Қ. Қозыбайұлы. Таңдамалы шығармалары
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Авторы: Қаусылхан Қозыбайұлы
─ 1 ─ ─ 2 ─
УДК 821.512.122 ББК 84 (5 Қаз) 7-44 Қ 58 Қазақстан Республикасы Мəдениет жəне ақпарат министрлігі Ақпарат жəне мұрағат комитетінің «Əдебиеттің əлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша шығарылды Қаусылхан Қозыбайұлы. Таңдамалы шығармалары: Повесть, əңгімелер, пьесалар мен өлең дер/ Қаусылхан Қозыбайұлы – Алматы: Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының «Атажұрт» баспа орталығы, 2013 ж. 272 бет. ISBN 978-601-7023-63-8 Елу сегіз жыл ғұмыр кешіп, соңында саны саусақпен санарлықтай ғана кітаптар қалдырғанымен, Қаусылхан Қозыбайұлының есімі Қытай қазақтары арасында кең танылған. Əртүрлі жанрға қалам ізін салған Қаусылханның «Іслəмнің құрдасы» атты прозалық, «Шағылған төсек» атты драмалық шығармалары Қытай еліндегі қазақ мектептерінің əдебиет пəні оқулықтарына енгізілген. Кейпкер мінезін ашудағы, өмір шындығын бейнелеудегі табыстары талайларға тəлім боларлық талантты қаламгердің таңдамалы шығармалар жинағын қазақ оқырмандары жылы қабылдайтынына сеніміміз мол.
УДК 821.512.122
ББК 84 (5 Қаз) 7-44 ISBN 978-601-7023-63-8 © Қ. Қозыбайұлы, 2013 © Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы «Атажұрт» баспа орталығы, 2013
Қ 58
─ 3 ─ ПОВЕСТЬ
ЖАҢА ЖАЙЛАУ
І Иен далаға жағылған ағаш отынның жарығы шылбыр бойы жерден ары оза алмай тұр. От жарығы одан арғы жағын əдеттегі түннен арман қоюлата түсті. Үн-түнсіз отырған адамдарға шатқал іші аласұрып жатқандай. Бірде жыртқыш аңдардың салдыр-сұлдыр еткізіп бірін-бірі қуып жүрген дүбірі естілсе, енді бірде құлаққа олар өзеннен шалпылдатып өтіп келе жаткандай дыбыс келеді. Кейде сүркейлі, қорқынышты үндер шығады. Мына, тұстарынан үкінің адамша сақылдап күлген даусы естілді. «Бір сұмдық болып жүрмесе игі еді» деп Қабен анасының айтып берген бір əңгімесін еске түсірді. Мұның əкесі өлетін жылы қыстауларында бір үкі түн ішінде үйлерінің сыртындағы шоқпартаста дайым күлген екен. Əкесі өлгеннен кейін əлгі үкі күлгенін қойыпты. «Үкінің күлгені тегін болмайды»– деп əжесі өзіне де, өзге көршілеріне де осы əңгімені айтып берген. «Бұл сұмның күлгені қайсымызды жұтар екен» – деген ойға да келді Қабен. – Сен мына үкінің күлгенін естідің бе?– деп қасында отқа тесіле қарап ойда отырған Мөңкінасынға қарады. Оның өңінде де қобалжу тұр. Ол мағынасыз ғана күлімсіреп: – Естідім, – деді, Қабенге оның əдеттегі еттілеу қысық көзі үлкейіп ұясынан шығып бара жатқандай көрінді, дауысы да басқадай шықты. Осы бір арпалысып жатқан «қауіпті дүниені» елең құрлы көрмей отырған жалпақ жаурынды, орта жастарға келіп қалған, қырма сақалды, шаршы денелі қарасұр адам. Ол
─ 4 ─ жарым кездей мүйіз сапты сары пышағымен еліктің шикі жіліншігін бір салып үзді де майын алып, мылтығының шақпағын майлай бастады. «Бұл батырлық емес, барып тұрған бейғамдық. Мына кісі «барлық іс құдайдан» деп қарайды. Өмір бойы жан баспаған шатқалға келу деген не, оның үстіне мұның аюы мен қабаны, қасқыры мен қабыланы, шүйе бөрісі қалың болады деп өзі айтады. Одан басқа қандай жыртқыш барын өзі де білмейді. Осыған үш адам келу барып тұрған көзсіздік қой» – деген ой екі жігітте де отыр. Екеуі дауыс шығарып сөйлеуден де қорқып отыр. Тек отқа отынды үздік-создық салып қойып, бір-біріне қарап езу тартып күлген болады. Ал, не үшін күлді, оны өздері де білмейді. Дөңгелек мыс тоғаның сақылдап қайнағанын өзеннің сарылы оларға естіртпейді. Қызыл талды отқа бастыра салып жатқан Қабенге: – Қабен, отыңды ақырын жақ, етің бабымен піссін, түн ұзақ қой, – деп саңырауға сөйлегендей даңғырлап сөйледі əлгі қарасұр адам. Ол отқа қызған жалпақ маңдайын білегімен бір сүртіп, көп еңкейгендіктен талмаурап қалған етті де, бақал мойнын жараған бурадай екі жағына ырғап-ырғап қойды. Мылтығының шақпағын қондырып ары-бері жүргізді де, масасын шық еткізіп басып, қасындағы жығылған қарағайға сүйей салды. Екі бала жігіттің бетіне кезекпен қарап шықты. Екеуі де баяғыларынша зорлана жымыйған болды. Екеуінің үрейленіп отырғанын ол сезе қойды. – Қане, түздің түлектері! Əндетіңдер! Неғып жат ауылға түскен қолбала келіншектей отқа қарап мөлиіп отырсыңдар!– деді қолының майын тақыр жарғағының өңіріне сүртіп жатып. Екі бала жігіт əлгіндей емес, мұның сөзінен бойларына қуат кіргендей орындарынан қозғалақтап күліп қойды. Бұл реткі күлкілері нағыз қуаныштың сергек күлкісі болды. – Бадымжап аға! Бұрын аң аулап жүргенде осы жерге келдіңіз бе?– деді көңілдене сөйлесе де көкірегінде дір жатқан Қабен.
─ 5 ─ – Мен емес, менің əкем де келіп көрмеген, – деді ол. Бадымжаптың əкесінің атақты аңшы екені ел аузында аңыз болып кеткен. Жас болғанымен Қабенге де, Мөңкінасынға да қанық. – Ойпырай! Сонда бұрын жан баспаған көр шатқалға бірінші рет із салған біз үшеуіміз болдық-ау, Бəке, мына шатқалдың іші аю, қасқыр, қабландардың ұясы ғой. Сондықтан да бұған жалғыз-жарым мерген қалай келе алсын. Тіпті бүгін жүрген жеріміздің өзі сұмдық қой, – деген Мөңкінасынға: – О, қоян жүрек! Қорқып тұрсың-ау өзің, – деді Қабең. – Кім қорқып тұр, жаңа ғана үкінің дауысын естіп алдағы үлкен көзің шарасынан шығардай болып кеткен сен емес пе едің, өзің қорқып тұрып өзгені қорқақ дейсің тағы.... Бұлар өзара қызарақтаса қалды. – Жə, болды, сөз емес сөзді қойыңдар, екеуіңді қорқады десе, мен емес, біздің бригадада бір де адам сенбейді, мергендік ең қауіпті қызмет. Мерген əр алуан жыртқыш аңдарға кездеседі, олармен алысады. Сонда «мергендікке жарайтын осы екеуі» – деп бригададан екеуіңді қосты. Менің де таңдағаным екеуің. Егер осы екеуің болмағанда мен де бұл жерге келмеген болар едім, – дейді Бадымжап оларды қайрап. Бадымжап орнынан тұрып от жарығынан оңашаланып қарағай арасына қарай жүрді. Бейне ананың етегіне оралған жас баладай екі бала жігіт те қарбалас тұрып солай тартты. Екеуі де бағанадан бері қысылып отырған сияқты. Екеуінің қорыққанын сезген Бадымжап от басына қайта отыра бере: – Қараңдаршы! Менің батырларымның сезбестен жатқанын, – деді отқа таяу жерде ұршықтай иіріліп жатқан дəу екі қара ала төбетке қарап, – бұлар нағыз қорықпайтын батырлар, сен екеуіңде қорықпағанмен сəл тіксіну бар ма қалай? – Бəле, Бəке, кісі өз елінде, өз жерінде отырып та қорқа ма екен. Мен тіпті ойыма ешнəрсе алғаным жоқ, – деп Қабен кəперсіз жандай жарғақ дорбадан ақ қасықты алып тасыған
─ 6 ─ тоғаның сорпасын сапыра берді. Мөңкінасын оның есіп тұрғанына іштей күлкісі келіп Бадымжапқа қарап жымиып қойды. – Еттерің бабымен піссін, жаман шалдарың шаршап қалыпты. Сəл көзімнің шырымын алайын, – деп Бəкең əдейі жантая кетті. – Бəке, ет те пісіп қалды. Жеп алып бір-ақ жантаялық, – деді Қабен оның жантаюына қосылғысы келмей. Бір мезетте жар қабақтың асты жылқы қуғандай тасыртұсыр болды да кетті. Арсылдап иттер де ұмтылды. Қабен мен Мөңкінасын тарпа бас салып сабайтындай Бадымжаптың үстіне қона кетті. Қарулы Бадымжап бұлқына екеуін көтере түрегеліп: – Үй, жігіттер, бұларың не?– деді отта қисайып жатқан тоғаның тұтқасынан көтере беріп. – Ойбай, Бəке, не болып қалды?– дегенді екеуі жарыса айтты. – Не болушы еді, бізді торып жүрген аю,ал сонда сендердің бас салып мені сабайтындарың не? Осыны айтты да көбірек жел тиіп шелдері қызарып тұратын көзінен жас аққанша күлді. Екі итін шақырып алды. Екі қара ала «ешнəрсе жоқ» дегендей құйрықтарын бұлаңдатып, иелеріне кезек-кезек қарап қойды. Олардың от жарығынан жасылданып тұрған көзі ана екеуіне тағы да үрей ала келгендей болды. Осы жылдың көктемінен бері қарай Бадымжап бұл екеуін аңшылыққа баулып келеді.Содан бері жайшылықта бұл екеуіне аң атудың əдістерін тəптіштеп айтып беретін.Азулы аңдарды атуда, айқасып қоян-қолтық келгенде қандай амалдар қолдану керек екенін де түсіндірген. Содан бері олардың кейбір албырттық жерін, батылсыздық еткен жерлерін байқап келеді. Бүгін де аюдың ізіне түсіп келе жатып: – Егер осы аю мына бұтаның ішінен шыға келіп мені бас салса қайтер едіңдер?– дегенде Қабен: – Мен ту сыртына атша мініп, асауша құлақтар едім, – десе, Мөңкінасын: – Жаман адам жолдасын жауға береді, біз аюға сізді беріп
─ 7 ─ қойып қарап тұрамыз ба? – деген болатын. Бадымжап сол сөзді еске алды білем: – Е, мен сендерді қорқып кеткен екен десем, аюға бермейміз деп құшақтап жүр екенсіңдер ғой, бірақ сол аюға жұмсайтын ана құралдарыңды орындарыңа тастап, құр қол ұмтылғандарың болмады, – деді көзінің жасын бармағымен сүртіп жатып. Бадымжаптың сөз төркінін сезе қалған Қабен: – Жоқ-ау, мынау емес пе мені баса көктеп өте шыққан, – деді орнында қалған мылтығына қарап. – Е, жаманнан қатты, сен мылтығыңды алып тап бердің, – деді Мөңкінасын кекете сөйлеп. Мұндайда екеуінің біріненбірі көретінін Бадымжап жақсы білетін. Осы таяуда ғана екеуі бес итпен аңға шығып үш итті қабанға жардырып өлтіргенде де екеуі бір күн айтысып біріне-бірі кінə таға алмаған болатын. – Жарайды «батырлар» бүйте берсеңдер сендерді аю емес түз мысығы да жеп қояды. Мерген ең алдымен сергек, қағлез болуы, ұмытшақ болмауы керек. Сергек, қағлез болмаған мерген үйден шықпайды, аң жайылымға шыққанда ол ұйқының ұясында жатады. Ұмытшақ мерген аңнан бұрын адамды арандайды, – деді. Қабен анада мылтығында оқ барын ұмытып керегеге іліп қойған жерінде, кішкене бауыры масаны басып қалып, жабықтан шыққан оқ белдеуде байлаулы тұрған атының үстіндегі ерінің қасын опырып кеткен болатын. Дəл сол кезде де осы сөзді айтқан. – Екінші, – деді Бадымжап, – мерген адам, саспайтын сабырлы, қозғалмайтын жүректі болу керек. Сасқалақ адам делбіректеп жүріп тастан да ұшып кетеді. Ал жүрексіз адам «тие ме, тимей ме?» деп отырып қолы қалтырап оқты далаға жібереді. Мұндай жандар азулы аңдарға жем болып қалуы даусыз. Қане айтыңдаршы, батыр адам несімен батыр? – ол екеуіне де сұрақ қоя қарады. Молдасының алдында иманшарттың ежігін шығара алмай отырған оқушыдай: – Күшімен батыр, – деді Мөңкінасын жалпақ бетіне
─ 8 ─ жапсы ра салғандай тəмпіштеу бауырсақ мұрнын шүйіре бір тартып. – Жоқ, жүректілікпен батыр, – деді Қабен үлкен шегір көзін ойнақтатып. – Ал сендерде сол мергендіктің төрт мүшесі түгел ме?– олардан үн жоқ, – сендерде көбі бар, азы жоқ, бірақ ең керектісі кемшіл мұның «қорқақсыңдар, жүрексізсіңдер» деген сөз екенін екеуі де сезіп отыр. Бадымжап жайшылықта ақжарқын, əзілқой болғанымен, бір істі істейім деп бет алып аузына алса, оны орындамай тынбайтын сіңісті əдеті бар екенін бұл екеуі де əбден білетін. Аң атуға Балақ тауға келгендеріне бесінші күн болғанда, түнде қырбақтап қар жауды да, сол түні Бадымжаптың астындағы атын аю жеп кетті. Мұны көрген Бəкең «сенің теріңді жаймасам, терім жайылсын» деп ант ішіп ізіне түскен. Жолда неше жерде бойын көрсе де оқ шығара алмады. Тобымен жүрген қоңыр аңдарға мылтығын кезеп те қоймады. Міне ұдайы үш күн жүріп ақыры ат жүре алмайтын жерге келгенде, жолдастарының да атын қалдырып жан баспаған құз, күн шалмаған шатқалдарға түсіп жүріп бүгін қас қарая аюды жаралы етіп отыр. Көңілі енді жай тапқандай болған ол содан кейін ғана бір еліктің текесіне оқ шығарды. Енді міне екеуінің қорқақтығын қайда апарып тиянақтарын кім білсін. Оның осы жайын білетін Қабен: – Рас, Бəке, біз əлі жүрек тоқтата алмаған екенбіз, мұны мойындаймыз, – деді Бəкеңді көңілдендіргісі келіп. – Е, солай ма екен. Онда ана еттеріңді түсіріңдер, – деп Бəкең жадырай қалды, – бұл шатқалда жыртқыш аңдар көп, бірақ олар бізге тиісе алмайды. Жолбарыстай екі итіміз бар, менің шашымның бурылын қоспағанда құралды үш азаматпыз. Кімнің тісі батады?!– деп күліп қойды. Еліктің туралған қара кесек еттерін бақал саусақтарымен толтыра шеңгелдеп 3-4 қарбытты да ыстық сорпадан бірнеше ұрттап, тояттаған қырандай шалқалай бір кекіріп қойды. Бадымжап бағана жігіттердің қорқып отырғандарын біліп оларды сынау үшін «көз шырымын алайын» деп көсілгенде,
─ 9 ─ аяғымен бір үлкен тасты теуіп төмен қарай домалатып жіберген болатын. Екі бала жігіттің үрейін алып салдырсұлдыр етіп дүбірлеген де сол тас болатын. Бірақ, Бəкең онысын бұларға айтпады.
*** – Ал жігіттер мықты болыңдар, оқ оңай жерінен тимеген сияқты. Аю сол ат жеген қанды ауыздың дəл өзі, – деді Бəкең қырбақ қар үстіне шашып жіберген күрең маржандай қанға қарап тұрып. Кеш, қас қарайып бара жатқанда ғана, қыратқа отырып қарсыдан аюдың бойын бір рет көріп, Бəкең оқ шығарған болатын. Қарсы беттен ұшқан оқ тиген аю баж етіп келіп осы қалың жынысқа еніп жоқ болған. Қуып жүрген аю ма, емес пе, оған көздері жетпеген еді. – Бəке, сол екенін қайдан білдіңіз?– деді оның сол аю екен дегеніне нана қоймаған Қабен. – Міне, сол жақ артқы аяғының сырт жақ бір башпайы жоқ, – деді ізден көз алмай келе жатқан бетінде. Мөңкінасын мен Қабен бір-біріне қарап күліп қойды. – Бəке, оңай жеріне тимегенін қайдан білдіңіз?– деп екі жігіт таңырқай қатар сұрады. – Міне, қараңдар, – деді шақырып алып, – із бірнеше жерде тура басылса да, бірнеше жерде екі жағына теңселіп шалыс түсіпті. Дағдылы екі қара ала ізді иіскеп қойып алға тартты. Бəкең екі итті шақырып алды. – Жаралы аю долы келеді. «Баласын алдырған аюдай» деген сөз бар емес пе? Баласын алдырған аюдың жүрегі жаралы болса, бұның оқ тиген денесі жаралы. Жаралы аю мынадай жынысқа тартқанда оның ізімен өкшелеп қуу дұрыс емес. Ол осы жынысқа бекінді. Жараланып бекінген аю дайым қайта ізіне қарап жатады. Үстінен түсіп қалғанда қатерлі болады, – деп Бадымжап жас шəкірттеріне орайлы жерін тауып сабақ өтті. – Мен анау жермен барып, ана қарсыдан із шалайын,
─ 10 ─ одан өтпегенде осы шатқалда болғаны, сендер осы жерде болыңдар, – деп екі итті алып, ізді тастап шатқалдың желкесіндегі ашықпен тартты... – Ей, Қабен, жерді қойып ағаштың басына шығып отырсақ қайтеді. Аюдың түтінге ұшатынын білесің. Шыға келгенде оқ шығарсақ үлгертпей жүрмесін, – деді Мөңкінасын. Өзі де осы ойға келіп тұрған Қабен: – Ай, су жүрек, қорқайын деген екенсің. Шықсаң шығып ал қолайлы жерге, бірақ тым биікке шығып алып, аюдың кеткенін көрмей қалатын болма. – Сен қайтесің, шығасың ба?– ол шықпаса мен де шықпайын деп намыстанып тұр. Үйткені ертең ауылға барғанда Қабен оны тоғыз саққа жүгіртіп мазақтауы алдында жаюлы жатқан ас жаулықтай екені өзіне аян. Қайсы ағашқа шығуды байқастап тұрған Қабен: – Жоқ, мен осы жерде болам, – деді өзін Мөңкінасын алдында ысылған, ақыл-ойлы, батыл аға көрсетіп жүретін Қабен, – сен шығып ал, жүрексінген адам мылтықты жақсы ата алмайды, – деді тағы да ақыл айтып. Мөңкінасынға қарағанда бірер жас үлкен, мергендік жағынан да аздап парқ ететін. Мөңкінасын да Бадымжап жоқ жерде дайым оның сөзінен шықпай, аға деп ақыл тұтатын. Бірақ Қабеннің кейбір өзін көрсеткіш еспе мінездеріне шыдамай екеуі оңай қызарысып қалатын. Сəл жым-жыртықтан кейін Мөңкінасынның шықпағанын көріп: – Мөңкінасын! Бəкең көрінбейді ғой, ағашқа шығып қарап көрші, – деді Қабен. Ағашқа шығуға себеп таба алмай тұрған Мөңкінасын бағанадан бері көңіліне бүгіп қойған бір аққайынға бейне бала аюдай барпаңдап өрмелей жөнелді. Қабен де ыңғайлап қойған ағашына баяу басып бара жатыр еді. – Қабен, əне Бəкең шақырып жатыр, – деп ол қайта түсті. Қабең Бəкең «із шалам» деген қарсыға қарап еді, қорымның арасынан марғасқа текедей болып қасқа маңдайы көзге түсті. Ол құлақшынын қолына алып шақырып отыр. Екі жігіт оқтаулы мылтықтарын қолдарына алып Бадымжаптың ізімен өрге қарай өрмелеп келеді.
─ 11 ─ – Байқа, мына қарда тайып кетіп немесе мылтығыңның масасын бұта іліп қалып аюдан бұрын мені басып салып жүрме, бері қатарға жүр! – деді Қабен артында өзінің ізімен өкшелеп келе жатқан жас болса да етжеңді, əрекеті орамсыз Мөңкінасынға. Ол Қабенмен қатарласа беріп: – Қабен, аю қасымыздан тап берсе қайтер едің?– дейді ойындағысын айтып. – Қайтушы ек, қарсыласқан жаудан қашқаның өлгенің, шап беріп құлақтан аламыз да пышақ саламыз, – дейді өрге қарсы ентіге сөйлеген Қабен. – Ай, үйте алмассың!– дейді Мөңкінасын тер басқан етті қабағын жеңімен сүртіп. – Бəле, енді қашып құтылмақсың ба? Аю қабаннан қиын емес. Қабан тісімен бір-ақ еседі. Ал, аюмен адамша күресуге болады. Оның екі құлағы қолыңа ілінсе асау құнан, дөненнен күшті емес. Оған жүрек керек, айла керек, егер тіктесе кетсе неғұрлым іштей кіріп пышақпен есу керек, – деді. Ол өзінің Бадымжаптан естігендерін, өз қолымен істеген адамдай етіп айтып, жалпақ танауының етегі де желбіреп кетті... Жайшылықта жатып атар Мөңкінасын өзі қара тер болып келе жатып: – Қабен, ей қарашы Бəкеңнің денесіне, – деді үлкен тастың үстіне жүресінен отырған Бадымжапқа қарап, – енді ана басындағы жарға құлақшынына қысқалау екі құлақ орната салса, нағыз түлеген қоңыр аюдың өзі емес пе, – Бадымжаптың денесі шынында да дөп-дөңгелек шаршы. Оның үстіне аңға шығарда жарғақтан жасалған мешпетшалбарын, жарғақтан жасалған байпағы мен жылмақтай шақайын, жарғақ құлақшынын киіп алғанда нағыз аюдың бейнесі. Осы тұлғаны көргенде Қабеннің көз алдына аю елестеп кетті білем: – Жоқты табады екенсің, – деп күле берді. Бұлар келгенде Бадымжап үлкен бір қожыр тастың астындағы бір топ тас жарғанға екі итті байлап қойып отыр екен. Жерді иіскеп қойып тырбанады. – Е, аюды əкеліп індетіп қойдым. Жас батырларды сы-
─ 12 ─ найтын кез келді. Мына үлкен қара аланы алдыға салып қайсының кіресің? – Қане, Қабен, жаңа аюмен алысу оңай деп едің ғой, ал енді алысып көр, – деп Мөңкінасын сықылықтай күліп жата кетті. – Е, сен немді бітіргелі келіп едің, кірсек екеуіміз тең кіреміз, – деді өзінің жаңағы бір ауыз сөзін ұстай алып күлкі етіп жатқанына ызаланған Қабен. – Аз демалыңдар, қазір аюдың інге жататын уақыты болған жоқ. Мұның інге келіп кіруіне қарағанда жарасы жеңіл болмады. Іннің басқа аузы жоқ көрінеді. Алдымен мына үлкен қара аланы жіберелік, аю тірі болса итпен алысып іннен шығуы да мүмкін, болмағанда бір дыбыс аламыз. – Қабен дереу темекі бұрай бастаған еді. – Қоя тұр, оттың исін алса аю шықпайды, – деді Бадымжап жас аңшыларға тағы бір сабақ өтіп. Үшеуі үлкен қара аланы босатып қоя берді. Ит кідірместен лып етіп інге еніп кетті. Бадымжап мылтығының шақпағын қайрып іннің желкесіне шықты. Қабен де осылай. Ал Мөңкінасын арпалысқан кіші қара аланы ұстап тұр. Ешбір дыбыс жоқ. Серігінің жалғыз кеткеніне жаны ашығандай кіші қара ала тырбанып, жұқа тілдерімен салпыйған езуін жалай түсіп қыңсылайды. Əлден уақытта үлкен қара ала жерде тіміскілеп өкпесін соға тілін салақтатып жетіп келді де бір қыңсылап алып жəне інге кіріп кетті. – Қап, шығып кеткен болды-ау, – деді Бадымжап аңырып, – жақсы қарап тұрыңдар. Ит қай жерден шығар екен, – Бұлар жаңағы ит келген жаққа қарасып тұрып қалды. Ит анадай жердегі бір аршаның арасынан шыға келіп тұрып қалды. Бадымжап итті шақырып жетелеп алды да ит шыққан жерге барып қайта оралды. – Аю інде болды. Іннің аузы екеу болғаннан кейін бұның бұрмалары көп болғаны. Ал, аю өле қойған жоқ. Екі итті де алдыға салып үңгірге енелік. Аю тірі болып қайрат көрсеткенде де оны алуға болады. Мылтықтарыңа оқ ба-
─ 13 ─ сып, пышақтарыңды оңтайлап алыңдар. Үңгір іші кең болса мылтық жұмсаймыз, тар болса пышақ қолайлы. «Алдардан таяқ жеген Құлан мен Түленге» ұқсап қалмайық, – деп Бадымжап құлшынып кетті. – Бəке, түймені аламын деп түйеден айырылып жүрмейік, бір аюды алам деп бір адамды жазым етіп жүрмесек, – деді батылсызданған Мөңкінасын. – Болды. Сендер кірмей-ақ қойыңдар, өңдеріңе кіре қалған екенсіңдер. Мұны көріп тұрып тастап кету аңшы үшін үлкен намыс, – деп Бадымжап алысқа түсетін балуандай ұршықша иіріліп ширай түсті. – Бұл не дегеніңіз, Бəке, жауға сізді жалғыз жіберіп қойып қалай шыдармыз. Мына мен барамын, – деді Қабен. Екі итті алып Бадымжап пен Қабен кіріп кетті. Үңгірдің дəл аузындағы аз жері тар, қожыр-қожыр қақпа тас екен, бір неше метр жерге еңкейіп еңбектеп жүрді. Одан өткен соң тіпті кəдімгі жер үй сияқты. Бадымжап пен Қабен сияқты шағын бойлы адамдар, үй ішінде жүргендей кетіп барады. Қабен кірерін кірсе де «неткен намыскер, неткен өлермен адам, өзін де, өзгені де аяу дегенді білмейді. Осы аюды ала алмадық десек бізді бригада қуып жіберер ме еді» деп бір ойланса, «Бадымжаппен бірге аюмен алысыпты» деген ертеңгі ауылда болатын дүрліккен қызық əңгімелерді есіне алып қорқынышты ұмытып та барады. – Қабен, сен менен он қадамдай кейін жүр. Егер мен аюмен айқасып қалатын болсам, онда мылтық жұмсама, жүрегіңді тоқтатып қанжар жұмса, – деп алға қарай тартып берді Бадымжап. Төбедегі қожыр тастардың кейбір жерінен үңгір ішіне едəуір саңылау да түсіп тұр. Көз үйір болғандықтан ба, барған сайын ала көлеңке жарық болып келеді. Алдарынан тіпті терезелі үйдей жарық түсіп тұр. Айналасы недəуір кең де жарық. Дəл осы тұста əдейілік терезе орнатқандай үлкен тесік тұр. Қабеннің жүрегі недəуір орнығып қалды. Үлкен қара ала алда безіп барады. Кіші қара ала дəл əлгі жарық жерге келгенде тоқтап қалды
─ 14 ─ да, оң жағындағы бір баспалдақ қожыр тасқа қарай иіскелеп қарғып шықты. Минут өтпей-ақ арыс-ұрыс ете түсті. Бадымжап жалт бұрылып Қабенге тоқта дегендей қолмен ишара берді. Үлкен қара ала да жетіп келіп əлгі жерден ырғи жөнелді. Ит кеткен жақ арыс-ұрыс болды да кетті. Қаңқылдаған дауыс шықты да бір жақ шекесін қан жауып кіші қара ала қашып шықты, оның артынан шегіне арсылдап үлкен қара ала да келіп қарғыма тастан құлап түсті. Бейне аспан күркірегендей күрілдеп ақырып өгіздей сары аю тікесінен тік Бадымжапқа қарай атылды. Аю Бадымжапты басып қалғандай болды. Қабеннің аюдың ақырғанын естуге ғана шамасы келген болатын. – Қабен, сал пышақты!– дегенде барып шала-шарпы ес кіргендей көзін ашып еді, Бадымжап өр жағында, аю еңіс жағында тіктесіп сіресіп тұр екен. Екі ит те қылтадан жұлып жатыр. Қабенді ерлік қысты ма, қорыққаннан ба, мылтықты тастай беріп пышағын ала ұмтылды. Ол жетіп пышақ ұрғанша аю бір гүр етті де сылқ етіп құлап түсті. Ағынмен келген Қабен аюдың үстіне міне жығылды. Бадымжап оны пышақтағалы жатыр деген оймен: – Болды, терісін бүлдірме, – деді қарысып қалған қолын құлақтан əрең жазып. Көріністе Бадымжаптың денесі көзге икемсіз иілмейтін құрыш сияқты. Ал жасы қазір қырықтың алтысына келсе де ол бейне бала мысықтай орамды жылдам. Аю ə деп өзіне атылғанда-ақ лып беріп іштей кіріп, пышақты дəл қазантолмастан салып, өр жағына ырғып шыққан екен, аю жанталасқан ет қызуымен қайта ұмтылғанда, екі құлақтан да алып үлгіріпті. Екі иығынан демалып қара тер басқан Қабен: – Бəке, мынауыңыз тым орынсыз батырлық, мынадай тар жерде мына дəумен алысу өте қауіпті ғой, жүрегіңіз ет емес, темір екен. Сірə, – деді кең танауы желбіреп. – Орынсыз ерлік аңғалдық, орынсыз аңғалдық ақылсыздық. Ойланбай істеген іс орға жығатыны шын. Бірақ батылсыздықтың батпаққа батыра беретінін де ойлаған жөн.
─ 15 ─ Ауызбен айта білген жақсы, одан гөрі іске асыра білген абзал, – деді Бадымжап шəкіртінің өзінің орынсыз батырлық істегеніне сын айтып отырғанына разы болып. Оның аюға келіп міне түскеніне қарап: – Сенің ісің маған қарағанда да орынсыз аңғалдық. Ол сенің желкесінен қысып ойнайтын жеңгең емес, айла керек бұған, – деді. Өзін аңғалдар қатарына қосқысы келмеген Қабен шынына көшті: – Жоқ, Бəке, мен оны əдейі бас салмадым, сүрініп кетіп құлап түстім. – О, сасқалақ сары, мен орынсыз ерлік істеді десем, көдеге сүрініп жүр едім деші, – деп Бадымжап көмекейі көрінгенше қарқылдай күлді. Қабен бар сырын бір-ақ ақтарғанына өзі өкінгендей екі беті ду етіп қысылып қалды. Оның жасып қалғанын сезе қойған Бадымжап: – Мұның да ерлік, ешкім де анасынан аюмен алыса туған емес, жүре-жүре жүрек бітеді. Ақыл аспаннан жаумайды, бəрі де үйренудің, істеудің нəтижесі, – деп оның көңілін аулай сөйледі. Бұл кезде қорқырап жатқан аюдың үні де өшкен болатын. Бұлар аюды аударып-төңкеріп қарай бастады. Кешегі оқ кетіп бара жатқан аюдың тура оң жақ жауырынының сөгерлігін сөгіп өтіпті. Қабен ақырын ғана ұрланып аюдың сол жақ артқы аяғын көріп жүр. – Бəке, қоңыр атыңызды жеген қанды ауыз мынау болмады ғой, – деді күліп. – Тек, – деді Бадымжап қабағын шыта келіп аюдың сол жақ артқы аяғын көріп, – енеңді ұрайын шын көрмедің бе, жоқ шалыңды мақтай алмай тұрмысың. Бəсе, жануар қарагердің кегін бұған жіберсем, оның төрт аяғы менің төбемде ойнамай ма, жануар мал еді ғой, төрт текені теңдеп мініп алғанымда түстік жолға белі босамайтын ғой. Қайран жануарым-ай, жолға қамшы алдырмаушы еді, – деп атына қатты қамықты. Қабең Бадымжаптың ізге шеберлігіне аң-таң болды. Ол неше күннен бері осы ізге түсіп келе жатып талай шытырман аюдың іздеріне соққанда Бадымжап кейде түсіп, кейде
─ 16 ─ ат үстінен «міне біздің аю былай кетті» дегеніне кейде нанса да, кейде нанбаған еді. Қазір оған шоқынып тұрғандай. – Қане, мынаның тері-тарамысын жайып, өтін алып қоялық. Өзі келіп тиіскен жауды осылай істеу біздің ата салтымыз, – деді шынын қалжыңға орай сөйлеген Бадымжап. Бұлар аюды сойып жатқанда үлкен қара ала үңгірдің аузына барып қайта келіп қыңсылай берді. Одан ешкім де секем алған жоқ. – Əлгі қу семіз əлі күзетте тұр-ау, – деп Қабен күліп қойды. – Бар сен оған, шалды аю жеді енді екеуіміз кіріп аюды алайық де, не дер екен, – деді. Қабен ауызға қарай жүріп кетті де, кідірмей жүгіріп келіп: – Ойбай, Бəке! Жаман болды, үңгірдің аузы тас бекіп қалыпты, деді алқына сөйлеп. – Қап, əттеген-ай, əлгіні басып қалып сорымызды қайнатпаса игі еді, – деп Бадымжап əлгі терезе сияқты ауыздан мысықтай ырғап шықты. Қабен жылап жіберді, тырмысып ол да шықты. *** Мөңкінасын олар кіріп кеткеннен кейін дал болып біраз тұрды, уақыт аз өтсе де ұшқыр ой талай-талай белестерді асып оралды. «Малымды бағып немесе көп ішінде ойнапкүліп егінімді салып жүре бермей, осы аңшылық деген бəлеге қайдан кірістім» дегенде, Бадымжаптың аңшылық жайлы ауылдағы қызықты əңгімелері есіне келді. Одан да айығып, үңгірге кірген мына екеуінің хал жайына оралғанда «Бадымжап қой піскен бас, ал ана Қабенді айтпайсың ба» дегенде оның көзіне кеше оның қарасын ғана көрген үлкен сары аю Бадымжапты жұлқа бір-ақ лақтырып, Қабенді шырылдатып қып-қызыл ала қып талап жатқандай болып көрінді. Көзінен жастың қалай, қашан шыққанын өзі де сезбей қалды, тіпті аузы тар үңгірге қалай кіріп кеткенін өзі де сезген жоқ. Тұла бойын қорқыныш билеп, аяғын аңдай басып келе
─ 17 ─ жатқанда аюдың адамша ақырып гүр ете түскен дауысы естілді. Артына айналуға да мұршасы келмей тыпырлап шегіне берді Мөңкінасын. Бір кезде аю оның дəл белінен алғандай болды. Дауысы да шықпады. Сəлден кейін есі кіріп тыпырлап еді, аю келіп басын иіскеледі, тағы да тыныш жата қалды. Аю итше қыңсылап кетіп қалды. Жандəрмен артына қарай шегініп еді, əлгі белінен тістеген аю жіберер емес. Аю тағы да басынан иіскелеп қыңсылап кетіп қалды.... Бадымжап Қабеннен бұрын жетті. Үңгірдің аузы аман екен, еңкейіп ішіне таман ене беріп еді, тасқа тіреліп тұрған табан қолына іліне кетті. Дереу сіріңке шағып жіберді. Мөңкінасын бейне саждаға бас қойған адамша сұлық жатыр. Мақталы қаптал шапаны түріліп етегі көрінбейді... Оның өзін-өзі байлап кептеліп жатқанына ызасы келген Бадымжап, қорқып кетер деп те ойламады. «Не боп қалыпты, сау ма?» деген Қабенге де жауап қайырмай: – Немене, аюға бас ұрып шоқынып жатырсың ба? Жоқ жер астында не бар деп тың-тыңдап жатырсың ба? Ары қарай жүр! – деп зекіді...... Аюға қайрат көрсеткенді қойып, өз басын алып жүре алмағанына ыза болған Мөңкінасын жарылып кетердей өзін-өзі іштей кінəлап: «бүйтіп жан болғаным құрсын, ел бетін не деп көремін. Құрбы-құрдас алдында қандай масқара болдым» деп түтігіп отыр. Жығылған үстіне жұдырықпен ұрғандай: – Ай, былшыйған арам ет, аю сиған жерге симадың-ау, – деп күледі Қабен. – Өзі сияды, мұның ана «үлкен» жүрегі симай жатыр, – деп Бадымжап мырс-мырс күлді. Кенет екеуінің үстіндегі киімдеріне қарап, – мына киімдеріңді қарашы! Тау-тасты кезіп жүрген адам осылай киіне ме, аязда ат үстінде жүрген жылқышылардың киімі ғой мынау, – деп оларды кінəласа да осы жайлы оларға бүгінге дейін бір ауыз сөз айтпағанына іштей өзін де кінəлап отыр.
─ 18 ─ *** Сары аюды алғаннан кейін Бадымжаптың кегі қайтқандай болды. Не бары екі күн ішінде үшеуі отыз тау теке, оншақты қабан алды. Қалың аңның ішіне кіріп алған Бадымжап кеткісі келмесе бұрын екі-үш күнде бірерін тауып ата алмайтын жас мергендер мына қалың аңға келіп күніне біреуі 4-5 тен құлататын болды. Бұлар осы қызықта жүргенде бастапқы қорқу, алағызу дегендер естерінен шығып кетті. Тіпті олар түнгі түстерінде де сандырақтап жатқан адамдай «Əне теке құлап түсті! Бəке! Бəке! Əне қабан! Құлағынан ал, құлағынан» деп ұйқысырайтын немесе тастардан тайып кетіп өздерін аю бассалып селк етіп оянатын. Таң атуын асыға күтетін. Бəрінен бұрын тұрған Мөңкінасын от жағып шəугім асты. Желсіз шатқал іші тым тырыс. Бауыры орман жамылып, мұздан тақия киген жан-жағындағы заңғар шоқылардың қайсысына қараса да өзіне құлап келе жатқандай көрінеді. Дəл қазір тастан-тасқа соғылып, тулап жатқан өзеннің үні болмаса, өзінің жаққан отының тік көтерілген ақшулан түтінінен басқа ешбір қыбыр жоқ. Таудың сонау ұшар бастарына, бойына қарап үлестіргендей бірте-бірте күн шұғыласы қона бастады. Осыған қызықтай қарап отыр еді ол, дəл арт жағынан қорым сылдыр ете түсті, жалт қарады. Тік жаламаның қабырғасындағы тепсеңде құйрығын шыпжыңдатып тұрған тау ешкі, құдды оны таңырқағандай қарап тұр. Ол орнынан қозғалып мылтығын ала беріп еді, ешкі қатты пысқырып қалды. Дəл оның қасынан арбаның дөңгелегін ортасынан бөліп басына киіп алғандай үлкен бурыл бас теке керіле түрегелді. Қызығып кеткен Мөңкінасын ұйқыда жатқан жолдастарын оятпастан, мылтығын көтере серте ұстап басып қалды. Бүкіл шатқал күңіреніп кетті. – Қаш, қаш! – деді Мөңкінасын басын жұлып алған жолдастарына мəз бола күліп, көк ала теке онда бір, мұнда бір соғылып домалап алдындағы тепсеңге гүрс ете түсті. Əлгі жерден 40-50-дей таутеке жапсарлай қашып бір кетік мойнақты асып кетіп жатыр.
─ 19 ─ – Ай, аусар! Тақ құлағымның түбіне келіп атқанын қарашы! Құлағымның жарғағын жыртып кетті-ау дейім, – деп Қабен екі құлағын қолымен басып, басын шайқап қойды...... – Жə, жігіттер аңды атып жатырмыз. Екі ат арғы тауда қалды. Ал осы еттерді ауылға жеткізудің өзі бір мəселе. Сары аю қоңыр атты жесе де, бізді қалың ырғынға енгізді. Егер оған өшікпегенде біз бұл жерге келе алмайтын едік. Ендіге жұмыс – көлік жүре алатын жол қарастыру, – деді Бəкең шəйін ұрттай отырып. – Бəке-ау, қайдағы жол, анада салт атпен жүре алмай атты қалдырдық емес пе? Осынша аңды неге ата береміз?– деді Қабен. – Біз дайын аюдың жүрген ізімен жүрмейміз, жол жоқ жеріне жол саламыз. Бүгін бір адамды осында қалдырып, ана аю алғанға дейін екі адам жол шалайық, – деді Бадымжап. Бұлар келгелі бірнеше күн болса да осы маңда бірнеше жерге жаңа аттар да қойылып қалды. «Аю алған», «Қабан қамалған», «Ізге түскен», «Теке құлаған», «Теке асқан», «Ашмойнақ» т.б. – Мен қалайын, – деді Мөңкінасын. – Жарайды. Сен қал, – бүгін мына екеуіміз сол жерге дейін көлікпен жүруге болатын жолды көрейік. Ал «Аю алғанның» ар жағындағы өзіміз ат қалдырып кеткен ана қабырға болмаса, бер жағы оңай. Соның маңынан жылқы жүретіндей жол шығып қалар, ел аспаннан жол тауып айға ұшып жатқанда, біз Тянь-Шаньның бір-екі-үш қабатынан ат жол сала алмасақ ұят болар. Жə, енді осыған келдік пе? Сен аңшылық етпе, мына сойылмағандарын соя бер, – деп Бəкең шəйін ішіп болып орнынан тұрды... *** Бадымжап жолдастарын көлік əкелуге қайтарғалы бүгін үшінші күн, жауырынын ұстарамен тілгендей қақ жарылып түскен жарғағын шешіп алып жамап отыр. Өзінің кеше кеш-
─ 20 ─ те көк ала қабанмен болған айқасы есіне түсіп өзінен-өзі мырс етіп күліп қояды. Кеше күн батар алдында ғана атқан аңдарын бір жерге үйіп қойып жалаңаш қосына қарай келе жатыр еді. Дəу бір көк ала қабан өр жағындағы кішкентай ғана алаңда 5-6 мегежінді шырқ иіріп жайылтпай тұр екен. Қабан өр жағына тым таяу тұр. Бадымжап аң атудың əдістерін өте жақсы біледі. Бірақ аңды көргенде құмарлығы сонша, қауіп-қатер дегенді ұмтып қалады. Иіс ала қалған қабан жалпақ танауын шүйіріп құйрығын қоқайта қорс етіп қалды. Көзі тұнып кеткен Бадымжап айырылып қалмайын дегендей басын кезеп басып қалды. Оқ тиген қабан жұлдыздай ағып жетіп келгенде Бадымжап орнынан да тұруға үлгере алмай ұзынынан жата қалды. Қабан тұмсығымен жаурын ортадан бір түйіп өте шықты. Ол орнынан ұшып тұрып, мылтығына оқ салмақ еді, ісініп қалған жез шықпай қалды. Қабан аққан беті аяқ жағындағы айқаса жығылған екі үлкен қу қарағайдың ортасына барып тоқтады. Қайта оралуға тоң мойын шіркін бұрыла алмай тұрған сияқты. Екі ит оқ атылған заман қалың топқа кетіпті. «Басынан күш алып» кеткеніне ыза болған Бадымжап мылтықты тастай беріп пышағын ала ұмтылды. Артынан ажал төнгенін сезген қабан қорсылдап дөңбектен секіре бергенде Бəкең де қарғып мінді. Сол қолы бір құлаққа іліне кетті. Тақым емес, арқасына сауысқан қондырмайтын тау тағысы жан ұшыра дөңбектен Бəкеңді ала ырғыды. Бəкең бірнеше жылдан бері талай қабанды құлақтап осылай басып соққан болатын. Көптен бері осындай дəу қабанға кезігуі де бірінші рет. Бəкеңнің етті де бақал сирағы жерге тимеді. Оның қапелімде ұрған пышағы деген жеріне тимей былқылдақ сүбеге барып қадалып, қайта қолына келді. Денесін пышаққа демеген Бəкең ауып түсіп қалды. Сəтіне жараса ол қабанның алдына түспей мына жағындағы бір қарағайдың далдасына түсті. Бəкеңнің сол қолы қабанның құлағына жабысып қатып қалыпты. Жан таласқан тағы асау қорсылдап құлындай шыңғырады. Жанын оңай тапсы-
─ 21 ─ ра салу намыс сияқты. Азулы тентек бар айбатын көрсетіп, қауғадай басындағы бітік көзі шатынап, орсиған тістерімен қу дөңбекті араша тілгілеп барады. Бəкең пышақты құрқылтайдан отыртпақ болып оңтайланды. Пышағына оралып алған бір нəрсе қолын алға жібермей жүр. Сол қолы да қарысып қарымы кетіп барады. Бəкең де сасайын деді. Дауыстап иттерін шақырды. Дағдылы иттер келген беті қабанның тірсегі мен шабынан алды. Жан ашуы оңай ма, бұлқына күш алған қабанның құлағы қолынан шығып кетті. Екі ит бірі алдан, бірі арттан қамалап жібермей жүр. Қабан да əбден ашынып алыпты, иттерге айбар шегіп жанталасады. Оңтайланып алған Бəкең бір орайлы жерден мысықтай атылып, қарғып мініп құлақтан қайта басты да, пышақты дəл жүректен құлаштай ұрды. Қабан шыңғырып барып ұзынынан түсті. Бəкең жарғағының екі өңірі жалбырап алдында жүргенін енді көрді. Көк ала қабан мана тұмсығымен бір түйіп басынан күш алып кеткенде оның жарғағын қайыс белбеуімен бірге тіліп түскен болатын. Аброй бергенде шалбардың бауы аман қалыпты, болмаса Бəкең ышқырына оралып неше омақасатын еді. «Жауды жеңгеннің жарасы білінбейді. Егер басымнан күш алдырып, жарғақ пен белбеуді тілдіріп, өзін ала алмағанда үлкен намыс еді» деп жарғағына ине шаншыған сайын күледі. Бəкең орнынан тұрып ұзын қайыс арқанды төрт бүктеп белін буды да «Теке асқанға» қарады. Неше күннен бері оқтан құтылған текелер сол кереге тастан асады да жоқ болады. Бəкең сол кереге тасты асуға құмартып неше келсе де, асып шығатын жол таба алмай-ақ қойған. Міне тағы да келіп барлай шолып тұр. Жаңа ғана бір топ теке асқан қабырғамен не дəуір жеріне келіп еді. Бірақ ені екі метрден артық жаламаға келіп бөгеліп қалды. Қырсыққа біткендей екі түп ырғай дəл əлгі жалтыр жаламаның екі жақ шетіне бітіпті. «Əттең, сəл қол жететін жерге өнсе кім өртеп жіберер еді мұны, онда осыдан ұстап өтуге болар еді-ау! Неге ғана құдай бұған қаумет беріп, сақал, мұрт бермеді екен» деп кейіді. Алған бетінен оңай қайта қоймайтын Бəкең орнынан күлімсірей
─ 22 ─ түрегелді. Беліндегі ұзын қайыс арқанын шешіп алды да, текенің сақалындай сүйір өнген бір түп ырғайға кең жасап шалмасын жая тастады. Жасынан шалмаға да дағдыланған қолдың сілтеген арқаны қалаған жерінен барып, ұзақтай жайыла түсті. «Ім, бабың табылды, тұйыққа қамалып өткел таба алмайтын мен қайсы заманның адамымын» деп масаттана жымыйып қойды. Арқанда сомалай тартып, ырғайдың дəл түбіне келтіріп бұра тартты. Жұлынып кетер ме деген күмəнмен күшейте тартып көрді. Ырғай неше Бадымжап асылса да былқ етер емес. Арқанның өзіне сенімді екінші ұшын өзі тұрған жақтағы ырғайдан мықтап байлады. Сірі шақайын шешіп беліне байлады да, кідірмей тартқан арқаннан ұстап байпақшаң өтуге бел байлады. Арқаннан қос қолдап ұстап өтіп келеді. Асты ұшпа жалама екі метрден артық жерден өткенше талай ойлар кеудесіне кіріп жүрегін тырналап шықты. Кейбір ойлар денесін шанышқақтап түйресе, енді бірі тұла бойына өрт қойып жібергендей лап беріп ду ете түседі. Міне қас қағымда өте шықты, сонда да əлгі ұшқыр қиялдар маңдайынан шып-шып тер шығарып жіберіпті. «Е, көрсін деп көз берсе, ойлансын деп ми берсе оны істете алмау мақұлық хайуанның ісі. Жолсыз жерден жол табу адамның ғана қолынан келеді. Дайын жолмен мал екеш мал да жүреді» деп шақайын тарта отырып масаттана мыйлықтай күледі. Екі иті ар жақта қыңсылап құйрықтарын бұлаңдатады. Өзіне қарай өтпек болады. «Ғар»¹ деп оларға зекіп тастады. Бадымжап кереге тастан өтіп кезеңшеге шыққанда топтобымен тұрған текелер дүркірей қашты. Бадымжап біріне де оқ шығарған жоқ. Мылтығын иығына сүйеп отыра кетті. «Қарт Тянь-Шань, ішке бүккен сырың көп екен-ау» деп айналасына таңырқай, қызықтай қарады. Мұз жамылған, ара тісті ақ бас шоқылар əдейі жасаған қой қораға ұқсайды, ал, Бадымжап соның есігінің аузын алып тұрған шопаны сияқты. Неткен сұлу табиғат. Ақбас шоқылардың бауыры шалқақ кер қабырға, одан төмен киіз үйдің басқұрындай дөңгелене өскен жасыл қарағай. Қатпар-қатпар жылғалар жарыса келіп
─ 23 ─ бұдырмақ шалғынды дөңестерге айналады. Сай тағаны дөпдөңгелек көк жазық. Ортасын қақ жарып аққан кішкентай өзен, əр жылғадан жылжып түсіп жатқан ноқтадай күміс бұлақшалар, жартастағы үйірге түскен текелердің мүйізі бейне қураған аршадай көрінеді. «Ай, қарынбай, қораны келістіріп-ақ жасапсың. Есігің де берік. Бірақ есігіңнің осы ашылғаны ашылған, міне мен, менің заманым ашады» деп масаттана қарады ол айналаға. Бірақ мына жаламалар мен шатқалдан жол салуға көзі жетпегендей болды. Осы жылы көктемде егіншілер мен малшылар арасында, бригада мен фирмалар арасында болған көктеу, жайлау таластарын есіне алды. «Кемінде он қора қойдың жайлауы» деп мөлшерледі осы өңірді. Оның осы қиялын астыңғы жағында тасырлаған дыбыс бөліп жіберді. Бұғының бір бұзауын үш қасқыр тықсыра қуып келеді. Жанұшырған бұзау бө-бө деп өкіре береді. Екі құлағын жымырып алған көкжал аузын арандай ашып бүктеле жүгіріп жетіп те қалды. Бəкең мылтығын алып көлденеңдей берген қасқырдың алдыңғысын көздеп тартып жіберді. Бұрын естілмеген айбарлы дауысқа бүкіл алқап жаңғырып, алқап іші тасыр-тұсыр дүрбелең болды да кетті. Қанды сілекейі шұбырып келе жатқан көкжал омақасты. Соңындағы екі бөлтірік өз бетіне кетті. Шыбын жанын қоярға жер таба алмай келе жатқан бұзау қарағайдың шетіне іліне бере артына қарап қойып жоқ болды. ІІ Мал жайлауға түріле көшіп, тау алқабына барып қонғалы бірнеше күн болды. Егіс көліктері де босап топ-тобымен жайлауға кетіп жатыр. Күн еңкейіп барады. Бригада орталығының сыртындағы үлкен арық бойына біртіндей жиналып он шақты адамның басы құрала қалды. Жиналғандардың əр қайсысы күрең құндақты тоғыз атар мылтықты бірінің қолына бірі алып мақтасады.
─ 24 ─ – Шіркіннің құндақ ағашы қандай жақсы! – Талын көрмеймісің, – дейді біреуі шақпағын суырып, мыл тықтың ішіне сығалай қарап, – тіпті ұсталмаған мылтық екен. – Бəкең жаман сентаралмен-ақ қырып салушы еді, енді мына тоғыз атармен айналысса бітіп жатыр ғой. Бəкең биыл өз жайлауында болады– десіп жиналғандар Бадымжапқа аудан жағынан сыйға берілген тоғыз атарды жеткізе мақтап жатыр. – Е, бұл ежелден аю мен қасқырдың, қаблан мен қабанның сорына жаралған адам ғой, – деп Бадымжаптың құрбысы ұзын сақал Құрманбай да қостап қойды. – Иə, мен халық малының жауын құртуға жаралғанмын, сен сияқты жайлау қоримын деп топты малды қырып тастамаймын, – дегенде қасындағылар ду күлді. Құрманбай екі қолын артына ұстап шырт еткізіп бір түкіріп алды да жүріп кетті. Құрманбай осы бригаданың жер қорушысы, асқан тоң мінез морт адам: «істе» дегенді бітірмей тынбайды. Бірақ ол кісіде ойланып істеу деген өте аз кездеседі. Өткен күзде жер қоруға шығарып «Құрманбай аға! Қыстауға бір малдың тісін тигізбеңіз» деген бригадирдің сөзін мықтап ұстаған ол көрші фирманың қыстау жаққа барып қалған 100-ге жақын жылқысын «жерден шөп жұлдырмаймын» деп қуалап, тіпті сулығын жамылып алып үркітіп, қысаң жерден оншақты жылқыны құлатып, бес жылқы өлген болатын. Бадымжаптың айтып тұрғаны сол еді. – Бəке, – деді бір жас жігіт қолындағы манаполкасын көтере, – «мерген болам десең бес оғыңның үшеуін нысанаға ат» дейді екен ғой. Мылтығымызды сынап көрсек қайтеді? – Қане, мылтығыңды алдымен мен көрейін! – деп Бадымжап оның мылтығын қолына алды да айналасына жағалай қарады, тұсаулы тұрған қоңыр аттың арқасындағы бармақтай қызарған жерін бір сауысқан қонып алып мазалап жүр екен. Аралығы недəуір алыс болса да, аттың арқасында секеңдеп отырған сауысқанды тартып қалды. Сауысқан көтеріле беріп
─ 25 ─ қанатын екі-үш рет қақты да топ ете түсті. Ұсақ балалар шұрқырай жүгірді, – ал ендігі кезек сенікі, – деді мылтығын өзіне беріп. – Мергендігіңізге дауым жоқ. Бірақ мына шіркін «қарғаның қаз болам» деп шатын жыртып алғанындай атты атып алып жүрмесін! – деді сырт жақтан келіп қалған Ли хатшы. Бұлар қызыса келе манаполкамен сіріңкенің қабын дəлдеді. Бадымжап, Ли секретарь бастаған бірнеше адамдар 150 метрден аудармай тигізді. Енді сіріңкені қырынан қойып атты. Бұған Бадымжаптан басқасы тигізе алмады. Ең соңында атқан Ли хатшы қатарынан екі атып екеуінде де тигізді. – Ли хатшы, өрен мерген екенсіз ғой, – деді бағанағы бір жас жігіт таңданып. – Ли хатшы бұрын сегізінші армияда болған емес пе? Егер халық азаттық армиясының жауынгерлері мерген болмаса, бір кездегі Жапон сұмырайлары мен гоминдаңның неше миллиондаған əскері оба келіп қырылды ғой деймісің, – деді, Ли хатшынын азаттық ұрыс кезіндегі көп əңгімелерін естіген Бадымжап. – Нағыз мерген мына Бəкең. Біз үйдің қасындағы қанша атса қашпайтын байлап қойған нысананы атып отырмыз, ал Бəкеңнің жүрегі бəрімізден үлкен.Ол өзіне қарсы ұшатын аюды, қабанды қорықпай атады.Жаңағы аттың арқасындағы сауысқанды қалай түсірді. Өзіне өзі сенеді. Егер «атқа тиіп кетерме екен» деген ой болса олай тимейді. Не атқа тиеді, не оқ далаға кетеді. Бəкеңде арыстанның жүрегі, мысықтың аяғы, қыранның көзі бар. – Ли хатшы Бадымжапты сыртынан да осылай бағалайтын. Барлығы батарына таяған күннің астында даңғырлап сөйлеп келе жатқан екі атты адамға күн сала қарап тұр. Екеуінің де жетегі бар. – Ау, мынау менің мергендерім ғой, – деді бəрінен бұрын таныған Бадымжап. Аттылар таяп келіп аттарынан түсіп қол беріп сəлемдесті. «Ойбай-ай, мынасы не?» деп балалар
─ 26 ─ шу ете түсті. Екі аюды аузын кергіштеп атқа артып алыпты. Алты-жеті күшік шу-шу етіп қыңсылайды. – Мұны қалай ұстадыңдар? – деген хатшы мен Бадымжапқа екеуі жарыса жауап беріп жатыр. Еспелеу Қабең Мөңкінасынға есе берер емес, оны қағып қойып, ініне тұзақ құрып ұстағандарын, қалай құлақтағандарын, қалай буындырғандарын еспелей тұрып айтып шықты. – Асудың жолы бітті ме? – деген Ли хатшыға: – Бітті, мал бер жағында енді 4-5 күнде асады, – деп екеуі тағы да таласа-тармаса жауап берді. – Ал, Бəке, шəкірттеріңіздің алғаш рет аю алғаны үшін той жасамайсыз ба? – Қане, хатшы, бірлікте өткізерміз, – деді Бадымжап шəкірттерінің аюды əкелуімен бірге олардың қолданған əдістеріне разы болып. – Бəке, ертең дайын болыңыз. Біз де сол жерге бара лық, сіздің жаңа мылтығыңыздың дауысын да сонда есті лік, – деді Ли хатшы. Барлығы бригадаға қарай беттеді. Ыштандарын тізеден жоғары түріп алған балалар ауылдан шүйінші сұрағандай, «Аю, аю! Тірі аю! Аюдың баласы!» деп озаңдап олардың алдына түсе жапа-тармағай дызылдасып жүгірісіп кетті. *** Жылқыға артылған малшылар көші ирек жолмен құздың басына қарай тартып барады. Көш соңында бөліп-бөліп қорасымен айдалған ақ қойлар бейне тау бауырына шөккен ақша бұлттарға ұқсайды, көш бұлт үстінде кетіп бара жатқандай көрінеді. Қазыланып қалған жуан аттар қара тер болып барлығы да құбақан түске айналыпты. Алдарына бала алған əйелдер, көш аттардың əуенімен ғана жүріп келеді. 7-8 минут жүріп барып бір демалдырады. Қабырға жолмен иіріле айдалған қойлар қозысынан көз жазып қалады да, у-шу болып маңырап шатқалды басына көшіреді. Тянь-Шаньнің жылқының қартасындай қабат-қабат ақ бас шыңдарының осы бір қойнауы бірінші реткі келген қой
─ 27 ─ дауысына таңырқағандай аңырып, жаламалары қой үніне үн қосып бірге шулайды. Қой жүрісіне шыдамы кеткен балалар күзекшін құнан, шолақ құйрық тайларын тебіне түсіп қойларды өрге қарай ықсыра айдайды. Əрбір қораның қоныстарын белгілеп болған Ли секретор сал шаруашылық бригадасының жауаптыларын сол қоныс басына қалдырып, өзі Бадымжап екеуі дəл кезеңде көш алдында отыр. Көш ат жетелеген қазақ, моңғол келіншектері: – Қайнаға «ерулік» даяр шығар?– деп Бадымжапқа əзілдей өтеді. – Жөн, келін, жөн! Еруліктерің даяр, – деп бүгін күндегісінен де өте көңілді жүрген Бадымжап қар қылдай күледі. – Қане, Бəке, атқа қоналық. Келіндерің «жаңа жұртта мал сойдырмайды», ол ата салты. Тыңнан қоныс беріп отырған мейірі кең ақбас ана – Тянь-Шань ерулігін де өзі берер, – деді Ли секретор шылбырын еріне салып жатып. – Қопарыла көшіп отаулары келіп жатқанда қарын дағы майын бастамайтын ана бола ма, анау алдымыздағы кер тастан-ақ біздің он қосқа ерулік шығып қалады, – деп Бəкең жымыя күліп солай тартты. Қарағайдың желкесіндегі кермен екеуі қабырғалап келеді. – Бəке-ау, мына жер бұғының қорасы ұқсамай ма? – дейді Ли секротор тағы да бұғының бір қу мүйізін аттан түсіп алып жатып. – Биыл бұл жайлаудың кірімі ұшан теңіз болады. Аңшылық емес, осы мүйізден-ақ пəлен миллион доллар кіріміңіз келе береді. Мұны əлі малшылардың отынша теріп арқалап əкелгенін көрерсіз. – Өзінің осы жерді тапқанына ішін қуаныш кернеген Бəкең насыбайын көңілдене атып, үзеңгі бауын соза шіреніп қойды. – Біздің бұл қонысты табуымыз жаңа бастама. Мына ақ бас құздардың арты да бүтіндей мұз емес, осындай алқаптар мен қойнаулар бар шығар.
─ 28 ─ – Бұл таулардың барлығы да қарлы таулар ғой секретор. Суы бар жерге шөп өспейтін заң жоқ. Жасырынып жайылып жатқан жайылымдар көп қой. Бірте-бірте бəрінің де шымылдығы түріліп, беттері ашылады. – Бəке, мына жердің шөбі он қора қойға ырық бере қояр ма екен. Кеште бақташылар мен бригадирлерді алып бір ақылдасып көрсек. Тұра табылғанда бір екі қос жылқы да келтірсек. Біріншіден, жазғы жайлау үнемделсе, екіншіден, қысқы қыстау кеңиді. Əрі бұл жердегі бақташыларға қымыз болсын. – Табылған сөзге талдаудың керегі не. Бұл жердің күнгейінде де күндіз қой жусамайды. Өте салқын. Осы жерден қайтқанда кəрі саулығың ту қойдай болып қайтуына мына мен кепіл. Мұнда бір ғана кемшілік бар, ол – жауын, жауын көп болса керден құлама көбірек болар ма екен. Егер мықты бақташылар болып сол жағын кезінде қолдан бермей отырса, жылқы жыра салып тойынады. Бұл нағыз қой мен жылқыға жаралған жер, – деп Бəкең өзі бастай алмай келе жатқан сөзін Ли секретор бастап берген соң ақтарыла кетті. – Меніңше осы мал етекке қайтқанша ана бала мергендеріңізді, керек болса басқа бригадалардың мергендерін де алдырып, осы жерге орналастырсақ. Өзіңіз айтқандай бұл жердің жыртқыш аңдары аз емес қой, – дегенде Ли секретор, басқа бригадалардың мергендерін əкелуіне іші тарая қалған Бадымжап: – Оған өзіміз де жетісеміз ғой, – деді алдына тесіле, – қараңыз, секретор, – алдындағы көлеңке жамылған кертасқа қарап. Ли секретор қабырғада аяңдап келе жатқан атының тізгінін тежей тартып тұра қалды да: – Қане, Бəке, мынаны аласыз ба? – деді мойнындағы бес атарын алып жатып. – Жоқ, өзіңіз атыңыз, бірақ, мен əнеу кезеңшеге жетіп алғанша оқ шығармаңыз. Мен бас киімімді қолға алғанда ғана атыңыз, – деп Бəкең аты мен иттерін осы жерге қалдырды да, Бейне еңіске қарай жүрген аюдай көржеңдей басып зыта
─ 29 ─ жөнелді. «Бала мінезді қызық адам» деп Ли секретор оның жүрісіне де қызыға қарап отыр... Ли секретор ең шетіндегі текені атып қалды. Қалған текелер жапырыла қашып Бадымжаптың алдына жетіп келді. Бəкең арт-артынан екі оқ шығарды. «Па! Біздің ақсақал аңның қалай қашатынын да біледі екен-ау» дейді Ли секретор өзінен өзі оған разы болып. Бұған үш текені екі атқа бөліп теңдеп алып қайта оралғанда əр бұлаққа орналасқан қой ауылдарының түтіні көкке көтеріліп созылып жатты. Қаптай жайылған қойлардың шалғыннан жондары ғана көрінеді. Жүк артып, мініліп келген аттар да енді жіберіліп жатыр. – Жарайды, Бəке. Міне, біздің «жаңа жайлау!» – деді жер көркіне жараса қалған малды көрген Ли секретор.
1961 жыл, Құлжа – Үрімжі.
─ 30 ─ ƏНГІМЕЛЕР «ІСЛАМНЫҢ ҚҰРДАСЫ» І Түн тігісі сөгіліп, шығыс жақ балық қарындап ағарғанда, алдағы аласа тауды бетке алып, Тұрдыбек пен Қайса атқа қонған болатын. Олар таңертенгі шəйді бригаданың бастығы Нұртазаның үйінен ішпекші. Тұрдыбек əңгіме айтуға қанша құмар болса, Қайса тыңдауға сонша құмар. Астындағы ақ иық қоңыр атты қайта-қайта тебініп, сəл кейіндеп бара жатса, қамшыны үсті-үстіне басып жібереді. Көкқасқа атқа жамбастай отырған Тұрдыбек Қайсаға Нұртазаның басынан өткізген əңгімесін шертіп келеді. Қайса дөңгелек қара көзін Тұрдыбектің сары шұбар бетінен аудармай қараумен келеді. Бұлар осы əңгімемен ауылға келгендерін де білмей қалды. Ауылдың маңы көктемнің көк пүлішін жамылған. Жаңадан отыққан бір топ жас қозы беткейде епті еріндерін жиыра, қадала жайылып жатыр. Иттің тұйықсыз шəу ете түскен даусынан үріккен жаңағы қозылар дүркіреп келіп үй жанына тоқтады. Қозылардың дүркірей үріккен дүбірінен қашқан кер бұзау кішкене құйрығын шашақты найзадай көтеріп, үйді айнала шауып, үй жанындағы ерді ат етіп мініп отырған үш-төрт жас шамасындағы кішкентай жалаңбұт баланы қағып кетті. Бала баж етіп жылады да орнынан тұрып, кер бұзаудың үстінен шағым айта, қамшысын сүйреп үйіне кіріп кетті. Тұрдыбек өзіне таныс құбақандау киіз үйдің қасына келіп атынан түсті. Бұлар үйге кіргенде төрде жуан, қаба сақал, бурыл мұртты семіз адам отыр еді. Алақандай үлкен көзінде жиексіз ақ көз əйнек бар. Бір жақ бауы ақ жіп көз əйнегінің
─ 31 ─ үстінен келген адамдарға сүзе қарап төрді нұсқады. Тұрдыбек үй ішіндегілермен қазбалай амандасып, тіпті кейбіреулердің үйлерінің қайда екенін ұғысып, олардың атын да атай отырып амандығын сұрады. Осы көп амандасудың арасында Қайсаның көзі төр алдындағы əлгі семіз адамға түсті. Ол семіз қарнының астынан көтере байлаған қара шүберек белбеуін əлсін-əлі жоғарлатып қояды. Мұның көз əйнек салған бейнесінен «бұл адам я молда, я етікші болар» деп межеледі. Қазан жақтағы төсекке арқасын сүйеп отырған жас шамасы қырықтар мөлшеріндегі ашаң денелі, сақалмұртын мұнтаздай етіп қырған, ақша бетінде тарау-тарау қызыл шыршалар жол тартқан, қою қара қасының астында əзіл ойнап тұрған қой көзді адамды «Нұртаза бригадір осы болар» деп ойлады. Шай құйып отырған аққұба əйел «шəй түгеді» деген ишара білдіріп, шəугімнің қақпағын қисайта жапты. Бригадір «қайта шай əзірле деп» əйеліне ым қақты. Тұрдыбек түймелерін ағытып, Қайсаға қарап: – Мына, төрде отырған Іслам деген ақсақалымыз, – дей бергенде бригадір оның сөзін бөліп: – Іслам молла, бұл адамның сегіз түрлі қыры бар, алуан түрлі тілі бар адам. Алланың да, адамның да «сүйген пендесі»– деген кекесін сөзін қосып қойды. Қайса сөздің түпкі түйініне бара алмай Тұрдыбекке қарай берді. – Мына кісі мен жолда өзіңе əңгімесін айтып берген Нұртаза ағай, – деп көзін Нұртазаға аударды, – аты Қайса, ауданнан келіп отыр. Мекемелерінің бір қора малы бар екен. Аудан біздің коммунаға орналастыру үшін қағаз беріпті. Ал, коммуна сіздің бригадаға жіберіп отыр, – деп Қайсаны таныстырды. – Бұл жігітті аудан көлемінен көрмеген екем, – деді Нұртаза. – Мен таяуда аймақтан ауысып келдім, – деді Қайса. – Болады, аудан айтып, коммуна қабылдаса, біз қайда барамыз, орындайық, – деді Нұртаза, – жə, өзің неге «соқыр теке» ойнап жүрсің, – деді Тұрдыбектің ақ шүберек жапсырып алған көзіне қарап.
─ 32 ─ – Таяудан бері осы көзім шанышқақтап ауыра беруші еді, кейін бір буалдыр перде пайда болды. Мына төменгі армияда арнаулы көз дəрігері бар деген соң, соған көрсетейін деп келдім, – деп көзіндегі ақ шүберектің сыртынан ақырын ғана сипап қойды. Мұны естіген Нұртаза Ісламды нұсқап: – Япыр-ау, қасыңда дария тұрса, құдық қазам деуің қалай? Мынау көз дəрігерінен көш ілгері, сенің көзіңе келістіріп үш үрлесе, буалдыр емес, шор болып қалған шел болса да қоймайды, – деді. Күміс қасықпен сары қаймақты езіп отырған əйел сөзге киліге кетті: – Сен бұны əулие деп аспанға ұшырма. Өткенде Баймұрат байдың қамшы тиген көзіне «дем салып жазам» деп жынын бүріккен бураша оның көзіне олай да, бұлай да түкіріп, ақырында көзін шелейтіп соқыр етіп қоймап па еді. Нұртаза мен Тұрдыбек сылқылдап күлді. Іслам ызаға булығып, үрлеген қарындай тырсия қалды. Қайса көз алдында болып отырған мына көріністерге таңданып ішінен «ерінікі ғой, ерінікі болсын, мына əйелдің əкесіне таяу адамға сонша сөдегей сөйлеуі неткен əдепсіздік. Ол өзін бригадирдің əйелімін деп зор санайды-ау» деп отыр. Бағана жолда Тұрдыбектің Нұртаза жөнінде айтқандары бос мақтау, тіпті түгелдей өтірік болып барады. – Ей, сен неге қазбалай бересің. Мынаның ылғи кемшілігін көресің де артықшылығына көз жұмасың, өткенде Жиенбайдың жирен жорғасына «көз тиген» деп тұмар да жазып берген, – деп əйеліне зекігендей бір қарап қойды Нұртаза. – «Қыртты езген жеңеді, езгенді құдайдан безген жеңеді» деген осы ғой! Атам замандағы бірдемелерді көшкен жұрттан жұрын тергендей мыжи беру неге керек!– деп қызарақтай қалған Іслам қаба сақалын сылай берді. Нұртаза оны естімегенге салып, Тұрдыбекке бұрылды: – Сен білесің ғой, кейін сол ат қалай болды? Бұл істен толық хабары бар Тұрдыбек: – Е, ол ат кейін де жақсы болмай, əкесінің асына сойылған, – деді. Нұртаза Ісламның алдына шай шыныны қойып жатып:
─ 33 ─ – Ім, жирен жорғаның басына да құранды өзің оқыған екенсің ғой!– деп тағы желкелей жөнелді. Осы бір қысап отырған қыспақтан құтылғысы келген Іслам сөзді басқа жаққа бұрғысы келіп: – Ауданның қайсы бөлімінде істейсіз? – деп бағанадан сөзге араласпай отырған Қайсаға қарады. – Қағаз жасау зауытында істеймін. Зауытымыздың бір қора малы бар еді, соған коммунадан жайлау сұрап келіп отырмын, – деп жылы жүз, сыпай сөзбен жауап берді. «Қағаз жасау зауыты» деген сөз шыққанда Ісламның мына бір қылығы есіне түскен Нұртаза тыныш отырмай: – Молла, естіп отырсың ба, мына жігіт не деп отыр? Сен қағаз Мекке-Мединеден шығатын қасиетті нəрсе, мұны аяққа басуға, келсе-келмес нəрсеге істетуге болмайды, қағазды ұстағанда алдымен «бісміллə» деп ұстау керек демеуші ме едің? Қағаз жасау зауытындағы жұмысшылар күні бойы қағаз жасайды, сонда оған қанша бісміллə кетеді?– деп күле қадалды. Іслам расында да көп оқымаған надан, ауылдағы жаттама-шала молданың бірі. Ол кейде өзі осылай болар деген ой межесін басқаларға «шариғат» деп сөйлейтін, Ісламда жаттама намаз, жаттама құран ғана бар. Оның мағынасын өзі де түсінбейді. Ол кейін ғана халықтың санасы өсіп, ойлары азат болған кезде көптің «дүмше молда дін бұзар» дейтін əділетті, іс жүзіндік өмірден қорытылған сөздерінен қатты именетін болған. Іслам Нұртазаның жаңағы сөзін естіп, өзінің Қайсадан жөн сұрағанына өкініп отыр. Ол сұрағаны керісінше өзін омақастырып отыр. Ол құтылудың жолын тапқандай: – Бұрын мен басқаларды надан, өзімді білімді санаушы едім. «Соқыр тауыққа бəрі бидай» дейтін анық қабілетсіз соқыр тауық өзім екем, мен «аңқау елге арамза молда» болып келіппін, – деп шынымен сыр ірікпей айтса да, бір жағынан Нұртазаның тағы да бір əзілге орап аяғынан алып, күлметін ашып тастауынан құтылғысы келді, – өтіп кеткен көне есепті не қыласың, – деп жабырқағандай болды. Ісламның
─ 34 ─ осы күйге түсіп мүсүрегеніне жаны ашыда ма, Нұртаза да үндемеді. Шай таусылып, дастархан жиыла бергенде «сөйлеп үйренген ауыз жыбырын қоймайды» дегендей ол сыңар қолымен «аллауақбар» деп бетін келте сипай бергенде, дастархан жиып жатқан əйел дастарханды қайта жайып, қолынан шап беріп ұстап: – Ет болса екі қолмен, шай болса сыңар қолмен бата беруді қайсы кітаптан көрдің, қайтадан қос қолдап бата бер!– деп тұрып алды. Нұртаза мен Тұрдыбек мəз болып күліп жатыр. Бұл қылықтарды Қайса жаратпады. Нұртаза сияқты адамның осынша ұшқалақ, осынша дарбаза болуын ұнатпай, «мынау қызметте де кескін болам деп асырып жіберетін жан-ау. Орынсыз қылық. Мына Іслам оның жездесі болса бір сəрі, тіпті ана əйелінің сөзі неткен кесек, асқан көңіл-ау!» деп отыр ішінен. Қайса мен Тұрдыбек аттарына қонып, келген іздерімен жолға түсті. Ауылдан ұзай бере Қайса артына бір қарап алып: – Нұртаза бригадір қандай адам? Сөз лəмдерінен қарағанда анау отырған үлкен адамға бір наразылығы бар сияқты ғой? Тұрдыбек оған түсіндіріп отырмай, қайта өзіне сұрақ қойды: – Қалай, мұны сұрауыңның мəні не? – Нұртаза бригадір не үшін өзінен жасы үлкен адамға қалай болса солай сөйлейді? Мұны естіген Тұрдыбек қарқылдай күлді. – Сеніңше, Нұртаза бригадир екеуіміздің қайсы мыздың жасымыз үлкен? – Əрине, сіздің жасыңыз үлкен. – Олай емес, – деді Тұрдыбек басын шайқап, – сен біреудің сақалына, біреудің шашының ақ-қарасына қарап айырма. Нұртаза бригадір менен бақандай жеті жас үлкен. Ана Іслам екеуі даң құрдас. Құрдас ел де емес, жау да емес. Ел емес болатыны олар бірін-бірі сындыруға құмар, жау да емес болатыны көрмесе сағынады, өлімге қауып-қатерге қимайды. Мына
─ 35 ─ Іслам морт, дойыр адам, тек құрдастар ойнаушы еді дегені болмаса, бір ауыз қалжыңды басынан асырғысы келмейді. Ол ертеден азырақ діни оқу оқып жасынан ел ішінде молла атанған. Ал Нұртаза жаңа мектепте оқыған. Кейін ауылда мұғалім болған, саналы да, тілді ауызды, қалжыңға орамды адам. Бірі дүниеге идеялистік тұрғыдан қараса, бірі материалистік тұрғыдан қарайды. Іслам дүниеқор, абыройшыл жан, Нұртаза оның керісінше барына қанағат қылатын, ақ жарқын, турашыл адам, кейін осы құрдасы Ісламның кесірінен қызметтен айдалып, түрмеге де жатты. Шапкісін көтеріп, жағасын ағытып, атына жамбастай отырған Қайса Тұрдыбекке таяй берді. – Жə, түрмеге қалай түсіп жүр? Тұрдыбек қара мұртын бір сылап алды да: – Жол қысқарсын, онда мен əңгімені бастан баста йын, – деді алдына көз жіберіп.... ІІ Көбелек түсті көңілді көктем. Мамыр айының майдашуақ лебі жан біткенді жадыратып, көңіл-күйлерін көтере қытықтайды. Құрт-құмырсқалар да тырбаңдап тіршілік етеді. Тобынан бөлініп оңашаланған кекіліктер де жұбымен жорғалап бұта арасын кезіп жүр. Жұпжұп бөлінген алуан түсті көбелектер бірін-бірі қуалап, дөңгелене аспанға өрлеп барып, қайта құйылып келіп гүлге қонып, ентіккендей қанаттарын жалп-жалп еткізеді. Əр ауылдың тұсынан өткенде көбелектей гүлді көйлек киген қыз-келіншектер бұрала басып мына үйден шығып, ана үйге кіреді. Кейбір үйлердің сыртында бірін-бірі шымшылап, сықылықтай күледі. Жан-жануар бəрі де мəз, жасыл желек жамылған тоғай арасынан бұл-бұл əн шырқаса, қыраттан бозторғай мен жылқышы торғай да алуан түрлі үн қосады. Өмірдің осы бір еркін мезгіліне бəрі де мəз, бəрі де разы. Осы көріністерді көзден кешіріп Тұрдыбек пен Қайса қатарласа кезеңге шықты.
─ 36 ─ – 1945 жылы осы өңірде ұмытылмайтын айта қалсын бір жыл болды. Ауылға жұқпалы сары сүзек келіп, қайсы ауыл, қайсы үй болсын былқылдаған ауру, кейбір үйлерде түндік ашуға да адам шықпады. Тіпті кейбір үйлердің түтіні өшті. Осы кезде Нұртаза ауылда мұғалім болатын, – деп бастаған əңгімесін аянышпен тыңдап қабағы тас түйіліп келе жатқан Қайса: – Онда ауылда дəрігер жоқ па?– деп оның сөзін бөле сұрады, кейіндеп бара жатқан атын тебініп қалып. – Ойбу! Ол кезде ауылда дəрігер не қылсын. Елде осындай мүшкіл хал пайда болғанда дəрігерге барып емделуге де ешкім шықпады. Онда өзім де дəрігерге сеніп жүргем жоқ. «Құдайсыз қурай сынбайды», «Алланың жазуынан аспайды», ауырып қалсақ та, мал бақсақ та «құдай сақтайды» деп күзетшіні мықтыдан қойып жүрген кезіміз болатын. Нұртаза жағдайдың ауырлап бара жатқанын көріп, қалың қауым атынан арыз жазып, ауданнан бір дəрігер əкелдіріп оны өз үйіне орналастырып, халық ішінде емдеуді жүргізді. Ауруларға укол қойып, дəрі берді. Ғылым қашанда ғылым ғой. Көрген адамдардан өте жұбына жетіп кеткендері болмаса, өлімжітім бұрынғыдан азайып қалды. Ісламның есік алдына топырлап келіп «дұға», «ішірткі» жаздыратын, жаназаға шақыратындар барған сайын азая түсті. Шындықты іс жүзінен көрген қалың қауым дəрігер жаққа аунады. Мұны көрген Іслам бұған қатты наразы болды, – дегенде шыдамы тозған Қайса Тұрдыбектың сөзін бөліп: – Рас, іші тар, нəпсісі зор адам екен ғой, – деді жаратпай, – тебеннен тиын, тиыннан теңге тудыратын алаяқ саудагер сияқты адам екен-ау! Əңгімені қысыратпай бірінен-бірін тудырып отыратын əңгімеші Тұрдыбек: – Бақ күндессіз адам өте аз ғой. Дəрігер келуден бұрын ауылда Қали деген бақсы болды. Надан халық не біледі, ауруға соны əкеліп, ойнатып, ұшықтатып та жүрді. Іслам оған қарсы болып «сендер алланың жіберген хикіметіне жыншайтанмен қарсы шықтыңдар, күнəһəр пенде, бұл көрінеу
─ 37 ─ алланың əміріне қарсылық» деп жүріп оны да сақ айғырдай сауырлап тастады. Сонда Нұртаза «сенен басқаның тілеуі жақсы, ол жазса алады, сен өлсе аласың, сен өлім тілейсің» деп оталып, қопаға түсіріп жүрді. – Сөйтіп əлгі дəрігер не болды?– деп Қайса əңгіме бетін бұрынғы ізіне тартты. – Сонымен Іслам ішкі жақтан өсек таратып: «барлық іс алланың əмірімен болады. Алла тағала өзі жаратқан тəнге «істік» шаншып оңап аламын деу аллаға қарсылық болмай не? Дəрі дұғалық сияқты алаланың сөзі емес, оны адам жаратқан. Адам болғанда діні жат адамдар жасаған. Біздің ата-бабаларымыз дəрі ішпей-ақ алла жаратқан ақ тəніне таңба түсірмейақ жасап келдік. Дəрігердің емдеуі бізді алланың əмірінен, пайғамбардың шапағатынан қағады» деп ел ішіндегі атқа мінер беделділердің дəрігерден бетін бұрғызды. «Осыны тауып жүрген діннен азған, сиқыр оқу оқыған анау Нұртаза қу иек» деп оны қоса жамандап, ақыры дəрігер өзі де ауырып қалаға қайтып кетті. Момын малшылар Ісламның жазған қара сиясы мен көк сиясын езіп ішіп жата берді. Осыны Іслам бір жағынан күндестік дүниеқор нəпсімен істесе, енді бір жағынан өзінің шынайы танымы да сол болатын. Іслам дұға ішсе де сақаймай сапар салғандарды «алланың жазуы солай, уақыты біткен» дейді. Дəрігер ауырып қалаға кеткенде «міне, алла тағала оған құдіретін көрсетті. Ол адам жазғанды қойып енді өзін де емдей алмайды» деп жүрді. Момын халық бұған да сенді. Шынында біздің басымыз бітеу, ойымыз тұйық екен ғой, – деп Тұрдыбек өткен өміріне өкініп ауыр күрсінді. Оның ой теңізінде балдырғандай бой жетіп келе жатқан 15 жастағы қызы сол ой теңізінің өркештеген толқыны арасынан жарқ ете түсті. Ол жан үзер алдында, екі көзі мөлдіреп əкесіне қарап шақырғандай ым қақты. Қасына барғанда еріндері дірілдеп, қара көзі жасаурап, кемсеңдей берді. Əлде бір нəрсе айтайын десе де тілі күрмеліп сөйлей алмады... Тұрдыбек ішінен «əттең, дəл əзіргідей заман болса қызым өлмеген болар еді-ау» деп ойлады. Жаңағы ауыр күрсіну осы арманның іште жүретін қасірет бораны болатын.
─ 38 ─ Тұрдыбектың түйіліп, кенет тына қалғанына таңданып, біраз жүргеннен кейін: – Түке, не болды? Əлгі əңгімеңіздің жалғасы үзіліп қалды ғой, – дегенде Тұрдыбек ұйқыдан ояғандай баяу үнмен: – Е, бауыр, өткен күннің аянышты ертектерін айта берсең түгемейді... Мақұл мен саған сол кезде өзім көрген бір істі қоса кетейін. Бір күні бала-шағасы жоқ, жақын отыратын жалғыз жан, кедей көршіміз Байтанас қайтыс болды. Мен осы Іслам молланы жаназаға шақырып бардым. Жаназаға шақырушы адам үйге кірмей сыртта ат үстінде тұрып айтатын əдет бар. Ит шулап, ат дүбірін естіген молла əбден əдеттеніп қалған сияқты. Керген керегедей қызыл жирен сақалын қос қолдап тарап, шапанын желбегей жамылып сыртқа шықты. Мен сəлем беріп хабар айтқанда, ол қолын жайып, құпия дұға оқып бетін сипады. Аты да ерттеулі дайын екен. Ол аяныш білдіргендей: – Байтанас алланың адал құлы, нағыз мұсылман еді. Алла оны жəннатқа шақырған екен ғой. Жасы үлкен адам, əрі панасыз оның намазын оқымасам бола ма, барайын, сауап қой. Ол байқұстың намазына, садақасына берер қараң-құраңы бар ма еді?– деп сұрағанда, мен оның төрт-бес ұсағы, бір жылқысы барын айттым. Молла тағы да есіркеп: «мүсəпір адам, иншалла, оның орны жұмақ. Ол түнде қайтыс болған болды ғой, жұмаға қарсы қайтыс болыпты. Мен ол адамды бұрында жақсы адам деуші едім, жақсы күні сапар шеккен екен» деп екі жеңін киіп үйіне кіріп кетті де, қамшысын алып сыртқа шығып, атына мінгелі тұрғанда кенеттен тебінгісін тер басып, темір қара көк аттың танауынан жел соқтырған біреу жетіп келді. Ол ат үстінде тұрып «Байқара бай қайтыс болды, сізге хабар жіберді» деп еді менімен бірге жүргелі тұрған Іслам Байқараның қайтыс болғанын естіп, бірден өзгеріп: «Бай бір қасиетті, абыройлы адам еді, бармасам болмас» деп əлгі адаммен ілесе жөнелмекші болды. Мен бір жағынан абыржып, бір жағынан айқайлап «молла-еке, мен алдымен хабарға келдім ғой. Сіз жүргелі тұрғанда келді ғой бұл адам. Барудың ілгері кейін реті бар шығар? Өзіңіз жаңа
─ 39 ─ ғана «Байтанас панасыз, мүсəпір адам, оған бару сауап» деген едіңіз ғой дегенімде, оған ешбір себеп айтпай тұрып қалды да, артынан: «бай осы өңірдің қасиетті бір адамы, тірі кезінде жақын байланысымыз бар еді, дос көңілі деген қиын, май өкшеме де жаман, молла жалғыз мен ғана емес қой, намаз білетін біреуді шақыртып оқытыңдар. Егер молланың ыңғайы келмесе, күн ыстық, адам шыдамайтын болса екіүш күнге қабір ішіне аманат қойып тұрыңдар. Мен байдың намазын ақырластырып барайын» деді де байдың хабаршысына ілесіп жүріп кетті. Бағанадан үн-түнсіз тұрған Қайса мына сөздерді естігенде ашумен атын шаужайға бір қағып қалып: – Алла, мынау не деген дүниеқор адам!– деп таң қалды. Тұрдыбек сөзін қайта жалғап: – Біз мəйітті екі күн тұрғыздық. Адамның іші кеуіп жарыларман болды. Нұртаза ат шаптырып кедейліктен аты шықпай жүрген бір молланы алдырып намазын шығарып жерледік. Жамағайын кедей туыстары көп екен. Олар «Нəзіршырағын өзіміз береміз, мына атын намазына ұстайық, педия, талқысына ана ұсақ малын берейік» деген соң жиылған жұрт мақұл көрді. Жүзіктей ойнақы жирен бестіні бағана намазын оқыған молла жетелеп кетіп бара жатқанда, Нұртаза «мұнан кейін кедейдің молласы өзің бол, жирен бестіні мініп Ісламның үйіне бір бар, ана қарнындағы майына шыж етіп бір өрт кетсін! Бай-бай! Май-май! деп өңеші үзіліп кеткенімен, Байқараның қу ұлдары төрт-бес молланы бір ауру атанға мінгестірмесе адам көргенім өтірік!» деді. Расында байдан пайда құтыла ма. Байқараның жаназа, ысқаты үшін Іслам бастаған төрт моллаға бір түйе қойыпты. Бұл қатпа түйені төрт молла «сен ал, сен алға» келіп ақыры түйені төрт тайыншаға бағалап, бір молла алыпты да қалған үшеуіне үш тайынша беріпті. Кейін əлгі кедей молланың астынан жирен атты көрген Іслам жарыла жаздап: «Байтанас намазсыз көміліпті. Ана шетелдің төте оқуымен оқыған Нұртаза Байтанасты шетелдерше жерлепті» деген өсектерді де таратты. Бірақ намазына қатынасқан қауым оған сенбеген соң барып еріксіз басылды.
─ 40 ─ – Іслам молла Нұртазаға неге өш? Намаз оқымайсың дей ме, жоқ басқадай себеп бар ма, əлгі «құрдастың құдайы бір» дейтін сөз қайда? – Əй, бауырым-ай! Ол құрдастар басқа құрдастар ғой. Нұртаза нағыз құрдастарша ойнайды. Оны Іслам абыройымды төктің деп дұшпан көреді. Болмаса Нұртазадан басқа қазақтың намазды жырғатып жүргені жоқ. Жаздың күні болса керек. Нұртаза бір күні кешке таяу, бағана Байқара бай дедік қой, соның ауылына келе жатса, Байқара төбе басында азан шақырып тұр екен, азанның ортасына келе бетте жатқан қойы дүр етіп үріккенін көріп, ауылға қарап, «əй, ана малдың алдында адам бар ма!» деп қойып, азанын қайта жалғапты. Мұны кейін Нұртаза «Іслам молла солай депті» деп шығарып алған. Осы сияқты істерді əкеліп Ісламға таңады. Мұны естіген Ісламның жаны шығады. Нұртаза ойнақы адам, отырған жері жыр-думан, өлеңді ойдан соғады, домбыраға қандай десеңізші! Сондықтан сауықшыл жастар оның қасынан қалмайды. Іслам мұны жаратпайды. Əн мен күйді «сайтанның ісі» деп өзі жас болса да жаратпайды. Нұртаза оның осындай қылықтарын сықақ етіп, шиқанына асық қыздырып басады. Іслам шариғатпен қорқытамын дейді, Нұртаза оны қалжыңмен қариды. Іслам кекпенен сөйлейді, Нұртаза қалжың еппенен сөйлейді. Екеуінің араздығы осы... ІІІ Екі атты ойға қарай ойысқан сайын көктем самалы дем алғандай демін ішіне тартып тынып барады. Тер басқан аттар да жиі пысқырып, изектеп келеді. Кейде тұра қалып танауларын тізесіне үйкейді. – Ағасы, əңгімені жақсы айтады екенсіз, құлақ құрышым əлі қанбай келеді. Айырылысар жер де аз қалды. Естелік болып есте қалсын. Тағы да əңгімеңізді қозғай отырыңыз, – деп өтінді Қайса. – Інішек, əңгіме құмарлығыңа қарағанда сенің де жиып-
─ 41 ─ тергенің аз емес болу керек. «Біреудің жаясын жесең, ұшасын сайла» деген бар. – Арналы өзен ағып жатса, оның бойына құдық қазудың қанша қажеті болсын, айта беріңіз, – деп онан ары жабысты Қайса. – Болады, қолқалай бердің ғой. «Ісламның құрдасы» деп əңгіме етіп айта жүрерсің. əңгімені тағы да сол екі құрдастан бастайын. Ел жайлаудан түсіп, күн салқын тарта, сары сүзектің беті қайтып, ел есін жиып сейіле бастады. Мына Белағаш деген жерде ауыл жиі қонып өлгендерге ас берді. Байқараның асын берген күні мен Іслам моллалар түскен үйде болдым. Ол үйге қасында бірнеше жастар бар Нұртаза кірді. Үйде отырған жастар сырылып жоғары жақтан ала Нұртазаға орын бердік. Төр алдында төбедей болып шалқалап отырған Іслам да басын көтеріп сəлем алды. Нұртаза мұғалім сақал-мұртын сайтан тайып жығылғандай жап-жалтыр қып қырып тастапты. Мұны көрген Іслам тыныш отырмай: – Бала-шағаң аман ба, қу иек?– деп еді, Нұртаза ойланбай: – Аллаға шүкір, жүн иек!– дегенде сақалы бары да, жоғы да ду күлді. Іслам сақалын сипайын деген қолын еріксіз түсіріп жіберді. «Жүн иек» десе дегендей, жасы отыздар шамасындағы «Ісламның сақалы» əрі ұзын, əрі қою болатын. Молланың қасында төрде отырған көсе Оразбек бай семіз денесі селкілдей рақаттана күле берді. Ол Нұртазаның сөзіне разы болған сияқты. Алдындағы қымыз шынысын ұсынып жатып: – Əй, мұғалім сен құрдасыңа қалжыңдаған болып, мына ақсақалдарды да қырқай шалып алдың ба, қалай? – деп Нұртазаға көзін қысып қойды. – Олай емес, бай-еке, ат айналып қазығын тапқандай менің де оғым тиетін нысанам ашық қой. «Қисықты түзейтін тез» дейтін мақал да бар. Силайтұғын сақал да бар, менің сөзімнің арнаулы ғана иесі бар, ілгіші жоқ. Үлкендердің бір сөзі бар ғой «сөз кезегі келгенде айтпасаң, сөздің əкесі өледі» дейтін. Менікі сол ғана, – деді жайдары ғана күліп. Төрде отырған бір ақсақал Оразбек байға қарап:
─ 42 ─ – Құрдас ел де емес, жау да емес деген бар ғой, құрдастардың əзілінде біздің бұйымтайымыз қанша?– деді. Іслам Нұртазаны нұсқап: – Барлығыңыз көріп отырсыздар, бұл бір жүгенсіз бейпіл ауыз, кешке дейін баққаны қу сөз, сондықтан ішкен-жегені де бойына қонып, шырайына шыр жұқпайды. Қашан көрсең жұртта қалған қу қазықтай қурайды да жүреді, – деп осы сөзді тауып айтқан шығармын дегендей қарқылдап күлді. Өзінен басқа езу тартқан жан болмады. Нұртаза оның үш қалталы қара шапанға симай іркілдеп отырған денесіне қарап: – Оның рас. «Жұт жылы қарға семіз, өлімді жылы молла семіз». Биылғы келген сары сүзек саған жақты, əр күнің тайыншадан түспеді. Құлындайтын биедей қарның анау салақтап тұрған. Ана түймелерің қысып тұр ғой, булықпай ағытып қой, – деп отырған жұртты тағы ду күлдірді. Іслам қайнаған суға түскен өкпедей қаны тартылып: – Ей, жырық ерін, жап аузыңды! – деді, көмек сұрағандай кө зін қасында отырған Оразбекке төңкерді. Нұртаза іліп əкетіп: – Басыңда ақыл болмаса, екі көз мұрынның үстін де көре алмайды, – дегенде оталып қопаға түскен Іслам: – Əй дінсіз, ұят болсашы сенде, – деді сөзден əбден тұралап. Мұнысы сенде дін болса, молламен жағаласпаған болар едің дегені сияқты. Нұртаза сықылықтап күліп: – Молла, сен сүзетін теке көзденіп ашуға баспа, бұрын екеуміз сияқты бір молла мен бір ұры кез болып қалыпты. Олар əңгімелесіп отырғанда күні біткендерді алайын деп «жан алғыш əзірейіл» ел аралап жүріп, бұларға кез бола кетіпті. Сонда молла тұрып «мен жасымнан құдайға құлшылық етіп, екі тізем тесілгенше намаз оқыдым, орным жұмақтың қай жерінде екен?» депті. Əлгі ұры: «менің маңдайым жайнамазға тиіп көрген жоқ. Істегенім ұрлық, қылғаным зиян, менің орным тозақтың қай жерінде екен?» деп сұрапты. Күпірлік қылған молла тозаққа, өз қылмысын таныған ұры жұмаққа кіріпті, – деп еді, семіз Іслам май басып кеткен қысқа мойынын екі жаққа бұрып, сақалды иегін
─ 43 ─ көтеріп, буынып бара жатқандай-ақ көйлегінің жағасын ағытып, тағы да көне күшке басып: – Байтанасты намазсыз көмгізген күнəң үшін шариғат үкімі бойынша, сені қырық кесекпен шалма кесек етіп өлтіру керек, – деп семіз басы жосамен бояған шелектей қызарып кетті. – Намазсыз көмілді деп кім айтады?– деп Нұртаза да қадала түсті. Нұртазалар жігіт қой, сол кезде бай мен билерден, тіпті, сол кездегі үкіметтен именбейтін. Ашуға əбден сыздап алған Іслам: – Қане, намазын кім оқыды?– дегенде Ісламды одан əрі отқа түсіргісі келген Нұртаза: – Мен оқыдым, – деді іркілместен. Байтанасқа Нұрғали молла намаз оқығанын көргендер мен естігендер қайран қалды. – Не деп оқыдың?– деп Іслам енді сүрінерсің дегендей қомақтана қақырынып қойды. Жə, ол былай: Моласы жоқ кедейміз, Бұл өмірге өгейміз. Байтанас қалып жайына, Іслам кетті байына. Шақырсақ Іслам келмеді, Жаназа оқып бермеді, Сауап деуді білмеді, Кедейді көзге ілмеді. Əй, алла! Рахым-шапағат ете гөр, Байтанасқа жұмақтан орын бер. Арабшаны білмейміз, Қазақша тілек тілейміз. Қазақша да алла ұғарсыз, Болмаса Іслам барғанда сұрарсыз! – деп оқыдым дегенде мұның өтірік екенін, намазын Нұрғали оқығанын білетіндер мен жастар жағы күліп жатыр. Нұрғалидің жаназа шығарғанынан хабарсыз қарттар бірбіріне қарап, тіксініп қалды да, Ісламға жапақтай берді. Іслам жағасын ұстап:
─ 44 ─ – Тəубе, тəубе! О, күнəһəр пенде! Мынаны қайтып мұсылман деуге болады. Сен «дұға» орнына қазақша сөйлесең, ол қайтып қабыл болады, күнəһарсың!– деп қадалды. – Ей, молла, «дұға» деген «тілек» деген сөз. Мұны қайсы тілмен тілесең де болып жатыр. Он сегіз мың ғаламды жаратқан алла қазақ тілін білмейді десең, алдымен сен күнəһарсың. Біздің Ақылды деген шешеміз молладан намаз үйренем деп тілі де келмей, еш нəрсе ұға алмапты. Сонан соң өзі құрап «Ақ қойдың кеудесі, қара қойдың кеудесі, мен құдайдың пендесі, жылқышының қосы, Мұхамед құдай досы, бар білгенім осы» деп оқиды екен. Кейін татар қазіреттен сұрағанда «көңілі түзу, ниеті дұрыс болса, болады» депті. Сен сол қазіреттен артық білесің бе?– деп молланың аузын аштырмады. Қысылып қалған Іслам енді мына жақтан сүріндірмек болып: – Сен ақымақ, хайуан не білесің, міне, пайғамбар жасына келдік, əлі сақал-мұртты қырып, құдайға күнəһəр болып қарсылық жасайсың. Сақалдың бір тал түгінің түбінде бірден періште болады, – деп еді, Нұртаза сақылдай күліп: – Басқаң рас болса да, дəл осының өтірік, мен періштенің ұясын бұзған-ақ болайын, сонда Оразбек байда періште болмағаны ма?! – деп Оразбекті өзіне одақ қып тартты. Өтіріктің өзіне сенбе, ебіне сен деген. Періштелер он сегіз мың ғаламнан мекен таба алмай сақал мен мұрттың түбін мекен етті десең кім сенеді. Періштенің де саны бар шығар. Оразбек бай екеумізді шығарып тастағанда сақалдылар аз ба? Тіпті бір өзіңде неше мың періште қонақтап отырған жоқ па. Бұл бүтіндей өтірік, – деді. Іштей құсаланып отырған Оразбек моллаға сыртын беріп: – Қазақтың «өртейтұғын кітап бар, өлтіретін молла бар» дегені осындай шала молдалардың өтірік шариғатынан шыққан-ау, – деді тырсылдап. Отырғандар осы бір айтылған жүйелі сөздерге ду күлді. Іслам Нұртазаны мұқатамын деп Оразбек байдың шабына шоқ түсіріп алғанына өкініп отырғандай көрінді.
─ 45 ─ Ана жақтан бір жас жігіт: – Онда əйел байқұста періште де жоқ болды ғой, – деді дауыстап. Тағы бір жігіт: – Содыр жігіт елді бұзар, шала молла дін бұзады, – деп еді, Іслам арбадан бұзылған ат көзденіп, шатынап орынан түрегелді де: – Кетем, мынамен бір дастарханда отырып тамақ жеуге болмайды, – деп жүруге оңтайланды. Төрде отырған үлкендердің Оразбек байдан басқалары «отырыңыз, отырыңыз» деп етек-жеңіне жабысып жік-жаппар болды. Кейбіреулері «əй шіркін, құрдастық-ай, бетің-жүзің бар демейді» деп жатты. Құрдасын осынша желкелеп, ренжітіп алғанына Нұртаза да өкінді білем: – Болды, отыр! Бір жыл туған төл болған соң, сенің сөзіңді басымнан асырғым келмейді. Өзің де аяғына қан түскен сүріншек аттай жазық жерде де сүріне бересің. Сен отыр. Арамсынсаң, мен басқа үйге шығайын, – деді де, иығынан басып отырғызды. Нұртаза жүре бергенде: – Отыр, мұғалім! – деді Оразбек бай. – Жоқ, бай-еке, мен бар жерде бұған тыныштық жоқ, тағы да қағысып қаламыз, мынау кішкене демалсын, – деп шығып кетті. Жастар тобы ілесе жөнелдік. ІV Екеуі əңгіменің қызығында Ақтастың кезеңіне шыққанын енді білді. Құлағын Тұрдыбектың аузына төсеп келе жатқан Қайсаның ертоқымы атының сауырына барып қалыпты. Бұлар кезең үстіне түсіп, ерлерін жөндеп, айылдарын шаптай тартып, Бүргендінің кезеңіне түсуге əзірлік жасады. Олар атқа қайта қонғанда Тұрдыбек Қайсаға бұрылып: – Анау түтін көтеріліп жатқан тақтай зауыты. Менің ендігі бұйымтайым сол жерде, – деді. Қайса өкінгендей: – Япыр-ай, жолдың қысқа болғанын қарашы, – деді
─ 46 ─ Нұртазаның əңгімесі үзіліп қалар ма деген оймен, – жə, сонымен кейін қалай болды? – «Нұртаза көріністе мұғалім. Іс жүзінде тыңшылық істейді екен» деген сөз ел ішінде таралып жүреді екен. Сондықтан жұртшылық Нұртазадан сескенетін сияқты. Бірақ Нұртазаға қатты өшіккен құрдасы Іслам өзінің бірнеше беделді достарын, көңілдес байларды тірек етіп, ас өтіп үш күннен кейін гоминдаңның сол жердегі сақшысына арыз айтып, Нұртазаны қаматқызып қояды. Артынан тағы да материалын толықтап, Нұртазының осы жерден көзін жоюға кіріседі. Тыңдап келе жатқан Қайса бұл арада шыдамады: – Қап, əттеген-ай, деп санын салып қалып, əй, иттер-ай! – деп боқтап та жіберді. Тұрдыбек сөзін қайта жалғап: – Нұртаза адал да, айлалы адам ғой. Екі-үш күннен кейін қайтып келді, – деді. Қайса қуана: – Қалай құтылыпты? – деп асыға сұрады. – Нұртаза сол кездегі қытайшаны жақсы біледі дейтіндердің бірі еді. Қытай сұрақшы: «Сен не үшін бір тайпа елдің аузына қарап отырған инабатты молласын боқтайсың» депті. Сонда Нұртаза: – Мен молланы боқтамадым, ол «сақал қоймаған адамның бəрі жақсы адамдар емес, ең сұмпайылар. Олардың сөзін естімеу керек» деп қате сөйледі. Мен оған ұлықтарымыздың барлығының сақалы жоқ, біз олардың сөзін естімесек, айтқан əмірін орындамасақ бола ма?– деп молламен айтысып қалған жерім осы. Сенбесеңіз, Оразбек байдан сұраңыз, – депті. – Жөн, жөн, бажайына келтірген-ақ екен. – Оразбекті əлгі аста өзіне одақ етіп алған емес пе? – Əй, Нүкең жігіт екен. Неткен көреген, алдын аршып, төңірегін болжап отыратын жан екен, шіркін, – деп Қайса қатты разы болды. – Оразбек байдың сары қымызын ішіп, сарала қазысын шайнап, қара қозысын жеп, қара сеңсеңдерін бөктерген сұрақшы, Оразбектің аты шыққанда майға салған
─ 47 ─ қорғасындай ери бастапты. Сонымен Оразбекті алдырыпты. Дəл сол күні тілмаш жоқ екен. Сұрақшы мен Оразбек ымдасып сөйлесіпті. Оразбек алдымен өзінің тақыр иегін уқалап, одан сұрақшының иегін көрсетіп, қамшымен тамдағы Жиаң жиешінің иегін түртіп, шынашағына түкіріп, Іслам жаман адам дегенді сұрақшы да түсініп, Нұртаза жақсы ма, жаман ба дегенде, «хау» деген сөзге желіп тұрған Оразбек «хау» депті. Сонымен Оразбекпен көңілдес сұрақшы, қағазды жазып, куəлік үшін қолыңды қой депті. Оразбек мөр майына батырылған саусағына бір түкіріп алып нығарлай басыпты. Сол күні Нұртазаны да босатыпты. Оразбектің қылығына ішегі қатқанша күлген Қайса аттан ауып қала жаздады. – Күлме, Іслам дəл осы кезде қорасына қой, өрісіне жылқы салып, недəуір ауқаттанып қалған. «Бай-байға құяды, бұлақ сайға құяды» дегендей атқамінерлер Оразбектен басқа байлар түгел Ісламның үйіне жиналып, ақсарбас, көкқасқаларын сойып, Нұртазаның моллаға тіл тигізген деген қылмысының сыртында алуан түрлі ала шапандар кигізіп, аудандық үкіметке, аудандық сақшыға арыз айдайды. Қарғаның көзін қарға шоқи ма, Нұртазаны мұғалімдіктен айдап түрмеге алады. Содан өлке азат болғанда түрмеден шығып, ауылдық үкіметтің бастығы болып тұра қалады. Бұл кезде өз істегені өзіне аян Іслам «қай күні құрық салар екен» деп қатты қорқып жүріпті. Мұны білген Нұртаза оның үйіне барып, əтей түсін суыққа салып, «енді кезек менікі шығар, сені асау жамбасқа алатын күнім туды» дегенде, Іслам «құдай кешсе кешір, бір ақымақшылық менен өтті» деп жалбарыныпты. – Ім, бəлем қалай екен, – деді Қайса бұған да айызы қанып. – Нұртаза іші кең адам ғой, ол Ісламды топас, надан деп қарайды. Егер кегімді аламын деп қырына алса, талай рет қырқай шалып, асау жамбасқа алатын еді. – Əттеген-ай, өзінің істегеніне қарай бір тоғытып алса болады екен, – деп жас жігіт Қайса аузын басып қойды. – 51-ші жылғы қыстың басы, алғашқы ақша қар түскен
─ 48 ─ кез. Ісламдікі «Белқора» деген жердегі қыстауында жалғыз үй отырыпты. Ел жатар кез екен. Іслам ішігін желбегей жамылып, кебісін жалаң аяғына іле салып құман алып түзге шығыпты. Ол дəрет алып болып, орнынан тұрғанда қолында кезеулі мылтығы бар, суыт жүріп келген атты адам қытайша «Іслам, жүр» деп əмір етіпті. Қытайша шала-пұла тіл білетін Ісламның «тақсыр, киініп алайын» дегеніне қаратпай мылтықты жақын кезегенде қолындағы құманы түсіп кетіпті. Айдай жөнелгенде қатын-баласы шуылдап қала беріпті. Ісламның бір кебісі сол жерде түсіп те қалыпты. Əлгі қытай «тез жүр, тез!» деп үсті-үстіне бұйрық беріпті. Зəресі ұшқан Іслам борс-борс желіп, бір шақырымнан артық жүргеннен кейін, «ей, тақсыр, аяғым ташалаң» деп отыра кетіпті. Оның бір аяғы жалаң аяқ екенін көрген айдаушы аяғы үсіп кетпесін деп артына мінгестіргенде ат бірнеше рет шырқ көбелек айналып, одан заулай желе жөнеледі. Ісламның бір нəрсе ойлауға да мұршасы жоқ, жүрегі дүрсілдеп аттай тулап келеді. Айдаушы оған «түс» деп əмір етеді. Үйден шыққан əйел «иа, құдай, иа құдай, қайтып алып келді» дегенде Іслам өз үйіне келгеніне сенер-сенбес болып, тұрып қалыпты. Əлгі айдаушы атын байлап мылтығын кезеп «жүр үйге» деп бұйырады. «Тақсыр, алдымен сіз кіріңіз» Іслам тоңған аяғына қарамай бəйек болады. Айдаушы мылтық дүмімен оны май құйрыққа түйіп қалып «кір!» деп зекіріпті. Іслам жығыла-сүріне үйіне кіріп, жауын өткен жылқыдай қалш-қалш етіп, қорыққанынан отыра алмапты. Айдаушы мылтығын сүйеп, малақайын алғанда Ісламның көзі бадырайып, аузы ашылып, кімді көріп тұрмын дегендей қайран болыпты. «Ассламағалейкум, молла, біраз тоңдыңыз ба» деп жылы шырай білдіріпті. Алдында тұрған адамның Нұртаза екенін таныған Іслам: «Сенімен бір жыл туғаныма да тойдым. Сенімен құрдас болғаныма да тойдым» деп отыра кетіпті. – Бəсе, мынау өзіміздің Нүкең болып шықты ма?– қарққарқ күлді Қайса. – Нұртаза тауға барып, түн қатып келе жатып, Ісламды
─ 49 ─ бір қорқытайын деп əдейі бұрылыпты. Мұның Ісламнан алған есе, қайтарған кегі осы ғана болыпты. Əйелі бір жағынан көзінің жасын сүртіп, бір жағынан күліп, «ойпырай, құрдас-ай, аясаң болмай ма! Мына қоянжүрек, қорқақ сорлы емес пе» депті. Сонда Нұртаза «менің қолыма көзір, аяғыма кісен салдырып, төрт-бес жыл абақтыға қаматқанда жүрегі жолбарыстың жүрегіндей емес пе еді» деп көңілі қалған құрдастық өкпесін де айтыпты. Əйелі білімді адам сияқты... «Білместікті кешірмесең, білгірлігің қайсы, құрдастың құдайы бір, жібектің түйіні бір деген емес пе, кешір оны» деп құрдасынан өтініпті. «Талай-талай кеңірдек келіп еді, сен үшін бəрін де кештім» деп құрдасының əйеліне қалжыңдағанда, Іслам разы болып кетіп: «Алла өміріңді ұзын, мəртебеңді үстем етсін» дей беріпті. Сонда əйелі шыдай алмай күліп жіберіпті. – Ойпыр-ай, бұрынғы құрдастар не деген ойнайды. Əзіргі құрдастар мынадай істесе қызылшеке болып төбелеседі ғой, – деп Қайса екі құрдастың бастан өткізген ойыны мен шындарын көз алдынан қайта өткізді. – Ал, бауыр! «Ісламның құрдасы» деп айта жүрерсің. Əңгіме де осы жерде аяқталды, – деді Тұрдыбек. Екеуі ат үстінде қол алып, екі жолға түсті.
─ 50 ─ АЛҒАШҚЫ АДЫМДА Көш жүріп кеткеннен кейін атқа мінген Мəрия қайтақайта артына қарай береді. Ұзын кірпігін қаққан сайын, қара көздің шарасына тола қалған мөлдір тамшылар əжімсіз ақ бетінен домалап барып, қоңыр түбіт салыға тоқтайды. Мəрияның ойын сезгендей бүкіс жирен де төрт аяғын əлмексəлмек көтеріп керенау басып келеді.... Тұла бойын ашу кернеп алған Жапалақ көліктерді ықсыра айдап бұл кезде Тастының аузына барып та қалғанды. Қақпа тастарға кимелеп қағысып қалған көліктерді «үй сасық» деп ұзын сырығымен қағып қойып, ол да ауық-ауық артына қарайды. Ол үмітпен емес, күдікпен қарайды. «Əлде əлгі пəле артынан келіп қалды ма?» деген ойын бір кезек астындағы шұбалаң құйрық қоңыр атпен алдында кетіп бара жатқан төрт-бес қараң-құраң аударып кетеді. «Жылында бір қараны жігіттің жігіті қосады. Ал ішіпжемнің сыртында жылына үш қара табу қайсы жігіттің қолынан келеді? Енді малды малмен табамын. Екі атымды жаздай қоя берсем, өз майымен екеуі екі қара тұрғызады. Екі атан өгізді майласам қыстық азық болып жатыр. Жазға бірер сиырдың сүтін Құдияр өзі-ақ берер. Оның айтқан жерінен нақ шықтым емес пе?! Жақынның аты жақын, «қарыстан сүйем жуық» дегендей, туған нағашым болмаса да менің намысымды ойлап жүргенін айтпаймысың, бəлем Асқар, осы «дөңгелек-ақ» аяғыңды аспаннан келтіріп, абыройыңды айрандай төгер!». Жапалақтың осы бір ойының жалғасын мынау бөлді. Тарғыл өгізге теңдеген ала қаптың бұрышын бұта іліп кетті. Маржандай қызыл бидай шүмектен құйған судай сауылдап барады. Қоңыр аттан сасқалақтап қарғып түскен Жапалақ жығыла-сүріне барып өгіздің бас жібінен бір қолымен ұстай алды. Бір алақанымен ала қаптың жыртығын басты. Сиырлардың артында қалған тарғыл өгіз пышылдап тоқтамады. Жыртылған жеріне не тығындарын білмей есі шыққан Жапалақтың кішкене шүңгіл көзі жанжағына қаранып жылт-жылт етеді. Беліндегі белбеуін алай-
─ 51 ─ ын деп еді, оған бос қол жоқ. Ана қолын босатса бидай сау ете түскелі тұр да, мына қолын босатса тарғыл өгіз жүріп кеткелі тұр. Күйгелек Жапалақ тарғыл өгізді басқа теуіп те жіберді бір кезек. Енді артына қарап мойнын əтешше созып алып: – Ой, иттен жаралған, жүр ойбай, жүр!– деп озандады, – əй арылмаған қу қырсық, қашан құтылар күн болар екен! Жанталасып өгіздің бас жібін əрең дегенде шешті де табанына басып, бір қолымен белбеуін алып қапты тығындады. Өгіздің бас жібін түріп жатқанда, айналмадан шыға келген Мəрияға: – Əй, артыңда əкеңнің басы қалды ма? Ит мініп жүрген жоқсың, тезірек жүрсең болмай ма?– деді. Жапалақтың дөрекі сөзіне күйінген Мəрия «менің де, сенің де əкеңнің басы сонда қалды» деп айтайын деп оқталса да кең мінезділік істеп ақылға жеңдіріп: – Е, не болып қалды? – деді байыппен ғана. – Не болып қалды, көріп тұрсың ғой, не болып қалғанын, – деді төгілген бидайға көзін төндірген Жапалақ. – Сенің ырысың, құт-берекең тауда, төгілгені сол, орып аларсың күзде, – деп сол қолымен тікшелеу доғал мұрнын шүйіріп қойды Мəрия. Бас жібі түрілген тарғыл өгіз еңіске қарай өңкілдей жөнелді. Таңертенгі көктемнің бар шытқыл суығы тек Жапалақтың қабағына жиналып алыпты. Ол үнсіз тұрған Мəрияға сол ызғарлы қабағымен ата бір қарап, сырығын жерге тіреп қоңыр атқа қона кетті де: – Тезірек жүр, мына жердің қапа тасы жаман, қиратады мыналарды, – деп келте бұйрық беріп, қопақтап желе жөнелді. Бұрында осы жолмен тауға шығып үйренген қызыл сиыр жас бұзауын ертіп көштің алдында кетіп барады. Қалың жарма тастың арасындағы ат жолдан басқа бұра тартар жол табу қиын. Сиырлар бірден шұбап келеді. Мəрия мен Жапалақ көш артында, екеуінде де үн жоқ. Анда-санда Жапалақ қана ысқырып дыбыстап қояды. Көлік қалың бақатал арасындағы судан өткенде қызыл бұзау іркіліп қалып, ең соңынан ұзын сырықтың қақпайымен
─ 52 ─ өтті. Артында қалған бұзауына қайырылып тұрған қызыл сиыр қасына барған ала тайыншаны мүйізімен іреп қалды. Тайынша жарма тасқа омақа атты. – Өлтірді-ау, ана қарасан, – деп Жапалақ көліктерді тездете айдады. Тайынша орнынан əлі тұрмады. Ызаланып келе жатқан Мəрия: – Е, «секеңдеген жігіттің серкешінің соры», қалғанында осылай да жоғалтып, дəт демесең нең кісі сенің, – деп атын бұра тартып еді, алдағы көліктерден өте алмады. Арық ала тайыншаны тұрғыза алмаған Жапалақ: – Əй, қайырсыздың малы, мал көрмегір, осыны дұрыс бағып-қақса қайтер еді?– деп отыра кетті. Екі алдыңғы аяғы бірдей үзілген ала тайынша көзі жаудырап тұра алмай жатыр. Жапалақтың бір жылда тапқан үш қарасының бірі осы ала тайынша болатын. Оны таяу да ғана үш ағаш бидай беріп біреуден сатып алған. – Арықтан өлген жоқ, «қой баласын көрмеген қуалап жүріп өлтіреді» дегендей тау-тасқа қуып жүріп өлтіріп, елден несін көресің, бауыздап таста, обалды қылмай, – деді Мəрия тайыншаның басында құран оқитындай шошайып отырған Жапалаққа. – Əй құдай, енді осыны да көп көрдің ба маған, – деп налыды Жапалақ. – Құдай итеріп жіберген ғой тайыншаңды, өзіңнен көр. Алдыңдағы бақытты басқа тепсең, қырсық қырына алмай қоя ма? Бөліп берген тауға барсаң саған біреу қой деп па, – деп Мəрия қабағын бір шытып жүріп кетті... *** Құдияр шеки басып келе жатқан құла жорғаның басын сəл тежеп: – Иə, солай-солай, Асқардың саған қалай қызығып жүргенін сырттан естіп-біліп жүрмін. «Болмасын əйеліңде екі көзі» деп Абай тегін айтпаған ғой, сірə, аты шыққан жігітке қыз ынтазар» ғой баяғы. Иə, жібекті кімнің кигісі келмейді,
─ 53 ─ сұлуды кімнің сүйгісі келмейді. Келіншегіңді көрмесем де естігем. Екеуінің бірін-бірі мақтап жүргені де осыдан болар. Осы жағына өзің де сəп салып көрші, – деп Құдияр ширақ үн қатты Жапалаққа күйініштігін білдіріп, – ал, сол əйеліңнен ақыл-ойың болсын, қайратың болсын төмен бе?! Осыдан ойлағанда ол əйеліңді босқа мақтап жүрген жоқ. Асқардың өз есебі өзінде. Құдияр кездескеннен бері арадағы əңгіме Жапалақты қатты ойландырып келеді. «Рас, Асқар əйелдерге «Мəриядан үлгі алыңдар» дейді. «Əйелдерге өзің айтып түсіндір, Мəрия!» деп аузынан тастамайды. Неше жылдан бері менен бала көтермей келіп, осының қасынан келгеннен кейін бала көтерді. Иə, қараған шипагердің себебі болды ма? Жоқ, құдай бермегенді шипагер қайдан берсін. Жапалақ десе жапалақ екенмін-ау, жалпылдап ұша беріппін-ау. Сырттағы адам көргіш болады. Мынау əбден естіп, біліп жүр екен». Жапалақтың қатты ойланып келе жатқанын Құдияр сезе қойды. – Бөтен емессің ғой, Жапалақ, сырттан барлық қалжайыңды сұрап жүремін. Ана Асқар қой бағып менің қолымда да тұрды. Адамның алааяғы, əйелге келгенде оның айласы тіпті көп. «Адам тіліне аспандағы бұлт айналады» дейді қазақ, бекер емес сол. Тілі май, жүрегі тікен неме оның. Пысық, тəуір болар деп басында көп демедім. Кейін əлгіндей əрекеттері ауыл маңын шулата берген соң шығарып жібердім. Қазір ол сендерге бастық, сендер оның қоластындағы адам, қайда жұмсаса бара бересіңдер. Міне, сен «шыққалы үш күн болды» дейсің, басқаны жібермей сені жібергенде мақсаты не екенін қайдан білесің? Қанша сенімді дегенмен, əйел деген халық көрсеқызар келеді. Асқар дегендер қазір уылжыған жас жігіт, оның үстіне өзі де əйелдерге ыстық көрінетін ретті неме ғой. Əйелдің қандайы болса да оған қызығады. «Астыңдағы атыңа, қойныңдағы қатыныңа сенбе» дейді бұрынғы жақсылар, – деп бір шырт түкіріп алды да, «емім қонды ма»дегендей Жапалаққа тесіле бір қарап қойды. Қоңыр аттың топ-топ
─ 54 ─ етіп желген желісіне басы изектеген Жапалақ іштей де, сырттай да мақұлдап келе жатқан сияқты. – Жарықтық, бұрынғылардың сөзінің бəрі рас қой, – деді бағанадан бергі Құдиярдың сөзіне айрандай ұйып, күдігі көңілінен асып келе жатқан Жапалақ. Бұлар алғаш кездесіп амандасқаннан кейін, «иə, малдан нең бар?» деген Құдиярға Жапалақ: – Құдайға шүкір, ұлылы-кішілі алты-жеті қара бар, төртеуі күш көлік, – деп мақтана шүкірлікпен айтқан болатын. Енді соны есіне алған Құдияр: – Мына кооператив алдымен сол күш-көлікті алатын сияқты ғой, – деп бір тоқтады. Енді кооперативтен мал жағынан жиренуге қалай деген оймен: – Иə, кірім кіргізетін сол адам күші мен көлік күші ғой. Кооперативке кірген адам өзі де алдымен соны қосады емес пе, – деді бұл жағынан күдігі жоқ Жапалақ. – Шіркін, мына сендер сияқты адамдар сол төрт қараның майымен-ақ жылына төрт қара табады ғой. Кооперативке кірсеңдер, ол қайда сендерге. Өз малыңды өзімдікі дей алмайды екенсің. Бірақ, кірмейім десе зорлап та енгізбейтін сияқты. – Əй, нағашы-ай, ана келініңіз бен Асқардың жайы демесеңіз бұл қашатын нəрсе емес. Алғашында группа болудан да қорқып едік, соған кіргеннен кейін аш-жалаңаштықтан анық сонда құтылып, мына айтып отырған қараң-құраңды соның арқасында тауып отырмыз ғой. – Əттең момындық-ай!– деп Құдияр сықылықтап бір күліп алды, – жездеміз марқұм момын адам еді, аумай-ақ тартқан екенсің. Группа деген осының алдындағы шырғасы емес пе? Сен группада бір ат, бір өгіз, тағы бірдеңкелерді сатып алдым деп отырсың, ал, сен кооператив болғанда, меншігіңе лақ сатып алшы. Əй, жазған-ай!– деп өтірік күлгені Жапалаққа «түк сезбейтін неме екенсің» деп тұрғандай түйілді. – Ал, сонда берер ақылыңыз не?– деген Жапалақтың сөзі Құдиярдың ойлап жүрген мына бір мақсатына дөп келді. – Қазақтың кооператив болуына іштей наразы болып
─ 55 ─ жүрген Құдиярға, əсіресе, Асқар бастаған топтың кооператив болғалы отырғаны ішіне от жаққандай болды. Екінші бір жағы Құдиярдың тегін жейтін мына дөңгелек шидің қияғы егінге айналғалы отыр. Оның Жапалаққа жабысып, оны қырғи қып Асқарға салғалы да отырғаны осы. Асқардың сонау бір жылғы үстінен берген піркірлері əлі де көз алдынан кетер емес. – Бара-бара осы коперативке бəріміз де кіреміз. Ақыры қалай болады, байқап көрелік. Ең алдымен ана Асқардан іргеңді бөліп ал. Тіпті сол əйел үшін өз жаныңа қас болуы да мүмкін. Сол пəледен бір бөлініп алшы. Егер тіліңді алатындар болса оларға əзірше кооперативке кірей тұра тұрудың пайдалы екенін айт, мұны менің сөзім емес, өз сөзің етіп айт. Қандай, Асқармен жақсы болмай жүргендері бар ма еді? Бар болса соларға айт. – Əй, нағашы-ай, бізде өзіңіз сияқты жақсы-жаманды білетін адам бар ма, бəріміз де ылғи соқыр емеспіз бе. Барлығы сол Асқарды пір көреді. – Жə, осыған кірмейім деген сөзің бар ма еді? – Жоқ, осыны қалай етеміз деп əлгі келінсымағыңызға айтсам, «өлсек те осылардан айырылмайық, не зиян көрдік бұлардан» деп ұнар емес, – деген Жапалақтың сөзіне қарқылдай күлді Құдияр қасқа тісі үңірейіп. – Е, сен зиян шеккенмен, пайданы келін табады, – деді сəлден кейін жуан көзін бір төңкеріп, түлкі мұртын ширата жимиып қойды, – келіннің кеткісі келмейтіні уыздай жас жігіттен айырылғысы келмейді ғой, – деген Құдиярдың сөзі Жапалақтың жанына қатты батты. Шүңірейген сарғыш көзі жасаурап, қызыл сары бетіне шақпы шөптің тікеніндей сары түктер үрпиіп шыға келді. Астындағы қара керді қамшымен тартып та жіберді ашумен. – Мен, құдай біледі бөлдім іргемді. Қосылмайым кооперативке, осыдан барысымен-ақ көшем, – деп бұлқынды. Тастаған шоғы тұтағанына іштей қуанған Құдияр тізгінін тежеп тұра қалды. – Ондай болса мені көрдім деген сөз аузыңнан шықпасын.
─ 56 ─ Мұны азғырып жүрген Құдияр деп ана Асқар сап ете түседі, – деді. Дөңгелек ши мен Тастының айырығына келгенде: «мына Құржыра бойына барып, мүмкін болса кеште сенің үйіңе оралармын...» деген Құдиярдың сөзімен, екеуі де мақұлдасып ат үстінен бастарын бір-бір изеп алды. – Ал, қош бол! – деп атын солға бұрды Құдияр. Күн батуға таяп қалғанда Құдиярдан бөлінгеннен кейін, Жапалақ та бүлкектете жөнелді. Оның барлық ойы Асқарға ауысты. «Болмасын əйеліңде екі көзі, əй адам, адам, саған сенуге болмайды екен-ау! Əлгі қандай қырағы адам, бұрыннан ат үстінде жүрген кісі. Қулық-сұмдықтың бəрін біледі ғой. Əттең Мəрия, мүйізің ішіңде екен-ау. Осының бағына жолыққан əйелі деп жұрт шуылдап еді, бүйтіп жүрсе қай жеріңде бақ тұрсын. Асқардан менің нем төмен? Сондағы жиырманың желігі, мендегі қырықтың қылауы ғой. Қап, əкеңнің.... Асқар, жер қаптырармын». Осы шырмаш-шату оймен болған Жапалақ ауылға қалай жеткенін де сезбей қалды. Алды-алдына жайылып кеткен қара шапанның етегін енді жинады. «Үш күннен бері не болды екен?» деген күдік те сап ете қалды. Жапалақ үй жанына келіп аттан түскенде, үйден Асқар мен Мəрия қатар шықты. Жапалақтың барлық күдігі түгелімен расқа шықты. Сəлем беріп, атын ұстаған Асқарға шегір көзін қоян көрген қаршығадай бір қадап қалды. Бірден тиісудің жолын таба алмай сырт айналып, қаракердің тырсылдап тұрған айылын босатты да ала қоржынын алып үйге кіріп кетті. *** Күн батарда ғана айырылған Құдияр Жапалақпен шыт жаңа болып амандаса отырып, алаулап жанған от жарығымен үй ішіне айнала көз жіберіп те үлгерді. Қара лашықтың сыртқы порымы болмаса ішкі бұйымдары қала порымын көрсетіп тұр. Қалаға жиынға кетіп барасыз ба?– деді Жапалақ күні бойы бірге келсе де осы жəйітін сұрамағаны есіне түсіп.
─ 57 ─ – Жоқ, тəйірі, жиынды мен не қылам, қаладан біраз шайшалаң алуға кетіп барам, – деп Құдияр көзін үлкен жез шəугімді сүртіп отырған Мəрияға аударды. – Ұн мен шай кооперитивіңізде бар емес пе?– деді шынтақтап жатқан Жапалақ басын жұлып алып. – Бар ғой, бірақ, бізге барған нəрсе жамаусыз бармайды, аз дегенде 50 тиын жамап жүреді. Үкімет қазаққа солай сатыңдар дей ме, болмаса соның кадрлары солай істеп отыр ма, ұқпадық. Құдиярдың мына сөзі Жапалақтың ішіне симай кетті. – Апыр-ау, бəрібір тіпті мынаның шығыны одан да мол. Бір адамның тері, ат майы деген одан неше есе асып жатыр емес пе?– осы сөзім орынды-ақ болды-ау дегендей, биік қабақтың астындағы шүңгіл көзін Құдиярдың үлкен ала көзіне түсіре қойды. – Иə, ол сендердің есептерің ғой, біздің қазақ соны есептеп жүре ме, онсыз да ауыл арасында мініп, тіпті, белдеуінде бос байлаулы тұратын бір тайы емес пе, – деді Құдияр. Мына шындықты іштей біліп отырса да, бағанадан бері бұлардың сөзіне араласпаса да, Құдиярдың «бізге жамаумен келеді» деген сөзін құлағы шалып қалған Мəрия: – Олар қазір өздері кіремен алып шығады емес пе. Қаладан артығы сол ғой, – деп бір ауыз сөзді сыпайлықпен айтты да төр алдындағы шағын ғана дөңгелек үстелге мол нан туралған ас жаулықты жайып шайын құйды. Құдиярдың шайдан бұрын «бисмілла» деп аузына салып жіберген кесектеу бір барша наны суалыңқы екі ұртына кезек жүгіріп бұлтылдайды. – Мына шиді түртіп жатқандар кім, одан не ал мақшы?– деп қасқа тісінің орнын үңірейте бір күліп қойды Құдияр. Аузы шыныдан босай қалған бір кезде: – Оны жыртып жатқан біз, содан немене ала тынымызға менің де көзім жетпейді? – деген Жапалақтың сөзіне іштей қуанды ол. – Бұған мұнан бұрында талай адам əуре болған, Алла біледі күзде бидай емес, ши орып аласыңдар, – деп шыны-
─ 58 ─ сын бетіне төсеп көзінің астымен Мəрияға бір қарап қойды Құдияр. Оның кəрі көзі ең алдымен Мəрияның күміс жүзікке орнатқан қара меруерттей көзіне түсті. Кірпігін қайта қаққанда қоңыр салымен қоршаулы тұрған жұп-жұмыр ақ тамақтан сырғып барып, топ-тоқ омырауына тоқтай қалды. Демін ішіне тарта бір күрсініп: «Мына жаман Жапалақтың бағы неткен зор, мұның қолына қалай түсті екен есіл неме, мынадан сау болса Асқар да періште болар, мынаның да қорғаштап жүргені сол ғой» деп ойлады ішінен. Арада бір шыны шайын ұсынып та алды. Осы кезде сары шəугімнің де қақпағы көтеріліп ыдыс-аяқтарын жинаған Мəрия тысқа шығып кетті. Құдиярдың кəрі көзі орта бойлы, толықтау келген Мəрияның денесін сырт жағынан да ұзатып салды. «Иə, одан маған бұлт жуық» деген оймен өзінің əуелгі мақсатына көшуді жөн көрді. Жапалаққа таяп бұл үйге қайта оралғандағы ойына ауысты: – Иə, мына қытай ағайындарыңмен берекелерің қалай? – деді. – Оларға айтар жоқ. Осы отырған қытай кедейлері мен қазақ кедейлері ежелден-ақ таныс-біліс. Əлгі помещиктердің малшылары мен жалшылары ғой. Тіпті, арамыз өте жақсы. Мені осылардан айырғалы отырған ана Асқардың тізесі ғой, – деп бір күрсініп қойды Жапалақ. Мына сөзді жақтырмаған Құдияр: – Е, солай, ана Асқар ғой олардың ұшырып отырған қырғиы. Өздері бой көрсетпейді. Ана сияқты ақымақ қара жүректерді сен сияқты момындарға қайрап салып, қарап отырады емес пе. Осы қазақ баласына істеген жамандығым жоқ еді. Асқардың кеселінен тəрбиеге де бардым емес пе, – деді. – Иə, иə, білеміз, онда сізді əлгі бандылармен ілесіп қашқандығың үшін апарды ғой. Сізді қайтарып келген армияны да осы бастап барған. Жапалақтың мына сөзін бұрмалағысы келген Құдияр: – Оны қойшы, ол бір жағдайда болды ғой. Бірақ, тым
─ 59 ─ рахымсыз жігіт. Жақсы болса, сенің көзіңе шөп сала ма? Ой, дариға-ай! Намысын жібермейтін жігіт қайда?!– деп Жапалақты онан əрі ушықтыра түскісі келді, – мен саған екі түрлі нəрсе үстінде ашынамын. Бірі мына Асқардың сені аяқасты етіп отыруы; екіншісі, əкең марқұм бір діндар адам еді, сенің мына қытайлармен ыдыс-аяғыңның араласып отыруы қатты қинап отыр мені. Осында түсерін түссем де сол ыдыс-яақ жағын ойлап аз сескеніп қалдым. Сендердің көңілдерің үшін лажсыз шайды іштім. Осылай деп айтарынайтса да Құдияр ойланып қалды. «Мына ашықауыз ертең біреуге айта салып, берекемізді бұзды деп жүрмесін» деп іштей сасқалақтап қалды: «Əншейін сені өзімсініп айтып отырмын-ау, мұны сырт біреулер естісе едəуір өсек болады. Бұл сөзім тек ішіңде болсын», – деп бір тоқтады. – Аллаға сеніңіз, маған сеніңіз, өзіңіз өстіп жан тартып отырғанда, мен сізді не деп жамандаймын. Екі сөзіңіз де орынды, үйімізден қазақ сескенетін болса, əкеміздің əруағын тебіренткенім емес пе! Ал, ана Асқар мəселесі ме? Оның абыройын айрандай төкпесем, нем кісі?– деп Жапалақ ашуын шот маңдайына жиып алды. «Аллаға сеніңіз» деген Жапалақтың байлауынан кейін арбиған ұзын денесін жыланша бір жиып алды да кеми сөйледі Құдияр: – Осы бір мұсылманшылық жайын қазақтарға өз сөзің етіп айт, ол саған мұсылманшылық үшін үлкен сауап. Оны айтқанда да жастарына емес, ана қартаң адамдарына айт, – деп алдынан өтіп бара жатқан тарғыл мысықты қолымен қағып жіберіп, тағы бір тақауырлап қойды, – айтпақшы, сен бұл істі күні ертең бастама, бірнеше күн өткізіп жіберіп баста, – деп жуан көзін есік жаққа бір жіберіп, сілекейін жұта қылғынып қалды. Қоқайып көрініп тұратын бөбежігі жоғары бір, төмен бір жүгіріп барады: «Асқардан кегіңді қалай аласың», – деді қоңқиған мұрнын бір уқалап та қойып, жымия күлді. – Несі бар, айтқан тілін алмаймын, қарсы шығам да тұрамын. Одан кейін тас-талқан болып көшем, – деп Құдиярдың алдына бата тілегендей алақанын жая қойды
─ 60 ─ Жапалақ. Күліп жіберді Құдияр. Жапалақтың жаюлы қолын сырып қойып: – Əттең, шіркін-ай, Асқар мен келіншегіңнің басынып жүргені осы жуастығың ғой. Одан өйтіп кек ала алмайсың. Ол сенің намысыңды қалай аяқасты етсе, сен оның абыройын солай төге алсаң, кегің сонда қайтады. Неғұрлым оның істеген істерін бұз, – деп бір тоқтады, – ашық бір нəрсе айтайын десем осы жуастығыңнан пəлен айтты деп жүре ме деп қорқам. Бұл сөзді естіп сабыры кеткен Жапалақ: – Əй нағашы, алланың атын аузыма алдым ғой, тақ осының ызасына не пəле болса да көндім, – деп қызына сөйледі. Сары жүзі күреңдеп те кетті. «Ақымағым əбден бұйдаланған екен» деді іштей қуанған Құдияр тазығыр қасын көтеріп қойып. – Иə, айтайын, мінген көлігін, істеткен сайманын білдірмей бүлдір де отыр. Онан кейінгі абыройын төгетін бір жайың – əйеліңді еркін қоя беріп, екеуінің жеке отырған жерінде ұстап əкел де «мынадай болды», деп жұрт алдына сал. Одан кейін Асқарда ненің абыройы қалады. Кегің қалай қайытпайды. «Біреу тойға айналса, біреу қойға айналады» дегендей, бізді сөзге салып қойып келін тойда жүр ме?– деп Жапалақтың кегін онан əрі қоздырып қойды. Сырттан білінген дыбысқа құлағы елең етіп: – Айтпақшы, бүгін-ертең əйеліңе де қабақ шытып сыр берме, – деп қалды мойнын соза сыбырлап. Құдиярдың қулығын таусамастан бітеу жұтып жатқан Жапалақ сырттан кірген Мəрияға: – Ей, мына кісіге жайлап төсек сал, – деді жылы шыраймен. «Əй ашық ауызым, айтқанды ұғады екенсің-ау» деді ішінен алғаш келгенде Жапалақтың əйеліне кірбең отырған бейнесін сезген Құдияр. «Əттең, осыдан бірнеше жыл бұрын көзге түссең, мына ашықауызды тақыр жерге отыртып та кеткен болар едім. Асқарды арандатуыма мынаны айранша ұйытып, қызғаныш тудырған осы мүсін ғой» деп Мəрияға тесіле қарады да тойған торпақтай паңдана басып далаға шықты. «Істің бəрі осылай бола берсеші, бұларды
─ 61 ─ іріте беру үшін осы керек. Кооперативін осылай ыдырата берсем кедейі ұйыса алмай жатқан қазақтың байларын қайдан ұйыстырады. Қырға да, ойға да қырғиымды осылай ұшырамын» деген бір қуанышты оймен салынған орынға келіп ұзын денесін шөгетін түйеше неше бүктеп жатты да көзін жұмды. Тегіміз бір ғой дегендей тарғыл мысық та көзін жұмып оның қасынан орын алды. Екеуі тең қорылға басты. ІІ Тас қараңғы түн. Бұлыққа байлаулы жатқан екі өгіздің бырт-бырт күйсеуі мен пышылдаған мұрнының үнінен басқа ешнəрсе сезілмейді. Жемге үйренген өгіздер қараңдап қасына жетіп келген адамды көздері жаудырай бұйдасын соза иіскеп қойды. «Қой, не күнəсі бар хайуан малдың, менің де мал көрем деген үмітім бар емес пе. Менің əйелім мен өгіздің ешбір байланысы жоқ. Менің жауым өгіз емес, Асқар. Ол анық хайуан, жыртқыш хайуан!» деп жүріп кетті. Жапалақ Асқардың соңынан қанша шұқшиса да еш нəрсенің жөнін таба алмай жүрді. Бүгін кешке жақын Асқардың бұлықтың дөңгелегіне екі өгіз байлай салғанын көріп, «қап бəлем, оң жамбасыма қонғаның осы болар» деп аузын бір басып қойған. Ол ел жатқаннан кейін, қолына балтаны алды да өгіздің аяғын шағып, бұлықтың дөңгелегіне қыстырмақшы болды. «Өгізді бұлыққа байлап арандатты. Егін салуға тосқындық жасады» деп Асқарды масқараламақ болып келген Жапалақтың ойын «обал» деген сөз жеңді. Содан бері де бірнеше күн өтті. Жапалақ ауырдым деп еңбекке де шықпаған. Бүгін таң бозынан жұмысқа барған Асқар тым тез қайытты. Əншейінде сабырлы, ойлы жүретін Асқар Уаң Лидің қасына асыға басып жетті. Сөзін де əдеттегісінен жылдамдатып: – Уаң Ли жолдас, мені құдай ұрды!– деді əшейінде жалындап тұратын отты көзі жасаурап, – ана ши қараң қалды. Уаң Ли шапқалы тұрған балтасын көтерген қалпы аңырып тұрып қалды.
─ 62 ─ – Жаудың ісі ғой, бөгет жасау деген осы, қайтеміз, – деп Асқар Уаң Ли шабақ салып жатқан сынық арбаға отыра кетті. Оның сөзінің байыбына бара алмаған Уаң Ли: – Не болды?– деп балтасын тастай бере еттілеу келген қысық көзімен тігіле қарады оған. – Бұлықтың бір дөңгелегі жоқ, кəдімгідей бұранданы бұрап шығарып алыпты, – деп жайшылықтағы қуақан өңі онан əрі қуаңдай түсті Асқардың. – Бұлық қайды, далада ма еді?– деп Уаң Ли де оның қасына келіп отырды. – Сол шиге бұлық түскелі бек күн болды, күнде қораға əкелетінмін. Кеше кеш қайыттым да «осыны кім алады, дөңгелегін тасқа жүргізіп неғылам» деп тастап кетіп едім. Албасты басып, жар астында жау бары есіме келмепті. Шиге соқаның күші жетпейді. Елдің ырысына зиян салдым. Асқар басын шайқап-шайқап, дөңгелектің темірін жұдырықпен ұрып та жіберді. Кеше ғана шидің тамырын ұстарадай сыртылдатып тіліп жүрген бұлығы көз алдына келе қалды. Сол араға осы Уаң Лидың өзі де барып, дым топырақты сығып тұрып: «Асқар, жебесі қарыс бидайды осыдан-ақ көрерсің, мына жерге жаңбыр да, су да тілемей-ақ қой!» деген сөзі есіне түскенде, дембелше де қағылез денесін арба үстінен əрең көтеріп тұрды. – Осы маңда помешиктерден басқа күмəнді адамдардан кім бар?– деді өзі де ойлана отырған Уаң Ли. – Таяу жерде ешкім жоқ, сол үшін ат-тонын сайлап келмесе, – деді доғалдау қою қасты қабағын шыта сөйлеген Асқар. – Бауырым-ау, қас қылам деген жау сайланып та келеді, сайлап та жібереді. Кеше қасыңа келген бөтен адам бар ма еді? – Жоқ, із бар ма деп қарасам топырақты майдалап өшіріп кетіпті, қандай залым жау, – деп жуан бақал саусақтарының буынын бытырлатып қысты. – Əттең, Асқар-ай, білдірем деп істемейді, бүлдірем деп істейді. Ол сенен қулығын асырамын демесе, саған жаулық істемейді. Осы күнде ол саған оқ атып, қылыш шаппайды. Іннің түбінде жатып істейді.
─ 63 ─ «Енді не істеу керек» дегенді екеуі де тең айтты. *** Есік алдында отырған Жапалақ екі өгізді бос айдап келе жатқан Асқарға көзінің астымен қарап: «Мықтым, сүрінер жерің осы болар!» деп күбірледі ішінен. Он бесінен асып қорғалап қалған ай əлі көтерілген жоқ. Басында бұранданы тістеуікпен бұрады. Бұранда оған шыға қоймады. Əншейіндегі қарулы дойыр қолы дірілдеп, əлсіз сияқты сезілді өзіне де. Енді тістеуіктің алқымына салып бұрады. Басы-көзін тер басып, ес кетіп, жан шыққанда барып бір дөңгелекті шығарды. Отыра қалып төңірекке зер сала қарады. Көзіне елес, құлағына дыбыс білінбеді. «Ух!» деп бойын сəл жиып алғандай болды. Аңыздың майда топырағына түскен іздерін майдалап өшірді. Дөңгелекті қолтығына қыса салып шилі ағынды құлдай жөнелді. «Бəлем, бұл бірінші түскен қақпаның болар, ал екі аяғыңды тең қырқатын жолбарыс қақпан алдыңда, оны баспай кете алмайсың, ыржаңдасып отырғандарыңды көрсем, қақпанға түскен қасқырдай езуіңді тілермін» деп азу тісін бір басты. Аяғын тездете басып тағы ойланды: «құдай өзі нысап берсін, егер осы қатын шын бұзылса, менен кетіп те қалады. Өзі жас, қарайлайтын бала да жоқ. Осыны сүріндірем деп жүріп қатынымнан айырылып екі қолды мұрынға тығып қалмайым ба?» деп сəл кідірді де, «мейлі», деді сəлден кейін. «Өзің еркек болып тұрып, əйеліңнің көңілі басқа біреуде болса, қандай еркек шыдап тұра алады?». Осы кезде оның бозғыл көзіне бір қара перде тартылды да аяғының астын көрмей қалды. Үлкен түп қарағанды құша жығылғанын бірақ сезді. Арт жағынан біреу дүбірлетіп қуып келе жатқандай болды. Дөңгелекті тастай беріп тұра ұмтылды. Бірнеше адым алға да жүгіріп кетті. Құлағын салып тыңдады. Өз жүрегінің дүрсілінен басқа еш нəрсе сезілмеді. Қайтадан дөңгелекке оралды. Дөңгелекті алып жатып «Əй, жүрек деген неме əрі батыр, əрі қорқақ екен-ау, өз жүрегімнің дүрсілінен осын-
─ 64 ─ ша қорыққаным не? Адам қорқатын іс істеп келем-ау, егер біліп қойса не болдым, əй əкеңнің көрін... Асқар, сенің кеселің болмаса, көпшіліктің дүниесін өстіп бүлдірер ме едім, сен тыныш жүрсең, мен де тыныш жүрмес пе едім»– деп ойлағанша көздеген жеріне келіп те жетті. Жұмсақ құмды есіп-есіп, дөңгелекті жүйіткітіп жіберіп, екі түп нар қарағанды белгі етіп жүріп кетті. «Апыр-ау, мені іздеп біреу келсе қайтем. Ертең дөңгелек жоқ болып шығады. Сонда менен күдік ойламай ма?» деп бір іркілді, «дөңгелекті қайта апарып салып қойсам ба?! Егер біздікіне барса əлгі Асқар сұм барады, егер ол барса менің жоғымды пайдаланды ғой. Əй, иттің баласы-ай!» деп алға тартты. «Апыр-ау əйел деген неткен қу. Жоқ, мен өзім аңқаумын. Басында сол итті өз інімдей көрдім-ау. Ой, сұр жылан, сонда-ақ арбап шаққалы жүр екен ғой мені. Өзінше кооператив құрмақ. Оның бас алқасына еркек мен тұрғанда, əйел деместен ананы қоспақ. Қосылам сенің кооперативіңе, əкеңнің басы, сілеңді қатырып, жұртта қалған күшіктей ертеңақ. Құдайға шүкір, алты-жеті қаралы болдым, ол жоқ күнде де жүрдім. Енді оны қоссам да Асқары жоқ кооперативке қосармын. Болмаса осымен жан баға тұрмайым ба, қай балашағам аштан өліп барады. Ал, іштегі бала болса, оның да кімдікі екенін құдай біледі. Ұрпақсыз кеткен деген де қиын. Бұқа кімдікі болса болсын, бұзау өзімдікі. Жоқ, құдайдың адалдан бермеген баласының керегі жоқ. Егер адалдан болса, қалай да маған бір жері тартар, арамнан болса, онда құдайдың ұрғаны. Ұлдың да шешесіне тартатыны болатын шығар, қыз болса көбірек шешесіне тартады» деп ойлады. Мəрияның екіқабат болғанына Жапалақ қатты қуанышта болып, жатсатұрса құдайдан соның амандығын тілейтін. Осы аздан бері сол қуанышына да күдікпен қарайтын болды. «Бəсе», – деді келе жатып, – «бұл екі қабат əйелді ауыр жұмысқа салмайды деп, жеңіл жұмысқа аударуында да бір мəн бар. Əй, Құдияр данышпан-ақ екенсің. Дүниеде ақымақ екеу болса, бірі екенмін де, біреу болса, өзі екенмін ғой. Түкті көрмейтін шүңірейген түрің де жаман ғой» деп ызамен көзін де бір шұқып қойды.
─ 65 ─ Сыртта жүрген ешкім көрінбеді, үйден жаңа шыққан адамдай жай басып үйіне кірді Жапалақ. ІІІ «Сұмдық Асқар Мəриямен ұсталып қалыпты!» деген сөз осы бір жиырма неше үйдің арасында шұрқан болып шауып жүр. «Асқар оңбаған жігіт екен ғой, сойқан-ай, ана бала да соныкі ме?» деген сөздер көбірек əйелдер аузында болды. Көптен бері сырқаттанып жүрген Жапалақ кеше кешкі жиынға қатынаспаған, үйде қалған. Басқа жұрт бір ауыздан қосылып бұрынғы «Достық» группасын «Достық» кооперативі етіп құрмақ болып жыйыннан кеш тарады. Сол жиында: «Жəкең неге келмеді, ол кісі қалай көреді екен?» деген Уаң Лиге: Е, ол кісі елден бөлініп, жұртта қалар деймісің, қосыламыз, қосылады, – деп Мəрия жауап берді. – Ойбай-ау, басалқаның бірі мына Мəрия тұрса, Жəкең қалай көрер дегендерің сөз бе? Ол көсе неменің ақылы түстен кейін кіреді. Оны мына ақ келіншек екеуміз білеміз, – деді сары сақалды кəртең адам Мəрияны арқаға қағып. – Солай болса да ішіміздегі қартымыздың бірі, Асқар сен Мəрия жеңгей екеуің барып, жөнін түсіндіріп қойыңдар, – деді Уаң Ли. – Мəрия жеңгей, биыл еңбекке қатынаса алмайтын болдың, Жəкем екеуің малда болғаның жөн ғой. Бірің бағып, бірің күзетте болсаң, сіздерге əзірше сол лайық, – Асқарды таныған Жапалақ «əй əкеңнің көрің... мынау енді көзімше жүріп, үйіме келіп... əбден басынды-ау, көрейін енді!» деп есіктен шықты да сырт айналып үйдің іргесіне кетіп тыңдай қалды. Асқар мен Мəрия оты қарауланып жанып жатқан үйге кірді. Мəрия шалаларды қағыстырып қойып, төсекке келіп отырды. Жапалақтың жоғын көріп: – Далаға шығып кеткен ғой, келсін, отыр, – деді төр алдында тұрған Асқарға. Мына сөзді естіп тұрған Жапалақ «ой, əкең нің... сайқал, далаға шығып кетіпті, кел, отыр дегенін
─ 66 ─ қарашы», – деп шыдай алмай үйдің жыртығынан жалғыз көзімен сығалап еді, Асқар да Мəрияның қасына таяй барып отырды. – Иə, қайсысын істе десеңдер де біз дайын, – деді Мəрия. «Е, дайын боласың» деп тұра ұмтылды Жапалақ, есікті сарт еткізіп үйге кіріп келді. Жұдырық сарт-сұрт ете түсті. Айғай да көтерілді, бағанағы шауып жүрген өсектер осыдан таралған болатын. *** Бұрыннан қабақ шытыспай келген Асқар мен Уаң Ли бірбіріне салқын қабақпен қарасып отыр. – Мен Жапалақтың мынадай іс тудыруын бекер тудырып отыр дегенге сене алмай отырмын, – деді Уаң Ли темекісінің түтінін будақтата шығарып. – Мен де солай қараймын, осы өзі істеп отырған жоқ. Мұны бұзып жүрген біреу бар. Сол табылса мəселе шешіледі. – Ал, сонда осыны кім бұзып жүр дейміз. Жапалақты саған қырғи ғып отырған пəлен адам дерлік күдікті адамың бар ма?– дегенді Уаң Ли Асқардың қас-қабағына қарай отырып айтты. – Уаң Ли, бұрын бізде сырын жасырғандар «оның атасы басқа» деп жасыратын. Ал, қазір атасы басқадан емес, ниеті басқадан жасырамыз. Менің сенен жасыратын ешқандай сырым жоқ. Осыған сенуің керек. Асқардың мына сөзінен кейін Уаң Ли қолымен еттілеу келген жағын таянып ойға шомып кетті. «Шынында бір жігіттік өткізіп қойған жоқпысың, осы Жапалақ саған неге шұқшиды?» деп айтқысы да келіп еді, Асқардың бұрыннан мұндай іске қайсы бір жастарша қарамайтынын өзі де білетін, екіншіден «өз көзім жетпей тұрып көңілін ауыртып алмайын» деп іркіліп қалды. – Дұрыс, мен сенің бақытыңа шек келтірмейін, ал, тұрмыс үстінде қателеспейтін адам болмайды ғой, мына Жапалақтың көшем деп тас-талқан болып отырғаны жақсы емес, ол осы
─ 67 ─ іспен кетем десе тоса аламыз ба? Іс анықталғанша отырсын деген Асқардың сөзінен тағы да күдік ойлады. «Əлде анау жас əйел ғой, мүмкін, екеуі сыр шашпауға уəделесіп алды ма?» деп те ойлады Уаң Ли іштей. Бірақ, Асқар мен Мəрияны ондай адамдар деуге өзі де қимайды. – Сонда осыны кооперативке қосылмау үшін тауып отырған жаласы дей аламыз ба? Асқар, өзің айтшы осыны?! – Сіз қалай ойлайсыз, бізге сұғын қадаған біреу бар. Кеше дөңгелекті алды, ал, бүгін Жапалақты алды демексіз бе?– деп Уаң Ли басын шайқап қойды. – Жапалақ кооперативтен қашып тұрған жоқ, оны біреу аздырып отыр. Жапалаққа мені жау қып көрсетіп, оның дəлелі етіп əйеліңді бұзады деп сонымен азғырды. Ана ашықауыз сорлы соған алданып жүр. Жапалақ көшсе, бұл мəселе анықталмайды, – деп үстел үстіндегі Уаң Лидың шылым құтысын ашып бір тал шылым алып тұтатты. Біреулер ұсынса да тартпайтын шылымға қолының қалай барып қалғанын өзі де сезбей қалды Асқар. – Мен Мəриямен де сөйлестім. Жапалақтың бұлай болуына о да аң-таң, тілге көнетін болса, Жапалақтың көшпеуі жөн. Ал, оған көнбегенде зорлап көшірмей қою дұрыс емес. Мəселені əлі де анықтау жөн. Кінə бізде болмасын. Түбі Жапалақ бізге жау адам емес. Біреулердің тіліне еруі де мүмкін. Мұны анықтау жағын Мəрияға да тапсыру керек. «Мен бұл жерден ақталмай кетпеймін» дейді Мəрия. Оныкін дұрыс десек, ана дойыр адам өзі кете береді де, біз отбасын бұзған боламыз. Ал, жəйтті мен Мəрияға да айттым, – деп Уаң Ли сопақша келген басын бір қасып қойды. – Сіз əлі де Жапалақпен сөйлесіңіз, əсіресе, əлгіндей тілге еріп, түсінбей жүрген жəйітін сұраңыз. Сонымен, маған қоятын кінəсі мен күмəнін да аша сұраңыз. Бұл өз басымды ақтауым немесе күдіктенуім емес. Осы іс туралы менде ешқандай мəселе жоғына батыл сеніп, оған батыра айтыңыз!– деді Асқар. Екеуі бір-біріне қарап ұзақ отырып қалды.
─ 68 ─ *** Айыр қалпағын қолына бүктеп алған Жапалақтың еріндері дірілдеп, аузы көпіршіп алыпты.... – Осы елдің əйелдерінің ішінде менің əйелім неге ерекше жақсы, жақсы көргені үшін жақсы болды. Апырыпжапырып істеп жүрген жігіттер бар. Менің əйелімнен кем істемейтін əйелдер де бар. Солар тұрғанда оны группа басы сайлады. Əйелдер озаты деп бір көтерді. Еркек мен тұрғанда, басалқаның басына соны ұсынады. Осының бəрін істеп жүрген сендер емес, Асқар. Өйтіп жүргені ана менің қатынымның беті, жасының жастығы!– деп Жапалақ сабалап келді де сұйықтау жирен мұртын жұла-жұла ширатты. – Жəке, Мəрияны олай көрсетіп жүрген Асқар емес, көпшілік. Өзінің сондық еңбегі, қабілеті бар болған соң көрсетіп отыр. Олай таяз ойланып, күдіктенуге болмайды. Жəке, Асқарға қояр кінəңіз, өкпеңіз осы ма? Көпке сеніңіз, маған сеніңіз, Асқарда бұл мəселе жоқ, – деді Уаң Ли мына айтқандарының орынсыз екеніне көзі жетіп. – Е, бəрің де соның сөзің сөйлейсің. Ол алааяқ бəріңді де алдайды əлі, – деп қара шапанының етегін астына баса түсті Жапалақ. – Жəке, сіздің көзіңіз екеу, ал, жұртта көз көп. Солардан бірден-бір шалған көз, күңкіл күдікті ет құлағыңмен естіген жерің бар ма? – Оны не еститін, не естімейтін, шүңірейіп тұрған мынау жаманда болса көз ғой, осы көзбен көріп, құлағыммен естіп, мына қолыммен ұстадым емес пе?! Менің қатыным кешке дейін Асқарды мақтайды. Мен далаға шықсам, Асқар менің үйімде болады. Тіпті, бір нəрсені саған айтайын десем аузым бармайды, – деп көзі жасаураған Жапалақ астыңғы ернін қатты тістеп, санын салып қалды. – Айтыңыз, көңіліңізде қандай күмəн болса да жасырмаңыз?– деді бар зейінін Жапалаққа бөліп отырған Уаң Ли. «Артымда ешкім жоқ па?» дегендей Жапалақ ұзын мойнын артына бір бұрды да Уаң Лиге таман еңісе отырды:
─ 69 ─ – Шырағым, мен осы əйелмен үйленгелі 7-8 жылдан асты. Күндіз-түні құдайдан бала тіледім, көрмеді құдай. Бір жылдан асты Асқармен іргелес болып қоян-қолтық араласқалы. Сонда көрмеген көз жасымды енді көрді. Ертең-ақ Жапалақ емес Асқарды көргелі отырмын. Мен кооперативтен емес, Асқардан қашқалы отырмын, – деп мүсеуреген Жапалаққа не деп жауап берерін де білмей Уаң Ли орынынан тұрып кетті. – Басқа қандай өкпе-назыңыз, себебіңіз бар, бəрін де айтыңыз?– деп қайта оралып орнына отырды Уаң Ли. – Басқаларыңа өкпем жоқ. Осы жерден кетуге тағы бір себебім болып отыр, – деп Жапалақ күмілжіп қалды. «Осыны айтсам мына жақсы көретін Уаң Ли ренжіп қала ма» деп күмілжіді. – Айта бер, айта бер, Жəке, «көңіл кірі айтса кетеді» емес пе, – деді Жапалақтың бір істі айта алмай тоқталып қалғанын сезе қойып. Жапалақ аузына келген сөзді жұта алмай: – Біздің сіздермен бірге кооператив болуымызды қазақтар ұнатпайды екен. Біздің үйге келіп тамақ ішуден жиіркенеді екен, – деген Жапалақтың сөзіне сабыр еткен Уаң Ли: – Осыны ет құлағыңыз естіді ме, кім айтты осы сөзді?– деді. Мынау Жапалақтың өз ойынан шығатын сөз емес екенін сезген Уаң Ли: «мұны аздырып жүрген біреу бар» деген Асқар ойының тура екеніне енді көз жеткізгендей болды. «Кімнен естідіңіз?» деген сұрақ шыққанда: «Мен айтты деме, өз сөзің етіп айт» деген Құдиярдың сөзі есіне түскен Жапалақ: – Мұны ауызекі емес, ұзын құлақтан естіп жүрмін, – дей салды. – Жоқ, ұзынқұлақ болғанда да сізге жел сыбырлап кетпейді ғой, естіген адамыңызды айтыңызшы? Міне, бұл анық бүлгінші. Біздің адал ісімізді арам деп, ортақ ырысымызды тоздырғалы жүрген дұшпан, міне соны айтыңыз?– деп Уаң Ли шұқшия түсті. – Мұны қойшы, бұл жай сөз ғой, кімнен естігенім есімде жоқ. Бұл жерден мені бездіріп отырған ана Асқар. Мен
─ 70 ─ бұл жерде отырмайым, көшемін. Бар айтарым осы, – деп Жапалақ ұшып тұрды да сырт айналып жүре берді. *** Кешеден бері ешкімнің тіліне көнбеген Жапалақ таң шеті сөгіле үйін жыға бастады. «Жау қуып келе жатқан жоқ, бір ыстық ішіп алайық, сені ешкім байлап алмайды» деген Мəрияға оқты көзімен ата бір қарап қойды да жұмысын істей берді. Жапалақ үйдің киізін сыпырып болған кезде ауыл адамдары да тегіс тұрып болған еді. «Не болды, қайда көшіп жатырсыңдар?» деген сұраққа: – «Социализмге» көшіп барамын дейді ғой ана адам, – деп жауап берді Мəрия. Ауыл адамдары түгел жиналды. Шапанын желбегей жамылған Уаң Ли тарғыл өгізге құрым туырлығын салып жатқан Жапалақтың қасына келіп: – Жəке, шынымен кетіп барамысың мына ауылдан?– деп еді, оның сөзін естімеске салған Жапалақ өгіздің тоқымын оқпандай берді... – Жапалақ аға, ұғыса алмай кетіп барасың, ұғысармыз əлі, – деген Асқарға жалт бұрылды Жапалақ. – Үй, нең бар менде, алатын қатының болса алып қал, əне, – деп уықты буып жатқан Мəрияны нұсқады. – Түһ, бетің күйгір, бетсіз, ұялсаңшы, – деп іштей ызаға булығып тұрған Мəрия жылап жіберді. Өзі-өз болып Жапалаққа бірінші рет қатты сөйлегені де осы еді, – Асқар тумасаң да туғандай болып кетіп ең, менің тілегім болсын, жалбарынбаңдаршы осыған, бұрынғы тонын кигенде өзі-ақ қайтып келеді. – Е, өмір өрге жетелесе, кедергі кейінге тартып жатыр ғой. Ескіліктің пердесі өмірден жыртылса да бітеу көңілдерде əлі сақталып жүріпті ғой. Оның да тозығы жетер, қалар жұртта дал-дұл болып, – деді Асқар. Аққұба өңі қызылдап ашу кернеген дембелше денесі тітіреп кетті, – қош бол, Мəрия! Асқар сырт айналып жүре берді. – Қош бол, су түбіне мүлде кетпеспіз, – деді Мəрия көзі
─ 71 ─ жасаурап. Бұл екі адал жүрек өтірікке титтей де мойындап жасқанбады. – Жəкең бізге тоқтар емес, қане жүгін артысып жіберіңдер. Буысып болғанда үйін де қайта тігісетін болармыз, – деді Уаң Ли касындағы тұрған бір-екі жігітке. Жүк артылып болып, атына қонған Жапалақ көп ішінен: – Қане, қош бол, Сарсақал! Қош бол!– деп Уаң Ли мен Сарсақалға ғана қош айтысты да көліктерін айдап жүріп кетті. Мəрия барлық көршілерге жағалай қол алысып, қоштасып жылап жүр. – Солай болсын, Мəрия, – деп Уаң Ли ат үстіндегі Мəриямен жанаса сөйлесіп барады, – осы істі анықтауға өзің көмекші бол. Тілге азып жүр ол кісі. Бұл іс анықталғаннан кейін ауылдарыңның сендерге қойны ашық, тіпті ана Жəкеңе ашу шақыруды да қой, ол момын адам ғой. Жылы сөйлесең істі өзі-ақ ашып салуы да мүмкін. Өзің де денсаулығыңа жақсы қара, мына іске өте ұқыпты бол, Жəкеңді жаудан арашалап алуымыз керек. Қане, қош бол, жылама! – деп Мəрияның қолын алып қала берді. – Ай, шүңірейген көзің құрғыр көр соқыр, мына Мəрия бейшараны кімнің іргесіне апарып телміртер екенсің, – деді артқы топта тұрған бір кемпір. – Асқар «Мəрия, Мəрия» деп жүруші еді, енді қайтер екен. Үндемей жүріп-ақ ана байқұс Жəкеңді аяқ асты етіп жүріпті ғой, момын адам емес пе, көзі жетіп, көңілі қарайған соң кетіп барады ғой, – деді топ ішінен жеңіл ауыз бір жас əйел. Мəрия Ашмойнақтан асқанша əлгі топ қарап тұрды. ІV
Қоңыр жылқының терісін бөктеріп, күзекшін жирен биені жетелеген Құдияр ішінен əлде нелерді айтып күбірлеп келеді. «Мына қырсықты иттің өліп қалғанын көрмеймісің. Менен ұл тумады, ылғи құл туды ғой, астындағы бір тайды жөнін тауып міне алмайды. Қазақтың «қоспа қонақ айырадысын» да жолымен істете алмайды. Мінгені дұрыс-ақ-ау,
─ 72 ─ қорада өскен жылқыны үш аяқтатып қоюды қай əкесінен көрді екен, көрсоқыр иттер! Мұны ертең аналар табаласа, ана ақылсыз Жапалақ əлі-ақ менен суйыды. Мүмкін, барлық істерді де аша салар» деп іштей ренжіп келеді. Құдиярдың жылқысына қосып қойған Жапалақтың қоңыр атын таңертең жылқы жиюға алып қалып, тастан ұшырып өлтірген балаларына ыза болған Құдияр «мейлі кімнің қолынан кетпейтін мал. Осы биені қосқан жылуым деп берермін. Егер ренжитіндей болмаса майын мін дермін. Таяуда базарға мал айдасам, қасыма осыдан басқа кімді ертемін» деген оймен əкеле жатыр. «Тіпті орайы келсе, жолдан ана Асқарларды тағы бір соқтырып алуыма да керек емес пе» деп қойды. Атпен бір-екі сағат жүретін жолды əлгі ойларға шырмалып жүріп ұзартып алған Құдияр Бүргенді сайдың басына енді ілінгенін сезіп құла аттың тізгінін тежеп ұстады. Құдияр Жапалақтың көшіне осы Бүргенді сайдың аузында кездескен болатын. Көш-жөнекей Асқар мен Уаң Лидың қалай жібергенін, өзінің не істегенін, олардың не айтқанын Мəриядан жасырып тақауырлай сұраған Жапалақтан. Ол да, Мəрия да «анада қонған адам ғой, сұмырай осы болып жүрмесін» деп ішіне түйген болатын бұл адамды. «Онда əзірше біздің жанымызға барма, аналарың күдіктеніп жүрмесін, басқа ауылдарға да қосылмай осы арада оңаша отырып тұр. Мен саған бір тоқты ерулік, бірер сиыр сауынды қимайды емеспін, оны берсем артымыз ашылады, мен мал сатып ақша жағынан қарайласайын» деп Жапалақты осы жерге қондырып кеткен. Иті жоқ үй Құдиярдың келгенін сезген жоқ. Мəрия босанғалы бес-алты күн болса да Жапалақ баланы əлі анықтап көрген жоқ еді. Ойындағы күдіктері де əлі шешілмеген. Жаңа ғана Мəрияның бұзау арқандауға шығысымен орауда жатқан баланың қасына барып үңіле қарады. Көзін сипап қойып қарады да Жапалақ езуін тартып бір жимиып қойды. Сығарайып ашылған нəрестенің көкшіл көзі мен қоңқайған етсіз мұрнын көріп, разы болғандай мейірлене бір иіскеп «ит ұқсасын оған!» деп күбірледі. Баланы төсектен көтеріп алып: «Құдай-а, шүкір, адалынан бер-
─ 73 ─ ген балаңа разымын, алла!» деді даусын қаттырақ шығарып. – Ассаламағалейкум!– деп кіріп келген Құдиярдың дөңгелек шляпасын маңдайша қағып түсірді. – Уағалейкумассалам! Тағы не сүйінші, нағашы?– деп Жапалақ жалпылдай амандасты. Баланы төсекке қоя салып сыр мақты жаза бастады. Жерге түскен шляпасын кеудесіне сүр те барып, жүк үстіне қойған Құдияр келте амандаса отырып: – Тағы не сүйінші дедің-ау, жиен, ендігі балаларың нақ сүйерлерің болар, соның сүйіншісі!– деп қарқылдап күлді, жаңағы Жапалақтың балаға үйіріліп тұрғанын сезе қойған Құдияр. Үй сыртынан Құдиярдың атын көрген Мəрия ақырын басып, үй жанына келіп тұра қалды. – Əй, нағашы осының өзі-ақ нақ сүйер сияқты. Мына жиеншарың алла біледі өзіме-ақ тартқан, көріңізші!– деп жөргекте жатқан баланы Құдиярдың алдына əкеліп бетін ашты. Жапалақтың мына қуанышын жақтырмаған Құдияр: – Ойбай-ау мынаның қай жерін жиеншар дейін, көзін көр, көзін, мынау үлкейгенде барып тұрған қара көз болады. Сенің қырықтан асқан көзің шүңірейіп қайда жатыр. Мынау еті тола келсе тостағандай қара көздің өзі болады, – деді. «Əлде мен жақсы біле алмай тұрмын ба» деп ойлаған Жапалақ: – Жоқ, нағашы, мұрнын қараңызшы!– деді өзеленіп. – Болды, жиен, «бұқа кімдікі болса болсын, бұзау өзімдікі», мұны сенен ешкім даулап ала алмайды. Бір айғырдан ала да, құла да туа береді. Мұрны дедің ғой, – мырс-мырс ете түсті, – сенің тұмсығың бүркіттің тұмсығындай қармақша иіліп тұрса, ал мынау үлкен ғана қоңқа тұмсық болып көрінгенмен бетіне ет біте келе дəл Асқардың мұрнындай етекті ғана қалыпты мұрын болады. Сыртта тұрған Мəрия екі қолымен жағасын қатты ұстап, астыңғы ернін тістеп алғанын өзі де сезбей қалды. «Сұмырай жау» деді ішінен. Демін тартып жаңағы балаға деген қуанышы суына қалған Жапалақ баланы төсек үстіне апарып селқос қоя салды.
─ 74 ─ – Бұ да қызық, бұ да қуаныш, жар түбінде қалған баланы да асырап алып, балам дейді. Оның қасында басқадан болса да өз төсегінен ғой. Оның əкесін Асқар деп ешкім де айтпайды. Құдай біледі, сен білесің, мен білемін, иə ана екеуі өздері біледі, – деген сөз Жапалаққа тікендей қадалып отыр еді, күнде бұл маңда көрінбейтін сауысқан шықылықтап қоя берді. – Ақ сөйле! Ақ сөйле! Осы сауысқанның шықылықтағаны бекер болмайды. Бір жерден тіл бар ғой, сірə, – деді Жапалақ сонау Алтайдағы əпекесін есіне алып. Құдиярдың есіне талға арта салған жаңағы қоңыр аттың терісі енді түсті. – Жақсы малдың өлімі иесіне келетін пəле-қазаны ала кетеді дейді аталарымыз. Жаныңның садақасы, əлгі қоңыр атың қиядан домалап өліп қалыпты. Жапалақтың қабағы тарс түйіліп, шүңгіл көзі көрінбей кетті. – Қиядан ұшып деймісіз, қалай ұшып жүр, əй, арылмаған қырсық, – деп санын бір салып қалды. – Өзі аттармен бірге жүруші еді, қораның тобан аяқ күнқақ тысы оқырасыз жерде мал бола ма? Аттар сол үйдің қасындағы қабырғада жатқан екен, сол оп-оңай жерден құлап кетіпті. «Төреге ерген ерін арқалайды, екі қолыңды мұрныңа тығып қалмасаң не сорың» деді ішінен Мəрия. Жапалақтың қатты ашынғанын сезе қойған Құдияр: – Малға ренжіме, басыңнан садақа! Аты бие демесең, аттан ілгері бір бие əкеліп отырмын. Бір жағы жылуым, бір жағы берген ерулігім болсын. Жұртқа майын мініп жүрмін дерсің, – деп бір қырынып қойды. – Елеп-ескергеніңізге рахмет! Кісі малға ренжімейді ғой. Тырнаштап тапқан неменің тиынға жарамай жоғалып жатқанын айтам ғой, – деп Жапалақ сəл қабағын көтерді. Сөз үзіліп тына қалды. Барлық сырды ішке түйіп бекініп алған Мəрия еш нəрсе сезбегенсіп, ашық-жарқын бейнемен үйге кірді де иіліп сəлем етті. Əдеттегі қайынатаның алдындағы «əдепті» келіндерше жұқа ерні жыбырлап қана амандасқан болды.
─ 75 ─ – Көп жаса, – деді маңыздана қақырынған Құдияр су құйып жатқан Мəрияға тесіле қарап. Мəрия көп кідірместен шəугімін алып далаға шығып кетті. Құдияр кеңкілдей күліп: – «Аюға намаз үйреткен таяқ» деп, келін молда болып қалған екен, ə, – деді жуан көзін Жапалаққа төңкеріп. Сөздің бас-аяғын ұғынбай: – Е.., – дей салды, – «ақша тиыннан өседі, жылқы құлыннан өседі», «айына тапқан жігіттен жылында құлындаған бие артық» деген ойда отырған Жапалақ. – Онан соң бір іс, мен жақында қалаға біраз мал апармақшы едім, ал, бір адамның онша мал сатуына мына ауыл қыстақтың шолаң-шоштырақ кадрлары рұқсат етпейміз деседі. Соған қарағанда қалада да солай болу керек. Соған үш-төрт адам есебінде етіп мал сатпаса болмайтын сияқты. Осыған көмектесуге біріне өзің бармасаң болар емес. Мəрия шəугімді жер ошаққа іліп қойды да қоңыр салысын құлағынан кейін сырып қойып, қара суыртпақтан жіпті баяу суыра отырып тыңдады. – Онда жүрісіңіз қашан болады?– деді баратынын көңілді білдірген Жапалақ. – Алла біледі ғой, осы екі-үш күнде жүремін, оғанға дейін сенің мына биең де ішін тартып қалар. Əйтсе де осы жолы əлгі дөңгелегіңді жолдан ала кетіп пұлға жаратып ал, бекер шіріткенше. Мəрияның құлағы үйге таяй түсті. – Əй, нағашы, сол пəлені қозғамай-ақ қоялық. Олар қалаға көп барады. Көзге түсіп қалса бір пəле болып жүрмесін. – Түк те пəлесі жоқ. Біз малды бір күн айдатып, өзіміз түн қатамыз, дағарға саламыз да қанжығалап қаланың қазақтары көп бармайтын бір шетіндегі теміршілерге ұра саламыз. Өзін жолға таяу қойып па едің? – Жолдан көп бұрыс емес, дөңгелек шидің қасына көмгенмін. – Туһ, қарабет, – деді жүрегі аттай тулаған Мəрия, – қандай санасыз, неткен соқыр, ашық ауыз сорлы. Қандай сезгір, – деді ішінен, – мұны бұзып жүрген біреу бар дегенді
─ 76 ─ екеуі де айтып еді-ау. «Қалай жеткізсем бұл хабарды оларға» деп Уаң Ли мен Асқарды есіне алды. *** Құдияр Жапалақты өз қасына алып далаға шықты. Шылбырын ерге сала бергенде есінеп, құмалақтап жіберген жарау құла жорғаның «бисмілла» деп маңдайынан бір сипады да жарты құмалақты алып, құйысқанына қыстырып «алла біледі, жиен, жолымыз болады екен» деп өз үйінен аттанған болатын. Бұлар Тастымен жүрмей, төте асумен кетті. Жапалақ қоржын-қолаңын алып, Құдиярдың үйіне аттанғанда Мəрия да бүкіс жиренге ер салды. Ол өзі білетін Тастының жолымен тартты: «Артымнан келіп қала ма» деп бүкіс жиренді төпеп желісінен аудармады. Аздан кейін белі ашып, бүйірі солқылдай берді. Алдына таңып алған бөбек қатты жайсыз келеді. Аялдауға да, аяңдауға да мұршасы жоқ. «Артымнан келіп қалар» деген күдік аялдатпай келеді. Жолдың жамандығынан жүрісі көдек жирен сүріне береді. Əбден қысылған Мəрияның маңдайынан тер шып-шып шығады. Əлсін-əлі шəлінің ұшымен сүртіп қояды. Тастының аузына таяғанда сəл тынысы кеңігендей болып ат желісімен омырауын еме алмай шырылдаған бөбекті жолдан бұрылып ат үстінде тұрып емізді. «Артынан сатұр-сұтыр еткен дүбір естілді, балаға елжіреп тұрған аналық мейірі шымыр ете түсті. Дүбір жақыннан шықты, үлкен тасты айнала берді далда етіп, өте шықты екі баран атты кісі. Жылқыдан кеше ғана бөлінген жирен кісінейін деп құлағын түре бергенде, шаужайға қағып қалды Мəрия. Өзі күдіктенген адамдары болмаса да «Құдиярдың жіберген басқа біреулері болар» деп ойлады қатты жүріп бара жатқан жүрістерінен. Құдияр қалаға жүрерден бір күн бұрын «ана жиренді арқандап кет» о да қоржа малы, таудан құлап өліп қалып жүрмесін. Қаладан келген соң алдағы биені қоя бер де соның өзін мін. Оған дейін ішін тартып тұрсын» деген Мəрияның
─ 77 ─ сөзін мақұл көрген Жапалақ бүкіс күреңді өзі əкеліп арқандап берген болатын. Əлгі екі адамның қарасы үзілгеннен кейін қозғалды Мəрия. «Əлде олар менен бұрын басқа төте жолы болып өтіп кетпесін» деп жəне желе жөнелді. Белі жəне шанышқақтады. Бала жылай берді. Рас, олар бұл жерден түнде өтеді». «Дөңгелекті күндіз алуға болмайды, түн қатып өтеміз» деген Құдиярдың сөзі есіне түсті де жиренді желістен аяңға ауыстырды. Тастының аузындағы Ашмойнаққа да шыға келді. Қатты бір күрсініп, жылап жіберді Мəрия. Қуанғаннан ба, əлде қорыққаннан ба, əйтеуір жүрегі аузына тығылып алқына берді. Осыдан бір ай бұрын қап-қара болып жатқан жазық күлтеленген көгалға айналыпты. Өзі көшкен ауылдағы киіз үйлер мен там үйлердің қасындағы былтырғы еккен жас ағаштар көк лента байлаған жас қыздардың тұлымындай желбірейді. Тақталар басында жүрген адамдар көзіне жиіжиі шалықты. «Өтірікпен мойындап кетіп ем, шындықпен мойындатып келем. Қойныңды аша бер ақ ниет жандар» деді ішінен өзі өскен ортасына. Көргеніне қуанғанынан ба, өз табысына масаттанғанынан ба, ақ құба жүзі күреңдеп, жүрегінің дүрсілі өзіне естіліп келеді. Міне, күн батар алдында ауылға да жетті. – Əкем-ау, мынау Мəрия ғой, Мəрия!– десіп жүгірді ауыл адамдары. Əйелдер тобының көбі құндақтағы балаға жабырласты. Ерлер тобының көбі Мəрияны қоршап алыпты.... – Қане, кеңсеге тарт, Мəрия!– деді Уаң Ли. – Рақмет, жеңеше!– деді Асқар тұла бойы дірілдеп. *** Ай сүттей жарық. Мына бір үш адам тер басқан аттарын жырадағы көлеңкеге түйіп қойып, төбеде жатқанына едəуір уақыт болды. Енді ғана орындарынан қозғалып, аттарына мінді де, арба жолға түсіп бұлаң құйрықтата жөнелді. Арба жолмен жүріп бара жатқан арбалар жиі кездеседі. Көбінің басқаны дөңбек, тілген тақтайлар. Əлгі үш аттының біреуі
─ 78 ─ көп ұзамай жолдың астыңғы жағына келіп атынан түсіп қалды. Екеуі қаттырақ желе жөнелді. Олардың артынан келе жатқан екі атты адам да шерте аяңдатып өте шықты. Əлгі түсіп қалған адам да баяу қимылдап атына қонды. Соңғы екі атты дəл Түйемойнақтың кезеңіне шыға бергенде алдарынан қарсы келе жатқан екі адам анадайдан баяу ғана: – Ассаламағалейкум!– деді жолдың екі шетіне бұра тартып. – Уағалейкумассалам!– деді жолдың ортасындағы екеуі жарыса салем алып: – Үй, мынау өзіміздің Жəкең ғой! Аман ба, Жəке?– деп қолын созды əлгі сəлем бергеннің бірі. – Уа, сен кім?– деп созған қолды ала берді Жапалақ. Жүрегі зу етіп қалған Құдияр бұған жалт қарады. – Түс аттан!– деді Құдиярдың арт жағынан шыққан өктем дауыс. Тебініп қалды Құдияр. – Тоқта!– деді Құдиярдың тізгінін ұстап болған алдағы адам. – Ой, кімсіңдер, елмісіңдер, жаумысыңдар?– деді сасқалақтаған Құдияр. – Елдік пен жаулықты сұрап не қыласың, түс аттан! Сайқал!– деп артында тұрған жігіт Құдиярды жаурынынан алып аудара тартты. Жасынан ат құлағымен алысып өскен қасқыр оңай түспеді. Жапалақ атынан түсе қашты. Құдиярдың тізгінінен ұстап тұрған адам келте сойылмен тізеге ұрып жіберді Құдиярды. – Ей, Жапалақ ұша алмайсың, қанатың мұнда, тұғырың үйде, бері кел!– деп артынан ілесе жөнелді жанағы Жапалаққа қол ұсынған адам. Құтыла алмайтынына көзі жеткен Жапалақ: – Ойпыр-ау, кімсіңдер өздерің?– деп отыра кетті. – Бөтенің емеспін, көршіңмін, күндіз бұғып, түнде ұшып жапалақтан үкіге айналайын деп жүрмісің, саған ешнəрсе жоқ, ана қанжығаңдағы түнде алған «қояныңды» берсең болды!– деді дағардағы бұлықтың дөңгелегін түртіп. Жапалақтың бурыл басы от қойған теріскендей ду ете түсті. Бұл кезде əлгі
─ 79 ─ екі адам Құдиярдың екі қолын байлап атқа мінгізіп те болған еді. Олар енді жетектеулі жетегімен бес адам болып өкше іздерімен қайта бергенде қарсыларынан Мəрия тап болды. Ендігі ниеті үйіне қайтуда ғана қалған Жапалақ Мəрияның жанына бəрінен бұрын жетті. «Тұмсығың тасқа тиіп бір-ақ мойындадың-ау» дегенді ішінен ойлаған Мəрияның іші де жыли берді Жапалаққа. 1957 жыл, Сауан.
─ 80 ─ ҚАРАЖАННЫҢ ЕСЕБІ Түстен кейін бұрқасындап соққан қарлы боран барған сайын үдей түсті. Қарағайлар да зу-зу етіп қарсылық білдіргендей болды оған. Аңғардың күнгей жақ қойнауына қыстап отырған ауылдардың əр қайсысынан атты-жаяулар желе жортып, жүгіре басып шығып жатты… Ауылдың ортасындағы жаңадан салынған ағаш үйдің балшық мұржасынан шыққан түтін қылт етіп көрінеді де, ары-бері көтеріле алмай булығып барып жоқ болады. Ауылдың аяғындағы жырамен түлкі тымақтың бауын шарта байлаған біреу қарагер атты жебей қамшылап қарын жел айдаған тастақ жолмен сол ауылға қарай тасырлатып барып қалды. Ұлпа қардың үстінде жүрген қасқырдың дыбысын білетін қарала төбет боранғы күнгі атты кісінің үй жанына жетіп келгенін біле қойып, бір-екі арыс-ұрыс етті де, иесін танып құйрығын бұлғаңдатып, жерге бір-екі рет үріп, «сен бе едің» дегендей жұқа тілін жылтың еткізіп бір ыңырсыды да қайта жатып қалды. Қарагер аттан дүрс ете түскен кеспелтек қара жігіт дүрдиген қалың ернін жауып тұрған қою мұртының шалғысындағы қатып қалған мұзды алып жатып, құшырлана бір қақырынып алды да, есіктің алдында жатқан үлкен ақ дөңбекті нəлілі саптамасының өкшесімен теуіп-теуіп жіберіп, əлгі үйге кіріп кетті. *** Шам жағылмаған үй іші ала көлеңке, аузы төрге қараған қобдиша темір пештің қақпағының саңлауынан ғана төр жаққа қызарған от сəулесі бұлдырап түсіп тұр. Пештің түбінде жиырманың ішін аралаған аққұба əйел шапанын желбегей жамылып, пешке қарап шай құйып отыр. Осы отырысында жанына батқан науқасы бар адам немесе ауыр бір ойдың салмағына шөгіп отырған адам екені оның ойлы қой көзінен сезіліп тұр.
─ 81 ─ Бұл бағанағы үйге кірген Қаражанның əйелі Сағира болатын. Мұның осылай отыруында да бір сыр бар еді. Қаражан қарагер атты тегін терлетіп келген жоқ, бесінші райондағы жездесі Бөрібайдың үйіне кеткелі бүгін бесінші күн. Қарагерді жебей қамшылап келе жатқанда, өзінше алдағы бір қуанышын ойлап лепіріп келе жатқан болатын. Сол арынмен келе-ақ Сағирамен шекіскен. Ол өзінің қандай жұмыспен кеткенін, не болып жатқанын Сағираның алдан сезіп отырғанын білген де жоқ. Қаражанның кейбір құрбылары «Қаражанның неке заңына өкпесі бар» деуші еді. Өйткені, ол құрбыларына кездескенде «Қап! Қамти алмай қалыппын» деп əлде бір іске өкіне сөйлейтін. Сағирамен тұрмыс құрғанына жеті-сегіз жыл болса да «кейінірек болсын» деп іштей соғатын есебі болып жүр еді. Оған жетпей неке заңы екі əйел алуға тыйым салды. Оның «қап!» деп отырғаны да осы есеп. Тоқал алуға заң жол бермейді, ал өмірде Сағирамен ғана өтіп кету Қаражан үшін айып, арман сияқты. Қаражанның күні-түні ойлайтыны да осы Сағирадан құтылмай, бұл арманға жетудің мүмкін еместігі, сондықтан мына айыптармен Сағирадан құтылуға болады деген қорытынды есебін жасады. «Сағира бала тапқанмен, баласы тоқтамайды. Ал, мен ұрпақсыз өтем бе сонда? Оның үстіне мұны ата-анам малға əперді емес пе, содан тартып разы емес едім демейін бе үкіметке». Осы ойға келгенде келте танауы едірең етіп, есебін таптым-ау деп ішінен жалғыз өзі мырс етіп күліп те қойды. Есебіне сай алатын адамын жездесі Бөрібайдың үйінен деп шот соқты. Өйтетіні, Бөрібайдағы би əпекесі, оның сөзінен аса алмайтын жездесі көңіліндегі қызды қайткенде де тілге көндіреді деп сенеді ол. Есепті солай долбарлап жүрген Қаражанға ағасы Дəкештің сол жердегі жерлік үкіметтің қыр арасындағы халық істерін бітіру істеріне араласып қалғаны да медеу болды. Қаражан Бөрібайдікіне барған күні-ақ əпекесін көндірді де, ойын Бөрібайға айтқызды. Сұңғақ денелі аққұба қыз ал-
─ 82 ─ дынан өткен сайын, қойды көрген қасқырдай қарап, дүрдиген ерні жыбырлап, бір нəрсе дегісі де келетін. Бірақ əпекесінің: «ана əйелден құтылмай тұрып, қызға сездіріп алма!» деген жəдігөйлік амалы мен «шошытып алмайын» деген өзінің бықсыма қулықсымағы тежей беретін. Қаражанның қандай бұйымтаймен келгендігі туралы Бөрібай: «бұл қалай болар?» деп көп ойланса да қабағына жан қақпай, алкеуде өскен балдыздың көңілін қалдыру қиынға соқты. Таңқы мұрын, бадырақ көз, қарагер тоқалдың салмағы одан да басым жатыр. Оның бер жағында, алмадай пісіп отырған қыз ертең басқа біреумен уағдаласса, ең болмағанда тақымын толтырып түсі түзу бір ат міне алмай қалуы да мүмкін. «Қаражан мақсат жағынан алғанда да өзімнің сыр шашпас сенімді серігім, терезесі тең тұрғыласым. Он сегіз жастағы уылжыған жас қызға ынтасы ауып алған ол көрінеу мал матап бермесе де, қолымды қақпайды» дегенді есіне алғанда Бөрібайдың араны шабақ жұтатын жайынның аузындай ашылды. Осы есептерді дұрыс шығардым деген Бөрібай Қаражанға мына жауапты берді: – Біз жақтан бөтен ой болады деп ойлама, біз əруаққа шет бола алмаймыз. Ал, «қолыңдағыдан» құтылу жағын өзің тап. «Əлгі бір алым-берім ол екеуміздің өзіміз білетін іс. Екі ауылдың арасындағы мияның тамырындай болып кеткен құдалық жайында барлық жұрт біледі. Неге алып, неге беріп жатырсың дейтін адам жоқ, көрмеуіміз біреу, көрмесіміз екеу болса», деген жездесі Бөрібайдың сөзі мен «алғашында балалықпен өзің ұрындың ғой, болмаса, орны сенің теңің емес» деген əпекесінің сөзін естіп іс оңға айналды деп есеп шығарды Қаражан. Жол бойы тез арада Сағирадан құтылудың амалын іздеп келген. Иə, «құтылудың жолы осы» деп суырыла аяңдап келе жатқан қарагерді шаужайға құжырлана қағып та қойған. «Оған адам екен деп қарамау, қымс етсе ұрыс-жанжал бастау, керек десе барам деген жеріне жібермей, сен пəлендей істер істедің деп жөні табылған адамдармен қараласам, ол осының бəріне шыдап отыра ала ма? Міне осының барлығы да табылған есеп қой»
─ 83 ─ деген оймен айқұлақтана үйге кірген бойы іннің түбіне қарап жатқан борсықтай теріс қарап төсекке сұлай кетті. *** Ел жатар-жатқанша, Сағирамен айтысып, «сенің төсе гің арам, енді бұл төсекке жатсам, əкемнен тумай кетейін» деп ант-су ішкен Қаражан төр алдында жатып қалды. Төсекке жалғыз жатқан Сағира түрлі ойларды ойлап мазасызданып жатты. Өліп қалған Əсен, Əсем деген екі баласы монтиып-монтиып көз алдына келді. Өз басының осындай қорлануы, қайдағы жоқ өтірік сылтаумен Қаражанның тергеуге алуы Сағираға жеңіл тимеді. Көзінен аққан жасты басындағы жастығы арқылы бетке тиген ыстық тамшыдан байқады ол. Осы ойдан кейін оның көзі ілініп кетті. Қаражан да жатысымен ұйқыға беріле қойған жоқ. Ол қайыткенде Сағирадан құтылу, ол үшін оған тағы қандай сұрқия жаланы əкеліп жапсырудың ойында жатыр. Ойы аралап барып, қарагөз Қанышқа тоқтайды. Құшырлана қысады кейде, «иə, Бөрібай менен қаншалық бір нəрсе алар дейсің, оның қалайтыны кертөбел жорға ма, оның да есебі бар. Қолға түспей жүрген шұбар ат та қолға келетін болады. Басқа емес соны қала деймін Қанышқа. Бөрібайдан құмалақты кем қойсам, тəңір алсын мені. Шіркін, Қаныштың өзі де, көзі де, шіркіннің тамағы, тіпті тал бойында мін жоқ. Əй, Қаражан осыны көруің көрегендік-ақ!» деп Қаныштың сұлу денесін көз алдына келтіреді де құшырлана қысады. Бұның ынталана құшырланып қысып жатқаны үстіне кигізе жамылған қара ішіктің жеңі еді. «Қаныш» деді құшырлана қайта қысып, мұның жас баладай өзін-өзі жұбатып жатқан ойын Сағира бөлді. Қаражан «қап!» деп бармағын тістеді де, қысып жатқан қара ішіктің жеңін босатып тағы да ойға кетті. Ой тізбектері көзінің алдынан түйелі көштей тізбектеліп өтіп жатты. Сол ой суреттерінің біріне келгенде: «таптым, таптым!» деді. Оң жамбасынан жатқан денесін сол жамбасқа аударып.
─ 84 ─ Оның таптым, таптым деп тиянақтаған ойы, Бекбосынның осыдан біршама уақыт бұрын Сағирамен оңаша үйде шай ішіп отырғаны болды. Сондықтан Сағирадан құтылу туралы болатын соқыр есептің бір шетіне Бекбосынды отырғызбақ болып тынды. Əйнек-терезесі жақында ғана салынған кішкентай үйден мал қораланып болғаннан кейін-ақ көңілді бір əн тынбай шарықтады: «Тамаша өмір, тамаша, Шалқиды көңіл жаңаша…» Осы үйдегілер басқалардан гөрі көп жайырақ жатты. Бұл Қа ражанның қойшысы Сепболсынның үйі болатын. Əйелі босанғалы бүгін бір айдай ғана уақыт болды. Үй іші бүгін күндегіден де көңілді. Жеңгесі босанғанда Бекбосын үйде жоқ болатын. Ол бүгін ғана тақтай зауытынан келіп отыр. Бұрын екі бірдей азаматтың еңбектерін қайдағы құм жұтып келгенін азаттықтан кейін ғана сезінген Бекбосын сол районда құрылған тақтай зауытына 1951 жылы кірді. Ағасы Сепболсын тиісті жалақысын алып, Қаражанның қойын бағып жүр. Шаруамен ысылған жинақы жеңгесі барлық жұмысын бітіргеннен кейін ғана, бесікте жатқан кішкене бөбекті шешіп алы п: – Міне, бауырың!, – деп, белін шешіп жатқан Бекбосынға берген. Содан бері кішкене бауырын алдынан тастамай əлгі көңілді əнді шырқап отырған Бекбосын еді. Бауырын қолына алысымен ойшыл жас жігіттің көз алдынан өткендегі өмірі елестеп өтті. Осыдан бірнеше жылдың алдында ғана ағайынды екеуінің қыс болса пеш жоқ тошалада, жаз болса жабу арасында, қора шетінде жататын кұндері есіне түсіп, ауыр күрсініп те алды ол. Оның отты келген қысықтау көзі жаңа ғана өзі лақтырып жіберген, өшуіне аз қалып бықсып жатқан темекісінің түбіріне барып қадалды. Одан көзі бауырына түсті: – Ағаңды танимысың?– деп қойды күле қарап. Төр алдында тұрған дөңгелек шай тақтайдың үстінен шамды алып қазанға жарық қылып тұрған жеңгесі:
─ 85 ─ – Барлық ел таныған ағасын ол неге танымайды, – деді. Осы сөзді айтқанда даусында да, бетінде де зор мақтаныш бардай көрінді. «Барлық ел таныған» дегені – Бекбосын зауытта істеп жүріп толық сауатты болумен қоса аудан бойынша бірінші дəрежелі еңбек озаты деген құрметті атпен өткен жылы сыйланған. Бүгін де сол аудандағы озаттар мəжілісіне шақырылып, соған баруға келіп отыр. Бекбосын жылаған бауырына: – Үй, неге жылайсың?! Мен саған бүгінгі тамаша өміріміздің тамаша əнін айтып беремін!– деп бастаған еді əлгі əнді. – Ойпыр-ау, мынау бораның басылар емес қой, – деді ертеңгі малдың қамын ойлаған Сепболсын қабағын шыта терезеге қарап. – Аға, мен бір-екі күн осында боламын, ертен қойыңызды мен бағып келейін, сіз бір-екі күн тынығып алыңыз. – Өзіңе де тынығу керек болар, – деп артына бұрылды төсек салып жатқан жеңгесі. – Біз жеті күнде бір тынығамыз, онсыз да күніне тынығатын уақыт бар. Ал сіздің «жігітіңіз» жеті күнді қойып, жеті айда да бір тынықпайтын шығар, – деп қолындағы бауырын жеңгесіне беріп, төр алдына салынған төсекке келіп жатты да ауданда болатын мəжіліс туралы ойға кетті. *** Өзінің істеген ісіне күдіктенген Қаражан «осыны қалай істедім, есептен жаңылып кетпедім бе? Жоқ, мойындамаймын, мен осыны істейді деп кім ойлайды дейсің, апырай, қорадан шыққанымды əлгі қуаяқтың көріп қалғаны қиын-ақ болды. Албастыдай қалай ғана шықты»– деп біраз ойға кетті. «Қап! Ойлана алмай қалғаным-ай, сол далаға шыққанда, сүйреп қой қораның алдына апарғанымда есеп туп-тура шықпақ, оның үстіне бүгін Бекбосын да үйінде, айғайға өзіақ ұшып келер еді. Екеуін қой қорадан ұстап алдым десем жұрттың сеніп қалуы да мүмкін. Ал ана ешкілер сол уақытта
─ 86 ─ өздері шығып кеткен болар еді. Сонда екі қоянды бір оқпен атқан болар едім де, Бекбосын сияқты «озаттың озғанын сонда көрер едім. Мына «бұзық» қатынды алмаймын десем сөзім де сыйымды болар еді. Бекбосын да халық көзіне жек көрінер еді. Одан кейін Қаныш тез арада, оп-оңай қолға келе қалған болар еді. Амал қанша! Оны далаға шыға қояды деп кім ойлады… Енді бұған мына істі айтпа деп жалбарынуға да болмайды, онда есептің бүтіндей шықпай қалуы сөзсіз!». Осы жерге келіп ойы шатасқан Қаражан қалған таңды күдіктенген шым-шытырық оймен өткізді. Тырнаштап тапқан еңбектің бітеу қора ішінен із-түзсіз жоқ болып шыққанына аң-таң болған Бекбосын сасқалақтап: – Сағира, Сағира тұрдыңдар ма?– деп есік қақты. Тұтқиылдан тітіреп шыққан дауыспен оянған Сағира: – Бұл кім, не болды?– деп дереу төсектен басын жұлып алды. – Қораның аузы берік, қоралы қойдың ішінен біздің ешкілер ғана жоқ, – деген Бекбосынның сөзі ұйқыдан қазір ғана шошынып көзін ашқан Сағираға ұғымсыз естілді. Сұмдығы өзіне белгілі Қаражан оянбағансып тырып етпестен жатыр еді. Сағираның жалаң аяқ, жалаң бас есік ашқалы жатқаны оның түндегі ойына орай болғандай болды. Тырс етіп темір ілгектің шығуына ықшам киім киген жігіт үйге кіріп келді. Көрпесін сілкіп тастап Қаражан Бекбосынды бас салды: – Əкеңнің ғана… Бұзық! Менің малымды алғаның жетпей, енді қатынға қол создың ба?– деп булыға бақырды ол. Тұтқиылдан туылған іске көз жетпеген Бекбосын аңырып тұрып қалды. Бұл əрекет Қаражанға мойындап тұрғандай сезіліп, екіленіп барып қол да жұмсады. Мезгілі өтіп бара жатқан көргенсіз таяққа кектене ашынған жалынды жігіт салалы саусақтарын Қаражанның алқымына салды. – Өлтірді, өлтірді!– деді ең ақырғы демі қалғандай үйді басына көшіре бақырған Қаражан. Бұл ұғымсыз айқасқа таңданған Сағира босағада сілейіп тұрып қалды. Орнынан енді тұрып жатқан көршілер бораннан кейін
─ 87 ─ із түспеген қарда қайсы бірі қоңылтаяқ етігін сұға салып, қайсы бірі жалаң аяғына кебіс іле жүгірген қалпында Қаражандікіне кіріп түсініксіз оқиғаға: – Не болды, не болды?– деген анықтау сұрауларын қойып жатты. *** Қаражан «Қаныш» деп қара ішіктің жеңін құшырлана бір қысқанда қызғаншақ көңілден мынадай іштарлықтар да бірге туды. «Қаныштың ойы таза ма екен… Оны менен басқа да ауызға алып жүргендер бар шығар?» жаңадан ел аузына ілініп, көзге түсіп келе жатқан жастарды бірден санап шықты. Олардың арасынан келіп Бекбосынға тоқтады… «Ел мақтаған Бекбосынның сағын сындыруым керек» деді қызғанышпен, аспандағы құсқа аяқ бау тағып аласұрып жатқан ол. Əрбір мереке, тойлардағы сауықтарда қызкеліншектер арасында Бекбосынға қаратылған сыпайы əзілқалжыңдар, тіпті. қайсыбір жеңіл мінезді құрбыларының ынтыға қарап, беріле сөйлеген сөздері де сүзе қарап əйелдер тобынан шықпай жүретін Қаражанға соққы болып келіп еді. Əсіресе өткен күздегі Октябрь тойында «қыз қуарға» шықпақ болып келгенде: – Жоқ, мен Бекбосынмен шығам!– деп Қаражанның қолынан тізгінін жұлып алған болатын бір қыз. Сондағы əйелдер тобының күліп жіберуі Қаражанның Бекбосынға деген бұрынғы өшпенділігін тағы да күшейте түскен болатын. «Кеше ғана босағамда жататын неменің шыныменақ менің алдымды кес-кестегені ме, рас-ақ осының абыройы менен асқаны ма?»– деген ойға тұншыққан Қаражан жастықтан басын жұлып алды. Боран қаншалық қатты болса да байыпты қойшы баққан семіз қойлар бітеу қораның ішінде бырт-бырт күйсеп, күздегі қойдай ыңыранып жатыр. Мезгілсіз жылт ете түскен жарыққа күйісте жатқан қойлар дүр етіп қораның төріне қарай ығысты. Қалың
─ 88 ─ қойдың ішіндегі аз ешкі қасқыр көргендей пысқырып жеке шыға қалды. Бұл қандай сұмдық дегендей жарыққа қараған көздері жасылданып тұр. Қаражанның көзі ешкіге келген кебенектей əлгі жеке шыға қалған ешкілерге түсті. Дəл осы кезде, тоңғаннан ба, «таптым» деп қуанғаннан ба, болмаса күдіктен бе, ақ штанның балағы дір-дір етіп, үстіндегі бос жамылған қара ішіктің ішінде селк-селк етеді. Қойлардың арасымен келіп, ешкілер тұрған жерге жетті де екі қолымен екі ешкіні бас салып, есікке қарай жетелей жөнелді. Есікке таяй бергенде, қайқы мүйіз ақ серке қайта айланып жұла жөнелді. Қара ішік оның мүйізінде кетті. Қорадан жалғыз шыққан ешкі маңырап бақыра берді. Қаражан ішікке көңіл бөлместен жанталасып ешкілерді сүйреумен болды. Он неше ешкі шығарылып, ешкілер маңырауын қойған кезде ғана жылы қораның ішінде ырсылдап ешкілермен алысып, қара терге түскен Қаражан тер қатар ма екен деген оймен ішікті есіне алды. Ақ серке Қаражанның қылмысы рас екеніне куə болыңдар дегендей, қоралы қойдың ортасына апарып қара барқытпен тысталған ақ елтірі ішікке қойлардың тұяғымен сары-ала мөрлерді бағанадан бері сау жер қоймай бастырып жүр. Əлден уақытта барып аяғына оралған ішікті тауып алып, жағасынан көтере бір-екі сілкіп киіп алды. Қайтадан əрекетіне көшті. Осы кезде далаға шыққан біреу шамның саңлауын көріп жүрмесін деген оймен қораның кемерінде сығырайып тұрған шамды қысқа мойынын созып үрлеп еді, аузынан шыққан желден бұрын таңқиған кең танаудан шыққан жел өшіріп жіберді шамды. Ешкілерді көзбен емес, қолымен сипап көретін болды. Қайқы мүйіз ақ серке ең соңында қолына түсті. «Қасқырдың жемі» деп өкпеден бір қойды. Шамды бір қолына алып, бір қолымен ішігін қымтап ұстап алды. Қораның алдында төрт аяқтап ығып тұрған ешкілерді шатқа қарай ықтата қуды. Күндегі мезгілден көп ерте жатып қалған Сағира үстіне бос тастай салған шапанын басына жамылып далаға шықты. Есікті ашып қалуына біреу
─ 89 ─ қарбаң етіп, есікті жамылып тұра қалды. Жүрегі зу етті, басындағы жамылған шапан жерге түсіп те кетті. – Бұл кім? – деді есікті жаба үйдің ішіне қарай шегініп. – Е, не болды? – деген даусынан Қаражан екенін танып, қайта далаға шығуға есік ашты. Шалдыр ете түсті бір нəрсе. Қолындағы шам есікке соғылып түсіп кеткен Қаражан сасқалақтап үйге кіріп кетті. Аң-таң болды Сағира. *** Боран басылса да, еңбектің қай саласын болса да жат көрмейтін Бекбосын жазы-қысы дамыл алмай қой соңында жүрген ағасын аяп, бір күн болса да үйде тынықсын деп төсектен тұрып жатқан ағасына: – Сіз жата беріңіз, бүгін қойыңызды мен бағып келейін, – деп тез киініп қораға барғанда ешкілер жоқ болып шыққан соң елең-алаңда Қаражанның үйіне барған болатын. Жоғарыдағы «не болды, не болды?» деген сұрауларына Қаражан алқына тулап шімірікпей мына жауаптарды берді: – Кеше осы үйде болған ұрысты өздерің білесіңдер, мен жерде, бұл төсекте жатты, – деді қысқа мойынын төсекке бір, төрге бір бұрып. «Бұның маған соқтығуындағы себебі не?» деген оймен Бекбосын тұр. «Жынданғаннан сау ма осы, болмаса бұған тиісу себебі не? Түнде осы қайда барды, шамды неге алып шықты» деген ойға шұқшиып Сағира тұр. Түрлі күдік оймен көршілер тұр. – «Таң атып қалды, тез шық», – деген дауыспен көзімді ашып қалсам, мына қатын шымылдықтан шығып келеді, мынау есікті ашып жатыр, – деді бажалақтаған Қаражан Бекбосынды нұсқап. Көршілер бір-біріне таңдана қарады. – Тəйіт!– деді өтірікке жандары мейлінше өртенген Бекбосын мен Сағира.
─ 90 ─ *** Наурыз айының аяғы. Шаңқай түстің шуағы тиген қар азайып барады. Астынан қанша бекіп мұзға айналамын десе де, төбесінен төнген күн көзінен ұялып беттері қарақошқылданып, тілім-тілім болып тозып барады. Күн нұрынан күш алған жасыл өсімдіктер қар мен мұздың жұқарған жерін тесіп шығып мойнын соза өршіп келеді. Қыстайғы жүрген мал мен адам аяғынан тапталып тайғанақ сірне мұз боп қалған жолдың қары тағалы аттың күшеп басқан тұяғының серпінімен опырылып-опырылып ұшып жатыр. Қойтастау келген жыраның шынтақ айналатын бір иірімшесінен буындарының сіңірі əлі ажырамаған бір ұсақ малдың сүйегі кездесті. Арасы ұзамай сондай жемтіктерден тағы бірнешеуі ұшырады. Еріген қар астынан шығып қалған бір жемтікті жұлқылап жатқан қара ала ит мүйізі қайқиған, ақ жүндері əлі түспеген басты жырадан алып шыға келгенде, ат жалт берді. Бейғам келе жатқан қыз ауып барып түзелді. – Осынша малды қырып жүрген кім екен?– деді атының тізгінін тежеп ұстап, жалбырап кеткен етектерін қымтай түскен қыз. Шұбатылып ат аяғына басылып келе жатқан шылбырын жинап қолына алған келіншек: – Е, бұл əлгі Қаражанның қасқырға берген соғымы ғой, – деді қоңыр қой көзін қасындағы сұңғақ бойлы аққұба қызға бұрып. Қыздың бұған өз басы қосқан есесі болмаса да, «Қаражанның» деп өзіне қараған келіншектің жай көзі оған зілмен қарағандай сезіліп қалды. – Əкейтай, Қаныш-ай, дүниедегі қорлық ақ жаныңның өтірік қорлануы екен, – дегенде қыз əлгі көздің ешбір зілсіз көз екені, зілі болса да Қаражанға қараған зіл екенін сезді. – Иə, солай ғой, тəте!– артында тағы да сөзі бардай. Бірақ келіншек күтпей сөйлеп кетті: – Қаражан осы ешкілердің қырылуын өзінен болғандығын
─ 91 ─ жасыр деп, кейін көп жалбарынды маған. Өзі жау болып қаралап отырса, оған қайтып өтірік айта алайын. «Жауды аяған жаралы болады» деген аталар сөз рас. Оны аяғанда мен жаралы болар едім, – деп алдындағы тікке қарап тырмысып келе жатқан ақтаңгер атты «шу» деді өрден шығуына дем беріп. – Тəтетай-ай!– аяғы тайып кете жаздаған қоңыр төбелді «аяғыңды аңдап бас» дегендей қамшымен шып еткізіп, – сізге деген жазығым болмаса да бағана көпшілік алдында сізді көріп, мен туралы не ойлап отыр екен деп өз өзімнен қысылып отырдым, – деді қыз. Осы кезде екеуінің де көзі алдындағы күн сүйіп тұрған қырқаға түсті. *** Бекбосын аудандағы жиыннан кейін уақытша қызметпен бесінші районға барып айдан аса жүріп қалды. Істеген сұмдықтары əшкере болып, соны тез жаба қоюды ойлаған Қаражан осы орайды пайдаланып, ағасы Дəкеш пен сөздің бас-аяғында жұмысы жоқ аңқылдақ ақсақалдарға, өзіне іштартатын үзеңгілістерінен бірер адамды қосып, Сепболсынға жіберген. Дəкеш бастаған осы топ Себолсындікіне келіп: – Иə, Сепболсын, Қаражан істеді ме, болмаса əйелдің өшпенділіктен жапқан жаласы ма, көзіміз анық жетпейді. Оның үстіне сен жоқ адамсың, Қаражан болса қолында бар адам ғой, бір жағы жəрдемі болар, бітіріп қоюға келдік, – деген Дəкештің сөзін қасындағылар: – Иə, солай, – десіп қостай жөнелген. – Халық арасындағы істерді бітіру менің міндетім болған соң, осы сияқты істерді өз уақытында бітірмесем, үкіметтен сөгіс келеді бізге, – деп қамқорсыған болатын сонда Дəкеш. Артынан тағы: – Ал, сенікі 24 тұяқ ешкі екен, онан 22 ешкі, 2 қой ал. Сонда екі жүнді қойдың үстінде екі ешкі өз-өзінен-ақ артық жүр. Айып əперуді үкімет тура көрмейді. Ал, біз қазақшалап
─ 92 ─ біткендіктен саны 24 болса да, сапасын 26 етіп отырмыз. Разы болсаң, «малымды алып біттім, дауым жоқ» деген қағаз бер қолыңнан, – дегенді айтты. Қасындағылар: – Е, разы болады ғой!– деп кəукелектеп ақ көңіл Сепболсыннан қағаз алып бітім жасаған. Бұған «құдайға шүкір, қазақшылығымыз əзірше бар ғой» деп Дəкеш іштей қуанған болатын да, Қаражан бір есебін таптым деп жүретін. Бекбосын бесінші районнан қайтып келгеннен кейін, «мұн дай қазақшылығымыз əзір бар ғоймен» біте қалуға қатты наразы болды. Қаражанның қылмысының бір шеті бесінші районда жатқанын, мұны былай бітіре салушылардың кім екенін районға толық мəлімдеген болатын. Бұл іс екі район арасындағы іс болғандықтан, райондық орын ауданға жолдап еді. Ауданнан шыққан адамдар екі районнан осы іске байланысы бар адамдарын түгел шақыртып, оқиға туылған қыстақтың кеңсесінде жиын өткізді. Бұлардың ішінде алғашқы бітімде болған қайырма жағалы қасқыр ішіктілер де бар, солардың қатарында Бөрібай да отыр. Бірақ ол кішірейіп «түлкібайға» айналған.... «Мен құда болып мал алғаным жоқ, тіпті əлгі ырым-жырым дегеніңіз де болмады. Енді əйелің кетіп қалып жатса, көрсек көрерміз, деп көңіл жұбатқан сөзім болмаса, мен қарындасымды саған берем, құда болам деп уəделескен жерім жоқ», – деп жылмия танды. Мырс ете түсті көпшілік тобы, мұны жүрекке түйіп қойғандай болды ауданнан келгендер. Қайырма жағалы қасқыр ішік кигендер «шылығымыз бар ғой» деп қасқыр жағадан басын көтеріп еді, «енді шылықты шынжыр ете алмаймыз, заңға тапсырып берсін!» деп көпшілік шу ете түсті. Жаңа ғана қасқыр жағадан созылған бастар сүмірейіп барып қасқыр жағаға қайта кіріп кетті. Қаражанның қылмыстарын əшкерелегеннен кейін кезек алған Бекбосын: – Мен малым үшін ашынбаймын, арым үшін ашынамын,
─ 93 ─ менің жоқтап отырған ар-намысым өз басым үшін ғана емес, өзім сияқтылардың ар-намысы. Бұл сияқты адам өміріне қастық ойлаушылармен күрес қылуға бүгіннен бастап аттандым! Осы сөзді айтқанда жігіттің отты көзі қыстақ кеңсесінің əйнек терезесінен өтіп, біздегі сақталып келе жатқан сорақылық қылмыстар осы ғана емес дегендей, алдындағы Тянь-Шань тауының қатпарлы салаларын ақтара жөнелді... Қаражанның қасқыр жағалылардан күткен үміттері екпінді дауыс, кектенген көздердің арасында тапталып қалды. Оның əншейіндегі тымырайған денесі күжірейіп жүретін бұқа мойыны желі шыққан қарындай бүрісіп барады. Өзінше мүлəйім момындық білдірмек болғансиды. «Есепті қате шығарып алдым-ау» деген арманды ой ішін жегідей жеп, басын айналдыра берді. – Рас, бізден «шылықтың» шынжыры əлі де үзіліп кете қойған жоқ. Үздік деп айтсақ та үзілген шынжырды ала жіппен жалғап жүргендер бар, – деді сөзін баяу бастаған Сағира, – бұрын əйелдерді түйеше тіркеп, екі-үштен тізетіндер енді оның түсін бояп, əйелін жоқ кінəмен қаралап, орнына басқа біреуді алуға ұрынып отыр. Бір əйелдің жылап, бір əйелдің қуануы əйелдер үшін мақтаныш емес. Осы сөзді айтқанда, Сағираның жұқа еріндері дірілдеп, дөңгелек көзінен кек ұшқындары шашырай жөнелді. Сөз барған сайын күшейе түсті. Көзі топ ішін аралап барып, орындықтан ұшып кете жаздап отырған Қаражанға түсті. – Менің тілегім Қаражаннан мені айырсын, болмаса қосып қойсын демеймін. Қаражанды көпшілік тілегі бойынша заңға тапсырып беруін сұраймын, – деді ол артынан, ақ түбіт шəліден шығып кеткен самай шашының ұсақ талдарын сүйріктей саусағымен салының ішіне қайырып. – Бұл кішкене іс емес, көпшілік талапты дұрыс қойып отыр. Сондықтан заң орнында қылмысына қарай кесім етілуі тиіс, – деген аупартком хатшысының сөзін естіген халық орнынан ұшып тұрды. Кеңсені басына көтере шапалақ ұрды. Шапалақ барған сайын үдей берді. Хатшының көзі қайырма
─ 94 ─ жағаның ішіндегі мойны жоқ бастарға түсті. Олар да хатшыны көріп қалып ауыздары өтірік ыржиып разы болғандай жалған пішінмен ішіктерінің жеңінен аюдың табанындай май алақандарын шығарып, борп-борп еткізіп ұрған болды. Қаражанның томпиған етті көзі тынымсыз қағылып, тығырайған денесі екпінді шапалақ даусымен бірге селкілдейді. Бағанағы күн түсіп тұрған төбеге шығып бара жатқан Сағира мен Қаныш та осы жиыннан қайытқан болатын. 1955 жыл.
─ 95 ─ ОНЖЫЛДЫҚТЫҢ ОЗАТЫ – Құдайдың бермесін тартып аламыз дей ме осылар? Жүз саулықтан жүз жиырма қозы аламыз деседі былжырап. Жүз саулықтан жиырма саулық егіз табуын бұлар қайдан біледі? Қозы қолдан илеп алатын балшық-ау бұларға. Мал іші болған соң шығыны болады деп ойламай ма екен? Егер жүз саулықтан жетпіс қозы қосылса соның өзі зор өнім, мол табыс емес пе, – деп Нұрғалы жуан денесін ырғап, сүйір жирен сақалын тарап қойды. – Əттең, Нүке-ай! Бұлардың кейбіреуінің еркіне қоя берсе өгізді бұзаулатамыз деуден де ұялмайды, – деп Шəріп қарқылдап кетті. Ежелден елден ала көңілдес болып, сырласып жүретін екеуіне бүгінгі кеште бір төбе жеке тиіпті. Екеуі жас жағынан арасы шалғай болса да ниет жағынан құрдастай көрінетін. – Ана Тиянақ бізбен шамалас елудің жуан ішіне келді. Жаралғалы əйелі екеуі қоймен көзін ашып келеді. Екеуі кеше «қасан» бергенде «бөріге, боранға, дертке бір бас төл бермейміз. Жүз саулықтан жүз жиырма төл аламыз» депті. Жыл сайын озат болды деп еліртіп қойғанға аспанған ұшатындай болады. Ми болсашы басында, ессіз, есірік сорлы, енді соны орындаймын деп кемпірі екеуі жаман түйенің жабуындай жалбаңдайды. Оларды еліртіп отырған ана желөкпе қызы ғой, – деген Нұрғалидың сөзін Шəріп біле тұрса да: – «Қасамыңыз» не, Нұке?– деп əдейі сұрады. Нұрғали оған жымия күліп: – Түсінбей отырған шығарсың. «Отаншылдық серт» дегенге мен сияқты кəрі мешеудің тілі келе ме, – деп қулана сөйледі. – Тілі емес, ділі келмей отыр ма дейім, – деп тақ бір сөзін қасында біреу тыңдап отырғандай, аузын Нұрғалидың құлағына апарып қолын төсей сөйледі Шəріп. – «Бақа үндес, балық тілдес» деген жүрегімді білесің-ау жүйрігім. Ой, дариға!– деп күрсінді, – нелер-нелер кеңірдек
─ 96 ─ келеді, сенер адамың шамалы, тіпті серік болар деген кейбір адамың да кедейлердің бөктеріншегінде кетті ғой, Шəріп, – деп Шəріпке де өзінше ой тастап көрді. Сынапша толқып жүретін Шəріп те оған жүнге жабысқан ошағандай жабыса түсті. – Кеше ғана алдыңда қаңбақтай ұшатын немелердің бүгін келіп өзіңе «əсіресе бəленді істесеңіз, анаған барып былай істеңіз» дегенде өлмеген қара жер турасың, – деп Нұрғалиды санға бір салып, – əлгі көне көздердің алдында жұмсап тұрғанда, жездей майырлып кетеді екен адам. Кеше соларды қамшы ұшымен жұмсап жүргенде өзімізге бит шаққандай білінбепті-ау, – дегенде Нұрғали кірпікшешеннің түгіндей тікірейіп тұратын домалақ та қою қасты қабағын шытып: – Ой, шылғи қайыс, суға түсіп былбырап жібіп кетті, біз оларды қамшының ұшымен жұмсаушы ек, енді олар бізді «сіз», «біз» деп құрметпен жұмсайды. Бұлар жақсы, біз жаман демексің бе, сен де өзіңді, «тексеріп» бөктеріншекке айналайын дедің бе?– деп өзелене қалды. Шəріптің мына сөзге намысы келді білем: – Жоқ, Нүке, сыртым шылғи қайыс болып көрінгенмен, ішім суға түскен кендір арқандай ширайды, онсыз.... – дей бергенде оны Нұрғали жамбасқа түртіп қалды. – Келе жатыр, əне!– деп, қойдың кешкі өрісінен екі қозыны қолтықтап құрт мүйіз қызыл тұсақты соңынан ертіп келе жатқан Тиянақты көрсетті. Тиянақ олардың қасына келіп, екі қозына жерге қойды да: – «Кешке жақын төбе сақтама, ашаршылықта төре сақтама» деген, кеште төбеде неғып отырсыздар?– деді оларға. Қызыл тұсақ екі қозыны кезек жалап мекіреніп тұр. – Оу, біздің «Қызыл бұлақ» коммунасының құт-берекесі, жарайсың, Тіке, «қолтығыңнан қозы кетпесін» өзімізше мал шетіне шығып отырғанымыз ғой, – деп қомақтанды Нұрғали. – Е, енді қозы қолтықтан да, қорадан да кетпейді, мұны енді бұрынғыдай адамның қасқырына да, алланың қасқырына да бере қоймаймыз ғой, – деп Тиянақ қозыны
─ 97 ─ көтеріп жылғамен ауылға қарай тартты. Малдың алдында жүрген адамды көріп отырған Нұрғали: – Тіке, малдың алдында адам бар ма? Жоқ болса, біз барайық, – дегенді жəдігөйлікпен айтты. – Бар, бар, – деп Тиянақ Бүргенді жылғаға түсіп кетті. – Нүке, «құшағыңнан қозы кетпесін» деп əлгіні алқағаныңыз ба, қарғағаныңыз ба? – Оған алғыс айтып не қылам. Көрінісі алқағаным, ал, шын жүрегімде өмірлік өстіп қозы көтеріп салпақтап өт, одан басқа түк көрме деп қарғағаным ғой. Сөзінің зəрін көрдің бе əлгінің, «адамның қасқыры» деп бізді айтып барады сілімтік неме, ау шикін, «социализімін» осы жалғыз құрар, – деп кекеп те алды. – Қарғыс дегенде қарға адым жерге жетпейтін болды ма, қалай? – деді Шəріп. Соның да рас. Ана құртауыш мүйіз қызыл қой биыл тұсақ, біздің меншіктегі қой болатын, мына коммунаға қосқанбыз. Осының ұрқы өмірі егіз таппаған. Тоқты қашып, тұсағында егіз туғанын қарашы. Тұсағында егіз туған қой өмірінде жалқы тумайды, – деп ішіне от түскендей қызыл тұсақтың артынан қадала қарап қалды Нұрғали. Дəл осы кезде ауылдың аяқ жағынан шыға келген екі аттыны көзі шалып қалып, – мыналарың кім? Анау бұзаушық бастанғаны əйел ме, еркек пе?– деді. Шынтақтап ойда жатқан Шəріп басын жұлып алып, күлімдеп тұратын қысықтау көзін Нұрғалиға бұрып: – Кəдімгі өзіміздің «Ақ ерке» емес пе, – деп қуанғандай сөйледі. – Онысы кім еді? – Кəдімгі Дəметкен, бастығыңыз. – Бұл əлі ешкімге тимей-ақ жүр. Еркек болып кетер ме екен осы. – Өзі жаратпай жүрген шығар, болмаса мынадай адам тұрғанда жаман-жұтық қызды кісі не қылады, – деп Шəріп аттан түсіп жатқан Дəметкенге қой көрген аш қасқырдай қадала қарап отыр. – Осы екеуің апама-жездем сай емессіңдер ме, сен бір
─ 98 ─ қамшының сабын сындырып отырсың, о да қыз емес, бір қазанның құлағын ұстап шығып отыр. – Əттең, Нүке-ай, «кедейдің қатыны өлсе басы қаңғыратын, байдың қатыны өлсе төсегі жаңғыратын» заман өтіп кетіп отыр ғой. Бұлардың «табы қалай екен?»– дейтін сөзін білесің ғой. Болмаса осы сіз ойлаған ниет менде болғалы қашан. Айтайын десем жасқанам, – деп Шəріп Нұрғалиға мүсеурей қарап, жас баланың өкшесіндей қылтаң бітпеген қызыл иегін уқалай берді. – Ой, тəйір мынау заманның бізден қыры кетіп тұрғаны болмаса, қырықтағы сен түгіл, алпыстағы мен онбестегі қызды алмас па едік. Оның несіне жасқанасың. Ол үшін саған не айып, қатын үстіне аламын деп отырған жоқсың, бір басқа бір көз. Оның үстіне сен оларға əзірше бір исің шығып тұрған адам емессің. Қазіргі əйелдің қалың малы – қызыл тіл, соның жорғасы мен жүйрігін аямай төгу керек. Бұл өзі намыскер əйел, егер қолыңа бір түссе екінші қайтып шықпайды. Қазір байдан байға тиетін əйелді ешкім жақсы көрмейді. Қолыңа қонған соң қалаған жеріңе қайырып салуыңа да болады, – деп өзінің түпкі мақсатын бір бүлк етікізіп алды, – тіпті соның беделі арқылы белің де көтеріліп қалады. Иə, өзінің сөйлесіп жүрген бірдемесі жоқ па екен?– дегенді қосып қойды. – Əттең, Нүке аға-ай, жатқан бір жылымсың-ау! Менің басқаны емес, осыған көзімнің түсуі, осы арқылы бір іштей кіру ғой, əлгі оларға біліне беретін иісті де осы арқылы бүркейім ғой. Құрғырдың өзі де үріп ауызға салардай сүйкімді адам. Əй, қолға түсуі қиын. Ана күйеуі шығарарын шығарып алып, артынан неше рет жалбарынса да көнбеді. Енді бұл қайтсе де содан төмен адамға бармайды. Осы жағын ойлағанда.... – деп Шəріп өзінің кейбір аңқылдақ мінезін де ашып көрсетті. – Ол жағын ойлайтын ештеме жоқ. Ол бұрынғы күйеуі де бір əулекі неме көрінген. Бұны қолға түсіру үшін бірінші арзан сөзбен алдау керек. Оған көнбесе, көзіне ілмесе, еркектігіңді қалай көрсетесің өзің біл. Мұны құтыртып
─ 99 ─ жүрген азғантай еңбегі ғой. Егер бұл бастықсымақ болмай, əдеттегі əйел болса, сені баяғыда-ақ бас салады емес пе, – деп Нұрғали тұзақты екі жағынан көрсетіп қойып, енді Шəріпті өзі бақылап отырмақ. – Нүке, əйелдің көзқарасы мен ойы сіз бен бізге жұмбақ емес қой, менің осыдан үміт күтуім былай болды. Анада біздікіне неменеге, құдай-ау, əйтеуір бір жұмыспен барып қалды. Сонда менің əлгі кішкенемді шақырып алып, басын сипап, «апаң қайда кетті», «апаңды сағындың ба?» деп балаға қатты мейірі түсті. Бұл əлі бала көтермеген ғой, сонша баалажан боларлық уақыты да емес. Содан үйдің ішіне бір-екі рет айнала қарап та қойды. Соған қарағанда оның да ойында бір нəрсе бар ма деп үміттеніп қалдым. Бірақ, ауыз ашпадым, – деді. Шəріптің үмітіне Нұрғали іштей күліп отыр. «Ашық əйелден ақымақ ер дəметіпті» мынаның дəмесін қара. Ол сені не қылады? Тек қолға түсіре алсаң, екеуіңді де, егер ол болмағанда өзіңді соған қайрап салып, соның бетін бір тырнап алсам, əттең!» деген ойдағы Нұрғали Дəметкеннің оның баласын мүсіркеуі сол баланың анадан жастай жетім қалғандығын аяп отырғандығынан екенін де сезіп отыр. Оны төндіре түсу үшін: – Иə, əйел деген дүниеқор жұрт қой. Дүние болғанда да үй ішінің дүниесі. Ол қанша белсенді болғанымен адам емес пе, сенің үйіңдегі ана қоқыр-соқыр дүниеге ие болсам деп ойлайды ғой. Тіпті сенің үйіңе бір жұмыспен барған болып, сенен бір сыр күтіп жүрген болмасына кім кепіл. Мүмкін, ол сенен де бұрын ойланып жүрген шығар, – дегенде, Шəріп: – Аузыңа май, Нүке! Аузың періштенің аузы болсын, ағатайым, – деп бейне Нұрғали Дəметкенді жетелеп əкеп бергендей болды. Оның қуанғаны сонша, ыржиып күлгенде көйкейіп тұратын тақыр иегі мен үстіңгі ерніне жар қабақтай төніп тұратын ұзын имек мұрны қосылып кете жаздады. – Қане, ақшам оқып алайық, – деген Нұрғалидың сөзінен кейін барып күлкісін тиып, – осы намаздан да түңіліп қойған едім. Дəретім болмаса да мына жаңа тілегім үшін тайым соғып болса да оқиын, – деп жүгініп отыра қалып жер ошақ
─ 100 ─ қазған бұқадай, екі алақанымен топырақты бұрқылдата жөнелді. Шəріп намазда тұрғанда да қасындағы иман болып тұрған Нұрғалиға емес, ауылдағы Дəметкеннің келбетіне, істеген ісіне ұйып тұра берді. Нұрғали жығылса, ол тартыншақ түйеге ұқсап тұрады да Нұрғали тұрса ол жығылады. Өзін əлсін-əлі оңап алмақ болса да, Дəметкенге кеткен ойын жиып ала алмай-ақ қойды. Олар намазын оқып болғанда қой алдындағылар қойды қотанға қарай баяу айдап келіп қалған еді. – Мынаны айдасқан болып баралық. Ана сен алатын бастықтың көзі шалып қалса істеп жүр, еңбек сүйеді екен деп қалсын, – деп Нұрғали қиялы əлі Дəметкенде келе жатқан Шəріпті қаптап келе жатқан қойға қарай бұрды. *** Көктем кезінде малшылардың кешкі əңгімелерінің көбіақ: ана қораның төлінің амандығы, мына қораның егіз туған саулық саны, қайсы бір қорадағы ұсақ-түйек малдың кінəраттары, оны емдеу жолдары сөз болады. Міне бүгін, Тиянақтың үйінде де осы сөз болып отыр. – Басы-көзі бір қазан ет болған маубас, күндіз кемпірлердің шайын аңдығанша, ұйқысын қандырып түнде күзетіне жақсы қараса болмай ма? Намыс, ұялу, күйіну деген жоқ қой шіркінде. «Ес жоқ кісіде ақыл жоқ» деген осы, – деп түнде бір саулығын үйелетіп өлтіріп алған басқа қораның бір күзетшісін сөгіп отыр Тиянақ. «Ес жоқ кісіде ақыл жоқ» деген сөзіне Дəметкен күліп жіберді. – Əке! Есі жоқ адамның ақылы бола ма? Бұл қандай сөз?– деп өзіне сұрақ қойды. – Жоқ-ау, адам тіпті күйіп кетеді екен. Жұрт «бір төлді шығын етпейміз» деп жатса, керіскедей семіз саулықты қозысымен арам өлтіргенін көрмейсің бе? Бір мал емес, қазір үш малды өлтіріп отыр: қой бір, ішіндегі қозы екі, арам өлтіріп отыр үш. Міне, үш мал емей не? Ұйықтап жатқан
─ 101 ─ жерінде желкесіне тебер ме еді итті, – деп кіжінді. Дəметкен əтей əкесін сынамақ болып: – Əке, оның несіне ренжисің, өзіңнің қораң аман болса болды емес пе? Қайта басқа қорадан кемшілік болса, бəйгені өзің алып биыл тағы да озат боласың емес пе?– деді. – Бар бол, балам, сені де жұрт кадр деп қойған екен-ау, маған қораның амандығы керек болса, коммунаға барлық қойдың, малдың амандығы керек. Сенде əлі де өзімшілдік бар екен. «Жалғыз ғана менің əкем жақсы болсын» дейді екенсің-ау, жақсы əкелер көп болса саған да жақсы емес пе, балам, – деп Тиянақ баласының бұл сөзін жақтырмады. Дəметкен əкесінің мына ойына қатты қуанды. Кеше бір кемпір мен бір баланың қамы үшін көрінген есікте қой бағып, күндіз-түні «құдай осының малын сақта» дейтін əке бүгін халық пайдасына бола барлық адамның мəртебесі бірдей жасқы болсын деп, адамдар өмірі үшін күйінгеніне разы болып, қуанып отыр. Дəметкен осында келерде ауданнан шығатын «Даму жолында» деген газетті əтей əкесіне оқып беру үшін əкелген еді. Ол асыға орнынан тұрып, көк перезент сөмкесін алып ақтара бастады. Бұл ауданның «Даму жолында» атты газеті қызыл сиямен шипаграфта (газет басатын құрал) басылған болатын. Оған «қызыл газет» деген атты қосып жүрген де осы Тиянақ. – Əке, мен сізге «Озат шопанның тəжірибелері» деген мақаланы оқып берейін. «Малдың ішті болуы неге байланысты?» ауданымыздың... деп Дəметкен біраз кідіріп барып, – «Алға» коммунасының тəжірибелі қарт шопаны... – деп тағы да кідірді, – Қапан малдың ішті болуы туралы мынадай тəжірибе жаратты: Малдың, əсіресе, мен көбірек айналысқан қой деген малдың ішті болуы жəне көбірек егіз тууы мынаған байланысты: қойды ұрықтандырар алдында қатты айдап қинап əкелмей, жай айдап келіп мəлім уақыт дем алдыру керек. Ұрықтанып болғаннан кейін жай еркімен дем алдыру, қыстап айдамау керек. Ұрықтанғаннан кейін семіз қойларды қатты айдап, қызыл май етпеу керек. Мал-
─ 102 ─ ды ыстық суармау шарт. Осындай болғанда мал ішті жəне егіз туады. Бағанадан Дəметкеннің сөзіне тігіле құлақ қойып отырған Тиянақ сəл дегбірсізденіп: – Қайсы коммуна, кім деген шопан?– деп қадала сұрақ қойды. Дəметкен əкесінің қылығына мырс етіп күліп: – «Алға» коммунасы, қарт шопан, Қапан, – деді. – Əкеу, осы сөзді аудандағы озат шопандар жиналысында мен айтқан едім, осыны бір дударбас қу жазып отырған сияқты еді, қате жазып алды ма қалай?– деп отқа қарап аңыра ойланып қалды. – Жоқ, əке, олар ешқандай қате жазбайды. Мына газеттегі шопан сізден де жақсырақ айтқан болуы керек, – деді. Бұлардың əңгімесімен жұмысы жоқ, «жас қозыға кешке суық өтіп кетпесін» деп үйге қозысымен енгізген қызыл тұсақтың желінін жуып екі ақ бұйра қозыны ауыздандырып жатқан шешесіне қарады Дəметкен. – Енді сіз оның жайылым туралы тəжірибесін естігіңіз, – деп жымия күліп газетіне үңілді, – қыстау жайылымында малды ең алдымен қар түспей тұрып ұзақ теріскейлерге баққан жақсы. Онда, біріншіден, алыстағы шөпті малдың іші өспеген кезде жейді. Екінші шөп қардың астында қалмайды. Қар түскеннен кейін күнгейге бағу керек. Күнгейде қашанда қар жатпайды. Алғашқы кезде ұзақ жайылымды жеп малдың іші өскен кезде жақын өріске апару керек. Мал тоқтамайтын панасы аз азықты жылы күндері жеп, ықтасын жерлерді іркіп, боран-шашында бағу керек. – Тү! Мынау айна-қатесі жоқ менің тəжірибем. Əлгі шашыңды ұрайын жүнді бас шатылған екен, – деп Тиянақ сөздің артын күтпей ашуланып, қою біткен қарабурыл шашын қасып-қасып жіберді. – Əке, бағана өзің «жақсы əкенің көбейгені жақсы, жалғыз менің əкем жақсы болсын дегенің өзімшілдік» демедің бе? Ал, сіздей тəжірибелі шопан көбейсе, неге менікі, менің сөзім дейсіз? – Жоқ, балам! Біреудің еңбегін біреу пайдаланып кету қиянат. Мұны былықтырған əлгі шашты қу. Өзінің де қолы
─ 103 ─ қолына тимей сыпылдап отыруы əлі еді. Қате жіберген-ау, білмейім! Өзі келіп сұрағанда «атым Тиянақ, «Қызыл бұлақ» коммунаның шопанымын» деп ауыз екі айтып бергем. Тіпті тəжірибе алмастыруда басқа шопандардан осы сөзді айтқандары болмады. Тек іштеріне қонғандай мақұлдасқан болатын. Оқышы аяғын! «Қарт шопан малды осылай бағу арқылы жыл сайын озат деген атты қолдан бермеген. Осы қыста қорасынан бір де арық шықпаған, қорасына берілген екі мың бау шөп, үш дадан жемді үнемдеген». – Болды, болды, дəл мен. Мен болғанда Тиянақтың өзі. Қапанның орнына Тиянақ, «Алғаның» орнына «Қызыл бұлақ» деп дереу өзгертіп жаз, – деп өзі өмірі қалам салмаған омырауын сипалай берді. Дəметкен əкесінің мына қылығына күліп отқа қызған маңдайын сипап қойды, – мен ертен-ақ ауылдық парткомге арыз беремін, – деп иығынан түсіп бара жатқан қаптал шапанын көтере жамылды. – Кім жазып береді арызды? Өзіңіз хат білмейсіз. – Дəп мына сен жазасың. – Онда жұрт мені əкесіне жанбасты, арыз жазып беріпті демей ме? – Оның сөз емес, балам. Сен менің өтірігіме жанбаспа. Ал, адал ісіме көзің жетсе, одан неге жасқанасың? Ол шындықты жа сырғандық болады, – деп мына іске шынымен-ақ белсеніп отыр. – Мынау өзі сол ауданнан шыққан газет тұрса, мен газетке сенбей, əкем еді деп сізге қалай сенемін, – деп Дəметкен əкесін кішкене балаша алдады. Тиянақ мына жерге келгенде сөзден ұсталып ұтылғандай, шоқша сақалын сылап отырып қалды да: – Сенен басқа да хат танитын адам көп, басқаларға-ақ жаздырып алам. Хат оқытып алуға моллаға кетіп барам дейтін заман емес, əзір-ақ біреу жазып береді, – деп Тиянақ өкпелеген балайда жантая кетті. – Əке, соңын естіңіз, – деп газетке қайта үңілді Дəметкен. Ыза болып жатқан Тиянақ көңілсіздеу ғана:
─ 104 ─ – Иə, айта бер, – деді басын көтерместен. «Ауданымыздағы барлық шопандар «Қызыл бұлақ» коммунасының қарты, озат шопаны Тиянақ ағайдан үйренейік!» дегенде Тиянақ басын жұлып алып, – бұл қалай болғаны? Айтам ғой, əлгі кадр сонда сөйлеген адамдардың сөзін бөлек бөлек қағазға жазбай бір ақ дəп терге жазып отыр еді. Сол былықтырып алған екен ғой. – Жоқ, əке, ол кадрды кінəламаңыз. Мен қалжыңдап отырмын. «Алға», «Қапан да» емес, «Қызыл бұлақ» коммунасының қарт шопаны Тиянақ. – Иə, балам, əкеңнің басын ұрайын, мені алдаған екенсіңау! Кадр деген кісіні алдап, өтірік айта ма? Мен сені секретарь келгенде айтып сындатамын, – деп Дəметкенді бейне кішкене балаша еркелетіп жаурынына қағып қойды. ***
«Екі қыршаңқы тоғайда кездесі» дегендей Нұрғали мен Шəріп іңір арасында ат суарған болып, бұлақ бойында кездесе қалды. Шəріптің еш нəрсе өндіре алмағанын Нұрғали айтпай-ақ біле қойды. – Иə, қандыбалақ, шұбар төс қыраным, іле алдың ба? Жоқ аузыңа сөз түспей жүр ме?– деп бір жағынан арбап, бір жағынан қайрап сөйледі. Екеуі бұдан бұрын да, анадағы төбе басынан кейін де бірнеше рет осылай кездескен болатын. Шəріп онда қалай сөйлесудің, сөзді қалай бастаудың ығын таба алмай жүргендігін де айтқан. Кешегі кездесуде Нұрғали тұрпы тасқа шалғы жанығындай, жанып-жанып қоя берген. Бүгін сол арынмен барып сөйлескен болатын. – Əй, Нүке-ай! Сырт буын тартып қалғандық па, жоқ əйелдің салауаты басып кетті ме? Баяғыдағы қыз-келіншекке айтатын сөздердің базары түгелген сияқты. Аузыма сөз түспей қатты қысылдым. Бүйтіп қиналғанша біреуге хат жаздырып бере салсам да болғандай екен. Өзім өз болып əйелдің алдында қысылғаным осы-ақ шығар. Тіпті терлеп кеттім, – деп барлық сырын жасырмай атты.
─ 105 ─ – Өзіңді соттап тергеуге алғаннан сау ма? Нақ бір төренің алдынан келгендей болып тұрсың ғой, өзің не айттың, қалай айттың, ол не деді? Соны айтшы! – Нүке, бөтен əйелге тіл қатпағалы бір талай болып кетті емес пе, тіпті ауыздың ебі кетіп қалыпты. Қарындас Дəметкен уақытың болса, мойныңды бұрып кетсең деп қасындағылардан оңаша шығарып алдым, – дегенде Нұрғали мырс етіп күліп жіберіп: – Əй түйтіктесе секілді шіркін-ай, алам деп отырған адамын қарындас дей ме екен, – деді. – Нүке-ау, енді оған менің некемді қиып қоймаса қайтем, қарындас демей, не дейім?!– деп Нұрғалидың күлгеніне ызаланды Шəріп. – Иə, айта бер, «балам» демегеніңе мың шүкір, – деп Шəріпті бүйіріне түртіп еңістен түскен өгізше өңкілдеп күлді. Бұған Шəріптің де ызасы келді білем: – Мен ғой сөйлесіп жауаптастым, сіз осы жерде маған мықтынсынғанмен, Дəметкеннің алдында ауыз да аша алмаған болар едіңіз, – деп шырт ете қалды. «Мынаны қайраймын деп дүзін жапырып алдым ба, ендігі сойқанымды осының өзі айтып жүрмесін, мұның да тебіні шамалы екен» деді іштей есеп соғып: – Менікі қалжың ғой, сенің аузыңа сөз түсіртпей отырған да, əйел алдында мүгедектетіп отырған да не екенін мен біліп отырмын, – деп Нұрғали бір күрсінді де, – ал сонда берген жауабын айтшы, – деп мелшие қалды. – Мен өз сөзімді айтып болдым. Одан кейін ол маған «нешедесіз» деп сұрақ қойды. «Қырықтамын» деп екі жас қымқырып айттым. «Неше жаста үйлендіңіз?» деп тағы сұрады. «Он жеті жасымда» деп шынымды айттым. Одан «тұңғыш балаңыз қаншада?» деді. «Биыл жиырма екіде, ұзатқалы бес жыл болды» дедім. Одан кейін төбемнен былай ұрды: «айтқаныңызды айыптамаймын, нəпсіге еріп кеткен шығарсыз. Ал шындыққа келгенде мен балаңыздан екі жас кіші екем. Сіз əлі де көне дүниенің жұртында отырсыз. Мені сіз жəне сіз сияқты адамдар «есік көрген» деп төмен
─ 106 ─ көрер. Бірақ мені адамды түсінетін жандар, замана олай кінəламайды. Түсіндіңіз бе? Ренжімеңіз» деп əдеппен жылы сөйлегені үшін қатты разы болдым, – деп Шəріп өз кінəсін мойындағандай болды. – Ал, енді қайтесің, өреңнің жеткен жері осы болып қала ма, жоқ басқа дəрменің бар ма? Қорлауы-ай өзінің!– деп Нұрғали əлі де Шəріптен үмітін үзе алмай өзеленіп отыр. Ол Дəметкеннің Шəріпке мақұл болуы бұлттан алыс дүние екенін біле тұрса да, Шəріпті оған қайрап салып, Дəметкенді бір мерт етіп алу еді. Нұрғалидың Дəметкенге шұқшиюы былай болатын: – Коммунаға кірер алдында, Нұрғалидың барлық меншік малын сатпақ болғаны, істеген əрекеті Дəметкен жағынан əшкереленген болатын. Бұл сонда ауыр сындалған. Кейін коммуна құрылғанда қой отрядының бастығы болып белгіленді, онда да бірнеше қателіктер өткізгені үшін орнына Дəметкенді қойып, Нұрғалиды қалдырып қойған. Сонан бері өзіне келген сынды Дəметкеннен көріп, ебін тауып оны бір домалатып алу бұрыннан ойында сақталып келген үлкен арманы болатын. Соған иненің жасуындай себепті Шəріптен тауып, қызыл көрген кезқұйрықтай күні-түні соны шыр айналып кете алмай жүр. Танауы тасқа тиіп келген Шəріптен əлі де сүзбе буаз бір дəме күтіп шырғалап отырғаны да сол. – Енді күтер дəрмен жоқ, айтар сөз де қалмады. Шынын айтсам түңілдім де жеңілдім, – деп Шəріп мұның аспандағы айға қол созу екенін, өзінің одан үміт үзгендігін бір-ақ айтты. Əлі де қайрап керегіне жараса бір аздырып көргісі келген Нұрғали: – Əттең Шəріп-ай, есеңгіреп тұрсың-ау! Басыңда бақ тұрғанда кімді кім көзге ілген? Кім асқақ болмайды. Қораңда қойың, өрісте жылқың жатқанда қайсы кедейге барып, «қызыңды бер» деп жалбарынып едің. Сенің лебіңді байдан қайытқан бір қатын түгіл он бес жастағы қыз қайтарып көріп пе еді. Шыркін мына бір байдан келіп отырған қасаң байталдың бағыңды басқа теуіп отырғанын көрдің бе?– деп күйініп отырғандай ауыр күрсінді, қабағы да түсіп кетті.
─ 107 ─ – Қайтемін, ол заман мен бұл заман бір емес қой, ол тек азғантай бай мен бидің заманы болса, мынау осылардың – көптің заманы болды, – деп Шəріп өзінің түңілгенін жəне қайталады. – Оны құтыртып отырған мынау ғой, əкесі он жылдан бері өзінше озат шопан. Жұртқа қадірлі, өзі шошаңдаған кадр, бастық. Басына бір биттей бақ оралып тұр. Егер сол бақты ебін тауып жаңбырлы күнгі қиядан жүрген түйенің табанындай лып еткізіп тайдырып жіберсең, артыңнан бұйдаланған тайлақша елпек қағып ұшар еді, – деп «енді не айтар екен» дегендей бір тоқтады. – Біреудің өрлеп тұрған бағын «тайдырамын» деп жүріп, өз шатымның қалай кеткенін білмей қалып жүрмейін. Өйтіп қатын алам деп қара басыма іс тауып жүрмейім. Жұрт іші ғой, бір бұйырғаны болар. «Құмырсқаның тасқа басқаны тəңірге қандай аян» болса, бұл күнде үкімет біреудің қандай жамандығы бар, біреудің қандай жақсылығы бар, тайға таңба басқандай біледі. Солай біліп те отыр, – деген Шəріптің сөзі Нұрғалиды селт еткізді. «Бұ да тұзақ басты қу. Өлер жері мен өлмес жерін біліп отыр. Мынау маған құл болмас. Менің көңіліме ғана қарап айтып қояды екен ғой кейбір сөзді. Құр тұлыпқа мөңіреппін. Енді бойды осының өзінен де аулақ əкету керек екен. Егер мынаны жұмсап бір іс тудырсам, ат айналып қазығын тапқандай мынау мені өз қолымен ұстап берер. Онан кейін жығылған үстіне жұдырық, жамау үстіне шоқпыт болып жүрмесін» деп Шəріптің өзіне сенбеді. Тіпті осыны басқалараға айтып жүрмесін деп сескенді. Енді бұрынғы құмдағы ізді сумен шаймақ болып: – Менікі əйтеуір ептеп басың құралып қалса, құралғанда да Дəметкен сияқты көзі ашық адаммен құралса, өзіңнің адам болуыңа жəрдем берер еді, ана балаларға да ол рақымды, жағдайлы болар еді деген жанашырлық қой, – деп аяғын сүйреп əкеліп үзіп жіберді. «Осы маған неғып жанашыр бола қалды. Бастабында Дəметкенді сонша жамандап, ортада анадай деп, енді мақтаудағы мақсаты не? Оған
─ 108 ─ бір нұқсан жеткізіп алу үшін мені пайдаланбақшы ма екен» дегенді Шəріп те ойлады. Осы араға келгенде, екеуі де бірбіріне іш бермей өздерімен өздері болып, аттарын жетелеп, өзді өз бетіне тартты. ІІ Қас қарайып келеді. Тақыр дала. Жел барған сайын елеуреп, бұлт қоюлап, ұшқындап қар да түсе бастады. Көк атарбаға дəу болып тиелген көкпеңбек тотияындай пішеннің үстіне отырып алған Дəметкен қара жолмен тартып келеді. Бұлт үйіріліп, боран бұрқанған сайын Дəметкеннің де қабағы түйіліп, күдігі күшейіп келеді. «Қап, мына табиғаттың тілсіз дүлейі шынымен-ақ жер соқтырғаны ма? Əкем байқұс бір малын таба алды ма, жоқ па? Қайдан, қайтып амал таба алсын? Күбіркідей жалғыз үйге өзі жата ма, төлі жата ма, арықтұрақ саулығы қайтеді?» осы жерін ойлағанда көз алдынан мына бір сурет елестеп өте берді: ... Боран басылған, жер беті əппақ шағаладай қар. Тиянақтың қоңырқай үйінің алдында төрт аяқтап тұрған қойлар, қар астында тақыр қарындары бұлтиып-бұлтиып өліп жатқан кəрі саулықтар, жас қозылардың жылбысқасын жеп мəз болып қарқылдап қалбалақтап ұшып жүрген қарғалар, үй ішінде кереге басы ілулі тұрған ақ бұйра елтірілер мен мəрилер... Күлбеттеніп отырған əкесі мен шешесі... ... Ол енді бір кезде өзін коммуна секретарының алдынан көрді. «Қоныс жақсы басқарылмаған, желдің өті, жалтаңға отыру малдың жағдайын білмегендік, қыстың қақаған аязына жалғыз тоқты бермей келіп, бір боранға мұнша малды шығындату көңіл бөлмегендіктен басқа нəрсе емес, жауапкерсіздік» деп секретарь қатты ренжіп отыр. Ой артынан ой туып келеді. Бір мезет мыналар да оралды: ... «Əлгі неше жылдан озат болып келе жатқан Тиянақ бар қойды боранға беріпті» деген хабар отрядтан отрядқа, үйден үйге, тіпті аудандағы коммуналарға дейін шапқылап жүр. «Құп болды! Мені жаратпай қатыннан бастық қойып, жа-
─ 109 ─ ман Тиянақты озат шопан деп аспанға көтерген едіңдер, мені де құдай бекер жаратпаған. Міне саған жүз саулықтан жүз жиырма қозы! Міне осы малдың бəріне тұлға болардай жержебіріме жетіп едің. Алдың жүз жиырма қозыны... «Құралай бастаған құс оңбайды, қатын бастаған көш оңбайды» деген осы» деп табасы қанып, мəз болып Нұрғали отыр. Көз алдынан өткен осы сурет оны селт еткізді. Осы ойларға шомып өзінің қай жерге келгенін, боранның қашан үдеп ақ түтекке айналып алғанын сезбей де қалды. Тіпті, қарагердің құлағы да көрінбейді. Əйтеуір жыбырлап келе жатқаны ғана байқалады. Дəметкен өзіне де, көзіне де сенбегендей, ұзын кірпігін уқалап, дөңгелек қара көзін төңірегіне зорлана жұмсады. Орай соққан дүлей боран қар қиыршықтарымен сабалап көзін аштырмады. Дəметкен осыдан үш күн ғана бұрын үйін осы кенереге өзі қондырып қайытқан болатын. «Бүгін қатты қарлы боран болады, дайындық жақсы болсын» деген ауданның хабарын алды да Дəметкен əр қораға жем-шөп жеткізудің қамына кіріскен. Көктемдегі шаруалар қандай қарбалас. Азаматтардың көбі егіс майданында, құрылыс салу қамында болатын. Отрядта қалғандарды басқа қораларға жіберді де əкесі баққан қойға жем-шөп жеткізу үшін арбамен өзі шыққан. «Ауылға жетер мезгіл болған еді, адасып кеттім бе?» деген оймен божыны тежеп тұра қалды. Дəметкен ауылдан шыққанда жел қырынан еді, қазір тура арттан екен, адасқанын енді сезді. Бағанадан бергі қиял мен күдік енді қорқынышты қауіпке айналды. Мұндайда қиял шіркін қандай жүйрік лезде қуанышқа апарып, лезде қорқынышқа енді. Бір мезет өлімнің, ажалдың есігіне алып барады, Өзін кейде қардың астынан елестетсе, енді бір мезет өз үйінен, əке-шешесінің қасынан көреді, бір мезет аттың пысқырған үні естіледі. Бір мезет əкесінің «Дəметкен» деп шақырған даусы келеді. Өстіп əрбір дыбысқа құлағын тігіп тұрғанда бағана есігінің алдында өзіне тігіле қарап қалған Шəріптің суық түсі келе қалды. Бір суық қорқыныш бойын шымыр еткізді. Арбаның арт жағынан естілген сыбдырға
─ 110 ─ мойын бұрып, қарауға да батылдық ете алмады. Көзінің қиығы арт жағына бір аударылғанда албұр-жұлбыр тоны бар біреудің жанталасып арбаға шығып келе жатқанын көрді. Атты «шу» деуге аузы əрең келді. Оны да қорыққанынан айтты. Божыны қалай қаққанын, аттың жүрген жүрмегенін кім білсін. Əлгі адам шөпті сыбдырлатып əлі шыға алмай келеді. Көз алдынан өлімнен басқа нəрсе кетпеді. Ақырын ғана артына тағы бір мойын бұрып еді, əлгі адам арба үстіне сорайып шыға келді. Қорыққан адам кісі өлтіреді дегендей Дəметкен жанұшыра қолындағы қамшысын артына қарай бірнеше рет сермеп қалды. Əлгі адам салдыр-салдыр етіп арбадан түсіп кетті. Аты бірнеше рет сүрініп қалды. Ол сəл есін жиғандай болып, божыны тежей, атты шаужайға қағып еді, божының бір жағы тіпті бос қалыпты. Ат тағы сүрінді. Жаңағы адам енді атының шаужайына жағаласып келеді. Жан ұшырған Дəметкен қолындағы божыны бұра тартты. Аз өтпей-ақ өзінің арбадан ұшып түскенін бір-ақ сезді. *** Күнге қою бұлт ілінген заман Тиянақ қойды қораға əкелген болатын. Бұлар үш жақтап жүріп жас төлдерді емізіп, жанындағы үйшіктің астын құрғатып, үйіндегі текемет, сырмақ, түндікке дейін алып қоршап, жел өтпестей етіп іргесін көмді де арқанмен мықтап бастырып тастады. Оған үлгеріп болғанша бұрқасындатып боран да жетті. Еті ояз кəртең тақыр қарын саулықтарды үйдегі тері-терсек, ішпек тоқымдарға дейін алып жабулады. Желіні жетіп, бүгін, ертең туады-ау деген саулықтарды үйге алды. Қарлы боран барған сайын елеуреп, түндігі жоқ шаңырақтан жынын бүріккен бурадай қарды орап əкеп, отқа бүркеді. Маздап жанған қызыл жалын оған «пішту» деп қана жауап қайырады. Қарбалас дайындық аяқтап, үшеуі кезекпен шығып қораны шолып қойып жүр. Тиянақ пен күзетші үйге еніп, Тиянақтың əйелі ғана сыртта «бастырылған төл бар ма» дегендей үйшік маңын тыңдап, қора сыртын айналып жүр.
─ 111 ─ – Отыңды қағыстырып қой, балам. Қора жасап алғанымыз абзал болды, болмаса, мына боранда мал тоқтай ма! Бəйбіше үшеуміз де тікемізден тік тұрып, күзетте болатын едік. Ерінбей еңбек етсең пайдасын көресің, – деп Тиянақ күзетші бала жігітке қарап бір қомақтанып алды. Жалтаң болғанмен, бұл жердің ағындары қалың бозқараған бо латын. Тиянақ жанталасып жүріп, ертелі-кеш қараған шауып, кісінің белінен келетін ықтырма жасап алған. «Қора жасап алғанымыз» деп отырғаны сол. Сырттан əйелімен бірге кірген жел қызыл жалынды төрге қарай ығыстыра айдады. Бетін от шалған Тиянақ күзекшін бурыл сақалын далдалай берді. – Ойпыр-ай қайтер екен, барған сайын үдеп келеді мынау, – деп əйел мұрнын тыжыра кірді. – Е, қазақтың кəрі «отамалы» дегені осы. «Жақсылыққа бақса от алғанша, жамандығына бақса от орны ойылғанша» деп қазекем бұдан талай ақсүйек болған ғой, – дегенде жас күзетшінің көзі бажырая қалды. – Мұны біле тұрып қыстау маңынан неге көштің ақсақал, – деп Тиянақтың əлгі сөзінен секем ала сөйледі. – Қорықпа, балам, арық-тұрақ дегенің мыналар. Бұлардың да бір борандық күйі бар. Күйлі мал ештеңе етпейді. Ол «отамалың» кешегі əр сайды қуып шілдің боғындай бытыраған еңбексіз шаруаға ғана күшті. Біз сияқты ырысты, ұйымдасқан елдің құтын шайқамақ түгіл, маңын баса алмайды, – деп Тиянақ шын жүрегімен оның қорқып қалған көңілін орнықтыра сөйледі. – Кім біледі, басылмай бір-екі күнге созылса, қорадан мал шыға алмай қалып жүре ме, – деді отқа отын салып жатқан əйелі. – Құрлыстағылар қарап жата ма, жем-шөп жеткізбей, ол шіркіндерге де мал керек, – деп сабырлы Тиянақ бəріне де амал шараның барлығын сездіріп отыр. – Жас төлдердің емуі қиын болады ғой, – деген əйеліне: – Сары уайымға салынбашы. Тиянақтың көрген бораны жалғыз осы ғана-ау, қане балам, қораңды бір айналып қой,
─ 112 ─ əлгі тік құлақ «мырзаның» мұндай боранда жортауылға аттанғыш келетінін білесің ғой. Қораның ішін əбден болжа, мекіренген қой бар ма, байқа, – деп көп сөйлемей отыратын бала жігітті сыртқа бұйырды. – Мал не болды деп Дəметкен қандай уайымдап қорқып жүр екен, – деп əйелі қабағын шытып қара шəугімнің бүйірін қызыл шоққа төсеп қойды. – Өзі кадр, барлық қойды басқарып жүрген кісі сол. Мына жалтаңға қондырып өз көзімен көріп кеткен. Қайта біреуді жұмсап, жем-шөп жіберер. Оны ойлайтын ақылы бар менің баламның, – деп жалғыз қызын да мақтап алды. Есіктен кірген момақан жігіттен, – қойлар жатып па?– деп сұрады. – Жатқан көрінеді, осы ақ қойлар суыққа да берік болатын көрінеді, – деп төмен қарады жігіт. – Жерлік қойдың жүні ешкінің аз алдындағы ғана неме емес пе? Ал, мына ақ қойдың күпісінен жөбішеңкі жел өтпейді. Нағыз маңғаз тұрғанын қарашы, – деп Тиянақ көздері отқа қарап жасылданып бырт-бырт күйсеп тұрған бес-алты саулыққа қарады да күзетке өзі шықты. Озандата бірнеше рет айқайлап, қораны шолып тастап, үйге қайта оралды. – Мына бір саулық туайын деп тұр-ау дейім, тыпыршып жерді тарпи береді, – деді əйелі. Тиянақ оны басқа қойлардың қалтарысына таман қақпайлап қойды. Өз кереге басында ілулі тұрған көк перезент сөмкесін отбасына əкеліп, қайшысымен бөтелкедегі йодын алды. Ол қолдарын дəрігер тəрізді жуып жатып: – Қане, бір атаның ұлысың, жол сенікі, мынаған «кіндік апа» сен бол, – деп бала жігітке қарап еді, оның отқа қызып отырған тотыққан беті одан ары күреңдеп кетті. Кідірмей əлгі қой мекіреніп қозысын жалағандай болды. Тиянақ үстіндегі қара ішігін шешіп, тымағын алып қойды. Едəуір өсіп қалған бурыл шашын бір сипап, қозыны жарыққа таман əкелді де кіндігін кесіп йод жақты. – Е, бұны аты «боранбай», – дегенде бала жігіт мырс етіп күліп жіберді, – ой, енесін ұрған, несіне күлесің? Менің
─ 113 ─ əкем балаларына қай жерде туса, сол жердің атын қояды екен. «Сорты» деген жерде үлкен ағамыз туған, атын Сортпай деп қойыпты. «Əңгірті» деген жерде туған кейінгісін Əңгірті қойыпты. Мен Қызылжонның өзіміз жайлап жүрген жайлауында туған екем, оны бұрын «Тиянақ» жайлауы дейді екен, менің атымды Тиянақ қойған. Мен сол адамның баласы тұрсам, боранда туған қозының атын боранбай қоймай не дейін, – деп қарқылдап күле отырып, қолын жуып жатқанда қарала ит төмен қарап шəбелене қалды. Көзі ілініп кетіп, ілініп кетіп отырған Тиянақтың əйелі: – Бұл не көрді? Келе жатқан біреу бар ма? Бірдеменің дыбысын білді ғой, – деді өтірік үрмейтін қарала төбетке сенім байлағандай орнынан тұра беріп. – «Алланың серісі» шығар боранда бізден қонақасы дəметіп жүрген. «Мырза, серілермен» қошым жоқ, балам! Ана қосауызды алып ит үрген жаққа барда аспанға қарата бір мөңіретіп қой. «Сері» қонақасысын қойып, «байтал түгіл бас қайғы» болсын, – деді. Тиянақ жасында жапаны көп көрсе де қиыншылыққа еңсесі иілмеген жан. Шындық істі тіке сөйлейтін ер көңілді, ақ жарқын, əзілсіз жүрмейтін адам. Бала жігіт мылтықтың қасына барды да: – Ақсақал, мен өмірі мылтық атып көрмеген едім, – деп атуға өзінің жүрексініп тұрғанын айтты. – Ой, енесін ұрған, қотанға тышар, қоянжүрек, – деп қосауызды алып бір тал оқты басты да ішігін желбегей жамылып шығып кетті. Бала жігіт мұның даусы құлақты тұндырар деген еді, əлден уақытта барып гүрс етті, онша қатты естілмеді. ***
Дəметкен арбадан ауып түсісімен жан дəрмен орнынан ұшып тұрды. Ол дереу біреу келіп бас салып алыса кетер деген ойда еді, еш нəрсе білінбеді. Ол өзіне өзі сенбегендей болып, аңырып тұрып қалды. Аздан кейін барып, есін жиып, өткен істі бастан-аяқ бір елестетіп те өтті. Ақырын
─ 114 ─ аттың алдына келді. «Бармысың?» дегендей жемге үйренген ат оқыранып жіберді. Бұл Дəметкенге недəуір қуат берді. Арбаның алдыңғы дөңгелегі жыраға тығылып қалыпты. Сулығынан ұстап көріп еді, үзілген божы қолына келді. Арбаға жандай барып қарағанда арбаның үстінде қарбиған бірдеме əлі тұрған тəрізді көрінді. Жүрек шіркін қандай нəзік, зу ете түсті. Тұрып қалды орнында. Сəлден кейін барып, шөптің үстіне тігінен бастырылған жем салған дағар есіне келді. Бағана қалың шытырман ой ішінде келе жатқанда бұл дағар естен шығып кеткен екен. Арбаға тырмысып шығып келе жатқан жалбыр киімді осы дағар болып шықты. Ал əлгі аттың шаужайымен жағаласқан «адамның» үзілген божыны басып қалып сүрінгендегісі доға болды. Дəметкен өзіне өзі ыза болды. «Шіркін-ау! Осынша су жүрек пе едім, жығылғаным да жақсы болды. Жығылмай осы бетіммен ауылға барып бір адам осынша қуды десем жұрт нанар ма? «Əйелдігі ғой дейді-ау, жолдастар мені де одақ мүшесі деп жүр. Қайда менің партия алдында берген сертім. Бір боранға, жиырма шақырым жолға төзе алмағаным ба» деп тұла бойын намыс та, ашу да кернеп кетті. Дəметкен түннің, елестің қорқынышынан құтылса да, мына боранда төрт жүз саулықтың тағдырының не болатынын ойлағанда іші удай ашыды. Көз алдына боранға төзе алмай ширығып ыққан қойлар, қара тер болып, ие бола алмай о шетіне бір, бұ шетіне бір зыр жүгіріп жүрген үш адам қар үстіне туып, қатып қалған қозылар елестейді. Ойы осыған келгенде ол ширап, адасқан бетін түзеп алғысы келді де, жолды байқайын деп төңірегінен жол сорабын шалмақ болды. Арбаға ықтап алған қоңыр ат «осыдан артық пана жоқ» дегендей қозғалар емес. Қар басып алған қара жолдың сорабы тұр ғой, ойлы шұңқырын да біліндірмейді. Жазығы қайсы, төбесі қайсы, білінбейді. Өзі ары-бері жүріп, енді арбаның қай жағында қалғанын да барлай алмай қалды. «Енді неде болса арбаны тауып қасында болайын, өзі де түн ортасы болды, таң атқан соң табармын. Қойға жем-шөп жеткізем деп жүріп, тер
─ 115 ─ қатқан атты өлтіріп алмайын, жем-шөп берейін» деген ойға келді. Ол ары-бері сенделіп, малтығып жүріп, арбасын сойыл салым жерге келгенде ғана бір-ақ көрді. Дəл қасына барғанда ол арба емес, жаман там болып шықты. Қай заманнан қалғаны белгісіз, осы жазықта бір жалғыз мұжық дуал бар болатын. Мұны осы маңның елі «жаман там» деп атайтын еді. Дəметкен жер аңғарын енді байқады. Өзінің қайда келгенін, қалай адасқанын да сезді. Ол қатты қуанды. Ауыл боранға қарсы болғанымен, енді тым алыс емес, мөлшері үш-төрт шақырымдай жерде. Арбасын іздеп табу енді онша мүшкіл емес. Осы жаман тамның оң жағынан өтетін жол бар. Тура солай тартты. Оған ендігі бір бөгет арбаның шығуы. Ұзамай-ақ арбаны да тапты. Бір дөңгелек кептеліп қалыпты. Енді қалай, қай жаққа тарты керек? Тіпті оны байқап білу қиын. Аяғымен о жақ, бұ жағын байқап көрді, байқалмайды. «Тым болмаса, сіріңке де болмады-ау» деп тұрғанда қол шырағы есіне түсіп күліп жіберді. «Қорқақтық шіркін есімді əбден шығарған екен-ау, бағанадан есімде болсашы! Онда бағанағы мені қорқытқан адамды көрген болар едім» деп қол шырағын алып жағып еді, едəуір көмек болды. Жердің арба шыға алатын жағын да байқап алды. Божыны солға бұра тартып, «шу» дегенде ширығып тұрған семіз ат ілінбей шығып кетті. Қарын жел айдап кеткен тақтақ жолдың кейбір сүрлеулерін қол шырағымен межелеп, желге қарсы əрең келеді. Бір қолы тізгінде, бір қолын бірде маңдайына қойып, көзіне панасын етеді. Бірде жолды межелеу үшін қол шырағына жұмсайды. Қоңыр ат тұмсығына Дəметкенді пана етіп тұяқ аударып қана келе жатыр. Жол мандыр емес, боран кеудеден кейін итерсе қар аяққа оралып əрең қыбырлатады. Қатты ышқынып долданғанда еріксіз артына қаратады. Адамның басқан қадамының бəрі де ой емес пе, əр адымда əр түрлі ой туады. Дəметкеннің қазіргі ойы қайта-қайта кеп боранда қалған қойға оралады. Жайшылықта тым болмағанда өзінің жеке басының келешегі үшін ойланып, көз алдынан талай
─ 116 ─ жігіттерді өткізетін. Ал дəл қазіргі минутта ол жігіттердің бəрі де жоқ. Көз алдына қой шетінде арпалысып жүрген əке-шешесі, қатып жатқан жас қозылар елестеп келеді, өте береді. Жел болымсыз тына қалғанда «тарс» еткен мылтық даусы естілді. Бастабында селт етті. Жетектегі ат та кекжең етіп тартынып қалды. Зəресі бұрынғыдан арман ұшқан Дəметкен бар пəрменімен атты соза тартты. «Жұт жеті ағайынды» деген осы-ау, қаншасын қырды екен?... Қайран еңбек, тер! Бір боранға жем болды-ау... Қойға қасқыр тиген екен ғой, мынау соған атылған мылтық, қаншасын қуып əкетті екен?... Оның көз алдына тамақталып жатқан, таңы жалбырап сілейіп тұрған қойлар, екі көзі қанталап, жүні жалбұр-жұлбыр болған, кұйрығы сабаудай көкжал қасқыр келе қалды. Оның өзі алқынып келе жатқан жүрегі арқан түскен құлындай тулап алға ала жөнелді. Қасқырға деген айбары ма, болмаса мен мұнда деген белгісі ме, ойламаған жерден қолшырағын жағып көтере сермеп қалды. Қарагер ат сəл ғана оңға тарта беріп келеді. «Əйт, əйт!» деген дауыс құлағына тигенде, көзінен жас ыршып кеткенін Дəметкеннің өзі де сезген жоқ. «Əке!» деп айқайлап еді, оның жұқа ерінінен шыққан нəзік даусын дүлей жел бір орам темекінің жұқа қағазындай дірілдетіп төмен ала жөнелді. Əлгі айтақтаған дауыс, тым-тырыс тына қалды. Қоңыр ат əлі оңға тартып келеді. Дəметкен де атқа бейімделген жағына қарай ерік беріп келеді. Ұзақ жүрмей қарала төбеті де өзелене үріп алдынан шықты. «Жат, Алыпсоқ!» деп дыбыстап еді, иесін таныған Алыпсоқ ұялғандай үнін өшіріп, кешір дегендей етегіне орала түсті де сүйінші тілегендей қайта арсалаңдап үйіне қарай жүгірді. Ит шəбелеңдеп үргенде қос аузын ала шыққан Тиянақ аппақ қарды сықырлатып үй жанына келіп қалған арбалы адамға: – Ой, борандатып келген қай мықты?– деп қарсы жүрді. «Əке» деген Дəметкеннің даусын танып: – Дəметкен, Дəмеш! Алла, қалқам-ау, жалғызбысың?– деп бас салды, – Менің саям азамат, – деп қолынан сүйді.
─ 117 ─ – Əке, амансыңдар ма? Малдарың қалай, аман ба?– дегенше үйдегілер де жабырласа шықты. Дəметкеннің шешесі оны көптен бері көрмеген, бейне қызы бүгін ғана төркіндеп келгендей айғайлап бетінен сүйіп, «Жалғыз жібергені несі, адасып кетсе қайтеді, үсініп қалса қайтеді, өздері қалай?» деп көзіне жас алып күңкілдеп жүр. Дəметкен үйге кіріп əкесінен барлық жағдайды ұғынып, көңілі жайланғанан кейін, «заманына қарай адамы жаралады екен-ау, үш қана адам бір қора мал бағып жүріп үш күн ішінде мынадай қора жасап алғанын қарашы!» деп таңданып та, қуанып та отыр. – Мылтық атқан сен бе, Оралтай?– деп бала жігітке қарады. – Жоқ, – деп Оралтай тағы да қызарып төмен қарады. – Бұл шірік мылтық ата ала ма?– деп Тиянақ өзі атқандығын білдірді, – бұл мылтық атуды білмегенмен бала аю сияқты мықты болды. Басында мата жіптілеу бола ма деп ойлап едім, күзетке де, еңбекке де шөгел шықты, – деп өзінің жас серігін де бір мақтап алды. Бағана бүйірі шоққа төселген қара шəугім енді құйылды. ІІІ Жұртқа қашқан жас бұзауша, мұным қай жүріс. Мені тобынан қаққан кім бар?! Тіпті коммунаның секретарына дейін ақылын айтып, адам бол деп отыр. Мені жат санаса, ақылын айта ма. «Кей адамдар кедейге бөктеріншек болып кетті дейді». Ал енді кедейдің қанжығасынан түсіп қалғанда, қайсы топтың ішінде боламын. Нұрғалидың қынына түсіп, жанына байлайтын кездігі болам ғой. Жұртта қалған бұралқы күшіктей Нұрғали үшін үрмекшімін. Біреудің қазанының қаймағын бұзған күні қақ басқа бір салмай ма мені. Не жамандық көргенім үшін көпке қарап үрмекпін. Ішуге ас, киюге киім, мінем десем ат дайын, енді менің іздегенім не? Мал деген немені де сол үшін жимап па едік. Кім мені отырсам басқа, тұрсам аяққа сабап еріксіз еңбекке айдап отыр.
─ 118 ─ Кім мені сен бөтен ауылдың сиыры деп мүйіздеді. Шынына келсем, көлеңкесінен қорқатын қояндай секем алып, көрінгенге күдіктеніп, іштеріне кірмей, тауға қарап ұлып жүрген өзім емес пе? Нұрғалиға ілескенде ол маған не тауып береді. Осы коммунада жасап жатқанының барлығы адам, ал мен адам арасынан шыққанда, оларды жақтырмағанда қайда барам? Нұрғалиға ілесем деп алақандай бетіме айдай таңба түсіргенше көпке ілесіп, ойын-күлкінің арасында өткізсем болмай ма қалған өмірімді. «Біз адамға қарсы емеспіз, адамдық жолға қарсы болған адамдардың қате жолына қарсымыз, адамдық жолды сүйген адамға қашанда құшағымыз дайын» деді-ау!... Дұрыс қой тіпті. «Біздің жолымызды, ісімізді сүйген адамды біз де сүйеміз. Бай болған адамның барлығын шетке қақпаймыз, өзі қағылам десе лаж жоқ». Бұдан ары бізге неғып береді деп жаңағы секретардың сөзін тағы да бір елестетіп өтті. «Əй, шіркін, жігіт! Арбаған жыланның аузынан алып қалды-ау. Əй, сұм Нұрғали, жан торсыққып байланып əкетуге аз қалдың-ау, алаяқ, баспаспын енді тұзағыңды. Ендігі өмірімді еліммен бірге өткізермін» деп Шəріп өзінің алдауға түсіп, қате баса жаздағанынан шошынып үрке қараса, енді бір жағынан Нұрғалиға қарғысын жаудырып, жаңа ғана өзіне ақыл көмек берген секретарьға алғысын айтып, келешегі үшін, өмір үшін ойланып келеді. «Мынаны қара!» деді бір кезек өзіне-өзі жас баланың кекіліндей күлтеленіп тұрған көктемде егілген шабдал ағашын көріп. Осы ағашты еккенде, ол Нұрғалидың қасында еді. Сонда Нұрғали: «əншейін былжырақ қой. Бұл жерге ағаш өсіруге құдайдың құдіреті жетпеп пе, шабдал түгіл бұған бақатал да өспейді. Əйтеу бізге тыным бермеудің жолы ғой» дегенде, оны Шəріп те қуаттап сөйлеген. Осы сөзі есіне түсіп, өзі қатты састы. «Алла-ай!» деді ішінен. Тіпті анадағы бір төбе басында «бұлар құдайдың бермесін тартып аламыз, дейді» деген Нұрғалидың сөзіне қосылып, «еркіне қоя берсе, өгізді бұзаулатам дейді бұлар» деген қате сөзінен қатты шошыды. «Құдайдың бермесін алған деген осы емес пе» деп ағаштарға қарап біраз тұрды. Анада Тиянақты «жүз
─ 119 ─ қойдан жүз жиырма қозы алам депті» деп сөгіп еді, орындады ғой əне, тіпті одан артық та екен. Дүниенің барлығы да істеуде, амалын табуда екен-ау. «Құдай-құдай деп жүріп құр қалыппыз-ау, көрсеткен жолдан азба енді Шəріп! Көптен айрылып көмусіз қалма» деп өз үйіне қарай тартты. Қалақай жеген түйедей дөңбекшіп қайта-қайта күрсініп Нұрғали жатыр. Осы жарық дүниені көрмесем дегендей екі көзін қанша жұмса да ұйқысы келер емес. «Үйренуге барасың, – дейді, – енді алпысқа келгенде мені осы елге имам сайлар! Аларын алып болды, енді менің немді алады. Əй, кемпір ауыз қу иек, осы үйренуіме баруыма сен де тамыздық болдың. Əттең тегін білмейтін тексіздер. Намыс дегенді білмейді, күні үшін күлік жеген сорлылар» деп бір күрсінді Шəріпті жазғырып. «Бəлем, Шəріп тұрып тұр. Осы үйренуден ептеп бір өтіп келейін, қайта оралар күн болса, қанжарды басқадан бұрын саған қадармын. Менен безіп барлық сырды ашып жақсы адам болмақ қой. Басыңа таудай бəле үйіп, исіңді бір мүңкітейін. Көрейін одан кейін кім болғаныңды» деп ағаш керуетіне жалғыз өзі симай, оқ тиген сары аюдай ары-бері аунап жан таласып жатыр. Оған жаңа ғана, аудандағы үйренуге баратындығын ұқтырған болатын. Бері жығыл десе, ары жығылатын Нұрғали оны да бір үлкен бейнет көріп, төсегінде кірпікшешендей жиырылып жатқаны да сол. ***
Қыркүйектің бас кезі, қырдың уақытымен айтқанда сиыртүс мезгілі. «Қызыл бұлақ» коммунасының кеңсесінің маңы қауырт қимылды. Екі жылдың алдында тыныш жататын осы бір тақыр дала бүгін мынадай болады деп ойламаған. Ұзын, тік көше болып салынған аласа үйлер. Көшенің екі жағындағы арық бойына егілген ағаштардың көкала жапырағы күн көзінен нəр сұрағандай алақандарын жайып баяу ғана ырғалады. Сол кішкентай қалашықта еңсесі биік екі үй бар. Мына ортасындағы терезесін қызыл сыр-
─ 120 ─ мен сырлаған бес-алты бөлмелі үй – «Қызыл бұлақ» коммунасының кеңсесі. Анау жоғары жағында тұрған көк терезелі үйлер – мектеп. Алаңға тізіле қалған көп бала мына коммуна ісханасына қарай тіке өлеңдетіп келеді. Бірнешеуі топтан бұлт етіп шығып кішкентай көк дүкенге кіріп кетіп жатыр. Дəл осы кезде қала ішінде əредік белі иілген ақ басты аналар мен таяққа сүйенген қарт аталар ғана көзге шалынады. Қала сырты қызу еңбек думаны. Білегі түрілмеген жан көрмейсің. Бес-алты қырманда алты-жетіден жүріп жатқан шаңтас даусы. Қара жерді қопарған көк қасқа трактордың гүріліне үн қосып еңбек қарқыны сол маңды сілкіндіріп тұрғандай сезіледі. Аңыздың арық жағасындағы мал тұяғы тимеген көк ала жоңышқаға қойын қаптата салған Тиянақ қарагердің ауыздығын алып, əр қырманға барып, біріне «қырман толсын» десе, енді біріне барып «қырманың қырдай, қызыл таудай болсын» деп құттықтап жүр. Тиянақ қайсы қырманға барса барлығы шұрқырасып «табысыңды құттықтаймыз! Шопан ата» десе, жасы өзінен кішілеуі: «табысың табысқа ұлассын! Шопан аға» десіп дүрілдеседі. Өзінің де, өзгенің де еңбегіне шаттана қуанған Тиянақ «қорадағы қой саны əлі қырмандағы бау санына жете алған жоқ, жаман шалды жалбырлатып мақтай беріп қайтесіңдер» деп қарқ-қарқ күледі. Тиянақ соңғы қырманға таяй бергенде, желден жал, шаңнан құйрық жасаған көк қасқа «Азат» машина əйнегі күнге жарқылдап, ышқынып келіп, қырман басына тоқтай қалды. Тиянақтың қойы жапырылып барып тоқтады. Тиянақ та қырманға таяп қалған еді. Кабинкадан түскен коммуна секретары ашаң бойлы, ақ құба жас жігіт Бердібек асыға басып келіп, Тиянаққа: – Ассаламағалейкум, Тіке! Қалай, сəлеметсіз бе? – деп ат үстіне қолын созды. Тиянақ сəлем алып, аттан түсе бергенде Бердібек оны сүйеп түсіріп алды. Қырмандағылар да шұрқыраса сəлем беріп, қайта еңбектеріне оралды. Қойының үркіп қалғанына ренжіп қалған Тиянақ қарт: – Жұмысың қалай асығыс, қойымның зəресін алды
─ 121 ─ ғой мынауың. Ақырын жүруге болмай ма? – деп Бердібек секретарьға қарады. – Тіке, сүйінші тілеген адам ақырын жүре ала ма? Жеңгеңіз ұл туғанда үйден үйге өзіңіз қалай жүгіргеніңізді есіңізге алыңызшы! – деп Бердібек оған күле қарады. – Ал, бүгін менің кемпірім босанып па? – деп Тиянақ та оған қадала қарады. – Солай, одан да үлкен қуаныш, бүгін мына астық машинасымен ауданға барасыз, одан ары Бейжіңге баратын болдыңыз. – Тек, рас па? Не үшін, не істеп бергенім үшін барам, кім апарады? – Істеген озат еңбегіңіз апарады. – Жоқ, заман, дəуір апарады. Мені озат еткен заман ғой, партия ғой. Жасымнан баққаным қой, озат болсам сонда қайдамын. – Дұрыс, Тіке, заман, партия апарып отыр. Заманға, партияға адал еңбек сіңіріп, төрт жүз саулықтан бес жүз жетпіс қозы төлдетіп аман қосқаныңыз үшін барасыз. Қуаныш кернеген Тиянақ Бердібек секретарьдың қолын қысып: – Рахмет, жандарым, рахмет. Партияның, сендердің көмектерің, көрсетпелерің, ақылдарың болмаса мендей бір шалдың қолынан не келеді, – деп шын жүректен ақиқатын айтты. – Екінші жақтан, сізден бүгін енші алуға келгендер бар. Ана тоқтыларыңызды енді бөліп берерсіз. – Оны кім бағады? – Шəріп. – Шəріп?! Əкесі де, өзі де мал шетіне шығып көрме ген, жатып ішетін шіркін еді, еңбегімді еш етіп жүрер ме екен. – Ондай етпейді. Басы-қасында Дəметкен бар, басқалар бар, көреді. Қанша тоқты бересіз? – Бəрін берем, бес жүз жетпіс бес тоқты. Əлгі Дəметкен қайда? Мал қожасы сол, екеуіңнің алдыңда берем, – деді Тиянақ.
─ 122 ─ – Дəметкен бар, қазір келеді. Дəметкен сізді ауданға дейін апарып ұзатып қойып келеді. – Ал, енді жүретініңді айттың, Дəметкен ұзатады дедің, мен кемпіріме барып төркіндеуім керек. Мына баққан қойымды қайтем? – Оны өзіңіз келгенше күзетші балаңыз бағады. Күзетті бəйбішеңіз қарайды, қалай? – Жə, болады. – Онда аттаныңыз! Мал жаққа баралық, – деп Бердібек Тиянақты қолтықтап аттандырып қойды. ...Шалқар түс кезінде демалыстағы жұрттың бəрі коммуна кеңсесінің алдында жиналыпты. Галстугы желбіреп ең алдынғы қатарда пионерлер тұр... Бердібек сөзінің ақырында: – Қане он жылдықтың озаты, аттаныңыз!– деп қасында орындықта отырған қарт шопан Тиянаққа қарады. Тиянақ топтың ортасын қақ жарып барып машинаның кабинкасынан орын алды. Дəметкен де əкесінің қасына барып отырды. Жұрт жапырыла машинаның кабинкасына үймелесті. Жас шопыр Тиянақ қартқа қарап жымия күліп, моторын дүр еткізді. Бердібек келіп Тиянақтың қолын қысып қош айтты. – Дəметкен, сен де сау бол, келер жылы сені мен ұзатып салатын болайын, – дегенше үстіне дағар-дағар бидайды текшелеп басқан машина шығысқа қарай тарта жөнелді. Тұрғандар: – Біз де осылай болсақ! Неткен бақыт!– деп қолын сермеп қала берді. 1959 жыл. Толы.
─ 123 ─ ХАТ Сəуір айының аяқ кезі. Жомарт көктем таңертеңгі шуағын сахараға кең көлбете жайды. Қолдарына жүген, арқан алған сайлауыт жігіттер мен қарымды қайшы, тарақ алған жас əйелдер ауылдың сыртындағы көктөбеде мəз-майрам болып күлісіп жатыр. Бір топ қарт əжелер мен ақсақалдар шуаққа беттерін беріп əңгімеде отыр. Жастар тобын күлкіге бөлеп отырған Қайдар сияқты. Ол үйге арқасын сүйеп, темекісін будақтата сорып отырған көз əйнекті жігітке: – Əй, «төрт көз» дəрігер, алдағың қай отырыс, қарқылдап қарттар қатарына, жарқылдап жастар қатарына келмей неғып ширатылып отырсың– дегені-ақ мұң екен, ол орнынан тұра сала жастар тобына қарай аяңдады. Осы дүниеде сопылықпен өтіп, ол дүниеде «хор қызынан» бір-ақ алайын деп жүрсің-ау сен, – деді тағы оған. – Сен бар жерде маған не табылмайды, мендей емес, сенің қол-аяғың жеңіл, аузың дуалы ғой, мына қара көзді маған беріп, тағы да біреу неге тауып алмайсың. – «Құрдастың құдайы бір» деген, сенің пысық тығыңның пайдасын қашан көрем, – деп Қайдардың əйелі Қайшаның иығынан баса отыра кетті. – Міне қызық, – деді Қайдар жұлып алғандай, – баяғыда осы біздің дəрігер сияқты бір жаман болған екен, құрбылары мазақтап «сен қашан əйел аласың» десе, «ағам жақсы қатын алғанда, жаман қатынын маған береді» дейді екен. Мынау соның өзі болды. Жұрт ду күлді. Дəрігер Сейітхан қып-қызыл болып кетті. Жастардың думанды күлкісін «Əй, балаларыңды алыңдар, жылқы қағып кетеді» деген бір қарттың даусы бөліп жіберді. Еңбекке икемді киім киген жастар дүрілдеген қалың жылқының дүбіріне қарап тұра қалды. Көктемде ала таңлақ болып қалған жылқы жай айдалса да, асыр салған жалбыр жүнді жабағылар мен ат қуғыш қазымыр айғырлар шаңды аспанға көтеріп келеді. Жылқы тобы ауылға таяғанда-ақ қашаған сырдаң аттар мен қулық биелер жалт қарап ойқастап қалың жылқы ара-
─ 124 ─ сынан оқшаулана берді. Бірақ жылқышылардың астындағы оқтаудай жараған торы, құбақан қоңыр жібек жирен, ақ қоян айшықты ала мақпал қаралар бұлт бергенін бұлтартпай жылқы тобына əкеліп иіреді. Жазықтағы кең қашаға қарай ығыстыра айдап келеді. Биыл туған бұйра кұйрық ұяң жал, құндыз жүнді құлындар енелерінен көз жазып шіңгір-шіңгір кісінеп əр жылқыға бір соғылып, ұзын аяқтары тəлтіректеп келе жатқанын көзі шалып қалған Жантас директор: – Ақырын айдаңдар қыстамай. Алдымен қара құйрық, қара жал, қара айғырлар мен тор айғырлардың үйірін бір рет күзеп алайық, – деп айғай салды, қашаның сырт жағында бірнеше жерде таңба темір қыздыруға жағылған ошақ басында тұрып. Қысап айдаудан кеңи қалған жылқылар лездеақ шұрқырасып, үйір-үйірімен бөліне қалды. – Ой, директор-ау, оның ала-құласын айырып не қыласың. Бəрін де күзеп, таңбасыздарын түгел таңбалаймыз демедің бе, – деді ошақ басында қырықтық қайрап отырған қаба сақал қара шал. – Жоқ, жал-құйрықтың қарасын бірыңғай, көгін бірыңғай, түр-түрімен сапалы етіп жиыңдар, – деді Жантас таңба темірді отқа салып жатып. Бұдан бұрын тай, байтал, қысыр биелер болмаса, басқа жылқы күзелмейтін. Жылқы мен сиыр жүнін тараудың алғашқы бастамасы осы еді. – Қалай күзейміз? Жал-құйрығын түгел күзейміз бе? – деді Жантастан бетін далдалай сөйлеген бүйрек бетті момақан қара келіншек. Жантасты орын жағынан да, қайнағалық жағынан да сыйлайтын көрінеді. Даусы да биязы əдеппен шықты. Бұл Қайдар бригадирдың əйелі Қайша болатын. – Солай, жалын жаясына дейін, құйрығын құйымшағына дейін қырқып аласың, – деді Жантастан бұрын қалжыңмен жауап берген жалпақ жаурынды бала жігіт. – Құйрығын тірсегінен шорт кесіп, жалын түгел күзеңдер. Алдымен тарап алыңдар, жүн зая болмасын, – деді Жантас. Бастабында əлгі бала жігіттің сөзіне сеніп қалған Қайша Жантастың сөзінен кейін: – Ой, пысықсыған түйнек, сенен сұраған ешкім жоқ,
─ 125 ─ тықылдамай ары жүрші, ары, – деп оған көзінің құйрығымен күле қарап жүріп кетті. – Жылқының жүні де киіз бола ма? Жасаған-ау, оны не қылады екен!– деп кейбір қартаң əйелдер шүңкілдесіп те қалды. Жылқылар қашаға келіп қалды. Күзеушілер, тараушылар, таңбалаушылар бірден іске кірісіп кетті. Қолға тұратын сауын мама биелер мен көмпіс те жуас арқалы аттарды əйелдер өздері қолымен ұстап əкеліп тарап, күзей бастады. Бағанадан бергі айғай шу, күбір сөздер енді тым-тырыс қажырлы қимылдарға ғана ауысты. Тай-жабағыларды құлағынан басып, таңынан көтеріп апарып таңбалатып жүрген Қайдар мен əлгі балалау қара жігіт. «Ш» деген таңбаны бастырып алып, ноқтадан босанған тентек тайлар осқыра тулап ыти жөнеледі. Əредік шыққан сұраулар мен қайтарылған жауап болмаса жылқының дүбірі мен сырылдаған қайшы, қырықтық үнінен басқа дыбыр жоқ. Осы бір тым-тырыс жағдайды бұзған түлкі мұрт қара жігіт болды. – Ойпыр-ай! Мына торы айғырдың жалы мен құйрығыақ бес-алты кило шығар-ау! деді шөбішөңкі бір бау бедедей құйрық пен жалды жоғары көтеріп. Жұрттың бəрі жалт қарады. – Сұмдық! Айғырды күзегені несі! Бұл жақсы ырым емес қой, – деді бір арықтау келген саркідір əйел қасындағы Қайшаға қарап. Оны құлағы шалып қалған Жантас: – Əттең, тəйір-ай, ырымнан ырыс тумайтынын əлі түсінбепсіз-ау, осы «ырымың» талай табыстан қаққанын білмейсіз бе? Мына жал мен құйрықта жүнде қанша қойдың жүргенін түсінбейсіз-ау, – деді. – Көтек, жылқының жал-құйрығында қайдағы қой, – деді Жантас сөзін сөдегей көрген əлгі əйел. – Міне, осы бригаданың өзінде мың жылқы бар. Орта есеппен бір жылқыдан 2 килодан алсақ, жиыны 2 мың кило жал-құйрық аламыз. Сонда 2 июаннан болса 4 мың июан. Бір жылқыдан орта есеппен жарым килодан жүн алғанда
─ 126 ─ бағасы бес маудан бес жүз июан, барлығы 4500 июан болады. Көпке жəне түсінікті болу үшін қойға сындырмақ. Бір қой 20 июань болғанда 225 қой деген сөз. Бұл бір ғана Қайдар бригадирдің кірімі. Сонда коммунамыз бойынша жылқыдан қанша кірім болады. Бұрын біз малды баға білсек те өнімін ала білмегенбіз. Енді осындай көмескі жүрген пайданы да тауып пайдалану керек емес пе?– дегенде əлгі əйел тамсанып: – Əй, əкем, рас па?– деді тағы да Қайшаны иығынан тартып. – Рас болмаса, мұның құйрық-жалы ауыр болады деп күзеп жатыр деймісіз?– деді шындыққа көзі жеткен Қайша. «Ақша» деген сөздің байыбына бара алмаса да, «екі жүз неше қой» деген сөз шешейді едəуір-ақ ойландырды. Ат-айғырдың жалын күзеп жатқанын іштей жақтырмай тұрған бір-екі қартаң адамды Жантастың мына сөзі едəуір мойындатты. Тіпті сол аттың құйрық-жалын күзесе мініс бермейтіндей көріп, «қосақ арасында күзеліп кете ме» деген оймен меншігіндегі атын қасына əкеліп алған селдір сақал сары шалды байқап тұрған Қайдар, əдейі алдымен біреудің меншігіндегі торы бестісін күзеді де, бурыл атты қорғаштап тұрған əлгі сары шалдың қасына келді. Бурыл атқа барып қырықтығын оқтай бергенде: – Ой, бұл менің меншік атым. Күземе, – деп оның қырықтық ұстаған қолына жармаса кетті сары шал. – Ақсақал, бұл атқа күш те, күй де болмайды. Жануарға ауыр жүк етіп қайтесіз. «Арық атқа қамшы жүк» емес пе, бесалты кило жүкті бекер көтеріп жүр жануар. Одан да шылбыр жасатып алмайсыз ба?– деп əтей жанына тигізіп тұр Қайдар. – Жоқ, жоқ, мен кəрі адаммын, мінерде басқыш, түсерде сүйенішім соның жалы емес пе, – деп шал безек қақты. Оны тағы да күйдіре түскен Қайдар: – Ақсақал! Онда жалы өзіңізге қалсын, сізге ешбір байланысы жоқ мына артық құйрығын күзейін дегенде себеп таба алмаған шал сырт айнала берді. Оның айранға өкпелеген балаша томсарып тұрған түрін көрген Жантас:
─ 127 ─ – Əттең ақсақал-ау! Жануардың жалын жұлып, жанын қинап қайтесіз. Осы аз жылдың алдында ғана байдың жалқұйрығы күзелген қолау тайы тисе, төбеңіз көкке жеткендей болушы едіңіз ғой. Ал қазір мынауыңыз арқалы ат. Онан да екі айылды мықтап тартып, ердің қасынан мықтап ұстап мініп-түссеңіз болды емес пе, – деген сөз шалдың өткен өмірі мен қазіргі өмірін көз алдына əкеле қойды. Бурыл аттың жалын шал өзі қырқа жөнелді. Бағанағы бала жігіт пен басқа бір жігіт жүген-құрық тимеген, арда емген жирен құнаншығарды шалмамен ұстап, құлақтан басып арпалысып жүргенде мына жағынан бағана күзелген торы айғыр теуіп жіберді. Құнан шығар қамшылар жақ алдыңғы аяғын асып тұрып қалды. Қашаның ішіндегілер жұмыстарын тоқтатып кілт тына қалды. – Алла, жануар-ай, бұл киелі мал, осы «Шұғыла» коммунасының малының басы сияқты мал еді. Ат айғырдың жалын кесу қай жақсы іс! Табанда көзге көрсетті міне!– деді бағанағы кəртең əйел. Осы тор айғыр əсілі сол үйдің айғыры болатын. – Түк те киесі жоқ, дөненінде, жал-құйрығы күзелмеген кезінде-ақ, иесі Оралбай ақсақалдың да ортан жілігін теуіп үзген болатын. Бүгін құйрық-жалын күзегенге шамданып тұр дейсіз бе, – деді Қайдар. Мұның өзі күлмей тұрып айтқан сөзіне жұрт ду күлді. Шешей жасып қалды. – Əй, «бойдақ дəрігер» неғып тұрсың, əні кəсібің шығып қалды, – деді Қайдар көзіне көзəйнек салып, қырықтығын ұстап қарагердің жалына сүйеніп тұрған жігітке, – немене өзің мұңға батып тұрсың ғой. Қанша ойлағаныңмен бір шүйкебас таба алмай-ақ кеттің ғой, – деді тағы оны сүзе тартып. – Əй, тақылдаған заржақ. Жалғыз күн жылқы күзеп, бір жылқының аяғын сындырдың, тағы ұялмай қалжың айтқан неңді алған, – деп дəрігер құнанның аяғын көре бастады. Мұның Қайдарды ғана қадап айтқанында мəн бар. Ол осы жылқы бригадасының жауаптысы. – Иə, міне осындай ұтатын, ұялтатын жағыңды
─ 128 ─ сөйлесеңші, ноғала болған тайыншаша албаты кетпей, – деді Сейітханды жаурынға қаққан Қайдар. Күн еңкейе жылқы күзеу жұмысы аяқталды. Ұстап алып қалған неше жуан аттан басқа жылқылар күн астына қарай қапталдады. Жылқының соңында аяғы таңылған жирен құнан да аяғын шеки басып кетіп барады. – Мына аттарды біреуден тез жібертіп беріңдер. Олар қазір өте қарбалас, – деді Жантас, үлкен ақ дағарға салған жал-құйрықты көтеріп жатқан Қайдарға. – Жарайды, – деді бұл істен бұрын хабары бар Қайдар. – Мұны қайда жөнелтесіздер?– деді бағанағы бурыл аттың иесі. – Мына қасымыздағы егіншілікке қырық ат, отыз өгіз беретін болдық. Соған жібереміз. – Иə, еншіміз бөлінбеген елміз, қиыншылықты да, рақатты да тең көргеніміз жақсы. О да өз ырысымыз, өз жұмысымыз, ежелден қазақ уыс астық салмайтын күнде тары талқанды осы қытай, ұйғырлардан алатын. Жəрдем еткен жөн. Көктемде бізге сатып бергендері қаншалық жəрдем болды, арық-тұрақ мал сонымен аман қалмады ма? Қазір ердің табысы елдің табысы болып жатқанда, олардың табысы өзіміздің табысымыз емес пе?– деп ашыла сөйлеген сөзі директорды едəуір қуандырып тастады білем, ол: – Дұрыс ақсақал, біздің жастарымыз ғана емес ақсақалдарымыз да өмірді осылай кең көлемде түсінсе болады. Аға ұлттардың көмегін қабылдағанда ғана, олардан үйренгенде ғана тезден алдағы ұлы өмірге жететінімізді кең ойлану керек, – деді. Іштегі разылығын əрекетімен де білдіріп кəрияны жаурынға ақырын-ақырын қағып қойды. Бірден-екіден көтерілген дағарлар Қайдардың үйінің қасына барып үйіліп жатыр. ІІ Сейітхан өткен жылы ақ ешкіні операция еткеннен бері қатты көңілді жүр.
─ 129 ─ Наурыздың аяқ кезі болатын, ой жақ қатты жылып кетіп, «Шұғыла» коммунасының Қамыстыда отырған үшінші қой қорасындағы қойда «тышқақ» ауруы пайда болғанда, Сейітхан бұл ауруды зерттеу үшін ақ ешкінің ішектерін əбден ақтарған болатын. Ешкінің ішегінен едəуір өсіп қалған құрттар алды да, мұның малдың тоқтау су ішкенінен пайда болғанын тауып шықты. Аудандық мал дəрігерлік орнының көмегімен малды шығыннан аман алып қалды. Бұл Сейітханның дəрігер болғаннан бергі тапқан жаңалығы. Содан бері халық ішінде, кадрлар арасында бұрынғыға қарағанда беделі де өсіп қалған еді. Бірақ, шанағы тар шіркін, «енді қол жеткен деген осы, маған жұрт былай болғанда, қыз атаулы енді жапырыла кетер» деген ойға да келді. Өзіне масаттану да пайда болды. Бұл содан алуан түрлі сəнденуді де тапты. Содан бері Сейітхан дəрігерді ауылдағы құрбылары алуан түрлі атпен атайтын болды. Біреулері «төрткөз дəрігер» десе, біреулері «мұртты дəрігер» деп атайды. Қайдар сияқты құрдастары «бойдақ дəрігер» деп атайды. Жұрттың бұлай атауында да мəн бар. Бұл жігітке мынадай деп ат тағу да қиын. Сақалын алып отырғанда, біреулер саған «мұрт жарасады екен» десе сақалды қырып, мұрт қоя беретін. Анада біреудің көзілдірігін көзіне салған еді, біреулер «əкеу, өзіңе көзəйнек не деген жарасады» дегеннен бері қара көзəйнекті көзінен тастамайтын болды. Міне осыдан бері құрбылары арасында «төрт көз дəрігер» аталып жүр. Жұрттың мұның көз əйнегі мен мұртында несі бар, көбі əзіл-қалжыңғп бола айтады. Сейітханның өзі де қалжыңға жаны құмар. Бірақ ұтқан, ұттырғанымен де көп жұмысы жоқ. Өзінше жымсыма, пысық та бола қалады. Бұның көзəйнек салып, мұрт қоюы «қыздарға тəуір көрінем бе» деген ойдан шалғай емес еді. Мұртты да бір қалыпты қоймайды. Бір күні қырықпа мұрт қояды, кейде су ағарына ғана қойып шолақ мұрт бола қалады. Ал, біреулер «мұның не» десе сыпырып тастап жүре береді. Жасы отыздан асайын деп қалса да бұл əлі үйленген жоқ. Мұның да бір ойлаған есебі бар сияқты. «Неге үйленбейсің»
─ 130 ─ дегендерге: «Маған бұйырған алма пісіп келеді» деп жауап беретін. Сейітхан ертеде оқыған əлді отбасының баласы болатын. Ол бұрын қалада мұғалім жəне ауданда хатшылық қызметінде де болған. Азаттықтың алғашқы жылдары аймақтық дəрігерлік курста оқып, содан бері дəрігерлікпен шұғылданып келеді. Содан бергі жеті-сегіз жыл ішінде неше рет қателіктер де өткізді. Оның тəуір істедім деген жылдары осы «Шұғыла» коммунасына келгеннен бері ғана. Сейітхан дəрігер мақтаннан да жалаңаш емес. Етегінен басып отырмағанда, желді күні бауы байланбаған киіз үйдің түндігіндей қопақтап көтеріле береді. Кейбір қушыкеш жеңгелері оны əбден баптайтын. Солардың ішінде де оның қалтасының аузы Күлəйға кең ашылатын. Өйткені оған Күлəйдің: «Ақбөпеш оқуын бітірсін, «ел мақтаған жігітті қыз жақтайды емес пе. Былтыр келгенде сені көп сұрады, басқа жағын айтуға батылы бармады. Тумасам да шеше емеспін бе, ұялған болуы керек. Тіпті оның əкесі де сені мақтап отырады, жек көрмейді» деген сөзі Сейітханның буын-буынына түсіп кететін. Сондықтан да ол сол үйден осы сөзді естігісі келіп, айналсоқтап шықпайтын. Үрімшіде оқып жүрген Ақбөпе дəл қазір сол үйдің төрінде жүк жиып тұрғандай сезетін еді ол. ***
«Шұғыла» коммунасының төрт түлігі түгел «Сəукеле тасты» жайлады. «Сəукеле тас» осы ауданның ең шұрайлы жайлауы. Төрт түлікке əдейі ыңғайлап жаратқандай. Қонысты да малдың ыңғайына қарай бөлген болатын. Түйе қалың ағашты Қызыл өзеңге, сиыр өлеңі қалың шығатын, қияғы күлтелі Көксалаға, қой Бүргендіге; жылқы Құлынсауырға орналасты. Осы қоныстардың барлығын бір атаумен «Сəукеле тас» деп атайды. Сейітхан осы қоныстарды кезек айналып жүр. Бүгін ымырт үйіріліп, ел орынға отырғаннан кейін сиыр бригадасынан жылқы бригадасына баруға аттанды. Жылқыда біраз
─ 131 ─ індет барынан хабар алған болатын. Оған тез келіп емдеуді коммуна парткомы тапсырған-ды. Оның түн қатуы да осы еді. Ай сүттей жарық. Жаздың майда қоңыр ескегі бетке торғын орамалдай тиіп, желпіп өтеді. Ол ауылдан шыға-ақ қарагерді қоя берді. Ел жатпай Қайдардікіне жетуді ойлады. Осы жүріспен Құлынсауырдың шетіне де ілінді. Сейітхан басын өзі тежемесе қарагер бетегелі жазықта іркілер емес. Атбасын тежеді де Сейітхан сəл ойға кетті. Бір ойдан бір ойға ауысты. Сол ойлардың арасынан «мені қайтесің?» дегендей Ақбөпенің суреті көз алдына толастай қалды. Сұңғақ денелі, тоқ балтырлы, қарақат көзді, оймақ ауыз, жұқа ерін, жұмыр білек, сүйрік саусақ, қыр мұрын... Қойшы əйтеуір жігіттердің аузының суын құртатын жақсы мүсіннің барлығы да бір Ақбөпенің бойынан табылып, сол сурет көзалдынан қызыл түлкідей бұлаңдап өте берді. Ол Сейітханға осылай көрінеді. Ой өрісі осы жерге жеткен Сейітхан бар дүниені ұмытқандай болды. Оған бейне Ақбөпе үйіне келіп, Сейітханның келмегеніне өкпелеп отырғандай көрінді. Қарагердің басын кілт оңға қарай бұрды да бара жатқан бағытын лезде өзгертті. Тіке қойлы ауылға тартты. Жолдас болып келе жатқан «тəтті қиялы» оны еріксіз езу тарттырып келеді. Екі сағаттық жолды еріксіз көтеріп алған қарагер, оның көңіл-күйін орындағысы келгендей артқы аяғын алдыңғы аяқтың ізінен едəуір алға тастап, жерді тесіп жіберердей басын екі жағына кезек шайқап өктей басып келеді. Ол жазықтан ойысып, Бүргендіге ілінген жерден-ақ бірбіріне ұласып жатқан əр қорадан шырқап шыққан күзет əні естілді. Талайына құлақ қоймай келе жатса да, дəл мына ақ қой қорасының күзетінде шырқап салған екі жіңішке дауыс қарагердің тізгінін еріксіз тежетті. Ауылымыз тамаша коммуналы, Коммуналы сүйеміз замананы. Салтанатты өмірді жасап берді, Сахараға төраға жаққан шамы.
─ 132 ─ Қора толы қойымыз, Күзет думан тойымыз. Əн саламыз шырқатып, Теңеліп көкпен ойымыз. Бұл «Коммуна күзеті» деген таяуда таралған əн болатын. Сейітхан осы жолдарын тыңдады да: Ойымызда толқыған астық дəні, Қырымызда қыруар жатқан малы. Күзетіміз күнде той, күнде думан, Сахараның коммунамен кірген сəні, деген шумағын өзі ыңырсып айтып жүріп кетті. Ол Ақбөпенің үйінің қайсы қоныста екеніне, өзі əлі білмесе де, көрінгеннен сұрастырып жүріп, əбден қанық болып алған болатын. Іркілмей тіке тартып келе жатқаны да сол. Міне, үйіне де келіп жетті. Күзет əні айтылмаған осы қора ғана. Бір-бір қора қоймен отырған үйлердің кейі жалғыз, кейі күзетшімен екі үй болып қана отырған. Бұл үйде шопан Нұрғазы да, күзетші оның əйелі Күлəй. Бұл екеуінен басқа адам жоқ. Сейітхан Күлəйдің осы түнгі күзетінде оңаша кең отырып сөйлеспек. Өйткені, Ақбөпенің жаздық демалысқа келетін уақыты да болып қалған болатын. Ал, біздің дəрігер бұл қызға əлі бірауыз сөз қатып көрген емес. Өткен жылы жайлауда бір-екі рет қана көрген болатын. Оның өліп-өшіп жүруі сонда көрген Ақбөпенің сырт бейнесі мен жұрттың мақтауы. Сейітханның белдеуге келіп ат байлағанын, жатып қалған шопан Нұрғазы сезген де жоқ. Тек күзетте отырған Күлəй ғана, тышқан көрген мысықтай мəсішең аяғын еппен басып келіп: – Əкеу, дəрігер баламысың, неғып түнделетіп жүрсің?– деп оның атының шылбырынан ұстап, байламақ еді, бірақ оны «енесіне» балаған Сейітхан: – Рахмет, өзім байлайын, – деп шылбырды бере қоймады. Бұл екеуі кейде бірі ене, бірі күйеу бола қалады. Кейде құрбыларша сөйлесіп кетеді. Шынында Күлəй мен Сейітхан жас жағынан деңгей. Күлəй сол аудандағы атақты бай Бөрібайдың інісінің əйелі болатын. Інісі өлгеннен кейін ал-
─ 133 ─ пыс жастағы Бөрібай оны əмеңгерлікке – тоқалдыққа алғанды. Осы төрт-бес жылдың алдында Бөрібайдан шығып əйелі өлген Нұрғазыға тиген. Өзі де кедей жерден шыққан емес. Бұлар үйге кірісімен жаңағы сыпайлықтары қалып, əдеттері бойынша қалжыңға ауып кетті. Сейітхан қазанда шұрқылдап қайнап жатқан ірімшікке қарап: – Мен сізді мал күзетінде отыр екем десем, ірімшік күзетінде отыр екенсіз ғой, – деді сөз бастаудың ретін таптым-ау дегендей масаттанып. Сейітхан ойында «осы жаман қатынды алдап тұзаққа түсірсем, Ақбөпені қолға қондырам» деп ойлайды. Ал, Күлəй қызға мақтап, қызды бұған мақтап арадан жем түсіруді ғана ойлайды. Ол Сейітханның қайыткенде буыны босап жібитінін білетін. Əдейі сол мақсатпен: – Бөпештен хат келіп еді, жақын арада келеді екен, қыр тамағын сағынып жүр ғой, бала неме деп соған дайындап жүрмін, – деп Сейітханның өңіне бір қарап алды. Сейітхан езуі ыржиып сүйек жұтқан құмайдай бір қылқынып алып: – Е, мектеп балаларының бəрі де келіп жатыр ғой, тез келетін шығар, – деді. Күлəй «ұшығы қонған бақсыдай, – тез келеді екен, əкесіне ақша жібер депті. Мұның құрлысқа барып ақша жіберуге қолы тие ме малдан», – деп бір қойды. – Мен таяуда қалаға барып, дəрі əкелмекші едім. Онда ақшаны мен жіберсем де болар, қолдарыңыз тимесе, – деп сол үйге қолқанат та бола қалды Сейітхан. – Құрлыс орнына барып ақшаны өзі жібергені жөн ғой. – Қанша ақша деген екен? – Бала емес пе, ана үлкен қаладан тəуір киім алғысы келетін сияқты, жүз елу июань депті. Оған əкесі қанша жіберер екен. Тез апарып салуға қолда дайын ақша жоқ, бар ақшамыз банкіде ғой. Қанша ақшасы барын əкесі біледі, – деді. «Сен бере тұр» деген-ді ашық айтпаса да көмейі белгілі болып қалды. Сейітхан бұл кезде осы жолы дəрі алуға алып шыққан ақша санын, одан жүз елу июань бергенде оның есебін коммунаға қалай өткізудің жолын ойлап та болды. – Оның жарасы жеңіл ғой. Жүз елу юань деген не, мен
─ 134 ─ көптен бері бір тиын ақша ұстағам жоқ. Менен алыңыз, – деп қалтасындағы «тегін» пұлды алып санай бастады. Он юандық көкала қағаздан он бесті алып Күлəйға ұсынды. – Өзі не деген сырмақтай үлкен ақша, – деп нақ санын біле алмай жымия күліп қолына алды да, «сезбеді ме» дегендей төсекте ұйықтап жатқан Нұрғазыға да қарап алды, – расау кейін бұл ақшаны уақытында тауып бере алмай жүрмейік деп, – Сейітханға қарап бір күлді. Ол белі ауырмай тапқан ақшаға қанша өкінсін. – Ой, тəйірі-ай бірер айдың еңбегі ғой, біз пұлды сіздерше мал бағып табамыз ба? Ат үстінде жүріп тапқан пұл ғой, қарызы жоқ. Сізбен біздің арамыз...– деп Сейітхан сөзінің аяғын жоғалтып алды. – Рахмет! Нəсіп болса арамыз алыс адамдар емеспіз ғой. Адамға адам керек, дүние деген не, – деді Күлəй ақшаны көнетоздау көк барқыт мешпетінің ішкі қалтасына салып жатып. – Қалаға рас таяуда барамысың, мынаның елуіне тақыр барқыттың қарасынан маған бір-екі метр ала келсең, кеміне өз пұлымыздан қосайық, – деді Сейітханға қарап. Оның да ойын сезіп қалған Сейітхан «мейлі қайсының алсаң оның ал, Ақбөпенің қолыма қонуы саған байланысты» деп ойлады да: – Екі метрдің жарасы жеңіл ғой, өзім-ақ ала келейін, – деді лепіріп. – Əкем, өзің қиналып қалма пұлдан, – деді Күлəй жымия күліп, қазандағы түбі күйіп бара жатқан ірімшікті түсіріп жатып. – Оқасы жоқ, – деді пұлдың қайнар көзін тапқан Сейітхан. Бұл кезде түрулі тұрған есіктен балық қарындап келе жатқан таң сəулесі көрінді. ІІІ Шілде айының аяқ кезі. «Шұғыла» коммунасының астыүсті тақтайланған кең бөлмесінде Құрман секретарь мен Жантас директор ғана отыр. Үрімжіден, аймақ, ауданнан
─ 135 ─ демалысқа келген оқушылар топ-тобымен келіп-кетіп жатыр. Барлығы: «Біз демалысқа келдік. Бізге коммунадан міндет тапсыруларыңызды өтінеміз» деген талаптарды қояды. «Демалысқа келіпсіңдер, демалыңдар» деген Жантасқа: «оқушылар үшін еңбек те демалыс. Бізге социализм керек. Ол үшін барлық адамның үлес қосуы қажет» деседі олар. Олардың бұл сөзіне қатты разы болған Жантас: – Не деген ғажап өмір, ғажап тəрбие, адамдардың танымы қайда кетіп барады, – деді басқа ойын айта алмай. – Бақыттың аспаннан жаумайтынын, дүниені тек еңбек арқылы адам өзі жасап алатынын түсінді ғой. Дүниенің қадірін білмей, бақыттың көзі қайда екенін біле алмай кетуден артық сорлылық бола ма. Ал бұлар сол бақыттың көзі еңбекте екенін түсіне білді. Коммуна мүшелерін алып айталық, олардың да еңбекке деген көзқарастары мен ынталары жыл сайын артып отырады емес пе?– деді Құрман секретарь. Кенеттен тағы да есік қағылды. – Кіріңіз, – деген дауыс естіле салысымен мектеп киімін киген үш қыз кіріп келді. Əдеппен ғана «сəлеметсіздер ме» деп қол алысты. Бұлардың да демалысқа келген оқушылар екенін секретарь мен директор түсіне қойды. – Иə, балалар, демалысқа келдіңдер ме? Оқуларың жақсы ма?– деді Құрман. Бұлардың бірде бірін танымаса да осы коммунадан барған оқушылар екеніне көзі жетіп отыр. Қыздар бір-біріне қарасып, «жақсы», «демалысқа келдік» деген сөздерін ақырын ғана айтты. – Жарайды, жақсы демалыңдар, қайсы мектепте оқисыңдар?– деп сұрады секретарь тағы да. – Ауылшаруашылық техникумындамыз, – деді ішіндегі сұңғақ бойлы ақ құба қыз. – Үшеуің де ме? – Иə. – Неше жылдығын бітірдіңдер? – Екі жылын. – Демек оқығандарыңа екі жыл болыпты да. Коммуна құрылғалы келген бе едіңдер?
─ 136 ─ – Өткен жазда келіп қайтқанбыз, – деді əлгі ересек қыз. Өзін олардың алдында естияр үлкен қыз көрсетіп. – Жарайды жақсы демалып, жақсы оқып келіңдер. Коммуналарың сендерді төрт көзбен күтіп отыр, – деген секретарьдың сөзін бөле: – Бізге коммунадан міндет тапсыруларыңызды талап етеміз, – деді бой жағынан да, жас жағынан да бəрінен кіші домалақ қызыл сары қыз. Үнінен өткірлік те, еркелік те шықты. – Жарайды, қандай еңбек істейсіңдер?– деді Жантас əлгі кішкентай қызға қарап. – Қандай қызмет тапсырсаңыздар да істейміз, – деді кішкентай өжет қыз. – Бір жағынан көмек, бір жағынан шынығу болсын маған мал бағуды тапсырыңыз, – деді ересек қыз малшаруашылық коммунасының ауыр қызметі мал бағу деген оймен. Оның талабына іштей разы болған секретарь: – Қалқам, бұрын мал бағып көрген бе едің?– деп сұрады. – Мен бұрыннан мал ішінде өскем, аздап қозы да баққам, – деді ол. – Сен кімнің баласы едің? – деді Жантас. – Мен Нұрғазының баласымен, – деді. Үшеуінің де кеудесіндегі комсомолдық белгісін бағана келген жерден көріп отырған секретарь: – Жарайды, өзіміздің Нүкеңнің, озат шопанның баласы екенсің ғой. Үшеуің де комсомол екенсіңдер, сендерге ауыр міндет жүктейміз дегенде үшеуі де қуана таныстыру қағаздарын шығарып секретарьға ұсынды. Секретарь олардың таныстыру қағазын оқып шықты. – Жарайды, қалқалар! Біраз күн үйлеріңе барып демалыңдар. Көмектесеміз дегендеріңе рахмет, коммуна ішінде үлгілі іс көрсеткендерің жөн. Қандай міндет тапсыру жайлы үйлеріңе қағаз жазып берелік, – деді. Олардың үйлерінің қайсы бригадада екенін де сұрап алды. Оларға алғыс айтты.
─ 137 ─ *** Əкесінің қажырлы еңбектері бес жүз саулықты бір жарым жыл ішінде 2 мың басқа жеткізгендігі, бір бас мал шығын етпегендігі, үйіне келген Ақбөпені қатты қуантты. Рамкаға салынған кереге басындағы «озат шопан» деген сурет пен «озат шопан Нұрғазыға» деген айшықтап жазылған қызыл торғын туды көргенде төбесі көкке жеткендей қуанып жүрді. «Ал мұндай əкенің баласы кім болу керек? Ол адал да озат оқушы, халықтың ең сенімді кадры болу керек» деп өзіне шарт та қойды. Оның үстіне жасы қырықтың қырқасын шалған əкесі, самайында аздаған қылау болмаса жас деген жағына əлі де мойынсал болайын демепті. Ақбөпе осыны көріп те əкесіне іштей қуанатын. Осы аздан бері шешесі Күлəй мен дəрігер Сейітханмен үйде де, сыртта да болған күйбің-сыбыры оның жанын жегідей жеп жүрді. Сыбырдың сырын қалай ұғыну туралы басы да қатты. Малды өріске салқынмен əкетіп, жай əкелу Нұрғазының əдеті болатын. Осы бүкпелі жағдайдан сыр тарту үшін ертеңгі шайда отырғанда Ақбөпе: – Тəте, мына дəрігер осы қорадағы малға ғана қарай ма?– деді. Сейітханның мəртебесін бір қары жоғары көтермесе, бір елі түсіргісі келмейтін Күлəй: – Жоға, тəйір тіпті бір бригада ғана емес, осы «Шұғыла» коммунасының үстінен қарайды. Өзін секретарь, директор, барлық кадрлар жақсы көреді. Халыққа деген беделін сұрама, өзі аудан бойынша үлкен дəрігер екен ғой. Əкең де аузынан тастамай мақтап отырады. Өзінің табысы да сондай мол, – деп лепірте жөнелді. – Өзі салт адам ба? Үйі қайда?– деген-ді əтей ашалау үшін сұрады. – Жас жігіт қой, əлі үйленбеген, қанша дегенімен қалада оқыған емес пе, қырдың азын-аулақ оқыған қыздарын жақтыртпайды. Үлкен қалада оқыған қыздармен тұрмыс
─ 138 ─ құрғысы келетін сияқты. Өзі өте мəдениетті бала. «Тілі тасқа, көзі суға» болсын, сені былтырдан бері «жақсы оқыпты, əдебі де жақсы екен» деп аузынан тастамай жүр, – деген сөзді сырлап айттым десе де, сыр алдырып алдым ба?» дегендей қаймақты шайға тершіп алған ақсары жүзі бір қуаңдап, бір қызарып кимешегінің алдымен бетін сүрте берді. Мұндай сырға қыз жаны қандай шебер, шешеліктен гөрі, ойының жеңгелік жақта жатқанын сезе қойды. Бұл жайлы сырды білдірмеуге де қанша тырысса да, Ақбөпенің ішкі ой-дүниесіндегі Күлəйға деген наразылық белгісі қызарып бетіне ойнап шыға келді. «Жаман адам көрінбейді ғой» деген сөзді əдейі айтты. Қазіргі заман қыздарын өз кезімен өлшейтін Күлəй «түсті тұзаққа, сен басқа біреуге кетсең маған не пайда, онан да қолға қонып, жемге үйренген өз күйкентайым қайырлы, оның алған тышқанынан енді мен мүшесіз қалмайым, бабы табылды. Енді тек Сейітханнан сүйінші сұрау ғана қалды» деді іштей қуанып. Шай аяғы жиылмай «ассаламағалейкум!» деп кіре берген Сейітханның сұр шляпасын есік қағып қалды. Майлаған жылтыр қара шашын шляпаны алудан бұрын қолымен баса бір сылап қойып, шляпасын шекесіне кие, босағаға қамшысын іле тұрып калошын шешті. Ақбөпе оның қылығына сырт айналып күліп те жіберді. Онымен бір отыруға ашу қыстады ма, əлде күлкі қысты ма, кім білсін, төсек үстінде тұрған кітабын алды да, Ақбөпе сыртқа шығуға оңтайланып қазан жақпен есікке қарай бет алды. – Апыр-ау шайыңызды шала ішкіздім бе?– деді төрден төмен босағадан жоғары отырып ақ жиекті дөңгелек қара көз əйнегін қолымен сүрте сөйлеген Сейітхан қызға бір, Күлəйға бір қарап. Күлəй оған «үндеме, болды» дегендей күле қарап басын шайқады. Ақбөпе сыбыр сырының ұшын тапқандай болды да енді соны ашудың жолына бекінді. *** – Меніңше болғанда əбден анықтайтын жəйіт. Төменнің пікіріне жай қарауға болмайды, Жəке!– деді Құрман секретарь.
─ 139 ─ – Кім біледі? Болуы мүмкін. Бірақ оның оншалық болып кетуіне қандай жағдай бар. Оның үстіне кəсіптік ісіне жылдан-жылға тəуірленіп келеді. – Дұрыс, кəсібінде жаман емес. Адамдардың өлшемі тек кəсіп қана емес қой. Дандайсу істері де байқалып жүр. Басқалардың таяудан бергі пікіріне қарағанда, қызметтен гөрі бос жүруге əбден салынып кеткендігі мəлім. Ал қиянат мəселесі болмағанда да онда ысырапшылдық бар. Анада жүз юанның құжатын өз қолымен жазған екі жүз юаньды жоғалтып алдым деп отырғаны мынау. Жеке Сейітхан ғана емес, экономика орындарының бəріне де бір рет бақылауды күшейту қажет, – деді. Жантас əлі де екі ойлы болып отыр. – Оның үлкен бір кемшілігі: алаңғасар, парықсыз жігіт қой, салақтық жағы басым. Құжат ала алмауы да, ақшаны жоғалтып алуы да мүмкін ғой. Оны қалай анықтау керек? – деді. – Құжат ала алмау себебі, ақшаны қалай жоғалтты, күмəнді орны қайды?... Соны өзінен сұрау керек. Өйтпесе, ақша ұстаған адамның жоғалтып алдым деп кете беруіне жол ашылады. Бұдан қалса соның пұлды шашып ұстау, қымбат киімдерді қос-қостан алу жағынан да күмəн етуге болады. – Құрман секретарь атты тым алысқа айдап алмадық па?– деп өзінің идеясынан өткізе алмай отырған жəйді де бүлк еткізді Жантас. – Ол, кең ішіп, кең жеп келген отбасының баласы, ойыншылдығы басым. Егер онда қиянат болмай, таза болып, жоғалуы рас болған күнде де, оның бұдан былайғы май өкшесіне жақсы емес пе? – Ол жөн, бірақ, кəсіпте тəуірленіп келе жатқан бір кадрдың ісіне салқындық келіп қалмасын деу ғой. – Егер Сейітхан осы істі анықтауда селқостық тудырса, оның өзі де барып тұрған мешеулік. Тағы бір жай, бұл Қайдар бригадирдің пікірі. Ол қой ауылдарына барса, Нұрғазы ағайдың үйінен шықпайды екен, – дегенде Жантас күліп жіберді: – Қайдар қу оның құрдасы. Оны масқаралап, мазақ еткені ғой.
─ 140 ─ – Жоқ, Шəке, мəні былай: ол Қайдарға өзі айтыпты, Нұрғазы ағайдың анадағы оқудан келген баласына сырттай «ғашық» екен, ана қу əйелімен бірлесетін де жайы бар сияқты... Дəл осы кезде көк сөмкесінің аузын аша кірген жас пошташы көлемді бір конвертті алып секретарьға ұсынды. Секретарь хаттың сыртына көз жүгіртті де, дереу ашып оқи жөнелді. Хатты оқыған сайын қабағы шытылып, шұқшиып барады. Оқып болды да, хатты Жантасқа ұсынып, өзі түйіліп отырып қалды. Жантас та хатқа үңіле оқып отыр. Ол барған сайын бір ағарып, бір қызарды. Хаттың соңын оқып болып: – О! Арқан арасындағы шұбар жылан!– деп үстелді жұдырықпен қойып қалып, орнынан ұшып тұрды. Оны ашуландырған «хат» жайы мынау: «Шұғыла» коммунасының секретары Құрман, директоры Жантас ағайларға: Тентекті тежеу, содырды соттау, əрине, дұрыс. Бұған кім кінəлі, төрелігін өз алдарыңызға жібердім. Айтуға ұят, бірақ, қылмыстың «дəнекері» мен болғаным үшін ашып айтпай болмады. Момын əке бұл істен хабарсыз. Сұрқия шешем жеңгеге айналған. Менің қалың малым үшін дəрігер Сейітханнан 2 метр тақыр барқыт, 150 юань ақшаны жең ішінен жасырын алған. Бұл ақшаның Сейітханның өз еңбегі емес, дəрі пұлынан бөлінген «оңай табыс» екені де анықталды. Сейітханның да, менің «қамқор шешемнің» де тегі өздеріңізге аян. Бұл жерде ұяластар ауыз жаласып, мені тұзақ ету арқылы жемтік таппақ болған. Əкемнің сыры өздеріңізге мəлім. Мен бұл жай туралы əкеме ауыз ашпадым. Ол жағының да ақыл-шарасын өздеріңіз табарсыздар». Қарындастарыңыз Ақбөпе». – Жəке, сыр енді ашылған болар. Арадағы күмəн енді шешілді білем, – деді Құрман секретарь. Жантас директор өзінің кейбір іске селқос қарайтындығына іштей ызаланғандай болып: – Дұрыс, хат бəрін де шешті. Ең қажеті сезгірлік екен де, – деді өзін-өзі кінəлəй. 1959 жыл. Толы.
─ 141 ─ РАС ПА, ƏКЕ? Шырғалаған ой, шытырман түстер Тілеубайды түнімен түйнек болған қозыдай дөңбекшітіп шықты. Ол ерте тұрды да малақайын баса киіп, ішігін желбегей жамылып сыртқа шықты. Кеше іңірден бастап жауған қар тұсардан жоғары басып салыпты. Ақ көрпесін қымтай жамылған жер беті шырт ұйқыда. Қыбыр еткен жан, айқасқан із жоқ. Жаңа ел, жаңа жерге келген Тілеубайға барлық дүние жат. Тілеубайды бір ой айдап, бір ой жетелеп алдындағы қалың жиде ағашына қарай меңзығыр етіп əкетіп барады. Көкше қояндар ол жерден де, бұл жерден де ыти жөнеліп, ұзақ барып алдыңғы екі аяғын тік көтеріп шаншылып тұра қалады. Өзінен басқаның бəрінен қорқатын қорқақтар бадырайған қорқақ көзімен айналаны шолып, ұзын құлақтарын қалқитып тың тыңдайды. Пəлендей қауіп-қатер жоқтығы сезілген соң ғана шорши бүгежектеп барып, ағаш қабықтарын қажайды. Осы бір көрініс Тілеубайды шытырман ойдан бірнеше минут сейілткен болса да, оның қызығы да шамалы болып аяқтасты. Тілеубай өзінің ой керуенінің соңына түсті. Тілеубай қайда кетіп бара жатқанын өзі де сезбейді. Оның ойына көбірек орала беретін ой «шынымен-ақ осылай болып кетер ме, шынымен-ақ буржуазияның көшіне ерген жолдыаяғы болғаным ба?» деп бір ойласа, кейде «қызыл күн шұғыласы сөнбейді, ол менің тоңған денемді əлі-ақ жылытады» деп үмітін алдан күтеді. Кейде қозғалыс барысындағы айырым қуыс кеуде, темір мүйізділердің мүйіздегенін еске алғанда, жүрегі ду етіп жанып кетеді. «Дария қайнары тұнық, бірақ балық ұстаушылар лайлап отыр, айрым адамдар қаскүнемдікпен істеп отыр. Кейбіреулер əңгіртке ұшып тентек көбелектей отқа түсіп жүр» деп талдау да жасайды. Бұл Тілеубайдың қайта-қайта орала беретін ойлары, қазір де осы төңіректе еді. Тілеубай: «қойшы осыны, ойлана беріп не қылам» деп ойланбауға қанша тырысса да əлгі ойлар аласысы бардай жабысып, боз шолақ аттай сап ете түседі. Ол осыларды ұмыту
─ 142 ─ үшін тəтті-тəтті ойларға да ауысады, балалар ұсақ... Осы ойлар тап Тілеубайдың миына ұя салып қойған қарлығаштай қалықтап келеді де тұрады. Осы ойдың салмағына мас болып, өкше ізімен қайта оралды. Баж-баж еткен «жас баланың» дауысын естігенде оның жүрегі бірден дыз етіп, тұла бойы от кеткендей ду ете түсті. Табанынан магнит тартқандай кілт тұрып қалды. Дауыс оң жағынан шықты. Сəп сала тыңдап еді, баж-баж еткен қоянның дауысы екен. Тілеубай ішігін тастай беріп, жас баладай тұра ұмтылды, əлгі ойлары қара ішікпен бірге қалды, дауыс барған сайын өшкіндеп барады. Тілеубай да мөлшермен жүгіріп келеді. Алдынан көк қаршыға лып етіп көтеріле тайсай берді. Өлеусіреп қалған қоянның үкі табан кішкене аяқтары тыпыр-тыпыр етеді. Тілеубай аз қарап тұрды да қоянды бауыздап алды. Тілеубай əдетте ойшыл, салмақты жан. Орамды тілі болмаса да əзіл-қалжыңға жаны құмар. Бірер қызықты істі көргенде жас баладай, бар дүниесін ұмытып дегбірі қалмайды. Ал ашуланса судан суырып алған балықша тулайды, ол мына қоянды қаршығадан тірі айырып бауыздап алғанда бұғы ұстағандай мəз болып келеді. Мына қоянды қалай ұстағаны жайлы Күлəнда мен балаларына айтып беруге асығып келеді. Егер қараша айының қарлы суығынан денесі шіміркенбесе бағана тастап кеткен ішігін ұмытып та кеткен болар еді. *** Тілеубай сыртқа шыққанда оянған Күланда үйдің төбесіндегі салбыраған қамыстарға қарап əлденелерді ойлап бірдем жатты. Оның да көз алдынан алуан түрлі ой тізбектері өтіп қиял құстары ұшып жатыр. Ол ойдың бел-белестерін аралап келді де «халықпен бірге жасап жатырмыз ғой, бұған да шүкір» деп сары уайымды сапарға шығарып салды. Дүр етіп жанған темір пеш аядай үйді лезде моншаға айналдырды. Əйелдердің бір бас қатыратын жұмысы үй ішінің
─ 143 ─ ретті болуы ғой! Күланда үй ішіне айнала қарады да «мына дүниеліктерді күбірткедей үйдің қай жеріне сіңіремін» деп басы қатты. «Шағын ғана қаң, жүкті соған жиғанда екі керуетті қояр орны жоқ, екі керуетті каңға қойсаң, балалармен отырар жер жоқ. Қонақ-қопсы келсе-ше?» деп, артынан өзі мырс етіп күліп жіберді де «дəме ғой, бізге енді қайдағы қонақ келеді» дейді ішінен. Күланда төрде қаң үстінде жатқан балаларына тесіле қарап тұр. Оның есіне түндегі ерке сарының жатардағы бір сөздері орала кетіп ойын бөліп əкетті. Еркесары төсегіне жатып алып: – Біздің қаладан осы жерге көшіп келгеніміз рас па, əке? Енді қалаға қайтып бармаймыз ба?– деп сұрады. Тілеубай оған жауап орнына: – Ертең сендерді мектепке апарам, қағаз-қарандаштарыңды даярлап қойыңдар, – дегенде, тағы сол Еркесары: – Сен «сасық зиялы» тұрсаң бізді мектепке ала ма? Мен оқымаймын. Балалар «зиялының баласы» деп мазақтайды, – деп қарысып отырып алған болатын. «Сасық зиялы» деген сөздің осы бір кішкене балаға дейін осыншалық əсер еткеніне қайран қалған Тілеубай: – Балам «зиялы» деген сөз жаман сөз емес, Мау зы доң зиялыларды мемлекеттің байлығы деген, – деп еді. – Ондай болса сені неге қалада тұрғызбайды, Мау зы доң атамның сөзін естімейтін адамдар да бола ма? – деді Еркесары. Əкесі: – Лин биау, əне сол емес пе?– дегенде бала: – Ол жоғалды ғой, енді тағы бар ма? – деп қадала түсті. Тілеубай: – Мүмкін, – деп қана жауап берген болатын. Күланданың балаларға қарап тұрғаны сол еді. Тентексары оянып басын көтерді де: – Апа, мына үй ыстық екен, түнімен құйрығым ысып шықты, – деп қаңды бір мақтап алып, одан жанында жатқан ағасы мен бауырын шұқылап оятуға ұрынды. Күланда сыртқа шығып, есік алдының қарын сыпырып болып, ол да осы жерге келіп қалғанына сенбегендей, ай-
─ 144 ─ наласына таңырқай қарап тұр. Төңірегіндегі көршілерден түзге шыққандары да, есік алдынан ары-бері өткендері де Күландаға қарай-қарай өтеді. Олардың бұл қарауы Күландаға алуан түрлі күдік-күмандарды тудырды. «Бұлар бізді бір қылмысты адам», «қуғындалып келген» деп қарайды ғой, олай ойлау əрине дұрыс та. Бұлар кесірі тиеді деп біздің үйге кірмес болар деп өзінің бұрынғы тату-тəтті көршілерін, олардың өз-ара бір-біріне істеген көмектерін еске алып көңілі бұзылып, кірпігін де бірнеше рет қағып алды. «Кім білсін, ана байқұсқа бұлар тағы да не дер, қалай қарар, қайда кетті өзі» деп ерте тұрып кеткен Тілеубайды да есіне алды. Жеңілтек шыққан Күланда денесіне суық өткен соң үйге кіріп шай əзірлігіне кірісті. *** Тілеубай үйге кіргенде балалары орнынан тұрып төр алдында мысықтың баласынша алысып жатқан болатын. Көңілді қайтқан ол əзілдеп үйге кіріп, қоянның екі артқы аяғынан ұстап, «үйіріңмен үш тоғыз, үйіріңмен үш тоғыз!» деп екі босағасына екі ұрып қойды. – Мұнысы несі? – деді Күланда. – Бұл атаң қазақтың аңшыларының ырымы, – деді Тілеубай қоянды тастай беріп мырс-мырс күліп. – Əке, бұл немене?– деп балалары да шу ете түсті. – Бəсе, немене, сендер айтыңдаршы?– деді Тілеубай каң үстіне ішігін қойып жатып. Үлкен ұлы Жарқын келіп: – Мен көргем, қоян, – деді ақырын əкесіне сыбырлап. – Мен білем, суыр!– деді екіншісі. – Бұлардың сөзіне көптен жабыңғы жүрген ата-ана мəз болып күлді. – Міне, ақ-қараны айырмайтындар осылай шатыстырады, – деді Тілеубай. – Таң атпай мұны қалай ұстадың?– деп Күланда да қайран қалып тұр. – «Жатқанға жан жуымайды, жүргенге жөргем ілінеді»
─ 145 ─ деген осы. Құдайдың өзінен берері жоқ. Біреудікін біреуге алып береді емес пе, қаршығаның ұстаған жерінен айырып алдым. Мен қашан еңбекке түскенше «сасық зиялымын», мынаны дереу қуырып жібер, зиялыларша отырып жейін, бас-сыйрақ, ішек-қарнын кешке асарсың, – деп əзілін айта жүріп, қоянды союға кірісті. – Қойшы ары, қоянның бас-сыйрағын жеуші ме еді. – Ондай деме, «Қарынбайдың» берген ерулігі осы тұрса. Қоянның əңгімесі мен балалардың сұрау-жауабы, екі жұбайдың арасындағы əзіл екеуін алма-кезек қуалап тұратын ойлардан бірдемде болса да сейілтіп тастады. – Акау, мына жердің қояны неткен семіз?– деді Тілеубай шынайы таңырқап. – Қайтеді, 4-5 кило шарбы түсетіндей ме?– деді дастархан салып шайға əзірлік көрген Күлəнда. – Тоқта, бəйбіше, алдымен мынаны қуыр, айттым ғой мен, бүгін зиялыша отырам деп, қашан мал тапқанша үйімді осымен болса да майлап тұрам, «таңғы нəсіп тəңірден», қалғанын кейін көре жатармыз, Күланда Тілеубайдың жас балаша көңілденіп мына қоянды əкеліп ерінбей сойып, оны бұзып-жарып, енді қуыр деп отырғанына «қойшы, шай ішейік» дейін деп бір оқталды да, оның көңілді бейнесін бұзғысы келмей дастарқанын қайта жиып, қоян етін қуыруға тұрды. – Тілеубай! Саған осы жердің ауасы жағатын сияқты, бетіңе қан жүгіріп, көз ажарың жайнай қалыпты, – деп көңілін де көтеріп қойды. Шынында Тілеубай аппақ сазандай, екі көзі дөп-дөңгелек қарақаттай тұнық бота көз болса, денесі атан түйедей алып жігіт еді. Бірақ кейінгі кезде ашаңдап жүдеп кеткен. – Маған отанның барлық жерінің ауасы жағады. 1965 жылы Бежиңнен қайтып келгенде танымай қала жаздағаның есіңде ме, адам жылқы мінезді дейді қазақ, менің бірнеше күн босай қалғанға істіге қалғаным болар, «мың биенің борышына бір құлақтың тынышы артық», күндіз де Тілеубай, түнде де Тілеубай айғай да ұйғай, оның үстіне айырым
─ 146 ─ суайттардың жалған жаласы жанды қалай тоздырмайды, əй, ит Сайдел талайды нақақ зарлаттың, «тау айналмаса, тас айналады», партияның дұрыс бағыты бір күн болмаса, бір күн сендейлерден есеп алып, есе əперер. Ақиқат иілсе де сынбайды, – деп қолын жуа отырып, қаңтардағы бурадай зіркілдеп отыр. Бірдемде қуырдақ та даяр болды, беті-қолдарын жуып болған балалар да дастарханнан жағалай орын алды, үйлері бір ауызды тар болса да, Тілеубай отбасының көптен бері көңілі кеңіген бір күні болды, қуырдақ алдыға келгенде: – Мен мысықтың етін жемеймін, – деді қасықты лақтырып жіберіп аузы бұртыйып отыра қалған кішкенесі. – Міне, нағыз сасық зиялының баласы!– деді Тілеубай. – Қойшы, Тілеубай! Көкекше «өз атыңды» өзің шақырып, балалардың құлағына сіңіріп не қыласың, – деп Күланда түндегі Еркесарының айтқандарын тағы есіне алды. Тілеубай қуырдақтан аузына салмай тұрып: – Бұл шіркіннің екі-ақ нəрсесі кем болды. – Онысы не еді?– деді Күланда таңдана. – Бірі – шар дəрленбеді, екіншісі – алдында екі сəрі арағы жоқ болды. Шар дəрісін салдым, ал арағыңды да тауып берейін, – деп орнынан тұрып шамаданнан бір бөтелке əкеліп дөңгелек шай үстелінің шетіне қойды. – Жаным-ау, өзің неткен пысық болып кеткенсің, бұны алу есіңе қайдан түсті? Қарай гөр, «Пикин эр го тоуы», – деп Тілеубай дауыстап оқып шықты. – Əбден-ақ есің шыққан екен, ұмытып қалдың ба? Бежиннен келгенде, Лау ли сəлемдемеге əкеліп бермеп пе еді, одан бері үйге ешкім келмеген соң тұрған. – Жə, жақсы болды, жақсы досым Ли жың үйді еске алып, жаңа қоныс, құтты мекен үйімізді құттықтайық, – деп арақтан екі шыныға аздап құя бастады. – Тоқта! Рөмке əкеп берейін!– деді Күланда. – Қой ол зиялылығыңды, бүгіннен бастап Тілеубай еңбек адамы, еңбек адамдарының қарапайымдылығын үйренуі
─ 147 ─ керек, – бір шыныны өз қолына алып, екінші шыныны Күландаға ал деп бұйырды. Күланданың ішпейім дегеніне қарамай, – ерте заманда бір ақын былай деген екен: «Кел ішейік, ыдыс қайда? Жарлы-жақпай серігім. Ішейікші осындайда Шер тарқасын бір бүгін!»...... «Қалауын тапса қар жанады» дегендей арақтан бұрын мына сөз жүйелерін босатып жіберді білем, шыныны қолына алды да жасаурай қалған көзін жұмып жұтып жіберді, шыны екінші реттен өткенде, асау көк біраз алып қашты білем, əдетте салмақты, биязы Күланда тұтқиыл өзгеріп жеңілтектеніп барады, ол ауыр бір күрсініп алып: – Өткен көне қоғамда болса бір сəрі еді, бүгінгі заманда жақсы мен жаманды, ақ пен қараны ажыратпау қайдан пайда болды, осыны кімдер істеп отыр, – деп қызына түсті. Дауысы да əдеттегісінен екпінді шықты. – Партияның саясаты бойынша істелсе кімде арман бар, сол белгіленген саясатты атқарушылар бүлдіріп отыр, амал не?– деп Тілеубай да өз денесіне өз терісі тарлық қылғандай сыздап отыр. Тілеубайдың негізгі ұстаған кəсібі докторлық болғанымен, ізденгіш адам, ол музыка түрлерін недəуір жақсы біледі, əдебиетке де жаны құмар жан. Ол таяудан бері ойына оралған мына бір өлең шумақтарын бүгін ғана сыртқа шығарудың орайын тапқандай, сүйеулі тұрған домбырасын алды да: О, дүние жетімдіктен жетіліп ем, Лақтай жарға ойнаған секіріп ем, Болам деп партияға, көсемге адал, Ант беріп барлық іске бекініп ем. Дариға-ай, қайда тəтті армандарым, Мен бүгін сағынышпен армандадым. Кім мені қақпайласын, сыртқа айдасын, Сонда да партия үшін қалған жаным! Күланданың қара көзінен аққан мөлдір жасы дөп-дөңгелек
─ 148 ─ ақша бетіне төгіліп-төгіліп кетті. Тілеубай алдында тұрған бөтелкенің қақпағын алақанымен шарт еткізіп бекітіп: – Жылама, Күланда, неге жылайсың? Біз қамақта отырғанмыз жоқ, еркін дүниеде еңбекші халық ортасында отырмыз, балаларымыз қасымызда, «ер жігіт бір терінің ішінде неше арып, неше семіреді» деген сөз бар емес пе, сен бүйтіп жасый берсең мені де жасытасың, – деп Күландаға қайрат бере сөйледі. Шешесінің жылағанын көрген балалар бір түрлі көңілсіз күйге түсіп, кептердің ақ үрпек балапанындай бір-біріне жаутаңдай қарап томырылып отыр. Балаларының осы халін сезген Тілеубай оларды сергіту күйіне түсіп: – Мен сендерге өлең айтып берем, – деп дом бырасының құлағын «жай қоңырға» бұрап алды да төменгі ырғақпен қоңырлата жөнелді:
– Көрсем де жəбір-жапа сұрқиядан, Үмітім үзілмейді партиядан. Көрсеткен көсем өзі болашақты, Кетпеймін оңай құлап құз-қиядан. Бұл өмір бастан-аяқ күрес өзі, Адамды ширатады күрес тезі. Қамығып, қайғы жұтып не қылымын,
Қашан да іске асады көсем сөзі, – деп домбырасын тамға сүйей салды. – Тілеубай, ойыңа ортақпын, мен де Мау Зыдұңның, партияның саясатына сенем, қорғаймын, бірақ айрым адамдар осы саясатты бұрмалау арқылы, Мау зы доңға, партияға адал адамдарды қақпайлап, тек өздеріне ғана сенімді болған, өздерін жағаттаған адамдарды ғана көтермелеп отыр ма деймін, онда партия ішінде екіге бөліну болып кеткені ме? – Ия, күрес дегеніміз осы. Қазір саясатты бүлдіріп, былықпалық тудырып отырғандар жоқ емес. – Мұнадай болғанда алдымызда талай тартыс болады ғой, мен сенің тез, қатал мінезіңнен қорқам. Сенің ашуың
─ 149 ─ оңай келеді, мына таныс болмаған жерде қандай істердің күтіп тұрғанын кім біледі? Ең жақсысы сол кезеңдерге төзе білсең деймін. – Күланда, мен төзе аламын. Төзе алмайтын кезеңдерден өтіп кеттім. Мен үмітсіз адам емеспін, алдан күткен үміттерім зор. – Оның дұрыс, бұдан былай да сол төзімділікті ұмытып қалма, егер сені «серігің» осы деп төрт түрлі элементтерге қосып істетсе ше? – Оларға қоса қоймас. – «Сасық зиялы», «күрес обектісі» – деп қосып қойса қайтесің? – Күланда, сен барлығын жан-жақтылы жақсы ойлағансың, бұл – ақылдылық, «əйелін мақтаған бірінші ақымақ» деп жүрмегейсің!– деп Тілеубай əзілін де қосып қойды, – бұл маған əр жайда ойланатын іс, Сайдел сияқтылар партия тізімінен атымды ғана өшіріп отыр, партияға деген қызыл жүрегімді кесе алмайды. Егер төрт түрлі элементке қосып қойса денем қосылар, жүрегім қосылмайды. – «Жаман айтпай жақсы жоқ», егер соларды жазалауда бірге апарып тұрғызып қойса ше? – Онда халыққа басымды ием де төмен қарап тұра беремін, ұрысса обалым Сайделде деймін! Күланда күліп жіберді. Ол көптен бері ерінің ішкі дүниесіне мұншалықты қанық емес болатын, бүгін қатты қуанды, əсіресе Тілеубайдың Мау зы доңға, партияға болған адал ниетіне разы болды. Тілеубай разымын саған, менен гөрі сен көп ойланыпсың. – Мəдениет зор төңкерісі шынында мұны ойлатпай қоймады. Амал не, кейбіреуер орайдан пайдаланып, өз құқықтарын істетіп те алды, осы ғана жігеріңді от жаққан қазан дай қайнатады. – «Сабыр түбі сары алтын, сарғайған жетер мұратқа, асыққан қалар ұятқа», сабырлы болу керек, – деп Күланда дастархан жию үшін Тілеубайдың тізесіне сүйеніп түре келді.
─ 150 ─ ІІ Атты, жаяулар арқылы «ұзын құлақтан» бір күннің ішінде-ақ Тілеубай жөнінде алуан түрлі хабарлар тарап жатты. Жақсылығынан бұрын жамандық жағындағы хабарлар тарады: «табы жат элемент екен», «партияға қарсы шыққан жексұрынның өзі дейді», «басында қалпағы бар сияқты», «капитализм жолымен жүрген ұқықты екен», «буржуазия зиялысы екен», «нағыз мəпеде өскен байдың ақ алақан мырзасы көрінеді», комунадан: «оған араласып барды-келді етуге болмайды» депті... Қойшы, əйтеуір, Тілеубайға қойылмаған ат, тағылмаған айдар қалған жоқ. Тілеубай балаларының оқуы жөнінде мектепке барып қайта оралған жолында, арлы-берлі ағылып жатқан адамдарды көрді. Жұрт іші емес пе, кейбіреулері дана көзімен қарайды, кейбіреуі ала көзімен қарайды. Тілеубай дана көзімен қарағандарға жайраңдап қалады, ала көзімен қарағандарға жалтақтап қалады. Ол жағалай келіп комуна магазиніне кірді. Біреулер таңырқай қарады. Біреулер таныстай қарады, таныстай қарағанның бірі Жанортақ болды. «Сұраса келе қасыңдағы əйелің қарын бөле шығады» дегендей олар ру жағын сұрасқанда, бірі жиен, бірі нағашы болып шықты. Сондағы жақындық біреуінің шешесі əйтеуі керейдің бір шеті, біреуінің əкесі де керейдің бір шеті. Баяғы «Бақтиядың қырық бұтағы» сықылды бір сөз. Бірақ дəл осы жерде қан жаласып туған əпекесінен туғандай-ақ болып тұр. Екеуі жүрек қылын шертіскен жоқ, сонда да Тілеубай «түсі жылыдан түңілме» деген оймен: – Қане, нағашы, үйге жүріңіз!– деді оның қолынан тартып. «Сақаудың тілін үй иесі біледі» дегендей, Тілеубайдың төменге келіп отырғанын «соқырға таяқ ұстатқандай» қанық білмесе де, «əкең аты ішімде сайрап тұр» деген оймен: – Рахмет жиен, қашып тұрғам жоқ, «сасып тұрмын». Сізге де иісті май құйып жібермеген шығар, – деп күлгенде Жанортақтың етекті келген танауы бүлкілдеп кетті, – «жітік
─ 151 ─ пен саяқ қосылып алыпты» деп ауылдың алты ауызын маған айттырып, қонақ кəдесін сізден сұрамасын. Тілеубай оның жұмбақтарын түсіне шешіп тұрса да, əзілге əзілмен жауап қайтармады, Тілеубай ақ пейіл аңқылдақ жан, қалжыңға жаны құмар болса да əзіл сөзге онша орамды емес еді. – Ой, нағашы-ай, «қорқақты қуа берсе батыр болады» емес пе, жүріңіз!– деді Жанортақтың да жанының жаралы екенін аңғарған ол. Тілеубай мен Жанортақ үйге кіргенде Күланда қаңның үстін сыпырып жүр екен, ол Жанортақпен сыпайы амандасты, ертіп келген қонағын мақтан еткендей ақ еділ Тілеубай қонағына төрді көрсетіп, əйеліне: – Күланда, міне, нағашыңды тауып келдім, аты Жанортақ, – деп қонағы отырғанша таныстырып та болды. – Жақсы болды, жаңа ауыл, жаңа жерге келгенде, нағашымыз іздеп келсе, бұл үлкен қуаныш емес пе, – деді аңғарлы əйел. Тілеубайдың нағашыларының сонау Алтайда екенін Күланда əбден біледі, ол ауылдарға талай барған, ал мына Жанортақтың сол ру екенін де сезе қойды. – Қоныстарыңыз жайлы, үйлеріңіз құтты болсын, – деді Жанортақ əйелдің қабағынан көңіліндегі жабырқаулықты байқап, бірер ауыз жақсы сөзбен болса да көтермелегісі келіп. – Айтқаныңыз келсін!– деді Күланда баяу ғана. – Басы аманның малы түгел ғой, отанымыздың барлық жері жайлы да құтты. Менің кəсібім докторлық еді, мен осы арқылы қоғамға, мені азат етіп жетімдіктен жетілдірген партияға еңбек сіңірсең деген асыл арманым бар еді, қазір сол үзіліп отыр. Тағы бір жақтан өтірік жала жанымды өртейді, жастар білім іздемейді, ғылым иелері «сасық» аталды, мұндай болғанда біз қайтып социалистік күшті мемлекет құра аламыз, осыларды ойласаң өзегіңе өрт кетіп, миың атылып кете жаздайды, болмаса, ауылда болдың не, қалада болдың не, адам бар жерде өмір бар емес пе? – Осының бəріне жалғыз сен ғана бас қатырмайсың. Жүз
─ 152 ─ миллиондаған адамдардың бəрі де ойлайды, – деп Күланда ағытылып бара жатқан Тілеубайды тежеуге кірісті. «Аңғарлы əйел екен, мұны айырым есерсоқ делбелер естісе неше саққа жүгіртеді де, жақсы ниетіңді қараниетке айналдырады емес пе», – деп іштей Күланданың өзіне күмəн ойлап отырғанын байқап қалған Жанортақ: – Жиен келіндікі жөн, «сырын бімеген аттың сыртынан жүрме», «Талай аузың күймеп пе еді» деп отыр ғой, – деді əзілге сүйесе де оның өз ойындағысын таптым-ау деп. Дастархан үстіндегі əңгіме талай жер, талай адамдарды аралап недəуір уаққытты ұзартып жатыр. Осы əңгіменің бір кезегінде Тілеубай қыстың қамы, отбасы жайы жөніндегі ойын да ірікпеді. – «Бір көрген біліс, екі көрген таныс» дейді халық. «Сыпайы сырын жасырмайды, пұшық мұрнын жасырмайды» деп қазір бізге ел де, жер де қанық емес, мына балаларға біраз көже-қатық қажет болып отыр. Бұның жөні қалай болады?– деп одан ақыл сұрағандай үмітін арта сөйледі. – Бұныңыз жөн сөз ғой, ірі қара да, ұсақ мал да табылады, бірақ соны жолымен табу бір мəселе. Осы бір үкіметсіздіктің өзі қиынға да, қиырға да соғып отыр ғой, қазір бригадада не көп – бастық көп, бірыңғай емес, екі топ. Бірі «шешемін» десе, енді бірі «сен шешсең мен кесемін» дейді, сөйтіп егеспен істелген жұмыс коллективке зиян болып отыр, – деп ішін ашу тырнағандай қозғалып қойды. Мұның ой дүниесін түсінген Тілеубай: – Коллективтесу, коллективті қорғап өркендету дұрыс беталыс еді, мұның қалай басқарылып, кімдер жағынан өзгеріп бара жатқаны қазірше жұмбақ қой, егер осылай кете берсе Қытайдың болашағын қайда апарып соғарын кім білсін!– деп ауыр күрсінді. Тілеубайдың ойы өз ойымен ортақтасып жатқанын аңғарған Жанортақ: – Кейінгісін көре жатарсыз, қазірше менде бір еркек қой бар, үкімет бағасында соны алып көже-қатық етіп тұрыңыз! Қазақ жолымен «ерулік» деп берсем де болар еді, оған «бақан жыққан бас та бар», «көнелікті үрлейтін көріктер»
─ 153 ─ дейтін сөз сізге де маған да жұға кетеді, өзіңіз айтып отырсыз ғой, сізге «шетке шоқынған», «білім шоңжары», «сасық зиялы» деген таңба басылса, маған «капитализм жолымен жүрген ұқықты», «табы өзгерген элемент» деген ен салынып, қызметтен қалып отырмын. Бұл «таңба», салынған «ендер» қар үстіне жазған жазумен тең, оны келешек көктем нəрі бірақ күнде ерітіп жоқ ететініне сенімім кəміл. Мен бригадада қызет істегелі, партия құшағына кіргелі 17 жыл болды, осыны 17 күндей өткіздім. Амал не, өзің айтқандай айырым адамдар қызметті «мəнсап» деп қызығады, басқалардың істегенін қызғанады, істеп жүргендерден ұқық тартып алып, өз білгенін істегісі келеді, осыған жету үшін пролетариаттың барлық дүниесін құрбан етіп, үкім жүргізгісі келеді. Олардың мақсаты көне заманды қайта тірілдіру екендігі айқын. Өзіңіз де білесіз, озат адамдарды озбырлықпен құлатып, көне төңкерісшілдерді зауфан жасаумен жоғалтып, кім-кімге зауфан жасау арқылы емес, зауфан атымен көне қадірлерді аластап, дүниені өзгерпек болып жатса, бұған кімдер қуанады? Бұған тек кері ниеттегілер, ақылсыз айырым ақымақтар ғана қуанады. Біздің комунаның тағы бір бастығы болған, мына Батырбай сияқты жел өкпелерге жел беріп, делбелерге дем беріп, орналастырып кеткен сол қазір ауданға өрлеп барып отыр, – дер Жанортақ шай үстелін қолының сыртымен ұрыпұрып қалды, Күланда селк ете түсті, шыныдағы шайлар шайқалып кетті. Тілеубайға Жанортақтың дөңгелек келген денесі, маң дайдағы ерте түскен əжімдері сан реткі сайыстың таңбасындай көрінді, ол ішінен «азамат ауылдың жай ғана азаматы емес, өмірдің өрісін аңғарған азамат, сен сияқтылар жүз милион Сайдел сияқты көрінісі бидай, үксең қара күйе болатындар айырым бірнешенің ісі» деген ойға тиянақтап: – Жанортақ, əкең атты жақсы қойыпты, пролетариатпен жаның бір, маған ойың ортақ болып отыр. Қазақ «арамдықтың арқаны қысқа», «арамзаның құйрығы бірақ тұтам» дейді, бұл өмірден алынған шындық, айырым адамдар «шырға» тартып, көз бояп, көлгірсумен айрым
─ 154 ─ аңқауларды алдап, жендеттерді желіктіріп отыр. Бұл да ұзаққа бармайды, «бидайдың барар жері диірмен» дегендей, көңілдегі түйіншектердің бəрі де шешіліп, қабынған өкпелер де қалпына түсетін күн болар, – деп отырып қалды. Бағанадан бұлардың сөзіне зейін қоя тыңдап отырған Күланда қазіргі ішкі ой дүниесін жасыра алмай жадырап: – Əйелдердің бір мақалы бар: «айлас əйел мұңдас» дейді, сол сықылды мақсаты бірдің мақтаны бір, мұңы бірдің сыры бір, күйігі бірдің жыры бір болатын секілді ғой, бағана нағашым «сырын білмеген аттың сыртынан жүрме» деп отырсың ғой деп маған да құлақ қағыс еткен болатын, бірақ «адам сөйлескенше, жылқы кісінескенше», нағашымның кім екенін, ой-өрісінің қайда екенін түсінген соң өзім де ұялып отырмын, – деп ақтарыла сөйлеп ақырын күліп қойды. – Сонда бізге бұл бригадада ақыл-көмек беретін басшылардан кім бар? – деді Тілеубай. – Бұл бригадада Батырбай деген «батыр» бар, ол екеуімізді жауға санайды. Менен ұқық тартып алып отырған сол. Жə, коммунаға таяуда келген Уаң секретор деген секретор бар, ол əр сандықты өз кілтімен аша білетін адам, ол да көргілікті көрген жан, барлық жағдайыңды ірікпей соған айт. Ол анау ұзын сапарды қызыл табанымен басқан адам, – деді Жанортақ.
*** Тілеубай ертесінде коммуна парткомына барған еді, Уаң секретор да, журын да ауданға жиынға кеткен болып шықты. Хатшы: «ол кісілер келгенше күте тұрыңыз, болмаса орналасқан бригадаңыздың жауаптыларымен сөйлесіп көріңіз, не іске орналастыруын солар белгілер» деп жауап қайтарған болатын. Тілеубай түске таяу бригада кеңсесіне келіп, бригадирді іздеп тапты. Бригадир суырдың айғырындай шіңкілдеп, бірнеше адамды бидайдай қуырып жатыр екен. – Тыңайтқыш жиюды қойып, алдымен миларыңды,
─ 155 ─ идеяларыңды тыңайт, не үшін кеше жиынга қатынаспайсыңдар? Ойларыңда не бар?– деп пісте мұрын, арық сары шұбар шіміркеніп тұр. Сөз аяғы басылды-ау деген кезде Тілеубай өз бұйымтайын айтқан еді, ол жүре жайылатын шылбыр қашаған жылқыдай жүре жауап беріп сөзге де жарытпады. Бар қонымды жауабы-ақ: «жуас болып жақсы істе! Зиялылар айлакер қу болады, менің бригадамда оны істетемін деп ойлама, албаты жүруіңе болмайды» деп сырт айналғанда, терезеден түскен күн қалқиған жұқа сары құлағының арғы жағына өтіп шықты. Тілеубай онымен тіктесе сөйлесейін деді де «төзе тұрайын, мынау ұшарын жел, қонарын сай білетін бір қаңбақ көрінеді, қазірше мұндай желөкпенің желігінен бой тартқан жөн» деп бекінді. – Қазір сенімен сөйлесуге уақытым жоқ, түстен кейін кел, – деп талақ болған жылқыдай бүйіріне қарап жауап берді. Тілеубай артына бір қарап жүре бергенде əлденені ойлаған бригадир: – Ай, тоқта!– деді тентек болған тайыншадай артына шыр айналып, – түсте үйіңде бол, тапсыратын іс бар саған, – деп қырлана жауап қатты. Тілеубай да «шанағың шамалы екен» деп жүріп кетті...... Тілеубайлар енді түскі шайға отыра бергенде, шірене басып шетиіп, қызыл ауыз боз жылқыдай, екі көзі шағырайып үйге кірген бригадир ерні ғана жыбырлап қаңның шетіне келіп отыра кетті. Үй ішіне жем іздеген кезқұйрықша айнала қарап қояды. – Жоғары шығыңыз!– дегенге де кісілік көрсетіп тұрған сияқты. Каңның шетіне аяғын айқастырып отырған бойы жылжымады. Тілеубайдың «шайға келіңіз, бригадир» деген сөзінен, əлгі Батырбай бригадир осы болар ма деп межелеген Күланда: – Дастарханға жақын келіңіз!– деп ас жаулыққа шыны қойды. Арсыз ой, арам ниет ала келген бригадирдің жүгенсіз көзі қайта-қайта ноғала болған жылқының көзіндей төңкеріліп Күландаға түседі. Күланданың дөп-дөңгелек ақша бетіне жараса біткен сүйкімді мұрны, еліктің көзіндей
─ 156 ─ дөп-дөңгелек қара көзі, сойдыйған ұзын, тыртиған арық емес, талпыйған аласа, былшыйған семіз емес, қалыпқа құйғандай шымыр денесі бригадирдің есін аударып барады. Молдалардың айтатын «хордың қызы осыдан артық болмас-ау» деп бригадирдің есі шығып, ебі қашып отыр. Ол «Тілеубаймен алдап-арбап ағайын болсам қолға түсер ме? Жоқ, айбар көрсетіп алысқа айдап қоқаң-лоқы жасасам қолға түсер ме» деп құлқыны құрып, өмешегі үзіліп, шайдан бұрын сілекейін жұтып отыр. Осы отырыс өзіне де ерсі көрінді білем, бір кезде түйеден түскендей: – Балаңыз нешеу! – деді Тілеубайға. – Үшеу. – Алды қаншада? – Он жаста. Бригадир іштей есепке түсіп кетті, «жиырма жасында күйеуге тиді дейік, он жаста баласы болса, жиырма бір жасында туды, сонда дəл 31 жаста, менен екі жас кіші» Тілеубайға бір қарап «мынау атақ-аброймен алған ғой, əйелінен аз болғанда он жас үлкен шығар, сонда тең-теңімен, тезек-қабымен болатынын түсінер, мынау түсінбесе, əйел заты ешнəрсе ойламас болар» деп жақында ғана тіктірген түлкі малақайын басынан қалай алып қойғанын өзі де сезбей қалды. Оның саусақпен ғана тарай салатын сары інгеннің шудасындай ұйысқан сап-сары шашы, су бойына төне біткен мəжнүн талдай еңкейіп қас пен шаштың арасында екі елідей ғана шот маңдай қалыпты. Беті-көзін басқан сары түктер қаңтардағы бұзаудың бауырындағы қылау жүн сияқты сапсиып тұр. Оның пістиген мұрны, шот маңдайы, қушиған түк-түк беттері, тынымсыз ойнақтап тұрған көк шегір көзі Күландаға бір кездерде бақшадан көрген маймылдарды елестетіп жіберді. Күланда екінші шыны шайды ұсынғанда, бригадирдің арсыз көңіл, арам жүрегінің бұйрығымен көргенсіз саусағы шыны астынан Күланданың саусағын басып-басып қойды, Күланда сезсе де, сезбегендей қаз-қалпы отыра берді. Бригадирдің ынтасы қайда отырғанын Тілеубай да сезіп
─ 157 ─ отыр. Өйткені түстегі айбарының бəрі сынып, көк көзі Күландада отыр. Тілеубай ішінен «аспандағы қаздың сорпасына мас болған сорлы, сен мына ниет, мына қылығыңмен қайтып бір бригаданы басқарарсың, жарық жағалаған жынды көбелексің ғой, ертең-ақ қанатың күйіп домаланарсың» деп отыр. Əлгі Батырбай бригадир осы болмасын деген оймен: – Бригадир біз келгелі екі күн болды, бірнеше бригадир бар деп сырттай естідім, ат сұраудың айыбы жоқ дейді, атыңыз кім?– деп сұрап қалды. – Атым Батырбай, бірінші қол бригадирмін, – деп Күландаға бір күліп қойып, – менен кейін екеуі бар, өз атыңыз кім болады?– деп бір тоқтап, Тілеубайдың атыжөнін айтуын тоспай, тіпті кішіпейіл адамсып сөзін тағы да жалғастырды. «Кішіпейілділігі» сонша, бағанадан ойлап отырған ойындағысын да жасыруға да шамасы келмей, Тілеубайдың жасын сұраймын деп, – əйеліңіз қанша жаста, – деді. Күланда қысып келген күлкіні қолындағы шынымен далдалай берді. Тілеубай мырс етіп күлді де: – Бригадир, жасын өзіңіз сұраңыз, ол маған шын жасын айтып көрген емес, – деді. Сасқалақтап қалған бригадир: – Жоқ, жоқ! Өз жасыңызды сұрамақшымын!– деді бұлтара алмай. – Мен биыл 41 жастамын!– деді Тілеубай. Бригадирдің шама-шарқын, көңіл-күйін түйе қойған Күланда: – Əсілі, білмекші болғаныңыз менің жасым шығар, 35-темін, – деді. Бригадирдің шақшадай басына біткен жаялықтай ерні одан ары жайынның ауызындай жайылып кетті. Оның көргенсіз көңілі көңілсізден дəмеленіп, Күланданың шыны астынан берілген ымға «əсілі, білмекші болғаныңыз менің жасым шығар» деп тез берген жауабын «бейілділік» деп түсінді. Тілеубайды алысқа айдап салып «үй иесі» өзі болу бекіміне келген бригадир: – Сіздің не істеуіңіз туралы ақылдаса көріп ертең жауабын берейік, – деп кетуге ыңғайланды.
─ 158 ─ – Келіп тұрыңыз, бригадир, – деді Күланда да Тілеубаймен жарыса үн қатып. Бригадирді шығарып салып үйге кірген Тілеубай: – Е, «Лəйлі – Мəжнүніңіз» табылды, – деді сықылдай күліп. – Егер адамның маймылдан жаралғаны рас болса, ең cоңғы таяуда ғана өзгергені мына бригадир болар, əкем-ау өзі маймылға не деген ұқсайды. – Кешегі Жанортақтың сөзін естідің ғой, əлгі əпербақан ұр да жық Батырбай бригадир осы болды. Партияның бағыт-саясаттарын осы сияқты бітеу кеуде есіріктер түсіне ме, оларға социализм керек емес, оларға ұқық-мəнсап керек, атақ-абырой, баспайда керек. Мау зы доң мен партия басшылығы болады екен, мұндай істер ұзамай-ақ оңалар, – деп Тілеубай барлық үмітін таяу болашақтан күтіп, арманын алысқа жібермеді. ІІІ Күн қызарып, алтын шапақтарын шаша жер шарының далдасына еніп барады. Алтын шапаққа боялған қыс аязының қылаулары бірде ақ, бірде жасыл, бірде қызыл түс алып жалт-жұлт етеді. Қамыс орушылар қатып қалған Марал көлдің мұзы үстінде нар қамысты құшақ-құшақ етіп тастап кетіп барады. Үш орақшының орған қамыстарын бір адам ғана үш жерден қынай байлап баулап келеді. Баушы қанша жылдамдық əрекет жасаса да оларға жетісе алар емес, əрбір бау қамыстың түбінде оның əр алуан ойлары қалып жатыр. Шапақтың сөнуімен орақшылар да арттарына бұрылып, əркім өз солындағы орып тастаған қамыстарын баулай бастады. Қамыстың жұмсақ та жабысқақ ұлпасы баушының көнетоз қара шолақ тоны мен көнетоз құндыз малақайына жабысып, қылау мен сүңгі қосылып оны «аяз атаға» айналдырыпты. Баушының осыны қағып-сілкуге де дəрмені келер емес, төртеуі кешкі өрістен қайтқан сиырдай мамыр-
─ 159 ─ лап жатақтарына қайтты. Ең соңында баушы келе жатыр. Оның белі, екі қара саны үзіліп-ақ келеді. Əудем жердегі жатақ оған жер түбіндей сезіліп жата кеткісі де келеді, бұл баушы Тілеубай болатын. Бұлар келгелі бүгін алтыншы күн. Тілеубайдың əр күнгі жүрісі осы. Ана үшеуі жатаққа барып, басы көздерін жуынып болып қалғанда жетеді. Тілеубай күндегі əдеті бойынша тамақтан кейін спиртке шыланған мақтамен екі санын, белін, екі қолының қарын ысқылап шықты. Басқалар жатқан соң сығырайған шамды төсегінің жанына əкеліп алып, сыртында адамның қаңқа сүйегінің белгісі бар кітапты тесіле қарап жатыр. Қасында таяу жатқан жастау жігіт «Ə-й» деп аунап теріс қарап кетті. Ол ішінен «бір оқу соққан сорлы екен, бұл кітаптан не шығармақшы? Онанда жатып демалсашы» деп жатыр. Оның «Ə-й» деп кейіген үнін естіп қалған Тілеубай дереу шамды өшірді де көрпелерін қымтанып ұйықтамақ болып көзін жұмды. Дүниеде ойдай мазасыз нəрсе бар ма екен. Тілеубай ұйықтау үшін қанша тырысса да, ой артынан ой туып мазалап жатыр. «Көк дөненнен көңіл жүйрік» дегендей, ой шіркін орғый шауып бірде құз қияға алып шықса, бірде шыңырау шыңға түсіреді. Арман бірде таяп, бірде алыстайды, кейде, ұқық иелеп алған Сайдел алуан түрлі «қалпақпен» бастырып нақақ үкім шығарып тұрғаны, кейде Батырбай сияқты бас білмейтін бақырауық сары бураның албаты жынын бүркіп шабынғаны елестейді, ыза кернеген сайын ұйқы қаша түседі. Осы ойлардың бəрінің келіп тыйянақтар жері «шынымен осалай болып кетер ме? Ə-й, бір жын бар ғой, осы сыр ашылса, бəріде оңалар еді» деп тиянақтайды. Осы ойлар бірнеше рет диірменнің тасынша шыр айналып өтті. Тілеубайдың көзі талды білем, осы бір шырғалаң ойлар енді шытырман түске айналды. *** Тілеубайлар қамысқа кеткен күннің ертесінде түсте, іңгенге көз сүзген бурадай, түлкі малақайын көтере киген
─ 160 ─ «сарықұлақ» бригадир сайтандай Тілеубайдың үйіне пайда болды. Мұны жұртшылық көзінше «бригадир» десе де сыртынан «сарықұлақ» дейтін. Ол сыртта келе жатқанда екі түрлі жоспар жасап келген, «жұмсақ тіл, жайдары мінез көрсету арқылы көңілін байқау; оған жұмсармаса доңыз айбат көрсетіп жүрегін алу» , сол арқылы қолға түсіру болатын. Ол үйге кіріп Күландаға амандасқанда, ет көрген аш мысықтай езуі ыржыйып кетті, қаңге отырмай жатып: – Сіз еңбекке қаласаңыз барыңыз, қаламасаңыз бармаңыз, оған мына мен жауап берем, – деп көтеріліп қойды. Мұның арам ойын əлде қашан сезіп болған Күланда: – Сіздің ондай «қамқорлық» еткеніңізге «рахмет», мен көппен бірге еңбекке қатынасып шыныққанды жақсы көрем, көппен бірге еңбекке қатынасып сергіп қалдым, – деп «сарықұлақ» бригадирдің «шапағатын» қайырып тастады. Мұны сезген «сарықұлақ» жоқ, əлі де жіпке байланған «батпырауық» секілді жалпылдай жабысып отыр. «Сарықұлақ» сөзді неден бастарын білмей, тіке айтуға тілі бармай, жанайы білдіруге шамасы жетпей отыр. Сойған қасқырша ыржыңдап күліп, сілекейін қылғына жұтқанда шидиген арық мойнындағы қоқиған бөбежігі су тышқандай өрлі-қырлы жүгіріп кетеді. Ары-бері ойланып «таптым» деді ол ішінен. – Жеңгей деуге шамданбассыз, есептеп көрсем жолдасыңыз менен бақандай алты жас үлкен екен, ал өзіңіз менімен даң құрдас екенсіз, мен де дəл отыз бестемін, – деп, Күланда үшін өзіне екі жасты қалтасынан алып қоса салды. – Бригадир-ау, «жас» деген бригаданың мүлкі емес, мұны қашаннан бері шотқа салып жүрсіз? – Анада келгеннен бері. – Сонда не демексіз?– деді Күланда, оны сөзді қалай бастар деген оймен. «Не демексіз»дегенді «айта ғой» дегендей сезген «сарықұлақ»: – «Құрдастың құдайы бір, жібектің түйіні бір» дегенді білесіз ғой, не айтпақшы болғанымды, қас қабағымның қимылынан-ақ сезіп жүр деп ойлаймын, жақсыға жаным
─ 161 ─ құмар жан едім, арманым іске асатын болса, Тілеубай ағаның да еңбегін жеңілдетіп халық ішіне қосып қояр едім, – деп үкіше сақылдап күлді. Күланданың ішкі ой дүниесі теңіз толқынындай буырқанып, астан-кестең болды. Ішінен «қара ниет сүмелек, сенің бетің ғана шұбар емес, ниетіңде сондай шұбар, ұқықты кімнің пайдасы үшін, неменеге ісететінің мəлім болды. Кеше Тілеубай арбаға шығарда жер-жебір, жекен суына жетіп, адыраңдап, алуан қалпақпен аттандырған едің, бүгін «Тілеубай аға» болып қалыпты. О, ар-намыстан безген айуан» деп шіміркеніп кетті. Алдында отырған «сарықұлақ» бұрынғы бейнесінен де сүркей, қорқынышты көрінді. Күланда тағы да ішінен, «əлде Тілеубайға қастандық жасап жүре ме? Арлы адам арын сақтаймын десе, ақымақ адам біреудің ар-намысын таптаймын дейді. Мынау адас өлтіруден де тайынбас, мұндай ақымақтан ақыл тауып айламен құтылу керек» деген ойға келіп: – Сөзіңіздің төркіні түсінікті, «басыңызды кемсітерлік жан емессіз, амал қанша...– деп еді, өмешегі үзілердей болып отырған «сарықұлақ» сөздің аяғын күтпей, «маған шынымен берілді, күйеуін үлкенсінетін сияқты, ал мен жаспын, оның үстіне бір бригаданы солқылдатып тұрған бірінші қол ұқық иесі бригадир тұрсам, қалай ұнатпасын, күйеуі қызметтен айдалған зиялы, онымен бірге боламын десе, өзінің де не боларын біледі ғой» деген оймен: – Амал бар, өз көңілің ұнатса сенің жолыңда басымды тігуге бармын, – деді қотарыла құлап. «Басымды тігуге бармын» дегені – адам өлтіріп қан кешуге бармын дегені ғой. Бұл ессіз есірік оны істемейді деуге де болмайды. «Ақсақ иттің көңілі ақ жақта» дегендей, бұл шіркін өзінің бет-бейнесін айна алдында бір көрмеді ме екен, иə, аласа өзіне биік, жалғыз шапқан аттың бəрі жүйрік. Өзіне-өзі əлдеқандай көрінеді-ау деп ақылды əйел айламен бұл құтырған қасқырдан құтылудың жолын енді ойлап тапты. – Өмірлігім болсын дейтіндей-ақ азаматсыз, амал қанша?...
─ 162 ─ – Қандай амал керек? Ебін табайын!– деп еліре түсті «сарықұлақ» бригадир. – Мына балам төрт жаста, осыған босанғаннан кейінақ, емдеуге болмайтын, ем қонбайтын бір «жұқпалы дертке» тап болдым. Тілеубайға да мұның өте «жұғымтал» ауру екенін атап айтты. Содан бала көтеруден қалдым, осындай отыр дегеніңіз болмаса, халім мүшкіл, қайсы докторға барсам да соны айтты. Қазір жолдасым да наумез, жаны жаралы, көңілі сынық. Арамызда мына балалар болып менің көзім тірі отырған соң ғана жүр. Мен де жас өмірімнің осылай өткеніне қорланам, – «сарықұлақты» сендіріп ит жүрегін тойтару үшін сау басына сақина тілегендей өтірікті де өрнегіне келтіріп, – «тоты жүнін көріп таранып, аяғын көріп қорланады» дегеннің өзімін. Жолдасым бұрын біреуге қарап қойсам от алып қопаға түсуші еді, қазір ол қызғаныш та қалды. Мамырдың «өзімді аямаймын, сені аяймын» дегені секілді, мен де өзімді емес, аяулы азамат басыңыз қор болмасын» деп сізді аяймын, – дегенде, жан иесі емес пе «сарықұлақ» бригадир сескеніп қалды. Бағанадан тулап тұрған сайтан жалаған жүрегі бірден суынып бетіндегі ұят орнына өнген сары түктері жапырыла жығыла берді. Ол малақайын алып баса киді де үміті сөнген көк шегір көзінің жанары өшкіндеп кетуге оңтайланды. Бағанадан бері «басын тігуге дейін барған «махаббат» енді «қош болыңыз!» деуге де жарамай, «таз ашуын тырнадан аладының» керін келтіріп ағаш есікті шарқ еткізіп бүйрекке өкпелеген баладай шыға жөнелді. – Келіп тұрыңыз, бригадир!– деген Күландаға: – Қызмет көп, қол тимейді!– деп артына бұрылмастан салыны суға кетіп жүріп кетті. Күланда тағы бір сыр тартқысы келіп: – Бригадир, əлгі «ағаңды»...... – Қайдағы менің ағам, ондай қуғындалған бұзақы маған аға емес, ата – жау, ауыздарыңды жиып сөйле, сыбағасы əлі алда, – деп шошқаша қорс ете түсті...... Мына қорлық пен мазаққа жаны төзе алмаған Күланда
─ 163 ─ басына шəлісін орай салып коммуна кеңсесіне қарай тартты. Ісханадан іздеп жүріп Уаң секреторды іздеп тауып, келгеннен бергі бастан өткен кешірмелерін, əсіресе Батырбай «сарқұлақтан» көрген мазағын жылай отырып, əшкере ашық айтты. Күланда Уаң секретордың айтқан ақыл сөздерін, Тілеубай жөніндегі, «сарықұлақ» жөніндегі көз қарастарын естіп үйіне көңілді оралды. ІV Уаң секретор коммуна алдына жапсырылған екі дана жаңа дазыбауды тілмаш арқылы аудартып оқып шықты. Бірінші дазыбауда «Кəрі жілік малды сақтауды қойып, өз басын сақтасын» деген атпен жазылыпты. Онда мынандай сөздер бар: «Буржуазияның сасық зиялысы Тілеубай кімге дəрі? Ол социализм үшін, халық үшін қажетті неме болса, оны не үшін төменге өзгертуге жібереді? Тілеубай дереу төрт түрлі элементтермен бірге бақылау астында еңбекпен өзгеруі керек!» Екінші дазыбауда «Уаң секретор Ерен журын бастаған коммуна жетекшілері коммунамызды қайсы жолмен қайда алып барады? Тілеубайді еңбекке салмай, докторлыққа қоямыз деу буржуазия зиялыларына шоқынғандық, ғылымға шоқынғандық! Олардың мұндай қылықтары мен өңдіріс арқылы төңкерісті жаныштаған сорақылықтарына əсте жол қоймаймыз. Бұған коммуна парткомы дереу жауап берсін! Тілеубайды бүгіннен бастап еңбекке қайтарсын». Бірінші бригаданың жетекшілігі бастаған қалың бұқара! Уаң секретор дазыбауды оқытып жатқанда айналасына бірінші бригаданың бір мұнша ер – əйел мүшелері келіп топтасты. Мұны жазып жүрген баяғы «сарықұлақ» бригадир. – Қане бірінші бригададағы төңкерісшіл қалың бұқарадан кімдер қатынасыпты? Тіпті Тілеубайдың не қылмысы барын қайсы бұқара біледі? Өйтіп бұкара атын жамылмасын, бұқара коммуна жетекшілерінің пікірін қолдайды.
─ 164 ─ – Бұл Батырбай бастаған бірнеше өкпесі жоқтардың дазыбауы, бұған қарсы біз де жаза аламыз. Уаң секретор аударушы арқылы мүшелердің пікірін бірбірлеп тыңдады. Бұқараның даналығына дəн риза болды. Уаң секретор бұқараның пікірін тыңдап болып, коммуна парткомының кеңейтілген жиынын шақырды. Əдетте баяу сөйлейтін кең мінезді секретор қырандай шүйіліп ширыға сөйледі: – Коммунистер, жолдастар!– деді етженді денесін алға ұсына, – коммунистер ақиқат үшін күрес жасаушылар. Олар ақ пен қараны айырудың əділ таразысы, олар социализмді құрып, коммунизмнің жолын жасаушылар, осы жолда талай кедергілер жатыр. Біз сол кедергілермен күресушілерміз. Қазір кейбіреулер: «Ылдыйдан шапсам өр менікі, есіктен кірсем төр менікі» деп партияның жақсы дəстүрін бүлдіріп жүр. Ондайларға жол қойғандық партия принципінен, Мау зы доңның төңкерістік айрылғандық, пролетариат диктатурасын босаңсытып, буржуазияға босағаны босатып бергендік. Ашынып та, ашып та айтайын, Батырбай бригадир жақсы адам емес, оның жақсылығы табы, келіп – шығуы жақсы еді, Жанортақ оны балапандай баулығаны үшін, ол бір мезгіл белсене қызмет істеді, Жанортақ жолдас оны партияға таныстырды, ол кейін келе азғындады, тіпті айрым адамдарды желіктіріп оның орнын да тартып алды, оған «капитализм жолымен жүрген ұқықты» деп алуан түрлі жалған жалаларды жапты. Қазақ халқында бір жақсы мақал бар, «ит құтырса иесін қабады, қарға қағынса бүркітке шабады», Батырбайға осы сөз дөп келеді. – Жанортақ жолдас, капитализм жолымен жүрген ұқықты емес, ол социализм жолымен, ол Мау зы доң сөзін адалдықпен естіп, дұрыс атқарған, қызыл жүрегін адалдықпен социализмге, халыққа арнаған жақсы коммунист. Сендер Жанортақ басқарып тұрғандағы бірінші бригаданың жылына алатын астық саны мен сондағы малдың саны, халықтың тұрмысын салыстырыңдар. – Бірінші бригада коммуна бойынша əр жақтан алдағы
─ 165 ─ бригада болатын, қазір ең артта қалып отыр. Кілт басшылықта үш жыл болды, бір арық түзу ашылғаны жоқ, үш жылдан бері қойлар бір рет те уанна көрген жоқ, құрғақшылық апатына қарсы тұрылмады, апат бір алса, ауру дерт екі алды, пышақ үш алды. Не көп, пырақ көп, бригадир қол қоя берді, жекелер жинай берді, коллектив кеми берді. Бригаданың тракторы бұзылып жатқалы екі жыл болды, оны түзетуге де сомма жоқ, арық өгізбен жер тырналайды. Жанортақ бригада кезінде бірінші бригадада əр жылы күзде үш қорадан – төрт қораға дейін тоқты қосылатын, бригадалықтан қалған күзде бес қора тоқты бөлінген. Жанортақ бригаданы байытуға тырысты, Батырбай кемитуге кірісті. Бірінші бригададан биыл əрең екі қора тоқты бөлінді. Бригаданы байыту, коллективті дамыту «капитализм жолымен жүргендік» болғанда, қолда барды шашу социализм жолымен жүргендік бола ма? Салыстырма деген осы, мүшелердің бұрынғы белсенділігі барған сайын кеміді, бұрынғыдай коллективке деген күйісшеңдік барған сайын суынып барады. Екеуінің қызмет, еңбек салыстырмасы осы. Ал, осының қайсысы социализм жолы, қайсысы капитализм жолы? Мұны Марксизм – Ленинизм, Мау зы доң идеясының таразысына салып өлшеу қажет. Бұл осы отырғандарымыздың міндетіміз. Тентек, содырларды тимасақ, жақсы, адал ниеттегі адамдарды қинасақ, оңалудың орнына бояуымыз өшкіндеп оңа береміз, – деп Ерен журын да қалшылдап өзін зорға басты. – Батырбай бізге дазыбау жазыпты, ол адас қорқатын нəрсе емес, партияның негізгі саясаттарын дұрыс атқармасақ, коллектив мүлкін бұзып – шашып, халық тұрмысына көңіл бөлмесек, қорқатын нəрсе міне осы. Халықтың пайдасы денсаулығы үшін алдымызда тұрған Тілеубай сияқты тəжірибелі докторды істетіп, одан пайдалану қате іс емес, біз оны айлық беріп докторхананың басшысы етіп отырғанымыз жоқ, ол жəне қалпақты адам да емес, оның бір кісілік еңбек істеуінен мүшелерді емдеуі пайдалы, біз халыққа пайдалы іс істеуіміз қажет. Егер Батырбайға еңбек күші қажет болса, бригадасындағы еңбек істемей, пайдакүнем, алып
─ 166 ─ сатарлық істеп жеке басының қамы үшін жүргендерге тиым салып, неге еңбекке қоспайды? Еңбек дегені сылтау, оның ойында жаман арамдық бар, егер Тілеубайдың үйінен оның «тілегені» табыла кетсе, онда басқалардан бұрын Тілеубайды өзіне орынбасар бригадирлыққа немесе докторлыққа өз қолымен-ақ қоя салар еді. Ондай болмаған соң, Тілеубайдың орындыққа отырып докторлық істеуіне жанының барынша қарысып отыр. Батырбайдың жаман ойы Тілеубайды өз ұқығы астында істету, өз қолынан шығармау, ұқығынан пайдаланып, басқалардың көзіне шөп салу, бұл оның қара ниеттігінің белгісі. Асауға тұсау керек, тентекті тежеу керек. Батырбайдың сүйенері осы коммунаның ауданға барған көне бастығы, Батырбай сияқтыларды батыр етіп, астына көпшік қойып отырған солар. Ақиқат пролетариат қолында болады екен, ондайлардың қылмысын мойнына қиып салып, қалтасын қырқатын уақыт келеді, – деп Уаң секретор сөзі аяқталғанын білдіріп орындығына отырды. – Біздің үлкен қаладағы докторға көрінсек дегендегі үлкен доктор осы Тілеубай сияқтылар емес пе? Біз оның қабілетінен пайдалансақ не болыпты, «зиялы, зиялы!» деп білім иелерінің бəрін буржуазияның еншісіне айдап берсек, пролетариатқа білім иелері, техник мамандар керек емес пе?– деді Ерен журын көптен бері ішіне симай жүрген ойын ашық ортаға тастап, отырғандар да ду күлді. – Дұрыс, дұрыс!– деп Уаң секретор жаурынына разылық білдіре қағып-қағып қойды. *** Коммунаның шағын да көркем салынған докторханасының залындағы бір есіктің алдында біраз адам жиылып алып, бірінің сөзін бірі құптап дабырласып тұр. Біреу: – Иə, сəт, менің ауруымды табанымен дəп басып тапса екен! – деп еді, қасында тұрған біреу: – Саспа, ауруың аш ішегіңнің арасында, тоқ ішегіңнің түбінде жатса да табады екен, тамырға қатты жүйрік дейді,
─ 167 ─ міне анық доктор сол, кейбір доктор тамыр ұстамай, «Қай жерің аурады? Неше күн болды?» деп ақ домалақты санап салып береді де қоя береді, – деп жауап айтып жатты. Біреу: – Мың болғыр Уаң секретор осы докторды коммунаға əкеп қойып жұрттың сауабын бір алды, – деп коммунаның секреторын да алқап жатыр. – Біздің «сарықұлақ» та бермеймін деп жетек көрмеген тазыдай тартысып еді, ақыры ие бола алмады, «ойнаса баласы жеңеді, шындаса əкесі жеңеді», ол əлі көкесін танымай жүр ғой, – деді бір шал. – Ұзақтан бері сауыға алмай жүрген Жансұлтан да «бір аптаның ішінде недəуір жақсы болып қалдым» – деп жүр ғой. Олар осылай гуілдесіп тұрғанда ішкі бөлмеден қолында дəрі алатын қағазы бар, жас жігіт шыға келді. – Ей, Жансұлтан жаңа доктор қалай екен?– деп ұзақтан бері бауыр ауруы болып сауыға алмай жүрген жас жігіт оған таяды. Жас жігіттің көз еттері сарғайып кеткен, бар үмітін сол жаңа докторға артып тұрған көрінеді. – Оның несін айтасың, құдай емес, құдайдан былай емес, егер бұл доктордың жазған дəрісі табылатын болса, ажалға адам беретін көрінбейді. Міне мен көк бұршақ жеген көтерем жылқыдай күннен-күнге көтеріліп келем, – деп қуанышы қойнына сыймай топты жарып өте шықты. Оның мына сөзі мен жүрісі келіп тұрған көне – жаңа ауруларға сол бөлімдегі жаңа докторға көрінсе болды, науқасын жұлып тастайтындай сезіліп тұр. Салмақты науқастардың дені көріліп болып қалған кезде қамшысын беліне қыстырып, қара бəтіңкені шақыр-шұқыр еткізіп, мына жақтағы бір бөлмеден қасында докторхананың орынбасары бар «сарықұлақ» бригадир шыға келіп: – Немене, жеңіл-желпі ауруға бола бір есікке үймелеп алғансыңдар, – деп айқұлақтана шықты да жаңа доктордың бөлмесіне кіріп кетті, мұны көрген бағанағы көз еті сарғайып кеткен бала жігіт кекете тіл қатып: – Пай-пай, шіркін мəнсап-ай! Мынаның жүрегін кеудесіне
─ 168 ─ сиғызбай жүр-ау! Аяқ басуын қараңдаршы! – деп жұртты бір күлдірді. – Е, кеше шешесі дөңбекшіп жатыр деген, соған мына жаңа докторға келген ғой. – Ой, оған Тілеубай не керек, оның Тілеубайға ісі түсе ме? Тілеубайды апарып шешесін емдетсе «буржуазия зиялысына шоқынғандық», «ғылымға шоқынғандық» болмай ма, мынада ұят болсашы. – Олай дей көрмеңіз, біздің бригадир ұяттан үш күн бұрын емес, үш жыл бұрын туған, атақ-абыройдың ағасы, мəнсаптың құрдасы, – деді соның бригадасындағы біреу. – Ия-ия, сұлулардың сырласы, – деп тағы біреу қағып əкетті. – Қап, мына «сарықұлақтың» қорлығы-ай, докторды алып кететін болды, – деді есік түбінде орынбасардың «барып келіңіз!»деп Тілеубайға жалпуыштап Батырбай жөнінде көпшік қойып тұрғанын естіп тұрған біреу. – Кəне, «сарықұлақ» жөнінде төртеуіміз бір жолдан қосып бір ауыз өлең құрайықшы, – деді де əлгі бауыр ауруы бар жігіт бірінші жолын өзі бастады: – Жарғақ құлақ маймылым, Екінші жігіт: – Елді үркіткен айбының. Үшінші жігіт: – Сауырласаң ат-тайды, – дегенде мына жақта тұрған бір қарт басқалардан бұрын іліп əкетіп: – Пішілерсің «айғырым»– дей салып еді, зал ішін ду күлкі көтеріп кетті. Бұлар мəз болып жатқанда ішкі бөлмеден ақ халатсыз доктор Тілеубай мен «сарықұлақ» бригадир, бас дəрігердің орынбасары бірге шықты. Күлкінің бақ жайын түймесе де Батырбай кісімсініп: – Неткен əдепсіз, ұятсыздық, не күлкі?! – деді көк шегір көзін ойнатып. – Мына «ұяттан үш жыл бұрын туғандардың» қылығына күліп жатырмыз, – деді өз бригадасынан келген жігіт. – Əлгі іс солай болсын, бригадир, – деді орынбасары.
─ 169 ─ – Мəселе жоқ, мен бар, – деді «сарықұлақ» кеудесін қағып. – Орынбасарға қой кетті ме, май кетті ме?– деді жұртшылық сыбырласып. – Ренжімеңіздер, мына бригадирдің шешесі қатқыл жатыр екен, бұл жерге келе алмайтын сияқты, барып көруді талап етіп тұр, – деді ауру көрсетуге келгендерден рұқсат сұрағандай нысай білдіріп еді Тілеубай. – Қой оларды, болыңыз! Науқас адам шыдай алмай жатыр, – деп «сарықұлақ» бригадир əлде кімнен күш алғандай бұйыра сөйледі. Жұртшылық «кішіпейіл жан» деп Тілеубайға разы болса, «барлық дүниені тұмсығымен түртеді» деп Батырбайға наразы болып тұр. – «Атасы көрмегенді ботасы көрді» деген осы, əкесі дүниеден зарлап өтіп еді, бұл жалмап, арбап, өтіп барады. Дəл баяғының ұлығы, о, тумай туа шөк! – деді бір қарт. Жұртшылық далаға ілесе шықты. Докторхананың алдында он шақты ат байлаулы тұр. «Сарықұлақ» бригадир семіз қара құйрық, қара жал құла аттың айылын шандырлай тартып мінді де, мінер жақ үзеңгіден аяғын шығарып «артыма мінгес» дегендей қамшылар жағына қисайып: – Қане кел!– деді Тілеубайға. Тілеубай қатты ыңғайсызданса да, «адам өмірі үшін» деп үзеңгіге аяғын салып, ердің қасынан ұстап көтерілмек болғанда, оның ауыр денесі «сарықұлақты» ертоқымымен аттың бауырына əкелді, мұны көріп тұрған əлгі қарт: – Па, мынау əбден азғындаған екен, мынада ұят, бет деген бар ма, – деді сақалы дірілдеп. – Ақсақал, мұндағы қайдағы бет, маймыл ұятты біле ме? Тоқтаңыз, доктор!– деп əлгі көз еті сарғайған бала жігіт сүліктей жарау жирен қасқа атты əкеліп Тілеубайдың алдына көлденең тартты, – кеште үйіңізден алайын. – Е, жақсы болды ғой, бағана асығыста ат таба алмай жүріп кетіп едім, – деді көптің көңілінен именген сары құлақ бригадир. Тілеубай жирен қасқа атқа қамшыны басып жіберіп «сарықұлақ» бригадирдің алдына өте шықты.
─ 170 ─ – Жарайды, намыскер жігіт! «Сарықұлақ» Тілеубайдан осы артта қалғанның қалған! – деді əлгі қарт. V Тілеубай докторханада істегеннен бері үйінен адам үзілмейтін болды. Біреулер ауру жайын айта келсе, Уаң секретор, Ерен журын сияқты Тілеубайды дұрыс түсінген адамдар бірде хал сұрап келеді, енді бірде жағдай жайлы сырласып келіп-кетіп тұрады. Тілеубай да көңілі көтеріліп, бұрынғы жасқаншақтық, жабырқаушылықтан недəуір сейіліп қалды. «Сарықұлақ» Күланданың өтірік ауру болып алдап кеткеніне азуын басып жүр. Оның қолынан келгені Тілеубайды көже-қатық соғымынан қағажу ету болды. 1976 жылы Күланда босанып Тілеубай қасақана «сарықұлақтың» істеп жатқан жеріне барып: – Бригадир, əйелім босанып еді, бригададан бір жуан қой сатып берсеңіз, – деді, ол жауап бергенше оның қасында бауши түйіп отырған Жанортақ қуанышын білдіре: – Е, немене? «Қойшы ма, жылқышы ма?»– деп қазақтың көне салты бойынша сұрады. – Ұл бала, – деді əдейі «сарықұлаққа» естірте. – Ұл емес, «мəді» туса да қой түгіл қозы да берілмейді, – деп «сарықұлақ» тебетін жылқыдай сырт айналды. – Бригадир, жеңгеңе өкпең болса да, менде өкпең жоқ шығар, – деп Тілеубай Жанортаққа көзін қысып қойды, өз сойқаны өзіне мəлім «сарықұлақ» ішінен «əлде талақбайына айтып берген екен ғой, қалжаңа қасқыр жегір» деп жүріп кетті. – Мынаны біраз мөңкітсем қайтер еді? – «Ғашық дертіне Мəжнүн» болып жүрген сорлыны секірте беріп қайтесіз, оқыста сидаға түсіп мерт болып жүрмесін, – бұл екеуінің өзара мəз болып қарқылдап күлгенін естіген «сарықұлақ» күлкінің өзі жайлы болып жатқанын сезіп, «күлкілерің көмір болсын» деп қарғанып тұр. «Осының құйрығын көтертіп қойған құқық иесі анау қақпас болмаса,
─ 171 ─ Тілеубай көресісін көрер еді де, ана қаншығы көнер еді ғой» деп өзінің арманына жете алмай адыра қалғанын Уаң секретордан көріп тұр. Бұл кəрімен не болса да айқасып көрейін бе? Мұның Тілеубаймен жақындығын ана Күланда сұлуға байлап, Тілеубай докторханаға кеткенде үш рет кіріп, əр кіргенде бір сағат отырып шыққанын біздің бригаданың бухгалтері екеуіміз көзімізбен көрдік, бұл буржуазия ұқық иесі болмай не? Тағысын-тағы қузап, əлгі өзімді бригадир етіп сайлаған үлкен бастықтың інісі ауданның орынбасар бастығына жеткізсем, дəм атпаса, жаздағы бір саба қымыз, бір еркек қойым осыған жарар, оның үстіне ол екеуіміз тілектеспіз, ақ қағазға екі ауыз бұйрық жазса болды, сонда ана қатынның да мен жөніндегісін сөйлеймін десе де өшпенділік деп аузын бумаймын ба» деп «сарықұлық» қара ниетін қағазға орап қабынуды ойлап тұр. Сол сəтте оның түйенің тісіндей орсақ тістері көк шандыр жағының ішінде тасқа пышақ жанығандай шақыр-шұқыр етіп те кетті. VІ Тілеубай ұзақтан бері газет көрмейтін, тіпті үйінің қасында қойылып жатқан киноға да кіргісі келмейтін, ол анда-мында ғана радио естігенде ондағы əндерді, сөздерді де жаратпай, радионы шарт еткізіп жаба салатын. Тілеубай мен Күланда орындықты қатар қойып, үнсіз ғана орталық радио станциясын алып отыр. «Партияның, армияның ең жоғарғы ұқығын тартып алмақшы болған Лин биау, «төрт сыбайлас» ойына келгенін істеп елге лаң, халыққа апат төндіріп, көптеген аға буындарды алуан-түрлі ат қойып, айдар тағып, шетке қағып, талайларына зиянкестік істеді, көптеген зиялыларды міндетінен босатып төменге айдады. Ұлы көсеміміз Мау зы доңға, қадірлі Жоу ын лайға қастандық жасауға дейін барды» дегенде Тілеубай орнынан атып тұрып: – Азғындар, қой терісін жамылған бөрілер, социализмнің
─ 172 ─ жаулары, опасыз қара ниеттер өңшең!– деп алдында тұрған столды тоқпақтай үлкен жұдырығымен ұрып жібергенде, жасалғалы бірнеше жылдар болған сары стол қарс етіп сызат алды, Күланда Тілеубайдың қанша рет ашуланғанын көрсе де дəл қазіргі бейнесін көрмеген болатын. Оның таяудан бері сарғайып жүрген өңі бірдемде сұрланып, кесек денесі дірілдеп, екі көзі түлкіге түскен қыранның көзіндей шашырап тұр. – «Басты бұзған маңқа» деп судың басын лайлаушылар осылар екен ғой. – «Сарықұлақ» секілді содырлар тартар енді сыбағасын!– деп осы жерге келгелі мазасын алған «сарықұлақ» бригадирге деген іште жатқан мұздай кегін Күланда аршып тастады. – Батырбай сияқтылардың ісі шамалы, «төрт сыбайластың» Шинжиаңдағы тілектесі Батырбайлардың артқы тірегі жоқ деймісін? Енді бір-бірлеп олардың етегі ашылса, Батырбайлар жарқ ете түседі. – «Төрт сыбайлас та», Батырбай да, оның Шинжиаңдағы артқы тірегі де құрысын! Бəрі де бір таудың бөрісі мен бөлтірігі, Бөлтіріктері бара-бара қой жейді, оларды ұясында ұстап тұншықтыру керек. – Дұрыс! Батырбайдың артқы тірегі, халықтың тұрмысымен жұмысы болмайтын, өндірісті қолдамайтын, қара басының қамын ойлайтын, көрінгенге жала жауып, басқаларды жаман көрсетіп, өзін мақтап аброй табатындар Батырбай сияқтылардың артқы тірегі, «төрт сыбайластың» қолқа-жүрегі. – Тілеубай, енді сен де азат боларсың?– деп Күланда оның иығына асыла түсті. – Тар ойлама, Күланда! Менің ісім шамалы ғана, сонау қан кешіп ұзақ сапарды басып, халықты бақытты өмірге жеткізу жолында күрес жасаған қарт төңкерісшілдер азат болады екен, бізде не тұр, – деп Тілеубай үлкен көзіне жас алды да, Күланданың қара қолаң шашынан адал махаббат мейіріммен сылап қойды. Күланда орнынан тұрды да, сонау бір кезде қалған жарым бөтелке арағын əкеп:
─ 173 ─ – Тілеубай, сен адам арақты бірі қайғыда, бірі қуанышта ғана ішу керек деуші едің ғой, мен өмір өстіп кетер едің, қуанышым кеудемді керіп барады, алшы мынадан!– деп екі рөмке арақты əкеліп бірін Тілеубайға ұсынды. – «Төрт сыбайлас» жоғалсын! Пролетариаттың, социализмнің барлық жаулары жермен жексен болсын! «Төрт сыбайлас» мəдениеттің, ғылымның жауы, аз санды ұлттардың жауы, отан сатқындары, – деп Тілеубай рөмкесін соғыстырып арақты жұтты да, рөмкесін ұстап тұрып Күландаға қадала қарады. Тілеубай Күланданың ақ маңдайында бақыт жұлдызы жайнап, қара көзінен махабаттың оты жанып тұрғанын көрді. *** Тілеубайдың қаладан келгенін естіген Уаң секретор, Ерен журын, Жанортақтар оның үйіне амандаса келді. Тілеубай мен Күланда оларды қуанышпен қарсы алып отыр. – Күланда, енді қалаңа қайтып баратын болдың, бізден көңілің ауырған жері болса, жəрдем бере алмаған жері болса кешірім етерсің, ұмытып қалма!– деп Уаң секретор кішіпейілділікпен жауап қатқанда: – Неге ондай дейсіз, мені қойыңыз, мына Тілеубайдың есі шығып жүргенде ес болдыңыз, ақыл таба алмай жүргенде аға болып ақыл-көмек бердіңіз, қазақта бір мақал бар, «бір күн дəмдес болғанға мың күн сəлем» дейді, ұмытқанды қойып төркіндеп келіп тұрамыз, – деп Күланда да көңіліндегі қуанышын, разылығын жүрек сырымен білдірді. – Жиында барлық ісім – партиялылығым, қызмет орным бірден қалпыма келді. Ендігі борыш партия, халық тапсырған міндетті табандылықпен атқару, жауға жасын болып түйілу!– деді Тілеубай. Жүрек қандары қуаныш жолымен бірге айналған достар орнынан тұрып қол алысты. Қонақтарын ұзата шыққан Тілеубай мен Күланда есік алдында оларды қимай қайта-қайта қол алысып қоштасып
─ 174 ─ тұрғанда, сөмкесі құйрығын соғып, қызыл танау болып Еркесары да жетті. Ол келе əкесін құшақтап: – Қалаға қайтатынымыз рас па, əке?– деді кішкене танауы желбіреп, бастырмалата сұрау қойып, – сенің тағы да докторханаға басшы болғаның рас па, əке? Енді сені сасық зиялы демейтіні рас па, əке? – ол ентігін əлі баса алмай тұр. Мұның сұрауларына Тілеубай: – Бəрі де рас, партия: «арқауды ұстап, мемлекетті оңалтайық» деді, мен де сол оңалудың ішіндемін, – деді. Еркесарының балалық сұрауына бəрі де мəз болып күліп тұрғанда, құла атты құлдыйлата жорғалатып келіп қалған Батырбай бүркіт көрген түлкідей жолды тастап жалт бұрылып қалың ағаштың арасына еніп кетті. – Е, ақымақ аусар, орман саған енді қанша күн пана болар, өзің қазған көріңе өзің түсерсің, арамзаның арқаны бірақ тұтам, – деді Күланда оған естірте дауыстап. Үй алдында сөйлесіп, күліп тұрғандардың дауысы «сарықұлақтың» үрейін алып есін шығарды. Күлген күлкінің бəрі оның басына сойылдай тиіп, «сорлы басым-ай, не болар екем» деп кетіп барады, тер шот маңдайынан ғана емес, жонынан да шығып барады. – Елдің бəрі осыны «оңбаған адам» дейді, рас па, сол? – Нағыз өзі, – деді Күланда. Дəл осы кезде Тілеубайдың отбасын көшіріп алатын машина келіп Тілеубай үйінің алдына тоқтады. Қош айтуға көршілер де жетті. Бұл көріністерді көрген «сарықұлақ» Батырбай қаршыға көрген қояндай жалтақтай қарап онан ары зытты. Ашық аспан, шұғылалы күн шуағы Тянь-Шаньның ақбас шыңын айшықтап тұр. Бір кезде тұншыққан асқақ əн, əсем қүйлер бүгін кең даланы кернеп, жүрек қылын тебіренте шырқалып жатыр.
─ 175 ─ КӨКТЕМ КҮНДЕРІ Түнгі қой өргеннен кейін Қамила алып қалған қозыларды далаға шығарып, күндегі əдеті бойынша жас төлдердің астын құрғақтап алды да, тəңертеңгі малдың қарбаласымен жиюсыз жатқан орын көрпелерін реттеп қайта жинастырды. Кенет оның көзі төр алдында ілулі тұрған, əйнекті рамкаға алынған, автомат асынған жас жігіттің суретіне келіп тоқтады. Жас жігіттің дөңгелек отты көзі Қамилаға қарап «апа» деп еркелеп тұрғандай сезінді. «Көзіңнен айналайын ботам» деді ол. Аузы күбірлеп, қолымен ақырын ғана əйнектің сыртынан, басынан сипап, «азамат болып ер жеткенің осы ғой, енді оң жағымызды бір қызартсаң, əкешешеңнің басқа не арманы бар» деп көзін одан аудара беріп еді, екі қызыл тудың ортасында жалаң басы тықырайып, қою мұртының шалғысы шалқақ сұр серкенің мүйізіндей қайрылып, күлімсіреп тұрған Көкенді көріп «о, қу шал» деп өзі де күлімсіреп қойды. Осы жұртқа алғаш көшіп қонған күні Қамила үй іштерін реттеп екі қызыл тудың арасына «жас болған соң баланың тұрғаны лайық болар» деп Қайраттың суретін қойған болатын. Кешкі малдан келген Көкен жаңа қоныста реттеліп жиналған өзінің үй ішіне көңілдене қарап: «Өй, Сылқым мынауың не? Мына қызыл ту менім еңбегім, ал, ұлың жақсы болса қызыл туды өз еңбегімен алсын. Мына екі қызыл тудың ортасында өзім тұрам» деп қайта осылай орналастырғанды. Қамила «О, қу шал» дегенде Көкеннің осы бір қызық мінездерін есіне алып күліп қойды. «Үлкейгенде де адамның мінезі, қылығы өзгереді екен-ау» деді ішінен. Көкен бұрын томырық, ылғи түйіліп бір ой үстіндегі адамдай жүретін. Азаттықтан бері басқаша, тіпті, əзілқой, ақжарқын болып бір түрлі ашылып кетті. Бұрын қақпанға түскен аюдай көп істесін, аз істесін ашулы жүретін, енді көп істесе де көңілді, көтеріңкі жүретін болып барады. «Рас бұрын несіне көңілденіп, несіне мəз болсын» деп Қамила суреттерге қараған беті жүкке сүйеніп ойға кетті.
─ 176 ─ Бұрын бай ауылының қорасында болып жатқан «думан», «қызықтар» Қамилаға өзін келемеж етіп мазақтап, қорлап жатқандай сезілетін. Қамила сол жас кезін қалай өткізді? Қанша ойланса да бірер есте қаларлықтай қызғылықты өмір естелігін есіне келтіре алмады. Ең бір қызықты да, лəззəтті өмір – екі жастың алғашқы тұрмыс құру кезі ғой. Қамила осыны да есіне алды. Ол кезде ертелі-кеш жаяу қой соңында бұты созылып келген Көкеннің күрсінуден көмейі, түйілуден қабағы босамайтын. Өзі ертеден кешке дейін бай үйінің отын суынан ел жатарда əзер босап күркешесіне кіргенде екі қолын төбесіне қойып, ауыруы жанына батқан сырқат жандай дөңбекшіп жатқан Көкенді көретін. Оған кішкентай ағаш шелектің түбіне ұйтқан шалабын құйып, «басыңды көтерсеңші» дейтін. Ал таң бозынан ұйқысы қанбай оянған Көкен «мына құдайдың түні неғып жүйрігін мініп қамшыланып кеткен» деп кейіп орнынан əзер тұратын. Өмірдің күні-түні олар үшін ойын күлкісіз өтіп жататын. Қазір сол қасыретте өткен жастықтың көктемі қайта көктеп өнгендей Көкен дайым істеп, көсіле сөйлейтін болып алды. Ұлы мен шалына кезек қарап қазіргі өмірін шаттана ойланған Қамиланың ойын: – Немене қартайғанда шалыңа қарай бересің? Қазір кетті ғой қасыңнан, келеді бірдемде, – деп бастырмалата сөйлеп, сақылдай күлген Биғайшаның дауысы бөліп жіберді. Биғайша оттың басында тұрған шəугімнің қақпағын ашып жіберіп, – «Сылқым» құйшы мынауыңды, əлгі шалы түскір де келмеді, қаладан бір тас шай таптырып алатын, егінді жалғыз сол жыртып жатыр-ау дейім, – деп өз сөзіне өзі жауап берді. – Байқұс-ау, кеше емес пе еді кооперативке өзіңнің барып келгенің? Ойбай əлгі «Майсары» тіпті кеуіп отыр. Тас шай түгеп кетті деп күрек шай беріп еді, аузымның дəмі келмеді. Мына жүнді жаудың аяғы мен мүйізі ештеме қояр емес, содан бір көйлектік алдым да қайттым, – деп жітірмелете үстіндегі көк ала көйлектің етегін екі қолымен кезек – кезек сілке қағып,
─ 177 ─ кимешегін мойнына түсірді де, көзінің құйрығымен үй ішін айнала бір қыдырып шықты. Қамила шайын жөндеп күйбеңдеп жүргенде, ойнақтаған жас төлдер ағындап келіп үйді соқты. – О, топалаң тигір, кигізден де түк қоймады-ау! – деп Биғайша қыли көзін шақшаң еткізіп төрге қарады. – Құдай атқыр, «топалаң» саған тисін, қарғама жас төлді. Соның арқасы, соның жүні мен сүті шығар алшаңдап отырғаның. – Құдай əр кісінің маңдайына берсін, былтыр əлгі «Шойқараға» зарлап жүріп, бір туырлық əзер жаптым, – деп сөз десе сүйреңдеп тұратын ернін шүйріп қойды. – Бермесе ол туырлық қайдан келеді. Қанағат ет. Осы коммунада үй тіккен жалғыз сен ғана ма? – Ой құрғұр сенде «саяси» бола қалмай, алдағы шайыңды құйшы екі шекем солқылдап əкетіп барады. Құдай анау бес саулығымды аман қылса, енді бір – екі жылда «Шойқараға» да жалынбаспын. Мына асыл қойыңнын жүні киіз болмайды екен ғой. Күзде меншік саулықтарымды нəсіл қошқарларға қостырмағаным да сол, – ол ойына əлде не түскендей, – əкемау, əлгі Қасейіннің меншік ұсағы биылғы төлінен басқа жиырмадай болыпты. Енді бір – екі жылда коммунаға жалбармайды деші! Кім білсін əлгі «Шойқара» оны тағы да «қосасың» деп бір күні жете ме. Биғайша кеше барған жерінен де бір талай «жаңа хабар» ала келгенін асыға жеткізді. Ақ көңіл Қамила оның сөзінің түп байыбына бармай: – Е, шөп кіндікті мал емес пе, соймаса, сатпаса өсе береді, – дей салды. – Жоқ, əкем, олар көктемде жеке үй жүретін емес пе еді. Қойлары ылғый «егізден туады» дейді. Оның айрым қошқары бар ма егізден тудыратын? Баяғы коммунаның егіз төлдерін өз қойларына теліп алатын сияқты. Біз де сөйтсек болмай ма? Ха!.. ха!.. ха!...– деді. Көкейіндегісін күлкімен қымтап, – мал көргенім рас болса менің қара тоқалым да егіз туады, – деді өзінен өзі. – Адыра қалсын өйтіп арамдықпен тапқан малы. Былтыр
─ 178 ─ күзде меншік бөлгенде Қасейін алмаймын деп азар да безер болып алды дегені қане? – деді Биғайшаның желдірмесіне онша сене қоймаған Қамила. – Қайдан білейін, осы үйдің қойы ылғи егізден туады дегенді, қасындағы Төлеубайдың «Майбас» қатыны айтып отыр, – деп етегін тағы да қаққылап қойды. Биғайшаның бір əдеті елдің өзіне қойған атына қарамай, елдің атын атаудың орнына ат қойып айдар тағып жүреді. Коммунаның хатшысы Жақанды кесек денесіне, қоңырқай өңіне қарап «Шойқара» деп атаса, сауда дүкеніндегі етжеңді Төлеуді «Майсары», бригаданың бригадирі Омарбекті «Жеркөтермес», қойшы əйтеу өзі жақтырмаған адамына қашан да бір ат дайын. Ал өзіне де қойылған ат аз емес, оның көзіне қарап кей біреулер «Мергенқара» дейді. Кейбіреулер мінезіне қарап «Жаяуборан» дейді. Биғайшаның осы аттарын осы маңдағы балаларға дейін біледі. Биғайша, алдына қойған ірімшікті аузына салмастан қаймақты шайды өңешінің күйгеніне қарамай сораптап ұрттап, терісі сүйегіне жабысып қалған етсіз маңдайын дым шықпаса да алақанымен сүрте түседі. Шайды ұрттаған сайын қысық көзі кішірейіп, үлкен көзі алайып кетеді. – Қасейіндер қайсы жұртта екен? – Ана Жолсайдың аузындағы Шоқпартастың түбінде отыр. Тіпті өзінің кемпірі жасаңғырап алыпты, ағы – ақ, қызылы – қызыл боп семіріп кетіпті. Рас-ау, сен естідің бе? Оның қызын ана «Жеркөтермес» алғалы жүр дейді. – Е, жастардың арасындағы сөзді мен қайдан білейін. – Неге білмейсің, алдыңғы жылы сенің Қайратың келгенде сол қызбен уағдаласыпты ғой. – О, көкіген жынды қар, енді екеуміз сол бала-шағаның сөзін естіп не қыламыз, қойсаңшы. – Жоқ-ау ананың қызы тіпті тал шыбықтай болып жақсы өсіпті, балаларды оқытып болып, о да магазинге кірген екен, сонда көрдім. «Жеркөтермес» алғанша, сенің Қайратың алса деймін ғой. – Биғайшаның түймедей сөзді түйедей етіп, сыбысты хабарға айландырып жіберетінін білетін Қамила:
─ 179 ─ – Е, алса алсын, менің Қайратыма да бұйырғаны бар шығар. Қызға қырық жігіт сөйлесіп, бұйырғаны алады емес пе! – дей салды. – Олай деме! Бригадир екен деп «Жеркөтерместен» қорқамысың, Қайратқа хат жазғанда «осылай болды» деп жаздырып жіберіңдер, мүмкін қыз бен Қайратыңның арасында алған-берген дүниесі бар шығар, босқа кетіп жүрмесін, – деп айтарын айтса да, өзі сəл қысылғандай болып қалды. Кеше дүкеннің алдында қыздың Омарбек бригадирмен сөйлесіп тұрғанын көргені рас, бірақ не туралы сөйлесті, ұққан ол жоқ, «алғалы жүр» деген өзінің ой жотасы. – Қайратжан мен ол баланың уəдесі бар екен, деп саған кім айтып жүр? – Е, естімеген шығарсың. Сен – ақ құлағыңды мақтамен тығындап жүресің. «Елге өсек болып кет песін» дейсің ғой, «саяси» қатын, оны мен алдыңғы жылы Қайрат келіп жүргенде-ақ естігенмін. Ол жылы біз Қасейінмен көрші емес пе едік, – деп суып қалған шайын қылық еткізіп жұта салды. Қамила шынында да осы күнге дейін баласының үйленуі жайлы ойланса да, баласы түгел, басқа біреуден бір ауыз сөз естіп көрмеген. Баласының мынандай бір үйленуі жайлы əрекетінің бар екенін естіп қуанса да, іштей «Жаяуборанның» сөзіне сенер – сенбес болып отыр. «Омарбек бригадир Қайрат пен қыздың уəдесін білсе, өзі-ақ аяғын тартар. Ол Қайратты сондай жақсы көреді. Шалдың да бетін сыйлар» деп ойласа, тағы бір ой «кім біледі, бой жеткен қыз бала Қайратжанның келер уақыты ұзақ болған соң, оны жасырып мақұл дей сала ма» деп титтей болса да ішіне бір қызғаныш лап ете қалды... Көктемнің жас баладай ойнақы ауасы аяқ астынан тысырайып бұзыла қалды. Мезгілдің алуан сырымен жасасқан малшылардың оған деген даярлығы қашан да дайын емес пе?! Күннің құлақтанып, шауқарғаның шаңқылдап аспанға өрлеуінен-ақ бір боранның келетінін байқаған Көкен қойды
─ 180 ─ бүгін əдеттегісінен ерте əкелген болатын. Төлдерін салып, шаруаларын ыңғайлап болған соң, атына қайта мініп алып: – Уай, Сылқым! Əлгініректе теректінің басындағы жазықта бір түйе боталап қалған еді, зайыры мына армиялардікі сияқты, күннің нысайы бұзылып барады. Ботасы шығын болып жүрмесін, көріп тұрып қарамағанымыз болмас. Мен соны алып келейін. Ана саулықтардың желіні жеткенін екі үйге бөліп алыңдар, естідің бе? – деп астындағы жалдас ақ бозды ұрып жіберіп желе жөнелді. – «Бояушы – бояушы десе сақалын бояйды» деп, Сылқымау, сенің осы жігітің бүтін дүниеге өзі тұлға болғалы жүр ме? Өзі баққан малын қойып, бүтін «Қызыл жалын» коммунасының малына өзі күйінуші еді, енді коммуна емес, армияның түйесіне де мына боранда əуре болып несі бар? – деп «Жаяуборан» да бұрқата шықты. Ол шыққан беті келіп өзінің меншіктерін арық, семізіне туатын, тумайтындарына қарамастан үйіне қарай жетелеп ұшып жүр. Əр қайсы меншігін ұстаған сайын «қызыл саулық болғаныңнан айналайын, қара тоқал болғаныңнан айналайын, ақ серкеш болғаныңнан айналайын» деп жағы сенбей сөйлеп жүр. Боран барған сайын қатайып қар ұшқындары келе бастады. Қамила, екі бұйыры қоржын теңдеген құнан өгіздей болып тұрған ақ саулықты үйіне қарай жетелеп келе жатыр еді, Биғайшаның кішкене көзі оны шалып қалып саулықтың желінін ұстай алып: – Əттең Сылқым-ау, мынаны қайткелі жүрсің? Мынау бүгін туса мен де бүгін туайын, қоя бер. Онан да тумаса да өзіңнің ісегіңді ал үйге, көктемде суық өткен мал жазда жақсы семірмейді, кейін сенің арығыңа кім семізін айырбастап береді. Құдай бұйырса Қайраттың тойына соясың, бір жапырақ жесек те, май шайнайық! Ха, ха, ха! «Жақсы сөз жарым лепес», менікі жақсы тілеу ғой, – бұған не айтар дегендей, əдеті бойынша екі етегін қаққылап тұра қалды. Өзіне қараған Биғайшаның үлкен көзі аспанға, кішкене көзі жерге қарап тұрғандай көрінді Қамилаға.
─ 181 ─ – Айтқаның келсін. Игілік қызығыма берсін, – деп Қамила ақ саулықты қоя берді де, қойды аралап жүріп бурыл ісекті ұстап алып үйіне қарай тартты. Қамила үйіне келіп отырғаннан кейінде бурыл ісекке бір қарап «тентектің бір аяғы сегіз, бір аяғы егіз» деп байқұстың тілеуі жақсы. Қайратым келіп той қыла қалатын болсам, күнім осы жеке бурыл ісекке қалып па? Тойын коммунаның өзі-ақ жасап берер. «Қарлығаш» десе қарлығаш, шешесі де өте маңызды адам. Бірақ коммунаның «төлін ұрлап, меншігін көбейткені жақсы нысан емес. Оны мына біздің шал естісе оларға құда болуды қойып маңына басар ма екен. Қасейін де өткенде жоқшылықтың зардабын аз тарпаған, оның да ауының атқа тиіп, көйлегінің көк болғаны, жер қостан басына еңселі үй тіккені осы коммуна құрылғаннан бері ғана емес пе?.. Ол коммунаны өз өмірінен бөле қарамайды. Əншейін мына «Жаяуборанның» тауып жүретін көп сөзінің бірі шығар» деп Қамила Биғайшаның өтірігіне өзі-ақ куə болды. Жаңа ғана «тілеуі жақсы» деп өзі алқап отырған Биғайшаны енді керектен де шығарып қойды. Ақ көңіл Қамила Биғайшаның сырын бұрын көбірек ел аузынан естісе де, бір жылға таяу көрші болғаннан бері, оның ел-жұртқа жоқ сөзді тауып жүретінін де білетін. Енді оның тілеуі жақсы деп сүйіндіріп, «Жаяуборанның көп өсегінің бірі шығар» дегізіп отырған да жалғыз ұлы Қайрат. Ішкі сырын білмесе де «Қарлығаш десе, Қарлығаш» деп Қарлығашты да сол үшін мақтап отыр... Көкен қарлы бұрқақ едəуір зорайып қалғанда аяқтанбаған ботаны шыр айналып жүрген түйені əзер тапты. Дүниенің бірінші рет салқынын көрген бота селк-селк етеді. Оның қарақаттай сəби көзі дүниеге таңырқай қарағандай жыпылықтап тоқтамайды. Ботасына төне түсіп екі көзі жасаураған інгенге қарағанда Көкеннің ойына мына бір оқиға орала кетті: 1954 жылдың дəл осындай көктемі. Көкен кешкі малдан келсе, екі көзі алайып шалқасынан жатқан Қайраттың басында дəл осы інгенше екі көзі бұлаудай болып Қамила отыр.
─ 182 ─ Қайраттың сөйлеуге тілі жоқ, селк-селк етеді. Ебі қашқан Қамила «қара лағың болайын, осыған берген жамандығыңды маған бер, тəңір!» деп кемсеңдеп жылағаннан басқаны білмейді. Көкен де ешбір лаж таба алар емес. Дағдарған Қамила: – Бейшара-ай, ер адам болып осынша жасқа келгенше бір-екі ауыз «дұға» да білмейсің бе? Бір нəрсе десеңші, – деп зар қағады. Осы бір қысылшаң кезеңде Көкен атына міне шауып, таяу отырған армияның штабына барғанда, штаб бастығы машинасын беріп бір-екі дəрігер жіберіп баласын штабқа əкеліп қарап, жазылғанда əкеліп салған еді. Қазіргі мына бота мен інгеннің көрінісі оның көз алдына сол бір кездегі Қамила мен Қайраттың қауып арпалысындағы бейнесін елестетті. Қайраты сол аурудан сақайысымен-ақ əрмия қатарына кіріп кетті. «Е, ботақан, сенің иең де менім ботамды аурудан құтқарған. Мен де сені ажалға бермеуге келіп тұрмын» деп ішігін шешіп ботаның үстіне жабулап, көтерген бойы бір ықтасынға апарды да сүйемелдеп тұрып ауыздандырды. Бойы жылып уызға тойған бота аяқтарын тəлтіректетіп жинай бастады. «Е, мұның тым ерте. Сені тастап кетуге болмайды» деп шылбырын шешті де ботаны ішігіне құндақтап алды. Түйедей ақ боз атқа ботаны өңгеріп алып ауылға тартты. Боталап үйренген дағдылы інген бесік жырын айтқан анаша əндете иіріп отырды. Көкен ауылға келгенде ел жатар мезгіл болып қалған болатын. Ол есігінің алдына келіп: – Сылқым, шық бері, – деді ат үстінен. – Мұнысы не, тəңір! – деді қар қиыршықтары бетіне тікендей қадалған Қамила көзін далдалап тұрып. – Не болушы еді. Сүйеп тұр, бота. Сенің ұлыңның ботасы, – деп Көкен атынан түсті. Онан соң ботаны үйдің ығына шешіп, тағы да біраз емізді де үйге алып кірді. Үйдің оң жағы лық толған қой. Ол ботаны жерге қойып, сүйемелдеп тұрып, қойлардың түстеріне қарап: – Ой, шіркін, пыспаған бас Сылқым, мынаны не деп əкеліп қойдың. «Өзім» деп əкелдің-ау. Көзіңнің шарасы
─ 183 ─ тарының қауызындай екен-ау сенің, шығар мынаны, – деді бурыл ісекті нұсқап, – анау екі саулықты да қоя бер, əзір туа қоймайды, – деді алдындағы малын алақанындағы нəрседей білетін Көкен. Қамила Көкен нұсқаған саулықтарды ағытып қоя берді де: – Ал, енді бота сияды, – деп Көкенге қарап еді. Оның екі көзі өзіне тым ерекше қадалғандай көрінді. – Өшір мына ызғырығыңды, – деп көзін Қамиладан бурыл ісекке аударды. Оның «ызғырық» деген сөзі Қамиланың жүрегіне тастай тиді. – «Ызғырығың» не? Жалғыз ұлдың тілеуіне арнаған бір тоқты неңді ұшырып əкетті? – деп Қамила төмен қараған беті бурыл ісекті ағытып үйден шығарып жіберді. Жуырмаңда бір нəрсе үшін əйеліне ренжімейтін Көкеннің қабағы көктем бұлтындай түнере қалды. Ол ақырын ботаны қойлардан оңаша қазан жақ босағаға əкеліп, жұмсақ құрмен ноқталап байлап қойды да орнына келіп жайлана отырып: – Сылқым, бері қарашы! – деді ашуланып қалған Қамиланың иығынан тартып. – Ей, ары отыршы, ары, жаңа көргендей болмай, – деп Қамила иығын Көкеннің қолынан оңашалай беріп оттағы шалаларды қағыстыра берді. – «Қатын ашуланса қазан тез қайнайды», – деп Көкен мырс-мырс күліп қойды. – Қадырлар бөліп, өзіне қалдырған Қайраттың жалғыз тайын жалбырлап жүріп коммунаға қостың. Енді əрмияның ботасын бағам деп жалғыз тоқтысын үйге сыйдырмадың ғой, – деп Қамила Көкеннің «бері қара, сылқым» деген жұбайылық əзіліне арқалана сөйлеп кетті. Мұның аяқ астынан жекешіл бола қалғанына Көкен қайран қалды. – Ой, сылқым, кімнен оқып жүрсің? Мына бота кімнің малы. Сен жалғыз ұлыңның қадірін білсең, сол əрмияның қадірін біл. Қайратың өлім мен өмірдің арасында жатқанда астындағы машинасы мен адамын жіберіп өлімнен құтқарған кім еді? – дегенде Қамиланың тұла бойы шымыр ете түсті.
─ 184 ─ Көкен сөзін қайта жалғап, арғысын айтайын, өзіңді өмір төріне шығарып отырған кім? Кешегі жайбасардың аты бүгін Көкен, «салпыетектің» аты Қамила. Есіңді жый, Сылқым, – деп Қамилаға ренжігендей қатулана сөйледі. Жалғыз тайың деуіңді қарашы. Алты айрығыңнан тер ағып Байқыдырдың көшіне жаяу ілескенде не жаның жүрген. Біреудің жұртта қалған ақсақ тайын баққаным үшін неше жыл еңбегін көрдім. Халықтың малын халықтың өзіне қостым. Коммуна құрылғаннан бері табаның жерге тиді ме? Көшсең көлігің дайын, керек десе мына кооперативтің дүкеніне жаяу бармайсың, бес ешкінің сүтін сұрап ешкімнің есігіне бармайсың, «бүгін іштім, ертең қайтем» дейтін қасыретті сол жекелік деген пəледен көрмедік пе?! Неден тарығып, неден талығып отырсың? Ішерге тамақ тоқ, киерге киімің бүтін, мінерге көлігің дайын. Енді саған жекеліктің қажеті не? Кешегі өміріңді ойлан, Сылқым, – деп Көкен қатуланған бойы жүкте тұрған көрпені əкеліп, төрт қабаттап жанбасына салды да екі жастықты қатар қойып от басына киімшең жантая кетті. Қамиланың кейбір осындай істерге тарыла қалғанда, оның өткен өмірін есіне түсірсең болды, жазыла қалатын əдеті. Жұбайының сөзі жанына батқан Қамила алуан ойларға кетті. Ол сол ойлар үстінде жүріп қорадағы қойларды бірнеше рет көзден кешіріп келді. Өткен өмірдің сүркей елестері бірінен құтылса бірі келіп сап ете түседі. *** ...Қамиланың алғаш келіншек болып түскен жылы. Шілденің шылбыр бойы ғана түні. Құрт қайнатып, сүзіп алғанша таң шеті балық қарнындай көгілдірленіп сызып келе жатқанда Қамила қосына кірді, көзінің азырақ шырымын алайын деп, Көкеннің жанына жантая бергені сол еді, «уа, тұрыңдар, ыстықта мал қиналады, жығыңдар үйді» деп күж ете түскен Байқыдырдың дауысы оны селік еткізіп, көзіне тығылып тұрған ұйқысын суық су шашып жібергендей
─ 185 ─ айықтырды. «Апыр-ай, мына иттер адам жанын мал құрлы көрмеді-ау! Тұр енді ананы озандата бермей» деп Көкен де кейіп басын көтерді. Соның арасынша болған жоқ «о, Салпыетек! Қайда кеткен əлгі неме жаман күңнің байжандысы – ай өзінің» деген Байқыдырдың семіз қара кемпірінің де дауысы шарық ете түсті... Екі түйеге ас үйді артып алып, алаң-елеңнен жөнелген Қамила, Аршалыға түскі қой келетін мезгіл де жетті. Күн барған сайын шыжып барады. Екі көзін ұйқы басып, қайтақайта ат жолдан шығып неше рет жығылып та кете жаздады. Кейде ер сүзе барып түзеледі. Бірдем де болса отырып көзінің шырымын алуға артынан қорқып келеді. Алты айрығынан аққан тер моншақтап келіп ұйқы басқан көзіне құйылып, одан ары удай ашытады. Кенет арт жағынан тасыр-тұсыр ете түсті. Шошып есін жиған Қамила артына жалт қарады. Қара атаншаның жүгі бауырына түсіпті. Тулап жүр. Жалмажан барып ауған жүкке жармасып еді, жалғыз оны баса алмады. Қытығы жазылып, жүкке көндікпеген атанша бауырына жүк түскен сайын тулайды. Бір қолымен жүкті басып, бір қолымен əзер дегенде шөгерді. Түйені шөгергенде байлаудағы бір ағаш шелек түйенің астында қалып қақ жарылды. Түйенің жүгін шешіп қайта ашпақ болып жатқанда, ер-тұрмандары дуананың асасындай шалдыр-шұлдыр етіп байдың бəйбішесі мен қызын ертіп байдың атшабары жетіп келіп тұра қалды. О, мына Салпыетектің қонған жерін көріңіз! «Қоныс жайлы болсын, бəйбіше!» – деп байдың атшабары Қамиланы мысқылдап, байдың шəңкиген ақ пұшық қызына қарап қарқылдай күлді. – Марту басқыр! Марту басып келе ме? Артына қарамай ауып түсіп қалғанда бірақ көрген неме ғой! – деп бəйбіше ат үстінен танауын тыжырына зілденді. – Апа, ана шелегіңді қара! Қақ жарылып жатқан, – деді ақ пұшық қыз қолындағы сары ала қамшысымен түйенің қабырғасында жатқан шелекті нұсқап. – Ойбай-ай, мына тексіз қиратқан екен ғой дүниені, –
─ 186 ─ деп жанаса келіп ат үстінен жүкпен айналып Қамиланы қамшымен осып-осып жіберді. Қамила қамшы тиген жерін ұстап сазарып тұрып қалды. Қайта ұмтылып еді, Қамиланың қолындағы аша ағаштан сескенген ат осқырып жоламады. – Қойыңыз «жақсы апа, қалғанын барған жерде көрерсіз! Ей, артыңда жылқы айдағандар келеді, жүкті соған артырып ал, жүріңіз, – деп үшеуі жын қуғандай семіз аттарын тайпалта жүріп кетті. Ашу кернеген Қамила өз бұрымын өзі шеңгелдеп отыра кетті. «Осындай ит пен құсқа талатып, мұндай жапа көрсетерің бар, несіне жараттың жасаған» деп көзінің жасын төгіп – төгіп жіберді. Шатқал жақтан қойын қаптата айдап келе жатқан Көкен көшті көріп о да келген екен, жылап отырған Қамилаға келіп: – Не болды саған? – деп қасына келіп отыра кетті. Ашуға əбдəн бұрыққан Қамила, кішкене баладай өксіп – өксіп барып оның тізесіне өзін тастай беріп: – Көкен-ай! Дүниеге келгеніме тойдым ғой. Егер сен рұқсат берсең осы дүниеден жоғалар едім, – деп онан ары өксіп, байдың бəйбішесінің ат бауырына алып сабағанын, оны аша ағашпен ұрып жығайын деп ойласа да, Көкенді қимағанын айтып, əппəқ етіне жазықсыз түскен қамшының қап-қара табын көрсетіп онан ары еңіреді. Көкен оның шашынан сипап: – Қамила! Қайтесің, қайда барасың! Қайда барсақ та қазанның құлағы төрт. Жасыма! Мені аялап қайтер едің, əйел басымен қамшы жұмсағанда, қара құстан қатырыпақ жібермеген екенсің. Бұлардан өлтіріп, өліп кек алмасаң, өздерінен туар рақым болған емес, болмайды. «Арыстан екен деме, алысып əліңді көрсет, жолбарыс екен деп жоныңды төсей берме, адамға өмір де, өлім де біреу-ақ, қорланып өмір сүргенше қорықпай өлімге жүр» деген бар емес пе? – деп Көкен қалшылдап кетті. Қалың жылқының дүбірі шаңды аспанға көтеріп, шұрқырап келіп қалды. Қамила басын көтеріп, маңдайына түскен шаштарын шəлісінің ішіне қайрып орнынан тұрды. Көкен сазарған беті отыра берді. Жылқының алдын жанай
─ 187 ─ қара жорғамен Байқыдыр да шыға келді. Ол адамды көрген қара суырдай бұларға қарап шақшиып тұра қалды да, ұрып жіберердей түйіліп келіп: – Па, мына «Жүсіп пен Злиханың» кездескен жері-ай, о, көргеніңді... Неғып жайратып жатырсыңдар? – деп ширатыла шырт түкіріп еді, ерніндегі насыбай суы шұбатылып келіп құстың саңғырығындай бурыл сақалын жолақтай барып тоқтады. Тұла бойын кек кернеген Көкен қасқырға түсетін қырандай қомдала орнынан тұрды да: – Не болушы еді? Түйенің ауып қалғаны үшін, сенің ана үрлеген тұлып сықылды жауыз қатының мынаны ат бауырына алып сабап кетіпті. Бүгіннен бастап малыңды тапсырып ал! Кетем, – деді қалшылдап, Байқыдыр қамшы жұмсайын деп ойласа да, оның ашулы арыстандай кектеніп тұрғанынан сескеніп: – О, намысыңды жоқтап, кек қуып тұр екенсің ғой. Кетірерің кетірсе кетерсің, – деп тебіне жүріп кетті. – Намысымды таптатып, кегімді кетірмеспін саған! – деген Көкеннің зілді үнін естісе де естімегенге салып жүре берді... «Рас-ау! Біз сол кешегі «Жайбасар» сол «Салпыетек» едік, бүгін кімбіз. Бұл кімнің арқасы?» деп Қамила Көкеннің жаңа өзіне қойған сұрауын өзіне қойып: үй ішіне айнала қарады. Ол өзінің бүгінгі өмірін «рас па, өтірік пе?» дегендей төрт қабат көрпе салып, екі жастықты қатар қойып жатқан Көкенге, одан үй ішінің жабдықтарына бірден қарап шықты. Ол ерні жыбырлап «тəуба! өткен күнімді ұмыта қалған екемау, кім едім кеше, осы күндерден құтқарған осы армия емес пе еді. Ал, бүгін сол Көкенді бүтін халыққа, кəдірге «Көке!», «Көкең!» дегізіп отырған осы партия мен армия емес пе? Расында мен неғып жекелене қалдым, нем жетіспей жекелік іздеймін? Құрысын ондай жекелік!» деп төрге қарап еді, Көкеннің тоқырайып түскен жалаңбас суреті оған жымыя күліп тұр екен. Одан көзін аударып бота жаққа қарап еді, бота тоңғандай дір-дір етеді. Жүктен барып өзінің мақталы көне шапанын алып оған жауып жатып «ойби ботақаным-ау
─ 188 ─ тоңып қалдың-ау, қара басып мен сені де бөлектеп қарадымау» деп мақтадай ұяң кекілінен сылап қойды да «далаға шығып қойды бір шолып келейін» дегенше болмай, есікті сырып еткізіп Биғайша ентігіп кіріп келді. – Шүйінші, менің қара тоқал саулығым егіз тапты! «Келіннің аяғынан, шопанның таяғынан» деп Көкеңнің таяғы жақты, əкем-ау, өзінің көзі не деген көз? Анада қалжыңдап, Көке, саулығым егіз туа ма дегенде: «мүмкін егіз туса туар, саулығыңның бүйірі жаман емес» деп еді. Жасынан малмен бірге өскен адам біледі екен-ау, сақтап жүрген бір кəрі жілігім бар еді, ертең Көкең екеуіңді шақырам ғой, – деп оның əншейінде екеуі екі жақта жүретін көзі, қазір Қамилаға үйдің ішінде айналып жүгіріп жүргендей көрінді. Оның далбаңдап отырғанына қарап Қамила да: – Ия, шүйіншіңді аларсың, – дей салды. Қамиламен ілесіп Биғайша да далаға шығып кетті; бағанадан Қамиланың сөзіне ашуланып, мұның аяқ астынан жекешіл бола қалғанына ызаланып алуан ойда жатқан Көкен ақырын ғана бетін ашып: – О, тілеуі жаман ызғырық, мына Сылқым шіркінді оқытып жүрген де осы ғой. Қарашы, коммунаның қанша саулығы егізден туса да, осындай бір жақсы тілеуді шын жүрегінен қуаныш ете біле ме екен? Ал жеке бір саулығы егіз туғанға, ел алдына сонымен шығардай қуанады. Қарашы, бір көзінің коммунада болса, бір көзінің жекелікте отырғанын, – деп ыза болған Көкен, екі бірдей жан күзетте жүрсе де боранды күні соларға сенбегендей орнынан неше рет тұрып барып қораны айналып, таңға таяу боран бəсеңдей қалғанда ұйықтап кеткен болатын. *** Көкен күндегі əдеті бойынша таң бозынан оянды. «Түйге, түйге, түйге! Ала ғой, қойым, ала ғой Бауырыңа сала ғой, Мұнша неге жерисің,
─ 189 ─ Өзіңнен туған бала ғой. Түйге, түйге, түйге!» – деп безектеп шық қан Биғайшаның жарғышақ дауысы оның құлағына сап ете түсті. – Ей, Сылқым, көтер басыңды! Ана шіркін нағып зарлап тұр, жеріген мал бар ұқсайды, тұр, – деп өзі де асығыс киіне бастады. Қамила киінгенше Көкен далаға шығып кетті. Биғайшаның, бірде жеріген саулыққа өлеңмен жалбарғаны, бірде ұрысып қарғанғанын тыңдап аз тұрды. «Оямын екі көзіңді, Естімесең сөзімді. Неге сыртқа тебесің Өзіңнен туған қозыңды, Түйге, түйге, түйге!
Ала ғой, қойым, ала ғой!» – деп жалбарына шыққан дауысына мырс етіп күлді де, онан өзіне-өзі «əкəу мынауың жыршы ғой, Тоқаң олайбұлай болған күні жұртты аузына бір қаратар-ау» деп кеше кеште еркін оты қанбай, ширығып тұрған малдарын түнде ат қойған жағына қарай өрістетіп жіберді. «Əкəу бұл семіз саулықтар, əрі ылғи сақа саулықтар жерімесе керек еді, не кесел болды» деген оймен Биғайшаның үйіне кіріп келгенді. Қара тоқал саулықты «соттаған» Биғайша оның аузына кергіш салып босағаға таңыпты да, өзі қонаққа əкеліп бата тілеп тұрғандай мойнынан баса құшақтап тұр екен, Көкен оған қалжыңдай кіріп: – Əндет, Биғайша, əндет! – деді. – Кел, Көкесі, таяғың жақты, қара саулығым егіз туды, іргең жақты бізге, біріміз екі, екіміз үш болып жатыр, – деп түрегеп тұрған Көкенге қарағанда Биғайшаның қысық көзі Көкенге, алағай көзі екі қозыға төніп шадырая қалды. Қалайда өңінде күреңдік, сөзінде кідірмек бар еді, Көкен байқамады. Саулықтың бауырында жүрген қозыларға да əдепкіде сəп сала қоймады. – Апыр-ай, Биғайша, коммунаның төрт жүз саулығының теңінен артығын егіздетіп алдыңа əкелгенде, мұншалық
─ 190 ─ алқамаған едің, неғып бар тілеуіңді қара саулыққа аудара қалдың? Жекелік жетім тілеуді тастап, көлемді көп тілеуін тілесең еді, – деді Көкен салқын дауыспен. Бұдан секем алған Биғайша: – Көп тілеуін неге тілемейін, мынау..., – деп барып тұрып қалды. Ойында басқадай еш нəрсе ойламаған Көкен: – Бұл алпамсадай болған қара басқыр мына күйімен неғып жеріп тұр? Екі қозыны асырай алмаймын деп тұр ма? – деп саулықтың бауырында тұрған қозыларға қарады. Оның бірі жүндес қара қозы да, екіншісі тақырлау ақ бұйра қозы. Көкен орнынан ұшып тұрып Биғайшаға қарады. Биғайшаның сау көзі жерге, алағай көзі шаңыраққа шығып құп – қу болып кетті. Көкен ақ бұйра қозыны қойдың бауырынан алып, қара саулықтың алдына қойып еді, қара саулық жұлқына безеріп, аяғымен тарпып маңына келтірмеді. – Биғайша, мына екі қозың қалай? – Қалайын сұрайсыз? «Бір айғырдан ала да, құла да туады» – деп Биғайша шаңық ете түсті. – Дұрыс, бір қойдан ақ та, қызыл да, қара да туады. Егіз қозының бірі ақ, бірі қызыл бола береді. Бірақ, мынауыңның біреуі кəдімгі ақбұйра қошқардың баласы да, біреуі əлгі жүндес қара қошқардың баласы! – деп Көкен зілдене сөйледі. – Бұл не дегеніңіз! Мен мұның қайсы қошқардан, неше қошқардан қашқанын қайдан білем. Өз қолыммен осы саулықтан тудырып алдым. «Жекеменшіктің саулығы егіз тумайды» десеңдер ала беріңдер, əне! – деп Биғайша секіріп қазан жаққа шығып еді, Көкенді баса көктеп келген шығырық мүйіз ақ бұйра саулық, қара саулықты өкпеден түйіп жіберіп, мекірене қозыны иіскелеп əкетті. – Сенің жеке меншігің егіз емес, үшен туса да жұмысым жоқ. Ал көп пайдасына көлденең болатын тікеніңді көктетпейім. Екеуміз емес, осының арамдық екеніне ана екі хайуан да куə болып тұр. Бүйтіп теріс «көктеме», – деп жайшылықтағы салмақты Көкен, қалың терісіне əзер сиғандай тысырайып үйден шығып кетті.
─ 191 ─ Не қыларын білмей есі шығып қалған Биғайша: – Арам қат, мелшиген арам қатқыр, без бүйрек ит! – деп қойды телу үшін қара саптаяққа еріткен тұзды сумен қара саулықты басқа періп қалды. Қара тоқал саулықты қайтсе де егіз қозылату Биғайшаның көптен бергі жоспары болатын. Міне сол жоспардың аяғы бүгін мынандай күйге əкеліп соқты. Мұны енді елге айтпай қояр деймісің. Көп ішінде сындайды-ау енді. Енді қайтем, жалбарынып жалынсам бір жолға кешірер ме екен? «Тоқтасынның əйелі енді коммунаның қозысын ұрлапты дейді-ау, неғып сөлекет істеп едім сығыр?» деп өз самайын өзі шеңгелдеп-шеңгелдеп алды. Тіпті далаға шығуға батылы бармай есіктен баспа қып қарап еді, Қамила сыртта жалғыз жүр екен, Дауысын шығармай қолымен ымдап шақырды. – Немене? Əлгі кəрі жілікті асып та үлгердің бе? – деді əзілдеген Қамила. – Ит болдым, ит аяққа тидім. Кешіріңдер, жаман – жақ сы болса да көрші қақым бар ғой. Көкеңе айт, ешкімге білдірмесін, ана Тоқтасын естісе «мені өлтіреді ғой», – дегенде Биғайшаның сау көзінің жасы алағай көзінен бұрын төгілді. – Байқұс-ау, нені айтып тұрсың? – деді мұның сөзіне аңтаң болған Қамила. – Жаным Қамила, жасың кіші болса да, жаның құрбы ғой, мені енді жұрт алдында жер қылмаңдар, кешіріңдер бір жолы. Бір пендешілік болып кетті, жаным, – деп қолынан жетелей төрге тартты. – Бұйырмасын Биғайша! Еш нəрсе ұқпадым. Не болды? – Құрсын, – деп аузы керулі тұрған қара саулыққа шадырая қарады. – Немене қозыңды өлтіріп алдың ба? – Жоқ, арам қатсын, қойшы оны. – Енді не болды? Екі көзін тас жұмып, басын шайқаған Биғайша: – Түнде мынау арам қатқыр бір қозы туды, артынан мына ақ саулық туып, егіз тапты. Соған ағып кеткір мына қисық көзім ауып кетті де біреуін əкеліп мына қара итке телідім.
─ 192 ─ Бұл мелшиіп алмай тұрғанда тəңертең Көкең келіп қалды да барлық іс ашылды. Маған қатты ашуланып шығып кетті. Енді мұны ел естісе не болдым, Көкеңе айтып бір жолға қойдыр, жаным Қамила. Құдай біледі, əзірше мұны үш жан ғана білеміз. Ерлі-байлы екеуің аяңдар бір жолға мені, «білместі кешірмесең, білерің қайсы» деуші еді ғой. Мына бармақтай жүрегім кеудеме симай барады. – Жə, болды оның несіне жалбарасың, айтпай-ақ қояйық. Бірақ, көңілің неткен ала еді Биғайша, бір ғана жеке басың үшін көптің ырысын шайқауға батылың қалай барды. Кеше кеште осы ақ саулықты маған үйге алдырмай, артынан өз үйіңе əкеліп алуда мақсатың бөлек екен ғой, тек өзіңмен кетсін мына ниетің! «Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» деп, мынауың бүтін малшы атына ұят қой. Бір қозыдан коммунаның малы азайып қалмайды, мынау тым жаман ырым екен, – деп Қамила оның жылағанына жаны ашыса да, істеген қылығына жылан көргендей тұла бойы шіміркеніп кетті. – О, Сылқым, шық бері малға, – деген Көкеннің дауысымен Қамила ақырын ғана шығып кетті. «Жаны ашымайтын тас бауыр-ақ, өлердегімді айтып жалбарсам да, əлгі қардың маған «саяси» бола қалғанын қарашы, мен əйел ғой деп əтейі жалбарынып тұрсам, несін шынымды айттым, Көкенге өз қозым деп бұған бар сырымды айта салғаным нем?... Айтпасқа да болмайды. Екі қозының өзі-ақ мен мұндалап тұрыпты-ау, бұған айтқаным да дұрыс болды» деп бір ойланса, енді бір жағынан «əтей жылап жалбарсам біттей де іші жылымайды, енді қайттым? Екі ортада ана Тоқтасын байқұсты өлтірдім-ау, не бетімді айттым», деп дал болып, отыра кетіп, сырттағы дауысқа құлағын тікті. – Оның жасырынатын іні бола алмаймын, тексерсін өзін мүшелер алдында, халықтың малын ұрлаудан ұялмайды, бетіне көн жапсырады. Ал айтуға келгенде беті неғып қағаз бола қалды. Егер онымен ымыраласқан жерің болса сен де өзіңді əшкереле, халыққа деген арамдығы болады екен, жалғыз ұлды да аямаймын, – деп Көкен қалшылдап кетті. – Не деп тұрсың, ымыраласың не? Əйел адам жалбарған
─ 193 ─ соң айттым, – деп ақ көңіл Қамила Көкеннен өзі шошып қалды. – Саған ашық айтайын, сайтаннан сабақ алушы болма, өзім деген сөз көбейеді екен, өзгені ұмыттырады. Сен «жеке меншік» деген сөзді осымен екі рет ауызға алдың, бірі жирен атты коммунаға қосқанда, екіншісі – коммунаның туғалы тұрған малын далаға тастап бурыл ісекті үйге əкелдің. Осының бəрі де көптен өзіңді жекелегенің, ызғырық шығарайын дегенің ғой. Көкен! Көкен сияқтылар жеке жүріп көрген, табан ет, маңдай терлерін сол жекеліктің жендеттері сорған. Көкеннің еңбегін көріп, көзін ашқан коммуна! Енді осыған кім арам сұғын қадайды екен, əкем болса да дұшпандасам, – деп қатуланып алған Көкен сөйлей жүріп, істей жүріп киінді де белін жалпақ шегірен белбеуімен тас қып байлап, кереге басындағы қайың сырықшасын алып, шығып кетті. Көкмойнақтың кезеңінен мидай жазыққа шыға келген қыз, кеудесін көтере атырабына бір қарап алды. Қамшысын тақымына басып, құла жорғаның тізгінін ердің қасына іле салды да, қара көк палтоның қалтасынан екі хатты сурып алды. Біреуінің сыртындағы адресін оқыды да сəл кідіріп қалтасына салып қойды. Аузы ашылған хатты жазып оқып келеді. Астындағы құлагер жорғаның кесек жүрісі, оның балғын денесін қанша теңселте шайқаса да, қыз көзі темір жолдың рельсіндегі поезд дөңгелегіндей хат жолдарынан мүлт кетер емес. Қыз жүрегінде жиі-жиі нажағай ойнап, жалын оттар лап-лап ете түседі. «...Ия, сен жіберген махаббат дəстүрі – кестелі ақ жаулық, жаулармен айқаста менің маңдай терлерімді құрғатып, демалысыма көмек етеді. Мен мұны сенің балғын саусағыңдай сезем... Мүмкін саған біреулер мені жамандар да, «сенде оның махаббаты жоқ, егер махаббаты болса не үшін келмейді» дер. Мен махаббатты қадірлеймін. Махаббатты
─ 194 ─ сүю, махаббатты қадірлеу үшін барлық махаббаттың анасы болған отанды сүю, отанды қадірлеу, оны қорғау. Мен сені сол отан сүйген жүрегіммен сүйемін. Сен де мені сол отан сүйетін жүрегіңмен күт! Махаббаттың ардақталуы, арта беруі отаныңның ардақтап, халықтың құрметтеуімен болады ғой, отан, халықтан айрылып жеке махаббаттың өмір сүруі қаншалық лəззəтті болады. Жеке махаббаттың өмірі лəйлі гүлі сияқты бірнеше күндік ғана болады. Ол табиғаттың барлық мезгіліне төтеп бере алмайды. Отаннан нұр алып, халық алғысы суғарған махаббат ғана өшпейді... Сен түсінерсің, не үшін кейбір махаббаттар өкінішті болады? Жақсы шыңалып, суы жақсы табылмаған жасық пышақ майрылғыш келеді. Махаббат та сол секілді... Мен жеке махаббатымды отан, халық тілегінен бөле қарамаймын. Мен махаббатты солай қадірлеп, солай күтем. Бəлкім сен де солай күтерсің?... Хаттың ақырғы жолдарын оқымады. «Күтемін, даңқпен күтемін. Отан, халық алдындағы жарқын бейне, алып алғыстармен күтемін» деп қыз ерні өз көңіл күйін табиғатқа паш ете сыбырлады. Міне осы хатты алғанына бір жетіге таяу болса да уақытын тауып оңаша неше рет оқып шықты. Осы бір қысқа күндер ішінде өз құрбылары арасында махаббат жайлы сөз болғанда, өз сөзінің арасына қосып сөйлеп те жүрді. Осы хаттан үйренетін көп нəрсе жатқандай немесе жатқа алардай қайта-қайта оқый бергісі келеді. «...Менің үйім малшылықта болғаны үшін бұдан бұлайғы мекен жайын өзіңе жазып тұрайын, тапсырып беріп хабарын жіберіп тұруыңды өтініш етем, менің əке-шешеммен жақсы таныс бол. Төңкерістік махаббат жүрегімен сəлем жолдаушы құрбың...» қыз хаттың ай күндеріне дейін оқып, бүктелген ізімен қаттап қайтадан қалтасына салғанда екінші хатқа қолы тиді. Оны да қолына алып: «мен туралы бір нəрсе бар ма ішінде? Ашып оқып көрейін» деп оқталды да «жоқ бұл сенімсіздік болады. Өзі аузын пешеттеп салған хатын ашу қиянат. Бəрібір мен барғанша түскі қой өріп кетер, ал сонда осы хатты оқып беретін өзім емес пе» деп қортындылады. Қуаныш кеудесін кернеп алға тартты. Махаббат өмірі қанат
─ 195 ─ қағып шақырып тұрған қыз тежеуде келе жатқан құлагердің тізгінін кілт босатты. Қыз жүрегі жұлдыздай аққан құлагердің алдында кетіп барады.
*** – «Құзғынның құлқыны тойса да, шоқуын қоймайды» дегендей өткен өмірден өгейлік көріп өзегі талмаған ат төбеліндей аз ғана жандар əлі де қасқырдың күшігіндей тауға қарап ұлығысы келеді. Мынау сондай бір озаңға еліктеген, көріңізші істеп отырған қылығын, не қақты мұны? – деп Көкен ертеден бергі ашуын əлі баса алмай отыр. – Көке, сіз айтып отырған іс көріністе түкке арзымайтын бір дүниеқордың ісі. Бұл өте аздаған айрым адамдар да. Бірақ бұл көптің, ұжымның мүддесі мен жекеліктің, социализм мен капитализмнің, екі тілеудің қайсысын көксеу мəселесі, тап мəселесі, – есіне əлде не түскендей жымыя бір күліп, сөзін қайта жалғады, – осы аз күннің алдында Қасейін ағайдың үйіне бардым, төрт-бес жастардағы «отан» дейтін баласы бар, білетін шығарсыз, əлгіден кім баласысың десем «Мау төрағаның баласымын» дейді. Біз отбасының тəрбиесіне дəн разы болдық, демек ол сол отбасының отанға, көсемге деген махаббаттын сол бір кішкентай сəбидің тілі арқылы жеткізіп жатыр. Жөн-ақ қой, ниеті түзудің – беті түзу, өздерінің шын жүрегі, адал ниеті соны қалайды, – Көкен де мына сөзге іштей разы болып тынысы жадырап қалды. Екеуі де сырттан «жүре ғой, əкем, жүр, кіре бер» деген дауысқа қарады. Киіз есікті қия ашқан орта бойлы талдырмаш қыз: – Кіріңіз, – деді Қамилаға əдеппен жымыя ғана, екі қолына екі шелек сүт көтерген Қамила, əлде неге қуанғандай екі беті албырап көз жанары жайнай түсіпті. Қыз хатшының қолын қыса амандасып, Көкеннің созған қолын өте ұяңдықпен алды. – Қалай, Қарлығаш, мектептен келесің бе, қалқам, кел отыр, – деп Жақан хатшы ығыса орын беріп жатыр еді!
─ 196 ─ – Мынау əлгі Қасейіннің баласы ғой, кел бері! – деп Көкен де өзіне қарай тартты. – Жоқ, мына жерге кел! – деп Қамила да оң жақты ала хатшының аяқ жағына сырмақ салып, «дұға» оқығандай ерні жыбырлап жүр. «Ия Қасейіннің баласы, менің де балам, отыра ғой, жаным!» деген Қамиланың сөзі қыз жүрегін ток соққандай дір еткізді. «Оқыс кірдім бе, бұлар не ойлап қалар, əлде менің жайымды білетін болар» деген бір ой сап ете түсіп қыз ойын шытырманға ала жөнелді. – Қайда кетіп барасың, қалқам? – деген Жақан хатшының жылы лебі ғана оны ойдан сейілтіп жіберді. – Ауданға кетіп барамын. – Жиын бар ма екен? – Ия... Жəне де басқалай істер бар секілді. – Əкең қалай, аман ба? Қойды тəуір баға ма? – деп Көкен оның əкесінің амандығын малымен қоса сұрады. Қыз «жаман емес, тəуір» деген жауапты сыпайы ғана ұяң күлкісімен білдірді. – Қасейін аға да қызық, өткен күзде аздап жеке меншік бергенде «алмаймын, оған мен жеке малшыны қайдан табам, мұның əлден саны он болса, келер жылы жиырма болады. Бірнеше жылда мен коммунаның малын бағам ба, жоқ өзіме малшы іздейім бе?» деп жатып ашуланғаны. Содан «қыстық азығыма сындырып бер» деп екі қой əзер алды, – деген хатшының сөзінің ақырын күтуге дəті жетпеген Қамила: – Тілеуі құрғыр суайт, осы кеше ғана əлгі «Жаяуборан» Қасейіннің үйіне бардым, меншігі отызға жетіпті. Ылғи коммунаның егіз туған қойларынан өз саулықтарына теліп алатын сияқты, оны қасындағы көршісі айтты» деп аузымұрны қисаймай айтып еді. Қарашы тауып жүрген өсегін, – деп турап отырған нанын опыра-опыра сындырып сөзге араласты. – Е, Сылқым, ол аузы-мұрны емес, көзімен көңілін қисайта айтып отырса да, өзің ұқпағансың, – деп күлді Көкен. – Жеңгей, оны да өзіне – өзі сияқты серік іздеген біреу оқытқан. Оны недəуір жерге барған жерінен Көкең алып
─ 197 ─ келіп отыр. Ал, осы боранның сізге де самалы тиген жоқ па? – деп Жақан хатшы əзілдей күлді. «Өлімнен ұят күшті» дегендей Қамиланың маң дайынан тер бұрқ ете түсті. Ол сасқанынан шынына көшіп: – Əлгі «Қайраттың тілеуіне» деп аузынан шыққан соң ілесіп кетіппін емес пе? – Былжырақ, Сылқым, сенің ұлыңның тілеуі милионнан бөлініп, жеке меншік жалғыз тоқтыға қалып па? – деп Көкен малдасын құрып отырған аяғын шірене жазып, керуетке сүйене шалқалай кетті. – Қайдан білейін оның зəрін, – деп өз кінəсіна ашынған Қамиланың ұялғаннан көзінен жас шығып кетті. Жұмбақ сырдың түйініне түсіне алмаған қыз, кім сөйлесе көзінің қиығымен соған қарай берді. – Е, жеңгей, тап күресі ұзақ уақыттық нəрсе ғой. Төңкеріс дауылы үстем тапты құлатты. Пролетариат жеңіс алды. Ал, сонда құлаған таптар орайы кезіксе-ақ көктей беретін егін арасындағы мия секілді. Ол мия қашанда өз өмірін сақтап қалу үшін қалтарыс орын іздейді. Буржуазиялық идея міне осылай етегімізге жабысып алып тосқындық жасайды, сондықтан да идеялық күрес үзіліссіз ұзақ барыс алады. Онда, пролетариат идеясының қызыл жалынымен сол ескі қоқсық-көнеліктің бəрі сыпырылып тасталып, өртеліп отырылуы керек, – деп Жақан хатшы өзінің сөзін ден қоя тыңдап отырған Көкенге қарады. Көкен бар ықыласымен басын изеп мақұлдады. «Əкемді жамандап, Қайраттың тілеуіне тоқты арнатып жүрген баяғы «Жаяуборан» екен ғой» деп Қарлығаш та іштей түсінді. – Сөйтіп сенің əкең «коммунаның қозысын өз меншігіне айналдырып жүр ме» – деп шаңраққа қонған қарлығаштай жаутаңдап отырған қызға да əзілдей қойды Жақан хатшы. – Қасейін екеуіміз жеке байлықты қайтеміз! Біздің өмірімізді өксітіп жерімізге жеткен сол жекелік емес пе еді. Ол жекелікті көксейтін əлгі мүддешілдер де баяғы! Олар əлі де болса ызғырық соқтырғысы келеді. Соға алмайсың,
─ 198 ─ соқтырмаспыз сені, – деп Көкен дəл əзір күресе кетердей қара шибарқыт мешпетінің кең жеңін иығына қарай сыбана тартып қойды. – Ауданға барсаң ана астыңғы төте жолмен неге жүрмедің, əлде ол жолмен жүріп көрмеген бе едің? – деді хатшы Қарлығашқа. Қалтасындағы хатты қалай берудің ыңғайын таба алмай отырған қыз, дереу қолын қалтасына салып: – Қайраттың бір хаты келген екен, соны бере кет деп жолдастары тапсырған еді, – деп қыз хатты алып шықты. Екінші хат та ілесе шықты. Ешкім одан күмəн қылмаса да қыз беті дыз етіп, ұялшақ кірпіктері қағылып кетті. Ол хатты орнынан тұрып Қамилаға ұсынды. Қамила да орнынан ұшып тұрып: – Рахмет, жаным, – деп хатты алып Көкенге берді. Көкен конверт ішіндегі қағазы ұшып кетердей, өте ұқыпты түрде желімделген аузын тырнағымен тырнап ашты да қою қара мұртын сол қолымен сылап қойып, етті келген қабағын көтере тұрып, қалың ернін соза барып үңіліп тұрып қалды. Оның қылығына сабыры кеткен Қамила: – Берші ана баланың өзіне оқып берсін! – деді асыға. – «Жаман» неме қой соңында жүріп əліппені түгеткен əкесіне бір ауданның мектебін түгеткендей соғырлы сүйрелеп жазады, – деп хатты Жақан хатшыға ұсынды. Хатшы хатты алып: – Мə қалқам, өзің оқып жібер, – деді. Қыз қысылып барып хатты əзер алды. Қолы дірілдеп дауысы тітіреп кетті. Бұл қандай күш. Топты жандар арасында іркілмей сөйлейтін қыз бүгін тым бұйығы, тым əлсіз, оны өзі де сезген жоқ. «Ұлы отанның шекарасынан сəлем алыңыздар!» Қайраттың бұл жолғы хаты əдеттегі хаттарша «қадірлі» немесе «сүйікті», «мейірбан əкеміз Көкен, шешем Қамила» деп басталмапты. «Мен сіздердің таяуда жазған хаттарыңызды тапсырып алып қатты қуандым. Аулымыздың сахарасында озат қызыл тушылардың артуы отан халқының ортақ мақтанышы. Ал, өз əке-шешеңнің сол қатардан орын алуы ұрпағы үшін неге мақтаныш болмасын. Алған қызыл туыңызды қызыл жүрегіммен құттықтаймын!». Қамила
─ 199 ─ хаттың осылай жазылуына бір жағынан таңырқаса да бір жағынан «е, ұлым əдебінің жақсысын қарашы. Мынау Қарлығашым Көкен екеуміздің атымызды əдейі тергеп атамай отыр ғой» деп тағы да іштей разы болды. «Əке, баланың өз ісі өзіне ғой. Солай болса да əкенің бала беделіне дақ түсірмеуін тілесе, ата-ана да ұрпағының бетке шіркеу салмауын күтеді, оны білем, «отанға, халыққа адал боламын» дейтін бала ата-ананың да ол қарызын естен шығармайды. Ата-ана дайым жақсы ұрпақ тілейді. Бала ата-анадан бақытты отбасын тілейді. Сіздердің коммунаның қызыл туын төрге қадап отырғандарыңызға мақтанамын. Мен отанымыздың шекарасындағы қызыл туының күзетшісі, қызыл жауынгері болғандығыммен сіздерді мақтандырамын. Отан қорғаушы азамат деген атпен мақтандырамын. Əке, сіздің жетім тайды жетілдіріп ат етіп отан шекарасын қорғаушы командирдің қанаты еткеніңіз, «жаман» ұлыңды өсіріп, отан қорғайтын бір азамат қатарына қосқаныңыз отанға деген борышыңызды өтеу жолындағы еңбегіңіз. Мен жирен атпен шекарада ұшырастым. Қазір ол да шекара қызметінде. Оны бізден хал сұрап келген Чиңхай шекара атты полкының полк командирі Жаң командирдің астынан көрдім». – Е, айналайын. Сенің азамат болып ел қорғағаныңнан, оның ат болып ер қанаты болғанынан айналайын, – деп Қамила көзінің жасын іркіп алды. Хатты оқыған сайын Қарлығаштың да тұла бойын шаттық сезім билеп, осы жеңістерде өзінің де ортақ үлесі жатқандай хатты барған сайын жігерлі үнмен оқыды. «Жирен атты өзіміздің коммунаның «жеңіс» деген таңбасынан таныдым. Мен жирен аттың тарихын Жаң командирге айтып бердім. Ол кісі сізге дəн разы болды. Əке «адамның өмірі шекті, бірақ, халыққа қызмет істеу шексіз» деп өміріміздің үлгісі жас Лейфың қандай тура айтқан. Əлі де өмір өріне қарай өрлей беруіңізді, көптеп жаңа-жаңа өнегелер жарата берулеріңізді үміт етем. «Ер қанаты – ат» дегендей, жақсы іс, жақсы ой – жеңістің, табыстың қанаты болады.
─ 200 ─ Көп ойланып, көп еңбектенген адамдар ғана халық үшін борыш өтей алады. Жеке өзіңіз ғана емес ауылда өзіңіздей қызыл тушылардың да көктем көгіндей көбейе өрши беруіне көмектесіңіз. Өмірді жасай білу үшін сол өміріміздің жауларымен күресе де біліңіз. Ұлы отанымыздың жасағын жауға, етегін бөріге алдырмау үшін күресейік. Жауынгерлік сəлем жолдаушы. Ұлыңыз: Қайрат 1963 жыл, бірінші мамыр Жалынды сөздерге жаны шарпылған Қарлығаш, өз мойнында да салмақты жүк жатқандай алқына тулап барып тоқтады. Қалтасынан ақ жібек орамалын алып тершіген маңдайын сүртті. Оның қарақаттай мөлдіреген тұнық көзі өзінің жаулығындағы қызыл жібекпен басқан бес жұлдызға түсті. Бұл анадағы Қайратқа жіберген жаулығының бір жұбы. Қыз есіне Қайраттың өзіне жазған хатындағы «...Махаббат дəстүрі – кестелі ақ жаулық жаулармен айқаста менің маңдай терімді құрғатып, демалысыма көмек етеді. Мен мұны сенің балғын саусағыңдай сезем...» деген хат жолдарын есіне алып: «ия, отанның шекарасын қорғауда менің де көмегім бар» деген ой келді де «ол əлсіз көмек» деп тағы ойланды іштей. Тағы да ойланды: «жоқ, менің сүйген жан жарым сонда, онда менің бүтін өмірімнің серігі бар, Қайратым бар. Оның жеңісі маған ортақ...». – Рахмет, Көке! Қуанышыңды коммунистік журегіммен құттықтаймын. Сіздің еңбегіңіз тек коммунамыз, автономиялы районымызда емес, бүкіл ұлы отанымызда жүр, – деп хатшы қолын алып қатты қысты. – Рахмет бауырым! Коммунистік жүрегіңе рахмет! Бірақ осы рахметті айтқызып менің өмірімді бақыт көктеміне айналдырып отырған партияға, төрағаға рахмет, ол болмағанда мен сияқтыларға кім алғыс айтар еді. Мақтанамын, қуанамын, партия, төраға атымен мақтанып, қуанамын, – деген Көкеннің қуаныш кернеген денесі сілкінген қырандай көтеріліп барып тоқтады.
─ 201 ─ «Менің өмірімді бақыт көктеміне айналдырып отырған...» деген Көкеннің сөзі қыз жүрегіне тағы бір бақыт көктемін қондырып кетті. Ол ішінен «өмір көктемінің бақытына оралған отбасымыз» деп үй ішіне айнала қарады. Оның көзі төрде ілулі тұрған қызыл туға, одан барып Қайраттың суретіне, оның маңдайындағы қызыл жұлдызшаға тоқтады. «Өмір көктемі құрылған күн» деді тағы да ішінен. «Əттең, Көкен-ай, кейде үлкен өскелең ойыңа кесе көлденең болып жүрген жерім бар екен-ау, əлде «əйелдігім бе?»» деп Қамила да өзінің болымсыз кемістіктерін есіне алып, дастарханын жайып жүр. Бұлар дəмді шаймен бірге тəтті əңгімелерді шертіп, болашақ алдағы өмір жайлауына шарықтай ұшып, ой жіберіп, едəуір отырды. Бұлар аттануға түгелдей сыртқа шықты. Үлкендерге құрмет көрсеткен Қарлығаш алдымен барып есік ашты. Айнадай ашық аспан, көктем көрпесін жамылған дала неткен көңілді. Барлығының көңілі де дəл осы бір көктем көрінісіндей жадырап тұр. Бəрінен бұрын шыққан Көкен көңілдене айналаға көз жіберді. Дала да дəл өзінің көңілі сияқты. Тек сонау аспандағы алақандай ала бұлт сол Биғайшаның бозғыл үйінің төбесінен əрі қарай сырылып бара жатты...
─ 202 ─ ПЬЕСАЛАР ШАҒЫЛҒАН ТӨСЕК (бір перделі, екі көріністі комедия) Қатынасушылар: Өрікбай – ескішіл, қиқар адам, 60 жаста. Тымырсық – оның əйелі, 50 жаста. Гүлғайша – Өрікбайдың қызы, оқушы, 14 жаста. Тұрдыбек – Өрікбайдың ұлы, белсенді жігіт, 25 жаста. Гүлсім – Тұрдыбектің əйелі, ауылдық үкіметтің мүшесі, 20 жаста. Мəрия – оқушы, 15 жаста. Мұғалім, 27-28 жастарда. Ауыл əкімі, 30 жаста. Момынбай – адал ниетті, ауыл адамы, 58 жаста. Нағима – ауылдық үкімет мүшесі, 30 жаста. Қоңыр – қыстақ бастығы, 40 жаста. Ауыл адамдары: Еркін жəне бір еркек, бір əйел, 30 жастар мөлшерінде. Бірінші көрініс 1952 жылдың күзі. Бір түп жуан теректің түбіне тігілген Өрікбайдың үйі. Оң жақта келіннің, сол жақта Өрікбайдың төсегі. Үй іші орташа байдың үй мүліктерімен жасалған. Перде ашылғанда Өрікбай көнелеу қасқыр ішік жамылып, төсек үстінде шынтақтап жатады. Тымырсық төсек алдында тарамыс талдап отырады. Өрікбай: (Түзеліп отырып, басын екі алақанымен қысып) – у, уһ! Əттең, осы күнгі бастықтардың істеп жүрген ісін көргенде миым басыма симай, басым тымағыма симай кетеді.
─ 203 ─ Тымырсық: (Артына жалт бұрылып) Басыңыз ісіп кеткен болмасын? Өрікбай: Ой, ит! Басым ісіп кететін мен басқұрт болды ғой деймісің. Мынау мұғалім мен ауыл əкімінің қылығына күйем. Бір баланы жаздай айтып мектептен шығарта алмадым. Тымырсық: Əлде бір нəрсе дəметіп жүрген шығар, бірер мал беріп босатып алсаң болмай ма? Өрікбай: Бермейін деп отырмын ба?! Бұл күнгі ұлықтар тамағына тас тығылғандай бергеніңді алмайды. Түрлі амал істедім, бірі де оңға баспады. Тымырсық: Шіркін бұрынғының ұлықтарын-ай. Ат берсең де, атан берсең де жұта салып, теріс ісіңді оңға бұра салушы еді. Өрікбай: Мына ауыл əкімін көрмейсің бе, өзінің сиырдай қарындасын мектепке бермей, сауатсызға беріп отырғанын. Біздің баланы «хат біледі» деп мектептен шығармайды. Тымырсық: Оқу болған соң бəрі де бір, қайсысы басты оңға қаратар дейсің. Өрікбай: (кіжініп) Ит, осы кесел сенен... мептепке алды деген сөз патшаның тізімі деген сөз. Ал, анау сауатсыз ханның қаламының сыртындағы адам. Тымырсық: сауатсыз оқығандардың да атын тізімге жазып алады дейді ғой, рас па,... Өрікбай: (кейіп) Əй, басында миы жоқ оңбаған, қызыңның жасын 16-17-де деп жаздырмай, дəл жасын жаздырып отырған сен ит емес пе! Тымырсық: ойбай шұнақ-ау, менің еркіме қойды ма! «Гүлғайша біздің Нұрышпен жасты» деп Əділбайдың кемпірі отырып алды. Шынында бұл сонымен жасты. Биыл 14-те, жылы қой емес пе еді. Өрікбай: Ол тумай қалғыр, осымен бірге туып па еді, күйегі түскірдің күйегі бірге түскен екен де! Тымырсық: Осы мектеп басты айналдырады, сиқыр оқу дегені рас қой деймін. Сенің бергелі отырған жерің бар, оқымайым деп шығып кет, зорламас, қарағым деп көп айттым, «оқимын, хат таныдым» деп отырып алады.
─ 204 ─ Өрікбай: Е... Сиқыр демей немене ғой дейсің, сайтанша ыршып кетіп, жата қалып жанталасады. (Көзін алайтып). Одан қалса, а-а, р-р деп ырылдап жүрсе, (налып) əттең құдай-ай, ебін тауып бір шығарып алсам... Хат танымай қатып қалғыр қызды, беріп қана құтылар едім-ау... Тымырсық: Ол онымен, ал, ұл мен келін мынау, халық үшін істеп жүрміз деп, таң атса үйдің бетін көрмейді. Өрікбай: (қытымырланып) «Ұл – опасыз, келін – кезбе» болды деген осы да. (Басын шайқап) Ой, алла-ай! Əйелдің атқа мініп ерлермен бірге шауып жүргені неткен сұмдық... Тымырсық: Бұзылған əйел деген осы-дағы. (Қолындағы тарамысын табанына салып айыра алмай) Мə, мынаны айырып жіберші. (Өрікбай күжірейіп ортасынан айырылған тарамыстың бір жағынан күштеп тартып қалғанда басы барып керегеге сарт ете түседі). Өрікбай: (Басын қолымен сипай тұра беріп) Ой, тарамысың тартылғыр, ал, (қолындағы тарамысты лақтырып жіберіп) миымды ойып кете жаздады ғой. Тымырсық: (Лақтырған тарамысын алып жатып) Келінің далада жүріп келгенін қойып, үй жұмысынан қолы босай қалса, бұрынғының молдаларынша қағаз-қаламын алып отыра қалатынын қайтейін. Өрікбай: Бұзылған заман ғой, бұрынғылардың: «Сиыр пұл болады, қатын би болады» дегені осы ма дейім. Тымырсық: Ұлым да сол келіншегі мен қыздың əуенін əуендейді, «отынды мен-ақ артып əкелем, істей берсін, оқи берсін олар» дейді. Мұны да аздырып жүрген сол мұғалім мен ауыл əкімі. Өрікбай: (Күбірлей сөйлеп) Өй, сен не білесің, осы анада бірнеше адамды қолға алғанда, қайсы біреудің өз баласы екен, əкесінің қылған ісіне айғақ болып, қылмысын əшкереледі. Тіпті Нұрқасымның қатыны қойнында жатқан күйеуінің тығып жүрген мылтығы мен оқтарын теңінен суырып берді емес пе. Осы күнгінің адамдарына сенуге болмай кетті. Тымырсық: Нұрқасымға сонысы пайда болды ма дейім,
─ 205 ─ кейін адам өлтірген істерін де өзі айтып мойындаған екен, жақсы түсініп, қатасын таныды деп қоя берді емес пе! Өзіңнің келінің болмаса, оның əкесі де, сен де жасырып жүрген оқ-мылтықтарыңды бермейтін едіңдер. Өрікбай: (Үрейленіп) Жап аузыңды, қан толғыр! Жасырған деген сөзді шығарма екінші аузыңнан! Тымырсық: (Селк етіп) Бөтен кісілердің алдында ауызға да алмаймын, үй-ішіндегі сөз қайда барады дейсің. Өрікбай: Бөтен адам емес, тіпті келінің мен балаңның алдында аузыңды қалай болса солай ашып қоя берме. Оқушы бала естігенін мұғалімге айтады, мұғалім «көк киімділерге» айтса олар тіркеп алады. Тымырсық: Осы жақыннан бері қызыма да, мектептен шығып кет деуге аузым бармайтын болды. Өрікбай: Ей, сен аузыңнан шығарма, осы баланы шығарып алу, келінді қызметтен босатып алу туралы жақыннан бері тағы бір ой ойлап жүрмін. Бір сылтау тауып, осы ауылдан, болмаса осы шəннен көшіп кетсек мақсат түгел орындалады. Одан кейін секеңдеген қыз, сепсеңдеген келін үйден шығудан қалады. Тымырсық: (қуанып) Шалым, мынауың табылмаған ақыл екен, осыны тез істеп көр! (Осы кезде сырттан тықыр білініп, сəлем беріп Момынбай кіреді.Өрікбай сəлем алып, төсегінен түсіп, кемпірінің бас жағынан келіп отырады. Қысқа амандықтан кейін) Өрікбай: Қайдан келесің, Момынбай? Момынбай: Мектеп жақтан келемін. Өрікбай: Мептепте балаң бар ма еді? Момынбай: Қол қысқа болып, өткен жылы бір баламды оқыта алмаған едім, сол балам əйел балалардың оқығанын көріп, оқысам деп жылай берген соң, оны да мептепке беріп, содан келем. Өрікбай: Балаң қаншада еді? Момынбай: Он үште. Өрікбай: Ой сорлы, ондай бой жетіп қалған баланы несін беріп жүрсің, құда болған жерің жоқ па еді?
─ 206 ─ Момынбай: Құда болған жерім жоқ, оқытып қарызымнан құтылайын деп бердім оқуға. Өрікбай: (мысқылдай күліп) Момындығың ғой, оқытып қарызыңнан құтылатын бұл оқу емес қой, болғанда да еркек бала емес, əйел оқып жаназа шығара ма?! Момынбай: Жаназаңызды білмейім, анада районнан келген бір қағазды сол жерде отырған бір топ еркектің бірде-бірі оқи алмай əлгі Құдыстың Нағима деген келіні тіпті мүдірмей оқып шықты. Соған қарағанда, ер əйел демей оқыса білетін сияқты ғой. Білгенге не жетсін! Өрікбай: (жақтырмай) Ия, ат үстінде жүр екенсің, алысжақыннан, ұзынқұлақтан не естіп білгенің бар? Айта отыр! Момынбай: (ырғалып қойып) Ауыл əкімі бар, бірнеше адам сол мектеп үйіне жиналысып жатыр екен. Анада тəрбиеге кеткен адамдардың барлығы босап, ауданға келіпті. Өрікбай: (селт етіп) Өй, тəрбиеге кеткендерің кім, əлгі кəрі төңкерісші болып кеткендер ме? Момынбай: Иə, солар. Барлығын кеңшілік қып, босататын болыпты. (Тымырсық қолына тарамысын ұстаған бойы Момынбайға аңыра қарайды, Өрікбай тымағының құлағын түре түсіп қояды) Ауданға шақырған екен, соған барамыз десіп бірнеше адам жиналып жатқан көрінеді. Тымырсық: Бəрі дейсіз бе, шын сөз бе екен? Құдай-ау, менің жалғыз бауырым да келді ме екен? (кемсеңдеп жылайды) Өрікбай: (кемпіріне ақырын ғана) Өй! Соғып кеткен бе сені, мұның қандай сыр, қайсы қыр екенін білмей неге жылайсың, тый көзіңнің бұлағын! (Момынбайға қарап) Бұл анық сөз бе өзі, кім айтты сізге? Момынбай: Анық, қазір өтірік сөз айтылмайды ғой, Өке! Маған əкімдіктің хатшысы айтты. Базарға шақырған екен, əкім екеуміз жүргелі тұрмыз деді ғой. Өрікбай: (Өзіне өзі) Əй, мұнда бір сыр бар ғой, тек рас болсын... Мен Өрікбай болып жаралғалы, үкімет үкімет болып келе жатқалы абақтыға алған адамын түгел босатыпты дегенді енді естідім. Абақтыға түскен адамға ат пен атанды,
─ 207 ─ ақ жамбы, алтын-күмісті төгіп жүріп əрең шығарып алатын еді. Түктен түк жоқ шығаруы қалай? Əй, мұнда бір мəн бар ғой. Момынбай: Осының барлығы да рас күнəлі адамдар ғой. Бұлардың көбі осы үкіметке қарсы боп, адам өлтіріп, оқ атқан, қашуға дайындалған адамдар. Сондай адамның жолдасы болғандар емес пе. Тіпті үкімет емес, халық өзіміз мойынына қойып ұстап бердік емес пе. Соған қарағанда үкімет атамыз рас-ақ кеңшілік қылған екен! Тымырсық: (Өрікбайға қарап) Сен отырмай анық хабарын білсеңші, рас болса біріміз барайық. Өрікбай: Ей, көзім жетпей отыр. Рас кеңшілік болса мептеп балаларын да қоя берер, оларға да кеңшілік етер. Егер ондай болмағанда, білмей отырмын (Сырттан мектеп балаларының айтып келе жатқан хоры естіледі) Шығыс қызарды, шықты күн, Жұңгуодан туды Мау Зыдұң. Ол халыққа бақыт іздейді, Құтқарушы жұлдызы халықтың. Мау төраға халықты сүйеді, Ол біздерге жолбасшы. Жаңа жұңгуо құруда Бізді алға бастайды. (Хор аяқталысымен мойындарында боқша Гүлғайша, Мəрия кіреді. Бұлар төсек үстіне барып отырып боқшаларын арт жақтарына қояды. Өрікбай оларға ала көзімен қарап қояды) Тымырсық: Əлгі аға-жеңгең қайда жүр? Гүлғайша: Мектепте мəжіліс ашып жатыр. Тымырсық: Солардың-ақ мəжілісі түгемейді екен. Не қылған мəжіліс ол? Гүлғайша: Осы қыстақта газет оқу группасын құрады екен, соның мəжілісі. Өрікбай: (Санын бір салып қалып) Міне, кеңшілік! Бəсе,
─ 208 ─ бұл өтірік іс дедім ғой. Кеңшілік болса, елді газет оқы деп қойша иіріп не қылады. Момынбай: О, Өке! Бұл газет оқу дегеніңіз өте жақсы іс екен. Біздің қыстақта бұл ерте құрылған. Мұнда естіп отырсаңыз: Үрімжі, Алтайыңнан, тіпті біз білмейтін басқа да көп жерде болып жатқан істерді ешкім келіп айтпаса да, содан естиді екенсіз. Өрікбай: (кекетіп) Е, не естіп білдің, не бар екен? Момынбай: (күлімсіреп) Мен сияқты бір аңқау байқұс болу керек, «Үкімет малды алады» деп естіп, он ешкісі бар екен, қыстай бірден жасырып сойып, сатып құртыпты да жаз шыққанда айран-сүт жоқ, елден сауын сұрап жүріпті... Тағы біреуді, аты Жаңқабай дей ме, Жоңқабай дей ме, үш жылдың алдында сегіз ешкісі бар екен, жақсы қарап баққандықтан, биыл тұяғы елуден асыпты. Оған үкімет сыйлық беріпті. Тіпті естіп отырсаңыз, өте қызық... Қайсы бір жерлерде 5060 жасқа келген кемпір-шалдардың да оқып хат танығанын жазыпты. Өрікбай: (жақтырмай) Е, бəрін барып кім көріп келіпті... Екеуміз сияқтылар да желігіп оқысын деп жаза береді. Соның бəрін үкімет немене көзбен көріп, жазып отыр ғой дейсің. Момынбай: Жоқ, Өке, бұған шек келтірмеңіз! Əлгі кəрі адам үйрене алмайды деген сөз бекер сияқты. Бізден 3-4 жас-ақ кіші Өмірұзақ мектептің пешін жағып, қызметін істеп жүріп, көрінгеннен сабақ алып, қазір хат танып, газет оқитын болды. Көз көрген дегеніңіз осы емес пе?! Өрікбай: Үкімет рас кеңшілік қылған болса, бəлем, оқығандарын сонда көрейін. (Орнынан тұрып киіне бастайды) Кемпір, мен мектеп жаққа барып, анық хабарын білейін, келгені рас болса біріміз барамыз. (Өрікбай, Момынбай шығады) Тымырсық: Сендер келген адамдардың анық-қанығын ұқтыңдар ма? Гүлғайша: Келгендері анық, елдің бəрі барамыз десіп келіп жатыр. Тымырсық: Нағашыңның бар-жоғын айырып сұрасаң
─ 209 ─ болмай ма? (Өзіне өзі) Ойпыр-ау, жүрегім неғып атша тулап кетті. Бір қорқыныш, бір қуаныш келерде өстіп кетуші еді. Сен отыра тұршы, мен төменгі ауылға барып, анық хабардан не бар екен, білейін. Гүлғайша: Болады. (Тымырсық киініп шығып кетеді). Жақсы болды-ау, Мəрия. Осы əкем отырған жерде сабаққа да қарай алмаймын, тіпті, ала көзімен атып жақтырмайды. Мəрия: (тамсанып) Неге олай екен... Менің əкем үйге барсам сабағыңа қара, жақсы оқып кадр бол деп отырады. Кейде апам жұмысқа жұмсай берсе, мазасын алма, сабағын оқысын деп апама ұрсады. Гүлғайша: Менің əке-шешем маған оқыма, бармай-ақ қой деп жібергісі де келмейді. Мəрия: Гүлғайша кешегі декламацияңды жаттап болдың ба? Гүлғайша: Жаттадым, мен айтайын, сен тыңдашы. Мəрия: Жарайды, сен көпшілікке айтатындай қып айт. Гүлғайша: Болады. (Орнынан тұрып, ажарлы үнмен нақышына келтіріп, декламациясын айтады). Кешегі дала қыздары, Көкірегі мұң, көзде жас. Адамдыққа саналмай, Оқып білім ала алмай, Қорғанумен өткен бас. «Ақылы қысқа, шашы ұзын» Деген аттар тағылып, Бой жаза алмай зарығып, Отбасында күң еткен, Көр қоғам кешегі ып-ылас. Сол түнек түн жоғалып, Шықты бізге нұрлы күн, Көздің жасы тиылып, Көңілге нұр құйылып, Қатарға келіп қосылып, Жойылды бізден зар мен мұң.
─ 210 ─ Жылаудың, зардың орнына Шарықтады шаттық əн. Ақыл берген, түр берген, Жүрегіме нұр берген, Бақыттан төгіп жыр берген, Ол нұрлы күн Мау Зыдұң. (Орнына отырады, Мəрия шапалақ қағып, алғыс білдіреді). Мəрия: Өте жақсы айттың, жақсы жаттаған екенсің. (Сырттан Гүлсім мен Тұрдыбек кіреді) Гүлсім: (Əзілмен) Е, Еркем, не істеп отырсыңдар, апам қайда? Гүлғайша: Бауырымның хабарын білем деп төменгі ауылға кетті. Гүлсім: (Тұрдыбекке) Рас, сен ол кісінің хабарын айырып сұрадың ба? Тұрдыбек: Сұрадым, келіпті. Гүлсім: Қыздар-ау, хат танып адам болдыңдар, ақ-қараны таныдыңдар. Биыл қала мектебіне біздің районнан жиырма бала барады екен, барып оқымайсыңдар ма? Гүлғайша: Барамыз. Мəрия: Барамыз... Гүлғайша: (Мұңайып) Мен барамын деймін-ау, əкем базарды қойып, үйдің жанындағы мектептен оқуымды жақтырмайды. Мені қайдан жіберсін. Тұрдыбек: Рас, қалқам, əкеміз түсінбеген адам ғой, түсіндіру біздің міндетіміз. Жалпы халық түсініп жатқанда ол сияқты адамдар қайда барады. Халық өзі-ақ түзейді. (Гүлғайшаның шашынан сипап) Əкем жібермесе, міне, мен жіберем! Мəрия: Тұрдыбек аға, Гүлғайшаны жіберетініңіз рас болса, мен де барамын. Гүлсім: (Тұрдыбекке қарап) Түке, мені қайтесің, өстіп молда келін, жорға келін, би келін, төре келін дегізіп ата-енеме кекеттіріп қоясың ба? Жоқ, мені де оқуға жібересің бе?
─ 211 ─ Тұрдыбек: (Əзілмен күле сөйлеп) Сен сабыр қыл. Хат тани сала ауылдық үкімет мүшесі болдың, атқа міндің. (Күліп) Ел билеп жұрт адамы болдың. Егер базарда оқысаң, ұшақпен аспанға ұшып кетіп, мені көкке қаратып кетер ме екенсің?! (Мəрия, Гүлғайшалар күледі) Гүлсім: Жоқ, егер аспанға ұшқанда сені де былай (Тұрдыбектің мойнын қолтығына қысып) мойыныңнан қолтығыма қыса кетемін. Тұрдыбек: Қой, осы күнде Тұрдыбек əйеліне ат ерттеп беріп қызметке жібереді екен, «тəубə» деп жағасын ұстап жүргендер, сені базарға жіберсем жағасын қойып, қызыл өңеші мен кеңірдегін қосып ұстап, буынып қалмасын. (Барлығы ду күледі) Мəрия: Тұрдыбек аға, сол ат ерттеп бергенді де сөз қыла ма екен? Тұрдыбек: Бауырым, сөз қылғанды қойып, сау жүрген Тұрдыбекті «əйелі жадылап алыпты, əйелінің артынан қалмайды» екен деген сөздер ел ішінде атша шауып, асаудай тулап жүр. Ал бүгін газет оқу группасын құрдық, бұдан да талай қызық əуендер шығар. Гүлсім: Олар түсінігі төмен, саны аз көне адамдар. Көпшілік халық жəне жастар жаңалықты көксейді. Мынадай келіспес істер ел алдында күлкі болып кейін өз-өзінен жоғалады. Тұрдыбек: Ал, жарайды, ендеше жүріңдер. Бүгін Құрмаштың үйінде газет оқимыз. Гүлғайша: Апам келмеді, үйді қайтеміз? Тұрдыбек: Ой, қалқам, қазір ешкім де ұрлық қыла алмайды. Баукеспе ұры Жанатай да қойды ұрлықты. Кім бір нəрсе алар дейсің. Ал ит иттігін қоймас, оның жазасы ергеншек. (Есікті сырттан байлап шығып кетеді. Сахна аз бос, аздан соң есік алдына Тымырсық келеді). Тымырсық: (тамсанып) Ойпыр-ау, əлгі желөкпе қыз тағы да қайда кете қалды екен? (есікті ашып, үйге кіріп отыра беріп) Уһ! Ой, қу жаным-ай, ойбай-ау, үйде бір жағым отын жоқ, əлгі кезеп келін қайтарда отын ала келсе жақсы-ау енді.
─ 212 ─ (Осы кезде екілене Өрікбай кіреді. Белбеуін шешіп жатып, кемпіріне қарап жымиып) Өрікбай: Сүйінші! кемпір, бауырың аман-есен келіпті! Анық хабарын білдім... Осы үкіметтің өзіне бір тықыр таянған сияқты, əлгі кəрі төңкерісші деп əкеткеннің бəрі де келіпті. (Орнына маңыздана барып отырады) Тымырсық: Ия, тəңір, жалғызым келгені рас болса, айттым бір ақсарбасты! Өрікбай: Бəлем, əкім мен мұғалім: елдің ұлы мен қызын мектеп-мектеп, оқу-оқу деп көгендеп жиып алып еді, көрейін енді бала алғанын... Ертеңнен бастап ана қызыңның аяғын ти, жоғалт қағаз-қаламын. Шығармай көрсін мептептен... Бəлем, халыққа енді өзі де жаман көрінер. (Екілене түсіп) Енді кəрі төңкерісші сол мұғалім мен əкімнің өздері болады. Тымырсық: Құдай-ай, сақтай гөр! Адам бұзылғанда болмайды екен ғой, жас балаларды қойып, баласы бар саркідір қатындар да оқыды емес пе. Маған да оқы деп айта ма деп зəрем ұшып жүруші еді, жақсы-ақ болды-ау оқытпайтыны. Өрікбай: Қой енді, ол қуаяқтардың ісін, тез тамағыңды бер, қалаға баратындармен бірге мен де барайын, қорқып базар бетін көрмегелі бір жылдан асты. Тымырсық: Осы үйде бір тал отын жоқ. Əлгі молда келін, жынды ұлың əлі келген жоқ. Өрікбай: (бақырып) Келін мен ұл басына алмайды енді, Өрікбай кəрі жынына қайта мінді! Тымырсық: (көтеріліп) Е, е... Көрім болды-ау. Шал! Сен үндемеген соң, мен де үндемей жүр ем. Енді қолынан қап, арқасынан отын түсірмеймін. Қарашы, үйде бір тал отын жоқ. Өрікбай: (орнынан ұшып тұрып) Үйде тұрмайтын немелерге жататын орын не керек. (Келіннің көрпе-жастығын төрге лақтырып) Жақ, мына төсекті жақ! (Төсекті шарқылдатып бұза бастайды). Тымырсық: (Абыржып) Ойбай шал, қой шал, кеңшілік болады дедің ғой, келер енді, жатар енді, шақпа төсекті. Өрікбай: (Төсектің шабақтарын алды-алдына лақтырып)
─ 213 ─ Уа, жұрт танысын Өрікбайды, танысын қатын-бала! Танысын əкім, мұғалім! (төсектің бір екі шабағын басып сындырады. Осы кезде Тұрдыбек қасында отын көтерген Гүлсім мен Гүлғайша үйге кіріп, аң-таң болып тұрады). Тұрдыбек: Əке, бұл не? Өрікбай: (бажырайып) Бұл шағылған төсек. ─ 214 ─ ШЫМЫЛДЫҚ Екінші көрініс
Ауылдық үкімет кеңсесі, кеңсе төрінде төраға Мау Зұдың мен Жоу бас министрдің суреті. Кереге басында күнтізбе. Төр алдында үлкен дөңгелек үстел. Перде ашылғанда кеңсе ішінде ауыл əкімі, мұғалім, Өрікбай, Тұрдыбек, Нағима, қыстақ бастығы Қоңыр, Еркін жəне бір əйел, бір еркек отырады. Ауыл əкімі түрегеліп сөйлеп тұр. Əкім: Жолдастар, бүгін сіздермен ерекше бас қосып отырудағы себеп, халқымыз партия мен үкіметтің кеңшілік саясатына ие болумен бірге шаруа малын өркендету жəне халық сауатының көтерілуін қызу қорғап отыр. Бірақ кейбір адамдарымыз əлі де толық түсінбей, сол бұрынғы іріпшіріген жолдан аса алмай, жастарымыздың халық қызметіне араласуына, əйел теңдігіне, оқу-ағарту жұмысына тағысын тағы халықтың игілікті істеріне кедергі жасауда. Олар жұрт арасына өтірік өсектерді таратып, əлде біреулерді ықпалына көндіріп алуға кірісіп жүр. Ашып айтқанда, сондай адамдардың бірі, əсіресе, қазір ерекше көзге түсіп отырғаны мына Өрікбай. (Өрікбай қыбыжықтап орнынан атып тұрады, жұрт оған тігіле қарайды) Ал мұндайлар осы бетімен кете берсе жақсы нəтиже бермейді. Сондықтан бұл кісінің кемшілік қателігін бетпе-бет отырып көрсетіп, бұдан былай түзелуіне көмектесуіміз керек. Сөйтіп ендігі жерде сондай кесірлі істерге жол бермеуіміз тиіс... Біреу: Ондайларға жол жоқ! (Көпшілік қостайды) Əкім: Ендеше Өрікбайдың кемшілігін көрсетуде батыл сындап, жұрт қатарына жетуге көмектесулеріңізді сұраймын. Жəне де талқы жүргізу еркі өздеріңізде. Жиынымыздың маңызы міне осы. (Орнына отырады) Қоңыр: (Рұқсат алып) Менің пікірім – біз сөзді алдымен Өрікбай ақсақалдың өзіне берсек. Өйткені, бұл кісінің халық талқысына қалай қарайтынын білуіміз керек қой. (Жұрт
─ 215 ─ қостайды) Ендеше ақсақал сөйлеңіз. Сіздің істеп жүрген ісіңіз жұртқа белгілі, соны өзіңіз айтуыңыз керек. Қане, қалай қарайсыз, сол істеріңізге? Өрікбай: (күмілжіп) Ұқпағам екем, надандықпен істедім, кеңшілік істеңіздер... Еркін: Ей, Өрікбай! Сен балаңды мектепке берме, оның қағаз-қаламын отқа жақ. Келінің жұрт қызметін істесе оны тілдеп қызметке жіберме, осыларыңды халыққа істеген кедергі емес деп ұғамысың? Бүкіл халық түсініп жатқан пайданы сен қалайша түсінбейсің? Өзің қайда жүрмін деп ойлайсың? Надан болсаң қолың хат білмейтін-ақ шығар, хат білмейтіндер аз емес қой, қайсысы сен құсап кедергі жасап отыр? Бұл менше надандық емес, қасақана істелген қиқарлық. Өрікбай: Үкімет кеңшілік етті деген соң, баланы оқытпаса да, қызмет істемесе де кеңшілік шығар деп ойлағам ем, кешірім етіңіздер. Нағима: Бұл түсінбегендік емес. Жарайды оларға кеңшілік-ақ деп ойла. Төсек шағуыңызды да кеңшілік деп ойладыңыз ба? (Өрікбай үндей алмай бұға береді) Мұғалім: Өрікбай ақсақал, жақсы түсінсеңіз болады. Үкімет кеңшілік дегенде бізге жүгенсіз кет деген жоқ. Өткендегі өрескелдікпен қиян кестілік, надандық түсінбегендіктен болды. Оған кеңшілік ал, түсініңдер, ондай қате жолға баспаңдар деп отыр. Ал, баланы оқыту болса, өз пайдаңыз. Олар келешектің иесі, халықтың қолғанаты. Оны тосуыңыз халқымыздың мəдениетін тосу болады. Өрікбай: (Дірілдеңкіреп, көзінің астымен жұртқа қарап) Ол рас қой, қарағым. Бірақ, мен құда болып қойған біреудің аманат адамы болған соң, аманатын қолына тапсырсам деп едім. Нағима: (ашулы орнынан ұшып тұрып) Аманат? Бұл адам, ешкімнің аманатқа қоятын малы, ақшасы емес. Ол жас, қайда барса да оқиды, көзін ашады. Есігінен аттаса еркінен айырылатын ескі қоғам емес, əйелдердің оқып-білім алуына əрқандай адам тосқындық жасай алмайды.
─ 216 ─ Өрікбай: (шошып) Қарақтарым, кешірім етіңдер бір кəрілеріңе. Əкім: Дұрыс, егер жақсы ниетті болып, халықтың игілікті ісіне қызғын кірісіп, адалдықпен бір кісілік есеп қоссаңыз, кəрісі емес ақыл иесі ақсақалы боласыз. Түзелмей, өтірік өсек таратып, халыққа қарсы болсаңыз, ел алдында қандай болатыныңызды көріп тұрсыз. Мұғалім: Сізде бұдан басқа да қате көзқарастар жоқ емес. Өрікбай: (сасқалақтап) Жоқ, қарағым, қате түсінген нəрсем (қолын санап) осы екі түрлі іс. Бірінші, баламды мептепке жібермегенім; екінші қызмет істедің деп келін баламның төсегін шағып қойдым. Қоңыр: Сіз тек қана баланы оқытпау, төсек шағу емес, үкімет кадрлары үстінен түрлі өтірік-өсектер таратып, халыққа жексұрын етпек боласыз. Демек, халық үкіметіне күмəніңіз көп. Əліге дейін жақсы сенбейсіз. Сонымен істің бəрін керісінше істейсіз. Бұл барып тұрған қателік. Өрікбай: (шошып кетіп, тымағын қолына алып, бас ұрып) Кешіріңіздер, қателесіппін, кеңшілік етіңіздер үлкенкішілерің. Мұғалім: (оның тымағын кигізіп, басын жоғары көтеріп) Бас ұрма, кеңшілікті біледі екенсің, бұл адамды қорқытатын, аяғына бас ұрғызатын, жалбарынатын көне қоғам емес, қазір жұртқа адалдық, шындық керек. Біздің қоғамымыз кемшілігін бетке айтып, адамды адалдыққа баулиды. Мұны біз сын дейміз. «Сын түзелмей мін түзелмейді» деп бұрынғылар осыған қарап айтқан. Міне, компартияның адамдарды түзеу құралының үлкені осы. Бізде ұру-соғу, сен сияқты мына қойды ала ғой да, баламды бере ғой, қателегімді көме ғой деу болмайды. Пара деген сөз атымен жойылды. Біз бетке жұққан кірді осылай жуамыз. (Отырған біреу орнынан атып тұрып, тақпақтай жөнеледі) Біз надан ек еш нəрсені білмейтін, Соқыр едік, ақ қараны көрмейтін. Рахмет партияға, көсемге, Емші берді барлығын да емдейтін.
─ 217 ─ (Отырған əйелдер орнынан тұрып) Əлі де бар түсінбеген надандар, Өсек айтып үкіметті жамандар. Сын береміз, түзетеміз біз оны, Сынның қандай күш екенін қараңдар! Еркек: (Өрікбайды қолымен нұсқап) Қиқар Өкең ел ішінде айтты өсек. Əйел: Қиқарланып шағып бір төсек. (Өрікбай бұл кезде терлеп жан-жағына алақтап қорқа қарайды) Еркек: Мұнан кейін ақсақал Таста өтірік-өсекті. Əйел: Мініңді халық көрсетті, Еркек пен əйел: Бұған тағы шамданып, Бара салып үйіңе Шағып жүрме тағы да Өзің жатқан төсекті. Өрікбай: (Екі жеңімен терін кезек сүртіп) Бəрі де рас, адасқан екем, кешірім етіңдер. Бұдан кейін мұндай істі істемеске алдарыңызда ант берейін. Мұғалім: Міне сын, өзара сынның қасиеті, өтірік-өсек таратып, баланы оқытпай қателесіп жүрген Өрікбай ақсақалдың бар сырын ашып түзетті. Осы істердің əшкереленіп түзелуіне себепші болған «шағылған төсек». Шымылдық. 1954 жыл. Сəуір
─ 218 ─ ҚЫРЫҚБАЙ (Бір перделі комедия) Қатынасушылар: Қырықбай – ұзын бойлы, кемиек, көсе, қара, барып тұрған күйгелек, дүниеқор, еңбексіз мал табуды ойлайтын, тілі ашты, бықсыма, қулығы бар адам. 45 жас мөлшерінде, кооператив мүшесі. Қамила – сұңғақ денелі, түсінігі жақсы, арық əйел. Қырықбайдың əйелі. Қалимаш – кооперативтің бухгалтері, 17-18 жастар шамасындағы өткір қыз. Уақыты: 1957 жылдың алғашқы көктем күндерінің бірі. Қырықбайдың киіз үйі, үйдің сырт жағы ғана көрінеді. Үй сыртында салынған текемет үстінде ақ дорбаға салынған орта дорба мақта ұрығы жəне ақ шүберекке бөлек қойған аршыған мақтаның ұрығы үюлі тұр. Бір шетінде ала сырмақ. Перде ашылғанда арқасында көтерген бір қап жүні бар Қырықбай шығады. Қапты əкеліп, ала сырмақтың жанына қояды. Қырықбай: (есікке қарап) Əй, тізген сүйек, қайда жүрсің?! (Қаптағы жүннің үстіне отыра кетеді. Үйден басында қоңыр жұқа шəлісі бар Қамила шығады). Қамила: Алдағың не? (Қырықбайға таяй береді) Қырықбай: (Басындағы төрт төбелі қызыл тымағын қолына алып, басын қос қолдап қысып, Қамилаға көзінің астымен қарап) Əй, бітті ме əлгі домалақ пəлең? Қамила: Нені, мақтаның ұрығын айтамысың? Қырықбай: Е, соны айтпай мен домалақ пəле деп басымды айтып отыр деймісің! Қамила: (ақырын ғана) Жарым дорбасы бітті, жарым дорбасы бар. Əкелсін деп жатыр ма? Қырықбай: (көзі шатынап, кекете сөйлеп) Жоқ, саусағын
─ 219 ─ санап, шəйін іше берсін дейді саған. Елдің қатыны арбалап істейді, сен тізген сүйек, дорбалап та толтыра алмайсың. (Кейіп) Құдай-ау, дорбамен норма тола ма? (Орнынан ұшып тұрады) Қамила: Байқұс-ау, шала-шарпы тазалап апарғанмен бола ма, таңдамаған ұрық өне ме? Барлығымызға кооперативтің өнімі керек емес пе? Қырықбай: (Қайтадан күйгелектеніп, құйрығымен қапты түйіп-түйіп жіберіп) О, бітеубас, қуыс кеуде сорлы. Өнім емес, саған ана қара қыздың беретін нөмірі керек, нөмірі, білдің бе, су ми сорлы. Қамила: (кейіп) Байқұс шіркін-ау, өнім молайса, нөмір молаяды. Өнімі жоқ құрғақ нөмірді асып жеймісің?! (Қамила қайтып үйге кіріп кетеді). Қырықбай: (тістеніп, екі қолын уқалап, орнынан ұшып тұрып, ары-бері жүріп) «Қатынның қырық қайласы болады» деген қазақтың жаны шықсын. Бар болса қайда жүр мұның қайласы? Иə, осы неме, қатын емес пе? Тазалап беру үшін мына бір дорба мақта ұрығын кеше алып еді, мəмпездеп əлі отыр. Құйқалап-сұйқалап өткізе салмайтын ба. Кім оның жақсы мен жаманын, құрттағаны мен биттегенін санап отырады дейді екен. Алла-ау, осында торғайдың миындай ми болсашы. «Ақылсыз басқа адырайған көз бітеді, дуасыз ауызға сылдыраған сөз бітеді». Елдің сөзіне еріп кетеді, сеніп кетеді, менің сөзімнен кегжиіп жеріп кетеді. (Аз ойланып) Əй, əй, əй, бір жапырақ еті жоқ қу сүйектің қай жеріне ақыл тұрсын. (Термоспен шыны алып үйден Қамила шығады) Қамила: (Қырықбайға шай құйып беріп жатып) Алдағың (иегімен дағарды меңзеп) əлгі арқан есетін жүн бе? Мынау бітпей несіне əкелдің? (Мақтаның ұрығын нұсқайды) Қырықбай: (Шайды алып жатып, көзімен ата қарайды) Осында жан таласып тізесін кеміріп жүрген қатындар қояды ғой саған. Қамила: Онсыз да кооперативтің жұмысы түгеп қалмайды. Бірі бітпей, бірін əкеліп, үйе бергеніңмен ол саған нөмір бола ма? (Барып мақта ұрығын арши береді)
─ 220 ─ Қырықбай: (Елеуреп) Əй, сопақ миы көлденең біткен сорлы. Сырттан тауып əкелу еркектің күші, ал оны істеу, бітіру үйдегі қатынның ісі екенін түсінбейсің-ау тіпті. Қамила: Байқұс шіркін-ау, оны ойдан орып, қырдан қырып əкелгендей болмашы əрі. Істеп үлгерсең онан басқа да жұмыс толып жатыр. Қырықбай: (Еңкейіп ұрықты таңдап отырған Қамилаға) Толып жатыр əкеңнің басы. Əкəу, өзің иттен қорыққан мысықтай жаурынданып отырып, құмалақ салған бақсыдай санап отырсаң қайтып жұмыс өнеді?! Қамила: Оу, тіліңе шоқ түссін. Қайдағы қу сөз сенің аузыңнан шығады екен, нең жетпей жатыр, алғаныңды адалдықпен істеп ал. Қырықбай: (Өзеуленіп) Үй, не оттап отырсың, мен істеп алмай, қашан ұрлап алыппын. Қамила: Анадағы жүгерінің ұрығын қалай тазаладың, ел не деді сонда? Қырықбай: (Сəл бəсеңдеп) Ей, былжырап, қырық жылғыны шыт жаңа қып сөйлей береді екенсің, менің айтып отырғаным өз пайдаң. Өнбейтін бірдемемен алыспай тез бітетін жұмысқа жүгіруің керек. Мені шатастырған сол өнбейтін құрғырың болатын. Өзің былшылдамай тез істе. Қамила: Жөн сенікі, өнбейді деп елдің бəрі алмасын, сонда мұны кім істейді? (Ұрықты тазалай береді). Қырықбай: (Қолындағы шынысын жерге қоя салып) Сен мынаны көпсініп отырсың, (қаптағы жүнді нұсқап) ойпырмау, əлгі Мықия қандай бəле қатын. Бəтшағардың өзі тойса да көзі тоймайды. Əй, түсінде де «нөмірі, нөмір» деп жататын шығар. Өзі күндіз мана басып жүріп, түнде есемін деп екі қап жүн алды. Анық ерлермен құқығы тең қатын сол, құдай біледі. Ол басқа əйелдерден құқықты да көп алған шығар-ау. Қамила: (мырс етіп күліп жіберді) Елді ғой «сопақ ми, су ми» дейсің, дөп-дөңгелек қою ми шіркін, құқық деген қапқа салып қойған жүн емес қой, ол көтере жөнелетін. Қырықбай: (тыжырынып) Болды, болды. Оу, кекейін қалғырдың кекеуін. Сен де құқықтан кенже болып отырған
─ 221 ─ жоқсың, сенің де сайтаның көбеңсіп болды. Жеті жылдан бері желкеңе бір жұдырық тиген жоқ. Қамила: Алла байқұс шіркін-ай, құсаланып арманда жүрсең, желкелеп тұр онда. Қырықбай: (Қамилаға көрсетпей көпке қарап астыңғы ернін бір тістеп) Болды, сүйреңдеме, ала қаптың аузы ашылып кетіп барады ғой. Өзің алдағыны тəспиығын тартқан Биеке молдаша санап қай уақытта бітірем деп отырсың?! (Қамиланы иығынан тартып). Сен ана арқанды есіп тез бітір. Нөмірді көп өткізгендерге ақшаны қанша сұраса беріп жатқанын көзің көрмей ме? Мен айналысайын, маған бер бұл домалақ пəлені. Қамила: Арқанның əзір асығысы жоқ. Сен өзің ана баққан малыңа бар. Мен бүгін-ақ бітірем мұны. Қырықбай: Мал деген жатыр. Сиыр деген қой емес, артынан қалмай бағатын. Күн жылы, бұзауласа тауып əкелем. Не тұр, саған жəрдемдесіп, бітірісіп жіберейін. Бастықтың бос уақытта қарап отырмай, əйелдер ерлердің, ерлер əйелдің ісіне көмектесіңдер дегенін ұқпаймысың? Бол! Ананы үйге ала барып, тамағыңды істе. (Текемет үстіне малдасын құрып, отыра қап мақта ұрығын қарбалақтата жөнеледі. Қамиланың қарап тұрғанын байқап қалып, бір талдан тазалайды). Қамила: (Бір қолына шыны мен термосты ұстап, қапты көтеріп үйге қарай кетіп бара жатып) Анықтап тазала. Жақсы ұрық зая кетпесін, шірігендерін, жартыкештерін алып таста. Қырықбай: Болды, баршы өзің, білеміз бізде. (Қамила үйге кіріп кетеді. Қырықбай есік жаққа бір қарап қойып). Еріккеннің ермегі ғой мынау. Əкеңнің көрін ұрайын, ошағанша бір-біріне жабысып, айырылмаса, қайтып тазалауға болады. Сығалап отырып көзден не қалады. Бітпегенін көрейін. (Уыстап, уыстап Қамила тазалаған ұрықтың астына көмеді). Өнуі мен өлуін құдай білмесе, Қырықбай мен тізген сүйек екеуі қайдан біледі. (Азырақ қалғанда кілт ойланып, Қамиланың шығарған қоқым
─ 222 ─ пырақтарын шашып жібереді. Артынан санын бір салып). О, қырсық шалған Қырықбай! Əлгі пəле қыз бұның боғында өлшеп алады емес пе?! (Шашып жіберген қоқымды көң-қоқырмен сыпырып əкеліп, оған тазаланбаған мақтаның біразын қосады). Қырына алғанын Қырықбай да жібере қоймас, (мойнын үйдің арт жағына бұрып) міне, залым қыз саған сыбаға! (Алдындағы қоқырды араластырып қояды. Келе жатқан Қалимашты көрмегенсіп, бар ықыласымен еңкейіп мақта ұрығын бір талдап тере бастайды. Қалимаш сахнаға шығады). Қалимаш: (Қырықбайдың қасына келіп) Сəлеметсіз бе? Қырықбай: (Енді ғана көрген адамша басын кілт көтеріп) Құдая шүкір, қалқам, əйтеуір берген ұғыныстарың бойынша істеп жатырмын. Халық үшін қалтылдап, жұрт үшін жүгіріп жүрген бір жаман ағаң. Ана біздің тізген сүйек, қазақтың «ақырын істеп, анық бас» деген сөзіне мүлде жабысып алыпты. Ал, өндіріс дегенді ұқпайды. Өндірісіміз (екі қолымен көрсетіп) өндіріп-өндіріп істеу емес пе! Қалимаш: (Тазалаған мақтаның үстінен бір уысын алып, алақанына салып, жазып көріп) өте жақсы таңдағансыз. Мынадан өнбейтін ұрық болмайды. (Мақта ұрығын ақырын сырғытып түсіреді) Қырықбай: (Күліп) Қалқам, жаман ағаң анада ұқпай бір қателесіп қалды ғой, болмаса кəрі ағаң арамдықтан аулақ, адалдыққа ауыл үй қонатын жан ғой. Біреу өнсе де, бірегей өнсін деп отырмын. Қалимаш: Дұрыс аға, ондағы бір кемшілігіңізді мына жақсылығыңыз жуып кетеді. Бұл барлығымызға ортақ иігілік емес пе?! Қырықбай: Солай, солай, біреулер шала-шарпы нөмір үшін істейді. Ал, жаман ағаң кооперативтің өмірі үшін істейді. (Жымия күліп) Əйтседе саған айтайын, былтыр сүт кірімі жақсы болмады. Өйткені қаймақ пен кілегей сауыншылардың өз қарнына кіріп кетті. Биыл мына тізген сүйек екеумізді бір бөліміне қойып көр. Əлгі жекеше боп
─ 223 ─ жүргенде екі қарын иіндіден бір қарын майды ала беретін ана тізген сүйек. Қалимаш: Оны үлкендерге айтыңыз. Ал, сауыншылар олай істемес, күндік өлшем бар емес пе? Қырықбай: (Қарқылдап күліп) Өлшем, өлшем! Əй, əй! Сəби, нəресте ғой жүректерің. Отыз литр сүттен он кило май шықпаса, қайда өндіріс, қайда өнімді іс. Бəйкүш бала, бəйкүш бала! Қайда кетіп барасың өзің? Қалимаш: Осы мақта ұрығын тазалап болғандарыңыз уағында өлшетіп, санға жеткізіп беріңіздер деп айтайын деп келдім. Қырықбай: Менікі аз қалды. Бір айналып келгенше бітірем. Бұл енеңді ұрайынды ешкім жеп жатқан жоқ. Өлшемей-ақ апарып берсем болмай ма? Қалимаш: (Күліп) Оны өлшемесек, қайсы біреулер аршудан ерініп, жарым-жартысын апара салады емес пе?! Қырықбай: Рас, рас! Мен басқаларша шала-шарпы істесем əлде қашан біткен болар еді. Көріп тұрсың ғой, майдан қылшық суырғандай істеп отырмын. Бара ғой, қайта оралғанда даяр болады. (Қалимаш келген жағымен шығып кетеді). Қырықбай: (Жымия күліп оның артынан қарап) Ым, қырағы қыз, пысық қыз, сенің көреген қырағылығың үстінде ғана, ал Қырықбайдың қулығы сенің көзіңді бояп, астында жатыр. Қарғадай қызды алдамасам, қарабаспай ма мені?! (Қарқылдап бір күліп алады) Үндеме, демің ішіңде болсын, Қырықбай. Өзі келгенше дорбаға салып тыңқита қой. (Мақта ұрығын дорбаға салып жатып) Тізген сүйектің ақмаржанымен асты-үстін өңей қойсам, жынды қыз қайдан біледі ортасында не жатқанын. Ел нөмірді істеп тапса, Қырықбай күштеп табады. (Дорбасына күле қарап) Мынау енді нөмір болмай шөп бола ма? Тізген сүйек! Əй, Тізген сүйек! (үйден екі жеңі түрулі, етегінде ешкі жүні бар Қамила шығады). Қамила: (Дорбаға қарап) Алла байқұс-ау! Машинамен істедің бе? Бірдемде қайтып бола қалдың?
─ 224 ─ Қамила: (қабағын шытып) Ол саусақпен сенің саусағың бір емес. Қырықбай: (тебітіп) Е, менікі саусақ емей, сиырдың сирағы ма? Қалай тазалаппын? Қамила: (дағардың үстінен бір уыс алып көріп) Нөмір үшін абыройыңды төкпе, бір нөмір алсаң да адалдықпен ал. Көптің ісіне зиян салмай ал деймін мен. (Разы болғандай шырай көресетеді) Қырықбай: (Жүресінен отырған Қамиланы сұқ қолымен шекеден нұқып қалып) Əй, миын сауысқан шоқыған бейшара, (Қамила еңкейіп барып тұрып кетеді) сен істемей көрші, қайсысы саған нөмірің аз екен деп бөліп берер екен. Қамила: (Оған күйініш білдіріп) Анадағың сияқты ел алдында қызарып тұрма деймін. Қырықбай: (Сөздің соңын тоспай долдана түсіп) Анада қайсысының əкесінің басына көр қазып, кімнің қазанын шағып едім, ə, айтшы қане?! Қамила: (Түрген жеңін түсіріп жатып) Сен көрді əуелі өз басыңа қазасың, көптің өніміне зиян саласың, қазанын шаққан деген сол. Қырықбай: (Күйгелектене тістеніп, Қамилаға тап-тап беріп, біреу көріп қоя ма дегендей маңайына жалтақтай қарап, ұруға бата алмай) Ойбай, аузыңа қан толғыр, қурап тұрған омыртқаңды опырып жіберейін бе осы. Көпке зиян саласыңың не? Құдай-ау маған жапқан қайсы пəлең бұл? Қамила: (О да ашулана түсіп) Жүгері тұқымын тазалағанда, елдің тазалаған жүгерісін ұрлап, бір ағаш жүгеріні бір жарым ағаш етіп өткізем деп бір сыналдың, ешкі түбіттегенде елдің тараған түбітін ұрлап екі сындалдың. Елдің еңбегін ұрлайсың, қазанын шағып, асын төккен деген сол. Қырықбай: (Сəл ажарынан сынып) Ей, тізген сүйек! Қамила: Е, сен де жырғап тұрсың, ат алып қашқан кемпір ауызданып. Қырықбай: (ажарынан сынып бір-екі жұтынып) Ей, қатын, бəйбіше, ол бір өткен іс, өтті, кетті. Ал, сен менің
─ 225 ─ дін сөзіммен айтсам құдай қосқан қосағымсың, ал партия сөзімен айтсам, сүйген жолдасымсың. Басқалар айтпағанда сен маған неге Сейтақынның қызыл əтешінше қожаңдай бересің? (мүсəпірсіп, мөлійеді). Қамила: Өйткені өзің Сейтақынның жауыр кəрі қоңыр атынша қырманға түскішсің. Сонан кейін көрінген ел айырын, сыбыртқысын ала қуады. Қырықбай: Адамды малға теңеме, ерлердің де құқығы бар. Қамила: Сен неге мені тауыққа теңейсің. Ағашты тез түзетсе, адамды сөз түзетеді. Сен басқалардың айтқан сөзін ұқпайсың (ала сырмақтағы жүнін түте береді). Қырықбай: (Өз басын өзі нұқып) мынау Тоқтасын ұстаның көрігі емес ішін жел кеулеген, бұл – бас. Ел де айтты, сен де айттың, бəрін де ұқтық, білеміз. Қамила: (Кейіп) Білесің?! Біле тұра білмейсің. Қырықбай: (Тағы көтеріліп) Үй! Мынау не жұмбақ, қай ежік. Білген адам неге білмейді? (Қамилаға шақырая қарайды). Қамила: Тілің біледі, ділің білмейді. Сөзді құлағыңмен емес, мұрныңмен естисің (жүнін түте отыра сөйледі). Қырықбай: (таңданған бейнемен) Оу, тоба! Құдай-ау. Осы сені оқытқан қандай молда, Еренбек молдадан екі жыл ежік үйренгенде дəл осылай ежік естімегенмін. Түсіндірші жұмбағыңды? Қамила: (жаратпаған бейнемен) Ұқпай тұрған шығарсың. Құр жəдігөйлік не керек, сөйлесең сөзің мірдің оғындай. Дүние десе, пұл десе, нөмір десе етпетіңнен түсесің. Еңбек десе шалқаңнан түсесің. Алғанды білгенде, істеуді де білу керек. Қырықбай: Болды, болды! Көктемдегі ешкідей желдеп кетіп барасың ғой тағы да. Істемесем топты сиырды қайтып бағып жүрмін. Мен саған əуелден-ақ «осы пəлесіне жоламайық, үйреніскен малмен болайық-ты» айтқанда қашан ұнадың?! (күйгелектеніп) Құдай-ай! Қыл көпірге жеткізбей-ақ тозаққа салып болдың-ау мені!
─ 226 ─ Қамила: (байыппен салмақтап сөйлеп) Шіркін-ау, ойласаңшы! Жеке малда жүргенде қашан өстіп аузыңнан ақ нан кетпей отырушы едің. Жаздың бір-екі айының ағы ғана болмаса, нан емес, тары-талқан үшін бірің екі болмай келмедің бе? Қырықбай: (Сөзден жеңілгендей желкесін қасып аз отырады да көпке қарап) Осы сөздің бəрі қай жерінен шығады. Ет орнына құдай сөз берген ғой дейім, осы тізген сүйекке. (Алыстан əндетіп келе жатқан Қалимаштың əні естіледі. Қырықбай абыржып) Қатын айтқаныңның бəрі де жөн, ұқтым. Жаңа «түстен кейін қатты жел болады» деп ұқтырды, алдағы жүніңді үйге апарып түт. Тез бол, тез. Түс ауып барады. (Өзі абыржи бастайды) Қамила: Ауа ашық, жер жазық, қайдағы жел? Қырықбай: Анада «қарлы боран болады екен» деп ұқтырғанда, сол айтқан сағатында болғаны есіңде жоқ па? Жоқ, үкіметтің сөзіне сенбеймісің? Бол! Бол! Егер жел шықса алдағы жібекше түткен жүніңді аспаннан бірақ көресің, тез! (Қамиланы сырмақтан төңкере тастап, жүнді сырмағымен үйге енгізеді). Қамила: (Таңырқап) Жын қақты ма мынаны? Қырықбай: (Үйден қайта шығып) Бол, бол! Үйде істе, мына егін айдағандар мен арбакештер, малға шығатындар арқан-жіп деп өліп жүр. Көптің ісі уағында біткені жақсы. (Қамиланы қақпайлап үйге енгізеді де, қайта шығып түк сезбеген адамдай төмен қарап малдасын құрып отырып, қоқымдар арасынан ұрықты тергіштеп отырады. Қолында таразы бар Қалимаш сахнаға шығып Қырықбайдың қасына келеді) Қалимаш: Болдыңыз ба? Қырықбай: (енді көрген адамша басын селт еткізіп көтеріп) О, желаяқ қызым, басқаларды аралап та үлгердің бе? (Екі қолымен тізесін тіреп əрең тұрған адамша созылып) Алла белім, (тəлтіректеп) Аллау, тізем тас болып ұйып қапты ғой (қолындағы екі-үш тал мақта ұрығын дорбаға салып). Құмалақ салған бақсыдай санап əрең болдым. Ол
─ 227 ─ құрғырлар төрттен санайды емес пе, мен бірден санап əзер болдым. Қалимаш: Онда өлшеп алайын. (Таразысын дұрыстап жатып, есікке қарап) Шешем үйде жоқ па? Қырықбай: (ойланып барып) Жоқ, үйде жоқ. Осы күнде адам үйде отыратын уақыт па?! Қалимаш: Ол кісінің əлгі арқан-жібі бар емес пе еді есетін, басқа қайдағы жұмысқа кетті. Қырықбай: (сасқалақтап) Неменесі еді əлгі, (самайын қасып) əлгі, əлгі, е, қалған ешкілерді түбіттеуге кетті. Қалимаш: (Қолындағы таразына сырмақ шетіндегі жарамсыз ұрықтарды салып өлшеп жіберіп) ойпыр-ой, 20 кило ұрықтан бір килодан артық жарамсыз қалдық қайтып шығып кетті? Қырықбай: (абыржып) Қарағым-ау, енді ол қоқсықты мен қосты деп тұрмысың, қойының жүніне топырақ сеуіп, су бүркіп, сататын сыған байлар мен емес. Қалимаш: (Жарамсыз ұрықтарды қолымен араластырып қарап тұрады) Мен өз бергендеріңді өлшей берем. (Қалимаш Қырықбайға көзінің астымен қарап, аршыған мақта ұрығын өлшемек болады). Қырықбай: (Көпке қарап) Ел тас санаса, бұл құм санайды. Қаршадайынан қағынған не қылған қыз. (Үйден Қамила шығады. Қырықбай оның алдын кес-кестеп Қалимашқа жібермейді. Былай жүрсе-былай, олай жүрсе олай алдын кес-кестей береді). Қалимаш: (Өлшеп болып күліп жібереді) Мынау өзі 20 кило, анауыңызбен 21 кило. Сонда сіз өз жаныңыздан бір кило ұрық жəрдем еткен болдыңыз ба? Қырықбай: (Оны шын айтып тұр екен деп ойлап) Болды, қарағым, болды. Біздікі – көптікі, көптікі – біздікі, солай емес пе? Өзің жөніне қарай көрерсің. Қалимаш: (Қатуланып) Жоқ, ақсақал, бұныңыз көмек емес, қиянат. Қырықбай: (О да қатуланып) Қарағым, аз шықса қиянат, ал, артық шықса несі қиянат?
─ 228 ─ Қалимаш: Олай емес, ақсақал, біреу – біреу де, екеу – екеу. Қамила: (Күйініп) О, албасты басқыр арамтамақ, наурыз көжедей былықтырған екенсің ғой. Əй, құдай алмады-ау сені, ұялмадың-ау, ел-жұрттан (дорбаға ұмтылады, Қырықбай оның алдын тосауылдайды) Қырықбай: Мен қайтіп былықтырыппын?! Осы пəлеге жолама деп едім-ау! Осы ел еңбегіңді біле ме? Қиын болса, біраз дым жерде қалған шығар. Кепкен соң өлшеп алмай ма? Таза аршылған соң болды емес пе? (Қалимашқа қарап) Қарағым, маржандай таза аршылғанын өзің де көрдің ғой жаңа. (Қамила дорба ішіндегі мақтаны кигіз үстіне төкпек болады. Қырықбай оның қолынан жұлып алып) Біреудің істеген ісінде біреудің жұмысы не?! Қалимаш: Абыржымаңыз, аға, айыбыңыз ақ дорбаға симай тулап шыққалы тұр. (О да барып, дорбаға жармасады. Қырықбай қоя беріп, оларға қарап тұрып қалады. Қалимаш көң, топырақ араласқан ұрықтарды көрсетіп) Мынаны көріңізші?! Мақта ұрығында осыншама көң мен топырақ бола ма?! Қырықбай: (міңгірлеп сəл мойындағандай) Үй, шырағым мен аспаннан топырақ жаудырып, жерден көң өндіріп отыр деймісің. Менің қай əке-бабам мақта салыпты. Шаманың келісінше істедім. Қалимаш: Білмесеңіз несіне жармасасыз. Сізден басқа қайсы қазақ бұрын мақта салған екен? Бəрі де үйренді, тіпті сізден қарт адамдар да істеп жүр ғой. (Қамилаға қарайды). Қамила: О, қу ауыз, құдайдың саған сақал бермегені де осы қылығың ғой. (Мақтаның ортасындағы аршылмағандарын Қалимашқа көрсетіп). Əкем-ау тіпті сол бойы, міне, аршылған жоқ. Қалимаш: Туһ! Ағатай, көп пайдасын көрмейтін қандай адамсыз? Қырықбай: (Қамилаға тұра тебініп) Əй, əкеңнің ғана... Сенен-ақ өлдім-ау! Қарғадай қызға сақалымнан алдырып. Қалимаш: (Ара түсіп сасқалақтап) Қойыңыз, ағатай! Менің қолым қашан сақалыңызға барды. (Қамиланы үйге
─ 229 ─ қарай жетелейді. Қырықбай басы салбырап тұрып қалады). Қамила: Ой, сұмпайы! Қу басыңның күйітінен көр. Ашкөз, дүниеқорлығыңан көр! Ə, саған кооперативтің өмірі керек емес, Қалимаштың беретін нөмірі керек қой. Ал, алған нөміріңді ертен жұрт алдында асып же! Бүйтіп тірі тұрғанша өл, өлгір! (Қамила мен Қалимаш үйге кіріп кетеді). Қырықбай: (Жан-жағына алая қарап, өзіне-өзі қатты кейігендік білдіріп) Əй, өзім де итпін ғой. Көптің көзін қалай алдайым дедім. Анадағым – анау, бүгінгім – мынау. Баққан малымды бағып жүре бермей нем бар еді?! Ал істеген соң неге дұрыс істемедім. Ит басты, сиыр аяқты қып жаратқан Алла ми орнына ірің бердің-ау маған. (Гүрс етіп құйрығымен отыра кетеді). Шымылдық.
─ 230 ─ ӨЛЕҢДЕР ƏЙЕЛДЕР МЕРЕКЕСІ ҚАРСАҢЫНДА Сіздердің зор қуаныш бүгін мейрам, Бір күнің шығармайтын мəңгі ойдан. Үшінші ай сегізінде Чикакуде Теңдігін əйелдердің жолға қойған.
Осы күн əйел туған көзін ашқан, Теңдіктің жемісінен шашу шашқан, Қаулыда халқаралық қабылданып, Теңдігі əйелдердің жүзеге асқан. Мың тоғыз жүз жиырма төртінші жыл Майданға Қытайда да қойылды бұл, Сонан бастап қоғамға қатынасты Шыққандай бəйтерекке асылып бүр. Қоғамға сонан бері қатынасты, Əдеттің ұйқысынан көзі ашты. Құрылып əйел атты құрлыстар Күн санап ұйымдасып қосты басты. Қазір де ермен бірге етеді еңбек, Жолына Қытай азаттық етіп селбек, Тапқырлық, данышпандық, шеберлікпен Əйелдер көп көрсеткен талай өрнек. Сөйтсе де əдеттен бар аса алмаған, Сезініп ұйқыдан көз аша алмаған. Ағымына дəуірдің көз жіберіп Есігін теңдік жолдың баса алмаған.
─ 231 ─ Шет өлке əйелдерден қағып міндет, Қоғамға өте сирек етті қызмет. Түсінбей білім тегін жүргендердің Өміріне ішқұса боп өкінем кеп! Міне оған азсандылар сіздер айна, Жүргенге жолын білмей əрбір сайда, Айладан барып өзін көрсе-ау шіркін, Кім сорлап, ап жүр екен кімдер пайда. 1945 жыл, наурыз
─ 232 ─ АДАМДЫҚТЫҢ СЕРІГІ Адамдықтың серігі сергек сезім, Сездіреді бір істің болар кезін. Сезім оған сездіріп келешегін, Айырады ақ-қара алтын-жезің. Ерте ойлайды ол бір істің болжап парқын, Қымбатты ма, арзан ба өлшеп нарқын, Алдын көріп бір істің артын сезіп, Мынадай деп қортады оның артын. Ойлайды ұят, намыс келмес жағын, Сезімменен шарлайды болашағын. Сондықтан бұған өсек ермейді де Сындырмайды, сақтайды мəңгі сағын. Мен білсем сезім адам жетекшісі, Билейді еркін еркіңді жетсе күші, Сезгіш сезім болғанда алға басып, Өз орнынан шығады ойдағы ісі. Бір дененің ұлығы осы сезім, Сезімсіз жұмғанмен тең екі көзін. Жұмып ап екі көзді жүре берсең, Əр нəрсеге соғасын өзіңді өзің. Сезбегеннің шын аты көзді соқыр, Ол аяғын басады апыл-топыл. Жүре берсе еске алмай алды-артын, Ұрынады ұятқа барып ақыр. Қасиетті сақтай біл адамгершілік, Болмас іске ұрынып қылма ерлік. Басына ұят орнап, ар төгілсе Ондайларда не қалды адамдерлік.
─ 233 ─ Адамдықты ойласаң ертеден сез, Ұятты іс кез келсе сен одан без. Етер істің алдымен түбін болжа, Адамдығың өшпейді сонда əркез. Етер істің əуелі түбін ойла, Адамгершілік азығын жинап бойға. Қызық деп, пайдалы деп артын сезбей, Ұятқа қап адамдық арын жойма! Не істесе əркімнің бар ерігі, Жақсы болмақ əр кімнің бар жерігі. Жақсылыққа жалтармай жеткізетін, Сезгіш сезім адамдық шын серігі. Адамдықтың серігі болады осы, Шын ақиқат шынайы мұның досы. Ұрлық, өтірік, ғайбатшы, зиянкестік... Адамдықтың отаспас анық қасы. 1945 жыл, сəуір.
─ 234 ─ ЖАЗ ТОЙЫНА Көгеріп көтерілді биік аспан, Ызғарлы əуе айықты күнді тосқан. Жер-дағы ақ көрпесін ашты жыртып, Көрсетпей ашығына бетін басқан. Күн күліп, былайша деп көтерді бас: - Жер ғашық, ояндың ба? Ұйқыңды аш. Мен жеңдім кедергіні арадағы, Аймалайын қыстайғы мауқыңды бас. Сол-ақ екен, бұлт көшті түйдек-түйдек, Қылышы сынып қыс кетті сабын сүйреп. Қаңқылдап жерден тілеп сүйіншіні Тізіліп əн сап келді қаз бен үйрек. Күн сұлу жер ғашығын еппен үрлеп, Қытықтап оянсын деп тұр күлімдеп. - Екеуіміз қосылар шақ жетті, дейді,– Теңге тақ, қызыл-жасыл жасан бүрлеп! Құрсанған денелерді суық батып, Көтерді жерде басын қалған жатып, - Шын жетсе уақытың бетімнен сүй, Сонда сенем, бүрленем шешек атып. Күн бұған тұра ала ма мойын имей, (Жүретін əзер шыдап қолы тимей). Жердің қатып жатқаны ғашық дерті, Расында жазылмас беттен сүймей. Лезде келді күннің де жылы лебі, Жолының азы қалды, өтіп көбі. Арши бер сай-салаңның кірін жуып, Əбсəтте-ақ құшақтайды келіп сені.
─ 235 ─ Дайындал кілем төсеп, алқаңды асып, Шығасың құмардан бір мауқың басып. Тойыңда екеуіңнің көп мақұлық Ойнайды бойын жазып, көңіл ашып. Үстіңе жамыласың торғын көрпе, Төгілген шашақтары ұзын-келте. «Көгер» деген алғысты сендерге айтып, Тойлайды жан иесі құлаш серпе. Жер қашан киінер деп теңге тағып, Үмітті жұрт шырайы күлім қағып, Күн мен жер жаз шыққанда жасайтұғын Тойыңды екеуіңнің отыр бағып. 1945 жыл, сəуір
─ 236 ─ ЕНДІГІНІҢ ҒАШЫҒЫ Ендігі ғашық, Болуға асық, Кез келген нəсіп, Ғашықтық перде жамылған. Болдым деп ғашық, Асығып, сасып, Айнысып, тасып, Көрмесе бір күн сағынған. Көрмесе күйіп, Кезіксе сүйіп, Бір-біріне тиіп, Тоқтай алмай қабынған. Отқа сап жанын, Пайда қып барын, Қызулы жалын, Бір-біріне табынған. Болам деп құрбан, Келсе деп тұрған. Көңілін бұрған, Аласұрып абынған. Байқамай сырын, Бір қарап түрін. Таныстай бұрын, Сол ғашығы табылған. Ол танып жеңіл, Сүйді деп көңіл, Махаббатты өмір – Жолын білмей жаңылған. Қарамай тегін, Артық не кемін,
─ 237 ─ Тапса егер ебін, Сəулетін көріп таңылған. Біраз күн жүріп, Ыржыңдап күліп, Кейіннен біліп, Бармағын тістіп аңырған. Бұл көрсе қызар, Кейін ант бұзар, Ар-намысы тозар, Еш нəрсе жоқ сабырдан. Азайса малы, Нашарлап халы, Қырындап жары, Кетем деп сенен қағынған. Сүйіскен, сүйген, Жалындап күйген, Мал үшін тиген, Қане мұнда махаббат. Басында сүйдің Жарым деп тидің, Бір сен деп күйдің, Қалай саған болды жат? Мал сүйме, жар сүй, Өмірлік бас іи, Өзара ет сый, Адамды сүй, адамзат. Сүйдің, бірге өл, Не көрсең бірге көр, Өмірлік бірге бол, Сол махаббат! Сол қымбат! 1946 жыл, қаңтар
─ 238 ─ ОҚУШЫҒА Ертеден біздің қазақ өлең құмар, Газетке жазғанымды не деп ұғар? Ермек үшін жазған деп еріккенде, Əңгімелеп, əнге сап жүрген шығар. Жазбадым өлең қылып, əн салсын деп, Бермедім ауызда айтып жан салсын деп, Елді ұқсын, елдікті ұқсын ер-азамат Деп жазамын түсініп пайда алсын деп. Болмаса жүргенім жоқ сыналғалы, Сөзбенен тар қоғамда шыңалғалы. Болмаса əңгіме үшін өлең жазып, Атымды жүргенім жоқ шығарғалы. Жазбадым атақ үшін, аброй үшін, Не үшін жазғанымды айтам, түсін! Сөзімнің сырты ұйқасар, іші ұйқы ашар, Жаттамай сырт қабығын, ішін түсін. Еліме өлең жаздым тарту үшін, Тосқауыл надандықты тарпу үшін. Көргенде кемдігіңді қаным қайнап, Азырақ ашты тілмен шарпу үшін. Еліме өлең жаздым оянсын деп, Келешегі бақытқа боялсындеп, Айтаберсем мінеліп мінің тозып, Надандықтың көзін бір жоярсың деп. Еліме өлең жаздым біріксін деп, Салақтық, надандықтан үріксін деп. Алдынан қаламменен салдым ұран, Сескеніп бас көтеріп күдіксін деп.
─ 239 ─ Еліме өлең жаздым көтермелеп, Аша ма деп ұйқысын сөзім демеп, Мен аз айттым, қазаққа айтқандар көп, Ел ұйқысын ашуға деймін себеп. Қазаққа деп жазамын қамалмасын, Ел болу ережесін амалдасын, «Арқада қалған қазақ аң секілді» Деген атақ үстіне жамалмасын. Қазаққа осыны айтам қорынба деп, Пайдасыз зиянды іске ұрынба деп, Қазағым бұл сөзімді еске алмаса, Қорқамын осы менің сорым ба деп. Бұл сөздер өлең қазақ жастарында, Өлеңсінді керегенің бастарын да. Сөзін ұқпай, газет деп өзін ұғып, Тығып қойма кереует астарына! Сондықтан оқушыдан өтінішім, Əңгіме деп танымай жете түсін. Аз да болса еліме танытса екем, Білім менен еңбектің ұлы күшін. 1946 жыл, маусым
─ 240 ─ КЕЛ ҚАТАРҒА
Көріп өмір гүлдерін, Жас ағаштың бүрлеуін, Кенже жүрген еліме Кеп тұр менің үндегім. Береке қылып көтер бас, Ұйқыда жатып болма мас. Түн өтіп, таң сызылды Басыңды көтер, көзіңді аш! Тастайық енді салақты, Арттырайық талапты, Келіңдер, ұмтыл, алға жүр Тезінен серпіп қанатты. Тастайық енді «шылықты», Келіспейтін қылықты, Үйреніп бойға жинайық Жақсы мінез-құлықты. Көзіңді жібер алысқа, Намысың үшін қарышта, Сыбағалы еншіден Есеңді ал, қалыспа! Оқуға бер баланы, Толтырсын олар шаланы, Ірге теуіп тұрақтан, Сен де орын қыл қаланы. Ғылымның солай тап ебін, Асылдатып мал тегін, Жалғыз малға жабыспай, Жерді жыртып сал егін.
─ 241 ─ Мал дегенде барасың, Мал үшін жанды саласың. Өнер менен білімнен, Неге артта қаласың? Түзе енді жүрер жолыңды, Қусырып тұрмай қолыңды. Еңбек етіп, нəсіп тап, Тілеймін сенің соныңды. Кел қатарға шақырған. Шалғын боп шық тақырдан. Сен құлақтан озып шық, Мүйіз болып ақырдан. 1946 жыл, маусым
─ 242 ─ КЕҢЕС Ынтымақ, бірлік болмаса, Бет-бетімен кетер, ел болмас. Құралмаса тамшыдан, Құрағы бітік көл болмас. Қолында құрал болмаса, Жауын алар ел болмас. Қолыңда ұқық болмаса, Басқамен басың тең болмас. Тер төгіп еңбек етпесең, Тұрмыстың түрі кең болмас. Халқыңда сауат болмаса, Кəсібіңде өң болмас. Қарусыз, көзсіз, ұқықсызБолса, кімге жем болмас. Үйде отырып бақырған, Сырттағыға дем болмас. Сүймесе өз көңілің, Дəрілегенмен ем болмас. Талпын, талпын, талаптан, Дəуірден қалу жөн болмас! 1946 жыл, маусым
─ 243 ─ МАҚТАНШАҚ Ісіп-кеуіп желденіп, Өзіне-өзі дем беріп, Жоғарғыға өзін тең көріп, Өршелене соққан борандай, Батыр да өзі, бай да өзі, Асқар да өзі, сай да өзі, Мақтанып айтқан əр сөзі Секірген жардан қояндай. Мақтаны елге ашылып, Абройы шашылып, Кетейін десе басылып, Амалсыз жүр қоя алмай. Қоя алмасаң кел мақтан, Болса өнерің сол тапқан. Ұзаққа барып айт мақтан, Жақында жүріп боялмай. 1946 жыл
─ 244 ─ АЛДАНАДЫ АДАМЗАТ Қызыл тіл қызулы от қызба желік, Кетеді кейде аяңдап, кейде желіп. Келгенде қызба жері қызарақтап, Кетеміз ойға салмай соған еріп, Бекітіп ақыл ойға қақпай қазық, Ұшқыр тіл ұшығына жүрміз азып. Отыз тіс ие болмай қызыл тілге, Бəріміз осы тілден жүрміз жазып. Сақтаған адамдар бар өзін берік, Бəріміз де осыған құмар – жерік. Ақыл-ой, адамшылық аялдамай, Бір нəпсінің кетеді соңына еріп. Соныменен табамыз іздеп азап, Бір нəпсі бар денені етіп мазақ. Сол нəпсіге ұттырып ақыл-ойды, Алданады адамзат, содан азад. 1946 жыл
─ 245 ─ КІМГЕ ТИСЕ, БҰЛ СОҒАН Ел қадірін ел білсе, Елдікке сонда өткенін. Ел қадірін ер білсе, Бірлікке сонда жеткенің. Наданға ғалым үйретсе, Сонда еңбек еткенің. Нашарды жуан көзге ілсе, Зая болмас еткенің. Осындай болып бірлессе Шын елдікке өткенің. Қайтып елге ер боласың, Теріс жолға беттедің?! Ел азаттығы жолында Биттей селбек етпедің. Ел пайдасын көздемей, Жемтік қуып шеттедің. Іздегенің бас пайда, Халқына іздеп дұшпандық. Ел еріне атып оқ-найза, Бұл теріске қашқандық. Бой тазалап, бет сақтау, Артқа сүйреп басқандық. Дəндетіп тартқан шырғаға Кеудесін беріп ашқандық. Шаталастың, сатылдың, Жолыңа жуа, бар, айда! Адастың сен, шатылдың Жолсыз түсіп тар сайға. Дұшпанға барып қатылдың, Рақым жоқ саған əр жайда. Өзіңе от боп атылдың, Ұят қайда, ар қайда? Еліңді көріп жай дедің,
─ 246 ─ Алыстадың жік салып. Дұшпанды көріп «ау» дедің, Құшағың жайып қарсы алып. Надан ел де оянар, Қара мен ақты айырып. Ақиқат нұрға боялар, Алар сонда айырып. Оған шейін аса бер, Жемтікке тойып ақ шиіп. Тазарар бұзықтан ел мен жер, Қаласың сонда қақшиып. Таң атып, шықса күн күліп, Ел алар жеміс қойындап. Қаларсың сонда бір біліп, Өкінер өзі-ақ мойындап. Бұл ғибрат айтқан сөз. Жалпыға бірдей жанатып, Сондайлар бізде болса кез, Айтқаным соған қаратып. Бар ма бұл бізде, ия жоқ па, Көз жеткізер ел оған. Бұл бір сыным, соқпағымКімге тисе, бұл соған! 1947 жыл, қаңтар.
─ 247 ─ АҚИҚАТ НЕДЕ? Сенде ақиқат, менде ақиқат, көп пе ақиқат? Əркімде жүре берер деп пе ақиқат? Əр адам бір-бір талдан ұстап ап жүр, Осы құрлы ақиқат шөп пе ақиқат? Ақиқат деп таниды өзі ойын, Шын ақиқат қайда тұр бұрмайд мойын. Ақиқат деп кей біреу бас пайдасын Қуанышпен тойлап жүр соның тойын. Кей біреу ақиқатқа таласып жүр, Талайлар ақиқатпен жанасып жүр. Кейбіреу ақиқаттан үміт күтіп, Іздесем табамын деп бал ашып жүр. Кейбіреу тапқан ақшам ақиқат деп, Ақиқат арнасынан адасып жүр. Алдамшы түлкі мінез кей адамдар Қайлалап шықпас жанға таласып жүр. Ақиқат анығында немене өзі, Жетеді ақиқатқа кімнің көзі? Əр қайсысы ақиқат деп күпілдеп жүр, Шын ақиқат, шындық па соның сөзі? Ауыздағы айтқаның шала ақиқат, Іс жүзінде көрінер дəл ақиқат. Осы күнде көп жастар, қарап тұрсам, Төрт қалтасы томпайған бəрі ақиқат. Жетуге ақиқатқа бірлік керек, Бірлікке жету үшін тірлік керек. Бірлік те, тірлік те жоқ айғай-ұйғай! Ақиқатсыз осыдан шығады ерек.
─ 248 ─ Шын болса ақиқатың ақиқат дəл, Білмегенді қасыңа шақырып ал. Мына жол ақиқатқа барады деп, Түсіндіріп туралап есіне сал. Дəл таны ақиқатты туған кісі, Бел байлап ақиқатта тұрған кісі. Оңашалап ұстаған бір ақиқат, Жалғыз оның келеді неге күші. Насаттанба, жігіттер, бос аптықпа, Ақиқатты көрсетші алып шық та, Ақиқатты құрап кеп біреу-ақ қыл, Ақиқат еркіндік пен азаттықта. Демеңдер ақиқатты о да – бұ да, (Ақиқат турашылдық болады да.) Ел шықса еркіндікке сол ақиқат, Ақиқат анық шындық болар сонда. 1947 жыл, ақпан
─ 249 ─ НЕНІ СҮЙЕМ, КІМ ИЕМ? Тең басқан таразыдай теңдік сүйем, Қыспақсыз тұсауы жоқ кеңдік сүйем, Теңдік пенен кеңдікке ие қылса Сол сүйкімді, сүйекті менің ием! Ауызбен жас баладай алдағанға, Менің-дағы тұрады қоздап кием. Айғайласа таудағы біз арыстан Еркіндікте еркелеп өскен иен. Айғайласа айдындап аттанамыз, Мерт қыламыз меселін, десе тием. Басқа сүйер əлемде не нəрсе бар, Ерік жоқта еңкейіп қатар жүйем. Бұл əлемде теңдік пен əділдікке, Ентелеймін, еңкейіп басымды ием. Тең теңдік, теңдес ұқық, əділеттілік Қайтпастан, қажымастан соны сүйем. Дəуірдің осы күнгі бір ісіне, Шыдатпайды ұжданым жанып-күйем, Егер де болмағанда анық теңдік Мен тентек тепкіленем,темір кием! 1947жыл, ақпан
─ 250 ─ СҮЙГЕН АНАМ Көрген күн бəрі күңгірт ата-анасыз, Қуаланды түрткіде ол панасыз. Тілегін ата-ананың танымастан Есірік еркелеген ер санасыз. Ата-ана сен туғанда тілегі бар, Тілектің терең тілеу тірегі бар. Қымбатты ата-ананың тілегі үшін Ер істер ерінбестен жүрегі бар. Тапқанда мені анам ұл деп тапқан, Істейтін ұлт, отанға «құл»деп тапқан. Ер еңбегі елдікі адал туса, Ұлт, отанның жолында бол деп тапқан. Мен ана емес сенің елің ана, Мен саған тəрбиеші болған ғана. Қорғаның, қорғаушың сол, соған істе, Ер жігіт елге құрбан болса сана. Жалғыз-ақ менің ақым ана сүті, Қорғаны ер жігіттің елі-жұрты. «Сені тапқан анаңа мың рақмет»,– Дегізсең ұлт, отанға, тілегім сол! Мен ата емес, шырағым, елің ата, Ел мекені-ен байтақ жерің ата. Ел-атаң, жерің-анаң, ата-анаң сол, Адал ұл соған істе жүрмей қата. Ұрпақ туды деп қуанған тағы да елім, Нəсіліміз жоғалмас деп орнап сенім. Ата-ана үміт күткен елім, жерім Жұмсалсын өзің үшін барлық терім.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру