Қырандар мен қазақтар
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Авторы: Мақпал Жұмабай
Мақпал Жұмабай Қырандар мен қазақтар Қазақстан Кең далаға төгілген нұр, араймын, Шалғыныңа байланған құралаймын. Айдындарым, тауларым, ормандарым, Мен өзіңнен ешқайда ұзамаймын. Өзіңменен жаралған жарасым ба? Батырлық та, ерлік те бар осында. Сезіледі мәңгілік бір ұлылық Алтай менен Атырау арасында. Сен жасадың дәуірлік жаңалықты, Құдіретіңді сондықтан ғалам ұқты. Үзеңгіден басталған өркениет Тасқа басып қалдырды даналықты. Сескенбейміз.Тынбаймыз. Құламаймыз. Біз кішкентай Мұхтар мен ұлы Абаймыз. О, замандас, сездің бе, кең даланың Үміттерін көтерген Толағай – біз.
Сол даланың сарынын, жидым әнін, Тамырымнан жүйткіген күйді ұғамын. Сенің барлық қайғың мен мұңдарыңды Жұдырықтай жүрекке сыйдырамын. “Басы барды идірген” дана бабам, Күлтегіннің рухына қара, балам! ХХІ ғасыр тұр буырқанып, Қазақстан картасын даралаған. Жылайды өлең немесе күледі өлең Дүбіріңе күн сайын жүрек елең. Мен таңертең ұйқымнан, әруақтанып Қазақстаным бар деп түрегелем! Шетелдіктер осы уақытқа дейін Қазақстаннан 6014 бала асырап алды. 2007 жыл Тілің, Дінің және басқа есімің – Мені өлтіріп бара жатқан осы мұң. О, сормаңдай бүлдіршінім, бұл үшін Ешкім сенен сұрамайды кешірім.
Біздер жетім жылатпайтын асыл ек, Бол, тезірек, қасиетсіз ғасыр өт. Туған жерді сүю деген ұғымды Сезіне алмау – қандай ұлы қасірет. Төрткүл жұртқа елеңдеген жайымды ұқ, Төрткүл жұрттан жоқ іздеген жайымды ұқ. 6014 нәрестені біз Қазақ болу бақытынан айырдық. Түсін мендік арпалыс пен ашуды, О, біздің рух неге сонша басылды. Олар енді ержетеді Абай мен Танымастан ұлы Әбу Насырды. Жусанның да – иісі туған жерде тек, Ғұмыр мәні – сені туған елде тек. Өркениет өнегесі болмайды Сәбилерін саудалаған мемлекет. Отаным-ау, Отаным-ау, асылым, Арпалысқа толы сенің ғасырың. Жетімдерге шеттен пана тапқанша, Тапқын жетім болдырмаудың тәсілін.
Жетімдерін жебеу керек жетер ел, Мен бәрібір намысыңды көтерем. Көкек-ана болса болар өмірде - Мұмкін емес бар болуы көкек ел. Бөбектерім, қадіріңе жеткен кім. Жауқазыны жылап тұрған бөктермін. Туған жердің қасіреті, қайғысы – Сендер сонау мұхит асып кеткен күн. Дүниені кезіп кеткен құйттай мұң, Көздеріңнен тамып түскен шықтаймын. Белгісізге бет алғанда тағдырың Қалай тыныш, қалай тыныш ұйықтаймын. Жүрегімнің жан-айқайы, алаңы, Дүниеде бір ақиқат бар әлі: Сағыныштың кернеп ұлы азабы Туған жерін құс та іздеп табады! Құстарды ешкім күтпейді Құс тұмауынан әлемде 89 адам қайтыс болды Газеттен
Отаны оған бағалы Орманы оған бағалы. Құс адамнан ақылды, Құс адамнан саналы. Жүрегі оның жаралы, Жүрегі оның қаралы. Туған жері де, өйткені. Жерініп теріс қарады. Ашылып кетті араны, Құсқа да жала жабады. Адамдар ғана осындай, Опасыз бола алады. Қоштасып айдын сауықпен , Құстарға неге жауықты ел? Ендіктер мен бойлықтар, Қарайды көкке қауіппен. “Әлемге қетер төнді ме? Құс адамзатты жеңді ме?” - Теледидар мен тораптар, Айтатын басты әңгіме. Сылдыр да сылдыр тиындар Санады өңкей жиындар. Дөңгелек үстел өткізді Халықаралық ұйымдар. Базары құстың тарқады, Базары құстың тарқады. Құдайдан қорықпайтындар Құстардан бүгін қорқады!
Жетпеді атом бомбасы, Қаруға толы қоймасы. Дүние сені жұтудың, Табылды жаңа айласы. Жау жүр ме, Ұлы қоныста, Құстар-ау, құстар болыспа. Килікті әлем сендермен, Бактериологиялық соғысқа. Ауруды қолдан жасаған, Дей алман сені – Есалаң. Көз жас үшін құстардың Ей, Заман, сенен өш алам! Жатсынды құсты жерұйық. Жатсынды құсты жерұйық. Әлемнің барлық елінде Құстардың криматориі. Самғайды құстар, самғайды, Жат жерге мүлде қонбайды. Туған жерінде оларды, Енді ешкім қарсы алмайды. Тауларда ғана қыс қалды, Тауларда ғана қыс қалды. Көктемді бәрі күткенмен, Күтпейді ешкім құстарды!
...Бүршігін жарды мұңды өлең, Бүршігін жарды мұңды өлең. Көк көйлек киген көктеммін, Құстарсыз қалай күн көрем?! 2006 ж Қырандар мен қазақтар “ Сонау Парсы шығанағында жатқан Біріккен Араб әмірлігінің тұңғыш патшасы шейх Зайед бен-Сұлтан әл Нахайян осыдан бір-екі жыл бұрын қыран текті бекзат құстар жер бетінен мүлдем жойылып кету қаупі туғандықтан “Қызыл кітапқа енгендігін естіп, оларды босатып, бостандыққа жіберу
туралы арнайы жарлық шығарады ... ...Босатпас бұрын қырандардың әрқайсысының аяғына электронды-хабаршы сақина кигізіңдер деп әмір етеді. ...Қырандардың бұдан әрі тірлігін арнайы зертханаларда бақылап отырған ғалым-оринтологтар біраз уақыт өткеннен кейін таңданғаннан “аң” үрады. Әлгі сақиналы 200 қыран түгелімен алтын ұясы, қыран даласы – Қазақстаннан, Семейден бір-ақ шығады... Мереке Құлкенов Салтанатыма салтанат қосатындар көп, Сұңқарларсыз да қызыққа батасыңдар деп. Алланың адал құлы шейх пәрмен таратты, Қазақтың тұтқын құстарын босатыңдар деп.
Байлығы тасқан арабтың бекзадалары Болғысы келмеді Аллаға әлде жазалы. Балапан кезде әкеткен екі жүз қыранға Бостандық берді арабтың ханзадалары. Рахмет ізгі ниетті араб ұландарына, Қыраннын қыран көзінен сыр аңдады ма? Арабтың сұлу қыздары қолын бұлғады Туған жеріме бет алған қырандарыма. Асыққан жандай қырандар ата-анасына, Қонбады қайтіп жем жеген босағасына... Бет алды олар балапан кезінде қалған Көкорай шалғын қазақтың сахарасына. Босатшы бізді тұтқыннан, майда уайымдар, Бүр жара берсін қырларда, сайда қайыңдар. Келіп жетті олар туған жер топырағына, Сатылып кеткен долларға, айналайындар.
Көз жасы тамып гүлдердің жапырағына Қырандар жетті Алтайдың атырабына, Қырандар қонды ядролық жарылыстардан Жаралы болған Семейдің топырағына. Туған жеріне қыранның асықты бәрі, Қашықта қалған жат елдің жасытты ма әні? Екі жүз қыран сағынған сайын даласын Сағынған көкірегіне басып құлады. Киесі бар деп жерімнің ұғынған жаным, Сағынады екен құстар да ұғыңдар бәрің. Қырандар махаббатына иіңдер басты, Қырандар махаббаты үшін тұрыңдар бәрің. Қырандар сенген екен-ау жол боларына, Екі жүз қыран оралды ордаларына. Қазақтың тілін сүймейтін замандастарым Құстары құрлы қазақтың болмағаны ма?
Қаламыңменен құстардың тізбегін деме, Тізбегін деме, үмітті үзбегін, кеме! Қазақтар менен қазақтың қырандарынан, Мереке аға, ұқсастық іздедің неге?! Бұлқыныстарым, жырларым мойындала ма? Жанарға, ұлы мезгілім, уайым қамама. Қазақтар менен қыранға махаббат берген Басыңды игін, ғасырым, Сайын далама! Ана Ақылмын. Армын. Жүрекпін. Оймын. Осының бәрін сезіну ғой - мұң. Дауылдатса да, құйындатса да, Мен Жерге мүлдем ренжуді қойдым. Өйткені, онда сен барсың, Ана! Қатігездіктен қаймыққан өрлік, Балбал тастардан ойды ұққам сендік. О, сені жылап тұрып та сүйем Соры көп біздің бойлық пен ендік. Өйткені, онда сен барсың, Ана!
Айдыным. Тауым. Орманым. Тасым. Бәрі де –асыл, бәрі де – асыл. Орнайды түбі бұл мекенге бақ Солардың жасы құрғатылғасын. Өйткені, онда сен барсың, Ана! Қаптаса-дағы жер бетін қауіп, Кетсе де барлық адамдық ауып. Сонда да мына ғасырды тастап Ешқайда менің кетпесім анық Өйткені, мұнда сен барсың, Ана! ***** Заман-ау, заман, заман-ау, заман, заман! Не десем екен, не десем екен саған. Тәкаппарлығым барады ұқсап Сізге, Арпалысым да барады ұқсап саған. Жүгірем жүйрік Сізбенен қатарласып, Жүрегімдегі күркіреп теңіз тасып. Автобустармен жүйткиді журналист қыз Аманаттарды азаматтарға тасып.
Тербейсің мені, тербейсің ырғағыңмен, Бесігің де — мен, бәрібір құндағың да — мен, Жақсы көресіз Сіз мені, Мәртебелім, Күркіреп көктемдеріңде тұр-ға-ның-мен! Жылдарға ұшып барам мен Жылдарға ұшып барам мен, Қатігез мына заманмен, Күркіреп жатқан көкейде Бір емес, мың-мың сауалмен. Жылдарға ұшып барам мен, Көктемдер, сені санаумен. Арпалыстар мен ашуды Жүрегім, саған қамаумен. Жылдарға ұшып барам мен, Шамдары жанған ғаламмен, Алматым, Алатауыммен, Азаттық келген алаңмен. Жылдарға ұшып барам мен, Адаммен, көп-көп адаммен. О, менің әппақ жүрегім, Сендегі титтей алаумен.
Жылдарға ұшып барам мен, Жердегі барлық алаңмен, Жұбатқан мұңды даланы Қолдағы қайран қаламмен. Қолдағы қайран қаламмен Жылдарға ұшып барам мен!!! ***** Күңкіл-шүңкіл әңгімеде жоқ үміт, Өткен күнді өмір өзі безбендер. О, жасаңдар, арпалыстар астында Шындық барын сезгендер! Буырқанған, буырқанған Іледей, Менің мәңгі тасуымды тіле, Күн. Терезелі тіршіліктің түбінде Адалдықтың барын анық білемін. Жер бетінен іздеп жүрмін ес-түссіз, Қайдасың-ей, ақиқаттың семсері? Қалам, далам, сол ақиқат келгенше Қаламыммен сүйей тұрам мен сені! Қаламыммен сүйей тұрам мен сені! *****
Көңілім-ай кәдімгі Сәби көзі бөпенің, Түсінбейді ол өмірдің Өтірікші екенін. Өкпелеме ешкімге, Есіңде ме, күлдіргім? өкпелейм деп сол күні Еркелікті бүлдірдің... Ауып кеткен тау жаққа Арманы мен аңсары, Армандағыш жанымды Тербетші бір,таң сәрі! Кезе берсін көңілді ал, Әжептәуір ашуым, Маған ылғи риза емес мұңдарымнан қашуым!!! Жанымның жартысы Меркурий сияқты “Меркурий — жаны жақсылыққа жаралғандар жүлдызы” Данте. “Құдiреттi комедия” Табыла кетсін бақытқа тұрақ, Адамға жалғыз керегі – шырақ. Жер, мен саған ағып түстім, Меркурийден, бәлкім, құлап. Табанымды тілді қияқ, Тірі жүргенім – мият. Жалған сөйлей алмаймын Меркурийдегілерден ұят.
Төбеме жұлдыз ілдім, Түндігін жырдың түрдім. О, жақсылық іздеген Данте, Мен де жақсылық іздеп жүрмін ...Даланы кездем. Ләйлідім. Ойлап жатыр жұлдыздар жәйлі кім? Түсінуге тырыстым. Кешір бізді Меркурийден Жерге қараған ләйлі мұң. Тып-тыныш. Ғарыштан ғажап күй ақты, Жұлдыздар жымиып тұрып жылайтын сияқты. Аспанға қарайлай бердім, Жанымның жартысы Меркурий сияқты! Өзгешелік ( Аймен тілдесу) Көре-көре дүниенің қайғысын, Амалсыздан ойға батқан Аймысың? Арамдық пен жалғандықтар жайында Жақ ашпайтын байғұсым. Жазылады, жазылады жылнама, Жоғалмайтын жыр ғана. Сенің мұңды шақтарыңа куәгер Қалғымайтын қыр ғана.
Ұнады ма, өзімшілдеу мұнар күн? Менен басқа сенен оны сұрар кім. Тәкаппарлық, паңдық, өрлік дегенді Бәлкім, сенен үйренетін шығармын. Өтіріктер әлемі де — басқа ұғым, Ғұмыры мен тіршілігі — қас-қағым. Мен олармен күресуді, жарық ай, Дәл бүгіннен бастадым. Еркелік жүр өкпелейтін ағаға. Жабығуды қалдырамын жағада. Кердеңдікке, кердеңдікке жердегі Ішек-сілем қата күлгем бағана. Қарсы алдымнан ашылардай кең құшақ, Келер күнге асығу да — Ем сен құсап. Еркемін-ау, бірақ сендей аспанда Тұра алам ба мең құсап?!
Мен — жақсымын. Кейбіреуге жаманмын. Қас-қабағын ұққым кеп жүр заманның. Аппақ, аппақ жүрегім бар ай сынды, Өзгешелік: Ай емеспін, Адаммын. Ай емеспін, Адаммын! ***** Мені үнсіз ұғынатын мұңдасым, Мені үнсіз ұғынатын сырласым, Қаламымнан өлең болып төгілген Аманбысың, құрдасым?! Жылдар, жылдар ағады ма Жайықтай, Жалғандықтан, жалғандықтан айықпай. Сенің таза пейіліңе заманның Сотқарлығы лайық па-ай? Арашалар арамдықтан, тордан да, Бақыт құсы ақылсызға қонған ба, Күресе алмас құр кеуденің, айтшы сен, Тіршілігі оңған ба?! Дау айтпадым. Дауа іздедім. Сезілді Адамзаттың сүйетіні өзіңді. Ессіздікке есі кеткен ендеше Жұма көрме көзіңді!
Адамдардың адалдығын тілегін, Бүгін — барсың, ертең — жоқсың. Білемін. Жығылуға болмайтынын әзірге Ұмытпашы, Жүрегім! ***** Заңы ма тіршіліктің, Маған бұл ұнамайды: Адамдар жүрегінен – Жағдайын сұрамайды. Кешірем білместікті Сылтауы үнемі көп. Сеземін кей адамның Бәрібір жүрегі жоқ. Қаталдық, қатігездік... Жердегі түнек – сіздер. Тірліктің тас-талқанын Шығарған жүрексіздер. Үлпілдек жаным менің, Түспеші, әбігерге, Жердегі бұл ауруды Жазбайды дәрігер де. Адамның ақылының “асқаны” - мұңды-ы-ы сурет! О, мендік титтәй жүрек Шаншыды тұңғыш рет. Ізгілік, жер бетінде - барсың сен. Сезіп тұрмын. Қатігез дүниеге Әзірше төзіп тұрмын... *****
Былайғы күннің білмей бағасын, Кеткен бе жерден мүлдем жарасым? Жек көремін мен арамдықтарды Арқалап жүрген адам баласын. Қатпар да қатпар күнде өксік көп, Былық-шылықтар жатыр қоқсық боп. Адамның бәрі — тап-таза емес, Сондықтан мүмкін жерде достық жоқ! ----------------------------------------------- Жігер мен бақыт — бір дегендігім, Тiрлiктi тұнған жыр дегендiгiм. ...Сендегі қулық-сұмдықты, өмір, Жақсы еді білмегендiгiм?!... ***** Өмір, өмір, асауым, күлкің қайда, 62 тамырда бүлкіл қайда? Айнакөлді айналып аққу болып Жұдырықтай жүрегім бұлқынбай ма? Қалықтайды заңғарға, қыран шыңға, Мына күннің қабағын ұға алдың ба?
Ешкімнен жеңілместей болып жүрген Жалғандықпен күресіп жыға алдың ба? Үкісі үлпілдеген үміттердің. Мен сенің жанарыңнан күдік көрдім. Қасында бақытыңның қасқайсаң да, Басында жүрмегейсің бүліктердің. Сен өзің жанардағы мұңды ұқтың ба? Бағасы арзандады-ау шындықтың да! Ешқашан мен түсінбес, ол түсінбес, Иесі болады екен сұмдықтың да. Баласың ба, сен өзің, данасың ба, Жоқ, әлде, жазылмайтын жарасың ба? Неге осы ізгілік пен жақсылықтар Көп емес адамдардың санасында. Бір-бірінде қалғандай берешегі Адамдар адамдармен егеседі. ...Жек көру қолымнан түк келер емес, Өмір-ай, жақсы көрем неге сені?! *****
Кіші Алматы – ботана, Әз Әлмерек күмбезі тұр жотада. Ботанаға басу айтып жатқандай Әлмеректің үш бұлағы. О, тоба! Кіші Алматы. Бұрқ-сарқ ботана. Ботанадан ұшқан тамшы босама. Тереңдік пен тентектіктің бағасын Үнсіз айтып тұратындай осы ара. Ботана су бойымдағы алаңды Сездіргендей алды әбден мазамды. Алатаудың шырша кірпіктерінен Сүртіп-сүртіп үлгермедім тозаңды. Ботана су бойымдағы ашу мен Бұлқынысты білдіресің тасумен. Жасымашы, жағаңдағы балдырға Жас тамшыңды жалықпастан шашуда ем! Бір жағымда - мөлдір бұлақ тынысы ән, Бір жағымда – ботана су үні сан. Ұлы өмірдің екі беті сяқты Қараймын да екеуімен ұғысам.
Ботана су жағасында ақ тұма, Бала күнім, балақ түріп шапқыла. Жаратылыс. Ботана су. Үш бұлақ – Жарасып тұр жарқабақтың астына! ***** Түнеру тауға жарасқан... Мүлгіме мүлдем, мүлгіме! Менде, әлем, саған айтатын Көл-көсір әлі әңгіме. Көк-ала күндер қасыңнан Зу етіп өтті, не шара? Адамдар кейде ақылды, Адамдар кейде бейшара! Орманбыз, теңіз, қорғанбыз, Бәріміз түгел - ойлымыз. Ендеше, неге тым аздау Айтамыз өмір жайлы біз? Көңілге, күллі өңірге... Көктемдер орнамайтындай, Олар да, сен де, барлығы Жүрегін тындамайтындай. Далада неге алаң бар? Құлазымаңдар, өтінем. Жақсылық қана іздейік Дөңгелек жердің бетінен!
Жамандық ойлағандарды Қатарға мүлде қоспаймын. Солардың күні біткенде Мен өмір сүре бастаймын, Мен өмір сүре бастаймын! Мен саған асығамын, көктем! Әр күнім — бақыт, әр күнім — бақыт, Тойымдай, Армандарыма асыққан менің ойымды-ай. Сен жаққа неге елеңдей бердім, еркелік, Бір жырым бардай нүктесі қалған қойылмай, Мен саған асығамын, көктем! Һолтаңбам қалған қағаздарыма көмілдім, Мен елес емес, мен елес емес, өмірмін. Керек еместе кердеңдіктерге толы әлем, Жауыздықтардан келмеген кезде жеңілгім Мен саған асығамын, көктем!
...Терезелерде, терезелерде өмір бар. Періштелерім, алақандарға қоныңдар, Һұмсағаттардың соңғы сырылы шығар бұл Сондықтан, адам, сондықтан тату болыңдар. Мен саған асығамын, көктем! Бастағы бақтың бағасы қайда деместей... (Оятқан мені қараторғайлар емес пе, ей?) Сендегі ырың-жырыңның бәрі, ей, әлем! Адамға керек еместей. Мен саған асығамын, көктем! Биылғы көктем Мен көп күттім Биылғы келер көктемді. Бала кездегі арманды алып келер деп. Күндегі тірлік, әйтпесе Күлмей қоятын керең деп. Мен көп күттім Биылғы келер көктемді. Көкорайларды сағынып, Жұбатып жетім бұтақты Ызғардан қалған қамығып.
Мен көп күттім Биылғы келер көктемді. Естиін деп үнін бұлбұлдың, Жылымық келсе мұзға ұқсас Ерір деп мұңы жүз жылдың! Мен көп күттім Биылғы келер көктемді. Анамның жетім көңілі желдейтіндей боп, Бұла таңдары бұлқынып Енді келмейтіндей боп... Мен көп күттім Биылғы келер көктемді. ...Ақыры келді. Күркіреп аспан. Кемпірқосақ – елес. Көктем-ай, көктем, Көңілдің тоңы мызғитын емес. Неге? ***** Тамыз ауғанда қараша күзге Бар еді барлық тамаша бізде. Қарлығаш апай сабақтан қашқан Сұрайтын еді араша бізге. Лала гүл басты қыратты тағы, Бұлықсып шықты бұлақтың әні. Парталас досым келмеске кетті Бұрымнан тартып жылатты-дағы.
Ерке күндердің елесін салдым. Етегіме жақты бояуын шалғын. Ертегілерге сенетін сол бір, Есімде қапты балалық балғын. Дақ түсірмедік өр сезімге біз, Ұядан ұштық, ел шебіндеміз. Үлпілдеп тұр ғой үкілі сезім Себебі, біздер он сегіздеміз. Заңғардың сездім айбыны барын, Аққудың сездім айдыны барын. Қарлы құйынмен бетпе-бет келіп, Аңғарып қалдым қайғының барын. Сезімнің тұнық аспанын кезіп, Жаныма бүлік тастады сезік. Мен саған қарай жүгірем,Бақыт, Ана көзінде жас барын сезіп. Бекер-ай, бекер егіліпті арман, Кірпіктен бар шық төгіліп қалған. Мүсіркеп кеттім қайғыларымды Қуаныштарымнан жеңіліп қалған Тіршілік
Жаңғырықтармен, жаңғырықтармен құмығу, Тіршілік деген келер күндерге жүгіру. Тіршілік деген құлап қалсаң да қайтадан Тұру керектігін ұғыну. Керегі қанша жұмағы жұмбақ елестің, Балғын күндерім, бәйтерекке теңестің. Шаршама жүрек, мен мәреге жетпестен Құлауға тиіс емеспін. Тіршілік-тентек, ғажайыптардың кілтісің. Жапырақтарын сұлу шетендер сілкісін. Анам көзіне ұялап қалған мұң менен Жанарымдағы асау-тәкаппар күлкісің! Қағаз самолеттерiм Аунап түстi тағы бiр күн парағы Айна көлдер – көңілімнің жанары. Жүрегімнен бірін-бірі қимаған Сағыныштың қаздары ұшып барады...
Көбелекті қуа алмаймын. Даласыз. Табанымда асфальт жүзді, қала, Сіз! Қалғым келген қайғысы жоқ сәби боп, Қалғым келген жүректей боп жарасыз. Сен үшін де, мен үшін де бар құны Еркеліктің иісі менен аңқыды. Мен өмірді сүйіп жүрмін ес-түссіз Балалық шақ, сені сүю арқылы. Қандай тәтті-ең дәмі бала-өкпенің! Сол күндерге жүгірсем де жетпедім. Мені тастап мұңдары көп мекенге Кетіп қапсың, қағаз самолеттерім! Қаз сияқты қалықтайды сол арман. Қол бұлғайды қиялдарым –қара орман. Көкжиекке сіңіп кетті Бала күн Қағаз самолеттерімдей жоғалған. Жұлдыз - ой
Түнгі мезгіл. Ой күзетіп отырмын. Ұнамайды маған ешбір бүйткеннің, Ұнамайды жағаласып жаныммен Үргені өңкей иттердің. Аспан жақтан түсе қалса арқандар, Өрмелеуге мен де дайын тұрар ем. Жүрегімде, жүрегімде - қалқан бар, Жұлдыздардың қал-жағдайын сұрар ем. Мені емес, мен оятып таңдарды, Ұзақ-ұзақ отырамын бұл күнде. Арпалысым, үмітім де үкілі – Тәкаппарлау күлкімде. Уақытымды түк үнемдей алмаймын. Биіктеумін жауқаудан. Кіп-кішкентай жүрегімнен аумаймын Алданатын аңқаудан. Түнгі мезгіл. Ой күзетіп отырмын. Қандай қысқа түні, түні көктемнің. Таңды бүгін тағы көзбен атырдым Мен ойланып бітпедім... *****
Таусылмайтын күрестерде кім ұтты? Кейде жалған жақсылықты жығыпты. Соққы ал, мейлі, құлап қалғын, бәрібір Ақтау керек үмітті. Керек емес деп армандар бір күндік, Жүрегім-ай, біз екеуміз бұлқындық. Терең-терең тыныстауға уақыт жоқ, Біздер ұлы самғауларға құлшындық. Араламақ едім ғой мен ай төсін, Жете ме оған сол арманға бай көшім?! Сен қабақты шыта қалсаң, ей, өмір, Мен күлдіріп жіберемін, қайтесің? Тым-тырақай қашып кетсін бүліктер, Қуаныш-ей, құшағыма күліп кел! Өмірімді өлтірмейтін басқа емес, Өлең көзді үміттер! ......................................................... “Ақталады үміттердің бәрі ертең'' Мені осы ой оятады таңертең!
***** Қатігез күннің қылығын, Жапырақтардың дірілін, Арамдықтарын адамның Жек көретіндердің бірімін. Мұнара арман, мұнара, Аласармашы күн ара. Жердегі барлық жеңісім Сезімталдықтан шығар, ә? Балдырған көзді арманым, Жанғаның керек, жанғаның. Қулығы көп-көп өмірден Ешқайда кете алмадым. Шаршаған жоқпын, шалдықтым, Басымнан өткен барлық мұң, Жекпе-жекке де шығайын Жыға алсаң жықшы, ал мықтым. Әй, қайдам, менің жанымды, Жүрегімдегі әнімді Өшіре алған ешкім жоқ Жанарымдағы жалынды. Мазамды ал, тіпті, әурелен, Аласармайды-ау тау деген. Жаралды жаным-жапырақ Таудан құлаған сәуледен.
Сәулені жеңу мүмкін бе? Сәулені жеңу мүмкін бе? Жеңістерімнің барлығы Тау болып кетті бір күнде ***** Шаңыраққа бірде елес боп, бір кірген Бақытымнан сұрамаймын келісім. Таң атқанда асығыстау жүгіріп, Автобусқа мінгенім де – жеңісім. Сол себептен сал-серілеу байлықтан Қарыз ақша сұрамаймын жығылып. Жүріп келем, күліп келем, жалғыз-ақ – Жерді басып жүргенімді ұғынып. ***** Еркеліктен кеткен мен бе, сана ма? Жапырағын тербетеді бір емен. Сенің ғана қайғың үшін, жан ана, Күндерімнің тез өткенін тілегем. Бірге атып еш алаңсыз таңдармен, Тілегенмін күлуіңді бар шақта. Іздегенмін еш алаусыз жандарға ем, Біз бақытты болсақ та!
***** Найзағайдың басып күр-күр демін, Құйшы-құйшы менің нөсерлерім! Сол күні мен жалаңаяқ шылп-шылп Кешейін бір суын көшелердің... Жапырақпен жаным егіз Үндемедім. Бақбақтың да үпілдіріктерін үрлемедім. Анашым-ей, тауға апаршы мені Көргім кеп жүр арша бүрлегенін. Қарлы таудың мұңдарындай сол бір, Қабағымның астында да ой жүр. Жүрегімнің кірпіктерін сілкіп, Жіберейін Сен де сілкін, ей, жыр! Найзағайдың басып күр-күр демін, Құйшы-құйшы менің нөсерлерім! Сол күні мен жалаңаяқ шылп-шылп Кешейін бір суын көшелердің... *****
Өтегенім-ай, ақ жауын жауды сілкін бір, Өрмелеп кетем кемпірқосаққа мүмкін бір. Мұңайып тұрған мұржаларды да ұнаттым, Көшелеріңде, өйткені менің күлкім жүр! ...Үлбіреп қана үйеңкілерім әлі тұр, Айтатын сынды жапырақтардың бәрі сыр. Жапырақ терген балалық шаққа неге осы Таусылар емес сағыныштарым бәрібір?! Есейгім келмей, есейгім келмей жылда мен, Тұншығар ма екем жүрегімдегі мұңға мен. Бірге ұшып кеткім келеді айхай, арман-ай, Қаз-қатар ұшқан, қаз-қатар ұшқан тырнамен! Сұрақ көп менде. Ай бетінде де көп сұрақ, Сұрақты қайтем? Керегі маған от-шырақ. Бақытты күндер — көл-көсір, ана, көл-көсір, Бақытты өмір, бақытты өмір жоқ бірақ!
Бір тілім бақыт Жер менен көк. Алыс қандай арасы! Сол аралық кірпігіме ілінген. Сырларым да соған ғана сезіліп, Мұңдарым да соған ғана білінген. Бітпей қойды көңілімнің алаңы, Жанарымда – шыр айналған дүние. Кім қаншалық ғашық болса өмірге, Төзімге де сол ие! Жүрегіме қона алмай жүр Жыл құсы, Ей, жапырақ, айтпай-ақ қой маған дау. Көктемдерді көктемдерге жалғайтын Армандауды ұмытпаған адамдар. Тағы жетті көктеменің күркірі, Көк ала күн, тіршілікке бер тыным! Маған, Саған, Оларға да Керегі – Бақыт қана бір тілім, Бақыт қана бір тілім. *****
Ақ жаңбырлар селдетіп, тойлады қыр, Мен жадырап кетпедім жазғалы жыр. Жабысып-ап сонша мұң жүрегіме Жанымды жабырқатып қойғалы жүр. Әп-пақ өлең, әп-пақ жыр, әй, лағыл сыр, Аянышты өзіңсіз Айдағы нұр. Келеке етпе қамкөңіл адамдарды Күлегештің айласы, қайдағы бір! Сен бетімнен сүйдің бе, таңғы сәуле, Болмағаным ендеше жәй бір әуре. Барлық, барлық бақытым көлге айналып Жағадағы қарайды ләйлі гүлге. Ұғынамын үлпілдек жыр мекенім, Жүрегімнің лүпілі – жырда екенін. Күз бақыты – көктемде, күзді көрсем, Сезем барлық ақынның мұңды екенін. Шұғыласын шашатын бақбақтарға,
Қуаныштың барлығы - әппақ таңда. Кірпіктерін көтеріп мұңдарымның Армандарым қарайды асқақ тауға. Өткелдер мен өмірдің ойдымдарын, Өткеремін басымнан тойдың бәрін. Ақ жаңбырлар селдетті, мен де жауып, Жабырқатып жанымды қойдырмадым! ***** Алаулы көктем, аяулы көктем, Мұңаймауымды қалайды көктем. Жабығып жүр ем, сен “жыми” дедің, Тіліңді алдым, жәрайды, көктем! Жүректерде қанша мұң, көктем? Мен сені күтіп шаршадым, көктем. Шулы қаладан тұншыққан менің Жүрегімде де алша мұң, көктем. Жүрексіздерден қорқамын, көктем, Түйсігі барлар тым шағын, көктем. Өтінем, бұлдыр бұлт арасынан Қол бұлғап қойшы Күн-сағым, көктем!
Дала да тынған сілтідей, көктем, Тірлікке мынау күлкі бер, көктем. Аңғал досын да алдап кететін Көп екен күншіл түлкілер, көктем. Кешіккен кезде жәй налып кеткем, Сен, келдің қайтып айналып, көктем. Сол сәтте-ақ менің айна мұңдарым Айна көлдерге айналып кеткен! Жүрегім - жанымның еркесі Қайтадан батты сүйретіп барлық мұңды Күн, Ұғынып жатыр кімді-кім? Бурыл бұлтты да біреу-міреуге ұқсатып, Ойнаған қызбын. Бірақ та неге мұңдымын? Іздеумен кеткен жылылау жердің жәннатын, Мүмкін, мұң анау күздегі құстың қанаты. Мүмкін, мұң анау тесіле жерге қараудан Шаршаған жұлдыз таңертең көлге таматын.
Куәгер, мейлі, күндіз-түндегі күйге де, Мұң деген мүмкін мөлдіреп тұрған терезе. Бақ беріп бірде... бірде бақытын ап кеткен Мұң деген мүмкін еркіңнен тыс ереже! Көздің де жасын төгілте алар сел ете, Мұң деген, мүмкін, келеке. Мұң деген, әлде, сана ма, Оянып кеткен сезімнің бәрін сең ете? ...Дәл өзі. Мұң ол ананың шашындағы қыраулар, Оның әрбір талында да сұрау бар. Мұңдар да ағыл-тегіл боп, Кей кезде егілетін жылаулар. ...Есейген ерте Есі Жүрегім – жанымның еркесі. Мендегі мұң Мендегі Баян жүректің Қозы Көрпеші! ***** Таудағы сұлу шынармын, Таудағы сұлу шынармын. Құлай сүюден сені, өмір, Шаршамайтын да шығармын! *****
Арманым менің шыңдарда, Әзірге жүрмін қырларда. Сол жерде барлық бақытым, Сол жолда барлық мұңдар да. Түн кетті. Келді күн аңғал. Аңқайып қана тұр аңғар. Мәз-мәйрам тек бір баяғы Алматыдағы сығандар. Әлемде әккі мың қайғы Мың қайғы бар-ау сырнайлы. Білесіңдер ме, жанардың жарқылдамауы – шын қайғы. Шомылғым келді шалғынға, Қанаттарым-ай, талдың ба? Қуанып кетем, арайлар, Өзіңнің ғана алдыңда! Жүрегімнен сең жырды ырғап, Ағады мың-мың сырлы ырғақ, Қонақтап қалды көзіме Сұлу іңірлер мызғыр шақ. Кімдерді білдім, кімдерді... Сүйемін ессіз күндерді. Мен іздеп келем, жан ана, Сен айтқан еңлік гүлдерді! *****
Тауларға да, таңға да – толып алаң Жан таптырмай қойды ғой жаным маған. Мені ләйліп, өмір-ей, жүр деп пе едің, Іздеп келем жырымды жазылмаған! Көрсетпегін өңкей бір мәймөңкені, Себебі, жыл, күндер де – жәй ертегі. Елегізіп таңдарда атып тұрам, Менсіз бастап кетердей жәрмеңкені. Ғашық болдым, нөсерлі сұлу таңға, Нөсерлі таң, жанымның жыры қайда? Батырашты жеңем мен арманымды Жібергісі келмейтін Ұлы тауға. Сонда мүмкін алаңсыз күлемін мен, Жақсы көріп жанымды күле білген. Қарап тұрам мүмкін мен Ұлы таудан Жанарларға... жеңімпаз жүрегіммен! *****
Көктеммен келіп көшкін боп, Күл-талқан болған ешкім жоқ. Тұлпар күндердің тұсауын Тұрады кейде шешкім кеп. Ермейді санам үгітке, Хат жазбай қойдым жігітке. Тербеттім тұнық жанымды Үлпілдеп тұрған үмітке. Сұғанақ жұрттың сөздерін Елемей жүрер кездемін. Мен емес, менен өткірлеу Сірә да, менің көздерім. Мәймөңке күндер, ез күндер, Жеңілмейтінімді сездіңдер. Мен күлім жүрем, Сен барда, Сен барда, сұлу мезгілдер! ***** Тамшылар ойнап таңменен Асфальттің бетін тұр сүйіп. Бәрібір, зәулім әрлі емен, Мендегі арман тым биік. Гүрілдеп ұшақ аспанда... Зырқылдап кетті маңдайым. Жоспарлап жатам ақшамда Ақ таңдарымның жағдайын.
Қайнаған қала-орманның Сүйкімдісін-ай, кештің де, Жүрегім менің, арманның Томағаларын шештің бе? Көгалдарменен, гүлзармен, Көбелек қонды мүйіске, Жарқылдақ қала, сендермен Жаным қалғуы тиіс пе? Дүлейлеу дауылдардан соң, Бағынбан ережелерге. Сәулемін жауындардан соң Қарайтын терезелерге! Жұлдызды төсеп жолыңа... Даланың әні күмбірлеп, Көгершін-арман, қолыма Қондырып алам бір-бірлеп! Сәлеметсің бе? Бағыну, әлде, керек пе? Жапырақ жауды биыл да. Сәлеметсің бе, жүрекке Жымиып кірген жиырма Ойландым. Небір ой кештім. Есейіп қаппын. О, тоба Көбелек қуып шалдыққан Балалығым жүр жотада!
Шығарып салу – салтым ед. Маза жоқ менде кешелі Сол құстар енді мен жаққа Қарайламастан кетеді. Бұл емес мұңның үлкені: Үміттеріңді жалғаймын, Сонда да сенің, жылдарым, Соңыңнан қала алмаймын! Қайтсең де, өмір, қайсармын, Батырмын, нағыз батырмын, Жиырма жыл бойы, себебі, Сары ала таңды атырдым! Армысың! Бақыт — бітпейтін жолдарда шығар, Қорқуды білмейтін қолдарда шығар. Сенде де, ешбір селт етпейтін әлем, Бұдан жақсы өмір болған да шығар. Көктегі Ай мен Күн аман-есен. Көңілге сол бір көктемдер көсем. Келісер ме едің, қараша күздер, Мұңаймайтындар болмайды десем?
Қадірлілерін қорғамайтындар, Намыс найзасын қайрамайтындар, Мұңсыз адамдар — бүгіні менен Ертеңін мүлдем ойламайтындар. Өмір-өзеннің білетін тезін, Күңкіл-шүңкілге күлетін кезім. Армысың, Айдан, Күннен, Адамнан Жақсылық қана күтетін сезім! ***** Тірлігім – тентек, мен одан бетер ерке, Алдауға, өмір, алдауға мені ерте. Асау күндерім, алдыма келім құла, Өртесең мені махаббатыңмен өрте! Сені іздеп жүрмін жаныма тыным бермей, Сен қайда жүрсің барымды менің сезбей? Бақыт-ей, Бақыт шанақты шақтарымда Қалдым ба, әлде, өзім де сені көрмей.
Таңдардан теріп келемін мың-мың жақұт. Адаспайды түк соқпақтарынан УАҚЫТ. Өзіңмен әбден бұғынбақ ойнап біттім, Енді өзің мені тауып ала ғой, БАҚЫТ! Білесің бе? Білесің бе, жұлдыздарсыз Аспан мүлде аспан емес, Ай менен Күн бірін-бірі Жалынсаң да тосқан емес. Білесің бе, сүйрер қайда Тағдырыңның бұралаңы. Кезіп-кезіп жер мен көкті ол Туған үйге оралады. Білесің бе, сағынышсыз Мұңдарыңның мұң емесін. Егер шындап сүйе алмасаң Өмірдің де шын емесін. Білесің бе, ауырлығын Үміттерді арқалаудың. Басыңдағы қайғы екенін Бақытыңды байқамаудың. Бақыттылық өз қолыңда, Мұңсыз көзге мұң тұна ма? Дүниені бар ғып тұрған Күн және де күлкі ғана!
Білесің бе, Күн шығады, Ұясына кіру үшін. Адам ғана күреседі Бақытты өмір сүру үшін!!! ***** Махаббат келді маған да, Қарсы тұрмадым, себебі Мендегі ерке жүректі Сезімдер ғана жеңеді. Күмбір де күмбір даламда Махаббат жайлы бар аңыз. Сол аңыздардың жалына Жабысып алдық жаңа біз. Көктемедегі нөсермін, Жыр болып жерге тамамын. Өмірді өле сүюші ем Сені де сүйе аламын. Сағыныштармын сап-сары... Лүпілдеп тұрған жүрекпін. Білемін саған қымбатпын, Білемін саған керекпін! ***** Жеңісім – тірі жүргенім, Мұңайғаным мен күлгенім, Тірлікті ессіз сүю де – Ерлік екенін білгенім. Шаттығым – таң мен кештерім,
Жанғаным кейде өшкенім. Өлең боп өкпелегенім, Өлең боп өмір кешкенім. Бақытым – адам болғаным, Қуанып кейде тоңғаным. ...Көк ала күндер ішінен Өзіңді таба алғаным! ***** Сел-семей сезім барын Сезіне білу – бақыт. Мен сені аялаймын Сол үшін, ұлы уақыт. Сағаттар Сыр боп аққан, Сендік іс – елдестіру. О, сенің мұратың ба ед, Біздерді кездестіру. Сен маған неге ыстықсың, Сезімнің тұнығы ма? Жердегі барлық жүрек Іздейді жылы ұя. Аспанды, мұхиттарды, Кеземін сахараны, Өйткені, жолдың бәрі Өзіңе апарады. Күлкім мен еркелігім, Менікі – сол ұғымдар. Бір-бірін іздегендер Тезірек жолығыңдар! Бақытын сезгін самғаудың
Адалдықтардың айбыны, Адалдықтардың айбыны, Жердегі қулық-сұмдықтан Қамығып қалдың қай күні?! Сүйрелеген ем сенімді, Секемдер менен жеңілді. Көкем-ау, сенін күлкіңнен көре алмай тұрмын өмірді. Біреулер жайлы тақ іздер, Біреулер ылғи бақ іздер. Тағдырдың өзі — қарлығаш жанына жылы жақ іздер? Бақытын сезгін самғаудың, Бақытын сезгін самғаудың. Амалын ізде, адамдар, Бақытсыз болып қалмаудың! Жазылмай қалған өлеңдер Ақ таулар мені емдейді, Білемін олар - кемеңгер. Бірақ та тыным бермейді Жазылмай қалған өлеңдер! Жанарымда бір төзім жүр, Жігерің аздау демеңдер. О, мені бүгін мүжіп жүр Жазылмай қалған өлеңдер.
Жапырақтың да бар мұңы, Көңілім неге елеңдер. Өткен күндердің барлығы - Жазылмай қалған өлеңдер! Мұңайдым таңның алдында, Шуылдап жатыр емендер. Мен кінәлімән алдыңда, Жазылмай қалған өлеңдер!
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру