Мазмұнға өту
Home

Жасыл жаңбыр

Әбубәкір Қайран

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Жасыл жаңбыр

Авторы: Әбубәкір Қайран

Әбубәкір ҚАЙРАН ЖАСЫЛ ЖАҢБЫР Таңдамалы өлеңдер ЖК «Нуракынов» Алматы УДК 821. 512. 122-1 ББК 84 (5 Қаз)-5 Қ 23 Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша жарық көрді. ҚАЙРАН Ә. ЖАСЫЛ ЖАҢБЫР: Поэзия/ Ә. Қайран. – Алматы: ЖК “Нуракынов”, 2014. – 380б. ISBN 978-601-03-0300-3

Қазіргі қазақ поэзиясында өзіндік орны бар ақындарымыздың бірі – Әбубәкір Қайран есімі оқырман кауымға көптен бері танымал. Оның шығармашылық қолтаңбасы тың ырғақ, соны оралым, ұтқыр ұйқастармен ерекшеленеді. Лирика мен эпика ақынның қос қанатындай. .Ұсынылып отырған осы кітапқа енген шығармаларнынан ақын жүрегінің лүпілін ғана емес, адам, заман, қоғам шындығын және қазақ халқының тағдыры мен тарихи болмысын анық аңғаруға болады. Кітапқа ақынның таңдамалы өлеңдері енгізілді. УДК 821. 512. 122-1 ББК 84 (5 Қаз)-5 ISBN 978-601-03-0300-3 © ЖК «Нуракынов», 2014 Қ 23

ЖАСТЫҚ ЖЫРЫ Ей, қиялым! Сабылыстан, Шаршама сабылыстан. Қаға бер қанатыңды алып ұшқан. Біз баратын жерлер көп мамырстан, Көлдер көп күн көзіне шағылысқан. Кернеп барад кернейлі үн жүрегімді Қорқар емес кеудемде жарылыстан. Бір керемет жасамақ ойымда бар, Мына жұрттың бәрі ұмытқан! Бәрі ұмытқан! Құштарлықты, Мына өмірге құштарлықты. Түрме сезім жоқ менде ұстар мықты. Мен ғашықпын ғаламға, Адамдарға, Жек көремін әлемнен тысқарлықты. Ей, қиялым, естіртпе деген сөзді «Жаным суып барады, күш қарлықты» Жауыздықты жеңе біл, Ителгінің Тырнағынан алып қал, құтқар құсты. Суынбайды, От денем суынбайды,

Қиялым қыран қанат суылдайды Мен жасаймын өмірде бір-ақ рет, Ешбір адам екі рет туылмайды. Сондықтан соза берем құлашымды, Адамдар, өзіңе айтам расымды. Менен әлі талай жыр туындайды, Өмірге ғашық болған көңіл-көлдің Құрағы сырын айтып шуылдайды. Тұлпар шығар кер дөнен керемдегі Естіп дүбір арқасы дуылдайды. Жанған оттар! Жүректе жанған оттар. Өшпестей мәңгі лаулап қалған оттар. Жалыны жақсыларды жылытса да, Қанатын күйдіреді жарқанаттар Осы отпен алаулайды алтын тауым – Мен мәңгі табынатын арман асқар. Осы оттың ұшқынысың, ей, қиялым, Түн төсін жарқыратып қармалап қал, Түнде де ұша алмасын жарқанаттар.

АҒЫН Ағын. Ағын. Өмірдің бәрі де ағын. Осы ағындар қалдырар жазып әнін. Осы ағындар от өзен секілденіп, Ошағыңның орайды жалындарын. Осы ағындар озған ат, жеңген ердің Мәңгі қорғап қалады ар-ұжданын. Ағын. Ағын. Ақынның жаны да ағын. Қара сөзбен қалдырар қазына мың. Ағын емей немене ағылған тіл Уын сыртқа шығарар бар ызаның. Ағандардың ішінде ақ бас толқын – Ақындардың ішінде табынарым. Ағындардың ішінде ақкөйлек қыз – Арулардың ішінде табынарым Ағындарды аралап бара жатыр Өз жүрегім, өзімнің арым – жаным. Арын керек ағынның барлығына, Ей, бұлттар арқанды сабындағын, Нөсеріңнің төккейсің бәрін-бәрін. Ағын. Ағын. Даланың өзі де ағын. Дала сырын өзгеден көп ұғамын.

Торы ат мініп толқын боп келе жатсам, Ақ ат мінген ағынға жолығамын. Ағыстардан алыстап кеткен жандар Жарыстарда азбайды– соры қалың. Соны ұғамын, әйтеуір, Сондықтан да Ағындарға ағын боп жолығамын. Жолықпасам, Қартайған қас қырандай Заулап келіп заңғарға соғыламын.

ҚОҢЫР ҚАЗ Қоңыр қаз болып бір күні Қаңқылдап ұшып мен кетем. Таулардан асып өр шыңды Бұлтпен бұйра кездесем. Найзағаймен де жүздесем. Оны да көзге ілместен Ұзасам дүбір-дүрмектен. Қоңыр қаз болып қаңқылдап Жүргенім бақыт болмас па?! Аспаннан күтер аңқылдап Сағынса мені жолдас та. Сағынса мені жан анам Аспанға жаяр қолдарын Ғашығым айтып ғазал-ән, Аралар ойдың орманын. Мен бірақ оны сағынтып; Сарылтып ұзақ қоймаспын Көмейден жырды ағылтып, Түсермін көктен ойнап бір. Ойламас бірақ ол мені Қоңыр қаз болып кетті деп. Тек қана оның көргені Жас жігіт еді от жүрек.

Жатырқай қарап ол маған Жаныма таяу келмес те, Бір гүлді тістеп солмаған Апарып оған бермес пе ем. Қоңыр қаз болып қаңқылдап Аспанда жүрсем мен солай, Қыдырған қазбен жарқын бақ, Тұра алмас мені аңсамай. Аңсайды мені барлығы – Тауым да тарғыл тасым да Жерімнің суы, шалғыны, Астыма мінген атым да. Қоңыр қаз болып бір күні Қаңқылдап ұшып мен кетсем. Сәбидей мені тербеткен Сырласар едім жер-көкпен.

АТ ПЕН АРУ Атқа мініп, Аңыратып, Ауыл кезген қандай бір. Самды өзің жамыратып, Жұлдыз болып самғай біл. Арқыраса Жарау бура санды айғыр, Жарқыраса Терезеден Күндей күліп маңдай бір – Паһ, паһ, шіркін, Тумас екен қандай жыр! Сұлу маңдай Сұқтандырып Тарта берсе көңілді. Бой қыздырып, Іш жандырып, Аштырса екен өңірді. Көптен кейін Көйлек киіп көгілдір, Әлгі сұлу үйден шықса, Паһ, паһ, шіркін, өмір – бұл! Ат оттатып, Аулақтарға

Көгал қуып қайтса бір. Сонан кейін бау-бақтарда Қол ұстасып айтса жыр. Жас сұлуды сүйгің келіп, Именіп – Тұрсаң қандай Минутта мың күйге еніп. Аппақ таңда Аттандырып, Ат үстіне мінгізіп, Ару қайтса шаттандырып, Көзінен сыр білгізіп. Асау айғыр арқыраса астыңда, Шалқып аса Қойып кетсең Таңғы сағым тасқынға, Бұдан басқа керегі не бақтың да... Сол бір күндер еске түссе, Батып кетем ақ мұңға. Ат пен ару, Сендерсіңдер – Жарым дағы жақсым да!

  • * Ей, жүрегім, сен қанша сыздамадың, Құрайы боп сыңсыдың түз-даланың. Ботасы боп боздадың аруананың, Мұндасы боп, өксідің қыз баланың, Ей, жүрегім, сен қанша сыздамадың. Сыздаймысың, сен әлі сыздаймысың, Жиып алып адамның мұң-қайғысын. Сен одан да бір таудың тасы болып, Найзағаймен шайнасып, тұрмаймысың. Тау бұлағын тақырға бұрмаймысың? Ей, жүрегім, езілме, езілме сен, Мұңлы күйді мен қанша безілдетем? Ойсыз болып көрейін бір азырақ, Тамұқ сынды кеудеден жерінбесең, Тас бауырға өзіңді желімдесең. Келістік пе, жүрегім?– Жоқ!– дейсің бе, Сыздауменен өмірден өтпейсің бе?

ҚЫС ПЕН ШАЛ Паһ, шіркін, мына күннің аязын-ай, Көтермес көп жүрісті баяғыдай. Түтеленген түтіндер тік ұша алмас, Жер бауырлап қанатын жаяды жай. Бірде киіз болғанда, бірде мүйіз Қарашы қатал қыстың аяғын-ай, Барады салқын тартып саялы жай. Есіме келіп түсті-ау дала тағы. Даланың түйе баққан қара шалы. Мына аязға мыңқ етпей шауып жүр ме, Сілкініп, сілкінгенде сары атаны, Қабырғасы қайысып қауға тартып, Тілініп кеткен шығар алақаны... Мына қыс сені еске түсірді ғой, Қазақтың қайсар туған қара шалы.

ДАЛА Жатушы еді-ау әндетіп дала мына, Көкіректі дәндетіп самалына. Дала неге бүк түсіп жатыр бүгін, Дала емес пе тал бесік қарағына? Дала емес пе дана атам шежіресі, Қарайыншы дұрыстап қабағына. Жатыр екен дана атам шаруа шалдай, Ұйықтап кеткен тойып ап шалабына. Шаруа шалға ұқсайды дала неге? Аузынан ақ бу ұшып барады әне. Тыншымайтын жүгіріс, шуылы көп Баласындай даланың қала деген. Қасиетін атаның білсе жақсы-ау Бал жалағым, базаршыл бала неме! Осындай ойға баттым далам жайлы, Ызғытып келе жатып шанаменен.

ӘКЕ Маған ауыр қоштасар шақ – Қарт әкемнің кемсеңі. Маған аян от басар шақ – Қарт әкемнің ертеңі. Маған ыстық қарт әкемнің Астындағы торы аты Ол ішінде бар қатердің Қартпен бірге болатын. Ауырғанда дейтін әкем: «Мінейінші атқа мен. Құлыным-ау, қамшым қайда, Қайда апарып тастап ең? Әкем кетіп бара жатыр Айғанға, не Шүрекке, Ілеседі атпен қатар Ақ құрығы білекте. Тұрушы едім ұзақ қарап, Ұзақ қарап артынан. Оралар деп дерті тарап, Ай туғанда балқыған... Мен әкемді көргім келіп, Ылғи аңсай беремін. Отыр ма екен таспа кесіп, Үнсіз тосып кезегін.

  • * Сырқаттанып қарт әкем Қала ма деп қорқрмын. Айдап салып түйесін, Өргіземін торпағын. Бетке жұғып қалды деп, Сабын езіп жуамын. Сыртта жүріп жырлаған Сары даланың сортаңын. Сонан кейін кеудеге Кереметтер толады. Дала жайлы толғанып Жырлау керек болады. Бұл даламның бірақта Таусылған ба тозаңы Түйе айдасам бұрқырап Тағы бетке қонады... Осындай бір кірпияз Мен даланың қонағы.
  • Бір топ түйе жусап жатыр, шіркін-ай, Пыс-пыс етіп, еріндері салбырап. Аққан жұлдыз жанып өшкен шырпыдай, Ұйқым келді... Қысқа жазғы таң бірақ. Жылқышы құс тынбайды Түні бойы қиқулап. Мен ойлаудан тынбаймын, Жүрегімде күй тулап. Қасымдағы қара шал Әңгімесін созады, Айтатыны арғы бет – Шәуешек жақ, Шиху жақ. * Қасында бар құлыны Тор биені тепеңдеп Келе жатқан адамға Бұрылдым «кім екен?» деп.

Бара бере байқадым Бұрымы ұзын қыз екен, Дереу бойды жинадым, Атым басы кекеңдеп. Үрккен елік секілді Маған ару қарады. Қарады да, қалқам-ай, Төмен салды назарын. Ару екен ақ бетті. Өн бойында міні жоқ, Ат терінен тек қана Былғаныпты балағы. * Күлімдеп келіп үйіме, Дүрілдеп кетіп жүретін. Қайта-қайта қоштасып, Ақылын айтар білетін Досымның бірі үйленіп, Отау тікті оңаша. Содан бері ол маған Жоламайды көп аса.

БІР ҚЫЗЫҚ (баллада) Кемпіріне шал айтыпты бір күні: «Кемпір, кемпір, іс істейік күлкілі. Қандай ғажап, аспан айлы, кеш жарық, Қайтайық бір жастық шақты еске алып. Бозбала боп мен күтейін көшеден, Бойжеткен боп клубка тарт төтемен. «Мақұл, – депті кемпірі сәл ойланып, – – Бұл қызықты қалай таптың, ой, ғаріп?» «Таптым!» депті шалы күліп қулана, Көшеге де шыға кепті шулаған. Жас жігіттей асықтырған ақ арман, Пәле шалың гүл іздепті базардан. Бір аздан соң қып-қызыл гүл құшақтап, Жүдеу өңді «жігіт» тұрды түсі аппақ... Киносына жатыр, міне, ел кіріп, «Келемін» деп ғашығы айтқан сендіріп. Сағат жарым уақыт болды, жоқ «ғашық», Шал «жігіт» тұр өн бойынан от қашып. «Қалған неме қайда жүр – деп – тот басып», Қояды іштей кемпір «қызбен» боқтасып. Қайтса шалың жаурап-тоңып көшеден. Кемпір отыр шайды тартып кеседен. «Ой оңбаған неге мұнша тостырдың, – Депті шалы – қаншама уақыт бос жүрдім».

Сонда кемпір: «Болды – депті – тап қырсық, Кинаға апам жібермеді қатты ұрсып». Сонда шалың өле жаздап күлкіден, Кәрі емендей басын дауыл сілкіген, «Болды қызық, болды қызық! – дей берді, – Елестеттің қыз кездегі бейнеңді!» Ей, жігіттер, қызық шықпай қалса егер, Ол да қызық, ренжімей тарта бер! * Тауға барып қайтсам ба, Тауға барып. Жатқан шақта сайыннан саумал ағып. Күркіреген күрең жал өзеніне Сүңгіп шығып, Сұр құмға аунап алып, Отырсам ба құз басын жаулап алып, Сонан кейін кетсем бе қалашылап, Самал желге шашымды таратып ап. Бірақ-бірақ-бірақ көзіне түспей кетсем, Далам – анам қалады-ау баласырап. Мауқыңды бас, Маң далам, Саған кетем, Шабыттың шағыр көгін жаратып ап!

  • * От ұрынды көзіме от ұрынды, От ұрынды, Көзімнен оқы мұңды. Жазған жырым жазылып қойған екен, Қайда апарып қондырам қосынымды. Қайран жүрек, Қайталап не табасың, Тоқтат енді, Соқпай қал, Өшір үнді! Тоқталмаймын дейсің бе Тоқталмаймын. Онда-онда соныдан от табайын. От қарайын ор киік секілденіп, Шиыр қуған сиырға ұқсамайын Сен тоқтамай, жүрегім, тоқтамаймын.

*** Бозторғайлар ән салуын қоймас та, Ұя салған көк шалғыннан өрт алмай. Менің көзім туған жерге тоймас та, Бақи дүние мезгілінен ерте алмай. Бозторғайлар жолаушыдан қалмас та, Еріккен бір мерген оғы тимесе. Менің тілім жырлаудан бір талмас та, Ыстық ұрттап аузым бір күн күймесе. Бозторғайлар мың жыл бойы ән салар, Көктемі бар, көк шөбі бар жер барда. Менің жаным лаулап күнге қарсы ағар, Қазақ жырын ұға білер ел барда.

*** Түсінермін өмірді, Түсінбеспін. Түкірмеспін – Көрмесе ісімді ешкім. Ішінде өстім жалаңаш жартастардың, Сондықтан да келмейтін бүтіндеткім, Жыртығым бар, От жанса жасыра алмас түтінді ешкім, Мен бәлкім бұл өмірді түсінбеспін. Мен туыппын, Сонан соң туыпты арман. Ер жетіппін от іздеп суық қардан. Суып қалған кезімде шуақ төгіп, Арманым қол бұлғайды жуық маңнан. Біреулердің арманы теңге болып Құтыла алмай жатқанда уыстардан. Ұғынғым кеп, Өмірді ұғынғым кеп, Жырын жыр деп, Нұрын  нұр, Түнін күн деп, Сәби болып қарап ем жан-жағыма, Бір сұлудың бір сұлу түрін күндеп, Бір ақынның бір ақын жырын күндеп, Тұр екен бір-біріне сүрінгін деп. Көрдім бәрін, Көрмеуім керек еді,

Тұрдым бір сәт Помпей боп бүлінгім кеп. Бүлінбедім, Мен бірақ бүлінбедім, Бір бүлінсем жиналмас үгінді едім. Құмнан тұрған құмыра қирап түссе, Қиын болар дедім де, Күбірледім. Құм құмыра ішінде шарап емес, Шабыт қана тұрған соң түңілмедім.

ТАҢСӘРІ Білесің бе жаным нені көкседі? Бұлттарым босып кетті көшпелі. Қызықтарым кеткен сынды қыр асып, Түйелі ауыл түтіндері өшкелі. Толып, қайта солатұғын бақтайын Өмір қалай өзгереді сәт сайын! Түйелі ауыл – түскен жерім «шыр» етіп, Соны жүрек түкпіріне сақтайын. Сонда менің маңдайымнан күн сүйген. Алғаш сонда үзіліпті бір түймем. Кең шабындық, қалың томар, ну шиден Тұңғыш рет тұмар тұтып, сыр түйгем. Сол аспан ғой көзімді ашып көргенім, Сол аймақ қой сарғалдақ гүл тергенім. Бармысыңдар, сүттігенім, сүйірігім, Бірсалар мен адыраспан, ерменім?! Қайдасыңдар, жусаным мен көкпегім, Қараған мен тобылғымды көкседім. Сағындырған сәттерімді қайтейін, Сағым жуған Тарбағатай бөктерін!

Бір жақсы жыр жазбаспын да... жазармын. Мен, әйтеуір, сол бір жерден жаралдым. Сомдалыпты сойым менен бітімім Арасында Қарғыба мен Базардың. Көкте Күнім тас төбеден ауғалы, Аңсарымның ақ нөсері саулады. Елесетейді – құдығымыз қауғалы. Шешем, әне!.. Кетті түйе сауғалы. Елестейді... Елестейді баршасы. Өтіп кеткен бұл өмірдің қаншасы: Өссе сонда ұлық түлік ұрпағы, Ең бірінші қара шалдың арқасы... Бұл өңірде тарих жатыр қаншама. Түскен екен талқыға да алқаға. Қалмақ қорым – Шарбақ бейіт міне тұр, Әне жатыр Қырық оба мен Төрт оба. Қайран, қайран, қасиетті қоныстар! Өткен мұнда қанды майдан соғыстар. Ата-баба аруағынан айналып, Тәу етемін, басымды иіп борыштар... Білесің бе, жаным нені Аңсады? Шаш – буырыл шабатым да шаршады. Барам, бүгін талма түстен тайғанап, Ол күндерім – сүттей аппақ таңсәрі. Таңсәрім ғой сағымды да сарынды. Сол шақ баурап жүреді ылғи жанымды,

Солқ-солқ етіп сор татыған жүрегім, Тікен-тікен түйе тілін сағынды. Шеңгелімдей қоңыраулар тағынып, Тұрам тағы түйе тілін сағынып... Сәскеге емес, талтүске емес, мен, сірә, Көз жұмармын таңсәріме табынып.

  • * Уай, мына қыс самалында да ұран бар – Серпіліп кетті ғой мұнарлар, Желпініп қолды ғой шынарлар. Жаз қызығынан қажылған, Естімей кеткен сарын – ән Аңқиытып аузын тұр аңғар. Шыртиып тұрған шындардың Не ойлағанын да сұраңдар. Шартиып жатқан жондардың Сезімталтығына күмән бар. Самалдан да көрі тышқанды, тышқанды қалай ұстарды ойластырып ақ қардан түлкінің жоны қалаңдар. Қағып түсер ме екен шіркінді Қыраулы қанат қырандар! Күн қарғып түссем дейді мынау салаға. Қарғысаң қарғы, қарама – өзіңнен бәрі садаға! Шырша мұртынан күлгендей, Қайыңнан өңі кіргендей, Ұнады-ау қысқы самала! Көпіршіп жатыр қымыз қар Симай кетердей сабаға. Мына бір жаздағы бал бұлақ Ұқсап қалыпты балаға –

сүт орнына су ішіп, аузынан аппақ бу үшып, Өкпелеп қапты Анаға. Анау бір жалпақ беткейден, сырғанар ма едім, шіркін-ай отырып алып шанаға! Қайтпай-ақ қойсам қайтеді?.. Қанымды ішіп болған қалаға...

  • * Жүр осы маған не жетпей? Кеудімде сөнбей тұр шырақ. Қасқырдан қорққан төбеттей, Жүрегім жылар қыңсылап. Отырам кейде сазарып, Көрсеткен жандай кісілік. Шашымның талы ағарып, Көзімнің алды ісініп. Бәрі бар менде, бәрі бар, Шүкірлік, тәуба Тәңірге. Мандаймының да бағы бар, Ризамын ғой Өмірге. Мұңданам бірақ мен неге? Музадан мүмкін шет қалдым. Асылып қалған кермеге. Атындай болдым көкпардың. Есесін жүрген ала алмай Еңсесі түскен жан да емен. Өзімді өзім таба алмай Шаршадым ба әлде мен?

ҰЛҒА СЫН Ұлға сын бәрі Туғасын еркек болып бір. Сондықтан менің Кеудеме оттар толып жүр. Отырсам болды өзімнен-өзім жыр тілеп, Ойларым менің бұлттар болып күркіреп, Қаптайды маған, қара шыңға ұқсап отырам назарымды алмай найзағайлардан жосыған. Жосыған жасын жолдары қалар жыр болып. Ойларым – бұлт, Бастайды тағы мың жорық. Осылай дәйім өтеді сансыз түндерім. Жыр жазу деген несібем сынды бір менің. Бір тамшы терім болса екен деймін қайнарда. Жердемін өзім, Көздерім найзағайларда. Ұлға сын бәрі Туғасын еркек болып бір.

Сондықтан менің Кеудеме оттар толып жүр. АНАМА АШЫҚ ХАТ Тәте, тәте, Тәте, тәте, тәңірім! Саған жетсін сағынышым, бар үнім, Самал ессін сар даланың үстімен, Сағынышын жыр еткенде қара ұлың. Сағым ішін араласын құлының, Тағы да иісін алпыс екі тамырың, Мен өйткені тамырыңның қанымын, Мен өйткені сағыныштың сазымын. Мен едім ғой меңсіз қараң үкілі Берсін дейтін арғымақтың арынын. Тәте, тәте, тал бесікке сүйеніп, Қалғыр едін, көкірегіңе күй еніп, Біздер сенің кіп-кішкене арқаңа Қанша ұйқысыз түндерді әкеп тиедік. Жетім қалған боталарға сүт беріп, Өсірген де сен едің ғой түйе ғып. Жетім бота бір сені іздеп боздайтын, Мейірімің жан жүрегін қозғайтын. Сары май салған түйе сүтін сен берсең, Жетім байғұс суыққа да тоңбайтын. Білгір әкем бір сырманы жауып сап, Сол ботаны ол да бірге қорғайтын.

Ботақан-ай, ботақан-ай, бейбак-ай, Өсуші еді құрбысымен ойнамай. Бұзаулармен, балалармен дос болып, Жүруіші еді түйе екенін ойламай. Ана, сені көрген шақта сол бота Тайраң қағып қуанар ед ол да аса. Көрші ауылға барар еді-ау ілесіп, Қабағандау қара иттері болмаса, Қарлы боран қалтыратып, тоңбаса, Кейде ренжіп қайтушы еді Көрші ауыл Балалары сымтемірмен жондаса... Сен – анасың, Аруанасын, жан тәтем Сен өсірген аруаналар қанша екен? Солар менің туғандарым секілді, Барар жерге меніменен барса екен. Өзіңмен де өмір бойы калса екен. Мына мені сағынғанда, жан тәтем, Мен солардың жанарынан жалт етем. Білем бәрін, білем бәрін, жан тәтем, Үміттерің үрленусіз жанса екен. Адам болам халқым үшін, сен үшін Ар атынан, Ана атынан ант етем.

БЕЛГІСІЗДІК Белгісіздік! Бұл менің кереметім! Кереметім – өмірмен ерегесім. Белгісіздік – медиен құла түзім Қаталайтын, ерінім кезеретін. Ол мүмкін ағыл-тегіл ақ нөсер боп, Қандырар қара түздің кенезесін. Ол мүмкін пайғамбарлық парасат боп, Бұзады терең ойдың кенересін. Ол маған жауым боп та кездеседі Қаруын қарсы келіп кезенетін. О, менің белгісі жоқ керметім, Сен ғана бұл өмірде сенер есім! Белгісіздік! Бұл менің асыл арым. Тасығаным, немесе жасығаным. Қамшымды қара бұлттай сілтеп-сілтеп, Артынан нөсерлетіп шыламын. Белгісіз үміттерге иек сүйеп, Көктейді сонда менің жапырағым. Белгісіз бір әуеннің соңына еріп, Шырқайды жүрек сонда ғашық әнін. О, менің белгісі жоқ асыл арым, Өзіңе өле-өлгенше бас ұрамын!

Белгісіздік! Бұл менің мият күнім. Мен соған тым тәуелді сияқтымын. Жылаған «айды әпер» деп жас баладай Белгісіз күндеріме жылап тұрмын. Білмеймін қаншама рет құс боп ұшып, Білмеймін қаншама рет құлап-тұрдым. Белгісіз бір қиырға көз талдырып, Белгісіз бір дауысқа құлақ түрдім. Белгісіз ертеңіме ернім кеуіп, Келеді не боларын сұрап-білгім. О, менің белгісі жоқ мият күнім, Мен саған тым тәуелді сияқтымын. Белгісіздік! Бұл менің ғазалдарым. Ғазалдарым – ғажайып әз арманым. Ажалдан әз арманым биік тұрар, Ендеше жазам бәрін, жазам бәрін. Бейтарап бір қиянда жатқан шығар Жап-жасыл жан баспаған оралдарым. Қалғумен, құлазумен тұр ма екенсің Қара ну, қара қоныс, қара орманым. Өртеніп сағыныштан соларды ойлап, Сарнайды сары қурайдай санамдағы үн. О, менің белгісі жоқ ғазалдарым, Ендеше жазам бәрін, жазам бәрін!

ҰЛЫМ ТУҒАН КҮНІ Ей, тағдырым! Бас иемін мен саған. Алып бердің арманымды аңсаған. Құшақ жайып құлынымды қарсы алам. Ұлым бар деп ұлы әлемге жар салам, Ризамын, ей тағдырым, мен саған! Жанарыма толып тұрған нұрды көр, Жүрегіме толып тұрған жырды көр. Жақсылық пен шапағаттын аңасы – Ұлан байтақ ұлы қазақ даласы Көріп тұр ғой, Күліп тұр ғой, қарашы! Көпті керіп көнермеген көк аспан, Сол аспанға соншалықты жарасқан Күміс күн де күлімсіреп тұр маған, Мынау әлем күлімсіреп тұр маған. Мынау әлем, мынау өмір тұнған ән О, ендеше!.. Бір керемет жыр жазам. Жетпей тұрса төбем көкке бір елі. Қуанбайды қандай жанның жүрегі. Келсе біреу қарсы алдыма түнеріп, Кетер ме екен жүрегіме мұң еніп? Көзімдегі қуаныштың жасынан

Берем саған жас сәбидің атынан. Жүрегімде болып жатқан жарылыс – Көкіректі кернеп жүрген сағыныш. Сол сағыныш сәбиімді тербетіп, Алыстарға армандарын серметіп, Жеткізсе екен мұраттарга тым биік, Жүрегіне, жанарына нұр құйып. Жүрсе болды жүзін жуып аялап, Жүрсе болды ұлым соны саялап. Ей, тағдырым, Бақытымды шет көрме. Лапылдаса, лапылдасын от кеуде. Керім самал, келе жатқан көктемге, Көктегелі тұрған анау көк белге Қарап тұрып жыр оқиын азырак. Тұрсын олар сол жырымды жазып ап.

  • * Жел тұрып, міне, келеді, Жел тұрып, міне, келеді, Серпіліп тұман желегі, Аспанды бұлт кезеді. Жарқ етіп қазір жарық күн, Жер-жаһан күлер жайраңдап, Үстіне сортаң жазықтың, Құйын да шығар тайраңдап. Азынап айғыр арқанда, Елеңдеп тұр-ау пақырың. Жылқыға мініп барсам ба, Көрсетіп бір сәт «ғашығын»?.. Жел тұрып міне келеді... Аспанды бұлт кезеді. Желбірей түсіп желегі Келмейді қыздың неге өзі?
  • * Мазамды алған ойлар көп, Мазамды алған, Түс қашырып тұрғызған азандардан. Замандардан қалғандай тәмамдалған, Жан басынған келгендей оралдардан, Аң-таң болып қараймын Ақ Дүниеге, Таңдану ма тек қана маған қалған? Жанар жасып барады жарқылдардан, Жарық дүние жан-жағым алтындалған. Салқындардан тоңазып қалған түнгі, Шуақ есіп тұр қазір бар шыңдардан. Ғажайыптың, не түрін қалап қойған Ғаламат қой шынында аршынды Адам. Мен жасайтын керемет қалдырмаған, Жүрегімде тек қана жарқыл қалған. Мен кім едім шынында, Мен кім едім. Дауыл болып түрмедім түн түнегін. Жапырақтай жап-жасыл дүниеге Тамшы болып тек қана іркілемін. Тұнған нұрға тоймастан тұрып-тұрып, Тамып кетсем, көреді бір күн елім. Тамып кетсем... Дариға-ай, күрсінемін...
  • * Шыланған жасқа кірпігің, Шырайлы жүзің бозарған. Батырған сорға бір түнін. Қайыңсың ерте тоналған. Сол түні ағып жұлдызың, Төсінен көктің жоғалған. Жасырып жауыз, түн жүзін Мойныңа сенің оралған Бір сұмның кетті қойнында Махаббат, күлкі, мол арман... Сол түні қайтты бір аңшы Олжалы болып сонардан. Өтті ғой бәрі, кетті ғой, Жарқ еткеи жаздың күніндей, Бағыңа у шөп екті ғой. Жымысқы, жылпос білінбей, Кеудеңде не бір кетті ме ой, Кірпігің бір сәт ілінбей? Сүріндің, сүлік көк едің Тұяғың жүрген сүрінбей. Бүгілдің қайғың жоқ еді, Үзілдің күзгі жүзімдей. Қолымнан келер шара жоқ. Дірілдей бердім, дірілдей Кірпіктеріңнің біріндей...
  • * Сыйламаушы ең. Таң қаламын, бұл жолы Сияпатың өтіп кетті тым қатты. Үздіктің де, үлбіредің гүл болып, Дірілдедің «Күнім – дедің – қымбатты!» Ашуыңнан селт етпейтін жүрегім Қатты қорықты Қапылыста тайсалып. Жылан құсап сезілді аппақ білегің, Бірақ сені итермедім қайтарып. – Ашшы – дедің – қабағыңды! Жалындың. Бұлданды деп ойладың-ау сен мені, Өзін ұстап алғандай боп сағымның, Таусылғандай отырмын ғой ермегім.
  • * Ей, жігіттер, ер жетсек те біз бүгін, Түсінбейміз жаны нәзік қыз мұңын. Қызғаныштың қызыл өртін өршітсек, Айыпты ма, айтпаса олар шындығын. Жат еріннің табы қалған ақ тамақ, Тұрар кейде өзін-өзі ақтап ап. Ол, өйткені, бір жігіттің қылмысы Өзіміздей өліп-өшкен ашқарақ. Қайран ару кете берсе қан жылап, Даңғой басың қалады ғой даңғырап. Жүрдек ойлы жүрегінді жүгенде, Бауырыңда бақыт жатса балбырап.

НЕ ЖЕТЕДІ Кеудесіне толтырып қызыл гүлін, Қыр жатады керіліп ұзынды күн. Жалтыр басы қасқайып қарап түрған Жалақ шынның еріні жырым-жырым. Құштарлық, па, құдай-ау, не желік бұл – Шындығында еріні кезеріп түр. Жүрегінің жалынын ішке тығып Қарағансып қояды безеріп құр... Мына дәурен, мына күн тез өтеді, Тез өткен соң қалғаны мезі етеді. Сорлы шыңдай сопиып түра бермей, Айтып-айтып салғанға не жетеді?

ЖАБАЙЫ ГҮЛ Жабайы гүл. Атағы оның – жабайы. Жабайы гүл. Шатағы оның – жабайы. Жабайының анасы – күн арайы. Жабайының панасы – жер сарайы. Жабайы гүл әкеп берсең жарыңа Көрінеді неге бірақ анайы? Оның мәні емес сірә ажарда, Оның мәні – сатылмайды базарда. Жабайы гүл үй гүлінен бөлек шын, Мандайынан сипамаған оны ешкім. Күн нұрынан, Жер нәрінен ол өсті, Басқаларға ол тәуелді емес-ті. Міне, досым, Жабайы гүл – жабайы. Жаңбыр, желдің құшағында бар айы. Өзді-езімен еркелесіп өтетін Өмірі оның – Жұбайлардың бал айы.

  • * Бұлданатын жүрегім бұлданбасқа Бұлданбас та, Бұлқынып жынданбас та. Бұлдыр-бұлдыр күн кешкен бұл шіркінде Сағыныш пен не қалды мұңнан басқа? Түлейлерді түн қатып шиырлаған, Түлкі өмірді түсіну қиын маған. Тазы болсам тастар ем таңын жарып, Талайыма ол бақыт бұйырмаған. Жақсылыққа әрнені ырымдайсың, Ұғынбайсың, Қеудеңді сығымдайсың. Қырық адам, сексен көз тыйым салған Оң жақтағы біреудің қызындайсың. Әр нәрсеге тұрса да өрең жетіп, Өзіңді өзің ұстайсың төмендетіп. Айналаңда анқай-шу толып жатса, Аша алмайсың айқара өлеңге есік. Бірі мұңды ар болғанда, бірі мұндар Пенделердің білмейсің үғымын дәл. Тесік қазан секілді кеуделердің Қайсы бірін бітейтін тығының бар?!

ЖЕЛ ӨТІНДЕГІ ЖЕТІМ ҚЫЗ Қиын ғой өлең деген, Қиын білем. Қиын деп неге өзімді күйіндірем. Кейде мен керемет бір ойларымды Қиялдың ханшасындай киіндірем. Жетім қыз жел өтінде желеңдеген, Ойы бар қай адамның көрем деген. Сұлу қыз сұрп асылға оранғанда, Қай көңіл құмарлыққа бөленбеген. Қыздарын әрбір адам «сұлу» дейді, Пұшыкпен қысықтары білінбейді. Білсе де білдіртпеуге тырысады – Жылтырақ, жібектерін жыл іздейді. Жетім қыз жел өтінде желбіреген, Жеріне жетпей жүрген ол бір өлең. Өміршең, өлмейтұғын махаббаты Мұң тұнған көзінде тұр мөлдіреген.

  • * Салқын. Салқын. Сал бөксе сары уайым, Сенен қайтіп сергиін, сауығайын. Бір күнімнің бітірсем бұйырғанын, Ертеңімнің еншісі тағы дайын. Іш пыстырар көлгір сөз естігенім, Естимін де езілем, тек жүремін. Білмес емес, «білгіштің» көбейгені Біздің ғасыр сырқаты деп білемін. Милар, милар, Мың сан ой қалжыратқан, Еңселерін көтертпей мәңгі басқан. «Ақша «деген бір сөзге тіреледі Ой шіркіндер оқтардай қаңғып аққан. Қайда ғана барады қайран Адам? Ақша иісі аңқиды айналадан. Өмір деген бес тиын бақыр сынды Аппақ мұздың үстімен тайғанаған. Өзге түгіл өлең де саудаланып Құйылады қалтаға саулап ағып, Ақша – патша Музаның ақ тауын да Қоя ма деп қорқамын жаулап алып.
  • * – Нағыз ақын болар деп қайырымды, Қайталама сен маған жай ұғымды. Қастығымдай кабылдап алар ма едің, Таяқ салып көрсетсем тайызыңды. Ақынсың, – деп арқамнан қағар ма едің, Мақтау айтып қандырсам айызыңды? Жоқ, жоқ, достым, Жоғалсын зындан ойың, Аулақ әкет кемемнен кайығыңды. Сәби жырым талпынған, Шырқыраған. Бесігінен домалап мың құлаған. Мен ызалы анамын, Аямаймын – Түк келмесе қолымнан, қыршып алам. Тиіспе маған, Қолыңды көп жүгіртпе. Сенің көне бермеймін ырқыңа, адам. Екі жүзді жандардан жалыққанмын. Зорға өзімді солардан алып қалдым. Құлдилап кеп құдыққа құлағанша, Тырнағынан өлейін арыстанның. Сырласы боп күлгенше сырбаздардың, Мұңдасы боп жүрейін ғарыптардың.

КІРІПТАРМЫН Кіріптармын, бәріне Кіріптармын. Кәусарына тоймадым тұнықтардың. Бұзықтардың былғанған пышағындай, Күнәнің де не екенін біліп қалдым. Жарқ етпедім қайтадан жай отындай, Қылпып тұрып, қынымда жүріп қалдым. Бірақ.... Бірақ паңсыған немелердің Тас жүрегін келіп жүр бұзып-жарғым. Кіріптармын! Қол жаям! Жұрт қарасын! Ұрттап жүрген ұлмын мен ұрттамасын. Мен өмірдің бергенін ала берем, Бұл ісімді пенделер құптамасын. Олар тоңбас тоңдары тозбағасын, Налымас та білген соң өз бағасын. Мырза керек ал маған түсіп берер Ұлы жәңгір бәйгеде озған атын. Қыран керек қиырға самғарымда Қиып беріп кететін өз қанатын. Дандайсыған жандарды дал қылуға Дауыл керек қара жер қозғалатын. Дарын керек дауылмен қозданатын. Данқ та керек далама сөз болатын.

Бәрі керек, бұл маған бәрі керек, Үні керек бұлбұлдың әні бөлек. Көп керектің барлығын көре алмасам, Бұл өмірдің ойлаймын мәні не деп. Мен бәріне әзірше кіріптармын, Ортасында жүргем жоқ қызықтардың. Жүріп қалдым жастықпен шарап ішіп, Сол шарапқа бір демде қызып қалдым. Бітті бәрі! Енді мен түйілемін Жұдырығы секілді мұжықтардың.

ҚОРҚЫТПЕН СЫРЛАСУ Жан едім мен адамның мұңын емген, Күй шығады кеудемнен күңіренген. Қобызың боп боздасам, Қорқыт ата, Қарғып тұрып көріңнен,.. тірілер ме ем? Ардағым деп аялап адам ұлын, Ой көшеді санамда қара құрым. Өле сүйгем, өртенгем, соным үшін Шынымды айтсам, ей ата, жаралымын. Жаралымын, Жанымды жан ұқпаған. Жартас – мүңым кеудемді жаныштаған. Қобызыңнан қорықпаған пенделерден, Мен қалайша өзімді алып қалам. Айтшы, бабам. Айтарың таусылған ба? Тұншықтырып қара жер қаусырған ба? Күрсінісің күй болып боздап еді, Мен айғайлай алам ба даусым барда? Әй, білмеймін, Білмеймін, бабам Қорқыт, Ауып кетпес арамдық менен қорқып. Айдалаға ажалдан қашып жүрген Өзің құсап... Тентіреп келем жортып.

ОҚЫМАДЫМ Мен жырымды оқымадым, Оқталып, Қалдым сонсоң тез суынып, Тоқталып. Бір тыңдаушым өрем қапқан сезімі Өп-өтірік өлең сүйгіш боп қалып. Оқымадым, «Оқы» – деді, жалынды. Қайдан ұқсын, Түсінбейді ол жанымды. Сонда менін сор татыған жүрегім Тікен-тікен түйе тілін сағынды. Манғазсынып, Күлімсіреп маған жай, Сал көңілі салқын тартқан адамдай, Күренденіп қолын созды акырын, Ышқырынан тиын берген сараңдай. Үндемедім. Қолын алдым тершіген, Құтылғандай болдым оңаз елшіден. Жүрегімді жыр сыздатып жүргенде Сақта мені дәл осындай «емшіден».

АҒАРЫП ОЛ ДА БАРА МА? Ауада ақ қар қалқиды. Ауадан ақ қар аңқиды. Әндетіп ақ қар әр қилы, Әр қилы жаққа шалқиды. Таулардың түсі ағарып, Ауланың іші жаңарып, Айнала толған жаңалық, Әлемнің бәрі, бәрі анық. Бала да нұрлы, ана да, Қала да сырлы, дала да... Қарайған ой көп санада, Ағарып ол да бара ма?

ТАРБАҒАТАЙ Өмір өткен бұл тауда, Өмір өткен. Өмір өткен ерлерін еңіреткен. Сері де еткен сайымен серуен құрып, Тамылжып ән тастарын тебіренткен. Тарбағатай – қара нар Қапталында Сүйретіліп қазақтың соры кеткен. Көштер өткен басынан, Көштер өткен, Құздан құлап, ары асқан көп белестен. Жаяу-жалпы босыпты қайран қазақ, Күнгейде күткен бақыт жоқ деместен. Өтіпті те кетіпті Арғыбетке Қатты шошып әлдебір отты елестен, Теріскей теріс қарап қала берді Анадай жалғыз ұлы өкпелеткен. Анасынан безген үл, Анасынан. Жақсылық таппас жаттың арасынан. Қайран қазақ толқыпты қайта бері Теңіздей төңкерілген шарасынан. Өткен ел өткен екен Бергібетке

Адасып іні кепті ағасынан, Айрылып піспек қапты сабасынан... Тарбағатай – мұңды тау, Мұнарлы тау. Тасы тарғыл, Тарихы тұманды тау. Бір бағы қайтқан елі қазақтығын, Діндары әкеліпті құранды сау...

ӘКЕМЕН СЫРЛАСУ «Өкпең бар ма өмірге, – деп, – шырағым?» Әке, менен неге сонда сұрадың? «Өкпем жоқ деп айта алмадым – өмірге», Келді-ау, әке, сонда мені сынағың. «Өкпем жоқ» деп айтсам, тойған болармын. Шат боп күліп, мұңды қойған болармын. Үндемедім – Жүрегімде әжім көп, Сай-саласы жібермейді солардың. Күлкімменен күрсіністі жасырдым, Жүректегі сілкіністі жасырдым. «Өкпелемей өссін,– деген – осы ұлым», Әке, саған іштей ғана бас ұрдым. Өкпем бар ма? Оны да анық білмеймін. Көктем барда көгеремін, гүлдеймін. Ызғырыққа ыза болам қалтырап Сондай сәтті, шынымды айтсам, тілдеймін, Мен дағы, әке, мейір күткен шынармын Өмір – дауыл, шыдармын, не сынармын. «Өкпең бар ма өмірге?– деп сұрама, Бұл фәниге құмармын ғой, құмармын.

МЫЛТЫҚТЫҢ МОНОЛОГЫ Мен – мылтықпын, Мылқаумын, саңыраумын, Қарасымнан қайтады сағы жаудың. Қайырымсыз, қайғысыз, үмітсізбін, Ауызымда ақ түтін, азынаулы үн. Үйретемін үніммен құдіретті Не екенін атасын танымаудың. Мен – мылтықпын. Мен – құлмын. Адам – тәңір. Ием тынбай мен қалай табам сабыр. Өзегімді өртейді берген асы, Қайран ішім қайнайды қазанша бір. Садақ бабам: – Санасыз құдайларды – Деді маған – қайғыға қамалта тұр. Сонан кейін жебесін желге ұшырды Құдайы да құлады ер мүсінді. Ол құдайдың баласы мені қолға ап: «Көрсет, – деді – мылтығым, сен күшіңді.» Сонда ғана мен білдім – Құл екенмін. Құдайымның қолында тұр екенмін. Қорғасынды жұттым да от түкірдім. Қанын төктім сол жерде бір есердің.

Дедім іштей өзімнің құдайыма: «Сенің дағы күніңді түн етермін». Болды солай, Оған мен сенген едім. Адам болды ақыры көздегенім. Ақымақтар ажалды үстап түрып, Қуанысты тапқандай ең керегін! Мен – мылтықпын, Ұрпақсыз емеспін мен – Олар келді дүниеге ерекше үнмен Менен гөрі менмендеу дүлей болып, Өртін қойды өмірге ер екпінмен. (Адам шіркін мұны да керексінген). Олар – менің ұлдарым, Бірақ, бірақ Құдайларға сөйлейді бөлек тілмен, Жан қоймауға тырысып өзектіден. Оларды емес, қарғайды адамдарды, Қорқатындар қорғасын қоректіден. Мен – мылтықпын, Қалжырап шаршағамын. Адам – құдай істеуде аңсағанын Мен бірақ та әлі де қызықты етем Аң құмарлау адамның қансонарын. Мен – мылтықпын Өмірім аз-ақ қалды. Дауысыммен бұзбаймын ғажап таңды. Менсіз дағы «мейірлі тәңірлерім» Арқалап жүр ап-ауыр азаптарды.

«Ей адамдар,– дер едім тілім болса – Жандарыңа бір уақыт тыным болса. Ұрпағымнан қорқыңдар енді менің, Олар керек қылмайды мыңыңды онша. Сондықтан да құртыңдар тұқымымды, Өшіреді әйтпесе түтініңді». Ақыл айту адамға маған жаттау Ей пенделер, әйтсе де, азаң қатты-ау. Қаруыңның қарты ғой сөйлеп тұрған, Тілегі оның: өзіңді арандатпау. Тілегі оның: Адам боп жаратылып, Жауыздықпен жалғасып, адамды атпау.

  • * Масайраған сезімдерді тәрк етіп, Мас боп жатып көз ілемін кейде мен. Махаббатым көк бұлттан жарқ етіп, Қалғып кетем бір тамаша ойменен. Күйкі өмірім күлгін тартып күлдейін, Шеңгел шоғы секілденіп өшеді. Басқа шаттық білгенім жоқ, білмеймін Деген ойлар дем-дем сайын көшеді. Махаббаттан басқа сезім болмайды – Жақсылықтың жапырағы ол деген. Ол жапырақ мәңгі бақи солмайды – Көздің жасы суарады көлдеген. Басқа сезім бар десеңдер дауласып, Оның бәрі пендешілік далбаса. Сене алмаймын бір-бірімен жауласып, Адам біткен бірін-бірі алдаса. Мас боп жатам махаббаттың деміне, Маған ешкім сыйлаған жок, мұндайды. Мен жылаған кездерімде егіле, Тек махаббат тебіреніп тыңдайды.

ОТ ПЕН ТҰЗ Отан, маған отыңды бер, отыңды, Сол отпенен жылытайын қосымды. Сол отпен мен сом темірді илейін, Сол отқа мен шақырайын досымды, Отан маған отыңды бер, отыңды. Жыр оқысам оттар ұшып көзімнен, Сәуле шашып мен тұрайын өзімнен. Ұран отын жағар күндер келсе егер, Тұңғыш отың мен болайын көрінген– Хабар беріп мен тұрайын өмірден. Отан, маған тұзынды бер, тұзыңды, Тұзыңмен тарт, жырыңмен тарт ұлыңды. Түйір тұзың түгел менің өмірім– Көргім келмес басқа жерде күнімді. Отан, маған тұзыңды бер, тұзыңды. Сенің тұзың – батыр ұлдын соңғы әні, Саған деген сағынышы сондағы. Сол бір ұлдай сүйем сені, сүйем мен, От пен тұздан айырмасаң болғаны.

ӘКЕТІП, ӘНЕ, БАРАДЫ Жылау да жылау, жылау жыр, Жыртылып, тозған сыр-ау бұл. Шартиып жетім қозы жүр, Маңқиып жетім бұзау жүр. Жылау да жылау, жылау жыр, Жасыңды керек бұлау бір. Көрдің бе көзді анау бір Ойнамас онда алау-нұр. Қасиетін сол көз біледі, Дүниеге мынау қараудың. Жылау да жылау, жылау жыр, Шақырып сені тұр-ау қыр. Шөлдеген оның гүліне Жасыңды төкші бір ауқым... Былғанған шаңға балағы Көрдің бе анау баланы? Жоғалтқан сенің жоғыңды Әкетіп, әне, барады. Әкетіп, әне, барады...

ІЗДЕР ЕДІМ Анау қыздың көзі саған ұқсайды, Ал ана қыз өзін сендей ұстайды. Мына қыздың өзі саған ұқсайды, Бірақ менің жүрегімді ұқпайды. Анау қыздың билегенін ұнатам, Әлем-жәлем кимегенін ұнатам. Ал ана қыз... өзі сүлу, өзі жас, Жаудырайды... жанарымнан нұр атам. Анау қыздын адалдығын сыйладым, Ұсынуға базар гүлін жинадым. Сүйер едім, сүйгенім жоқ мен бірақ, Мен деп соққан жүрегіңді қимадым. Үңіліп те көрдім сенің жаныңа, Түңіліп бір көрген жоқпын, бағыма. Жинап алған, қасиеттің баршасын, Риза боп сендей қыздың барына Мен келемін, Шынымды айтсам, әйтпесе, Әдемі қыз іздер едім тағы да.

  • * Дағыстанның шың-құздарын көргем жоқ, Данышпан деп жырлап жүрген Ғамзатов. Өлеңменен жүректерде өргенде от, Расул жерін жатқан сынды ән басып. Ерлік жыры, ол мәңгілік өлген жоқ, Деп жырлайды қашандағы Ғамзатов, Батыр Шәміл тек өтірік өлген боп Жатқан сынды жүрегінде қан қатып. Махмұт та өлген емес, тірі әлі, Жүрген сынды махаббатын лаулатып. Авар жері – ақындардың тұрағы Деп жырлайды қашандағы Ғамзатов.

МЕНІҢ КҮНІМ Анам мені әкелмеді өмірге, Отырсын деп бір қуыстың төрінде. Мені әкелді Мерекенің карсаңы – Көктем айын көзімді ашып көруге. Жайнасын деп жапырақпен жарысып, Ойнасын деп асау атпен алысып, Тойласын деп тірлігінің мейрамын Барын берді, балын берді жаны ұшып. Мен есейдім, мерекені көп көрдім, Көп күнімді көк қуумен өткердім. Қанаттанып, ұшып кеттім алысқа, Балапаны секілденіп кептердің. Ұшып кеттім, ұшудан да жалықтым, Ұшудың да орны барын... жаңа ұқтым. Айнымастан мені айналып жүріпті Айналайын Ана деген жарық Күн.

ҚЫЗЫЛ АЯЗ Қызыл аяз қысып тұр түз – даланы, Түз – даланың жүрегін құз жалады. Қызыл іңір болғанда кызыл жігіт Қыж-қыж қайнап тосып тұр қыз баланы. Тоса-тоса зарығып қыз баланы, Жігіттің де жүрегін мұз жалады. Алып қалған аруды аяз шығар Бәлкім оны жігіттен қызғанады.

  • Таудан төмен түсіп келе жатырмын, Тас құлатып, талай гүлді жапырдым. Табанымда даты қалды сан гүлдің, Жанарымда жасы қалды жаңбырдың. Таудан төмен түсіп сайға құладым, Құладым да жылғадайын жыладым. Мен құлаткан тастар суға қарықты, Мен жылатқан гүлдер солып қалыпты. Көнбейді ғой ендігі айтқан сылтауға, Енді қайтып шыға алмаспын бұл тауға. Енді гүлдер имейді ғой бастарын, Енді көзге ілмейді ғой тастарым! Солма гүлім Сен солсаң – Мен өлемін, Сені айналып ұшып жүр көбелегің. Мен мұзарттан мелшиіп құлағанда, Мұз жалаған кеудеме керек едің. Сен барсың ғой. . . Сен барда неге өлемін?!

СЕНІ ҚАЛАЙ ДӘЛ ТЕҢЕГЕМ ЕРМЕНГЕ Қызыгымсың сен менің, Қызуымсың сен менің! Қызыл гүлім сен менің, Қырдагы өскен ерменім! (Бұрынғы өлеңнен) “Қызығым” деп қалай айтқам мен сені?! Рас, сенің күлкің маған емші еді. Шашылды ғой бақытымның бөлшегі, Басылды ғой көкірегім еңселі. “Қызығым” деп қалай айтқам мен сені?! “Қызуым” деп қалай айттым, білмеймін, Соны ойласам көзімді бір ілмеймін. Өртеніп ап өзімді-өзім тілдеймін, Көкжиекке құлап кеткен күндеймін. “Қызуым” деп қалай айттым, білмеймін. “Қызыл гүлім үлбіреген – сен” деппін, Рас, сені самал болып тербеттім. Қызылыңды бірақ маған бермепсің, Қызығынды бірақ сенің көрмеппін. “Қызыл гүлім елбіреген – сен” деппін.

Ақырында сені теңеп ерменге, Баламанды дәл тауыпты шерменде. Ерменге тән ерлік тұрды кеуденде, Көп жылдан соң маған іздеп келгенде. Сені қалай дәл теңегем ерменге?!

ЕЛЕС Елес. Елес. Қалмай қойды бір елес, Қыр соңыма түскені бір бұл емес. Шашын жайған, сәл мұңайған сол бейне, Кейде қайсар, кейде сайқал, күлегеш. Керенау түн. Кермал самал. Кең көше, Кең көшеде адаспадым мен неше? Елес менің есімді алды, қайтейін, Елес болып мен де кетем ендеше! Жанарымды жасқа малам кейде мен, Жан арымды мазалайды ой деген. Ақ бораны азынаған қыс түні, Атып шығам кең көшеге жейдемен. Елес мені, мен елесті мазақтап, Өтті көктем, өтті қыс пен жаз аптап, Елес қуып, есі кеткен әлдекім Келе жатыр өзін-өзі азаптап. Келе жатыр... Кімнің несі кеткендей, Өтер ол жан еш адамды жек көрмей. Елес қуып, елден жырақ бөлінер, Ұясынан ұзап ұшқан кептердей.

Елес пе екен ессіз ғашық, дерт өлең, Күндіз-түні күрсіндіріп өртеген?.. Ақын-елес, елес-ақын екеуі, Жолға шығып бара жатыр ертемен. * Алыстан бір үн естілген... (Ай батқан және түн ауған). Жолаушы ма екен кеш жүрген, Аумайды-ау даусы жылаудан. Еңсесін езіп ауыр мұң, Еңіреп жылап бара ма ол? Сыртына сүйреп ауылдың, Сырықтай түзу қара жол. Есалаң ол ма, мен бе әлде?.. Естілді тағы... сыңсиды. Отыр ма өксіп шерменде, Паналап желден бір шиді. Желегі түспей жас қалған, Жесір ме әлде, кім білсін. Көзінен жұрттың жасқанған, Жесірге түскен күн құрсын. Ару ма екен ай мандай, Арына таңба салған кім?

Қара түн шашын жайғандай... «Алдаңдың, сорлы, алдандың...» Құдай-ау, міне, тағы да – Қасымда сыңсып отыр кім? Сағынып келген жаныма, Сағынышым ба екен... Соқырмын... Алыстан бір үн естілген, Сол түнді кейде тілдеймін. Ыңырсып жолмен кеш жүрген, Өзім бе, ол ма, білмеймін.

  • * Қымыран исі аңқыған, Қызылды – жасыл о күндер. Жұмыртқадай аршыған, Алма бет, қызыл еріндер. Емізіп тілдің шырынын, Ертеңсіз дүние қызығын Мәңгілік болар дедіндер, Шынында шыншыл едіңдер, О, қайран, сол бір сенімдер! Он сегіз жастың отынан Шарпылмай аман кім өткен? Жұлдыздай болып жосыған, Жерге бір ғашық жүрекпен Ғашықтар ғайып болыпты, Айқасып барып түнекпен. Соларға деген ізеттен Жүрегім талай шым еткен... Өткердім жыл мен айларды, Он сегіз қалды алыстап. Жүрегім талай қайғы алды, Ұшпады қиял шарықтап. Жаныма шаттық бермеді, Жап-жасыл жазғы таныс бақ, Көңілім бірақ сенбеді, Алдыға бас деп қарыштап.

Базарға кірдім басқадай Тұр екен бәрі құн бұлдап. Тоқтадым алға аттамай, Көзімнің алды бұлдырлап. Алыстап бара жатқандай Қоңырау үні сыңғырлап. Теңгелер ғана сылдырлап, Сағымды менің сындырмақ... Қымыран исі аңқыған Қызылды-жасыл сол күндер, Теңіздей тентек шалқыған, Шалғынға түскен соңғы іздер, Сонау бір менің таңғы шық, Сәтімді сендер көрдіңдер, Сәнім мен әнім, бағымды Апарып кімге бердіндер? Сұрайын оны сеңдерден, Келмеске кеткен күндерім. Шертілмей жатқан шерлерден Табылар, бәлкім, білмегім. Шертіліп кетсе барлығы, Шерменде болып жүргенім... Шалғында калған іздерім Шаттығым ба екен бір менің?

  • * Жүрегімнің ішінде Жүгендеулі, ерттеулі арабы айғыр Шылбыр тартып, Шырқырап тұр азынап. Босатпауды көңілім қаламай тұр – Ал, босатсам, Жасайды-ау күнә бірақ, Босатпаймын! Босатам! Босатпаймын! Босатамын – Сергісін бір азырақ! Алдым бәрін – Жүгенін де, Ерін де, Ноқтасын да, Ақ сағымдай бұлдырлап кетті шауып. Шақырсам да енді ол тоқтасын ба? Құлай кеттім шалғынға есім ауып... Айғыр сынды сезімге ерік беріп, Мен осылай жатамын ауық-ауық.
  • * (Қиын-ау, қиын суреттеу мұны, Түсінсе жақсы-ау құрметтеуімді!) Тәбеті тәтті тылсым еріндер, Қаныма түскен кіршік едіндер. Алған соң күнде мазаларыңды, Былғадың бәрің таза қанымды. Сүйгізіп енді жаза алмайсындар, Жаныма түскен жараларымды. Қалғытып менің ояу жанымды, Қанымнан алған бояуларыңды. Әсемдік үшін жағудасындар, Өртенген гүлдей жанудасындар. Татады-ау біреу ақынның қанын, Жатады-ау жылап асыл мұндарым. Бұлттан шықпай бүйығып қалған, Құлайды-ау сонда жасын– жырларым! Сендерге барған жігіттей болып, Өмір де мені сүліктей сорып. Күлдіріп түрып күйретіп кетті, Күлкіні жалған үйретіп кетті. Жымиып, жымсып тұрамын ба енді?! Бір мазақ дауыс құлағыма енді: “Еріндер саған еп емес екен, Тапсаңшы, байғұс, тұрағынды енді”.

Көбірек жырлап не керек мұнды, Қанаты шайыр көбелек жынды. Жағындар соның қанатын енді, Табыңдар енді табатын емді. Жүріңдер сөйтіп жылтырап қана, Шырақтай әлсіз қалтырап қана. Кетемін өзім керуендерге еріп, Келмейтін жаққа сан сұрақты ала.

ЖАСТЫҚ-АЙ, ЖАСТЫҚ... Жастық-ай, жастық, Мен сені тербетем күнде. Тербетем неге – Сенімен теңбе-теңмін бе? Бас сұғып мынау Отыздың ойлы орманына, Терлетемін бе өзімді, Кері кетемін бе? Сырғуда менің сыңсыған Сынап күндерім, Қайран қап тұрып, Қай үнге құлақ түрмедім. Құлап кетем бе бір күні, Жылап кетем бе, Сияқты мынау жалғанға Жылап кіргенім. Жастық-ай, жастық, Жанымды ұқ, Жасытпа мені, Суыған жанның жетпейді Ғашыққа демі. Өртімді қайтіп басамын, Еркімді қайтіп,

Аймаңдай маған; – Аптықпа, асықпа, – деді. Баса алмай жүрмін, Баспаймын жан құмарымды, Жасынмен сипап оятам Жаңбыр әнімді. Сарқа көрмеші Сап-сары сағынышымды, Ей, жастық, менде бар болсаң, Сал құлағыңды.

ЖАУҚАЗЫН Жаңа бір түскен келіндей, Нәп-нәзік сырлы сезімдей, Ашыла түскен ып-ыстық, Ләззәтқа толы еріндей. Жауқазын, сені көрем деп, Келуші ем осы маңайға. Жаңбырдан кейін қалайда, Жаяулап жалғыз ерінбей. Биіктеп, бірде төмендеп, Бозторғай әнін айтатын. Жауқазын сені көрем деп, Ерте кеп, кешке қайтатым. Мөлдірей қалған тамшылар, Кешіксем жерге тамардай, Нәумез боп гүлім қалардай, Өзімді-өзім қамшылар. Кездерім еді ол менің, Асыға басып, аптығып. Бар еді талай келгенім, Өзіме аян әйтеуір Жүрекке сәби ергенім. Жаңбырдан кейін жасарып, Жалындап жайнай беруші ең.

Көзіне түрған жас алып, Арудай сені көруші ем. Жауыннан соңғы жауқазын, Журекті неге тербедің. Өзіме аян әйтеуір, Жүрекке сәби ергенім... Жаңа бір түскен келіндей, Қызулы, кызыл еріндей. Жауқазын сені көрем деп Келемін тағы ерінбей, Баяғы бала кезімдей.

  • * Талма түнде тал басы тербетіліп, Құлан жон ай құлағын жерге түріп. Тұрса тұнып тұңғиық мынау дүние, Қалғып кетсе бір сәтке пендешілік. Жатсаң сонда оянып, не оянбай, Тазалыққа не тойып, не тоя алмай. Жүрек сонда бұлқынар, бұлқынар-ау, Сәл караңғы кеудеден босана алмай. Талма түнде тал басы қозғалғанда, Жүрек қолын қаншама созды арманға. Жақын болсам деді ол жалғыздарға, Жылу болсам деді ол тоңғандарға. Ай секілді айналып Қара Жерді, Сүйгісі кеп көк төсін балаң ерні. Қанша жүрек қалғиды талмаусырап, Құшағына сыйдырып бар әлемді. Талма түнде тал басы тербетілсе, Айдан аққан аппақ нұр Жерге сіңсе. Жатсаң сонда жаңғырып көкірегің, Жатсаң сонда ойланып өз бетіңше.

ҚАРАҢҒЫДА Түн қараңғы. Тым караңғы. Қараңғы, Қараңғылық алдайды екен адамды. Терек діңін кісі екен деп қалдым мен, Жапырағын құс екен деп қалдым мен. Түн қараңғы, Тым қараңғы. Қараңғы, Қараңғылық арбайды екен адамды. Терек діңін тебіреніп сипадым, Шықты сонда жапырақтан шипалы үн: “Көптен бері елеген жоқ бізді ешкім, Жақсы жігіт, келді ме әлде тілдескің?” Жауап бердім: «Жастығымды сағындым, Жапырақтай пәктігімді сағындым. Өмірімді құрметтеймін өзімнің, Өміріңді құрметтеймін бәріңнің» Жапырақтар қуанысты қол соғып, Мен күрсіндім... Шаршадым ба жол соғып?...

ТАМШЫ-ҒҰМЫР Жапырақта тұр еді, Мөлдір еді, Жаңа түскен аспаннан өндір еді. Күлімсіреп түрды да... Құлап кетті. Кәрі қайың күрсініп: «Өлді!» деді... Тамшы-ғұмыр, Тамшы-мұң, тамшы бақыт, Теңіз болып кетсеңші шалқып, асып. Тамшы бақыт тұр менің жүрегімде, Күлкісімен кеудемді жарқыратып. Арман шіркін бастамас қай тарапқа? Күн санап та бітпейсің, ай санап та. Жапырақтай дір қаққан жүрегімнен, Таамшы-ғұмыр, құлайсың қай сағатта?

КҮЛКІ ҚҰРБАНЫ Бір бойжеткен... Жүкті болып оң жақта, Қарай-қарай көзі талды жол жаққа. Көршілердің көзі – дүрбі, сөзі оқтай, Енді оларға тегін олжа болмақ па?! Жаны жаурап жылайды енді жас адам, Атқан оқтар дәл тиеді тасадан. Жеген – желім, ішкен – ірің болады, Көзге шұқып көйте берсе ата-анаң. Өсек өршіп, сөз көбейіп жыбырлақ, Әйел тұрмақ, еркек біткен сыбырлап. Қадам басып үйден аттап шыға алмай, Жатады қыз қос құлағын тығындап. Суып көңіл туыстан да, елден де, Тағдырменен тайталасқа келгенде, Шырт үзіліп шыдамының шылбыры, Бөтен жаққа бетін бұрды шерменде. Не болды?.. Ол өлді... Не көрді?!

СИРЕНЬ Сирень. Сирень. Сорлы сирень бөлмеге, Келіп қапты. Құлпырады ол неге?! Масайрайды, Мас қылады сұлуды, Мақтан етіп түрғандығын көрмеде. Сирень тұрды. Сирень күлді аз-ақ күн, Санын ұрды – Сағындырды азат күн. Иіскемейтін болды сұлу қуанып, Жұпарынан жұрдай болып ғажап тым. Сирень. Сирень. Сорлы сирень сарғайды, Іштен тынып, Іштен ғана зарлайды: «Неге мендей некен-саяқ сұлулық Мәңгі болып, Жанды болып қалмайды?! «Иісі жоқ. Артық қой – деп – үйге енді» – Саудыратып алып шығып сиренді, Күл-қоқырға тастай салды жас сұлу Кеше ғана керемет деп сүйген-ді– Сорлы сиренді...

АҚ ЖУСАН Жусан. Жусан. Ақ жусан, иісің қандай? Сылқым емес, Сыршылдау сиқың бардай. Жұпарынды жұта алмай Жүрмін қазір, Содан болар тұрамын ұйқым қанбай. Шырылдауық торғайың Шырқынды алмай, Қалды-ау, шіркін, керемет жыр тыңдалмай. Ол күн қандай, айтшы өзің, Бүл күн қандай, Саған қарай жүрегім жұлқынғандай. Жұпарым-ау, Сен барда қараппын ба, Қараппын ба көркіне абаттың да. Сағынумен келіп ем Салып ұрып, Қалыпсың ғой қатігез қар астында. Асап едім сол қарды, Ғашық иіс Кернеп кетті кеудемді... Ғажап мүнда! Маған деген махаббат, сағынышты Құрта алмапты құрығы азаптың да.. Құмарымды қалдырып қар астында, Берілем-ау тағы да азап – мұңға.

  • * Шеруқұмар, Шері жоқ от күй едім, От күйіме бұл күні көп күйемін. Көк ши едің сен-дағы көлбедеген, Ақ ши бопсың, көзіме дөп тиерім. Тіршілік ең тіреген көкке иегін, Ақ ши бопсың, кайтейін, көк ши едің! Қыраубас боп, Қызықты тәрк еттің бе? Шіркін өмір шынында шәлкес мүлде. Әндетер ең, Әлемді әлдилер ең, Әндетер ем мен-дағы нәркес түнде. Мелшидің бе, мен жоқта әндеттің бе? Қайта оралар күн бар ма дәмдес күнге?! Көк ши едің, Шіркін-ай, көркем едің, Өн бойымды өзіңмен өлшер едім. Мұз құрсаған денеңе Мұң көзімді Енді қалай елжіреп төңкеремін... Бұл қалпынды от шақта көрсем едім. Өзегіңді от қылып өртер едім...
  • * Махаббатсыз, Мандайы алтын әміршім, Айыбнымды айт бетіме тағы да. Мейлі ашудың дабылдары қағылсын, «Сүйкімсіз»– деп, сүйкеп жібер жағыма Сүйгеніңнен сол жағады жаныма. Шапағатсыз, Шар айнадай мөлдірім, Шайқалмаған бір тұнығым жоқ менің. Шатырлаған найзағайдай өрлігім Көшірді ме көңіліңнің көктемін, Өтірік боп шықты-ау менің өпкенім. Аса жатсың. Қаталаппын бір жанға, Жасамапсың қырсыққанда бір күнә. Сен еріксіз маған мойын бұрғанда, Сыртым күліп, ішім тұрды қынжыла. Мойын бұрма мен секілді жындыға.
  • * Әрбір, әрбір жеңістерін тәнімнің, Мойындамай қоюға мен әзірмін. Басымды исем, Ол жеңісім қылыш боп, Қиып түсер қайырмасын әнімнің, Қиып түсер жалғыз гүлін жанымның. Шабуылын салған кезде бұл тәнім, Ұясынан ұша алмайды сұңқарым. Шынымды айтсам. Арпалыскан арыма Ол кездері өзім-дағы ұрсамын. Арды байлап, Тәнге ерік бергенде, Шіркін, адам айуандығын сезген бе?! Құлайды олар биігінен құлдилап, Арын тәні мәңгілікке жеңгенде.
  • * Келмей-ақ қой, келмей-ақ қой сен маған, Құсым едің қолыма ерте конбаған. Қара түнсің сен үстіме орнаған, Мен– теңізбін, дөңбекшимін, долданам. Келмей-ақ қой, келмей-ақ қой сен маған. Мейірсізбін, мені әурелеп қайтесің, Бар болса егер алмай жүрген, айт, өшің. Сен– перісің бір көрсеткен ай төсін. Мен– пендемін– біздерде жоқ сәйкесім. Меңіреумін, мені әурелеп қайтесің. Келмей-ақ қой, мойныңды енді бір бұрма, Жүк түсірме жүрек деген құрғырға. Мен өзімді байлап қойдым шынжырға, Бір сындырған сағымды енді сындырма. Келмей-ақ қой, мойнынды енді бір бұрма...
  • * Түндегі өртті көріп пе едің сен – Менің жүрегімдегі түннің? Шуағында болып па едің сен – Менің жүрегімдегі күннің? Түндегі өртті көре алмадың сен – Онда адасып кетпес едің ғой. – Күн шуағын сезе алмадың сен – Тоңып, жасық төкпес едің ғой. Түндегі өрттен түк қалмапты де – Күйіп кеткен күлді көрген соң. Күнімді түн құтқармапты де – Тас қараңғы түнді көрген соң.

СОЛМЫН МЕН! – Мен саған ешкім емеспін, Сен маған жатсың... Солай ғой. Тонаған жоқпа сені ешкім? Тонаса... мені тонай ғой. Таныспын ба әлде мен саған, Көрдім бе сені бір жерде? Таяшы, бері... бері таман, Орайын сені гүлдерге. Жатсынып, әрі шын танып, Жұмбақтау күліп тұрсың сен. Жүзінен түрған нұр тамып, Жұлдыздай жаным, Кімсің сен? – Мен саған тым жат емеспін, Өйткені, сендей көп ағам. Тонаған жоқ қой мені ешкім, Сеніғой... Сені тонаған. Тамшымын... Әлі тамғам жоқ, Қайтесін мені гүлге орап.

Көзіңнен ағып арман боп, Кетемін мен де сырғанап. Тұрғаным рас шын танып, Өзіңмен талай болдым мен. Әніңмін кеткен шырқалып, Жаныңмын... Солмын, солмын мен!

ҚАМЫС ПЕН ҚУРАЙ (мысал) – Күнәһарсың,– деді Қурай Қамыска, Мойның созып көп карайсың алысқа. Үлпілдеген үкің сенің не теңің, Салдақысың, сатал– сатал етегің. Қамыс қатты қапаланды, Қысылды. Намыстанды, Назарын да түсірді. Қурай-қыздың қужақтығын білмеген, Түрі ме екен түр-сипатын күндеген. Көрінгеннің аяғына оралған, Қурай оны сөкті бүгін, О, жалған! «Ішің толған ібіліс»– деп айтуға Қамыс-қыздың тілі бармай, қайтуда. –Күнәһарсың! – деді Қурай тағы да, Батпақ сенің кезігіпті бағыңа, Тастақ болса тастар еді лақтырып, Момын неме қалған екен жақтырып. – Қурай құрбым,– деді Қамыс, – Не дейін. Күндегенің үкім болса...

Берейін. Батпақ саған бақыт болса ерекше, Оны да алшы, оны да алшы керексе. Қурай сонда тұрды қатты түтігіп; – Кеттім – деді – мен үкіңе түкіріп. Білді өзіне жараспасын үкінің, Білді өзіне жаратқанның үкімін. Содан бері Қамыс әнін салуда, Содан бері Қурай қурап қалуда.

СҰЛУЛЫҚ Сұлулық, сенің сырың мол, Сыралғы емессің ешкімге. Сопы да сен деп күбірлер, Есінен танар естің де. Сиқыр боп, сыр боп, нұр болып, Сен көштің әйел бетіне. Қадалдың сонсоң мір болып, Еркектің тажал ниетіне. Патшаның тағын ойрандап, Бүктірдің тізе хандарға. Сен шыға келсен жайраңдап, Жымияр жыртқыш аңдар да. Қансырамады қай жүрек, Мәжнүнді естен айырдың. Суретшілерге қайғы боп, Қасіреті болдың шайырдың. Сен өзі болдың Ардың да, Сен болдың жыр мен күй алды. Қызарып сенің алдыңда, Ұяттың өзі ұялды. Басына алмады еш пенде, Бағалай білдің бағыңды.

Үмітін өзің кескенде, Талайлар топырақ жамылды. Сұлулык, сұмсың, зұлымсың,., Айыбың да емес ол сенің. Үзілмейтұғын жұлынсың, Ұғымға сыймас өлшемің. Ерлердің бәрі құлдар шын– Емеуірін берсең болғаны. Жүректегіні де ұрларсың, Дәулетті де алып қолдағы. Жайнамас сенсіз ғажап бақ, Сайрамас бұлбұл кұбылып. Келесің бәрін азаптап, Нәпсінің көзсіз құлы ғып. Қолына түссең біреудің, Қайғысы сенсің, соры да. Қара боп бәрі тілеудің, Айналар адам қорына. Мақтанар байғұс аз-ақ күн, Алғаным сұлу болды деп. Құлы боп сонсоң мазақтың, Семер де, сөнер сол жүрек. Сұлулык, сонша мұндысың, Жылайсың сен де еңіреп. Біреудің сүйіп “жындысын”, Құшса екен дейсің мені кеп.

Тәнті етіп тартсаң өзіңе, Тәніңе кірер қара алмас. Көрінбей қайтып көзіңе, Қойныңа сусап оралмас. Саяңда болып кетсе де, Сайқал деп сені білер ол. Жез таға қағып өкшеңе, Біреуге барып күлер ол... Сұлулық жалқы, жесірсің, Қасың көп және досың жоқ. Біреулер үшін кесірсің, Қолынан келсе өшірмек. Сұлулық, күнсің, жылусың, Аспансың ашық, қаракөк. Сүлулық, мәңгі сұлусың– Адамға қалсаң Ана бол.

  • Жаздың таңы, мінеки, келеді атып, Сәл ертерек қалмағам неге жатып? Әубәкіров айтқандай анау жылы, «Көз майымды қылдым ба көже-қатық». Әне-міне қызарып күн шығады, Тү-у алыстан бір ғажап үн шығады. Боп-боз болып тұр екен Ай бейшара, Әлгі үн соның, мен білсем, сыңсығаны. Мұңын мұңдап көп тұрдым жесір Айдың, (Жесір Айдың жүзінен шошымаймын). Шым-шым етіп жүрегім шаншып кетті, Кейде-кейде мен неге осылаймын? Түнемел ойды көп іштім, Түлкі көз түндер ұзарды. Көгілдір таңмен көрістім, Көзімнің ағы қызарды. Ысындым, қайта суындым, Ысырап қылдым қиялды.

Кірінен түннің жуындым, Кірпияз таңым ұялды. Күніме қарап күрсініп, Күп-күрең болып мен тұрдым. Жетелеп мені тіршілік, Желкеммен аздап желпіңдім. * Іштен тынып. дыбысыңды шығармай, Жүрсін әлі өзінді-өзің ұға алмай. Түйткіл ойдың түйме басын көргенде, Ақ құясың үйге кірген жыландай. Бос отырсың болмас істі қиялдап, Болашаққа сыбаға арнап, сый арнап. Сынай көрме, Әбубәкір, елді сен, Қара да отыр қаламың мен сияңды ап. Қара да отыр қаламың мен сияңды ап, Ұлыңды бақ, ұятың бақ, ұяң бақ. Бітірмеген істеріңнің көз жасы, Біле-білсең, бір басыңа зиянды-ақ.

  • * Ол айтты: – Мен сүйемін өмірді,– деп,– Өйткені өмір деген көңілді,– деп. Мен айттым: ‘. – Мен де сүйем өмірді,– деп, – Өйткені еске аламын өлімді,– деп. Ол айтты: – Мен сүйемін жарымды,– деп,– Өйткені құшағы оның жалынды,– деп. Мен айттым: – Мен де сүйем жарымды,– деп,– Сол ғана түсінеді жанымды, – деп. Ол айтты: – Мен сүйемін Отанды, – деп,– Өйткені тәрбиелер ботамды, – деп. Мен айттым: – Мен де сүйем Отанды, – деп, – Сүйеймін соған ғана жотамды, – деп. Ол айтты: – Атамекен – киеміз, – деп, – Бәріміз соған басты иеміз, – деп. Мен айттым: – Жердің шары – киеміз, – деп, – Сүйеміз, соны өлердей сүйеміз, – деп.
  • * Сен кім үшін сәнденесің, мұнды қыз, Қабағыңнан білінеді күзгі мұз. Сені сүйген жігіттерден естелік – Жүрегіңде қалып қойған сұмдық із. Шырайланып жымиюшы ең ілкіде, Мұң қосылып кетіпті ғой күлкіңе. Кесе алмайсың бұрымыңдай үмітті, Жете алмайсың «арман» деген түлкіге. Бір-ақ сілтеп барлығына қолыңды, Жүрер едің, Ойлайсың ғой жолыңды. Көрсоқырлар көп өсекке таңатын, Көрмейді ғой көзден аққан сорыңды. Өсек өртеп талай үміт кетті өліп, Сәнден, сұлу, сен сол үшін кектеніп. Қарақшылар қарап тұрсын тамсанып, Арманыңды ала қашқан бөктеріп.
  • * Аман калған жандайсың арашадан, Қабағыңды аш, Не болған, аға, саған?! Пісіп-пісіп қойсаңшы піспегіңді, Әлде ортайып қалған ба қара сабаң?! Қажытты ма қу тірлік қажырыңды? Кім жеңіпті сол бетпақ, қазымырды. Көп ойланып кеттің бе адам жайлы, Көп айналып кеттің бе қазығыңды. Кабағыңды аш, ей, аға, қажымағын, Сен жазылсаң, мен дағы жазыламын. Несібе ме? Несібе не тәйірі, Берсе-дағы қанағат азырағын. Біреулердің жүрегін орып, сойып, Қайтер едің жүргенде толып, тойып. Күлімсіреп түрғаның рахат маған, Көк түтінді құмарта сорып қойып.
  • * Тебіренгенімен терендер, Еміренбейді ғой биік шың. Күңіренгенімен кемеңгер, Қайғысын қандай ми ұқсын. Тереңде қандай шаруасы, Биіктің мүңы – басқа мұң. Биік қой таудың қар басы, Терең ғой бірақ Аспаның. Қосылып Жермен аунаңдар, Жоталар, жондар, қырларым. Білмейді-ау бірақ тау заңғар, Тереңге төніп түрғанын. Бөлмейді ол бірақ көңіл, ой – Жер тауы даңққа жауланған. Сұраса білер еді ғой, Жұлдыздан түскен таулардан.

МАХАББАТ Махаббат пейіш желі емес, Махаббат – дауыл, долы күш. Махаббат – майдан, ерегес, Нойыс күштермен соғылыс. Махаббат – ақыл, ойда емес, Сезімде, көзде, қаныңда. Махаббат баста, бойда емес, Жаралған жүрек қабында. Махаббат сенім, серт те емес, Сенімдер қурап, семуде. Махаббат – мәңгі дертті елес, Мақсаты – сүйіп өлуде.

КҮН– КЕЛІНШЕК Сұр аяз тұр сызданып, сынбай әлі, Ұясына домалар Күн баяғы. Бұрқыраған боз будың арасында, Бір келіншек бұралып кір жаяды. Сұлу жүзі суықты ұмыттырып, Маңайына қарайды ол тұрып-тұрып. Ақ білегі жалаңаш, балтыры да, Қалмас па екен шіркінге суық тиіп! Тентек аяз сүйеді күліп беттен, Келіншек тұр “кел, кел” деп, үрікпестен. Күн де батып барады, Келіншектей Кірін жайып, үйіне кіріп кеткен.

  • * Сыңсып-сыңсып талдан бүршік. шығады ыршып, шығады үркіп. Тоқтамайды бұл тіршілік... Жесір қайың тұр күрсініп. Жесір қайың, Жесір қайың, Сары уайым Салма дәйім. Балалайтын бар ма жайың? “Бар ғой” десең... алданайын. Енді бүгін дүние ділін, келсе білгің – шығады үнің. Жауабы сол сұрағыңның – Қурағаны сыңарыңның. Естен танып, Қурап қабық, Сөнім жарық, Болып табыт Өлген қайың – сенің жарың, Ұмыт, сорлы, енді бәрін!
  • * Сәби гүлге тамды көктен аққан сүт, Бағбан самал шөптің түбін жатты аршып. Кір-қожалақ күшіктерін ойнатып, Күншуақта көсіледі аш қаншық. Көн-терісі сүйегіне жабысқан, Құрғап емшек, құрсағы да қабысқан. Аш қаншықты алатұғын ажалдай, Манағыдан маңайлап жүр сауысқан. Күшіктердің көп ойлаумен тоқтығын, Ит ұмытқан иесінің жоқтығын. Тым бақытты көрінеді қозылар, Тістеп жатқан балаусаны көк тұлым. Көктем күні қандай қысқа! Кеш кірді, Түн де келді алаң етпей ешкімді. Көктем түнін күңірентіп тек қана Аш қаншықтың ұлығаны естілді.
  • * Есіркеп маған қарадың, “Есейіп кеттің ғой, – деп, – сен”. Далаға сонда қарадым, Дымданып тұрған әйнектен. Есейіп кеттім мен рас, Есейген бірақ, есім жоқ. Есірік шағым көзі – мас, Мазалар «кешір, кешір!» деп. Шірітпей кеткен жер бар ма, Жігіттік деген... шіркін-ой! Қараймын үнсіз жондарға... Дымданған әйнек... Дымқыл ой. Сынаптай сырғып тоқтамай, Құйқылжыр көңіл байызсыз. Жастық күндерді жоқтамай, Қартайсақ па екен айыпсыз?
  • * Сыңсиды жел бір әнді сызылдырып, Көрсетпейді қыз-қайың қымыз қылық, Менің-дағы кеудемді кесіп өтті, Құбыладан күлаған бір ызғырық. Тұрушы еді-ау көгімде жұлдыз еріп, Жүруші еді-ау жанымда бір қыз еріп. Күлдірлетіп күреңге мінбей жатып, Күйген саусақ секілді күлдіредік. Сыбырыма сыр қосты сыңсыған жел: «Таяп калды, батырым, тыншығар жер”. Сыңсыған жел – сынықшыл, не біледі, Құлшына бер, көңілім, құлшына бер.

ҚҰРДАСҚА Таза бақыт тілейсің бе өмірден, Онда, досым, Көңілден сен, көңілден. Сұлу қыздың сымбатында сиқыр бар, Кеудесіне барша ләззат көмілген. Сыйла соны... Сиқырлан да дуалан, Қорқа көрме күнәдан да куәдан. Балтырына шұлық болып киіліп, Алқымына орамал боп сен оран. Кеудеңде бір күйік болса кемірген, Жуып таста, шәрбат сорып еріннен. Көкірегің көк аспандай кеңейіп, Дем шығады дертіп тұрған жеріңнен. Санаңа сен таң қаласың жаңарған, Садаға боп қала берер сан арман. Алапат бір күш аласың алыптай Алау отты алма төстен – анардан. Күйкі тірлік, Күйбең өмір бәрі қап, Жұлдыздарың шыға келер жамырап.

«Қайда жүрсің!?» деп зекісе бәйбішең, Өтірікті аңырат кеп, аңырат. Сонда, досым, ашылады жан гүлің, Төгіледі көмейіңнен ән-жырың... Шын екен деп ойлап қалма сен мұны, Бұл, әншейін, қалжыңым ғой, қалжыңым. * Тылсым үн кернеп маңайды, Нұр маған күліп қарайды. Алтын да салқын сарайлы Кірпігі Нұрдың арайлы. Көрсетіп аппақ жүрегін, Созады сұлу білегін. Білемін, мүны, білемін– Бұл менін Нұрым гүл ерін. Нұр күліп үнсіз калқиды, Жалындай лебі шарпиды. Жұпары гүлдің аңкиды, Балқиды тәнім, балқиды. Дөңгеле, Нұрым, дөңгеле, Көрінбей биле өңгеге. Көрінбей келіп өңгеге, Кіріп кет менің кеудеме!

  • * Аяулы жан! Саған арнап жыр жазам, Оңай да емес, Қиын да емес бұл маған. Мен өйткені, мейірімнің құлымын, Мен өйткені күңдеріңмін зырлаған. Аяулы жан, саған арнап жыр жазам. Серпіп ашқан сезімімнін, түндігін, Махаббаттың махаббаты бұл жырым. Күн қуанып күлімдесін аспанда, Түрсін мынау түнеріңкі түн мүңын. Жүрегіңе жүрек болсын бұл жырым. Мендегі Ардың оқ өтпейтін қалқаны – Сендегі бар сезімдердің аңсары. Сенің жолың түйіседі менімен, Менің жолым саған қарай тартады. Жалғасады жас өмірдің бал шағы. Көзіңдегі көктем кандай, нұр қандай, Бар адамға бақыт тілеп тұрғандай. Рахаттанып мен шомылдым сол нұрға, Ешбір көзден жасырынбай, ұрланбай. Маған ғана өмір күліп тұрғандай.

Бұл өмірге сүю үшін келгенмін, Саған ғана бұл өмірде сенгенмін. Аяулы жан, айналайын мен сенен, Сені ғана сүю үшін келгенмін.

САМ ЖАМЫРАП БАРАДЫ Сам жамырап барады өліп-талып, Шам жамырап барады өшіп – жанып. Бозарады көздері бозбаланың Ақ көйлектің етегін көріп қалып. Сайран да өмір, әрине, ойран да өмір. Қараңғыға бір сәтте айналды өңір. Бозбаланың бозарған көзі жанды, Қасқыр сынды қомағай қайран көңіл! Қасқыр сынды жігіт бұл мысық табан Жөргегінде “перілер ұшықтаған. Қорғанына арудың қойып кетті, Демеді ерің– “жау қолға түсіп қалам”. Терезесін таяу кеп шертіп еді, Екі иіннен дем алып ентігеді. Ентіксе де бөрібір, мертіксе де, Қүмар істің қисыньш келтіреді. Сәл сырылды пердесі терезенің, Кепкен жері осы ғой кенезенің. Арман бар ма – арудың нақ өзі екен, Ымдап қалды бозбала – “керек едің”.

Қыз да ымдады – “тыныш” деп белгі берді, Жан жүрегі жігіттің елжіреді... Қайта айналып келмейтін қайран ғүмыр – Сол бір жастық не деген мөлдір еді! Қыздан басқа ойлатпас ештеңені, Сол бір шақтар ұйықтасаң, түске енеді. Көп құрдасым қыздарға қырындауды, Тоқтатты ғой... болған соң “кішкенелі”. Сам жамырап барады өліп-талып, Шам жамырап барады өшіп-жанып...

ЖАР 1. Жылдар өтті... Сен – әйелсің, мен – ермін, Басымыздан өтті-ау, қайран, нелер күн! Шалқып жүріп шындап мәнін ұқпаппын, Бір қауызда өмір сүру дегеннің. Сезе алдың ба – неге мәнін білмедім? Кінәратым, кінәм да емес бұл менің. Себеп біреу – сенің маған сенгенің, Мезгіл– мезгіл менің шалқып жүргенім. Сен ашылдың қауыз жарған гүлдей боп, Мен шашылдым күркіреген күндей боп. Сен толқыдың дәнді егінмен бірдей боп, Жел боп тидім қадіріңді білмей көп. Көкірекке күн көтеріп сен жүрдің, Екі иыққа жын көтеріп мен жүрдім. Күн мен жынның арасынан туғандар, Найзағайдай мәрт болады, мен білдім.. Солай, жаным, бізде қарсы мінездер, Түн күнді іздеп, түн соңынан күн іздер. Артымызда қисық, түзу екі із бар – Сонысымен тым қымбатты бұл іздер.

  1. Алдыңа алып отырған бөбегіңді, Кейде маған қарайсың неге мүңды? Жатқа біліп алдың ғой жан-дүниемді, Жатқа оқитын қыз едің өлеңімді. Жабырқасам, жабықсам есіме алам, «Жалғыз досың менмін ғой» дегеніңді. Бар да шығар достарым, жоқ та шығар, Көбелекпін, әйтеуір, отқа асығар. Жан достарым жанымды жерлеп кетсе, Онда мені бар деме, жоққа шығар. Көшке берген тайларын қайтарып бер, Кекілінен кес дағы, ноқтасын ал... 3. Кінәлама. «Қайда жүрсің?» – деп менен сұрама да, Сен деп тұрған әйтеуір бірдеңе бар. Ол кеудемде – ол, міне, мына арада. Қазаныңды отқа қой, қарным ашты, Күңірінбе, күрсінбе, жылама да. Қалжырама. Отырғанда сүйкімді қалғып ана, Түңғышыңдай еркелеп келіп түрмын– Қандай өзі? Кімдермен каңғыған,ә?! Ғажапсың ғой,

Ғажайып үн шығаршы Қолым тиіп кеткендей домбыраға,.. Күл осылай, Таудың таза бұраң бел тұмасындай, Күл, күл тағы, сонан соң мен күлемін, Сен күлмесең– тұманым тұр ашылмай... Мінезіңнің ауыры-ай, сары бәйбіше, Сәл кінәлап, сәл күліп тұрасың жай. Ұмыт болған ғасырдың мұрасындай.

  • * Жүруші едің, құрбыжан, Маған ыстық наз айтып. Жігітке еріп бір бүлаң, Кеттің оны азайтып. Мен де саған наз айтып, Жүруші едім, құрбыжан. Кеттім оны азайтып, Соған кейде қынжылам. Өкінішім емес бұл, Онсыз да көп өкініш. Тек көкейде елес жүр, Елес те емес... Өтініш. Түсінерсің ар жағын, Түсінерсің, құрбыжан. Бүл сөзімнің салмағын Барла биік түрғыдан.

ТӘРК ЕТІП БӘРІН (арманды сәт) Көзіңде жүлдыз нұры бар – үр қызындайсың, Құрмет қып тұрса кей жігіт құр жымыңдайсың. От гүлдер болып оянған он алты жаста, Арманшыл жастың аяулы сыр-мұңындайсың. Кіл жымыңдайсың, шынында күлмейсің қатты, Тіл тиіп әлі көрмеген тілдейсің тәтті. Сыңқ ете түсіп, сынықсып, ұяла қалсаң – Бүтін бір бақтай түрленіл, гүлдейсің қатты. Таңшебер көркің тастайды сиқырлап бәрін, Өзіңе деген сезбейсің сый-құрмет барын. Аққудан үшқан мамықтай қылығыңменен, Ғажап-ау тылсым әлемге күй тындатқаның. Гүлдердің исін ұрлайсың, жұлдыздың – нұрын, Бір сәтте құртып кетесің мың қыздың дымын. Алтыннан етік киетін ертегі қыздай, Тұрғыздың бірін паңдардың, жүргіздің бірін... Тұлғаңды сенің тау-тасқа қашайын ба анық? (Баспайтын тұсты бас тігіп басайын барып). Тәрк етіп бәрін дүниені, өсекті, сөзді, Көз көрмес жаққа өзінді, қашайын ба алып?..

  • * – Келді көктем, – дейсің ғой, – Келді көктем. Көктемге сен де мендей елжіреп пе ең? Көктем бе екен, мен бе екем Жанарыңда, Жалғыз тамшы жасыңды мөлдіреткен? – Көктем келді, – дейсің ғой. Көңілденші, Көрік кірсін жүзіңе шер жүдеткен. Бүршігінді ашсыншы, жауқазыным, Мына нөсер дүниені сел ғып өткен. Есіңде ме, сол бір түн... Күз бе еді? Татып ек қой тәп-тәтті “бірдеңені”, Көктем емес, жаз емес, Күз сыйлады-ау, Жүректердің сондағы іздегенін. Мұндағыдай мұңданбай, Сол бір күзде, Кеуденді ашып дауылға күлген едің. Жанарыңмен аймалап, Жаркылдаушы ең, Табылушы ең қасымнан күнде менің.

Көктем келді,– дейсің ғой, Қабақ ашпай, Жапырақпен жарысып, жағаласпай. Ақ самал күзгі дауыл болмай тұр ма, Жұлқып қап, жүрегімді ала қашпай? Япырай, күлгеніңді көрмеймін бе, Қоштасып көктем кетіп бара жатпай? Неге сен тұрсың бүгін қабақ ашпай?

САҚТЫҒЫҢ БОЛСЫН Сезгенің жақсы жүректің, Әлемдей әсем сырларын. Сезгенің жақсы тілектің, Арманға бастап тұрғанын. Кезгенің жақсы, әйтсе де, Жанымның шөлейт құмдағын – Таңдайың кеуіп, талықсып, Тапсаңшы сезім гүлзарын. Қайтесің маған табынып, Басы жұмыр пендемін. Жүрсем де сені сағынып, Сезімге кейбір кендемін. Бәлкім, ыстық сөздерім – Әзілі қылжақ жеңгенің... Сақтығың болсын соншалық Қаншалық болса сенгенің. Сезімге кейбір кендемін.

  • * Рәсуә... Қанша күндер шашылған, Кім аяйды сипап енді басыңнан? Қайран бақыт Бұлдырлаған көзіңе, Оттай ыстық омырау боп басылған. Оттай ыстық омырау боп... дір етіп, Сүйкеп өтті Сені кетті жүдетіп – Аяғыңды сен шешетін орында, Тұрды бір күн зілмауырдай бір етік. Өзіңді-өзің көрсеткенмен өр етіп, Іштей бүгін лепірмейсің неге түк? Сені жаншып, таптап өткен қор етіп, Білемісің... Атың өшкір сол етік.
  • * Бір запыран бар дейсің, Жүрегімде жатқан көк. Жерді мынау тар дейсің, Кеткің келер аспан боп. Мен қайтемін, не етемін? Самал болып ессеңші. Жел көтерген етегін, Құйын болып кетсеңші. Қара-қара қанаты, Қарлығашты көрдің бе? Жердің жеті қабаты, Соған көңілің бөлдің бе?

Карлығашты көрсеңші – Саған қарап ұшты ғой. Көңіліңді бөлсеңші, Қайғы залым күшті ғой. Күрсінесің, налисың – (Ұры өмірмен ұтыстық). Көкірегімді қарисың, Деміңменен ып-ыстық...

Қара-қара қанаты, Қарлығашқа қарама. Алты зеңгір қабаты, Аспаныңды арала. Ұшып кетсең, биік ұш – Уайым қалсын беріде. Күрсініс пен күйініш, Тән нәрсе ғой Жеріңе. Шырқай-шырқай Күн жырын, Шырқап көкке үшып кет. Жүрегімнің бір гүлін, Көкірегіңе қысып кет.

  • * Көзіңдегі жасыңды сығып-сығып тастайсың, Менің жапырағымды жұлып-жұлып тастайсың. Сенің жасың – шерлерің, таусылмастай болады, Жапырағың ал менің, сарғаяды, солады. Ая мені, аяй гөр – жұлма жапырағымды, Түсінбейді әйелдер сендей менің жанымды. Жүрегімді бір айқай деміл-деміл кернейді, Түр-өңіңді құдайдай неге көзім көрмеңйді? Жүректегі айқайың – перзентің шығар тумаған, Не бетімді айтайын – жаңбыр жаумай су болам. Ая мені, аяй гөр –жұлма жапырағымды, Түсінеді қай ерлер мендей сенің жаныңды?

АУРУХАНАДА Мен ояумын таң ағарып атқалы, Терезе аштым... ыстығымды басқалы. Түн ыңылдап таудан асты жайменен, Күн жыбырлап кірпіктерін ашқалы. Тым ғажап қой таңның бұлай атқаны, Елемеуге болар еді басқаны – Сәл қызарып, сәл жымиып сол кезде, Бір бойжеткен еден жуа бастады. Бұрып едім мойын деген құрғырды, Мазам кетті өзімнің де сол ғүрлы – Қыз қысылып, шүберегі іліп қап, шелек ауды, су төгілді... бүлдірді. Бәрі де өтті бір-ақ сәтте қас қағым, Ұялғаным, қысылғаным, сасқаным – Шүберегін іліп алып қолынан Су еденді сүртіп ала бастадым, Малшып-малшып сығып алам сол суды, (Көрмеген ем дәл осындай мол суды). Сестра қыз шырылдап жүр “ағайлап”, Абыржулы, таңырқаулы, қорқулы...

Неге сонша дегбірім шын қашты екен, Ойланып та үлгермеді бас-шекем. Енді ойласам – өрт көңілдің алдында, Сұлу қыздың су төккені жақсы екен. * Жылауық күздің түнінде, Жылауық қызбен бір жүрдім. Бірауық тұрдым дірілдеп, Жылуын аңсап күндіздің. Жас, әлде жаңбыр тамшысы, Қыз бетін жуды, не етейін. Өтті ғой түннің жартысы, Таңға да шыдап жетейін. Жылама, жаным, сен де енді– Өксісе , жүрек өксісін. Еске алып өткен күндерді, Күлейік, басқа жоқ бітім.

  • * Менің терім ағып жатыр бұршақтап, Сенің жасың ағып жатыр бұршақтап. Екеуміз де мықты екенбіз, Тіл қатпай, Жатырмыз-ау, ішімізге сыр сақтап. Сен айтпақсың маған үлкен бір өкпе, Мен айтпақпын – жараймын – деп – тірекке Менің терім, сенің жасың теңіз боп, Жүзе-жүзе жетеміз бе тілекке? Менің терім ағып жатыр сорғалап, Тамшы жасың кеудемде жүр қорғалап. Сенің шерің мақпал қара шашыңдай, Тарқатасың, қайта өресің созбалап. Еһ, дариға! Мұндай түнді кім көрген, Кетсем жақсы болар еді-ау бүл жерден. Жек көргенім емес, сірә, бұл сені, Қорыққаным ғой дәл мынандай түндерден.

БҮГІН ТҮНДЕ Бүгін түнде жаңбыр жауар сиқы бар, Күркіреген күй басталар, күй тынар. Басылғанша сол бір күйдің солығы, Саған қандай ұйқы бар, Маған қандай үйқы бар. Жақсы көрем түнде жаңбыр жауғанын, Сары даланың бұлттарды сауғанын. Сімірсем-ау, сарай ашар ауаның Жер иісті саумалын, Тер иісті саумалын. Өріміндей иреңдеген қамшының, Жақсы көрем найзағайдың жарқылын. Жауын көркі жасын емес дегенге Мәңгі-бақи қарсымын, Дауласпашы, алтыным. Оның мәнін сұрайсың ба, сұрасаң, Жасын болам, қазір сені жылатам. Жылатпаймын... жыр оқимын енді мен Жанарымнан нұр атам, Сені... сені құлатам. Бүгін түнде жаңбыр жауар сыйқы бар, Бүгін түнде бізге қандай ұйқы бар.

ӨЗЕН ҒАНА Аспан – апа көрсетіп жақындығын, Жер – сіңілі желпініп жатыр бүгін. Бұйра жалды бұлтқа мініп келген, Айтып жатыр айғайлап ақын жырын. Ару Жердің аймалап аяулы өңін, Жел білдіріп қояды баяу демін. Ақ қымызын ағызып, шұбат құйған, Аспан, Жердің ауылы бай-ау дедім. Құдіретті күйімен құлақка еніп, Аспан – апа қоштасты жылап келіп. Қуаныштан қол соғып қалжыраған, Бала құрақ ұйықтады бұлақты еміп. Не керемет бұл тойда жасалмады, Не керемет бұл тойдан аса алмады. Ғажабына ғарыштың ғашық болған, Өзен ғана өксігін баса алмады.

  • * Қамырық күйді көп кешем, Қамығып, оймен қаңғимын. Қараңғы түнмен кектесем, Қабарып таңды аңдимын. Қанаты қан-қан құстаймын, Қасарып ұшқан шың жаққа. Қансырап қонсам – ұшпаймын, Қаламын мәңгі түн жақта. Қайрат қыл, қайрал, шыдамым, Қайсарлық – қиғыр қылышың. Қайраңнан мен де шығамын, Қан жүтқан күндер құрысын.
  • * Аспан, жердің арасында жүр Арман, Тыр жалаңаш бір сәулеге ілесіп. Мен емеспін оны көкке шығарған – Өзі кеткен ерегесіп, сіресіп. Жөнін ұқпай, жөргегінде қағынды Ол, Жүлдыз жақтан жұпар самал есті де. Жер, суға емес, аспан жаққа табынды Ол, Ақылымнан ат құйрығын кесті де. Ақылымнан ұзап кетті сол Арман, Аз ақылым содан бері Армансыз. Шындығым да, мұң жырым да жоғалған, Бұл жалғанда жүру қиын жалғансыз. Бүл жалғанның Жан екен ғой шын аты, Жан жоқ жерде жалғаныңа орын жоқ. Тәннің бірақ мәңгілікте мұраты, Қалың зират жатса-дағы қорым боп...
  • * Байлық деген мал мен дәулет болса егер, Онда мені қара жаяу кедей де. Бақыт деген жастық, сәулет болса егер, Ол да қалды сонау жылы Семейде. Көп нәрсені көміп қойдым томпайтып, Көлеңкеммен күбірлесем, кеңесем. Бала емеспін аузын жүрер қомпайтып – Тумысымнан мен өкпешіл емес ем. Құласам да кінәлімін бір өзім, Өкпешіл боп өкпелеймін кімдерге? Желбірейді тозған тудай жүрегім, Обалы оның аптап, аяз күндерге. Алшаң басып, талтаң қағып жүруге, Жаралмаған жан екенмін, соң білдім. Намыстандым абалауға, үруге, Өзімді өзім сөгуге әбден көндірдім. Мал мен дәулет маңдайыма бітпеген, Дүниеден өтті талай Қарынбай. Тұнығым бар арам ауыз ішпеген, Ол өзімнің аңқау, арлы жарымдай.

Мені, тағдыр, қол жетпеске әуре етпе, Өтсем болды өзеуремей, бұзылмай. Барша бақыт жастық пенен сәулет те Менің балғын ұлдарым мен қызымдай.

  • * Бір тауымнан биік болды бір тауым, Шымырлауым керек пе енді, Шырқауым? Шындықтардың шылдырлаған шынжыры – Ішімдегі іріп жатқан мылқау үн. Ішімдегі шынжырлардың шылдыры – Ақын жанның айтылмаған шын жыры. Шынжырымен шындық өліп кетсе егер, Той жасайды топастықтың құзғыны. Қаптап сонсоң небір ойсыз күлкілер Адалдықтың аппақ туын мың тілер. Тойған торай томпаң кағып жүгіріп, Күйсіз аққу күзгі аспанда күрсінер. Бір кеңістік – ішкі дүние, ішкі әлем. Ішкі әлемді бір нүктеде үстап ем. Сол нүктені сорлы басым айналып, Ұятты күн ұясынан шықты әрең. Есілем бе, көсілем бе, не етермін? Не нәрсе екен түбіндегі кесемнің? Заһар болсын, шекер болсын мен соны, Бір-ақ ішіп жетеріме жетермін.

СЕМЕЙ Қанаты ұшқан қатайып, Балапаныңмын мен сенің. Алысқа кетсем несі айып, Ақсарым сенсің, еңселім. Өнерге жер көп өте бай, Өтері сенен жоқ бірақ. Алмауыт жырдың мекені-ай, Жетемін саған отсырап. Өзіңнен туған ұл едім, Өлеңге өмір арнадым. Аңсатып тарттың жүрегін, Аңқасы кепкен арданың. Аяулым менің Ай – жүрек, Жұлдызы биік самғаған. Мен үшін біреу қайғы жеп, Өзіңнен жырын арнаған. Қазақтың атын паш епкен, Туғызған ұлдар ең дана. Атаққа жұртты мас еткен, Ардағым, Семей, сен ғана.

Мақтауға қайтып сидырам, Маңдайы кере қарысым. Жырыңды сенің сый қылам, Кездескен жерде танысым. Жүзімді жуған самалың, Шашымды тарап желкемің. Булайды кейде жанарын, Бұзықтау туған тентегің. Бұлдырап кейде көз алдым, Бұйығы мұңмен дос болдым. Қиялмен саған оралдым, “Семейде жүрмін” деп көрдім. Ұштым мен қанат байланып, Қоңыр қаз болып жеттім мен. Төбеңде жүрдім айналып, Жыр болып сонда кеттім мен. Төгілдім дағы өрілдім, Жүрегім жанды лапылдап. – Қазым ғой менің өзімнің – – дедің сен маған жақындап... Сағыныш жырын толғасам, Таусылып болмас, не дейін. Егерде өзің болмасаң, Болмас ем мен де, Семейім!

  • * Армысыңменің, ақтөрім “Ақсуат” деген, Аспаның маған дегендей – ақ шуақ төгем. Аңсарым жаным – арасы Қарғыба, Боғас – Қорғалжын деген қорықтан жақсырақ дер ем. Көргенде сені кеудемнен құйылып бір ән, Көрменов құсап шырқамай, күйініп тұрам. Алатауда өскен құдалар аласа дейтін Тауыма қарап тамсанып, сүйініп тұрам. Шырғадан шыққан шымшықтай алқынып келем – Махаббат деген май – нүрға малшынып денем. Ақсуат басын аққұла былғағандардың таспасын тіліп, балама қамшы ғып берем!

Шіркейі құсап шілтиіп жасыл аумақтың Шалғайда жүріп, өзімді бақылауға аппың. Ақ жынымды ертіп қасыма, атыма мінсем, Адайы келсе таң қалар Атырау жақтың. Түсімде көрем тауымның қар басын кей күн. Таңертең жорып – талабым самғасын деймін. Жарқырап шыққан жастарым талмасын деймін, Еркежирендер... құса боп қаямасын деймін.

НЕ ДЕ БОЛСА ӨРТЕГІН Жүрегімді отқа салдың, Өртедің, Қайдан табам, Қалай табам дерт емін? Демім жалын, Денем болса қызыл өрт, Неге мені отқа салдың, Ертегім? Неге сүйдім? Неге еліттім?.. Нең кетті? Мені болса мейірімің меңдетті. Жолбарыстын жолағындай жолдарға Салдың мені – Салбуырын терлетті. Қаталап ем – Қанып ішкем жоқ әлі, Қасарып ем – Хантәңірім жоғары. Шашалып ем шайқап ішіп шарапты, Шаттығымды тербемеді о дағы. Ауылыңды аңсадым да... Бармадым, Тістей-тістей ақ жем болды бармағым. Көшің өтіп бара ма деп тұсымнан,

Қарай-қарай көзім қанша талмады. Мен тұрған жер Ұлы Өзеннің бер жағы, Сен тұрған жер бұл өзеннің ар жағы. Ойсызбын ба ойламайтын ертеңін? Нең кетеді, Не де болса өртегін. Сыр-сырғаңды кайық кылып бері отші, Ей, періште, Поэзия – ертегім.

  • * Шіркін қиял! Күн сайын жаңғырасың, Жанғырасың, Жүректі жандырасың. Жанарымды кей сәтте талдырасың, Көңілімді кей сәтте қалдырасың. Ақыл-естен бір сәтте тандырасың, Түсінбедім мен сені, қаңғыбасым. Сен жарыстың көктем боп жапырақпен, Сен жүгірдің құлын боп атыраппен. Мен жасысам, сен-дағы жасымап па ең, Сен жасысаң, мен дағы жасымап па ем? Саған сенген мен бейбақ ақымақ па ем, Маған сенген сен-дағы ақымақ па ең? Соншама ұшқыр сен өзің болармысың, Шаппай жатып шалдығып, тозармысың? Қолтығынды сен әлде созармысың? Қос бүйірді сен өлде соғармысың? Құйынбысың, сен әлде боранбысың, Көзден аққан сен әлде сорамбысың? Біле алмадым... Әзірше орамдысың.

БІЗ, АДАМДАР... Біз, адамдар, бармыз жердің бетіңде, Біз, адамдар, тұрмыз жардың шетінде. Біз, адамдар, жапырақпыз кәдімгі, Жерден өндік, Аспан бізге жамылғы. Біз, адамдар, білімдіміз, білеміз, «Міне, көктем, Міне, жазың, міне күз. Міне, ақпан, Міне, мамыр келді!» – деп Көктемеге көз сүземіз елжіреп. Түрен салып, түріп жердің қыртысын айырамыз топырақтың түр-түсін. Дәнді сеуіп суарамыз, күтеміз, Қаталаймыз, қара терге түсеміз. Диқан баба, Шопан ата бірігіп,

Той жасайды Жер рахатын сіміріп... Адамзаттың толықсыған дер шағы, Неге бірақ жаутаңдайды Жер шары? Кінәлі кім? Диқан ба, әлде шопан ба, Геолог па кен іздеген Отанға?.. Біз, адамдар,бармыз жердің бетінде, Біз, адамдар, тұрмыз жардың шетінде. Қақымыз жоқ бірақ біздің құлауға, Қақымыз жоқ жалынуға, жылауға. Құлайтындар онсыздағы құлауда Жауап ізде тек жоғарғы сұрауға.

  • Қолымда кесе бос деме – Ішінде ауа толып тұр. – “Көңілім бүгін хош” деме – Шайтандар сені көріп тұр. Кесені төңкеріп ұстама – Аспаннан лағыл төгілмек. Көңіліңді жерге тастама – Қуанып шайтан елірмек. Кесенің рахатын көрерсің – Лағыл сусынға қанарсың. Көкірегіңе төгерсін – Лағыл боп өзің жанарсың. Мұны Алла жасар, Сенен шайтан қашар. Көл көсір боп тұрушы еді көк терек, Күз қатал ғой – жапырағын төкті ерек. Содан бері мәңгі жасыл шыршаға Түрған сынды томсырайып, өкпелеп О, жазған-ау! Сенің атың терек қой, Сенің жөнің одан мүлде бөлек қой. Шырша тауға шықпадым деп жылап тұр, Сенің соны түсінуің керек қой.
  • * Аспан! Ақ таңдағы аспан, Ақпандағы аспан, Бақытқа батқандағы аспан, Құса боп жатқандағы аспан. Менің саған шағатын бір мүңдарым бар еді, Аспан! Менің сенен алатын жұлдыздарым бар еді. Сенің шырақтарыңа менің пырақтарым жете алмай, Қарғыс атқыр ауасыз кеңістігіңнен өте алмай, Өзіме қайтып келгенде. Қарғап едім соларды – «жолыққыр, – деп, – мергенге!», Қайтып сол бір қарғысты ала алмадым мен неге?! Бабында ғана семірген, Қос тізесін кемірген бір арғымақ – арманым арам өлді кермеде! Көрмедің соны сен неге?! Көріп тұрып сен әлде көзіңді жұма қалдың ба? Ұяттан құлап кетпедің жер менен менің алдымда.

Құлап кетсең, алдыма сенің жұлдыз – қыздарың жылап келер еді ғой. Кешер едім мазағын, Кешер едім азабын, Бәрінің де лапылдап, лаулайтұғын кезі ғой – дер едім де, аспанға жіберер ем қайтадан. Мен – Адаммын өйткені, тағылықтан тайсалам. Мен – Адаммын! Өзімнің өлең тұнған жерімде, Көктем келген кезінде Көктеймін де, жайқалам Бірақ... Бірақ мен сенің түнжыраған сырынды, мың бұралған қызыңды Мынау Қара жеріме Бұрынырақ әкелсем деп ойлап ем Айсадан... Аспан! Мен сені көктемде күліп көрдім, Көк белде тұрып көрдім. Құстарыммен қоштасып тұрғанымда көрдім, Дүшпанышмен достасып тұрғанымда көрдім, Мен сені әлі де көрсем деймін, Тек сені көріп жатып өлсем деймін.

  • * Неге керек, Кімге керек өлген ой – Былай тұршы өрекпімей, өрлемей! Маңайлама, мас боп жүрген сезімдер, Шайпау шабыт, шатынама, сен де қой. Мәселесін карау керек мәні аздың, Тамырына тарау керек қаны аздың. Лас сезім мен өлген ойдың қаңқасы Бетін былғап бітірді әбден қағаздың. Тойшыл кеуде, Тойтаңдама шат күліп, Жүріп кеткен іздеріңе қақ тұрып. Кіре алмайсың сен үйіне өлеңнің, Тойдан қиген шапаныңды лақтырып. Былғаныш сөз, Былапыт ой, былай тұр, Көзін көрген өзіндейге ұнай тұр... Сәукеледен сығалаған сәулелі ой, Сен керексің! Сен келесің, шыдай тұр.
  • * Аспан жақта ұшқандай бу айналып, Күннің көзі кетіпті ылайланып. Менің дағы басымда бір бәле түр, Тұманға ұқсап тұңғиық шыр айналып. Қанатынан “қош-қошын” сіркіретіп, Тырна көшіп барады су-су етіп. Күздің күлгін қыздары би билейді. Құлағымның түбінде шу-шу етіп. Жазда кеткен не істесем өшім үшін. Тырна, саған не берсем көшің үшін? Күздің күлгін кыздары – шаттық емес, Кешегіден келген сор – өкінішім. Бояуларын таратты бойдағы ағын, Берілемін мен неге ойға залым? Тұмылдырық кигізіп койғың бар-ау, Тұмшалама, тұман дос, қой, қарағым!

ҮСТЕЛІМ Үстелім тұр қабырғаға тіреулі, Ол күтетін сияқты ғой біреуді. Біреу... Кім ол? Мен шығармын, сірә, сол, Өзгені емес, өзін ғана сілеулі. У-шуынан қашып келіп ортаның, Ең дәмдісін ішіп алып сорпаның, Жамау ойды жастанам да, жатамын, Мен өйткені... осы үстелден қорқамын. Үстелім тұр бәрін-бәрін көтеріп, Сүртілмеген шанға дағы еті өліп. Мен қасынан өте шығам байқаусыз, Шайтанға ұқсап... Өп-өтірік жөтеліп. Өзімді өзім бір қиялмен асырап, Кездерімді армандаймын жасырақ. «Бүйрек, сирақ ауырады отырсам, Жазарымды жазам, – деймін, – жатып-ақ». Үстелім тұр... Жүзі төмен. Жүдеген, Қу маңдайын қабырғаға тіреген. «Маған әкеп кағазы мен қаламын, Ием неге жазбайды, – деп, – бір өлең?»

Өкпең жөн-ау, айналайын, үстелім, Өлең болып төгілмей түр іштегі үн. Өлең тұрмақ, сен екеуміз сау болсақ, Поэманың «кағамыз ғой тістерін». Ренжіме, үстелім! ТҮНГІ ДАУЫЛ Түн ортасы. Басым зеңіп, Шығып едім далаға, Құлағыма келді бір үн Ысқырынған, Ғаламат Бағанарақ Балқып қана Тұрып еді мүлгіп Ай, Енді қара – Беті жара, Маңып барад, сұмдық-ай! Дауыл! Дауыл түрған екен тұлданып. Аспан-жердің арасы тұр шаң – тұманнан сұрланып. Ару-Айды аймалайды әр бұлт, Ал Ай болса, Қасын қояр бір қағып. Мазақ! Мазақ! Дауыл үшін бұл деген – Бара жатыр барған сайын жынданып. Дауыл – бура,

Буыршындар – бұлттар, Безіп барад берекесіз кіл ғаріп, Ал бақсы – жел күй ойнайды Тіліменен сым жанып... Ойға батып, Көп отырдым мен дауылдың өтінде. Жоқ еді оған рахметім... Өшімде. Бірақ маған дауыл келіп дауыстады: “Ағайын, Мына өмірден ештеңені өтінбе, Жер түрғанда аман-есен Өсінде. Саған мендей сезім керек, сезім керек, ұқтың ба, Айды айдап, бұлттарды көшір де, Шаңмен емес, дүниені Жырыңменен тұтқында. Жырың қалсын дауыл болып, Ал өзің айналып кет үшқынға. Айтарым сол – айналып кет ұшқынға! Өрт, дауъшға қарсы келмес мықтың да... Мен отырдым мерейленіп бұл дауылдың сырына. Бас иемін оған казір

бас игендей ұлыға. Мен ғана емес, бүкіл өлем айналғандай құлына. Тәкаппар тау тұрған шығар жыртық көрпе – бұлтты бүркей жауып шыңына, түнгі аспанға сұғына. Табындырып қара дауыл еріксіз Бір келетін екі-үш рет жылына. Дауыл болса үдеп барад – Бір тоқтарын біледі. Мына әлемге ұлы атанбақ тоқтағанша жүрегі. Бір іс болмай, Тыныш болса үнемі – Тұнжыр ұйқы тұмшалайды дүниені. Сондықтан да соғып қойсын өр дауыл, Алып ұшып ескі көнді бір елі... Соға берсін бүл дауылдың жүрегі, Басын исін қарағайлар, Дауыл шайқап сынар болса. Бір толқысын қара қайнар Тұңғиығы тұнар болса. Қыран дағы ұшпай қалсын Қанаттары сынар болса. Мен де ғашық құдіретке, Дауыл қандай құмар болса.

Мен дауылға сыңар болам, Дауыл маған сыңар болса! * Қаймығу деген немене Қаймығу деген – сорлылық, Жетесіз жанды жеңеді ол Бодамы қылып, бор қылып. Жүректің ішін кезеді ол, Жүйкенің бойын жол қылып. Былғайды адам арын да, Сатқындық жолға түсіріп. Басыңнан тайып бағың да, Кетеді досың түкіріп, Сен үшін, мүмкін, жарың да Жүреді жұрттан қысылып. Қорқақтық деген найсаптық, Намыстың нарын тұсаған. Одан да қанды айқас қып, Жеңіліп өлгін құсадан, Батырлық деген байтақтық, Өрлігі тауға ұқсаған.

КЕЛ, ҚАЛАМЫМ! Жынданармын, мен осы жынданармын, Жынданғанша келеді жырғап алғым. Жырғап жүріп жырақтап кетсем егер, Тәңір жақтан болады бір хабарым. Төрт керегем түйенің қомында тұр, “Болсын, – деп тұр біреулер, – жолың, батыр!” Жүремін бе, білмеймін жүрмеймін бе, Бір тәңірдің ол дағы қолында тұр. Жорға емеспін қозғалмас құйысқаны, Менің жолым өзгеден қиыстады. Жақсылық па білмеймін, жамандық па, Жыным бүгін, әйтеуір, жиі ұстады. Мейлі, мейлі, басымнан өтсін айып, Қарай берсін біреулер оқшырайып. Қара қылды қақ жарған алдаспандай, Кел, қаламым, екеуміз бақ сынайық.

  • * Кеше маған Ай көрінді, Айдын көлдің қуындай боп. Бүгін маған Ай көрінді, Есінегіш сұлудай боп. Көңіл өстіп құбылады, Күзгі күндей неге осы? Жүзбей жатып бұзылады Қиялымның кемесі. Қандай жанмын мен осы? Өрнектедім өлеңімді, Кермек татып ол қалды. Тілгілеген өзегімді, Тепкім келді томдарды... Қайран көңілім қорланды...

ЕСЕНИН МЕН ХРИСТОС О, Есенин! Сенгіш ең, сеніп едің, Берді саған өмірдің кемірегін. Мас мұжықтың көз сүртіп етегімен, Мәскеуіңде сен талай еңіредің. Орыс кенде болған жоқ үлы адамнан, Орыс кенде болған жоқ жылағаннан. Сары бидайдың сабағын тістеп шықтың, Сағым қуып, сандалып Рязаньнан. Қала берді қарт анаң, жаман үйің, Сап-сары еді сабандай сана, миың. Ақын едің, аңқау ең, Қасыңа ерткен. «Қара кісің» жоқ еді қара киім. «Өмір – өлең» деп білдің «Жыр – ғалам» деп, Бақшасында бақыттың ырғалам деп. Ойлаған да жоқ едің Питер барып, Ұлылықтың уынан уланам деп. Еуропа ерлері, мадамдары, Таң болды да, табынды саған бәрі.

Сені ұқпады бірақ та, сені ұқпады, Есінеген еліңнің надандары. Сен, Есенин, жазып ең жұртың үшін, Күйдірді ғой кеудеңді күрсінісің. Сенесің бе, сені орыс түсінген жоқ, Сен мұжыққа бүгін де күлкілісің. Өлтірсе де неше қу, неше мыстан, Гүлдей болып солсаң да шешегі ұшқан, Ардақтайды сені әлі адам ұлы, Ақ құсы деп өлеңнің кешегі ұшқан. Сен осындай, мен білсем, үміт кештің, Өз жұртыңның пиғылын біліп кеттің. Ібілістер мойыңнан ілген шығар, Ұрпағы деп ақырғы Христостың.

МАС Дүние – бір от, Дүние – жүрек, Дүние – тайғақ, Дүние - тірек. Мас келеді бәрін тіреп, Қабағына таулар түнеп. Ай ай емес, Жай бір табақ. Жер жер емес, Құр сырғанақ Ағаш біткен аң секілді, Жұлдыз біткен шам секілді. Анау тұста қарауытқан, Бір құпия бар секілді. Өмір-елес. Өмір – егес. Өмір деген... Өмір емес! Кел, салғылас, кел, төбелес, Бүгін... Бүгін... Ертең емес... Үй үй емес, Ойран-ботқа. Жар жар емес, Ол бір шошқа! Бала деген бар секілді, Басы үрлеген шар секілді. Мынау терең жар секілді, Ал секірді... Ал секірді.

  • * Күлген жақсы-ау қарқылдап, Құр жымия салғаннан. “Бәйге атындай аңқылдап”, Шықсаң бәлем арманнан. Күлу үшін әрине негіз керек нып-нығыз, Ал біз болсақ... бір-бір мұң, Бір бір жынға жүктіміз. Таза күлу дегенің тамаша ғой, не жетсін, Амал қанша, әттең-ай, тығыз адам емессің. Тырқ-тырқ етіп күлгенің тыныс емес көңілге, Шиқ-шиқ етіп күлгенің тірлік емес өмірде. Қарға болып қетсең де қарқылдап күл, күл, күл, ал, Жүрегі ұстап қалса да, жүйкесіздің шырқын ал. Іші күйсін біреудің күлкісін-ай мұңын деп, Қарсы келсе қабарып, қолын ұста күлімдеп. О, тыңдандар! Тоқтаңдар!.. Күлкіде де көп мән бар... Қолдан келсе өтірік күле алғанға не жетсін, Сен өйткені заманның Күлмесханы емессің.
  • * Миды сығып, тамшысынан дәрі алған, Көк сиясы көз майынан жаралған. Жүйкесі мен жүрегіне әмірші, Шабытқа құл жанда қандай бар арман. Біздер болсақ, бой алдырып мастыққа, Жаза бассақ, жала жауып жастыққа, Тәуекелдің қайығына міне алмай, Тәубә қылып отырамыз тақ-тұққа. О жалған-ай! Ойнаудай-ақ ойнадық. Ойын буы қояды екен бойды алып. Күлтөбедей күрсінесің білдірмей, Алатаудай ағаларды ойға алып... Қазан бұзып, үйге тентек атанып, Інілерге көрсетеміз сақалық. Классиктің суретінің қасына, Бейнемізді іліп қойдық апарып. Сайраймыз-ау білетіндей құс тілін, Жаз екен деп жадыраймыз қыс күнін. Кербез кедей секілдіміз баяғы Тойға барған қолмен ұстап ышқырын.

Бейтанысты бөтен , бөлек жолға сап, Біз қолдадық, дос-туысты қолдасақ. Қайта құрып әуре болмас едік қой. Ей, замандас, біздер солай болмасақ.

  • * Шұрайлы тіл, шырайлы сөз, тәтті жыр, Арман болып анықталған басты бір. Гүл, жапырақ, тал, қайыңның иісі, Басып қалды поэзияның мүйісін. Пушкин тұрды сәл-пәл өңі қызарып, Ал, Лермонтов әлі күнге ызалы. Есениннің есі кетті жұпардан, Өйткені оның... жүйкесі аздап жұқарған. Қазекеңнің қара шалы толғанып. Өз кітабын қайта оқып тұр қолға алып. Гүлді жырлау, қызды жырлау тым жақсы, Даланы да жырлап болдық қымбатты. Ана жайлы, дала жайлы жыр кетті – Ағытылды арнау өлең құрметті. Жарымызға жарты кітап арнадық, Баламызды аймалаудан талмадық. Жырланбаған өзен, көлшік жоқ бүгін, Туған жердің бір көтердік шоқтығын. Бұл, әрине, тақырыптар ең ірі, Алға асады, жалғасады өмірі. Тек көңілді тереңірек бөлейік, Жапырақта тұрған құртты көрейік.

Қалам ұшын батырайық соған біз – Жапырақты жасартқандай болармыз. Даламыздың құдіреті шын мықты, Соққылайық соған келген сұмдықты – Жасырмайық жаны өртеніп жатқанын, Кеудесіне көк темірдің батқанын. Өркепиді деме бүгін өзенім, Олай емес, көрмесем де сеземін... Алмас сынды тіліп түсер ащы жыр, Арман болып анықталар басты бір.

  • * Шапқан сайын жер кемірер тұяқты, Ұшқан сайын жел жемірер қияқты. Жалған мақтау жанын жейді пенденің, “Құлды өлтірген” бәрекелді сияқты. Көз жүмылып, көкке тиіп танаулар, Сөз құбылып, ақиқаттан әрі аунар. Бірдеңеден, бір мәреден дәметіп, Сап түзейді сары қолдай “жараулар”. Бір кездері бір мәреден орын ап, Кейбіреудің көрінеді соры – бақ. Бір бейшара «мен де соған жетем», – деп, Жүгіреді екі өкпесін қолына ап. Ішін ұстап... Ілесем деп аттыға, Табан тіліп, таңын жыртқан жақсы ма?.. Құралайды көзге атамын демей-ақ, Үйден шығып, Үйрек атып бақ сына, Айналайын.

ЖЫРЛАСАМ ДЕЙМІН І Жыр оқып берем, жан аға саған– Жыртылып тозған жоқ шабыт. Пайғамбар шыңға паналата алам, Кеудемді кетсе от қарып... Пәруана тірлік, періште жүрек Ойламас қамын, өз бағын. Өзге бір жанға жеңістер тілеп, Көрдім мен қолын созғанын. Дүлейдің отын, дүмдінің сөзін Тәрк етпес, тәнті бола алмас. Мұхит деп біліп мұндының көзін, Тамшысын татар сол алғаш. Аспан мен жердің арасын тұтқан Ала бас таудың ол шыңы. Алдында мылқау қара түн бұққан Ғашығы – Шолпан шолпылы... Жырласам деймін сағыныш жырын Күйкі ойдан біраз шет барып. Пайғамбар шыңға табынып бүгін, Кетемін Күнді бетке алып.

ІІ Жырласам деймін сағыныш жырын, Шырқағым келді әлемге ән сап. Мен оған мәңгі бағыныштымын, – Өйткені, өзім өтемін аңсап, Аяулы жандар алтын Ай сынды, Алыстан мені айналып жүрген. Сағыныш – өзен сарқырайтын-ды, Қылыштай аппақ қайралып жүрген. Жымиған түнгі жыр – қайың – қыздың, Ұқтым да сырын, күрсіндім ерен: Келмеді көргім сұрқайын күздің, Алар деп тартып бүл түнді менен. Отырмыз біздер – Ай, жыр боп, мен боп, Сағыныш жырын жырладық бірге. Отырмыз біздер... Жаңбыр жоқ, жел жоқ, Қарайды Муза ұрланып бізге? Түрленді Муза – әр түрлі бейне, Елестеп көзге жөнелді бір сәт. Шаштарын тарап шалқиды кейде, Қалқиды кейде өлеңді шырқап. Досым боп кейде: – Доғарып бәрін, Оқиық жырды, дейтіндей маған. Өзі оқып бастап, өзі алып дәмін: – Емес-ау құнды, – дейтіндей маған.

Аға боп бір сәт ақ басын шайқап, Қабағын шытып, күрсінді жеңіл. Жырымның оған жақпасын байқап: – Шабыт қой, аға, бір түнгі,– дедім... Аяулы жандар, Алтын Ай дерсің, Алыстан мені айналып жүрген. Сағыныш өзен сарқырай берсін, Қылыштай аппақ қайралып жүрген.

АУЫЛ ОТТАРЫ Ауыл қандай, Ауылдағы мал қандай, Малшы үні құлағыңды жарғандай. Бабасына бір сыйынып Қамбардай Зулайды аты, Қарап құшыр қанғандай. Ойсыл Қара жарықтықтар Заңғардай. Теңселеді тым зиялы жандардай, Бүған сірә, тұра алмассың таңданбай. Ауыл қандай, Ауылдағы жұрт қандай! Сенің ғана намысыңды жыртқандай. Айраны мен езген малта-құрттардай– Сусын берсе, Түбін төңкер, Жұт қанбай. Тойып ал да, торыға мін қомданып, Зула, зула, Қыран болып ұшқандай. Орал кешке тақым талып, түс қалмай. Жатып қалмай, Жәудір көзді қыздарды Қуалап кет бүгін қайтсең ұстардай.

Ауыл қандай, Ауылдағы дос қандай! Екпінінен Ебі желі соққалдай. “Ой, бәле-ай” деп, Иығыңнан қаққанда, Жүдырығы тисе бәлем шоқпардай, Тұра алмассың құшырланып оқтанбай. Жүрегіңе жүз батпан күш қосқандай От бар ма екен ауылдағы оттардай!

АҢСАР Аңсар. Аңсар. Шіркін Аңсар, бұл Аңсар – Тас жүректі жарып шыққан бір Анчар. Туған жердің самалына тербелген. Бұдыры жоқ, Қылығы көп бұлаң тал. Бұлаң талдың бұлқынғанда бұрымы Туған жерге туралай тарт, ұран сап. Осы бір шақ – отты өмір, қыран шақ, Қыран шақты жүрегіңмен жүр аңсап Аңсар барда күйкі өмірден тұр алшақ. Аңсар. Аңсар. Аңсар деген – мөлдірлік. Аңсар деген – емес, сірә, көлгірлік. Аңсап жүріп, Шаршап жүріп жөн білдік. Аңсап жүріп аруларды көндірдік. Жүрегінде аңсары жоқ жандардың Бір ғасырлық тіршілігі – он күндік. Аңсар! Аңсар! Шіркін Аңсар, бұл Аңсар, Менің мынау жүрегімде тұр ән сап.

ЕСКІ ҮЙ Біздің ескі үй... Маңайына шөп өскен. Ауласы да көрінбейді тезектен. Мұңаяды моп-монтаны мұржасы: “Осылай біз өлісеміз кезекпен”. О! Бұл үйдін тасып еді дәулеті, Ғажап еді! Қазаны еді сәулеті. Атағашқа байлаушы еді аттарын, Көкпаршы мен атбегінің әулеті. Өркештеніп, “өзің ғой, – деп, сүйенер”, Қора жаққа келуші еді түйелер. Қабағынан қар бораған қара шал, Киелерге – түйелерге иегер. Былғатпайтын бұлақ басын, су басын, Тізесіне тартар түйе шудасын. Қара шалдың қаһарынан қорқып жұрт, Әзірейіл көретұғын бурасын. Бәрі де өтті... Күрсінесің... Не етесің!? Сол күндерге не бар екен жететін! Қарлы кыста Қаробаны бетке алып, Үш өркешті түйе желіп кететін. Бала жастан басын ұстап “кеменің”, Батыр болсам, батыл болсам деп едім.

Үш өркешті түйе жоқ қой... үшінші, Алты жасар “ортаңғы өркеш” мен едім. Болды жолдас – түйе қомы, ат жалы, Өттім талай “көпірменен аспалы”. Ғашық еді бар сәулеге жүрегім, Ашық еді Ақсуаттың аспаны. Ескі үй, міне, есеңгіреп тұр бүгін. Тәмәм қылған әкемдей боп тірлігін. Ессіз үйге ешкім кіріп бармайды, Атағашқа кім байлайды шылбырын!? Сан айтылған “сүйіншің» мен “көрімдік”, Бөлмелерді құстар апты орын ғып. Арман қуып аттанып ем осы үйден, Жан-жарымды түсіріп ем келін ғып. Бар адамға тілей тұғын амандық, Аластайтын келмесін деп жамандық. Анам байғүс отыратын мынау жер – Құлазып тұр құлап қалған қазандық. Араладым асықпастан баршасын, Құлағандай күңірендім жартасым. Қабырғалар қараңдайды қамығып, Маған беріп кір қожалақ арқасын, Ескі үй саған, айналайын, не деймің, Қайта-қайта тамағымды кенеймін. Саған, сонсоң зират жаққа бір қарап, Келген жаққа тірлік қуып жөнеймін.

ОТ ПЕН ГҮЛ Жанарымда жарқырайды шырақтар, Тамырымда сарқырайды бұлақтар. Бірақ менің бітер-бітпес жолымның, Ұшығынан қалтырайды бір оттар. Неге солар қалтырайды?... Біле алман, Бұрынғыдай аңқымайды гүл-арман. Олар неге аңқымауды шығарған, Санам неге сансырауды шығарған? Жанарымда жанған шырақ – тірі әлі, Тамырымда аққан бұлақ – тірі әлі. Алыстағы алау маған неге әлсіз, Гүлім неге жалғызсырап тұрады? Көрінген от көңілімнің серті ме? Айналды ма өмірімнің өртіне? Гүлдер аңқып тұру керек неге ылғи, Солар ғана өңірімнің көркі ме? Сұрап түрмын, ей, жаратқан, мен, міне, Менің жаным гүл мен оттан өнді ме? Гүлім солып, отым сөніп қалса егер, Онда мені тірі деме, өлді де!

ЖАБЫҒУ Отырмын үнсіз ойланып, меңіреу бақтай, Көкірек – кеудем қойды ғой қоңырау қақпай. Тереңге неге телмірем, (колымды байлап) Отырмын неге самалға омырауды ашпай? Сезімдер сонша үргедек– қалтырап әрең, тұншығып іштей, булығып, алқына берем. Меңіреу баққа үйір ғой қара қарғалар, Мен қалай осы... Мен қалай қалпыма келем? Қолыңды созып келсеңші, Сыр ашпай маған, От тисе болды күздегі құрақтай жанам. Нұрланып тұрып, бір-бірін қуантпай ма адам, Сұрланып тұрып. бір-бірін мүңайтпай ма адам!

Келіп кет маған, Келіп кет... Мен барсам ба екен? Өзгені қойып, өзімді қолға апсам ба екен? Келмесең келме, ойларсың, ойларсың мені, Жетелеп сені кеткенде жолдар сан бөтен. Отырмын сынтас секілді, жаншылып жаным, Өлтіріп алдым, өлтірдің жан шыбықтарын. Көктейді қашан білмеймін... Көктейді олар, Кездесіп саған айтқанда аршылып бәрін.

КІМ ҒАРІП? Жалқаяқ түн, Жалақ түн, Талқаяқ түн, Талақтүн. Тымырсық түн, Тыныш түн – көгінде жоқ бір ұшқын. Бұл неткен түн – Түн емес, Не өлі емес. Тірі емес. Иті қайда үрегеш, Қызы қайда күлегеш? “Ей, түн ғаріп, түн ғаріп, сенен өткен кім ғаріп? Өтпейсің бе мұңданып, кетпейсің бе жынданып?.. Жанға мойын бұрмаған Жауап берді түн маған: «Саңылауы жоқ мен ғаріп, Саңырауы көп жер ғаріп. Сол кереңнің біреуі, Мына отырған сен ғаріп...» Әй, жалақ түн, талақ түн, Жүрегімді қанаттың.

ҚЫСҚЫ БАҚТАҒЫ САРЫ ЖАПЫРАҚҚА Сарыжапырак, сарғайып көп түрыпсыз, Дүние сырын өзгеден көп біліпсіз. Қалтыраймын, тоңамын, үрейленем, Кейпіңізге қарасам сұп-сұрықсыз. Үсіген соң айналар бәрі мүзға, Жаз жылуы қалды ма жаныңызда? Кие тұтып Сіз тұрсыз көктем әнін, Ие болмай біз жүрміз бармымызға. Сары жапырақ, Күні ертең болар боран , Қалармысыз дір кағып одан да аман. Сіз өлерсіз, мен білсем, сарбаз құсап Өз тірлігін жеңіспен тәмамдаған. Бұл жалғанның жүзінде бар ма тұрақ, Мәңгі жанып түрса ғой жанда шырақ. Мен оралып келгенде Сіз болмассыз, Қош болып тұр, қош енді, Сары жапырақ!

  • * Ай бозарған түсіндей боп қаны аздың... Мен осындай түндерменен аразбын. Былдырынан быт-шыт ойым баламның, Сыбдырынан селт етпеймін қағаздың. Ой дейтүғын ойым да жоқ, Аспаңдай, Бір кеңістік менен ұзап қашқандай. Шіркін, шіркін, шылым – ойдың сүзгісін, Шайнап-шайнап, бір түкірер бас қандай! Түнгі аяздай түртіп мені, шымшылап, Шытқыл жүйке шытынайды құн сұрап. Күшік-мүңның бірін қуып тастап ем, Тағы бірі тұрып алды қыңсылап. Бітпес шаруа бүйрегімнен бір түйіп, Жалмауыздай елестейді жыртиып. Күйге енемін күйген үйдің орнындай, Иленемін... Ит мінгендей итиіп. Ай бозарған түсіндей боп қаны аздың... Мен осындай түндермен шын аразбын. Маған айдың жарық кезі ұнайды, Маңдайындай кере қарыс сабаздың.

ЖАҢА ЖЫЛ КҮНІ Зымыран күндер... Қымыран күндер– ашымал, кейде тұшымал, Әр жылдың емес, Әр күннің тарту күші бар. Минөттер – миға, секундтар сіңіп санаға, Көктем мен жазды көзіңнен бұлбұл ұшырар. Зымырап жылдар... Тағы да зырлап жыл өтті, Ауыртып кейде, қуантып кейде жүректі. Малшы мен дихан мал менен егін өсіріп, Ұстаздар біздің ұл-қызын тағы түлетті. Ұстаздар біздін – Құштарлар біздің өмірге, Жеңілмес жандар заманның ылди, өрінде. Жаңа жыл күні жайнайды, жаны жасарып, Тербетіп терең сезімдер жүрек төріңде....

Жаңа жыл күні... Шалқиды күліп шартарап, Асқақтап таулар, Жатады дала шалқалап. Қарт ұстаз анау күрсініп қойып барады. Заманның мүңын, Адамның мүңын арқалап. * Мен өмірде дүлей көрдім, дүр көрдім, Нәзік көрдім нәті сынды гүлдердің. Періштенің дәргейіне бас ұрып, Перілердің сиқырына сыр бердім. Жасық көрдім жанарынан нұр тайған, Пасық көрдім пайда ойлаумен қартайған Жомарттарға жол тіледім тәңірден, Нәмәрттарға қайран көңілім ортайған. Мұңы сынды мынау бейбақ әлемнің, Шыны сынды шынын айтпас әйелдің. Көзге түспес, көңіл ұғар тылсым бар, Быт-шыт қылар бәрін есек дәмеңнің. Білдім мәнін шын, өтірік күлудің, Бір у басын алып жатыр бір удың. Тұлданғаны қорлығы екен жігіттің, Бұлданғаны қулығы екен сұлудың...

  • * Мұңданасың неге, дос? Мелшиме сен, ‘Өмір сені сүймейді, сен сүймесең. Қабақ түйіп қарсы алсаң дәл осылай, Басқа түгіл, келуді мен сиретем. Неге осынша өзінді мазаладың? Әлдекімді кеп жүр ме жазалағың? Жазаласаң жазала мына жүртты – Сыпыртқы боп қоғамды тазалағын. Жұртта кінә жоқ дерсің, елде кінә, Онда, сірә, бар шығар менде кінә. “Жұрт – кінәсіз” дейтінің түсінікті – Біреуісің сол жүрттың сен де мына. Мен де жүрттың біреуі безектеген, Жылап түрып жауыма кезек берем. Арлы болғым келген соң тірлігімде, Артта жүріп, аяңдап, тезек терем. Келтірмейтін көңілдің қошуағын, Саған ұнап тұрған жоқ осы уәжім. Бағайын деп келген ем қабағынды, Шағайын деп келмеп ем досыма мұң...

Көтер басты. Көңілсіз болма бұлай, Арсалаңда анау бір жолдағыдай. Тымыраймай тым құрса бір жымишы, Көңіліңе көктем кеп орнағыр-ай! МУЗА Жалын боп жанып жатқанда, Ағын боп ағып жатқанда, Сағыныш дәмін татқанда, Қабаққа қайғы қатқанда – Құрдасым болған, нұр – Муза. Даламен, таумен сырласып, Пернесін жүрек бір басып, Қыран боп ұшқан құзды асып, Арманға ғашық, нұрға асық – Сырласым болған, жыр – Муза. Қиялға тәтті батырып, Үйқысыз таңды атырып, Орамал бұлғап шақырып, Қызғалдак болып ашылып, Арманда сүйген, қыз – Муза. Аралап бірге бақтарды, Тауларға шығып ақ қарлы. Күлімдеп күтіп ақшамды, Еске алып тәтті шақтарды Жарқырап күлген, Күн – Муза.

Қайдасың, Муза, сол Музам, Жолаушы едік жол қуған. Махаббат, қызық, мол думан Кеудеме қайта қон, Музам. Кел маған қайтып, ақ Муза, Бұлттар болып ақ шуда. Ақ бұлақ болып атқу да, Үн қосу дағы аққуға, Құдіретің сенің, ақ Муза! Ақ Муза!.. * Жанарынан жылы шуақ шашырап, Күңіренткен күрсінісін қасына ап, Жүргендер бар жүк көтеріп ап-ауыр, Бір сезіммен өзін-өзі асырап. Ол біреуге бұлдамайды тірлігін, Өзіне айтар күйінішін, кірбіңін. Біреулердей бітпес мұңын зар етпес, Болашақты болжамайды күн бүрын. Мият тұтып мына әлемді, Күн, Айды, Түннен – тыныс, күннен – жұмыс сұрайды. Оның осы тірлігінің сұлбасын – Саулық, достық, бейбітшілік құрайды. Ол да пенде – күйініші жетерлік, Бір тулағым болса дейді төсерлік.

Санасында оқ өтпейтін сауыт жоқ, Сан тиіседі сайқалдық ден мекерлік, Ол келеді оқтың бірін дарытпай, Адамдардың мінез-құлқын әлі ұқпай. Ұғып түрып, ұқпағансып, көмеді, Қара ойларды суық қара табыттай. От пен оқтың ортасымен бораған, Келе жатыр әлі тірі сол адам. Ақбөкендей аз ғана осы жандарды, Аулақ қылсын топырақтан, моладан. * Түн болғым келмейді түнерген, Күн болғым келмейді тағы да. Түндердің соңына сұм ерген, Ешкімде бармайды Ал, күннің маңына. Жыр болғым келеді мөп-мөлдір, Жүретін жүректің ішінде. Жыр деген – жып-жылы көктем бір Көңілдің жыртығын кететін бүтіндеп. ..

СҮЙІП ӨСЕР ӨЗ ЕЛІН “Кәкәй” етіп қойған бала – қадірсіз, Болмақ қайда бүл сәтте абыр-сабырсыз. Мама үйде жоқ... Бес жастағы ағасы Інішегін жуып жатыр сабынсыз. Сабын қайда? Сабын түрмақ су дағы аз, Бірақ мұндай шомылдырғыш қу бала аз. Қасықпенен кырып жатса “кәкәйін”, Қытықтанып інішегі бұл да мәз. Қырып алды тізесін де, санын да, Жарты құман су тұр еді жанында. Орамалды соған малып ала сап, Тап-таза етті, сүртіп алған шағында. Әппақ болды “кәкәй” бала, “кәк” бала, Бір шалбарды кигізді “аға” жап-жаңа. Бөтен иіс сезілгені болмаса, Екеуі де тіл жеткісіз жақсы-ақ, ә! Бірдеңе ғып жуындырған бөбегін, Бөбегінен аямаған көмегін. Балдырғандар бауырсақтай бауырмал, Дәл осылай сүйіп өсер өз елін.

  • * Анамды ойлап, сағына бастағанда, Мігір таппай мен жүрем астанамда. Самай шашы селдіреп селеудей боп, Саусақтары қисая бастаған ба? Анам менің – ардағым, аяулы әнім, Аяулы әнге керек қой аялдауым. Түртінектеп іздеумен жүрген шығар, Тірлігінің жоғалған бояуларын. Алға сүйреп ұрпақтың арман жүгін, Отын жаққан тұрып ап таңнан бұрын Қайыспайтын жан еді қайран анам, Мойындапты қартайып қалғандығын. Ойлантады анамның армандары, Арланғаны, немесе алданғаны. Бұл өмірден не көрді баяны жоқ, Бала өсірді, мал бақты – бар болғаны. Мен анамның түрінен шаршау көрем, Өмірі өтіп барады аңсауменен. Қара шалдың ниеті дұрыс екен, “Кемпірімнің алдында алса-ау!” – деген.

Анам бар деп алшаңдап жүріп келем, Жүріп келем, мәз болып күліп келем. Немересі жігіт боп қалды емес пе, Шөбересін көрер деп үміттенем. * Түнгі жолдай таусылмайтын, бітпейтін, Бір мүңым бар иығымнан түспейтін. Кейде өзімді хатшы қыздай сезінем, Бір мықтының есігінде істейтін. Өмір деген өте бермес тойменен, Қызынады, бұзылады ой деген. Тағдыр мықты тәкәппарсып қалғанда, Хатшы қыздай қылымсимын кейде мен. Барлық гүлге бірдей түспес күн нұры, Самайымнан сан көлеңке сырғыды. Талағымды тарс айырса қайтемін, Тағдыр мықты тарпа бас сап бір күні? Күн әзірше тұрған сынды нұр сеуіп, Көңілімнің көйлегі де тұр кеуіп. Жүре тұрам мен осылай, Тағдырым Есігінен шығарғанша бір теуіп.

СЕНДЕРГЕ ИЕ БОЛАЙЫН Жүрегім неге тулады, Құлағым неге шулады? Қос үрей болып көрмеп ем, Анамнан жылап туғалы. Тұратын күнге еркелеп, Құлады ма екен бәйтерек? Бәйтерек біткен шуласа, Адам боп біздер қайтер ек?! Жатыр ма гүлдер қуарып, Бара ма көлдер суалып? Өзеннің алып аңғарын Кетті ме екен у алып? Қасірет – мүңын өңгеріп, Туды ма сәби кем болып? Сүйді ме екен анасы, Сүйкімді ұлмен тең көріп? Көңілі мөлдір ақ тұма Бір жігіт жастай қайтты ма? Нәр сызбай жатып, Ақыры Аманат сөзін айтты ма!.. Жаманат ойды қояйын,

Қанағат, саған тояйын. Жүрегім, тілім, құлағым, Сендерге ие болайын. * Ақсуаттан аттанғанда мен алғаш, Алды-артымды орап еді қарлығаш. Қарлығаш та, қарындас та жоқ бүгін, Іздесем де сол бір күндер табылмас. Ақсуаттан аттанғанда үмітпен, Қарлығаштың азаярын біліп пе ем? Біліп пе едім қарындастың кетерін, Қайдағы бір қайманалау жігітпен. Ақсуаттан аттанғанда арман ем, Жыр еді ғой, нұр еді ғой бар денем. Қарай берем, қарай берем қайырылып, Осы арада жоғалғандай әлденем. Шыкпай тұрып шыбын ғұрлы атағым, Санын алдым үлкендерден батаның. Есейгенде еңсем түсіп енді мен, Еп-елеусіз кетіп бара жатамын.

ТАУСЫЛМАЙТЫН ӨЛЕҢ О, менің сәбидей пәк таза күнім, Алдыңда бүгін сенің жазалымын. Өлтіріп алғам сені қай уақытта, Өзіме өле-өлгенше наразымын. Жан болдым жасыл сағым қуып кеткен, Кеудемді дәл осындай қуыс деп пе ем!? Әрленген ән – бояумен әлемімді Уақыттың ақ жаңбыры жуып кеткен. Уақыттың ақ жаңбыры сілбіреген, Жемеген жері бар ма, үңгімеген?! Адамның айтса болды көңілі босар, Мәңгілік таусылмайтын бұл бір өлең.

  • * Шегірткелі, шеңгелді, шұбар шилі Жерімді аңсап жүрегім сыңарсиды. Өзегімді өртесе өткен күндер, Өн бойымнан өлең мен мұң аңқиды. Жататұғын жартасын жасын ұрып, Тұр ма таулар аспанға атырылып. Күлімсіреп күміс күн бата ма екен, Асқақ таудың артына жасырынып. Көптен бері көз алдым мұнартулы, Ауыл жаққа аңсарым шын артулы. Сол ауылда маздаған махаббатым, Сол ауылда бастағам құмартуды. Қолаң шашты, бота көз, аққұбалау Ару сүйдім кеудемнен атқып алау... Ойлап тұрсам, сол бір қыз, сол бір ауыл, Бәрінен де бәрінен жақсырақ-ау.

ҚАНЫШ - ЖҮРЕК Санасы – салқар, Сезімі – от, Ойлары – дастан, Керілген кербез кеудеден бой, бағы да асқан. Еңсесі – тауға, Маңдайы далаға тартқан – Еріне Жері құпия қойнауын ашқан. Байтағын сүйіп, Бақытын егіле тілеп, Еңіреп жұрты жыласа Езіле жүдеп. Заманның сызы тоңдырып, Адамның мұңы, Мұздады бірде, Сыздады Едіге - Жүрек. Бабалар сөзін түлпардың ізіндей көрген, Жадына жаттап, Санаға тізімдей берген. Тектіден туып, Тел емген Аспан мен Жерді, Түбінен тартып Қаракөк үзілмей келген. Көргенде керік кеудені, Арыстан басты – Шері мен бөрі шендеспей,

Алыстан қашты. Адамның ұлын аялап, Анадай сүйіп, Айтыңдар, бүгін қай қазақ Қаныштан асты!? Қан-ағамды айтсам – Қомданам, Балаша бөсем, Шат болман қалай, Шартарап санаса көсем. Әспенсу болмас – Әлемдік шындардың көбі Имантайүлы Қаныштан аласа десем. Ұмытпас оны жат– жақын, Ұлы Елі болып, Тұтқасы көріп, Тұлғасы, тірегі көріп. Қалады, білем, Қасиет қазаққа біткен Қаныштың мәңгі өлмейтін жүрегі болып!

ҚОС САҢЛАҚ Сұлтанмахмұт! Сұлтанмахмұт! – Найзағайын сан атқан бұлт, Көкжиектен ары асқан бұлт. Нөсерлерін төгіп өтіп, Шер-жүрегін еңіретіп, Қараңғыға кектенумен, Қан түкіріп өтті өмірден, Сол жап-жас бұлт – Сұлтанмахмұт. Кетті Сұлтан... Қалды Қаныш. Өмір – дүлей, арман – алыс. Бейнет ауыр – зіл қара тұз, Халық – бейбақ, шын панасыз. Мінді Қаныш Заман атын. Ақын аға аманатын Алға сүйреп самғады көп, Ұзақ ұшты... Шарлады көк... Сол Қанышқа аға болған, Сұлтанның да арманы жоқ.

КҮЗ ДЕ КЕЛДІ-АУ! М.Мақатаевқа Күз де келді-ау күлбеттеніп, Қарысып, Қар да жауар жаңбырменен жарысып. Қайтқан қаздай тізбектелген бұл күндер Жатар әлі жас көктеммен табысып. Күз де келді-ау... Күлу керек дегенмен, Жаз да келер жас келіндей безенген. Мұңлы жеңгем мен бе деп қап қуанар Бір салт атты шыға келсе белеңнен, Күн ертең-ақ жаз келеді, сенем мен. Күзде келді-ау... Күрсінемін ақырын, Мұңлы бір ой... Бармай отыр батылым. Көктемде кеп, кеткен қайта көктемде Кім еске алды қазақтың бір ақынын. Кім еске алды о дүниелік жақынын? Күз де келді-ау... Басқа сөзге бет бұрма, Мұңдануға келдік біздер тек мұнда.

Алатаудың аңғарынан айғайлап, Қайран Мұқам, көктем келер Деп тұр ма? Қайран Мұқам, Қайран Мұқам, жет мұнда!

ҚҰЙЫН Т. Айбергеновке Құйындарды құйын емес дер ем мен, Құдірет деп айтса біреу сенем мен Бұл құйынның Бұзықтығын кешірем – Құйғытпаса құйын болар несімен. Көк аспанның тіреуіндей шаншылып, Құйын жүрер күміс күнге талпынып. Табаны – жер, Төбесі – көк, Көшпелі Дала ұлдары әрқашанда өстеді. Жеткізбестен барша арман, барша үміт, Құлын-құйын құласа егер алқынып. Қайғырамын, Қиналамын мен де шын, Бұл сөзіме сенбегендер сенбесін. Себебі оның, Құйын болып өткен бір, Қыршын аға көкейімде көптен жүр. Сұрасаңдар, Оның аты – Төлеген, Жүрегі оның– Өшпейтұғын өр өлең.

СЕН – РУХСЫҢ СЕН – АРСЫҢ Жұматай Жақыпбаевқа Арамызда Ар едің ғой, Жұма-аға-ай, Жаңа жауған кар едің ғой, Жұма-аға-ай! Қайыспайтын нар едің ғой, Жұма-аға-ай, Кеше ғана бар едің ғой, Жұма-аға-ай! Мынау өмір не боп кетті?! Бұ қалай – Неге теп-тез сөне қалдың шырадай!? Сүлей едің. Сүйкімді едің. Сүйікті ең Ерте оқ тиіп жараланған киік те ең. Жанталасып өлген жоқсың күйіктен, Жанұшырып қарғып кеттің биіктен. Жырың қалды – Жүректермен сүйіскен, Күйің қалды – Күрсіндірген, иіткен. Күнің қалды, Айың қалды –

Айкүнің. Жарың қалды. Арың қалды – айқының. Ақын болдың ақындыққа сай түрің, Бақұл болғын, Байланған жоқ бай тілің, Бақұл болғын, Жайланған соң ал тыным. Ұлы ақыннан қызғанған соң күн, айды, Қалай ғана тілдемейміз құдайды. Дарынсыздар енді кімді сынайды, Дарындылар енді кімге үнайды? Енді жоқсың, ей, Жұма-аға, Бұ қайғы. Талай-талай жүректерді сынайды. Таза жүрек қансырайды, жылайды – Саған жәннат, саған иман сұрайды. Арамызда сен – рухсың, Сен – Арсың. Үйқтағаңда түсімізде боларсың. Көзімізге жас та болып толарсың, Кеудемізге құс та болып қонарсың. Топырағың торқа болсын, Қымтаншы, Күз келді ғой, Қыс та келер... тоңарсың.

АСАУ Асқар Сулейменовке Шын асау шылбыр танымас, Жүген-ноқтамен жаны қас. Шайтан мінсе де бәрі бәс – Шаптан түрткендей тулайды Ол. Қасқыр шапқандай қарайлап, Бойында тарпаң қаны ойнап, Дөңгелеп, аунап бар аймақ, Өрттен қашқандай зулайды Ол. Күркіреп күндей кісінеп, Күңіреніп жындай есінеп, Есірген сайын есіред – Дұшпанын жықпай тынбайды Ол. Жетімдей өксіп еңірер, Қара қайғыға көмілер, Көзінен жасы төгілер – Жанарын кекпен булайды Ол. Танауына салса шұр бұрау, Тақымына салса қыл бұрау, Сабаса келіп бір дырау – Құтыра түсіп қыңбайды Ол.

Демендер: “Көніп тынады Ол! Бәрібір жеңіп шығады Ол. Жеңбесе – өліп тынады Ол, Туар ма шіркін мұндай да Ер! * Қанаттарын қағып-кағып жіберіп, Қаз-тырналар көкте қатар түзеді. Жан оттарын жағып-жағып жіберіп, Ақын байғұс соған көзін тігеді. Қаз-тырнаның канатының суылын, Ол естиді, естімейді басқа жан. Кеудедегі сәби жырдың уілін, Қорғаштайды, қызғанады басқадан. Қаз-тырналар оралады қайтадан, Думан қылып жібереді көл бетін. Мама қаздар жұмыртқасын шайқаған, Ұяға алаң, Ұмытады өңгесін... Аралаған ақын жаны жыр елін, Аспан құмар құс секілді ол-дағы. Шіріп кетпей, жарып шығар жүрегін, Балапандай жыры болса болғаны.

  • * Құмарым бар қанбаған, Құмарым бар. Күнім, Түнім, Жолдарым, ұзарыңдар. Бір әнім бар бастаған бүгін ғана, Аяқтайын мен соны, Құп алындар! Айлар менен апталар, Ұзарыңдар, Жылы ағындар жылжысын, бұла жылдар. Құмарым бар қанбаған, Құмарым бар. Құмарлықтың артында тұра ма ызғар? Жұт секілді жұтатын білдірмей кеп, Сол ызғардан өле ме шын абыздар? Шын құмартып істеген ісім де ерен, Бір құмарым – істерім бітірмеген... Қыз құманын көтеріп бара жатса, Ақ шұбатым алдымда ішілмеген? Кішірмегем мен осы құмартудан – Құмартпасам құримын, түтінденем. Қозға салған қорғасын секілденген Құмарлықтан құйғандай бүтін денем. Мен, сірә, қара қайғы – қапаста емес,

Құзырлы құмарлықтың ішінде өлем... Құмарым бар қанбаған, құмарым бар, Күнім, түнім, жолдарым ұзарыңдар. Құп алыңдар, шын ғашық адамдарды – Жалғыз рет құмардан шығарыңдар!

АЛҒАШҚЫ САБАҚ Жас ұстаздың жанарында жанады от, Ол да келген бір мектепке бала боп. Бүгін үстаз... Бүлдіршіндер тұр күтіп, Енді оларға сөйлеу керек дана боп. Әлі-ақ, Әлі-ақ қырандайын түлейді ол, Бар балаға бақытты күн тілейді ол. Алғаш сабақ беріп тұр ғой... Абдырап, Қайта-қайта галстугін түзейді ол. «Ей, жас ұстаз! Қысылма да, қымсынба! Түсіп көрген талай ағаң бұл сынға. Сабаңа түс, Сабағыңды бастап кет, Баяғыдай бала болып тұрсың ба?! Естілді осы үн... Жүзі бейне таңғы рең, Құлағы да қалқияды қан күрең. Алғаш түскен сөзі болды аузына, «Ал, балалар, танысайық алдымен!»

Міне, ғажап! Бәрі жақсы, бәрі сән, Құлағына құйылады таныс ән. Кеше тіпті ойлаған да жоқ еді, – «Шәкірттермен дәл осылай табысам». Қайта келді босап кеткен жүйе, бой, Жүріп берді жүйрік тіл, жүйелі ой. Терезеден ымдап тұрды Ана Күн: «Шәкіртіңді сен де мендей сүйе ғой!»

ҚАЛАМҒА Қағаз аппақ, Қалам, сенде сия мол, Сол сияға сор, бағымды жия гөр. Ер адамның көз жасындай үш тамшы Мөлдірінді ақ қағазға қия гөр. Көтереді ол көтергендей бөбегін, Бөбек барда қорқыта алмас оны өлім. Жасымды бер, Жанымды бер қағазға, Сонда сені сүйенішім көремін. Екі езуің көк сияға көпіріп, Ақ қағазға айта берсең өтірік, Айғыз-айғыз іздерінді ақ боран, Басып кетсе, қалмайсың ба өкініп? Қараланып қалмасын деп аспаным, Жараланып қалмасын деп жас жаным, Келмесін деп керек емес ойларым, Кешір, қалам, сені сырып тастадым.

  • * Арды ойламас адамға аласа аспан, Мұңаймайтын жандардың санасы ақпан. Өмір сырын соларға ұқтырсам деп, Бір құйын жүр ішімде аласатқан. Атып жатыр ататын тандар күліп, Күн шығады өмірді жандандырып. Жасытады біреуді жалған дүние, Тасытады біреуді паңдандырып. Тез ұмытып пенделер сәби күнін, Арқалайды азды – көп фәни жүгін. Біреулердің кеудесін жыр кернейді, Біреулердің кеудесін қариды мұң. Ойлай – ойлай от болып жанды-ау денем, Адами жыр адамға арнауменен. Ғажап екен қыран боп самғау деген, Азап екен адам боп қалмау деген. Мүмкін осы жалғанның зандылығы, Мүмкін осы жалғанның зарлы мұңы. Ар секілді ақ таңның атқан кезі, Қан секілді күндердің алқызылы.

Қайшылығы неткен көп тіршіліктің, Ақ-карадан өмірдің ғұрпын ұқтым. Жер бетіне тесіліп көп қараған, Ай бетіне қалғандай іркіліп мұң. Түгін айтпай қор болам айтарымның, Жетегіне ілесем қайсы ағынның?.. Амандығы халқымның арман маған, Мәртебесін тілеймін байтағымның. * Күн келеді шапағы қызыл-сары, Құстар үнін құбылтып, сызылтады. Құйғытады құлдырап күнге қарай, Тор биенің тор қасқа құлыншағы. Құлдыраған құлыншақ не біледі, Ерігеді, ойнақтап желігеді. Күндер келіп жатады, күндер кетіп, Құнандығын ертең-ақ сезінеді... Күн келеді тағы да көтеріліп, Күз бұлты аспанда көшеді үлып. Сұрқай көкке сұлқ қарап біреу тұрар, Бүгін тағы ақталмай кешегі үміт. Бір қауіпті тор құнан жүр аңыстап, Жылқышы жүр қолына “жылан” ұстап. Жылан-арқан сарт етіп түсе қалды, Үйренген-ау пәтшағар құнан ұстап.

Тор құнанның сондағы тулағаны-ай, Тулағаны-ай, жанарын сулағаны-ай. Шыңғырды кеп “анашым, келе гөр” деп, Ал енесі барады бір қарамай. Тулап-тулап тор құнан жуасыды, Тұңғыш рет жүрегі тым ашыды Ер салды да ер жігіт алды мініп, Құнан кетті иенге құлаш ұрып. Жыртылғандай қолтығы, сөгілгендей, Көз алдында ажалы көрінгендей. Елпең қақты езуі ашығанда, Тырысса да қаншама өзін бермей... Көктем күні келеді көтеріліп, Көк жүзіне барады от өріліп. Арқа-басын кеңітті ауыл-дала, Ұмыт болды бір сәтке кешегі жұт. Айдалада қойшы шал қой бағады, Қой баққан соң өткенді ойға алады. Пай-пай шіркін, жас шағы қандай еді, Кезі еді ғой түп-түгел бойда бары! Шал күрсінді шаттығын шақыра алмай, Сарғаяды-ау бұл күнін батыра алмай. Шалмен бірге күрсінді кәрі торы, Оттап тұрып кияқтан басын алмай.

  • * Ақырын! Асау жастық ашынбағын, Басыңдағың – жырларың – асыл жарың. Асыл жардың кеудесі басылғанын Көрмей-ақ қой, Қайғы бұл – жасыл жалын. Жасыл жалын өртесе өр кеудеңді, Ажалдың аузынан көр ақын жанын. Ашынбағын, ей Жастық, аһ ұрмағын, Нөсерлет! Ойнат жырдың жасындарын. Кеудені кернеп шығып атылды ағын, Ашылмағын, ақ нөсер, Басылмағын! Жалының жалмап өткен арыстанның Естиін ақырғы рет ақырғанын. Естиін екпініңнен толқып теңіз, Толкынып тастағында сапырғанын. Ей, Жастық ер едің ғой, Сері едің ғой, Көрсет бір кең дүниеге ақын барын. Білсін Жер, Білсін дүние, білсін-білсін, Селдетіп мен қояйын дүркін-дүркін.

АҚҚА ТОЛҒАН ҚАЗАНДАР ҚҰТҚА ТОЛЫП... Наурыз келді! Барлығы жасарады, Наурыз тойын жатыр жұрт жасағалы. Келсап ұстап келіншек зыр жүгірсін, Ақыл айтсын бәйбіше қасабалы. Алпыс төлдің анасы шашу шашып, Аластасын пәледен босағаны. Наурыз келді! Барлығы құлпырады, Құрсақтағы құлыншақ бұлқынады. Былтыр туған бір тентек тұсау кесіп Күлімсіреп Ақ әже – Күн тұрады. Аққа толған қазандар құтқа толып, Кісінейді аспанның жылқылары. Ұлыс келді! Ұлыспен тыныс келді, Ақ боз үйдің уығы күмістелді. Торғай біткен топырлап шұқынып жүр. Бітіре алмай жатқандай бір істерді. Бір қария қасына ап немересін, Бұлақ көзін ашқанды дүрыс көрді.

Ұлыс келді! Ұлы Жер бір түледі, Тәңір нұры аспаннан сіркіреді. Бір көк өрім жаудырап шыға келді, Топырақты бір тамшы түртіп еді... Осы наурыз құт болып келген шығар, Құдай қосса, халқым бір сілкінеді!

БАЛАЛЫҚ Сен баланы бала екен деп ойлама, Сен оларсыз тойыңды да тойлама, Батпырауық ұшыратын балалар, Бай болады бақытқа да, ойға да. Қабағына қарап өскен қарттардың, Бала болдық мына біздер бап-балғын. Түйе ойнаса боран болар деп білдік, Танушы едік тұяғынан аттардың. Алты жаста ат үстінде ойнадык, Кетуші едік түйе бағып, қой бағып. Қазір киял жетпейтүғын жерлерге, Жетуші едік жеті минут ойланып. Ой-хой, шіркін, балалық шақ, бал дәурен, Жүруші едік құс боп ұшып самғаумен. Бала болып көрді ме екен бір кезде Өмір бойы өткен жандар алдаумен. Рас. Рас. Біздер талай алдандық, Алдандық та армандарды қармандық. Ойлап тұрсам осы күні, Бір жерге, Симайды екен балалық пен жалғандық.

Ұмытпаспын шалғышардың жүздерін, Ұмытпаспын тырналардың тізбегін. Ұмытпаспын “ұлым” деген шалдардың, Әрі бала, әрі дана түрлерін. Мен ұмытсам соның бәрін ада ғып, Тас мүсіндей отырар ем сазарып. Арды берген, арман берген біздерге Сол баяғы балалық қой, балалық. * Түні бойы тамырыммен ой ақты, Ұйып қалған сезімімді оятты. Ұмыт калған ұяң мұңым жас болып, Жауып-жауып, жастығымды бояпты. Түні бойы айдың әнін тыңдадым, Түні бойы қалықтаудан тынбадым. Түні бойы тереземнің алдында Ән сап тұрды менің ғашық қыздарым. Таң еркелеп мойыныма асылды, Жұлдыз күліп, жайлап жүзін жасырды. Сонда ғана кірпіктерім айқасып, Ұйқы жаулап бара жатты басымды.

  • * О, менің өрт күндерім, өрт түндерім, Өзегімді тілгілеп өттің менің. Көшкіндерін құлатқан әлдеқашаң, Тау секілді сезіндім оттың демін. Қара бұлт қамшы етіп найзағайын, Нөсерлетсе, жаншылып, қарғамайын. Алданайын ақ нұрға шомылдым деп, Жаурадым деп айтуға арланайын. Танданайын, Тәкәппар көкірегім, Басылып қалды ма деп осы менің. Көшкінімді көшірсе өлең қышып, Тағдырымнан от пен су өтінемін. Өтінемін шілденің шіліңгірін, Қарайып кетсін, мейлі, түрім бүгін. Сонда мен нөсерлерді сағына алам, Сарғайып сағына алсам, ғүмырлымын.
  • * Сырласа бергім келеді өткен өмірмен, Мұңдаса бергім келеді көк белімменен. Жолдармен мынау жосылтып Шалторылармен, Жүйткідім талай жүйірік көк темірменен. Партизан сынды еді ғой парталастарым, Мен-дағы қоңыр бұл күні тарта бастадым. Кіржіңшіл болып кетіпті кешегі достар, Ер алып қойған аттардай арқа-бастарын. Арулар бізде көп еді-ау альбомшыл кілең, Дариға-ай, сол шақ не деген арманшыл күн ең! Сарықарын тартып қалған ба “сайтандар” біздің, Қыз ғұмыр қызыл, жалт етпе, жалғаншыл білем. Өлең-жыр болып келсе екен өткен күн маған, Көк пен жер аман, шүкірлік, көксеңгір аман. “Үйленіп қойдық ертерек”, – демеші, досым, Дейді ғой: “Басып өседі өкшенді балаң”.
  • * Кеше құстар көктем тойын тойлады-ай, Ертең тағы қар жауарын ойламай. Міне, бүгін қар құйып тұр аспаннан, Мынау өзі қалай болды, ой бәлі-ай! Тыныш еді-ау... Бүріседі-ау құстарым! Құдай-екем көпсінді ме ұшқанын? Жаңбыр менен қар аралас төгіп түр, Қалдырмады-ау қоналқалық тұстарын! Құспен ойнап қуанып ед сал терек, Бүршіктері Күн-Анаға еркелеп. Сулы қарды көтере алмай сыңсыған, Құлап түсті анау алып бәйтерек. Ең соңғы рет беріп жатыр қыс ақпар, Сатыр-сұтыр сынып жатыр бұтақтар. Күңіренген үнге толмаса екен де, Кеше ғана гүлге толған құшақтар.

ӘСЕР Жатырмын, Жалғыз, дарамын, Жатырмын – Қайда барамын? Түн сұлу кіріп бөлмеме Қадайды маған жанарын, Сыйлайды маған шарабын, Ұятсыз ұйқы шарабын, Ішемін соны, қанамын, Тірі өлік болып қаламын. Уақытша өлем, Уланам. Жылайды жырлар тумаған, Кетеміз дейді желге ұшып Жапырақ кұсап қураған, Шыққысы келер жырымның Көшеге анау шулаған. Қонғысы келер жырымның Жүрекке асау тулаған. Тұлпардай оны тосады Тусырап жатқан ту далам. Білем ғой бәрін, Түн уын Сыйлап жүр “ішкін, ішкін” деп, Жастыққа тамған тамшыдай,

Төсекке тамып түстім мен, Меңіреу ұйқы күттім мен – Жарымдай көптен күттірген Түн тәнін ғана құштым мен. Жатырмын. Ұйқы құшактап, Тәнімен ыстық баурайды. Күндерім мені түсі аппақ Бейтаныс жақта заулайды Өкпелеп кеткен сонау жыл Арудан әсте аумайды. Жанымды солар жаулайды, Жанымда түнек аунайды. Түн, жаным! Босат! Жалынам! Ішпеймін шарап – мен тойдым. Жаралғам жарық жанынан – Жібермей қойсаң – өртеймін! Түн жаным, босат, жалынам. Жібермей қойсаң – өртеймін!

  • * Жұртым тыныш , ел аман, Көңілім менің неге алаң? Деймін бе ертең жоғалам, Деймін бе ертең тоналам, Көңілім менің неге алаң? Басымда – панам, жер – анам, Қолымды көкке соза алам. Жүремін десем жол аман, Оралам десем, оралам, Көңілім менің неге алаң? Жанары жарық адамын, Ұлымын ұлы заманның. Ішкем жоқ асын арамның, Жанатын жерде жана алдым. Ендеше неге алаңмын? Күнімді өткен санаппын, Алдыма барлап қараппын. Дәмін де таттым шараптың, Оны да бойға тараттым. Япырау, неткен қазақпын – Өзіме-өзім азаппын.

Шошынам кейде, шошынам, Іздеймін жауап осыған. Түңілген жандай досынан, Түнеріп келіп отырам. Көңілім менің неге алан? Көңілім менің неге алаң? Өмірден бұлай өтер ме, Өр болып туған ер адам. Бір жүрек Отан – бір өзі, Отанмен бірге күледі. Отанмен бірге тілегі, Оған да күдік кіреді. Отаным барда ел аман, Жүрегімменен дем алам. Жерімді еркін кезе алам, Бар бірақ менің шекарам... Жасыннан келді от алғым, Оны да жырға қосармын. Жеңісін әлі тосармын, Жүректей ұлы Отанның.

  • * “Мисыз” деген бір сын есім жекұрын, (мүны, сірә, келмейді ғой естігің). Бұл сын есім зат есім боп кетеді, Көмейінен шыққан кезде естінің. Ол өйткені “мисыз” дейді сені де, Мейлі ызалан, мейлі жыла, еңіре. Сын есім ғып қоймағанға шүкір де, Сен жатасың зат есімнің тегіне. Қалай сені “мисыз” дейді сол есті, Жаратушың миды ұмытқан емес-ті. Сенде аздаған ақыл да бар, ой да бар, Кейде-кейде тартқанымен көмескі. Сен білесің – жұмсақтық бар жастықта, Кейбіреуге жасай алдың қастық та. “Өй, мисыз!” деп сен де ұрсасың балаңа, Бір кісідей жағынасың бастыққа. Сен білесің – етті қалай жеу керек, Жиналыста сөз сөйлейсің кеуделеп. Неге сені “мисыз” дейді сол есті, Ал, меніңше, сені “милы” деу керек.

“Мисыз” ылғи зат есім боп елестеп, “Мисызбын ба?” деп жүргенің дедектеп. “Мисыз” сөзін сын есім ғып сөйлеші “Менің өзім мисыз адам емес” – деп.

  • * Кейде шырқап, кей кезде баяулаймын, Кейде ұйқылы, кей кезде ояудаймын. «Ақын көп қой, солардан не қалар?» деп, Қойғым келіп өленді, қоя алмаймын. “Жаңылман – деп – өлеңнің тігісінен», Кей тырнақтың қан ақты көбесінен. Бәз бір ақын өлеңнің ауылына, Аяқ емес, келгендей төбесімен. Өлең үшін қу жанын қинаған-ау, Бұл да болса өлеңді сыйлағаны-ау. Терлеп келіп біреулер, жер боп кетті, Тезектерін тым құрса жинамады-ау! Мініп алды біреуі күш-күреңін, Іліп алды біреуі тұс-кілемін. Өріп жүрген өлермен “өлең” көрсем, Тіксінемін, немесе түшкіремін. Дей алмаймын – олардан көп көргенім, Көріп алсам, барлығын көксер ме едім? Демеді ғой біреуі Абайдай боп – «Дөп сермесем қолымды, өстер ме едім!»
  • * Көгімде күн бар, Көрімде түн бар, білемін. Көзімде мұң бар, Сезімді тыңдар жүрегім. Барым – баяным, Арым – аяным. Күн күліп тұрсын, Сындырып тұрсын түнекті. Түн біліп түрсын – Көндіріп көрсін жүректі. Жарық - мүратым. Халық – қуатым. Сыйынған дұғам, Қиыннан бір ән әкелгей. Миымнан сығам. Қиырдан шығам бөкендей. Өлең – өрнегім, Өлген – көнгенім. Жалғаусыз төзім, Арбаусыз көзім – шындығым.

Алдаусыз сезім, Жалдаусыз сөзім – мұң, жырым. Жаным – акиқат Жырым – насихат. * Таулар шөгіп, Баулар бүлген заманда, Саулар солып, Жаулар күлген заманда, Жер қуарып, Көл суалған заманда, Ер түңіліп, Кер сүрінген заманда – Жанарыңнан шыққан сөлді сия қыл! Тоқ шайқалып, Оқ байқалар заманда, Көк шайқалып, Кек қайтарар заманда, Тулар тулап, Қулар шулар заманда, Гүлдер қурап, Сулар булар заманда – Жүрек қанын дәуітіңе құя біл! Жан еңіреп, Тән езілер заманда, Ана жүдеп,

Дана егілер заманда, Қастар тасып, Достар сатар заманда – Жастар жасып, Бастар қатар замавда – Жұртың үшін шыбын жанды құя біл! Көктер жайнап, Кептер сайрар заманда. Кетпен қайрап, Лектер қайнар заманда, Жүрек күлер, Тілек түлер заманда, Білек түрер, Шіреп жүрер заманда – Көкірегіңді көк пен жерге ұя қыл!

СЕН КІМСІҢ, ҚАЗАҚ? Казақ! Сені кім деп біледі сырт ел? Білемін– біреуі күлер, біреуі түртер. Ұшады күнде көзіңнен бір мұң, Қысады кеуде, Қысады бір тер. Ол тер – не тер? Кеудеңді көтер. Қазақ! Қазақтық бар ма қаныңда қасық? Бар болса– биле (өзіңді), Бағынба жасып. Сабаңның түбі сасып кетпеп пе, Неғып жатырсың дамылдағансып?! Құмарсын-ау дамылдағанға Құмарсың-ау дарылдағанға. Қазақ, Қай мықтың бүгін бас мұжып отыр? Сүрақ па осы?!

(Қазақтығым айтқызып отыр). Қойыңның басы қолыңнан кеткелі қашан, “Жақының” сені жалшыға жатқызып отыр. Болмаса ерқің, Сен – жалшы. Сен кім? Қазақ! Қашан шығасың капырық ойдан? Санаңды сайрат, Салмай-ақ ақырып ойран. Құр атой беріп, Құрықпен жауына шапқан (біреу) Қан болып қайтып, Қаһарсып, Қатынын сойған. Жат тұрмас аяп, Жеп калма таяқ. Қазақ! Үркітіп сені сонау жыл шошайған мылтық. Мың түртіп еді, бас шауып, бақайдан қырқып. Қырғыннан қалды, қызталақ, қыршаңқы, қорқақ, Ақымақ қалды адамсып ақиған... қыртып. Сен соларданбысың? Шын тоналғанбысың?..

ҚАЗАҚ ДЕГЕН АРЫСТАН... (Өксік күй) Мешеу қоғам... Мешеу адам... Мешел бала тағы бар, Қайтіп қазақ ел болады, Қандай емші табылар?! Сүйретілген, Күйретілген тәні бар, Кеудесінде шығар-шықпас жаны бар, Көріп көңілің жабығар... Тән келеді Тәлтіректеп. Ізі із емес, кара қан. Тұла бойы толған тыртық, Сау жері жоқ жарадан. Ыржияды, Тыржияды Қарт арыстан – қарт қазақ, Аш бөрілер алып сокқан... Талаған. Ізі із емес, кара қан, Сүйретіліп, Сүметіліп,

Сүлде жолға шығышты. Көкте – қарға, Күтіп жолда, Аш бөрілер ұлып тұр. Нар денелі, Шал келеді Жаурап тоңған, жүдеген. Мола болып туғандары. Мүрделермен түнеген. Қан сорғалап білегінен, Зар сорғалап жүрегінен, Жаратқаннан жалбарынып Жарық сәуле тілеген. Шал келеді... Жан кешті еді не деген! Тән келеді, Жан келеді . Бет-бейнесі жоғалған. Шапаннан да, Атаннан да, Отаннан да тоналған. Отты айбарлы, Көк найзалы заман қайда?.. Сол арман. Бір ұран бар кұлағында Ескі өмірден оралған – Естіледі Өр Алтайдан, Сарыарқадан, Оралдан.

Ұран еді ұмыт болған, Жоғалған. Сағыныпты... Тән үміті солардан. Тән келеді – мыжық мұрын, Мұжық мыжып тастаған. Қайда, байғұс, Қайда далаң, Қайда калаң, Астанаң? Қарайламай, Қалай қарай бет алдың, Қайыр күтпей басқадан? Қайда, байғұс, қара жұртың, Баспанаң? Бет-аузынан, Көрмейді тән – Көзі зағип соққыдан. Шыдап, төзген – Қара көзден Қап-қара қан атқыған. Қараниет қансыратты, Жаншып бақты, Айғайлатты, Ойбайлатты Қазық қойып астынан. Көзі соқыр... Шықпайды енді жас бұдан. Бір есі бар Бір есі жоқ

Бұл бейшара ғаріп тән – Күші барда, Тісі барда Жолбарыспен алысқан, Түрі кеткен, Тірі жеткен Бұл күнге Қазақ деген Азап көрген Арыстан. Есіркей көр, жарық таң!.. Есіркей көр, жарық таң!..

ҚАБАНБАЙ БАТЫРДЫҢ РУХЫНА ШАҒЫНУ Батыр баба! Ерасылы қазақтың – атың дара. Сордан өзің шығарған сорлы халқың Аруағыңды аузына ап жатыр жаңа. Ертеректе ерлер бар жауға шапқан “Қабанбайлап” қамы үшін қатын-бала. Қатын-бала қамы үшін, онысы үшін Байлап шапты белбеумен басын жара. Сол ерлердін соңғысы кімдер екен – Елін білмес, біледі қасың ғана. Солай, баба! Жер де бүгін шаршады көп айнала. Ел де бүгін шаршады елпі-желпі, Ер де бүгін шаршады көп ойлана. Үйде отырып үретін итаршы көп, Батырымыз жалп етер қора айнала. Қазақ болмай мазақ боп қала ма деп, Етегіне сәбиін орайды ана. Тұяғынан тұлпарлар тұра алмады. Тоқ жүретін тоқпейіл торай ғана. Тыңда, баба! Үн қатпайды біздерге шыңдар ана.

Біз мақтаныш қылатын ерлік жыры Сіңіп кеткен сықылды құм далаға. Күңіреніп көшкен соң ата салты, Күн қала ма, білмеймін, түн қала ма? Тұла бойы тұнған сыр тума тарих Тұлдана да алмайды, бұлдана да. Тас табанға тастаған тарих жырын Назалансаң назалан мың балаңа. Мұңдан, баба! Жүртың кіріп кеткендей түнгі орманға, Ырғын елің ыңырсып ығып кетті Батыс желі басынып, жынданғанда. Аштық, соғыс, қырғынның бәрін көрді Не болмады, дариға-ай, бүл маңдарда. Жалпақ жерді жайлаған жәйіл жауыз Құм қыламын деді ме құлданғанда. Ел-жұрты үшін еңіреп ерлер кетті, Тәу етеміз иілмей сынғандарға. Самға, баба! Қыран болып үшып кел маң далаңа, Зиярат қып қайтар ек қабіріңе Зиратынды білмейміз – арман – аза. Көрінер басы ағарып би Боранбай, Өзіңе әз ақылшы, заңғар аға. Құшақтасып пейіште рухтарын, Алдарыңнан әлі де шам жана ма? Ерасылы казақтың – ер Қабанбай, Қыран болып көгіңде самға дара. Қанатыңнан қасиет нұр тарасын Сол нұрыңнан сыйлай кет бар балаңа.

КЕШІРМЕЙДІ Заманның желі іргеңді неше үрлейді әлі Қоздантып қойып қордаңды өшірмейді әрі... Шәмілді даттап сөйледі сонау бір жылдар – Ғамзатов өзін сондықтан кешірмейді әлі. Замана зытқыр, зымыстан, өтпелі, білем, Күн дағы нұрын бір ыңғай төкпеді кілең, Халықтың орны өлшенсе өткеніменен – Бұл казак бүгін табысты көктеміменен. Өтті бар өмір өртпенен, аласатпенен. Тапталып бітті табанға парасат деген. Халықтың орны өлшенсе болашақпенен – Шын казақ болып қалуға жарасақ дер ем. Тағдыр да таудың жолындай – тараңдай маған. Адассам – ақ боз үйімді таба алмай қалам, Үш ғасыр бұрын найзамен жол салып кеткен Шалдығып кеше оралды Қабанбай бабам. Көлеңке қуып жүргенде көрмәдік бала, Жылады тарих жылғадай ұрланып кана.

Сабасы сасып, байлаусыз биесі қашып, Мұңданып жеңге, мас болып жынданыпты аға. Алқасын құрмай ақылға дархандар біздің, Жамалын бұзбай өсірмей жар тандар қыздың Аруақтар болмай риза ұрпаққа тірі – Күніміз тумас ел құсап талтаңдар біздің... Заманның желі іргеңді неше үрлейді әлі, Бауырын жазып боз айғыр көсілмейді әлі. Расулдай мойнын кылышқа ұсынбай түрып, Кенелер... Кенесарылар кемтар ұрпағын кешірмейді әлі.

АЛЫС АУЫЛ Алыс ауыл, сен маған тым жақынсың, Құлазысам – қуатым, мұңдасымсың. Бұрынғыңды ойласам – мың ғасырсың, Бүгінгіңді ойласам – құрдасымсың. Ант ішкендей өзіңде батырым бар, Хан тіккендей өзіңде шатырым бар. Алыс ауыл, сен менің қасымдасың, Бізді бөліп жатқан тек шақырымдар. Не керемет кеудемді кернеген үн? Ол– Аңсарым, өзіңе шөлдегенім. Сері күнім қалды ғой сенде менің, Пері болып тайраңдап көрмеп едім. Коз алдымда көлбейсің алыс ауыл, Сағымданып қырларың сары сауыр. Ашуы – қыс, ары – қар, жаны – сәуір Ағалардың сендегі бары тәуір. Шын асылдар, әрине, тым аз, дара, Тым аздарға құдайдың күні аз ғана. Ақсақалың бар еді бір аз ғана, Сөзін ұстап қалды ма мұңы аз бала?

Алыс ауыл... Сөз емес алыстығың. Мың шақырым дегенің – қарыс бүгін! Қасиеті сенде бар нан үстінің. Қасіреті сенде бар намыстының. Сол қасірет жаныма тым батады, Кейде, кейде қабаққа мұң қатады. Бишікештің опа емес бір матары, Байшыкештің дәрі екен кімге атағы!? Кейде мені керемет арбайды мұң, Арбалған соң құлаққа сарнайды жын. Сенің маған мұң ба екен шалғайлығың, Қайда кеткен, құдай–ау, бар байлыгың!? Той қызығын ұмытпас тойған ғана, Қой терісін ірейді сойған ғана. «Тайраңдама – десеңші – тайраңдама!” “Ойлан, бала! – десеңші, – Ойлан бала!”. Алыс ауыл! Мен – түйір топырағың. Торқа болып торқаңа косыламын. Керек болсам – менмін ғой шакырарың, Терек болсаң – менмің ғой жапырағың... Алыс ауыл... мен – түйір топырағың...

ТАБИҒАТЫМНЫҢ ҚАҚПАСЫ Сонымен... сойқан бұл нөпір, Соққылап бұзбақ Қақпаны. Құламас Қақпа, көр де түр, Нөпірді нөпір таптады. Қылышын қайрап тісіне, Найзалы найсап үдеп тұр. Мұнда жоқ аң да, кісі де, Тек қана малғұн жүрек түр. Соғып тұр малғұн. Соға түс. Айызың қансын – қақпаны ұр. Қаныңды жалап, сора түс, Қақпаны қират, тапта, кір. Жасылын таптап болып ең, Асылын қират сен енді... Аруақтар тұрып көрінен, Аласат қылғыр денеңді! Нөпірден нөпір... көп нөпір. Қақпаның есін алды шын. Құдайым қалай көкте түр, Жылатып Жердің аң, кұсын?!

Осылай, өстіп... айтам зар, Ыңырсып Күнім батқасын. Соққылап жатыр сойкандар, Табиғатымның Қақпасын! Ар-ұятымның Қақпасын!.. ДІР ЕТЕ ҚАЛАМ Дір ете қалам жапырақ құсап, Жылбысқы бір дем жаныма тиіп. Аңсаған шалдай жасырақ құшақ, Мүттәйім жандар жыныма тиіп. Дір ете қалам қантүбіт құстай, Жымысқы көрсем – жылан деп біліп. Көрінсем дейді-ау аршылап мыстай, Бұзылған қыздай бұраңдап күліп. Дір ете қалам анадай жесір, Өрекпіп түрған өрт–өсек көріп. Мінезім – тентек баладай кесір, Қалмасын деймін жер–төсек болып.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙