Шығармалар жинағы. Буве нүктесі
Мерей Қосын
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Шығармалар жинағы. Буве нүктесі
Мерей Қосын. "Олардың тарихы" беллетристикасы
Бар болу (Beіng)
Экватор сызығы жақындап келеді. Жүректер шамадан тыс соға бастады. Жалаңаш тәндер дөңгелек әйнектің ішіне кіріп кетті де, олардың жандары ауада күйбеңдеп қалды. Және тоңады. Экватор сызығы қозғалған сайын түстер құлпыра түсуде. Қызыл, жасыл енді қызыл жасыл қосындысы, қара мен ақ енді олардың қосындысы, қосындылардан қосындыларға қосылып жер беті таңғажайып әдемі әлемге айналды. Сол таңғажайып әдемі түстермен жасалған үй ішінің иісі басқаша еді. Ол қабырғаға сүйеніп, тізесін бүгіп отыр. Терезесінен күн түспейтін алакөлеңкелі бөлменің тыныштығы оны әбден шаршатты. Оның екі көзі есіктің тура төбесіне орнатылған арнайы үй камерасында. Ол бұл заттың үйдің қуыс қуысында не үшін тұратынын жақсы түсінетін. Сондықтан да кино өнерін қатты жек көріп кетті. Ол дөңгелек әйнектің формуласы туралы жиі ойлайтын болды. Қазіргі қателік ертеңгі жаңалық немесе қазіргі жаңалық ертеңгі қателік, бәрібір орындары алмасса да дөңгелек әйнек шыға келеді. Осылай ойлап отырып, өзінің Эйнштейнді көп оқып қойғанын білді де өзінің ессіз ақымақ идеяларын мазақтап күліп қойды. Бұл күлкіні есіктің төбесінде тұрған дөңгелек әйнек түсіне қоймады. Бірақ тағы да сақтап қойды. Ол бүгілген орынынан жеңіл көтеріліп, шашылып жатқан жұмыс столінің үстінен картаны алды. Іздеуге тиіс дүниеден бас тарытты, картаны ашқан жоқ. (Себебі) Артындағы дөңгелек әйнектің дем алғанын естіп тұрды. Түстен кейінгі сабағына баруға жиналды. Ол алакөлеңкелі бөлмеден шыққанда ғана даланың кеңдігін сезінді. Аялдамаға қарай жүре берді. Басқа ауаны жұтты да оның іш бауыры басқалай жұмыс істей бастады. Картаны енді ашып көруге жалқау саусақтары әрекеттенді. Басы өз денесінен бөлініп шығып жан жағына жалтақтай түсті. Ол тағатсыз арпалыстан тіпті төбесінен түскен күн нұрының мейірімін де байқамаған. Осы сәтте оны айналасынан дөңгелек әйнектердің дем алған дауыстары қоршап алды. Көшелердің әр бір адым сайын бақылаудың астында жатқанын қалай ұмыта қойғанын білмеді. Картаны ашқан жоқ, автобуысқа кіріп кетті. Адамдар. Қорқыныш пен шарасыздықтан өзі сияқты күн нұрынан мақұрым қалған сүйкімсіз жаратылыс иелері. Ол ешкімді танымайды. Бірақ бәрін бұрын бір жерден көрген сияқты болады да тұрады. Адамдар жүзіндегі жалған сезімдерден дүниенің төңкеріліп кетпей, тіршілікті жалғастырып тұрған белгісіз күшке ол осы сәтте қатты табынып кетті. Өтіріктен жасалған ауыр ауадан шыдай алмай түшкіріп жіберді. Ішіндегі құйыршық сұрақ қайта қысып картаны ашуға тағы әрекеттенді. Бірақ тура алдыңғы жақта төбеде тұрған дөңгелек әйнектің ішінен өзін көрді және адамдарды. Ол өзінің және өзі сияқты екі аяқтылардың тек анау дөңгелек әйнектің ішінде өмір сүретінін және дәл қазір автобус бос кетіп бара жатқанын әбден түсінді. Ол тағы түшкірді, бұл әрекетін экран ұрлап ала қойды, енді ол «өзі емес». «Өзі емес» ол жерге түсіп кетті де университетіне қарай бет алды. Ендігі бар үміті осы аулада. Сыртқы есіктен енді аттап кіргенде аяғының астында қаз -қатар тізілген қара құмырысқалар жолды кесіп өтіп бара жатты. Ол мыжып кетуден қорғанып қалды да айналып өтті. Табиғатының шынайы жаратылысынан алыстап кете қоймаған ауада ұшып жүрген ұсақ жәндіктер де белгілі бір тәртіппен қозғалып барады. Ол да әдеттегі тәртіппен басып өз аудиториясына келді. Есіктен кіргенде бұрыш -бұрышта тұрған дөңгелек әйнектерден төгілген толқындар мен іштегі жасанды дауыстар қосылып келіп оның алқымына кеп тығылды да тұншықтырды. Ол шыдай алмады, далаға қарай жүгірді. Оның жанталаса қозғалған аяқтарын жолды кесіп өтіп бара жатқан қара құмырысқалар тізбегі тоқтатты. Ол дәл осы өзі тоқтаған нүктені картадан көргісі келген еді. Дөңгелек әйнектің шағылған дауысын ол өзі жасап алды, картаны ашты. Бірақ ол жер бетінің шимай сызықтарының арасынан өз нүктесін таба алмады. Аяғының астына қарады. Ол асфальтті көрді. Топырақ емес.
12.12.2015 жыл
Hіs story
Aккаунттағы тербеліс (Rock іn account)
Мен жазып жатырмын, тағы жаздым, қайта- қайта жаздым. Бірақ ол тыныш. Шаршағанымды сезсем де әріптермен ойнап, қара жіптің үстінде отыра бердім. Ол аялдамаға жетті, құлады. Қолынан түскен ақ қағаздарды жер көтеруден ауырсынды ма анда- мұнда итере берді, бірақ жел жоқ. Қарауытқан туман ішінен бөтен, әлдебір сұлу әжімді бейне оны түртпектеп зорлықпен оятып алған сияқты. «тұра ғой, жедел жәрдем шақырайын ба, бәрі дұрыспа?» деп күйбектенеді бөтен. Ол түсінен шошып ояна салған бейбақ сияқты басын жұлып алып, жердегі ақ қағаздарды жинай бастады.
- Мен Нильсен компаниясынанмын. Бізде маркетинг жүріп жатқан, менің бірнеше сұрағыма жауап бере аласыз ба?
- Сізде бәрі дұрыс па?
- Сізді мына мобельдік абаненттердің қайссы қызықтырады, қайссын жиі пайдаланасыз? (ол осы жерде жымип езу тартуы керек еді, бірақ ол жағы қарысып қалғандай дұрыс сөйлей де алмай тұр) Мыналардың Actіv, Beelіne, Kcell, Tell 2, Altel қайссы сіз үшін тиімді, мысалы, интернет пайдалану үшін, қоңырау шалу үшін, сізді мативациялық ойындар қызықтырады ма? (бұл сөздерді үзіп- үзіп аузынан зорға тартып шығарып тұр)
- Рахмет, сізге ешқандай көмек керек емес пе?
- Менің сұрақтарыма жауап беріңізші? Оның дауыстары дірілдеп кетті, қара сымдар ішіндегі сол смайлктің түрі оның ішіне тығыла түсті.
- Кешіріңіз!
Сұлу әжімді бөтен бейне ауамен тіресіп, тығылысып кетіп бара жатты. Ол қағаздарын құшақтап тұрып, автобус келуін күтті. Маңдайындағы кекілін артына қайырды да адамдардың ішіне кіріп кетті. Жол бойы ол ештеңе ойлай алмады. Оның кеудесінде тек қара сымдар ішіндегі тербелістер ғана жүріп жатты. Ол әдемі үйге келді. Бәрі оның табанының астында жайылып жатты. Ол баса береді. Жерге құлаған жамбасы ауырсынып тұрғанан енді сезді. Жуынып алып дем алу керектігін ол енді түсінген еді, бірақ қолындағы қағаздарды офиске өткізетін уақыт болып қалған. Душқа кірді. Ол айнаға қарағанда сақал-мұртының біраз өсіп қалғанын көрді де қырына бастады. Жүзі ашылды. Қас-қабағының терісі дірілдеп қозғалып тұрғанын көргенде барып ол өзінің жылап тұрғанын білді, бірақ айнадан ештеңе көрінбеді. Қара сымдар ішіндегі сол смайлктің түрі оның ішіне тығыла түсті. Костюм- шалбарын киіп, реттелді. Столдағы қағаздарға қарап тұрды да, жартысынан астамын әлі толтырмағанын көрді. Қаламды алды да бос тұрған барлық кестелер мен орындарды зымыратып шимайлап бірдемде бітіре қойды. Бәрін жинап файлға салды да шығып кетті. Нильсен(Nіelsen) холдинг ғимаратының алдына келді. Өте биік. Ол есіктен кірмей тұрып ғимараттың ең жоғары нүктесіне қарап тұрды. Ол өзінің соншалықты кішкентай жаратылыс екенін түсінді. Қалтасындағы телефонын алып, өз аккаунтын өшірді де, баспалдақпен көтеріле берді. Мен жазып жатырмын, тағы жаздым, қайта-қайта жаздым. Бірақ ол тыныш. Шаршағанымды сезсем де әріптермен ойнап, қара жіптің үстінде отыра бердім. Тағы бір аккаунт бос қалды.
01.11.2015
Hіs story
БУВЕ НҮКТЕСІ (The Bouvet poіnt)
«Сіз мың бір түн ертегісін оқыдыңыз деп үміттенемін. Әрине, сіз менің айтып отырғандарыма ешқашан сенбессіз, бірақ мен дәл осы күндері сол ертегінің өзіне айналып кеткендеймін. Тыныштықта ұйықтай бергім келеді, оянудан қатты қорқамын. Ояна қалсам ғажайып әлемнің бәрі ғайып болады да тек менің бойымда сол сәттегі сезімдер ғана қалады, басқа ешнәрсе есіме түспейді.» бұл Сириялық Ая (Aya) есімді бойжеткеннің маған жазған хатынан еш өзгеріссіз алынды. Фейcбуктегі «Humans of New York» парақшасында жақында жарияланған Аяның оқиғасы туралы жазба бақырайған көздер мен тік қатқан ойларды төңкеріп тастады. Және мені де, сондықтан онлайн дос болып, мың бір түннің ертегілерін тыңдап қысылған уақыт үстінде отыра бердім. Оның құлағы жанұшыра шыңғырып шулаған адамдар мен күн сайын төбеден құлайтын тұрақты дүмпудің айқасқан дауыстарына әбден көніп алған. Анасы мен бір бауырының осындай шудың астында ғайып болғандарына біраз жылдар өткен, ал әкесі туралы тіпті ештеңе білмейді. Бірақ, «Құдайдың жолында кетті» деген миына сіңіп қалған тіркес әкесінің өлгенін білдірмейтіндігін түсінетін. Ол кішкентай лашықтың ішінде қойнына тығылып отырған қалған төрт бауырының өмірі үшін жанталасып жатты. Ол таң ата бәрі тыныштала бастағанда ұйқыға кетті. 1-Түс. Ол басқа жерде. Өзі білетін алты материктің ешқайсысына ұқсата алмады. Аяғының асты тастақты қоңырқай жер, артына қараса мұзды, қар басқан тік жартастар көрінеді, алдына қараса шексіз алып жатқан су, көз жетпейтін кеңістік. Әдетте көзінен басқа бүкіл жүзін жауып тұратын орамалы ашық қалғандықтан салқын, тап -таза ауаны емін- еркін жұтты. Алдына қарай адымдай бергенде алысырақ тұрған белгісіз бір жігітті көрді. Оның алдына сондай көрікті адам тұрды. Ол өзінің кір басқан, ескірген көйлегінен ыңғайсызданып алдыға қарай қозғала алмады. Оянып кетті. Көзін ашқанда жайылып жатқан көңілсіз, жұпыны тіршлікке ызасы келді. Кеудесінде түсінен қалған сезімі бойын жылыта берді бірақ ешнәрсе есінде жоқ еді. Тек белгісіз бір адам оны түсінде шақырып тұратынын білетін. 2- Түс. Ол тағы басқа жерде. Енді оның үстіндегі көйлегі ақшылдау және жарасымды болатын. Ол алдыға қарай адымдады. Белгісіз келбетті тұлға да оған жақындай түсті. Ол қатты таңғалып тұрды. Жігіт оның көйлегінің жеңі қызыл боп тұрғанын көріп, ақырын ұстап ашты. Оның жараланған шынтақ жағынан аққан қанның киіміне жабысып қалғанын байқады да, қайта жапты. Қыздың көздерінде жігіттің жанашырлық мейірімге толы жүзі сақталып қалды. Оянып кетті. Көзін ашқанда жайылып жатқан көңілсіз, жұпыны тіршлікке ызасы келді. Кеудесінде түсінен қалған сезімі бойын жылыта берді бірақ ешнәрсе есінде жоқ еді. Тек белгісіз бір адам оны түсінде шақырып тұратынын білетін. Кеше түндегі шуда жаралап алған шынтағындағы қан қатып қалған, ауырсынбайды да. Түсінде осы жарасын көрген сияқты болады, бұлыңғыр ойлардан елестете алмады. 3- Түс. Ол тағы басқа жерде. Ол тағы сол орынында жігіттің алдына тұр. Күліп қарайды. Жігіт оның жүзінде жағылып қалған (түнде тамақ пісірген қырық жылдық қазанның) қара күйесін алақанымен сүртті. Ол жерге құлаған қатты жарылыстан шошып оянып кетті. Көзін ашқанда жайылып жатқан көңілсіз, жұпыны тіршлікке ызасы келді. Кеудесінде түсінен қалған сезімі бойын жылыта берді бірақ ешнәрсе есінде жоқ еді. Тек белгісіз бір адам оны түсінде шақырып тұратынын білетін. Қанша тырыссада жігіттің бейнесін елестете алмады. Ол түнді күтті. Сақтап қойған бар жақсы көйлегін киіп, бетіне бар бояуын жағып, әшекейлерін тағып төсекке жатты. Ұйықтап кетті. 4- Түс. Ол тағы басқа жерде. Ол тағы сол орынында жігіттің алдында тұр. Өзін әдеттегіден жақсы сезінеді. Жігіт оған ерекше ынтыға қарап тұрды да маңдайынан сүйді. Оянып кетті. Көзін ашқанда жайылып жатқан көңілсіз, жұпыны тіршлікке ызасы келді. Кеудесінде түсінен қалған сезімі бойын жылыта берді бірақ ешнәрсе есінде жоқ еді. Тек белгісіз бір адам оны түсінде шақырып тұратынын білетін. . Қанша тырыссада жігіттің бейнесін елестете алмады. Ол оянуды қаламайды. Тіпті көздері мөлдіреп өзіне қарап отырған бауырларын тастап мәңгі ұйықтап қалғысы келетін сияқты күйінседе түн күзетіп балалардың амандығын қорғаштайды. Тек таң ата көзі ілінді.
5- Түс. Ол тағы басқа жерде. Ол тоңып қалған еді. Жігіт оны құшақтады.
Ол: Біз қайдамыз?
Жігіт: Буве аралында
Ол жігіттің айтқанын түсінбеседе жер бетіндегі барлық шудан алыс жатқан бұл жер ол үшін нағыз жәннат сияқты көрінді.
6-Түс. Ол басқа жерге келмеді.
7-Түс. Ол басқа жерде. Ол ықылықтай бастады.
Жігіт: «Біз ықылық екеуіміз суға бардық. Ықылық суда қалып қойды, мен қайтып келдім» осылай қайтала, басылады. Ол: «Біз ықылық екеуіміз суға бардық. Ықылық суда қалып қойды, мен қайтып келдім.» Ол жерге құлаған қатты жарылыстан шошып оянып кетті. Көзін ашқанда жайылып жатқан көңілсіз, жұпыны тіршлікке ызасы келді. Кеудесінде түсінен қалған сезімі бойын жылыта берді бірақ ешнәрсе есінде жоқ еді.
05/01/2016
Her story
Жамандықты қорғау (Protectіon of іmmorally)
«Жамандық дегеніміз - адамдардың жақсылыққа бағытталған, бірақ сәтсіз шыққан іс-әрекеттері. Жамандық - біз іздеп жүрген өмірдің мәні. Нақтырақ айтқанда, мәнге жеткізетін ауыр жол. Күн сайын facebook парақшасынан көретін жан түршігерлік оқиғалар менің миымнан өтіп, қаныма араласады. Содан кейін мен бәрін түсіне бастаймын. Бәрінің бақытты болғысы келетін еді.» Мен бұны ұрлап оқып қойдым, бірінші досымның құпия күнделігінен. Үйде ешкім жоқ болатын, өзімді қоспағанда. Сағат тіліне асылдым да қалдым. Ол қозғалған сайын ғана мен өзімнің өмір сүріп жатқанымды сезе бастаймын, бірақ мен тиіспесем үйдегі заттар қозғалмайтыны мені шаршатады. Бірінші досым әлеуметтанушы. Бұл пәтерде екеуміздің бірге тұрып жатқанымызға біраз уақыт боп қалды. Ол қазір Германиялық ғалымдармен бір жобада жұмыс істеп жатыр. Айтуынша, немістер Алматы қаласының миграциясын зерттеумен айналысып жатқан көрінеді, оларға не керек, келіп- кеткен келімсегі көп бұл қаланың ұйқысын бұзып сауал жүргізудің өзі ғанибет ойын шығар. Екінші досыма хат жаза бастадым, ол onlіne отыр еді. Ол автобусқа кірді де бұрыштағы терезе жаққа қарай ұшты. Наушнигін құлағына салды да әсем кереңдікке шомды. Қозғалыстағы аласа темірлерге асылып тұрған адам дегендер сасық ауаның ішінде бір-бірімен (жүйкелері) тебісіп тұра берді. Күздің жын қаққан бір күні болар, дала ерекше құлазып көрінеді. Ол терезеден әрбір аялдама сайын әртүрлі жаратыла қойған ауыздар мен кірпіктерді, аяқтар мен қолдарды, шаштарды және көздерді тамашалап отырды. Тіпті оған қызық боп кетті. Бірақ барған сайын дала түнеріп барады, әлде кеш батып барады. Бір сәтте ол осында тұрған аяқтар ертең тағы тұратынын, оның ертесі тағы осылай мелшип қатып тұратынын ойлағанда оның ми қабатынан аяныш күйі зыр ете түсті. Бірақ қаны да жүрегі де оны сезе қоймады. Аялдамасына келіп қойды, пәтерге бет алды. Есіктен кіргенде тағы бөтен бір еркектің аяқ киімі тұрды. Ол ішінен досының сөзін қайталады. «Елемей-ақ қой». Бұрыштағы бөлмеден қыздың жылап жатқан дауысы естілді, ол ішінен тағы әлгі сөзді қайталады да киімін ауыстырып, ас бөлмеге кіріп шайын ішіп отыра берді. Бірге тұрып жатқан дос баласы әпкесімен бірге екеуі Таразыға тойға кеткен. Күз айы, той созыла берді, созыла берді, аяқталмайтынын білетіндер аз еді. Ол өзі де жақсы танымайтын бір қызбен осы үйде әрі қарай өмір сүруіне тура келді. Әлгі бөтен аяқ киім кетті. Ол ас бөлмеден шыққанда бұрыштағы бөлменің есігі ашық тұрды, бірақ ішке қарауға ыңғайсызданды да тура өз бөлмесіне қарай жүре берді, мұрына келген темекінің ащы иісі оның жүрегін айнытып жіберді. Дәл осы әрекеттер күн сайын қаталанып жатты. Ол кешкісін есіктен кіреді, бөтен аяқ киімді көреді, сосын әлгі досы құлағына тағы сыбырлайды, ол тағы әдемі кереңдікке шомады. Ас бөлмеге кіргенде қыз ыдысқа тамақ салып жатты. Дастарханға қойды да «ішіп алыңыз» деп теріс қарап тұрып айтты да шығып кетті. Бірақ оның тәбеті болмады, тамақ сол күйінде қала берді. Түн жарымында қыздың біреумен телефонда айқайласып жылап жатқаны естілді. Бөлмедегі заттардың қопарылысқан дауыстары оны еріксіз қыздың бөлмесіне алып келді. Есікті қағып, ақырын ашып еді, қыз теріс қарай қалды. Оны қатты таңқалдыратыны бірге тұрып жатқандарына біраз уақыт өтсе де қыз әлі өзіне тура қараған емес. Одан жүзін жасыруға тырысатын. Қазірде теріс қарап төсегіне отыра салды да құлағын басып алды. Енді бұдан әрі бірдеме сұраудың қисыны жоқ екенін түсінген ол өз бөлмесіне кетті. Көзілдірігін киіп ап, жұмыс столының үстінде көміліп біразға дейін отыра берді. Түн ортасы болды, ол шаршады. Енді жуынып алып ұйықтау керек. Душтың жарығы жанып тұр, бірақ ешқандай дауыс жоқ. Сыртынан тықылдатып көріп еді, жауап болмады, демек ешкім жоқ, есікті ашты. Қыз жерде құлап жатыр. Еденде аузына сыймай асып ішілмей қалған бақытсыз аппақ дәрілер шашылып жатты. Ол титықтап кетті. Арада анау мынау түкке тұрғысыз жалықтыратын әрекеттер өттіп жатты. Бірнеше күннен кейін қыз үйге оралды. Киімдерін жинастырып жатты. Осы сәтте полиция келді. Қыз бәріне жан тәнімен беріліп тұрды, мүмкін осыны күтті. Қызды есіктен алып шығып бара жатқанда ғана ол алдыға қарай оқталып барып тоқтады. Сонда ауызынан шыққаны «Сіздің...» деп бірдеме сұрағысы келді ме, өзі де білмейді, тұрып қалды. Сол сәтте ғана қыз артына жалт бұрылып, алғаш рет оның көздеріне тура қарады. Ол қыздың мөлдіреген қара көздерінің жылағаннан күліп не күлгеннен жылап тұрғанын ажырата алмады. Осы сәтте оның ми қабатынан аяныш күйі зыр ете түсті. Артынан қанына өтіп, жүрегі де оны сезе бастады. Есік жабылды, ол үйде жалғыз қалды. Айна алдынан қыздың қалдырып кеткен телефонын көрді. Артынан апарып беруді ойлаған еді, бірақ экранды ашып қалғанда, номерсіз қалған төртбұрышты зат ішіндегі суреттер мен видеолар оны тоқтатты. Ол төртбұрыштының ішінен қыздың осы затта қалып қойған жанын көрді.
Екінші досым onlіne отырды, мен оған жазып жаттым.
08.11.2015
Hіs story
НЕРД (The Nerd)
Қорқыт дүниені,
«Өлгендер қайтып келмейды»
Ол Slashdot.org сайтын ақтарып отырды. Миы бұзылып кетті. Алдындағы старбакс кофесінің иісі оны дем алуға ертті. Көзілдірігін алып сығырайғандарға еркіндік бермекші еді, компьютердің хабарламалық сигналы оны селк еткізді де қайта экран алдына әкелді. Стэнфорд университетіндегі онлайн курстасы Джек Лойдтың ыржиған езуі оның да күлкісін келтірді. Онлайн дос - «Біз шынтуайтында ашкөздік, ашу-ыза, менмендік, жалқаулық, нәпсіқорлық пен ақымақшылық, әдетте, әдептілік, пәктік, төзімділік, әділдік пен ақылгөйліктен гөрі адамдарға көбірек пайда әкелетіндігін көреміз де, осыдан кейін, ең құрығанда, адам болып қалардай таңдау жасауымызға тура келетіндіктен... неге ғана бізге зұлымдыққа аз да болса қарсыласуға тырысып көрмеске- тегі қаһарман атымыз шығып кетуі қауіп болса да.»
Роберт Болт
Ол: Бұл не?
Онлайн досы: Не ойлайсың?
Ол: Негізі ойлану керек жазба ма еді? Кешір, бірақ мені қызықтырмады.
Онлайн досы: Бұл жазбаны маған Техас штатындағы философ танысым жіберді.
Ол: Философия меніңше, түкке тұрмайды.
Онлайн досы: Мен оған екеуміздің дайындап жатқан жобамыз туралы айтқан едім.
Ол: Не дейді?
Онлайн досы: Қолдады да артынан осы жазбаны жіберді. Роберт Болт дегенді білмейтін едім, гуглдің айтуынша алып бара жатқан әулие емес, тіпті ешкім де емес сияқты.
Ол: Қайта бір оқып шықтым, түсінуге қиын мәтін бірақ соңғы сөйлемі ұнады.
Онлайн досы: Біздің осы жазға үлгіретінімізге сенімдісің бе?
Ол: Егер ауа, су, күн туралы ойламасақ!
Онлайн досы: Бізге Питер Норвигпен жақсылып кеңесу керек.
Ол: Қазір саған соңғы аптада дайындаған формула бойынша жасалған жұмысты жіберем. Реакцияны анықтап бірнеше рет қарауға тырыс, видео сапасыздау еді.
Онлайн досы: Жарайды.
Олар ауа райы туралы сөйлеспеді.
Оған дәретханаға бару керек. Өзін итергендей бөлмеден зорға шықты. Үйдің ішінде қонақ барын енді білді. Адамдар көбейіп кеткен сияқты, көңілді шу оған аса ұнай қоймады, өз- өзіне тығыла түсті. Оның көз алдында кішкентай бөтен балалар жүгіріп жүрді. Есігі ашық тұрған ас бөлмеде отырған бірнеше әйелді көрді. Ішіндегі анасы қайсы, басқасы қайсы жақсы тани қоймасада бәріне бірдей суық амандаса салды. «Ой, біздің Телқоңыр, келе ғой, шай іш» деген жамырай шыққан сөздер оған біртүрлі оғаштау естіліп кетті. Жымиуға икемсіздеу біткен езуін сәл тартуға тырысты да, оң қолын көтерді де зу етіп өте шықты. Оның бар білдірген ишараты осы болды. «Телқоңыр» деген дауыс құлағына қайта жаңғырып келді. Оның бұйралау, тығыз орналасқан шашы мен сарғыштау түріне қаратып туыстары солай атап кеткенін білетін, бірақ «Телқоңыр» деген сөзді ешқашан түсінген емес. Өз бөлмесіне кіріп енді ғана еркін дем ала бастады. Бір қабырғаны алып тұрған жұмыс үстеліндегі химиялық сұйықтықтарға толған ыдыстар мен тәжиірбеге арналған физикалық түрлі заттардан шыққан иіс оған тіпті жағымды көрінетін. «Адам ағзасының жаңа қуаты» деген жазуы бар, қабырғада ілулі тұрған үлкен қағазға жақындап келді. «22» әріптен құралған осы төрт сөз оның бүкіл жұмысы мен өмірінің мәніне айналып кеткелі қанша уақыт өткенін есіне түсіре алмады. Онлайн досы екеуі бұл жобаларын осы жазда Силикондағы зерттеу орталығына ұсынуды жоспарлап қойған. Оның жаны терледі. GED/ J D_ _S: + + >: a _ _ C + + (+ + + +) ULU + + P+ L+ + E _ _ _ _ W + І - ) Жарық сөніп қалды. Ол компьютер алдында отыра берді. Бес минуттай тыныштықта күтті, бірақ енді шыдамы таусыла бастады. Бөлмесінің есігін ақырын ашып көріп еді, үй ішіндегілер шам жағып алып, баяғыдай шуласып жүр. Ол бұл жарықтың өзіне пана болмайтынын біліп, есікті жауып тағы отыра берді. Бөлменің тас қараңғылығы мен тыныштығы оны қиялға батырды. «Адам ағзасының жаңа қуаты» ол бұл сөйлемді дауыстап қайталай берді. Өзінің іздеген «қуаты» арқылы болашақта адам баласының өлімсіз, аурусыз өмір сүретініне ол қатты сенетін. ОЛ: Өлімсіз, аурусыз өмір, өлімсіз, аурусыз өмір тағы өлімсіз, аурусыз өмір «жаңа әлемді» тудырады. Оның жаны терледі. Құлағына зарлы үн естіле бастады. Тас қараңғылық пен тыныштық оны жеп барады. Бірақ зарлы үн қаттырақ естіле бастады. Бұл дала желінің қамысты қуыстарға сығылып шыққан даусына ұқсайтын еді, ол байқамасада. Үй ішіндегі бөтендерден шыққан әлдебір түсініксіз музыка болар деп есікке жақындап көріп еді, ар жақтан тек шулаған адамдардың бытып- шытқан әңгімелері ғана естілді. Барған сайын зарлы үн оның терісінен ішіне қарай өтіп барады. Ол құлағын басып қуыс-қуысқа тығылып әлектенді, бірақ дауыс оны жұтып бара жатты. Жарық келуге асықпады. Ол бұл музыканы шексіз жек көріп кетті. Бұл дауыс бөтен емес екенін сезе бастады. Ол бөлменің қысымына шыдай алмады, есікті айқара етіп ашты да далаға қарай жүгірді. Баспалдақтардан аяғы көтеріліп ұшып келе жатқандай көрінеді. Ол дала ауасына кіріп кетті. Қыстың қаңтар айы, бірақ сыртта жаңбыр жауып тұрды. Алматының ауа райы туралы ол ойланып көрмеген еді. Оған көшедегі көліктердің дауысы, жаңбырдың дауысы ештеңе естілмеді. Ол құлағында зарлы үннің әлі сызданып тұрғанын байқады, бірақ сырттан емес, өзінің ішінен шығып жатқандай жақын еді. «Өлімнің зары» оны жұтып бара жатты. Оның жаны терледі, жаңбыр астында жүгіре берді.
08.02.2016
Тозақты есту (Hear to hell)
Мазасы кете бастады. Жарқылдаған шамдар мен есірік музыкамен елірген жалаңаштар оның көздерін шаршата берді. Ортасында отырып қалды. Қолдары құлағына қарай жүгірді, бір- бірін танитын еді. Құлағын қатты басқан сайын лаулаған оттың дауысын естиді, қолдарын босата қойса, айналасындағы ессіз өлік шу лап ете қояды, ол қызық көріп құлағын қайта басады, енді лаулаған оттың дауысы өзінің дәл миынан шығып жатқандай сезіледі. Бұлдыраған әжімді бейненің «бұл о дүниедегі тозақтың дауысы, егер жамандық жасаса адамдар өлгенде осы жерге баратынын» айтқан ескі мыжғау үн оның есіне түсті. Қалай болғанда да өзінің қазіргі ақылына сыйдыра алмай қойған бала қиялды тағы шетке сыдырып тастады да, өскен көкірегін керіп жарқылдаған шамдармен қосылып, ессіз өлік шудың ішіне қайта кіріп кетті. Тағы тұманды таң атты. Ол бүгін банкке резюм өткізуге баруға тиіс болатын. Бір -бірін қатты жақсы көретін жылы көрпесінен зорға суырылып шығып киіне бастады. Өзінен әлдеқайда әдемі әрі тамаша қасиеттерге толы жасалған «Резюм»імен амандасты. Бұл қымбат қағазды ол өзіне қатты жаны ашитын, мүмкін құтыла алмай жүрген біреудің дайындап бергенін білседе қуанбайтын да күлмейтін. Сыртқа шықты. Оның көз алдында жер бетіндегі барлық адамдар отқа оранып ерсілі- қарсылы жүргіп барады. Кәдімгі өртенген адамдар. Бірақ ол айналасынан ешқандай өрт шықанын байқай алмады. Дала қатты салқын болатын, мүмкін суықтан тоңған адамдардың ойлап тапқан сән үлгісі болар деп қойды. Машина ішіне тығылды. Өзінікі емес дөңгелектер өзінікі емес жолдар арқылы банкке қарай зулады. Әдемі әрі тамаша қасиеттерге толы жасалған «Резюм» мен оның иесі үзын сонар уақытпен, нерв жүйелеріне созылған көлік кептелісіне кеп тоқтады да қалды. Ол осы сәтте күн туралы ойлай бастады. Шексіз биік әсем ғимараттар бүкіл бір қаланы күнсіз көлеңкелі салқын кеңістікке тығып қойғандай көрінді. Әлі жұмыс жасай қоймаған ақ алақандарымен зәулім қамалдарды қиратып жібергісі келіп іштегі бір күш итеріп қойды. Сол құтырған күш өткен хеллоуин мерекесінде сыртқа теуіп шығып, достарымен бірігіп қиратқан көше шамдары мен аялдамалардың сынған әйнектері қалпына енді келе бастаған. Соны ойлап тұрғанда оның есіне тағы әжімді бейненің айытқан ертегісіндегі «Таусоғар» деген алып кейіпкер елестеді. Ішінен сол Таусоғар атылып шығардай күй кеше бергенде дөңгелектер қозғалып кетті. Таусоғар артта қалып қойды. Банкке келді. Адамдар көп болатын. Ол қабылдаушы қызыметкерге арнайы жасатып алып келген өтірік қағаздарды ұсынды. Қызыметкер парақтарды өтірік қарап шықты да өтіріктен одан күте тұруын сұрады. Ол орындыққа отырып күте бастады. Сағат тілі оның төзімін жеп бара жатты. Бір уақытта ол қызыметшіден өзінің тағы қанша уақыт отыруға тиіс екенін сұрағысы келді. Сұрады. Еріндері жыбырлап бірдеме айытқандай болады, бірақ анау қарайтын емес тіпті мән бермейді де. Ол дауысын қаттырақ шығарып көрді, бірақ бәрібір естімеді. Ол өз дауысының өзіне де естілмей тұрғанын енді байқады. Адамдар арасындағы ессіз өлік шу оның дауысын жұтып қойған еді. Банктің есігі әдеттегіден қатты ашылды, бала көтерген бір әйел кіріп келе жатып қағылмаған аяғындағы қардан табалдырыққа тайып жығылды. Әйел қатты құлағанан есін жиа алмай аунақшып қалды. Баланың шырылдап жылаған дауысын ессіз өлік шу жұтып қойды да естілмеді. Бірақ ол бәрін көріп тұрды. Жедел жәрдемге қоңырау шалды да балалы әйелді сүйеп орынан тұрғызып жатты. Дәл осы кезде есіктен дәрігерлер емес полияция кіріп келді де, үшеуін де өздерімен бірге бөлімшеге ертіп кетті. Ол жылаған балалы әйелмен бірге полиция машинасына отырды. Терезеден сыртқа қарағанда оған тағы жер бетіндегі бүкіл адам отқа оранып жүріп бара жатқандай көрінді. Ол тағы бұл даладағы қатты суықтан деп түсінді де көзін жұмып құлағын басты. Ол тозақтың дауысын естіп тұрды.
18.12.2015
Сағат 13:18
Her story
Салқындық (Coldness)
Жер беті жыли бастаған сайын адам жаны салқынданып барады.
Оның тіршілік ету қызыметтері мен қызықтарын ұмытып қалғанына біраз күн боп қалды. Көзі бақырайып әлсіреген періштенің ақ сарайдан шықпағанына күн де қамыға түсті. Оның күлкісін жұлдыздар сағынып, құстар күтті. Бөлмесіне аса ілтипатпен кірген күтушісіне де назар аудармады. «Залда бәрі сізді күтіп отыр, өтінем, менімен жүріңізші» -деп қиыла сұраған сопақ бетке ол ұзақ қарады да төсегінен тұрды. Екеуі есікке қарай тартылып барады. Залда анасы, ағасы және туыстар мен қызыметшілері бәрі жиналып алыпты. Ол өзіне қарап тұрған жанның жүрегін езіп жіберердей сұлулығы мен сұлық сұлбасын зорға көтеріп келеді. Екі жаққа қатар тізілген дөңгелек бастыларды ол көре алмай кетті. Себебі дәл қарсы жағында оны басқа бір адам күтіп тұрған еді. Ол бүкіл жан дүниесімен селк ете түсті. Өздеріне демалыс жариялап жіберген кірпіктер мен қас- қабағы тынымсыз қозғалып кетті. Ол осыдан біраз уақыт бұрын белгісіз жағдайда қайтыс болған сүйген жігітінің сұлбасын анық көріп тұрды. Соңғы кездесулерінде киген киімімен тура сол болмысында оған қарап тұр. Қыздың жүрегінің лүпілі табанынан өтіп жерді сілкіндіре түсті. Сілкінген жерде домалақтар мен сопақтар сілейіп тұра берді. Ол жігітке жақындады. Жігіттің жанында тұрған бөтен кісі сол сәтте оған кішкентай төрбұрышты зат (пулть) ұсынды. Ол оған назарын зорға бұрды. Алақанына түскен төртбұрыштыны түсінбей бөтенге қайта қарады. «Бұл роботты басқаратын пульт.» Қыздың көңіл -күйі дірілдеп қалды. Оның миы қозғалып болғанша артынан анасының дауысы шықты. «Періштем, бұны ағаң сен үшін арнайы жасатты. Біз сенен қатты алаңдаймыз, сенің қайта қалпыңа келгеніңді бәріміз күтіп отырмыз.» Ауада қалқымай тура жеткен бұл сөздерді оның қу миы түсініп қойды да жаны қабылдай алмай текпіленіп жатыр. Алақанынан басын алып, қарсы алдына тұрған жігітке қайта қарады. Кірпік қақпастан өзіне қарап телмірген жігітке деген секунд бұрынғы ойы өзгеріп кетті. Ыстық сезімі соңғы рет шошынды. Жасқа толып мөлдіреген көздеріне жігіттің қалай тастай қатып шыдап тұрғанына сене алмай күйініп кетті де ішіне ыза құйылып түсті. Жынданған үмітке алданып қалған тұлғасын долы ашумен артқа бұрды. Соншама сенім мен биіктікті, іскерлікті, ол үшін бұрында ізгілікті сақтап тұрғандай көрінетін ағасына бетпе- бет келіп тұрды да сол пультті ұстатқан алақанымен бетіне бір тартты. Залда тұрғандар ауыз ашып сөйлей алмады. Ол елжіреп тұрған анасына да көңілін кетірген қабағымен қарады да бөлмесіне қарай жүгіріп кетті. Артында көңілсіздік пен сүйген жігіттің кірпіктері қағылмаған күйі қала берді. Періштенің махаббаты жер бетіне жаңбырдай құйылып ластықты тазартуға, көңілдегі кірлерді кетіруге қанша тырысса да топырақ балшыққа айналып одан әрі қоюлана берді. Күні бойы балшыққа батып сүйген жігіттің топырағын құшақтап жатып алған періштені сүйрелегендей болып жүріп үйге әрең әкелді. Көктен де көзінен де қосарланып аққан жасқа әбден тұншыққан ол қызуы көтеріліп ауырып жатты. Әдетте бөлме есігін ешкім қақпастан кірмейтін еді. Ол қуарған жүзін есікке зорға бұрды. Оның кеудесін тірі уақыт соғып өтті. Тірі уақыт: Өзінің егізіндей мінсіз жаратыла қойған сұлулықты көрді. Іші бауырымен таныды. Бүкіл әлем шулап, мәз -мейрам боп кетті. Ол төсегінен ыршып түсіп, жігітті бас салып құшақтағысы келді. Өлі уақыт: Бірақ ол өзіне жақындап келе жатқан қимылсыз көздерден сүрініп қалды. Жігіт оның алдына келді де қолындағы Рафаэлло тәттілерін көрпесінің үстіне қоя салды. Тірі уақыт: Жігіт екеуі Рафаэлло тәттілерін таласып жеп отыратын. Қыз өткеннен есін жия алар емес. Кеудесінде сезім біткен қайшыласып кетті. Өлі уақыт: Жігіт терезе жақта тұрған күйсандыққа барды да пернелерді ақырындап баса түсті. Тірі уақыт: Оған күйсандықта ойнап тұрған өздерінің жарқын дауыстары естіле бастады. Толықтай көтеріліп кеткен сезімдердің толқынысын миы баса алар емес. Өзінің ойға айналып кеткен түрін сілкіп алып, орынынан тұрып кетті. Қатты ашу итеріп, күйсандыққа жетіп барып зорға тоқтады. «Бұған тиіспе, кет!» деген дауысы дірілдеп әрең шықты. Робот жігіт оның бұйрығын қабылдады. Есікке қарай бет алды. Ол тағы жалғыз қалды. Оны бөлменің іші әбден жалықтырып жіберді. Терезеден түскен күн сәулесі мен құстар оны аулаға қарай дамылсыз шақырып тұрды. Ол әлі аяқтай қоймаған кітабін құшақтап далаға шықты. Үш қабатты ақ сарайдың ауласын періштенің өтініші бойынша ертегідей гүлдер мен жануралар бағы етіп салынған және бассейнның жанында дем алуға арналған арнайы тамаша, жайлы әткеншек те бар еді. Ол сол тербелмелі орындыққа кеп отырды. Айналасына назар аударғысы келген жоқ, әлдебір өткенді еске түсірердей жерлерге қараудан қорқып отыра берді.
Өлі уақыт: Робот жігіт оның артынан келді де әткеншекті тербете бастады. Тірі уақыт: Ол сол бейненің өзіне жымия қарап орындықты тербетіп, екеуінің әзілдесіп отырған кезін елестетті. Ол осыншама ұқсастықта қайталанып жатқан өткенінің мазағынан қалай құтыларын білмей күйініп кетті. Үлбіреген жүзін ыстық жасы күйдіріп отыра берді. Өлі уақыт: Жігіт икемсіз қолдарымен оның бетіндегі жасты сүртті. Оның бойын бір салқындық ұрып өткендей болды. Денесі тоңып кетті де аяқтары жылы көрпесіне қарай асықты. Арада тағы да көңілсіз күндер өтіп кетті. Ол бүгін өткен оқиғадан кейін алғаш рет университтегі сабағына келген. Ол өзін адамдар шексіз аяп тұрғандай сезінді. Алдаусыратуға тырысқан бүгінгі оқу уақыты да бітіп қалды. Жерге қона алмай жайнап, сөздер мен күлкілер оны қоршап алып жүретін уақытының таусылып қалғанына достары түгіл өзі де таңғалады. Қанша тырысса да езуін тарта алмай ақ қойды. Университет ауласынан шыға қалғанда сол баяғы жүргізушісін көрді бірақ бұл жолы жанында робот жігіт бірге тұрды. Өзіне асқан табынышты қызымет тағы басталып кеткендей көрінді және ол бұдан әбден жалығып біткен еді. «Мен робот екеуміз жаяу барғым келеді. Сіз кете беріңіз, үйге дейін небәрі үш аялдама ғана ғой, сондықтан алаңдамай жүре беріңіз.» Өтініш емес бұйрықтай естіліп тұрған сөздерге табынышты қызымет иесі қарсы келе алмады. Робот жігіт екеуі жолға шықты. Университет ауласынан бір көшеден кейін балмұздақ сататын дүкен орналасқан еді. Ол бұл араны сағынып қалғандай аса асығыстықпен кірді. Өзіне біреуін құйдырып алда да артында тұрған жігітке «Жейсізбе?»,- деп әдейі сұрады не дағдылы сөзі аузынан шығып кетті. Тірі уақыт: «Жоқ, мен жігітпін ғой, балмұздақты қыздар жейді.»,- деп егізі одан үнемі бас тартатын да қасында еріп жүре беретін. Өлі уақыт: «Жоқ, мен жігітпін ғой, балмұздақты қыздар жейді.», деген сөздер ешқандай үтір- нүктесіз, сезімсіз тек қайталанды. Ол бұндай жауап күтпеген еді. Қимылсыз көздерге біраз үнсіз қарап қалды да жүре берді. Жан -жақтан шығып жатқан түрлі дауыстар мен шулар, аяқ астындағы қиыршық жол бәрі олардың табандарында жәншіліп артта қала берді. Екеуара тыныштықты оның қалта телефонының шырылы бұзып жіберді. Анасының жайсыз шыққан дауысы оны үйге қарай аса қорқынышпен асықтырды. Басындағы бүкіл ойлар мен кеудесіндегі сезімдер көшеге шашылып қалды. Ентігіп үйге жеткенде үлкен есіктен ағасын полиция көлігі алып бара жатқанын байқады. Артынан жүгіріп жетем деген ниетін келген анасы бұзып жіберді. Қызының әлі ешнәрсе түсіне алмай тұрған түрін аяп тұрса да, қысып бара жатқан жаңалық итеріп шығып кетті. «Періштем, ағаңды жігіттің өліміне қатысы бар деп алып кетті.» Оған бұл сөздер неге екені бірдемде түсінікті бола қойды. Соңғы рет кездесулерінде егізі оған ағасы екеуінің арасында компания бөлісі үшін серіктестік келіспеушіліктер болып жатқаны туралы айтқан сөздерді миы сырқытып қайта оқып берді. Ағасының өзінің алдына неге кінәлі сезінгендігін және өзі үшін ақылға сыймайтын сыйлықты жасағанының себебін енді түсіне бастады. Ой жұмысы бәрін анықтап шешкеннен кейін енді бойындағы сезімдер соғысып кетті. Аяғы биіктікке қарай тартты. Үйлерінің артқы жағындағы бір көшеден кейін орналасқан жеке меншіктегі ойын -сауық кешенінің жетінші қабатына қалай тез жеткенін өзі деп байқамай қалды. Қаншама уақыт бойы ішінде болып жатқан арпалыстар енді әрі қарай өмір сүруге қауқарсыз етіп өзін бір бұрышқа лақтыра салғандай сезінді. Жоқ, ол енді ешнәрсе сезінгісі келмейді. Сезімдер шаршатып бітті. Бұның бәрінен енді биіктіктен төменге құлап бара жатқан сәтінде бір жолата құтылғысы келеді. Алақандарына, аяқтары мен денесіне қарай берді, өзінің қандай жаратылыс екенін алғаш рет көргісі келді. Батып бара жатқан күнге қарап тағы көзінен жас ақты. Алақанымен сүртті де жағылған суға қарап бұл не зат екені туралы алғаш рет ойлады және кеудесін қысып бара жатқан сезім дегенді ұстап алып көргісі келді. Бірақ ол тек өзінің аяқ қолдары мен көзінің қиығы жеткенге дейінгі денесін ғана көрді. Биіктіктің ұшына қарай жақындап келе жатты. Төменге құлап түскенде ғана іштегі барлық сезімдер жарылып шығардай көрінді, сол уақытта оларды ұстап алып аямай соққылағысы келді. Төменді көрді, денесі алдыға қарай босап бара жатқандай еді, артынан келген бір күш оны ұстап алды. Төменге емес, өзіне қарай тартты. Ол ешқандай ой мен сезімнің құшағына кетпестен өзінің қалай қарай құлағанынына енді көзі жетті. Оның денесі роботтың қаттылығын сезді. «Ол мені құшақтағанда ғажайып ыстықты сезетін едім, ал сенен салқындық ұрады.» Қараңғылықтың қызығына шома түскен қаланы биіктен тамашалап салқындық иелері отыра берді.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру