Мазмұнға өту
Home

Қияға қызықтырып жетеледің

Қолғанат Нұржаубайұлы

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Қияға қызықтырып жетеледің

Қолғанат Нұржаубайұлы — «Қияға қызықтырып жетеледің». ЖӘКЕҢДЕЙ ҰСТАЗ AЗ!..

/uploads/38ccf08e-66b6-5f86-9604-5a2206ba7d3c/cover.png

ЖӘКЕҢДЕЙ ҰСТАЗ AЗ!..

ӘБІШ КЕКІЛБАЙҰЛЫ

Мен негізі тоғызыншы кластан бастап Үштаған мектебінде оқыдым. Сол жылдары Екібаев Жанбоз ағай 8-9-10 кластарға сабақ берді. Сонда ең бір таң-тамаша қалатын ұстаздарымыздың бірі осы Жәкең еді. Ол сондай сырбаз киінетін, жинақы жүретін, әрбір қадамын аңдап басып, класқа өте бір мектепішілік тәртіппен кіріп, сол тәртіппен шығып, кез келген 45 минуттың әрбір минуты өлшеулі тұратын. Өзіндік қалыптасқан әдемі жүріс-тұрысы бізді қатты қызықтыратын. Оның үстіне біздерге Жәкеңнің өмірде ешбір жерде мүлт немесе ағат басатын мүмкіндіктері жоқтай көрінетін. Сосын сабақ түсіндіргенде кереметтей ұғымды тілмен ең бір қиын математиканың қағидаларын миға құйып бергендей қатты түсіндіретін. Ол кісінің сабақ өткізіп тұрған тұсында ұшып жүрген шыбынның ызыңы ғана естілердей тыныштық орнайтын, өйткені, оқушыларының бар зейіні тек қана оның жайлап сөйлеген қоңырқай үніне ауатын, тек Үбәйжан деген жиені бар Жәкеңнің, сол ғана кейде жарысып ойша есеп шығарып отыратын болуы керек, алдын ала айтып қойғанда, «Тәйт, қарап отыр жайыңа!» деп ескерту жасап қоятын. Содан басқа әр минутын есептеп сабақ оқытатын Жәкеңнің дауыс көтеріп ұрысқанын көрмесек те біз одан қатты айбынып жүретінбіз.

Бірде тоғызыншы кластан оныншы класқа көшетін жылы біз бірнеше бала болып Атырауға бардық, бір слет пе, не болғаны есімде жоқ, содан қайтарда елге Жанбоз ағаймен бірге қайттық. Сөйтсек, Жәкең сондағы оқу орнында оқып жүреді екен де, сол сапар кезекті семестрінен оралып келе жатқан беті екен. Ол кездері Атырау мен Форт-Шевченко арасы – екі ортада пароход 18-20 сағат уақыт жүреді, сөйтіп ағамызбен бір пароходта бірге қайттық, тәулікке жуық уақыт бірге жүрдік. Осы қайтып келе жатқан сапарымыз кезінде Жанбоз аға алғаш рет іш ашып, менің өзінің шәкірті, оның үстіне інісі екенімді сездіріп, маған көптеген тапсырмалар жүктеді. Соның алғашқысы «сенің алысқа баратыныңа сенемін, жазып жүрген шығармаларыңды тастап кетпе, кейін үлкен азамат болып толысқан шағыңда еліңді, бүгінгі заманыңды ұмытып кетпе. Біздің көптеген жазушылар жаңа қызметке келгеннен кейін кешегі күнін ұмытып кететіні бар» деп «азаматтықтың мәні» деген нәрсені көп тапсырды. Мен кейін азаматтық белесіме көтеріліп көп жағдайларға қол жеткізіп, жан-жаққа атым шығып жүрген кезде ағай біздің үйге келді. Ол кезде немістің баспагерлері келіп, қонақ болып жатқан еді. Сол қонақтармен дастарқандас болған кезде Жәкең сөз кезегі келгенде сөз сөйледі, немістер ол кісінің интеллектуалдығына, сөйлеу мәдениетіне қатты таң қалды, өйткені ол сондай мәнді, сондай мәнерлі сөз айта білген-ді, немістер тарапынан «осы замандағы ескі интеллигенция өкілін көріп отырғандаймыз» деген пікірлер айтылып жатты.

Сол кездесуден кейін көп ұзамай ауылда да болдым, бір-екі рет ағамыздың үйіне де соқтым, бірақ Жәкең артынан тағы бір келгенімде о дүниеге бұйрық боп кетіпті, орнына барып дұға етіп, жеңгеме, інілеріме сәлемдесіп кеттім.

Жәкеңнің жалпы тіршіліктегі болмысы, жүріс-тұрысынан бастап әр қимыл-әрекеті менің өле-өлгенімше көз алдымда тұрады деп есептеймін.

Ал, енді ол кісі санаулы жерлерде ғана жұмыс жасады, онша қыдырмалы мұғалім болған жоқ, ағаның қатты көп еңбек сіңірген мектебіне өзінің атын берсе деп тілейміз. Бұл жерде оқу-ағарту ісіне Жәкеңдей еңбек сіңірген, Жәкеңдей адал, өнеге боп қала алатын ұстаздар аз, сондықтан Жанбоз ағаның атын ұстанған мектеп болашақта үлкен ағарту майданының ең үздік ұясы болар еді деп ойлаймын. Ол мектепке Жанбоз Екібаевтың есімін бергеннен аудандағы, облыстағы басшы азаматтардың абырой-беделі асқақтамаса ортаймасы анық.

Қолғанат бауырым, Маңғыстауға есімі белгілі ұлағатты ұстаз, аяулы жан Жанбоз аға туралы қолға алған ісіңе сәттілік тілеймін, рахмет айтамын. Өзіңді Жанбоз ағаның рухы қолдасын!

Ақтау қаласы, 30 тамыз, 2009 жыл.

ЖАНБОЗ

деректі хикаят

Біздің әңгімеміздің кейіпкері болғалы отырған Жанбоз Маңғыстауды жайлаған Адай елінің Тобыш тайпасының Жанай руынан, оның Тоян тақтасынан тарайтын азамат. Азаматы болғанда да көп арасында көзге түсе бермей келген, бірақ, оның қайраткерлігі мен маңғыстаулықтар арасындағы бедел абыройын салмақтай, мән бере қарағанға, тұлғасы биік азаматы. Мәселен, әлемдегі ең ескі тау болып табылатын Маңғыстаудың Қаратау сілемдерін сонау Ондыдан бастап Таушыққа дейін жағалап келе жатқанымызда, оның қырқаларын бірінен бірін бөліп қарауға болмайтындай, бірі аласалау болса, екінші бірі сәл биіктеу болып жалғаса бермек. Бірақ, анау Маната үстінен немесе осы Ақтау маңынан таңғы таза ауада көз салсақ, сол сілемдер ортасынан шоқтығы биік боп Отпан көрінбек. Жанбоз да өз замандастары арасынан осындай боп көрінер дара тұлға, шоқтығы биік азамат.

Шежіреге сүйенер болсақ, Тояннан Қалыш, Кеніш, Деніш, Амалдық, Түменбай деген бес бала болған. Соның Амалдығының апалы-сіңлілі екі әйелінен Иман, Иса, Мыса, Әжіғұл, Жұмағұл, Өтеғұл, Аталық, Жомарт деген сегіз ұрпақ өрбиді. Амалдық руы Көрпе Жамбауылдың екі қызын алған. Соның бірі Сайлы деген кісі, оның моласы Сағындық қауымында. Сол кемпірі Иман деген ер бала мен бір қыз туып, екі балалы болғаннан кейін қайтыс болады. Екі жас баламен қалған Амалдық қайын жұртына келеді, бірақ, бірінші сапарында атасына батып ештеңе айта алмай кетеді. Оның ойында айтылмаған бір сыр кеткенін атасы да сезсе керек. Араға ай салып, Амалдық екі нәрестені нағашы жұртына әкеліп табыстайды. «Мына екі бала сізге де бөтен емес қой, қара табан болғанша сіздікінде бола тұрсын» деп аманаттайды. Арада біршама уақыт өткен соң Жамбауыл күйеу баласы Амалдыққа хабар жіберіп, шақыртады. «Құланның қасынуына шүріппенің басылуы» демекші, ақсақалдың осы шақыртуын өзінің ойында жүрген мәселенің шешімін шығарар сәтіне бағалаған Амалдық қасына аузы дуалы бір-екі адамды ертіп, атасының үйіне келіп, бұйым сұраған кезде жолаушылардың бірі: «Мына Амалдық балаңыз әйелі қайтып, екі шиеттей баламен тұл қалып отыр. Ерге қатын табылар-ау, бірақ, ана екі жиеніңізге қамқор болар шеше табылуы киын болып тұр. Осыны ойлай келе, Амалдыққа өзінің балдызы, екінші қызыңызды сұрап келіп отырмыз» деп бұйымдарын айтса керек. Сол сәтінде келісім бере қоймағанмен артынан Жамбауыл ақылға сала келе, екінші қызын Амалдыққа қосыпты. Амалдықтың екінші әйелінен туған жетеудің бірі Өтеғұлдан Іңірбай, Екібай, Қиялбай, Қонбай деген адамдар туған.

Шежірешілердің айтуынша, Тояннан да белгілі, қасиетті адамдар көптеп шыққан. Мәселен, Тоянның Қалыш деген ұлынан өрбіген Құрманәлі мешіт ұстап, шәкірт тәрбиелеген, өз заманының адамдарын емдеп, елге қайыры тиген қасиетті адам болған. Оның моласы Онды аулынан онша қашық емес, Қаратау бойында, жанына медет тілеген жұртшылық күні бүгінге дейін оның басына түнеуге келіп жатады. Тоянның Кеніштен тарайтын Берниязы емші болған, оның баласы Берниязұлы Асар он үш жасқа келгенде, денесі ісіп ауырып, оны шешесі емшіге апарғанда ол: «Мына баланың бойында нағашы атасы жағынан да, өз атасы жағынан да қонған қасиет бар екен, солардың басына түнеп, аталар жолын, кәсібін ұстаса жазылады» деген екен. Асар Маңғыстауға белгілі сынықшы, емші болған кісі. Оның бұл кәсібін баласы Жанқұл, немерелері Жұбан мен Қалнияз жалғастырды. Күні бүгінге дейін аяқ-қолы сынғандар Ақшұқыр аулындағы Қалниязды іздеп келіп жататындығына ел куә. Қалнияздың қызы Тамара Асар – Қазақстанға белгілі әнші.

Деніштің ұлдары Байғана мен Мұстафа – он тоғызыншы ғасырда өмір сүрген белгілі қажылар. Ал, Амалдықтан тарайтын Исаның ұлы Нұрла, алдын болжай білетін көріпкел, қасиетті кісі болыпты.

1872 жылы дүниеге келген Өтеғұл баласы Екібай, аса байлығымен аты шықпаса да, күнелтісіне жетер дәулеті бар, ағасы Құрманәліден дәріс алып, хат таныған, отырыстарда әжептәуір әңгіме айтып, ортаны аузына қарата алардай көзі ашық адам болған. Жамбоздың 1954 жылы өз қолымен жазған өмірбаянындағы мәліметтерге сүйенер болсақ, Екібай белгілі Қазан төңкерісіне дейін заман ағымына бейімделіп, кедейленген. Шамасы, Еуропаны елесі кезіп жүрген төңкерістің мақсатын алдын-ала бағамдай білген ол қолдағы малының бір шамасын қажеттілігіне жаратып, енді бір бөлігін ағайын-тумаға бөліп беріп, дәулетін күнелтісіне шақтап азайтқан сияқты. Оның солай етуіне көріпкел туысы Нұрланның да ықпалы болды ма, кім білсін!?.

Амалдықтың Исасының баласы Нұрла жас бозбала кезінде бір жұмадай ізім-қайым жоқ болып кетеді. Айнала хабар салып іздегенмен еш дерегі білінбейді. Бір күні түнде шешесі бетін жауып, далаға салқындатып қойған айран құйған ыдысынан біреудің сылпылдатып айран ішіп жатқан дыбысынан оянып кетеді де, «ит болар» деген оймен «кет-әй, әрі!» деп айқайласа, онысы үйіне қайтып оралған баласы Нұрла екен. Сол сапарда Нұрла Маңғыстаудың ойындағы белгілі бір әулиенің басына түнеп, Құранды жатқа біліп, намазға жығылып оралыпты. Осы Нұрла 1910 жылы түс көріп, оянған соң, ағайындарына «жақын жылдары ел басына зобалаң заман туады, шамаларың келсе басқа жаққа көшіп, бас баққан дұрыс» деп ақыл беріпті. Баласының айтқаны келетініне көзі жеткен Иса сол жылы Байзақ, Жанұзақ, Нұрла, Қайролла, Қалыбай, Сейітқазы, Қосмағанбет, Досмағанбет деген балаларының отбасыларымен Өзбекстан бетіне көшіп, қоныс аударады. Сапарға шығар алдында Нұрланың айтуымен қолда бар малдың басым бөлігін сатып, алтын-күміс, бағалы заттарға айналдырып, 350 ісек қойды үйткізіп, тұздап, кептіріп алыпты. Оның біразын азық қылып, қалғанын өзбек жеріне жеткен соң сатып, ақша қылған көрінеді. Екібай да әйелі мен сегіз жасар баласы Ережепті алып, көшке ілесіпті. Алайда, көш Тиген жеріне жеткенде, ойына не түскенін қайдам, туған жерді қимаған Екібай ағаларының ризашылығымен өзіне тиесілі мал-мүлкімен көшке ермей, қалып қойыпты. Бәлкім, сол сапарында малын азайтып, кедейлену жолымен бас бағу амалын туысы Нұрла айтып кеткен болар! Әйтеуір, елде Қазан төнкерісі болып, Маңғыстауда кеңес өкіметі орнағанда, Екібай қолындағы аз ғана жандығымен кедейлер қатарында колхозға мүше болып, 1941 жылы жасы жетіп, колхозшылар қатарынан шыққанша қал-қадарынша еңбек етті.

Екібайдың алғашқы бас қосқаны Жаманқара руынан, белгілі Исаның жақын қарындасы еді. Одан 1902 жылы Ережеп, 1912 жылы Бақыт деген екі ұл көрді. Бұл екеуі 1942 жылы Кетік қаласындағы әскери комиссариаттың шақыруымен әскер қатарына алынып, үлкен ұлы Ережеп Харьков, Сталинград және Ленинград майдандарында болған ұрыстарда үш рет жараланып, 1945 жылы екінші дәрежелі соғыс мүгедегі болып елге оралды да, кішісі Бақыт майдан даласынан оралмады, одан артында із қалмады.

1929 жылдың соңына қарай Екібайдың әйелі қайтыс болады да, өзі екі баламен тұл қалады.

Сөйтіп жүргенде, 1931 жылы Маңғыстауда өкіметке қарсы көтеріліс басталып, оның соңы аштыққа ұласты. Бозашы беттегі Қарашағыр ауылдық кенесіне қарайтын Уақ құмды жайлаған ел бір жағынан құмнан құмаршық жинап, екінші жағынан «өзен жағалағанның өзегі талмайды» демекші, Долгий бетінен орыс көршілерімен аралас-құралас болып, солардың үлгісімен қазіргі Көгалтөбе жағынан Каспийдің балығын ұстап, басқаларға қарағанда күйсіз бола қойған жоқ. Сол 1931 жылдың көктеміне салым Екібай бұрын елде старшын болған Маңғыстауға белгілі адам, сәл кейінірек, яғни 1937 жылғы сталиндік нәубет жылдарында Меңдәлінің Алшынымен, адайға атағы мәлім балуан Бәйбіше Қаражігітпен қатар ұсталып, алдымен Кетікке айдалып, одан Гурьевтің түрмесіне қамалатын Шолақтың Сарысының Секер деген қарындасын әйелдікке алады. Елдің аштықтан есі кеткен кезі, отбасын жоқшылыққа ұшыратпай, осы ауыр кезеңнен алып шығатынына көзі жеткендіктен бе, Сары да «әйелі өлген» дегені болмаса, «е, о да Құдайдың ісі емес пе, мен білетін тоян Өтеғұлдың баласы болса бір әйелді тарықтырмас» деп, қарындасының замандасы Екібаймен бас қосуына онша қарсы бола қойған жоқ. Әрине, елге келген аштық зауалы бұл отбасын да айналып өткен жоқ. Дегенмен де, еті тірі Екібайдың қайнағасы Сарының ойлағанындай өз отбасын бұл зауалдан аман-есен алып шығуға шамасы жетті. Сол кезеңнен қалған әдет болар, Екібай кейін ауылда ірі қара мал сойылса, міндетті түрде соның бір жілігін өз атына жаздырып та болса үйге әкелетін болған. Ауылда мал жарататын адам бір жіліктің иесі деп оның өзімен алдын ала сөйлеспестен есепке ала беретін болған. Екібайдың осы Секер деген әйелінен 1932 жылдың қаңтар айының орта шенінде Жанбоз дүниеге келеді. Бұл кезде жасы алпысты алқымдаған Екібай колхоз алдындағы жауапкершіліктен құтылып, шопан таяғын баласы Ережептің қолына ұстатқан, өзі қолындағы азын-аулақ жандығымен жеке шаруасын күйттеуге мүмкіндік алған кезі болатын. Қолы колхоз шаруасынан босасымен Екібай жұмыс жасауды да мүлдем доғарып, қолдағы малды бағып-күту, үй шаруасы – бәрі кішкентай бойлы, пысық, шаруаның ортасында өскен әйелі Секердің мойнында болды. Екібай ұзын қапсағай бойлы, артық еті не шыққан қарны жоқ, өзі үстіне шыттай ақ матадан тігілген қазақы дамбал мен көйлек киіп, өзін күтініп жүретін ақсақал болды. Өзгеге жасар қиянаты жоқ, сөзге тоқтағанға айтар сара ақылы бар, жөнімен жүретін, зәру болғанға сөз көмегі де әзір Екібай ақсақал ортасына сыйлы бола білді. Адайда «балаң ірі, кесек тұлғалы палуан болсын десең, Бес Жанбоздың қызын ал» деген сөз бар. Бес Жанбозы Боққара баласы Жанбоздан тараған бес ұл – Өтеулі, Матай, Айым, Шақа, Жаманқара. Екібай да Жаманқара руының қызы Секерден туған ұлын «палуан болсын, қатарының алды болсын» дегенді ырым етіп, есімін Жанбоз қойса керек. Онысы теріс болмапты, заманына қарай «білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар» демекші, ұлы өз қатарының алды бола білді.

Жанбоз мектеп жасына жеткен кезден бастап, Екібай жасы ұлғайғанда көрген кенжесін оқыту мақсатында кемпірі Секер екеуі шаруадан мүлдем қол үзіп, Түрленге, кейін Таушыққа барып қоныстанды. Үстірттегі «Бердалы батыр» қауымынан бастау алып, Маңғыстау түбегін екіге бөліп 150 шақырымға созылып келіп, «Дәніспан әулие» мәңгі тұрақ еткен Дәніспан тауымен жалғасып барып, Каспийге иек артқан тұста орналасқан Таушықтың «Екінші шахта» бетіндегі «Апажар» биігі сол маңайдағы тау шоқыларының ен бір иығы жоғары тұрған бөлігі болып табылады. Етегінде суы мол, айдауда жүрген украин ақыны Т. Г. Шевченконың қаламына ілінген «Апажар» құдығы бар. Міне, сол таудың күнгей бетін жайлаған Екібай үйі Таушықтан 2-3 шақырым ғана жерді жайлайды.

1939 жыл Жанбоздың жеті жасқа толып, мектеп табалдырығын аттаған жылы. Алайда, ол бірінші класты қай мектепте оқып бастағаны туралы алғашында дөп басып айту қиын болды. Бәлкім, өз аулында, Түрлен мектебінде бастаған болар, бәлкім, Таушықта. Менің бұлай деуіме себеп, Жанбоздың ұлы Байболдың әңгімелеуіне қарасақ, Жанбоз Таушық мектебінде оқу бастағандай боп көрінгені де рас еді. Алайда, тұщықұдықтық Ордалымен әңгіме барысында «Жанбоздың алғаш мектеп есігін ашқан жері Түрлен болуы мүмкін» деген де ойлар айтылды. Олай дейтініміз, Жанай руының Тоян тақтасы Тұщықұдыққа қарасты Уақ құмды қоныс еткен, сол аймақта осы рудың Қожамқұл, Жанқұл деген адамдарының атағында жерлер бар. Осы Уақ құмы тояндардың ғана емес, сонымен қатар базарлар мен шолақтардың, аздаған ауыл түркіменадайлардың қонысы болған. Сол құмды жайлаған осы рулардың ауылдары бір-бірімен тату, сыйлас, өте жақын аралас-құралас болған, онысы кейін көп жағдайда құдандалдыққа ұласып та отырған. Жанбоз да сол Уақ құмда дүниеге келіп, сонда өскен. Түрленнің мектебі өткен ғасырдың 30-40 жылдарында өз дәуірінің мектептері арасында алдыңғы қатардағы білім ұясы болған. Себебі, Түрленнен онша қашық емес Қызыл Долгийде орыс мектебі болды, қоныстары бір мектеп ұжымдарының бір-бірімен тығыз байланыста болуы да заңды құбылыс, яғни орыс мектебінен Түрлен мектебіне де парта, тақта, карта, глобус, т.б. баланы оқытуға қажетті көрнекі құралдардың ауыс-түйіс болуы да заңдылық. Түрлен мектебінен түбекке белгілі оқыған азаматтардың көптеп шығуы да осы айтқанымыздың дәлелі іспеттес. Мәселен, нағыз шындықты айтар болсақ, Өзен газ кенішін тұнғыш ашқан адам – Дәуітов Жұмажан (Өзенде алғаш газ атқылаған №8 скважинаның мастері осы Дәуітов Жұмажан, моторисі Қартбаев Дінәсіл деген кісілер болған). Алайда, бұл жерде әділдік аяққа тапталып, бір жағынан Кеңес өкіметінің саясаты тұсау боп, екінші жағынан мұнай саласындағы басшылардың жершілдік ауруы салдарынан олардың есімі аталмай, қатардағы бұрғышы Ғазиз Әбдіразақов данқ тұғырына көтерілген. Себебі, Жұмажан соғыста жараланып, немістердің тұтқынында болып келіп, тағы да жиырма бес жылға сотталып, Магаданға жер аударылған, одан Сталин өлген соң босап, елге оралып, мұнайшы болса, Дінәсіл (қажы Мұстапаның баласы, яғни дін өкілінің ұрпағы), Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген мұнайшысы, СССР-дің үздік мұнай барлаушысы Апақаев Көбейсін, т.б. осы Түрлен мектебінің түлектері болатын. Бұл сөзіміз дәлелді болуы үшін ардагер мұнайшы барлаушы Қамысбай Мырзағалиевтің «Маңғыстау» газетінің 2008 жылғы 26-шілдедегі санында жарияланған «Алғашқы геолог-барлаушылар» деген естелік мақаласынан үзінді келтіре кетелік: «...Мен 1957 жылдан Маңғыстау геологиялық іздестіру экспедициясын басқарып келгенімде, бұл оқиғаларға тікелей куәгер болғанмын. Барлаушылардың өмірі жұпыны болатын, өздері аз болса да қиындықты жігерлі, ұйымшылдығымен жеңетін. Өзенге барлаушылар Қошақтан 1959 жылдың жазында көшіріліп барған-ды. Байырғы Ембі мұнайшысы Зейнолла Ысқақов қарталы ұйымды ұйымдастырып, бұрғы мастері Зейнар Құлбеков, Шүкірбек Есенғалиев, Жұмажан Дәуітов УРБ-2АМ бұрғы станогімен өз қашауларын Өзен төсіне алғаш енгізгендер... Жұмажан Дәуітов соғыс жылдарында Түркістан легионында болған. Өзенде К-18 ұңғыда газ бұрқасыны болған түнде Жұмажан вахтада болған. Менің сілтеуіммен алғашқы Теңге мұнайы іздестірілуіне, Г-1 ұңғыны бұрғылауға барған-ды, өлке зерттеуінде оның ізі қалды. КГБ қызметкерлері, неге екенін білмеймін, бізбен еріп жүретін, Жұмажанға жұмыс жасатпады, өз елі Тұщықұдыққа барып, мал шаруашылығымен айналысып, өмірін өткізген-ді». Міне, сол күндердің куәгері Қамысбай Мырзағалиевтің жазғандарында «алғаш газ фонтанын атқылатқан» Ғазиз Әбдіразақов туралы бір ауыз сөз айтылмаған.

Түрлен мектебінен білім алған азаматтардан сонау 40-50 жылдары Маңғыстауда шаруашылықта басшылық жұмыстарда болған көптеген адамдар шықты. Атап айтар болсақ, Маңғыстау ауданы құрылғанда аудандық партия комитетінің сектор меңгерушісі болған Нұрниязова Жанбибі берігерек келіп, дүниеден өткенше, сол қызметін атқарумен өтті, Сағындықов Төлеубай колхоз бастығы, селолық кеңес төрағасы, Нәубетов Шүренбай колхоз совхоз басшысы, партия қызметкері, Тоқсанбаева Қансұлу Шайырда селолық кеңес төрайымы, Берданова Қалу Жыңғылдыда колхоз бастығы болды.

Сәл кейінірек, Жәкеңнің жеке құжаттарымен танысу барысында оның шынында да бірінші класты Түрленде оқып бастағанына көз жеткіздік.

Міне, баласы Ережеп Түрленнің маңайында мал бағып отырғандықтан Екібай мен Секер алғашында Жанбозды да сол Түрлендегі мектепке бірінші класқа апарып оқытқан еді. Ол бірінші класты мақтау грамотасымен аяқтады. Сол грамотаға, ұрпақтарына қымбат жәдігер ретінде бұл күндері баласы Байбол ие болып қалған, Жанбоздың қара шаңырағының қабырғасында ілулі тұр. Бірақ, 1939 жылы Маңғыстау ауданы құрылып, оның орталығы Жыңғылды болып белгіленгенмен, шын мәнінде орталық Таушық бола бастағанын, онда алғашқы өндіріс орындары ашылып, ел тұрмысы түзеле бастағанын көрген соң көңілі саналы Екібай қарт баласын оқытып, ұядан ұшыру мақсатында кемпірімен Таушыққа келіп орналасты. Сөйтіп, Жанбоз 1940-41 оқу жылында екінші класты Таушық мектебінде бастағаны ешқандай дау тудырмасы анық. Бұған Жанбозбен екінші кластан бастап бірге оқып, орта мектепті бірге бітірген бұрынғы прокуратура қызметкері, даң шоңай Тарғынов Алдабай ақсақалдың естелігі куә. Ол әке-шешесі орталықтан қашықтау колхоз шаруасында болғандықтан бірінші класты Жыңғылдыдағы бір жамағайынның үйінде жатып оқиды да, 1939 жылы оны да ұстап алып кеткеннен кейін Жыңғылды маңындағы Сарқорада жападан-жалғыз қала береді. Содан әркімнің үйінде бір жүріп, екінші кластың бас жағын Жыңғылдыда оқығанмен, күйі келмей, көп қиындық көреді. Мұнда жағдайы болмағаннан кейін оны Таушықтағы тағы бір жамағайынның үйіне апарып тастайды да, ол сонда Жанбозбен бірге екінші кластағы оқуын жалғастырады. Әрине, ол кезде ел тұрмысы өте төмен, азық-түлік өздеріне де жетіспейді, баланың үйінен келіп тұратын сыбаға да онша мәз де емес, ондай жағдайда біреудің үйінде жатқан кісі баласының күйі қайдан жақсы болсын. Бірақ, ол кездегі балдардың оқу-білімге деген құштарлығы, ұмтылысы өте зор болатын. Сөйтіп жүргенде, 1943-44 жылы Құдай оңдап, Таушықта интернат ашылып, талабы үлкен, оқу озаты болып жүрген Алдабайды Самалықов Төрәлі ағай сол интернатқа орналастырыпты.

Әкесі Екібай үйдегі аз ғана жандыға да қарамай, бойын күткелі бері бүкіл үй шаруасымен қоса малды бағып, күту де шешесі Секердің мойнында болды. Үй шаруасындағы ауыл әйелінің атқарар жұмысын саусақпен санап жеткізе алмаспыз, бозала таңнан тұрып, мал сауу, малды өріске шығарып, ботасын арқандау, серкенің немесе ешкінің терісінен жасалған қауғамен қолдап су тартып, мал суару, даладан қап-қап тезек теріп, оны маңдайынан басына артып, арқалап ауылға жеткізу, тағысын тағы шеті жеткізбес шаруаны орын-орнына қойып барып, елдің ең соңынан, кеш жату – осының бәрі Секердің пешенесіне жазылғандай еді. Секер кішкене бойлы қағылездеу әйел болғанмен шаруасына тиянақты жан болды.

Жанбоз сабаққа алғыр, мұғалімнің айтқанын қағып алатын бала болды. Мектепте оқып жүргенде оның талабына тәнті болған ұстаздары «осыны қандай ана туды екен, көрейік» деген оймен Жанбоздың шешесін мектепке шақыртады. Ол көзге қораш, тапал адам еді. Сонда мұғалімдері: «Мынадай анадан осындай бала туады екен ғой» – деп таң қалысыпты. Есейе келе, қағілез Жанбоз анасына жаны ашып, оған қолғабыс көрсетер қолғанатына айналды. Ол енді мықшындап, орталай толтырылған қауғамен мал суаруды, өрістегі мал қайтар уақытта арқандаулы ботаны алып келіп, желіге байлап, қозы-лақты көгендеуді, қой мен ешкінің басын ұстап, мал саудыруды, өрістен мал қайтаруды өз мойнына алды. Осылайша, белі қатпай жатып, еңбекпен көз ашқан Жанбоз ісіне тындырымды, еңбекқор боп өсті. Оның бұл қасиеті мектепте оқып жүргенде де өз жемісін берді. Жанбоз өмір қиындығын көріп өскендіктен, орынсыз шешіліп, көп сөйлей бермейтін томаға тұйықтау болып өсті. Сонысымен бірге ол оқуға да өте ыждағатты болды.

Жанбоздар мектепте оқыған кезеңдерде жоғары білімді мұғалімдер ғана емес, арнаулы педагогикалық білімі бар маман мұғалімдер де жетіспейді, тіпті жоқ десе де болғандай. Мектепте сабақ берген Аяпберген, Жолдас ағайлардың өздерінде де білім аз, бірақ оқушыға қояр талап көп. Бұл туралы Жанбоздың мұғалімі, аудандағы білім беру саласында жоғары және арнаулы білімі бар оқытушылардың саны шама-қадарынша жетіскенше отыз бес жылдан астам оқытушы болған Қазақбаева Күрең ана былайша еске алады: «Соғыс басталғанда, мына біз, 1941-1942 оқу жылы тоғызыншы класта оқып жүрдік. Класымызда барлығы он жеті: екі қыз, он бес ер бала болатынбыз. Содан екі қыз және 1926-27 жылдары туылған, жасы жетпегендіктен әскер қатарына алынбаған төрт бала қалдық, қалғандарын соғысқа алып кетті. Осы алтауымыз тоғызыншыны бітірдік. Мектепте сабақ беріп жүрген ағайларымыз бен кейбір апайларымыз армияға алынды да, мектепте оқытушылар жетіспеді. Ол кезде сауаты бар, көзі ашық адамдар аз, біздерді екі айлық дайындық курсынан өткізді де, әрқайсымызды әр ауылға мұғалім етіп жіберді. Мен 1943 жылы Таушықта Шахта орта мектебінде оқытушы болдым. Ендігі білімді адамдар біздер болып қалдық, жоғарғы кластарға сабақ бердім. Жанбоз менде бесінші класта оқыды, математикадан сабақ бердім, әрі класс жетекшісі болдым. Оның қарт әке-шешесі болды, таудың арғы бетіндегі қуыста ағаш үй тігіп отырды, қысты да сонда өткізді. Жанбоз жағдайына байланысты, шешесіне үй шаруасына көмектеседі, көбіне ауырып, сабақтан жиі қалады. Класс жетекшісі болғандықтан баланың жағдайын білмекке үйіне де жиі болмағанмен барып тұрамын, оның үстіне ағайындығымыз да бар. Жанбоз сабақтан бір жеті бойы ауырып қалып келсе де сабаққа толық қатысып жүрген балдардың алды болып, оларды білімі жағынан шаңына ілестірмейтін. Оның тәртібі қандай, мінезі қандай, еш кінәрат арта алмайсың, ыждағатты, өзінің жауапкершілігін қатты сезінетін, оқулықтағы ережелерге мән бере, түсініп оқып, сабаққа сол бойда іс жүзінде тексере отырып даярланушы еді».

Ол кездерде балдарға білім беруге оқытушының білімінің төмендігі кедергі келтірмейтін, өйткені ол кездегі мектепке барған балалардың білім алуға деген құштарлығы, ынтасы Күрең апай айтқандай жоғары болды, мұғалім тек бағыт-бағдар беретін және оқушының сабаққа даярлануына көбірек бақылау жасап, қадағалайтын. Балаларда білімге құштарлықпен қатар кеуделерінде намыс зор болатын, қасындағы жолдасын «жақсы» болғанда, мен неге «жаман» болуым керек деген ой оларды басқалардан қалыспауға үнемі итермелеп отырушы еді. Оның үстіне социалистік жарыс принципі тек ересектер арасында емес, балалар арасында да кеңінен қолданылатын. Мысалы, Жыңғылдыдағы мектеп директоры Нәби Бимағанбетов оқушылар арасында жиі жиналыс өткізіп, әр мәселені жеке-жеке талқылайтындығы туралы Базархан Сүйеуұлы былайша еске алады: «Ол қыздармен бөлек жиналыс өткізіп, шаш күтімі төмен қыздарды жиналысқа салатын, тентек болған оқушылармен бөлек жиналыс өткізіп, тәртіп мәселесін талқылайтын, нашар оқитын оқушылармен бөлек жиналыс өткізіп, үлгерім мәселесін талқыласа, сабақты жақсы оқитын оқушылармен де бөлек жиналыс өткізіп, ретін тауып оларға да ұрсып алатын. Сонда ол: «Сендердің жақсы оқығандарың бар болсын, анау Форт-Шевченкодағы Батыршев Махмұт сияқты оқымаған соң» деп ұрсатын. Бұл қалай деп жүрсек, кезінде Маңғыстаудың оқу-ағарту саласына еңбегі сіңген Нұрниязов Сәду бірде мынадай ұсыныс жасапты: «Біз басқа шаруаның барлығын оңдырмасақ та, оқу-ағарту ісіне қолдау көрсетуіміз керек. Ол үшін аудандағы ең озат оқушыға райкомның нұсқаушысының айлық жалақысы көлемінде сыйлық тағайындауымыз керек. Ол оқушыны басқаларға үлгі, шамшырақ етіп қоюымыз керек». Бір сөзбен айтқанда, Паша Ангелина, Стаханов сияқты еңбек майданындағыдай оқушылардың да өздеріне үлгі тұтып, теңесуге ілгері ұмсынар тұлғасы болу керек деген сөз. Міне, осындай стипендияны жылдар бойы Батыршев Махмұт алып келген екен. Сөйтіп жүргенде, 6-7 класс оқып жүргенде «Батыршев Махмұт сияқты оқитын Таушықта Екібаев Жанбоз деген бір бала шығыпты» деген хабар бүкіл Маңғыстау мектептеріне естілді».

Соғыс жылдарындағы оқу оңай болған жоқ, оқулықтар жетіспейді, кей кездерде бір класқа бір оқулықтан келетін, логарифм, Брадис таблицалары атымен жоқ, оны балалар өз қолдарымен жазып, жасап алатын. Интернат дегендері де бір есіктен кіріп, дәлізі жоқ, бір бөлмеден екінші бөлмеге, одан үшінші бөлмеге, т.с.с. өте беретін, бейне бір жер астынан қазылған тышқан ініндей ұзын барақ болатын. Интернат директоры Алдаров Мыңтұрған деген өте қарапайым, балаларға қайырымдылығы мол азамат еді. Төсек деген сірә да жетіспейді, бір төсекте екі баладан аяқтасып жатады, жамылғы жоқ, қолы жеткендер Бәйтілеудің Нұрбаулысы басқаратын тұрмыстық қызмет көрсету комбинаты тоқыған алашаны, оның үстінен сырт киімдерін жамылады. Жанбоз да осы интернаттың есебінде болды, бірақ, үйі жақын болғандықтан, оның үстіне үй шаруасына шешесіне қолғабыс жасау үшін көбіне мұнда түнемей, үйіне кететін. Сонда ол екінші шахта беттегі айналма жолмен жүрмей, биік тау белесінен тіке асқанды жақсы көретін, бәлкім, сонда ол сонау тау басына шығып, қияға көз салып, бала қиялымен шартарапты шарлап, небір армандарға берілген болар. Өйткені, ойнап жүріп, оның артынан көз салған бірге оқыған жолдастары «тау басына шыққаннан кейін тас үстінде біршама уақыт тапжылмай отыратын» деп еске алады.

Класстағылардың математика есептерін шығарғанда табынары Жанбоз болды. Оның дәптері де үнемі тап-таза, бір санды түзету немесе сызып тастап қайта жазу, дәптер бетіне сия тамып кету деген онда мүлде болмайтын, соншалықты ұқыпты оқушы болды. Әдетте мектеп баласы жағаласып, бір-бірімен күресіп, қуысып ойнап жүргенде Жанбоз оған көп араласпайды. Анда-санда кластас балаларының біреулері жұғыса қойса Жанбоз оларға алдырмайды, денесі тығыншықтай болып алып, мығым, еңбекпен шыныққан бұлшық еттері қайратты, қарсыласын омырып жібереді. Өздері есеп шығаруда пір тұтқандықтан да, кей кездерде балалықпен аңдаусызда жұғысып алып, сыбағаларын алғандықтан да балалар көбіне Жанбозға тиісе бермейді, ол көбіне қияға көз салып, ойланумен жүретін. Оқуда қандай ұқыпты болса, киімді де таза ұқыпты киеді, аяқ киімі де тозбайды, оқудан шығысымен тау-тасты аралап үйінің онға жетер-жетпес қой-ешкісін бағатын болғандықтан табанына нәл қақтырып алады екен.

Сол жылдары мектепте Аманбаев деген мұғалім әскерден келіп, математикадан сабақ берді, өзі солақай, үйленбеген, бойдақ жігіт. Сол тақтаға солақай қолымен есеп шығарып тұрып, көз қиығын қыздарға да салып қояды. Оның бұл қылығын алдыңғы қатарда отырған Жанбоз бен Алдабай байқап қалып: «Қасқа, енді қайтсін бойдақ қой, қыздарға көз салуын қарашы, өзінің дәмесі зор-ау!» – деп келемеж қылудан да құр қалмайтын өзіндік балалық тентектігі де болмай қалмаған көрінеді.

Жанбоздың өмір бойы өзі пір тұтып өткен ұстазы Шоңқалов Торғай еді. Торғай жүзі сұп-сұр болған сұсты, артық-ауыс әңгімесі жоқ, қатал талап қоятын мұғалім еді. Ешкімге дауыс көтеріп, ұрсып жатпайтын, тек қаламсабының ұшын өзіне қарата қисайта ұстап, қисық екіні қоя салатын. Бір күні сабақ үстінде Торғай Жанбозға ойлы, біртүрлі мұңды жүзбен қарап тұрып жайлап қана: «Е-ей, қор боласың ғой!» – деді. Әдетте Торғай сабақ беріп тұрғанда класс ішінде шыбынның ызыңы естіледі ғой, оның әлгі айтқанын кластағылардың бәрі естіді. Жылдар өте келе, сол кездегі кластастар ұстаздарының осы бір сөзін бажайлап қараса, Маңғыстаудың даласында аса білікті, дарынды инженер болу үшін жаралған алғыр шәкіртінің заман тарлығы мен қолдың қысқалығынан алысқа ұзай алмай қалатынын іші сезген сұңғыла ұстаздың іштей қан жылаған жүрегінің сыртқа жарып шыққан үні екен ғой.

Өмір қандай қатал еді. 1949 жылы көктемге салым азғана күн ауырды да, ақпанның жиырма алтыншы жұлдызында Жанбоздың шешесі Секер дүние салды. Жалғыз ұлы Жанбозының мектеп бітіріп, еңбекке араласқанын, келіншек әкеліп, өзінің немере сүйгенін армандайтын. Енді бір арманы: өзі арқа сүйейтін елге белгілі Сары ағасын аман-есен бір көрсем дейтін. Кезінде бұрынғы өкімет жана өкіметке ауысар тұста, 1916-18 жылдары ауылда старшын болған оны мына үкіметтің «шаш ал десе бас алар» белсенділері сонау 37-жылдың сойқанында ұстап кеткен. Сол сапарында оны Сарышағырдан Кетікке дейін жаяу айдап апарғанда, ағасының екі табаны ойылып түсіп қалыпты. Қаныпезер жандайшаптар оны сонда да аяуды білмеген көрінеді. Тергеу-тексеру аяқталған соң «пароходпен апарып, Үйшіктің түрмесіне қамапты» дегенді естіген. Сонда әлгі үкіметтің сойқандары алдыңдағы адамды «адам екен» деп аяушылықты білмеген ғой. Сарыны жаяу айдауы сонау Кетікті жақын жер көргендегісі бұл. Әйтпесе айдаудың да небір құйтұрқы амалдарын ойластырып отырған ғой, олар. Мынадай да оқиға болған. 1936 жылы Бекдашыдағы Омар әулиенің мазары жанында намаз оқып отырған үш түрікмен мен төрт қазақ азаматының үстінен түскен белсенділер әлгілердің жетеуін де тұтқынға алады. Тағар айыбы – намаз оқығаны, яки бұлар молдалар, кеңес өкіметіне жат элементтер. Енді оларды Кетікке жеткізуге тиіс көлік жоқ. Осы кезде сол аймақта кәнпескеге ұшыраған бір байдың малынан үш қажарлы нар алдырып, тұтқындалғандарды түйе жүнінен ширатылып иірілген жіптен тоқылған қанар қаптарға екі-екіден бастарын ғана шығарып тікесінен салып, екі түйеге теңдеп артып, үшінші түйеге бір белсендіні отырғызып, Кетікке жібереді. Жолай бір мезгіл түйеге от шалдыру үшін немесе азғана уақыт мызғып демалу үшін тоқтағаны болмаса, бұлар кідірместен үш күн, үш түн жүріп, діттеген жеріне жеткізіледі. Сапар кезінде әлгі бейшаралар түйеге теңдеулі күйінде ұйықтайды, аузына тамызған су мен нан сындырығын шайнап тамақтанады, дәретін де сол тұрған күйінде жүзеге асырады. Оларды бір мезгіл түйеден түсіруге айдауылдың шамасы да жетпейді, оның үстіне босата қойса өзін өлтіріп кетер деген қорқыныш та басым болады. Осындай азаппен Кетікке жеткізілген тұтқындарды теңнен босатуға сасыған иістен біразға дейін ешкім маңайлай алмай қойса керек. Сарыны да Кетікке жаяу айдап кеткеннен бері еш хабар жоқ, не өлі, не тірі екені белгісіз. Артында тұяқ та қалмады. Анасы Секердің «ағасы Сары аман-есен оралса екен» деген бұл арманы да орындалмады. Анасы бақилық болғаннан кейін енді үйдің бар шаруасы жас Жанбоздың мойнына ілінді. Ол қаншалықты қиналса да үй шаруасымен қоса мектептегі сабағынан да бір күн қалмастан қатынап, сабақ үлгірімін бұрынғысынан төмендеткен жоқ.

Міне, осындай жағдайда 1949 жылы Таушықтағы орта мектепті он үш бала – осы мектептің тұңғыш түлектері бітіріп шықты. Олар: Байназаров Шәкенбай (Қазақ ССР-іне еңбегі сіңген дәрігер), Айтмағанбет Құдайбергенов (КазГУ-дің журналистика факультетін бітірген өлкеден шыққан тұңғыш маман журналист), Халел Сұлтангелдиев, Темірхан Смағұлов, Балабай Мұсабаев, Алдабай Тарғынов, Жанбоз Екібаев, Гүлжан Сүлейменова (Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумы аппаратында заң жүзінде жазаланғандарға кешірім беру жөніндегі бөлім бастығы), Ақкүміс Бердіғалиева, Шәкен, Наурызбай Жарылғасов, Бигелді Темірәлиев, Өсерхан Қабанов, енді бірі – сол жылы ауданға милиция бастығы болып келген атыраулық азаматтың қызы.

Кезінде «ей, қор боласың-ау!» деп аһ ұра күрсінген Ұстаз жүрегі алданбаған екен, оныншы класты сталиндік стипендиямен үздік бітірген Жанбоз мектеп бітірушілерге берілген жүз елу сом ақшаны есептеп көрсе, онымен онша алысқа ұзай алмайтынын сезеді, артынан ақша салар ешкімі жоқ, ағасы Ережеп колхозшы, оларға ақша берілмейді, еңбеккүн есептеледі, ол қандай болады, тағы белгісіз, осыларды ойлана келе, алыс қалаларға оқуға бара алмай қалады.

Өзімен бірге оныншы класты бітірген ағайын туысы Байназаров Шәкенбай айта кету керек, баласын оқытпақ болып шешесі сойып сатқан сиырдың ақшасы бар екендігін айтып, Жанбозды Алматыға бірге кетуге шақырады, бірақ, туыс болса да екінші бір адамның мойнына мініп, күн көруді қолайламаған Жанбоз оған рахметін айтып, елде қала береді.

Сонымен, қаражаты бар төрт бала мен екі қыз жоғарғы оқу орындарына кетті, олар: Бигелді, Шәкенбай, Айтмағанбет, Өсерхан Қабанов. Ақкүміс ЖенПИ-ге, Гүлжан КазГУ-дің заң факультетіне түсті. Оқуға бара алмай қалған төрт бала тамыздың 15-нен бастап мұғалім болды. Оларды сол кездегі Маңғыстау аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Бақыраев Әмір қабылдап, ауданда мұғалім кадрлері жетіспейтіндігін, жас ұрпақты оқытып, тәрбиелеу абыройлы іс екендігін, бұл жолда ауыл мектептеріне жіберілгелі отырған жас мұғалімдерге партияның үлкен сенім артатындығын айтып, ақ жол тілеген болатын. Сонымен Алдабай Үштағанға, Наурызбай Форт-Шевченкоға, одан Сенекке, Балабай Сартасқа, Жанбоз Тұщықұдыққа жіберілді.

Жанбоздың мектепте оқып жүргенде-ақ, мұғалімдері болмай қалған өздерінен бір не екі класс төмен оқитын балаларға сабақ беруден аздаған тәжірибесі де бар болатын. Ол әдіс мектептерде берігерекке дейін қолданылып келді. Жанбоздың замандас құрдасы, онымен Таушықта қатар оқыған Нұржанов Алқабай ақсақалдың айтуынша, балаларға үлкен талап қоятын Маңғыстауға есімі белгілі Шоңқалов Торғай әлдебір себептермен қолы тимей қалған жағдайда өзінің орнына сабақ беруді үш оқушысына сеніп тапсыратын. Олар: Әнесов Сұңғат, Қайпиев Нығмет және Екібаев Жанбоз болатын.

Осылайша мектепте оқып жүрген кезінен мұғалімдік қызметтің дәмін татып, әдісін алған Жанбоз Тұщықұдық жетіжылдыұ мектебіне математика мен физика пәнінің мұғалімі болып келді. Сөйтіп, ұстазы Торғай ойлағандай тума талант иесі құлашын кеңге сермеу мүмкіндігі болмай, қызметін ауыл мұғалімі болып бастады. Жанбоздың маңдайына жазылғаны осы ұстаздық болып, ол одан да абыройсыз болған жоқ, мыңдаған шәкірт тәрбиелеп, ел арасында үлкен беделге, абыройға ие болды.

Мектеп бітіре сала, ұстаз болған Жанбозға өзімен құрдас, тіпті бірнеше жас үлкен балаларға сабақ беруге тура келді. Бірақ, мектеп ішінде Жанбоз өзін олардың алдында нағыз ұстаздарша ұстайтын, ал, мектептен тыс дене шынықтыру алаңына барғанда кейде балалармен қосылып, бала боп ойнап та кететін. Құрдасы Оразғұл еске алатын-ды: «Сабақ кезінде бұл мұғалім, Оразғұл шәкірт, шәкірт пен мұғалім арасындағы субординация қатаң сақталатын, шәкірт екі қолын алдына ұстап, тәртіп сақтап, қылпылдамай отыратын. Қылп етуге уақыт та болмайтын, Жанбоз қырық бес минут бойы есеп шығартатын, оқушыларға олай-бұлай қозғалуға мұрса да болмайтын».

Жанбоздың өмірбаяндық деректеріне көз жүгіртсек, ол жыл аралатып, Маңғыстаудың бірнеше мектептерінде ұстаздық қызмет атқарыпты. Ол келесі жылы, яки 1950-51 оқу жылында Қоңырорта жетіжылдық мектебіне физика, химия пәндерінен сабақ беретін және 3-класты оқытатын оқытушы болып жіберілген.

1950 жылы Жанбоз басқа жаққа кетуге әлі де толық мүмкіндігі болмай, оның үстіне ол бұл кезде қарт әкесінен басқа әйелі, дүние есігін енді ашатын ұрпақ күткен отбасы иесі, қаражатты да үнемдеу керек, облыс орталығы Гурьевке барып, ондағы мемлекеттік мұғалімдер институтының сырттай бөліміне оқуға түседі. Олай деуге дәлеліміз, қолда бар дәптер – «элементарной математикадан 1-курс студенті Екібаев Жанбоздың контроль жұмысы». Келер жылы, 1951- 52 оқу жылында Таушықтағы Шахты орта мектебінде физика және математика пәндерінен мұғалім болып, 1951 жылдың 10 қазанына дейін жұмыс жасап, содан Кеңес Армиясы қатарына шақырылған. Әскер қатарында қызмет етіп жүріп ол институттағы оқуынан қол үзіп қалады да, екі жыл бойы хабарсыз кеткен студент есебіңде жоғарғы оқу орнынан шығып қалады.

Ол уақытта кадр жетіспейді, былай тартсаң мына бетің, алай тартсаң ана бетің жалаңаштана береді, кәдімгі қысқа көрпені тартқылағандай. Сол себепті де Жанбозды біресе ана мектепке, біресе мына мектепке қуалай берсе керек. Сол мектептердің қай-қайсысына да Жанбоз керек бола берген.

Мұғалімдерді бір мектептен екінші мектепке осылай жиі ауыстыру негізінен оқытушы кадрлердің жетіспеушілігінен туындап отырған жәйт. Мұғалім жетіспей, оқыту сапасы төмендеген мектептерге білікті мұғалімдерді жұмсап, әлгі мектепті алға сүйреу үшін қолданылған әдіс. Мысалы, жоғарыда есімі аталған Сүйеуұлы Базарханның естелігінде аты Маңғыстауға белгілі Нұрниязов Сәду қай жерден мектеп ашылатын болса сонда жіберіле берген. Ал, ол болса аудандағы барлық мұғалімдерді оқытқан адам. Ауданда оқу бөлімінің инспекторы бола жүріп, үш айлық мұғалімдердің білімін арттыру курсының директоры қызметін қоса атқарған. Ол уақытта Сәдудің аудандағы беделі өте үлкен, «туһ» десе түкірігі жерге түспейтін кез, айтқаны орындалып тұрған, және айтқаны талқылауға да жатпайды. Соның ұсынысымен ғой, әлгі оқушыларды ынталандыру сыйлығының тағайындалып жүргені. Сөйте тұра, оны да жыл аралатып, әр жердегі мектептерге жұмсап отырған.

1950 жылдың қыс айы, мектептерде жаңа жылдық каникул кезі. Мектептің есеп-қисап жұмыстарын Таушыққа, аудандық оқу бөліміне тапсырып, Жанбоз бен Үсенбаев Жұмалбек Тұшықұдыққа қайтып келе жатып, Уақ құмда Қызылауыз қыстауында мал қыстатып отырған ағасы Ережептің аулына келіп қонады. Мақсаты аға-жеңгесіне сәлемдесіп, аман-саулықтарын біле кету, оның үстіне қыстың суығында ат үстінде 40-50 шақырым жол жүру де шаршатқан болуы керек. Жеңгесі Сақыпжамалдың қайнысы келген соң, оның үстіне оқып жүргенде-ақ аты Маңғыстауға аңыз боп тараған, сол кездегі ауылдардағы ең сыйлы адам болып саналатын мұғалім Жанбоз қайнысы келген соң, несіне аянып қалсын, кебеженің түбінен сый қонақ келсе деп сақтаған досқа шәйін, күзден сақталған құрт ірімшігін, көрші ауылдың соғымға сойған жылқысынан алған бөлімнің шетінен ішекке тығып сақтап жүрген қазысын шығарып, даярлаған дастарханынан сүт қатқан қою шәйі мен айраны, артынша буы бұрқырап піскен соғымның еті тоңып келген бұлардың буынына түсті ме, кім білсін, тамақтанғаннан кейін екеуі де қатты ұйықтап қалыпты. Таңертең оянса, жерден қазылған жерүйдің есігін, бүкіл қора-қопсыны қалың қар басып қалыпты. Ережеп бастаған қайратты жігіттер жертөленің есігін жәйлап ырғап ашпақ болғанмен жентектеліп жауып, таң атқанша қатып үлгерген күртік қар оған мұрша берер емес. Қорадағы мал жағдайы қандай күйде, ол да мазалап барады. Колхоз малының амандығы шопаннан қатаң сұралатын кез. Колхоздың бастығы, ол да жаңай руынан Бәшенов Оңғали мал ауылдардағы жағдайды өзі де біліп, орталықтан адам жинап, түс ауа бұл ауылға да келіп жетті. Көмекке өзімен бірге төрт қыз ала келіпті, олар базар Сағындықтың кенже қызы Сүткенже, шолақ руының қызы Талжан (Әбілов Сәрсеннің кемпірі), қожа Жаңбырбай деген шалдың қызы, базардың қызы Зүлипа. Міне, осылар көмекке келіп, жертөленің есігін қардан аршып, үй тұтқынында отырған жігіттерді босатады. Болса да каникул кезі, мынадай қарбалас шақта ағасына көмектеспей кетіп қалудың реті жоқ, оның үстіне мұрты жана тебіндеген жас жігіттер жанып тұрған көрікті төрт қыз келген соң айналсоқтап, ауылдарына қайтуға асыға қоймасы да белгілі емес пе?!

Сүткенже, жоғарыда айтқанымыздай, Сағындықтың ерке өскен кенже қызы, ағалары Төлеубай мен Айтжан біреуі колхоздың бастығы болса, екіншісі шалғайдағы Сам өңірінде ірі ферма меңгерушісі, өзі мінезі ашық, әрі қайратты, бір жағынан Ережептің әйелі Сақыпжамалға жақын сіңлі болып келеді. Сүткенженің кіші ағасы Айтжан айтады, «Біреулер Екібайға: «Сағындықта қыз бар, балаңа неге айттырмайсың?» – дегенді естіп, Екібай 1947 жылдан бастап әкеме келіп, қарындасымды сұрап жүретін. Әкем оны жәй әзілге санап «е, саған берем ғой» дегеннен аспайтын». Сол әңгіменің шет жағы құлағына тиген болар, Сақыпжамал осы қызды Жанбозға лайық деп тауып, оңаша сәтті пайдаланып, сіңлісі Сүткенженің құлағына қайнысының мақтауын жеткізіп бағуда. Арасында Жанбозға да: «Әке-шешең болса қартайды, не ойлағаның бар? Мына қызды құдай айдап қолыңа әкеліп тұрғанда сөйлес» – дегенді де айтып үлгеріп жатыр. Бір жағынан Сағындық ағасымен құда болуды Құдай жазса, Төлеубай мен Айтжан бірі колхоз бастығы, екіншісі Самдағы шалғай шаруашылықтағы үлкен мал фермасының бастығы, осылардың тарығып жүрген «атасының отбасына көмегі де болар» деген пендешілік ой да жоқ емес. Өзі тұйықтау болған соң ба, Сүткенженің өзіне қарап, әзілдегені, күлгені Жанбоздың да жанына жаққандай, айта түссе екен деп тілейді іштей.

Кешегі қораны қардан тазарту кезінде екі жігіт қыздардың алдында ұятқа қалғысы келмей, намысты қолдан бермеске тырысып баққан болатын. Сондағы Жанбоздың асықпай-аптықпай, салмақты қимылдап, алдындағы қатқан қарды тазалағандағы қимылы Сүткенже қыздың да назарын аударған. Бойы қыза келе сырт киімдерін шешіп тастап, жұмысқа белсене кіріскен осы бір тығыншықтай жігіттің бұлшық еттерінің серіппедей ширығуы жұқалау бешпетінің сыртынан-ақ еріксіз назар аударғандай болған.

Сонымен, Жанбоз бен Жұмалбекті Қызылауыздағы Ережептің үйіне әкеліп қондырып, ертесіне қар астында қалған ауылға төрт қызды көмекке әкеліп, Құдайдың өзі осы ауылда махаббат эпопеясына жол ашқандай. Ағайынының қаршадай қызын айтқанына көндіріп, жүрегінде нәзік сезім шоғын түсіре алмаса Сақыпжамал Сақыпжамал бола ма?! Ол кешегі қанды соғыс жылдарында күйеуі Ережеп майданға аттанғанда, алды жеті жасар Меңдібай, соны бір жасар Жақсылық, үш баламен қалып, колхоз малын бағып, оны аман сақтағаны үшін 1945 жылы Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының Құрмет Грамотасымен, «1941-45 жж. Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерен енбегі үшін» медалімен марапатталған, Адайдың Келімбердісінің үлкен баласы, адайдың баршасына қорған болған Құнанорыс руының жиені Сақыпжамал үшін екі жастың арасында махаббат отын жағу не болыпты! Бұл ежелден қазақ тұрмысында орын алып келе жатырған дәстүр болса, Сақыпжамал соны кемеліне келтіре орындады. Ережеп аулында болған екі күн екі жастың бір-бірін сағынышпен еске алар сағымды күндеріне айналып, қоштасар сәтте қыздың өз қолымен кестелеп тоқыған орамалын орайын тауып Жанбоздың қолына ұстатуымен аяқталды.

Содан бастап, ауыл арасы қашық емес, ыңғайы келіп, жолығысқан сайын Сақыпжамал Сағындықтың кемпірі бәли қызы Шәйжан жеңгесіне: «Осы Сүткенжені өзім келін қылып аламын» – деп әзілдейтінді шығарды. Алғашында оның әзіліне мән бермеген Шәйжан жеңгесі де: «Е, алсаң ал, саған бермеген қызды кімге беремін» – дейтін. Оның олай деуінің де өзіндік себебі жоқ емес. Сақыпжамал кешегі заманда әжептәуір дәулеті болған өздеріне туыстығы жағынан табиғи, базар жарының отыншы тақтасынан Басшы, Қосшы деген қайнағаларының үлкені Басшының қызы, уақытында өздері қолынан дәм татқан сыйлас жандардың көзі. Кешегі соғыс кезінде үкіметке еңбегі сіңген Сақыпжамал да орайы келген сәтте айналасындағыларды ер демей, әйел демей билеп-төстеп кететін жан.

Бұл уақытта Сағындықтың үйі Түрленнің қасындағы 4-5 шақырым жерде орналасқан Жапақ қыстауында екі-үш үй болып отыратын. Төлеубайдың әйелі Күрең мектепте оқытушы, қайын сіңлісі ішкі сырларын сонымен бөліседі, Жанбозбен арадағы әңгімелері де Күреңге белгілі болған, Жанбоздың жас болса да болашағынан үміт күттірер, аудандағы мұғалімдер арасында білімімен абырой-бедел жинай бастаған жас екенін тағы біледі, екі жастың қосылуына тілекші адам.

Сол жылы жаз шыға, мектептің балалары каникулға шыққан кезде, Сақыпжамалдың айтуымен Екібайдың үйі Ережептің қасына көшіп барды. Мал қарап, тезек теріп жүріп, жеңгелері Сақыпжамал мен Күреңнің қолдау көмегімен екі жастың арагідік бір-бірін көріп, жүздесуіне де жағдай туды. Бұл жағдайдан хабардар болған Екібай көп ұзамай жанына Бәшентайдың Оңғалиын, жиені Айтанның Әнесі мен Шүренбай інісін ерітіп, Сағындықтың аулына барып, құда түсті. Алғашында Сағындықтың кемпірі Шәйжан да, баласы Төлеубай да Сүткенжені Жанбозға бергісі келмей, қарсы болғанмен, Айтжан болса, сірә да сонау Самда, бұл мәселеден бейхабар, хабар бере қоятындай байланыс ол кезде жоқ, Төлеубайдың әйелі Күрең ықпал етіп, мәселе оң шешімін табады. Сағындықтың қызын Жанбозға беруіне өзінен сегіз жас үлкен болса да замандасы, әрі бұрыннан да Сақыпжамалды баласы Ережепке алып бергеннен бері Екібаймен құдандал, сыйлас болғандығы да әсерін тигізген болуы керек.

Жас мұғалімді алдағы оқу жылында Қоңырорпа жетіжылдық мектебіне жіберетіндігі белгілі болған сәттен бастап, ауыл арасы алшақтаса, үйлену жәйі де сөзбұйдаға түсіп кетер деген оймен Сақыпжамал жеңгесі тойды көп ұзатпай жасамақ болады да, қол алысып, құда болған, қайнауы жеткен мәселені тездетіп, сол жазда Жанбоз бен Сүткенже қосылады. Сағындық үйі екі қой сойып, маңайдағы ауыл-аймақты шақырып, соғыстан кейінгі сол кезеңнің өлшемімен айтар болсақ гүрілдетіп той жасап, кенже қызы Сүткенжені ұзатады. Қалыңдығын алып кетуге барған Жанбоздың атына Сүткенжені мінгізіп, өзі жетектеп, Жанбозды қасына ертіп, ауылдан дауыс жетер жерге шығарып салып, Күрең жеңгесі ат шылбырын Жанбоздың қолына ұстатып, үйіне қайтады. Қайтар сәтте қайын сіңлісіне артына қайырылып қарамауын қатты тапсырып, өзі кетіп бара жатқан жас жұбайлардың артынан отырып, дәрет еткен соң, бұл да ертеден келе жатырған салт-дәстүр, оны да орындап, ауылға оралды. Сүт кенжесі Сүткенжесін Жанбозға қимаған Шәйжан кемпір: «Енді ғана кір жуып, ине ұстауға жарадың, ақыл айтар ене жоқ, тұл үйге тұлға болды-ау, қарағым», – деп, сыңсып жылап қала берді.

Қызыққа толы жаздың қалай өткені де байқалмады, тамыз айының аяғына таман Жанбоз аудандық оқу бөліміне шақыртылып, 1950/51 оқу жылына Қызандағы Қоңырорпа жетіжылдық мектебіне химия, физика пәндерінің мұғалімі және үшінші кластың оқытушысы болып жіберілді. Бұл мектепке ол енді қолында қарт әкесі, әйелі бар, үйлі-баранды, ересек мұғалім болып келді.

Үшінші класты оқыту, жоғарғы класс оқушыларына химия мен физиканы оқыту, кластан тыс жұмыстар, балалармен спорт алаңында түрлі ойындар, үйірме жұмыстарын өткізу, қолы қалт еткенде танымайтын бөтен ауылға келіп, оның үстіне ата-ана ұясынан енді ғана ұзатылып, жаңа өміріне көндігіп кете қоймаған келіншегіне көмектесіп жүргенде, бұл оқу жылы да аяқталды.

1951-52 оқу жылының басында Жанбоздың жұмысы сол Қоңырорпа жетіжылдық мектебінде жалғасқан. Бірақ, сол жылы Таушықтағы орта мектептің математика мұғалімі Шоңқалов Торғай жана оқу жылы басталысымен қыңқыл-сыңқылы көбейіп, ауырып жүрді де, бұл мектепке математикадан сабақ беретін оқытушы әкелу қажеттігі туындады. Аудандық оқу бөлімінде Қоңырорпа мектебіндегі Екібаев Жанбоздың есімі жиі айтылған болуы керек, «отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге тарайды» дегендей, мектеп оқушылары арасында «Жанбоз келеді» деген әңгіме естілгелі де біраз уақыт болған. Онымен келе қойған Жанбоз жоқ, бірақ, хабар күн санап жаңғыра түседі. Бұл хабар енді оқушылар арасында да қызығушылық туғызып, Жанбоздың кім екенін білуге құмартушылар көбейе түсті. Бір күні «Жанбоз келе жатыр» деген хабар лезде мектеп ішіне тарап, үзілісте жүрген оқушылар топырлап далаға шығып, жан-жаққа көз салса, алыста бір түйелі адам келеді. Қонырау соғылды, бірақ, балалар сабаққа кіруге асығар емес, бәрінің есіл-дерті пәлен күннен бері «келедісі» көп болған осы бір жұмбақ жанды бірінші боп көру. Сөйтіп тұрғанда, басынан аяғына дейін кіршіксіз ақ киім киген бір шал келіп, түйесін шөгерді де, оның артына мінгескен кішкентай бойлы домаланған бала түйеден түсіп жатыр. Жанбоздың алдынан Тұщықұдықта дәріс алған, оны бұрыннан танитын Қаму «мынау Жанбоз» деді, қалған балалар: «Е, Жанбоз, Жанбоз» деп әнеугіден елді шулатып жүргендері осы ма!» – дегендей, көңілдері су сепкендей боп, кейін бұрылып бара жатты. Сөйтіп, 1951 жылдың қыркүйек айының ортасына таман Жанбоз Таушықтағы өзі оқыған Шахта орта мектебінің оныншы класына математикадан сабақ беретін оқытушы болып оралды. Араға апта салмай, ол кезде үй жиһазы қандай көп болсын, Екібай үйін көшіріп әкеліп, Таушықтағы барақ үйлердің бір бөлмесіне орналасты.

Есімі ауыздан ауызға тарап, Жанбозды көруге құштар болғандар алғаш кездескенде-ақ оны қорашсынып, көңілдері су сепкендей болған бала көңілін қайта жаулап, аз ғана мерзім ішінде оқушылардың сүйікті ұстазына айналу кез келген педагог үшін оңай шаруа емес. Шахта орта мектебінде бір ай сабақ беріп, шәкірттерінің жүрегінен өмірлік орын алған Жанбоз ағайды «шын мәнінде ұстаз болу үшін жаралған жан ба?» деп те қаласың. Ол туралы Жанбозға бір-ақ ай оқыған шәкірті, қарт мұғалім Сүйеуұлы Базархан былай деп еске алады: «Тоғызыншы класты он үш күн Жыңғылдыда оқыдым, мені интернатқа алмады. «Өз аулыңның баласын қаншалықты мәжбүр болса да интернатқа алмайсыңдар, туыстарының үйінде жатса да оқиды, тек қана тау бойының орталау мектеп бітіріп келген балаларын аласыңдар!» деген жоғарыдан түскен пәрмен бар екен. Сонымен интернатқа қабылданбадым. Қыркүйектің 13-жұлдызында Таушыққа кетіп қалдым. Адамның жолы болуын қойсайшы, мектептің коридорында Жыңғылдыда алдыңғы жылы аз ғана уақыт мектеп директоры болған Төлебаев Диярдың тап бола кетпесі бар ма? Жағдайымды естіген соң ол мені сол бойда интернатқа орналастырды. Ол кездегі оқушылардың оқуға деген ынтасы зор ғой, жоғарғы кластың балаларына сабақ беруде жоғары білімі бар мұғалімдердің өздері де қатты қиналып, қиыншылықтарға ұшырап қалып жататын. Қыркүйектің екінші жартысында Екібаев Жанбоз физика мен математикадан сабақ берді. Геометриялық прогрессиядан да, математикалық прогрессиядан да оқытқан сол кісі. Мен өзім онша математик емес едім, бірақ, жаңағы Жанбоздың оқытуы ерекше, тек ерекше емес-ау, адам көрмеген ерекше.

Мұқабасында: «по алгебре Ларичева 6-7 – сем. и средних Екибаева Жанбоза. Начато: 11 октября 1953 г. Закончена 18 октября с.г. г. Дилижан в/ч 64194 «Г» деп жазылыпты. Қарап отырсақ, бірге оқыған жолдастарының естеліктерінде айтылғандай, №1024 есептен №1060 есепке дейін бір де бір есеп қалдырмай және дәптерді өте ұқыпты таза толтырыпты. Дәптердің соңғы бетінде «Продолжение в следующей тетради» дегеніне қарағанда бұл дәптердің жалғыз болмағаны деп шамалағанымыз дұрыс. Жанбоздың кейінге сақталған қойын кітапшасы да иесінің тынымсыз ізденіс үстінде жүретін адам екендігінен мол хабар бергендей. Әскер қатарында жүріп бастаған бұл қойын кітапшасында Жәкен тек есеп шығарып қана қоймаған, сонымен қатар әртүрлі халықтардың әріп алфавиттерін жазып, жаттап үйренген. Солардың қатарында грек, армян, грузин, араб, неміс, латын алфавиттері сақталған. Осы блокнотта Ұлы Отан соғысындағы кейбір маңызды кезеңдер даталары да жазылыпты, мұсылманша әйет сөздері де жазылған. Оның бұл әрекетін байқаған командирлері запастағы офицерлерді дайындау мектебіне жолдама беріп, Жәкен ол оқуды да үздік аяқтап, «кіші лейтенант» атағын алып шығады. Жанбоз армияға кетіп қалғаннан кейін сол жақта жүріп кластасы Алдабаймен жиі хат алысатын, ал, ол болса Жанбоздың офицерлік оқуды оқығанын қолайламай, «офицер болса жиырма бес жылсыз ел бетін көрмей, әскери қызметте қалып қоюы мүмкін» деген оймен ол Екібай қарт болып, қажетті анықтамаларды жинақтап, әскери бөлімнің бастығына хат жолдап, өзінің жалғыз басты, аурулы қарт екендігін айтып, асыраушысы тек сол Жанбоз екендігін, оның әскер қатарындағы «службасы» аяқталған соң елге жіберуді айтып, өтініш жазып жібереді. Құрдасының мұнысы нағыз «көрегендік» болғандай еді. Қыркүйек айының аяқ шенінде баласы Жанбоздан хат келді. Осы хатты үлкен ұлы Ережепке апарып көрсетпекке, оның үстіне үйде ет те таусылған, баласынан қой сойып, ала қайтпақ болып Екібай колхоздан бір атан түйе сұрап алып, қомдап, ертең таңертең аттанбаққа даярланды. Сүткенже мен Боранбай аурухананың сары атанымен даладан тезек теріп әкеліп өткізбекке жүрмек еді, сол үшін ауруханадан оларға қырық сомдай ақша берілетін. Ертесіне таңертең бұл екеуі жұмыстарына аттанып кетті де Екібай сәл жайырақ жүретін болып, үйде қала берді. Түске жақын терген тезектерін түсіріп, үйлеріне шәй ішпек болып келсе, аталары әлі кете қоймаған, үйде екен, бұларға: «Сендер шайларыңды ішіп, жолдарыңнан қалмай жүре беріңдер, мен сәл азырақ жата тұрып, ішімнің ауырғаны бәсеңдеген соң, жүрермін» деген соң, ойларында ештеңе жоқ, ол екеуі жұмыстарына аттанып кеткен. Күні бойы тезек теріп, тағы да екі қанарды толтырып, атанға теңдеп, ауылға оралса, кеше қомдалған түйе сол орнында, атасы әлі кетпепті. Әлденеден жүрегі секем алып, Сүткенже мен Боранбай үйге енсе, Екібай сол жатқан орнынан қозғалмаған, ыңырана ауырсынып жатыр екен. Сүткенже атасының ауыр халін көргеннен соң Боранбайды өздерімен көршілес емші дәрігер бәйбіше Қойсарыға жүгіртті. Ол кісі де айналмай, Боранбаймен ілесе үйге келіп, Екібайға жақындап, оның жағдайын көргеннен соң: «Апырым-ай, таңертең маған неге айтпағансыңдар?» – деді де, еңкейіп отырып, бірдеңелерді күбірлеп айта бастады. Сәлден соң үйдегілерге: «Аталарың ұйықтап кетті, сендер шайларыңды іше беріңдер, оны мазаламаң» – деп, Екібайдың бетіне мата жауып, тысқа шығып кетті. Көп ұзаған жоқ, көршілес жаманқара руының ақсақалдары да біртіндеп келе бастады. Сонда ғана Сүткенже атасының бақилық болғанын сезіп, дауыс салып, көз жасына ерік берді. Қазір шамалап қарасақ, Екібай ақсақал соқырішегі жарылып кетіп, дүниеден өткендей. Болған жағдайды хабарлап, әскери бөлімге берілген телеграмманың көмегі тиді ме, әлде әлгі оқуы шынында да запастағы офицерлерді даярлайтын болғандықтан ба, ауылдағы шиеттей баламен қалған әйелінің жағдайы туралы жіберілген анықтамалардың әсері болды ма, Жанбоз 1953 жылы 31 қазанда армия қатарынан бір жыл ерте біржола босап, 12-қарашада елге келді. Оның армиядан босап, елге келу сапары туралы да жоғарыда сөз болған блокнот ішінде Жәкеннің өз қолымен былайша баяндалыпты: «О демоблизации. Я, Екибаев Жанбоз 31/Х-53 г. уволен в запас по приказу МО СССР №05352 от 22.09.53г. и присвоен звание младший лейтенант запаса. 31/10.53 г. 21 час отправился от ст. Кировакана; 1/XI.53г. 6 часов прибыл в г. Тбилиси, отправился 20 часов на поезд Тбилиси-Ростов, п-д №62. 2.Х1-53г. 6 часов был в г. Сухуми далее – 14 ч. в Сочи, 18 ч. в Туапсе. 3 ноября. 3 час прибыл в г. Армавир, 4- 30. Сев. Кавказ, 6-00 Тихорецкая. (п-д,№74). 4 ноября 12 часов прибыл в Сталинград; Здесь увидел Волго-Донского канала, музея и весь города. 17 ч. отправился в Саратов (п-д № 47). 5-ноября. 8-50 прибыл в г. Саратов. Побывал весь городе, давал телегр. Изтургану. отправ. поездов №73 на Оренбург 13-55. 6-ноябрь г. Уральск -7-15. 9-29 отпр. п-д №18.

7-ноябрь 3-00 прибыл в ст. Кандагач. 6-00 отпр. п-д №76 в Гурьев. Прибыл 9-00 Доссоре. 10 час. приб. в Гурьев. В Гурьеве был с 8-11/Х1. 11/Х1-53г. москв. врем. 7-50 улетел от Гурьева до Ф-Шевченко. В 10 часов прилетел п. Баутино, там ночевал в доме Абдымова Адилхана. Утром 10 часов 12/Х1 выехал с Ф-Шев. направ. п. Таучик, приехал 14 часов и ночевал в доме Калабая Аманиязова. 13/Х1 – познакомил несколькими знакомыми и пришел сестру, которая жив. в Таучике». Біз блокнотта қалай жазылса, сол күйінде беруді ұйғардық, бұдан Жәкеңнің армиядан қайту сапарын толықтай көзге елестете аламыз.

Елге келгеннен кейін әскерден оралған солдатты үйде көп отырғызған жоқ. Бұл кезде Жыңғылдыдағы Куйбышев атындағы мектепте математика мен физикадан сабақ беретін оқытушы жетіспей, аудандық оқу бөлімі бір қолын екі ете ал май отырған болатын. Олардың көктен тілегені жерден табылып, ауылға келгеннен кейін отбасымен, ағасы Ережептің үйіндегі інілері Меңдібай, Боранбай, Жақсылық, Жұмабектерді бауырына басып, әсіресе, өзі армияға алынғанда іште қалып, 1952 жылдың ақпан айында жарық дүниеге келген, бұл күндері аяғына толық мініп, томпаң қаққан тұла бойы тұңғышы, домаланған сүп-сүйкімді, есімін атасы Екібай Жанбозбен ұқсастырып «Байбоз» деп қойған Байболымен қауышып, мауқын басқан соң және жақында, 1953 жылдың қазан айының орта шенінде өмірден өткен әкесінің қырқын бергеннен кейін, желтоқсан айының аяғына таман Жанбозды шақыртып алып, қысқы каникулдан кейін Куйбышев мектебіне математика мен физика пәнінің оқытушысы етіп жіберді.

Бұл мектепте Жанбоз салт жүріп жұмыс жасауға мәжбүр болды, өйткені өзі армия қатарына алынып кеткен соң Екібай мен Сүткенжені Ережеп пен Сақыпжамал өз қасына көшіріп алған болатын, ал қыс көзі қырауда жас баласымен оларды жылы орнынан қозғауды өзі де жөн көрмеді, оның үстіне қаңтар айында Жыңғылдыда оның отбасын көшіріп әкеліп, қондыра қоятын үй реті қайдан болсын, сонымен оған жұмысты салт жасауға тура келген еді. Елге келген соң өзінің сүйікті мұғалімдік ісін қызу қолға алып, сонау оқушы кезінен қалыптасқан түрлі үйірмелер жұмысын жандандырып, жаңа ұжым мүшелерімен етене араласып кетті. Сөйте жүріп, алдағы жазда Гурьевтегі оқуын қайта жалғастыру мақсатында хабарласса, оны әлдеқашан студенттер санатынан шығарып та тастапты. Сонда да болса жоғары білім алуды мақсат тұтқан ол институтқа қайта құжаттарын дайындап, емтихан тапсыруға дайындала бастады. «Оқуға барып түсе алмай қалсам, одан асқан масқарашылық болмас, онда әрі қарай мұғалімдік жұмысымды жалғастыруға да моральдық құқымды жоғалтуға тиіс боламын» деген ой жатса-тұрса есінен кетпеген Жәкең өзіне деген талабын да күшейте түсті.

Мектептегі кезекті оқу жылы аяқталысымен Жанбоз Гурьевтегі мұғалімдер институтының физика-математика факультетінің сырттай оқу бөліміне қайыра құжаттарын өткізді. Өзінің Кеңес Армиясы қатарында болып, оқудан амалсыз қол үзгенін айтып, бұрынғы оқуын жалғастыруды қалпына келтіріп, әлектенгісі келмеді, онсыз да сынақ емтихандарынан сүрінбей өтеріне өзіне-өзі сенімді болатын. Сол сенімі ақталып, ол 1954 жылы аталмыш оқу орнының бірінші курсына қайта қабылданып, ауылға оралды. Келсе, алдағы оқу жылында оны Үштағандағы Ленин атындағы орта мектебінің физика, математика пәндерінің оқытушысы қызметі күтіп тұрған болып шықты.

1955-56, 1956-57 оқу жылдарында Жанбоз Екібаев осы мектепте қызмет атқарып, мектептің қоғамдық өмірінде белсенді еңбек етті, жастар арасындағы түрлі спорттық ойындардың дамуына, оқушыларды үйірмелерге қатыстыруға үлкен мән берді. Білікті ұстаз, өзі қызмет ететін ортада да, ауыл ел арасында да, биязы мінезімен халық арасында да, мектеп ұжымында да үлкен беделге ие болды. Бұл мектепте Жанбоздың өзімен бірге орта мектепті бітірген Айтмағанбет Құдайбергенов директор болатын, сонан соң одан бір жыл кейін оныншы класты бітіріп, Алматыдағы Абай атындағы педагогикалық институтын үздік бітіріп, елге оралған Бектұрған да осы мектепке Айтмағанбеттің шақыруымен математика пәнінен мұғалім болып орналасқан. Көп ұзамай Әріпов Дүйсенбі келді, осылайша мектепке тепсе темір үзетін, сайдың тасындай азаматтар жинақталып, балаларға білім беру ісі жаңа бір сатыға көтерілген кез еді.

Мектеп колхоз шаруашылығына да көп көмегін тигізетін, тоғызыншы класс оқушыларынан бригадалар жасақталып, шөп шабу, мал азығын даярлау, қой қырқымы мен түйе күзеу, қораларды қидан тазарту істеріне белсене араласатын. Осындай бір бригаданы Зұлпықаров Орынбай деген мұғалім басқарып, Жаңаөзеннің маңындағы Талақ деген жерде шөп шаптырып жатты. Шамасы, 1957 жылдың жаз мезгілі, Бектұрған мектепте директор, оқушылардың жұмысымен танысып қайтпақ болып, колхоз председателі Ерғали Төлесіновтен бір астаулы машина сұрап алып, Жанбозбен бірге жолға шықты. Жұмыс барысымен танысу сылтау, Жанбозды ертіп, мектептің кіші калибрлі винтовкасы мен өзінің 16-калибрлі жеке ауызын ала шыққанына қарағанда, аң қарап, көңіл сергіту де жоқ емес ойларында. Жанбоз керемет мерген, көздегенін жібермейтін атқыш, ол машина кузовында, Бектұрған, қанша дегенмен директор аты бар, кабинада. Жолай Талақтың дөңіне келгенде сонадайдан төрт киік қашып, әдеттегіше машинаның жолын кесуге бағыттап қиястай тартты, енді болмаса жолды кесіп өтуге де жақындағандай. Бектұрған кабинадан басын шығарып, Жанбозға: «Киіктер жолды кесіп өтіп кетпесін, алдына қарай жердің шаңын бұрқ еткізіп, бір оқ шығаршы» – дегенше болған жоқ, Жанбоз мылтығын кезегені сол еді, алдыңғы киік омақата құлап түсті. Бұлар да жақындап келіп тұра қалып, оны бауыздап жатыр. Бектұрған да, машина жүргізуші Тілеужан да Жанбоздың мергендігіне таң қалысып, таңдайларын қағып жатыр. Оқ ауыз омыртқа тұсынан мойынның бір жағынан кіріп екінші бетінен шыққан, жұлынды үзіп кетіпті. Ойқы-шойқы далада жолсызбен киік қуып келе жатқан машина үстінен осыншама дәлдікпен ату кез келген мергеннің қолынан келе бермейтін өнер емес пе!

Жанбоз шынында да адам айтқысыз мерген болды. Жалпы математик адамдар еркінен тыс әр қимылын осы ғылым заңдылықтарымен ұштастыра қарауы табиғи заңдылық па дерсің. Менің бір математик жолдасым «Запорожец» машинасымен жол бұрылысында аударылып қалғанда, өзін емес, «машинаның бұру механизмін дұрыс есептеп жасамаған» деп зауытты кінәлағаны бар еді. Сол айтқандай, Жанбоздың тұла бойы математикалық дәлдікке құрылғандай, қозғалыста кетіп бара жатқан аңды көздеп оқ шығарғанша, сол оғының ұшу траекториясын, нысанаға жеткенше кездесетін жел, т.б. кедергілер әсерін, аң мен машина жылдамдығын бүкіл өн бойымен сана жетпес қас-қағым сәтте есептеп үлгіретін. Оның бұл қасиетін кәнігі шоферлардың бір жүріп өткен жол бойындағы адыр-бұдыр, ойқы-шойқы жерлерін екінші рет өткенде бүкіл болмысымен сезініп, аяғы тежегішті басуға, қолы рульді бұрып үлгіруге даярланып отырумен салыстыруға болар. Ол тек мылтық ұстағанда ғана емес, қолына тас алып лақтырғанда да көздеген нысанасына атқан тасын дөп тигізетін. Оның бала кезден досы Алдабай: «Жанбоздың әуестенетіні – оқу, бала болып көп ойнауды білмейтін. Мәселен, тригономегриядан үйге үш есеп шығару тапсырмаға берілсе, ол төрт есеп шығарып келетін. Кейде асық ойнап жатырған үстімізден шыққанда қолымыздан сақаны алып, асық атқанда дәл тигізетін» – деуіне қарағанда, оның бойындағы мергендік қасиет те туа біткен ерекшелік болуға тиіс. Аң аулауды кәсіп қылып көрмесе де, кей сәттерде көңіл сергітіп, демалғысы келгенде ауыл сыртындағы құмға шығып, қоян атқанды жақсы көретін-ді. Мұндайда қасына бұрынғы шәкірттері, бүгінгі әріптес інілерінің бірін немесе Жұмабекті ерітіп алушы еді. Сондай інілерінің біреуі Пернебай мен Жұмабек Жәкеңнің қоян ату шеберлігін былайынша еске алды: «Ағамыз қоян аулауға кешке қарай шығады, біз артында еріп келе жатамыз. Бір сәт Жәкен бізді тоқтатып: «Ана қоянды атайық, кідіріңдер!», – деп мылтығын кезеген жаққа қанша зер салып қарасақ та ештеңе көрмейміз. Бір кезде кіші калибрлі мылтық үні тырс ете қалады да, аңшымыздың соңынан барсақ, қақ маңдайдан оқ тиген қоян сұлап жатады. Жәкеңнің өзінің айтуынша күн төмен құлағанда бұта түбінде жатқан қоянның екі құлағы күн шапағы әсерімен қып-қызыл болып көзге түседі екен, мерген сол екі құлақтың ортасын алып сәл төмендеу көздеп ататын көрінеді. Осы өмірімізде қоян аулауды дәл осындай тәсілмен жасаған басқа ешкімді кездестірген де, естіген де емеспіз».

1957-58 оқу жылына Жанбоз қайтадан өз аулы Тұщықұдықтағы Сталин атындағы орта мектепке мұғалім боп келді. Бұл кезде Тұщықұдық мектебінде білімді математик мұғалімдер жұмыс жасайтын. Олар Рахметов Хисмет ағай, адайдың тұңғыш институт бітірген қызы Таңмағанбетова Гүлмария (Ақтөбе педагогикалық институтының физика-математика факультетін бітірген), Жаманбаев Әбдібек ағай бар, сол себепті де Жанбозға математикадан сағат жетпей, ол география пәнінен сабақ беретін мұғалім болып істеді. Осыған қарағанда күшті математик мұғалімнің бұл мектепке ауысуы шамасы отбасы жағдайларына қарай өз өтініші бойынша жүзеге асқан сияқты. Оның үйі осы жылы Шайырдан селолық кеңес төрағасы қызметінен Тұщықұдыққа ауысып көшіп келген Шүренбай ағасының отбасымен бірге қоржын үйдің екеуі екі басына кірді. Ол кезде колхоздарда ұзын бір корпус үй салынып, оның екі жағынан арқаластырыла бірнеше кіреберіс жасалатын. Әр кіреберісте ортақ бір дәліз болады да, сол дәліздің екі бетінде екі бөлме салынып, ортасы қоржын пешпен бөлінетін. Міне, қоржынның екі бөлігіндей болып салынған осы үйлерді «қоржын үй» дейтін. Алайда, сол жылы мал маманы Шүренбай Нәубетовты колхоз жанынан Алматыдағы мал мамандарын даярлайтын үш жылдық оқуға жібереді. Жанбоздың отбасында өзі, әйелі Сүткенже, ұлы Байбол – үш жан болса, Шүренбайдың да отбасы – өзі, әйелі Әжен баласы Балтабек, бұлар да үш жан. Әжен дүкенде сатушы, күні бойы жұмыста, екі үйдің де бар шаруасы Сүткенженің мойнында. Қашан да қабақ шытпай, емен-жарқын жүретін Сүткенже келін екі үйдің де шаруасын тап-тұйнақтай етіп қояды, балдар да бағулы. Үш жыл бойы екі отбасы бір-бірімен «ища» деспей тату тұрғанын бүкіл ауыл-аймақ ауыздарының суы құрып әңгімелеп отыратын.

Ол кезеңде Маңғыстауда тек мұғалім кадрлер ғана емес, ауыл шаруашылығы саласының кадрлерінің де жетіспейтін кезі. Шүренбайды аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Қағазов Төлеген шақыртып алып: «Біраз жыл кеңес қызметін атқардың, байқаймын, түбіңде сенен үлкен ауыл шаруашылығы маманы шығады, болашағың бар жас жігітсің, оқып кел, Алматыға үш жылдық ауыл шаруашылығы мамандарын даярлайтын оқуға жібергелі отырмыз», – деп оны 1957 жылдың 15-қарашасында оқуға жібереді. Бұл оқудың шарты: бұрынғы алып жүрген айлығы сақталады, бірақ, оқуын бітіргеннен кейін маман осы ауылға оралуы тиіс. Сонымен Шүренбай ағасы отбасын Жанбозға аманаттап, өзі Алматыға кетті. Екі үйдің отбасы мүшелері бір үйдің адамдарындай тату тұрды, тамақты бір жерден ішетін. Жанбоздың сірә да тентек мінезі жоқ көңіліне ұнамаған нәрсені басқа түгілі өз әйеліне де тіке келмей ыммен, қимылмен түсіндіргенді машық еткен жан.

Сүткенже болса әйел адам, үйге келген тамақты кейінге, ұялатын біреу міреулер келе қалса деп сақтап қойғанды тәуір көреді, қолына түскен ақшаға үйге ет толтырып қоюды машық тұтатын атасының бақилық болғанына да төрт-бес жыл болды, дастархан үсті жұпыны тартыңқырап кетсе керек, Жанбоз бірде әйелі мен жеңгесіне: «Бүгін мектепке ауданнан адамдар кел еді, мектеп директоры Ғайнибай аға ауылда жоқ, түске үйге қонақ келеді, дастархандарыңды даярлап қойыңдар», – деп тапсырып, өзі жұмысына кетеді. Екі келіншек бұл хабарды естіген соң, білекті сыбанып іске кіріседі, бір қойды сойып, өкпе-бауыр, ішек-қарнын ет қосып қуырып, қазанға ет салып асып, майына бауырсақ пісіріп, бидай қуырып, қолында барларын қойып, дастархандарын жайнатып, қонақ күтуге даярланады. Түс мезгілінде қасында ешкім жоқ Жанбоз үйге келсе, жайнаған дастархан, буы бұрқыраған шәй, жеңгесі мен жұбайы Сүткенже күтіп отыр. Жалғыз өзі келген Жанбозға сұраулы кейіппен қарап Сүткенже: «Не болды, қонақтар қайда?» – деп сұраса, Жәкен: «Ешқандай қонақ жоқ, бүгінгі қонақ мен, біздің қонақтан неміз кем, дастархан неге күнде осылай жайылмайды, ендігі жерде де тап осындай болмаса да, дастарханды жұпыны ұстамаңдар», – деп оларға өз ойын білдіреді. Содан бастап Сүткенженің дастарханы үнемі қонақ күткендей болып жайылып тұратын болды.

Шүренбай сол кеткеннен үш жыл оқып, 1960 жылдың маусымының аяғы, шілденің бас кезінде елге оралды. Бұл келгенде Жанбоз енді ойдағы мектептерді қойып, сонау оттонный участок аталатын Самға Қызыләскердегі жетіжылдық мектептің оқу ісінің меңгерушісі болып кеткен екен.

Жәкен Қызыләскердегі жетіжылдық мектепке оқу ісінің меңгерушісі болып тағайындалғаннан кейін аудандық оқу бөлімінің ауыл шаруашылық басқармасына жасаған өтініші бойынша «Амангелді» колхозының бастығы оның үйін Самға көшіріп апару үшін өзінің құрдасы Оразғұлдың машинасын жіберген екен. Бұл кезде Жанбоз Бесқаладан киіз үйдің ағаш қаңқасын әкелетін адамдарға ақша қосып, Шымбайдың бес қанат еңселі үйін тіккен, ағасы Ережептің қойларының жүнінен ақ киіз бастырып, үзік, туырлықтарын жаңадан жасатып, үйдің бау-басқұрларын қолы шебер Сүткенже мен Сақыпжамал жеңгесі өз қолдарымен тоқып, үйдің ішкі-сыртқы көркі көз тартатындай болған еді. Құрдасы, әрі кешегі шәкірті Оразғұл сол кездің тілінде «Газик» деген атауға ие болған Газ-51 машинасын көлденең тартып, үстіне өзі шығып, үй жиһаздарын орын орнымен орналастырып, жүктің үстінен адамдар отыруға ыңғайлап орын қалдырып, сол шұңқырланған орынға Жанбоз бен Жұмабекті отырғызып, машина кабинасына біреуі бестегі, біреуі сегіздегі София мен Байболды алып Сүткенжені мінгізіп, Тұщықұдықтан шыққанда күн сәскеге таянған-ды.

Содан бұлар түс қайта асуы қиын Манатаға келгенде, Оразғұл етектегі бейіт жанына тоқтап, білген аятын оқып, құран бағыштаған соң машинадағы жүргіншілерді тегіс жерге түсіріп, олардың шың басына жаяу көтерілуі қажеттігін түсіндірді. Өзі машина руліне отырып, Жанбозға қолына үлкендеу бір тас ұстап машинаның артынан еріп отыруы қажеттігін, егер тауға қарай тырмыса өрмелеген машина тарта ал май, кідірістей қалса, артқы дөңгелек астына тас тіреп, оның кейін қарай жылжып кетпеуіне жағдай туғызуы керектігін айтты. Мұның бәрі апатқа ұшырамай, тауға аман-есен көтерілу амалы болатын.

Оразғұлдың асығатын да жөні бар. Бағанадан бері Манатының үстін торлаған қара бұлт тәжірибелі жүргізушінің көңілін алаңдатып келген еді. Егер аз да болса жауын сіркіреп өтсе, Манаты асу бермес кедергіге айналары хақ. Таудың кебірлі қабаты жылпыған тайғақ балшыққа айналып, тау жолы нағыз апатқа ұшыратар қауіп туғызбақ. Олай бола қалған жағдайда, ауа райы ашылып, жер беті дегдігенше тау етегінде бірнеше күн аялдауға тура келері сөзсіз. Көзсіз ерлікке, тәуекелге жол жоқ, ондай қадамға барған бағы тайғандардың біразы шыңнан етекке ұшып, мерт болған. Сонау төмендегі машина сынықтары жол қаупін сәт сайын еске салып тұрған соның айғақтары еді.

Үстіне жүк тиеген машина ыңырана қозғалып, өрге қарай әрең жүріп келеді. Қолына ат басындай кесек тас ұстаған Жанбоз машина соңына ентіге ілесіп келеді, кей сәтте оның көзі сонау етекте жатқан бұрындары таудан ұшқан машина сынықтарына түсіп кеткенде, бойын үрей билеп, денесі дір ете қалатындай. Сәл кейініректе Софияны көтерген Сүткенже, оның алдынғы жағында он жасар Жұмабек пен сегіздегі Байболы үздік-создық боп көшке еріп келеді. Бұлар «Самға көшеді» деген хабар естілгелі Сақыпжамал жеңгесі: «Ол жаққа барғанда Байболын жалғызсырамасын, мына Жұмабекті де өздеріңмен бірге ала кетіңдер, ана үш жасар Гүлсімді маған қалдырып кет, бауырыма басамын!» – деп, баласы Жұмабекті әкеліп тастап, Гүлсімді алып кеткен. Әулетті өзі билеп-төстеп қалған ер мінезді жеңгесін өзі де «мама» деп атап кеткен Жанбоз оның бұл айтқандарына қарсы болмаған. Енді, міне, Маната асуында соңдарынан томпаңдап еріп келе жатқан екі баланы көргенде кішкентай Гүлсім есіне түсіп кетіп, жүрегі «шым» ете түскендей болды да басыла қалды.

Жанбоз бен Сүткенже Жұмабекті жатсынған жоқ, өз балдарындай бағып-қағып өсірді, тіпті көптеген адамдар Жұмабекті беріге дейін Жанбоздың баласы деп санап келді. Ол туралы Жанбоздың келіні, Байболдың жұбайы Күреңнің мына бір әңгімесі де мысал бола алады: «Бірде поезда келе жатып, көрші отырған егделеу екі адамның әңгімесіне еріксіз куә болдым, өйткені олардың әңгімелерінің арқауы атам туралы еді. Қарттардың біреуі:

 Е, Бәке, мен жақында Оразды көрдім. Жанбоз ағай директор, баяғыда бірге қызмет жасап едік. Жәкен халық арасында сыйлы азамат еді ғой, соның жалғыз баласы бар еді, ендігі өсіп азамат болған болар, Жәкеңдей адамның баласы басқалай бола қоймас, олардан не хабарың бар? – деп нығарлай сұрады екіншісінен. Шамасы, алғашқысы Маңғыстаудан шеткері тұратын болар деп шамаладым.

 Е, ол бала үйленіп, үш қыз, үш ер балалы болды, Жанбоздың жапырағы жайылды.

 О, жаратқан Жәкеңе бақ берген екен, өзі де бір Құдай деген жан еді, өркені өсіп, жапырағы жайылды деген осы, – деп жатты.

Мен атам туралы жақсы лебізді естіп, іштей марқайып отырдым. Байболдың жалғыз бала екенін мен сонда білдім. Бұл әңгімені атама да, енеме де айтпадым, айтуға батылым да жетпеді. Өйткені атам да, енем де: «Біз көппіз, ой, жарығым, біз көппіз» – деп отыратын.

... Құдайдың қарасқаны болар, кіші бесін кезінде жүк тиеген машина қыр басына көтерілгені сол еді, осылардың жар басына көтерілуіне қарасқандай-ақ, бір-екі күннен бері қабағы ашылмай тұрған аспан әлемінде алдымен дауысы жер жарғандай боп күн күркіреді де, артынша найзағай ойнап, көп ұзамай нөсер жауын селдете жөнелді. Оразғұл мен Жанбоз ауа райының салқын қабағын сезіп, алдын-ала даярлап, оңайға қойған брезент кенеппен жүктің үстін жауып, көшке ілескен баршасы кабина ішін паналады. Мұндайда тәжірибесі мол Оразғұл жердің миы шығып кетпей тұрып біразырақ ілгері жылжып қалғысы келгендей жер қыртысындағы қатқақты қуалай ілгері тартты. Алайда, арты тұтасқан қалың бұлт та өз дегенін істеп, Үстіртке көтерілген жол әрі қарай машинаны көп жүргізбей, көш Уәліге жетпей, жолда түнеуге мәжбүр болды.

Жаңбырдың басталуы қалай тез болса, әлде бұлт бойына жинақталған ылғал сарқылды ма, немесе алыс жолға бет түзеген жүргіншілерді мүсіркеді ме, әйтеуір, күн батып, қас қарая бастағанда тоқтауы да кенеттен болды. Бұл түнді далада түнеп өткізуге тура келді, өйткені мына миы шығып жатырған дала жолымен қырдағы мал жайлатып отырған ауылдарға бұрылып жүруге шофердің де жүрегі дауаламаған болар. Жол соғып, оның үстіне бала арқалап шаршаған Сүткенже мен күні бойғы жүрістен шалдыққан балаларды машина кабинасына жатқызып, өздері үстінен жабылған кенеп пен құрғақ күйде сақталған бір үзікті ылғалдан сорыға бастаған жерге төсеп, далаға жатқан екі құрдасқа аспандағы бұлт та сейіліп, жұлдыздар әлемі жымың қағады. Оразғұлдың: «Ауа райы осы бағытта тұрса, Құдайға шүкір, таң атқанша жер де сорығар, жүрісіміз де өнер» – деп, ертеңгі күнге бал ашқандай болғаны да көңілді біраз сергіткендей. Десе де, ертесіне жолға шыққан бұлардың жүрісі де қиындау болды, бұл жақтың топырағы су тиген сайын қатайып, машинаның жүруін тездете түсетін Тұщықұдықтың немесе Уақтың құмы емес қой, тәжірибелі жүргізуші Оразғұлдың жол қуалай жүріп келе шеберлігі арқасында ғана машина балшыққа батпай, ілгері жүріп келеді. Итшілеген жүріспен Жанбике маңына жеткенде күн де кешкірген еді. «Мына жүріспен қараңғыда батпаққа ілініп қалармыз, алыс болса да сенімді құм жолымен жүріп, саған Самдағы қалың орманды көрсетейін, қоян атуға шебер едің, мылтығыңды да даярлап қой, жарыққа түскен қояндарды атарсың» – деген Оразғұл машинасын арым құм ішіне қарай бағыттады. Шынында да құм сыртындағы жазықтықтың топырағы, бауырмал ғой, шіркін, құрғақ кезде ақ шаң болып қойны қонышыңа кіріп, киіміңе жабысып, бетіңнен қадала сүйіп жатса, жаңбырлы кезеңде алыстан сағынтып келген бауырына жабысқандай аяғыңнан тартып айырылмай жатқаны. Жаңбырдан кейінгі құм ішінің жолын айтсаңшы, құтты бір төселген кілем үстімен келе жатқандайсың, астыңдағы машина сырғиды да отырады. Машина жарығымен жолға қарай бұтақтары иілген қоян сүйектер, кей жерлерде олардың бұтақтарының машина қанатын сүйкей теңселіп қалып жатқаны, арагідік жарыққа түсіп, қайда қашарын білмей қараңғыдан үркектеген қояндар, қалай да жолыңды кесіп өтемін деп ерегіскен киіктер мен дала көркі қарақұйрықтар, осының бәрі шынында да Жанбозды ерекше бір күйге бөлегендей. «Апырым-ау, мынау шынында да бір шеті жоқ тоғай ғой, Қап тауындағыдай болмағанмен біздің жерде де осындай орман бар екенін қалай білмей келгенмін, мынадай бұталы орманды да орман демеске болмайды ғой, бұл туралы ешбір оқулықта жазылмағаны несі, Сам құмы менің бұрын көрген Үштағандағы жалаңаш арым, Тұщықұдықтағы атына сай уақ, жатаған бұталы құмдарымнан ерекшелеу екен?!» – деп, Жәкен жан-жағына таңдана да сүйсіне көз салып келе жатып, Теректіні көктей өтіп, Омар қора мен Бақытжан жағалай құм ішімен түн ортасы ауа Қызыләскерге жеткенін де сезбей қалды.

Түн ортасы болса да туысы Жанбоздың үйі көшіп келе жатқанынан хабардар Сисенбайдың отбасы «бұлар енді келіп қалар» деп, тамағын асып, шәйін қайнатып, күтініп отыр екен, қош сол үйге келіп маңдайын тіреді. Жол соғып шаршаса да, кеш жатқанына қарамастан даланың таза ауасымен еркін тыныстаған Жанбоз ертеңіне ерте тұрып, далаға шығып, ауыл іргесіндегі құмға беттеді. Үйден бес-алты қадам ұзап шығар-шықпастан түндегі қоян сүйек орманына қайта тап болды, аяқ астында сусыған құм «қайда барасың, мына таңғы салқынмен сәл шамал тартқан, масаты көрпедей жұмсақ жоныма құйрығыңды қойып отырсаңшы» дегендей аяқтан тартады. Құм іші тұнып тұр. Әне, малға азық болар қасиеті болмаса да үнемі жасыл түспен жерге әр беретін, шетін тартсаң үзілген жерінен аппақ сүт ағатын сүттіген, мал жесе майдан баспай қалатын құмның сүбелі жусаны мен изені, әне бір ойпаңда қарияның сақалыңдай желбіреген күміс сабақты, жылқының нағыз сүйсініп жер шөбі боз бен қаулап өскен бидайдай болған еркек, қоян сүйекпен бой жарыстыра өскен жыңғыл мен жүзген, құм етегінің тақырға айналар жазықтығындағы тырбия өскен бұйрығын, қанша жесе де түйенің таңдайына тікені кірмейтін тікенекті жантақ, не керек, шөп пен бұтаның небір түрі өскен, ботаникадан оқытатын мұғалімге гербарий жасап, көрнекі құрал болуға сұранып-ақ тұр.

Ауылдың әр жерінде ботасына ыңырсыған түйе, түйе сауып жатырған әйелдер көрінеді. Енді біреулері бүгін кештеу тұрып қалып, тіктеп қалың ғып өріле көмілген қоян сүйек бұталарынан тұрғызылған мал қораларынан боталарын енді ғана шығарып, боз інгендері иігенше шелектерін қарларына іліп, күтуде. Сәл әрегіректе ер-тұрманнан арқасы босап, кен тұсаумен түнгі жайылымға жіберілген қоңыр төбел ат, шамасы түнімен тойынған-ау, басын самарқау жерге салып, шөп жұлып жеуге ерінгендей пысқырынады. Таң ала-көбеңнен оянып, күнделікті күйкі тірлігіне кіріскен торғайлар да шырылдап, тыным таппай жүр. Жарық дүниеге құмды өңірде келіп, құрттайынан көсік теріп өскен Жанбоздың көзіне күміс сабақтары таңғы шықпен шыланып ерекше сәнге еніп тұрған көсіктер оттай басылды, бала күннен көсік теруге құмар болатын, дырдай мектептің оқу ісінің меңгерушісі екенін бір сәт естен шығарып, лезде бірнеше көсікті желбіреген сабағын үзбестен қазып алып, құмарта иіскеді.

Қаншалықты қиын өмір кешсе де адам балалық шағын қашан да қимастықпен еске алады-ау, шамасы, мұның да есіне сонау Қарашағырдағы бала кезде көсік терген кездері түсіп, аяулы әкесі мен анасын ойлап, жүрегі сыздағандай болды.

Иә, балалық шақ. Ауылдың өзі құралыптас балдарымен құмға көсік теруге баратын. Көсік құмда өсетін, кәдімгі сәбіздің жабайы түрі. Дәмді, жеуге жеңсік, әрі ол кездегі ашқұрсақ балалардың бір мезгіл қарнын тойдырарлықтай ас. Ол да оңайлықпен көзге түсе бермейді, біреулері құмның ашық жерінде күміс сабағымен мен мұндалап тұрса, енді біреулері дала баласының қырағылығын сынамақ болып қоян сүйек пен жыңғылдың тасасында көзден жасырынып, көсік қазуға құлшына кіріскен балалардың назарына ілінбеуге тырысып бағады. Бұл іске әбден машықтанып алған дала баласы да осал емес, бір қолының сұқ саусағымен көз ілеспес жылдамдықта көсік қазып отырып, қос жанарымен айнала көз жетер жерден келесі несібесін іздеумен болады. Көзге түскен көсіктерді айналасын қоршай сызып, ол көсіктердің иесі бар екендігін белгілеп те қояды, ол әрекетін құдды бір өз территориясын белгілеп жүретін үйіндегі сүйкімді төбеті Бөрібасардан үйренгендей. Айналасы қоршай сызылған көсікке оның бірге келген жолдастарының ешбірі қол тигізбей, әрі қарай өз несібелерін басқа жерден іздей бермек. Міне, әділдіктің басы дала ұландарында осылай бастау алып, өміріне серік болады.

Көсікті көп жеген балдардың бетіне кәдімгі қарта бетіндегі өзенді белгілейтін сызықтардай болып «шұбыртпа» деген де түсіп жатады. Ол көсікті жегенде бетке түсетін құрт, ол бір жерден бастап түседі де бет терісінің астымен екінші бағытқа қарай жылжи береді. Шұбыртпа түскен баланы емдейтін дәрігері оның өз анасы немесе ауылдағы қолына ине ұстайтын әйелдердің бірі. Олар алғашқы күні шұбыртпаның екі ұшын белгілеп қояды да, келесі күні оның қай бағытқа жылжығанына орай құрттың орнын анықтап, иненің ұшымен теріні тесіп, оны алып тастайды. Арада бірнеше күн өткен соң бетке түскен дақ жойылып, орны жазылып та кетеді.

Ауыл баласының тағы бір жауы үлкен қара шыбын мен қан-жынға жиналатын көк шыбын. Дызылдап ұшып жүрген осы жәндіктің бала көзін жанай өтуі мұң екен, оның көзі аштырмай, түйіліп ауыра бастайды. Бұл әлгі шыбын өз личинкаларын баланың көзіне салып кетті деген сөз. Ол личинкалар бір сәттен соң құртқа айналып, жыбырлай бастайды. Мұндайда дереу шара алмаса, құртқа айналған шыбын личинкалары баланы соқыр қылуы да мүмкін. Көзіне шыбын тышқан баланы ауылдағы көзге тіл салатын адамға апарып, әлгі жыбырлаған құрттарды тіл ұшымен алдырып тастайды немесе қара темекіні шүберекке орап сумен ылғалдап, суын көзге тамызып құрттарды өлтіреді.

Бала кезін еске алған Жанбозға қазақтан шыққан тұңғыш геолог көрпе Размағанбетті (Маңғыстауда Оразмағанбетті осылай атайтын) көріп, әңгімелескен әкесінің «Маңғыстаудың асты толған байлық, май көрінеді, көрерсің әлі, соның бәрі сендердің рызықтарың болады» деген сөзі ойға оралды. Шынында да соғыстан ел есін енді-енді жинап бола бергенде, арттарына доңғалаққа ораған сым сүйреткен машиналарға мінген экспедициялардың қаптауы әкесінің сол әңгімесін шындыққа жетелегендей әсер қалдырып жүр. Иә, сол алғашқы Самға келген күннен бастап таңертең ерте тұрып, құм аралап, қыдырыстау Жанбоздың үйреншікті әдетіне айналды.

Күз түскенше Сисенбай ағасының үйі жанында, «Амангелді» колхозының Самдағы фермасының орталығында киіз үй тігіп отырған Жанбозға мектепке қарасты үйлердің бірі беріліп, ол мектеп директорымен көршілес боп қоныс тепті. Бұлардың үйі мен балаларға арналған интернат арасындағы тайыздау жерден шығып жатқан құдық суы ішсең тіл үйіретіндей балдай тұщы, ауыл алды қасиетті адыраспан мен сүттіген аралас өскен кішкене жазықтық болып барады да, тағы да құмға тіреледі, мал шығаруға қолайлы. Бірақ, ол құм онша үлкен емес, арғы бетінде аудандағы пошта бастығы Ботабайдың бастамасымен хат-хабар, газет тасымалдайтын АН-2 самолеті қонатын аэродромы бар жазықтыққа ұласады. Қанаттас көршісі Қылышекеңнің үйінен кейінгі корпуста өзінің ұстазы Самалықов Төрәлі ағайдың үйі, оның өзі құралыптас баласы Жолдыбай да осы мектепте мұғалім. Бұлар көшіп келгеннен кейін көршілері ерулікке, бұлар қарулыққа бір-бірін шақырысып, мәз-мәйрам боп араласып кетті.

Жанбоз Қызыләскердегі жетіжылдық мектепке оқу ісінің меңгерушісі болып келгенде мектеп директоры Өтетілеуов Қылыш еді.

Осы жерде Маңғыстау облысына қарасты Сам өңірінің тарихына да аз ғана шолу жасай кету керек болар. Өлке тарихын зерттеуші көзі ашық азаматтардың пайымдауынша, Сам өңірін жайлаған ел арасында бұрынғы кезеңдерде де заманына лайық оқу-ағарту ошақтары болған. Сол аймақтағы Тассайда Қайыршы ишан, Тасастау-Қайнардағы табын Досеке ишан, Матайдағы Елеу ишан, балықшы Өте ахун, табын Тұрайымбет ахун, Аманкелді қыстағында ағайынды табын Бектұр, Тектұр, қырықмылтық Көшербай ахун, Ақши қыстауында қырықмылтық Берді ишан, Тұрышта балықшы Тұрыш ишан, Ноғайтыда бегей Сисенбай ахун, Дәулетбай сұпы, Мұса қожа, т.б.мешіт ашып, далалық қыр балаларына дәріс беріп, сауаттарын ашқан.

Адайдың шоңай руының Даң тақтасынан тарайтын Сам есімімен аталған бұл өңір ежелден табындармен аралас-құралас адайлар қоныс еткен аймақ болатын. Бұл жөнінде мынадай әңгіме бар. Шоңай Даңның әйелі құнанорыс руының қызы Мөр деген кісі екен. Даңның Мөрден он бір баласы болған, кішісі Құнан. Олардың балалары өнер қуып, домбыра тартып, малға иелік етпепті. Даңның өзіне де мал Мөрді алған соң біткен, онда да басқа баласы болмаған соң әкесі малдарын өзі өлгеннен кейін жалғыз қызы Мөрге қалдырған ғой. Жағдайдың осылай болғанын көрген соң Мөр өздеріне қызмет жасайтын орыстың дүниеге жаңа келген Самсон деген баласын етегіне салып, өзіне он екінші бала қылып алған, малға иелік етсін деп атын Малкелді деп аударып атаған, арасында бұрынғы есімі де қысқарып Сам деп айтылып қалып жүреді. Осы Малкелді өсе келе шынында да малға ие болып, бұлақ басына егін салып, туыстарын отырықшылыққа баулыған. Кейін Маңғыстауға келген орыс экспедициясы жол көрсетуші іздеген кезде соларға жолбасшы болған. Малкелді тегін адам болмаған, үлкен қасиет иесі болыпты, оның өзінің көзіне ғана көрінетін түлкісі болса керек, сапарға шыққанда сол жол көрсетіп отырады-мыс. Түлкісі шоқиып отырған жерге келгенде, сол маңайдан құдық кездеседі. Сам құмдарына келгенде су тереңде болып, иіс ала алмаған түлкі алыстап кетсе керек. Экспедиция мүшелері шөлдеп, «Жолбасшы әдейі сусыз далаға әкеліп бізді қырғынға ұшыратпақ» деген күдікпен Малкелдіні атып тастамақшы болыпты. Сонда Малкелді: «Әлі де аздап ілгері жылжиын су кездеспесе атып тастау ешқайда қашпас» – деп экспедиция бастығын көндіріп, ілгері жүреді. Бір уақытта ілгерідегі белестен киелі түлкісі қылаң береді. «Анау көрінген белестен асайық, соның арғы жағында су болар, болмаса мені атып тастарсыңдар» – деген жолбасшы ілгері тарта береді. Белеске көтерілсе, түлкісі бір топ ши өскен жерді айналып жүр екен. Сол жерді қаздырса, көмулі құдық бар болып шығады. Орыстар келе жатқанын естіген ел құдықты әдейі көміп, көшіп кетсе керек. Аттары да, өздері де суға әбден қанған, көңілденген орыстар Малкелдіден: «Енді бізден не қалауын бар?» – деп сұраса, ол: «Біріншіден, осы өзіміз қиындықпен өткен екі бөлек құмды картаға түсіргенде, менің атыммен атауды сұраймын, екінші өтінішім, енді елге қайтуыма рұқсат беріңдер» – дейді. Сонымен, осы құмдар Сам-1, Сам-2 деп Малкелді-Самсон атымен аталып, картаға түсірілген екен. Малкелді елге келген соң орыс әкімшілігі оны старшын сайлайды, ол билікке араласып, әділ төрелік жасауымен ел құрметіне бөленеді. «Хан төресі бұзылса да, Сам төресі бұзылмайды» деген мәтел осыдан қалса керек.

Төңкерістен кейін, 1918 жылдан Сам өңірі Адай округінің Үстірт-Сам ауданына қарасты болатын. 1929 жылы Адай округы таратылып, бұл жерлер Жылой ауданына қаратылады. Сәл кейінірек Маңғыстау аймағында кеңес өкіметіне қарсы көтеріліс, оның арты белгілі аштық жылдарына ұласып, елде тігерге тұяқ қалмаған заманға ұласты. Аштықтан құлазыған ел Түрікмен, Ауған, Иран жерлеріне ауды, Сам өңірі осылайша құлазып, бос қалды. Мұның арты кешегі Ұлы Отан соғысымен жалғасты. 1940-41 жылдың қысында Қазақ ССР Министрлер Советінің төрағасы Нұртас Оңдасыновтың рұқсат беруі нәтижесінде Ақтөбе облысының Байғанин ауданының малдарын Сам өңіріне әкелініп қоныстандырған еді.

1948 жылы Сам өңірінің солтүстік-шығыс бөлігі Қазақ ССР Министрлер Советінің шешімімен Гурьев облысы Маңғыстау ауданынан алынып, Ақтөбе облысына беріледі.

Ежелден мал шаруашылығының қыр-сырын жақсы меңгерген Маңғыстау елінде соғыс жылдарында да, соғыстан кейінгі жылдарда да мал саны еселеп көбейіп, мал шаруашылығын өркендетудегі ерен еңбектері үшін маңғыстаулық тоғыз адам, Сәтібаев Дүйіш, Бейнеуов Нұрсейіт Социалистік Еңбек Ері атағына ие болды. Мал санының көбеюі нәтижесінде Маңғыстау малшылары ойдан қоныс тарылуына байланысты өздерінің ата қонысы Үстірт, Сам өңірін қоныстана бастады. Мұның кей кездерде маңғыстаулықтар мен ақтөбеліктер арасында суға, қонысқа таласу әрекеттеріне де ұрындырып отырғаны орталыққа жетіп жатты. Осылайша Маңғыстау елінің «Тұщықұдық», «Правда», «Октябрьдің 40 жылдығы», Ленин атындағы колхоздарының іріленген бір-бір фермасы Сам мал жайылымының батыстан шығысқа қарай елу, солтүстіктен оңтүстікке қарай жүз шақырымдық аймағын мекендей бастады. Сам өңірінің Сарша, Қопа, Ноғайтыдан ары қараған жерлері Ақтөбе облысының Байғанин ауданы қарамағында қала берді. Сам өңірінің қалған бөлігін Маңғыстауға қайтару 1960 жылдың қыркүйек, қазан айларында шешілді. Бір кезде Қазақ ССР Министрлер Советінің төрағасы кезінде өз қолымен Ақтөбеге беріп жіберген жерлерді енді Гурьев облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып тұрған Нұртас Оңдасынов бұл кездегі өзінің ізбасары болып отырған, Қазақ ССР Министрлер Советінің төрағасы Д.Қонаев алдына табандылықпен қоя біліп, 1960 жылдың қазан айында Қазақстан Үкіметінің Сам өңірін Маңғыстауға қайтару жөніндегі қаулысы дүниеге келді.

Сөйтіп, 1961 жылдан бастап жаңадан қайтарылған жерлерге бұрын Қарақұмды жайлап келген «Бірінші Май», «Партсъезд», «Еңбек», «Чапаев» колхоздарының фермалары келіп, қоныстана бастады. 1958 жылғы Қазақ ССР Министрлер Советінің мал жайылым учаскелерінде колхозшылардың балаларың оқытуға арналған мектептер салуға бағыт берген қаулысы негізінде 1962 жылы Тұрышта интернаты бар типтік жобадағы мектеп салу ісі қолға алынды. Мектеп құрылысын жүргізу іріленген он екі колхоздың жарналық үлесімен қаржыландырылатын болып, 1961 жылы ашылған «Межколхозстрой» колхоз аралық құрылыс мекемесіне (МКСО) жүктелді. Мекеме бастығы Балтабаев Қылыш, бас инженері Рзаханов Киікбай еді. Келесі 1962 жылы Киікбайдың басқа жұмысқа ауысуына байланысты бас инженерлікке Кетік қаласындағы С.М.Киров мектебінің түлегі, Ресейдегі Ростов-на-Дону қаласынан құрылыс техникумын бітіріп келіп, прораб болып істеп жүрген Үйсінбаев Құсайын тағайындалған-ды.

Мектеп басшыларының бірі ретінде Жанбоз Сам өңіріндегі қоғамдық өмірге белсене араласып кетті, оқуға бала жинау мақсатында мектептің астаулы «Газик» машинасымен мал ауылдарды аралады, ол кезде бұл ел автобус дегеннің не екенін де білмейді, балаларды машина кузовына мінгізіп, жинап, оқуға әкеледі, каникул болса тағы да сол кузов үстімен балалар ауылға кетіп бара жатады. Осындай сапарларында құм ішінің шөбінің шүйгіндігі, бар малдың күйлілігін көзбен көріп, көңілмен саралай білген Жанбоз: «Апырым-ау, мынау мал басын өсіремін дегендерге нағыз таптырмайтын қоныс екен, ағам Ережепті де осы жаққа көшіріп алуым қажет» – деп ой түйген еді. Сол ойын ойға қатынасқан бірер адамнан ағасына айтып, хат та жазып жіберген. Жолы түскенде Тұщықұдыққа соғып, колхоз председателі Жұмалиев Қалмырзаға да өтініш жасаған болатын, ол кісі қарсылық білдірген жоқ, керісінше қолдау көрсетіп, келер жылы, 1961 жылғы жазғытұрым бір отар қоймен қырдың үстіне шығарып, Амантұрлы тамы маңында мал жайлаттырып, күзге салым мал қыстауға көшкенде Қызыләскер мен Тұрыштың арасындағы Найзағара қорасынан онша қашық емес, ақтөбелік малшылардан қалған мал қиы мен қоян сүйек бұтақтарынан қоршау ғып салына салған, ішінде ит өліп жатқандықтан «Ит өлген» қора атауына ие болған қораға мал қыстатуға қоныстандырған болатын. Ағасы мен бауырлары Меңдібай, Боранбай мен Жақсылық маңайына келгеннен кейін Жәкең де қолдағы азын-аулақ жандығын солардың малына қосып, қыстық соғымына қиналмай, бірге туғанды қойсаңшы, әрі жалғыз туысы қасына жақындап, арқасы кеңіп қалғандай болған. Боранбайды қасына алып, мектептің машинасына жүргізуші, Жақсылықты Таушықтағы селолық кәсіптік техникалық училищені бітіргеннен кейін колхозға тракторшы-механизатор етіп орналастырып, өз қамқорлығына алды. Осылайша Екібайдан тараған екі шаңырақ осы күнге дейін еншісі бөлінбеген тату-тәтті отбасылар болып орнығуына ақыл мен мінезге бай Сақыпжамал мен Сүткенженің татулығы бір жағынан себеп болса, артық ауыз әңгімесі жоқ, нәті жуас Екібайдың екі баласы Ережеп пен Жанбоздың өзара сыйластығы арқау болды. Сонау, әкесінің көзі тірі кезінде, өз қолы өз аузына жеткеннен бері Жанбоз үшінші туысы, 1942 жылы Ережептен соң шахтада жұмыс жасап, броньмен жүрген жерінен майданға аттанып, қалмақ даласындағы қырғынның құрбаны болып, соғыстан оралмаған ағасы Бақытты үнемі еске алып, оны бұл өмірде жоқ болғандықтан да, жыл сайын бір мал садақа берігі, әруағына бағыштап құран оқытуды әдетке айналдырған-ды. Бірақ, онысын өкімет саясатын білгендіктен де көп онша жұртқа жария қылмай, жәй бір садақа ретінде өткізіп, құран оқу кезінде ағасының атын аятқа кіргізіп еске алатын.

Еншісі күні бүгінге дейін бөлінбеген осы екі әулеттің ендігі ақсақалы Меңдібай кешегі жекешелендіру кезеңінде Ақжігіт селосынан он екі шақырым жердегі Аққұдық құдығын өзіне қаратып, үйір-үйір жылқы, ақтылы қой өргізіп, жүзге жақындап, дүниеден озғанша ақыл-есі бүтін, тіп-тіке жүріп, 1998 жылы бақиға аттанған әкесі Ережептің орнын басып, туыстарына ақылшы болып отыр.

1961-62 оқу жылында осы аймақта Тұрышта Маңғыстау аудандық кеңесінің 25-тамыздағы шешімімен бастауыш мектеп пен малшы балалары үшін интернат ашылып, оған Есенбай Шолтанов басшылыққа тағайындалды. Мектеп мұғалімдері болып Наурызбаев Қызылғұл, Оразалиев Ермекбай тағайындалды. Наурызбаев Қызылғұл сонымен қатар интернат меңгерушісі, Тілеубергенова Ұштап тәрбиеші болып белгіленді. Бұл жерде бұрыннан да Байғанин ауданының еденсіз барак үйде орналасқан бастауыш мектебі болған екен, мектеп сол ғимаратта қала берді. Осы мектепте алғашқы жылы отыздан астам бала оқыды, мектептің сол кездегі басшысы Есенбайдың айтуынша, мектеп үйінің бөлмелері жеткіліксіз болуы себепті бірінші класс пен екінші класты, үшінші класс пен төртінші класты қосып, біріктіріп оқытуға тура келген. Есенбай ағаның өзінің айтуынша ол денсаулығына байланысты мектеп жұмысымен көп айналыса алмапты, сол оқу жылының алты айы емделумен, демалыс орындарын жағалаумен өтсе керек. Сол себепті де болар, келесі 1962-63 оқу жылына бұл мектепке жана басшы тағайындау қажеттігі туады да таңдау Екібаев Жанбозға түседі.

Оның да өзіндік себебі бар. Аудандық оқу бөлімінің кеңесінде көбіне мектеп директорлары мен оқу ісінің меңгерушілері тыңдалатын. Сол жылдардың өзінде Қызыләскердегі Сам жетіжылдық мектебінің оқу ісінің меңгерушісі Екібаев Жанбоздың қызметі Маңғыстауға аңыз боп тараған болатын. Ол бірінші кластан бастап, әрбір кластың әр пәніне арнайы журнал арнап, ерінбей-жалықпай, әр күнгі әр балаға қойылған бағаға дейін осы журналға құйып алып отырады екен, сөйтіп, оқушының аяқ алысын мектепті тәмәмдағанша бақылауында ұстайтын көрінеді. Сонымен бірге оның бұл әрекеті ертеңге айтар әңгімеге арқау болмақ. Мұғалімдерге «тоқсан аяқталуға жақын, қалай баға шығарайын деп отырсыңдар, сізде баға қоры жетпейді. Әр пәннен әр балаға ең кемінде үш рет баға қойылуы керек еді, ал, сіз Пәленшеевке геометриядан жалғыз рет төрт қойыпсыз, енді оның жалпы бағасын қалай анықтамақсыз?» деп сұрауы үшін де қажет. Сол кездің өзінде Жәкеңнің еңбек тәжірибесі басқаларға үлгі боп таратылатын, районоға да көбіне Жанбозды шақыртып, басқа мектептерге үлгі ету мақсатында тыңдау өткізілетін.

Оның оқу ісінің меңгерушісі ретінде де, директор болып та оқытушыларға қояр талабы өте жоғары болды. Оқытушылар ертеңгі күні өткізетін сабағының жоспарын бүгін кешке даярлап, оның столының үстіне қоюға тиіс, ал, ол болса барлық мұғалімдердің сол жоспарларын кешкі сағат 8-ден түнгі 12-ге дейін қарап, бекітетін. Оқулықтағы материалдар қаншалықты пайдаланылды, сабақты кімдерден сұрау керек, осының бәрін жазып, бекітіп беретін, өйткені ол кластағы балалардың қайсысында қанша баға бар, ертеңгі күнге баға қоры қандай – бәрін біліп отыратын. Егер жоспар ұнамаса, оны бекітпейтін, көк қарындашпен белгі соғып, жоспарды таңертең қайта жасататын да, ол пәнді сабақтың соңғы жағына аудартатын. Тұрыш мектебінде қызмет жасаған мұғалімдердің барлығы әр сабақтың дұрыс жүргізілуін, жоспарды жүргізілуін, сабақтың бірінен кейін екіншісінің сабақтаса беруін, оның уақытпен бірдей болуын, оқушылардың үзіліске шығар уақытының желінбеуін Жәкеңнен үйренді десек, онша қателесе қоймаспыз. Ол әріптес інілеріне оқулықтан асыңқырап, көркем шығармаларды көбірек қарауды, газет беттеріне көбірек үңілуді, сабақты даярлау барысында көбірек ізденуді үйретті.

Бірақ, тумысынан мансапқа құмарлығы жоқ Жәкең: «Директор болуға менің физиономиям келмейді» – деп, ұсынысты әзілге бұрып, келісімін бермейді де, бұл оқу жылына мектеп басшылығына Құспанов Құрмет тағайындалады. Арада жыл өткен соң Құрмет «Правда» колхозына партком хатшысы болып жоғарылатылады да, 1963-64 оқу жылына мектеп директорлығына тағы да Екібаев Жанбоз ұсынылады.

Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Қағазов Төлеген адамдармен тіл тапқыш, тәжірибелі басшы еді, сол кісі Жанбозды өзіне шақыртып, қабылдады. Жалпы адамдармен, кадрлермен арадағы дипломатиясы мол Төкең алғашында Жанбоздың хал-жағдайын, отбасының амандық-саулығын сұрап, ауданның орталықтан шалғайлығы, тұрмыс қиыншылықтарының елге кадр тартуға үлкен кедергі болып отырғаны жөнінде әңгімеледі. Маңғыстау малшыларының табиғаттың қаттылығына қарамай, мал басын өсіруде үлкен жетістіктерге қол жеткізіп келе жатырғанын, осыған байланысты Үкімет бен партияның Сам өңірін Маңғыстауға кері қайтарып бергенін, осы малшылардың балалары толыққанды білім алуы қажет екендігін тілге тиек ете отырып, әңгіме арнасын осыны Жанбоз сияқты жоғары білімді мұғалімдердің ұйымдастыруы қажеттігіне әкеліп тіреді, бұл партияның оған сенім білдіргендігі екендігін баса айтып, айтылған ұсыныстан бас тартуға болмайтынына көз жеткізгендей болды. Затынан сабырлы, оның үстіне жасы да, лауазымы да жоғары адамның сөзін бөлудің реті жоқ екенін түсініп, бұл өзіне бір ұсыныстың жасалатынын біліп отыра берген-ді. Бір кезде Төкен: «Ал, Жанбоз, айналайын, өзің орта мектепті озық степендиат (ол кезде Н.С.Хрущев Сталиннің жеке басына табынушылықты сынап, бұрынғы «көсемнің» есімі айтылмайтын кез) болып бітіріп, еңбекке араласқан екенсің, сырттай көз салып, назарымда ұстап жүргенмін. Аяқ алысың ұнады, жоғары оқу орнын да бітірдің, өзіңді ұстаздық жолға бағыттадың. Ауданымыздың колхоздары сонау Сам отгондық учаскелерінде іріленген бір-бір фермаларын ұстап, мал басын көбейтіп жатыр. Орталықтан шалғай сол аймақта да ел бар, шопан механизаторларымыздың балалары да қатарынан қалмай, білім алуы керек, Қызыләскер мен Тұрыш жерлеріндегі мектептердің аты мектеп демесең, бүгінгі күн талабына сай емес. Өзіңді соғыс ардагері, тәжірибелі ұстаз Қылыш Өтетілеуов басқаратын мектепке оқу ісінің меңгерушілігіне жібергенде де сол кісіден үйренсін, тәлім алсын дегенбіз. Кеңес мектептерінің басшылығына өзіңдей білімді жастар керек-ақ болып тұр, аудандық оқу бөліміне барып, бұйрығыңды ал, қысылма, батыл қимылда, біз де қолдау көрсетеміз» – деп, орнынан тұрып келіп, арқасынан қағып, қолын алып, өзінің кесімді ойын білдірген еді. Ол кезде партия жұмсаса бас тарту деген жоқ, келіспесең, әрі қарай жолың көп бола бермейді. Осылайша 1963 жылдың мамыр айында Жәкен биылғы оқу жылында орталау мектепке айналған Тұрыштағы Сам-1 жетіжылдық мектебінің директоры болып тағайындалды.

Жәкен мектеп директоры болғаннан кейін Тұрыштағы Сам-1 жетіжылдық мектебінің материалдық базасы да, рухани жаңаруы да кеңінен жүзеге асырыла бастады. Сол кездегі талапқа сай жаңа мектеп үйін салу аудандағы МКСО мекемесіне жүктеліп, құрылыс жұмысы 1962 жылдың сәуір айында басталып та кеткен еді. МКСО мекемесінің бас инженері Үйсінбаев Құсайын болатын. Сол жылы мектеп салу үшін Тебянян Владимир деген армян бастаған 30 армян, 20 грузиннен тұратын құрылысшылар бригадасын әкеліп, тас Тұрыштан 40-50 шақырым жердегі Белдеулідегі тау баурайынан, Қызылқуыс деген сай бойынан жинақталып, тасылатын бөренелер мен қажетті ағаштар Таушықтан тіркемесі бар Газ-51 машинасымен Өрмелі асуы арқылы, есік-терезелер мен әйнектер, қызыл кірпіш Құлсарыдан тасымалданып жеткізілді. Құлсары басқа ауданға қарасты болғанымен Тұрышқа жақындау, 160 шақырым жер. Мектеп құрылысына керекті тас жетіспейтіндіктен кірпіштер оқушылар мен оқытушылар күшін пайдаланып, саз балшықтан иленіп, қалыпқа құйылып, кептіріліп жасалды. Машиналар күні-түні тынбастан жүріп, жүк тасыды, жаңбырлы кездерде Өрмелінің астындағы сор бойында батып та жататын. Сәуірде басталған мектеп құрлысы жаңа оқу жылына аяқталып, пайдалануға берілді. Тапсырыс беруші ретінде Жанбоздың да жарғақ құлағы жастыққа тимей, мектеп пен интернат құрлысын бітіртуге аянбай араласып жүрді. Құсайын өзіне ағалығы бар Жанбозға, әрине, қарсы келмейді, айтқан ақылын тыңдап, тапсырмасын орындауға даяр тұрады. Десек те, жастығы болар, кейде ол «осы ағамыз алдыңдағы балдар мен оқытатын сабағын білсе болмай ма екен, құрылыс жұмысына неге араласа береді?» деген ойдан да құр алақан емес. Ағасы өткенде анау Тебенянмен армян тілінде бірдеңелерді айтып, сөйлесіп тұрғанын көріп, «бұлардың тілін қайдан біледі» деп таңырқағаны бар. Тебенян да қиян шеттегі құм арасындағы ауылда армянша сөйлеп тұрған Жанбозды өз туысындай көріп, іш тартып тұратын болды, Жәкеңнің қарасы анадайдан көрінгеннен-ақ қаншалықты ренжіп, қарамағындағыларды жеп жіберердей болып тұрса да жүзіне күлкі үйіріліп, ағаймен қуана амандасып, шүйіркелесіп-ақ жатқаны. Құсайын ара-тұра Жанбоз ағасының үйіне барып, Сүткенже жеңгесінің түйе сүтін қатқан қою күрең шәйін ішіп, аунап-қунап кетіп жүрді, жеңгесі де қайнысын жатырқамайды, керісінше: «Ей, қайным-ау, бастық адамға кірлеп, азып-тозып жүруге болмайды, көйлек-көншегіңді әкеліп, жудырып алып тұр, қолыма жұғып кетпес» – деп оны бауырына тартып жүргені. Осындай бір шәй іше барғанда, Жанбоз:

 Құсайын, сен мені неге құрылыс ісіне араласа береді деп ойлап жүрген боларсың, өйткені, ол мектеп. Бұл мектеп ойлағанымыздан да артық сапалы болып салынуға тиіс, оны сен екеуміз ойламағанда, кім ойлайды. Бұл мектепте екеуміздің туыстарымыз, балаларымыздың балалары оқитын болады. Құрылысшыларға бәрібір, олар ақша іздеп келгендер, бүгін неғұрлым тез бітіріп, ақшасын алса болғаны, мектептің ертеңгі күні не боларында олардың шаруасы жоқ. Сондықтан ағаңның мектеп құрылысына қайта-қайта келіп, араласа бергенін көңіліне алып жүрме.

 Ой-бүй, аға, ол не дегеніңіз, сіздің келіп-кеткеніңізге неге ренжимін, керісінше, сіз келсеңіз, армяндарым мәз болып, көңілденіп қалады, олардың тілін қайдан үйреніп жүрсіз?

 Е, мен бір шет тілдерін оқытатын институтта оқыды деймісің, солардың жерінде екі жыл әскер қатарында болдым, сонда жүріп, аздап үйренгенім ғой, грузин тілінен де шатып-бұтып сөйлеп, нан тауып жерлігім бар, тіл білгеннің зияны жоқ, үйренгендерімді есіме түсіріп, практиковать етіп жүргенім, – деп жымия күлгенде, Құсайын Жанбоз ағасының жан-жақты білімді адам екеніне көзі жеткендей болды. Ол ағасының армия қатарында өткен екі жыл аралығында орыс тілін терең меңгеріп, армян, грузин тілдерін де әжептәуір игеріп алғанына бір таңданса, оның ойын іштей түсініп, орайы келгенде жауабын берген сұңғылалығына еріксіз тәнті болды.

Құрылыс сапалы аяқталды, сол кезде төселген мектептің еден ағаштары осы күнге дейін міні құрымай сақталыпты.

Мектепті керек-жарақтармен жабдықтауда жаңадан тағайындалған директор үлкен шеберлік көрсете білді. Мәселен, мектепте спорт алаңы да, спорттық құрал-жабдықтар да жоқ, балалармен дене тәрбиесін өткізу, оларды спорттық ойындарға баулу көп қиындықтар туғызды. Тұйықтан шығар жол қайсы? «Жоқ, жоқ» деп жылағанда, оларды тауып берер кім бар? Оның да жолын осы Жанбоз көрсетті, «жоқтан бар жасауымыз қажет» деп мектеп оқушыларының күшін өздеріне қажетті пайдалы іске жұмсап, футбол, волейбол, баскетбол алаңдары, турник пен арқанға өрмелеу, шеңберге асылып, акробатикалық жаттығулар жасау орындары жасақталды. Сол кезеңде «Посылторг» деп аталатын пошта арқылы жасалатын сауда қызметі бар болатын. Осы «Посылторг» арқылы спорттық инвентарлар алынып, балалардың бос уақыттарының көбі спорт алаңдарында өтетін болды. Осының нәтижесінде Сам орта мектебінің оқушыларының спорт саласы бойынша аудан, облыс жарыстарында жеңімпаздар қатарынан көрінуіне үлкен мүмкіндіктер жасалды. Мұндай істерде «жоқтан бар жасауды» айналасындағылар ғана емес, бүкіл Маңғыстау көлеміндегілер Жанбоздан үйренген болар. Ең кішісі, балалар, біздер велосипедтерімізге түнде жүргенде алдымызды жарық қылатын, дөңгелек айналысынан қуат алатын динамо күшімен жанатын фарлар, қол фонарлары, т.б керектерімізді осы жолмен алдыртушы едік.

Тұрышта алғашқылардың бірі болып, «Посылторг» арқылы Жұлдызбай ағай велосипед алдырғаны сол екен, оның жолын қуып, тағы да жиырма бала велосипед алдырады. Жел үрлеп, тақыршыққа айналған ауыл ішіндегі жолдармен балалардың велосипед қуып жүргенін көрген жаңалыққа жаны құмар Жұлдызбай мен Пермебай алдағы 1-Май мейрамында балалар арасында велосипед жарысын өткізуді ойға алып, жаттығу жұмыстарын жүргізе бастайды. Жарыстың жолы белгіленіп, жарысушылардың тәртіп бұзбауын Пермебай мотоциклмен еріп отырып, бақылайды. Мерекеге тайлы-таяғы қалмай жиналатын, жарыс десе ішкен астарын жерге қоятын ауыл адамдары үшін бұл бір керемет жаңалық, қызық оқиға еді. Міне, Маңғыстаудағы тұңғыш веложарыс осылайша Сам-1 мектебінен бастау алған еді. Сол жарыста қалғандарынан жиырма минут бұрын оқ бойы озып келіп, мәре сызығын бірінші болып кесіп өтіп, Шамшадинов Аманғали жеңіске жеткен болатын.

Сам-1 мектебінде спорттың барлық түрі жақсы жолға қойылды, әсіресе, баскетбол мен қол добы ерекше өркендеді. 1966 жылы май айында аудан орталығы Таушықта оқушылар арасында Спартакиада өткізілді. Бұл кезде Тұрыштан сегіз жылдық мектепті бітіргендер әр жерде оқитын. Сол Спартакиадада аудандық баскетбол командасына Сам-1 мектебінен оқып кеткен балалардың әр мектептен – Аманғали Таушықтан, Нұран Ұштағаннан, Жұмабек Тұщықұдықтан т.б. біріктіріліп, Форт-Шевченкодан келген командаға қарсы ойнауы да осының айғағы.

1966-67 оқу жылында Тұрыш сегіз жылдық мектебі Сам орта мектебі болып, жанынан интернат қоса ашылды. Интернат үш жүз балалық болды. Бұл жолда да мектеп директоры Екібаевқа жоғарғылардың алдында алыстағы малшы балаларының Таушыққа, Тұщықұдық пен Үштағанға (ол кезде тек осы жерлерде орта мектеп бар болатын) барып, оқу қиындықтарын көлденең тартып, қырдағы елде де оқушылар контингенті баршылығын көрсетіп, орта мектеп ашу қажеттігін дәлелдеп, біраз тер төгуге тура келді. Өйткені, Тұрыш сегіз жылдық орталау мектебін 1963-64 оқу жылында тұңғыш бітірген Түгелбаев Асқар, Машырықов Оңайбай, Қарабатырова Қарашаш, Қилыбаев Қонарбай, Жанғабылов Мөрліхан, Есқабылов Есқуат, т.б. жиырма баладан бастап, 1966-67 оқу жылын бітірген түлектері жиырма бір баланың оқуды әрі қарай жалғастырмақ болған жартысынан астамы әлгі аталған орта мектептерге таралып кетуге мәжбүр болды. Бұл жағдай үйренген ортасынан басқа ортаға көндігіп кетуде балаларға қаншалықты қиындық туындатса, әлі сар ауыз балапандарын алысқа жіберіп, телмірту ата-анаға да оңай емес еді. Мұны тумысынан педагог болып жаратылған Жанбоз да сезді, сөзді де ендігі түлектерінің жағдайын ойластыруды белсене қолға алды. Сол жылы Тұрыш сегіз жылдық мектебін аяқтаған оқушылар мыналар болатын: Әжібаев Айтжан, Әбенов Сайлаубай, Әбдиева Әуес, Ыбыраев Көмек, Нұрманов Исабай, Тұрарбеков Төлебек, Шамшадинов Аманғали, Қамбарова Ақсұлу, Мырзағұлов Жақсылық, Оразбаев Еркінбек, Мәмбетов Бақтығұл, Исабергенова Күрең, Өтетілеуов Алпыс, Өтетілеуов Қуан, Дүйсембаев Нұрмұханбет, Тәжімағанбетов Бише, Бекқалиев Жайлау, Берниязова Оңайгүл, Ережепов Жұмабек, Ақмырзаева Жаңылхан, Қарғабаев Омар. Мектептен алған білімінің сапалылығы болар осылардың жартысынан астамы жоғарғы оқу орындарына түсіп, мамандық алып шықты.

Мектепте тәрбиешілер уақытпен санаспай, түннің бір уағына дейін тынбай еңбек ететін, балалардың тамағы уақтылы, сапалы түрде беріліп, олардың күндізгі дайындықтан кейін ертеңге берілген үй тапсырмасын пысықтауын, әдеби кітаптар оқып, диафильмдер көрсетіліп, шахмат, дойбы ойнап, ой-өрісін кеңейтуін, киімдерін тазалап, үзілген түймелерін қадап, жинақылыққа дағдылануын, т.б. уақ-түйек тіршілік қарекеттері осы тәрбиешілердің бақылауымен жүзеге асып жататын.

Жанбоз мектепке кадрлерді іріктеп алуды да өзіне үлкен мақсат тұтқан жан. Оның бір қасиеті, қарамағына білімі мен ұйымдастыру қабілеті өзімен тең немесе артық мамандарды топтастырғанды қалайтын. Бұл сол кезде де, тіптен осы кезде де адамдар арасында сирек кездесетін қасиет. Өйткені, көпшілік басшылар пендешілікпен қарамағындағы адамдардың білімі мен қарымы өзінен жоғары болса «ертеңгі күні орныма таласады» деген қауіппен, өзінен дәрежесі төмен адамдарды іздейді.

Соның нәтижесінде мектептің мұғалімдер ұжымы да мықты болды. Өйткені Жанбоздың тілегін дұрыс түсінген аудан басшылары да жана құрылып жатырған мектепке белгілі-белгілі мұғалімдерді тандап жіберген ғой, осы ұжымда «Маңғыстаудың Макаренкосы» атанған Исабергенов Кенжеғүл, Тілеубаев Бұқарбай, Өтетілеуов Қылыш, Наурызбаев Қызылғүл, Шолтанов Есенбай, Тілеубергенова Ұштап, Ағиманов Ораз, Жұмажанов Бақыт, Өсербаев Құдабай бастаған аға ұрпақ өкілдерінен құралған мұғалімдермен қатар сол жылдары жоғарғы оқу орнын аяқтап келіп жатқан жас мұғалімдерді көптеп тартуға мүмкіндік жасалды. Отгондағы участок мектебі болғандықтан онда жалақы да көбірек төленетін-ді, яғни негізгі жалақыға елу пайыз қосымша төлем қосылатын. Әрине, жас мұғалімдердің бұл мектепке баруға ұмтылуына оның, да тигізер әсері аз болмады. Мектепте тарих пәнінен сабақ берген, Жанбоздың құрдасы Шәудірбаев Иманқалидың жұбайы Жібек апамыз былай деп еске алады: «Тұрышта аспаннан ақша жауып жатыр, мұғалімдер бір-бірден мотоцикл (ол уақытта машина сатып алу деген ешкімнің түсіне де кіре бермейтін кез ғой) алып, мініп жүр» деп ел аңыз қылатын. Бір сапарында Жанбоз Иманқалиды мектепке тарих пәнінің мұғалімі болуға шақырды да, сонымен Тұрышқа көшіп келдік». Дегенмен, жас мұғалімдерді қызметке тартуда мектеп директоры Екібаев Жанбоздың ел болашағы жастарды оқытып, тәрбиелеу ісіне үлкен маңыз беріп, кадр таңдауы ерекше әсер еткені сөзсіз. Әйтпесе, дипломы қолында, жоғарғы оқу орнын бітіріп келген жас мұғалімдерге ауданға жақын колхоз орталықтарындағы ауылдарының мектептеріне барамын десе де жол ашық болды ғой, ол мектептер де кадр тапшылығын тек сол кезде емес, күні бүгінге дейін сезініп келеді емес пе? Олардың сонау жер түбіндегі Тұрышқа кетуінің басты себептері – көпшілігін бесінші алтыншы кластарда Жанбоздың өзі оқытқан шәкірттері, оның осы шәкірттері алдындағы орасан үлкен беделі мен ол басқарған мектептің бүкіл Гурьев облысына белгілі болған атағы. Мәселен, Маңғыстау аудандық ауыл шаруашылығы басқармасын, кейінірек ауданды басқарған Сәмешовтің қарындасы Әсима апай Гурьев педагогикалық институтын тіл-әдебиет мамандығы бойынша бітіріп, Таушыққа келгеннен соң, Жанбоз ағаймен кездесіп, әңгімелескеннен кейін анасы мен ағасына: «Аға, мына орталықтағы мектепте мамандығыма сәйкес сағат жоқ екен, ортаға сізді салып, бұрыннан балаларды оқытып жүрген оқытушылар алдында өзім де жаманатты болып, сізді де жаман атқа қалдырып қайтемін. Тұрыштағы орта мектепте жұмыс жасауға бел байлап отырмын, осыған рұқсат сұрайын деп едім» – деп, Сам-1 мектебіне кетіп қалуының артында не жатыр?! Шамасы, оған Жанбоз ағайдың бойындағы адамды өзіне тарту күшінің әсері болғанын жоққа шығаруға болмас.

Мектепке кадр тартудың тағы бір қиыншылығы сонда, Тұрышта ол кезде «пәтер жалдау» деген түсінік мүлдем беймәлім, бұл күндері оның не екенін түсінгенмен пәтерін жалдау ол жерде әлі күнге жоқ. Келемін деушілерге жұмыс табылғанмен тұрақ табу киын. Тумысынан маңғыстаулықтар үшін мұның жеңілдігі сол, «қарға тамырлы қазақ», әйтеуір бір алыс жамағайыны болса да болды сонда тұра береді, үйіне тұрған азаматты жатсынбайтын ағайынның кеңшілігі мол, тарылып, таусылмайды. Сондықтан да болар, Жанбоз қайткен күнде де балалар болашағы үшін қажет маман кадрлерді қызметке тартқанда оларды бұл жағдайдан құтқарып, тұрақжай ретінде өз төрін ұсынатын. Осылайша, Сам орта мектебіне баруға бел байлаған осы бір әдеміше келген, талдырмаш Әсиманы да ағасының үйінде Сүткенже жеңгесінің дархан жүрегі мен жылы құшағы қарсы алған еді. Бұл жөнінде Әсима апай былайша еске алады: «Пәтер де, жатақхана да жоқ, туған-туыс, таныс достар да жоқ, сондықтан мектеп директоры Жанбоз Екібаев ағайдың үйіне жатып, жұмыс істеуге тура келді. Ағайдың мамандығы – математика пәнінің мұғалімі, отбасы шағын (зайыбы Сүткенже апа, ұлы – Байбол, қызы – Гүлсім), енді мен сол үйдің үлкен қызы болып шыға келдім. Осындай берекелі жанұядағы бірлік, қайырымдылық, бір-біріне жанашырлық пен шынайы қонақжайлылық менің өмір мектебім болды. Өз жанұямнан жырақта жүрген жағдайым, ерте қалған жетімдік тағдырым Жанбоз ағадай жампоз азаматтың ағалық ізгілігінің арқасында, Сүткенжедей ақкөңіл, ақжарқын жеңешемнің жылы сезімдерімен сусындап, өмірдің көркем жақтарын көп көре бастадым. Жанұя жылуының шуағын төкпей-шашпай, байыппен ғана бағдарлап, бағыттап отыратын отбасының қожасы – Жанбоз ағай. Талап қою мен жан тазалығын, мейірім мен тіл табу қабілетін тең ұстаған ұлағатты ұстаздық мінез отбасы мектебі мен мемлекеттік мектепте өзара үндестік тауып жатыпты, бір-бірін толықтырып отырған екен. Өйткені Жанбоз ағай үшін өзі құрған ұжымның әр мүшесі – өз туысы, алыстағы отбасынан қол үзіп оқып жатқан әр оқушы – ағайдың өз баласы».

Атағы республика көлеміне танымал ұстаз Балов Бақыттың денсаулығына байланысты автоклуб меңгерушілігіне ауысып, мәдениет басқармасының қарамағына кетіп қалуын қаламай, оның, болашақта ұлағатты ұстазға айналарын сезгендей Жанбоз оны 1966 жылы Самнан орта мектеп ашылатындығы шешілген кезде мектепке қайта оралуға шақырады. Өздері тамыз кеңесіне аттанар шақта оны шақыртып алып: – Бақыт, сен Таушыққа жүр. Отчетыңды тапсыр, сол жерде сені мұғалімдікке алу мәселесін шешеміз, – дейді. Бақыт келісімін беріп, мұғалімдерден он күндей бұрын кетіп, отчет тапсырып, Таушықта күтіп жатады. Сол мезгілде аудандық мәдениет бөліміне Меңдібаев Таңаш жаңадан бастық болып келген шақ екен. Жанбоздың ойы Бақытты мәдениет бөлімінен шығарып алып, мектепке қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы қылып қабылдау. Кешкісін Жәкең қасына Бақытты ертіп алып, Танаштың үйіне барады, қонақ болады, өзінің бұйымын айтады.

 Таңаш, мен мына Бақытты алып кетіп, оқытушы қылайын деп отырмын, сен осыны ертең жұмыстан шығарып бер деп бұйым салғалы отырмын.

 Ой-бүй, Жәке, болмайды. Бақыт Самдағы номері бірінші автоклуб меңгерушісі, республика мәдениет министрі Ғалымжанованың есебінде тұрған адам, оған рұқсат ете алмаймын, мені қинама, – деп азар да безер болып жатыр.

Енді не істеу керек? Алған беттен қайтар Жәкен жоқ, ертесіне аудандық партия комитетінің идеология жөніндегі үшінші хатшысы Алдабергеновке кіріп, жөнімізді айттық, ол да «Еш рұқсат жоқ, Балов мәдениет саласында жұмысын жасай берсіннен» басқа ештеңе айтпады. Құдай сәтін салғанда, 16 тамыз күні Таңаш жоғарғы партия мектебіне оқуға кететін болып шешілді де, ол Бақытты шақырып алып: «Мен оқуға кеткелі жатырмын, Төкең (Қағазов Төлеген) сені аудандық мәдениет бөлімінің бастығы етіп тағайындамақ, – деп хабарлайды. Бақыт: «Қойыңыз, мен мұнда көшіп келе алмаймын, жіберсе мұғалім боламын, жібермесе де сол жақта жүре беремін, өйткені, қолымда үлкейген әке-шешем бар, мұнда келуге мүмкіндігім жоқ», – дейді. Сонда, Жанбоз: – «Әй, Таңаш, әңгімені қой, сен өзін кетіп бара жатырсың, батырдың жиенісің (құнанорыс руының дегені), неден қорқасың, Бақытты жұмыстан шығарып кет, ал мен Қағазов пен Сәмешовке барсам да, қайтсем де Бақытты мұғалім қылып аламын», – деп өзінің табандылығын көрсетті. Амалы таусылған Таңаш:

 Жарайды онда, оларға барсаңдар, бәрібір Бақытты жұмыстан босатпайды, мәдениет бөліміне бастық қып жібереді, бармай-ақ қойындар, мен 17 тамыз күні Гурьевке ұшқалы отырмын, Бақытты жұмыстан босату жөнінде бұйрықты беріп кетемін, мен кеткеннен кейін орнымда қалатын Ыбыраев Салхадиннен аларсың – деп, айтқанындай бұйрық шығарып кетіпті. Осылайша, Жанбоздың ойға алған ісін тындырмай тоқтамайтын табандылығының арқасында Бақыт Сам орта мектебінің мұғалімі болып, үйреніскен ортасына қайта оралған еді.

Бір сөзбен айтқанда, кадрлердің қаймағын қалқып алған ғой, Жанбоз.

Ол кездің мұғалімдері алдындағы шәкіртін болашақтың иесі, келешектегі елге тұлға болар азаматтар деп бағалап, олардың әрқайсысының өмірден өз орнын лайықты табуына көмектесуді өздеріне мақсат тұтатын. Осы жөнінде мына бір жағдайды айтпай кетуге болмас. 1968 жылдың көктемі. Қызыләскердегі сегіз жылдық мектептің сегізінші класын жиырма бала оқып бітіргелі жатырған кезіміз. Оқуға жақсымын, үнемі озат оқушылар қатарынан көрініп жүретінмін. Бір күні класымызға класс жетекшіміз Ермекбайға еріп, шағын бойлы, толықша келген бір кісі келіп кірді. Орнымыздан тұрып, сәлем беріп, орындарымызға жайғастық. Ермекбай ағай: «Балалар, мына алдарыңыздағы ағаларыңыз Наубетов Шүренбай деген Таушықтағы №82 кәсіптік-техникалық училищенің партия комитетінің хатшысы, сіздермен кездесіп әңгімелесуге келіпті, – деп таныстырғаннан кейін әлгі кісі сөз алды. Училищедегі керемет өмір, барлық оқушыларға бір формадағы киімдер берілетіндігі, тамақтың тоқ болатындығы, оқуды бітіргенде орта білім туралы аттестат пен қоса тракторшы, шофер, слесарь, токарь мамандықтарын алып шығатындығымыз – бәрі-бәрі әдемі тілмен айтылып жатыр, делебеміз қозып біз отырмыз. Оның айтқандарының бәрі біз үшін таң дүние. Ол кезде біздің ауылдарымызға жоғарғы оқу орындарынан талапкерлер іздеп ешкім келе бермейді, оның оқу орындары үшін қажеттілігі де жоқ. Себебі, ол жылдарда қазіргі кездегідей, жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптаған жоғарғы оқу орындары жоқ, бар оқу орындары үшін талапкерлер онсыз да жетіп артылады. Сосын да Маңғыстаудағы мектепке қарағанда статусы биіктеу оқу орнынан бізді қажет деп іздеп келіп жатырса, оған қалай таңданбассың! Шүренбай аға әңгімесін аяқтай сала озат оқушылар Әбдірейім де, Қуанбек те, мен де тағы басқалар бар, оншақты бала тізімге тіркелдік те қалдық. Әңгімесін тәмәмдап, Шүренбай кетті, небір қиял қанатына мініп біз қалдық. Жаз бойы ойдан қырға мал жайлауына келген ағам Өтелгеннің аулында болып, жұмысына қолғабыс жасап, оқу мерзімі таянғанда Теректідегі үйіме келдім. Оқу басталуына он күндей қалғанда, далада ойнап жүрсем, Ермекбай ағай келе жатыр. Біздің үй мен ферма бастығы Қаратауов Нұркеннің үйі бір корпустың екі басында, келесі корпуста зоотехник Бекбалаев Меңдіғали мен Сарманов Көбеннің үйі отыратын. Колхоз фермасының басшылары осылар, менің ағам колхоздың есепшісі. Әлгі Меңдіғалидың әйелі Күләш осы Ермекбай ағайдың апасы, ол сол үйге қарай беттегенін байқаған мен өз үйіме кеттім. Көп ұзаған жоқ, ұстазым туысының үйінде кідірместен біздің үйге келді, түс мезгілі, дастархан жайылып жатырған. «Астан ұлы емеспін ғой, шайдан ауыз тиейін» – деп, ағай төрге озды. Дастархан басында ол келген шаруасын – менің училищеге бармауым керектігін, орта мектепті аяқтап, жоғарғы оқу орындарының біріне түсуім қажеттігін анам мен ағама айта бастады. Мен де: «Ағай, мен тоғызыншы класқа оқуға барғалы отырмын» – деп алдағы жоспарымды айтып жатырмын. Теректіге ол мені іздеп келген екен. Келген шаруасы да менің келешек жәйім болып шықты. Себебі менің өткен көктемде училищеге оқуға баратындар тізіміне енгендігімді білгеннен соң, шыныменен сонда оқуға кетіп қалар, баланың сабағы жақсы, келешегінен үміт күтетін оқушы, орта мектепті құтарып, жоғарғы оқу орнына түсіп оқығаны жөн дегенді анама, ағама айтып түсіндіріп, менің мектепке оралуымды сөз етпек екен. Менің хабарымды естігеннен кейін көңілі жайланған Ұстазым шәкіртіне деген ризашылық сезіммен аттанып кетті. Міне, Жанбоздың маңайына барлығы бір «сайдың тасындай» болып, шәкірттерінің бойындағы таланты мен дарынын айыра танып, келешегінен үміт күттірер шәкірттерін үнемі өрге сүйрейтін, есімдерін үлкен әріппен жазуға лайық Ұстаздар жиналған еді. Бұл жөнінде сол жылдары Маңғыстау аудандық оқу бөлімін басқарған Таңаш Мендібаев «Тумба» газетіне берген сұхбатында былай дейді: «Мектептерінде жүк машинасы болды. Мұғалімдер сол машинаның астауына мініп алып, Гурьевке (төрт-бес жүз шақырым) баратын. Ал, онда барған соң үш-төрт күн болып, дүкендерді аралап, мектепке қажетті, физика, химия зертханаларына керекті дүниелерді сатып алатын. Тіпті орталықтағы мектептердің өзінде Тұрыш мектебіңдегідей зертханалар болған емес. «Математика в школе», «Физика в школе», «Химия в школе» деген, т.б. Мәскеуде шығатын әдістемелік жорналдарды жаздырып алып, оқытушылар да, оқушылар да оқитын. Астрономияны оқып үйрену үшін түнге қарай құм ішіне барып, жұлдыздарға қарап бағыт-бағдар айыруды үйренетін».

Кейін естіп білсек, Шүренбай сол сапарында Тұрыш мектебіне де соғып, туыс інісі Жанбоздың бір бағланын жеп, қона жатып әңгімелескен екен. Сөз арасында Жанбоз: «Шүренбай аға, қазіргі жұмыс жағдайыңызға байланысты сіздің училищеге оқушылар контингентін жинауға келгеніңізді түсінемін. Сіз ертең үгіт жұмысын жүргізгенде көбіне сабақ үлгірімі төмен балаларға есеп жасаңыз, оқуыңызды қатты асыра мақтап жібермеңіз. Қалай десек те баланың аты бала, жастықпен ылығып қалулары мүмкін. Өзіміз үлкен қалаларға барып оқи алмадық. Ел келешегін ойлайтын болсақ, Маңғыстаудың жақсы оқитын балдарының да Алматы, Москва, Ленинград сияқты қалаларға барып үлкен оқу орындарынан білім алуына көбірек көңіл бөлгеніміз жөн», – деп шешіле сөйлеп, базыналығын білдірді. Шүренбай да: «Жанбозжан, оның дұрыс, оқуға алғыр балаларды өзің айтқандай оқуларға оқыту қажет. Дей тұрғанмен, шаруашылықтарға мамандандырылған жұмысшы күшін де даярлауымыз керек екенін білесің ғой, сенің айтқандарыңды ескере отырып, үгіт жүргізермін. Кеше мына Қызыләскер мектебінде де сегізінші класс оқушыларымен әңгімелескенімде тілек білдіргендердің біразы шынында да озат оқушылар болып шықты. Ермекбай да: «Шүреке, менің сорпаның бетіне шығар оқушыларымды тізіп алыпсың», – деп реніш білдірді. Әлі күзге дейін ол тізім талай өзгермес деймісің», – деп онымен келісетіндігін айтқан екен. Міне, сол кездегі Сам мектептеріндегі Жанбоз маңындағы мұғалімдердің барлығы да осылай шәкірттеріне жаны ашып, қабілет-қадіріне қарай олардың болашаққа адаспай жол табуына әрдайым тілектес болып, бағыт-бағдар беріп отырушы еді.

Қарап отырсақ, шынында да кадр тартуда Жанбоздың жеке басының беделі де аз роль атқармаған екен. Әлгінде жоғарыда аталған аға буын өкілдерінен кейін, институт бітіріп елге оралған Рзаев Жеткізген, Оразалинов Ермекбай, Есбосынов Жұлдызбай, Балов Бақыт, Дәулетбаев Сейілхан, Сәмешова Әсима, Есбергенов Айекен, Ережепов Пермебай, Нәжімеденова Сәния, Көбегенова Шұға, Жақыпов Төлесін, Сайын, Сүйін Сақтағановтар, одан кейінгі толқын Әділханов Сайын, Қараев Сұлтан, Үсенбаева Сайлаухан, Наурызбаева Сайлаухан, Исабергенова Тілек, Қалиев Қайырбек, Тілеубаев Хамза, Жаңбыров Сұлтан, Өтегенов Сайлау, Қарабалина Балғаным, Әбдіхалықова Сара, т.б. осылай ұрпақ сабақтастығын сақтай отырып, мектеп жыл сайын білімді де, абыройлы мұғалім кадрлермен толығып отырған. Жанбоз ағамыз мектепке келген әрбір мұғалімнің қабілетін, білім дәрежесін өзіне тән түрлі әдіс-тәсілдер арқылы тексеріп, екшеп, бағалап және осы тексерулерінің нәтижесіне сәйкес жас мұғалімге одан ары қарай тәлім-тәрбие беру ісін жолға қоя білген. Ол барлық ісін есеппен істейтін, мұғалімдерді сабақ басталардан 10-15 минут ерте келіп, сабақтан кейін 15 минут кеш кетуге, үзіліс кезінде коридорда, оқушылардың көз алдында болуға, оқушылармен етене араласып, сөйлесуге, т.б. әдеттерге дағдыландыратын. Өзі ешқашан мастанбайды, ешкімді жер-жебіріне жете нықтап ұрыспайды, жетістіктер мен кемшіліктерді қатар көрсетіп, алдындағы адамының көзін жеткізе, бұлтартпайтын дәлелдермен айтады, оның біреуді балағаттағанын немесе жаман сөз айтқанын ешкім көріп айта алмас немесе еске түсіре алмайтын болар. Сондықтан оған ренжіп, көңілі қалған адамды табу да мүмкін емес. Жанбоздың мінез-құлқы туралы замандасы, құрдасы, әрі әріптесі Жұмағазин Бектұрған ақсақал былайша еске алады: «Жанбоз көп үндемейтін, өзімен-өзі жүретін, шамасы келсе әркімге көмегін аямайтын, келген қонағына қолда барын аузына тосып бере білетін, бөгде сөзі жоқ адам. Күліп сөйлеп тұратын, қалт-құлты жоқ адам. Турасын айтады, жағымпаздыққа жоқ». Осының арқасында оның өзі сүйікті ұстазы Шоңқалов Торғайдай ұстаздардың ұстазына айналғандай. Және бір ерекшелігі оқу бітіріп елге оралып жатырған мұғалімдердің көпшілігі кешегі күндері Жанбоз ойдағы мектептердің бірінен екіншісіне ауысып жүргенде өзінің алдынан дәріс алған шәкірттері болатын. Сондықтан да олар Жанбоз ағайлары қайда, қандай жұмысқа жұмсаса да жоғары білімін бұлдамай, бәлсінбей бара беретін. Жанбоз өзінің бұрынғы шәкірттерін ата-ана есейіп өсіп кеткен балаларын қалай өле-өлгенше бала көріп, сүйіп өтсе, ол да оларды солай, мәңгілік шәкіртіңдей сүйе білетін. Шәкірттерінің жүрегінде де сүйікті ұстазын байырғы Ұстазыңдай сезініп, оған шама-шарқы жеткенше қолдан келер көмегін тигізу ниеті үнемі бой көрсетіп тұратын. Шәкірттің ұстаз ілтипатына, ұстаздың шәкірт ілтипатына бұлайша бөленуі ілуде сирек кездесетін құбылыс. Мысалы, Ережепов Пермебай математика-физика пәнінен маман болып келгенмен оған қосымша дене тәрбиесінен сабақ беруді, мектеп пен интернаттың дизелін кешке қыздырып, жарық беру мен балалар ұйқыға жатқаннан соң сөндіруді, таңертең ерте келіп балаларға физзарядка жасатуды атқаратын. Жастық қуат бойында Пермебай да басшы ағасының діттеген жерінен табылушы еді. Бұл жөнінде Пермебайдың зайыбы, Қазақ ССР оқу ісінің үздігі, 1975 жылдан бері аға мұғалім, екі дүркін социалистік жарыс жеңімпазы Сәния апай былай дейді: «Ағай Пермебайға кезінде сабақ берген ұстазы, оны кәдімгі қол балласындай жұмсайтын, баласы Байболды да тақ осылай жұмсамаған болар, математикадан, шамасы, мамандығын жоғалтпасын дегені болар, сағатты аз беріп, дене тәрбиесінен сабақ бергізіп қойды, дизель жібертті».

Оған дене тәрбиесінен сабақ беруді жүктейтін орны да бар, өйткені Пермебай студент кезінде республикаға аты танымал болып қалған спортшы да болатын. Біздің есімізде, сол кездегі республикалық «Спорт» газетінен маңғыстаулық спортшылар Әмин Тұяқов пен Пермебай Ережеповтың фамилияларын ерекше бір мақтаныш сезіммен оқитынбыз.

Оның жана келген оқытушыларды сынақтан өткізу амалдары сан алуан. Мұғалім балалармен танысып, сабақ беруге енді төселе бастаған сәтінен оның сабағына кіру, ол класта сабақ беріп жатырған кезде есіктің сыртынан келіп, оқушылар шулап отырған жоқ па, мұғалім шәкірттерге өзін мойындата алды ма, осыған көз жеткізу, ашық сабақ өткізу, немесе мұғалім өз пәнін қалай игерді екен, оны әлгі мұғалімнің ар-намысына тимей, елеусіздеу күйде тексеріп көру, т.т. болып келетін. Оның осы қасиетін Тұрыш мектебіне 1968 жылы осы ауылдағы Али мен мектеп-интернаттың ұзақ жылғы шаруашылық ісін басқарған Ақораз деген туыстарын сағалап, көрші Түрікменстан жерінен көшіп келген, кейін, 1977 жылы денсаулығына байланысты Жанбоз жеңіл жұмысқа, автоклуб меңгерушілігіне ауысқан кезде, Жәкеңнің қолдауымен осы мектептің директоры болған Ізбасары Сақтағанов Сайынның естелігінен айқын аңғаруға болатындай: «Мектепте мамандығым бойынша математикадан сағат берілетін болды. Қазақ болсам да көрші елде түркмен тілінде мектепте бес жыл математикадан бала оқытқан тәжірибем болғанмен, бұл жерде сабақ кезінде «түрікменше сөйлеп қойып, балдардың күлкісіне қалып жүремін бе?» деп аздап жүрексінемін. Жәкең менің қайдан келгенімді, қайда оқығанымды егжей-тегжейлі сұрап білді, дипломымды, жоғарғы оқу орнын бітірген бағаларымды көріп, аз-кем ойланып отырды да: «Жарайды, математикадан сабақ бересің» – деді, бірақ, қай класқа сабақ беретінімді сол сәтінде айта қоймады. Артынша оқу ісінің меңгерушісі Жеткізген ағадан сұрап білсем, маған оныншы класты бекітіпті. Сонымен бірге тағы да қосымша алтыншы класқа сабақ беретін болыппын. Сөйтіп, оныншы класқа сабақ беруді бастап та кеттім, қорқатыным тіл мәселесі, өзімше түрікменше жібермей, қазақша сөйлеуге тырысып-ақ жүрмін. Алдында Жәкең де: «Түркменше жібермеуге тырысасың ғой, дегенмен, арасында, байқаусызда аузыңнан шығып кететін де болар, сонда да барынша абай бол!» – деп, ағалық ақыл-кеңесін берген.

Алғашқы сабақтан бастап жоғарғы класс оқушыларын өзіммен қатар қойып, ересек адамдарша сөйлестім. «Жігіттер мен қыздар, (менің бұл сөздерім жандарына жағып кетті-ау деймін, балалар бір-біріне қарап жымың ете түсті де, назарларын қайтадан маған аударды. Олардың ендігі кейіптерінен есейген қыз бен жігіттің бейнесін көргендей болдым) менің әңгімемнің арасында түрікменше сөз кетіп қалып жатырса, төменгі класс оқушыларындай болып, жырқылдап күлмейсіңдер, мектептен шыға сала «ағай «бөлшек» дегенді «дробь» деп кетті деп, әңгіме қылып, келеке етпейсіңдер, мүмкіндіктерің болса алдымен осыған келісіп алайық, бірте-бірте мен де тілімді түзермін, бірақ, оған уақыт керек екенін, кішкентай бала емессіңдер, өздерің де түсінерсіңдер деп сенемін» – деп алғашқы сабақ кезінде айтып қойдым. Балалар да сау болсын, айтқанға түсінді, өздері кілең шетінен алғыр балдар екен, әсіресе, математика сабағында есепті бір-бірімен жарысып шығарып отырады. Машырықов Қонарбай, Әбдиева Қанзада, Мырзабекова Нағима, Қоғашов Бегім, Жанбоз ағайдың баласы Байбол да бар, ұмытпасам, сол жылы он жеті бала болды ғой деймін. Адам қай уақытта да өзі жүрген ортаға бейімделеді ғой, бұл мектепте, шынымды айтар болсам, студенттік кездегіден де, түрікпен мектебіндегі бес жыл қызмет жасаған кезімнен де сабаққа мұқият, көбірек даярлануға мәжбүр болдым. Өйткені, мектептегі мұғалімдер тарапынан қойылатын талап та, оқушылар алдындағы жауапкершілік те мұнда жоғары екендігін алғашқы күндерден-ақ сезінуіме тура келді. Алғаш әңгімелескенімізде «ең бірінші сенің методикаң керек, басқаның бәрі сенің теориялық біліміңнен шығады. Көріп отырмын, теориялық білімің жаман емес, математикаң жақсы екен, бірақ қалған физика, орыс тілі жағынан онша мықты емес екенсің, үштік бағалар араласып кетіпті, ал осы теорияңа мықты болсаң методикаң содан шығады. Теория жағынан қате жіберіп алма, тіл жағынан аздап кемшілік болар, оны да үйреніп кетесің» – деп Жәкең өз қолдауын көрсеткен.

Осылайша күн артынан күн жылжып өте берді, Жәкен әзірге сабағыма кіре қойған жоқ. Содан бір ай өтер-өтпесте, бір күні Жанбоз ағай шақыртты.

 Сайын қалай, балдармен үйренісіп жатырсың ба? Олар сені түсінбей, сен оларды түсінбей, арада келіспеушілік болып қалып жатырған жоқ па?

 Жоқ, әзірге ондай жағдай кездесе қойған жоқ, өзара түсінісіп кеттік.

Жәкеңнің аздап жымиятыны бар, ол кісінің дауыс шығарып қарқылдап күлгенін көрмеппін, солай сәл жымиды да, сосын столының тартпасынан бір кітапшаны суырды да:

 Менің қолым тимей жатыр, Сайын қолың тисе, тигізесің ғой, мына біреуді қарап тасташы – деді. Қолыма алып қарасам, бақылау жұмысы екен. Сол жылдары кеңшардың бас мамандары Ресейде, республиканың басқа қалаларында экономика, бухгалтерия саласында сырттай оқитын. Солардың біреуінің бақылау жұмысы болар деп шамаладым. Әлі есімде, 31-вариант екен.

 Менің қолым тиетін емес, сенің сағатың әне бір көп емес қой, осыларды бір қарап берші. Алдым, алмауға сірә, болмайды да ғой.

 Қашанға дайын болуы керек?

 Асықпай, оншақты күнде дайындасаң болады.

Үйге алып кетіп қарасам, институттың курс жұмысы екен, мұның есептері мектептікіне қарағанда, әрине, күрделілеу, біраз арнайы оқулықтарды ақтаруға, еңбектенуге тура келді.

Бір аптаның жобасында қиналыңқырап та болса орындап алып келдім. Әкелген жұмысымды ашып қарамастан алып қалды. Бар айтқаны «болдың ба?». «Болдым». Оның арты не болды, кейін маған ештеңе айтқан жоқ. Тағы бірде «директор шақырып жатыр» деген соң келдім. Тағы да сол баяғы «қолым тимей жатыр» деген желеумен столының тартпасынан қалыңдау ескі кітап шығарды, байқауымша институттың «Арифметика» оқулығы-ау деймін, сыртында осы тектес атауы бар. Сол кітаптың ішінен бір бетін бүктеп белгілеп қойыпты, төрт-бес есеп бар екен, соларды көрсетіп:

 Қолың тисе, мына біреуді қарап тасташы – деп маған ұсынды.

 Қашанға даярлайын?

 Бір-екі күнде даярласаң болады.

«Жазған құлда жазық бар ма», алып кеттім. Бұл есептер алдыңғыға қарағанда онша киын болмағанмен, ойлантатындай екен. Десем де, айтылған мерзімде апарып бердім. Кейін бажайлап қарасам, Жәкең мені сынақтан өткізіп жүр екен. Шынында олар біреулердің бақылау жұмысы ма, әлде, Жанбоз ағамыз өз жанынан ойлап шығарып жүр ме, онысы осы күнге дейін маған белгісіз. Менің білгенім, ол бүгінгі тілмен айтар болсақ, сол кездің өзінде мені мәдениетті, сыпайы түрде аттестациядан өткізіп жүр екен ғой.

Артынша, бір жарым екі ай жобасында ол менің сабағыма кірді. Бір рет кірді, үндемеді, екінші рет кірді – тағы да үндемеді. Іштей қобалжулымын, бірақ, сыр бермеуге тырысып мен жүрмін. Содан үшінші рет сабағыма кіргеннен кейін көп ұзамай шақыртып алды: «Бірен-саран тілден мүлт жібергенің болмаса, теориялық жағынан қате жіберген жоқсың» – деп баға берді».

Бұл Сайынның мектеп директоры алдынан өткен сынағының, оның өзі айтқандай, бірі ғана болатын. Ал, ол оныншы класқа сабақ бере бастаған алғашқы сәтінен-ақ Жанбоздың өзін сырттай бақылап, мұғалімдік шеберлігіне баға бергенінен бейхабар еді. Сайын оныншы класқа сабақ беруін бастағаннан кейін бір апта өткен соң Жәкең жана мұғалімнің аяқ алысын байқамақ болып: «Осы жігіт сабақты қалай өткізіп жатыр екен» – деп қоңырау соғылып, балалар да, мұғалім де ішке енгеннен кейін есіктің сыртынан келіп тыңдаса, класс іші тып-тыныш, мұғалім қоңыр дауысымен бірқалыпты сөйлеп, сабақ түсіндіру үстінде, ал оқушылар тарапынан күлу немесе өзгелерді күлдіру әрекеттері байқалмайды. «Е, бұл жігіт балаларды еркіне бағындырып, игере алған екен, дұрыс мұғалім шығады» – деп, жәй басып кабинетіне қарай беттеген-ді.

Жәкең мектеп ұжымына енгізер жаңалықтарын көбіне өмірден алатын. 1962-63 жылы жаңа оқу жылы басталғаннан кейін Тұрышқа Батыс Қазақстан Өлкелік комитетінің бірінші басшысы Соломенцев АН-2 ұшағымен ұшып келді. Қасында Огай деген корреспондент бар, суретке түсіріп жүр. Шаруашылық аралап келгеннен кейін мектепке де бас сұғып, оқу жайымен танысты. Сам өңіріндегі оқу-ағарту және мәдени өркендеу орны болып табылатын Тұрыштағы мектепке оның соқпай кетуі мүмкін емес еді. Бір кезде көңілі жайланған Өлке басшысы: «Бәріміз қосылып ән айтайық» – деп ұсыныс жасады да, «Ленин всегда живой» деген әнді бастап та кетті.Бірақ, оның әніне қосыла кетер ешкім табыла қоймады. Ол кезде мектепте орыс тілінде ән шырқамақ түгілі, қазақша да патриоттық ән айтатын ешкім жоқ болатын. Осы бір келеңсіз жағдайдан шығар жол таппаған Жәкең лауазымды басшының көз қырына ілінгісі келмей, орындығымен ақырын кейін қарай жылжи беруден басқа амал таппаған еді. Артынша, мектепте оқытушылармен бірге оқушыларға да орыс және қазақ тілдерінде партия және Ленин туралы әндер жаттату үйреншікті үрдіске айналды.

Арада көп уақыт өтпей Соломенцев Тұрышқа тағы келеді. Қыс мезгілі болатын, жерде біршама қалың қар бар. Алаңқайға қонған ұшақты оқушылар балалық қызығушылықпен қоршай қарап тұрған. Ұшақтан түскен Соломенцев «күн көсем» сияқты балаларға «мейірімді» болғысы келді ме, әлде өзінің балалық шағы есіне түсіп кетті ме, жердегі қарды кесектеп алып балаларға лақтырса керек, балаларға да керегі осы екен мұғалімдері келіп жеткенше жан-жақтан Соломенцевті қармен сыбап салады. Абырой болғанда, «мейірімді күн көсем» ролін өлке басшысы да аяғына дейін орындап шығады. Соломенцев ол кезде одан жиырма үш жыл кейін болған Желтоқсан оқиғасы кезіндегі өрімдей жастарды аяусыз таптатқан Соломенцевке еш ұқсамаушы еді. Оның екінші сапары кезінде мұғалімдер орысша ән айтудан Солменцевтің өзінен кем түспесе керек.

Жанбозбен замандас, қызметтес болған адамдардың айтуынша ол ешкімнің көңіліне арына тимей, адамның кемшілігін бетіне баспай, ешкімге дауыс көтеріп, зіркілдемей-ақ, айтарын сездіре білетін қасиетке ие. Оның осы қасиетін Жәкеңді ұстаз тұтқан шәкірттері де өз бойларына сіңіруге тырысатын. Жәкеңнің қызметтестерінің ішінде де оны етене жақсы білетін азаматтар оның ашуланғанда да «күліп» отыратынын сөз етеді. Оның екі түрлі күлу мәнері болатын, біріншісі, еріндері ашық, тістерін көрсетіп күлу, екіншісі – еріндерін жымқыра қысып, жымия күлу. Мұның біріншісі – ренжігені, екіншісі – разы болғаны. Жәкең еріндері ашылып, қаладай тістерін көрсетіп күліп немесе қолындағы қаламсабын айналдырып отырса – онда Құдайдың ұрғаны, «бірдеңені бүлдірдім» дей бер.

Осындай бір жағдай туралы Есқуат былайша естелік айтып еді. «Бір жылы жазғы жөндеу жұмыстары кезінде Жанбоздың өзімен бірге осы мектептің «ыстығына күйіп, суығына тоңып», шаруашылық ісін басқарып жүрген Ақораз бес-алты күнге бір жаққа барып келуге сұранады. «Жарайды, барып кел, жұмысыңды өзім қарай тұрармын» – деп директор рұқсат етеді. Әдетте, жеңіл-желпі жөндеу жұмыстарына мектептің еден сыпырушылары, т.б. техникалық қызметшілері тартылады ғой, олардың көбісі – әйелдер. Әлгілердің жұмыс жасағаннан гөрі әңгіме айтып, ұршық иіріп отырулары көбірек болады. Қолын артына ұстап, Жәкең бақылап тұрады, істеріне разы болмай, ырсиып күлгендей ме, қалай?! Әйелдер: «Е, Жәкең көңілді ғой», – деп отыруларын көбейте береді, басшыларының ашудан жарылардай болып, бірақ, бәрін ішіне сақтап тұрғанын қайдан білсін! Шаруасы бір ыңғайланған Ақораз да оралады, Жәкең оны шақыртып алып: «Ақа, ендігі жерде жөндеу жұмыстары кезінде орныңа мені қалдырушы болма!» – десе керек. Жанбоз мектепті, интернат пен асхана маңын аралап жүріп, байқаған кемшіліктерін ешқашан қағазға жазып алмаса да артынан ұмытпай, соның жөнделгенін үнемі назарында ұстайтын. Және бір кереметі сол, Жанбоздың өзі біреулерге асырып не ұрсып сөйлемейтіні былай тұрсын, онымен бетпе-бет келгендердің бәрі де оның көзінше асырып айтып не артық сөйлеуге бармайтын, олардың осылай істеуіне Жанбоздан берілетін қандай да бір күш әсер ететіндей-ді. Бірде іссапармен Гурьевке барып келген Жәкең бір жақын келініне «бит тарақ» (Маңғыстауда екі жақты, бір жағының тістері жиі, екінші бетінікі сиректеу болып келетін тарақты осылай атайды) әкеліп сыйласа керек. Әлгі келін қайнағасының бұл сыйына қатты риза болып, жанындағы жұмыстас әйелдерге мақтанышпен әңгімелейді. Ал, шындығында оның бұл сыйының ар жағында «келін, басындағы шашыңды күтіп ұста» деген ишара жатқан-ды.

Жанбоз сияқты Ақораз да қарамағындағыларға жекіп сөйлеп, ескерту беріп, жұмсап әлектеніп жатпайтын. Ол уақыттарда интернат пен мектептің қысқы отыны мал қоралардан алынатын қи, оны оқушылар мен мектеп ұжымының күшін пайдаланып, өздері даярлап алатын. Сондайда қи аударуға барған оқушылар жалқаулық танытып, жұмыс өнбей жатқан сәттерде Ақораз олардың ешқайсысына тіс жарып, үндеместен күректі қолға алып, өзі жұмысты жалғастыра беретін. Ағайы жұмыс жасап жатырғанда қарап тұрудың ретін таппаған оқушылар жұмысқа қайта кірісетін-ді. Сондай бір кезде мектепте тентектеу мінезімен көзге түсіп жүретін Қайырбектің: «Қап, осы Ақораз ағайдың ұрыспай-ақ діңкемізді құртуын-ай» – дегенін құрдастары бұл күндері жыр қып айтады.

Жанбоз ағайының жас мұғалімдерге үнсіз ишарамен тәрбие беруі жөнінде оның кешегі шәкірті, бүгінгі әріптесі болған Сара Әбдіхалықова былайша еске алады: «1972 жылы Қызылорданың М. Мәметова атындағы қыздар педагогикалық училищесін бітіріп келіп, өзім оқыған Тұрыштағы Сам орта мектебіне жұмысқа келдім. Мектеп директоры Жанбоз ағай мені шақырып алып: «Ал, Саражан, келген қадамың құтты болсын! Біреудің оқытқан сыныбын алсаң, ол саған қиын тиер, еңбегің де көрінбес. Не болса бәрін басынан өзің бастап кергенің дұрыс болар, 1-сыныптан баста», – деп, маған бірінші сыныпты берді. Сөйтіп, мектептегі қызметім де өз кезегімен жүріп жатты. Арадағы үзілісте болмаса, сабақ кезінде тізе бүкпестен жұмыс жасайтынмын, себебі сыныптағы жиырма екі баланың жазуын қадағалап тұрмасаң қате не қисық жазып қояды, ал, мен болсам оларға қатесіз, таза жазуды әу бастан үйретіп, соған дағдыландыруға тырысатынмын. Сол еңбегім еш кеткен жоқ, екінші жарты жылдық педагогикалық кеңесте Жанбоз ағай менің сыныбымның балаларының дәптерін жоғары көтеріп тұрып: «Самалықов Төрәлі ағайдан кейін балаларға таза да әдемі жазуды үйрете білген екінші мұғалім осы Сара» – дегенде, ұстазымның берген бағасынан төбем көкке бір елі жетпей тұрғандай сезімде болдым.

Бірде мынандай жағдай болды. Жақын ағам Қалиев Қайырбек Бақтылы жеңгемізге үйленіп, сол тойдан кештеу шыққанбыз. 2-сынып мұғалімі Үсенбаева Сайлаухан үзіліс арасында маған келді де, кете қоймай, екеуміз терезеден сыртқа көз салып, ананы-мынаны әңгімелеп тұрыңқырап қалдық. Келесі сабақ басталатын кез болып, балалар парталарына жайғасқан еді. Сайлаухан: «Түу, шаршап кеттім, тағы да кішкене тұра тұрайыншы», – деп кетуге асығар емес. Кластың артқы жағына көзім түсіп кетіп еді, соңғы қатарда отырған Жанбоз ағайды көрдім. Сайлауханды түртіп, белгі берейін десем, ағай көріп қалатын. Содан амалым таусылып, кластың артқы бетінде тұратын оқушылардың дәптерлері жинаулы тұрған шкафқа қарай жүрдім, артымнан маған қараған Сайлаухан да Жанбоз ағайды көрер деген ой. Шынында солай болды, Сайлаухан да ағайды көзі шалып қалысымен кластан шыға жөнелді. Сабақ біткен соң Сайлаухан екеуміз «ағай енді ескерту жасайтын болар» деп күтіп жүрдік, бірақ, ағайымыз ол туралы бізге ештеңе демеді. Сонда да осы оқиға өзімізге үлкен сабақ болды».

Жәкең қарамағындағыларды сынақтан өткізіп қана қоймайды, оларға өзі үлгі болуды да мақсат тұтқан жан. Сөзбен емес, өзі бас болып араласып, өнеге көрсету арқылы жастарды тәрбиелеу ерекше әсерлі де, нәтижелі болатынын онымен қызметтес болған әрбір әріптесі де, шәкірті де ұғып өсті. Мектепте мұғалімдермен ашық сағат сабағы жиі өткізіліп тұрады. Жанбоздың бір қасиеті осы ашық сағат өткізуді жыл сайын өзінен бастайтын. Ондағы мақсаты біріншіден, талапты өзінен бастап қою, директор екенмін деп ұжымнан бөлектенбеу, екіншіден, мұғалімдерге, оның ішінде де жаңадан келген жас мұғалімдерге үлгі көрсету болса, үшіншіден, жекелеген мұғалімдердің «ашық сағат өткізіп, маған сенімсіздік көрсетіп жүр» деп көңіліне алмауын ойласа, ең негізгісі оқытушылардың жауапкершілігін көтеру еді. Ашық сағатты талқылау үш-төрт сағатқа созылады, Жанбоз ашық сағатқа қатынасқан мұғалімдердің барлығын сөйлетіп, ашық сағат өткізген мұғалімнің атақ-дәрежесіне қарамай өткізілген сабақ туралы әркімнен өз пікірін ортаға салуын талап ететін. Сонымен бірге оның –ас мұғалімдерге қамқорлығы да мол болатын.

Қарабалина Балғаным Жанбоз ағайдың осы қасиеті туралы былайша еске алады: «Бірде мектеп ішінде ұжымға жаңадан қосылған жас мұғалимамен кездесіп қалдым, өзі біртүрлі қобалжулы екен. «Не болды?» – деп сұрадым. «Ертең ашық сабағым болатын еді, Жанбоз ағай шақыртыпты». Мен оны демеп, бір-екі ауыз жылы сөзімді айтып, сабағыма кіріп кеттім. Үзіліске шықсам ол да директордың алдынан шығып тұр екен, «Ағай неге шақырыпты, не деді?» деп сұрадым. Ол да жасырған жоқ, «ертең ашық сабағың болады, даярлан. Үстіңе киетін тәуір киімдерің бар ма, бұлар сын көзбен қарайды, жинақы бол, өзіңді өзін сенімді ұста, қысылып-қымтырылма» деп ағалық, басшылық ақылын айтып, жас қызға қамқорлық қолын созыпты».

Ол қарауындағы мұғалімдерді жаладан, орынсыз арыз-шағымнан ретін тауып қорғап жүрді, балаларының кемшілігін көре білмей оқытушыны кінәлауға жол бермейтін. Және оны осындай ата-аналардың өз көздерін жеткізіп, мойындаттыра білетін. Міне, осындай жағдай туралы Сәния айтады: «Демеген деген кісінің төртінші класта оқитын Бердібек есімді баласы болды, математиканы білмейтін. Сол баланы ілгері тартпақ болып сабақтан соң үнемі алып қалып үйрететінмін, менің бұл қызметім үшін, әрине, қосымша ақы төленбейтіні белгілі, бар мақсатым әлгі оқушымды қатарға қосу ғана. Бала бір күні «Сәния апай мені ылғи алып қала береді» деп үйіне жылап барса, әкесі «Мына төртінші кластың есебін шығара алмайтын, кеше ғана аспаз болып жүрген адамды мұғалім қылып алып отырсың, одан қандай мұғалім шығатын еді, баламды күнде-күнде сабақтан алып қалып, ұрыса беретін көрінеді» деп шағымданып, Жәкеңе барыпты.

 Демеке, сәл сабыр етіңіз, ашуыңызды басыңыз, шағымыңызды өзім тексеріп, екі-үш күнде жауабын айтамын, – деп оны шығарып салған мектеп директоры, келесі күні жымия басып, сабағыма кірді. Ол кісінің бұл келуін әдеттегідей кезекті жоспар бойынша сабаққа кіру деп түсініп, жұмысымды жалғастыра бердім. Арада бір-екі күн өткен соң ағай шақыртты, барсам, Демеген деген кісі де Жәкеңнің кабинетінде отыр екен, сәлем беріп, амандастым, ол кісінің мен туралы шағымданғанынан да хабарсызбын. Бақсам, әңгіме төркінен түсінгенім, ағай шағымданушы мен «жәбірлеуші» екеумізді беттестіріп отыр екен.

 Демеке, сіздің айтқаныңыз дұрыс, мына Сәния кеше аспаз болып істеді, қазір пединститутта оқиды, болашағынан үлкен үміт күттіретін мұғалім. Менің өзім де осы бала сияқты сырттай оқып бітірген мұғаліммін, әзірге менің ұстаздық жолыма ешкім кінә артқан емес. Өзіңіз осы кісінің сабағына кіріп, мұғалімнің сабақ беруі қандай, балаңыздың оны меңгеруі қандай көріңіз. Өткенде сіз келген соң мен бұл баланың сабағына өзім арнайы кіріп, мұғалімнің әрекеті дұрыс деп бағалап отырмын, – дегенде ғана әлгі кісінің шағымы мен Жәкеннің сабағыма кіру себебін түсіндім.

 Ой-бұй, Жәке, сіз солай деп отырсаңыз, бұл баланың сабағына кіріп мен не бітіремін, оған менің сауатым да жете бермес. Айналайын, айып ете көрме, әлгі жаман жылап келген соң шыдамай директорына келген едім, – деп кабинеттен кетумен болды».

Жанбоз Екібаевпен бір мектепте қызметтес болмағанмен математика пәнінің мұғалімі ретіндегі әріптес інісі, ар жат Тұщықұдықтан, ауылдас болып келетін Ордалы Қосай ол жөнінде былай деп ой бөліседі: «Жанбоздың оқушылар психологиясын зерттеп, саралауы, шәкірттермен тіл табыса білуі, оларды аңғарымпаздыққа баулу қасиеті керемет. Сондықтан да оның шәкірттерінің бойында үнемі сақ отыру, әр сәт сайын сұраққа жауап беруге дайын болу қабілеті ерекше дамыған. Жанбоз – ол актер, оқушыларды аралап жүріп, сабақ түсіндіріп келе жатады да кенеттен біреуіне сұрақ қояды, болмаса «мен жаңа не туралы айттым?» деп сұрайды. Сүйікті мұғалімі немесе кластастары алдында сұраққа жауап бере алмай, қызармау үшін әрбір оқушы оның үніне құлақ түріп, бар зейінін сабақты, сол күнгі тақырыпты қабылдап, түсінуге бағыттауға дағдыланады.

Мұғалім сабақпен сабақ болып, тақырыппен тақырып болуы тиіс. Сабақ бергенде өзінің кім екені ұмытылып, тақырыпқа айналып кетуі керек. Мысалы, математикада координаттар жүйесі туралы оқытқанда балаларға қарсы қарап тұрып, екі қолыңды екі жаққа созып: «оңға қарай өседі, солға қарай кемиді», басыңды көрсетіп «жоғары қарай өседі», аяқтың басын көрсетіп, «төмен қарай кемиді» деп түсіндіру қажет. Яғни, мұғалімнің өзі координат сызығына айналып кетуі керек. Сонда сабақ есте қалады, балаларға түсінікті сөздермен мысал келтірсең есте сақтауға мүмкіндік жасайсың. Мен Жанбозды дәл осындай педагог деп білемін».

Қарап отырсақ, Ордалы ұстаз туралы дөп басып айтқандай. Жанбоздың алдынан дәріс алған Есқуат Есқабылов былай деп еске алады: «Жәкең математикадан сабақ берді. Материалды түсіндіруі әлемет. Ол сабақты бастамас бұрын «Кім дайындалып келді?» деп сұрайды. Бәріміз, оның ішінде дайындалмай келгендер де бар, сүмірейіп қол көтереміз, бәлкім, сұрамас, «дайындалған жоқпын» деп несіне көзге түсеміз деп ойлаймыз ғой, баяғы. Оқытушымыз парталардың арасын аралап келе жатады да «кәні, сен айта ғой» дейді, сонда сабаққа даярлықсыз келген оқушыны дөп басып сұрайды, оның сезгіштігіне, өтірік қол көтеріп отырғандарды білгіштігіне әңгіме айта алмайсың».

Жанбоз мұнтаздай таза киініп, жинақы жүретін. Оқушылардан сабақ сұрағанда да алдындағы есепті дұрыс шығарғаныңа қанағаттанбай, оқушысының негізге алған жолдарын, тәсілдерін «неліктен солай?», «ал, егер былай етсек не болар еді?» деп, шәкіртінің алдындағы материалды игеру дәрежесіне әбден көз жеткізетін. Мұның онысы, екінші жағынан үміт күттірер талантты шәкіртін ізденімпаздыққа тәрбиелеу еді. «Сенің оқуды жақсы оқығаның бар болсын, анау Батыршев Махмұт құсап оқымаған соң» деп «ұрсатын» бұрынғы ұстаздардың шәкіртін ілгері талпындыратын қасиеті осы Жанбоз бойынан қылаң бергендей әсер қалдырады. Ал, Жанбоздың алдынан өзі де кезінде дәріс алған, кейін мектепте әріптес болып қызмет жасаған Балов Бақыттың мына естелігі Ордалымен әңгіме кезінде қатар отырғандай-ақ, оның сөздерінің шындық екенінің айғағы іспеттес. «Жәкеннің сабақ түсіндіру әдісі мынандай. Мысалы оқулықта бір есеп берілсе, ол сол тақылеттес үш есепті ойдан құрастырады. Егер кітаптың есебінде қарбыз, пияз, шошқа деп құм ішіндегі біздің ауылымызда кездеспейтін атаулармен берілсе, ол құрастырған есепте біздің балалардың күнделікті өмірде көбірек кездестіретін қой, ешкілері өріп жүреді. 1955-56 оқу жылында оныншы класты Үштағанда оқыдым, Жанбоз астрономия пәнінен сабақ берді. Ерекше есте қалғаны, біз астрономияны оқулықпен шектеліп оқыған жоқпыз, кластан тыс кешкі 8-30 – 9-дан бастап, яғни қалың жұлдыз шыққаннан бастап, география алаңында аспанға қарап тұрып оқитынбыз, ғылымға белгілі барлық жұлдыздардың атаулары мен қасиеттерін сол жерде көңілге тоқитынбыз».

Ол қарауындағы адамдарды дауыс шығарып, жұмсамастан мектеп пен интернаттың шегі жеткізбейтін қара жұмыстарын жасата беретін. Сонау жылдары Тұрыш мектебін он жігітке қасқайып қарсы баратын жүректі, тиісе қалса, солармен қорықпай жағаласа алатын білекті, жауырыны қақпақтай, ұзын бойлы денелі, кешегі жаугершілік заман болса батыр аталардай қол бастауға, есімі Шабай, Шотан, Бегей батырлармен қатар аталуға лайық Қалиев Қайырбек деген азамат бітіріп, жоғарғы оқу орнына бірден түсе алмай, мектепте дене тәрбиесінен сабақ берді. Кейінірек Алматыдағы Абай атындағы педагогикалық институтын бітіріп келіп, Аққұдық, Сенек, Құланды мектептерінде директор болып қызмет атқарды. Сол жігіт айтушы еді «Жәкең ешқайсымызға «мынаны істе, ананы істе» деп айтпайтын, үнсіз-түнсіз жасалуға тиіс жұмысты өзі бастап, қолдап, жасай беретін. Директорың, әрі жасы үлкен ағаң жұмыс жасап жатқанда қалай қарап тұрасың, еріксіз өзіміз де жұмысқа араласып кететінбіз». Оның бұл сөзін Тұрыштағы Сам-1 сегіз жылдық мектебінің алғашқы түлектерінің бірі Есқабылов Есқуаттың мына сөздері де айқындай түседі: «Ол кезде интернатта отын орнына мал қиы пайдаланылады. Жазға салым малшылар қораларынан көшіп кеткеннен кейін жоғарғы класс балаларын Жәкең қи аударуға алып барады. Сонда тапсырылған шаруаны тез атқарту үшін социалистік жарыс ұйымдастыратын. Мәселен, қи аударылып болатын бір шетке ет консервісі мен нан апарып қояды да, межеге кім жолдағы қиды аударып, бұрын жетсе, әлгілерді соған беретін. Жәкең құмнан көсік (құмда өсетін жабайы сәбіз) тергіш еді. «Ал, балалар, көсік жегілерің келе ме?» деп сұрайды, әрине, біздер «Жейміз» деп жамырай тіл қатамыз. Ол кетеді, көп айналмай көйлегінің етегіне толтырып көсік қазып әкеліп, барлығымызға бөліп таратады. Әшейінде сұсы басым, қатал көрінетін Жанбоз ағайдың осындай сәттерде жүзінен мейірім шуағы есіп тұратын, оның осы қасиетін көрдік».

Иә, Жәкең балаларға көсік қазуға құм ішіне енген сәттен бастап кейінде қалған балалық шағын, өзі қазып әкелген күміс сабақты көсіктерін тазалап, ешкінің сүтіне қосып пісіріп, елде жоқ бір дәмі тіл үйірер тағам жасап беретін тығыншықтай қара кемпір – анасы Секерді еске алатын, онымен іштей тілдесіп сөйлесетін: «О, аяулы анашым, сенің ұсынақты қолыңның арқасында киімім бүтін, тамағым тоқ жүруші едім, бүгінде өз қолым өз аузыма жеткен шағымда қоныс шалғайлығынан басына белгі де қоя алмадым, перзенттік борышымды атқара алмай жүргенімді кешір, ана! Тірі жүрсем осы арманымды да орындармын». Сол сәт оның көз алдынан анасының қоламтаға көмген собалағын келеңсіздіктер болмайтын-ды. Жанбоз да, оқу ісінің меңгерушісі Рзаев Жеткізген де бұл мәселеге келгенде өте қатал талап қоятын. Кейініректе облыстық оқу бөлімінің бастығы Айбасов, аудандық оқу бөлімінің инспекторы Әуезалиевтер Сам-1 мектебінде тексеру жұмыстарын жүргізгенде, Жанбоз бен Жеткізгенге «қабілеттері жоғары, екеуі де мектеп директорлығына лайық адамдар, бұл екеуін бір жерде ұстай бермей, екіншісін басқа мектепке директорлық қызметке жібермесек болмайды, бұған дейін «екі қошқардың басы бір қазанға» қалай сыйып келген!» деп баға беруінің өзінде де үлкен сыр жатқандай. Ол екеуінің біреуі келе жатқанда оқушылар дымын ішіне тартып, ешқандай әбес іске жол бермеуге тырысатын. Жәкең, «өзімнен кетті, енді не істесе де мен жауапты емеспін ғой» деп балалардың тағдырына немқұрайлы қарамай, сегіз жылдық мектепті Тұрышта бітіріп, ауданның басқа мектептеріне онжылдықты оқуға кеткен шәкірттерінің жағдайын да сырттай сұрастырып, біліп отырады екен.

Оқушылардан тәртіп пен негізгі міндеті оқуын меңгеруді ағайын-тума деп бөліп қарамай, баршасына бірдей талап қоятын. Баласы Байболмен бірге баласындай болып қолында өскен, ағасы Ережептің кенжесі Жұмабек бірде үйдегі шайлық сүт үшін сауынға ұстап отырған қара мая түнеп қалып, келмеген соң, жеңгесі Сүткенже: «Сары бала, велосипедіңмен барып, өрістен қара маяны айдап келмесең болмас, үйде шайға құятын сүт жоқ» – деген соң, түйені іздеп кетеді. Қырсыққанда, сол күні Жанбоз ағасы оқытатын математика пәнінен бақылау жұмысы болатын. Тұрыштың арқа бетіңдегі қос мола маңынан жоғын іздеп тауып, үйге айдап келгенше, түс мезгілі де болып кетеді. Соншама қарайған жерден тақырлау жерде ол велосипедке мініп, құмдауыт жерде велосипед оған мініп, айдағанға көнбеген түйені ауылға жеткізу оңайға түскен жоқ. Шаршап-шалдығып, әрі шөлдеп келген ол түскі ас мезгіліне тура келеді. «Жақсы келген екенмін, шай ішіп, шөлімді басамын ғой» деген оймен қолын жуып, ішке енген Жұмабекті Жанбоз ағасы жанына шақырып алып, ресми түрде: «Ережепов, сен бүгін бақылау сабағында болмадың, анау түпкі бөлмеде стол үстінде сенің вариантыңның есептерін жазып әкеліп қойдым, бар да соны мен мектепке кеткенше шығар» – демесі бар ма? Шәй ішу жөніне қалады, Жұмабек түскі ас мезгілі кезінде терлеп-тепшіп есеп шығарып, түс қайта мектепке кеткелі жатқан ағасының қолына тапсыруға мәжбүр болды. Ертесіне ағасы оқушылар алдында: «Кеше Ережепов үйінің түйесін іздеп кетіп, бақылау жұмысына қатыспады, бірақ, сабақтан тыс уақытта қосымша тапсырма алып, бақылау жұмысын орындады» – деп, тиісті бағасын хабарлапты. Жәкеңнің осы әрекеті ұстазы Шоңқалов Торғайдың да осы тектес бір қимылын еске салғандай.

Бірде, кездесіп әңгімелескенімізде, Бейнеудің ақсақалы Нұржанов Алқабай: «Таушықта оқып жүрген кезім, Шоңқалов Торғай оқытады. Бір күні мұғаліміміздің әкесі Шоңқал далада туып қалған ешкісін алып келуге мені жұмсады. Өзі ағайын, әрі үлкен адам, оның үстіне әкесінің жұмсауы сылтауымен сабақтан да қаламын, келісе кеттім. Ешкісі құрғырдың да қалған жері недәуір қашық екен, соны әкелемін деп жүріп, ертеңгі сабаққа дайындала алмадым. Бәлкім, жұмсаған әкесі ғой, осы жолы менен сабақ сұрай қоймас дедім бе, әлде есеп те әл бермеді ме, әйтеуір дайындалмай келгенім есімде. «Кім дайындалып келді?» дегенде, бұғып қалуды ар көріп, мен де қол көтеріп отырдым. Шоңқалов бір сәт маған көз салып қарады да, «Нұржанов, тақтаға шық!» демесі бар ма? Су құйған іннен шыққан тышқандай боп сүйретіліп тақтаға шыққаныммен үй тапсырмасына арналған дәптерімнің беттері тап-таза болатын. Оны көрген ұстазым «бір» деген баға қойды» – деген еді.

Енді бірде Азанов Әлімбай мен баласы Байбол ләңгі ойнап жатырған үстіне Жанбоз келіп қалады. Ләңгі ойнау мектепте тәртіпсіздік болып саналатын, ұрлық үстінде ұсталғандай екі балада сес жоқ, мелшиіп тұр. Ағай ұрыспай өте берді. Әлімбайдың көңілінде «баласы болған соң үндемеді, әйтпесе құрыған жерім осы» деген де ой жоқ емес, оңай құтылғанына мәз. Бірақ, олар ерте қуанған екен, түс қайта мектепке барса, екінші сабақтан кейін мектептің радиоторабы «Бүгін Екібаев Байбол мен Азанов Әлімбай совет оқушыларына жат қылық, тәртіпсіздік жасады» деп сайрап тұр. Екеуінің бастары салбырап, жолдастарының, бетіне қарауға бет жоқ, пұшайман болды да қалды. Әшейінде бұлармен өздері де ләңгі ойнап жүрген достары бүгін әлдеқандай бола қалған, бұл екеуінің жүзіне жаңа көргендей айыптай қарайды. «Ұсталмаған ұры емес», өздерінің бұл екеуіне кінәлай қарағаны батты-ау жандарына.

Жанбоз мектепте базалық білімді өте жақсы меңгергеннен кейін, ғылымның қай саласындағы болмасын жаңалықтарды мерзімді баспасөз беттерінен, ғылыми-көпшілікке арналған кітаптардан оқып, көңіліне түйіп жүретіндіктен балаларға оқытушы жетіспейтін кез-келген пәннен сабақ бере беретін білімді жан болды. Ол қарауындағы мұғалімдерден де осыны талап ететін. Соның бір айқын мысалы мынау еді. Бір жылы мектепте орыс тілі пәнінен сабақ беретін Қарабалина Балғаным мен Кәдірова Қарашаш екеуі бірдей нәрестелі болатын болып, осыған байланысты демалысқа кететін болады. Балалардың оқу программасында үзіліс болмауына қатты алаңдаған Жәкең Балғаным мен Қарашашты шақырып алып: «Сіздер ауылдан ешқайда кетіп қалмаңдар, оқушылардың оқуы үзіліп қалмасын, арасында келіп-кетіп сабақ беруді жалғастыра беріңдер. Әлдеқалай кішкентайлар жарық дүниеге ұмтылып жатырса, кіндік кесетін саймандарды даярлатып, дәрігерді алдырып, өзім кіндік ата боламын», – деп әзіл-шынын араластыра отырып, өтініш жасайды. Содан, олар босанар уақыты таянғанша балаларды оқыта береді.

Қай нәрсенің де шегі бар, босанар сәті жеткеннен кейін екі келіншек балаларымен үйде отыруға мәжбүр болады. Енді не істеу керек?

Жәкең екі келіншектің күйеулерін – Өтегенов Сайлау мен Мәденов Орынбасарды (физика пәнінің мұғалімі), Жаңбыров Сұлтанды шақыртып алады да, Сұлтанға үшінші класқа сабақ беруді тапсырып, ана екеуіне келіншектерінің орнына орыс тілінен сабақ беруге ұсыныс жасайды. «Ал, жігіттер, жағдай мәз емес. Ана екі бала нәрестелеріңмен үйлерінде отыр. Оқу процесін үзбеуіміз керек, не істейміз?».

Осы жағдайдың қалыптасуына «кінәлі» екеуде үн жоқ. Оларға біршама уақыт ойлануға мұрсат беріп, ешқандай ұсыныс айтыла қоймаған соң үнсіздікті Жәкеңнің өзі бұзды: «Сайлау, сен оныншы класқа орыс тілінен сабақ бересің, Орынбасар, сен сегізінші, тоғызыншы кластарды мойнына аласың». «Ағай, қолымыздан келмейді ғой» деген уәждерін құлағына да ілмеген Жәкең: «Оқыта алмаймыз дегенді қойындар, дайындалсаңдар қолдарыңнан келеді, үйде келіншектерің көмектеседі, жөндеріңе жүрмеген өздерің» – деп жымия әзілдеген ағаларына қарсы дау айту қайда, сөйтіп, екі жігіт бір күнде орыс тілінің мұғалімі болып шыға келген.

Жанбоз өзі мектептегі барлық пәндерді игерген жан-жақты болғандықтан ба, қарамағындағылардан да осыны талап ететін. Оның барлық пәндерді игергендігінің дәлелі – математиканы, физика мен химияны, геометрия мен астрономияны, азаматтық қорғаныс пен географияны оқытқандығы жөнінде бұрынғы шәкірттерінің ол туралы естеліктері болса, екіншіден, мына бір сырты тері қара дәптер. Оның бірінші бетінде 1958 жылдың қаңтарынан мамыр айына дейінгі күнтізбесі жазылып, 1957-58 оқу жылының сабақ кестесімен толтырылған. Онда Жанбоздың өз қолымен толтырылған оныншы, сегізінші «а», «б» кластарға машина тану пәнінен, сегізінші «б» класына алгебра мен геометриядан, бесінші, алтыншы, жетінші кластарға тарихтан сабақ бергендігін айғақтайтын календарлық жоспары мен даярлаған лекциялары сақталыпты. Дәптердің соңғы мұқабасының ішкі бетінде «18/1V – 1. Смағұлов, 2. Айтжанов, 3. Таңбаев. 4.Нұров Т. – рогатка» деп белгі соғылыпты. Шамасы әлгі балалар мектеп оқушысына жат қылық болып саналатын рогатка ату әрекеттері кезінде мұғалімдерінің көзіне түсіп қалғанға ұқсайды.

Балаларға орыс тілін үйрету, олардың бұл саладағы мектеп программасын толық игеруі үшін шыр-пыры шығып жүрген ойы сұңғыла Жанбоз сонау жетпісінші жылдардың орта шенінде орталықтан келген қатынас қағаздардың орыс тілінде келуі жиілеп, жиналыстарда әкімшілеген басшысымақтардың тілі келген келмегеніне қарамастан орысша сөйлеп немесе орыс тілі мұғалімдеріне жаздырып алғандарын топ алдында терлеп-тепшіп орыс тілінде оқып тұратынын көріп, қызметте де орыс тілін меңгергендердің жолы болып, қазақ тіліне тықыр таянып келе жатқанын сезіп, іштей күйзелетін, жаны ауыратын. Қазақстан егемендік алғалы бері күн тәртібінен түспей келе жатырған осы проблема сонау қызыл империя жылдарының өзінде Жәкеңнің алаңдаған мәселелерінің бірі болған. Осы жөнінде Жұмағазин Бектұрған ішкі сүйінішін жасыра алмайды: «Жанбоз ешкімге жалтақтап, жалпаңдамай, ойын тіке айтатын. Ұмытпасам, 1975 жылғы тамыз кеңесі ғой деймін, әрқайсымыз мінберге шығып өзімізше орысша сайрап жатырғанбыз. Сөз кезегі Жанбозға келді. Ол мінберге шығып, залдағы көпшілікке қарап тұрып: «Мен өзімнің ана тілімде сөйлеймін, орысша сөйлемеймін» – деп ескертіп алып, баяндамасын қазақ тілінде бастай жөнелді. Залдағы жұртшылық та, кеңеске қатынасып отырған аудан басшылары да – бәрі де үнсіз қалды. Қазір ойлап қарасам, мәртебесі әлсіреп, қоғамның үнсіз келісімімен шетқақпай қалып бара жатырған қазақ тілінің жай-күйін сол заманның өзінде жүрегімен ұғынып, тоталитарлық режимге ашық қарсы шыққан екен Жанбоз».

Сам өңіріндегі екі мектеп осы аймаққа оқу-ағартушылық ісімен ғана емес, сонымен қатар мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастыруымен, еңбекші қауымға саяси өмірден жаналық хабарлар таратуымен айналысатын нағыз саяси-мәдени орталық ролін атқарды. Өлкеден, облыстан, ауданнан келетін басшылар мен өкілдерді қарсы алып, қонақ қылып, шығарып салып жататын да осы екі мектептің директоры мен оқу ісінің меңгерушілері болатын. Өйткені ферма бастықтары үнемі шаруашылық аралап, қолға көп түсе бермейді де, барлық уақытта дерлік ауылдан табылатын зиялы қауым өкілдері – мұғалімдер осындай істердің басы қасынан табылып жататын. Онысының кейде мектеп үшін жақсылық жақтары да аз болмайтын.

Мәдени шаралар демекші, ел арасына қазақтың классик жазушыларының туындыларынан пьесалар қойып, концерттер беруде Тұрыш мектебі көш ілгері тұрды. Оның да өзіндік себебі жоқ емес еді. Сол жылдары Гурьевтен әлде бір істерінен «кінәлі» боп қалған талантты режиссер Қостанов Сатқан «жер ауып», Сам өңіріне автоклуб меңгерушісі боп келе қалмасы бар ма! «Құдай көктен іздегенді жерден берді», халық алдындағы өздері атқарар миссияларын жақсы түсінетін Жанбоз бастаған мұғалімдер коллективі мен маман режиссер бірлесе қимылдап, Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебегі» мен «Қаракөзі», Бейімбет Майлиннің «Шұғаның белгісі», Ғабит Мүсіреповтың «Қозы Көрпеш-Баян сұлуы» сияқты әдемі туындылар дүниеге келіп, малшылар мен механизаторлардың көңілін серпілтіп, көз қуанышына, рухани азығына айналды. Оқытушылар коллективі, автоклуб меңгерушілері Қостанов Сатқан мен Балов Бақыттың репертуарында кішігірім бір театрдың жүгі бар еді. Олардың осы туындыларымен сусындап, анау Шұғамен:

«Қызы едім Есімбектің атым Шұға,

Атанды бұл өлкеге, дариға-ай, атым шыға...

Құрбыжан, күні құрсын – ә-әй, ұрғашының,

Билігі болмаған соң, япырма-ау, бір басының-а-ай.

Жалаңдап қасапшыдай, ау, төнді талай,

Малмын ба, алушы мен, дариға-ау, сатушыға-а-ай!»

– деп бірге сыңсып, жылап өскен көрермен ұрпақтың бір өкілі маған кейін Алматыдағы М.Әуезов атындағы драма театры артистері қойған «Шұғаның белгісі» осы Тұрыштағы ауыл артистерінің туындысынан көш кейін жатырғандай боп көрінгені рас. Немесе, «Еңлік пен Кебектегі»:

«Мен өзім мойып жүрмін, мойып жүрмін,

Өлеңді көп айтқанды қойып жүрмін.

Жаратқа-а-н жақсылыққа бастап жүр ме?

Түсімде қызыл түлкі сойып жүрмін»

– деп пошта меңгерушісі Абдуллин Сәбит рөлін өте-мөте нанымды ойнаған Жабал бейнесі қырық жылдан астам уақыт өтсе де біздің көкірегімізде әлі сол күйінде сақталып қалды. Бәлкім, небір профессионал актерлар ойнағанмен ол бейнені де біз енді басқаша қабылдай алмайтын болармыз. Бұл істе де ұжым мүшелерінің шеберлігі жоғары болғаны сондай, кезінде оларға «Халық театры» атағын беру туралы әңгіме қозғалып, соңынан жоқтаушысы болмағандықтан басылып қалған-ды. Жәкең мектепте өнер мен спорттың кең қанат жайып, дамуына үлкен мән берді. Мұғалімдер ұжымы негізін қалап, шағын ауылдағы зиялы қауымның ең көп шоғырланған орны болғандықтан бұл заңды да, аздаған мәдениет, пошта, т.б. мекемелер қызметкерлерімен бірлесе үлкен-үлкен драмалық туындыларды сахнаға шығарып, бойларындағы тума талант өнерлерін халық алдына жайып салып, халықтың эстетикалық талғамын өрістетуге үлкен үлес қосты. Мұғалімдер ұжымының көркемөнерпаздық қызметі саласында ірі жетістіктерге қол жеткізуіне себеп болған да мектеп директоры Жанбоз десек, еш қате емес. Олай дейтініміз, алғашында Сатқан мұғалімдер мен ауыл жастарының басын қосып, халыққа пьеса қою жөнінде ұсыныс айтқанда, онысы Жанбоз тарапынан кеңінен қолдау тапқан болатын.

 Бұл айтқаның дұрыс екен, шалғайдағы елге артистердің аяғы жете бермес, ана жылғы Ғарифолла Құрманғалиев пен Ләззат Сүйіндікова қатысуымен Уәлідегі малшылар тойында «Қыз Жібек пен Төлегенді» көргеніміз болмаса, онда да олар Самға келмей, халықтың көбірек жиналған жағы ойға қарай кетті, біздерге тек Хаттар Дүйсемалиев бастаған топ келіп, концерт берді, бұл ел не керіп жатыр. Мал басын азаптана жүріп көбейтіп, сонау Орскіге жаяу айдап, елімізге ет беріп отырған бұл елдің қамын біз ойламасақ, кім ойлайды. Саясатты да, этиканы да, эстетиканы да, мәдениетті де елге тарататын, танытатын тек біз – мектеп ұжымы, халық үшін бәрін тегін істеуіміз қажет, шаршасаңыздар да осылай істеуіміз керек. Сондықтан сол артистердің міндетін де біздің атқарғанымыз жөн. Мені бас қылып, жаз тізімге, лайық деген рөліңді маған да бере бер, ұжымнан бөлектеніп қалып жүрмейін, – деген мектеп директорының сөзі режиссер жігітті тіптен қанаттандырып жібергендей болған, ойға алған ісіне құлшына кірісіп кеткен-ді.

Сонымен, дайындық жұмысы да басталып кетті. Алғашқы күні Қарабайдың (жағымсыз кейіпкер) рөлін Жәкеңе ұсынудың ретін таппай, кібіртіктеген Сатқанның ішкі толқынысын қалай сезгенін қайдам, қадір тұтар ағасы ойын дөп басқандай болып: «Немене, маған берер рөлің Қозы емес шығар, Қарабайды берсең қайтеді, ойнап көрейін» – дегенде, иығынан ауыр жүк түскендей, көңілденіп: «Өзім де сол рольді ұсынғалы отыр едім, бірақ, соны қалай айтарымды білмей тұрғанмын» – деп екеуі өзара келісімге келгендей болған. Жанбоз сомдаған Қарабай рөлі өте сәтті шыққаны сондай, залдағы көрермендер ол жасаған зұлымдыққа зығырданы қайнап, атарға оқ таппай отырғандары анық сезіліп тұратын. Егер Жанбоз мұғалімдікті қаламай, актерлік жолды таңдаған болса майталман өнер шеберлері Серке Қожамқұлов, Елубай Өмірзақовтардың қатарынан орын алары сөзсіз еді деп ойлаймын.

Міне, қол бастап, жауға өзі бірінші болып шапқан қас батырлардай Жәкеңнің қандай істе де болмасын ішінде өзі араласып жүретіндіктен мұғалімдер де басшыларынан қалыспай, сол істердің қайнаған ортасынан табылатын. Оқытушылар таңертең келгеннен кешкі сағат жетіде мектептен шығып, үйлеріне барып, апыл-ғұпыл тамақтарын ішкеннен кейін қайтадан келіп, бірі ертеңгі сабақ жоспарын жасақтаса, енді біреулері кешкі репетицияға қатысатын. Мектеп директоры Жанбоздың өзі де репетициядан соң қалып, мұғалімдердің сабақ өткізу жоспарларын тексеріп, түзету енгізіп, түнгі он екі бірлерде үйге қайтады. Және бұл оның өмірлік дағдысына айналып кеткен-ді. Мектептегі оқу процесі үздіксіз бір конвейермен атқарылып жатырғандай болатын. Таңертеңгілік ерте Пермебай келіп, балаларды оятып, дене шынықтыруға алып шыққанда, жеңіл трико киген Жанбоз ағай да келіп сапқа тұрып жататын, ол сапта тұрғандықтан балалар да ұйқыларын қаншалықты қимаса да еріксіз төсектерін тастап, сапқа тұруға мәжбүр болатын. Таңертеңгі ас ішіліп болғаннан кейін оқушылардың бірінші кезекте оқитындары кластарына сабаққа кетеді де, түс қайта екінші кезекте оқитындар дайындық залына бет түзейді. Онда олар үш сағат бойы бүгінгі сабаққа даярланатын да түстен кейін таңертең оқығандармен орын алмасатын.

Бұл процесс балалардың көпшілігі интернатта жатып, қолда болатындықтан оқушылардың үнемі мұғалімдердің көз алдында болуын қамтамасыз етіп, бейсеубет жүріске жол бермейтін. Және бұл балалардың сабақ үлгірімінің де жақсы болуына оң әсерін тигізетін. Яғни, сабақ оқу – даярлық жұмыстары – тәрбие жұмыстары ылғи мұғалімнің бақылауымен кешенді түрде жүзеге асатын.

Үлкен парасат иесі, білімі мен ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, үлкен мен кішінің, жақсы мен жайсаңның тілін тауып, өзара қатынас орната білу шеберлігі, әріптестерін ойға алған ісіне бір кісідей жұмылдыра білуі, оларды өзі де сый тұтып, оларға өзін сыйлата білуі нәтижесінде Сам орта мектебі азғана мерзім аралығында аты республикаға белгілі Гурьев облысындағы ең таңдаулы үлгі тірек мектебі дәрежесіне көтерілді.

1967-68 оқу жылында Сам орта мектебін он тоғыз бала аяқтап шықты. Олар: Айдарханов Қондыбай, Болысбаев Айдарбай, Боранова Қибат, Бөлтеков Жексенғали, Дошымбаева Ақзер, Иманқалиев Айтқұл, Оңғарбаев Нахим, Өтетілеуов Темір, Өтемағанбетова Ізболған, Көбегенова Әлемхан, Қалиева Оңай, Құлжанова Шархат, Құрманбаева Гүлдері, Қолғанатова Ақзон, Қойтанова Қама, Сақтағанова Зейнеп, Сансызбаев Сырым, Сарбасов Көшен, Тақабаев Сабырғали. Бұлардың арасынан жеті-сегіз бала жоғарғы оқу орнының емтиханын жақсы тапсырып, студент атанды. Бұл мектеп үшін өте жоғары көрсеткіш болатын, яғни мектеп шынында да үлгі тірек мектебі екенін тағы бір айғақтады.

Келер жылы, 1968-69 оқу жылын жиырма төрт бала бітіріп шықты. Олар: Азанов Әлімбай, Асқабылов Қуанышкерей, Аққұлова Түймеш, Әбиева Ханзада, Әбілова Жеміс, Бақытжанов Қоянбай, Бержанова Қаламқас, Бимағанбетов Табылған, Екібаев Байбол, Есенғалиева Қалбибі, Есбосынов Айтқұл, Жақыпов Бекіш, Ашықбаев Төремұрат, Жұмабаева Бөпежан, Қоштаева Ақатай, Қоғашев Бегім, Қилыбаев Түгелберген, Жантілеуов Қази, Машырықов Қонарбай, Мырзабекова Нағима, Әбдіқалықова Сара, Оразбаев Құлыбек, Теңізбаев Аман, Төрәлиев Талғат. Осы жиырма төрт оқушының он бесі жоғары білім алған мамандар болып, халық шаруашылығының әр саласында қызмет етті.

1969-70 оқу жылын Ағиманов Жалғасбай, Алуадинов Есен, Базарбаева Қадиша, Төлесінов Бөкенбай, Ережепов Ғабидолла, Жұмағалиева Болдыхан, Жәдігеров Барақ, Исабергенов Ержан, Кепеков Көлбай, Майлыбаева Оңайша, Оразаев Жолдасқали, Өтеулиева Тәтті, Сәтова Болаш, Төлегенов Есболай, Шолтанова Әлия, Бержанова Минау деген он тоғыз оқушы бітіріп шықты.

1970-71 оқу жылында мектепті Амантұрлиев Қалдан, Асықбаева Биялай, Ағысбаев Әжіғали, Ақкөзова Ғазиза, Бержанова Алтынгүл, Дүйсенбаев Баймұханбет, Демегенов Асанбай, Жанғалиева Тыныштық, Назарбаев Балтабай, Оспанова Айым, Ормұханова Айсұлу, Сәдіғұлова Маңдайлы, Сарбасова Оңай, Тұрарбекова Мақпал, Таушабаева Күреңше, Тілеубаев Кемелбек, Тұрманбетов Қали, Қанатов Бұғабай, Тіленбаев Сайлау, Шариғатов Құлыбек – барлығы жиырма бала бітірсе, олардың он екісі сол жылы жоғарғы оқу орындарының есігін ашты.

1973 жылы болатын. Жанбоз жолы түсіп, Алматыға келген. Бір күні өз қолынан қанат қаққан шәкірттерін астана төріндегі ең жоғары санатты ресторанға жинап, бас қосты. Бұл кезде Жанбоздың алдынан өмірге жолдама алған жиырмаға жуық қыздар мен жігіттер Алматының жоғарғы оқу орындарында оқып жүрген-ді. Олар: КазГУ-дің заң факультетінде Кемелханов Жаңабай, филология факультетінде Мырзабекова Нағима, Есенғалиева Қалбибі, Оразаев Жолан физика-математика факультетінде Дүйсенбаев Баймұханбет, ҚазАШИ-да Қоғашев Бегім, Әбенов Қоянбай, ҚызПИ-де Жанғалиева Тыныштық, Шәріпова Құндыз, Ормұқанова Айсұлу, Физкультура институтында ұлы Байбол, Медицина институтында Әбиева Қанзада, Зооветте Бимағанбетов Табылған, КазПТИ-де Оңғарбаев Нахим, Машырықов Қонарбай, Ағиманов Жалғас, т.б. еді. Әрине, олардың барлығы бірдей сол күні ресторан дастарханына келе алмаса да, шалғайдағы құм арасындағы бір мектептен қанат қаққан осыншама шәкіртінің бір қаладағы жоғарғы оқу орындарында оқып жатуы Ұстаздың жүрегінде масаттану мен мақтаныш сезімін туғызғаны хақ. Шындығында да, орталықтан қашық, сонау «майлы қиянның» да шеткері бір бұрышындағы ауыл мектебінен осыншама баланың астананың белді оқу орындарында оқып жатуы қандай мектеп үшін де өте сирек болатын, мақтануға тұрарлық үлкен жетістік еді. Алайда, көңіл толқынысын Жанбоз сыртқа шығара бермейтін еді, десек те, ұстаздарының жалын атқан көз жанарынан оның қуаныш сезімін шәкірттер де іштей сезіп, ағайларының сенімін ақтағанына едәуір марқайып қалған-ды.

Жанбоздың тағы бір ерекше қасиеті – ол мектептегі әрбір оқушының мектеп табалдырығын аттаған кезінен бастап сабақ үлгірімін арнайы жорналға тіркеп, қадағалап отыратын. Бұл әдіс оған мұғалімдердің оқушы еңбегін әділ бағалауын бақылауға мүмкіндік беріп, оқытушылардың жауапкершілігін арттыратыны сөзсіз еді. Міне, осындай он жыл бойы бақылауы нәтижесінде Жәкен Мәдиев Абыланның бойындағы ерекше талабы мен білімге құштарлық қабілетін байқап, оны сырттай қамқорлап жүретін. Он саусағынан өнері тамған күйші, спорттық ойындарда да көзге түсіп жүрген Абылан мектеп пен интернаттың қоғамдық өміріне де белсене ат салысатын. Баланың білімі мектеп бітірушілерге белгіленген «Алтын медальге» лайық екендігін көрген ұстаз өзінің бұл ойын аудандық оқу бөлімінің бастығы Танаш Меңдібаевпен бөліседі: «Менде бір оқушы бар, бірінші кластан бастап оныншы класқа дейін тек бестік бағалармен оқып келеді. Ал, ол бала алгебраның есептерін шығара бастағанда оның амалдарын түсінбей қалып жүремін бе деп өзім толқу үстінде боламын. Есепті өзіндік тәсілдерімен шығарып, шемішкеше шағады. Сол баланы «Алтын медальге» ұсынсақ қайтеді, неге осы уақытқа дейін біздің ауданымыздан алтын медальге ешкім ұсынылмаған. Әне бір жолы облыс орталығында болғанымда қаладан «Алтын медальге» ұсынылып отырған оқушының сабақта жауап бергенін көргенім бар. Үзілісте әлгі оқушыны қасыма шақырып, ортан қолдау бір есепті шығартып, астрономия, химия, физика пәндерінен бір жар сұрақ та беріп көргенмін, сол баланың білім дәрежесі көңіліме қона қойған жоқ. Біздің мектепте, қала берді осы Маңғыстау ауданының мектептерінде жоғарғы жақтағы медальге ұсынылып жүргендерден әлдеқайда ілгері білімі бар балалар баршылық боп көрінді. Тамыр-таныстықты, «бармақ басты, көз қыстыны» балалардың арасына қолданбаса болмас па еді». Жәкеннің үнінде жастарға үлгі тәрбие беруге тиіс ортада да әділетсіздіктердің орын алуына деген реніш сезілген-ді. Аудандық оқу бөлімінің басшысы оның бұл ұсынысын ықыласпен қарсы алды, сөйте тұра:

 Жәке, айтқаныңызды құп аламын. Бірақ, өзіңіз де түсінесіз ғой, жоғарыда отырғандар біздерді орталықтан шалғайда, жаналық атаулыдан мақұрым, артта қалған ел деп ойлайды, сондықтан да «Алтын медальді» бере қою оңайға соқпас, егер сіз балаңызға сенімді болсаңыз, мен өз тарапымнан барынша қолдау көрсетейін, – деді.

 Мен балама сенімдімін, қажетті құжаттарын дайындай беремін. Осылайша мәмілеге келген Жанбоз Тұрышқа келісімен мұғалімдерді жинап, Абыланның құжаттарын дайындауға бүкіл мектеп ұжымы кірісіп те кетті. Сөйтсе, Мәдиев Абылан деген оқушының туылғандығы туралы куәлігіндегі аты-жөні мүлдем басқаша болып шықты, ол Дүйсенбаев Баймұханбет екен. Мектеп жорналдарына, құжаттарына өзгерістер енгізудің өзі оңай шаруа емес, дегенмен ол да жөнделді. Жәкең Тұрышта мектеп ашылғаннан бері дерлік қызметтес болып келе жатырған әріптесі, әрі құрдасы Шолтанов Есенбайды оңашалап шақырып алып, сөзін әдеттегісіндей әзілмен бастады:

 Ес-ақа, қазіргі кезде Баймұханбетке математикадан сабақты сен беріп жүрсің, бағаға сараңдығың бар еді, сен қойған төрттің беске пара-пар екенін біз білгенмен, жоғарыдағылар түсінбес. Аудандағы тұңғыш медаль иегері мектебімізден шығып жатса, бәрімізге абырой, қолыңды ашықтау ұстарсың, – деп әзілдеген боп шын ойын білдірген-ді. Есенбай да құрдасының ойнап айтса да ойындағысын айтқанын көніліне ауыр алған жоқ, керісінше:

 Ой-бұй, Жанбоз-ау, ол бала менің бес қоймасыма қойып жүр ме! Сен айтпасаң да оның бағалары ылғи бес, жорналдан өмір өз қолтаңбасын қалдырды ма, әйтеуір, осы оқиғадан кейін Жанбозда қан қысымы жоғарылап кететін болды.

Жанбоз бас болып, мектеп ұжымының, аудандық оқу бөлімінің бастығы Таңаш Меңдібаевтың тер төккен еңбектерін Дүйсенбаев Баймұханбет те ақтап, небір сынақтардан қарсыластарынан оқ бойы ілгері болып шығып, шын жарыста Алтын медальді жеңіп алды. Бұл жарыс Маңғыстау мектептерінде білім беру ісінің биік дәрежеде екеніне жоғарыдағыларды мойындатса, екінші жағынан ауданның басқа мектептерінің озат оқушыларын жарысқа қосып, жеңімпаз атануына белдерін бекем буынуына жол ашты. Осыдан бастап Маңғыстау мектептері Алтын медаль бөлісіне лайықты үміткерлер арасынан өз орнын ойып алды.

Жанбоз ешкіммен бет жыртысып, ренжіспейтін, оқушылардың тарапынан болатын шалалықтарды да «бұларың не?» деп тергеп, ұрыса бермейтін, бірақ, олардың сол қателіктерін өздеріне мойындатып, өздеріне түзеттіру жолдарын үнсіз таба білетін. Бір кездегі Жәкеңнің оқушысы, бұл күндері баяғы Самға көшкенде Сақыпжамал жеңгесінің қолында қалдырып кететін қызы Гүлсімнің жары, яки күйеу баласы Амантұрлыұлы Қалдан былай деп еске алады: «Оныншы класта оқитын кезіміз, Жанбоз ағай «Азаматтық қорғаныс» пәнінен оқытады. Сол жылдары мектептерде мынадай жағдай қалыптасты. Класс оқушылары алдын-ала өзара келісіп алып, мұғалімнің алдында ауыз ашпайды, екі алуға пейіл, сұраса сабақ та айтпайды. Оны орындамаған бала «қ...» болады. Мұны «жым» ойнау дейді. Бір күні біз де осылай келісіп, «жығылсаң нардан жығыл» деген, мектеп директорының өзіне, Жанбоз ағайға сабақ айтпауға сөз байластық. Ағай келді, үйге берілген тапсырманы сұрады, ешкім үндемейді, сұрақ береді, тағы да үнсіздік. Мән-жайды түсінген болар, сәл ойланған Жанбоз ағай: «Онда жаңа сабақты өтейік» – деп сабағын жалғастыра берді. Бұл күнгі тақырып шынында солай ма, әлде ағай әдейі таңдап алды ма, ол жағын білмеймін, «противогаз» екен, соны қолдану принциптерін түсіндірді де, басқа ешнәрсе деместен шығып кетті. Бұл сабақ аптасына бір рет болады, Жәкеңнің өткенде үндемей кеткеніне арқаланған біз тағы да үнсізбіз. Мұғаліміміз де сұрақтар беріп, жанымызды көп қинаған жоқ, «противогазды практикалық жағдайда қолданып үйренуіміз керек» деп, бәрімізді далаға алып шықты. Әрқайсымызға бір-бір противогаз кигізіп, мектепті төрт-бес айналдырып жүгіртіп келеді, өзі де бізден қалыспай жүгіріп келеді. Басымыздағы пәлені шешуге болмайды, көзәйнегі терлеп, көзімізге тер саулап құйылып, дем жетпей, жығылуға айналдық. «Қалай, сабақ айтпаған жақсы ма екен?» – деп қояды Жанбоз ағай ара-тұра. Сол-ақ екен, енді Жанбоз ағайдың сабағында ғана емес, басқа мұғалімдердің сабағында да «жым» ойнау үзілді-кесілді тоқтатылды».

Жанбоз ағаның қызы Гүлсім жайлы айтып өттік қой, бұл сол құрттай күнінде Жұмабекпен ауыстырылатын Гүлсім. Ол содан жетіге келгенше ағасы Ережептің қолында болып, Жанбоз бен Сүткенжені «әке» мен «шеше» деп танымай, «аға» мен «жеңге» деп өсті. Мектеп жасына жетіп, оқуға барар кезде өзін алып кетуге келген Жанбоз бен Сүткенженің машинадан түсіп жатырғаның үйге келіп «машина келді, ішінен бір қыз бен жігіт түсіп келе жатыр» деп хабар айтып кірген ол, жүрер сәтте Сақыпжамал «анасынан» айырылғысы келмей, жылаған балаға «енді сен оқуға баруың керек, мына ағаң мен жеңешеңнің үйінде жатып оқисың, өзіміз артыңнан барып тұрамыз» деп, алдап-сулап машиналарына зорға мінгізіп жібереді. Ол өзінің туған ата-анасы Жанбоз бен Сүткенже екенін кейінірек, есі кіріп, есейген кезде ғана мойындаса керек. Бұл күндері ата-анасының жолын қуып, педагог болған Гүлсім анасы Сүткенженің көзі тірі орнын басқан ана, ауыл-аймаққа, көрші-көлемге сыйлы әйел. Мінез-құлқы бір қарағанда атасы Жанбозға келіңкірейтін, сабырлы мінез жары Қалдан мен анасындай ақжарқын Гүлсім баяғы Тұрыштағы құм жиегінде Жанбоз салдырған тас үйде отау тігіп, түтін түтетіп отыр, құдды бір Жанбоз бен Сүткенженің өмірінің жалғасындай. Ауыл алдында таң алакеуімнен Жәкең шығатын биік құм төбе де сол баяғысындай, тек қана Жанбоз аға бүгін көрінбейді, бірақ, көңілге олар жеті қат құм астында көзге түспей, қалдырған іздері сайрап жатқандай болып қылаң береді.

Екібайдың екі баласынан тараған әулет ара-жігі ашылмай, бір отбасындай тірлік кешті. Гүлсім Сақыпжамал анасының, қолында тәрбиеленіп өссе, Ережептің кенжесі Жұмабек Жанбоздың тұңғыш баласындай болып, қолында өсті. Жанбоз бен Сүткенже оны «Сары балам» деп атайтын. Байболдың жұбайы Күреңнің «Байболдың жалғыз ұл екенін берегірек келгенде, біреулердің әңгімесін кездейсоқ естігеннен кейін ғана білдім» деуінде де үлкен сыр жатқандай. Жанбоз аға Жұмабекті өз ұлынан кем көрмей, екеуін тең ұстап, тәрбиеледі. Тіптен, кейбір сәттерде Байболдың бала көңіліне әкесі Жұмабекті өзінен де гөрі жақсы көретіндей болып кететін. Мына бір оқиға оның бала көңілінде мәңгі сақталып қалыпты. Ол кезде қазіргідей шетелдік алмас ұстара жоқ, дүкендерде сақал алуға арналған алмастың тәуірі «Нева» деген алмас, ол да сақалды бір қырғаннан кейін жүзі мұқалып, өтпей қалады. Жәкең болса үйдегі екі баланың шашын сақал алатын станокпен өзі тақырлап алып беретін, ауылда шаштараз деген атымен жоқ. Сонда ол жаңа алмаспен әуелі Жұмабектің, сонан соң Байболдың шашын алатын болған. Бәлкім, Жанбоз оны жасына қарай, балалар үлкенді сыйлауды біліп өссін немесе Жұмабек көңіліне алып, бала жүрегі шеттемесін, өз балам «өзегіне тепті демес» деп істейтін болар, әлде оның себебі Жұмабектің шашының жұмсақтығында жатыр ма, бұл оның өзіне аян, бірақ, баласы Байбол жүзі мұқалып, өтуі нашарлаған алмас басын ауыртқан сайын, мойнын төмен тұқыртып алып: «Әкем неге менің шашымды өтпейтін алмаспен алады» – деп іштей ренжіп, ширығып отырғанын сезбеген де шығар!

Кешегі Үштағандағы ауыл сыртындағы ши арасында ұйықтап қалып, талай мәрте әбігерге салған, Жанбоз бен Сүткенженің көңіл қуанышы болған, домаланған Байболы да дені сау, қатарларымен бірге есейіп, ер жетіп, өсіп келеді. Өзіндік тентектігі де жоқ емес, бірде балдармен бірге ләңгі теуіп, көзге түсіп қалып жатса, енді бірде доп теуіп, терезе сындырып, мойны салбырап тұрғаны. Сабаққа да онша алғырлық танытпайды, бірақ, атақ-жөнін «Спорт» газетінен оқып, есімі Қазақстан спорт әлеміне танымалдау болып жүрген Пермебай ағайының ықпалы молырақ па, доп теуіп, қатарларымен күресуге бейімдеу. Мейлі, аман болсын, азамат боп өсеріне, әке сенімі мол. Сөйтіп жүргенде, баласының өткендегі тентектігіне Жанбоз қатты ренжіді. Оқиға өзі қалай болып еді...

Иманқалидың сабағына оқу ісінің меңгерушісі Жеткізген кіріп отырған. Директордың ұлы Байбол үзілістен кешігіп кірді де, адымдай басып, бір-екі аттап, оң қолын шекесіне қойып, кәнігі солдаттай қақшия тұрып мұғалімге «честь» беріп қатты да қалды. Иманқали: «Байбол, орныңа отыр!» десе де, орнынан қозғалар емес, қалшиды да қалды. Әшейінде, осындайда жамырай күлетін балаларда да сес жоқ, оқытушы да бір сәт шешім таппай, тығырыққа тірелгендей. Кенет, Байболдың көзі парталардың соңғы жағында сұп-сұр болып отырған Жеткізген ағайға түсіп кетіп еді, ол үшін аспаннан күн күркіреп, найзағай оты ойнағандай тұла бойы түршігіп, денесі мұздап сала берді. Әлгіндегі «ерлігінен» түк те із қалмай, судан шыққан күшіктей боп, жүні жығылып, ілбіп барып партасына сылқ етіп отыра кетті. Ары қарай, мұғалім не айтып жатыр, балалар қандай күйде, оны ойлар жағдай жоқ, ойы әлем-тапырық күй кешкен Байболды үзілістің соңына қарай әкесі шақыртты. Екі аяғына қорғасын құйып қойғандай, көтертер емес, ілби басып, директор кабинетіне бет алған досының соңынан абыржи қарап кластастары тұр. Кабинетте Жанбоз бен Жеткізген ағай отыр екен, екеуінің де жүзіне қарау мүмкін емес, түстері суық. «Баланың балалығы болған болар» деп кешірім берер түрлері көрінбейді, керісінше, осы «балалықты» басқа емес, директордың баласы жасағандығы оның айыбын онан әрі ауырлата түскендей. Басын төмен салған Байбол көзінің астымен тісі ақсиып, қолындағы қарындашты сындырып жіберердей қыса ұстап, тез-тез айналдырып отырған әкесінің тұла бойын дүлей бір ашу қысып отырғанын бүкіл тұла бойымен сезінгендей, басын жоғары көтеріп, оның жүзіне көз салуға шамасы келер емес. «Оңбаған, бүкіл мектепке менің абыройымды төккендігіңе де ақылың жетпеді ме, сенің?!» Әке аузынан шыққан осы бір ызғарлы кінәлау оның есінде өмір бойы сақталып қалды, жерге кіргендей болды, тұла бойы терден малмандай су болған Байбол директор кабинетінен өмірлік сабақ алып шығып еді. Осы оқиғадан соң Байбол әкесін ренжітерліктей іс істеген емес.

Оза шауып, бәйгі алардай жақсы болмағанмен, орта мектепті үші мен төрті аралас бағамен тәмамдаған Байбол дене тәрбиесі мен физкультура сабағын класта екі баланың бірі болып, екіншісі Бимағамбетов Табылған болатын, «бестік» бағамен аяқтап, Алматыдағы физкультура институтына оқуға түсті. Арада төрт жыл өткен соң 1973-74 оқу жылында физкультура мен дене шынықтыру сабағынан маман мұғалім әкесі негізін қалап, өзін ұшырған алтын ұясына жұмысқа оралды, әке жолын қуып, педагог болды.

Әке мен ананың ендігі арманы Байболының бас қусырып, ұрпағын жалғастырғаны. Бірақ, кешегі «тентек» Байбол қыздармен сөйлесуге келгенде «аузына су толтырып» алғандай үнсіз, «ынжық па, немене өзі», әйтпесе, айнала қыздары құрғыр көп емес пе, үйлену мәселесі кешіккен сайын әкенің де ішкі толқынысы жыл сайын күшейе түскендей. Анау, 1971 жылы Маңғыстаудан шыққан тұңғыш алтын медаль иегері Дүйсенбаев Баймұханбеттің (Мәдиев Абыланның) құжаттарын реттеу мақсатымен аудан мен облыс аралығына шапқылап жүріп, Бейнеуден Қанжекеңнің астаулы «Уаз» автокөлігімен келе жатып, апатқа ұшырағаннан бері басы ауырып, жүрек қысымы көтерілетін болған. Осы ауруы да соңғы кезде көбірек білдіріп, денсаулық сыр бергелі Жәкең баласының аяқтанғанын қалап Сүткенжеге: «Батыр, ана балаңның не ойлағаны бар, жасы жетті, әйел алатын ойы бар ма, сөйлеспейсің бе?» – дегенді жиі айтатынды шығарды. Баласының бір «шүйкебасты» алып келгенін анасы неге жек көрсін, ара-тұра ол да Байболды мазалап қойғанмен баласы «болады ғойдан» әлі аспай жүр.

1977 жыл. Денсаулығына байланысты Жанбоз өз өтінішімен мектеп директорлығы қызметінен босап, орнына он жылға жуық бірге жұмыс жасаған Сақтағанов Сайынның кандидатурасын ұсынып, облыста абырой-беделі зор Жанбоздың бұл ұсынысы қабылданып, ол директор болып тағайындалды да Жәкең жеңілдеу жұмысқа, автоклуб меңгерушісі боп, мәдениет саласына ауысты.

Әуелден Сам өңірінде мәдениет ісін жандандыруға ұйытқы болған Жанбоз үшін бұл жұмыс та таңсық емес-ті. Оның үстіне қандай да болмасын өзіне тапсырылған іске үлкен жауапкершілікпен қарауды міндет санайтын Жәкең мәдениет саласындағы қызметінде де абыройсыз болған жоқ, саяси сауаттылығы арқасында малшылар арасында партия мен өкіметтің саясатын түсіндіру мақсатында оқыған лекцияларымен, малшыларды жаңа кітаптармен қамтуымен әріптестерінің алдыңғы сапынан көріне білді. Аудандық, облыстық автоклуб қызметкерлерінің арасындағы жарыстардың жеңімпазы атанды. Еңбектері дұрыс бағасын алып, 1983 жылы Қазақ ССР-і Мәдениет қызметкерлерінің кәсіподағы республикалық комитетінің Құрмет Грамотасымен марапатталды.

Осы жылы баласы Байболдың да аудан орталығы Бейнеуге барғыштауы, сылтау тауып, сол жаққа баруға асығып тұратындығы, кей кездерде демалысқа қарай әкесінің қарамағындағы жеңіл автоклуб машинасын сұрап мініп, Бейнеуге кетіп бара жатуынан бір жақсылық күткендей болатын. Мұндайда хабарды алдымен әйел қауымы естігіш болады ғой, Сүткенженің айтуына қарағанда, «Бейнеудегі темір жолда машинист болып жасайтын қожа Асқабылдың Қуанышкерей (Кіреш) деген Байболмен кластас баласының Шымкент бетінен, Арыс стансасынан алып келген келіншегі Гүлажармен бірге темір жол дүкенінде жұмыс жасайтын бір қыз бар көрінеді. Оның әкесі Ерғали деген – есен руынан, кезінде сауда саласында қызмет жасаған, сөзге шешен, би адам Бейнеу төңірегінде белгілі кісі. Қуанышкерей мен Гүлажар Байболды сол Күрең деген қызбен таныстырып, сөйлесіп жүрген көрінеді» деген хабар құлағына тигелі көңілі жайланғандай болып жүретін. Ана бір ауданға барған сапарында сауда жасаған болып дүкенге де соғып кеткен, іштегі сауда жасаушы әйелдердің сөз саптауымен болашақ келіні Күреңді де көріп, «жүзі жылы, жаман бала болмас» деп іштей пайымдағаны тағы бар, бірақ, онысын тіс жарып ешкімге, тіпті көп жыл бірге өмір сүріп келе жатырған жұбайы Сүткенжеге де сездірмеген.

Есен руының есті ақсақалы Ерғалидың тәрбиесінде өскен Күрең де Қуанышкерей мен Гүлажар Байболмен таныстырғаннан кейін осы бір домаланған қара торы жігіттің жібі түзу, бір әйелге келісті жар бола алатындығын пайымдап, оған жылы қабақ танытқан. Қыздың өзіне кет әрі еместігін Байбол да сезіп, қиялы сан сапарға жетелеп, болашақ жарымен қалай үй боларын, өз балаларынан футбол командасын қалай жасақтайтынын, әкесі мен шешесін олардың қалай ардақтайтынын армандап, Тұрышқа қанаттанып қайтқан-ды.

Содан бері Күрең құлағына Жанбоз бен Байбол есімі естілсе елеңдеп, олар туралы, олардың отбасы жайын көбірек біліп, көңілге түюге даяр тұратын әдет тапты. Әнеугіректе бұлар жұмыс жасайтын магазинге аласа бойлы, жүзі жып-жылы, таза киінген, жүріс-тұрысынан асқан ұқыптылық сезілетін бір адам келген. Дүкен ішіндегілердің біразы осы кісіге үлкен ілтипат білдіріп, амандасып жатты. Неге екенін қайдам, Күрең де сол кісінің бойынан өзі кітап беттерінен оқыған бекзат жандардың бейнесін көргендей болған. Ол кісі дүкенде көп айналмай, өзіне керек ұсақ-түйек саудасын жасады да жай басып, шығып кетті. Жолай Күреңге көз салып, назар аударғандай болды ма, әлде, бұған солай көрінді ме, әйтеуір Күрең көп ішінен сол адамның бейнесін еске ұстап қалды. Әлгі азамат дүкеннен шығып кеткеннен кейін орайын тауып Гүлажар да мұның құлағына «атаңды көрдің бе, жаңағы адам Байболдың папасы» деп сыбырлап үлгірді.

Кеше Бейнеуге барғанда, мәдениет бөлімінің бастығы Есен: «Жәке, сізді аудан прокуроры Алдабай Тарғынов сұрап жатырған, «келсе хабарластыр» деп еді, сол кісіге жолығыңыз» – деген соң, онжылдықты бірге бітірген кластас құрдасы, әрі арадан қыл өтпестей досы Алдабайға барды. Хатшы қыздан кім келгенін естіген прокурор ауызғы бөлмеге өзі шығып, құшақтай қарсы алып, досын ішке алып кірген бойда:

 Жанбоз, сүйінші, келінді болғалы тұрсың, өзім құда боп барамын – деп бастырмалата жөнелді.

 Рас па, достым, сүйіншіге қалағаныңды ал, менің де күткенім осы хабар емес пе, сен бұл туралы не білесің, кімнің қызы, не істейтін бала? – Жанбоз да мына тосын хабардан қуанғанын жасыра алмай, бастырмалата сұрақты жаудырып жатыр, әшейінде сабырлы Жәкен бұл жолы ішкі толқынысын тоқтата алар емес.

 Жә, Жанбоз, аптығыңды бас, қазақ айтпақшы, «қорыққан мен қуанған бірдей» деп, қан қысымын көтеріліп кетер, сәл деміңді ал. Мен де бұл хабарды кемпірімнен жақында естіп, сен үшін қатты қуандым, сосын ғой сені сұрап, анау бастығыңа телефон шалып жүргенім. Біздің үйдегі құрдасың дүкендегі сатушы қыздармен жақсы. Өткенде бір шаруасымен дүкенге барса, Байбол сондағы Ерғали деген есен шалдың сатушы қызымен әдемі сөйлесіп тұрғанын көреді. Өзі бір көрмеге дұрыс бала, әкесі де сөз білетін, абыройлы шал. Ара-тұра қонақтықтарда бірге болып, әңгімеміз жарасып, рөмке соғыстырып жүрген де ретіміз бар, сосын ғой құда болып, өзім барамын деп жатырғаным. Білдей бір ауданның дырдай прокуроры сұрап барғанда қызын бермей көрсін!» – Алдабай сөзінің аяғын әзілге айналдырып барып, тоқтады.

 Иә, Сүткенженің аузынан осы хабардың шет-жағасын өзім де естігенмін. Сол дүкендегі Гүлажар келін мен қожа Асқабылдың Қуанышкерейі екеуін таныстырып, кездесіп жүр деп еді. Әйтпесе, ана біздің үйдегі балаң саған тартпаған, қызға сөз айтуға келгенде бет моншағы үзіліп тұрғаны. Иншалла, хабар шындыққа айналды. Енді құда түсу жағын тездетіп, шаруаның бірыңғайлануына дайындала берейік. Алдымыздағы демалысқа қарсы кемпіріңді алып, ауылға кел, қалған шаруаны сонда, Тұрыштың таза ауасымен бағлан қозының жас сорпасын ішіп отырып, ақылдасармыз – деп, екі дос мәмілеге келіп, тарқасты.

Одан әрі қарай оқиға Жанбоздың айтқанындай болып өрбіді. Бағлан да желінді, құда түсуге Алдабай, Сисенбай мен Боранбай баратын болып келісілді. Арада көп уақыт өтпей, құдалар Ерғали ақсақалдың үйіне барып, қыз айттырды, екі жақ келісімге келіп, той алдағы қазан айының ортасы болып белгіленді.

Қимылы тез, қай шаруаны да пысықтай жүретін Алдабай темір жол торабының сауда мекемесінің бастығы Айтаға телефон соғып, Ерғалидың қызы Күрең деген сатушыға кезекті еңбек демалысын қазан айында беруі керектігін ескертіп қоюды да ұмытпады. Прокурордың тілегіне қарсы келу қайда, Айта да той мезгілі таянғанда Күреңді шақырып алып, «еңбек демалысыңды ал» десе қызы түспегір көнер емес: «Ағай, маған қазір демалыс керек емес, неге мені демалысқа қумақсыз, әлде жұмысымнан кінәрат тауып отырсыз ба, не бүлдіріппін?» – деп.

Не керек, сонымен, Жанбоздың жолдастары мен достары мұрындық болып, Байбол мен Күреңнің үйлену тойы олардың өз ойлағандарынан ертерек болатын бағыт ұстады. Ол кезде Самдағы елде тойға керекті дастархан мәзірі, түрлі жеміс-жидектер мен тәттілер, жыртысқа жыртылатын мата, китке салынатын сырт киімдер мен кілемдер көршілес өзбек пен қарақалпақ елінен әкелінетін дәстүр бар. Бұлай болмасқа да болмайды, кілем, төсеніштер ол уақыттарда кәсіподақ, совет атқару комитеттерінің араласуымен, кезекке қойылып, тізіммен бөлінетін заман. Кей кездерде құдаға атар кілемді танысы барлар аудандық партия комитеттерінің бірінші хатшыларын араластырып барып, әупіріммен зорға қолға түсіреді. Ал, шығыс базарынан онша қымбат емес бағамен бұл дүниелерді тауып әкелуге әбден мүмкіндік бар. Құдайға шүкір, Бейнеу-Қоңырат, Ташкент-Москва, Душанбе-Москва, Ашхабад-Москва поездары күн сайын жүріп тұр, шығыс базарына барып, артынып-тартынып қайту онша қиын іс емес. Жәкең де қасына Бәйсеудің Қазиханы мен Боранбай інілерін қосшылыққа алып, Қоңырат қайдасың деп тартып берді.

Қоңырат базары, сауда қызып тұр. Жанбоз да қасына ерген қосшыларымен базар ішіндегі бір дүңгіршектен негізгі қажет тауарларын алып, сатушы әйелмен есеп айырысып жатыр. Сатушы әйел тауар бағаларын шотқа сала келе, алушыдан бір мың сегіз жүз он екі сом ақша төлеуін өтінді. Сонда Жанбоз: «Қарағым, қайта бір есептеші, борыштанып қалғалы тұрсың-ау» – деп тауарларын қайта есептетті.

Шындығында да сатушы әйел бір жүз сексен сомға зиянға қалып тұр екен. Бұл ол кезде кеңшар кеңсесінде белді қызмет атқаратын адамның екі айлық жалақысымен бірдей ақша еді. Әлгі әйел алдындағы зат алушы ағасының адалдығына шексіз разы болып, алғысын жаудырып жатыр, онымен де қоймай, кешке жолдастарымен бірге үйіне келіп, қонақ болып кетуін де өтініп әлек. Ойлары біздің елде қат дүние – сыраға сылқия бір тоймақ болған екі інісі ағаларының адалдығына риза болмай, күңкілдеп жүр: «Бұл саудагерлер онсыз да талайды қан қақсатып жеп жүр ғой, одан да бізге бере салмай ма, сыраға бір тоятын». Бірақ, адалдықты өмірінің туы ретінде қастерлеген ағаларының қай кезде болмасын сол үрдістен танбайтынын разы болған көңілмен ел арасына жеткізуші де сол екі інісі еді.

Сонымен, ел арасында қадірі мол Жанбоздың тілекші достары мен жолдастарының бұл отбасына деген адал ниеттері қабылданып, екі жастың үйлену тойы да өтті дүркіреп. Қызыр көрген өнегелі отбастарында тәрбиеленген Байбол мен Күрең бас қосты. «Қосылса екі жақсы шам жаққандай» демекші, бұл отбасы торт жақсының басын қосқан берекелі жанұяға айналды. Сүткенжедей ашық, ақкөңіл ене тап болып, Күрең де болашақ өмір жолына ұлағатты тәлім-тәрбие алды, өзі де енесінің жолын қуған көршілерге сыйымды, ауыл-аймаққа сыйлы отбасы анасы болды. Әсіресе, енесінің көршіге қонақ келгенде: «Күреңжан, ана ағаңның үйіне қонақ келіп жатыр, жеңгең үлгіре алмай жатырған болар, барып, көмектесе ғой, малдың ішек-қарнын аршуға мен де барып қалармын» – деп мұны жұмсап үлгермей жатып, өзінің сол үйдегі шаруа басынан табылуы немесе «Күреңжан, биыл ағаңның үйінің сауып отырғаны жалғыз түйе, шұбат ішіп қалған адам сусын аңсап жүрген болар, көршінің үйіне ағарған құйып беріп жіберші» деп бәйек қағып жүруі, көршіге қонақ келсе, үйдің төріне көрпе жайып, қонақтардың бірсыпырасын демалуға өз үйіне шақыруы, айта берсе өнеге алар ісі көп ене Күреңнің екінші мектебі болды.

Мұсылман халқы, соның ішінде қазақ халқы баламыз үйленген соң өмірге ұл келсе деп тілейтініміз рас, қыз келсе, үкілеп бағамыз да. Жанбоз бен Сүткенже де келіннің аяғы ауырлаған сәттен бастап дүниеге бала келуін асыға күтті. Дүниеге тұңғыш немере келгенде, олардың қуанышында шек болмады, алыстағы жақындағы достарын шақырып, дастархан жайды. Өмір есігін алғаш боп ашқан қыздарының атын Сәнбала, Айбала, Нұрбала, яғни, сән болса да, ай болса да, нұр болса да «бала» деп қосып қойып, тәңірден бала тілейтінін білдірген еді.

«Құдай деген жандарға Құдай тілегін береді» демекші, Жанбоз бен Сүткенжеге де Алла тілегін берді. Дүниеге ұл бала келді, таң атар-атпаста, күн шықпай тұрып, даладағы үйілген отын үстіне көтеріліп, Тәңіріне ризашылығын білдірген Жанбоз немересінің есімін «Байболыма ес болсын» деп ырымдап Естай қойды. Одан кейін дүниеге келген немерелері Нұртай, Асқарбек есімдерін иеленді.

Қазақта құда ең сыйлы адам деп есептелінеді. Олар да күнделікті өмірде айырып айтылмағанмен «қыз берген құда», «қыз алған құда» болып бөлінеді. Осы жөнінде мынадай бір әңгіме бар. Жасы тоқсан алтыға келген, алты ұл өсірген бір қария інілері мен бұл күнде әрқайсысы бір-бір ауыл боп кеткен балаларын шақыртыпты. Олар келген соң, сол кездің дәстүрімен барлығы ауыл алдындағы төбе басына төсек салдырып, жайғасыпты да, ауылда қызметші жігіттер мен әйелдер қонақ күту жабдығына кірісіпті. Төбе үстінде отырған адамдар ауылда бір ту бие сойылып, оған қоса тағы да екі ісек қой жайғастырылып жатырғанын көріп отырғанмен, өздерінің шақырылу мәнісін түсіне алмай отырса керек. Дайындық үлкен, келін алу немесе қыз ұзату тойының дайындығынан кем емес. Сонда орталарындағы үлкендеу біреуі қарттан: «Аға, сіз шақырдыңыз, біз жиналып келдік, бірақ келісіміздің мәнін түсіне алмай отырмыз, әлде ауылда той бар ма?» – деп сұрапты.

 Иә, шырақтарым, сендерді неге шақыртқанымды білмей, таңданып отырғандарыңды сезіп отырмын. Осы жасыма келгенше Құдайдан алты ұл көрдім, алты келін түсіріп, құдаларымды тік тұрып, құрақ ұшып, құрметтеп қарсы алдым. Оған шүкірлік етемін, бірақ, өзім сөйтіп, құрақ ұшып, құрметпен қарсы алынған жоқпын. Құдалардың ішінде қыз берген құданың орны бөлек, малдың басы жасы кіші болса да алдымен қыз берген құдаға тартылуы керек, осы сөзім сендерге ұлағат болсын дегенді айтуға шақырдым, – деп жауап қайтарған екен.

Жанбоз осы екі дәрежедегі құдалары да болған жан. Оның тұңғыш құдасы Салаев Ерғали есен жеменей руынан, баласы Байболдың жұбайы Күреңнің әкесі. Ерғали айналасына сөзі жүретін беделді, шежірені көп білетін, билік айтатын кісі болды, рулас ағайындары оны тегіннен-тегін «есеннің биі» деп атамаса керек. Құдағиы Қаным шегем руының қызы, төрт ұл, төрт қыз тәрбиелеп өсірген ардақты ана. Жанбоздың аяғынан тік тұрып, құрақ ұшып қарсы алған құдасы осылар. Бұл күнде Ерғалидың шаңырағын оның кенже ұлы Еркебай ұстап отыр, ал оның Әсет деген ұлы Ақтау қаласында Қазақ мұнай-газ мекемесінің транспорт бөлімінде бастық болып қызмет атқарады.

Жанбоздың қыз беріп, өзін тік тұрып қарсы алған, қошеметтеген құдасы ауылдасы Қожантай жеменей Қараев Амантұрлы Сам өңірін игеруге ат салысқан, маңғыстаулықтарға белгілі адам. Құдағиы Күнбала қыдырша руының қызы, жеті ұл, бір қыз тәрбиелеген ардақты ана, солардың бірі, Жанбоздың шәкірті Қараев Жауынбай педагогика ғылымдарының докторы, академик, Алматы, Астана қалаларында көп жыл білім саласында мемлекеттік қызметтер атқарды, бүгінде Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары болып істейді...

Жанбоздың өрісін кеңейтіп, жапырағын жайған ұлы Байболдан үш қыз, үш ұл туды. Қыздары бүгінде тұрмыста. Байболдың тұңғыш қызы Сәнбала қамысбай руының ақсақалдарының бірі Қайболдиев Ершораның келіні. Ершора Жанбоздың құрдасы, бұрыннан да өзімен дәмдес, сыйлас досы. Құдағиы Кінәя қырымқұл руының қызы, алты ұл, бір қыз тәрбиелеген жан. Осылардың кенже ұлдары Нұржан Сәнбаламен тату-тәтті отбасын құрып отыр.

Байболдың Айбаласы шоңай руының азаматы Ақшабаев Баламұраттың шаңырағына келін болып түсіп, оның кенже ұлы Орынжанмен бас қосты. Құдағиы Айман күшік руының қызы, үш ұл, бір қыз тәрбиелеген ана, бұл күнде марқұм Баламұраттың шаңырағына ұйытқы болып отыр.

Кіші қыз Нұрбала дәулеталы жары Әділханов Ғалым деген азаматтың үлкен келіні, соның ұлы Ерланның жолдасы. Марқұм Ғалым азғантай өмірінде елге ардақты, айналаға сыйлы азамат болып ғұмыр кешті, құдағиы Рая бектеміс жары руының қызы, үш ұл, екі қыз өсірген ана.

Жанбоздың баласы Байбол, қызы Гүлсім, немерелері Сәнбала, Айбала, Нұрбала оның өз жолын ұстанып, педагог мұғалім болды. Немерелері Естай, Нұртай, Асқарбек техникалық мамандықты қалап, Естай Ақтау қаласындағы Ш. Есенов атындағы университетті тәмәмдап, инженер мамандығын иемденді, сол мамандығы бойынша жұмыс істейді. Нұртай Қазақ көлік және коммуникация академиясының студенті болса, Асқарбек теміржолшы мамандығын игеріп, Бейнеуде сол салада жұмыс істейді.

Аяулы азамат Жанбоз халқына әлі де бергенінен берері көп кезінде, ел ағасына айналған шағында соңғы жылдары жабысқан дертінен 1984 жылдың 20-маусымында елу екі жасында дүниеден өтті, Қызыләскердегі қауымға жерленді.

Жанбоз Екібаевтың Тұрыштағы Сам-1 орта мектебін көркейтіп, жан-жақты дамытудағы, оны республика көлеміне белгілі үлгі тірек мектебіне айналдырудағы ерен еңбегі еленбей қалған жоқ. 1965 жылы «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері» белгісімен, 1966 жылы «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен, 1976 жылы «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. Ең бастысы артында өз ісін жалғастырар шәкірттері, есімін құрметпен еске алар інілері мен қарындастары бар, есімі ел есінде.

АҒА АМАНАТЫ

Жанбоздың ағасы Ережептің Боранбайы мен Жақсылығы да, кенже баласы Жұмабегі де мектеп жасына жеткеннен бастап, Жанбоз бен Сүткенженің қолында болып, солардан тәрбие алды, қолдарын ұзартып, қолғанаты болды. Осылардың ішінде Жұмабек жасы Байболмен тетелес болғандықтан Жанбоз бен Сүткенженің баласындай болып, кішкентай күнінен Байболмен бірге өсті. Олар оны «сары балам» деп атайтын. Жәкен Жұмабекке Байболдан да артық көңіл бөлетін, киімнің де тәуірін алдымен Жұмабекке кигізетін. Сол Жұмабек орта мектепті бітіргеннен кейін де ағасының қол астында мектепте жұмыс жасады, тәжірибе жинақтады. Кейін Ақжігіт, Үстірт мектептерінде мұғалім болып жасап, артынан Ақтау қаласына келіп, облыстық «Сельхозтехника» бірлестігінде, «Мангышлакснабсбыт» мекемесінде есеп қызметкері болды. Өмірге бейім, тиынды тиынға қоса білетін, тапсырылған іске тындырымды, адамдармен тіл табысқыш, достары арасында сыйлы, айналасындағы адамдарды ренжітпейтін жігіт. Ал, ол қызмет жасаған екі мекеменің екеуі де кеңес дәуірінде техника үшін, тұрмысқа қажетті қат дүниелерге иелік еткен, айналаңа дос жинауға, жігіт жақсы болса, бедел абыройға ие қылуға лайық мекемелер еді.

Жанбоз да соңғы жылдары көбірек ауырып, ауруханаларды жағалап, дәрігерлерді сағалауы жиілеп жүрген кез. Ауырған адам денсаулығын түзеу мақсатында білгір дәрігер, емсек емші іздегіш болады екен. «Ташкент бетінде Тұқли деген керемет емші шығыпты, суретіңе қарап отырып та емдей береді екен» деген хабарды естігеннен кейін прокурор досы Алдабай Жанбоз бен Сүткенжені ол жаққа да апарып қайтқан. Бірақ, бойына меңдеп енген ауруына одан да дауа таба алмады. Сырқаты мазалауы көбейген кезде Жанбоздың ойына үнемі шешесі Секер мен әкесі Екібайдың бастарын қарайта алмағаны, ең болмағанда ұрпақтары барып, тәу етер белгі қоймағандығы түсетін-ді. Иә, шешесі дүниеден өткенде мектеп оқушысы мұның қолынан не келер еді, оның үстіне соғыстан кейінгі ауыр жылдар, оны ойлауға мұрша болды ма! Әкесі қайтыс болғанда армияда жүрген жас жігіт не істей алушы еді, оның үстіне әскерден келе сала өкімет орындарының жұмсауымен Тұщықұдықтан кетіп қалды, ол кез де ел әлі есін жинай қоймаған, Үштаған мен Тұщықұдық арасына барып-келе қоятын бүгінгідей көлік те көп емес, колхоздардың жалғыз-жарым машинасы шаруадан артылмайды, қай уақытта болса да қарбалас жұмыс. Самға көшіп кеткен соң ана мен әке басына белгі орнату тіптен кешеуілдеп кетті, оның үстіне молдалар да «өлген адамдардың басын жаңғыртуға болмайды» деген соң, кідірістеп қалған. Соңғы кездерде бірде әкесі Екібай, енді бірде шешесі Секер түсіне жиі кіретінді шығарды, болмаса адам үлкейген сайын ата-анасы туралы көп ойлайтындығынан ба екен, әлде осындай түстерге мән беруі жиілей ме немесе басқа бір себептері бар ма, оны түсіндіру қиын. Әйтеуір, сол екі адамның алдындағы ендігі перзенттік борышы мәңгілік орын тепкен мекендерінің басына есімдері жазылған құлпытас орнату жәйі есінен шықпай жүрген.

Өткен жолы облыстағы мәдениет қызметкерлерінің бір жиналысына шақырылған соң аудандағы бастығынан қосымша екі-үш күнге рұқсат алып, Ондыда кеңшар директоры болып жасайтын туысы Шүренбайға сәлем бере барып, соның «Уаз» автокөлігін бұйымшылап сұрап алып, қасына Ақтаудағы «сары баласы» Жұмабегін ертіп, Таушықтағы Апажар тауының етегіндегі өз үйінің жұртын, сол жұртқа қарама-қарсы төбе үстіндегі Әуез қауымындағы шешесі Секердің жатқан орнын көрсеткен. Сол күні кештетіп Тұщықұдықтағы туыстарына жетіп қонып, ертесіне Айдар ишан мен Сәттіғұл ақынның тамдарының маңайындағы әкесі Екібайдың жатқан жерін көрсетіп, оларға бір белгі қоюдың сәтін келтіре алмай жүргенін айтып еді. Ағасы өзіне тікелей міндет артпағанмен осы армандарын Жұмабектің іске асырарына аманат еткендей болған екен.

Алғашында ағасы айтқан әңгімеге аса мән бере қоймай, бірақ, оның ата-ана басына белгі қою туралы ойын құптай келіскенмен, өзіне тікелей тапсырма берілмегеннен кейін арқасын кеңге салғандай болған Жұмабек елу екі жасында ағасы бұл дүниеден баз кешкеннен соң, оның өзіне айтқан армандары енді артып кеткен аманаты екенін толық сезінді. Содан 1986 жылы Ақтаудағы құлпытас жасайтын шеберлерге тапсырыс беріп, құлпытас дайындатып, Әуез қауымындағы Жанбоздың анасы Секерге, Тұщықұдықтағы Екібайға белгі орнатып, аға аманатын іске асырған-ды.

Тұщықұдықтың құмы Қияқтыдан өндіріс орындарының қажетіне жерасты суларын көптеп ала берген соң сусыма құмға айналып, маңайындағы өлілер қауымы түгіл, әрекет етер иелері бар ауылдарды да шағыл құм басып қала бастағаны Ордалы аузымен талай мінберлерден, баспасөз беттерінен айтыла бастаған кезеңде-ақ ол жердегі бейіттер жер бетінен жойыла бастады. Бір ғажабы сол, айнала тамдар мен құлпытастар құм астында қалып жатқанда Айдар ишан мен Сәттіғұл ақын мазарлары сыртынан да, ішкі бетінен де табиғаттың осы құбылысына бой алдырмай, аман тұр. Әлде, бойларына құдірет берген қасиеті бар осы екеуіне Тәңірі берген жеңілдік пе екен десеңші!

Алғаш Жанбоз туралы дерек жинауды оның туған ауылы Тұщықұдықтан бастамақ болып, Жұмабекті жолбасшы етіп, осы жаққа ат ізін салғанымызда, жолай ол атасы Екібайдың басына орнатқан құлпытас құм боранына байланысты көміліп қалғандығын, бірақ, кей жылдары ашылып, көрініп тұратын кездері де болатындығын айтып, біз барған сапарда оның жатырған орнын көрсете алмауы мүмкін екендігін де ескерткен еді. Бұл ауылға келген сапарымыздан көңіл тұшытарлықтай дерек таба алмай, сәл пәс тартқан көңілімізді Ордалының ескі қауым басына, одан соң сонау Түрленге апарып, Жанбоз туған және алғаш мектеп табалдырығын аттаған жерлерін көруге шақырғаны біраз сергітіп тастағандай болды.

Ордалының жолбасшылығымен құм ішінде қазылып, таспен бекітіп, шегенделген Тұщықұдықтың құдығын көріп, ескі қауымды бетке алдық. Шындығында да көлемі недәуір қауым сусыған құм астында қалыпты, кей жерлерде сағана тамдардың әлі жоғалып бітпеген кенерелері көрінсе, енді бір жерлерде құлпытастардың қылтиған басы көзге түседі.

Аяғымыздың астында бір қабат жер астында қалған өлі аруақтардан іштей кешірім сұрап, жол көрсетушіміздің артынан еріп келеміз. Ордалы өз атасы Ермағанбеттің басына келіп, оң қолын жүрек тұсына қойып, дұға бағыштап тұрғанда, мен көзіммен осы маңда болар деген Жұмабек айтқан тұстан Екібайдың басына орнатылған белгіні іздеп тұрғанмын. Көзіме жер бетінен екі қарыстай болып шығып тұрған құлпытас ілінді. Құлпытастағы «руы Тоян Жаңай Өтеғұл баласы...» дегенді көзім жетіп оқып, «дәу де болса осы Екібай болар» деп ойлап, бірақ, Жұмабекке айтуға Ордалының дұғасын бұзбайын деп әрең шыдап тұрмын. Дұға оқу аяқталысымен әлгі құлпытасты Жұмабекке көрсетіп: «Құдай деген жан екенсің, тілегің орындалып, іздеп келген сапарымызда атаңның басына қойған белгің ашылып тұр екен» деп жатырмыз. Жұмабек те тізерлей отыра қалып қолымен құлпытасты аршып, аға аманатының орындалғанын, бірақ сусыма құмның адамға дес бермей, өз дегенін жасап тұрғанын әңгімелеп, атасының басына дұға бағыштап, кері оралдық.

Өз аулынан шыққан дүлдүлдерді әрдайым мақтан тұтып, солардың атақ-даңқына масаттанып жүретін ауыл азаматының әрқашан әдеті емес пе, Ордалы да Тұщықұдық аулынан өсіп-өніп, есімдері елге белгілі болған жерлестері туралы тынбай әңгімелеп, бізді Жанбоздың балалық шағы өткен, алғаш әліпби таныған Түрлендегі мектебі қоныс тепкен Қарашағыр құмдарына алып барды.

Біздің аяулы азамат Жанбоз ағамыз туралы дерек жинау сапарымыз осылай басталып, әрі қарай жалғасын тапқан еді. Сол сапарларда аға аманатын орындап, енді ол туралы кітапты жазуға себепкер болғанына іштей марқайған Жұмабек әл-қадарынша осы іске қолғабыс тигізумен болды.

ДОСЫМА ХАТ

ДОС ЛЕБІЗІ

Дүйсенбі ӘРІПҰЛЫ

Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері

Аяулы достым, Жанбоз! Сен 1932 жылдың 19 қаңтарында, елді аштық жайлаған, қақаған қыста өмірге келіп, тылсым дүниенің есігін ашқан болатынсың. «Мен туыппын ақпандатқан боранда, мінезім бар, бәлкім, әлде содан ба...» деп ақын айтқандай, сен қақаған қыста дүниеге келсең де, мінезің биязы, қарапайым, жаның сезімтал боп өсіп-жетілдің. Екеуміздің достық қарым-қатынасымыздың қалыптасуына да осы ақ адал, достық деген мазмұны терең сөзді сыйлай білетін айрықша қасиетің ықпал еткен-ді. Достық деген сезім, екі адамның арасында көбіне балалық шақта, мектеп қабырғасында, студенттік кезеңде, әскер қатарында қалыптасатын болса, біздің арамызда әбден есейген, еңбекке араласып, ұстаздық қызметтің ыстық-суығын да жүрген уақытта жарасым тапты. Достық сезіміміздің нығаюына сенің сүйген жарың Сүткенже де ұйтқы болды. Бұл достық «Бет жағында күлкі ойнар, іш жағында түлкі ойнар» болып келетін кейбір әсіре достық емес, шынайы тату, бауырлас, бір-бірімізге қамқорлық сезімде еді.

Сен ерте есейдің. Оған қиындығы мол соғыстан кейінгі өмір себепкер болса, ата-анаңды тастап, жоғарғы оқу орнына түсуге жағдайың да көтермеді. Сондықтан онжылдықты 1949 жылы Сталин атындағы сыйлықпен үздік бітіре сала, бірден жұмыс іздеуіңе тура келді. Сенің біліміңді дұрыс бағалай білген басшылар 7 жылдық және орта мектептердің жоғарғы сыныптарына математика мен физикадан сабақ беруге сенім білдірді. Екеуміз «Тұщықұдық», Ленин атындағы орта мектептерде, сен математикадан, мен физикадан сабақ беріп, тығыз байланыста болдық. Сен менен бұрын 6-7 жылдан бері сабақ беріп келе жатқан тәжірибелі ұстаз едің. Тәрбие мәселесіне арналған екеуара әңгімелерімізде шәкірттерге тиянақты білім беру үшін әртүрлі көрнекті құралдарды қалай пайдалану керек, балаларға өзіңді тыңдата білу үшін қандай әдістерді қолдану, оларға үлгі болу үшін қандай қасиеттерің болуы керек деген ақыл-кеңестеріңді бүкпесіз айтып жүруші едің. Сенің білгеніңді үйрету, ойыңды тыңдаушыға жеткізе білу қасиеттерің Баласағұнның: «Көп ойла, жақсы сөйле, нұсқа болсын, сұраса жауабың қысқа болсын» деген данышпандық кеңесімен үндес болып келетін. Ол кездерде біз қоғамдық жұмыстарға кеңінен араласушы едік қой. Сен математика үйірмесінің жетекшісі, мен комсомол ұйымының хатшысы болып жүрген уақытта, халық алдына жиі шығып, концерттер қойып, пьесаларда ойнайтынбыз. С.Адамбековтың «Ақырзаман аңызы» атты пьесасында сен молданың ролін кәнігі әртістерше ойнап, көрерменді риза еткенің-ай!

«Білім – байлық, таусылмайтын, бітпейтін, ұры-қары, қу жоқ, оны үптейтін» деп Баласағұн айтқандай, сен өзіңнің білім байлығыңды арттыруды көздеп, 1960 жылы Атыраудағы мұғалімдер институтын сырттай оқып, бітірдің. Қандай кезде де жұмыстың ауыр, қиындығы мол саласына шебер ұйымдастырушы, білімді кадр жіберіледі. Сол 1960 жылы сені сонау қиыр шеттегі «Сам» мектебінің оқу ісінің меңгерушісі қызметіне жібергенде сенің бойыңда осы қасиеттердің бар екендігі ескерілген-ді. Ал, 1963 жылы осы мектептің директоры болып тағайындалдың. Орталықтан 500 шақырымдай қашық орналасқан мектептің жағдайы мықты емес еді. Мектепті басқаруға келісіңмен оқу-тәрбие жұмыстарын жақсартуға бар күш-жігеріңді жұмсай жүріп, мектепті жөндеуден өткізу, қысқа дайындық, т.б. шаруашылық жұмыстарымен тікелей айналысып отырдың. Тәрбие саласындағы жұмыста ата-аналармен байланысты нығайту қажеттігін естен шығармадың. Бірте-бірте мектепте оқушылар саны өсті. Материалдық база нығая түсті. Ең бастысы оқушылардың үлгерім дәрежесі өзге мектептердің алдында болды. Өстіп, тынбай еңбек етудің арқасында 1966 жылы Сам өңірінен алғашқы орта мектеп аштыруға қолың жетті. Өзің осы мектептің директоры болып тағайындалдың. Зерек шәкірт – білікті ұстаздан десек, сенің біліктілігіңе, үйретуге шеберлігіңе ешкім талас туғызып көрген жоқ. Басшы ретіндегі тер төккен қызметің, ұстаз ретіндегі ұланғайыр еңбегің өз нәтижесін беріп, «Сам» орта мектебінің оқушылары олимпиадалар мен спартакиадаларда жеңімпаз атанып жүрді. Оқу Министрлігі, Үкіметіміз тарапынан сенің еңбегің жоғары бағаланды. 1965 жылы «Қазақ ССР Халық ағарту ісінің озық қызметкері», 1966 жылы «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен, 1976 жылы «Құрмет белгісі» орденімен наградтады.

Дағыстанның әйгілі ақыны Расул Ғамзатов «Нағыз азамат, ер жігіт, тізесін жерге үш рет тигізеді. Бірінші рет туған жерінің бұлағынан су ішкенде, екіншісі – сүйген қызына гүл ұсынғанда, үшінші рет анасының ақ батасын алғанда» деген екен. Ал, кәмелеттік аттестат алғанда шәкірттері ұстаздары алдында ілтипатпен тізе бүгеді десек, бұл да өмір шындығы. Сол ұстаз алдында ілтипатпен иілген жанның бірі «Сам» мектебін алтын медальмен бітірген, қазір Көлік және транспорт академиясының профессоры, ғалым – Баймұханбет Дүйсенбаев «1963-64 оқу жылынан бастап, ұзақ жылдар бойы Сам мектебінің директоры болып, асыл ұстаздардың үлкен шоғырын біріктіріп, шәкірт тәрбиелеген аяулы азамат Екібаев Жанбоз аға қызмет етті» («Маңғыстау», 29.05.2004) десе, тағы бір шәкіртің Сейітжан Исабергенұлы халық аузына ілінген азаматтардың бірі, марқұм майталман педагог Екібаев Жанбоздың соңына ерген жастарға үлгі боларлықтай істері көп.

САМ ОРТА МЕКТЕБІНІҢ ЖҰЛДЫЗЫ ЖАНҒАН ЖЫЛДАР

ӘРІПТЕСТЕР ӘҢГІМЕЛЕЙДІ

Жұлдызбай ЕСБОСЫНОВ

Сам мектебін 14 жыл басқарған мектеп директоры Екібаев Жанбоздың туғанына 75 жыл толуына орай Сам мектебі және «Екібаев Жанбоз» деген тақырыпта мақала немесе баяндама жазып беруімді сұраған ұсыныс түсті. Екібаев Жанбоз басқарған осы мектепте он жыл қызмет істеппін. Мектептің партия ұйымы хатшысы міндетін 8 жыл атқарыппын. Мектеп директорының орынбасары қызметін атқарып жүрген кезімде Бейнеудегі 491-темір жол мектебіне директор болып жұмысқа ауыстым.

Кейін аудандық білім бөлімінде қызмет істей жүріп, Бейнеу ауданының барлық мектептерінің жұмыстарымен таныстым, мектептердегі мектепті басқару, мектеп ұжымын қалыптастыру үнемі назарымда болды. Өмірде Сам мектебінен алған сабағым зор болды. Бұрынғы, кейінгі көргендерімді, түйгендерімді сабақтап айтып бергім келеді.

Мектеп оқушыларының тәрбиесі, білім сапасы басқа мектептермен салыстырғанда өте жоғары болды. Сам мектебінде сабағын орташа үлгергендер басқа мектепке барғанда бірден озат болды. Спорттық жарыстарда облыс көлемінде алда болды. Оқушылар техникалық, шығармашылық жұмыстарына қатысып, облыс бойынша Маңғыстау ауданы намысын қорғап, көрмелерге қатысты. Маңғыстау ауданы бойынша мектепті алтын медальмен бітірген осы мектеп түлегі – Дүйсенбаев Баймұханбет.

Мектепті бітірушілердің көбі (кейде 3/4 бөлігі) жоғарғы оқу орындарына түсті. Совхоз малшыларының балалары көптеп инженерлік-техникалық, педогогикалық, дәрігерлік оқу орындарына түсіп, қазір облыстың әр жерінде жемісті еңбек етіп жүр.

Осы мектепте жұмыс істеген мұғалімдердің көбі озат мұғалім болды, оның бесеуі аудандық білім бөлімін басқарды, Бейнеу ауданы директорларының көбі осы мектептің мұғалімі не шәкірттері болды.

САМ МЕКТЕБІ ЖЕТІСТІКТЕРІНІҢ СЕБЕПТЕРІ:

Сам мектебінің ерекше табысқа жетуі кездейсоқ емес-ті, оның ішінде:

 тарихи-экономикалық ситуация;
 мұғалімдер ұжымының қалыптасуы;
 мұғалімдер арасындағы шығармашылық бәсеке;

 мұғалімдер жұмысын әділ бағалау, оларды көтермелеу, еңбек мотивациясының жоғары болуы;.

 мұғалімдердің жаппай білім көтеруі, педагогикалық әдістерді сабаққа енгізу, шығармашылықты үнемі қолдау;.

 оқушылардың өз бетінше білім алуын ұйымдастыру, оларды кластан тыс, мектептен тыс жұмыстарға тарту;.

 мектептегі қоғамдық-көпшілікпен жұмыстың жоғарылығы, ата-аналармен тығыз байланыс;.

 оқушылардың өзін-өзі басқару ұйымдарының жоғары дәрежеде болуы, т.б.

Жоғарыдағы жағдайларды біртіндеп тарқатып айтар болсақ, ендігі тақырып:

САМ МЕКТЕБІНІҢ АШЫЛУЫ, ОЛ КЕЗДЕГІ ЖАҒДАЙ

1930 жылға дейін Сам құмы өңірін жоғарғы Адай рулары мекендеген. Елді отырықшыландыру үшін Адай уезі адамдарын жоғарғы Жем, Ойылға көшіру саясатын жүргізген кезде ел көтеріле көшіп, Қарақалпақстан, Түркменстан, т.б. елдерге көшіп, Сам өңірі елсіз қалды. 1938 жылдары уақытша мал қыстату үшін Байғанин ауданы колхоздарына рұқсат етілген. 1948 жылдан бастап, Сам құмының батыс жартысына Маңғыстау ауданы колхоздарының малшылары қыстай бастады. Маңғыстау колхоздарының мал саны күрт өсіп, оны бағуға жаңа жерлер қажет болды. Гурьев облысы басшыларының ұйғарымымен Қарақұм жеріне де мал отарлары қыстайтын болды. Қарақұмға Маңғыстаудың 5 колхозының фермалары көшіп келіп, жаз жайлап, шөп шауып, үй, қора салып, орналаса бастады. Қарақұмның орталығы Бұғыбай селосында орталау мектеп, 100 балалық интернат, аурухана, байланыс орталығы, клуб, кітапхана, 2 дүкен, бірнеше автоклуб, автолавка жұмыс істеді. Тұрақты әуе қатынасы болды.

1961 жылы Қарақұмдағы Маңғыстау колхоздарының малшыларын күшпен Сам жеріне көшіре бастады. Сам құмын жайлаған Байғанин ауданының Абай, Амангелді, Ноғайты, Жданов, т.б. колхозының малшылары өз ауданына көшірілді.

Тұрыш жеріндегі Байғанин ауданының орталау мектебі мектеп жанындағы интернатқа көшірілді. 1961 жылы Тұрышта бастауыш мектеп ашылды. Мұғалімдері: Шолтанов Есенбай, Наурызбаев Қызылғұл, Тақабаев Ермекбай болды.

1961 жылы 9 колхоздың бөлінбейтін қорлары есебінен күрделі қаржы қаралып, Тұрыштан типтік орталау мектеп үшін интернат үйлерін салу туралы шешім алынды.

1962 жылы Тұрышта типтік жаңа мектеп үйі салынды. Бұдан бұрын Маңғыстауда осындай типтік мектеп жоқ еді. 1961 жылы 2-Самдағы (қазіргі Аманкелді атындағы) мектеп еденделген еді. Аудан орталығындағы Шахта орта мектебі барақ типтес тар бөлмелері ғана бар мектепте орналасқан еді.

Қазақ ССР Министрлер Советінің қаулысы бойынша Сам, Қарақұм, Сенек, Ақшұқыр, Тайсойған жерлерін игеру туралы шешім қабылданып, ол үкіметтің ерекше қадағалауында болды. Ондағы мұғалімдерге алыстағы жайылымдағы жұмыстары үшін жалақыларына 50 пайыз үстемақы төленді, институт бітірген мұғалімдер ол жерлерде жұмыс жасаса, Армияға алынбайтын болды, тұрақты радиобайланыс орнықты, почта самолетпен жетістіріліп тұрды. Облыс басшылары, 1962 жылдан бастап өлке басшылары жиі келгіштей бастады.

Сам сегіз жылдық мектебіне 1962 жылы Құспанов Құрмет директор болып тұрған кезде Гурьев қаласынан арнаулы мебельдер алдырылды. Оған қызмет істегендер Өтетілеуов Қылыш. Рзаев Жеткізген болатын. Орталықтан электр станция, станоктер, физика, химия кабинеттерінің жабдықтары алынды.

Мектепке, интернатқа, үйлерге электр желілері тартылды. Мектеп пен интернаттың автономды электр станциясы болды, кейін ол селоға дизель электр станциясы орнатылған кезде орталық жүйеге қосылды.

1962 жылдың оқу жылы басталған кездің өзінде мектепте оқу кинофильмдері көрсетіле бастады, мектептің өз радиоторабы мектеп пен интернат бөлмелеріне радиохабарларын тарата бастады. Радиокомитет жұмысын оқушылардың өздері үйлестіріп отырды. Көптеп диафильмдер алынып, кешкі кезде интернатта қойылымдар өткізілді. Келесі жылы интернат үйі кеңейтілді, интернаттағы оқушылар саны 270-ке жетті. Интернат меңгерушісі болып Өтетілеуов Қылыш жұмыс істеді.

Мектепке Қарақұм мектебінен және Сам орталау (Аманкелді) мектебінің оқушылары тартылды, оған Қарақұм мектебінен мен, Есбосынов Ж., Исабергенов Кенжеғүл, Құспанов Құрмет, т.б. мұғалімдер, басқалары Сам мектебінен (Рзаев Жеткізген Ережепов Пермебай, Ағиманов Ораз, Тілеубаев Бұхарбай) ауысты. Мектепке Балов Б., Даулетбаев С., Самешова Ә. сияқты білікті, институты жақсы бітірген мамандар келді.

Сөйтіп, мектеп ұжымы жоғары білімді жас мамандармен жақсы қамтылды. Мектеп өзінің жарақталынуы жағынан облыс мектептерінің ең алдыңғыларының бірі болды. Бұл оқу бағдарламаларын толық жүзеге асыруға мүмкіндік берді.

МҰҒАЛІМДЕР ҰЖЫМЫНЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫ

Мектептің алғашқы директоры Құспанов Құрмет жұмысқа сергек, жұмыстың барлық саласына өзі басшылық жасағысы келетін шыдамсыздау кісі еді. Мектепте бір жыл жұмыс істегесін аудандық Кеңес атқару комитеті төрағасының орынбасарлығына жұмысқа шақырды.

1963 жылдан бастап мектеп директоры болып Екібаев Жанбоз, оның орынбасары болып Рзаев Жеткізген тағайындалды. Мектептің партия ұйымын Шолтанов Есенбай басқарды, кәсіподақ комитеті төрағасы болып Тілеубаев Бұхарбай сайланды.

Мектептің жылдық өндірістік жоспарын Екібаев Жанбоз жасап, оны педагогикалық кеңеске ұсынып отырды. Әр оқу жылына 2-3 сала бойынша басым бағыттар белгіленіп отырылды.

1964 жылдан бастап, 8 жыл бойы мектеп бастауыш партия ұйымын мен басқарып отырдым. Ол кезде мектеп мұғалімдерінің іштегі тәрбие жұмысы, оқушылардың тәрбиесі туралы аудандық партия комитеті есеп сұрайды, оның алдыңда жауап береді. Мектеп басшылығының жұмысы партия ұйымының бақылауында болады және оған есеп беретін жағдай да болды.

Директор қандай болса, мектеп сондай («Каков директор – такова школа») деген әділ мәтел бар. Дегенмен, мектеп ұжымын қалыптастыру оңай шаруа емес.

Мектепте кейбір директор болады, ол ұжым алдында жауап бермейді; мектептің ұжымы болады, оның лидері болады, лидердің алтернативалары (баламалары) болады. Мектеп ұжымын оркестр десек, оның дирижері мектеп директоры болады, 1-скрипкада директордың орынбасары болады.

1-жағдай.

Мектеп директорының ішінде қаталдары, талап қойғыштары болады, көп мәселені өз ақылымен шешеді. Ондай жағдайда мектеп біраз жерге дейін жетістікке жетеді. Мұғалімдердің иницативасы (бастамалары) біртіндеп азайып, мектеп жұмысы одан әрі дами алмайды. (Оркестрге жаңа репертуар енбегесін оның қызығы кетеді).

2-жағдай.

Жұмысы жақсы үйлесіп тұрған мектепке жаңа директор келеді. Мектеп директоры дұрыс талап қоя алмайды. Міндеттерді орынбасарларына бөліп бергісі келеді. Бұндай жағдайда да ұжым біршама жерге дейін жұмыс істей береді. Біраз уақыттан кейін мектеп директоры мектепті ілгері тартудың орнына мектепке жүк (баласт) болады. Директор басқа әуенге, мүшелері басқа әуенге ауысып, бірнеше әуеннің басын біріктіру оңайға соқпайды. Бұндайда мектепте бірнеше топ болады, әр қайсысының лидері болады. Мектеп арыз-шағымдардың ортасына қалады.

3-жағдай.

Мектеп директоры шығармашылық иесі (шын музыкант) болады да мектеп мұғалімдерінің сабақ беру, тәрбие ісіне араласуын зерттеп, таниды. Әр мұғалімнің жақсы жақтарын көтермелеп, кемшіліктерін дәл танып, оны жоюға ұсыныс береді. (Бұл әр мұғалімнің педагогикалық системасын зерттеу деп аталады). Мұғалімдер де жаңа талапқа төселіп, өздері іздене бастайды, педагогикалық құралдарын түзетіп, ағымға ереді. Мұғалімдер шығармашылығына еркіндік, оны қолдау, көтермелеу, үнемі жариялап отыру еңбек мотивасын жақсартады, мақсаты бір, құралдары әр түрлі, ізденгіш мамандар мектептің шығармашылық ұжымын құрайды.

Осындай жағдай Сам мектебінде қалыптасты. Мектептің сан қилы қиын шаруашылығы болды. Мектеп шаруашылығын шебер ұйымдастырушы, соғыс ардагері Бөлтеков Ақораз жүргізіп отырды. Мектеп құрылысын салған құрылыс бастығы Тбинян былай деп айтқаны есімде: «Где такой завхоз – двум директорам нечего делать!»

Мектеп пен интернаттың суын тасып алу, отын әзірлеу, болды. Көркемөнер, спорт, шебер қолдар, т.б. үйірмелер интернат оқушыларын көбірек қамтыды. Осылайша бір мақсатқа жұмылған оқушылар ұжымы қалыптасты. Әр пән бойынша қабырға газеттері шығып, оған оқушылардың мақалалары басылып отырылды. Мектептегі «Сапалы оқу» газетінің көлемі 6 толық форматқа (А1) жетті. Онда оқушылар шығармашылығына орын берілді, газет жұмысына әдебиетші, суретшілік өнері бар оқушылар тартылды, ол мектеп өмірінің шынайы айнасы болды.

Мұғалімдердің кәсіподақ ұйымы әлеуметтік мәселелермен де, мұғалімдердің мамандығын көтеру мәселелерімен де шұғылданды, орта білімді мұғалімдер жаппай жоғары білім алуға көшті.

Мектеп оқушылары түгелдей газет-журналға жазылды, мұғалімдер он шақты газет-журналға жазылатын, мектепке педагогикалық журналдардың көбі келіп тұратын, мектепте бай кітапхана жасақталды.

Мектеп жұмысын ұйымдастыруға мұғалімдердің жаппай қатысуы, олардың еңбегін әділ бағалау және жаңалықты танып, бағалап отыру бір мақсатқа жұмылған мектептің еңбек ұжымын қалыптастырды. Мектептегі еңбек абырой, атақ әперетін ар-ұжданның ісіне айналды.

Кейін совхоздардың ұйымдасуына байланысты мектептің қамтитын аумағының (микроауданның) көлемі тарылды, мектеп мұғалімдері Ақжігіт мектебіне, Бейнеу поселкесіне ауыса бастады. Мектептегі оқушылар саны азайды, мектеп интернаттары жабылып, бір жерге шоғырландырылды. Бұрынғы мұғалімдер орнына жана ұрпақтың толқыны келді. Мектеп ұжымын құрудың, оқу мен тәрбиенің негізгі принциптері өзгерген жоқ. Сондықтан Сам мектебінің тәжірибесі қазіргі жағдайда да мәнін жойған жоқ.

МҰҒАЛІМДЕР АРАСЫНДАҒЫ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ЖАРЫС

Қай кезде де мектептегі басты тұлға – мұғалім. Мұғалімдер еңбегінің мотивасы ол кезде жақсы атқа ие болу, алғыс алу, адал еңбек ету болды. Ол үлкен мұрат саналды. Қазір еңбектің мотивациясы – жалақы. Жоғарыда айтылған қоғамдық, кластан, мектептен тыс жұмыстарға мұғалімдер жалақы дәметкен жоқ. Мектептің барлық шаруашылық жұмыстары тегін жасалынды.

Мұғалімдер арасында өзара көмек, жас мұғалімдерге тәлімгерлік (наставничество) кеңінен дамыды. Мұғалімдер арасында жақсы мағынадағы бәсеке пайда болды. Бір мұғалімнің тәжірибесі секцияларда талқыланды, ол әрі қарай жалғасын тапты.

Көбегенова Шұға, Тастеміров Жұмағали, Нәжімединова Сәния, Қарабалина Балғаным жұмыстарын Сам мектебінен бастап, оқуларын жалғастыра жүріп, аудандағы маңдайалды мұғалімдер болып, жоғары категориялы мұғалімдер санатына жетті. Осы мұғалімдердің шеберлігінің бастауында Сам мектебінде тұрғаны анық.

Сабақтың тиімділігін арттыру үшін әр түрлі көрнекті құралдар жасалды. Рзаев Жеткізген орыс тілі сабақтарына арналған таблицаларды реттеп, әр түрлі тушпен плакат етіп, орындап шықты. Ол форматты үлкен қағазды көлбеу тақтаға бекітіп қойып, отырмастан плакат жаза алатын әріптер түзу, біркелкі және үйлесімді болды.

Плакатты қаламмен әдемі жазуды Дәулетбаев Сейілхан тез меңгеріп алды. Ол да қазақ тілінің плакаттарын жыл бойы жүйелеп жасап шықты. Оны барлық мұғалімдер жыл сайын пайдалана алатын еді.

1969 жылы Гурьв қаласында өткен «Педагогикалық оқуларға» біздің мектептен үш мұғалім: мен, Балов Бақыт, Өсербаев Құдабай қатысты. Үшеуіміздің де баяндамамыз, практикалық дәлелдемелеріміз жақсы бағасын алды. Сол жылы үшеуіміз бірдей «Білім үздігі» белгісімен марапатталдық.

Өсербаев Құдабай үлкен форматты қағазға ең соңғы партадағы оқушыға да анық көрінетін етіп «Әліппе» жазып шықты. Оған суреттер салынды. Оны Құдабай екі рет орындап шыққаны есімде.

Балов Бақыт атындағы арнаулы әдістемелік қозғалыс «Балов мектебі» облыс көлеміне сол кездің өзінде тарады, ол «мектеп» қазір де мәнін жойған жоқ.

Ол кезде тойларға адам жалдап апармайтын. Мұғалімдер ұжымы ауылдың да, тойдың да көркі еді, барлық мұғалім өнерпаз еді. Радиодан естілген жаңа ән бірнеше күннен кейін хормен орындалатын еді.

Европаша киінген мұнтаздай келіншек мұғалімдер үйде сәлем ететін келін, бала өсірген ана, көп алдында кемеңгер ақылшы бола білді.

Сам мектебі мұғалімдерінің ішінде озат мұғалім атанбағаны жоқ. Алғашқы білім үздіктері Исабергенов Кенжеғұл,Өтетілеуов Қылыш соғысқа қатысқандар еді. Бержанов Найзағұл, Ағиманов Ораз тәжірибелі мұғалімдер болатын, қалғандары өрімдей жастар еді.

Сам мектебінде жұмыс істегендер ішінен Рзаев Жеткізген, Ережепов Пермебай, Жаңбыров Сұлтан, Сынабаев Құрмаш аудандық білім бөлімін басқарды. Білім бөлімінде менің де қолтаңбам сайрап жатыр.70 жылдардың соңында, кейін 90- жылдардың ортасында барлық мектептің басқару жұмысын, мектептердегі психологиялық хал-ахуалды зерттеп, оны білім бөлігі коллегиясында талқыға салдым. 7 жыл басты баяндамашы, мектептердің жарысын ұйымдастырушы, мектеп ретингін бағалау жүйесін енгізуші, барлық сайыстардың (спорттан басқа) төралқаларына төраға болдым.

Сам мектебі мұғалімдерінің ішінен Балов Бақыт, Рзаев Жеткізген, Даулетбаев Сейілхан, Сынабаев Құрмаш, Сағындықов Жалғас, Өтетілеуов Қылыш, Сақтағанов Сайын, Жаңбыров Сұлтан, мен, орта мектептердің директорлары болдық. Олардың директор болуының себептері біліктілігінде, алған тәжірибесінде, Сам мектебінің даңқында болатын.

Сам мектебінен алған тәжірибемді 1972 жылы Бейнеудегі 491-темір жол мектебінде пайдаландым. Аз уақыт ішінде мектепте жақсы психологиялық жағдай қалыптасты, сабақтардың деңгейі бір саты көтерілді, тәрбие жұмыстары жоспар бойынша жүргізіліп, нәтижесін берді, барлық пән кабинеттері талапқа сай жарақтандырылды. Ол мектептің материалдық базасының ең бай кезі 1975 жылдар болды.

САМ МЕКТЕБІНДЕГІ БАСҚАРУ ІСІНІҢ ЖАҒДАЙЫ

ЖӘНЕ МЕКТЕПШІЛІК БАҚЫЛАУ

Мектеп басқару (менеджмент) ісі біліктілікті, өнерді, табиғи қасиетті талап етеді. Менеджмент деген сөздің түбірінде код деген сөз бар, ол жұмысты басқа қолдардың көмегімен жасау, яғни міндеттерді бөліп беруді айтады.

Сам мектебінде директор болғанда Екібаев Жанбоз мектептің көп салалы жұмысын жоспарлауда қоғамдық ұйымдар басшыларымен ақылдаса отырып, мектептің әр лауазымды адамына міндетін және осы міндетті атқарудағы құқын айқындап берді. Жасалған координациялық жоспар бойынша педогогикалық кеңес, әдістемелік бірлестік жұмысының оқу жылында басты 2-3 бағыты белгіленді. Мектептегі тәрбие жұмысының сатылары айқындалды. Бұл бірінің жұмысын бірінің қайталамауын қамтамасыз етті.

Өндірістік кеңестерде (мұғалімдер кәсіподағы болғандықтан) әлеуметтік-көпшілік саладан басқа мұғалімдердің білімін, мамандығын көтеруі, еңбек тәртібі, еңбек туралы заңдардың орындалуы, мұғалімдер арасындағы жарыстарға, байқауларға мұғалімдердің қатысуы, т.б. жоспарлы және жоспардан тыс мәселелер қаралып отырды.

Директор жанындағы кеңестерде жоспарларды (айлық, тоқсандық, мерекелік) талқылау, мектепішілік тексерудің, мектептік бақылау жұмыстарының қорытындылары қаралып отырылды. Оған мектеп басшылары, пән секцияларының жетекшілері, т.б. адамдар шақырылып отырылды. Ол кейде көп адаммен, кейде аз адаммен өткізіліп отырылды.

Педагогикалық кеңестерде зерттеуді, әзірлеуді қажет ететін күрделі мәселелер (оқу жылының қорытындысы, жылдық жоспар, емтиханға жіберу, класқа көшіру, т.б.) қаралып отырылды.

Мектеп басшыларының басты міндеті – мұғалімдердің сабақтарына қатысу. Екібаев Жанбоздың сабаққа қатысуының өзіндік жүйесі болды. Жаңадан келген мұғалімдермен танысу үшін, сабақ беру жүйесін зерттеу үшін олардың бірнеше сабақтарына қатысып, сол бойынша олармен әңгіме өткізетін, әр сабағын талдайтын, сабақ тиімділігін арттыруға байланысты ұсыныстар беріп, оны келесі сабақтарда қолдануға ұсынатын.

Мұғалімдерге ашық сабақтар жоспарланатын. Ашық сабағының алдында Жанбоз оның бірнеше сабақтарына қатынасатын. Ашық сабақты талқылау сол ашық сабақ берген мұғалімнің педагогикалық жүйесімен байланыстырыла отырып талқыланатын.

Тоқсан сайын математикадан, қазақ тілінен, орыс тілінен бақылау жұмыстары өткізілетін, бақылау жұмысының тексін өзі беретін, себебі өткен жылғы бақылау жұмыстарының нәтижесімен салыстыру қажет болатын.

Ол кездері директордың сабаққа қатысу нормасы 400 болатын. 400 сабақ (бақылау жұмыстары, емтихандарға талдау, кластан, мектептен тыс жұмыстар туралы бақылаулар, т.б) мектеп директорының басты жұмысы болатын. Бұл күніге 2 сабақ немесе кластан тыс шаралар (комсомол жиналысы, жиын, т.б.) онша көп уақыт алмайды.

Қазіргі кезде мектеп директорының жұмысының кейбір бағыты өзгерді. Ол кезде мектеп директоры мен мұғалімдерді басқа жұмыстарға алаңдатуға тиым салу туралы заң болатын. Қазір директорлар сабаққа қатысу нормасын орындамайды, олар жиналысқа көп шақырылады. Бұрын ош-1, ош-2, оқу жылы аяғында ош-3 және оқымай отырған балалар туралы (9-16 жас арасы) мәлімет тапсыратын. Оны шифрмен радиограммамен жіберіп, отчеттен кейін пакетпен жіберетінбіз.

1997 жылы отчет қабылдау кезінде 87 беттік форма бойынша отчет қабылдап отырдым. Жоғарыдан онда жоқ мәліметтерді тез арада тапсыруды талап еткенде, 5-6 мектепті телефонмен қамтып, қалғандарынан эмпирикалық жолмен мәліметті ойша қосып жазып, есеп жіберетінбіз. «Өтірікті өтірікке қоссақ, өтірік шығады, өтірікті өтірікке көбейтсек, өтіріктің квадраты шығады». Сонша мәлімет не үшін керек екені түсініксіз.

Мектеп директорлары сабаққа аз қатысқаннан кейін мұғалімдердің жұмыс дәрежесін білмейді. Олардың жұмысын естіміш арқылы бағалайды. Өз мамандығын меңгермеген, оқыту сапасы темен, күнделікті оқулықты оқып келіп, сабақ өткізіп жүрген мұғалімдердің орынсыз озат аталуының, теріс аттестациялануының нәтижесі осыдан шығады.

Сабақты мұғалімдерді қатыстыра отырып, дұрыс талдаудың маңызы зор. Сабақты талдау – мұғалімдер үшін үлкен сабақ. Екібаев Жанбоз сабақты талдау кезінде әуелі мұғалімдерді тыңдайтын. Сабақты суреттеп сөйлеуді, бұрынғы айтылған пікірді қайталауды, ұзақ сөйлеуді жақтырмайтын. Сабақтағы жасандылықты жақтырмайтын. Оқушыларды еріксіз ойландыратын, олардан тапқырлықты талап ететін қызықты сұрақтарды сүйетін. Сабақ талдағанда мұғалімнің қосымша материалдарды пайдалануын (мысалы «физика тарихынан» алынған қызық материалдарды, оқулықта жоқ қызықты тәжірибелерді жасауды) көтермелеп отыратын. Педагогикалық бастамаларды қолдап отыратын.

Дұрыс мұғалім орта мектеп бағдарламасын барлық пән бойынша дұрыс меңгергені жөн, ал, директор жалпы дидактиканы және әр пәннің жеке арнаулы әдістемелігін біліп, оны талап еткені жөн. Екібаев Жанбоз математика маманы бола тұра химиядан, физикадан, биологиядан, географиядан, тарихтан терең білімі бар еді, сондықтан қажет кезінде ол сабақтардан да сабақтар өткізе беретін.

Қызметкерлердің жұмысын бағаламау олардың енжарлығын тудырады. Олар жақсы атты көрінудің басқа альтернативасын іздейді. Коррупция бар жерде, оны табу онша қиын емес.

Мектеп көрсеткіштерін жақсартып көрсету үшін оқушылар бағасын орынсыз көтермелеу, емтихан кезінде оқушыларды сүйемелдеу, пәндердің бағдарламасының талаптарын елемеу, мектептің білім стандарттарын басшылыққа алмау оқушыларға қойылатын талапты әлсіретті. Бұл барлық жерде індетке айналды.

Түсінігі мол, тәрбиесі де білімі де жоғары оқушылар қазір де көп, ал, қазіргі «орташа» оқитындардың білім деңгейі бұрынғы «орташалардан» көп төмен. Бұрын ер балалар жақсы оқыса, қазір қыз балалар жақсы оқиды. Оқушылар ұйымдарын тек қыз балалар басқарады, байқауларға, олимпиадаларға келетін оқушылардың көбі қыз балалар, бұл ер балалармен жұмыстың әлсірегендігін білдіреді.

Мектеп басқарудағы, ұжымды қалыптастырудағы мектеп директорының әділдігінің, адамгершілігінің, мұғалімге қамқорлығының орны ерекше.

Еркін еңбек, бәсекелес (жақсы мағынасындағы) еңбек жағдайында мұғалім шығармашылықпен жұмыс істейді, байқаулар, жарыстар сол үшін қажет. Әкімшілік құралдармен, қорқытумен, алдаумен, желкелеумен мұғалім жұмысы әрі бармайды. Еңбектің қазіргі мотивациясы – еңбек нәтижесіне қарай жалақы төлеу. Еңбектері нәтижелі мұғалімдердің жалақысы, разряды жоғары болуы керек.

Заң күші қолымда болса мен жыл сайын мұғалімдерді электрондық тестілеуден, билет суыртып, тап болған тақырыпқа шығарма жаздырудан тапсырмалар беріп, мұғалімнің ағы мен қарасын, білім дәрежесін айырып отырар едім. «Мұғалім оқуды қойған күні өледі» – деген мәтелді ескеруіміз керек.

ЕКІБАЕВ ЖАНБОЗДЫҢ ҮЛГІСІ

Жанбоз Екібайұлы адамгершілік жағынан кіршіксіз болатын.Ұятқа қалған, не ұятқа қалдырған кезін байқаған жоқпын.

1949 жылы Тұщықұдық мектебіне 6-класқа оқуға келіп жүр едік. «Жанбоз келе жатыр! Жанбоз!» – деген дауыстан кейін бір топ бала Таушықтан келе жатқан түйеге мінгескен жолаушыларға бардық. Екібай деген қарт Таушықтан 10- класты бітіріп, мұғалім болу үшін келе жатқан баласы Жанбозды түйеге мінгестіріп әкелді. Бойы кіші, домаланған әдеміше бала екен. Естуімізше бала 1-кластан бастап үздік оқыған (1-кластағы мақтау грамотасы әлі сақтаулы), 1945 жылы Жеңіс күнін мектеп пионерлері атынан митингіде құттықтаған, ол шығара алмайтын есеп жоқ. Жанбоз мектепте мұғалім болды.

Жанбоз өте ұқыпты жан. Жоғарғы кластардағы конспектілерін ала келген. Психологиялық жағынан ол тұрақты болуға тиіс, оқушы кезінде қол жазуы (почеркі) өмір бойы өзгерген жоқ. Ол 1952 жылы Шахта орта мектебіне математика мұғалімі болды, 9-класс оқитын біздерге сабақ берді. Қарашада армияға алынды, армияда танкист мамандығын игерген.

1958 жылы Маңғыстау ауданының жақсы мұғалімдері арасында Жанбоздың аты аталып жүрді. 1962 жылдан 1972 жылға дейін бірге жұмыс істедік, пікірлес болдық, көрші болдық. Жанбоз да, зайыбы Сүткенже де адамды жатсынбайтын кісі еді.Үйінде тумаластарының балалары жатып оқитын, оның үстіне жаңадан келген мұғалімдерді үйіне алатын. Қылаң, Сәрсекең Күләш, Әсима, т.б. мұғалімдер осы үйді өз үйіндей көріп, қимай айрылысты.

Бір Қарағанда тұйықтау, көп сөйлемейтін адам көрінгенімен Жанбоз тұрмыста қарапайым, өзінің қадір-қасиетін білетін, адамдар арасында сыйлы кісі еді. Оның дауыс көтерген немесе біреуді қудалаған, сөгіп, ар-ұжданына тиген кезі болған емес. Ешкімге көкірек көтергенін, не астам сөз айтқанын байқаған жоқпын.

Бірде тойда тост көтеріліп, Жанбозды марапаттаған сөзді естігенде, оның шамданғаны есімде. «Жарапазан айтып тұрсыз ба? Адамды көзінше мақтауды ұят көрмейсіз бе? Осы сізге лайық па?» – дегені есімде.Ол мақтан сүймейтін. Ал, қазір марапат сөзге масаттанып тыңдап отыру дағдысы кең тарады.

Жанбозды жұрт ұжым басқарғандығы үшін емес, парасаты мол, жеке интелектуал тұлға ретінде, азамат ретінде сыйлайтын. Ол мұғалімдерге оқушыларды бағалау туралы ұсыныс түсірмейтін, мұғалімдердің бағасын заң деп қабылдайтын. Емтихан кезінде оқушыларды алалау, бір оқушыларға ерекше көмектесу болмайтын, сондықтан оқушылар өз күштеріне ғана сенетін.

Жанбоз біздерге мәртебелі мырза (господин) болғысы келген жоқ, ол бізден шыққан өзіміздей мұғалім болды. Құрмет аудан басшылығына ауысқанда, енді директордың Жанбоз болатындығында күмән жоқ еді. Директорларды сайлайтын да кез болды. Орта мектеп директорын оқу министрінің тағайындайтын да кезі болды.

Мектеп директорының ең басты міндеті – оқушылардың жақсы тәрбиесі мен олардың оқытылу дәрежесін көтеру. Сабақ түсіндіру, қайталап айтып беру, үлгіге, формулаға қарап, есеп шығаратын болса, ол оқытылудың бірінші (шәкірттік), екінші (алгоритмдік немесе эмпирикалық ойлау) сатысы болғаны. Онда оқушылар үлгереді, дамымайды.

Оқушылар өздері қызығушылық танытып, көрсетілген мысалдардан басқа жағдайдағы құбылыстарды зерттеп, басқа да есептерді шығара алатын дәрежеге жетсе, ол эвристикалық деңгейге жеткені. Сам мектебінде кеңірек оқушылардың өз бетімен ізденуіне жақсы жағдай жасалынды.

Оқытылу дәрежесінің ең соңғы, төртінші сатысы – оқушылар белсенділігінің эвристикалық дәрежесіне дейін жетуі.

Оқытылудың соңғы сатылары Шахта орта мектебінің алғашқы бітірушілерінің арасында (оның ішінде Жанбоз да бар) кездесті. Оқулық жоқ, оқушылар басқа көздерден іздеуге мәжбүр болды, кітаптарды, журналдарды (информацияның басқа көзі жоқ еді) оқып, одан да білімдік маңызы бар мәліметтерді алып отырды, олар баяндама жасауға баулынды, дебаттарға (жарыстарға) мән берілді.

Жанбоздың пікірі: «Оқушыларға бәрін үйрете алмайсың, ол білімді толтырып қоятын ыдыс емес, оның өмір бойына жететін оқуды өзің де білмейсің, одан қайта оқушыларға сабақ оқуды, өз бетімен ізденуді үйретуің керек. Олар сонда өмір бойы оқиды, тиым салсаң да оқиды». Ол осылай дейтін.

Оқушыларды өз бетімен оқуға баулу, сабақтан тыс уақытта кластан тыс әдебиетті кеңірек оқу, физикалық, химиялық тәжірибені оқушылардың өз қолдарымен орындауы жақсы нәтиже берді. Сам мектебі оқыту дәрежесінің ең жоғарғысына жетті.

САМ МЕКТЕБІНІҢ ҮЛГІСІН БҮГІНГІ ЖАҒДАЙДА

ҚОЛДАНУҒА БОЛА MA?

Заман өзгерді, еңбектің мотивациясы өзгерді, адам да өзгерді, бірақ, дидактика принциптері өзгерген жоқ.

Компьютерді үйрену бәрін шешпейді. Компьютер арқылы әлемдік кітапханаға кіргенде, физиканы, химияны компьютерден мәлімет ала отырып, күнделікті дайындалса, оның үлкен көмегі бар. Бұл салада Ж. Қараевтың «Әр түрлі деңгейде оқыту технологиясы» деп аталатын оқыту технологиясын қолдануға болар еді.

Бұл технология бойынша бала қызметінің ауырлығы оқытылудың, өз бетімен оқуына, информацияны өз бетімен оқуына, дағды қалыптастыруға ауады. Оқушылардың даму өрісі кеңиді (оқытылудың жоғарғы үш сатысы).

Шахта мектебінің, Сам мектебінің оқытылу дәрежесінің жоғары болуының бір және басты себебі – оқушылардың өз беттерімен ізденуі болатын. Сабақтастыққа қараңыз, Сам мектебінен Жанбоз, Сам мектебінен оқушылардың өз беттерімен оқуына негізделген технология авторы Ж. Қараев шықты.

«Тісі шыққан балаға шайнап салған ас болмайды», осы мақалды мен көп қайталадым. Оқушы қызықпаса, оны оқытып, нәтиже күтуге болмайды. Қазіргі жағдайдың бір ерекшелігі – әр түрлі инновациялық мектептердің, топтардың ашылуы. Оқушыларды да, мұғалімдерді де іріктеп алу мүмкіндігі, интернет мүмкіндігі. Информация көздері – олимпиадалар, конкурстар... Бұлар бір деңгейдегі оқушыларды оқыту технологиясын таңдап алуға жақсы жағдай жасайды.

Әрине, мұғалім дәрежесін көтеру, олардың енбегіне сай жалақысының болуы, мектеп мұғалімдерінің енбегін бағалаудағы әділдік, шығармашылықты педагогикалық ұжымды қалыптастыру қазіргі кезде де оқу-тәрбие ісіне мол мүмкіндік береді.

Сам мектебінің «феномені», «табыс формуласы» қандай деген сұраққа, жауап: мұғалімдердің шығармашылық ұжымы – мұғалімдер арасындағы шығармашылық жарыс, оны әділ бағалау – оқушылардың өз бетінше ізденістерін кең қолдау – мектептің ата-аналармен, қоғамдық көпшілікпен байланысын нығайту.

БІЛГІР БАСШЫ

ҚҰДАБАЙ ӘБДІҰЛЫ ӨСЕРБАЕВ

КСРО және Қазақстан республикасы оқу ісінің үздігі,

Бірінші облыстық «Жыл мұғалімі – 91»сайысының жүлдегері.

Мен VII класты 1949 жылы бітіргенде Шахта орта мектебінің X класын Жанбоз ағай да 14 оқушының бірі болып бітірген еді. Семьялық жағдайына байланысты сол жылы оқуға бара алмаған.

Аудандық оқу бөлімі 1949-1950 оқу жылында Тұщықұдық жеті жылдық мектебіне физика және математика пәнінен сабақ беруге жұмсаған. 1950 жылы Гурьевтегі мұғалімдер институтының математика факультетіне оқуға түседі. Жоғарғы оқу орнын бітіргеннен кейін, Маңғыстау ауданының мектептерінде физика және математикадан сабақ берген.

Мен 1966 оқу жылында Гурьевтің мұғалімдер институтын бітіріп келген жылы мұғалімдердің август кеңесінде Жанбоз ағаймен кездесіп, маған өзінің мектебіне жұмысқа баруымды бұйымшалады. Екеуміз аудандық оқу бөліміне бардық. Ол кезде района Қайралапов екен. Мен аудан бойынша бастауыш мамандығы бойынша алғашқы мұғалім едім.

Жанбоз аға біріншіден – ұстаз, екіншіден – білімді де білікті басшы, үшіншіден талап қоя білетін, өзінен де өзгеден де жұмыс талап ете білетін әдіскер (методист) мұғалім және де қандай кезде де қол ұшын берер ақылшы аға, азамат. Жәкеңді ұстаз тұтамын, ол кісі мектебіміздегі ұстаздардың жартысынан көбінің ұстазы.

«Мұғалім еңбегі еліміздегі ең, жемісті де жасампаз еңбек, сонымен бірге еңбектің қай түрінен де ауыр да жауапты екенін миллиондар мойындағаны ақиқат» – дейді Жанбоз ағай. Қазақтың ұлы педагог Ыбырай Алтынсарин: «Мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені, мұғалім – мектептің жүрегі» деген ғой. Ал, француздың кемеңгер ойшылы Анри Барбюс: «Мектеп жеткіншек ұрпақтың ойын қалыптастыратын шеберхана, егер болашақты қолдан шығарып алғың келмесе, оны берік ұстау керек» – дейді.

Жанбоз ағай мұғалімдік әдепке көп көңіл бөлетін еді. «Мұғалімдік әдепке» жататынның бәрін айтып тауысу мүмкін емес. Олай етсем, оқу саласының бар саласы жайлы әңгіме болып шығады. Мен мұғалімдік әдептің жалпы мәселелеріне және оқушыларды оқытып, тәрбиелеу барысында қолданылатын кейбір тәрбиелік мысалдарға тоқталамын.

Мұғалімдік әдеп – мұғалімнің ең қажетті кәсіптік белгісі. Қай-қай мамандықтың да айырықша бір белгісі болатынын өздеріңіз деп білесіздер. Ол белгі адамның үйреншікті әдетінен, сөйлеген сөзінен, тіпті киім киісінен де байқалуы мүмкін.

Қазіргі кезде бізде ұстаздық шеберлік жайы көп айтылып жүр. Мұның өзі заңды да. Шеберлікті шындамайынша, мектеп алдына қойылып отырған қыруар міндеттерді жүзеге асыру мүмкін емес. Әр нәрседен хабары бар мұғалім оқушылардың жүрегіне жол таба біледі. Жол таба білудің нәзік жолдары: ерік-жігер, ұстамдылық, ілтипаттылық, дәйектілік, талап қоя білу, зейінділік, орнымен әзілдей де білу, орынды мысқыл, ептілік, әзіл-оспаққа үйірсектік, айқын көзқарас және дауыс ырғағының мол болуы. Мұғалімнің оқушылардың білімін бағалауда атқаратын рөлі, басқа тәсілді былай қойғанда, ең бастысы мынада болуы тиіс: оқушылар тек баға алуы үшін оқымаулары керек. Біздің балаларымыздың білімі терең болуы тиіс, білім қайнарынан сусындауға олардың толық жағдайы бар. Мұғалімдік әдеп пен тактиканың оқушыларға ықпал ету мүмкіндіктері өте көп, оларды қолданудың өрісі кең. Сабақта және үзілісте, мектепте және мектептен тыс жерде, оқушылардың оқуға деген ынтасы мен моральдік көзқарастарын қалыптастыруда, сенімділік пен сыпайылыққа тәрбиелеуде, т.б. айнымас, әрі ізгі көмекшілеріміз деп түсіндіргім келеді.

«Маңғыстау өңіріне белгілі ұстаз, мектеп басқарудың майталман шебері, ұзақ жылдар бойы Сам орта мектебін басқарған «Құрмет белгісі» орденінің иегері, оқу ағарту ісінің үздігі марқұм Жанбоз Екібаевтың «Нағыз мұғалім болу үшін мұғалім болып туу керек» – деп жиі қайталайтын сөзінің мән-мағынасын қазіргі кезде түсініп жүрміз» – дейді Мәди Бегенов орта мектебінің директоры Сайын Сақтағанов.

«Өзімнің отыз бес жыл ұстаздық еткен жылдарымда бас иіп, табынатын, нағыз мұғалім болып туған жан – Мәди Бегенов орта мектебінің бастауыш класс мұғалімі, КСРО және Қазақ Республикасының оқу ағарту ісінің үздігі Құдабай Өсербаев.

Қырық бес минуттық сабағын беруден басқа қолынан ештеңе келмейтін ұстаздардан Құдекеңнің ерекшелігін айтып жеткізу киын. Бастауышта оқытқан оқушыларың мектептен кейін де жазуына қарап дәл танисың. Қолдан жасаған көрнекті құралдары баспадан шыққанның қандайынан болса да артық. Себебі, түстерді өте талғампаздықпен және шебер қолдана біледі. Ұстаздың қолынан шыққан альбом, буклеттер, «әліппе серігі» таблицалар, стенділер еріксіз таңдай қақтырады. Құдекеңнің жүрісі, киім киісі, сөйлеу мәдениеті, өзін ұстауы кім-кімді де қызықтырады. Өзі шежіре сөздің, әзіл-оспақтың қас шебері.Үлкенмен де, кішімен де сол бойда тіл табысатын тылсым қасиеті тағы бар. Жан-жақты білімді де, білікті де екендігін танытып, 1991 жылы бірінші облыстық «Жыл мұғалімі – 91» сайысының жүлдегері атанды. Ұғына білетін зерделі жанға Құдекеңнің бойынан табылатын, үйренетін, қадеге жарайтын үлгі-өнеге де, мол ұстаздық тәжірибе де, адамгершілік бай парасат та жеткілікті».

Сам орта мектебі 1966-1967 оқу жылында ашылды. Жанбоз өмірінің көп бөлігін осы мектепті жан-жақты көркейтуге жұмсады. Оқушылардың білімділігін арттыру үшін мұғалімдерге талап күшейтілді. Мұғалімдер «Біздің девизіміз: творчестволық мұғалімнен творчестволық коллективке дейін» деп, жұмысқа кірісті. Сол жылы 1971 жылы Сам орта мектебін бітірген Дүйсенбаев Баймұханбетті Маңғыстауда тұңғыш «Алтын медаль» иегері атандырды. Сол жылы Сам орта мектебі Қазақстан Республикасының Гурьев облысындағы Маңғыстау ауданының Сам мал жайылым учаскесіндегі үлгі тірек мектебі болып аталды. Жәкеңнің еңбектері уақытында өз бағасын алып отырды. 1965 жылы «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері» белгісі, 1966 жылы «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен, 1976 жылы «Құрмет белгісі» орденімен наградталды. Жәкең денсаулығына байланысты директорлық жұмысын қойғаннан кейін мәдениет бөлімінде автоклуб меңгерушісі болып жұмыс жасады.

Ұстаз! Осынау сөзде қаншама мән-мағына жатыр десеңші!

Ұлағатты ой иелері де, арман оты жүрегінде алаулаған жеткіншектер де, парасатты қоғам қайраткерлері де бір адамға қарыздар, ол – ұстаз.

Мен сол ұстаздың бірегейі деп Жанбоз ағайымды айтамын.

АРДАҚТЫ ДА АСЫЛ ЖАНДАР

ПЕРМЕБАЙ ЕРЕЖЕПОВ

(Халық ағарту ісінің үздігі,

«Еңбек ардагері» медалінің иегері, зейнеткер – мұғалім)

Мен 1961 жылы Гурьев Мемлекеттік Педагогикалық институтының физика-математика факультетін бітірдім. Облыстық оқу бөлімі мені тың игеріп жатқан Қостанай облысының Севастополь ауданының Урицкий атындағы сегіз жылдық мектебіне баруға жолдама берді. Бірақ, Маңғыстау ауданының оқу бөлімінің меңгерушісі, марқұм Диар Төлебаев ағамыз келіп, Қазақ ССР-ы оқу министріне телефон шалып, «Маңғыстаудың өзі тың, менде де мұғалімдер жетіспейді» – деп, институт бітірген 6 мұғалімді алып қалды. Содан ауылға келгесін Маңғыстаудың «тыңы» – Сам мектебіне барасың деп мені Сам жеті жылдық мектебіне жұмсады. Ол қазіргі «Қызыл әскер» немесе «Сам-2» деп аталып жүрген елді мекен. Онда 1961-1962 оқу жылында жұмыс жасап, келесі оқу жылы жаңадан ашылған Сам сегіз жылдық мектебіне, Тұрыш елді мекеніне бардық. Онда маған математикадан азғантай сағат, сосын барлық (5-10) кластардағы дене тәрбиесі пәнінен сабақ бересің деп тапсырма берді. Ол кезде мектеп директоры Құспанов Құрмет еді.

Бір жылдан соң ол кісі «Правда» колхозының партия ұйымының хатшысы болып кетіп, орнына Екібаев Жанбоз, оқу ісінің меңгерушісі Рзаев Жеткізген ағайлар болып, жұмыс бастадық. Мектепте мұғалімдер түгелдей дерлік ер азаматтар болды. Бұл мектеп сол кездегі Маңғыстау ауданының қырдағы мал бақташыларының балаларына арналып салынған сыйымдылығы көп емес мектеп еді. Бірақ, сонда 600-дей малшы балалары оқыды. Мектепте дене тәрбиесі пәнін өткізу (мен арнайы институт бітірген спорт маманы да емеспін немесе жоғарғы квалификациялы спортшы да емеспін. Бар болғаны 1-ші разрядты спортшымын) маған оңайға соқпады. Себебі, спорт құралдары жоқ, спорттық алаң да жоқ. Спорт залы дегенде 18x9 м. көлемінде гимнастикалық аласа бөлме ғана болды. Жасыратыны жоқ, дене тәрбиесі сабақтарын кейбір мұғалімдер қосымша сабақтар өткізуге, ал, кейбір класс жетекшілері класс тәрбие сағаттарын өткізуге ыңғайлап бара жатты. Бұл маған сабақ өткізуге қиындық келтірген үстіне келтіре берді.

Мен мектеп директоры Жанбоз ағайға келіп, бұны қалай жолға қоюды сұрап пікірлескенімде, «Жоқтан бар жасауымыз керек» деді. Түсінікті. Енді дене тәрбиесі сабақтарында оқушылар күшімен спорттық алаңдарды жасауға кірістік. Оқушыларға қажетті футболдық, волейболдық, баскетболдық алаңдарды бітірдік. Бірақ, баскетбол алаңының жерін тегістеп дайындағанымызбен оның сақинасы болмады. Жәкең (ол уақыттарда Москвадан почта арқылы сұраныс беріп, барлық керек құралдарды алдыруға болатын) почта арқылы Москвадан екі жұп сақина алдыртып берді. Оның бір жұбын далаға, ал, бір жұбын мектептегі «спорт залға» ілдік. Міне осылай, қайнаған спорт тіршілігі басталып кетті. Почта арқылы қажетті спорттық ойындардың доптарын алдырдық. Көп жағдайда Гурьев қаласына баратын сырттай оқитын мұғалімдерге оқушылар өздері жинаған ақшаларына доптарды алдыртып, спорттық секцияның – волейбол, баскетбол, футбол, стол теннисі, жеңіл атлетика түрлерін жүргіздім. Ол ол ма, айдаладағы мектепте интернат оқушыларына және мектеп оқушыларына таңертең ертеңгілік жаттығуын жасатуды тапсырды. Оны орындамасқа болмайды – өйткені, таңертең 7 сағат 20 минутта Жәкең интернат алдында, ал 7 сағат 35 минутта мектеп алдында оқушылармен бірге ертеңгелік жаттығуға қатысады. Бұл оқушыларға тұрақтылыққа айналып кетті. 10 минуттық ертеңгілік дене жаттығуына директордың өзінің қатысып, жаттығу жасауы, оның қаншалықты маңыздылығы оқушыларға айтпай-ақ түсінікті болды.

Мектеп бірте-бірте жан-жақты жетісе берді. Аудандық ДОСААФ комитетінен үш ТОЗ-8 маркалы мылтық алдырдық. Ауамен атылатын 4 мылтық және оған керекті оғын көп етіп алдырып, оқушылар арасында «Атқыштар» кружогін аштық. Көп ұзамай «мергендер» сайысын ұйымдастырып, мектеп ішілік жарыс өткізуге де Жанбоз ағайдың өзі дәнекер болды. Өйткені, ол кісі мылтықты өте жақсы ататын. Сөз арасында айта кетейін, ол кісі әуесқой аңшы еді. Демалыс күндері, жазғы каникул кездерінде немесе қыста да қоян аулап, Тұрыштың құмының ішін жаяу аралап жүретін.

Бір демалыс күні болатын, Жанбоз ағай, Жеткізген ағай және мен қоян аулайық деп құмға кеттік. Жәкеңнің аңшылық қасиетінің ішінде ерекшеліктерінің бірі –қоянды алыстан көретін. Бізге: «Тона қоянды көрдіңдер ме?» – деп иегімен нұсқады, бізге көрініп тұрған қоян жоқ. Жанбоз ағай тізерлеп отырып, қоянды атып жіберді, сол-ақ екен, бір бұта арасынан қоян жоғары секіріп, жерге құлап түсті. Сонда, Жәкен: «Қоянның бұта арасынан тек құлағы қызарып көрінеді» – деп еді.

Жанбоз ағайдың қатты сасқан бір оқиғасын да айта кетейін: Жазғы демалыс кезі, Жәкең бізге (Жеткізген ағай, мен үшеуміз) «Бір қойлы ауылға барып түстеніп, кешке қарай қоян аулай қайтайық» – деді. Мінген көлігіміз – ИЖ- Юпитер-3 деген Жеткізген ағайдың мотоциклі.

«Қызыл Жұлдыз» жеріндегі қойлы ауылға келіп түстеніп, кешке қарай Тұрыш бағытындағы биік бір төбенің басына шығып, айналаға дүрбі салып, азғана демалыс жасадық. Сөйтіп тұрғанымызда, Жәкең өзімен бірге алып жүретін ТОЗ-8 маркалы, кіші колибрлі мылтығын алып, бізге қарай кезеніп, (Жеткізген ағай екеуміз ол кісінің қарсы алдында тұрғанбыз) мылтықтың шүріппесін басып қалды. Мылтықтың оғы ысқырып, құла даланы бетке алып кете барды. Жәкең мылтықты тастай салып, сылқ етіп, отыра кетті.

Ешқайсымызда да сөйлейтін қабілет қалмағандай, меңіреу даланы да тылсым тыныштық жайлағандай, құлақтарымыз тарс бітеліп қалғандай, азғана уақытқа үнсіздік жайлады. Сонда мен тұрып: «Жәке, қашан оқтап едіңіз?» – деп дауыс шығарып едім. Сонда, Жәкең: «Былтыр қыста қоянға шыққаннан кейін ұсталған жоқ еді, сонда оқталған оқ алынбаған ғой. Апырмай, әуелі ойнап, Жеткізгенді көздеп тұрдым да, екеуіңіздің араларыңызды алып, шүріппені басып едім. Ойламаған жерден әзіл апат келтіре жаздады-ау, Құдай сақтап қалды-ау» – деп басын шайқай берді. Міне, Жанбоз ағайдың қатты сасқанын көргенім осы, қоян аулау жайына қалды, ауылға қайттық.

«Жақсының жақсылығын айт – нұры тассын» дегендей, мені 1975 жылы қараша айында Ақжігіт орта мектебінде тәрбие жұмысы жөніндегі директордың орынбасары қызметінен аудандық оқу бөлімінің мектептер жөніндегі инспекторы етіп жұмысқа жіберді (партия мүшесімін – жұмсағасын баруың керек). Міне, осы уақытта Жанбоз ағай кездесіп, сол кісінің ақыл-кеңесін тыңдадым. Жәкең: «Районода меңгеруші болып отырған Жеткізген ғой, оған көмекші керек – бұл бір, екіншіден – сенің мұғалімдерге ақылшы болатын мезгілің жетті, бірақ, есіңде болсын – мектептерде барлығы бірдей жақсы оқытатын, не методикалық жағынан бай ұстаздарға кездесе бермейсің, сол мезетте соларға ақылшы бол, олардың өзін көбірек тыңда» – деген еді.

Мен бұл жұмысқа кіріскенімде, Москва қаласынан М.А. Штыкалоның «Инспектирование современных школ» деген кітабын алып оқып, үнемі басшылыққа алып жүрсем де, Жанбоз ағайдың жоғарыдағы сөзі құлағымнан кетпейтін.

Біздер Сам орта мектебінде жұмыс жасап жүргенде «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Еңлік-Кебек» сияқты қазақтың эпостық жырларынан жасалған драмаларды сахнаға шығаруды Қазақстанның талантты режиссерларының бірі Сатқан Қостанов ағамыздың ұйымдастыруында орындағанымызда, Қарабай рөлін сомдаған Жанбоз ағамыз еді. Сол сияқты Қ. Мұқамеджановтың «Бөлтірік бөрік астында», «Қуырдақ дайын» сияқты пьесаларын да сахнаға дайындап, бүкіл қырдағы малшылар арасына қойып, аралап жүруге де ықпал етіп, өздері бас болып, рольдерде ойнаған Жанбоз бен Жеткізген ағайлар еді ғой. Таңертеңнен кешке дейін сабақ, кешкі алтыдан жеті жарымға дейін спорт секцияларының дайындығы, ал сегізден түнгі 11-ге дейін пьесаларға дайындық. Сонда шаршап, шалдығуды да, кешігуді де білмейтін едік. Өйткені, мектеп директоры мен оқу ісінің меңгерушісі бас болып, жүгіріп жүруші еді. Міне, осы ағалардың арқасында бүкіл малшы қауымның алғысына талай бөленген едік.

Қайран ағалар, біздерге өмірлік жарқын жол салып бердіңдер. Топырақтарыңыз торқа болсын!

Жанбоз ағай туралы көп айта беруге де, жаза беруге де болар еді. Қалғанын басқа шәкірттері мен жұмыстас болған шәкірт ұстаздарына қалдырайын.

ҰСТАЗЫ ЖАҚСЫНЫҢ – ҰСТАМЫ ЖАҚСЫ

СӘНИЯ НӘЖІМЕДИНОВА

«Аға мұғалім», халық ағарту ісінің үздігі,

«Еңбек ардагері» медалінің иегері

Адам дүниеге келеді, өмір сүреді. Шіркін, сол өмірді мәнді де, мағыналы етіп өткізсе! Тарихта есте қалған ең ауыр жыл – 1941 жылдың күз айларының бірінде дүниеге келіппін. Анамнан жастай жетім қалдым. Әке мен өгей ананың тәрбиесінде өстім. Әкем қарапайым, оқымаған жүмысшы болды. От басында екі ұл, екі қыз болып өстік.

Қиыншылықтарға қарамай, әкем төртеуіміздің оқуымызға да, еңбек етуімізге де бар қамқорлығын аямады. Мен ұстаз болуды армандадым. Бесінші сыныпта жетекші болған Ұлыш деген және ботаника пәнінен дәріс берген Гүлікей деген апайларымның ұстаздық шеберлігі мен адамгершілік қасиеттері менің ұстазға деген сүйіспеншілігімді арттырды.

1959 жылы Гурьев облысы Новобогат ауданындағы Амангелді Иманов атындағы орта мектепте 10 сыныпты бітірдім. Өмірдің қилы-қилы соқпақтарының бірі мені Маңғыстаудан бір-ақ шығарды. Сөйтіп, 1961 жылдың шілде айынан бері Маңғыстау тұрғынымын. Жүрген, тұрған жерлерімде сатушы, аспазшы болып еңбек еттім. Ұстаз болу арманыма тек қана 1963 жылдың 20 желтоқсанында қолым жетті. Ол кезде мен Маңғыстау облысы Маңғыстау ауданының Тұрыш аулында тұратынмын. Жолдасым Ережепов Пермебай жаңа ашылған Сам орталау мектебінде математика және дене тәрбиесінен сабақ беретін.

1963 жылы Гурьев педагогикалық институтының тарих факультетіне сырттай оқуға түстім. Содан келген соң мектеп директоры Екібаев Жанбоз ағайға барып, сырттай оқуға түскенімді және ұстаз болу арманым екенін айтып едім, оқу ісі жөніндегі директордың орынбасары Рзаев Жеткізген ағайды шақырып, «Осы кісіні мұғалімдікке қабылдайық» деп, екеуі шешім қабылдады. Мектепте түгелдей ер азаматтар сабақ береді екен. Солардың ортасында мен жалғыз әйел мұғалім болып, еңбек жолымды бастап кеттім. Келесі оқу жылында сырттай оқуға түскен Тілеубергенова Ұштап, Исабергенова Тілек, жоғарғы оқу орнын бітірген қазақ тілінің маманы Сәмешова Әсималар келіп, әйел мұғалімдер қатары көбейіп қалдық.

Ұстаздық еңбегімнің ұстаздары – мен үшін өте қадірменді жандар. Әсіресе, мектеп директоры Екібаев Жанбоз бен оқу ісінің меңгерушісі Рзаев Жеткізген ағайлар – мен үшін аса қымбат, жан дүниелері асыл жаратылған жандар. Мен ол кісілерді пір тұтамын, адамгершілік қасиеттеріне бас иемін. Сол жылдарда жұмыстас болған ұстаз ағайлардың бейнесі көз алдымнан кетпейді: Исабергенов Кенжеғүл, Ағиманов Ораз, Бержанов Найзағұл, Шолтанов Есенбай, Наурызбаев Қызылғұл, Есбосынов Жұлдызбай, Өсербаев Құдабай, Дәулетбаев Сейілхан, Ережепов Пермебай, Балов Бақыт, Оразалиев Ермекбай сияқты ұстаздар болды (аты аталмай қалған әріптестерден кешірім өтінемін).

Мен ұстаздық еңбегімді бастауыш кластарды оқытудан бастадым. 1963 жылдан 1971 жылға дейін сол Сам орта мектебінде еңбек еттім. Осы жылдар ішінде біраз тәжірибе жинақтаған маман болдым. Оның басты себебі еңбек етіп жүрген ортадағы тәжірибесі мол, білгендерін үйретуден жалықпайтын, үйреткендерінен қорытынды шыққанға дейін бақылап отыратын асыл жанды, ақылгөй жоғарыда аталған ұстаздарым еді.

Ең алғаш төртінші сыныпқа сабақ беруге кірдім, мектеп директоры Екібаев Жанбоз ағай сабағыма ере кірді. Келесі күні сабағыма Рзаев Жеткізген ағай қатынасты. Көп кешікпей, мектеп директоры 6 күн қатарынан математика сабағыма қатынасып: «Өте жақсы, «Қайталау – оқу анасы» деген қағида басты мақсатың екен, тап осылай еңбектенсең өнегелі ұстаз боласың» – деген еді. Рзаев Жеткізген ағай орыс тілі, қазақ тілі, ана тілі, тарих сабақтарыма қатынасып, сынып оқушыларымен қарым-қатынасымды, сабақтағы тақырыпты өмірмен байланыстыра оқытуымды, сабақ үсті көрнекіліктерді тиімді пайдалану әдістерімді, тағы басқа жақсы әдістерімді жоғары бағалап, «осылай ізденімпаздықпен оқыта бер» деп ақыл-кеңесін айтты.

1971 оқу жылынан бастап, Ақжігіт орта мектебіне келуіме тура келді (жолдасымның сол мектепке жұмсалуына байланысты). Бұл мектепте де еңбекқор ұстаздар ұжымының ортасына түстім. Оқу ісінің меңгерушісі жас болса да бас бола білетін Мұханмеди Насухаев екен. Жана оқу жылында оқыту бағдарламасында үлкен өзгерістер болып, соны талапқа сай оқытуды іске асыру жұмыстары басталды. М.Насухаев ерінбей сабақтарға қатынасып, кейбір ұстаздарға өз тәжірибелерін баспа бетіне жариялауға жұмыстануды тапсырды. Тіпті методикалық бірлестіктерде оқылған баяндамаларымыз арқылы педогогикалық оқуларға қатынасуымызды талап етті.

Сонымен, 1973 жылы Гурьев қаласына барып, «Бірінші сыныпта бірінші ондықты оқыту тәжірибем» деген тақырыптан Гурьев облыстық мұғалімдердің педогогикалық оқуына қатыстым. Менің еңбегім облыс көлемінде өте жоғары бағаланып, Республикалық педогогикалық оқуға ұсынылды. Ол тақырыбым республикалық оқуда да жоғары бағаланды. Облыстық оқу бөлімінің, Қазақ ССР-ы оқу Министрлігінің Құрмет грамоталарымен марапатталдым.

Бұдан кейін де облыстық, республикалық педогогикалық оқуларға қатынастым. Облыс көлемінде панорамалық сабақтар, жекелеген тақырыптарға ашық сабақтар өткіздім. «Бірінші сыныпта бірінші ондықты оқыту тәжірибем», «Сабақта оқушы белсенділігін арттыру»,« Қош бол, бастауыш мектеп», «Ертегі кейіпкерлері сабақта», «Ұғымын тауып үйретсек», т.с.с. көптеген методикалық баяндамаларым «Бастауыш мектеп» журналында жарияланды. Панорамалық сабақтар, басқа да іс-тәжірибелерім аудан, облыс көлемінде таратылды. 1978 жылдан бастап жұмыс жасаған Ы. Алтынсарин атындағы орта мектепте Сәния Нәжімеденова атындағы бастауыш класс мұғалімдеріне арналған мектебім болды. Онда аудан, облыс мектептеріндегі бастауыш сыныптардың жас ұстаздарына үнемі методикалық көмек көрсетіп, оқушыларды оқытумен қатар қазіргі заман талаптарына сай тәрбиелеу жұмыстары да айтылып отырды. Осындай еңбектерім үшін 1978 жылы «Аға мұғалім» атағын алдым. СССР Оқу Министрлігінің, Қазақ ССР Оқу министрлігінің Құрмет грамоталарымен марапатталып, Социалистік жарыстың екі дүркін жеңімпазы атандым.

«Терең білім – жақсы ұстаздан. Ұстаз ізденгіш болса, шәкірт тапқыш болады» деген ғой. Немесе, «Өз ұстазынан озуға талпынбаған шәкірт – бейшара» деп Леонардо да Винчи айтқандай, мен тәрбиелеген шәкірттерімнің көбі республика, облыс, аудан көлемінде абыройлы еңбек етіп жүр. Басқасын айтпағанның өзінде, тек осы Бейнеу ауданының мектептерінде атағы шығып еңбек етіп жүрген Есбергенова Баян, Көптілеуова Фарида, Рсалиева Көңіл, Екібаева Гүлсім, Азанова Гүл, Қарабалина Оңай, т.с.с шәкірттерімді айтсам да болады. Олардың оқытудың қазіргі замандық жаңа технологияларын меңгеріп, жас ұрпақтарға терең білім мен саналы тәрбие беретініне, менен озық еңбек ететініне сенемін.

Менің мұғалімдік өмірімде жас бүлдіршіндерді тәрбиелеу мен оқыту жолында осындай табыстарға қол жеткізуім жандары жайдары, ақылдары ұшан-теңіз, болашақты болжай білетін, өмірдің ертеңіне алдын-ала үңілетін Жанбоз Екібаев, Жеткізген Рзаев, Мұхамеди Насухаев сияқты педагогиканың қыры мен сырын терең меңгерген, оның жолында басқа да адамдарды тәрбиелеуге барлық күш-жігерлерін сарқа жұмсаған жайсаң жандар – ұстаздарымның арқасы. Мен өзімді мақтағалы отырғаным жоқ. Мені ұлағатты ұстаз етіп тәрбиелеген абзал жандардың еңбегін білетіндер есіне алсын, ал, білмейтін жас ұрпақ оқып, сезінсін деп айтып отырмын.

МАМАНДЫҒЫНЫҢ МАЙТАЛМАНЫ ЕДІ

ЕСЕНБАЙ ШОЛТАНОВ

«Құрмет белгісі» орденді дербес зейнеткер

Құдайдың берген қамшының сабындай қысқа ғұмырында ел-жұртына пайдасын тигізіп, мағыналы да мәнді өмір өткізу кім болса соның қолынан келе бермейді. Мен әңгіме еткелі отырған Жанбоз Екібаев бүкіл саналы өмірін елге арнаған, ұрпақ тәрбиесіне бағыштаған абзал азамат еді.

Біз марқұм Жанбоз екеуміз сонау қиын-қыстау ашаршылық жылының, яғни 1932 жылдың төлдері едік. Арамыз екі-ақ ай, түйдей құрдас болатынбыз. Ол қаңтар айының 19-да дүниеге келген. Егер тірі болғанда, биыл 75- жасын тойлар еді-ау. 1962 жылы Жанбоз Тұрыш сегіз жылдық мектебіне оқу ісінің меңгерушісі болып қызметке келгенде, мен осы мектептің математика пәнінің мұғалімі болатынмын. Сол кезден бастап екеуміз әзіл-қалжыңымыз жарасқан жақсы жолдас болып кеттік. 1963 жылы ол мектептің директорлығына тағайындалды. Жанбоз өте білімді математик, үнемі тынымсыз ізденісте жүретін еңбекқор әрі ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, кімге де болса сөзін өткізе алатын білікті басшы болды. Мұның айқын бір дәлелі: 1966-67 оқу жылында Тұрыш сегіз жылдық мектебі Сам орта мектебі болып ашылды. Орта мектеп жанынан малшы балаларына арналған үлкен көлемдегі интернат ашылып, мен сонда интернат меңгерушісі болдым. Сол кездері интернатта 300-ге жуық бала тәрбиеленді. Бүгінгі күнгідей сағат санау дегенді білмейтінбіз. Уақытпен санаспай, күн демей, түн демей, жұмыс жасадық.

Жанбоздың бойындағы ізгі қасиеттерді сөзбен тауысып айтып жеткізу мүмкін емес. Ол қарамағындағы мұғалімдердің еңбегін бағалай білетін. Жас ұстаздарға деген қамқорлығы да ерекше болатын. Мектеп басшысын, тек басшы ретінде ғана емес, адамгершілігі мол азамат, тұлға ретінде де қатты сыйлайтынбыз. Ұжымымыз өте ұйымшыл еді. Май шамның жарығымен жүріп-ақ, мереке сайын ауыл тұрғындарына концерт ұйымдастырып, пьеса қойып беретінбіз.

Жәкең басқарып тұрған кезде Сам орта мектебінің аты бүкіл республикаға танымал болды. Алыс түкпірде, айнала құмның ортасында орналасқан алақандай ауылдағы оқу ордасы Республикадағы ең озат үлгі тірек мектебі дәрежесіне көтерілді. Бұл өзі басқарып отырған мектеп мұғалімдерін ортақ іске жұмылдыра білген іскер басшының ерен еңбегінің нәтижесі еді. Жанбоз бұл еңбектері үшін «Қазақ ССР-і халық ағарту ісінің озық қызметкері» белгісімен, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен, «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. Бір кездері Сам орта мектебіне Жәкеннің есімін беру жөнінде әңгіме қозғалып, бірақ, ол кейін аяқсыз қалды.

Мектептің бүгінгі күйіне қарап отырып, бәлкім, Жанбоз Екібаев есімін иемденсе, ұстаз рухы желеп-жебеп, мектеп бұрынғы биігіне көтерілер ме еді деп ойға қаламын. Алғашқы ұстаздық жолымды бастаған киелі шаңырақтың айбынының асып тұрғанына әрқашан тілеулес болып жүремін.

Мектептің мерейі мен ұстаздардың біліктілігі шәкіртінің білімімен өлшенетіні белгілі. Жанбоз басқарып тұрған жылдары Сам мектебінің атын жарқыратып шығарған таланты шәкірттеріміз көп болды. Маңғыстау өңіріндегі тұңғыш «Алтын медаль» иегерінің қиян шетте орналасқан Сам мектебінен шыққанына бүгінде біреу сенер, біреу сенбес. Облыс түгілі, аудан орталығына барып келудің өзі мұң, материальдық техникалық базасы қала мен аудан мектептеріне қарағанда едәуір төмен білім ордасында оқып, білім алған таланты шәкірт Баймұханбет Дүйсенбаев 1971 жылы Сам орта мектебін «Алтын медальмен» бітіріп шығып, ұстаздарының, мектебінің, ауылының мерейін үстем етіп, абыройын асқақтатты. Бүгінде ол физика-математика ғылымдарының кандидаты, профессор, М.Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясы Ақтау филиалының директоры болып қызмет жасайды.

Мектеп абыройын асырған тағы бір таланты шәкіртіміз педагогика ғылымдарының докторы, профессор Жауынбай Қараев: «Өзім үшін 1963-73 жылдары арман сапарымның бастауы болған Сам орта мектебінің орны үлкен. Елге жол түссе, осынау ұрпақ алдындағы парызын адал атқарып келе жатқан киелі шаңыраққа тағзым етпей шықпаймын» – дейді.

Біз марқұм Жанбоз екеуміз 12 жыл жұмыстас болыппыз. Сол жылдарда, қазір есіме алып отырсам, ол басшы ретінде де, жолдас ретінде де жан ауыртар бір ауыз сөз айтпапты. 1974 жылы мен жұмыс бабымен жаңадан ашылып жатқан Сарға аулына қоныс аудардым. Бірақ, бір-бірімізбен берірекке дейін жақын араласып тұрдық. Жәкеңнің жары Сүткенже де мектепте ұстаз болып еңбек етті. Ол он саусағынан өнері тамған қолөнер шебері болатын. Оқушыларға еңбек пәнінен сабақ берді. Бүгінде ол да бұл өмірде жоқ.

Жанбоз бен Сүткенже құрдасымның артында қалған алтынның сынығындай баласы Байбол мен келіні Күрең – өте тәрбиелі, ата-ана өнегесін бойларына сіңіріп өскен балалар. Балалар деймін-ау, қазір олардың өзі алты перзент тәрбиелеп өсіріп отырған үлгілі шаңырақ иелері. Кейде ат басын әдейілеп ауылымызға бұрып, арнайы сәлем беріп кеткенде, қатты қуанып қаламыз. Көрген жерде тұра қалып, шұрқырасып амандасып жатады, айналайындар.

Иә, Жанбоз Екібаев ұстаз деген құрметті атқа лайық, өз мамандығының нағыз майталманы еді. «Ер жасы – елуден» асар-аспас шағында көз жұмды. Елу деген адамның нағыз тәжірибесі толысқан шағы емес пе? Жәкеңнің алда атқарар шаруалары қыруар еді. Бірақ, сұм ажалға кім ара тұра алған. Биыл оның өмірден озғанына 22 жыл болыпты. Жатқан жерің жайлы, жаның жаннатта болғай, аяулы досым.

«Маңғыстау мұғалімі», №1, 2007 жыл.

ЖАҚСЫ АҒА

АЙЕКЕН ЕСБЕРГЕНОВ

Белгілі бір ел азаматы жайлы азды-көпті пікір білдіру үшін оның еңбек еткен ортасы, сол шақтағы жалпы қоғамдық ахуалдан хабардар еткен жөн секілді. Сонда ғана көпшілікке ұсынар ой мен сипатталар тұлға ашыла да айқындала түспек. Сондықтан да, Үш түбектің белгілі ұстаздарының бірегейлерінің бірі марқұм Жанбоз Екібаев туралы қалам тартпас бұрын аз-мұз шегініс жасасақ, оқырман «мынау қай қиянға лағып кетті» демес.

Екінші дүниелік соғыстан соң жүдеген ауыл, жұқарған шаруашылықты көтеру арқылы ғана халықты аштық пен оған ере келген келте кезік сырқаудан аман алып қалатынын түсінген ел азаматтары дұрыс шешім тапқан. Сөйтіп, сан қилы себептермен ұзақ жылдар бойы мал тұяғы тимей тек жатқан теріскей Үстірттегі Қарақұм, Сам құмдары, Есенқазақ, Салпы, Қара түлейлерді (сексеуілді тоғайларды), атамыз қазақ санын күні бүгін де түгендеп бітпеген шымырауларды игеру 1947-1948 ж.ж. басталған еді ғой. Осы бір-бір аудан үшін жауапты да қиын шаруа ақыры аталған өңірге ел қоныстануға әкеп тіреген. Қарақұм, Сам өңіріндегі алғашқы бастауыш мектептер дүниеге келген. Ал, өткен ғасырдың 50- жылдарының аяғына қарай осы алғашқы оқыту орындарын ұлғайтып қана қоймай, ол мектептердің педагогикалық құрамына бүгінгі тілмен айтсақ шұғыл реформа керек болды. Себебі, шалғайдағы шағын коллективтерге білікті буын кадрлер бара бермейтін. Осы себептен де мектептерді орта білім ордалары етуге білімі, тәжірибесі, талапкерлігі жеткілікті азаматтар керек-ақ еді. Мектеп басшыларының, тіпті, әр мұғалімнің алдында осы бір диаметрі 200 шақырым шеңбер іспетті ұланғайыр өлкеде әрі ұстаз, әрі артист, әрі насихатшы, әрі шебер шаруагер, мәдениет өкілі болу талабы тұрды. Қай қоғамда да істі кадр шешеді ғой. Міне, аудан таңдауы марқұмдар Еділханов Бекқожа, Құспанов Құрмет, Екібаев Жанбоз сынды т.б.танымал азаматтарға түскені осыдан еді.

Көрші Ақтөбе облысынан «мұраға» қалған қамыс, қоян сүйекпен жабылған ескі кесек үйді мектеп етіп, өздері бұдан жүдеу баспаналарда, біразы жерүйлерде паналай жүріп, басталған тірліктің ауыр кезеңі Жанбоз ағаның иығына түсті. Аудан білім ордаларының алғы шебінен орын тепкен дәрежеге жеткенше, әрине, оған оңай болмады. Аудан орталығынан 500 шақырым жерде, суға дейін сұраулы, қатал өңірде мектеп пен интернаттың мың мұқтажын тауып, қиыстыру қиынның қиыны еді.

Жастайынан жетімдік пен жоқшылық шыңдаған, қайсарлығы мен табандылығынан тапжылмайтын Жәкең жоғары білімді де шын мәнінде оқып та жеңіп алған екен. Табиғатынан алғыр ол демеу-жебеусіз, асықпай жүріп, ақырын басып, заман азаматы дәрежесіне жеткен жан еді. Басқару ісінде де оның көзге ұрып тұратын қарапайымдығы, шыншыл да әділдігі, боямасыз шешендігі, өзіне де өзгеге де талап қоя білуі, педагогикалық шеберлігі мен кәсіби біліктілігі, адамды танығыштығы ұштала берді. Бүгін оймен шолсаң осы бір аға буынның өміршең жасампаздығы, отаншылдығы көзге ұрып-ақ тұрады.

Жәкең артына не қалдырған? Замандастары одан не үйренді? Жауап беріп көрейік. Алдымен Жәкеңнің өзін-өзі тәрбиелеуі тым басым еді. Қызметте, тұрмыста ол сыпайы да сырбаз, қарапайым, шын мәнінде табиғатымен мәдениетті, бойына көкірек керу мен мадақты дарытпайтын. Ол адамға сене, сенім арта білетін. Және сол сенімінің ақталуын асқан шеберлікпен саған сездірмей бақылайтын. Оның іскерлігіне талас жоқ еді. Педагогикалық кеңестер графикті орындау үшін ашылмайтын. Онда орынсыз сөз, шұбаландық болмайтын. Қаулы нақты алынатын. Мысалы: бірде оқушыны тұрғызып қою туралы талас туып қалды. Ақыры Жәкең жастардың ұсынысын қолдап, тұрғызып қою, қол жұмсау мұғалімнің дәрменсіздігінің белгісі ретінде теріс деп танылды. Педагогикалық кеңесті ол кісі ғылыми кеңес іспетті өткізетін. Қызмет барысында өзіне бағытталған тура не жанамалау сынды жанымен түсініп қабылдайтын Жәкеңе өз басым әлі қайранмын. Мұндай сәтте ол пендешіліктен жоғары тұра білетін. Ал, бұл дегеніңіз қиынның қиыны ғой. Қызметтестеріне қамқорлығы ерекше еді. Ол сенің отын-суыңның азайғанын, отбасылық қиыншылықтарыңды білудей-ақ біліп, көмектесіп отыратын. Мектепте ол кезде шала-пұла орта біліммен сырттай оқитын мұғалім, кітапханашы, вожатый, тәрбиеші аз болмайын. Жәкең сол жастарды шеберлігімен тәжірибесі мол ұстаздарға шефтік жүйеде телитін. Ал, олар сабақ жоспарын әуелі ұстазына, содан соң ғана бекітуге ұсынатын. Аға ұстаз Кенжеғұл Исабергеновтің жас мұғаліммен оның өткізген сабағын талдауын тыңдау біртүрлі сезім тудыратын. Бейне бір әке мен бала дерсін.

Жәкең адамдардың қабілет-қарымын қатты ескеруші еді. Он саусағынан өнер тамған домбырашы Есбосынов Жұлдызбай тек физиканың «пайғамбары» ғана емес, аты жайылған домбырашылар үйірмесінін жетекшісі еді. Ал, спорт мамандарының тапшылығы Ережепов Пермебайдың бұл саладағы еңбегі арқасында байқала да қоймайтын. Әр түрлі безендіру, әрлеу жұмыстары Рзаев Жеткізген мен Дәулетбаев Сейілханнан ауыса бермейтін. Тақта көрсе, тұра қалатын Есенбай Шолтанов шахмат, дойбымен болатын. Он саусағынан өнері тамған Алтын ұлттық шеберхана ашып, көп оқушыны бейімдесе, кейіннен білімін жетілдіріп, танымал ұстаз дәрежесіне жетті. Қызғылықты жәйт: бірде ол бір мұғалімнің сабақты түсіндіруін, екінші біреудің тапсырманы сұрау шеберлігін арнайы талдап, тиісінше бағалады да пән бірлестіктеріне тиімді ұсыныстар ұсынды. Жаңалыққа құштарлық – оның көп қырларының бірі. Жыл басында мектеп үшін газет-журнал жаздырып аларда ол бөлінген қаражат көлеміне орай алынатын баспасөзді пән жетекшілерімен жүйелейтін. Әр пәнге байланысты ғылыми баспада көрінген жаңалықты әсте жібертпейтін. Шалғайдағы жағдайымызға орай өзіміз де баспасөзге ықыластана жазылатынбыз. Біз де демалыстарда қыдыратынбыз. Көбіне-көп өз отбасымызда тойлаймыз. Отырыстарда, әрине, ішімдік пен карта да болады. Бірақ, бәрі өз шегінде өтетін. Дастархан үстінде бәріміз тең сезінуші едік және жұмыс жайы қозғалмайтын. Осындай тас түйін коллективке жалғыздап өмірде шалыс басқан адамдар жіберіліп тұратын. Бір қызығы, олар бірден араласып, сіңісіп кетуші еді. Кейінде бір көріскенімізде солардың бірі «боямасыз өмір, абзал азаматтардың бір жерге соншалықты шоғырланғанына қайранмын» деп еді.

Сырт көзге бәрі көрінеді ғой. Бір жолы инспектор ретінде облыстық оқу бөлімінін өкілімен барғанымда әлгі өкіл: «Мектептің шаруашылығын басқарушы Бөлтеков Ақораз бұрын мұғалім болған ба?» – деп сұрады. Сұрақтың себебін түсінген мен Ақораздың соғыс ардагері екенін, арнаулы білімі де жоқтығын, бірақ, бір ұстаздай орнын айтып бердім. Сонда, өкілім «Міне, үлгілі коллектив деп осыны айт» – деді ойланып тұрып. Шынында марқұм Ақаңның Сам өресіндегі ағартушы жабдықтаушы болғанын ел біледі. Табиғатында қызу қанды бұл ағамыз қызметінде баға жетпес ұстаз, әр баланың әкесі сияқты еді.

Ұстаздық Жәкеңнің қанына сіңген кәсібі еді. Күн сайын таза да қарапайым бір киіммен келетін. Күнде киім өзгерту, әтір себіну, иіссу жағынуды білмейтін.

Ауыл өмірі оның назарынан тыс қалмайтын. Көшпеліліктен әлі арылып болмаған малшы жұрты ол кезде мәдени, рухани жағынан тым балаң болатын. Сондықтан да мектеп ұжымы атаулы демалыстарда мәдени үгіт бригадасы болып, ауыл аралайтын-ды. Репертуарда шағын концерт, өмір жаңалықтарынан тұратын лекция-хабарламалар, пьесалар болатын еді. Қысқы, күзгі, көктемгі 6-10 күндік осы демалыстарға дейін кештер бойы «Еңлік-Кебек», «Құдағи келіпті», т.б көлемді драмалық шығармаларды да игеретін едік. Ауыл жастарына кітап таратылатын. Барлығы да ақысыз қызметтер ғой. Бізбен бірге жүретін автоклуб, жергілікті дәрігер өз жүйелерінде қызмет көрсетуші еді.

Қазақта «құйған емес біріккен өтеді» деген сөз бар. Табиғатына дауыс көтеру жат Жәкең жай сөйлеп-ақ, ойын зердеңе жеткізуші еді. Кеңсесінен қызарып шыққан бір әріптесімізден «ұрысты ма?» деп сұраса, «бұдан да ұрысқаны жақсы еді» деп күлген екен, анау.

Орта сырттай білім алушылармен толығып отырады ғой. Ұжым ішінен осы жолмен өсіп шыққан мұғалімдер баршылық еді. Пән бірлестіктері мен қамқоршы ұстаздардың күнделікті демеуін сезінген олар өзгелер деңгейінен көрінуге, үйренуге ерекше ынта танытатын. Нәтижесінде отбасы аналары Ұштап, Бибатпа, Сәниялар аудан, облыс көлеміне танымал ұстаз дәрежелеріне көтерілгені көпке белгілі.

Ұжымда анау ұлық, мынау кішік мұғалім деген ұғым болмайтын. Әр сабақтың сапасы үшін күрестің қалыпты дәстүрін өз басым өзге еш жерден көрген емеспін.

Осындай ұлағатты ұжымның игі істерінің жемісі күттірген жоқ. Сам өресінен орта білім алған түлектердің жоғары, арнаулы орта оқу орнына түсу қарқыны тым биік болып отырды. Алғашқы қарлығаштардың санын Үстірт тарихында тұңғыш алтын медалдың иегері, бүгінде Маңғыстауда ашылған тұңғыш оқу орындарының бірінің іргесін қалап, басқарып отырған ғалым ұстаз Дүйсенбаев Баймұханбет бастаған-ды. Ғылым әлеміне батыл қадам жасап, ел игілігіне үлесін ерте ұсынған, қазір кемелденген ғалым, облыс басшыларының бірі Қараев Жауынбай – бүгінде Жанбоз Екібаев бастаған ұжымның мақтанышы.

Орта есебі қырық шақты мұғалімнен құрылған, мектеп бітірушілер санын 1968 жылдары ғана бастаған қиырдағы шағындау мектептен 10-12 мектеп директорының есіп шығуы да тегін емес. Ала қырда Бейнеу есімді аудан құрылғанда тек ағарту ғана емес, елді басқару жүйесінің негізгі буындары осы мектеп ұжымы өкілдері мен ұшырған түлектерімен толықты.

Оқыту, тәрбиелеу ісінің елеулі бір бөлігі – бұрын да, қазір де, ертең де қиын балалармен жұмыс. Бүгін кейбір адамдар оқушымен жеке жұмыс ертеректе жеңіл болды дегенге саяды. Бұл пікір, меніңше, түбегейлі қате. Екібаев басқарған ұжым да бұдан құр алақан емес еді. Біздің көзіміз жеткені, шәкірт ұстазының біліктілігі мен адамгершілігіне сенсе, араларында мүлде түсініспестей жай болуға тиіс емес. Екіншіден, ұстаз әр шәкіртті бірін-бірі қайталамайтын бір әлем деп қарап, әр әлемнің бір ғана кілті болатынын түсінуге тиіс және сол бір кілтті дәл, тап баса табуы керек. Ұйымшыл да ізденімпаз ұжымда осы ұстаным бекем сақталушы еді. Өткенді зерделемесең, келешек кемелді болмақ емес. Күнде бір бағыт, реформа бел алған бүгінгі күні әріптестерге өткеннің қонымды да ескірмес қажет тұстарын ой таразысынан өткізу жөн дер едік. Себебі зерттеу объектісі біреу-ақ. Ол – адам.

Әр отбасы – бір шағын мемлекет. Оның ішкі құрылымы қалыпты болмайынша сол шаңырақ астында ғана емес, сол жанұяның қоғамдық ісінде де береке болуы мүмкін емес. Осы жерде Жәкеңнің жан жары марқұм Сүткенженің орны ерекше еді. Жаратылысынан ақжарқын, ақылды да бауырмал, бармақтының ісмері Сүткенже мектеп өмірінде де белсене араласып, жұбайының оң қолы бола білді. Мектептегі ұлттық реңдегі қолөнер үйірмесінен шеберлік шарттарын үйренген Нұржаубаева Жібек, Байғаниева Құндыз, Баймұратовалар, осы Сүткенже жеңгеміз тәрбиелеген ғажайып шеберлер еді. Жеңгеміз интернат тәрбиеленушілерінің тазалық, денсаулық, тамақтану істеріне тегін қамқорлық жасайтын.

Түймесі үзілген баланың киімін түзеп, науқас баланы анасынша күтісетін. Ересектеніп қалған қыздармен анасы яки жеңгесі іспетті сұхбаттасар еді ол. Қанына сіңген қонақжайлығы, аспандай ашық мінезі, табиғи зерделілігі көп жағдайда Жәкеңді толықтырып отыратын. Құнтсыздау қыздың шашынан сірке суыра отырып, өнегелі де өрнекті әңгіме шертіп отырған осы бір ауыл анасын (ал, ол жылдары ол отыздардағы келіншек) директордың жұбайы, ақысыз тәрбиеші десе, танымайтын адам сенбес те еді. «Ана көрген тон пішеді» деген ғой. Олардың ұлдан жалғызы Байболдың жұбайы Күрең келін енесінің шын мәнінде топырағынан жаралғандай. Қазақы биязы ибалылық, тума мен ағайын арасының инабатты дәнекері, ауылдың бас білікті бәйбішесі дәрежесіне жастай жеткен Күрең Сүткенже енесінің ақталған үміті де ғой.

Жоғарыдағы азды-көпті пікірімізді зерделеп, сарапқа салушы болып жатса, қыста сиясауыттағы сия қатып қалғандықтан ықшам жазған, аяқ тоңғандықтан қас қағымдай 45 минуттың екі минутын дене жаттығуларын жасап, қолды уқалауға бөле жүріп жеткен жетістіктерді оңай келді деп бағаламас. Жазғы демалысында парта сырлап, жөндеп, қыс қамы үшін қи тасып, ол жетпей қалғанда қолдап жүзген сындырып, тасушылар сол ұжым мүшелері еді. Осы істердің бел ортасында өзі жүрген Жанбоз ағаның атында мектеп, музей не көше көрсек, қуанар едік және жақсының аты өлмесін насихаттай түсер едік. Несін жасырамыз, баласы пысық, ағайыны айбарлы талай адам мұндай марапатқа ие болып та жатыр. Көпсінбей-ақ қоялық. Десе де Жанбоз сынды жанкешті ұстаз елеусіз қалмаса керек. Бәріне уақыт төреші.

РУХЫ ӨШПЕЙДІ

ӘСИМА САМАШЕВА

Ардагер ұстаз, Қазақстан халық ағарту ісінің үздігі

Тасы алтын, құмы күміс,

Қойны толған қазына екен.

Асан Қайғы

Қызыл құм мен қоян сүйектен басқа қорғаны жоқ айдаладағы елді мекенде орналасқан Сам орта мектебінің менің өмірімдегі орны ерекше. Жас ұлғайған сайын адам өткен өмірін, сол кезеңдегі жанында жүрген жандардың өзіңе тигізген әсерін, оралмасқа кеткен сағымды жылдарын ойлап, одан белгілі бір тұжырымдар, қорытындылар шығарады екен. Осындай жағдайды мен де басымнан өткізетін түс келіп жеткенде, сол Сам мектебінде өткізген жылдарым өз ерекшеліктерімен есімде қалғанын байқадым. Ол туралы жазуды ұстаздық, аналық, азаматтық борышым деп ұқтым. Себебі, осы аталған үш қасиетті сезімді өз бойыма толық қалыптастырған, баянды етіп бекіткен – Сам мектебі және сол кездегі қызметті бірге істеген ұлағатты ұстаздар, сол қоршаған орта. Мұны мақтанышпен паш етемін.

Мен Гурьев облысының Индер ауданындағы Елтай аулында өмірге келгенмін, бірақ, отбасының тірегі болған ағамның жұмысына байланысты Атыраудың педагогикалық институтын бітірген соң, Маңғыстауда еңбек жолымды бастадым. Оның да аудан орталығынан ең қашық жатқан мектебінде жұмыс істеу пешенеме жазылған екен, сонымен, 1963 жылдың қыркүйек айында Тұрыштағы Сам орта мектебіне өз мамандығым бойынша жұмысқа орналастым.

Пәтер де, жатақхана да жоқ, туған-туыс, таныс достар да жоқ, сондықтан мектеп директоры Жанбоз Екібаев ағайдың үйінде жатып, жұмыс істеуге тура келді. Ағайдың мамандығы.

– математика пәнінің мұғалімі, отбасы шағын (зайыбы – Сүткенже апа, ұлы – Байбол, қызы – Гүлсім), енді мен сол үйдің үлкен қызы болып шыға келдім. Осындай берекелі жанұядағы бірлік, қайырымдылық, бір-біріне жанашырлық пен шынайы қонақжайлылық менің өмір мектебім болды. Өз жанұямнан жырақта жүрген жағдайым, ерте қалған жетімдік тағдырым Жанбоз ағадай жампоз азаматтың ағалық ізгілігінің арқасында, Сүткенжедей ақкөңіл, ақжарқын жеңешемнің жылы сезімдерімен сусындап, өмірдің көркем жақтарын көп көре бастадым. Жанұя жылуының шуағын төкпей-шашпай, байыппен ғана бағдарлап, бағыттап отыратын отбасының қожасы – Жанбоз ағай. Талап қою мен жан тазалығын, мейірім мен тіл табу қабілетін тең ұстаған ұлағатты ұстаздық мінез отбасы мектебі мен мемлекеттік мектепте өзара үндестік тауып жатыпты, бір-бірін толықтырып отырған екен. Өйткені Жанбоз ағай үшін өзі құрған ұжымның әр мүшесі – өз туысы, алыстағы отбасынан қол үзіп оқып жатқан әр оқушы – ағайдың өз баласы.

Осындай сезіммен жұмыс істеген директор жалғыз мен үшін емес, ұжымның барлық мүшесі мен барлық оқушы үшін ағалық, әкелік, ұстаздық қамқорлығын аяған емес. Тек сөзімен емес, өз өнегесімен берілген тәрбиенің нәтижесі де ерекше екенін өз басым Жанбоз ағаның өмірінен ұқтым. Қателік пен кемшілік кез-келген адамда кездесері анық, тек соны жоюдың жолы әр түрлі. Ал, Жанбоз ағаның бұл мәселеге көзқарасы да өзгеше еді, ол кісі ешкімге қатты келмейтін, жайлап отырып қана астарлы жеткізетін. Мен өз қызметіме, жасап жүрген жұмысыма ағайдың қандай көзқараста екенін білмей жүрдім, себебі ол кісі өз сезімін ашық көрсете бермейтін. Бір күні мынадай оқиға болды:

Ағай мен жетекшілік ететін сыныпқа келді. Оқушыларға қарап тұрды да: «Айналайын, сен болмасаң мына «ақ гүлдер» қайдан келер еді?!» – деп, өз ризашылығын білдірді. Ондай пікір білдіруге себеп болған оқиға – менің өз сыныбымдағы барлық оқушы қыздарға бірдей етіп ақ бантик тақтырып және аппақ алжапқыш (фартук) пен қоңыр көйлек кигізіп қоюым еді. Сол бір ауыз жылы сөз мен үшін үлкен марапаттау болатын. Қиналған кезде кішкентай еңбегіңнің еленгенін сезіну бізге зор рухани күш берді.

Жанбоз ағаның тағы бір басшылық қыры мектептегі өнер мен спортқа ерекше қамқорлық жасауынан көрінеді. Мектептегі оқушылар ұжымы да, мұғалімдер ұжымы да үлкен-үлкен драмалық шығармаларды сахналап, ел-елді аралап, арнайы театр актерларындай қызмет істеді – көрермендер көзайымы болды, қаншама драматургтер еңбегін насихаттады, халықтың эстетикалық талғамын биіктетуге үлес қосты. Бұл тұрғыда оқушылар мұғалімдерден қалысқан жоқ. 10 сыныпта күрделі рольдерде ойнаған Абылан, Тыныштық, Мақпал, Асқарларды ел күні бүгінге дейін сүйсіне еске алады. Сол кезде ұжымды өзі бастап жүретін. Сөйтіп, өнерден де, оқудан да ақсамай, аудан бойынша өтетін жарыстардың көпшілігінен жүлделі орынға ие болып жүргенбіз.

Мектеп ұжымының енбегін үйлестіру басшыға байланысты болғанымен, сол басшының соңынан өз мақсаттарының ортақтығына байланысты ілесе білген, кей жағдайда өз идеялары арқылы толықтыра білген ұжым мүшелерінің де еңбектерін айтпай кетуге болмайды. Бұл орайда Ж.Рзаев, О.Ағиманов, Ф.Ережепов, С.Дәулетбаев, Е.Оразалин, Б.Балов, Ж.Есбосынов, Е.Шолтановтардың есімдерін ерекше мақтаныш сезіммен атар едім. Ол ұстаздардың ұлан-асыр еңбектерінің шынайы өлшемі – өз шәкірттерінің жеткен биігі.

Тот баспайтын алтынның сынығындай болып жарқырап, Қазақстанның көркеюіне өз үлестерін қосып жүрген шәкірттеріміз – бәрімізге мақтаныш. Олардың сол биікке көтерілуіне Жанбоз аға бастаған ұжымның ұлағаты әсер еткені даусыз. Мектептің облыс, аудан орталықтарынан қашықта орналасуына қарамай, Б.Дүйсенбаевтың сол кездегі Маңғыстау ауданы тарихында тұңғыш Алтын медальге ие болуы – мектептің тарихындағы ерекше оқиға, ол – бүкіл мектеп мұғалімдерінің бірлескен, үндескен шығармашылық жұмыстарының нәтижесі.

Сондай ұйымдастырғыштық қабілеті мен парасаты, кең көлемді білімінің, адамдармен тіл табыса білуінің арқасында облыстағы ең таңдаулы мектептердің бірі болған Сам орта мектебі мен оның дарынды басшысы Жанбоз Екібаев туралы айтар ой көп.

Өмірге тек қана жақсылықтың нәрін беретін, адамгершіліктің дәнін егетін ұстаз есімін қастерлеу дағдыға айналса, ол ұрпақ тәрбиесіне орасан зор үлес қосар еді. Сондай ұстаздардың бірі және бірегейі Жанбоз Екібаевтың 75 жасқа толу мерей тойын атап өту – осы жолдағы болашақта өзіне қолдау табатын үлкен істердің басы болар еді деп ойлаймын. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» дегендей, ел ертеңі ұстаз еңбегіне тәуелді, олай болса, олардың ізгі істерін насихаттау болашағымыздың шуақты боларына қосылған қомақты үлес:

Шалқыған шапағатты дарияны,

Еске алса екен, шіркін-ай, қарияны...

Талай жандар өмірден өтіп кеткен,

Ұлағатпен әрлеген әз-ұяны.

«Маңғыстау», 10.04.2007 ж.

ҰСТАЗ – ҒҰМЫР

ШҰҒА КӨБЕГЕНОВА

КСРО, Қазақстан республикасы білім беру ісінің үздігі

Тегінде мұғалім болу мен ұстаз болудың айырмашылығы жер мен көктей екенін адамдар түсінсе екен. Ұстаздардың ұстазы, ұлы тұлға, қамқоршы аға Жанбоз Екібаев туралы ой толғауды өзімнің парызым деп есептедім. Ол білікті маман, биік тұлғаларды шығарған нағыз ұстаз, жетекші еді. Мұғалімдік мамандыққа оқуға болатын шығар, бірақ мұғалімнен ұстазға айналатын сатылар өте көп, ұзақ ғұмыр. Нағыз ұстаз – ұстаз болып туады, ұстаз болып туғандар ұстаз болып қартаяды, ұлы ұстаз, ұстаз күйінде бұл өмірден мәңгілікке кетеді, бірақ, ол кеткендерді өлтірмейтін, өшірмейтін артында шәкірттер легі өсіп, бірін-бірі жетістіреді.

Мен 1967-1968 оқу жылында алғаш Сам орта мектебінде химия-биология пәнінің мұғалімі болып, еңбек жолымды бастадым. Осы білім ордасында үлкенмін деп асқақтамаған, кішіден ағалық, әкелік қамқорлығын аямаған ұлы ұстаз ағамен кездестім. Мен өзімнің әрбір жетістігімді ұстаз өнегесі деп білемін.

Бүгінде Жанбоз ағаның алғашқы түлектерінің өзі самайларын қырау шалған, елуді еңсерген, алпысқа қарай адымдаған қадірлі мұғалім, ұлағатты ұстаздар, аға буын жетекші және сан түрлі өнерді меңгерген азаматтар. Қазақ көлік және коммуникация академиясы Ақтау оқу ғылыми-өндірістік орталығының директоры, физика-математика ғылымдарының кандидаты, доцент Баймұханбет Мәдиұлы Дүйсенбаев, Ы.Алтынсарин атындағы қазақ білім академиясының бірінші вице-президенті, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Жауынбай Қараев Жанбоз ағаның еңбегінің жемісі емес пе? Мен үшін ұстаз мамандығы өлмейді, себебі менің де мақтанышым – биология ғылымының кандидаты Зоя Өмірбаева бұл күнде Шахмардан Есенов атындағы Ақтау мемлекеттік университетінде ұстаз.

Елге жолы түскен сол кездегі шәкірт, бұл күндегі ер-азамат, Жанбоз Екібаевтай ұстазының рухына бас имей, еске алмай өтуі, кешірілмес күнә деп есептеймін. Сондықтан да жеке өз басым, асыл ағаның бейнесін ардақтап, әр уақытта еске алып, шаңырағында отырған, артында қалған мирас, баласы Байболға да үлкен құрметпен қарап, одан ұлы ұстаз рухын сезінемін. Бейнеуге барсақ көше көп, бірақ, Екібаев Жанбоз деген естілмейді. Артында өлмейтін із қалдырған, тұлғасымен де, түрімен де, еңбегімен де ел есінде қалған аяулы ұстаз Жанбоз ағайға құрмет көрсетілсе артық па, ағайын?! Өмірге келгеніне 40 жыл толған «Сам» орта мектебіне сол кісінің атын берсе болмас па?! Ұстаздан озған шәкірт, шәкірттердің әлденеше буынына ұстаздық еткен ұстаздардың ұстазы – ардагер ағаның есімі ұмытылмаса екен.

«Қол қусырып өмірден құр өтпейін,

Реттейін, даңқ болсам, жыр ет кейін.

Қулық болса, адалдық талап етем,
Бақыт болса, Отансыз ала бөтен,
Ар-ұжданның алдында талақ етем» –

деп Төлеген Айбергенов жырлағандай, өмірін қол қусырып қарап өткізбеген аяулы ұстаз Жанбоз Екібаевтың аты ұмытылмаса екен.

Халқы ардақтаған азаматтардың аты өшпесін, өшуге тиісті де емес. Жасай бер, мәңгілік ұлы ұстаз, Жанбоз аға!

2007 жылдың 19-қаңтарында Екібаев Жанбоз ағай 75 жасқа толады, мерейтойы аталып өтсе екен, ағайын!

«Маңғыстау», 18.01.2007 ж.

МЕНІҢ ӨМІР МЕКТЕБІМНІҢ ДИРЕКТОРЫ

ҚАРАШАШ ҚАДЫР

зейнеткер-ұстаз

Өмір – өзен. Ешуақытта тоқтамайды, тоқтата да алмайсың. Сол өзен ағысымен ағып келе жатқанда түрлі жәйттерге тап боласың. Оның естен кетпес жақсысы да, жаманы да болады. Қызықты кезеңдерін жиі еске аласың да, мәңгілік есте қалады. Мен елу жылдан астам жер басып жүргенде өзім өмір мектебі санайтын кезеңім өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының аяғы мен сексенінші жылдардың басын атақты Сам құмындағы Тұрыш аулындағы уақыттар болғандықтан болар, сол жылдарды жиі еске аламын.

Әлі есімде 1974 жылдың тамыз айы. Күрзісі күшті кеңес өкіметі біздің отбасымызды ауданның ең шеті саналатын ауылдағы Сам орта мектебіне жіберуге фәтуа қылды. Жолдасым Орынбасар – физик, мен болсам орыс тілі және әдебиеті пәнінің маманымын. Осы күнгідей зулап тұрған машина жоқ. Керек десеңіз, ол ауылға апталап, кейде айлап, көліктің болмауынан жол тосып жататынбыз. Мектептің алыс ауылға орналасқаны себеп болды ма, әлде мектеп жанындағы интернатқа керек-жарақ тасу қажеттілігінен бе, әйтеуір мектепте бір Газ-52 автокөлігі бар екен. Біз соған тап келдік. Жүргізуші қараторы, жүзінде жылылық табы басым, толықша келген ағай, оның біз бара жатқан мектептің директоры Екібаев Жанбоз екенін кейін білдік. Алайда, жол инспекторы болмаса да, жол ережесін қатты сақтайтын ағай өзінің қатарына мені алды да, Орынбасарға кузовтан орын тиді. Білмейтінді білгенше асық әдетіммен жолшыбай барар ауылды, мектепті, ұжымды сұрай бастадым.

Жанбоз ағай өзінің майда қоңыр дауысымен ауылды, мектепті сырттай таныстыра бастады. Кабинада ағай екеуміз.

 Тұрыш Құдайдың жақсылықты үйіп-төгіп берген жері, халқының бәрі кеңпейіл, ақжарқын, құшағын ашқан бауырмал. Барғасын өздерің де көресіңдер ғой, ал мектеп, – деп, айтсам ба, жоқ па дегендей сәл кідірді де, маған ойлы көзімен қарап, әңгімені әрі қарай жалғастырды, – аудандағы ен атақты мектеп, білімі жоғары ығай мен сығай ұстаздар жиналған. Аудандағы ен алғашқы алтын медальды осы мектеп түлегі алды – деп өзінің жанға жайлы қоңыр дауысымен әлі бармаған сол ауылдың адамдарымен бірге тұрғандай күйге бөледі. Әні-міне дегенше ауылдың төбесі де көрінді. Сонда орналастық. Жанбоз ағайдың әсерлі әңгімесінен болар, бір отбасындай араласып кеттік. Ауылдағы Жанбоз, Амантұрлы, Ақораз, Қызылғұл, Ораз және Жұбанияз ағайлар бізге өз әкеміздей қамқорлық жасады. Ал, Әбдіқан, Құнбала, Сүткенже, Талда және Мақпал апалардың әрқайсысы мен үшін бөлек мектеп еді. Мектепте жақсы ұстаз болумен қатар, сол апалардың жақсы қасиеттерін бойыма сіңіріп алу менің алдыма қойған мақсатым болатын. Жылқы кісінескенше, адам сөйлескенше емес пе, отана болу, азаматты күту, қонақтың бабын табу, бала тәрбиесі – бәрі бәрін сол апалардан үйрендім, үлгі алдым.

Мектеп басшысы Жанбоз ағай ешуақытта қатты сөйлеп, ұрсып жекіп көрген емес, жайлап айтқан сөздері көкейіне қона кететін.

Бірде сынып есігін ашып қойып, сабақ өткізіп жатыр едім, ағайдың коридордан жәйлап өтіп бара жатқанын байқап қалдым. Сабақтан шығып, далада ойнап жүрген балаларға қарап тұрсам, ағай қасыма келіп:

 Сабақты балаларға әбден ұғындырғың келетін шығар, дауысың өте қатты шығады, бірақ, қасындағы сыныпта дәл сен сияқты ұстаздың дәріс беріп жатқанын естен шығарма – деді. Мен не айтарымды білмей, үнсіз қалдым.

Осы бір елеусіз айтыла салған сөз маған өмір бойы өзімнен басқа да адамдардың еңбегін бағалауға үйретті. Сол кезде біздерді тек қоғамдық жұмыстарға көп тартатын. Соның бірі – көркем өнер. Мектепті бітірушілер үшін 22 сәуір күні үлкен концерт қою, 1 мамыр күні жақсы спектакль қою дағды болып кеткен. Сол күндері ән салмайтын, спектакльде бір роль ойнамайтын шәкірт болмайтын. Шәкірт былай тұрсын, мұғалімдердің өзі балалармен ботқадай араласып кететін. Кім мұғалім, кім шәкірт? Айыру қиын. Бәрі де мәз-мәйрам, ойын-күлкі, әзілмен жүретін. Ұстаздар болып «Қаладан келген дөкей» атты пьесаны қойғанымыз есімде қалыпты. Пьесаны Сарша елді мекенінде қоюымыз керек болды да, ағай біздерді жинай бастады. Ол кезде үлкенім Арман да сәби жаста, Ақілес алты айлық. Соларды сылтау етіп, барғым келмеген маған: «Жасың 25-ке жаңа келді. Жұрттың сендей қызы әлі үйінде оң жақта отыр. Барасың. Баланы бәріміз бірігіп бағамыз» – деп қоярда қоймай Жақсылық, Орынбасар, Жексен, Қалдан, Мұқтар, Құндыз, Гүлсім, Байбол, т.б. бәрімізді Иманғали ағайдың автоклубына тиеп, Саршаға алып кеткен еді.

Халыққа еңбек ету дегенді де біз Жанбоз ағайдан үйрендік. Жанбоз ағайдың әріптестерінің бойындағы жақсы қабілетін аша білетін және еңбегін бағалай білетін қасиеті зор еді.

«Маңғыстау», 24 қараша, 2007 жыл.

АЗАМАТ – ҰСТАЗ НЕМЕСЕ МЕНІҢ ӘЛ-ФАРАБИІМ

ҚАМУ ОМАРҰЛЫ

ұстаздың тетелес шәкірті

(эссе)

«Тұщықұдық... бұл жерді көз алдыма елестетсем: терістік батыстағы құмдары мен арымдары, Сорқұдық, Ақшақұдық, Көңдіқұдық жерлері, Бурасойған ірмегі, Шағатай үйігі, Кесік мұрын жалы, Көкімбет-Өмір тамдары еске түседі» – дейтінсіз Сіз.

Дәл жоғарыдағы Сорқұдықта балшықтан қалыпқа құйылып дайындалған кесек кірпіштерден қаланған үйде тұрып жаттыңыз. Әкеңіз Екібай ақсақал иықты, жалпақ денелі, етті сары кісі болатын. Ауыл-үй адамдарымен Керелге қала шығу, тамақтық сораң қағу, сәті түссе балық әкелу туралы әңгімелесіп отыратын. Сол уақытта отбасында екеу-ақ едіңіз.

1949 жылы толқындана дударланған қою қара шашыңызды шалқайта тарап, жан-жағыңызға байыптай қарап, жайлап жүріп, жымия күліп, сыныпқа енгенсіз. Алғашқы таныстықтан кейін орташа биязы да, жұғымды қоңыр дауысыңызбен физика сабағын бастағансыз. Кезекті математика сабағынан кейін біздер, оқушылар болып, сіздің әрбір сөзіңіз бен түсінігіңіз, қимыл-қозғалыстағы кісілігіңіз санамызға толымды, көкірекке қонымды екенін айтып, пікір таластыратынбыз, бала көңілдермен қызыл кеңірдек болып айтысатынбыз. Тақтада сіздің біртегіс бүйірлі, тоқ әріптерден тұратын әдемі қолтаңбаңыз – жазуларыңыз тұратын.

Үзілістерде, бос уақыттарда, демалыс күндерінде сіз біздермен жиі-жиі әңгімелесетінсіз. Табиғат және Адам, аспан денелері, жұлдыздар және әлем, Пифагор афоризмдері, Шығыс ғұламалары туралы әңгімелер айтатынсыз. «Өкінішке душар етпейтін іспен ғана айналыс, өзің білмейтін істен аулақ жүр, бірақ, білуге тиісті нәрсенің бәрін білуге үйрен. Ұйықтар алдында еткен күнде өзіңнің не істеп, не тындырғаныңды ой елегінен өткізбей тұрып, көзіңді жұмба» – дейтінсіз Сіз. Міне, осы мезгілдерден бастап, сіз біздің ұшқыр қиялымызға сәулелі шуақ сепкенсіз, бойымызға білім дәнін еккенсіз. Орта білімділігіңізге қарамастан сіз «Ұстаздық еткен адамның әдісі: тым қатаң болмасын және тым асыра босаңсытқан төмендікпен де болмасын, егер тым қатты ызғармен болса, онда оқушылар мұғалімін жек көретін халге жетеді. Егер өте босатып жіберген кішіпейілділік болса, онда оқушылар жағынан мұғалімді елемеу, оның ғылымына селқос қарау қаупі туатынын» ескерткен Аристотельдің, оны дамытқан Әл-Фарабидің философиялық шарттарындағы қағидаларын ерте де толық ойыңызға ұялатқан ұстаз болатынсыз. Фараби оқытуда аса қатаңдықтың да, аса жұмсақтықтың да дұрыс болмайтынын сынап, орта шектен шықпауға шақырған. Бұл – күні бүгінге дейін күшін жоймаған педагогикалық қағида.

Көп уақыт өтпей-ақ, сіз қара торының әдемісі, дөңгелек жүзді, ашық та жарқын Сүткенже апаймен көңіл қосып, отау көтеріп, өмір өзенге сүңгідіңіз де кеттіңіз. Әрине, ол кезде сіз өзіңіздің өмір маршрутыңыздың төмендегіше: Тұщықұдық орталау, Қоңырорпа бастауыш мектептері, Шахта орта мектебі, әскери міндетті өтеу, тағы да Шахта орта мектебі, Куйбышев атындағы, Ленин, Сталин атындағы орта мектептер, Сам орта мектебі болатынын сезбегенсіз. Әуесқой, жасөспірімдік қызба көңілдермен геометрия сабағының қиын да күрделі есептерін шығаруды ұсынғандарымызда сіз қиналмай-ақ шығаратынсыз. Соның бір мысалы мынау: 1954 жылдың наурыз айында біз оныншы сыныпта геометрияны қайталап жатырғанымызда шығаруы қиын атышулы 74-есеп деген болды. Өте күрделі, бірнеше жолдармен шығатын есеп. Біздің сыныпта Мәмбетбаев Жанағұл деген жолдасымыз болды, нағыз сегіз қырлы, бір сырлы бала болатын, спорттың барлық түрімен айналысады, домбырамен күй де тартып, ән де салады, күреседі, өте-мөте шымыр ширақ болатын. Әрине, ондай баланың айналасына басқалар үйірсек, оның көшбасшылығын әрдайым мойындап тұрады емес пе. Сол жолдасымыздың ұйымдастыруымен жоғарыдағы 74-есепті республика көлеміне белгілі Маңғыстаудың атақты математигі Шоңқалов Торғай, жоғары білімді Кенжеғалиева деген математик апай, жас мұғалім Екібаев Жанбоз үшеуіне Шахта орта мектебінің өте кең де ұзын дәлізінде екінші сабақтан кейінгі ұзақ үзілісте ұсынғанымыз бар. Міне, қызық, үшеуі де бір мезгілде шығарып үлгерді. Жауаптары дұрыс, тек шығару әдістері әр түрлі. Бірінші ағайымыз ылғи қималармен дәптердің жарты бетіне, апайымыз түсініктеме сөйлемдер мен цифрлар арқылы толық бетке, үшінші ағайымыз түсініктемесімен жарты беттен аудара аяқтапты. Алғашқы екеуіне күмәніміз болмаған, біздікі жас мұғалімді, сізді тексеру ғой, сонда жас ағайымыз Жанбоздың жоғары білімі жоқ болса да, тәжірибесі аз болса да математиканы терең меңгерген маман екенін көріп, таңданғанымыз бар. Өзіңіздің түзу сызықты фигуралар планиметриясы, дөңгелектер, оның хордалары мен жанамасы туралы ілім, дұрыс көпбұрыштарды салу және квадрат теңдеулерді шешу, квадрат ирационалдықтарды талдау, қатынастар теориясы, дұрыс көпжақтарды құру, конустық қималар теориясы, жуықтап есептеу сияқты Евклид негіздерін толық та жан-жақты меңгерген дарынды маман екеніңізді дәлелдегенсіз.

Мен оқуымды аяқтап, 1957 жылы әуелі Ондыға, артынан қазан айынан бастап Үштағанға келіп, мұғаліміммен тағы кездестім. Есейген балалары бар, Ленин атындағы орта мектепте физика-математика, астрономиядан сабақ береді екен. Құшақтасып көріскен мұғалім мен оқушы арқадан қағысып, жылы лебіздермен мәз-мәйрам аман түгел алыстық. Үштағанда бір жылдай бірге болдық. Мен – жас маман фельдшер, медпунктті басқардым. Мұнда да сіз Фараби алғышарттарын: адамның жан тазалығы, ар тазалығы, бүкіл адамға, өз халқына деген таза махаббат, ғылым мен білімге деген қалтқысыз құштарлық пен берілгендік екенін өз сөздеріңіз бен кеңейте дәлелдей ақыл-кеңестер беретінсіз. 1957-58 жылдың қазан сәуір айлары арасындағы қызылша эпидемиясында Үштаған ауылында балалар өлімі болмауының менің жұмысыма қомақты бедел мен табыс, сіздің көңіліңізге шәкіртке деген шынайы сенім қуаныш әкелгені айтпаса да түсінікті еді.

Міне, 1963 жылдан бастап Сам өңірінде қайта кездестік. Жоғары білімді мұғалім, Сам орта мектебінің директоры, азамат – тұлға ретінде елге танымал болған уақытыңыз. Балалар, Байбол, София, Гүлсімдер жетіліп, есеюде. Қазақтың ұлттық қолөнерінен ауқымды хабары бар Сүткенже апай технология пәнінен сабақ береді. Жәкең Сам өңірінде өзі басшы бола жүріп, алғашқы орта мектепті 1966-67 оқу жылында аштырды, ғұмырының көп бөлігін осы мектепті көркейтуге, жан-жақты жетілдіруге жұмсады. Қиян шеттегі мектепті республикадағы ең озат үлгі-тірек мектебі дәрежесіне көтерді. Бұл өмірдегі алдыңызға қойған мақсаттарыңыздың іске асқан қомақты да жемісті бөлігі бола-тұғын.

Еліне белгілі, ортасына сыйлы, жанұясына жайлы ол бос уақыттарында «мелкачкасын» иығына асып алып, қоян аулауға шығатын немесе тарихи романдар оқитын, бұрын өтіп кеткен есептер дәптерлерінің тігіндісін, я болмаса шығыс ғұламаларының еңбектерін ақтарып, бірнәрселерді түртіп отыратын. Қойын блокнотына жазып алатын. Ешқашан оқушыларға да, жұмыстас жолдастарына да дауыс көтеріп, ұрысқан адам емес.

Екі күлу мәнері болатын: біріншісі – еріндері ашық, ұсақ қой тістерін жымдастырып көрсетіп күлу, екіншісі – еріндерін жымқыра қысып, жымия күлу. Біріншісі – ренжігені, екіншісі – ырза болғаны. Біздей бірге өскен, тетелес шәкірттері оны бірден түсінетінбіз. Міне, 1976 жылдың күзінен бастап ұтымды да терең ой енбегі, өзіңіз араласа атқарған қол еңбегі, тамақтану, демалу үйлесімділігі – гармония бұзылды, денсаулығыңызға ақау түсті, ақырында бұл дүниені тастап, уәж кештіңіз...

Жәкеңнің өмірін жалғастырар ұрпақтары да бар, тірі күніндегі марапаттаулары да жетерлік. Дейтұрғанмен, тетелес аға, Азамат-Ұстаз, менің Фарабиім – Екібаев Жанбоз атындағы атаулардың болуын қалар едім.

АЯУЛЫ ҰСТАЗ, АРЛЫ АЗАМАТ, ӨРЕЛІ БАСШЫ

БАЙМҰХАНБЕТ МӘДИҰЛЫ ДҮЙСЕНБАЕВ

Сам орта мектебінің 1971 жылғы түлегі,

«Алтын медаль» иегері

Мектептің әрбір адамның өміріндегі орны ерекше ғой. Жасымыз ортадан ауып, білім алып, еңбек етіп, бірсыпыра өмір тәжірибесін жинаған қазіргі уақыт биігінен қарағанда оған көзіміз анық жетеді. Адамның әлеуметтік болмысын тәрбиелеп, қалыптастырудың бастауында мектеп тұрса, мектептің өзегі – ұстаз.

Мен 1 сыныпқа барған 1961-62 оқу жылының басында Қызыләскерден бір топ Баланы машинамен Тұрыш деген жерге алып кетті. Оны білетінім – сол балалардың ішінде 3 сынып оқушысы, ағам Машырықов Қонарбай да бар еді. Сол қасиетті Тұрыш ата атындағы мекенде орналасқан Сам сегіз жылдық мектебіне 1962 жылдың қыркүйегінде 2 сыныпқа келіп, тоғыз жыл бойы оқып, онжылдықты бітірдім. 1 сыныпта жүргенде байқауға жағдайымыз болмады ма, әйтеуір, 1962-63 оқу жылының басы мен үшін қызыққа толы болды. Жаңа мекенде жаңадан салынып, сол жылы берілген мектеп пен интернаттың сыңғыраған ақ шаңқан ғимараттары. Сынып бөлмелері кең, биік, жарық, едендері бар. Оқушыларды үйірмелерге кеңінен тарту басталды – домбыра, шахмат, жас техниктер, спорттық және т.б. пәндік үйірмелер. Балалық шақтағы әр нәрсеге қызыққыштықтан да болар, балалар үлкен серпіліспен бірнеше үйірмеге жазылып жатты.

Мектеп басшысы – Құспанов Құрмет, оның оқу ісі жөніндегі орынбасары – Екібаев Жанбоз ағайлар. Ұстаздарымыздың дені – Жеткізген Рзаев, Жұлдызбай Есбосынов, Сейілхан Дәулетбаев, Бақыт Балов, Әсима Сәмешова, Ермекбай Оразалин, Пермебай Ережепов сияқты өңкей қылшылдаған жас жігіттер мен қыздар. Мектептегі жасы үлкендері – Исабергенов Кенжеғұл, Бөлтеков Ақораз, Шолтанов Есенбай, Науырызбаев Қызылғұл, Ағиманов Ораз ағайлардың жастары 30 бен 40-тың арасында. 1962-63 оқу жылының аяғында Құспанов Құрмет ағай ауданға басқа қызметке ауысты да, мектеп директорлығына Жанбоз ағай белгіленді.

Жанбоз аға үстіміздегі жылы 75 жасқа толған болар еді, әттең, өмірі қысқалау болды. Ұстаз жөнінде, оның ішінде, ардақты да асыл тұлға жөнінде пікір айту өте қиын – олқы түсіп, тұлғасына сай ой айта алмай, ұстаз болмысына қаяу түсіріп аламын ба деп қауіптенесің. Дегенмен, шәкірті болып, көзін көріп, сөзін естіген біздер айтпасақ, тарихтың сабақтастығын ескермегеніміз болар.

Біздер, балалар, ұстаздарды барлық жағынан үлгі тұтатынбыз. Олар біз үшін білім мен тәрбиенің, өнер мен мәдениеттің басты көздері болды. Олар осы миссияларын өте терең ұғынды, арқалаған асыл қазыналарын сарқа беруге ұмтылды және берді де, оны біз алдық та. Жақсы оқу, тәртіпті де тәрбиелі болу оқушылардың басым бөлігінің негізгі ұстанымы болатын. Тіпті, төмендеу үлгеретін балалардың өздері тынымсыз оқып, қатарындағы ілгерілеу балалардан үнемі сұрап, түсінуге тырысып жүретін.

Біз оқыған кезде мектебімізде 500-дей оқушы болды, олардың 280-ні интернатта тәрбиеленді. Оқушылардың сабақ үлгерімі 93% -дан түспейтін, бірақ, сол уақытта бізде цифр қуу жоқ еді, кейін университетте студент, педагогикалық институтта оқытушы болғандағы байқағаным – біздің мектепте көтермелеп баға қою жоқ екен. Яғни, сапаға жауапкершілікпен қарау деп аталатын әділдік басым болған екен. Ата-аналарының қызметі мен дәулетіне, қандастық жақындық пен жегжаттығына қарап, балаларды алалауды байқамадым.

Жанбоз аға орталау бойлы, толықша, мығым денелі кісі еді. Бидай өңді дөңгелек жүзі адамға мейірімін төге, жай ғана барлай қарайтын нұрлы көздерімен бітісіп, сәулелі жарасым беретін. Барлық кезде, әсіресе, жоғарғы сыныптарда оқыған тұстарда ағаны үнемі көріп, айтқан сөздерін естіп өстік. Бізге сабақ та берді. Қысқа, нақты, тұжырымды сөйлейтін, тақырыптың негізгі дәнін айтатын. Дауыс көтеріп сөйлегенін естігеніміз де, көргеніміз де жоқ. Оқушылармен өзіне баурай, іш тарта, жылы сөйлесетін, жақсы жақтарын ерекше бөліп айтатын.

Мектеп басшысының басты міндеттерінің бірі – ұжымды қоғамның болашақ құрушыларын қалыптастыруға салиқалы байсалдылықпен жұмылдырып, әрбір қызметкерді – ол ұстаз бола ма, шаруашылықпен айналыса ма, орнымен оңтайлы ұстауды үнемі бірінші кезекке қойып, басқару болар.

Жанбоз ағаның маңына аз ғана уақыттың ішінде қабілетті, еңбекке құлшынысы жоғары мұғалімдер топтасты. Мектепте ағаның басшылығымен жоғары деңгейде шығармашылықпен қызмет ететін ұжым қалыптасты. Тіпті, жас мұғалімдердің өздерінің осы бағытта барынша ізденіп бағатынын, біз оқушы болсақ та байқайтынбыз. Мысалы, Көбегенова Шұға, Исабергенова Тілек, Ашықбаев Қалмұрат сияқты ұстаздарымыз. Оқушының жеке бас қабілетін ескеру, оларды қызықтырып үнемі ілгері тарту, оқушылардың өз бетімен ізденіп білім алуына жағдай жасау – мектебіміздегі басты педагогикалық бағыт болды деп ойлаймын. Білімнің теориялық жағымен қатар, қолданбалы жағына да басым көңіл бөлінетін – математиканың дәлелдемелерімен қатар, есептер шығарту, мүмкіндігі жоғарылау оқушыларға олимпиадалық деңгейге дейінгі күрделі есептерді ұсыну, әдебиеттен шығармалар жаздыру, физика, химия пәндері бойынша лабораториялық практикум орындату, т.т.с.с.

Оқушыларға қосымша әдебиеттермен танысуға кеңес берілетін, ол кезде мектеп кітапханасы кластан тыс пайдаланатын әдебиеттерге аса бай емес еді ғой, мұғалімдер өздеріндегі кітаптарды, сол сияқты «Наука и жизнь», «Знание и сила», сол жылдары жаңадан шыға бастаған «Квант» журналдарын беретін, физика, математика пәндері бойынша орыс тіліндегі әдебиеттерді оқуға сілтеме жасалынатын.

Сам өңірі соғыстан кейін, 1948 жылдан бастап игерілген, Маңғыстау үшін шын мәніндегі тың болса, Тұрыштағы Сам мектебі алғашқы тың игеруші малшылардың балаларының көкірегіне білім дәнін еккен (сепкен) тұңғыш сегіз жылдық және он жылдық мектеп болды. Тұрыш ауылы Маңғыстау ауданы 8 колхозының қырдағы бөлімшелерінің шын мағынасындағы орталығы болса, Сам мектебі осы елдің жүрегі, білім мен тәрбиенің, мәдениет пен спорттың орталығы болды.

Оқушыларды мәдениеттілікке тәрбиелеу, өнер мен спортқа баулу үнемі жүргізіліп отырды. Ұстаздардың басшылығымен тұрғындарға концерттер, драмалық көрсетілімдер қою, спорттық жұмыстар ұйымдастыру – біздің мектеп үшін үнемі өткізіліп тұратын дәстүрлі шаралар болатын. Бір оқушының бірнеше пәндік, өнер үйірмелері мен спорттық секцияларға қатысуы сирек құбылыс емес еді, басқаша айтқанда, мектебімізде «сегіз қырлы, бір сырлы» оқушылар аз болмады. Ұстаздарымыз өнерлі болатын. Сам өңірінде орналасқан колхоздардың ферма орталықтарында біздің ұстаздарымыздың күшімен қойылған драмалық қойылымдар мен концерттер елдің көңілінен шығып, ұстаздарымыз олардың үнемі сағына күтіп, қуана қарсы алатын өнер адамдарына айналды.

Мектебіміздің оқушылары 1967-68 оқу жылынан бастап Шетпеде өтетін аудандық спартакиадаларға жыл сайын қатысып жүрді. Бұл жөнінде Сам мектебінің ғана емес, Сам өңірінің, тіпті сол кездегі Маңғыстау ауданындағы спорттық тәрбиенің қалыптасуы мен дамуына айтарлықтай еңбек сіңірген Ережепов Пермебай ағаның мақаласында жақсы айтылған. Жай қатынасқанымыз жоқ, командалық есепте бірден 2-орынды иелендік және одан төмен түскеніміз жоқ, көптеген спорт түрлері бойынша 1-орынды алып жүрдік.

Құлшыныс, мақсаткерлік пен еңбекқорлық көп еді бойымызда, жақсыға жақындық, өнерді бойға сіңіруге талпыныс, жақсы атты алуға құштарлық бар еді бізде. 1970 жылы көктемде Ақтауда өткен оқушылардың Гурьев облыстық өнер фестиваліне қатысқанымыз әлі есімде. Қатысқан үшеуміз де лауреат атандық.

Жанбоз аға білім беру ісінің үздік білгірі болып қана қойған жоқ, әрбір қызметкерді өз орнымен оңтайлы пайдалануға құнттай қарайтын озық ойлы ұйымдастырушы, әрбір оқушының білімді де тәрбиелі тұлға болып қалыптасуына ізгілікке толы мүдделілікпен қарайтын жанашыр, ұлағатты басшы болды. Осындай өрелі еңбек иесінің басшылығы арқасында бас-аяғы 4-5 жылдың ішінде Сам мектебі тек ауданымыздың ғана емес, облысымыздың маңдайалды мектептері санатынан.

Мектебімізде өз білімдерін үнемі көтеріп, шығармашылықпен қызмет ететін ұстаздар ұжымы қалыптасты. Біз интернатта кешкі тамақтан кейін күнде серуендеп қайтатынбыз. Сонда мектептегі мұғалімдер бөлмесінде білте шамдар жарығымен бір топ ұстаздарымыздың сабаққа дайындалып отыратынын үнемі көретінбіз. Ұстаздарымыздың денінің отбастары балалылау болатын.

Олар өз мамандықтарына барынша берілді, білімдерін жылдам молайтуға ұмтылды – үнемі дайындалды, көп ізденді, өздерін аяған жоқ, бойындағы барын іркіп қалмады, ақтарыла берді, олардың дені нағыз ұстаздар, мейірбанды, жайсаң жандар болды. Оларды мақтан тұтуға, олардың алдын көргенді бақ ретінде бағалауға әбден болады. Олардың көбін шәкірт ойындағы арманға баласа болар еді. Олардың дені, шынында да, ұстаз болу үшін туғандай еді.

Осындай Ұстаздардан сабақ алып, тәрбиеленген біздер өзімізді шын бақытты жандар деп есептейміз. Маңына жарқырай сәуле шашқан жұлдыздар шоғырыңдай бір мезгілде бәрі жамырай келіп, бір білім ортасында тоғысып, тізе қосып, бойындағы бар асылды кейінгі ұрпаққа іркіп қалмай, тауыса берген ұстаздар әр ұрпақтың пешенесіне жазылса, шәкіртке одан өткен бақыт бар ма?

Оқушыларда бойкүйездікке салынар бос уақыт болмайтын. Әртүрлі үйірмелер үнемі жүргізілетін. Балалардың дені үйірмелерге құлшыныспен қатынасатын. Интернаттағы оқушыларға деген көзқарас тіптен бөлек болды. Мен он жыл бойы интернатта тәрбиелендім. Жатақ орнымыз жылы, жарық болды. Тазалыққа өзіміз жауап бердік, жоғары сынып оқушылары төменгі сыныптағыларға міндетті түрде көмек көрсетіп отырды, олардың сабағы, үсті-бас тазалығы, киімдерінің жуылып, өтектелуі, тамақтануы деген сияқты.

«Бұлақ көрсең – көзін аш» деген, ұстаздар қауымы оқушы бойындағы жылт еткен оңды қабілетті жіті байқап, әрі қарай дамытуға барынша күш салатын. Есімде, мен 9-сыныпты үздік бағалармен аяқтадым, алдында 8-жылдықты да үздік куәлікпен бітіргенмін. Жанбоз аға мектеп коридорында мені кідіртіп, өз бөлмесіне бастап алып келді де: «Орта мектепті үздік бітірген оқушыға берілетін ең жоғарғы атақ «Алтын медаль» деген болады. Маңғыстау ауданында ондай атаққа ие болған әзір ешкім жоқ. Сен қазіргі бағытында сол атақты алуға жақын тұрсың, оған біздің ұстаздарымыздың өресі де, сенін мүмкіндігін де жетеді. Ендігі мақсат – аса жауапкершілікпен оқып, осы атақты алу керек» – деп нықтай тапсырды. Ол кезде мен ондай атақ болатынын білмеуші едім. Ұстаздарымның білімдік әлеуетінің кемелдігі, мектеп басшысының тапсырмасына жауапкершілік, ыждағаттылығымның жоғарылығы, сол сияқты бағымыз да болар, 1971 жылы мен Гурьев облысы Маңғыстау ауданының тарихындағы тұңғыш алтын медаль иегері атанған оқушы болдым.

Балалық шағында тіршілік қыспағын көріңкіреген, қолы қысқалау болып, дер кезінде құлашын кеңірек сермей алмай қалған, соның орнын өз бетімен білім алуға деген құштарлықпен, өзін қинай бейнеттене еңбек етумен толтыруды мақсат тұтқан ағаның азаматтық жарқын тұлғасы біздер үшін баға жетпес үлкен мектеп болды. 1973 жылы Алматыға келіп, өз мектебінің сонда оқитын студент жастарын жинап, сол кездегі ең үлкен ресторан «Алматыға» апарып, бізбен кездескеніне жадырай қуанып:«Астанамызда білім мен мәдениетке үйреніп, туған жерге келіп, әр салада қызметке араласып, елді өркендетуге қатысуларың қажет. Еңбектерің табысты болсын!» – деп, кешегі әрбір шәкіртімен жеке сөйлесіп, көңілінің марқайғаны есімде.

Ержетіп кемелденсек те, болмысы биік асыл ағаның сәулелі бейнесі біздің жадымызда әрқашан да қала бермек. Ағаның ескірмес білім және өмір сабағы оның жолын қуған ұстаздар мен өскелең талапты жастарымызға үлгі болып қалады, еліміздің жарқын болашағына аянбай қызмет етуді өмірінің басты парызы санаған тұғыры биік өрелі азаматтың есімі елімен бірге жасай береді деп сенеміз.

20.02.2008 ж.

ЖАНБОЗ ДЕСЕ, ЖАНБОЗ ЕДІ

ЖАУЫНБАЙ ҚАРАЕВ

педагогика ғылымының докторы, профессор

Нағыз ұстаз, шынайы мұғалім – өскелең ұрпақтың бақыты, қоғамның, мемлекеттің байлығы. Әрине, ұстаз деген ұғымның өзі мұғалімнен тек мамандығының шебері ғана емес, сарқылмас білім мен тәрбиенің кеніші, жан-жақты дамыған дара тұлға болуды талап ететіні белгілі. Тек осындай ұстаздар ғана халықтың алғысына ие болған, Ескендір Зұлқарнайын, Ақсақ Темір сияқты айбынымен дұшпанын қалтыратқан қаһарлы қолбасшылардың да ерекше құрметіне бөленген.

Өкінішке орай, қазір мұндай ұстаздар аз , тұтас бір мектептен алдыңғы қатарлы деуге болатын саусақпен санарлықтай мұғалім ғана табылады.

«Сам» орта мектебіндегі мұғалімдер, біздің бақытымызға орай, түгелге жуық нағыз ұстаздар еді. Мектептің ұстаздар ұжымының тағы бір ерекшелігі: бәрі дерлік ер адамдар болатын. Қазір әр түрлі салаларда қызмет жасап, ел танитын азаматтарға айналған мектеп түлектері директорымыз, математика пәнінің мұғалімі Екібаев Жанбозға, физик Есбосынов Жұлдызбайға, әдебиет пәнінің мұғалімі Балов Бақытқа, орыс тілінен сабақ берген Рзаев Жеткізгенге, географ Ағиманов Оразға, сол сияқты Сақтағанов Сайын, Дәулетбаев Сейілхан, Қараев Сұлтанға, т.б. еліктеп өстік. Соларға ұқсап шаш қойып, киініп, олардың жүріс-тұрысын, сөйлеу мәнері мен мимикаларына дейін қайталайтынбыз. Қазір ойлап қарасам, мұның себебі тереңде жатыр екен. Біздің мектеп шалғай ауылдағы білім ошағы ғана емес, мәдениеттің, спорттың, жан-жақты дамудың, жалпы халық өз ынтасымен келіп, рухани ортамен қауышатын парасат мектебі болған екен.

Күндіз тартымды сабақ өткізетін ұстаздарымыз кешке неше түрлі үйірмелерді басқарып, қызықты кештер өткізетін. Мұғалімдердің қабілеттерінің жоғарылығы соншама, өз пәніне сәйкес үйірме өткізіп қана қоймай, басқа бағыттағы үйірмелерге де жетекшілік ететін. Физик Жұлдызбай ағай физикаға қосымша шахмат және домбыра үйірмесін басқаратын. Бақыт ағайдың драма үйірмесіне қатынасушылар қойған спектакльге бүкіл ауыл адамдары жиналып, құдды Алматыдан әртістер келгендей тамашалайтын. Спорттың барлық түрінен секциялар жұмыс істейтін. Аудандық, облыстық жарыстарда біздің мектеп оқушылары жүлделі орындарды жеңіп алып жататын.

Бірінің сабағына бірі тексеру үшін емес, тәжірибе алмасу үшін сұранып, қызығып кіретін ұстаздар біздің мектепте ғана болды деп ойлаймын.

Мұндай қабілетті ұстаздар ұжымын тек таланты басшы ғана басқара алатыны белгілі. Алыс ауылдағы мектепке бірінен бірі өтетін іскер мұғалімдерді жинап, тұрақтандырып, олардың қабілеттерінің ашылуына жағдай жасап, басқару өзі де сегіз қырлы Екібаев Жанбоз сияқты адамның қолынан ғана келді. Ұстаздарға қандай талап қойса, ол кісі өзіне одан да зор талап қоя білді. Күн сайын таң ала кеуімінде мектепті, интернаты, асхананы, мектеп моншасы мен бақшасын айналып қарап, тексеріп жүретін. Күнделікті сабақ басталар алдында кезекші мұғаліммен бірге мектептің кіреберіс есігінің алдында тұратын. Мектепке жиырма, отыз метрдей қалғанда бас киімімізді қолға алып, үсті-басымызды жөндеп, ол кісіге сәлемдесіп, ішке кіретінбіз.

Сыртқы түрі келісті, жинақы, киімі қашан көрсең де мұнтаздай, сынай қарайтын көзқарасы, қаталдау түрі мектеп директорының классикалық үлгісіне келетін. Сабақ сұрағанда тақылдап жауап беріп, берген есепті дұрыс шығарғанына қанағаттанбай, «неліктен солай?», «ал, былай болса не болар еді?» деген сияқты сұрақтардың астына алып, оқушының материалды саналы меңгергеніне көз жеткізіп барып, жақсы баға қоятын.

Мектебіміздің зертханалары түгел құрал-жабдықтармен, шеберхана станоктардың барлық түрімен жабдықталған. Ал, бау-бақшасы кішігірім агробиостанция болатын. Барлық сабақ көрнекі құралдармен өтетін, ал, бай кітапханамыз кітап оқуға деген құмарлықты қалыптастырушы рухани орталық саналатын. Қазір өткен уақыт пен жылдар биігінен қарасам, ауыл мектебін бұлайша жабдықтау тек таланты директордың қолынан келетін іс екен.

Кейінгі жылдары облыста жана аудандар мен ауылдардың ашылуына байланысты Жанбоз ағай тәрбиелеген ұстаздар аудандық оқу бөлімінің бастығы, әдістемелік кабинет меңгерушілері мен мектеп директорлары болып кетті. Өкінішке орай, қайталанбас дарынды, қажырлы директор қатты ауырып, әлі де қоғамға берері мол шағында дүниеден өтті. Көзі тірісінде өзін уағыздауға қарсы болды, марапат, наградаларға ұмтылмады. Соның өзінде сіңірген енбегіне орай үкімет оны «Құрмет белгісі» орденімен, «Ерен енбегі үшін» медалімен марапаттады. Ол кісі ие болған «Оқу ісінің үздігі» белгісінің де сол кездегі қадір-қасиеті жоғарылау еді.

Бүгінде көзі тірі болғанда Жанбоз ағай 75 жасқа толар еді. «Артында бар оңалар» дейді қазақ, ол кісінің балалары Байбол мен Гүлсім де әке жолын қуып ұстаз болды, табысты еңбек етіп ел құрметіне бөленуде.

Ол тәрбиелеген шәкірттерінің алды бүгінде ғылым докторы, профессорлар, аудан әкімшілігінің басшылары, түрлі аудан мен облыстық мекемелердің жетекшілері болып қызмет істейді. Мектепті әр жылдары бітірушілердің мектепке жиналып, ұстаздарын ұлықтауы дәстүрге айналған. Бұл бас қосулар міндетті түрде Жанбоз ағайды еске алудан басталады.

Ұзақ болмаса да мазмұнды, мәнді өмір сүрген Жанбоз ағайдың жарқын бейнесі шәкірттерінің есінде мәңгі сақталады.

«Қазақстан мектебі», 2007 ж.

ЕҢ, ЕҢ СҮЙІКТІ ҰСТАЗЫМ ЕДІ!..

ОҢАЙБАЙ МАШЫРЫҚОВ

шәкірті, Сыңғырлау орта мектебінің директоры

Алғаш рет Қызылсу бастауыш мектебінде әріп үйреткен ұстазым Қарағұлов Келімберді ағайымды құрметпен еске ала отырып, мектептегі түрлі ғылым салалары баспалдақтарын естен кетпестей үйреткен, адами асыл қасиеттерді бойымызға, қанымызға, жанымызға сіңірте білген нағыз ұстазым Екібаев Жанбоз екенін әрқашан да мойындап жүремін.

Ұстазым Жанбоз ағайды 1961-1962 оқу жылында Сам жеріндегі Қызыләскер жеті жылдық мектепке мұғалім болып жүргеннен бастап білемін. Ол кісі оқушы жанын барлық жүрек жылуымен баурап алатын. Мен сол жылы 7 сыныпта оқитын едім.

Жанбоз ағайдың өте парасатты, қарапайым, артық әңгімеге әуестігі жоқ, тек мұғалім – ұстаздық келбетті көрсете білгенін бала болсақ та көре қалдық, көрдік, сол ағайға ұқсағымыз келді, еліктедік. Жанбоз ағай қарапайым жан болса да, жан-жақты сауаттылығы мен сегіз қырлы бір сырлылығымен өзіне тарта білді, ол кісінің өмірдегі көптеген ғылым-білім саласынан хабардар, үлкен мүмкіншілігі бар екені қызықтырды. Сол арқылы үлкеннің де, кішінің де, басшының да, қосшының да алдында өзін сыйлата білгеніне тәнті болып өстік. Ол кісі математика ғылымын қысқа, нұсқа тілмен түсіндіргенде, ұйып қалатынсың, бар тұнығын бойына сіңіресің, ол түсіндірген пәнді қайта оқулықтан оқып, әлек болмайтынсың, тек үйге берген есептерін шығарумен айналысатынсың. Ал, физика, химия, сызу пәндерінен сабақ бергенде, тақтаны формуламен, реакция тізбесімен, схемамен толтырғанда, бір кең дүниеге тап болып, көзің тұнып, тақтаның әр бұрышын, центрін, симметриясын келтіріп орындағанда, қайран қалып, сүйсінетін едік. Сабақ түсіндіргенде, тақтамен жұмыс жасағанда, Жанбоз ағай бойынан режиссерлік, актерлік қасиеттер шынайы көрініп тұратын, бар жан дүниесімен беріліп түсіндіретін, ағайдың бойынан артық қимыл байқалмайтын. Оның бойынан саяси сауаттылық, тарихи-шежірешілік білік, медициналық қабілет, техникалық сауаттылық, философиялық сатиралық шешендік, айта берсек, бәрі-бәрі табылатын жан еді.

Ол кезде, 1961-1963 жылдары мектептің оқу ісі меңгерушісі болса да (қазіргі оқу ісі меңгерушілерінің көпшілігі ондай қызметтен аулақ), қоғамдық негізде істейтін үйірмелерге, қоғамдық ұйымдарға жетекшілік ететініне қайран болатынсың. Мұны мен қазір де өнеге, үлгі ретінде айтып жүрмін. Ол фото әуесқой, атқыштар, математика, физика, химия, шахмат үйірмелерін жүргізіп, оқушылар комитеті ұйымына жетекшілік жасайтын. Мен шәкірт бола жүріп, сол кісі ұйымдастырған барлық үйірмелерге қатынастым. Екі жыл бойы сол кісінің басшылығымен оқушылар комитеті төрағасы болдым. Аяулы ұстазым арқылы қоғамдық өмірге қалай қалыптасу, дағдылануды үйрендім, Әсіресе, оқушылар комитетін басқарғанда, өзіңді ортада қалай ұстау, төменгі, жоғарғы сынып оқушыларымен қалай қатынас жасау, өзіңді сыйлата білу жолдары туралы ол кісіден алған нұсқауларым көп болды. Бір оқу жылы ішінде оқушылар комитеті (мектептегі 250-300 оқушыдан тұратын) алдында екі рет есеп бересің, онда не айту керек, баяндаманы қалай дайындау керек (ол кезде оқушы деген халық адал, таза, жаны пәк жандар болатын), сын өз мәнінде, шынайы тұрғыда айтылып, барлық болған фактілер бүкпесіз, дәлелді түрде көпшілік алдында жарияланып, қорытындылар үлкен жауапкершілікпен орындалатын. Онсыз болмайды, Жанбоз ағай сондай талап, принцип ұстанды, бар күш-жігерімен беріле орындатып отырды, жиында көтерілген мәселені өз талап деңгейінде шешуде уақытпен санаспады. Жұмысына ерте келіп, кеш кететін-ді.

Ұстазым Жанбоз ағайдың өмір деректерінен адами, тұлғалық асыл қасиеттер көптеп-көптеп табылады. Айта берсек, тауысу мүмкін емес, әттең, өмірі қысқа болды, шәкірті мен де тек екі жылдан кейін 8-сыныпты бітіріп, оқуды басқа мектепте жалғастырдым. Менде де «әттең-ай» деген кездерім көп болды, Жанбоз ағай оқыта бермегесін деген ой келе берді.

Жанбоз ағайдың есімін қалай дәріптесек те орынды, ұсыныстар көптеп айтылуы керек, айтылып қоймай, орындалып жатса игі болар еді. Есімі лайықты деп ескеріліп, есте қалдыру шараларын ел азаматтары қолға алады деп сенемін.

«Маңғыстау мұғалімі», 28.02.2007 ж.

КӨП ШӘКІРТІНІҢ БІРІМІН

М. БЕРДІХАНҰЛЫ

Ы.Алтынсарин атындағы орта мектеп директоры,

ҚР білім беру ісінің үздігі

1943 жылдан мал бағумен айналысатын әкеміздің 1948 жылы қырға кеткеннен мен есімді білгеннен бастап өмірінің соңына дейін Маңғыстаудың қара ойына құлаған жылын бір-ақ мәрте көрдім, ол 1963-тен 1964-ке қараған қоян жылы болатын. Бұған дейін Қарақұм қыстап, Жем жайлаған ел ауданаралық шекараға байланысты енді ол жердің отынан да, суынан да «ауыз тимейтін» боп шешіліпті, жоғарыдан.

Қарындасыммен колхоз орталығы Жармышта ағайын жегжат үйінде жатып оқып жүрдім. 1965 жылы қыркүйекте сонау Ақтөбе облысының оңтүстігіндегі «Жетіқақ» жайлауынан «астаулы машинамен» (ГАЗ-51) отыздай бала Тұрышқа кеп топ ете түстік, шаңымызды қағып, шамаданымызды қолға ұстап, қатарға тұрып жатырмыз, мен – төртінші сыныптамын, қарындасым – екіншіде.

Бізді екі жас жігіт күтіп алды. Әлі есімде, қасыма аласа бойлы, бұйра шашты, әскери кительді жай сөйлейтін бір кісі келіп: «Мына жігітті танымадық, қасында қарындасы да бар екен, қане, танысайық» – дегені. Қапелімде сасқалақтап, ештеңе айта алмадым, бізді ауылдан алып келген сол кездегі ферма меңгерушісі марқұм Жаманғара Жаңабергенов ағамыз: «Бұлар – Мақсымбаевтар, бұрын ойда – Жармышта оқыды, биыл өзіңіз рұқсат етсеңіз интернатта жатып, осында білім алатын болады» – деп таныстырып жатыр. Күтіп алған жігіттер жататын жерге әкеп, жуындырып, бөлмелерге орналастырып, ішкі тәртіппен таныстырып, тамақтандырып, қас қарая бір-ақ кетті.

Сол жігіттер – ол кезде 33 жастағы мектеп директоры Жанбоз Екібаев пен 29 жастағы оқу ісі меңгерушісі Жеткізген Рзаев ағаларымыз екен.

Он бір жастағы ойын баласы болсам да, дәл осы суреттің мәңгі есімде қалуы дұрыс екен, оған көзім кейінірек жетті.

Мектептің педагогикалық ұжымында сайдың тасындай өрімдей жап-жас, бірақ, кішіге аға, үлкенге іні боларлық ақылы дария мұғалімдер болды. Күнде өтіп жататын үйірмелерде Жұлдызбай Есбосынов – жұлдызды әлемге үңілдіріп, бірде фотосурет сырына қанықтырып, қолы қалт еткенде домбырашыларды үйретіп, Бақыт Балов, Сейілхан Дәулетбаев сөз сырына қандырып, Әсима Сәмешова әсіресе қыздарды әдемі, әсемділікке, Пермебай Ережепов спорттың сан түріне баулып, Жеткізген Рзаев мектеп пен интернат ішін безендіруге қатыстырып... қызу еңбек үстінде болатын.

1960 жылдардың ішінде, менің тұстастарым жақсы біледі, ауруымыз кітап оқу болатын және бір кезде Байғанин ауданынан біздің ауданға өткен үлкен кітапхана да, клуб үйі де – Тұрышта. Балалық қой, тақырыбына да, авторына да қарамастан кітапты жарыса, таласа оқитынбыз, сол кезде әлем әдебиеті алыптарының қазақшаға аударылған дүниелері өте мол болатын. Ауылда электр жоқ, мектеп пен интернатқа ғана жарық беретін шағын қуатты мотор болатын, ол мектептің мұғалімі Пермебай ағамыздың қарауында.

Интернат тәртібінде кешкі сағат 9-да бастауышта оқитындар, 10-да жоғары сыныптағылар ұйықтауға жатады, Пермебай ағамыздың жарығы да 10-нан кете сөнеді.

Кітапқұмар басым жарық өшкен соң да бой бермей, қол шаммен (батареялы фонарик) көрпе астында әлдебір қызық оқиғалы шығарманы оқып жатып, тәрбиеші ағайымыздың тықырын да сезбеппін, қасыма келіп: «Кіммен кеңесіп жатырсың?» – деген дауыстан шошып, атып тұрдым. Қылығыма сәйкес жазамды тарттым. Бірақ, осы көрініс көбірек қайталанып, тәрбиеші ағайым мәселені директордың өзіне жеткізсе керек, Жанбоз ағаның алдына келдім.

Зілдей есікті зорға ашып, ішке әзер енгенім, ерінімді жыбырлатып сәлем бергенім есімде. Ойым – дүние бүлінді, қара аспан төбемнен төнеді деп тұр. Бәрі керісінше боп шықты.

 Кітап оқу дұрыс, бірақ оны оқудың да өзіндік ережелері бар, қазір не оқып жүрсің? – дейді ағайымыз жымиып.

 Джек Лондон, «Мартин Иден» – дедім салған жерден.

 Мұның керемет, дұрыс... – ұстазым сөйлеп жатыр, есімде қалғаны: оқу керек, бірақ тәртіпті бұзбай, ол үшін күн режимін үйлестірген жөн.

Ұрыс естимін, ендігі күнім не болар деп барған басым арқадан қаққан ақылшы ұстаздың ұстамды да байыпты, байсалды әңгімелері мен кеңестеріне қанып қайттым. Бұл 1967 жылдың күзі еді.

Дәл осы кезде Сам орта мектебінің атағы дүркіреп тұр еді. 1966 жылы Бейнеу өңірінде тұңғыш рет бітірушілердің көбі жоғары, орта арнаулы оқу орындарына түскен жыл, Жанбоз ағайымыздың да мерейі өскен жыл еді.

1969 жылы қаңтарда «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетіне «Менің қуанышым» деген шағын мақалам жарияланғанда, мектептегі дос-жолдас қолпаштап, құттықтауы өз алдына, республиканың түкпір-түкпірінен танысу үшін хат жолдаған құрбыларда есеп жоқ...

Тағы да мектеп директорының алдында тұрмын, неге шақырды, түсініксіз. Орындығынан тұрып, баяу басып, жымиған қалпы қасыма жақындап:

 Құттықтаймын, Джек Лондон болуға жасаған алғашқы талпынысыңмен, жарайсың! «Қазақстан пионері» республикалық газет, ал оған мақалаңның жариялануы тек сен үшін емес, бәрімізге де – білім ұяң мектебің үшін де мәртебе, рахмет, талабың тассын, – деді. Ол кезде 7-сыныптағы оқушыны директордың қабылдауы, мұншама жылы сөз айтуы күтпеген жай болатын, кеудемді мақтаныш сезімі билегені, тағы да «оқы, жаза бер!» деген тілегі, «Бақыт, Сейілхан ағайларыңмен ақылдас» дегені есімде.

1969-1970 оқу жылында біз сегізінші класта оқыдық, ол кезде бұл негізгі мектептегі бітіру жылы еді, жетекшіміз марқұм Төлесін Жақыпов: «биыл математикадан сабақты директордың өзі жүргізеді» дегенде, үрпиісіп қалдық, бірақ, кейін үйренісіп, тіпті ол кісі әлдебір іссапармен Атырау, Шетпеге (ол кездегі облыс, аудан орталықтары) кеткенде асыға күтетінбіз.

...Арада жылдар өтіп, өзім де мұғалім боп, шәкірттеріме білім бере жүріп, Жанбоз ағамыздан көп нәрсе үйренгенімді сездім. Сабаққа өте-мөте тыңғылықты әзірленетіні сондай: кімдер өткен материалдарға, кімдер жаңа тақырыпта жауап беретінін ғана емес, дәптерден тапсырманы кім оқиды, оның шығарылу жолдарын кім айтады, кімдердің дәптері тексерілетініне дейін сабақ жоспарына жазып келетін, содан көп ауытқымайтын. Бұл – оқушының білімін жүйелі жетілдіріп отыру жауапкершілігін көтеретін негізгі тәсілдің бірі. Сабақ үстіндегі оқушы мен мұғалім байланысын басты назарда ұстайтын, әрбір жаңа тақырыпқа кірісер алдында өткен сабақты кімнің қаншалықты игергенін бүге-шігесіне дейін талдап, кемшілікті де, жетістікті де ашып айтатын-ды, бағалауға аса байыптылықпен қарайтын, асықпайтын, оқушының сол сабақтағы белсенділігін – бәрін есептеп, соңынан баға қоятын-ды. Әрбір сабақта 10 оқушыдан кем бағаланбайтыны да есте. Мадақтауды ұмытпайтын – шәкірт үмітін келер күндерге жетелеудің осы бір тұсын ағамыз есімізге мықтап салып кетіпті.

...1975 жылы 12 қыркүйекте Қазақтың Абай атындағы пединститутының 2-курсынан Сам орта мектебіне жолдамамен келгенде, Жанбоз ағамыздың қуана күтіп алғаны қазіргідей есімде, оқу жылы басталып, мұғалімдер жүктемесі де бөлініп кеткен уақыт еді, кешігіп келдім. Жолдаманы аудандық білім бөлімінің меңгерушісі Жеткізген Рзаев ағамыз берген еді.

«Жас келсе, іске» деген, Мұхтар, оқу ісі меңгерушісі Сайын Сақтағанов ағаңа бар да, қай сыныптарға сабақ беретініңді біл, менің айтатыным – қазір «Қазақстан мұғалімі», «Қазақстан мектебі» басылымдарына тәуір сабақтардың жүрісі, мақсаты туралы тұшымды материалдар жарияланып жүр, соларды басшылыққа ал, көп ізден, оқы, қай кезде де мұғалімдік жұмыс жеңіл болған жоқ, қазір де солай, ауырға мойыма, жеңілге желікпе, іске сәт!» – деп ақ батасын бергені де есімде. Арада 2-3 ай өткен соң сабақтарыма қатысып, тілші болмаса да қатысқан сабақтарын «тас-талқан» етіп талдағаны, жетістіктерімді жіпке тізгендей етіп мадақтағаны да есімде.

Денсаулығына байланысты Жәкең 1977 жылы қыста мектеп директорлығынан өз еркімен босағанда 45 жасқа да жетпеген екен.

Жоқшылықтың да, жетімдіктің де ащы азабын бір адамдай-ақ татып, бірақ, мойымай, өз ынтасы, жігерімен, талабының арқасында қатарынан қалмай, ел азаматы, абзал ұстаздық дәрежеге жеткен ағамыздың арамыздан кеткеніне де ширек ғасыр болып қалыпты.

Қазір 1960-1980 жылдары Сам мектебінде жұмыс жасаған не тәрбиеленіп, оқыған азаматтардың әрқайсысы жақсы біледі: марқұм Жанбоз Екібаев мектептің және оның жанындағы интернаттың материалдық-техникалық базасын нығайтып қана қоймай, сонау қиыр шеттегі құмның ішіндегі білім ордасын бүкіл облыс, қала берді республикаға белгілі іргелі ошаққа айналдырды.

Әрине, ер еңбегі еленбей қалған жоқ, «Құрмет белгісі» орденімен, бірнеше медальдармен, республикалық, облыстық көлемдегі мадақтау грамоталарымен, «Қазақстан Республикасы оқу ісі үздігі» белгісімен марапатталды. Бірақ, бәрінен де биік құрмет – ел алғысына бөленуі, маңғыстаулық азаматтардың көбі Ж.Екібаевты «ұстаздардың ұстазы» деп бағалады және әлі солай еске алады.

Мен және мектептестерім ғалымдар – Б.Дүйсенбаев, Ж.Қараев, белгілі ел азаматтары Ж.Кемелханов, Б.Қоғашев, А.Шамшадинов, Ж.Ағиманов, Ғ.Ережепов, С.Исабергенов, К.Ыбыраев, Б.Мырзабеков, Ж.Оразаев, А.Шариғатов, Қ.Сынабаевтар қазір сол мектептен білім нәрімен сусындатқан жоғарыдағы аяулы ұстаздарымызды, ал олардың жұмысын бір арнаға тоғыстырып ұйымдастырған Ж.Екібаевты әрқашан мақтан етеміз.

Соңғы кездері Жәкең ағамыз туралы облыстық, аудандық газеттерде бірталай мақала, естелік жарияланып, марқұмның 75 жылдығына орай өзі қызмет етіп, ірі білім ордасына айналуына тер төккен Сам мектебіне атын беру туралы ой қозғалып жүргенін орынды санаймын.

Қарапайым, орнымен сөйлейтін, қай іске, не нәрсеге де байыптылықпен, парасат биігінен көз жіберіп, байсалды ой айтатын, шәкірттерінің шын ықыласына бөленген жанда арман жоқ. Аяулы ұстаздың ақылшы болып, қолтығынан демеп, талай биіктерге ұшырған балапандары өте көп – мен соның бірі ғанамын.

САМ МЕКТЕБІ ЖӘНЕ ЖАНБОЗ AҒA

СЕЙІТЖАН ИСАБЕРГЕН

Көз алдыма мектеп қабырғасындағы оқушылық күндерімді елестеткелі отырған себебім – «Маңғыстау» газетінің 22 шілде күнгі номеріндегі ақ жігіттік мұғалім Байбол Екібаевтың «Әкемді еске алғанда» атты шағын мақаласы қозғаушы болды.

Бүгінгі қырықтың қырқасына жасым асқанға дейін өзім бірінші класынан бастап, онжылдығын 1972 жылы бітірген сүйікті мектебім – Маңғыстаудың Үстіртіндегі Сам орта мектебінің тарихы, еңбек еткен ұстаздар туралы немесе ұжымға жетекшілік жасаған басшылары мен күні бүгінгі ахуалы жайында аймақ баспасөз беттерінен елең етерліктей мақала, хабарлардың аз көрінуі әр кез өзімді, шынымды айтсам ойландырып жүрді. Қиян шеттегі құм ішінде қоныс тепкен, құрылғанына 35 жыл толып отырған мектептен қарап отырсақ қаншама жас тәлім-тәрбие алды, білім нәрімен сусындады?! Бір адамның ғұмырына татырлық осындай мерзім. Кейініректе Сам құмы жиегіндегі аталмыш мектеп партасына алғаш оқушы болып отырған екенмін. Мектеп негізінен малшы қауым балаларын оқыту үшін ашылған, сондықтан да оның жанынан балалар интернаты салынған. Ол кезде аудан орталығы Шетпе еді, арақашықтық 450-500 шақырым болатын, кейін Маңғыстау-Гурьев теміржол торабы салынғасын Бейнеу ауданы құрылды. Жүріс-тұрыс жеңілдеді.

Соғыстан кейінгі жылдар, барлық жерде де техника күшінің, құрылыс материалдарының тапшы болып жетпей тұрған кезі.

Менің бұл ауылда балалық шағымды өткізуіме бірден-бір себепші әкемнің мұғалімдік қызметі еді. Өйткені, әкем Исабергенов Кенжеғұл 1944 жылы Ұлы Отан соғысынан жараланып, еліне, туған жеріне оралғасын, тау бойындағы Ұланақ, Жыңғылдыда мұғалім болып жұмыс жасады. Армияға кеткен тумаластарының арасынан елге аман-сау оралғаны тек өзі болғандықтан отбасындағы жалғыз шешесі Сәнімді және жуықта бас қосқан қосағы Қамаңды асырап, үйдің күнелтісін жасау мақсатында соғыстан кейінгі жылдары қашық болса да Сам бойы мектебіне аудандық оқу бөлімінің тапсырмасымен бастауыш кластар мұғалімі болып баруға келіскен. Сондықтан да ол кісіден өнген ұрпақтары, біздерге тағдыр Ұлы Қыр – Үстірттегі қасиетті өңірдің дәмін осылайша таттырды. Табиғаты бөлек, жері шүйгін, суы бал, қыста жылы, жазда самал Сам өңірі – жер жаннаты ғой, шіркін! Әрі тұла бойы тұнған тарих. Кім-кімге болсын асыр салып ойнаған, туып-өскен, білім алған, балалық шағын өткізген жері ыстық. Әрдайым сағынышпен еске алып жүреді емес пе? Сол бір кейінде бұлаңытқан ғұмырымыз ішінде жадымызда қалған, елге еленген жанның бірі Жәкең – Жанбоз Екібаев ағайымыз еді. Ол кезде мектеп директоры сол кісі. Ұстазымыз орта бойлы, биязы мінезді, жұмысына тиянақты, әрі шебер ұйымдастырушы адам болатын. Басшылығына қосымша мектептің жоғарғы 7-8-9 кластарына геометрия, тригонометрия, стереометрия пәндерінен дәріс беретін. Әлі есімізде ол жымия басып, қолтығына математика кітаптарын қыса, бір қолына геометриялық дене макеті мен сызғыш ұстай класқа кіріп келе жататын. Әрине, бұл сәтте құрбыларым «құлаққа ұрған танадай» тыныштық сақтап, ағайды түп-түгелімен күтіп отыратын. Қандай да болмасын ренішті жағдайда ағайымыздың дауыс көтере сөйлегенін немесе ауыр сөздер айтып, түтігіп жатқанын өз басым көргенім жоқ.

Жәкең басқарған педагогикалық ұжым мүшелері сол кезде қаншама табыстарға қол жеткізді десеңізші. Оқу ағарту саласында қызмет жасаған адам ретінде сын көзбен кейіннен салыстыра қарасам, Сам мектебінде сабақ процесі мен тәрбие беру жұмыстары біз оқыған кезеңдерде шын мәнінде ойдағыдай жүргізілді деп айтуға толық болады. Жылма-жылғы мектеп бітірушілердің сапынан төрттен үш бөлігі жоғары, не арнаулы оқу орындарына міндетті түрде оқуға түсіп жүрді. Мысалға, «Маңғыстаудан Торғай Шоңқалов оқытқан немесе «Сам» орта мектебінен келген абитуриенттерді қиналмай алуға болады» – деген әңгімені Атырау қаласындағы жан-жақтан келген қабылдау комиссияларының мүшелерінің өз ауыздарынан естідік. Жыл сайынғы аудан орталығында болатын оқушылардың олимпиадалары мен спартакиада түрлерінің көпшілік жеңімпаздары Сам бойынан келгендер болушы еді. Ұжымның үлкен жеңісі – аудан көлемінде алғаш алтын медальға өз мектебін бітірушіні ұсынуы болды деп есептеймін. Сол мезгілде жоғары атаққа ие болу, оны тиісті дәрежеде қорғап шығу облыс тұрғындары үшін де үлкен жаналық еді. Міне, мектепті осы абыройға 1971 жылы жеткізген жүлдегер Дүйсембаев Абылан болатын, ол шындығында да жан-жақты дамыған жас еді. Өзінен үлкені бар, кішісі бар оқушылар арасындағы беделі қатардағы қарапайым мұғалімнен артық болды. Қазір республикалық белгілі оқу орнында еңбек етеді, жоғары ғылыми дәрежесі бар азамат.

Болашақ азаматты – бүгінгі шәкіртті өнегелі де парасатты етіп тәрбиелеуде оқу мен тәрбие егіз ұғым деп қарасақ, оған білікті басшы, яғни мұғалімдер ұжымына қазіргі заман талабына сай тірек боларлықтай бағыт беретін, рухани жағынан бай, білімді басшы керек. Осы орайда жоқтан жонуды, аз ғана барды үйлестіруді талап еткен сол бір жылдардағы мұғалімдер қауымының ерен енбегі айтуға тұрарлықтай және қазіргі экономикалық дағдарыстан шыға алмай тұрған қиын шақтағы білім ордаларының жай-күйімен салыстыра қарауға болатын сияқты. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тассын» дейді дана халқымыз, сол себепті халық аузына ілінген азаматтардың бірі, марқұм майталман педагог Екібаев Жанбоздың соңына ерген жастарға үлгі боларлықтай істері көп. Аз ғана ғұмырының ішінде ол сан алуан тағдырды басынан кешірді. Өзінің алымдылығының арқасында Шахта мектебінің қабырғасын бітірер-бітірместе мұғалім болып, мектепке барды, одан көп уақыт өткізбей, мектеп басшылығы қызметтеріне тағайындалды. Жас та болса аянбай еңбек ете жүріп, құрметке бөленді, өз білімін жетілдірумен шұғылданды. Жұмыстастарының қандай кемшілігі болса да барынша көтере білді, теріс пиғыл көрсеткен жоқ. Шамасы келгенше әділ болуға тырысып, жақсылық жасауға дайын тұрды. Жан қосағы Сүткенже жеңгеміз де өз қадерінше көмек беріп, жолдасына сүйеу бола білді. Қолға алған істі тиянақты және ұқыпты атқаруға дағдыланған азамат өзіне көрсетілген сенімдерді атқара білді. Алғыстар алды. Осындай бел-белеске жетудегі тынымсыз еңбегінде оған ұжымдас жеделдестері Жеткізген, Жұлдызбай, Пермебай, Әсима, Сейілхан, Бақыт, Сайын, аға мұғалімдер Кенжеғұл, Ораз, Қызылғұл, тағы басқа әріптестерінің ыстықта бірге қайнасқандай ынта-жігері, бір ауыздан сөз, бір жеңнен қол шығарған ұйымшылдығы кең жол ашты. Бейне бір өзара бәсекелі жарысқа түскендей сипаттағы педагогикалық ұжымның арқасында мектепішілік тәрбиелік мәні бар шаралар, пәндік жарыстар күн құрғатпай өтіп жататын. Сабақты өткізу мен тәрбие жұмыстарына мұқият түрде дайындалу әрбір мұғалімнің, тәрбиешінің төл міндеті еді. Қызмет жүйесінде көріне білген жеке пән мұғалімдерінің іс-тәжірибелері немесе жеке мақалалары облыстық, республикалық педагогикалық басылымдарда кезекпенен жарияланып жатты. Бұл айтылғандарды мен әрине педбасылымдарды алдыратын мұғалімнің баласы болғандықтан және Жәкеңнің үйіне ең жақын көршілес тұрғандықтан жақсы білемін. Жәкеңмен серіктес алтын асықтай сол азаматтардың көпшілігі кейін аудан көлеміндегі оқу-ағарту салаларында басшылық қызметтер де жасады.

Сам мектебі келе-келе жас буын жоғары білімді кадрлармен толықты, материалдық базасы уақыт өткен сайын көбейе түсті. Пәндік кабинеттер заман талабына сай жабдықталды. Ондай техникалық көрнекі құралдарының молдығын Атырау педагогикалық институтында оқып жүрген кезімде байқай алмадым. Ұжым мүшелерін осындай белгілі бір мақсатқа ұйымдастыра білген Ж.Екібаевтың қызметін оқу-ағарту саласының жоғары басшылары дұрыс бағалай білді. Ұжым жетекшісі бірнешеленген атақтар мен медальдарға ие болды. 1976 жылы «Құрмет белгісі» орденімен наградталды.

Жоқ жұпынылау кезеңде мектеп шаруасын дөңгелетіп алдыңғы деңгейге көтерген көрнекті ұстаз, ұрпақ тәрбиесіне білімі мен білігін, қайраты мен жігерін аямаған аяулы азамат Жанбоз Екібаевтың есімін мәңгілік қалдыру жөнінде «Маңғыстау» газетінде баласы айтқан ұсыныстарды да орынды деп білемін.

«Рауан», 07.12.2000 ж.

БАЙБОЛ ЕКІБАЕВ

Жанбоздың ұлы, ұстаз

МЕКТЕП ЖӘНЕ ҰСТАЗДАРЫМ

«Маңғыстау» газетіндегі «Шахта орта мектебі» деген мақаланы оқығаннан кейін сол мектепті 1949 жылы бітірген 10 адамның бірі марқұм әкем Екібаев Жанбоз туралы және сол кісі бас болып аштырған Сам орта мектебіне биыл 30 жыл толуына орай, сол мектептің алғашқы түлектері туралы және сол жылдары сабақ берген ұстаздар жайлы жазбақ ниетпен қолға қалам алдым.

Әкеміз 1939 жылы өзінен естуімізше Шахта мектебінің бірінші класынан бастап үздік оқып, сол тұстағы озат оқушыларға берілетін «Сталиндік» сыйлықпен бітірген екен. Ол кісіге 1949 жылы 13 шілде күні берілген кәмелеттік аттестатта А.Өтеуов, А.Әуезалиев, К.Елмұханбетова, Т. Шоңқалов, П. Генералова қол қойыпты. Менің мұны жазу себебім, әкеміз өз заманында осы Маңғыстаудың біртуар ұстаздарынан білім алғандығын көрсету. Шахта орта мектебін алғаш болып бітірген 10 адам түгелге жуық жоғарғы оқу орындарына аттанғанда әкеміз отбасы жағдайына байланысты сол жылы оқуға бара алмаған. Көп ұзамай, мектеп бітірген бозбала ауылда бос жүруді ар санап, сол кезде ауданның бірінші хатшысы Қағазов Төлегенге отбасы жағдайына байланысты оқуға бара алмағандығын және мектепті үздік бітіріп шыққандығын айтып, байсалдылықпен түсіндіреді. Енді бос жүрудің реті жоқ деп, жұмыс тауып беруді өтініпті.

Жағдайды түсінген хатшы «Егер мектепті үздік бітірген болсаң, ауданға мұғалім кадрлар жетіспейді, кейін біліміңді көтеруге де жақсы болады» – деп мектепке жұмсайды. Оны қуана мақұлдаған әкеміз 1949-50 оқу жылында мектеп қабырғасынан жаңа түлеп ұшқанына қарамастан Тұщықұдық мектебінде физика және математика пәндерінен тайсалмай сабақ береді. Ол кезде жас мұғалімдерді әрбір жаңа оқу жылы сайын жаңа мектепке жіберіп отыру олардың мамандығын шыңдаудың әдіс-тәсілінің бірі болса керек. Әкемізді 1950- 51 оқу жылында Қоңырорпа мектебіне физика-химия пәндерінен сабақ беруге жұмсаған. Ал, келер жылы Шахта орта мектебінде физика және математика пәндерінен сол жылдың 10 қазанына дейін сабақ беріп, азаматтық борышын өтеуге әскер қатарына аттанады.

Әскерден кіші лейтенант шенімен елге оралған ол бұрынғы Куйбышев, қазіргі Есір Айшуақұлы атындағы орта мектебінде аталған пәндерден дәріс беріп, ұстаздық қызметін жалғастыра береді.

Мұнан соң бұл саладағы білімін жетілдіруді ойлаған ол Гурьевтегі мұғалімдер институтының математика факультетіне түседі. Әкеміз айтушы еді:

 Сол жылы ұстазым Шоңқалов Торғай да математика факультетінің сырттай бөліміне емтихан тапсырды. Емтихан алушы мұғалім тақтаға сынақ есептерін жазып болғаннан кейін көп ұзамай-ақ талапкерлердің алды жазба жұмыстарын тапсыра бастады. Соның алғашқысы болып мен де тапсырдым. Сонда Торғай ағайым:

 Пәлі, Жанбоз да тапсырып бара жатыр ма? – деп таңданғанын жасыра алмады.

Мен осы бір әсерлі әңгімені естігеннен кейін әкемнен: – Сонда Шоңқаловтан да мықты математик болдың ба? – дегенімде: – Балам, Маңғыстауда Шоңқаловтай математик жоқ қой. Иә, жоқ! – деп жауап берген еді.

1955-58 оқу жылдарында Ленин және Сталин атындағы орта мектептерде ұстаздық етіп, ал, 1960 жылы Үстірттегі Сам мектебіне оқу ісінің меңгерушісі болып тағайындалды. Сам орта мектебіндегі істеген қызметтерін өз алдына бір мақала етіп жазуға болады. Себебі, Сам өңірінде өзі басшы бола жүріп, алғашқы орта мектепті 1966-67 оқу жылдарында аштырған болатын. Ғұмырының көп бөлігін осы мектепті көркейтуге, жан-жақты жетілдіруге жұмсағаны да рас. Ол елім деп шаршамай талмай еңбек етті. Қиян шеттегі мектепті Республикадағы ен озат үлгі тірек мектебі дәрежесіне көтеріп, тер төкті. Еңбектері бағаланбай қалған жоқ. 1965 жылы «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері» белгісімен, келер жылы «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен, одан кейін «Құрмет белгісі» орденімен наградталды.

Денсаулығына байланысты мектеп директорлығын 1977 жылдың ақпанында өз өтініші бойынша тапсырды. Одан кейінгі жылдарда аудандық мәдениет бөлімінің №8 автоклубы меңгерушісі бола жүріп, денсаулығының ақаулығына қарамастан, әсіресе, малшы ауылдар арасында тынымсыз еңбек етті. Аудандық, облыстық автоклуб қызметкерлерінің конкурстарының жүлдегері атанды. Осы еңбектері бағаланып, 1983 жылы Қазақ ССР-і мәдениет Министрлігі мен мәдениет қызметкерлері Кәсіподағы Республикалық комитетінің Құрмет дипломымен наградталды.

Сам орта мектебін алғашқы бітірген түлектерге биыл 30 жыл. Олар қазір аудан, облыс көлеміндегі әр салада белгілі қызметкерлер. Шамшадинов Аманғали, Оразбаев Еркінбек, Тұрарбеков Төлебек, Қамбарова Ақсұлу, Өтетілеуов Қуаш, Ережепов Жұмабек, Әжібаев Айтжан, Қарғабаев Омар, Дүйсенбаев Нұран – мектептен бірінші ұшқан қарлығаштар.

Бұл күнде біздің өзіміз де біраз қар басып, біраз жасты артта қалдырдық. Біз сол Сам орта мектебінің үшінші бітірген түлектері екенбіз. Сол күнде бізге дәріс берген ұстаздарыма тоқтала кетейін. Қазақ тілі мен әдебиет пәнінен Дәулетбаев Сейілхан, Балов Бақыт, ал, 10 класта КазГУ-дің филология факультетін бітіріп келген жас маман Әділханов Сайын сабақ берді. Орыс тілі мен әдебиетінен сабақ берген марқұм Рзаев Жеткізген ағамыз еді. Бұл кісінің сабақ беру әдістері туралы өз алдына бір ұзақ әңгіме етуге болады. Математика пәнінен марқұм Оразалиев Ермекбай, әкем Екібаев Жанбоз, бұл күнде зейнеткер Шолтанов Есенбай дәріс берді. Ал жоғарғы класта аталған пәннен жас математик Сақтағанов Сайыннан білім алдық. Біздің ұстаздарымыз Есбосынов Жұлдызбай, Көбегенова Шұға, Шәудірбаев Иманғали, Ережепов Пермебай, Жақыпов Төлесін бұл күнде біразы зейнеткерлікке шықса, ол кездегі ең жастарының өзі 50-дің еңсесіне шығып қалды. Бұлардың біразы Жанбоз Екібаевтың шәкірттері болғанын айтсам, артық емес.

Сам орта мектебін ең озат мектепке жеткізген бұл ұстаздардың енбегі ересен. Олардың барлығы дерлік КСРО, Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкерлері. Еңбектері бағаланған жандар.

«Рауан», 25.10.1997 ж.

АЛТЫН ҰЯНЫ АРДАҚТАЙМЫЗ

ЖАПЫРАҚ HҰPMAHOBA

Сам өңіріндегі білім ордасынан кәрі шаңырақтың бірі – Сам орта мектебі. Бұл мектеп алғаш рет 1961 жылы бастауыш мектеп болып ашылды. Содан, жыл сайын үлкейе келіп, орта білім ордасына айналды. Онда жұмыс істеген алғашқы ұстаздар, бұл пәниден өткен марқұм Екібаев Жанбоз, Рзаев Жеткізген, Оразалиев Ермекбай, қазір әр түрлі салаларда қызмет етіп жүрген Ережепов Пермебай, Есбосынов Жұлдызбай, Балов Бақыт, Дәулетбаев Сейілхан, Сәмешова Әсима, т.б. ұстаздар алдыңғы қатардан көріне білді.

Алғашқы бастауыш болатын жылдары келген Наурызбаев Қызылғұл, Шолтанов Есенбайлар еді. Содан бері 40 жылдай уақыт өтіпті. Кезінде бұл мектептен тұңғыш алтын медаль иегері болған Дүйсенбаев Баймұханбет қазір физика ғылымының кандидаты, Ақтау қаласында көлік және коммуникация академиясының директоры, екіншісі педагогика ғылымының докторы, информатика саласының Қазақстан Республикасы бойынша бірінші қорғаған адам, қазір Білім және Ғылым министрлігінің орта білім жөніндегі департаментінің төрағасының орынбасары Қараев Жауынбай.

Кейіннен бұл мектеп кішірейіп, орталау мектепке айналған, осы жағдай оның базасына көп әсерін тигізді. Көп нәрселер басқа мектепке әкетілді, базасы кедейленіп қалды. Соңғы 1977 жылдан бастап мектепке базистік дүкендерден еш нәрсе келмеді. Мебельдер тозған, көрнекілік те ескірген. Аудан әкімі Б.Әзірхановтың тікелей араласуымен бұл мектепке бұрын «Корвет» компьютері келсе, осы жаңа оқу жылында жана компьютер келіп орнатылды. Мұндай шалғай ауылдағы мектепке қамқорлық жасап отырған аудан әкіміне халық дән риза. Өздері оқып, білім алып бітірген мектебін есіне алып, оған қамқорлық жасап жүрген кешегі шәкірт, бүгінгі белсенді азаматтар да бар. Екі жылдықта жеке кәсіпкер Иса Қараев мектепке шыны (терезе көздерін) алып берді. Оған бүкіл мұғалімдер ұжымы, Тұрыш тұрғындары рахметін айтты. Қазіргі заман, аумалы-төкпелі заман, өз қалтасынан ақша шығарып, көмектесу деген екінің бірінің қолынан келмейді. Осы мектептен бітірген азаматтар көп. Сегіз жылдық Сам орта мектебін ен бірінші бітіргендер – Онайбай Машырықов, Асқар Түгелбаев, Қонарбай Қилыбаев, Аманжол Шамшадинов, Есқуат Еңсегенов, Сұлтан Жаңбыров, Көшбай Оспанов, Қуан Байбосынов, т.б. болды. Ал, орта мектепті бірінші бітіргендер – Еркінбек Оразбаев, Төлебек Тұрарбеков, Аманғали Шамшадинов, Жұмабек Ережепов, т.б. азаматтар. Бұлардың барлығы не үшін айтылып отыр? Алда 2001 жылы мектепке 40 жыл толады. Осы 40 жылдық мерекесін өздері оқыған мектепте атап өтіп, оны бір көтеріп тастау – өз қолдарында, «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген. Әрине, аудан әкімі Б.Әзірханов білім мәселесіне, білім ордаларының жағдайының жақсаруына жыл сайын ат салысып, жоқтан жонып, көмектесіп келеді. Жалғыз адамнан гөрі көптің жан-жағынан қолдағаны тәуір ғой. Бұл мектептен ұшқан түлектердің әрқайсысын атап отыру мүмкін емес, біз тек кейбір ел алдында өзінің іскерлігімен танылып жүрген азаматтарды әңгіме етіп отырмыз. Биылғы жылдың мамыр айында осы Сам мектебінде бітіргендеріне 20 жыл болған түлектердің кездесуі болды. Кездесу айтарлықтай жақсы етті. «Соңғы қонырау» мерекесіне дәл келді. Кездесуге келген азаматтар атынан аудандық ауылшаруашылығы басқармасының бастығы Қайнарбай Байбатыров мектеп директорының бөлмесін жөндеуден өткізіп беруді уәде еткен-ді. Уәдені айту бар да орындау бар. Бұл азамат сөзінде тұрып, бөлмені күрделі жөндеуден өткізіп берді. Рахметімізді айтамыз.

Азаматтарға айтарымыз, әрине, қайта мектеп салып бер деп айтпаймыз, қол ұштарын тигізсе екен дегіміз келеді. Осы мектепте оқыған Қама Қойтанова, Мырза Қырымқұлов, Бекберген Қылишаевтар аудандағы белді, белгілі азаматтар. Осы мақаладан кейін басқа да айтылмай қалған азаматтар да өздері ойланып, үндеу көтеріп, мектептің әрбір кабинетіне бола ма, әйтеуір өз үлесін қосып жатса, ел есінде қалар еді, мектеп тарихына жазылар ма еді.

Қама апайға мектеп демеушілік көрсетіп, қасындағы бір-екі бөлмесін беріп, қамқорлық жасап отыр. Енді апайдың демеушілік көмегін мектеп күтеді. Жағдайдың бәріне түсінеміз, әркім әлі жеткенінше. Бұл мақала жалғасын табады деп сенеміз.

«Рауан», 2000 ж.

ЗАМАНДАСТАР ЛЕБІЗІ

Ж. ҚАРАБАЛАҰЛЫ

АБЗАЛ АЗАМАТ ЕДІ

Маңғыстауда ел есінде қалған тұлғалар көптеп саналады. Олардың есімдері құрметтеліп те жатыр. Солардың бірі – Екібаев Жанбоз.

Ол 1932 жылы 19 қаңтарда Маңғыстау ауданының Таушық кентінде туған.

1939-40 оқу жылында бірінші класқа келіп, 1949 жылы оныншы сыныпты бітірген. Шахта орта мектебінің алғашқы түлектерінің бірі. Оқуды үздік оқып, алдыңғы қатарда болғаны үшін Сталиндік сыйлық берілген. Отбасы жағдайына байланысты сол жылы жоғарғы оқуға бара алмаған.

1949-1950 оқу жылынан бастап Тұщықұдық жетіжылдық мектебінде физика және математикадан сабақ берген.

1950-1951 оқу жылында Қоңырорпа жетіжылдық мектебінде физика, химия пәнінен және 3-класты оқытқан. Ал, 1951-1952 оқу жылында Шахта орта мектебінде физика және математикадан 10 қазанға дейін сабақ беріп, армия қатарына аттанған. Армия қатарында запастағы офицер мектебінде оқып, оны толық бітіріп, кіші лейтенант атағымен 1953 жылы 31 қазанда ауылға келді.

1953-1954 оқу жылының екінші жартысынан бастап Куйбышев орта мектебінде физика және математикадан сабақ берген.

1954 жылы Гурьевтегі мұғалімдер институтына сырттай түсіп, 1960 жылы бітіріп шыққан.

1954-1960 жылдарында Ленин атындағы мектепте, содан кейін Сталин атындағы орта мектепте физика және математикадан сабақ берген. Ал, 1960 жылы Үстірттегі Сам мектебіне оқу ісінің меңгерушісі етіп жіберген.

1963 жылы мектеп директоры болды.

Сам өңірінде өзі басшы бола жүріп, алғашқы орта мектепті 1966-1967 оқу жылында аштырды. Ғұмырының көп бөлігін осы мектепті көркейтуге, жан-жақты жетілдіруге жұмсады. Қиян шеттегі мектепті Республикадағы ең озат үлгі тірек мектебі дәрежесіне көтеріп, тер төкті. Еңбектері бағаланбай қалған жоқ.

1965 жылы «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері» белгісімен, 1966 жылы «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен, 1976 жылы «Құрмет белгісі» орденімен наградталды.

Жәкең адамгершілік қасиеті зор, сабыры мен парасаты мол адам болатын. Қашан да кез келген азаматқа жақсылық жасауға құлшынып тұратын жанашыр жан еді. Одан үлгі аларлық жақсы қырлары көп еді. Сондықтан ол кісіні замандастары, ауыл азаматтары, іні-қарындастары құрметтейтін.

Денсаулығына байланысты мектеп директорлығын 1977 жылы өз өтініші бойынша тапсырды. Одан кейінгі жылдарда аудандық мәдениет бөлімінде автоклуб меңгерушісі болып жұмыс атқарды. Денсаулығының ақаулығына қарамастан, әсіресе, малшы ауылдар арасында тынымсыз еңбек етті. Аудандық, облыстық автоклуб қызметкерлерінің конкурстарының жүлдегері атанды.

Осы еңбектері бағаланып, 1983 жылы Қазақ ССР-і мәдениет қызметкерлерінің кәсіподағы Республикалық комитетінің Құрмет Дипломымен наградталды. Автоклуб меңгерушілігін 1984 жылдың наурызына дейін атқарды.

Марқұм 1984 жылдың 20-маусымында қайтыс болды.

Жалпы Сам өңірінде көптеген азаматтар Жәкеңнің тәрбиесін алып, қазіргі таңда Республикамыздың түкпір-түкпірінде жақсы қызметтер атқарып жүр. Облыс, аудан көлемінде көптеген шәкірттері әртүрлі шаруашылық кәсіпорындарында тамаша еңбектің үлгісін көрсетуде. Жәкеңнің ұланғайыр ұстаздық еңбегі уақытында бағаланды да.

Бірақ, әлі де ұрпақтары, шәкірттері, ізінде келе жатқан інілері, қарындастары көңілінде аудан орталығынан бір көшеге атын берсе деген тілектері бар.

«Рауан», 08.12.2005 ж.

ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗ

ЫБЫРАЙ ЮСУПОВ

Сам өңірінің білім саласында қызмет жасаған ұстаздарды еске алғанда, әрине, алғашқылардың бірі болып Екібаев Жанбоздың еске түсері анық. Ол Маңғыстауда ел есінде қалған ерен еңбегімен болашақ ұрпақ үшін тер төккен, жазда қи, тезек, қоян сүйек тасып, киын кезеңде сонау 1966-67 жылдары орта мектеп ашып, қысқа ғұмырының негізгі бөлігін осы мектепті көркейтуге жұмсаған адам еді. Аудан орталығы Шетпеден 500 шақырымдағы, қиян шеттегі мектепті республикада ең озат, үлгілі мектеп дәрежесіне көтерген, табиғатында еңбек десе ішкен асын жерге қоятын, білім саласының қиын да қызықты ғұмырына шыдай білген, тәрбие мәселесіне жете көңіл бөлген қайталанбас тұлға еді ол.

Жанбоз Екібаев орта бойлы, биязы мінезді, жұмысына тиянақты, әрі шебер ұйымдастырушы. Оның өміріне көз жүгіртсек, ол 1932 жылы 19 қаңтарда Маңғыстау ауданының Таушық кентінде кедей жанұяда дүниеге келген. Әкесі Өтеғұлов Екібай 1872 жылы туған. Кеңестік кезеңде колхозшы боп жұмыс жасап, 1953 жылы өмірден озған.

Жәкең 1939-40 оқу жылында бірінші сыныпқа келіп, 1949 жылы оныншы сыныпты Шахта орта мектебінен алғашқы 14 түлектің бірі болып бітірген. Мектеп табалдырығын аттағаннан бастап үздік оқып, қоғамдық жұмыстарға белсене араласқан. Отбасының жағдайына байланысты жоғарғы оқу орнына бара алмаған Жанбозды аудандық оқу бөлімі математика пәнінен ерекше жетістіктерін ескере отырып, Тұщықұдық жетіжылдық мектебіне физика-математика пәнінен сабақ беруге жұмсаған. Талантты жас жігіт 1950 жылы бұрынғы Гурьев, қазіргі Атырау қаласындағы педагогика институтының физика-математика факультетінің математика бөліміне өзінің ұстазы Шоңқалов Торғаймен бірге оқуға түседі. Еңбектен қол үзбей оқып жүрген Жанбозды әскер қатарына шақырады. Кіші лейтенант атағын алып, елге оралған ол жоғарыдағы институтты 1960 жылы бітіріп шығады.

Баласы Байбол былай еске алады: – Әкем айтып еді «Сол жылы ұстазым Шоңқалов Торғай да математика факультетіне сырттай емтихан тапсырды. Емтихан алушы мұғалім тақтаға емтихан есептерін жазып болғаннан кейін, талапкерлердің алды жазба жұмыстарын тапсыра бастады. Соның алғашқысы болып мен де тапсырдым. Сонда Торғай ағайым: – Пәлі, Жанбоз да тапсырып жатыр ма? – деп таңданғанын жасыра алмады. Мен осы әсерлі әңгімеден кейін әкемнен: – Сонда, Шоңқаловтан да мықты математик болдың ба? – деп сұрадым. – Балам, Маңғыстауда Шоңқаловтай математик жоқ қой. Ия, жоқ! – деп жауап берген болатын.

Иә, ұлылар бірін-бірі осылай бағаласа керек. Қаму Омарұлы 2005 жылғы «Маңғыстау» газетіндегі мақаласында өзінің сүйікті ұстазы туралы жазады: «Біз Тұщықұдық жетіжылдық мектебінде алтыншы сыныпты бастаған кезде физика және математикадан 1949 жылы Шахта орта мектебін бітірген Екібаев Жанбоз атты бозбала жігіттің математикадан дәріс беретінін естіп, едәуір таңырқасып қалғанымыз бар. Өзі жап-жас, біздерден 4-5 жас үлкен, сабақ басталды. Қоңырау соғылды, сыныпқа қою қара шашын шалқайта қайырған, орта бойлы, қараторы жігіт енді. Ернін жымыра қысып, жымия күліп, жан-жағына байыппен қарайды. Дауыс көтеріп ұрыспайды. Бірақ, сол жігіттің әрбір сөзі, түсінігі біздің көкейімізге шым-шымдап сіңе берді, ұялай берді.

1954 жылдың март айында біз 10-сыныпта геометрияны қайталап жатқанымызда, шешуі қиын есеп болды. Өте күрделі, бірнеше жолдармен шығатын. Біздің сыныпта Мамбетбаев Жаңағұл деген жолдасымыз нағыз сегіз қырлы, бір сырлы жасөспірім болатын. Сол жолдасымыздың ұйымдастыруымен жоғарыдағы есепті республика көлеміне белгілі Маңғыстау өңірінің атақты математигі Шоңқалов Торғайға, жоғары білімді Кенжеғалиева деген математик апайға және өте жас ағайымыз Екібаев Жанбозға Шахта орта мектебінің өте кең де ұзын дәлізінде ұсынғанымыз бар. Екі сабақтан кейінгі ұзақ үзілісте, міне, қызық, үшеуі де бір мезгілде шығарып үлгерді. Жауаптары дұрыс, тек шығаруы әртүрлі. Сонда жас ағайымыз Жанбоздың тәжірибесі аз болса да математиканы терең меңгерген маман екенін көріп, таңданғанымыз бар».

Жәкең 1955-58 оқу жылдарында Ленин атындағы орта мектепте, содан кейін Сталин атындағы орта мектепте физика-математикадан сабақ берген. Ал, 1960 жылы Үстірттегі Сам мектебіне оқу ісінің меңгерушісі етіп жіберілген. Сам өңіріндегі 1966-67 оқу жылында ашылған орта мектептің алғашқы директоры осы Екібаев болған. Жәкең басқарған педагогикалық ұжым сол кездері қаншама табыстарға қол жеткізген!.. Жәкеңнің үзеңгілес інілері Балов Бақыт, Ережепов Пермебайлардың айтуы бойынша «Маңғыстаудың атақты математиктері Торғай Шоңқалов пен Ж.Екібаев оқытқан шәкірттерді институтқа қиналмай қабылдауға болады» деген әңгіменің өзін қабылдау комиссиясының мүшелерінің айтуы екі талантты математикке берген жоғарғы баға емес пе?

Сонау қиян шетте жатқан Сам орта мектебінің көрнекілік құралдарының көбеюіне, техникалық базаның нығаюына, аудандық олимпиадада әртүрлі пәннен жетістіктерге жетуге Жәкеңнің үзеңгілес інілері Рзаев Жеткізген, Есбосынов Жұлдызбай, Ережепов Пермебай, Дәулетбаев Сейілхан, Балов Бақыт, Сәмешова Әсима, т.б. мұғалімдердің еңбектері ерекше (аталмай қалған мұғалімдер болса, кешірім өтінемін).

Ұжымның үлкен жемісі – аудан көлемінде алғаш рет Дүйсенбаев Абыланның «Алтын медальға» ие болуы. Бұл азамат қазіргі кезде республикамызға белгілі жоғарғы оқу орнын басқарып отырған Маңғыстау өңірінің беделді азаматы. Ғалым, адамгершілігі мол, зиялы қауымның бел ортасында жүрген халқының сүйікті ұлы десек жаңылыспайтын болармыз. Екібаев Жанбоз алдынан талай жүздеген оқушылар білім алып, қазіргі таңда аудан, облыс, республика көлемінде қызмет етіп жатыр. Мысалы, халық жазушысы, Парламент Сенатының депутаты Әбіш Кекілбаев осы кісінің шәкірті десек артық емес, себебі ұлы жазушының жоғарғы оқу орнына барып, білім алуына түрткі болған екі кісі болса, соның бірі Екібаев Жанбоз, екіншісі өз ағасы Мұқыр болатын. Сол сияқты бірнеше рет Парламент депутаты болған Ережепов Қайролла да осы кісіден білім алған. Сам орта мектебінен екі бірдей физика-математика ғылымдарының докторы шыққан. Олар: Қараев Жауынбай және Дүйсенбаев Баймұханбет. Сам өңірінде алғашқы орта мектепті бітірген түлектерге 2007 жылы 40 жыл болады. Сол түлектер қазіргі таңда аудан, облыс, республика көлемінде қызмет етіп жүр. Олар Шамшадинов Аманғали, Оразбаев Еркінбек, Ережепов Жұмабек, Тұрарбеков Төребек, Әжібаев Айтжан және сол мектептен әр жылдары білім алған аудан әкімінің орынбасары Әбілшеев Қойшығұл, салық комитетінің төрағасы Қосмағанбетов Сәбидолла, «Сүйіндік» ЖШС бастығы Амандықов Бердібек, «Раушан» ЖШС төрайымы Қойтанова Қама, ауданымыздың білім саласында еңбек етіп жүрген Сынабаев Құрмаш, Азанов Әлімбай, Оразаев Жолан, ағайынды Тақабаевтар, Бердіханов Тұралыхан, Маденов Орынбасар, Шығанбаев Өтес, аудандық сот төрағасы Мырзабеков Бердібек, мәслихат хатшысы Қырықұлов Мырза, т.б. ауданның көркеюіне, экономикасының дамуына үлес қосуда. Ғұмырының негізгі бөлігін «Сам» орта мектебін көркейтуге, жан-жақты жетілдіруге жұмсаған Жәкең алыста жатқан мектепті республикадағы ең озат мектеп дәрежесіне көтеріп, тер төкті. Еңбектері бағаланбай қалған жоқ. 1965 жылы «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері» белгісімен, 1966 жылы «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен, 1976 жылы «Құрмет белгісі» орденімен наградталды. Жәкеңнің адамгершілігі мол, парасатты адам болғанын қазіргі замандастары мақтанышпен айтады. Ел азаматы үшін одан артық сыйлық, одан артық мақтаныш бар ма?!

Екібаев Жанбоз 1984 жылдың 20 маусымында қайтыс болды. Зайыбы Екібаева Сүткенже – технология пәнінен сабақ берген ұстаз. Қазақтың ұлттық қолөнерін дамытуға үлкен үлес қосқан қолөнер шебері. Баласы Байбол, қызы Гүлсім – әке жолын қуған мұғалім. Келіні Ерғалиева Күрең алты бала тәрбиелеп өсірген ана, ұстаз. Қиын-қыстау кезеңде мектепті басқарып, аудан, облыс, республика көлеміндегі белгілі азаматтарды тәрбиелеген, ұрпақ тәрбиесіне білімі мен білігін, қайраты мен жігерін, барлық негізгі ғұмырын білім саласының дамуына үлесін қосқан аяулы азамат Жанбоз Екібаевты есте қалдыруға қандай құрмет көрсетсе де артық емес. Ұлағатты ұстаздың 75 жылдығы тұсында осындай шаралар ескеріліп жатса, азаматқа деген үлкен құрмет болар еді.

Әрине, шағын мақалада ұстаз бейнесін толық ашу мүмкін емес. Сондықтан алдағы уақытта да ол туралы мақалалар жазыла жатар.

(Мақала баласы Б. Екібаевтың айтуы бойынша жазылды).

«Рауан», 08.02. 2007 ж.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙