаздай құры болмайды тоқ, Кез жарым кесер баста кесім ет жоқ. Қақпан бел, қалбаңайлы, үңгір сағақ, Шапса жел, мінсе жайсаң, тұрса селсоқ. Қанында шығысың мен батысың жоқ, Ағылшын арғымақтың шатысы жоқ. Қашаннан қазағымның қолтумасы, Араптың дүлдүлінің қатысы жоқ. Маңғұлдың мес аты емес тұқырынған, Бұл таза швед, шотлан тұқымынан. Жануар шепса жүйрік, мінсе берік, Озбайды жүгіргенде жылқы мұнан. Сүйегі жануардың жылқыдан жат, Бұл емес текежаумыт, не қазанат. Күйкиіп көзге қораш көрінсе де, Шапқанда шалдырмастай бітер қанат. Екпіні үй соққындай пысқырғанда, Шалдырмас көктен құсқа, жерден аңға. Жықпаса жалғыз қазық жануарды, Бұл әзір жеткізбей тұр жылқы малға. Бұл тұлпар келіп тұрған әбден бабы, Салбырап тұрғанына деме «жабы».

Маңдайы жарқырап тұр жануардың, Ашылып тұр осы аста мұның бағы. Көзімнің көбеймесе бүгін ағы, Есімнен жаңылтпаса сайтан тағы. Егер де шын жылқыны мен танысам, Хақ мұның қырып-жойып бәйге алмағы!» -Пәлі! Ат таныдың! -Таптың, сөз-ақ!- Деп оны өзге қазақ етті мазақ. -Көмбеде көрісерміз, асықпаңдар! Сол күні Құлагердің сөйлер өзі-ақ! Сол күні Құлагердің айтар өзі-ақ, Қайтейін онан бері сөзді қозғап. Қазақы қолдың жүйрік жылқысы осы, Сау емес танымаған мұны -көзі ақ. Соны айтып кете барды сол Күреңбай. Ақанды ортаға алып би менен бай: -Жарқыным, жалғызбысың? -Елің қайда?- Деп жатыр жабырласып жөнін сұрай. -Еліңе сауын айттық біздер ұдай, Тоймадық келісіңе сенің мұндай. Жетелеп жалғыз атты жеке кепсің, Ешкімді Қарауылдан жолдас қылмай, «Елі емес, Көкшетаудың аты келді, Не керек онан басқа?-деді Сері. Құлагер қосатыным, атым -Ақан, Таратсын, жаршы қайда, шақыр бері!» Ақанның айтуымен жаршы келді, Ол да бір зар қақсаған арсыз еді; Атының жайын Ақан айтып беріп, «Осыны жұртқа хабар салшы!»-деді. Көктұйғын тыйған жүйрік осы жақты, Берместен бес жыл бәйге келе жатты. Жиында неше дуан жүйрік жиған «Шаппай бер, бәйгемді!»-деп талай айтты. Жар салып шауып жүріп шартарапты, Құлагер келгендігін жар таратты. Құлағы Құлагерге қанық шіркінИесі Көктұйғынның ішін тартты. Алтайда ұрпағы бар Бегайдардың, Бұлар да бір биігі біткен нардың. Баласы Бегайдардың Батыраш барӨр көңіл, жуан кеуде, бірі аусардың.

Атты айттық жоғарыда бір Көктұйғын. Әкелген асқа Батыраш сол жүйрігін. Қағатын қанаттыны өрен жүйрік, Қоймаған қырдан жылқы бұл бір қырғын. Берместен келе жатқан жанға бәйге, Бәйге алған кейде жетім, кейде түйе. Сілтідей Сарыарқаны тиған тұлпар, Бәйгені бұл аста да берем-дей ме? Иесі Батыраш бір кеппе кеуде, Ұр-көппе, томырық мінез, намыс берме; Осы аста сағы сынып, бағы тайса Ол өзін дап-дайын тұр «өлдім» деуге. Шулатқан арғын елін, Арқа халқын, Естіген Батыраш та Құла даңқын. Сатылап сұрап еді кісі салып Қолына түсіруге Ақан атын. Жамбыға, жесір, малға шағып нарқын; «Болам-деп-құда, тамыр көңіл жақын» Қызығып Құлагерге неше жылдай Жіберіп Жексенбайды қолқалайтын. Жүрегі жаралған ер жүйрікпенен, Сері Ақан сұрауына илікпеген. Сонан соң кегін сақтап кеткен Батыраш, Үкілеп Көктұйғынын «жүйрік» деген, Көк, Құла-екі арыс та жүйрік деген, Дәл мұндай өзге жерде килікпеген. «Келіпті Құлагер ат» дегенінде, Мәні сол Батыраштың күйбіктеген. Өлгенде Сағынай шал ел шулатқан, Көктұйғын сонан бері ішін тартқан. Сұлы жеп, сүт сіміріп мәпеленіп, Белдеуде осы Көк ат қыстай қатқан. Көктұйғын күңірентіп талай шапқан, Бәйге алып шапқан сайын алғыстатқан; Осы аста бас бәйгені оймен алып, Батыраш көптен бері үйде жатқан. Ниетпен дәл осындай Көк ат келген, Қашаннан «қап»! — деп азу басып жүрген. Құлагер Көкшетаудан кеп қалған соң Қызғанып Батыраштың іші өртенген. Елі шет, руы жат, жалғыз елден Асқа Ақан ат қосып тұр алыс жерденБарлығы Батырашқа болды толғақ, Қауіп илеп ажалындай Құлагерден. Егес

Көлеңке үй, күрпілдетіп саба піскен, Ас қандай әңгімешіл қымыз ішкен. Әнші Ақан әсем әнін аяған жоқ Жиылған дауысын сұрап мәжілістен, Ақ отау топырлады Ақан түскен, Қалың жұрт кетті керіп сырттан, іштен. Шығады Ақан даусы інге талып, Безелген ғашық жарменнн, қыран құспен. «Ой қалқа, біздің көңіл қейда жатыр, Толқыған он төртінші айда жатыр. Ат тұрса, атаң тұрса көз салмаймын, Арғымақ, асыл тұқым тайда жатыр. Хош исі жадыратып көңіл ашқан, Ақ құйрық, мәмілелі шайда жатыр. Гүл шашақ. Жасыл жібек жайлауында, Көңілім ел қонбаған сайда жатыр....» Ән тәтті Ақан салған Арқадағы: «Үш тоты», «Ақ саусақ», «Ақмарқалары». Салғанда «Сырымбеттей» сүйікті әнін Қасына жиылған жұрт тарқамады. Арқаның жүйрігіндей ән салады, Өрге айдап, барып-барып жалтарады. Түйіліп түлкі көрген қырандайын, Қылмаңдап қос қанатын қомданады; «Жайықтың ақ түлкісі аралдағы, Алдымнан сен бір шыққан марал-дағы; Пормыңа төңкеріліп, жайдым қанат, Шарықтап ақиықтай Оралдағы. Ертістің құба талы секілденіп, Алдымнан шық майысып, бұрал дағы. Қызыл гүл сен болғанда гүлбақшада, Біз бұлбұл күйін шерткен Ирандағы. Қияның қиынында тұрсаң дағы Қиғаштап қанатымды қонам дағы....» Асырған айғай әнін алты қырдан Әкесі асқақ әннің әнші Біржан Ақандай майда көмей, нәзік емес, Құлақтағы Біржан ащы інмен қырған. «Үш тоты», «Көкшетауым», «Ахау, арман» «Жайдарман», «Жайма қоңыр», «Кер қашаған», «Ой, ерке», «Мейлің-мейлің»-дегендердің Бәрі де-Ақан баптап салатын ін. Бақырмай доибыраны көкке бұлғап, Аққудай әсем дауыс-үн сыңғырланһп;

Қышуын жаныңыздың майда қасып, Тербетер жан көңілін биязы ырғақ. Көкшеден құйылғандай бір бал бұлақ, Тәтті әнге халық қанды, ел сусындап. Соққандай жаздың желң арқа жақта, Елжіреп жүрек әнге, жусап құлақ. Әндермен әсем-әсем Ақан серің, Қаратты ауызына астың елін; Өлеңге сұлулықты қосты талай; «Ақмарқа», «Ардагерім», Тастүлегім. Деп;»әнші тым тітті екен төменгі елдің» Ұмытты өзге әншілнр өз әндерін. Машықтан Ақан інге қосып отыр Өзінің айтып жүрген өлеңдерін; «Торыны талға байлап мінген қандай Үкілеп, әсемдетіп жүрген қандай? Тұсынан қызды ауылдың ән шырқатып, Қалқаңа құрып жүрген сүлдер қандай? Сөз салып қалқа жанға жеңгесінен, Құрбыңмен сыпайы, ойнап күлген қандай? Ишарат, әзілменен сөз қатысып, Қыз сырын жеңгесінен білген қандай? Сыланып сал торыны мінген қандай? Сай құлдап, жарды күтіп жүрген қандай? Бір сыйға торышаны байлап тастап, Артына ақбоз үйдің келген қандай? Алаңдап, алабұртып тұрғаныңда Алдыңнан қарсы шықса ақша маңдай.... Қалқашың қосылғанда атқан таңдай, Көңілің шалықтаған шаттанғандай!... Жамылып екеу-ара бір көрпені, Бастасып тар төсекте жатқан қандай? Сол жерде айтылмаған сыр қалар ма, Мысалы абдыра ашып ақтарғандай. Ақырын үйден шығып таң алдында, Байлаулы тор құнанды тапқан қандай? Шалбырын сал торының қызға ұстатып, Шақшаны ерге қағып атқан қандай! Ойласаң бұл дүниеле не қызық бар, Қасынан қалқа жанның аттанғандай! Аулыңа өлеңдетіп сен айтасың, Бәйгеден атың келіп мақтанғандай...» «Ақ шашақ», «Жайма шуақ», «Кербез керім»- Ақанның асты ұйытты осы әндері.

Әсем тау, ат қызығы, ашық оты, Ән болып қыран құстың қу ілгені. Соққандай Сырымбеттің салқын желі, Отырды думан қылып, шалқып Сері. Жат елдің жаңа әніне Соңырқасып, Отырды «Ой, пәле-айлап» астың елі. Қызықтап Ақан салып әр түрлі әнге, Мәжіліс боп отырды, елге әңгіме. Ән тоқтап, Ақан сөзге айналғанда, Ауысты жұрт аңызы Құлагерге; -Қуанып қалдық сіздің ат келгенге, Құланы даңқы шыққан ап келгенге. -Атыңыз бұрын кездеспеген шығар Алтайда алғыр тұйғын Көкпенен де? -Көктұйғын көптің алдын бермей ақ тұр, Өзге мал онан озып келмей ақ тұр. Шаптырмай жиын сайын бәйге сұрап, Бақ-талай Батырашта, өрлеп ақ тұр. Ырысы жануардың таймай ақ тұр, Батыраш аруақты өрге айдап ақ тұр. Алдына әлі күнге жылқы салмай, Бақытын бар жүйріктің байлап ақ тұр. Ат шапса ішімізде, сыртымызда Көктұйғын жеткізбей тұр жылқымызға, «Бас бәйге Батыраштың сыбағасы»- Деп тегіс қойды ұйғарып жұртымыз да... Алып жүр аруақсыз да, құдайсыз да, Құланың бақытын сіз де сынайсыз да... Естуші ек Құланың да көптен даңқын. Құдайдан Көк озбауын сұрайсыз да....... -Естігем бұрын даңқын Көк неменің, «Алтайдың жұйрігі онан жоқ» дегенін. Жолықпай иесіне жүрген болса, Осы жол Көк шолақты бөктеремін! Ақанның осылай деп өктегенін, «Құламнан озаржылқы жоқ» дегенін. Жеткізді Батырашқа бір қу ауыз, «Құлаға бөктерілер Көк» дегенін. Есітіп Батыраш боп бұлан талқан, Көкжалды қысып кетті ашу, сайтан. Тепсініп ақ отауға келді кіріп, Жиған жоқ аяғын да жатқан Ақан. Қылған жоқ ө ө қырқауыңнан қауіп,қайқан Дауысы Батыраштың шықты қатаң.

Қамшысын бүктеп, шарта жүгініп шал Ақанға сөзі мынау сондағы айтқан; -Қаңғырып Қарауылдан асқа кепсің, «Осы аста абиырым басқа-депсің. Өзіңе өз аузыңмен бійге іперіп, «Атыңды өзгелерің қоспа депсің. Атаң аз Алтайымнан қалай көпсің? Алдымен бәйгеңді алып көрген жоқсың. Сорпасы Сағынайдың бу болды ма, «Алтайдан озамын!»-деп ...жепсің. Алтайда мен ақиық ұшқан қонбай, Қарамды көре алмайтын сендей торғай. «Бөктерем Батыраштың Көк атын!» деп, Оттапсың ауызыңа ие болмай. Қарауыл қайрат қашан бітті мұндай? Басуым көңіліңді тіпті оңай! Төренің атын ерттеп өскен ел ең, Өзіңе ат бітіпті ау, байғұсым-ай! Ақанға батып кетіп шалдың сөзі, Аңырап алғашқыда қалда да өзі; У тілмен алды шалды шағып-шағып, Лап-берме, оның дағы от мінезі; -Әңгүдік, әкірең қаққан, албыт сөзді, ....көк ешкінің жыртық көзді, Алтайдың кәр жынындай бақылдаған, Көк сақал, азбансыған, бұл кім өзі? Ат біткен Құлагердей Ақанына, Ол дайын Көкті жерге тақауына. Бәйгеден басы көзін су қып озбай, Ат сенің қарай ма екен сақалыңа?! Би болсаң, би шығарсың Алтайыңа, Тілімді терезем тең , тартайын ба?! Көгіңді бөктермесем атым сенікі, Шапса да әкең мініп байталына! Тұтқыштай өңі күйіп қап қара боп, Батыраш басқа сөзді баптаған жоқ. «Батырып Батырашқа жіберді ау» деп, Тым тырыс үндемеді тыңдаған топ. Жайраңдап Жайсаң Ақан қаймыққан жоқ, Жүрегін жолбарыстан айнытқан жоқ. «Жат елде жалғыз жүрмін» деп именіп, Болар деп түбін қалай қайғыртқан жоқ. Жұрт сөзді онан әрі жаңғыртқан жоқ, Қаңқулап, қаңажулап қағытқан жоқ.

Насырға шабатынын біліп жиын, Шаппаған бәйге басын ауыртқан жоқ. Көгеріп Батыраш шал басы қалтақҚалтақтап жан жағына етіп жалтақ; Біле алмай не қыларын үйден шықты, Халық та кетіп жатты үйден тарқап. Жүйріктей жиын жарған қағып жайтақ, Таңғалтып ән, атымен елді байтақ; «Ауылым қонған Сырымбет даласына!» Деп Ақан ән сап жатты басты шайқап. Қыс

Қыс, қар, мұз, қырау, қылау - жерді көміп, Бұлт бүркеп, тұман төніп, баса шөгіп, Жер-көкті аяз бүріп, қызыл жалап, Бұрқ-сарқ боран құсып, шашып, төгіп. Кейде аяз, кейде бұрқақ, кейде қырбақ, Кейде еркек, кейде күрпік, кейде сырғақ, Жер тарпып, аспанды аршып алтын күрек, Сапырар сұрапылды кейде бір уақ. Ойда омбы, дөңде қағыл қырдың қары, Жылмық, мұздақ болса - қырғындағы. Қатындар қалтырасып судан қайтқан, Қарғанып қыдырғанға қырдың шалы. Көл өлік, қаз қуы жоқ дауыстаған, Қалған құс - қарға, шөже, сауысқаннан, Көтеріп көтеремін, көз түрткі боп, Арсыз жоқ азық-шөбін тауысқаннан. Шөкитіп шөбін тиеп шанасына, Қазақ бар қатынасқан қаласына. Ас-тойдың, бата оқырдың бірі де жоқ, Мал қамы, ауыл алаш шаруасына. Күн күңгірт, аспан шаңғыт. Қылаулаған. Қылаудан бұта бұғып қырауланған. Ол бір жұт, арамза қой қоздаған,

Ол бір құт, сиыр ерте бұзаулаған. Қой, жылқы, қайрат қылып жерді қазған, Ауыл да жүдеу-жадау қыстан азған. Үсініп аяз, боран үскірікте, Өткізген қырда өмірін малшы жазған. Қорада жабуланған арық-тұрақ, Шөмшеңдеп шөп айнала шыбыш, лақ. Шанасын шиқылдатып, ит үргізіп, Ауылға тартқан қонақ, ымырт уақ. Болмаса түлкі алдырған, қасқыр атқан, Бір қазақ таба алмайсың қысты ұнатқан, Өтіпті «ақ қояндай» қырғын қыстар, Түкірік түспей қатқан, жұрт жұтатқан. Істеген жаздай еңбек Иван мұжық Базарды асырап тұр мая бұзып. Етпеген жаздай еңбек Иса қазақ, Сасулы, көрінеді қыс құбыжық. Жалғыз-ақ мектеп іші қыста қызық, Балалар ду-ду оқып, жазып-сызып, Үйде тар, далада қар, суық қысан, Мектептен басқа жерде көңілсіздік.

Не күйде Ылғал тұман шағында, Құздардан жауын сырылдап, Қиядан сорғалауында... Самалшыл, сауқым, сауықшыл, Саятшы Сартай не күйде? Теңіз көшкен дауылда, Асты терең, үсті жел, Толқын соқты баурында... Балтыры ақ жем балықшы, Қайықшы Қалтай не күйде? Дай-дай даукес ауылда, Жесір, намыс тартыстың Үзілмес ұзын дауыңда, Жаралы жүрек, жарымшыл, Мұңды Күнтай не күйде? Жөңкенің таз тауында... Қымызшылға қызық боп, Күндіз-түні сауында... Жалсыз арық, желін сау, Мана көнек не күйде? Оқимын

Бесікке бөлеп бөбегін, Шөките қойып шүмегін, Бауырсақ шайнап жегізген; Жая десем жал беріп, Шекер десем бал беріп, Аялап мама емізген Аяулы анам аман бол! Ұлықсат қыл, оқимын. Оқығанда кім болам? Жанарыңа нұр болам. Ашамайлап тай байлап. Тай терлетсем бай-байлап, Азырақ ағат іс қылсам, Әуліккен әкем айғайлап; Қозыда ұйықтап қалғанда, Ат баурына алғанда: Айырған анам қой-қойлап. Алапқа мені айдаушы ең, Ұзақ күн өзің дойбы ойнап, Жүре алман, әке, той-тойлап, Әзірге, әке-ау, аман бол, «Жол болсын» айт, оқимын. Оқығанда кім болам? Заманыма ұл болам. Желегімен желпіген, Жеңешетай-ау, жылама, Тұлымшағы селтиген -

Қарындасым Нұрбала, Балада сендей бола ма, Сағынба, сәулем, келемін. Айналып сені сүйемін, Аман бол деші ағаңа... Жеңешең, қарғам, қарайды, Шашыңды шашпай тарайды. Оқимын, кетем қалаға. Оқығанда кім болам? Дейсіңдер ме күн болам? Мен сендерге тіл болам. Қарта бұйрат, қос қолат, Құмсағызды құмым-ай. Тауым, сүттей суың-ай, Сылдарлай тұр әзірше, Ойланармын әлімше, Заңы заңғар заманым, Беті-қол саған жуғызбас; Қояны қойдай ақ өзек, Көгалы көлдей көк өзек - Көбелек сенде қуғызбас; Қой-серкеш, қолхат оқытып, Қоралы қойды қоқитып, Желілеп жылқы жиғызбас; Есім кірді, есейдім, Ендей алман еліме, Бекер жүрмен белімде. Батпағында ойнап күміс көл, Балшығым түйе құйғызбас; Қол-аяғым босанып, Дәуірледі дәуірім, Білімді қуа бет алмай, Басыла алмас әуірім. Алып ұшад көңілім, Өзгеленді өмірім,

Жұлып ұшад жүрегім, Телегейленді тілегім, Тұнығында ойнатып, Түбегім шыбық қиғызбас, Аман бол, мекен, аттандым, Аттанғанға шаттандьм. Қабағыма қарамай, Қалайша қала сыйғызбас. Кұтгы қоныс қош-есен! Ұмтылдым ерте, оқимын. Оқығанда кім болам? Күркіреп жауар күн болам. Қараша аулым шошайған, Көшесін қашан сол сайдан? Жоқшылық пен жалқаулық Кешірер ме екен сол сайтан? Бекемге байлап белімді, Айналам оңға осы айдан. Тарыққан әлем табына Қолымды қоса шошайтам. Осы бетпен, ниетпен, Ауылға әзір қош айтам. Аман бол ауыл, оқимын. Оқығанда кім болам? Ауылыма ай, күн болам. Орақ науқаны

Күн шыжып, жалпақ егін кетті пісіп, Ораққа жан жабырлап жатыр түсіп, Қым-қиғаш қыруар жұрт орып жатыр, Жел шықса, күн бұлттанса зәресі ұшып. Шоқпардай cap тары тұр басын иіп, Көрінбес ат құлағы тоғай биік. Судырлап теңселеді, сұлу сұлы, Сумаңдап сылдырлаған суды сүйіп.

Шалғыны шыңғырлатып жанып-жанып, Жоңқабай жоңышқаға қалды салып. «Әлінің кеуір қырған зүлперіндей», Үйіріп қырып-жойып кетгі жарып. Аспаннан күн төгеді алтын сәуле, Науқанға жер құртгаған қылып тәубе, Ине іліп, күміс тізген жиде шамкес, Үскі алып аулақ жүрлеп боп тұр әуре. Бидай тұр өткір мұртын тікірейтіп, Қонақ тұр шал жауырынын бүкірейтіп. Сыланған бойжеткендей күнбағыстар Кәмшетін шекесінде шекірейтіп. Қозыдай қауын, қарбыз көгендегі, Тай тұяқ алма күміс төбеңдегі, Қол жайғыш бая қуып тақыс шалдың Ұстады қойын, тонын шегелдегі. Дүрдитіп інжу тағып доланасы, Әлі бар шырмауықтың оралысы. Суырып суыртпақты қаршылдата, Жоқанның жоғарғы айтқан торы аласы. Қоралы қоңыр қойдай орылған бау, Қара жал жиылған бау, қырман қорсау. Өзенге дамылдауға қаздар қайтты, Қаңқылдап қатар түзеп, істеп жемсау. Жоңқабай айтады ақыл Сүйеубекке: - Ор, баула, айда, тасы, таңда, епте. Жем байла, жауырын жаз, жаныңды ашыт, Қоңырдың қолтық, қоңын толтыр етке. Қырманның күндіз-түні басында бол, Мал жейді, құс шоқиды, шықпа шетке. Батаоқыр, той-томалаққа әуейленбе, Күпілдеп көкпар көрсең қуып кетпе. Әңгіме, әзіл, сияз, қымыз аулап, Дау даулап, желбезекті желпеңдетпе.

Қылжақбас, қыдырыңды, жалқауларды, Ашаңмен салып жібер басқа, көтке. Науқанды төкпей-шашпай жинап алсаң, Бермейсің ханға сәлем, бар дүрмекте. Сабын Сақарың еді сексеуіл,

Сабыным, сағызша оралшы. Сабыннан ырым етуші ек, Оралсаң, ісім оңалшы. Көйлегім көптен жуылмай, Кимешек кірлеп кетіп ед. Бырт-бырт (бидай қуырмай), Биттің де бейнеті өтіп ед. Жабағы болды жібек шаш, Жабылып жаман жабысқақ. Сыңысып сірке бұрымда, Қаптап ед қалың қайызғақ. Сабам сауыс, қасық қақ, Сатала самсып бөзде тұр. Орамалым он батпан, Баланың басы көз қотыр. Арулансын астауым, Мұнтаздансын саптыаяқ. Өңезден күбім арылсын, Оны біреу айтпай-ақ. Ауру-ылас, кір-қолаң Ауыртып еді мазаны ап. Арылта жуып, сабындап, Алайын бәрін тазалап. Базарда сабын көп дейді, Адыра қалсын, арзан ба? Аларлық арзан болмаса, Жазғы жұт тағы мал-жанға. Сығалама, қарама,

Еркек аулақ! Қыз қашық! Абысын байғұс қайда жүр, Алатын болса бұзаушық. Сақырла қазан, былғауыш, Сағыздай сабын оралсын. Сабыннан ырым етуші ек, Оралсаң, ісім оңалсын. Сапарда Төніп әуе, Тұнып теңіз, Қызықтырған басында, Ыңсыз, желсіз, Теңіз елсіз... Үміт Ілгері асуда. Қайықты сырып, Кеттік бұғып Алыс жолға - Жыраққа! Көзді жас қып, Қош-қоштастық Қара кемер - Құраққа. Үзлік-создық Жүрдік, жүздік. Көк теңізді айырып, Су да шусыз. Біз қайғысыз. Кеттік ұзақ Ай жүріп. Таппай жаға, Су сақыраға, Күн жығылып сүңгиді.

Жылдам, шапшаң Жамырап сам, Түн түнжырап Мүлгиді. Желпіп теңіз, Шықты лебіз, Көкті бұлт торлады. Қайық қылпылдап. Су ылпылдап, Бізге безгек Орнады. Біз шалқалап, Желді арқалап, Кеттік бетсіз түу-түуге. - Аһу-ұу-шу! Салды бізді Шүу-шүуге. Сапырып теңіз Жел соғады. Қалтыл қайық толқында. Ақырын теңіз, Сең соғады, Кеткен жүрек Қорқуда. Таудай қайқаң, Шұңқыр, ойпаң, Әлсіз отпен көз түсті. Көлденеңдеп, Көкке өрмелеп, Жынды толқын Сүзісті. Қара жаңбыр, Сыр-сыр, сыр-сыр... Сорғалады, сорлады. Үпі әулие, Сүлеймен де Түк септігі болмады. Мәңгі-мәңгі, Қап-қараңғы, Соқыр көзді жұмғандай. Үсті желең, Асты терең... Өмір зымиян Зындандай.

Әлдеқайда? Қандай жайға? Келдік, кеттік белгісіз. Қандай мекен? Қай жақ екен? Ажыратып ми Бергісіз. Кетті сүрек, Өлді жүрек, Сезім-сана қалған жоқ, Еш шықпаған Өлімтік жан, Сенде аһлау, Арман жоқ. Жүздір-жүздік, Соққы көрдік, Бәсеңдеді жел-дауыл. Соққан толқын, Тартқан опқын, Ақырындады Жай ауыр. Жыртылды бұлт, Етті жылт-жылт, Сығалайды «босаға» Маған әлі Қап-қараңғы. Бетсіз-шетсіз Осы ара. Үріккен үркерҰшқан арқар; Ол да біздей адасқан. «Жетіқарақшы»- Көталақшы; Кімге тауып

Жол ашқан? «Ақбозат» та, «Көкбозат» та. Арқандаулы, байлаулы. Алыс па арал? Қоңыр самал Бұлтты түріп айдаулы. Біз сенбейміз, Бос «жел» дейміз, Үркер-арқар, өңгені. Біз іздейміз, Біз көздейміз Аумас қазық шегені. «Темірқазық» Бойын жазып, Шықты бұлттан жалтылдап. Бет түзедік, «Ал жүзелік!» Дестік Қайық қалтылдап. Қажып-талма, Жеттік таңға. Жел басылар, түн де өтер. Аумас қазық, Талма қажып, Ел қарасын көрсетер. Саптыаяқ Қарынсау, қара тегештей, Қара қоңыр саптыаяқ. Дөңгелек қарын, кемештеу, Ақжем ернеу, ақ қабақ. Шағыршығы шыңғырлап, Айнымайды арбыздан, Тау суындай салдырлап, Құйылса қымыз құндыздан; Бауырдай қатық балбырап,

Қоймалжың қою құйып құрт, Жұмып көзді жұтқанмын, Мөлтілдетіп малып мұрт. Қабаққа біткен қайыңның Беріші еді, безі еді. Өтіндей-ақ аюдың Әкемнен қалған көз еді. Тас Көгілдір, мөлдір көк аспан - Көлеңке, сәуле ойнағы. Ойнаса онда жылпың жел, Жыртылад шарбы, қаймағы. Жел қуалау, бұлт қашу - Жігіт-қыз айтса, тойдағы. Көк күмбезде күнде ойнақ, Ойнады да қоймады. Бұлт бір мезгіл бұрқырап, Астарлады аспанды. Асқарға соққан асқақ жел, Тас сүзді де жасқаңды. Нөпір нөсер шүмектеп, Жасылдан жалтыл басталды. Балбыраса да барлық зат, Тас күйінде тас қалды. Тас шешей

Жын қаққандай долданып, Су жұлқына соғады. Салдыр-гүлдір күркіреп, Судан боран борады. Қалбақтап қалақ бұлқынса, Бұрқақтайды бораны. Тас сырылдап айналып, Бірін-бірі жонады. Тас ұршықтың тесігі Мамадан бидай сорады. Суыра сорған бидайын Шайнап, жұтып, обады. Майда, мапа мамық ұн Тас толғақтан туады. Сырғыта айдап ақ ұнды Кең шанаққа құяды. Сабақта ине, дайындал, Қарағым, қабың толады. Бұрқылдақ ұн борасын Бет-ауызға қонады. Кірген кісі боз кемпір

Болады да қояды. Бауырсақ, тоқаш, май шелпек Әнекей әжең соғады. Құймақ жеген кәрі атаң, Кекіріп, қылды тобаны. Күйік күлше-күлдемеш Қойынға қойшы орады. Жеген адам жетісті, Нан екен бар болғаны. Бітеуіңді уатқан, Балаларды жұбатқан, Кемпір-шалды қуантқан, Тіршілік екен тиірмен, Аңырмай астық салалы... Ағызып ағын төсінен, Шайнап беріп өсірген, Асыраған анаң кім? - Тас шешей сол болады. Толғау

Қозғауы қозған қоғамым, Қолқалап әңгіме айт десең, Қобалжимын, қозғалам. Қозғайын десем далаңды, Домбыраң емес, қаламды, Қобалжимын, қолға алам. Көңілдің күйі келмесе, Көп мылжыңға мен сараң. Көңілдің күйі кернесе, Көтерілем, ән салам. Бүгінгі топты жара алмас, Болдырған сөзге шаршаған. Әңгімем менің бүгінгі, Бүгінгі жиын аңсаған. Ағытылды әңгімем, Ал әлеумет, ал жаран! Әңгімем алды тыңдасаң: Осы бір заман, қай заман? Бұл заманың сол заман: Күңіренген Күреңбел, Күйзелтіп «құты ұшқан» күн; Басы биік бәйтерек, Құлатып отқа жағуға Кедейлер кеулеп кескен күн; Алаштан озған алаяқ, Әдейілеп атқан оқ тиіп, Бәйге алмай, ұраны өшкен күн. Қанды балақ, мұз қабақ, Топшысынан томырылып, Түлкі алмай, тасқа түскен күн. Желпілдеген Алатау Желкілдемей, жел шығып,

Жиырылып жерге түскен күн; Жез қарғылы құба арлан Жез қарғыдан айрылып, Жеркеніп уын ішкен күн; Алатаудың бауырынан Аспанды аршып, жел желпіп, Алтын күрек ескен күн; Аруақтының аулынан, Арыстан айдан мерт болып, Ауырған аруақ көшкен күн. Тау сілкініп, мұз босап, Тас желіні иген күн; Қыр қорқауы бөріге Құл «жапалақ» шүйген күн; Аунаған аруақ қордаға Жиылып, тастай түйіліп Ашынғандар тиген күн; Борт-борт сынып босаға, Орнаған аруақ ордаға, Күң тепсініп кірген күн; Алтын, күміс алынып, Шынжырлы шен табылып, Тығулы тенді тілген күн; Мырза мінген жорғаны Құл шайқалтып мінген күн; Ханыша киген торқаны Күң найқалып киген күн; Бұл заманың сол заман, Сүйтіп-сүйтіп түрленген, Күннен-күнге, күннен-күн! Бұл заманың сол заман, Күннен күнге түрленген. Ақ ордалар ойран боп, Ақсүйектер сүрілген. Аруақты белдің үстіне Ел еркіндеп қоныстап, Қараша үй қалың тігілген. «Бауырды бауыр пышақтап, Жарылған ауыл, бүлінген», Есік пен төр егесіп,

Біріне бірі жүгірген. Ата мен бала алысып, Бірі - мәз, Бірі - күңіренген, Бір жағы шу... Күңіренген. Бір жағы ду Ду күлген... Ауылды мұндай кім көрген? Я, мұны кім көрген! Бұл бір белең бір көрген. Бұл бір мерей біз көрген. Айналаға қарасам, Оралған нұрға әуе, аспан. Күн көрем де, нұр көрем, Нұр көргенде не көрем: Тандыры қайнап, бұлақтап, Тақыры жайнап шуақтап, Бөленген нұрға жер көрем. Нұр үстіне нұр қосып, Нұрлы дала жерлеген Еңбекші қазақ - ел көрем! Ел шетінде кім көрем: Қақпандағы қасқырдай, Мылқау... көзін төңкерген, Мал, мүлікті алдырып, Елден, жерден айрылып, Күйзеу, жүдеу, меңдеген, Айналада жау көрген, Алдында азап, көр көрген, Қаңғырып қалған бай көрем. Еміс те еміс есітсем, Зарлаған үні, еңіреген, Еңірегенде не деген: Бүліндім, біттім, таусылдым! Енді өлемін! енді өлем... Ел ішінде кім көрем: Қабандағы қорқауға, Қан қозып, кек кернеген, Құралысып, байды айдап, Қуанысып, малды айдап,

Кедей көрем кенелген. Ел иесі өзімсіп, Масайраған құл көрем. Үй иесі өзімсіп, Гүл жайнаған күң көрем. Еңбегін қорғап жегеннен, «Бірлесейік» дегенмен, Еңбекші көрем өрлеген!.. Бұл көргендер көңілді Бүгінгі күн тербеген, Тербетер бұл талайды, Көрмеген мұны кемде-кем. Қозғауы қозған қоғамым, Қолқалап әңгіме айт десең, Қобалжимын, қозғалам. Қозғайын десем далаңды. Домбыраң емес, қаламды, Қобалжимын, қолға алам, Кеше ғана ойнаған, Темір емес, өмірді Өзгеше соққан балғадан Ойнаған да күй алғам; Мінекей біздің алған күй, Мінекей біздің салған ән. Мінекей біздің әңгіме, Әлі де талай толғанам. Ұршық

Сыртылдама он саусақ, Майдалап, мапа түтілші. Шыртылдама шынашақ, Шыр айналшы, шүйке ілші. Оймышты ұшқат, ырғай caп Ұршығым, сені қолға алам. Ұршығым ұшқыр, нар тайлақ, Жез бұйдалы - желмаям. Желмаям, желші нар тайлақ, Тартына берме тайтаңдап. Тартына берсең тайтаңдап, Тақымдап қоям қайта айдап. Қыла ма жалқау жарлылық, Қылмаса ділгер жүн азы. Екілен, зырла енді ұршық, Иірейін биязы. Шаттық жыры

Шаттық жыр ағыл-тегіл, жаз қаламым, Шат өмір шалқауыңа аз ба, жаным! Байғұс-ау, баяғы күн есіңде ме, Қорлықпен құлап қала жаздағаның? Тұзың cop, еңбегің еш болған күнде, От көңілім осындай боп мұздамадың. Өлеңнің өнерінен өзен көрмей, Шөліркеп, шұқанақгы қазбаладың. Білімнің бұлағы аққан заманында Жарай ма, жосылта жыр жазбағаным? Халқымның қуанышы қиқулады, Ер көңілім, енді қашан қозғаламын. Елімнің екі туған ерке шалы - Жамбыл да күйінде отыр бозбаланың. Жан жаппай жақсы еңбекте жарысқанда, Ұят-ау, осылардан озбағаным? Алғанда халқым тауып күткен бақытын, Қалайша қарыштамай күйбең қақтым? Ақынның айқайы аспанды алмайтын ба,

Дауысы жарғанда жер біздің жақтың. Байтақ ел, байсалды өлке - Қазақстан; Біріміз - он бірінің ұлы одақтың. Дәуірлеп, дәурен өрлеп тұрған елміз, Азат боп түрмесінен қанды азаптың. Таңынан тарихының толғаны осы - Ерікті ел қазақтың, ер қазақтың. Елімнің шаттығынан шалқып жырым, Мен де айдап өлеңімді өрге тарттым. Бай жерім, бақытты елім - ұлы одағым; Отаны азаттықгың, адамзаттың! Табысқан туысқандай алуан халық Астында бақыт тудың - балға, орақтың! Ырысты, еркін, азат елім қандай, Кең-байтақ, кең дәулетгі жерім қандай! Өлкемнің оңы мақта, солы қырман, Бітетін біздің жерге егін қандай! Өрбіткен алуан түрлі асыл тұқым, Төгілген ойда, қырда төлім қандай! Бал еткен малдың сүтін, аңның етін Гүл, жұпар, күшті дәрі - шөбім қандай! Алатау, Алтай, Арқа, Қаратаудан Қазынам, халқым, алған кенім қандай! Былқыған балығымен, байлығымен

Атырау, Арал, Балқаш көлім қандай! Үсті ырыс, асты қазына Қазақстан, Уа шіркін, өлкемдегі өмір қандай! Біз бір бай ұлы одақтың өлкесіміз - Бақытты елі осындай, жері сондай! Уа халқым, он жылыңда «Далаңды» айттым, Ой, қырың, орман, тауың, салаңды айттым; Ертіс, Сыр, Есіл, Жайық - ел қонысым,-

Алатау, Алтай, Балқаш, Аралды айттым. Ақтабан-шұбырынды, шулаған жұрт, Қаратау, қансыратқан заманды айттым. Би, болыс, ояз, ұлық билегенде Қара күн, қараңғылық, қамауды айттым. Ақ жорық - «Алаш» жалау көтергенде Халқыма қанша тиген залалды айтгым. Жауды айдап, жақсы өлкемді жасамаққа Лениннен қазақ мандат алғанды айттым. Шал көңіл, тарих атты шежіре шал Құшақтап, кұттықтаған балаңды айттым. Өлкем шат, өмірім қызық екендігін Сол кезде-ақ айналаға абайлаттым. Өткен күн құл мен күңнің базарындай, Қан кешкен халық бар ма, қазағындай? Хан заман - қараңғылық, ойран заман - Түнерген Түркістанның мазарындай. Қарғаймыз хан, патшаның қара күнін - Халықтың, ауыр дерті, ажалындай. Ерді - құл, әйелді - күң, елді - қор қып, Артқан күн ажырағын жазалыдай. Тартып ең талай қорлық қайран жұртым, Заманда абақтының азабындай! Қалдырған қараңғының қамауында Халқыма болды ма ауыр жаза мұндай? Бұл күнде елім азат, жерім абат, Заманды көрді қашан қазақ мұндай? Айта ма дені дұрыс адам ұлы, Жетті деп бұл дәуірге қазақ оңай? Кең далам, кемеліне келген, далам, Гүлденген шат, шадыман елмен, далам! Жадырап жаз өмірдің күні астында, Жамырап, жайраңдасып өрген, далам!

Артыңда қалды-ау талай қара күндер, Аң болып, а құдайлап жүрген заман. Бақтына бал аштырып, бақсы ойнатып, Таңдағы тәңірімнен деп сенген заман. Бақ іздеп, желмаямен жел шалдыртып, Асанның қайғысымен желген заман. Ұшырап ұлы апатқа ойы, қыры Өртеніп, жанып күл боп, сенген, далам. Жасарған жақсы өмірдің жазы жайнап, Көп заман күткен күнін көрген, далам. Шаттығын сол даланың жел қайық қып, Шалқы жыр, шалқы көңіл, тебірен, қалам Шаттығым, мақтанышым, бақытты елім, Атанған Қазақстан байтақ жерім, Тобыңнан тойға ұласқан көрсін жан-жақ Отанның шын ұлдарын, ел ерлерін! Еркін ел, ерікті еңбек ерлері деп Отырсың омырауларда орден - Ленин. Ырысы еңбегімнің, елім көркі, Көмейі, күйі шатгық өлеңдердің; Осылар жаңа заңын жариялап, Көрсетсін әлемге елім кенелгенін. Шығыста шын үлгісі біздің аймақ - Ерік алып, ел болайық дегендердің. Халқымның қуанышы қалтыратсын, Қас дұшпан, қалған жаудың өлерменін. Мойныма бұршақ салып өткен күнде Осындай ел болуын тілегенмін. Күніміз әлемді алсын жарқылдаған, Үніміз жерді жарсын саңқылдаған. Шуымыз шаттығымен шалқып көкке, Туымыз тұрсын биік алтындаған. Бақытты жаңа заман, жаңа заңым, Халқымның қаңдайлығын айқындаған.

Күшті Отан, өнерлі өлке біз боламыз, Қуанып досы, жауы қалтыраған. Қалмасын халқымызда жалқау, надан, Еңбегін ел ырысына сарф ұрмаған. Шырқалсын шаттық үні әншілердің, Ақыннан сөз қалмасын айтылмаған; Төгілсін тәтгі жырлар, күшті күйлер! Асыл сөз, аңқып лебіз, шалқыған ән Отанның ұлдарынан шыға берсін, Үні деп бақытты елдің жан тыңдаған!

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙