Алты томдық шығармалар жинағы. І том
Ахмет Байтұрсынұлы
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Ахмет Байтұрсынұлының алты томдық шығармалар жинағының кіріспесі профессор Айгүл Ісімақованың талдау мақаласынан басталады. Әрі қарай «Қырық мысал» және «Маса» жинақтары берілген. Екінші томда ағартушының қазақтың көзін ашу мақсатымен жазған оқулықтары туралы, соның ішінде Телжан Шонанұлымен бірл...
Ахмет Байтұрсынұлы. Алты томдық шығармалар жинағы. І том
Мемлекет және қоғам қайраткері, ақын, қазақ тіл білімі мен әдебиеттануының реформаторы
Халқымыздың біртуар перзенті, ұлт-азаттық қозғалыстың көсемі, «Алаш» партиясы мен «Алашорда» ұлттық кеңесінің, «Алашорда» үкіметінің негізін қалаушы мемлекет және қоғам қайраткері, түркітанушы, қазақ тілі мен әдебиеттанудың негізін қалаушы лингвист, ақын, мысалшы, «Қазақ» газетінің ұйымдастырушысы әрі шығарушысы, бас сарапшы, сталиндік қуғын-сүргіннің құрбаны Ахмет Байтұрсынұлы 1872 жылы 5-қыркүйекте1 қазіргі Қостанай облысы, Торғай өңірі Сарытүбекте дүниеге келген. А.Байтұрсынұлының қазақ елінің тарихында зор бетбұрыс жасаған ұлы өзгерістердің ұйытқысы болғаны баршаға мәлім. Ұлттың ұлы ұстазының жан-жақты қоғамдық-саяси қызметі мен еліміз тарихында алатын орнын көрсету тарихшылар еңбектерінде оң шешімін тапқан. Солардың ішінен академик М.Қозыбаевтың «Ахмет Байтұрсынұлы – ХХ ғасырдың ұлы реформаторы», «Ғасыр қасіретін арқалаған арыстар»2, жазушы Әбіш Кекілбаевтың «Ұлт ұстазы», «Ұстаз ұлағаты»,3 тарих ғылымдарының докторы, профессор М.Қойгелдиевтің «Алаш қозғалысы», «Саяси элита және ұлт мүддесі», «Ахаңдар аялаған азаттық рухы»4 атты ғылыми зерттеулерін ерекше атап өту қажет. Қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы Алаш партиясының жетекшілерінің бірі болып, Қазақ елінің тәуелсіз мемлекеттігі үшін саяси күресте шыныққан тарихи тұлға. 1919 жылы Қазақ революциялық комитетіне мүше болып тағайындалды яғни Кеңес өкіметі кезінде де жоғары қызметтер атқарды: Қазақстан Халық Ағарту Комиссариаты жанындағы Ғылыми-әдеби Комиссияның төрағасы, халық ағарту комиссары, Бүкілодақтық Орталық Атқару Комитетінің мүшесі, Қазақстан халық комиссариаты Академиялық орталығының жетекшісі, Алматы, Ташкент жоғары оқу орындарының профессоры болды. А.Байтұрсынұлының жары Бадрисафаның шын аты – Александра. ҚазССР Жоғарғы Сотының 25/06.1990 жылғы №12/118 «Ақтау туралы анықтамасына» сүйенсек, Бадрисафа 1878 жылы Орал өңірінде туған. Оның Бадрисафа аталуына онымен некелескенде, Ахмет Байтұрсынұлының жарына мұсылманша есім таңдап алуы себеп болса керек. Ілияс Байтұрсын «Алтын бесік» (Қостанай, 1998) атты кітабында Бадрисафаны Ахметтің туыстары «Ақ келін» деп атағанын еске түсіріп, бұл атауға оның алтын мінезі толық сәйкес келгеніне тоқтала келіп: «Ведь «бадрун» в переводе с арабского означает «полная луна», а «сафа» «кристально чистая», – деп жазады. Алты Алаштың ардақтысының Қарқаралыда атқарған қоғамдық қызметі туралы толық мәліметтермен тарихшы М.Құлмұхамедтің «Алаш ардагері. Жақып Ақбаев»5 атты еңбегінен танысуға болады. Кітапта: «Байтұрсынұлы 1909 жылғы 1 шілдеде тұтқынға алынып, түрмеге қамалды», – деп жазылып, бұл мағлұмат: «А.Байтұрсынұлының зайыбы Бәдрисафа Байтұрсынұлына Дала генерал-губернаторына телеграмма салып, онда А.Байтұрсынұлының Қарқаралыда қамауға алынып, Семейге жөнелтілгенін, түрмеде отырғанын хабарлаған. Ол А.Байтұрсынұлы жөнінде партиялық негізде қазақтар жалған айып тақты деп санаған еді. «Енді күйеуіме қырғыздарды өкімет орындарына бағынбауға итермеледі деген айып тағылып отыр дейді. Осындай ауыр айып тағылғанына қарамастан, тергеу осы кезге дейін жүргізуге кірісілген жоқ» (ҚР ОММ, 64-қ., 5832-іс, 51-52-п.). Ол тергеу жүргізудің тездетілуін, ал, егер оған негіз жоқ болса, оны қамаудан босатуды сұраған. Алайда телеграммаға: «Босату туралы өтініш қабылданбасын», – деген бұрыштама соғылды»6, – деп толықтырылған.А.Байтұрсынұлының:«Қош, сау бол, Қа... жуылмаған, Айдай бер, қалса адамың, қуылмаған», – деп басталатын өлеңі ақын-азамат өмірінің осы кезеңінен хабар береді. Аталған кітапта: «Алашорда қайраткерлері халықтардың өзін өзі билеу құқығын жариялап қана қоймай, сонымен бірге Түркістан автономиялы республикасын құрып, РКФСР Ұлт істері жөніндегі халық комиссариаты жанынан қазақ бөлімін ашқан Кеңес өкіметі жағына көз тікті. Байтұрсынұлы Кеңес өкіметі жағына шығып, Қазақ әскери-революциялық комитеті мүшелерінің бірі болды. Ол Алашорда қайраткерлерін кеңес құрылысына тарту жөнінде белсенді қызмет жүргізді. Алашорда бағдарламасын іске асырудың басқа жолы болмағандықтан, ол оны кеңестік автономия арқылы жүзеге асыруға болады деп санады»7, – деп жазылған. А.Байтұрсынұлы, қандай қиын-қыстау жағдайға тап болса да, ұлт мүддесін, серіктестерін ешқашан сатпағанын, адамгершілік-азаматтық бағытынан қылдай ауытқымағанын, Қазақ өлкесі Әскери-революциялық кеңесінің қазақ халқын біріктіру және оны Кеңес өкіметі жағына тарту туралы мәселені қараған 1919 жылғы 27 қазанда өткен мәжілісінде сөйлеген сөзі арқылы тағы да бір рет дәлелдеді. Осы мәжілістің хаттамалық жазбасында кездесетін: «Байтұрсынұлы жолдас мыналарды ұсынды: 1) Қырғыз ревкомы қырғыздарға кеңес өкіметінің қырғыз халқына жалған емес, шын мәнінде автономиялық өзін өзі басқаруды бергенін айқын көруі үшін дербес іс-қимыл көрсететін болсын; 2) барлық қырғыздарға, соның ішінде ақтар жағында Кеңес өкіметіне қарсы күресіп жүрген Торғай және Орал алашордашыларына Кеңес өкіметі жағына өткен жағдайда кешірім жариялансын және 3) жергілікті жерлерде Кеңес өкіметі халық сенімін қамтамасыз ететін мейлінше ақылға қонымды іс-әрекет жасауға және сол арқылы ақтар жағында жүрген және Кеңес өкіметіне сенбестікпен қарайтын адамдардың Кеңес өкіметі жағына өтуіне жәрдемдесуге шаралар қолданатын болсын»8 деген жолдар осының айқын айғағы. Жалынды да ойлы көсем сөз шебері, баспагер әрі ұйымдастырушы А.Байтұрсынұлы «Қазақ» газетін осы тұрғыдан пайдалануды ұсынып, бұл басылымның алдына қойған мақсатын «халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп тап басып көрсетті. Бас редактор ретінде ол сол кездегі білімді, зерделі азаматтардың басын қосып, оқу-ағарту, ұлт, жер мәселелерін батыл көтерді. Бұл газеттің қазақ ұлты тарихында алатын орны қандай? деген сауалға жауап іздесек, М.Әуезовтің 1923 жылғы лебізі ойға оралады:«Қазақ» газетінің сүтін еміп өскен бір буын осы күнде пікір-білім жолында бұғанасы бекіп, іс майданына шығып отырса, кейінгі жас буын Ақаң салған өрнекті біліп, Ақаң ашқан мектепті оқып шыққалы табалдырығын жаңа аттап, ішіне жаңа кіріп жатыр. Ақаңның бұл істеген қызметі – қазақтың ұзын-ырға тарихымен жалғасып кететін қызмет, істеген ісімен өзіне орнатылған ескерткіш – мәңгілік ескерткіш. …Қазақтың еңкейген кәрі, еңбектеген жасына түгелімен ой түсіріп, өлім ұйқысынан оятып, жансыз денесіне қан жүгіртіп, күзгі таңның салқын желіндей ширықтырған, етек-жеңін жиғызған «Қазақ» газеті болатын. Ол газеттің жаны кім еді? Ішіндегі қажымайтын қайрат, кемімейтін екпін кімнің екпіні еді? Ол екпін, ұйықтаған қазақты айқайлап оятуға заман ерік бермеген соң, маса болып қалай ызыңдап оятамын деп, ұзақ бейнетті мойнына міндет қылып алған Ақаңның екпіні болатын»9. Осы орайда белгілі ғалым, тарих ғылымының докторы К.Нұрпейіс былай дейді: «Міржақыптың «Оян, қазағындағы», Ахметтің «Масасындағы» ұлттық намысты қайрау, халық санасын ояту идеялары «Қазақтың» беттерінде нақтыландыра, өткірлендіріле түсті. Осы арқылы олар халық арасында отарлық езгіге қарсы саяси хал-ахуалды қалыптастырды»10. Халқымызды жарқын болашаққа бастауда бар ғұмырын арнаған Ақаңның есімі тек ХХ ғасырдың соңында ғана өз елімен қайта қауышты. 1988 жылдың 4 қарашасында Қазақ ССР Жоғарғы соты А.Байтұрсынұлының қылмысы жоқ деген шешім қабылдап, оның ақталуына жол ашты. ҚКП Орталық Комитетінің «М.Жұмабаевтың, А.Байтұр-сынұлының және Ж.Аймауытовтың творчестволық мұрасы туралы» (1988) қаулысы қазақ елінің рухани өміріне үлкен серпіліс әкелді. Бұл есімдерді бұрын естімеген біздің ұрпаққа көп кешікпей осы тізімді жалғастырып ақталған Ш.Құдайбердиев, Ә.Бөкейханов, С.Сәдуақасов, М.Дулатов, Ж.Ақбаев, Қ.Кемеңгерұлы, Ғ.Қарашев, Х.Досмағамбетұлы, М.Тынышбаев, т.б. қайта басылып шыққан кітаптарындағы тұжырымдылық пен дәлдік, мазмұндылық, көркемдік пен шеберлік әсер етті. Ұлт ғылымын, мәдениетін, әдебиетін жаңа, биік деңгейге көтерген осынау буынның Темірқазығына айналған тұлға Абай екені олардың арнайы мақалаларынан байқалады. Бұл классикалық мұраны мойындап, оны түсінуге және әрі қарай дамытуға ұмтылыс еді. А.Байтұрсынұлы реформаторлық тұрғыдан мақаласының атына өзекті, өзінің замандастары ғана емес, бүгінгі ХХІ ғасырда мойындалып отырған тұжырым қояды яғни Абайдың «Қазақтың бас ақыны» екенін өзге жұртқа да, өзімізге де жете ұғындырады. Осы зерттеуінде классикалық мұраның кейінгі қазақ әдебиетіндегі орнын нақтылап берді. Бүгінгі абайтанушыларға сара жол нұсқап, Абай шығармашылығының өзіндік ерекшеліктерін, терең ғылыми негізге сүйене отырып, тұңғыш рет ашып көрсетті: «Сөзі аз, мағынасы көп, терең… Не нәрсе жайынан жазса да, Абай түбірін, тамырын, ішкі сырын, қасиетін қармап жазады. Нәрсенің сырын, қасиетін біліп жазған соң, сөзінің бәрі де халыққа тіреліп, оқушылардың біліміне сын болып, емтихан болып табылады». Мақалада А.Байтұрсынұлы сонау 1913 жылда-ақ «шығармашылық» категориясы ұғымына нақты теориялық анықтама берді: «Сөз жазатын адам әрі жазушы, әрі сыншы боларға керек. Сөздің шырайлы, ажарлы болуына ойдың шеберлігі керек. Ұнамды, орынды, дәмді болуына сыншылдық керек. Мағыналы, маңызды болуына білім керек. Абайда осы үшеуі де болған», – деді деген ой қорытындысын жасайды. Демек, қазақ әдебиеттануында Абайтанудың берік іргетасы қаланды. «Хақиқатты тануға, тереңнен сөйлеуге бойына біткен зеректіктің үстіне Абай әр түрлі Европа білім иелерінің кітаптарын көп оқыған... Сондықтан Абайдың терең пікірлі сөздерін қарапайым жұрттың көбі ұға алмай, ауырсынады. …Тіпті,«Осының мағынасы не?» деп сұрағандары да бар. Сол өлеңді алып қарасақ, айтылған пікірде, айтуында еш кемшілік жоқ. Түсіне алмаса, ол кемшілік оқушыда... Түсінбесе, ол Абайдың үздік, ілгері кетіп, оқушылары шаңына ере алмағанын көрсетеді. Абайды тегіс танып, тегіс білуі керек», – деп түйіндеген А.Байтұрсынұлы ойларын өсиет етіп ұсынып қана қоймай, шығармашылығы арқылы іске асырды. Оған «Қырық мысал» мен «Маса» жинақтары айғақ. Бұл суреткерлік көзқарастың А.Байтұрсынұлы стиліне тікелей әсер еткенін М.Әуезов пен Ж.Аймауытовтың «Абай» журналының 1918 жылғы 5-санында «Екеу» деген бүркеншік есіммен жарияланған «Абайдан соңғы ақындар» атты мақаласында қазақтың бас ақынынан кейінгі орынға қоюға болатын тоғыз ақынның есімін атап, оларды үш жікке бөлуінен аңғарамыз: «Екінші жіктің өлеңшілері – А.Байтұрсынұлы, С.Дөнентаев, Шаһкәрім, Б.Өтетілеуов. Бұлардың өлеңінің сырты төгілген, сұлу, тілі кестелі, анық, халықтың ұғымына, оқуына жеңіл, тәтті. Бұлардың өлеңінің сезім мен тәрбие-әсері аз, ақылға азығы бар. Бұлар – халықшыл (народник) ақындар. Ана ақындардан бұлардың сөзінің халыққа бір атасы жақын тұрады». Яғни: «Ойына сөзі дәл, тілге жайлы, көркем, халықтың керегіне, кемшілігіне ғана арналған өлеңдер А.Байтұрсынұлынікі. Ахмет өлеңдерін ақындық еркі билеп, қиял ермегі айдап шығармайды. Ойды оятуға, миды сергітуге, мұңлы, мұқтаж, терең мақсат түртіп шығарады. Біресе ызамен зекіп айтып, біресе зарланып, шермен айтып, біресе ақыл қылып, сипап айтып, не қылса, халықтың көзін ашпақ. Өлеңінде толғанған ой, толқыған шердің көп ізі бар, бірақ бұған қарап, қиялы шалқып, шарықтап кетпейді. Ылғи халықтың нәзіктенбеген сезімімен, жетілмеген ұғымымен есептесіп отырады. Ахметтің көзге түсерлік бір өнері – переводқа шеберлігі»11, – деп, ақынның жазу тәсілінің мазмұндылық түрін атап айтады. Орыс әдебиетімен етене таныс А.Байтұрсынұлының мысал жанрына көңіл бөлуі де тегін емес еді. Мысал жанрының шағын көлемді туындылары арқылы маңызды ойлар айта білудің, оны астарлап сөйлетудің мүмкіншілігі зор екендігін жете сезінген А.Байтұрсынұлы әлеуметтік ортаға ықпал ету үшін «Қырық мысал» жинағын 1909 жылы Петерборда жариялайды. Бұл кітапқа енген мысалдар көлемімен де, сюжеттік дамуымен де өзге сөз зергерлері туындыларынан дараланып тұрғаны айқын. Жоғарыда атап өткеніміздей, зерттеушілердің айтуы бойынша бұл мысал жанрындағы негізгі заңдылықтардың бірі: бұрыннан белгілі сарынның негізінде дүниеге келген мысал сол автордың шеберлігінің арқасында төл туынды болып кете беруі түсінікті жай. Оған дәлел – Эзоп, Федр, Лафонтен, Крылов мысалдарына арқау болған сюжеттік жүйенің ортақтығы. Атап айтқанда, А.Байтұрсынұлы мысалдарында халықаралық сюжеттік жүйенің мазмұны қазақ өміріне бейімделінген, сол кездегі қазақ қоғамының саяси-әлеуметтік сұранысына қажетті ойлармен толықтырылып тұр. Крылов шығармаларындағы 10 тармақты «Шымшық пен көгершін» атты мысалды А.Байтұрсынұлы 32 жолға дейін ұлғайтып, мүлдем басқа туынды деңгейіне көтереді. Ақын қосқан ойлары арқылы бұл мысалды қазақтың төлтума рухани мұрасына айналдырды. Мұндай ерекшелік «Өзен мен қара су» мысалына да тән:
…Меңзеймін қара суды, қазақ, саған,
Талпынбай талап ойлап, қарап жатқан.
Барады қатар жұрттың бәрі озып,
Ілгері жылжымайсың жалғыз аттам.
Оянып, жан-жағыңа сал көзіңді,
Түбіңе жетпей қалмас қамсыз жатқан.
Өткізіп уақытты өкінерсің,
Пәледен, басқа келмей, деймін сақтан.
Қазағым, сал құлағың нақылыма,
Түсініп айтқан достық ақылыма.
Сөз емес еріккенде ермек еткен,
Айтамын жаным ашып жақыныма.
Қозғалмай бұл күйіңмен жата берсең,
Боларсың қара судай ақырында.
ХХ ғасырдың басындағы қазақ зиялылары мен жақсы-жайсаңдарының ел қамы үшін белсенді саяси әрекетке баруына түрткі жасау мақсатын «Малшы мен Маса» мысалында былайша нақтылай түседі:
…Мысалы, қазақ – малшы ұйықтап жатқан,
Жыланды пәле делік аңдып баққан.
Пәленің түрін көретін мен – Сарымаса,
Халықты оянсын деп сөзбен шаққан.
Ойлаймын: «Осы сөз де жетеді,– деп,
Ұйқысы ашылмаған жұрт өзімді
Қорқамын Сары масадай етеді деп.
ҚР ҰҒА-ның академигі, профессор Р.Нұрғалиевтің «Ақ жол» жинағының алғы сөзінде қазақ ақын-жазушылары мысалдарының ерекшеліктерін: «Абай аудармалары Крылов түпнұсқасымен көбіне-көп дәлме-дәл келеді. Спандияр Көбеев 8 мысалды қара сөзбен баяндаған. Ал, А.Байтұрсынұлы аудармаларында сюжет сақталғанмен, жаңа ойлар айтылады... Крыловтың он жолдық» Шымшық пен Көгершін» мысалы А.Байтұрсынұлы аудармасында отыз екі жолдан тұратын жаңа шығарма, «Өгіз бен Бақа» орысшада – 17, қазақшада – 36 жол, «Қасқыр мен Тырна» орысшада 19, қазақшада - 76 жол, «Арыстан, Киік һәм Түлкі» орысшада – 35, қазақшада – 56 жол, «Қасқыр мен Қозы» орысшада – 37, қазақшада 68 – жол, «Ағаш» орысшада – 31, қазақшада – 56 жол. Бұл фактілер қазақ ақыны дәстүрлі оқиға, қалыпты бейнелерді ала отырып, ойға ой, суретке сурет қосып, жаңа ұлттық төл туынды жасағанын көрсетеді. Бұрын емеуірін, ишара, меңзеу, астар, мысалмен берілген ойлар «Маса» (Орынбор, 1911) кітабында ашық, анық, нақты айтылады»12, – деп анықтай түседі. А.Байтұрсынұлының «Маса» жинағындағы «Cөз иесінен» атты беташар өлеңінде «Маса» деп отырғаны өзі екенін ұқтыра келіп, шығармашылығының басты нысанасын:
…Ызыңдап ұшқан мынау біздің Маса,
Сап-сары, аяқтары ұзын Маса.
Өзіне біткен түсі өзгерілмес,
Дегенмен, қара яки қызыл Маса.
Үстінде ұйықтағанның айнала ұшып,
Қаққы жеп, қанаттары бұзылғанша,
Ұйқысын, аз да болса, бөлмес пе екен,
Қоймастан құлағына ызыңдаса», –
деп атап көрсетеді.
Бұл жинаққа «Маса», «Сөз иесінен», «Жазушының қанағаты», «Туысыма», «Қазақ қалпы», «Қазақ салты», «Достыма хат», «Жиған-терген», «Анама хат», «Тілек батам», «Жауға түскеннің сөзі», «Адамдық диқаншысы», «Бақ», «Тарту», «Қа... қаласына», «Жұртыма», «Жұбату», «Н.Қ. ханымға», «Ақын ініме», «И.Б. жездеме хат», «Жауап хаттан», «Ғылым», «Замандастарыма» сияқты төлтума өлеңдерімен қатар Вольтер, А.С.Пушкин, М.Ю.Лермонтов, Ю.В.Жадовская, С.М.Надсон сияқты Ресей, Еуропаның ақындарының өлеңдерінен аудармалар мен автордың үш мысалы енген екен. Ақындыққа таласы барын А.Байтұрсынұлы «Оқу құралы» жинағының беташары ретінде жазылған «Тарту», «Ер Сайын» жинағына алғы сөз іспетті «Г.Н.Потанинге тарту» өлеңдерімен паш етті. Бүкіл шығармашылығына терең ішкі мазмұн мен сыртқы түрдің үйлесімділігі тән, соған сәйкес ол туындылардың сипаттары айрықша. Мысалы, Ахмет Байтұрсынұлының «Оқу құралы» (1926) «Би исми-иллаһи-рахман-рахим» сөзімен ашылса, ақынның өлеңдерінде кездесетін діни түсініктер (Алла, Құдай, Хадис, аят, Лаухул-Мағфуз, Иман, Лат-Манат, он екі имам әулие, жиырма сегіз әмбие, т.с.) мен діни аңыз кейіпкерлерінің аты (Әбіл мен Қабыл) оның діни білімінің де жоғары екенін айқындай түседі. Өлең – ақынның ішкі өмірінің айнасы болса, А.Байтұрсынұлының лирикалық кейіпкерінің қолданатын сөздерінің діни маңыздылығы да оның осындай мағыналы, терең тұжырымдарды қолдана білуінде. Бұндай сөздер елдің бәріне түсінікті болмауы да мүмкін. Ол үшін белгілі білім деңгейі қажет. А.Байтұрсынұлы бастаған қазақ зиялылары сол кездегі шарттарға сай мұсылман білімін меңгергендері мәлім. А.Байтұрсынұлының лирикалық кейіпкері шындықты айтады, ол – білімге, жігерлікке ұмтылған намысшыл ел қорғаны. Бұл өлеңдерге дейін елін сынап отыру, оның кейбір кемшіліктерімен күресу, елі үшін күңірену Дулат, Шортанбай, Махамбет, Шернияз өлеңдерінде кездескенімен, еліне қамқоршы бола білу, өзін елі үшін жауапты санау Абайдың ғана өлеңдерінде айқындалған, эстетикалық мұрат еді. А.Байтұрсынұлының ақындығы Абайдан мирас болып қалған классикалық поэзияның осы жағын, осы әуенін дамыта түскен. Лирикалық кейіпкер елін маса болып шағып, оның намысын, жігерін оятуға бет алған. Сондықтан болар азаматтық сарыны басым бұл өлеңдер сол кездегі зиялыларға ерекше әсер еткені белгілі. А.Байтұрсынұлының біліктілігін, ойлау жүйесінің кеңдігін, оның тіршілікке деген көзқарасын «Тілек батам» атты өлеңінен аңғаруға болады:
…Иә, Құдайым! Аққа жақ!
Өзіңе аян: мен нақақ.
Аққа деген жолымның
Абыройын ашпай, жап.
Аят пенен хадисте
«Адал ниет, ақ іске,–
Жаңылмасам, жоқ еді,–
Жаза тартсын» деген бап...
…Қатты айтты деп кектемей,
Сыйынғанды тек демей,
Он екі имам әулие,
Жиырма сегіз әмбие, –
Қолда, өңшең аруақ!...
…Мұны көріп көзіміз,
Бірігер деп сөзіміз.
«Кен болар»,– деп балшықты,
«Көл болар»,– деп шалшықты
Біз үмітпен қазып ек.
Дәреті жоқ аяқтар,
Қорсылдаған саяқтар
Былғамасын қасыңды,
Қасиетті басыңды, –
Дегеніміз болмаса,
Қазаққа не жазып ек?!
Қазақ тіл ғылымының теориялық негізін орнықтырған А.Байтұрсынұлы – қазақ әдебиеттануының дамуына тікелей атсалысқан ғалым. Осы ретте ең алдымен «Әдебиет танытқышты» атау қажет. «Қазіргі қазақ тіл біліміндегі секілді, қазақ әдебиеттануындағы әдеби терминдердің басым көпшілігінің баламаларын ойлап тапқан да Ахаң: Көріктеу, меңзеу, ауыстыру, алмастыру, кейіптеу, пернелеу, әсірелеу, шендестіру, дамыту, түйдектеу ... – осылардың бәрінің түп-тамыры Ахаңда жатыр. Мұхтар Әуезовтің «Ахаң түрлеген ана тілі» дейтін әлдиінің әдебиет аясындағы бір нақты да затты көрінісі – осы». Демек, «Әдебиет танытқыштың» ең басты бағалылығы осылайша әдеби терминдерді қазақша қалыптастырғандығы», – дейді академик З.Қабдолов. 1926 жылы жарияланған «Әдебиет танытқыш» әдебиеттану, оның ішінде әдебиет теориясы саласында қазақ тілінде жарық көрген тұңғыш ғылыми еңбек екені даусыз. «Әдебиет танытқыш» деп атаудың өзінде үлкен мағына бар. Әдебиет – сөз өнері болса, оны халыққа түсіндіріп, оның көркемдік ерекшеліктерін, адамгершілік, кісілік яғни имани, рухани сипаттарын таныту әдебиетшілердің, зерттеушілердің қасиетті парызы екенін А.Байтұрсынұлы осы екі сөзбен ғана түсіндіріп кетті.Әдебиет деген не? Бұл сауалға бүгін дайын жауап бар ма? Осы орайда академик З.Қабдолов былай дейді: «Ахаң жоқта біздегі әдебиет теориясы басы жоқ кеуде секілді еді. Ал, басы жоқ дене бола ма? Қайтейік, болады деп келдік... Бүкіл дүниежүзілік әдебиет теориясында Арнау деген бір-ақ түр шауып шықса, бұған Шешендік сұрау қосылып қана аздап ажарлануы мүмкін. Ал, қазақ поэзиясында Ахаң осының үстіне үш түр (сұрай арнау, зарлай арнау, жарлай арнау) қосып, құбылтып, тотының түгіндей құлпыртып әкетеді». Әдеттегі дәстүр жалғастығының заңына орай осы үш түрлі арнауды әрқайсымыз өзімізше пайымдап, қисындап, кейде тіпті қиыннан қиыстырып, біз де (Жұмалиев те, Ысмайылов та, Қабдолов та) кітаптарымызға кіргіздік. Бірақ, амал не, бұл жаңалықты тапқан Ахаң екенін кезінде ашып айта алмай, Қажекеңе сілтеме жасауға мәжбүр болдық...»13. Қазақ өлең құрылысының теоретигі, академик З.Ахметов «Әдебиет танытқыштың» құндылығын былай деп анықтады: «Әдебиет танытқышта» негізінен поэтика, стилистика, өлең құрылысына қатысты мәселелер көбірек сөз болады. Автор тілші-ғалым болғандықтан, оның қазақ поэзиясының ерекшеліктерін осы мәселелерге байланысты тексеріп талдайтыны түсінікті. Автор поэзия тілінің бейнелілігін, сөз қолдану тәсілдерін мұқият зерттеп, теңеу, ауыстыру (метафора), алмастыру (метонимия), шендестіру, арнау, қайталақтау, дамыту, бүкпелеу секілді ұғымдарды әдеби термин ретінде қолданады. Сөйлемдердің синтаксистік топ болып бірігуін, «оралым», «қайшы оралым» деген сияқты түрлерін ажыратып көрсетеді. Қазақ өлеңінің ырғақтық құрылыс-жүйесін айқындай, бунақ, тармақ, шумақ ұғымдарын қалыптастырады.14 Демек, қазақ әдебиет теориясының өлең құрылысының басты терминдерін Ахмет Байтұрсынұлы қалыптастырғаны тек тәуелсіз кезде анықталды. «Әдебиет танытқышта» бұл орайда көркем сөздің тектері мен түрлері «адамның жан қоштау керегінен шыққан» нәрселерге жатқызылады. «Нәрсенің жайын, күйін, түрін, түсін, ісін сөзбен келістіріп айту өнері. Бұл сөз өнері болады. Қазақша – асыл сөз, арабша – әдебиет, еуропаша – литература»… Және оның басқа ғылымдардан айырмашылығын айта кетеді: «Алдыңғы өнердің бәрінің де қызметін шама қадарынша сөз өнері атқара алады. Қандай сәулетті сарайлар болсын, қандай сымбатты я кескінді сүгіреттер болсын, қандай әдемі ән-күй болсын, сөзбен сөйлеп, сүгіреттеп көрсетуге, танытуға болады. Бұл өзге өнердің қолынан келмейді». «Әдебиет танытқышта» әдебиет пән сөздерінің қазақша баламасы көңілге қонымды әрі сәтті түрде қолданысқа енгізілген. Әр категория өзінің логикалық дамуы, қалыптасқан жүйесі бар түсінік ретінде айқындалады. Мысалы: «Байымдаманың зор мүшесі төртеу: бастамасы, ұсынбасы, баяндамасы, қорытпасы». Яғни әр тұжырымның ішкі заңдылықтары ашылып, парадигма ретінде дәлелденеді. Қара сөз бен дарынды (көркем) сөздің айырмашылығын Ахмет Байтұрсынұлы нақтылап көрсетеді: «Қара сөз әдебиетте пікір, сүлде түрінде айтылады. Дарынды сөзде пікір сурет түрінде шығады яғни сүлде үстіне өң, ажар, жан, мінез, қылық беріліп, тұрпайы тұлға, түс, бітім, тірі нәрсе болып шығады. Сондықтан да дарынды сөз – көркем сөз деп аталып, қара сөздер – жалаң сөздер деп айтылады». Ғалым мұнымен шектелмей, осы екі түрлі сөзді қалай тануды, олардың дұрыстығын қалай айқындауға болады деген сауалдарға жауап береді: «Қара сөздің сынында пікір дұрыстығы, істің растық жағы тексерілсе, көркем сөздің сынында пікір дұрыстығының үстіне пікірге берілген сурет, сұлулық жағы да тексеріледі. Көркем сөзді әрі сүлде, әрі сурет – екі жағынан да тексеруге тиіс болғандықтан, оның сынында мынандай сұраулар боларға керек». А.Байтұрсынұлы ғылыми түсініктің негізін жалғастырып, нақтылай түседі. Демек, қара сөз «шығарманың сүлде жағының сыны» болса, көркем сөзге басқа міндеттер жүктеледі: 1. «Мазмұны дұрыс па? Мұрат қалып па? Кейіп қалып па? Бұл – шығарманың сүлде жағының сыны. 2. Көркем сөз табына шын қосарлық сөз бе? Қиял жасаған тұрпаттар, ойдан үйлестірілген оқиғалар пікір санасына тура келіп, дұрыс суреттеп, өңдендіріп көрсете ала ма? Тілі өрнекті ме? Әуезді ме? Лұғаты таза ма? Анық па? Қысқасы ойды өрнектеп, көрнектеп, суреттеп көрсеткендей тілінде шеберлік бар ма? Ақылдың аңдағанын, қиялдың меңзегенін, көңілдің түйгенін тілі дұрыс жеткізе алған ба?». Әдебиет теориясындағы стиль, әдеби тіл, талдау, көркемдік, сюжет категорияларын А.Байтұрсынұлы осылай түсіндіріп кетті. Көркемдік түсінігінің, көркем шығарманың белгілері қандай деген сауалға А.Байтұрсынұлы екі түрлі талап қою керек екенін айтады: «Көркем сөзде екі тысқы, екі ішкі сын болады. Тысқы сындар: 1) Тілдің лұғатының сыны яғни тілдің дұрыстығы, анықтығы, тазалығы, дәлдігі, көрнектілігі, әуезділігі, өрнектілігі жағының сыны». Яғни шығарма тілінің стильдік ерекшеліктері, бүгінгі лингвистикалық талдауға сай тысқарғы жағын бөліп айтады. Ғалым бұдан ішкі сындарды бөліп алады, демек, бұл әдебиеттану, әдебиет теориясының еншісі, теориялық талдаудың объектісін нақтылайды: 2) «Суретінің сыны: кестесін келтіріп, ұнасымды түрде үйлестіріп, суреттеуінің сыны. Ішкі сындар: 2) Алынған мінез, айтылған қылық, көрсетілген қалып, жан жүйесінің жөнімен қарағанда, дұрыс, бүтіп шығу, шықпауының сыны. 2) Өмір жүзінде айтылған нәрсенің болатындығының себебін дұрыс көрсеткен-көрсетпегенінің, адам қауымындағы қалып түзелу жағына әсер етерлік (пайда-зиян келтірерлік) қуаты бар-жоғының сыны. Көркем сөзді сынағанда, әдебиет түрінің осы төртеуі түгел жұмсалады». Ахмет Байтұрсынұлы теориялық талдаудың, әдебиеттің, көркем сөздің басты мақсатын жоғарыдағы тұжырымның соңғы сөйлемінде қорытынды ретінде түйіндейді. Бүгінгі әдебиеттанудағы аксиологиялық әдістің мән-жайын осылай алға тартады. Демек, тек маңызды, ұлағатты көркем сөз ғана сынға түсуі абзал. Және оның тысқы және ішкі сынға түсуіне лайықты көрнекті түрі мен ұлағатты мазмұны болуы шарт. Бүгінгі әдебиет теориясындағы «мазмұнды түр» – «содержательная форма» деген категорияның сырын түсіндіреді. Қазақ әдебиет теориясының басты терминдерін, түсініктерін А.Байтұрсынұлы сонау ХХ ғасырдың 20-жылдары анықтап берген екен. Бұл – өз алдына мойындалып отырған ғылыми факт. Бірақ басты ой – «Әдебиет танытқышта» ұсынылған жаңа концепцияда: 1. Әдебиеттің өз даму заңдылықтары бар екені және олар тікелей саясатқа, идеологияға байланысты емес екені жөніндегі тұжырымдар. Яғни «сөз өнері» деген термин «халықтың ежелден келе жатқан әдебиеті» деген ұғымды білдіреді. Оны «ауызша», «жазбаша» деп бөлудің өзі ойдан шығарылғаны екені айтылады. Әдебиеттің ресми жазба түрі бар деп бөліп-жару соцреализмнің ойлап шығарғаны болып шықты: бір әдебиетті жоғарылату үшін екіншісін төмендету керек болды. А.Байтұрсынұлы былай дейді: «Ауыз шығарманы «ауыз сөз» деп қана атап, жазба шығарманы «сыпайы әдебиет» деп танушылар бар. Бірақ қалай да асыл сөздің бәрі де тілдегі әдебиет есебіне жүріледі». 2. Әдебиетті өз категориялары арқылы түсіндіруге шақырады яғни «пән сөздері» басты міндет атқаруын басып айтады. Сонда зерттеу мағыналы болып шығып, зерттеушінің жалпылама көпсөзділіктен бас тартуына әкеледі. Бұл қағида дәлелсіз бос мақтаулардан да сақтандырады. 3. Көркемдік әлемнің құдіреті тікелей жазушының ішкі рухани бостандығымен байланысты екенін айтып, осы орайда Абайдың, Мағжанның шығармаларын мысал ретінде келтірудің бүгінгі мәні керемет емес пе?! «Әдебиет танытқыштағы» біз бүгін ұмытқан діндар дәуір жанрларының атаулары: мінәжәт, намыс толғау деген түсініктердің өзі ой салады. Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и Рашиди» (ІV-VІ ғғ.) еңбегі: «Хақ жолындағылар тарихы» деп аталса, оның соңы «Алла Тағалаға мінәжәт айтумен» аяқталады. Кеңес кезінде өшірілген бұл мінәжәт жанры туралы мәлімет А.Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқышында» ғана кездеседі. Бұлар бізге бүгін қажетті әдеби талдаулардың үлгісі емес пе?! 4. Зерттеушінің кітабына кең ауқымды ойлау қабілеті тән. «Біздің қазақ Еуропа әдебиетінен үлгі алмай, әдебиетін өз бетімен жетілдіргенде, қазақ айтыс өлеңдері алаңға түсе-түсе барып, алаң алданышына айналып, айтыс-тартыс түрге түсетіні даусыз еді. Үлгіні өзге жұрттан алғандықтан, алаң әдебиеті бізде төтеннен шығып қалды». Бүгінгі әдебиеттанудағы «синкретизм», «типология», «әдебиеттердің қарым-қатынасы», «сюжеттердің ұқсастығы» деген мәселелер туралы «Әдебиет танытқышта» А.Байтұрсынұлы былай дейді: «Жер жүзіндегі жұрттардың түріндегі шығармалары бір-біріне көбінесе ұқсас келеді. Ондай ұқсас себебі олар шыққан заманда халықтың бәрі бір қолында өскен балалар сияқты көргені, өнегесі, үлгісі бір болған». 5. А.Байтұрсынұлының пайымдауынша, көркемдік заңдылығы біреу ғана және ол барлық тілдегі әдебиеттерге ортақ. Демек, «адамның жан қоштау керегінен шыққан» әдебиет – «асыл сөз». Сондықтан «Сөздің асыл болатын сырын білген адам сөзді сынай біледі». Өйткені: «Жүйірік аттың белгілі сипаттары сияқты асыл сөзде де белгілі сипаттар болады. Сөз сол сипаттарын дұрыс көрсетумен асыл болып шығады». Әдеби стиль, даралық стиль көркемдік шеберлік категорияларын ғалым осылай таныта түседі. 6. Ресей ғалымы М.Бахтиннің «роман теориясы» бойынша дүниежүзілік әдебиетте роман – ең соңғы жанр, сондықтан ол – сол тілдегі әдебиеттің жазу жүйесінің қорытылған нәтижесі ретіндегі жанр. Роман өзіне дейінгі болған басты, керекті сөйлеу түрлерін жаңғыртып отыру қабілетіне ие. Демек, роман жанры осындай жан-жақты баяндау, жазу тәсілдерін, жазба естелігін, жадын (память жанра!) меңгеріп, өзінің оларды оята білу мүмкіндігіне орай басқа прозалық түрлерге әсер ете алады. М.Бахтиннің «романизация стиля» деген тұжырымымен біз 1970 жылдары танысып, таң қалып жүрсек, А.Байтұрсынұлы бұл қағиданы сонау ХХ ғасырдың 20-жылдары түсіндіріп кетіпті. А.Байтұрсынұлы қазақ прозасының өзіне тән ерекшеліктеріне байланысты бұл құбылысты сол кезде былайша пайымдайды: «Ұлы әңгіме, ұзақ әңгіме, ұсақ әңгіме болып бөлінулері үлкен-кішілігінен ғана. Мазмұндау жүйесі бәрінде де бір, айтылу аудандарында айырма бар: ұлы әңгіме сөзі алыстан айдаған аттарша жайыла бастайды, ұзақ әңгіме жақыннан айдаған аттарша жайыла бастайды, ұсақ әңгіме мүше алып, оралып келе қоятын аттарша бастайды». Яғни басты мәселе «айтылу аудандарында» ғана екен. 7. Романның көтеретін жүгін әңгімеге де артуға болады екен. М.Бахтиннің «романдық стиль – повесть, әңгіме мен басқа жанрларға да үстемдік етеді» деген әйгілі қағидасын А.Байтұрсынұлы 1926 жылы, Ресей ғалымынан отыз жыл бұрын айтып, дәлелдеп қойған екен. Романның стилінде қорытылып, жинақталатын ұлттық сөйлеу жүйесінің жанрлық түрлері туралы қағиданы («речевые жанры») А.Байтұрсынұлының қазақ сөз өнерін талдай отырып айтқан пікірлерінен де ұшырастырамыз: «Ұлы әңгімеге жан беретін адамның ісі болғандықтан, мінезіне кейіп беретін тәрбие болғандықтан, тұрмысқа сарын беретін ұлы, кіші адамдардың ірілі-уақты істері болатындықтан, ол істер біріне-бірі ұласып, бір-біріне оралып, байланысып, шиеленісіп жатқандықтан, осының бәрін суреттеп шығару оңай емес. Мұны келістіріп, дұрыс пікірлеп, дұрыс суреттеп, уақиғаларды жақсы қиыстырып, сыйыстырып шығару көп жазушылардың қолынан келе бермейді. Ұлы әңгіме жазушы көркем сөздің әуезе, толғау, айтыс – барша түрін де жұмсайды. Ұлы әңгіме жазуға үлкен шеберлік керек». Демек, роман стилін жүйелей келе, А.Байтұрсынұлы оны «айтылу түріне қарай: әуезе, толғау, айтыс» деп жіктейді. Бұл атаулардың негізін де аша түседі: «Әуезелеуші айтатын сөзіне өзін қатыстырмай, өзінен тысқары ғаламда болған істі әңгіме қылады. Әуезе – тысқы ғалам турасындағы сөз... Толғау – ішкергі ғаламның күйі. Толғау – іш қазандай қайнаған уақытта шығатын жүректің лебі, көңіл құсының сайрауы, жанның тартатын күйі. Ақындық жалғыз өз көңілін, күйін толғай білуде емес, басқалардың да халін танып, күйіне салып, толғай алуда». Яғни «Сөйлеу жүйесінің мақсаты – сөйлеу жүйелерін меңгеріп, сөзден нендей нәрселер жасап шығаруға болатындығын көрсету», – деп түйіндейді А.Байтұрсынұлы. 8. Көркем туындыны талдағанда, оның ішіндегі осы көркемдікті тудыруға тікелей ат салысатын қатысушыларды А.Байтұрсынұлы былай деп анықтапты: «Асыл сөздің сипаттарын білу тыңдаушыға да қажет. Абайдан кейінгі сөзге талғау кіреді: айтушы да, тыңдаушы да сөзді талғайтын болды. Олай болғаны – Абай асыл сөздің нұсқаларын айқындап көрсеткенінің үстіне, аз да болса, асыл сөз сипаттарын айтып та, жұртты хабардар қылды. Абайдың «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» деген өлеңінде жақсы өлеңнің сипаттары да, қазақ ақындары мен тыңдаушыларының жоғарыда айтылған асыл сөзді танымайтын надандықтары да айтылып, мағлұмат берілген». 9. А.Байтұрсынұлының еңбектерінен сыпайылық (корректность!) пен әдебиетті танытуға бейімделген жоғарғы этикалық деңгей есіп тұр. Талдаулар, жүйелеу тәсілдері осы ғылыми мақсатқа қызмет атқаруға бағындырылған. Оның тек «пән сөзінде» сөйлеуі мен әдебиет теориясының негізін салып кеткендігін біз бүгін мойындауымыз қажет. А.Байтұрсынұлы әдебиет теориясының терминдерін, талдау жүйелерін қазақша сөйлетіп, ғылыми тілдің деңгейін сол кезде көтеріп тастағанын біз бүгін мақтаныш ете аламыз. Ұлтына, еліне, ғылымға, әдебиетке арымен беріліп, оған адал қызмет еткен А. Байтұрсынұлы еңбегінің Қазақ елі тарихында алатын орны айрықша зор екенін 26 жастағы замандасы – М.Әуезов былайша тұжырымдапты: «Ақаңның бұрынғы айтқан сөзін әлі қазақ баласы ұмытқан жоқ, өлеңіндегі белгілі сарын әлі ескірген жоқ. Әлі күнге қазақ даласының күшті сарыны болып, Арқаның қоңыр желімен бірге есіп шалқып жатыр. Бұдан он-он бес жыл бұрын:
Алаштың үмбетінің бәрі мәлім,
Кім қалды таразыға тартылмаған,
– деп Ақаң айтса, біз де осы күнде соны айтамыз. Айналып келіп таразыға тартылған, сыннан өткен деп Ақаңның ғана ардақты атын атаймыз…
Ақаң ашқан қазақ мектебі, Ақаң түрлеген ана тілі, Ақаң салған әдебиеттегі елшілдік ұран, «Қырық мысал», «Маса», «Қазақ» газетінің 1916 жылдағы қан жылаған қазақ баласына істеген еңбегі, өнер-білім, саясат жолындағы қажымаған қайраты – біз ұмытсақ та, тарих ұмытпайтын істер болатын»15. Бұдан артық айта алмаспыз. Бұл ұрпақ бірінің қадірін бірі біліп, бір-бірін сыйлап, бағалай білген. Бұл шынайы иманды тектіліктің үлгісі екені сөзсіз. А.Байтұрсынұлы Совет кезінде жазықсыз жазаланып, өзі қудалауға ұшырағанымен, оның еңбектері аты аталмай, сілтемесіз пайдаланылып, ғылыми айналымда жүрді. Ғалымның ғылыми мұрасы тек қайта құру тұсында ұлт игілігіне айналып, қазіргі қазақ ғылымына ұлы төңкеріс жасады.
Оқырманға жаңадан ұсынылып отырған алты томдықтың құрылымы төмендегідей: Бірінші томға «Қырық мысал», «Маса» жинақтары, әр жылдары шыққан кітаптарының беташары ретінде жазылған өлеңдері мен көркем сөз өнері туралы ғылыми-теориялық зерттеулері – «Қазақтың бас ақыны» және «Әдебиет танытқыш» енгізілді. Екінші томға кезінде араб графикасымен жазылған, қазіргі әрпімізге тұңғыш рет 2004 жылы шығарылған А.Байтұрсынұлының Т.Шонановпен бірге жазған «Оқу құралы» хрестоматиясы қайта толық беріліп отыр. Бұл кітап Қызылордада 1926-1927 жылдары екі рет басылып шығарылған екен. Үшінші томға «Тіл құралы» (1914, 1915, 1924), «Баяншы» (1920), «Тіл жұмсар» (1928) атты оқулықтары мен тіл мәселелері туралы мақалалары топтастырылды. Төртінші томға «Оқу құралы» (1912), «Әліб-би» (1928), «Сауат ашқыш» (1926) атты әліппелері, жазу, емле, терминология және оқу-ағарту мәселелері туралы мақалалары енді. Бесінші томға «Ер Сайын» (1923), «23 жоқтау» (1926) жинақтары, кейін табылған туындылары, көсемсөздері топтастырылды. Алтыншы томға А.Байтұрсынұлының шығармашылық мұрасы туралы жазылған ғылыми зерттеулер енді. «Жазған сөз жаным ашып Алашыма» деген өлеңнің жалғыз тармағына сыйғызылған ұран Отан алдындағы адалдықтың жарқын өнегесін көрсеткен Ахмет Байтұрсынұлының қажырлы күрес және шығармашылық жолының Темірқазығы болып табылатыны оның кез-келген еңбегінен, тіпті сөйлемінен де аңғарылатыны аян.
Айгүл ІСІМАҚОВА,
филология ғылымдарының докторы, профессор
қырық мысал
ЗАМАНДАСТАРЫМА
Орыстың тәржіме еттім мысалдарын,
Әзірге қолдан келген осы барым.
Қанағат азға деген, жоққа сабыр, –
Қомсынып қоңырайма, құрбыларым!
Бабы жоқ жұмыстағы мен бір арық,
Күй қайда үздік шығар топты жарып!
Ат тұрмас аяғында желі болса,
Дүсірлеп шапса біреу қиқу салып.
Бар болса, сондай жүйрік қызар деймін,
Естілсе құлағына дүбір барып.
Әйтпесе арық шауып өндіре ме,
Жүргенде қамыт батып, қажып-талып?!
А.Б.
1. АҚҚУ, ШОРТАН ҺӘМ ШАЯН
Жүк алды Шаян, Шортан, Аққу бір күн,
Жегіліп, тартты үшеуі дүркін-дүркін.
Тартады Аққу көкке, Шаян кейін,
Жұлқиды суға қарай Шортан шіркін.
Бұлардың машақаты аз болмады,
Жұмысы орнына кеп мәз болмады.
Тартса да бар күштерін аямай-ақ,
Аслан16 жүк орнынан қозғалмады.
Оншама ол жүк артық ауыр емес,
Құр сырттан пәлен деу де тәуір емес.
Жүк бірақ әлі күнге орнында тұр,
Бірыңғай тартпаған соң бәрі тегіс.
* * *
Жігіттер, мұнан ғибрат17 алмай болмас,
Әуелі бірлік керек, болсаң жолдас.
Біріңнің айтқаныңа бірің көнбей
Істеген ынтымақсыз ісің оңбас
2. ШЫМШЫҚ ПЕН КӨГЕРШІН
Бір Шымшық торға түсті соры қайнап,
Барды ма, кім біледі, ажал айдап.
Бәлені қаза менен қайда.... деме!
Ғаріп боп, отыр сорлы көзі жайнап!
Жанына жас Көгершін ұшып келді.
«Не қара басты торға түсіп?» – деді,
«Тал түсте торды көрмей, соқыр ма едің,
Есалаң, ақылың жоқ, күшік», – деді.
Түсер ме, есі дұрыс күндіз торға?!
Ақылың жоқтығынан қалдың сорға.
Мысалы мені алдап еш уақытта,
Top түгіл, түсіре алмас онан зорға.
Кім күлмес бостығыңа сен жаманның,
Алдырған айласына бір наданның.
Мен соған қол берейін түспесіме;
«Амалы саған ғана мол адамның».
Десе де: «Ақыл серік қонған баққа»,
Ем болмас, бастан бағың таяр шақта.
Пысықсып Көгершінім отырғанда,
Қалыпты өзі түсіп қыл тұзаққа.
– Ақылың қайда кетті, данышпаным?
Серт етіп түспеске қол алысқаның?
Біреуге күлсең келер өз басыңа,
Табалап мұнан былай күлме, жаным!
* * *
Біреуді білмес адам табалайды,
Бақ көшсе, ақылыңа қарамайды.
Ісіңнен бір істеген жазым тапсаң,
Болды деп білмегеннен шамалайды.
«Жазмыштан озмыш болмас» деген сөзді
Бекер деп пікір ету жарамайды.
«Алланың адам басы – добы» деген,
Қуса да қалай қарай домалайды.
3. АТ ПЕН ЕСЕК
Біреудің Есегі мен бар еді Аты,
Апарар бір қалаға болды заты.
Аты мен Есегіне артып алып,
Аяңдап, жолға түсіп келе жатты.
Жүк ауыр, Есек сасып алақтайды,
Иесі дем алуға қаратпайды.
Әл кетіп, жығыларға таянғанда
Жалынып Атқа Есек сөз айтады:
«Ат достым! Жүгім ауыр, халім бітті,
«Емеспін жүре алатын енді тіпті.
Зорығып, жолда өліп қалатынмын,
Алмасаң ауыстырып біраз жүкті».
Ат оған ешбір жауап қайтармайды.
Ауырлап жүгін Есек қайқаңдайды.
Ентігіп, ішін соғып, дымы құрып,
Жүрерге онан әрі жайы қалмайды.
Жығылды Есек байғұс дымы құрып,
Тұрмады айдаса да иесі ұрып.
Сойды да, жүгін, терісін Атқа салып,
Қалаға келе жатты тағы жүріп.
Қараңдар! Шара бар ма, мына сорға?
Аяғын Ат келеді басып зорға.
Қысымды Есек көрген бұ да көріп,
Болдырып, былғақтайды оңды-солға...
Өкініп, өткен іске Ат келеді:
«Мен қате еткен екем... Аһ! – деді,
Есектен аз жүк алып, қарасқанда
Қиындық мұндай маған болар ма еді?!»
* * *
Бұл сөзден қандай ғибрат алмақ керек?
Мысалы, еткен қайыр бір бәйтерек!
Қайырың біреуге еткен болып терек,
Көрерсің рахатын көлеңкелеп.
Қайырдың ең абзалы бұл дүниеде:
Біреуге қысылғанда жәрдем бермек!
Кейбіреу зор бейнетке тап болады,
Кей уақыт аз бейнеттен қашамын деп.
4. МАЙМЫЛ
Жер жыртты ерте тұрып қара шекпен
Қашаннан кәсібі еді егін еккен.
Асырап қатын-бала еңбегімен,
Кісі еді күшін жегіп, ауқат еткен.
Ертеден кешке дейін дамыл алмай,
Өткізді ұзақ күнді қызметпен.
«Жарайды, бәрекелді... сабаз-ай!» – деп!
Алғысты берді оған өткен-кеткен.
Күншілік етті бұған Маймыл надан,
(Мақтауды Маймыл түгіл, сүйеді адам).
«Осындай жұрттан мақтау алмайтұғын,
Ойлады, – мен кеммін бе, – деп, анадан».
Маймылдың көзі түсті томашаға,
«Енді жұрт қалсын – дейді, «тамашаға».
Томарды бір көтеріп, бір сүйретіп,
Бүлінді өз-өзінен оңашада.
Томармен домалайды ойға өрден,
Біресе арқалайды алып жерден.
Өкпесін, шапқан аттай, баса алмайды,
Денесі көрінбейді аққан терден.
Сарп етті жан аямай, Маймыл күшін,
Ешбір жан мақтамады еткен ісін.
Сықылды осы Маймыл адамдар көп,
Көрсетіп неғылайын ашып түсін.
* * *
Не бітер күшті орынсыз жеккенменен?
Шығар ма тасқа егін еккенменен?
Ойлама алғыс, абырой аламын деп,
Пайдасыз құр миһнат18 еткенменен.
Мақсұтқа ойыңа алған жете алмайсың,
Мал шашып құр далаға төккенменен.
Пайдалы істен алар абыройың
Кетпейді кейін қарай тепкенменен.
Орынды болса еткен миһнатың,
Халықтың түсірерсің ілтипатын.
«Пәленше, бәрекелді... жарайды!» – деп,
Шығады сол уақытта жақсы атың.
5. ЕГІННІҢ БАСТАРЫ
Бір адам жас баласын жанына алды,
Екеуі сайран етіп кетіп қалды,
Қыдырып әрлы-берлі жүрді-дағы,
Егінші егін еккен жерге барды.
Аралап һәр егінді қарап жүрді.
Кезі еді пісіп болған егін түрлі.
Бастарын дәнге толған төмен салып,
Бидайлар бейне тағзым етіп тұрды.
Жалғыз-ақ бір бидай тұр көкке қарап,
Бейне бір жалғыз өзін көпке балап.
Баланың сол бидайға көзі түсіп,
Білмекке кетті көңілі жөнін сұрап:
«Құбылып бидайлар тұр басын салып,
Жіберген мырза Құдай нұрға қанып.
Әй, әке! Мұның мәнін түсіндірші?
Бір іске тұрмын өзім қайран қалып!
Бұл бидай көтеріп тұр басын көкке;
Қарайды шекірейіп өзге көпке.
Өзіне өзгелерді теңгермейтін,
Соншама бұл бидайдың дәні көп пе?»
«Айтайын мұның мәнін, балам, саған:
Шырағым, түрін көріп таңданба оған.
Өзгесі төмен қарап бүгілгенге,
Ойлама, кем екен деп бәрі сонан».
Және де әкесі айтты баласына:
«Сұқтанба, құр сорайған қарасына!
Құдайым өзгесіне дән бергенде
Бұл бидай дәнсіз қапты арасында.
Бидайлар басы толық иіліп тұр,
Дән берген қожасына сыйынып тұр.
Басында бұл бидайдың дәні болмай,
Кекірейіп, көкке қарап, бүлініп тұр».
* * *
«Елде көп бұл бидайдай адам дейді,
Тәкаппар, оны халық жаман дейді.
Қалпы емес тәкаппарлық данышпанның,
Тұтынба, бұл мінезді, балам» дейді.
6. ӨГІЗ БЕН БАҚА
Бір Өгіз айдын шалқар көлге келді,
Жағалап суаты бар жерге келді.
Шілденің сарша-тамыз ыстық кезі,
Бек қатты қаны қашып шөлдеп еді.
Су ішіп, көлдің шықты жағасына,
Мал еді көз тоятын қарасына.
Артынша бір көлбақа күншіл екен,
Сол көлдің бақасының арасында.
Өгізді суға тойған Бақа көрді,
Секіріп, көршісіне жетіп келді.
«Боламын мен де сонау Өгіздей, – деп,
Жел тартып, ісіп, кеуіп, қарнын керді.
Сұрады жолдасынан: «Толдым ба? – деп,
Өгіздей, анау тұрған болдым ба?» – деп.
Өгіз бен екеуіне қарап тұрып,
Жолдасы жауап берді сонда бүй деп:
«Өгіздей болу саған қайда, шырақ?!
Араңыз екеуіңіздің тым-аң жырақ!
Онымен бірдей болып толмақ түгіл,
Қалпыңнан асқан жоқсың артығырақ».
«Қарашы! Енді қандай болдым? – деді,
Міне, мен жаңа әбден толдым!» – деді.
Жолдасы тағы қарап денесіне:
«Қалпында қараң менен формың», – деді.
Дүниеде мұнан күншіл кем-ді Бақа!
Зорланды қарнын керіп, енді Бақа.
Шыдамай жұқа қарын керуіне,
Жарылып, сол арада өлді Бақа.
* * *
Күнәсі күндегеннің жаман қатты,
Күндеме біреуге Алла берген бақты?!
Өгізді күндеп, сондай боламын деп,
Көлбақа онан қанша пайда тапты?!
Әуелде Құдай өлшеп берген дене,
Қаншама зорланғанмен артылмапты.
Нақыл сөз: «Әлін білмес әлек» деген,
Осындай әуре болған жаннан қапты.
7. ЕМЕН МЕН ҚАМЫС
Бір көлдің Емен айтты Қамысына,
Сыбайлас көптен бергі танысына:
«Жаратқан мені Құдай сонша артық,
Мықты, – деп, – жер жарылад дабысыма!
Жалғыз-ақ тең көремін Қафтың тауын,
Дүниеде менің қорқар бар ма жауым?!
Қасқайып иілмеймін, бүгілмеймін,
Соқса да қандай қатты құйын, дауыл.
Қорғаймын өзім түгіл, аймағымды,
Болса да қандай аптап, қандай жауын.
Мың сан құс келіп қонсын бұтағыма,
Зерердей көрінбейді маған ауыр.
Бірді олай жаратқанда, бірді бұлай,
Бәрінен қор жаратқан сені Құдай.
Жел тұрса, зәрең ұшып қалтырайсың,
Басыңа, ауырлайсың, қонса торғай.
Жел жүріп, судың беті жыбырласа,
Ызыңдап, құлағыңа сыбырласа.
Бұғасың, бүгілесің сонша төмен,
Тұрамын жарар ед деп жығылмаса.
Егерде жақын жерде болсаң маған,
Ешкімді жолатпас ем, қорғап, саған.
Әуелде сені Құдай жаратқанда,
Аслан сенің жайыңды ойламаған.
Беріпті саған орын суға жақын,
Тұрсын деп құйын, дауыл, дуға жақын.
Көз салып, әр тарапқа қарап тұрсам,
Аз екен дүниеде сенен пақыр...»
«Құлақ сал, Емен батыр, тоқта азырақ!
Есімі пақырлықтың менен жырақ.
Иілсем, мені дауыл сындыра алмас,
Сындырар сені қайта бұрынырақ.
Ықтияр дауыл соқсын, құйын соқсын,
Уайым менің үшін жеме бірақ.
Дауылдан иілсем де, бүгілсем де,
Мен саған жалынбаймын жәрдем сұрап.
Еменім! Сен білмесең, мен айтайын!
Менен де сенің қаупің артығырақ.
Ол рас, сені әлі жеңе алмай жүр,
Кез келмей күші сенен басымырақ.
Дүниеде өзім деме жалғыз мықты,
Адасқан олай ойлап қаталықты».
Болмады сөзін тәмәм еткенінше,
Бұрқырап, құйындатып дауыл шықты!
Дауылдың екпініне шыдай алмай,
Не түрлі мақұлұқтың бәрі ықты.
Қашаннан айла етіп, әдіс алған,
Жабысып, жер бауырлап, Қамыс бұқты.
Қайсарып, қайыспастан Емен тұрды.
Дауылға көрсетем деп мықтылықты.
Неғылсын оның Емен екендігін,
Қопарып түбірімен дауыл жықты.
* * *
Білеміз, Қамыс нашар, Емен мықты.
Еменді мықты деген, дауыл жықты.
Майысып, қарсыласпай, Қамыс бұғып,
Сынбастан сол дауылдан аман шықты.
Мықты деп болса біреу аты шыққан,
Алысып, болмаса жан оны жыққан,
(Кісіге аса қайрат пайда бермес)
Бір күні жазым табар тасқандықтан.
Күштінің ыңғайымен жүргендерді
Ойлама істейді деп жамандықтан.
Болмаса қайратыңа ебің серік,
Опа жоқ құр айласыз мықтылықтан.
8. ҚАСҚЫР МЕН ТЫРНА
Бір қасқыр сапар шекті елден жырақ,
Неше күн таппай азық, қалды жарап.
Жемтіктің жақын жерде иісін сезіп,
Қасекең келе жатыр соған қарап.
Қасқырдың кім білмейді қомағайын?
Көңілден, жемтік көріп, кетті уайым.
Келді де бір сүйекті салды ауызға
Шетінде бөлегірек жатқан дайын.
Кемірмей, қалпынша жұтып қалды,
Тамақта, жүрмей сүйек тұрып алды.
Қақалып, дем ала алмай сасқанынан
Алақтап, жан-жағына көзін салды.
Қақалды, сүйек жүрмей тамағына,
Болмады әртүрлі еткен амалына.
Жанынан күдер үзіп тұрған шақта
Көзіне түспесін бе жалғыз Тырна.
Тырнаны шақырады ишаратпен,
Мәнісін баяндауға жайы кеткен.
Ойлайды: «Бұ тұрғанда тіл алмас деп,
Көңілін жұмсатпасам алдап еппен».
Бұрынғы мықтылықты былай қойып,
Тырнаға сөз сөйлейді кішілікпен:
«Шырағым, дүниеде ұмытпайын,
Құтқарсаң мені қазір осы дерттен.
Танысып, сеніменен дос болмаққа
Жүруші ем кез келгей деп, тілеп көптен.
Білуші ем әкеңді де, Тырна, сенің,
Дүниеде кім бар еді онан өткен?!
Ежелден олқылық жоң нәсіліңде,
Көз салып қарап тұрсам арғы түптен.
Баласы атайының сен бір асыл,
Сыртыңнан жүрміз әлі зор үмітпен.
Біле алмай неғыларын, сасқалақтап,
Алдыңда ағаң отыр есі кеткен.
Тырнажан, не қылсаң да, енді өзің біл,
Айдынның сарқыны едің жұртқа жеткен».
Тырна естіп мына сөзді, судай тасты,
Қасқырдың тамағына тықты басты.
Суырып сүйекті алып тастап еді,
«Уһ!» – деп Қасқыр сонда көзін ашты.
Құтқарған зор бәледен Тырнасына
Ол бірақ көрсетпеді ықыласты.
«Еңбегін бер» деп Тырна сұрап еді,
Қасекең сау күндегі әнге басты:
Не дейсің, ойын ба осың, шын ба, Тырна?
Қажауға мәжнүн19 жоқ саған мұнда.
Ақы алып өзгелерден дәндеп қапсың,
Қой, Тырнам, ойнап мені әуре қылма!
Мен саған олжа боларың ба едім?
Құтқардың сөзім сыйлап, ерінбедің.
«Сыйға-сый» дегенменен, таз басыңды
Аузыма салып тұрған кемірмедім.
Көрінбей, жоғал шапшаң, көзіме енді,
Түсініп айтқан достық сөзіме енді.
Аш бөрі неше күндей дәм татпаған,
Ұялмас тап беруге өзіңе енді.
Тырна естіп мына сөзді жаман састы,
Етпес деп Қасқыр олай, ойламасты.
«Садақа бастан құлақ» деген мақал,
Бейшара жан сауғалап тұра қашты.
* * *
Қиссасы20 «Қасқыр, Тырна» болды тәмам,
Мінездес Қасқырменен кейбір адам.
Басына бәле түсіп қысылғанда
Жалынып-жалпаяды келіп саған.
Құтқарып ол бәледен жіберген соң,
Болмайды оған кісі сенен жаман.
Жоқ болған отқа күйіп мүлкіңдей-ақ,
Қайырың зая кетер еткен оған.
Кісіге опа бермес ондай адам,
Қашыңыз ондай жаннан, келсе шамаң.
Қасқырға қайыр істеп Тырна байғұс,
Қуанды кеткеніне өзі аман.
Қайырды қарап істе адамына,
Қарайлас өзіңменен шамалыға.
Қасқырдай қара жүрек залымдардың
Жүрмеңдер түсіп кетіп тамағына.
9. БҰЛБҰЛ МЕН ЕСЕК
Бір күні Бұлбұл құсты Есек көрді,
Қасына сөз айтпаққа жақын келді.
«Сыртыңнан сайрағыш деп жұрт мақтайды,
Тыңдайын, достым, біраз сайра, – деді.
Кім білсін, мұнан бұлай көрерімді,
Сайра, деп тағы саған келерімді?
Мен тұрмын өзім естіп сынамаққа,
Мақтаудай бар ма екен деп өнеріңді».
Есектің сөзін Бұлбұл қабыл алды,
Құлағын салып Есек тұра қалды.
Дауысын әлденеше түрлендіріп,
Сандуғаш не әдемі әнге салды.
Бұлбұл тұр түрлі-түрлі әнге салып,
Сайрайды бірін нәзік, бірін анық.
Даусындай сыбызғының алыстағы,
Құлаққа кейбір даусы келді талып.
Біресе шиқылдаған ащы дауыс
Шекеңнен өте жазды құлақ жарып.
Жан-мақлұқ, шыбын-шіркей, құрт-құмырсқа
Тыңдады орны-орнында тұра қалып.
Сайрады бірде ақырын, бірде қатты,
Кейде ысқырып, кей уақыт таңдай қақты.
Жел тынып, құстар қойып шулағанын,
Қойлар да күйісін тыйып, тыңдап жатты.
Көрсетіп бар өнерін болды Бұлбұл
Есекке қарсы қарап қонды Бұлбұл.
Қарап тұр екі көзін айырмастан,
Сыншы не дер екен деп енді Бұлбұл.
Сонда Есек сөз айтады Бұлбұл құсқа:
«Мақтаулы бар ғой әнпаз әрбір тұста.
Солардың баршасы да әдемі әнге
Тауықтың айғырындай емес ұста.
Айтайын мен бір ақыл, Бұлбұл, шырақ!
Тыңда сен, ілтипатпен салып құлақ.
Қораздан біразырақ күй үйренсең,
Сайрар ең мұнан гөрі де артығырақ».
Бұл сөзге жәбірленіп Бұлбұл қатты,
Сөз тыңдап онан әрі тұра алмапты.
«Есекке сынатпасын Құдайым», – деп,
Пыр етіп ұшыпты да кетіп қапты.
* * *
Ал, енді мұнда қандай ғибрат бар?
Есектей іс ететін көп адамдар.
Сары жезден саф алтынды айырмайтын
Дүниеде бар емес пе, не надандар?
Есектей қалпы кейбір адамдардың,
Көзі тар, көңілі соқыр жамандардың.
Асылды жасықпенен танымайтын
Сынынан сақта, Алла, надандардың!
10. ЕКІ ШЫБЫН
Бір Өгіз күні бойы тартып сабан,
Қайтты елге сабанымен кешке таман.
Мүйізінде Қара шыбын отыр еді,
Кез болды бір танысы жолда оған.
Танысы мұны көріп келе жатқан,
Астында Өгізі бар сабан тартқан.
«Көзіме күні бойы көрінбеп ең,
Келесің, сөйле, – дейді, – сен қай жақтан?»
Сонда бұл мұрнын көкке көтереді,
Адамсып, маңызданып, жөтеледі.
«Жер жыртып күні бойы, шаршап келем,
Мазалап, сұрап саған не керегі?»
* * *
Адамды кейбір түрлі алып еске,
Қарасак, ғибрат бар бұл кеңесте.
Біреудің я қайратын, я дәулетін
Өзімсіп жүретіндер бар емес пе?!
Кейбіреу көтереді мұрнын көкке:
Өз әддін өзі білген адам көп пе?!
Мақтанып, бәрін де өзім еттім дейді,
Біреудің шылауында жүріп текке.
11. АРЫСТАН, КИІК ҺӘМ ТҮЛКІ
Бар еді бір зеңгір тау асқан биік,
Әртүрлі мекен еткен аңдар сүйіп.
Жол шеккен тамақ іздеп аш Арыстан
Сол таудың арасында қуды Киік.
Жақындап жүрді Арыстан жетемін деп,
Ойлайды түстік тамақ етемін деп.
Келеді Киік жылап бір Құдайға,
Қайткенде мұнан аман кетемін деп?
Жыласаң шын зарығып бір Құдайға,
Ойлама қалады деп зарың жайға!
Жанынан Киік күдер үзген шақта
Екеуі кез болады терең сайға.
Қуанды сайды көріп енді Киік,
Сайланды өтейін деп күшін жиып.
Зырқырап атқан оңтай өте шықты,
Арыстан қала берді іші күйіп.
Сол жерде Түлкі келді Арыстанға:
«Жығасың, – деді, – бәрін алысқанда.
Боларсың дұшпан түгіл, досқа күлкі,
Киіктен қалып қойсаң жарысқанда.
Айтамын мұны саған достықпенен,
Алмаймын еш нәрсеңді алдап сенен.
Тиісті бәйгесінен құр қалады
Кейбіреу жүрексіздік, бостықпенен.
Тілесең, қолдан келмес ісің бар ма?!
Тиісті ет қайратты күшің барда.
Сыйдиған жаман Киік өтіп кетіп,
Ұят қой тоқтағаның осы жарға.
Ақырсаң, не шыдарлық айбатыңа?!
Дұшпанның қалма мысқыл, ғайбатына21.
Тұрсам да сайдың көріп тереңдігін,
Сенемін ебің менен қайратыңа!»
Желікті мына сөзге енді Арыстан,
Қарғуға жар шетіне келді Арыстан.
Жете алмай қарғығанмен ар жағына,
Түбіне жардың құлап өлді Арыстан.
Түлкі-екең құлап өлген досын көрді,
Ақырын ойға түсіп жақын келді.
Атаусыз сүйген досын тастасын ба?!
Сол жерде кешікпей-ақ асын берді.
Өлтіріп, досын алдап, Түлкі бұзығың,
Жеп жатыр өлісімен, етін бұзып.
Бір айдай азық етіп Түлкі жатты,
Сүйегін жан досының таза мүжіп.
Досың көп тірілік пен амандықта:
Түлкідей сөз беретін жарға жықпа.
Әр іске амандықта қайрап салып,
Мүжитін сүйегіңді жамандықта.
Кісіге таза жолдас табу қиын,
Көбін-ақ дос етеді мал мен бұйым:
Досыңнан, дұшпаныңнан бірдей сақтан,
Басыңда сірә, Ахмет, болса миың.
Ойлама, шын достарың мол екен деп,
Сөзіне ере берме жол екен деп.
Досыңды қиын іске қайрап тұрған
Білгейсің шын дұшпаның сол екен деп.
12. ҚАРҒА МЕН ТҮЛКІ
Бір түйір ірімшікті тауып алып,
Ағашқа Қарға қонды ұшып барып.
Тоқ санап ірімшікті көңіліне,
Жей қоймай отыр еді ойға қалып.
Қашаннан белгілі аңқау ала Қарға,
Нәсіпке бұйырмаған шара бар ма?!
Шығатын шығасыға болып себеп,
Ағашты Түлкі залым аралар ма!
Тістеген ірімшігін Түлкі көріп,
Аяғын ептеп басып жақын келіп:
«Уһ! – деді, – Көретін де күн бар екен,
Жүруші ем сырттан асық болып өліп!
Тамаша қарағанға түрің қандай!
Мынау көз, мынау мойын, мұрын қандай!
Гауһардай қанаттарың жарқырайды,
Келісті қалай біткен және маңдай!
Көркемдік сипатыңнан табылғанда,
Дауысың да болса керек шырын-балдай.
Көптен-ақ дабысыңды естісем де,
Болған соң келе алмадым жерім шалғай.
Сені іздеп келіп тұрмын алыс жерден,
Сұлу деп мақтаған соң әркім көрген,
«Халық айтса, қалып айтпайды» деген рас,
Арман жоқ жанда сені көріп өлген!
Көркіңді бітіре алман жазып хатқа,
Я сөйлеп, жеткізе алман айтып жатқа.
Мен қайран, неғып патша қоймаған деп,
Дауысың да сипатыңдай болған шақта!
Нұрыңды күн секілді көріп тұрмын,
Шыдамай бойым балқып, еріп тұрмын.
Дауысыңды тым болмаса бір шығаршы,
Естуге құмар болып өліп тұрмын!»
Мәз болып, мақтағанға насаттанып,
Қайтпасын, деп ойлады сағы сынып.
Алыстан арып-ашып іздеп келген
Байғұстың кетсін деді көңілі тынып.
Өтірік мақтағанға Қарға еріп,
«Қарқ!» етті пәрменінше жағын керіп.
Ірімшік қарқ еткенде жерге түсіп,
Жеп алып Түлкі кетті жортып-желіп.
Жұрт едік аңқау өскен қазақ болып,
Далада кең сахара көшіп-қонып.
Алдаған залымдардың тіліне еріп,
Жүрмесек жарар еді мазақ болып.
13. ҚАСҚЫР МЕН ҚОЗЫ
Бұлаққа су ішуге келді Қозы,
Жанында серігі жоқ, жалғыз өзі.
«Бөрі жоқ десең, шығар, бөрік астынан»,
Бәле мен қаза алыс па, келсе кезі.
Қаңғырған тамақ іздеп бір аш бөрі
Қозыға жетіп келді жайнап көзі.
Жемекке кінә қойып сол арада,
Жала ғып, міне, Қасқыр айтқан сөзі:
«Сен, Қозы, текке қарап жүре алмайсың,
«Соқтықпа, маған!», – десем, тіл алмайсың.
Мойныңды қазір жұлып алайын ба?!
Суымды неге былғап, лайлайсың?»
Қозы айтты: «Қасқыр, тақсыр, тоқта азырақ!
Тергеңіз, кінәм болса әділ бірақ.
Ізіңіз жатқан жерден төмен келіп,
Іштім мен жүз қадамдай қашығырақ.
Бұл жерден ең аз болса бір жүз қадам,
Мүмкін бе, ылайлауға осы арадан?!
Сіз түгіл, өзгеге жоқ қиянатым,
Не шара, жеткен болса бүгін қазам?!»
«Бекер ме, – Қасқыр айтты, – менің сөзім?
Білесің жалғаншы деп кімді өзің?
Әкеңді алдыңдағы танимысың?
Балам, сен байқап қара, ашып көзің!
Осындай сөздер мені күйдіреді,
Десем де шыдайын-ақ етіп төзім.
Есімнен өле-өлгенше кете қалмас
Былтырғы осы арада сөккен сөзің».
«Кезек бер, біразырақ сөзге, тақсыр!
Келемін жарты жасқа күзде, тақсыр!
Жаралып дүниеге биыл келсем,
Тиемін былтыр неғып, сізге, тақсыр?!»
«Ол әне, сен болмасаң, сенің ағаң,
Ойларың мені жоймақ, келсе шамаң.
Ит болсын, қойшың болсын, қожаң болсын,
Жауыздық ойлайсыңдар бәрің маған».
«Нансаңыз, ағам да жоқ, інім де жоқ,
Уа, ғайыры нашарлықтан мінім де жоқ.
Нақақтан мені, тақсыр, күйдіресіз,
Жауыздық сізге ойлаған күнім де жоқ!».
«Ол саған әлде күйеу, әлде құда,
Сүймейді қой атаулы мені жүдә.
Я бөлең, я жиенің, я нағашың,
Әйтеуір, саған ұқсас еді о да.
Қой заты талай зәбір берді маған,
Соларын мен де істеймін енді саған.
Кегімді қойдан алмай, кімнен алам?
Тауыспа, о деп, бұ деп сөзді оған».
«Тақсыр-ай! Еш жазығым жоқ қой менің,
Зәбір ғой біреу үшін күйдіргенің!»
«Үндеме! Жетер! Қазір уақытым жоқ,
Тұруға ақ-қараңды тергеп сенің.
Алыпсың жаман әдет қарсыласып,
Сенімен тұрам ба мен мылжыңдасып.
Айтайын, білгің келсе, Қозым, саған:
Кінәң сол: жегім кеп тұр қарным ашып».
Шошиды Қозы байғұс құлқын танып,
Құтылар, білгенменен, онан неғып?!
Болсын ба, Қозы жұмыс Қасекеңе,
Жөнелді иығына салып алып.
* * *
Орманға Қасқыр кетті Қозыны алып,
Белгілі етер ісі алып барып.
Осындай жазықсызды жазғыратын
Һәр жерде күштілерде бар ғой қалып.
Қасқырдың зорлық болды еткен ісі,
Ойлаймын, оны мақтар шықпас кісі.
Нашарды талай адам талап жеп жүр,
Бөріден артың дейміз оның несі?!
14. ЖАС АҒАШ
Орманға балтасымен келді Мұжық,
Аралап ағаш таңдап жүрді кезіп.
Япырым-ай, аман қалсақ жарар ед деп,
Жанынан көрген Ағаш тұрды безіп.
Мұжыққа бір жас ағаш айтады сөз:
«Құдайдан тілеуші едім келтір деп кез.
Мың да бір алғыс саған берер едім
Осы үлкен Ағаштардан құтқарсаң тез.
Тынышыма бұлар мені өсірмейді,
Тасалап, күннің көзін түсірмейді.
Осылар тұрғаннан соң жер тар болып,
Еркінше тамырларым көсілмейді.
Менде жоқ бұларға етер амал енді,
Деп тұрмын: «Құтқарушым жаңа келді».
Қоршалап, жан-жағымнан қамап алып,
Аслан жібермейді самал желді.
Болған соң шамам келмес, өштеспедім,
Қиратып, әлім жетсе, кеспес пе едім.
Жайқалып жапырағым әлдеқашан,
Көркі боп осы араның өспес пе едім?!
Бұлайша өтер ме еді өмір текке,
Зор пайдам тимес пе еді төңірекке?!
Көлеңкем кең даланың көбін жауып,
Таласып тұрмас па еді төбем көкке!»
Ағаштың сөзін Мұжық қабыл алды,
Қиратып, бәріне де ойран салды.
Кесіліп ағаш біткен жан-жағында,
Сорайып манағы Ағаш жалғыз қалды.
Қираған ағаштарға қарап тұрып,
Қуанды мұқатқандай жауын қырып.
Біреудің бағы бастан көшерінде
Қас болар жақынымен Құдай ұрып.
Айырылып жан-жағында панасынан,
Қорқады өтсе-дағы құйын жүріп.
Ұрынып жаз ыстыққа, қыс суыққа,
Біресе бұршақ соғып, болды құрып!
Ол қанша пайда тапты жалғыз тұрып,
Өзгенің әлек етіп бәрін қырып?
Ағашта қурап тұрған әл болсын ба,
Кетіп ед дауыл соғып, қалды сынып.
Сонда оған сынып жатқан, жылан келді.
«Өзіңе бәле тілеп алдың, – деді,
Қорғаушы жаныңдағы Ағаштардың
Кінәсіз бәріне лаң салдың, – деді.
Панаңды желден, күннен қорғап тұрған
Қырғызып, өзің жалғыз қалдың, – деді,
Алланың арам пейіл сүймес құлы,
Отыңа өзің жаққан жандың», – деді.
* * *
Жігіттер, жақыныңмен болмаңдар қас,
Қас болған жақынымен ақырда оңбас.
Ағайын бірі – пана, бірі – қару,
Кісіге жеке-саяқ бақыт қонбас.
Кей ақымақ әлек етер жақындарын,
Аямай жұмсап күш пен ақылдарын.
Жау түгіл, иттен бойын қорғай алмай,
Қаптырар ақырында тақымдарын.
15. ҚАРТАЙҒАН АРЫСТАН
Қартайып Арыстанның әлі кетті,
Айбынды жұрт қорқатын сәні кетті.
Бетіне жан келмейтін уақыттары,
Артына бір қарамай бәрі өтті.
Аяқта дәрмен қалды жүрерлік-ақ,
Тым қарттық жас емес қой көрерлік-ақ!
Tіс түсіп, тырнақ мұқап, қайрат кетіп,
Жайы бар тыныш жатып өлерлік-ақ.
Тынышына қоймады оны өзге аңдар,
Бата алмай: «Сені ме?!» – деп жүрген жандар.
Анау да, мынау да өшін алып жатыр
Қашаннан Арыстанда кегі барлар.
Ат тепті, Қасқыр қапты етін үзіп,
Біресе жаралады Өгіз сүзіп.
Қинады әркім келіп білгенінше,
Арыстан үн шығармай жатты төзіп.
Ыңыранып жатыр еді өлейін деп,
Қасына Есек келді көрейін деп.
Артықша жанға батар жерін таңдап,
О да тұр Арыстанды тебейін деп.
«Я, Раббым!», сол уақытта, – деді Арыстан:
Мен түгіл, қорқушы еді ат қамыстан.
Бұл Өгіз, мынау Қасқыр тимек түгіл,
Зәресі ұшушы еді, көрсе алыстан.
Дариға! Ол заманның бәрі өтті,
Кәрілік деген бәле келіп жетті.
Tіс түсіп, тырнақ мұқап, әл кеткен соң,
Сорыма бәрі мұның ер боп кетті.
«Тебем» деп келіп тұрған мынау Есек,
Аяқта жатушы еді болып төсек.
Кешегі дәурен баста тұрған шақта
Мұны кім айтушы еді жан деп есеп.
Көп шығар, жоқ демеймін, кінәм менің,
Ризамын бақ-бәлеңе бірдей сенің.
Тұяғын бұл жаманның тигізбей ал –
Қорлықтан, мұнан көрген, жеңіл өлім.
* * *
Айтылған бірдей емес осы аңдар,
Ішінде жақсы, жаман, осалы бар.
Арыстан, Жылқы, Өгіз, Есекке ұқсас,
Ойласаң табылмай ма, неше адамдар?
Ерлер бар заманында дәурен сүрген,
Дұшпанын ерегіскен жалғыз бүрген.
Қартайған Арыстандай әлі кетіп,
Қаруы бұл уақытта азып жүрген.
Бақ қонса, сыйлар Алаш ағайын да,
Келе алмас жаман батып маңайыңа.
Басыңнан бақыт құсы ұшқан күні
Құл-құтан басынады, малайың да.
16. ШАЛ МЕН АЖАЛ
Орманнан бір шал қайтты отын алып,
Бүкшеңдеп, көтере алмай, өліп-талып.
Отынын жерге қойып, біразырақ
Қисайып жатты байғұс ойға қалып:
«Мен сорлы әрі кәрі, әрі жарлы,
Асырау оңай емес үйлі жанды.
Қартайдым, жалданарға қайратым жоқ,
Бермеді тұтынарлық Құдай малды.
Бұл маған не қылғаның, Жаратқаным?!
Бір шалға үйлі жанды қаратқаның?
Төлермін салғырт ақша қайдан тауып,
Қажетім бірін сай ғып жаратпадың?
Не жаздым, құтқармастай бұл бейнеттен,
Күнің жоқ тілегімді қабыл еткен.
Біреу кеш, біреу ерте өліп жатыр,
Келмейді маған Ажал, қайда кеткен?»
Мұны естіп, Ажал шалға жетіп келді.
«Шақырдың жаңа неге, – деді, – мені?»
Ажалды көрген шақта зәресі ұшып,
Шал байғұс сасқанынан бұлай деді:
«Жарайды, бәрекелді, қош келдің сен!
Өзім аш, әрі кәрі, қуатым кем,
Отырмын отынымды көтере алмай,
Жібер деп арқалатып шақырып ем».
* * *
Шал болсын, жасы жетіп, жеңген қарттық,
Я жүрген жоқшылықтың зарын тартып,
Сау жер жоқ денесінде ауру да
Өлімнен тірілігін көреді артық.
Кейбіреу көтере алмай жүрсе күнін,
Кейіген сағатында тілейді өлім.
Болады надандықпен зор күнәһар,
Ісінің Құдіреттің білмей жөнін.
17. ҚАЙЫРЫМДЫ ТҮЛКІ
Бір мерген бозша құсты атып алды,
(Қоймады, өлтіріп-ақ жалғыз жанды).
Басында бір ағаштың үш баласы
Шырылдап ұясында жетім қалды.
Ана жоқ таситұғын тағам-жемді,
Күн көрер бейшаралар қайтіп енді?!
Шулаған балапандар дауысын естіп,
Сөз сөйлеп осылайша Түлкі келді.
«Алда сорлы, бейшара, балалар-ай!
Жасынан өлген екен аналары-ай!
Көбелек, шыбын аулап күн көретін
Жоқ екен сорлылардың шамалары-ай!
Әй, құстар! Тыңдаңыздар құлақ салып,
Кезекпен жем тасыңдар ұшып барып.
Үшеуін асырауға қанша қиын?!
Етіңдер, аз күн қайыр бөліп-жарып.
Көкек құс! Жүнің түлеп жүр ғой бекер,
Азырақ жетім үшін жұлсаң нетер?
Қайырдың бұл дүниеде жетімге еткен,
Басқа іс, сауабына бар ма жетер?
Бозторғай! Қарап тұрма, сен де текке.
Жүресің бекер шырлап ұшып көкте.
Даладан, тоғайлардан таман ізде,
Бұлардың үшеуіне көп керек пе?!
Сарымойын! Ер жетті ғой балаларың,
Бәледен Құдай сақтар бірер-жарым.
Бұлардың күндіз-түні жанында бол,
Жоқтатпай сорлылардың аналарын!
Қарлығаш! Сен келтірсең маса-шыбын,
Бұларға о да қорек болар тығын.
Осындай жұрт жабылған сауап іске
Ұят қой кіріспесең, жарықтығым!
Сандуғаш! Неғылайын сені қайрап!
Қоярсың оқтын-оқтын өзің сайрап.
Көңілін біраз ғана көтермекке,
Зарлының жетім қалған соры қайнап!
Достарым! Осындай бір іс етелік,
Жастарды жетім қалған кісі етелік!
Ізгілер орманда да бар екенін
Осындай сауап іспен көрсетелік!
Тұрғанда Түлкі сөйлеп сауап жолды,
Қайғыға естігеннің көңілі толды.
Аштыққа шыдай алмай үш балапан
Ағаштан төмен жерге түсіп қонды.
Жұрт жинап жақсы кеңес құрған Түлкі,
Зарланып жетімді аяп тұрған Түлкі.
Ауызына үшеуін де қағып салды –
Өзі екен нағыз Құдай ұрған Түлкі.
* * *
Жеп қойды құстың жетім балапанын,
Қорықпай-ақ обалынан Түлкі залым.
Қарасаң, ел ішінде аз ба, адамдар
Жеп жүрген обалсынбай жетім малын?
Пана боп, өзің сақта, Құдіретім!
Кім де кім балапандай қалса жетім!
Жұмсақ тіл, көңілі қатты залымдардың
Ете гөр жетімдерден аулақ бетін!
18. МАЙМЫЛ МЕН КӨЗІЛДІРІК
Қартайып, нашар көрді Маймыл көзі,
Ойлады ем етерге оған өзі.
«Көз азса, Көзілдірік емі» – деген
Тиетін құлағына жұрттың сөзі.
Бес-алты Көзілдірік Маймыл тапты,
Біразын құйрығына тізіп, тақты.
Қарады бірін иіскеп, бірін жалап,
Бір мезгіл төбесіне қойып жатты.
Пайда жоқ иіскесе де, жаласа да,
Қойып-ақ һәр жеріне қараса да
Маймылға Көзілдірік ем болмады,
Адамның көздеріне жараса да.
«Жоқ!, – деді титімдей де пайда тіптен,
Мәжнүн бұл шыныдан дару күткен!
«Жақсы-ақ, – деп көзілдірік» шулаушы еді,
Бәрі де жалғаншы екен адам біткен.
Сөздері жұрттың айтқан бәрі жалған,
Мен жарым жалған айтқан сөзге нанған.
Көрмедім жау алғырдан ешбір пайда,
Еңбегім босқа кетті іздеп талған».
Қараңыз: Маймыл не етті сонда тұрып,
Бір тасқа ұрды бәрін лақтырып.
Ашу мен жарымдықтан пайда бар ма?
Күл-күл боп көзілдірік қалды сынып.
* * *
Алғанға бұл кеңесте ғибрат бар,
Маймылша іс ететін көп надандар.
Пайдалы затты орнына жұмсай алмай,
Сөгетін пайдасыз деп жоқ па, адамдар?!
19. ШАЛ МЕН ЖҰМЫСКЕР
Шал қайтты малайымен пішен шауып,
Бәлені сезе ме, адам тұрған бағып?
Орманмен кешке тұрым келе жатты,
Баратын елге тура бір жол тауып.
Тап берді қарсы алдынан аю шығып,
Болмады айла етерге о ғып, бұ ғып.
Үстіне Шалдың аю қонып алды,
Сорлыны ә дегенше жерге жығып.
Жұмарлап, басып-жаншып аю Шалды,
Жемекке енді бастап ыңғайланды.
«Бауырым, Пәленшежан, айыршы-ай», – деп,
Малайға шал жалынып қолқа салды.
Малайы темір айыр, балтаны алып,
Аюды жықты, басын, ішін жарып.
Қан-қан боп үсті-басы өлейін деп,
Қорқырап аю жатты ыңыранып.
Шал тұрып енді орнынан есен-аман,
Жақындап жұмыскерге келді таман.
«Әумесер, ақылың жоқ, ит-доңыз!», – деп,
Байғұсты балағаттап, сөкті жаман.
«Ұрсасың неге, Шалым, маған, – деді,
Сөккендей не істедім саған, – деді.
Жазғаным – менің сені аю-жаудан
Айырып алғаным ба, аман?!» – деді.
Шал айтты: «Көрмеймісің не еткеніңді?
Желігіп, жындануға жеткеніңді?
Бардай-ақ әкең құны сонша шаншып,
Терісін іске алғысыз еткеніңді?»
* * *
Сөз жаздым үгіт үшін бозбалаға,
Осындай елде уақиға аз ғана ма?
Қайырың наданға еткен – шашқан мүлкің.
Болады рәсуа құр далаға.
Құдайым, жолдас қылма жамандарға!
Көзі тар, көңілі соқыр надандарға!
Жақсылық етсең де бір, етпесең де,
Жақпайсың кей ақымақ адамдарға.
20. ЖАРЛЫ БАЙ
Бір күні Жарлы отырып ойға қалды:
Байларға кейбір сараң көзін салды.
«Ішіп-жеп, рахатын көрмеген соң,
Не керек, – деді, жиып пұл мен малды.
Малыңда не қызық бар ептеп жиған,
Жаныңа еш рахат етпей жиған?!
Қызығын малдың көрмей бұл дүниеде,
Алмайсың ақыретте сатып иман22.
Өлесің, артыңда көп мал қалады,
Көріне кімнің малы бір барады?
Адал сүт емген бала қалса артыңда,
Көп болса, асың беріп, там салады.
Дариға! Мен бай болсам жұрттан асқан!
Үйлерді салдырар ем қандай тастан!
Сом түгіл, мыңын бірден жұмсар едім,
Аямай киер киім, ішер астан.
Жылқымды, қымызымды, қойымменен,
Жұмсар ем, қонағыма тойымменен.
Жұртымның жабықтырмай көңілін ашып
Күнде той, күнде қызық ойынменен».
Осылай жатты ойлап кедей жазған,
Кішкене лашығында жерден қазған.
Аяқта етігі жоқ, баста бөрік,
Үстінде жыртық көйлек кір-кір, тозған.
Ақсақал, ақ сәлделі, таяқ қолда,
Сықылды жүрген адам ұзақ жолда,
Кедейдің бай болсам деп ойлап жатқан
Үйіне кіріп келді бір қарт сонда.
Орнынан кедей тұрып сәлем берді,
Қарт оған: «Алейкүмассалам» – деді.
– Беремін мына саған әмиянды23
Бай болып, мүддеңе жет, балам, – деді,
Көп емес, қазір онда жалғыз ділдә,
Оны алсаң, ділдә болар тағы орнында.
Оны алсаң және орнынан ділдә шығып,
Таусылмас, ала берсең, қанша жылда.
Ұмытпа, бұл сөзімді, жаным балам!
Мейлің тойғаннан соң ала-ала,
Апар да әмиянды суға таста,
Болады тұтынарға сонда ғана».
Осыны айтты да, қарт кетіп қалды,
Кедейім қуанғаннан естен танды.
Отырып аң-таң қалып, біраздан соң
Шиланды24 ашайын деп қолына алды.
Ішінде алтын жатыр ашып көрсе,
(Бай болу сағатында Құдай берсе!)
Жарлы оны бұлай алып қойып еді,
Білінді орнында бір тағы нәрсе.
О да алтын, оны қойды және алып,
«Өңім бе, түсім бе?!» – деп таңға қалып.
Ертеден кешке дейін Жарлы отырды,
Шиланнан саф алтынды санап салып.
Әмиян күндіз-түні болды қолда,
Ac ішу, дамыл алу болмады онда.
Алтынды бөлек-бөлек үйіп отыр,
Өзімен-өзі кеңес құрып сонда:
«Мінеки», – деді, – енді мен де баймын!
Байлармен жұрттан асқан сайма-саймын.
Құдайым бермегенде, жаттым ұйықтап,
Тұрғанда Құдай беріп, неге ұйықтаймын?!
Шығарсам қазір алтын үй алатын,
Онан соң бір жүз мыңын бие алатын.
Көшкенде жүктерімді атқа артам ба?!
Тағы да алтын керек түйе алатын.
Бір жақсы кең қонақ үй және керек,
Келсе де қанша қонақ сыя алатын.
Ол үйге жібек көрпе, жастық, кілем
«Болмайын қонақтардан ұялатын».
«Сиыр мен мынау алтын қойға, – деді,
Аналар, қатын алсам, тойға деді.
Жұмсармын мұнан соңғы алтындарды
Қаражат, киім-кешек бойға, – деді».
Табылды бірінен соң бір қажеті,
Күн түгіл, өтті солай неше жеті.
Жемеді оңды тамақ, көрмеді ұйқы,
Тұрғандай аурудан болды беті.
Ай түгіл, әлденеше жыл өтеді,
Алса енді бәріне де пұл жетеді.
Өзенге әмиянды алып келіп,
Тастауға қимай, қайтып әкетеді.
Шиланды қайтып алып келеді үйге,
Шыдамақ және қиын аштық күйге.
«Тұрғанда қолда әмиян, алтындарға,
Тағы бар қарттың сөзі деген тиме!».
Ағарып сақал-шашы, қариды енді,
Тәнінде қу сүйек қап ариды енді,
Қызығын малдың жұмсап көретұғын
Мезгілдің кетті өтіп бәрі де енді.
Адасты ақылынан деуге жынды,
Санайды бір жаңылмай сонша мыңды.
Осындай ішпей-жемей жиған дәулет,
Қараңыз, ақырында немен тынды?!
Үстіне бүтін көйлек алмай сатып,
Алмастан азық-түлік, жарап-қатып,
Баяғы лашығында жан тапсырды,
Оныншы миллионды санап жатып.
* * *
Бір емес, толып жатыр осындай кеп,
Бар болып жоқтың ісін істейтін көп.
Малы көп, көңілі жарлы адамдарға
Ат қойған қанша теріс жарлы бай деп?
Жаман ғой жарлылық күй адамзатқа,
Жақсы емес рахатсыз байлық бақ та.
Мал жиып бай болуды талап еткен,
Есіңде бұл кеңесті ұғып сақта!
21. АЙНА МЕН МАЙМЫЛ
Айнаның қарсы алдына Маймыл барып,
Айнада өз сүгіретін көре салып,
Аюға жанындағы күліп айтты,
Ақырын аяғымен түртіп қалып:
«Бері қара! Бұ кім өзі мынау перің?
Білмеймін, қайдан шыққан мұндай көрім?!
Он екі мүшесінің бірі оңды емес,
Көз салып қарап тұрсам әрбір жерін!
Мен бұған титтей ғана ұқсас болсам,
Ішіме пышақ салып, өлер едім.
Ол рас бесеу-алтау бар екені –
Кейіпсіз нақ осындай бөлелерім».
«Маймылжан, біраз ғана етсең төзім,
Менің бар жалғыз ауыз айтар сөзім:
Әуре боп бөлелерің санағанша,
Абайлап қарашы әуел өзіңе өзің».
Аюдың бұл ақылы айтқан досқа,
Бір жүріп, бірге тұрған көңіл қосқа.
«Алды жөн адасқанның» деген сөз ғой
Тыңдаусыз құр далада қалды босқа.
* * *
Мысалы: адам – Маймыл, өлең – Айна,
Өлеңде түсінгенге бар көп пайда.
Айтылған өлеңдегі мінін көріп,
Түзейтін мінез-құлқын адам қайда?!
Біреудің мінін айтса өлеңшілер,
Мәз болып тыңдағандар, қарқ-қарқ күлер.
Болса да нақ сол міндер өз басыңда,
Деп айтар: «Секілді екен пәленшелер».
Мен талай көргенім бар осындайды,
Өз мінін кім аңғарып, абайлайды?
Мысалы, бидің жеген парасын айт,
Көрсетер көзін қысып ауылнайды.
22. КІСІ МЕН АРЫСТАН
Бір аңшы ұстаушы еді аңды қырып;
Ішіне қалың ағаш торын құрып.
Бір күні Арыстанға кез болыпты,
Сыртынан құрған торын бағып тұрып.
Арыстан ақырды оған ауызын ашып:
«Көрейін, қимылдашы, қарсыласып!
Шекірейіп: «Жан біткенге патшамын!» – деп,
Мақтанып жүруші едің судай тасып.
Қайратың мақтанатын қандай екен,
Кел бері, байқасалық күш сынасып,
Адамым, рас бізге патша болсаң,
Жүріп көр аяғыңды қадам басып!»
«Арыстан! Сенен артық емес күшім,
Сөзімді ілтипатпен тыңдап, түсін.
Ететін мені артық хайуандардан
Күш емес, өнерім мен еткен ісім.
Ол рас, сендей онша батыр емен,
Мақтаншақ, өтірікке жақын емен.
Қаншама күш жетпейтін қиын істі
Орнына келтіремін ақылыммен.
Бұл саған айтып тұрған нағыз шыным,
Шындығын көрсетейін қазір мұның.
Егер де сөзім жалған болып шықса,
Жерсің ғой сонан соң да, жарықтығым!
Сен қара! Қылдай өрмек анау тұрған.
Мен едім азаптанып соны құрған.
Кішкене желге де өзі селкілдейді,
Көресің, темір емес я тас қорған.
Жүрсем де қайратыңа сырттан қанып,
Көзіммен көргенім жоқ әлі анық.
Әуелі мен өтейін ар жағына,
Өтерсің мықты болсаң бұзып-жарып».
«Тұрсың ғой күш сынарға қылдай тормен,
Ол түгіл, байқасқанмын онан зормен.
Сен барып ар жағында даяр боп тұр,
Жетермін мен де қазір тура жолмен».
Жөнелді, көп сөйлемей, адам пақыр,
Қуанып жылдам жүріп бара жатыр.
Астынан тор-торлардың өтіп алып,
Тұрды енді: «Келсең кел, деп біздің батыр!»
Арыстан шапты торға атқан оқтай,
Қомсынып, бейне алдында нәрсе жоқтай.
Өте алмай торды бұзып, шырматылып,
Сол жерде қолға түсті ұрмай-соқпай.
Оралып жатты торға Арыстаным,
Ақылдан білді күштің қалысқанын.
Терісін Арыстанның сойып алып,
Олжалы қайтты аңшы данышпаным.
* * *
Бұл жазған бозбалаға бір өсиет.
Өнерсіз қара күште жоқ қасиет.
Ойламай күшке сеніп еткен істің,
Зарары һәр уақытта басқа тиед.
Демеймін: «Күш керексіз адамзатқа»,
Өнер, ой онан да артық мал мен баққа.
Өнердің жоқтығынан азып жүрміз,
Нағыз бұл Арыстандай болмасақ та.
Бұл күнде күштен ойды бұрын жұмса,
Қара күш бәйге алмай жүр осы шақта.
Амал ет, заманыңның ыңғайына,
Бәйгесіз құр лағып босқа шаппа.
Ақылдан күшіңді артық көріп жүрсең,
Жадыңа бұл кеңесті оқып, сақта!
23. ЖҮРГІНШІЛЕР МЕН ИТТЕР
Кеш мезгіл келе жатты екі кісі,
Сөйлесіп, кеңесерлік болып ісі.
Арсылдап бір ит шығып қақпа астынан,
Бөлінді екеуінің әңгімесі.
Жүгірді және бір ит оны көріп:
Артынан тағы ит шықты оған еріп;
Жиылды сол арада қырық-елу ит,
Бірінің дауысын естіп бірі келіп.
Біреуі жүргіншінің сонда тұрып,
Ойлады қуалауға таспен ұрып.
Жолдасы жанындағы оған айтты:
«Қарама, неғыласың мойның бұрып?
Өшігер олар қайта мұнан жаман,
Тыймассың кесек атып лақтырып.
Үндемей, жайымызға жүре берсек,
Өздері қояр әлі-ақ үріп-үріп».
Бұл сөзді екеуі де қабыл етті,
Иттерден қырық-елудей қадам өтті.
Басылып бірте-бірте дауыстары,
Кешікпей алды-алдына тарап кетті.
* * *
Тағы да бір сөз айтар келді ретім,
Жаратқан түрлі мінез Құдіретім!
Біреудің малын яки бағын күндеп,
Күншілдер жоқ па, шулап итше үретін?!
Күндесін, шуылдасын, қылсын өсек,
Етпелік, сөйлеп жүр деп, сөзін есеп.
Иттердей үріп-үріп тарап кеткен,
Қояды шулап-шулап, үндемесек.
24. ЕМЕННІҢ ТҮБІНДЕГІ ШОШҚА
Түбіне бір Еменнің Шошқа келіп,
Жемісін жерге түскен жеді теріп.
Тойған соң келістіріп ұйықтап алып,
Еменнің түбін қазды тұра келіп.
Шошқаға сол уақытта сөз айтады,
Ағаштың басындағы құзғын көріп:
«Тамырын қазып, аршып тастаған соң,
Қалмай ма, емен қурап, кеуіп, сынып?».
«Қураса, қурайды деп, қиналман көп,
Қурамай тұрғанменен, неме ол сеп?
Қурасын, маған салса, күйіп кетсін,
Қайғырман оның үшін уайым жеп!
Құдайым жемісінен айырмасын,
Қылатын мені семіз солар ғой тек».
Сол шақта күңіреніп сөйледі Емен,
Шошқаға айтып тұрған осылай деп:
«Ей, шіркін! Жақсылықты білмейтұғын!
Білсең сен, не бетің бар, бүй дейтұғын?
Жоғары қарай алсаң, білер едің
Шыққанын жеміс қайдан сен жейтұғын!»
* * *
Дүниеде түрлі-түрлі адамдар бар,
Жақсы мен арасында жамандар бар.
Ғылымды пайдаланып отырса да,
Сезбейтін сол пайдасын надандар бар.
25. КІСІ МЕН АЮ
Бір адам айдалада елден жырақ,
Жеке-тақ, жапан түзді қылды тұрақ.
Жаяулық, жалаңаштық жақсы емес қой,
Жалғыздық олардан да қиынырақ.
Көк шалғын, ағаш, бұлақ – бәрі жақсы,
Болмайды нақ адамдай серік бірақ.
Сөйлесіп іштен шерін тарқата алмай,
Жеке-тақ қапаланды жалғызсырап.
Бір күні келе жатты ағаш жаққа,
Нендей жан кез болар деп таныспаққа.
Орманда қасқыр, аю, аң болмаса,
Табылсын онан басқа кім бейбаққа.
Айтқандай қарсы алдынан Аю келді,
Бұл оған тағзымменен сәлем берді.
Көрісіп, қол алысып амандасып,
Сөйлесіп, бірте-бірте танысты енді.
Дос болды ақырында Аю, Адам,
Зор болды татулығы бір тумадан.
Екеуі күндіз-түні болып бірге, –
Баспады бір-бірінен оқшау қадам.
Сөйлескен әңгімесін ешкім білмес,
Әзіл ме, ертегі ме, жай ма кеңес?
Жеке-тақ әңгімеге жоқ кісі еді,
Аю да туғаннан-ақ мылжың емес.
Сөйлесіп қанбаса да кеңеске көп,
Әйтеуір сол Аюды жаратты бек.
Бір сағат сабыр қылмай сағынады,
Көзінен таса болса жолдасы тек.
Осылай әлденеше күндер өтті,
Шілде боп, күннің ыссы кезі жетті.
Аралап ойды, қырды, орман, тауды,
Екі дос күн ыссыда сайран етті.
Жүре алмай, Адам шаршап, тала берді,
Һәр жерде тұрып демін ала берді.
Аюдан Адам нашар болғаннан соң –
Ере алмай кейін, артта қала берді.
Сонда оған Аю айтты: «Жеке-тақ жан!
Айтайын мен бір ақыл, құлағың сал!
Күзетіп жан жолатпай мен тұрайын,
Сен ұйықтап біразырақ тынығып ал».
Жеке-тақ жолдасының тілін алды,
Шапанын шешті-дағы, төсеп салды.
Болдырып күні бойы жүрген бейбақ,
Жатты да, бір есінеп, ұйықтап қалды.
Ал енді Аю тұрды қарауылда,
Кінә жоқ, бағып досын қарауында.
Қорылдап ұйықтап жатқан жеке-тақтың
Бір шыбын келіп қонды танауына.
Шыбынды келіп қонған Аю көрді,
Бір қуып жіберіп ед, қайтып келді.
Үркітіп әлденеше қуса дағы –
Кетпеді қайта-қайта қона берді.
Шыбынға Аю қатты ашуланды,
Көтеріп жерден әйдік бір тас алды.
Және кеп маңдайына қонған шақта –
Таспенен пәрменінше қойып қалды.
Ұрған тас дәлдеп тиді Жеке-таққа,
Кез болған қай оңды дос ол бейбаққа?
Я қаза, я бәлеге жолығарсың –
Егер де болсаң жолдас ақымаққа.
Тас тиіп, бас сүйегі қақ айырылып,
Фәниден көшті сорлы бақи жаққа.
Қайырын зайғы етсе, керегі не?
Кез қылма, ондай достан, Құдай сақта!
* * *
Жігіттер, сақтаныңыз надан достан,
Досыңнан, надан болса, артық дұшпан.
Белгілі жаудан кісі күтінеді,
Тиеді достың оғы қапылыстан.
26. ЕКІ БӨШКЕ
Көшеде екі Бөшке келе жатты,
Бірі бос екеуінің, бірі затты.
Ішінде заты бары жай аяңдап,
Салдырлап келе жатыр босы қатты.
Адамдар дауысын естіп қорқып, сасып,
Ығысып, алыстан-ақ жолын ашып,
Жүгіріп шапшаңырақ бара жатыр
Көшенің ортасынан шетке қашып.
Құр бөшке жұртты үркітіп салдырлады,
Көшеде қарамаған жан қалмады.
Бұйым көп, дыбысы жоқ екіншісін
Ілтипат етіп ешкім аңғармады.
* * *
Жиылып отырған жұрт мұны тыңдап,
Созбайын сөз аяғын көп мылжыңдап.
Билігін өздеріңіз айтыңыздар,
Бөшкенің қайсысының пұлы қымбат?
Құр бөшке салдыры зор, бағасы кем,
Фаһамсыз25 құр даурықпа, адаммен тең.
Алыстан әлдеқандай болса-дағы,
Жай-мәнін, жақындасаң, білерсің сен.
Екінші толық Бөшке мысалы сол,
Адамдар көп даурықпас ақылы мол.
Сарп етпей босқа сөзін жұртқа жарлап,
Үндемей жүріп ісін істейді ол.
Байқамас оны ешкім, жақындаспай,
Істес боп, ой сынасып, ақылдаспай:
Бөшкеде не зат барын білеміз бе,
Қақпағын я бір жерін тесіп ашпай?!
27. АҢДАРҒА КЕЛГЕН ІНДЕТ
Алланың рахметі мол, қары қатты,
Қарғады дерт жіберіп хайуанатты.
Қырылып у жегендей түрлі аңдар,
Һәр жерде төбе-төбе болып жатты.
Шошынып хайуандар келген дерттен,
Біле алмай, не қыларын, есі кеткен.
Далада, ойда, қырда, орман, тауда
Сау қалған жер болмады бұл індеттен.
Түзеліп аң біткеннің құлықтары,
Кәсібі, өзгеріліп ғұрыптары,
Зорлықтың, зомбылықтың бәрін тастап,
Тимеді нашарына ұлықтары.
Жоғалды ойын-күлкі, сауықтары,
Зор болып аурудан қауыптары.
Қасқырлар қойға тимей, ораза ұстап,
Жай жүрді түлкі жемей тауықтарды.
Арыстан – аң патшасы жатпай текке,
Жар салды жұрт шақырып төңірекке.
Жиылып болғаннан соң енді Арыстан
Бұлайша сөз бастады келген көпке:
«Е, жұртым! Нәпсімізді тыя алмадық,
Не түрлі жаман істен ұялмадық.
Күнәміз көп болған соң, қаһар етіп,
Жіберді бізге Құдай ауырмалдық.
Мен тұрмын шығармаққа жаңа тәртіп,
Тәртіптен қалмайды ешкім басын тартып.
Жұрт үшін құрбандыққа жанын қисын,
Күнәсі кім де кімнің болса артық.
Бұрын да мұндай індет талай болған,
Жұрт таңдап күнәлісін құрбан шалған.
Көп үшін бірі ғана жанын қиып,
Қырғыннан өзгелері аман қалған.
Құдайым жіберген соң бізге індет,
Ісіне Құдіреттің көнбек міндет.
Күнәсі кім де кімнің болса артық,
Бас тартып, жалтармасын, о деп, бұ деп.
Кім айтар, тазамын деп хан қасында?
Күнәлі үлкен-кіші, қарт-жасың да.
Жасырмай аз ба, көп пе, айтып шықсын,
Қылмысын болған әркім өз басында.
Мен өзім нақ күнәсі көптің бірі,
Айтпаса, ашылмайды көңіл кірі.
«Жазықты, жазықсыз» деп талғамадым,
Кетпеді тырнағыма түскен тірі.
Етпедім намаз оқып, құлдық тағат,
Ораза тұтқаным жоқ жалғыз сағат.
Жазықсыз қойдан момын жануар жоқ,
Соларды қойшысымен жедім қабат.
«Мен риза, құрбандыққа шалсаң, жұртым,
Ісім көп талай жерде еткен ағат».
Сол шақта Түлкі тұрып сөз айтады,
Патшаға жарамсақтап, тез айтады:
«Мұныңыз күнә түгіл, ұнаған іс,
Қандай жан мұны күнә деп айтады!
Дей берсең мұндай істің бәрін күнә,
Онда біз өлеміз ғой айтқан сірә!
Тақсырдың тамағына жарағаны,
Қойларға зәбір емес, зор мәртәбә.
Және де мен айтайын, тақсыр ханым!
Адамның бұзықтығы жұртқа мәлім.
Қалайша айла тауып, жоямын деп,
Дұшпандық ойлайды һәман бізге залым.
Күнә емес, адам жесең, сауап тақсыр,
Кім де кім оны жесе, сауап тапсын.
«Нақ соны жеген обал» дегендерге
Сіз үшін мен берейін жауап, тақсыр!».
Бұлайша бір түлкі емес, айтты бәрі,
Патшаға жарамсақтап жас пен кәрі:
«Бірі емес бәрін жесе обал бар ма?!
Адамға аңның, – десті, – жетсе әлі».
Артынан Арыстанның Жолбарыстар...
Патшасы бұйырған соң не тұрыс бар?
Аюлар, Қасқырлар да айтып шықты
Басында жақсы-жаман не қылмыс бар.
Бұқалардың қайсы бірі тісті, мықты,
Қайсысы һәм азулы, һәм тырнақты.
Жаман деп бұлар ісін ешкім айтпай
Тұрған жұрт ыңғайына қарап ықты.
Болса да Құдай безер қылмыстары,
Тап-таза періштемен бірдей шықты.
Ал, енді Өгіз тұрып мөңірейді,
Көз жасы ағыл-тегіл еңірейді:
«Қиянат кісі аңына қылман деуші ем,
Азғырды шайтан залым мені, – дейді.
Нақ биыл бесінші жыл сол ісіме,
Сол ісім еңіреймін түссе есіме.
Жұт жылы ашаршылық азық болмай
Жалындым қарыз сұрап һәр кісіге.
Бермеді ешкім маған қарызға шөп,
Аштыққа шыдап, жайға тұрмадым тек.
Істедім бір адамға мен қиянат,
Шөбінен рұхсатсыз бір үзіп жеп».
«Япырмай! Бұ не деген күнә, тақсыр?!»
Шуылдап қоя берді Аю, Қасқыр.
Былғады бір өзі емес, баршамызды,
Біреудің шөбін ұрлап, қара басқыр!»
«Соншама не көрді екен, Құдай ұрған?
Обал жоқ, бұл көрімге жұртты қырған.
Өзгелер мұнан ғибрат алмас үшін
Жоялық жылдам көзін, етіп құрбан».
Бұл сөзді жиылған көп қабыл алды,
Өгізді алып ұрып, құрбан шалды.
Күнәдан жаны-тәні тазарсын деп,
Апарып жанып жатқан отқа салды.
Адамның шөбі түгіл, өзін жеген
Тісті мен тырнақтылар аман қалды.
* * *
Өкіріп Өгіз жатыр отқа күйіп,
Көз жасын, құтқарғай да, Құдай иіп.
Айтуға түсін ашып қаймығамын,
Біреуге кете ме деп тілім тиіп.
Үлгі айтып, жұрт түзейтін қайда білік?
Әншейін ермек етем, сөйлеп, күліп.
Аңдардың осы ісінен бөтен емес,
Түзелген кейбір жұртта әкімшілік.
Тауыса алман дүние кебін айтып, санап,
Әкім аз іс ететін, әділ қарап.
Залымдар айран ішіп, аман кетіп,
Момындар тұтылып жүр шелек жалап.
28. ҚАРА БҰЛТ
Даланың күнге күйіп, аптап өткен,
Үстінен бұлт шықты қаптап көктен.
Қуанды шаруалар я, Құдайлап.
«Жерді бір суарар деп қурап, кепкен».
Жауар деп тұрды халық үміт етіп,
Тамбастан өте шықты құр желдетіп.
Теңізге барды да бұлт құя салды,
Далаға қурап тұрған жаумай кетіп.
Теңізге пәрменінше құя салып,
Мақтанды мырзасынып тауға барып,
Тау айтты: «Сен мақтанып келіп тұрсың,
Мен тұрмын бұл ісіңе қайран қалып.
Егер де сол қадарлы жаусаң жерге,
Су берсең шөлдеп тұрған егіндерге,
Көк шығып, жер отайып, егін өсіп,
Қандай зор тиер еді пайдаң елге!
Не қайыр, сенің қазір жауғаныңнан?
Сенсіз де су жетерлік теңіздерде!»
* * *
Жиылып, кеңес тыңдап отырғандар!
Ғибрат мұнда да бар, алсаңыздар:
Бұлттай жерге жаумай, суға жауған
Қазақта іс ететін көп адамдар.
Жұмсамай тиісті орынға мал, өнерін,
Біреулер жүреді, оған не амал бар?!
Мысалы, қазақ – дала, басқа – теңіз,
Даланы, шамаң келсе, көгертіңіз:
Мұң десең, мұқтаж десең, қазақта көп,
Емес пе, мұны ойламақ міндетіңіз?
Мақал бар: «Жақсылықты басыңа қыл,
Басыңнан асса, деген, – досқа істеңіз!»
Мен мұны арнап жаздым замандасқа,
Шаш қойған өзімменен ғамалдасқа.
Бұл сөзді сендерге айтпай, кімге айтамын?
«Болады асыл таста, өнер жаста».
Қарышта өз жұртыңа, барың болса,
Өзге елдің өзінде көп бізден басқа.
29. ИТТІҢ ДОСТЫҒЫ
Бір байдың «Төрткөз», «Мойнақ» төбеттері,
Өздері, ит болса да, әдепті еді,
Түнде үріп, күндіз үрмей, жай жататын
Болады әдепті иттің әдеттері.
Түс мезгіл екі төбет тойып жатып,
Кемпір наз-өкпелерін қойып жатып,
Ас-үйдің алдындағы күн шуақта
Сөйлесті һәр нәрсенің басын шатып.
Сөз қылды жақсылықты, жамандықты,
Жомарттық, мырзалық пен сараңдықты.
Достықтың, дұшпандықтың жайын сөйлеп,
Қолға алды татулық пен араздықты.
Тілмарсып сол уақытта айтты «Мойнақ»:
«Менсіз-ақ қара, «Төрткөз», өзің ойлап.
Дүниеде онан артық не нәрсе бар,
Тұрғаннан татулықпен күліп-ойнап?
Дос болсаң, құшақтасып, жанға балап,
Сөз айтсаң бір-біріңе «шырақ-қарақ».
Алты күн ашаршылық көрсең-дағы,
Жемесең бірің жоқта бірің тамақ.
Достың дос жұлдырмаса жауға түгін,
Еш нәрсе айырмаса ара жігін.
Бірінің қабағына бірі қарап,
Білмесе күннің қалай өткендігін.
Не бар, деп дүниеде мұнан артық,
Мен қалып бір қиялға тұрмын бүгін.
«Жолдыаяқ», ақсақ «Құтпан», жаман «Сарықұс»
Солар да тап-тату жүр біздер түгіл».
Сөйлейді маңызданып енді «Төрткөз»:
«Мойнеке», мұның әбден айтарлық сөз.
«Тұрмайтын бір күн тату неміз бар?» – деп,
Мен-дағы ойлаушы едім осыны әр кез.
Не келіп, тірі жүрсең, не кетпейді?
Араз боп, екеумізге не жетпейді?
Тамақ, тоқ, өркені өссін иеміздің,
Тыюсыз сөгіп, соқпай, құрметтейді.
Расын рас демей, танамыз ба?
Бір сөтке татулық жоқ арамызда,
Тұрмайтын ренішке сәл нәрсеге,
Екеуміз таласамыз, барамыз да.
Мұндай іс арасында болған емес,
Көз салсаң бұрынғы өткен бабамызға.
Атаның жолын қумай, лаққанда,
Тура жол сонан артық табамыз ба?»
Бұл сөзге көңілденіп, «Мойнақ» тасты,
Ол үлкен, онан гөрі «Төрткөз» жас-ты.
«Төрткөзім», «Мойнекем», – деп, бірін бірі
Дос болып, серт айтысып, құшақтасты.
Екеуі бірін-бірі сүйді, құшты,
Қызығы басылмаған достық күшті!
Ac үйден лақтырған бір омыртқа
Солардың нақ жанына келіп түсті.
Көрген соң майлы сүйек ит тұрар ма?
Құшағын жазып ала жүгірісті.
Достықты, айтқан сертті бұлай қойып,
Екеуі бір-біріне салды тісті:
Досты дос мұнан артық қалай сыйлар?
Жүндері бұрқыраған аспанға ұшты.
Су құйып үстеріне жиылған жұрт,
Екеуін зордан ғана айырысты.
* * *
Иттерге, таласса да, жарасады,
Әйтпесе ит әдетін адасады.
Дос болған адамдарға қарап тұрсақ,
Биікпен тең деп болмас аласаны,
Сүйектей арасына нәрсе түссе,
Иттерден олар артық таласады.
30. ҚАСҚЫР МЕН МЫСЫҚ
Орманнан Қасқыр келді елге қашып,
Алақтап, не қыларын білмей сасып.
Соңынан бір топ аңшы қиқу салып,
Ит қосып келе жатыр шапқыласып.
Жалынып Қасқыр сонда Мысыққа айтты,
Шетінде бір ауылдың ұшырасып:
«Мысықжан, бұл жердегі жұрттар қандай?
Жау қуып келе жатыр арттан қалмай.
Ит үрген, қиқу салған адамдардың
Дауысын естимісің, тартқан керней?
Айта гөр, қайырымды ер бар болса,
Тасалап мені жаудан құтқарғандай».
«Бара ғой, – Мысық айтты, – «Қоянкөзге»,
Жігіт кем ер көңілді онан өзге!
Адамды анау-мынау тоқтатарлық
Өзінің ебі де бар сөйлер сөзге».
«Оны қой, – Қасқыр айтты, – ол жасырмас,
Жеп едім бір ту қойын өткен күзде».
«Барып көр, олай болса, «Құрамысқа»,
Адам жоқ жасыруға онан ұста.
Шамасыз өзі асқан жақсы жігіт,
Жалғыз-ақ тоны келте, қолы қысқа».
«Мысықжан, оны да қой, өзгесін айт,
Жеп едім бір лағын былтыр қыста».
«Иесі анау үйдің Көпберген бай,
Жақсылық, жамандықты көп көрген бай.
Қонақжай, өзі асқан дәулетті адам,
Жатсаң да ауырламас, бірнеше ай».
«Баруға, – Қасқыр айтты, – жүрексінем:
Оның да қозыларын жеп ем талай».
«Білмеймін сілтерімді енді қайда!
Барып көр Қисық-басқа анау сайда!
Болғанмен басы қисық, өнері көп,
Һәр түрлі табылады онан айла».
«Мысықжан, оны да айтып әуре болма,
Жеп едім бір бұзауын өткен айда».
«Мен қайран! – Мысық айтты, – істеріңе,
Зарардан басқа нәрсе істедің бе?
Байдың көбі, жарлының жалғызы да
Тиіпті, тыңдап тұрсам, тістеріңе.
Зараргер жұртқа тегіс болып әбден,
Енді не іздеп келдің іштеріне?
Жынды жоқ, сені аман құтылдырып,
Алғандай бәле тілеп үстеріне;
«Не ексең, соны орарсың» деген сөз бар,
Ор енді егініңді, піскенінде!
31. ҚАПТЕСЕР МЕН КӨРТЫШҚАН
Қаптесер келіп айтты Көртышқанға:
«Бір хабар шашылып тұр жер-жаһанға.
Күн туып біздерге де көз ашқандай,
Жем бопты Мысық залым Арыстанға.
Тыныштық бермеуші еді Құдай ұрған
Жазасын тартпасын ба ол дұшпан да?!»
Көртышқан айтты деңіз сонда не деп?
«Бұл хабар рас болса, жақсы ғой бек.
Дүниеде болмайтын бір уақиға екен,
Қуанба, Қаптесерім, сен босқа тек.
Бекер деп менің бұған нанбайтыным,
Мысықты ешкім жеңіп алмайтұғын.
Тырнасса оныменен, шексіз білем
Арыстан аман тірі қалмайтынын».
* * *
Бұл сөзді біреу ұқпай, біреу ұқты,
Айтайын, не мағына мұнан шықты:
Қорыққанда бір адамнан жаман ойлар:
«Дүниеде ешкім жоқ, – деп, – сонан мықты
32. AЛA ҚОЙЛАР
Айырсын аңдар қайдан қара, ақты,
Кімі ақ, кімі қара – таба алмапты.
Жоспарлап білмегенді білдіруге,
Сөз қылып данышпандар мысалдапты.
Мысал бұл: ала түсті кей қойларды
Арыстан аң патшасы жақтырмапты.
«Бұлардың түсі бөтен, көңілі ала», – деп,
Не шара, сүймеген соң, кінә тапты.
Ол рас, кей қойлардың ала түсі,
Кім білсін, сырты менен бірдей ме, іші?
Әйтеуір бір сенбестік ойы кірген соң,
Не қылса, Арыстанның келер күші.
Демелік қойлардың да ішін аппақ,
Оңай ма Арыстаннан алу ақтап?
Шыққан соң сенімсіз боп, бұл қойларды
Ал, енді Арыстанға қалай бақпақ?!
Бәрін де қырып жүріп жоқ қылар ед,
Аңдардың ауызына кім болар қақпақ?
«Жазықсыз қан төкті», – деп айтпастай ғып,
Бір түрлі бұған керек амал таппақ.
Шақыртып Аю менен Түлкіні алды,
Кеңесіп, екеуіне ақыл салды.
Арыстан іс мәнісін айтқаннан соң,
Кідіріп Түлкі азырақ ойға қалды.
Сөйлейді ойланбай-ақ Аю шолақ:
(Аюлар күшке мықты, ойға олақ)
«Қойлардан ала түсті құтылғандай,
Бар деймін бұған оңай жалғыз жол-ақ.
Мұнда онша еш нәрсе жоқ ойлайтұғын,
Іс емес ойсыз жөні болмайтұғын;
Бәрін де ала қойдың қырсаң, тақсыр,
Тұқымын не бар құртып, жоймайтұғын;
Бұл ақыл ұнамады Арыстанға,
(Қан керек болса табар алыстан да).
Аюды түртіп қалып, Түлкі айтады:
«Сөзіңді мен бөлемін, намыстанба!
Данышпан әділ патша, тақсыр ханым!
Жазықсыз төкпейсіз нашар қанын:
Қойлардан ала түсті құтылғандай,
Айтайын, рұқсат етсең, мен амалын:
Оларға еркін жүріп оттағандай,
Беріңіз кең жайылым, шөбі қалың.
Сенімді жақсы қойшы табылмаса,
Бақтырмай қасқырларға жоқ амалың.
Көкжалдар жүрер қойды бағып ойнай,
Ойнауын қоймас, әбден қарны тоймай.
Қасекең қойды баға бастаған соң,
Тұқымын қояр екен қалай жоймай.
Аз дәурен оған дейін бұл қойлар да:
«Тұрмыз деп кеңшілікте», – жүрсін ойлай.
Білінбей бірте-бірте құрып болар,
«Аслан жаман атын сізге қоймай».
Арыстан бұл ақылды қабыл алды,
Бөріден өңшең көкжал қойшы салды.
Қойларды Қасқыр бағып оңдырар ма?
Ала түгіл, ағы да аз-ақ қалды.
Ал, сонда не деп айтты өзге аңдар?
Қойлардың таусылғанын көрген жандар?
«Жарықтық Арыстаннан еш кінә жоқ,
Бұзықтар Қасқырлар ғой, ант ұрғандар!»
* * *
Бұл сөзге дегенім жоқ жылар, күлер,
Адам аз, алдын болжап, анық білер.
Көкжалдар қойшы болса, кім біледі,
Береке ала қойға кірсе кірер...
33. САРЫ ШЫМШЫҚ
Мақтанып Сары шымшық шалқып-тасты,
«Теңізді өртеймін», – деп лақап шашты.
У-шу боп, бұл хабарды естіген соң,
Теңізді тастап құстар үркіп қашты.
Таң қалып, тамашаны көреміз деп,
Алыстан аңдар келді әдейі іздеп.
Адам да тұс-тұс жақтан келе жатыр
Лек-лек боп, топ-тобымен мыңдап, жүздеп.
Есепсіз теңізге көп халық келді,
«Шымшық өртейді деп нанып», – келді.
Балық жеп, сорпа ішіп тойынбаққа,
Аш пенен көбінесе арық келді.
«Бір соғым пұлсыз астан», – дейтіндер де
Қасығын қолдарына алып келді.
Үңіліп, суда болып назарлары,
Сыйып тұр жағалауға азар бәрі.
Теңізді жанады деп кім естіген?
Көрмекте соны жұрттың ынтызары.
Шымшық мақтанды ма, ойнады ма?
Кім білсін, күйдірем деп ойлады ма?
Теңізге от салғанмен, жана қоймас,
Десеңші: Тым болмаса, қайнады ма?
Ол теңіз күймек түгіл, қайнаған жоқ,
«Жұрт неге келді», – деп те ойлаған жоқ.
«Қап, бәлем, тоқтай тұр!» – деп Торғай қайтты,
Теңізге тісін басып қайраған боп.
* * *
Кейбіреу қолдан келмес істі ойлайды,
Мақсаты оныменен түс болмайды.
«Ұялған – тек тұрмайды» деген рас,
Қап, бәлем, тоқтай тұрмен жұртты алдайды.
34. ТҮЛКІ МЕН ҚАРАШЕКПЕН
Түлкіге тамақ іздеп сапар шеккен,
Жолығып, айтты бір күн Қарашекпен:
«Күнің аз, тауық жемей, жай жүретін,
Ұрлыққа құмар жансың мұнша неткен?
Сыр ашып сөйлеселік оңашада,
Ешкім жоқ, екеумізден басқа шеттен.
Ашиды, рас, жаным, Түлкі саған,
Ойлама: «айтады» деп, мекерлікпен.
Жақсылық тырнағыңдай бар ма, сірә?
Ойласаң, кәсібіңде осы еткен?
Ұрлықтың күнә, ұяты өз алдына,
Жүргенің қарғыс, сөгіс естіп көптен.
Түлкі көп тауық ұрлап қолға түсіп,
Бір ғана тамағы үшін өліп кеткен.
Жүрсең де бұл уақытта ебін тауып,
Һәр жеген тамағыңда бар зор қауіп.
Тұрмақ жоқ дүниеде бір қалыппен,
Бақ, бәле алмасатын ауық-ауық.
Бір күні қолға түсіп, өліп кетсең,
Құныңа тұрар ма, сол жеген тауық?»
Түлкі айтты төмен қарап, пақырсынып,
Ақ пейіл сопыларша көңілі сынық:
«Бірді алдап, бірді ұрлап шеккен өмір
Жақсы-ақ», – деп жүргенім жоқ көңілім тынып.
Қайтерсің, жоқшылықтың жолы қиын,
Әйтпесе жын ұрып па, ұрлық қылып?!
Ағарды арам іспен сақал-шашым,
Бойыма тарамайды ішкен асым.
Жоқшылық һәм шиеттей жас балалар
– Салған соң Құдай басқа неғыласың?
Көрместен күндіз дамыл, түнде ұйқы,
Қамы үшін қатын-бала азды басым.
Ұялып: жұрт бетіне қарай алмай,
Өтіп-ақ бара жатыр өмір жасым.
Және де бір жағынан ойлайтыным:
Тауықпен мен бе, жалғыз ойнайтұғын?
Амалдап күнелтпесең, ауқатың жоқ.
Жайғасып алды-артыңды болжайтұғын?
Бәрі сол жоқшылықтың кесапаты,
Ұрлықта нем бар дейсің, қоймайтұғын?»
Сөйлейді сонда тұрып Қарашекпен:
«Жайыңды айтсаң едің маған көптен.
Кінәдан, әлі де болса, құтқарайын,
Тәубаға қайтсаң, жаным, шын ниетпен.
Берейін адал кәсіп саған тауып;
Жүрмейді қайда адам дәм-тұз ауып.
«Маған да, саған да онша теріс болмас,
Дәмдес боп, бірге жүріп, бақсақ тауық.
Әдісін түлкілердің білесің сен,
Баққан соң, тауықтарды жегізбес ең.
Бойыңды, тамағыңды сыйлы етіп,
Ешкімді мен де саған тигізбес ем».
Тауыса алмай сөздерінің бәрін теріп,
Іс бітіп, уағдасын мықтап беріп.
Ұрлығын қойып, тауық бақпақшы боп,
Ауылға Түлкі келді мұжыққа еріп.
Мұжық бай, нәрсесі сай, қазаны тоқ,
Семірді Түлкі әбден тұлыптай боп.
Бағуға тауықтарды жиһады зор,
Жалғыз-ақ ниет-құлқы түзелген жоқ.
Қасқырдан оңдырар ма, қойшы салып,
Тауықшың Түлкі болса, сондай қалып.
Зәредей қауіп қылмай Мұжық жазған,
Шынымен түзелді деп жүрді нанып.
Ақтады тұзын қалай Түлкі деңіз,
Бір түнді қараңғырақ таңдап алып:
«Мұжығым, ұйықтай бер!» – деп жүріп кетті,
Жолына бар тауығын құрбан шалып.
* * *
Бұл сөздің мағынасы көрініп тұр;
Ұнай ма сөйлей берген білімсіп құр?
Туралап қысқасынан түсіндірем,
Демеңдер баяндауға ерініп тұр!
Адамдар ұяты бар, ниеті ақ,
Ұрламас, аштан өлер болса да нақ;
Санап бер саф алтыннан миллионды
Ұрлығын ұры қоймас Түлкідей-ақ.
Бұзықтық бай-жарлыға бірдей нәрсе,
Пиғылды түзетпейді дәулет пен бақ.
35. КІСІ МЕН КӨЛЕҢКЕ
Айтайын бір тентектің әңгімесін,
Демеңдер «Сөз ғып жазған мұның несін?»
Есі-ауыс көре салып, қуалады,
Өзінің ұстаймын деп көлеңкесін.
Бұл қуса, көлеңкесі алыстады,
Жүгірсе, жүйріктігі қалыспады.
Қатты да, жай да қуды, ұстатпады
Болғанша бар өнерін қарыштады.
Тентектің бір мезгілде кірді есі:
«Әуре боп қуып, маған қажет несі?»
Осылай ойлап, қайта жүріп еді,
Артынан қуды енді көлеңкесі.
* * *
Кейбіреу Қыдыр дарып, қараса бақ,
Бейне бір осы айтылған көлеңке нақ.
Қайрылмай, қарағанда, бақ-дәулетке,
Артынан қуалайды қайтарып ап.
36. ҚАРАШЕКПЕН МЕН ҚОЙ
Шақырды Қарашекпен Қойды сотқа,
Күймей ме, біреу үшін біреу отқа?
Белгілі Қойдың тауық жемейтіні:
Жазықсыз жаза тартқан пенде жоқ па?
Түлкі екен судьясы теңшіл деген,
Атақтан cay емес ед жемшіл деген.
Бір күні талапкер мен жауапкерге
Шақыру қағаз шықты «келсін!» деген.
Екеуі айтқан күні сотқа келді,
Түлкі-екең Қойды көріп, көңілденді.
Тексеріп, әрлі-берлі жауап алып,
Тез істі бітірмекке жәһидтенді.
Талапкер Мұжық айтты:
«Пәлен күні қотанда
Қойдың жалғыз қонған түні
Жоқ болып екі тауық ертеңіне,
Сүйегі, бұрқыраған жатыр жүні.
Дер едім: «Сырттан ұры келген шығар»
Шықпады түні бойы иттің үні.
Ойыма салыстырып, қарадым да:
«Қой екен жеген» дедім, шексіз мұны.
Қой айтты: «Шөпке тойып күні бойын,
Қозғалмай жаттым ұйықтап түні бойын.
Біледі аймағымның бәрі, тақсыр,
Жоқтығын бұзық көңіл, арам ойым.
Құдайға аян ұрлық етпегенім,
Орнымнан тұрып түнде кетпегенім.
Жалғыз-ақ тауықтардың тұсында емес,
«Аслан өмірімде ет жемедім».
Ал, сонда Түлкі қалай хүкім етті:
«Ұрлаған тануға да, – деді, – епті.
Өзге ұры келмегенін мұнан білем,
Уақиға болмыс түні ит үрмепті,
Келмесе сырттан ұры, бұл жемесе,
Жоғалып екі тауық қайда кетті?
Жан берсе, нанып болмас, жақын жатып,
«Жемедім» дегеніңе тәтті етті.
Тексерген іс түріне қарағанда,
Мұғабын тауықтарды осы жепті.
Обал жоқ, өртесе де мұны отқа,
Апарып өлтіріңдер, байлап оққа.
Терісімен талапкерді риза етіп,
Ап келіп тапсырыңдар, етін сотқа».
* * *
Кінәлі біреу ойдан, біреу тілден,
Ахмет, осы айтқаның жетер, тоқта!
Көрдің бе, сөзің онша ажарлы емес,
Ұялмай сынатарға салып топқа.
Алайда тыңдағандар бір ойланар:
Түлкідей төре беру бар ма, жоқ па?
37. ҚАЙЫРШЫ МЕН ҚЫДЫР
Қайыршы киімі жыртық, жалаң аяқ,
Мойнында ескі дорба, қолда таяқ.
Қалада қайыр сұрап жүруші еді
Күн көріп бергенімен әркім аяп.
Үйіне бай-мырзаның келген шақта,
Қазына салтанатын көрген шақта.
Ойлайтын «мұнан артық не керек, – деп,
Осындай Құдай бәрін берген шақта.
Отырып алтын, күміс ортасында,
Тоймайтын несі дейтін мал мен баққа?!
Бір күні шаршаған соң, демін алып,
Отырып, ой жіберді әрбір жаққа.
Ойлайды: «Кейбіреулер болады бай,
Не түрлі керегінің бәрі де сай.
Жайлы орын, жақсы тамақ, жиған жиһаз,
Қанағат етіп соған тұрмайды жай.
Ұрынып һәр кәсіпке жүргені һәман,
«Бәріне өзі тойса, көзі тоймай.
Айырылар ақырында қолдағыдан,
Дәулетін асырам деп ойлай-ойлай».
Иесі анау үйдің бұрын болған
Кісі еді заманында бақыт қонған.
Бақ қарап, Қыдыр дарып тұрған шақта,
Дәулетің құралады оң мен солдан.
Кәсібі сауда еді еткен жастан,
Бай болды Құдай беріп жұрттан асқан.
Бар болса қанағаты сол уақытта,
Өлердей емес еді жай тұрса аштан.
Үстіне байығанның баимын деп,
Теңіздің ар жағынан сауда ашқан.
Кемесі тауарымен қарық болып,
Кез келді мезгіліне бағы қашқан.
Кәсіпке сонан бері кетті ебі,
Келмеді қайтып байлық теңіздегі.
Борышқа белшесінен батып әбден,
Мүлкінің болды бәрі жоқ есебі.
Баяғы байлық дәурен бастан көшіп,
Секілді түсте көрген болды кебі.
Және де бір саудагер байып еді,
Саудасын әр жерлерге жайып еді.
Үстіне байығанның баимын деу,
Оның да осы бір зор айыбы еді.
Малынан о да айрылып, жұрдай болды,
Саудасы сынып, бағы тайып еді.
Санасам, толып жатыр осындай кеп,
Қанағат «байыдым», – деп етпейтін көп.
Сазайы шіркіндердің жай тұрмаған,
«Құдая, бергеніңе мың шүкір!» – деп,
Сол жерде Қайыршыға Қыдыр келіп:
«Жүруші ем, – деді, – аяп, сырттан көріп.
Дорбаңның ауызын ашып, тос, бейшара,
Мен сені байытайын алтын беріп.
Жалғыз-ақ бір шарты бар, ал есіңе,
Түскеннің бәрі алтын дорба ішіне.
Дорбадан жерге түссе, тозаң болып,
Жұмсауға жарамайды пайда ісіңе.
Көремін: дорбаң ескі, нашар екен,
Қызығып, қызармасын онша шекең.
Алтынды қанша алсаң да, аямаймын
Бірақ бұл дорбаң сенің шыдар ма екен?»
Қайыршы енді қарап тұрсын нешік,
Дорбасын тоса берді аузын шешіп.
«Сала бер, төгілер деп қорықпа, – деді,
Болғанмен дорбам ескі, емес тесік».
Сауылдап құйылды алтын дорбасына,
Қайыршы сағатта бай болмасын ба?!
Бір ғана өзі түгіл, әулетімен,
Байырлық болды тапқан олжасына.
«Ау, жаным! – Қыдыр айтты, – енді жетер,
Қанағат уақытың болды етер.
Жарылып кетсе байғұс, дорбаң ескі,
Алтындар рәсуә болар бекер».
«Сала түс, әлі де болса, бітегене!
Жарылсын бет алдына дорба неге?
Сала бер, алтындарың таусылмаса,
Дорба үшін жарылар деп қайғы жеме».
«Ал, толды дорбаң әбден, жетер, жаным!
Жарылып тығыздасаң, кетер, жаным!
Аз байлық емес бұ да, біле білсең,
Тоймастық ете берме бекер, жаным!»
«Тағы да салшы, сал!» – деп емінеді,
Шыдамай дорба енді сөгіледі.
Қазына дорба толған бір минутта
Сау етіп бәрі жерге төгіледі.
Төгіліп алтын болды тозаң мен шаң,
Қайыршы аузын ашып отыр аң-таң.
«Табалап өзгелерді, әй, Қайыршым,
«Қанағат етпеген соң, деуші ең, сазаң!»
Аз байлық емес еді сенің де олжаң,
Қызығып, демегенде жұрттан озам!»
* * *
Осымен қысқартамын сөзді жай-ақ,
Үстіне жығылғанның салмай таяқ.
Кінәні қанағатқа аударайын,
Қам көңіл Қайыршыға тимей, аяп.
Қанағат жүзіқара, жоламайтын
Бейне бір байлық пен бақ араздай-ақ.
38. YЛEC
Қосылып, бірнеше адам ортақтасып,
Үй салып, ортасынан дүкен ашып.
Саудасы жұғымды боп байып, әбден,
Шат болып көңілдері судай тасып;
Ақшаны төбедей ғып үйіп қойып,
Үлесіп отыр еді шуылдасып.
«Үй жанып барады!» – деп хабар берді,
Жүгіріп келіп біреу түсі қашып.
«Жүріңдер, – біреуі айтты, – барайық, деп,
Есепке қайтып келіп салайық», – деп.
Айтады екіншісі: «Мың сомым кем,
Тоқтаңдар, соны әуелі санайық», – деп.
«Кем, – деді, – екі мыңым және бірі,
Қараңдар, ап-анық тұр кемі, міне!»
«Қой! – десті өзгелері, – бұл өтірік,
Болмаса керек қате ондай ірі».
Тауыса алман сөздерінің бәрін теріп,
Әйтеуір зор жанжалдың кірді түрі.
Бірталай ерегіспен мезгіл өтті,
Ұмытты, жанжалдасып, бәрі де өртті.
Есептің бітуіне от қарар ма?
О-дағы түтіндетіп келіп жетті.
Шығарға жол жоқ, жалын қамап алған,
Бәрі де мал-мүлкімен күйіп кетті.
* * *
Ойласақ, уақиға емес болмайтұғын,
Ел қайда, өзін даудан қорғайтұғын?
Қазіргі пайдасына бәрі жетік,
Адам аз алдын қарап болжайтұғын.
Аңдыған бірін-бірі жаудан жаман,
Байқасам, ел белгісі – оңбайтұғын.
Бұл белгі табылып тұр біздің жұрттан,
Таласып бір-бірінің жүзін жыртқан.
Алданып арадағы дау-шарына,
Қатерден қапері жоқ келер сырттан.
39. ӨЗЕН МЕН ҚАРАСУ
Қарасу Өзенге айтты: «Ғажап мұның!
Мезгілің бар ма, сірә, табар тыным.
Тасисың бірде кеме, бірде салдар,
Қайықтың есебі жоқ сансыз мыңын.
Суыңда күндіз-түні тыныштық жоқ,
Қалайша шаршамайсың, жарықтығым?
Бейнетім менің егер сендей болса,
Бір күн де төзбес едім, нақ бұл шыным.
Байқасам салыстырып саған қарап,
Рахат ұжмақ, менің көрген күнім.
Ол рас, сендей атақ, дабысым жоқ,
Айбынды бұйраланған ағысым жоқ.
Планда орынды да көп алмаймын,
Қағазға сыймай тұрқым, онша ұзын боп.
Сонда да мендей рахат көрмек қайда!
Бейне бір мамық төсек түбім майда.
Жұмыс жоқ, уайым жоқ мен бір ханым,
Салдырып белден төсек жатқан жайға.
Есепсіз рахатым, бейнетім кем,
Дермісің көрген күнің меніңмен тең?!
Үстімнен кемелер мен салдар түгіл,
Жел қайық, тым болмаса, жүре ме екен?!
Түседі жапырақтар кейде ғана,
Айында екі-үш рет көп болса ең.
Мазамды жел де алмайды төмен ойда
Қозғалмай ұйқылы-ояу жатқан бойға,
Осынша әуре болып жүргеніңе
Қаламын ғажаптанып қиял-ойға».
Сол шақта Өзен айтты: «Тоқта, надан!
Сөзіңді шығын қылма жоққа, надан!
Ісімді әурешілік, пайдасыз деп,
Білмесең, құр өтірік соқпа, надан!
Ағынмен су зораяр деген қайда?
Мұндай сөз хабарыңда жоқпа, надан?
Зорайып болдым Өзен аққаныммен
Сендей боп текке қарап жатпадым мен.
Толтырып ой-саланы жылда суға,
Келтірдім көпке пайда тапқаныммен.
Жайылса жер жүзіне дабыс-даңқым,
Оны да қарап жатып таппадым мен.
Бойыммен осы аққан алмай дамыл,
Ағармын, әлі де болса, неше жүз жыл.
Суалып оған дейін жатқан сенің
Дүниеде атың қалмас, суың түгіл».
Айттырған періште ме яки жын ба?!
Әйтеуір Өзен сөзі шықты шынға.
Сол аққан қалпынан жаңылмастан,
Жүздерден асып алып, кетті мыңға.
Суалып, қоқым түсіп, балдыр басып,
Қарасу құри берді жылдан-жылға.
Сарқылып он жыл болмай, дымы бітіп
Су деген жоғалды аты ақырында.
* * *
Мысалы, үлкен Өзен тынбай аққан
Халықтар миһнат шегіп, рахат тапқан.
Жетісіп ғылым, өнер баршасына,
Толып тұр ханасына қонған бақтан.
Меңзеймін Қарасуды, қазақ, саған,
Талпынбай, талап ойлап, қарап жатқан.
Барады қатар жұрттың бәрі озып,
Ілгері жылжымайсың жалғыз аттам.
Оянып, жан-жағыңа сал көзіңді,
Түбіңе жетпей қалмас қамсыз жатқан.
Өткізіп уақытты өкінерсің,
Бәледен, басқа келмей, деймін сақтан.
Қазағым, сал құлағың нақылыма,
Түсініп айтқан достық ақылыма.
Сөз емес еріккенде ермек еткен,
Айтамын жаным ашып жақыныма.
Қозғалмай бұл күйіңмен жата берсең,
Боларсың Қарасудай ақырында.
40. МАЛШЫ МЕН МАСА
Бір малшы көлеңкеге келіп жатып,
Қасқырдан иттеріне сеніп жатып,
Үстінде көк шалғынның, самал жерде
Тырайып қалды сабаз ұйықтап қатып.
Келеді қара жылан шағайын деп,
Қапысын ұйықтағанда табайын деп.
Малшыны сол уақытта Маса шақты,
Оятып, бұл бәледен қағайын деп.
Ұйқысын малшы оңды ашпай тұрып,
Өлтірді шағып тұрған Масаны ұрып.
Көтеріп жерден басын біраздан соң,
Қарады жан-жағына мойнын бұрып.
Жыланды көрген шақта малшы өкінді,
Достығын Сары масаның сонда ұғып.
Сөзімнің сөкпеңіздер шолақтығын,
Демеңдер сөз жазуға олақтығым.
Жыланды малшы көріп болғаннан соң,
Келмеді бір-біріне жолатқызғым.
* * *
Мысалы, қазақ – малшы ұйықтап жатқан,
Жыланды бәле делік аңдып баққан.
Бәленің түрін көрген мен – Сары маса,
Халықты оянсын деп сөзбен шаққан.
Ойлаймын: «Осы сөз де жетеді, – деп,
Қатты айтсам, сөзім батып кетеді, – деп.
Ұйқысы ашылмаған жұрт өзімді –
Қорқамын Сары масадай етеді, – деп.
МАСА
МАСА
Түсіне қарап,
Ішінен түңілме!
Күшіне қарап,
Ісінен түңілме.
СӨЗ ИЕСІНЕН
Ызыңдап ұшқан мынау біздің маса,
Сап-сары, аяқтары ұзын маса.
Өзіне біткен түсі өзгерілмес
Дегенмен қара яки қызыл маса.
Үстінде ұйықтағанның айнала ұшып,
Қаққы жеп, қанаттары бұзылғанша,
Ұйқысын аз да болса бөлмес пе екен,
Қоймастан құлағына ызыңдаса?!
ЖАЗУШЫНЫҢ ҚАНАҒАТЫ
Бұл сөзді біреу алмас, біреу алар,
Құлағын біреу салмас, біреу салар.
Теп-тегіс көпке ұнау оңай емес,
Кейіне жарамаса, кейіне жарар.
Қайсысы ықыласын салып тыңдап,
Жаратпай қайсыбірі, теріс қарар.
Дүниеде сүйгенім бар, күйгенім бар,
Солардан аз да болса белгі қалар.
ТУЫСЫМА
Болармын нағып риза туысыма?
Туыппын таршылықтың уысында.
Шамам жоқ, жан-жағыма қол созарлық,
Тар көрдің тығылғандай қуысына.
Айта алмай шын сөзіңді қорғалайсың,
Туғаның бүйтіп қор боп құрысын да!
Бар пайдаң өз басыңнан артылмаса,
Мал ғұрлы мағына жоқ тұрысыңда.
ЖАДОВСКАЯДАН
Мінсіз таза меруерт
Су түбінде жатады.
Мінсіз таза асыл сөз
Ой түбінде жатады.
Су түбінде жатқан зат
Жел толқытса шығады.
Ой түбінде жатқан сөз
Шер толқытса шығады.
ҚОЖА НАСРЕДДИН АҚЫЛЫ
Бір күні Қожа Насреддин жиылған жұртқа үгіт айтуға мінбеге шығып: «Азаматтар, мен сөйлейін деп тұрғаным ненің жайы, білесіңдер ме?» депті. Жұрт: «Жоқ, білмейміз!» – депті. Қожа: «Білмесеңдер білмейтін нәрселеріңді мен қалай сөйлеймін» деп мінбеден түсіпті. Жұрт қамтама қалып, білмейміз дегеніміз ағат болған екен, енді сұраса білмесек те білеміз деп айталық депті. Екінші рет Қожа мінбеге шығып тағы сұрапты: «Азаматтар! Мен не жайын сөйлемекпін, білесіңдер ме?» – деп. «Білеміз! Білеміз!» – деп жұрттың бәрі шулапты. «Өздерің біліп тұрсаңдар, мен несін айтайын» – деп Қожа мінбеден тағы түсіпті. Жиылған адамдар, айтады: «енді сұраса білетіндер де, білмейтіндер де бар» деп айтпақшы болып сөз айтысты. Үшінші рет Қожа мінбеге шығып бұрынғыдай тағы сұрағанда, жиылғандар «білетініміз де бар, білмейтініміз де бар», – депті. «Олай болса, білетіндерің білмейтіндеріңді үйретсін, білмейтіндерің білетіндеріңнен үйренсін! – деп Қожа мінбеден түсіпті де жүріп кетіпті.
ОҚУҒА ШАҚЫРУ
Балалар! Оқуға бар! Жатпа қарап!
Жуынып, киініңдер шапшаңырақ!
Шақырды тауық мана әлдеқашан,
Қарап тұр терезеден күн жылтырап.
Адам да, ұшқан құс та, жүрген аң да,
Жұмыссыз тек тұрған жоқ ешбір жан да:
Кішкене қоңыз да жүр жүгін сүйреп,
Барады аралар да ұшып балға.
Күн ашық, тоғайлар шат, ың-жың орман,
Оянып жан-мақұлық түнде қонған,
Шығады тоқылдақтың тоқ-тоқ дауысы
Сайрағы сарғалдақтың сыңғырлаған
Өзенде балықшылар ау қарап жүр,
Тоғайда орақ дауысы шаң-шұң орған.
«Аллалап», ал, кітапты қолдарыңа!
Құлдарын Құдай сүймес жалқау болған.
НӘБЕК АТЫ
Арабтың Нәбек деген жалғыз аты –
Сол екен болған малы, мүлкі, заты.
Озбайтын шапса жылқы асқан жүйрік,
Бітпеген өзге аттарға түр-сипаты.
Күн сайын жал-құйрығын сүзіп тарап,
Суарып мезгілімен, жемдеп, қарап,
Өткізбей күндіз ыстық, түнде суық,
Адамнан атын артық күтеді араб.
Бар екен Дайыр деген бір асқан бай,
Малы көп, түрлі бұйым бәріне сай.
Мұңы зор: сонша байлық ортасында
Аты жоқ жылқысында жарлы атындай.
Ал деді, аямады малын, затын,
Алмады, бермеді де Нәбек атын:
Атқұмар атын қимас, жанын қияр, –
Атынан еш нәрсе жоқ оған жақын.
Дайырда күндіз күлкі, түнде ұйқы жоқ,
Жарлыдай жалғыз атты, бай сиқы жоқ.
Алмаққа Нәбек атын амалменен,
Ойлайды алдайын деп бір пақыр26 боп.
Жүретін Нәбек һәман жолын біліп,
Үстіне сылқым-сылқым киім іліп,
Ауру, халі мүшкіл, мүсәпірше
Отырды жол шетінде, аһ-уһілеп.
Оңаша, жолдасы жоқ, жалғыз өзі
Нәбекті келе жатқан көрді көзі.
Өтерде нақ қасынан бишарасып,
Ыңқылдап, міне, Дайыр айтқан сөзі:
«Е, жаным! Мен жолаушы, жолым алыс,
Адам жоқ бұл маңайда маған таныс.
Ауру, дәм татпаған үш күндей аш,
Орнымнан жылжу маған қиын жұмыс.
Атыңмен анау елдің ортасына
Жеткізсең, берер едім көп-көп алғыс!»
Тоқтатып, басын тартып, Нәбек атты:
«Жарайды, мінгесе ғой, кел!» – деп айтты.
Сөйлейді тағы Дайыр жыламсырап:
«Халім жоқ, міне алмаймын, дертім қатты».
Атынан бұл сөзді естіп, түсті Нәбек,
Көтеріп мінгізді ерге сүйеп, демеп.
Тиюі тізгін қолға мұң-ақ екен,
Жөнелді, бір тебініп, Дәкең шу деп.
Шығып ап оқ бойы жер, қарап кейін,
Ойлайды: бірдеме оған деп кетейін.
«Әй, Нәбек! Кім екенім білдің бе енді?
Атыңмен қоштас, аңқау, сорлы ақпейіл!»
«Тұра тұр! – Нәбек айтты, – тоқтап солай,
Атыма асық еді адам талай.
Тілейтін жалғыз сенен тілегім сол –
Адамға айта көрме – алдың қалай!»
«Бұ не сөз? Не тілек!» – деп бай таңданды,
Мәнісін білейінші деп ойланды:
«Айтпа деп сонша өтініп, жалынасың,
Көрерсің айтсам онан не залалды?»
«Ойлама! – Нәбек айтты – арбайды деп,
Қол жетпей, тілін құрап, жалғайды деп.
Оқиға бұл секілді шықса аузыңнан,
Білгейсің! Жайылмай, жай қалмайды деп.
Қалайша алғаныңды жұрт естісе,
Қараспас шын пақырға алдайды деп».
Мұны естіп, Дайыр жылдам аттан түсті:
Ұққанға адал сөзден бар ма күшті?
Құлашын жайып, қойнын ашып келіп,
Нәбекті сүйіп Дайыр, мойнын құшты.
* * *
Ебі көп, дорбасы жоқ қайыршылар,
Ебіне Құдай көнсе, байыр шығар.
Арымай алдырғанға Нәбекшілеп,
Адам аз айтқанды ұғып Дайыршылар.
Жақын бол, жақындықты ебім дейді,
Бергенді алдым еппен тегін дейді.
Қайтармай, қарыз алып қайбіреулер,
Алдадым, бермей кеттім, жедім дейді.
Осындай ер басына іс көп келер!
Білмеспіз кімге қалай, кім дөп келер!
Сұмдығы сұраушының азаймаса,
Не жөн бар? Қайырсыз деп жұртқа өкпелер?!
СОРЛЫ БОЛҒАН МҰЖЫҚ
Болған соң кәсібі ұрлық, ұры залым,
Ұрлауға ұят дей ме жұрттың малын?
Ойы арам, қаны қара, ол неғылсын!
Біреуді зар жылатпақ, зор обалын!
Құдай да, Құран да оған жалғыз қарын,
Сол үшін қара жерге көмген арын,
Ұры еніп бір Мұжықтың сарайына,
Сыпырып кетіпті ұрлап, қоймай бәрін.
Мұжығым жатарда бай, тұрса сорлы,
Байлықтың құр тып-типыл, қалған орны.
Аһылап-уһілейді, ұры алған соң
Терімен маңдайының жиған қорды.
Туысқан, көрші, құда-құрмаласын,
Дос-жарын жиып, Мұжық жәрдем сұрады:
«Қайғымды, – Мұжық айтты, – шағам, жұртым!
Сендерден жақын кімді табам, жұртым!
Ұшырап зор қазаға, жайым мынау!
Не көмек бересіңдер, маған жұртым?»
Жиылып келген өңшең жақындары,
Мұжыққа ақыл айтып жатыр бәрі.
Сорлыға бар мүлкінен жұрдай болған
Мінеки, берген көмек-ақылдары:
Карп деген бөлесі айтты: «Әуел баста
Бай деп ат керек еді шығармасқа!»
Құдасы Клим айтты: «Мұнан былай
Сарайды үйден оқшау салдырмасқа!»
Айтады көрші мұжық бір жасырақ:
«Болғаннан емес қой бұл сарай жырақ!
Қабаған кісі алатын төбеттерден
Қораға қоймағаннан ит асырап.
Қаншығым балалады күні кеше,
Ал, сонан аямайын керегіңше!
Бірталай, үйшік толған күшігі бар,
Ішінен табылатын қандай десе.
Көршіме көңілі жарым қимаймын ба?
Обалын мойныма артып, өлтіргенше!»
Жүз ақыл берген шығар келген бәрі:
Бірі олай, бірі бұлай деп жас-кәрі.
Аямай тіл көмегін беріп, беріп,
Бір адам қараспады сөзден әрі.
Ей, Мұжық, жұртқа сенбе, өзіңе сен!
Өледі аштан қонақ әрі-сәрі.
«Ауызыңды құрғақ қасық босқа қажар»,
Шығынға құр айтқан сөз болмас дәрі.
* * *
Бұл сөздің мағынасы емес терең,
Сонда да қорытуын айтып берем;
Әртүрлі сыналатын жер болмаса,
Достықты, жақындықты шын-ақ дер ем.
Жап-жақын жайшылықта көп дос-жарды
Мен неге жамандықта сирек көрем?
Тар кезең, талма жерде табылу жоқ,
Қалады құлақтары болып керең.
Осындай дүниенің ісін байқап,
Достық пен жақындыққа талғап сенем.
ҚАЗДАР
Бір ұзын алып қолға мықты шыбық,
Қаздарын қалаға айдап шықты мұжық.
Қуалап, байғұстарды келеді ұрып,
Асығып базар күнге жаны шығып.
Тексерсек мұжық ісін байқап, ойлап,
Оған да дұрыс емес кінә қоймақ.
Асықты базар күнге, пайда көп деп,
Қаздарды ұрды ма ол босқа ойнап?
Десеңдер, олсыз базар тарамайды,
Дер едім: мұжық ісі жарамайды.
Пайдасы, базар өтіп, кетер жерде,
Қаз түгіл, адамға да қарамайды.
Біздерше қаздар, бірақ сынамады,
Оларға мұжық ісі ұнамады.
Жолыққан жолаушыға бәрі шулап,
Мұжықтың ісін айтып, кінәлады.
«Бар ма екен, бізден сірә, соры қалың?!
Қожасып қуалайды мұжық жарым.
Қорлайды ұрып-соғып, ойламайды,
Мойнында қандай міндет, қарыз барын!
Ойласа, қайдан біздің асылымыз?
Румды құтқарған қаз нәсіліміз!
Айт істеп атамыздың құрметіне,
Өтпейді һәман онда жыл мейрамсыз!
Таяқ жеп жай қаздарша, жүргеніміз
Наданға душар болып бір білімсіз!»
Қаздарға жолаушы айтты: «Тоқтаңдаршы!
Ауысқан ақыны айтып, жоқтаңдаршы!
Сендерді қадірлеуге не үшін міндет?
Мұжықты айыпты қылып боқтаңдаршы!»
«Істеген атамыздың ісі қайда?
Румды құтқарғаны азғантай ма?»
«Қоя тұр, – жолаушы айтты, – көрдегіңді!
Өздерің келтірдіңдер қанша пайда?»
«Айттық қой атамыздың еткен ісін!
Әлде өзің сөзімізге сенбеймісің?»
«Сенемін һәм білемін атаң жайын!
Сендерді қадірлеуге деймін не үшін?!
Өткізді өз бастарың қандай еңбек?
Атаңда көрде жатқан жоқ жұмысым».
«Біздің бе?..27 жоқ өткізген еңбегіміз!»
«Әне жөн, сыйламаса, көнбегіңіз:
Мені де атам жақсы, қадірле деп,
Таласып қиын болар жеңбегіңіз.
Жақсы-ақ боп аталарың өткен шығар,
Ісіне қарай құрмет еткен шығар.
Қалдырмай асылынан арттағыға,
Өзімен жақсылығы кеткен шығар.
Көрдегі көмек болмас бабаларың,
Кем болса өздеріңнің бағаларың.
Көніңдер, ұрса, соқса, сойса-дағы!
Болған соң қуырдақтық шамаларың».
Кетермін баяндасам алысқа бек:
Лайық әр нәрсеге керек қой еп.
Жайынан жат қаздардың сөйлеген сөз
Көбіне жақын қаздың тиетін дөп.
Бетіне көрдегінің көнін ұстап,
Деп жүрген көріктімін қазақтар көп.
Қысқартып, сөз аяғын тоқтатамын,
Солардың өкпесіне қалармын деп.
ЕСЕК ПЕН ҮКІ
Үркектеу, үйір емес онша қолға,
Бір Есек ұлы сапар шықты жолға.
Есектің бойы тәуір болғанменен,
Есепте қосылмайды есі молға.
Және де бұл Есектің көзі соқыр,
Басшысыз соқыр қалай жүрсін оңға?
Лағып тура жолдан қаңғып кетті,
Қисайып, қыңыржақтап, шығып жонға.
Ішіне қалың орман барып кірді,
Білмеймін, не жол тауып, неғып жүрді?
Күн батып, қас қарайған уақытта
Есектің лаққанын Үкі көрді.
Үкі айтты: «Мінгіз Есек, мені, – деді,
Мініп ап, мен бастайын сені, – деді.
Жолды айтып, жөнді сілтеп, мен отырсам,
Көзіңнің еш нәрсе емес кемі», – деді.
Бір ауыз сөз қайырмай, Есек көнді,
Мініп ап, Үкі отырды сілтеп жөнді.
Жерлерден адыр-бұдыр аман өтіп,
Ағаштың жиегіне жақын келді.
Жол тапқан қараңғыда басшысына
Ден қойып, бастағыш деп, Есек сенді.
Бір кезде таң сарғайып, машырықтан’
Ағаштың арасына сәуле енді.
Үкілер күндіз соқыр, түнде көргіш,
Есекең іс мәнісін білмей ергіш.
Үкіден таң атса да айрылмайды,
Деп ойлап: «Жарықта да жөн сілтегіш».
Күн шықты, жарық болды дүние жүзі,
Үкінің бұлдырайды көрмей көзі.
Өзгеге жөн көрсетіп, бастау түгіл,
Әлі бар отырарлық жай ғана өзі.
Сонда да Есегіне сыр бермеске,
Айтатын білгішсініп, міне сөзі:
«Ал келдік жаман жерге!Енді сақтан!
Жолама! Сол жақтағы өзенге аққан.
Бетіңді оң жағыңа сала жүріп,
Аман өт! Мынау жатқан лай, қақтан...
(Ол жердің өзені де, қағы да жоқ,
Білмеймін, соқыр Үкі қайдан тапқан!)
Есекті Үкі билеп, алып қолға,
Салыпты нақ ғазазыл түскен жолға.
Пәлен деп күн ілгері неғылайық,
Түскені ондай жолға бақ па, сор ма?
Бұл сөзді баяндаған болмас айып,
Әркімнің ісіне бар сөз лайық.
Көркем сөз мұнан артық таба алмадым,
Тал түсте лаққанға жолдан тайып.
Көп білім, көпті үйретер болмаса да,
Не пайда? Жабыққаннан құр мұңайып?
Соқырға көрсеткенмен көре қоймас,
Сонда да үміт үзіп, отырмайық.
Арланбай, адасқанды әшкерелеп,
Қоялық погоннойын жұртқа жайып.
Болады ақылсыздың мысалы есек,
Ғылымсыз надан адам соқырға есеп.
Қалпынан есек асып ат болмайды,
Қойса да қорасына асыл төсеп.
Алтынды аяғыңа басқанменен,
Болмайды асылы азып, балшық кесек.
Жақсыны жақсы деген, мақтау емес,
Жаманды жаман десең, болмайды есек.
Қауымынан мұсылманның шыққан жолды
Айып па, ғазазылдың жолы десек.
Білгішсіп кей білімсіз жол айтып жүр,
Байқасақ, не оңды жол ол айтып жүр?
Халыққа надан адам басшы болып,
Халықтың надандығын молайтып жүр.
Наданға надандықпен жұрт ерген соң,
Тал түсте лақты деп соны айтып жүр.
* * *
Жазған сөз жаным ашып Алашыма,
Алаштың адасқан аз баласына.
Қаннан қан, еткен інім, бауыр жұртым!
Қараған «Қара таудың» қаласына:
Іші лас, сырты таза залымдардың
Алданып құр сыртының тазасына.
Мәз болып байғазы алған балаларша
Сатылып жылтыраған танасына.
Әбілдің зияратын аттап өтіп,
Қабылдың бата қылма моласына.
Қорыққанға қос көрініп, қойдай үркіп,
Тығылып дажалдың итханасына.
Ес кетіп, сабыр қалмай сасқалақтап,
Қорыққаннан көзің сыймай шарасына.
Ұмытып Құдайды да, Құранды да,
Бас ұрма Лат, Манат28 ағашына.
ҚАЗАҚ ҚАЛПЫ
Қаз едік қатар ұшып қаңқылдаған,
Сахара көлге қонып салқындаған.
Бір өртке қаудан шыққан душар болып,
Не қалды тәнімізде шарпылмаған?!
Алаштың адамының бәрі мәлім:
Кім қалды таразыға тартылмаған?
Дегендер «мен жақсымын» толып жатыр,
Жақсылық өз басынан артылмаған.
Тықылдап, құр пысықсып сөйлейтін көп,
Екпіндеп, ұшқыр атша қарқындаған.
Бос белбеу, босаң туған бозбала көп,
Киіздей шала басып, қарпылмаған.
Еңкеңдеп ет аңдыған шалдар да көп,
Телміріп, бір тойғанын ар қылмаған.
Ақ көңіл, алаң-бұлаң адамдар көп
Есептеп азын көпке, аңқылдаған.
Қайырсыз, неше сараң байлар да бар,
Қайықтай толқындағы қалтылдаған.
Бәрінен тыныш ұйықтап жатқандар көп,
Ұмтылып талап ойлап талпынбаған.
Солардың қатарында біз де жүрміз
Мәз болып құр түймеге жарқылдаған.
Не пайда, өнерің мен біліміңнен,
Тиісті жерлеріне сарп ұрмаған?
Бұл бір сөз қасірет етіп, хатқа жазған,
Қалмаған түк қасиет, қазақ азған.
Байға – мал, оқығанға – шен мақсұт боп,
Ойлайтын жұрттың қамын адам аздан.
ҚАЗАҚ САЛТЫ
Қалтылдақ қайық мініп еспесі жоқ,
Теңізде жүрміз қалқып кешпесі жоқ.
Жел соқса, құйын қуса жылжи беру
Болғандай табан тіреу еш нәрсе жоқ.
Бұл күйге бүгін емес, көптен кірдік,
Алды-артын аңдамаған бетпен кірдік.
Шығармай бір жеңнен қол, бір жерден сөз,
Алалық алты бақан дертпен кірдік.
Бейне бір құдіретті сынағандай,
«Сақтар деп, сақтар болса» – сертпен жүрдік.
Жат жақты жаратқанға күзеттіріп,
Жақынмен ырылдастық, иттей үрдік.
Білдірдік елдің сырын, ердің құнын,
Елеріп ерегіске екі-үш күндік.
Кіреді тентек есі түстен кейін,
Мүшкілін халіміздің жаңа білдік.
Әлі де, саңылаусыз салтын бағып,
Түрі жоқ іс айтатын пәлен дерлік.
«Ұлы той көппен көрген жалғыз мен бе? –
Деп отыр, – не болса да жұртпен көрдік».
ДОСТЫМА ХАТ
Қырағы, қия жазбас сұңқарым-ай!
Қажымас қашық жолға тұлпарым-ай!
Үйілген өлексені өрге сүйреп,
Шығармақ қыр басына іңкәрім-ай!
Жарқырап жақсылықтың таңы атпай тұр,
Түнерген төбемізден бұлт арылмай.
Көк етті, көн терілі, көніп қалған,
Сықса да шыдай беру, жұрт жарылмай.
Кім біліп, ер еңбегін сезіп жатыр?
Кім шыдап, жолдастыққа төзіп жатыр?
Сасық ми, салқын жүрек санасыздар,
Алаңсыз ақ малтасын езіп жатыр.
Сынайтын жақсы менен жаманды өлшеп,
Құлдықтың қолдарында кезі жатыр.
Кешегі кеңшілікте керек қылған
Бостандық болмаған соң, безіп жатыр.
Айтқанмен таусылар ма, оны-мұны?
Талайдың таңдамалы түпкі сыры:
Жанасқан шын көңілмен жақындық аз –
Көбінің іші салқын, сырты-ақ жылы.
Ақшаға абыройын, арын сатып,
Азған жұрт, адамшылық қалмай сыны.
Жаны ашып, жақын үшін қайғырар ма,
Жаны мал, жақыны мал, малдың құлы?
ЖИҒАН-ТЕРГЕН
Оюын ойып,
Орындап қойып,
Түр салғандай өрнекке,
Қиыннан қиып,
Қиырдан жиып,
Құрап, сөзді термекке,
Еңбекке егіз, тіл мен жақ,
Ерінбесең, сөйлеп бақ!
Именіп көптен,
Сақтық қып еппен,
Тасалама ойыңды!
Ашынса етің
Ашылмақ бетің,
Тірі көмбей бойыңды,
Жүрегіңнің жарасын
Көрсет жұртқа! Қарасын!
Оқушым, ұқпай,
Осқырып шықпай,
Сабырмен байқа сөзімді!
Шыққан соң сыртқа,
Жайған соң жұртқа,
Сөз тергеуге төзімді.
Көп мағына, аз ләфүз29.
Есек баспас тайғақ мұз.
Қарқылдар қарға,
Шиқылдар арба,
Бой сүйсінер сазы жоқ.
Шешенсіп жұртқа,
Мылжыңдар, қыртпа.
Ой ісінер сөзі жоқ,
Маған үлгі ол емес,
Ол түсерлік жол емес.
Жолдар бар өзге,
Жоба бар сөзге,
Жүрекке дөп, ойға жөн.
Жаманды жаман
Демекпін һәман,
Мейлің тула, мейлің көн.
Иланбасам, айтпаймын,
Иманымнан қайтпаймын.
Әр жолды ойлап,
Ойыма бойлап,
Ұқтым тайыз, тереңді.
Сайраған тілмен,
Зарлаған үнмен
Құлағы жоқ кереңді
Ұқтыра алмай сөз әуре,
Тек тұра алмай біз әуре.
Қараймын кейін:
Орысқа шейін
Хан бағыпты қазақты.
Баға алмай жөндеп,
Басқаға көн деп,
Артқан жұртқа азапты.
Бас адамдар халықты
Сатып, сыйлар алыпты.
Келген соң бері
Кейінгілері
Болды құмар шекпенге –
Өгіздей өрге,
Өткелсіз жерге
Күнде айдап жеккенге.
Бір күн тойса есектер,
Ми жоқ алдын есептер.
Салынып дауға,
Сатынып жауға,
Болыстықты алысты.
Қазық боп жұртқа,
Қорған боп сыртқа,
Кім ойлады намысты?
Мақтады ұлұқ, болды мәз!
Қауым үшін қайғы аз.
Оқытты жасын,
Өстіртіп шашын,
Мал табуға салынды.
Қаламнан, хаттан,
Жауаптан айтқан
Білді жалғыз алымды.
Кейбірі шен алмақ та,
Дінін шаншып қармаққа.
Басында сәллә,
Аузында Алла,
Молдаларда не ғамал30?
Көздерін сүзіп,
Жүздерін бұзып.
Алдап жұртты, жимақ мал.
Ұжмақ молда қолында.
Сауда-саттық жолында
Бергенге – ұжмақ,
Бермесе – дозақ,
Деп үйретер халыққа.
Ұжмақтың кілтін,
Алланың мүлкін
Арендаға31 алып па?
Молда сатса тиынға,
Ол – Алла емес, сыйынба!
Шалқаңнан жатып,
Алланы сатып,
Аламын деп қорлама!
Еңбексіз ит жер,
Бейнетсіз бит жер,
Берсеңдер, бер молдаға!
Өзіңді бірақ алдама!
Ақшаға ұжмақ жалдама!
Ұлғайып қайғы,
Уытын жайды,
Айтпасыма болмады.
Қабағын түйіп,
Қаһарын жиып,
Жан-жақты бұлт торлады.
Жаңбыр жаумай, жауса қар,
Жұрт жұтайтын түрі бар.
Балалық қалып,
Ес біліп анық.
Ер жеткелі жиырма жыл.
Баяғы қалпы,
Баяғы салты,
Бұ неткен жұрт ұйқышыл?!
Болсын кедей, болсын бай,
Жатыр бейқам, жым-жырт, жай.
Емшегін еміп,
Анаға сеніп,
Бала ұйықтайды жастықпен.
Қымызға қанып,
Қызарып жанып,
Бай ұйықтайды мастықпен.
Шалап ішкен кедей мас,
Міне, жұрттың түрі оңбас!
Ұйқышыл жұртты
Түксиген мұртты
Обыр обып, сорып тұр.
Түн етіп күнін,
Көрсетпей мінін,
Оятқызбай қорып тұр.
Обыр болса қамқорың,
Қайнағаны сол сорың!
Оянған ерге
Ұмтылған жерде
Еруші аз, серік кем.
Қас білген досты,
Дос білген қасты,
Мұндай елді көріп пе ең?
Қыс ішінде бірер қаз
Келгенменен, қайда жаз?!
Қазағым, елім*,32
Қайқайып белің,
Сынуға тұр таянып.
Талауда малың,
Қамауда жаның,
Аш, көзіңді, оянып!
Қанған жоқ па, әлі ұйқың?
Ұйқтайтын бар не сиқың?!
АНАМА ХАТ
Қарағым, дұғайгөйім, қамқор анам!
Арнап хат жазайын деп, алдым қалам.
Сені онда, мені мұнда аман сақтап,
Көруге жазғай еді Хақ Тағалам!
Бара алмай, өтірікші болып әбден,
Семейдің түрмесінде отыр балаң.
Мал ұрлап, кісі өлтірген айыбы жоқ,
Өкімет, өр зорлыққа не бар шараң?!
«Үмітсіз шайтан болсын» деген сөз бар,
Жолдар көп жәннатқа да тарам-тарам.
Оқ тиіп он үшімде, ой түсіріп,
Бітпеген жүрегімде бар бір жарам.
Алданып тамағыма, оны ұмытсам,
Болғандай жегенімнің бәрі арам.
Адамнан туып, адам ісін етпей,
Ұялмай, не бетіммен көрге барам?!
Көп айтпай, қысқасынан сездіретін –
Балаңның мінезі бар сөзге сараң:
Кетер деп «суға құлап, отқа түсіп»,
Қайғы жеп, менің үшін болма алаң!
Отырмын абақтының бөлмесінде,
Бұйрықсыз көз жетеді өлмесіме.
Есіктің құлпы мықты, күзетші көп,
Ажалдан басқа ешкім келмесіне.
Қоршаулы айналасы, биік қорған,
Берік қып салған темір терезесіне.
Қалайша мұны көріп көңіл сенбес,
Аттанып жау келсе де бермесіне.
Қаламда Лаухул-Махфуз33 ұмытқан ба?
Жазбапты бұл орынды көрмесіме.
Қаңбақпен салмағың тең бұл бір заман,
Ылаж жоқ, жел айдаса ермесіңе.
Тайпалған талай жорға, талай тұлпар,
Тағдырдың кез болып тұр кермесіне.
Солардан жаным-тәнім ардақты емес,
Орынсыз күйзелейін мен несіне?!
TІЛEK БАТАМ
Я, Құдайым аққа жақ,
Өзіңе аян: мен нақақ.
Аққа деген жолымның
Абыройын ашпай, жап!
Аят пенен хадисте
Адал ниет, ақ іске,
Жаңылмасам, жоқ еді
Жаза тартсын деген бап.
Мені ұстатып, айдатып,
Зығырданды қайнатып,
Масайрасып, мәз болып,
Қуанғанды өзің тап!
Аз күндікке алданып,
Аз нәрсеге жалданып,
Адасқанын Алаштың
Түзу жолға түсір, Хақ!
Жақын жерден жау шығып,
Мақұл сөзден дау шығып,
Дұшпан ұстап қолымнан,
Иттер тістеп тонымнан,
Маған тосу болған шақ,
Тұтқын болып тарығып,
Жалғыз жатып зарығып,
Ашу қысып, ойды алып,
Өт жайылып, бойды алып,
Дерт жүрекке толған шақ.
Қатты айтты деп кектемей,
Сыйынғанды тек демей,
Он екі имам әулие,
Жиырма сегіз әнбие,
Қолда, өңшең әруақ!
* * *
Қара балуан Жәнібек!
Қаз дауысты Қазыбек!
Жетім қалған халқыңа,
Тұлға болып артыңа,
Кім тиянақ қазық ед?
Құнсыз болып еріміз,
Жесір болып жеріміз,
«Жай менікі» дей алмай,
«Мал менікі» дей алмай,
Ит пен құсқа азық ек.
Барын салып таласқа,
Арын сатып қалашқа,
«Жұрт болалық» деген жоқ,
Жұрт қайғысын жеген жоқ,
Іріп-шіріп азып ек.
Мұны көріп көзіміз,
Бірігер деп сөзіміз,
Кен болар деп балшықты,
Көл болар деп шалшықты,
Біз үмітпен қазып ек.
Дәреті жоқ аяқтар,
Қорсылдаған саяқтар
Былғамасын қасыңды,
Қасиетті басыңды! –
Дегеніміз болмаса,
Қазаққа не жазып ек?!
Байлаттырған қолымды,
Бөгеттірген жолымды,
Жақыным бар, жатым бар,
Хабарлана жатыңдар!
Мен сендерге жүгіндім,
Төресі әділ қазы деп!
ЖАУҒА ТҮСКЕННІҢ СӨЗІ
Жанға көңіл қалып тұр,
Жан бұл күйге салып тұр.
Тәнге көңіл қалып тұр,
Тән шыдамай арып тұр.
Жұртқа көңіл қалып тұр,
Жұрт жалғанға нанып тұр.
Өтірік өрлеп, күшейіп,
Шын жеңіліп, талып тұр.
Бақ дегенде байлау жоқ,
Уағдадан танып тұр.
Тағдыр шіркін тап беріп,
Тамағымнан алып тұр.
Бәле деген аңдушы
Аяғымнан шалып тұр.
Жала деген төбеті
Балтырымнан қауып тұр.
Жау білегін сыбанып,
Пышағын қайрап, жанып тұр.
Сауысқан, қарға, қарақұс
Жемтік аңдып, бағып тұр.
Көре алмаған күншілдің
Көңіліне мұным жағып тұр.
Табалаған жаманның
Шаян тілі шағып тұр.
«Әй, сені ме!» дегеннің
Айызы әбден қанып тұр.
Жаны ашыған жақынның
Жас көзінен ағып тұр.
Айыруға амал жоқ,
Қылышын жерге шауып тұр.
«Әлдеқалай болар» деп,
Жүрегі жұлқып қағып тұр.
Түгі жылы, білмедім:
Түледі ме, нағып тұр?
Түлемеген түпкі дос,
Түлегенің барып тұр!..
АДАМДЫҚ ДИҚАНШЫСЫ
Адамдық диқаншысы қырға шықтым,
Көлі жоқ, көгалы жоқ құрға шықтым.
Тұқымын адамдықтың шаштым, ектім,
Көңілін көгертуге құл халықтың.
Қор болған босқа кетіп еңбек, бейнет,
Құлдарға құлдықтан жоқ артық зейнет.
Оттай бер, жануарым екі аяқты,
Адамдық хайуанға қанша қажет?!
Жаратқан малды Құдай не керекке –
Мінуге, сою, соғу, жүндемекке.
Жорта бер қамыт киіп, қамшыңды жеп,
Бұйрың жоқ ұрасың деп үндемекке.
Таяққа еті үйренген қойшы жайлап,
Көк есек қозғала ма, түрткенге айдап?
Есептен алданғандай болғандар көп,
Жасықты асыл ма, деп білмей қайрап.
КӨК ЕСЕКТЕРГЕ
Не жазып ем, Құдай-ау, мен қазаққа?
Мүбтала34 ғып салғандай бұл азапқа?!
Адамшылық есебіне кірісіп,
Қолы жетсін дегендік пе, азатқа?
Жөн көрсеттім қазақ деген намысқа,
Жол сілтедім жақын емес, алысқа.
«Өзге жұрттар өрге қадам басқанда, –
Дедім, – сен де қатарыңнан қалыспа!»
Бар ма, қазақ, мұнан басқа қылғаным?
Неңді шаштым, неңді бұздым, былғадым?
Аштан өлген аталарың бар ма еді,
Тамақ үшін сатқан иттер иманын.
Көң тасыған көк есектер, бәріңе,
Қалдырмастан жағалай жас-кәріңе,
Үрім-бұтақ нәсіліңе қалғандай
Нық басылар кетпейтін мөр тәніңе.
Бәріңді де іздеп қарап көрермін,
Тапқанымды тастамаспын, терермін.
Миллат үшін еңбектері сіңген деп,
Өсиет қып, кейінгіге берермін...
Асықпаңдар! Артымызда қазы бар,
Тергеп талай, сүйектерің қазылар.
Пайғамбарды сатып отыр тілла алған,
Яһудамен бірге аттарың жазылар.
Қинамайды абақтыға жапқаны,
Қиын емес дарға асқаны, атқаны.
Маған ауыр осылардың бәрінен
Өз ауылымның иттері үріп, қапқаны.
ҚА... ҚАЛАСЫНА
Қош! Сау бол, Қа... жуылмаған!
Айдай бер, қалса адамың қуылмаған.
Әдепті, сыпайы елдің қалпында жоқ
Жасырын дыбыс шықты шуылдаған.
Бүркеніп, арсыздарың шайнауына
Жем тапты пісірмеген, қуырмаған.
Шыққан соң талғамайтын доңыздарың,
Қасыңа қиын болар жуу маған.
ЖҰРТЫМА
Бірлік қып іс етуге шорқақ, жұртым!
Табылса оңай олжа ортақ, жұртым!
Сияқты қара қарға шуылдаған
Үрейсіз қоян жүрек қорқақ, жұртым!
Білмейсің жөнің менен терісіңді,
Ел болып іс етпейсің келісімді.
Үміт қып бәйге атындай талай қосып,
Байқадың шабыс түгіл, желісіңді.
Жөн айтқан жұртшылыққа адам болса,
Шығасың қолыңа ала керісіңді.
Бытырап бет-бетіңе жөнелгенде,
Көрдік қой жайылатын өрісіңді.
Келгенде өзді-өзіңе мықты-ақсыңдар,
Қайтейін өзге десе көнгішіңді.
Сықылды сынық бұтақ төмендесең,
Кім жұлмас оңайдағы жемісіңді?!
ЖҰБАТУ
Әлди, әлди, ақ бөпем,
Ақ бесікке жат, бөпем,
Жылама, бөпем, жылама,
Жілік шағып берейін.
Байқұтанның құйрығын
Жіпке тағып берейін.
(ҚАЗАҚТЫҢ БАЛА ЖҰБАТУ ӨЛЕҢІ)
Қайран еркін
Замандарың,
Тарлыққа жоқ
Амалдарың.
Еркін дала,
Еркің қайда?
Еркіңдегі
Көркің қайда?
Нулы, нулы
Жерің қайда?
Сулы, сулы
Көлің қайда?
Еркін көшкен
Елің қайда?
Ел қорғаны
Ерің қайда?
Тура айтатын
Биің қайда?
Би бардағы
Күйің қайда?
Адал көңіл
Антың қайда?
Жалған анттан
Сақтық қайда?
Бауыр тартқан
Жүрек қайда?
Намыс қызған
Сүйек қайда?
Нулы жерден
Күшті айырды,
Сулы көлден
Сұсты айырды.
Ер орнына
Еркек қалды,
Көлеңкеден
Үркек қалды.
Би орнына
Биің болды.
Би деу бірақ
Қиын болды.
Қаралды би
Жақтау болды.
Қараны жан
Ақтау болды.
Бауыр, жүрек
Талас боп тұр.
Намыс, сүйек
Қалаш боп тұр.
Малың алдау,
Талауда тұр.
Жаның арбау,
Қамауда тұр.
Аяғыңды
Тұсау қысты.
Жақтарыңды
Құрсау қысты.
Көрмесіңе
Пердең мықты.
Өтпесіңе
Кермең мықты.
Енді жатып,
Ұйықтау қалды.
Ұйықтағанды
Мақтау қалды.
«Әлди-әлди!» –
Деп тербеткен,
Ұйықтасын деп
Көп тербеткен.
Қарның ашса,
Ұлықтарың
Жілік шағып,
Май бермекші.
Тоңсаң түлкі
Құйрықтарын
Жіпке тағып
Бай бермекші.
Әлди-әлди! –
Мен де деймін.
Сірә, «әлдиге»
Сенбе деймін.
Н. Қ. ХАНЫМҒА
Рахатсыз өтсе де өмір жасым,
Бұл жөнімнен Құдайым айырмасын.
Ұзақ жолға ниет қып бір шыққан соң,
Жарым жолдан қайтпаспын, қарындасым!
Су да болар ол жолда, тау да болар,
Жаудың оғы, жайған тор, ау да болар.
Мынау пайда, мынасы зиян демек,
Ол ерліктің ісі емес, сауда болар.
Шалдығатын, шаршайтын жерлер де бар,
Шалдыққанға мұқалмас ерлер де бар.
Қайраттанып, қажымай тырмыссаң да,
Шыққызбайтын жолыңды өрлер де бар.
Шаршайды деп ойлама шалдыққаннан,
Ұзақсынып жатпаспын жалыққаннан.
Жұрт – қолымнан келмесе өкпелемес,
Барын сақтап, мен аяп, алып қалман.
Ел мұнымды білемін ұқпайтынын,
Көтермеге талғанда шықпайтынын.
Шалыс басып аяқты, жығылғанда,
«Жатқаныңнан тұрма!» деп мықтайтынын.
Мен өлсем де өлемін жөнімменен,
Тәннен басқа немді алар өлім менен?!
Өлген күні апарып тығары – көр,
Мен жоқ болман көміліп тәнімменен.
Тән көмілер, көмілмес еткен ісім,
Ойлайтындар мен емес бір күнгісін.
Жұрт ұқпаса, ұқпасын, жабықпаймын,
Ел бүгіншіл, менікі ертеңгі үшін.
АҚЫН ІНІМЕ
Азырақ сөзге құлағың сал, ақын інім!
Ойымыз, рухымыз35 жақын, інім.
Ағалық правосын қолыма алып,
Келемін айтайын деп ақыл, інім.
Өзімді ағаңмын деп үлкейтемін,
Онымды көремісің мақұл, інім!
Адасқан ағаңыздың жері болса,
Тілеймін ете гөр деп ғафу, інім!
Жай жатсаң жаңылмайсың, адаспайсың,
Күресте кім кетпейді қапыл, інім!
Ат қойған аз-көбіне қарамастан,
Ақылға біздер жарлы, пақыр, інім!
Доңыздай талғамай жеп семіргендер
Саналып ақылдыға жатыр, інім!
Сүйікті милләтыңа болам десең,
Нашардың көбірек же, хақын інім!
Сыйласын десең жұртың қадір тұтып,
Айғырсып момындарға ақыр, інім.
Білімді ел ішінде болам десең,
Шешенсіп жоқты сөйлеп лапыр, інім.
Қолыңнан мұның бірі келмес болса,
Кісімсіп ең болмаса қақыр, інім!
Сөзіңді тыңдатайын десең жұртқа,
Ет асып табақ-табақ шақыр, інім!
Аузымен орақ орып бәрін де етер,
Қымызды шара-шара сапыр, інім.
Ет пенен қымыз беріп, сөйлеп көрсең,
Айтқаның жұртқа балдай татыр, інім.
Ақылың Аплатондай болса-дағы,
Қымыз бен еті жоқ құр татыр білім.
И. Б. ЖЕЗДЕМ ХАТЫНАН
Тұрмысың жырақ,
Аман ба, шырақ!
Күйзеліпсің көбірек,
Милләт үшін бегірек.
Һәмәнда сақтан,
Сақтамақ Хақтан.
Қоршаған дұшпан төңірек.
Милләтке қызмет,
Жүмлаңе міндет.
Ұйқыны аш! Дер ек,
Надандықтан қаш! Дер ек.
Болмайды үндеп,
Дұшпан тұр күндеп,
Бізде бұл бір індет.
Әр сөзің алтын,
Ұғар ма екен халқың.
Сынаған да шығарсың,
Милләттің қалпын.
Тіл алмас деп қорқамын,
Дер едім тартын...
* * *
Мода36 болды кіділік.
Сал сөзді елегіш
Бір жөнге тарту жоқ
Шалқаяқ ерегіс,
Алалықтан күш бөлу –
Бұл қанша керек іс?
Шемен бар әуе дерлік
Сасық бар бүйе дерлік
Замана түрленді,
Жаңсылар кірленді,
Азасынан у жерлік.
ЖАУАП ХАТТАН
Аманбыз, жезде!
Солай ма сізде?
Амандаспақ – жол, әдет.
Тағзымға – тағзым,
Назымға – назым
Тілеушілік – ол әдеп.
Жолдан мен де шықпайын,
Сөзбен сыйлап мықтайын.
Жолға сіз көсем,
Сөзге һәм шешен,
Оның менде бірі жоқ!
Іздемей жоғын,
Шайқамай тоғын,
Қарап жатқан тірі жоқ.
Мен де соның бірімін,
Өлгенім жоқ, тірімін.
Ағаның ақыл,
Айтқаны мақұл,
Жаны ашыған жақындық.
Мен жазған кеңес,
Мақтаныш емес,
Ат шығармақ ақындық.
Ер батқанда – жорғалық,
Молда жоқта – молдалық!
Байқасақ, жезде,
Бауыздар кезде
Үн шығу бар емес пе?!
Үндемей өлсек,
Сүйекпен көмсек,
Кейінгілер демес пе?!
Лақ құрлы бақырмай,
Өлген екен, апырмай!
Милләтке қызмет,
Бәріңе міндет.
Деп айтасыз өзіңіз.
Милләттен безу,
Әйтпесе төзу,
Шын болса сол сөзіңіз.
Кей іс шарты құрбанмен,
Болмас қорқып тұрғанмен.
Мен бұқтым – жаттым,
Сен бұқтың – жаттың,
Кім істемек қызмет?!
Ауызбен айтып,
Істерге қайтіп,
Жоламасақ не міндет?
Тек жүрсе, тоқ жүрмекті,
Қиын деме білмекті.
* * *
Жездеке, солай
Көрмессіз қолай
Жан сақтаудың ебіне.
Айтпайтын жыр бар,
Ашпайтын сыр бар
Тымақтының көбіне.
Сізге жаздым ұғар деп,
Тымағы жоқ шығар деп.
ҒЫЛЫМ
«Ғылымдар дүниелік сиқыр болмақ,
Оқыған ол ғылымды кәпір болмақ».
Зулатып шариғатты37 шарт жүгініп,
Молдекең отырғанда мойнын толғап.
Сондықтан заман жүйрік, біздер шабан,
Артында ілесе алмай жүрміз һәман.
Күн сайын өзгеріліп, өнер артып,
Бәрі де бара жатыр алға таман.
«Заманың түлкі болса, тазы боп шал» –
Деген сөз аятпенен бірдей маған.
Алақтап артымызға қарағыштап,
Жүргенде-ақ озып, ұзап кетті заман.
«Нәрсені түске енбеген өңде көрдік,
Соларды тапқан – ғылым» дейміз жаман.
«Ғылым» деп нені үйрендік біздер жаста,
(Айтқаным бекер болса, алмай таста!
Табылар ақтайтын да, боқтайтын да,
Сөз емес арнап жазған дос пен қасқа...)
Ғылым бар бет жуу да талай дедік,
Жуған жөн бұлай бастап, бұлай дедік.
Жусаңдар солай етіп сауабы көп,
Жаза бар жумағанда олай дедік.
Шарттар көп дедік ғұсыл38 құйынғанда,
Шаһуат пәлендей боп құйылғанда.
Қалайша көзде... деп айтпады екен?
Үйрет, – деп, мұның бәрін бұйырғанда!
Әйелмен пәлен бар деп жанасқанда,
«Пәлен» деп ұйқысырап адасқанда,
Үйрету балаларға қандай жақсы,
Ақылға салып, ойлап, бал ашқанда.
Мектепте оқымаған білмей жүр ғой
Жердегі мал-мақұлық, құс аспанда.
Айтамын молдекең жоқ оңашада,
Сөз бермес «кәпірсің» деп таласқанда.
НАДСОННАН
Шайылған көз жасымен жердің бетін,
Өткізіп тым өлшеусіз өкіметін,
Жауыздық жалғандықпен қаптағанға,
Адал жол, ақ ниетті арам жеңіп,
Жазықсыз жанды қинап, қанды төгіп,
Бұзықтық, түзіктікті таптағанға.
Қиналып, кім болсаң да, талыққандар,
Түңіліп, үміт үзіп, жабықпаңдар!
Қайтадан жақындық кеп, қастық қашып,
Жарқырап жақсылыққа атар таң бар.
* * *
Еңкейіп, еңсесіне бейнет артпай,
Шөгер тәж шынжыр киіп, азап тартпай,
Жақындық келер күшті сәулетінде,
Көз жасы – тірі мола, құлдық, қорлық,
Дар ағаш, қылыш, қанжар, өштік, зорлық,
Бірі жоқ жақындықтың дәулетінде.
Жанға жұт, жарың сәуле, жоқ мұқтаждық,
Сырт берер адамзаттың әулетіне.
Артықша тасқан қайтып, толған солып,
Құритын кез келмекші нәубетіне.
* * *
Демеңдер, жақсылық – тақ, жай үміт құр,
Заман тар, жауыздық зор, тым қысып тұр.
Айналаң қараңғы түн тым түнерген,
Қиналып, талар дүние азап шегіп,
Қалжырар жалмауыздар қанға бөгіп,
Болдырар алыс-жұлыс жұлына ерген.
Жүре алмай, дымы құрып сонда әрі,
Соқпалы, содыр жолдан шығар бәрі.
Талған күш, қиналған тән, ауырған жан
Дертіне жақындықты етер дәрі.
БАҚ
Бұлттар басып жасырған,
Жаңа түсіп басылған,
Таң шапағы сөніп тұр,
Жаңалаған өмірден
Жаңа шығып көрінген
Гүл қамауда сеніп тұр.
Балалықтан басталып,
(Тастаймын аз жасты алып,
Есім нағыз енгенше)
Көрдім қызық, көрмедім?
Көрсем баға бермедім,
Бозбала жас келгенше.
Құстай түлкі алатын,
Жайып алтын қанатын,
Уылжыған от лепті
Жігіттік жас келді де,
Ойды біраз бөлді де,
Тұрағы жоқ ол өтті.
Қудым бақты, іздедім,
«Табамын ғой тез» дедім,
Азап шекті тән-жаным.
Қарап жақын-жырақты,
Жақтым түрлі шырақты,
Таптырмады қуғаным.
Үміт сүйрер жыраққа,
Жетесің деп мұратқа,
Талықсам да ізденіп.
Қашан көңіл жасарар?
Арқа-басың босанар,
Рақаты жаз келіп?
Қашан жанып шамшырақ?
Сәуле беріп жарқырап,
Болар жарық төрт тарап?
Қашан маған іздеген,
Күліп жылы жүзбенен,
Болар серік бақ қарап?!
ПУШКИН
Вольтерден
Қыздыр дейсің топ, жиынды, жан дейсің,
Қыздыратын жасты қайдан ал дейсің?
Өмірімнің таңын қосып кешіне,
Бер қайтадан өткен күннің һәммесін!
Бере алмасаң, кең салалық бейілді,
Жас қызығын көрсін жастар кейінгі.
Тәтті өмірмен нәпсі көңілін ауладың,
Қалғанымен алданталық зейінді!
Уа, дариға! Өттің бастан, қызық жас!
Өзіңе жөн, өзгелерге бұзық жас.
Қайғы, қасірет дертін жанға батырмай,
Қайран жастық! Қызуымен қылған мас!
Көрінбестен өмір көбі өткен шақ,
Тіршіліктің сән, ләззаты кеткен шақ.
Ойын, күлкі, мәжілістен39, қызықтан
Мезгіл қуып: «Шық!» – деп әмір еткен шақ
Жасың айтса, көнбегеннен не пайда?
Уақыттың тілі шолақ: «жүр!», «айда!»
Тұрлауы жоқ, өзгерілгіш өмірдің
Өтпесіне еткен, сірә, кім айла!
Мүмкін десек адамзатқа екі өлмек,
Бірі соның – «жасым жетті» деп көнбек.
Бұл елімнің ардақтысы, аруы,
Мұнан кейін өлім бе, сол дем сөнбек?!
AT
Сен неге, тұлпар атым, кісінейсің?
Жабығып неден көңілің, түсті еңсең?
Ерігіп, ауыздығың қарш-қарш шайнап,
Бұ қалай, бұрынғыдай сілкінбейсің?
Әлде мен бабың тауып, бақпадым ба?!
Болмаса, жемнен қысып, сақтадым ба?
Әйтпесе, әбзелдерің сәнді емес пе?
Жібектен тізгініңді тақпадым ба?
Малдырып саф алтынға үзеңгіңді,
Тағаңды шын күмістен қақпадым ба?!
Жауабы иесіне берген аттың:
«Сұрайсың не себептен мен жабықтым?
Алыстан құлағыма келер дүбір
Һәм дауысы керней тартып, атқан оқтың.
Кісінеп себебім сол мен аһ ұрған,
Көп жүріп далада енді сейіл құрман.
Әбзелмен жарқыраған әсем басып,
Аз қалды сыйлы, сынды күндер тұрған.
Жақында жаны ашымас жау кеп шабар,
Қалдырмай әбзелімнің бәрін тонар.
Соқтырған шын күмістен тағаларды
Суырып аяғымнан, олжаланар.
Күйзеліп, жаным ашып, ауырып бек,
Қайғырып, уайым ғып, тұрмын жүдеп.
Орнына желпуіштің теріңді әкеп,
Терлеген бүйіріме жабады деп».
ДАНЫШПАН АЛЕКТІҢ АЖАЛЫ
Жар салып, жасақ жияр білімді Алек,
Білімсіз хұзарлардан алмаққа кек.
Қаласын, егіндерін ызасы үшін
От пенен қойған арнап қылышқа деп.
Қол бастап, киіп сауыт – Царградты40,
Сыр мінез таңдап мініп сенімді атты,
Далада келе жатып, князь көрді
Ішінен қалық орман шыққан қартты.
Перунға41 көнген, берген ықыласын,
Болжаған болар заман уақиғасын,
Қасына Алек келді қарияның
Өткізген құлшылықпен, балмен жасын.
«Не болар, айтшы, бақсым Құдай сүйген,
Ілгергі өтер жасым нендей күймен?
Жауымды жан-жақтағы қуандырып,
Топырақ тез басар ма, денеме үйген?
Ашып айт, бүкпей бәрін, еш қаймықпа!
Аласың таңдап жақсы ат айтқандыққа!».
Бақсылар князь сыйын қылмас қажет
Һәм қорықпас болғандардан ие жұртқа.
Олардың тілі еркін, сөзі хақ-ты,
Құдірет әмірімен ынтымақты.
Қараңғы таңдағылар танытпайды,
Жүзіңнен саған деген көрем бақты.
«Ұмытпай, ал жадыңа сөзін қарттың,
Батырға қымбат пұлы дабыс-даңқтың.
Атың зор, айбының мол жау мұқатқан
Қалқаның қақ басында Царградтың.
Аямай берген саған бақ-талайды,
Күңіркеп, дұшпандарың көре алмайды.
Жер, су да – бәрі саған бағынулы,
Толқыны көк теңіздің ала алмайды.
Айбалта, оқ найза да, сом қанжар да,
Ешбірі саған залал қыла алмайды.
Астына көк сауытың жара түспес,
Қорғаушың көрінбейтін бар бір сайлы.
Қатерлі не бейнеттен қорықпас атың,
Сезеді қозғалғанын қалай таңым.
«Тұр!» десе – жауған оққа қимылдамас,
«Шу!» десе – не қамалға кірер батыл.
Суыққа, соғысқа да тұлпар шыдар,
Ажалың бірақ осы аттан болар...»
Сөзіне шалдың айтқан күлді Алек,
Әйтсе де ой мен жүзі торғылданар.
Көңілсіз ойдағы жоқ естіп істі,
Үндемей ерге асылып аттан түсті.
Сипалап, қасып, қағып мойынға атын,
Айнымас доспен князь қош айтысты:
«Бақыл бол, серік атым, ренжіме!
Айырылар мезгіл жетсе, айырмас не?
Дамыл ал! Қош аман бол! Мені ұмытпа!
Аяғым тимес алтын үзеңгіңе.
Келіңдер, бозбалалар, атты алыңдар!
Жетектеп, тоғайыма апарыңдар!
Жабыңдар жабуына түкті кілем,
Тазалап, жуып, бағып, баптаңыздар!
Жеміне ең қалаулы сұлы алыңдар!
Бұлақтың суымен һәм суарыңдар!»
Князға, атын алып, тосты басқа ат,
Өтеді мұнан кейін неше жылдар.
* * *
Басында бір қорғанның Алек тойлап,
Жасақпен жанындағы күліп-ойнап,
Қайғы жоқ, қасірет жоқ, ішіп бәрі,
Күндерді бастан кешкен сөйлер ойға ап.
Ескерді бір мезгілде атын Алек,
Сұрайды: «Есен-сау ма һәм қайда? – деп
Жүрісін, жүйріктігін таңған жоқ па,
Жабығып қалмады ма, – дейді, – жүдеп?
Қайда деп жоқтаған соң Алек атын,
Айтады біреу тұрып: «Князь батыр!
Басында биік қырдың әлдеқашан
Тыныштық алып, атың ұйықтап жатыр».
Мұны естіп, Алек жерге ұзарап төмен,
Ойлайды: «Оттап босқа шал не жеген?!
Қу бақсы! Өтірікші, алжыған шал,
Атымды айырыпсың босқа менен».
Көруге аттың сүйек-саяқтарын,
Ертіп ап Игорь менен қонақтарын,
Сарайдан шығып Алек келе жатыр,
Жағалап Днепрдің42 алаптарын.
Қуарған жатыр сүйек қыр басында,
Селеулер жел құбылтқан тұр басында.
Құм көмген, жаңбыр жуған сүйектердің
Аралап князь Алек жүр қасында.
* * *
Ақырын аяғын caп шығып басқа,
Сөз сөйлер князь тұрып өлген досқа:
«Жат, достым! Кәрі иеңнен қайтқан бұрын,
Құдірет қарамайды көп, аз жасқа.
Жазыпты сені асыма сойғызбасқа,
Қаныңмен топырағым тойғызбасқа.
«Ажалың аттан болар» деп сандалып,
Шал мені қорқытқаны осы бас па?!»
Білдірмей, бас ішінен жылжып шығып,
Князьға қара жылан шапты ысқырып.
Оралып аяғына, шаққан кезде
Батырдан шықты дыбыс, жаны ышқынып.
Алекті жоқтап, жұрты көп жылайды,
Өлген соң, жылағанға ол тұрмайды.
Днепр жағасында асын беріп,
Көпіршіп саптыаяқтар быжылдайды.
Ольга мен князь Игорь дөң басында,
Тойлаған жасақтары һәм қасында.
Күндерді бастан кешкен сөйлей түсер,
Саптыаяқ жүрген сайын ортасында...
БАЛЫҚШЫ МЕН БАЛЫҚ
Теңіздің жағасында кемпір мен шал,
Тұрыпты отыз үш жыл нақ дәлме-дәл.
Күн көрген бейшаралар балық аулап,
Болмапты төрт түліктен ырымға мал.
Үсті шым, асты шұңқыр жерден жырған
Баспана мекенінің сиқы тұрған.
Бала жоқ қолғанат екеуінде,
Иіріп кемпір жібін, шал ау құрған.
Бір күні шал апарып ауын салды,
Балық жоқ, ауға оралған балдырды алды.
Салғанда және ауын екінші рет,
Теңізге бітетін бір шөп оралды.
Тағы да үшінші рет ауын салып,
Сүйретіп шығарды бір алтын балық.
Шал байғұс өз көзіне өзі сенбей,
Аңырайып тұрды біраз аң-таң қалып.
Жарқырап үсті-басы, оттай жанып,
Адамша сөз сөйлейді алтын балық:
«Жанымды бір шыбындай қи, ақсақал!
Бар болса не қажетің менен алып».
Шал сасып, абдырайды, есі кетіп,
«Балық, – деп, – бұ неғылған тілге жетік?!»
Керемет мұндай, сірә, көрген емес,
Ау салып отыз үш жыл кәсіп етіп.
Ойланып: «Тегін емес балық, – дейді,
Қалмайын киесіне алып, – дейді.
Еш нәрсең керек емес, жолың болсын,
Сайран ет теңізіңде, барып, – дейді.
Балықты жіберді де, үйге қайтты,
Не ғажап көргенінің бәрін айтты.
«Жібердім еш нәрсе алмай», – деген соң-ақ,
Кемпірі шалға көзін бажырайтты:
«Ақымақ, – дейді – алжыған, кеткен есің!
Былжырап айтып тұрсың сөз деп несін?
Жаңа астау тым болмаса алсаң едің,
Астаудың жарылғанын білмеймісің?»
Балыққа шал жөнелді жолықпаққа:
Ыдысқа астау алып молықпаққа.
Жыбырлап судың беті шимайланып,
Балық кеп: «Не айтасың?» – деді қартқа.
Шал айтты қол қусырып, тағзым етіп:
«Кемпірім ұрысып, әбден мазам кетіп,
Жаңа астау сұрайын деп келдім, тақсыр!
Жарамсыз астауымыз, жарық, кетік».
«Қайғырма, – балық айтты, – үйіңе бар!
Сол болса бар жұмысың, оның болар!»
Қуанып, шал үйіне қайтып келсе,
Бір астау әп-әдемі жатыр даяр.
Ұрсады кемпір шалға келісімен:
(Сақтасын долы қатын перісінен!)
«Алыпсың астау сұрап, ақылы жоқ,
Айырылған, ақымақ шал» дейді, – есінен!
Деп ұрысты: «Миы ашыған, қу көк сақал!
Астауда қызыққандай қанша еді мал?
Қуанып қу астауға келген несі?
Көп нәрсе әкеліпсің, адырағал!
Үйіңнің үстіңдегі сиқы мынау!
Балықтан барып тәуір үй сұрап ал!»
Тағы да шал жөнелді теңіз жаққа,
Балыққа арыз айтып, мұң шақпаққа.
Бұзылып судың түсі лайланып,
Балық кеп: «Не айтасың?» – дейді қартқа.
Шал айтты қол қусырып, тағзым етіп:
«Бәлеге қалдым, тақсыр! Мазам кетіп!
«Үй алмай, астау алдың, алжыған!» – деп,
Барады сүйегімнен сөккені өтіп».
Арызын ақсақалдың қабыл алып,
«Қайғырма! Үйіңе қайт!» – деді балық...
Орнында лашығының ағаш үй тұр,
Келеді шал қуанып, таңырқанып.
Салған үй салтанатты сәніменен,
Бояған, оюлаған мәніменен.
Сайраған бақшасында түрлі құстар
Келтірер көңіл хошын әніменен.
Асылып терезеге кемпір тұрып,
Ұрсады келісімен шалға ақырып:
«Балықтан барыпсың да үй алыпсың,
Ақымақ, миың ашып, кеткен шіріп.
Ізіңмен, үйге кірмей, қайт балыққа!
Қадірсіз мұжық деген ат халыққа.
Айтпасқа қарашекпен қатыны деп,
Ақсүйек етсін мені, айт балыққа!»
Балыққа шал келеді қайтып тағы,
Кемпірдің мұң-мүддесін айтып тағы.
Тағзыммен қол қусырып арыз айтып,
«Азапты келдім, – деді, – тартып тағы.
«Қайғырма, – балық айтты, – болар, – де
Ақсүйек дәрежесі қонар», – деді.
Қатыны қайтып келсе, болған ханым,
Қасына шал қалайша жолар енді?
Биік үй салтанатты, сәнді түрі,
Бәрі мол, бәрі байлық, бәрі ірі.
Үстіне неше түрлі асыл киіп,
Паңсынып сыртқы есікте тұр кемпірі.
Қолында толған өңшең алтын жүзік,
Зумрет, березелі бар білезік.
Үстінде қамзол ішік, тысы қамқа,
Меруерт омырауы қойған тізіп.
Аяқта сақтияннан оюлы етік,
Бұрынғы мұжықтығы естен кетіп,
Жұмсап тұр біріне ұрсып, бірін ұрып,
Ақырып малайларға әмір етіп.
Шал келіп: «Сәлем бердік, ханым! – деді,
Ризалық тапты ма, енді жаның?» – деді.
Жаратпай шалдың сөзін, кемпірі ұрсып:
«Әдепсіз, ақылы жоқ, жарым, – деді.
Ат бақсын, ат қораға апарыңдар!
Мұжықтың мына біреу шалын...» – деді.
* * *
Қанағат болды десек етер шағы,
Құтырды өскен сайын кемпір бағы.
Өткен соң бірер жұма, шақыртады
Балыққа жібермекке шалды тағы.
Айтады: «Қазір жылдам бар, балыққа!
Жеткен жоқ жаным әлі ризалыққа.
Ақсүйек дәрежесін азсынамын,
Патша етсін, мені дереу бір халыққа!»
Шал айтты: «Құтырдың ба? Түзу ме есің?
Болмасын астамшылық, мұның кесір!
Білмейсің іс ретін, сөз мәнісін,
Жұрт күлер: қор болған деп бақыт, есіл!»
Бұл сөзге кемпір қатты ашуланып,
Жіберді шалды жаққа салып-салып.
Қалайша маған қарсы сөз айтасың?
Сен мұжық, мен ақсүйек, қой – деп, танып!
Сөз айтар шалда хәл жоқ, жөнеледі.
Қарайып теңіз беті түнереді:
Шақырған шал дауысына балық келіп,
«Ақсақал, не айтасың? Сөйле!» – деді.
Шал айтты: «Өлдім әбден тынышым кетіп,
Таянды жындануға кемпір жетіп.
«Ақсүйек дәрежесін азсынамын,
Бір жұртқа қойсын, – деді, – патша етіп».
«Қайғырма!» – балық сөйлеп, – «кәрім!» – деді,-
«Істермін айтқанындай бәрін», – деді.
«Жүргізіп жұртқа әмірін мейілінше,
Айбынды болар патша жарың», – деді.
Шал қайтса, салтанатты сарайлар тұр,
Ішінде сарайлардың кемпірі отыр.
Асынып айбалтасын, есіктерде
Күзетші, түсі суық, малайлар тұр.
Жарқырап алтын киіп, оттай жанып,
Патшасып кемпір отыр, ызғарланып.
Ақсүйек, өңшең бекзат қызметінде,
Ішкізіп арақ-шарап, азаптанып.
Билетпей шалға бойы, буын құрып,
Сарайға шал сескеніп келді кіріп,
Бас ұрып кемпірінің аяғына:
«Болды ма жаның риза!» – деді тұрып.
Есіркеу кемпірде жоқ, шалын аяп,
Адам деп елеп оған қарамай-ақ,
Деп еді: «Шығарыңдар!» Сол-ақ екен,
Жұдырық, жан-жағынан жауды таяқ.
Желкелеп, сүйреп, жұлқып жұлмалайды,
Ағына сақалының кім қарайды?
«Ақымақ, әдебі жоқ, алжыған құл,
Кірлейсің аяғыңмен, – деп, сарайды!» –
Жұрт күліп, шал екенсің, – деді, жарым,
Ақылың кем болған соң, кімге обалың?
«Болмаса өзің шанаң, отырма» деп
Бұрынғы айтпап па еді мақалдарын?
Бір-екі мұнан кейін жұма өтті,
Тілейтін жаңа тоят кезі жетті.
Қызығы патшалықтың тозды жылдам,
Жарлық қып, кемпір патша шалды іздетті.
Шалды айдап алып келді дірдектетіп,
Байғұстың түсі қашқан, өңі кетіп.
Үстінде алтын тақтың кемпір патша
Тапсырды шалға жұмыс, әмір етіп:
«Бек тығыз бұйырамын саған, – деді,
Сөз қатсаң, жыртылады жағаң, – деді,
Мақсатым суды билеп, суда тұрмақ,
Балыққа айт, менен көп-көп сәлем! – деді,
Қаратып теңіздерді қол астыма,
Шабарман болсын өзі маған», – деді.
Әлді жоқ сөз қайырар, шал кетеді,
Қорыққаннан жылдам жүріп, тез жетеді.
Қара бұлт, қара дауыл толқынды айдап,
Сапырып теңіз суын, желдетеді.
Балықты шақырып шал, сөзін айтты,
Жұмыстың тығыздығын, тезін айтты.
Кемпірдің сұрағанын естіп балық,
Бір соғып суды бетке, кейін қайтты.
Балықтан жауап күтіп тұрып-тұрып,
Шал қайтты кешке жақын әлі құрып.
Көре алмай салтанатты сарайларды,
Көз салды жан-жағына мойнын бұрып.
Қараса, лашығында кемпірі отыр,
Баяғы жарық астау жырық-жырық.
Түсіріп таз кебіне бір-ақ күнде,
Қойыпты қу қақбасты Құдай ұрып.
АЛТЫН ӘТЕШ
Беріде емес, әріде,
Пәлен жұрттың жерінде
Болған жақсы хан Дадан.
Талай көріп қауіпті,
Талай жұртты шауыпты,
Жасында боп бек мазақ.
Жас жеткен соң жабығып,
Аттаныстан жалығып,
Жай жатуға ойлапты.
Кәрі ханды қажалап,
Енді өзгелер мазалап,
Жай жатқызып қоймапты.
Жаудан Дадан жерлерін,
Қорғамаққа елдерін,
Һәман тұтты көп әскер.
Қолбасылар қалғымас,
Түс-тұсынан шықты қас,
Қайсысына жетісер?
Оңнан күтсе, жау солда,
Қырдан күтсе, жау суда,
Арқадан да, Құбыладан.
Жан-жағынан жау ұрды,
Жылап-жылап жіберді
Ызасынан хан Дадан.
Қатты күйді, қайғырды,
Хан ұйқыдан айырылды,
һәман қауіп-қатерде.
Ойлап, ойлап қарайды:
«Не қылсам, – деп, – жарайды?»
Білмейді не етерге.
Безген ат боп белінен,
һәр нәпсінің желінен,
Бар екен бір данышпан
Жұлдыз санап қарайтын,
Сонан ақыл сұрайтын
Сасқан яки адасқан.
Арнап кісі шаптырып,
Көп -көп сәлем айттырып,
Шақыртады хан Дадан.
Шақырғанға бұ барды,
Алтын әтеш шығарды
Аузын шешіп дорбадан.
Ханға тұрып сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
«Мынау алтын әтешім!
Қондыр, сырың басына!
Қой, сарайың қасына!
Болар мықты күзетшің.
Бұл отырса тып-тыныш,
Жоқ еш жерде қорқыныш.
Қатер болса бір жақта,
(Соғыс па я әлдене?
Болсын мейлі не бәле)
Қарап әтеш сол жаққа,
Күдірейіп дауыстар,
Ол – дегені «қауіп бар!»
Риза болып, айтар хан:
«Бұйым алтын, күміс пе?
Басқа мүдде, жұмыс па?
Тауаныңды қайтарман.
Сенен немді аярмын!
Қашан болса, даярмын
Не сұрасаң беруге –
Не десең де еткізіп,
Не мүддеңе жеткізіп,
Өз көңілімдей көруге».
* * *
Биік сырық басында,
Хан сарайы қасында
Қарауылдап халықты,
Қатер болса, жұлқынып,
Солай қарай ұмтылып,
Әтеш айқай салыпты:
«Кіри-ку-ку, жат, ханым!
Жатып жұртты бақ, ханым!»
Дадан ісін асырды:
Жауын ерте көрген соң,
Ұрып, сыйын берген соң,
Жау тыйылды, басылды.
Бір жыл өтті, екі жыл,
Тапты рахат жұрт дамыл,
Әтеш отыр жай, тыныш.
Бір күн ұйықтап хан жатты,
Сер әскер кеп оятты,
Бар деп бәле, қорқыныш.
Хан аша алмай ұйқысын,
«Не бәле бар? Не қысым?» –
Дейді отырып есінеп,
Жауап берді сер әскер:
«Әтеш көрген бар қатер,
Жұрт қауіпте түйсініп».
Хан қараса әйнектен,
Әтеш отыр әндеткен,
Күншығысқа қарапты.
«Не тұрыс бар? Жүруге!
Жылдам атқа мінуге!
Алып қару-жарақты!»
Хан әскерін айдайды,
Үлкен ұлын сайлайды
Бастық етіп үстінен.
Әтеш тағы жай, тыныш,
Қауіп-қатер, қорқыныш
Шықты жұрттың есінен.
Қол шыққалы жеті күн,
Әскерден жоқ хабар-үн:
Ашықты ма? Тоқ па әлі?
Жеткен жоқ па? Жетті ме?
Жау жатыр ма? Кетті ме?
Соғысты ма? Жоқ па әлі?
Міне, әтеш бақырды:
Хан өзге қол шақырды,
Кіші ұлына бастатты.
Күншығысқа бет беріп,
Қару, қапшық бөктеріп,
Қосын артып, қол тартты.
Әтеш тыныш, сыбыс жоқ,
Әскерден түк дыбыс жоқ,
Тағы өтеді жеті күн.
Жұрт айырылды сауықтан,
Ел жайғаспай қауыптан.
Әтеш тағы берді үн.
Үшінші қол шақырып,
Тастайтындай жапырып,
Құтты болғай деп қадам,
Күншығысқа жол алып,
Азық-түлік мол алып,
Шықты өзі хан Дадан.
Күн-түн демей жол жүріп,
Бітті әбден болдырып,
Ешбір белгі жолда жоқ –
Мола да жоқ, көр де жоқ,
Салық салған жер де жоқ,
Соғыс та жоқ, қол да жоқ.
«Бұ не хикмет43! Не ғажап!» –
Дейді Дадан ойға қап.
Жетінші күн батыр хан
Қолды жиып жүргізіп,
Тау ішіне кіргізіп,
Көрді жібек шатыр хан.
Маңайында ел де жоқ,
Ызыңдаған жел де жоқ,
Жалғыз ғана сол шатыр.
Өзектерде, ойларда,
Жыбырлаған қойлардай,
Қырып салған қол жатыр.
Хан шатырға кірмекке,
Бұ не ғажап білмекке,
Жылдамырақ жүреді.
Хан алдында екі ұлы,
Жан шошитын бар сыны,
Жатқандарын көреді.
Бір-біріне қылышты
Сұғып, тапқан тынышты:
Сауыт, қалқан – жоқ бәрі.
Жапырылып жаншылған,
Қара қанға малшынған,
Шөпті жеп жүр аттары.
Екі азамат сұлтаным!
Екі лашын-сұңқарым!
Ауға түскен, алданған.
Маған күйік! Маған дерт!
Маған өлім! Маған мерт!» –
Деп жылады хан Дадан.
Хан жыласа, қалар ма?
Ерген жасақ – олар да
Еңіресті, жыласты.
Тау күрсініп, күңіреніп,
Ой ыңылдап, ыңыранып,
Бәрі бірге ұласты.
Сонда шатыр ашылып,
Нұры күндей шашылып,
Шамаһанды билеген,
Нөкері жоқ, жап-жалғыз
Шыға келіп патша қыз,
Ұшырасты ханменен.
Қуыршаққа қуанған,
Балаларша уанған,
Жылағанын хан қойды.
Сылаңдаған сызылып,
Қызға көңіл бұзылып,
Бөлмей, жармай, берді ойды.
Керіле басып, кекектеп,
Ханды қолдан жетектеп,
Қыз шатырға әкетті.
Дастарханды жаяды,
Түрлі тағам қояды,
Көрсетеді құрметті.
Әбден сыйлап бағады,
Парша төсек салады,
Тынықсын деп жол шеккен...
Бір жұмадай тойлар хан,
Басқаны жоқ ойлар хан,
Басы айналған, ерік кеткен...
* * *
Міне, қолын, қосын ап,
Қызды өзіне қосып ап,
Кейін қарай хан басты.
Келмей жатып алдынан:
Пәлен екен деп пәлен –
Түрлі лақап сөз қашты.
Таянғанда қалаға,
Дулап, шулап далаға,
Хан алдынан ел шықты.
Жұрт жүгірер артынан,
Хан, сағынған халқынан
Алар сәлем, құлдықты.
Көп ішінен көреді,
Біреу сәлем береді,
Ақ бөркі бар басында.
Ет жоқ, ұрты суалған,
Сақал, мұрты қуарған,
Қара қыл жоқ шашында.
Шал сәлемін хан алып,
Кәрі досын тез танып,
Жақын кел деп шақырды.
Дейді: «Аман ба, қарт бабам?!
Не қосасың, айт бабам!
Данышпаным, ақылды?»
Шал айтады: «Хан Дадан!
Бар-ды айтқан уағдаң
Тілегімді беруге.
Не десем де еткізіп,
Ризалыққа жеткізіп,
Өз көңіліңдей көруге.
Ақы алатын күн жетті,
Мойныңдағы міндетті –
Өте, бүгін қарызды.
Сүйсең көңілім тынуын,
Бер, Шамаһан сұлуын!
Қабыл ет, хан, арызды!»
Хан таңданды бұл іске,
Ойдағы жоқ ұлы іске.
Шалға айтады: «Сен несің?
Пері енді ме, түсіңе!
Жын кірді ме, ішіңе?
Алжастың ба, бар ма есің?!
Мен саған шын қарыздар,
Қарызда да шама бар –
Қыз ол саған не қажет?
Қой, шалым, тым зор тұтпа!
Мен кім – оны ұмытпа!
Міндеттен бар зор міндет.
Сұра менен қазына!
Қараман көп-азына,
Шен десең, шен беремін.
Ат қала да, атымды ал!
Зат қала да, затымды ал!
Ел жарымын һәм беремін»
«Керек емес, – деді шал, –
Елің, шенің, бұйым, мал.
Берсең, маған қызды бер!»
«Түф!» деп жерге түкіріп!
Хан айтады жекіріп
(Қысылғаннан шықты тер)
«Қуарған шал! Сый алмай,
Қыз сұрайсың ұялмай,
Соққан сені захмет.
Түк нәрсе де бермеймін,
Түк есепті көрмеймін.
Сау тұрғанда, жоғал! Кет!»
Ханға жауап қайырып,
Таласуға бой ұрып,
Шал айтқанша қамданып...
Хан асамен маңдайға,
«Таласатын қандай? Мә!» –
Деп жіберді бір салып.
Етбетінен шал түсті,
Тәннен безіп жан ұшты,
Қыз «хи-хи-хи! Ха-ха-ха!»
Қорықпайды екен обалдан».
Күлген болды һәм Дадан
Жұрт ренжу, хан қапа.
Не тұрыс бар далада?
Хан кіреді қалаға,
Жұрт көшеге толады.
Сырығынан түсіп кеп,
Алтын әтеш ұшып кеп,
Хан басына қонады.
Тұмсығымен қақты да,
Ханның миын шақты да,
Әтеш кетті аспанға.
Арбасынан хан ұшты,
Кеудесінен жан ұшты,
Қалды барша жұрт таңға.
Ғайып болды, қыз кетті,
Сөз аяғы һәм жетті,
Істеу шабан, айту тез.
Ертегінің шыны аз,
Шыны аздың құны аз,
Жанап айтқан жай бір сөз.
ЛЕРМОНТОВТАН44
Екі өзен – Кура, Арагуа ағып келіп,
Кездесіп бір-біріне сәлем беріп.
Жерінде екеуінің нақ көріскен,
Аңсаған ағайындай бауыры еріп.
Монастырь тұрушы еді бұрынырақ,
Өзі жоқ, бұл күнде бар орны бірақ.
Жаяуға таудан шыққан көрінеді,
Бағандар қақпа орнында қалған құлап.
Бұзылған шіркеудің тұр қабырғасы,
Көрінбес қазір бірақ онда шырақ.
Бұл күнде монахтар да45 да жоқ ішінде,
Көп үшін дұға46 қылғыш тілек сұрап.
Құлаған орнын қарап бағатын бір,
Жан түгіл, өлім зорға табатын бір,
Күзетші, жарымжан шал молалардың
Тастарын сүртіп, шаңын қағатын бір.
Сөйлейді тас жазуы өткендерін,
Қайрылмай қандай дәурен кешкендерін.
Мәселен пәлен патша пәлен жылы,
Орысқа жұртын табыс еткендерін.
* * *
Бір жылы монастырға тұрған жолда,
(Ішінде монахтары бар кезі онда)
Келді де орыстың бір жандаралы,
Қасында жау баласы түскен қолға.
Тифлис шаһарына өтіп кетті,
Баланы науқастанған тастап сонда.
Шамасы бала сонда алты жасар,
Қурайдай жіп-жіңішке, нәзік, нашар.
Сықылды тау киігі жатырқағыш,
Жоламай жанға жақын сырттан қашар.
Батса да дерті жанға қанша қинап,
Сыр бермей жатты бала күшін жинап.
Қайыспас тұқымына біткен қайрат,
Шынықты дертпен қатар іште ширап.
Ауырып жатса-дағы өлім халде,
Аңқылдап шақпас дертін еш адамға.
Жалғыз-аң ишаратпен47 білдіреді,
Мейлі шаппағанын дәм-тағамға.
Біреуі монахтардың жатсынбай-ақ,
Қарады бақты есіркеп, баланы аяп.
Емімен жаны ашыған жақындықтың,
Өлімнен аман қалды барып таяп.
Әуелі жүрді бәрін бөтенсініп,
Бала боп жоқ ойнау еш жеңілшілік.
Жатырқап жан адамға жоламастан,
Үндемей дәйім оқшау бөлек жүріп.
Сағынып туған жерін, күншығысқа
Қояды қарап-қарап құр күрсініп.
Сонан соң жат қолында жалғыздыққа,
Көрінді үйренгендей тілін біліп.
* * *
Баланы шоқындырды поп папасы,
Өскен соң монах қылмақ ер адасы.
Таныспай дүниемен талақ етіп,
Қалыпты қол тапсырар уағдасы.
Бір түні жоқ боп шықты қашып зытқан,
Айнала қалың орман, тауға шыққан.
Үш күндей әуре болып іздеп, іздеп,
Үмітті үзердей боп әрең тапқан.
Таптық деп жатқан жерде есін танып,
Қайтадан монастырға келісті алып.
Тартқандай аштық, бейнет, дерт азабын,
Бозарып, қатты жүдеп, қалған арып.
Ешкімге сұраса да түк үндемей,
Солады күннен күнге бейне гүлдей.
Өлерге таянғанда қарт монах кеп,
Үгіттеп, «қылмысың бар, – деді, – нендей?»
Балаға шалдың сөзі болды қайрақ,
Көтеріп жерден басын, көзі жайнап.
Қатайып қалған бойда күшін жиып,
Тарқатып шерді бала айтты сайрап:
Сен келдің, өлерде айтар сыр тыңдауға,
Ризамын, келгеніңе бұл тыңдауға.
Көкірек жеңілткенім маған жақсы,
Сөзімді керек болса, кім тыңдауға.
Қылмыс жоқ, бәһре алып пайдаланар,
Ісім бар, айтып өтер құр тыңдауға!
Айтуға жан жарасын тіл жетер ме?!
Сала бер құлағыңды, мұң тыңдауға!
Дүние болды маған аз-ақ серік,
Ол-дағы тұтқындықта, қамауда еріп.
Бұл түрлі тіршіліктің екеуіне,
Толық бір өмір алу сатса беріп.
Жалғыз-ақ, ұлық тұттым ойдың күшін,
Жалғыз-ақ, бір құмарды сақтады ішім.
Жанымды құрттай жайлап, жегідей жеп,
Күйдіріп сол құмар-ақ бітірді ісін.
Шақырды құмар мені бұл орыннан,
Бықырсып, пысынаған жылы орыннан.
Қатерден қан қайнайтын жерге шық деп,
Өлімге тіршілігі құл орнынан.
Ой ұшты, адам құстай, азат жаққа,
Өлім мен өмір қатар қабат жаққа.
Таулары басын бұлтқа жасыратын,
Ләззат мол тіршілікте ғажап жаққа.
Сол құмар мен жасымнан баққан баптап,
Айтпастан еш адамға іште сақтап.
Асырап көз жасымен түн болғанда,
Жасырын жұрттың бәрі жатқанда ұйықтап.
Мұнымды жария ғып мойныма алып,
Ешкімге жалынбаймын, кеш деп ақтап.
* * *
Жел жұлған жапырақтай ұшып келіп,
Күн түспес күңгірт жерде солдым семіп.
Өлімге ара тұрып, алып қапсың,
Қажет не? Жақсы еді ғой қалған өліп.
Тұнжырап тұщы жүз жоқ, өстім жалғыз,
Сопылық, бала басым күнін көріп.
Сүйікті «әке-шешем» дейтін сөздер,
Оны айтпай еш адамға жан не төзер?!
Жүрекпен бірге туған тәтті сөзден,
Ұмытып жат қолында дедің безер.
Жанмен бір туған үндер жоғалар ма?
Қарасам үлкендерге, балаларға:
Туысқан, үй, ұлты, дос-жары бар,
Жоқ екен маған жақын молалар да.
Төкпейін көздің жасын дедім текке,
Ант ішіп өзімді-өзім салдым сертке.
Болсада түсі қаның, туғаны бір,
Төсімді таяп жақын көкірекке.
Құмардан ерте-кеш пе, шықпақ едім,
Өлетін болсам да нақ сол минутте.
Дариға, ол қиялым баққан жастан,
Жоғалды, енді артына қайрылмастан.
Жат жерде, жау қолында жалғыз өлем,
Жетімдік, тұтқындықтан құтылмастан.
ТАРТУ
Балалар, бұл жол басы даналыққа,
Келіңдер, түсіп, байқап, қаралық та.
Бұл жолмен бара жатқан өзіңдей көп,
Соларды көре тұра қалалық па?!
Даналық – өшпес жарық, кетпес байлық,
Жүріңдер, іздеп тауып алалық та!
ҚАЗАҚТЫҢ БАС АҚЫНЫ
Қазақтың бас ақыны Абай (шын аты Ибраһим) Құнанбаев. Онан асқан бұрынғы-соңғы заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ. Ақмола, Семей облыстарында Абайды білмейтін адам жоқ. Ақмоламен сыбайлас Торғай облысында Абайды білетін адам кем, тіпті, жоқ деп айтса да боларлық. Олай болуы сөзі басылмағандықтан. Абайдың сөздері кітап болып, басылып шыққанша Абайдың аты да, сөзі де Торғай облысында естілмеуші еді. Ақмола, Семей облыстарында Абайдың атын, сөзін естімедім дегенге едәуір таңырқап қалады. Мен ең әуелі Ақмола облысына барғанымда Абайды білмегеніме, сөзін естігенім жоқ дегеніме таңырқап қалушы еді. Қай жерде ақындар жайынан я ақындардың сөздері жайынан әңгіме болса, Абайдың сөзін мақтамайтын адам болмады. Абайдың сөзін көрмей тұрғанда, мақтағандарына сенбей, қазақ үкілеген өз құнанын өзгелердің тұлпарынан артық көретін мінезі болушы еді, мақтап отырған Абайы біздің Әбубәкір, Сейдахмет, Ақмолдаларымыз сықылды біреу ғой деп жүрдім. 1903-ші жылы қолыма Абай сөздері жазылған дәптер түсті. Оқып қарасам, басқа ақындардың сөзіндей емес. Олардың сөзінен басқалығы сонша, әуелгі кезде жатырқап, көпке дейін тосаңсып отырасың. Сөзі аз, мағынасы көп, терең. Бұрын естімеген адамға шапшаң оқып шықсаң, азына түсініп, көбінің мағынасына жете алмай қаласың. Кей сөздерін, ойланып дағдыланған адамдар болмаса, мың қайтара оқыса да түсіне алмайды. Не мағынада айтылғанын біреу баяндап ұқтырғанда ғана біледі. Сондықтан Абай сөздері жалпы адамның түсінуіне ауыр екені рас. Бірақ ол ауырлық Абайдың айта алмағанынан болған кемшілік емес, оқушылардың түсінерлік дәрежеге жете алмағанынан болатын кемшілік. Олай болғанда айып жазушыда емес, оқушыда. Не нәрсе жайынан жазса да Абай түбірін, тамырын, ішкі сырын, қасиетін қармай жазады. Нәрсенің сырын, қасиетін біліп жазған соң, сөзінің бәрі де халыққа тіреліп, оқушылардың біліміне сын болып, емтихан болып табылады. Оқушы сөзді сынаса, сөз оқушыларды да сынайды. Абай сөзі заманындағы ақындардың сөзінен оқшау, олардың сөзінен үздік, артық. Ол оқшаулық, артықтық басқа ақындардан Абайдың жалғыз сөзінде ғана емес, өзінде де болған. Абайдың қандай болғанын көзбен көрмесек те, көргендердің айтуынан білеміз. Сөзінің қандай екендігін сөйлеген соң, өзінің де қандай екенін айтып, білдіріп өткеніміз теріс болмас. Абай Семей облысының қазағы, руы Тобықты. Ұлы атасы Ырғызбай Торғай облысындағы Ырғыз деген өзен бойында туған екен. Ырғызбай халқының қолбасы, батыры һәм ел ағасы би екен. Тобықтының аймағы аз кезінде Түркістаннан елін ертіп ауып келіп, Шыңғыс тауы малға жайлы деп, қоныс еткен екен. Кіші атасы Өскенбай би халық арасында ғаділ биі атанған. Өз елі түгіл, басқа алыстағы елдер де араларындағы зор дауларын Өскенбай бидің алдына келіп бітіседі екен. Өз әкесі Құнанбай жұрт аузына қараған қазақтың бас адамдарының бірі болған. Қазақты төрелер билеп, сұлтандар төрелерден қойылып тұрған заманда, солармен таласып, қарадан сұлтан болған адам екен. Шешесі Ұлжан бәйбіше Қарқаралы уезіндегі Әбдірей, Мыржық деген жердегі Қаракесектің Бошан руынан, Бертіс бидің тұқымынан. Шеше тұқымы күлдіргі, қалжың, әзілге ұста, Қантай, Тонтай деген күлкімен сөгіп, қалжыңмен жеңіп, аты шыққан адамдар нәсілінен. Тонтай малды адам болған екен. Ауырғанда өзгелерден гөрі қожа, молдалар көңілін жиірек сұрайтынын байқап жүреді екен. Өлер жылы қатты ауырып жатқанда молдалар көңілін сұрай келіп отырғанында айтқан: «Баяғыдан бері жазыла-жазыла қожа, молдалардан да ұят болды, енді өлмесем болмас», – деп. Абай 1845-ші жылы туған. Жылы жылан екен. Ибраһим деген атын бұзып, «Абай» деп ат қойған шешесі екен. Шешесінің сүйіп қойған аты ел арасында шын атынан көбірек айтылады. Абай 10 жасынан 13 жасқа шейін қырда мұсылманша оқыған. Он үш жасқа шығарда Семейде Ахмед Ырзаның медресесінде оқыған. Медреседе оқып жүрген кезінде 3 айдай орысша да оқыған. 4 жыл мұсылманша оқып, 3 ай орысша оқып, сонымен оқуды қойған. Он бес жасында-ақ, балалық қылмай, үлкендердің қатарына кіре бастаған. Қазақты меңгеріп, халыққа араны жүріп тұрған төрелермен әкесі Құнанбай таласқанда, Абай әкесіне серіктікке жарай бастаған. 20 жасында ел ішіндегі белгілі бір шешені атана бастаған. Зеректікпен естігенін ұмытпаған. Ел ішіндегі сақталған қазақтың бұрынғы өткен билерінің білігі, шешендерінің сөйлеген сөзі, көсемдерінің істеген ісі, үлгілі сөздер, ұнасымды әзілдер, мақалдар, мәтелдер сияқты нәрселерді Абай көп біледі екен. Заман бұрынғыдай болса, Абай алаштың атақты билерінің бірі болуы шүбәсіз. Біліммен би болып, жұрт билейтін заман етіп, тасың би болатын заманға қарсы туған. Білімі көптер жұрт билемей, малы көптер жұрт билейтін заманға қарсы туған. Абай жұрт алдына білімін салғанда, басқалар малын салған, жұрттың беті малға ауып, ел билігі Абай қолына еркін тимеген. Білімнен мал артық болушы ма еді деп, Абай жұрттың онысына көнбей, таласқан, сөйтіп, партия ылаңына кіріп кеткен. Өнер-білімін партия ісіне салған. Білімінің қызығын жалғыз ғана Тобықтылар көріп, басқаларға пайдасы тимей, болыстыққа құмар көп қазақтың бірі болып, бәлки, сол күйімен өліп те кетуі ықтимал еді. Қазақтың бағына ондай болудан құдай сақтаған («Қазақ», 1913, №39). 1880-ші жылдарда жер аударылып барған Михаэлис деген бір білімді кісімен, қазақ ғұрпындағы қағидаларды жиюға елге шыққан Гросс деген екеуімен Абай таныс болған. Бұлар Абайдікіне қонаққа келіп-кетіп жүрген. Абайдың тегін адам емес екенін байқап, олар болыстықтан гөрі жақсырақ нәрсе барлығын Абайға сездірген. Абайдай зерек адамға жөн сілтесе болғаны, онан арғысын өзі іздеп табады. Олар орыстың атақты ақындары Пушкин, Лермонтов, Некрасов барлығын, қара сөзді келістіріп жазғыш Толстой, Салтыков, Достоевский барлығын, сөз сыншысы Белинский, Добролюбов, Писарев барлығын Абайға білдірген, олардың кітаптарымен таныстырған. Өлең жазған Пушкин, Лермонтов, Некрасовтар қазақтың би-болыстарынан гөрі қадірлі екендігін Абайға түсіндірген. Ғылымды жұртта өлең жазу, сөз жазу нағыз қадірлі істің бірі екенін Абай енді ұққан. Ақындық, өлеңшілік ел көзіне қадірсіз көрінсе, ол кемшілік ақындық пен өлеңшілікте емес, ақындық пен өлеңшілікті орнына жұмсамағандықта екендігін, ақындық пен өлеңшілікті қазақ ақындары, өлеңшілері қайыршы-тіленшілік орынға жұмсағаннан өлеңнің қадірі кеткенін Абай әбден білген соң, өлең жазуға түскен. Абай жас күнінде күлкі үшін қалжың өлендер, қыздарға ғашық өлеңдер жазған, есейген соң арланып, тастаған екен. Михаэлис пен Гроссқа кез болмаса, сол күйімен, бәлки, кетер еді. Қандай үлгілі, қандай мағыналы, қандай асыл, қандай терең сөздер жерге көмілер еді?! Абай сөздері дүниеде қалғаны қазаққа зор бақ. Бетін түзеп, жөн сілтеген кісілерге де, сілтеген жолды лақпай тұп-тура тапқан адамға да қазақ балалары талай алғыс берер. Орыс ақындарымен танысып, өлең орны қайда екенін білгеннен кейін, Абай өлеңге басқа көзбен қарап, басқа құрмет, ықыласпен күтіп алып, төр түгіл, тақтан орын берген. Бірақ басқа сөзден өлеңнің таққа мінгендей артықшылығы қандай? Оны да көрсетіп, айтып қойған. Айтушы мен тындаушының көбі надан болғандықтан, өлең болып айтылып, тыңдалып жүргендердің көбі өлең емес екендігі, өлең жазушылар болса да, келістіріп жазушылары ішінде бірен-саран таңдама екендігі, жұрт мағыналы, маңызды, терең сөзден гөрі мағына жоқ, маңыз жоқ, желдей гулеп, құлаққа дыбысы тиіп, өте шығатын жеңіл сөздерді тыңдауға құмар екендігі Абайдың өлең жайынан жазған сөздерінде көрсетілген. Сол сөзінен Абайдың сыншылығы, өлең жақсы болуға не керектігін білетіні де көрініп тұр. Сөз жазатын адам әрі жазушы, әрі сыншы боларға керек. Сөздің шырайлы, ажарлы болуына ойдың шеберлігі керек. Ұнамды, орынды, дәмді болуына сыншылық керек. Мағыналы, маңызды болуына білім керек. Абайда осы үшеуі де болған. Бұлардың үстіне, Абай көсем, үлгі шығарып, өнеге жайғыш болған. Абайда өлең сөздің неше түрлі үлгісі, өрнегі табылады. Ол өрнектерді ойдан шығармай, орыстан алса да, орыс өлеңдерінің өрнектері қазақ тіліне жарайтындығын бастап көрсеткені де зор көсемдік. Абай өлең жақсы болуға керек шарттардың бәрін білген, сондықтан өлеңі қай тарапынан да болса толық. Жалғыз-ақ міні бар: ол мін – өлең бунақтары тексеріліп орынына қойылмағандық. Оны оқығанда я әнге салып айтқанда кемшілігі зор болады. Дауыстың ағынын бұзып, өлеңнің ажарын кетіреді. Мысалы, төселіп желіп келе жатып, шоқытып кеткен сияқты, тайпалып жорғалап келе жатып текіректеп кеткен сияқты. Бұл кемшілікті түзетуге болады. Өлеңнің үш буынды бунақтары мен төрт буынды бунақтарын алмасып кеткен жерлерін алып, өз орындарына қойса түзеледі. Мұнан басқа Абай өлеңдерінде мін бар деп өз басым айта алмаймын. Кейбіреулердің айтатын «ауырлығы бар» деген сөздер, ол өлеңнің қисынын келтіре алмағаннан емес, өрнегінің жаңалығынан, қазақ өлеңдерінің дағдылы түрінен басқарақ болған соң, оқушылар жаттыққанша жатырқайды. Сонан ғана ауыр сияқты көрінеді. Абайдың өзі тексергіш болған соң, оның өлеңін тексеріп, қате шығарып ешкім жарыта алмайды. Абайдың қандай сыншы, сөз тексергіш екендігін төмендегі сөзінен байқауға болады:
Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы,
Қиыннан қиыстырар ер данасы.
Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,
Теп-тегіс жүмыр келсін айналасы.
Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы,
Ол – ақынның білімсіз бейшарасы.
Айтушы мен тыңдаушы көбі надан,
Бұл жұрттың сөз танымас бір парасы.
Әуелі аят, хадис – сөздің басы,
Қосарлы бәйітсымал келді арасы.
Қисынымен қызықты болмаса сөз,
Неге айтсын Пайғамбар мен және Алласы?
Мешіттің құтпа оқыған ғұламасы,
Мінәжат ғалымдардың зар-наласы.
Бір сөзін бір сөзіне қиыстырар,
Әрбірі келгенінше өз шамасы.
Өлеңге әркімнің-ак, бар таласы,
Сонда да солардың бар таңдамасы.
Іші алтын, сырты күміс, сөз жақсысын
Қазақтың келістірер қай баласы?
Бұрынғы ескі биді тұрсам барлап,
Мақалдап айтады екен сөз қосарлап.
Аңындары ақылсыз, надан келіп,
Көр-жерді өлең қыпты жоқтан қармап.
Қобыз бен домбыра алып, топта сарнап,
Мақтау өлең айтыпты әркімге арнап.
Әр елден өлеңменен қайыр тілеп,
Кетірген сөз қадірін жұртты шарлап.
Мал үшін тілін безеп, жанын жалдап,
Мал сұрап біреуді алдап, біреуді арбап.
Жат елде қайыршылық қылып жүріп,
Өз елін «бай» деп мақтар Құдай қарғап.
Қайда бай мақтаншаққа барған таңдап,
Жиса да бай болмапты қанша малды ап.
Қазаққа өлең деген бір қадірсіз,
Былжырақ көрінеді соларды аңдап.
Ескі бише отырман бос мақалдап,
Ескі ақынша мал үшін тұрман зарлап.
Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел!
Сендерге де келейін енді аяңдап.
Батырды айтсам ел шауып алған талап,
Қызды айтсам, қызықты айтсам қыздырмалап,
Әншейін күн өткізбек әңгімеге
Тыңдар едің әр сөзін мыңға балап.
1887-ші жыл. (Абай) Абайдың асылын танып, дұрыс баға берген нәрсесі жалғыз өлең емес. Көп нәрсені Абай сөз қылған, сол сөздерінің бәрінде де Абайдың әр нәрсенің асылын танығаны, білгені көрінеді. Абайдың өлеңдері қазақтың басқа ақындарының өлеңінен үздік артықтығы әр нәрсенің бергі жағын алмай, арғы асылынан қарап сөйлегендіктен. Басқа ақындардың сөзге шеберлігі, шешендігі Абайдан кем болмаса да, білімі кем болғандығы даусыз. Абай сөзінен Әбубәкірдің «шайды, кебісті әркім тұтынып кеткені асылды қорлау болды» деп қайғырған сөздері табылмайды. Басқа ақындар аз білімін сөздің ажарымен толтыруға тырысқан. Абай сөздің ажарына қарамай, сыпайылығына қарамай, әр нәрсенің бар қалыбын сол қалыбынша дұрыс айтуды сүйген. Мысалы, «Аттың сыны» деген өлеңінде сыпайышылық жүзінен құлаққа жағымсыз тиетін сөздер бар, бірақ аттың сынына керек мүшелері болған соң, оларын айтпаса, аттың сыны толық болып шықпас еді. Абайдың «Аттың сыны» деген өлеңін оқығаныңда көз алдыңда сол жақсы аттың өзі тұрғандай, пішіні келіп елестейтіні – жақсы атқа бітетін мүшелердің бірін қалдырмай жазғандықтан. Абай көп нәрсені білген, білген нәрселерін жазғанда, «мынау халыққа түсінуге ауыр болар, мынаның сыпайышылыққа кемшілігі болар» деп, тайсақтап, тартынбаған. Хақиқатты хақиқат қалыбында, тереңді терең қалыбында жазған. Хақиқатты тануға, тереңнен сөйлеуге, бойына біткен зеректіктің үстіне, Абай әртүрлі Европа білім иелерінің кітаптарын оқыған. Тәржіма халін, жазушы Әлихан Бөкейхановтың айтуына қарағанда, Абай Спенсер, Льюс, Дрепер деген Европаның терең пікірлі адамдарының кітаптарын оқыған. Өлең жазушылардан орыстың Лермонтов деген терең пікірлі ақынының өлеңдерін сүйіп оқыған, сондықтан Абайдың терең пікірлі сөздерін қарапайым жұрттың көбі ұға алмай, ауырсынады. Абайдың өлеңдерін мың қайтара оқып, жаттап алып жүрген адамдардың да Абайдың кейбір өлеңдерінің мағынасын түсініп жетпей жүргендерін байқағаным бар. Тіпті осының мағынасы не деп сұрағандары да бар. Сол өленді алып қарасақ, айтылған пікірде, ол пікірді сөзбен келістіріп айтуында еш кемшілік жоқ. Түсіне алмаса, ол кемшілік оқушыда. Сондай түсінуге қиын көретін сөздерінің бірі мынау:
Көк тұман алдыңдағы келер заман,
Үмітті сәуле етіп көз көп қадалған.
Көп жылдар көп күнді айдап келе жатыр,
Сипат та, сурет те жоқ, көзім талған.
Ол күндер өткен күнмен бәрі бір бәс.
Келер, кетер, артына із қалдырмас.
Соның бірі – арнаулы таусыншық, күн,
Арғысын бір-ақ Алла біледі рас.
Ақыл мен жан – мен өзім, тән – менікі,
«Мені» мен «менікінің» мағынасы* – екі.
«Мен» өлмекке тағдыр жоқ әуел бастан,
«Менікі» өлсе, өлсін, оған бекі!
Шырақтар, ынталарың «менікінде»,
Тән құмарын іздейсің күні-түнде.
Ғәділеттік, арлылық, махаббат пен
Үй жолдасың қабірден әрі өткенде.
Адам ғапыл дүниені дер «менікі»,
«Менікі» деп жүргеннің бәрі оныкі.
Тән қалып, мал да қалып, жан кеткенде,
Соны ойлашы, болады не сенікі?
Мазлұмға48 жаның ашып, ішің күйсін,
Харекет қыл, пайдасы көпке тисін.
Көптің қамын әуелден Тәңірі ойлаған,
Мен сүйгенді сүйді деп Иең сүйсін.
Көптің бәрін көп деме, көп те бөлек,
Көп ит жеңіп, көк итті күнде жемек.
Ғаділет пен мархамат – көп азығы,
Қайда көрсең, болып бақ соған көмек.
Әркімнің мақсұты өз керегінде,
Біле алмадым пысығын, зерегін де.
Саяз жүзер сайқалдар ғапыл қалар,
Хақиқат та, дін-дағы тереңінде.
Абайдың осы сөзінің дұрыс емес, қате айтылған, теріп айтылған, жұмбақ қылып, ашпай айтылған еш нәрсесі жоқ. Бәрі де дұрыс, түзу, тиісті орнында айтылған сөздер. Оған оқушылар түсінбесе, ол Абайдың үздік, ілгері кетіп, оқушылары шаңына ере алмағанын көрсетеді. Абайды қазақ баласы тегіс танып, тегіс білу керек. Абайдың сөздері 1909-шы жылы кітап болып басылып шыкты, бірақ жұртқа таралмай жатыр. Басылған кітап Ақмола, Семей болысынан басқа болыстарға таралмай жатқаны кісі таңқаларлық іс. Абайдың сөзін Семей ләпкесіне қамап, жасырып қоймай, күллі қазақ баласы бар уалаяттардағы кітап сатушылардың бәрінің де магазиндерінде жүргізу керек еді. Абайды қолымыздан келген қадірлі жұртқа таныту үшін мұнан былай кейбір өнегелі, өрнекті сөздерін газетаға басып, көпке көрсетпекшіміз.
«Қазақ», 1913, № 43
ӘДЕБИЕТ танытқыш
БАСТАРЫ
Аңдату
Біздің анық көріп, сезіп, біліп тұрған айналамыздағы нәрселердің бәрі не табиғат ісінен шыққан жаратынды нәрсе, не адам ісінен шыққан жасалынды нәрсе. Орман, теңіз, тау, тас, өзен, бұлақ – бұлар табиғат ісінен шыққан жаратынды нәрселер; үй, кірпіш, бақша, арық, құдық – бұлар адам ісінен шыққан жасалынды нәрселер. Табиғат ісінен шыққан жаратынды нәрселердің бәрі табиғат дүниесі болады. Адам ісінен шыққан жасалынды нәрселердің бәрі өнер дүниесі болады, өйткені жасалынды нәрселердің істеліп шығуына адам ақылы, әдіс-амалы, шеберлігі, өнер күші кіріскен. Өнер түрлі болады. Біреулер үй салады, арық қазады, етік тігеді, арба істейді, киіз басады, ыдыс жасайды, тағысын тағы сол сияқты шаруаға керек нәрселерді жасайды. Біреулер көрікті мешіт, көрнекті там, көркем сүгірет салады. Әдемі ән, әсерлі күй, ажарлы сөз шығарады. Алдыңғы өнер мен соңғы өнердің арасында айырым бар. Алдыңғы өнерден шыққан нәрселер күн көру ісіне керек шаруа керек-жарақтары. Мұны істегенде, «сұлуынан жылуы» дегендей, көркем болуын көздемейді, тұтынуға қолайлы, жайлы, берік болу жағын көбірек көздейді. Екінші өнерден шыққан нәрселер жылуынан гөрі сұлу болуы көбірек көзделінгеннен, көзге көркем, көңілге жағымды болып істелген нәрселер. Алдыңғы нәрселер адамның, мақұлықтық жан сақтау керегінен шыққан нәрселер. Соңғы нәрселер адамның жан қоштау керегінен шыққан нәрселер. Сондықтан алдыңғы нәрселерді жасауға жұмсалатын өнер – тіршілік үшін жұмсалатын тірнек өнері болады да, соңғы нәрселерге жұмсалатын өнер – көрнек өнері болады.
КӨРНЕК ӨНЕРІНІҢ ТАРАУЛАРЫ
Көрнек өнері бес тарау болады:
Бірінші – тастан, кірпіштен, ағаштан яки болмаса басқа заттан сәнін келтіріп сәулетті сарайлар, мешіт, медресе, үй, там сияқты нәрселер салу өнері. Бұл сәулет өнері болады (европаша архитектура). Екінші – балшықтан я металдан құйып, тастан я ағаштан жонып, нәрсенің тұлғасын, тұрпатын, сын-сымбатын келтіре сүгірет жасау өнері. Бұл сымбат өнері болады (европаша скульптура). Үшінші – түрлі бояумен нәрсенің ісін, түрін, түсін, кескін-келбетін келтіріп, сүгіреттеп көрсету өнері. Бұл кескін өнері болады (орысша живопись). Төртінші – әуездің түрлі орайын, шырайын, сазын, сайрауын келтіріп, құлаққа жағып, көңілді әсерлейтін ән салу, күй тарту өнері. Бұл әуез өнері (европаша музыка). Бесінші – нәрсенің жайын, күйін, түрін, түсін, ісін сөзбен келістіріп айту өнері. Бұл сөз өнері болады (қазақша асыл сөз, арабша әдебиет, европаша литература). Өнердің ең алды сөз өнері деп саналады. «Өнер алды қызыл тіл» деген қазақ мақалы бар. Мұны қазақ сөз баққан, сөз күйттеген халық болып, сөз қадірін білгендіктен айтқан. Алдыңғы өнердің бәрінің қызметін шама қадарынша сөз өнері атқара алады. Қандай сәулетті сарайлар болсын, қандай сымбатты я кескінді сүгіреттер болсын, қандай әдемі ән-күй болсын сөзбен сөйлеп, сүгіреттеп көрсетуге, танытуға болады. Бұл өзге өнердің қолынан келмейді. Сөзбен қандай сымбаттау я кескіндеуге болатындығын көрсету үшін бірнеше мысал келтіріп қарайық. 1) Абайдың әйелді сымбаттауы:
Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы,
Аласыз қара көзі нұр жайнайды!
Жіңішке қара қасы сызып қойған
Бір жаңа ұқсатамын туған айды.
Маңдайдан тура түскен қырлы мұрын,
Ақша жүз, алқызыл бет тіл байлайды.
Көрінер аузын ашса, кірсіз тісі,
Сықылды қолмен тізген, іш қайнайды.
Сөйлесе сөзі әдепті һәм мағыналы,
Күлкісі бейне бұлбұл құс сайрайды
Жұп-жұмыр ақ торғындай мойыны бар,
Тамағын үлбіреген күн шалмайды.
Тақтайдай жауырыны бар, иығы тік,
Екі алма кеудесінде қисаймайды.
Сорақы ұзын да емес, қысқа да емес,
Нәзік бел тал шыбықтай бұраңдайды.
Етіндей жас баланың білегі бар,
Әжімсіз ақ саусағы іске ыңғайлы.
Шашы бар қолаң қара жібек талдай,
Торғындай толқындырып көз таңдайды.
2) Абайдың күзгі күнді сүгіреттеуі:
Сұр бұлт түсі суық қаптайды аспан,
Күз болып дымқыл тұман жерді басқан.
Білмеймін тойғаны ма, тоңғаны ма?
Жылқы ойнап, бие қашқан, тай жарысқан
Жасыл шөп, бәйшешек жоқ бұрынғыдай,
Жастар күлмес, жүгірмес бала шулай.
Қайыршы шал-кемпірдей түсі кетіп,
Айырылған жапырағынан ағаш, қурай.
Біреу малма сапсиды, салып иін,
Салбыраңқы тартыпты жыртық киім.
Енесіне иіртіп, шуда жібін,
Жас қатындар жыртылған жамайды үйін.
Қаз, тырна қатарланып қайтса бермен,
Астында ақ шөміші жүр, ол бір керуен.
Қай ауылды көрсең де жабыраңқы,
Күлкі-ойын көрінбейді, сейіл-серуен.
Кемпір-шал құржаң қағып, бала бүрсең,
Көңілсіз қара суық қырда жүрсең.
Кемік сүйек, сорпа-су тимеген соң,
Тышқан аулап, үйде ит жоқ қайда көрсең.
3) Мағжанның толқынды сипаттауы:
Толқыннан толқын туады,
Толқынды толқын қуады.
Толқын мен толқын жарысад,
Күңіренісіп кеңеспен,
Бітпейтін бір егеспен
Жарысып жарға барысад.
* * *
Толқын мен толқын сырласып,
Сырларын еппен ұрласып,
Толқынға толқын еркелеп,
Меруерт көбікке оранып,
Жыландай жүзге бұралып,
Жарға жетер ентелеп.
* * *
Еркелеп бала былдырлап,
Сылдыр, сылдыр, сылдырлап,
Толқынды толқын қуады.
Күміс кәусар суымен,
Суының алтын буымен
Жарының бетін жуады.
* * *
Мөлдіретіп көз жасын,
Жасымен жуып жар тасын,
Сүйтіп сылқ-сылқ күледі.
Жылағаны – күлгені,
Күлгені – оның өлгені.
Жылай-күле өледі.
* * *
Сылдыр, сылдыр, сылдырлап,
Бірінің сырын бірі ұрлап,
Толқынды толқын қуады.
Жарына бал береді,
Береді де өледі.
Өледі толқын, тұрады.
4) Абайдың ән мен күйді сөзбен сипаттап танытуы:
Көңіл құсы құйқылжыр шартарапқа,
Адам ойы түрленіп ауған шақта.
Салған ән көлеңкесі сол көңілдің,
Тактысына билесін ол құлаққа.
Шырқып, қалқып, сорғалап, тамылжиды,
Жүрек тербеп, оятар баста миды.
Бұл дүниенің ләззаты сонда,
Ойсыз құлақ ала алмас ондай сынды.
Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар,
Үннің тәтті оралған мәні оятар.
Кейі зауық, кейі мұң дертін қозғап,
Жас балаша көңілді жақсы оятар.
Көбінесе ән басы келер ащы,
Кел тыңда, деп өзгеге болар басшы
Керім толғап тауысар дүңгір-күңгір,
Сол жеріне ойыңмен араласшы.
Әннің де естісі бар, есері бар,
Тыңдаушының құлағын кесері бар.
Ақылдының сөзіндей ойлы күйді
Тыңдағанда көңілдің өсері бар.
СӨЗ ӨНЕРІ
Сөз өнері адам санасының үш негізіне тіреледі: 1) ақылға; 2) қиялға; 3) көңілге. Ақыл ісі – аңдау яғни нәрселердің жайын ұғу, тану, ақылға салып ойлау. Қиял ісі – меңзеу яғни ойдағы нәрселерді белгілі нәрселердің тұрпатына, бернесіне ұқсату, бернелеу, суреттеп ойлау. Көңіл ісі – түю, талғау. Тілдің міндеті – ақылдың аңдауын аңдағанынша, қиялдың меңзеуін меңзегенінше, көңілдің түюін түйгенінше айтуға жарау. Мұның бәріне жұмсай білетін адамы табылса, тіл шама қадарынша жарайды, бірақ тілді жұмсай білетін адам табылуы қиын. Ойын ойлаған қалпында, қиялын меңзеген түрінде, көңілдің түйгенін түйген күйінде тілмен айтып, басқаларға айтпай білдіруге көп шеберлік керек. Мүддесін тілмен айтып жеткізу қиын екендігін мынадан байқауға болады: орыстың асқан ақыны Пушкин жазған өлеңдерінің кейбіреуін 13 рет түзеткен. Орыстың асқан ойшысы, сөз өнерпазы Лев Толстой шығарған сөздерін баспаға беріп қойғаннан кейін де талай өзгертеді екен. Бұл ойыңдағы, қиялыңдағы, көңіліңдегі нәрсені тілмен айтып жеткізу өте қиын екендігін көрсетеді. Сөз өнері жүзінде асқан өнерпаздар мүддесін тілмен айтып жеткізе алмай, сондай қиналғанда, өзгелерге ондай іс оңай болып табылар ма? Сондықтан сөзден жасап сөз шығару деген жұмыс әркімнің қолынан келе бермейді және шығарғандардың да сөздері бәрі бірдей жақсы бола бермейді.
Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы,
Сонда да ішінде бар таңдамасы.
Іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын
Қазақтың келістрер қай баласы?, –
деп Абай айтқандай, сөз шығаратындар көп, бірақ келістіргендері аз болады. «Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай жүгіреді». Әр ақын, әр жазушы сөздің басын өзінше құрастырып, өз оңтайымен тізеді. Өз білуінше пікірлейді, сондықтан әрқайсысының лұғатында өзіндік айырымы, өзіндік белгісі болады. Ол айырым белгілерін жай айтып түсіндіру қиын. Әрқайсысының шығарған сөздерін оқып, әбден танысып, үйреншікті болғанда ғана сезілетін белгі. Шеберлердің қолынан шыққан нәрселермен таныс адам сол шеберлердің істеген нәрселерін қай жерде көрсе де айтпай таниды. Мәселен, пышақты көріп, «мынау пәлен ұстаның қолы екен» дейді; ерді көріп «мынау пәлен ершінің қолы екен» дейді. Сол сияқты сөз өнерпаздарының да шығарған сөздерін оқып, лұғатына үйір болғаннан кейін, оның бұрын оқылмаған, аты қойылмаған сөздерін де айтпай тануға болады. Сөздің өзін танытатын белгі – тіл яки лұғат белгісі болады. Ол белгі әркімнің өз ыңғайымен, өз оңтайымен сөз тізіп, әдеттенуінен, салттануынан болады. Әркімнің өз салты болғанмен, ол салттар жалпы сөз тізу салттарынан, шарттарынан аса алмайды. Сөз шығарушылар әуелі сөз ұнасымына керек жалпы шарттарды орнына келтіріп, өзінің өзгеше әдісі болса, соның үстіне ғана қосады. Сондықтан сөз шығарушылар бәрінен бұрын шарттарын білу қажет.
ШЫҒАРМА СӨЗ
Сөз өнерінен жасалып шығатын нәрсенің жалпы аты шығарма сөз, ол аты қысқартылып, көбінесе шығарма деп айтылады. Ауызша шығарылған сөз болсын, жазып шығарған сөз болсын бәрі шығарма сөз болады. Шығарманың түрлері толып жатыр, оның бәрін шумақтап бір-ақ атағанда, арабша әдебиет, қазақша асыл сөз дейміз. Шығарма сөздің бәрінен бұрын байқалатын тысқы нәрселері: 1) тақырыбы; 2) жоспары; 3) мазмұны; 4) түрлері.
Тақырып – әңгімедегі пікір не туралы болса, сол нәрсе тақырыбы болады. Мәселен, пікір жаз туралы болса, шығарманың тақырыбы «жаз» болады. Той туралы болса, тақырыбы «той» болады, ат туралы болса, тақырыбы «ат» болады. Әңгімедегі пікір не туралы екенін күн ілгері білдіру үшін шығарманың тақырыбы басына қойылады. «Айман-Шолпан», «Бақытсыз Жамал», «Қобыланды батыр», «Атымтай Жомарт» деген сөздер шығарма тақырыптары болады және бұл сөздер Айман-Шолпан, Бақытсыз Жамал, Қобыланды батыр, Атымтай Жомарт турасында айтылатын әңгімелердің басында тұрады. Әңгіме басында тұрған «Айман-Шолпан» яки «Бақытсыз Жамал» деген сөздерді көріп, кім туралы екенін бірден білеміз, бірақ шығарма сөздің бәрінің де басына тақырыбы қойыла бермейді. Көбінесе өлең сөздердің басына тақырыбы қойылмайды, үйткені бір өлеңнің ішінде бірнеше нәрселер туралы айтылып кетеді. Тақырыбы бар сөздер Айман-Шолпан», «Бақытсыз Жамал» деп тақырыбы аталғанда, тақырыбы басына қойылмаған сөздер, мәселен, өлеңдер бастапқы жолындағы сөздермен аталады. Абайдың өлеңдерінде тақырып қойылмаған сөздер көп. Оларды атағанда алдыңғы сөздерін айтып, атаймыз: «Өзгеге көңілім тоярсың», «Келдік талай жерге енді» деген өлеңі дейміз.
Жоспар. Сөз шығарудан бұрын шығарушы айтатын пікірін қай ретпен жазатынын мерзімдеп, жоспарлап алады, онысы неден басталады, неден соң нені айтып, немен аяқтайтынын белгілеп алу болады. Әңгіменің жоспарын шығарушы адам я ойында белгілеп алады я қағазға жазып алады. Қай шығарма сөзде де болса, жоспар болады, бірақ біреуінің жоспары, тәртібі сара-сара ашық болады. Біреуінің жоспары тәртіпсіз, былықпа, ашық болмайды. Қаншама кішкентай шығарма болса да, өзіне сәйкес жоспары болады. Балғожаның баласына жазған хаты деген кішкене өлең бар, кішкене өлеңнің кішкене жоспары мынау:
1) Оқудағы баласына ата-анасы амандығын білдіру; 2) Баласына айтқан ақылы; 3) Оқымаған қазақ балалары не істейтінін көрсетуі. Әңгіме үлкенірек болса, жоспары да үлкен болады. Алайық, мәселен, Сейдахмет ақынның қондырмаған құрбысына айтқан өлеңін. Бұл әлгі айтылған өлеңнен үлкенірек, мұның жоспары да үлкенірек, мынадай: 1) Құрбысының кім екені; 2) Құрбысының қонуға келгені; 3) Құрбысының қондырмағаны; 4) Қалаға жақын жердегі қонақасының қымбат, арзандығы; 5) Көңілдестігін көрсетуі.
Мазмұн. Шығарманың тақырыбынан басқасы мазмұны болады. Солай болған соң, мазмұн дегеніміз – бір нәрсе туралы ойға алған пікірді айтуға жұмсаған бүкіл сөзіміз мазмұн болып шығады. Мазмұнның үш мүшесі болады: 1) аңдату; 2) мазмұндау; 3) қорыту.
Мазмұнның аңдатуында мазмұн туралы алдын ала айтарға керек болған ғана ойлар айтылып шығады, сондықтан мазмұнның бұл мүшесі шығарған сөздің бәрінде де бола бермейді. Аңдату мүше шығарманың керегіне қарай болады. Мазмұндауында ой тиегін ағытқан сияқты айтайын деген пікірдің бәрі айтылады. Мазмұндау шығарманың мазмұн мүшесінің ең зоры, онсыз шығарманың мазмұны болмайды. Мазмұнның қорытуында мазмұндауда айтылған пікірдің қорытылып, маңызы шығарылады. Қорыту мүше де мазмұн біткеннің бәрінде бола бермейді. Бұ да керегіне қарай болатын мүше, сүйтіп шығарма мазмұнының аңдату, мазмұндау, қорыту үш мүшесінің үшеуі де болуға ықтимал; басқалары болмай, жалғыз ғана мазмұндау болуға да ықтимал; кейде аңдату мен мазмұндау ғана болады; кейде мазмұны мен қорыту ғана болады.
Түрі. Шығарманың мазмұны қай-қай түрде айтылса, сол түрі шығару түрі деп айтылады. Шығарманың мазмұны төрт түрде айтылады: 1) жай сөйлеу түрде; 2) сөйлестірген түрде; 3) хат түрінде; 4) аралас түрде.
М ы с а л: 1. Жасымда ғылым бар деп ескермедім,
Пайдасын көре-тұра тексермедім.
Ержеткен соң түспеді уысыма,
Қолымды мезгілінен кеш сермедім.
Бұл мақұрым қалмағыма кім жазалы,
Қолымды дөп сермесем, өстер ме едім?
Адамның бір қызығы бала деген,
Баланы оқытуды жек көрмедім.
Баламды медресеге біл, деп бердім,
Қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім.
Өзім де басқа шауып, төске өрледім,
Қазаққа қара сөзге дес бермедім.
Еңбегіңді білерлік еш адам жоқ,
Түбінде тыныш жүргенді теріс көрмедім. 2. Кебек: – Ассалаумағалейкүм! Кеш жарық! (төрге шығады).
Ақан: – Аликсалам, е-е, жарқын, қай ұлсың? Танымадық Кебек: – Ата, мен тобықты Тоқтамыстың інісімін. Атым – Кебек болады (Еңлік қарайды).
Ақан: – Уа, тобықтының ер, азаматы аман ба? Елдерің тыныштық па? Кебек: – Шүкіршілік, аман, ата! (үй ішіндегілердің бәрімен де амандасады. Біраз тым-тырыс). Ақан: – Жарқын, беймезгіл уақытта келдің, мына пісіп тұрған дәмге риза боламысың, жоқ қайтадан қазан көтерсін бе?
Кебек: – Осы да болады ғой, ата! Көтермей-ақ қойсын.
Ақан: – Өзің түнделетіп қайдан жүрсің, балам?
Кебек: – Бүгін бір аңшылық қыла шығып едім, әлгі бір әзірде түлкінің ізі кездесіп еді, аң көздің құрты ғой, күн батқанға қарамай, соның ізіне түсіп, жаңа мына бір жердегі шатқалда алғыздым. Соған алданып жатқанымда бұлыңғыр түсіп кеткен екен, әйтеуір иттің дауысымен осында әрең жеттім.
Ақан: – Мақұл, балам. (айқайлап) Жапал, әй, Жапал!
Жапал (тыстан) – Ау, немене?
Ақан: – Қойды көңге қайырып қой, балам, ығып кетіп жүрмесін, боран болып, үйтсе-бүйтсе, мына қонағыңның атын ыққа байлап қой, шарбақтың ішіне кіргізіп.
. . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 3. Үміт еткен көзімнің нұры балам,
Жаныңа жәрдем берсін Құдай Тағалам!
Атаң мұнда анаңмен есен-аман,
Сүйтіп сәлем жазады бүгін саған.
Атаңды сағындым деп асығарсың,
Сабаққа көңіл бөлсең басыларсың.
Ата-анаңды өнер білсең асырарсың,
Надан боп білмей қалсаң аһ ұрарсың.
Шырағым, мұнда жүрсең не етер едің?
Қолыңа құрық алып кетер едің.
Тентіреп екі ауылдың ортасында
Жүргенмен не мұратқа жетер едің?!
Шығару түрі шығармаларда дәйім бірөңкей болып, осы көрсеткен мысалдардағыдай кілең сөйлеу түрінде я кілең сөйлестірген түрде яки кілең хат түрінде болып айтыла бермейді. Көбінесе аралас түрде айтылады, әсіресе сөйлеу мен сөйлестірген түрлері аралас келіп отырады.
М ы с а л:
Жәнібек батыр
Жәнібек батыр бала күнінде ақыл-білім үйрену үшін қаракерей соқыр Абыз дегенді іздеп келген екен. Сәлем беріп кіріп келсе, қарттықтан жағын жібекпен таңып отырған адам екен, Жәнібекті көріп:
– Сен қай ұлсың? – дейді.
– Қошқар ұлымын, – деді.
– Қошқардың адам иісті бір ұлы бар деп еді, сол боларсың ба? – дейді.
– Болармыз, – деді.
– Балам, не жұмысың бар, бұл жақта неғып жүрсің? – дейді.
– Осы жақта қарт атамыз бар дегенге, қолын алып, бір-екі ауыз ақыл-білім алайын деп жүр едім, – деді.
– А-а! Ел бастап, жұрт алайын деген ұл екенсің, сөз бастап би болайын деген ұл екенсің. Алдыңа келсе, әділдігіңді аяма, аймағың кетпес алдыңнан.
Қол бастап, жол алайын деген ұл екенсің. Жолдастың мыңын алма, бірін ал, мың кісіге бір кісі олжа салатұғын! Олжаңды аямасаң жолдасың қалмас жаныңнан. Жүз жиырма алтыға келіп отырмын. Жас күніңде қалың бер де, қатын ал. Жігіттің хан болатын, қыздың ханым болатын уақыты сол. Қартайған соң өкінбе, ұлым! Қару жисаң мылтық жи, жаяу жүрсең – таяғың, қарның ашса – тамағың! Мұнан шығып Кіші жүзде тоқсанға келіп отырған Тайған деген биге келеді. Келсе, бидің елі көш екен. Көш үстінде кез болып сәлем беріп, ат үстінен көріседі. Мұнысын жақтырмай, бұл би де сұрайды:
– Жаным, қай ұлсың?
– Қошқарұлымын.
– Ұлым, неғып жүрсың?
Жәнібек оған да айтады:
– Осы жақта бір қарт атамыз бар дегенге жолығып, қолын алып, бір-екі ауыз ақыл сұрамақшы едім, – деп.
– Е-е-е!, – деді би. Азуы алты қарыс арғынның Қошқарұлы Жәнібегі алшынның бір алжыған шалын келемеж қылып кетейін деп едім десеңші.
Жәнібек:
– Мен сөз сұраймын деп келсем, көңілімді қайтарды ғой, – деп атының басын бұрып алып, жүріп кетеді. Анадай жер барғанда, би:
Әй, Жәнібек, – деп шақырады. Жәнібек артына қарайды. Сонда би:
– Атыңның басын бұрма, солай тұр! Жүзім кішілігінен бір ауыз сөзбен көңіліңді қайтардым. Өгізді өрге салма, қанатың талар, жаманға жүзің салма, сағың сынар, – депті.
МАЗМҰН ТҮРЛЕРІ
Шығарманың мазмұнында байқалатын негіздік түрлер үшеу: 1) әуезе; 2) әліптеу; 3) байымдау. Дүниедегі нәрсенің қайсысы туралы сөйлесек те, бір жағынан ғана емес, әр жағынан алып, сөз қылуға болады. Мәселен, бір адамды сөз қылуға алсақ я ол адамның істеген ісін, айтқан сөзін әуезе қылып сөйлейміз. Я тұлға, тұрпатын, кескінін, көркін айтып, пернесін әліптеп сөйлейміз я болмаса ол адамның істеген істерінің, өзінің жақсы-жаман болғанының мәнісін, себебін тексере, байымдап сөйлейміз. Осыған қарай сөйлеген сөзіміздің түрі не әуезе, не әліптеме, не байымдама болып шығады. Жоғарыда мысалға алынған шығармалардың әуезе болатын түрі: «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» деген Абай сөзі. Әліптеме болатындары: «Абайдың әйелді сипаттауы», «Күзді әліптеуі»; Мағжанның «Толқынды сипаттауы»; Абайдың «Әнді сипаттауы». Байымдау болатыны – «Балғожаның баласына жазған хаты». Көбінесе-ақ әуезе, әліптеме, байымдама шығарма ішінде аралас келіп отырады. Жоғарғы көрсетілген сөздердің қайсысы да болса, таза бір түрдегі мазмұнды емес. Мазмұн түрінің аралас келетін шығарманың мысалы жоғарыдағы «Жәнібек батыр» деген сөз.
БІРІНШІ БӨЛІМ
СӨЗ ӨНЕРІНІҢ ҒЫЛЫМЫ
Сөз өнеріне жұмсалатын зат – сөз.
Сөз шумағы тіл деп аталады. Сөз өнеріне жұмсалған сөз шумағы да тіл я лұғат деп аталады. Шығарма тілі екі түрлі болады: 1) Ақын тілі. 2) Әншейін тіл. Ақын тілі – айрықша өң беріліп айтылған сөз; әншейін тіл – ондай өң берілмей, жай айтылған сөз. Ақын тілімен сөйлегенде, сөзге айрықша өң берілгендіктен лебіз көрнекі болып шығады. Әншейін тілмен сөйлегенде сөзге өзгеше өң берілмегендіктен лебіз сида, жалаңаш болып шығады. Сондықтан алдыңғысы көрнекі лебіз деліп, соңғысы жалаң не көсе лебіз делініп айтылады.
Сөз өнері деп, асылында, нені айтамыз?
Бір нәрсе турасындағы пікірімізді, яки қиялымызды, яки көңіліміздің күйін сөз арқылы жақсылап айта білсек, сол сөз өнері болады. Ішіндегі пікірді, қиялды, көңілдің күйін тәртіптеп, қисынын, қырын, кестесін келістіріп сөз арқылы тысқа шығару сөз шығару болады. Шығарма дегеніміз осылай шығарған сөз. Сөзді бұлай етіп шығаруға көп өнер керектігі жоғарыда айтылды. Сөз шығару өнерді қорек қылса, өнер ғылымды қорек қылады. Сонан сөз өнерінің ғылымы туады. Шығарманың екі жағы бар: 1) ішкі пікір жағы, 2) тысқы тіл жағы. Сондықтан сөз өнерінің ғылымы екіге бөлінеді: 1) шығар-маның түрінің ғылымы, 2) шығарманың тілінің ғылымы. Тілінің ғылымы дыбыстардың, сөздердің, сөйлемдердің заңынан шығатын тіл өңінің жүйелерін танытады, ал түрінің ғылымы сөз өнерінен шыққан нәрселердің мазмұн жағының жүйелерін танытады. Сондықтан сөз өнерінің ғылымы тіл өңі жағынан тіл я лұғат қисыны болып, мазмұн жағынан қара сөз жүйесі, дарынды сөз жүйесі болып бөлінеді.
Әр саласы айырылып, бөлек-бөлек сөз болмақшы.
І. СӨЗ ҚИСЫНЫ
(Яки лұғат қисыны)
Сөз қисыны дегеніміз – асыл сөздің асыл болатын заңдарын, шарттарын танытатын ғылым. Лебіз ғылымының мақсаты – асыл сөздердің асыл болатын заңдарын білдіріп, түрлерін танытып, әдебиет жүзіндегі өнерпаздардың шығарған сөздерінің үлгі-өнегелерімен таныстырып, сөзден шеберлер не жасағандығын, не жасауға болатындығын көрсету.
Сөзден әдемілеп әңгіме шығару өнері үй салу өнеріне ұқсас. Үй салуға мәселен, түрлі зат керек. Ол керек зат – топырақ болса, оны біріктіріп илейді, илеген балшықтан кірпіш құяды. Кірпішті қалап, неше түрлі үй қылып шығарады. Үйдің жақсы-жаман болып шығуы балшығынан да, кірпішінен де болады, бірақ көбінесе кірпіштерінің қалауынан болады. Кірпіш қандай жерде қалай қаланып, қандай үй болып шығуы жасаған жобаға қарай болады. Неғұрлым жоба жасайтын сәулет өнерпазы қиялға бай болса, соғұрлым салған үй сәулетті, әдемі болып шықпақ. Сөзден құрастырып, пікірлі әңгіме шығару үшін жұмсалатын зат – сөздер. Топырақтан иленіп кірпіш жасалған сияқты, дыбыстан құралып сөз жасалған. Кірпіштен қалап түрлі үй жасау сияқты сөзден бірігіп, түрлі әңгімелер айтылады. Үйдің түрлі болып шығуы балшығынан, кірпішінен, әсіресе қалауынан болатыны сияқты, әңгіменің түрлі болып шығатыны сөздің дыбысынан, сөзінен, әсіресе сөздің тізілуінен. Балшық жаман болса, кірпіші жақсы болмайды, кірпіш жақсы болмаса, үй жақсы болып шықпайды. Сол сияқты сөздің дыбысы жаман болса, дыбыстың қосылуы жақсы болмаса, сөз құлаққа жағымды болып шықпайтыны рас, бірақ тізуі жаман болса, дыбысы жақсы сөздерден де жақсы әңгіме шықпайды. Сондықтан мәнісінің зоры кірпіштің қалауында, жобаның жасауында болған сияқты, әңгіменің әдемі болып шығуы сөздің тізілуі мен әңгіме айтушының пікірлеуінде. Неғұрлым сәулет өнерпазы қиялға бай болса, соғұрлым үй де сәулетті, әдемі болып шығатыны сияқты, неғұрлым жазушы қиялға бай, пікірге шебер болса, соғұрлым шығарған сөз пікірлі, әсерлі, әдемі болып шықпақ. Жақсылап үй сала білу үшін сәулет өнерпазы үй салуға ұсталатын заттардың сыр-сипатын, қасиетін жақсы білу тиіс. Оларды тиісті орнына жұмсауын жақсы білу тиіс. Кірпіштің түрлі қалауларын жақсы біліп, белгілеген жобамен үйдің түрін келістіріп шығару жағын жақсы білуі тиіс. Мұның бәрін жақсы білу үшін сәулет өнерінің ғылымын жақсы білуі керек. Сондай-ақ, сөзіндегі сөзден құрастырып қисынын келтіріп, жақсылап бір нәрсе шығару үшін сөз өнерінің ғылымын жақсы білу керек. Дыбыстың, сөздің, сөйлемнің сыр-сипатын тану, заңдарын білу – бұл үйге керек заттардың сыр-сипатын білу сияқты нәрсе. Керек заттарын сайлап алып, үй салуға кірісу – дыбыстың, сөздің, сөйлемнің жайын біліп алып, солардың әрқайсысын дұрыстап орнына жұмсап, пікірлі әңгіме шығаруға кіріскен сияқты болады. Айтушы ойын өзі үшін айтпайды, өзге үшін айтады, сондықтан ол ойын өзгелер қиналмай түсінетін қылып айту керек. Оның үшін айтушы сөйлейтін тілін жақсы қолдана білу тиіс яғни әр сөздің мағынасын жақсы біліп, дұрыстап, сөйлемді тізе білу тиіс. Адам ана тілін жасынан естуінше үлкендерден үйренеді. Сонан соң тіл танытқыш кітаптардан таниды. Онан әрі үлгілі жазушылардың шығарған сөздерін оқып, өзі іс жүзінде иә жазып қолданумен біледі. Біз қазақ тіліндегі сөздің бәрін білгеніміз қазақ тілін қолдана білу болып табылмайды. Сөзді қолдана білу – айтатын ойға сәйкес келетін сөздерді таңдап ала білуді және сол сөздерді сөйлем ішіне орын-орнына дұрыстап қоя білуді айтамыз. Қазақ тілі қазақ ортасындағы бәріне бірдей ортақ мүлік болғанмен, бәрі бірдей пайдаланбайды. Әркім әр сөзді өзінше қолданады, өзінше тұтынады. Бүтін пікірін айтып шығатын әңгіме түгіл, жалғыз ауыз амандасу жүзінде де әркім әртүрлі сөз қолданады. Мәселен, біреу «амансыз ба?» деп, біреу «есенсіз бе?» деп, біреу «сәлемет жүрсіз бе?» деп, біреу «күйлі, қуатты барсыз ба?» деп амандасады. Бәрінің де ой, мақсаты бір. Бәрінікі де амандық білу, амандық сұрау, бірақ әркім әртүрлі сөз қолданып, өзінше сұрайды. Сол сияқты әркім пікірін сөз қылып шығарғанда да ана тіліндегі сөздердің әрқайсысын әртүрлі қолданады. Қысқасын айтқанда, әркім сөзді өз қалауынша алып, өзі оңтайлы көруінше тұтынады. Әркім өз қалауынша алып, өз оңтайынша алып тұтынған сөзі сол адамның сөзі болады. Сөздің келісті болатын заңдарын, шарттарын біліп тізу – тіл қисыны деп айтылады.
СӨЗ ТАЛҒАУ
Шығарма тілі екі түрлі болатындығы жоғарыда айтылған еді. Оның бірі – ақын тілі деп, екіншісі – әншейін тіл деп аталады деп едік. Бұл екі тілдің арасындағы айырмасы мынау: әншейін тіл көбінесе сөздің дұрыстығын, анықтығын, тазалығын, дәлдігін талғайды. Ақын тілі сөздің дұрыстығының, анықтығының, тазалығының, дәлдігінің үстіне көрнекті, әуезді болу жағын талғайды.
Шығарма сөз өңді, ұнамды болу туралы талғаудың қоятын жалпы шарттары мынау:
1. Сөз дұрыстығы
Сөз дұрыс айтылуы деп әр сөздің, әр сөйлемнің дұрыс күйінде жұмсалуы айтылады. Олай болу үшін керек: Сөздердің тұлғасын, мағынасын өзгертетін түрлі жалғау, жұрнақ, жалғаулық сияқты нәрселерді жақсы біліп, әрқайсысын өз орнына тұтыну; Сөйлем ішіндегі сөзді дұрыс септеп, дұрыс көптеп, дұрыс ымыраластыру; Сөйлемдерді бір-біріне дұрыс орайластырып, дұрыс құрмаластырып, дұрыс орналастыру.
2. Тіл тазалығы
Тіл тазалығы дейтініміз – ана тілдің сөзін басқа тілдің сөзімен шұбарламау. Басқа тілден сөз тұтыну қажет болса, жұртқа сіңісіп, құлақтарына үйір болған, мағынасы халыққа түсінікті сөздерді алу. Орыстың жақсы жазушыларын алсақ, олар көбінесе мынау түрлі сөздерден қашқан:
а. Ескірген сөздерге жоламаған;
ә. Жаңадан шыққан сөздерден қашқан;
б. Өз тілінде бар сөздің орнына басқа жұрттан сөз алудан қашқан;
в. Жергілікті сөздерге яғни бір жерде айтылып, бір жерде айтылмайтын сөздерге жоламаған. Қазақ әдебиеті қатып-пісіп жетпеген уақытта біз қазақ сөзін ескі, жаңа деп талғамаймыз, жергілікті сөз екен деп ол жағынан қатал қарап, қашып тұрмаймыз. Жалғыз-ақ біздің мықтап қашатынымыз жатшылдық (жат сөзшілдік). Біз сияқты мәдениет жемісіне жаңа аузы тиген жұрт өз тілінде жоқ деп мәдени жұрттардың тіліндегі даяр сөздерді алғыштап, ана тілі мен жат тілдің сөздерін араластыра-араластыра ақырында ана тілінің қайда кеткенін білмей, айырылып қалуы ықтимал. Сондықтан мәдени жұрттардың тіліндегі әдебиеттерін, ғылым кітаптарын қазақ тіліне аударғанда пән сөздерінің даярлығына қызықпай, ана тілімізден қарастырып, сөз табуымыз керек. Сонда біздің әдебиетіміздің тілі таза болып, жоғарыда айтылған талғау салтының шарты орындалған болады.
3. Тіл (лұғат) анықтығы
Айтылған лебіз ашық, мағыналы, түсінуге жеңіл, көңілді күдіктендірмейтін болса, тіл анықтығы дегеніміз сол болады. Лебіз ашық, мағыналы болу үшін айтушы айтатын нәрсесін анық танитын болу керек. Адам анық танитын нәрсесін анық атайды да, көмескі танитын нәрсесін көмескі, күңгірт атайды. Сондықтан біреудің айтқан сөзін анық түсінеміз де, біреудің сөзін анық түсінбей, жорамалдап, жорып, ұйғарып қана қоямыз.
Лебіз анық болуына мынадай орындарда кемшілік келмек:
а) Лебіз мағынасы екіұшты ұғарлық болып айтылғанда.
М ы с а л :
Жаман қатын алсаңыз,
Төркініне бере алмай,
Төсегіне жата алмай
Тең құрбысы келгенде,
Жөнді жауап таба алмай
Жалғанда қор болады.
Мұнда «жалғанда қор болады» дегенді екі түрлі ұғуға болады: «Төркініне бере алмай, төсегіне жата алмай» байы «қор болады» деп те ұғуға болады. «Тең құрбысы келгенде жөнді жауап таба алмай» қатыны «қор болады» деп те ұғуға болады.
Сол сияқты мынау да екіұшты лебіз: «Абай ұрыға қас еді, ұры ауылының маңына жоламаушы еді». Мұнда «ұры ауылының маңына» Абай «жоламаушы еді» деп те ұғуға болады, ұры Абай «ауылының маңына жоламаушы еді» деп те ұғуға болады. Абайдың мына сөзін екі түрлі ұғуға болады: «Қисық болса, закон бар судьяға беруге, ол да уезднай емес қой, алуға теңдік сенуге». ә) Сөйлемдер шұбалаңқы айтылып, бір басыңқы сөйлем қасында көп бағыныңқы сөйлем болса немесе сөйлемдердің құралу, құрмаласу, сабақтасулары шатақ түрде болса, әйтпесе тыныстар орнына қойылмаса.
М ы с а л: 1) «Өз әкесі Құнанбай... уақытындағы елдің құр мұсылманмын дегеннен басқа діннің не екенін білмей қан жеп, неше түрлі ырымдарға табынып жүргеніне қатты тыю салып, анық шариғат қоспаған істі қылған ғайыры бұзықшылық іс қылғандарға бек ауыр жаза салып, халық ауыл басы молда ұстатып, қадары қал ғылымның жолын көрсетіп, үлгі салған еді». 2) Соңғы уақытта Абай өзі өлеңінің өнер екенін біліп жаза бастаған соң бұрынғы ақындар надандықпен өлеңді өнер орнына ғибрат үшін айтпай тіленшілік орнына айтқандықтан ақындықтың да, өлеңнің де қазақ ортасында бағасы кеткендігін айтып, өзін олардың ретінен басқа қылып, алмақ пайда үшін емес, халықты ұмтылтып, көңіл көзін ашпаққа ғибрат үшін жазғанын білдіріп, өлең шығарған. 3) Сол себепті жазушылықтың өзі де екінші дәрежеде қалып салақ болып, берірек ұлғайыңқыраған кезінде өкініш түсіп, жасында ғылым жолында болмай, қазақтың айқайымен жүргендіктен, кешірген өмірінің, жазған өлеңінің ретсіз болып яки ғибрат алмаққа жарамайтындығын, ақылға сыйымсыз жері болса, кейінгі замандағы сынаушы жастардан өзінің тәрбиесіз, үлгісіз өскен өмірін айтып, надан елдің ішінде неше түрлі машақат, әурешілікпен бойды ыза кернеп, өткен қатам болса аяп, аз сөге көріңдер деп жазғаны – «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма?..». 4) Сөздер өз мағынасында жұмсалмай, басқа мағынада меңзеу өрескел болса, мәселен:
Таулардан бұлақ ағар сарқыраған,
Күмістей сәуле беріп жарқыраған, –
дегеннің орнына «таулардан сарқырап, жарқырап, ақ күміс ағады» десе ...
5) Адас сөздерді аңдап айтпаса, мәселен, «ол елдің адамының бәрі азулы» дегенде адамның бәрі азып болғанын айтқаны ма? Болмаса «адамының бәрі мықты, азулы айғырдай» дегені ме? Анық емес. 6) Сөз өктейсіз орынға қойылғанда, мәселен, күндерде бір күн Сатемір далада ойнап жүріп, бір ескі тамның түбінде шаршаған соң сүйеніп, жан-жағына қарап жатса, бір аяғы ақсақ құмырсқа тамның төбесіне қарай өрмелеп барады да, орта шеніне барғанда құлап түседі. Мұнда «бір аяғы ақсақ құмырсқа» деген сөз құмырсқаның бір аяғының ақсақ екендігін көрсете ме, болмаса аяғы ақсақ бір құмырсқа деген мағына ма – белгісіз.
4. Тіл дәлдігі
Тіл дәлдігі деп ойлаған ұғымға сөз мағынасы сәйкес келуі айтылады. Ұғымға сөз дәл келу үшін сөздің мағынасын дұрыс айыра білу керек. Тіл дәлдігін бұзатын көбінесе амәндес сөздер. Амәндес сөз деп мағынасы жақын сөздер айтылады. Мәселен, батырлық, ерлік, батылдық, өткірлік, өжеттік деген сияқты сөздер. Мұның бәрі жүректілікті көрсеткенмен әрқайсысының өз алдына өңі бар. Өңін танымай яки аңғармай, бірін бірінің орнына айтса, лұғат дәлдігіне кемшілік келтіреді. Тіл дәлдігіне мынадай орындарда кемшілік келеді
Сөйлем ішіне орын алып, оралғы болудан басқа қажеті жоқ сөздер кірсе.
М ы с а л:
а) Кейбіреулер дүние қуғыш, мал жиғыш, пайда қылғыш келеді;
ә) Өз көзіммен көріп, көз алдымнан атқарып келіп отырмын;
б) Оның қалыптанған ерте тұратын әдеті бар еді.
Бұл үш мысалдың ішінде алып тастаса, орны ойсырамайтын сөздер «мал жиғыш», «пайда тапқыш», «көз алдымнан атқарып», «қалыптанған» деген лебіздер. Бұлар сөйлем ішінде тұрғанда ғана толық болуына келтіріп тұрған пайдасы жоқ. Ойы қарайлас сөйлемдер қатар айтылғанда, мәселен, «Мен қартайған шағымда байы жоқ деп баққан жоқ, күйі жоқ деп күйген жоқ, қайраты жоқ деп қарасқан жоқ, әлі жоқ деп асыраған жоқ» деген сияқты. Бұлай айтудың сырты көркем сияқты көрінсе де, ішкі мағынасы пікірді толықтырмай, тек сөздің, сөйлемнің қарасын көбейтеді.
5. Тіл көрнектілігі
Сөздің дұрыс, таза, анық, дәл айтылуының үстіне талғау сөздің көрнекі болуын да керек қылады. Адамға дерексіз заттан гөрі деректі зат түсініктірек, жансыз заттың күйінен жанды заттың күйі танысырақ. Сондықтан адам сөйлегенде сөзі толық түсінікті болу үшін дерексіз заттарды деректі заттарша, бернесіз заттарды бернелі затша сипаттайды, жансыз затты жанды заттай ғамалдайды. Ақ көңіл, шолақ ақыл, арам ой деу яки күн бүркіп тұр, найзағай ойнады, су қайтты деу я болмаса қазанның құлағы, ошақтың бұты, үйдің төбесі деу дерексіз заттарды деректі затша, жансыз заттарды жанды затша, бернесіз заттарды бернелі затша қалыптау, ғамалдау, бернелеуден шығып, әдетті сөзге айналып кеткен. Мұндай сөздер жалғыз әдетті түрінде емес, әдейі де айтылады. Мәселен, Мағжанның «Толқын» деген өлеңінде толқынның толқығанын бернелеп, түсінікті түрде көрсету үшін әдейі жанды нәрседей ғамалдап, былай дейді:
Толқыннан толқын туады,
Толқынды толқын қуады.
Толқын мен толқын жарысад
Күңіренісіп кеңеспен,
Бітпейтін бір егеспен.
* * *
Толқын мен толқын сырласып,
Сырларын еппен ұрласып,
Толқынға толқын еркелеп,
Меруерт көбікке оранып,
Жыландай жүзге бұралып,
Жарға жетер ентелеп.
Осы сияқты өң берілген сөздер көрнекі тіл делінеді. Тіл көрнекі болу үшін дерексіз нәрсе деректі нәрседей, жансыз нәрсе жанды нәрседей суреттеліп, адамның сана-саңылауына келіп түсерлік дәрежеге жетуі керек. Қалыпты түріндегі сөз ондай дәрежеге жету үшін түрлі әдістер істеледі. Ол әдістер негізгі түріне қарай үш тапқа бөлінеді: 1) көріктеу; 2) меңзеу; 3) әсерлеу.
Көрнектеу
Бір нәрсені көптен айырып, көзге көбірек түсерлік етіп айтқымыз келгенде ол нәрсенің атына айқын көрсеткендей сөз қосып айтамыз. Мәселен, «Қара Мұқан», «Сары Мұқан», «Болыс Мұқан» дейміз. Мұнда Мұқандарды бірінен-бірін айырып, әрқайсысын айқын шығару үшін Мұқан деген сөзге басқа сөздер қосып отырмыз. Атымтай Жомарт, Жиренше шешен, Қаз дауысты Қазыбек деу де айқындау мақсатпен айтқаннан шыққан. Бұл келтірілген мысалдардағы «қара», «сары», «болыс», «жомарт», «шешен», «қаз дауысты» деген сөздер айрықша мақсатпен әдейі айтылып тұр. Сондықтан айқындаудың бұл түрі тек айқындау ғана болады. Мұнан басқа көркейту мақсатпен айқындау бар. Мәселен, «қызыл тіл», «алтай түлкі», «ақ сұңқар» деген сияқты. Бұлай айқындау басында айыру мақсатпен айтылса да, соңынан көркейту мақсатпен айтуға айналған. Бұл күнде қызыл түлкі, ақ сұңқар дегенде, «қызыл», «алтай», «ақ» деген сөздерді көбінесе көркейту үшін айтып жұмсаймыз. Сондықтан айқындаудың бұл түрі көркейту деп айтылады. Көркейту я жалпы сипатты болатындай етіп айтумен болады. Асылында, айқындау нәрсені иә көркейту үшін айтылады, иә лақаптау үшін айтылады. Сары арқа, сары қымыз, шалқар көл, самал жел, алалы жылқы, ақты қой, әділ би деген сияқты лебіздерде сары, шалқар, самал, алалы, ақты, әділ деген айқындау болады. Бұл айқындау көркейту үшін айтылып отырған айқындаулар. Асан Қайғы, Ер Тарғын, Қара Қыпшақ Қобыланды, Қаз дауысты Қазыбек, Бұғабай басшы, Орынбай ақын деген лебіздерде қайғы, ер, қара қыпшақ, қаз дауысты, шешен, ақын деген сөздер лақаптау үшін айтылып тұр.
Көркейте айқындау ақындар сөзінде көп келеді.
Мысалдар:
1. Ақ таудай аққан ақ бұлақ,
Айдынға құяр аққан су.
Алалы жылқы, ақты қой
Аңдыған бөрі кірмес пе?!
Иесі ұйықтап жатқан соң.
Алтын тақты әділ хан
Адасқан аққу халықтан соң.
(Байтоқ ақын)
2. Біз кеттік абайсызда елден шығып,
Жол тарттық құба шыңға Жемнен шығып.
Тамызда қызыл мұнар астық шөлге,
Қаз қонған баттауықты көлден шығып.
(Сүгір ақын)
4. Ақтөбе мен Қорғаншы
Асан Қайғы бабаның
Қызыл тастан үй салып,
Әңгіме құрып кеткен жер.
(Мұрат ақын)
5. Байлауда қалған ақ сұңқар
Бұрынғыдай бола алмас.
Көлден үйрек ала алмас
.............................................
Балдағы алтын ақ болат,
Енді белге ілінбес,
Ерлігім жауға білінбес.
Оза шауып олжа алған,
Таласты жерде жолды алған.
Жасанған жауға қол салған,
Қарт қожақ деген ер едім.
Алла тізгін оңдаса,
Көк сүңгіні салармын.
Балдағы алтын ақ берен
Қызыл қанға малармын.
(«Ер Тарғын»)
Меңзеу
Көрнекілеудің өзі бірнеше түрге бөлінеді:
Теңеу. Көріктеу нәрсені айыра көрсетіп, айқын шығаруға жарағанмен, нәрсенің бернесін сүгіреттеп көрсетуге күші жетпейді. Ондай орында белгісіздеу сипатты белгілі сипатқа, белгісіздеу нәрсені белгілі нәрсеге теңеп, көрнектеп, ашығырақ көрсетеміз.
М ы с а л:
Таулардан бұлақ ағар сарқыраған,
Айнадай сәуле беріп жарқыраған.
Жел соқса, құйын соқса, бір қалыпта
Аралап тау мен тасты арқыраған.
.................................................................
Шапақтан бұлты шығар мұнарланып,
Жаңбырлы күндер түсер тұманданып.
Адамзат нұр ауасын судай жұтар,
Шөл тартқан хайуандарша құмарланып.
..........................................................
Ұйқыдан көзін ашқан жас балаша,
Жайқалып шыға келер жердің гүлі.
(Алтынсары Ыбырай)
Теңеудің неше түрлері ескі өлеңдерде көп кездеседі. Ер Тарғынның Тарланына айтқан сөзінің ішінде мынадай теңеу бар: 1. От орнындай тұяқтым,
Омыртқаң бар оқтаудай.
Жауырыныңа қарасам,
Сыпыра шапқан тақтайдай.
Құйрығыңа болайын,
Қынаптан шыққан қанжардай.
Жалыңа сенің болайын,
Күлтеленген жібектей.
Шықшытыңа болайын,
Оралып жатқан түбектей.
Құлағыңа болайын,
Көлге біткен құрақтай!
Қабағыңа болайын,
Қара албасты қабақтай.
Бауыздау жеріңе болайын,
Піскен алма сабақтай.
Екі көзіңе болайын,
Қорықтан жанған шырақтай. 2. Астына мінген Тарланның
Тұрпатына қараса,
От орнындай тұяқтан
Оймақтайы қалыпты.
Етектейін еріннен
Екі елісі қалыпты.
Қиған қамыс құлақтан,
Бір тұтамы қалыпты.
Жалбыраған жалынан
Жалғыз қарыс қалыпты.
Бір құшақтай құйрықтан
Бір уыстай қалыпты.
3. Бұқар барсаң құлан бар,
Құлаңды көр де, шашым көр.
Зергер барсаң қасында
Алтыннан соққан түйме бар.
Түймені көр де, басым көр.
Теңеу екі түрлі: 1. Әншейін теңеу; 2. Әдейі теңеу. Екеуінің арасындағы айырмасы сол: әншейін теңеу – әдетті теңеу болады. Мәселен, удай ащы, айдай жарық, күйедей қара дегендегі «удай», «айдай», «күйедей» деген сияқты сөздер.
Әдейі теңеу жоғарыда келтірілген мысалдардағы теңеулер.
Ауыстыру. Сөздің көбін өз мағынасында жұмсамай, өзге мағынада жұмсаймыз. Арасында түк ұқсастық жоқ екі нәрсенің ететін әсері бірдей болса, біріне қас ғамалды екіншісіне ауыстырып айтамыз. Мәселен, «күн құтырып кетті», «аяз қарыған», «қырау соққан» дейміз. «Құтырып кетті», «қарыған», «соққан» деген сөздер нақ өз мағынасында емес, өзге мағынада айтылып тұр. «Құтыру» жанды, есті нәрсенің күйін көрсететін сөз. Мына күннің желдетуі адамның құтырған күйіне ұқсас әсер ететіндіктен, жанды нәрсенің күйін көрсететін сөз күннің күйін көрсетуге ауыстырылып алынып тұр. «Қарыған» деген сөз де солай алынып тұр, қарығанда ыссы нәрсемен қариды. Аяздың үсіткен жарасы ыссы нәрсенің қарыған жарасына ұқсас болғандықтан аяз ғамалына айтылып тұр. Соғудың өз мағынасы – бір нәрсені екінші нәрсемен ұру. Қырау бір нәрсеге түскенде оны ұрмайды, тек тиеді. Нәрсеге тигендегі келтірген зақымы соққаннан болатын зақымға ұқсас болғандықтан, «соққан» деген сөз қырау ғамалына ауыстырылып айтылып тұр. Осындай ұқсастығымен ауыстырып, өз мағынасынан өзгелеп айту – ауыстыру деп аталады.
Сөз мағынасынан ауыстыру түрліше болады, көбінесе ұшырайтын түрлері мыналар:
Бейнелеу
Бір нәрседе болмайтын күйді, екінші нәрседе болатын күйді көрсететін сөзбен айту бейнелеу болады.
М ы с а л д а р: 1. Бидайлар басы толық иіліп тұр,
Дән берген қожасына сыйынып тұр.
Басында бұл бидайдың дәні болмай,
Кекірейіп көкке қарап бүлініп тұр.
(Қырық мысал)
2. Жүгірер киік, құлан тау мен қырда,
Қуанып ықыласпен келген жылға.
Алыстан мұнарланған сағымдары
Шақырып тұрар құбылып кел, деп мұнда.
Көл бұзылып, көк шығып қойнын ашса,
Қаңқылдап қонар оған қаз бен тырна.
(Алтынсары Ыбырай)
3. Бұл күнде сөйлей берсем, сөз жетерлік,
Білгендер тағылым бар үлгі етерлік.
Кеңестің көзі ашылған бұлағымен,
Ағызып, шұқанақты көл етерлік.
(Наушабайдың Нұржаны)
4. Науша би, Есенғазы және Тауым,
Сыбанқұл сұңқар еді алған бауын.
Қожамжар Жантемірмен түсін ашып,
Билікке салушы еді омырауын.
(Сүгір ақын)
5. Атаңыз қиналады кетеді деп,
Қайсы қыз шырағыма жетеді деп.
Көшкенде көштің көркі көгершінім,
Қадірі кетсе мұның өтеді деп.
(Шернияз ақын)
6. Мен Қырымның ішінде,
Ақша ханның қызы едім.
Атам менен анамның
Асыранды қызы едім.
Жылқыда шаңқан бозы едім,
Қытай менен Қырымнан
Тәмам жақсы жиылса,
Аузындағы сөзі едім.
(Ер Тарғын)
7. Дұшпандар тың салмай ма, шабысыңа,
Тұлпардай дүбір шыққан дабысыңа.
Байұзақ, Батырбекпен екі нусың,
От салма, өзді-өзіңнің қамысыңа.
Белбеуді бел қышиды шешеріңде,
Жылқы мал тістеспейді өсерінде.
Екеуің орта жасқа келіп қалдың,
Тастама, жұртқа шала көшеріңде.
Бір дұшпан екеуіңді жанып жүр ме?
Жел сөзге арадағы нанып жүрме!
Басын тарт, тұлпарыңның керістірмей,
Сауырын зорықтырып алып жүрме!
(Мәделі қожа)
Ауысу да екі түрлі болады: 1) тіл ауысуы; 2) лұғат ауысуы. Мұнда да әдетті ауысу тілдікі болады да, айтушының сөзіндегі ауысу лұғаттікі болады. Лұғаттағы ауысу жоғарыда келтірілген мысалдардағы, тілдегі ауысу мәселен, суық сөз, суық жел, қызыл тіл, бақыт құс, ми ашыған, ант ұрған, жын қаққан сияқты сөздер.
Алмастыру
Арасында жақындығы бар екі нәрсенің атын ауыстырып, бірінің орнына бірін айту төмендегі түрі болса, андай ауыстыру – алмастыру деп аталады.
Мысалдар: «Анау үйдің құдасы келіп жатыр» дейміз. Құда үйдікі емес, ол үйдегі адамдікі, үй мен үй иесінің арасы жақындығынан бірінің орнына бірін айтамыз. «Ауыл ұйқыда жатыр» дейміз. Ауыл ұйықтамайды, адамы ұйықтайды. Ауыл мен ауылдағы адам екеуінің арасында жақындық барлығынан адамның орнына ауылын айтамыз. Біреудің қолы жүйрік, шапшаң жазады дегеннің орнына «қаламы жүйрік» дейміз (қол мен қалам жақындығы). «Ет берілді ме?» дегеннің орнына «табақ тартылды ма?» дейміз яғни тамағын табағына алмастырып айтамыз. Сол сияқты «Неше аяқ іштің?», «Неше кесе іштің?», «Неше шелек құйдың?» дейміз (қымыз орнына аяғын, шай орнына кесесін, су орнына шелегін алмастырып айтамыз). Үстіне кигені кілең жібек иә кілең былғары дейміз (киім орнына жасалған нәрсесін айтамыз). Ақсұлу мен Кеншімбайдың айтысқан өлеңінде Кеншімбайдың сөзінде былай деген жері бар:
Жаппастың сап-сары алтын жиған мүлкі,
Меймандос, келсе қонақ барша жұрты.
Шығады қыз, бозбала серуенге,
Үстіне масаты мен киіп құлпы.
Мұндағы алтыннан істелген бұйымдардың орнына бұйымдардың істелген затын – алтынды айтып отыр. Масаты мен құлпыдан істелген заты – масаты мен құлпының өздерін алып отыр. Абайдың сөзінен яки кітабынан көшіріп жаз деудің орнына «Абайдан көшіріп жаз» дейміз. Сөзінің орнына иесін атаймыз.
Кейіптеу
Жансыз нәрсені жанды нәрсенің күйіне түсіріп, тұрпаттау кейіптеу деп айтылады. «Қылышын сүйретіп қыс келеді» дегенде қиялыңа қылыш сүйреткен адамның сүгіреті келіп түседі. Қыста қылыш та жоқ, қылыш сүйрететін күйі де жоқ. Жансыз қысты жанды адамның күйіне түсіріп, адамның істейтін ғамалын телігендіктен, қыс бізге адам сүгіретінде келіп көрініп отыр. 1. Ақ киімді, денелі, ақ сақалды,
Соқыр, мылқау, танымас тірі жанды.
Үсті-басы ақ қырау, түсі суық,
Басқан жері сықырлап келіп қалды.
Дем алысы – үскірік, аяз бен қар,
Кәрі құдаң қыс келіп әлек салды.
(Абай)
2. Асау Терек долданып, буырқанып,
Тауды бұзып жол салған, тасты жарып.
Арыстанның жалындай бұйра толқын
Айдаһардай бүктеліп, жүз толғанып.
Кавказдан шықты жайнап, қылып у-шу,
Түзу жерден жол кернеп, ұлғайды су.
Қалың қайрат бойында, беті күліп,
Момынсынған пішінмен ағады қу.
Кавказдай құзда туған перзенттенмін,
Бұлттың суын ішіп ержеткенмін.
Қазбектен ағам сені көксеп шығып,
Кім қақтықса, жолымда күйреткенмін.
Зор кеуде азаматтың айласына
Көнбей бүкіл күшімді көрсеткенмін.
Екі езуім көпіріп айғайласам,
Шын құтырсам шың-тасты тербеткенмін.
Аптығып асау інің келді, ақсақал!
Тау-тасқа, адамзатқа келіп жанжал.
Демалайын деп келдім аш, қойныңды,
Сәлем-сауқат әкелдім, хош көріп ал.
(Абай)
Бернелеу
Бір нәрсенің, көбінесе адамның мінезін, құлқын, ғамалын екінші нәрсенің мысалында көрсетіп айту – бернелеу болады. Бейнелеу мен бернелеудің екі арасы жақын. Бейнелеу де, бернелеу де екі ұқсас нәрсенің бірін бірінің орнына айтудан шығады. Бейнелеу ұлғайғанда бернелеуге айналып кетеді. Мәселен, мынау түрлі сөздер бейнелеуден ұлғайып, бернелеуге айналып кеткен болады:
Адамдық диқаншысы қырға шықтым,
Көгі жоқ, көгалы жоқ құрға шықтым.
Тұқымын адамдықтың шаштым, ектім,
Көңілін көгертуге құр халықтың.
Қор болған босқа кетіп еңбек, бейнет,
Құлдардан, құлдықтан жоқ артық зейнет.
Оттай бер, жануарым, екі аяқты!
Азаттық хайуанға қанша қажет?!
Жаратқан малды Құдай не керекке?
Мінуге, сою, соғу, жүндемекке.
Жорта бер, қамыт киіп, қамшыңды жеп,
Бұйрық жоқ ұрасың деп үндемекке.
Таяққа еті үйренген қойшы жайлап,
Көк есек қозғала ма, түрткенге айдап?
Есептен жаңылғандай болғандар көп,
Жасықты асыл ма, деп білмей қайрап.
Мағжанның «Шын айт» деген өлеңі де бейнелеуден ұлғайып, бернелеуге айналған сөздің түрі болады. Бейнелеу мен бернелеу арасындағы айырмасын мынадан анық көруге болады.
Бейнелеу мысалы:
Жан еркем, мен жүремін мынау күймен,
Бар ма екен ғашық жарын мендей сүйген.
Сен бір шам, айнала ұшқан мен паруана,
Айналып, аламын деп, отқа күйген.
Мұнда «мен бір шам» дегеннен бастап аяғына дейін бейнелеу болады. Бейнелеудің тағы бір мысалы:
Отқа ұшар көбелек,
Қарамай сорлы, алды-артын.
Ойына кіріп шықпайды,
Күйдірер, деп от-жалын
Шырқ айналып ентелеп
Жүрер де бір уақ ол қонар.
Ұмтылған оты сорлыны,
Күйдірер де тез тынар.
Бұл келтірілген екі мысалдың екеуінде де адам күйінің көбелекке ұқсастығы айтылады. Ол ұқсастығын қысқалап айтқанда, бейнелеу болып, ұлғайтып айтқанда, бүтін мысалға айналып, бернелеу болып кетеді. «Қырық мысалдағы» мысалдардың, Абай кітабындағы мысалдардың бәрі бернелеу болады. Қазақтың «бернемен сөйлейді» деуінің өзі иә «пердемен жасырып сөйлейді» дегеннен шыққан, иә «бернемен сүгіреттеп сөйлейді» дегеннен шыққан боларға керек. Бұл екеуінің соңғысынан да алдыңғысы болуының ықтималы мол, үйткені «бернемен сөйледі» деп қазақтар сөздің өз мағынасын жасырып, өзге мағынамен сөйлегенде айтады. Бернелеу сол мағынасы жасырын сөздің нағыз өзі. Бернелеу біткеннің бәрінің лебіз мағынасынан басқа астыртын мағынасы болады. Бернелеу өте ұзақ болса, айтушы баяндап береді, иә болмаса ұшығын көрсетіп қояды. «Қырық мысалдағы» және мысалдардың көбінде-ақ бернелеудің астыртын мағынасынан баяндауы, шешуі бар. Жоғарыда айтылған Мағжан бернелеуінің де аяғында мынадай баяндауы бар.
Құрбылар, іске бет алсақ,
Ойламай қанат қақпалық.
Анау жарық, алтын деп,
Көрінгенге шаппалық.
Жолымен кетсек қанаттың,
Көбелектей күйерміз.
Алам деп алтын барғанда
Күлден кебін киерміз.
Жоғарыда көрсетілген «Адамдық диқаншысы» деген сөз бернелеудің астыртын мағынасының ұшығын көрсету болады. Шетін сездірген соң, ар жағының бәрі түсінікті. Бернелеу шығарманың неғұрлым лұғаты жайнақы, ойнақы келсе, әдемі болып шығады. Лұғатында жайнақылық, ойнақылық кем болса, бернелеу әдемі сөз болмай, әншейін сөзге айналып кетеді. Әсіресе бернелеу әншейін сөзге айналып кететіні лұғат жағының толық болуына назар салмай, тек бейнелеу, ұқсату жағына ғана ілтипат еткенде болады. Әдемі бернелеуге қоятын сын мынау түрлі болуы керек. Бернелеудің астарын қоя тұрып, өң жағын алғанда, астыртын мағынасын қоя тұрып, лебіз мағынасының өзін алғанда жолы қанша? Ұқсастығының сәйкестігі қанша? Дәл келе ме? Болмаса, июмен, бұраумен келіп, әдейі бернелейін деген ниеті көш жерден көзге түсіп тұра ма, я болмаса ұқсастығы өте алыс, көруге тым қараңғы ма? Егер де бернелеудің шешуі бар болса, онысының қажеті қанша? Керек болған халде өте ұзын емес пе? Ақылды ғана қанағаттандыра ма, болмаса көңілге иә қиялға тиісті сыбағасын да бере ме? Бернелеудің өзі болсын, баяндауы болсын, лұғаттың өте жинақы, ойнақы келгенін жақтырады. Бернелеудің өзінің де, баяндауының сынына үлгі болуға жарарлық «Қырық мысалдағы» «Иттің достығы» деген сөз жоғарғы айтылған сынмен сынағанда мұның өз басынан да, баяндауынан да сын табылмайды. Мұнда бернелеуге керек болатын лұғат жайнақылығы да, лұғат мағынасын қойып, тысқы лебіз мағынасын алғанда да иттің мінезін дұрыс сүгіреттейтін, тыңдауға тұрарлық сөз болып шығады:
ИТТІҢ ДОСТЫҒЫ
Бір байдың «Төрткөз», «Мойнақ» төбеттері,
Өздері ит болса да әдепті еді.
Түнде үріп, күндіз үрмей, жай жататын
Болады әдепті иттің әдеттері.
Түс мезгіл екі төбет тойып жатып,
Кемпір наз, өкпе үшін қойып жатып.
Ас үйдің алдындағы күн шуақта
Сөйлесті әр нәрсенің басын шатып.
Сөз қылды жақсылықты, жамандықты,
Жомарттық, мырзалық пен сараңдықты.
Достықтың, дұшпандықтың жайын сөйлеп,
Қолға алды татулық пен араздықты.
Ділмарсып сол уақытта айтты «Мойнақ»:
Менсіз-ақ қара, Төрткөз, өзің ойлап.
Дүниеде онан артық не нәрсе бар?
Таласпай, тұрсаң тату күліп-ойнап?
Дос болсаң құшақтасып, жанға балап,
Сөз айтсаң бір-біріңе шырақ-қарақ,
Алты күн ашаршылық көрсең-дағы,
Жемесең бірің жоқта бірің тамақ.
Достың досы жұлдырмас жауға түгін,
Еш нәрсе айырмаса ара жігін.
Бірінің қабағына бірі қарап,
Білмесе күннің қалай өткендігін.
Не бар деп дүниеде мұнан артық?
Мен қалып, бір қиялға тұрмын бүгін.
«Жолдыаяқ», «ақсақ Құтпан», «жаман Сарқұс»,
Солар да тап-тату боп жүр, біздер түгіл.
Сөйлейді маңызданып, енді «Төрткөз»:
«Мойнеке, мұның әбден айтарлық сөзі.
Тұрмайтын бір күн тату неміз бар деп,
Мен-дағы ойлаушы едім осыны әр кез.
Не келіп, тірі жүрсең, не кетпейді?
Араз боп екеумізге не жетпейді?
Тамақ тоқ, өркені өссін иеміздің!
Тиіссіз сөгіп, соқпай, құрметтейді.
Расты рас демей, танамыз ба?
Бір сөтке татулық жоқ арамызда.
Тұрмайтын ренжуге аз нәрсеге
Екеуміз таласамыз, барамыз да.
Мұндай іс арасында болған емес,
Көз салсақ бұрынғы өткен бабамызға.
Атаның жолын қумай лаққанда,
Тура жол содан артық табамыз ба?».
Бұл сөзге көңілденіп Мойнақ тасты,
(Ол үлкен, онан гөрі Төрткөз жас-ты).
«Төрткөзім!», «Мойнекем!» деп бірін-бірі,
Дос болып, серт айтысып, құшақтасты.
Екеуі бірін-бірі сүйді, құшты,
Қызығы басылмаған достық күшті.
Ас үйден лақтырылған бір омыртқа,
Солардың нақ жанына келіп түсті.
Көрген соң майлы сүйек ит тұра ма?
Құшағын жазып ала жүгірісті.
Достықты, айтқан сертті былай қойып,
Екеуі бір-біріне салды тісті.
Досты дос мұнан артық қалай сыйлар,
Жүндері бұрқыраған аспанға ұшты.
Су құйып үстеріне, жиылған жұрт
Екеуін зордан ғана айырысты.
Иттерге таласса да жарасады,
Әйтпесе ит әдетінен адасады.
Дос болған адамдарға қарап тұрсақ,
Биікпен тең деп болмас аласаны.
Сүйектей арасына нәрсе түссе,
Иттерден олар артық таласады.
Әсірелеу
Бір нәрсені өте асырып я өте кемітіп айту әсірелеу болады. «Көп түкірсе, көл болар» деген мақал, «Көзінің жасы көл болды» деген мақал түкірік пен көз жасын өте асырып айтып отыр. «Қара арғымақ арыса, қарға адым жер мұң болар» деген мақал, «Бойы бір тұтам» деген мақал арықтың күші мен аласаның бойын өте кемітіп тұр. Ақындардың өлеңінде де не осындай өте асырып, не өте кемітіп айту көп болады. Бұлай айтудағы мақсат сөздің әсерін күшейту, әсірелеу, әсіресе ескі сөздерде ескі ақындардың айтысқан иә мақтаған өлеңдерінде, батырлардың жырларында көп ұшырайды. Алаша Байтоқ ақын Жәңгір ханның істеген ісін айтып жоқтаған сөзінде былай деген жері бар:
Тастан сарай салдырған,
Ол салдырған сарайдың
Айналасы айшылық,
Көлденеңі күншілік.
Мұның соңғы екі жолында айтылған сөздер әсірелеу болады. «Қобыланды батырда» мынадай әсірелеулер бар: 1. Астындағы Бурылдың
Жоғарғы ерні көк тіреп,
Төменгі ерні жер тіреп
......................................
2. Асқар төбе бел еді,
Бірде шауып желеді.
Көлденең жатқан көк тасқа
Тіктеп тиген тұяғы
Ұршығынан енеді.
..................................... 3. Аттың жолы қазылды,
Ұмтылғанда қысынып,
Бес жүз құлаш жазылды.
...........................................
4. Қарсы келген қабақтан
Қарғып, асып жөнелді.
Сеңгір-сеңгір таулардан
Секіріп, асып жөнелді.
(Қобыланды батыр)
5. Тиеді ер пайдасы сасқан жерде,
Етегін ер жаңылып басқан жерде.
Жаманға жазатайым ісің түссе,
Қабысып қалады екен аспан жерге.
6. Қарағым, сапар шектің бөтен елге,
Қош айту қиын болды кетер жерге.
Мегзеген хор қызына сен кеткен соң,
Түсті ғой шыр айналып аспан жерге.
7. Қарағым, бөтен елге сапар шектің,
Айтысып, қош, аман бол, бізден кеттің.
Жаманға малын берген еріп кетіп,
Досыңды ойнап жүрген зар еңіреттің.
Алайда еш өкпем жоқ, саған шырақ,
Аспаннан қан жауған күн сертке жеттің.
.................................................................
(Ғайнікей мен қыз Тойым)
Мезгеу
Бір ұғым орнына екінші бір ұғым айтылуы мезгеу болады. Мезгеу мынадан шығады: 1 Ана ауылға Омар, Оспан, Асан, Үсен келді деудің орнына ана ауылға Омарлар келді дейміз. Омарлар келді деуіміз мезгеу болады. 2 Үй кімдікі екенін ұмытпа, үйге қара деудің орнына шаңыраққа қара дейміз. Шаңырақ мезгеу болады. 3 Осы ауылдың адамдары жүдеу екен деудің орнына осы ауылдың адамы жүдеу екен дейміз. Адамы мезгеу болады. 4 Абайдай ақын қазақтан туа бермейді ғой деудің орнына Абайлардай ақын қазақтан туа бермейді ғой дейміз. Мұнда Абайлар мезгеу болады. 5 Отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге жайылады дейміз. Отыз тістен шыққан сөз отыз емес, қырық рулы яки жиырма рулы елге жайылатын шығар, біз білмейміз. Отыз деп кесіп айтуымыз мезгеу болады. Мезгеумен айтылған сөз жай айтылған сөзден жинақы, ширақ келеді, сондықтан мезгеу ақындар сөзінде көп ұшырайды. 1. Ант ішкен күнде берген жаны құрсын!
Арын сатып, тіленген малы құрсын.
Қысқа күнде қырық жерге қойма қойып,
Қу тілмен қулық сауған заңы құрсын!
(Абай)
2. Кім біліп, ер еңбегін сезіп жатыр,
Кім шыдап жолдастыққа төзіп жатыр.
Сасық ми, сасық жүрек санасыздар
Алаңсыз ақ малтасын езіп жатыр.
(Маса)
3. Болған соң ағаң болыс, ендігің не?
Таласып мен болам деу кемдігің де.
Сөзімді достық білмей, қастық білсең,
Қаларсың Алтынбектің түндігінде.
(Бұдабай ақын)
4. Түрленіп жиырмада кидім киім,
Түсірдім атын ұстап, мырза-бидің.
Көрінсе қайда жақсы өзімсінген,
Келсейші, қайта айналып жігіт күйім.
(Наурызбай би)
5. Жау жоғары, біз төмен,
Жеткен екен қамалға.
Наурызбай сынды сұр перен.
(Нысанбай жырау)
6. Қайырсыз толып жатыр Қарынбайлар,
Қолы ашық аз табылар Атымтайлар.
Ат майын ағайынға берер ме екен?
Ат аяп, тайын мініп жүрген байлар.
Әсерлеу (лептеу)
Әсерлеу деп сөздің әсерін күшейтіп сөйлеуді айтамыз. Әсерлеу көңіл күйінен шығып, көңілге күй түсіреді. Көңіл қалыпты, тыныш күйінде тұрғандағы адамның аузынан шыққан сөз бен көңіл көтеріңкі иә бәсең уақытта адам аузынан шыққан сөздің екеуі бірдей болмайды. Әсерлеудің көбінесе айтылатын түрлері мынау: Арнау; қайталақтау; шендестіру; дамыту; түйдектеу; бүкпелеу; кекесіндеу.
1. Арнау. Арнаудың өзі үш түрлі болады: 1. сұрай арнау; 2. зарлай арнау; 3. жарлай арнау.
1. Сұрай арнау мысалдары:
Не жазып ем, Құдай-ау, мен қазаққа?
Мүбтәла қып салғандай мұнша азапқа.
Адамшылық есебіне кірісіп,
Қолы жетсін дегеніміз бе азатқа?
Бар ма, қазақ, мұнан басқа қылғаным?
Неңді шаштым, неңді бұздым, былғадым?
Аштан өлген аталарың бар ма еді?
Тамақ үшін сатқан иттер иманын.
(Маса)
У-шу боп қыбырлаған төрт түлік мал,
Есетін солтүстіктен салқын самал.
Апырым-ай! Қандай жауыз тағдыр деген,
Бұйырған тұтқын болып жат та, қамал.
(Мағжан)
Барма, топқа шақырмай,
Жат үйіңде, шатылмай!
Шыдармын ба, япырым-ай,
Жатуға шықпай үйде енді!
Қатыныңның ойнасын,
Көрсең, білсең қоймасын.
Не ойлар едің өз басың?
Сонымен тең біз де енді.
(Абай)
Алдымызда көрінген,
Балабамның таулары.
Артымызда көрінген,
Үргеніштің аңғары.
Енді бізге күн қайда,
Қайтып соған барғалы?
А, дариға, дүние-ай!
Көкірегімнің арманы.
Күндер қайда басқандай?!
Еттім қайрат мен жаста.
Хан қарадан жасқанбай
............................................
Құдірет Алла, не жаздым?
Бір сағатта тосқандай!
(Жүсіпбек пен Ақыметбек)
Желі толған сар түйе
Ағажан, кімге тапсырдың?
Қора толған ақты қой
Ай көке, кімге тапсырдың?
Тоғай толған мың жылқы
Күн көке, кімге тапсырдың?
Тоқсанда әкең Тоқтарбай
Алпыста шешең Аналық
Бірге туған мен зарлық
Ақ көке, кімге тапсырдың?
(Қобыланды батыр )
2. Зарлай арнау мысалдары:
Ойпырым-ай, Алла-ай, жасаған!
Қысылды ғой шыбын жан.
Қуат кеміп барады.
Көп болды мынау аққан қан,
Тәңірі, өзіңе жылайын!
Хал жоқ, қалай тұрайын?!
Жүректі жара жеп барад,
Жасаған-ау, қалай шыдайын?!
.................................................
Сауықшыл есіл елім-ай!
Сарыарқа сайран жерім-ай!
Күмістей таза суы бар,
Айдын шалқар көлім-ай!
...................................................
Қиналдың-ау, шыбын жан,
Тоқталсайшы ыстық қан!
Зарлайсың ғой жетім боп,
Бесікте қалған балапан!
(Мағжан)
3. Жарлай арнау мысалдары:
Бұл сөзге құлағың сал, ақын інім,
Ой-пікір, рухымыз жақын інім!
Ағалық правосын қолыма алып,
Келемін айтайын деп, ақыл інім!
(Маса)
Қара палуан Жәнібек,
Қаз дауысты Қазыбек.
Жетім қалған халқыңа
Тұлға болып артыңа
Кім тиянақ қазық ед?!
(Маса)
Еркіңді қу қайғыға берме, көңілім,
Күйленіп, бұрынғыдай керне, көңілім!
Қамығып, жабырқадың неге мұндай?
Талпынып көкке құлаш серме, көңілім!
(Сәкен)
Ассалаумағалейкум, батыр Ерден!
Кетіп тұр бақ-дәулетің тағы кердең.
Ішінде көп қарғаның бір бүркіттей,
Көзіме көрінесің келген жерден
(Орынбай ақын)
Бір Аллаға сыйынып,
Кел, балалар, оқылық!
Оқығанды көңілге
Ықыласпен тоқылық!
Оқысаңдар, балалар,
Шамнан шырақ жағылар.
Тілегенің алдыңнан
Іздемей-ақ табылар.
(Алтынсары Ыбырай)
Пір Назар, Смайыл мен Жүсіп Назар!
Тілімді алсаң мұныңды қой, мырзалар!
Бар ма еді құлағыңда қалған нақыл,
«Тозған қудан топтанған қарға озар».
(Бұдабай ақын)
2. Қайталақтау. Бір сөзді яки лебізді қайта-қайта айту қайталақтау деп аталады. Ондай қайта-қайта айту нәрсенің өзіне яки ғамалына көбірек назар салғызу үшін істеледі. «Кітапты әпер деймін, кітапты» дегенде кітапқа назар салғызу үшін кітапты қайта-қайта айтамыз. Бару ғамалына назар салғызу үшін. «Қарай-қарай көзім талды» дегенде яки «Сұрай-сұрай мезі қылды» дегенде көздің талуының, мезілеудің себебіне көбірек назар түсіру үшін «қарау» мен «сұрау» қайта-қайта айтылып тұр. Сол сияқты бір сөзді қайта-қайта айту шығарма сөздерде де болады. Шығарушы бірдемеге көбірек назар салғысы келгенде соны қайта-қайта айтады.
М ы с а л д а р:
Мен кетемін, кетемін,
Мен кеткенмен айдалаға кетпеймін.
Айналып елді өтемін.
Қадір білмес бұл итке,
Қарашы болып не етемін.
(Ер Тарғын)
Ой деген – у,
Ауызға салсаң, қандырад.
Ой деген – у,
Жанды есінен тандырад.
Қайғыланба, соқыр сорлы, шекпе зар,
Мен күн ұлы, көзімде күн нұры бар.
Мен келемін, мен келемін, мен келем
Күннен туған, гүннен туған Пайғамбар.
...............................................................
Күншығыстан таң келеді, мен келем,
Көк күңіренед, мен де көктей күңіренем.
Жердің жүзін қараңғылық қаптаған,
Жер жүзіне нұр беремін, күн берем!
(Мағжан) Қазақ тілінде қайталақтау жоғарыда айтылған мәністен басқа жөнмен де айтылады. Бірдеңенің көптігін көрсеткенде соны қайта-қайта атап көрсетеміз. «Көре-көре көсем болар», «Сөйлей-сөйлей шешен болар» дегенде «көсем болу» мен «шешен болудың» себептеріне назар салғызу мақсаты да бар. «Көру» мен «сөйлеудің» көптігі де көрсетіледі.
М ы с а л д а р: 1. Жылы-жылы сөйлесең,
Жылан інінен шығады.
Қатты-қатты сөйлесең
Кәпір діннен шығады.
2. Қора-қора қой жатыр,
Қарын-қарын май жатыр.
Түйе-түйе жүк жатыр.
Ауыл-ауыл ел жатыр.
3. Жол бойы көргеніміз егін де егін,
Қағазды жол-жол қылып сызды.
Биік-биік ағаштар тұр,
Басында бүркіт ұясы.
4. Асқар-асқар, асқар тау,
Асқардың ақ сұңқары
Ылдидың аңын шалар ма?!
Қазақ тілінде біреуге арнай сөйлегенде де бір сөз қайта-қайта айтылады.
М ы с а л д а р:
1. А, Бозмұнай, Бозмұнай,
Берер ме екен бір Құдай?
Ертеменен кеткен қой
Жетермін бе, жаяулай?
Сен алпысқа жеткенде,
Мен елуден өткенде
Біздей екі сорлыға
Енді берсін не Құдай?!
(Ер Сайын)
Ей, Қарт Қожақ, Қарт Қожақ,
Атыңның басын тарт, Қожақ.
.................................................
2. Бұлғыр, бұлғыр, бұлғыр тау,
Бұлдырап тұрған құрғыр тау.
Үш атамыз өткен тау,
Үш мың қара біткен тау.
................................................
(Радловтан)
Қожыр-қожыр тастарым,
Көзімнен ағар жастарым.
(Досқожа ақын)
Қайталақтау бір нәрсенің ғамалын, күйін еліктеген орындарда келеді. М ы с а л д а р: 1. Күлдір-күлдір кісінетіп,
Күрең мінген бар ма екен?!
Күдеріден бау тағып,
Күпі киген бар ма екен?!
2. Жалп-жалп еткен жапалақ
Жапалақ жазда кімге жолдас болмаған.
Жағы түкті хайуан
Мұңдантып кімді жаяу салмаған.
3. Алып-алып, алып басқан
Арабы торым өзіңсің.
Балдағы жауһар, сабы алтын
Алдаспан атым өзіңсің.
(Би сөзі)
4. Он екі айдың еркетайы Май келді,
Жұлдыздар да жымыңдады, ай күлді.
Қалың қардың құшағынан құтылып,
Сылдыр-сылдыр, сылдырлады, сай күлді.
.....................................................................
Сөйлетіп қоя берсек сөзге тақ-тақ,
Күлкісі күміс сылдыр емес, сақ-сақ.
......................................................................
Шық-шық деп соғып тұр.
Тоқтаусыз бұл сағат.
Дүниеде неғып тұр
Адамзат бір сағат
.....................................................................
Сылқ-сылқ күліп сылдыр қаққан су сұлу,
Көлге қонып қаңқылдаған қу сұлу.
Бейне айнадай жарқыраған айдыннан
Күн шығарда көтерілген бу сұлу.
(Мағжан) Қайталақтаудың бір түрі еспелеу келеді. Арқан яки тарамыс ескен сияқты алдыңғы пікірдің аяғын соңғы пікірге қатыстырып қайта айтатын қазақта ақындар бар. Бір сөзді көп қайтара айтып қайталақтағанда сөздің әсері мылжыңдықтың әсеріне айналып кетеді; бір сөзді екі-үш қайтара айтқанда сөз пысықталған, нығыздалған, ширатылған іспетті болады. Сондықтан еспелеп қайталақтауды шамалы қолданбаса, маңыздаудың орнына мылжыңдау болып кетуі оңай.
Еспелеп қайталақтау мысалдары: 1. Тілегім күннен-күнге артылады,
Қазынаң бермегенге тартылады.
Жар болған тар болғанда пірлерді айтып,
Күндіз-түн қызыл тілім шарқ ұрады.
Күндіз-түн шарқ ұрады қызыл тілім,
Болмай тұр саудағыдай ашық күнім.
Бір Құдай жігіттікке қайғы салма,
Жасым бар жиырма жеті, тауық жылым.
Жасым бар жиырма жеті, жылым тауық,
Сөйледім құрбы ішінде болып сауық.
Райы ауруымның қайтпаған соң,
Дертімнен бұрынғыдан қылдым қауіп.
Дертімнен бұрынғыдан қауіп қылдым,
Шығарып ой сәулесін жарық қылдым.
Ойладым соның тілі тиді ме деп,
Назарда Ақымет пен Арық құлдың.
(Әбубәкір)
2. Бір Алла, мал мен басқа қаза бердің,
Күніме жаяулықпен жаза бердің.
Сіздерді көп беймаза еткенімнен,
Ұялып ортаңызға азар келдім.
Арқама тарыққанда сүйеуім деп,
Ортаңа бұл қазамды шаға келдім.
Ортаңа бұл қазамды келдім шаға,
Дос етпес, дұшпан болса етер таба.
Ер жаяу өз жұртында болмасын деп,
Бас болып ойға қалса әрбір аға.
Байларды сақау атты Алла сүйер
Мұсылман құл бір-біріне етсін пана.
Мұсылман құл етсін пана бір-біріне,
Паналық қайыр ықсан жан тіріде.
Біз қасық, халық дария түгесілмес,
Тілекші біз қартыңыз әр күнінде.
Тілекші әр күніңде біз қартыңыз.
Жомарттық етсең келер қуатыңыз.
Жыл сайын қажетімді сізден алып,
Келгенде болып қайтқай мұратымыз.
(Қубала ақын)
3. Шендестіру. Екі нәрсе қатар яки қарама-қарсы келгенде, арасындағы айырым көзге көбірек түседі. Биік пен аласа, ұзын мен қысқа, көрікті мен көріксіз, шебер мен олақ, ғалым мен надан қатар келгенде, араларындағы айырмасын анық көреміз.
Жайдағы қайғыдан қуаныш үстінде көрген қайғы жанға көбірек батады. Жарлылық қиындығы жасынан жарлы болғаннан гөрі байдан жарлы болғанға көбірек сезіледі. Көріксіз бетіндегі дақтан көріктінің бетіндегі дақ көзге көбірек түседі. Тәттінің артынан ащылық, дәмдінің артынан дәмсіздік артығырақ білінеді. Сөздің әсерін күшейту үшін табиғаттың бұл заңын сөз шығарушылар көп қолданады. Байдың аса байлығын анық көрсету үшін елін кедей қылып көрсетеді. Батырдың халық үшін қандай бәйгеге тігетіндігін көрсету үшін өлдім-талдым дегенде көрген шал мен кемпірдің аяулы баласы қылып, оның үстіне байлығын да қоса көрсетеді. Алпамыс, Қобыланды, Сайын бәрі де байдың жалғыз балалары. Лебіз түрінде де ақындар сөзінде көп ұшырайды. Сөзді былай әсерлеу әдісі түйістіру деп аталады.
М ы с а л д а р: 1. Ассалаумағалайкум, батыр Ерден!
Кетіп тұр бақ-дәулетің тағы кердең.
Ішінде топ қарғаның бір бүркіттей
Көзіме көрінесің келген жерден.
Қарға мен бүркітті түйістіргенде, бүркіт әрине, өте көрнекті көрінбекші, олай болса, бүркітке теңеген Ерденнің өзгеден артықтығы көбірек білінбекші. 2. Қара жерге қар жауар,
Қарды көр де, етім көр.
Қар үстіне қан тамар,
Қанды көр де, бетім көр.
Ақтың ақтығының нағыз күшті көрінетіні қарамен қатар қойғанда, бұл ақтың ақ болып көрінудің ең барып тұрған жері. Қара жер мен қарды қатар қойғандағы мақсат, еттің ақтығы қай дәрежеде екендігін көрсету. Еттің ақтығы қар мен қара жерді қатар қойғанда қандай анық көрінсе, бетінің қызылдығы қарды қанмен қатыстырғанда сондай анық көрінбекші. Сол ақ пен қызыл қатысқан түсті қар мен қаннан артық еш нәрсе көрсете алмайды. Мұны бұлай келтіріп отырған ақынның ақындығы. Ақжүністің Қарт Қожаққа әуелі жастықтағы күйін айтып келіп, сонан соң барып қартайғандағы күйін айтуы да ақындықтың әлгі әдісі. 3. Бес жасыңда Қарт Қожақ,
Жас шыбықтан жай тарттың,
Жалғыз шиден оқ аттың
Атқан оғың жоғалттың,
Кәне, шыққан мүйізің?!
Он жасыңа келгенде
Қызыл-жасыл киініп,
Қынай белің буынып,
Қыз баладай көрініп,
Бала болдың бір кезек,
Кәне, шыққан мүйізің?!
Жиырма беске келгенде
Ақ балтырың түрініп,
Оймақтай аузың бүріліп,
Қарт бурадай қамданып,
Қас батырдай шамданып,
Сыртыңнан дұшпан сөз айтса,
Шыныңменен арланып,
Қызды бақтың бір кезек
Кәне, шыққан мүйізің?!
Отыз беске келгенде,
Қоңыраулы найза қолға алдың.
Қоңыр салқын төске алдың,
Жауды көрсең шүйілдің,
Жеңсіз берен киіндің,
Көксерек атты борбайлап,
Қамалды бұздың айқайлап,
Кәне, шыққан мүйізің?!
Қырық бес жасқа келгенде,
Қырым деген шәһәрдің
Жел жағына қаласың,
Ық жағына панасың,
Қырдан қиқу төгілсе,
Елге таман үңілсе,
Мың кісіге бір өзің
Шошынбай жалғыз барасың
Кәне, шыққан мүйізің?!
Елу беске келгенде,
Топқа бардың бой түзеп,
Дауға бардың тіл безеп,
Билік сүрдің бір кезек,
Кәне, шыққан мүйізің?!
Алпыс беске келгенде,
Сақал-мұртың қуарып,
Бойға біткен тамырың
Бәрі бірдей суалып.
Алайын деп тұрмысың
Мені көріп қуанып?
Өлтірсең де тимеймін,
Теңдік берсең сүймеймін.
Бұрын батыр болсаң да,
Сенің басың бұл күнде
Жерде жатқан қу тезек!
(Ер Тарғын)
4. Дамыту. Пікіріңді сөйлегенде алдыңғы сөзіңнен артқы сөзіңнің қуаты асып отырса, дамыту болады. Әншейін сөйлегенде дамытудың мысалы мынау:
1. Бар! Жүгір! Ұш! 2. Мен саған он рет, жүз рет, мың рет айттым. «Бар» дегеннен «жүгір» деген күштірек, «жүгір» дегеннен «ұш» деген күштірек. Екінші мысалда «он рет айттым» дегеннен «жүз рет айттым» деген күштірек, «жүз рет айттым» дегеннен «мың рет айттым» деген күштірек. Дамыту негізі сөздің осы табиғи заңына тіреледі. Сөз шығарушылар да сөздің осы табиғи заңымен пайдаланып, керекті жерінде сөзін бірден-бірге күшейтеді.
М ы с а л д а р: 1. Халықты қаңсылату – обал, халықты зар жылату – мейірімсіздік, халықты тамақ үшін сату – иттік. 2. Шынымен Қобылан шу деді,
Құбылып Бурыл гуледі.
Аманбайдың ақ тігін
Аса қарғып жөнелді.
Қарсы келген қабақтан
Қарғып асып жөнелді.
Сеңгір-сеңгір таулардан
Секіріп асып жөнелді.
.........................................
3. Арандай аузын ашады,
Аяғын топтап басады.
Жүні судай тасады
Бір төбенің тозаңын
Бір төбеге қосады.
Кешке таман Тайбурыл
Жын қаққанға ұқсады.
Құлан менен құлжаның
Марал менен бұғының
Ұзатпай алдын тосады.
Көл жағалай отырған
Көкқұтан мен қарабай
Көтеріліп ұшқанша
Белінен келіп басады.
(Қобыланды батыр)
4. Іші ылас, сырты таза залымдардың
Алданып құр сыртының тазасына,
Мәз болып байғазы алған балаларша,
Сатылып жылтыраған танасына,
Әбілдің зияратын аттап өтіп,
Қабылдың бата қылмай моласына.
Қорыққанға қос көрініп, қойдай үркіп,
Тығылып Дажалдың пұтханасына,
Ес кетіп, сабыр қалмай сасқалақтап,
Зорыққаннан көзің сыймай шарасына.
Ұмытып Құдайды да, Құранды да
Бас ұрма, Лат-Манат ағашына.
(«Маса»)
5. Әлде мен бабың тауып бақпадым ба?
Болмаса жемнен қысып сақтадым ба?
Әйтпесе әбзелдерің сәнді емес пе?
Жібектен тізгініңді тақпадым ба?
Малдырып сап алтынға үзеңгіңді,
Тағаңды шын күмістен қақпадым ба?
(«Маса»)
V. Түйдектеу. Аз сөзге көп ой сыйғыза сөйлеу – түйдектеу деп аталады. Түйдектеп сөйлегенде сөздің әсері күштірек болады, себебі сөйлем ішінде сөз аз болса, әр сөзге көбірек назар түсіп, ілтипат көбірек айтылады. Көп нәрсеге адам назар салғанда ілтипаты ыдырап, сиреп түседі.
Мәселен, топ адамды көргенде, назар топқа түсіп, бас-басына аз түседі. Сондықтан әрқайсысының түрін-түсін, киген киімін, мінген атын байқамай қаласың. Аз адамды көргенде, назар әрқайсысына көбірек түсіп, түр-түсін де, киген киім, мінген аттарын да байқап қаласың. Сөйлем ішіндегі сөз де сол сияқты. Түйдектей сөйлеудің мысалы мынау: 1) Бақ ерікте; ерік ерлік пен бірлікте; ерік ұранымыз, бірлік Құранымыз болсын.
(Шырша) 2) Адамына – оқ,
Қаласына – от!
Мұнан басқа бітім жоқ!
( Темірше)
3) Соғыс. Бұ не әурешілік? Қырылған жан, төгілген қан, шулаған ел, шұбырған босқын, жылаған қатын-бала.
6. Бүкпелеу. Сөзді ашып айтпай, ұшығын ғана көрсетіп айту бүкпелеу деп аталады. М ы с а л д а р:
1. Отыр ем бала ғой деп жүзің жарқын,
Сөз – кілт, кеуде – сандық, ақыл – алтын.
Ақылың көп болғанмен шашың ұзын,
Жібердің келістірмей сөздің артын.
(Жарылғасын ақын)
2. Ақсұлу, айтар сөзді аңдамадың,
Аузыңа келген сөзді сандаладың.
Әкесін шешесімен нандырады.
Қыз бала елдің жайын қайдан білсін.
Білмесе қыз бен жайын бозбаланың.
7. Кекесіндеу. Сөздің тысқы лебіз мағынасына ішкі астыртын мағынасы қайшы келсе, кекесін болып шығады. Кекесінмен сөйлеуді кекесіндеу дейміз. Қорқақ кісіні «батырым» деу, қара кісіні «аппағым» деу, ақымақ кісіні «данышпаным» деу – осылардың бәрі де кекесін сөздер. Кекесіннің түрі толып жатыр, бірақ толып жатқан түрін екі топқа бөлуге болады:
1) Зілсіз кекесін (ойын, қулық, қалжың, әзіл). 2) зілді кекесін (мазақ, сықақ, мысқыл, келемеж, келеке, әжуа).
Кекесін мысалдары: 1. Тұрсынбай датқаның балалары болыстыққа таласып, араз болып жүргенде Бұдабай ақынның айтқаны:
Бір күнде Досан болды Алтынбекпен,
Датқаны не қыласың өтіп кеткен.
Таласып Әлмембеттің ісін алсаң,
Бақытты келтірдің ғой қиыр шеттен.
2. Иттерге таласса да жарасады,
Өйтпесе ит әдетінен адасады.
Дос болған адамдарға қарап тұрсаң,
Биікпен тең деп болмас аласаны.
Сүйектей арасына түссе нәрсе,
Иттерден олар артық таласады.
(«Қырық мысал»)
Төрені түйеге тіркеп қойып, «Төре неме ғой, жүрер ме екен» деген.
«Ой, бәрекелді! Ой, сабаз-ай!» дегенде ырза болып айтса, қостау болады, ырза болмай айтса, кекесін болады.
ІІ. ТІЛ (ЛҰҒАТ) ӘУЕЗДІЛІГІ
Әуезділіктің жалпы шарттары
Сөз дыбыстан құралған нәрсе болғандықтан, оның дыбыстары жағымды да, жағымсыз да болып құралуы мүмкін. Сөздің дыбыстары құлаққа жағымды-жағымсыз болып құралу сияқты, сөйлеудің ішіндегі сөздер де құлаққа жағымды-жағымсыз болып құралады. Әуезділік деп нені айтамыз? Әуезділік деп сөз турасында айтсақ, сөздің ішіндегі дыбыстардың үндері құлаққа жағымды болып естілуін айтамыз; сөйлеу турасында айтсақ, сөйлеу ішіндегі сөйлемдерінің үндері құлаққа жағымды болып естілуін айтамыз. Сөздің үні құлаққа жағымды болуы – дыбыстарының тізілу түрінен. Сөйлеудің үні құлаққа жағымды болуы сөйлемдерінің тізілуі түрінен, сондықтан сөз әуезділігі де болады, сөйлеу әуезділігі де болады. Бірақ сөздің де, сөйлеудің де әуезді болуының негізгі мәнісі бар. Екеуі де дауыс ағымына қарайды. Дауыс ағымы сөз ішінде дыбыстарының тіркесуіне қарайды да, сөйлеу ішінде сөйлемдерінің тіркесуіне қарайды. Сөз ішінде дауысты-дауыссыз, жарты дауысты дыбыстар араласып тіркесе келеді. Бір сөзде дауысты дыбыстар көп келеді. Бір сөзде дауыссыз дыбыстар көп келеді. Дауысты дыбыстар көп келген сөз үнді болады, дауыссыз дыбыстар көп келген сөз үнсіз болып шығады. Қазақ тілінде дауысты дыбыстардың да кейінің үні аз, мәселен (ұ), (ү), (і). Сөз ішінде бұлар көп келгенде де сөздің үні кем болып шығады және де кей сөздің ішінде қай дыбысы да болса көп келеді де, кей сөздің ішінде аз келеді. Сөз әуезділігі жағынан мұның да мәні көп болады. Әуезді сөз бен әуезсіз сөздің парқын мынадан байқауға болады. «Шамалы» деген сөзбен «шанышқы» деген екі сөздің құлаққа қайсысы жағымды? Әрине «шамалы» жағымды болып тұрғаны: 1) ішіндегі дыбыстардың бірі дауыссыз болғанда, екіншісі дауысты болып, реттеліп келіп тұрғанынан. 2) Дауысты дыбыстар ішінде көп болғандықтан сөздің үнді болып шыққанынан. «Шанышқы» деген сөзде: 1) дыбыстар реттеліп, бірі дауысты болғанда, екіншісі дауыссыз болып келіп отырған жоқ. 2) Дауысты дыбыстары аз, сондықтан мұның үні жатық емес, мол да емес. Үні кем және жатық болмаған соң құлаққа жағымсыз болып естіліп тұр.
1. СӨЗ ӘУЕЗДІЛІГІ
Сөздің әуезділігі ішіндегі дауысты-дауыссыз дыбыстар оңтайлы орналасуынан болады. Дауысты дыбыстар мен дауыссыз дыбыстар аралатпа болып келмеген жерде яғни кілең дауысты дыбыстар яки кілең дауыссыз дыбыстар қатар келген жерде сөз айтуға оңтайлы болмайды. Қазақ тілінде қайсысы да болса қатарынан бір жерде екі дыбыстан артық болып келмейді. Дауыссыз дыбыстардың қатарынан екеуі келуі сөйлеу әуезділігіне онша кемшілік келтірмейді. Дауыссыз дыбыстар қатар келетін сөздер «жаттықтыру», «аптықтыру» деген сияқты болады. Бұларда қатар келген дауыссыз дыбыстар екеуден артық емес және сөздің үнін азайтып, айтуға онша оңтайсыздық келтіріп тұрған жоқ. Қазақ тілінде дауысты дыбыстардың қатарынан бір сөздің ішінде келуі тіпті болмайды. Қатарынан келетін кездері қос сөздерде, не екі сөздің бірінің аяғы, бірінің басы дауысты дыбыс болып келетін жерде болады. Мәселен, сары үй, торы айғыр, қазба үй, қара өлең, ата тегін қуса игі еді. Қара маса екен, бала емес, баласы еді, қырдағы үй, кесе-аяқ, мосы ағашы деген сияқты сөздер. Дауысты дыбыстардың бұл сияқты қатарынан келуі айтуға оңтайсыз болып, сөздің әуезділігін кемітеді. Бұл кемшілік қазақ тілінде көбінесе екі дыбыстың бірін айтып, бірін айтпаумен ғана сезілмейді. Айтқанда «сары үй» демей, «сарүй» дейді. «Торы айғыр» демей, «торайғыр» дейді. Басқаларын да солайша бір дыбыспен айтады. Мәселен, «қуса игі еді» деген сөздерді «қусегеді» етіп айтады. «Баласы екен» яки «бала екен» деп дыбыстарын түгелдемей-ақ, «баласекен», «балекен» дейді.
2. СӨЙЛЕУ ӘУЕЗДІЛІГІ
Сөйлеу әуезділігі буын екпіні мен сөз екпінінің қолайлы орналасуынан болады. Әуелі буын екпіндерінің арасы тым жақын келсе иә алыс келсе, әуезділігінде кемшілік болады. Тым жақын болып келу өңшең қысқа сөздер бір өңкей келгенде болады да, тым алыс болып келу өңшең ұзын сөздер бірөңкей келгенде болады. Сөйлеу әуезділігі түрлі сөздердің үндері орайласып, ұнамды құралуынан болады. Олай құрастыру сөйлеушінің яки жазушының шеберлігін талғайды. Сөздің кестесін келтіріп айту деген сөз Абайдың «тілге жеңіл» деген сөзі – бұлардың бәрі сөйлеу әуезділігіне тиісті сипат туралы айтылған сөздер. Сөз кестелі келсе, құлаққа жағымды болады. Құлаққа жағымды болуы әуезділік болады, сондықтан да ондай сөздердің сөйлемдері өрнекті сөйлем деп аталады. Өрнекті сөйлемдердің өлеңдісі де, өлеңсізі де болады. Өлең біткеннің бәрі әуезді сөйлеу табына жатады.
Қысқасынан айтқанда, әуезділікке жағдайлы-жағдайсыз келетін шарттар мынау:
Сөйлеу құлаққа жағымды болмайды:
а) дауысты-дауыссыз дыбыстар ұйлығып қатар келгенде;
б) сөйлемдер дұрыс жасалмаған кезде, мәселен, сөйлем мүшелері орнына қойылмағанда, иә тұрлаусыз мүшелері көбейіп, сөйлемді ауырлатқанда яки басыңқы сөйлем мен бағыныңқы сөйлемдер жапсарлары дұрыс келмегенде.
Сөйлеу құлаққа жағымды болады: а) сөйлемдер дұрыс жасалғанда, өрнекті сөйлемдердің кестелері келісті жасалғанда.
б) өлеңді сөйлемдердің өлшеулері дұрыс келгенде.
Өрнекті сөйлемдер
Өрнекті сөйлемдер деп құрмалас сөйлемдердің бастары қосылып, кестелі болып құралуын айтамыз. Ондай сөйлемдер нақ текеметке яки кілемге салған түр сияқты болмағанмен өрнек-өрнегімен айтылады. Өрнекті сөйлемді айтқанда, дауыс көтеріліп, төмендеп, әнше оралып, қайырылып отырады. Сондықтан өрнекті сөйлем оралым (яки шұбыртпа) деп аталады. Оралым екі мүшелі болады. Бір мүшесінде пікір тақырыбы болады да, екіншісінде пікір баяны болады, сондықтан бастапқы тақырыпшы мүше делініп, екіншісі баяншы мүше делініп айтылады. Өрнекті сөйлемді иіріп-жиырып, жай сөйлемге айналдыруға болады. Жай сөйлемді жайып, далитып, өрнекті сөйлемге айналдыруға болады, өйткені өрнекті сөйлем қанша үлкен болғанмен яғни ішіне кіретін сөйлемдер қанша көп болғанмен бәріне қазық болатын бас пікір жалғыз-ақ болады. Ол пікірді көп сөйлеммен ұлғайтып айтуға да, шағындап, аз сөйлеммен айтуға да болады.
М ы с а л ы: 1. Қисапсыз бай болсаң да Қарынбайдай,
Сақи боп мал шашсаң да Атымтайдай,
Патшадай Әмір-Темір дін түзетіп,
Болсаң да әйдік батыр Арыстандай,
Болсаң да Жиреншедей тілге шешен,
Ақырда жатар орның тар лақат жай.
(Алтыбас Ақмолда)
Мұны шағындап аз сөйлеммен былай айтуға болады: «Бай да, сақи да, патша да, батыр да, шешен де – бәрі де ақырында бір өлмек». 2. «Халық басына қайғылы күндер туған заманда қайрат көрсетпеген азамат азамат емес» деген пікірді көп сөйлеммен ұлғайтып, былай айтуға болады: «Қаптаған қара бұлттай торлап, түрлі пәле халық басына орнап, не қыларын біле алмай, ақылынан адасып, жұрт алақтап азаматын іздеген шақта, бар шырағын жақпай, бар қайратын сарып қылмай, өз басының амандығымен болып, ұранға шаппаған азамат – ол халық алдында жоқ азамат, не ол жаны бар болғанмен, жануарлықтан шықпаған азамат. Не қызатын қанын, ашитын жанын басының пайдасына, бастықтық орынға, патшаның аңғарына сатқан азамат болады».
(Темірше)
а) Себепті оралым. Баяншы мүшесі тақырыпшы мүшесін дәлелдей баяндағанда, оралым себепті деп аталады.
М ы с а л ы:
Көлден ұшқан қалбаймын,
Жаманның тілін алмаймын,
Хақ бұйырған сапардан
Арыстаным, қалмаймын.
Асыл достым, сөкпесең,
Бұл сапарға бармаймын!
Бұл олжадан алмаймын.
Асқар тауды бел деген,
Ақ бармақпен жем жеген,
Ауырса жеммен емдеген,
Өзінен басқа көрмеген,
Өзінен басқа білмеген.
Күтіп тұрған анасы –
Өзі әйелдің данасы,
Тұлпар туған Бурылдың
Қырық үш күні кем деген. 2. Кеткен кісі келе ме?!
Алғанын Тәңірім бере ме?!
Арыстан туған батырлар
Қатынға билік бере ме?!
Қатын тіліне ере ме?
Әр талапқа шығарда,
Қатыным деп тұрар ма?
Асыл туған Қобыланды
Қатынға ақыл салған соң,
Қатынның тілін алған соң,
Неше батыр болса да,
Басында билік жоқ адам,
Арыстан туған құрдасжан,
Қатын емей немене?! 3. А ... Ел бастап, жұрт алайын деген ұл екенсің, сөз бастап би болайын деген ұл екенсің; Алдыңа келсе әділдігіңді аяма, аймағың кетпес қасыңнан. Қол бастап жол алайын деген ұл екенсің, жолдастың мыңын алма, бірін ал! Мың кісіге бір кісі олжа салатұғын, олжаңды аямасаң жолдасың қалмас жаныңнан. Жүз жиырма алтыға келіп отырмын. Жас күніңде қалың бер де, қатын ал; қартайған соң өкінбе, ұлым! Жігіттің хан болатын, қатынның ханым болатын уақыты сол. Қару жисаң, мылтық жи жаяу жүрсең – таяғың, қарның ашса – тамағың.
ә) Мақсатты оралым. Өрнекті сөйлемнің баяншы мүшесі тақырыпшы мүшесін мақсаттай баяндаса, оралым мақсатты деп аталады. М ы с а л:
Тобыршық атқа зор салды,
Ақ алмасқа қол салды.
Қамшы басты сауырға,
Екпіні ұсап дауылға.
Тобығы меңді торы атпен
Қобыланды шапты ауылға
Қатуланып қаттанып,
Буырқанып бұрсанып,
Мұздай темір құрсанып,
Қабағынан қар жауып,
Кірпігінен мұз тамып,
Ар жақ пенен бер жаққа
Найзасын ұстап бармаққа,
Аттанбаққа қалмаққа
Құдай жолы шалмаққа.
Сөзге сынық қылды деп,
Батыр кейіп келеді.
Егер шықса алдынан
Бұлаңдаған Кұртқаның
Басын кесіп алмаққа.
б) Ұқсатпалы оралым. Өрнекті сөйлемнің баяншы мүшесі тақырыпшы мүшесін ұқсата баяндаса, оралым ұқсатпалы деп аталады. М ы с а л:
1. Асыл туған Ақжүніс,
Күнді бұлт құрсайды,
Күнді байқай қарасам,
Күн жауарға ұқсайды;
Айды бұлт құрсайды;
Айды байқап қарасам,
Түн жауарға ұқсайды;
Көгілдірін еріткен
Көлдегі қулар шулайды;
Шулағанға қарасам,
Көктен сұңқар суылдап,
Соғылғанға ұқсайды!
Бойды байқап қарасам,
Қол-аяғым созылып,
Аузы-мұрным суынып
Хақтың маған бұйрығы
Таянғанға ұқсайды.
(Ер Тарғын) 2. Қыстың сақырлаған аязын, түтеген алай-түлей боранын, қызыл үскірік суығын бастан кешіріп, жазға жетіп, жадыраған шуақта, балбыраған жасыл шөпте жан-жануарлардың бәрі рақат тауып, жаны қандай жайланады. Сондай-ақ қатал тәртіп, қатты қол, қанішер өкіметтен қысымшылық көрген халықтар азаттыққа жетіп, жаны жай тапты.
в) Қайшы оралым. Өрнекті сөйлемнің тақырыпшы мүшесі мен баяншы мүшесіндегі пікір бір-біріне қарсы мағынада болса, қайшы оралым деп аталады. М ы с а л:
1) Мен Қырымның ішінде
Ақша ханның қызы едім.
Атам менен анамның
Асыранды қазы едім.
Қойда бағлан қозы едім,
Жылқыда шаңқан боз едім,
Қырым менен Қытайдан
Тәмам жақсы жиылса,
Аузындағы сөзі едім.
Бұ заманның шағында
Жылап тұрған көзім бар,
Төгіп тұрған жасым бар,
Әуре болған басым бар.
(Ер Тарғын)
Ер отаны болғанда,
Пайғамбар жасы толғанда,
Заманымыз азғанда,
Жігіттің күні озғанда,
Берекетсіз балаға
Оттың басын топ етіп,
Қырға шығар ішінде
Біреуін де жоқ етіп,
Мен алмаймын көбіңді.
(Ер Сайын)
г) Шартты оралым. Өрнекті сөйлемнің баяншы мүшесінде болжал себеп иә шарт болып, тақырыпшы мүшесінде болжал салдар болса, оралым шартты деп аталады. М ы с а л:
1. Намаздыгер өткенше,
Намазшамға жеткенше,
Қазан ағаш бағысын
Түсірмесем жүзіңе,
Көрсетпесем көзіңе
Жан серігің Бурылды
Сол жерде шал, Құдайға!
(Қобыланды)
2. Талайдан бермен жұмсаған,
Қан көрмесең сусаған,
Қанға тойсаң жусаған,
Тауға салсам тас кескен,
Кеудеге салсам бас кескен,
Алты аршын ақ болат,
Қынаптан алып суырып,
Шаба алмасам маған серт!
3. Айдаһардың тіліндей,
Салсам кеткен білінбей,
Қарағайға саптатқан,
Шұбар туға шұлғаған,
Әр уақытта көрсетіп,
Талай жауға мақтатқан
Төрт қырлаған көк сүңгі,
Жау ішінде жалындап
Толғамасам маған серт!
Толғауыма шыдамай,
Толқып сынсаң саған серт!
(Ер Тарғын)
4. Сарға.йып келген егін толқынданса,
Жас орман жел күңірентіп әнге салса,
Жапырақтың жасыл ләззатты саясында,
Бақшада мойыл қаймақ жасырынса,
Себілген алмас шың пен шын хош иіс,
Сары алтын ертеменен иә қызыл кеш,
Бір топтың қолтығынан күліп қана,
Бас иіп есендессек күміс ландыш.
Секіріп салқын бұлаң ойнап сайда,
Батырып көмескі түсі тұманды ойға,
Шапқылап шыққан жерін әңгіме қып,
Былдырлап ақ бетінен сүйгізсе айға,
Сол уақыт жай табады асау жаным,
Ашылад басқан ауыр ой қабағым,
Шын бақты тапқандаймын осы жерде-ақ
Көремін күн жүзінде, жасағаным...
(Мағжан)
Бұ дүниеде көрмесең,
Кұртқамбысың демесең
Қазаң жетіп бұ жолда,
Хаққа түзеп бетіңді,
Арыстаным жөнелсең,
Жұбайым бар деп еске алсаң,
Сұлтаным, сонда мені ізде
Пайғамбардың туында.
(Қобыланды батыр)
ғ) Жалғасыңқы оралым. Өрнекті сөйлемнің тақырыпшы мүшесіндегі пікір баяншы мүшесіндегі пікірге тіркес мағынада болғанда, жалғасыңқы оралым деп аталады.
М ы с а л ы: 1. Таң сарғайып атқанда,
Таң Шолпаны батқанда,
Шал-кемпірдің қойнында
Арқада Қобылан жатқанда,
Тайбурыл атқа ер салып,
Азғана азық жем салып,
Бәйгеден келген көк дөнен
Түнімен ұйқы көрмеген,
Ақ орданың алдынан,
Жетелеп сонда өткізді,
Құртқа сұлу көлденең.
2. Тоқсанда атаң Тоқтарбай,
Бұтында жоқ ыстаны,
Тізесіне тон жетпей,
Арқасынан қол кетпей
Ақ табан боп кәпірге,
Қой баққанда келерсің.
Алпыста анаң Аналық
Арқан есіп, жүн түтіп,
Қайғыменен қан жұтып,
Құрт қайнатып жүргенде
Сұлтаным, сонда келерсің.
Қарындасың Қарлығаш,
Абдастасы қолында,
Дастарханы белінде,
Пияласы қарында,
Бөтен жаудың елінде
Қызылбастың шенінде
Шай қайнатып жүргенде,
Сұлтаным, сонда келерсің.
(Қобыланды батыр)
3. Тоғыз айға толғанда,
Шамалы күні болғанда,
Кіші жұма өткенде,
Ұлы жұма жеткенде
Боз кемпірді қозғалтты,
Ыңырантты, толғантты,
Ноғайлының үш кентін
Шақырып жиын орнатты.
(Ер Сайын)
4. Жаздыкүн шілде болғанда,
Көкорай шалғын бәйшешек
Ұзарып өсіп толғанда
Күркіреп жатқан өзенге
Көшіп ауыл қонғанда,
Шұрқырап жатқан жылқының
Шалғыннан жүні қылтылдап,
Ат-айғырлар, биелер
Бүйірі шығып ыңқылдап,
Суда тұрып шыбындап,
Құйрығымен шылпылдап,
Арасында құлын-тай
Айнала шауып бұлтылдап,
Жоғары-төмен үйрек-қаз
Ұшып тұрса сымпылдап,
Қыз-келіншек үй тігер
Бұрала басып, былқылдап,
Ақ білегін сыбанып,
Әзілдесіп сыңқылдап.
(Абай)
д) Серіппелі оралым. Өрнекті сөйлемнің баяншы мүшесі тақырыпшы мүшесіндегі пікірді кеңінен толғай баяндаса, серіппелі оралым деп аталады. М ы с а л:
1. Ыстамбол, патша болсаң да Құддыс, Шамға,
Бұхар мен үкім етсең де Үндістанға,
Ағылшын, Қытай, Мәскеу, Римді алып,
Дін түзеп әмір етсең де бұл жиһанға.
Тұтсаң да жеті ақылымның бәрін тегіс
Кірерсің ақыр бір күн көрстанға. 2. Есепсіз бай болсаң да Қарынбайдай,
Сақи боп мал шашсаң да Атымтайдай,
Патшадай Әмір-Темір дін түзетіп,
Болсаң да әйдік батыр Арыстандай,
Болсаң да Жиреншедей тілге шешен,
Ақырда жатар орның тар лақыт жай.
(Алтыбас Ақмолда)
3. Шайылған көз жасымен жердің бетін,
Өткізіп тым өлшеусіз үкіметін.
Жауыздық, жалғандықпен билесін-ақ
Адал жол, ақ ниетті арам жеңіп,
Жазықсыз жанды қинап, қанды төгіп,
Бұзықтық, түзіктікті илесін-ақ
Қиналып, кім де болсаң талыққандар.
Түңіліп, үміт үзіп жабықпаңдар,
Қайтадан жақындық кеп, қастық қашып,
Жарқырап жақсылыққа атар таң бар.
(Маса)
е) Айырықты оралым. Өрнекті сөйлемнің баяншы мүшесі тақырыпшы мүшесіндегі пікірді екі ұштылай баяндаса, оралым айырықты деп аталады. М ы с а л:
1. Қазақ өнерсіз халық бола тұра, көпке дейін бөтен жұрттарға бағынбай келгенін түрлі жоруға болады: не бұрынғы заманда қазақ мықты халық болған деп, не көшпелі болғаннан сынаптай сырғып, ешкімнің қолында тұрмаған деп, не ауданы үлкен кең дала, ол замандағы айналасындағы көрші жұрттардың уысына сыймаған деп. 2. Сен неге, тұлпар атым, кісінейсің,
Жабығып неден көңілің, түсті еңсең ?
Ерігіп ауыздығың қарш-қарш шайнап,
Бұ қалай, бұрынғыдай сілкінбейсің?
Әлде мен бабың тауып бақпадым ба,
Болмаса, жемнен қысып, сақтадым ба?
Әйтпесе әбзелдерің сәнді емес пе,
Жібектен тізгініңді тақпадым ба?
Малдырып сап алтыннан үзеңгіңді,
Тағаңды шын күмістен қақпадым ба?
(Маса)
3. Азамат, анау қазақ қаным десең,
Жұмақтың суын апар жаным десең,
Болмаса ібіліс бол да, у алып бар
Тоқтатам, тұншықтырам зарын десең...
(Мағжан)
ж) Қорытпалы оралым. Оралымның тақырыпшы мүшесіндегі пікірді баяндау мүшесі қорытатын болса, оралым қорытпалы деп аталады. Мысалы:
Еркімен ұшып, еркімен қонатын құс сияқты, жер-су мол шағында, жұрттың көбі еркімен қонып жүрген болса, онан бері келе адам баласы өсіп-өніп, жер тарылған кезде көшуді тастап, отырықшылыққа айналған болса, онда жұрттың көшпелі иә отырықшы болуының себебі жердің кең, тарынан болғаны ғой.
Оралым әман бір түсті болып келе бермейді. Әр түстісі араласып та айтылады.
Өлеңді сөйлемдер
Атам заманнан бері адам баласының сөзі, асылында екі түрлі орынға жұмсалған: 1) Күн көріс ісіне. 2) Көңіл көтеріс ісіне. Бастапқысына қара сөз деп, соңғысына өлең деп қазақ ат қойған. Өлеңнің өзі де қазақта екі түрлі болған: бірі әнді болған, екіншісі мәнді болған, әнді өлеңнің сөзінен де әніне көбірек құлақ салған. Сондықтан әнді өлеңді айтушы әнінің ажарлы болу жағына тырысып, сөздің ажарлы болу жағына онша ыждаһат қылмаған. Ал мәнді өлеңде жұрттың құлақ салатыны ән емес, сөз болған соң, айтушы сөздің ажарлы және мағыналы болу жағына көп тырысқан. Сол себепті әнді өлеңнің сөзінен мәнді өлеңнің сөзі ажарлырақ, мағыналырақ болған. Әні басым, мәні кем, ажары аз өлеңге қара өлең деп ат қойып, әні кем, мәні мол өлеңге жыр деп ат қойған. Бұрынғы заманда қара өлең мен жыр екеуінің арасында ажар және мағына жағынан қандай бөлектік болғаны «Жар-жар» мен «Беташар» өлендерінен көрініп тұр.
ЖАР-ЖАР
Бір толарсақ, бір тобық санда болар, жар-жар!
Қырық кісінің ақылы ханда болар, жар-жар!
Әкем-ай деп жылама, байғұс қыздар, жар-жар!
Әкең үшін қайын атаң онда болар, жар-жар!
Жазғытұрғы ақша қар жаумақ қайда, жар-жар?
Құлын-тайдай айқасқан оң жақ қайда, жар-жар!
Азар жақсы болса да қайын атамыз, жар-жар!
Айналайын әкемдей болмақ қайда, жар-жар!
Бір толарсақ, бір тобық санда болар, жар-жар!
Қырық кісінің ақылы ханда болар, жар-жар!
Шешем-ай деп жылама, байғұс қыздар, жар-жар!
Шешең үшін қайын енең онда болар, жар-жар!
Құлын-тайдай айқасқан оң жақ қайда, жар-жар!
Азар жақсы болса да қайын енеміз, жар-жар!
Айналайын әжемдей болмақ қайда, жар-жар!
БЕТАШАР
Айт келін, айт келін!
Атың басын тарт, келін!
Жұмыртқадан ақ, келін!
Келін-келін, келіншек,
Кер биенің құлыншақ!
Алдыңғы түйең итіншек,
Артқы түйең тартыншақ.
Итіншек деп түйеңді
Басқа ұрма, келіншек!
Тартыншақ деп түйеңді
Көтке ұрма, келіншек!
Қайын атаңның алдында,
Қақаңдама, келіншек!
Үйге түскен түйені
Бақандама, келіншек!
Қаптың аузы бос тұр деп
Құрт ұрлама, келіншек!
Өзің жатып байыңа
«Тұр,тұрлама», келіншек!
Кей келіншек еріншек,
Еріншек болма, келіншек!
Кей келіншек көңілшек,
Көңілшек болма, келіншек!
............................................
«Жар-жарға» қарасақ, оның ішінде ән үшін болмаса, мән үшін керек емес сөздер толып жатыр. Мәселен, бір толарсақ, бір тобық санда болар, жар-жар! деу сияқты сөздер және сол сөздер қайта-қайта айтылады, қысқасы, сөзі көп. «Беташарда» ондай артық сөздер аз. Мұнда бір сөз қайта айтылса, орнымен, келісті түрде айтылған. «Жар-жардан» гөрі... «Беташар» мағыналы, маңызды да. «Беташар» қасында «Жар-жардың» мағынасы сұйық көрініп тұр.
СӨЗДІҢ ӨЛЕҢ БОЛАТЫН МӘНІСІ
Жоғарыда айттық: өлең асылында көңіл көтеріс ісіне жұмсалатын сөз түрі деп. Адам көңіл көтеру үшін ойнайды, билейді, күреседі, жарысады. Өлең де бұрын сол ойын, би, күрес, жарыс сияқты көңіл көтеретін нәрсе болған. Өлеңнің көңіл көтеріп, қоштандыратын қасиеті әдемілігінде. Нәрсенің әдемі көрінетіндігі – ұнасымымен. Өлеңді де әдемі көрсететін сол ұнасымы.
Өлеңнің ұнасымы неден болады? Азырақ жауап беріп өту керек.
Өлең ғана емес нәрсенің көбі-ақ жарастығымен ұнамды көрінеді. Нәрсенің көбі-ақ негізінде бірдейлігімен, реттілігімен жарасып, ұнамды болады. Екі құлақ, екі көз – сол сияқты дененің қос мүшелері – екеуі бірдей болса, жарасып ұнамды көрінеді. Қоралы қойдай шоғырланып, бет-бетімен жүрген солдаттан, сап түзеп қатар тұрған жарасып, көзге ұнамдырақ көрінеді. Сап түзеп қатар тұрған солдаттардың әрқайсысы әр түрлі киінгенінен бәрі бір түрлі киінгені әдемі көрінеді, сап түзеген солдаттардың жүргенде аяқтарын бірі ерте, бірі кеш, әрқайсысы өз бетімен бірдей баспағанынан бәрі аяқты бірдей алып, бірдей басқаны әдемірек көрініп, көңілге көбірек ұнайды. Жамыраған қойдың маңырағаны сияқты, көп адамның шулап, бет-бетімен шулағанынан бірдей үнмен бірге бастап, бірге шырқап, бірдей қайырып, бірге қосылып ән салуы ұнамдырақ болады. Сондай-ақ, сөздің өлең болып көңілге ұнап реттіліктен туатын қасиет, сөзді айтқан кезде, сағаттың шық-шық жүргені сияқты, тамырдың бүлк-бүлк соққаны сияқты, дауыстың бір түрлі ырғақ-ырғағы болады. Сағат шық-шық еткенінің, тамыр бүлк-бүлк соққанының арасы да қандай бірдей болса, сөйлегендегі дауыс ырғақ-ырғағының арасы да сондай бірдей болады. Сүйтіп, дауыс ырғақ-ырғағы сөзді бірдей-бірдей буынға бөледі, сондықтан сөз табиғи негізінде қамыс сияқты бунақ-бунақ буыны бар нәрсе болып шығады. Және де сөздің буындары бір қалыпқа құйып шығарған кірпіш сияқты бірдей деп білуіміз керек. Сөйлем сөзден құралатын нәрсе болғандықтан, сөз ішіндегі буындар, ырғақтар сөзбен бірге түгелімен сөйлемге кіреді. Өлең сөйлемдерінде сөз ырғақтарының үстіне өлең ырғақтары қосылады. Өлең ырғағы жорға жүрісінің тайпалуы, теңселуі сияқты екінші өңді ырғақ болады. Бұл ырғақ сөйлемдердің ішіндегі буын санының бірдейлігімен, кестелерінің реттілігімен, сөздерінің әуездес ұқсастығымен келетін ырғақ. Буын ырғағынан өлең ырғағын айыру үшін, бұл ырғақты жорғақ деп атаймыз. Өлеңнің жорғағы тіл табиғатына қарай түрлі жолмен келеді. Сөзден өлең жасап шығару жағынан тіл үшке бөлінеді:
Дауысты дыбыстарында ұзын-қысқалық бар тілдер.
Екпін буыны бірыңғай келетін тілдер.
Екпін буыны бірыңғай келмейтін тілдер.
1-ші түрде тілдерде мәселен, араб, латын, ионан сияқты ескі жұрттардың тілдерінде дауысты дыбыстардың кейбіреулері созылып, ұзын айтылады. Ондай дыбыстар қалыпты дауысты дыбыстардың екеуіне бара-бар болады. Мұндай тілдерде өлең жоғарғы созымды дыбысы бар сөздермен, созымсыз дыбысы бар сөздерді реттеп, орналастырумен келеді. 2-ші түрдегі тілдерде екпін буыны сөздің бәрінде бірыңғай бір орыннан табылады. Мәселен, француз, чех тілдерінде екпін буыны аяғында келеді. 1-ші түрдегі тілдерде, мәселен, орыс тілінде екпін буыны бір сөздің басында келсе, екінші сөздің ортасында, үшінші сөздің аяғында келеді: қатта бір сөздің өзінде де әман бір жерде тұрмай, әр жерге көшкілеп жүреді. Мұндай тілдерде өлең жоғарғы екпінді буын мен екпінсіз буындарды реттеп орналастырумен келеді. Қазақ тілінде екпін буыны сөздің иә аяғында келеді, иә аяғына таяу буын болып келеді. Екпін буыны аяғында келетін сөздерімен қазақ тілі француз тіліне ұқсас, екпін буыны аяққа таяу келетін сөздерімен поляк тіліне ұқсас. Солай болған соң француз иә поляк тіліндегі сөздерден өлең жасап шығаратын табиғи жол біздің қазақ тілінің де табиғи жолы болып шығады. Олай болса, біздің қазақ тілінде өлең шығарудың да негізінің шарты – буын санын бірдей орнына келтірумен орындалады. Бұл негіздің шарты орнына келмесе, өлеңнің жорғағы келмейді. Жорғағы келмегенде жорға деуге болмаған сияқты, жорғағы келмеген өлеңді өлең деуге болмайды49.
ӨЛЕҢ ШЫҒАРУ
Өлең шығару өнерін білу үшін, өлеңнің түр-тұрпатымен танысу керек. Өлең кестесі айшық деп аталады. Айшық түрлі-түрлі болады. Мәселен, бір өлеңнің айшығы былай келеді:
Қалтылдақ қайық мініп еспесі жоқ,
Теңізде жүрміз қалқып, кешпесі жоқ.
Жел соқса, құйын соқса жылжи беру,
Болғандай табан тірек еш нәрсе жоқ.
Бұл күйге бүгін емес көптен кірдік,
Алды-артын байқамаған бетпен кірдік.
Шығармай бір жеңнен қол, бір жерден сөз
Алалық алты бақан дертпен кірдік.
Екінші өлеңнің айшығы былай келеді:
Сәуірде көтерілер рақымет туы,
Көрінер көк жүзінде қаз бен қуы.
Көктен жаңбыр, жерлерден сулар ағып,
Жайылар жер жүзіне қардың суы.
Ұшпақтың бір сәулесі жерге түсіп,
Өстірер жерден шөпті нұрдың буы.
................................................................
................................................................
................................................................
................................................................
Үшінші өлеңнің айшығы былай келеді:
Бұлттар басып жасырған,
Жаңа түсіп басылған
Таң шапағы сөніп тұр.
Жаңаланған өмірден
Жаңа шығып көрінген
Гүл қамауда семіп тұр.
(Маса)
.....................................................
.....................................................
Төртінші өлеңнің айшығы былай келеді:
Алыстан сермеп,
Жүректен тербеп,
Шымырлап бойға жайылған.
Қиуадан шауып,
Қисынын тауып,
Тағына жетіп қайырған.
Толғауы тоқсан қызыл тіл,
Сөйлеймін десең, өзің біл.
(Абай)
.....................................................
.....................................................
Бесінші өлеңнің айшығы былай келеді:
Дем таба алмай,
От-жалындай
Толды қайғы кеудеге.
Сырласа алмай,
Сөз аша алмай
Бендеге
(Абай)
.....................................................
.....................................................
.....................................................
.....................................................
.....................................................
.....................................................
Алтыншы өлеңнің айшығы былай келеді:
Сап-сары бел,
Еседі жел,
Еседі.
Еседі жел,
Көшеді ел,
Көшеді.
(Мағжан)
.....................................................
Тағын тағы айшық түрлері толып жатыр.
Айшықтың әрбір тақтасы шумақ деп аталады. Жұрттың бір ауыз өлең дейтіні шумақ болады, әр шумақта бірнеше тармақ болады. Тармақ дегеніміз өлеңнің әрбір жолы. Тармақ ішінде бірнеше бунақ болады. Бунақ дегеніміз өлеңді айтқанда сезілетін дауыс толқынының соқпа-соқпасының арасы.
Мысалдар: 1. // Мен келдім // Мырзалының // ордасына, //
//Сөз айттым //қасындағы // молдасына. //
// Әркімдер // жүйрік қазақ // дегенменен, //
// Көңілім // тоқтамады // бармасыма. //
2. // Білімдіден // шыққан сөз //
// Талаптыға // болсын кез. //
//Түрін, сырын // көруге //
// Көкірегінде // болсын көз. //
(Абай) 3. // Ашуын буған // бассын деп, //
// Жерімді саған // тастадым. //
// Олжа қылып // жатсын деп, //
// Елімді саған // тастадым. //
(Кенесары-Наурызбай)
4. // Бойы бұлғаң, //
// Сөзі жылмаң //
// Кімді көрсем, //мен содан //
// Бетті бастым, //
//Қатты састым, //
// Тұра қаштым //жалма-жан. //
(Абай)
Осы келтірген мысалдардағы қос сызықтың арасы бунақ болады.
Бунақ ішінде бірнеше буын болады. Бунақ буыны болатын кәдімгі сөз буыны, мәселен, әлгі алынган мысалдардың аяғындағы «Тұра қаштым жалма-жан» деген екі бунақтың алдыңғысында төрт буын, соңғысында үш буын бар. Бунақ араларында қос сызық тұрған жерге келетін дауыс толқынының жіктері кезек деп аталады. Өлең шумағы бір өлеңде біреу болуға да, бірнеше болуға да ықтимал. Бір өлеңнің шумағы көбінесе бірдей болады. Бір шумақтағы тармақтың азы екеу, көбі онға шейін барады. Тармақ бір шумақта бір түрлі болуға да, әртүрлі болуға да ықтимал. Бірақ әртүрлі болғанда кесте ретін жоғалтпайтын төртібі болуға тиіс. Бір бунақтың азы біреу, көбі төртеуден аспайды. Бір шумақтың ішіндегі бунақтар бірыңғай орналасу керек. Мәселен, үш буынды бунақ қалыптас тармақтың бірінің басында келсе, өзгелерінің де солай басында келуі тиіс.
Бір бунақтағы буынның азы екеу, көбі төртеу болады.
Бір тармақтың ішінде кезек болуға да, болмауға да ықтимал болған халде иә біреу, иә екеу, иә үшеу, онан артық болмайды. Осылардың бәрін дұрыстап орнына келтіріп, оның үстіне және де тармақтардың аяғын ұйқастырса, сөйлемдер өлең болып шығады. Жоғарғы айтылған шарттардың бәрі өлеңде қалай орындалатындығын түсінуге әрқайсысына мысал келтіріп қарайық.
1. ӨЛЕҢ АЙШЫҚТАРЫ
1. Жалғыз шумақты өлең
Әманда болар солай әм болар да,
Жаралған солай етіп бұ жалғанда.
Ғалымдар толып жатыр, ақылды аз,
Таныс көп, аз табылар дос адамға.
(Пушкиннен) 2. Екі шумақты айшық
Бота көз, сиқырлы сөз, Гүлсім ханым,
Әр жерде өткізсең де өмір таңын.
Кей уақыт көзіңізге көзім түссе,
Ойнайды аласұрып неге жаным?!
* * *
Бота көз, сиқырлы сөз, ханым Гүлсім,
Көктегі күн күлмесін, Гүлсім күлсін.
Гүлсім – күн, көкте ақырын жүзе беред,
Сүйдіріп-күйдіргенін қайдан білсін?
(Мағжан)
3. Үш шумақты айшық
Қараңғылық қоюланып келеді,
Пеш ішінде шоқ ақырын сөнеді.
Күлімсіреп жанындағы жас бала,
Қызық көріп сөнген шоқты үреді.
* * *
Шоқ үстінен кішкене үшқын ұшты да,
Біразырақ шоқ қызара түсті де
Дереу сөніп, тезірек күлге айналды,
Астындағы ыстық күлді құшты да.
* * *
Пеш ішінде шоқ ақырын сөнеді,
Сөнген шоқты күліп бала үреді.
Ой басты ма, әлде көзім талды ма,
Мөлт-мөлт етіп көзіме жас келеді.
(Мағжан)
4) Төрт шумақты айшық
Адамдық диқаншысы қырға шықтым,
Көгі жоқ, көгалы жоқ құрға шықтым.
Тұқымын адамдықтың шаштым, ектім,
Көңілін көгертуге құл халықтың.
* * *
Қор болған босқа кетіп еңбек, бейнет,
Құлдарға құлдықтан жоқ артық зейнет.
Оттай бер, жануарым екі аяқты!
Адамдық хайуанға қанша қажет
* * *
Жаратқан малды Құдай не керекке,
Мінуге, сою, соғу, жүндемекке.
Жорта бер қамыт киіп, қамшыңды жеп,
Бұйрық жоқ ұрасың деп үндемекке.
* * *
Таяққа еті үйренген, қойшы жайлап,
Көк есек қозғала ма, түрткенге айдап.
Есептен алданғанды болғандар көп,
Жасықты асыл ма, деп білмей қайрап.
(Маса)
Мұнан әрі бес шумақты, он шумақты, жүз шумақты, онан да көп шумақты болуы ықтимал. Мәселен, «Зарқүм» сияқты қиссалар, тең шумақты өлеңдер: Абайдың «Сегіз аяғы» және «Көлеңке басын ұзартып» деген, «Масадағы» «Бақ» және «Надсоннан» деген, Мағжанның «Мен жастарға сенемін!» және «Күншығыс» деген өлеңдері секілділер болады. Бұл сияқты өлеңдер жеке шумақты өлеңдердің де табына жатады. Тұтас шумақты өлеңдер деп «Масадағы» «Ақын ініме», «Жауға түскеннің сөзі» деген, Абайдың «Мәз болады болысың» жөне «Антпенен тарқайды» деген өлеңдеріндегі секілді өлең шумақтары. Мағжанның «Жаралы жан» деген сөзі сияқты өлеңдер – ала шумақты өлең болады.
2. ШУМАҚ ТҮРЛЕРІ
1. Екі тармақты шумақ
Қайрат еркін замандарың!
Тарлықта жоқ амалдарың.
* * *
Еркін дала, еркің қайда,
Еркіндегі көркің қайда?
* * *
Нулы-нулы жерің қайда?
Сулы-сулы көлің қайда?
Еркін көшкен елің қайда?
Ел қорғаны ерің қайда?
(Маса)
2. Төрт тармақты шумақ «Жар-жар» және онан басқа ескі өлеңдердің көбі-ақ төрт тармақты болады. Бұған мысал келтірудің қажеті жоқ.
3.Алты тармақты шумақ
Күніңмен алтын қуанбай,
Гүліңмен жібек жұбанбай,
Жеттің де тез, өттің, жаз.
Ағаш, шөптер қураған,
Айдын да құрып, суалған,
Қаңқылдар қайда, қоңыр қаз.
(Мағжан)
Бұлттар басын жасырған,
Жаңа түсіп басылған,
Таң шапағы сөніп тұр.
Жаңаланған өмірден
Жаңа шығып көрінген,
Гүл қамауда семіп тұр.
(Маса)
4. Жеті тармақты шумақ
Тұрмысың жырақ,
Аман ба, шырақ!
Күйзеліпсің көбірек,
Миллет үшін бегірек.
Әманда сақтан!
Сақтамақ хақтан.
Қоршаған дұшпан төңірек.
* * *
Миллетке қызмет,
Жұмлаңа міндет,
«Ұйқыңды аш!» дер едік,
«Надандықтан қаш!» дер едік.
Болмайды үндеп,
Дұшпан тұр күндеп,
Бізде бұл індет.
(Басықараұлы Жүсіпбек)
5. Сегіз тармақты шумақ
Алыстан сермеп,
Жүректен тербеп,
Шымырлап бойға жайылған.
Қиуадан шауып,
Қисынын тауып,
Тағыны жетіп қайырған.
Толғауы тоқсан қызыл тіл,
Сөйлеймін десең өзің біл!
(Абай) «Масада» «Жиған-терген», «Жауап хаттан», Мағжан өлеңдерінде «Гүлсімге», «От» сегіз тармақпен жазылған. 6. Он тармақты шумақ
Жабылған көз жасымен жердің бетін,
Өткізіп тым өлшеусіз үкіметін,
Жауыздық жалғандықпен қаптағанда,
Адал жол, ақ ниетті арам жеңіп,
Жазықсыз жанды қинап, қанды төгіп,
Бұзықтық түзіктікті таптағанға,
Қиналып кім болсаң да, талыққандар!
Түңіліп, үміт үзіп жабықпаңдар!
Қайтадан жақындық кеп, қастық қашып,
Жарқырап жақсылыққа атар таң бар.
(Маса)
Дұрыс шумақтардың тармақтары осы жоғарыда айтылған өлеңдердегідей боларға тиіс. Бірақ өлендердің көбі-ақ дұрыс шумақталмай, тармақтар көбінесе сапырылыс болып келеді.
3. ТАРМАҚ ТҰЛҒАЛАРЫ
Жалғыз бунақты тармақ
Сап-сары бел,
Еседі жел,
Еседі.
Еседі жел,
Көшеді ел,
Көшеді.
(Мағжан)
Екі бунақты тармақ
Мінсіз таза меруерт.
Су түбінде жатады.
Мінсіз таза асыл сөз.
Ой түбінде жатады.
Су түбінде жатқан зат.
Жел толқытса шығады.
Ой түбінде жатқан сөз
Шер толқытса шығады.
(Маса) Қазақтың жыр деп ат қойған ескі өлендерінің көбі-ақ екі бунақты тармақ болады.
Үш бунақты тармақ
Балалар // оқуға бар, // жатпа қарап //
Жуынып // киініңдер, // шапшаңырақ. //
Шақырды // әтеш // мана әлдеқашан, //
Қарап тұр // терезеден // күн // жылтырап,
(Маса)
Қазақтың қара өлең деп атаған ескі өлеңдерінің бәрінде де үш бунақты тармақ болады.
Төрт бунақты тармақ
Бір толарсақ, // бір тобық // санда болар, // жар-жар! //
Қырық кісінің // ақылы // ханда болар, // жар-жар! //
Әкем-ай! // деп жылама, // байғұс қыздар, // жар-жар! //
Әке орнына // қайын атаң // онда болар, // жар-жар! //
Жазғытұрғы // ақша қар // жаумақ қайда, // жар-жар! //
Құлын-тайдай // ойнаған // оң жақ қайда, // жар-жар! //
Қанша жақсы // болса да // қайын атамыз, // жар-жар! //
Айналайын // әкемдей // болмақ қайда, // жар-жар! /
4. БУНАҚ БУЫНДАРЫ
Жалғыз буынды бунақ өлеңде болмайды. Буын саны бунақта екіден кем болмайды. Жоғарыда келтірген «Жар-жар» өлеңінде бунақтың екі буындысы да, үш буындысы, төрт буындысы да бар: «Бір толарсақ» бунағы – 4 буынды, «бір тобық» бунағы – 3 буынды. «Санда болар» бунағы – 4 буынды, «жар-жар» – 2 буынды. Қазақ тіліндегі жырдан басқа өлеңде көбінесе бунақтың екі-ақ түрі жұмсалады: 1) Үш буынды бунақ. 2) Төрт буынды бунақ. Екі буынды бунақ жар-жар түрімен жазылған өлеңдерде болмаса яки Мағжанның «Біраз Фетше» деген өлеңі сияқты сөздерде болмаса, тіпті аз жұмсалады. Сондықтан төменде айтылатын сөздер бунақтың жоғарыда айтылған екі түрі туралы ғана баяндама болады.
5. ӨЛЕҢ АҒЫНДАРЫ
Өлең түріне қарай әр бунақтың шумақ ішінде таңдамалы да, талғамалы да орны бар. Таңдамалы орны берілмесе, өлең өлең болмай шығады. Талғамалы орнына назар салынбаса, өлең жорғағынан жаңылады. Бунақтың таңдамалы тармағы аяғында болады, талғамалы орны тармақтың басы мен ортасында болады. Тармақтың аяғында ылғи үш буынды бунақ келіп отырарға керек иә ылғи төрт буынды бунақ болып отырарға керек.
Мысал: 1. Үш буын аяғында болғандағы өлең кестесі.
4 4 3
Кеудеде от || іште жалын || көзде жас,
4 4 3
Күні-түні қайғы жұтқан || сорлы бас.
4 4 3
Сабан төсек || тым қараңғы || жатағы
4 4 3
Наны қара, || шайы қара || қарны аш.
(Мағжан)
ХХХХ || ХХХХ || ХХХ
ХХХХ || ХХХХ || ХХХ
ХХХХ || ХХХХ || ХХХ
ХХХХ || ХХХХ || ХХХ
2. Төрт буын аяғындағы өлең кестесі.
3 4 4
Таласқан || аспанменен || көкпеңбек тас
3 4 4
Қарасаң || төбесіне || айналар бас
3 4 4
Жасаған || мейірімі кең || қадыр тәңірі
3 4 4
Шығарған || сол тауынан || алтын алмас.
(Мағжан)
ХХХ || ХХХХ || ХХХХ
ХХХ || ХХХХ || ХХХХ
ХХХ || ХХХХ || ХХХХ
ХХХ || ХХХХ || ХХХХ
Осы сияқты өлеңдердің бірін оқып, кешікпей біріне түскенде дауыс ағыны өзгеретіні оңай сезіледі. Екі түріне өлең алып оқып қарайық: 1) Сар дала бейне өлік сұлап жатқан
Кебіндей ақ селеулер басын жапқан.
Тау да жоқ, орман да жоқ, өзен де жоқ,
Сәуле емес, қан шашып тұр күні батқан.
.......................................................................
2. Жаралы бір жан жатыр құба жонда,
Бір қисық жалғыз аяқ сүрлеу жолда.
Бернесі, нұры кеткен көзіменен
Қарайды бишара жан оңға-солға.
...........................................................
3. Күнбатысты қараңғылық қаптаған,
Күні батып, жаңа таңы атпаған.
Түнеріп жүр күннен туған перілер,
Тәңірісін табанында таптаған.
..................................................................
4. Күнбатысты қараңғылық қаптаған,
Көгінде жоқ жалғыз жұлдыз батпаған.
Түн баласы тәңірісін өлтіріп,
Табынатын басқа тәңірі таппаған.
...................................................................
(Мағжан) Бұл өлеңдерді айтпай тұрып, әр шумағындағы тармақтарының бунақтарын санағанда, бастапқы екі шумақ өлең мен соңғы екі шумақ өлең екеуінің арасында еш айырмасы жоқ сияқты көрінеді: бунақ саны да, буын саны да бірдей, бірақ оқи бастағанда, оқи келе бірінен біріне түскенде дауыс ағыны өзгеріп, екеуі бірдей болмай шығады. Егер де әнмен айтып қарасақ, екеуін бір әнмен айтуға болмайды. Екеуіне екі түрлі ән болады. Мұнда екі түрі өз алдына бөлек-бөлек шумақтар да тұр, сондықтан екі түрін өз алдына екі түрлі ырғақпен өлең қылып айтуға болып тұр. Екі түрі бір шумақта келсе, онда тіпті өлең болмай шығады. Мәселен, мына түрде біреу өлең жаздым деген болса:
3 4 4
Бір қазақ || қала шықты || мата ала,
4 4 3
Тиеп ап || тері-терсек || бір шана.
3 4 4
Ұрлатып || жүгін жолда || жұрдай болып
4 4 3
Қайтты байғұс || түк алмай || құр ғана.
XXX || ХХХХ || ХХХХ
ХХХХ || ХХХХ || XXX
XXX || ХХХХ || ХХХХ
ХХХХ || ХХХХ || XXX
Мұнда тармақтардың аяқтары ұйқасқан, бунақтарды бірдей, жалғыз-ақ өлең жорғағы келмей тұр. Жорғағы келмеген соң өлең болмай тұр. Тармақтары бірдей, тармақ ішіндегі бунақтары бірдей, аяқтары ұйқас келген сөздің бәрі өлең бола берсе, бұ да өлең болар еді. Нешік, бұл өлең бола алмайды. Мұнда жорғақ жүріс сияқты дауысты бір қалыппен тербетіп, келісті көрсететін өлең жорғағы жоқ, өлеңнің басқа сөздерден айырылатын негіздік қасиеті жорғағы онан айрылса, өлең бола алмайды. Жорғағы жоқ болған соң, бұл сөздер өлең болып шыға алмай тұр. Мұның жорғағын келтірмей тұрған не нәрсе? Бұған кесел болып бунақтың орын таңдағандығы яғни бунақтарды табиғи тілеген орнына қойылмағандық. Бунақтар тармақтардың аяғында бірыңғай келмей, бірінде үш буынды бунақ келсе, бірінде төрт буынды бунақ келіп тұр. Оны өлең табиғаты көтермейді. Не үшін көтермейтіндігі жоғарыда айтылды. Егерде сол тармақтардың мағына жағын өзгертпей, бунақ-тарын бірыңғай келтіру үшін азырақ сөздерін өзгертіп, төмендегі түрде айтсақ, жорғағы түзеліп, өлең болып шығады:
3 4 4
Бір қазақ || қала шықты || мата ала
3 4 4
Тиеп ап || тері-терсек || жегіп шана,
3 4 4
Ұрлатып || жолда жүгін || жұрдай болып,
3 4 4
Үйіне || қайтты байғұс || құрқол ғана.
XXX || ХХХХ || ХХХХ
ХХХ || ХХХХ || XXXХ
XXX || ХХХХ || ХХХХ
ХХХ || ХХХХ || XXXХ
Мұнда анау айтылғандай емес, дауыс ағыны бір қалыпта болып тұр. Оны олай етіп тұрған бунақтар бірыңғай келгендігі, тармақтардың аяғында өңшең төрт буынды бунақтар бірыңғай келіп тұр.
Бунақтар орын таңдайды дегеніміз осы болады.
Енді бунақтар орын талғайды дегенді баяндайық. Бунақтардың талғайтын орындары тармақтардың басында және ортасында болады. Шумақ ішінде бунақтар тармақтардың басында иә ортасында бірыңғай болып келу тиіс. Мәселен, бір тармақтың басында үш буынды бунақ келсе, басқа тармақтарда да солай келу тиіс. Әйтпесе өлең өлеңдігінен айрылмағанмен жорғағынан жаңылады, айтуға ауырлық келтіреді. Бұл кемшіліктен қазақ ақындарының көбінің-ақ сөзі аман емес. Әсіресе, Абай өлеңдерінде көбірек ұшырайды. Мұндай кемшілігі бар өлеңдерді де сол күйінде өзгертпей әнге қосуға болмайды. Бірақ бұл жоғарыда таңдау орын туралы айтылғандай, түзеуге келмейтін кемшілік емес, көбінесе түзетуге келетін оңай кемшілік. Тармақтардың басында өңшең үш буынды бунақ келетін өлеңдерді де, төрт буынды бунақ келетін өлеңдерді де, бас бунақтары бірыңғай келмейтін өлеңдерді де мысалға алып, жай айтып та, әнмен де қарасақ араларында қандай басқалық бар екенін байқау қиын болмайды.
Бас бунағы үш буынды өлең
3 4 4
Ызыңдап || ұшқан мынау || біздің маса,
3 4 4
Сап-сары || аяқтары || ұзын маса,
3 4 4
Өзіне || біткен түсі || өзгерілмес
3 4 4
Дегенмен || қара яки || қызыл маса.
3 4 4
Үстінде || ұйықтағанның || айнала ұшып,
3 4 4
Қаққы жеп || қанаттары || бұзылғанша
3 4 4
Ұйқысын || аз да болса || бөлмес пе екен?!
3 4 4
Қоймастан || құлағына || ызыңдаса.
(Маса)
Бас бунағы төрт буынды өлең
4 3 4
Зор қуаныш || қара түн || өткеніне,
4 3 4
Алтын таңдай || ашық күн || жеткеніне,
4 3 4
Қан аралас || төгілген || көп көз жасы,
4 4 4
Тәңірі қабыл || мейрім қып || өткеніне.
4 4 4
Ерік құсы || қайта ұшып || келгеніне,
4 3 4
Душар болмай || дұшпанның || мергеніне,
4 3 4
Қайта шықты || батқан күн || нұр шашылды,
4 3 4
Мың шүкірлік || тәңірінің || бергеніне.
(Мағжан)
Бас бунағы бірыңғай емес өлең
4 3 4
Өлең сөздің || патшасы, || сөз сарасы
3 4 4
Қиыннан қиыстырар ер данасы
4 3 4
Тілге жеңіл || жүрекке || жылы тиіп,
3 4 4
Теп-тегіс || жұмыр келсін || айналасы.
4 3 4
Бөтен сөзбен || былғанса сөз арасы
4 3 4
Ол ақынның || білімсіз || бишарасы.
4 3 4
Айтушы мен || тыңдаушы || көбі надан
3 4 4
Бұл жұрттың || сөз танымас || бір парасы.
......................................................................
(Абай)
Осы үш өлеңде дауыс ағыны үш түрлі.
1-ші өлеңде дауыс ағыны басынан аяғына шейін бірдей. Мұны 1-ші ағынды өлең дейміз. 2-ші өлеңнің дауыс ағыны 1-ші өлеңдегіден басқа, бірақ оның да басынан бастап аяғына шейін дауыс ағыны бірдей. Мұны 2-ші ағынды өлең дейміз. 3-ші өлеңде белгілі бір ағын жоқ, бір тармағында бір түрлі ағын болса, екінші тармағында екінші ағын. Бірінші шумағының бірінші және үшінші тармақтарында 2-ші ағын, 2-ші және төртінші тармақтарында 1-ші ағын, екінші шумағының бірінші, екінші, үшінші тармақтарында 2-ші ағын, төртінші тармағында 1-ші ағын. Сүйтіп, 2-ші өлеңдегі ағынды өз алдына басқа үшінші ағынды өлең деуге болмайды. Бұл бірінші және екінші өлеңдерден ағынымен айрылып тұр. Егер де екі түрлі ағынды араластырмай, бір-ақ түрлі ағынды еткіміз келсе, меселен, әнге қосамыз десек, мұндай өлеңдердің бунақтарының орнын алмастырып, иә 1-ші ағынға яки 2-ші ағынға түсіреміз.
1-ші ағынға түсіргенде:
3 4 4
Патшасы || өлең сөздің || сөз сарасы,
3 4 4
Қиыннан || қиыстырар || ер дана
3 4 4
Жүрекке || тілге жеңіл || жылы тиіп,
3 4 4
Теп-тегіс || жұмыр келсін || айналасы.
3 4 4
Былғанса || бөтен сөзбен || сөз арасы,
3 4 4
Білімсіз || ол ақынның || бишарасы.
3 4 4
Тыңдаушы || айтушы мен || көбі надан,
3 4 4
Бұл жұрттың || сөз танымас || бір парасы.
(Бас бунақ үш буынды, басқалары төрт буынды)
2-ші ағынға түсіргенде
4 3 4
Өлең сөздің || патшасы || сөз сарасы,
4 3 4
Қиыстырар || қиыннан || ер данасы.
4 3 4
Тілге жеңіл || жүрекке || жылы тиіп
4 3 4
Жұмыр келсін || теп-тегіс || айналасы.
4 3 4
Бөтен сөзбен || былғанса || сөз арасы,
4 3 4
Ол ақынның || білімсіз || бишарасы.
4 3 4
Айтушы мен || тыңдаушы || көбі надан,
4 3 4
Сөз танымас || бұл жұрттың || бір парасы.
(Мұнда ортадағы бунақ ылғи үш буынды).
Абайдың бұл өлеңін 1-ші ағыннан гөрі 2-ші ағынға түсіргенде сөздерінің ыңғайы жақсы келеді. Бұл 1-ші, 2-ші ағыннан басқа, 11 буынды өлеңдерде 3-ші ағын болады. Оны қазақ өлеңшілері түрікпен ағыны деп атайды. Не үшін олай атайтындығының себебі белгісіз. 3-ші ағынды өлеңдердің аяқ бунақтары ылғи үш буынды болып, басқалары төрт буынды болып келеді.
М ы с а л:
4 4 3
Қыздыр дейсің || топ жиынды, || жан дейсің,
4 4 3
Қыздыратын || жасты қайдан || ал дейсің.
4 4 3
Өмірімнің || таңын қосып || кешіне,
4 4 3
Бер қайтадан || өткен күннің || әммесін.
4 4 3
Бере алмасаң || кең салалық || бейілді,
4 4 3
Жас қызығын || көрсін жастар || кейінгі.
4 4 3
Тәтті өмірмен || нәпсі көңілін || ауладық,
4 4 3
Қалғанымен || алдантайық || зейінді.
(Маса)
Жоғарыда баяндалған екі буынды, үш буынды, төрт буынды бунақтардан басқа ескі жырларда, «Кенесары-Наурызбайды» шығарған Нысанбай жыраудың сөзінде, «Ер Тарғында» бес буынды бунақтар да келеді. Бірақ ондай буындар тармақтың белгілі бір мүшесі сияқты әман келіп отырмай, бірде болса, бірде жоқ, тәртіпсіз, кез келген түрде болғандықтан оларды тармақтың тұрлаулы мүшесіне санауға болмайды. Олардың ескі жырларда келетін себебі ескі жырлардың көбінде тап-тұйнақтай таза өлшеу жоқ. Солай болған соң, жорғағы да дұрыс келмей, айтуға ауыр соғып отырады. Жырлар кесте кескіні жағынан қарағанда, нағыз өлең сөйлемдер мен жай сөйлемдердің аралығындағы, жорға мен жортақтың арасындағы жүріс сияқты, сөйлемнің дүрегей күлдібадам түрі. Сондықтан бес буынды бунағы бар өлең деп санауға болмайды.
Бес буынды бунақтар келетін жырлардан мысал алып қарайық:
5
1.Ау, хан ием || хан ием!
4
Айды бұлт || құрсайды;
5
Ай түнерге || ұқсайды.
4
Күнді бұлт || құрсайды;
4
Күн жауарға || ұқсайды.
4
Көгілдірін || ерітіп,
5
Көлдегі қулар || шулайды.
4
Көп ішінде || бір жалғыз
4
Көп мұңайып || жылайды,
5
Күйбеңдескен || көп жаман
5
Сөзі тигенге || ұқсайды
(Ескі жыр)
4
2.Мен күңірентсем || оңалтпан,
5
Атамның атын || жоғалтпан.
4
Бес түлеген || бөрімін,
4
Белге соқсаң || жығылған
5
Кенеулі қара || бұлтпын,
4
Қапы жаумай || ашылман.
5
Бурылша аттай || мықтымын,
5
Бұғалық салсаң || тоқтаман.
5
Ұсталар соққан || болатпын
5
Үстіме дұшпан || жолатпан.
(Орақұлы Әлібек)
4
3.Не себептен || хан Кене
5
Қырғызға мұнша || өшікті?
4
Ақ қалпақты || қырғыздан
5
Қазаққа берді || несіпті.
5
Ат мініп, қару || асынған,
4
Бізді аяма || кесіпті
4
Есіркесең || болмай ма?
5
Жолыңда жатқан || бесікті.
(Нысанбай жырау)
4
4.Ақжүністей || жолдасым!
5
Әйел де болсаң || мұңдасым!
4
Қолаң шашты || қой көзді
4
Аш арыстан || жүректі
5
Палуан жолбарыс || білекті
5
Жігіттің мәрті || мен едім
5
Құдіреті күшті || Құдайым,
5
Сындырмағай || белімді,
5
Тарылтпағай || жерімді.
(Ер Тарғын)
6. ТАРМАҚ КЕЗЕҢДЕРІ
Бунақтардың арасындағы дауыс толқынының жіктері кезең деп аталады деп едік. Кезең екі түрлі болады: 1) ұлы кезең, 2) кіші кезең.
М ы с а л ы:
Ақжүністей || жолдасым!
Әйел де болсаң || мұңдасым!
Қолаң шашты || қой көзді
Әйел де ару || сен едің
Аш арыстан || жүректі
Палуан жолбарыс || білекті
Жігіттің мәрті || мен едім.
Мұнда көлденең жуан сызық ұлы кезеңдерді көрсетеді, жіңішке сызық кіші кезеңді көрсетеді. Буын саны: бір тармақтың ішіндегі буын саны қазақта 2 мен 13 арасында болады.
Жар-жар – 13 буынды,
Жай өлең – 11 буынды,
Ескі жырлар – 7-8 буынды.
Жаңа ақын, жаңа жазушылардың өлеңінде бұл түрлердің бәрі де болады, оның үстіне 3, 4, 5, 6-қатта 2 буынды тармақтармен жазылған өлеңдер де бар. Мәселен, 6 буынды тармақ «Сең» деген Мағжан өлеңінде бар.
5 буынды тармақ Абайдың «Сегіз аяғы» түрінде жазылған өлеңдерде келеді. 4 буынды тармақ Абайдың «Сырласа алмай» деген өлеңінде келеді және Мағжанның «Жұмбақ» деген өлеңінде келеді.
2 буынды тармақ Мағжанның «Біраз Фетше» деген өлеңінде келеді.
7. ТАРМАҚ ҰЙҚАСТЫҒЫ
Тармақтардың аяғының ұйқастығы ұйқастық деп айтылады. Ұйқастық түрліше болады. Ұзын тармақты, жеке шумақты өлеңдерде 1-ші, 2- ші, 4-ші тармағы ұйқасып, 3-ші тармағы ұйқаспай, азат қалады. Ұзын тармақты, тұтас шумақты өлеңдерде бастапқы екі тармағы ұйқасып, онан арғылары бірі азат, бірі ұйқас аралатпа болып келеді. Ескі жырлардың ұйқасуы көбінесе тәртіпсіз болады. Бергілікте шыққан жырларда ғана тәртіп бар. Қысқа тармақты жаңа өлеңдердің тұтас шумақтылары ұзын тармақты өлеңдерше ұйқасады да, жеке шумақтылары иә ұзын тармақты өлеңдерше, иә кестесінің түріне қарай түстес тармақтары ғана ұйқасады. М ә с ел е н:
Оюын ойып,
Орындап қойып,
Түр салғандай өрнекке.
Қиыннан қиып,
Қиырдан жиып,
Қарап сөзді термекке.
Еңбекке егіз тіл мен жақ,
Ерінбесең, сөйлеп бақ.
Мұндағы 1-ші, 2-ші тармақ түстес болған соң, бір ұйқасып тұр. 4-ші, 5-ші тармақ түстес болған соң бір ұйқасып тұр. 7-ші, 8-ші тармақтар түстес болған соң бір ұйқасып тұр. Осы сияқты ұйқастыру Абайдан кейін шыққан қазақ ақындарының көбінде бар. Өлең шығару өнері турасындағы сөзді осымен бітіріп, ақтығында айтатын сөз мынау: Жоғарыда айтылған керек шарттардың бәрін орнына келтіріп шығарған өлең сымға тартқандай, нағыз мінсіз өлең болып шықпақ. Мұны біздің қазақ ақындарының көбі, өлең шығару өнерінің ғылымын білмегендіктен, орнына келтіре алмайды. Біреулер өлшеуін келтіре алмай, тармақтарын ұзартып, өлеңді төсегіне сыйғыза алмай сирағын сыртқа шығарып жібереді. Біреулер бунақтарын өлең табиғаты тілеген орнына қоя алмай, иә жорғағын бұзып, иә тіпті өлең сиқын жоғалтып жібереді. Мұның бәрі өлеңнің өлең болғандағы негіздік түр-тұрпатын бұзып, не күйін кетіргендей, не өлеңдігін жойғандай, әуезділік жағына кемшілік келтіреді. Егерде сөз бір жүзді нәрсе болса, қазақ өлеңдерінің көбі асыл сөздің табынан шығып қалар еді. Олай болмайтыны сөздің бір жүзді емес, екі жүзді нәрселігі. Сөздің сыны жалғыз тысында ғана емес, ішінде де бар. Тысқарғы кесте кемшілігін ішкергі мағына жақсылығы жуып, көбінесе өлең кестесі жағындағы кемшіліктерін біліндірмейді, тесе қарап, тексере бастағанда болмаса, жоғарыда айтылған кемшіліктердің көбі жай қарағанда сезілмей өтеді.
ЕКІНШІ БӨЛІМ
І. ҚАРА СӨЗ БЕН ДАРЫНДЫ СӨЗ ЖҮЙЕСІ
Екі түрлі лебіз бар: бірі жалаң, екіншісі көрнекі болады деп жоғарыда айтылған еді. Қайсысымен сөйлесек те сөйлеу болады, бірақ сөйлеуді негіз түріне қарай айыру қажет болған орында жалаң лебізбен айтылған сөзді ғана сөйлеу дейміз де, көрнекі лебізбен айтылған сөзді жырлау, толғау дейміз. Сөйлеу де, жырлау да, толғау да бұл күндегі әдебиет алқасына кіретін жалаң лебізді және көрнекі лебізді сөздердің таптарын анық ашуға жарамсыз болғандықтан, жалаң лебізді сөздерді қара сөз деп, көрнекі лебізді сөздерді дарынды сөз деп атау қолайлырақ. Әдетке қарамай, асылына қарағанда, «қара сөз» деген мен «сөйлеу» деген екеуінің мағынасы бір болып, «дарынды сөз» деген мен «жырлау», «толғау» дегеннің мағынасы бір болып, бірінің орнына бірі айтыла береді. Қара сөзді шығармалардың да, дарынды сөзді шығармалардың да түрлерінің өлеңдісі, өлеңсізі болады. Сөздің асыл болуы ұнауымен. Сөз көңілге сипат жағының көркемдігімен, сөз мағына жағының күштілігімен жағады. Сөз көркемдігі әуезінің әдемілігі мен кестесінің келісті болуынан табылады. Әуез әдемілігі сөзді дыбыс жағынан тәртіптеп, үйлестіріп тізуден болады. Күштілігі сөздің қалыпты мағынасының үстіне күш қосатын әдістерді істеуден болады. Бұлардың бәрі де тіл (лұғат) талғауы туралы сөйлеген жерде баяндалған. Бұл жерде айтып өтерлік бір нәрсе сөздің бірі жалаң, бірі көрнекі көрінуі неден екендігі, ол мынадан болады. Жоғарыда айттық: жалаң сөз дегеніміз жалаң лебізбен айтылған сөйлеу орнына жүретін ұғым деп, көркем сөз дегеніміз көрнекі лебізбен айтылған толғау орнына жүретін ұғым деп. Сөзді жалаң түрінде айтқанда, күш көбінесе зейін жағына салынып, пайым терең, мағына күшті, пікір дәлелді болып, айтылған сөз адамның ақылына қонуы көбірек көзделеді. Сөзді көркем түрінде айтқанда, күш көбінесе қиял мен қиыс (түйіс) жағына салынып, сүгіреті толық, меңзеуі мерген, қисыны қызық болып сөз әсерінің күшімен көңілге ұнауы көбірек көзделеді. Сөз ақылға қонады шындығымен, көңілге ұнайды өңі үйлестігімен, өң үйлесуін жарастық, келістік дейміз. Келістік көрік негізі екендігі өлеңді сөйлемдер туралы сөз болғанда айтылды. Оны тағы қайтадан сөйлеудің қажеті жоқ. «Сөздің көркі – мақал. Жүздің көркі – сақал» деген қазақта мақал бар. Мақал мен сақалдың мәні құр көрік болу емес. Олардың бірін сөзге, бірін жүзге көрік қылып теңеп отырған адамның ойы мен көңілі. Ойлау екі түрлі: адам ойлағанда нәрсеге тиісінше ойлайды, иә көңілінің түйісінше ойлайды. Нәрсе түрлі сипатты болады. Ол сипаттарының біреулері бойына біткен сипат болса, екіншілері адамның қосқан, таңған сипаттары болады. Мәселен, нәрсенің бірін жылы, бірін суық, бірін тегіс, бірін бұдырмақ, бірін қатты, бірін жұмсақ дейміз. Бұл сипаттар нәрсенің бойында бар сипаттар. Бұл сипаттаудың біреулері адамға ұнайтын болар да, біреулері ұнамайтын болар. Мәселен, жылы нәрсе, тегіс нәрсе, жұмсақ нәрсе адамға жағымды, сүйкімді болар да, суық нәрсе, бұдырмақ нәрсе, қатты нәрсе адамға жағымсыз, сүйкімсіз болар. Бұлардың біреулерін жағымды, сүйкімді деп, екіншілерін жағымсыз, сүйкімсіз деп сипаттау нәрсені тиісінше сипаттау емес, адам оз көңілінің түйісінше сипаттау болады. Сол сияқты, бір нәрсе туралы сөйлегенде, иә тиіс жағынан алып, иә түйіс жағынан алып сөйлейміз. Мәселен, кісі жайынан сөйлегенде, иә тиіс жағынан алып, түсін, тұрпатын, мінезін, құлқын, туысын, тұрмысын, ісін айтамыз, иә түйіс жағынан алып, сүйетін, сүймейтінімізді, сыйлайтын, сыйламайтынымызды айтамыз. Сол секілді, әннің дауысы тиіс жағы болады. Әннің бізге ететін әсері түйіс жағы болады. Бір нәрсенің анығына жетіп, расына қанғымыз келсе, мәселен, бір уақиғаның анығына жеткіміз келсе яки бір адамның мінезін дұрыс білгіміз келсе, кілең тиіс жағынан ғана алып, түйіс қатыстырмасақ жақсы білеміз. Дұрысына жетеміз. Солай болған соң, нәрсені тиіс жағынан сөйлегенде, тиістік керегі жоқ болып шығады. Көрік – нәрсенің түйіс жағы. Нәрсені тиіс жағынан сөйлегенде, түйіс керегі жоқ дегеніміз тиіс туралы сөйлейтін сөзге көрік керегі жоқ деген болып шығады. Нәрсенің тиіс жағы өзінде бар шын жағы; нәрсенің түйіс жағы өзінде жоқ, жабатын жала, қоятын кінә, таңатын өсек, тағатын таба, жағатын опа сияқты, адам апарып жапсыратын нәрсе. Мақалдың мәні тек сөзге көрік болуда болса, сақалдың мәні тек жүзге көрік болуда болса, шындыққа ондай нәрселердің керегі жоқ. Жағатын опа сияқты, тек көрік үшін ғана керек нәрсе, шындықтың жүзін күңгелейді, неғұрлым ашық, неғұрлым жалаңаш болса, шындық соғұрлым ашық, соғұрлым жарық болмақ. Шындықты көріктеу, шыныны әдемілеймін деп, бетін шимайлап, жарығын күңгірттеу болады. Шындығымен ақылға қонуын көздейтін сөздер сақал-мұрт сияқты көрік болатын нәрселерден аман болады. Сондықтан ол жалаң сөз деп аталады. Келістігімен, әдемілігімен көңілге ұнауын көздейтін сөздер сақал, мақал сияқты адамға келісті көрінетін нәрселермен көркем көрінеді. Сондықтан бұлар көркем яки дарынды сөз деп аталады. Жалаң сөз нәрсені тиіс жағынан алып, пайым бойынша сөйлейтін шындық сөзі, шын әңгіме болады. Көркем сөз нәрсені түйіс жағынан алып, қиял бойынша, сөйлейтін. шын емес, шығарғы әңгіме болады. Көркем сөз – көңіл тілі, жалаң сөз – зейін тілі. Жалаң сөз зейін байлығына қарайтын нәрсе, көркем сөз қиял байлығына қарайтын нәрсе. Жалаң сөз дүниені тұрған қалпында алып айтады. Көркем сөз дүниені көңілдің түйген, қиялдың меңзеген әлпіне түсіріп айтады. Көркем сөз айтқанын ақыл табуынша дәлелдеп, мәністеп, қақиқат түрінде айтады. Көркем сөз айтқанын қиял меңзеуінше бейнелеп, әліптеп, көбінесе ұйғару түрінде айтады, жалаң сөз дүниеде шын болған, шын бар нәрселерді әңгіме қылады. Көркем сөз болуға ықтимал деген нәрселерді де алып сөз қылады; қатта қисынын келтіріп, болмаған нәрсені болғанға, жоқ нәрсені барға ұйғарып сөз қылады. Қисынын келтіріп, қиялдан туғызып әдемі әңгіме шығару ақындық дарыған адамның ғана қолынан келеді. Жалаң сөздің қара сөз делініп, көркем сөздің дарынды сөз деп аталу мәнісі де осыдан. Сондықтан қара сөзде айтылған нәрсе дүниеде нақ болған, сол күйде және бар нәрсе деп білу керек те, дарынды сөзде айтылған нәрсе, нақ сол күйде болып өтпегенмен яки бар болып тұрмағанмен, дүниеде болатын және боларлық нәрсе деп білу керек. Қысқасынан айтқанда, қара сөз жаратынды тиіс ғалам турасындағы әңгіме де, дарынды сөз ұйғарынды түйіс ғалам турасындағы әңгіме. Тиіс ғалам турасында сөйлегенде жай күйінде жабайы тілмен тиісін айтамыз. Түйіс ғалам турасында сөйлегенде, көңіл түюінше өң беріп, дем беріп, көрнекі тілмен айтамыз. Бірақ тиіс ғалам турасында сөйлегенде де айқындық үшін ажарлау керек болса, жалаң лебіз орнына көрнекі лебіз жұмсалады. Қара сөз бен дарынды сөздің арасындағы парық жұмсалатын орнына, қызметіне қарай былайша айрылады: дарынды сөз адамның ойына өң береді, көңіліне күй түсіреді, қара сөзден адам тек ұғым алады. Арабша қара сөзді шығарманы насыр деп, дарынды сөзді шығарманы назым деп атайды. Арабша айтқанда, біз де солай дейміз, қазақша айтқанда, қара сөз, дарынды сөз деп жүгінеміз.
І. Қарасөз, оның тараулары
Қара сөзден адам тек ұғым алады дедік. Ұғымның өзі керекті орнына қарай екі түрлі болады: 1) Ес ұғымы яғни еске керек ұғым. 2) Іс ұғымы яғни іске керек ұғым. Ес ұғымының арқасында дүниедегі нәрселердің бәрін, затын, заңын, сырын, сипатын, мүддесін, мұратын танимыз. Іс үғымы арқасында табиғат ісін, күшін, нәрселерін қалай пайдаланатын жолын білеміз. Сондықтан қара сөзді әңгімелер екі жақты болып келеді. Бір жағы ес ұғымымен болады, екінші жағы іс ұғымымен болады. Қара сөз нәрсенің тиісті жағынан сөйлейді деп жоғарыда айтылған еді. Нәрсе турасында тиісінше сөйлеу үшін тиісінше ойлау керек. Тиісінше ойлағанда ойымыз, ұғым түрлеріне қарай, бірнеше тарапқа бөлінеді. 1) ғалам тарапына, 2) Құдай тарапына, 3) ғылым тарапына, 4) әлеумет тарапына, 5) үгіт-тәрбие тарапына, 6) сын тарапына. Адамның зейіні бүтін ғаламды тануға жұмсалып, дүниедегі бар нәрсенің барлығын яки бар деп ұйғарылған нәрсенің бар-жоқтығын танып, белгілі бір қарарға келгенде, адамға бір үлкен ұғым пайда болады. Сол ұлы ұғым жүйесі даналық деп аталады. Даналық мақсаты бүтін ғаламды танып, бүтін ғалам аталған дүниенің жұмбағын (дүние мәселесін) шешпек. Даналықтың ес ұғымына тиісті жағы – сап даналық болады да, іс ұғымына тиісті жағы – салт даналығы болады. Сап даналық жолының өзі екі айырық болады: бірі ғаламның адам арқылы жетерлік те, бірі жетпестік те жағын зейінге салады. Алдыңғы табансыз даналық делініп, соңғысы табанды даналық делініп айтылады. Адамның зейіні Құдайды тану жағына жұмсалып, Құдай турасындағы мәселені шешпек болғанда, дін пайда болып, ұғым жүйесі жасалса, ол ғақаид деп аталады. Оның екі жағы болады: бірі діннің негізі турасындағы ес ұғым болады да, біреуі дінге керек іс ұғым болады. 3. Зейін табиғат құбылысын тану жағына жұмсалып, табиғаттың түрлі заңдарын тауып, қасиеттерін біліп, әбден көз жеткенде пайда болатын ұғым жүйесі – ғылым деп аталады. Ғылымның түрі толып жатыр, оның бәрін мұнда баяндау сөз мәселесінің ісі емес. 4. Зейін әлеумет мәселесіне жұмсалып, әлеумет ісіне жол сілтегенде, көсемдік ұғым жүйесі пайда болады. Зейін табылған білімді басқаларға үйрету жолына жұмсалғанда, үгіт-тәрбие ұғым жүйесі пайда болады. 5. Зейін басқанын ісін таразыға тартып, ұнамды, ұнамсызын тексергенде, сын ұғымының жүйесі пайда болады. Қара сөз деп осы ұғым жүйелерінен сөйлейтін әңгімелерді айтамыз. Ұғым жүйесінің табы – қара сөздің табы болады. Қара сөздің табынан түрін айыру керек.
Тап жағынан бірге сөз түр жағынан бөлек кетуі ықтимал. Көптен бері көп жұртта қалыптанған түрлерін алғанда, қара сөз: әуезе, әліптеме, байымдама болып үш салаға бөлінеді.
1. Әуезе, оның түрлері
Болған уақиғадан бастан-аяқ болған түрінде, ретінше мезгілін, мекенін көрсете мазмұндап, мағлұмат беру әуезе болады. Әуезе ақпар мағынада оның мысалы, шағын түрде айтқанда, мынау болады:
Қосшыларды ұйымдастыру, ағарту жұмысы Қалалық ұйымдарда жетіде бір рет, ел арасында айында екі рет жалпы жиылыс болып тұрады. Қала ішіндегі жиылыстар көңілдегідей, ел ішіндегілер онша болмайды. Жиылыста ұйымның мақсаты, ел ішіндегі залалды ғұрыптармен қалай күресу, өкімет жұмыстары, қосшы мүшелерінің шаруашылығын күшейту туралы мәселелер қойылып, түсінік берілді. Және қосшы ұйымына бұрын кіріп кеткен атқамінер қуларды шығарып, тазалау туралы түсіндіріледі. Бірақ қулар да қарап тұрмайды, ұйымның кедей, малай мүшелерін өздеріне тартқылап, азғырып жүреді. Мұндайларды тамырымен құртуға шара қолданудамыз. Ағарту жайына келсек, үйезде, қалада ұйым комитеті жанында оқу үйі клуб бар. «Қызыл шайхана» ашуға қаражат жоқтығынан аша алмай отырмыз. Бұдан былай мүшелердің сауатсыздығын жоюға үйездік оқу бөлімінен мұғалім сұрап, мектеп ашпақшы болып жатыр. Бұдан басқа, «Еңбекші қазақ», «Ақ жол» газеттерін алдырып, таратып тұрамыз. 25-нші жылғы қосшы мүшелерінің жарналары әлі жиналған жоқ. Жаңада жинауға кірісіп жатыр. Мүшелік жарналары жиналмағандықтан үйездік аудандық комитетте қаражат ақша жоқ. Ақша жоқ болғандықтан, болком, райком қызметкерлері айлық ақыларын ала алмай отыр. Соңғы кезде қосшы ұйымының қызметкерлері айлықтарын ала алмаған соң, қызметке де салақ болып кетті. Бұл кемшіліктерге аймақтық комитет шара қолданса екен.
Аямбай ұлы, «Еңбекші қазақ»,
25-нші жыл, 412-сан.
Әуезе көбінесе үш тақтаға бөлінеді: 1) мәлімдеу, 2) мазмұндау, 3) қорыту.
Мәлімдеуде иә уақиғаның алдында не болғаны айтылады, иә айтушының уақиғадан қанша хабардар екендігі айтылады. Мазмұндауда уақиға қалай болып, қалай өткені айтылады. Қорытуында иә уақиғадан шыққан нәтижесі (ақтығы) айтылады, иә айтушының қарары айтылады. Е с к е р т у: әуезелердің бәрінде де айтылған үш тақта бола бермейді. Кейде жазушы тақталамай, уақиғаны бастан-аяқ мазмұндайды да қояды.
Әуезе әңгімесі айтатын түріне қарай бірнеше тарауға бөлінеді. Біреулері өткенді сөз қылғанда уақыт сарынымен айтады, екіншілері уақыт сарынымен айтады, үшіншілері біреуден біреуді туғызып, туыс сарынымен сөйлейді. Кейбіреудің өз заманындағы болған уақиғасын сөйлегенде, кей өткен замандағы уақиғаның әңгімесін сөйлейді. Біреуі бір адамның өмірін яки мінезін әңгіме қылғанда, бүтін жұрттың өмірін яки мінезін әңгіме қылады. Сондықтан әуезелердің мынадай тараулары болады: 1) шежіре, 2) заманхат, 3) өмірбаян, 4) мінездеме, 5) тарих, 6) тарихи әңгіме.
Шежіре. Шежіре өткеннен дерек беретін сөздің бір түрі. Шежіреде уақиғадан гөрі өткендердің түсі, туысы көп айтылды, сондықтан шежіре уақиға сарынымен емес, уақыт, туыс сарынымен айтылатын әуезе табына жатады. Шежіре болған уақиға жайынан сөйлесе, себебін, мәнісін айтпай тек болғанын айтады да қояды. Мәселен, қазақ жұртының өмірінде болған уақиғалардың түп себептері байласылмай, көбінесе хандардың түсін, елдердің туысын көрсетіп тізген Шәкәрімнің «Қазақ һәм хандар шежіресі» деген кітабындағы әңгіме шежіре болады (нұсқалықтың 1-ші нөмірін қара). Басқа жұрттардың да шежірелерінде уақиғаны жылдап тізгенінен басқа еш тәртіп болмайды. Ел шапқан мен қатын-бала шапқан әңгімесі қатар тұрады; бір жерінде әңгімені қойылтып, маңызды түрде айтса, екінші жерде сұйылтып, ұсақ-түйекті сөз қылады. Бір жерінде рас болған уақиғаны сөйлесе, екінші жерінде тек жұрт аузындағы әуезе болған өтірік-шынды әңгімелерді сөйлеп кетеді.
Қазақта жазу болмаған себепті бұрыннан жазылып келген шежіре, түрлі әңгіме жоқ, бірақ басқа жұрттардың шежірелерінде айтылатын сөздер сияқты әңгімелер қазақта да бар. Орақ-Мамай, Едіге, Кенесарының Садығы турасындағы ауызда айтылатын әңгімелердің көбі-ақ өтірік-шыны аралас шежіренің сөздері сияқты.
Заман хат. Біреудің заманында болған тарихи уақиғадан яки өз ішінде болған істерден дерек беруі – заман хат деп аталады. Мәдени жұрттың адамында, заманында болған көзге түсерлік уақиғаларды яки өз өмірінде ұшыраған зор істерді жазып, әңгіме ретінде тіркеп отыратын әдет болады. Заман хат шежіредей емес, тәртіпті, жүйелі келеді. Шежірені тек хат білетін адамдар құр тіркей беруге болады. Заман хатты оқымысты адамдар жазады, сондықтан мұнда құр халық аузында әуезе болып жүрген дәлелсіз сөздер жазылмайды. Заман хатта уақиғаны уақыт сарынымен жазылмайды, іс сарынымен жазылады. Заман хатта боларлық бір кемшілік мынау: Уақиғаны болған күйінше жазбай, жазушы өз көңілінің күйіне бояп, реңкін өзгертуге ықтимал. Олай ету уақиғаның дұрыстығына кемшілік келтіреді. Заман хат шынға жақын болу үшін жазушы өз көңілінің күйіне түспейтін яғни достыққа да, қастыққа да қарамайтын адам боларға тиіс. Ондай адам табиғаттан тысқарғы адам болмақ. Адам табиғаттан тысқары бола алмағандықтан заман хаттары көңіл күйінің әсерінен аман бола алмайды. Сонда да тарихқа беретін жемінің молдығынан заман хат өте құнды сөздер есебіне қосылады.
Заман хат жазушы жазуына керек жемді иә уақиғаның болып жатқан үстінен алып жазады, иә көп уақыт өткізіп уақиғада болған халдерді өзінің есіне алып жазады. Заман хат мағлұматы айтушынын есіне алынып жазылғанда жәт дерек деп айтылады. Заман хат болатын Абайдың қарасөздерінде бар (онан басқа заман хат болатын сөздерді нұсқалықтың 2-3-інші нөмірлерінен қара). Жәт дерек болатын Шоқан турасындағы Потанин, Ядринцев сөздері және «Жазықсыз тамған қан» деген Торайғырұлының сөзі (нұсқалықтың 4, 5, 6-ыншы нөмірлерін қара
Өмірбаян. Біреудің туғанынан бастап, өлгенге шейінгі өмірін жазу иә айту өмірбаян болады. Өмірбаян жазудағы мақсат белгілі болған адамның өмірі қалай басталып, қандай күйде өткенін көрсету. Қандай тәрбиеде өсіп, қандай мінезде пайда болып, ол мінезі қандай істер істеуге себеп болғанын көрсету. Өмірбаян жемін белгілі адам турасындағы сипат қағаздардан алады. Білетін адамдардың ауыз айтуынан алады. Жазушы өз білетінін жазады. Өмір дерек ылғи сипатты мағлұматтардан құралған сөз болғандықтан, нағыз рас әңгіме болып шығады.
Мысалдар: Абылай, Абай, Ақан серінің өмірбаяндары (нұсқалықтың 7, 8, 9-ыншы нөмірлерінен қара). Өмірбаянын адамның өзі жазса, өз өмірбаяны деп аталады. Жай өмірбаяннан өз өмірбаянының айрылатын жері – адам өз ісіне өзі қазы, өзі сыншы бола алмайтындығынан, жай өмірбаянынан өз өмірбаянының инабаты кемірек болады. М ы с а л: Әбубәкірдің ауруынан қауіп етіп жазған өз өмірбаяны (27 жасына шейін), Сағынғалидың өз өмірбаяны нұсқалықтың 10, 11-інші нөмірлерін қара).
Мінездеме. Адамның, елдің, жұрттың, таптың, ұлттың сырын, мінезін таңып керсету – мінездеме болады. Мінездеме өмірбаянның да, заман хаттың да, тарихтың да ішіне бөлімі есебінде кіреді. Мінездеме заманның, дәуірдің халін де мінездеп көрсетеді. Адамды мінездегенде өмірбаянының бөлімі болып кіреді. Жұртты, ұлтты, заманды мінездегенде тарихтың бөлімі болып кіреді. Өмірбаянның аяқ жағы ылғи мінездемеге айналып кетеді. Мәселен, Шоқанның жәт дерегін, Абайдың, Ақан серінің өмірбаяндарын қарасақ, көп жерінде-ақ мінездемелері бар (нұсқалықтың 4, 5, 8, 9-ыншы нөмірлерін қара).
Тарих. Тарихты қазақша ұлы дерек деуге әуезе табына жатқанмен айғақты әуезе болады. Сөздің ең ұлысы, ең сипаттысы тарих. Тарихтың қызметі – бүтін адам баласының яки бүтін бір жұрттың, иә таптың өткен өмірін болған күйінде айнытпай айту. Тарихтың мақсаты – бүтін адам баласының өмірі нендей табиғат заңымен өзгеретінін білу. Тарихшылар халық басынан кешкен түрлі уақиғалардың мағлұматын сымға тартқандай сынға салып, мінсіз етіп, дұрыстап өткізеді.
Шежіре жазушылар естіген-білгенін сол қалпында, шикі түрінде тізеді. Тарихшылар құр істегенімен қанағаттанбай, рас, өтірігін тексеріп, расын ғана алады. Шежіре, заман хат, өмірбаян, мінездеме – бәрі де тарихтың жемі есебіндегі нәрселер. Тарих олардың айтқанының бәрін ала бермейді. Аударып, ақтарып түрлі жағынан қарап, түрлі мағлұматтармен салыстырып, сипатталған мағлұматтардан ғана алады. Тарихшылардың мақсаты уақиғаның уақытын ғана көрсету яки не түрде болған тысқы сиқын ғана керсету емес, ол уақиғаның болуына нендей нәрселер, нендей уақиғалар себеп болғанын көрсетіп, ішкі мәнісімен де таныстыру. Тарих беретін дерегінің түріне қарай бірнеше түрге бөлінеді. Бүкіл адам баласы дүниеде қандай өмір шеккенін сөйлейтін тарих «Жалпы тарих» деп аталады. Адам мәдениет жүзінде жүрген жолдарын баяндайтын тарих «Мәдениет тарихы» деп аталады. Мәдениеттің түрлі тараулары «Тарих тармақтары» деп аталады. Мәселен, шаруа тарихы, өнер тарихы, дін тарихы, даналық тарихы, ғылым тарихы, әдебиет тарихы, тағысын тағы сондай тарихтар. Жалы тарихтар – түрік-монғол тарихы, қытай тарихы, жапон тарихы және сондай бөлек-бөлек жұрттардың, ұлттардың тарихы.
Тарихи әңгіме. Тарих жүзінде белгілі адамдар, нәрселер, уақиғалар турасында сөйлейтін әуезелер тарихи әнгіме деп аталады. Тарихи әңгіме тек лақап әңгімеден мазмұнның шындығымен айырылады. Жұрт аңыз қылып айтып жүрген әңгімелердің өтірігі көп болады. Тарихи әңгіме тарих асасына сүйенетін шын әңгіме болады.
Мәселен, «Қазақ» газетінде басылған «Әзірет Сұлтан», «Тұрғанбай датқа» турасындағы әңгімелер тарихи әңгіме болады (нұсқалықтың 13, 14-інші нөмірлерінен қара).
2. Әліптеме (суреттеу)
Бір нәрсенің тұрпатын реттеп айтып, әлібін суреттеп шығару әліптеме болады. Дүниедегі түрлі нәрселердің, түрлі адамдардың, түрлі күйлердің бәрін де әліптеуге болады. Бірақ әліптемеде сөзбен суреттелетін табиғат жүзінде яки өнер жүзінде назар түсірерлік көрнекті нәрселер ғана.
ІІ. Әліптеме, жоспары
Бір нәрсені әліптеуден бұрын сол нәрсенің өзін әбден анық тану керек яғни көрнекті болып, назар түскендей не белгілері барын білу керек. Нәрсені әліптегенде оның ірілі, уақты белгілерінің бәрін түгелдеу қажет емес, көрнекті көрсетерлік түрін, өзгеше белгілерін ғана айтуға керек. Белгілерін бет-бетіне айтпай, өңіне, орнына үйлестіріп айтып, нәрсенің сүгіретін ойқы-шойқы, қиқа-сиқа қылмай дұрыс тұрпаттап, адамның қиял саңылауына сүгіреті өзіне ұқсап, дәл түсерлік етіп шығару керек. Тиісті жерінде нәрсенің көңілге еткен әсерін, нәрсенің адамға келтірер пайдасы бар-жоғын айтып жіберуге де болады. Әліптеме жоспары. Әуелі нәрсенің айқын тұрған сыртқы жағы әліптеледі. Сонан соң ішкі жағы айтылады. Нәрсенің жалпы түрінен бастап, жалқылай айтып шығаруға болады. Я жалқы түрінен бастап, жалпылай айтып шығаруға болады. Е с к е р т у. Нәрсе уақытқа қарай әліптенетін болса, әліптеме тәртібі уақыт ретінше болады. Егерде нәрсе әліптегенде мезгілі бір, орындары түрлі-түрлі болса, онда әліптеме реті жазушының бастаған орнына қарайды. Егерде әліптеменің мезгілі де, мекені де бір болса, онда әліптеу реті нәрсенің ыңғайына, әліптеушінің назарына қарайды. Әліптеме мазмұнының кемдем жері мен дендем жерін айыру керек. Дендем жері нәрсенің өзін әліптеген жері болады. Кемдем жері – әліптеуге алынған нәрсе мен басқа нәрселердің арасын әңгіме еткенде ұшырайтын жері.
Әліптеме түрлері
Әліптеу көзделген мақсатқа қарай екі айрылады: 1. Пәнді әліптеме. 2. Сәнді әліптеме. Пәнді әліптеу нәрсені пән мақсатымен алып, дәлдеп әліптеп, сыр-сипатын дұрыс танытып, нәрсе туралы дұрыс ұғым беру үшін істеледі. Пәнді әліптеменің өзі екі түрлі болады: 1. Жалқылай әліптеме. 2. Жалпылай әліптеме. Жалқылай әліптегенде нәрсе дербес алынып, дара басы әліптеледі. Мұнда әліптеушінің назары нәрсенің өзгеден айрылатын айрықша әліптерінде болады. Жалпылай әліптегенде нәрсенің бүтін табы алынып, табына тиісті сипатпен әліптеледі. Мұнда әліптеушінің назары таптағы нәрсенің бәрінен табылатын белгілерінде болады (нұсқалықтың 18-19-ыншы нөмірлерін қара). Сәнді әліптемеде қандай белгілерін алу әліптеушінің көздеген өз мақсаты бойынша болады (нұсқалықтың 18, 19-ыншы нөмірлерін қара). Жол әліптемесі. Жолаушы жүріп, дүние кезіп көрген жерінің, елінің әлібін, қалпын жазу жол әліптемесі яки жолай деп аталады. Әліптемеге қатыспайтын әңгіме аз болады, бірақ әңгімеде не әліптеме болып келетін түрлері бар. Соның бір түрі жол әліптемесі. Жол әліптемесінің әңгімесі әліптегенде түрлі нәрсені түрлі тарапынан әліптегендіктен пәлендей нәрсе тақырыпты сөйлейді деуге болмайды. Жол әліптемесінде нәрсені әліптеу реті ұшырау ретінше: алдымен ұшыраған алдында, соңынан ұшыраған соңында әліптеледі. Қияли жол әліптемесі деген әліптеменің бір түрі бар. Ондай әліптемелер жолаушының жазған сөзі емес, қиял кезуінің сөзі болады. Жазушы қиялын жолаушы жүргізіп, қиял көзімен көргенін сөйлейді. Ондай жол әліптемесі ғылым мағлұматын беру мақсатпен де жазылады. Қазақта қиялмен жазылған жол әліптемесі жоқ: жай жол әліптеме де аз
(Жай жол әліптеме мысалын нұсқалықтың 20-ыншы нөмірінен қара).
3. Байымдама (зейіндеме)
Көсе сөзбен жазылған шығарма бір пікірді қуаттап, толықтырып баяндаса, баяндауын түрлі сипаттармен дәлелдесе, ондай шығарма байымдама деп аталады. Әуезе, әліптеме, түрлі сөздермен дүние әңгімесі бітпейді. Әуезе мен әліптеме дүниедегі жаратынды, жасатынды нәрселердің өздерімен, олардың әдістерімен, жай-күйлерімен ғана таныстырады. Дүниедегі нәрселердің барлығын, олардың қалай өмір шегетінін танумен білім тәмам болмайды. Үйткені дүниедегі нәрселердін бәрі сабақтас, іліктес, құрмалас. Ол сабақтас, іліктес әм құрмаластығы белгілі себептер бойынша болып, себеп жүзіндегі белгілі бір заңға мойынсұнып, сол заңның жолынан бұрылмайды. Ол заң табиғат заңы, ол заң жолы табиғат заңының жолы. Нәрселер арасында қандай сабақтастық, іліктестік, құрмаластық бар екенін ашу жағын, олардың бар болуы қандай себептермен, қандай заң бойынша екендігін айыру жағын байымдап, ғалым адамдардың шығарған сөздері пән шығарма деп аталады. Пән шығарманың асылы байымдама болады, сондықтан пән шығарманың жалпы аты да байымдама болады. Байымдаманың зор мүшесі төртеу: 1. бастамасы, 2. ұсынбасы, 3. баяндамасы, 4. қорытпасы. Бастамасында әңгіме болатын нәрсе туралы басқалар тарапынан айтылған пікірлер барлығын иә жоқтығын айтады. Оны айтпай бастауға да жазушы ықтиярлы, сондықтан бастаманы қалай бастау жазушының ықтиярында десек те болады.
Ұсынбасында әңгіме болатын пікірмен таныстырады.
Баяндамасында алынған нәрсе баяндалады, оның турасында айтылған пікірлерге дәлелдер, сипаттар келтіріледі. Қорытпасында айтылған пікірлердің иә маңызы қайта айтылады, иә пікірлерден шыққан нәтиже айтылады. Пікірді мәністеу, дәлелдеу, сипаттау баяндамасында болатындықтан баяндама байымдаманың нағыз дендем бөлімі болады. Сипаттау түрлі болады: 1. Мәністеп, дәлелдеп сипаттау бар. 2. Керек пікірді яки нәрсені басқа, соған ұқсас нәрселермен салыстырып сипаттау. 3. Керек пікірді қостайтын, қуаттайтын мысалдар келтіріп сипаттау бар. 4. Белгілі адамдардың айтқан иә жазған пәтуаларын келтіріп сипаттау бар. 5. Қаралатын пікірге қарсы пікірдің нашарлығын яки қателігін көрсетіп сипаттау бар.
Байымдама әдістері.
Байымдама әдісі екі түрлі: 1) негізгі пікірді шығарманың басында айтып, оны қуаттайтын пікірді соңынан келтіру бар. Яғни әуелі жалпы пікірді айтып алып, оны бөлекей пікірлермен қуаттап байымдау бар. Бұл жалқылау әдісі болады. 2) Әуелі бөлекей пікірлерді айтып, жалпы пікірді солардың дәлелдерімен қуаттап байымдау бар. Бұл жалпылау әдісі болады. Ойлау оңтайы да екі түрлі: 1. айырыңқы оңтай, 2. жиылыңқы оңтай. Талдама оңтай – нәрсені бұтарлап, мүшелеп, ұсақтай түсіндіргенде қолданатын оңтай. Терме оңтай – нәрсенің мүшесін жинастыра, құрастыра, іріктей түсіндіргенде қолданатын оңтай. (Байымдама мысалдарын нұсқалықтың 20, 21, 22, 23-інші нөмірлерінен қара).
Байымдама түрлері
Қара сөз байымдаманың қатыспайтын шығармасы болмайды. Әуезе, әліптеме, байымдама деп жіктерін бөлектеп көрсеткенімізбен, әуезе, әліптеменің қайсысына болса да байымдама кіріспей тұрмайды. Сондықтан байымдама түрлерін көрсеткенде, байымдама жағы басым шығармалардың түрлерін ғана көрсетуге болады. Байымдама жағы басым шығармалар толып жатыр. Оларды негізгі ұлы белгілермен айырғанда мыналар болады: 1) пән (ғылым), 2) сын, 3) шешен сөз, 4) көсем сөз. 1. Пән (ғылым). Пән яки ғылым деп жүйеленген білімді айтамыз. Жүйеленген білім жайын сөйлейтін байымдаманы да пән яки ғылым дейміз. 1. Білім үйрету мақсатпен де, үйлестіру мақсатпен де жүйеленеді. Қай мақсатпен жүйеленсе де, жүйеленген білім пән (ғылым) болады, сондықтан ғалымдардың білімді таза білім жүйесімен жүйелеп шығарған кітаптары да, үйретушілердің білімді тек үйрету қолайына қарай жүйелеп шығарған оқу кітаптары да бәрі пән табына жатады (пән мысалы: оқу кітаптары, пән кітаптары). 2. Сын. Сын деп адам ісінен шыққан нәрсені тексеріп, баға беруді айтамыз. Сынға салуға болады – ғылымнан шыққан нәрсені де, өнерден шыққан нәрсені де, кәсіптен өнген нәрсені де, қоғамшылықпен құралған нәрсені де. Ол нәрселер көп адам күшімен, ісімен жасалған мемлекет сияқты ұлы нәрсе болуға да ықтимал. Жалғыз адам жасаған ұсақ нәрсе болуға да ықтимал. Адамның қай ісінен шыққан нәрсе болса да, сынға салудағы мақсат – жақсы, жамандығын ашу, мән-мағынасын анық таныту. Ғылым тарапынан шыққан нәрсе болса, ғылым жүйесіне дұрыс, терісін көрсету. Өнер тарапынан шыққан нәрсе болса, мақсатқа сәйкес келген-келмегенін көрсету. Кәсіп тарапынан шыққан нәрсе болса, тіршілікке жайлы-жайсыздығын көрсету. Қоғамшылық тарапынан шыққан нәрсе болса, адам қалпына қолайлы келу-келмеуін көрсету, сүйтіп адам ісінен шыққан нәрсенің түрлісі түрлі мақсатпен сынға түседі. Әдебиет адам ісінің бір түрінен шыққан нәрсе болғандықтан, бұ да сынға түспек. Мұның түрлісі түріне қарай сынға түседі, бірақ қайсысы сынға түссе шығармалардың түсетін сынының жалпы аты – әдебиет сыны деп айтылады. Әдебиет алқасына кіретін шығармалар қара сөз, дарынды сөз болып, екі айрылатыны жоғарыда баяндалды. Сынға түскенде, мұның екеуі екі жүйе таразымен өлшеніп, сынға түседі. Қара сөздер, мейлі әуезе, мейлі әліптеме, мейлі байымдама болсын ғылым таразысына түсіп, ғылым жүйесінің сынымен тексеріледі. Ғылым сыны ғылым жүйесіне дұрыс, терісін қарайды, шынында сондай нәрсе ме? Топшылауы дұрыс па, дәлелдері толық па, сипаттары күшті ме? деп, со жағынан тексереді. Пән шығарманың ғылым жүйесіне дұрыс, теріс келуін, пәннен хабардар адам болмаса, пәннен хабары жоқ адам білмейді. Сондықтан ғылым сынын ғылым иесі ғана жасау қолынан келеді. Қара сөзде әдебиет жөнінде таласы көп сөздер әлеумет меселелері турасындағы пікірлер де болады. Тұрмыс мәселесі тоқсан түйіннің тоғысып, шиеленісетін жері. Оны дұрыс шешуге көпті көрген көсем болуға керек, адамның, халықтың иә бір таптың мінезін, құлқын, салт-санасын, жан жүйесін, ой жүйесін, тарихын, мұң-мұқтажын жақсы білетін дана болу, ғалым болу керек. Тұрмыс мәселелері деп қандай мәселелер айтылады? Тұрмыс мәселесі деп айтатын, айтылатын шын адамшылық мәселесі, өмір мақсатының мәселесі яғни өмір бақытты болу мәселесі, ошақ басының, жұрт қамының, мемлекет жайлылығының, дүние тыныштығының мәселесі. Мұндай ұлы, ұйысқан мәселелерді дұрыс шешу оңай нәрсе емес, ондай ірі іс ердің ерінің, дананың данасының ғана қолынан келмек. Сондықтан тұрмыс мәселелері туралы шыққан сөздерді сынға салмай сенуге болмайды. Сондықтан да тұрмыс мәселелері турасындағы пікірлер талқыға салынып барып мақұлданады. Дарынды сөзді сынау үшін де білім керек, бірақ қара сөзді шығармаларға керек болған пән білімі емес, басқа түрлі білім керек. Бұған ғылым білімінен гөрі өнер білімі көбірек керек! Ұстаның мінін көбінесе ұсталар көреді. Сондай-ақ, дарынды сөздің мінін ақындық дарыған адам көбірек көрмек, бірақ ұста істеген нәрсенің мінін ұстаның бәрі көре бермейді. Жақсы ұста ғана ұста істеген нәрсенің мінін көре алады. Жаман ұстаға өзінен артық ұстаның істеген нәрсесінің бәрі де жақсы көріне береді. Ондай ұстадан да жақсы ұстаның істеген нәрсесін тұтынып, көзі үйренген жай адам ұстаның ісін артық сынайды. Сол сияқты, дарынды сөзді ақындығы шамалы адамнан да, жақсы ақындардың сөзін оқып, әдемілігінен әсер алып үйреніп қалған, оқыған жай зейіні ашық адамдар дарынды сөзді артық сынауы ықтимал. Сондықтан дарынды сөзді сынауға ақындық керек болғанмен, ақын емес адамның да қолынан келмейтін іс емес. Сүйтіп, ғылым сыны ғалымдықсыз жасалмайтын сын да, дарынды сөз сыны ақындықты керек қылғанмен, ақындығы жоқ, ақындықтан шыққан әдемі сөздерге үйір болған адамдар да жасауға болатын сын. Дарынды сөз қай жағынан сыналмақ деген мәселеге келсек, оның жөнін дарынды сөздің шығатын жолы көрсетіп, айтып тұр. Қара сөзді әдебиетте пікір сүлде түрінде айтылады. Дарынды сөзде пікір сурет түріңде шығады яғни сүлде үстіне өң, ажар, жан, мінез, қылық беріліп, тұрпат, тұлға, түс бітіп, тірі нәрсе болып шығады. Сондықтан да дарынды сөз көркем сөз деп аталып, қара сөздер жалаң сөз деп айтылады. Қара сөздің сынында пікір дұрыстығы, істің растық жағы тексерілсе, көркем сөздін сынында, пікір дұрыстығының үстіне, пікірге берілген сурет сұлулық жағы да тексеріледі. Көркем сөзді әрі сүлде, әрі сурет екі жағынан да тексеруге тиіс болғандықтан, оның сынында мынадай сұраулар боларға керек: Тұрмыстың қай жағын алып сөз қылған? Мазмұны дұрыс па яғни өмірде ондай қалып ұшырай ма? Яки ұшырауға мүмкін бе? Өмірде болатын қалып болса, неден болады, неден болатын себебін біліп айтқан ба? Адам баласының бәрінде боларлық қалып па, белгілі бір табында ғана боларлық қалып па? Мұрат қалып па? Кейіп қалып па? Бұл шығарманың сүлде жағының сыны. Сурет жағының сынында сұраулар мынау түрде болмақ: Көркем сөз табына шын қосыларлық сөз бе? Қиял жасаған тұрпаттар, ойдан үйлестірген уақиғалар пікір санасына тура келіп, дұрыс сүгіреттеп, өңдендіріп көрсете ала ма? Тілі өрнекті ме? Әуезді ме? Лұғаты таза ма? Анық па? Қысқасы, ойды өрнектеп, көрнектеп, суреттеп көрсеткендей тілінде шеберлік бар ма? Екінші сөзбен айтқанда, ақылдың аңдағанын, қиялдың меңзегенін, көңілдің түйгенін тілі дұрыс жеткізе алған ба? Манағының бәрін қорытып айтсақ, асылында, көркем сөзде екі тысқы, екі ішкі сын болалы. Тысқы сындар: 1) тілінің, лұғатының сыны яғни тілінің дұрыстығы, анықтығы, тазалығы, дәлдігі, көрнекілігі, әуезділігі, өрнектілігі жағының сыны. Сүгіретінің сыны: яғни кестесін келтіріп, ұнасымды түрде үйлестіріп суреттеуінің сыны. Ішкі сындар: 1) алынған мінез, айтылғаң кылық, көрсетілген қалып, жан жүйесінің жөнімен қарағанда, дұрыс бүгіп шығу, шықпауының сыны. 2) Өмір жүзінде айтылған нәрсесінің болатындығының себебін дұрыс көрсеткен, көрсетпегенінің, адам қауымындағы қалып түзелу жағына әсер етерлік (пайда-зиян келтірерлік) қуаты бар-жоғының сыны. Көркем сөзді сынағанда, әдебиет түрінің осы төртеуі түгел жұмсалады (сын мысалдарын нұсқалықтың 24, 25, 26, 27-інші нөмірлерінен қара). 3. Шешен сөз. Шешен сөз қара сөз шығармалардың бөлекей бір түрі емес, бұ да байымдама болады. Мұның байымдамадан бөлектенетін жері мынау ғана: Байымдамада жазушының пікірі – негізгі пікірін баяндап, түрлі дәлелдермен сипаттап, анық түсіндіріп беру. Шешен сөзде айтушының мақсаты – баяндап, сипаттап түсіндірумен қоймай, пікіріне нандыру, сеңдіру, ұйыту, бұйыту, иман келтіру болады. Оны істеу үшін шешендер жай байымдаушыларша айтқан сөзі адамның ақылына қону жағын ғана көздемейді, сөз қанға, жанға әсер етіп, арбау сияқты адамның ойын да, бойын да балқытып, билеп алып кетуге ыждаһат етеді. Сондықтан шешен сөздің «қыздырма» яки «қоздырма» деген айрықша бөлімі болады. Оның қызметі адамның жүрегін билеп, жүйесін босату, қанын қыздыру, намысын келтіру, арқасын қоздыру. Шешен сөздің бұл бөлімі пікірді дәлелдеп, сипаттап, мәністеп болғаннан кейін келеді. Үйткені пікірді баяндап, түсіндіріп, дәлелдеп, сипаттап, ақыл жағы қанағаттанғаннан кейін жүрек жағына әсер етіп, бойын балқыту жеңіл болады. Осы айтылған мақсаттарға қарай шешен сөздің тілі уытты, лепті, әсерлі, қанды қайнатып, жүрек тулатып, естен айырып, ерікті алып кететін күшті, көрнекті, сәнді, мәнді тіл болады. ІІІешен сөздің зор мүшелері бесеу: а) Бастамасы, ә) ұсынбасы, б) мазмұндамасы, в) қыздырмасы, г) қорытпасы.
Шешен сөздің түрлері
Шешен сөздер бес түрлі болады: а) шешендер жиынды аузына қаратып, нандырып, сендіріп, мемлекет ісіне қарар шығарту мақсатпен сөйлегенде саясат шешен сөзі деп аталады. ә) Шешендер сотта айыпкер адамдарды ақтау, иә қаралау мақсатпен сөйлегенде сот билігіне әсер ету үшін айтқан сөздерді билік шешен сөзі деп аталады. б) Біреудің халық алдында еткен еңбегін, өткізген қызметін айтып, қошеметтеп сөйлеген шешеннің сөзі қошемет шешен сөз деп аталады. в) Білімділердің, ғалымдардың мәнді, мазмұнды сөйлегені білімір шешен сөз деп аталады.
г) Дін жайынан сөйлеген ғұламалар сөзі, молдалар сөзі уағыз деп аталады.
(Шешен сөз мысалдарын нұсқалықтың
28, 29- ыншы нөмірінен қара).
4. Көсем сөз. Көсем сөз шешен сөз сияқты әлеуметке айтқанын істету мақсатпен шығарылатын сөз. Шешен сөзден мұның айырылатын жері – шешен сөз ауызбен айтылады. Көсем сөз жазумен айтылады. Көсем сөз әлеумет ісіне басшылық пікір жүргізегін сөз болғандықтан да көсем сөз деп аталады. Көсем сөз кезіндегі әлеуметке керек іске мұрындық болып, істету ыждаһатымен айтылады. Әлеумет, шаруашылық, қазыналық, мектептік, соттық, саясаттық, тағысын тағы сондай қоғамшылық істерін түзеу, жаңалау, өзгерту керек болған кезінде, халықты соған көсем сөз арқылы ұйытып, көптің миына қондырып, көңіліне сіңіреді. Көсем сөз күндегі мәселе жайын сөйлейтін сөз болған соң, кезіндегі шығып тұрған газет, журнал жүзінде шығады. Көсем сөз әлеуметке басшылық есебінде айтылатын сөз болғандықтан, жұрт ісіне мәні зор болады. Басшылығы дұрыс болса, әлеуметті түзейді. Теріс басшылық қылса, әлеуметті адастырады. Солай болған соң көсем сөз жазып, әлеуметке басшылық қылатын адам көпті көрген көсем, білімді адам боларға керек. Әйтпесе, дүмше молда сияқты, көбі көсемдік қыламын деп, әлеуметті адастырып, пайда орнына зиян келтірмек.
(Көсем сөз мысалдарын нұсқалықтың
30, 31-інші нөмірлерінен қара).
ІІ. ДАРЫНДЫ СӨЗ
Дарынды сөз деп ақын тілді шығармаларды айтатынымыз алдыңғы баптарда айтылған сөздерден мәлім болғандықтан, мұнда қайта баяндаудың қажеті жоқ. Қара сөз көбінесе ғалымдардың, шешендердің сөзі болатындығы қара сөз түрлерінен анық көрінді. Дарынды сөз олай емес, ақындардың, арқалылардың сөзі болады. Ақындар ғалымдар сияқты болған уақиғаны яки нәрсені болған күйінде, тұрған қалпында бұлжытпастан айтып, дұрыс мағлұмат беріп, қақиқаттауға тырыспайды, тұрған нәрсе тұрған күйінде, болған уақиға болған күйінде ақынға өте үйреншікті, жай қалыпты, жабайы көрінеді. Оның бәрін ақындар өз көңілінше түйіп, өз ойынша жорып, өз ұйғаруынша сүгіреттеп көрсетеді. Сол өзі ұйғарған түріндегі ғаламды сөзбен көрсетуге бар өнерін, шеберлігін жұмсайды, сүйтіп шығарған сөзі көркем сөзді шығарма болады. Оны шығаруға жұмсайтын өнердің аты ақындық болады. Ақындықтан шыққан сөзді яғни көркем лебізді шығармаларды үлгілі жұрттар айтылуына қарай үшке бөледі: 1) әуезеленіп айтылуына қарай, 2) толғанып айтылуына қарай, 3) ғамалдап айтылуына қарай. Бұлайша бөлу қазақтың жазба әдебиетінің түрлеріне келсе де, ауыз әдебиетінің түрлеріне келмейді. Сондықтан қазақ ауыз әдебиетінің шығармалары айтылу түріне қарай бөлінбей, тұтыну орнына қарай бөлінеді. Осылай бөлінбесе, ауыз әдебиетінің сөздерінің көбі жоғарғы айтылған үш салаға үйлеспей, далада қалып қояды. Ауыз шығармаларды сөз қылғанда, көркем сөзді шығармаларды ғана сөз қыламыз. Қазақ ауыз әдебиетінде көсем сөзді шығармалар жоқ. Неге болмайтындығын азырақ айтып, түсіндіріп өту қажет болады. Жазу-сызу жоқ жұртта көсем сөзді шығармалар болмайды, себебі жазу-сызу жоқ жұртта өнер-ғылым болмайды. Ғылым дегеніміз – дүниені яғни табиғатты дұрыс тану, ғылым жоқ болса, дүниені тану дұрыс болмайды. Дүниені дұрыс танымаған соң, дүние турасындағы мағлұмат жиысатын сана-саңылауы дұрыс болмаған соң, табиғаттың күшін, ісін, қасиетін бұрынғылар теріс танып, теріс әуезе қылған. Сондықтан бұрынғылардың ертегі сияқты, ертегі жырлар сияқты шығарған сөздері біздерге шып-шылғи өтірік көрініп, біздің ақыл арнамызға жуыспайды. Қай халықтың да болса, жазу-сызу білмеген заманы болған, сондықтан ерттегі сияқты өтірік қай халықта да болса бар. Әдебиет сөзін тәртіптеп, тапқа бөлу керек. Жұртынан шыққан олар ауыз сөзді де айтылу түріне қарай негіздік үш тапқа бөлген: 1) әуезе, 2) толғау, 3) айтыс. Не үшін олай бөлген мәнісі әр табы бас-басына баяндалғаннан көрінбекші.
1. Әуезе
Әуезелеуші айтатын сөзіне өзін қатыстырмай, өзінен тысқарғы ғаламда болған істі әңгіме қылады. Е с к е р т у. Тысқарғы ғалам деудің мәнісі – адамда екі ғалам болады: ішкі ғалам, тысқы ғалам. Ақыл, көңіл, қиял сияқты адамның рухына қараған жағы ішкі ғалам болады да, онан басқалары – басқа адамдар, мақұлықтар, нәрселер, бүтін дүние тысқы ғалам болады. Әуезе – тысқы ғалам турасындағы сөздер. Ақын әуезе түрінде сөйлегенде, уақиғаның ішінде өзі болып, басынан кешірген адамша сөйлемей, тек сыртта тұрып бақылап, уақиғаға көз салған адамша, қатта біреуден естіген адамша айтады. Уақиғаны бұлайша түрде айтып көрсету тысқарғы түрде айту болады, сондықтан әуезе көркем сөздің тысқарғы түрлісі болады. Бірақ әуезеге алынған уақиға болғандықтан және де ол уақиғаға айтушы өзінше көрік беріп шығарғандағы сөзі әуезе болады.
2. Толғау
Толғағанда айтатын нәрсесін толғаушы тысқарғы ғаламнан алмай, ішкергі ғаламнан алады. Толғаушы ақын әуелі көңілінің күйін, мұңын, мүддесін, зарын, күйінішін, сүйінішін айтып, шер тарқату үшін толғайды. Екінші, ішкергі ғаламында болған халдарды, нәрселерді тысқа шығарып, басқаларға білдіріп, басқаларды сол көңілінің күйіне түсіріп, халін түсіндіру мақсатпен толғайды. Толғау қысқасынан айтқанда, іш қазандай қайнаған уақытта шығатын жүректің лебі,, көңіл құсының сайрауы,, жанның тартатын күйі. Ақындық жалғыз өз көңілінің күйін толғай білуде емес, басқалардың да халін танып, күйіне салып толғай алуда. Әуезе – тысқарғы ғаламның жыры, толғау – ішкергі ғаламның күйі деп екі айырғанымызбен, екі ғаламның ісінің арасында зор іліктік бар. Нәрсені танығанда, сол тануымыздың өзі екі жақты болатындығы жоғарыда «Қара сөз», «Дарынды сөз» деген бапта айтылды. Әр нәрсені саңылап санамызға алған уақытта, ол нәрселер турасындағы ұғымдарымызға көңіл кіріспей тұрмайды. Адам дүниедегі көрген, білген нәрселерін тек байқап, тек пікірлеп, тек саңылаулап қана қоймайды, ол нәрселермен қатар адамның көңіліне күй де жасалады. Адам көрген-білген нәрсенің иә істің біріне күйінеді, біріне сүйінеді, бірінен сескенеді, бірінен шошынады. Сезіліп тұрған тысқарғы ғалам мен сезіп тұрған ішкергі ғаламның екі арасы санаға келіп түйіскен жерде жыртылып айырылғысыз болып бірігеді. Тысқарғы ғаламнан санаға түскен саңылау мен сана жанында тұрған көңілдің күйін бір-біріне қатыстырмай, бөлектеп қоюға мүмкін емес. Адамның санасы фотография (сүгірет машинасы) емес, нәрсенің тұрпатын ғана түсіріп қоятын. Нәрсенің саңылауы келіп адамның санасына түскенде, адамның ойын да, көңілін де бірдей оятады. Адамның көңілін оятпаған нәрсе тіпті сезілмей, дерексіз өтеді, бірақ адамның ілтипаты тысқарғы ғаламға, бірде ішкергі ғаламға көбірек ауатын орындары болады. Кейде тысқарғы нәрсе өте қорқытса яки өте қуантса, иә болмаса өте тамаша күйде болып таңдандырса, адамның есін алып, ілтипатын өзіне аударып кетеді. Кейде қайта адам оз ойы, өз қиялы, өз көңілінің күйімен болып, айналасындағы болып жатқан уақиғаларды, істеліп жатқан істерді, тамашалы, тысқарғы ғаламды байқамай қалады. Бұл адамның ілтипатын тысқарғы ғаламнан ішкергі ғалам аударып алып кеткен уақытта болады. Ондай адамдардың көбі ілтипатын көбінесе ішкі ғалам жағына салатын адамдар болады. Кейде тысқарғы, ішкергі екі ғаламның да күші бірдей болып, ілтипатымызды бірдей түсіреді. Мәселен, бір нәрсе яки іс қандай көркем, әдемі болса, сондай оған сүйінеміз. Қанша сүйкімсіз, жаман болса, сонша жек көреміз. Сүйтіп, манағыдан бергі айтылған сөздің қорытуы мынау болады: ертек – тысқарғы ғаламның жыры деп, толғау – ішкергі ғаламның күйі деп бөлгенімізде, тіпті сорпасы қосылмайтын бөлектік бар деп ұқпасқа керек.
3. Айтыс
Айтысқанда, екі күрескен палуандар сияқты, бірін-бірі аңдиды, бірін-бірі бағады. Күрескендегі бірін-бірі жығу үшін істейтін әдіс-амалдарды, тәсілдерді мұнда да істейді. Айтысқанда, жай сөзбен айтыспай, өлеңмен айтысады, сондықтан өлеңмен ғана айтысу айтыс деп аталады. Өлеңсіз айтыстың аты әзіл-ерегіс болады. Бәлки, өлең айтыс та о басында әзілден, ерегістен шыққан болар, бірақ бұл күнде айтыс деп өлең түріндегісі ғана айтылады. Айтыс өлеңді сөз болған соң, оған ақындық керек. Ақындықтың үстіне әдіс керек. Күрескенде күшке әдіс серік болу сияқты, айтысқанда ақындыққа да әдіс серік болады. Әдісі жоқ әйдік ақынды әдісті анау-мынау ақын жеңіп кетуі мүмкін. Айтысқанда түрлі нәрселер жайынан сөйлеп, бірін-бірі тосуға тырысады. Көбінесе бірінің-бірі басындағы, еліндегі, жұртындағы міндерін айтып, тоспақшы болады. Айтысының бұл жағының әлеумет алдында пайдасы зор. Адамның, елдің, жұрттың басындағы келіссіз ғамалдарын, мінездерін айтып көрсету халықтың құлқын түзеуге зор пайдасы тиетін нәрсе. Мұнысын байқағаннан кейін, айтыс екінші түрге түсе бастаған. Айтыс бастапқы кезде шын екі ақынның айтысқаны болса да, соңғы кезде айтысты ақындар оз ойынан шығаратын болған. Яғни бір ақын екі ақынның айтысқаны қылып, екі жағының да сөзін өзі шығаратын болған. Сүйтіп, айтыс шын айтыс емес, тек шығарманың түрі болуға айналған. Адамның, елдің яки бүкіл жұрттың келіссіз істерін, мінездерін, пиғылдарын айтқысы келсе, ақындар өз атынан айтпай, айтысқан ақындардың сөзі қылып шығаратын болған. Ондай айтыстырып шығарған сөздерді соңғы кездерде екі ақынның өзіне екі адам айтысқан сияқты болып, бара-бара айтыс өлеңде айтылатын келіссіз істерді, мінездерді алаң ауданда істетіп көрсететіндер болды. Онан әрі бара-бара осы күнгі ойналатын түрлі алаң алданышы болып шығар еді. Алдыңдағы көрсетілетін істерге алаң алданышы деп ат қоюда мәніс бар: ондағы көретініміз өмірдің өзі емес, тек түрі: сәулесі айнаға түскен сияқты, алаңға өмірдің өзі түспей, сәулесі ғана түседі. Алаң айнасына түсіріп көрсететін көбінесе өмір жүзінде, адам арасында болатын ұрыс-керіс, талас-тартыс, алыс-жұлыс, қуаныш-қайғы сияқты түрлі халдер болған себепті, сөз өнерінің бір түрі Европа тілінде тек «айтыс» мағынада емес, «айтыс-тартыс, арпалыс» мағынада ұғылады. Біздің қазақ Европа әдебиетінен үлгі алмай, әдебиетін өз бетімен жетілдіргенде, қазақтың айтыс өлеңдері алаңға түсе-түсе барып, алаң алданышына айналып, айтыс-тартыс түрге түсетіні даусыз еді. Үлгіні өзге жұрттан алғандықтан, алаң әдебиеті бізде төтеннен шығып қалды. Әуезе, толғау, айтыс-тартыс үшеуінің кәрісі – әуезе, ортаншысы – толғау, кішісі – айтыс-тартыс. Айтыс қазақта ауыз әдебиет түрінде болғанмен, айтыс-тартыс түріндегі сөздер басқа жұрттарда жазу-сызу, өнер-ғылым шыққан уақытта пайда болған. Шын айтыстар емес, шығарма айтыстар қазақта да соңғы кезде шыққан. Асылында, айтыс-тартыс түрлі шығарма ауыз әдебиетінде жоқ.
Әуезе жайынан ескерту
Жер жүзіндегі жұрттардың түріндегі шығармалары бір-біріне көбінесе ұқсас келеді. Ондай ұқсас болатын себебі, олар шыққан заманда халықтың бәрінің, бір ананың қолында өскен балалар сияқты, көргені, өнегесі, үлгісі бір болған. Ол уақытта қай халықтың та болса табиғат бауырында болып, табиғат тауқыметінде тұрып, табиғат қабағына қарап өмір шеккен. Ол заманда адам табиғат ісіне өзгеше қарап, табиғат күшін өзгеше ұғып, бәріне өзінше мағына берген. Ол уақыттағы адамның санасын, саңылауын шамалап білгіміз келсе, бала күйге қайта түсуіміз керек. Сонда ғана дәу пері, жезтырнақ, жалмауыз кемпір, тағысын тағылар жайынан айтылған ертегілерге ойымыз ұйып, бойымыз балқып тыңдайтын дәрежеге жете аламыз. Халықтардың басынан өткізген анайылық шағы біздің балалық шағымыз мысалды. Балалықтан шыққан адамға қайтадан балалық күйге түсуге қандай мүмкін емес болса, анайылық күйден шыққан халықтарға анайылықтан туған нәрсеге ден қойып, иман келтіру мүмкін емес. Сондықтан бұрынғылардың анайы күйдегі шығарған ертектері, ертегі сияқты әңгімелері анайы күйден өтіп кеткен. Бұл замандағы адамдардың көңіліне әсер етіп, бойын балқытып, ойын ұйыта алмайды. Бұл сияқты сөздер заманында осы күнгі асқан ақындардың сөзінен де күштірек адамға әсер етіп, бойын, ойын алып, қанын қайнатып, жүрегін аттай тулатқан әңгімелер шығар. Ол әсерін бірақ бұл күнде көрсете алмайды, үйткені бұл күнгінің адамы ол күнгінің адамындай емес, ол күнгінің адамы табиғат заңын білмей, сырын танымай, табиғатта жоқ қасиетті бар деп білген. Кереметсіз нәрсені кереметті деп білген. Қысқасы, мәнісін біле алмаған, табиғат ісінің бәрін кереметке жори берген. Мұның аты жоққа илану болады. Ол күндегілерге керемет көрінген нәрселердің бұл күнде алдауыш пердесі алынып, сыры білініп, сыриып, шыны ғана қалды. Күннің тұтылғаны қазаққа қанша қорқыныш кіргізіп, тасаттық бергізіп, қанша қой сойғызып, әурелеуші еді?! Бұл шақта күн тұтылуы от басындағы құманның отты көлеңкелегені сияқты ғана нәрсе болып шықты. Дауыл соғып бұрқырап, бір нәрсе ашуланған сияқты болып дүрілдеп, күрілдеп, көкті күркіретіп, тасырлатып, бұлттарды дүркіретіп айдап, найзағайды жарқылдатып, әуені тітіретіп, дірілдетіп, жапырып, жоқ қылатындай дауылдар, жауындар болады. Табиғат бауырынан шықпаған, есі кіріп жетпеген, жас балалар сияқты ақылы еніп жетпеген алғашқы адамдардың көңіліне ол сияқты әлеуметтер қандай қорқыныш кіргізбек! Қалайша мұны бір құдіреті күшті, керемет иесі нәрсе деп танымасқа?! Ол күндегі адамдар түгіл, күні кеше осы күнгі адамдардың көбі, молдалардың айтуымен, күн күркіреуін періштелердің бұлтқа айқайлағаны деп, найзағайды періштелердің шайтанды атқаны деп түсініп жүрген жоқ па еді?! Бұл күнде бұрын керемет көрінген нәрсенің пердесі алынып, беті ашылып, пердесі көрініп, күн күркіреуі, найзағай ойнау, кереметтен түк жоқ, құр «электр» болып шыққан жоқ па?! Бұл электріңді өнер-білімі бар жұрттар от пен су сияқты пайдаланып отырған жоқ па?! Күн күркіреуін періште дауысына жору сияқты, найзағай ойнауын шайтанды атқанға ұйғару сияқты, табиғат ісін танымай, басқаға ұйғару, басқаға таңу бұрын көп болған. Сондықтан ғаламда жоқ адамда ғана бар яғни адамның қиялында орын алған нәрселер бұрынғы заманда көп болған. Жалмауыз кемпір, жезтырнақ, обыр үйі, жын, пері, албасты, марту сияқты нәрселер дүниеде жоқ, адамның қиялында ғана болған нәрселер. Өнер, білім болмағандықтан, ол күндегі адам табиғатқа қожалық қыла алмаған, табиғат сырын біле алмаған. Табиғат күшінің көбі бір керемет болып көрініп, дүние неше түрлі Құдайлардың, перілердің, періштелердің, шайтандардың, жындардың быжынап жатқан ордасы, ұясы секілді көрініп, көңіліне қорқыныш кіргізген себепті алғашқы адамдар табиғат алдында қол қусырып, құлдық қып, бас ұрумен болған. Күркіреген күннің, дүрілдеген желдің, бұрқыраған дауылдың, зырқыраған құйынның әрқайсысының істеуші иесі бар, құдайы бар деп ойлаған. Күлімдеп күнде көз салып, күйін-жайын көріп, жарық беріп жадыратып, жылылық беріп маужыратып, мәз қылып отыратын «Күн құдайды» қара әбілет басып, қараңғыласа қауіптенген, қайғырған, бір дүкіртке ұшырады деп білген. Қыс деген әбілет келгенде, күннің күші азайып, ауырғандай болып, әлсірейді. Дүниедегі нәрсенің бәрі қысылады, мұздайды, қатады. Түсі қашып, өлік сияқты жатады. Күн жазыла бастағанда, жаз болады: бәрі жадырайды, жазылады, көгереді, көркейеді. Сүйтіп, қыс пен жаздың болуын «Күн құдайдың» әлсіреуі, күшеюінен болады деп білген. Күннің тұтылуын айдың тасалауы демей, қаптаған бір қара пәле деп білген. Адам анайы шағында бала сияқты жанды, жансыз нәрсені айырмаған. Жандысы да, жансызы да бірдей тіршілік ететін, бірдей өмір сүретін сияқты көрінген. Қуыршағын, басқа ойыншық нәрселерін жанды нәрседей көретін балалар сияқты болған. Табиғаттан ұзап кеткен жері болмаған соң, адамның өзі де табиғатпен қатар, табиғатпен жалғас, сабақтас, өзектес сияқты күйде өмір шеккен. Жансыз нәрселерді жанды деп таныған. Ол заманның адамы өлімді өлу деп білмеген. Өлгенін тірісіндей көрген, қару-жарақ сияқты тұтынған нәрселерін өзімен бірге қойған. Ішуге басына тамақ қалдырған. Қайратты адамдар тірісінде елді қорғап, қысылған, қиналған жерде ақылымен, айласымен иә болмаса қайратымен құтқарған болса, ондай адамдардың өлгенде де жәрдемі тиеді деп ойлаған. Сондықтан қысылған, қиналған шақта әруағын шақырған. Бәрі жору, жорамалдау, ұйғару айналасында болып, нәрсенің сырын тану, шынына жету жоқ болып, ақыл жағы күшеймей, қиял жағы күшейіп, анайы заманның адамының ақылы нашар, қиялы күшті болған. Қиял ісін сынға салып тексеретін ақылы аз болған соң, қиялдаудың шеті, шегі болмаған. Адамның анайы шағындағы шығармалары орасан қияли, орасан кереметі көп, расы аз түрде айтылған. Анайы заманда адам бұл заманнан гөрі де күшті көбірек сыйлап, күшке көбірек бағынған. Көріктің пұлы болмаған, сондықтан күшті болған нәрселердің бәрін де құдай деп білген. Досынан қадірлеп, құдайдай көретіндері батырлар болған. Батырлары елінің қорғаны болған. Табиғат жауын да, адам жауын да қағысқан жерде батыры күшімен, ісімен мұқатқан. Ондай адамдарын құдайдай құрметтеп, батырлығын, қайратын жыр қылып, аузынан тастамай, үлкенге өнеге, кішіге үлгі еткен. Ол жырларын бас қосқан жерде айтатын адамдары жыршы деп атанған. Жырлар жыршылардың аузында елден елге, нәсілден нәсілге, заманнан заманға кеткен. Ол заманда жазу-сызу жоқ. Жыршыдан жыршы жатқа үйренген себепті, жырлар ауыздан ауызға көшкен, қиялдан қиялға түскен. Әр жыршы өз ойынша, өз қиялынша өң берген; өз қиялынша көпірткен, көркейткен. Сүйтіп, өзгеріс кіріп, көбінің өрісі кеңіп, өресі ұзарған. Батырларға адам баласына бітпейтін қайрат, адам қолынан келмейтін іс ұйғарылып, артықша қасиет, керемет таңылып, құдай болмаса да, соған жақын бір нәрсе болып, құдайлары мен батырларының арасында жік қалып жарылма-ған. Ақыннан шыққан сөз, жыршыдан жыршыға көшіп жүріп, өзгеріп те болған. Шығарған ақындарын да жоғалтқан. Батырлар жыры бір адамның сөзі болудан шығып, мың адамдікі, жұрттікі, ұлттыкі болып кеткен. Мәселен, «Қобыланды батыр», «Алпамыс батыр» сияқты батырлар жыры, «Қара батыр», «Қара қылыш» сияқты ертегілер ауыздан ауызға көшіп, талай заманның түрінше түрленіп, халықтың салтымен, сарынымен бірге өзгеріп, ақынның атын, сөзінің байырғы белгісін жоғалтып, қазақ сөзі ғана болып келіп тұр. Мұндай сөздерге қазақтан басқа ие жоқ. Қатта ертек сияқты сөздердің сүлдесі басқа жұрттан алынып, жыршылар аузында екінші жұрттың салтына, сарынына салынып кеткен болуы да ықтимал. Ертегі сияқты ескі сөздердің бір адамнан шыққанын білу түгіл, белгілі бір халықтан шықты деп айтуға да қиын. Ондай сөздер айтып жүрген халықтың өз шығармасы болуға да, болмауға да ықтимал. Сөз ішіндегі адамдардың жүріс-тұрысы, мінезі өзіне сәйкес келгендіктен, әр халық өзінікі деп біледі. Сәйкес келу себебі ауыздан ауызға көшкенде әркім өзінше өң беріп, өз заманының салтына, сарынына түсіргендіктен. Бұл сияқты сөздер көптің аузынан өтіп, көп өзгеріс көріп, алғашқы шығарған ақынынан түк белгі қалмағандықтан халық шығармасы, халық әдебиеті деп аталады. Жоғарыда айтылған мәністер мен шығармалар екіге бөлінеді: 1) ауыз шығарма, 2) жазба шығарма. Жазу-сызу, өнер-ғылымы жоқ анайы халықтарда жазба шығарма болмайды. Ондай халықтардың асыл сөздері анайы тілмен айтылған ауыз шығармалар болады, сондықтан ондай асыл сөздер ауыз әдебиет яки анайы әдебиет деп аталады. Жазу-сызу, өнер-ғылымы бар мәдениетті жүрттар асыл сөздерін сыпайы тілмен жазып шығарады, сондықтан олардың шығармалары жазу әдебиет яки сыпайы әдебиет деп аталады. Қай халықтың да болса, жазу-сызу, өнер-ғылым білмеген шағы болған, сондықтан анайы әдебиет халықтың бәрінде де болады. Сыпайы әдебиет жазу-сызу, өнер-ғылым жемісінен дәм татқан жұрттарда ғана болады. Ауыз шығарманы (анайы әдебиетті) ауыз сөз деп қана атап, жазба шығарманы (сыпайы әдебиетті) ғана әдебиет деп танушылар бар, бірақ қалай да асыл сөздің бәрі де тілдегі әдебиет есебінде жүріледі. Қай тілдегі әдебиетті болса да сөз қылғанда, шығармаларын сөз қылмай өтпейді. Сөйлеу жүйесінің мақсаты сөйлеу жүйелерін білдіріп, анайы тілдегі асыл сөздердің түрлерімен таныстырып, сөзден нендей нәрселер жасап шығаруға болатындығын көрсету. Сондықтан сөйлеу жүйелерін білдіргеннен кейін, қазақтың анайы әдебиетінен бастап, тілдегі бар шығармалардың түрлерімен таныстыру қажет болады.
АУЫЗ ӘДЕБИЕТ
Қазақ ауыз әдебиеті жұмсалатын орнына қарай әуелі екі салаға бөлінеді: 1) сауықтама, 2) сарындама.
Сауықтама саласына барша сауық үшін айтылатын сөздер кіреді. Сарындама саласына жұрттағы келе жатқан салт сарынымен айтылатын сөздер кіреді. Ол салалардың әрқайсысы тарауға, тараулары тармаққа, бұтаққа бөлінеді.
Сауықтама екі тарау болады: 1) ермектеме, 2) зауықтама.
1. Сауықтама (сауық сөз) саласы, тараулары
1) Ермектеме (ермек сөз). Ермектеме деп ермек үшін сөйленетін сөздер айтылады. Мәселен: ертегі, ертегісімек, аңыз әңгіме, өтірік өлең, жұмбақ, жаңылтпаш, бас қатырғыш сияқты сөздер.
Ертегі. Ертегі қиялмен қисынын келтіріп қызықты ету сияқты мақсатпен шығарған әңгімелер. Ертегінің ішіндегі уақиғалар, уақиғаға қатысқан нәрселердің көбі дүниеде жоқ, қиялдағы уақиғалар мен нәрселер болады. Сондықтан әдебиет тарихшылары ертегілерді адамның жоққа нанған шағындағы сөзі деп есептейді. Дәу, пері, жалмауыз кемпір, жезтырнақ сияқты нәрселерге бұрынғының адамдары құдайдай, періштедей, пайғамбарлардай, әулиелердей иланған заманда шыққан сөздер дейді. Ертегілер солай болуға тиіс жөні де бар. Ертеде шыққан әңгіме екендігін ертегі деген аты да көрсетіп тұр.
Ертегілер өтірік болғанымен мағынасыз болмайды, көбінесе ішкергі астарлы мағынасымен өнегелі келеді. Жақсылық, жамандық, достық, қастық, арамдық, адалдық, батырлық, қорқақтық, ептілік, шорқақтық, қулық, аңқаулық, тағысын тағы сондай жақтан өнеге беру, тәлім-тәрбие беру мақсатымен шығарған әңгімелер екендігі сезіледі. Бірақ ертегі дүниедегі қалыптың жағдайына қарамай, бәрінен қиял бетімен өтеді. Сондықтан ертегіде жаны жоқтар жанды болады, тілі жоқтар тілді болады. Бір нәрсе екінші нәрсенің түріне түсіп кетеді. Ертегінің қадірі қанша деп сұрағанда, керектігіне қарай жауап беріледі. Ертегінің керек орындары: 1) халықтың ұмытылған сөздері ертегіден табылмақ, олай болса, ертегі тіл жағынан керек нәрсе. 2) Бала әдебиеті жоқ жерде ертегі баланың рухын, қиялын тәрбиелеуге зор керегі бар нәрсе, баланы қиялдандыруға, сөйлеуге үйретеді. 3) Бұрынғылардың сана-саңылау, қалпы-салты жағынан дерек беруімен керегі бар нәрсе. Ертегі – халықтың ескіден қалған жұрнақтарының қордасы. Ол қорда қазірде шашылып, төгіліп, жылдан-жылға азайып, жоғалып барады. Ғылымды жұрттар бұрынғы адамның тұрмысын, халін жорамалдап, аз да болса білу үшін жердің астынан қазып, тұтынған нәрселерінің жұрнағын табуға қанша еңбек қылады! Біздей тарихы жоқ халыққа ертегіге қарап ертеде болған аталарымыздың өткен тіршіліктерін жорамалдауға болады, сондықтан елде тұрған адамдар ертегілерді жинап, жоғалмасына қам қылу борышым деп білу керек. Қазақта ертегі көп, мұнда бірнешеуін атап өтеміз: 1) «Қара батыр», 2) «Тазша бала». 3) «Алтын айдар», 4) «Хан Шынтай», 5) «Еркем Айдар», 6) «Арам пейіл, ақ пейіл», 7) «Әжігелді», 8) «Хан қызы», 9) «Тазша», 10) «Түлкі алдауы», 11) «Дуадар қыз», 12) «Үш ұл», 13) « Балықшы жігіт», 14) « Қара көз сұлу».
Ертегісімек50. Ертегісімек деп ертегіге ұқсас, бірақ ертегіден гөрі әдемірек, шынға бейімірек, тұрмысқа жақынырақ, дүниеде болуға ықтималы молырақ түрде шығарған әңгіме айтылады.
Мәселен, «Алдар Көсе», «Жиренше Шешен», «Қожа Насыр», «Атымтай Жомарт» сияқты адамдар турасындағы әңгімелер; мұнда да өтірік көп, бірақ өтірігі қисынды, шынға ұқсас.
Өтірік өлең. Өтірік өлеңнің не екенін аты да айтып тұр. Өтірік өлең қалай шыққанын сөйлейтін ертегі бар: ол ертегінің қысқаша мазмұны – қырық ауыз қиысын келтіріп, өтірік өлең айтқан адамға бір хан қызын берем деген. Соған біреу қырық ауыз өлең айтып, қызын алған дейді.
Өтірік өлең түрлері мынадай келеді:
Бақа қызын беріпті көбелекке,
Жүріпті қара шыбын жеңгелікке.
Құмырсқаның бір туын ұстап сойып,
Той қылып, ат шаптырды төңірекке.
Ақ тышқанға күмістен таға қылдым,
Көр тышқанның терісін жаға қылдым.
Көбелектің терісін жыртпай сойып,
Он бес қарыс жиындық саба қылдым.
Он бес жігіт жиылып көтере алмай,
Енді саба қылмасқа тоба қылдым.
Жұмбақ. Жұмбақ деген аты жұмудан шыққан яғни қолдың ішіне бір нәрсені жасырып, жұмып тұрып, соны тап дегеннен шыққан. Жұмбақта нәрсені қолға жұмып тұрып таптырмайды. Ойда бүгіп, айтпай қойып, сол нәрсеге ұқсас нәрселерді сипаттап айтып, ұқсастығы бойынша таптырады. Жұмбақ зейінді ұстартуға пайдасы бар нәрсе. Жұмбақтың негізі тәріздеу яғни нәрсенің сипатын тәріздеп айту. Мәселен, арбаны жұмбақ қылғанда, адамға тәріздеп былай сипаттайды:
Ізі бар, қадамы жоқ аяғының,
Тимейді ұшы жерге таяғының.
Қолдарын хайуанға арта тастап,
Салады әуеніне баяғының.
«Киіз үйді» жұмбақ қылғанда, айдаһар тәріздендіріп былай сипаттайды:
Дүниеде бір айдаһар, білесіз бе?
Жаны жоқ қимылдауға денесінде.
Ішінде сүйектері бақша-бақша,
Жарқылдар жалғыз көзі төбесінде.
«Құлыпты» жұмбақ қылғанда, ит тәріздендіріп былай дейді:
Таң қаларлық бір ит бар;
Үй бағады, үрмейді,
Аяғы жоқ, жүрмейді,
Көмейін тықсаң, сөйлейді,
Тілін адам білмейді.
Ұлықсатсыз сол иттен
Адам үйге кірмейді.
Басқа нәрсе тәріздендірмей, тек өз сипаттарын ғана айтып жұмбақтау бар. Мәселен, балықты жұмбақ қылғанда, былай сипаттап көрсетеді:
Бір нәрсе қанаты жоқ ұшпас биік,
Сонда да жүрмейді екен жерге тиіп.
Арасын жер мен көктің өрт алса да,
Кетпейді ешбір жері отқа күйіп.
Иә болмаса бір ғана нәрсеге ұқсатпай, әр мүшесін әр нәрсеге ұқсатып сипаттап жұмбақтау да бар. Мәселен, шегірткені былай жұмбақ қылады: ат басты, арқар мүйізді, бөрі кеуделі, бөкен санды, құс қанатты, құмырсқа ізді, бота тірсекті.
Жанылтпаш. Жаңылтпаш деген аты жаңылтудан шыққан. Қатарынан қайта-қайта шапшаң айтқанда, иә тіл келмейтін, иә тіл басқа сөз қылып бұзып кететін сөздердің басын құрап, келістірген шығарма жаңылтпаш деп аталады.
Жаңылтпашқа көбінесе жаңылғанда ерсі мағыналы сөз болып шығып, күлдірерлік сөздер алынады. Мәселен:
Базардан алып келген боқжама,
Мен боқжамаламай, кім боқжамалайды?
Мен боқжамаламай, кім боқжамалайды?
Бастапқы жолын жай айтады, соңғы екі жолын шапшаң айтады.
Жаңылғанда мағынасы ерсі сөз болып шығуын көздемей, тек жаңылу үшін айтылатын жаңылтпаштар бар. Мысалдар:
Бір түйем бар еді,
Бұйдалайын деп едім, бұйдалай алмадым (соңғы жолды үш рет шапшаң айтады).
Құдиярмен құда едім,
Құдияр мені құдалай алмады,
Құдиярды мен де құдалай алмадым (соңғы екі жолды үш рет шапшаң айтады).
Бай Тайқарбай, қойыңды
Ақшағылға жай,
Тайқарбай (үш рет шапшаң айтылады).
Бас қатырғыш. Бас қатырғыш жұмбақ сияқты бұ да ойландыратын нәрсе, бірақ жұмбақтай шешуі болмаған соң, босқа әурелейді. Шешуі жоқтығын білмей, жұмбағын табамын деп ойланып, адамның басы қатады, сондықтан бас қатырғыш деп аталады.
(Ермектеме нұсқаларын нұсқалықтың
32, 57-нші нөмірлерінен қара).
2. Зауықтама (зауық сөзі)
Зауықтама деп көңіл көтеру үшін сөйленетін сөздер айтылады.
Мәселен, ертегі жыр (батырлар), тарихи жыр, айтыс өлең, үгіт өлең, үміт өлең, толғау, түрлі терме өлеңдер.
1. Ертегі жыр (батырлары жыры) деп бұрынғы өткен батырлар турасында шығарған өлеңдерді, әңгімелерді айтады. Батырлар әңгімесі өтірік, шыны аралас қойыртпақ әңгіме болады. Шын жағы: бұрын батырлар болуы, батырлар заманында соғыс болуы, батырлар халық үшін қайрат қылуы, жұртын қоруы. Өтірік жағы: олардың мінген атына, тұтынған затына өздеріне бітпеген қасиеттерді таңу, болмаған күштерді, болмаған істерді телу, өтірік те емес, шын да емес, дүбара ертегілеу әңгіме болып шығады. Ол әңгіме өлеңмен айтылған себепті ертегі жыр деп аталады. Неғұрлым әріден шыққан әңгіме болса, соғұрлым қиял жағы шын жағын жеңіп, әңгіме өтірікке жақындай береді.
Батырлар әңгімесінің құны қандай деген мәселеге келсек, мұнда айту тиіс: бұрынғы жаугершілік заманда халық тән есебінде болғанда, батырлар жан есебінде болған. Сондықтан батырлар турасындағы әңгіме: халықтың жаны, рухы турасындағы әңгіме: Батырлары қандай болса, халықтың рух жағы да сондай болған. Ертек жырдағы батырлар сипатына қарасақ, ол жырлар халықтың рухы нағыз көтерілген шағында шыққандығын байқаймыз. Ошақ басы, үй-ішінің қамы сияқты өмірдің ұсақ мақсат жағымен азаматтары есептеспей, ұлы мақсат, ұлы мұратпен болып, жұрт үшін, көп үшін құрбан қылмайтын нәрсесі болмағанын көреміз. Әке-шеше, туысқан-туған, мал-мүлік, ең қымбатты жан – солардың бәрін жұрт қамының жолында бір тиынға баламағанын байқаймыз. Тоғай толған жылқысы, қора толған қойы, желі толған түйесі бар байлар, жасы 80-90-ға келгенше бала көрмей, баласы жоқтығынан әркімнен қорлық көріп, таяқ жеп, сөгіс естіп, зарығып, тарығып, «әулиеге ат айтып», «қорасанға қой айтып», өлдім-талдым дегенде жалғыз ұл көрсе, ол ұлы жұрт жұмысына керек болған жерде қартайған, әлсіз ата-анам қалып барады екен деп, оған да қайырылуы жоқ. Тоғай толған көп малым қалып барады, оны қайтемін деп уайымдап, қарайламайды. Қобыланды жауға аттанып бара жатқанда, қарындасы Қарлыға түстік жерге шейін соңынан қалмай, ақырында қайырылмасына көзі жеткен соң, қош айтысып қалайын деп тұрып:
Желі толған сар түйе,
Ағажан, кімге тапсырдың?
Қора толған ақты қой,
Ай көке, кімге тапсырдың?
Тоғай толған көп жылқы,
Күн көке, кімге тапсырдың?
Тоқсанда әкең Тоқтарбай,
Алпыста шешең Аналық;
Ақ көке, кімге тапсырдың?
Бірге туып, бірге өскен,
Кіндігіңді бір кескен.
Көкежан деп жылаған,
Мен сорды кімге тапсырдың?
Бұ дүниеде мұңдасың,
Төсекте жатсаң сырласың,
Ақыреттік жолдасың,
Бұлаңдаған қыз Құртқа,
Оны да кімге тапсырдың? –
дегенде, Қобыланды ата-ананы, туысқан-туғанды, жарды керек қылмайтын тасбауыр, тасжүрек, қасқыр сияқты тек қанішер аң мінезді адам емес, шын адам екендігін жырдың мына сөзі көрсетеді:
Жүрегі сөзге өрекпіп,
Батыр да Қобылан тарықты,
Әскерден жалғыз қалыпты.
Қарлыға бүйтіп тұрған соң,
Ақ найзаға сүйеніп,
Ақырын өксіп қамықты.
Мұнан Қобыландының артында қалып бара жатқандары жанына бататын қымбат заттар екендігі, Қобыланды да ата-ананың, жардың, туысқанның құнын білетіндігі көрінеді. Бірақ олар қанша қымбат болғанмен, онан да гөрі батырға қымбат нәрсе – жұрт қамы, жұрт ісі. Ол жұрт ісі әлгілердің бәрінен қымбат екендігін, оның бәрін жұрт үшін құрбан қылатынын, қатта басын да соған құрбанға байлап, жауға аттанып бара жатқандығын білдіру үшін қарындасына Қобыланды былай жауап қайырады:
Желі толған сар түйе,
Сары суға тапсырдым.
Қора толған ақты қой,
Аш бөріге тапсырдым.
Азу тісі балғадай,
Жас бөріге тапсырдым!
Тоғай толған көп жылқы,
Жасанған жауға тапсырдым!
Төртеуіңді, тәуекел,
Бір Құдайға тапсырдым!
Сендер төртеу, мен жалғыз,
Жауға кетіп барамын,
Әлдеқандай боламын,
Айналайын Қалдыжан,
Ағаңды кімге тапсырдың? –
дейді. Әкесінің жасын өте үлкен кәрі қылып, «өлдім-талдым» дегенде, зарықтырып-тарықтырып, оған жалғыз ұл беріп, ол ұлын жұрт қорғаушы батыр қылып, ер құрбандығының көптігін, үлкендігін көрсету мақсатпен істеген ақын шеберлігі де бар шығар. Бірақ елде жоқ рух ақын сөзінде де болмайды. Елде бар рухты ақын ықтимал дәріптеп, күшейтіп, көпіртіп, көркейтіп айтуы, бірақ жұртта жоқ рухты ақын өзінен шығарып айта алмайды. Ақын сөзіне жұрт рухының сәулесі түспей тұрмайды. Халықтың батырлары кетіп, басқаға бағынып, рухы сөнген уақыттағы қазақ ақындарының сөзі әлгі айтылғанды сипаттайды. Байларды, мырзаларды, төрелерді, бастықтарды кейде жақсы көріну мақсатымен, кейде нәрсе алу мақсатымен мақтап, ақындықты қайыршылыққа, жараукелікке айналдырған ақындарымыз аз ба? Ақындардың олай істеуі елдің көбі қайыршылыққа, жараукелікке айналғандықтан, елдің дәріптеп, ұлықтайтыны бастықтар, байлар, мырзалар болғандықтан. Сүйтіп, рухты ертек жырлар, батырлар әңгімелері халықтың рухы көтерілген шақта шыққан сөз болады. Батырлардың рухынан, батырларды жыр қылған ақын сөздерінің рухынан сол жыр шыққан замандағы халық рухы қандай болғанын білеміз. Ертегілер бұрынғының қалпынан, салтынан дерек бергеңде ертек жырлар бұрынғының рухынан дерек береді, бұл – бір. Екінші – батырлар әңгімесінің құны тілге пайда беру жағынан зор. Батырлар әңгімесі өлеңмен айтылған, өлеңмен айтылған әңгіменің сөзі көпке төзеді, тез өзгере қоймайды. Солай болған соң, батырлар әңгімесінде аталарымыздың сөздері сақталып келген. Біз сияқты тілі жетіліп болмаған халыққа аталарымыздың сөздерін сақтаған әңгімелер құнды болмақ. Сондай құнды әңгімелердің бірі батырлар әңгімесі болады. Соңғы уақытта қазақта сауық кеміген себепті жыршылар азайып, батырлар әңгімесі жоғалып барады. Батырлар әңгімелері – өлеңмен айтылатын әңгімелер. Жыршылар жоғалса, батырлар әңгімелері өлең түрін жойып, ертекке айналады. Ертегіге айналса, батырлар әңгімесінің рухы, көркі жоғалып, құр сүлдесі қалады, сондықтан жыршылар жоғалмай тұрғанда, батырлар әңгімелерін өлең түрінде жыршылардың аузынан алып қалу керек. Бұл ел ішінде тұрған азаматтардың халық алдындағы борышы. Ертегі-жырлардың қазақ ішінде көбінесе айтылатындары: «Қара қыпшақ Қобыланды батыр», «Нәрікұлы Шора», «Алпамыс батыр», «Ер Тарғын», «Ер Сайын», « Едіге», « Қамбар».
2. Тарихи жыр. Тарихи жыр деп тарихта бар, мағлұм уақиғалар турасыңда өлеңмен шығарған сөздер айтылады. Қазақта өз тілінде жазылған тарих болмағанмен, қазақта болған уақиғалар, қазақтан шыққан адамдар турасында басқа жұрттардың тарихында жазылған мағлұматтар бар, халықтың өзінің есінен кетпеген, қазақ басынан кешірген уақиғалары толып жатыр. Солар туралы өлең етіп шығарған сөздер болса, солар тарихи жыр болады. Мәселен, «Орақ–Мамай», «Абылай», «Кенесары–Наурызбай», «Ерназар», «Бекет» өлендері тарихи жырлар болады. 1879-1880 жылдары болған «Қоян» қыстың жұты турасында шығарған өлең болушы еді. Сонда қыстың қалай болғанын, елдің қандай жұтағанын, қандай аштық азап тартқанын айтушы еді. Сол өлең осы күнге дейін сақталған болса, о да тарихи жыр болады. Жанкісі бидің зекетшілер турасында айтқан өлеңі қазақтың Қоқанға қараған шақтағы тарихына қатысы бар сөз болғандықтан, бұ да тарихи жыр табына жатады.
3. Айтыс өлең. Айтыс – екі палуан күрескені сияқты, екі ойыншы ұтысқаны сияқты, екі батыр жекпе-жек ұрысқаны сияқты, екі ақынның бірін-бірі сөз жүзінде аңдып, бірінің-бірі қапысын тауып жеңу үшін айтатын өлеңдері. Ақындар әдісін сөз арқылы жұмсап, бірін-бірі сөзбен шаншып, жеңеді. Әрқайсысы сөзбен шаншуға қолайлы, осал-оңтай жерін іздейді. Басында, ісінде, жұртында, ұлтында болған осалдық, кемшіліктерді айтып, сөзбен ұялтып яки сөзбен қамап, жан-жағын бөгеп, тоқтатады. Сондықтан ақындар бірінің жайын бірі білмейтін болса, әркімнен әдейі сұрастырып, мағлұмат жинайды. Елентай мен Болық айтысқанда Елентайға Болық қиын сұраулар беріп, мүдіртпек болған. Жарылқасын қожа мен Айқын айтысқандағы бір-бірінің басындағы, ғамалындағы міндерін айтып, мүдірту талабында болған. Оған болмаған соң, әйел басындағы жалпы кемшілікті айтып жеңген.
«Кеншімбай мен Ақсұлу» айтысында елдеріндегі кемшілік, осалдық жағын айтып, бас адамдарының осал істерімен айтып, мүдіртпек болған. «Жанақ пен Баланың» айтысында ел жағына да, ақындардың өз жағынан да тию талабы байқалады. «Қазақ пен Ноғай» айтысында қазақ ноғай жұртының мінін айтып, ноғай қазақ жұртының мінін айтып, мүдірту қамында болған. Қазақта айтыс өлең көп, бірақ бұлар да ел ішінде жоғалып, сиреп барады. Жазу жайылған сайын айтыс өлең азайып, құруға бет алып барады. Мұның да бәрін жазып алып қалмаса, бұ да анайы әдебиеттің өшетін, жоғалатын түрі.
3. Үгіт өлең. Ақыл айтқан, жол көрсеткен, жөн сілтеген мағыналы өлеңдер үгіт өлең деп аталады. Үгіт өлең табына жатады мынау сияқты өлеңдер:
1. Ай, жігіттер, үлгі алма
Азған елдің ішінен!
Алыс-алыс қашыңдар,
Зияндасты кісіден!
Жақсыны көзден салмаңдар!
Жақсыдан қапыл қалмаңдар!
Өзі болған ерлердің
Аяғынан алмаңдар!
Әр елге, әр жұртқа
Алтын сақа табылмас. 2. Ай, достарым, жігіттерім,
Болмасқа болмашы болма!
Қолыңнан келсе, ақыл қайыр
Кісіден алушы болма!
3) Мақтанба бақсымын деп бағыңызға!
Қартаймақ қиын сауда тағыңызда.
Іске аспай бақ-дәулеттің қалуы оңай,
Басыңнан бағың тайған шағыңызда,
Мақтанба сұлумын деп ажарыңа!
Ажарсыз адамдарды ал, назарыңа.
Зылиха Жүсіппенен сұлу өткен,
Тұрмаған ажар ара ажалына.
Ағайын жат болады алыс болса,
Болады жат та жақын таныс болса.
Достарың, дұшпан түгіл, табалайды,
Аяғың бір нәрседен шалыс болса.
5. Үміт өлең. Біреуден үміттене, бір нәрсе дәме ете айтқан ақындардың өлеңдері үміт өлең табына жатады.
Мәселен, мақтау өлең, құттықтау өлең. Ескі ақындар мақтауды, құттықтауды, сұрауды кәсіп қылған. Байды, биді, ханды, төрені, мырзаны мақтап, тойын бастап, баласын құттықтап, шапан кию, ат міну – әйтеуір нәрсе алу мақсатпен айтатын ақындар көп болған. Біреулері, мақтасам құр тастамас деп, тек мақтап қойған да, біреулері көрсете сұраған. Сұрамай мақтаған өлеңнің мысалы – Орынбайдың Ерденді мақтаған өлеңі. Мұнда ешбір сұрау ишараты жоқ. Көрсете сұрау Қубала ақынның сөзінде бар. Әзілмен де пайда алу мақсатын көрсеткен сөз Шерниязда бар. Мысалдар:
Орынбайдың Ерденді мақтағаны:
Ассалаумағалейкум, батыр Ерден,
Кетіп тұр бақ-дәулетің тағы керден.
Ішінде мың қарғаның бір бүркіттей
Көзіме көрінесің келген жерден.
Сұңқардың екі мұртың жебесіндей,
Ақылың ұшан дария кемесіндей.
Сұрасаң биіктігің, мен айтайын,
Күн шалған Алатаудың төбесіндей.
Қубаланың жалғыз биесі өлгенде ноғай51 мырзаларынан жәрдем сұраған сөзінен:
Бір Алла, мал мен басқа қаза бердің,
Күнәма жаяулықпен жаза бердің.
Сіздерді көп беймаза еткенімнен
Ұялып, ортаңызға азар келдім.
Арқама тарыққанда сүйеуім деп,
Ортаңа бұ қазамды шаға келдім.
Тыңдаңыз, кіші іні, үлкен аға!
Алламыз не берсе де жоқты шара!
Жеңілтіп есебінен жібереді,
Қалай да қиын екен жалғыз қара.
Сіздерге менің мұңым қиын емес,
«Ау» десең, ноғай болып ортаға ала.
Жатсам да болар еді-ау сұрап хақтан,
Дұшпанның сөзі болад біздің арттан.
Ер өлмес жаяулықтан, жан қиналар,
Бір бие берілмесе қалың халықтан.
Жарарлық басшылыққа аға, іні бар,
Қайтемін жабы туса арғымақтан.
Шернияз ақынның Баймағамбет правительдің қыз ұзатқан тойын бастаған сөзінде айтқаны бар:
Сөйлемес бөтен қазақ мен тұрғанда,
Аузымда Тәңірі берген жел тұрғанда.
Мен кімге сөз сөйле, деп жалынамын,
Өлеңді айтатұғын мен тұрғанда.
Бұ тойда не берсе де мен аламын,
Дәнеңе жоқ шұқанаққа көл тұрғанда.
Сұрқия Кенесары қашаған хан,
Серғазы талай жасты жасаған хан
Дәулетін байекемнің айырма деп,
Тілекті мен тілейін жасағаннан.
Жарлыны жалғызбенен бір теңгердің,
Алтынды айналайын босағаңнан!
Кеңеске келіссіз сөз тек қосайын
Тап атам Жарылғасқа ұқсағанмын.
Қарастым тойды жақсы бастады деп,
Берсең де бір қысырақ қосақ алман.
6. Толғау. Толғау (яки мұңды өлең) деп көңілдің неше түрлі күйін шешетін өлеңдер айтылады. Мәселен, ғашықтық сағыныш, қайғы, күйініш, кейістік, кіжініс, өкпе, наз сияқты көңіл күйлерін білдіретін өлеңдер.
М ы с а л д а р: 1. Көзіме көріндің де кетіп қалдың,
Қадірі болмайды екен қолда бардың.
Әйдем де болмай жатып, сағынғаннан,
Өлеңмен атыңды атап, әнге салдым.
Сағындым, жаным, сені бір күн болмай,
Жолыңа көп қарадым шыдай алмай.
Кетіппін, жаным, саған қатты үйреніп,
Көңілім басылмайды бір жыламай.
Шырағым, жүзің раушан, сөзің балдай,
Жолыңа қараймын деп көзім талды-ай.
Бір себеп ойлағанға бола ма деп,
Иіскеймін сағынғаннан орамалды-ай.
Жан еркем, мен жүремін мұндай күймен,
Бар ма екен, ашық жарын мендей сүйген?
Сен бір шам, айнала ұшқан мен пәруана,
Айналып, аламын деп отқа күйген.
Есімнен еш кетпейді сүйген жаным,
Білмейді ешбір адам менің халім.
Құдай-ау, ризалықпен айрылмадым!
Көңілімде бұл турада көп-ті арманым.
Басымнан еш кетпейді қара бұлт,
Құдайдан етуші едім қатты үміт.
Япыр-ай, бұ не деген істер болды?
Көргенім, ойнағаным бәрі де ұмыт.
Барады ішім толып қайғыменен,
Деуші едім айрылмаспын сүйгенімнен.
Бар қайғы дүниедегі басымда тұр,
Айтамын өлең қылып күйгенімнен.
Қапалық көңілімдегі өлең болған,
Ойласам, еске түсер өткен заман.
Бар ма екен дүниеде мендей адам?!
Көңіліне қапалықпен қайғы толған
Он сегіз мың ғаламның
Патшасы, әуел хақ жаппар!
Есіттің бе, сөзімді?
Жылатпай менің көзімді!
Он үш жасар Қобыланды,
Ерінбей сүйер көзімді,
Жалғызының артынан
Мұхаммет сынды ей, тақсыр,
Тар жерде еске ал өзімді!
Қызыр, Ілияс екі жар!
Омар, Оспан екі жар!
Бір кітаптың ішінде
Қырық пайғамбар аты бар
Бас-басыңа бір жандық,
Дем бермесең, біз қалдық.
Асқардан асып, бел өттік,
Белден асып, біз кеттік,
Біз пақырға көзің сал,
Әруақтар, сізді тербеттік!
Ақсұңқар құс мақтанса,
О дағы бір күн кез болар
Құсбегінің торына.
Арғымақ ат мақтанса,
О дағы бір күн кез болар
Қаланың қазған орына.
Осы кеткен жалғызым
Есен барып, сау келсе,
Егіз туған көк бесті
О дағы бір сенің жолыңа!
Егіз туған көк қошқар
О дағы сенің жолыңа!
Бұл алпысқа келгенде
Қобыландыдай ұл таппан
Тұрмады ма сорыма?
Мұхаммет сынды ей, тақсыр!
Қозымды бердім жолыңа,
Бір жылқыдан кем шаппас,
Келінжан баққан Бурыл ат.
Денеге мылтық тигізбес,
Дәуіт соққан жалаңғат.
Асынған қылыш белінде,
Қынаптары әрі алтын,
Ұстаған жері сап алтын,
Балдағы алтын сар болат.
Шырағымның шыбыны,
Жасаған, саған аманат!
Қалғып кетсе, қағып тұр,
Адасып кетсе, бағып тұр
Қозыма келген пәлені,
Ықылас атты шашты Әзіз,
Жәрдемші болып соғып тұр.
Көл иесі Қамбар-ай!
Жол иесі Қамбар-ай!
Қазанға қайдан қол жиды
Қарман деген заңғар-ай!
Қамбар, өзің қолдасаң,
Қолдамайтын кім бар-ай!
(Қобыландыдан) 2. Бұлғыр, бұлғыр, бұлғыр тау!
Бұлдырап тұрған құрғыр тау!
Қаптай қонар елім жоқ,
Айым, күнім Кәрібоз,
Сөйлесетін тілің жоқ!
Ел таптырар ма екенсің?
Арысаң да, жануар,
Көрсетер ең бір қара,
Саған мінер белім жоқ,
Белге қылар емім жоқ!
Бұл шамаға келгенде,
Ажалым аштан болды ма?!
Ауызға жерге жемім жоқ!
Егер өлсем бұл жерде,
Сүйегімді ұстар теңім жоқ!
Көк шалғынның үстінде
Күңіреніп жатырмын,
Үстіме киер кебін жоқ!
Еңіреп жүрген ер едім,
Қаптаған қара борандай
Өткені ме, дүние боқ!
(Тарғыннан)
Қаратаудың басынан көш келеді,
Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді.
Қарындастан айрылған жаман екен,
Қара көзден мөлтілдеп жас келеді.
Мына заман қай заман, қысқан заман,
Дәулет құсы басыңнан ұшқан заман.
Топырақ пен аспаннан шаң борайды,
Қаңтардағы қар жауған қыстан жаман.
Мына заман қай заман, бағы заман,
Баяғыдай болар ма, тағы заман!
Атадан ұл, анадан қыз айрылды,
Көздің жасын көл қылып ағызамын.
Мұнша қысым қылдың ғой, қатты Құдай!
Қара жер қабырғама батты Құдай.
Жаяу жүрсем, табаным ауырады,
Тым болмаса бермедің атты Құдай!
7. Терме (яки түрлі өлеңдер). Терме деп ат қойылуынын мәнісі – бұл түрлі шығармалар бір нәрсенің жайынан сөйлеп тұрмай көп нәрсені теріп, сөз қылып өтеді. Көп нәрсені сөз қылғанда, әрқайсысына айналып, баяндап жатпайды. Түрлі шөптің басын шалып оттап, тоқтамастан, желге қарай тартып бара жатқан мал сияқты. Терме айтушылары түрлі нәрсені сөз қылып, бірақ ешқайсысына айналмастан, кідірместен, ілгері қарай сырғи береді.
М ы с а л:
Арғымақ жабы көрінер
Аса шауып бұланса.
Айдын көл батпақ атанар
Айдыны құрып, суалса.
Бәйтерек сабау көрінер
Жапырағы түсіп, қуарса.
Біраз ғана сөйлейін,
Жақсылар, сізге ұнаса.
Арғымақ жайлап не керек,
Артынан жабы жеткен соң?
Ағайын, туған не керек,
Аңдысып күні өткен соң?
Қызыл тілім, сөйлеп қал!
Қызығыңды жер көрер
Ажал қуып жеткен соң!
Айт дейтін аға сіз қайда?
Айтатын оны біз қайда,
Бір төбенің басына
Тыға салып кеткен соң!
Сипаған сиыр білмес қызметіңді,
Сыйлаған жаман білмес құрметіңді.
Әрқалай бір сияпат еткен жаман,
Болады атқарғандай міндетіңді.
Кейбіреу өз жалына өзі малай,
Бейнет көп, рақат жоқ дәулетінде.
Жаз ыстық қыс суықпен өмір шегіп,
Кетпей ме, бір күн тастап нәубетінде?!
Жаманның етек-жеңі тар секілді,
Қабағы ашылмаған қар секілді.
Сүйейді жамандарды кейбір сабаз,
Бүтінді аудармайтын нар секілді.
Қосылса екі жақсы хан секілді,
Ләззаты бір-біріне бал секілді.
Бір жерге екі жаман сыйыса алмайд,
Мінезі сиыр деген мал секілді.
Жақсылар жағасы кең тон секілді,
Лайық етек-жеңі мол секілді.
Жақсының бір жаманға ісі түссе,
Қос артқан ит үстіне жол секілді.
Қосылса екі жаман ду болады,
Қараңғы жүрген жері бу болады.
Күні-түні дау-жанжалмен өмір өтіп,
Рақатсыз ішкен асы у болады.
(Зауықтау нұсқаларын нұсқалықтың
40, 54-інші нөмірлерінен қара)
ІІ. Сарындама (сарын сөз саласы)
Сарындама үш тарау: 1). салт сөзі, 2). ғұрып сөзі, 3). қалып сөзі.
Салт сөзі. Салттама, оның түрлері. Салт сарынымен яғни салт жөнімен айтылатын сөздер салт сөзінің табына жатады. Мәселен: мысалдар, ділмар сөз (афоризм), тақпақ, мақал, мәтел.
Мысалдар. Адамның ғамалын, мінезін, құлқын жанды, жансыз нәрселер арқылы салт-санасына сәйкес көрсетіп, өнегелеу мысалдау болады.
Ескерту: мысалдар көбінесе хайуандар турасында шыққан ертегілерден алынады. Ондай ертегілерде хайуандарға адамша тіл бітіріп, адамша мінездеп, іс еткізіп, түрлі мақұлыққа түрлі өнеге боларлық сипат таңған. Ақымақтыққа өнеге болатын есек, айлакерлікке түлкі, қорқаулыққа қасқыр, момындыққа қой, мазақтыққа тырна, жарғақтыққа сауысқан, тағысын тағы солай.
Мысалдар: «Арсыз ит», «Өтірікші тышқан», «Хайуандар таласы», «Бақылдақ теке», «Құлағынан айырылған ешкі», тағысын тағы сондай сөздер.
Ділмар сөз. Бұрынғы даналардан, билерден, шешендерден қалған сөздер ділмар сөз (европаша афоризм) деп аталады.
М ы с а л д а р: 1. Өлеңтіні жағалай
Тал шығады деп едім.
Тал шыбықтай бұралып,
Сал шығады деп едім.
Соққан бейіт секілді.
Үй шығады деп едім.
Қырыққан серке бұттанып,
Би шығады деп едім.
2. «Өр Дулат ұлы жүздегі бір ханға барып отырып, Қоңырат Мырзан би ханға сөз бермей, жалғыз сөйлей беріпті. Мырзан баласыз екен, соны айтып тоқтатпақ ниетпен Дулаттың бір шешені айтыпты:
– Жалтақтап сөйлейсің жалғыз-ақ адамша, көтеріліп сөйлейсің көмегі жоқ адамша. Құйрығы жоқ, шолақ Мырзан, құлағы жоқ, шұнақ Мырзан, жалғыз өзің сөйлейсің бе? – деп. Сонда Мырзан айтыпты:
– Сен жалғыз деп сөксең, Құдайға тілің тиеді. Жарлы деп сөксең, пайғамбарға тілің тиеді. Құйрығым шолақ болса, тұлпар шығармын, құлағым шұнақ болса, сұңқар шығармын. Құйрығы ұзынды біз итке меңзейміз, құлағы ұзынды есекке меңзейміз. Ешкі егіз табады, ит сегіз табады, шошқа тоғыз табады. Сенің бабаң егіз еді, анаң сегіз еді, өзің тоғыз едің. Сенің тоғызыңды алса, Құдайдың шамасы жоқ па? Маған бала берейін десе, баласы жоқ па? – депті.
Халық: Мынаған тас атындар депті. Дулаттың биі: «Айтқанын қылып, бітімін беріңдер», – деп топтан шыға жөнеліпті».
(Ыбырайұлы Шорман жинағаннан) 3. «Қаз дауысты Қазыбек би жолаушылап жүріп, бір үйге түстеніпті. Үй иесі үйінде жоқ екен, қатынының күткеніне риза болып, ерін көріп кетпек ниетпен қонып қалыпты. Ері жұпынылау адам екен, Қазыбек жолдастарына қарап айтыпты:
– Жігіттер, бұл сөзімнің мәнісі бар,
Мәнсіздің мәндіменен не ісі бар.
Құданың құдіретіне қарап тұрсаң,
Жапалақ үйрек ілген бір ісі бар, –
деп. Қазыбектің сөзіне қатыны түсіне қалып, былай депті:
– Құда-еке, сөзіңіздің мәнісі бар,
Мәндінің мәнсізбенен көп ісі бар.
Жапалақ ілген құсын місе тұтпай,
Тағы да қоңыр қаздан дәмесі бар.
Қазыбек қатынға риза болып, мына сөзді айтып, жүріп кетіпті:
– Балаң жаман болса,
Көрінгеннің мазағы.
Атың жаман болса,
Шыбын жанның азабы.
Қатын жаман болса,
Бұ жалғанның тозағы.
Туған балаң жақсы болса,
Екі көздің шырағы.
Мінген атың жақсы болса,
Бұл дүниенің пырағы.
Алған жарың жақсы болса,
Мейманыңның тұрағы.
(Ыбырайұлы Шорман жинағаннан)
4. «Қыпшақ Досбол датқа қартайып, науқас болып жатқанда, Байсын Саудағұл және Нұрмаш деген атқа мініп, ел билеп жүрген үш кісі көңілін сұрай барып, Досболға айтыпты:
– «Е, датқа-еке, бұрынғының арты едің, бүгінгінің қарты едің, әлдеқалай боласың, артыңда қалатын жандарға не айтып кетесің, ілгері өткендерге не айтып барасың?» – депті. Сонда Досбол:
– «Уа, сеңдерге не айтайын, жұрт сендердікі, өз ақылдарың өздеріңе жетеді. Ілгері өткендерге айтып баратын сөзім мынау: бақ деген сендер тірі күнде сұңқар еді: елде кімнің басы биік болса, соған қонушы еді, сол бақ қартая-қартая қара шыбын болды. Қайда сасық болса, соған қонды. Соқырдың көзіне қонды, пұшықтың мұрнына қонды, таздың басына қонды деп барамын», – депті. Байсын соқыр екен де, Нұрмаш пұшық екен, Саудағұл таз екен. Үшеуі ұялып, үйден шыға жөнеліпті».
Ділмар сөз иесінен айырылса иә тақпаққа, иә мақал-мәтелге айналып кетеді.
Тақпақ. Салт санасына сәйкес пікірлерді келтесінен келтіріп, өлең түрде ұйқастырып айту тақпақ болады. Тақпақ қысқара-қысқара маңызданып барып, мақалға айналып кететін де жері бар. Мақалдарды құрастырып қосып айтқанда, мақалдар тақпаққа айналып кететін де жері бар.
М ы с а л д а р: 1. Ата-ананың қадірін
Балалы болсаң білерсің.
Ағайынның қадірін
Жалалы болсаң білерсің,
Ақ дененің қадірін
Сырқаулы болсаң білерсің.
Дәулетіңнің қадірін
Мал кеткенде білерсің.
Ажарыңның қадірін
Сән кеткенде білерсің.
Тіршіліктің қадірін
Жан кеткенде білерсің.
Аңдып жүрген дұшпанды
Тап жеткенде білерсің. 2. Көп отырсаң, көл азады,
Көп сабылса, жер азады.
Көп жасаса, ер азады,
Ер азған соң, ел азады.
Аяқтыға жол бермейтін,
Ауыздыға сөз бермейтін
Мыңнан озған шешеннен
Күнде қойыңды баққан
Құлағы кесік құл озады.
3. Ақыр заман адамы аласа туады,
Аласа туса да, тамаша туады.
Қулық, сұмдық ойлай туады,
Жамандыққа бойлай туады.
Итере салсаң, жығыла кетеді,
Тұра сала жармаса кетеді.
Ішсе, бозаға тоймайды,
Боқтап, түгіңді қоймайды.
4. Дауыл болмай, жауын болмас,
Жауын болмай, қауын болмас,
Ит баласы сауын болмас,
Екі дау адағы ауыл болмас,
Ауыл болса да тәуір болмас.
Өзіңнен тумай, ұл болмас,
Сатып алмай, құл болмас.
5. Киікті құралай бүлдірер,
Елді дүрегей бүлдірер.
Текті жігіт тек жүрер,
Текелі киік жай жүрер.
Мақал. Мақал да тақпаққа жақын салт-санасына сәйкес айтылған пікірлер. Тақпақтан гөрі мақал маңызды, шын келеді. М ы с а л д а р:
Мал – жаным садағасы, жан – арым садағасы.
Ашу – дұшпан, ақыл – дос, ақылыңа ақыл қос.
Әкім адал болмаса, халық бұзылар; сауда адал болмаса, нарық бұзылар.
Асың барда ел таны беріп жүріп, атың барда жер таны желіп жүріп.
Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ.
Жоқтық ұят емес, байлық мұрат емес.
Қатты жерге қақ тұрар, қайратты ерге мал тұрар.
Күлме досыңа, келер басыңа.
Төртеу түгел болса, төбедегіні алады, алтау ала болса, ауыздағы кетеді.
Айбар керек әл керек, әлсіз айбар не керек.
Денсаулық – зор байлық.
Ауру қалса да, әдет қалмайды.
Өсер елдің жігіті бірін-бірі батыр дер, өшер елдің жігіті бірін-бірі қатын дер.
Ұрлық түбі – қорлық.
Қойшы көп болса, қой арам өлер.
Шірікке шыбын айналар.
Көрмес түйені көрмес.
Битке пышақ суырма.
Бас білген өгізге өк деген өлім.
Ат жалдаған өтер, ит жалдаған кетер.
Жаз арбаңды сайла, қыс шанаңды сайла.
Ел қыдырған сыншы, тоғай аралаған үйші.
Көше білмес жамандар көшсе көлік өлтірер, сөйлей білмес жамандар сөзді өзіне келтірер.
Көре-көре көсем болар, сөйлей-сөйлей шешен болар.
Көріп алған көріктіден көрмей алған текті артық.
Ит тойған жеріне, ер туған жеріне.
Ұяда не көрсең, ұшқанда соны аларсың.
Көрген жерде бой сыйлы, көрмеген жерде тон сыйлы.
Жер таусыз болмайды, ел даусыз болмайды.
Мәтел. Мәтел дегеніміз кезіне келгенде кесегімен айтылатын белгілі-белгілі сөздер. Мәтел мақалға жақын болады, бірақ мақал тәжірибеден шыққан қақиқат түрінде айтылады. Мәтел қақиқат жағын қарамай, әдетті сөз есебінде айтылады.
М ы с а л д а р:
Өзі тойса да, көзі тоймайды.
Көппен көрген ұлы той.
Адасқан қаздай, рудан аздай.
Тамақ тоқ, көйлек көк, уайым жоқ.
Өткен өрен, қалған салауат.
Бұйдалаған тайлақтай, жетелеген мойнақтай яки мұрнын тескен тайлақтай.
Түлен түртпесе, түнде қайда барасың?
Бетегеден биік, жусаннан аласа.
Жығылған үстіне жұдырық.
Бір теңге беріп жырлатып, мың теңге беріп қойдыра алмады.
Қызым, саған айтам, келінім, сен тыңда!
Келін айғыр, кемпір саяқ шықты.
Баланың сөзі батпандай, келіннің сөзі кетпендей.
Бәйбіше – Құдай бұйрығы, тоқал – иттің құйрығы.
Қызым үйде, қылығы түзде.
Жас-жастың тілегі бір, жібектің түйіні бір.
Ай мен күндей, әлемге бірдей.
Бай кісі бақырып бола ма?
Көзінің жасы көл болды.
Барымен базар, жоқты қайдан қазар?
Көшсе – көш қасындамыз, отырса – от басындамыз.
Досқа күлкі, дұшпанға таба қыла көрме.
Дерт батпандап кіреді, мысқалдап шығады.
Арғымақты жамандап, кәне, тұлпар тапқаның?! Ағайынды жамандап, кәне, туған тапқаның?!
(Салт сөзінің нұсқаларын нұсқалықтың
91, 119-нші нөмірлерінен қара)
2. Ғұрып сөзі. Ғұрыптама. Ғұрып сөзі деп ғұрып сарынымен яғни ғұрып бойынша істелетін істерге байлаулы сөздер айтылады. Мәселен: той бастар, жар-жар, беташар, неке қияр, жарапазан.
Той бастар. Тойдың кешкі ойынын біреу өлеңмен бастайды. Сонда айтылатын өлең той бастар деп айтылады.
М ы с а л:
Кете Шернияз ақынның Баймағамбет правительдің қызы Ақыл Қаныкейдің тойын бастағаны:
Ассалаумағалайкум, алдияр хан!
Қорқады өлім десе шыбындай жан.
Сыйынып бір Құдайға, сөз сөйлейін,
Тіліме жәрдем болғай бір Алладан.
Әуелі паруардегер соны айтайын,
Жаратқан иемді айтпай, нені айтамын.
Той қылса қара қазақ әркім де айтар,
Бұл тойда топтан озған мен айтайын.
Сөйлемес бөтен қазақ мен тұрғанда,
Аузымда тәңірі берген жел тұрғанда.
Мен кімге сөз сөйле деп жалынамын,
Өлеңім айтатұғын кең тұрғанда.
Бұ тойда не берсе де мен аламын,
Дәнеңе жоң шұқанаққа көл тұрғанда.
Құдайым қуат бергей таңдайыма,
Әр түрлі өлең келді жағдайыма.
Тойында Байекемнің сөз сөйлейін,
Бітпесе өсек қылып маңдайыма.
Байеке баласында жаман бар ма,
Баласы жаман деген заман бар ма?!
Той етіп, қыз ұзатпақ хақ бұйрығы,
Болған соң хақ бұйрығы амал бар ма?!
Атаңыз қиналады кетеді деп,
Қайсы қыз шырағыма жетеді деп.
Көшкенде көштің көркі көгершінім,
Қадірі кетсе мұның өтеді деп.
Атаңыз қиналады сіз кеткенге,
Көзінің қарашығы қыз кеткенге.
Табылмас Байекеме сіздей бала
Алты жүз арғымақпен іздеткенге.
Атаңның қиналғанын көріп келдім,
Май салған қорғасындай еріп келдім.
Ау Ата–Ау Анадан қалған жол деп,
Насихат білгенімше беріп келдім.
Той етіп қыз ұзатпақ хақ бұйрығы,
Адам мен Ау Ананың тап бұйрығы.
Біздерге жеңешең де еріп келген
Біреудің әспеттенген ақ құйрығы.
Той етсе, әдепсіз қыз көп жылайды,
Айтсын деп бауырмал қыз деп жылайды.
Той етіп, қыз ұзатпақ хақ бұйрығы,
Болған соң хақ бұйрығы, тек жылайды.
Алғаның хан Жәңгірдей бақты болсын,
Алтыннан күміс пенен тақты болсын.
Ақ үйің ойда тұрған қырға қонсын,
Ақ тісің аузыңды ашсаң нұрға толсын.
Үйіңе үлде менен бүлде толсын,
Болмаса күндіз пұрсат, түнде толсын.
Жасаған айтқан сөзім түс келтіріп,
Үйіңе қыдыр Ілияс келіп қонсын.
Басымды қоса берме төменменен,
Семірмес қаз ормаса, жегенменен.
Алдыңа аз ғана сөз әңгіме айттым,
Асылдың азы жақсы дегенменен.
Жар-жар. Жар-жар қыз ұзатар үйде ұзататын қызды жұбату үшін айтылатын өлең. Жар-жарды екі жақ болып бастап, соңынан бір жақты етіп жібереді. Олай болу себебі: жұбатушының сөзіне әуелі жауап қайырылып отырады. Сонан соң жұбату сөз қыздың жақындарын жұбатуға ауып кетеді. Екі жақ болған жерінде жұбатушы жақ жігіттер болып, қарсы жағы қыздар болып айтады.
М ы с а л д а р:
Ж ұ б а т у ш ы ж а ғ ы:
1) Бір толарсақ, бір тобық санда болар, жар-жар!
Қырық кісінің ақылы ханда болар, жар-жар!
Әкем-ай! – деп жылама, байғұс қыздар, жар-жар!
Әкең үшін қайын атаң онда болар, жар-жар!
Қ а р с ы ж а ғ ы:
Есік алды құба тал майда болсын, жар-жар!
Ақ бетімді көретін айнам болсын, жар-жар!
Қанша жақсы болғанмен қайын атамыз, жар-жар!
Айналайын әкемдей қайдан болсын, жар-жар!
Ж ұ б а т у ш ы ж а ғ ы:
Бір толарсақ, бір тобық санда болар, жар-жар!
Қырық кісінің ақылы ханда болар, жар-жар!
Шешем-ай! – деп жылама, байғұс қыздар, жар-жар!
Шеше орнына қайын енең онда болар, жар-жар!
Қ а р с ы ж а ғ ы:
Есік алды құба тал майда болсын, жар-жар!
Ақ бетімді көретін айнам болсын, жар-жар!
Қанша жақсы болғанмен қайын енеміз, жар-жар!
Айналайын әжемдей қайдан болсын, жар-жар!
Мұнан әрі қарай аға, жеңге, сіңілі турасында да осы ретте айтылады.
Е с к е р т у: бастапқы ылғи айтылатын екі жол:
Бір толарсақ, бір тобық санда болар,
Қырық кісінің ақылы ханда болар, –
дегеннің орнына:
Алып келген базардан қара насар,
Құйрық сәукеле шашың басар, –
деп те айтылады. Жауаптағы айтылатын екі жол:
Есік алды құба тал майда болсын,
Ақ бетімді көретін айнам болсын, –
дегеннің орнына:
Жазғытұрғы ақша қар жаумақ қайда,
Құлын-тайдай айқасқан оң жақ қайда,
деп айтылады.
2) Қыздың жақындары туралы айтылатын жар-жар былай келеді:
Шымылдығың серпе сал, көрсін әкең, жар-жар!
Көздің жасын көл қылып төксін әкең, жар-жар!
Жылда-жылда ноғайдан пұл аламын, жар-жар!
Бір міндеттен құтылдым десін әкең, жар-жар!
Шымылдығың серпе сал, көрсін шешең, жар-жар!
Көздің жасын көл қылып төксін шешең, жар-жар!
Жылда-жылда боқшама бояушы едім, жар-жар!
Бір міндеттен құтылдым десін шешең, жар-жар!
Осы ретпен ағасы, жеңгесі, сіңілісі, інісі туралы да айтылады.
Неке қияр. Неке қияр сөз деп неке қияр кезде екі арада жүретін екі куәнің күйеу мен қыздың ырзалығын сұраған уақытта айтатын сөздерін айтамыз. Бұл әнмен айтылмайды, бірақ өлеңше ұйқасқан, дәйім бір қалыпта айтылады.
Куә, куә, куәдүрміз,
Куәлікке жүрәдүрміз.
Мұнда халық қасында,
Таңда хақ қасында,
Екі кісі хақ куәлік бередүрміз.
Пәленшеден жазған (әкесін айтады), пәленшеден туған (шешесін айтады) пәленше қызды (қызды айтады) халал жұптылыққа қабыл көріп, алдыңыз ба? Қызға айтқанда да бәрін осы қалыпта айтып, аяғында «пәленшеге халал52 жұпты болдыңыз ба?» дейді.
Беташар. Қыз келіншек болып түскенде бетін көрсетпейді. Ауылға келерде алдына шымылдық ұстап, перделеп келтіреді. Үйге кірген соң да алдына шымылдық құрып, қыз-келіншек, бала-шағалар ғана болмаса, басқаларға көрсетпей қояды. «Беташар» айтылғаннан кейін беті ашылып, шымылдық алынып, ғұрып бойынша көрінетін адамдарына келіншек сонан соң көрінеді.
Беташарды әндетіп айтпайды, жай шұбыртып, өлең түрінде ұйқастырып айтады. Беташар әуел басында толып жатқан нұсқау, жол, ереже (орысша айтқанда устав) түрінде айтылып, келіншекке естіртіліп, орнына келтіруге керек деген мағынада шығарған сөз. Бұл күнде «отқа май салу» сияқты ғана әдет мағынасына айналып кеткен беташар түрі қандай болатыны «Өлеңді сөйлемдер» деген бапта көрсетілген.
Жоқтау. Жоқтау – өлген кісіні жоқтап сөйлеу. Жоқтау көбінесе белгілі адамдарға айтылады. Өлген адамның қатыны, иә қызы, иә келіні зарлы үнмен өлген адамның тірідегі істеген істерін, өлгенінше бастарына түскен қайғы-қасірет, күйіктерін шағып, жылағанда айтатын жыр түріндегі сөз – жоқтауды көбінесе ақындар шығарып береді. Сондықтан жоқтау ақын лұғатты келеді.
Мысалы: Бөпе төренің қарындасы күйеуі өлгенде жоқтағаны:
Күлдер белбеу белімде,
Азалы болдым елімде.
Бөпекем жарлық берген соң,
Жүре бердім жөніме.
Бас, бас өлім, бас өлім,
Басынан келген осы өлім.
Жапырағын жайқалтып,
Жарлыны алған осы өлім.
Құдай досты Мұхаммет,
Оны да алған осы өлім.
Қылышынан қан тамған
Әліні алған осы өлім.
Өлімнің несі уайым?
Бұл істі салған Құдайым!
Қара бір шашым жаяйын!
Жаяйын да жияйын!
Қыналы бармақ, жез тырнақ,
Күнде қанға бояйын!
Албыраған ақша бет,
Сүйегіне таяйын!
Мөлдіреген қара көз,
Жаспенен оны ояйын.
Алшаңдап жүрген жас төрем,
Орныңа кімді қояйын?!
Орқаш та орқаш, орқаш тау!
Бауырың толған көк бастау!
Топ ішінде қиын да екен
Жалғыз енді сөз бастау.
Басыма салған қарам не?
Мен жыламай, кім жылар,
Бетімдегі жарам не?
Бұғастың бойын өрт алды,
Жүректің басын дерт алды.
Он жеті жасар Әбижан,
Қорасан деген дерт алды.
Асыл да гауһар болатым,
Ұшайын десем, қанатым,
Әкем қосқан қосақтан
Айырды шебер Құдайым.
Алты атанға жүк арттым,
Ала арқанмен бек тарттым.
Алдынан жүрмес әкекем,
Құшақтап тұрып сөз қаттым.
Арғымақ үйірін сағынса,
Артқы аяғын қағынар.
Алғанын бейбақ сағынса,
Қаннан ендік (далап) жағынар.
Жарапазан. Жарапазан рамазан деген сөзден шыққан, ораза уақытында балалар, бозбалалар түнде үйдің тысында тұрып, жарапазан өлеңін айтады. Ораза ұстаған адамдар, сауап болады деп, жарапазан айтқандарға құрт, май, ірімшік, бір шаршы шүберек, басқа сол сияқты нәрселер береді. Жарапазанды кәсіп етіп, ораза уақытында ел аралап, күндіз жүріп айтатын үлкен адамдар болады. Жарапазан айтатын екеу болып жүріп айтады. Бірі жарапазан айтқанда, екіншісі қостаушы болады.
М ы с а л д а р:
Айтушы:
Байлар, жатырмысың, ұйқылы-ояу,
Тұсыңа Қыдыр келді атты-жаяу.
Мұхаммет үмбетіне жарапазан!
Қостаушы:
Жарапазан, жарапазан!
Алла, Құдай биі рамазан!
Айтушы:
Осы үйдің шаңырағы шап-шақ қана,
Жеңешем ішіндегі аппақ қана
Береді бізге орамал сақтап қана;
Біз барамыз үйімізге мақтап қана.
Мұхаммет үмбетіне жарапазан.
Қостаушы:
Жарапазан, жарапазан!
Алла, Құдай биі рамазан!
Айтушы:
Қой ішінде екі қошқар теңеседі;
Бай, бәйбіше екеуі кеңеседі.
Бай айтар: «Саулық берсек кетер еді»,
Бәйбіше айтар: «Жаулық берсек кетер еді»,
Мұхаммет үмбетіне жарапазан.
Қостаушы:
Жарапазан, жарапазан!
Алла, Құдай биі рамазан!
Айтушы:
Жарапазан айтқанның сауабы бар,
Отыз күн оразаға жауабы бар,
Берсеңіз, бермесеңіз не қамым бар?
Боз шұбар астымдағы шу, жануар,
Мұхаммет үмбетіне жарапазан!
Қостаушы:
Жарапазан, жарапазан!
Алла, Құдай биі рамазан!
Бата. Бата – біреуге алғыс бергенде айтылатын сөз. Батаны ақсақал адамдар айтады. Батагөй шалдар – басы бар табақты тартуға алып келгенде, асты жеп болғанда да бата қылады. Көбінесе бата тамақ жеп болған соң істеледі.
М ы с а л д а р: 1. Құдай, оңда!
Оңға баста!
Абиыр бер!
Аман сақта!
2. Құдайым жарылқасын, бай қылсын;
Төрт түлігін-сай қылсын!
Кетпес дәулет берсін!
Кең пейіл берсін!
3. Құдайым оңдасын!
Оңдағанның белгісі
Мың саулығың қоздасын!
Сексен інген боталап,
Сегіз келін қомдасын!
Тіленшінің биесін берсін!
Үйсін, Қоңырат түйесін берсін!
Бүткіл аруақтарға тие берсін!
* * *
4. Асың, асың, асыңа!
Береке берсін басыңа.
Бөденедей жорғалап,
Қырғауылдай қорғалап,
Қыдыр келсін қасыңа.
Сенен байлық өтпесін.
Тәңірі берген несібең
Тепкілесе, кетпесін.
Желіңнің екі шетіне
Тай шаптырса жетпесін.
Кешке келіп жамырасқан,
Шуылдасып, маңырасқан
Қошақанның анасы
Саулық бассын үйіңді!
Бақайлары сыртылдап,
Мүйіздері жылтылдап,
Бұзаулардың анасы
Сиыр бассын үйіңді!
Шудаларын шаң басқан,
Артқы өркешін қом басқан,
Ботақанның анасы
Інген бассын үйіңді!
Шіңгір-шіңгір кісінескен,
Құлыншақтың анасы
Бие бассын үйіңді.
(Ғұрып сөзінің нұсқаларын нұсқалықтың
120, 126-ыншы нөмірлерінен қара).
Қалып сөзі. Қалып сөзі деп тұрмыс қалпында болатын істер сарынымен айтылатын сөздерін айтады.
Мәселен, бал ашқанда, ауру басқанда бақсылардың жын шақырғанда, тіс емдегенде құрт шақыру, мал бәдік болғанда, адамға күлапсан шыққанда бәдік иә күлапсан көшіру, бала тербеткенде айтатын бесік жыры – осылардың бәрі қалып сөздің табына жатады.
Жын шақыру. Бақсылар жын шақырғанда сарнап, өлеңше ұйқастырып, түрлі сөздер айтады. Алладан, әулиеден әруақтардан жәрдем тілейді. Жындарының атын атап, соларға сөз айтқан болады. Қобызымен серттескен болады. Солардың бәрін үйлестіріп, ұйқастырып, әдемі түрде айтады.
М ы с а л д а р:
Әуелі Құдай есімі Алла!
Іс бастаймын бісміллә!
Тайғақ кешу, тар жолда,
Жарылқа, Алла, әр жолда!
Алтын сандық хазірет,
Сыйынғанда медет ет!
Әбиір бер әр жерде,
Айналайын құдірет!
Исламға пана Мұхаммет,
Сыйындым сізден бір мезет!
Су басында Сүлеймен,
Сізден де медет тілеймін!
Күн көзінде әулие,
Жер жүзінде әулие,
Машырықтағы әулие,
Мағрыптағы әулие,
Тауда жүрген әулие,
Таста жүрген әулие,
Көлде жүрген әулие,
Шөлде жүрген әулие,
Бәріңнен медет тілеймін!
Жаңа келді шара бас,
Алпыс қойдың терісі
Бөрік шықпаған шара бас.
Жетпіс қойдың терісі
Жең шықпаған шара бас.
Тоқсан қойдың терісі
Тон шықпаған шара бас.
Жаңа келді дәу пері.
Жаңа келді күн пері,
Жаңа келді су пері.
Жаңа келді Ай қожа,
Жаңа келді Күн қожа.
Ойдан келді ол қожа,
Қырдан келді ол қожа.
Айналайын нұр қожа,
Сол қожаның ішінде
Әсіресе бір қожа.
Жаңа келді қолаң шаш,
Екі иінімнен мықтап бас!
Жаңа келді Теңгетай,
Жаңа келді Жирентай.
Перілердің бәрі де
Үстіне бір мінген тай.
Осыншама шақыртып,
Келмеймін, деп шаршатты-ай!
Ай, қобызым, қобызым!
Әбден де болжа, доңызым!
Үйеңкінің түбінен
Үйіріп алған, қобызым!
Қарағайдың түбінен
Қайырып алған, қобызым!
Қызыл қыршын тобылғы
Жәшік қылған, қобызым!
Желмаяның терісінен
Қапшық қылған, қобызым!
Жүйрік аттың құйрығын
Ішек қылған, қобызым!
Ор текенің мүйізін
Тиек қылған, қобызым!
Тасқа шыққан ырғайдан
Құлақ қылған, қобызым!
Сексендегі кемпірдей
Белі бүкір, қобызым
Буаз қатын секілді
Арты шүмек, қобызым!
Әбден де болжа, доңызым!
Құрт шақыру. Тісі ауырған адамнын тісін құрт жейді деп, сол құртты түсіру үшін емшілердің айтатын сөздері болады. Сол құрт шақыру сөздері деп аталады.
М ы с а л д а р:
Тойғын-тойғын түйе кел,
Төңірегін жия кел!
Ақ желегін сала кел!
Ағайыныңды ала кел!
Сарбас тұйғын, күйіт, күйіт!
Қара бас тұйғын, күйіт, күйіт!
Жайлаған жерді жау алды,
Қыстаған жерді өрт алды.
Жайлаған жерден қашып кел!
Жайнаған жауды басып кел!
Қыстаған жерден қашып кел!
Қаптаған жауды басып кел!
Жетер-жетер, күйт, күйіт!
Басар-басар, күйіт, күйіт!
Арқадағы алты құрт,
Арқаласып келер құрт.
Желкедегі жеті құрт,
Желкелесіп келер құрт.
Ауыздағы алты құрт,
Азуласып келер құрт.
Басар, басар, кә, кә!
Басып келер, кә, кә!
Жетер-жетер, кә, кә!
Тұйғын-тұйғын, кә, кә!
Түйінсеп келер, кә, кә!
Дерт көшіру. Малда болатын бәдік деген ауруды, адамда болатын күлапсан деген ауруды қазақта өлеңмен емдеу бар. Бәдік болған малды, күлапсан болған адамды ортаға ала қоршай отырып, қыз-бозбала жиылып, өлең айтып, «Көш! Көш!» деп, анда-санда айқайлап қояды. Өлеңдері онша көркем болмайды. Ұйқасқаны болмаса, жай сөз сияқты көріксіздеу келеді. Бәдік пен күлапсан өлеңі бір мазмұнды болады.
М ы с а л д а р:
Айтамын айт дегеннен, айда күлап!
Жыландай сүйегі жоқ майда күлап!
Күләбі бұл баланың аяғында,
Болмаса аяғында, қайда күлап?
Күлапсан бұл баланың көзінде еді,
Көмекей көзінде емес, безінде еді.
Бір қиял айтпайын деп ойлап едім,
Бұл бала өлемін деп безілдеді.
Күлапсан, көшер болсаң, қалаға көш!
Қаланың іші толған шанаға көш!
Таппасаң онан жайлау, мен айтайын,
Қалада көзі шегір балаға көш!
Күлап құрғыр деген соң, күлап құрғыр!
Шоңқайып жол үстінде ома тұрғыр!
Жеріне ома тұрған жасыл түсіп,
Оқ өтіп, тас төбеңнен Құдай ұрғыр!
Ұшына орамалым түйдім тары,
Кетпейді жаз да болса таудың қары.
Көш! Көш! – деп біз кетелік, жүр!
Кетелік! Күлаптың көшіп кетсін қалмай бәрі.
(Жиенғали жиғаннан)
Бесік жыры яки бала тербету. Баланы ұйықтату үшін айтатын өлең. Бала тербету түрліше айтылады, бірақ бәріне бірдей жалпы келетін де жерлері бар.
М ы с а л д а р:
Әлди, әлди, ақ бөпем!
Ақ бесікке жат, бөпем!
Құнан қойды сой, бөпем!
Құйрығына той, бөпем!
Бәрін жеп өзің тауыспай.
Маған-дағы қой, бөпем!
Әлди, әлди, аппағым!
Қозы жүні қалпағым!
Жұрт сүймесе, сүймесін!
Өзім сүйген аппағым!
Әуіп, әлди, әуіп, алдаш!
Етегінде қуырмаш.
Жейін десе, тісі жоқ,
Кісіменен ісі жоқ.
Қарағым менің қайда екен?
Қыздарменен тауда екен.
Тауда неғып жүр екен?
Алма теріп жүр екен.
Алмасынан қайда екен?
Жаңа теріп жүр екен.
Айналайын айымыз!
Алты қарын майымыз!
Жеті қарын жентіміз!
Шаһар Бұхар кентіміз!
(Қалып сөзінің нұсқаларын нұсқалықтың
27, 130-ыншы нөмірлерінен қара).
ЖАЗУ ӘДЕБИЕТ
Жазу әдебиет деп жазылған шығармаларды айтамыз. Жазылған шығармалар қазаққа жазу тарай бастағаннан бері қарай шыққан сөздер. Қазаққа жазу дінмен бірге келген. Қазақ ішінде молдалық қылып дін үйретушілер, бала оқытушы қожалар, ноғай молдалар болған себепті жазба сөзді шығарушылар да бастапқы уақытта солар болған. Қазақ ішінде олар көп тұрып, қазақтың тілін, мінезін жақсы білген. Қазақтың өлеңді сөзді сүйетін мінезін біліп, дінді халыққа молдалар өлеңмен үйреткен. Шарттарын, шариғат бұйрықтарын өлеңді хикая, өлеңді әңгіме түрінде айтып, халықтың құлағына сіңіріп, көңілдеріне қондырған, басқа мұсылмандардың тіліндегі діндер түрде шығарған. Ертегі өлеңдерді қазақтың ертегі жырларының түріне салып, қазақ тіліне аударулары дін шарттарын, шариғат бұйрықтарын өлең арқылы білдіру мақсатпен істелген іс, бірақ қожалар, ноғай молдалар көбінесе ақын болмағандықтан, қазақтың ертегі жырларындай келістіріп, мұңды, зарлы, әдемі қылып шығара алмаған. Шығармаларының сөзімен мәздемей, ертегінің жаңалығымен, әңгімесінің қисынымен қызықтырып, тамұқтың азабымен қорқытып, жұмақтың рақатынан үміттендіріп, дін арқылы тыңдаулы қылған. Қожалардың, молдалардың ішінен Шортанбай, Ақмолда сияқты ақындар шыққаннан кейін, жазба сөздері бітегене дәмділенген, бірақ қайсысында да болса, белгілі бағыт болмаған. Шығарған сөздері, бағыт жағынан қарағанда, адасқан адамның ізі сияқты, бәрінің де адаспайтын жалғыз жолы – дүниеге қызықпай, ақыретке азық жи деу, ғұшыр53, зекет, пітір, садақа беру, жаназаға мал байлау, намаз оқу, ораза ұстау, қажыға бару жағынан ақыл айту бағыттары бәрінің де бірдей. Бұл жағынан ұлақбайды, басқа жағынан іздері былғалақ-шылғалақ, адам біліп болар емес. Домбыра тарту, ән салу, өлең айту сияқты халықтың үйреншікті зауықтарына дейін күнә деп, тыйғысы келген. Бірақ ұзын арқан, кең тұсауға қалыптанған қазақ шариғаттың тар тұсауына үйрене алмаған. Шыдатпай үзіп, өз жөнімен жүре берген, сондықтан жазу әдебиетпен қатар, қазақтың ауыз әдебиеті жоғалмастан, түгел күйінде сақталған. Молдалардан шыққан жазу әдебиет дінге қызмет қылса да, тілге қызмет қылмаған. Тілді ұстарту, әдебиетті күшейту, көркейту орнына, тілді бұзған, аздырған. Қазақтың тұтынған тілімен жазбай, шығарушылар: «Кітаби тіл», «Әдеби тіл» деп, ноғай тілімен яки сарт тілімен жазған. Қазақтың тілінде басылған бұрынғы шығармаларды алып қарасақ, қазақ тілі болмай, қазақ пен ноғай тілінің араласқан қойыртпағы болып шығады. Ол қойыртпақ тіл қожалар, молдалар шығарған сөздерде ғана емес, қазақ молдаларының шығарған сөздерінде де бар. Бұл кемшілік егерде баспа кітаптар жүзінде ғана болса, бастырған ноғайлар бұзды дер едік олай емес, жазу солай екендігін қазақ молдаларының өз қолымен жазған жазулары көрсетеді. Әдебиетті молдалар дін бесігіне бөлеп, таңып тастаған себепті әдебиет көпке дейін өңдеп өсе алмай, мешел болып, аяғын баса алмай жатқан, сол күйінде тұрғанда орыс үкіметінің саясаты келіп килігеді. «Қазақ діні шынығып жетпеген шала мұсылман халық, мұны мұсылман дінінен христиан дініне аударып жіберу оңай» деген пікірмен, орыс үкіметі қазақ пен ноғай арасына жік салып, екеуін айырғысы келеді. Оның үшін қазақ байлары ноғайша оқымай, орысша оқитын боларлық саясат жүргізеді. Қазақ балалары үшін школ ашады, ноғайға қазақтың жазу жағынан сорпасы қосылмас үшін араб әрпін қалдырып, қазақ тіліндегі кітаптарды орыс әрпімен басады. Орыс өзіне тартып, ноғай өзіне тартып, екеуі екі жаққа сүйреп жүргенде, қазақ орыс әдебиеті арқылы Европа жұрттарының әдебиеттерімен танысады. Бұрын қазақта жоқ сөздердің түрлері шыға бастайды. Дін күшімен емес, тіл күшімен өзін тыңдайтын сөздер шыға бастайды. Бастапқы жазба әдебиеттің бас мақсаты – дінді жаю, дінді күшейту болса, соңғы әдебиеттің бас мақсаты – тілді ұстарту, әдебиетті күшейту, көркейту болады. Сүйтіп, жазба әдебиеттің өзі екі дәуірге бөлінеді: 1) діндар дәуір, 2) ділмар дәуір. Діндар – діншіл деген мағынада, ділмар – тілшең деген мағынадағы сөздер. Қазақ әдебиетінің діндар дәуірі де, ділмар дәуірі де халық әдебиетін дамытып, күшейтуден туған дәуірлер емес, басқа жұрттардың әдебиетінің әсерінен туған дәуірлер. Діндар дәуір әдебиетімізге араб, парсы әдебиетінен үлгі алып, соларға еліктегеннен пайда болған. Ділмар дәуір орыс әдебиетінен өнеге көріп, үлгі алып, соған еліктеуден пайда болып отыр. Мұндай бір жұрт екінші жұрттан әдебиет жүзінде үлгі алу жалғыз бізде ғана болған іс емес, барша жұрттың басында болған іс. Осы күнгі әдебиеттің түп үлгісі грек жұртынан алынған. Грек әдебиетінен үлгіні Рум алған, Европадағы басқа жұрттар алған. Біздің орыс та әдебиет үлгісін Европадан алып отыр, біз орыстан алып отырмыз. Жазу әдебиетіне басқа жұрт үлгісі қатысқандықтан, бізде жазу әдебиет шығармаларын діндар дәуірдікі болсын, ділмар дәуірдегі болсын ауыз әдебиетше тұтыну орнына қарай бөлмей, айтылу орнына қарай бөлеміз. Басқа жұрттардың әдебиеті де солай бөлінетіні «Дарынды сөз түрлері» деген бапта жалпы түрде ғана айтылып өтіп еді. Енді қандай түрге бөлінетінін, қандай сөз қай табына қарайтындығын толығырақ түрде баяндамақпыз.
Жазу әдебиеті негізінде үшке бөлінеді: 1. Ертек (әңгіме). 2. Толғау, 3. Айтыс-тартыс. Жазу әдебиетінің ертек түріне кіретін сөздері – ауыз ертек, ертек жыр, тарихи жыр, мысалдар сияқты сөздер. Толғау табына кіретін ауыз толғау, жоқтау сияқты көңіл күйінен шығатын сөздер. Айтыс-тартыс табына кіретін сөздер түрі ауыз әдебиетте жоқ. Ашып айтқанда, ауыз әдебиетте айтыс-тартыс түріндегі сөздердің ауыз әдебиетте айтысы бар да, тартысы жоқ. Айтыс-тартыс түріндегі шығармалар жалғыз қазақта ғана емес, басқа жұрттардың да ауыз әдебиетінде болмаған, айтыс-тартыс түрдегі шығармалар өте шеберлікті керек қылғандықтан, өнер күшейген кезде шыққан.
ДІНДАР ДӘУІРІ
Діндар дәуір ауыз әдебиет түріне түр қосып жарытқан жоқ. Анайы әдебиеттегі шығармалардың түрлерінен діншілдігімен айырылмаса, айрықша түр-тұрпатымен айырыла қоймайды. Діндар жағының басымдығымен айырылатын түрлері мынау: қисса, хикаят, мысал, насихат (үгіт), мінәжат, мақтау, даттау, айтыс, толғау, терме. Бұлардың әрқайсысын қысқаша баяндап, мысал келтіріп, сыр-сипатын көрсетіп өтейік.
1. Қисса – өлеңмен жазылған, көбінесе діндар әңгімелер. Бұл әңгімелер қазақ тұрмысынан сөздер емес, басқа жұрттардың ертектері. Мазмұнына қарағанда қисса екі түрлі:
а) Дінді қасиеттеу үшін мұсылман дінінің артықтығын, асылдығын халықтың құлағына сіңіріп, көңіліне қондыру мақсатымен шығарған қиссалар. Бұлар кәпірлермен соғысқанда Құдай қолдап, мұсылманның жеңгендерін, кәпірлердің дінге енгендігін сөйлеп өтеді. ә) Шариғат бұйрықтарын орнына келтірмеген адамдардың өмірінен де мысал келтіріп, келтіргенге не болғанын, келтірмегенге не болғанын көрсетіп, елге шариғат бұйрығын істеу мақсатпен шығарған қиссалар. Мұндай қиссаларды өлеңшілікті тіленшілікке айналдырып жіберген ақындар, жыршылар сияқты Алланы азыққа, тамаққа айналдырып жіберген молдалар шығарған: зекет, ғұшыр, пітір, бедие сияқты нәрселердің берілетін орнын айтпайды, беру керектігін айтып зарлайды (берсе, кімге беретінін айтушылар өзі біледі). Бастапқы түрлі қиссалар «Зарқұм», «Сал-сал», «Сейфул Мәлік» сияқты ұзақ келеді. Соңғы түрлі қиссалар «Мұса мен Қарынбай», «Жұм-Жұма» сияқты қысқа келеді. Ұзақ қиссалардың мазмұнын айтып, мысал үшін көрсетуге көп орын алады, сондықтан қысқа қиссалардың бірінің мазмұнымен ғана таныстырып өтейік. Мәселен, алайық «Мұса мен Қарынбай» қиссасын. Шығарушы Жүсіпбек Шайхыісләмұлы. Бұл қисса не мақсатпен жазылғаны қиссаның мазмұнынан, жазушының бастау сөзі мен аяқтау сөзінен де көрініп тұр. Бастамасындағы сөздің түрлері мынау:
Жарандар, бұл сөзіме құлағың сал:
Аузымнан шыққан сөзім шекер мен бал.
Өзім білген кітаптан оқып көрдім,
Жарандар, арам дейді зекетсіз мал.
Малайы құдіреті көп паруардегер,
Құдайға жақсы пенде құлдық қылар.
Малыңнан қайыр, зекет бермей өтсең,
Ақыретте қарныңнан тас шығарар.
Қиссаның қысқаша мазмұны мынау: Қарынбайға зекет бергіз деп Құдайдан Мұсаға әмір келеді. Мұса Қарынбайға барады. Қарын малы сөзсіз көп бола тұрып, Мұсаға мал союға қимай, мысық сойып, алдына әкеліп қояды. Мұса «мыш-мыш» дегенде, табақтағы ет мысық болып тұра келеді. Қарынға қатты ашуланады, бірақ «малыңнан зекет берсең, мысық сойған күнәңді кешемін»,– дейді. Қарын: «Саған зекет беретін қолайлы малым жоқ»,– дейді. «Зекет бермесең, жер жұтсын!»,– деп, ақырында періштелер келіп, жер кіндігін тартады. Жер тартып, Қарын белуарынан кіреді. Мұса қолынан ұстап тұрып: «Зекет бересің бе?»,– деп сұрайды. Қарын: «Өлтірссң де бермеймін»,– дейді. Мұса: «Тарт, тағы!» – деп әмір еткенде, Қарын жерге иегінен енеді. «Зекет бермесең, Құдай жүзін көрмейсің, малың шаян болып шығады. Жаһаннам түбіне кетесің»,– деп Мұса үгіттесе де, Қарын болмайды. «Өлтірсең өлтіре бер, бірақ мал бер деген сөзді аузыңа алма!»,– дейді. Мұса: «Өз обалың өзіңе, бар!» дегенде, Қарынды мал-мүлкімен жер тартады. Сол күйі мал-мүлкімен әлі күнге дейіп Қарын жерге жұтылумен барады дейді. Қиссаның аяғында жазушы былай деп тағы үгіттейді:
Әй, мұсылман жарандар,
Малыңнан зекет беріңіз!
Бірлігін хақтың біліңіз!
Хақ жолымен жүріңіз!
Пәк болады дініңіз.
Бұ дүниенің, жарандар,
Сағатындай болмайды
Ақыретте күніңіз.
Әй, жамағаттар, жарандар!
Сөзіме құлақ салыңыз!
Жақсыдан ғибрат алыңыз!
Арам болар, жарандар,
Зекетсіз жиған малыңыз.
Шариғаттан сөз айтқан
Молданың тілін алыңыз!
Құдай берген таусылмас,
Өлшеп берген дәміңіз.
......................................
Бұл сияқты сөздердің мақсаты айқын болғандықтан, көп сөз қылудың қажеті жоқ. Молдаларға пайдасы көп, үйткені зекет берсе, молдаға беретіні мәлім. Жұртқа келтіретін зияны көп, әсіресе тілге келтіретін зияны есепсіз.
2. Хикаят. Діндар дәуірдің өнеге үшін шығарған әңгімелері хикаят деп аталған. Хикаят дін үйрету ғана мақсатпен шығарған сөздер емес, діннен басқа жағынан да өнеге көрсету үшін айтылады. Сондықтан хикаят тақырыбы түрлі-түрлі болады.
М ы с а л:
Бекер босқа жүргенше бойды балап,
Жақсы депті әр іске қылған талап.
Пайғамбары құданың заманында
Жүреді екен бір жігіт бекер қарап.
Қылып жүрер бір жұмыс өзге пенде,
Бекер жүрер бірақ та сол көргенде.
Түс суытып, қарамай өтеді екен
Ол жігітке Пайғамбар кез келгенде.
Жолыққанда бір сапар күліп өтті,
Көргеннен-ақ қарасын күлімдепті.
«Сахабалар тақсыры-ау, күлмеуші еңіз,
Не себептен күлдіңіз бүгін?» – депті.
Айтты сонда: «Себеп бар күлгенімде,
Күлмеуші едім жолықса ілгеріде.
Екі шайтан қасында жолдас еді,
Бекер қарап ілгері жүргенінде.
Отыр екен бұл сапар жерді сызып,
Жолдастықтан қашыпты шайтан бұзып.
Келіп екі періште, қасында отыр!
Сол себептен күліп ем көңілім қызып».
Бекер жүрген батады бәлекетке,
Адам болсаң, жолама ол әдетке.
Құры қарап жүргеннен артық дейді
Пайдасыз бекер қылған әрекет те.
(Молда Мұса)
3. Насихат. Насихат деген – ақыл, үгіт мағынасындағы сөз, діндар дәуірдегі үгіт өлеңді шығарушылар насихат деп атаған. Діндар дәуірде насихат айтушылар насихатын да шариғат жолына тіреп айтқан. Мәселен, Әбубәкірдің ұрыға айтқан насихатында былай дейді:
Бала едің иман жүзді, жылы деген,
Жігітке тәуір ат па ұры деген.
Ақсақал батасын ал, бұлай етпе,
Берекет таба алмассың мұныменен.
Адалда, бір де болса, берекет бар,
Арамның ер байымас мыңыменен.
Не пайда көрді ата-анаң асыраған,
Кемдікке арланады асыл адам.
Дүниеде берекетті бақыт табар
Құдайдың бергеніне тасымаған.
Алланың рақметінен құр қалады
Жаһанда сендей болған пасық адам.
Кемдікке еті қызып ренжімес
Сүйекте қасиет жоқ жасық адам.
Жаһанда кім десеңіз ұры болар,
Алланың рақыметінен қашық адам.
Сол Әубәкірдің қатынға айтқан насихатында мынадай сөз бар:
Ей, қатын, араз болма, еріңменен!
Бәлені шақырмаңыз көрінбеген.
Қажымен қарап тұрып дұшпан болсаң,
Басың да қатар болар өлімменен.
Үгіттеп екеуіңді қоса келдім –
Ағашты жабыстырған желімменен.
Бұл қажы жас күнінде қызды құшқан,
Алаштан таңдап алып, сізді құшқан.
«Қатынның ері – пірі» деген сөз бар,
Еріңмен тірлікте болма дұшпан.
Еріне қызмет қылған жақсы әйел
Сиратта қыл көпірден құстай ұшқан.
Жан болсаң ақылың бар, түсінерсің,
Көрсеткен, ей, жеңеше, менің нұсқам.
Жақпаса қатын ерге – жатқа жақпас,
Екінші, тірлігінде халыққа жақпас.
Ішіне қараңғы көр кірген күні
Кеп болар қайыр, ғазап тыныш жатпас.
Насихат болады мынадай сөздер де:
1) Атқа мінген азамат,
Халалдық қыл да, тап залал!
Пайдасын ақыр көрерсің.
Харамдық қыл да, пайда тап!
Залалын ақыр көрерсің.
Бүгін жеген қатыңды
Таңында бір күн берерсің.
Алып барар малың жоқ,
Иманыңменен төлерсің.
Пақыр, міскін кез келсе,
Дүниеде қайыр қыл!
Мақшарда нұрға қанарсың.
Жетім менен жесірге
Қор тұтынып сөз айтпа,
Сен де сондай боларсың.
Досыңа жақсы орын бер!
Кетсе, өзің қонарсың.
Мектепке бер, балаңды!
Залым болса – жаннемге,
Ғалым болса ағарсын.
Жазғытұрғы тұқымға
Не шашсаң, соны орарсың.
Жамандықты кейін қой!
Бүгін кейін қалсаң да,
Ақырында озарсың.
(Әбубәкір) 2) Билер, пара жемеңіз!
Жалғанды жолдас демеңдер,
Ақырет қамын іздеңдер!
Жанға тіпті тимеңдер!
Кісі ақысын алмаңдар!
Аузыңа арам салмаңдар!
Дүние жиып өткен жоқ
Бізден бұрынғы Пайғамбар.
Сөз айтайын, үлкендер!
Құдайдан қапы кетпеңдер!
Әлің келсе, Мекке бар,
Старшын, болыс болам деп,
Ысырап қып мал төкпеңдер!
(Шортанбай)
4. Мінәжат. Діндар дәуір мұңды, зарлы сөздеріне мінәжат деп ат қойған. Әуелінде мінәжат деп ғұламалардың Құдайға айтқан зары, арызы, наласы айтылған. Бара-бара зарлық, мұңдық мағынасына айналып, зарлы өлең сияқты сөздер де мінәжат деп аталатын болған. Мәселен, Сейдахмет ақын мынау сөзіне «Мінәжат» деп ат қойған:
Құдай-ау, мен не жаздым, бұл заманға?
Қадірі болмайды екен жұртқа аманда.
Ел, жұрттың қасиетін қоян алып,
Болмайды еш қадірім бір адамға.
Секілді ай мен жұлдыз аспандағы,
Қажетің түссе егер бір наданға.
Үйіме келсе мейман анда-санда,
Қолыма мал түспейді қамдасам да.
Әйтеуір мұқтаждықтың жолы қиын,
Қатардан қара басым қалмасам да.
Әрбір мейман келгенде ұяламын,
Тілегім қабыл емес зарласам да.
Бір күнде іздеп тапқан кетті достар,
Сұрасқан хал-ахуал көңіл хоштар.
Деміндей айдаһардың тартқан достың
Бірі жоқ осы күнде қолмен ұстар.
Қатқан соң қабағына қар менен мұз,
Қалды ғой қараса алмай қыран құстар.
.................................................................
Бұл сөзден көрінеді: мінәжат түріндегі сөз әман Құдайға айтылатын сөз емес, басын ғана Құдайға қаратып айтып, ар жағы әншейін мұң сөзі болатыны. Мінәжаттың басын алып тастаса, басқасы мұң, толғау, зарлау болады. Құдайға қаратып бастауымен мінәжат болатын болса, мынау сөз де мінәжат болуға тиіс:
Құдая, құдіретіңе таң қаламын,
Жолында бір ғашықтың зарланамын.
Ішімді ғашық оты күйдіреді,
Сыртыма шығаруға арланамын.
Бірақ бұл мұзмұнына қарағанда мінәжаттан гөрі ғашық толғауы-на жақын. Нағыз мінәжат төмендегі түрлі сөздер боларға керек. Ғашырбек соғысып жүргенде байлауда тұрған Жүсіпбек Құдайға, тауларға мінәжат етіп айтқан сөзі:
Он сегіз мың ғаламның
Падишасы едің Құдайым!
Құдая, саған жылаймын,
Кешіргейсің күнәйім!
Өзіңнің нашар пендеңмін,
Әр жапаңа көнгенмін.
Ғашырбектей тағама (нағашыма)
Медет берер күн бүгін!
Он сегіз мың ғаламды
Халық қылып бар еткен,
Неше әулие, әнбие,
Неше хакім пана еткен!
Ғашыр сұлтан тағама
Медет берер күн бүгін!
Кәпір патшасы Жүсіпбектің сөзіне ашуланып, дарға асуға бұйырғанда, Жүсіпбек медет тілеп айтқан мінәжаты мынау дейді:
Он сегіз мың ғаламның
Падишасы едің Құдайым!
Құдая, саған жылаймын,
Кешіргейсің күнәйім!
Кәпірлер аспақ таладар
Дар үстінде еттім зар.
Дін шырағы Мұхаммет,
Сенен басқа кімім бар!
Құдай шері, иә, Ғали,
Біздерден болшы хабардар!
Айналайын Имам ағзам!
Қанша болды менің жазам?
Кәпірлерден жетті қазам.
Шын қақиқат қозым деп,
Назар етер күн енді!
........................................
5. Мақтау. Діндар дәуірдің мақтау өлеңінде діндарлық көрініп тұр. Діндар дәуірден ілгергі ақындардың сөзінен діндар дәуірдің ақындарының сөзінде керек емес артық сөздер толып жатыр. Көбінің мақтауы да орынсыз келеді. Аят оқитын адамша көбі өлеңдерін ағузу мен бисмилладан бастайды. М ы с а л ы: сарт Жақып деген ақынның Әлмағамбет судьяны мақтаған сөзі былай басталады:
Әуелі ағузу билла бастағаным,
Жарамас Хақтың есімін тастағаным.
Бисмилла рақыман рақым деп,
Етпекке шәні мадық қастағаным.
Тартамыз ағузу билла әуел бастан,
Бисмилла сөз тартылса, шайтан қашқан.
Тұсында әр патшаның бір сұрқылтай,
Тұра алман етпей қарап шәні дастан...
............................................................. Екінші бір Жорабай ақын деген сол Әлмағамбет судьяны мақтаған сөзін былай бастайды:
Бастаймын бұл сөзімді бисмилладан,
Қағазға бисмилла деп тартам қалам.
Жаппарым адамзатты әрқашан да
Сақтасын мұсылманды есен-аман.
Әлеке Жармолаға келіп тұрды,
Үміт көп соның үшін бір құдадан.
Жайықта даңқы шығып жатушы еді,
Келтірген бұл араға біздің талан.
Мақтауда ұлы мақсат, таза қошемет, таза ықылас болмаған. Анайы ақындар сияқты тікелей сұрамағанмен, әкім болған, төре болған, ықпалы жүрген адамдардың жылы назарында болу мақсатпен көбі жарамсақтанып, жәрәукеленіп айтқан.
6. Даттау. Сөгу, жамандау, айыбын, мінін айту – бәрінің жалпы аты даттау болады. Даттау табына бір адамның басындағы мінін айтқан сөз де кіреді, бүтін елдің, халықтың басындағы мінін айтқан сөз де кіреді. Діндар дәуірдегі даттауда көпті даттағандар көбінесе шариғат жолына шалығын айтып даттаған. Адам басын даттағанда, әуелі мақсатпен, күйініп даттаған. Үйіне қондырмаған, қонақасы оңды бермеген сияқты ұсақ себептерден реніш етіп даттаған.
Көпті даттау мысалы:
Әуелі бисмилла деп сөз басталық,
Алланың хақ жолынан адаспалық.
Жолы деп шариғаттың ғамал қылса,
Иншалла, сол уақытта азбас халық.
Азырақ осы жерден шошынамын
Өтірік пайдаға асты, рас қалып.
Жалған сөз азаматқа болды оңай,
Замана болды, халқым, әлдеқалай!
Аузыңнан жалғыз кәлам шыққан сөзің
Кезеді бір сағатта тоқсан тоғай.
Құдайым өзі сақтап, оңғармаса,
Болып тұр бұл замана судан да ылай.
(Әбубәкір)
Бұл болса, ешкім бақпас жолдасына,
Алданар арам дүние олжасына.
Біреудің ұры залым малын ұрлап,
Сұраса, бәле салар өз басына.
Қарсы дау біреу айтса, соны тыңдап,
Бас адам көзім жетті оңбасына.
Парқы жоқ бұ заманның адамының,
Бірінің-бірі нанбас Алласына.
Байлардың бала оқытқан ісін қара
Зекетін саудалайды молдасына.
Пақырды міскінменен партия қып,
Берері садақасын қолқасына.
Бұл сөзі Сейдахмет өтірік пе,
Рас па, көптің салдым ортасына.
7. Айтыс. Діндар дәуірдің айтыс өлеңдері де дін әсерінің күштілігін көрсетеді: ақындар айтысқанда бірін-бірі сүрінту үшін, дінге, шариғатқа теріс ғамалдарын көрсетіп сүрінтуге тырысады. Шариғатқа теріс істерін мін қылып мүдіртпек болады. Мәселен, Айқын мен Жарылғасын айтысқанда екеуі шариғатты жамандық-жақсылық, дұрыстық-терістіктің тиянағы, нарқы, таразысы, шариғат жөнімен бірін-бірі міндеп айтысқанын көреміз.
Айқын айтады:
Қожа-еке, есенсіз бе, сәлем бердік!
Мүбәрәк дидарыңды жаңа көрдік.
Жүзіңде рақметің бар ер екенсіз,
Жоқ шығар көңіліңізде тәкаппарлық.
Өзің біл сөйлескен соң не деріңді,
Қазірде қолыңды бер, көріселік!
Жарылғасын қожа айтады:
Жарқыным, сәлем берсең, сәламат бол!
Жетеді мұратына өлмеген құл.
Сіз берсең сәлеміңді, әлік алдық,
Сүннеті Пайғамбардың қазулы жол.
«Қол берсең, көріселік!» деген сөзің
Бұл дұрыс шариғатқа болмайды сол.
Таранған тоты құстай бала екенсің,
Мысалы екі бетің алқызыл гүл.
Хал білмек, жөн сұрамақ ғам ғанимат,
Абзалда, сөйлеселік, атың білдір
8. Толғау. Діндар дәуірдің ақындарының толғауларында да, діндар дәуірдің жырларында да дін әсері барлығын төмендегі мысалдардан көруге болады:
Дін үшін шәр түзеп, мешіт салсам!
Хақ жолға жаннан кешіп бағыштасам.
Азаншы даусын естіп риязатпен,
Намазға бес уақыт жаяу барсам.
Мінберде уағаыз айтып тұрса имам,
Хақ іске қайым тұрып, сонан қансам,
Мүдәрріс медреседе дәріс айтса,
Шәкіртке күнде екі рет түйе шалсам.
Астыртын қалипамен ақылдас боп,
Күн сайын телеграммен хабар алсам.
Осындай қазақ затта бір ер бар деп,
Жұртына дар исламның анықталсам.
Жүсіпбек, Ақыметбектердің жырында Ақыметбек ағасы Жүсіпбекке айтқан бір сөзі:
Айналайын ағажан,
Бұл кәпірге жалынба!
Көкірегің жасытып,
Бұрынғы күнді сағынба!
Қазам жетсе, өлермін,
Бұйрығын хақтың көрермін.
Патша Құдай жар болса,
Көзел шайы кәпірдің
Жан жазасын берермін.
Ғашықтық толғауында мұсылмандық, кәпірлік, шариғат сияқты нәрселер айтылмағанмен, діндар дәуірдің тіл әсері айқын көрінеді.
Бейісұлы Төлегеннің ғашық зарында мынадай сөздер бар:
Сәукілу сәлем жаздым «сат», «беб», «лам!»
Қайғылы көкірегім, көзімде нәм.
Даражаң қатарыңнан асқан еркем,
Екі «ти», бір «нұн» менен еттім кәлам.
Налышым көкке жетер етсем паған,
Бұл сырым халыққа мәлім, күмән саған.
Өмірім аз ба, көп пе өткенінше,
Қайғыңды түгесе алман етіп баян.
Біраз күн ойнап-күлдік, көңіл ашып,
Күн қайда шер тарқатар, көңіл басып?
Бұрынғы өткендерден қалған мирас —
Айрылмақ сүйгенінен неше ғашық.
Бұл күнде көңіл мәлүл менің әман,
Мақшұтым тауыса алман етіп баян.
А, дариға, дүниеде қатты қасірет
Айрылмақ көз алдыңда сүйген жардан.
Екінші біреудің толғауында мынадай сөздер бар:
Сипатың пері заттың баласындай,
Көп ойлап, зарланамын шарасыздай.
Өзіңмен қатар қызға көзім салсам,
Араңыз жер мен көктің арасындай.
Мақтауың жазғанменен таусылмайды,
Өлкейек абырғаның саласындай.
Өзгеден бір омыртқаң артық, еркем,
Сыдыратіл, Мұнтағаның ағашындай.
Діндар дәуірдің налыс толғауының түрі мынау:
Аса соққан борандай
Өтемісің, күндерім?
Ғаси болып Аллаға,
Бұзылмағай діндерім.
Асулы дар астында
Зар айлаған тілдерім!
Баба түкті сопы Әзиз!
Көзіңді салшы, пірлерім!
Қолымды кәпір байлаған,
Аспаққа дарды сайлаған.
Балаудақтың көлінде
Қырық жігіт, сені ертіп,
Күндерім кәні, ойнаған?!
Мақсатыма жетпедім
Дүниедегі ойлаған.
Он сегіз мың ғаламның
Падишасы бір Құдай,
Құлым дейтін күніңді.
Қайрат қылып қан төкпей,
Қапалықта кеткенім.
Алды-артыңа қарамай,
Рас па, дүние, өткенің?
Егер қапы қалмасам,
Бұл секілді дінсізге
Пенде болар бек пе едім?
Ақырын тілеп бұл істің,
Падишасы ғаламның,
Бір өзіңнен күткенім.
(Жүсіп, Ақмет)
Намыс яки соғыс толғауы. Діндар дәуірдің жырларында кәпірлермен соғысқанда әскерге қайрат беру үшін намысын қоздырып, қанын қыздыруға айтылған намыс толғауда да дін әсері төмендегі сөздерден көрінеді.
Жүсіп, Ақмет жырында Ғашырбек қырық жігітке қайрау сөз айтқанда, былай толғайды:
Ойран етіп тау-тасты,
Қанға бояп көз жасты,
Шүлдірлетіп қызыл басты,
Сайлап шаншар күндер бүгін.
Асыл алмас пышақтары,
Тығырадан шашақтары,
Ақыметжанның қожақтары
Жаннан кешер күндер бүгін.
Ғашырбектің сол озары,
Құрылсын мақшардың базары.
Бек Жүсіптің қошқарлары
Қаннан кешер күндер бүгін.
Ат құлағын теңестіріп,
Бір-біріңе кеңестіріп,
Кәпірлерді қойша қырып,
Майдан кешер күндер бүгін.
Марқайыс толғауы. Діндар дәуірдің марқайыс толғауында да дін әсері болғанын мына сөздерден байқауға болады.
Байтұрсын, Ақтас деген жақын ағалары 15 жыл каторгіде болып, қайтып келіп тұрған қуанышының үстінде айтқан Қарпық ақынның марқайыс толғауында мынадай сөздер бар:
Кәпірге қылыш сілтеп қарысқаным!
Дүниеде теңін тауып жарысқаным!
Тәніңнен, дұшпан көрсең, түгің шыққан,
Лайық заманыңа арыстаным!
Нашарды сырт дұшпаннан арашалап,
Қам ойлап, қарашыға болысқаным!
Үлгімен әр орында тұра берген
Ақылға Аплатондай данышпаным!
Достардан қасірет отын қалас ойлап,
Қайырлы сағатында қауышқаным.
Шұбалаң, Қарақоға, Жыланшықпен
Дені сау түсінікті болыстарың.
Бұл күнде сіздер үшін дұғада тұр
Атқарып жолдас болған орыстарың54.
...............................................................
Діндарлықтың әсері жоқтауларда да бар. Бұрынғы жоқтауларда өлген адамның батырлығы, байлығы, істеген ерлігі, мырзалығы айтылып жоқталғанда, діндар дәуір турасындағы жоқтаулар дін жайын жақсы білетінін айтып жоқтайды.
М ы с а л ы:
Бисмилла сөздің басына,
Ағайын келді қасыма.
Бір күнгідей болмаған
Дүние деген осы ма?
Көңілден қайғы босатсам,
Келе ме көздің жасына?
Жыламай неғып шыдайсың
Кешегі өткен асылға?
Асылым түсті қолымнан,
Қанатым сынды оңымнан.
Құдай қосқан жайсаңым
Адастырды жолымнан.
Отыз төртке келгенде
Ұядан үшты алғаным,
Дүниенің білдім жалғанын!
Мезгілсіз келді кезегім
Қызығыңа қанбадым,
Кәлам шәріп хат оқып,
Ислам жолын аңдадың,
Жан тәсілім болғанша
Ақылыңнан танбадың.
Сонда біліп, ойладың
Құданың назар салғанын.
Амандаспақ сол күні
Көңілде болды арманың.
Амандастың жұртыңмен.
Бұйрығы деп Алланың.
Иманыңды құрметтеп,
Періште келсін хабарға.
Артыңда қалған біз нашар
Іздегенмен табар ма?
Кешегі сөнген шамшырақ
Орнына қайтып жанар ма?
Дүние-дәулет болса да,
Енді дәурен болар ма?
9. Терме. Діндар дәуір термесі мен ауыз әдебиет түрінің термесі бірдей. Жалғыз-ақ діндар дәуір дін сөзін көбірек қатыстырумен айрылады. Мысал үшін діндар әдебиет термесінен алып қарайық.
Шортанбай термелері:
Атамыз Адам Пайғамбар
Топырақтан жаралды.
Мұсылман, кәпір халайық
Сол Адамнан таралды.
Мұсылманға бұйырған
Көкірегіне қадалды.
Ұрлық пенен қарлықтан
Бойыңды тартып, тек жүрсең,
Көрмессің деген залалды.
Белгілі деген бейістің
Жазғы салқын самал-ды.
Тарихы деген тамұқтың
Қысқы суық амал-ды.
Ауыл малы бұралқы
Ақылы жоқ жаманға.
Атасын алдар баласы
Үшбу ақыр заманда.
Жақсылықтан айырым жоқ
Жамандық асқан заманда.
Малынан зекет бермеген,
Аузына Құдай кірмеген
Қайыры жоқ сараң да.
Алақандай ай мен күн
Ғаламның ортақ жарығы.
Жаппардың екі болмайды
Әмір қылған жарлығы.
Құбылаға бас қоймақ
Мұсылманның парызы.
Ораза, намаз қаза қылмасаң,
Көңіліңде Құдай барлығы.
Жапалық пен жалғыздық
Жалғанның жаман тарлығы.
Түшіркенген ұйқы жоқ,
Қайғының асқан зарлығы.
............................................
2) Әбубәкір термелері:
Ауру болып азамат,
Қойылса, басың жастыққа.
Достарменен сөйлесіп,
Жарамайсың достыққа.
Көңілің жүрмес хоштыққа,
Өзіңнен бақыт кеткен күн
Айналар достық қастыққа.
Не қылмайды адамзат
Әурешілік жастықта.
Дүние қуған мастыққа.
Әбдірахман, Әбуиет,
Адасып, жолдан астық па?
Шүкірлік қылмай тастық па?!
Ғибадат бізден болса да,
Тауфық сізден білемін.
Рақметті патшамсың,
Кешіре гөр, күнәйім!
Өзің пендем демесең,
Пайдаға аспас құр уайым.
Тауфық берсең, нұрланар
Ықылас пенен дін уайым.
Зор сүйініш етемін
Мұсылман болып туғанға.
Ләпбайка деп рухым,
Хаққа мойынсұнғанға.
Шүкір қылғын, жарандар,
Жақсы мал шалып құрбанға.
Дәрет алып, намаз қыл,
Суды құйып құманға.
Зекет беріп, қажыға бар,
Айналмаңыз құр малға.
Дүниеге айналып,
Тәңірі берген дәулеттен
Мақшар күні құр қалма!
Көңілге иман бекітіп,
Үйретіңіз туғанға.
Ісләмнің бес парызы
Жанған оттан құтқарар
Хақ таразы құрғанда.
Шапағат қылар бес намаз
Әзірейіл жетісіп,
Жаныңды қабыр қылғанда.
Бұл дүниенің қызығы
Ұқсайды, білсең, жарандар,
Көзіңді ашып жұмғанға.
..................................................
(Діндар дәуір әдебиет нұсқаларын нұсқалықтың
131, 165-інші нөмірлерінен қара).
СЫНДАР ДӘУІР
Сындар дәуір деп – қазақ әдебиетінің сынды болған яғни сын арқылы шығып, әдеміленген мағыналы сөз: бір мағынасы сыны бар деген сөз болады да, екінші мағынасы мінсіз, толғаулы, сипатты деген болады. Бұл сөздің екі мағынасының екеуі де қазақ әдебиетінің соңғы кездегі жаңа дәуірін дұрыс сипаттайды. Сын тез құрылмай, әдебиет сөзі сындар болып (мінсіз болып) шыға алмайды. Қазақтың ауыз әдебиетін алсақ та, діндар дәуіріндегі әдебиетін алсақ та, қандай жақсы болғанмен, мінсіз сұлу болмайды. Бір жерінде сұлулығы қандай зор болса, екінші жерінде міні де сондай үлкен болады. Ақындығы қандай күшті болғанмен, айтылған екі дәуірдің ақындарының сөздерінде әдемілігінің жанында ат сүрінгендей міні тұрады. Олай болатынының түп себебі қазақтың ол кездегі ақындары асыл сөз немен асыл болатынын ақындық сезімімен сезсе де, анық біліп жетпеген. Сондықтан сөзін мінсіз етіп шығара алмаған, тыңдаушысының да асыл сөз турасындағы білімі ақындардыкіндей болып, олар да ақын созін тексеріп, сынға сала алмаған. Асыл тас, асыл темір, асыл бұйым несімен асыл болатынын білмеген адам тастың, темірдің, бұйымның жақсысын тауып алуды білмейді. Сындар дәуірге дейін қазақ ақындары да, ақын сөзін тыңдайтын әлеуметі де сөз несімен асыл болатынын білмегендіктен, сөз бағасын көтере алмай, нарқын кеміткен. Адамға өз бойындағы үйреншікті міні мін болып көрінбей, өз үйіндегі кемшіліктер кемшілік болып көрінбейді. Жұртқа да солай: салтындағы, қалпындағы, ғұрыптағы жаман әдет жамандық болып көрінбейді. Бойдағы мін бойында міні жоқ, біреуді көргенде байқалады, үйдегі кемшілік кемшілігі жоқ үйді көргеннен кейін көзге түседі. Жұрттағы жаман әдет басқа жұрттың жақсы әдетін көргеннен кейін білінеді. Сондай-ақ, қазақ ақындарының өздерінің де, сөздерінің де міндері, кемшіліктері, жаман әдеттері өнерпаз Европа жұртының сындар әдебиетін көргеннен кейін байқалып, көзге түскен. Сонан кейін ғана Европа әдебиетінен тұқым алып, қазақ әдебиетінің сүйегін асылдандырып, тұлғасын түзеушілер шыға бастаған. Қазақ әдебиетінің асылдануына әсіресе әсері күшті болған Абай сөздері. Абаймен қатар басқалар да шыққанмен, олар асыл сөздін жаңа сипатын Абайдай айқын көзге түсерлік етіп көрсете алғанжоқ. Сондықтан қазақ әдебиетінің сындар дәуірі Абай сөздерінен басталады. Жоғарыда айтылған «сын арқылы шығып, әдеміленген» деген сөзді шығарған сөз біреудің сынына салынып, сонан кейін шыққан сөздер деп ұқпасқа керек. «Сын арқылы шығып» дегеніміз – шығарушы өзі жазушы, өзі сыншы болған уақытта шыққан деген мағынадағы сөз. Европа әдебиетімен танысқаннан кейін қазақ ақындары сөздің асыл болатын сырын біле бастайды. Сөздің ондай сырын білу – сын білу болады. Атсейіс аттың жүйрік болатын сырларын білгеннен кейін сындарын біліп сынайтын болады. Сондай-ақ, сөздің асыл болатын сырын білген адам сөзді сынай біледі. Сынай білетін адам жаза да білетін ақын болса, оның ақындық жағынан шығатын сөзі сеністік (сыншылық) жағының сынына түсіп, сын арқылы шығып отырады. Жүйрік аттың белгілі сипаттары сияқты, асыл сөзде де белгілі сипаттар болады. Сөз сол сипаттарын дұрыс көрсетумен асыл болып шығады. Мұнан асыл сөзді білетін адамның бәрі де сөз шығаратын ақын болады деп ойламасқа керек. Асыл сөздің сипаттарын білумен адам ақын болмайды, бірақ ақын адам сөздің асыл болатын сипаттарын білсе, сөзін таза, мінсіз шығарады. Асыл сөздің сипаттарын білу тыңдаушыға да қажет. Абайдан кейін сөзге талғау кіреді. Айтушы да, тыңдаушы да сөзді талғайтын боды, олай болғаны – Абай асыл сөздің айқындап нұсқаларын көрсеткеннің үстіне, аз да болса асыл сөз сипаттарын айтып та жұртты хабардар қылды. Абайдың «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» деген өлеңінде жақсы өлеңнің сипаттары да, қазақ ақындары мен тыңдаушылардың жоғарыда айтылған асыл сөзді танымайтын надандықтары да айтылып, аз да болса мағлұмат берілген (Абайдың сол өлеңін оқу), сүйтіп, асыл сөздің сипаттарын білу жалғыз ақындарға емес, әр адамға керек. Жақсы сөздің сипаттарын білген адам сынай білмекші, сынай білуден сөз талғауы күшеймекші. Солай болған соң, асыл сөздің басты-басты сипаттарын білу сөйлеу жүйесінің ең керек бөлімінің бірі болады. Қазақтың жазу әдебиеті басқалардікі сияқты айтылуынша бөлінеді деген едік, бірақ ол салалардың қандай тарау, тармақ иә бұтақтарға бөлінетінін айтқанымыз жоқ еді. Енді сол айтылған үш салаға қоятын тарау, тармақ, бұтақтар сияқты, сөздердің түрлерін көрсетіп, әрқайсысын керек орнында белгілі сипаттарымен әліптеп өтейік. Ескерту: қазақтың сындар әдебиеті Европа үлгісімен келе жатыр және сол бетімен баратындығы да байқалады. Европа әдебиетіндегі сөз түрлері бізде әлі түгенделіп жеткен жоқ. Бірақ қазір болмағанмен, ілгеріде болуға ықтимал. Сондықтан сындар дәуірдегі сөз түрлерін жүйелеп тәртіптегенде, Европа әдебиетінің бізге келіп жетпеген түрлерін де өзіне тиісті орындарында атап отеміз. Солай еткенде дарынды сөз табына жататын сөздің түрлері мынау болмақ.
І. Әуезе яки әңгіме түрлі сөздер:
1) Ертегі жыр, 2) тарихи жыр, 3) әуезе жыр, 4) ұлы әңгіме (роман), 5) ұзақ сөз, 6) аңыз өлең және әңгіме, 7) көңілді сөз, 8) мысал, 9) ұсақ әңгімелер.
ІІ. Толғау табына қарайтын сөздер:
Толғау түрлері де толып жатыр, оның ішіндегі негізгі түрлері мыналар: 1) Сап толғау, 2) марқайыс, 3) налыс (мұңайыс), 4) намыстаныс, 5) сұқтаныс, 6) ойламалдау. Ойламалдау түрі көп, ойламалдаудан бөлініп: 1) сөгіс толғауы яки даттау, 2) күліс толғауы яки күлкілеу, 3) масқаралау шығады.
Күлкілеудің өзі үш түрге бөлінеді: а) мазақ, ә) мысқыл, б) қулық.
Қулық та екі түрлі: бірі – сықақ, екіншісі – әзіл.
ІІІ. Айтыс-тартыс табына қарайтын сөздер:
Айтыс-тартыс табына кіретін сөздер түрі де толып жатыр. Оның ішінде негізгі басты түрлері мыналар: 1) Айтыс сөз, 2) тартыс сөз. Тартыстың өзі басты-басты үш тарау болып бөлінеді: 1) мерт яки әлектекті тартыс (трагедия), 2) сергелдең яки азапты тартыс (драма), 3) арамтер яки әурешілік (комедия). Тартыс күйге ән-күй қосылса, тартыс зауықты деп аталады. Тартыс сөз қу тілді болса, қулықты деп аталады; қисыны қызық болса, күлдіргі тартыс болады; сиқыр мазмұнды тартыс сиқырлы деп аталады. Қазақ әдебиетінде бұл түрлердің кейі бар, кейі жоқ. Кейі жеттікпеген, шалалау, балалау түрде. Бар түрлері төменде қазақ әдебиетінің жаңа дәуірінен басталып, тиісті сипаттарымен көрсетілмекші.
І. Әуезе түрлері
1. Ертегі жыр. Ертегі жыр деп өлеңмен айтылған ертегі айтылады. Сындар дәуірдің ертегісі бұрынғының ертегісінен сындарлығымен айрылады. Ақындар ескі ертегіні ажарлап, ертегі жыр етіп шығарады яки өз тақырыбымен, өз қиялынан шығарады. Жаңа дәуірдің ертегі жырлары Мағжан жазған Сыздық батыр турасындағы ертек, Пушкиннен аударылған «Балықшы мен балық», «Алтын әтеш» сияқты ертегілері болады.
2. Ұлы әңгіме яки роман. Ұлы әңгіме яки роман деп тұрмыс сарынын түптеп, терең қарап әңгімелеп, түгел түрде суреттеп көрсететін шығармаларды айтамыз.
Ұлы әңгіме шығарушылар (романшылар) роман жазғанда, тақырыпты не өз заманындағы тұрмыс сарынынан алады, не өткен замандағы тұрмыс сарынынан алып жазады немесе алдағы заманның сарынын болжап жазады. Роман алған замандағы тұрмыс сарынын көрсеткенде, сондағы адамдардың үлкені-кішісі бар, жақсы-жаманы бар, байы-кедейі, төресі-қарасы бар, жасы-кәрісі бар не істейді, не іздейді, не тілейді, неге сүйініп, неге күйінеді, неден именеді, неден күйзеледі, нені жақтырады, неден жиренеді, неге құмар, неге сұлық қысқасы, иә бүтін бір жұрттың яки жұрттың бүтін бір табының сыр-сипатын сөзбен суреттеп, алдыңнан өткізеді. Ертек жыр, тарихи жыр сияқты шығармалар зор уақиғалардан қара көрінім асқан адамдардың ғана істерін сөз қылады. Жалпы, қалыпты жай адамдардың істеріне, өздеріне онша назар салмайды. Ұлы әңгіменің мақсаты көптің өмір сарынын суреттеп көрсету болғандықтан, бұл туралы шығармаларда адамның да, уақиғаның да ұлысына, ұсағына бірдей назар салынады. Өмір сарынын көрсететін хаттан асқан, сирек болатын үлкен уақиғалар, ұлы адамдардың істері емес, құмырсқадай қыбырлап, түрлі жол, түрлі жөнмен тіршілік етіп, тырбанып жатқан көптің амалы. Адам өміріндегі істің ұсағы көп, ірісі аз болады. Ұсақ уақиғаның адамға күнінде оны душар болғанда, ірі уақиғаның өмір бойы душар келмеске ықтимал. Адам басынан кешетін көбіне ұсақ уақиға, ұсақ іс, жеңіл сүйініш, жеңіл күйініш. Ұлы әңгіме өңшең үлкен уақиғалармен болмай, ұсақ істерден де өнеге көрсетуге тырысады. Оның олай етуінде екі түрлі мәніс бар: а) Ұсақ уақиға мың қырланып, мың түрленіп қайта айналып тұрады. Қайта-қайта болатын уақиға қалыпқа айналады. Адам тұрмысының тағдырын күн сайын құбылып, қайта-қайта келіп тұрған ұсақ уақиғалар шешеді. Бір рет өтірік айтсаң, ол зор бәле: өтірікші, сырғиға, сенімсіз болсаң, онан тіршілігіңе келетін кесапат көп. Адам бірден өтірікші, бұзық, ұры-қары болмайды, бірден түзік, әділ, адал, ізгі де болмайды; бір істегенін қайта істеп қалыптанумен бірте-бірте барып болады. ә) Ұсақ уақиғаның бірден-ақ ұлы уақиғаға себеп болатын жерлері де бар. Үлкен үйге кішкене кілт жол ашатыны сияқты, үлкен іске көбіне кіші іс кілт болады. Кіп-кішкене ұшқыннан үп-үлкен өрт шығады, аз нараздық көңілден үлкен ұрыс, төбелес, соғыс шығып кетеді. Сол сияқты адам қателескен бір ғана ісінен өмірлік тұрмысын ауырлатып алуы ықтимал. Бір дұрыс істеген ісінен жөнін түзеп, тұрмысын жеңілдетіп алуы ықтимал. Ұсақ уақиғадан ұлы уақиға тууы ықтимал болғандықтан ұсақ істің бәрін ұсақсыну керек емес. Ол ұсақ іс бәлки, зор шарапатқа иә зор кесапатқа кілт болатын ұсақ істің бірі шығар. Олай болса, ұлы уақиғамен қатар, ұсақ уақиғаларды қатарға алу, түрін тану керек болады. Күн сайын істеліп жататын ұсақ істің ұлы іске ұласарлығы да, ұласпастығы да бар. Тіршілік ісі біріне-бірі оралып, шиеленісіп, байланып жатады. Тіршілік ісінің парқын, абырой-мәнісін білу ұйысқан жіптің ұштарын табу сияқты, қайдан басталып, қайдан тоқтайтынын, бірте-бірте арасын ашып, шешімін шешіп барып таппасаң, бірден таба алмайсың. Ұсақ іс ұсақ іспен шиеленісіп, байланысып тұрса, оны қатарға алмасаң да келер-кетері аз, ұсақ іс ұлы іске байласып тұрғанда қатарға алмасаң, қамтама қаласың. Биік мақсат, зор үміт, ұлы пікір жоқ өмір хайуан өміріне ұқсас, бірақ ұсақ істердің ішінде, ұсақсынып байқамай өтсең, опық жегізіп, өкіндіретіндері де көп болады. Тіршілік жолында жүзеге шығарайын деген ісіңе бөгет болатын көбінесе үлкен істер емес, ұсақ істер, ұсақ нәрселер; олардың бөгетшілік күші үлкендігінде емес, көптігінде. Олардың бөгетшілігін бұзуға көп күш, үлкен іс керек емес, ұсақ ғамал, жиі жеделдік керек. Тіршілік ғамалы – заманның заңын, тұрмыстың сарынын тану ғылымы, адамның іздеген, көздеген мақсаттарын білу, мақсаттарына жетуге жүретін жолдарымен танысу. Тұрмыс ғылымын жақсы білгеннің ісі – ұсақ істерге айналып, ұлы істерді де ұмытып кетпеу, ұсақ істерді ұсақсынып, қатарға алмай, қазыққа сүрінгендей болып құлап та жатпау. Ұлы әңгіме тұрмыс тілі, өмір жүзіндегі ұлы-кіші ғамалдар, ұлы-кіші уақиғалар қалай бір-біріне оралып, шиеленісіп, байланысып, ұйысып, ұшы қайдан басталып, қайдан барып тоқтайтынын мысалмен көрсеткен секілдендіріп алдыңа әкеліп, түрлі жолмен, бағытпен байланыстырады, шиеленістіреді. ІІІиеленістіре барып, немен тынатындығын көзге көрсетеді. Тұрмысқа сарын жасайтын адамның ғамалы, ғамалға өң беретін адамның мінезі, мінезге кейіп беретін тұрмыс төңірегі. Адамның мінезі ойының түрінен, көңілінің күйінен, істеген ісінен білінеді. Адамның тысқа шыққан пікірінде, көңілінің күйінде, еткен ғамалында мінезінің қай түрі көбірек көрінсе, сол адам сол мінезді болмақ. Мінез іштен туады, бірақ шынығып жетпей тұрғанда мінез түрін тәрбиемен өзгертуге болады. Адамға тәрбие беруші әуелі ата-ана, сонан соң ұстаз, мектеп, тұрмысындағы төңірек. Өмірінде қандай тұрмыс көрсе, нендей адамдармен кездессе, жолдас болса, істес болса, солардан өнеге көріп, үлгі алмақ. Өнер, ғылым жоқ жұртта адам тәрбиесін төңірегінен алады. Өнер, ғылым бар жұрттар, адамдар тәрбиені ата-анадан да, төңірегінен де, мектептен де, әдебиеттен де алады. Сүйтіп, адам мінезіне өң беретін үй іші, мектеп, төңірек болып шығады. Бұлардың өзі де, адамдар түрлі болып туғандықтан, түрлі тәрбие алғандықтан, түрлі болады. Сондықтан олардан тәрбие алған адамдар да түрлі мінезді, түрлі құлықты болмақ, бірақ адам көп, мінез түрі аз болғандықтан, көп адамдар мінездес яғни бір мінезді болады. Мінездері ұқсас бірыңғай, бір кейіпті адамдарды кейіптес дейміз. Мінездің белгілі бір түріне кейіп беретін адамдарды кейіпкер дейміз. Жомарттық, сараңдық, батырлық, қорқақтық, түзіктік, бұзықтық – бұлар қай жұртта да болатын мінездердің жалпы кейіптері. Сондықтан мұндай мінезді адамдар жалпы кейіпкерлер болады. Қазақтың арамза атқа мінерлері, қазақтың есерсоқ салдары, түйені түгімен жүтып қоятын болыстары – бұлар ұлтындағы, заманындағы кейіпкерлер болады. Ұлы әңгімешілер тұрмыс сарынын сүгіреттегенде, сарынға кейіп беретін, өң беретін таптардың кейіпкерлерін алып суреттейді. Жазушы кейіпкерлерін неғұрлым дұрыс алса, соғұрлым ұлы әңгіме тұрмыс сарынын дұрыс суреттеп, қалыпқа сәйкес, шынға жақын болып шықпақ. Бірақ сарындаушы өз заманындағы бар тұрмысты ғана сүгіреттеп қоймайды, өнеге үшін жоқ тұрмысты да алып суреттейді. Тұрмыс жағдайын өз ойлаған түрінше өзгертсе, өмір сарыны өзге жөнмен де кетуге мүмкіндігін көрсететін сарындаулар да болады. Ұлы әңгімеге жан беретін адамның ісі болғандықтан, мінезіне кейіп беретін тәрбие болғандықтан тұрмысқа сарын беретін ұлы, кіші адамдардың ірі-уақты істері болатындықтан, ол істер біріне-бірі ұласып, біріне-бірі оралып, байланысып, шиеленісіп жататындықтан, осының бәрін суреттеп шығару оңай емес. Мұны келістіріп, дұрыс пікірлеп, дұрыс суреттеп, уақиғаларды жақсы қиыстырып, сыйыстырып шығару көп жазушылардың қолынан келе бермейді. Ұлы әңгіме жазушы көркем сөздің әуезе, толғау, айтыс – барша түрін де жұмсайды. Ұлы әңгіме жазуға үлкен шеберлік керек. Ұлы әңгіменің өресі қысқа, өрісі тарлау түрі ұзақ әңгіме деп аталады. Онан да шағындау түрі ұсақ әңгіме деп аталады. Ұлы әңгіме, ұзақ әңгіме, ұсақ әңгіме болып бөлінулері үлкен-кішілігінен ғана. Мазмұндау жүйесі бәр-бәрінде де бір, айтылу аудандарында айырма бар: Ұлы әңгіме сөзін алыстан айдаған аттарша жайыла бастайды. Ұзақ әңгіме жақыннан айдаған аттарша жайыла бастайды; ұсақ әңгіме мүше алып оралып келе коятын аттарша бастайды. Ұлы әңгіме түрде қазақ тілінде басылған шығарма әлі жоқ. Міржақыптың «Бақытсыз Жамалына» роман (ұлы әңгіме) деп ат қойылса да өресі мен өрісі шағын болғандықтан, о да ұлы емес, ұзақ әңгімеге жақын. Мұхтардың «Оқыған азамат», Ысмағұлдың «Қалайша кооперация ашылды» деген әңгімелері ұсақ әңгімеден гөрі ұзақ әңгіме түріне жақын болады. Нағыз ұсақ әңгіме болатындар Ысмағұлдың «Автономиясы», Міржақыптың «Қызыл қашары», Бейімбеттің «Айт күні» сияқты әңгімелер.
3. Әуезе жыры. Қазақтың ерте заманда ерлік қылған адамдарының ерлігін, батырлығын жыр қылып шығарған сөзде ертек жыр деп аталатыны жоғарыда анайы әдебиет туралы сөз болғанда айтылып еді. Нақ сондай болмағанмен, соған ұқсас сөздер ділмар әдебиетте де болады. Ұлт өмірінде болған, ұлт тарихына жазылған яки халық аузында әуезе болып айтылып жүрген уақиғаны алып яки уақиғада халықтың өткен қайратын, азаматтың көрсеткен өнерін, жігерін, ерлігін, намысқорлығын яки адамшылығын әдемі түрде әсерлі сөзбен жыр қылып шығару бар. Сыпайы әдебиеттің сол сияқты шығармалары әуезе жыр деп аталады. Мұнда қара күші мол батырлардың орнына басқа түрлі ерлер, басқа түрлі қайраткерлер уақиғаның ортасында жүреді. Ертек жырда күші көп батырлардың ісі өнеге болса, әуезе жырда өнер, білім, қайрат, жігер сияқты сипаттарымен көзге түскен адамдардың ғамалдары өнеге болады. Мұнда да уақиғадағы істерге өзінше өң бере, көркейте айту бар, бірақ өте көпіртіп дәріптеу жоқ. Әуезе жырдағы көркейтуге уақиғаның да, адамның да жақсы жағын алуға болады. Онда да уақиғасы да, адамы да көркейтуді көтергенше ғана көркейтіледі. Әуезе жыр ақын тарапынан ұлттың ұлы адамына сөзден жасалған жәдігер есебіндегі нәрсе.
Әуезе жыр мен тарихи жырдың арасындағы айырмасы сол, тарихи жырдағы адамдар, уақиғалар турасында сөйлеген сөздер тарихтағы мағлұматтардың арнасынан аса алмайды. Олай етпесе, тарихшылар тарихты білмегендіктен иә қате түсінгендіктен, тарих мағлұматын бұзып отыр деп кінәлайды. Әуезе жырды шығарушының қиялы еркін болады. Тарих мағлұматы сияқты арнасынан шығармай қайырып, иіріп отыратын мұнда бөгет жоқ. Бұған қоятын шек жалғыз-ақ, алған уақиға мен адам көркейтуді көтеру, көтермеуі. Көркейтуді көтермейтін уақиғамен адамды көркейтіп жіберсе, өтірік болып шығады. Әуезе жыр әдемі сөздің түрі болғандықтан, әдемілеу әдісінің бәрі де істеледі. Көріктеу, меңзеу, әсерлеу түрлерінің бәрі де жұмсалады. Әуезе жыр мысалдары: Мұқамбетжанның «Топжарғаны», Шәкәрімнің «Жолсыз жазасы», «Қалқаман–Мамыры», Мағжанның «Баян батыры» сияқты сөздер.
4. Аңыз өлең55 Адамның бал ашқанға, ырымға, қыдырға, аян бергенге, түс көргенге илануынан шыққан ел ішінде аңыз қылып айтылатын түрлі әңгімелер болады. Сол әңгімелерді ақындар ажарлы тілмен, әдемілеп, өлең етіп шығарғаны аңыз өлең болады. Аңыз өлеңінің мысалы: Мағжанның «Қорқыты», «Орман патшасы», «Масадағы» «Данышпан Аликтің өлімі», Абайдың «Ескендір» әңгімесі.
5. Көңілді сөз. Табиғатқа жақын, қулық-сұмдық жайлар, әдіс жоқ, тамағы тоқ, уайымы жоқ, адал ниет, ақ көңіл адамдардың талассыз, тартыссыз, тыныштықпен шеккен өмірін сөзбен суреттеп шығару көңілді сөз болады.
Осындай адамдардың ғамалдары от басы, үй шаруасынан аспайды. Басқалардың істеріндей шиеленісіп, байланысып, баттасып жатқан істері болмайды. Ондай үйдің іші үлкенін сыйлағыш, кішілерін балаша мәпелегіш, мейірімді, меймандос келеді. Қазақтың сондай үйлерінің тұрмысын сөзбен суреттеп шығарса, көңілді сөз болып шығады.
Бұл түрлі сөз біздің әдебиетте әлі жоқ.
6. Мысал. Мұның не туралы сөз болатындығы анайы әдебиет туралы сөз болғанда айтылған еді. Мұндағы айтылатыны анайы әдебиеттегі мысал мен сыпайы әдебиеттегі мысал екеуінің арасындағы айырмасы. Анайы әдебиеттегі мысалдар былай шыққан: алғашқы адамдар басқа мақұлықтардан ұзап жарымаған. Олар да түрлі табиғат түрлі тәсілмен тіршілік ететіндігін көріп, олар да адамша ойлайды, сөйлеседі, кеңеседі, бірін-бірі алдайды, арбайды деп білген. Сондықтан адамның ісін әңгіме қылған сияқты олардың да істерін әңгіме қылған. Онан хайуандар турасындағы ертегілер шыққан. Онан бері келе, хайуандар тіршілік еткенмен, нақ адамша ойласып, сөйлесіп, кеңес етпейтіндігіне көзі жеткеннен кейін, мақұлықтар турасындағы ертектер өтірікке саналып, бірте-бірте жоғалып, тек мысалдар ғана қалған. «Түйе бойына сеніп, жылдан құр қалыпты» деген, «Тышқан шаңырақтағы еттің сасығын-ай депті» деген сияқты мысалдар – хайуандар турасынан сөйлеген ертектерден қалған мысалдар. Түйенің алданып қалуы туралы, тышқанның шаңырақтағы етке бойы жетпеген соң, сасық деп кемітуі туралы әңгімелер, ертектер болмаса, ондай мысалдар халық тілінде болмас еді. Мұндай мысалдардың пайда болуына себеп болған ертегіде айтылған хайуандардың ісіне адамдардың істерінің де ұқсауы, қолы жетпеген нәрсесін жамандайтын мінез адамдарда да бар. Сондай мінездерді адамдардың кемшілігін көрсеткісі келгенде қазақ тышқанның «шаңырақтағы еттің сасығын-ай» дегенін мысалға келтіреді.
Анайы әдебиетте болған хайуандар мінезі мен адам мінезін көрсету мақсаты сыпайы әдебиетте де бар. Мақсат жағынан бір-бірінен айрылмайды. Айрылатын жері айтылуында, анайы әдебиетте хайуанның мінезі құр мысал болды да, сонымен айтушы қанағаттанады да қояды. Сыпайы әдебиеттің мысалы мінезінің ұқсауымен қатар, айтылуының әдемілігін де бірдей еске алады. Мінезінің ұқсауы қандай келісті болса, әңгімесінің де сондай келісті болуын көздейді. Мұнда ұқсатуы да, әңгімесінің айтылуы да – екі жағы бірдей қызғылықты болып, тыңдаушыға екі жағы бірдей әсер етеді. Мысалдарға бұлайша түр шығарушылардың ең шебері Франция жұртында Лабунтен (1759-1831), орыста Крылов (1763-1844) болған. Олардан бұрын ескі түрмен мысалдаушы шеберлер үнді жұртында болған, гректе (Эзоп), Румда (Бедір) болған. Крылов мысалдарының түрлері «Қырық мысалдағылар», Абай кітаптарындағылар, «Жиған-терген» деген Өтетілеуұлының кітабындағылар. Крылов мысалдарының ішінде Эзоптан, Лабунтеннен алғандары да бар.
(Әуезе иә әңгіме түріндегі сөздердің нұсқаларын
нұсқалықтың 166, 197-інші нөмірлерінен қара).
ІІ. Толғау түрлері
Толғау нендей сөз екені «Дарынды сөз түрлері» деген бапта айтылған еді. Мысалдары «Ауыз әдебиеттің», «Дарынды әдебиеттің» толғау бөлімдерінде көрсетілген еді. Бұл жерде азырақ толғау сөздер жақсы болып шығуына қандай шарттар қойылатынын айту керек. Нағыз толғау мен күй (яки ән) арасы жақын, екеуінің де зейінге айтары аз, көңілге айтары көп. Толғау әдемілігі әуелі, айтуға алынған көңілдің күйіне қарай; екінші, оны айтып жеткізетін сөйлеу түріне қарай болады. Сүйтіп, толғау әдемі болып шығуы үшін екі түрлі шартты орнына келтіру керек. Толғаудың мазмұн жағына қойылатын шартты ішкі деп, сөйлеу түріне қойылатын шартты тысқы дейміз. 1. Ішкі шарты: а) Толғау жалпы сырлы болуы керек. Ақын толғауы да өз көңілінің күйін айтады, бірақ ол күй өзгеге түсінікті болуы тиіс. Күйі түсінікті болмаса, өзгелерге әсер ете алмайды. ә) Толғау шын сырлы болуы тиіс. Өтірік жай сөзге де жараспайды. Толғау сияқты сырлы шығармаға өтірік жараспақ түгіл, бүлдіреді. Сондықтан күйлі толғау көңілде шын болған күйден шығуы керек. Бұрынғы қазақ ақындарының мақтау, құттықтау өлеңдерінің көбі қадірсіз болып кетуі шын көңілден шын толғау болып шықпағандықтан. б) Толғау таза болуы тиіс – лас, былғаныш, нәжіс әдемі нәрседен шықса, көңілге қандай әсер етеді? Толғау сөзге былғаныш сөз, былғаныш пікір қатысса, о да сондай әсер етеді. в) Толғау көңілдің тереңдегі күйінен хабар беруі тиіс. Көңілдің бер жағынан шыққан толғаудың әсері оқушының көңілінде терең із қалдыра алмайды. 2. Тысқы шарты: а) Толғау сөзі көңіл күйінің бейне билеуі сияқты болу тиіс. Күй де, би де біріне-бірі үйлесіп келгенде, сұлу болып шығады. Күй мен бидің үйлесуі. ә) Толғау қысқа болуы тиіс. Көңіл күйінің көбі-ақ бір қалыпта ұзақ тұрмайды. Көңіл күйінен шығатын толғау көңіл табиғатына қарай ұзын болмасқа тиіс, ұзын болмайды да. Нағыз толғаулардың көбі-ақ 4-5 ауыз өлеңнен аспайды. б) Толғау әуезді сөзбен айтылуы тиіс. Адамның көңілінің күйін жақсы білдіретін – күй мен ән. Әннен соңғы көңілге көбірек әсер беретін – әуезді сөз, әуезді сөздің әдемісі – өлең. Толғау көңіл сөзі болғандықтан әсер күшін көбейтетін өлең түрде айтылуы тиіс. Көбінесе солай айтылады да. Толғаудың құны қанша деген мәселеге келсек, толғау сөз өнерінің барып тұрған жері деп саналады. Толғаудағы көңіл күйлерінің бәрі өмір жүзінде адам біткеннің бәрінің басында бола бермейді. Көңілдің түрлі күйін әдемілеп айтып, сөзбен келтіруге үлкен ақындық керек; толғау жақсы болса, оқығандар өз басында болмаған күйлерді толғау күшімен өзінде болған күйдей басынан кешіріп өтпек. Бұл өзгелердің көңіл күйін де дұрыс танып, дұрыс білуге үйретпек. Толғау көңілдің көркем сырларын өрнекті сөздермен айтып білдіріп, адамның көрік сезімін күшейтеді. Әдемі толғаудан алатын адамның көрік ләззаты басқа сөздердің бәрінен де артық болады. Ақынға дүниенің әдемілігі көрік пен махаббат екеуінде ғана. Өмірдің көрік пен махаббатқа дұрыс келетін істері сүйіндіреді, теріс келетін істері күйіндіреді. Мұның мағынасы көңілді сүйінішті, күйінішті күйге түсіру болады. Күйініш көңілге наразылық туғызады. Көңіл наразылығы мұң туғызады, мұң ой туғызады. Осы айтылған істерге қарай күйлі толғау бірнеше түрге бөлінеді:
1. Сап толғау. Қорыққанда «ойбай!», қуанғанда «алақай!», қиналғанда «уһ!», таңданғанда «о!», өкінгенде «қап!» деген сияқты пайым, пікір, ой белгілі кіріспеген, құстың сайрауы сияқты көңілдің таза күйінен шығатын сөз сап толғау яки сайрау деп аталады.
2. Марқайыс толғауы. Көңіл шын ырза болып, марқайып өскен шақта шығатын сөз марқайыс толғау болады. Көңілдің шын өсіп, марқаюы қуанышты ұлы уақиғаның үстінде болады. Ұлы уақиғалар ұлы адамдардың яки бүтін елдің, халықтың, таптың өмірінде де сирек болатындықтан, марқайыс түрлі тұлғаларда әдебиет жүзінде аз ұшырайды. Марқайыс орнымен айтылса, ұнамды болады. Ұнамсыз айтылса, ерсі көрініп, марқайыс әсері болмайды, масқаралық әсері болып шығады.
3. Налыс толғау. Әркімнің өмір жүзінде көздеген мұраты болады яғни сол мұрат көрген нәрсесінің жолында болады. Мұратына жетсе, бақытты болады. Мұратына жетіп, бақытты болған шақта да бақыт ұзақ тұрмайды, үйткені бақыттың болуына, болмауына себепкер нәрселер көп, қайғы-қасіретсіз, уайымсыз, мұңсыз, қатерсіз, қауіпсіз шаттықпен тыныш өмір сүретін адамдар тіпті болмайды. Өмір жолы мұратқа тура жүргізбейді. Тура жүргізбесе, көңілге реніш, шер пайда болады. Сондай өмір жүзіндегі түрлі опасыздық ақынды да ренжітеді, мұңайтады. Ықыласын қайтарады. Ренжу, мұңаю, ықылас қайту ақынды көңілсіз күйге түсіреді, шерлендіреді. Шерлі күйден шыққан сөз мұңды болып шығады. Сондай мұңды, шерлі толғаулар налыс толғау деп аталады.
4. Намыстаныс. Намыс толғау басында тайғақ кешу, тар жолда, қиыншылық шегіне жетіп, тақалған шақта шығатын сөз. Қиын хал нағыз қиын шегіне жеткенде қиын істі істеуге керек қылады. Сол қиын істі істеуге көбінің батылы жетпей, намысына тигізіп, қанын қыздырып сөйлеу қайрау сөз деп аталған. Сол қайрау сөздің өлеңмен айтылғанын намыс толғауы дейміз. Намыс толғау соғыс кезінде соғысқа түсіру үшін яғни не өліп, не өлтіріп шығатын өлім жолына айдаған жерде айтқан.
Қазақ патшаға қарамай, басы бос тұрған кезінде түрлі жұрттармен соғысқан шағы болған. Ол кезде қазақ намыс толғаулары азаматтың намысын қоздырып, қанын қыздырып, соғысқа айдау үшін айтылған. Сондықтан намыс толғау түріндегі сөздер батырлар жырында (ертегі жырларда) көп ұшырайды. Қазақ орыс патшасына қарап басы байланған соң, соғыс болмаған, соғыс болмаған соң, соғыста айтылатын намыс толғаулар да жоғалған. Бірақ намыс толғау айтылатын соғыс болмағанмен, соғысқа бара-бара ер басына қиыншылық түсетін басқа істерге айтылатын қайрау сөздер де намыс толғау табына кіреді. Мәселен, бағындырған патшадан басын босатып алу – жұртқа соғыспен бірдей дәрежелі қиын іс. Сондай іске қайрау мақсатпен айтылған өлең о да намыс толғауы болады, сондықтан «Интернационал» өлеңі сияқты, «Асау тұлпар» кітабындағы «Жолдастар» деген өлең сияқты, «Масадағы», «Оян, қазақ!» кітабындағы кейбір өлеңдер сияқты сөздер намыс толғау болады. Бірақ намыс толғауының асыл түбі өте қиыншылық орында шыққан сөз болғандықтан, шын қиыншылық орында айтылса ғана шын намыс толғауы болады. Не жайбарақат орында айтылған намыс толғаудың сөзі ұқсаса да, өзі болып шықпайды.
5. Сұқтаныс. Сұқтану деп бір нәрсеге артықша назар түсуін айтамыз. Адам сұқтанғанда, жақсы нәрсеге сұқтанады, жаман нәрсе қаншама ұлы болып, адамның назарын түсіріп, таңдандырғанмен, сұқтандырмайды. Ұлы болсын, ұсақ болсын бір жақсы нәрсеге сұқтанамыз. Ол жақсы нәрсе табиғат ісінің жүзінде де, адам ісінің жүзінде де болады. Солай болған соң, сұқтаныс толғауда көбінесе ғаламның ұлылығы, табиғаттың сыры, шеберлігі, сұлулығы, адам ісінің де сұқтанарлық, ұлылары, жақсылары, көркемдері сөз болады. Өмір мен өлім, жақсылық пен жамандық сияқты нәрселердің мән-мағынасы турасындағы толғаулардың көбі де сұқтаныс табына кіреді. Сұқтандыратын нәрселердің көбі-ақ тек сұқтандырып қоймай, адамды ойландырады, қиялдандырады, сондықтан түбіріндегі толғаулардың көбі таза толғау болмай, байымдамалау, ойламалдау болып келеді.
Жоғарыда айтылған нәрселер турасында байымдау даналық (пәлсапалық) байымдауы болып шығады.
6. Ойламалдау. Көңіл ырза болмаудан наразылық туады. Наразылық мұңға айналады. Мұңнан ой, қиял тербенеді, сүйтіп, көңіл ырза болмағандағы шығатын толғаулар жалғыз көңіл күйінің сөзі болмай, ой, қиял қатысып шығады. Сондықтан мұңды толғаулар ойламалдау деп аталады. Көңілдің ырза болмайтын нәрселері – түрлі жамандықтар, кемшіліктер, міндер. Адам қауымында жасалған адамшылық үлгі болады. Адамның ісі сол адамшылық үлгімен пішіліп, тігілмесе, адам қауымына ерсі, жаман мін болып көрінеді. Адамның көбі-ақ ол үлгіден алыс болады. Біреулер үлгімен істеу қолынан келмегендіктен алыс болады, біреулер тіпті адамшылық үлгіні керек қылмағандықтан алыс болады. Қолынан келмегендіктен алыс болу кемшілік болады. Керек қылмай, адамшылық үлгісін аяғына басу жамандық, айып болады. Еңбек, шаруашылық, тағысын тағылардың бәрінде де бар. Оның үстіне, әр ақынның өз адамшылық үлгісі де болады. Өз үлгісіне тура келмейтін істерді де ақын теріс көреді. Жамандыққа, кемшілікке, мінге санайды. Өз үлгісі болсын, өзгенікі болсын, әйтеуір адамшылық үлгіге теріс келетін істі ақын айтпақшы. Айтқанда, жай ақыл түрінде айтып, даттайды да, үгіттегенде иә даттағанда, бүтін елдің, жұрттың басындағы мінін, кемшілігін, жамандығын көрсетіп те айтады; бір адамның басындағы мін, кемшілік, жамандықтарын көрсетіп те айтады. Үгітті бүтін жұртқа айтса да, бір адамға айтса да үгіт болады. Сөгіс бір адамға бастап айтылғанда, масқаралау (әлемдеу) болады да, жұртқа қастап айтқанда әшкерелеу (даттау) болады.
Әшкерелеу де, масқаралау да екі түрлі болады. Жай сөгіс әшкерелеу бар, күлкі қылып әшкерелеу бар. Масқаралау да сондай. Жай жамандап масқаралау бар да, күлкі қылып масқаралау бар. Жамандық адамды кейітеді, қайғыртады, мұңайтады, ренжітеді. Кемшілік пен мін адамның күлкісін келтіреді. Осыған қарай толғаудың ойдамалдау түрі көбінесе не сөгіс толғауға не күліс толғауға айналып кетеді.
7. Сөгіс толғау. Өмірдің жамандық жағына ырза болмай, мінеп шығарған сөздердің жалпы аты қазақ тілінде жоқ, сондықтан толғаудың бұл түріне сөгіс толғау деп жаңадан ат қойылып отыр. Сөгіс толғау жамандықты жариялап, бетке басу ниетпен шығарылады. Үгіттеуден ұрсу күштірек, жай айтудан ұялту күштірек. Сол мәніспен сөгіс түріндегі сөздер ел түзеу, құлық тазарту жағына көбірек әсер етеді деп саналады. Бұрынғы тек үгіт түріндегі сөздердің орнын бірте-бірте сөгіс толғау алып, өте үгіт түріндегі сөздер жоғалмақшы, бірақ әлі де сөгіс толғауға ақыл айту, жөн көрсету сияқты сөздер көбірек қатысып, сөгісінен үгіті басым болып кететіндері көп. Сүйтіп, толғау болмай, тек ақыл айту болып шығатындары көп болады. Асылында, таза толғау болатын сөз аз болады. Көбінесе толғаудың әр түрі араласып отырады. Сондай-ақ, толғауға толғау емес сөздер де дәйім қатысып, аралас келіп отырады. Үйткені ақыл, қиял, көңіл деп үшке бөлгенмен, олар бірінің ісіне бірі қатыспай тұрмайды.
Жамандық екі түрлі: кешірімді жамандық бар, кешірімсіз жамаңдық бар. Кешірімді жамандық тек кемшлік болады да, кешірімсіз жамандық айып болады. Кешірімді жамандық – тек білмегендіктен болатын жамандық. Кешірімсіз жамандық тек біле тұра істелетін жамандық. Толғаушы толғағанда, екеуін екі түрлі толғайды. Кешірімсіз жамандықты толғағанда беті-жүзіне қарамай, айыбын айқын айтып, бетіне басып, сөгіп толғайды. Айыбын бетіне басып көрсету күйе жағып көрсетумен бірдей болғандықтан, даттау деп те айтылады. Кешірімді жамандықты, толғағанда, жамандығын, кемшілігін айқын айтпай, күлкі түрінде көрсетіп ұялту, арланту ниетпен толғайды. Сондықтан күліс толғау күлкілеу, келемеждеу болып шығады. Күлкі қылу әлемдеп көрсетумен бірдей нәрсе, бірақ көпке жаққан күйе яки таққан әлем, көптің үстінде болған соң, күшті әсер ете алмайды. Көп ішінде бір адамға жаққан күйе, таққан әлем күштірек әсер етеді. Сондықтан көпті қандай даттап, сөккенмен, масқаралауға болмайды. Сөзбен жеке адамды ғана масқаралауға болады. Ақын залымдықты, надандықты көріп, күйінгенде қандай күйге түсіп толғайтынын Абайдың төмендегі сөзі көрсетеді:
Адамның кейбір кездері
Көңілде алаң басылса,
Тәңірінің берген өнері
Көк бұлттан ашылса,
Сылдырлап өңкей келісім
Тас бұлақтың суындай,
Кірлеген жүрек өзі үшін
Тұра алмас әсте жуынбай.
Тәңірінің күні жарқырап,
Ұйқыдан көңіл ашар көз.
Қуаттан ойдан бас құрап,
Еркеленіп шығар сөз.
Сонда ақын белін буынып,
Алды-артына қаранар.
Дүние кірін жуынып,
Көрініп ойға сөз салар.
Қыранша қарап Қырымға,
Мұң мен зарды қолға алар.
Кектеніп надан зұлымға,
Шиыршық атып толғанар.
Әділет пенен ақылға
Сынатып көрген-білгенін,
Білдірер алыс, жақынға
Солардың сөйле дегенін.
Ызалы жүрек, долы қол,
Улы сия, ащы тіл
Не жазып кетсе, жайы сол,
Жек көрсеңдер, өзің біл.
8. Күліс. Екі түрлі күлкі бар: 1) шын күлкі, 2) сын күлкі. Шын күлкі – шаттық үстінде, көңіл хоштанғанда келетін күлкі. Сын күлкі – нәрсе көңілге күдікті, ерсі көрінген уақытта келетін күлкі. Анау көңілдің күйінен тура шығатын күлкі де, күлкілі күйді көңілге сын тудырғаннан кейін шығатын күлкі күлкілеу толғауға қару болатын соңғы түрдегі күлкі.
Адамның арына тию жағынан күлкі сөз бірнеше түрге бөлінеді. Адам ауырлайтын да, ауырламайтын да күлкі бар. Ауыр күлкінің аты мазақ, мысқыл болады да, жеңіл күлкінің аты сықақ, қулық болады. Ең жеңілі ойын сөз, оны әзіл деп айтамыз. а) Мазақ қылу біреудің кемшілігін, мінін айтып күлу болады. Әдебиет жүзінде мазақ қылу кемшілік пен міңді әшкерелеп, жұртқа жаю болады. Бұл әлемдеп жұрт алдына өткізумен бір есеп іс. Мазақ түрінде күлкінің ауыр болатын себебі осыдан. ә) Мысқылдау – сөздің өңін теріс айналдырып айту. Олай айту кекесін болады. Кекесін сөз зілді болады. Мысқыл сөздің ауыр тиетін себебі осы. б) Сықақ пен қулық күлкі сөздің, асылында, ауырламайтын түрлері. Бұлар ауырлайтын түрге айналса, онда олар сықақ та, қулық та болмай, мазақ пен мысқылдың бірінің түріне түсіп кетеді. Әзіл де солай. Зілсіз болса әзіл болады да, зілді болса әжуа, келемеж, мазақ, мысқыл сияқты күлкі түріне айналып кетеді. Біз күлгенде, әуелі тек күлкі келтіретін нәрсеге күлеміз, неден күлкі болып тұрған мәнісін тексермейміз. Себебін тексеріп күлгенде, көңілімізді келтірген нәрсе болып шығуы да ықтимал, олай-бұлай, қайта қайғыға қалдыратын, ойға батыратын нәрсе болып шығуы да ықтимал. Ақындардың адам мініне, кемшілігіне күліп шығарған сөздерін тек күлкі үшін шығарған сөз деп қарамасқа керек. Ондай сөздердің көбінің-ақ бергі жағы ғана күлкі болып, арғы жағы адамды мұңайтатын, қайғыртатын сөз болуы ықтимал
(Толғау нұсқаларын нұсқалықтың
198, 275- інші нөмірлерінен қара).
ІІІ. Айтыс-тартыс түрлері
Айтыс-тартыс сындар әдебиеттің бір түрі екендігі жоғарыда айтылған еді. Айтыс-тартыс қазақ ақындарының айтысқаны да емес, олардың айтыстырып шығаратын өлеңдері де емес, ол айтысу иә айтыстыру мен айтыс-тартыс екеуінің арасында атынан басқа жанасатын жері шамалы: екеуінің айтыс деген аты мен айтыса сөйлесуі ғана ұқсас. Онан басқа бір-біріне жанасатын жері жоқтығы төмендегі сөздерден мәлім болады. Айтыс-тартыстың әуезе мен толғауға да ұқсастығы аз. Әуезеде (әңгіме) ақын өз жағынан еш нәрсе қатыстырмай, басқаның басында болған уақиғаны айтады да қояды. Айтыс-тартыста ақын өз басындағы емес, басқаның басындағы уақиғаны көрсетіп, өз басынан, көңілінің күйінен еш нәрсе қатыстырмайды. Бұ жағынан айтыс-тартыс әуезеге (әңгімеге) жақын. Әуезеде (әңгіме) бір болған уақиғаны, уақиғада болған адамдардың не істеген әңгімесін естиміз, бірақ ол адамдарды, уақиғаларды көрмейміз. Айтыс-тартыста ақынның айтқан әңгімесін естімейміз, уақиғаның өзін, уақиғада болған адамдардың өздерін көреміз. Уақиға көз алдымызда болып, адамдардың тіршілік жүзінде айтысып-тартысып өмір шеккенін көреміз. Тіршілік майданында адамдардың ақылы жеткенінше амалдап, қайратына қарай қару қылып алысқаны, арбағаны, қуанғаны, жылағаны, ойнағаны, күлгені, сүйінгені, күйінгені, жауласқаны, дауласқаны, бітіскені, жарасқаны өмір жүзіндегідей көрініп, көз алдыңнан өтеді. Бұл шын өмірдің өзі емес, нәрсенің айнаға түскен сәулесі сияқты, өмірдің алаңда көрсетілетін сәулесі ғана. Бірақ нәрсенің айнаға түскен сәулесі қандай айнымайды, бұ да сондай шын өмірдің өзінен айнымайтын сәулесі. Айтыс-тартыстағы уақиғалар, адамдар, асылында, болған заттар емес, ақын өзі жасаған, ақын қиялынан туған заттар. Ақын адамдарын жасап, ауыздарына сөздерін салып, істейтін істерін дағдылап, ал істей беріңдер деп, өзі ғайып болып кеткен сияқты, айтыс-тартыста ақынның өз тарапынан еш нәрсе сезілмейді. Әуезеде (әңгіме) уақиғаны сөйлеу, айтыс-тартыста ақын өзі сөйлемей, өзгелерді сөйлетіп, айтыстырып, тартыстырып жіберіп, өзі бейтарап болып, тек қызығына қарап отырып қалған сияқты болады. Мұнда өткендік жоқ, осы уақытпен керсетіледі. Әуезеде (әңгіме) ақын айтқанынан өткен уақиғаның әңгімесін естиміз, айтыс-тартыста уақиғаны біреудің айтқанынан естіп білеміз. Көзбен көріп те білеміз. Әуезе мен айтыс-тартыс арасындағы зор айырыс осы. Айтыс-тартыс пен толғау арасында да айырыс зор. Айтыс-тартыста ақын өз тарапынан еш нәрсе сөйлемегендіктен, өзі сезілмей тек қиялынан туған адамдар бәрін істеген сияқты болып көрінеді дедік. Толғау – ақыннын ішкі ғаламының сөзі болғандықтан мұнда да сөзімен өзі көрсетіп отырады. Толғауда ақын қабағын қарс жауып, қайғырып тұрған күйінде де, беті гүл-гүл жайнап, қуанып тұрған күйінде де, сүйінген күйінде де, күйінген күйінде де, тарыққаң, зарыққан, жабыққан күйінде де, шаттанған, марқайған, масайраған күйіңде де көріп отырамыз. Айтыс-тартыста ол жоқ. Сүйтіп, айтыс-тартыс пен әуезенің (әңгіме) арасындағы да, толғау мен айтыс-тартыс арасындағы да айырыс зор. Бірақ айтыс-тартыс пен әуезе (әңгіме) екеуінің арасы толғау мен айтыс-тартыс екеуінің арасынан жақынырақ. Үйткені бірі уақиғаны айтып білдірсе, екіншісі уақиғаны көзге көрсетіп таныстырады. Екеуі де тысқы ғаламның хабары, тысқы ғаламның өзі. Бұлай дегеннен айтыс-тартыс тысқы ғаламның сөзі деп те түсіну керек емес. Асылында, айтыс-тартыс ішкі ғалам мен тысқы ғаламның түйіскенін көрсететін сөз түрі. Адамның ішкі ғаламы мен тысқы ғаламы түйіседі деген сөзді түсінікті болу үшін азырақ баяндап өтейік. Адам бала күнінде тысқы ғаламдағы көзге көрініп, денеге сезіліп тұрған нәрселерді ғана танумен болады. Есі әбден кіргенше өзгеден өзін айырмайды, өзгенің істегенін істеп, дегенімен болады. Есейген сайын өзінің өзгеден басқалығын біліп, өзіне ұнағанын істеп, ұнамағанын істемей, қиықтық шығара бастайды. Ержеткен сайын дүниенің ісіне өзінше сүйініп, өзінше күйініп, өзінше жол тұтып, өзінше өміріне жол белгілеп, жақсылық, жамандыққа өз көзімен қарап, өзінше сынап, өзінше бағалап, өзінше пікірлейтін болады. Өз алдына мұңы, мұраты, мақсаты, мүддесі болып, сол мұрат-мақсатына жету талабына кіріскен жерде тысқы ғаламға тиісті жердің шегіне келіп, ішкі ғалам мен тысқы ғалам екеуі кездеседі. Сонда ішкі ғаламның ниетіне тысқы ғаламның шарттары тура келмей, екеуі ілінісіп, ұстаса кетеді. Задында, тіпті мүддесі жоқ адам болмайды. Адам болған соң, оның көңілі бір нәрсені тілемей тұрмайды, көңілі тілеуіне қарай бір нәрсе істемей тағы да тұрмайды. Көңілінің тілеуі де, ол тілеуінің жолындағы ғамалы да адамына қарай түрлі болады, неғұрлым қайратты болса, соғұрлым мақсаты да зор болады. Ұсақ адамның мақсаты да ұсақ болады. Біреу жер жүзін өзіне қарату, бағындыру талабында болады, біреу дүниеге атағын жаю талабында болады; біреу дүниенің сырын танып, адамның көзін ашып, білімін арттыру талабында болып, сонымен өмірін өткізеді. Біреу адам баласын теңгеріп, арасына әділдік орнатып, дүниеден жұмақ жасау талабында болып, өмірін сонымен өткізеді. Біреулер тек дүние жию, бай болу мақсатпен өмір өткізеді; әйтеуір тілеусіз, мақсатсыз адам жоқ. Аз болсын, көп болсын әркімнің мұраты бар. Ұлы болсын, ұсақ болсын әркімнің мұраты бар. Тілеусіз, мақсатсыз адам болмаған соң, талассыз, тартыссыз да адам жоқ. Әркім әліне қарай таласады, тартысады. Талас, тартыс табиғаттың негізгі заңының бірі. Табиғат тас жүрек, қанша өтініп жалынсаң да, жағынсаң да, өзінің заңынан бұрылмайды. Табиғаттың заңы қатты, үкімі рақымсыз: жолы толып жатқан кер мен кедергі; ісі шынжыр қатар тіркескен себеп пен салдар болып, алды-артыңды ораған шырмау. Өз еркім өзімде, өз ісіме өзім қожа, өзім себеппін деп жүрген адам тұрмыс ісінің орауынан, шырмауынан әрі аса алмайды. Табиғат заңы мейірімсіз, мерзімсіз бір тағдыр: дауылды тоқтатуға, жазды ұзартуға, қысты қысқартуға, суды жоғары ағызуға еш адамның қолынан келмейді; сол сияқты табиғат заңы адамда, адам әлеуметінде де бар. Адам қанша дана, білімді болса да, қанша қаһарман, қайратты болса да, әлеумет оның мақсатын ұқпайтын болса, қайраткер қамалға жалғыз шапқан батырдай әлек болмақ. Ұстасу әркімнің әліне қарай түрлі болады. Біреу ұстасу жолында әлек болады, біреу азап шегеді, біреу құр әуре болады. Кейбіреулердің айтқаны келіп, сөзі дұрыстыққа шығады. Осыны көрсететін әдебиет түріне тек айтыс дегеннен айтыс-тартыс деген ат сәйкесірек болады деуіміздің мәнісі осы. Мұнан былай қарай иә айтыс-тартыс, иә ұстасу деген атын қолданамыз.
Жоғарыда айтылған сөздерден көрініп тұр: 1. Ұстасу жалғыз тысқы ғаламды сөйлейтін әуезе де емес екендігі, жалғыз ішкі ғаламнан хабар беретін толғау да емес екендігі; бұл ішкі ғалам мен тысқы ғаламның ұстасуынан шыққан – әуезе мен толғау екеуі де бар дүбара сөз болатындығы; 2. Шығарма ұстасу болу үшін мазмұны адамның дүрілдеген, дуылдаған, бұрқырақты дауылды ісі болу тиістігі; 3. Ұстасушының және басқа ұстасу бұрқағының ішінде жүрген адамның мінезі, құлқы, мұңы, мүддесі, ниеті, мұраты, барша сыр-сипатын баяндайтын болған соң, сөйлеген сөзінен, істеген ісінен, ұсқынынан, әлпетінен, әдетінен көрінерге тиістігі; 4. Ұстасудың мақсаты тысқы ғаламға қарсы жұмсалған ішкі қайрат болған себепті, ол қайратты жұмсатып отырған белгілі бір мақсат болған соң, ұстасуда көрсететін ғамалдар ойламаған жерден шыққан уақиға сияқты болмай, мақсатты қайраттан туған ғамалдар болып көрінуге тиістігі. Е с к е р т у: Мақсатты қайраттан туған ғамал дегеннің мәнісі мынау болады: Әуелі мақсатты қайраттан туған ғамал болу үшін, ол ғамал мұрат жолына жұмсалған ғамал болуы керек. Олай болмаса, ғамал ойламаған жерден шыққан тек уақиға ғана болады. Мәселен, екі адам сөзден ілінісіп, төбелесіп, біреуі өліп қалды. Бұл қайғылы уақиға болады, бірақ ұстастыру шамасына сүрлеу бола алмайды. Егерде жылқыға тиген ұрыны өлтірсе, ол ойламаған уақиға болмайды, үйткені ұрының мұраты ұрлықпен күн көру, ұрлықпен мал жию еді. Оның жылқыға тиюі мұратының жолында істеген мақсат ғамалы болады да, өлуі мұратына қарай алған сыбағасы болады. Екінші, мақсатты қайраттан туған ғамал болу үшін, кезіне келген шабыттың ғана ғамалы болмай, құмарлық, әуестік сияқты мінез иә құлық табиғатында бар негізді, ынтасындағы мақсаттан туған ғамал болуы керек. Қайраткер жаны сол ынтасында болады. Үшінші, ынта тек ынта күйінде яки құмарлық, әуестік күйінде қалмай, іске айналса ғана мақсатты қайраттан туған ғамал болады. Ынтасына лайық мұраты болса, мұратына жетуге істеген жеделді ғамалы болса, сол ғамал мақсатты қайраттан туған ғамал болады. Ынта ғамалға айналмаса, ішкі ынта болады да қояды. Ісі жоқ құр ынта кәдеге аспайтын бұйым сияқты. Нөл сияқты мәні де, мағынасы да жоқ нәрсе оған мән мен мағына бел байлап кірісіп, белсеніп істі істей бастағаннан былай қарай пайда болады. Ұстасу осы бел байлағаннан басталады. Бел байламай, белсенбей тұрғанда, ынта көңілдің күйі ғана, ойлану, толғану ғана болып отырады. Бел байлап іске кіріскен соң, толғау қалады, ұстасу басталады. Бір жағында қамалға шапқан батыр сияқты қайраткер, бір жағында оның қайратына қарсы керме тартып, кедергі қойып, жолын боөгеген табиғат заңы, табиғат тағдыры, әлеумет әдеті, әлеумет бөгеті. Ұстасудың үш дәуірі болады: 1) байланыс, 2) шиеленіс, 3) шешіліс. Ұстасудың бұл үш дәуірі күресу дәуірлері сияқты. Байланыс – палуандардың белдерін буынып, білектерін сыбанып, балтырларын түрініп, күреске шығып ұстасқаны есебіндегі дәуірі; шиеленіс – палуандардың әдіс-амал, күш, өнері бәрін жұмсап, қайрат қылып, күресті қыздырған шағы сияқты дәуір; шешіліс – палуандардың бірін-бірі жыққан мезгілі сияқты дәуір. Ұстасу шығармалар қайраткердің түріне қарай үшке бөлінеді: 1) әлектеніс, 2) азаптаныс. 3) әуреленіс.
1. Әлектеніс. Ұстасушы адам қас қайраткер болса яғни оқталғаннан қайтпайтын, ұмтылғаннан тайынбайтын, көздегенінен күдер үзбейтін, азға айналмайтын, зордан зорға, артықтан артыққа ұмтылатын, жамандыққа жасымайтын, мұқтаждыққа мұқалмайтын я қайнаған қайраттың адамы болса, ұстастыру әлектеніс болып шығады. Бұл сипатты адамдар тьшыштықпен өмір сүре алмайды, үйткені көздеген мақсатының, ойлаған мұратының жолында неден де болса қайту жоқ, оның мақсат-мұратына өзгелердікі тұс келмейді. Тұс келмеген соң, оның бәрі де мұның жолына керме, кедергі болып, қалаған жөнімен жүргізбейді. Қас қайраткер қайсарлығымен, ол бөгетке тоқтамай, бұзып өтемін дейді. Онысы өзгелердің жеріне түсу, жау іздеу болып көрінеді. Топпен күресуге күші жетпей, ақырында әлек болады. Асылында, әлек болуына қайраткердің өзі жазалы: жазығы – бойға біткен қайраты, жігері, жетесі, ынтасы. Қайраткер басын бәйгеге тігіп іс қылуын айып көрмейді, адамдық деп біледі. Басын қорғап, мақсатын іздемей қалу – оған өлім. Екі өлімнің қадірлісін таңдап алмау масқаралық деп біледі. Қалайда әлектеніс қайраткері қатардан қара көрінім ілгері, артық адам болады. Қысқасынан айтқанда, әлектеніс қайраткері жанынан арын, намысын артық көріп, намыс үшін өлетін, кезі келген жерде жанын арына садаға қылатын адам болады. Енді ондай адамның ары мен намысына тиетін дүниеде іс көп, сондықтан ондай адам ақырында әлек болмай қалмайды. Құмарпаз адамдар құмарлығының құлы болып, соның дегенімен болып, соның айдауымен жүріп, құмарлық құрбаны есебінде әлек болады.
2. Әуреленіс. Әлектеністің қайраткері қатардан қара көрінім биік адам болса, әуреленістің қайраткері қатардан қара көрінім төмен адам болады. Биік нәрсе қандай сәулетті, көзге көрнекті, көңілге тамаша көрініп, сұқтандырса, таңдандырса, төмен нәрсе өзінің төмендігімен, ұсақтығымен көзге күйкі, көңілге олқы көрініп, күлкіңді келтіреді. Сондықтан әлектеністің сүйінішті сүйіндіріп, күйінішті күйіндіріп, күштілігімен көңілді алып кетеді де, әуреленістің сүйініші адамның арын кетіріп, ыза қылып, күйдіреді, күйініші адамды мәз қылып, күлкісін келтіреді. Сүйтіп, әуреленістің ұстаушылары ұсақтығымен, адамшылығы аздығымен адамның адам намысын келтіріп, арландырады да, әурешілігімен күлкіңді келтіріп мәз қылып, көңіліңді көтереді.
Әуреленістің қайраткері әлектеністің адамындай ұлы мақсатты адам емес, кемшілігі көп, адамгершілігі жоқ, қарапайым қалыпты адамдардың бірі болады. Оның талас-тартысында ұлы мақсат, үлкен іс болмайды, ұсақ тілек, ептеуден әрі аспайды. Ондай ұсақ нәрселердің талас-тартысқа айналуы да қайраткері нашар болып, ұсақ іске де шамасы келмегендіктен болады. Еп қылмайтын жерге еп жүргіземін деп, сеп керек емес жерге сеп іздеймін деп, сара істерге амал, айла, қулық, сұмдық қыламын деп, босқа арамтер, босқа әуре болады. Сондықтан да ұстастырудың мұндай түрі әуреленіс деп аталады. Ұстастыру түріндегі сөздер әрқайсысына түр беретін қайраткерлеріне қарай сипатталады. Әлектеністің қайраткеріне тек «қайраткер» деген ат қанша олқы көрінсе, әуреленістің қайраткеріне «қайраткер» деген ат сонша үлкен көрінеді. Мұның қайраткері көбінесе сасық пікір, пасық ой, адалдықты білмейтін, арамдықтан жиренбейтін нашар құлықты, адамгершілігі жоқ, сана саңылауы кем, босқа лаққыш, жоққа нанғыш, битке пышақ суырғандай, көздей істі көлдей қылып, босқа пысықсып, босқа жанып, қайратын, күшін, өнерін жоққа сарп қылып, арамтер болып, босқа бусанып, босқа біленіп, босқа сабылатын адам. Мұндай қайраткердің қайраты босқа жанады, босқа сөнеді. Сөнгеніне адам күйінбесе, сүйінбейді.
«Әдебиет танытқыштағы» пән сөздері:
Әдебиет танытқыш
Бастары
Аңдату
Тірнек өнері
Көрнек өнері
Көрнек өнері:
Сәулет өнері
Сымбат өнері
Кескін өнері
Әуез өнері
Сөз өнері
Сөз өнері:
Аңдау
Меңзеу
Бернелеу
Талғау, түю
Шығарма сөз
Асыл сөз - арабша әдебиет
Тақырып
Жоспар
Мазмұн
Түр
Мазмұнның үш мүшесі:
Аңдату
Мазмұнда
Қорыту
Түрлері:
Жай сөйлеу түрі
Сөйлестірген түрі
Хат түрі
Аралас түрі
Шығарманың мазмұнында байқалатын негіздік түрлері (мазмұн түрлері):
Әуезе
Әліптеу
Байымдау
Сөз өнерінің ғылымы.
Шығарма тілі
Ақын тілі
Әншейін тіл
Шығарманың екі жағы:
Ішкі пікір жағы
Тысқы тіл жағы
Сөз өнерінің ғылымы
Шығарманың түрінің
ғылымы
Шығарманың тілінің ғылымы
Сөз қисыны яки лұғат қисыны
Сөз талғау
Сөз дұрыстығы
Тіл тазалығы
Тіл (лұғат) анықтығы
Тіл дәлдігі
Тіл көрнекілігі
Көріктеу
Меңзеу
Әсерлеу
Меңзеу
Теңеу:
Әншейін теңеу
Әдейі теңеу
Ауыстыру
Бейнелеу
Тіл ауысуы
Лұғат ауысуы
Алмастыру
Кейіптеу
Бернелеу
Әсірелеу
Мезгеу
Әсерлеу (лептеу)
Арнау
Қайталақтау
Шендестіру
Дамыту
Түйдектеу
Бүкпелеу
Кекесіндеу
Арнау:
Сұрай арнау
Зарлай арнау
Жарлай арнау
Кекесіндеу
Зілсіз кекесін (ойын, қулық,
қалжың, әзіл)
Зілді кекесін (мазақ, сықақ,
мысқыл, келемеж, келеке,
әжуа)
Тіл (лұғат) әуезділігі
Әуезділіктің жалпы шарттары
Сөз әуезділігі
Сөйлеу әуезділігі
Өрнекті сөйлемдер
Себепті оралым
Мақсатты оралым
Ұқсатпалы оралым
Қайшы оралым
Шартты оралым -
Жалғасыңқы оралым
Серіппелі оралым
Айырықты оралым
Қорытпалы оралым
Өлеңді сөйлемдер:
Күн көріс ісі
Көңіл көтеріс ісі
Сөздің өнер болатын мәнісі
Өлең шығару
Өлең кестесі
Айшық тақтасы
Шумақ
Тармақ
Бунақ
Буын
Өлең айшықтары:
Жалғыз шумақты айшық
Екі шумақты айшық
Үш шумақты айшық
Төрт шумақты айшық
Шумақ түрлері:
Екі тармақты шумақ
Төрт тармақты шумақ
Алты тармақты шумақ
Жеті тармақты шумақ
Сегіз тармақты шумақ
Он тармақты шумақ
Тармақ тұлғалары:
Жалғыз бунақты тармақ
Екі бунақты тармақ
Үш бунақты тармақ
Төрт бунақты тармақ
Бунақ буындары:
«Бір толарсақ» бунағы – 4
буынды
«Бір тобық» бунағы – 3 буынды
«Санда болар» бунағы – 4 буынды
«Жар-жар» – 2 буынды
Өлең ағындары:
Бунақ орны
Таңдамалы орны
Талғамалы орны
Бас бунағы үш буынды өлең
Бас бунағы төрт буынды өлең
Бас бунағы бірыңғай емес өлең
Тармақ кезеңдері:
Ұлы кезек
Кіші кезек
Тармақ ұйқастығы:
Ұйқастық
Ұзын тармақты, жеке шумақты
Ұзын тармақты, тұтас шумақты
Қара сөз бен дарынды сөз жүйесі
Лебіз:
Көрнекі лебіз
Жалаң лебіз
Сөз:
Көркем сөз – көңіл тілі
Жалаң сөз – зейін тілі
Насыр – арабша қара сөз
Назым – арабша дарынды сөз
Тіл:
Ана тілі
Адамның тілі
Сөз дұрыстығы
Қара сөз
Ұғым:
Ес ұғымы
Іс ұғымы
Қара сөздің түрлеріне қарай бірнеше тарапқа бөлінуі:
Ғалам тарапына
Құдай тарапына ғақаид – ұғым жүйесі
Ғылым тарапына
Әлеумет тарапына
Үгіт-тәрбие тарапына
Сын тарапына
Қара сөз түрлері:
Әуезе
Әліптеме
Байымдама
Әуезе
Мәлімдеме
Мазмұндау
Қорыту
Әуезе түрлері:
шежіре
заман хат
өмірбаян
мінездеме
тарих
тарихи әңгіме
Әліптеме (суреттеу:)
Әліптеме тәртібі
Әліптеме жоспары
Әліптеме түрлері
Әліптеме түрлері:
Пәнді әліптеме
Сәнді әліптеме
Жол әліптемесі яки жол хаты
Пәнді әліптеме:
Жалқылай әліптеме
Жалпылай әліптеме
Байымдама (зейіндеме)
Байымдама түрлері:
Пән (ғылым)
Сын
Шешен сөз
Көсем сөз
Байымдаманың зор мүшесі:
Бастамасы
Ұсынбасы
Баяндамасы
Қорытпасы
Байымдама әдістері:
Жалқылау әдісі
Жалпылау әдісі
Ойлау оңтайы:
Айырыңқы оңтай
Жиылыңқы оңтай
Талдама оңтай
Терме оңтай
Сын
Тысқы сындар:
тілінің, лұғатының сыны
суретінің сыны
Ішкі сындар:
Шешен сөз
Шешен сөздің тілі
Көрнекті тіл
Сәнді тіл
Мәнді тіл
Шешен сөздің бес мүшесі:
бастамасы
ұсынбасы
мазмұндамасы
қыздырмасы
қорытпасы
Шешен сөздің түрлері:
саясат шешен сөзі
билік шешен сөзі
қошемет шешен сөзі
білімір шешен сөзі
уағыз-дін ғұламалар сөзі
Дарынды сөз:
Әуезе
Толғау
Айтыс
Әуезе – тысқарғы ғалам
жыры
Толғау – ішкергі ғаламның
күйі
Әуезе жайынан ескерту
Халық шығармасы, халық
әдебиеті
Ауыз шығарма
Жазба шығарма
Ауыз әдебиет, анайы әдебиет
Жазу әдебиет яки сыпайы
әдебиет
Ауыз әдебиет:
Сауықтама
Сарындама
Сауықтама (сауық сөз)
саласы
Ермектеме (ермек сөз)
Зауықтама (зауық сөз)
Ермектеме:
Ертегі
Ертегісімек
Өтірік өлең
Жұмбақ
Жаңылтпаш
Бас қатырғыш
Зауықтама:
Ертегі жыр
Тарихи жыр
Айтыс өлең
Үгіт өлең
Үміт өлең
Толғау
Терме (яки түрлі өлеңдер)
Сарындама (сарын сөз
саласы):
Салт сөзі
Ғұрып сөзі
Қалып сөзі
Салт сөзі:
Салттама
Ділмар сөз (афоризм)
Тақпақ
Мақал
Мәтел
Ғұрып сөзі:
Ғұрыптама
Той бастар
Жар-жар
Неке қияр
Беташар
Жоқтау
Жарапазан
Бата
Қалып сөзі:
Жын шақыру
Құрт шақыру
Дерт көшіру
Бесік жыры яки бала тербету
Жазу әдебиет
Жазба әдебиет дәуірі:
Діндар дәуір – діншіл
Ділмар дәуір – тілшең (Кітаби
тіл)
Әдеби тіл
Жазу әдебиет түр:і
Ертек (әңгіме)
Толғау
Айтыс-тартыс
Діндар дәуір:
Қисса
Хикаят
Насихат
Мінәжат
Мақтау
Даттау
Айтыс
Толғау
Терме
Толғау
Намыс яки соғыс толғауы
Марқайыс толғауы
Сындар дәуір:
Асыл сөздің сипаттары
Айтушы
Тындаушы
Әуезе яки әңгіме түрлері:
Ертегі жыр
Тарихи жыр
Әуезе жыр
Ұлы әңгіме (роман)
Ұзақ сөз
Аңыз өлең және әңгіме
Көңілді сөз
Мысал
Ұсақ әңгімелер
Толғау табына қарайтын
сөздер:
Сап толғау
Марқайыс
Налыс (мұңайыс)
Намыстаныс
Сұқтаныс
Ойламалдау
Сөгіс толғау
Ойламалдау
Сөгіс толғауы яки даттау
Күліс толғауы яки күлкілеу
Масқаралау
Күлкілеу:
Мазақ
Мысқыл
Қулық
Қулық:
Сықақ
Әзіл
Айтыс-тартыс табына
қарайтын сөздер:
Айтыс сөз
Тартыс сөз
Тартыс
Мерт яки әлектеніс тартыс
(трагедия)
Сергелдең яки азапты тартыс
(драма)
Арамтер яки әурешілік
(комедия)
Әуезе түрлері:
Ертегі жыр
Ұлы әңгіме яки роман:
Ұзақ әңгіме
Ұсақ әңгіме
Әуезе жыры
Аңыз өлең
Көңілді сөз
Мысал
Толғау түрлері
Айтыс-тартыс иә ұстасу
Ұстасудың үш дәуірі:
Байланыс
Шиеленіс
Шешіліс
Ұстасу шығармалар
қайраткерлеріне қарай:
Әлектеніс
Азаптаныс
Әуреленіс
ҒЫЛЫМИ ТҮСІНІКТЕР
Ахмет Байтұрсынұлының алты томдық шығармалары жинағының І-томына «Қырық мысал», «Маса» жинақтары, «Қазақтың бас ақыны» және «Әдебиет танытқыш» атты ғылыми зерттеулері енді. Томды баспаға дайындау барысында қаламгердің 1989, 1991 жылдары қайта басылым көрген жинақтарындағы мәтіндер 1922 жылғы түпнұсқа бойынша салыстырылып, өзгеріске түскен тұстары 2003 жылғы бес томдықтың І-томында қалпына келтірілді. Бұл жолы сол томдықта кеткен кемшіліктер түзетіліп, қайта өңделді.
ҚЫРЫҚ МЫСАЛ
Жинақ 1909, 1913, 1922 жылдары жарық көрді. Салыстыру жұмыстарында әр жылдағы түпнұсқа басшылыққа алынды. Мысалдың 15-не ғылыми түсінік жасалды.
«Замандастарыма». Оқырмандарға арнау түрінде жазылған бұл өлең «Қырық мысал» жинағына кіріспе іспеттес.
Түпнұсқадағы:
«Әйтпесе арық шауып өндіре ме,
Жүргенде қамыт басып, қажып-талып?!» –
деген тармақтардағы «өндіре ме?»деген сөз 1991 жылғы жинақта «оңдыра ма» деп, ал«жүргенде»деген сөз 1989 жылғы жинақта «жүргенге»деп өзгеріске түскен. Бұлар түпнұсқадағы қалпына 2003 жылы келтірілді, біз осы жинақты негізге алдық.
«Аққу, шортан һәм шаян». Түпнұсқада екінші шумақтың соңғы тармағы – «Аслан жүк орнынан қозғалмады»деген сөйлем. Осындағы бірінші сөз 1989 (47-б.), 1991 (23-б.) жылдардағы жинақтарда «асылы» деп берілген. «Аслан» – араб сөзі. Ол – «мүлдем», «тіпті», деген мағынаны білдіреді. А.Байтұрсынұлы бұл сөз бірнеше жерде «аслан» болып («Ала қойлар» мен «Емен мен қамыс», т.б. өлеңдерінде) қолданған. 1991 жылғы жинақ (28-б.) пен түпнұсқадағы «Жалғыз-ақ тең көремін Кафтың тауын» деген тармақта кездесетін атау сөз 1989 ж. басылымда (53-б.) «Каптың» деп өзгеріске түскен. Түпнұсқа 2003 жылы қалпына келтірілді.
«Шымшық пен көгершін». Түпнұсқадағы «Жазмыштан озмыш болмас»деген тармақтағы «озмыш» сөзі 1989 ж. жинақ пен «Ақ жолда» «озмыш»деп берілген, «болмас» сөзі 1989 ж. жинақта «озбас» деп өзгерген. Түпнұсқа 2003 жылы қалпына келтірілді.
«Емен мен қамыс». Түпнұсқадағы «Тұрсын деп құйын, дауыл, дуға жақын» деген тармақтағы алғашқы екі сөз 1991 жылғы жинақта «Тұрсың сен» деген тіркеспен ауыстырылған (28-б.), «дуға» деген сөз 1989 ж. жинақта «шуға» деп берілген. Сондай-ақ, түпнұсқа мен 1991 жылғы жинақта «Қашаннан айла етіп, әдіс алған» деген сөйлемдегі «айла» сөзі 1989 ж. басылымда (55-б.) «хайла» деп өзгертілген. Бұл өзгеріске ұшыраған сөздер түпнұсқамен 2003 жылы түзетілді, осы жинақ негізге алынды.
«Қасқыр мен тырна». Түпнұсқадағы «Көңілін жұмсатпасам» деген сөз тіркесі 1989-1991 ж.ж. жинақтарда «Көңілін жұмсатпаса» деп өзгеріске түскен.Түпнұсқадағы «Баласы атайының сен бір асыл» (56- б.) деген өлең жолы 1991 жылғы жинақта «Баласы аталының сен бір асыл» (29-б.) деп берілген. «Мен саған олжа боларың бе едім?» деген тармақ «боларың бе» деген сөз 1989 ж. басылымда (56-б.) «серің», 1991 ж. басылымда «ерің бе» деп өзгертілген. Бұл өзгерістер 2003 жылы қалпына келтірілді.
«Бұлбұл мен есек». Түпнұсқадағы «Шекеңнен өте жазды құлақ жарып» деген тармақ 1989 ж. басылымда (57-б.) «Шекеңнен өте жаздап құлақ жарып», 1991 ж. жинақта (32-б.) «Шекеңнен өте жаздайд құлақ жарып» деп берілген. Түпнұсқадағы «Қойлар да күйісін тыйып, тыңдап жатты» деген тармақтың соңғы сөзі 1991 ж. жинақта (32-б.) «қапты» деп басылған екен. Түпнұсқалық қалпы 2003 жылы түзетілді, осы жинақ негізге алынды.
«Арыстан, киік һәм түлкі». Түпнұсқадағы «Тиісті ет қайратты күшің барда» деген тармақтағы «ет» сөзі 1989 жылғы жинақта (60-б.) «ит» десе, 1991 ж. жинақта (33-б.) «ер» деп беріліпті. Сондай-ақ, «Түбіне жардың құлап өлді Арыстан» деген тармақтың бірінші сөзі 1991 ж. жинақта (33-б.) «Ішіне сайдың құлап өлді Арыстан» деп өзгерген. Түпнұсқада және 1989 ж. жинақта «Түлкі-екең құлап өлген досын көрді» деген тармақтың бастапқы сөзі 1991 ж. жинақта (33-б.) «түлкі қу» болып өзгертілген. Түпнұсқадағы қалпы 2003 жылғы жинақта түзетілді, осы жинақ негізге алынды.
«Жас ағаш». Түпнұсқадағы: «Тынышыма бұлар мені өсірмейді» (33-б.) деген тармақ 1989 ж. жинақта «Тыңдасаң, бұлар мені өсірмейді» деп (64-б.), ал 1991 ж. жинақта «Тынышымды ап, бұлар мені өсірмейді» (36-6.) болып берілген екен. Ескерер мәселе: екі басылымда мысалдың атауы «Ағаш» деп берілген. «Жау түгіл, иттен бойын қорғай алмай» деген тармақтағы «бойын» сөзі «Ақ жолда» «басын» деген сөзбен алмастырылған екен. Түпнұсқа (28-б.) мен «Ақ жолдағы» (37-б.) «Кісіге жеке-саяқ бақыт қонбас» деген тармақтағы «бақыт» сөзі 1989 ж. жинақта «бақ та» деп өзгертілген екен. Түпнұсқа бойынша 2003 жылы түзетілді, осы жинақ негізге алынды.
«Қартайған арыстан». «Я Раббым!» сол уақытта деді Арыстан» деген жолдар 1989 ж. жинақта «Бар ебім», сол уақытта деді Арыстан», 1991 жылғы басылымда «Я раббым, – сол уақытта деді Арыстан,» деп қос нүктенің орнына үтір мен сызықша берілген. Түпнұсқадағы қалпына 2003 жылы келтіріліпті, біз осы жинақты негізге алдық.
«Шал мен ажал». Түпнұсқадағы (39-б.) «Өлімнен тірілігін көреді артық» деген тармақ 1989 ж. жинақта (68-б.) «Өлімнен өз тірлігін көреді артық» деп, 1991 ж. жинақта (38-б.) «Өлімнен тірлікті көрген артық» болып өзгерген. Түпнұсқадағы қалпына 2003 жылы келтірілген, осы жинақты негізге алдық.
«Қайырымды түлкі». Түпнұсқа (41-б.) мен 1989 ж. жинақтағы (69-б.) «Сар мойын! Ер жетті ғой балаларың» деген тармақ 1991 ж. жинақта (39-б.) «Сары маса, ер жетті ғой балаларың» деп берілген. 2003 ж. жинақ мәтіннің түпнұсқадағы күйін сақтап, тек оның бірінші сөзін қазақ тілінің осы замандағы орфографиялық талаптарына сәйкес «Сары мойын! Ер жетті ғой балалары» деп түзетілген. 1989 жылғы жинақ (69-б.) пен түпнұсқадағы (41-б.) «Жоқтатпай сорлылардың аналарын» деген тармақ «Ақ жолда» (39-б.) «Жоқтатпай пақырлардың аналарын» деп өзгертілген екен. Түпнұсқа 2003 жылы қалпына келтіріліпті, осы жинақ негізге алынды.
«Шал мен жұмыскер». Түпнұсқадағы «Бәлені сезе ме, адам тұрған бағып» деген өлең жолы 1989, 1991 ж.ж. басылымдарда «Көңілінде болмай ешбір қатер-қауіп»деп өзгерген. Түпнұсқа 2003 жылы қалпына келтіріпті, осы жинақ бойынша берілді.
«Жарлы бай». «Апар да әмиянды суға таста» деген өлең жолындағы «әмиян» деген сөзге түпнұсқада «әмиян – ақша салатын ыдыс» (47-6) деп, ал «Шиланды ашайын деп қолына алды» деген жолдағы «шилан» сөзіне «шилан да – ақша салатын ыдыс» (48-б.) деп түсінік берілген. Бұл түсінік 1989 ж. басылымда «әмиян – шилан» (72-б.) деп қысқартылса, 1991 ж. жинақта түсіп қалған. Түпнұсқа (49-б.) мен 1989 ж. жинақта (73-б.) «Ол үйге жібек көрпе, жастық, кілем» деген тармақ 1991 ж. жинақта (42-б.) «Ол үйге жібек көрпе, жастық керек» деп өзгертілген екен. Түпнұсқа (49-б.) мен 1989 ж. жинақтағы «Аналар, қатын алсам, тойға, деді» деген жол 1991 ж. жинақта (42-б.) «Жұмсармын, қатын алсам, тойға, – дейді» деп өзгеріске түскен.
Бұл өзгертулер 2003 жылғы томда қалпына келтірілген, осы жинақ негізге алынды.
«Кісі мен аю». Түпнұсқа (60-б.) мен 1989 ж. жинақтағы (80-б.) «Ере алмай, кейін артта қала берді» деген тармақ «Ақ жолда» «Ере алмай, Адам артта қала берді» (46-б.) деп өзгерген. 2003 жылғы жинақта түпнұсқадағы қалпына келтірілген.
«Екі бөшке». Түпнұсқадағы «Құр бөшке салдыры зор, бағасы кем, Фаһамсыз құр даурықпа адаммен тең» деген өлең жолдары 1989,1991 жж. жинақтарда «Ауыр бөшке салдыры зор, бағасы кем, Бағасыз құр даурыққан адаммен тең» деп өзгеріске түскен. «Фаһам» араб сөзі – «түсінік, мән, мағына» дегенді білдіреді. Бұл түсінік арабша сөздердің этимологиясына сүйеніп берілді. Түпнұсқалық қалпы 2003 жылы орнына келтіріпті, осы жинақ бойынша берілді.
МАСА
Жинақтың М.Әуезов атындағы ӘӨИ., Қолжазба және текстология орталығында сақталған1922 жылғы басылымының фотокөшірмесі 2003 жылғы бес томдықтың І томын дайындау барысында түпнұсқа ретінде негізге алынды. А.Байтұрсынұлы әдеби шығармаларының 1989, 1991 жылдары қайта басылған жинақтарындағы мәтін салыстырылып, ондағы өзгеріске түскен тұстары бастапқы қалпына келтірілді. Түпнұсқадағы өлеңдер мен 12 аударманың орналасу тәртібі сол қалпында берілді. Ал, кейінгі басылымдардағы өзгерістер анықталып, салыстырулар рет-ретімен жіктелді. Бұл жинаққа 12 аударма, 22 өлең енген. Өлеңнің 14-не, аударманың 12-не ғылыми түсініктеме берілді.
«Жадовскаядан». «Мінсіз таза меруерт» тәржімасы туралы кейінгі 1989 жылғы басылымда: «...автор бұл өлеңді Ю.Жадовскаядан (1824-1883 жж) аударған, 1911 жылы «Маса» жинағына енгізген. Содан кейін екі рет осы кітаптың қайта шыққан басылымдарында жарияланды» деген түсінік берілген (316-б.). Аударма туралы «20-30 жылдардағы қазақ әдебиеті» атты зерттеуде Ж.Ысмағұлов: «…екі шумақ сөз өрнегінің бұл күнге дейін ел ауызында Асан қайғы атына байланыстыра айтылып, қастерленіп келгені. Ахметтің Жадовскаядан аударған осы бір шағын толғауы енді өзіне қайтарылып отыр» деп жазды (Б. 410-423). Ал, әдебиеттанушы С.Мақпыров «Таза мінсіз асыл тасты» енді шатастырмайық» деген танымдық зерттеу мақаласында өзіне дейін дәлелденген аудармаға не себепті қайта оралғанын былайша таратады. 1989, 1997-ші жылдары аударма туралы айтылған түсініктерге және кейінгі басылымдарға қарамастан БАҚ-та жарияланған «Асан қайғы жырларының көркемдік әлемі» деген мақалада «Ш» деген автордың бұл өлеңді Асан қайғының туындысына жатқызғанын айтады. Сол себепті де әдебиеттанудағы адасушылықтың алдын алу үшін Ахметтің аудармасы туралы тағы бір толғақты талдаудың әлі керектігіне байланысты өлеңнің тарихын түпнұсқасынан қарастырады. Орысша мәтіні:
«Лучший перл таится,
В глубине морской.
Зреет мысль святая
В глубине души.
Надо сильно буре
Море взволновать,
Чтоб оно в борении
Выбросило перл?
Надо сильно чувству
Душу потрясти,
Чтоб она в восторге,
Выразила мысль»
деген жолдарды көркемдік-стильдік тұрғыдан шұбалаңқы, балаң жеткізілген туынды дейді. Бірақ ағартушы әрі ақын Ахметтің бұл өлеңге философиялық тұрғыдан келгенін және «перлді» меруерт деп баламалаудағы негізгі ойдың пәлсапалық мәнде екенін айтады. Жадовскаяның үш шумақты шашыраңқы ойын А.Байтұрсынұлы «...тігісін жатқызып, ойын әрлендіре, жандандыра екі шымыр шумаққа жинақтап, қазақы өлеңнің қалыбына салып, таза ұлттық пішіндегі төлтума деп санауға лайық әсем аударма жасаған», – дейді. Шындығында, қос өлеңді қатар оқысаңыз, екі өлеңнің мазмұны бір-бірінен алшақ жатыр. Ал өлеңге «Жадовскаядан» деген мәлімдеме берілмесе, өлеңді Байтұрсынұлыныкі деп қабылдарымыз хақ. Жадовская Юлия Валериановна – орыс жазушысы. Лирикалық өлеңдердің, «Стихотворения», «Отсталая» повесінің, «В стороне от большого света», «Женская история» романдарының авторы. Жарияланған жинақтары: Полн. собр. соч. Т. 1-4. СПб, 1894; Избр. стих., Ярославль, 1958. Добролюбов Н.А. Стихотворения Юлии Жадовской. Собр.соч. т. 3. М-Л., 1962.
«Нәбек аты». Бұл шығарманың атауы түпнұсқада осылай берілген. Ал, 1989, 1991 ж.ж. жинақтарда атау сөз «Нәбік» деп өзгертілген. 2003 ж. жинақ түпнұсқадағы қалпына келтірілген, соңғы нұсқасы берілді.
Түпнұсқадағы «Малы көп, түрлі бұйым бәріне cam» деген сөйлемдегі «бәріне» деген сөз 1989, 1991 жж. басылымда «бәрі де» деп берілген. Түпнұсқадағы «Үстіне сылқым-сылқым киіп алып» деген өлең жолы «Үстіне салқам-салқам киім іліп» деп өзгертілген. Түпнұсқалық қалпы 2003 жылы түзетілгендіктен, осы жинақ негізге алынды.
«Сорлы болған мұжық». Түпнұсқадағы «Қаншығым балалады күні кеше» деген тармақтағы «балалады» деген сөз 1989 ж. жинақта «күшіктеді» деп өзгертілген. Түпнұсқа 2003 жылы қалпына келтірілді, осы жинақ бойынша берілді.
«Қаздар». Түпнұсқадағы «Пайдасы, базар өтіп, кетер жерде» деген тармақ 1989, 1991 жылғы жинақтарда «Базар өтіп, пайдасы кетер жерде» деп өзгеріске түскен. Түпнұсқада «Біздің бе (*)... жоқ өткізген еңбегіміз?» деген тармақтағы «біздің» деген сөзден кейін жұлдызша қойылып, осы беттің астына «ойланып, ойланып» деген автор сілтемесі берілген. Сілтеме 1989 ж. жинақта жоқ. Осы жолдан кейінгі «Әше жөн» деген сөз 1991 ж. басылымда «Әсте жөн» деп өзгертілген. Түпнұсқа бойынша 2003 жылы түзетілді, осы жинақ негізге алынды.
«Есек пен үкі». Бұл өлең 1991 ж. басылымда «Қырық мысал» жинағының 36-ншы мысалы ретінде берілген. Түпнұсқаға сүйенсек, аударма «Маса» жинағында жарияланған. Сондай-ақ, түпнұсқада «Есек пен үкі» мысалының түйіні ретінде берілген ғибрат:
«...Жазған сөз жаным ашып Алашыма:
Алаштың адасқан аз баласына.
Қаннан қан еткен інім, бауыр жұртым!
Қараған «Қара таудың» қаласына.
Іші лас, сырты таза залымдардың
Алданып құр сыртының тазасына.
Мәз болып байғазы алған балаларша
Сатылып жылтыраған танасына.
Әбілдің зиаратын аттап өтіп,
Қабылдың бата қылма, моласына.
Қорыққанға қос көрініп, қойдай үркіп,
Тығылып дажалдың итханасына.
Ес кетіп, сабыр қалмай сасқалақтап,
Қорыққаннан көзің сыймай шарасына.
Ұмытып Құдайды да, Құранды да,
Бас ұрма Лат, Манат ағашына»
төрт шумақтың алдында келетін яғни «Тал түсте лақты деп соны айтып жүр» деген тармақпен тәмамдалған бөлігі «Аудармалар» деген тарауға, ал жоғарыда келтірілген «Жазған сөз жаным ашып Алашыма» деген тармақтан басталатын алдыңғы мысалдық бөлікте айтылған ғибраттық ойды білдіріп тұрған қорытынды бөлігі «Өлеңдер» атты тарауға топтастырылған. 2003 ж. басылымда бұл мысал түпнұсқадағы қалпына келтірілді. «Жазған сөз жаным ашып Алашыма» деген тармақтан басталатын жоғарыда келтірілген үзінді «Ақ жолға» (1991) енбей қалған. Түпнұсқадағы «Тығылып дажалдың итханасына» деген тармақ 1989 ж. жинақта «Тығылып тажалдың бұтханасына» деп берілген және түпнұсқадағы «Бас ұрма Лат, Манат ағашына» деген тармақ 1989 жылғы жинақта «Бас ұрма ләнат-манат ағашына» деп өзгертілген, бұл өзгертулер түзетілді. Лат, Манат, Ғузза – арабтардың ислам дінін қабылдаған уақытқа дейін табынған пұт мүсіндері.
«Қазақ қалпы». Түпнұсқада бұл атау «Қаз едік қатар ұшып қаңқылдаған» деп басталатын өлеңдікі. Ал 1989, 1991 ж. жинақтарда бұл өлеңнің аты «Қазақ салты» деп өзгеріске түскен. Түпнұсқа бойынша «Қазақ салты»атты өлеңі «Қалтылдақ қайық мініп еспесі жоқ» деп басталады. 1989, 1991 ж.ж. жинақтарда соңғы өлең «Қазақ қалпы» деп аталады. 1922 жылғы нұсқада «Қазақ қалпы» өлеңі бірінші, «Қазақ салты» екінші берілген. Түпнұсқалық қалпына 2003 жылы келтірілді.
«Қазақ салты». Осы өлеңдегі «Жақынмен ыуылдастық иттей үрдік» деген тармақтағы «ырылдастық» деген сөз «Ақ жолда» «араздастық» деп өзгертілген. Бұл сөз түпнұсқадағы қалпына 2003 жылы түзетілгендіктен, осы жинақ негізге алынды.
«Жиған-терген». Түпнұсқада «Мақтады ұлық – болды мәз!» деген тармақтағы «ұлық» деген сөзге А.Байтұрсынұлы «ұлық – хакім» деген түсінік берген. Түпнұсқада сонымен қатар «Арендаға алып па» деген тармақтағы «арендаға» деген сөзге де автор «жалдауға» деген сілтеме берген. Ал бұл түсініктер 1989, 1991 жж. жинақтарда негізге алынбаған.Түпнұсқадағы «Жан-жақты бұлт торлады» деген тармақ 1989, 1991 жж. жинақтарда «Көкті бұлт торлады» деп өзгеріске түскен. Түпнұсқадағы: «Қазағым, елім, Қайқайып белің» деген тармақтағы «қайқайып» деген сөз «Ақ жолда» (79-б.) «қайқиып» деп өзгерген. Осы келтірілген тармақтың соңына жұлдызша қойылып, сілтеме түрінде: «Соңғы 8 жол өлең төңкерістен бұрын шыққан «Масаларда», цензура рұқсат етпегендіктен басылмаған. А.Б.» деген түсінік берілген. Бұл түсінік 1989, 1991 жж. жинақтарға енбей қалған. Және 1989 ж. жинақта: «1922 жылғы Қазаннан шыққан басылымында:
Қазағым, елім,
Қайқайып белің,
Сынуға тұр таянып.
Талауда малың,
Қамауда жаның,
Аш, көзіңді, оянып!
Қанған жоқ па, әлі ұйқың,
Ұйықтайтын бар не сиқың? –
деп келетін 8 жол өлең қосылыпты» деген түсінік берілген (311-б). «Ақ жолдың» алғысөзінің авторы да осындай түсінікті өз атынан берген. Өзгерген тұстар түпнұсқа бойынша 2003 жылы түзетілген.
«Жауға түскеннің сөзі». Өлең атауы түпнұсқада 1989, 1991 жж. жинақтарда «Жауға түскен жан сөзі» деп өзгеріске ұшыраған. Түпнұсқадағы өлең атауы 2003 жылы қалпына келтірілді, осы жинақ негізге алынды.
«Адамдық диқаншысы». «Көңілін көгертуге құл халықтың» деген тармақтағы «көгертуге» сөзі «Ақ жолда» «көтеруге» деп өзгертілген. Бұл сөз түпнұсқадағы қалпына 2003 жылы түзетілгендіктен, осы жинақ негізге алынды.
«Көк есектерге». Түпнұсқадағы: «Мүбтала ғып салғандай бұл азапқа» деген жолдың бастапқы сөзі 1991 ж. жинақта: «мұншама» деп өзгертілген. Бұл өлең 1989 ж. жинаққа енбеген. «Мүбтала» – араб сөзі, «душар болу», «бір нәрсеге ұшырау, жолығу» деген мағынада қолданылып тұр. Түпнұсқа бойынша 2003 жылы түзетілді, осы жинақ негізге алынды.
«Қа... қаласына». Түпнұсқада қысқартылған қала аты 1991 ж. жинақта «Қарқаралы» деп толықтырылған. Түпнұсқа 2003 жылы қалпы-на келтірілді, осы жинақ негізге алынды.
«Жұбату» (Қазақтың бала жұбату өлеңі). Түпнұсқадағы: «Нулы, нулы Жерің қайда?» деген сөйлемнің бастапқы сөзі «Ақ жолда» (72-б.) «Тулы» деп өзгертілген. Ал, «Сулы, сулы» деген тармақ «Сулы, шулы», «Ел қорғаны» деген тіркестер 1991 ж. жинақта «Ел қорыған» (72-б.) деп өзгертілген. Түпнұсқадағы: «Сулы көлден сұсты айырды» деген сөйлемдегі «сұсты» деген сөз 1989, 1991 жылғы жинақтарда «құсты» деп өзгертілген.
Осы төрт буынды өлеңнің түпнұсқадағы: «Биің болды» деген тіркес 1989, 1991 жж. жинақта «Бибің болды» деп өзгеріске түскен. Ахмет түзген «би» мен «биің» деген сөздің мәнін аңғару үшін осы жолдарды:
37. «...Би орнына 38. Биің болды, 39. Би деу бірақ 40. Қиын болды...»
зер салып, үңілсек «бұрынғы бидің» орнына «би болғанның» билігі «би» деп айтуға келмейтінін қоғамға аңдату. Өлеңнің 41-тармағындағы: «Қаралды би» «Қараны би» (73-б.) деп, ал «Қараны жан» деген тіркесі «Параны би» деп өзгеріске түскен. Бұл өлең жолдары түпнұсқадағы қалпына 2003 жылы түзетілгендіктен, осы жинақ негізге алынды.
«Н.Қ. ханымға». «Ақ жол» жинағында «Н.Қ-ханымға» өлеңінің атауына құрастырушы тарапынан «Нәзипа Құлжановаға арналған» деген сілтеме берілген. Түпнұсқада анықтамалық-сілтеме берілмегендіктен, 2003 ж. жинақта түпнұсқалық қалпы бойынша берілді.
«Ақын ініме». 1922 ж. түпнұсқадағы: «Азырақ құлағың сал, ақын інім! Ойымыз, рухымыз жақын, інім» деген жолдар 1991 ж. жинақта: «Аз сөзге құлағың сал, ақын інім! Ой, пікір, рухымыз жақын, інім» десе, «Аузымен орақ орып бәрін де етер» деген тармақ «Аузымен орақ орып бәрін де істер»деп, «Қымыз бен еті жоқ құр татыр білім» деген соңғы жолы «Еті мен қымызы жоқ – тақыр, інім» өзгеріске түскен.
Өлеңнің Міржақып Дулатұлына арналғандығына құрастырушы сілтеме берген. Өзгертеулер түпнұсқа бойынша 2003 жылы қалпына келтірілді.
«И.Б. жездем хатынан». Бұл өлең 1991 ж. жинаққа кірмеген, ал 1989 ж. жинақта 11 жолы түсіп қалған. Шумақ мәтіні мынадай:
«...Мода болды кіділік,
Сал сөзді елегіш.
Бір жөнге тарту жоқ,
Шалқайақ ерегіс,
Алалықтан күш бөлу –
Бұл қанша керек іс?
Шемен бар әуе дерлік,
Сасық бар бүйе дерлік
Замана түрленді,
Жақсылар кірленді,
Азасынан у жерлік».
Осы өлеңдегі «мода» деген сөзге А.Байтұрсынұлы «ресім» деген балама берген. 1989 ж. жинақта бұл ескерілмеген. Түпнұсқаның бастапқы қалпы 2003 ж. жинақта толығымен берілді.
«Жауап хаттан». Бұл өлең «Ақ жолға» жинағына енбеген. Түп-нұсқадағы: «Жолдан мен де шықпайын, Сөзбен сыйлап мықтайын» деген тармақтар 1989 ж. жинақта: «Жолдан мен де шықпаймын, Сөзбен сыйлап мықтаймын» деп өзгертілген. Өлең жолдарындағы өзгертулер түпнұсқадағы қалпына 2003 жылы түзетілгендіктен, осы жинақ негізге алынды.
«Ғылым». Бұл өлең 1991 ж. басылымда жоқ. Осы өлеңде: «Сөз емес арнап жазған дос пен қасқа» деген жолдардан кейін келетін:
«Ғылым бар бет жууда талай, – дедік.
Жуған жөн бұлай бастап, бұлай – дедік.
Жусаңдар солай етіп, сауабы көп,
Жаза бар жұмағанда олай, – дедік.
Шарттар көп, – дедік, – ғұсыл құйынғанда,
Шаһуат пәлендей боп құйылғанда,
Қалайша көзде(...) деп айтпады екен?
Үйрет, – деп, – мұның бәрін, бұйырғанда!»
деген екі шумағы 1989 ж. жинаққа кірмеген. Өзгертулер мен өлең шумақ-тары түпнұсқадағы қалпына 2003 жылы түзетілгендіктен, осы жинақ негізге алынды.
«Надсоннан». Надсон Семен Яковлевич – петерборлық орыс ақыны. Азаматтық, ғашықтық тақырыптардағы және табиғатты бейнелейтін лирикалық өлеңдерімен қатар «Христианка» (1878), «Көктемгі ертегі» (1882) атты поэмалардың, «Проза. Күнделіктер. Хаттар» (1912) атты кітабына енген прозалық шығармалардың, «Софья патшайым» атты өлеңмен жазылған драмалық туындының авторы. Шығармалары мынадай басылымдарда жарияланған: 1. Полн. собр. соч. Т. 1-2. Петербург, 1917; Полн. собр. стих. М.-Л., 1962; С.Я.Надсон. (Сб. статей), СПб., 1887.
Бұл аударма өлең 1991 ж. жинаққа енбеген. Түпнұсқадағы: «Бұзықтық түзіктікті таптағанға» деген тармақ 1989 ж. жинақта «Бұзықтық түзуіңді таптағанға» десе, «Жүре алмай, дымы құрып, сонда әрі» деген тармақ «Жүре алмай, демі құрып сонда әрі» өзгертілген. Бұл жолдар түпнұсқадағы қалпына 2003 жылы түзетілгендіктен, осы жинақ негізге алынды.
«Бақ». Түпнұсқадағы: «Жаңа түсіп басылған» деген тармақтағы «жаңа» сөзі 1989 ж. жинақта «ана» болып өзгеріске түссе, «Гүл қамауда сеніп тұр» деген тармақ 1989, 1991 жж. жинақта «семіп» десе, «Қашан көңіл жасарар» деген тармақ 1991 ж. жинақта «Қашан көңіл жарасар» деп берілген. Бұл сөздер түпнұсқадағы қалпына 2003 жылы түзетілгендіктен, осы жинақ негізге алынды.
«Пушкин (Вольтерден)». Бұл өлең – А.С.Пушкиннің «Стансы (из Вольтера)» атты туындысының аудармасы. Пушкин шығармаларының 10 томдық толық жинағында 1817 жылы жазылған бұл шығарма жөнінде: «При жизни Пушкина не печаталось. Вольный перевод стансов Вольтера Сидевилю» деп жазылган (А.С.Пушкин. Полное собрание сочинений в десяти томах. Издание четвертое. Том первый. Стихотворения. 1813-1820. Ленинградское отделение Ленинград: Наука, 1977. Стр. 471). Вольтер (бүркеншік аты, шын аты мен фамилиясы – Мари Франсуа Аруэ. (21.11.1694, Париж – 30.5.1778, сонда) – француз жазушысы, философ, тарихшы.
«Стансы» терминіне М.В.Гаврилов: (франц. «stance», италиянша «stanza шумақ», сөзбе сөз мағынасы: тұрған жер, аялдама) ХVІІІ-XІX ғ. поэзиясында шағын көлемді шумақтар түрінде жазылған (әдетте төрт тармақ, көбінесе 4 бунақты ямб), әрқайсысынан соң міндетті кідіріс (нүкте), мазмұны көбінесе медитативті. Орыс әдебиетінде А.С.Пушкиннің «Стансылары» кеңірек танылған. С. жанрлық белгілері айқын емес, ХІХ ғ. өшеді», – деп түсінік берген (Литературный энциклопедический словарь. Москва: Советская энциклопедия, 1987. Стр. 419).
1991 ж. жинақта аударма-өлең атауындағы «Пушкин» деген сөзі көрсетілмеген. 2003 ж. жинақта түпнұсқа бойынша «Пушкин. (Вольтерден)» деп түзетілді. Түпнұсқадағы: «Қыздыр дейсің, топ, жиынды жан дейсің» деген тармақ 1989, 1991 жж. жинақта «Қыздыр дейсің мәжілісті, жан дейсің» деп өзгертілген. Бұл өзгеріске түскен өлең жолдары түпнұсқадағы қалпына 2003 жылы түзетілгендіктен, осы жинақ негізге алынды.
«Ат». Түпнұсқадағы: «Әбзелмен жарқыраған әсем басып» деген тармақтың «басып» сөзі 1989, 1991 жж. жинақта «басқан» деп өзгертілген. Бұл сөз түпнұсқадағы қалпына 2003 жылы түзетілгендіктен, осы жинақ негізге алынды.
«Данышпан Алектің ажалы». Бұл аударманың атауы 1989, 1991 жж. жинақта «Данышпан Аликтің ажалы» деп берілген. Бұл өлең А.С.Пушкиннің «Львов жылнамасындағы» жылнамалық әңгіме негізінде жазылған. 1825 жылы жарияланған «Песнь о Вещем Олеге» атты шығармасының аудармасы.
Түпнұсқадағы: «Царград – Станбул қаласының бұрынғы аты. Сауыт Царград – сонан шыққан сауыт». «Перун – дінсіздер табынатын пұт» деген А.Байтұрсынұлының берген түсініктері 1989 ж. жинақта: «Царград – қаланың аты. Сауыт – сонан шыққан сауыт. 2. Перун – дінсіздер табынатын пұт» болып, ал «Ақ жолда»: «Пұт, дінсіздер табынатын» деп, «перун» сөзіне ғана түсінік берілген. Осы өлеңдегі: «Қалқаның қақ басында Царградтың» деген тармақ 1989, 1991 ж.ж. жинақта «Қалқанның – қақ басында Царградты» десе, ал «Күңіркеп дұшпандарың көре алмайды» деген тармақ «Күңкілдеп, дұшпандарың көре алмайды» деп, «Әйтсе де, ой мен жүзі торғылданар» деген «Әйтсе де ой мен жүзі тарғылданар» деп өзгеріске түскен. Өзгертілген өлең жолдары түпнұсқадағы қалпына 2003 жылы түзетілгендіктен, осы жинақ негізге алынды.
«Балықшы мен балық». А.С.Пушкиннің 1833 жылы жазылған «Сказка о рыбаке и рыбке» поэмасының аудармасы.
Түпнұсқадағы: «Деп ұрысты: «Миы ашыған, қу, көк сақал» деген тармақ 1989, 1991 жж. жинақта «Алжыған, миы ашыған, қу көк сақал» деп өзгертілсе, осы туындыдағы: «Зумрет, березелі бар білезік» деген тармақтағы «зумрет» – «зумруд» деп, «Жеткен жоқ жаным әлі ризалыққа» дегендегі «ризалыққа» – «ырзалыққа» деп өзгеріске түскен.
Ал түпнұсқада берілген 3 шумақ 1989 ж. жинақта бар, «Ақ жолға» енбей қалған:
«...Шал айтты: – «Құтырдың ба? Түзу ме есің?
Болмасын астамшылық, мұның кесір!
Білмейсің іс ретін, сөз мәнісін,
Жұрт күлер: «Қор болған, – деп, – бақыт, есіл!»
Бұл сөзге кемпір қатты ашуланып,
Жіберді шалды жаққа салып-салып.
Қалайша маған қарсы сөз айтасың?
Сен мұжық, мен ақ сүйек, қой – деп, танып!
Сөз айтар шалда хал жоқ, жөнеледі,
Қарайып теңіз беті, түнереді:
Шақырған шал даусына балық келіп,
«Ақсақал, не айтасың? Сөйле!» деді».
Бұл шумақтар және өзгеріске түскен сөздер түпнұсқадағы қалпына 2003 жылы түзетілген, осы жинақ негізге алынды.
«Алтын әтеш». А.С.Пушкиннің 1834 жылы жазылған «Сказка о золотом петушке» атты өлеңінің аудармасы.
Түпнұсқадағы:«Арқадан да, Құбыладан» деген өлең жолы «Ақ жолда» «Сырттан десе, Құбыладан» деп, «Қыз: «Хи-хи-хи! Ха-ха-ха!» деген тармақтан кейінгі «Қорықпайды екен обалдан. Күлген болды һәм Дадан» деген тармақтар «Дейді: «Батыр хан Дадан, Қорықпас білем обалдан» 1989, 1991 жж. жинақта өзгертілген. Бұл өзгертулер түпнұсқадағы қалпына 2003 жылы түзетілгендіктен, осы жинақ негізге алынды.
«Лермонтовтан». Бұл туынды «Ақ жолға» енбеген. Түпнұсқадағы: «Отрывок из поэмы Лермонтова», «Мцыри», «Монах – сопы» деген түсінік-сілтемелер 1989, 1991 ж.ж. басылымдарда ескерілмеген. «Тифлис шаһарына өтіп кетті» дегендегі қала аты 1989 ж. жинақта «Тиблис» деп, «Мейілі шаппағанын дәм-тағамға» деген тармақтың бірінші сөзі «Тәбеті» деп өзгертілген. Бұл өзгеріске түскен сөздер мен сілтемелер түпнұсқадағы қалпына 2003 жылы түзетілгендіктен, осы жинақ негізге алынды.
ҚАЗАҚТЫҢ БАС АҚЫНЫ
Бұл ғылыми-зерттеу мақала «Қазақ» газетінің 1913 жылғы 39, 40, 43-сандарында жарияланған. Газет нөмірлерінің микрофильмдік төл көшірмелері ҚР Орталық Ғылыми кітапханасында сақтаулы. Ал, осы газеттің №39-40 нөмірі ҚР Ұлттық кітапханасының қорында бар. Микрофильм сапасының нашарлығына байланысты 43-сандағы мәтінді оқу мүмкіндігі болмады. «...Абайдың асылын танып, дұрыс баға берген нәрсесі жалғыз өлең емес, көп нәрсені Абай сөз қылған» деп басталатын газеттің 43-санында жарияланған мәтіні түпнұсқамен салыстырылмады, сондықтан 1989 жылғы жинақты негізге алдық. Ал, аталған әдеби зерттеудің «Қазақ» газетінің 1913 жылғы 39-40-сандарындағы мәтінін 1989, 1991 жж. жинақтармен салыстырылып, өзгеріске түскен сөздер қалпына келтерілді. Газеттегі: «...мақтап отырған Абайы біздің Әбубәкір, Сейдахмет, Ақмолаларымыз...» деген тіркесте XX ғасырдың басындағы қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі болып табылатын ақынның аты «Әдебиет танытқышта» Ақмолда деп аталған, ақын есімі түзетілді. 39-сандағы мәтіннің 1-бетінде: «Абай кітабы. Бағасы – 70 тиын. Семейде Көпбай Байысов лавкасында сатылады» деген сілтеме берілген. Мәтіннің осы тұсы да түпнұсқа бойынша берілді. 39-санның 3-бетіндегі «Біліммен би болып, жұрт билейтін заман өтіп, тасың би болатын заманға қарсы туған» деген сөйлемдегі «тасың» деген сөзден кейін 1989, 1991 жылғы жинақтарда «таспен» деген сөз жақшаға алынып, қосарлана берілген. Түпнұсқадағы қалпына келтірілді. 1989, 1991 ж. жинақтарда «Қосарлы бейітсымал келді арасы» деген өлең жолындағы «бейітсымал» деген сөзге сілтеме түрінде «Өлең, жыр» деген түсінік берілген. Бұндай түсінік түпнұсқада жоқ. Ал, түпнұсқадағы «Мінәжат ғалымдардың зар-наласы» деген тармақтағы «ғалымдардың» деген сөз жоғарыда аталған жинақтарда «уәлилердің» деген сөзбен ауыстырылып, бұл сөзге де сілтеме ретінде «Әулие, Пайғамбар» деген түсінік берілген екен. Түпнұсқа қалпына келтірілді. Газеттің 40-санында мысал ретінде алынған Абайдың «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» деген өлеңінен соң сілтеме ретінде бұл шығарманың мәтіні қашан және авторының кім екенін білдіретін «1887-ші жыл (Абай)» деген анықтама берілген, ал бұл анықтама жоғарыда көрсетілген екі жинақта да алынып тасталған. Бұл жинақта олар түзетіліп берілді. «Қазақ» газетінің 39, 40-сандардағы мәтіндерден кейін автордың аты-жөні «А.Б.» деп қысқартылған түрде көрсетілген. Ал, 43-санның микрофильмдегі мәтінінің тым көмескілігінен жалғасын оқу қиын болғандықтан, оның соңында да осындай қысқарған атау тұруы мүмкін деген болжам жасауға болады.
ӘДЕБИЕТ ТАНЫТҚЫШ
Ғылыми түсініктемеде «Әдебиет танытқыштың» 2003 жылғы жинағы негізге алынып, түпнұсқамен қайта салыстырылды, өзгертулер енгізілді.
Көрнек өнерінің тараулары. Түпнұсқадағы «...келтіре сүгірет жасау өнері» деген тіркес 1989 жылғы жинақта «...келтіріп сүгірет жасау өнері» деп, ал 1991 жылғы жинақта «...келтіре сурет жасау өнері» болып өзгертілген.
Түпнұсқадағы «...қарайық» деген сөз 1989 жылғы жинақта «қарайық» деп дұрыс келтірілсе, 1991 жылғы жинақта «...қаралық» деп өзгерген. Бұл 2003 жинақта қалпына келтірілген, біз осыны негізге алдық.
Абайдың әйелді сымбаттауы. Түпнұсқа мен 1989 жылғы жинақтағы «аласыз....» деген сөз 1991 жылғы жинақта «Аласы аз....» деп берілген екен. «Көрінер аузын ашса, кірсіз тісі» деген жолдар түпнұсқа мен 1989 жылғы жинақта дұрыс берілсе, 1991 жылғы «Аузын ашса, көрінер кірсіз тісі» болып, сөздердің орын ауысқан.
Түпнұсқадағы «Тамағын үлбіреген кір шалмайды» деген өлең жолы «Ақ жолда» «Үлбіреген тамағын күн шалмайды» болып өзгерген. 1989 жылғы жинақта түпнұсқадағыдай берілген. Түпнұсқадағы «Шашы бар қолаң қара жібек талдай» деген өлең жолын 1989 жылғы басылым түпнұсқаға сай берсе, 1991 жылғы басылымда «Қолаң қара шашы бар жібек талды» болып өзгерген. Түпнұсқа 2003 жылы қалпына келтірілген, осы нұсқа негізге алынды.
Абайдың күзгі күнді сүгіреттеуі. Түпнұсқада «Айырылған жапырағынан...» деген сөз тіркесі 1991 жылғы басылымда «Жапырағынан айырылған...» деп орындары ауысқан. 1989 жылғы жинақта өзгермеген.
Түпнұсқадағы «Тышқан аулап, үйде ит жоқ қайда көрсең» деген өлең тармағы 1989 жылғы жинақта дәл осы ретпен берілсе, 1991 жылғы басылымда «Үйде ит жоқ, тышқан аулап, қайда көрсең» деп сөздердің орыны ауысқан. 2003 жылы түпнұсқаға сәйкес түзетіліпті, осы нұсқа негізге алынды.
Мағжанның толқынды кескіндеуі. Түпнұсқадағы «Жасымен жуып жартасын» деген тармақ 1989 жылғы жинақта «Жасымен жуып жартасы» болып өзгеріп, «н» әрпі түсіп қалса, 1991 жылғы жинақта керісінше, «Жасымен жуып жер тасын» деп «жар» сөзі өзгерген. Өзгерген сөз түпнұсқа бойынша 2003 жылы түзетіліпті, осыны негізге алдық.
Абайдың ән мен күйді сөзбен сипаттап танытуы. Түпнұсқадағы «Көбінесе ән басы келер ащы» деген тармақ 1989 жылғы жинақта түпнұсқадағыдай берілсе, 1991 жылғы жинақта «келер» сөзі «келеді» болып өзгерген. Түпнұсқадағы: «Кел тыңда деп өзгеге болар басшы» деген өлең жолы 1991 жылғы басылымда «Кел, тыңда!» деп өзгеге болар басшы» деп берілген болса, 1989 жылғы жинақта түпнұсқа қалпы сақталған. Келесі тармақтағы «...дүңгір-күңгір...» деген сөз тіркесі 1989 жылғы жинақта түпнұсқадағы қалпын сақтаса, 1991 жылғы жинақта бұл тіркес «...қаңгыр-күңгір...» деп өзгеріске ұшыраған. 2003 жылғы жинақ 1926 жылғы түпнұсқаны негізге алған, біз де солай еттік.
Сөз өнері. Түпнұсқа және 1989 жылғы жинақтағы «...ұғу...» сөзі 1991 жылғы жинақта «...ұғыну...» болып өзгерген. Сондай-ақ түпнұсқадағы «....бернесіне...» сөзі 1991 жылғы басылымда «...бейнесіне...» деп берілген. Ал 1989 жылғы басылымда түпнұсқадағы қалпы сақталып, өзгерген сөздер түпнұсқа бойынша түзетіліпті. Түпнұсқада «Сөз өнері жүзінде асқан өнерпаздар....» деген сөйлем 1989 жылғы жинақта дұрыс берілсе, 1991 жылғы жинақта «...асқан...» сөзі түсіп, «Сөз өнері жүзінде өнерпаздар...» деп берілген. Түпнұсқа мен 1989 жылғы басылымдағы «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» деген өлең жолындағы «әркімнің-ақ» сөзі 1991 жылғы «әркімнің де» болып өзгерген. «Сонда да ішінде бар таңдамасы» деген келесі тармақтағы «...ішінде бар» сөзі 1991 жылғы жинақта қолданылмай, «Сонда да солардың бар таңдамасы» болып өзгеріске ұшырған. 1989 жылғы жинақта түпнұсқадан ауытқымай, сол қалпында берілген. Түпнұсқа мен 1989 жылғы жинақтағы «Ол белгі әркімнің өз ыңғайымен...» деген тіркестегі «әркімнің» сөзі 1991 жылғы жинақта «әр кісінің» деп өзгертілген. Өзгеріске ұшыраған сөз түпнұсқа бойынша 2003 жылы түзетіліпті, біз осыны негізге алдық. Сондай-ақ, түпнұсқа мен 1989 жылғы жинақтағы «...сөз тізу салттарынан, шарттарынан...» деген сөйлемдегі «салттарынан» сөзі 1991 жылғы жинақта жоқ. Түпнұсқа 2003 жылы қалпына келтірілген, біз де осыны негізге алдық.
Шығарма сөз
Тақырып. Түпнұсқа мен 1989 жылғы жинақтағы «...болса, тақырыбы «той» болады» деген тіркес 1991 жылғы жинақта «...болса, шығарманың» тақырыбы той болады» деп «шығарманың» деген сөз қосылған. Түпнұсқадағы «Және бұл сөздер Айман–Шолпан, Бақытсыз Жамал, Қобыланды батыр, Атымтай Жомарт турасында...» деген сөйлем 1989 жылғы басылымда «...болады және бұл сөздер «Айман–Шолпан», «Бақытсыз Жамал», «Қобыланды батыр», «Атымтай Жомарт» турасында...» деп әрбір есім тырнақшамен берілген. Ал 1991 жылғы жинақта жыр атаулары түпнұсқамен сәйкес берілген. Тек «Айман–Шолпан» деген сөз үтір арқылы «Айман, Шолпан» деп өзгеріс тапқан. Екі жинақтың да өзгеріске ұшыраған тұстары 2003 жылғы жинақта қалпына келтірілген, осы жинақ негізге алдынды.
Түрі. Түпнұсқада және 1991 ж. жинақтағы «Қолымды дөп сермесем, өстер ме едім» деген өлең жолдары 1989 ж. жинақта «Қолымды деп сермесем, өстер ме едім» деп өзгерген. Сондай-ақ, осы өлеңдегі «Адамның бір өмірі бала деген» жол 1989 ж. жинақ түпнұсқаға сай болса, 1991 ж. жинақта «өмірі» деген сөз «қызығы» деген сөзбен алмастырылған.
Келесі «Ақан – Аликсалам, е, жарқын қай ұлсың?» деген түпнұсқадан алынған сөйлем 1989 ж. жинақта «Ақан: Алик салам, е, жарқыным қай елсің?»деп берілген болса, 1991 ж. жинақта «Ақан. Әлик сәлем, е, жарқыным, қай ұлсың?»деп өзгеріске ұшыраған. Түпнұсқадағы «Ақан – Жарқын...» сөздері 1989 ж. жинақта «Ақан: Жарқын...», 1991 ж. жинақта «Ақан. Жарқыным...» деп берілген. Осы тараудағы «....жаңа мына бір...» сөзі 1989 ж. жинақта өзгертілмей берілген болса, 1991 ж. жинақта «...мына...» сөзі «...ғана...» сөзімен алмастырылған. Өзгерген сөз 2003 жылы түпнұсқамен түзетіліпті, біз осы жинақ негізге алынды.
БІРІНШІ БӨЛІМ
Сөз өнерінің ғылымы
Түпнұсқа мен 1991 жылғы басылымдағы: «Тіл (я лұғат) деп аталады» сөйлемі 1989 жылғы басылымда: «Тіл я лұғат деп аталады» деп, жақшасыз берілген екен. Түпнұсқаның осы тарауында кездесетін «...көрнекі...» сөзі 1989 жылғы басылымда «...көрнекті...» болып берілген. Ал, «Ақ жолда» «...өрнегі...» деп өзгерген. Түпнұсқа мен 1989 жылғы жинақтағы «Ішкі пікір жағы, тысқы тіл жағы» деген сөйлем 1991 ж. жинақта: «Тысқы тіл жағы, ішкі пікір жағы» деп берілген. Түпнұсқа мен 1989 жылғы жинақтың осы тарауында кездесетін: «Шығарманың түрінің ғылымы, шығарманың тілінің ғылымы» деген сөйлем 1991 ж. жинақта «Шығарманың тілінің ғылымы, шығарманың түрінің ғылымы» деп беріліпті. 2003 жылғы жинақ орны ауысқан сөздерді түпнұсқалық қалпына келтірген, осы жинақ негізге алынды. 2003 ж. жинақта «Сөз қисыны» деген тарауша «Тіл қисыны» боп өзгерген. Осы жинақта түпнұсқа бойынша «Сөз қисыны...» деп түзетілді.
Сөз қисыны (яки лұғат қисыны)
Түпнұсқадағы «...тұтынған сөзді...» деген тіркес 1989 ж. жинақта «...тұтынған сөз...» деп, 1991 ж. жинақта «...тұтынған сөздер...» болып өзгертілген. 2003 жылғы жинақ 1926 жылғы түпнұсқаны орнына келтірген. Біз де осы жинақты негізге алдық.
Сөз талғау
Сөз дұрыстығы. Түпнұсқа және 1991 ж. жинақтағы «...нәрселерді жақсы біліп, әрқайсысын...» деген сөйлем 1989 жылғы басылымда «...нәрселерді біліп, әрқайсысын...» болып, «жақсы» сөзі түсіп қалған.
Тіл (лұғат анықтығы). Түпнұсқа және 1989 ж. жинақта кездесетін «Жаман қатын алсаңыз» деген сөз тіркесі 1991 ж. жинақта «Жаман қатын алмаңыз» болып өзгеріске ұшыраған. Сондай-ақ, түпнұсқадағы «...жастардан өзінің тәрбиесіз...» деген сөйлемдегі «тәрбиесіз» сөзі 1991 жылғы жинақта «...тәртіпсіз...» деп берілген. Ал, 1989 жылғы басылымда түпнұсқадағы қалпы сақталған.
Тіл дәлдігі. Түпнұсқадағы «Амәндес...» сөзі 1989 ж. басылымда түпнұсқаға сай берілген болса, 1991 ж. Басылымда «Әуендес...» болып өзгерген. Түпнұсқадағы: «...амәндес сөз...» деген тіркес 1991 жылғы басылымда «...әуендес сөз...» болып, 1989 жылғы жинақта «...амәндес сөздер...» деп өзгеріске түскен.
Тіл көрнектілігі: Түпнұсқадағы «бернесіз» және «бернелі» деген сөздер «Ақ жолда» «пернесіз» жене «пернелі» болып өзгерген. Ал, 1989 жылғы басылымда түпнұсқадағы қалпы сақталған. Түпнұсқа және 1989 ж. жинақтағы «... затша сипаттайды» деген сөз тіркесіндегі «сипаттайды» сөзі 1991 ж. жинақта «...затша қалыптайды» болып өзгерген.
Көріктеу.Түпнұсқа мен 1989 жылғы жинақтағы «Көркейту я жалпы сипатты жалғыз нәрсеге теліп айтқанда я нәрседе болмайтын сипатты болатындай етіп айтумен болады» деген сөйлем 1991 ж. жинақта «Көркейту иә жай сипатты болатындай етіп теліп айтумен болады»деп өзгертілген. Түпнұсқадағы «...сияқты лебіздерде» деген сөз тіркесі 1991 ж. жинақта өзгеріссіз берілген болса, 1989 ж. жинақта «...сияқты лебіздерше» болып өзгерген. Түпнұсқадағы «Аңдыған бөрі кірмес пе? деген өлең жолындағы «кірмес пе» сөзі 1989 ж. жинақта өзгеріссіз, ал 1991 ж. жинақта «көрмес пе» деп өзгерген. Түпнұсқа мен 1989 жылғы жинақтағы «Жол тарттық құба шыңға Жемнен шығып» деген тіркес 1991 ж. жинақта «...жонға Жемнен шығып» деп өзгеріске ұшыраған. 1991 ж. жинақ пен түпнұсқадағы «Тамызда қызыл мұнар астық шөлге» деген өлең жолы 1989 ж. жинақта «...ыстық шөлге» деп берілген. Түпнұсқа мен 1989 жылғы жинақтағы «Көрнекілеудің...» деген сөз 1991 ж. жинақта «Көріктеудің...» болып өзгерген.
Теңеу. Түпнұсқа мен 1989 жылғы жинақтағы «Таулардан бұлақ ағар сарқыраған» деген өлең жолындағы «бұлақ» сөзі 1991ж. жинақта «өзен» деп берілген. Түпнұсқа мен 1989 жылғы басылымдағы «Жел соқса, құйын соқса, бір қалыпта» деген тармақтың «құйын» сөзі 1991 ж. жинақта «ыстық» болып өзгеріске түскен. Сондай-ақ, түпнұсқа мен 1989 ж. жинақтағы: «Қара албасты қабақтай, Піскен алма сабақтай...» деген өлең жолдарындағы «қабақтай, сабақтай» теңеулері 1991 ж. жинақта «...қабақты, сағақты...» болып өзгеріске ұшыраған.
Бейнелеу. Түпнұсқа мен 1989 ж. жинақтағы «Шақырып тұрар, құбылып кел деп мұнда» деген өлең жолындағы «құбылып» сөзі 1991 ж. жинақта «...күліп...» болып өзгерген. Түпнұсқада «...бақыт құс...» деп берілген сөз 1991 ж. жинақта өзгеріссіз келтірілген болса, 1989 ж. жинақта «...бықыт құс...» болып өзгерген.
Кейіптеу. Түпнұсқа мен 1989 ж. жинақта «Жансыз нәрсені жанды нәрсенің күйіне...» деген тіркес 1991 ж. жинақта «Жансыз нәрсенің күйіне...» болып қысқартылған. Түпнұсқа мен 1989 жылғы басылымдағы «Бұлттың суын ішіп ержеткенмін» деген өлең жолындағы «суын» сөзі 1991 жылғы жинақта «сүтін» деп берілген. 1989 жылғы басылымда түпнұсқадағы қалып сақталған.
«Тау-тасқа, адамзатқа келіп жанжал» деген өлең жолының «келіп» сөзі 1989, 1991 жылғы жинақтарда «салып» деп өзгеріске ұшыраған.
Бернелеу. Түпнұсқаның осы тарауындағы: «Жан еркем, мен жүремін мынау күймен, Бар ма екен ғашық жарын мендей сүйген? Сен бір шам айнала ұшқан, мен пәруана. Айналып аламын деп отқа күйген» деген өлең шумағындағы «Сен бір шам айнала ұшқан, мен пәруана» жолы 1989 және 1991 жылғы басылымдарда «Сен – бір шам, айнала ұшқан мен – пәруана» болып, тыныс белгілері өзгерген. 2003 жылғы жинақ түпнұсқаны негізге алған. Біз 2003 жылғы жинақты негізге алдық. Сондай-ақ, түпнұсқада осы өлең жолынан кейін келетін: «Мұнда «мен бір шам» дегеннен бастап аягына шейін бейнелеу болады» деген сөйлем «Ақ жолда»: «...мен – пәруана...» деп берілген. Ал, 1989 жылғы басылымда «...Сен бір шам...» болып берілген. Түпнұсқа мен 1991 жылғы басылымда «Әдемі бернелеуге...» деген сөз тіркесі 1989 ж. жинақта «Әдемі бейнелеуге...» болып өзгерген.
Түпнұсқадағы:
«Расты рас демей, танамыз ба?
Бір сәтке татулық жоқ арамызда.
Тұрмайтын ренжуге аз нәрсеге»
деген өлең жолдарындағы сөздердің кейбірі 1989 жылғы жинақта «Бір сәтке» болып, ал 1991 ж. жинақта «Расын, Бір тәулік, әр нәрсеге...» деп өзгерген. Түпнұсқа мен 1989 жылғы басылымдағы «...жанына келіп...» тіркесі 1991 жылғы басылымда «...қасына келіп...» деп берілген. Түпнұсқа мен 1989 ж. жинақтағы «Екеуін зордан ғана айырысты» деген тармақтағы «зордан ғана» тіркесі 1991 ж. жинақта «...зорға әрең...» деп берілген.
Әсірелеу. Түпнұсқадағы «Ұмтылғанда қысынып» деген тіркестегі «қысынып» сөзі 1989 жылғы жинақта «қызынып», ал 1991 жылғы жинақта «қысылып» деп берілген. Түпнұсқаның осы тарауында кездесетін «Қош айту қиын болды кетер жерге» тармағындағы «кетер жерге» тіркесі 1991 жылғы жинақта «...кетер кезде» деп берілген. Ал, 1989 жылғы басылымда түпнұсқа сақталған.
Мезгеу. Түпнұсқа мен 1989 ж. жинақтағы «Мегзеу» сөзі 1991 жылғы басылымда «Меңзеу» болып өзгерген. Түпнұсқадағы «Отыз тістен шыққан сөз емес, қырық рулы...» деген сөйлем 1989 ж. жинақта «Отыз тістен шыққан сөз отыз емес, қырық рулы...» болып өзгерсе, 1991 ж. жинақта «Отыз тістен шыққан сөз қырық рулы...»деп өзгеріске түскен. Түпнұсқа және 1989 ж. жинақтағы «Ант ішкен...» тіркесі 1991 ж. жинақта «Ант ішіп...» болып өзгерген.
Әсерлеу (лептеу). Түпнұсқа мен 1989 ж. жинақтағы «Мүбтәла қып...» тіркесі 1991 ж. жинақта «Мұншама ғып...» болып өзгерген. Түпнұсқа мен 1989 жылғы басылымдағы «...мұнша азапқа» тіркесі 1991 жылғы жинақта «бұл азапқа?» болып өзгерген.Түпнұсқадағы «Қан қарадан жасқанбай...» деген тіркестегі «қан» сөзі 1989 жылғы жинақта «Хан қарадан жасқанбай...» болып берілсе, 1991 ж. жинақта кездеспейді. 1989 ж. басылымдағы өзгеріс. Түпнұсқада және 1989 ж. жинақта кездесетін «Сарыарқа сайран жерім-ай» деген тармақтағы «сайран» сөзі 1991 ж. жинақта «қайран» болып өзгертілген. Сондай-ақ, түпнұсқа және 1989 ж. жинақтағы «Тоқталсайшы ыстық қан» деген өлең жолындағы «тоқталсайшы» сөзі 1991 ж. жинақта «Тоқталмапты...» болып берілген.
Түпнұсқадағы: Кел, балалар, оқылық! Оқығанды көңілге Ықыласпен тоқылық! Оқысаңдар, балалар, Шамнан шырақ жағылар. Тілегенің алдыңнан, Іздемей-ақ, табылар (Алтынсары Ыбырай)деген өлең жолдары 1989 жылғы жинақта осы ретпен берілген. Тек автордың аты «Алтынсарин Ыбырай» деп жазылған. Ал, 1991 жылғы басылымда бұл өлең шумақтары кездеспейді.
1989 ж. жинақта кездесетін:
«Пір Назар, Смайыл мен Жүсіп Назар!
Тілімді алсаң, мұныңды қой, мырзалар!
Бар ма еді, құлағыңда қалған нақыл:
«Тозған қудан топтанған қарға озар» –
(Бұдабай ақын) деген өлең жолдары түпнұсқадан өзгертілмей алынған болса, 1991 жылғы жинақта бұл мысал жоқ.
Қайталақтау.Түпнұсқадағы және 1989 ж. жинақтағы «Үш атамыз...» тіркесі 1991 жылғы жинақта «Ұлы атамыз» деп берілген. Түпнұсқа мен 1989 жылғы жинақтағы «...нәрсенің ғамалын, күйін...» деген сөйлем 1991 ж. жинақта «...нәрсенің күйін...» деп, «ғамалын» сөзі түсіп қалған. Түпнұсқа мен 1989 жылғы жинақтағы «Дүниеде неғып тұр, Адамзат бір сағат» деген жолдар 1991 ж. жинақта мүлдем кездеспейді. Біз 2003 жылғы жинақ түпнұсқа бойынша берген. Түпнұсқа мен 1989 ж. жинақта кездесетін «...азар келдім» тіркесі 1991 ж. жинақта «...әрең келдім» деп өзгеріске ұшыраған.
Осы тарауда, түпнұсқада берілген «...ықсан жан тіріде» деген тіркес 1989 ж. жинақта сол қалпында берілсе, 1991 ж. жинақта «...ықсын жан тіріде...» болып өзгерген.
Шендестіру. Түпнұсқадағы «Жалғыз шиден оқ аттың» деген өлең жолы 1989 жылғы басылымда сол қалпында берілген. Бұл тармақ 1991 ж. жинақта мүлдем кездеспейді.
Дамыту. Түпнұсқа мен 1989 ж. жинақтағы «Әншейін сөйлегенде дамыту мысалы мынау:» деген жолдар 1991 ж. жинақта кездеспейді. Түпнұсқадағы «Аяғын топтап басады» деген өлең жолындағы «топтап» сөзі 1991 ж. жинақта «топ-топ» деп өзгеріске түскен. Ал, осы өлең жолынан кейін келетін «Жүні судай тасады» өлең жолы екі басылымда да (1989, 1991) қалып қойған. Түпнұсқада және 1989 ж. жинақта кездесетін «Халықты қаңсылату – обал» деген сөйлемдегі «қаңсылату» сөзі 1991 ж. Жинақта «қанжылату» болып өзгерген. Түпнұсқа мен 1989 ж. жинақтағы «Тығылып Дажалдың пұтқанасына» деген өлең тармағындағы «дажал», «пұтқана» сөздері 1991 ж. жинақта «тажал», «пұтхана» болып өзгеріске түскен.
Түйдектеу. Түпнұсқадағы «... ерік ұранымыз, бірлік – Құранымыз болсын» деген сөйлем 1989 жылғы басылымда «...ерік – ұранымыз, бірлік – құранымыз болсын» деп берілсе, 1991 ж. жинақта «...ерік ұранымыз болсын, ерлік-бірлік құранымыз болсын» болып өзгерген.
«Тіл (лұғат) әуезділігі».Түпнұсқа мен 1989 жылғы жинақтағы «... да болып, құралуы мүмкін. Сөздің дыбыстары құлаққа жағымды-жағымсыз болып құралу сияқты» деген сөйлем 1991 ж. жинақта «...да болып құралу сияқты...» деп өзгеріске ұшыраған.
Сөз әуезділігі. Түпнұсқа мен 1989 жылғы «...апта егін қуса игі еді» деген сөйлемдегі «апта егін» сөзі 1991 жылғы басылымда «...ата жолын...» болып өзгеріске түскен.
Өрнекті сөйлемдер.Түпнұсқа мен 1989 жылғы басылымдағы «Үйткені өрнекті сөйлем қанша үлкен болғанымен...»деп басталатын сөйлемнің «...яғни ішіне кіретін сөйлемдер қанша көп болғанымен...» деген жалғасы 1991 ж. басылымда кездеспейді.
Себепті оралым. Түпнұсқа мен 1989 жылғы жинақта «Ауырса жеммен емдеген» деген өлең тармағы 1991 ж. жинақта кездеспейді.
Шартты оралым. Түпнұсқа мен 1989 ж. жинақтағы «Қазан ағаш бағысын. Түсірмесем жүзіңе, Көрсетпесем көзіңе»деген өлең жолдары 1991 жылғы жинақта«Қазанның сырлы қаласын Көрсетпесем көзіңе, Түсірмесем жүзіңе» болып әрі өзгеріп, әрі орындары ауысқан.
Жалғасыңқы оралым. Түпнұсқадағы «Әр уақытта» деп берілген сөз 1989 жылғы басылымда «Әр уақытты» болып берілсе, 1991 жылғы жинақта «Аруаққа» деп өзгерген. Түпнұсқа мен 1989 ж. басылымда «Арқада Қобылан жатқанда» деген тіркес 1991 ж. жинақта «Қобыланды ойнап жатқанда» болып өзгерген. Түпнұсқа мен 1989 жылғы «Тізесіне тон жетпей» деген өлең жолынан кейін келетін «Арқасына қол жетпей» деген жол 1991 жылғы басылымда кездеспейді. Түпнұсқа мен 1989 жылғы жинақтың осы тарауында кездесетін «Абдастасы қолында» деген өлең жолы 1991 ж. жинақта «Әбдестесі қарында» болып өзгертілген.
Осы тарауда кездесетін:
«Дастарханы белінде,
Пияласы қарында
Бөтен жаудың елінде,
Қызылбастың шенінде – деп басталатын өлең жолындағы «дастархан» деген сөз 1989 жылғы басылымда «дастарқан» деп өзгеріске ұшыраған. Ал, 1991 жылғы жинақта:
«Белдемшесі белінде,
Пияласы қолында»
.....................................
Қызылбастың елінде»
болып, 3-ші жолы түсіп қалған.
Серіппелі оралым. Түпнұсқада: «Шайылған көз жасымен жердің бетін» деп басталатын өлең шумағындағы «Шайылған...» сөзі 1991 жылғы басылымда «Жабылған...» деп өзгертілген.
«Қиналып, кім де болсаң, талыққандар,
Түңіліп, үміт үзіп жабықпаңдар.
Қайтадан жақындық кеп, қастық қашып,
Жарқырап жақсылыққа атар таң бар»
деген шумақ 1991 ж. басылымда:
«Қиналып, кім болсаң да, тарыққандар,
Түңіліп, үміт үзіп, жабықпаңдар!
……………………………………………
Жарқырап жақсылыққа атар таң бар» –
деп, өзгеріске ұшыраған. Ал, 1989 жылғы басылымда өзгеріссіз берілген.
Өлеңді сөйлемдер. Түпнұсқа мен 1989 жылғы басылымда «Шешем-ай...» деген сөз 1991 жылғы басылымда «Шешем-ай!...» деп лепті сөйлем ретінде берілген.
Түпнұсқа мен 1989 ж. жинақтағы:
«Құлын-тайдай айқасқан оң жақ қайда, жар-жар!
Азар жақсы болса да қайын енеміз, жар-жар!
Айналайын әжемдей болмақ қайда, жар-жар!»
деген шумақ 1991 жылғы жинақта:
«Жазғытұрғы ақша қар жаумақ қайда, жар-жар!
Құлын-тайдай айқасқан оң жақ қайда, жар-жар!
Қанша жақсы болса да қайын енеміз, жар-жар!
Айналайын шешемдей болмақ қайда, жар-жар! деп өзгеріске ұшырап, алғашқы жол 1991 жылғы жинақты шығарушы тарапынан қосылған.
Түпнұсқадағы:
«Айт, келін, айт, келін!
Аттың басын тарт, келін!
Жұмыртқадан ақ келін»
деп басталатын өлең шумағы 1991 жылғы басылымда:
«Айт келін, енді айт, келін!
Атыңның басын тарт келін!
Сауысқаннан сақ келін!
Жұмыртқадан ақ келін!» деп өзгеріске ұшырап, өлеңнің 2-ші тармағынан кейіп «Сауысқаннан сақ келін» деген 3-ші тармақ қосылған.
«Сөздің өнер болатын мәнісі».
Түпнұсқадағы «Бірінші түрде тілдерде, мәселен, араб, латын, ионан сияқты ескі жұрттардың тілдерінде дауысты дыбыстардың кейбіреулері созылып, ұзын айтылады» деген сөйлем 1991 жылғы басылымда «1-ші түрде тілдерде дауысты дыбыстардың кейбіреулері созылып, айтылады» болып, ғылыми тұжырымы толық берілмей, сөйлем қысқартылған. Ал, 1989 ж. жинақта осы мәтіндегі «түрде» сөзі «...түрдегі...» деп өзгертілген.
Өлең шығару. Түпнұсқа мен 1991 жылғы жинақтағы:
«Ашуын бұған бассын», – деп,
Жерімді саған тастадым.
«Олжа ңылып жатсын», – деп,
Елімді саған тастадым.
(«Кенесары-Наурызбай»)
деген үзінді 1989 ж. жинақта кездеспейді.
Шумақ түрлері. Түпнұсқадағы:
«Күніңмен алтын қуанбай,
Гүліңмен жібек жуанбай.
Жеттің де, тез өттің, жаз!
Ағаш, шөптер қураған,
Айдын да құрып, суалған
Қаңқылдар қайда, қоңыр қаз» –
деген өлең жолдары 1989 жылғы жинақта түпнұсқадағыдай берілсе, 1991 жылғы басылымда:
«Күніңмен алтын қуантпай,
Гүліңмен жібек жұбантпай,
Жеттің де тез еттің жаз!
Ағаш шөптер қуарған,
Айдын да құрып, суалған,
Қаңқылдар қайда қоңыр қаз?!» –
болып, тармақтың орналасу реті өзгеріске ұшыраған. Өзгеріс 2003 жылы орнына келтірілген. Біз де осы нұсқаны негізге алдық.
Тармақ тұлғалары. Түпнұсқа мен 1989 ж. жинақтағы «Тармақ тұлғалары» деген тақырып атауы 1991 ж. жинақта «Тармақ толғаулары» болып өзгерген.
Сондай-ақ, түпнұсқадағы:
Балалар/, оқуға бар/ жатпа қарап/
Жуынып/, киініңдер/ шапшаңырақ/
Шақырды әтеш мана әлдеқашан/
Қарап тұр/ терезеден/ күн жалтырап/ деген өлең шумағы 1991 басылымда алғашқы жолының әрбір сөзінен кейін үтір арқылы, қалған үш тармағы таяқшасыз берілген. 1989 жылғы басылымда бұл мәтін таяқшасыз берілген.
Өлең ағындары. Түпнұсқадағы:
4
«Не себептен / / хан Кене
5
Қырғызға мұнша / / өшікті?
4
Ақ қалпақты / / қырғыздан
5
Қазаққа берді / / несіпті.
5
Ат мініп, қару // асынған,
4
Бізді аяма / / кесібті
4
Есіркесең // болмай ма?
5
Жолыңда жатқан // бесікті»
(Нысанбай жырау)
деген үзінді екі жинақта да кездеспейді.
Түпнұсқадағы:
3 4 4
«Бір қазақ // қала шықты // мата ала,
3 4 4
Тиеп ап // тері-терсек //, жегіп шана.
3 4 4
Ұрлатып // жүгін жолда //, жұрдай болып,
3 4 4
Үйіне / / қайтты байғұс / / құр қол ғана»
ХХХ // ХХХХ // ХХХХ
ХХХ // ХХХХ // ХХХХ
ХХХ // ХХХХ // ХХХХ
ХХХ // ХХХХ // ХХХХ
деген ұйқас түрлерінің 1991 жылғы басылымда өлең жолдары ғана берілген. 1989 жылғы жинақта өзгермеген.
Тармақ кезеңдері. Түпнұсқа мен 1989 ж. жинақта кездесетін«1. Ұлы кезек; 2. Кіші кезек» сөздері 1991 ж. жинақта «1) ұлы кезең. 2) кіші кезең» болып өзгерген.
Түпнұсқаның осы тарауындағы мысал ретінде берілген:
«Ақ Жүністей // жолдасым!
Әйел де болсаң, // мұңдасым!
Қолаң шашты, // қой көзді,
Әйелде ару сен едің,
Аш арыстан // жүректі,
Балуан, жолбарыс // білекті,
Жігіттің мәрті мен едім» —
деген өлең шумағы 1989, 1991 ж. жинақтарда тармақтарының реті сақталмай:
«Ақ жүністей жолдасым!
Әйел де болсаң мұңдасым!
Қолаң шашты, қой көзді,
Әйелде ару сен едің,
Аш арыстан жүректі,
Балуан, жолбарыс білекті,
Жігіттің мәрті мен едім!»,
деп берілген. Түпнұсқадағы қалпын 2003 жылғы жинақ сақтаған. Біз осы нұсқаны негізге алдық. Түпнұсқа мен 1989 жылғы жинақтағы «Мұнда көлденең жуан сызық ұлы кезеңдерді көрсетеді, жіңішке сызық кіші кезеңді көрсетеді» деген сөйлем 1991 ж. басылымда кездеспейді.
Тармақ ұйқастығы. Түпнұсқа мен 1991 ж. жинақта көрсетілген ұйқас түрлерінің мына реті «1-ші, 2-ші, 4-ші тармағы», 1989 ж. басылымда «бірінші, екінші, төртінші тармағы» болып, сөзбен берілген.
ЕКІНШІ БӨЛІМ
Қара сөз бен дарынды сөз жүйесі
Түпнұсқаның осы тарауында кездесетін «...қара сөз деп, көрнекі лебізді сөздерді дарынды сөз деп атау қолайлырақ. Әдетке қарамай...» деген сөйлем 1989 ж. жинақта дұрыс ретін тапқан да, ал 1991 ж. жинақта«...дарынды сөз деп атау қолайлырақ әдетке қарамай...» болып, қос сөйлем бірігіп, өзгеріске ұшыраған. Түпнұсқада: «Сөз көңілге сипат жағының көркемдігімен, сөз мағына жағының күштілігімен жағады» деген сөйлемдегі «көркемдігімен» сөзі 1991 жылғы жинақта: «...келістілігімен, мағына...» деп өзгеріске ұшыраған және «сөз» деген сөзі сөйлемге кіріспеген. 1989 жылғы басылымда түпнұсқаға сай берілген. Түпнұсқа мен 1989 жылғы жинақтағы:«...салынып, сүгіреті толық меңзеуі мерген, қисыны қызық болсын, сөз әсерінің күшімен көңілге ұнауы көбірек көзделеді»деген сөйлем 1991 жылғы жинақта:«...салынып, сөз әсерінің күшімен көңілге ұнауы көбірек көзделеді» деп қысқартылған. Түпнұсқа мен 1991 жылғы жинақтағы«...алынып сөз қалады: қатта қисынын келтіріп, болмаған нәрсені болғанға...» деген сөйлемнің «қатта» сөзі 1989 жылғы басылымда «хатта» болып берілген. «...дарынды сөздің арасындағы парық жұмсалатын орнына, қызметіне...» деген сөйлемдегі «парық» сөзі түпнұсқа мен 1989 жылғы басылымда бірдей жазылса, 1991 жылғы басылымда «даралық» болып өзгерген.
Қара сөз. Түпнұсқада: «...белгілі бір қарарға келгенде адамға бір үлкен ұғым пайда болады»деген сөйлемдегі «адамға» сөзі «Ақ жолда» «...адамда...» деп берілсе, 1989 жылғы жинақта түпнұсқа бойынша берілген. 2003 жылғы жинақта өзгеріс түпнұсқаға сай түзетілген. Біз де осы нұсқаны негізге алдық.
Әуезе түрлері. Түпнұсқа мен 1989 жылғы басылымдағы: «Біреулер өткенді сөз қылғанда, уақыт сарынымен айтады. Екіншілері уақыт сарынымен айтады да, үшіншілері біреуден біреуді туғызып...» деген сөйлем 1991 жылғы жинақта «... айтады, екіншілері біреуден біреуді туғызып ...» деп қысқартылған.
Осы тарауда түпнұсқа мен 1989 жылғы басылымда кездесетін «...байласылмай, көбінесе...» деген тіркес 1991 жылғы жинақта «...байланыстырылмай, көбінесе...» деп өзгерген.
Тарих. Түпнұсқада «Тарихты қазақша ұлы дерек деуге, әуезе табына жатқанмен, айғақты әуезе болады»деген сөйлемдегі «айғақты» сөзі 1991 жылғы жинақта «...айғақшы...» болып берілген. 1989 жылғы басылымда түпнұсқа қалпы сақталған.
Шешен сөз. Түпнұсқа мен 1989 ж. жинақтағы «...шығармалардың бөлекей бір түрі емес...» деген сөйлем 1991 ж. жинақта «...шығармаларының бөлектей бір сөзі емес...» болып өзгерген.
Шешен сөзтүрлері.Түпнұсқада«...қарар шығарту мақсатпен сөйлегенде саясат шен сөзі деп аталады»деген сөйлемдегі «шен» сөзі 1991 жылғы басылымда «шешен» болып ал, «мақсатпен» сөзі «мақсатымен» деп өзгерген. Түпнұсқада«...істетіп, көрсететіндер болды» деген сөйлем «Ақ жолда»:«...істетіп, көрсететіндей болған» деп өзгерген болса, 1991 жылғы жинақ та түпнұсқадан ауытқымаған. Сондай-ақ, осы сөйлемнен кейін келетін «Онан әрі бара-бара осы күнгі ойналатын түрлі алаң алданышы болып шығар еді» деген сөйлемдегі «алаң алданышы» деген сөз тіркесі 1991 жылғы басылымда «...алаң айнасы...» деп берілген. 1989 жылғы басылымда бұл сөз түпнұсқа қалпын сақтаған.
Айтыс. Түпнұсқаның осы тарауында кездесетін «...бір түрі...» деген тіркес «Ақ жолда» «...бұл түрі...», ал 1989 жылғы басылымда түпнұсқа қалпында берілген. Түпнұсқа мен 1989 жылғы жинақта кездесетін«...бір ананың қолында...»деген тіркестегі «ананың» сөзі 1991 ж. жинақта «атаның» болып өзгеріске енген. 2003 жылғы жинақ түпнұсқаны қалпына келтіріпті. Біз де осы нұсқаны негізге алдық.
Түпнұсқада берілген«...пердесі көрініп...» деген тіркес 1991 ж. жинақта«...бейнесі көрініп...» деп берілген. 1989 ж. жинақта өзгермеген. Түпнұсқаның осы тарауындағы«...басқаға таңу...»деген тіркес 1991 ж. жинақта: «...басқаға тану...» деп берілген екен. 1989 жылғы басылымда түпнұсқа қалпын сақтаған. Түпнұсқа мен 1989 ж. жинақта«...адамдары жыршы деп атанған...» деп жазылған сөйлем 1991 ж. басылымда «...адамдар жыршы деп аталған» болып өзгертілген. Түпнұсқа мен 1989 жылғы жинақтағы «Сөйтіп өзгеріс кіріп, көбінің өрісі кеңіп, өресі ұзайған» деген сөйлем 1991 жылғы басылымда «...көбінің өресі кеңейіп, өрісі ұзарған» болып өзгерген.
Ауыз әдебиет
Сауықтама.Ермектеме. Түпнұсқада және 1989 ж. жинақта «...ертексімек аңыз...» деп берілген тіркес 1991 ж. жинақта «...ертегісымақ аңыз...» болып өзгерген.
Ертексімек. Түпнұсқада және 1989 ж. жинақтағы:
«Он бес жігіт жиылып, көтере алмай,
Енді саба қылмасқа тоба қылдым»
деген өлең шумақтары 1991 жылғы басылымда кездеспейді.
Зауықтама. Толғау.
«Сұрқия Кенесары – қашаған хан,
Серғазы – талай жасты жасаған хан.
Дәулетін Байекемнің айырма деп,
Тілекті мен тілейін жасағаннан.
Жарлыны жалғызбенен бір теңгердің
Алтынды айналайын босағаңнан!
Кеңеске келіссіз сөз тек қосайын,
Тап атам Жарылғасқа ұсағанмын.
Қарастым тойды жақсы бастады деп,
Берсең де бір қысырақ қосақ алман» –
деген шумақ «Ақ жолда» кездеспейді. Бұл шумақ 1989 жылғы жинақ пен түпнұсқада бар екен.
Түпнұсқада «Қобыланды батыр» жырынан алынған үзіндідегі:
«Айналайын Қалдыжан,
Ағаңды кімге тапсырдың?!» –
деген өлең жолындағы«Қалдыжан» сөзі 1991 ж. басылымда «Қарлығаш» болып берілген. 1989 жылғы жинақта өзгермеген.
Түпнұсқада:
«Он сегіз мың ғаламның
Патшасы, әуел Хақ Жаббар!
Есіттің бе сөзімді?» –
деген өлең жолдарындағы «Жаббар» сөзі 1989 жылғы басылымда «Жаппар» деп берілген. Ал, 1991 жылғы жинақта:
«Он сегіз мың ғаламға
Патша болған хақ жаббар!
Есіт мынау сөзімді» –
деп өзгеріске ұшыраған.
Түпнұсқаның осы тарауындағы «Күңіреніп жатырмын» деген өлең жолы «Ақ жолда»: «Көгеріп келе жатырмын» болып өзгерген. Ал, 1989 ж. басылымда түпнұсқамен бірдей берілген. 1991 жылғы басылымдағы өзгеріс түпнұсқамен түзетіліпті. Біз 2003 жылғы нұсқаға тоқтадық. Сондай-ақ, «Ақ жолда»:«Жаз ыстық, қыс суықпен өмір шегіп» деген өлең жолы 1989 ж. басылымда:«Жарыстық қыс суықпен өмір шегіп» болып өзгерген. Бұл өлең жолы түпнұсқада мүлдем кездеспейді.
Ділмар сөз. Түпнұсқа мен 1989 ж. басылымдағы «Өр Дулат...» сөзі «Ақ жолда» «Өзі Дулат...» болып өзгерген. 1991 жылғы басылымдағы өзгеріс 1926 жылғы түпнұсқамен түзетіліпті.
Тақпақ. Түпнұсқада «Екі дау адағы ауыл болмас» деген өлең жолы 1991 ж. жинақта «Екі дай адамы ауыл болмас» болып өзгертілген. 1989 ж. жинақта түпнұсқадағыдай берілген.
Ғұрып сөзі. Жоқтау. Түпнұсқада «...жаяйын да жияйын...» деген өлең жолы 1991 жылғы басылымда «...жаяйын да жылайын...» деп берілген. 1989 жылғы басылымда өзгермеген. Түпнұсқа мен 1989 жылғы жинақтағы«Ала арқанмен бек тарттым» деген өлең жолы 1991 жылғы жинақта кездеспейді.
Бата. Түпнүсқа мен 1989 жылғы басылымдағы:
«Сенен байлық өтпесін,
Желіңнің екі шетіне»
деген жолдар 1991 жылғы жинақта:
«Сенен байлық кетпесін»
болып, екінші жолы түсіп қалған.
Қалып сөзі. Түпнұсқада: «...жын шақырғанда ...»сөйлемі 1991 ж. жинақта «...жын шақыруы ...»,1989 жылғы басылымда «...жынын шақырғанда...» болып өзгерген. 1991, 1989 жылғы басылымдардағы өзгерген сөздер.
Жазу әдебиет. Насихат. Түпнұсқадағы:
«Бүгін жеген қатыңды.
Таңында бір күн берерсің.
Пақыр-міскін кез келсе,
Алып барар малың жоқ,
Дүниеде қайыр қыл!
Досыңа жақсы орын бер!»
(Әбубәкір)
өлең шумағындағы «қатыңды» сөзі 1989 жылғы басылымда «қапыңды» деп өзгеріске ұшыраған. 1991 жылғы жинақта:
«Бүгін жеген наныңды,
Тағы да бір күн көрерсің.
Алып барар малың жоқ,
Бақыр, міскін кез келсе,
Бәріне де қайыр қыл!
Дұшпаныңа жақсы орын бер!»
болып (авторы көрсетілмеген) өзгерген. Өзгерген сөздер түпнұсқадағы қалпын.
Даттау. Түпнұсқада: «Зекетін саудалайды молдасына» деген өлең жолы «Ақ жолда»: «Дегенін саудалайды молдасына» деп берілген. 1989 жылғы басылымда түпнұсқа қалпын сақтаған.
Айтыс.Түпнұсқа мен 1989 ж. жинақта «Шариғатқа теріс істерін мін қылып мүдіртпек болады» деген сөйлемдегі «мүдіртпек» сөзі 1991 ж. басылымда «...сүрінтпек...» деп берілген. Түпнұсқадағы:«Өлке иек, қабырғаның саласындай»деген өлең жолы 1989 жылғы басылымда: «Әлкейек...» болып берілген. 1991 ж. басылымда «Өлкейек...» деп өзгертілген.
Діндар дәуір. Намыс яки соғыс толғауы. «Жүсіп Ақымет жырында Ғашырбек...» деген сөйлем «Ақ жолда»: «Жүсіпбек, Ақыметбек жырында Ғашырбек...» деп берілсе, 1989 жылғы басылымда «Жүсіп, Ахмет жырында Ғашірбек...» болып өзгерген. Сондай-ақ, осы сөйлемнен кейін келетін: «Шүлдірлетіп қызыл басты» деген өлең жолындағы «шүлдірлетіп» сөзі 1991 жылғы басылымда «шөлдірлетіп» деп өзгеріске ұшыраған.
Сындар дәуір. Әуезе түрлері. Осы тарауда кездесетін «...қамтама қаласы». Олардың бөгетшілігін...» деген сөйлем 1991 жылғы басылымда «...қапы қаласы». Олардың бөгеттілігін...» деп өзгерген. 1989 жылғы басылымда өзгермеген.
Айтыс-тартыс. Түпнұсқа мен 1989 жылғы басылымда кездесетін «...әдебиет түріне тек айтыс дегеннен...» және «...ғамалы болса, сол ғамал мақсаты қайраттан туған ғамал болады» деген сөйлемдер 1991 жылғы басылымда кездеспейді.
Түпнұсқада «Қазақ, орыс патшасына болады не жайбарақат» деген тіркес «Ақ жолда»: «Қазақ орыс патшасына қарап болады. Жайбарақат» деп, ал 1991 жылғы басылымда «Қазақ патшаға қарап, не жайбарақат» болып өзгертілген. Сондай-ақ, түпнұсқа мен 1989 жылғы жинақта кездесетін «Намыс толғау соғыс кезінде, соғысқа түсіру үшін яғни» деген тіркес 1991 жылғы жинақта берілмеген.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру