TELEGEI

Home

Өлеңдер жинағы 2

Светқали Нұржан

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Өлеңдер жинағы 2

Светқали Нұржан - «Өлеңдер жинағы 2» шығармасы.

ТАҢ ҚАУЫЗЫН ЖАРҒАНДА

НАСИХАТ ҚАЗАҚИЯ

Поэты — все единой крови.
С.Есенин
Шын шайырда ру жоқ — ұлт болады,
Рушылдың шатпағы — қыртқа дәрі...

Жерде жүрген бауырды бөле алмас ең,
Көтере алсаң тауыңды бұлттан әрі.
Хас ақында жүз емес — ел болады,
Жыры — жауға сілтейтін ер жарағы...

Жетегінде ит болып ұлып өлмек,
Үй ішінен үй тіккен кембағалы.
Нәрем алған жас-тілек, бата-кәрі,
Ақын сөзі: ел — зары, отан — ары.

Бар ақынды жалғайды Жалғыз Тамыр,
Аққан қаны "Өлең" деп аталады.
Кұмнан өнген сөзде, рас, бай — мағына,
Қақырамас қай дауыл, қай дауыңа.

Титтей — туған ауылын жүреді олар,
Адамзаттың қондырып Жайлауына...
Топастықтың түксиген тас қамалы,
Тағы да тұр тапап бір тастағалы.

...Ақындарды Аллаға апарар жол,
Жүрегінен ұлтыңның басталады!..
Мүміндерге нұр төкпей пайғамбарша,
Кір шашасың жолына қайран қанша?!

Елін тұтас сүйеді шын ақындар,
Сүйе, сүйе Аллаға айналғанша!..

ҒАШЫҚ ҒҰРПЫ

Жүз қызды сүйген Расул сықылдымын,
Жүз қыздың жанарына жағылды мұң...
Талдарды талықсытқан ай астында,
Тағы да сүйгенімді күтіп жүрмін.

Бір бұлбұл бебектейді талға қонып,
Мен тұрмын, тәнде — талғақ, жанда — жерік.
Баяғы жүріп өткен жүз соқпағым,
Тауларды ұялтады Таңба болып.

Ақынның күтіп алып алдан Жарын,
Дәлелдеп жатыр тағы талдар бәрін.
Бұрынғы жазған ғашық-ғазалдарым,
Ең соңғы Сүйгеніме арналғанын.

АЙШАЛЫҚ ҚАҒИДАСЫ

Жұмақтың жемісі — дүр тәтті ерінің,
Аулақта көңілім жетпес, әттең, үнің!
Қаңғыған Ай астында мен бір — әруақ,
Сүйретіп сағыныштың ақ кебінін.

Жүрекке қадалғанда оқ дір етіп,
Сенделіп қалғаныммен соққың өтіп.
Ақ кебін - қанатымды қағып-қағып,
Соңыңнан Басқа Әлемге кеттім өтіп.

Басқа әлем, барлық нұры бүршік жарған,
Жүзінен иман тамған тылсым - жалған.
Тұнжырап түн түбінен тіл қатпайсың,
Сөзінен жұлдыздардың қымсынғаннан.

Шыңғыртып шекесінен шірне сорып,
Әруақтың жүр соңыңнан сүлдесі еріп.
Мені аяп бір жарқ етіп қарағанда,
Қан шықты жанарыңнан түнге соғып.

Қан жұққан жанарына, сана - тілдім,
Саумалын желпі маған қанатыңның.
Тек менің көз жасымнан сырға тақсаң,
Қалайын тылсымында-ақ қара түннің.

Көңілім қара түнге қарай ұлып,
Бұл дерттен кете алмаспын мен айығып.
Сан рет таң суырып алды мені,
Тырнағы кебінімді дар айырып.

Жүргенге бар арманы жалақы боп,
Ұғылмас менің мұңым - қара түнек!
Тірліктің түрмесінде тұрады үнсіз,
Әруақ-құс. Тұр жалаңаш. Қанаты жоқ!

КЕЗДЕСУ КЕШІНДЕ

Ортаңа келдім, әлеумет,
Алқаңа келдім, Әлеумет!
Қалмады кімнен не дәулет,
Қалмады кімнен ел, әулет.

Дәулетім, жырым-пырағым,
Жарау көк, әлде, жадау көк,
Жапырақ-жүрек тұмарым,
Алдыңа шықтым, құралым.

Бұрынғылардың жолы-ау деп.
Тылсымда бұққан мұңымды,
Шым-шымдап шыққан сырымды,
Ұғатын жандар бар-ау деп.

Жел өткізбейтін ну қамал,
Орман боп бүгін шулап ал.
Көріме кірсем сайғағын,
Өріме мінсем ту қадар,

Армысың, туыс-тумалар.
Мастықтың тамсап тостағын,
Арманның аңсап асқарын,
Жалғанның жасап жоспарын,

Жастықтың қарсы ап кеш-таңын
Түңілген кезде, сүрінген қолтықтап, қоршап қосқан үн
Бармысың, қайран достарым?
Саумысың, майдандастарым?!

Жаңа жыр, қайда күй күлген,
Дәуренді қалай қидым мен?
Татырып балын сөзімен,
Көзінен алғаш сүйдірген.

Тереңге қиял жүздірген,
Желбезегінен ілдірген
Қайда екен қалқам, құртқа бел,
Бар ма екен ол да? Кім білген?

Алыстан көрсем айбарлым,
Қасымнан көрсем айдарлым,
Күннен нұр алып, айдан - мұң,
Жұртына жанын жайған мың

Шау тартып қапты-ау әкелер,
Қартайғандарыңа қайранмын!
Тұрған бір жандай сүзектен,
Сүйектен кезде сыз өткен,

Ұйқымды талай күзеткен,
Ақ таңдар құшақ ашқанда,
Жүзімнен менің жүз өпкен.
Шатқаяқтап шалыс басқанда,

Шапалағымен түзеткен,
Ағалар, ар ма, даналар?
Басымды ием ізетпен!
Балапандарын шайқаған,

Аналар барда жай табам.
Еркелеп алғым келіп тұр,
Сәби боп саған қайтадан.
Әзілге мәзір қайтарам

Жеңгелер қайда сойқаған?
Самала сәнді залдарда,
Шағала сазды заңғарда,
Сендер деп салдым шайқап ән,

Осыдан басқа не айта алам?!
Арманмен кетті жарым жас,
Жалғанмен кетті жарым жас.
Құм жұтқан алтын табылмас,

Өтіңдер дәйім бәрің жас.
Айға ілген бозша бұлттың,
Бейнесі көзде — түбіт-мұң.
Жалғап ап жібін кетіңдер,

Біздерден қалған үміттің,
Жеделдес іні-қарындас!
Көз тігіп көшкен құмдарға,
Ой тігіп өшкен жылдарға,

Ұйқысыз түніммен келдім,
Күлкісіз күніммен келдім
Өздерің бар деп бұл залда.
Бүгетін бізде сыр бар ма,

Аяйтын бізде жыр бар ма,
Қаумалап халқы тұрғанда?!
Дүйім жұрт, бейне — көк орман,
Көріне берші тек алдан.

Ұлым десең де еркіңде,
Құлым десең де еркіңде.
Сертімнен берген тана алман,
Жұлдыздар қанша жоғалған,

Жоғалсам қайтып оралман.
Тегімнің арын арқалап,
Жерімнің зарын арқалап,
Елімнің Қамын арқалап,

Шығып ап шыңның басына,
Жетіп ап айдың қасына,
Ағып бір кетсем жоқ арман!

БОЗБАЛА ШАҚ БАЛЛАДАСЫ

Бұлт марқаны іреп көктің пышағы,
Марқа жүні қылау болып ұшады.
Тау қойнауы. Ескі қыстау. Үлкендер
Алыстағы тойға кеткен, мысалы.

Бір бойжеткен.
Қалған екі-үш жүгермек.
Шыққан жан боп жылқы үйірін түгендеп,
Сам жамырай сен де жеттің қыстауға,

Көкмойнақты асығыстау шідерлеп.
Сынықсыған қасы болып ай қыздың
Бұлтқа кірсе дірілдейді бой қызғын.
"Қонба" деген сөзді қамап алқымға,

Сұңқылдаған шығады үні байғыздың.
Малды жайлап, бекіткесін қораны,
Үйге кіріп шам жағады ол әлі.
Домбыраның баппен сипап бауырын,

Төр жақта еппен ыңырсиды қонағы.
Шай жасалып, шыны аяқтың сыңғырын,
Күлкі көмсе, таптың суын құрбының.
Жүгермектер қызғанғаннан апасын,

Шымшып қалып жылатады бір-бірін.
Кеткен шеше, деп: "Апаңның ісін бақ",
Бірін-бірі жатып біраз қысымға ап,
Көз сорасы кірпіктерін желімдеп,

Кетеді ұйықтап танаулары пысылдап.
Шам шишасы сары уызды жұмыртқа,
Сияқтанса, сілекейің шұбыртпа.
Жалғыз қыстау. Байғыз үні. Жалғыз қыз.

Бір құпия сыр құяды ымыртқа.
Сөз сетінеп, тамырда қан лыпылдап,
Шамша шалқып кетеді әбден құтыңды ап.
"Асығыңдар" деп тілдері салақтап,

Пеш үстінде сағат тұрар шықылдап.
Естен шығып қаңтарулы атың да,
Ұмытасың жем салуды ақырға.
Кітаптарын әкеледі қыз сосын,

Кітаптары — кіл ғашықтық хақында.
Еппен ұстап сол кітапты Құранша,
Үңілесің, жүрек тылсым жыр аңсап.
Жаныңа кеп қыз да үңіле бергенде,

Қара бұрым шақпап па еді жыланша?!
Демі шарпып, жатқанда ол да етпеттеп,
Өзіңді-өзің ұстай алмай "тек, тек", — деп,
Шам білтесі қоңыраудың тілі боп,

Шишаны ұрып, сыңғыр қағып кетпеп пе еді?!
Содан соң ба?
Айта алмаспын мұны мен,
Сыртқа шықпас құлыптаулы сырым ең.

...Тау қойнауы.
Жалғыз үйде, бауырым,
Жалғыз қызға жолықпап па ең шынымен!?
Сен де он бесте.

Қыз да соңда он бесте,
Есейгесін оралмай ма енді еске?
Жырдың шамын жаққан алғаш жанына,
Барлық ақын қарыз шығар сол кешке!..

Оңашада, бір құпия ымыртта,
Отырғанда жұлдыз жұтып, түн ұрттап,
Балапан жыр қоңырау боп сыңғырлап,
Шайқалмай ма, жүрек деген жұмыртқа?!

...Бір қарап ап ұйқыдағы үш ұлға,
Сыртқа шықсаң таңның талмау тұсында
Аспан шамның шишасы боп тұрмап па еді,
Ай сыңғырлап білте-бұлттың ұшында...

ТАСҚА СІҢГЕН

Бір қыз көрдім мен таудың өңешінен,
Қалғым келмей айрылып елесінен,
Жан ұшыра жүгірген мені көріп,
Адасқан деп ойлады ел есінен.

Жаным ұлып, сөнердей ғаріп үміт,
Айқай салдым, қылдым да бәрін ұмыт.
Даусымды естіп артына сәл бұрылды,
Дидарына жүректің қаны жұғып.

Мені көріп жүзімнен өпті демі,
Оралмады мойныма тек білегі.
Аяй қарап, сынықсып тұрды да үнсіз,
Жалт бұрылып қайтадан кетті кері.

Кетті кері.
Қақпасын ашты асығып,
Қалды артында қураған қасқа шыбық.
Көйлегінің орнында сағым толқып,

Жоғалды қыз без қара тасқа сіңіп.
Өрмелеймін биікке мен де аз аттап,
Түрпілі сөз, тікен көз енді азаптап.
Қара тасқа үңілген маған қарап,

Мәз болады етекте ел мазақтап.
Мені аймалап биіктің боран, желі,
Жолды бітеп тастады соғар кері.
Шуылдасқан көп елге етектегі,

Қайтып барғым келмей жүр содан бері.
Жас домалап көзімнен тастан да ірі,
Езеді кеп еңсемді аспан жүгі.
Мен қалайда сол қызға жолығамын,

Қара тастың қақпасын ашқан күні...

ӘРУАҚ КҮТКЕН

Ағамыздың айтқанының бәрі аңыз,
деп қалма тек, салам тағы есіңе.
Кешегі өткен екеуміздің бабамыз
Бір келеді мына қырдың төсіне.

Миын шағып, тасын теуіп бөтен үн,
Әруақтарын қорлағанда тәйтік көп.
Жанын қиып қорғап кеткен мекенін,
Бір көрмеуі мүмкін емес қайтып кеп.

Бір келеді «не күйде екен жұртым?» — деп,
Бір келеді «не болды екен ғұрпым?» — деп.
Құлпытасы суырылып біртіндеп,
Топырағы жатты кеше бүлкілдеп.

Жер түбінен ғасыр ауып келгенде,
Пана болған мынау құба дөңдерге.
Не сияпат жасаймыз деп ерлерге?
Сен де, мен де боламыз-ау шерменде.

Кіргізетін ордамыз жоқ келісті,
Мінгізетін желғабыз жоқ желісті,
Жүргізетін жорғамыз жоқ жел үсті
Кім толтырар біздің осы кемісті?

Сөз, ісінде пәтуә жоқ, мазмұн жоқ,
Кімге сеніп қалдырғанбыз тұз-белді?
«Қайдан шыққан кіл құлтекі азғын?!»-деп,
Алдына сап айдар ма екен біздерді?

Тулақ қылып қамшысымен төрімді,
Қара тасқа кетер ме екен шегелеп?
Ит пен құсқа талатқанша жеріңді
Жерге кіріп кетпейсіңдер неге?! — деп.

Құлақ түріп қорымдағы күбірге,
Әруақтарға мен қанша рет түнедім.
Кешегі өткен ер бабалар түбінде,
Мына қырға бір келерін білемін.

Әзір тірі жатыр дала баябан,
Буындырған аяр заман түкті қол.
Жан көре алмай мүшкіл халін аяған,
Теңіз — безгек, тауым — мерез, күпті көл.

Шаң ұшады тары құсап ақтаған.
Бұланы жоқ, құланы жоқ қыр-дала.
Неше заман тамшы дәмін татпаған
Тамсанады кесірткелер — жылғада.

Безбе бұлтты әзәзілге көп ерген,
Мазақтайды бүйіріне түртіп ай.
Жел үп етсе үркіп ала жөнелген,
Қайран менің, тым үргедек, бұлтым-ай!..

Кімге қоныс болды екен, — деп, төл өлкем?
Келеді ерлер бір көруге даласын.
Ей, құлыншақ!
Біз болмасақ күн ертең.

Сол шалдарды өзің күтіп аласың.
Табылмайды бірге күтер сайн жұрт.
Кездесуге сен дайындал күні-түн.
Сол шалдарды мекеніне бақилық,

Қайтарған жөн мертіктірмей үмітін.
Ей, құлыншақ!
Үй артында кісі бар,
Менің айтқан сөздерімді ұғып ал.

Алаңдамай сеніп кетем мен саған.
Бабалардың бір келері айдай шын!
Ана-а-ау таудың
Тамырында мың найзаның күші бар,

Ық жағында жүз күйшінің ыңы бар,
Бұтағында мың қылыштың сұсы бар,
Жел жағында жүз ақынның жыры бар,
Дарақ көріп келдім кеше, сен содан.

Домбыра мен Қобыз шауып қойғайсың!..

ҚОС АҚҚУ МЕН ЕГІЗ ШЫҢ ЖАЙЛЫ ХИКАЯ

Айгүл Үлкенбаева мен Сәуле Жанпейісоваға
Жатқан шақ-тын тас көктеп, тау көгеріп,
Жүрген едік тірлікпен әуре болып.
Маңғыстаудың түңдігі бір желп етті

Алматыдан Айгүл мен Сәуле келіп.
"Өнерінде бұл елдің бөлек із көп",
Деп екеуі келді күй, өлең іздеп.
"Үш жүз алпыс Әулие күңіренген"

Маңғыстауын Елдостың көреміз", - деп.
Жатыр еді еңсемді езіп аспан,
Қос қыз келді — өзі күй, өзі дастан.
Ән-дария құйғанда, күй-дария

Кәрі Каспий қаракөк көзін ашқан.
Жүре алмайтын жан едік жайда қарап,
Ән самғаса ұшатын қайда қанат?
Ісін тастап кейбіреу кеңседегі,

Амандықтар тамсанды айға қарап.
Ұйқы қашып көп көзден бұл түндері,
Көп көңілдің қос аққу құртын жеді.
Ізбасар жыр ілгегін ағыта алмай,

Күміс көмей қайтадан бүлкілдеді.
Елдос, Еміл, Амандық, Көмек, Ізбасар,
Шыртан, Күріш Тасболат белгілі өнерпаздар.
Күй дүрмегі дүбірлеп, жыр дүрмегі,

Сері кеуде айқара түрді іргені.
Қапысыз кеп қыран-ән шүйген кезде,
Жерде қашқан құлан күй ілдірмеді.
Алып қашып жөнелген қырдың желі

Әкеледі-ау, аңыз ғып бір күндері?
Бас білмеген болса да шу асау жан,
Хас өнердің алдында жуасарған.
Желмен бірге теңселіп ел де тұрды:

"Перілер, — деп, адамнан туа салған!.."
Ай айдауға көнбейді, Күн жетекке.
Қалдырдық та самсаған гүлді етекке
Оғыланды тауына тартып кеттік,

Зиярат қып қайтпаққа Пір Бекетке!
"Жолдарыңды, иншалла, оңдайды Ата,
Сары шалдан қайтпаймыз алмай бата!" —деп келеміз.
Көрді де егіз шыңды,

Болып қалды қос аққу таңдай қаға.
Өркеш десек бола ма ауытталған?
Қар дейміз бе ғайыптан жауып қалған?
Аспан көшіп жатқанда жазғытұрым

Қос бұлт сынды теңінен ауып қалған.
Жаудырап кеп қия алмай қарады, ал күн.
Таппай айтсам құны не — баламамның?!
Жұғып қалған қияға кешкі нұрды,

Ұрттап алғың келеді, жалап алғың.
Естілгенде Сәуленің жайсаң әні,
Май самалы билейді майсадағы.
Мың құбылған қырмызы қызыл дүние

Көкірекке сан қилы ой салады.
Көгі теңеуге жібермей арлы өнеге,
Жүгіреді лыпылдап қан денеге.
Селдір мұнар жамылып жатыр қос шың

Ұқсап кетіп шілтерлі әлденеге...
Кетті дейсің теңеулі сөз нөсерлеп,
Сөзге сенбей, керек-дүр,
Көзге сенбек.

Қос қыз отыр қайран ғап.
"Мұндай таулар,
тек Аңыздар Елінде кездесер!" — деп.
Қиял-шыңдар әудемде жатыр үн жоқ.

Барар едік — арада шақырым көп.
Қос перизат сұрады менен кенет:
"Бұл таулардың, ағасы, аты кім?" — деп.
Дәл тигені-ай, мір сауал жанды жерге,

Енді қаңдай пәтуә — әңгімемде?
Жерді жатқа ап отыр ем, елді мақтап,
Атын білмей қапылдым әлгі жерде.
Беу, Маңғыстау... Бақилық құндағым еді!

Құндағына ұлының бұлдары жоқ.
Қырларымнан кешірім сұрап алып,
Сөйлеп кеттім (қостаушы тыңдады көп):
"Бұдан былай аталсын бұл егіз шың,

Сәуле менен Айгүлдің шыңдары! — деп".
(Есті ұлыңды, Маңғыстау, қосшы үніңді! —
Ақ тілеулі сөзіме дос жүгінді.
Бір тасыңды бөгдеге қимаушы едім,

Қос қызыңа телідім қос шыңыңды...)
Көлігіміз шыққасын құзға өрмелеп,
Қалып жатты қапталда түз дөңгелеп.
Ырзалығын қос ару білдіреді:

"Бұдан асқан сыйлық жоқ біздерге!" — деп.
Көңіл көншіп осынау ісімізге,
Нұр жанғандай бейне бір ішімізде
Бекет ата басынан қайттық мәз боп,

Кіл ғажайып шың кіріп түсімізге.
Егіз аққу қош айтып ел-жеріне,
Ертесіне кетті ұшып көлдеріне.
Жүрегімнің түбіне тұнып қалған,

Жырды аяқтап келемін мен де, міне.
Өтті-кетті жарқ етіп түстей жалған,
Ақ кәусарым, беу, менің ішпей қанған.
Ай нұрымен қақтаған қоңыраулар

Ілініп ап көгімнен түспей қалған.
Ойып тұрып орынын төрден алған,
Күй қамалған, қос кеуде, ән қамалған
Қайтқан құстан жатады сәлем жолдап:

"Аман ба, деп, егіз шың елде қалған?"
Самғап ұшқан аққулар - елесі арман,
Көрмейінші кездерін аласарған.
Ел де жомарт екеуін қатар туған,

Мен де жомарт қос шыңды бере салған!

ІҢІРДЕГІ ЖЫР

Түрленгенде құбыла сырласамын ымыртпен,
Менің көгіс мұңыма қызыл ірең жүгірткен.
Малдас құрып отырсаң ымырт түсе төбеде
Үйде жанған соқыр шам сезім құяр денеге.

Көшпелі алтын - жал-жал құм,
Қыр жиделі, ой байсын.
Сондай сәтте жалғанның жалғандығын ойлайсың.
Бу ұшады өңірден көбігіндей бозаның,

Түседі еске - өмірден менің де ертең озарым.
Түсінбеймін құдайды,
Кең ғой менің мекенім.
Мына жұлдыз, мына айды қалай қиып кетемін?!

Толқып жұлдыз құртты езе,
Сорпа - теңіз жел ішкен.
Төгіледі бұлт - көже,
Сәл қисайған шөміштен.

Елтем сансыз елеске,
Қайтем соны көп көрсе.
Отырамын дөңесте,
"Шабан сары" жеткенше.

Бар ма, Тәңір, мұрсатың?
Жарымды ерте жылатпа.
Бұл ғұмырдың бір сәтін,
Қимаймын мен жұмаққа.

Ай мұрыны пістедей,
Көрмей кетсем сусадым.
Қалай жатам иіскемей,
Туған жердің жусанын?!

Шәуілдетіп желді үргіз,
Ақ қауырсын қара түн!
Тесіп өтсе оқ - жұлдыз,
Құсжолының қанатын.

Түннің демін ай жұтты,
Елтиді оған асқар шың.
Осыншама байлықты,
Артқа қалай тастарсың?!

Жан беруші құдірет,
Таңғаламын мен кейде.
Пендесімен бір рет,
Келісімге келмей ме?

Өксіп сансыз өтті арман,
Бізді де ілер қармаққа.
Ешнәрсе алып кеткен жан,
Жоқ дейді ғой ар жаққа.

Ғұмырдың жоқ төлемі.
Не дер екен ендігі ой?
О дүниенің кедені
Тым қырағы болды ғой.

Талай келген бәйгеден,
Дәурен бізден қалады, ә?
...Бірақ, ана-оу Айды мен,
Алып кетем молама.

ТЕҢІЗ. КЕШ

Атырау теңіз ақ байыр - Атырау - арман,
"Жеті қарақшы" ақ нұрды сапырады алдан.
Бозарып отыр Ай - ару,
Жұлдыз моншағын,

Түсіріп алып теңізге қапыда қалған.
Қайтадан шықты ақ моншақ жұтылып барып,
Отыр-ақ еді кеш бойы күтініп, бағып.
Айдың моншағын өңірге жұтынып тағып,

Бәлекей - теңіз күлді кеп сықылық қағып.
Шадыман теңіз жағаны үлбіреп өпті,
Күлдіре көкті — жан сырын білдіреді епті.
Шолжың сіңлінің қылығы жанына жақпай,

Шымылдық - бұлтқа Ай - ару кірді де кетті.
Өзіңдей мен де қашаннан асылға зармын,
Асылымды іздеп басты сан жасынға жардым.
Мендегі қайғы сенің де басыңда бар мұң,

Қызығын көріп қалмақпын жасымда жардың!
Аспандағы айдың қол созбай шымылдығына,
Жанымда жатқан теңіздің қасында қалдым.

ҚАҢҒА БАБА

Айналдым әруағыңнан, Қаңға Баба,
Қарайсың қарагөзбен паң далаға.
Базарың тарқап бастан, дәурен көшкен,
Көшпеген қорымдағы таңба ғана.

Мың заман ұя салған - бағзы мекен,
Мың мәрте, алдияр жер, тағзым етем.
Тістері опырайған Керуен Сарай,
Көрідей үн қатпайды аузы бекем.

Жол — шиыр,
артың — қиыр,
алдың — арман,
Көк таста тарих көзі мәңгі жанған.

Қозғайды қиял шоғын Көсеу Таңба,
Бір белгі қаңғып кеткен Қаңлылардан!
Қаңырап қалыпсың - ау, Қаңға — Құтпан,
Жамырап сағыныштай жанда бұққан,

Орда едің сан керуен тоқайласқан.
Ұрымнан, Қарағорым, Ханбалықтан.
Талайлар келді, бәлкім, жұртымды ойлап,
Талайлар келді, бәлкім, құлқынды ойлап.

Казактар қылышымен атын жазып,
Кәззаптар қоса қара мұртын майлап.
Кең қиян дерті болып жат жайлаған,
Небір сой мына ағашқа ат байлаған.

Жұтаяқ уәзір келген тақты ойлаған,
Құтаяқ Қызыр келген хақты ойлаған.
Жоғалтқан Алтын Сарай кілтін ғафыл
Бұл жерде бабам қонған Жұртым жатыр.

Кешегі "қызыл табан қырғында" өлген,
Түбінде әр бұтаның ұлтым жатыр!
Бұл жерге түспей көптен есті назар,
Тұсынан қызық қашты, көшті базар.

Сықылды көне күннің көлеңкесі,
Қарайды тау басынан Ескі Мазар.
Басында әр бұлақтың тұт ағашы
Бейне бір осы жердің құт анасы.

"Танимыз сен баланы" дегендей боп,
Қалады бас изесіп бұта басы.
Қадымша иректелген көп құлпытас
Сықылды тас шежіре мұқабасы!

Боламын барлығын да көре кетпек,
Бұл жерге кімдер келіп, нелер өтпек?
Бір түрлі жетімсіреп қарайтындай,
Төбесін отынға алған көне мектеп.

Шулаған жер түбінен көп баланың,
Құлаққа шалынардай өлеңі ептеп.
Түз толы төгілгендей баспақ пештен
Көздегі қалды ащы жас

Жас шақты еске
Ана бір жапырайған жертөлені,
Талақ қып алты жаста тастап көшкем.
Қалыпты әлдеқашан есік боп төр,

Дүр етіп ұшып шықты шошып кептер.
Көшкен ел қайта айналып қонбаушы ма еді,
Бұл жерден босып емес, көшіп кетті ел?!
Бара жатыр көз қарайып, қас байланып,

Баба жұрт маған сырын ашпайды анық.
Ешкім кеп жұмбақ теңін шешпеген соң,
Кеткендей тоғанақтар тасқа айналып.
Қош боп тұр!

Қаңға Баба — бағзы мекен!
Алдыңда мың мәртебе тағзым етем.
Құтаяқ Қызырға еріп бір күндері,
Басыңа ел әкелу — парызым екен!

Кеудемде бір құлыншақ кісінеді,
Тарқатқан сырларымның ұшы желі.
Жетім ғып сонша әруақты тастап көшу,
(Сақта, Алла!) өсер елдің ісі ме еді?!

Бесігін арманымның тербет, ұлым!
Бұл жерге сен де тіле ел жетуін.
Қаңғадан қаңғып кеткен көп қарлығаш,
Жиылғай түкпірінен жер бетінің!

Қаң - қамның көргім келмей өлі күйін,
Үйіріп барады алып мені құйын.
Жүрегім жаурағанда тығылатын Жалғанда,
Менің титтей — Жерұйығым!

Ішінде мүрдесі жоқ... (Не көшпеді?!)
Ақ күмбез зыңғырап түр дөңестегі.
Тірі жан маған еріп келмесе егер,
Жетермін әруақтармен кеңескелі!

КҮЗГІ ӨКСІК

Қыркүйек желі жаз өтті дей ме,
Қайтқан құс сыңсып аза етті бейне.
Өткен жазыма қайтқым келеді,
Қалпақ қылып ап газетті кейде.

Ұзарды түні, таңы қысқарды,
Тал сыңғырлатып сары мыстарды.
Жаз ұрлап аңсар жалыныштарды,
Санада сартап сағыныш қалды.

Бұлттардың қашып ыпыны, сәні,
Қанатпен құстар түтіп ұшады.
Жазбен бірге ол да жоғалды ма екен,
Үпілмәлік - қыздың үкілі шағы?

Көзімнен ұшқан қиялдай ғалам,
Соны аңсап есті жия алмай барам.
Басынан көшкен дәуренді неге қиялдайды әман,
Қия алмайды адам?

Жасындар жатқан жаздай жарқылдап,
Күз өртеп енді, маздайды алтын бақ.
Сермеуші ед қанат құшақтағы ару,
Қаршыға бүрген қаздай қаңқылдап.

Өтті көңілді желдірген шақтар,
Қайыңға қарап телмірді аңсап тал.
Жапырақ-көзден шашылып,
Үскен тердірер ме енді мөлдір моншақ.

Ғайып боп кеткен нұр сипатты арман,
Тұрар ма тағы кіл шырқап таңнан.
Сағымды сүйген жаздың самалы,
Күзгі жел болды құм сипап қалған.

Өксікті бар ма біздің көңілдей?
Ғашықтар жұрты түздің мөріндей.
Кеудемде бір үн ыңырсиды әлсіз,
Жер сипап қалған,

Күздің желіндей.

КӨГІЛДІР КӨЙЛЕК КИГЕН ҚЫЗ

Алғандай киіп аспаннан жыртып,
Көгілдір еді көйлегің сенің.
Шомдырып нұрға тастар жанды ынтық,
Жанарларыңнан кейде күлсе күн.

Көйлегің сенің көгілдір еді,
Көгілдір белде көктемде көрдім.
Қиялым саған еріп жүр еді,
Үстіне ымырт шөккенде дөңнің.

Сезім қармағы түртіп ауырдым,
Жүрек-шабағым бұлқына қапқан.
Ғажап түні еді жылқылы ауылдың,
Құлыншақтары шұрқырап жатқан.

Ыңырсып бір ән жел жақтан өттім,
Жаймадым, әттең, неге кеп құшақ?
Қасында жүрді сен жаққан оттың,
Көңілім жынды көбелек құсап.

Жұртында қаппын көшкен қосыңның,
Ертесін мұңды дала сөйледі.
Оттары мүлде өшкен мосыңның,
Тұр екен қаңсып қара шәйнегі.

Содан соң салдым қанша әнді керім,
Бейнеңді жоқтап сенің қыр асқан.
Шаншар жүрегім аңсап жүремін,
Көзімде түнеп көгілдір аспан.

Айтамын баяу әлі ымыртта әнді,
Көзімде түнеп көгілдір аспан.
Көгілдір аспан, сары жұрт қалды.
Кеудеме мәңгі мөріңді басқан.

ЕСТЕЛІК

Жетті де ұшып дос - құсым,
(Бақ еді ол түске енбеген)
Әкелді сәлем: "кешкісін Төрткүлді жаққа кел!" — деген.
Ынтықтық емсіз дерт білем,

"Жоқ қарап, - дедім, - жол жүрем".
Лап ете қалған өртті мен,
Құдай-ау, қалай сөндірем?
Буазып жатыр бөрте бел,

Жолдарды талмап қыр жұтып.
Сәйгүлік үшін,
Кер төбел Бестіні міндім ырғытып.
Арманды көкке таратып,

Тізгінді біраз босатқам.
Қызды ауыл жаққа баратып,
Ән салған қандай Досаттан!
Ғашық жан кейде насыр іс,

Бастайды күні күлгенге.
Тұсай сап атты асығыс,
Жантая кеттім бір белге.
Баябан жазғы бу атып,

Толғатып жатыр дөң барша.
Өткізбек едім уақыт,
Кеш әбден түсіп болғанша.
Есімді билеп ерке жел,

Көрінгенде ай да көкте оймақ.

Досат Бәймембетұлы

"Адайдың жеті қайқысының" бірі.
Жамандат тигір кер төбел,
Шідерін үзіп кетті ойнап.
Соңынан оның "құр-құрлап",

Жүгіргенменен пайда жоқ.
Түнекке сіңді ол қылтылдап,
Қарайтын қызға қайда бет?
Жайылды қырға өрт күрең,

Не дермін жұртқа енді мен?
Лапылдап жанған дертті мен,
Құдай-ау, қайтіп сөндірем?
Қайран не сан ұр, сан ұрма,

Қасқитты-ау, алда, тәйір-ай.
Қылтылдап бұлттың жалында,
Алтын қас ердей қайық-ай.
Тигізіп өшпес зиянын,

Тастады жолға жаман ат.
Қанаты сынған қиялым,
Ол қалды қанат сабалап.
Сыйғанмен аттың баурына,

Түнгі қыр тұсау шешкесін,
Бұл түні қыздың аулына,
Белгілі болды жетпесім.
Өртеніп жүзім ұяттан,

Келемін.
Арман жоқ бақыт.
Кісінеп құланиек таң,
Нұр тарап жалын кетті атып.

Мен содан бері жолдамын,
Желеді жылдар атандай.
Ауылы шалғай арманым,
Келемін жаяу, жете алмай.

ЖАБАЙЫ

Ой, Жабайы-ай!
Жабайы ғой. Жабайы.
Осы сөзім шықты-ау әнтек анайы...
Абайламай туылса егер Абайы,

Қамшысына түкіреді талайы.
Ой, Жабайы-ай!
Жабайы ғой. Жабайы.
Өзеуреп тұр өңез аққан самайы,

Қабанбайы, Қарасайы батыр да,
Пақыр сынды плотаны мен шабайы.
Ой, Жабайы-ай!
Жабайы ғой. Жабайы.

Бұл-дағы бір әңгіме еді пәнайы.
Сүйегінен қаланғанмен қазақтың,
Қазағына пысқырмайды сарайы.
Ой, Жабайы-ай!

Жабайы ғой. Жабайы.
Көзін ашпас - атқан таңның арайы.
Кесіп қойған басы алтынның үкімін,
Өкшесі — жез, бөкселері — қалайы.

Ой, Жабайы-ай!
Жабайы ғой. Жабайы.
Тауық терген тары тағдыр-талайы.
Алла берген ырзықты бөле алмай,

Алқынады албан, арғын, адайы...
Ой, Жабайы-ай!
Жабайы ғой, жабайы...

ЕРТЕГІ - ЕЛЕС

Талып ұшып ит қиян, зыттым белден,
Қонар тұрақ таба алмай бүкіл жерден,
Аққу келді демімен тазартпақ боп,
Алматының аспанын түтін көмген.

Аққу келді көзінше жанған арман,
Пәктік үшін қанатын қанға малған.
Тәңірінің өзінен тазартпаққа,
Алматының аспанын тандап алған.

Аққу келді лебінен гүл көктеген,
Пәктік жайды үйретіп дүрмекке өлең.
Ана-оу жақта жүргеyде Бегзат еді ол,
Періштесі Жұмақтың құрметтеген!

Аққу келді көңілде алаңы көп,
Ықыласы ып-ыстық соғады бет.
"Бүгін көкті тазартып қалмаса егер,
Онда мәңгі ертең кеш болады!"-деп.

Қалды, бірақ, шамданып паң Алматы,
Келген жоқ-тын Алланың хабар - хаты.
Тазамын деп ол өзін есептейтін,
Әсіресе, кешкілік жанарда оты.

Шыр-пыр болып сонда Аққу заулап ұшты,
Қанатты іліп шалғайдан тау жабысты.
"Еш бір жерде Аққуға орын жоқ!"-деп,
Бір ауыздан Алматы қаулы алысты.

"Жоғалсын!"-деп шарт кетті шатынап сең,
Аққу сенім күйрейді-ау қапыда, әттең.
"Ең болмаса сен түсін",-деп келгенде,
Долы ағаштар сабады жапырақпен.

Жалғыз Аққу ұшып жүр жара жаны,
Ақ қанаттың тамады қара қаны.
Ақ қарынан дәметіп қонғанында,
Тау ақситты азуын талағалы.

"Жоғалтпа,-деп, ешқашан атақ-арды!",
Тәңір берген озалда бата бар-ды.
"Сен Пәктіктің айдыны ең",-дей бергенде,
Көк бет көлдер мұз болып қата қалды.

Қуып шықты аспанға бүлік-талғам,
Бұл-бұл ұшты көздегі үміт-жалған.
Аққу зарын тыңдауға бермеді ырық,
Қара жегі сүйекке сіңіп қалған.

Шыны-сезім күл болып уатылған,
Қашып шығып мына бір сұрапылдан,
Қап-қара аққу сұңқылдап бара жатты,
Түтіні бар соңында шұбатылған!

ЕСІҢДЕ ME, ЖІҢІШКЕНІҢ ӨЗЕНІ?..

Баллада
Есіңде ме,
Жіңішкенің өзені?
Топ студент құрылыста жүрген кез.

Сағи айтқан: "Жаздың балғын кезі еді",
Отыз жігіт және жеті күлмең көз.
Жастық өрті қалай ғана өртемес,
Өзегінде өксігі бар ер ішін,

Жеті қызға жүруші едік ерте-кеш,
Жұматайдың оқып: "Жеті перісін..."
Балшық айдар жиренім бар төзімді,
Меншігімде жеті қыз бар мықынды.

Кей кездері сезінемін өзімді,
Жіңішкенің Жұматайы сықылды.
Жеті қыздың, әсіресе, біреуі,
Жанарымен жалт боп жарып өтетін.

Маған алтау, ал мен оған үнемі,
Бағынышты сылақшы боп кетем.
Жұмыс сәтте айналады думанға,
Көз күлімдеп, көңіл көншіп, тершіп бет.

Ымырт түсе "Жеті қарақшы" туғанда
Жеті қыздың атын қоям меншіктеп.
Шаршау бар ма, жастық деген бұл елде,
Қиял, шіркін, қашады алып қай-қайда.

Кешке қарай жиреніме мінем де,
Басамын кеп "Айнамгөз" бен "Айдайға".
Тымық кешке салып сонда ән бүлік,
Қосылады қол созымнан құзар шың.

Қайран, албырт жастық шағым, жаңғырып,
Сол шыңдарда әлі жүрген шығарсың.
Жіңішкеге жетер, сірә, қайда ұшпақ?
Айналаңда тізіледі қаздай шың.

Қол созымнан алмақ болып айды ұстап,
Табандағы құзға құлай жаздайсың!..
Ғашық оғы жүрген жанын жаралап,
Шаруасы жоқ құрдасының мұңымен,

Уәлибек гитараны сабалап,
Бәдік әнді боратады түнімен.
Есімде әлі,
Жіңішке өзен. Жалаңаш,

Атымды іздеп шығып едім таңертең,
Тұтжалаңаш айналасы тал-ағаш,
Суға түсіп жатыр екен ақ еркем.
Басты албасты сол мезетте, жай кезде,

Мүйізімен бұлт жайқаған шәйірді.
Сығалаймын тұңғыш түскен ай көзге,
Джунглидің тұрғынындай байырғы.
Жалаңаш- жер аты.

Алай-дүлей құйын көшті ішімнен,
Өзен - көңіл кемерінен тасты анық.
Көз ала алмай қалдым тірі мүсіннен,
Өңіне де қараушы едім жасқанып.

Жапырақты үрлеп қалып тау желі,
Арасынан шуақ саулап жамырап.
Аппақ тәннен талып түскен сәулені,
Ақ толқындар әкетеді қағып ап.

Түсте көрген періштемдей денесі,
Жер желімдеп,
Тұрмын әлі қадалып.
Кірпігім — садақ,

Көз — қорамсақ,
Жебесі
Ақ маралға жатыр үзбей қадалып.
Талдан ұстап тұрғанымда үздігіп,

Кенет көзі шалып қалды. Сақта, Жар!
"Ұятсыз!"-деп таңба басып шыжғырып,
Тоғайға үркіп сіңіп кетті Ақ Марал.
Өмірімде бір оқиға болды ірі,

Өртейді ұят, сүйегімді қақсатып.
Тілек (марқұм) сөгіс берді сол күні,
"Құрылысты алғаныма ақсатып".
Суық тартты содан қыздың өңі, үні,

Бұрынғыдай жоқ бойында бал қылық.
Кете бардым,
Жеті бірдей періні,
Жиырма тоғыз жетпегірге қалдырып...

Мен шілдеде жерге батқан Үркер ем,
"Жеті қарақшы" ұрлап алды үмітті.
Қалды "Үлпілдек" көкшіл мұнар бүркеген,
Көзіне ілмей - "Сұлу сары" - жігітті.

... Иә, есімде.
Жіңішке өзен. Жалаңаш.
Қалды алыста жастық дәурен белсенді.
Тал ішінен қызға қарау жалаңаш-

Мен жасаған ерлік еді ең соңғы.
Кейін, сірә, менен қашқан Ақ Марал,
Тап болыпты менен де өткен мергенге.
Өзім, бірақ, әлі күнге сақтанам,

Экраннан жалаңаш қыз көргенде.
Жастық өтті, бөлеп талай думанға,
Мұңды Естелік...
Өкінтпейді ол да аса.

Кейде ымыртта "Жеті қарақшы" туғанда
Кірпікке шық қонатыны болмаса.

ЕЛДЕН КЕЛДІ ЕСЕНҒАЛИ

Баллада
Жүруші едік, сыртыңнан сұрау салып,
Тырау шалып алыстан жырау шабыт.
Соңғы көшті жеткізіп Маңғыстауға,

Алматыға оралдың, Раушанов.
Елдің атын жетер ем тегін мініп,
Музейде тұр ақ бас ер, өмілдірік.
Алматыға мен бүгін тұңғыш рет,

Ата жұрттан оралдым,- дедің күліп.
Ән ағызып жатқан шақ көк тал бүрден,
Сар даламның самалын жоқтап жүргем.
Шыр - шыр етіп кеудемде балапаным,

Маңғыстау жақ аман ба?-деп қалдым мен.
Деп жатыр жұрт:
Жол қайыр!.. Көш көлікті!
Сонда қалай?... Қызбалау дос демікті.

Ол жайында сен айтшы, - дедің маған,
Е, бұл да елге емге айтар естелік-ті.
Жететін жан жиналды бір кеңеске,
Көмейдегі көп сауал тұрды өңеште.

Түгіскендік бір досым күңкілдеп жүр:
Бұл жігіттің ауылы Сырда емес пе?
"Тұқымы еді бұл да бір сойдың ірі,
Өз еліне іріні қойды ма ұры?!"

Күрсінемін мен іштей, жігіттердің:
«Жизақ жақтан деп жүрсек...»- дейді бірі.
Жапыраққа жиналған төгіліп нұр,
Асылады көк тасқа емініп гүл.

Араға алпыс жыл салып Алматыда,
Маңғыстаудың қос ұлы жолығып тұр.
Жолығып тұр құтылып құрығынан,
Бірі - баран болғанда, бірі — қылаң,

Бірі - бұлан болғанда, бірі — құлан.
Абыз шалдар кешегі тірі Құран.
Бір марқаның құлағын бөліп беріп,
Бір қолқаның су ішкен құдығынан.

Қос жүгермек бір - бірін танымай қап,
"Иә, Бекет!" — деп, содан соң "А, Құдайлап!"
Оралғасын табысты тіліне ұран,
Артында Ақпан, Сам, Матай, Бостан қалып,

Ауған, Иран, Үшқұдық, Қостам барып
Түп қазығын (мың шүкір!) тауып жатыр,
Жұтта азығын алдырып босқан халық.
Шүкірана, уақытқа! — салған назар,

Зар шындығын мен емес жалған жазар.
Маңғыстауда жамырап шығады алдан,
Әр төбенің басында қалған мазар.
Бесқаладан көш түзеп, Шағадамнан,

Қайтып жатыр ауылға көп оралман.
Құлпытастың қынасын сүртіп көрсе,
Шежіресі шығатын молалардан.
Кәрін төккен зәр заман қанды ғалам,

Әр қыраттан табылып, әр жырадан.
Тентек шалдың тұяғы тұздай құрып,
Кете жаздап, әйтеуір, қалдық аман.
Қызыр — Ілияс ауыл ек құраған бақ,

Бақ ұшқасын жол кетті бұралаңдап.
Балапаным кеудемде шырлайды үзбей,
Бозторғайды жұтқандай жылан арбап.
"Сен айт!" — дейсің...

Айта алмай алқынды ақыр,
Жүрек ыстық болғанда салқын ба тіл?
Кірпігімнің түбінде қайнар қайнап,
Алпыс жылдың аңызы алқымда тұр.

Көшкенменен көзімнен көп керемет,
Айта алмаспын әңгіме көпке керек.
Түртіп қалып қалғыған қызғалдақты,
Оятады шошытып көк көбелек.

Кейінгі ұрпақ оқитын қайтып келіп,
Уақыт - кітап, жатады жай түптеліп.
Құтылдым мен, орнына әңгіменің
Аралбайдың "Жұт жылын" айтып беріп.

Осы жерге алпыс жыл жеттік жүріп,
Босауға ерік бермейді тектім күліп.
"Бізге жаман жазуға болмайды"-деп,
Қол бердің де жүзіңді кеттің бұрып.

Шыр - шыр етті кеудеде балапаным,
Желіп барады нар ұлы нән атаның.
Сар даланың шықты исі cap баладан,
Ыстық неткен, япырмай, алақаның.

Желіп кеттің, жанымда бола тұрмай,
Жә! Желе бер!
Үш көкке қанатың жай.
Көз алмаймын ізіңнен,

Көзімді алсам
Мәңгілікке көз жазып қалатындай.

ӨЛЕҢ ЖАЗУДЫ ҮЙРЕТУ САБАҒЫ

(Естелік)
Мырзатай Болатқа
"...Марқа - сөзді ұйқасқа көгендеген,
Өзгеше бір әлем ғой өлең деген.

Өлең деген- құрылыс өз алдына,
Құрылысын өткізер көп әрлеген".
(Менен қатқан бір ақын жасамақ боп,
Сыншым отыр алдымда көлеңдеген).

"Содан кейін өлеңге пішін керек!
Пішінді өлең - сұлуды мүсіндемек.
Пішінің мен іш үнің сай келмесе,
Сыртың бөтен сияқты - ішің бөлек"

(Сыншым отыр кезеніп сұқ саусағын:
"Өлеңіңнің маркасын түсірме!" - деп).
"Содан соң ба? Өлеңге сезім керек!
Осы айтқанды қала біл - кезінде елеп.

Сезім деген бүгінде анау, әлгі,
Мықты бар ғой,
Тап соның өзінде жоқ..."
... Сезім деген сол ма екен,

Бір бозторғай.
Көкірегімнен беймезгіл безілдеп еді,
"Сосын тағы тосын тұр соны ізден,
Жүре бермей баяғы қоңыр ізбен.

Ақ қағазға сала алсаң сөзбен сурет,
Ойлай білу, ол деген — образбен.
(Қозы, құлын бытысып кетті ойымда,
У-шу болып, көген мен желіні үзген).

"Жүрек, кейде пернені саусақ табар,
Саусақ мықты болғанда жау сақтанар.
Өлеңіңе қақпасаң ой-шегесін,
Сын дауылы соққанда қаусап қалар!"

(Осы сөзі кірді ептеп шарбағыма,
ісек қойдай отардан алшақ бағар).
Сыншым отыр енді-енді екпінденіп,
Мен отырмын тезірек кеткім келіп.

Жаңа ғана басталған жаз қызығы,
Каникулда жайлауға жеткім келіп.
Жез түймелі сыншымның көк көйлегі,
Елестейді жұлдызды көк түн болып.

ШАЛ

(Бүгінгі баллада)
Қара шал — қара бура, жарап алып,
Бір кепке он оралып соғады анық.
Шетінен әңгіменің кіріп көріп,

Талайлар шығып жатыр жараланып.
Ортаға қара шалды қамап алып,
Отырмыз бір топ жігіт қораланып.
"Ол анық.

Биылғы қыс жұт болады.
Жұт болса мына халық тіпті оңады..."
"Ой, жағың қарысқыр!"- деп кемпірі отыр,
Ал шалдың жоқтай оған түк те алаңы.

Сөздері біз тараптан құпталады.
Келгендей көптен күткен құт қонағы,
Біздерге нығыз сөйлеп, нықталады.
Қазанда былқып піскен сүр исіне,

Талай көз жұт көрмеген сұқтанады.
Құрдасым - шетте жатқан күп қараның,
Талмаусып танауынан шық тамады.
"Жұт болмай қайтушы еді, шырақтарым,

Таң ылғи атар болды құлақтанып.
Таң атса терістіктен бір суық жел,
Сарнайды миығады жеп, құлақ қарып.
Отырған біраз елміз бұлақ бағып,

Бұлағың жатыр биыл жылап тамып.
Кәнеки, насыбай?.."-деп сұрап қалып,
Жөнелді тағы арнайын сыр ақтарып.
"Болғаны шөбіміз бар бір апталық,

Әкелер күш-қайрат жоқ жырақ барып.
Айтпақшы, біздің елден сайланғандар,
Жатыр ма, орталықтан тұрақ тауып?"
Бұрғанмен әңгімесін басқа жаққа,

Шалыңның көкейінде бір-ақ қауіп.
"Көктемнен дәметіп еді жұрт алдағы,
Биыл да ұлан жазға дым тамбады.
Мінеки, күз ортасы аумай жатып,

Тәнжіді малдың кәрі-құртандары.
Бүгінде, не күйде елдің сұлтандары,
Талмап па жұрт алдында жыртар жағы?
Бар білем шеттерінен түлкі алдары,

Жырмайды тамағыңды қылтандары".
"Ой, байғұс, жөнде өзіңді"-дейді кемпір,
Көнетоз көрпесімен қымтанғалы.
«Мені қой»,

Талай жұттан тірі шыққам,
Күрең ат аман болсын тіл таңбалы.
Ай туады он ай болды шалқасынан,
(Таңырқап қалды өзі де қарт осыған).

Артынан қайырсыз бұлт ере келеді,
Қоңыздай індігешке шар тасыған".
Кетіпті жігіттердің алды қалғып,
Жеп алған сүрдің қазы - қартасынан.

Шынжыр бау сағаты мен жез шақшасын,
Қара шал алып жатыр қалтасынан.
Атқан соң изен қосқан насыбайды,
Түшкірік шықты кепкен аңқасынан!

"Ер кетті елге жүкті арта салып,
Ауызға жалған сөзден малта салып.
Соларға деген елдің зілін артсаң,
Жарылып кетер еді жартас анық.

Жатады ит - бауырға аяқ тарта салып,
Тұрады итсигекке қорқа сарып.
Қоспақтар желге қарап шөгер болды,
Күнбе-күн баратса да қаңқасы арып.

Кешегі мизам-шуақ басталғалы,
Қой біткен ықтай береді маңқасы ағып..."
Соғады әңгімесін шал сыбалап,
Қирадық көп үрпек бас қарсы қарап.

"...Құдай - ау, барады елді жаншып арақ,
Індет көп.
Енді қанша жан шыдамақ, мал да қат.
Малды бағар малшы да қат,

Бұл жұрттан қиын болды хал сұрамақ.
Құтылдық бодандықтан деп жүргенде,
Байғұс ел, тағы қанша қансырамақ?!".
"Әй, сорлы-ау, өлмейсің бе жөніңе",-деп,

Кемпірі шымшып жатыр сан сыналап.
"Е, менің қарғыс жетпес сіңірімді!.."
Жай тапты біреулерді шал сыбап ап.
"... Қорқамын Өмір зая, Шағырмадан,

Көп болды төбеде тұр ол сығалап".
Қара шал бір имейді бойды қазық,
Сәл ғана аяқтарын қойды жазып.
"Жұт болмай не болушы еді мұның арты,

Кеткен соң, жұмыла жұрт, пейілің азып,
Құдайды ойлап жатқан бір пенде жоқ,
Жүргені ырду-дырду тойды бағып.
Барады қырың тозып, ой құлазып,

Бірінде қайғысы жоқ, той, мына жұрт,
Көріп жүр ермегін іс, ойынын азық".
"Кәнеки, қонақ кәде, төсек салам",
Келіні иіліп тұр ойлы, нәзік.

Қара шал қарғып тұрды орынынан,
"Жігіттер, қайтыңдар,- деп, бойды жазып!"
Тұрғандай тұңғыш рет үлкенді ұғып,
Үйрілдік үй ығына бір топ жігіт.

Құрдасым шылым тістеп күрсінеді,
"Көп нәрсе білмеппіз,- деп, сілтеп жүріп".
Тас үйге сүйенемін діңкем құрып,
Тас шоқы тау үстінде тұр телміріп.

Оғаш бір қылығынан қымсынғандай,
Ілезде жатаған тау бүркенді бұлт.
Боз тұман терезеге шілтер құрып,
Үркер тұр қақ шекеде - білтемді ұрып.

Әлдебір жұлдыз түйме шекпенді шал,
Салардай ай-шақшаға үркерді үгіп.
Шоқтығы қара түнде шекпен кернеп,
Қара шал бара жатыр тепсеңге өрлеп.

"Бұл жұттың арты, ылайым, тоқтық болады!
Жігіттер! Көп уайым шекпендер..."-деп.
"Ай, жан-ай, шұбат болса..."-деп қояды,
Сүр еттен жіберген дос көп шеңгелдеп.

Түн қымтап алыпты әбден қыртыс қырды,
Кенеттен жел ысқырды, күрт ышқынды.
Шашылып ай-шақшадан бұлт - насыбай,
Аңқасы кеуіп қалған түн түшкірді.

Әл - хамд — ул — лиллаһ!.. Жәррәкім — аллаһ!

КЕШКІ НҰРМЕН ҚОШТАСУ

Енді саған мен мәңгі - "мен" емеспін,
Тереземнен, кешкі нұр, неге көштің?
Кетіп бара жатырсың арасында,
Кешкі қырда гүл кешкен көп елестің.

Жұлынымнан ызыңдап есті бір мұң,
Есті жыры сияқты ескі қырдың.
Жалап жатыр әйнектен түннің тілі,
Жұғып қалған жұғынын кешкі нұрдың.

Ұмытасың, кешкі нұр, ертең мені,
Етпейді әсер жанымның өртенгені.
Ай-қылышы жарқылдап, албастыдай
Езді еңсемнен қарлы тау желкемдегі.

Үміт, мұңды бесікке бөлеген тең,
Тереземнен түн болып төнеді өлкем.
Кірпігімнің от жағып түптеріне,
Есігімнен таңғы нұр енеді ертең.

Көзді әзірге қап-қара бұрымға орар,
Әйнек қағып айтып тұр түнім хабар.
Шырыл қағар соңғы рет жүрек байғұс,
Сен жаздырған дәптерде жырың қалар.

Кеттің мәңгі, кешкі нұр, шырқап ұшып,
Қымтап ішіп қойыпты түн тауысып.
Таңғы шұғыла тайраңдап енеді ертең,
Жарар еді-ау кете алсақ тіл табысып.

ӘУЛИЕ АҒАШ ҚАЗАНАМАСЫ

Баллада
Бөз, күләнкөр, қойқын, шыт, шұғасы бар,
Кіл шүберек байлаған құла шұбар.
Әулие - ағаш тұратын әлем-жәлем,

Шымырлаған түбінде тұмасы бар.
Әулие ағаш - бағзы бір мұра шығар,
Кімнің қандай, сірә, оған шүбәсі бар?
Әлем байлап,

Басына түнеп келген —
Қайғысы бар пенделер,
Күнәсі бар...
Бірде жолым айналып түсті тағы,

Нәсілі адам тындырған істі таны.
Ақтық түгіл,
Жұрдай боп жапырақтан,
Көкке қолын жайып тұр үш бұтағы.

Дегенді айтып: "біржола ұшты сәні"
Безіп кеткен маңынан құс-құтаны.
Бір топ адам сыраны тұмаға сап,
Көмейлетіп арақты ышқытады.

Бір топ адам- тіссізі, тістісі бар,
Арақ қылып тұманы ішкісі бар.
"Биыл қыста отынға алу керек,
Әулие - ағаш қызуы күшті шығар!"

"Ха - ха - ха - ха!.."
Дір ете түсті шынар.
Біреу жатыр өкіріп...
"Құс. Құсып ал..."

Тарғыл күлкі барады, әлемді алып,
Шың басынан шошытып құсты ұшырар!
"Сауапта сүт болады, Обалда — қан!
Әй, жігіттер!

Сиынған тәмәм бабаң..."-дей беріп ем,
"Арақ іш!.."-деді біреу,
Балтасы бар қолында жалаңдаған.
Мен бұлармен ұстасып табам ба мән?!

Шықтым әзер, жерімнен арандаған.
Қылығымен тұнығын һарамдаған,
Қала барды артымда — қараң ғалам.
Тағы бірде жолыммен басып өткен,

Жерге келдім,
Қасиет, бәсі кеткен.
Әулие ағаш орнында түбір қапты,
Жылай-жылай жандайын жасы кепкен.

Дұға оқыдым ағаштың басына еппен,
Кешу сұрап ұрпаққа - қасиет кем.
Тұма қапты тартылып,
Ана – жердің.

Ағып түскен көзіндей қасіреттен!

ТІРЛІК АЙНАСЫ HEMECE ҚАБІРДЕН ҚАШУ

Баллада
... Сары уыз сәби — хабарсыз екем бәрінен,
Хабарсыз екем - ажалдың тіккен кәрінен.
Талмаурап жатып, кетіпті демім үзіліп,

Болмапты пайда мал дәрігер берген дәріден.
Хикаямызды қозғайтын болсақ әріден,
Бәріне куә қара аңғар менен сары дөң.
Сұрап ем кейін "Ақ мама" деген кәріден,

Қырқымнан сонда шықпаған екем әлі мен.
Зікірін тартып,
Дем салып маған үшкіре,
Шұрқырап түсе қалыпты мамам үстіме.

Араша сұрап арабша сөйлеп кетіпті,
Жалбарынғанда Жаратқан атты күштіге.
Сол сәтте, бірақ, ести қоя ма Жаратқан,
Болмапты нышан Жаратқан жатқан тараптан.

Жым-жырт боп маңай,
Тынши да қалған кәр ақпан,
Үруін тиып жабысқан желі балақтан.
Құранын шығып қыршын да кеткен перзентке,

Наласын төгіп жаналғыш деген жендетке,
Көтеріп мені, үй ішін ертіп жөнелген,
Көмбекке аяқ баспаған таза дөң бетке.
Қиянда — қыстау, шалғайда қалған ел, бейіт,

"Періште тәнін туған жерінен бөлмейік",
Деп алып көкем, мұз қатып жүріп мұртына,
Ұядай қылып қабірімді қазған тоңды ойып.
Қылды ма қабыл Жасаған Ие батаны?

Құрауыз қапты сонда алғаш ажал апаны.
іш тартып тұрған,
Ұйтқып бір кетіп жел кенет,
Жұлып кеп алған бетіме жапқан матаны.

Осымен тәмам,
Бұрғалы ажал мылтығын
Сан ақты сулар,
Сан ашты талдар бүртігін.

Кейіннен мамам еске алып соны:
"Үңілсем
Қимылдап жатыр екен, деуші еді, кірпігің..."
Ақпанның желі соғады кейде әлі үдеп,

Ескертетіндей:
"Бізді де, бала, таны!" — деп.
Мен таусап жүрмін тірліктің ащы-тұщысын,
Мамам-дағы өткен, көкем де кеткен бәрі жоқ.

Шатынап ажал, сынғанда тірлік айнасы,
Таусылады екен адамның амал-айласы.
Қимағаныммен оларды суық қабірге,
Ешқандай желдің тимеді маған пайдасы!

Шүкірлік етіп,
Жас келіп көзге ботана,
Қараймын сона-ау қабірім қалған жотаға.
Қабірден қашып,

Қырқымнан шығып кеткелі,
Қырыққа келіп қалыппыз біз де, О тоба!
Талай нән жатыр мекенін тауып мазардан,
Тумағың хақ та, өлмегің парыз озалдан.

Одан да кейін сан рет кеттік сытылып,
Түкті қабағы түксиіп келген ажалдан.
Жел желіп жүрген, ей, менің жұмақ мекенім,
Жел айдап кейде өзіңнен жырақ кетемін.

Жел айдап кетіп,
Желіңді қайта сағынып,
Желмая болып, пәруана болып, жетемін.
Айларды асап, жылдарды жедік жіліктеп,

Кетерміз біз де көзімізде аунап тұнық көк.
Даламның желі!
Ақырет сағат соққанда,
Тағы бір рет кебінімді менің жұлып кет!

ЖАН ЖАБЫҚҚАН

Бейбітке
Япырмай, таба алмадым басқа амалды,
Мөлтеңдеп кірпігіме жас қамалды.
Ізінде кесапаттың тұман борап,

Бұл ғалам болып кетті тас қараңғы.
Сөзіме бай мөңкиді,
Би шамданып,
Тоңмилар жібімейді құйсам жарық.

Ішінде сәуле-шарап дірілдеген,
Достарым!
Жетсеңдерші шишаңды алып.
Төріңе келеді деп кілең бақсың,

Жан-жарым төсек жайсын, кілем қақсын.
Тамғанда сәуле-шарап жүрегіме,
Көзімнің өлген нұрын түгел жақсын.
Баяғы еске түсіп есер кезім,

Күрмеуін боқ тірліктің шешер де едім.
Қасыма сахиды алып, ақиланып,
Бар да өзім, бағылан да өзім, шешен де өзім.
Құралып дастарханда шиша басы,

Жыр болып Гөзалдардың ишарасы.
Дуылдап отырайық өңшең бозым,
Сықылды бай-мырзасы, би-шорасы.
Көзі жоқ жақсыларды жоқтап бастап,

Иілмей өткен жыр ғып,
Көп басты асқақ.
Жүр ғой, деп, уақытша оттап қоспақ,
Заманның жалдаптарын боқтап тастап.

Кедергі кездессе де жолда қандай,
Бұзардай қызынайық, орда алардай.
Өмірі тоңбағандай аяздарда,
Кіріптар таяздарға болмағандай.

Өзіне сәлемінің сый сұраған,
Өтердей қазақтыққа күйшіл ағам.
Өзіміз діннен шығып отырсақ, та,
Кетердей мұсылман боп исі надан.

Осылай үмітке еріп, күдік те еніп,
Көбігін торы сыраның үріп төгіп,
Ортаға от түскендей дуылдассақ,
Тағы да түнкезерлер кіріп келіп.

Уақыт жөнелгенше дүрмекті алып,
Тағы бір тазарсам - ау, кірлеп барып.
Жел - мезгіл шәйі көйлектің етегі боп,
Шырамды өшіргенше үрлеп қалып.

Оянсам елегізіп таңға жақын,
Білтесі өлегізіп шам жанатын.
Сол шамға жүрек уын тамызар еді,
Жалғанда жары екеуі қалған ақын.

Тірліктің барады езіп салмағы анық,
Ей, достар!
Жақсаңдаршы жанға жарық.
Өзекті жалғап алып, жұбанайын

Өзімді тағы да бір алдап алып...

ТАҢБАЛЫ ТАС

(Жығылған пәруана)
Қираған жақпар жыртылған мұқаба сынды,
Алдымнан көне таңбалы кітап ашылды.
Көне таңбаны шоқыған бозторғай дауысы,

Биіктен қалқып түсті де бұтаға сіңді.
Оқығым келіп қанша рет қамданып бардым,
"Әрі жүр!"- деді бұтағы шамданып талдың.
Бозторғай айтқан өлеңнің мәтінін ұқпай,

Әуенін түсінгеніме малданып қалдым.
Пәруана құсап үйірілген шамдал қасына,
Қайырыла берем.
Сан ой кеп аңғал басыма.

Ұлпа тамағы бүлкілдеп әлдене дейді,
Молдаторғай да қонып ап балбал басына.
Аманат-жырын бабамның сөзге жүктемек,
Болып ем, қайттім?

Ештеңе сезбедік, демек.
Құс тілін ұқсам, оқысам тастағы сөзді,
Бұл мылқау әлем кетердей өзгеріп кенет.
Сезбестей халде,

Түссе де аспан айналып,
Күйзелем,
Жерде ең соңғы қасқадай ғаріп.
Пенделер күліп өтеді сыртымнан мошқап,

Мен қалам ымырт басқанша тасқа байланып.
Аспаны мұңды бүл жердің.
Түсі де есімде,
Өзге реңк ала бастайды кіші бесінде.

Ақ періштелер түнімен тастағы жырды оқиды-ай келіп,
Байғұс-ау, түсінесің бе?

КӨГІЛДІР ӘЛЕМ. КӨКТЕМДІ АҢСАУ

Көгілдір әлемің
Сөнбейтін аңсарым еді,
Қан жайлауымды сағындым таңсәрідегі.
Қыс қажап,

Жүйке жүргенде жұқарып көптен,
Көгілдір сәуле көзімде тұтанып кеткен.
Селт етпегенмен әзірге сұсты мекенім,
Сол Сәуле от боп өртейді қыстың етегін.

Қызғалдақтардың керуенін жетегіне ерткен,
Ертең-ақ жұмақ мекенге жетеді көктем.
Бақыттың құмыр бұлбұлы төбеге қонып,
Көгілдір әлем жатады кереге керіп.

Ибалы қыздың жүзіндей қан күреңденіп,
Тау табалдырықтан аттаған таң кірер келіп.
Құнандар ұйтқып жотада, дөнен желігіп,
Заулайды көңіл ат емес, өлеңге мініп.

Қыраттан төмен күнге еріп мың елес құлап,
Шаттықтан шегі қатады күлегеш бұлақ.
Көгілдір әлем бақытқа құт ұя сынды,
Құм ішке бүгіп жымияр құпия сырды.

Сағымның балы езуін сілекейлеген,
Керілер күннің астында күнекей-белең.
Көп сырға куә түнімен жатпаған айдың,
Боп-боз боп өңі кетеді батпаған айдың.

Содан соң...
Бір қыз түнемел күзеткен қойды,
Көтеріп қырға шығады сыз өткен бойды.
Мен болсам бүкіл аймақты жалт қаратқызып,

Бел асып бара жатамын ақ боз ат мініп.
Сыңсыған ән боп қыз жақтан жетеді үн талып,
Көкжиек күннің қанына етегін малып.
Көгілдір әлем төгеді тегін бір әуен,

Елжірей тыныс алады жеңіл күнәмен.
Ақжалын атты тұсай сап бір дөңге шығып,
Пәруана болып жоғалам гүлдерге сіңіп.
Қыземшек төбе көгілжім жейдесін керіп,

Аппақ арудың аспаннан бейнесін көріп.
Шалқамнан жатам қиялым жаңаша маздап,
Шөпті тістелеп, ақылдан адаса жаздап.
Әзірге құрғақ қиял ғой бәрі де мұның,

Қосып тұр әлі долы қыс кәріне жынын.
Көрсетпей тұр ғой қыс көзге тұтып ақ перде,
Тәтті елестерді жел кетеді түтіп ап демде.
Көмекейінен әр үнді сиқырлап төккен,

Келе жатыр-ау, бір жерде қиқулап көктем.
Жыр-әнімменен,
Жандағы Жұмағымменен.
Қызғалдақ-дәурен көшеді мына қырменен.

Жалбарғанымды есітіп менің Дұғамен,
Күтірлеп сеңдер түнімен сөгілді, бәлем!
Бозала таңнан біз бүгін күбіндік тұрып,
Кемпірқосақтан Тау жатыр Шымылдық тігіп.

Көгілдір әлем, көрінді ме әрең, көгілдір әлем!

СИҚЫРЛЫ САЗЫ СЫРДАРИЯНЫҢ

Елена, Елена қыз, Еленажан,
Аттандық бір сапарға елең-алаң.
Талықсып таң алдында қалғығанда,
Тербетсін бесігіңді өлең-анаң.

Қолтаңба.

Дала-мұхитта кемедей желкені берік,
Пойыздың жолы бір күйді шертеді келіп.
Сол күйдің сазын тек қана мен түсінемін,
Аңызбен ауызданған соң, ертегіні еміп.

Сан түрлі сиқыр көрсетіп қара балаға,
Жауынгерсіз бір жұмақтай аламаны ада.
Сол күйді тыңдап отырып сыртқа қарасам,
Арулар көшіп баратады Баба далада.

Ұйқылы көзбен қарасаң өлі даланың,
Неліктен маған шағады желі ғана мұң.
Ақ шәйі бұлттан орамал бұлғайды келіп,
Бір шетте қалған бейіті Бегім-Ананың.

Имани әнмен баурап ап пенде баласын,
Аруақтарымның жалғайсың елмен арасын.
Маңдайда- бағы, таңдайда әні боп, қалқам,
Сол көштің сәнін келтіріп сен де барасың.

Салтанат-сәнің көрмидың теседі құлқын,
Тұлпарлар мүсін танытып, есегі тұрқын.
Жел жұлып кеткен қолыңнан орамал болып,
Көшеді дәурен сенен де, көшеді бұлтың.

Сен болсаң, мынау өмірді,
Өрт деп кіргенсің,
Көшіңнің сөзін айтуды серт деп білгенсің.
Фариза апаңның артынан еңіреп туып,

Тұмар қыздардың тұлпарын ерттеп мінгенсің.
Маңдайымызды бір жаққа бұрғызған мұрат,
Жолыңнан сенің қашады ұл-қыздар жырақ.
Тылсым аспанның шетінен әндерің жетсе,

Көкірегіме жатады жұлдыздар құлап.
Жоғалтып алып жақсысын жоқтайды зарлы,
Содан соң өртеп жөнелмек от-қайғы қарды.
Сен Сырдың сұлу сазысың. Сазы тоқтаса

Қазақтың күре тамыры соқпайды мәңгі.
Құлақта неге Қорқыттың жылаған жыры?
Бұрғы боп жанын шайырдың бұраған мұңы.
Менің де демім тоқтайды, сенің де,

Елім, Арулар әні аспаннан құлаған күні.
Ән әзір көшіп бара жатыр Баба далада,
Тоқтамас сол көш деп сенем (Жорамал о да)
Арулар әнін өкшелер өлтіріп жатыр,

Ібіліс ұрқы билеген Қара Қалада.
16.06.2000 ж. Кызылорда.

Бес қаруды іздеу

Бабауратпас кімді арман,
Тыңда, Дала, тыңда Орман!
Мен қамшымды жоғалттым,
Айғыр нардың мойнағынан.

Тінді алған, өзегінде сүр қорғасын, мір қалған,
Сабы мыспен шырмалған,
Дырау еді кездеспейтін бұл маңнан.
Бауырдағы жез еді,

Кертартардың өзі еді,
Шерілер де қырланған мысық құсап,
Жымушы еді ұрғаннан.
Кім айтса да дерегін,

Сүйіншіге беремін,
Қоймамызда қалса мысқал қазына
Ел билеген құлдардан.
Тыңда, мола,

Құм қорған.
Аман шыққан зымыран,
Зындан жылдардан,
Мен қылышымды да жоғалтқам,

Жазылы алтын балдағы,
Дандан болат шардағы.
Бодауына жүре алмас,
Жаһангердің жүз жыл жиған жармағы.

Нарды шапса ыңқ етіп,
Білді шапса бүлк етіп.
Түтін тілген ақ жалын,
Шықса қыннан қылп етіп,

Адыра ғып арманы,
Еділімнен еңіреумен қашатын,
Алакөлден аңыраумен асатын,
Марқакөлден маңыраумен босатын,

Өрдің - орыс, қырдың - қытай, қалмағы.
Тонап тынды сұм жалған,
Сұрау салдым қырлардан.
Сүрен салдым құмдардан,

Ұран шалдым шыңдардан,
Бірі көрдік демейді,
Жан таппадым құлданған.
Сала құлаш садағым да бар еді,

Адырнасы зар еді Ала өгіздей мөңіресе.
Қара басты ақ құспен тез,
Талқыға сап пішкен қорамсағы сай жебе,
Әндігені еңіресе,

Шың қырпуын жаңғырық боп оятқан,
Құмның тілін кәрлі бұлт боп оятқан.
Бесін ауа cap сағымға ілдірсең,
Кежідегі дұшпанның,

Қанды ымырт боп бетін жасқа боятқан.
Дыбысы оның бабам айтқан ән еді,
Жұлдызы ағып, жайы атқан.
Елеңдеймін ызыңы естілер деп қаяқтан?

Қайран, менің, Ақ Найзам!
Қобылап бір соқты дерсің қандай жан?!
Болған күні нән майдан,
Сүңгісі мен тұрағын,

Суарып ем қас дұшпанның қанына.
Топтап барқыт орап едім сабына.
Ұлы көштің сүргінінде,
Ұлы дауыл үргінінде,

Қалыпты ұмыт бір жұртта
Ит Кәуірдің бағына.
Жоғымды іздеп шыға қалсам,
Құрық іліп қарыма,

Жалбарынып жарыма,
Хабары жоқ сыртқы өмірден,
Өзек, діңін құрт кемірген,
Бейіттегі сайғақ қана қосылады зарыма.

Артамын деп кіл зілді,
Айтамын кеп бір жырды.
Болғанмен зор тілегім,
Көтермес деп менің талған білегім,

Тоқтамай тұр жүрегім.
Қамалаған көп,
Жоғым бір жігерді жүн қылды.
Әділ жаннан түңілтіп,

Жат үрейін мұздатқан,
Қасіреті он,
Қасиеті жүз батпан іздемей-ақ қояйыншы, гүрзімді.
Дулығам жоқ,

Сауытта да бүтіндік қалмапты түк.
Кетіпті әбден түтіп жұт.
Қалқан сынған,
Қалған жалғыз бұтырлық.

Оған-дағы шүкірлік.
Бұрымдымды тұқыл ғып,
Тұлымдымды тықыр ғып,
Ылымдымды күпір ғып,

Ырымдымды жұтыр ғып,
Жұлын дінді алды кеулеп,
Тұқым құрт.
Өзің айтшы, Көк Тәңір!

Ол аз десең,
Жан Алла!
Адам - Сафи,
Нұх - Нәби!

Не боп кетті бұ тірлік?!
Қолды болған тектінің
Ізін іздеп өтті күн.
Білгеннен соң,

Бес қаруым жоқтығын,
Ауызынан ауына атып боқтығын,
Теуіп ашып есікті,
Жынойнақ қып Мешітті.

Қымызды ішіп,
Қызды құшып,
Жар таңдап,
Мендік барлық шекараны талқандап,

Қазып біліп көрдегімді,
Азық қылып төрдегімді,
Жат текелер жерімде жүр талтаңдап.
Мен жыласам күледі олар аң-таң ғап,

Арыстарым түсік болды қара бақ,
Барыстарым мысық болды балалап,
Арыстаным күшік болды абалап.
Балтырымды жүрген анау жаралап,

Қандендерге бер, Құдайым, қанағат.
Қара қуым ақ айдында,
Қан қанатын сабалап,
Шақырардай жаманат.

Қарғалармен қызылдас боп шағала ақ,
Есекпенен бір арбаға,
Жегіліп жүр қазанат.
Медет күтсем Алладан,

Шығады өріп жалма-жан.
Шөрәлі мен Шимұрындар табалап.
Қандай ауыр еске алу,
Таптырмайды Бес Қару.

Пері иелеп,
Көзді шайтан тағалап.
Кімге сенім артады қара тулы қағанат?
Не күтемін ақылы азған ағадан?

Ақиқатты қапы жазған данадан.
Қазынасын жаты қазған даладан,
Ері міскін,
Қатыны азбан қаладан.

Тек, әйтеуір, аман болса Ел-Анам,
Күдер үзбен,
Шідер үзген Санадан.
Бес Қаруын тауып ілер беліне,

Өзі отырып төріне,
Ақырып кеп теңдік сұрар еліне.
Кекілін күн жалаған,
Кемел ұлдар туады деп жаңадан.

Айдарын ай тараған,
Өрен ұлдар шығады деп арадан.
Тұлымын түн талаған,
Терең ұлдар тұнады деп сағадан.

Келеді олар бір күні,
Асыл сойдың ұрғыны.
Бабакүлдік мекенімнің,
Бағзы жұрнақ тұрғыны.

Қағанағын жарып жатыр,
Хақ дидарлы шаранам!
Менің барлық жиғаным мен иманым,
Кетсін сенің садағаң!

Ал әзірге мен көрген,
Жеті өлікке жан берген,
Жеті Пірге қол берген,
Жеті Ықылым ғаламда,

Жетпіс ілім меңгерген.
Қайыр жоқ-дүр
Ұста менен зергерден.
Қаруымды таба алмадым ақтарып,

Жұртта қалған теңдерден.
Сұрап көрдім жел желген,
Қоңыраулы анау құба дөңдерден,
Таппадым. Бос сенделгем.

Таппаған соң жырлаймын,
Жырлаймын да тыңдаймын,
Бес Қарудың дауысын,
Домбыра мен Қобыздың көмейіне жерленген.

Өлер болсам түнде емес, күндіз өлем.

ІНІГЕ

Дүниенің доғарып дөңгелегін,
Шабытымның қаңтарып кер дөненін.
Сезім - салғырт, ой - мимырт, сана - күңгірт,
Тартқан шақта демді үзіп, мен де өлемін.

Мен де өлемін, мен бірақ түнде өлемін.
Жылар бұлтты қымтанып жыр - желегім.
Орынымды сипалап қалады інім,
Сұм Ажалдың біле алмай бір дерегін.

Улағанда тіршілік - түрме шіріп,
Жату үшін арқайын бір көсіліп,
Бір жұлдыздың соңынан еремін де,
Түннен шығып, кетемін түнге сіңіп.

Ал таңертең зәрдектен біраз алған,
Сүйекшілер жүреді ұра қазған.
Інім келіп солардан жөн сұрайды,
Білмек болып бір дерек сұм ажалдан.

Кәсібіне тұрса да болмай құштар,
Бойларында кім ұққан қандай күш бар?
Көр қазу мен көмуді меңгергенмен,
Ажал жайлы не білсін, ол байғұстар?!

Содан кейін кезіккен елден сұрар,
Айдан, күннен, тау мен көл, желден сұрар.
Сұрай жүріп, үмітін сынай жүріп,
Аға отырған өзі де төрден шығар.

Жабыспаса бір пәле көлденеңнен,
Қоштасамын аһ ұрып мен де өлеңмен.
Жұртты қойшы, ізіңді баса-тұғын,
Өлгеніңді інің кеп көрмеген жөн.

Көрмегенсін сенбейді өлгеніңе,
Алласының тәубе етер бергеніне.
Інімді ажал ізінен адастырып,
Мен жатамын оранып жөргегіме.

Інім, сөйтіп, өлімнен құр қалады,
Жар жалалы болмайды, жыр налалы.
Ол - ажалды таба алмай, ажал- оны,
Мәңгі өмірдің қауызы бүр жарады.

ЭКСПРОМТ-ЭЛЕГИЯ

Жарты айлы бейіт тұр қарап қырдан,
Төбесіндегі Үркер-ау.
Мен кеше ғана іңгәлап туған,
Мына бір қара жұрт еді-ау.

Керуен өмір барады көшіп,
Айналып борар бұлт ұнға.
Қалады есік, қалады бесік,
Адыра мекен жұртымда.

Боздармыз, бәлкім, күлкіден қалсақ,
Бота даусымен азанғы.
Жалайды бөрі, түлкі мен қарсақ,
Ошақта тұрған қазанды.

Ұлиды бәрі түк таппағасын,
Құтырар жел де күл сабап.
Ай ғана жарып шықпақ қанасын,
Ажарын бұлтпен тұмшалап.

Біздің көш кетер босып ғасырға,
Жоқтауым жел боп айтылар.
Қоңырау шалып,
Бесік басында тұнжырап, таңғы ай тұрар.

Таңғы айды уақыт ақса күйме ғып,
Қалады қырда бос бесік.
Тағы бір жұрттан ақ сәби болып,
Шығады нұрым тасқа өсіп.

Жасқа боялған омырауымен,
Жөргегін дауыл жұлмалап.
Оянып кетіп қоңырау үнінен,
Қол созар айға іңгәлап.

АЙ ҚAЗАСЫ

Қаза болды ай бүгін көз алдымда,
Гүл шомылды ақырғы тозаң - нұрға.
Айдың әр тал сәулесін шыққа жерлеп,
Аят оқып мен қалдым бозаң қырда.

Ай мерт болды қанатын қудай қағып,
Енді мұндай ай қайтып тумайды анық.
Таңғы әлемге жайменен тарап жатты,
Шықпен бірге сәулелер буға айналып.

Сәулелі шық көзіне әлем түнеп,
Жәудірейді күткендей менен тірек.
Айды азалап отырып бозаң қырда:
"Есіркей гөр, Ескі айым!.."-деп ем тілеп.

Жүрегімнің түбінен оянды-ай мұң,
Шуағымен сәулемді жоярдай Күн.
Ескі айыма арнаған дұғамды естіп,
"Жаңа ай әзір жарылқар" дей алмаймын.

Көз алдымда Ай бүгін қаза болды,
Естелігін жұлдыздар жазады енді.
Қарашығы қауыздың сәулелі шық,
Айдың қалған артында аза-белгі.

Гүл қауызы көзімнің шарасы еді,
Нұрмен қанды жанымның жаңа шөлі.
Шығым сөніп, қауызым жұмылғанша,
Сәулемменен жуармын, дала, сені.

КҮЗГІ ТҮН

Сарқылды жаздай айтқан біздің ән-жыр,
Бастады шер-қиссасын ызғыған қыр.
Таспа алды түз жонынан қара дойыр,
Өзекке бұршақ құйған күзгі жаңбыр.

Қабағын қырау шалған ақ мұрт талдан,
Саз қалған айықпайтын. Дақпырт қалған.
Теміреу күзгі аспанды Зімпара жел,
Ысқылап тазартты енді тат-бұлттардан.

Ашылды сімсік жауын, қапас тұман,
Бу ұшты тас тұраннан.
О тас құман. Алтын Ай,
Күміс жұлдыз шағылысып,

Жарқ етіп шыға келді тат астынан.
Күзгі іңірт.
"Шөптің басын қырау көмген". Ызғырық.
Мұздақта тас тұр-ау белден,

Қыздырып алтын, күміс сүт қандарын,
Түзге үріп құтпандарым жүр әудемнен.
Зімпара - тат кетіргіш. Тұран - табиғи тас бассейн.
Бейіттің күмбезінде Ай мұздайды,

Сұңқылдап жиегінде байғыз-қайғы.
Беймезгіл түнемелден өріп кеткен,
Отардай ойларымды жайғызбайды.
Төсіңде жел күбірлеп ағайран дүз,

Бейітке оқиды аят талай жалғыз.
Тазалап көздің татын,
Мың бояумен, жеттің бе ақ қысты ертіп
О, қайран күз!

Жатқандай жұлдыз ақпас қозы ағытып,
Үркер тұр қақ шекеде тозаңытып.
Астына жиһаз басқан Бөлтөбердей,
"Құс жолы" керіледі бозаңытып.

Сыралғым жұлдызға еріп асты да қу,
Тап болды талайыма тас-құлазу.
Шұбырып езуінен сілекей-бу,
Ақ шыңдар ырсияды қасқыр азу.

Көктемде — жусан ояу, қаулан тірі,
Аңсармын осы күзді, тау жарқылын.
Гауһар Ай сәулесімен шомылдырып,
Төбемнен Алтын жұлдыз жауған түні.

БІЗДІҢ ШАЛ

(Атом Орда тіккен жер)

Баллада

Үй тіктіріп жонасқа,
Бір қарт отыр қартайған:
"...Біздің шалдар о баста,
Көшкен екен Алтайдан.

Ат жүздіріп шалғынға,
Шамырқанса шамданып,
Тақ тұрыпты алдында:
Қарағорым, Ханбалық..."

Осылай деп басталар,
Шертеді ұзақ әңгіме:
"Алтын жұрттан қасқалар,
Айрылыпты мәңгіге.

Бабам ізін танимын,
Кезген Алтай бөктерін.
Малаик1 басқан
Сәбидің жамбасына Көк Мөрін.

Әруақ тастап қорымын,
Шашылыпты Сүйек көп.
Періштенің орынын пері алғасын иектеп.
Қылыш сынып балдақтан,

Азайыпты ізгілер.
Шүршіт пенен Қалмақтан,
Ығысыпты біздің ел.
Ел оңа ма данасыз,

Ағызып көз сорасын,
Тастай көшкен шарасыз,
Адай ханның моласын.
Босқында жоқ келелі ой,

"Тентек халық" атандым,
Бар дейді өзен — Жеменей,
Сол суы еді Атамның.
Осыны айтып бір уақ,

Отырады қарт үнсіз.
Жұрт тарайды тұрып ап,
Әңгімеден тартымсыз.
Қажытты әбден қарт ойдан,

Бейне әруақтың сүлдесі,
"Кен табылды Алтайдан,
Сақ қағанның мүрдесі..."
Көне әңгіме қозғалса,

Көтерілер қабағы.
Алтай жайлы сөз болса,
Елең ете қалады.
Жиылады ол бірден,

Босай берген тізгін сәл.
"Табылып па?- сол мүрде
Құдай білед біздің шал.
Мижады ғып ант-айла,

Кімді алдамас жалған-боқ!
Алтын бесік Алтайда,
Кім шырқырап қалған жоқ?!
Шалдар сонсоң: Бұлай кем,

Болмайық деп байлаған.
Келімберді, Құдайкем Алатауды жайлаған.
Ағайынның дауынан шалып па едік аз құрбан?!
Қазығұрттың тауынан

"Мұңал-ошақ" қаздырған.
Қапы басып құзғын дос,
Қанымызға жау қанған.
Босқан екен біздің көш,

"Үш айналып Саураннан".
Шаңдаттырып даласын,
Мекендепті Алашым —
Шу мен Көде жағасын,

Әму мен Сыр арасын.
Бақ қона ма оп-оңай,
Бозторғайдай шырлаған?!
Қалды Аралда Тоқабай,

Ол да сенің бір бабаң.
Тозған қазға кім тұлға?
Қаңғудай-ақ қаңғыдық.
Көшкен елдің жұртында,

Бір-бір қорым қалдырып.
Табандарда құм күйіп,
Тарттық өрге туралап.
Көрінді алдан бір биік,

Шықтық соған ту қадап.
Баба жолы ап-анық,
Ғылым: үзген шынжырып.
"Мұңал - Жары" атадық,

"Мұғалжар" деп жүр бүгін.
Айыр қамал, кез қорған,
Басын иген көп қауым.
Нәмдеген де кез болған,

"Адай Тау" деп - Қап тауын.
Шын дерегін берсе Абыз,
Тепкі жеппіз орыстан.
Еділ, Жайық, Жем, Сағыз,

Біз айрылдық қоныстан.
Шежіреге аян-ды.
Біліп жатыр ел нені!
Үш жүз жылға таянды,

Маңғыстауға келгелі.
Пірлі қоныс екен деп,
Тұрақтапты арманды ер.
Жеті жұрт кеп мекендеп,

Ноғайлыдан қалған жер.
Көнелердің айтысы,
Жер екен бұл, зыңыранған.
Күңіреніп шайхысы,

Әулиесі ыңыранған.
Бейіт қалған белгі боп,
Ерлер жортқан бұл алап.
Атағозы, Бердібек,

Ер Шотан мен Лабақ.
Жақындады жат сырғып,
Жұрт ығысты етекке.
Ел тағдырын тапсырдық,

Әуелі Алла, Бекетке!
Хиуа мен Патшаға,
Құрған шепті бұзбаппыз.
Қанша боран шапса да,

Сексеуіл мен біз қаппыз.
Тек кеңес кеп Әбілет,
Дүлей Дауыл соққанда,
Тозған қазды сан рет,

Алып жеген топ қарға.
Шерғала мен жалған тау,
Кеше адыра қалған тау.
"Балқан, Балқан, Балқан тау,

Ол да біздің барған тау".
Жұтта боздап қасқа бел,
Қыңсылады тазы-құм.
Қызылтабан босқан ел,

Қайта тапты қазығын.
Шүкір, шүкір, бұған да,
Барды бірақ жат жеп жүр.
Елім шығып ұранға,

Күнім туар, әттең, бір!"
Осылай деп шал тағы,
Қалады үнсіз, қыбырсыз.
Қарт орнына арқалы,

Жел сөйлейді мігірсіз.
Бас изейді қарт оймен,
Шолып кәрі даласын.
Иемденіп Алтай мен Маңғыстаудың арасын.

"Сайғақ болар көз жұмсам,"
Дейді Асасын — ақ таяқ.
Кей жер жайлы сөз қылсаң:
"Біздің жер ғой!.." - деп қояды.

Көніп сен де ыңғайға,
Шежіреге тізгін бер.
Жаса!- дейсің мұндайда.
Біздің Ел мен біздің Жер!

Қырды барлап гүл көмген,
Келелі сөз кенені,
Енді ешқайда бұл жерден,
Көшпесіне сенеді!

КЕЗДЕСУ

Баллада
"... Болмашы бір қызықтай оңай кеткен,
Менен жылдам құтылдым, деп, ойлап па ең?
Жо - жоқ, қалқам, сен бұлай қателеспе,

Бекер еріп жүрсің ғой жат елеске.
Жұлдызбен қаш!
Бәрібір құтқармаймын,
Жетер, енді, өзің деп жұтқан қайғым.

Мен қумаймын ізіңді, қуар жырым,
Көз жасыңмен жүзіңді суар бүгін.
Атыңды айтпай тынбаймын бұл ғаламға,
Мен осылай шыңдаймын,

Шындағанда!

Білсін, алдап аспанда ай,
Көкте Күнді,
Серттен тайып, жасқанбай кеткеніңді.
Атыңды айтам, болғанды жасырмаймын,

Басылмай-ақ кетсе де басыр қайғым.
Жаз мерекем болса да, күз берекем,
Өлеңіммен өзіңді іздеп өтем!
Қараңғыдан іздейді шырақ алып,

Табады да, жарыққа шығады алып.
Мендей жынды ғашықтан шыдам арып,
Қылығыңа ұятың шырақ жағып,
Жүзіңді ыза, жүректі күнә қарып,

Өз ісіңе жүрерсің жылап алып.
Не сезімге ене алмай, не сенімге,
Төңбекшірсің түнімен төсегіңде.
Қасіреттің қаны ұйып қабағыңда,

Кетер, бәлкім, естілмей хабарың да,
Күліп бара жатармын жанарыңда,
Бөгде жанмен отымды жағарымда.
Жүрек сенен басқаны ұнатпаған,

Сенен бастау алған-ды бұлақтағы ән.
Серті менен сенімін құлатпаған,
Адам ғана жетеді мұратқа әмән.
Жанарын - күн, қадамын гүл аптаған,

Мен басқаның жанынан тұрақ табам.
Мені қорлау - бақ па, әлде, бұл өзгеше?
Сынып түсті сыр толы мінез - кесе.
Мені мұңмен әзірше қамшылай тұр,

Тартып алам қамшыңды, сәл шыдай тұр!.
... Осындай бір жасымда жыр жазғанмын,
Жүрегімнің түбінен мұң қазғанда ін.
Жүрегімнің түбінен ін қазған мұң,

Әдеті екен жылауық бұл жазғанның.
Мені айырып ішетін үш күнгі астан,
Ол қыз кетті жырыма пысқырмастан.
Бітсе болды көзге жылт, етке желік,

Одан соң да сан қызға өкпеледік.
Азға сыйлап сезімді, көпке беріп,
Еттің өзі бүл күнде кеткен өліп.
Желісім жол салатын, аяңым із,

Шақ жеткенде жолықты баяғы қыз.
Қыз дейміз-ау, ізі жоқ қыз дегеннің,
Танымайды екенмін іздеген күн.
Көп томар бас жан-жақтан араша аулап,

Отыр екен балақтан бала саулап.
Желік пен сән - бірі жоқ баяғының,
Тек көзінде қалыпты аялы мұң.
Еске сап ем баяғы кепті кері,

"Балалардан ұят-ты..."-деп күледі.
"Оқыдың ба жырымды, саған жазған?"- дегем:
"Өлең жаздың ба маған, жазған?!"
Сәл таңырқап, баласын шетке ысырып,

Ерін іздеп далаға кетті шығып.
Мызғып кетсем мал сойып, ет түсіріп,
Қойған екен шақырып көп кісіні.
Қоштасарда: "Ауылға, деп, кел тағы."

Ұстатып жүр қолыма көк қалтаны.
Дейді: "Еліңе сәлем айт, қатыныңа,
Кигізерсің көйлекті батырыңа..."
Күйеуі тұр. Қасиды күліп басын,

Әйелінің қонақ қып "сыныптасын".
Білемін, деп, бабаңды, арғы атаңды,
Беріп әзер қоштастым бар батамды.
Келем жолда еске алып көне күнді,

Қызға жазған баяғы өлеңімді.
Шамшылын - ай сезімнің.
Шалдуаттап,
Қызға қарғыс айтыппыз сандырақтап.

Бізден қарғыс алған қыз,
Көп балалы Ана бопты,
Ырыс пен баққа жарып.
Әр тілегі нұр болып,

Хаққа дарып,
Ұлт ұясын әлдилеп жатқаны анық.
Бізді жолда қалдырып, аттап ағып,
Кеткен екен алысқа пәк балалық.

Алтын аймен жанарды аптап алып,
Кез өтіпті ән салар баққа барып.
Қызға жазған жырымды жаттап алып,
Жарым отыр үйімде жоққа нанып.

Жырды сүйген қыз бізге жар болыпты,
Оның да енді шашына қар қоныпты.
Байлап берген бір қызға бар желікті,
Саған, саған, мың алғыс, тал көрікті.

Жасыл дәурен басынан гәккулеген,
Қанатын жай,
Сен де, Бақ,
Ақ гүлменен.

Біздерге жыр туғызып,
Басқаға ұлды
Туып беріп,
Талай қыз қасқа қылды.

Сен де есіңнен шығарма,
Жас шағыңды.
Қас қағысқан қастерлі қас-қағымды.
Біздің қарғыс жұқпайды, теріс келер,

Осылай деп құптайды Періштелер.
Керісінше, алғысы майдай жағар,
Мұнысы енді-түс шындық, айдай хабар.
Қар да нәр боп дариды қайтқанда ызғар,

Мың жасаңдар,
Біз қарғыс айтқан қыздар.

БЕСІК ҚАЛҒАН

Баллада
"Тәңірден, деп, бұйырса, таңғы несіп",
Шыға келдік бір белге әңгіме есіп.
Ауыл көшіп кетіпті. Жұртында тек,

Қызыл сырлы қалыпты сәнді бесік.
Топ басшымыз бөгелді шалт бұрылып,
Бәріміз де үйірілдік қалт кідіріп.
Әлденеге күйзеліп күбірлеп тұр,

Ортадағы обадай қарт түңіліп.
Күздің желі бебеулеп бошаласын,
Күбір-күбір... Әлі тұр қосағасым.
"Алып шыққан ел ек қой, қай жұттан да,

Шаңырағын, бесігін, босағасын".
Қабағынан кәрімнің зілді көрдім,
Қара ошақтан оты өшкен күлді көрдім.
Қосақабат қартпенен күрсінеді,

Қақпан белі қайысып піл-күреңнің.
Кіл төбені ықтатып тұр қара шың,
Тозған көзбен шолады қыр-даласын.
... Әлде ұмытып қалдырған, әлде әдейі,

Бәлкім, біреу, баласы тұрмағасын.
Келе алмай тұр қария тобасына,
Асығыстау сөз болар о да, сірә,
Ары кетсе, бесікті қоятын-дұр,

Шетінеген сәбидің моласына.
Қонатын жер табылар төбе болса,
Алмай ма екен аластап көне болса.
Тіле артының қайырын, жақсылықтың,

Нышаны емес, балалар, не де болса.
Бір кездері бөбекке сая бесік,
Бедер көше бастаған, бояуы өшіп.
Еппен ғана бесікті тербетеді,

Жетім желі даланың жаяу есіп.
Шарпығандай үйінің есігін от,
Шал тұр әлі елестер есін іреп.
"Болмаған бір іс екен, - дейді тағы,

бесігі жоқ ауылдың — несібі жоқ".
Сайратқандай шығарып төріне абыз,
Бұл даланың айтады желі де аңыз.
"Бір бесікті соншама жыр қылды!"-деп,

Күліп жүрдік. Баламыз, нені ұғамыз?!
Бала болдық. Тай міндік. Ойын қудық.
Ересейіп әрнеге зейін бұрдық.
Бесігі мен есігін қастерлеген,

Шал сөзінің астарын кейін білдік!
Кеткенімен көп жылдар кірпік іліп,
Көзімде әлі сол бір шал тұр түңіліп.
Бесікті алып мың өрттен өткен еді ол,

Кете жаздап ұрқы да ұлты құрып.
Сол кісіден тыңдап ем жастай дастан:
"Бала көрдік,-дейтін-ді, (қаз, тәй басқан),
Ана көрдік ажалға бас байласқан,

Ақ дүлей мен қызыл өрт шарпысқанда,
Бесігін ап, қос ұлын тастай қашқан".
Деуші еді шал,
Көз жасы мұртта жанған,

Кірпігінде мөлтілдеп ұрттам-арман.
Бөтенге - аңыз,
Маған - шын.
Жұртқа - жалған,

Жақсы білем.
Зауалды ұлт қамалған.
Шар-шар етіп жылайды түсімде ылғи,
Жалғыз бесік,

Баяғы жұртта қалған.

СЫПЫРЫНДЫ

Қыр төсінде сырғиды сыпырынды,
Қазан желі қайтадан құтырынды.
Қиян қырда жалғыз үй - жадау ауыл,
Бұл дауылды талайдан күтінулі.

Дала төсі ағылған сыпырынды,
Мама ағашта көкмойнақ ытырынды.
Киіз үйге тас таңып, аспа байлап,
Апы шығып жеңгеміз, күпі кірді.

Дала — дария. Ақ шаңыт. Сыпырынды,
Қи шоғының ошақтан түтіні ұрды.
Танауыңды түрткілеп ащы түтін,
Келтірердей бір түрлі қытығыңды.

Дала деген — боз түбіт. Сыпырынды,
Түтіп - түтіп құртардай тұқымыңды.
(Қымтанып ап күпіге борша жеген
қалай көрмей өтесің бұ түрімді.)

Дала дейді,
Дала емес — ықылым-ды.
Төсінде тек сырғыған сыпырынды,
Аңға кеткен ағамыз келмей жатыр,

Жүрген шығар жеңе алмай зытырымды.
Дал ада ағып барады сыпырынды,
Қыр да киіп алғандай күпі-құмды.
Күйе - күйе боршаны жеп болғасын,

Шоққа әкеліп қақтайсың ыпыныңды.
Шербұқадай байына бұғы бұлды,
Шоққа шәйнек шырпынып түкірінді.
(Шошаңдамай, шибақа, тыныш отыр,

Шешеңіздің қабағы шытынулы.)
Түзге шықсаң бұтағы бұт сабалап,
Жалбаңдайды қарағаш ыққа қарап.
Жапырағын жалмап ап, несін алмақ,

Желде де өзі жоқ, білем, түк қанағат?!
Жын көшкендей түтейді тозаң қырат,
Қиял қажып қарасаң, тозар — мұрат.
Дүние деген мұхитта басқа түк жоқ,

Жалғыз ағаш ...
Жалғыз үй ...
Боз арғымақ...
Боз жыландай жылжиды сыпырынды,

Көмейлетті көкжиек жұтып үнді.
Құрдым жалмап қоярдай кенет бәрін,
Естіртпеші, жалғыз үй, сықырыңды.
Мезі еткенде ақ шаһар мынау абат,

Жан қиырын кетеді мұң аралап.
Сәби шақтан санаға сіңген сурет,
Сол күйінде көзге кеп тұра қалады.
Мұң тозаңы торлайды санамды ауыр,

Басып алған сол елес маған бауыр.
Жалғыз үйдің қайтуға халін біліп,
Шығармайды шаһардан заман-дауыл.
Жанымменен, жалғыз үй, сырлас едің,

Тимей саған мысқалдай тұр ма себім?!
Ауыл түгіл, қауымдар кетті көшіп,
Күнің қазір не болды қырда сенің?
Жапан - мұхит. Жалбыз - қыр. Андыз – белең,

Жөнін айтпайды жоғымның мәңгі іздеген.
Жүзіп, әлде, бір жерде жүр ме екенсің,
Жел талаған желкенін — жалғыз кемем?
Шабыттың ұстап мініп кер төбелін,

Ізіме бағлан нөкер ертер едім.
Туған ел, көзде жүзген еркең едім,
Дәуренім болды-ау, әттең, келте менің!
Кертөбел ай астында керіп тізгін,

Нұр жіпке ән моншақты теріп тіздім,
Жанынан армансыз боп аттанған түн,
Теппе төс, сықпа белді керік - қыздың.
Ән ұя сала тұғын түн бір мамық,

Тұрады сол мамықта гүл де ырғалып.
Көл біткен күмбір қағып, түнгі үнді алып,
Кетеді жұлдыз біткен сыңғыр қағып.
Қорынып өз даусынан бұлбұл қалып,

Шық емес, шөп басында ындын жанып.
Домбырам сәуле төгіп сүйектелген,
Шіреніп қос ішекті тиек керген.
Самалы сансырайды сахараның,

Бір-бірін сағынысқан ниеттерден.
Емексір тау ешкіге ай мүйізді,
Теке бұлт Құсжолымен күйектелген.
Келіншек үйде жатқан бөбек бағып,

Себепсіз сыртқа шығад шелекті алып.
Жұлдыздар кірпігінен сәуле саулап,
Тұрады бір-біріне өбек қағып.
Салдарды ай астынан көреді те анық,

Ақ тамшы кете барады кенет тамып.
Шашылған шашын жинап түн-келіншек,
Шал - шоқы кенет тамақ кенеп қалып.
Сал даусын қиян дала тегіс естіп,

Көлдерді күлдіреді көк ішек қып.
Айдынның көгілдірі мың аунақшып,
Бұла қыз шешесінен сөгіс естіп.
Кіл қайқы, шырқап жүріп көкті кезіп,

Ай тана, жұлдыздан шоқ... Соқ білезік.
Қаншама емексіткен бетті беріп,
Сұлудан сый дәметкен соққы жедік.
Әлекей - күлекейлі топты көріп,

Пері де қапысынан кетті безіп.
Тамбаған ай шетінен сүмбі нұрдың,
Тамсанып сәулесіне құлдық ұрдым.
Сар желіп бір белеңге шыға келдік,

Сіміріп саумалынан түнгі қырдың.
Беріпті таңға бейіл ұлы дала,
Өріпті отар - жұлдыз Құбылаға.
Иншалла! Жол болады! (Түзге шыққан,

"Көтек!.." -деп кемпір қашты тұрып ала).
Тойлы ауыл тағы да бір жатыр алда,
Шомылып боз мұнар мен шұғылаға.
Мен соңда салдым келіп бір әнге "аттан!",

Салтынан сал-серінің сыр аңдатқан.
Қырық қыз жеткен кезде бұраң қаққан,
Атымнан әлдеқашан құлап жатқам.
Жөнелді бешпет, белбеу, бөркімді ала,

Дариға, қырық қыздың көркін қара.
Таңшолпан қырық жұлдыз таңдап алып,
Аспаннан түскен сынды ертіп жаңа.
Салдарын күтіп алып еркін дала,

Басқандай сағыныштың өртін жаңа.
Қызықты тойлы ауылда күндіз кешкен,
Жарай ма, мен айтпайын, сен тыңдама.
Өткен-ді сөйтіп жүріп, балалық шақ,

Мен енді желігіме бұғалық сап.
Жұлдыздан саусағыма тәспі іліп ап,
Мешітке кірер едім, Құран ұстап.
Құранды қирағаттап өлең етіп,

Созғанда көкке үнімді жебелетіп:
"Бір жерден бұл дауысты естідім",-деп,
Ай басын көтерер еді елең етіп.
Жұмақта жатқандайын күй тыңдалып,

Жастықтан басын жұлып — ұйқы ұрланып.
Қылаңдар оңашада күрсінер еді,
Сұпының дауысынан сиқырланып.
Тұттым да ділге Құран,

Тамсадым ән.
Басымнан ерке ғұмыр ауса бұлаң.
Мисалы, ай-сақина көлге батты,
Сұлудың сусып түсіп саусағынан.

Елесім сәуле болып ақ түн кезді,
Мүлт кетпей қармақ болып қаптым көзді.
Армансыз жатар едім, сәтті күні,
Мәңгілік мекен қылып ақкүмбезді.

Сал Дәурен мөлдірлігі әйнектей-тін,
Не сынбай, не сындырмай жай кетпейтін.
Айтқызып желге жоқтау Сал өлгенде,
Дір етіп қонушы еді Ләйлектей түн.

Шомылып шұғылаға тұрар еді,
Ақ күмбез төбесінен ай кетпейтін.
Далаға күз жеткенде соғып ызғар,
Сөз болып Сал қылығы төріңізде әр,

Алыстан Ақкүмбезді торып, тоңып,
Түнімен сыңсыр еді пері қыздар.
Жастық шақ бізден де өтті — қалды әудемде,
Алқымнан мезгіл-мерген алды-ау демде.

Сәлем де!
Ай астында аман жүрсе,
Біз кешіп үлгермеген сал дәуренге.
Сәлемші шауып жүрген желі ғана,

Ұқпайды жан дертімді менің о да.
Сынған Ай. Сызатты Аспан. Мүлгиді үнсіз,
Сәні қашқан өлі дала.

ШАЛДАРША - 2

Уф, дүние!
Не көшпеді біздің бастан?!
Шал болдық қолдан қуат - тізгін қашқан.
Жүргенде бұқаша илеп соқа сүйреп,

Кетіппіз асып қаш-ша-ан құзғын-жастан.
Манар тау мәңгі қиян қонысым - ды,
Қонысым мың бір тарам жол ұсынды.
Салғаннан сабап кеттім, Тәңірсінген,

Қосақтап орысың мен болысыңды.
Маң қиян, маңғаз дала қонысым-ды,
Тарылтты орыс келіп өрісімді.
Әбзелдеп атқа міндім Ата Жұрттың,

Алдында ақтамақ боп борышымды.
Көрсем де неше атасын түрме дерттің,
Соңынан сүркігем жоқ кірме-көрттің.
Көре алмай адал жардың жүзін күндіз,

Түс қашып, сәру салып түнде жорттым.
Қасыма қырсық ерттім, Қызырға ердім,
Айтқан сөз, берген серттің ізінде өлдім.
Ақ алмас балдағынан үзілген күн,

Жолдастың оның емес, жүзін көмдім.
Тұлпарды топта ойнатпай, отта ойнаттым,
Нәрем ғып ет қайнатпай, кек қайнаттым!
Жарамды жазып алды көп бейбақ құм,

Жалынан түскенде ағып көкмойнақтың.
Мен қанша еспе құмда қансырадым,
Гүл болып өсті ізімде тамшы қаным.
Жоғалтқан әр досымның бодауына,

Дұшпаннан құн сұрамай Ар сұрадым.
Қой боғы - қорғасын оқ төпегенде,
Ленде боп кете бардым бөтен елге.
Телғара тең атаның баласы боп,

Тілдестім Жәумітпен де, Текемен де.
Құйылды таңдайға тер зәр боп кермек,
Болды ажал оқпен тәнді әрлеп бермек.
Ерегес екі талай күн туғанда,

Кеудеден жан кеткенмен, Ар кеткен жоқ!
Ата Жұрт, айналайын, балдырған көк,
Жолында жортып едім, жан құрбан деп.
Кеткенмін топырағыңды қанмен жуып,

Дұшпанға бір тасыңды алдырман деп.
Кер заман келді еліме қырсық құрып,
Көктегі ай, қорымда әруақ түршікті ұлып.
Жау оғы өшірер деп бүршікті ұрып,

Жоғалғам көкмойнақты ыршып бұрып.
Дұшпанды ұйқтатпас-ты бұл далаға,
Түсінде менің қаным тұншықтырып.
Нәйістің қарамадым бет - өңіне,

Құсаяқ таңба бастым көтеніне.
Шаралап қанын іштім сан кәпірдің,
Бес Парыз, он Сауаптың өтеміне.
Қонбады түнде ұшқанмен жарғанат бақ,

Күй кештім оттан ыстық, қардан әппақ.
Пенденің қара құнын төлемедім,
Көрмедім ала жібін алдап аттап.
Жігіттің түзде болар ырыздығы,

Өзіне тең тұтпайды кім ізгіні.
Қазақпен төс қағыстым Сүлдесі алып,
Табыстым түнде шалып сыбызғыны.
Құрмада ер атандым алқа күрең,

Жан едім өнер жиған шантағы кең.
Мың зауал байлап атты,
Өлгенім жоқ Алла — Хақ,
Пірлерімнің мархамымен.

Зар болып Манартауым,
Маң қиянға,
Басыма не келмеді қаңғығанда?
Кезген ем,

Боқ орнына оқ қақырып,
Төбемнен Қарақұс түн саңғығанда.
Батырған балғын шақта бал қиялға,
Жатуға келдім, шүкір, мәңгі ұямда.

Сөкпесе болды, әйтеуір, кейінгілер:
"Мына шал неғып жүр,- деп,-алжығанда?"
Үркіп ем Зәузат үшін түнде өлгенше,
Қайтер ем, сүлдем келмей мүрдем келсе?

Кеудемнен итермесе болғаны да,
Ел-жерге ие болған бір көрдемше.
Жұртыңда мазақ пен сор, азап қалып,
Қоныпты рас болса қазаққа құт.

Бір көрдім ақ дидарын Ата Жұрттың,
Кетсе енді ықтиярмын тозаққа алып.

ТРИПТИХ

Түнгі бақта нұр кешу
Жерден Мәді шыққан жоқ, көктен Ғайса,
Жылдағыдай тағы да көк бел-майса.
Баяғыдай ұстайды балалығым,

Көк кілемін көсілтіп көктем жайса.
Баяғыдай ұстайды балалығым,
Балалықтың қалмауы жаман ырым,
Еріп кете беремін әлі күнге,

Емексітсе ұсынып дала гүлін.
Жатыр тағы өртеніп қыр-бауырай,
Самал өртті үрлейді жылдағыдай.
Сәулесімен тағы да сиқырлайды,

Суға малған құйрығын қырғауыл-ай.
Жұлдыз бүрлеп, көктегі бақ түрленіп,
Кетті қанша нұрымен ақ түн көміп.
Екі көзім — қос ұңғы. Бақ ішінде,

Қырғауылды тұрады атқым келіп.
Айтпақшы, ертең,
Айдың он жаңасында
Ай мен Есекқырғанның арасында,

Ұлы жарыс өтеді,
Қызықтауға,
Таң Жұлдызы, менімен барасың ба?
Үлпілдегін Үркердің,

Жалғыз қызын "Қарақшылар" құлданды.
Мәңгі үзді үнін.
Менің алғаш сүйгенім Үлпілдек-тін,
Соңғы үмітім өзіңде, Таң Жұлдызым.

Есекқырған Құс жолын кесіп өтіп,
Құбылаға құлайды есі кетіп.
Сен кетерсің бәйгіні ап, Таң Жұлдызы,
Мен қалармын бір тасты бесік етіп.

Таңда — Шолпан,
Ал түнде Есекқырған.
Сепсе болды сәулесін көсеп нұрдан.
Айды көздеп жатармын Тас-Бесікте,

Салынса екен, әйтеуір, төсек қырдан.
Көктен Ғайса түскен жоқ... Көктемені,
Олар да аңсап аспанға кеткен еді.
Жұлдыз теріп түн – бақтан,

Ойнап кетсем,
"Балалығың қалмайды!.."-деп, сөкпе мені.
Жатыр тағы түн көктеп,
Гүлдеп ой-шың,

Жел боп,
Сөнген отымды үрлегейсің.
Тас Бесікте болмасам түнгі қырдан,
Таң Жұлдызын таба алмай жүр дегейсің.

ТАҢ ЖҰЛДЫЗЫМЕН ТІЛДЕСУ-2

Іздерім менің мынау мекенде өшіп,
Мен де ертең аспан жаққа кетем көшіп.
Мың жылда жетем соңғы тұрағыма,
Қанатып миллион жұлдыз шекемді осып.

Мен, сөйтіп, мың жыл жолда түн кешемін,
Білмеймін берілерін кімге есебім.
Әйтеуір, тұсынан кеп терезеңнің,
Сенімен, Таң Жұлдызы, тілдесемін.

Бозторғай құлақты жеп безіл қаққан,
Нұр емес, у тамызып сезімге ақ таң,
Аламын пәк сәулеңе жүзім жуып,
Өзекте үміт өшпей өзің жаққан.

Түскенде анық бұйрық, Хақ-Кәламнан,
Сүртілер көзге күйе жаққан арман.
Барлық сыр саған аян, сен ғанасың,
Алланың мыңыншы атын жаттап алған.

Тән талды, жүрек солды, аңсар да өлді,
Тастадым артқа қанша сарсаң жолды.
Тас Тұнжыр аспан атты Құлпытаста,
Тамылжып, Таң Жұлдызым, жансаң болды.

Демейін, қасымда бол, ем - дом жаса,
Жөнермін түнесе ағып мен болмаса.
Көргенде дидарыңды өліп-талып,
Қалсаң тек бір тіл қатып ең болмаса.

Жарамды емдер, бәлкім, нұрың тамып,
Оятар көздегі өлген мың ынтаны.
Білмегім:
Тас Бесігім қалған жерге,

Сенен соң таң ата ма, бүгін тағы?
Жарама нұр орнына шыбын тамып,
Мына түн жүзін қалай құбылтады?
Тезірек мына түннің қыбын танып,

Ниетін өзгерте гөр, тілін тауып.
Тұрғанда таң мәулітте көк теңселіп,
Даламды қалсам деп ем көктен шолып.
Арман не, Таң Жұлдызы, сол далаға,

Мәңгі Ақ Таң атарына кетсем сеніп.
Япырмай,
Қандай қатал Ғалам сұсы?
Кірш етіп қадалардай маған тісі.

Түн басып жатқанда қыр, Таң Жұлдызы,
Сен едің атар таңның хабаршысы.
Өзіңді бостандыққа патша қылды,
Өзіңнен далам мәңгі татса нұрды айы бар,

Он миллиард жұлдызы бар,
Кетермін саған сыйлап Аспанымды.

ТАҢҒЫ ҚҰМДА ІЗ КЕСУ-3

Тұрғандай таңғы әлемді құдай қозғап,
Жұлдыздар қимылдайды құлай жаздап.
Қыңсылап, ішін тартып, әбігер боп,
Құба құм кетеді ұқсап құмайға аздап.

Жарқ етіп шығасың да, Таң Жұлдызы,
Тұрасың сәл жымиып... Жылай жаздап.
Мен үшін, дем дірілің ентікке тең,
Біреуді келгендейсің, ертіп бөтен.

Қарайсың өткінші бір қимастықпен,
Мен осы қылығыңнан қорқып кетем.
Білмеймін, үрейлену оң іс пе, осы?
Айта гөр, Таң Жұлдызым, теріс деші.

Сапарың неге ғана қысқа сенің,
Аққанат азат таңның Періштесі.
Тек сенен,
Тұяқты қыр, қияқты шың,

Жатады үміт күтіп, зият құсым.
Елжірей қарап бүгін, ертең таңда,
Бір түрлі келмей қалар сияқтысың.
Жетеді сенен кейде ызың талып,

Ұқпаймыз білдіргенмен біз ынталық.
Қалардай құмға мөр боп ізің тамып,
Берердей соны маған Қызыр тауып.
Мөрің бас!

Тағы да бір қызмет қыл,
Қарап ап атар таңның жүзіне өткір,
Төсейін мәңгілікке маңдайымды,
Аққанат Азаттықтың ізі деп бұл.

БЕРНАЗАРДЫҢ БЕСБОЛЫ

Баллада
Сыныптасым- Берназардың Бесболы,
Қазаққа үлгі қылатындай не істеді?
Толарсақтан ел үшін қан кешпеді,

Сөзжұмбақтан басқа ештеңе шешпеді.
Жалба тайлақ құсап жүріп көштегі,
Бар болғаны тоғыз оқып ... көшпеді.
Құрғақ отын сықылданып пештегі,

Уақа емес қызып кейде бөскені.
"Бесекеңнің бай ұлынан несі жоқ,
Би ұлынан несі кем?" - деп төс керіп,
Қайқиғанда "ер, дерің хақ, көшпеді!"

Күн тіріліп, өлгенде әбден естері,
Енді, әрине, талай жігіт өстеді.
Күлетін бір кездері оның керемет,
Күнәсі жоқ сәби құсап бестегі.

Күнәсі ме?.. Иә, ешқандай күнәсі,
Бесекеңнің болған емес, расы.
Әлдеғашан құрдастары қыр асып,
Әке болды, шеше болды — "класы".

Қыз жайлы айтсаң қиқаң ете қалады,
Есек құсап тасқа тиген тұрасы.
Хоббиі, енді ... мектептегі "мұрасы",
Шылымы мен өзі ашытқан квасы.

Құнжың қағып, ыржың қағып кетеді,
Тап боп қалса Тәңір асы - сырасы.
Біздің Бесбол — бес болмады, бір болды.
Үйленбеді.

Жағаға ептеп кір қонды.
Әже кетті... Ата кетті... Әкенің,
Өткеніне әлденеше жыл болды.
Үміт етіп шіренетін шал байғұс,

"Біз озалдан аз ауыл ек- Жылгелді,
Бесбол, бірақ толтырар,- деп, іргемді".
Бүгін, міне, шешесі отыр бебеулеп:
"Өлсем, мұны қалдырам, -деп, -кімге енді?"

Бесекемде бес тауық пен бір қораз,
Төбеті мен мысығы бар мүлде араз,
Үш нәсіл де бір-бірімен дүрдараз.
"Бір шарбақтан бұйырғасын несібе,

Татулық та қажет - ау", деп, жүргені аз.
Ит бейбақтың баққаны көп, үргені аз,
Мысықтың да жатқаны көп, бүргені аз.
Бесекеңде сана сарсаң, көре алмай,

Сегізінің боп жүргенін бірге мәз.
Әсіресе, мекиенге дүр қораз,
Күн бермейді қылар мұны кімге наз?
Мысық десе ит те солай - сойқан шу,

Ауласында көшеді ылғи түнде қаз.
Содан соңғы, кітап оқу бір "жыны",
Оқиғасы қоюланса, қырғыны,
Оянады қалғып жатқан дүрлігі.

Желпілдейді күйе жеген түндігі,
Сондай сәтте жұмсай қалса шешесі,
"Құрсын,- дейді, - бұл қазақтың тірлігі."
Газет пенен радио сындыны ішіп алған,

Тағы да бір сұмдығы.
Дүниенің хабарына ындыны жібімеген,
Сауалтады жындыны.
Соған сеніп ұстатқандай кіндігін,

Төрт құрдымы, алты бірдей құрлығы.
Өз білімін қорашсынып қайтады,
Бесекеңмен сырласқандар бұл күні.
Әйел де енді табылар еді іздесе,

Бермес те еді онға теңдік, жүзге есе.
Барған адам бұл ауылдың қызына,
Кешпейді, рас, малтымаса, жүзбесе.
Сегізінші оқып жүріп бір қыздан,

Беті мықтап қайтыпты - мыс. Қыз десе,
Содан бері жүрегі оның – мұз - кесе.
Кейін сол қыз байға тиді жүз неше,
Тек Бесболға көнбей қойған тіздесе.

Бесбол қайтпек, көзін текке сүзбесе,
Ол қарбаша жігіттерден жасаған,
Моншағының шетіне өзін тізбесе,
"Шайтан,-деуші еді, — үмітсізді"

Әлі одан,
Бұл кім сонда бағзы үмітін үзбесе?
Көлеңкеде отырады іс қылып,
Езуіне "Примасын" қыстырып.

Көзіне ептеп нұр жүгіртіп ішкі үміт,
Бір әуенді қайырады ысқырып.
Әйелді айтсаң жібереді тек ышқынып,
Шоқтығына кеткен аттай тіс кіріп.

Айтпақшы, ол да көктемде бір гүлдейді,
Қоңсылардың қозы-лағын піштіріп.
Қадірлісі ол,
Сол ауылдың со күні,

Артта - көпшік, алда, әрине, ішкілік.
Сол күні әбден талайларға тіс тығып,
Жетеді үйге төрт кідіріп, үш тұрып.
Ертесіне кетеді жұрт танымай,

"Ел болмайды бұл қазақ!" - деп ысқырып,
Көлеңкеде қала береді іс қылып .
"Бесболжан-ай, бізді тірі өлтірдің,
Өлмей тұрып бір шүйкебас келтір-гін!..",

Деген сонау, есек дәме, еркін күн,
Үмітімен бірге кетті ол шалдың,
Түбітімен бірге кетті, кемпірдің.
"Бес тауыққа бір қораздай құның жоқ,

Тап ішіне с... қатын алмас бөркіңнің!",
Деп шаптығып кеше де бір жеңгесі,
Жігерін жүн қылып кетті, өртін құм.
Тағы бір шал боқтап кетті оқсатып:

"Қытай анау, миллиардтан кетті асып,
Орыс - орман, татар - тоғай, топтасып,
Көздерінен қарап жатыр шоқ шашып.
Қатын алып, көбеюдің орнына,

Сен отырсың көлеңкеде көт қасып.
Буыршындай ауызыңнан көк шашып,
Өй, анаңды!.. не қарайсың — боқ сасып?!",
Насын соңда түкіреді Бесекем, Басын:

"Біздің қазақ - осы..."-деп қасып.
"... Менсіз қазақ ортая ма, жұтай ма?
Орыс орып, қытай келіп бұтай ма?
Әлгі шалдың не шаруасы бар екен,

Қыстырылған тас құсап ап тұқайға?!
Пішілмеген қозы-лағын ойламай,
Несі бар-ей, орыс пенен қытайда?
Ана қатын баға алмай бес баласын,

Мені тілдеп шықпақ қандай ұпайға?"
Ол осындай ой ойлайды шамамен,
Бесекемде көңіл-кенен, жаға - кең.
Саусақтарын бүгіп санап санамен,

Кейде ойланады келе жатып даламен,
"Атам, әжем, әкем..., шешем және мен.
Үйде аз қаппыз, салыстырса моламен",
Бір жаңалық тауып алып ол әрең,

Кеңістікке мейірлене қарайды.
Оған әлі тең секілді бар адам,
Оған әлі кең секілді бар әлем.

БЕЙУАҚ

Қылымсиды қыли түн,
Жан жоқ оған жылитын.
У жағады көзіме,
Сілекейлі ұры ұйқым.

Көрген түсім - хикаят,
Қалам одан шикі ой ап.
Жалап шығар ұры ұйқы,
Тән деген бір - итаяқ.

Менікі осы не тыртаң?
Ой - тамызық, отын - тән,
Күн - балтасы жалаңдап,
Шығады алдан соқыр таң.

"Енді осы ғой өмір"-деп,
Өртейді бір жел үрлеп.
Тірлік - пеште түтіндеп,
Жетем кешке көмір боп.

Жинатпайды әрине еш,
Жөңкіледі фәни - көш.
Жұлдыз тісі сақылдап,
Тұрады алда Қари кеш.

Жан ағады жарамнан,
Зәр ағады санамнан.
Біз байғұсқа не сын бар,
Тас түнекке қамалған?

СӘУЕГЕЙ ҚҰС

Дәл бүгіннен жүз жыл бұрын,
(сақта, Алла!) 23 ақпанда,
Ақын Блок Гамаюнды жырға қосып жатқанда,
Менің-дағы төбемнен,

Ұшып өткен көк қарға.
Ол да кейде ұшушы еді әуелей,
Тек алысқа ұзатпайтын тезек масы әуейі ой.
Гамаюннан әлдеқайда кексе еді,

Гамаюннан әлдеқайда сәуегей.
Сұмпайы құс көргені лаң, жолы қан,
Өлексемді жүз жыл бойы торыған.
Шаңыраққа қонып алып боғыбан,

Айтқандарын мен түсімде жорығам.
Көк қарғаны көріп жүрдім әулие,
Жұмақ құсы шыққанша ұшып торынан.
Жұмақ құсы ... Ол да баста тұрмады,

Қалды артында мен ұқпайтын мұңды әні.
Жүрегіне жазылмайтын жара салып жіберді,
Көздерімнің қанды қара тырнағы.
Қиқуласқан қалың қаздың құралы,

Бұл далаға қайта оралмай жүр әлі.
Ол неліктен мені көрген құзғындар,
Түсін маған жорытпақ боп тұрады.
Тағы, міне, ғасыр соңы ... Ақпан, ә!

Кәрлі ақпанда қалтырайды ақ қала.
Тағы бір құс төбемде отыр сұңқылдап. Қап-қара...
23.02.1998 ж.

МАҢҒЫСТАУДЫҢ ҚИЯНЫ

"Көненің татын неғұрлым ысқылап тазартқан сайын,
Жаңаның жүзі соғұрлым жарқырай түседі",
Алиджан Еділханұлы.
Маңғыстаудың қияны- кілең қорым,

Қорымға әкеп тірейді жүрер жолың.
Эрмитаждар тұқымын тоздырса да,
Қоймайды әлі балбалдар шіренгенін.
Парақтарын алдымнан ашты тағы,

Ғасырлардың тозыңқы тас кітабы.
Үйелейді жұт көрген көтеремдей,
Кәрі қойтас жей алмай жас бұтаны.
Бебеулеген даланың желіне еріп,

Бағзы мекен ұлиды бөрі болып.
Тас қорымға тығылған қошқар тастар,
Жіберердей меңіреп мені көріп.
Көне қаріп көрмегем "Әліппемнен",

"Әптиек" пен "Мұхтасар" танып па ем мен.
Құпиясын қынамен қымтанады,
Құдай сөзі құлпыға әдіптелген.
Бүгінімен күн кешкен дүлей - мендер,

Тарих тасты тажалдай күрей келген.
Азаны жоқ Мешіттің төбесінде,
Дірілдейді жетім ай үрей жеңген.
Біздің елдің дүрлері, кісілері,

Тас астына түспестей ісінеді.
Құдай сөзі сіңгенде қара тасқа,
Тек өлілер ғана оны түсінеді.
Білдірсе де әруақтар қолдайтынын,

Бұталарға өтті ықтап торғай-түнім.
Өлі қорым ұйқыдан оянғанда,
Өкінішті өмірде болмайтыным.
Жалқы жара - жүрегім, пәркі - нала.

Өмір сүру - өлудің шарты ғана,
Басымызда балбалдар жыр оқыса,
Оянып та кетерміз, бәлкім, аға? Артын ала.

МҰЗ КЕМЕ

Неше ғасыр қазынасын жат жеген,
Мұз тұтқыннан әрең босап Ақ кемем,
Азат желге желкен жая бергенде,
Қарақшылар басып алды, әттеген!

Қарақшылар,
Ата-тегі беймәлім,
Тек соларға бұйырды бар жиғаным.
Теңізге атты Ар дей-тұғын ағамды,

Ессіз жатыр ақ сақалды Иманым.
Құл болып жүр - Ұят деген ұл еді,
Сауап - Анам сансырайды, тірі өлік.
Обал - Апам лыпасы жоқ, Иба – қыз,

Жендеттердің жетегіңде үнемі.
Күрсінгенде көне көздер көген түп,
Жекіреді билікке ие Көбең тік.
Ышқынасың Балқаштағы балықтай,

Ал жендеттер сұрамайды сенен түк.
Күл-түтінге қойма болып өкпеміз,
Жүрегімді айғыздайды өктем із.
Жиіркенгенде менің лас кемемнен,

Қайта-қайта лоқсиды көк теңіз.
Көрінбейді азаттықтың аралы,
Есер күлкі есімді алып барады.
Азу тісін алтын аймен аптаған,

Ырсияды Мұзтаулардың араны.
Кіл қарақшы. Кемемнің жоқ иесі,
Істен шыққан барлық жұмыс жүйесі.
Ақ желкенді түте-түте тоздырды,

Қара аспанның жұғып қалған күйесі.
Қаруым жоқ қарақшымен айқасқа,
Қасапхана қақпаларын қайта ашпа.
Бір қуыста дірдек қағып отырам,

Ақ кемемді соғады деп қай тасқа.
Қызың қысыр қалады деп - ұл өлсе,
Күресе алмай өткенім бе бір ерше?
Күн не болмақ - қанға қанған кәпірлер,

Ақ кемеңді жатқа сатып жіберсе?!
Ақ кемемді қарақшылар басқарып,
Беймағұлым көз көрмеске қашты алып.
Күрек тісін күміс күнмен күптеген,

Таулар алдан шығады алып тас табыт.
Күдірейіп тұр таулардың жартасы,
Етегінде қайықтардың жаңқасы.
Қорқынышты: басып кеткен шыңға мөр,

Нұх пайғамбар кемесінің қаңқасы.
Көзімде үрей, жүрегімде қорқу бар,
О, Жасаған!
Алда қандай сор түн бар?

Көкжиекте Әзәзіл жел ойқастап,
Дөңбекшиді аждаһа жал толқындар.
... Әттеген - ай! Әттеген - ай! Әттеген!..
Саған қайыр тимей қойды - ау, қап, менен.

Желкеніңді кебін қылып оранып,
Мен өзіңмен бірге өлемін, Ақ кемем.

ӨЛЕКСЕЛЕР ПАТШАЛЫҒЫ

Фариза Оңғарсынқызына

Көзіңнің күн тамады шарасынан,
Сөзіңнің қан тамады жарасынан.
Сау шыққан аздың бірі сенсің, апа,
Қаптаған өлекселер арасынан.

Үй тігіп қарлы тауға өлең ексең,
Қитығып көзге ұрғасын сен ерекше,
Тұрады көз қайрасып, сөз байласып,
Қоспақ боп қатарына көп өлексе.

Сіңірген тұл бойына жат шалығын,
Олардың кесіп қойған ақша құнын.
Хақ сүйген адам ғана аман өтпек,
Қақ жарып өлекселер патшалығын.

Сүреді өлекселер абат өмір,
Тірегі бауға оранған жанат өңір.
Халықты теуіп тыққан тар төлеге,
Жарықты тартып алған Қара Тобыр.

Содан соң шіренеді үкіметше,
Тағынан таяды олар шүкір етсе.
Болжалсыз шошымай көр болашақтан,
Табыттар халықтарға үкім етсе.

Білмеймін, артым - аран, алдым көрдей,
Билікті тұр абызға малғұн бермей.
Ғарышқа қол ұсынам, жан ұшырам,
Ішінде өліктердің қалғым келмей,

Жалғанда ақын өлсе - арман сөнер.
Салтанат құрар сосын алдамшы өнер.
Ертіп кет, апа, бақи сапарыңа,
Кеудемде шығар-шықпас жан болса егер.

КӨКШЕТАУ – КҮЗ

Баянғали Әлімжанұлына

Көкшетау - кейде қарлы, кейде қарсыз,
Сексен қол мұз ерінді сөйледі әлсіз.
Тұнжырап көшеде отыр Ақан Сері,
Жәутеңдеп көп қарадым бейнеге әнсіз.

Сүйенген домбырасы жарағына,
Сыпаның әлі жаны жаралы ма?
Сәскенің шуағы еппен ерітеді,
Серінің қатқан қарын қабағына.

Ісімді жақтырмай тұр кекті мұжық,
Шен тисе бергісі бар бетті бұзып.
Сал Біржан "Адасқақты" шырқай беріп,
Дауысы мұз боп қатып кетті үзіліп.

Көкшенің көгін кіл жат өлең шарлап,
Осқырып кеңседе отыр көбең шардақ.
Көзіме қанша іздесем түспей қойды,
Жаяу сал, Балуан Шолақ деген шалдар.

Ақынның мүрдесі жоқ қорымында,
Қайтпай тұр жел батаға солығым да.
Мінбеде Мағжан шығар Қызыр2 отыр,
Сәкеннің Көкен3 қалған орынында.

Қалмапты салда қайрат, серіде айбат,
Қанаты көтерем қудың өлі байрақ.
"Көкшетау — жер жұмағы" демеуші ме еді,
Жұмақты алған екен пері жайлап.

Тұра тұр, бұралқы жел, желіп үрмей,
Теріскей тірілгенмен, өлі – күнгей.
Мүсіндер көшедегі тастап қашқан,
Мысалы, Періштенің кебініндей.

Хақ — Алла! Азаттықты биікке бер,
Қалмасын мәңгі жетім сүйікті өнер.
Кебінін шешіп кеткен көп періште,
Бір күні кебенегін киіп келер!

"Көкшетау - кейде малсыз, кейде қарлы"
Соны айтып күбірлейді Бейне Зарлы.
"Көзіңе қарап жүр, деп, соқтығыспай!.."
Сар шашты, көк бет қайың сөйлеп алды.

Қазақтың қолды болған тауы сурет,
Сен - салдан, мен - қайқыдан ауысып ек.
Шертетін шерлері көп шешен — сақау,
Әншінің дабысы бар, дауысы жоқ.

Тап келіп Өлі араға ай шықпаған,
Мұңайып Маңғыстауға қайтып барам.
"Ай аман туғай, - дедім, - Оқжетпестей,
Алаштың Ақ Күмбезін айшықтаған.

БАБАУ – КҮЙ

Тобанияз Әлниязүлының әруағына

Ұрысып қанжар, борасып оқтар,
Тыншыды сүргін, қырғыны.
Жердің бетінде моласы жоқтар,
Келердей қайтып бір күні.

Келердей қайтып, жебердей мені,
Аспанда жүзген Ай тұлғам.
Шындыққа шел деп кебердей көні,
Өздері жайлы айтылған.

Не жетсін жаудан қаза құшқанға,
Айтыңыз, бірақ, тоба, сіз Маңғыстауыңды,
Қазақстанға қостың да, қалдың моласыз.
Кесапатынан қараңғы мидың еліме ерім симады,

Сен болсаң, байтақ даланды қидың,
Молаңды саған қимады.
Шыңырау ойға батады ұяң ұл,
Тимейді жайлы жанға аса запыран.

Жыры Зәкарияның4 замана жайлы зарласа.
Шоқ шынар сынды қара шыңдағы,
Кіл асыл сойдың ұрғыны.
Моласыз кеткен Алаш ұлдары,

Келердей қайтып бір күні.
Жырымен алқап нанғыш қауымды,
Келердей қайтып кезіне,
Қазақстан мен Маңғыстауымды,

Берердей қайтып өзіме.
Тағардай бәрі қарау күнге айып,
Әлихан, Мағжан, Ақандар.
Мұстафа Шоқай, Жалау Мыңбаев,

Оралып алыс сапардан.
Сәкен, Ілияс Құлагерлерім,
Қарғып бір шығып араннан,
Пірзада нағыз мұрагерлерін,

Қоярдай сайлап Маған — Хан!
Тұр олар менің зарымды көріп,
Бәріне куә — Ай мына!
Халқыңды сүйсең жаныңды беріп,

Моласыз қалу қайғы ма?
Харап боп елдің бар зиялы ұлы,
Құл-құтан мініп тағына.
Неге үн қатпайсың, Әлниязұлы?

Шомылып жатыр қаныма.
Аударып бізден заманның зәрін,
Ара тұр, әруақ—Ел-аға,
Жұмақтан жұпар далаңның бәрін,

Айналдырмақшы Молаға.
Табытын сайлап Антыма менің,
Киесіз бейіт сейфтер.
Азаттық туын халқыма кебін,

Қылмақшы жөгі- жөйіттер.
Кезеңнен мені тосқан жұт - қабір,
Қалады ашық тұл олар.
Моласыз әруақ бостандықта жүр,

Сезбейді оны мыналар.
Ұлтыңды сүйсең,
Ол халық сені қимайды,
Тіпті, қабірге.

Бөпедей баптап қолға алып сені,
Бақтырып қояр Тәңірге!
Жұмақтың жетіп аңқытқан демі,
Жырақтың, арман ерлері.

Бір демеп жібер қолтықтан мені,
Алаштың Ардагерлері.
Қиналам мен де, айтады халық,
Зарымды, бәлкім, естір көк,

Маңғыстауымды қайтарып алып,
Қазақстанға қосқым кеп.

ЖАЛҒЫЗ АҒАШ - ЖАЛҚЫ АҚЫН

Қағапақты жарып шыққан қыршын күн,
Шыға сала демін жұттым тылсымның.
Мен Алтайды тастап кеттім озалда,
Дәл сол күннен бастау алды бұл сүргін.

Аспан - қайрақ,
Ай - қанжардың жүзінен.
Жанығанда жұлдыз болып үзілем.
Тар ғаламның,

Кең даламның түзінен,
Қонатын үй таппай қайтқан Қызыр ем.
Жараса тек сәл қағуға қанатын,
Алматыға өлу үшін баратын,

"Ақыным!.."- деп, жүр біздерді мына жұрт,
Бір-біріне ұқсайды рас бар ақын.
Ақын атап,
Батырып ап сонша ойға,

Жерінеді жандай көріп ең шайма.
Өр ұлдарын еркелетіп кемді күн,
Топырлатып тығады айдап Кеңсайға.
Көздерімнің шарасында қан ашып,

Қан отынан ағып түскен қарашық.
Қала берем адамдардың көшінен,
Айдың, күннің аманында адасып.
Бизар қылып тірілердің келесі,

Көз алдымнан кетпейді ылғи, о несі?
Қабірлердің құшағынан сытылып,
Қашып шыққан мүрделердің елесі.
Сол мүрдеге еріп кетем қия алмай,

Шақырады шың басына- қиянға Ай.
Қадам бассам шекараны бұзамын,
Жұрттың сызған шеңберіне сия алмай.
Елестердің айтқан жыры ойымда,

Екі дүние жүгін артып мойынға
Пана таппай жүрем түзде дірдектеп,
Өз атыма берген көше бойында.
Шөңге кіріп табаныма, басыма,

Басам сосын алға қарай асыға.
Жетемін кеп миым түсіп таңдайға,
Жапандағы жалғыз ағаш қасына.
Бұл сүргіннен құтылатын түрім жоқ,

Сайға қуып тықпай тынбас бұл індет.
Қан боп ағып шығар жанға тығын боп,
Жан өксігін жыр жаншиды күбірлеп.
"Жаныңа әкеп жерледім ғой өлеңді,

Жалғыз Ағаш, жыламашы сен енді."
Тауып алғам: "Жапандағы жалаңаш,
Жалғыз ағаш жалқы халқым!"-дегенді.
Жалғыз ағаш жұбатқанға көне ме,

Пысқырмайды қамқорсыған немеге!
Долы дауыл жұлқығанда жемісі,
Тоңдырады тас боп жауып төбеме.
Тас тигенде бұққанмын да, шықтандым,

Сонда да оған елес болып сұқтандым.
Бұтағында тұрам дарға асулы,
Жалғыз ағаш: "жақыным!" — деп ұққан күн.

ШАЙЫРЛАРДЫҢ ПЕРІШТЕСІ

"Шайырлардың періштесі болады",
Дейтін еді көне шалдар бұрынғы.
Бірақ оны көрген емен мен әлі,
Олар жазып берген емес жырымды.

Перілерді талай көрдік желіккен,
Оның жайы таңсық емес ақынға.
Бірақ осы ғұмырымда, неліктен,
Көп толғандым мәләиктер хақында?

Ақындардың құр малданған өр даңқын,
Өріп жүр ғой перзенттері күмәнның.
Періштемен жолығардай,
Мен, бәлкім,

Шын дарыған шәйір емес шығармын?
Кезінде, рас, тілім өлі сүйек боп,
Тауық боп та шаштым миды тарыдай.
Жүргенде, әлде, санамды жын иектеп,

Сөзін ұқпай, кеттім бе екен танымай?
Өтті көп жыл көк инені еш түртпей,
Алтын шайған кімге дәрі өлең жез.
Періштенің жүр ме, әлде, үнін естіртпей,

Долы - дәуір, соқыр — құлақ, керең — көз.
Өлең аулап кейде таңды таңға ұрам,
Бір жол жазбай жығыламын құр қажып.
Ақ қағаз бен қаламсапты қалдырам,

Періштелер кетер ме деп жыр жазып.
Оянғанда өлеңі жоқ жарты жол,
Қағаз құрғақ, Күлімсіреп күн шығар.
Кірпігімде лаулайды шық. Бәлкім, ол-

Мәләиктер қазып кеткен нұр шығар,
Періштелер жазып кеткен жыр шығар?
Сол бір шықтан тұтанғандай жан отым,
Сезімімнің түріп ашам түнегін.

Содан кейін, жалын жалап қанатын,
Суылдайды - ай менің жалғыз жүрегім.

КҮЛТЕГІННІҢ ҚАЙТЫП ОРАЛУЫ

Жанат Әскербекқызына
О, киелі Түркі Елім-ай! Тас бесік,
Неткен ғана аянышты жұрт едім.
Астанада мәз боп қалдық бас қосып,

"Отанына оралды,- деп, — Күлтегін!"
Тістей қатып тамырынан тоң бүріп,
Тұтқында ұстап табғаш - дәуір түрмесі,
Мың жарым жыл - он бес ғасыр жол жүріп,

Жетті еліне күлтегіннің сүлдесі.
Шенді орданың төбесінде ту гүлдеп,
Иманғали "Күлтегінді" әкелген,
"Евразия", - деп өңмеңдеп Гумилев,

Атын тартып алған жер бұл Сәкеннен.
Сол баяғы айнымапты ел салтынан,
Адасу ғой, көкөзегі күретін.
Асылдарын жоғалтып ап, артынан,

Көкке қолын жайып іздеп жүретін.
Өңшең дүрлер, басқан ізі батпандай,
Нән толқындай жалын тартып жүзгенге.
Күлтегінмен бірге келе жатқандай,

Сәл жатырқап қарайды, рас, біздерге.
Астанада өзгеріпті көп алаң,
Ада - тасқа жазған сынды жырды ойып.
Аттан түсе жаздап қалды Кене хан,

Айтматов жатқан шақта гүл қойып.
Мұңаямын мың ой түнеп басыма,
Құлағыма ғасырлардан пірлі үн кеп.
Күлтегіннің қарап тарғыл тасына,

Олжас тұрды баба тілде тіл күрмеп,
Шахановтар ана тілге ділгір боп,
Қос Сақ отыр, Қас Сақ,
Алтын қаһарман.

Осы шығар өңде көрген түс, міне,
Алтын киім киіп өткен атамнан.
Қорынамын,
Қараймын да үстіме.

О, Түркі Елі,
Айналайын, атыңнан!
Хатың келді,
Азық маған сол атың.

Тасқа өлеңін ойып жазған ақыннан,
Қысылып тұр кітап жазғыш көп ақын.
Маңғыстаудан ертіп кеп пе ем пірлерді,
Неге, ақын қыз,

Тақылдайды тақаңыз.
МГУ тартып ала жаздап бұл жерді,
Не істер екен, күзде келмек Папамыз?
Қарағым - ай, оны қайдан білем мен?

Оқымаған жерден соқты сауалың.
Сұрашы анау көкелерден шіренген,
Бәлкім, беріп қалып жүрер жауабын.
Бір іс бітті.

Бейенішке5 кенелген,
Тарап барады қара бұдан Түркі елім.
Қараймын да,
Шыққан түпсіз тереңнен.

Жүрегімнің қаңды жасын сүртемін.
Тарап барады орап мені құйынға,
"Күлтегінге" берді Астана бір төрін.
Жалғыз сауал шыңғырады миымда,

"Тұлыбың бар. Рухың қайда, Күлтегін?"

ТАҢ ҚАУЫЗЫН ЖАРҒАНДА

Жыр — Хамса
Он төртінен толған айдың тойында
Өртеп сүйді көкжиек от ерінді,
Мен де ұмыттым пенде, бұлт екенімді.

20-ға 14 қалғанда ұясынан,
Он төртінен толған ай көтерілді.
Мәз боламын адамдай мен есалаң,
Мұншама әсер етпейді неге саған?

Көтеріле бергенде көкжиектен,
Балқып кете жаздады-ай...
О, Жасаған!
Сүмбіленің исі аңқып сұлбасынан,

Талып түсті ақ сәуле сырғасынан.
Құттықтадым он төртке толған айды,
Ат үстінен қол созып қыр басынан.
Бір жағында мұнайлы мұнаралар,

Бір жағында қыстаулы құлама жар.
Ортадағы ақ күмбез төбесіне,
Балқып келіп толған ай тұра қалар.
Көп құлпытас лапылдап шыра жағар,

Салауат қып өлілер иманына,
Еппен жылжып кетеді иба қыла.
Ақ уызын жағады жанарының,
Мынау бейбіт даланың дидарына.

Алтын артқан қалыпты қайық кетіп,
Желкен - бұлтты алыпты жайып, бекіп.
Жарып ала жаздадым маңдайымды,
Тасқа тамған сәулеге тайып кетіп.

Ей, алтын - ай, нұрыңды күй шелекпен,
Хайуан - ғұмыр құрысын, күйсеп өткен!
Есі - алаң,
Досы - адам жан боласың,

Он төртінен толған ай сүйсе беттен.
Өлейін, деп, жолыңда шырақ ұстап,
Дәруішке боз киген тұрам ұқсап.
Сәлде орамай басыма,

Сәуле орап ап,
Таңда оралам үйіме шығарып сап. Жә!
Опынып бармақты тістелеме,
Шүпілдеп тұр ақ нұрға іш кенере.

Кетем ұйқтап. Толған ай орынына,
Таң жұлдызы енеді түске неге?
Бұлт - пердеден, сайтан ай, сығалама,
Сені көрем деп кеппе ем бұл араға.

Сенің сиқыр күлкіңе елтіп қалып,
Әуейі боп кеткен-ді мына бала.
Мені шарпып содан соң қай көздегі от,
Тауды шарлап, қыр кешіп, сай кезген ек.

Жарық көрсем күйдіріп қанатымды,
Кете бардым пәруана - айгезбе боп.
Сен сығалап, пердесін сан ашты бұлт,
Кірпігімде қанша рет қамасты ымырт.

Айгезбені түнімен сәулең мас қып,
Ал таңертең жоғалдың адастырып.
Сағың ауған мен болдым мөрлі бала,
Кірпіктегі күн нұры сөнді мана.

Тағы тап боп тұрсың сен түнгі қырда,
Енді айыға бергенде — дел дуана.
Бұлт - пердеден сығалап қор қыласың,
Тағы саған тамсанып керді қасын .

Таң жұлдызын таба алмай түнгі қырдан,
Сүмбілеге сүқтанған сорлы басым.
Есті емдейтін ақ таңға түн түрілген,
Жете алмаспын деп тұрмын бұл түріммен.

Әр талының түбінен нұр тірілген,
Айналайын, сайтан ай, кірпігіңнен.
Жалғыз сәтке сен маған аспанды бер,
Алып ұшқан бойымда басталды жел.

Ең соңғы рет аспанға ертіп шық та,
Бір жұлдыздың қасынан тастап жібер.

ІІІ - ҚАН ҚАНАТЫ ТАЛҒАНДА

Шашылып түн сынған,
Шыныдай құм жүзі.
Шығасың тылсымнан,
Шырай Таң Жұлдызы.

"Көзімді суырдың,
Көңілді мүжідің".
Сәулеңе жуындым,
Киелі жүзігім.

Ашар ем тіл білсем,
Көңілдің бүкпесін,
Қоясың түннің сен, ақырғы нүктесін.
Сәулең боп құзымнан,

Ағады тағатым.
Тамырда - қызыл қан,
Қағады қанатын.
Жүректе үн жанды,

Жуықтап жұмбақ таң.
Естимін сұлбаңды,
Тылсымнан тіл қатқан.
Жанарға тұнасың,

Сырғанды тағарда.
Шақырып тынасың,
Ғажайып ғаламға.
Толмайды құшағым,

Нұр мүсін, су сымбат.
Соңыңнан ұшамын,
Қанатым сусылдап.
Нұр тарап түн шашын,

Миыққа мұң ұйып,
Діңкемді құртасың,
Құпия жымиып.
Кірпігін таң ашып,

Шашқанда күрең от,
Ізіңнен адасып,
Қайтамын сілелеп.
Артыңнан алқынам,

Күн неткен тымырсық.
Күрең от шарпыған,
Қанатым күңірсіп.
Жетсем деп түнге есен,

Жанымда мұң жанды.
Өшірмей күн кешем,
Көздегі сұлбаңды.
Антымнан бұзылман,

Ғұмырым бар қанша.
Тамырда қызыл қан,
Қанаты талғанша.
Таң жұлдызы тамғанда,

Жеті ықылым не деп тұр.
Анты абат көк,
Біздің білім баяғы орта мектеп.
Түледі де Түнгі әлем тамырынан,

Жатты аспанға май жүзген сорпа көктеп.
Иә, айтпақшы... ай жүзген жұлдыз көктеп,
Көкке көшіп алғандай күндізгі от көп.
Өмір зая мерт болды өкініштен,

Тап болғандай тойына түнді іздеп кеп.
Жұлдыз жауған жонына көк сүме бел,
Кілем қырдың өңіне төксін өнер.
Шолпан болып туады ол таңда қайта,

Өмір зая өлді, деп, өксіме, жел.
Өксіме, жел.
Іш тартпа - ырымға жат,
Таңға дейін қиялда шырынға бат.

Тығығалап ап құлақты тау құлапты,
Ақ шәлілі ай отыр күлім қабақ.
Қанағат қыл, шырылын шілделіктің,
Таңда ғана бозторғай жырын жағады.

Қауқар қашқан қанжары, найзасынан,
Тау — қарт батыр,
Арқасын ай қасыған.
Қылымсиды ай маған көзін қысып,

Кете алмаған кербездей бай қасынан.
Уәдеде тұрады таң жұлдызы,
Сай басынан күтейін. Қайда асығам!
Шолпан туа бергенде, Үркер өле,

Табылармын деп едім бір төбеден.
Қара басып, қалыппын қатып ұйқтап,
Шүпілдеп тұр саумалға күн тегенем.
Күлтөбеден бозторғай бүркеді өлең,

Шөптер шықпен кірпігін сіркелеген.
Әлдеқашан ашыпты түндігін бел,
Құрғатыпты жанарын үлбі - гүлдер.
Аспан жақтан шұбатып шынжырын жол,

"Қу соңынан! - дейтіндей, құлдығым, бол!"
"Тағы таза кетті,- деп, таң жұлдызы",
Ішін тартып бастапты сұмдығын жел.
Таңға мадақ жыр толғап тұр бозторғай,

Таң жұлдызын жоқтап тұр шындығында ол.
Сіңген шолпан ғайыпқа есіл ғұмыр,
Жалғап мені ізіне есілді нұр.
Көп елес жүр сол ізде,

Көсілді қыр
Бастап келе жатқандай көшін Қызыр.
Өкініш пен үміттің отауында,
Осы жырдың кіндігі кесілді бір.

Бозторғайдың батасы болғай қабыл,
Кетіргенше тағы бір есімді іңір.

ТАҢ ҚАУЫЗЫН ЖАРҒАНДА

Бір Жаратқан барлығын жұп жаратқан,
Жалқымын деп, ендеше, мұңға батпан.
Жұлдыз өніп жатады сыңарымен,
Жапырағы жайқалған түн дарақтан.

Бір-біріне жұғам тегіс ғашық,
Келеді өріп асығыс қоныш басып.
Құбылаға некесін қидыруға,
Жұп жұлдыздар бара жатыр қол ұстасып.

Құс жолы қоз,
Көсеуі - Есекқырған,
Көңіл шоғын ақыры көсеп тынған.
Қалды айдынның толқыны жиырылып,

Аймаласып ай мен бұлт төсек қылған.
Сайтан сәуле жүгіріп бар тұстарға,
Серік тауып береді жалқы ұшқанға.
Сықырлайды дарағы дүниенің,

Ғашықтық пен құмарлық шарпысқанда.
Тойлап жүріп сан көрді таңды көзім,
Танды көрмей жатпайтын бар мінезім.
Дуылдаған дүниені аяй қарап,

Таң Жұлдызы, туасың жалғыз өзің.
Жайнамаздай алдында ағала қыр,
Жанарында саңқ ұрып шағала нұр,
Қосылғанға құпия тілеу тілеп,

Қол жайдырып — бересің маған әмір.
Қайта оралмас мұны бір дәурен біліп,
Әміріңе жүгінем дәрмен құрып.
Махаббаттың дұғасын мөр ғып басқан,

Көздеріме қалады сәулең жұғып.
Қол созамын соңыңнан жан далбаса,
Ғайып болып кетесің заңғарды аса.
Жаратылған ақ нұрдан ақ Періште,

Түнде көзге түспейді таң болмаса!
Жүрегімнің бағына ақ гүл еккен,
Таң Жұлдызы, ақ сәулең тәтті неткен!
Махаббаттан жаралған әппақ таңға,

Аяй қарап тұрамын пәк тілекпен.

ЖАҢБЫР СҰРАУ

("Күй жайлату" жыры)
Безеу бет жел барымды қылды ысырап,
Қарайыншы көңілдің дүрбісін ап.
Су қыңсылап,

Қалыпты сай сансырап,
Тау тусырап, құм сыңсып, қыр қысырап.
Шегірткесі бидайдай тандыр - далам,
Таңның шығы құмарын қандырмаған.

Желдің жырын жалықтық тыңдай-тыңдай,
Жердің үнін естіртші, жаңбыр, маған!
Безеу бет жел, безгек қыр, ши дірілдеп,
Жапырағы шыбықтың күйді іріңдеп.

Төкші, ақ жаңбыр!
Шашылсын жер нәубеті,
Саз сыбырлап санамда, күй күбірлеп.
Күй күбірлеп,

Әлдене айтады ептеп:
''Бір ақ жаңбыр құйса ғой, пай, кенет кеп!
Кетер еді жер-әлем қайта көктеп,
Бүкшеңдеген бұта да бәйтерек боп".

Кірпіктері сіркелеп бұлақ-шыдам,
Үн шығады жатқандай жылап сыған.
Қала жақтан көп зауыт өкіреді,
Қара түтін құса алмай лоқсыған.

Керек,-деді, ел бір жаңбыр ту далаға,
Желөкпе жел, бұлтымды қудалама.
"Бұлттың басы құралып келеді!"-деді ол,
"Сүбіхан — Алла!.. Сүлеймен!.. Су жағала!.."

Бұрынғылар мұндайда жасапты ырым,
Ырымы жоқ итің де қашады қырын.
Ақ қағазға атайын қара сия,
"Тәңір жолы" - болғай,- деп, - ''Тасаттығым!"

Қонар қырдың, иншалла, басына құт,
Қасыңа алып үмітті жасыма, күт.
Бұтақ жайып келеді өрік тал бұлт,
Өрік талдың жемісі жасын ағып.

Топшың талып, қанатың шаршамасын,
Күмпілдет, бұлт, сайлардың тар сабасын.
"Қайыңдардың қанатын қайыра соқ,
Айыра соқ "аһ" ұрған арша басын."

Аспан астын қалың бұлт тынды-ау қамап,
Құйса, шіркін, енді бір мың қауғаны ап.
Айдарыңнан айналдым, шидей қара,
Үйді айнала жүгірген: "Күн, жауа - лап!.."

Келіп қалды қара бұлт қырды баса,
Қанбас па екен құмары ұрғыласа.
Иіп қоя береді - ау Аспан деген,
Шайырлары жердегі шын жыласа.

Дариям шор!.. Дариям шор!..

ҚЫЗҒАЛДАҚ ҚЫЗЫ ҚЫЗЫЛОРДАНЫҢ

Қызғалдақ қызы Қызылорданың,
Қып-қызыл күйде үзіп алғаным.
Жастықтың жасыл бағында көрдім,
Қыжым көйлекпен жүзі жанғанын.

Сарғалдағы емес Сырдарияның,
Қызғалдағы еді құм дарияның.
Қол ұстасып ап сапарға шықтық,
Батасын алып кіл қарияның.

Жем қылған меңдей Аранның шері,
Секілді ед өзі маралдың соңы.
Кептірді талай кенеземізді,
Маңғыстау шөлі, Аралдың соры.

Соңымызда сан соқпақ қалғанша,
Тамырымызда қан тоқтап, талғанша,
Жердің бетінде жүріп келеміз,
Қыжым көйлегі әппақ болған.

Желтоқсан желі қалтыратқанда,
Жендеттер қанға малтып аққанда.
Қалтылдақ қылдай көпірден өттік,
Сабырды бермей сарқып Ақпанға.

Жәбірді жедік жат еріндегі,
Жабылмай тұрды қатер ілгегі.
Жанары мұңды періштем еді,
Жабайы жұрттың пәтеріндегі.

Жырақта қалып қанды із-қара күн,
Кетірді зілін жалбыз жараның.
Шаңырағымда қобыз тартады,
Қазақтың мұңы жалғыз ғана мұң.

Қонақты күткен Қызырдай аяп,
Келеді сол бір бұзылмай аят.
Киеді ол анық аппақ көйлегін,
Ақырет күні қызылға бояп!

Артында қаулап бала баталы,
Қызғалдақ лаулап самал атады.
Қымтанып алып қыжым көйлекке,
Әппақ күйінде бара жатады.

Қызғалдақ қызы Қызылорданың

ШЕРҒАЛА - ШЕР

Шерғала!
Уа, шерменде шерлі қала,
Аршылан бұзып шыққан торды жаңа.
Қымтама құпияңды тырнағыңмен,

Есімді жиған кезде енді ғана!
Есімді енді жиып келіп тұрмын,
Қақталып әуіріне көрік құмның.
Дүниеде биіктік бар деген сөзді,

Шерғала, ең әуелі сен ұқтырдың.
Қанаты сымпылдаған көк үйрек түн,
Жеткенде осы жерге кемиді екпін.
Жалғанда сұлулық бар- дегенді де,

Епсіздеу ерініме сен үйреттің.
Жиып ап тас жасынды шұбар,
Тұран, Маңыңнан айықпайды мұнар, тұман.
Соншама сұсты, қатал тұрпатыңнан,

Тұрады жұпар борап мұң аңқыған.
Қайрайды қанжарымды қайрақ - құмың,
Шайнайды айбарымды айбатты үнің.
Жатырсың Қаратаудың киесіндей,

Жалған мен ортасында Айрақтының.6
Шері бар арыстандай Шерғаламның,
Әруақты қақпасы едің кер даламның.
Көзіңнен тұтап ұшқын кей түндері,

Жатады даусы естіліп Ер Бабамның.
Жалпақтан басып өткен Жалғаншыңды,
Шерғалам тауда жортқан тарлан сынды.
Ерте алмай қатарына қалған шыңды,

Ызадан тас боп қатып қалған сынды!
Керіліп жата бермей көрік боп сен,
Мұзтаудан бөлінгендей ерігі көп сең.
Бір күні Жаббар Құдай жарлық қылып,

Ақыра қарғып тұрып желіп кетсең,
Арман не, сонда артыңа еріп кетсем.

БАЗАРБАЙДЫҢ ТӨЛЕГЕНІНІҢ ҚОСОБАДАҒЫ ТОЛҒАУЫНА ҚОСЫМША

Аспандап ұшқан алты қаз,
Қоятын саған шартым аз.
Назым бар айтар халқыма аз,
Қарайлай кетші артыңа аз.

Жайықтан ағып жеткем мен,
Құба бір шөлден өткем мен.
Өтпедім соңғы өткелден,
Ажалдың оғы мүлтіксіз,

Оңдырмай ұрды өкпемнен.
Мына бір тұрған Қособа,
Ажалға кірер босаға.
Бекежан деген нәлеттің,

Аңдитын жері осы ара.
Бұл-бұлдай ұшып бақ кетті,
Жарыла күліп жат кетті.
Ата да жаудың астында,

Атаңа нәлет ат кетті.
Кереге бойлы кер жылан,
Керіліп жатыр қасымда.
Босаға бойлы боз жылан,

Бұралып жатыр басымда.
Бозторғай отыр қос сұмнан,
Қорықпай тарғыл тасында.
Бұларды маған дос қылған,

Шебер-ау құдай расында.
Мекен боп бұлан, құланға,
Тусырап жатыр құба құм.
Жағдай айтып жыланға,

Су сұрап жатыр ұланың.
Көрмедім мұндай жаны ізгі,
Періште бітім әзізді.
Бебеулеп келіп бозторғай,

Таңдайға жасын тамызды.
Шарасыз жылан: "ем бол" — деп,
Жарама уын ағызды.
Жылан мен торғай мәңгі ел боп,

Дос болып кеткен тәрізді.
Қайтарам қайтіп қарызды?
Ұғар ма мұны тең-тұсым,
Тәңірдің қара еншісін.

Жылан да сүйеді екен ғой,
Маңдайдан аққан қара қан,
Ақ махаббаттың Елшісін!
Айта бар мұны, алты қаз,

Көңілі жардың көншісін.
Қоятын саған шартым аз,
Шарт қойып қайтсін шерменде?!
Басы өкпелі істің, арты- наз,

Бола ма назды тергеуге?
Айналдым сенен, алты қаз,
Зарымды жеткіз енді елге.
Ата да қазақ бір-бірін,

"Алла-лап!" құшсын көргенде.
Еріні жардың тәп-тәтті,
Көңілі жаудың қап-қатты.
Қараның кегі тоқпақ - ты,

Даланың жолы соқпақ - ты.
Осымен менің соқпағым,
Қуалап жүріп жоқ бақты,
Қособаға кеп тоқтапты.

Кебінсіз өлген біз дейді,
Даланың желі жоқтапты.
Кешіре салсын, айтпақшы,
Бекежан атты бетпақты".

Осыны айтып Төлеген,
Соңғы рет қолын ұсынсын,
Соңғы рет демін ұшырсын.
Қазағым айтқан көп өлең,

Қаздарың қайдан түсінсін!
"Қаңқ" етті қаздар шұбалды,
"Қаңқ" етті жартас құп алды.
Қазақ пен қаздың ертеңі,

Әлі де тастай тұман-ды.
Маңдайды малып жосаға,
Талмайды тасты Қособа.
Алты қаз асты төбеден,

Базарбайұлы Төлеген,
Қалды да бар-ды тасада.

ӨТЕЖАН НҰРҒАЛИЕВ ТУРАЛЫ ЖАЛПЫ МАҒЛҰМАТ

Бұл кім өзі?
Нұрғалиев Өтежан!
Неге айылын жимайды хан көзінше?
Жоқ қоғамнан оған барар төте заң,

Барлық заңды жасап алған өзінше.
Осылайша паш қылады екі адам,
Осқырады Нұрғалиев Өтежан.
Бұзып ашып әдебиет есігін,

47 жыл болыпты келгелі.
47 жыл бұрын-ақ есімін:
"Ұлы ақын!"-деп тарихқа мөрледі.
Содан кейін тарс ұмытып кетті елі,

Пенде көріп тілі - жылан, түрі - лаң.
Ашып еді "Афинаның мектебін",
Басын сұқпай қойды оған да тірі жан.
Жалғыз ұлы бар-ды, жалғыз шешесі,

Бұрды олар да ана ауылға ат басын.
"Желтоқсаннан басталатын көшесі",
Біреулердің талқан қылды қақпасын.
Ол кірген жер өрт тигендей дуылдап,

Өзі отырған кеседі өзі бұтағын.
Тың санаға түрен салып ту ырғақ,
Әспеттейді әрең шыққан кітабын.
"Атайы" деп, "адайы", деп сыртынан,

Ай - шалғыны кекейді кіл қол орақ.
Қыршаңқы сөз келмеу жөннен қыртынан,
Олжастарды әкетеді он орап.
Өтежанды жарға ұратын жоқ шеге,

Обал, иә, табандағы тастарға,
Ғабиттерге кейде иілмей өтсе де,
Кідіретін Жұмекен мен Асқарға.
Көре алмайтын мүрде пиғыл, мүрдем көз,

Өрттей ағып бастан өтті не тасқын.
Мұқағали, Төлеужанмен жүрген кез,
"Кланының" мүшесі боп Тоқаштың.
Жүрегімен сүйгендіктен ұлы елін,

Аузы күйген арағынан орыстың.
Шұрқ тескен оның сәби жүрегін,
Ызғырықты "Соңғы жазы соғыстың".
Тірісінде-ақ салып өзін тозаққа,

Санасында соғысады қилы ұғым.
Иттей болды көзі қитар қазаққа,
Ұқтырам деп қытайдың ой-пиғылын.
Ол бұзғанда қара өлеңнің додасын,

Тақсырларды тағында ұрар жыр туар.
Ал ол кезде жазып жатты одасын,
Жәңгірханның жәдігөйі қыртуар.
Ел шығармақ болды мүлде есінен,

Әуел баста-ақ, бұл шідерін үзген күн.
Ал мен болсам,
Қу даланың төсінен.
Төс табаны торт елі бір із көрдім.

Мен сол ізге көп қарадым мөлдіреп,
Өтекеннің ізі сәйкес қатар кеп.
О, ол ізді басқан еді соңғы рет,
Қарға бойлы Қазтуған мен Махамбет.

Көшпендінің ең ақырғы серісін,
Өркениет тұра алама басқа ұрмай,
Қып-қызыл боп келе жатады, терісін,
Сыпырып ап қоя берген қасқырдай.

Өтежанды көре алмайсыз өлі сіз,
Аман болса талант сойғыш өр елі,
Жүре береді мәңгі тірі, терісіз
Қасқырдың да жоқ қой, рас, керегі.

СЫРТТАН ТУРАЛЫ БАЛЛАДА

(Болған оқиға ізімен)
Есімі Сайлыбай ма, Майлыбай ма,
Толтырған жан еді бір сайды қойға. Жарайды,
Майлыбай-ақ болсын, делік,

Тергемес барсаңыз да қай құдайға.
Себебі, жан еді бұл - құдайы жоқ,
Құдайға енді сенер сылайы жоқ.
Жайылған қойы ғана жүрген еді,

Бетінің бес-ақ күндік шырайы боп.
Сиынған адам еді таяғына,
Таяғы өріс берген аяғына.
Түңілткен істері көп жамиғатты,

Шешесін жұртқа тастап баяғыда.
Қонбаған жақсы жұртқа қара ниет,
Қылығын айтып болмас қарағым еді.
Бурасын атасының атып кеткен,

Келеді үлегімді талады деп.
Қош, делік, жалғыз жайлап, көштім дара,
Маңына жуымады еш бір қара.
Қара су қазанынан күліп бермес,

Жеңгем де ағама сай - кескір қара.
Жармасып күн өткізді қауғасына,
Қауғасы тәубасы да, Алласы да.
(Сақта, Алла, күпірліктен!) жандар еді,

Қол берген құдайсыздық Қағбасына!
Торының қара құрт тұр қауызында,
Қамдайды - ау,
Құдай кейде жауызын да.

Әйтеуір, әр нәрседен салымы көп,
Шөбі бар тасбақаның ауызында.
Сол ағам, іші - қара, түсі - күрең,
Шаққа деп шықпай отыр ішігінен.

Масқара болды кеше,
Мақтаулы иті таяқ жеп,
Қоңсы шалдың күшігінен.
Бойында басқа мін жоқ шалдығынан,

Қария, аузында - иман,
алды - Құран.
Ат шапқан, ит жүгірткен салқам екен,
Жуырда көшіп келген Сам құмынан.

Дөңайбат Дүрегейі сырттағыға,
Діңкесін Майлыбайдың құртпады ма.
Дүйім жұрт суатқа кеп жиналғанда,
Дүрсініп әлгі шалдың Сырттанына.

Сырттан ит,
Ит ашуын іркіп, тынып,
Қоймады Дүрегейді ынтықтырып.
Жабысып қалмағасын, "қаңқ" еткізіп,

Астына бір-ақ басты сілкіп тұрып.
Таңым бар,
Бұған қалай жан шыдаған?!
Ағамыз жан көрмеген "аршыл" адам.

Құлағын жарып отыр иттің даусы,
Артынан жұлдызы ағып, қаңсылаған.
Жатқанда дүрегейін жарып пышақ,
Жарыла күліп жұрт та болыпты шат.

Дүние жаралғалы, су аққалы,
Көрмеген мұндай қызық халық құсап.
Майлыбай жаралы андай ыңыранып,
Кетеді орынынан тұрып алып.

Қайткенде, сол кешегі жұмілә жұрт,
Күлкісін жіберем деп құмар ғып.
Ойында құрып жатыр шайтан өрмек,
Айта алман енді қайтып жай табар деп.

Безгектей қалшылдайды қатынына,
Қайткенде, иттің кегін қайтарам деп!
Қатыны кеңітпеген тас құрсақты,
Ұрғашы еді - көсеу басты, әшкір7 сапты.

Аттандап кірді кенет өтеніне:

- Ойбай-ай!.. Ойбай!

Қойға қасқыр шапты!..
Жайылып жатыр екен аты құмда,
Ұзапты жамандатқыр шақырымға.
Ұстатпай, мінді атына ақырында,

Мылтық бар (бураны атқан) тақымында.
Көп қасқыр қалың қойға араласып,
Қаңды ауыз алған екен аран ашып.
Аты да омақасып көп сүрінді,

Дүрегей ермей қапты о да қашып.
Білмейді - су тиді ме, жын тиді ме,
Мылтығы от алмайды қара басып.
Аттаны Майлыбайдың көкті керіп,

Жүргенде көп қасқырға кекті болып.
Жасыңдай ағып шығып, әлдеғайдан
Сырттаны қоңсы шалдың жетті келіп.
Салқам төс, алмас азу, албар тұлға,

Сонда бір салды дейсің қан жарқылға.
Салғаннан ішегіне шырматылып,
Сандалап екі қасқыр қалды артыңда.
Жәукемдеп тісі тиіп үлгергенін,

Топ қасқыр майқандап жүр кірген жерін.
Мылтықты Майлыбайға пысқырмап еді,
Шынымен шайлыққандай дүрден көңіл.
Ұзамай білді мұнда кім келгенін.

Бөріні - ит,
Қойды қасқыр бөріктірді,
Қара шың - көзі шыққыр, көріп тұрды,
Түс сырттан,

Атасы алған арыстанды,
Бөріні көрмейді екен бөрік құрлы.
Мен неге ит таласқа майдалайын,
Көретін бұл майданды қайда ағайын?!

Осындай ерегесте арды айырған,
Атаңның әруағынан айналайын!
Бір қаншыр жалқын ағып құйрығынан,
Қаңсылап қауып жатыр шиді ығынан.

Бүкеңдеп қалған бөрі жөней берді,
Сырттанның түңілгесін қимылынан.
Құдайым, қойдай қоңыр малдан сақта,
Қашанда ит-құс үйір қорғаншаққа.

Майлыбай жетті... Сырттан топ бастаған
Арланның алқымынан алған шақта.
Айқасты...
Ол да шері, бұл да шері,

Тап қылған құдайыңның құрмасы еді.
Ақырып ажал келсе алды-артынан,
Аңырып мойындарын бұрмас еді.
Ажарын қара бұлтпен торлады көк,

Сырттанның бара жатты әруағы үдеп.
Қан басты көзін сонда Майлыбайдың:
"Мұндай ит менде неге болмады?!"-деп.
Кек өшті кенет жауға құртқан малды,

Мылтық тұр түкіре алмай ұрттам қанды.
Кезекпе арпалысып нысанада,
Ұңғыша ақыр жалғыз, Сырттан қалды.
Гүрс етті ...

Түтін кетті төмен шұбап,
Түс төмен енді сен де, өлең, шырақ!
Арланды алқымынан алған күйі,
Жатырды қанға бөгіп - Берен сұлап.

Қасқырға деген кектің көзіндегі,
Астында: "мен не жаздым?.."-деген сұрақ.
Басылды маңқа қойдың дүрліккені,
Даланың оларға олжа қырбық көгі.

Екі өлік ...
Сырттан да өлік,
Құртқан да өлік.
Атқарды парызды адал тірліктегі,

Осындай болды оқиға сай басында,
Күн кетті қанын жағып найза шыңға.
Дерегін дәл баяндап бере алмаймын,
Өткенін айта алмаймын қай ғасырда.

Кетпейді,
Мылтық даусы құлағымнан,
Қан көрем жұғып қалған құба құмнан.
Бықып жүр – Дүрегейлер, содан бері,

Сырттан ит көрген емен мына қырдан.

ТҮН ЖЫРЫ - 1

Босата алмай қыл дұзақтан тау-ботасын тұмса түн,
Көрдіңіз бе, үрпісінен жұлдыз аққан бір сәтін.
Ыңырсыған тұмса дүние уызына жарытпай,
Өтер ме екем, болмай, сірә, шөл басуға мұрсатым?!

Айтпа маған, жанарынан мұң ыршыған тау жайлы,
Тау жайлы ойдың қоламтасын сезім түртіп қаузайды.
Құмырсқадай қалың жұлдыз Құс жолымен сабылып,
Барады алып илеуіне сынық қанат зауза-айды.

Қолым жетпей аспандағы миллиард пұт алтынға,
Сонша байлық болса ғой деп қиялдаймын халқымда.
Тұрам үнсіз, жұлынымнан құмырсқалар жүгіріп,
Аң - таң боп мен аңқам кепкен сол баяғы қалпымда.

Сонша байлық қол созымда, әттең, бірақ қол қысқа,
Кепкен ындын - неткен құрдым(!), түн ішінде шөл қысса.
Көр сананың көзін тырнап кете ме айдың тырнағы,
Адам түнде миллион мәрте жақындайды болмысқа.

Хақты ойлайын, бос жібермей түнгі әлемнің әр сәтін,
Аз олжа ма, уыз нұры ес үстіне тамса тым.
Сау санамен суса әлемнің жабысса ғой үрпіне,
Аузын ашып, көзін жұмып босқа кетпей қанша ақын.

Ғажабын-ай, хақ сөзінің жұпар атқан исінің,
Жүрек балдай, сүйек саумал татып кетті, ми - шырын.
Сипап өтті самал болып періштенің саусағы,
Түрткілеген тұмсығымды түннің тылсым түйсігін.

Алтын құйған қапшық құсап жатыр, міне, айлақ құм,
Мен осыны жиямын деп,
Жұлдыз жайдым, ай бақтым.
Елдің есі жиылғанша, шашам құмды шашу ғып,

Не қыршыннан қиылғанша қасыңдамын,
Бейбақ түн...

ТҮН ЖЫРЫ – 2

Ей, салқын ай, Ей, ыстық ай!
Ділдадай алтын ерегім деп ем,
Тимедің көптен, іңгаламайтын бөбегім деп ем,
Сүймедім беттен. Кезегім келсе - нұрыңа шомып,

Құт қара жерге енемін деп ем биледің көктен.
Келмеді кезек, тергенім тезек.
Тылсымнан біреу ырсия күліп,
Саусақпен қояды өңменін кезеп.

Безей берсін, аспанымда,
Балқи жүзген, сен аман бол.
Ғұмырымның бастауында ағып жатыр моладан жол.
Тәп-тәтті айды көктен көріп, аңсайды екен түн- түсте кіл.

Көкжиек те өпкен болып тау тісімен бір тістеді.
Құның сенің - қара бақыр, бұлттар үшін анау керең.
Өмір өтіп бара жатыр ажарыңа қарауменен.
Кірпігіңді санап алса, мұңды кемпір айда отырған,

Өледі деуші еді таң ағарса, (Оған сенер қайда оқырман!)
Қалай жерді жер тіремес, берді неге шегіншектей?
Айда отырған кемпір емес, аяғы ауыр келіншек қой.
Шыққа толса жанарлары гүлдің,

Ары түрілмеген Махаббатты ғаламдағы желімдейсің нұрыңменен.
Бермесеңші сырды тия, білмесем де әлімді мен,
Бұғып жатқан бір құпия сенде, әйтеуір, барын білем.
Сүй жұмаққа өткеліңді салып жүрген ғажап айды.

Күндіз жұққан көкке кірді түніменен тазалайды.
Жұлдыз ойнап түртіп айды, ұмытылар қайғым шеккен.
Өлеңімнен бұрқырайды әтір исі айдың сепкен.
Болсам, досым, зайғы құрбан, жанды әкетсе аспан елі,

Аспанында ай қыдырған қырға апарып таста мені.
Жанда оянып үміт төтен, ай өпкенде ерінімнен,
Орынымнан тұрып кетем, сәуле саулап кебінімнен.
Пендең сөзін асылыққа жаза көрме, Жаратқан - Хақ.

Мағұрып пен Машырыққа ақ нұрыңды таратқан шақ.
Нұр пышақтап-ақ жарылам, жетектейді пендені үміт.
Айға жетсем, Ар жағынан,
Қалардайсың сен көрініп.

КҮЗ АҢҚЫҒАН

Ай астында балқиды бозаң қырым,
Жұпар лепті аңқытып тозаң нұрын.
Алтын сағат байланған нұр шынжырға,
Айдың күміс тілінен, жыр, сыңғырла.

Ақ азулы аязға не мұрша бар?
Жүре тұршы жанымда, қоңыр самал.
Қоңыр самал қағады қоңырауын,
Қоңыр боздақ мұңға ұя омырауым.

Бұрынғыдай баспай жүр мені бауыр,
Қоңыр әнің-ай, сенің, қоңыр ауыл.
Боз мұнарда ботаның боздағанын,
Уыз күйде жұтып ал, қозғама-ғын.

Судан таза дүние, сүттен аппақ,
Сүттен әппақ бұтаға шық қонақтап.
Боз елес жүр дүниені күптеп, аптап,
Түбіт бұлтты жел саусақ түтті адақтап.

Түбіт - арман.
Түбіт - мұң.
Түбіт - жалған. Түбіт - бұлтты жұлдыз шөп іліп қалған.
Түбіт - дүние кірпікке құлыпталған.

Қанға, өйткені, ай нұры жұғып қалған.
Тереңімді тербейді бір майса күй,
Тұрған сынды жыр оқып Сырбай, Сағи.
Күй сөйлейді. Мен қалай бұзам күйді?

Ши сөйлейді... Демінен күз аңқиды.
Қалың бұта жырыңа қол ұрса қал,
Жүре тұршы жанымда, қоңыр самал.
Бір ақ боз ат өткендей тыныш шауып,

Тас төбемнен кеткендей күміс жауып.
Жоқ мезгілге аспанда басқа қазы,
Күз күмісін өлшейді тас таразы.
Қысқа жақын қалды, деп, тұтам әр күн,

Қалқияды құлағы бұталардың.
Қорадан қой растап түшкіреді,
Ит те ақымақ,
Көктегі құсқа үреді.

Үргені оның сәлемі шығар, бәлкім,
Тырна үнімен алқымын тұмарлар түн.
Құс кеткесін, жердегі желік тарар,
"Кәрі құда - артынан келіп қалар".

Көзім жетіп күздің де өткеніне,
Абай шалдың тығылам шекпеніне.

ШЫДАМҒА ШАҚЫРУ

Шырағым, шытынама шықшыт керіп,
Шамшылдық шараңа тұр шып-шып толып.
Шақ тұрған шерменде - шер, шырпы - шыдам,
Шарт кетер шамырқанса быт-шыт болып.

Шырқырап ара түссе Тәңір - арың,
Шырқайық, кел, ендеше, сабыр әнін.
Шырт ұят - шыныменен шатынаса,
Шырмалған шаттықпенен шаңырағың.

Шықты, деп, тағы ар шаршап, намыс жүдеп шалдықсаң,
Ширықпай ма шалыс тілек?!
Шүйлікпе,
Шымшық көзді өз ұяңа,

Шибөрі шалғайыма жабысты, деп.
Шамалы өзіңе кел аял салып,
Шырадай ойдың көзі оянса құт.
Шырылдап шындыққа ара түсе алмайсың,

Шабынды шымшыды, деп, шаян шағып.
Шырмалған шандырыңа жаман әдет,
Ши тығып насырыңа салады әлек.
Шыныдай мөлдіріне тас ататын,

Шажырқай шала туған шарана көп.
Шымбайға жүк артасың неге батпан?
Шалғайдан,
Шат шырайлы келеді ақ таң.

Шыңғыру,
Шынайылық емес, шырақ, шошқадай шекесіне шеге қаққан!
Шешердей шырмалулы бар сұрақты,
Шырай таң ар сәулесін аршып атты.

Шыңғыс шұғылаға шүпілдеген
Шығаршы шаңыраққа шамшырақты.
Бүгін көктен Тақ Сүлеймен түсті ме,
Бұл жәмиғат жазып жатыр не деп бой?

Шығып алып алда төмпек үстіне,
Керіледі сұр кесіртке кенептей.
Шырт ұйқыдан кетсе керек оянып,
Ширатылып құйрығы да тұр әлі.

Шіренеді шынтақ тап жақ таянып,
Әлдене, деп, бүлкілдейді бұғағы.
Шерсінеді шыққан ердей кезіне,
Мен де тұрмын бұл әулетке өгейдей.

Біз міскінді ілер емес көзіне,
Шындығында, мына, шіркін, не дейді, ей?..
"... Мыңыншы атам -
Жұһа деген жалмауыз!

Тауларды асап,
Мұхиттарды ұрттаған.
Ол ақырса: сияқтанып шаң - қауыз,
Жер сілкініп,

Бітеді екен бұлтқа жан!
Жүзінші атам-
Аждаһа еді айдарлы,
Жұмырына жұқ болмаған бұқаңыз.

... Мына біз де салған кезде майданды,
Шіркейлерді шімірікпей жұтамыз.
Оныншы атам - қолтырауын қаһарлы,
Батбаттардың Батпақтардың Қағаны.

Біз де билеп тұрмыз жұртты шаһарлы,
Әлжуаздау туылғанмен шамалы.
Алда төмпек - алатауым табанда,
Кім шеніме келе алады, боқ сасып.

Хан болар ем, он сегіз мың ғаламға,
Құртып тұр ғой жыландардың бопсасы.
Тап осылай шер - шежіре тарқатты,
Сұр кесіртке – алда төмпек - тақтағы.

Тек құйрығын шалып қалдым ант атты,
Шатыр етіп қара бұлттың шақпағы.
Шақпақ емес, шытыр еткен шөп екен,
Сенсіз жалғыз қалуға мен дайын ба ем?

Сенген серкем — сен едің ғой, О, Көкем!
Ізіңді іздеп табар екем қай іннен?!
Ысқырады шыңырауда дәу жылан,
Жер бетінде жалғыз қалып тұр тағы.

Жұһалар мен аждаһалар аузынан,
Аман жеткен сорлы шалдың ұрпағы.

ЗАҢДЫЛЫҚ

Қалқам, мен Лермонтов, Пушкин де емен,
Мұқағали.
Пушкин емен - мылтықпын!
Иранбек.

Мен де Пушкин емеспін - ол белгілі,
Шәйірмін тек дарыған елден мұңы.
Кімдігіміз тақтаға жазылады,
Мүңкір-Нәңкір жауапқа келген күні.

Махамбет те емеспін - басы кеткен,
Әр қоржында бір жүріп жасы кепкен.
Бұлт ірмеген шап - шағын тұрқымменен,
Құтылмадым қара зіл қасіреттен.

Қиған, бірақ, толайым бақ - тозақты,
Бізде де бар бір Дантес ақ боз атты.
Қанжар қайрап менің де Ықыласым,
Жүр көрін еді, ертіп ап көп қазақты.

Қарағұрт - көз,
Жылан - тіл қанды шағып.
Танды талай төсекке салғұса ғып.
Атып салып, сіңеді қара бұлтқа,

Іздерінде бұрқырап қарлы шаңыт.
Мені ала алмай кетіп жүр зымиян құр,
Тірлігіне соңынан жымиям кіл.
Жел - тілімен жарамды жалап жазды,

Көрген мұның көкесін құмиян қыр.
Мүсәлаға у қосып, күшәлаға,
Пері қыз боп тосады, мысалы, ана.
Ар мен Зарды үлгерем аманаттап,

Бас пен Жүрек тұрса аман - Нысанада!
"Өлтірдік!" — деп кеткенмен ұрып төсін,
Тап баса алмай жүр әзір шүріппесін.
Серттен таю біздерде болған емес,

Нысанаға бір рет іліккесін!
"Тез жеткей", — деп ажалын армандар кім?!
Мен, әйтсе де, бәріне қамданғанмын.
Менің сөзім тиеді нысанаға,

Жалаң қылыш, жалғыз оқ жанды алған күн

БҰЛТТАН ҚАЛА САЛУ

Біссіміллә!
Қонаша бұлт құралып, тоңаша бұлт,
Бір биіктеп, біресе аласарып,
Абың - гүбің түнгі аспан... Ала шаңыт...

Қиялыммен бұлттарды құрастырып,
Қырда отырмын аспанға қала салып.
Шеге құсап кіргенде тасқа жасын,
Бір ұлы істің қолға алдым бастамасын.

Құрылыстың қаңқасын көзбен сызып,
Алып шықтым мен тұңғыш аспан асып,
Қазақия Елінің Астанасын!
Көк төріне сәбише қададым көз,

Сүйем жерін өлшедім, санадым — кез.
Басын алтын қылмадым, балағын жез,
Алтын шапақ айдарлы мұнарасы,
Білте Қаған Сарайы - ана күмбез.

Ағынды өзен бір жағы, қайынды көл,
Шәр салуға мына бел қайырлы жер.
Терезесін жасындар тілгілеген,
Анау тұрған Ақ Күмбез күңгірі өлең,

Ұлық - Тегін сынды оған шәйір кірер.
Ана бір бұлт тайқазан - қара қазан,
Он екі айда айтқызар Жарамазан.
Шілдехана шуылы, жаназа заң,

Аспан асты Аллаға мадақ айтып,
Ай қадалған Көк Күмбез - салады азан.
Алла көмек бермей ме үлкен іске,
Жори алар Хақ ісін кім теріске?

Жұртқа тастап сайтанды түртер ішке,
Аспандағы шаһарға көшіп алған,
Қазақ пішін - ақ қанат кіл Періште!
Бұл шаһардың төбесі Төрге өтеді,

Суретін сызады көлге етегі.
Пейішке енер ұл-қызым ер жетеді,
Пендесі жоқ бесігін Бостандықтың,
Періштелер әуені тербетеді.

Уа, Жасаған!
Бақытты сенгенге бер,
Өз арманын таптап жүр өңмендеп ел.
Көкке ұмтылып,

Жібермей құрым батпақ,
Періштенің амалсыз жырын жаттап,
Жерде қалған жүреді шерменделер.
Қиял қирап, келмеске күлкім қашқан,

Болды кенет әлемет... Сілкінді аспан.
Тұра тұрмай бақытым бір түн қаста,
Шаһарымның көбесі қопарылып,
Ауып бара жатырды бұлтым бастан.

Қастан қайыр дәметпей, достан көмек,
Құрылысым ғажайып басталған ед,
Сәби - санам сенген сол, дастан - бөлек.
Менің қиял - қаламды жоқтап сонда,

Қоя берді еңіреп Аспан кенет.

ҚҰМ МЕН ҚОБЫЗ

(Көне таным сарынымен)
Құм,
Сексеуіл мүйізді жаралы өгіз,
Ыңыранады түн болса... Тоба, деңіз!

Түнде келем мен оған. Мүйізінде
Ілулі ылғи тұрады Қара Қобыз.
Айдын алтын сәулесі шыңдарды аптап,
Желдің жырын жатады қырлар жаттап.

Қолым тиіп кетеді қыл қобызға,
Көп ұзамай жетеді жындар қаптап.
Әрқайсының ізінде бұлақ қайнап,
Өргізеді бұлағын қыратқа айдап.

Түмен, түмен, түмен жын күрең құмда,
Отырады алдымда - "ләппай - лап!.."
Қыпшақ қайғы қолпаштап оғыз мұңын,
Жиылады жаныма ең ізгі жын.

Жұлдыз біткен сәйгел боп шаптан шағып,
Мөңірейді, мөңкиді өгіз құмым.
Қолда - қобыз, айналып тақсырға әлді,
Күңірентіп күйлерін бақсы ырғалды .

"Өгіз - құмның жарасын емдеңдер!"-деп,
Берем әлгі жындарға тапсырмамды.
Ит - маңырап, Қой - үріп, Ботам - ұлып,
Құм сауырын Шопан - жын жатады ұрып.

Алға Қас Сақ арбасын сүйремекке,
Ұмтылады өгізім қопарылып.
Кіреукелеп көзімді мөлдір сарын,
Жындарымды игі іске көп жұмсадым.

Тұяқтары сытырлап жылжиды алға,
Тұрған өгіз көтеріп жер құрсағын.
Іске жеккен жындарды нөкер – ырғақ,
Осы бір сәт жалғанда өте қымбат.

Өгіз - Құм мен Қобыз-Мұң аман болса,
Жер түбіне көшіммен жетерім - Хақ.
Мен Құмымды емдеймін жете біліп,
Сол бір емнен жөнейді ол көтеріліп.

Шолпан туа бергенде, Қобызымды,
Сексеуілге қайтадан кетем іліп.
Мен осылай күн кешкем бұрындары,
Қазір жалған әңгіме мұның бәрі.

Қуып салды біржола жынымды әрі,
Аузынан жаман пенденің зұлымдары.
Тірі жатыр мертіліп қырымда әлі,
Шығар - шықпас жаны бар - ұғым кәрі.

Көңіл қанша қиялға алданбақшы?
Жинай алмай Жындарын зарланбақшы,
Қобызының жаңқасын отынға алған,
Өгізінің қаңқасы қалған бақсы.

ОТМАН - ТАУ

Отман Тау! Мен қайтейін биігіңді,
Иіріп бір жағыңа Иіріңді8.
Жиырып бір жағыңа бүйі құмды,
Кей кезде тас төбеңнен ай туғанда,

Бір от бар - жылытатын бүйірімді.
Отман — Тау! Мен қайтейін биігіңді,
Айрақтың9 құлжасындай шиырулы.
Төрінде Маңғыстаудың сен тұрасың,

Салсам да қай қиырдан қиығымды.
Жиылған айналаңа күйкі белес,
Белеске бұт артады шикіл елес.
Төбеңе бір шықпадым, етектегі,

Кісендеп дүбара ду, шикі кеңес.
Кіңдігін құйын бұрап құтырса бұлт,
Тіктейді сонда еңсесін бүкір шабыт.
Елеуреп көз тігемін, отты қоршап,

Көп бақсы жатырғандай зікір салып.
Отман - Тау, жаралғанмен, әттең, ерек,
Өріңе озар сойды жат жебелеп.
Қалғыған әруағымды оятпай ма,

Қайда екен Жылан Пірі - Ақ Дегелек?!
Түн төнед сықылданып жұтар малғұн,
Көздегі тәтті үмітті бұтарлар мұң.
Отман - Тау, бір шығармын биігіңе,

Ұран от төбеңдегі тұтанған күн.
Түн жалмап көз алдында кәрі шыңды,
Кім білсін, қанша арыстың сағы сынды!
Төбеңде ай тұрады кей кездері,

Тәңірі жаққан Оттың табы сынды.

АҚТАУ ҚАЛАСЫ

(Негатив)
Аталады "Ақтау" деп қалам аты,
Салған оны қиямет Қағанаты.
Бір кездері бола да жаздап қалған,

"XX - ғасырдың ғаламаты!"
Құтысының аузы ашық жын қамалған,
Дию өріп түн болса тұрбалардан.
Әр әйнекке үңіліп, шығармайды,

70 жылдық жаман түс шырмап алған.
Сөрелерден сыбырлап сыңсып арақ,
Күйтті қаншық мауық ән қыңсылап ап.
Ергежейлі елінің Тас көсемі,

Мас көшенің бұтынан тұр сығалап.
Ол сенеді "мәңгілік ғұмырына",
Әлі де аттан түспеген ұрығына.
Ел ұйқыға кеткенде, таң алдыңда,

Тырмысады мінбек боп тұғырына.
Құтыла алмай аяз - сөз, аптапты ойдан,
Тобанияз түсті екен аттап қайдан?
Осы ел оны мерт қылып қорғасынмен,

Қорғасынмен қайтадан қаптап қойған.
Пері иелеп тынғандай бұл қаланы,
Ашылады Ындынның Мүрде - араны.
Жырлағалы,

Құтылса шынжырынан
Түн – налалы, қашаған тұлданады.
Қазақтығы тұтатпай тіліне ұшқын,
Бүлдіршіннің ана бір түрі міскін,

Жіберерін біле алмай қай қиырға,
Ұрғашысы ұстап тұр ібілістің.
Диюлардың дауысы көгін керіп,
Кейде қала кетеді көңілденіп.

Бұғады үнсіз бұхара билігі жоқ,
Ібіліске төрін де мөрін беріп.
Мен суына сусадым қарғын, күптің,
Тамшысында жан күлген жаңбыр күттім.

Суатқы тұр көпекше бұтын былғап,
Ойыншығы Шайтани Шөргілдіктің.
Түн шырпынып бурадай аш қамалған,
Ай да аумайды тәнді езер төс табаннан.

Жуындысын жөйіттің жалап-жалап,
Ұлықтар жүр - милары шошқаланған.
Туған тілдің төрелер туын жығып,
Жәлаптармен жаласқан уылдырық.

Таңда Махшар - өз ұлтын сатқандарды,
Өз тілімен өлтірмек буындырып.
Оның әзір жатқан жоқ жұтап күші,
Билігі бар келсе елін мұқатқысы.

Қасқырлығы тіріліп қазақ көрсе,
Шыға келеді шақпақша тұтап тісі.
Қайда бастар теңіздің соқпағы, ана,
Өзің көрсет, тура жол,

Көк - Тағала!
Сайтан өрнек құрып жүр,
Сайқалы ер боп,
Мұнайы көп,

Құдайы жоқ қалаға.
Жүз иманын жығады жын тұтасып,
Қашанда елдің жынға құл қырты қасы.
Құл Қағанат қалаған бұл қала жат,

Қазақы Елдің сықылды Құлпытасы.
Түршіктіріп Әруақты аты арыған,
Тағы келді тұл заман - қаһары лаң.
"Алты құлаш" әулие күбірлейді:

"Сақтай гөр,-деп, - шайтанның шаһарынан!"

ҚҰПИЯ ҚАҚПА ТАМШАЛЫ

Тербеген тереңімді Тамшалы мұң,
Сол жерде емдеп жүрмін жан шалығын.
Ару - Тау кірпігінде жәутілдеген,
Жетемін тұңғиықтың аңсап үнін.

Қара тас тамшы тиіп дір еткенде,
Бұлқынып қоя береді жүрек лезде.
Қымтайды құпиясын қыз дүние,
Тұтып ап тамшылардан жібек перде.

Тамшы тұр кірпігімде шаққа сынбай,
Тау менің "қарға жүнді қаттасымдай".
Тамшалы - періште де кіре алмаған,
Жұмақтың "тоғызыншы" қақпасындай.

Алла үйі,
Шақырғандай Ғаршы - Ағла,
Не дермін алып-ұшқан аңсарыма?!
Шыжғырса Тамұқ - тірлік табаға сап,

Жетемін жанұшырып Тамшалыға.
Сауасын тас надандық құлыптаған,
Жан екем табиғаттан түк ұқпаған.
Келем де,

Дуаланған диуанадай қақпадан
Әрі өте ал май тұрып қалам.
Тән – талқы,
Тыста қалып азап әлем,

Жуамын Ес, жадымды таза ауамен.
Тұрамын тамшы үнімен таңдай қағып,
Естіліп тылсымдағы ғажап әуен.
Ойнайды әр тамшыда көбелек - күн,

Өзі бұл айтып жүрген кереметтің.
Шілтерлі шымылдықты шетке ысырып,
Ғажаптың ар жағына келеді өткім.
Түйеше басын шалмай әр бұтаның,

Жимасақ болмас енді Шарғы - тәлім.
Зікір сап балқытамын тау мен тасты,
Дауамдап Жаратқанның Шар Кітабын.
Қызығын тәрік қылып фәни - бақтың,

Тамшы ағып кірпігімнен зариғаптым.
"Ахиыл!"-деп әмір берем жүрегіме,
Енген күн қақпасынан табиғаттың.
Ісімнің айналады арты аңызға,

Енген соң Тас Қақпадан - қорқамыз ба?!
Сырымды сол тылсымнан тауып алған,
Жырымды ұсынармын алқаңызға.
Тұрар бір, тамшы тамып - Аңқаңызға!

ЖАПАН ДАЛА - ЖЕЛТОҚСАН

"Шағырма жұлдыз - шарпы аяз,
Мұңды келін - мұзды аяқ,
Күннің несін сұрайсыз?.. - депті –мыс,
Ертеде бір мұңды келін,

Күн райын сұраған атасына.
Жыр жазғанмен жабыла, бірі бармай
Жетім қылды ақындар қырын, Алла - ай!
Жапан дала... Жар асты - жалғыз қыстау,

Желтоқсанның және де түні қандай!
Сынық айды саусаққа сақина ғып,
Сәукелелі шың сыңсыр бақи ғаріп.
Азу тісін көк тасқа жанып алып,

Көзі ақшиып аяз тұр ақиланып.
Үйіріліп Үркер тұр тас төбеде,
Жыбырлаған ұқсайды таске неге.
Жиырылып жырақта "жеті бүйі",

Жолығудан қашардай - аш бәлеге.
Аяз қауып,
Жанбасын жара жауып,
Ыққа қарай үш арқар барады ауып.

Азу ілген,
Әр жерін жұлдыз жыртқан,
Түн шапаны қамсаусыз қара мауыт.
Қара мауыт шапанды ақ келіншек,

Отырды үйде назары маған ауып.
Сап, сап, көңіл!
Сабыр ет, дабырлама!
Түнгі құлақ ілулі қабырғада.

Мұңды келін ас құйып мұзды аяққа,
Ұза-а-қ қарап қалыпты - Шағырмаға.
Жел тығылды кетекке шамалы үріп,
Бөрі құлақ - көрінді қара бұлт.

Тұяқтарын қан шылап қалың жұлдыз,
Үркіп кеткен отардай барады ығып.
Топсасы жоқ тоғандай қотан қора,
Бұзып кеткен сыңайлы топан мана.

... Шопан бала! Келінге қоқаңдама,
Ығып кеткен ие бол отарға, ана.
Атқа мініп азынап бақанды ала,
Түнге сіңіп жоғалды қопал қара.

Үйге кірдім,
Тәтті елес от айнала...
Мұңды келін...
Және мен...

Жапан дала...

ҚАҢБАҚ ХИКАЯСЫ

Қарады да дүбіліскен жан-жаққа,
Әруақ бітті,
Желік кірді қаңбаққа.
Қозғап көрді тамырларын әуелі,

Табан тіреп әуелден жоқ салмаққа.
Содан кейін сайтан енді санаға,
"Атағымды асырамын далаға!.."
Ескертпесін естімеді тастың ол,

Күбірлеген: "шамала, - деп, - шамаңа!.."
Айналаны барлап біліп,
Шартарапқа шар лақтырып,
Шөп туысқа салмақ қылып,

Былай деді қаңбақ тұрып:
"Сендер, осы, мені кім деп, жүрсіңдер?
Ал, мен үшін, сендер таспен бірсіңдер.
Шығармасам атағымды алысқа,

Қадірімді жанымдағы білсін бе ел?!
Түп атамды тексеріңдер,
Тікен емен өкшені ілген.
Қозғалмайтын, сөз қонбайтын,

Сүмірейген сексеуіл ме ем!
Жапан кезіп жортақтарда,
Табанымен жан таптар ма?!
Пысқырып та қарамаймын,

Жарбай жеген - жантақтарға.
Түрлеріңе түкірдім сан,
Мен болар ең - тұқым қусаң.
Маған сәлем бере алмайды,

Мықшаңдаған мықыр жусан.
Бұрыла алман бағыт-беттен,
Кісендеулі ғаріп деп пе ең.
Аттанамын жолға түсіп,

Ата-бабам салып кеткен!.."
Қаңбақ - екем, саудаға сап сау басты,
Қарап тұрып жан-жағымен жауласты.
"Баба таудан бата алам!-деп,

Баталы ер атанам!"-деп.
Тамырларын жасқап шірік,
Топырағын тастап шығып,
Жырақтағы қарлы қара тауға асты.

"Уа, Қаратау! Кәне, маған бата бер!
Жолыма алаң болып жатыр - Отан, ел.
Бата беріп жолға сал да тергемей,
Тілеуімді іштен тілеп жата бер.

Сен жата бер, көзің алды іріңдеп,
Сендерге тән - тұралаған тұл індет.
Қайтып келем бір күндері "пірің" боп,
Жаһандағы ең желаяқ ұлың боп!.."

Бұлтпен қымтап көрпесінің жыртығын,
Көтерді Тау найзағайлы кірпігін.
Бата сұрап шошытқан нән дауыстың,
Көре алмады қандайлығын тұрқының.

"Өзі - әлжуаз, ірі шығар арманы!"
-Деген оймен тау батасын арнады.
Жолың болсын, иллаһи!.."-деп тау сонда,
Құм қолымен бетін сипап қалғаны.

Құм алақан сақалымен қауысып,
Жолаушыға бата беру тау ісі.
Бата сұрап тау жаңғыртқан қаңбақтың,
Содан кейін қалды естілмей дауысы.

ЖАРТАС ПЕН ТЕҢІЗ

Жел тірілсе - теңізің де тентек қой,
Тұлан ашу тыншытпай ма өртеп бой?
Тауға шауып,
Толқындарын жентектей,

Былш-былш ұрып жатырса да бетіне,
Кәрі жартас жымияды селт етпей.
Жымияды ...
Одан сайын көк теңіз,

Өкіреді.
Ашуында жоқ негіз.
Долы ызадан күн батарда қан сиіп,
Жібереді, теңіз көзі Отқа егіз.

Өкпесі бар кітап дерсің тысына,
Сатырлайды парақтарын ұшыра.
Ал Жартаста түк кінә жоқ,
Теңіздің,

Пана болып тұр демесең құсына.
Кейде ызадан толқын біткен от алып,
Жүгіреді,
Жығылады не талып.

Жынданып кеп жармасады Жартасқа,
Түбірімен тастамақ боп қопарып.
Толқындардың тасқа шауып қаһары,
Жағалауда тәмәмдалмақ сапары.

Бәрінен де - Ұлы Теңіз алдында,
Құрақ ұшпай жымиғаны батады.
Жартас, бейне, тарпаң теңіз қазығы,
Бар сынды бір ішке бүккен әзілі.

Кеше тағы көріп едім, езуде
Сәл тереңдей түсіпті тек әжімі.

ТЫНЫШТЫҚБЕК АҢҚЫЛЫ

Шәр - Семейде, "Шәкәрімнің даңғылын",
Мекен қылып тұрып жатыр Ар - Ғұн ұл.
Күйік қанат Періштеге ұқсайды ол,
Кешіп келген Жұмақ жақтың шалғынын.

Бұлттарынан мамыр үні аңқыған,
Құстарынан сәуір үні саңқыған,
Айды арқалап аққулары қалқыған,
Жұлдызында Тәңір үні балқыған.

Сұрапыл бар сай жылайтын зарпынан,
Бір ақын бар - ай құлайтын Антынан.
Шөгіп қалған жықпылына жанының,
Дегелеңнің үстіндегі бар тұман.

Түсіп кеткен тіл салақтап тиынға,
Келе алмайды ол мұнша батпақ жиынға.
Айтқыза ма, білгенінің біреуін,
Миллион көз тұрса алақтап миында.

Тарпан, ба, әлде, ырғып өткен араннан,
Салқам ба, әлде, тысқарылау санаңнан.
Түршіктіріп жалған ауа жаланған,
Бүршікті іліп ар жақтағы Ғаламнан,

Ыршып шығып жербетілік харамнан,
Ауыз тиген жұпар иіс тағамнан.
Жердің қиы сатылғанда өліп ол,
Жердің миы атылғанда жаралған.

Қара тастың тамырына шам жағып,
Жарығына отырады таңданып,
Мөр басылған Пешененің Аллалық,
Көшірмесін ақ қағазға таңба ғып.

Сана көзін тұмшалап ап бір ақ мұң,
Салқынына алып шыққан Жұмақтың.
Тұнығында аңқылы бар бұлақтың,
Ұғымында қаңқылы ұран жүр Аққу,

Жұлынында жалқыны бар шырақтың.
Төбесінде көшіп барады бір ақ мұң.
Ел қондырған Шыңғыстауға шамасы,
Мамай батыр, асыл сойы, бабасы.

Абай жатыр - дақыл еккен данасы,
Шүпілдейді дәнге толы қанасы.
Мұңайтады еске түсіп Анасы,
Көрінгенде Қарауылдың қарасы.

Мас боп түсіп қалған Ғарыш - Қайықтан,
Кетеді ұқсап келген жанға ғайыптан.
Қайық қайда?
Түсіре алмай есіне,

Қиналады сәтінде енді айыққан.
Көрешегі қолында ма адамның?!
Сонда да оған шағым айтам, шағам мұң,
"Бытқылында қаңғып кетпей ғаламның,

Тұтқынында жүре тұр,-деп,- Шағанның."
Семей Шәрі - сегізінші қабатта,
Енген сынды сегізінші абатқа,
Шығып қалған пендешілік санақтан,

Құлыпты алған пейішке еніп санаттан.
Қауырсыны қара түнді қанатқан,
Қанатының жарқылында жаны аққан,
Шәйір тұрып жатыр. Қара!

Қарап қал!
Қарасаңыз ұл ұғынса, ұқса қыз,
Санаңызбен шайнамай-ақ түк сағыз.
"Тыныштықбек Аңқылына" өтесіз,

"Шәкәрімнің даңғылынан" шықсаңыз.

ЖОҒАЛ КӨЗДЕН, ЖАМАН ЕЛЕС

Жоғал көзден, жаман елес,
Тұрған өсек, төпеп кіл.
Менің дуам - шарап емес,
Шылап берген етеккір.

Менің дуам айлы түнде қырды кезген аңсарым,
Терезесін қайғы – түрме,
Бұзып шықтым қанша мың.
Мен ұшырған көгершіндер,

Қаққан кезде қанатын,
Көгіс нұрды көрерсіңдер,
Сол қанаттан таматын.
Сол нұр айтып әңгімемді,

Жыр тіліне көшіргем.
Қозғамаймын мәңгіге енді,
Ол жайыңда, кешір ... мен!
Менің дуам ар шөлдеткен,

Аңсап жеткен Азаттық.
Өшті талай сарсаң беттер,
Аңсарымды мазақ қып.
Қанатымды кесіп алып,

Бөстек қылмақ май беттер.
Ұстата ма, есі жарық,
Аспандағы ай – кептер.
Қайдан білсін қанатсыздар,

Дөкір - талғам, дөй - сана.
Жүрегімді қанатса ызғар,
Соған да мәз, бейшара.
Мен даламның мұңын ішкем,

Пәк арманын көтергем.
Жер бетілік ібілістен,
Биік, үстем өтем мен.
Жоғал көзден, жаман елес,

Ергежейлі ой ғаріп.
Орал тездеп, самала кеш, жүрегіме ай жағып!
Ақ Ордасын ар билеген,
Болсын дейік бақ бүтін.

Періштелер әлдилеген,
Жөргегінде тәтті түн.
Ай көрсетіп маздап бағыт,
Төнген кезде төбемнен,

Қанат біте жаздап қалып,
Жерде, бірақ, өлем мен.

ӨЛЕҢ ЕКЕУМІЗ

Әнуарбекке

Жалтармай сөз айтқанмен түнге тура,
Зарыңды ұқтырып көр күлбет ұлға.
Басында бабалардың жанған шырақ,
Болармыз, байғұс өлең, кімге тұлға?!

Сүрмедей кірпіктерін қыз бояйтын,
Ай нұры біз жүретін із ғой айқын.
Адасқан ай астында жұртты аяймыз,
Жалғанда жан жоқ, бірақ, бізді аяйтын.

Сиқырлы суреттер дәнін жарып,
Тамады қауырсыннан лағыл жарық,
Жүрекке жұмақ нұры сау еткенде,
Жанары санамыздың сағымданып.

Сол нұрды мұлғын түспен бояр тұман,
Сонда да адаспайды сой антынан.
Жағамыз тастан қара түнге жарық,
Шық лаулап көзімізде ой аңқыған.

Күлбет ұл мүрде түнге барады еріп,
Соңында сағым сөніп, самал өліп.
Топастық түрмесінде тұтқындардың,
Қазанын қайнатады қара көбік.

Ұғылмас ұл түгілі ұлтымызға,
Басылған бір таңба бар тұрқымызда.
Алқымын тас қара түн езгілеген,
Бір шырақ қалар жанып құлпымызда.

Кірпіктен үзілгенде жанға моншақ, беу,
Өлең, күткем сені алдан аңсап.
Арман не, түнде жыры тентіреткен,
Жолына бір баланын шам жаға алсақ.

ҚАДЫР ТҮНГІ ТАЛПЫНУ

Қыс кезіп жүр даланы күміс табан,
Тазарды әлем өкпесін түн ыстаған.
Тереземнің түтеді ақ түбітін,
Тентек аяз тісі өтпей жыны ұстаған.

Қыс кезіп жүр даланы әппақ етік,
Топас түнді барады таптап өтіп.
Осқырады Боз бедеу ай тағалы,
Қалсам ба екен аңсатқан жаққа кетіп.

Күміс шашу шашып тұр тылсым шыған,
Мұз мұртынан күлгенде, су сыңсыған.
Боз бедеумен өтіп ап басқа әлемге,
Түннің қарап тұрсам ба ту сыртынан.

Басқа әлемнің көпірі далам қарлы,
Сиқырлап тұр сазымен санамды арғы.
Бүгін өтсем өткенім! Өте алмасам,
Мынау бәңгі қапаста қалам мәңгі.

Алмай тұрып санамды жын жадылап,
Жолға шығып кетейін жылдамырақ.
Қиыр кезген Қызырға ілесейін,
Қар жамырап жатқанда, қыр маңырап.

Күміс қасық нұр шашып тынысты ашып,
Сансыз сәуле жөнелді қылыштасып.
Үзеңгіге салайын аяғымды,
Бөгеп қалмай тұрған да түн ұстасып.

Шақырып тұр абат кент, асқақ ғалам,
Маған енді жарамас бас сақтаған.
Маңдайына моламның мөр ғып басар,
Боз бедеудің тағасын тастап барам.

ХАЛЫҚ ПА СОЛ ДА?..

Халық па сол да - соңында үні қалмаған!
Өз өркендерін өздері тірі жалмаған.
Салдақы сатқын сол болар, бабаның ділін,
Белінен тамған тамшыға сіңіре алмаған.

Ордамды қанша озбырлар қиратқаны анық,
Сұрармын кеткен құнымды сиратқа барып.
Пұт - құдайларды қиратқан хас мұсылмандай,
Жұтқы байларды лақтырсақ сирақтан алып.

Heгe мен ғана тартамын азаптың зарын,
Кешпекпін неге, арсыздың мазақ қылғанын?
Қазақтың қамын жемеген желөкпе тобыр,
Неліктен жеуге тиісті қазақтың нанын?!

Алып ем нәрем халқымның қанбай жырынан,
Дабысы қалды тек қана таңдайда ұлыған.
Борбай құлынан, мансаптың нән маймылынан,
Қорғауым керек арымды қандай да ұрыдан.

Атады қашан даламның ақсырға ән таңы?
Шығарам қашан шыңына пәк сырды арқалы?
Табыт – түнекке,
Ұлтымның сүлдесін таптап,

Сіңіп барады талтаңдап, тақсырлар Табы.
Қаңды жас төгеді шығып ап қия бетке айым,
Атады кімді жұлдыздар ұялы оқтайын.
Сүлделер өріп баратын Құдай - Сотына,

Қалғаны хақ па, жақындап, қияметқайым?
Құдайсыз тобыр сол сотта құнығы қанып,
Тозақтың түрмелерінде шыбыны жанып,
Отырар ма екен шыға алмай тырдай жалаңаш,

Халқымның мүрделеріне тығылып алып?
Қарғыстың қара таңбасы кейіптерінде,
Шойын құлақтар жүр, жандары сейфтерінде.
Көкірегінен Сүлдемнің тұтанар бір күн,

Сөнбеген шырақ бабамның бейіттерінде.

ӘТТЕҢ!..

Жылқы жайған ту өңір толды құл мен кесекке,
Қоңсы қылған, қу өмір - доңыз бенен есекке.
Қабағымда қайғы ізі, мен жатырмын шалқалап,
Жарқылдаған ай жүзі қиялымды жаңқалап.

Желі - жасық,
желік - тұл,
Басқылаған батпан заң,
Жатыр ұйқтап өлік қыр,

Ар-намысы тапталған.
Қара түнді жәупер10 боп,
Жарғым келіп талпындым,
Ерлерім жүр жәутеңдеп,

Қабағында әркімнің.
Оятуға даланы,
Дауыл керек шамалы.
Қалғытады сананы,

Сыпайылық самалы.
Ар қазынам ұрланды,
Қалғаны жан неге сеп?!
Майқандап жүр мырғамды,

Қара Доңыз, Көк Есек.
Қуып жүрген құрық ап,
Қорамдағы мүлкімді,
Түрі - мендей,

Ділі – жат, келтіреді күлкімді.
Кетті кенет майсаға,
Тамған нұрды жел түтіп,
Жұлдыз - шыбын, ай –сона,

Жылқы бұлтты мөңкітіп.
Жылқым үркіп көбең кіл,
Шақырды ұран күйкі үн сәт,
Желге мініп жөнелдім,

Бұлтымды айдап қиқу сап!
Кешіп өттім теңізді,
Жасын шашып аспаным.
Көк Есек пен Доңызды,

Жырақ қуып тастадым.
Жағын кенет жел жығып,
Бытырады бұлт біткен.
Жатып қаппын болдырып,

Жерге жетпей жұрт күткен.
Жалқау ердің ұрпағы,
Жатыр ұйқтап, сөкпеңіз!
Түсімде өріп жүр тағы,

Көк Есек пен көп Доңыз...

ЖОЛАЙРЫҚ

Бастама, Тәңір, теріске жолды,
Бір өзің жанның тірегі.
Оң қанатымнан Періште келді,
Ата - тегі оның - Нұр еді.

Жапырақ түкті қауырсынымды,
Сипайды ол еппен мәпелеп.
Жанымды емдейді ауырсынулы,
Бұл неткен бізге жат әдет?

Көтерілгендей ептеп қабағым,
Қауырсынымды жел түтіп.
Періштеге еріп кетпек боламын,
Тамырды жатыр тон тұтып.

Тамырды тұтқан суық ішке енді,
Сөздерім - жансыз, тіл - өлі.
Сол қанатымнан ібіліс келді,
Ата-тегі оның - Түн еді.

Жезтырнағымен тырнап көреді,
Шырағы жанның лыпылдап.
Тамыр, дінімді ырғап береді,
Боламын тоңнан құтылмақ.

Басылмай лаулап солығым іште,
Жырақтан арбап малғұн шам,
Көне де жаздап сол ібіліске,
Ере де жаздап қалдым сан.

Тынады ойымның арты талқы боп,
Негізсіз жанның мінезі.
Айрықша тұрмын әңкі-тәңкі боп,
Кімге ерем? Тегім кім, өзі?..

ӨРМЕКШІНІҢ ТОРЫ

Тіршіліктің қаңқасы - арбасы ұлып,
Келеді алға сүйрелеп далбаса үміт.
Далбаса үміт талақ қып кеткен күні,
Өліп жатыр ерлерім дарға асылып.

Ұясынан кеуденің жан қашырып,
Бара жатыр қара дерт қанға сіңіп.
Қара дала үстінде өрмекші тұр,
Келген мандат ажалдан - мөр басылып.

Өрмекші аты протон, уран дегем,
Уланды жер, уланды ел, уланды өлең.
Кебін торды тоқтаусыз тоқып жатыр,
Біз - жалаңаш енеден туғанменен!

Бура бұлттың түскенде шудасы іріп,
Шырмалады шудаға қу бас үміт.
Торлы өрмекші шағады жылан болып,
Жер астында иірілген суға сіңіп.

Сәбиіме емізіп ащы уын жын,
Мынау сойқан заманнан тас суындым.
Алтын қазан қасында Құлқарақшы,
Аузы ашық тұр қазанның - ас-суымның.

Қақпақ кетті қазаннан, иттен – ұят,
Сіркелері семірсе - битке мият.
Алып торлы өрмекші жалмап келеді,
Пілге тұяқ бітірмей, китке қияқ.

Дарға асылып өлердей дала шыннан,
Салбырардай ала жіп қара шыңнан.
Қандай көмек бере алам, жәудіркөз көл,
Өрмекшінің торында аласұрған.

Менің далам қылғандай Алласы ұмыт,
Аққулардың төріне қарға шығып,
Қанда шіріп бұғауы өрмекшінің,
Мерт болуда ұлдары дарға асылып.

Ішкізгесін асыңа қосып уды,
Қойдым таза, арамнан шошынуды.
Жат қолымен үкімім кесілулі,
Құн - сұраусыз, тағдырым – шешілулі.

Заманауи зымыстан төкті зілін,
Кіжінумен шідерде өтті күнім.
Тоқты құным болмады туған елге,
Ал, жалдаптар тойлап жүр бет қызылын!

Жолдар торлап ажарын шиырлаған,
Бізден сізге не қайыр, қиыр далам?!
Өз-өзіне қол салған далам жатыр,
Қазақ жатыр иманы бұйырмаған.

Құрып торын заман тұр қырық бөліп,
Қызға көрік бермейді ол, жігітке ерік.
Өзін-өзі өлтіре бастады енді,
Бірін-бірі бұл қазақ қырып болып.

Босқа отырған боданбыз борбай сулап,
Жылан арбап бұтадан торғай шырлап.
Ай да ұқсайды алып бір өрмекшіге,
Шошытады сәулесі тордай шырмап.

Дәл тигесін атқан оқ тасадан жат,
Дәрменім жоқ ішуге ас адалдап.
Айдыныма ай нұры қонып жатыр,
Жібермесе үпіріп Жасаған Хақ.

БІЗДІК АХУАЛ

Қағады, о, балақ далада қаһандар шаңы,
Шағала қанат самала шаһарлар шамы.
Үйімді үптеп кетердей жанығам елге,
Сарқылған шақта жарқылды сапарлар сәні.

Сар жасыл толқын даланы, Бөкені бояп ағатын еді,
Бүгінде мекені қаяқ? Алыстан қайтып оралсам,
Бір түрлі қырды,
Езіле жаздап жүрегім кетемін аяп.

Алдымнан аңсап шыққанда от жанарлы ақ таң,
Аударам барлық кінәні апталарға аққан.
Жетім елікке су тимей қаптаған қақтан,
Талтаңдап жанды жаншиды, жат табан батпан.

Жалама жартас бәз дала, құлама құзды,
Бауырдан саумал бұрқырап бұлақ ағызды.
Иттің бір жұты тигендер итініп келіп,
Сұрамай алып барады сыбағамызды.

Келгендей болам шетіне аранның кейде,
Құсардай іштен зәр шынын һарам бір бейне.
"Ұрдым да қойдым ерлігін бабаңның!"-дей ме,
"Қасиетіне түкірдім далаңның!" — дей ме?

"Уақытым жоқ жататын қайғы-мұңды елеп,
Топылған тобыр!
Сендерден ай-күнім бөлек.
Биеңе қосып жүре бер айғырыңды ерек,

Айдының керек, ал, маған, Байлығың керек!"
Осылай дейді кіл сұрбет ішінен маған,
Ішімен айтқан сөзді де түсінем жаман.
Шоқиды қанша, құдай-ау, қаңқамды менің,

Тұмсығы боқты, көзі оқты күшіген заман.
Қаһандар шаңы елестеп қонамыз дара,
Шаһарлар шамы шағылып қара құзға ана.
Мына далада барлығы - басқалардікі,

Өзіміздікі әзірге - моламыз ғана.

БІЗДІҢ ҚЫС

Қазақтың қыры құйынды,
Қазақтың желі арқалы.
Қаққылап өтті үйімді,
"Қазағымның қара талқаны".

Кетіріп әбден шырқымды,
Күркіреп бұлттар шудалы,
Азуын қайрап шырпынды,
Қараша, қауыс туғалы.

Желтоқсан - желдің мекені,
Әйнекті аяз тұр тырнап.
Сасытып сасай текені,
"Ақ теке жетті бұрқылдап".

Бет тырнап тырдай бақ шулап,
Өзіңді өзің тану мұң.
Бөрі тіс таулар ақшулан,
Иесі "Тентек дәлудің".

Үтің де депті алжиын,
Не болса соны айтады кеп:
"Құт емес саған, ал, биыл,
Жұт бола салсам қайт еді!"-деп.

Долданып ақпан ақырды,
Тігілді маған қаһары.
Теңізді көкке сапырды,
"Ит балықтың кіндік қатары".

"Мен қалай аман қалдым?.."-деп,
Ызылдап ырғай еске алады.
"Бәрі де мұның қалжың!.."-деп,
Сыздана күлді "Бесқонақ".

"Қонақтың" жайы белгісіз,
Момын ба, әлде, обыр ма?
Жайылмай жалғыз енді, сіз,
Қосылғаныңыз жөн тобырға.

Күрдектен11 шыққан кәрі ана,
Салар-ды кеңес маған кеп:
"Көк мұзда туған тарана,
Отығып кетсе жарар!.."-деп.

Не дей қояйын мен демде,
Күрсіне берем қақырап.
Қағады дірдек кеудемде,
Үсіген жалғыз жапырақ...

КӨКЕМ КЕТЕТІН ЖЫЛ – 1981

"Ақырап, қауыс кәрі, кұртаңды тауыс".
Халық,
"Таразыдан өттік қой таң суыған,
Сүмбіленің сақта, Алла, шаншуынан.

Сегізкөзде суық бар соғыс жылғы,
Сыр беріп жүр кезде енді қан шуыған.
Арпалыспен жоғалды құйын - ғұмыр,
Көктен көзге саулаған сұйылды нұр.

Сиынды біл сен енді ..." - қалса оңаша,
Күбірлейді біздің шал биылғы жыл.
Сүмбіле өтті ...
Ақырап, қауыс келді,

"Кәрі менен құртаңды тауысты" енді.
Қызыл жәшік көтеріп сайлау соғып,
Ең соңғы рет көкеміз дауыс берді.
Дауа таппай қаң қыспа - кеселіне,

Жатып қала береді төсегіне.
Өкіметтің сытылып санағынан,
Өткен сынды Құдайдың есебіне.
"Суық еді Сәбеттің соты неткен?!

Біздей "жауды" малша айдап өкім еткен..."
Түртер сынды тағы да: "Пленник!"-деп,
Жирылатын, жан келсе, "өкіметтен".
"Шығай шыған, Ит қиян, Кең қиырдан,

Жел - несібе жетектеп дәм бұйырған.
Дәм таусылды ...
Жүрмеңдер қамсыз қалып,
Түс көргенмін, қалмаймын мен биылдан!"

Қарар болды бейілмен бүкіл жанға,
Қамқорлыққа алатын сықылды Алла,
Көкем биыл ерекше қуанып жүр,
Өкіметтен біржола құтылғанға.

ЖАСТЫҚ ЖАҢБЫРЫ

Жаумай жатыр жастықтың бұлты кімге?
Жетем саған, деуші едім, түн түбінде.
Сен мен жаққа қарасаң, бір мөлт күлкі,
Тұратын-ды тығылып кірпігінде.

Жыл жетектеп, алдымнан ай асыға,
Сүйреп шықты сахара саясына.
Құр жәутеңдеп қарадым... Кете бардым,
Кірпігіңнің ене алмай аясына.

Ақты жылдар ізінде шаң шұбалып,
Қанша түннен өттім мен шам суарып.
Жарық қылдым жолыма кірпігінде,
Қалып кеткен күлкіні аршып алып.

Бүгін, міне, жолықтық күн түбінде,
Жаумай кеткен жастықтың бұлты кімге?!
Сығалайсың сыртынан "сыңарыңның",
Мөлт-мөлт еткен бір мұң бар кірпігінде.

... Шілде, мынау, шіліңгір. Дала да шөл,
Етуін-ай аптаптың санаға әсер.
Қымтай қойдың мұң бұққан кірпігіңді,
Құйып қоя берердей қара нөсер.

«ФОЛЬКЛОРЛЫҚ ПРАКТИКА»

Баллада
Тост айтып жастық тойында,
Көзімде балқып күндер шат,
Есімде, Сырдың бойында,

"Фольклор жинап" жүрген шақ.
Көрмеппін қырдан мұндай түн,
Сыңсыған Сырың демі жел.
Жырлайтын, әсте тынбайтын,

Әбділда туған Телікөл.
Межеміз сол-тын көздеген,
Жағаттап қартты ауызды,
Жинаймыз көне сөзбенен,

Есті жыр, ескі аңызды.
"Керегін, дей ме, естісін",
Көненің сөзі – тақырып,
Жатады шалдар кешкісін,

"Ауыз ашарға" шақырып.
Қағаз бен қалам қолында,
"Студент - ғалым" жас үміт,
Жүгірдік шалдар соңында,

Аузымыз талай ашылып.
Мен жатқан үйдің иесі дихан-ды,
Күн-түн қырманда.
Келіншегі оның "киесі",

Әйел жоқ мұндай бұл маңда.
Аялап туған қайныдай,
Балайды мені жақынға,
"Ұқсайсың-дейді,-айнымай,

Газеттен көрген ақынға..."
Оқимын, жеңге хақында,
Жүректен шықса жыр желіп,
"Газеттердегі ақынға

Айнымай ұқсағым" келіп.
Бір күні түсте ояндым,
Кірдім ғой,-деп ем, пейішке.
Өзіндей ғайып аянның,

Үйде жүр әппақ періште.
Оқитын шөрде қайын сіңлі,
Демала кепті ауылға.
Он төртке толған айым сынды,

Және ұқсас жарған қауынға.
Он төртке толған ай жарық,
Түсірді жанға ол да аңыз.
Бір нәзік нұрға байланып,

Қалғандай едік сонда біз.
Өзіндей болып арманның,
Әппақ гүл қауыз ашады.
Жайына қалды шалдардың,

Шақырған "ауыз ашары".
Қағазға түспей жарты жол,
Осалдық қылдым парызға, ал.
Жиналмай қалды фольклор,

Жазылмай жатты аңыздар.
Домбыра - дәрмен жас жанға,
Кешкісін мені көресің,
Ғашықтық әннің, аспанға,

Шығарған не бір төресін!..
Жеңгеме жетер жан қайда!
Кем көрмей мені Шәмшіден:
"Аумайсың — дейді ондайда,

Теледидардағы әншіден".
Сонда қыз сыртқа шығады,
Масаға түтін түтетіп.
Шағылып айға бұғағы,

Самал мен кешкі лүп етіп.
Нәр алғам жырға сол түннен,
Жанда жоқ титтей тыншығу.
Тербетіп айды толқынмен,

"Ағатын қайран, Сыр – сұлу.
Ұйқтатып "шалын шаршаған",
Шақырып бірде аулаққа,
Тал шарбақпенен қоршаған,

Кірді ертіп жеңгем бау-баққа.
Діңіне талдың сүйеніп,
Қыз отыр балқып - аппақ ай.
Шынтақтап жүйек жиегін,

Адызда қалған мақтадай.
Төбеден төніп таудай түн,
Кеткенде әбден ай батып,
Қауынды айдан аумайтын,

Отырдық үнсіз жайратып.
Тыңдадық тылсым бау үнін,
Жанымызда біздің аз болып,
Өзінің "ұрлап" қауынын,

Жөнелді жеңгей мәз болып.
Кеткендей өңім түс татып,
Сыйлады жеңгем жан қорек.
Қолыма кетті ол ұстатып,

Мәпелеп екі әңгелек.
Үніміз қалды бақта әлгі,
Қымсыну... Күлу... Тұншығу...
"Жайраңдап ағып жатқан-ды",

Сылқылдап түнгі Сыр - сұлу.
Аржағын қайтем тәптіштеп,
Түсімде көрдім үзігін.
Оянғанымда тал түсте,

Қалдым мен сипап қыз ізін.
Кірбің бар үйде, шамасы,
Жеңешем ойға бойлауда.
"Сезіктеніп қап ағасы,

Әкетті,-деді,-жайлауға".
Қорықтай қалған маралсыз,
Қарадым ұзақ баққа арып.
Мезгілім бітіп, амалсыз,

Мен-дағы кеттім аттанып.
Сүйді де жеңгем бетімді,
Соңымнан қалды сүзіліп.
Үзілген үміт секілді,

Кірпіктен тамшы үзіліп.
Толқынмен жөңкіп ақты жыл,
Сол күннен қалды аздап мұң.
"Хат жазам!.."-деп ем, хат түгіл

Жыр жазбай кете жаздаппын!
Ай жүзген жаздың түнінде,
Тағардай маған мың айып.
Сол бақта ағаш түбінде,

Тұрғандай жеңгем мұңайып.
Көрсетіп үрдіс - үлгісін,
Кірпіктен үзіп мұң ақық.
Арманды қайын сіңлісін,

Отырған сынды жұбатып.
Еске алсам сол бір аруды,
Тоғыспас жолдар созылады.
Жеңгесіз қызға баруды,

Үйрендім кейін өзім-ақ.
Жаныма жылдар нұр жағып,
Озғанда бір күн бір күннен.
Басқа бір баққа ұрланып,

Басқа бір қызбен кірдім мен...
Әніме қосып тың ырғақ,
Қағады қанат жыршы қу.
Баяғы сырды сыбырлап,

«Ағады қайран, Сыр - сұлу...»
Жанымнан кезде ән түлер,
Болайын мен - ақ қарыздар.
Біз жиған осы еді фольклор,

Біз жазған осы еді аңыздар.

ҚОШ, ҚҰРЫҚ

Көштім мен, көшкім келмей,
Қош, Құрығым!
Түсесің кейде есіме кештіғұрым.
Өтеді қапталымнан қанат сабап,

Ессіз күн...
Есті жырым...
Ескі Мұңым...
Жандағы кейде ұқсайсың қара даққа,

Не дерміз Отаны жоқ азаматқа.
Өзіңді тастай салып жаманатқа,
Қашқысы кеп тұратын қала жаққа.
Тұншыққан тұманында ұран - жырым,

Өзіңде өтіпті үзік, құранды күн.
Ысқырып тауға шауып жататын-ды,
Аждаһа толқындары Жыландының.
Көп жүзгем, маржан іздеп тұнығыңнан,

Айрылдым маржан түгіл ұғымымнан.
Тұйықтық түрмесінде тұтқындаған,
Мен сенің әзер шықтым құрығыңнан.
Тіміскі төлеңгіті шенге сенген,

Жібіскі айықпайтын ел кеселден.
Тұрмыстық тұмау жұққан барлығына,
Аумайтын жұрттың бәрі жер - мешелден.
Қош, Құрық.

Артық айтсам кеш, Құрығым!
Өзінде ұл-қыз сүйдім, өсіп бүгін.
Осылай сарнап қоя береді неге,
Толқынын парақтасам ескі жырым!?

Осылай дейді ескі жыр парақтары,
Өзіңе келіп тұрмын тағы ақталып.
Қалыпсың жағалауда шөжіп, шөгіп,
Қырқылған шағаладай қанаттары.

Түкірмен суын ішкен құдығыма,
Сонда да таңғаламын ғұмырыма.
Қайранмын қалай тірі шықтым екен,
Біржола түсіп қалмай Құрығыңа.

Әлі күн таппасам да абат мекен,
Шағымда санам - айық, қанат - бекем,
Инемнің жасуынан нұр өткізіп,
Жыртығын өткен күннің жамап кетем.

Қош, әзір! Қош болып тұр! Қош, Құрығым!
Соғармыз әлі талай кештіғұрым.
Кеудесін көк тасқа ұрған толқынындай,
Түседі еске неге ескі жырым?

АЙРАҚТЫ

Айрақты, сүйенемін тіреуіңе,
Ажар қыздың әні.
Жасынын Шерғала мен Жалғанға атып,
Көзінен Айрақтының тамған жақұт.

Көтеріп төбесіне табыт - тауды,
Көп әйел сүйенісіп қалған қатып.
Дұшпанды қайырғанда қалың батыр,
Мерт болған табыт - тауда алып жатыр.

Жоқ, әлде, намысым мен арым бәлкім,
"Жеті жұрт" іздері өшкен халық жатыр.
Әйтеуір, тегін емес бұл – Айрақты,
Сорды да өлшеп берген, құдай - бақты.

Алаштың Аналары сүйенісіп,
Арқалап келе жатқандай ұлы аймақты!
Бұлдырап иір-қиыр соқпағы алда,
Көп әйел бара жатыр ақ боранда.

Қолынан ұлдарының келмеген соң,
Мүсінін Аналардың соққан Алла.
Айрақтың мүйізіндей бунақталған,
Сайрақ жол шың басында шумақталған.

Ерлерін Ғарасаттан өлі келген,
Көтеріп кетті әйелдер шулап қалған.
Желі боп даламыздың дүбірлеген,
Еріні дана құздың күбірлеген.

Арқалап табыт - тауды келатса да,
Тізесі Анамыздың бүгілмеген.
Бозторғай шертті шерді қозғап таңнан,
Айрылып көзапара боздақтардан.

Есіме түсіп кетті байғұс әжем,
Басында "Бозқолқаның12" боздап қалған.

АЙ – КІPCІЗ, ӘРУАҚ – ҮНCІЗ, АЛЛА – МІНСІЗ

Баллада

Естерек Жаманбайұлы ақсақалға
Сапырып тұр Желтоқсан ала шаңын,
Мықыр аспан. Мүжік тау. Аласа қыр.
Төсек тартып қалыпты сар жамбас боп,

Іздеп келген алыстан қара шалым.
Сөз саумалын ағытса мана көнек,
Шер - шежіре тоғытса дана дер ек.
Қара жұртта қамыққан қарияға,

Біздей көзі дамық қан қара керек.
Әр айтқаны тиеді санаға дөп,
Танымыңа қосады жаңа дерек.
Ел өткенін есіне алады ерек,

Көңіл босап, иегі салады әлек.
Салады өрнек сөзіне көп сурет,
Шулап келіп өткен күн шағала боп.
Мен білерде Саураннан айналғалы,

Алты Алаштың басынан тайған бағы.
Содан бері жаттікі - қойған ханы,
Содан бері жаудікі - жайған малы.
Бытырап жүр бақ қашып, ырыс та үркіп,

Жусан өспейді бұл қырға дұрыс бір түп.
Орысқа ынтық әкімдер содан бері,
Қазақтығын жоқ қылған қылыш қырқып.
Харап болып ел үшін құрбан жаны,

Билікке ие боп қалған кіл малдары.
Орыс түгіл, жөйіт пен шүршіт түгіл,
Шыршыққа жүр шетінен құл болғалы.
Арманы жоқ халықтың, жанжалы көп,

Жалманы13 жоқ қанжардың тұл қалғаны.
Өлмейді екен сонда да көкбет - үміт,
Бағамдаймын өзімше шетте отырып.
Отызыншы жылдардың ойраны ғой,

Омыртқамды оңбастай кетті опырып.
Осыны айтып шал тағы жылап қалды,
Көмейіме көмген көп сұрақ бар-ды.
Қасымдағы ініме келіп едім,

"Көрсетем, деп, тарихи тірі ақпарды".
Көз жасындай көп ойын іркеді әрең,
Қымтап әрең кірпігін сіркелеген.
Көне күннің шешілген кебініндей,

Көк тон жатыр боялған «күлпарамен14.
"... Есілге бір былғанып, Ертіске бір,
Тағы неғып жүр кілең жер тістегір?
Екі дүние ырзығын бірдей жалмап,

Қара беттер жұқтырған өң-түске кір.
Тіктей алмай еңсесін өтер ме екен,
Жер тістегір алдында еңкіш тобыр.
Өріп шыққан Тажалдың бәлелері,

Тамырына Жүректің зәр егеді.
"Қарамаса қашанда қатын кетер,
Бақпай қойсаң - мал түгіл бала өледі".
Азар жеткен Азаттық не болар?-деп,

Естілердің кетіп жүр зәрелері".
... Сөйлеп отыр алдымда шал дамылсыз,
Суық сөзден тартқандай жан-жағым сыз.
"... Сұңқар - шейіт. Аққу - мерт.

Қарға - құнсыз.
Әруақ - үнсіз. Ай - кірсіз.
Алла - мінсіз ...
Батыр - аңқау.

Болады ер аңғарымсыз,
Аңғарымпаз болыңыз, жандарым, сіз.
Жас көнбесін қорлыққа. Көнді кәрі,
Қас төнбесін домбытпа ендігәрі.

Сүтқорларды15 қара жер қабылдамай,
Құзғындарға сүйегін жем қылады.
Әруақ - үнсіз.
Бір күні тіл бітеді.

Түнгі қырды кірсіз ай мүлгітеді.
Мінсіз Алла соқтырып Исрафил,
Жерді кірден тазартып сүргіт еді.
Қу құлқынның құрсағын кім бітеді?

Ұлтыңды ойла!
Кеудеңе күн бітеді.
Ібілістің ізіне еріп алған,
Мерт қылмағай елімді жынды, телі.

Әңгімесін айгып кеп қабындыра,
Аяқтады шал сөзін жалын жыға.
"Жаман шалға жол түссе соғыңдар",-деп,
Жатып қалды жұрқанын жамылды да.

Қош айтысып шықтық біз далаға ақыр,
Далаңызға келгендей заманақыр,
Көкжиекке жұтылып бара жатыр,
Күн деген бір тат жеген қара бақыр.

Есігінен жататын кісі арылмай,
Қалды қария көшкен жұрт мысалындай.
Үпіріп тұр желтоқсан қара шаңыт,
Сұрапылдың әлгі айтқан нышанындай.

ЖАЙЫҚ

Табылды Аяшұлы Досымға
Ақ Жайық - ақ көйлектей ілгегі жоқ,
Көп шалған бір жағын оқ, бір жеңін от.
Айналып төбесінен кете алмаймын,

Сәуірде көшкен бұлттың дүрмегі боп.
Кісінеп көкмойнақ тал бір меңі жоқ,
Өрт жалап жал-құйрығын түнге кіреді.
Естіп пе ең, ей, Табылжан, білгені көп,

Жайықта Тұмар апаң теңізге атқан,
Әлі күн Кирдің басы жүр көрінеді?!
Ақ Жайық Хақ қолынан түскен қасық,
Беріп жүр несібесін дұшпанға асып.

Қаныма Кирдің шөлі қанған күні,
Кіреді қойыныма мыстан басып.
Ақ Жайық - қазағымның қанды өзені,
Жағасын ұлдары айтқан ән кезеді.

Талтаңдап топас тарих тепкенменен,
Жұлыны жұлынбаған жанды өзегі.
Ақ Жайық - Құдай сызған ұлы сурет,
Жұмаққа бастар жолдың бір ұшы жоқ.

Қыл қапқан жүзін кейде айға қайрап,
Желкемді қиды орыстың қылышы боп.
Жоғалар қойынына жасыны өліп,
Сияқты кей кездерде жасыл өлік.

... "Кир басы" деп тұрғаным,
Қан толқыннан шығады Махамбеттің басы болып.
Деп - мынау селді араннан қалай шықтым?
Тат шалған кірпігімді талай сықтым.

Қарайды ештеңе айтпай бақырайып,
Сыңсыған сансыз басы Сарыайшықтың.
Табылжан, асылы - Алаш, нәсілі - Адай,
Көзіңе көк толқыннан шашырады ай.

Жүрсің ғой Ақ Жайықтың жағасында,
Дегенмен, бол, қарағым, басыңа абай.

САҒЫЗДА

Жұмабай Ізтөреұлы Күлтегіне
... Шекпеген салқам сынды қайғы, күйік,
Қарайды дәл сен құсап ай жымиып.
Өзіңсіз келіп тұрмын Құм Сағызға,

"Ел қайда, Сағыз қайда?" - әй, Құлиев?!
Салады құрдастарың сипай әнді,
"Білем де Жұмабайды, ит - ай, әлгі...".
Сен жоқсың ...

Қайда бұрсам маңдайымды,
Қозғайды бәрі сенің "хикаяңды".
Бұйра түн насыбайдай сақи үккен,
Бұл жерде сөз шідерсіз, тақырып кең.

Баяғы әңгімеңнің кейіпкері,
Таныстым "Шайтан қуған Шапиықпен".
Көтермей қушыкеш құм жерден басын,
Кербез қыр құпия күліп керген қасын.

Жақында марқұм бопты Сұпығали,
Жұртына көшін тастап "Керуен басын.
Жұртыңда көшің қапты ... Бірақ қалай?
Сауалға жауап бермей жырақтады ай.

Қалнияз, Жұбандардан көшкен дәулет,
Өтпеп пе ед Шам Талпаққа16 тұрақтамай?!
Бір ұшы бұл көшіңнің Шағадамда17,
Жолыңа кең Маңғыстау қарады ол да.

Сен келе жатқандайын елеңдеймін,
Көшіңді тегілеп алып шабаданға.
... Бір ағаң - жыр жұқпайтын қатқан қара,
Атты кеп Алматыға сақпанды ала:

"Қураған қу Сағызға неге келсін,
Көжесі қайын жұрттың жаққан бала".
Сөздерден қашып шықтым мына жайсыз,
(Мен үшін қам жемеңіз, құдағай, сіз.)

Өзіммен өзім болып кете берем,
Бұл Сағыз бір түрлі екен Жұмабайсыз.
Кеуденің күрсінісін желі жаттап,
Жөнелген жер көрдің де елігі әппақ?

Бабамның жұрты қалған Құм Сағызда,
Мен тұрмын көзі тірі сені жоқтап.
Бабамның жаз жайлауы тойға лайық,
Сол сәні сияқты енді зайғы ғайып.

Мертіккен керуені,
Көші - ғарық,
Қарайды дәл сен құсап ай мұңайып!

ҚАДЫР ТҮНІ

Білмеймін, әлдекімнен өш ала ма?
Желтоқсан жын қаққан-ды кеше ғана.
Көбесі қара тастың қопарылып,
Көкке ұшып кетердей еді мешел аға.

Жел-көрік, кесел-кеңес, қысыр-ақыл,
Дауылдың тигізіп ед ұшына тіл.
Түнімен жаратқанға жалбарыңдым,
Шынымен соқты ма деп, Ысырафыл!

Қозғалып кеткен сынды Күрсі - Ғалам,
Сом Жүрек сарайында тыншымаған.
Тырналап қара тозаң түні бойы,
Шиқылдап ай шынысы қыңсылаған.

Жатқанда сай мияулап, ұлып беткей,
Бар жарық сөнді аспанда үмітті етпей.
Тіледім Темірқазық жұлдызымды,
Тұрғай деп, орынынан жұлып кетпей!..

Ал, бүгін!
Жығылмайтын жалын тілі,
Орнапты мамыражай дамыл түні.
"Сары алтын,-деген бар еді, - сабыр түбі",

Әкелді сары алтынын Қадыр Түні.
Сары алтын,
Барлап тұрған түнді көзі қиық ай.
Сияқтанған сым білезік,

Қалайық бүгін кірден бір арылып,
Жүргенде Қызыр Ата қырды кезіп.
Шалғайы шекпенінің тұйықталсын,
Маңдайын бар сәбидің сүйіп қансын.

Нұр болып көзімізде ұйып қалсын,
Жыр келіп жүрегіміз күйіп қалсын!
Дауылдың түр әлі үні құлағымда,
Құтырып қожа болған құла құмға.

Қорқып ем, Қызыр жайы не болар деп,
Ібіліс ұйлығысқан мына қырда.
Жабыла Қызыр күткен елді қара,
Кетердей мүлде өзгеріп енді дала.

Қызырға жығылды ғой Желтоқсан да,
Сен де тый желігіңді, Желді бала.

ҚАЗАҚСТАН БАР МА ЕКЕН?..

"Басқа жерде "Қазақстан" деген ел бар ма екен? Болса, кетер едім!.. "
Ермұхан Тоғызбайұлы.
Тіршілігі, тынысы, Асланы өңге,
Қазақстан бар ма екен басқа жерде?

Қазанымның кірпігін ашып тастап,
Шымыр-шымыр қайнайды жас тереңде.
Көз жасымның буынан пайда болған,
Айықпайтын бір бұлт бар тас төбемде!

"Қазақстан бар ма екен бір қиырда?
Бола қалса - сол елге сырғиын да!.."
Ауа жетпей алқынған Азаматтың,
Ащы даусы әлі де тұр миымда.

Қазақстан бар ма екен - азат қаны?
Берілетін жалғансыз таза ақпары,
Өз тілінде сөйлейтін қазақтары,
Өз мүддесін сатпайтын кәззаптары.

Ұлдарының шекпеген азап тәні,
Ұрынбаған қыздары мазаққа әлі,
Аһ ұрмаған қарттары тозақтағы,
Қазақстан бар ма екен - ғажап бәрі?!

Қазақстан бар ма екен басқа жақта?
Хандары да қарайтын қас-қабаққа,
Қуырылмаған қандары ащы араққа,
Бәрі қамқор ағаның жас талапқа.

Тасбақадай бөленбей тас табаққа,
Азаматы ылайық асқақ атқа,
Жұлдыз төлдеп жататын қос қанатта,
Қазақстан бар ма екен - басқа жақта?

Қазақстан бар ма екен, ойып төрден,
Орын берген қазаққа кейіп келген.
Итаяқтан ас ішпей жөйіттермен,
Тосқауылын шүршітке қойып кеңнен,

Бабаларын бөліспей бейіттерден,
Бір тоқтысын Үш Жүзге сойып берген.
Қазақстан бар ма екен - майлы әкімнен,
Қорлық көрмей күн кешкен қайратыңмен.

Қара түнге қақалмай тайға түрмең,
Бақтан бұлбұл сайраған сайрақы үнмен.
Бала сатып ақша алмай қай кәпірден,
Төрлеріне байрағын жайната ілген.

Қыздары жоқ кіндігін айға түрген,
Алласына сиынған әйбат үнмен,
Қазақстан бар ед!- деп, қайда? кімнен?
Естіп едің, ағасы, қай Хәкімнен?

Бола қалса сол жаққа мен де кетем,
Ғұмыр кешкім келеді пендеге тең.
Бұлбұл біліп менің де әндерімді,
Жұлдызға іліп жырымды ермек етем.

Ұлдарының тасынан ұлтына атқан,
Қирап біттім! Өмір де шөлмек екен!
Мен де кетем, ағасы, тастап кетпе,
Түк шара жоқ торай - тіл, баспақ – бетке.

Өздеріне қалдырып батпақтарын,
Шығып жүре берейік асқақ көкке!
Ондай ел бар! Кей-кейде зор ұраны,
Шалынады құлаққа оның әні.

Кезігеді ол бір күні ай туарда,
Шолпан туа немесе жолығады.
Ондай елдің Балқашы, Аралы аңыз,
Дегелеңі үстінде дем аламыз.

Еніп тұрып шекара - есігінен,
Керіп тұрып тынысты кең аламыз.
Төгіп тұрып содан соң жасымызды,
Осы Қазақстанға ораламыз!

ҚЫРДА

Нысан Мұратқа
Мына қырда тікен неткен көп еді?
Шеңгел, жантақ, түйеқарын, ошаған.
Дар-дар жыртып келіп тұрсың денені,

Ойыншық боп көрініп пе еді не саған?!
Теміртікен, қаттығара, шоғайна,
Құсқонбас пен бар тағы да баялыш.
Қалада өскен май табанға оңай ма?

-Әй, балам-ай! Туғызбашы аяныш.
Шөңге түгіл, оңай жау ма - Кәріғыз?
Жабысып ап шалбарыңа, етіңе.
Жабылып кеп жұлған кезде бәріміз,

Әзер шықтық кәпіріңнің шетіне.
Мақтай берме көк таспа жол қалаңды,
Қырға үйреніп кетесің ғой сен әлі.
Соған бола даттай берме даламды,

Байғұс қырдың қалжыңы ғой шамалы.
Жаңа ортаның тақсіретін түсінем,
Мен түсінбес не қалды екен ғаламда?!
Шығып барып осы тікен ішінен,

Мен де ит болғам, сенің анау қалаңда.
Біздік ғұмыр қыр ұлының тарихы,
Тас көшеде тайып маңдай ісірген.
Талағанда шәрлі жердің бар иті,

Сағынғанмын тікенімнің тісін мен.
Пәтер қаңғып өтті біздің ай талай,
Өз Отаным желтоқсанда жақтан сап.
Газон гүлін басып кетіп байқамай,

Есімде әлі, айып төлеп жатқан сәт.
Тікен - тілмен шағып талай тұл құрма,
Бізге нені көрсетпеді тас қала?!
Тікенімді таптадың деп, бұл қырда,

Саған ешкім салмайды айып, бас, бала.

МЕРТ БОЛДЫ АҚЫН

Мерт болды ақын ...
Е, мерт болмай жатыр ма?!
Жаңалық па ол, жаңғалақтау ақынға?
Осылайша тон пішеді шамамен,

Кеше жазым тапқан ақын хақында.
Ақын болса ұлттың адал ұлы еді,
Ажырамай кетті елімен тілегі.
Сенгендіктен шығар елге, үнемі

Омырауын ашып тастап жүрері.
Омырауының ашығынан ажал оқ,
Қадалғаны енді, тіпті, ғажап еді.
Кінәсіздеу тұрды да сәл мұңайып,

Өте салды өмірінен қаза боп.
Өте салды тиген кезде тас жанға,
Көзін алмай қарап қалды қастар да.
Орынында ұйып қалған жыр көрдік,

Нұрды көрдік ұшып кеткен аспанға!
Кектенем деп жегендерге көп хақын,
Жақынырақ барып қалды отқа тым.
Ең болмаса, ерін тұшып сүйетін,

Отанынан сұлу таппай өтті ақын.
Өле қалса көрін құшып күйетін,
Ошағынан жылу таппай өтті ақын.
Күндіз - кеңсе, кесір бастық, келеңсіз дос, көк – қатын,

Сырласуға барып едім жақында,
Кеңсай жақта күбірлеген ақынға.
Басында екен, жиналыпты "Хатымға",
Жалғыз жырын жаттамаған жақын да,

Кесір бастық, келеңсіз дос, қатын да!..
Түнде үйіне сиғызбай,
Басылыпты оған деген жындары.
Тіріліпті тереңдегі мұңдары.

Ұмытып қап өлтіргенін жабылып,
Көрден қайта шығара алмай тұр бәрі.

БИЫЛҒЫ КӨКТЕМ

Биылғы көктем ғажап-ақ келді,
Саңқылды самал тазалап демді.
Жаратып келді жаздың тойына,
Күлтелеп жалын қазанат белді.

Ерекше келді биылғы көктем,
Құс болып сәуле құйылды көктен.
Қиқулай өтіп қиырды көктеп,
Қуаныш жетті құйынды лекпен.

Көлде - мұз,
Көкте ай шатынасқанда,
Мерт болар едім қапы басқанда.
Сақырлай қайнап,

Жіберді кенет,
Қақпағын көлдер атып аспанға!
Қырқаны қымтап, мыңғырып малы,
Кешегі қату күңді ұмытқаны.

Тауық – түн, туып күн - жұмыртқаны,
Оятты таңды шыңғырып қаны.
Бөрі - бөктерлер боз ай бөктерген,
Таудың сүйегін қажайды еппен жел.

Балапан күннің тұмсығы тисе,
Қағырдың суы көз әйнектенген.
Алынып кісен шідерлеп келген,
Жас шығып кетті жігерлектерден.

Жаңбырдан соңғы кемпірқосақ тұр,
Кереге - тауға кілем боп керген.
Көктемнің оты тұтады, әлемет,
Көк жасыл жалын жұпар ала кеп.

Қария – қырлар, сыпа - дала боп,
Жапанның бәрі жұпа қара көк!
Ғажап-ақ келді биылғы көктем,
Тазалап демді қиындық өткен.

Құйын - жүректен күйім дір еткен:
"Көз тимегей!"-деп сиындым еппен.
Жұлдызы жанып даулап терегім,
"Үркер" тұр әлі даулап керегін.

Түн тамырынан саулап қорегім,
Жауған жұлдыздан жаурап келемін!..

АМАЛДЫҢ АҚША ҚАРЫ

Жұт, жаманшылық болмайтын жылдары наурыздың 14-де, міндетті түрде, Маңғыстауда "Амалдың ақша қары " жауады.

Қош келдің, көктем! Қош, қалқам!
Кәрі қыр, баққа жарығыр!
Далама жайған дастархан.
"Амалдың ақша қары" бұл.

Таң Шолпан көзін қаната,
Тосқан-ды талып тағаты.
Далама қонды таң ата,
Сусылдап "Құстың қанаты".

Қыстайғы барын бөле ішіп,
Қанатын қағып тырна - көл,
Бастайды бүгін көрісіп,
Ойдағы ел менен қырдағы ел.

Ақша қар тастап биігін,
Ақ құс боп қонды өріске.
Түседі оның түйірін,
Көтеріп бір-бір періште.

Заманның зауал заһары,
Енбейтін шығар енді еске.
Қақаған қыстың қаһары,
Кетеді ертең келмеске.

Ер болып елін ту қылған,
Жағады жанға шырақтар.
Сұмырай заман тудырған,
Сұмпайы сұлтан – сымақтар.

Жайлайды жарқыл ғаламды,
Жазылып таудың әжімі.
Қыс бойы "қарқылдағанды",
"Қаңқ" еткен жеңіп қаз үні.

"Ақ дала — алтын жөргегім,
Жөргегім — кебін!.. Мақұл!" - деп,
Бүгіннен бастап пенденің,
Кетеді бәрі ақын боп.

Көгіне Ай мен Күн ие,
Төріне ие Асқақ от!
Дүрлігіп ғажап дүние,
Түлейді мүлде басқа боп.

Халайық шерін тарқатып,
Ел болып қастар таныған,
Қалайық бірге дәм татып,
"Алланың дастарханынан!.."

АЛМАТЫ - 86

... Желтоқсанның желі еді, ызғары еді,
Қабағында қарт таудың сыз бар еді.
Қабығында ақ талдың мұз бар еді,
Желтоқсанның желі еді, ызғары еді.

Дүлейліктің түте алмай тұнған шаңын,
Нені аңсадым, білмеймін, кімді аңсадым?
Ызыңнан үн, туындап үннен сарын,
Мұз тұмсығын тығады кейде миға,

Мұз үстінде дірдектеп жүрген шағым.
Жүректе тұр құлаққа сіңген сарын,
Білекте тұр дұшпаннан сынған сағым.
Арттан топан қуалап, алдан жалын,

Жалы өртеніп жатқан шақ арландарым.
Сонда есіме түсіріп Аллам барын,
Бөріше ұлып, есімде, жалбарғаным.
"... Бәле менен бәтерден сақта, сақта!

Қауіп пенен қатерден сақта, сақта!
Туымы - тақ,
Туы - Хақ тұяғыңды,
Тастай көрме, туған ел, боқташаққа!"

... Көкжал - арман түктері күлдей шөгіп,
Көзі ғана жылтырап жатты ошақта.
Қарамады туған ел тұяғына,
Жендет тұрды сиынған құралына.

Жақ қарысып жатқан ел сал мойынын
Тұяқ түгіл, зиятқа бұрады ма?
Жетпейтінін білмеуші ем әлсіз үнім,
Туған елдің тосаңдау құлағына.

Мен жыладым сонда да шар-шар етіп,
Азат таңның атуын аңсар етіп.
Тоңды түртіп жүруші ем түйсігіммен,
Жатырса да, сірә, мұз қанша бекіп.

Көзден аққан күйзелдім қақты кешіп,
Топас бұлттар төбемнен жатты көшіп.
Жапырағым қалтырап бұтағымда,
Дәліздерде тас көзді қақтым есік.

... Желтоқсанның желі еді, ызғары еді,
Қабағында қарт таудың сыз бар еді,
Қабығында ақ талдың мұз бар еді,
Желтоқсанның желі еді, ызғары еді!

Сонда менің қасымда кім бар еді?
Сынық қанат көтерем мұң бар еді.
Тастап кеткен мұздағы сынға мені,
Мінбедегі ана бір мұндар еді.

Басқа тілде сайрайды ол бүгін маған,
Соған әлі сенеді қырдағы елі.
Желтоқсанның желі еді, ызғар еді,
Жел қанаты сол кезде шым қара еді.

Жылдарымды қанаты шымнан қара,
Қайда жұтып жіберді зындан - қала?
Түседі еске - еске алсам құрбанды ана,
"Туған Ел!"- деп жүрегі тұнған жара.

Туған елдің алдында – Тыр жалаңаш,
Жұлым-жұлым жыры бар, мүлде қораш,
Мұз үстінде шырқырап тұрған бала,
Желтоқсанның желі еді, ызғары еді!

АТА – ЖЕЛІК

Көкмойнақ атқа ер салып,
Шығайық қырға, жарай ма?
Елеуреп алған ер шабыт,
Артына енді қарай ма!

Сан топтан озған сандақ бұл,
Қатар ұшпаққа қанатын қырғи қомдансын.
Бұйығып жатқан шаңдақ қыр,
Шамдана түсіп ол қалсын.

Атамның қия соқпағы - ай,
Тура басташы кезіңе.
Тастаған маған бәсіре - мұра жоқ қалай?
Түсер-ді, бәлкім, көзіме!

Беймәлім безгек жан тырнап,
Үдектен өте үдеп кет.
Айылы аттың сартылдап,
Ала жаулы тер бауырдан төмен сүмектеп.

Жата да жата басыр боп,
Өлдік қой, әбден, бұқпақтап.
Шаппаған тұлпар - қашыр боп,
Тұқайына дейін кете жаздапты, түк қаптап.

Бөкенше қырды шарлады,
Жатырмыз, сірә, нені ұғып.
Бабамның бағзы жеткізбей кеткен арманы,
Бұл жолы бізге қашары анық көрініп.

Бойдағы бұлан желіктен,
Арыла қояр деп пе едің.
Бабамның ұқтым, неліктен,
Ағызып жүріп, аспанға шығып кеткенін.

... Алдым - түн.
Артың - аран - сор,
Ендігі жолды айтпас құз.
... Айдың қасына жетіп алалық,

Содан соң,
Қайтармыз!
Мүмкін, қайтпаспыз!..

АҒАМ БАР МЕНІҢ

Ағам бар менің –
Мансапқұл деген,
Ортақтарың жоқ,
Тек менің ағам!

Миллиард шақырым алшақ тұр менен,
Жақындар едім, Өткелім - аран.
Атаққа, сұмдық, балаша құмар,
Діндар бола қап, ғалым бола сап,

Оның да, әрине, болашағы бар,
Оныкі, бірақ, залым болашақ.
Пай, пай!
Сен оны мінбеден көрсең,

Тұрғанын "Ел!"-деп қақырап көйлек.
Ойлап қалар ең: "Күндеген өңшең,
Басқа қазақтар ақымақ қой!"-деп.
Орындайды, рас, енді міндетін,

Қолдан іс келмес тірі өлік деп пе ең?!
Көп жалап бірақ шендінің көтін,
Ұятсыздыққа тілі өліп кеткен.
Құдайы - әкім, тұмсығы түкті,

Кетпесе болды мансабы құрып.
Қисаймас еді қылшығы, тіпті,
Он миллион ұлты қалса қырылып!
"Жоқ жігіт қой бұл "енді былайы",

Көп істі жүр деп,- тындырып әрі"
Өзінен де өткен сорлы "құдайы",
Біраз елге оны үлгі қылады.
Қалтаға сиған көз жетер жері,

Бекітіп алған "тақырыптарын".
Есептейді "ит" деп өзге пендені,
"Жүрмін,-деп ойлап, - қатырып бәрін!.."
Қу құлқын үшін өлуіне бейім,

Антына адал бір бағытталған.
Жөргектен бастап кебініне дейін,
Бүкіл лыпасы - былғанып қалған.
Мен - одан кейін өледі екенмін,

Кетпесе ертіп таспаран жол кеп.
Ақырет күні не дер екенмін,
Сұраған шақта:
"Жақсы адам ба - ол?" - деп?

ОЛЖАС – АЛЖАС

Баллада
Жүректің сөзі - ақ алмас,
Ұмтылған шақ еді алды аңсап.
Есімде әлі, ең алғаш,

Алматы жаққа барған шақ.
Осында келіп жиылған,
Сиынған кілең үміткер.
Атырау, Алтай - қиырдан,

Қиылған қыз бен жігіттер.
Өртейтін сынды жай түсіп
КазГу-дің жатақханасын,
Жатамыз түнде айтысып,

"Оятып ұлттың санасын..."
Жастықтың оты мұздар ма,
Кетпесе дауыл сөндіріп.
Кете жаздаймыз қызғанда:

"Қазақты жеке ел қылып".
Жазу жоқ мұқабамызда,
Сол шаққа еніп... қараңыз.
Шатырлап тұтанамыз да,

Пышырлап сөніп қаламыз.
Жігердей өңшең сол жасты,
Шығаруға естен хақым жоқ.
Мақтайтын бәрі Олжасты:

"Абайдан өткен ақын!"-деп.
Албырт ек кілең дауға ие,
Сарабдалы жоқ салуалы.
Кең болады деуші еді Әулие,

Кешіргей, Абай әруағы!
Ізделіп бағзы құдретін,
Жөнделіп көне бәз ұя,
Ауыздарда ылғи жүретін:

"Жас тұлпар" менен "Азия".
Естідік кенет тілеулі ел,
Жарылмай қалды ет жүрек:
"Олжасты күндес біреулер,

Соққыға жығып кетті!"-деп.
Кездескіміз кеп шынымен,
Әлде бір жауды күтініп,
Күпініп жүрдік түнімен,

Жұдырығымызға түкіріп.
Кілең бір жалаң наркескен,
Махамбеттерге ағайын,
Бергенбіз сырттай "Дантес" пен,

"Оразбай иттің" сазайын!
Атандай ерді жылатқан,
Деп жүрдік: "Елде жоқ бірлік!.."
... Сонымен, күткен сынақтан,

Өзіміз таяқ жеп тындық!
Әңгіме емес ол жайлы,
Ер жайлы сол бір әңгіме.
Ұмытуға оны болмайды,

Соңдағы жырым бар, міне.
Жастықтың ісі - ақ алмас,
Жас едік "орысқа" өші көп.
Жадыма сіңді сол Олжас,

"Азаттық періштесі" боп.
Құзында қыран қарлыққан,
Арман да біздің асқар еді.
Қанатына ептеп қан жұққан,

"Періште" қандай асқақ еді?!
Қазақтың Ар мен Бағына
Жіберген ұл, - деп, Хақ - Тәңір!
Жан жолатпаушы ем жанына,

Қимаушы ем жаманатқа бір.
Оралып кенет ғайыптан,
Аңсаған біздер Азаттық,
Санамыз шақта айыққан,

Көтергенде еңсе қазақ тік.
Алжасып кетті сол ағам,
Соқты да жаттың сойылын.
Кетейін сенің садағаң,

Сен мені сөкпе, ей, інім!
Қысқасы, мынау, әңгіме:
Болсаң да, тіпті, Құтпаным,
Жауымсың менің мәңгіге,

Тіліме қарсы шыққаның!
Шыныңды айт бүгін, қасқа өлең,
Қалса да сөніп азат көк.
Жұмаққа бармай басқамен,

Тозаққа кірем қазақ боп!
Қазаққа тиер қайырды,
Жұмсаса қара басына.
"Абайдан өткен шайырды",

Шаламын садағасына.
Жазғанмен данышпанша өлең,
Ұмыттың, аға, хақыңды.
Баяғы орыстарша мен:

"Алжас!"-деп кеттім атыңды.
Кеттің сен тастап Ұлы Елді,
Тоналды сендік бар кие.
Жат жолға салып жіберді,

Бастағы бөтен тәрбие.
Жауқазын жұртты бейіттің,
Салмақсың қайта астына.
Шырмап ап уы жөйіттің,

Санаңды ақ шел басты ма?!
Сонау бір өткен басымнан,
Жылдарды көрем парақтап,
Көшіп өтеді қасымнан,

Кілең бір қыршын - ары әппақ.
Бұзылып мүлде өңі, үні,
Жатқандай бейне жау тергеп.
Тас талқан болған сенімі,

Бозбала тұрады жәутеңдеп.
Назарын бұрып теріске,
Кетеді ұшып жанымнан.
Мерт болған Аппақ Періште,

Қап-қара кебін жамылған.

МЫЛҚАУ ТҮН

Құдайы беріп тағы жарғанаттың,
Тұнжырап қасымда тұр жарғабақ түн.
Саусағын бопса - үміттің сорып тұрып,
Сәлемін мыңқылдаған аңдамаппын.

Зілінен қабағының бақ майысып,
Түседі жұлдыздар да ақпай үсіп.
Қанатын жанып түннің ниетіне,
Көп тышқан қиқулап жүр қаптай ұшып.

Санама сауал болып тықты ай тілін,
Неліктен білмеді Алла, ұқпайтыным,
Тышқанға қанша қанат жапсырса да,
Қараңғы қапасынан шықпайтынын?..

... Қарағым, мен ұқпасты қозғама, тым,
Бар шығар жауабы сай өзге де ақын!
Ол түгіл, шындығында білмейді екем,
Қай жерде қалғандығын өз қанатым.

... Жайына ай да кетті мені қойып, қала тұр,
Қаптаған кіл өлі бейіт.
Ұмытып менің мүлде бар-жоғымды,
Қара түн тіл қатпайды меңірейіп ...

ШЫНЖЫР

(Алматы — 79)

Баллада

Кетпестей ғып байлаған,
Шуда жіппен кіндіктен.
Бар ма екен деп ойланам,
Мықты нәрсе сол жіптен?!

Ғафу.
"...Шынжырың" жер болды-ау,
деп, — бай тақал үлгі"
Бастарын бөлмелестер шайқап күлді.

Шынында Алатау тұр аспан тіреп,
Мен неге сағынам - ей, жайпақ қырды?
Сөйледім "Шынжыр" жайлы неге семіз?
Ойпауыт бір төрт күлді, төбесі - егіз,

Аты бар Левшиннің картасында,
"Құмы да ас болған жер!"- демесеңіз,
Жоқ еді шалқыған - көл, Ересе - құз.
(Ел десе неге езіл еді емешеміз?..) Шынжырдың:

Нар сияқты көртке ұрынар, салқы төс,
Жалбыр балақ төрт күлі бар,
Он шақты жұмыртқадай моласы мен,
Пісірер жұмыртқаны өрт құмы бар.

Аптабы, керімсалы, аңызағы,
Таңдайға миың болса тамызады.
Сонда да өріп кетпей, өліп кетпей,
Қыбырлап жатады өніп малы - жаны.

Мен басқа жарытпадым әңгіме айтып,
Пышырап сөз үзілді мандымай түк.
Алтайдың абитуриент жігіттері,
Соқпады "Шынжырыма" енді қайтып!

Әркім-ақ өз ауылын үлгі қылды,
Желпітіп демдерімен түндігімді.
Мен тұрмын мына жұртқа жеткізе алмай,
Шырмалған шынжырына шын жырымды.

Жел тұрса сияқтанған шудалы жын,
Кешкенмін қызыл аяқ туғалы құм.
Апайтөс өр Алтайдың ұлдарына,
Қайтсе де, өтпей отыр буралығым.

Мен кенет үзілмеген шынжырыма,
Ғафудың жалғап көрдім "Шуда жібін!..".
Үш шумақ өлеңменен бетті тіліп,
Майданнан айдап шықтым көпті түріп.

Ғафекең - әруағыңнан айналайын,
Сиынсам, жетті маған көкті тіліп!
Ғафуы таулы жердің болмай қалып, жігіттер:
"Сен жеңдің!" - деп кетті тұрып.

Асқақтар көзге іле ме аласаны?!
Жайдақтың көп сондықтан ала шаңы.
Кейде, рас, томашадай төрткүлің де,
Шындаса - шыңдарменен таласады.

СОРДАҒЫ ІЗ

Дастан

Бұл жыр - хатым қазақтың данышпан ақыны Жұмекен Сабырұлы Нәжімеден немересінің әруағына бағышталады.

Үңірейген құрдым, тылсым өңешін.
Қайттық бүгін ұлы ақынды өлтіріп,
Көрін қаздық, көмдік жылдам жең түріп.
Қаштық сосын төмен қарай жөңкіліп,

Соңымыздан ұлып қалды жел тұрып.
Сайларына қалың қайғы түнше ұйып,
Қойнауына тек азалы үн сиып;
"Енді кімнің кезегі?" — деп жымсиып,

Кеңсай жатты езулері ырсиып.
Деді Кеңсай: "енді қайсың келесің?"
Тобыр үнсіз, үндегенде не десін?
Құлпытаспен бітегенсіп,

Ажалдың,
Қаштық төмен мойынды артқа бұра алмай,
Әруақ біткен көрден өріп шығардай.
Бауыржанды қолбасшы ғып шынардай,

Ескерткіштер тас-талқан боп сынардай.
"Ұлы ақынды қиған кім, - деп, - қыршыннан?"
Қазір бізден жырдың құнын сұрардай.
Құрдастары жеткен өрге шыға алмай,

Тұнжырайды тонға оранған Тұманбай.
Аспаннан - нұр, дастаннан күй, жыр емген,
Әншейінде кіл дүр еді шіренген.
Үзілмеген шынжыр еді біленген,

Аман қалған мың гүл еді түреннен.
Жұқ қалмады батпансыған іреңнен,
Сұқси еді шыққан жандай сүреңнен.
Тоң топырақ, жұқа кебін берді енші,

Ақындарын қымтап барып кілеммен.
Тұрдық біраз есеңгіреп, ес кетіп,
Сықырлайды жаңа топы, ескі етік.
Іс бітіріп, шырт түкіріп содан соң,

Тас қалаға кіре бердік кештетіп.
Біреулерді шошыңдырған, кейіткен,
Шықтық босап шынжыры көп бейіттен.
Содан кейін тарап кеттік жан-жаққа,

Сәл ыңғайсыз, сәл қымсынған кейіппен.
Мойын бұрмай ақын қалған қыр жаққа,
Судан қашқан құрбақадай құрғаққа,
Тарап кеттік,

Өлмейтіндей енді ешкім,
Енді қайтып келмейтіндей бұл жаққа ...
Біз кеткенмен ақын қалды орында,
Жыр биігі: Парнас - Кеңсай қорымда.

Биігіне қан-жоса боп шықты да,
Құлап түсті, жырдың туы қолында.
Жеті жаста әке аттанып соғысқа,
Жем боп кеткен неміс пенен орысқа.

Қалды дейді бір биікте (шын болса),
Берді Отаны қан майданға - борышқа.
Әскер бар ма еді - "ур-ра!"-лаған соңында?
Мен білмеймін - ту бар ма еді қолында?

Жетім бала, жесір әйел ойында,
"Отан" - деген сары атанның қомында,
"Заман" деген зымыстанның торында,
Кете барды бір бауырлас қорымға.

Ізі қалды Ашақ - Мәші сорында.
Сабыр алғаш алынғанда жасаққа,
Кемпіріне тұз септіріп ошаққа,
Нәжімеден немересін жетектеп,

Ұлын ертіп алып барды Ашаққа.
Ғасырлардан үзілмеген о, желі!
Сенің неткен айтар жырың көп еді.
Бізді талай бесігіне бөледі,

Ескі күннің ескірмеген өлеңі.
Тұздап-тұздап түзге жайған терідей,
Ашақ деген айдындықтай сор еді.
"Азаматтан туған жерде із қалса,

Түбі айналып сол ізіне келеді!.."-
Деп сенді шал, соған сеніп кетіпті,
Дүниеден жоғалғанша дерегі.
Шалғайына жабысып жүр жел де үріп,

Немере тұр, жеті жасар телміріп.
Сонда ұлының жалбарынып жүріп қарт,
Ізін сорға басып алған мөр қылып.
Шайып ізді кетпесін деп сел төгіп,

Айналасын балшықпенен көмкеріп,
Қасиетті көне қара қазанды,
Үстіне әкеп жауыпты іздің төңкеріп.
Ондай қылып қылмайды ырым жай кісі,

Жалбарынған жаратқанға Ай құшып...
"Қайдан оңай болсын-деуші ед, үлкендер,
Қара қазан, cap баланың қайғысы?!"
Қарияның қалтылдайды боз басы,

(Сол күндердің шерін, шилер, қозғашы!)
Жыртып шыққан Жұмекеннің жүрегін,
Ең алғаш өлеңі еді көз жасы.
Ел де тозар, жел де тозар, сол қайғы,

Көкірегімде бабау қақшы, тозбашы.
"Кешін, таңын шығарма естен даланың,
Білем түннің іздеп өзі табарын.
"Қырық шілтен" шылауыңа шырмалып,

Баба әруағы, қолда ерлердің талабын!
"Көппен көрген ұлы той" ғой - қара күн,
Күліп ашар күн де жетер жамалын.
Ізің сенің,

Қара қазанға аманат,
Ұлың сенің,
Қара қазаққа аманат!
О дүниеге ертпей аттан жаманат,

Естілсе де бізге жаман хабарың!
Ел аманат!
Ана тау мен ана құм,
Саған сақтап қояды аппақ самалын.

Туған жерге тимесе егер табаның,
Ізіңді кеп жалғамаса қадамың,
"Таңда мақшар" табысармыз, қарағым!
Хақ Жаратқан! Оңда ерлердің сапарын!..",

Жосағы осы сонда берген батаның.
Тұншықтырып Аждаһаның апанын,
Бұғалықтап құбыжықтың қаһарын.
Сиретпегей, - деп тіледі - Ата-Мұң,

Самсап кеткен сары азамат қатарын,
Шөгеріп тастап керуен - таулар атанын,
Иіріп тастап қалың құмның отарын,
Дала жатты сипап селдір сақалын.

Ел де айрылмай жабысқанмен шалғайдан,
Жел де айырылмай қарысқанмен шалғайдан.
Ертесіне жұтты бәрін қан майдан,
Тікті кәрін "Ең ақырғы зор майдан".

Атасының сақалынан бір сүйіп,
Жалғыз ұлға емірене алмай қымсынып,
Кете барды иіскеді де маңдайдан.
Бар тамырды қақтап сауып өндірген,

Сондағы жас мөлдір еді мөлдірден.
Өмір бақи өтті жанын жылытып,
Әке ернінен жұғып қалған сол бір дем.
Сор маңдайда қалған ізін еріннің,

Сан маңдайдан... Сарғайғаннан көрдім мен.
Алғаш сонда кетті жаны шырқырап,
Көзін сүртті - қара бұлтты жыртып ап.
(Әкелердің мейірімінің иісі,

Жырларынан шығушы еді-ау, бұрқырап.)
Жетім мұңын қайтушы еді, іргелі ел,
Бір жағы - өрт, бір жағы - мұз, дүрмек ел.
Бір жағында қанды қасап - мүрделер,

Бір жағына қойды жасап - түрме-көр.
Қанды күпке ұлын қойдай тоғытып:
"Біз - жеңеміз!.." - деп те сонда күлген ел.
Жалғыз ұлдан үміт үзбей өтті шал:

"Өз ізіне бір келер,-деп, - бір келер..."
Жалғыз ұлы сол кеткеннен мол кетті,
Ең бірінші көңіл айтып жел жетті.
"Оңалар-деп, - орнында бар" - ел кетті,

Ал, орыны - ақын болып ер жетті.
Күйші болып "Топан" күйді селдетті,
Дырау үндер ойнап берсе қолда епті.
Балбалдардың тостағанын толтырып,

Қара тасқа тамыр салды өрнекті.
Шиқылдатып Ашақ - Сорды шөлмекті,
Күздің желі қозғағанда шер кепті,
Шеше байғұс оңашада ұрланып,

Иіскеп-иіскеп алады екен жөргекті.
Қоңыр әуен сіңген сол бір жөргектен,
Кейін байтақ қоңыр қырды тербетті.
Қоңыр әуен шорт үзіліп қалатын,

Көрген кезде - хат тасушы "жендетті".
Кешіріңдер, почтальондар, мархабат!
"Жендет" деген жаманатқа ортақ ат.
Сеңдерсіңдер - қасіретін қазақтың,

Қайыспай-ақ өткен нарлар арқалап!
Борандарда жүргенсіңдер қанталап,
Үмітіңді қайғы балта жаңқалап.
Сенен күтті жақсыны да жаманды,

Сексен қиыр, тоқсан шиыр шартарап.
Майдан жайын - әкем айтқан қатысқан,
Аман қайтқан алты жылғы атыстан.
Қарлығаштай таңдайында тамшы су,

Қанаттарын күйік шалып хат ұшқан.
Қаптай ұшып қонып жатты далаға,
"Қара қағаз" - қара құзғын батыстан.
Сол кезеңнің ызғары мен сесінен,

Әлі күнге мұз үстінде шешінем.
Кейінгі ұрпақ кетсе ұмытып, кешірем,
Мәңгі естілмей қалғай-ды,-деп,
О сүрең. Тажал өрген қара жердің төсінен,

О сүреңнің Ғарасаттан несі кем?!
Қазағымның қалғанымен көшінен,
Қара жердің кеткен емес есінен!
Қара түнек жұтып қойған жарықты,

Сол кезеңді көрмесем де сан ұқтым.
Аққұба құм жесір құсап шалықты,
Қара тауға басын сүйеп қамықты.
Жазда аунады қыста көмген қарына,

Жесір - ғұмыр шақтарында шабытты.
Шырылдайтын түзде шындық - шарана,
Ызғар жаулап алғаннан соң бар ықты.
Жұбанатын Нәжімеден, жарықтық,

Көрген кезде сорға құйған қалыпты,
Із жерленген қара қазан - табытты.
Түннің кілтін ашқан шақта құлып - ай,
Шытынайтын сордың беті шыныдай.

Көңіліңді жалап қарып алатын,
Қысқы аяздың мұз тұмсығы жылымай.
Аязға еріп,
Жел қалама ұлымай?!

Қаққан кезде қайғы түнде ұрыдай,
Сынып кетпей жертөле - жер әйнегі,
Тұрса медет - қара қазан құрымай.
Қарт бір ұста қара тастай ой қашап,

Өмірде бір көрген емес бой босап.
Тек күйзелед, қара дауыл асқынып,
Қара бұлттар қойған кезде айды асап.
Ізді өшіріп, қазанды алып кетердей,

Сансыз сойқан, арсыз сайтан той жасап.
Ал, таңертең - кешегі өмір арнасы,
Ыңырситын тіршіліктің арбасы.
Ышқынатын, тағы бар, деп, жалғасы.

Қышқыратын колхоз бастық - "қолбасы..."
Сол кезеңнің - сор кезеңнің айнасы.
Аппақ сорын жатыратын қар басып,
Айдында - аққу, сорда қарға жүрмей ме?

Жиналатын жер бетінің қарғасы.
Жақсылыққа қойса да іші жорымай,
Шал тұратын, ауызында - Алласы.
Қазан жатады ұлдың басқан таңбасы,

Қос көңілдің қара тасы - Қағбасы.
Жетімдікті көрген жұрттың жаны осал,
Сол осалдық күш беретін орасан.
Қасіретің - қасиетке айналса,

Қасіретіңнен айналайын, қара шал!
Кебін - шинель жағасына жасы аққан,
Қанша боздақ қайтпай қалды қасаптан.
Жетім шал мен немереге жалғанда,

Қасиетті жер жоқ еді Ашақтан.
Түннің бұлтын жібергенде асап таң,
Күн өнгенде қауыз жарып масақтан,
Түтін көкке жайылғандай, Ашақтан бу ұшатын,

Қазаны бар ошақтан.
Айдың нұры - ақ шандаққа түйе бұлт,
Аунағанда - көктем келіп, күй еніп,
Қарт көңілі немереге,

Немере,
Жүретін-ді сол сенімге сүйеніп. Сенім!
Сенің көрмесек те тұрқыңды,
Ең жақыным сықылдысың бір түрлі.

Адастырмас жалғыз шырақ сол еді,
Қараңғыдан ұл түгілі ұлтыңды.
Қошалақтың пелде - пелде белесі,
Көшіп жатқан жалған сынды неге, осы?

Уілдесе көшкен құмның өңеші,
Жететіндей өшкен күннің кемесі.
Аппақ жаққа айдың нұрын жол қылып,
Кеп жүретін жалғыз ұлдың елесі.

Немереге - әкесінен жас қалған,
Бәрі сол бір сордағы ізден басталған.
Айға қарап отыратын түндерде,
Әкесінің ізін іздеп аспаннан.

Әке бірақ аспан жақтан түспеді,
Қала барды арман болып іштегі.
Баспалдақтан аспан жақтан басталған,
Аумаушы еді, тырнақатар құс легі.

Өсті солай...
Қарттың алды мектеп боп.
Қату қабақ жетімдік те жетті ептеп,
Әкені аңсап жылағанда етпеттеп,

Үзілетін кірпіктегі оқ боп кек.
Сан оқталды, қимай қалды атасын,
Айға ілесіп, құспен ұшып кетпек боп.
"Бәрі - ғажап!" - дей беретін Ақпарға,

Қайтып барғым келмесе де шақтарға,
Өткен күннің қалады екен сәулесі,
Жан дей-тұғын қатпар-қатпар жақпарда.
Ай нұрымен қара тауды ақтарда,

Сол жақпардан үнді ұрады шатқалға.
Сол сәуле боп, сол үн болып өткен күн,
Жаңғырықтай шыңғырады қапталда.
Дәл сондай бір жаңғырықты Ақпанда,

"Жаңғыз ұлдың жалғыз ізін сақта, Алла!",
-Деп атасы, иегін қағып соңғы рет,
Жанын алып ұшып кетті Жаппарға.
Ол кездерде ел Жасағанның өзіне,

Жасырынып сиынатын – жатқанда.
Құбыламен күн қауысқан ақшамда,
Ұшып кетті артын бөлеп ақ шаңға.
Өз ізіне бір айналып келмеген,

Жалғызымен жолығуға "Мақшарда!"
"Із қалдыру..." Адам үшін мәңгі ұғым,
Кім бұза алмақ Жаратқанның жарлығын?!
Қырдағы аққан жұлдыздың да ізі бар,

Судағы аққан құндыздың да ізі бар,
Құмға батқан күндіздің де ізі бар,
Жинап алмақ болып іздің барлығын,
Дүние жатыр ашып қойып сандығын.

Менің халқым: менің Қара Хандығым,
Ізін іздеп өткізсе де әр күнін,
Бір соқпаққа келеді әлі түсе алмай,
Сормаңдай жұрт сорға жазған тағдырын.

Қиналсам да миым үсіп, шаш түсіп,
Сияқтанам,
Талайыма тас түсіп.
"Сүйек пе?.." деп түндегі аққан жұлдызға,

Жүгіретін жұртта қалған аш күшік.
Тасыр - пиғыл, Басыр - сана, Ми - тұтқын!
Тірлігімнен түңілдім де қитықтым.
Санасынан сүт кеппейтін неткен жұрт,

Төбе шашын тастаса да үйтіп күн.
Жау шапса да жатады сол қалпында,
Түндіктері жабылмайтын бұйқыт - мұң.
Мен бір жұртпын, айгезбе емес, ойгезбе,

Қасқырлардан үмітім бар қой көзде.
Баяғыда сорға басқан ізіме,
Елес болып келіп жүрем кей кезде.
Мен! - дегенде, заман - қасқыр, тісі - мұз,

Құзғынданып қолда баққан құсымыз.
Түп түркінің мөрі бар деп өкшемде,
Ақтабаннан қан шұбырып өтсем де,
Шатты араннан жан сіміріп өтсем де,

Оқ бораннан қаншық ұлып өтсем де,
Тарих тасқа жарытпайды түсіп із.
Бәрін біліп тұрған шығар ішіңіз.
Қанның тісі жарқылдайды. Бұл түрен,

Жыртып келеді боз даламды ілкіден.
Зар шынжыры жұлыныма байланған,
Табғаш, Тұрпан, басмыл, үнді, түркіден.
Шежіре тарих шер-шекпенін сілкіген,

Кездерде де басылмады бұл сүрең.
Қанымды ұрттап көрген обыр тамсанып,
Жарылардай болып шығады күлкіден.
Тауым әуре жағаласқан бұлтымен,

Қырым әуре сағымымен кілкіген,
Көлім әуре желіменен тімтіген.
Өлексемді қайзалаған кіл түлен,
Шығады сол өлексе исі мүңкіген,

Тоныкөктің ашсаң - дағы кілтімен,
Күлтегіннің қымтасаң да құлпымен.
Сүртіп тастап жанардағы тозаңды,
Біздің тарих талай рет сөз алды.

Соны көріп көзі ағарды түннің де,
Соны айтам деп таң еріні бозарды.
Жатады ылғи жылан торып ордалы,
Бозторғай құс ұя салған бозаңды.

Соның бәрі - танымаудың қырсығы,
Кәміл ие - Хақ Жаратқан қожаңды.
Құбылаға дәл бұра алмай жүзімді,
Елес болып сан шарладым дүзімді.

Тауып берген Ай сәулесін түсіріп,
Аппақ сорға басқан қара ізімді.
Менің ізім - қара қазан төңкерген,
Менің қара қанымменен сызылды.

Соны көріп көңіл тағы бұзылды,
Сызды талай қанның қара қаламы,
Төңкерілген қазан қылып даланы.
Маған ізін басады ойып, ал, бірақ,

Тарихтың талтаңдаған табаны.
Ізді іздеген елесіме манаты,
Қақпан құрады тұл-мезгілдің араны.
Саулап тұрған айдың нұры жаңағы,

Ізге кілкіп қан боп қата қалады.
Тарихын қанмен жазған халықтың,
Қалыңырақ болмаушы ма еді парағы?
Әлі менің есімді алып барады,

Уақыттың сатырлаған жарағы.
Жинағандай болам есті шамалы,
Жалап жатып жаңа түскен жараны.
Босағада мақұлдайды шал әлі:

"Жауды аяған жаралы,-деп, - жаралы...»
Ғарасатқа қолдан беріп баланы,
Шошалада қалады ана қаралы.
Есіңде ме, әлгі Қазан - Төңкеріс,

(Тағы амалсыз шежіре - шер шерте-міс...)
Уақыттың өңешінде қылтамақ,
Ақ пен Қызыл болып қалды төңкеріс.
Жарқылдайтын Ақ пен Қызыл көзінде,

Мен сияқты жабайыға жеркеніш.
Соқпағым - шар, шатқалым - тар, жол - теріс,
От құшқанда егін сынды ел - тегіс,
Оққа ұшқанда елдік атты ерке құс,

Сорлы өкініш жатпады ма өртеп іш?
Баба Қырдың өзегінде қайран үн,
Өксігенде болды қандай, қайраным?
Кешіп барып он алтының ойранын,

Көрмедім бе "қара жұмыс" майданын.
Былай тұрсын, уақыттан құн сұрау,
Сол ерлердің іздедім бе, сайғағын?!
Сыпырылған орманында орыстың,

Ықылымнан жел еспеген айдарым.
Содан әзер жеткенімде Ақ, Қызыл,
Сахарамда салмап па еді сайранын.
Ағы, көгі, қызылы не қазаққа,

Бәрінің де түсі қара тозақта.
Құдай сенің босата ма арқаңды,
Көнбіс болып кеткеннен соң азапқа.
Құдай сенің босата ма арқаңды,

Кептірмей ме жібімеген аңқаңды?
Заман қолға, тісі ақсиған балта алды,
Қалдырман!-деп жарты мысқал жаңқаңды.
"Жер",-дей тұғын алып қасапханадан,

Қалай сүйреп шықтым, тоба, қаңқамды?!
Келем, әлі, сол қаңқамды өңгеріп,
Қажет емес қаңқаға, рас, шен-көрік.
Қой торыдай күнім өтті тепкіде,

Арбағанға жарты - ақ уыс жем беріп.
Бақ пен Қызыр қона алмады іргелес,
Ақ пен Қызыл бір-бірімен мүлдем өш.
Ішер кезде менің қоңыр қанымды,

Неге ғана бола қалады мүдделес?
Неге маған туысым - жау, қоңсы - жат?
Неге маған бұйырмайды енші Бақ?
Әлі күнге менің сәби көзімнің,

Тамырларын түтіп жейді сол сұрақ.
Ағы кетті ай нұрымен апталып,
Қызыл жетті күн нұрымен қақталып.
Міңдеттідей әмір ету жат халық,

Жатырсам да нән табанда тапталып, ойбайладым,
Той тойладым шаттанып.
Шаттығымнан жарылуға шақ қалып,
Ақ түйемнің қарнын жарып ақтарып,

Өз "ісімді" жүрдім адал атқарып.
Империя,
Ашақ сордай қағазын жайып қойып,
(қайдан білсін, қазағым),

Жатты менің жаназамды шығарып,
Іздерімді белден сызып қара жын.
Менің қаңқам жайнамаз ғып кебінін,
Оқып тұрған еді сонда намазын.

Жаназамды шығарғанда зәндам жын,
Күліп күтіп алмаққа оны қамдандым.
Қыр желкеңнен жеңдет келіп шапса да,
Тұяғы едік, күрең күдер, пәк сана,

Жайнамазын жимай өлген шалдардың,
Намаздарын қимай өлген шалдардың,
"Шыныққандар" жиғанымды тонады,
Құныққандар иманымды тонады.

Сарып тұрып мешітімнің төріне,
Жыныққандар Имамымды сабады.
Сабап қойса сауаптай бір іс көріп,
Көнер едің, тек ішіңнен тістеніп.

Одан да өткен мазағына шыдамай,
Бір атамыз ұшқан, дейді, құс болып.
Малғұндардың мейманасы тасқанда,
Басқа қылар қайран болмай сасқанда.

Белсенділер салып жүріп ұранды,
Көзапара қорлағанда Құранды –
"Иә, Алла-лап!
Қор қылма,-деп, - кәпірге!.."

Тасты теуіп ұшқан дейді Аспанға.
Арқау болар әңгіме еді дастанға,
Жатыр, әне, әлі сайрап Тас Таңба.
Қырып салған көп белсенді өзді-өзін,

Періштелер көзге қанды шашқанда.
Ит кеміріп сүйектерін, құс мүжіп,
Жан жуымай жатушы еді Қостамда.
"Маған алтын, мә, ала ғой, тас саған,

Деген зорлық кімнің Заңы, мәссаған!
Жетіскеннен, жерден адам ұша ма,
Мәселенки, Ғайса — ғалай - һи - әссалам!
"Ізің жерде қала ма?" - деп сұрай көр,

Космосқа ұшып жатқан қасқадан.
Сол Атамыз ұшқан көкке жер теуіп,
Жүред, дейді - кезіп түнде өлкені.
Тасқа балқып түсіп қалған ізіне,

Тұрады екен ұзақ қарап, өртеніп.
Содан кейін кетеді екен қайта ұшып,
Бір-бірімен жүрген әлі айтысып,
Пенделердің тірлігінен жеркеніп.

Өшпесін,-деп, тасқа түскен ізіне,
Қазан емес, кетті аспанды төңкеріп.
Қоңыр қозы - азуынан Арланның,
Талай аман шыққаныма малдандым.

Өтіп барам жалғыз бетін оқымай,
Миллион парақ, миллиард қабат Жалғанның.
Менің де ізім жер бетінен өшеді,
Өз ізіне Бабам келмей қалған күн.

Қанды азаптан қариям анық құтылды,
Көк теңізге дариям ағып жұтылды.
Асылзада жария жарық бітімді,
Ізіне ертіп әкелер деп құтымды,

Шырақ жағып халық әлі күтіп жүр!
Медет тұтқан, сордағы ізін ұлының,
Ашақтағы Нәжімеден сықылды!
Халық солай ...

Ал имансыз мол тобыр.
Жерде қалды, ендігі елге серке, дүр.
Жайлағанда ібілістің індеті,
Жаулағанда Жібілістің үмбеті.

Туын жығып, дінін қуып халықтың,
Тәж киеді ең бір тексіз, ең тебірі.
Поштабай боп, ат шабар боп жүрді де,
Күні туып, Бозжорғаға міңді де,

Белсенді боп шыға келді,
Өртегір!
Белсендіде ұлт болмайды былай да,
Ұлтсыз жанның шаруасы жоқ Құдайда.

Империя Құдайсызды қару ғып,
Өз жұртына сілтей берген сыңайда.
Малша бауыздап дегдар, бегзат, милыны,
Бетке шықты мемлекеттің қи жыны.

Аранға айдап тықпаушы ме ед халықты,
Қай кезде де қара тобыр билігі.
Аспан асты болып кетті бұлағай,
Бұлағайда ық бола ма қырағай.

Найзағайлар қанжар ала жүгірді,
Қара бұлттың қапасына шыдамай.
Жүгірді де, ағып түсті ғайып боп,
Қала барды қара туын жайып көк.

Жұлдыз болып қамалғанша қапаста,
-Дейді білем, жасын болып тайып кет!
Жылт еткенді жұтып жатты қара түн,
Тобырға, әлде, түнек кешу лайық па еді?

Құныскерей, Аманғали, Құрмаштың,
Жарқылына еріп талай қырға астым.
"Банды" атанған, "жынды" атанған ерлермен,
Жатынымда жатқан күннен сырласпын.

Қырға астым да, құпиямды түнге аштым,
Жасын ізді елестермен ымдастым.
Күтуші едім, ертіп алып кетердей,
Бесатары сатырлаған кіл қашқын.

Жеті түннің қатпарына тығылған,
Мен олармен бір табыспай тынбаспын!
Ел ерлерін түнге қамап тастап ап,
Қара Тобыр аш бөрідей ашқарақ,

Өз халқының жанын ішіп жатқанда,
Көзге артығын "жаңылысып" атқанда,
Зарға толды қылқобыз - ай асқабақ,
Қанға толды Күн дей тұғын тас табақ.

Аш халықты толғай жұтып ұлы құм,
Тез жасырды жендеттердің қылығын.
Сыйдыра алмай көшкен жұртым түлігін,
Басқа жастап өлген малдың жілігін,

Қайзалады көне тонның жұрынын.
Мыңды айдаған мырзаларым, құрығын,
Сайғақ қылып алды мәңгі тынымын.
Өйтіп өлсең арман бар ма тіріні,

Жұтып жатты жердің түбі жылымың.
Жер түбінен ит қиянның өзінен,
Қаңғып жүрген қандасыма кезігем.
Тірі қалған талқы - тағдыр тезінен,

Туыс демін көр түбінен сезінем.
Қандасымның орынына, қаншелек,
Қоныстанса қалай тыныш көз ілем?!
Төрін жауға алдырып ап мезіген,

Тұт жалаңаш тірлігімнен безінем.
Сағынышы боздайды-ай кеп даланың,
Жас бұршақтап тұрған нардың көзінен.
Әлі көрем мен аштықтың боз көзін,

Есітемін сілекейлі сөздерін.
Ашыққанда - өз баласын жеген жұрт,
Аямайды екен кейін өзді - өзін.
Содан бері өтті бастан сан сынақ,

Маңдайымнан бұршақ борап, қар сыбап.
Мен қаңқама үңілемін кей кезде,
Қар астынан ...
Құм астынан аршып ап.

Тірілемін - өз қаңқамның тісінен,
Дірдектеген қызыл қан боп тамшылап!
... Көмейінде уақыттың бар сұрақ,
"Жетіқарақшы" жантаяды, хал сұрап:

"Өз өркенін өзі жейтін жеміт жұрт,
Жер бетінде қанша жүрмек сансырап?"
Қара тобыр қолдан жасап тәңірін,
Жұтып қойды жер үстінің жарығын.

Қуысынан жан дей тұғын жақпардың,
Жетім сәуле қыңсылайды әлі күн.
Қуыстарға теуіп тығып ар үнін,
Уыстарда бұрап ұстап сарынын.

Оқ ысқырып, мұз ышқынып күні-түн,
Қызыл жендет беріп тұрды әмірін.
Қауызына сия жаздап тарының,
Дүние тұрды шер сыздатып қарынын.

Елдің басын кесіп алса жаналғыш,
Бәрі құл боп кетпейді ме, бәрі күң!
Дарақ ағаш топырақ қауып құласа,
Жапырақ жауып қала алмайды тамырын.

Қызыл апат жайлап әлем бұрышын,
Фашизм де қайрап жатты қылышын.
Хром етік сықыр-сықыр жүретін,
Тықыр-тықыр... Үрей жаулап түн ішін.

Тас түнектен тесілетін жылан көз,
Шиқылдатып терезеңнің шынысын.
Терезелер соры құсап Ашақтың,
Бозаратын ит боп тырнап мұң ішін.

Менің жаным мекен қылып қыл ұшын,
Төбе шашта ғана қалған тынысым.
Сол бір үрей жанның Ашақ сорынан,
Жалғыз із боп шығаратын дыбысын.

Маңғаз Мағжан, сырбаз Сәкен, Ілияс,
Жаратылған жандар еді жыр үшін!
"Алаш" болып, талас келіп жүргенде,
Қайда қалды өлең толған ыдысың?

Азған ұлттың, аз халықтың бір туар,
Озған Ұлы! Күнің сенің құрысын!
Күнің осы!
Билік тисе көн бетке,

Ғазиз басты даярлай бер дөңбекке!
Белсенділер аштан қырған өз халқын,
Шыға келді айналды да жендетке.
Құя салған Шәкерімнің миына,

Тоғыз грамм қорғасынды ермекке.
Не дер едің қарасартып көрбетке? Ей, Уақыт!
Бағасы артық ұлының, ұлтсызды да аласартып көлбетпе!
Сабаушы еді Ақан, Біржан, Абайды,

Сәкенді енді серілікке сабайды.
Марғасқадан өшін алып талайғы,
Ахмет пен Міржақыпты талайды.
Тіпті рахат! Қолдан алар ешкім жоқ,

Ақын қанын ашырқана жалайды.
"Қинамайды абақтыға жапқаны,
Қиын емес, дарға асқаны, атқаны.
Маған ауыр осылардың бәрінен,

Өз аулымның иттері үріп, қапқаны..."
Осыны айтқан, қайран, Аха, сен бе едің?
Еш болғанда еліңе еткен еңбегің.
Шыңда тұрған құлжа етекке құласа,

Ит айырып қалмаушы ма еді ермегін.
Заңстанның зымыстаны иріліп,
Бөлтебердей жатты үстінде көмбенің.
... Ей, туған Ел! Соны көріп өлмедің.

Еткен еңбек еш кеткенмен еліңе,
Ырза едің-ау қойса тыныш көріңе.
Әуелде Алла сені асыл ғып жаратып,
Берді еліңе: отырғыз,- деп, - төріңе!

Төр түгілі, босағасын бөріге,
Алдырған жұрт жоғалтпай ма сені де.
Тас түнекте сусып кеттің қолынан,
Әмір Мағұрып түсірейін деді ме?!

Арам сідік, һарам қаннан жаралған,
Күнің қалды тебір менен теліге.
Миллион жылда шыға алмайтын өріңе,
Жерғұрт-Сана шоқтығына шен іле.

Аясын ба, ардақ қолға түскесін,
Шерменденің бір келгесін шеніне!!!
... Жүз жыл бұрын,
Дантес деген бір епті

Тартып қалған, көздеп тұрып жүректі!
Қызыл қарды қарш - қарш шайнап Пушкин,
Жатты сонда үзіп арман - тілекті.
Төрт жылдан соң,

Мартыновтай бір епті,
Тастады атып Лермонтовтай түлекті.
Жылдамдығын қорғасын оқ үдетті,
Ақындардың кеудесіне гүл екті.

Жаттың - жауы,
Қаптың тауы дір етті,
Дір етпеді — Тәжге тұтқын кіл етті.
Бес жыл кейін Махамбеттей үлекті,

Мұзға бауыздап, күлге көмді күректі.
Кесіп алған жөн еді ғой, жөн еді,
Махамбеттің басын алған білекті.
Сол бір оқтың сарынынан сескеніп,

Сол білектің қарымынан сескеніп,
Қалнияздың бөтен жұртта күні өтті.
Сарнай ұшып келеді әлі сол бір оқ,
Қалмай ұшып келеді әлі сол білек,

Тесіп өтіп ақында бар жүректі,
Қырнай ұшып, кезіп жүр ол түнекті.
Етпейді әсер ай мен жұлдыз сырласқан,
Сыбырласқан, жымыңдасқан түнгі аспан.

Етпейді әсер, мүлгіген бау мұң басқан,
Бөгет емес қиян түпкір құм басқан.
Жұрт көңілі түнек болса болғаны,
Ұлт көңілі түнек болса болғаны,

Мемлекет түнек болса болғаны,
Ақындардың кеудесінде баяғы,
Желден жұқа Жүрек болса болғаны,
Қиын шаруа емес оған қалғаны!

Түнек кезген, жүрек кезген сол бір оқ,
Жүректі езген, тілекті езген сом білек.
Зияннан да, қиялдан да желгір ед.
Сетінетіп Шелли менен Байронды,

Шетінетіп Петефиді айбынды,
Тұл қалдырып аққу жүзген айдынды,
Қазақстан даласына енді кеп,
Ұрып жүрді ардагерін Алаштың,

Қырып жүрді кеудесінен пергілеп.
Қанға былғап сүйген құлын Алланың,
Крестерге қағып жүрді кергілеп.
Жиырылып ойға түсті Жел – Жібек,

Ақындардың тұрған туы желбіреп.
Моласы жоқ тас түнекке өң жүдеп,
Өтіп жатты жанарлары мөлдіреп.
Бүгін болған! Жер бетінде енді жоқ,

Пушкин мен Махамбеттен шерлірек,
Поэзия әскерлері - ер жүрек,
Кетіп жатты... Қатарлары селдіреп.
Әмірші жоқ тоқтататын: "Болды!" - деп.

Қара түнге күйе жұғар қарғанса,
Сары өзенді запыран қылар зарланса,
Кезең болды түсік тастап заң барша,
Әлі жеткен талап жатты арланша.

Қандыгердің азуында қан борша.
Атарманы атып жатты армансыз,
Қаһарманын сері\құмары қанғанша.
Атып жатты, батып жатты қан қалса,

Ұлт көзінің үміті әбден сөнгенше,
Жұрт көзінің үрейі әбден жанғанша.
Отан жатты өртті аранын тор бүрген,
Жапан жатты төрт тарабын шер бүрген,

Атан жатты төс табанын тон бүрген.
Түнек кезген сол бір оқ пен сом білек,
Айтбаевты тауып атты Дрезденнен,
Шоқаевты қауып атты Берлиннен.

Мүсәтірмен улап Қытай Әсетті,
Таңжарықты аңыратты, көрдім мен!
Кәрлі бұлтқа талай таққан ай тілім,
Мылқауланды шығармастай қайта үнін.

Пана таппай, қырды кезіп жүр әлі,
Әні менен шаңы "Жеті қайқының".
Қайда Ғұмар?.. Қайда Сұлтанмахмұт?
Елден бұрын қайда асықты қапылып?

"Халқым-ай!-деп қалған кезде аһ ұрып,
Кетті өкпесі қан боп көкке атылып.
Дәл осылай өлген Шоқан, Салықтар,
Халиолла, Әбіштер у қақырып.

Оқты жұтты, уды тықты жеңіне,
Жүрегі - жын, білегі жүн мақұлық.
Саттар қайда?
Баймағамбет?..

Бернияз?..
Қайтпады олар оралды аққу, келді қаз.
Шолпан қайда? Таңның тұмса жұлдызы,
Туды. Батты. Айтпайды елге енді наз.

Сол бір оқ пен сом білектің астында,
Жоқтағаннан бар ма басқа менде лаж?
Із қалдырған қанды үрейі кеудемде,
Мен танимын сол бір оқты көргенде.

Ұмытпаспын сом білекті өлгенде,
Қанша жерден болсам дағы шерменде.
Рас, рас, таңданамын мен кейде,
Мүрделерін бөлек салар көмгенде.

Коммунистер фашистермен бірігіп,
Шүршіттерің жөйіттермен кірігіп,
Кетеді екен ақындарға келгенде,
Аз халықтың ақылманын жерлерде.

Батырлардың ізі қалды сорларда,
Ақындардың үні қалды торларда.
Сәуле саулап қатпарынан қанымның,
Қан шүмектер жақпарынан жанымның.

Жүрегімнің жаралары тоңғанда,
Асылдарын байлап береді тобырға,
Қайраны жоқ халық байғұс сорларда,
Қара көлік жілігіңді мұздатқан,

Жұлыныңды үзген зілмен жүз батпан,
"Қара қарға" аталатын болды арба.
Бақыт құсы тез кетуші еді қонғанда,
Жүз жыл бойы, мың жыл бойы миыңды,

Шұқып жейді, түтіп жейді сол қарға.
Сол қарғаны сұрамай-ақ білем мен,
Ізінен қан, көздерінен түн өнген.
Түспейді олар билік атты күреңнен,

Жұрдай болған бар имани іреңнен,
Шімірікпей ата салған ардағын,
Сата салады, ұрлай салады ұлы елден.
Төлеңгіттер бір кездегі тіленген,

Тақсыр болды бұл күндері шіренген.
Солар отыр барлық мәрмәр кеңседе,
Солар отыр ел желкесі еңседе.
Арың шыдап бара алмайсың жанына,

Насқа тұтқын боқ желімді белшеге.
Сен олардың баса алмайсың салмағын,
Елдің барлық қазынасын өлшеме!
Жалған ғалым, жалған дарын тап солар,

Малданғанын алған бәрін ақша бар.
Ерлерімнің есесі еді ол ақша,
Қайтаратын сағат соғар, сәт соғар.
Қушық шеке құман бетті құлтекі,

Оған дейін бермейді әрін пәтшағар!
Қазір олар қожасындай фәнидің,
Тек солардың несібесі бар игім.
Тарих өзі басып берген таңба бар,

Мен оларды көрген жерден танимын.
Бар ырзығын тонап алған әр үйдің,
Қаңсығына, сарсығына жаримын.
Тек соларға жасап жатыр қызмет,

Меңіреу - кеш,
Мылқау – түндер,
Қари - күн.
Малынып ап шірік шен мен шекпенге,

Тұншығамын тұстан олар өткенде.
Тентек тарих тағы бір тар өткелде,
Ұстап алып шекпендерін сөккенде.
Қорқып кетем: сыпырылып бет перде,

Бола ма - деп, - тағы да бір Әлемет?
Қари - күннің көзі ашылып кеткенде,
Меңіреу - кеште зере ашылып кеткенде,
Мылқау - түнде сана ашылып кеткенде.

Құдайсыздар қайтуші еді халықты?!
Халық, бірақ, шын құдайға зарықты.
Анау жақта тозақ оты жанып тұр,
Хақ Жаратқан бәрін, бәрін танып тұр.

Ана Дүние,
Тек топасқа танық-ты,
Біздер үшін мөрдей шындық анық-ты.
Дайындап тұр Мүңкір-Нәңкүр жебеушім,

Тозақ жаққа алып жүзер табытты.
Тоя жеген, оя жеген жеміттен,
Түңілемін мүрделерді көріп мен.
Тағы да сол жендеттерше желіп жүр,

Сайтан қуған, ібіліс буған зеріктен.
Өлекселер Отанында сый құтпен,
Көзі - төрде, көңілі - көрде өліктен.
Кемді күнгі құзғын баққа деміккен,

Мен олардың ертеңіне сеніп пе ем!
Мінбелерде мәйін сөйлеп еріткен,
Қасапшының танығанда азуын,
Тіршіліктен кеттім талай жеріп мен.

Шыға алмай жүр әлі күнге шырмалып,
Отызыншы жылдардағы желіктен.
Содан бері ақындарды көргеңде,
Айуандығы қозып кетеді неліктен?

Себебі, оған мен ешқашан илікпен,
Құзғындарға ел үстінен шүйліккен. Ұлтанды Елін,
Сұлтанды Елін құл қылған өліктерден,
Бұл фәниде сый құтпен!

Абат өмір орнайтынын білемін,
Қара тобыр кеткен күні биліктен!
Кер топастық төрге шықса талтаңдап,
Босағада отыра алман жалтаңдап.

Талай тастап кеттім тобыр топырын,
Алтындалған кеселерін талқандап.
Жалқынданған міселерін талқандап,
Талай рет қалған олар оқталып,

Көк желкемнен ата жаздап, шампанды ап.
Өсіп шыққан алшын едік өртеңге,
Талай оқтар қалды атылмай желкемде.
Оқ біздерге тек жүректен тиеді,

Кешегі Серт,
Ант боп барады ертеңге!
Кешегі Дерт,
Оқ боп барады Ертеңге!

Сол баяғы қараша күн желкемде,
Жұмекеннің аза күйін шертерде,
Кеткен шақта қан жүрегі жарылып,
Шерлі ақынның іші толып зертеңге.

Самсаған оқ сауытынан сау еткен,
Көрген шығар, тұтпай тұрса ел перде.
Алатаудың тұрғанда өзі қамығып,
Бүлдірер деп, тағы, тағы жарылып.

Құммен бүркеп, гүлмен көркеп ақынды,
Көмген едік Алты Алаш боп жабылып,
Өлген едік жанталас сап шабылып.
Кейбіреулер танып қалып өз оғын,

Жасырып ед тасқа тіркеп жанығып.
Мен сонда алғаш тұрып едім жабығып.
Айналаны басып жатқан Кәрі Ымырт.
Иманымды жендеттердің кәрі іреп,

Дидарымды ел - кептердің зары іреп,
Әлімжеттік жасаған соң Әбілет,
Уа, мен де,
Атам құсап баяғы,

Жерді теуіп ұшып кеткем сан рет!!!
Бірақ оным ұшу құсап түстегі,
Қасіретке дауа болмады іштегі.
Қара жерді қанша қатты тепкенмен,

Тас түгілі сорға да ізім түспеді.
Хақ түгілі жаттың көзі түспеді.
Қу далада қаңғып, саңғып амалсыз,
Қайтып келдім, қайтқан кезде құс кері.

Көрер едім,
Көзді таңса бар бейнет.
Түте-түте тозса үстіңде ар көйлек.
Қара түнде сияқтанған шамды әйнек,

Қаңғып жүрсең жүрегіңді зәрлі ой жеп.
Түсінеді, рас, кейбір пенделер,
"Айгезбесі", "Құс келдісі" бар ғой!" - деп.
Ей, Уақыт!

Қара ізіңе шам алып!
Шамалы ғой, жатқаны әлі жаңарып.
Шерлі күннің терезесі сықылды,
Сол Ашақтың соры жатыр ағарып.

Аңыз емес,
Соңында нұр қаны ағып,
Келіп жүрген жалғыз елес жаны арып,
Сордағы із - көңілдегі қара дық,

Жарты әлемге менің қара тарихым,
Сол бір ізден жатыр, әлі, таралып.
Қыр күлгенде Ай нұрымен таранып,
Бетін басады қара шәлі қара бұлт.

Қара түнде қара шәлі оранып,
Тұру керек өткен ізге оралып.
Маған, рас, өкілеттік тиген жоқ,
Тарихтан таратуға тәбәрік.

Дегенменен, сүртіп көңіл дүрбісін,
"Күн ашықта күреңітпей қаралық".
Сүңги беру сұмдығына соғыстың,
Болған емес, ешқашанда жаңалық.

Сондықтан да мен Ашақтың сорынан,
Көшкен бұлттай қонам сәл-сәл әрі ауып.
Жатқан да жоқ жағдайым жұтап тым,
Тұрағым бар астында бір бұтақтың.

Өртсіз, дертсіз маңай мынау Лұхат нұр,
Сонда да өлі өкпем өртке сықап тұр.
Жанарымда отырады тұтап мұң,
Исі құсап ескі қоңыр кітаптың.

Бұл далада тарқамайтын мұң бар бір,
Мұңы көшсе күні туад мұндардың.
Бұл далада мекені бар пірлердің,
Бұл далада ойнағы бар жындардың.

Су жәутілдеп, у мөлтілдеп тұрады,
Жанарында аждаһадай құмдардың.
Сол құмдардан сағымдары көшеді,
Елуінші, алпысыншы жылдардың.

Бұлт ұрлаймын сол құмдардың желінен,
Сыр тыңдаймын сол жылдардың демінен.
Сол жылдарды кешпесем де, әндері,
Бірге жасап келе жатыр менімен.

Мұң көшеді құм Нарынның төрінен,
Жыр көшеді Үш Қиянның белінен,
Көшкен бұлт ол "қырқарланған Қиғаштың,
Ақ Жайыққа құя тұғын жерінен".

Қалған қоныс Ноғайлыдан әріден,
Көрген қоныс Едігені өңінен,
Өнген қоныс өр Еділдің сеңінен,
Төнгенде орыс Әбілқайыр теліген,

Өрген қоныс Сырым жатқан желіден.
Келген қоныс Бөкейхандай бөріден,
Ерген қоныс Мұхит сынды перімен,
Желген қоныс Шәңгерейдей Шерімен.

Махамбеттің шағады әлі мүрдесін,
Жылан шығып Жәңгір ханның жеңінен.
Үн шығады, тұншығады жырақта,
Мұң шығады Мөңкеұлының мөрінен.

Күй тыңдаған күндер қалды құлақта,
Дәулеткерей, Құрманғазы Серіден.
Жұмекеннің жұғып қалған жырына,
Қоңыр Әуен! Ұмытпаймын сені мен.

Қоңыр Әуен! Құмыр Әуен! Өр Әуен!
Ексіміңе еріп жүрмін мен әрең.
Зілзала боп зыңыранып тұрады,
Суға ағызып, бастырсаң да моламен.

Құлағымда Бабам салған бар сүрен,
Ести қалдық Ғарифолла әншіден.
"Мына Дала - Менің Далам!.."-дегенді,
Үйренгенбіз Жұмекен мен Шәмшіден.

Біржолата билік құрып өлермен,
Күллі қазақ қош айтысып өлеңмен.
Жеті ұрпағың жұрдай болса өнерден,
Бебеу туып бабам қалған белеңнен.

Ұран шығады - Ақ Жайықтан, сенем мен!
Құран шығады - Маңғыстаудан, сенем мен!
Күйге құрық, жырға салып бұғалық,
Жұмекенмен еріп бірге шығалық.

Қошалақта кірпік қанға шыланып,
Жүрген күнді естен сәл-пәл шығарып.
Күндерін бір көрген емен кен қазған,
Жырды оқыдым жүрегімен ол жазған.

Бүкшеңдейтін сол жылдардың өтінде,
Сол құмдардың, сол жырлардың бетінде,
Бейнеткеш ел бір күні жоқ бел жазған.
Азынаса Кремльден шенді Азбан,

Түренімен табысатын ел жазған.
Күрегіне жабысатын ел жазған.
"Халық жауын" Сібірге айдап қаптатып,
Туған жерді тыңгерлерге таптатып,

Менің ғана төбемде ойнап шат бақыт,
Жатырған шақ моламыздан аттатып.
Мұзға айналып кетер едік мұң болсақ,
Құзға айналып кетер едік құм болсақ,

Тұзға айналып кетер едік үн болсақ,
Қасқа Қасым астанасын қия алмай,
Тасқа басын ұрып жарып жүрген шақ.
Сәбит деген Мұқанов па? Үнмен сақ,

Кремльге кіріп - шығып күлген шақ.
Сәбит деген Нұрышов па? Мүлдем шат.
Соңына еріп Әуезовтей сырттанның,
Балақ жүнін олжа қылып үрген сәт.

Өрге жүзген нән балықтай Ғабитті,
Желбезектен Әлжекеңдер ілген сәт!
Қарғып түсіп соғыс деген сауырдан,
Қылышымен кіріп келіп Бауыржан,

Аяр төрдің тұл кілемін тілген сәт.
Тынымды алып орыс тұрды еліріп,
Түгімді алып өзбек тұрды емініп,
Құмымды алып түрікпен тұрды тебініп,

"Менің де еншім бар,-деп, - мына далада!'
Неміс, ұйғыр өзеуреп жүр не біліп?!
Тілім қалды босағада тебіліп,
Дінім қалды жайнамазын жел іліп,

Арулардың көз жасы боп егіліп,
Алты Алаштың ары жатты төгіліп.
Қан майданда шегінбеген Ер Қазақ,
Жатты сонда бар майданда жеңіліп.

Салп - салпыншақ дарияларым сарқылса,
Арал анам қарияларым алқынса,
Балқаш бұлбұл, құм шырмауда шарқ ұрса,
Азғырыңа азғындар кеп артылса,

Байқоңырың белі шықпай бесіктен,
Аспандағы айға қарап талпынса,
Семей жақта жауып атом жаңбыры,
"Кемпірқосақ" гүлдеп жатса артынша,

Орнамады, деп, айтып көр "Алтын шақ",
Тақпасақ та бүгінде жоқ "сартқа" айып,
Жатты менің есебімнен жат байып.
Елден қашып Мәскеу жаққа тығылды, ә,

Әуезовтер, Жұбановтар.., Сәтбаев.
Өз ұлына пана бола алмаған,
Елді бүгін енді қалай сақтайық?!
Озығына қара бола алмаған,

Ерді бүгін енді қалай мақтайық?!
Жұртқа айналып ойламайтын обалды,
Құртқа айналып майқандаған көгалды,
Қыртқа айналып заңдастырған соларды,

Менің қанша ар қазынам тоналды.
Хамит, Сырбай, Тоқаш, Жұбан оралды,
Абдоллалар отқа үйтіліп о қалды.
Әбдіжәміл, Тахауилар сонарлы ізге түсіп,

Көзге ұрынды ел алды.
Әбділдә, Әбу, Ізтай, Ғафу, Қуандық,
Түйсігімен талай сүзді тоғанды.
Жұмағали ақ кебінге оранды,

Тағы да сол сорлы ақындар топ алды.
Жендетке жем ұлттың ұлы ең арлы,
Іздегендер қанша ақынын қазақтың,
Жер бетінен таба алмайды моламды.

Қазынамды кім шіренсе сол алды,
Ең жаманы тағы ерлерім жоғалды!
Рахимов Тәшкен барып төр алды,
Босағадан орын қимай бейбаққа,

Айдап шықтым Таңсықбаев Оралды!
Жүсіпбеков үй бермеген Қасымға,
Мінбесінен түскен күні омалды.
Ақын қалды... Батыр қалды... Не қалды?

Ақылманы жәбір көрсе оққа ұшып,
Ақындары жалында өлсе от құшып,
Тергеу керек, ендеше, ондай қоғамды!
Емдеу керек ондай ауру қоғамды!

Жерлеу керек ондай мәңгүрт қоғамды!
Ақындарда бар бір ортақ фәни-заң,
Ақындарда бар бір ортақ ар - иман.
Өмірзақ, Қосжан, Құдаш, Төлеужан,

Қыршын еді... жыршым еді далиған.
Қонған дәурен көшіп кенет Ғалидан,
Пана іздеді Төлеген мен Сағидан.
Қажығанда Мәриям мен Қалижан,

Жетті артынан Мұқағали, Фаризаң...
Дәйім таңсық қатты шыққан алғашқы үн,
Үн шығарып талай, талай алжастым.
Орысты алып, орда бұзған кезі еді,

Әнуар мен Сүлейменов Олжастың.
Біле алмадым, қандай пайда берді екен,
Өтежан мен Асқарларға сол жас күн?
Қай кезде де ақындарда ұпай кем,

Езгісі кеп тұрады заман тұқаймен.
Қуды қазақ — Әбіштерін, орыстың,
Арадағы соғысына Қытаймен,
Үкіміме "ұлы халық" қол қойған.

Қарақалпақ... Ол да тістеп шалғайдан,
Түрме Ташкент жауап алды шыжғырып,
Отаны жоқ Әбдіраманов Қалбайдан.
Өңшең ақын өрттен өнген өндері,

Өлекседей қолбырайтын көндері.
Шекелерін шыңғыртатын шірнедей:
"Социалистік реализм" шеңбері!
Жететін-ді сосын мәңгүрт баладай,

Анасының моласына өлгелі.
Берері жоқ, дерегі жоқ ой-арман,
Қалды адыра қанша дүрден, нояннан.
Жендет бұлттар жүрді таптап өшіріп,

Жылт еткен бір жарық көрсе оянған.
Арыстанның апанында ұйқтайтын,
Не сүлейлер үркек болды қояннан.
Тереңінде үкілеген үміт те,

Үсік шалып ақыр түбі жояр мән.
Зімпара уақыт тынбай ысып, Ой, Аллам!
Бедер қашты бағзы сәннен боянған,
Бет-аузының бедері жоқ аяр жан.

Қолдаса да, қорғаса да қай ордаң.
Табанында бүр болады дей алман!
Талабында мөр болады дей алман!
Кілең бүрсіз, кілең мөрсіз, бедерсіз,

Ұрпақ өсіп шықты бұған не дерсіз!
Құл-құтанды билеу оңай екенін,
Бедерсізді илеу оңай екенін,
Білетін-ді тақта отырған келеңсіз.

Құтаннан - құл, жұтаңнан - тұл өргізді,
Биліктегі қара тобыр көп елсіз.
Тұл қаптады қамсыз, шерсіз, шеменсіз,
Мұны да енді, бәлкім, менен көрерсіз.

Қан түсер еді қара қырды құстырса,
Қар түсер еді үрейімді тіске ұрса.
Бедерінен айрылғандар, томпаңдап,
Тезек қуып жүреді екен түс құлша.

Қамшы-қосшы, дойыр-басшы бортылдағы,
Төбемде ойнап жатушы еді күш қылса.
Төрге ілінген Бишік - Әкім ысқырса.
Ай - шынысын сорға шашып уатып түн,

Сол сорлардан жатыр еді бу атып мұң.
Қара қазақ қара қойдың соңында,
Аранына түсіп жатты Уақыттың!
Қазанында пісіп жатты "Бақыттың!".

Дәл сол кезде пайда болды баяғы оқ,
Бас бұғатын, бұта да жоқ, ая жоқ,
Оқтан қорғар Отаның жоқ сая боп.
Жел өтінде желең жүрген жалғызды,

Іздеп келген оқ қай кезде аяп еді?!
Көкірегін тесіп өтіп Қасымның,
От құйрықты ұшты көкте жасыл жын.
Төбесінен шүйді не бір асылдың.

Ең бір зұлмат кесапаты Ғасырдың.
Ізтай, Қосжан, Төлеужан мен Құдашты,
Қырып салып, көзі жанып қыр асты.
Жасыл Жынның, жалғыз оқтың үні ащы,

Кіл қаралы музыкаға ұласты.
Төлегенді, Меңдекешті, Маратты,
Зейнолланы, Қайнекейді, Сағатты,
Турап өтіп, қайта айналып кері ақты.

Бар ақыны сара тілі Алаштың,
Жалғыз оқтың аранына баратты.
Тобық, Қалжан... Танабайдай талапты,
Қамап атты Құнахана-абақты.

Ақан, Жақан, Шәміл, Жүсіп, Әнуарбек,
Жиырмадағы Артығали қарақты,
Жоқ қылуға сол жалғыз оқ жарапты.
Шет-шегі жоқ. Кілең жырмен жарақты,

Кетті қыршын,
Кім оларды санапты?
Сол Жасыл Жын баста қайдан жүреді?
Жалғыз Оқты әуелі атқан кім еді?

Айта алмаймын, сұрап жүрем үнемі,
Білсе, бәлкім, Қадыр ағам біледі.
Жалғыз оқты атып, әлде, жүреді,
Көріндей түн Дантестердің тілегі,

Көрінбейтін Ықыластың білегі.
Оқ айналып қайтқан кезде азынап,
Бір жағында туған тілі тірегі,
Бір жағында думан ділі жүрегі,

Арқа сүйеп жыр дейтұғын жартасқа,
Мұқағали Мақатаев марғасқа,
Айыл жимай жолында оның тұр еді.
Кенет...

Жерге құлай берді Марғасқа,
Бабау қағып жылай берді әнтаспа.
Бір қарасақ, ақын мүсінге айналып,
Оқтың даусы сіңіп қапты жартасқа.

Дауысы бар оқтың бірақ, өзі жоқ,
Үні батсын, қарасы өшсін тезірек.
Деп жалбардық, бір Алланы алдарлық,
Періштенің тілін сонда жалға алдық.

Періште боп жасап жүрген мезірет,
Пері шығар бір жалғандық сезіледі.
Тобыр билік той жасайды, ал халық,
Садақасын шалып жүрді кезі кеп.

Тек ақындар ұйқтамайтын түнімен,
Жақын маңды жүргеннен соң кезіп оқ.
Бәрі де бар кәрі шері, жас пері,
Кеңсай жақта қазулы тұр тас көрі.

Баудай түсіп жатты үнсіз қырылып,
Соғыссыз-ақ оқ өткенде бір ұрып,
Пушкин мен Махамбеттің әскері.
Жалғыз оққа жасқанбай-ақ барды олар,

Қара тасқа қанды жас боп тамды олар.
Көзін ашып қапастағы жұртының,
Сиынатын жарығы боп қалды олар!
Санатта жоқ қорғансыздың, санда бар,

Ғұмырын сәл соза түсші, Алла Жар!
Жамай түссін жұртының сәл жыртығын,
Жүрекке жыр сабақтаған Ардалар.
Миын сорып семіріп жүр ұлтының,

Биліктегі қара тобыр - қарғалар.
Міне, тағы...
О сұмдық-ай! Жүр екен,
Жапан кезген жалғыз оқтың үні екен!

Сақта, Тәңір! Сақта, Алла! Жасаған!
Осы жолы нысанада кім екен?
Бір қарасақ, қанды аранда тұр екен,
Жырдың аппақ періштесі - Жұмекен!

Бір атқанда жығылмады, тірі екен,
Жалғыз оққа жазым болмас ірі екен.
Екі атқанда құлап қалды бүк түсіп,
Кірпіктері күзгі қара шық құсып.

Болашаққа аманаты жырды алып,
Көкірегінен Ақ Көгершін шықты ұшып.
Шарпып өтті қан - жапырақ көк төсін,
Күнді қанға теңесем жұрт сөкпесін.

Күзгі қайғы қарып тұрды өйткені,
Өлеңімнің өксік толы өкпесін!
Ал, Жалғыз оқ...
Зарлап жүрді Аспанда.

Жыр Көгершін, тағы да аман кеткесін.
Құлап түсті...
Көрді ме, әлде, моланы ық,
Жылап түсті қара аспаннан сора бұлт.

Жатып қалды тоң төсеніп сонда ақын,
Жырдың туын кебін қылып оранып.
Бір жағында бар әлемнің қайғысы,
Бір жағында қазақ деген байғұсы,

Бір жағында қара өлеңнің бәйгісі,
Тұрғаныңда ой шідерлеп омалып,
Білмей қалды қалғанын оқ қадалып!
Қара тобыр - көр көкірек, күл көмей,

Кектендірді көріп ылғи жырды өгей.
Жыры өлген күн ұлты өлерін білген соң,
Басын бір сәт босатпайтын дүрмек ой.
Даналарға құлдық өмір түрмедей,

Түрме есігін бұзып ашып: "кір!"-демей,
Қап-қара елес жалғыз оғын қадады,
Кеудесіне гүл қадады үлбегей.
Жүрегінің шықты сонда дауысы,

Өміріңде өтсе де өзі үндемей.
Тек жүректің даусы шықты дәл атып,
Құлатқанда ажал мерген Қара Түк.
Ақын бірақ үндемеді, үндемей,

Қойды, тіпті, көрге кіріп баратып.
Орып түсті екі атқанда оқ орақ,
Үкім кессе кетпейтін - ді ол ағат.
Ақын үнсіз құлап түсті қансырап,

Пушкиннің жасы құсап тамшылап,
Махамбеттің басы құсап домалап.
Көңіл қысыр болмаса да, тіл бедеу,
Сөйлер жерде жетпеді, әлде, бір демеу?

Үндемеу де Ұлы Ерлік еді! Сол Ерлік,
Жырға айналып тынатын-ды - Үндемеу!
Өр мылқаулық қопарыла қозғалып,
Тас Түнектің түкпірінде сөз жанып.

Үндемейтін Ұлы Ақынның көзінен,
Тасты жарып атып шықты боз жарық.
Боз Жарықтың дауысына көз қанып,
Үлгергенше кетті әлемет қозданып.

Мылқаулықты қылғып тұрған тау іші,
Дүр сілкінді мүлгіп тұрған бау іші.
Төбе шашын тік тұрғызды даланың,
Сол жүректің шыққан сұмдық дауысы.

Оқ жоғалды қанға ақынды боятып,
Тұрған жыры сезім жарып, ой атып,
Қалды үзіліп оқып тұрған аяты.
Ұлылардың бәрінде бар әңгіме.

Өздері ұйқтап баратқан да мәңгіге,
Ұйқыдағы кетеді елін оятып!
Ұйқтап кетті... Басқан сынды батпан түн,
Шашы ағарып жүнжіп қалды бақтар тым.

Қайғы шымшып қайыңдарды ақ балтыр,
Ай қылымсып кірпігіне жақты алқын,
Желаяқ жел хабарды айтып қақты аңқыл,
Қайтқан қаздан түнге жұқты жат қаңқыл.

Ақын болса ажал оғын қаққан түн,
Орындады берген баста Хаққа антын!
Халқына арнап салып кетті қапқа алтын.
Саусақтары қысты сосын табытты,

Қолы жеткен жан секілді Таққа Алтын!
Алтын таққа жайғасып ап Ұлы ақын,
Тапты мәңгі таппай жүрген мұратын.
Жүрегінің көзі барлар еститін,

Түйсігінің құлағы бар ұғатын.
Бір әлемет жыр бастады сұрапыл,
Бір ақыны жаза алмаған әлемнің,
Жұлдыз болып сыңғыр қағып тұратын,

Жалбыз болып жараңызға жұғатын.
Әрбір әрпін ғасыр ғана туатын,
Әрбір сөзі жасын болып ұратын,
Әрбір жолы дария боп құятын.

Әр шумағы мұхит болып тұнатын,
Жыр оқыды, сарқып барын, қуатын.
Жұмсақтығы шалғайыңды жыратын,
Қаттылығы маңдайыңды жығатын,

Тәттілігі таңдайыңды жұлатын.
Неткен қатты, неткен жұмсақ мына түн?!
Кеңсай жаққа тастап қашқан мың ақын,
Табатындай қараңғыда қарманып,

Шөлдеп келіп бас қоятын суатын.
Тығып алған тас - табақтай тәніне,
Тасбақа бас - жағасынан шығатын,
Сияқтанды, мойындарын бұратын.

Бұтағына жасын ілген бұлт көшіп,
Тербелгенде болмыс деген құт - бесік.
Жұлдыз тамып тамырынан әжімнің,
Маңдайына дарақ ағаш шықты өсіп.

Жыр рухы қысқан кезде шыңғыртып,
Қала алмады тамырдағы үнді іркіп,
Жан азабы жүрек қанын ағызып,
Маңдайынан тер боп шығып мың бүртік.

Маңдай терді сүмбіл саусақ нұр сүртпек,
Жұлдыз болып ақ қағазға ыршып кеп,
Сіңген кезде қоңыр дәптер даладан,
Бидай - өлең бас көтерген бүршіктеп.

Бидай - өлең нәр жүгіртіп сөздерге,
Ой кідіртіп ойнақшыған көздерге,
Күндіз дәнге, түнде айналып жұлдызға,
Тең тербелді болмыс деген безбенде.

Қара түнді бозартады мұң сіңіп,
Бар ақынды оятады жыршы үміт.
Тіршіліктің жұққан шаң мен кіршігін,
Ай нұрымен ағартады күрсініп.

Кеңсай жақта алтын тақта отырған,
Ұлы ақынның төбесінде түн сынып.
Сол сынықтың арасынан ұмсынып,
Жұлдыз дәннен бір ғажайып үн шығып,

Әлдилесе күйге малтып тіршілік,
Жалғыз оқтың тым қауіпті емесін,
Барлық ақын тамырымен түйсініп,
Ақ қағазға із салады құлшынып.

Ай астында соры жатыр Ашақтың,
Ізге құрған торы жатыр Ашақтың.
Мен Ашақтан өттім талай айналып,
Өткеніме келмесе де тас атқым.

Менің далам жертөлесі жанымның,
Терезесін сордан қиып жасаппын.
Терезеден сығалайды әлі күн,
Жеті жасар жетім ұлы Жасақтың.

Соған көзім түсіп кетсе болғаны,
Менің түрме көкірегімнің қорғаны.
Кірпігімнен шығып кетеді босап мұң.
Сор бетінде ізі қалды қасаптың,

Өшпейді ол із ұмытса да не сатқын.
Қозғасам - ақ өткен жайлы жазам мұң,
Бірі шығар құдай берген жазамның.
Кірлеп бара жатсам болды тірліктен,

Өткен күннің көз жасымен тазардым.
Сол баяғы жібек жаулық бозаң құм,
Сол баяғы айдың нұры, тозаң мұң.
Жалғыз елес келген кезде шықпақ боп,

Тыпырлайды-ай, астындағы із қазанның.
Жалғыз елес. Тұрады ұзақ өртеніп,
Сүзіп қуып жібергенше серке бұлт.
Қанша сорға қалдырды уақыт ізімді,

Үстеріне қара қазан төңкеріп.
Белес керек бару үшін оларға,
Елес керек бару үшін өртеніп.
Қанша сордан аршу керек ізімді,

Қан жынынан жүрмесеңіз жеркеніп.
Тас төбеңде тұрған шақта ай жанып,
Ұмытылмас сонау өткен қайғы анық.
Ашақ соры - менің қара тарихым,

Тарихыңнан өтпеу керек айналып.
Сол қазанды жатыр бүгін қозғап кім?
Терезеңді ұрып тұрып сөз қаттым.
Сорда ізі бар ақындардың моласыз,

Сан миллион панасы жоқ боздақтың.
Батыр болсаң құралайды көзге атқын,
Ақын болсаң терезеден сөз қатқын.
Ізі қалған, өзі жалған ұлдарын,

Енді қанша жоқтар екен боздап құм.
Ақын біткен жүрген кезде Ай қырда,
Аққулармен жүзу керек айдында.
Жұлып оны кетпеу керек сол бір оқ,

Ұрып оны кетпеу керек сом білек.
Жығып оны теппеу керек қай құрма,
Қуып оны кетпеу керек Жасыл Жын.
Ізіменен Төлегендей жасынның,

Түзіменен Мұқағали, Қасымның,
Қара елестер күлмеу керек қайғымда,
Жүрмеу керек, үрмеу керек зайғы ұлға.
Сорда қалған, Арда қалған іздері,

Өз жаныңнан боздағыңнан айрылма!
Поэзия қасап торы тарихтың,
Поэзия Ашақ соры тарихтың.
Поэзия қара тасы халықтың,

Іздері мен түнге сіңген жарықтың,
Ұлыларға еріп жүріп таныппын.
Айлы Түнде қырды кезген ғаріптің,
Елесіне бауыр басып алыппын.

Анау Айды алтын желкен көтерген,
Кемесі де ақын мінген табыттың.
Жүз жасырған торы жатыр зарықтың,
Құзға асылған жолы жатыр халықтың.

Сол жол бастап апаратын жағып мұң,
Із басылған соры жатыр тарихтың.
Оқ тигенде теуіп ұшқан Аспанға,
Қара таста мөрі жатыр алыптың.

04-07 қазан, 2001 — жылан жылы. Шынжыр қыстағы.

ХАН КЕГІ

Дастан

Бұл дастан - XVІІІ ғасырдағы қиямет күн кешулерден, Алланың қалауымен, Алашты тәуекел қайығына салып алып өткен, қазақ халқын жер бетінен біржолата жойылып кетуден сақтап қалған, атадан Аршылан туған Әбілқайыр, Мұхаммед - Ғазы - Баһадүр -хан Қажысұлтанұлының, ханның адал жары, анасы Бопай ханым Сүйіндікқызы апамыздың, есімдері елеусіздеу қалып келсе де, ересен ерліктері ел есінен ешқашан өшпек емес. Шотан Назарұлы, Айбас Арыстанбайұлы, Арғынбай Байболұлы, Қанай Кенжеұлы Бабаларымның, Баба - тарихты даңғыл кеуделерінде сақтап, бұлбұл тілдерімен сайратып өткен, кейінге қапысыз аманаттап кеткен Тәттімбетұлы Еңсеп, Ә.Х. Марғұлан "көшпелі академия" деп бағалаған Меңдалыұлы Алшын — абыз аталарымның әруақтарына бағыштаған дұғам болсын!

Сөз иесі.
Түндік ашу немесе жамиғатпен амандасу
Уа, ар ма, тең — замандас, құрма - құрдас,
Кіші іні, үлкен аға жырға жымдас?!

Бұл бір кеп сырым еді сақтап жүрген,
Қабыл ал қаласаңыз, дін қарындас!
Сақтаған сарымайдай сырым еді,
Келіп тұр ақтарудың бүгін ебі.

Жүректің шамын жағып өткен күнге,
Алдында ақиқаттың жүгінеді.
Ілесіп жүйрік жігіт, жорға қызға,
Сәтті күн қош келдіңіз, ордамызға.

Тіліммен көне күннің теңін шешсем,
Батпаспын алдыңызда мен қарызға.
Қалыпты теңнің аузы ши байланып,
Алдымыз тін шешілсе мидай жазық.

Бұл бір кеп жау жайлы еді іштен шыққан,
Інішек, қарап шықшы үйді айналып.
Сөйлеуге ерінім епті емерілген,
Жел сөзге атым шықты шеберімнен.

Шемен боп шежірем тұр шегерілген,
Керең боп керуен жатыр шөгерілген.
Жарға ұрған дарияның толқынындай,
Өлең боп лықсимын кемерімнен.

Қозғайын бір әңгіме көне күннен,
Тұсыңа келіп қалған себебімнен.
Тазартсаң көне күнді қанды кірден,
Бұрқырап нұр шығады тереңіңнен.

Сол нұрды шырақ қылып жолымызға,
Алдына түсейін бір келенің мен.
"Жел сөз,-деп, - атасы арзан" қомсынбасаң,
Жәмиғат, сыбағаңды ал өнерімнен.

Шайырдың жырдан басқа малы бар ма,
Малымды сізден аяп не көрінген?!
Қағазға көрейін мен өлең тоқып,
Дестірге18 өрнек төсеп тебеніммен.

Жайнайын жайна десең жан барында,
Сайрайын шарқи - фәләк - хал барында.
Жиылған жарандарды тарқатайын,
Азырақ бәйіт айтып алдарыңда.

Барлығын жиып тастап басқа кептің,
Шырмалмай шынымды айтар жасқа кеппін.
Сыбырлап сеніп айтқан періштемнің,
Сырларын өздеріңе асмар19 еттім.

Жолым бар алды мұзда, арты құзда,
Мерт болу құздан ұшып салтымызда.
Шалдарым тастап кеткен шежірені,
Отырмын салып сіздің талқыңызға.

Адал бол, ей, Өлеңім, антыңызға,
Мұқаррам,20 Ғиззат - лу21 халқыңызға.
Ой тастап қайқы жігіт, салқы қызға,
Ойқастап мәреден өт қалпыңызда.

Ермегей шайтани сөз артыңызға,
Қарайық ғақбытылы22 шарқымызға!
Бұл жердің ойы жықпыл, қыры - дала,
Жықпылда жын жүреді ділі қара.

Енбесін жат пиғылдар бұл кеңеске,
Қара, аға, бір күнде бес Құбылаңа.
Қауымның бас-аяғы түгенделсе,
Бастайық әңгімені Жұмылаға!

І бөлім
Әбілһайыр баһадүр хан

"Жалған дүние ешкімге опа бермеген. Ол менен де қалады. Сол себептен де мен өзімнен өнген ұрпағым мен өзімнің халқым қазаққа қиыннан киып жол салсам деймін. Сол жолды олар ұстанып, қажетіне жаратса деймін..."

Әбілһайыр хан. 1747 ж., маусым айы.
Сұр бұлттар пана тауып түрме-шыңнан,
Самал да желге айналды гүлге асылған.
Үркердей аз төлеңгіт үйіріліп,

Ханменен келеді өтіп бірге сыннан.
Су суыр Таразының таңы жақын,
Шақ еді шөп төлежіп, шілде сынған.
Мұздатып көкіректі желкейек мұң,

Ала алмай келе жатыр келте ой екпін.
Нән Ырғыз аждаһадай обып жатыр,
Жыланшық өзеншесін Өлкейектің.
Айтпайық, әй, бозторғай, бүгінше өлең,

Шырларсың көктемің кеп күбінсе дөң.
Қабырға23 қыңсылайды мына жақта: "Өлкейек!*
Артық па деп күнім сенен?!"
Бәз дала, сол баяғы жатқан дала,

Езеді еңсесінен батпан-нала.
Ебелек жұлқынады әлдене деп,
Келгендей хабар алып хақтан жаңа.
Баялыш, қаттығара, түйесіңір,

Сықылды жолға құрған қақпан қара.
Топқаба топталады, оқталады,
Сен жаққа ататындай сақпанды ала.
Атойлап бара жатыр бір боз қаңбақ,

Жау жоқта, ей, есер жел, аттандама!
Ұзамай сұр бұлттар жүр тауды айналған,
Ор киік жолды кесіп заулайды алдан.
Боз дала, мінезіңнен, айналайын,

Қазақтың дәл өзінен аумай қалған!
Иә, сол!
Сол баяғы бәз дала бұл,
Тынады көктемде айтып азғана жыр.

Жел тынса-ақ қалғып кете береді-ай бір,
Құдайым ұйқысынан қозғамағыр!
... Бағжиып балбалдағы үкі қалды,
Төбеде түндіктей боп тазғара жүр.

Маңтөбе, төбесі - нұқ, көбесі - құт,
Шөгіпті көрген нардай өлесі жұт.
Желкені мұнартады Мұғалжардың,
Опқынға жұтылардай кемесі ұлып.

Шабады сағым біткен неге суыт,
Жоғалып қойынына төбе сіңіп,
Көп төбе көп ерліктің куәсі еді,
Кетердей куә сөзін жел өшіріп.

Күрсініс қабындырды хан кеудесін,
Жүректен келе жатқандай жебе шығып.
Айдарлы аламаны қақақулап,
Алдынан шығатындай ол есіріп.

Бастар ма сол күндерге жол есіліп,
Еспе жол сияқтанып көне сұрып.
Қаһарлы шақтарының сағымға еріп,
Барады көз алдында елесі іріп.

Дәуренін қайта кешіп фәни - бақтың,
Шапанын киетіндей ағима — ақ түн.
Хан кенет ексімінен табиғаттың,
Шеңгелі көк тастанып, еркінен тыс,

Балдағын қысып қалды ағинақтың!
Жо - жо - жоқ!
Қылыш емес, қамшысы екен,
Жол ұзақ әлі де күн талтүс екен.

Көңілді жеп келеді күбірткелі - ой,
Япырмай, бұл не кептің жаршысы екен?
Лып етіп тұтанып ап сөніп қалады,
Бір сезім, алды үміт те арты секем.

Қазаққа пана жоқ па жер үстінен!?
Далаға салып барады орыс түрен.
Шақырып Губернатор жанабына,
Осы жол шыққан беті Орскіден.

Қанатты Хан кірпігін күнге шағып,
Көзіне тұтанған ой жүлге салып.
Көңілдің түкпірінде бір қара жел.
Жүйткиді жарғанаттай түнге сарып.

Арылтар мұңазасын кімге шағып?
Біле алмай келе жатты сүлдесі арып.
Түргендей көп күдіктің шымылдығын,
Күліп-ақ көтерілген бүгінгі күн.

Көз ашқан қуанышын қуып шығып,
Ініне кіріп алды жырынды мұң.
Үскірік мезгіліне жетпей соғып,
Көп үміт харап болды көктей солып.

Көңілдің ой тап салған көзіменен,
Өткенін келеді хан көктей шолып...
"...Әз Тәуке, би Әйтеке, аспаннан кел!
Болмаса жүректегі дастаннан кел!

Халқыңды аранға айдап бара жатыр,
Ықтырып теріскейден қасқарған жел.
Өздерің бата беріп, ерге қондым,
Іздедім, достан — медет, қастан — қардер.

Алдынан қонтайшының бір - ақ шықты,
Анже24 шатырынан басталған жол.
Құйып ап атау кере торсыққа дәм,
Аттанып кетіп едім жол шықты аран.

Ақ Еділ — Өр Алтайдың арасында,
Бір төбе қалды ма екен мен шықпаған?!
Хан болдым Хиуаға да, Башқұртыңа,
Табынды олар-дағы тас тұрқыма.

Жамбасым тақтан емес, аттан тозды,
Табам деп жайлы қоныс қасқа ұлтыма!
Қасқа ұлтым дала - дидар, ғаршы - бітік,
Жұртына кетті тастап қанша ұлытып.

Сүрінген кем жеріңді тергеп тінтіп,
Кетеді еңбегіңді тарс ұмытып.
Қасқа ұлтым жан сүйерім, әулеттесім,
Сонда да келем сүйреп Дәулет көшін.

Қанша рет жау шапқанда мені тауып,
Танымай қалғаныңмен жау кеткесін.
Сүйерім: Аспанда — Аллаһ, жерде — қазақ,
Тек қана қазақтікі мендегі азап.

Тоздырдым терге қажап тақымымды,
Аздырдым ақылымды шерге қажап.
Жүзінен иманымды үзбей келем,
Болсам да ниһаятсыз* елге мазақ.

Көзінің кірін жумай қанталаған,
Хан — қайқы, биі — бүкір, халқы - аламан.
Ит жылғы дауын даулап жүр өзінен,
Жау қоршап тұрса - дағы анталаған.

Арқасын ауыт жеген сорлы атан боп,
Жүргенім езге — күлкі, қорға таң боп.
Жаладым табандарын талай иттің,
Осы елге астрахатлік25 орнатам деп.

Дұшпанды Еділ жаққа қарата айдап,
Ақ Жайық қолға тиді — абат аймақ.
Торғауыт, жағат — ойрат мені көрсе,
Сықылды бура көрген қара тайлақ,

Жын ұрып "Қалдамаңдап" тұрады да,
Бұрылып жүре береді "Қалақайлап".
Ал, бірақ, өз елімнің шалыс түсі,
Келеді әлі жетсе алысқысы.

Барақ жүр — ұртқа сыймай қарыс тісі,
Батыр тұр бұтқа сыймай арыс күші.
Бұл елдің қызыл иек күшігі де,
Кеп тұрады шалғайыма жабысқысы.

Сығылып аққан сеңдей қара суда,
Есіңе "Ақтабанды..." аласың ба?
Бұғатын бұта таппай босып ең-ау,
Жеті өзен, екі дария арасында.

Кім еді мөңіретіп дұшпаныңды,
Кек алған Қарасиыр даласында?!
Қабанбай, үш Бөкенбай, Есет, Саурық,
Елінің әлі жүр ғой санасында.

Соларды ата жауға бастап кірген,
Тағы да мені ұмытып қаласың ба?
Тал түсте қотаныңа кіріп ойрат,
Жатқанда отауында қылып ойнақ.

Мен сонда Түркістаннан шықпап па едім,
Найзамен дұшпан көтін түріп айдап.
Мәліндей мәуілдеген көп сұлтаның,
Көрсетсе қайда қалды бірі қайрат?!

Көзіңнің жасыменен бірге кепті,
Тұрған күн: "Халал емген ұлым-ай-лап!..."
Изелдің Күлтөбеде кермеш қаптай,
Күйзелдің Мәртөбеде — жөнді ес таппай.

Жұрт жиып Қарағұмға қарағұрым,
Сонда бір алқап ең-ау кер бесті аттай!
Сан рет теңелгенмен төрге басың,
Қадірдің қашқанына қорланасың!

Сол күнді сен де ұмытып қалдың ба, әлде,
Ордалы ел, қордалы жұрт — Ордабасым!
Шекесі шоқты қалмақ құтыңды алып,
Торғайдай тұрғаныңда қыпың қағып.

Төбеңде сонда сенің кетіп едім,
Құдайдың жалғыз ұлы сықылданып.
Қан қылып қауырсыным, үкімді алып,
Енді кеп жерге тықпақ бүкіл халық.

Кептеліп қалды ащы жас алқымына,
Танауын баратқандай түтін жарып.
Ойнақтап өткен ойран оралына,
Тағы бір барып қайтпақ болады ма?

Кер бесті ат жол жорғасын қайта тапты,
Ойынның қайта түсті сорабына.
Шоқ іздеп адыра қалған күлді ошақтан,
Күн қайда күндіз бұғып, түнде шапқан?

Ұмытпас қабырғасы құм болмаса,
Сырдағы отыз шаһар бұл босатқан?!
Егесте екі талай ар, жан шығар,
Мерт болу ерге, сірә, арман шығар!

Кез қайда — қалың қалмақ қаптай қашып,
Қаратау қара нардай алдан сұлар?!
Сіңген қан, жұққан жасы тарғыл таста,
Жан даусы жандарында қалған шығар?!

Шынымен соның бәрі тәрік болса,
Бұл жалған - расымен жалған шығар!
Аюке, Сыбан Рабтан жоспарлапты,
Жоспарын кейінгіге астарлапты.

Сонда да мен қайтарғам, қашқан бақты,
Қазақты екі жақтап жұтпақ болған,
Інінде тұншықтырып қос қалмақты.
Тек маған бергендей-ақ аспан мандат,

Өсіп ем алды-артымды бастан барлап.
Өтсем де өміріммен қастан қорғап,
Неге бұл, шегем ылғи достан зардап?
Қарғысын қабыл қылып кетті ме, әлде,

Ақшаңдап жанарлары аспан жалмап,
Аңырап Алакөлден қашқан қалмақ!
Салған ел кеше ұзатып: "арысым - дап!"
Алдымнан шықпады ма тағы сынға ап.

"Бас таққа таласты", - деп айып тағып,
Мен, бейне, қуғандай - ақ тақ үшін бақ!
Қазақтың бірлігінен жарыса ұрлап,
Жан-жақтан алмады ма бәрі шырмап.

Болаттың26 бас тағынан дәметкендер,
Маңайда жүрген жоқ па әлі шулап!
Солардың бірін көрмей, ақ жүзіме,
Шашасын неге менің сары суды ап?

Дәметкем, Хақ үшін — Бақ, ел үшін — Тақ,
"Ел" — десе бөрі - жүрек жан ұшырмақ!
Дұшпаннан Ар мен Жанды айырған ұл,
Қанша рет өз елінде сағы сынбақ?!

Қысқанда аз қазақты қалың қыспақ,
Мен сенің тұрып па едім қолыңды ұстап?
Жүгімді сен көтеріп жатсаң егер,
Нем бар еді жалқы жанды жалынға ұстап?!

Шынында болып кеткен қатты ызалы,
Базар ғып жақын — шарғы, жат — тұзағы.
Ағаның орынына шаптырады та,
Баланың орынына жатқызады.

Шынында арбадай еді
Бас тақ маған,
Жолдардан өту үшін тас қаптаған.
Арбаға қазағымды тиеп алып,

Ойлап ем өтемін деп хас соқтадан.
"Атасы төмендіктен — бәсі төмен",
Көп қазақ қарап тұрды мошқап маған.
Үндемей үлкен айтса төменшіктеп,

Жазығым — кеуде керіп, төс қақпаған.
Таққа құл бола алмайды ешқашанда,
Ел үшін ерекесте бас бақпаған.
Көтерсе тағын - Ері, ерін - Елі,

Тек сонда бағы аспанға асқақтаған. Түсінбей,
Осыны да түсінбейтін,
Кеткенмін тас шаһарды тастап қараң!
...Ұмытты ел — ерлерін де, Алакөлді,

Жеті жұт тағы ылаңын сала келді.
Көп сұлтан бөлісе алмай қара жерді,
Астында әр төбенің қала берді,
Сархадтан27 мен кеңіткен шегіндіріп.

Көп дұшпан келе жатты қамап елді.
Нәдір — Шах28 Хиуадан мылтық кезеп,
Дуалдан қалың қытай қарады енді.
От құсып зеңбірегі жын - бұрышын,

Орыс тұр түршіктіріп бар әлемді.
Орыстың қамалының тасасында,
Боданы — қалмақ, башқұрт болады енді.
Қамап тұр іш - сыртымнан жеті дұшпан,

Бесеуін салады айдап екі мыстан.
Жаралы нар құсаған далам жатыр,
Мұндайда сен қайтер ең — О, туысқан?!
Таңқы төр, шарқы шаңырақ, тар босаға,

Тартылған дария болды арнасы ада.
Тартысып, әлде, осылай өтесің бе,
Тамтығың тақияда қалмаса да!
... Әлсіз ел!

Туып еді күнің қашан?!
Күштіге жағардайсың шыбындасаң.
Ұқпайсың және тағы түзу сөзді,
Кеудеңнің ішіне еніп шырылдасам.

Аузында тістегеннің кетіп барам,
Мен - дағы бір күштіге тығылмасам!...
Ол күшті кім болады? Ал ойлаңыз!
Жәутеңдеп жас сәбидей қарайды абыз.

Сансырап талтаңдаған талай нағыз,
Іштегі өртті басып жалайды, ә, мұз!
Күн туса аспан ая, жер тебінгі,
Басыңда Манартаудың мараймаңыз.

Әр мұздың жабысасың балағына,
Сең жүрсе жай - күйіңе қарай ма мұз!
Жан кетті жан ұшырып әр сынықта,
Шатынап халық деген Шарайнаңыз!

Ендеше, тіл, дін, түрі, нәсілі өңге,
Орыс тұр домалатып тасын өрге.
Тал бойын көп өзеннің алып болды,
Ол бір өрт қарамайтын басы - көзге.

Алмасаң ебін тауып өрттің алдын,
Қазақтың қалмағы хақ басы көрде!
Отырсам нәтижені көріп кеңнен,
Көп бәле келе жатыр өріп дөңнен.

Тәуекел, Әз Тәукелер бір кездері,
Орысқа шапқылап па ед еріккеннен!
Халықтың жәутеңдеген соңындағы,
Ертеңін болжай білу оның бәрі.

Орысқа бодан болған хан Аюке,
Петрге арқа таңып не қылмады!
Жерім жоқ не істесем де алғыс тапқан,
Елің бар — алагүлік қарғыс қаққан.

Екі - ақ жол: не жоқ болу, не болмаса,
Жол тауып өту, мына, тар қыспақтан.
Тәуекел ете аласыз ал, қайсыңыз?
Өтетін өткелектен жолды айтыңыз!

"Болғанда қытай - темір, орыс - қайыс",
Қайсысын қос ноқтаның таңдайсыңыз?
Таңдауға беріліп тұр бүгінше хұқ,
Ал ертең гүлің солып, күнің сөніп,

Талмауға зар болу хақ, таңдау түгіл,
Кеткенде Исрафил үрін соғып.
Талмамай жұтар еді қытай сені,
Белгілі не болмағы ұпай соңы.

Жалына жел апартпас жайшылықта,
Көп мәстек мұндайда үнсіз тұқай соры.
Боданы ал орыстың қанша халық,
Кенеліп жатпаса да сонша жарып.

Сен құсап бұйырмасы бұттан кетіп,
Көзінен отырған жоқ қан - сор ағып.
Тауға да, тасқа да ұрған бұл басыммен,
Бұл жайды қанша ойландым,

Құндасың — мен! Діл тегі жат халыққа сен, әйтеуір,
Тамшыдай жоғалмайсың құмға сіңген!
Иледі көшпеліні мекер — індет,
Шалуда балақ, бастан мекеніңді от.

Кең далаң — бүгін бағың, ертең сорың,
Енді оны жүре алмайсың жеке билеп!
Ортаңа тігіп жатыр албасты үйін,
Оңышып албастымен оңбас күйің.

Шығасың не де болса осы жолға,
Кешіксең оны да ұғар қалмас миың.
Үш қазақ бір тізгінін қолға ұстатса,
Қайысты қиып кету болмас қиын!

Орысқа бодан қылды осы байлам,
Сөз естіп, теперіш жеп не шығайдан.
Нарында бауырғал жоқ, атында айыл,
Түзеліп кетсін елдің көші қайдан!

Орыстың Аранына тықты - ау айдап,
Қор болған ессіз елге есіл айлам!
Қандырған ащы жасқа, құндақ - елім,
Оманға* кепсі29 салған бір бала едім.

Қоймайсың көзге шұқып сол ісімді,
Мен қашан борышымды бұлдап едім?!
Басымнан ұшар сойды бақ — баябан,
Сүтіңді қайтсем сенің ақтай алам!

Мен басқа жол таппадым, ана-жұртым,
Өзіңнен басқа менің жоқ қой анам.
Анасын аранға айдар мен емес ем,
Түссе де Пірден — жарлық, Хақтан — аян!

Халық пен Хақтан өзге қорғаным жоқ,
Ертеңі қалды елімнің арманым боп.
Тоқтаудың орынына пәтуаға,
Кетеді тағымды ұрып әр залым кеп.

Сыртынан "Ел" — деп қою жалған індет,
Көрсетіп жүргені жоқ Арға құрмет.
Олардың "Ел" дегені — өз руы,
Шермеңде Ел — қарға тамыр — Тармағың көп!...

Көп тентек кіжініп жүр, менен бұрын,
Патшаға бодан бола алмадым,- деп.
Япырмай, ордалы жұрт, қоралы көп,
Бірігіп іздемейді неге әділет?

Барақ жүр күнінде ойлап қырық пәле,
Тынысын тақ жалмаған — ол әбілет!
Шығарды тағы шатақ: "Әбілқайыр
Хиуалық керуенімді тонады!"-деп.

Құдайым, қолда — барым, көзде — иманым,
Ар еді жетелеген боз бұйдалым.
Біреудің керуенін тонау түгіл,
Өзіңе бұйырсын де өз жиғаның!

Алғандай әрбіреуі хақтан әмір,
Батпансып келетіні - ай баптана бір.
Білмейді елін әркім талайтынын,
Қалмаса ханда - кие, тақта - қадір!...

Әуелі алдарқатып тізгін беріп,
Орыстың бұлты шөкті бізге ірмеліп.
Қазақтың миын сора бастады енді,
Басыңда әр қорғанның құзғын болып.

Қамалын қанша шаптым, одан соң да,
Бұғауын бодандықтың үзгім келіп!
Дұшпанның елім жатыр боданында,
Мыстанның жерім жатыр табанында.

Әр жерде омырылып ордам қалды,
Қуырылған жұмыртқадай таба - құмда.
Бас сұққан өз ырқымен бұғалыққа,
Жоқ сынды, бір қарасаң, обалым да.

Бір қылмай үш қазақтың Астанасын,
Сен де бір ағып түскен тасқа жасын.
Шаққанда шаптан — таяқ, қақпанда — аяқ,
Бұлқиды бұғалықта қасқа басым!"

Ойының осы жерге арты келіп,
Ирілді ол да жолдың салты делік.
Қашанда мұңға құрдас, ойға — жолдас,
Жүрген ер тән тәнай боп талқы көріп.

Назарын жалғыз бұған тіккен сынды,
Қарайды күн де бүгін қан түленіп!
Ой - малта — ер талмайтын ішкі қорек,
Сол ой - дүр жөнге салар істі демеп.

Бір заң бар жазылмаған табиғатта,
Қалай да күшті жеңбек, тісті жемек.
Хан көзі қан түктенген күнді шалып,
Есіне Неплюев30 түсті кенет!..

... Тұмсығын көкке шаншып керегелі,
Шынында Губернатор не деп еді?
Тұрғандай албастының астын көріп,
Аспаннан не іздейді осы немелері?!

Ғаршыдан жер жазуын оқитындай,
Шіренеді шеттерінен төрелері.
Ал мына Неплюев — мүлдем зұлым,
У қылып жұқтырады тілмен зілін.

"Жат пиғыл", "бақ құмар" деп патшасына,
Сыртымнан білем даттап жүргендігін.
Ойлама ана басты асқабақ деп,
Жатады зымиян ойы тасқа көктеп.

Осыдан төрт жыл бұрын әскер жиған,
Қазақты түгел қырып тастамақ боп!'..
Қадамды ол да, мен де санап бастық,
Аңдыстық, тамыр түрттік, қабақ бастық.

Құдайға не шара бар, қойған мені,
Мынандай ібіліспен табақтас қып!
Не деді ол? "...Қазағыңның еру елі,
Тынған жоқ сахарада серуені.

Ұшынып қымызына арда халық,
Ісініп өз буына семіреді.
Ұмытып кеше берген уәдесін,
Бүгін кеп малды ұрлайды желідегі.

Қайтқан жоқ Россия тұтқындары,
Тоналып жатыр әлі керуені.
Хан тақсыр!
Түсінеміз қалай мұны?

Қозғап мен отырғам жоқ талайғыны.
Әуелі ант беріп ап, жалт бердіңіз,
Қазақтың жетті соған бар айбыны..."
"Мен емес,

Жүрген — сен, — деп, — сертін бұзып,
Шарт кеттім сәнді орданың көркін бұзып.
-Қоя алман көзім тірі тұрғанымда,
Халқыма сөз түгілі — жел тигізіп!.."

Мырс етті губернатор. Күлді неге?..
Нән жайын желбезектен ілдіре ме?!
Сабырға шақырады еппен ғана,
Сыпайы сыртқа сырын білдіре ме!

" Хан тақсыр, қалыпсыңыз көбеңсіреп,
Сізге де сөз беремін мен еншілеп.
Сіздерде қалай еді?- "Ханда қырық
Кісінің ақылы бар" демеуші ме ед!

О, сөздің түсінемін сарынына,
Халқының қасиетіне ханы мұра.
Ханда егер қырық кісінің болса ақылы,
Бар шығар сонша адамның сабыры да!..

Сонымен, Еділдегі қалмақтарды,
Әлі де қоймадыңыз зарлатқанды.
Боданы Ресейдің ол да сіздей,
Қос бодан бермеу керек қанды ақпарды.

Ақтайтын сөз таппадым қанша ойланып,
Кеудеңіз өткенді әлі аңсайды анық.
Дүрдіккен башқұрттарға "қой" деу түгіл,
Алдыңыз бардыңыз да хан сайланып!

Боданда болу керек бәсік қылық,
Антына жатпау керек ашып бүлік.
Патшаның пәрменінсіз Орскіге,
Бір жолы алыпсыңыз басып кіріп.

Наз еді шықпай жүрген бұл естегі,
Өзіңіз аз халықтың мінескері.
Айтпақшы, бірігіп ап қонтайшымен,31
Жүрсіңіз тағы кіммен күрескелі?

Жә, жақсы!
Кейде осындай талқымыз бар,
Тұтпаңыз талқымыздың артына ызғар.
Хақым жоқ, сізден жауап алатынға,

Жүріңіз адал болып Антыңызға, ал!
Бас қосу рәсімі ретінде,
Қоятын бізге қандай шартыңыз бар?"
Түйіліп жандаралға қалдым қарап,

Құдайдың беруін - ай, малғұнға бақ.
Айтқызбай көңілдегі көп қыжылды,
Аққаптал кетті тағы алдымды орап.
Отырдым алқымыма зәр кептеле,

Кеткім кеп жандаралға кәр боп төне.
Шартымды тынды айтқызып, сөзбен сылап,
Қыпық боп арадағы Мәмбет - төре.32
Кек сақтап қайтем бұған кір көңілмен,

Жел ортақ, тағдыр ортақ іргені үрген.
Жан еді кешегі бір аласатта,
Тәуекел қайығына бірге мінген.
Болады енді қанша, сарсаң жаным,

Хақ білер, бізді орыстың қанша алдарын.
Кетер де көтермесе жер ойылып,
Шартымның артып кеттім бар салмағын.
"Жүргем жоқ мен де, ендеше, қаза тілеп,

Еспесін сөздеріңнен тозақы леп.
Бірінші, Шыңғыс" қалып орынына,
Қайтады Аманаттан — Қожахмет! "
Екінші, берсін патша жаңа мандат,

Кім кепіл, шаппасына қара қалмақ?
Елек пен Сыр бойына, Түркістанға,
Үш қамал салып берсін маған арнап.
Үшінші: ойламаңдар бас қамы деп,

Ол жерге мен кірмесем басқа кіреді.
Қолыма мөр басылған қағаз беріп,
Қазақтың танисыңдар — Бас ханы деп!..
Орнайды бейбітшілік сонда ғана,

Осынау аламанды cap далада.
Қайтады сонда ғана тұтқындарың,
Жем болмай бүрге менен қандалаға.
Жүреді керуенің емін - еркін,

Жуасып қалтамандар — ардан ада.
Сырласпай Сыбан Доржы - Нәдір шахпен,
Тауына тығылады жоңғар ана.
Сархадтан сығаламай сімсік қытай,

Қылады тіршілігін тар қалада.
Әйтпесе, бұл тірліктің баяны жоқ,
Көп сөздің бірі болады сандалама".
"... Өзгерді губернатор, неден кенет,

Бір түрлі күткендей ме менен көмек?
Ақшаңдап аспан кезіп жүрген көзі,
Тіреліп тұрып қалды тереңге кеп.
Арқамнан қағып тұрып қоштап кетті,

Жүрген бір Пірім құсап желеп - жебеп".
"- Болады!
Орындаймыз шартыңызды.
Бас Ханның сендіреді Анты бізді.

Патшамен келісілген бұл жайында,
Тез барып қуантыңыз халқыңызды!
Ақыры түсіністік — уа, Хан тақсыр,
Асырғай, құдай біздің Даңқымызды!..".

"Ойпырмай, қалай болды осы жағы?
Жанарын Мәмбет неге жасырады?
Кердеңдеп аспан тіреп тұрған төре,
Елбеңдеп неге кенет бас ұрады?

Бір түрлі өзгеріс бар өңде барлық,
Бұзылды өтпес өткел пәнде қарғып.
Қанша жыл өзек талып күткен Арман,
Төбеме шығып кетті демде қарғып.

Жаңағы сыбырлаған жандайшабы,
Патшадан әкелді ме, әлде, жарлық?
Жолында осы арманның құрбан болғам,
Осы арман мені талай бұрған жолдан.

Бір Алла ұзағынан сүйіндіргей,
Бақ оңай кетеді деуші еді жылдам қонған.
Кеудемде сақтық та тұр серек құлақ,
Әліптің артын бағу керек, бірақ.

Топ33 атып "Бас Хан үшін" жеті мәрте,
Шығарып салды мені көп атты жат".
... Қоштасты губернатор асқақ күліп,
Сәтті күн қауышуды мақсат біліп.

Тевкелев әлденені ымдайтындай,
Көздерін көкжиекке тастап тұрып.
(Ақыры айта алмады ол,
Неплюев Бараққа жібергенін ат шаптырып...)

... Хан ойын даусы бұзды төлеңгіттің,
Құлағын кеткендей ме керең ғып мұң. — Хан ием!
Ниеті бұзық біреулер тұр,
Не үн бұл тамшысындай терең күптің?

Құдай - ау, кімнің ниеті бұзылып жүр,
Бұзбақ па енді жеткен қызығын бір?
Хан есін әрең жиып алды теткіп,
Қиялдың желге ұшырып үзігін кіл.

... Барақ - ау — адырайған мұндар ана,
Періге жолдас еді, жынға — жора.
Бес жүздей қол келеді желе - жортып,
Мініпті кілең баран, кіл қараға.

Қымтаған ниеттерін сиықтары - ау,
Қараға тығылмаса түн бола ма!
Келеді жортып бәрі қара аттының,
Тауға ұрып күн барады қанап мұрын.

Әйтеке айтып еді - ау талай рет: "Абай бол!
Жау жолықпас жарақты күн.
Алғын деп жүрер жолды қарап бұрын.
Осыдан әлденеше сағат бұрын,

Кетіп еді би, батыры тарап қырын.
Айдарлы аламанды ертіп жүрмей,
Қалуын, төлеңгітке қарап күнім.
Өзегін тіліп өткен ащы өкініш,

Хан бекіп, алды басып сәл аптығын.

— Қашайық!

Құтылуға бар мүмкіндік,
Кетеміз адастырып алдын түн ғып.
Қасында төлеңгіті тұр безектеп,
"Бұл неткен уа, дүние, тарғыл тірлік?!

Шаршадым тарғылданған тірлігіңнен,
Пәршамын ел қылам деп құлды кірген.
Жұмаққа менсіз жүріп жетер болсаң,
Жетіңдер, жарғыласып бір - біріңмен".

Қарқылдап күлді кенет Әбілһайыр,
Қаһарлы қара тастай гүлді бүрген.

- Кім? Мен бе?!

Қашып мені қатын деп пе ең?!
Әй, кәпір, нәйіс еді затың неткен!
Көп қалмақ "Қалдамандап" қаптағанда,
Жерімді естіп пе едің қапым кеткен?!

Мына иттер сол қалмақтан ұлық болса,
Хан болып неғып жүрмін, хакім боп мен?!
Анадан өлмес болып жаралып па ем?
Тез өшір, бықсық сөзді сананы үйткен!

Атадан туғанымда Аршылан боп,
Қашам деп ант беріп пе ем Барақ - иттен!
Бұл Барақ — Барақ еді мен білетін,
Шәуілдеп қарны ашса елге үретін.

Сәлем айт арттағыға — мен өлді деп,
Қалдырмас — елді жетім, көлді жетім!
Шейт кету — Ер мұраты туылғаннан,
Ақ өлім, енді сенің келді ретің!..

Сол сәтте қаптап берді қап - қара бұлт,
Бір Сәуле қарсы атылды — әппақ, арық.
"Сеңдерге не жетпейді, боздағым-дап",
Балаққа боз бас селеу жатты оралып.

Зарына боз селеудің кім қарасын?
Бәрінің басыңда тұр бір ғана сын.
Бүк түсіп боз селеулер қалды жатып,
Білген соң боздағының тыңдамасын.

Соғылды ақ сәулеге қап-қара бұлт,
Барады бұлт етегі отқа оранып.
Таңдайы сұр батбаттың тақ-тақ етті,
Иықтан қанды жалап жатқан ағып.

Ар Туы: Алты Алаштың — есіл ері,
Қайтарып көп найзаны өшігеді.
Қазаққа көтермеген қайран қолын,
Бараққа көтереді осы жолы!

Құдайы жаратқанда Дара ғыпты,
Дараға тап қылмапты саналы ұлтты.
Ішқұса күндерінің өшін алып,
Ақ жасын тілгілеп жүр қара бұлтты.

Шын Барақ жолықпайды жолында бір,
Кіл барақ — бір бөрінің соңында жүр.
Бұлар да жүріп еді-ау жанында бір,
Шөп болса — шалғы тиіп орылмағыр!

Орынын бір Барақтың толтыра ма,
Шөкелеп көрге көмсе оның қазір!..
Өлкейек жатыр толқын парақтаған,
Қыр жатыр, жылғасы жоқ қан ақпаған.

Кенеттен ханның үні кетті үзіліп:
"Қайдасың, Барақ! Барақ!
Барақ - таған!.."
Ақ сұңқар көп қарғаға қанат шайқап,

Шүйгенде... аунап кетті Абат — Байтақ.
Көзіне Барақ енді түскен кезде, сүрінді ат...
Қоя берді қанап Пайтақ...
... Жалғыз Хан алдырмай жүр! — Жан қысылды,

Жалғыз Хан — бұлт қамаған қарлы шың-ды.
Мәрттікті, адамдықты жерлеп тастап,
Кер атқа Сығай34 сұлтан салды сүңгі.
Сүрінді ат — сүңгі кіріп қыл майқаннан,

Иесін алып өткен кіл қайқаңнан.
"Атсыз ер — қанатсыз құс!" — деген кім еді,
Түбінен кесер ме еді тілді айта алған!..
Сүрінді ат - жауға иесін бір сатпаған,

Алды-артын өткел бермес құрсапты аран.
"Шарам жоқ!
Қош бол, ием!" — деген сөзді,
Жанары барады айтып бұршақтаған.

Сүрінді ат... сонда да Хан жығылмады,
Түс сынды әлепайым мұның бәрі.
"Барақ!" — деп ақырады қаһарлы хан,
Саңқылдап ақ иықтай тұғырдағы.

Білмеймін, содан кейін тында ма аспан?
Қара түн келіп қалды қырды басқан.
Сырымбет Бекбасұлы сырт айналып,
Паң Ханды айбалтамен ұрды бастан.

Жабылып жалғыз ханды аңдарша алып,
Ырылдап — болып жатыр арлан - шабыт.
Арыстай кеудесіне өлген ханның,
Барақ жүр қайта-қайта қанжар салып.

Күн кетті қанға малып от қанатын,
Қол кетті — біреу қылыш, мақтады атын...
Ар жағын көре алмадым, қара ат құсап,
Кісінеп желіп жүрді — қап-қара түн...

ІІ — бөлім

Барақ сұлтан

Былай алғанда, қырғыз-қайсақ хандығы түк те емес, ол тек Әбілһайыр сықылды ақылды адамдар билегенде ғана күшке ие. И.И.Неплюев, 1748 ж. Хан өлгеннен бір ай кейін қыркүйектегі жазбасынан "Генерал мырза, Сіздің менімен, яки Барақ сұлтанмен, дос екендігіңізді біздің қырғыз-қайсақтар жақсы біледі... " И.И.Неплюевке, 1747 ж. 27 маусымда Барақ Тұрсынұлы жазған хаттан.)

... Ордасын тастап шықты Иқандағы,
Деген ғой, "танушы ма еді ит Алланы"
Атына тыным бермеді өрістегі,
Сарттардың жер - тіміскі диқандары.

Ауызың қимылдаса жарнақ төлеп,
Кілең бір қайыршысы сарнап келеді.
Шыдамай көктем шыға жұрт аударып,
Орнықты уақытша Қарнаққа кеп.

Мойыл мен сәмбі талдың арасына,
Өзіне шатыр тікті арнап бөлек.
Соңғы кез ауырып жүр қаны қысып,
Шығады түніменен жанып-ысып...

Кетеді кейде әрнені сандырақтап,
Ойлаған ісінен де жаңылысып.
Зілмауыр бір салмақ бар еңсесінде,
Қайтқалы қас жауының қанын ішіп.

Бәрі де біткендей еді орайласып,
Кейіннен бизар қылды көп ой басып.
Ақырған Әбілқайыр елесінен,
Білмей жүр құтыларын қалай қашып.

Деген ой:
"Өлтіріп ем қайдан ханды?",
Босатпай бара жатыр байлап жанды.
Қасында дуылдаған аламан жоқ,

Азғантай қоңырат пен найман қалды.
Еңсесін тастай алмай езген зілін,
Есіне түсіреді кезген қырын. Қожасы —
Қырық мың үйлі Өр Найманның,

Қызық шақ — бұлбұл ұшты көзден бүгін.
Кей - кейде түн ішінде сүзеді есік,
Әләйім — өткен күннің жүз елесі ...
Қалмаққа Әбілқайыр сұлтанменен,

Ақырып аттанған шақ тізе қосып.
Көрмейтін Бас қолбасшы бірін бөлек,
Сөйлейтін тіс ішіне тілін бөлеп.
Танытсаң Ар жолында бір осалдық,

Ал онда сөз шығатын түбінде жоқ!
Кей түні қан сауылдап сүлдесінен тұрады:
"Барақ ит - ау, мұның не?.."
Қоярға жер таппайды жанын сонда,

Тынады жүзін төсеп жалын шамға.
Тұрады босағада Қанды Сүлде,
Кетпейді қабынсаң да, қағынсаң да.
Әй, бәсе, нәлет еді-ау әруағы бар,

Ұрт мінез, кейде мойыны жарға жығар.
Нәсілі төмен ата болса - дағы,
Кететін пысы басып салмағы нар.
Бәрі сол қара бастың артықтығы,

Әуелі соңына ертті тартып мұны.
Тірідей сөзбен турап кетті бірде,
Мұның бір білініп қап тантықтығы.
Сөзінен қауға тиіп кетті ме ұшқын,

Болды да шыға келді кекті міскін.
Сыртынан өр сұлтанды қыжыртатын,
Табылды қатарынан көп туыстың!..
Тек соған жол тиеді басты ұстарда,

Тек соның шығады аты қас қысқанда.
Тас байлап жүрек көзін соқыр ыза,
Ақыры айналдырды хас дұшпанға.
Неге одан отырады, бәсе, төмен?

Келіп пе ед аты қалып бәсекеден?
Хан Шығай, ұзын оқты Ондан сұлтан",
Төмен деп кім айтыпты — Өсекеден?!35"'
Қанша рет жаудан келді борбай талып,

Сұлтаннан жүрді бұлар соң байқалып.
Атағын аспандатты ел, ата жауын,
Жалғыз - ақ жүрген дейін сол қайтарып.
Артына тығылып ап қатынының,

Сөздерін қаперге алмады ата ұлының.
Бұларды қажетсінсе қоспай қойды,
Қасына жүнді балақ батырының.
Тұрады сыздана кеп күлімсіреп,

Ішімде не жатқанын ұғыншы деп.
Ақыры орыстың да тілін тауып,
Боданға өтіп алды бірінші боп.
Жегідей жыбырлаған жылымдағы,

Бір жанға жеңіл жүк пе мұның бәрі.
Сақылдап шығар болды аты естілсе,
Іштегі азу тісті ырылдары.
Жем қылып — ұлы Мұрат, Арманын да,

Бір қасқыр ұлып жатыр әр қарында.
Оңаша қабылдаған Неплюев,
Орысқа бодан бола барғанында.
Жүз соммен жанарына от кіргізіп,

Жеткен - ді жүрегіне жат тіл жүзіп!
Айнымас адал дос боп көрші еді,
Жандарал — қылыш сыйлап, Ат мінгізіп!
Бар пәле, қарап тұрса, сонда жатыр,

Сол еді өмірінде қонған ақыл.
Ұлыққа бір уәде беріп қалған,
Топшысын қара құсша қомдап ақыр.
Бақ тайса — кімнің иті қырын кетпеді?

Сүмеңдеп түлкі - бақты кім індетпеді?
Ер сату, таққа бола елді сату,
Қазаққа жұғып еді ұлы індет боп.
Сондағы қол алысқан уәденің,

Түбіне Барақ жетті, Ұлық жетпеді!
Торлаған сары ала ұлық Әбжылан боп,
Арты — лаң, тілі — күмән, алды — қанды еді.
Арбаған Барақты да: "Ханды өлтірсең,

Орнына — Кіші Жүзге Хан қылам!" — деп.
Хан қылмады, қанды қылды жолын мұның,
Тақтан да қашық қылды төрін бүгін.
Ер - әруақ, ат тулақ боп, жүр бұқпақтап,

Әркімнің тығылып жеп ерулігін.
Деп күткен: "келді кезім, туды сәтім",
Атағады айналғанда "суды — сатым".
Даланың тістеп тартып тікені де,

Байлап жүр бұйырғанға тумыш атын.
Бұл - дағы бір қазаққа белгілі ірі,
Бүгінде қашқынмен тең болды — құны.
"Адал дос" — қол алысқан губернатор,

Кеткендей керек қылмай енді бұны.
Батпаққа осыншама батырған не?

— Шырмап ап Хан әруағы жатыр ма, өлді?

Айрылып бар абырой шәріфінен,
Қалардай жапа - жалғыз ақыр дәмде.
... Қынына қайта салмай ақ алмасын,
Шалмақ еді қарағайдың манар басын.

Лақша ұл мен қызын түгел бауыздап,
Кетпек еді отын қылып Хан Ордасын.
Көреді те келешектің таққан сынын,
Қасында жүргенде әзір қапталшы мың

Қыңсытып ат көтіне салмақ еді,
Адайдың Бопай деген ақ қаншығын?
"Әттең - ай, қалғанын - ай, мұрғам болмай!"
Күйзеледі бар үміті тұл қалғандай.

Зәузатын түгел қырып тастағанда
Ордаға жын болар ма еді — бүл хан болмай?!
Сияқты түс — аян да, өңі — жалған,
Қайда енді сол кездегі елі — қалған.

Бықыған қарақалпақ қасында еді,
Тістелеп Хан Ордадан бөліп алған.
Көрсе де алдын сүйреп, артын шаптап,
Ордаға берген баста Антын сақтап

"Қаралы Хан Ордасын шаппаймыз!" — деп,
Жалайыр тұрып алды тартыншақтап.
Ал енді, ана Бопай — залым қаншыр,
Қыңсылап байдан қалған тағын жаншыр.

Жетіпті:
"Қайда Барақ — қанішер - деп!36"
Жолының бәрі жабық — барар қайда?
Сытылып шығып кетер табар ма айла?

Белді Жәнібектікі! - Кәрін төгіп
Не болған Бөгенбай мен Қабанбайға!
Айтпақшы, шықпайды олар Абылайдан,
Қайтпайды Абылайсыз не құдайдан!

Сайтандай сыбырлаған Бұхары бар,
Суырған сөз қылшығын сары майдан! .
.. Шатырда жатыр Барақ — қара құрттай,
Шыға алмай шырмап алған қалың ойдан!

...Содан соң бір сенгені
Қазыбек – ті — дегенде:
"Барақ Ханды жазым етті",
Жеті күн "Құран - Хатым" оқытыпты,

Қасына шақырып ап Қазіретті.
"Алдап бес төгілді - ау беттің ары,
Сархадтан кәпірдің шын өтті лаңы.
Бәріне жеті жұрттың жауап берген,

Сол еді қазақтың ең текті ханы!
Қиғызған Өз Қолыңмен Өз Басыңды
Бір Күш бар, абайлаңдар!" — депті кәрі.
Абылай" — Әбілмансұрдың бабасын ел осылай атаған.

"Жан-жаққа жүргейсіңдер қарағыштап,
Далаңа төнді, білем, жаңа қыспақ?!
Ұмытпа Әбілқайыр — Арманды Ерді!
Баспаған бекзат еді жалған жолды.

Қазақтың қам-қайғысын қапысыз жеп,
Сол еді шекараңа салған белгі.
Қайтарып қазағына беріп еді - ау,
Баяғы Хақ — Назардан қалған жерді.

Сәлем де, анау әлгі Барағыңа,
Ақыры жеткен екен талабына.
Қазағы қыл көпірде тұрған кезде,
Жармасып жүре берсін жарағына.

Ұзамай Хақ жазасын берер Алла,
Қазақтан бұрын түсер — Аранына!..".
Би сөзі қарып кетті қақ сүйегін,
Бұл енді дегені ғой: "Тапсын өлім!.."

Сұлтанда сүйек бар да — жүрек жоқ еді,
Қаққылап жатып қалды атша иегін.
Сүйегі суығанда паналап жүр,
Соңғы кез сарттан алған нақсүйерін.

...Барақтың тас тигендей тыныш көгі...
Құйқадай от жалаған бырысты өңі.
Ойлаған көп қиялы опат болып,
Айналып бара жатыр бүл іс кері.

Қарғапты естігенде Үйсін Төле —
Тәшкеннің жоңғар қойған — Ұлысбегі!
Бүл істе — бітпейтін бір былық бардай,

- Ал, мына Төленікі қылық қандай?

Өзінің әміршісі — Сар Мәнжіні37
Қолымен өлтіргенін ұмытқандай?!
... Отырды төсегіңде тұрып Барақ,
Тоқпақтай жұдырықпен ұрып маңдай!

...Жұрттікін "ерлік" дейді ханды өлтірсе, Мұныкін...
Ал, ұғып көр — ғұрып қандай!?
Қайтеді?..
Барақ еді — қасқыр - несіп,

Өзі де жуытпайтын дәстүрге шық.
Сол дәстүр өзіне ақыр тұзақ болды,
Шешпесе дос-жаранмен бас бірлесіп.
Құдасы, құрмаласы — Батырменен

Мұның да жолын тапты мәшһүрлесіп.
Сол жолға шашылды — мал, Шашылды — хат,
Сырт көзге іш пиғылын жасырды жат.
Сот құрды өз үстінен Барақ, сөйтіп,

Үш Жүзден Жеті бидің басын құрап.
Құндыгер Барақ Сұлтан қылышы — қан,
Айрылсын өлмей неге ырысынан!
"Қызымның қалың малын тонады!" — деп,

Пана іздеп "Жеті жарғы" бұрышынан...
Бұл "соттың" айырмасы — жеті би де
Өзі мен Батыр сұлтан ұлысынан!
Қозанай, Олжабай мен Қарөтегі,

Сырлыбай, бірі Аталық Мәмет еді.
Бұл "сотта" сөз тимеді ғалымға арлы,
Келеге пайдакүнем залымды алды.
... Тонатты Әбілқайыр бейшараға,

Шықпаған Хиуадан қалыңмалды...
Шапшымас бұлай қылып шідерлі ат тап,
Шапшып шариғаттан — кілең бетпақ.
Киелі Аят пенен Сүре орнына,

Жүргендер Айқай менен Сүрен жаттап

- Қапыда Хан өлтірген қарақшыны,

"Дүниесі тоналған!" — деп жіберді ақтап.
"Ақ!" — деген берілген соң өктем бұйрық,
Қара аттай Барақ кетті тепкен құйрық.
Бүл қырда опат тапты түңғыш рет

Майқы би, Қайғы Асаннан жеткен Билік!
Себебі өткен күннің шаласында,
Салдарын Бүгінгіден табасың да!..
Заңданды Басты Қылмыс Алғаш рет,

Қазақтың Қасіретті Даласында!
Ел қанын сорды "билер" қандала боп,
Тапқанда Ақ сөйлейтін
Паң Дала мерт.

Мерт қылып қанша
Арысты содан бері,
Ақталып кетіп жатыр сан қара бет.
...Жатады шалғайларын ит тартқылап,

Шын Билер шешіп кеткен
Маң дала - Көк....
Кеткен-ді өзін, сөйтіп, ақтап алып,
"Ерсің!" — деп өзеурескен жатқа нанып...

Қашып жүр соңғы кезде тынышы әбден,
Көп қарғыс жатыр ма, өлді,
Хаққа дарып. Түн болса,
Хан Сүлдесі келеді жетіп,

Баяғы Ақ Сәуледей — аппақ, арық...
Шығарып тынған елге ақыр шұрқан
Бараққа баспана боп шатыр түр паң.
...Сөзін жүр соңғы кезде жүре тыңдап,

Сырғақтап бар сенгені — Батыр сұлтан.
Ей, Барақ, ең әуелде ақсамай бас,
Ақсасаң — жарың да жат қапшағай қас!
Жер - қиян, көк - сауранға сыймай тұғын

Шарадай болып барады шақшадай бас.
... Манағы төлеңгіттің сандырағы
Ойларын одан сайын дал қылады.
Қыз беріп Сыбан Доржы қонтайшыға,

Кеп жатқан көрінеді Хан Нұралы'.
Тым-тырыс жатып алды орыс тарап,
Барған-ды жоңғарға да қоныс қарап...
Әй, бәсе, Сыбан Доржы осы жолы

Сөйлеспей қойып еді-ау теріс қарап.
Құрғандай енді бұған қыспақты ел боп,
Алыпты жау күшігі тісқақты ер боп.
Қонтайшы күйеуіне Нұралы хан:

"Барақты, — жатыр дейді, — ұстап бер!"
Ойпырмай, қайдан қазар ертең інді?
Болды ғой аспан — ая, жер — тебінгі.
Қайтарып әкелетін құдай қайда,

Баяғы қой бастаған Серке - күнді?
Талғамай табыстырған ұры - күшпен,
Қарғайды сол бір қара күнін іштен.

Сүйіндік қызы Бопай ханымның Орынбор генерал-губернаторы И.И.Неплюевке жазған талап-арызынан.

Көктеме.

Қара киіз ағарды ақыр,
Жел сынып, бітіпті ептеп самалға тіл.
Көктеуге кеше ғана көшіп қонған,
Жығылмай қара туы Хан Орда тұр.

Хан Орда.

Орда деген аты ғана,
Ордасын отын қылған нәті қара...
Орынсыз күлкі естілсе балалардан,
Үлкендер жөнеледі зекіп ала.

Бір тылсым мұң жайлаған Ұлы Орданы,
Төгілген өзен сынап — мұнардағы.
Қайғысын қазалы елдің қаза қылып,
Көп жылқы кісінейді қынардағы.

Орданы зіл қайғы түр шөкелеткен,
Зіл қайғы — Зілзаладай төтен өткен.
Жыртудан қорқатындай мұң - пердесін,
Жолаушы еппен келіп, кетеді еппен.

Баяу кел, әруақ сыйла, қатты келмей!
Жаяу кел, ханды сыйла, атты келмей!..
Құдайы тақты беріп, бақты бермей,
Орда түр алпыс басты — ақ дігердей!

Көтерген көкжиектен күн иегін,
Сағынған құстар кепті жылы үйегін.
Жұтып түр бар дыбысты
Қаралы Орда, Тілі ұйып қалған сынды дүниенің...

Баладай шығынбайық шетке қашып,
Жігітпіз жер ортадан кеткен асып
Енейік елмен бірге енді біз де,
Есігін Қаралы үйдің еппен ашып...

Ақ Орда — ақ айдын - ды нұры жанған,
Бүгінде сыры көшіп, сыны қалған.
Тепкенде Қарағүс - Түн — тірі қалған
Айдында аққу отыр сынық - арман...

Керіледі күлдір мамай керегеде,
Төгіледі сылдырмақ - ай тегенеге.
Сурылған қынабынан қылабы қан
Ағинақ ақшияды неменеге?..

Біз де оған қарадық па еркімізбен!
Қан - сәуле апармап па еді ертіп ізбен!..
Жұлынған дәндәкуі, оқшантайы
Деңмент түр — тоғасынан шорт үзілген.

Әлдекім әлдеқайдан ыңырсиды...
Белгісіз болып қалды мұның сыры...
Үміттің лыпасындай ыдыраған
Ақ сауыт — дал-дұл болған шығыршығы.

Көз жалмап кепиет бар асасында,
Иегіңді еппен көтер, бас асырма!..
Баяғы қанды Пайтақ тығылып түр,
Алтын Тәж, айыр қалпақ тасасында.

Гүрзі түр — тұрысына ырза болмай,
Маңайда қол жоқ, бірақ, гүрзі алардай.
Қалыпты бүкірейіп бұқар садақ,
Белімді кеттім бе деп бір жаза алмай!

Тұтынған барлығы да Ханның мүлкі,
Қозады көргеннен - ақ жанның құрты.
Ілінген айбалта түр сағанаққа,
Сияқты құлыпталған тағдыр кілті.

Бәрі де танытады сартап қалып,
Күн жұққан көлеңкелер сәл таттанып...
Іштегі көп жиһазды көтере алмай,
Тұрғандай шатқаяқтап шантақ талып.

Күллісі хабар береді ауған бақтан,
Ақ көйлек — керме қапта аунап жатқан!..
Қара ожау сығалайды аяқбаудан,
Сусаған сан ерінге саумал жаққан...

Қыдырмай босағада төрге өтелік,
Хан мүлкін тауысар ма пенде теріп!..
Алдымда адыра қалған
Тақ түр екен,

Ғайыптан әкелгендей жел көтеріп!..
Алдымда алтындалған
Тақ түр екен, Қасында иесі жоқ
Бак тұл екен.

Қарайды жер ошақтай үңірейіп
Талайдың көзін жұтқан
Тәтті Мекен!..
Қағардай "ием қайда?" — деп қанатын жай,

Шегіндім тақ қасында қала тұрмай.
Тақ қалды төрт тағандап - сәл шыдасаң,
Соңынан иесінің шабатындай!
Япырмай, айналаға абай қылмай,

Қарағам Хан Ордасын қалай қыңбай?..
Ес жисам тұр екенмін орда ішінде,
Толқынын мұнар жапқан ақ айдындай.
Толқында — сынық қанат қаралы қу,

Десе де сері - самал: — Сананы жу!
Қымтайды қауырсынын қайта - қайта,
Көргендей көктемнің де самалын — у.
Қара қу — аппақ Бопай айдындағы,

Сүймейді қайғы ұрғалы қай құрманы...
Күні жоқ көңіл — көзден мұң құрғаған,
Қазақтың Хас Арысын бай қылғалы. ...
Боз бұлау — боздайды да отырады,

Боз мая — боздағынан айрылғалы!..
... Таянды екі жылға хан өлгелі,
Жақсылар келді-кетті әр елдегі...
"Барақты ұстай алмай жүр көрінеді!.."

Осы да болар елге дәлел ме еді?..
"Өлді!" — деп от ұрғанда неге қалған?
Кеудеден ұшпай қапты көбелек - жан!
Бекітіп қанаттарын кетті кейін:

"Иемнің кегін алам!" — деген арман!
Дүние күл боп кеткен жау соққаннан,
Жан тамып сүңгі мұздай саусақтардан.
Сезді де Хан жоқшысы өзі екенін,

Қатайтты қабырғасын қаусап қалған!
... Қызы еді тентек елдің — Адай деген,
Туғызған теміржұлын талай берен.
Тұқымы "Көк найзалы Табынайдың"38

Әруағын Ер Сүйіндік — қалай дер ең!..
Ерке өсті бес бөрінің ортасында,
Екі қыз — әпекесі Қанайменен.
Кең Үстірт — құла майдан, жан - жағы сор,

Жантағы — суға қанық, қаңбағы — шөл...
"Қызымды берем "Бара Бәйбішеге!"
Деп батыр отыратын — арманы сол.
Ақыры орындалды сол арманы,

Құдайдан шын тілесең болар - дағы...
Мертіккен Әбілқайыр тап болып еді,
Жүргенде анды қуып сонардағы.
Тастаған ит қиянның жотасына із,

Мейманға (мал жоқ болса) ет асыңыз!..
Жары өлген жалғыз сүрей жадау көктің,
Мертігін салып берген "Оташы қыз" ...
"Оташы" — Бопай еді осы отырған,

Сонымен әке арманы қоса тынған!..
Кеткен-ді Ханға "Бара Бәйбіше" боп,
Айрылып "Хан" — дегенде ес - ақылдан!
Есінен сол Хан мүлде кетті айырып,

Төбеден, Көктің Мірі - оқтай ұрып!..
... Құмайдай ай бүгіліп айдын - нұрда,
Ордада өзі отырады жатпай ұлып
... Масқара — осы Бопай басыменен

Барақтан ала алмауы кек қайырып!
Талпиды қаралы қу — есіл көңіл!
Белгісіз, қайда жетпек кесімді өмір?!
"Шешінсең суға қарғы! — Шешінбе бір!"

Дейтіні ер әкенің есінде жүр. ...
Қара қу қанаттарын жиды кенет,
Қақ — күміс қабақтарын түйді кенет
Келгендей кесіп түсер шешімге бір!..

... Кірді ішке Әділ сұлтан' құйын кекіл,
"Отауға ие болар" күйінде түр.
Көңілін аулағалы келгені ғой,
Ойнамақ — "Хан - талапай", "Үйірмекіл!".

Ханымның көңілі кенет кетті босап,
Көзінен қара аттылы өтті жасақ...
"Болар ма бұдан асқан "Хан — талапай?!
Үйіріп құйын түр ғой көкті қашап!".

— Қарағым, ойын бітті! Желіде — нар.

Жетекке ал нағашыңның еліне бар!..
Шөгермей тұрған күйі шалып жібер,
Қаны ағып кете барсын жөніне мал...
"Осындай сәлем айтты! — деп қайтып кет,

Оқ тиген жүрегіне өлі Марал!..".
Сөзіне шешесінің бек түсініп,
Оқша ұшып Әділ сұлтан кетті шығып.
"Күн шалған мұнар басын бол бәйтерек,

Тамырын мұз жалаған, кекті шыбық!..".
Қақталып керімсалға, беті — күнге,
Оралды Әділ сұлтан жеті күнде.
Әділ султан* — Әбілқайырдың

Бопайдан туған кенже баласы.
Барлығын айтқанының орындапты
Қан, шырыш жұғып қапты кекілінде.
Айдынға жас тамызбай мөлдіретіп,

Біржола буды Бопай белді бекіп...
Шаңы өшпей Әділжанның көкжиектен,
Төркіні айғыр топ боп келді жетіп!
Мауығын басып әбден жылағасын,

Сақтаулы қазанға сап сыбағасын,
Топбасы — Саназарға39 көзін қадап,
Ақтарды Бопай ханым мұңазасын:
Жазасын тарттыра алмай ел жауының,

Қорлықпен барады өтіп мына жасым.
Сендерге жаушы салдым, бұдан әрі
Белгілі болғаннан соң шыдамасым!
Бас кетіп бұзар сойды елді қортық,

Қасірет — басымызға төнді Қорқыт.
"Қырсығы мансабыма тие ме?" — деп,
Бастарын көтермейді шенді қорқып.
"Күннен соң — Ай не болар?" — демеуші ме еді,

Ақ Орда еңсе кетіп болды мортық.
Ері жоқ елді оятар ұран салып,
Бермесең ауызына зыбан" салып.
Басына ай сәулесін сәлде қылған

Асқар тау — өлді басын мұнар шалып.

— Ескелді

Төре жүр ар - ұятын мұртқа тағып,
Билер жүр жамиғатын ұртқа таңып...
Жоғалтып қазанатын тай жүгірткен,
Құлатқан Азаматын жұрт та талық...

Оясыз өкпелерсің ерге несін!
Қатынның қасиетін бермегесін.
Ортаңнан ойып дұшпан жал май берсе,
Құламай тоқтар ма екен көрге көшің?!

... Бар пәле ана жауыз жандаралдан,
Көзінің қарашығы қанға оранған.
Барлығы маған қазір мәлім болды:
Барақ ит - жаналғышы жалдап алған!

Елімде болам деп пе ем сонша бейбақ!

- Қыла алмай өткенім бе қорша қайрат!

Біріне жанды жауап бермей отыр,
Қанша рет талап бердім, ерсал айлап40.
Бәрі сол жандаралдан! — Тағы да айтам,
Қағып жүр бұлталақтап әлі қайқаң.

"Жазасын қылмыскердің тарттыр!" — деген,
Жауабын ала алмай тұр Абылай Хан!
Тек қана сол баладан дәмелімін,
Оған да бермейді ерік бәлелі жын.

Патшаның адамдары тантып кетті,
Өзінше тексерген боп "Хан өлімін".
Айрылған мен бір шыбық шынарынан,
Қайғының көз ашпаған мұнарынан.

Күнінен шарасыздың беріп жүр ғой,
Қалмаққа қарындасын Нұралыжан.
Өрісін тарылтпақ қой анау иттің,
Қолға кеп тұрушы еді, деп, бұғы арыған.

Колыма қайдан толық тисін ақпар?
Сонда да жетіп жатады исі хаттар.
"Сот" құрып, Барақты ақтап жіберіпті,
Өздері таңдап алған би - сымақтар!

Ағалар! Бауырларым! Қарақтарым!
Жанымның ауырғанын қанатқаным!
Атамыз Нұрлан өнген ел едік қой,
Шынымен қалармысың қарап бәрің?..

Хан Ием — қара түнде ұшқан жебе еді,
Халқына іздеп еді тыстан қорек...
Бас Ханы бүл қазақтың құнсыз кетсе,
Ойлайды біздер жайлы дұшпан не деп?..

Ібіліс Отаныма тор құрғасын,
Өрт болды — көздің жасы көл қылғасын.
Қаңғырып бассыз аяқ қайда барар,
Кез-келген барақ алса Елдің Басын?!"

...Ақ Бопай осыдан соң қалды сұлық,
Өртінен көкірегінің жан қысылып.
Бажайлап айналасын алғаннан соң
Саназар сөйлеп кетті алға ұсынып:

Бұл қорлық жанды үсіткен күйелі мұз,
Сақылдап қоя береді иегіміз.
Өзіңнен бір ишарат бола ма деп,
Сырқырап жүр еді көптен сүйегіміз.

Жүр екен Барақ әбден тантықтанып,
Параны биден қалған сарқытқа алып.
Ғадалат таппай қайтты кеше күзде
Жиенің — мына отырған Қарпық барып41.

Отырмыз болып бүгін хас қарабақ,
Бет те жоқ сөз айтатын Досқа қарап.
"Сен, Адай, малыңды бақ!
Ханда нең бар?!" —

Деп мұны жіберіпті масқаралап!
Танаулап қара бас құрт атқақтаған,
Ібіліс — кісіліктен бақ таппаған.
Барады бастан қарғып!

Ел ек жауды
Бас түгіл бақайынан аттатпаған!
Білеміз, кетіп барады харамға есең,
Есеміз ол біздің де — оған да сен!

Бар Адай — бүгін сенің құрмалдығың,
Жолыңа садақаға шалам десең!
Жүруші ек мәртебе ғып есіміңді,
Уды да бірге ішеміз осы күнгі!

Біз дайын — қияметке салсаң да айдап,
Бопайжан, өзің байла — кесіміңді!"
...Қаусатып бар үмітін соққы соғып,
Қанша арман мойыл көзде кетті сөніп...

Көтеріп көзін ханым, анталаған
Апайтөс бауырларын өтті шолып.
Бұлдырап жүре берді көз алды сәт...
Ханына қайтқан күні мазарды сап

Осыңдай сезім ұрған, қиналғанда
Көк барқын елді көріп — жазар құшақ.
... Ер Шотан, Арғынбай мен Айбас, Қонай
Тез теткіп, шемеңденіп сазарды сәт.

Тыртықтан сау жері жоқ төрт шері отыр
Бастары сегіз тілік қазан құсап...
Сұңқ етті қаралы аққу — хан өлгелі,
Кірпіктен жас төгу - тін бар ермегі...

Жөнелді қызып нұрды тоқып ала,
Ақ жүздің іздері өшкен әр өрнегі.
... Отырды ақ періште кейіпке еніп,
Пірлері жиылғандай әлемдегі.

Тәубе айтты...
"Айналамда бұлар барда
Дұшпан ит мұқатар, — деп, — бәдем, мені!.."

— Ендеше, тарт, Бараққа Қарнақтағы!

Орыстың асыранды қан - қақпаны
Ойымен аран қазып жатқан шығар,
Тағы бір бейкүнәні зардатқады.
Мойынға жүктемейсің харам қанын,

Келген соң айтасыңдар — маған бәрін!
Ұл - қызын жазым қылып жүрмеңіздер,
Ашылып шері мінез — арандарың!
Қолында бір Алланың — еркі кімнің,

Сендерге Ар - туыстың сертін ілдім.
Төренің қанын артып мойыныңа,
Қоя алман қолын былғап — төркінімнің!
Безгені белгілі ғой маза менен,

Қайғыдан осы жолы тазарар ем.
Жасалмау үшін мұңдай қанды қылмыс,
Ешкім де естімеген жаза берем.
Ай, Шотан!

Саған айтам! — От қаптырып,
Күл - көмеш босағасын аттап кіріп,
Жауыңды табанға сап таптап тұрып,
Айтарсың — айтарыңды қақтап, тіліп!

Тәжін ал, ең әуелі, басыңдағы,
Кісесін кетпе ұмытып қасындағы.
Асасын, бес қаруын түгел сыпыр,
Мөрін ал саусағының тасындағы!

Содан соң біржолата — "ақталап" кет,
Көрінсін қара жүзі ақ та көк боп
Күзеп ал иектегі құрым қылын

- Күзелген қала барсын қатпа көрт боп!

Ұрғанда төбесінен салмақтап кек,
Жатсын бір арам қанын талмап көкбет.
Құны жоқ қауға құрлы жұртта қалған
Кәлласын ұстарамен шанбақтап кет!

Бақыраш көтере алмай қазан жүгін,
Дегенмен, кетпес осы жазам қырын;
Қатыннан айырмасы қалмау үшін,
Тіл - екі құлағының азандығын42!

Ханымдық белгісін ал қатынының,
Өргізіп жүрмесі үшін тақымы жын!
Танысын Ер қолынан сапы құнын
Жыландай жынға оралған бапы - бұрым!

Тұлпарын тайша күзеп тұлдарсыңдар,
Тіліңдер туырлығын шатырының!
Содан соң көріп алдық болған ісін,
Тигізген осы болсын қолғабысың...

Бұл әнім неше түнгі толғанысым,
Айтайын, әлгілердің мен мәнісін.
Жанардың жастық куә жасы қалған,
Осы - дір басымдағы асып арман...

Төренің төріндегі тәжін алсаң
Мың есе жеңіл одан — басын алған!
Көз жасым өртер оның от боп көрін,
Үркітер кеудесінен көк кептерін...

Кісесін беліндегі шешіп алу
"Беліңді сындырғаным!" - деп кеткенің!
Бәрі бір — сатқының не, жендетің не!
Бәрі де түптің - түбі — елге түрме...

Айрылсаң — асан менен бес қарудан,
Ешкімге бола алмайсың — Ер де, Пір де!
Мына бір күл беттенген өңсіз жалған,
Жараңды қанатпай ма ең сызданған...

Сатқынның хақысы жоқ мөр ұстауға,
Мөрсіз Хан — мүрдемен тең көрсіз қалған!
Дерттенген күндерімде кірмей маза, Серт бергем:

- Жіберем, - деп, - зілдей қаза!..

Төрені өз төрінде күзеу деген
Ақталап жібергенмен бірдей жаза!
Лайық жазаны іздеп неше бір күн,
Санамды қиялыммен көседім мың...

Ханымның белгілерін алып кетсең:
"Қожасы — мен — дегенің, — төсегіңнің!'
Ар жағы өздеріңе мәлім шығар,
Бала емес — түбі жіктеп бәрін сұрар.

Үлгі ұрып Алты Алаштың баласына,
Күн туды жездеңіздің арын сұрар!..

— Ал енді, сөз қыламыз неменені?

Осымен әңгімені шегерелді...
"Аллаға тәуекел!" — деп харекет қыл,
"Тегелен"' желеп жүргей төбедегі!..
Абызы Әтембектің" төкпек қағып

Ерлерге берді бата — от боп қарып!..
Ер Шотан, Арғынбай мен Айбас, Қонай
Белге ұрып бес қаруын кетті аттанып...

ІV - бөлім

Кек алу

...Қасына батыр жары Шотан ерген...
Мұрат Мөңкеұлы.
... Салмапты есігіне Қарнақ "құлып"
Оралды Айбас жайды барлап біліп:

Иншаллаһ, — деп қояды, — сәтін салса,
Бараққа кетем бүгін қан қаптырып!
Сақ екен - елден үркіп қашқан залым,
Күзет бар — шыққанша әбден аспанға күн.

Ділданың тең жартысын асаттым да,
Барақтың сатып алдым — бас Жандарын43".
Қасында кім жүргенін Төре білмеді,
"Сатқынға — жұтқын үйір" дегенің кеп

Алтынның қақ жарымын алып қайттым, "
Қалғанын іс біткесін беремін!" — деп.
Аз деп пе ең хан өлтірген осы бейнет!
Санасы сарсаңданып, есін ой жеп

Айқайлап шығады, — дейді, — түніменен!
Өзі әбден жүр көрінеді қос үрей боп!
Қайттым мен барлық жайға сұрап қанып,
Ұйқыға кеткенде әбден қырат талып

Тын үшін Бас Жандардың өзі келіп,
Күзетті әкетеді жыраққа алып...
Мэн - жайды Айбас отыр баяндаған,
Жерлері үлкен тоғай — аялдаған.

...Құлпырып, кеткен дүние күреңденіп,
Жаққандай шігірдік кеп боянға қан.
Манаурап құлан көде оянбаған,
Мың басқа айтқызады қояндақ ән.

Судағы бейнесіне бас шайқап түр,
Ақ қайың Хас сұлудай боянбаған.
Таспа шөп саусағымен гүлді мытып,
Асылды кекіреге — қылғыттық.

Табиғат үргін - сүргін күнді ұмытып,
Аспан түр көк аңқыған үнді жұтып.
Даярлап ат - жарағын болар кепке
Төрт батыр қалды отырып түнді күтіп...

... Күткен Түн, әзер - алда, ол да келді,
Жұлдыз - көз көк кептер боп қолға қонды.
Құсжолы — ай тоғалы дөңмент белбеу,
Түн - дүние босатқандай зорға белді.

Ай - тоға от шашқандай шатырларға,
Шоқ ұшып — Мұраталы44 "аһ" ұрғанда...
Еппенен жылжып берді батырлар да

— Құмыр құс — жеті мәрте шақырғанда.

Келгендей бүл шаруаға ақыр ұтыр.
Жымыпты жер түбіне ақылы құл...
Байланып сәмбі талға қара арғымақ,
Барақтың сәндеп тіккен шатыры тұр.

І

... Ханымы қойған бүгін шатырда қап,
Кетеді жанды күйзеп "аһ" ұрғаны - ақ.
Күректей қою сақал түнді тіреп,
Шалқалап хан тақтада жатыр Барақ.

Тынардай ақыр қамап ессіз үрей,
Санасы сан елесті сапырмалап...
"Бопайға кешу сұрап барсам," — деген
Байламы берген кезде ... ақылға — дәт...

Боз Сүлде ... келе жатты тағы кіріп...
Тығылды қойынына ханымы құрт.
Өшіріп ханым үнін жағына ұрып,
Жан - жағын қармай берді хәлі құрып. ...

Боз Сүлде кенет Қара Әруақ болып,
Тізеге баса қалды алып - ұрып.
Жарықты жауып қалды
Соқыр құлып,

Қорқауды қара бүркіт отыр бүріп.
Тас тізе жерге тірі тығып барады,
Сүйегін жіберердей отын қылып.
Сұлтанда сүйек бар да, жүрек жоқ ед

Сүйегі қорланғанға өкірді ұлып.
... Әй, бөсе, әруақ қайдан оңай болсын,
Төрені төсеп қойды тоқым қылып!.
Алып күш жасап тынды өз дегенін,

Шатырдан қоржынға ұрды көздегенін.
Тәжді алды,
Кісені алды, Асаны алды,
Жинады Бесқарудың өзгелерін.

Саусақтан бұрап тұрып
Мөрді де алды!
... Не деген безден қатты безбен едің!..
Ханымның Қарқарасын45, Данадқасын,

Шұбыртпа, Тұмаршасын, Анар - тасын"
Барлығын жұтып алып қара қоржын,
Біржола қандырғандай жан аңқасын.
Содан қол "Ханның" басын түртіп көрді,

Тастады маңдайынан сүртіп терді.
Ұйысқан қара бұлттай құрым сақал,
Ақ жасын - қара бұлтты қырқып берді!..
Түсінді сонда ғана сырды Барақ,

Қылғынып басын жерге ұрды Барақ.
...Көп жұлдыз сықсың қағып нұрды жалап,
Тілінген туырлықтан тұрды қарап.
...Тыстағы шаруаларын тәмамдаған,

Қонай мен Арғынбай да кірді қамап.
Еркіне қырықтықтың жағын беріп
Тыншыды сұлтан,
Тәнін жалын көміп.

Жегі - ұят жеп барады көкірегін:
"Тұр - ау, деп, Хан Сүлдесі бәрін көріп..."
Ханым тұр — сүр көжектей дір - дір етіп,
Сырғасы түсті үзіліп сылдыр етіп.

Түбінен шорт кесілген жылан - бұрым
Жоғалды қоржын - інге сүңгіп өтіп.
Иекті жел ұрғанда, сүйекті - қан

- Сықырлай жабылған жақ — Інжі"46 бекіп:

"Кімсің?.." - деп түнді үркітті қыр - қыр етіп. "
Танысаң — Адайыңмын!.. Танымасаң..." —
Тіл бітті қара Әруаққа гүр-гүр етіп.
"Құдаймын!.. — Естімеп пе ең ол кісіні?

Мінеки, мендей болады — белгісі, үні!..
Танымай Тәңірді де талтаңдаушы ең,
Өлгенде ұмытпассың енді — шыны.
Ер болсаң — қара жер боп көтеріп ал

Жіберген Тәңіріңнің төнді сыны!..
Әй, бірақ, ондай ерлік қайда — саған!
Жан едің ақылы — азғын, айласы — арам.
Халқыңның Ары менен Басын жалмап,

Деп пе едің, арыстан боп — айға шабам?!
Көрдің бе, тамған қанды шаңырақтан?
Ай саған түр шаптырып зәрін аққан.
Тілгілеп туырлықты түтіп өткен Оқтары ол:

хас қарғыстың — Тәңір атқан!
Жіберді Құдай саған қара күнді,
Жел айтып таратады хабарыңды.
"Халықтың Ардағына қол көтерген

Осындай болады!" — деген қалады үлгі.
Шық ертең ел алдына мына түрмен,
Қазақтың қан — даласы, сірә, түрмең.
Өзіңдей тұл қалған ел тауып алып,

Хандық құр — тұл қатынмен, тұл атыңмен!
Жазасыз кетеді деме, қандай зұлым,
Өтемі, есебі бар әр қайғының.
Ханды атқан, халқын сатқан қара беттің

Таниды Ел — саған қарап қандайлығын!.."
Бұрылды осыны айтып Шотан ары,
Толқиды құнан білдей жота жағы.
"Бауыздап кет!" — Ышқынды - ай кеп, сонда Барақ,

Көлбақа — жылан жұтқан қопадағы...
Оқиға белгілі ғой одан арғы,
"Бауыздап кет!" — деген дауыс санада әлгі.
Тілінген туырлығы Ақ Шатырмен

Тұттиып қара арғымақ қала барды...
Қанша ерге көр қазғанмен кекті зұлым,
Әділет бұл далаға екті гүлін... ...
"У ішіп өлді Барақ!" — деген хабар,

Ордаға төрт батырдан жетті бұрын...

Түндік жабу немесе Ханмен қоштасу

Қайыр, Хош! Бұл Әңгіме бітті делік,
Аяғы осындай боп шықты келіп.
Шыңдықты шыңырауымнан шығара алмай,
Жүр едім көптен бері күпті болып.

Жүргендер — ақиқатқа түрткі беріп,
Кеземей қаруларын кілт түнеріп;
Түсінер — шықты көріп кірпігімнен,
Түңілер — жүрегімнен түкті көріп.

Әркім кеп жоқ жерімен бал ашқанда,
Жаутаңдап отырушы ем қара аспанға.
Сұрамай бұл оқиға жайлы — менен, Көп білгіш:
"Жоқ, былай - лап!" — таласқанда.

"Хан кеше өліпті ғой!.." "Жо - жоқ, бүгін!.."
Сан қилы ізге салды дерек қырын.
Мен бүгін білем шынын! — айттым, міне,
Алдында не дүмдінің, не беттінің.

Хан өлген.
Жасырды да өшті — кейпін,
Жоғалды моласы да — дос түнейтін...
Жылаған Мәжнүн талды Хан басында

Халықтың көз жасынан өсті дейтін.
Көң қора. Мал жайланған сәнді кеште,
Үлкендер айтып кеткен әңгіме есте:
"Баяғы Әбілқайыр басына өскен,

Қан шығып кетеді, — деуші еді, — талды кессе!.."
Ал, бүгін, кім кеспей жүр қан шығарып!?
Ағады сүйегімнен зар шұбалып...
Бүгіннің барақтары бауыздап жатыр,

Қайтадан Ханды көрден аршып алып.
Көнелер айтып кетті көзі көрген.
"Ол Барақ — өз жазасын өзі берген!"
Жазасыз, мазасы жоқ бүгінгілер

Жерінде бауыздамақшы кезі келген.
Өткеннің күл - қоқысын қаузап, теріп,
Мыстан жүр іштен шыққан — жау жаққа өріп.
Жинайды жат қолынан арзан бедел,

Өспес ұл — өнбес шарды даулап көріп.
Ұлт болып қорғау керек Ұлысыңды,
Ұлыны қорғау керек Зәузат болып!..
Жалғанға жанаспаған Арлы Өлеңім,

Ұсынды алдыңызға бар дерегін.
Жырымның жықпылынан қалқып шыққан,
Мен кейде Боз Сүлделі Хан көремін. ...
Үстінде Бопай апам жоқтау айтып,

Бауыздалып — Боздап Жүрген
Нар көремін!.. Аман бол! —
Көрерің көп, Арлы Өлеңім!..
2001 — Жылан жылы. 17-20 желтоқсан. Шынжыр қыстағы.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙