TELEGEI

Home

Баянғали Әлімжановтың шығармалары 1-том

Баянғали Әлімжанов

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Баянғали Әлімжановтың шығармалары 1-том

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қырғызстанның А. Малдыбаев атындағы Халықаралық сыйлығының лауреаты, айтулы ақын, шебер прозашы әрі дарынды драматург Баянғали Әлімжановтың бұл кітабына поэзиялық туындылары – әр жылдары жазылған таңдаулы лирикалық өлеңдері, толғаулары мен эпикалық жырлары және поэмалары топтастырылды. Сөз зергерінің өміршең өлеңдері мен поэмалары оқырманның жан сарайын жады

Әлімжанов Б. Шығармалары. Өлең-жырлар мен поэмалар. – Астана: Фолиант, 2015. ІSBN 978-601-302-125-6 Т.1. Шексіз ғалам, мен сенің бір бөлшегің... – 320 б. ІSBN 978-601-302-126-3 Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қырғызстанның А. Мал­ дыбаев атындағы Халықаралық сыйлығының лауреаты, айтулы ақын, шебер прозашы әрі дарынды драматург Баянғали Әлімжановтың бұл кітабына поэзиялық туындылары – әр жылдары жазылған таңдаулы ли­ рикалық өлеңдері, толғаулары мен эпикалық жырлары және поэ­малары топтастырылды. Сөз зергерінің өміршең өлеңдері мен поэмалары оқырманның жан сарайын жадыратып, туған елдің бар ажар-көркі шапақ атқан жазира жайлауға тап болғандай күй кештіреді. Жинақ қанатты қазақ әдебиетінің қазынасын толықтыра түсері сөзсіз. ІSBN 978-601-302-125-6 (жалпы) © Әлімжанов Б., 2015 © «Фолиант» баспасы, 2015 ӘОЖ 821. 512.122 КБЖ 84 (5 Қаз)-5 ӘОЖ 821. 512.122 КБЖ 84 (5 Қаз)-5 Ә 55 Ә 55 ІSBN 978-601-302-126-3 (Т.1) Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша жарық көрді

БАЛА КҮНГІ ЖҰЛДЫЗДАР

Шексіздіктің біледі кім мөлшерін...
Қиялдадым...
Жер, көкті,
Күнді өлшедім.

Жете алмадым түбіне
Бар сезгенім –
Шексіз ғалам...
Мен сенің бір бөлшегің!

Ой азабын арқалап сенделіп тым
Кетпесем де,
Көп сырды желден ұқтым.
Шырылдайды шыбын жан шырқау іздеп

Шырмауынан шыға алмай пенделіктің.
Пендешілік...
Дүние-ай,
Пәни жалған,

Дәурен – ғұмыр...
Осы ма нағыз арман?!
Менің жаным мәңгілік мән іздейді
Галактика,

Ғарыштан,
Жұлдыздардан.

ӨЛЕҢДЕР

Құштар болдым жұлдызға
Бала кезден,
Жылқы бағып кезекпен, дала кезген.
Жұлдыздар мен жанымның арасында

Бір жақындық барлығын қалай сезгем?!
Айсыз түн
Айдалада
Ұйқы қашқан,

Пысқырады жылқылар жусап жатқан...
Естен тана үздігіп Құс жолына,
Ұшып кеткім келетін жұлдыз жаққа.
Мөлт-мөлт еткен жұлдыздар

Көп, көп еді,
Жерге тамып кетердей көркем еді.
Суырып алардай боп өзегімді
Шақыратын жан қоймай көкке мені...

Таң атарда қоштасып, қимайтынмын,
Әлденеге ішімнен жылайтынмын,
Сыйса деуші ем
Бар ғалам жүрегіме

Сыя қоймай ол мені қинайтұғын!
Жарты ғасыр өтіпті,
Өмір легі...
Бір тынбайды қаланың дүңгірлегі,

Тынысыңды тарылтып түнгі лебі,
Жұлдыздар да қазіргі өзгешелеу
Әлде өзгерген мен бе екем,
Кім біледі?!

Бүгінгінің балдары біздей ме екен,
Көктің сырын сезе ме,
Сезбей ме екен...
Менің таза, мөп-мөлдір жұлдыздарым

Бала досын даладан іздей ме екен?!

ЖЕР-АНА, ЖОЛДАН АЙНЫМА!

Тұңғиық көкке
Қараймын неге телміріп,
Мұңайып жаным,
Мүжіліп іштей егіліп,

Мұхитты кешкен
Қайықтай жалғыз қалтылдап
Қиялдап барып,
Не сезіп қайттың, не біліп?

Құпия, ғайып,
Зілмауыр ой мен сыр бүгіп,
Үн-түнсіз езген,
Көңілге күптеп жүз күдік,

Ғарышқа шексіз,
Мәңгілік жалғыз сауалдың
Жауабын іздеп,
Үңілем неге үздігіп!?

Ғасырдан ғасыр...
Қас қағым сәттей зырлауық,
Жылауық уақыт,
Уайымың қандай шырмауық,

Шуылдап кетті
Шалығы барлар неліктен,
Жер-Ана саған,
Төнді ме шындап бір қауіп?!

Жер-Ана,
Бізді
Көтеріп ұшып, айналып
Кезесің көкті

Кіндігің Күнге байланып...
Ақырзаманның
Зауалы келіп қалды ма?!
Адамзат отыр

Амалы құрып ойланып.

Не болар екен
Құрдымға кетсе құлап жер,
Тыйылар ма екен
Жарылыс, жанжал құлақ жер?

Ұрыса бермей
Ұғатын кезің болды ғой
Біздерде бары –
Бір ғана Құдай,

Бір ғана Адам,
Бір-ақ Жер!
Жер-Ана, жүдеп,
Жұқарып жүйкең тозды ма,

Тұрлаусыз уақыт
Айналымыңнан озды ма?
Опырып, өртеп,
Қиратып,

Жойып,
Жалмаған,
Жындылар енді
Сенің де көрің қазды ма?

Түбіңе сенің
Қалайша жетпек мұндай құл,
Төбеден бағып
Рахымы шексіз құдай тұр.

Қайырын тілеп
Қандай да болсын қайранның
Алладан бұйрық
Келгенше, жерім,

Шыдай тұр!
Мейірбан едің...
Бауырыңа тарттың Айды да,
Батыра көрме

Баланы сәби қайғыға.
Рахмани нұрдан
Жаралып едің, Жер-Ана,

Кеше гөр бізді,
Кешір де жолдан айныма!

ШҮКІРЛІК

Бір Алланың
Бұйырғанын құп алып,
Атқан таңға
Тәуба қылып, қуанып,

Тіршіліктің талқысынан түңілмей
Тәуекел ет,
Талаптанып ту алып.
Таңғы шықтың

Тамшысына тамсанып,
Күн сәулесін
Күліп тұрып қарсы алып,
Жер жұпарын

Толтыра жұт кеудеңді,
Кім біледі
Дем қалғанын қаншалық?
Әрбір жұтқан

Демге де қыл шүкірлік,
Әрбір татқан
Дәмге де қыл шүкірлік,
Күнге шүкір,

Шүкір және түнге де,
Тіршіліктің әр сәтіне шүкірлік!

ЗАҢДЫЛЫҚ

Тумақ, өлмек –
Бұлжымайтын заңдылық,
Мән бар ма екен
Дүниеде мәңгілік?

Бұл сауалға
Жауап берер бір құдай,
Фәни, бақи
Жаратты ғой жанды ғып!

Хаос-ойды
Кезіп босқа, қаңғырып,
Өзіңді өзің
Жегідей жеп мәңгіріп,

Ажалыңнан бұрын өлмей,
Өмір сүр,
Шектен шықпай,
Шүкірлікпен дәмді ғып!

ЕКІ ЖОЛ

Ойланатын сауал осы балғынға:
Бұл өмірде екі жол тұр алдыңда,
Иә сенесің, иә сенбейсің құдайға
Таңдау сенің өз қолыңда, жаныңда!

Сенбеймін деп, күпір болып кетесің,
Әркімге еріп, алданумен өтесің.
Алла десең адаспайсың, арманға
Адал еңбек, күш-жігермен жетесің!

ҚАЙРАН ЕЛІМ

Адамзатқа
Ақиқат пен
Ізгілікті іздестің,
Қиянатқа

Қарсы тұрдың,
Отқа күйіп, мұз кештің.

Қиялыңда
Жұлдыз кезіп,
Бұлт құшақтап, күн сүйіп,
Аңызақта

Аңыз қуып,
Желмен ұшып, түзде өстің.
Қайырымың
Қанша жұртты

Алып қалды ажалдан,
Қиналғанға
Қамқор болып
Жақын тартып Сіз дестің.

Әділдік пен
Адалдыққа
Ғашық болып жаралдың,
Қайғы-мұңның

Орманына
Мың оралып, жүз көштің.
Сенен асқан
Мейірбанды

Ел бар ма екен жалғанда,
Сан тарихты
Таразылап
Салыстырып із кестім!

Халқым үшін қызмет қылам қалтқысыз
Мақтамаса мақтамасын бізді ешкім!

ҚАЗАҚТЫҢ БАЛАСЫМЫН

Аңсаған адамдардың жарасымын,
Арнаған туған елге бар асылын,
Қиялы көп болғанмен, зияны жоқ
Қазақтың мен де ақкөңіл баласымын!

Кейде тоқ, кейде болдым жүдеу-жадау,
Керек пе сөз көбейтіп бәрін санау?
Апырмай, мен де осындай болсам дейтін
Тұлға көп адамзатта қадау-қадау.

Ешкімнің биігіне таласпаймын,
Өзімнің жолым жатыр тарау-тарау!
Жалғанда жаманшылық қуыспаған
Адамдар ақ пейілді туыс маған,

Алла деп ақ сөйлегем домбыра алсам
Жалтақтап және ешкімнен ығыспағам,
Түсіме кіріп ұлы бабаларым,
Жолбарыс жон арқамнан уыстаған!

Су кетпесін мөп-мөлдір бұлақтардан,
От кетпесін тұтанған шырақтардан,
Белдерің бүгілмесін еңсең түсіп,
Арқаңа тірлік артқан сұрақтардан,

Ұзақ та мәнді болсын ғұмырларың
Қазақтың өлеңіндей шумақталған!
Мәңгілік жырлай берсін дала тынбай,
Жырларын өсе берсін бала тыңдай.

Көргенде жарқын жүзді адамдарды
Аппақ нұр жүрегіме толатындай,
Сол нұрды көбейсін деп дүниеге
Себемін қарлығаштың қанатындай!

ЖЫЛЫМ – ЖЫЛҚЫ...

Жылым – жылқы, ал жұлдызым – таразы,
Жоқ ешкіммен бақталастық, аразым,
Адалдық пен әсемдікті сүйемін,
Айып емес қалта жұқа, мал азы.

Ақындар көп аты кеткен жыраққа,
Мінген де бар машина мен пыраққа.
Сөз қалды ма айтылмаған солардан,
Сыр қалды ма құйылмаған құлаққа?

Ай-әлемнің бар ақыны керемет,
Мен айтатын жырлар да бар бірақ та!

АҚЫН

Ақын деген
Болу керек андай деп,
Әлде, бәлкім, мындай деп...
Қиын өзі

Әрі қызық сұрақтың
Дәл жауабын
Қақ маңдайдан қойып қап
Тақ-тақ еткен таңдай көп.

Шынында да туады екен
Нағыз ақын қандай боп?!
Қия кезіп көз талған,
Қиял қуып сөз сауған,

Ақылдың тартқан азабын
Алтын іздеп жез таудан...
Ақын деген жарықтық
Бір жағынан қарағанда

Біртүрлі,
Және қызық
Бір жағынан қарасаң!

Үлгі қылып
Данте,
Пушкин,
Абайды,

Мұқағали,
Есенин мен Высоцкий ағайды,

Қиялында қора жасап
Қоғамдар
Сорттап, соттап
Ақындарды қамайды!

Жүрегінен нұр шашады
Нағыз ақын халыққа.
Сыймайды олар қағидаға,
Қалыпқа.

Ақын деген
Мөлдір,
Ғажап
Ағын ғой...

Теңемеңдер
Патшаға да
Алыпқа.
Жер мен көктің

Ортасында ол бір құс
Қас қағымда
Барып қайтар ғарышқа.
Ғарыш сырын

Жаныменен сезініп,
Адамзатты шақыратын
Шырқау биік,
Алысқа!

ІШ ПЕН СЫРТ

Кеңістікте
Төрт нүкте мен үш сызық,
Үш сызықпен
Қос төртеуін тік сызып...

Құмарланып,
Арлы-берлі сызғылап
Әуре болып
Таба алмайсың түк қызық!

Ақыл, білім
Болғандықтан дұп-дұрыс,
Іштен іздеп
Жұмсайсың кеп күш-құрыш...

Қосылады
Тік бұрышты төрт нүкте
Төбелерін
Қоршай тартсаң үшбұрыш!

Қалай ойлау
Болғанымен ырқыңда,
Тік төртбұрыш
Ішінде әлі тұрсың ба?

Не табасың
Қабырғадан шектеулі,
Шешу – шындық
Кеңістіктің сыртында!

ЖҰМБАҚҚА ТОЛЫ ДҮНИЕ

Түңіле берме өмірден,
Түңілгенде не етерсің?
Күңірене берсең күн-түні
Күпір де болып кетерсің.

Ашам деп көңіл сарайын
Көп күлгенде не етерсің?
Кеңкілдей берсең күн-түні
Кеңкелес болып кетерсің.

Иіле берме әрнеге
Иілгенде не етерсің?
Бүгіле берсең біржола
Бүкір де болып кетерсің.

Көтере берме кеудеңді
Көпіріп қайда жетерсің?
Көбіктің түбі – өтірік,
Үп етсе ұшып кетерсің.

Бойыңа сыймай қуатың
Бұзып-жарғанда не етерсің?
Қиянат, обал арқалап,
Бір күні мүрдем кетерсің.

Сұлумын деп сүйініп
Секеңдегенде не етерсің?
Сүйкене берсең әрнеге
Сүйкімсіз болып кетерсің.

Үрейге бойды алдырып
Үрпигенде не етерсің?
Үңги берсең өзіңді
Кеуек боп босқа кетерсің.

Әр нәрсе тәтті дәмімен,
Бәрін де татып өтерсің.
Жұмбаққа толы дүние-ай,
Мәніне қайтіп жетерсің!!!

БАСЫҢДЫ КӨТЕР...

Сүрініп кетсең
Түңілме,
Қайта түрегел,
Сілкініп тастап

Серпіліп алға жүре бер.
Сенен де бұрын
Бұдан да ауыр салмақты
Көтеріп кеткен

Ерлердің барын біледі ел.

Жығылып қалсаң
Тұрдым де жерге бір аунап,
Тырнадан үлгі ал,
Төбеңнен ұшқан тыраулап.

Сарыала жапырағы
Саудырап түсіп жатқанда
Көктемін күтіп
Күлмей ме кейде қырау бақ?

Жаныңды жесе
Күйзеліс, уайым жегідей,
Өзіңді-өзің
Езгілей берме тірідей.

Қарысып неге
Қасқайып қатып қалмайсың,
Аяғын шайнап
Қақпаннан шыққан бөрідей.

Жылаңқы, жасық,
Кінәмшіл болсаң боркемік,
Күйініп іштей
Кетерсің босқа өртеніп.

Темірді үзіп,
Қопарар тасты шағыңда,
Не болды сонша,
Шағылып тауың ерте өліп?!

Басыңды көтер,
Жігерді қайрап мін атқа.
Үргісі келген иттердің бәрін шулат та,
Тәуекел етіп,

Көтеріп тағдыр жазғанын
Тарта бер тура
Өшпейтін үміт-шыраққа!

ШАРШАДЫМ ДЕМЕ...

Шаршадым деме,
Шаршауға сенің хақың жоқ!
Шырылдап жүрсең шынымен егер халқым деп,
Азамат аз ғой алаңдауы көп Алашта

Болғанмен мұнай, көмір мен темір, алтын көп.
Лашындай жырлар шығады-ау ұшып лашықтан,
Жасындай мінез көрінбес бірақ жасықтан.
Жан бағар кез бе жағаңнан жаһан алғанда

Жанкешті керек, иірер алшы асықты!

ӨМІР СЫНАҒЫ

Жанталасқан дүние
Жаралайды жаныңды.
Сол жараның уыты
Аралайды қаныңды.

Қозады-ай келіп жындарың,
Ызадан ыза туады.
Абжыландай көрінер
Тірліктің түйткіл сұрағы.

Арамдық, алдау, ақымақтық,
Келеді бәрін сындырғың.
Болмауға тиіс бұлай деп
Ай, әлемге шыңғырғың.

Ашуға бойды алдырсаң,
Ажалдан бұрын өлерсің.
Өмірдің сансыз сынағын
Сабырмен ғана жеңерсің.

Сабыр ғып тазарт жаныңды,
Қаныңды, қуат, тәніңді.
Біткенше демің шырқай бер
Өзіңнің өмір әніңді!

БІР-АҚ СӨЗ

Керегі не
Аттанның да,
Айғайдың?
Айнытады ақылыңнан

Ойбай мұң.
Сабыр керек
Дүниеге жынданған,
Жанға шипа

Болар сөзді ойлаймын.
«Жетем десең
Жер жүзілік мақтанға,
Дауылдай соқ,

Өрттей лаула,
Аттанда!»
Деп қайрайды...
Кімге дәрі тентек сөз

Жарты ғалам
Күйіп,
Жанып жатқанда?!
Жалмап,

Жұлып
Жанталасқан жаһан да,
Көкірегі
Көк тіреген қаһан да,

Қандай сөзге
Тоқтар екен,
Тойымсыз
2-0045

Нақақ қанды
Кешіп жүрген наһан да?!
Ұмытылып
Иман, ұят, мейірім,

Сұлулық та
Селт еткізбей зейінін,
Неге адамның
Тамырларын

Жын буып,
Жалмауыздық
Жаулап алған пейілін?!
Сабыр,

Тәуба,
Шүкір десек ұғар ма,
Әлде адамзат
Қан төгуге құмар ма,

Бірін-бірі қырып-жойып,
Билесе,
Біз ұқпайтын
Бір ұшпаққа шыға ма?

Жер жүзінің
Тіршілігін тәмамдар
Ақырзаман
Келсе қандай амал бар?..

Тоқтайықшы
Түсінікті бір сөзге:
Бір-біріңе
Оқ атпаңдар, адамдар!

КҮЙІП-ПІСПЕ

Күйкілікке күйіп-піспе,
Күйіп-піссең – біткенің.
Күліп қара, күле білсең,
Бір жеңіске жеткенің.

Ит үрді деп сен де үрме,
Үрсең – ит боп кеткенің.
Керуеніңді кері бұрмай
Жүрсең – аттап өткенің.

Жымысқыға жаның ауырып,
Жын буса да, алдырма.
Ақымақпен алысам деп
Аяғыңнан шалдырма.

Залымдыққа ыза болып
Ізгіліктен айныма.
Зұлымдыққа зұлымдық қып
Қалма мәңгі қайғыға.

Өмір – сынақ,
Сауалы көп,
Сабырмен тап жауабын.
Өзі білер бір жаратқан

Зауалы мен сауабын!

САБЫР

Жан-жағыңнан идея, сұрақ қаптап,
Тап-тап беріп сенімнен жырақтатпақ.
Анда-мында алақтап әлсіз пенде
Қалбалақтап құрдымға бір-ақ тартпақ.

Табанының бүрі бар сабырлылар Елеске ермей иманнан тұрақ таппақ! Өтірік қайсы, шын қайсы, Аруақ қайсы, жын қайсы, Мәні бар ма өмірдің Тірліктегі құн қайсы? «Неге? Неге? Неге?» деп, Өз миын өзі шегелеп, Адамзат әлек болғанмен Жер-Ана жылжып барады Жайымен ғана дөңгелеп! ШЫҢ Шың болуға құмар елдің бәрі де, Болам дейді, қарамайды әліне. «Шың болмасаң, шырқау биік болмасаң, Айтшы дейді, бұл өмірдің мәні не?» Қол жетпейтін шырқаудағы мұзарттан Тіршілікте түйе артық қой тұз артқан. Ал, бірақ та арман шыңдар емес пе Адамзаттың екі көзін қызартқан?! Әңгіменің белгілі ғой аужайы, Кімге дәрі күйкілердің бай-байы? Міндет емес бәрі бірақ шың болу, Таудың бар ғой құт дарыған баурайы. Шың арқылы танылады даралық, Ол асқақтап тұрар көкке қадалып. Бірақ оны сол биікке көтеріп Баурайы ұстап тұратыны тағы анық!

Қысы-жазы кетпейтұғын ызғары
Шыңда не бар жалтыраған мұздағы?
Сол мұздақтан мөлдір бұлақ басталып,
Баурайыңды суармай ма сулары?!

Оңайлықпен құпиясын танытпас
Өмір осы, өңкей жұмбақ жаңылтпаш,
Шыңы жоқ тау-тау саналмас жалғанда,
Баурайсыз шың – шың болып та жарытпас!

Күнге ұмтылып, айға азу білеген,
Өркеш-өркеш шыңдар көші үдерген,
Шырқауынан асамын деп басқаның
Мәңгі бақи бәсекені тілеген

Төмендегі өсіп-жетіп өзімнен
Озады-ау деп арпалысып жүдеген,
Қанша биік болса да шың аспанға
Жете алмасын біліп кейде түнерген!

Жел өтінде тұрады шың күн-түні,
Ол туралы бітпейді елдің күңкілі.
Осы ма деп асқандықтан тапқаның
Кейде аяйсың шыңдарды да біртүрлі.

Нағыз өмір қайнап жатыр баурайда
Дүрілдетіп қызықты да күлкіні!
Талап қылып әркім орнын таңдай ма,
Кімнің жолы бастар екен қай-қайда?

Аттанарда бір ойланшы тек қана
Қайсы жақсы – шың ба әлде баурай ма?!

ШӨЛЕЙТТЕГІ ДАРАҚ

Шөлейтке кей-кейде
Бітеді бір дарақ
Тартынбай,

Аптапта
Ақ шаңға
Көміліп
Алқынбай,

Ақпанның
Ақ таңы
Атқанда алтындай,
Тамырын үзбеген

Туған жер
Топырағынан нәр алып,
Сабырмен
Сілкінер салқындай!

НӨМІР МЕН ӨМІР

Құдай білер
Шектен шығып тасқанды,
Халық сүймес
Қалыбынан асқанды.

Бірінші орын,
Екінші орын,
Үшінші...
Деп нөмірлеп

Тарих жазу басталды!
Неге сонша
Құмар болдық нөмірге,
Өкім айтып

Өтіп кеткен өмірге?
Нөмірге өмір сыймайды ғой,
Ойлап көр,
Көнбейді ғой

Ілімге де,
Көңілге!
Миллиондап
Адамды айдап қасапқа,

Өртеп,
Отап,
Дән қалдырмай масақта,
Жаулап алып

Жалмап жұтқан жан-жағын
Тарихты тек
Біріншілер жасап па?
Небір ғажап

Ерлер өткен еңіреп,
Айта алмайсың
Бірін ауыр,
Жеңіл деп,

Ақиқатқа жетесің бе
Ойлап көр,
Аталарды
Аналарды

Нөмірлеп!
Желп-желп еткен
Жер жаһандық желікпен,
Естен танып

Есеп қуған,
Еріккен,
Жарнамаға
Жанын сатқан жайсаңдар

Нөмір құмар,
Орын құмар
Неліктен?
Нөмірлеумен

Түсінбессің заманды,
Нөмірлейді
Поездарды
Вагонды,

Нөмірлеген
Концлагерь
ГУЛагта...

Нөмірлеуге
Болмайды ғой адамды!
Ақыл-ойға,
Әділетке жүгінші,

Дүниенің
Шексіздігін ұғыншы...
Әрбір адам
Қайталанбас құбылыс,

Әрбір адам
Өз орнында Бірінші!

ТАРИХТЫ ҚОПАРУ

Тарихты
Келмейді
Қозғағым,
Қозғап ем

Жындана жаздадым,
Көрмей-ақ,
Білмей-ақ қояйын
Арыстың

Ақ жолдан азғанын.
Аруаққа
Ат қалған артында,
Тас ату

Жоқ ата салтымда.
Қопара берме деп
Өткенді
Айтатын

Әкеміз марқұм да!
Кезеңдер
Өткен ғой
Жұртқа сын,

Құйтырқы
Саясат құртқасын,
Қисайған,
Қираған тағдырлар

Жағасын
Жендеттер жыртқасын,
Қанқұйлы
Заманның

Құрбаны,
Тимеңдер,
Тып-тыныш
Ұйықтасын!

* * *
Оқытты:
«Өтірік жоқ,
Жамандау жоқ,

Әкең – жау,
Атаң да жау,
Ағаң жау» деп,
Жалғанның жетегінде жүре бердік

Бұғыңқы
Бодан елде бағамдау жоқ!
* * *
Ойлыға оңай боп па ол заманда,

Кеңестік кескілесті болжаған ба,
Көрдегіге төрешіл төрдегіні
Апарып қояр ма еді сол заманға?
* * *

Ары аударып
Аруақтарды,
Бері аударып,

Біз осы
Кімнен,
Не үшін,
Не дауладық?

Салыстырып,
Тартысып,
Талас қылып,
Құр босқа

Қанша уақыт
Танаурадық!
* * *
Сүйек тауып сан ғасырлық қалыңнан,

Таңба басып
Масаттанып салдың ба ән?
Өткеніңді қопарумен жүргенде
Ор қазылып қойған жоқ па алдыңнан?

Бақталастық
Бәсекеге безектеп,
Өзіңді өзің
Теуіп жүріп өзекке,

Алас ұрып қала көрме бір күні
Аждаһаның аузындағы көжектей!
Ерлігіне естен танып бабаның
Ертегіге шексіз нанған баламын.

Алдаспанын тірей ұстап көлденең
Тіліп өткен айдаһардың аранын!

ЗАҢҒАРЛАР

Кең қолтық, олпы-солпы, аңғал-саңғал,
Алыстап бара жатыр заңғар шалдар.

Қазақтың ауылдағы қарттарында
Құпия қасиет бар аңғарсаңдар!
Ертеде, біздің ескі үйде
Бас қосса шалдар қауқылдап,

Әңгіме-дүкен құрылып,
Киізге аунап балалар,
Күн қаққан түрсе құлағын,
Аңызақ қақтап, мүжіген

Әжімнен аңыз тіріліп,
Сақалдан саулап сара сөз,
Саптама етік сықырлап,
Шошаңдап шошай тымағы,

Көк бөрік көкте жүгіріп,
Саба толы сары қымыз
Саптаяқтан сіміріп,
Шежіре-сырды шертетін

Киелі көне сарындар
Алыстан талып жететін!
Аяңдай басып сан қырды,
Арқалап бір-бір тағдырды,

Алыстап кетті аталар
Армандай артта қалдырып
Дүркіреп өткен жаңбырды,
Сүрлеуге сере шөп шығып,

Қырлар да қайта жаңғырды!
Бұрынғылар жүрген жолдарды
Бүгінгі балдар білсе екен,
Атадан қалған есті сөз

Естерінде жүрсе екен!

МЕНІҢ АТАМ...

Менің атам
Бар қазақтың шалдары,

Менің атам
Бар қазақтың аруағы,
Ата қазақ атын ұрпақ ұран ғып
Болашаққа бара жатыр алдағы!

Ата қазақ салып кеткен ізбенен,
Алты Алашым, ізгі жолды іздеген,
Аталарым алып, ұлы болмаса
Халық болып қалар ма едік біз деген!

Аталардай кең даланы сүйіп пе ең,
Аталардай ел мұңына күйіп пе ең?
Бұрын келіп
Бұрын кеткен аталар

Бізден бұрын
Ұшып жүр ғой биікте!
Үміт күткен ізін басқан ботадан,
Айнымайық ата берген батадан.

Ақыл-есі ауытқыған болмаса,
Кім айтады артықпын деп атадан?!
Басынбасын десең егер бөтен ұлт,
Бар тарихың болмасын де бекерлік,

Атын сақтап, ісін жалға атаңның
Апар алға, көбейте түс көтеріп!

АТА МЕН АРҚА

Жайылып өркен өрісте болса,
Жайқалып бағың жеміске толса,
Аталарымның арқасы шығар
Көркейіп көшің кенішке қонса.

Мен үшін олар бәрінен артық
Кей ісі, тіпті теріс те болса,

Жер беті жұмақ боп кетпес пе еді
Егер де олар періште болса!
Еңіреп өткен
Бала үшін, ел деп,

Қанын да төккен
Дала үшін, жер деп,
Аталарым десем
От болып арқам,

Кеудемді бір күш кетеді кернеп!

АЙНАЛАЙЫН АНАЛАР

Ана дейміз қуанып, өрлегенде,
Пана іздейміз қиналып, шөлдегенде,
Кетер ме едік біз мүлде адамдықтан
Мейірімін ананың көрмегенде?

Ай-әлемнің жыр-әні –
Аналардың пейілі.
Көңілінің шуағы,
Көзіндегі мейірі.

Қаталдықтан дүние мұздағанда,
Ызаланып, жарыла жаздағанда,
Көз жасынан тоқталып аналардың
Ақ сүтімен жылынып, тазарғандай.

Ақ тілеуі ананың болмағанда,
Жұлдыздарға адамзат самғаған ба?
Айналайын, аналар, аман жүрші,
Бесік тербеп, әлдилеп, бар ғаламда.

Ай-әлемнің жыр-әні
Аналардың пейілі,

Көңілінің шуағы,
Көзіндегі мейірі.

БАЛДЫРҒАН

Бала, бала, балдырған,
Өмір отын жандырған
Күн нұрындай күлімдеп,
Көз мейірін қандырған.

Бала, бала, балдырған,
Өмір отын жандырған
Кел, ертегі тыңдайық
Ата-бабаң қалдырған.

Бала, бала, балапан,
Балдай тәтті балақан,
Әжең қандай әдемі
Аялаған алақан.

Ат тұяғы дүрсілдеп,
Атын әлем білсін деп,
Атаң бата береді
Балдар аман жүрсін деп!

ЕСКІ ҮЙДІҢ ОРНЫ

Ескі үйдің орны естелік,
Жүректен өшпес нала-жыр,
Қалада зәулім ғимарат,
Балконға сыймай бала жүр,

Тұрсаң да Айда, елдегі
Ескі үйді еске ала жүр.

Шүпірлеп қарадомалақ
Ескі үйде өстік домалап.
Кішкентай ғана әйнектен
Кең дүниеге сығалап.

Мұз қырау іліп мұртына
Даладан келген атекем
Қаракөлеңке бұрыштан
Кенжесі қайсы екенін

Айырар еді-ау жобалап.
Үй тарлау, бірақ сыйыстық,
Болмайтын бізде іштарлық.
Үйлесіп пештің отымен

Тұтанып еді-ау ескі үйде
Өмірге деген құштарлық!
Алысқа тартты ағалар
Тіршілік теңіз жағалап.

Қажыған кезде кететін
Ескі үйді біраз паналап.
Жатырмыз көшіп ауылдан
Керек-ақ шығар қыстықпау,

Көңіліме бірақ біртүрлі
Жатаған келген ескі үйлер
Кең сарайлардан ыстықтау!
Ескі үйдің бәрін қиратып

Жаңаға көшсек қызығып,
Абайла, достым, кетпесін
Ескі бір тамыр үзіліп!

АУЫЛДЫҢ АҚ САМАЛЫ

Аңсаттың-ау аңқылдаған
Ауылдардың ақ самалы,

Қырды ойласа қаладағы
Қара көзден жас тамады.
Шәрде туып шырқап кеткен
Үлгі қылма басқаларды,

Биіктері қазағымның
Ауылдардан басталады!
Жанармайдың түтінімен
Ұшып кеткен бастан бағы,

Дауыл жұлқып, шаң-тозаң боп
Азып-тозған бақшалары,
Ауылдар-ай, баяғыдан
Асыраған астананы!

Тірек болар түлектерің
Үмітіңді ақтамады,
Аламанда алқынбаған
Арғымақтың ақсағаны,

Арындыны жарға жыққан
Аран ашқан ақша-дағы!
Алқаптарды жусан басып
Қирап қоңыр қос та қалды,

Боз көдесі белуардан
Малдың тимей төс табаны,
Есіктері аңғал-саңғал
Босап қалған топсалары,

Иттей ұлып жел кезеді
Қаңыраған бос қораны,
Кәртөшкеге кіріптар боп
Жеңгейлердің ас табағы,

Азаматтар жерге қарап
Қарс жабылды қас-қабағы!
Алтыбақан адыра қап
Жан тырнайды мастар әні,

Ұл-қыздарың қызықтаса
Жын-пері мен масқараны,

Аталар мен апаларың
Жас балдардан жасқанады,
Үлкен үйлер үйінді боп
Ысырылып тасталады,

Бауыр безді ата жұрттан
Тәуір көріп тас қаланы!
Қазақылық, кісіліктің
Шоғы сөнбей жатса-дағы,

Тарылтып тұр тынысты әбден
Замананың тас қамалы,
Тамшыдайын тасты тесер
Көпшіліктің қақсағаны,

Дәтке қуат көтергені
Астанамыз бастаманы,
Түріп айдап түнек бұлтын
Соқшы ауылдың ақ самалы!

ҚАРА ҚАЗАҚҚА МАДАҚ

Өмірлерін еңбекке арнағандар,
Москваның маңына бармағандар,
Нарық қысқан заманда тарықса да,
Несібесін адалдан аулағандар,

«МТЗ» Беларусты гүрілдетіп,
Егін салып, шалғында аунағандар,
Қара жолдың ақ шаңын аспанға атып
Москвичпен салдырлап заулағандар,

Желдіртіп Жигулиді күні-түні
Такси болып қатардан қалмағандар,
Оларды осал ғой деп ойламаңдар,
Оңай олжа табатын оңды адамдар,

Ауылда қара қазақ аман болса,
Тілек те, тіл де тура жолда болар!
3-0045

ДӘРІГЕР

Болат Жанәділовке
Ертең қандай болар екен күнім деп
Емханаға кірген кезде дірілдеп,
Қарсы алады салауатты сабырмен

Ай маңдайлы аппақ адам күлімдеп.
Бір өзіңе қойғанда бар зейінін,
Сезінесің періштедей пейілін,
Дәтке қуат, жанға шипа болғандай

Дәрігердің көзіндегі мейірім!

МҰҒАЛІМ

Апам Сұлушаш зейнетке шыққанда
Ең бірінші ашқан білім бұлағын,
Жүрегіңе шашқан жылы шуағын,
Уақыт қуып, қай қиырда жүрсең де

Естен кетпес аяулы жан – мұғалім!
Ой көзімен үңілдіріп тереңге,
Мектеп бізді бейімдеген өнерге,
Қандай адам болар еді балалар

Мұғалімнен оқымаса егер де?!
Көкжиегін келешектің аңдатты,
Құс көңілді қияларға самғатты,
Президентті, министрді мәпелеп,

Өсірді олар генералды, солдатты.
Тентектерді түзетуден танбаған
Төзімі мен сезіміне таңғалам.

Қаршадайдан ізгілікке баулыған
Мұғалімге қарыздар ғой
Барлық адам,
Бар ғалам!

ӨЗІН ЖЕҢГЕН

Көп айтамыз өмір, уақыт озғанын,
Жанталастан жүйкенің де тозғанын,
Ал неліктен өрімталдай қыз-жігіт
Күңіреніп, жейді күн-түн өз жанын!

Не көрінді толмай жатып ортайып,
Жастарыңа жетпей жатып қартайып,
Мұңға батып, бүк түсердей не болды
Алшаң басып жүрер шақта шалқайып?

Тауыса бермей түңілумен төзімді,
Шыңда жігер, қайрат, намыс сезімді.
Қисық жолға кіжінумен күйзелмей
Түзетіп ал ең алдымен өзіңді.

Өзін жеңген жеңер бәрін түбінде,
Одан асқан жеңіс бар ма ілімде?
Аталарым қан майданды қақ жарып
Өсіп-өнген бұдан жаман күнінде!

ЖАСТАРҒА СҰРАҚ

Жас ұрпақ,
Мұратың не?
Ұғым қандай?
Шарқ ұрып

Білім іздеп,
Ғылым таңдай,

Таптың ба
Тұғырыңды ғұмырдағы
Ел ұққан ұлықтығын мығым хандай?
Адамзат,

Ата тегің
Ұлт деген не,
Жер мен көк,
Туып өскен жұрт деген не?

Ұранмен жалпыадамдық бүркемелеп,
Жұрттарды жаһанданып жұт деген не,
Алданып, шыныменен сенесің бе
Ұлттарды біржолата құрт дегенге?!

Жартасқа жұрт кемесі ұрылғандай
Көріп пе мұндай соққы бұрын маңдай?
Сананы сансыз сұрақ сансыратып,
Өкпесі ақыл-ойдың сығылғандай,

Жынойнақ жан-жағынан жағаласып,
Жан шіркін жолдан теріс бұрылғандай.
Ғаламдық жүгінсең де қай ғалымға,
Алаштың бетке шыққан қаймағына,

Жаһанға жақсы атты боп жағам десең,
Жақ дейді әуел туған аймағыңа.
Қайткенде қаламын деп халық болып,
Бүгінде бүкіл әлем ойлануда.

Сен де ойлан...
Және өртенбе шықпадым деп
Тезірек адамзаттық айналымға,
Тер төгіп туған елге еңбек етсең,

Сол шығар көкке қанат жайғаның да!
Барады өмір өтіп жайыменен,
Бола ма өтеді-ау деп уайым жеген.
Бәрібір тоқтамайды жүйрік уақыт,

Жалына жабыс жастық жалынменен!

ҒАЖАЙЫП КҮЙ

Өзіңмен қалсам кезігіп
Ғажайып бір күй туатын,
Екеуміз ғана сезініп,
Екеуміз ғана ұғатын.

Айтуым керек болса да,
Сөз табу қиын мұндайда.
Айым-ау, мені қинамай
Айтқызбай білсең болмай ма?!

Алаулап нұрың жүзіңде,
Ботадай көзің мөлдіреп,
Жарқ ете қалған кезіңде
Кетеді жаным елжіреп.

Наздана күлсең сыңғырлай,
Жадырар жаным жаңарып,
Жаңбырдан соңғы қырлардай
Дүние кетер тазарып!

СЕН ЕШҚАШАН ӨЗГЕРМЕ

Бейнеңді іздеп мен сенің
Өмірді оймен өлшедім.
Өзіңмен өткен күндерге
Жанымның бердім бөлшегін.

Арайлы күндей көріктім,
Ағарған таңда көріппін.
Есімнен қалай тандырып
Елес боп қайдан жолықтың?!

Сүйегің қандай текті еді,
Көздерің қандай отты еді.
Жаныма шуақ құйылып
Жұтқандай болдым оттегі.

Сәуірде келген сәулелім,
Сәулеңді таппай әуремін.
Ғайып боп кеткен бір сәтте
Дәуірге татыр дәуренім!

Жыр ойнаған сөздерде,
Нұр ойнаған көздерде,
Аймен бірге айналған
Аяулы бір кездерде,

Өмір зулап өтерін
Албырт көңіл сезген бе?
Мен өзгеріп кетсем де,
Сен ешқашан өзгерме!

АЙДАЙ БАЛҚЫП...

Есімде, есімде сол бір кез,
Тұңғиық толқынды мөлдір кез,
Жұлдыздай жалт етіп жанымды
Жандырған керемет көрдім көз.

Жауһарым секілді қолдағы
Жақындап келді де алдады.
Өзгертіп әкетті қай жаққа
Өмірдің сан тарау жолдары?

Уақыттың тезіне бағынбай
Болар ма бәрі сол шағыңдай?
Алыстай бермек пе армандар
Самалмен ойнаған сағымдай!

Айдай балқып айдынға кеп қонатын
Аққудай боп келші жайған қанатын,
Пәктігіне бұл пәнидің қызығып
Кірпік қақпай қарасыншы қара түн!

КЕҢІСТІК

Қыз:
Жанымдасың, жап-жақынсың, бірақ та
Жүргендейсің қол жетпейтін жырақта.
Жігіт:

Қас қағымға ұзап шықсам қасыңнан
Нәзік үнің келетіндей құлаққа.
Қыз:
Таудан асып, бұлтты жарып келер деп,

Көз талдырып күттім сені елеңдеп...
Жігіт:
Сар даладан самал болып есіліп,
Теңізден де бөгелмес ем терең деп.

Қыз:
Арамызда көз көрмейтін кеңістік,
Ұмтылсақ та жеткізбейтін шексіздік.
Жігіт:

Өкінсек те өзгермейтін кеңістік,
Өтінсек те өткізбейтін шексіздік...
Қыз:
Өмір – ағын, жүздіреді айдында,

Ақ желкенді арманды ойға алдың ба?
Жігіт:
Кім біледі, сен ертелеу келдің бе?
Әлде, бәлкім, мен кешігіп қалдым ба?!

ЖАН ЖЫЛУЫН СЕЗЕМІН

Қуанамын көрген сайын өзіңді,
Жасыра алмай жүректегі сезімді.
Неге екенін кім біледі, бірақ та,
Айта алмаймын нағыз керек сөзімді.

Жаным, сенің жанарыңнан
Жан жылуын сеземін.
Кірбің көрсем қабағыңнан
Өз-өзімнен беземін.

Қол ұстасып, сөз байласып
Біз екеуміз, гөзелім,
Бір арнада қосып едік
Бұл өмірдің өзенін!

Бірге тілеп бағымыздың жануын,
Бірге іздейік жанымыздың дәруін,
Қиын емес қуанту да адамды,
Одан да оңай өкпелетіп алуың.

Өкпелемей, өткен іске өкінбей,
Келші бермен, көрместей боп бекінбей.
Неге сонша нәзік екен адамдар
Бір-бірінен пана іздеген жетімдей!

АРУ МЕН АРБА

Көздің жасы үнсіз тамып кесеге,
Күрең суды кермек татыр десе де,
Бағын сынап бағасымен базардың
Арулар жүр арба сүйреп көшеде.

Таң нұрына шомылдырып жан нұрын
Жөнеледі көздеп тірлік жабдығын,
Арбаға сап сүйреп бара жатқандай
Өздерінің өзгешелеу тағдырын.

Қайда олардың мөлдір биік арманы,
Қандай болар алыс күндер алдағы?!
Бәрін-бәрін көміп кетіп барады
Ала сөмке артқан арба шаңдағы.

Үйренгесін бүгінгінің саудасын
Үзбей ме екен нәзік әннің жалғасын?
...Сұлу сүйреп келе жатыр базардан
Салдырлатып босап қалған арбасын.

АЙТЫЛМАЙ ҚАЛҒАН СӨЗ

Айта алмай қалдым сол сөзді мен де,
Айтар деп сен де күттің бе, жаным?
Айта алмас едім бәрібір мен де,
Айтпай-ақ қойса... дедің бе, жаным?!

Айта алмай қалған аяулы сөзді
Айтар деп әлі жүрсің бе, жаным?!
Айқайлап жатқан әлемде мынау
Айтылмай қалған сөз қымбат, жаным!

ҚЫМЫЗ ҚҰЙҒАН ҚЫЗ

Жаз жайлауда, алыс әлі қоңыр күз,
Тау ішінде қоңыр үйде... қоңыр қыз,

Қымыз құйған сол қоңыр қыз болмаса,
Қою түннің өзі қандай көңілсіз!
Сапырып қымыз
Сабадан құйып,

Ұсынды маған.
Саусағы тиіп
Кеткенде сездім,
Қолының ұшы

Тұр екен шіркін,
От болып күйіп.
Соншалық неге
Ыстықсың бізге

Қойшының үйі
Тұғыры биік!
Таудағы қымыз
Таңдайға балдай.

Таңдағы қыздың
Талғамы қандай?
Кеттім-ау самғап
Қанатым талмай,

Келгенше қайтып
Тағатым қалмай!
Тұп-тұнық әлем
Жаныңды емдеп,

Тыныштық күйі
Сабырмен тербеп,
Тұрғанда ғажап
Дүние мынау

Тойымсыз пенде
Тағы не керек?!

МАНАС ЖЫРЫ.

ҚЫРҒЫЗДАН КЕЛГЕН ХАТ

«Жұлдызға» қонып,
Жүргенде шырқап,
Қырғыздан маған
Кеп түсті бір хат,

Бір емес, бес қыз
Қол қойған екен,
Масайрап кеттік,
Қонғандай «сырқат».

«Біз сізді көрдік,
Теледен» депті,
«Аруағы Манас
Жебеген» депті,

Алғысын айтқан
Атасы үшін
Қырғыздың қызы
Не деген текті!

«Жырласаң жүйрік
Аттайсың» депті.
«Алмамбет ерге
Ұқсайсың» депті.

«Манастың керек
Кітабы болса,
Біздерді іздеп
Тапқайсың» депті!

Қыздардың ынтық
Сәлемі балдай,
Әдемі әзіл,
Әдебі қандай,

Маржандай тізген
Әріпте тұнған

Ыстықкөл жақтың
Әуені бардай!
Жігіттер қандай,
«Жуысып» алды,

Қалжыңдап біраз
Күлісіп алды.
«Біреуін таңда,
Қалғаны бізге»

Десті де бірден
Бөлісіп алды.
Сараңға, сірә,
Ермеймін дедім,

Қыздарды бірақ
Бермеймін дедім,
Бес қыздың бәрі –
Бір ғана жүрек,

Жүрегін достың
Бөлмеймін дедім!..
Түскенде бір күн
Алшыдан асық

Бішкекке тарттық
Қордайдан асып.
Жанымда Мұса,
Жазушы досым,

Орғыған таудан
Қарғындай тасып.
Тапқандай едік
Қағып-ақ есік,

Ол үйден бәрі
Кетіпті көшіп...
Амалың қанша,
Жиырма жыл өтті

Ақырын жылжып,
Желдей боп есіп,

«Қырғыздың маған
Бес қызы бірден
Болған деп ғашық»
Қоямын бөсіп.

Ақ тілеу құстың
Ақ қанатындай,
Жаныңа сөнбес
От болатындай,

Пошта жәшікке
Қараймын кейде
Бішкектен бір хат
Кеп қалатындай!!!

НЕВАДА – СЕМЕЙ.

ҚОМЫЗШЫ ҚЫЗДЫҢ КҮЙІ

Полигон жауып, бомбыны жеңдік,
Ақындар жырлап, Ертіске келдік.
Невада – Семей, акция өтті,
Қалғандай орнап ғаламдық теңдік.

АҚШ пен батыс, шығыс та мұнда,
Теңдік пен достық шыққандай шыңға.
Қомызшы сұлу қырғыздан келді,
«Әнімді әлем, – дегендей, – тыңда».

Уланған жерге басты да идік,
Сұмдықтың сырын көкейге түйдік.
Тажалға қарсы лағынет айтып,
Қауым боп қолдан тасоба үйдік.

Қара тас болсын тажалдың үйі,
Сұлулық, өнер – адамдық сыйы.
Ертістің бойы, еліктей қыздың
Елітіп мені әкетті күйі.

Қырғыздың қызы қомызын тартып,
Қырмызы қырлар кеткендей балқып,
Қызарған күн де ұяға қонып,
Қызғалдақ толқып, қымыздық аңқып...

Елестер түнде үркердей болып,
Әуені жанды өртердей болып,
Кей-кейде жүрем өзімнен өзім
Қомыздың қылын шерткендей болып.

АҚ ХАЛАТТЫ АРУ

«Отым әлі
Жанып тұр ғой көзімде,
Ойым анық,
Ағып тұр ғой сөзім де»

Деп жүрсек те,
Керек екен емхана
Алпысқа кеп,
Ата болған кезіңде.

Дәрігер қыз
Әп-әдемі
Әдепті,
Сұрақтарын

Қойып жатыр қажетті,
Сезіледі
Жанашырлық жылуы,
Күлкісімен

Көңілімді жаз етті.
Көзді тартып
Дара гүлдей шыңдағы,
Бала күнгі

Бәйшешектей қырдағы,

Ақ халатты,
Ай келбетті
Ақ ерке
Мейірлене

Менің сөзім тыңдады.
Секілді бір
Сағым буған таңғы үміт,
Сезіліп тұр

Ізгі жанға тән қылық.
Жанарынан
Жанға сәуле құйылып,
Әрбір сөзін

Айтады екен дәмді ғып.
Толқыдым кеп,
Бір ғажайып күй кешіп
Тыңдай бердім,

Қарай бердім таң қылып...
Емханаға
Емделуге келіп ем,
Ойда жоқта

Дертке қалдым шалдығып!
Ойында оның
Ештеңе жоқ,
Қалайда

Ем жасауға
Тырысады ағайға.
Талай мәрте
Оқталдым да тоқталдым,

«Өкпелетіп ала көрме,
Абайла!»
Ағасындай
Ардақтаған аруға

Аузың барып
Сөз айту да оңай ма!?
Өте берді
Күн артынан күн жылжып,

Толқимын кеп,
Кетпесем де тым жүнжіп,
Қоштасарда
Ақ бетінен бір иіскеп,

Алғыс айттым
Сәл бөгеліп, күмілжіп.
Арна бұзып,
Жарға жығар арзан сөз,

Жанға жылу
Бере алар ма жалған сөз,
Кейде жақсы-ау
Жауабы жоқ махаббат,

Айтылмай-ақ
Жүрегіңде қалған сөз!
Адамбыз ғой
Үміт күткен таңдардан,

Арғы жағын
Айтпай ұғар аңғарған...
«Қоймапсың ғой, –
Деп кемпірім күлер-ау, –

Ұят болар
Біліп қойса балдардан!»
Ақсақалға
Артық айтқан сөз айып,

Жылы сөзді
Жүрекке біз жазайық...
Махаббатпен
Ауырғанға не жетсін,

Махаббаттан
Айығу да ғажайып!

АРУ МЕН АҚ ҚАЙЫҢ

Көлеңкесін
Кешқұрымға ие ғып,
Күн еңкейіп
Көшкен кезде түйе бұлт,

Тау жайлаған
Ну орманның шетінде
Бір сұлу тұр ақ қайыңға сүйеніп!
Жұмбақ ару...

Күн ұяда...
Ай алыс.
Қалың орман
Тұнып тұрған аяныш.

Бетін тақап, құшақтайды аялап,
Ақ қайыңнан іздей ме әлде таяныш?!
Кім біледі,
Жанын тербеп уайым, мұң,

Келер күннің
Ойлай ма екен жайын мың.
Әлде жәбір көрді ме екен,
Әйтеуір,

Қыздың жүзі
Қабығындай қайыңның.
Жанарында
Маржандай боп тұр жасы,

Дүниеге
Сыймайтындай бір басы.
Не болды екен,
Біз білмейміз...

Айтпайды.
Ақ қайыңдар
Арулардың сырласы...
4-0045

Алтын балық
Шоршығандай айдында,
Қолаң шашы
Жалт етті де мойнында,

Аққұба қыз
Ақ қайыңмен тұтасып,
Ғайып болды
Қою түннің қойнында!

АҢСАУ

Әлденені аңсаймын кеп,
Сағынамын үздігіп.
Ол не нәрсе,
Білесің бе,

Айтшы маған, күзгі бұлт?!
Менің жаным
Нені іздейді дүниеден тынымсыз
Ауыр ой мен қауырсын мұң

Хаос-көкте жүздіріп...
Ақ теңіздің арыстаны шығып қалса жағаға,
Асығады айдынына құйрығымен мұзды ұрып...
Түп-түзу боп

Түпсіз көкке
Түссіз жіппен асылып,
Тізіліп ап
Құстар қайда барады екен асығып?

Біз білмейтін бірдемені
Білетіндей осылар
Қалың сырды
Қанатының қалқасында жасырып...

Сиыр базда сыңар аяқ соқыр бастық боқтайды
Жесір қалған сауыс-сауыс сауыншыны басынып...

Өмір бізге жүгін артып
Алыс жолға жібермек.
Уақыт желін ешкім бөгеп
Ұстай алмас шідерлеп.

Пенде шіркін
Шарлап бара жатса-дағы ғарышты
Құмар неге
Бірін-бірі дізгіндеуге, дігерлеп?!.

Бомба түскен Бейруттағы бейбіт үйді есіңе ал,
Египетте өлгендерді есептеп көр түгендеп...
Қиялыңмен
Ғарыш кезіп,

Ай-жұлдызды айналып,
Фәни, бақи,
Ғалам жайлы
Адам жайлы ойланып,

Бір құдайға шүкірлік қып
Жерге қайта түсесің,
Тағдырымыз
Туған жерге

Қалған мәңгі байланып...
Дөң басында дүниені дүрілдеткен кезінде
Небір жайсаң жатқан жоқ па тыным тауып жайланып...

ҚАНАТ

Қанатсыз адам болмайды,
Бәріне қанат берілген.
Қияда қыран самғайды,
Ұшуға қораз ерінген.

Біреулер пайда табатын
Қыздырып мамық саудасын,
Сыпырғыш қылып қанатын
Тазалар біреу ауласын.

Жаза алмай еркін құлашын
Бір-бірін бөгеп, қаққылап,
Қанаттар қанша лашын
Ұша алмай кеткен шапқылап.

Дарынды туған дүрлерге
Артады заман ауыр сын.
Ұшам деп енді жүргенде
Жұлынып біткен қауырсын.

Тірліктің тапқан жайлысын
Талғамы қызық санаттың.
Кім ұғар екен қайғысын
Самғаусыз өткен қанаттың!

ЕРЛІК ПЕН ЕССІЗДІК

Кісілер кейде бетімен сөйлеп еседі-ау,
Албаты сөзбен түйінін тағдыр шешеді-ау,
Ессіздіктерден ескексіз қайық секілді
Өршиді келіп нешеме жаулық, неше дау.

Ел болып бүгін әспеттеп жатқан ерлерің
Ақ сөңке болып көмусіз қалған деседі-ау!
Арыстар өткен алысып жаумен қаншама,
Қан жұтқан қырат, сүйекке толып сай-сала,

Қиылып қыршын, садаға болған боздақтар
Отанын қорғап, ұрпағын ойлап жан сала.
Әлі де қорғап даланы шыр-пыр айналып,
Олардың рухы аспанда жүр ғой ән сала!

Күмпілдек кеуде, күмпиген қарын не білген?
Мансап пен мандат, байлық пен майға көмілген,
Жандайшап жаршы еліре мақтап жатса да,
Сарқытын ішіп, сүйек-саяғын кемірген,

Олардан артық, биікте тұр ғой мәңгілік
Ерлердің рухы ел үшін қаны төгілген!

БАТЫРЛАР ЖЫРЫ

Қаһарман жырым
Атамнан қалған қазынам,
Қамыққан кезде
Оралып саған жазылам,

Оңаша қалып
Өзіңмен бірге
Ой-теңіз кешкен сәттерім
Мың есе артық

Жаһанның даңғазаларынан!
Батырлар жыры
Тарихтың қайнар бастауы,
Тағдырын елдің

Толғаған терең астары,
Аруағы биік,
Айдыны шалқар,
Ақылы кеткен алысқа,

Құнары тілдің
Шырағы ділдің
Шынайы жырдың асқары...
Иманды жаны

Атаның қаны бар адам
Мүмкін бе сені
Басқаға айырбастауы?!

ЖОҒАЛМАЙДЫ АНА ТІЛІМ

Жерім үшін төгілмеген қан бар ма,
Тілім үшін егілмеген жан бар ма?
Дін мен тілін бермей кеткен бабалар
Көк қанжары жалақтаған жоңғарға,

Өз билігің өз қолыңа тигенде
Өз тіліңнен айырылар жөн бар ма?

Жоғалмайды ана тілім мен барда,
Жоғалмайды ана тілім сен барда!
Екі айырып бауырларды бірге өскен,
Отаршылдар ең алдымен тіл кескен,

Тілін тістеп, үні шықпай қалған жұрт
Жер бетінен ұлт ретінде мүлде өшкен.
Ағылшынша ән салғанын қайтейін,
Ана тілін, ата тегін білместен!

Тілім барда күнім де бар, айым бар,
Тілім барда иманым бар, ойым бар,
Төрт құбылам түгел менің тіл барда,
Түн ұйқымды төрт бөлмейді уайымдар.

Тіл білмейтін, тіл алмайтын тентектер,
Тілімізге тиіскенді қойыңдар!

САРЫН

Ұрпаққа мұра қылған сырын аңыз,
Ұлы жыр – Қорқыт баба, ұлық абыз,
Қобыздың күңіренген сарынынан
Өмір мен өлім жайлы сыр ұғамыз.

Данышпан Қорқытты да құтқармаған
Ажалдан қайда барып тығыламыз?
Мән жоғын біліп тұрып біз несіне
Жалғанда жанжалдасып қырыламыз!?

Киелі қобызында аталардың
Мұң-зары тұна қалған сахараның.
Бебеулеп шанағынан суырғанда
Бір суып, бір ысиды асау қаның!

Сабырмен көрген заман үскірік, қарын,
Сарынмен жеңген айқай, ысқырықтарын

Қазақтың қасиетті қыл қобызы
Әкесі виоленчель мен скрипканың!
Мияуы милау қылса мауыққанның,
Зияны зілмауыр ғой жауыққанның.

Ұлыған, абалаған даңғазадан
Аман-сау жанымызды алып қалдың!
Әкетсе еліктіріп бұлғақ қылық,
Кім түзер желіккенді сындап тұрып?

Ақылы ауытқыған адамдарды
Алса ғой қыл қобызбен бір қақтырып!

ДОМБЫРА

Домбырам менің,
Бабамнан қалған байлығым,
Өзіңмен бірге
Қуаныш, қызық, қайғы, мұң.

Күмбірің күллі
Дүниені кернеп, тербеген,
Оркестрлерге
Симфонияларға сай бүгін.

Бұйығы жондай
Булығып жатқан шанағың,
Бұраулы шегің
Жолындай ұзақ даланың,

Тұрлауы жырдың,
Тірегі күйдің
Тиегің,
Арманын қуып

Бойымен аққан сағаның.
Боздатып келген
Байырғы күннің гөй-гөйін

Мәңгілік менің
Мәртебем,
Биік мерейім,
Қорғасын құйып

Күйдіріп,
Бітеп қойса да,
Бұзылмай күйің
Бүлкілдей берген көмейің!

ДАҢҒЫЛДАР

Аһ ұрған жұбандырып қанша жанды,
Атырған ағыл-тегіл әрбір таңды,
Атылған көкіректен жанартаудай
Асырған ел мерейін жыры дәмді

Ақылман жырауларға сүттей ұйып
Ақыннан артық көрмей патша, ханды,
Аталар тоқтаған ғой балаға да
Айтылған нұсқа болса сөзі мәнді,

Аруағына айналған алты Алаштың
Ата-жыр жасай бермек елмен мәңгі!
Жыраудың қандай екенін
Көрген білген жан бар ма?

Шырқыраған шындықты
Келістіріп, кестелеп,
Керімсалдай еспелеп
Керіспей айтқан хандарға,

Бозторғайдай шырылдап
Шырқаған талмай таңдарға,
Ұлыстың ұстап үлгісін
Ұшырған ойды заңғарға,

Ұзақтан ұқсар үрдісі
Нұр сәулелі шамдарға,
Жапанда жортып, жалған мен
Жаһанның шерін толғаған

Жан жете ме ғаламда
Аңғал-саңғал, ақжарма
Баяғы даңғыл шалдарға!

ҚАЗАҚ ӨЛЕҢІ

Қазақта не көп,
Өлең көп!
Өлеңде не бар,
Нелер жоқ?

Қызық-ау ойлап қарасаң
Әр қазаққа шаққанда
Шумақтан қанша келер деп?
Жолдары доллар боп кетсе,

Әлемге бөліп берер ме ек?
Доллардан жырым жоғары
Арзандап қалай көнермек?
Өлеңім еркін болмаса

Бүгінге ел боп келер ме ек,
Тілімді ұқса дүние,
Жарысып жырмен көрер ме ек,
Басқасы басқа, өлеңде

Қазаққа қай ел теңелмек?!

ҚАЗАҚ ПЕН КОМПЬЮТЕР

Компьютер көрсеткенде ғажапты,
Жетпей оған ақыл тартар азапты,
Шахматтан Каспаровты жеңгенмен,
Өлең сөзде жеңе алмайды қазақты.

Файлында сар даланың әні жоқ,
Қара өлеңнің қаймағының дәмі жоқ,

Миллиондап жасағанмен вариант,
Дәл қазақтай оның дархан жаны жоқ!
Өлең сөзге өмір өрнек құйдырған,
Тіл жетпеген тылсым сырды күй қылған,

Жүрегіне сыймай кеткен мұң-зарын
Домбыраның шанағына сыйдырған!

КАРАТЭ МЕН ҚАРА ӨЛЕҢ

Күн шығыстың құпия жақсы өнері
Каратэнің қазағым қас шебері.
Жапан түздің жалпақ бет балалары
Жапон барып ақ семсер ап келеді.

Ғаламға ортақ рахымды патша құдай
Әр халыққа әр түрлі бақ береді.
Каратэні үйренген қара бала
Қара өлеңді қалайша жат көреді?!

Қазағымның кішісі, ұлысы да
Қара өлеңмен ашылған тынысы да.
Қара өлеңмен жігері суарылып
Қара өлеңмен қайралған қылышы да.

Бар әлемнің өнерін меңгерсең де
Қара өлеңсіз болайын тұрысыңа!

ӨНЕРПАЗ

Жол іздеп,
Басын ұрып тау мен тасқа,
Кейде сау,
Кейде айналып шала масқа,

Өртіне
Дүниенің су себелеп
Ұқсайтын
Шыр-шыр еткен қарлығашқа

Шын өнерпаз
Бермейді өз өнерін
Әлемнің тәж-тағына баспа-басқа!

МОЙЫНДАУДЫ МОЙЫНДАМАУ

Жан-жағын жайпап,
Теңіздей шайқап
Жайындай, сірә,
Досым кеп, деді:

«Поэзияны
Пайымдайсың ба?»
Тентек су тепкен
Келтек сұрағын

Төтеден қойды:
«Сен осы менің
Ақындығымды
Мойындайсың ба?!»

Ақкөңіл ақын
Мақтанбақ ептеп,
Ойында өлең,
Қалыпқа түсіп

Қағида болған
Пайымдауменен,
Мойындамасам
Мойнымды үзер

Түрі бар... Бірақ,
Ақылға қонбас
Біреуді біреу
Мойындау деген!

«Осы ма, – дедім,
Қосылып жатқан
Уайымға қайғың?
Қажасып бірақ,

Қыршаңқы сөзбен
Қайымдамаймын,
Үйлесімі жоқ
Ұғымға қалай

Үйір боп алдық?
Шынына келсек,
Ешкімді ешқашан
Мойындамаймын!»

Ақыным қайнап
Артады келіп
Мойынға міндет,
Жуан мойынын

Қисайтып алып
Мойынға мінбек.
«Мойныңа қойып
Мойындатамын!

Дейді жер теуіп,
Апырмай, қашан
Тоңмойындық деген
Жойылмақ індет?

Алалық сенің,
Бар екен, білдім
Ойыңда, – деді,
Сақтапсың маған

Тасыңды тығып
Қойынға, – деді,
Дәл мендей ақын
Қазақ түгілі

Әлемде жоқ қой,
Талғамың болса
Мойында мені,
Мойында!» – деді.

«Ұстасы жырдың
Ақынсың нағыз
Ойыңды абайла,
Түсініп барып

Түйінін сөздің
Толымды байла,
Мойындау деген
Дойырлау ұғым

Музаға жүрмес,
Адам кінәсін
Яки қылмысын
Мойындамай ма?!

Бастаған өзің
Мойныңмен көтер,
Ойымды айтамын,
Ақылға салып

Сараптап көрші
Жайын қатаның.
Признание деген
Көп мәнді сөзден

Адасып келген
Аударма ғана...
Әйтпесе қайдан
Мойында таным?!

Жақсыға жала
Дүлейлік әркез
Жауып жататын,
Қайыңнан сойыл,

Шойыннан шоқпар
Дайындататын,
Қайдағы жоқты
Айып қып тағып

Мойныңа ал деп,
Мойынын бұрап
Майырып тұрып
Мойындататын!»

Сабаға түсіп
Шайқалып, деді,
Шайырым маған:
«Дарынды бар ма

Дүниеде мынау
Дойырланбаған,
Соңыра мен де
Соңынан барып

Солардай болам,
Мықтының бәрі
Тірі кезінде
Мойындалмаған!»

«Арыңнан сұра
Аласың ақын
Ойыңа нені?
Уақыттың жолдан

Адастырмасын
Айныма желі.
Жер жаһандағы
Басқа жұрт сонда

Жаралып па екен,
Бас иіп келіп
Мінгізу үшін
Мойнына сені!?»

Арқадан қақтым:
«Желбірер талай
Тойыңда байрақ,
Көсіліп жырла

Классик болуды
Уайымдамай-ақ.
Талантты танып
Таза көңілмен

Сыйлай білейік,
Бір-бірімізді
Қиналып, зорлап
Мойындамай-ақ!»

Асылығы бар
Мойындау жайлы
Өзімнің ойым,
Эстетикадан

Естіңіз нәзік
Сезім гөй-гөйін,
Жан шуағымен
Өнер жаратып

Өлең жазатын,
Басты көтеріп
Түзу тұрсыншы
Төзімді мойын!

ҚАҒИДА МЕН ҚАРА ӨЛЕҢ

«Мазмұн құрбан
Мода болған пішінге,
Тәртіп солай,
Түсін мейлің, түсінбе, –

Дейді сыншы, –
Өнердің де,
Өлеңнің,
Құйтырқысы

Болу керек ішінде!»
Езуінің
Бір ұшында мысқылы,
Белинский

Сияқтанған ұсқыны,
Сансыз ойды
Оңды-солды сапырып,
Ұлы өнердің

Өзі құсап ұстыны,
Оқу өткен
Сыншы құрбым «өнердің
Құйтырқылы болсын, – дейді, –

Қышқылы».
Жасыр дейді,
Жұмбақтап айт,
Күрделі,

Көмескіле,
Көміп таста іргені,
Түсінбесе тіпті жақсы
Қалың ел,

Танып алар
Біз сияқты білгені,
Театрдың құпиясы
Құйтырқы,

Киноның да қызығы сол
Құйтырқы,
Көрерменді алдап, ойнап
Режиссер

Астан-кестен
Қылмақ жанын,
Ит ырқы!

Өлең-бояу,
Құйтырқылы бұйым-ды,
Өнердің де
Құйтырқысы қиын-ды,

Құйтырқысыз
Саясат та болмайды
Құйтырқысыз
Таба алмайсың тиынды,

Мінберлерден
Өңмеңдеген менмендер
Құйтырқымен
Ұйытады жиынды!»

Бұл сөзіңнің мәні бар да,
Жаны жоқ,
Құйтырқымен
Ашытпаңдар миымды!

Нағыз өлең туар көктен құйылып,
Ағын ойлар көрген емес тыйылып,
Оған тоқтау бола алмайды жалғанда
Құйтырқылы барлық сыншы жиылып!

Өтіріксіз, құйтырқысыз өлеңім
Көктей берер көзіндей боп көненің,
Ашық, жарқын сырласқанды сүйетін
Мен елімді алдай алмай келемін!

БҰҚАР ЖЫРАУ МЕН БРОДСКИЙ

Бірде маған лауазымы зор кісі
Бар әлемді кеп тұратын шолғысы,
Бұл заманға жүрмес дейді өлеңнің
Қарапайым, қазақылау пормысы.

Бүгінгінің ақындары келеді
Бұқар емес, Бродский болғысы.
Арынды өлең сыя қоймас қалыпқа,
Жасық өтпес қайрасаң да шарыққа.

Өлең ортақ адамзатқа десек те,
Алдымен ол керек туған халыққа.
Біз емеспіз бұғып өскен бетегең,
Бой таласар жөн жоқ деме Гетемен.

Артық емес алыптары әлемнің
Кемеңгер шал Тұрмағамбет Кетеден.
Көп болғанмен өмірде олпы-солпысы,
Өлеңі-зер секілді қыз шолпысы.

Ата жырда аруағы бар қазақтың
Ұғар ма екен, ұқпас па екен сол кісі?!
5-0045

ӨТІРІКТІҢ АТЫ – ӨТІРІК

Аппақ болып топ төрінде отырып,
Әп-әдемі сөз сөйлейді көпіріп,
Аузын жауып
Шыр-шыр еткен шыншылдың

Тырп еткенге
Тап-тап беріп, опырып,
Қисық ойды келтіреді қисынға
Ақиқаттан

Бір-ақ аттап секіріп,
Бірақ түбі
Шикілігін сезбейтін
Емеспіз ғой

Соншалықты соқыр ұлт,
Әшекейлеп
Аспанға іліп қойсаң да,
Өтіріктің аты

Бәрібір де өтірік!

ҮЙІРЛІ ӨТІРІК

Ақырын басталып
Өршіген өтірік
Әлемді аңқитып
Келеді аралап.

Шындықты шыңғыртып
Қудалап, қамалап,
Жағымпаз алдауды
Асыра бағалап,

Асыл мен жасығы
Аралас ғасырым.
Айырар кез бар ма
Салмақтап, саралап?!

Ұйымды қылмыстай
Үйірлі өтірік
Иіріп, иектеп
Әкетпек құрдымға,

Жөн сілтеп, жер жүзін
Байламақ бомбыға.
Орғытып обырды,
Өрлетіп озбырды,

Толқытып тобырды
Елдікті тоздырды.
Адамның талайы,
Мақтаудың малайы,

Алтынсып жалтырар
Қаңылтыр қалайы.
Мақтауды білгендер
Мақтата біледі.

Мақтанға малайлық
Масайрап тұрғанда
Міндетті еместей
Үлкен іс атқару.

Бітпейтін егестей
Мақтау мен мақтану.
Ғаламды аузымен
Аударып төңкерген

Дақпыртшыл данышпан,
Алдампаз алхимик.
Көз бояу көп сөзді
Көбікпен көмкерген.

Көріне көлгірсіп
Көпірте беретін.
Кеудеде жылты жоқ
Көрсоқыр ел ме едің?

Кім болса, о болсын,
Күпірге ермегін.
Көрсеңші сараптап
Бітірген еңбегін...

Басын көп қатырмай
Қолын бір сілтеген

Елдікі дұрыс-ау
Білетін өз жолын!

ШЫНДЫҚ

Шындығыңды кетті екен кім өлтіріп,
Шыр айнала шырмайды мың көпірік.
Бір шындықты аршысаң шыға келер
Бір өтірік орнына бір өтірік.

Өтірікпен өрілсе өткен істер,
Шым-шытырық болмай ма оң, терістер.
Орып, орып тастайды шындығыңды
Өтірікпен уланып өскен тістер.

Өзегі боп кетпесін замананың
Өтірік кітап, өтірік ескерткіштер!
Шыншыл деген азамат не бір мықты
Өтірікке қол қояр кейде тіпті.

Тарихы да қазақтың өзіндей кең
Кешіре салатұғын пенделікті.
Өр халық өтірікке емес зәру,
Өтірік бола алмайды елге дәру.

Өтірікпен дәріпте деген жоқ қой
Бабаң жауға шапқанда алып қару!
Ел үшін пайдалы деп бұның бәрі
Талайлар өтірікті бу қылады.

Шынымен шыңға шыққан шынарларды
Өтірік өрге сүйреп ду қылады.
Бірінен бірін биік қоямыз деп
Тып-тыныш елдің ішін шу қылады.

Онымен не мұратқа жетпек екен,
Өтірік өтірікті тудырады!

Атаң жалған айтпаған күпті күнде,
Өтірік артам дейсің жүкті кімге?
Таудай болып көпірген өтіріктен
Түйір шындық озады түп-түбінде!

СӨЗ БЕН ІС

Қысыр сөзге неге сонша болады екен жұрт үйір?
Қызыл тілде буын жоқ қой,
Сүп-сүйір!
Сынау оңай,

Мінеу оңай,
Даттай салу тіптен оңай барлығын,
Іс бітіру қиын бірақ бір түйір!
Ойланбастан жаға салып жаманды,

Оңдырмаймыз адамды,
Кінәлаймыз түгін қоймай қоғамды.
Бір түкіре саламыз-ау тәрк етіп
Қағынды деп заманды.

Аударамыз, төңкереміз, ол аздай
Жиып-теріп бір уысқа
Бүкіл шексіз ғаламды.
Мән үйрету адамзатқа оп-оңай-ау

Пеш түбінде отырып.
Жөндеу қиын
Аңғал-саңғал
Сықырлаған қораңды!

КӨШЕ ТАЗАЛАҒАН КІСІ

Өмір жолы мың бұралаң,
Кешкен көп,

Көше де көп,
Көшелерді кескен көп...
Көнетоздау
Кір киімді қарт кісі

Есік алдын
Тазалайды бүкшеңдеп.
Көпшілікті
Кінәламан жаман деп,

Кір-қоқысты шашады тек,
Амал жоқ...
Сыпырғышын
Сүйеніш қып

Аулада
Жүрген жанды
Елемейді адам деп!
Албырт көңіл алға ұмтылып,

Аптығар,
Кеуде соғып,
Дейді көрін,
Ат шығар,

Жанталасып
Бұрқыратқан жан-жағын
Атақ пен тақ,
Кім біледі,

Бақ шығар?
Көкірегі
Көк тіреген көп дөкей
Түйір қоқыс

Тазалаған жоқ шығар?!
Үлкен-кіші
Ластай берсе күнбе-күн,
Қоқыс басып

Кетер ме еді жер бетін?
Сыпырғышын
Сырпылдатқан сол бір жан

Өз орнында
Атқармаса міндетін?
Кім біледі,
Тағдырына назалы ер,

Кемтар болса,
Қор санама, маза бер,
Бұл өмірді
Тазалаған кісіге

О дүниеде
Бұйырар ма таза жер?
Кім бөленер
Сауап пенен алғысқа?

Кім қалады
Обал, наза, қарғысқа?
Дүниені
Былықтырған байлар ма,

Бір бұрышты
Тазалаған байғұс па?!

БІЗДІҢ ЗАМАННЫҢ ГЕРОЙЫ

Он сақа қадап атса тимеген ди,
Қоңыздай қажымайтын сүйреген қи,
Аузынан аждаһаның аман шығып,
Аюмен құшақтасып билеген би!

Торғайға шүрегейді ілдіретін,
Түлкіні дүрегейге тілдіретін,
Жыланның сүйіп тұрып, тілін жұтып,
Кірпіні кері сипап күлдіретін!

Тарыны таудай қылып төндіретін,
Ыстық деп сүмбіледе сендіретін,

Жерлеске жекеменшік жұлдыз сатып,
Тал түсте ай жарық деп көндіретін!
Жер шары жұмырына толмайтұғын,
Өмір мәні мақтан деп ойлайтұғын,

Ұрпағының үлесін үзіп-жұлып,
Болашақтың тамырын жалмайтұғын.

БІР ҮШ КҮН...

Жалған дедік,
Дүниені сұм дедік.
Арзан дедік,
Адамдарды құм дедік.

Жалмай бердік сүйдедік те жан-жақты
Біз не деген қанағатсыз жынды едік!
Қу құлқынның құрдымына түстің бе,
Бітер кезі болды-ау қандай істің де?

Қайтер еді бар адамзат келісіп
Жанталасты доғарса бір үш күнге?!
От алдырмай қойса барлық көлігін,
Тыйса түгел жын ойнағын, желігін,

Шүкірлік қып, ойлар кешіп дем алса,
Күпірліктен аулақ салып көңілін.
Тазарар ма жердің күңгірт келбеті,
Азаяр ма ауаның да мың дерті,

Тәуба десе жазылатын сияқты
Өзі тапқан ынсапсыздық індеті!

ТҰМАН

Күн тұман,
Түн де тұман, ай да тұман,
Өзегі
Сылдырлаған сай да тұман.

Тұманнан
Тұмшалаған жол таба алмай
Арыстан
Амалсыздан айға атылған.

Шарабың,
Шәрбатың да, сыраң тұман,
Құмары
Қанбай ішкен ұлан тұман.

Қыз қайдан
Кіндігі ашық мөлдір болсын
Тұманды
Заманаға будан туған?

Адаспай
Ой тұманнан шығар ма жұрт,
Даңғаза
Дақпырт пенен думан қуған?!

ӨЗ ІСІМ

Жан-жағымнан тұмшалап,
Тұншықтырып,
Қыңыратқып,
Қыржиып,

Қырсық қылып,
Өнерімді тартқылап балағынан
Өріс бермей,
Тістейді қыршып тұрып.

Қисыны жоқ қисық ой,
Қияс сөздер
Жүрегімді жатса да
Түршіктіріп,

Сабыр қылам,
Қайтем деп айқай-шумен
Алаң көңіл
Ел ішін ушықтырып.

Күш-қуатым жетсе де,
Қай ұшпаққа
Шығармын,
Жас күнгідей тұмсыққа ұрып,

Ұшып түссем
Жата қап жыламаймын,
Қайрат қылам
Қайтадан ыршып тұрып.

Ешкіммен де бәсеке,
Таласым жоқ,
Өз ісімді иірем ұршық қылып,
Иә, құдай деп халқыма қызмет қылсам

Көңіліме көрген жоқ кіршік тұрып!

ӨКПЕ

Неге сонша болдық екен өкпешіл,
Өкпелеуден басталмай ма көп кесір?
Бір өкпеге бір бауырдан қиғасын
Тоз-тоз болдық,

Шашылғандай шөпке шіл.
Өкпелей сап
Ойда жоқта тектен-тек,
Өткенді айтып

Жалғастырып кекке кек,
Жегідей жеп
Күйдірердей жақынды,

Бұл өмірге
Келіп пе едік өкпелеп?!
Қайтсем табам
Деп біреудің көңілін,

Қайран қазақ,
Өксітеді өмірін.
Сүйретумен
Келеді әлі өкпесін,

Өкпесімен
Шырмап алып бір-бірін.
Мұны біліп
Сырттан баққан жымысқы,

Айдап салып
Араз қылған ұлысты.
Қылт ете қап,
Сәл нәрсеге сылт етіп,

Айырбастап жібереміз ұлы істі.
Өкпелеумен
Өртенсе егер өзегің,
Өксуменен

Өтеді өмір, сеземін...
Өз өкпеңді
Өзің кешір алдымен,
Өссін десең

Өз Отаның,
Өз елің!

ТҮРКІСТАН

Елжіреп жер мен аспан сүйіскен жер,
Мәңгілік пен қас қағым түйіскен жер,
Тәуба ғып тәкаппар да тоқтамға кеп,
Сәждаға тәждерін де иіскен жер!

Ойласаң өмір барда, өлім барда,
Тәубадан басқа табар жолың бар ма?
Иә, Алла, асқақтарға таупих беріп,
Рақымшылық қыла гөр момындарға!

ЕСКЕРТКІШТЕР

Күн еңкейіп,
Көлеңкелер кешкілік
Ұзарғанда,
Бой теңесіп, шеп құрып,

Ескерткіштер ел кезетін сияқты
Елес қуып...
Егескендей
Ессіздік пен Естілік.

Тірі жанды талқыға сап
Қысты өмір,
Көкке ұмтылды
Шырылдаған құс көңіл...

Кеуде керіп күрсіне де алмайды
Тасқа қонып
Қатып қалған мыс темір...
Неге оларды байлап қойған тұғырға,

Байланғаны аз болғандай ғұмырда?!

НЕГЕ СОНША?..

Бәріміз де мұңаямыз, мүжіліп,
Зор болсақ та кейде бордай үгіліп,
Шетімізден күйрей берсек не болмақ
Кете берсек бұл өмірден түңіліп?!

Кінәлаймыз бірімізді біріміз,
Жұлмалаймыз қанатындай қыбымыз,
Бытырлатып үземіз кеп аямай
Жанымыздың нәзік жалғас жібін біз.

Неге сонша жауласамыз жат болып
Бір емес пе бәріміздің түбіміз?!
Өкпелейміз өзімізден өзгеге,
Міндетсиміз бірер ауыз сөзге де.

Алтын үшін алысқанда табарың –
Ақыреттік алты құлаш кездеме.
Соның бәрін біле тұра, дүние-ай,
Таласамыз біреу таққан жезге де!

Неге біздер мұңаямыз мүжіліп,
Адамнан да, заманнан да түңіліп,
Ми қата боп неғыламыз мәңгілік
Ой жетпейтін тұңғиыққа үңіліп.

Төбемізден күле қарап тұрғанда
Кәрі күшті, рахымы мол ұлылық!

ЖЕҢІС ПЕН ЖЕҢІЛІС

Жеңілу, жеңу
Ежелден егіз.
Құм көшіп келсе,
Шегінді теңіз.

Ақылгөй жоқта
Әңгүдік сөйлеп,
Жолбарыс жоқта
Семірді доңыз.

Біреуді жеңіп
Сындырып сағын,
Баянды болмас
Қондырған бағың.

Дүние – кезек,
Бүгінде жеңсең,
Бір күні келер
Жеңілер шағың.

Керемет болып
Кетем деп асып,
Жұлқынсаң жұрттың
Кеудесін басып,

Жапанда жалғыз
Жабырқап жүрме
Басыңа тиіп,
Берекең қашып.

Шапқының сенің
Біреудің құны,
Шаттығың сенің
Біреудің мұңы.

Біріңді-бірің
Жылатып жеңу
Осы ма, досым,
Өмірдің сыры!

Күрессіз өмір
Болмайды десіп,
Бір-бірін қырып,
Қызыл қан кешіп,

Адамзат қане,
Мұратқа жеткен?
Біреуді таптап
Кетпейсің өсіп.

Біреуді жеңсең
Шығад дейт атың.
Адамға адам
Емес пе жақын?

Біреуді жеңіп
Үстемдік құрар

Бір құдай берген
Бар ма еді хақың?!
Адамды адам
Өзіндей көрсін,

Кеудесін кермей
Көңілін бөлсін.
Жетелі болсаң
Жетерсің ойлап,

Жеңген де сенсің,
Жеңілген сенсің!

САТТЫ МА ДОСЫҢ...

Шынымен сенген сатты ма досың,
Жаныңа қатты батты ма тосын?
Сүрінген кезде сыртыңнан күліп,
Табалап таспен атты ма сосын?!

Еріңнен ауып, атыңнан құлап,
Құшақтап жерді жаттың ба жылап?
Мұң шағып барсаң мұқият тыңдап
Сырыңды ұғар таптың ба құлақ?!

Не болды саған, соншама күйреп,
Кім сені қолдар, жан сала сүйреп?
Жолынан азып қайтпаған атаң
Жатса да дұшпан қаншама түйреп.

Өмір де кейде етеді мезі,
Көп жәйтке жанның жетеді көзі.
Алғыс айт оған, көрсетіп берген
Өзінің қандай екенін өзі!

Сабағын тағдыр түсінген жоқсың,
Алдандым-ау деп күрсінбе көп тым.

Қайтер ең сатса сол досың сені
Қып-қызыл майдан, ішінде өрттің!
Сен оған сеніп барлауға барсаң,
Шайқасып жаумен шырмауда қалсаң,

Жапанда жалғыз жаралы күйде
Ол тастап кетіп, арманда қалсаң...
Қайтер ең тіпті, желкеңнен атса,
Жап-жарық күнің ертелеу батса...

Ендеше қазір елең де қылма,
Дұшпан боп досың желдетіп жатса.
Достықты нағыз маржанға бала,
Жылтырақтарға алданбай қара.

Аман-сауыңда құтылғаныңа қуан,
Азба да тозба арзанға бола!

ДОСЫҢ ЖОҚ ПА...

Досым жоқ деп күйінеді көп пенде...
Дос боларлық кісі құрып кеткен бе?
Дос емес пе саған мына ұлы өмір
Көшкен бұлттар, келген құстар көктемде?!

Нағыз достық – ақ тілеуі елдің де,
Қуат берер аңқылдауы желдің де,
Андайың мен мұндайыңа қарамай
Достық шығар көтеруі жердің де.

Жұрттың бәрін жазғырғанша, ойлашы,
Шын жүректен өзің дос боп көрдің бе?!
Досым жоқ деп елге өкпелеп жылама,
Доссыз болсаң, тек өзіңді кінәла.

Өзің егер бере алмасаң елге нұр,
Жүрегіңе жұрттан шуақ сұрама!

ЕШКІМДІ ЕШКІМ ТҮСІНБЕЙДІ

Ешкімді ешкім түсінбейді жалғанда,
Оған бола жынданба да,
Зарланба.
Жылмаң қағып

Желпілдетсе жәдігөй,
Түсінді-ау деп
Жақын тұтып алданба.
Жан сырыңды

Жарнамалап жаһанға
Даңғазамен
Жеткіздім деп малданба.
Әркімнің де

Өз жүгі бар жолдағы,
Тура болмас сен туралы толғамы,
Кеуде қағып
Кімге міндет қыласың

Алтынмын деп
Бағаланбас қолдағы.
Жөн таппайсың
Жалпы көпке өкпелеп,

Жаббар құдай жаныңды ұқса
Болғаны!

ЖАЛҒЫЗДАР

Ару қыздай ғашығымен табысқан
Ай құяды аппақ нұрын ғарыштан.
Шетсіз, шексіз тұңғиықтан сескеніп
Жалғыз жерді серік қылған алыстан,

6-0045

Ай нұрынан ақыл-ойы қозғалып,
Қиялданды қанша нәзік данышпан.
Ай да жалғыз, жер де жалғыз, күн жалғыз,
Мың-миллион болса да адам – шын жалғыз.

Құдай – жалғыз, құдай деген жан – жалғыз
Қастық қылмас бір жалғызға бір жалғыз!

ТІРШІЛІК АЙНАЛЫМЫ

Аңызаққа азуларын жанып ап
Ақшағылдан аунап түссе аруана,
Табанымен тоңды ерітіп, мұз шайнап,
Қарды талмап шөл басады ақ аю!

Түсініп көр жетсе тағат-сабырың,
Текетірес өмір-өлім әзілін.
Мұз ойыққа телміреді балықшы
Тарс ұмытып тірліктегі жәбірін.

Таза леп пен талшығына талпынып
Балық табар сәуле шашқан қабірін.
Тіс-тырнаққа тәуелді ғой тағылық,
Жыртқыш жортар аңдып жанның жазымын.

Көк майсада көлбеп жатқан жануар
Тұяғына тапсырады тағдырын!
Бидайыққа пар келмейтін көктегі
Майға бөгіп жүр ғой бірақ бөктергі.

Бидай басы иілгенде сарғайып
Жалғыз дәнді кім ойлайды көктегі?
Диқан жүрсе сабан иісін аңқытып
Бір айналым тіршіліктің өткені.

ТАМШЫ

Бұйырмаған бұлақ боп ағуға да,
Өзен болып мұхитқа баруға да,
Тамшылардың қолынан келетіні
Тырс-тырс етіп төбеден таму ғана.

Тама берсе түбінде тас теседі,
Төбеңнен тоқылдатса бас теседі.
Тама-тама бір жерді тесіп шығу
Тамшылардың тамаша басты есебі.

Дымы шықпай бұтаға бұққандарды
Тамшы құрлы қайраны жоқ деседі!

МОНША

Реніш, өкпе,
Ыза мен наза
Қалдырып бәрін далада,
Моншаға кірсең,

Тыныштық тілеп
Жан мен тән, сезім, санаға,
Бусанып шығып
Өн бойың балқып,

Босаңсып жатып елестет
Жатқандай рахат
Ғажайып күйде
Көк теңіз керген жағада.

Ақшағыл құмға
Бір аунап түсіп
Аспанға қиял қалқытсаң,
Қанаттас болар

Ақшулан бұлт пен
Шаңқылдай ұшқан шағала,

Мазаңды алған
Ластардан қонған
Тозаңнан түгел арылып,
Настардың бәрін,

Қастардың бәрін
Тазалығыңмен жазала.
Жаласы жұқпас,
Күйесі сені

Күйдіре алмас жаманның,
Сауығып тәнің,
Жаңғырып жаның
Тазара түссең,

Тазара!

КЕУДЕ КЕРІП...

Кеуде керіп
Кемеңгерсіп кей-кейде,
Қай ұшпаққа
Шығам дейсің ей, пенде,

Бар әлемді
Қаратам деп өзіңе
Жаныңды жеп
Болма босқа шерменде,

Сен емессің
Дүниенің тұтқасы
Жай табады
Жан құдайға сенгенде!

ДҮНИЕ КЕҢ

Дүние кең,
Шексіз ғой ғалам,
Халық көп.
Жиып ап бәрін

Сыйғыза қояр
Қалып жоқ.
Қайталанбайтын
Сан алуан қызық

Құбылыс,
Жұлдыздай көкте
Жымыңдап тұрған
Жарық боп.

Саралап санаң,
Сүйініп жаның,
Ғаламға
Нұрыңды шашып

Жұлдыз боп сен де
Жанып кет!

ҚОРЫҚПА ӨЛІМНЕН...

Елім тыныш болса дейміз,
Жер тыныш,
Тұмшалаумен ашылмайды кең тыныс,
Еңсеңді езіп,

Өміріңді өксітер
Өн бойыңды буып алса
Қорқыныш!
Қоянға да жем болады

Қашқан ер,

Сасқан кезде
Жоқ қой деме басқа жол,
Қорқаулардың
Қиратып шық қоршауын,

Ең ақыры
Жастығыңды жастап өл!

Қорықпа өлімнен,
Тербетеді қара жер.
Сен кеткенмен
Қара ормандай қалады ел.

Бұл пәниге алғыс айт та,
Бақиға
Бата тілеп,
Батыл басып бара бер!

АДАСТЫРМАС ТЕМІРҚАЗЫҚ

Дүниеден пақыр да өтер, патша да өтер,
Біреу шауып, ал біреу ақсап өтер,
Әр істің мәні болар мәңгілікте,
Фәниді сұм жалған деп жатпа бекер.

Құр қалмай кір өмірдің базарына
Нәпсінің ерік бермей тажалына,
Көппе сөз, бетперденің бәрі қалып,
Тартылар еңбек, амал таразыға.

Десек те думан керек, дүрмек керек,
Сауал бар, қалай өмір сүрмек керек?
Қай ілім қайда, қалай бастайтынын
Сараптап ой-санамен білмек керек.

Ой көп қой, ат көтермес, атанға ауыр,
Зерделер оның бәрін шопан бауыр,

Аят пен хадистерге жете қоймас,
Келсе де неше Ницше, Шопенгауэр.
Әркім де даналықты сүйер, сөгер,
Көкейге керегінше түйер, төгер,

Ақсақал аталардан артық болмас,
Көп сақал, Кант, Конфуций, Кьеркегор.
Жақын боп жүрекке жол таппас әр түр,
Қағыңды-соғындысын қақтап сарқыр,

Абсурдтық алжасудан хаостағы
Ем болмас Камю, Де Сад, Кафка, Сартр.
Ілімнің түр-түрі көп сене берсең,
Өмірге өзінше ғып береді өлшем.

Басыңда құйын соғып, сандаларсың,
Соңынан әр елестің ере берсең.
Дүние жарқ-жұрқ еткен түгі жылтыр,
«Ер маған есің шығып, – дейді, – жыртыл!»

Даңғаза жарнамалар жарға соғар,
Көбіктің көзді алдаған көбі қыртыл.
Бола алмас жарқыл-жырқыл өмірге азық,
Тозарсың ойың азып, көңіл қажып.

Қаптаған жын-ойнақтан сақтап қалар
Иманың – адастырмас Темірқазық!

СӘРЕСІ

Таң алдында... Дүние тыныш. Сәресі.
Сәресіге жуымайды жын-ойнақтың
дуасы мен бәлесі.
Оразада ой теңізін кешкен сайын оңаша

Мұсылманның тазарады иман тұнған жан есі.

Рамазанда тәубаменен қарайды адам бәріне,
Мән береді тіршіліктің жалғыз түйір дәніне,
(Тойынғанның таңдайына татымайды
табақ тола табака

Қайдан жетсін қара нанның қадірі мен дәміне).
Ауыз ашар сәт келгенде сиынады Аллаға,
Жан-тәнімен шүкірлік қып нұр иманның нәріне!

КҮЗГІ БАҚ

Алдағыға мың ұмтылған, жүз құлап
Бұрынғылар жүріп өткен ізді бақ.
Қиыры жоқ кеңістікті кеземіз,
Уақыт шіркін қуалайды ызғып-ақ.

Жасыл дәурен жарқ етті-ау деп жасындай
Сыбдырлаған жапыраққа түр құлақ.
Жарты қапшық бос бөтелке арқалап
Бүкір кемпір бір бұрышта тұр жылап.

Шал тістейді түтін шалған сар мұртын
Трубкасын түбіртекке ұрғылап.
Алаңқайда шуылдайды доп қуып
Балдырғандар – асыр салған қозы-лақ.

Асығады айдынына мұхиттың
Таудың төсін тесіп аққан мұз бұлақ.
Тіршілікке тәтті мұңмен тәубә ғып,
Сабырлы ойға батырады күзгі бақ!

КӨКШЕ. ҚЫСҚЫ ОРМАН

Сақылдаған сары аязбен тіресіп,
Сарт-сұрт сынар сұлу бұтақ сіресіп.
Қарағайлар қалқып бара жатқандай,
Ұшар басы ұшпа бұлтқа ілесіп!

Жортады аңдар аштық қуып інінен,
Тағдырларын қарға жазып түнімен,
Қырау шалған аңшы кезер құмартып
Шимай-шиыр жазуды оқып күнімен.

Тұнық жырды тыңдайтындай ақ тиін
Қарағайдың дыңылдаған діңінен.
Сере қардың сүйкей басып күртегін,
Арлан бөрі сездірмейді бүлкегін.

Ақ көрпесін қымтанады жан-дәрмен
Үркек қоян үлпілдетіп үлпегін.
Түсінбессің қанша түрсең құлақты
Құйтақандай құсқа біткен қуатты,

Аяз құшқан ақ орманның тірлігі
Тоқылдақтың тұмсығында сияқты!

СЫРЛЫ КӨКШЕ

Қарағай жас жігіттей ұрандаған,
Ақ қайың биші қыздай бұраңдаған,
Басына мәңгі жап-жас Көкшетауым
Ешкімді, бұлттан басқа, шығармаған.

Тастары тұнып тұрған жұмбақ сырға
Бурабай аңыз ба екен, әлде шын ба?!
Оқжетпес ойды көкке шарықтатса
Бөлейді жапырақтар тәтті мұңға.

Әнімен бар әлемді тербейтіндей
Басқа жер оған теңдес келмейтіндей,
Тоздырған темір ғасыр жан сарайын
Көкшетау сұлулықпен емдейтіндей!

ҚАРАҒАЙ

Қорғанбекке
Зеренді көлді жағалай
Көмкере біткен қарағай,
Көркіне көңілі мас болып

Керілген кербез ағадай.
Дыңылдап ырғақ санамай,
Самалды сүйген саралай,
Серуендеп еркін сеңгірге

Секіріп шыққан баладай.
Тас жарып өскен толағай,
Бойлаған көкке дарағай,
Шайырлы иісі бұрқырап

Қайқайған төре-қарадай.
Құмары күндіз тарамай,
Тұнжырап түнде қалардай,
Сәулеге бөлеп сезімді,

Күмістен сырға тағады ай.
Зеренді көлді жағалай
Мүлгіген қалың қарағай,
Түбіне көлдің үңіліп

Көп ойға батқан данадай.
Тоқтаусыз уақыт, ағады ай
Куә боп оған қалады ай,
Көк мұнар мұңға малынған

Мәңгілік жап-жас қарағай.

САМЫРСЫНДАР

Шаншылып, көкке өрлеген самырсындар,
Алтайдың тау-тасымен бауырсыңдар,
Киелі топырақты тұтастырып
Ұстап тұрған үзілмес тамырсыңдар,

Самырсындар, сау қалдың сағың сынбай
Соқса дағы сұрапыл дауыл, сындар,
Қауырсындай қаламым қалқып барып
Қауышқан көңіліммен сағымсыңдар,

Жанға саулық жұпарың, жаңғағың да,
Сағым емес, байлығым, барымсыңдар,
Самырсынның сағызы сары алтындай,
Аңыз ғып тамсанады ағылшындар,

Сары күзде салт мініп, сапарға шық,
Самырсынның иісін сағынсаңдар!

АЙ КӨКШЕ

Көкшеде, көлдің бетінде
Көк толқын ойнап құбылып,
Кемерлі жардың шетінде
Өмірден тұрсаң түңіліп,

Тұп-тұнық Көкше көркінен
Мұздаған жүрек жылынып,
Қуат ап елге қайтарсың
Дүние сырын ұғынып!

Ай, ай Көкше, ай Көкше,
Көгілдірім күн Көкше,
Ай, күнім деп әлемді
Аялайық тіл жетсе,

Ай, ай Көкше, ай Көкше!

Көгінде қалқып қыраны
Шыңында шуақ күлімдеп,
Жұпармен желпіп самалы
Айдында қыздар дірілдеп,

Тыныштық тербеп орманды
Мөп-мөлдір күйге бөленбек,
Жаңғырып сен де жырлайсың
Сәбидей жаның уілдеп!

ЖҰМБАҚ ЖЕР

Бұлт басса Бурабайды шудаланып
Шуылы төңіректің тына қалып,
Көк бояу қоюланып қорғасындай
Мүлгиді тау мен орман мұнарланып.

Күлімдер көлдің беті, жердің жүзі,
Жарқ етсе күннің көзі, шуақ алып.
Қарғыса қарағайдан көк қаршыға
Теңбіл тас еліктей боп бұғары анық.

Тұмсығы тұнжыр ойға батқан піл тас
Қалайша қона қалған шыңға барып,
Сақалы желп-желп еткен Жеке батыр
Көсілген көк найзасын суға малып.

Бауырына тарта түсіп ақ қайыңды
Қарағай бойын созған құмарланып.
Тамсанып талай ақын толғасақ та
Жұмбағын жаратқанның ұға алмадық!!!

КӨШКЕН БҰЛТ. КӨҢІЛ

Бұлтпен бірге көңіл көшіп барады,
Өмір өтіп, естелігі қалады,

Аппақ қудай шалды көріп кім ойлар
Көкке қарай қолын созған баланы?
Еліктейтін Тарлан атты Тарғынға,
Бала кезде жатып алып шалғында,

Ақша бұлттан қайдан келе жатсың деп
Сұраушы едік, не күтед деп алдыңда?
Қара бұлттай нөсерлетіп төгуші ек,
Бұйра бұлттай ұшып кете беруші ек,

Бір құпия сыр бар ма екен осында
Біз де кейде бұлт секілді көрінсек?!
Шексіз аспан аялаған еркем деп,
Керуен бұлттар бүгін бар да, ертең жоқ.

Бұлтсыз аспан жұртсыз жердей көңілсіз,
Бұлт көшеді көктің жүзін көркемдеп.
Бізден сәлем жеткізердей алысқа
Асығардай жауап әкеп берсем деп!

АСПАН

Бура бұлттар
Жерге төніп
Көк құрсап,
Еске түсті

Бұрынғы бір өткір шақ,
Тұнжыр ойға
Батыратын осылай
Өзіміз де

Бұлыңғырлау боп тұрсақ.
Ақ қағазға түспегенмен
Дастан боп,
Таңғажайып сәттер өтті

Бастан көп,

Әбубәкір...
Ақын інім екеуміз,
Түнгі бақты
Кезуші едік мастау боп,

Аппақ қарға
Аунап жата кетуші ек
Өлең оқып,
«Аспан! Аспан! Аспан!» деп.

ҚИЯЛЫМ КЕЗЕДІ ҒАЛАМДЫ

Ақшулан бұлттарға оранып
Қиялым кезеді ғаламды.
Көкшулан толқынның жалында
Аралап иесіз аралды,

Шұғыламен бірге шашылып,
Ну орман-тоғайды,
Шатқал мен шыңдарды орайды.
Жолбарыс жанарымен

Жаһанды жым-жырт қып,
Көжектің көзімен
Дірілдей қалады...
Не керек пәлсапа,

Қажет пе жанталас?
Көк аспан, көк теңіз,
Асқар тау, кең дала,
Дүние барында...

АППАҚ ҚАР

Қар жауып тұр
Жапалақтап
Аппақ таза сезімдей.

Қалықтап кеп
Қонып жатыр,
Қонғаны да сезілмей.
Бір рахат күй

Кешіп келем
Көше бойлап оңаша.
Жан дүнием
Жермен,

Көкпен,
Бір тұтасып егіздей.
Аппақ қарлар
Кіршігі жоқ,

Қай сәуледен жаралдың?
Тозып кеткен
Тіршілікке
Мөлдірлік боп таралдың.

Кейде, достым,
Ұшып кеткің
Келмей ме осы ғарышқа,
Содан кейін

Аппақ қар боп
Жерге қайта оралғың?!

ӘР АДАМНЫҢ ӘЛЕМІ

Әр адамның
Өз әлемі өзінде,
Жүрегінде
Санасында

Көзінде.
Ортақтасып
Кіре алмайды басқалар

Біреу кешкен Өмірлік ой-сезімге. Біреу көрген азаптан да, Рахаттан, Бөлек етіп Өз сағатын санатқан, Бір-біріне кіріктірмей Кісіні Құдай қалай Керемет қып жаратқан! Бөлек сенен Ата-анаң да, Ел, Бала, Дос та бөлек, Сырлассаң да мұңдана, Сезілетін анық нәрсе Сен үшін Шексіз ғалам ортасында Сен ғана! Көк пен жер де, Көкжиекпен бөлінген, Көк теңіз де Көз ұшында көрінген, Көңіліңе Сыйғыза алсаң болғаны, Күллі ғалам Саған сыйға берілген! Бұйрық сырын Сезінбесек Өспейміз, Күн шуақпен Жерден өніп, көктейміз...

Сүю үшін жаратылған ғаламды
Өктемдік қып
Неге билеп, төстейміз?!

ӨМІРДІҢ ӨЗІ...

Өмірдің өзі адамға
Жаратқанның сыйлығы.
Жаралмай кетсең қайтер ең
Өзгеше болып бұйрығы?

Өмірдің өзі махаббат,
Сүюден бәрі жаралған.
Бастауы мөлдір бұлақтай
Жайылып жерге таралған.

Өмірдің өзі мейірім,
Қайырсыз адам адам ба?
Қол ұшын беріп бір-бірін
Құтқарған қатал заманда.

Өмірдің өзі қатыгез,
Емес-ау оңай сынағы.
Тағдырдың жүгі аздай-ақ
Бір-бірін пенде ұрады.

Өмірдің өзі қуаныш,
Қызыққа кісі тойған ба?
Табар ма жанның рахатын
Құлашын кеңге жайғанда?

Өмірдің өзі мақтаныш,
Сонымен, бәлкім, көрікті.
Болмашы баққа шаттанып
Атамыз көкке бөрікті.

7-0045

Өмірдің өзі алданыш,
Алданар ермек аз емес,
Емпеңдей берсең соңынан
Сенің де күнің мәз емес!

Өмірдің өзі өкініш,
Өзегі күймес жан бар ма?
Патша да, дана, даңғыл да
Жеткен бе барлық арманға?

Білімнің бойлап түбіне
Өрлеген даңқы нар адам.
Өмірдің бәрі ойын деп
Алаңсыз күліп қараған.

Көнеден қозғап сыр тартсаң
Пәлсапа, толғау, кеңес көп.
Өткен ғой небір кемеңгер
Өмірдің бәрі елес деп.

Өмірдің бәрі өткінші,
Өтті де кетті – өң мен түс.
Өткінші жалған мәнсіз деп
Егіліп талай сөнген күш!

Даналар айтқан, құдайсыз
Тірліктің бәрі далбаса.
Адамның жаны жай таппас
Мәңгілік өмір болмаса!

Құдай жоқ болса, мән де жоқ,
Соқпай ма құйын көңілде.
Қайтеді байғұс адамзат
Имансыз өмір өмір ме!?

Өмірдің өзі жүдетер
Уақыттан уайым оздырып,

Керегі не көп ойдың
Жанды жеп, жүйке тоздырып?!
Бәрі де бар ғой өмірде,
Өлшеуге болмас бір жақты.

Уайымсыз көңіл азбай ма
Қуалай берсең қылжақты?
Өмірдің өзі ақиқат,
Анығында бар нәрсе.

Арындай бермей адамзат
Ақылға салып, мән берсе.
Төрелік айтқыш өмірге
Қағидашылмыз көбіміз.

Өмірдің өзі мағына,
Ұға алмай жүрген өзіміз!

ӨМІРДІҢ ЗАҢЫ – ӨТУ,

ЗАТЫ – ЖҰМБАҚ...

Сайдан сайғақ іздеме, айдан айғақ,
Кердеңдеме ат мініп, кисең жарғақ,
Қайғы-мұңсыз денің сау уағыңдағы
Қара су да болмай ма айран, қаймақ.

Табиғатқа түкірме, түбің бірге
Тарыққанда талшыққа жарар тарғақ,
Дүмбілез бен дүмшелер дүрдигенмен
Дүмі бос дүрбелеңде жолдан таймақ,

Кәрі күшті Алланың рахматы мол,
Күдер үзбе кезеңде тар жол тайғақ!
Адамды аспандатар арман жұлдыз,
Қияға қол создырар мұзарт шың, құз,

Мұратқа мұхит кешпей жете алмайсың,
Шалшықты шалпылдатпай айдында жүз,

Шалалық болғанымен адамзатта
Алалық жоқ жарасып татсаң дәм-тұз,
Үрімнің түбінде де тегін ойлап
Үлгісін елдің ұстай білсін ұл-қыз,

Өмірге босқа келіп кетпегенің
Белгі боп кейінгіге қалса бір із,
Кесек ой, үлкен жұмыс, ірі қимыл
Көр-жерді есепке алмай соларды тіз,

Әлемді алам демей, алдыменен
Ақылға өз бойыңа билік құрғыз,
Өзіңді өзің жеңіп алғаннан соң
Артылса өнегеңді жұртқа білгіз,

Жүргендер билей алмай әлсіздігін
Бастауға қауымды да болар қырсыз,
Көгерер көпшіліктің көсегесі
Көңілі көсемінің болса кірсіз,

Қылтадан қылт еткенді қуа берме
Көп нәрсе қолға ұстаған секілді мұз,
Уысыңда ештеңе қалмағанда
Сан соғып, қайнамай ма ішің ғыз-ғыз,

Көп сұлу көктемеде көлбеңдеген
Көрген түс, қайтқан құстай келгенде күз,
Ойдағы оюы ғып оятұғын
Қолында кемпір күздің кесте мен біз,

Құлазыр көңіл шіркін құлан көшіп
Секілді киік қашқан бір құба дүз,
Өмірдің заңы – өту, заты – жұмбақ
Тәуба ғып сол өмірге, шырай кіргіз!

ҚЫСҚА ҚАЙЫРЫМДАР

Қаймықпа, сал атыңды ой мен қырға,
Абайла, ізгі жолдан теріс бұрма,
Келмесе қолдан қайыр, тым құрыса
Жалғанда тірі жанға зиян қылма!

* * *
Өмірдің мәні қайда, сәні қайсы?
Ойлар көп, бір-біріне келер қайшы.
Жауабын бұл сауалдың таппай өткен

Президент, патша, король, хан, қоңтайшы.
* * *
Дүние өтіп жатыр шыр айнала,
Кейде тұнық, ал кейде ылайлана,

Пенде жазған тарихта алалық көп
Жазатын шын тарихты құдай ғана!
* * *
Кім біздің теріс бұрған көшімізді,

Кім біздің ойран қылған есімізді?
Көп сауал жанды қинап, жауап таппай
Алушы ек қу арақтан өшімізді!
* * *

Алданып пенделіктің базарына,
Жетем деп бұдан да өткен ғажабына,
Бір-бірін басып-жаншып, жанталасып
Адамзат асыға ма ажалына?!

* * *
Тартылып жатыр мөлдір бұлақтар да,
Сөнуде жанбай жатып шырақтар да,
Тыңдайтын елдің мұңын құлақ бар ма,

Құлақ болса, құлақта ұят бар ма?!
* * *
Әйтеуір сөзім бар деп таңдайыңда,
Жығылма жаман ниет ыңғайына,

Біреудің тағдырына билік айтпа,
Кім біледі, не жазғанын маңдайыңа?!
* * *
Кей адам кеуде қағып еліреді,

Парықсыз өмір жайлы не біледі?
Өзгені қырам-жоям дегендердің
Өзінің қабырғасы сөгіледі.
Әлемді жаман сөзбен улағандар

Сол уға бір күні өзі көміледі.
Мейманасы асқанға бір тосқан бар,
Бір күні ақтарылып, төгіледі.
Біреулер бір заманда біз түгілі

Мұхаңды да боқтаған көрінеді.
Сонда Мұхаң кемеңгер
Боқтаған әлгі кісінің
Қарап тұрып көзіне,

Жаман сөзден жиреніп
Безінгені сезіле:
«Маған дегеніңнің барлығы
Өзіңе, – депті, – өзіңе!»

* * *
Кей сөздің несі жақсы, несі күлкі,
Сөз дейтін көңіл аулар қызыл түлкі.
Мәз болып неменеге күлеміз деп

Бірауық ойланса ғой қазақ жұрты.
Табалап бірін-бірі көп күлгеннен
Бұзылып жатқан жоқ па елдің шырқы?
Құзғындай өртке шөпшек тастайтұғын

Қоздырар араздықты сөздің құрты!
* * *
Біреу жүр басын бұлдап, сөзін сатып,
Жалпақтап біреулер жүр көзін сатып,

Базардың бөзін сатқан мың есе артық,
Жүргеннен әр жерде бір өзін сатып!
* * *
Билік пен байлық үшін жанталасып,

Жалғасып жең ұшынан, қалталасып,
Не мұратқа жетпекші адам ұлы
Аяусыз бір-бірімен балталасып!?
* * *

Адамзат неге сонша әлі күнге
Бомба мен оқтың үнін күй қылады,
Зарлаған сәбилер мен ана даусы
Тоқтатар ма қанішер миғұланы?

Кең дүниеге сыйыса алмай жүргендерді
Қара жер қойынына сыйдырады,
Тірісінде тілгілеп жүректерін
Өлген соң жылы сөзін сый қылады.

Оқтан ауыр тиетін жаман сөзбен
Талайлар бірін-бірі ұрғылады,
Жан шуағын аңсаумен өтті ме деп
Ойлаймын ерте кеткен құрбыларды,

Жер астына асықпай, жер бетіне
Сыйласып, сыйыссақ біз неғылады?!
* * *
Жынданып жатқан дүние

Жырыңа сенің қарамас,
Кесапат, кесір қаптаса
Кемеңгер қорғап қала алмас,
Иманы кәміл ерлерді

Азғырып дұшпан ала алмас!
* * *
Жеп алып, ел байлығын ішіп алып,
Ағалар, қандай күйге ұшырадық?

Халыққа дұрыс жолмен жүр дейсіңдер
Өздерің теріс жолға түсіп алып?!

* * *
Ақын әуре патшаны түзеймін деп,
Патша әуре ақын сөзін күзеймін деп,
Адамзат адасуда арпалысып

Әрқайсы өзінше жөн іздеймін деп!
* * *
Болғанда Абай бөлек, Жамбыл бөлек,
Қазаққа ол да керек, бұл да керек,

Алалап, аруақтарды салғастыру
Ағайын, ойлаңдаршы, кімге керек?!

* * *
Жаман сөз жараса ма азаматқа,
Жағар ма сөз ұғатын жамағатқа?
Қазақтың бір тамаша алданышы

Айтысты айналдырма балағатқа!

* * *
Байлықтан, бағландықтан ақыл артық,
Не пайда жүргендерден босқа шалқып?
Тымықта кемесінген дөңбектерің

Жел соқса бет-бетіне кетер қалқып.
Әр жерде бір бықсыған кей еркектен
Үндемей шай қайнатқан қатын артық!

* * *
Ерім деп елі-жұртың мақтайтындай,
Есінде келер ұрпақ сақтайтындай,

Ей, бауырым, не бітірдің бұл дүниеде
Атыңды адам дейтін ақтайтындай!

* * *
Кісі көп жалт-жұлт еткен, сырты көркем,
Мәз-мәйрам жүргеніне елтең-селтең.
Безіп кеткің келеді айдалаға

Айналаңнан кемшілік тере берсең.
Жаныңа нұр толмай ма адамдардың
Бір тәуір сөзін естіп, ісін көрсең,
Ақ-қарасы аралас, арпалысқан

Адамдарды қайтесің, түсінбесең?
Бір құдірет қойған соң тұтастырып,
Тірлікте береке жоқ, ізгілікке
Қуанып, кемшілікті кешірмесең!

* * *
Қойсаңшы енді, құр босқа күйіп-піспей,
Күйіп-пісу кісіге сүйікті істей.
Опынғаннан не пайда от басында,

Қия жерде қылыштай қиып түспей!

* * *
Еліңе қандай еңбегің,
Алғаның мен бергенің?
Алғаннан берген аспаса

Кеудеңді босқа кермегін!

* * *
Сен емессің бұл өмірдің өлшемі,
Әркімнің де бар межелі мөлшері,
Дүйім жұртқа беретіндей төрелік

Таразы ғып қойып па еді ел сені?!

Төрелік айта көрме
Біреудің өміріне,
Әркімнің патшалығы
Өзінің көңілінде.

Разы боп әдебіңе
Иілер сәлеміңе,
Өзіңдей өзгелер де
Сүйінер әдеміге,

Әр адам өзі патша
Өзінің әлемінде.
* * *
Шарайналы кеудеге

Шағалалы көл сыяр,
Дулығалы ерлерге
Дуылдаған ел сыяр.
Кемел ойлы ерлерге

Кемеңгерлік жөн сыяр,
Кердеңдеген кеудеге
Мен, меннен өзге не сыяр?!
* * *

Қазақтың жаны
Не деген сірі?
Сабайды келіп
Екінің бірі.

Қаншама ғасыр
Қамшылап жатыр,
Қазақтың жаны
Әлі де тірі!

* * *
Дейсіңдер қазақ қандай, қазақ қандай,
Қазақтың қандайлығын білген жандай.
Тимеңдер бар халыққа сондайсың деп

Ішінде болғанымен андай-мындай!
* * *
Амал не, жетесіз де, жетелі ер де
Мәз болар бірін-бірі кекегенге,

Өзіңнің бауырыңды мұқай бермей
Бұрылып көзіңді сал бөтен елге,
Көппе сөз кімге дәрі, еңбегіңмен
Не жетсін парызыңды өтегенге!

* * *
Басында бәйтеректің бір жұмыртқа,
Көрінген күндік жерден күллі жұртқа.
Аялап жеңіл жұмсақ қанатымен

Жанынан жанай өтіп жүрді бұлт та!
* * *
Біз үшін бәрін берген бабаларым,
Қазбалап, ала берме мазаларын.

Бабалар бейітінде тыныш жатса,
Бесікте тыныш ұйықтар балаларың!

* * *
Танығаны жапырақ
Түйенікі ақыл-ақ.
Жапыраққа алданып

Түп-тамырды ұмытқан
Түйеден де ақымақ!

* * *
Күннен шуақ аламыз, жерден қуат,
Тасқа қына бітеді, көлге құрақ.
Жаратылып жан біткен жақсылықтан

Жан сарайын ашады мөлдір бұлақ...
... Жамандық у жаяды неге бірақ?
* * *
Мөлдірді лайлап, қайнатып сорды,

Сеңгірді жайғап, жайратып жерді,
Өндірді байлап, өлімге айдап,
Мақсаттың бәрі май қатық болды,
Асылық қылып, атылып айға,

Барасың адам, асығып қайда?!

* * *
Аяншақтарды мұң буып,
Қояншықтарды жын буып,
Құйындай соғып, құтыртып

Өмір мұхит шегіне
Барады бізді кім қуып?!
* * *
Көркем ойға керегі не кестенің?

Кімге дәрі күйінгенің, бөскенің?
Кемеңгердің күпісіне кіріп ап
Күрең суды күрпілдетіп ескенің?!
* * *

Өзенді бойлап өлкені кезгім келеді,
Мекен ғып біраз қауырсын қанат кемені.
Ақша бұлттарға орана кетіп кей-кейде,
Мұхитқа барып мұңымды шаққым келеді!

* * *
Шылымның түтінімен жылынып,
Күртенің жағасына тығылып,
Тәрк етіп тәртіпті тәкаппар

Күркені жағалайды ұлылық!
* * *
Құба жонда құбылып желмен ойнап,
Ақселеудің толқыны салады ойға,

Үйірінен адасқан жалғыз елік
Жаутаң қағып жортады жолды бойлап.
* * *
Шөлейтке кей-кейде

Бітеді бір дарақ
Тартынбай,
Аптапта
Ақ шаңға

Көміліп
Алқынбай,
Ақпанның
Ақ таңы

Атқанда алтындай,
Тамырын үзбеген
Туған жер
Топырағынан нәр алып,

Сабырмен
Сілкінер салқындай!
* * *
Сарысудың аяғы құрдым болып

Сілетінің аяғы сорға құйған...

* * *
Бір мүмкіндік туа қалса бір күні
Бір жақсылық жасар ем адамзатқа!
* * *

Менен шындық сұрамаңдар,
Айта алмаймын,
Айтпаймын!

* * *
Ойсыздық қауіпті десек те,
Одан да қауіпті
Бір жақты ойшылдық!

* * *
Өмірдің нағыз құнын пақыр білер,
Пақырды патша қашан ақылды дер?!

* * *
Өзің ғана оп-оңды боп жалғанда
Өзге жұртты даттай салу оп-оңай!

* * *
Ақын жүрек ақ нұрдан жаратылған,
Ән болып дүниеге таратылған...
* * *

Халыққа қандай пайда, не қайыр бар
Өзі үшін рахат қуған құмарпаздан... .

* * *
Жер-Ана – әлем бесігі
Әуеде тұрған тербеліп!

* * *
Оралып, жөндейміз деп болдық әлек
Өмірдің өтіп кеткен кезеңдерін!

* * *
Қайта-қайта қиратып келеміз-ау
Әуре боп өзгертумен өткен істі!
* * *

Бұл өмірден түңілемін мен неге
Біреу мені түсінбеді екен деп?

* * *
Мен қалайша жаман болып қалмақпын,
Бәз біреулер жүрсе сырттан ғайбаттап?

* * *
Күйе жағып, күйдіргенге кейбіреу
Күйіп-пісіп, күйреп түсем мен неге?

* * *
Тірі жанға зиян қылма,
Ерегеспе,
Кектенбе!

Әзәзілге ілесіп кету оңай
Болмаса кәміл иман, кемел ақыл!

* * *
Өмір, бәлкім, болар ма еді сүреңсіз
Қимай-қимай қоштасулар болмаса!

* * *
Өтеді өмір
Күлсең де,
Жыласаң да,

Әйгілі боп
Әлемге ұнасаң да,
Құтылмайсың жазмыштан
Ұшып көкке,

Басынан
Эверестің құласаң да!

* * *
Заулап ағып барамыз,
Бір белгісіз қиырға,
Шетсіз, шексіз кеңістікте,

Айла таппай
Уақыт атты құйынға...

* * *
Кеуде соғып,
Өңеш жыртып
Мен, мен деп,

Мінбе көрсе ұмтылатын өңмеңдеп,
Дөңбек мінез дойырлардың,
Дым бітірмей даңғырлаған дарақы мен
Жүз құбылған жәдігөйдің

Сүйкімді боп қалың елге
Абыройға бөленгенін
Тарих әлі көрген жоқ!

* * *
Қағынды дейміз заманды,
Бұзылды дейміз адамды,
Белінен сызып барлығын

Түңілген бірақ жаман-ды.
Түсінбей жатып тереңін
Теріске бұрма дер едім.
Адамдардың бойында

Адамдық қасиет әлі де
Бар екеніне сенемін!

* * *
Мен қазақпын, мейірбан мұсылманмын,
Мейман келсе төрімді ұсынғанмын,
Майлы басын жіліктің жұртқа беріп

Маңдайынан сипадым қысылғанның!

* * *
Күйеу демей табағын үймелеп сал,
Күйе қылмай көйлегін түймелеп сал,
Қырық жылда қырқылжың құдамын деп

Қырып-жойып кетпесін күйгелек шал!
* * *
Шың басында шағылысып шұғыла,
Күн шуағы шырай беріп түскенде,

Жан біткендей жадырайды көкшіл мұз,
Жан-жағына жарық шашып жалтырап... .
* * *

Өмір деген немене
Мәңгілік пе,
8-0045

Жоқ әлде қас қағым ба?
Сыя ма әлде сыймай ма
Ақылдан басқа ұғымға?
* * *

Шолақ ойлап, шапшаң байлап көбіміз
Есеміз кеп...
Жанға жара сөзіміз,
Бұл жалғанда жаман адам жоқ шығар,

Жаман қылып шығаратын өзіміз!
* * *
Күйкілікке құл боп алған кей сана
Кемсітуге жасайды кеп ишара,

Барлығынан біз артықпыз дегенді
Айтқысы кеп, жанын жейді бейшара!
* * *
Мақсат – мақтан, даңғаза, ду болғасын,

Күзетсіз кең дүние құр қалғасын,
Базарыңды жайнатып, жаулап алған
Арзанқол жылтырақтар көзді алғасын,
Бір-біріне сатуға жанталасып

Зуылдайды сүйретіп қол арбасын,
Бояуында байқалмай бойға сіңіп
Тұқымыңды құртатын у болмасын!
* * *

Жырау – еркін,
Ақыл-ойдың ағыны,
Терең жатыр танымының тамыры,
Сөз ұққанға жөн көрсетіп, жол нұсқап

Жуасытқан жырларымен тағыны!

* * *
Жыр жазбады демесең,
Адамдардың бәрі – ақын,
Таң самалын жұтқанда,

Күн қызарып батқанда,
Түсініксіз күй кешіп
Тебіренген жаны ақын!
* * *

Көрінбейтін,
Сезінетін жүйеңмен,
Өлең...
Келдің...

Көп қорықтым киеңнен...
Жазғым келмей
Қаштым сенен қаншама
Көндім ақыр,

Сыйлық қой деп иемнен!

* * *
Келтіріп сөздің өлшемін
Іздедім ойдың көркемін,
Ауызбен айтпай әр сөзге,

Жанымның бердім бөлшегін!
* * *
Өлеңім менің бояусыз
Суарылған құрыштай,

Суырылған қылыштай.
* * *
Өлең сөздің көп іздедім өрнегін.
Сүздім оймен өткендердің бергенін,

Түгел сөздің түбіріне кім жеткен,
Ізін қудым айтыс пен жыр, терменің,
Керегіңді теріп-теріп аларсың
Сызып тастап артық-ауыс жерлерін.

* * *
Алла берген аумасын деп бастан бақ
Алашымды жырлап келем аспандап,
Әр өлеңім – өткен күнге бір белгі,

Әр кітабым – болашаққа баспалдақ!

* * *
Адамды сыйлап адамша
Ізгілік дәнін мол тердім,
Күңіренген көп ойды

Әзілменен әдіптеп,
Күлкіменен көмкердім!

* * *
Дүбірінен думан іздеп, мұң татқан,
Күллі әлемге күбірімен мін таққан,
Тіршіліктің түбіріне кім бойлап,

Дүниенің түпкі мәнін кім тапқан?!

АҢЫЗ БЕН АРХИВ ЖӘНЕ АСПАН

Ғалымдардың қай-қашанғы ұраны:
«Ғылым-тарих архивтерден тұрады!»
Біз теріске шығармаймыз архивті
Зерттеулердің таптырмайтын құралы,

Бір сұрақ бар мазалайтын бірақ та
Документті кімдер, қалай құрады?!
Хатқа түскен дерек десе елпілдеп
Доктырлардың көтерілген құлағы,

Құжаттарға құдайындай табынып,
Бұлақтарды жырақтарға бұрады,
Дұшпан жазған дәкүментті дәлел ғып
Атаң айтқан аңызыңды ұрады,

Ал бірақ та даламыздың тарихы
Архив емес, аңыз, жырдан тұрады,
Қай қағазға сияр екен жазғанмен
Ел қазақтың жүрегінің шуағы,

Тар қапас пен тас құрсауда тұншығып
Өткендердің өшіп кеткен шырағы?!
Тас таңбадай зейінінің тарихы,
Даладай кең пейілінің тарихы,

Бар әлемді бауырына сыйдырған,
Біздің тарих – мейірімнің тарихы!
Белгісіздік орап алған кешегі
Бар өмірді деме мүлде өшеді,

ЖЫРЛАР

Газеттерге, кітаптарға жазбай-ақ
Қаншама адам қызық тағдыр кешеді.
Әрбір істің, әрбір сәттің өшпейтін
Бар шығар-ау біз білмейтін есебі,

Шындық болып шыға келмек қалайша
Бәз біреудің жазып кеткен өсегі?!
Архивтерде жазылмаса есімі
Атаңды да болмаған ғой деседі.

Бұл өмірдің бар мұраты ду ма екен?
Шуылдақтар нені біліп қуды екен?
Хатқа түскен тарих қана тарих та,
Қалған өмір желмен ұшқан бу ма екен?

Санаңды улап сар қағаздың елесі,
Тарихқа үкім шығарамыз неге осы?
Пәпкілерге түптеп қойған тәртіппен
Пәктілерге ой жүгіртсең келесі,

Соғыстарда жусатып сап сарбазды
Бірер солдат жараланған, о несі?
Жаудың бәрі жаны сірі мерген боп
Батырлардың босқа ұшқан ба жебесі,

Ел сөзінен артық болмақ қалайша
Жансыздардың жиып-терген доносы?!
Басқыншының жер жарады дақпырты,
Жаныңды жер бір тынбайтын жақ құрты,

Тарихыңның тиянағы болмақ па
Қанды қылыш әпесердің рапырты?
Жоққа қалай шығарасың атаңды
Болмады деп патша берген паспырты?!

Ақиқат деп құлай берсек құжатқа,
Қиялымыз бара қоймас ұзаққа.
Крес қоя салмақпыз ба канторда
Аты-жөні тіркелмеген қазаққа?

Емін-еркін кең даланы мекендеп,
Ақ патшаға бас имеген бөтен деп,

Аталарым жаман болмақ қалайша
Отаршылдар жамандады екен деп,
Жоямыз ба аңыз болған ерлерді
Аты-жөні архивте жоқ екен деп?!

Тұнған тарих қасиетті даламыз,
Ақ сүтімен бірге берген анамыз,
Тарих қалай жазылады дегенге
Тағы да бір ой жүгіртсін санаңыз,

Аңыз, жырмен ұрпағына аманат
Өз тарихын айтып кеткен бабамыз,
Аяқ асты шаң-тозаңға алданбай,
Тарих десең аспан жаққа қараңыз!

ПАЙҒАМБАР МЕН ҚАҺАРМАН

Жердің жүзін солқылдатып Дүлділі
Пайғамбарға Ғали келді бір күні,
«Күшім тасып бойға сыймай кеткенде
Көрсеткім-ақ келеді елге үлгіні.

Уысымда күлпәрә боп пұт тасы
Темірдің де бұзылады нұсқасы,
Шіркін-ай, шыр айналдырар едім бір
Қолға тисе сонда жердің тұтқасы!»

«Қайратыңа қорған ақыл, иман бар,
Сабыр, тәуба, бір Алланы ойлаңдар...»
Ақ жүзінен нұр шуағы төгіліп
Жанға жайлы жымиыпты пайғамбар.

Күш құйылып өн бойына қорғасын,
Аттаныпты ер айшылық жолға сын.
Жапан түзде жолықты бір қария
Іліп алған иығына дорбасын.

Сәлем алып әзиз ата толғанды,
Сәлден кейін жол жүргелі қамданды.
«Еңкеюге жібермейді қайран бел,
Алып берші, жерден балам, дорбамды!»

Дегендейін мен сізді ата, түсінем,
Сый, құрметін көрсетпекке ісімен,
Ғали батыр ат үстінен дорбаны
Ілмек болды қамшысының ұшымен.

Қозғалмады оған дорба алайда
Аламын деп жерден жұлып қалайда,
Қаһарланып қолын салды қаһарман
Түсетұғын емес тіпті оңайға.

Қайран қалып, «қу дорбаның бұ несі?»
Дүлей күштің үдей түсіп үлесі,
Үзеңгісін шірей тартқан кезінде
Кірді жерге Дүлділ аттың тізесі.

Жұлқып-жұлқып таусылғанда амалы
Дорбаны шал жерден іліп алады.
«Ұят болды-ау сені әуреге салғаным,
Аман бол», – деп жүріп кете барады.

Адамзаттың асып туған батыры,
Айран асыр, астан-кестен ақылы.
«Бұл неғылған керемет?» деп сұрады
Пайғамбарға қайта келіп ақыры.

«Мұсылманның тірегісің, шегесің,
Тегін емес құр дорбамен егесің,
Құдай саған жер тұтқасын ұстатты
Асылық қып, айналдырам дегесін!

Үйірмедің неге оңға, солыңа,
Шүкірлік қыл, жүрсің хақтың жолында,

Бұйырмайды пендеге әлем тағдыры
Жер тұтқасы жаратқанның қолында!»
Тәубаға кеп ойға батты арыстан,
Жастық арын шықпас болды қалыптан,

Хақтан қуат, пайғамбардан үлгі алып
Дін таратты Әзірет Әлі данышпан!
Бұл аңызға сеніңдер я сенбеңдер,
Астамдық қып әзәзілге ермеңдер,

Пайғамбардың өнегесін ойға алсын
Жерді допша тепкілері келгендер!

АЙКӨЛ МАНАС ПЕН

ЕР КӨКШЕ

Айкөл Манас батыр мен
Қазақтың ханы Ер Көкше
Қаршадайдан қанаттас,
Қойы болған қоралас,

Тойы болған аралас,
Жолы болған жоралас.
Антқа берік дос болған,
Байтақ жатқан қазақтың

Ғажабы да көп болған,
Азабы да көп болған.
Жақтағанда бір-бірін
Жаннан асқан бауырмал

Бал ауызы бір бөлек,
Жақпағанда іші тар
Алауызы бір бөлек,
Қызғаныштан ішіне

Қарап жүріп кек қонған
Бір-бірін мүжіп жеп болған,

Жігерлері мұқалып
Жіліктері жұқарып
Жүдеп тұрған кезінде
Аңысын тауып жаулары

Аңтара шапқан шақ болған,
Даланың беті өрт болған,
Жұмыртқадай ақ үйлер
Отқа оранып жоқ болған,

Осы көрген қорлығы
Мәңгі-бақи қазаққа
Ұмытылмас дерт болған.
Ондай күнді құдайым

Бермесін деп ұрпаққа
Тілек қылып күндіз-түн
Сол үшін күрес-серт болған!
Ай, жарықтық кең дала

Бір шетінен дүркіреп
Құстай ұшқан киігі
Бір шетіне зырқырап
Қырық күнде жетпеген,

Бір жағының қар, мұзы
Сереленіп жатқанда,
Бір жағында құлпырып
Жемістері көктеген,

Көк бөрідей ұлдары
Көк сүңгісін көлбетіп
Көлденеңдеп шапқанда
Түз тағысы қылт етіп

Алдын кесіп өтпеген,
Сертке берік ерендер
Семсердің тұрып жүзінде
Дәмнен аттап кетпеген,

Асылық қылып асқақтап
Қырсығып табақ теппеген,
Арулар күлсе күймеден,
Үміттеніп түймеден,

Көрінгенді сүймеген,

Дүниені тербетіп
Домбырасын күйлеген,
Аузыменен алдамай
Тебіреніп, толғанып

Жүрегімен сөйлеген,
Сүрінгенге күлмеген,
Жығылғанға тимеген,
Арқада қосы қисайса,

Дос түгіл қасын сүйеген,
Атойлап алға атылып
Ұрандап ұрыс салғанда
Найзасының ұшында

Тоқсан қалша билеген,
Кердеңдеген кәуірді
Кәуаптай қылып түйреген!
Қазақтың қайран ерлері

Найзаларын саптасып,
Тұлпарларын баптасып,
Қылыштың жүзін таптасып,
Бірін-бірі қомпитып

Батырсың деп мақтасып,
Қандай заман болад деп
Алты малта, бес құртын
Қоржын түпке сақтасып,

Даланы жауға бастырмай
Ел шетіне сақ болған,
Қазақ, қырғыз баласы
Астарында тақ болған,

Бастарына бақ қонған,
Мұсылман түрік баласы
Мызғымастай тұтасып
Тұранның байтақ жерінде

Қырандай ұшқан шақ болған!
Кешілдің ханы Қоңырбай,
Қаһары қатты шоң Жолай,
Манжудың ханы Несқара

Айкөл Манас батырды

Айқасып та ала алмай,
Айтысып та ала алмай,
Құрыштай берік тұтасқан
Ынтымақты ерлердің

Қапысын аңдып таба алмай
Жиылып кеңес салғаны,
Қара жолтай Несқара
Сұмдықты ойға алғаны:

«Айқаймен алмас қамалды
Айламен алсақ болмай ма,
Бір болатқа бір болат
Қайрап салсақ болмай ма,

Бір бауырға бір бауыр
Айдап салсақ болмай ма,
Қырғыннан аман қалғанын
Байлап алсақ болмай ма?

Біреудің тілін ойланбай
Алғыш халық емес пе?
Не десең де бас шұлғып
Нанғыш халық емес пе?

Ұйып тұрған жерінен
Іріген сүттей қылайық,
Ұяласынан айырып
Ұлыған иттей қылайық,

Еге болған көсемін,
Шеге болған шешенін,
Оқтан қайтпас батырын
Сөзден қайтпас ақынын

Бір-біріне сыртынан
Анау сенен асты деп
Жамандап қойсақ ақырын,
Алдап-сулап азғырып,

Мансаппенен мәз қылып,
Қызғанышын қоздырып,
Аранын ашып аздырып,
Алтыннан күрек ұстатып

Бірінің көрін біріне
Лақат қылып қаздырып,
Шоң даңсаға аттарын

Лақап қылып жаздырып,
Көтеріп қойсақ кейбірін
Шекпен менен шен беріп,
Кеудесіне дем беріп,

Қолтығына жел беріп,
Ай мезгілі өткенде,
Күн мезгілі жеткенде
Далада қалар сенделіп!»

Несқараның сөзіне
Қалғандары тақ тұрып,
Салтанатпен сап құрып,
Несқара келді Көкшеге

Атанға жүгін арттырып,
Көзді алдаған құмар зат,
Інжу, маржан, зүбаржат,
Жиһаздары жарқылдап,

Сандықтары сартылдап,
Алмақ болды қазақты
Аузы-басын алтындап,
Сөйлей берді Несқара

Сарыарқада саңқылдап:
«Байрақты қазақ елісің
Байтақ жатқан жерің бар.
Жоқ ешкімнен кемісің,

Талайдан артық өрісің,
Алтын, күміс артынып
Әдейі келдім сен үшін,
Қанаттассаң бізбенен

Көктеп өсер жемісің,
Ежелгі біздің жауымыз
Іргелесің қырғыздар
Күндіз-түні өздерін

Қырғыздан артық ел жоқ деп
Мақтайтұғын көрінет,
Қазақ пенен өзбекті
Бізден шыққан ел ғой деп

Даттайтұғын көрінет,

Білесің бұның терісін,
Терісін білсең несіне
Терлейсің босқа сол үшін?
Біз қырғызды шапқанда

Төбесінен басқанда
Жалғастыр бізбен жең ұшын,
Қол алысып осыған
Жасайық бүгін келісім!»

Анда Көкше кеп айтат,
Кеп айтқанда деп айтат:
«Үретұғын айға да,
Үретұғын сайға да

Иттер бар ғой қайда да,
Қатын сөзді қоздырып,
Қазақ пенен өзбекті
Қырғызға қарсы қайрама!

Бір халықты бір халық
Басынбаса болмай ма,
Бұғалық боп мойнына
Асылмаса болмай ма?!

Көптігіне мастанып
Әлі жеткен аздарды
Билемесе болмай ма?
Тамырын езіп таптайлап

Илемесе болмай ма?
Өз жерінде әр халық
Өз бетінше ел болып
Тұра берсе болмай ма?

Өз еркімен тірлігін
Қыла берсе болмай ма?
Жақсылықпен жарқырап
Күндей күліп көктегі

Шыға берсе болмай ма?
Бірімізді қазақ қып,
Бірімізді қырғыз ғып,
Бірімізді орыс қып,

Өзбек, қытай, қалмақ қып

Бір тәңірім әу бастан
Бірдей тең ғып жаратқан,
Жайлайтын бөлек жер беріп,
Сайрайтын ерек тіл беріп,

Ай-әлемге таратқан!
Екі мың жыл жасап өлмеген
Ежелгі тұқым сен болсаң,
Қазақ, қырғыз, өзбекті

Жаңа туды деп пе едің?
Тұрағы жоқ, түбі жоқ
Жыннан шықты деп пе едің,
Құрағы жоқ, түгі жоқ

Құмнан шықты деп пе едің?
Кеше атамыз қуғанда
Қабырғаны жағалап,
Қорғаныңды паналап

Жөңкіле қашқан жоқ па едің?
Кеңесем десең, сөз басқа,
Теңесем десең, сөз басқа,
Егесем десең, өзің біл!

Үйіңе сенің бардым ба,
Үркітіп бүлік салдым ба?
Ат ойнатып аулыңа
Айқырып бүлік салдым ба?

Шаһарыңды талқандап
Ширатылған шылбырдай
Шашыңды кесіп алдым ба?
Төріңе шығып тайраңдап

Тыныш жатқан жұртыңды
Табаныма салдым ба?
Қаруыңды көтеріп
Басқа елге неге барасың?

Қырғынды неге саласың?
Билігіңе көнбейді
Алашым мен Манасым,
Жерін тартып алам деп

Қорлық, зорлық қылсаңдар,

Халықтардың қаһарлы
Қарғысына ұшырап
Айдалада қаңғырып
Көмусіз бір күн қаларсың!»

Телегейдей сөздерін
Толғап-толғап алғаны,
Мықтысынған манжуды
Ырғап-ырғап алғаны,

Ерен Көкше, ер Көкше,
Заңғар ойлы зор Көкше,
Қырандай болып самғады,
Оқуы күшті Несқара

Айла таппай қалғаны,
Майлы шектей жылпылдап,
Сабындай болып сылпылдап,
Тағы да кептен салғаны:

«Сынап едім Ер Көкше
Жақынын жауға бермес деп,
Сөз қонған қазақ баласын
Дауласып ешкім жеңбес деп,

Айдарханның Ер Көкше
Ерлігіңе сенейін,
Осы әкелген байлықты
Сұраусыз саған берейін,

Орайына тек қана
Біз қырғызды шапқанда
Аулақ тұрсаң болғаны,
Арамызға кіріспе

Ата жауым қырғызбен
Амандық-саулық біліспе,
Қатарласып жүріспе!»
Көкше сонда сөйлейді

Сөйлегенде бүй дейді:
«Бөліп-бөліп бұтарлап,
Тіліп-тіліп тұтамдап,
Жұмырыңа жұқ қылмай

Отырмысың жұтам деп?»
Көкшенің қаны қайнады,
Ту биенің тоқпақтай
Тұтамдап тоқпан жілігін,

Бұтар-бұтар шайнады:
«Жылтыраған байлыққа
Сатылатын халқым жоқ,
Достарын сатып кететін

Ол халқымның салты жоқ.
Әсемдеткен мүліктің
Бояуына білдірмей
Бойға баяу сіңетін

Улы дәрі қоспасын,
Жылтыраққа алданып
Бізді қара баспасын!
Өз көлімді қорсынып

Теңізді қайдан табамын?
Өз малымды қомсынып
Семізді қайдан табамын!
Айдың бұрышы алты сан

Алты айналып іздесем,
Жердің бұрышы жеті сан
Жеті айналып іздесем,
Айырқалпақ қырғыздай

Егізді қайдан табамын?!
Қырғызсыз қазақ бола ма,
Қазақсыз қырғыз оңа ма?!
Айкөл Манас дауысы

Алатаудан ақырса
Түп Бейжінге жеткендей,
Алтыныңды алмаспын,
Қазынама салмаспын,

Сары алтынға сатылып,
Санатты жұрттың алдында
Қарабет боп қалмаспын,
Тұқымымыз Тұранның

Түлегіміз қыранның,
Түлкілікке бармаспын,
9-0045

Сыйыңды көріп құрметпен,
Аттаныңыз дүрмекпен!»
Есіле сөйлеп Ер Көкше
Шешімін кесіп бергені,

Манжудың ханы Несқара
Амалсыз бұған көнгені,
Ақылы асқан Ер Көкше
Атасы басқа манжуды

Алтынына алданбай
Қаңқуына малданбай
Айқаспай-ақ жеңгені!

БАЙҒОЗЫНЫҢ ЖЕБЕСІ

Шоқан Уәлихановтың ізімен
Қонады ел ордаға, ер тұғырға,
Жетеді ат дүбірі алты қырға.
Бір күні хан әскері келе жатты

Заманда жаугершілік жортуылда.
Шындаса қалың қолды харап қылған,
Батырлар кең даланы азат қылған.
Зәресі зәр түбіне кететіндей

Дұшпанның ту сыртынан қарап тұрған.
Құдайға шүкіршілік айтады жұрт
Бұларды қалмақ қылмай, қазақ қылған.
Өрендер ағаларға бойын түзеп

Жүйрігін ерлік жолға жараттырған.
Орғытып ойға-қырға арғымақты
Самалға құйрық-жалын тараттырған.
Саумалап сақалдарын қариялар.

Тілек қып, үміт күткен талаптыдан,
Қосынға елеусіздеу қосылыпты
Байғозы жаңа шыққан тарақтыдан.

Сіңірлі, серіппедей ширатылған,
Қимылы қабыландай түнде атылған.
Айбарлы, ай маңдайлы, асқар бойлы
Жанары ауырлаған мұңды ақылдан,

Байғозы батырлармен жортты бірге
Ас-суын бөліп ішіп бір бақырдан.
Сол уақыттар болғанда
Шақшақ ұлы Жәнібек

Асып туған ер еді,
Бұрқыратып иісін
Насыбай атып жатқанда
Байғозы тура келеді:

«Шақшаңызды ағасы
Бері таста», – дегені.
Арыстандай Жәнібек
Серпіліп сөзді бастасын,

Түшкіріп әуел тастасын:
«А, шырағым, шырағым,
Былай қойып басқасын,
Ұялмай қайтіп сұрайсың

Жәнібектің шақшасын?
Ертең жауға барғанда,
Қиқулап ұрыс салғанда,
Жалпақ жатқан жұртыңа

Жарақ болар ма екенсің?
Есің шығып далбаңдап,
Қарғадай боп қалбаңдап,
Етігіңнің басына

Қарап қалар ма екенсің?
Ақ найзадай сартылдап,
Алдаспандай жарқылдап
Қалың қолды жарғанда,

Жұлдызың биік жанғанда,
Насыбайды атуға,
Қолымнан менің татуға
Жарап қалар ма екенсің?»

Жәнібектің сөзіне
Байғозы қаны қайнады.
Қайнаса да сабыр ғып
Арғы жағын ойлады.

Насыбай үшін бір атым
Асқар таудай басы үлкен,
Ақ сақалды жасы үлкен
Жәнібектей ағаны

Жаман сөзге қимады.
Сол уақыттар болғанда
Дауылпазы қағылып
Даланың бәрі даң болды,

Болат тұяқ дүркіреп
Жердің жүзі шаң болды,
Күннің көзі тұтылды
Күлімдеп тұрған дүние

Қара шаңға жұтылды.
Қалың қалмақ қиқулап
Ойдан-қырдан құйылды,
Ту астына жиылды,

Қара қасқа ат мінген
Қара таудай бір қалмақ
Қара туын үйірді.
Айналасын жапырып

Соқтырды қара құйынды,
Алаштың ұлы абдырап
Бір аллаға сиынды!
Тұтасқан тұлғасынан жұрт шошынды,

Жан-жағын жалмайтұғын жұт секілді,
Оянып мың жыл бойғы ұйқысынан
Піл мініп, таудан түскен пұт секілді.
Найзаға ту байлаған қыл шашақты,

Шашақты қанша батыр қырқа шапты,
Көк найза бұлғап-бұлғап толғағанда
Қапыда талай ерлер қаза тапты.

Туының желбіреген қылшығы оқтай,
Тілгілеп тиген жерін тұр шыдатпай.
Жаңбырдай жауған жебе сауытынан
Серпіліп шашылады қу шыбықтай.

Қайнады қара бұлттай қалмақ туы,
Қаһары қабағынан саулап тұрды,
Қайқайтып қазақ соққан қарсы келіп
Күрзісін көрген де жоқ қаңбақ құрлы.

Ұшырып үрей-құтын ұландардың,
Бездіріп айдалаға жан бақтырды,
Қылышпен қия тартып жанкештіні
Сайғанда көк сүңгімен шаң қаптырды.

Жасында жолбарыстай жауды соққан
Жәнібек басын шайқап барлап тұрды.
«Қазақты басқандай ма қара албасты,
Сөгіліп қабырғасы құты қашты,

Жығатын жалмауызды ұл тумап па
Қан кешіп, қорғап қалар алты алашты?»
Сол кезде жас Байғозы қара дәуге
Қарсы кеп, садақ кезеп тайталасты.

Байғозы көн садақты шірей тартты,
Ұрандап күш-қуаты үдей тартты,
Қабандай қорқыратып қақ жарам деп
Көзінен кіндігінің тірей тартты.

Түйені тесіп өтер болат жебе
Тигенде тас қалмаққа діріл қақты.
Бөгелді көбе бұзар дір-дір етіп,
Күлгендей болды қалмақ ыржың етіп,

Байғозы байлап атса неден болсын
Ағып өте шығатын зыр-зыр етіп.
Дірілдеп көк сұр жебе қайысқандай,
Торғауыт тоғыз қабат майысқандай,

Көзінен кіреукенің көктей өтіп
Ажал боп кіндігіне жабысқандай,
Теңселді таудай неме ат-матымен
Бір өзі он сан қолмен сайысқандай,

Опырып өтпеді-ау деп атқан оғым
Байғозы ақырды кеп арыстандай,
Аузынан ақ жалын боп атылған дем
Дұшпанның дуасымен алысқандай,

Гүрс етіп құлап түсті сонда қалмақ
Қара тау қара жермен табысқандай.
Қалмақтың туы құлап, басы кетті,
Аруағы алты Алаштың асып кетті,

Атойлап «Абылайлап» ат қойғанда
Нояндар қоян болып қашып кетті.
Қалмақтың көбі сонда өлді дейді,
Қазақтар тас-талқан ғып жеңді дейді,

Дұшпанын жеңіп болып ер Байғозы
Аяңдап Жәнібекке келді дейді.
Байғозы сонда сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:

«Ау, ағасы, ағасы,
Алтынды тонның жағасы,
Тілеуіңді құдайым
Берген жоқ па, қарашы,

Бір насыбай ататын
Сіз бен бізге бір кезек
Келген жоқ па шамасы?!»
Жәнібек сонда сөйлейді,

Сөйлегенде бүй дейді:
«Айналайын қарағым,
Не десе де жарасар
Біз секілді ағаға,

Сынап едім өзіңді
Сөзімді ауыр санама.

Жалғыз оқпен жауыңды
Жеңіп берген жарығым,
Ризамыз ата-анаңа,
Сендей ұлдың жолына

Шақша түгіл дәл бүгін
Шақшақтың өзі садаға!»
Тастай берді шақшасын
Насыбайды атқасын

Аға-інідей жарасып,
Батырлар тартты ауылға
Жақсылықпен тарасып!
Наймантайұлы Байғозы,

Бағлан да өзі, бай да өзі.
Өрледі бағы бұдан соң
Алланың түсіп оң көзі!
Абылай туын ұстаған

Өмірі оның өнеге,
Ерлігі өшпес сабақ-ты,
Атасы батыр Наймантай
Айбалтадай қамшымен

Жайратқан жауын жарақты,
Нағашысы Есет, Бөгенбай,
Айбынын елдің асырып
Әлемге даңқы тарапты.

Жиені батыр Ағыбай
Ақжолтай деп алты Алаш
Әулиеге санапты,
Жиені Ықылас күйімен

Дүниені ұйытып
Тербеген түгел тарапты,
Ұрпағы дана Ақселеу
Ғылымның түсіп жолына

Білімнің нұрын таратты,
Жұлдыздай жанып ұл-қызы
Өркендеп өсті Тарақты,

Тарақтыны жырласақ
Жырлағанымыз емес пе
Байрағы көкте шалқыған
Байтақ елім қазақты!

ТАМА ЕСЕТТІҢ ТАБАНЫ

Тарлан мініп
Жаралғандай темірден,
Батыр Есет
Өтерінде өмірден

Бас көтеріп,
Бақұлдасып бауырмен
Айтты бір сөз
Шегелеп шын көңілден.

«Аллаға да,
Алашқа да ниетім
Түзулігін
Барлығың да білесің,

Күнбатысқа
Аяғымды қаратып
Жерле мені,
Жолға дұшпан жүретін!

Пендесінің
Өзі қолдар талабын,
Тілегімнің
Біледі Алла адалын,

Рахым қылса
Қабыл етер қайдан да
Оған бірдей
Жердің түгел тарабы,

Теріс жаттың
Деп мені ешкім жазғырмас
Ұстап тұрам
Тоғыз жолдың торабын,

Туған жерге
Тайраңдатып кіргізбей
Басқыншыны
Тіреп жатсын табаным!

Өтті батыр...
Антқа берік ағайын
Орындады
Аманатын бабаның.

Құба жонда
Күнбатысты күзетіп
Бейіті тұр
Әулие Есет Таманың!

КЕРЕЙ ЕР ЖӘНІБЕКТІҢ

КӨҢІЛІ МЕН КӨК ДӨНЕНІ

Сиынып жаратушы бір құдайға
Қылышын тасқа қайрап, жанып айға,
Қазақтың арыстандай батырлары
Анттасып, серік болып Абылайға.

Жолында азаттықтың жан қимаса
Алаштың соры қалың, бағы қайда?
Өліпті ханның аты бір соғыста
Қадалып тар қолтықтан зәрлі найза.

Хан жығылып, шайқалып тұр байрағы
Дүние төбесінде шыр айналды,
Қазақты мұратына жеткізе алмай
Арманда кеттім-ау деп шын ойланды,

Қапыда жаяу қалған Абылайды
Қоршауға бір топ қалмақ ыңғайланды.
Шыдайды ер сынаққа, нар салмаққа,
Мұрша жоқ жанталаста жар салмаққа,

Бетпе-бет келді ажалмен қаhарман хан
Қасқайып қан майданда қарсы алмаққа.
Ер үшін өлімнен де намыс күшті,
Ызадан беттің түгі қарыс шықты.

Тұрғанда хан тағдыры қыл үстінде
Алдияр, аттан деген дауыс шықты.
Қараса, жас Жәнібек қара балуан,
Қайтпаған қалың жаудан жалаулаған,

Секіріп түсе қалып, тартты ханға
Көлденең көк дөненді танаураған.
«Алдияр, көк дөненмен жөнел», – деді,
«Жолыңа қарап отыр көп ел», – деді.

«Сен жаяу қаласың ба?» – деген ханға, –
«Маңдайға жазылғанын көрем», – деді.
Хан айтты: «Мен жылыстап кете алмаймын,
Мақсатқа қашып-пысып жете алмаймын,

Жолдасын жауға тастап, бас сауғалап
Бұтаға бұққан бейбақ атанбаймын!»
Жәнібек отты көзін сырға тұнған
Тік қадап, деді: «Кез бе ырғатылған,

Сендей хан керек қазір халқымызға,
Мен өлсем, ер туады бір қатыннан!
Қазаққа жан-жағынан қауіп төнді,
Алып шық тар кезеңнен халықты енді!»

«Кетпеймін, – деді Абылай, – соғысамын
Сенімен қатар тұра қалып тегі».
Жәнібек: «Қор қылғанша қоңтайшыға
Тастаймын өзім сені шауып», – деді.

«Уа, алдияр, екеуміз
Бірдей өлсек жөн болмас,
Бассыз қалса қазағың

Есі кетіп, ел болмас,
Елдің қамын жесеңіз,
Жер біздікі десеңіз,
Аттан де енді бөгелмей».

Жәнібектей жан жолдас
Қолтықтан ханды көтеріп
Көк дөненге мінгізді,
«Шүу, жануар, кәні» деп

Жаутаңдаған дөненді
Тобылғы сапты қамшымен
Сауырынан бір тартып
Елге қарай жүргізді.

Егесін жерге қаратпай,
Керіле тартқан садақтай,
Көсілте сермеп тұяғын,
Көденің түбін тепкізбей

Көлбей ұшты көк дөнен,
Жебеге жауған жеткізбей,
Көбесін ердің сөккізбей
Желдей ұшты көк дөнен.

Хандығы мен қазақтың
Елдігінің тағдырын
Қыл мойнымен көтеріп
Өрлей ұшты көк дөнен.

Қағанатын қазақтың,
Аманатын Алаштың
Анталаған дұшпанға
Бермей ұшты көк дөнен!

Қос танауы делдиіп
Қос өкпесі қысылып
Аузынан көбік бұрқырап,
Шыбын жаны шырқырап

Жанып шықты көк дөнен,
Қара бұлтты құрсаған
Жарып шықты көк дөнен,

Қара таудай аруағы
Қара жердей салмағы
Абылайдай ханыңды
Бір ажалдан аман-сау

Алып шықты көк дөнен!
Жәнібек енді жауға бұрылады,
Басына бір төбенің шығып алды,
Жаяуды тапап өте салам деген

Өркеуде көк сүңгіге ұрынады.
Жалғызға жан-жағынан жабылғанда
Жалт еткен қылышынан қырылады,
Жапырып жолбарыстай Ер Жәнібек

Ақырса, жаудың жүні жығылады,
Бір қалмақ гүрзіменен ұрған кезде
Қалқанмен қағып қарсы тұрып алды,
Шап беріп ұстай алып айдарынан,

Атынан тымақтай ғып жұлып алды,
Аунатып топыраққа бұрқ еткізіп,
Атына ата жаудың мініп алды.
Тұлпар ат тигеннен соң тақымына

Далада бөгет бар ма батыр ұлға?
Ұран сап айбаттанды Ер Жәнібек
Құйылып көктен қуат қарқынына.
Аруағы Жәнібектің асқан екен,

Тарыдай торғауытты шашқан екен,
Қоршауын қорқаулардың бұзып шығып
Ханының оң тізесін басқан екен...
Өткеннің аңыз болған шын дерегі,

Біздерге бар ғой оның мың керегі,
Ажалдың ауызында тұрған сәтте,
Біреуге атын түсіп кім береді?
Аман-сау Абылайды алып шыққан

Керейдің көңілі мен көк дөнені!

Ерлікпен ақ найзаға ту байлаған,
Салмаған дақпырт үшін құр байбалам
Айналдым аруағынан аталардың
Алдымен өзін емес елді ойлаған.

Жаудан қорғап даланы,
Халық үшін қан кешіп,
Хан үшін жанын қиятын
Жәнібектей ер қайда?

Ер қадірін білетін
Абылайдай хан қайда?
Жарықтық атам Жәнібек
Арғы бет пен бергі бет

Арасын ашып жол қылған,
Шетінде болам елдің деп,
Өтінде болам желдің деп,
Бетінде болам жаудың деп,

Жайлаймын еркін жан-жағын
Атамыз Алтай таудың деп,
Он екі Абақ Керейді
Қанатын жайып қондырған,

Өрісін ашып ел қылған,
Ерліктің асыл жыр-әнін,
Азаттықтың ұранын
Ұрпағына мәңгілік

Аманат қылып қалдырған!

ОЛЖАБАЙ БАТЫРДЫҢ ӨРКЕНІ

Мәшһүр Жүсіптің ізімен
Олжабай асқан батыр, бұла күшті,
Бір үйге бір жорықта тура түсті.
Күйеуі сапарда екен, жалғыз әйел

Әйгілі қонағына құрақ ұшты.

Көсіліп көкжал көзін ілді дейді,
Қара түн құпияны білдірмейді.
Олжабай шырт ұйқыда жатқан кезде,
Қойнына әйел келіп кірді дейді.

Олжабай от пен судан саспап еді,
Ордалы он сан қолдан қашпап еді,
Аузына кірер болса жыланның да,
Тісімен басын қыршып тастар еді.

Жын ба өзі? Пері ме әлде албасты ма?
Деп ойлап аңтарылды алғашқыда,
Қазақта қандай қатын бүйтуші еді,
Ақылдан әлде байғұс алжасты ма?

Деді әйел: «Перзентсіздік тарттым зарын,
Белбеуге түйіп келдім беттің арын,
Байымды қубас деген сөз батады,
Мен қайтіп қарыстырам жұрттың жанын?!

Ер едің, бұл сырымды жая алмассың,
Қағынды қатын болсам қара бассын,
Дәметіп кеп отырмын аруағыңнан,
Бір атым оғыңызды аямассың!»

Жалаңаш жата кетті ұзынынан,
Қараша үй қайнап кетті қызуынан.
Қиын-ау қайратты ерге қалыс қалу
Жалғанның бір ғажайып қызығынан.

Ол айтты: «Құдай білер мұратыңды,
Жаяды рахым қылса қанатыңды,
Жолыма бір жобалғы болады-ау деп,
Серт қылғам былғамауға болатымды!

Намысын азаматтың жерге таптап,
Кетпекпін қалай ғана дәмнен аттап,
Шын болса менде бары, бердім саған,
Еріңмен қауыша бер жүзбен аппақ!»

Қазаққа қызықтан да ұят артық,
Кіндіктен төмен қарай қия тартып,
Бір сипап алақанмен жүре берді,
Қалды әйел құс төсекте бойы балқып.

Өртеніп, өмірі ұқсап ертегіге,
Қуанды шөп шыққандай өртеңіне,
«Қонағым құдай ақы ұл берді» деп,
Боз қасқа айтып шалды ертеңіне.

Құдайым берді дейді тілеуді енді,
Бейбақтар үміттеніп күлер болды,
Олжабай атап кеткен лепес бала
Өркендеп, өсіп-өніп бір ел болды!

Замана уақыт өтіп өзгеріпті,
Бұрынғы кейінгіге сөз болыпты,
Олжабай немересі Арыстанбай
Қарулы қолға бір күн кез болыпты.

Ай-шай жоқ дабылдатып даңғарадай,
Екі топ айқасыпты айдалада,
Тұлпардың тұяғынан от ұшқындап,
Шаң-тозаң бұрқырапты айналаға.

Бір-бірін жұлқыса да жыға алмайды,
Талдырып талмау жерден ұра алмайды,
Бұлар да Олжабай деп қиқуласа,
Олар да Олжабайлап ұрандайды.

Олжабай Орта жүздің ұраны екен,
Ерліктің өшпейтін шам шырағы екен,
Кім бұрын Олжабайдың атын айтса,
Аруағы соны қолдап тұрады екен,

«Олжабай! Олжабай!» деп шапқан кісі,
Жасанған жауды жалғыз жығады екен.

Әрқайсысы өз асығын алшы көріп,
Салса да күш-қайратын бар шіреніп,
Таусылды амалдары жеңісе алмай,
Олжабай Олжабайға қарсы келіп.

Доғарып сойыл соғыс күн батарда,
Титықтап келеді енді тіл қатарға,
Қоржыннан алты малта бөлісіп жеп,
Қол берді қас қылмауға бұл сапарда.

Сөйледі Арыстанбай: «Ерге бір сын,
Уағданы бұзған адам жерге кірсін,
Мен болсам өз атамның атын айттым,
Шығатын Олжабайлап сендер кімсің?!»

Шайқаста қаһарланған жыны буып,
«Жаулардың» ең үлкені суырылып,
Әйел мен Олжабайдың әңгімесін
Сөйледі шешен тілмен ұғындырып.

«Ол әйел, – деді, – біздің анашымыз,
Ананы ардақтаған Алашымыз,
Хангелді – менің атым, өркен жайған
Олжабайдың біз лепес баласымыз.

Батырдың батасынан туғандаймыз,
Ерлікке белімізді буғандаймыз,
Олжабай – сенің де атаң, менің де атам,
Сиынып аруағына ұрандаймыз!»

Соғысып күні бойы аман қалған,
Осымен дұшпандығы тәмамдалған,
Қос батыр құшақтасты бауырмыз деп
Жаралған бірі қаннан, бірі жаннан.

Қаһарман, күркіреген пілдей болған,
Шуақты көңілдері күндей болған,
Жарықтық аталарым әулие ғой
Қазақтың баласына бірдей болған!

Жан білмес жаратқанның жұмбағы көп,
Алаштың құдай сүйген ұлдары деп,
Жылаңқы жасық жырды ұнатпаймын,
Тұрады батырларды жырлағым кеп!

МАРАЛ ИШАННЫҢ АМАНАТЫ

Адамзат қайдан келді, қайда кетпек,
Түбіне бұл сауалдың кім бар жетпек?
Бойсұнып бір Аллаға хақ мұсылман
Адалдан нәсіп теріп, еңбек етпек,

Шүкірсіз көпсінгендер басқа жұртты
Неліктен баса-көктеп, басқа теппек?!
Ешкімге құдай ерік бермеген ғой
Қырып, жой, күш жеткенді бодан ет деп.

Адамның жайшылықта бәрі батыр,
Тарихтың соққан кезде желі өкпек.
Атадан асып туған ер-азамат
Ел үшін жанын қинап, қанын төкпек,

Мен, мен деп күмпілдеген қуыс кеуде
Шашылған бұлт секілді қалқыр шеттеп,
Асылдар өрт боп өткен өкінбеген
Өртеңге өркен өсер еркін көктеп.

Шыңғырған шындығыңды тұншықтырып
Шегендеп, шеңберімен қойған шектеп,
Уақыттың шаңы басқан ата жолын
Қайтадан танып жатыр ұрпақ зерттеп.

Бас иіп бабалардың киесіне
Балалар, тәуап қылып, тағзым ет тек,
Өшпейді ата дінің, ана тілің,
Қолға алсақ ынтымақпен түгел көп боп!

Сауал көп жауабын біз таба алмаған,
Дүниеге адам тегін жаралмаған,
10-0045

Жаратқан құдіреттің ғажабындай
Ерекше қасиетті Марал бабам!
Тербесе әулиелік бесігінде
Құдайдың күмән бар ма шешімінде,

Алаштың пірі болған бабамыздың
Кие бар Марал деген есімінде.
Бөленген қасиетке құндақтағы ұл,
Уілдеп, талпынғандай шың жаққа кіл,

Ақылмен түсіндіру мүмкін емес
Жұмбақ жан, жұмбақ қуат, жұмбақ тағдыр!
Ғайыптың кім бойлаған тереңіне,
Қадірлі еңбегімен ер еліне,

Тимесе бір пайдасы туған елге
Қандай да қасиеттің керегі не?
Аянбай қайран бабам адам үшін
Өнеге, қуат беріп өреніне,

Аластап албастыны аруағымен
Жын-шайтан шалығынан емдеді де,
Жөнге сап адасқанды, хақ жолында
Халқына нұрын шашып жүргенінде.

Төніпті қара шеңгел қазақ атқа,
Төзе алмай қоныпты ерлер қазанатқа,
Ұран сап жер-жаһанға Марал ишан
Рухани көсем болған ғазауатқа!

Жан-жағын тоймай жалмап тасынғасын,
Қор тұтып, қазақ елін басынғасын,
«Жүзбе-жүз ақ патшаға жолықтыр» деп
Хат жазды жандаралға ашынғасын.

«Қазақтың қаймағына салдың қасық,
Орман, көл, жердің бәрін алдың басып,
Көнбегенге зеңбірек зіркілдетіп,
Зорлық қып момын елдің қанын шашып.

Құдай білер берерін бақты кімге,
Жетерміз ертең біз де жақсы күнге,
Құнарлы жерге түскен дән өседі,
Жатпайды алмас қанжар қап түбінде!»

Жазыпты көп әңгіме ойланатын,
Қазақтың көрген жәбір, қиянатын,
Жан болса сөз ұғатын реті бар ғой
Қиянат істері үшін ұялатын.

Обырлар озбырлықтан бас тартпады,
Мастанып, көптігіне асқақтады,
Қан төгіп, зұлымдыққа батқандардың
Заңды ғой әулиеден қашқақтауы.

Күштілер тәубасына келер ме еді?
Құдайға шын ниетпен сенер ме еді?
Патшалар әулиеге құлақ асса,
Әлемде әділеттік жеңер ме еді?

Қоймады, ұялмады, тыңдамады,
Ойрандап, түп-тамырды жұлмалады,
Алайда от қарулы отаршылдар
Иманын мұсылманның жеңе алмады.

Патшаға бағынса да құл болмады ел
Таныған иеміз деп тек Алланы,
Ғарышпен сырласыпты Сыр бойында
Жұбатып дұғасымен жылағанды,

Өмірден өзі өткен соң, зираты да
Иманның тірегі боп тұра қалды!
Алты Алаш ардақтайды Марал атын,
Өсиет, өнеге ғып жазған хатын,

Тең болып, барлық елмен сыйлассаң да,
Жаныңа жолатпай еш жаманатын,
Мүлкіңді берсең-дағы жат жұрттарға
Рухыңды берме деген аманатын!

АЙҒАНЫМНЫҢ АЙЛАСЫ

Төндіріп темір шеңгел, жуан тармақ,
Сығымдап тартқандайын судан қармақ,
Абылай ордасының орнына
Ақ патша болды дейді дуан салмақ.

Ыңғайлап Көкшетауды дуанына,
Жандарал, жандайшаптар қуануда,
Картаға тау мен орман, көлді сызып,
Қамдады құралды топ шығаруға.

Айғаным ауыр ойға батты дейді
Суық сөз шалынғалы құлағына.
Бекінді қондырмасқа бөгделерді
Абылай атасының тұрағына.

Болса да дүлей дажал, қасқа дию,
Оңай ма Көкшетауды жатқа қию,
Және де өртейді өзін алты Алаштың
Ашықтан-ашық майды отқа құю.

Өткенді жырлайды жұрт көрген жандай,
Хақым жоқ қол сілтерге елге нанбай,
Жат жұрттың жазбасына жабысқанша,
Аңызға атаң айтқан сенген қандай.

Айғаным әжеміздің ақылымен
Аяңдап, сабырменен сөнбей, жанбай,
Алдынан отрядтың қарсы шықты
Қос батыр ағайынды Көлбай, Жанбай.

Екпіндеп, орман бойлап, өрмелеңдеп,
Суылдап келе жатқан дөңгелеңдеп,
Қарулы қалың топты күтіп алды,
Қолымен төсін басып, көлденеңдеп,

Момақан жігіттерден жөн сұрады
Қаланы салатұғын жер көрем деп.

«Көр, – деді, – тауың, міне, картадағы,
Көл мынау, дөңгеленген ортадағы,
Осы деп әпесерді иландырды,
Атақты Көкшетауың Арқадағы!»

Қаз, үйрек қаңқылдатып Қопа жақты,
Оранып ну орманға Бұқпа жатты.
Көк толқын көңіл жарын соқты көріп,
Қаймағы бұзылмаған көп ғажапты.

Сөзіне батырлардың нанды дейді,
Атынан түсе-түсе қалды дейді,
Бұқпаның етегіне Көкшетауды
Қопаны жағалата салды дейді…

Бұл күнде Көкшетауым өскен қала,
Арқаның ақ самалы ескен қала,
Ал бірақ шын Көкшетау алыс жатыр,
Осыны ойға алады жұрт таңдана.

Қарысқан қарыс жерін бермеймін деп,
Мандатсыз аталарым неткен дана!

АҒАЙЫННЫҢ ӨКПЕСІ

Ертеде, отаршылдық заманында
Шыдамай зорлықшылдың амалына
Қазақтар ұлт-азаттық күрес бастап
Шауыпты басқыншылық қамалына.

Қолбасы – ағайынды екі батыр,
Татиды іні – жүзге, аға – мыңға!
Тілеуін елдің құдай берді дейді,
Шайқасып талай жерде жеңді дейді,

Бір күні бір жорықта қалың әскер
Төбеден төнген құсты көрді дейді,

Мазалай бергеннен соң қайта-қайта,
Ыза боп, атып түспек болды дейді.
Ақылгөй, батыр аға алып күшті,
Көздеді ат үстінен бағып құсты,

Қолмерген шапшаң іні одан бұрын
Сілтеп қап жалғыз оқпен қағып түсті.
Қалбаңдап зеңгір көктен құс құлады,
Жұрт шулап, аттар тулап пысқырады.

Жалғыз-ақ сыр білдірмей аға тұрды,
Күйсе де қызғаныштан ішкі жағы.
«Қайда бұның кішілік, көргендігі,
Іні озғанда ағаның өлген күні.

Жұрт мұны хан көтеріп барады ғой
Менен де асып кетті деп мергендігі?!»
Ағаның даңғыл көңілі болды тастақ,
Қатты сөз айтпаса да беттен жасқап,

Ойламай өмір заңын ер қасарса,
Қиюы кетіп елдің құты қашпақ.
Жалғасып ұрпақ өсіп, дәуір аспақ,
Қашанда аға орнын бауыр баспақ,

Бір күні жаудың түсіп қоршауына
Інісі кетті қырғын соғыс бастап,
Құтқарып алар ма еді оны ағасы
Тап беріп тұтқиылдан тисе қаптап.

Көздеген құсымды атып түсірді деп
Інісін кетті қиып жауға тастап.
Тұрғанда қыл үстінде ұлт тағдыры
Жіберді бір өкпеге айырбастап.

Қырылып кете барды кілең боздақ
Басына қас дұшпаннан жастық жастап.
Кішкентай қызғанышын жеңе алмаған
Қайран ерлер ұлы істе кімнен аспақ!?

БАЛУАН ШОЛАҚ ПЕН ИМАНЖҮСІП

Балуан Шолақ бабаның
Өмірі мен өнерін
Құрметтеп халқы жыр қылған.
Абақтысын патшаның

Тас-талқан ғып қиратып,
Бұғауын бұрап сындырған.
Сұлулық пен қара күш
Тал бойында үйлескен,

Топырағынан жаралған,
Әуесінен нәр алған,
Көліне сүңгіп Көкшенің
Шыңдарымен тілдескен,

Бұлағынан сусындап
Бұланымен бірге өскен,
Ауасын жұтып жұпардай,
Ақ қайыңмен әзілдеп,

Қарағаймен күрескен,
Сегіз қырлы, бір сырлы
Сал-серімен сырласып,
Біржан, Ақан, Ыбырай

Ұлылармен үндескен,
Аруларды аяулы
Айлы түнде әнімен
Тербеп ғажап күй кешкен!

Жақсылықты жақтырған
Жамандықты жат қылған.
Қысылтаяң кездерде
Сирақтан алып сиырды

Төбесіне қораның
Бір-ақ ырғап лақтырған.
Қаһарына мінгенде
Борандай болып бұрқаған,

Қара таудың басынан

Қара тасты қопарып
Қарғып өткен қырқадан.
Жігіттері ауылдың
Қызық үшін Балуанның

Қыл арқан салып мойнына
Екі жаққа табандап
Қылқындыра тартқанда
Қозғалмастан орнынан

Домбырасы күмбірлеп
Күлімдеп әнін шырқаған!
Жарықтық біздің аталар
Артпаса, сірә, кем бе еді?

Тәкаппарлау шетелден,
Ағылшындық арыстан
Топан судай Том Тофан
Тұмандатқан Лондонда

Сегіз жүз килі көтерген,
Есебі оның елу пұт,
Айтпайды тарих бекерден.
Есіңе алшы, қазағым,

Көкшетаудың базарын,
Бір ерлігі сондағы
Балуан Шолақ бабаның
Аударыпты өзіне

Орыс-қазақ назарын,
Елу бір пұт салмақты
Жолбарыстай жондана,
Тастүлектей қомдана,

Тік көтеріп алғанда
Алқалаған әлеумет
Анықтап көріп алсын деп,
Айыздары қансын деп,

Буырқанып бурадай
Бұрылыпты оңға да,
Бұрылыпты солға да,
Тоқталмас еді онымен

Кірдің тасы «кінәлі»
Толмай қалған тоннаға!
Жалғанда «батырлардың қайсы мықты»
Деген сөз талай мәрте айтылыпты.

Ерлерді салыстырып, таластырған
Қайтерсің пендешілік қайшылықты?
Ол кезде Иманжүсіп даңқы шыққан,
Аңыз көп бізге жеткен жалпы жұрттан,

Бетпе-бет келгенді аттан жұлып алып,
Жыраға бүктеп-бүктеп бір-ақ тыққан.
Дауылдай солқылдатса сардаланы
Отаршыл әскері де сайға бұққан.

Танытқан жат жұрттарға қазақтығын.
Алтынға айырбастамай азаттығын,
Рапортқа талай жазған әпесерлер
Иманжүсіп батырдың ғажаптығын!

Бойында күш-қуат пен өнері көп,
Ел сүйген Ерейменнің ерені деп,
«Тап содан абыройың асырмасаң
Шолағым, мықтымын деп керегі жоқ!»

Азғырды әзәзілдер әбден арбап
Аңғал ер алдағанға сенеді деп,
«Алысса екі арыстан айдалада
Бірі қап, ал біреуі өледі» деп

Жаулары жобалады осылайша
Қазақты қазақ қана жеңеді деп!
Қайрай берсе дұшпаны,
Ой туады ұшқары,

Күндердің күні базарда
Иманжүсіп жанынан
Сүлікқара атымен
Сәлемсіз өте бергенде

Шөкеңді «намыс» қысқаны.

Құйрығынан тұлпардың
Бір қолымен тұтамдап
Бұраңқырап ұстады,
Балуанды тұлпар тарта алмай

Теңселіп барып тоқтады.
Иманжүсіп қаһарман
Толғана мойнын бұрады.
Қарсы кеп қалды қасарып

Қазақтың екі қыраны,
Найзағай ойнап көзінде
Шарпысып оттай тұрады,
Анталаған ағайын

Демдерін алып ішінен
Сілтідей бәрі тынады.
Алшаңдаған қасқалар,
Балпаңдаған басқалар

Бұрышында базардың
Бозторғайдай бұғады!
Иманжүсіп қамшысын
Үйіре сілтеп қалғанда

Имансыздар да иманын
Бір үйіріп алатын,
Дөнен өгіз терісін
Бір тартқанда тілетін,

Осып өтсе бауырдан
Бұлғаңдаған бейбақтар
Тіл тартпастан өлетін,
Бұл әдісін батырдың

Балуан Шолақ білетін
Бір сынасып көруді
Арман қылып жүретін!
Нағыз ерлер қашанда

Ер қадірін біледі.
Келбетінен Балуанның
Иманжүсіп беренің
Танып қайрат-жігерді

Жамандыққа қимады.
Ауаны тіліп қамшымен
Сауырынан тұлпардың
Сипай тартып жіберді,

Етіне қамшы өткен соң
Мейіздей қатқан жануар
Жымырылып құлағы
Серіппедей ширығып

Шыңғырып қайрат қылады,
Шомбал тастай Шолақты
Жер жыртқандай сырғытып,
Арқан бойы жылжытып,

Шамасы бітіп сонымен
Қос танауы делдиіп
Солықтап тоқтап қалады,
Жылжығаны сол екен

Сіресе қатқан Балуанның
Тіреуіне шыдамай
Тігісінен сөгіліп
Сыпырылып қалыпты

Көн етіктің табаны.
Босатты Балуан шеңгелді
Керек деп аттың аманы!
Басын бұрып атының

Иманжүсіп сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
«Алаштың арда ұлысың,
Бөлек таудай ірісің,

Шамырқандың кім үшін?
Аңдыған дұшпан айламен
Біріне-бірін қайрап сап
Біржолата мұқалтпақ

Қазақтың екі қылышын,
Жете алмай жүрген алысып
Азаттық деген арманға,
Азбыз ғой біздер жалғанда,

Бәсеке қуып қастасып

Қырқысып жатсақ өзара
Не боларын еліңнің
Білетін жанның бірісің!»
Қолы шолақ болғанмен,

Ақылы шолақ болмаған
Балуанға бұл сөз қонады
Жүректің шерін толғаған
Жауабын қысқа қайырды

Батырлар сөзді созбаған:
«Даңқыңды естіп жер жарған
Келіп еді сынағым,
Қырандар көкте шайқасып

Қанатынан қайрылса,
Қарға, құзғын қарқылдап
Қуанбай ма құладын?
Осының бәрін ойлаған

Жан сырыңды ұғамын,
Қанаттасым, сыңарым,
Келші бері құшақтап
Төсіңе төсім түйісіп

Бірге болсын ұраным!»
Түйіннің бәрі шешіліп,
Жібектей болып есіліп,
Құшақтасты батырлар

Күшіне күші қосылып!
Балақтан алып бір-бірін
Бақталас болып, бет жыртқан
Тайраңдаса тасырлық,

Тасырлықты басатын
Осындай болса керек-ті
Үлгісі талай ғасырлық
Атадан қалған асылдық!!!

ЖЕЛ СЫБЫРЛАҒАН ШЫНДЫҚ

Дүйсенбі Әріповке
Елсізде... Ерте кезде... Ерлі-байлы
Екі атты келе жатты көңлі жайлы.
Көкжиек тына қалып, қызарғанда

Қонады таңдап тұрып жерді ыңғайлы.
Қоржынның қотарылып тола басы,
Тартқандай өздеріне қонақ асы,
Шұлғытып шөптің басын жел соққанда

Мырс етіп күлді ерсілеу отағасы.
«Көңілің ауды ма бір жұмбақ ізге,
Бейуақта күлгенің не құла дүзде?
Айтыңыз, – деді әйелі, – қызық болса

Күлейік сізбен бірге мына біз де!»
Егесі зайыбына бұрылды енді:
«Бірдеңе түрткендей-ау бүгін мені.
Мына жел қозғау салды бір жағдайға,

Қырық жыл тіс жармаған сырым еді.
Жас кезім, көрген емен жаннан қорқып,
Жапанда келе жаттым жалғыз жортып,
Жолықты бір жолаушы жап-жас жігіт

Жүк артқан жеті түйе керуен тартып.
Әлгімен тілге келіп, болдым серік,
Керуенді айда деді, ақы беріп,
Қонғанда бір жерге кеп, қазынасын

Тонауға көңіліме кірді желік.
Қаперсіз күтті шайдың қайнағанын,
Қапысын табуды мен ойлағанмын.
Еңкейіп отты қозғай бергенінде

Бас салып ту сыртынан байлап алдым.

Ол айтты: »Жанымды қи, малымды ал да,
Мен саған қастық қылар халім бар ма?
Бір байдың жалғызы едім үйленбеген,
Мерт болсам, үзіледі тамыр қарға!»

Жан сырын жас бейбақтың тыңдамадым,
Арқанмен өне бойын шырмап алдым.
«Ашылар зұлымдығың, – деді бір күн,
Обалы жібермейді нахақ қанның!»

«Құлан жоқ, куә түгіл, құмай тағы,
Бұл сырды әшкерелеп кім айтады?»
Деп күліп, қыннан сапы суырғанда,
«Көрерсің, – деді, – бәрін жел айтады!»

Желкеден басып тұрып бауыздадым,
Тістеніп, көзінен жас тамызбады.
Кетпейді көз алдымнан күн батарда
Қызыл қан қорқыратып ағызғаным...

Мал-мүлкін базарға сап қылдым амал,
Саудагер сатып алды қоймай сауал.
Қосылдым сеніменен жылдар өте
Келген жоқ содан маған зауал-мауал.

Қайтқан жоқ әлі менің күш-қуатым,
Жайым бар жас жігіттей іс қылатын,
Жайындай жайпап келем жан-жағымды,
Жел қане, шындықты айтып ысқыратын?

Бір тісім қанқұрт түсіп бұзылмаған,
Жағады қазы-қарта, қымыз маған,
Түп-түгел төрт тұяғым, түтін түзу,
Жел қайда жанымды жеп ызыңдаған?!

Әлгі жел еске салды өткен істі», –
Деп күліп, бай сораптап шайын ішті.
Отырған әңгімені әрең тыңдап
Әйелі қайрай берді отыз тісті.

Егілді жүк басқандай талай батпан,
«Атқан ба алданумен арайлы ақ таң?
Бауырым пышағынан қаза болған
Жауыздың құшағында қалай жатқам?»

Сыр бермей күтіп ақыр қалғығанын,
Арқанмен байлап-матап алды жарын.
Күйеуі ояна сап, ақырады:
«Әй, қатын, босат қане, қағынбағын!»

Әйелі ағытады шерлі сөзін:
«Тартатын сазайыңды келді кезің,
Қиянат қияметке кетпейт деуші ед,
Жел тербеп шыныңды айтып бердің өзің.

Ол жігіт емес еді тегін адам,
Із-тозсыз жоқ боп кеткен менің ағам!
Тапсырған аманатын жеткізді жел,
Ағамның енді сенен кегін алам!»

Күйеуі жанұшырып сабыр деді,
Әншейін мұның бәрі әзіл деді,
«Әлгінің сенің ағаң екеніне,
Айғағың бар ма кәне, әзір», – деді.

«Қарындас, жалғызым деп елеңдейтін,
Ерекше көрем сені елден дейтін,
Сапарға шыққан сайын, сағынышты
Сәлемім жетер саған желмен дейтін!»

Қырық жыл аймалаған тамағына,
Сапыны салды келіп сағағынан,
Қанішер қаза тапты ақырында
Өзінің кісі өлтірген жарағынан!

САЛЫҚ МОЛДАНЫҢ ӨСИЕТІ

Ертеде біздің елде Салық молда
Дін ұстап, үлгі беріп бастап оңға,
Өтіпті халыққа аса қадірлі боп,
Қайтқанда көтеріпті ел қолдан-қолға!

Аулақ болған періден, от-құйыннан,
Салыққа қасиетті хақ бұйырған,
Жарықтық шын әулие болған дейді
Бас тартқан тірлігінде көп бұйымнан,

Шыңғырып, шынжыр үзген не бір жынды
Аттаса босағасын сап тыйылған!
Бақилық болғанымен жүз жыл бұрын,
Келеді толғандырып қыз бен ұлын,

Басына кеп тілейді кей адамдар
Ауырса я шаруасы кетсе қырын.
Адамға әлі күнге әсері бар
Ақылмен аша алмайсың мұның сырын.

Атаңды қадірлемеу неткен жаман,
Бір кезде соған мәжбүр еткен заман.
Бірақ та бір бәлеге ұшырайтын
Көнерген Салық молда зиратынан

Дұға оқып бет сипамай өткен адам!
Құпия көп қой біздің қазақта да,
Айтады ұрпақтары ғажаптана,
Өсиет қылған екен өтерінде

Салық молда кейінгі қарақтарға.
«Аптығып, ас берем деп алты алашқа
Алысқа ат шаптырып далақтама,
Жаңғыртып, бейітімді у-шу қылып,

Жанымды тыныш жатқан азаптама,

Дұға оқып, есіңе алсаң, сауап болсын,
Атымды әсірелеп мадақтама!»
Бұл да бір атамыздың өнегесі,
Ешкіммен жоқ бәсеке, ерегесі,

Мақтау мен мақтанудан мәні бөлек
Өзгеше кісіліктің дәрежесі!

ЖӘКЕЖАН БОЛЫСТЫҢ

ЖАЙСАҢДЫҒЫ

Әрқилы жолмен келер әркім таққа,
Ел үшін біреу сорға, біреу баққа,
Қазақтан патша солдат алған кезде
Жәкежан болыс бопты Алтай жақта.

Бастады июнь жарлығы дүрбелеңді,
Кескілеп карательдер көнбегенді,
Тағдыры тамырымен жұлынған ел
Қаңбақтай жел айдаған дөңгеленді.

Құлынын шырқыратып құрықтарда
Тығындап жылы-жұмсақ ұлықтарға,
Бай, бағлан өз баласын алып қалып,
Кедейді байлап берген суық қолға.

Аспаны алты Алаштың бұлттаныпты,
Жәкежан ел қайғысын мықтап ұқты.
Ұлыққа бес жүз жылқы матап беріп,
Тажалдан боздақтарды құтқарыпты.

Қазақта өткен талай аяулы адам,
Оларды қиналған ел саялаған.
Жұрт үшін жаннан кешкен жақсылар-ай,
Байлығын өз халқынан аямаған!

11-0045

Жері жоқ кісілікті аласартқан,
Өнеге Жәкежандай дана қарттан,
Бүгінгі көке жандар кімге тұлға
Шетелге бес байталға бала сатқан!

МОЛДА МЕН НКВД

Көз көрмейтін жүріп жатыр күнде егес
Кешегімен бірдей емес, кем де емес.
Сонда-дағы бүгініңе тәуба де,
Уақыт болған кімге шындық, кімге елес.

Үрей буған дүлей заман өтіпті,
Халық қойған оның аты – үндемес.
Жан білмейді кім қадірлі, кім құнсыз,
Көндігіпті күн көруге күңкілсіз.

Қандай ғажап азаматтар бір түнде
Ғайып болып кетеді екен үн-түнсіз!
Бейімделіп арыз жазғыш сүмелек,
Талай ердің көзін жойды, не керек.

Нахақ жандар тас қараңғы құрдымға
Топырлаған күні-түні дөңгелеп,
Сөз түгілі түптеріне жетіпті,
Іш киімі болса қызыл шүберек!

Шексіз билік көзсіз соқыр болғасын
Кім білмейді ел тағдыры оңбасын?
Жұтпақ болды үндеместің араны
Алыстағы бір ауылдың молдасын.

Екі «батыр» аттаныпты салдырлап
Мініп алып олжа қылған жорғасын.
Молдекеңнің мұңаятын шағы бар,
Бір Алладан басқа жан жоқ шағынар,

Аруақ қонған қасиетті кісі екен
Жағдайы жоқ жаннан қорқып жаңылар,
Екі әумесер ай-шайына қаратпай
Арбаға әкеп отырғызды, нағылар?

Жаңа ғана ауыздықпен алысқан
Жұп-жуас боп жүрмей қойды жануар!
Басқа, көзге сабалады, тепті атты,
Күнге кезеп, мылтықтарын көкке атты,

Қызыл жаға, қызылкөзден ұялып
Күн де ұяға қанқызылдау боп батты.
Молда мінсе баспай қойған боз жорға,
Молда түссе ойнақ салып жол тартты,

Күші жетпей киесіне кәрінің
Тарантасын тарылдатып бос қайтты.
Қаһарланды мән-жайды естіп ләшәндік,
«Білген емес НКВД нашарлық,

Молда түгіл, Алланың да кеудесін
Коммунистің қуаты бар басарлық!»
Ертіп алып әлгі екеуін соңына
Түсті бастық озбырлықтың жолына,

Молдекеңді білегінен бас салып
Жұлқылады қаратпай оң-солына.
Үлкен жұмыс бітіргендей дұрыстап,
Екі иінінен әрең-әрең тыныстап,

Үйден сүйреп алып шықты молда деп
Иттің екі қу сирағын уыстап.
Барқырады. «Қасиетің осы ма?»
Жұрттың бәрі қарады оған шошына,

Не болғанын сонда байқап ләшәндік
Тұра қашты міне салып атына.
Сол кеткеннен содыр, сойқан мол кетті
Қайта айналып қайырылмай артына...

ОСПАН БАТЫРДЫҢ МАРАПАТЫ

Аты айналған
Аңыз болып дастанға,
Отаршылдар
Өтірік күліп Оспанға

Батыр деген атақ бердік
Сізге деп,
Алтын жұлдыз
Тарту етті бір күні,

Алдап-сулап
Түсірмекке қақпанға.
Оспан батыр
Жайын байқап қатердің,

«Алтыннан да
Қымбат деді,
Аты ердің.
Атқа қонып

Атой салып шыққанда
Ата жұртқа
Келді теңдік әпергім,
Кемдік көрсе

Туған халқым қорлықта,
Ем бола ма
Марапаты жат елдің!
Жолын қумай

Даңғазаның
Дақпырттың,
Адал қызмет
Атқаруды жақтырттым,

Өз еліңнің өзегіне
Құрт түсіп,
Өкініштен
Жаны өртеніп жатқанда

Кімге дәрі
Жылтырағы жат жұрттың!»
Азаттыққа
Жеткізем деп қазағын

Бодандықтың
Бұзған бұғау, мазағын,
Халқын сүйген
Қаһарманнан қаймығып

Отаршылдар
Төмен салып назарын,
Ойлап қойды
Оған арнап жаза мың...

Жылдар бойы
Жолбарыстай алысқан
Ерді ақыры қамауға алып,
Азабын

Тартқызса да
Тау тұлғасы иілмей
Аузынан шығармастан
Азалы үн,

Құрбан болып кете барды,
Қайран Ер,
Ең соңғы рет
Оқып болып

Намазын!

ӘБСӘЛӘМ ҚАЖЫНЫҢ ЖАУАБЫ

Әкем марқұм айтушы еді аңыз ғып:
«Өткендердің алдындағы парызды ұқ,
Қажы атамыз Әбсәләмді бір кезде
Абақтыға жауыпты деп жауыздық!»

«Қара орманның қалғанын-ай селдіреп,
Қайран елге қара түнек төнді» деп,

Кең дүниеге тұрды қарап Әбсәләм
Темір тордан ақ сақалы желбіреп.
Түрме бастық жұртты ұстаған мыштай ғып,
Қажыны да жібермек боп жұрттай ғып.

«Көп жеңілдік берем, – деді, – мен сізге,
Ақ сақалды сыпыртсаңыз сыптай ғып!»
Қажы атамыз ақ сақалын тарамдап,
Қаскөйлікті қас қағымда бағамдап,

«Сақал үшін отырмын ғой осында
Жүре алмаспын оны алдыртып, харамдап!»
«Жәрдемдесем, тәртіпті боп түзелсең,
Нең кетеді біразырақ күзелсең?

Не бар дейсің сол сақалға байланған,
Ақ селеудей шығады ғой күні ертең!»
Қажы атамыз деді: «Бұған жолама,
Иманынан айырылған оңа ма,

Алдамшыға айырбастап жіберсек
Жанымызға иман қайта қона ма!?»
Түрме бастық қала берді барқырап...
Тауқыметін тар қапастың тартып-ақ,

Қараңғыны жарып шықты бір күні
Қажы атамыз ақ сақалы жарқырап!
Өткіншіден артық көрген мәңгіні,
Ұрпағына сәуле берген жан нұры,

Аталарым иманынан безбеген
Қыл үстінде тұрғанда да тағдыры!

ЖЫРАУДЫҢ ЖЫРЫ

Нұрпейіс атын
Естігем бала күнімнен,
Жырларын оқып
Жаттаушы ем таза көңілмен,

Суреті оттай басылушы еді көзіме
Жүзінен нұры
Жүректен жыры төгілген,
Даланы кезген

Сақалы желмен желбіреп
Аңыздардағы
Абыз аталардай көрінген.
Мәңгіге кеткен

Батырып мұңға мұнартып,
Мыңдаған жылдан
Аманат жырдан жүк артып,
Балбал тастарды

Шыққандай жарып қоңыр үн,
Қазақтың сөзін
Ғасырға келер ұзартып.
Дүние, ғалам

Жайында кеткен ойға көп,
Жыраудың жыры
Жерге де, көкке, айға дөп,
Жынданып жатқан

Жан-жаққа кейде қараймын
Нұрпейіс атадай
Нұрпейіл жандар қайда деп?!

МАНАС ПЕН МҰХТАР ӘУЕЗОВ

Кер заман
Құйтырқылы құйын демі,
Қазаққа,
Қырғызға да қиын еді,

Жылында
Мың тоғыз жүз елу екі
Бір сұмдық
Фрунзеде жиын болды.

Түрікті
Түбірімен шабамыз деп,
Тегінен
Ажыратып аламыз деп,

Сайланып келіпті өңкей
Ығай-сығай
Манастың жырын жойып,
Жабамыз деп.

Пәрменді
Ол заманда Мәскеу берер,
Қасқырдай
Шабар сосын қас кеуделер,

Қосыла кетті оларға
Іштен шыққан
Жандайшап
Жылан тілді жас «төрелер».

Ішінде «қонақтардың»
Қарқындысы
Сөз бастап дөкей сары
«Алтын кісі»:

«Бұл эпос –
Бізге дұшпан байшылдық пен
Ұлтшылдық,
Ескіліктің сарқындысы,

Сондықтан
Аластауға тиіспіз!» – деп,
Қаһарлы болды сөздің
Қорытындысы.

«Жыр еткен
Кереметтей дәмді көріп,
Неғылған бітпейтін бір
Қанды жорық,

Ол өзі неткен соғыс,
Кімге қарсы,
Ойлайық
Біз саяси мәнді беріп!

Советтік тәрбиеге
Үйлеспейді,
Бүгінгі заманаға
Үндеспейді,

Сондықтан
Манас енді ұмытылсын,
Дәп содан айың құлап,
Күн де өшпейді!»

Қаһарланып кеп айтып,
Қара бұлтты төндіріп
Қара дауыл соқтырып
Қызыл заман қысқанда,

Қалың қырғыз сорлады,
Оқымысты ұл-қызы
Ата жырын жат жұрттан
Жанын сала қорғады,

Дәлелдерін келтіріп
Тереңінен толғады,
Қанша айтса да амал не,
Қасарып келген қаскөйден

Қорғау оңай болмады,
Тас жүректі басшылар
Құлаққа ілмей сөздерін

Аяққа басып қорлады,
Айтқаныма көнесің
Айдауыма жүресің
Деп халықты зорлады.

«Өз атаңның өлеңін
Мақтайсың сонша өзеуреп,
Әсіре ұлтшыл элемент
Дес бермейтін демеугөк,

Секілді деп сендерге
Ертең айып тақпай ма
Бұл сөздерің желеу боп!»
Деп ғалымның әккісі,

Кебежедей пәпкісі,
Қорқытып қойды қырғызды
Келгендей күйе жаққысы,
Қазық қып жерге қаққысы,

Түйіп алып қабағын,
Күшейте түсті талабын,
Жиынға келген қазақтан
Ай маңдайлы Әуезов

Еске алып тарих сабағын,
Төніп келген қауіпті
Жанымен сезініп,
Елестетіп бір өтті

Түрмеде көрген азабын,
Отыз жетінің сұмдығын
Қынадай қырған қазағын.
Данышпан Ахаң амалдап

Ойлаған мұның аманын,
Айламенен алмаса
Түзетуге дәрмен жоқ
Темір құрсау заманын:

«Анталап дұшпан жан-жақтан
Бұзық салса Манасқа
Қайтіп бұғып қаламын,
Манасты жауға алдырып

Жолымды тосқан Алашқа
Қай бетіммен барамын?
Тамырын қиса қырғыздың,
Қазақты қоса кескені,

Шамы сөнсе қырғыздың,
Қазақтың бірге өшкені.
Ата жырын өлтірсе,
Азып-тозып аз халық

Айдауға жүрер оп-оңай,
Түп-түбінде осы ғой
Көкейлерін тескені!»
Бір дауыс

Ар жағынан
Деді ыңғайлан,
Айқассыз ақиқатты
Көрдің қайдан,

Манастан өлсе қырғыз
Айрылмайды,
Мүмкін бе ажырауы
Жердің айдан?

Айкөлден
Айқын қуат сезінгесін
Ар жағы
Жаратушы бір құдайдан,

Рухани жендеттерге
Жалақтаған
Әуезов
Жалғыз өзі берді майдан!

Қайран Мұхаң қайтсін-ай,
Басқа жұртқа бодан боп
Ел тұрғанда бағынып,
Жауларының бәрі дәу,

Жалмауыздай сары дәу,
Қарауытып, қабынып
Қөп қорқаудай қағынып,
Жан-жағынан жабылып,

Жанға зорлық қылғанда
Қос өкпесі қысылып,
Тынысы кетті тарылып,
Тамырда қаны тасынып

Кетердей миы жарылып,
Қиналып жаны тұрғанда
Айкөл Манас аруағы
Өлме, Мұхтар, өлме деп,

Бұл қорлыққа көнбе деп,
Атаңның жырын берме деп,
Қолтығынан дем беріп,
Кеудесіне жел беріп,

Арнасы сөздің табылып
Сөйлеп бір кетті ағылып!
Жарқырай берді ақмаңдай,
Саңқылдай берді ақ таңдай,

Әр сөзі тұнған ақыл-ой
Атадан қалған дастандай,
Сөйлеген сайын жұрт қолдап
Аспандай берді, аспандай!

Мастанып келген Мәскеуден
Дөкей сары қаскөйді
Айкөл Манас аруағы
Төбесінен басқандай,

Берекесі қашқандай,
Сөзіне ұйып Мұхаңның
Өз-өзінен сасқандай!
«Ақылға салып қарасақ

Адамзаттың ғажайып
Алуан-алуан өнері
Бір-бірінің кемері,
Шын өнерде жаттық жоқ,

Біріне-бірі бөгет боп,
Бір-бірін қалай көмеді,
Нағыз өнер қашанда
Бір-біріне дем беріп

Үндесе өрлеп келеді,
Арғы түптен таратсақ,
Тауарих еткен көнені
Гректің кемел Гомері,

Гомеріңнен кем бе еді
Көшпенді елдің өлеңі,
Данышпан Шоқан Манасты
Илиада, Одиссей

Гомерге неге теңеді!?
Ақыл-ойдың кеніші
Асыл жырда бәрі бар,
Жоғалған білім, жойқын сөз

Ежелгі жырдан табылар,
Алатаудан Алтайға
Қудаланған қырғыздың
Сан ғасырлық зары бар,

Туған жерге ту тігіп
Жаудан қорғап отанын
Тулап аққан қаны бар,
Шындық іздеп жалғаннан

Шырқыраған жаны бар,
Есте жоқ ескі заманғы
Ел-жұрттардың тарихы,
Салт-дәстүрі тағы бар,

Өлмес рухы халықтың
Дана жырдан танылар,
Қатпар-қатпар уақыттың
Қалыңынан сараптап

Қазынасын танып ал,
Алатаудың шыңынан
Шырқап шыққан кенен жыр
Айға барып шағылар,

Жер-жаһанның көгінде
Жұлдыз болып жағылар,
Еншілеген бұл сөзді
Елін сүйген өрендер

Бабаларын сағынар,

Атаның жырын ұмытып
Қағынан безген қағынар
Тәубасынан жаңылар,
Бар қуатын халықтың

Бір арнаға құйдырып
Манастың жырын тудырған
Қырғыздың баян, бағы бар!»
Осылай толғап кеп айтып,

«Сіздің де, мейман, – деп айтып,
Сөзіңіздің мәні бар,
Расында да Манастың
Кей тұстарын қарасаң,

Байшылдық пен ханшылдық
Ескіліктің дәмі бар,
Дәнін аршып қауыздан
Нұсқасын жасап халықтық

Қазынасына советтің
Қосып қойсақ нағылар?!»
Кен ақыл, кемел ойлы,
Кең маңдайлы

Тұңғиық
Оңайлықпен толғанбайды,
Сөзіне сүттей ұйып
Тәнті болды

Көрмеген
Көптен бері ел мұндайды.
Мұхаңның
Мәскеулікті мысы басты

«Иа, құдай!»
Деп халайық дуылдасты,
Қайтарар
Әуезовке уәжі болмай,

Дәу сары үнсіз қалды
Шұлғып басты.

Қырғыздың бетке шыққан
Күллі еріне
Сонда да шырай бермей,
Күлді еріне,

Елеусіз ымдап еді,
Бір жас қырғыз
Кезексіз
Шықты жиын мінберіне.

Бұл өзі орысша оқып,
Орысша өскен,
Тегінен тамыр үзіп,
Теріс кеткен,

Қашанда
Отарлаудың әдісі сол
Безгенді
Өз ұлтынан өрістеткен.

Жүрсе де
Жоғарының ұлығы боп,
Халқына
Жақпайтұғын қылығы көп,

Жылмағай,
Жылтыр бетті жұрт айтатын
Баяғы Көзқаманның
Сынығы деп.

Жалпақтап жат жұрттарға
Көзін сатқан,
Лауазым, дәреже үшін
Өзін сатқан,

Шүлдірлеп
Сол Көзқаман түсті дауға
Атаның атын сатқан,
Сөзін сатқан.

«Аузыма
Қаратам деп бар халықты

Жынданған жомықшылар
Жар салыпты,
«Айкөлім аян берді»
Деп аңыз ғып

Айылда
Айлы түнде ән салыпты,
Бұл неткен соқыр сенім
Сонша уақыт

Милау ғып
Адастырған мұнша жұртты,
Манастан
Асатұғын батыр жоқ деп

Панислам,
Пантюркистік дән салыпты.
Айбынды қызыл әскер
Әлемді алған,

Оған тең бола алмаған
Қанша мықты,
Жанында
Маркс, Ленин ілімінің

Кім еді
Манастарың соншалықты!?
Тұранның
Ежелгі жыр ұраны екен,

Өшпейтін
Ұлтшылдықтың шырағы екен,
Манасың миллион жол
Тегін емес

Қырғыздың
Ол екінші құраны екен,
Манастың
Жырын айтып, тыңдаған ел

Ешкімге
Басын имей тұрады екен,
Сондықтан
Тамырымен жою керек

Советтік болсын десек
Мына мекен!
Бұл эпос
Басқа жұртты қорлайды тек,

Табын деп
Бір Манасқа зорлайды кеп,
Қырғызды
Ерекшелеп ұлықтайды

Шыққандар
Оған қарсы оңбайды деп,
Ақ қалпақ
Аңқау халық адасып жүр

Аруағы
Манас ата қорғайды деп,
Ал бізге жол көрсетті
Компартия

Ұлт деген
Болашақта болмайды деп!
Сондықтан
Біріге түс халің барда,

Ұрандап
Шығармаңдар ханыңды алға,
Біртұтас
Мызғымайтын совет халқы

Құрыштай қайнап біткен
Жалындарда,
Сарынға
Байшыл, ұлтшыл орын бермей

Жол ашар
Интерсовет дарындарға,
Айтарым,
Манас, Талас тастап енді

Ілесер
Ұлы көшке жолың қамда,
Біз сияқты
Озық жан болсаң, жылдам

12-0045

Партия өсіреді,
Оны да аңда!»
Төмен қарап көпшілік
Тым-тырыс боп қалғанда,

Атып тұрып бір жігіт
Салды ашулы айғайға:
«Дәреже мен даңқ іздеп
Дүниені кезіпсің,

Өз тіліңді ұмытып
Өз жұртыңнан безіпсің,
Озықтығың осы ма,
Өз атаңның жырына

Өзің шоқпар сілтеген
Осы күнгі Көзқаман
Озық емес, тозықсың!
Манас – біздің атамыз

Қанікей – біздің анамыз,
Олардың атын ұмытсақ,
Қайтіп ел боп қаламыз,
Атамызды жат көріп

Атаны қайдан табамыз,
Анамыздан безініп
Ананы қайдан табамыз?!
Жер бола ма Талассыз

Ел бола ма Манассыз!?»
Тоқта деп,
Дөкей сары сөзін бөлді,
Қырғызда

Намыс барын көзі көрді,
Қалаған жағына оңай
Бұра салды
Нық ұстап отырған соң

Өзі рөлді:

«Әй, жолдас,
Бұра тартсаң із ретінен,
Жіберіп қоя алмаймыз
Біз бетімен,

Ертең сені шығарып
Партиядан
Ар күні босатамыз
Қызметіңнен,

Органдар
Біліп қойса, орың қазып
Біржола жоғалтпасын
Жер бетінен!

Жассың ғой,
Мән бермейік лаққаныңа
Не жетсін
Таңның тыныш атқанына,

Ойлама,
Құтылам деп аман-есен
Бір түссең
КГБ-ның қақпанына!»

Қайран ер
Үндей алмай іштен тынды,
Қайсарлық қайтсін енді,
Күшпен сынды,

Сұсымен қайтарған соң
Елдің бетін
Дәу сары рахаттанып
Үстем күлді:

«Жаққан соң
Жаңа заман жұлдыздарын,
Безіп тұр
Ескі жырдан ұл-қыздарың,

Теріс деп Манас жырын
Советке жат
Біз емес,
Айтып тұр ғой қырғыздарың!

Туған ұл сатқын болса
Тым қиын-ды,
Сатыл деп
Осыларға кім бұйырды,

Біз емес,
Айтып тұрған өз балдарың», –
Дегенде
Ел аузына құм құйылды.

Осындай арсыз болса
Таласатын
Оншалық керек қылмай
Парасатын,

Өсіру іштен шыққан
Көзқаманды
Ежелден
Отаршылдық саясаты.

Әрине,
Мұны Мұхаң айта алмады,
Ақылмен жеңіп шығар
Жол таңдады,

Әкелді
Оң жамбасқа айналдырып
Ғылым мен
Қара сөздің майталманы.

«Зер салып
Байырғының жырларына,
Әділін
Айту парыз шын ғалымға,

Дара тұр
Манас жыры бой теңесіп
Әлемдік
Әдебиеттің шыңдарына.

Теңіздей...
Теңдесі жоқ...

Таңғаларлық...
Эпос деп
Қызғылықты жанға барлық,
Орыстың

Озық ойлы оқығаны
Манасқа маңыз берген
Бар ғаламдық.
Манасшы

Дауылдатса
Жалындар от,
Мазмұнын
Талдап ұғар ғалым да көп,

Біздерге
Бүкіл әлем қарап отыр,
Советтер
Қандай шешім қабылдар деп!

Өткенді
Бүгінгімен таластырма,
Нәрін ал,
Жақсылықпен жарастыр да,

Қиянат болып жүрер
Кінә тақсақ,
Марксті
Білмедің деп манасшыға!

Тұрғанда
Шежіредей қарияң тың,
Эпостың
Оймен сүзіп дариясын,

Сараптап,
Артық-кемін алып тастап,
Советтік
Жасау керек вариантын!»

Жаланы
Жапқан жаңа жаңбырлатып

Қиқулап
Елдің басын даңғырлатып,
Көзқаман
Тағы шықпақ бола беріп

Орнынан қозғала алмай
Қалды қатып,
Сөйлемек түгіл үні
Шықпай қалды,

Кептеліп
Тамағына қанды қатық,
Ербеңдеп екі қолы,
Бас қалтылдап

Кеткендей
Мойынына қарғы батып,
Отырған Көзқаманды
Ойлады жұрт

Манастың
Кетті ғой деп аруағы атып!

Кеңесін
Келтірген соң кемелінен
Көненің
Өнегелі дерегімен,

Бар жиын
Бірауыздан мақұлдасты
Санасып
Әуезовтің беделімен!

Бұл айқас
Осылайша тәмамдалды,
Аңыздай
Кешегі өткен замандағы.

Қазақтың ұлы ойшылы
Қорған болып
Қырғыздың
Ұлы жыры аман қалды.

Шайқасып
Қалмақ, қытай жеңе алмаған

Манасты
Москва да жаба алмады,
Біртұтас
Елдік нұсқа даярланып

Басылсын
Деген қаулы қабылданды,
Қырғызша,
Қазақша да, орысша да,

Ер Манас
Дүниені аралады...
Жас қазақ,
Жас қырғыздар,

Ұмытпайық,
Бұрынғы
Биік ойлы бабаларды!

КЕДЕЙДЕН ШЫҚҚАН КЕМЕҢГЕР

Даналарын жинасаң да бар елдің,
Ортасында орны бөлек Сәбенің,
Шежіресі әрі көркем суреті
Қазақ дейтін жұмбақ сұлу әлемнің!

Тұлғасы зор, қуаты мол, таудай тың
Байырғының шалдарынан аумайтын,
Аппақ кәстөм-шалбарын да аямай
Қараша үйдің киізіне аунайтын,

Май тамызып арғы-бергі аңыздан
Сөз аспанын самұрықтай шарлайтын,
Жан адамды жатырқамай, жарқылдап
Жақсылықпен жүректерін жаулайтын,

Академик-жазушыны бақыршы
Батырақ деп айтқанға ешкім нанбайтын!
Көкке жетем деген аз ба биіктер,
Мұзарттарды жақын көріп сүйіп пе ел?

Өз бойына өлшем таппас өрендер
Мәрт қазақтың мол шапанын киіп көр!
Қинағанда тағдыр-тарих халықты
Қоян-қолтық елмен бірге қалыпты,

Ашаршылық аран ашқан уақытта
Сапар шегіп туған жерге барыпты,
Қайткенде елді аман алып қалам деп
Бар беделін, күш-қуатын салыпты...

Ауылдағы бір ағаның үйіне
Сәлем беріп бірде түсе қалыпты.
Жеңешесі қайнап жатқан қазанын
Жасырмақ боп қақпағымен жауыпты!

«Ақ ордадай босағаңнан аттадым,
Қолы ашық деп өзіңді әркез мақтадым, –
Депті Сәбең, – не күн туды басыңа
Қазаныңның жабатындай қақпағын?!»

Аштық елдің түгін қоймай жалмапты,
Талшық етер аша тұяқ қалмапты,
Алдандырып балаларын қазанда
Су қайнатқан жеңгей сонда зарлапты,

Жал-жаяны кертіп жеген жайсаңдар
Тұз тағысын аулап жүрек жалғапты,
Қазы-қарта қайнататын қазанда
Асқан екен нәпақа ғып тарғақты,

Сонда Сәбең жұбатыпты жеңгесін.
«Сына көрме, жан едің ғой ардақты!
Амал бар ма аштық деген құқайға,
Тәкаппарға талшық болар тұқай да,

Қазанымнан құт кетті деп қамықпа,
Сый табаққа тышқан салар Қытайда!»
Төмендетпей, рухтандырып ауылын,
Бірге көріп замананың дауылын,

Бірге жепті бір жілігін тарғақтың,
Қайран Сәбең, бұлтыңдатып ауызын!

Қарапайым, кең жаралған кім мұндай?
Адам жанын ұға білген мұңлық-ай.
Тоқшылықта тең сыйласқан жандардың
Жоқшылықта кеткен сағын сындырмай.

Сол Сәбеңді сынағанша ағайын
Сәбең құсап ұлы істерді тындырғай!
Сезіп, білген байлық пенен кемдікті,
Кезіп көрген бойлық пенен ендікті,

Өмір бойы жырлап өтті айнымай
Адамзаттық теңдік пенен елдікті,
Шалқып жатқан мұхит-мұра толқытар
Небір маңғаз марғасқаны ең мықты,

Жазған құдай маңдайына Сәбеңнің
Даламыздың дәл өзіндей кеңдікті!
Өсер әлі небір ойлы өрендер,
Өткендерді бірақ оңай демеңдер.

От пен суды, мадақтауды адам боп
Кешіп өткен Сәбеңдей бола беріңдер,
Сөзі болып, өзі болып қазақтың
Көгіңде тұр кедейден шыққан кемеңгер!

ЗЕРЛІ СӨЗДІҢ МЕРГЕНІ

Қазағым, қызың сұлу, ұлың мықты,
Толқытқан төрт мұхит пен құрылықты,
Даланың даналарын ғалам танып
Құрметпен беті бері бұрылыпты,

Әдебиет әлеміне келген жастар
Мұхаңның мұхитына шомылыпты,
Ғабеңнің орманында ойға батып,
Сәбеңнің жайлауында жылыныпты!

Ғабеңнің сөзі жанды гүлдей болар,
Жарқ етіп бұлттан шыққан күндей болар,

Әлемде асып туған қаламгердің
Қайсымен қатар қойсаң бірдей болар!
Ғабең мен Сәбең туыс, егіз еді,
Ақыл-ой, сезім-күйдің теңізі еді.

Толыбай, Қожаберген түп-тамыры
Алашқа сері атанған Сегіз еді,
Осынау ұлылардың дара туған
Солтүстік топырағы негізі еді,

Алақандай ауылда бәрі бірдей
Апырмай, қалай туған дегізеді!
Ежелден Солтүстігім жел өтінде,
Елестей ескі күндер ел есінде,

Қазаққа үйірілген қара бұлттар
Алдымен Солтүстікке төнетін де.
Ызғырық Солтүстіктен жел еседі,
Бұлт көшіп, жер көгеріп, ел өседі,

Көрешегі көп елдің көзін ашып
Сенгені келешек пен кеңес еді,
Кеңес те кейін қалып, азат елдің
Алдында тұр бөлекше белес енді,

Тамыр мен тегін сақтап қалған халық
Еңсесін тіктеп жұртпен теңеседі!
Тоқтаусыз зырылдайды мәңгі жалған,
Шығады өмір-үміт тағы да алдан,

Бұл жерде Есенейдің ерлігі мен
Сыңсыған Ұлпан қыздың әні қалған,
Батырдың саусағынан сусып кеткен
Тізгінді түсірместен қағып алған.

Айтады ескі аңызды ел жүйелеп,
Елдің сөзін Ғабеңдей ер жүйелеп,
Арманда ер Есеней өткен кезде
Ұлпан қыз қалған екен елге ие боп,

Ұлпанның осы күнгі кей сіңлісі
Басына жүрген жоқ па сөз күйелеп,

Сүйеніш болмақ түгілі азаматқа
Күйдіріп жүрген жоқ па көзге үймелеп!
Қарамай хан-қараның қаһарына,
Көнбеген көгенделіп, маталуға,

Ғабеңнің қаламынан қайта туып
Аттанған мәңгіліктің сапарына,
Қыздары қазағымның көз тартады
Әлемдік арулардың қатарында!

Қазақтың еркін өскен ат жалында
Даласы оранғанда от-жалынға,
Өлкесі оянғанға қуанса да
Жылаған кете ме деп жат қолында!

Көсемсіп күн ашықта қойқаңдаған
Талайлар дауыл соқса байпаңдаған,
Сол кезде жаны күйген жап-жас Ғабең
Сеніммен алған беттен қайта алмаған,

«Бейімбет жау болса егер, мен де жау» деп,
Тажалдан тура келген тайсалмаған,
Патша келсе қозғалмас теңіз-мінез
Тереңнен тебіренбей шайқалмаған,

Қазақтың тілі жайлы қысым көрген
Заманда ешкім ашып айта алмаған,
Алаштың аруағы үшін айбат шегіп
Түбінен тасқұлақтың айқайлаған!

Қазаққа қара сөзді бесік етіп,
Түнегін тас кеуденің тесіп өтіп,
Ескірмес есті сөзін оқығанда
Естілер ойға батқан есі кетіп,

Алаштың аспанында жасай бермек
Мәңгілік мұзарт шыңдай Мүсірепов!
Мемлекеттің мәйегі
Ұйтқысы болған ұлтының

Ұяты болған жұртының,
Ғабең – сөздің зергері
Мүлт жібермес мергені,

Қазына болды халқына
Көргені мен тергені,
Елесі болып өткеннің
Есінде елдің сақталар

Өлшеусіз еткен еңбегі!
Сөзінің аумас орайы
Шебердің шыққан қолынан
Он екі өрім қамшыдан,

Тұңғиық түпсіз теңіздей
Танылған дәмі тамшыдан,
Сыны кетіп көрмеген
Соқса да дауыл қарсыдан,

Тайпалта тартқан тарапқа
Тайсалмай қатал талқыдан,
Сарапқа түссе шын асыл
Төмендемес нарқынан,

Жасқанып, сірә, көрмеген
Патша мен паңның парқынан,
Ай-әлемнің алдында
Асықтай түскен алшыдан,

Үлгісін көріп ұлылық
Өрендер өскен артынан,
Ғабеңдей ұлды тудырған
Айналдым дархан халқымнан!

ҚОҢЫРАТБАЕВТЫҢ ҚОҢЫРАУЫ

Алаштың буған қайғы омырауын
Жете ме жетесіне саңыраудың,
Әуелбек Қоңыратбай деген сөзден
Сеземін қоңыр үнін қоңыраудың.

Нәр жинап бал арадай жер жүзінен
Ғылымның ықылымдық жүрді ізімен,
Көненің табы бар ед келбетінде
Байырғы балбал тастай жел мүжіген.

Байқаусыз буырқанып баяу іштен
Бойлаған тұңғиыққа ой ағыспен,
Тотемін тас дәуірдің таразылап
От елін бірге іздеген Саяуышпен.

Талпынып мұнар буған бел-белеске,
Әпсәна, аңызбенен ерді елеске,
Тарихта табысқаны оғыз, қыпшақ
Тоныкөк, Күлтегін мен Білге емес пе,

Ел жырын үндестіріп эллиндермен
Қорқыттың күйін шерткен Гильгамешке!
Ұлт үшін Ұлытаудың ұларындай
Тасқыннан таза қалған бұлағындай,

Дірілдеп қара үңгірде жылтыраған
Үміттің үзілмеген шырағындай,
Жасырған асылдарды ғасырлардың
Куәгер көзі менен құлағындай,

Қуса да жерімеген өз қағынан
Киелі құла дүздің құланындай,
Уағымен түскен дәні өніп шыққан
Ілімнің ірімеген құнарындай

Жолынан ғұламалық айнымаған
Марғасқа Марғұланның сыңарындай,
Әукеңе ел дұғасы қабыл болсын
Тынысбек, бала құрдас, шырағым-ай!

МӘЛІКТІҢ МЕЙІРІМІ

Кешегі
Ұлы соғыс майданында,
Қызыл өрт,
Қызыл қанның қайнауында,

Бір сапта елмен бірге
Ақын жүрді,

Ажалдың
Амалы жоқ ойнағына.
Оңай ма
Ойлы адамға от кешкенде,

Тажалмен
Темір құрсау беттескенде,
Қалайша
Көзден қанды жас төкпейді

Тілгілеп
Жас кеудені оқ тескенде.
Сұм соғыс
Қасіретін қалдырмастан,

Қазақы
Жырға қамшы салдырмастан,
Оғланның өрімталдай
Оқ тістеген,

Жан сырын
Жайып салып жазды дастан.
Ұшырып жүрегінен
Жақсы үмітті,

Майдандық
Газетке оны бастырыпты,
Солдаттар
Окоптағы оқып шығып

Ұнатып
Жанарларға жас тұныпты...
Саяси кінә таққыш
Қырағы көз

Ақынға
Аңқылдаған қас қылыпты,
Саяси бөлім оны
Шақырып ап,

Бәлені
Неше түрлі жапсырыпты:

«Қырғыннан
Қанды қасап аман кепсің,
Адамға
Оқ аттық деп,

Жаман бопсың,
Бұл қалай, ақын жолдас,
Түсінбедік,
Қанқұйлы фашистерді

Адам депсің!?
Фашистер адам емес,
Аң емес пе,
Аңдардың

Аңсағаны қан емес пе,
Аяусыз қырып-жою
Жауыздарды
Соғыстың

Айнымайтын заңы емес пе,
Ол заңға
Зарланатын дәнеңе жоқ,
Керегі

Өршіл рухты ән емес пе?!
Кімге тұлға
Мұңайғыш Майданбегің,
Отанға

Осы серттен тайған жерің,
Сөзіңнен
Сарыуайым сезіліп тұр,
Сен өзің

Бұл майданға қайдан келдің?
Күйіп тұрған саясат
Қиқаңыңды,
Көтермейді,

Шығарар шиқаныңды,
Кімге,
Қандай
Пиғылмен жазып жүрсің

Күңіренген
Күйреуік күйкі әніңді?
Зар заманның
Иісі шығатындай,

Тексерерміз
Дұрыстап ми, қаныңды!»
Деп саяси
Жетекші сыздағанда,

Демі бітіп,
Теңселіп
Үй тарылды,
Тірі жан танымастай

Құп-қу болып,
Далаға
Әрең шыққан Диханыңды!
Арман, мұрат

Қалғандай күйретіліп
Тірі өліктей...
Амалдап,
Сүйретіліп,

Мәлікке
Жетті-дағы
Баяндады
Болған жайды

Тілі де күрметіліп.
«Өмірдің
Өзекжарды
Жырын айттым,

Өлімнің
Жан күйзелтер шынын айттым,
Адамды
Адам қалай атады деп

Момынның
Қан көрмеген мұңын айттым,
Саяси кінә тағып,
Сотқа тартып

Жаусың деп
Жала жауып,
Жойса қайттім?!
Байқарсың

Басшыларға сөзің өтсе,
Айтарсың
Ақиқатқа көзің жетсе,
Бірісің

Атқа мінген азаматтың,
Мен үшін
Отқа күйіп өзің кетпе!»

Жағдайға
Арғы-бергі жақсы қанық,
Бас шайқап
Ауыр ойға батты Мәлік,

Атылған
Жау атанып арыстардың
Тағдырын
Оймен шолып өтті Мәлік.

Диханға
«Көтер басты,
Түрегел, – деп, –
Тәуекел,

Алшаң басып жүре бер», – деп, –
Қорғасын
Қорқақтарды тез табады,
Ер жігіт

Көк қанжардай тіледі өрмек,
Аққа құдай жақ деген
Аталарым,
Кінәсіз

Түп-түбінде күледі өрлеп!»
Деп Мәлік,
Диханға жөн,
Жол көрсетіп,

13-0045

Штабқа
Сол екпінмен кіреді ерлеп,
Дивизияда
Саяси басқарманың

Бастығы еді
Генерал Дребеднев!
Қас батыр сәлем берді,
Көңілі нала,

Қарсы алды
Қатал бастық қолын ала,
Мән-жайға қанық екен,
Жинап жұртты

Талқыға салды іңірдің
Соңын ала,
Саяси жетекшілер
Құлақ түрді,

Мәліктің
Сыйлаған соң сөзін ғана,
Әйтпесе пікірлері
Теріс екен,

Диханның
Оятындай көзін қара,
Сөз бастап
Батыр ғалым сабырменен,

Жағдайдың
Айтты түйіп жөнін ғана:
«Майданбек
Совет ұлы, бұл соғысқа

Отанның
Келген жаудан кегін ала,
Өлімнен
Қалай жаны түршікпейді

Ауылда
Еңбек еткен момын бала!?
Бұл сөзге
Дейсіз бе ақын,

Барды нағып,
Өзі де қатты өкініп,
Қалды налып...
Жас жігіт

Қан төгістен шошынбай ма
Көрмеген
Кісі өлтіріп дағдыланып!»
«Советтік

Солдат оқтан қорықпайды,
Сарғайып
Сызды окопта зарықпайды,
Түссе де төбесінен

Тоқсан бомбы
Түңіліп
Тіршіліктен, торықпайды,
Жылаңқы Майданбектен

Жұғып ертең
Кеудеге
Кетсе қайттік толып қайғы?!»
Бұл сөзін бір саяси

Қырағының,
Қостады тағы бірі
Қыран ұлдың,
Қиыны –

Өтірік емес,
Шын айтып тұр
Өзінің
Ортаға сап иланымын:

«Қан кешіп,
Жауға найза тірей жүріп,
Көрмеген дұшпан қырып
Дүлей қуып,

Жас өркен
Поэмадан алып үлгі
Үрпиіп қалмас па екен
Үрей буып,

Адам деп
Фашисті де аяр болса
Күш қайтып, жасып жігер,
Жүдейді үміт,

Жайылмай
Тұрған кезде жалпы көпке
Жою керек
Тамырын күрей жұлып!»

Қарамас
Ізгі ниет, парасатқа,
Амал не
Қатал, темір саясатқа,

Өлеңге
Осыншама мән беріліп
Тағдыры
Түсті ақынның ғарасатқа,

Мәліктің
Сөз құйылды ар жағынан
Дегендей
Аруағыңды аласартпа:

«Соғыстың
Жан күйдірер өрті күшті,
Өлімнің
Жазылмайтын дерті күшті,

Майданға
Жаңа кірген жас жауынгер
Жеңбей ме
Бірте-бірте қорқынышты,

Келе сап
Ер болды деп бір керемет
Жасырмақ
Қалай ішкі толқынысты,

Әдеби шығармаға
Шындықты айтқан
Саяси кінә тағу
Өкінішті,

Шыңылтыр аязында
Бұл соғыстың
Шынығып,
Шыңдалады ер серті күшті,

Құрыштай
Суарылып, қайралған соң
Қиратады
Қандай да бекіністі,

Өлеңге
Айналмай ма содан кейін
Еркі күшті ерлердің
Серпіні ішкі,

Советтік солдаттардың
Соққысынан
Сорлаған сұм фашистің
Сорты қысқы!»

Қобыланды
Қолтығынан демегендей
Ұрпағы Қанай бидің
Еркін ұшты,

Мәліктің бұл сөзіне
Құлақ асып
Отырған
Офицерлер серпілісті,

Аталы ердің сөзі
Ой салғандай,
Жымиды
Генерал да беті сұсты:

«Өлеңді
Оқтан
Оттан оздырайық,
Көңілін

Солдат ақын жаз қылайық,
Екі айға
Аттандырып ауылына
Жалғасын

Осы жырдың жаздырайық,

Кітап қып алып келсін
Алматыдан
Ерлерге
Окоптағы сөзі лайық,

Алмастай
Жарқырасын ерлік ұран,
Болсын тек
Езі менен жезі ғайып!»

Шешімі
Осы болып генералдың,
Туған соң
Енді тыныс кең алар күн,

Қуантты Мәлік келіп
Ақын досты,
«Фашисті
Сен болмасаң

Жеңе алар кім?!»
Қысса да
Қос бүйірден қасап темір,
Қашанда

Адамшылық жасапты өмір,
Қан жауған
Жау шебінде екі қазақ
Қуанып

Құшақтасты
Босап көңіл!
Аулына
Ақын Дихан келді барып,

Күшейтіп
Майданбегін берді жазып,
Шығарып кітап қылып
Алматыдан

Таратты бар майданға
Көрді халық!..

...Басынан
Ер жігіттің нелер өтпес,
Бейнеті
Белден кешкен бекер кетпес,

Атанып ақын Әбіл
Дихан баба
Өтті жасап
Жүзге сәл жетер-жетпес!

Ел үшін
Жан аямай жанды Мәлік,
Ерлікпен
Жеңіс жолын салды Мәлік,

Ақынды
Тура келген бір ажалдан
Ақылмен
Аман алып қалды Мәлік,

Азамат,
Батыр, ғалым,
Жазушы, ұстаз
Мәлікті

Ардақтайды мәңгі халық!

«ЖАС ҚАЗАҚ» ӘНІ.

ТӨЛЕГЕН МЕН РАМАЗАН

Адамзатты әлдилеген, шуағына бөлеген
Аңыз-аққу ән аз емес... Көп өлең,
Бірақ мынау әннің жөні бір бөлек
Оның құнын ерлер қанмен төлеген!

Кегін қуып, фашизмге автомат боп оқталып,
Бір топ жауға жалғыз өзі қайтпай қарсы аттанып,
Қыра берген қынадай ғып Құламерген сияқты,
Өр Алтайдың ақиығы – ер Төлеген Тоқтаров!

Қыран ұлдан қашқан фашист – қарақшыдай көп қарға,
Қап-қара боп сұлап түсіп, серейеді ақ қарда,
Тура келген ажалға да арыстандай атылар
Өрен ұлдың жүрегінде Отан деген от барда,

Амал қанша... Темір құрсау тас жүректі жауыздық
Отаншылды опат қылмай тоқтар ма?
Жас қабірін жан досының көрген сәтте Елебаев егіліп,
Ән шығарды Тоқтаровты жоқтауға,

Бүкіл майдан жас қазақ деп ән салды,
Мүмкін бе еді мұндай әнді айтпауға!
Қан майданда ай нұрымен жан-жараға
дәру болып себілген,

Қыршын кеткен боздақтардың жоқтауы
боп жылдар бойы егілген,
Гимн болған қазақтарға, қаймықпастан шынжыртабан,
дүлей, дажал өлімнен,

Қасқайып тұрған құрбан деп жаным туған жер,
туған елімнен,
Көсемдердің ары таза болмаса... Жауап берер өздері,
Солдаттардың қаны таза сол соғыста Отан үшін төгілген!

Қазір бірақ бәрі өзгерген... Жаңа заман... Жаңа заң,
Бас тартуда бұрынғы өлшем, қалыптасқан бағадан,
Кеше ғана табындырған көсемдер мен батырлар
Құлап түсіп тас-тұғырдан, өшіп жатыр санадан,

Тарих бірақ өзгермейді, өшпейді,
Мейлің мақта, мейлің датта, күйіп-пісіп, назалан,
Айнымайтын ақиқаттар болады
Аударсаң да өткен істі арлы-берлі жаңадан,

Басқыншының қандайын да маңдайынан ұр деген,
Қағида бар бұлжымайтын, қалған бізге бабадан,
Баса-көктеп, қырып-жойып келген жаумен шайқасып,
Жанын қиып, от-жалында жанды-дағы Рамазан,

Жарып шығып жас жүрегін,
шырқыраған арман-мұңы аманат,
Ескерткіш боп жас қазаққа қалды мәңгі ғажап ән!

Тағдыр... Тарих... Тартса да әбден азабын,
Қылкөпірде тұрғанда да ұмытпаған қазағын,
Текке кетпес текті аталар төккен қан
Жас қазақтар жоғалтпаса,

Айта білсе өз әнін!

ЖҰМАБЕК БАТЫРДЫҢ ЖҰЛДЫЗЫ

Ақ боран, қысы қатты, қары қалың.
Солтүстік сары алтындай соры қалың.
Шынардай мұздақ тасты жарып шыққан
Ұлдары ойы терең, жаны жалын.

Тарихтың ой жүгіртсең ар жағына,
Жер үшін садаға боп мал-жаны да,
Атойлап Алаш ұлы қарсы шапқан
Жоңғардың жалақтаған қанжарына.

Жұрт болып жігін тауып жол бермеген
Жымысқы жандаралдың жанжалына.
Қып-қызыл қанға батып атамекен
Қалың жау шеп құрса да жан-жағына,

Зеңбірек зірк-зірк етіп, доп жаудырып
Замана астан-кестен болғанында
Қасқайып туған жерді қорғап қалған
Мың алғыс ата-баба аруағына!

Бұйығы бодандықтың заманында
Лаж таппай ақ патшаның амалына.
Шұбар төс, шынжырбалақ шонжарлардың
Шұрайлы жерден тайып табаны да,

Алқаптар айналып кеп түсе берген
Ақшалы алпауыттың аранына.
Көрсе де қиғаш қылық бөтендерден,
Даланы емін-еркін мекендеген,

Тағы да талай зардап тартты қазақ
Кеңестік кеңеспейтін көсемдерден.
Картаны қарындашпен бір-ақ сызып
Жеріңді қайшыменен кесем деген.

Мың тоғыз жүз елу төрт
Жылқы жылы келгенде
Қазақстан жерінде
Тың игеру басталды.

Әлемде бұрын болмаған
Мұндай үлкен көлемде.
«Тербеледі тың дала»
Деп айтылды өлең де.

Ерендердің еңбегі
Бейнеленді өнерде,
Масайрамай қайтеді
Біз керемет дегенге.

Көзсіз сеніп көсемге
Тасқұдайдай табынған
Көңілі соқыр керең де.
Төбесінен тастаған

Алданып тиын-тебенге
Қара халық тер төгіп
Бейнетін тартқан төменде.
Саналының ақылын

Құрсаулап ұстап шегенде,
Көңілден туған көп ойды
Қуырып алып шөгенде
Көжедей құйған тегенге.

Осының бәрін көргенде
Сабыр сақтау оңай ма
Зерек туған беренге
Ерлердің шері тарқамай

Айналған беріш, шеменге.
Арғымақты ақсатар
Тұяққа қаққан шегең де.
Өрелі жанды оңдырмас

Өкшеге кірген тебен де.

Тарылмай қоймас тынысың
Темірдей шеңгел тарбиып
Төніп тұрса төбеңде.
Оңай емес ойласаң

Тың игеру дегенің
Қатпар-қатпар құбылыс
Көп сыры жатқан тереңде!
Жайылып жер-жаһанға дабыстары.

Тынымсыз алға қарай қарыштады.
Тұяғы тұлпарлардың тиген жерді
Трактор шынжыр табан жаныштады.
Ұлы еңбек, ұлы дастан он сан ұлттың

Тағдыры бір арнада табысқаны.
Қып-қызыл қиянат қой бір жағынан
Тапталса ата жұрттың намыстары!
Бульдозер бір-ақ сүзіп зиратыңды,

Ескерткіш ескі қорым қиратылды.
Ана тіл, ата дінің қысым көріп,
Қыл бұрау тартқан сымдай ширатылды.
Тың төсін тілген кезде түренімен

Қазақтың қан саулаған жүрегінен.
Жазылса жан жарасы жазылар тек
Қалтқысыз шын достықтың тілегімен!
Кең дала төңкеріліп шыр айналды.

Тың өлкесі – Целинный крайланды.
Темірмен түп-тамырын қопарып ап
Жұтуға түгелімен ыңғайланды.
Қазақтың бес облыс Солтүстігін

Қосуды Россияға шын ойланды.
Бар ма екен қазағымнан басқа халық
Көтерген қыңқ етпестен мұндай лаңды?
Күштінің жөн таңдай ма үстемдігі

Назары несібеңе түскен күні?

Бұл аймақ бетке шыққан қаймағындай
Даланың ұлан-байтақ үштен бірі!
Советтер Одағының ел ағасы
Жарқырап Хрущевтің дана басы

Мәскеуге қазақтарды шақыртыпты
Әрине, ішуге емес қонақасы.
Қағады арқасынан Тәшеновті
Совминнің Қазақстан төрағасы:

«Бір бауыр тату-тәтті болайық та,
Жер де ортақ, су да ортақ қой халайыққа, –
Бірінші секретарың күлімдейді
Кеңесі жүріп тұрған талай ұлтқа, –

Соқамен ескіліктің тоңын жыртып
Орақпен достық дәнін орайық та.
Сыздатпай Солтүстікті соқыр шектей
Ресейге тұтас қоса салайық та.

Сіздің ғана қаулыңыз керек боп тұр
Қайтеді көнбегенде Қонаев та,
Бұл өзі негізінде шешілген іс
Қағаздап, заңдастырып алайық та!»

Жұмабек Никитамен дос-жар еді.
Бас қосса көп қызықты бастар еді.
Мәз-мейрам арқа-жарқа араласып,
Әзілді түйдегімен тастар еді.

Тастамай сөзін жерге, төс қағысып
Тапсырған жұмысын да қоштар еді.
Бірақ та мына сөздің жөні бөлек,
Иықтан қара аспандай басқан еді.

«Кремль көк тіреген кемел сарай.
Екі етпей дегеніне көнгем талай.
Сіз басшы, сөзіңіз заң... Кешіріңіз,
Бөлшектеп туған жерді берем қалай?!

Қалса да амал қанша, көңіл мейлі,
Әділет ойыңыздан көрінбейді,

Біртұтас республика Қазақстан
Жырымдап жер мен суы бөлінбейді!»
Тілімді мына қазақ алмады деп
Хрущев қып-қызыл боп долданды кеп,

Тәшенов тайсалмады қаһарынан
Кеткендей Алпамыс пен Қобыланды боп,
Күмбезін Кремльдің кернеп кетті
Басшының ащы айқайы салған үдеп!

«Бәрі де жері емес пе Эс-сес-сердің.
Эс-сес-сер болмағанда өспес едің.
Ойыма алғанымды атқармасаң
Мен саған өле-өлгенше өштесермін,

Кісендеп, ауыздықтап, торға қамап,
Төбеңді сүйменменен көп тесермін!»
Үстелді қаһарланып соққылады,
Үндемей көнтерілі көп шыдады.

Ол кезде тырп етуге шама қайда,
Соққыға себепкерді жоқ қылады.
Це-Каның мүшелері іштен тынды,
Секеңдеп Хрущевтің қос құлағы.

Жұмабек жымнан атқан жолбарыстай
Қып-қызыл қос құлақты осқылады:
«Қылып ал қыларыңды, пісіріп же,
Тірідей отқа қақтап, тұшынып же,

Уатып сүйегімді, күлімді шаш,
Көнбеймін мұндай қорлық ісіңізге,
Қазақтың жерін қылғи салам деген
Ой кірмесін өң түгіл түсіңізге!»

Бетіне ешкім келмеген,
Келмек түгіл бетіне
Басын шайқап көрмеген,
Мұндай жауап басшының

Қамшыдай батты етіне.

«Бұл қайдан шыққан жұмыс?» – деп.
Қарыс азу – құрыштай
Қырш-қырш шайнап әр сөзін
Қандырды құлақ құрышын

Қырыс мінез Хрущев.
Жолдастар басын шұлғиды
Не десе де дұрыс деп,
Бұрыс десе, бір бәле

Кетеді үлкен ұрыс боп.
Қызыл хатшы қаһарман
Ысқырып тұр жылтылдап
Қиып түсер қылыш боп!

«Зардабын көп тартарсың бұл қатаның.
Алмайды сәлеміңді бір қатарың.
Өзіңнен төмендерге кіріптар ғып
Мен саған тек түсіңде тіл қатармын.

Құны жоқ қуыршақтың сөзін қайтем
Өкімді Москвадан шығартармын!»
Қиқулатса Хрущев,
Атлантика бір аунап

Шошынатын жарты әлем
Құйын ба әлде жын ба деп?
Үрпек бастар үйірі
Төбелдей топқа төніп тұр

Үрей-құтын ұшырып
Ушыққан сайын ура деп.
Қадалғандай жүрекке
Улы жебе тура кеп.

Сыбырлайды сақтық үн
«Бас сауғалап бұға кет!»
Көне салса «ләпбайлап»
Айғай да жоқ, шу да жоқ.

Темір тағып төсіне
Даңғазалап насихат
Жар салады жалғанға
Жер жүзілік тұлға деп,

Атамекен жері үшін,
Исі қазақ елі үшін,
Шыбын жаны шырылдап
Жалғыз шықты майданға

Жалаңтөс батыр Жұмабек!
«Ұлы едім қазақ деген бір атаның
Тереңнен төрт мұхитты тулатармын,
Бұтарлап отар елдей жұтпақшы деп

Мен сізді ай-әлемге шулатармын!
Жер берген құдай дархан қазағыма.
Көнбейді ол құйтырқыға, мазағыңа.
Өтпейді ешкімнің де өңешінен

Тас болып тұрып қалар тамағына!»
Хрущев Тәшеновке кектенеді.
Тектіге кектенуі тектен бе еді?
Орайын келтіріп ед орап әкеп

Жұмекең жәрәйт десе, біткен еді,
Қазақтың бес облыс атырабы
Ресейдің қоластына өтпек еді.
Қарумен қанша ғасыр тындырмаған

Шаруаны бір қаулымен реттер еді.
Хрущев қазақ жерін ала алмады.
Жер-көкке Жұмабекті жамандады.
Қуғындап, қызметінен төмендетіп

Сындырып қор қылуға амалдады,
Басына бұлт төнгенде Тәшеновке
Бір қазақ арашашы бола алмады,
Жүргендер Жұмекелеп сырт айналып,

Өзіне сол керек деп табалады.
Сынбады, батыр бірақ сына алмады.
Тыс қалып тіршіліктен бұға алмады.
Мысықтар пеш түбінде көзін қысқан

Ұғар ма жолбарысты бұғаудағы.
Тұрды оған өмір бойы қуат беріп
Алаштың азаттығы – ұлы арманы!

Ежелден қилы-қилы тарих қалған.
Аңыз көп үлгі тұтар алыптардан.
Уақыттың таразысы елеп-екшеп
Кімнің кім екендігі анықталған.

Ерлігі Тәшеновтің тым ерекше
Намыстың оты болып жанып қалған.
Шайқасып жалғыз өзі жаннан кешіп
Қазақтың жерін аман алып қалған!

Тәшенов келіскенде бас сауғалап
Қалып ед қазақ мәңгі масқараға.
Ресейдің меншігі боп кетер еді
Тау, орман, көл мен дала, баспанаң да,

Көкшетау, Бурабай мен Қызылжарың
Ақмола, Павлодар мен Қостанай да,
Басқаның босағасы болар еді
Бүгінгі бәйтерегің – Астанаң да!

Тағдыры ұлы ерлікке жолықтырған
Ел үшін кету бақыт болып құрбан.
Биік ой, асқақ сезім бойын билеп
Даңқты ел тарихын толықтырған

Партия солдаты боп жүрсе-дағы
Жүрегі қазағым деп соғып тұрған.
Ең жарық жұлдыздардың бірі Жүкең
Азаттық аспанында жанып тұрған!!!

ӨТКЕННІҢ ӨНЕГЕСІ

Өткеннің ғайып болмақ көп елесі,
Десек те аз емес қой өнегесі,
Ауылым Степнякта Бұлақ басы
Біржан сал бабам жүрген жерлері осы.

Алпысыншы жылдары біздің жақтың
Жел қақтап, кеуіп еді кенезесі.

Кім білсін, сәуегейлер сыр ашты ма,
Жылымық жақсылыққа ұласты ма?
Әйтеуір жұрт жиналды тасаттыққа
Зираттың ар жағында, қыр астында.

Баламыз, бізге қызық мұның бәрі,
Беймәлім талай ұлы ұғым әлі.
Мал сойып, ошақ қазған үлкендерді
Маңайлап өңкей ерке шуылдады,

Қолында шешейлердің аяқ-табақ
Ғажайып оркестрдей сылдырлады,
Шалдардың күңіренген дұғасымен
Кеудеңе бір ғажап сыр тығылады.

Қайран кемпір-шалдар-ай құт дарыған,
Әулеттің бір-бір төбе ұлылары!
Төгілген зая кетпей тер мен еңбек
Иа, құдай, көктен иіп, жерден бер деп,

Тілек қылған жиынға жетіп келді
Көк мауыт, қызыл жаға көлбелеңдеп.
Көрген соң аталар мен апаларды,
Бас салып лаңдатуға бата алмады,

Өрт шығып кете ме деп от көрген соң
Келіп ек, байқаңдар деп кете барды.
Жауды ма, жаңбыр сонда жаумады ма,
Жел қуып қара бұлттар аунады ма?

Есте жоқ, тек есімде телмірген жұрт
Жайылған көкке қарай қолдарына...
Естідік ел аузынан ес білген соң
Аяғы көп әңгіме болғанын да,

Жоғарғы жақтың жыны ұстап қапты
Ел-жұрттың Алланы еске алғанына,
Артынша аупартком да қаһарланды
Құдайшыл біздің елдің шалдарына!

14-0045

«Жайылдық лақап болып атырапқа,
Цекада кірген екен дакылатқа,
Тәубешіл таспих тартқан ақылды да,
Тастүйін атеистер ақымақ па?

Қарай гөр отырғанын жасап бүгін,
Тыйыңдар тастай қылып тасаттығын,
Бұлақ басы болмақ па бүлік басы
Тұқыртып, тез арада бас аптығын,

Құрбандыққа келе ме шалынғысы
Қанеки, сағынып жүр қасапты кім?
Үлгі боп құдай жолын қуғандарға
Әбсәләм қажы емес пе тұрған дара?!

Кітабын кәмөнестің танымайды
Табынған құдіреті құран ғана,
Кетпей ме келешекте кеңкелес боп
Құранға бар ниетін бұрған бала?!»

Сын-сықақ шыға келді қажы жайлы
Саяси-сатиралық журналға да!
«Ұйтқысы ұлтшылдықтың имам да осы,
Намазға жұмыскерді жиған да осы,

Екі ұлдың – Кәшөн, Мұқаш құлағына
Құранды қаршадайдан құйған да осы!
Жамағат жоққа сенгіш боп келеді,
Аят, намаз – айнымас салт көреді,

Кеңседе кәмөнестің сөзін сөйлеп,
Кешкісін жайнамазға жалт береді,
Бала екеш балдары да бұл ауылдың
Оллаһи-билләһи деп ант береді!»

Қиянат имансыздық тұсындағы
Тұйыққа тіреді ғой мұсылманды.
Хатшысы аупарткомның атқа қонды
Ұшықтап жібермек боп ұшынғанды,

Қажыны қайтара алмас хақ жолынан
Жұмыста балаларын қысымға алды.
«Кәдімгі сәбетский баласыңдар,
Қай уақта дұрыс адам боласыңдар?

Партияның оқытқан шопырлары
Теріске рөлді бұрып барасыңдар,
Ұялмай үкіметтің машинасын
Мініп ап, намаз десе шабасыңдар,

Елдегі молдаларды жиып-теріп
Қажыны да мінгізіп аласыңдар,
Жолынан ескіліктің шықпасаңдар
Қараңғы, надан болып қаласыңдар,

Көрсоқыр көзін ашқан үкіметтің
Көртопырақ құятын шамасы бар!
Көнбесе ырқымызға мынау халық
Сонша жыл біз несіне танаурадық?

Намаз, құран біржола қоясыңдар,
Қоймасаң, отырсың ғой сөзді аңғарып,
Дәл жиырма төрт сағатта жібереміз
Қажы әкеңмен қосақтап жер аударып!»

Партия таңдай білген шешендерді,
Қаһарлы хатшы сөзі әсерлі еді...
Әбсәләм қажы атама кешке таман
Салбырап Мұқаш пенен Кәшөн келді.

Сабырмен балаларын тыңдап алып
Салмақтап әрбір сөзін жауап берді.
«Бұйрықсыз адам доптай домаланбас,
Құдай берген Құранды пенде ала алмас.

Бар үкімет, партияң жабылып кеп
Кессе де ажырамас сәждадан бас!
Ал сендер қалма пәле, айқайға да,
Шама жоқ шалқаятын шалқайғанға.

Екпіні тау жығады үкіметтің
Шындаса, аямайды, шайқаңдама,

Кесім сол – көнесіңдер дегеніне
Қай жаққа қаңғырмақпыз қартайғанда?
Барған жерден береке таптыра ма,
Құрығы жетіп жатыр қай-қайда да!

Намазды теріс бұрды заман бүгін,
Заманға таба алады амалды кім?
Қабанға қарсы ұмтылып жеңе алмассың,
Сендердің керек маған амандығың!

Қайтерсің қаскөйлікке айлаң азда,
Ілесіп оған бірақ жолдан азба,
Иілсең, түбінде бір түзелерсің
Тірескенді жауыздық жойғаны аз ба?

Жүрегіңде сақтай біл иманыңды,
Маңдайың тимесе де жайнамазға,
Алладан басқа ақиқат таба алмайсың
Сарғайып үңілсең де қай қағазға!..»

Күн өтті... Ай ауысып... Жылжып жылдар...
Аспаннан нұр төгіліп, сөгілді ызғар,
Кешегі коммунистің осы күнде
Бірі молда, ал бірі уағыз тыңдар!

Өшкен жоқ қажы атамның өнегесі,
Иншалла, кең жайылды керегесі,
Кәшөн – молда, ал Мұқаш қажы атанып
Елдегі мешітінің болды егесі.

Құрметті азаматы еліміздің
Қасендей қайырымды немересі!
Жанталас, небір зұлмат халық көрді,
Мұздады, шалықтады, жанып көрді,

Аталар аманатын аман сақтап
Бүгінге дін мен тілін алып келді.
Иманын жоғалтпаған тар заманда
Иа, Алла, көркейте гөр ерікті елді!!!

ЕСКІ ҚЫСТАУДАҒЫ ЕРТЕГІ

Қармен қымтап қой қораның іргесін,
Кенебай шал малын жайлап келгесін,
Қара тонға қара балдар бір аунап,
Шай ішіліп, сақал сипап, күлгесін,

Ақ жаулығы қараңғы үйді жарық қып,
Ежелгі ескі аңыздарды халықтық
Үскірікпен үндесе бір күрсініп
Айтушы еді Алтын апам жарықтық.

Жалғыз қыстау ну орманның бауырында
Қырау басып бөркін Мақпал таудың да,
Әңгімені ағытатын әжеміз
Немересін тербеп қойып алдында.

Елтіп әбден ертегінің сөзіне,
Бәрі елестеп менің бала көзіме,
Айналатын әжей жұмбақ әлемге
Ертегіден келгендей боп өзі де.

Кәрәсін шам саман үйде құбылып,
Көлеңкелер әрлі-берлі жүгіріп,
Аңыздағы аждаһа мен диюлар
Бұрыштардан қарайтындай тығылып,

Жүрек жаурап, діріл қақса тылсымнан
Әжеміздің әжімінен жылынып,
Батырлармен бірге қағып қанатын,
Бала қиял жер түбіне баратын.

Қайда шіркін, сол ғажайып мөлдір шақ
Ертегіге естен танып нанатын!
Бұл өмірде емес шығар жол тегін.
Кезеді адам арман іздеп жер-көгін,

Бір белестен бір белеске асады
Бүгінгіден қызық-ау деп ертеңім.

Бірақ маған ыстық кейде бәрінен
Боранды кеш... Ескі қыстау... Ертегім!

ҚЫЗЫЛ ҚАУЛЫ

МЕН ҚЫЗЫЛ СИЫР

Ол кездер ойдан өшіп, алыстауда,
Шалғыдай тиген қаулы қамыс, қауға,
«Бір сиыр, я болмаса бес қой» деген
Бір үйге рұқсат болды мал ұстауға.

Бас шайқап қаталдықтың жобасына,
Бір қарап кеуіп қалған сабасына
Сиырды әке-шешем тығып қойды
Немере апамыздың қорасына.

Алдауға, мектеп айтқан, болмайды деп,
Өтірік айтқан кісі оңбайды деп,
Қып-қызыл пионерміз, күйінеміз
Сәбетті неге әкеміз алдайды деп!

Ұмытты сиыр біраз өрісті енді,
Көк шөппен орып берген күйістенді,
Аралап аулымызды, малды санап,
Бір күні тексеруші орыс келді.

Жүр едік үй алдында асық ойнап,
Сақамен соғамыз кеп диды байлап,
Бізбенен емен-жарқын амандасты,
Азырақ сөйлейді екен тілін шайнап.

Өзі біраз қызара бөртіп алған.
Жетекке лесепетін ертіп алған,
Бізге қызық... Емес-ау оған қызық,
Қызыл заман оның да еркін алған.

Қонақты балайтұғын ізгі адамға,
Баланың көңілінде сыз бола ма,
«Корова ес?» деп күліп сұрап еді
«Ес, ес» деп, алып келдік біз қораға.

Алдынан әлгі орыстың апам шықты,
Даусы да жайдағыдан қатаң шықты,
Қораға кіргізбеді жолын бөгеп,
Апаммен алысып көр, болсаң мықты!

Санамыз саясатты ұға алған ба,
Біз мәзбіз, орыс сөзді құп алғанға.
Қанады айызымыз сиыр бар деп
Апамның өтірігін шығарғанға.

Апам қолын сермелеп еңірейді,
Орыс бізше бірақ та тіл білмейді.
«Коброба нет! Нету!» – деп апам тұрса,
Бармын деп қызыл сиыр мөңірейді!

Шешем кеп, сарқыт қой деп кешегіден,
Ұсынды қызыл арақ кесеменен,
Қиналмай қағып салды қайран орыс
Жүгіртіп көз қиығын көшеменен.

Қаһарлы қаулы оны да көндірді ме,
Терге деп бейбіт елге төндірді ме,
Қызылкөздер тұтатқан қызыл өртін
Қызыл орыс қызылмен сөндірді ме?!

Кім білсін!? Адам екен, ұқты бізді,
Жазбады қағазына түктімізді...
Қызылсирақ балалар қызылсырап
Қызыл етке жеткенше бұлтты күзгі,

Қызыл заман қинаған сол күндерден
Қызыл сиыр аман ап шықты бізді!

ӘПШУ МЕН АУПАРТКОМ

Жалғанның үйір болған жаманына
Не шара арызқойдың амалына?
Цекаға біздің елден түсті қағаз
Кеңестің дәуірлеген заманында.

Ежелден пәлеқорлар іс біледі
Неліктен осылардың күшті лебі?
Мың жақсының сөзіне құлақ аспай
Күштілер сол иістен түшкіреді.

Цекаға әлгі арызқой былай жазған:
«Бұл елдің дін болып тұр күш, тірегі,
Райкомың, райисполком, милицияң
Жасырын балаларын піштіреді!»

Сөздері жалаң емес, толы факті,
Төселген жазуға әбден қолы қатты.
Бар бастықтың баласын аңдып жүріп
Моншада әпшулерін көріп апты.

Көрмегенін көшеде ұстап алып
Насыбай сұрап атқан беріп тәтті,
Бұл түбірді жұлмаққа тапсырма алып
Бір қатал инспектор елге шапты.

Тып-тыныш елге салды дүрбелеңді,
Қайран ел ширықса да үндемеді,
Қайтейін, көнтерілі қазағым-ау,
Мұндайға сенен басқа кім көнеді?

Жинады әпшу жайлы жиналысқа
Керемет қиратқандай бірдемені,
Емпеңдеп инспектор етегіне
Атақты арызқой да бірге келді.

«Ұмытып жат пиғылдан сақтануды
Қай жаққа бастайсыңдар жастарыңды?

Кестіргенді қоймасаң, керек болса
Кесіп алып тастаймыз бастарыңды!»
Әр сөзі тексергіштің болды атыстай,
Жұрт отыр төмен қарап тіл қатыспай.

Бірінші секретары аупарткомның
Тау тұлғалы Жақыпов ер Алпысбай.
Фашистпен сан айқасқан батыр еді,
Орнынан жау көргендей тұрды Алпысбай,

Қисынсыз бұл қорлыққа қаны қайнап
Қаһарға қып-қызыл боп мінді Алпысбай,
Гүр етті жым-жырт жұртты дір еткізіп,
Атылып жымнан шыққан жолбарыстай.

«Қарағым, айналайын, инспектор,
Бұл арыз неге сонша жұмыс боп тұр?
Жатқанда басқа шаруа бастан асып
Әпшуден алғандары теріс боп тұр.

Терісті көп тексере бергеннен соң
Домалақ өсек-аяң өрістеп тұр!
Бері кел, арызқойым, шешен, – деді, –
Пәле үшін туып па еді шешең, – деді, –

Салтынан ежелгінің қайтармақ па ең
Екі елі шекте кетсе есең, – деді, –
Қай жерде тыйым салып әпшу жайлы
Жазды екен компартия көсемдері?

Бәріміз кесілгенбіз, жалған десең,
Сен де шеш, мен де қазір шешем, – деді, –
Егер де әлі күнге пішілмесең,
Дәл қазір өз қолымнан кесем!» – деді.

Көрмеген көптен бері мұндай лаңды
Бұқпалап белсенділер тыңдай қалды,
Талтайып төрде тұрып ер Алпысбай
Шалбарын сыпыруға ыңғайланды,

Арыз жазғыш неменің дымы шықпай
Құйын қуған қаңбақтай шыр айналды!

Отырған обком, райком мүшелері
Сабыр деп арасына түсе берді,
Үрпиіп инспектор бір жақ шетте
Үндемей қара суды іше берді.

Байлаған бір арызға елін қуды,
Келтіріп тәубасына белін буды,
Ендігі сөзім сізбен дегендейін
Алпысбай тексергішке бетін бұрды.

«Қазақтың қойдай қоңыр баласы бар,
Оның да жайымен бір санасыңдар,
Сүндеті – бабасынан қалған дәстүр,
Несіне оған ауыз саласыңдар?!

Басшының үлкені мен кішісіне
Сәлем айт, елді де бір түсінсін де.
Өздерін бір тексеріп ең алдымен
Қарасын біріншің де, үшіншің де,

Сүңгісі бәрінің де сүндеттелген,
Сенбесең, штандарын түсірсін де!
Арызқой ауымызға жабыспақ па,
Бұл жайлы жазылды екен қай уставта?

Алдында күллі әлемнің күлкі болып
Партия енді әпшумен алыспақ па?
Табысы еліміздің еселенсін,
Балдары аман-есен өсе берсін,

Тимесе болғаны да сенікіне,
Өзінше өзінікін кесе берсін!»
Алпекең алдаспандай кесіп айтты,
Қырдағы қызыл желдей есіп айтты,

Ес жиып тексеруші, сөзге тоқтап,
Өршітпей түйіндеді осы жайтты.
Бір қаулы әпшу жайлы қабылдаудың
Таба алмай жөн-жобасын үйге қайтты.

Шалбарын шешті ме екен басшылардың
Біле алмай соны жұрттың миы қатты,
Бір күліп күштілерге қайран елім
Үндемей балаларын пішіп жатты!

ГҮЛБАНУДЫҢ БИІКТІГІ

Өмір – жұмбақ, үйлесім мен қайшылық,
Күн батады, бір жағынан ай шығып...
Өсті ауылда жетпісінші жылдары
Он үш жасар Гүлбану қыз-талшыбық.

Сұлу еді, сұңғақ еді сымбатты,
Сүйетін-ді әсем әнді, ырғақты.
Асыл еді, асқақ еді арманы,
Ғашық еді бұл өмірге тым қатты.

Асық ойнап, доп қуалап таласқан,
Балалыққа асыр салу жарасқан,
Құрбыларын таңдандыра өрмелеп,
Аңғалдықпен шықты бір күн ағашқа.

Зау биікте қолын бұлғап тұрады,
Абайсызда оңбай бір-ақ құлады.
Озмыш бар ма тура келсе жазмыштан,
Омыртқасы отыз жерден сынады.

Жанталасып әрең қағып иегін,
Жағалады өмір-өлім жиегін,
Дәрігерлер алып қалды ажалдан
Жинастырып, гипстеді сүйегін.

Бала көңіл білмейді ғой мұңдану,
Бал секілді оған қолда тұрған у.
Құлантаза айықтым деп аурудан
Алаң болмай оқи берді Гүлбану.

Қарағайдай түзу болсам деуші еді,
Сәмбі талдай нәзік болсам деуші еді,
Қыран ұшқан құзар шыңға құмар боп,
Қаршадай қыз бойын көкпен өлшеді.

Барын салып дәрігерлер жазғанмен
Амалы жоқ... Көзге сап-сау болғанмен,
Күннен-күнге бара жатты қисайып,
Биіктікке бойын қанша созғанмен.

«Мұндай сұмдық болатынын білмеп ек», –
Дейді үлкендер... Енді жылап не керек?
Қыр арқасы қисық бітіп, қор қылып
Балдырған қыз болды мәңгі мүгедек.

Бір әпкесі, бар еді бес ағасы,
Жоқ бірақ та қолдан келер шарасы,
Күйігіне шыдай алмай қызының
Қайтыс болды атасы мен анасы.

Адамзаттың жігерінде бар ма шек?
Шектеу болса ерліктерге бармас ек.
Мектептен соң түсті оқуға Гүлбану,
Таңдап алған мамандығы – фармацевт.

Жалдап тұрды Алматының шатырын,
Дәмін татты тер мен табан ақының.
Күдер үзбей келер күннен, мұңайып
Аптекада істеп жүрді ақырын...

Отыр еді кешке тамақ пісіріп,
Дауыс шықты зәре-құтын ұшырып...
Бормотуха ішкен кеше көрші орыс
Өлейін деп жатыр екен қысылып.

Жоқ еді оның тірі жанға зәбірі,
Басқа жақта бала-шаға, бауыры,
Таза спиртті тамызғанда аузына,
«Уһ!» деп барып, соқты қайта тамыры.

Көзін ашып, қимылдады еріні,
Кең ғой, шіркін, даламыздың пейілі,
Жалғыз алқаш кәрі орысқа жаны ашып,
Түсті кемтар қазақ қыздың мейірі.

Өшпегесін өмірінің шырағы
Дәдә Миша тірлікке бет бұрады.
Жаман арақ ішсе уланып қалар деп
Таза спирттен әкеп беріп тұрады.

Талғамайтын бұрын сары, қызыл деп
Жаман ғадет Миша ағайда бүгін жоқ.
Аздап-аздап спирт ішіп, күн көрді,
Алғыс айтып, бақытты бол, қызым деп.

Совет елі айналмаған бөтенге
Коммунизм тұрған кез ғой көкейде,
Әйелі кеп алып кетті бір күні
Украина, қазіргіше шетелге.

Өте берді күн артынан күн жылжып,
Бір-ақ сәттей кейде уақыт бір жылдық,
Дәдә Миша іздеп кепті бір күні
Бір мұңлыққа сүйеу болып бір мұңлық!

«Құрбандығы болсам да ата салтының,
Баласы едім батыр орыс халқының,
Жақынымның бәрінен де көрмеген
Жақсылықты сенен көрдім жарқыным!

Бұл өмірде біраз жерге барыппын,
Ақырында бәрінен де жалықтым,
Бала-шаға, әйеліммен табысып
Ем-дом жасап, ауруымнан айықтым.

Көрші болдым бір емшімен мен, – дейді, –
Қырық жылғы бүкірлікті емдейді,
Келсін деді, сен туралы айтып ем,
Жүр менімен, жазыласың сен!» – дейді.

Есі шығып, қыз не дерін білмейді,
Миша айтады: «Оны көп жұрт іздейді,
Қисық бітіп, қатып қалған сүйекті
Сылап-сипап, сымдай тартып түзейді!

Күлпәрә боп, теріс бітіп, шор басқан,
Жон арқаға өркештей боп жармасқан
Сарсүйекті саздай илеп жазатын
Сиқыры бар, сан ғасырдан жалғасқан!»

Нанарын да білмейді қыз, нанбасын,
Күмәні жоқ, ағай неге алдасын?
Ем қона ма ескі ауруға – сол уайым,
Нартәуекел, көре жатар барғасын!..

Айтса айтқандай, қайырымды шал екен,
Кемпірі де Иванына пар екен,
Халық емін атасынан үйренген
Өзіне аян құпиясы бар екен.

Емшілердің құрметке бір лайығы,
Кемелденген парасаты, пайымы,
Жұмсарта ма өз жүйкесін, кім білсін,
Ішеді ептеп... Осы ғана айыбы.

Әр нәрсенің бар ғой жауап, сұрауы,
Сырқат, бәлкім, жаратқанның сынағы...
Күтірлетіп күдірейген арқасын
Тәуіп алты ай маймен сипап, сылады.

Буын-буын – бәрін қозғап, баптады,
Төзімді деп түз баласын мақтады.
Кемпір-шалға көмекші боп тірлікте
Дала қызы дәм мен тұзын ақтады.

«Қатқан сүйек қалай ғана бүгілмек,
Бүгілмесе, жөн бе өмірден түңілмек?»
Шерлі жанды жұбандырды Ваня атай,
«Шешуші сәт, келді қызым, бүгін», – деп.

«Алты ай бойы дайындадым қарағым,
Тәуекел ғып, дерт шипасын табамын,
Өзім ғана құпиясын білетін
Ертіндіге екі сағат саламын.

Жібіген соң әбден балқып буының
Әр сүйектің салам тауып орынын,
Қалпына кеп қатқан кезде қайтадан
Сұңғақ бойлы, сұлу болмақ порымың!»

Ертіндіге ептеп қызды салыпты,
Жеңіл, жылы жамылғысын жауыпты,
Сәтін тосып, байыз таппай жүрген шал
Ішкен екен... Мас боп ұйықтап қалыпты!

Тағдыр жолы бір өткелге таянды,
Оның сыры тек құдайға аян-ды,
Қалғып кетіп балбыраған бейбақ қыз,
Таң алдында кенет шошып оянды.

Демі бітіп, қара терге малшынған,
Айқай салды жан шыдатпас шаншудан,
Өне бойы от боп күйіп барады
Сүйектері секілді оңбай жаншылған.

Шал да оянып жеткен екен алқына,
Жидіп түскен бар терісі жарқырап,
Көрініп тұр балқып кеткен сүйегі,
Қатып қалған... келмейді енді қалпына.

Күле алмайды еңсе тіктеп шалқалап,
Жүре алмайды шақырса да шартарап,
Өксіп-өксіп өмір сүрмек жас сұлу
Өз тағдырын еркесіндей арқалап.

Шал күйініп, тоқпақтады өз басын,
«Кеше гөр!» – деп, төкті көлдей көз жасын,
Оңалмады оған бірақ, амал не,
Бастан бақыт, сәттен уақыт озғасын.

«О, құдайым! Мені қайда бастадың?
Бір бейбақты кемтар қылып тастадым,
Өмір бойғы жақсылықты жоя ма
Жазатайым жаза басқан қас қағым?

Сал боп жатқан қанша адамды тұрғыздым,
Омыртқасын түзеп тура жүргіздім.
Мейірбанды дана тәуіп атанып
Обалына қалдым ақыр бір қыздың!»

Қыз түсінді зар жылаған жан мұңын:
«Мойныңа алма ауырлықтың барлығын,
Болмайды екен қайтып қолмен түзеуге,
Әу басынан қисайған соң тағдырым!»

Таң алдында екі ғаріп зарлады,
Жана беріп қайта сөнген арманы,
Тілге келді біраздан соң ақырын
Есін жиып емшіліктің тарланы.

«Келді саған зор жақсылық жасағым,
Күйігіңді енді қалай басамын?
Өмір бойы азық болар жаныңа
Емшіліктің барлық сырын ашамын.

Бейнеттің де болар, бәлкім, өтеуі,
Бұл құпия жансерік боп кетеді,
Ұстай білсең қасиетін қадірлеп
Керегің мен мерейіңе жетеді!»

Жеті жылдай мекендеді жат жерді,
Төкті аямай шәкірт ақ тер, көк терді,
Атасымен адам емдеп жүргенде
Неше түрлі жағдайға да тап келді.

Көрді басшы, генералды, әскерді,
Спортшыны, спецназды, актерді,
Тіліне де, дініне де қарамай
Сынған, шыққан сүйектерін сап берді.

Тірей қалып сұқ саусағын бір жерге,
Ауру сырын айырады қыз демде,
Аһылайды ақ аюдай алыптар
Бармақтай қыз арқаларын үзгенде.

Омыртқалар... Зақым көрген, ұшынған,
Қиқы-жиқы, ию-қию, қысылған,
Бұратылған нар жігіттер түзеліп
Сүйді қыздың саусағының ұшынан.

Разы болып, «атақ, ақша ал, – деді, –
Украина – біздің елде қал», – деді,
Бір жымиып ілтипатпен дегдар қыз,
«Менің туған қазақ елім бар», – деді.

Маңдайалды мықты тәуіп атанды,
Сыннан өтіп, сертификат қоса алды,
Алғыс айтып, рұқсат сұрап ұстаздан
Елге оралып, емханасын ашады.

Көңілінен алыс тұрды бұлдану,
Ізгілікте шындап жарыс қылды ару,
Қарағаштай қатып қалған арқаны
Сәмбі талдай майыстырды Гүлбану.

Үміт артқан әр күніне, әр айға,
Шипалы қол дәру болды талайға,
Өзгелерге шарапаты тигенмен,
Өзін емдей алмайды екен алайда!

Омыртқа деп өмір әнін салғандай,
Омыртқасыз өмір бізде бар қандай?
Бауырлардың бақыты үшін балғын қыз
Өз сымбатын құрбандыққа шалғандай.

Өркендерім түзу өсіп-өнсін деп,
Еңбек етіп, ет жүрегі дүрсілдеп,
15-0045

Қанша адамды кемтарлықтан құтқарған
Гүлбануды ел айтады ерсің деп!
Алды жұрттан ағыл-тегіл алғысты,
Қанаттанып иманды қыз алға ұшты.

Бойұсынып бұйрығына Алланың,
Бағы жанды, бала сүйді, жар құшты!
Рухы сынбай, жолдан өтіп шыңдалу
Биігіне шықты осылай Гүлбану.

Ақынға да құдайдың бір сыйлығы-ау
Мейірбанды адам жайлы жыр жазу!

АЙҚЫННЫҢ АЙДЫНЫ

Айқын Нұрқатов рухына
Аты да,
Заты да Айқын
Сөзі танық,

Атына
Оқығанның бәрі қанық,
Әдебиет ғылымының асқарына
Жарқырап

Жұлдыздай боп шықты жанып.
Тау тұлға
Зиялы ойға жарасатын,
Кең маңдай

Танытқандай парасатын,
Байыпты талдау, пікір,
Толғауымен
Дос түгіл

Дұшпаны да санасатын.

Аузына
Алқа топты қарата алған,
Тағылымын
Көркем сөздің тарата алған,

Дөп басқан
Тамыршыдай жан ырғағын
Сыншыл ой
Терең таным

Сара талғам.
Үлгі боп
Үкілі елдің жастарына,
Заманның

Гүл боп өскен тастағына,
Түлегі
Шұқыркөлдің шырқап ұшып
Қыран боп

Қонған ғылым асқарына.
Амал не
Әр адамның тағдыры бар,
Уақыттың

Ерте, кеш пе,
Жарлығы бар,
Аққудай айырылған сыңарынан
Арманда

Қала берген жар мұңы бар,
Айқынның
Ақыл-ойдың айдынында
Айта алмай

Кеткен талай зар, мұңы бар,
Айтулы
Айтары мол еңбегінде
Қазақы қаламгердің барлығы бар,

Ардақтап
Атын іздеп, зерделейтін
Ай, күні,
Айдары бар,

Арнұры бар!

Өрелі өрендермен
Өркендедік,
Есіне алар деп ел
Ертең келіп,

Аяулы Айқын аға
Айбынданып
Сөреден орын алды
Төрт том болып!

Арысын
Ардақтап ел
Тұр тіл қатып,
Ой толғап,

Той тойлатып,
Жыр жырлатып...
Самалы
Сардаланың сағынады

Құрағын
Шұқыркөлдің сыбдырлатып!

ЖАРЫҚТЫҚ ҒАФЕКЕҢ

Мен жалғыз қала бердім таяқ ұстап,
Ежелгі ескі бақтың күзетшісі!
(Ғафу Қайырбеков. Сырбай Мәуленов дүниеден озғанда)
Ескінің бағы...

Есіңе түссе
Жүрек сыз...
Ғафекең кетіп
Қалғандай енді күзетсіз,

Арынды жырдың,
Ағынды сөздің шешені
Бүгінде қалай

Үндемей қалмақ...
Ретсіз...
Құдайсыз қоғам
Қинаған жанды бояусыз,

Құрығын салып,
Құландай жырға аяусыз,
Дәуірмен бірге
Дәурені көшкен дүлділдер

Дүркіреп өткен
Дүние қандай баянсыз!
Мұңайды қырлар
Құланы кеткен азайып,

Ақынға болмас
Айта алмай кеткен сөз айып,
Бәрін де көрген
Елменен бірге Ғафекең

Ғайыптан келіп,
Ғайып боп кеткен ғажайып!

Ананың жырын,
Даланың жырын ардақтар
Ағаның сырын
Ұға алдық па екен аңдап бар,

Ағады дейтін
Өкпесі күйіп өлгенше
Тұлпар боп туған
Санаулы ғана саңлақтар.

Байырғы дала
Өлеңмен баурап сүйгені,
Қанына біткен
Көненің кие-күйлері,

Ғафудың рухы
Ғарышты көздей ұшқанда
Кетіпті күйіп
Электр желі үйдегі!

Шуағын жанның
Аямай төгіп жалғанда,
Аттанып кеткен
Бақилық биік арманға,

Жердегі шам да
Көрсеткен шығар құрметін
Жарықтық Ғафу
Жұлдыз боп көкте жанғанда!

ТҰРСЫНБЕКТІҢ ДАРХАНДЫҒЫ

Тұлпардай кең даланы дүрсілдеткен
Таниды Тұран елі Тұрсынбекті...
Оқуға түсу үшін емтиханда
Бір бала Тұрсынбекке бұрсын бетті.

Дөнентаев туралы сұрақ келіп,
Өмірін түгел айтып берсін депті,
Ақынның еңбек жолын білмей қалып,
Қысылып, демі бітіп, күрсінбекші.

Ұялып, қиналса да ағаға кеп,
Қой құрлы тұяқ серіппей қалам ба деп,
Қиылды: «Қызметін білмейді екем,
Өлеңін айта берсем бола ма?» – деп.

Тұрсекең жүгірткендей ойды алысқа,
Ұқсап бір шиырылған жолбарысқа,
Шегініп, сүзе қарап сәл тұрды да,
Гүж етіп, деді-ау сонда «божалыста!»

Даналық, дархандығын байқатып ед,
Қайта бер десе қайтсін, қайтатын ед,
Ағасы айта ғой деп рай берген соң,
Қайқайып шыға келді қайта түлеп.

Боздатып бозторғайдың зарын айтты,
Әлсізге күштілердің зәрін айтты,
Зорлық пен зомбылықты халық көрген
Сәбиттің жазғанының бәрін айтты...

Аялы алақаннан қуат алып,
Балақан студент боп елге қайтты.
Пендесін патша құдай қолдағанда
Осылай кез қылады-ау оңды адамға,

Бозбала тозаң қуып кетер ме еді,
Сондағы «божалыста» болмағанда.
Осындай нағыз ұстаз қайырымды,
Игерген шет-шегі жоқ бай ғылымды,

Айырып ақ-қарасын батыл айтқан
Алаштың арыстары жайлы ұғымды.
Қазақтың бақытына жаратылған,
Сау қалмай бас көтерген дара тұлғаң,

Ғасырдың астан-кестен кезеңінде
Жауыздық аран ашып аласұрған,
Туралған отаршылық қылышымен,
Байың да, кедейің де, Алашордаң,

Ол заман ауыр болған азаматқа,
Құтылу мүмкін емес қалың сордан,
Бүгінгі батырларға оп-оңай-ау,
Жаланы оңды-солды жаба салған,

Орынсыз күстәналау өткендерді
Ақ жүрек, адал жанға жара салған,
Жетпіс жыл – ол да тарих, ел тарихы,
Өтірік емес қолдан жаза салған.

Кеңестік кер заманда ер қамалған,
Аққудай аспандағы құлады арман,
Бір кезде буырқанған ой сезімдер,
Тып-тыныш сөрелерде тына қалған,

Архивке ай маңдайы сәуле шашып,
Кәкішев ойға батып, қырға қонған,

Кеншідей тас қопарған тыным таппай,
Сарғайған сар қағаздан сұрақ алған,
Ғайбаттың тасқынына тосқауыл боп,
Қазақтың Толағайы тұра қалған.

Ерлердің елім деген жаны сұлу,
Түн тербеп, тау жаңғыртқан әні сұлу,
Тар кезде ар-намысын сақтап қалған
Алаштың ұл-қызының бәрі сұлу!

Тұңғиық ойға батқан көзі сұлу,
Тым биік айға баққан сөзі сұлу,
Өлшеусіз сұлулыққа ғашық болған
Тұрсынбек ағамыздың өзі сұлу!

Көрсе де тайталаста керең қылық,
Күдікті түп-түбінде жеңеді үміт.
Шындықтың шырағы боп жарқырай бер,
Ерен ұл, терең ғалым, берен жігіт!

ӘБІЛСЕЙІТТІҢ КӨРГЕНДІЛІГІ

Күресте қайран қылған бар халықты,
Қазақта кім білмейді Айхановты,
Бас қосып алты құрлық алысқанда,
Айбаты Айхановтың байқалыпты,

Белінен бұрап ұстап ырғағанда,
Алыптар нар бурадай шайқалыпты,
Оңтайлап оң жамбасқа салған кезде,
Шік түсіп боз кілемнен жай тауыпты!

Бір жылы маңғұл жаққа барған екен,
Жеңімпаз бәрін жығып болған екен,
Қайткенде жеңеміз деп бұл қазақты,
Маңғұлдар түйе балуан салған екен.

Жекпе-жек шетелдегі батырға сын,
Шықпауға амал бар ма шақырғасын,
Жасы үлкен тау тұлғалы сақа балуан,
Талайдың шаңға тыққан тақыр басын,

Көрмекке әуселесін жас перінің
Балпаңдап боз кілемге жақындасын,
Басталды ұлы айқасы екі алыптың,
Ініде күш, ағада ақыл басым.

Даңқы зор, еңбегі мол маңғұлдық ер
Басына хан көтерген қабырғалы ел,
Толысып ер ағасы жасқа келген,
Күресте айла, тәсіл бәрін білер,

Жараған қаңтардағы қарт бурадай,
Қалшылдап қаһарланса темірді үгер,
Қарымын байқаған соң Әбілсейіт,
Күш тасып, өн бойында жалын жігер,

Алыста ағалық жоқ дегендейін
Бір жынды ой дейді жерге қағып жібер,
Оңтайға ала беріп ойға қалды,
Болса егер ардагердің белін бүгер,

Өкпелеп маңғұл, қазақ түгел бәрі
Көргенсіз жөн-жобадан жаңылды дер,
Сындырмай ердің сағын, елдің бағын,
Алғысқа бөленетін табылды жол.

Жапырып жіберем деп жас баланы
Бұлқынып балуан аға бас салады,
Бұқадай тірескенде жер солқылдап,
Ел толқып, тау жаңғырды асқаралы,

Жас наһан жұлқығанда қарт қаһанның
Кілемнен ажырады қос табаны,
Төңірек тына қалды демін тартып,
Жас бала жасайды-ау деп масқараны,

Ұршықтай үйірсе де қапсырып-ап
Қайқайтып қара жерге тастамады.

Көтеріп алып барып орынына,
Қондырды қарт қыранды тұғырына,
Қол соқты тік түрегеп қалың маңғұл
Көргенді ел қазақтың ер ұлына

Сол сәтте ұқсап кетті Әбілсейіт
Шыңғысты хан көтерген Тоғұрылға!

БЕКЕТ АТАНЫҢ ҮЙІ

Сапарға ең әуелгі үлкен себеп
Кемел аға Тоқаев алпысқа кеп.
Маған қолқа салғаны. «Бірге жүріп,
Сыншым да, жыршым да өзің боласың», – деп...

Маңғыстау – түйелі жер, киелі жер,
Жолынан жығылмаған жүйелі жер,
Көргендер жердің түбі, судың түбі,
Ғажайып екі әлемнің жиегі дер,

Көнекөз, жел мүжіген домбырадай
Шанағы – жыр, шегі – сыр, тиегі – шер,
Суреті, серті бөлек, сұсы басым,
Тасы – ою, құмы – өрнек, сүйегі – зер,

Әуесіне әулие рухы сіңген
Тегіннен тегін басын иеді ме ел?!
Керемет дүниемен кеп таныстым,
Дүбірін естіп талай аттаныстың,

Түбінде Қарақия ойға батып
Басынан Шерқаланың құстай ұштым,
Адайдың қыздарымен әзілдесіп
Апайтөс ұлдарымен төс қағыстым.

Жігіттер шежіреші, жөн біледі,
Айтылды аңыз, жырдың дәмділері,
Кездесіп көпшілікпен, елді аралап
Қонғалы бір ауылға келдік енді,

Бірінші секретары аупарткомның
Бастады бір келеңсіз әңгімені.
«Түзету қиын екен бұл халықты,
Басына Бекет ата үй салыпты,

Орталық бізден талап етіп отыр
Жағдайды ұстаңдар деп бірқалыпты!
Сол үйге жұрт жиналып, түнейді екен,
Сиынып, көп жақсылық тілейді екен,

Дәл мұндай советке жат соқыр сенім
Цекаға жақпайтынын білмей ме екен?!»
Қабағын қатулана түйді райком,
Барлығын бір уысқа жиды райком,

/Қазір ғой оп-оңай жұрт жамандайды
Ол кезде салмағы ауыр сыйлы райком/,
Қыпылдап отыр ерлер алқа-қотан,
Дегендей «амал жоқ-ау, енді қайтем?»

Қадалып селсәбетке.«Анау үйді
Жойыңдар жылдамырақ», – деді райком!
Селсәбет, Сәкең деген ақсары адам,
Ат-тонын ала қашып масқарадан.

«Қауқарсыз, дәнемесіз, құр қағазбен
Мен қалай бұл міндетті атқара алам?
Құрал-жабдық қолында, қуаты мол,
Бұл істі сұраған жөн басқармадан!»

Басқарма шоршып түсіп, селсәбетке.
«Дауласып неғыласыз, – деді, – текке,
Ағасыз, ақыл табар қысылғанда,
Қалыс қап, қия тартып, қиыс кетпе,

Құрал-сайман, кісіні мен берейін,
Қаулыны өзің шығар, өзің ретте!»
Сәкең айтты. «Сенде ғой қолбасылық,
Хатшы саған сеніп тұр, алға ұсынып!»

Басқарма ытқып кетіп деді сонда.
«Кетпеңіз тым ойнақтап, жарға шығып,
Зиратқа мен жауапты бола алмаймын,
Міндетім – мойындағы – шаруашылық,

Тәртіпке тікелей сіз жауаптысыз,
Өзіңсіз алмайды ешкім қолға шыбық!»
Бұларға хатшы біраз құлақ түрді.
«Басқарма, бер кісі мен трәктірді,

Қаулыны сен шығар да, селсәбетім
Құрт үйді, жұмыс қой ол бір-ақ түнгі!»
Жаны алқымға келгенде селсәбеттің
Жүзінде арпалысты сұрақ түрлі,

Саңқ етті сәлден кейін. «Жоқпыз ба, – деп,
Түнекке сәуле берер шырақ құрлы?!
Әулие ғып жаратқан бір құдайым
Ер Бекет аруағы ғой ел адайдың,

Селсәбет, партбилетті қазір тартып
Алсаң да зорлығыңа көне алмаймын,
Атамның басындағы үйді бұзып
Халқыма мен қарабет бола алмаймын!»

Тым-тырыс отырған жұрт іштен тынды,
Хатшының түсі қашып, сағы сынды,
Мұндай сөз ол заманда өліммен тең
Болсаң да неше батыр, неше жынды,

Апырмай, арты қалай болады деп
Жандайшап кей жолдастар жанұшырды,
Кемел аға екеуміз құшырлана
Қол соқтық, қорғадың деп намысыңды,

Үндемей жалғыз қалды қатал хатшы
Бөлінген қауызынан тары сынды!
Өзгенің қасиетін тегіс құртқан
Теперіш аз емес-ау теріс жұрттан,

Аруағынан айрылған ел азады,
Соны біліп, ілімін теліп сырттан,

Жаныңды улап, жұтатып, жұтпақ болып,
Майдалап айналдырса не бір мыстан,
Аруағыңнан айналдым Бекет Ата,
Соларға тосқауыл боп, жеңіп шыққан!!!

ШӘЙМЕРДЕННІҢ ҚҰРБАНДЫҒЫ

Шәймерден Дәуреновтің рухына
Шәймерденді Шахи дейтін достары,
Шахи еді, сахи еді – рас бәрі,
Ақын еді, жазушы әрі журналист

Демесеңіз бәйгеге өлең қоспады.
Тебіренсе тереңнен сыр ашатын,
Күңіренсе көзі жалын ататын,
Отар елдің атар таңы бар ма деп

Ауық-ауық ауыр ойға бататын.
ІІІұғыладан шуақ іздеп шыңдағы
Құса болған даланың ер ұлдары
Ағыл-тегіл ақтарыла шаттанды

Шыққан күні мемлекеттік тіл заңы!
Орнағанда ана тілдің теңдігі
Жылап тұрып, осы ғой деп ел мұңы,
Енді өлсем де разымын деп жыр жазып

Жол апаттан қаза болды сол күні!
Тағдыр – жұмбақ, талқылауға бола ма?
Сыя қоймас қағида мен санаға,
Қайран Шахи, атағандай өз-өзін

Ана тілден кетейін деп садаға!

ҒАРЫШ ҚАЗАҒЫ

Хақ тағала аспан, жерді жаратқан,
Әр халықты әр қиырға таратқан,
Тілі басқа, түрі бөлек бәрін де
Күрсіндіріп зеңгір көкке қаратқан!

Қилы-қилы болса-дағы өткелі
Көкқұмарлық көкіректен өшпеді,
Могикандар аспандата ұран сап
Шумерлердің ойы көкке беттеді,

Мәңгі өлмейтін мифтерінде эллиндер
Көкке ұшам деп жанып кеткен жоқ па еді,
Көк түріктер көк тәңірге табынып
Көкке қарап ұлитұғын көкбөрі,

Көк боз ат пен ақ боз атты қосақтап
Қазығына арқандаған көктегі,
Қиялында көкте жүзіп жүргенмен
Түрік қолы көкке бірақ жетпеді!

Ай мен Күнді ардақтаған Алашым
Биіктерге баулитұғын баласын,
Көк дөненнен жүйрік қазақ көңілі
Шарлайтұғын жұлдыздардың арасын,

Киіз үйде отпен бірге алаулап
Ғарыш сыры арбайтұғын санасын,
Ұша алмады өзі бірақ, амал не,
Космодромға берсе-дағы даласын!

Кімдер ұшып, кім қонбады далаға
Хаттап, шоттап сана мейлің, санама,
Отыз жылғы өрендердің ішінде
Бір қазақ жоқ дегенге жұрт нана ма?!

Қып-қызыл от, зиян қалған ізінде
Ғарышқа ұшу пайда ма екен түбінде?
Тек әйтеуір келді қазақ кезегі
Мың тоғыз жүз тоқсан бірдің күзінде!

Қалды артыңда бодан болған қор шағың
Жеңді ақыры елдік атты ер сарын,
Алақанға салды қазақ баласы
Аттила да ала алмаған жер шарын!

Тына қалып тас кеуденің бұрқағы
Шырылдаған шындық көкке шырқады,
Күнге беттеп күндей күліп келеді
Күннен туған ер гүндердің ұрпағы!

Көкжалдығын халық көрген Тоқтарым,
Көкке жолды салып берген Тоқтарым,
Көптен бергі көк түріктің қайтпаған
Көп есесін алып берген Тоқтарым!

Қайратты да зейінді,
Айбатты да мейірлі,
Болған-ақ шығар осындай
Батырлары әлемнің

Бұрынғы мен кейінгі!
Алақаны күректей,
Саусақтары білектей,
Дыбыстан ұшқыр ұшақты

Дәл қондырған кемеге
Айдынын теңіз кірлетпей,
Қақ жарып мұзды мұхитты
Тоқтаусыз ұшқан полюске

Жанармай құйып аспанда
Жұмбақтан жүрек дір етпей,
Қиынның жеңіп талайын
Абыройға бөленген

Туған елін жүдетпей,
Атлас батыр секілді
Көк күмбезін көтеріп
Ұстап тұрған тіректей!

Қыран құстай достарымен табысты,
Құшақтасып, ер парызын алысты,

Иен далада арғымақпен шапқандай
Тоқтар кезіп келе жатыр ғарышты!
Нұр құйылып жүрегі мен санаға,
Көз жіберді тау мен мұхит, далаға,

Шексіз, түпсіз кеңістікте қалықтап
Өз жолымен бара жатыр Жер-Ана!
Айдынды шалқар су қандай,
Судан ұшқан бу қандай,

Керіліп жатқан кең дала
Тауға біткен ну қандай,
Осынша сұлу дүниені
Шарпысқан ашу-ызаның

Қара бұлты буғандай!
Аспан шексіз, мөлдір неткен,
Секілді бір мәңгі көктем,
Қолын созып, көз талдырып

Мұңлық небір өндір өткен,
Жер бетінің өнбес дауы
Ерді не бір еңіреткен!
Елді құртқан, ерді жұтқан

Таудай болған дау-дамай,
Қарағанда ғарыш жақтан
Тарыдай да болмады-ай,
Қолдан жасап қанды қасап,

Адам ұлы бірін-бірі
Аямастан жалмады-ай,
О, дүние, жалған-ай,
Кінә тағып жан біткенге

Бұл өмірге көп өкпелеп
Қойыңдаршы зарламай,
Зар көбейсе, пәле-жала ушығып,
Жер-Ананы жаралайды, арман-ай,

Көтере алмай соншалықты
Озбырлықты, жауыздықты,

Аярлықты, арамдықты
Күңіреніп Жер-Анамыз
Шексіздікке шеру тартып,
Күйіп кетсе не болады, Аллам-ай!!!

Құдай ортақ, Жер де ортақ, Күн де ортақ,
Көппен көрген ұлы тойдан кім қорқат,
Жалғыз өзі жетем дей ме мұратқа
Ортақ үйді ойрандаған жын-көрқап!

От-жалында өмір бақи жандың да,
Ақыл-естен біржолата тандың ба,
Қарапайым әрі дана ақиқат
Ей, адамзат, екі-ақ жол тұр алдыңда!

Жер бетіне сыйластықпен сыясың
Я желкеңді бір-біріңнің қиясың,
Өзгелермен өзің қоса қиылып
Біржолата тіршілікті жоясың!

Опырып-ап, ойып, отап тап-тақыр,
Тартып жерді көкпардай ғып қақпақыл,
Көздеріне үймелетіп көк шыбын
Бірін-бірі көрде өкіртті көп батыр.

Батырларды бір кемеге мінгізсе,
Біраз уақыт көк аспанда жүргізсе,
Ғарыш жақтан жерге бір сәт қаратып
Көп таластың керексізін білгізсе!

Насихаты емес жалған текке айтқан,
Ақиқаты өзек жарды көпке айтқан,
Айға қонған Армстронг аспаннан
Тәубә қылып, хақ мұсылман боп қайтқан!

Тәубә, тәубә, керек бізге көп тәубә,
Тәубәсіздер енді иманды жоқтауда,
Қанша ғасыр қасап болды қан сасып
Ей, адамзат, болмай ма енді тоқтауға?!

16-0045

Ақ пен қызыл, қоңыр, жасыл түске ендік,
Жат жұрттарға көз алартып, тістендік,
Өзімізді артық санап өзгеден
Ұялмастан құрмақ болдық үстемдік!

Қанға сіңген сонау кезден ес білмес,
Ең ежелгі ессіз сезім ескірмес,
Алшаңдаған ақ нәсілден әлемде
Өзін артық санайды екен эскимос.

Табиғи заң екендігін түсінем,
Түңілмеймін нәсілінен, түсінен,
Теңдік заңға қол қойса да барлық ұлт
Өзін артық санайды екен ішінен!

Санай берсін, оған бола жынданба,
Қуан қайта, еңсе биік тұрғанға,
Қайтер едің сорлы болса кембағал
Сенен басқа халық біткен жалғанда!

Өзін-өзі қор санаған ел емес,
Өзге жұртты кекеп-мұқау жөн емес,
Артық емес бір халықтан бір халық
Нағыз халық ешкімнен де кем емес!

Жек көрмеңдер бір-біріңді тістене,
Ешкімге ешкім бола алмайды үстеме,
Өзіңді артық санасаң да өзгеден
Дәлелдеуге күшенбе тек, күштеме!

Жанын сақтап қала алмайды жасқанған,
Асқақтап та аса алмайсың аспаннан,
Барлық пәле бір-біріне адамның
Артықтығын дәлелдеуден басталған!

Кемсітпей-ақ өзге жұрттың орынын,
Қиын ба осы шын керемет болуың?
Мойындатам деп жүргенде басқаға
Қайырылып қалмасын өз мойының!

Пәле қумақ пешене ме пендеге,
Өмір жоқ па өктемдіксіз өңгеге,
Бағынуға міндеттімін мен неге,
Басқаруға тиістісің сен неге?!

Мен – қазақпын, сен – орыссың, сен – неміс,
Ел емеспіз ең керемет, ең кеміс,
Мен ұлымын, бағындырам дегеннен
Басталады бар ғаламдық сенделіс,

Біздің қазақ басынбаған ешкімді
Өзің айтшы, қалай еді сендегі іс?
Бір-біріңді жаулап алу –қиянат,
Бәріміз де бір кемеде – жердеміз,

Қоқан-лоқы, қақтығысты тый дағы
Жер бетінен жарасыммен тер жеміс!
Пәле іздеме досыңнан да, қастан да,
Мұңға батпа, жасыма да жасқанба,

Жаман ой мен ұсақтыққа салынбай
Жиі-жиі қарап тұршы аспанға!
Жат сезімді жүрегіңе өткізбе,
Көңіліңе кемшілікті көп тізбе,

Жамандықтан жабырқасаң жердегі
Жер бауырлап жатып қалмай, көкті ізде!
Жан білмейді періште ме, аруақ па,
Шексіз қуат, таза нұр бар ол жақта,

Тазалық пен сұлулыққа ұмтылшы
Құмар болмай қан төгіс пен қылжаққа!
Байлығың мен көптігіңе тасынбай,
Бір-біріңді бағындырып басынбай,

Бір бауыр боп тату-тәтті жүрейік
Қамыт болып мойнымызға асылмай!

Біз жүрейік сыйластықты ән қылып,
Жоқ өмірде одан басқа мәнділік,

Нағыз достық болады ғой тек қана
Тең халықтар арасында, мәңгілік!

Біз сыйлаймыз барлық елді ғажап қып,
Сен де, ғалам, құрметтей біл қазақты,
Өзгелердің азаттығын сыйлаудан
Басталады шын мәнінде азаттық!

Көз алартып мекеніне басқаның,
Ықтиярсыз топырағын баспағын,
Бәріміз де баласымыз ғарыштың
Мәңгіліктің бір сәтіміз қас қағым!

Ғарыш-Жердің ашып жаңа парағын,
Ай-әлемді айналдырып пырағын,
Екі досын – барша адамды құшақтап
Кең далаға қонды Тоқтар қыраның!

Жан сарайын жаңғыртқандай жел иісі,
Аңқылдаған жел әкелген ел иісі,
Аспан, ғарыш шын ғажайып болса да
Бәрінен де артық бейбіт жер иісі!

САУАЛ МЕН САУАП

Нұрғали Торғаевтың рухына
Жан көке, жайсаң азамат
Торғайдың ұлы Нұрғали
Меркеде басшы болғанда,

Маңына кісі толғанда,
Әсия жеңешем жанында
Жұлдыздай жарық жанғанда,
Өрімдей жап-жас жігітті

Құрдымға кетер жерінен
Құтқарып алып қалғанда,

Жас жүрегі алаулап
Рахмет айта барғанда,
Нұрекеңнің бір сөзі
Ұмытылмас жалғанда!

«Біз жастармен өсеміз,
Алдыңда ұзақ жол деді,
Керегі бар халқыңа
Жақсы азамат бол деді,

Жақсылыққа жақсылық
Бұл өмірде жалғасаң
Рахметің сол!» – деді.
Сөзіне ұйып ағаның

Санаға жүктеп сауалын,
Жігіт кешіп келеді
Өмір-мұхит айдынын
Сол сөздің іздеп жауабын,

Нұрекеңнің рухына
Құдайдан тілеп сауабын!

ӘН ҮЗІЛМЕСІН

Әнші Кәрім Ілиясовтың рухына
Кешегі өткен Кәрекең
Көкшенің көркем әні екен.
Көнеден қалған көп әуен,

Көріктей үрлеп қыздырып,
Көк байрақты қазаққа
Көтере тартқан жан екен!
Бөлек еді ілтипат, ізеті де,

Бауырмал екенін ел білетін де,
Баладай жалауласа жаны қалмай,
Сахнаға әсем бір мән кіретін де,

Ежелгі асылдардың сынығындай
Өткеннің сәуле берген суретіне,
Отырып ән салыпты бір заманда
Теміртас Біржанұлы тізесінде,

Қалдырған бабалары ойлы ырғақтың
Қалғымай тұрып өтті күзетінде!
Ілиястың Кәрімі
Жасынан түскен оң жолға,

Жоламаған жанжалға,
Ардағы еді Арқаның
Аңқылдап өткен ән жорға!
Қиынға құлаш сермеген

Қиқуы көкке өрлеген
Сырлы да сұлу саздарды
Саумалап төккен пернеден,
Қазына толы кеудесін

Қауымға бұлдап көрмеген
Бебеулеген әнімен
Бесігін елдің тербеген,
Өмірінде ешкімге

Болмасын деп көрмеген!
Батасы «бола берсін, тола берсін!»
Қабыл боп, халыққа бақ қона берсін,
Қағып ап кәрі қолдан домбыраны

Ескі әнге есті балдар сала берсін!

ЧАК-ЧАГИ

Көтергенде өз басына шақтап үй
Телағаңда болған емес басқа күй,
Татар қызы Флюраға үйленді,
Күнде-күнде жеймін бе деп чак-чаги.

Шалқар сезім шарықтатып жас жанын,
Күндер өтіп секілді бір қас қағым,
Тельман аға сұрайды енді қайда деп
Қыз кезіңде күнде берген чак-чагың?

Жеңгей айтты: «Азаматсың жақсы атты,
Ақыл-ойың өз бойыңа шап-шақ-ты,
Білгенің жөн, Елубаев, татарлар
Тойда ғана пісіреді чак-чакты!»

Жіберсе де аузын өстіп ақ қылып,
Ағай сүйді жеңгемізді тақ тұрып,
Әрбір күні той емес пе адамның
Болса үйінде бақ-береке тәттілік!

Тұрса-дағы бауырсақ пен әзір ет,
Чак-чак сұрап қояды ағаң әзілдеп,
Тегін емес татар қызы – жиеншар,
Түп нағашы – Науан ата хазірет.

Хазіретті қазақ елі ойға алды,
Ойға алғаны бір арнаға жиналды.
Басын құрап, бітіп тұрған кітапты
Шығаруға қаржы таппай қиналды.

Қаржы деген бір қиямет бүгінгі,
Небір үміт үзілді де бүгілді.
Тығырыққа тірелгені шаруаның
Жиеншар қыз Флюраға білінді.

Ата-анасы көрген қуғын, қысымды,
Абзал жеңгем тарих жайын түсінді.
Атамыздың аруағы үшін қажетті
Қаражатты қалтасынан ұсынды!

Кітап шығып, жұрт жиенді жақтапты,
Матур қызды батыр қыз деп мақтапты,
Жақсы сөзден жақсы адамдар нұрланып,
Жегендей боп жүрсін күнде чак-чакты!

АҒАМЕН СЫРЛАСУ

Қасен Әбсәләмовқа
Қалай боп тұр, Қасен аға, күн бүгін,
Тау-даланы сілкіндіріп дүбірің,
Алтын кеніш ГОК-ты көкке көтеріп

Өрлеуменен өтті біраз ғұмырың.
Қара тасты қара термен суарған
Кеншілерге жақты сабыр, қылығың.
Түскеніңмен президенттік тағыңнан,

Биік болсын азаматтық тұғырың!
Ақ бата мен алғыс алдың көп елден,
Мешіттерден, мектептерден, өнерден,
Өз алтынын өз халқыңнан аямай

Ер ұл болдың абыройға бөленген,
Шетелдіктер келді-дағы орныңды
Тартып алды түскендей боп төбеңнен!
Шүкір, ел боп, көк байрақты көтердік,

Кеңдігі де, кемдігі де жетерлік,
Ел ішіне емін-еркін сұғынып,
Кенішіңді билеп алды шетелдік.
Қалауынша ауыстырып адамды

Баса-көктеп көрсетеді бөтендік.
Мемлекеттің азаматын құрметті
Хақы бар ма бір-ақ шертіп кетерлік,
Ұл-қызыңды алса осылай тізгіндеп

Нендей елдік, мұның өзі не теңдік?!
Болса-дағы бұрылысы, ойпаңы,
Сезімтал жұрт жүріс сырын байқады.
Шетелдіктің шымылдығын жамылған

Ағайынның айласы деп айтады,
Он минутта ие болған орныңа
Інішектің ісіне бас шайқады.

Ағалайтын оң тізеңде отырып,
Алдаған ба он жыл бойы өтірік,
Асқар тауға шығам дей ме, апырмай,
Ағасының басынан бір секіріп!

Не істемейді, не демейді пенделік,
Пенделіктен келеміз-ау сенделіп,
Азаматтық өре қайда, ар қайда,
Осы жайлы ойладық па ел болып?

Көріп тұрып күйкілікті, қулықты,
«Қайтсін енді» деп барлығын жөндедік,
«Орынына бара алмаймын ағамның»
Десе ініңіз кетпес пе еді ер болып,

Отырғандай ұятының үстінде
Жүрген шығар өзі де ойын он бөліп!
Қызмет, байлық қолдың кірі десек те,
Ол да өмірдің керегі деп есепте.

Адамдықтан аттағанды сол үшін
Жатқызамыз, қане, қандай есепке?!
Таудай пенде тола бермес талғамға,
Құбылады жеке басын қамдарда,

Жақын тартқан жарандарың тайғақта
Жалт бұрылып, жат боп шықса, таңданба.
Құрбандыққа шалып кеткен шәкірті
Жалғыз, аға, сен емессің жалғанда,

Арғы-бергі тауарихты ойласаң,
Алданған ғой пайғамбар да, хандар да.
Жақсылығың адамдарға жасаған
Қанат болсын Арманыңа самғарда,

Түбі бәрі бір Алладан қайтар деп
Үмітпенен қарайық біз таңдарға!

МҰСТАФАНЫҢ МҰҢЫ

Азаттық оттан ыстық кез туыпты,
Отанға алыстағы ел көз тігіпті.
Қарсы алды атамекен аңсап келген
Ардақты ер Мұстафа Өзтүрікті.

Сарабдал санасы мен сабыры жоқ,
Әсіре әңгіме мен әзілі көп
Ағайын мадақтады Мұстафаны
Теңдессіз таэквондо тәңірі деп.

Ұлы өнер таэквондо корейдікі,
Кеудесін бастырмаған өр елдікі,
Әлемнің неше дүркін жеңімпазы
Өжет ұл Өзтүріктей өрендікі.

Біреулер аяқ созып бәлдене ме,
Кісіні тепкілеуді сән көре ме?
Зерделеп таэквондо пәлсәпасын
Құрдасым Мұстафадай мән бере ме?

Өрелі, өр болмаса Мұстафаға
Өзге елде дәп алтыншы дан бере ме?
Ер екен сөйлемейтін қосып жалған,
Естіп ем көзбен көріп экраннан,

Ерекше сезілетін өнегесі
Ескінің жол-жобасын тоқып алған.
«Ризамын түсім өңге айналғанға,
Көк байрақ бәйтерекке байланғанға,

Алайда жан мен сана азаттығын
Алғанша әңгіме көп ойланғанға,
Рахмет, әспеттеп-ақ жатырсыздар
Миымыз мақтауменен майланған ба?

Бірақ та болмайды ғой ешкімді де
Теңеуге тәңірі мен пайғамбарға!

Әрине, ағайынның тілегі ақ қой,
Аңқылдап жайып салған жүрегі ақ қой.
Тек қана тәңіріге теңеу – күнә,
Жаратқан хақ тағала біреу-ақ қой!

Бұл сөзді қоғам қалай саралады,
Білмеймін, өзгерді ме бағалары?..
Сарғайтып сағындырған сар даланы
Мұстафа емін-еркін аралады.

Жанары жүрген сайын нұрланыпты,
Мұстафа ой барыпты, қыр барыпты.
Қонаға бір қалада бір жігіттер
Қойнына бүлдіршіндей қыз салыпты.

Үрпиіп, үні шықпай үрке басып,
Қыз кепті түн ішінде күркені ашып,
Жан емес жамандыққа қиятындай
Секілді ертедегі ерке ғашық.

Келсе де келгеніне қиналғандай,
Өзінен жиіркеніп ұялғандай,
Қазақтың ай сәулелі ару қызы
Жүзіне жердің мұңы жиналғандай.

Ақшаға алпауыттар жалдады ма,
Қорқытып я болмаса алдады ма?
Жалданса жан талғамас бейбақ па екен,
Тағдырдың мойынсұнған жазғанына.

Қисайса қыз тағдыры – халыққа сын,
Халық қайтсін, арши ма балық басын?
Ерді ме әзәзілге бейкүнә жан
Тұрмыстан тауқыметті тарыққасын?

Заманда орындалған ата арманы,
Қорлықтан жұртым неге аса алмады?

Кездесті қонақүйде қараңғыда
Қазақтың жезөкше мен қаһарманы.
Мұстафа шошынды да ыршып тұрды,
Ерінін күйінгеннен қыршып тұрды,

Қыз бейбақ бір уыс боп бүрісіп тұр
Шамасы жоқ жаралы шымшық құрлы.
Сұмдықтан өне бойы қалтырады
Сөнгендей үмітінің шамшырағы.

Тыныс ап таэквондо тәсілімен
Тарлан боз тілге келіп, хал сұрады.
«Қандасым, қарындасым, қарагөзім,
Ән де өзің, жүректегі жара да өзің,

Қалайша түстің мұндай суық жолға
Пәк едің, намысты едің, саналы едің?!
Шетелде көрмесем де қорғалап күн,
Қадірін білем құрмет, оң қабақтың,

Сағынып келгенімде туған елді
Мен қайтіп қарындасты қорламақпын?!
Құм қылған жігерімді, амалымды
Қайтейін мына қиғаш заманыңды...»

Құшақтап маңдайынан иіскеді,
Оңына бастай гөр деп қарағымды!
Қыз байғұс бөтен оймен келген еді,
Намыстан өртенсе де өлмеп еді,

Қаны бір қазағымның қызы еді деп,
Аяған ағаны әлі көрмеп еді.
Қарайтын қайран қалып жұрт қызығып
Ажары үлбіреген күрт бұзылып,

Тереңнен өксігендей күрсінгенде
Бір моншақ қара көзден түсті үзіліп,

Тамғанда қолына ыстық қыздың жасы
Күйзеліп, егілді іштей күшті жігіт!
Алыстан шын жанашыр аға кепті,
Алақан табын оның ала кетті.

Жас жүрек тәубаға кеп жолын тауып
Жарар ед жеңіп шықса бәлекетті!
Жеткенде ұлт азаттық арманына
Сұмдықтың ашылған ба жолдары да,

Қор болып көрінгенге қазақ қызы
Қорғансыз ашық-шашық қалғаны ма?
Өзінің қарындасын өзі сатып,
Жігіттер жеңгетай боп азғаны ма?

Масайрап, мазақ қылып мұңлықтарды
Тағдырын табанына салғаны ма?
Ұрпағым адаспа деп айтып кеткен
Не дейміз ата-баба аруағына?!

Асатын азаттықтан бақ бола ма,
Бір қазақ бір қазаққа жат бола ма?
Қауышып атажұртпен мауқын басты,
Адамға бұдан ыстық шақ бола ма?

Бас иген туған жерге Мұстафаның
Ішінде бір мұң кетті-ау аттанарда!

ҚАЙТА ТУҒАН ҚАЗАҚ

Ел тілегін берген кезде, а, құдай,
Еңсе тіктеп, жұрт Көкшеге ағылды-ай,
Абылайдың тойын бастап айтыспен
Күнге ұмтылдық, ақ маңдайға тағып ай.

Ақ ту сүйіп, ұрандады ұл-қыздар
Жерде, көкте, ауада да «Абылай!»

Шешен біткен сөйлейді кеп сілкініп,
Ретті-ретсіз мінбелерге ұмтылып,
Сөз берілді Жұмабеков Маратқа
Жас хатшыңыз тұрмаса да жұлқынып.

Батыр еді барып қайтқан Ауғанға,
Қаймықпаған таудан мина жауғанда,
Жазып алған сөздерінен жаңылды
Қаракөздер күрт қадала қалғанда.

Бірдемені айтқан болды балдырлап,
Басы айналды тыңдағанның қаңғырлап,
Туған тілдің түгін қоймай таптады
Түйе жүгін тартқандай боп қалжырап!

Екі сөзді әрең-әрең құрады,
Орысшалап кешірімді сұрады.
«Мен қазақша білмеймін!» деп қарап тұр,
Қазақтардың үміт артқан шырағы.

«Масқара!» деп қыздар бетін шымшыды,
Ер-азамат үнсіз ернін қыршыды,
Ал жас жігіт Абылайлап жатқанда, ел
Ана тілін білмегенге қысылды.

Жігіт еді қышқылы бар, намысқой,
Астан-кестен етіп жанын алысты ой.
«Әлемдегі не ғажапты білеміз
Ана тілі дәп солардан алыс па, ей?

Қалай түстік бұл масқара жат күйге,
Мәз болыппыз міндік-ау деп ақ күйме»,
Абылайлап Алаш әнге басқанда
Жігіт жалғыз қайтып бара жатты үйге!

«Сорлымын ба соншалықты, қормын ба,
Тұяқ ем ғой қалған тұлпар орнында,

Ата сөзі кірмейтұғын миына
Мен миғұла әлде мәңгүрт болдым ба?
Жолбарыстар арылдаса, ит үрер,
Қой маңырап, қырда жылқы кісінер,

Адам түгіл, мысық екеш мысық та
Мияуласа, бірін-бірі түсінер!
Темір қақпан жабысқандай топайға
Айналдық па нақұрысқа, ноқайға,

Ана тілін, ата сөзін білмесең
Адаммын деп жүргеніңнен не пайда?!
Табиғаттың сыйын ұққан жүрегім,
Адамзаттың күйін ұққан жүрегім,

Өз халқыңның сырын ұқпай не болды
Әлде менің боркемік пе сүйегім?!»
Үміт артып жүрер шақта әр таңға
Айналды ма жалтаңдаған қартаңға?

Қаһарланып, қалш-қалш етіп бурадай
Қара терге түсті жігіт қаңтарда.
«Өзгеше ойлап, қайтіп ойнап-күлермін,
Қазақпын деп қалай ғана жүрермін?

Басқа ештеңе білмесем де жалғанда
Ана тілім, сені алдымен білермін!»
Сөйлеп кетті, қиналса да барын сап,
Оңашада кітап оқып дауыстап,

Ана тілден алғаннан соң ақ бата
Жұмысы да алға басты қарыштап.
Қазір жігіт кібіртектеп тұрмайды,
Ана тілде ән салады, жырлайды,

Үйренгені соншалықты, кей-кейде
Қазақшалап өзіңді алдап-сулайды!

Балуан жігіт балпаң басқан жалғанда
Қайта туып, жеткендей бір арманға,
Ата жырдан артық, сірә, ән бар ма,
Ана тілсіз өміріңде мән бар ма?

Осы жайды ой салар деп жырладым
Өз тілінен үркіп жүрген жандарға!

ЕРКЕТАЙ ЖОМАРТОВТЫҢ

ЖОМАРТ КӨҢІЛІ

Еркетай десе, Еркетай еді,
Ерке еді,
Жігіттің жампоз,
Еңсегей бойлы көркемі,

Аяулы менің апамнан туған ардағым,
Ақ адал еңбек – өмірлік мұрат, серті еді.
Өзгеше еді әкімгершілікте өлшемі,
Адамды сыйлап,

Түсірмеуші еді еңсені,
Жүзінен шуақ,
Көзінен мейір төгіліп,
Жылытушы еді

Қабағы салқын кеңсені.
Көңілін тауып
Кісіге таза күлетін,
Кеңпейіл жанды

Көпшілік жақсы көретін,
Әкімге айтқан
Арыз, шағымы жерде қап
Жабырқап шыққан шалдар да оған кіретін.

Уытты шалдың сөзінде талап, сұрау көп,
Анау жоқ бізде,
Жетпейді және мынау деп,

Жөнді де жөнсіз өтініш, тілек қаптаса,
Аяғы кетер
Зар замандаған жылау боп.
«Әкім, қаралар,

Қайратың кетті қай жаққа?
Мәселе көп қой,
Қатырар басты аймақта,
Иек астында

Не боп жатқанын көрмейсің
Мұрындарыңды
Батырып алып қаймаққа!»
Зейінін қойып,

Бейілін беріп тыңдайтын,
Ащылау шындық,
Қаhарлы сөзден қыңбайтын,
«Сөзіңіз дұрыс,

Келмей тұр қолдан, амал не,
Ретің бар, дейтін,
Қалай да бізді сынайтын.
Түсінсең, ата, оңай емес қой жүгіміз,

Аянып жатқан жоқ және біздің түгіміз,
Иықтан басып,
Аяқтан шалмай балдарды,
Қолтықтан демеп,

Тілеулес болып жүріңіз!
Табармыз ретін,
Ақылға салып ойланып,
Кіндігі жердің

Осыған қап па байланып?
Дұшпан ғой ашу,
Асыққан таппас абырой,
Келерсіз тағы,

Сабырмен байқап, айналып.
17-0045

Қиындық деген
Құйын ғой соғып өтетін,
Күндер де келер,
Бәріне қолың жететін!..»

Басынан бастап
Боқтауға келген батырлар
Бар бол деп, балдар,
Батасын беріп кететін!

Еркетай солай
Естілік елге білдіріп,
Жымиып қойып,
Жүретін жұмыс тындырып,

Сүйкімді қалпы
Өмірден өте шыққанда,
Есіктің халқы
Естелік айтты-ау жыр қылып!

Абадан батыр қалмақты жеңіп қыз алған,
Сүйіндік ата фашисті қуып, ту алған,
Солардан тарап,
Көкшеде өсіп,

Алатау
Бауырынан мәңгі мекенін тапты бір арман!

ҚАРИЯ МЕН ҚАРЛЫ ШЫҢ

Килиманджаро!
Күйіп тұрған континентте қарлы шың,
Қалай біткен тропикаға таңбысың?
Қарлы шыңнан қара маржан қарғи ма,

Сайлап бамбук, баобабтан шаңғысын?
Көк тіреген көкшіл мұзы бастағы,
Жүректіні сұсыменен жасқады...

Сеңгір таудың сеңсең бөркін кием деп
Келді альпинист сексен екі жастағы.
Бостан-босқа сабаз неге сабылсын,
Деді ме екен атым елге танылсын?

Альбионның түріп тастап тұманын
Айға атылған арыстандай ағылшын.
Ойыныңды көтермейді от белдеу,
Батырлыққа бара алмайды бос белбеу,

Өзін сынап, дәлелдемек өзгеге
Қарт кеудеде бар екенін тоқ кернеу.
Құр келмеген есерлікпен аптығып,
Тәтті күннің әр сағатын сәтті ғып,

Дүниеге төбесінен мұз таудың
Бір қарауға талаптанған жаттығып.
Сексен жылым қас-қағымдай өткен деп,
Ғұмыр жолын сұм жалған деп сөккен жоқ,

Бұл өмірге құштарлығы күш беріп,
Шал келеді шыңға өрмелеп көкпеңбек.
Иығына алғандайын тас артып,
Жылжиды әрең, садағасын қоса айтып,

Опат болса... Орта жолда қайтқаннан
Зау биікте өлді деген ат артық!
Тайсалмады тар кезеңнен тартынып,
Тасқа ілініп тұрды кейде алқынып,

Жазатайым тайып кетсе табаны
Тағы кезек тимейтінін қарт ұғып.
Тас түйін ғып қайрат, жігер, сезімін,
Тасқа салып таусылмайтын төзімін,

Жанталаса жартастарға жармасып
Шықты ақыры биігіне өзінің!

Қол-аяғы қояды ептеп дірілдеп,
Желдің әні құлағында гуілдеп,
Шың басында шалқып, толқып тұр шалың
Дүниеге рахаттана күлімдеп!

Жаралған соң бұл өмірге адам боп,
Қамықпа көп, қай қуыста қалам деп,
Талпына бер ақтық демің біткенше
Түбінде бір биігімді алам деп!

ОРАЗАДА ҚАЙТҚАН ӘЖЕ

Бұл өмірдің көрген бейнет, қызығын,
Аппақ әже, күткен тағдыр сызығын,
Ниет қылып, аузын елде бекітіп,
Келді үйіне қаладағы қызының.

Осал жас па, ойлап көрсең, сексен бес,
Қайта оралмас көкжиекке жеткен көш,
Жайлы пәтер төріне мол жайғасты,
Кәрі сүйек көр жуық деп сескенбес.

Ауыз ашса батқан күнмен таласып,
Қас қағымда қалар қысқа таң атып,
Күнұзаққа нәр татпаған әжейге
Ақыл айтты кенже қызы жаны ашып.

«Аузың берік... Абай болшы шілдеде,
Мұндай ыстық оңай емес пілге де,
Он баланың ортасында жүре бер,
Оран-дағы үлде менен бүлдеге!

Бір мың айдың жүзін көрген анасың,
Жұмаққа сен онсыз-дағы барасың,
Жиырма сағат ас-су татпай жүргенде
Бостан-босқа өлесің де қаласың!»

Әжім басқан кәрі иегі кемсеңдеп,
Әжей айтты: «Сенде түзу өлшем жоқ,
Рамазанда тәубе қылып риясыз
Оразамды ұстап өлем өлсем де.

Алла жазған ұзақ ғұмыр-көргенім,
Ниетімді, қызым менің, бөлмегін,
Күпірлік қып шікірейіп жүргеннен
Артық, – деді, – шүкірлікпен өлгенім!»

Қызы қайтсін: «Айттым, – деді, – ойымды ақ,
Амандық пен саулығыңды уайымдап,
Қабыл болсын», – деп анасын күтті әбден
Ауызашар, сәресіні дайындап.

Раббымыздың рахымы ғой ораза,
Хақ мұсылман тура жолдан жаза ма?!
Қадыр түні озды өмірден жарықтық,
Оразада шығарылды жаназа.

Аулақ болған күйкілік пен күйіктен,
Ақ пейілді әже, неткен сүйікті ең!
Қарапайым үлгің қандай керемет
Түспей өлген мұсылмандық биіктен!

ТӘКСИДЕГІ ТАҒДЫРЛАР І Кел, жолаушым, Қане, қайда барасың? Қатарымсың, Бәлкім іні, ағасың? Отыр, отыр... Бергеніңе қанағат, Қалтаңның да байқап тұрмын шамасын. Бөтен емес Бәріміз де бауырмыз, Жел көтеріп Көшіп келген ауылмыз, Тыным таппай Теріп жүрген несібе Тас жолдағы тәкси деген қауымбыз. Тәкси! Тәкси! Деп күнімен қақсаймыз, Қақсамасақ қара бақыр таппаймыз. Түсінерсің Тіршіліктің қамы ғой, Жанталаста жақынға да жақпаймыз; Керілдесіп кейбіреумен теңге үшін Кейде тегін жеткізіп те тастаймыз. ПОЭМАЛАР

Алғанды ешкім жек көрмейді, десек те
Адамдықты ақшаға біз сатпаймыз.
Айып етпе,
Ескілеу деп көлігің,

Темір түгіл
Тозыңқылау көңілім.
Қуып келем тәтті үмітті тәксимен
Түзелер деп түбінде бір өмірім.

Жол қысқарсын,
Әңгімені шертейік,
Тыңда менің, момақандау серігім.
Кімдер мініп,

Кім түспеген тәксиден,
Тәкси артық кейбіреуге жақсы үйден.
Шындықты айтып
Басқа жерде айтпайтын

Кіжінумен,
Жұдырығын тас түйген,
Ағайларды ала зытқан кез де бар,
Асып-сасып,

Қашып шыққан басқа үйден.
Айғыз-айғыз бетін көрдік арудың
Ақ шаштыға
Ақшасы үшін жас тиген.

Асыққаннан есі шығып абдырап,
Көрдік жұртты
Көлік үшін басты иген.
Алыс жолға адастырмай уағында

Алып барсаң
Алғыс айтып
Ақша үйген.
Айта берсем әңгіме көп...

Бір күні
Мінді бір қыз,
Ырғатылып...
Мас күйде!

Езуінде секеңдетіп шылымын,
Елеусіздеу сездіреді қылығын.
Бүйрек бетті,
Сүп-сүйкімді,

Сүйріктей,
Сәлден кейін
Атты сөздің тығынын.
Адам – қызық,

Мейлі бір іс тындырсын,
Я күйініп,
Сағы сынып, шыңғырсын,
Бейтанысқа сыр ашады тәксиде

Түсінбеймін,
Неге екенін кім білсін?!
«Ағай, – деді, –
Қарайсыз ғой түйіліп,

Отырсыз ба ішіңізден сүйініп?
Қарындас деп жақын тартып алдымен
Қырындайтын біздің қазақ – қиын ұлт!
Қайырылдым

Қайыры жоқ уайымнан,
Майырылдым
Тойымы жоқ жайыннан.
Сандалкермін,

Саңлақ қыздың бірімін,
Сайғақ құрлы сая тапқан Саиннан!
Ақшалыға
Табылады патша-тақ,

Ақшасызды
Алжастырып, қақсатат.
Заман солай
Билеп бізді үйретті,

Барыңды сат!
Арыңды сат!
Ақша тап!»

Сөзін бөліп мен ақырын күңк еттім:
«Арсыз деген
Емес бірақ жақсы атақ!»
Үндемеді,

Көк түтінге көмілді,
Өксігендей...
Іштей бәлкім, егілді?!
Бір мезгілде белгі берді тоқта деп,

Түсініксіз,
Нені ойлады, не білді?
«Келдім, – деді, –
Мен көздеген жеріме»,

Машинадан түсті ақырын,
Еріне.
Мен де түстім жол ақысын алмаққа,
Көз төңкеріп,

Күлді маған керіле,
«Сізге төлер соқыр тиын ақшам жоқ,
Натурамен алам десең, мен, міне!»
Тұра қалды қолын тіреп капотқа,

Артын түріп,
Ыңғайланып «заходқа».
Шошып кеттім,
«Масқара, – деп, – мынауың»,

Шоршып түстім,
Ілінбедім шатаққа.
Сөзбен атты,
Түйіп алып қабағын:

«Бұдан басқа бар ма менен аларың?
Өмір деген – сатып алу, сатылу,
Сенің – тәкси,
Менің – тәнім тауарым!»

Қымсынбайды
Айналадан,

Түнгі айдан, Азғырады... Деп «Қимылда, ыңғайлан. Күнде саған табылмайды бұл қызық, Айт, егер де Қалдым десең мұндайдан». Әйел заттың әзәзілі аз емес, Намыс қайрап, Ұрып-ақ тұр шымбайдан, Жыным қайнап, Қайдан шықсаң одан шық, Бастап кеттім әлгі қызбен бір майдан! Ес жиғасын қарап оң мен солыма, Тізгінімді алдым қайта қолыма. Қара түнге сіңіп кете барды қыз, Қала бердім бомба түсіп ойыма. Ар туралы ақыл айтып отырып, Қалай түстім арсыздықтың торына?! Өмір – осы, Мың бұралаң, сырғанақ, Шыбын жанды шырқыратар шырмап ап. Тура жолмен түзу келе жатқанда Адастырар Ойда жоқта сор қамап. Өзегімді өртейді кеп әлдене Өр кеудемді орып-орып, тырналап. Неге елестей береді сол кеткен қыз Тәлтіректеп, Қараңғыны қармалап! ІІ Иә, жолаушым... Әлі біраз жер бар ма? Зерделей бер, Сөз арнасын аңғар да.

Кейде осылай шер тарқатып алмасақ
Қайран жүрек
Жарылмай ма арманда!
Ығы-жығы...

Кісіден де көлік көп,
Кететіндей бір бүйірден періп тек,
Мәз боламыз иномаркі мінгенге
Шетелдерден ескі-құсқы теріп кеп.

Тозса-дағы құйғытады Тойотам,
Оза алмайды одан тұлпар,
Тай, атан.
Заман солай...

Қалдырып ед әйтпесе
Тойотаны
Қай отаның,
Қай атаң?!

Біреу андай,
Біреу, бәлкім, мұндай дер,
Өзін-өзі тек шындықпен шыңдайды ел.
Көшіп көрген көшелі жан екенсің,

Ауыз – біреу,
Құлақ – екеу,
Тыңдай бер!
Адам ұшып

Ай мен Марс, ғарышқа,
Түссе-дағы компьютерлер жарысқа,
Қара жолда талай тағдыр тәксимен
Кетіп бара жатқан жоқ па алысқа...

Бөлек-салақ көп сөмкелі мінді әйел
Кенелгендей базар барып табысқа.
Жайылып кеп, молынан-ақ жайғасты,
Үсті-басын пора-пора тер басты.

Әңгімесін қоя берді ағытып:
«Той жасаймын,
Қызығым, – деп, – алғашқы!
Құдай берген бір ұл, бір қыз бар менде,

Ондай балдар
Жоқ қой күллі әлемде.
Әкелері жастай қайтты,
Жеткіздім,

Ешкімнен де кем қылмадым
Шерменде,
Шүкір, міне,
Ұл үйленем деген соң

Шығып кеттім
Отыра алмай бөлмемде.
Қуанышты бөлісем деп халықпен
Шауып жүрмін

Оттай лаулап жанып мен.
Көптен күткен қызығымды тойлауға
Бес миллион қарыз алдым банктен!»
Жанды баурап

Жүретұғын жарқылдап,
Біздің қазақ,
Ақкөңіл ғой аңқылдақ.
Қазағымды айырбасқа бермеймін,

Басқа жұртты әкелсең де алтындап.
Бір шалқысақ
Шалықтап та кетеміз,
Әйел де отыр

Ағыл-тегіл
Таңқылдап.
«Көрші-қолаң күңкілінен қашам деп,
Күндегеннің көкірегін басам деп,

Бәрін жиып
Ығай-сығай
Жайсаңның
Ағайыннан,

Аймағымнан асам деп,
Жұлдыздарға ән салдырып бұл тойда,
Мал-мүлкімнің түгін қоймай шашам!» деп.
Болам десең,

Жаны таза, жарқын ұлт,
Көкіректі қақпаған жөн,
Халқым, ұқ.
Лепіргенде

Тәксиімнің төбесін
Тесе жаздап
Тоқтады әрең алқынып,
Түсті әйтеуір жеткеннен соң үйіне,

Бума, бума сөмкелерін артынып.
Бас шайқадым
Іштей ептеп мұңданып,
Болса қиын

Қызың – масыл, ұл – ғаріп,
Қарызданып той жасаған қате деп
Қанша айтсаң да
Ұғар ма екен бұл халық?

Кіріп кетіп кредитке өмірлік
Өз мойнына өзі салған бұғалық!
Жә, сонымен,
Келдім үйге іңірде,

Бала-шаға
Мәре-сәре, күлімдеп,
Шай-пәй ішіп,
Ашып қалсам телені,

Әйел отыр
Көп каналдың бірінде!

Жоқ бірақ та манағы екпін, қарқыны,
Өшіп қалған
Жанарының жарқылы.
Сөйлеп отыр жанындағы тілші қыз,

Бір жағдайдың сезіліп тұр салқыны.
Жәрдем сұрап
Жылап-сықтап келгесін,
Тілші қалай

Әйелге сөз бермесін.
Қарызға алған
Үйін салып кепілге
Жоғалтыпты

Бес миллион теңгесін!
Әрең сөйлеп
Экраннан зарлап тұр.
Жар сап жұртқа

Көзден жасы парлап тұр.
Қайда?
Қалай жоғалтқанын білмейді,
Жобалаумен

Жалпылама сарнап тұр,
Тапқан адам әкеп берсе,
Сүйінші
Дайын ғой деп

Үміт жібін жалғап тұр.
Бұл заманда кім апарып береді?
Дәтке – қуат,
Өзін-өзі алдап тұр...

Бітті әңгіме,
Экранға айқайлап,
Қаным қайнап,
Ашуымды, ал, лақтыр:

«Нең бар еді кредит ап кердеңдеп,
Барды ұқсатып
Дәміменен жан баққыр!

Шүкірлік жоқ
Күпірлікке бас ұрған,
Әй, ақымақ!
Сүйрер ме еді шашыңнан?

Моды,
Моды,
Деп жадылап жаһаннам,
Миың бу боп

Ұшып кеткен басыңнан.
Өмір құнын білетін-ақ жөнің бар,
Талай бейнет көрмеп пе едің жасыңнан.
Қанша айтсақ та

Ұқпайсыңдар...
Неліктен?
Асылық деп,
Тым асқақтап

Тасынған.
Жиған-терген дүниеңді аямай
Шашам деп ең...
Қалай екен шашылған?

Сен қатынға,
Шынымды айтсам, сол керек,
Таптың ба, ақыр,
Пиғылыңнан...

Осыңнан.
Сендейлерді керегі жоқ аяудың,
Қал, табаға,
Досыңнан да, қасыңнан!»

Әрең-әрең келдім тоқтап сабырға,
Ертеңіне жұмысыма бардым да,
Көз алдымнан кетпегесін кешегі іс
Көлігімді ақтардым кеп тағы да.

Дорба жатыр, орындықтың астында,
Ал, не дейсің,
Мұндай қызық тағдырға!
Аяғымен теуіп, теуіп, байқамай

Кіргізген ғой, түсіріп ап алдына...

Ашып қалсам...
Пәшкемен бес... мелион!
Мелшиемін,
Мелионға мөлием,

Ақша жатыр, арбап көзді құбылып,
Дегендейін
Ал, қанеки,
Кел, ием!

Есім шықты,
Айран-асыр ақылым,
Тыға салып,
Жүріп кеттім ақырын.

«Жақсы болды,
Қажетіңе жарат» деп,
Ұры дауыс сыбырлайды жасырын.
«Кісі ақысын жеп мұратқа жетпейсің,

Не болады, –
Дейді ұятым, – ақырың?
Әй, обал ғой,
Бейшараға обал ғой,

Болмаса да бірге туған жақының!»
Күні бойы әрі-сәрі,
Шыр-пыр боп,
Жанды қинап,

Өз-өзіме жүр, тұр деп,
Әдірісін сұрап алып теледен,
Іздеп келсем, отыр екен
Сұп-сұр боп,

Өзін-өзі сөгеді кеп аяусыз,
Сорасы аққан екі көзін «шыққыр» деп.
Мені көріп
Ұшып тұрды ербеңдеп,

Көктен түсті,
Шықты ма әлде жерден деп,
Екі қолдап бас салды да ақшасын,
Көпке дейін өзіне-өзі келген жоқ,

«Құр сүлдерім қалды, – деді бір кезде Тәуба, тәуба Тек әйтеуір өлгем жоқ!» Есін жиып, Көзін оттай жандырды, Ақылға кеп, Ақ алғысын жаудырды. Аппақ жібек орамалды Түйілген Сүйінші деп Разылықпен алғызды. Бауырым деп Ет жүрегі езіліп, Аттандырды Жан жылуы сезіліп. Құстай ұштым... Қандай бақыт Өзіңді Өзің сыйлау Адаммын деп сезініп! ІІІ Ей, жолаушым! Кеттім білем көп сөйлеп, Қайтем енді Бара жатса тоқ кернеп. Бір көкмылжың екен өзі деп қалма, Тамағы тоқ, уайымы жоқ, көк көйлек. Біздің тағдыр Қиын әрі қызық та, Бәрі болды, Жақсылық та, Бұзық та. 18-0045

Мына тас жол – менің жолым өмірлік,
Тартып келем
Жеткенімше сызыққа.
Мен де оқығам,

Бар жоғары білімім,
Ортан қолдай көп маманның бірімін.
Бес ауылдың мал шаруасын басқарып,
Бабын тауып

Өсірдім төрт түлігін.
Мыңғырған мал,
Сана мейлің, санама,
Әрең сыйып жүретін сай, салаға.

Жалмауыздай жалмап түгел жан-жағын
Нарық келді,
Мың құбылып замана.
Талай сұмдық істер болды ауылда

Ойлап көрсең,
Сыяр-сыймас санаға.
Табын сиыр,
Үйір жылқы бензиннің

Түтіні боп ұшып кетті ауаға.
Естен танып, құр сенделді қайран ел,
Қаншама жыл жиған байлық...
Шамала!

Құмға құйған судай болып сарқылып,
Қалқоз құлап,
Қалды халық далада...
Қара ормандай қараша үйді қиратып,

Қаңғып келдік ақырында қалаға!
Жәрдем сұрап көрдік жақсы-жайсаңнан,
Белді буып,
Өттік ептеп лайсаңнан.

Кіріп кеттік кәсіпкерлік әлемге
Саттым бір кез балық әкеп Зайсаннан.

Әйтіп-бүйтіп,
Нарықты да меңгердік,
Қиындық пен қызықты да тең көрдік.
Кейде табыс қар суындай тасқындап,

Сарқылғанда
Шөл кезгендей сенделдік.
Талаптанып,
Еңбек етіп жігермен,

Бірте бірте
Біз де оңалып, жөнделдік!
Иә, сәт деп
Іс орайын іздестік,

Ой жүгіртіп
Аннан-мұннан із кестік.
Беу, сәт сағат!
Кейде бар да,

Кейде жоқ,
Сәт сағатым
Маған да ақыр кездесті.
Бір себептен бір себепке жалғасып,

Дүрілдеттім
Дүниелік бизнесті!
Алдымыздан ашылғандай жол даңғыл,
Ақша деген

Секілді бір мол жаңбыр.
Орайласып бір жұмысқа бір жұмыс,
Идеялар
Қаптап оң мен солдан бір,

Жарнамалап
Жер жаһанға жар салдық,
Құлағымнан кетпейді әлі сол даңғыр.
Алғашқы боп,

Алға шықтық...
Алдамшы
Екен бәрі,
Әуейілік

Болжам құр!

Ей, жолаушым,
Сөз ұққаның ұнап тұр,
Ұғымталға ықыласым құлап тұр.
Еш адамға тіс жармаған сырымды

Саған ғана айтам бүгін,
Құлақ түр!
Жалған,
Жала,

Ғайбат сөз деп жынданба,
Өтірікте
Көк тиындық құн бар ма?..
Ту сыртымнан ұрды бір күн біреулер

Гаражымнан
Шығайын деп тұрғанда...
Көлікке артып,
Керіп, тартып көкпардай

Тастай салған
Ұрып-соғып зынданға.
Бір топ кісі
Тұрды төніп төбемнен

Көзімді ашып,
Есімді әрең жиғанда.
Жалтылдайды
Жандаралдың формысы,

Жанында өңкей еңгезердей зор кісі.
Жаутаңдадым
Жанұшырып мен байғұс,
Айтшы, кімнің

Келер дейсің өлгісі?!
Сұсты жүзді,
Суық көзді жандарал
Сөз бастады

Жендет құсап жанды алар.
«Жағдай жаман,
Түсінерсің айтпай-ақ,

Бала емессің
Мұндай іске таңданар.
Амалың жоқ,
Айтқаныма көнесің,

Қарсы болсаң,
Осы жерде өлесің.
Заңдастырып
Бар қағазға қол қойып,

Бизнесіңді
Бізге түгел бересің.
Үй-жайыңды,
Машинаңды өзіңе

Қалдырамыз,
Тәп-тәуір күн көресің.
Құжаттарды
Біз ақтарып

Дайындап
Әкелгенше жат осында...
Елесін
Өткен күннің екшеп, әбден ойланып

Тағдырыңның өзің шығар төресін!»
Тастап кетті...
Тау жығардай екпіні.
Қара жерге көрсеткендей тепкіні

Етіктері тарс-тұрс етіп еденге,
Езіп, жаншып
Жоқ қылардай «пешкіні».
Кетерінде

Кекете бір қарады,
Шекесіне
Баса киіп кепкіні.
Қорқыныштан

Қалтырады өн-бойым,
Тірі адамды аяйтұғын жоқ түрі.
Қараңғы үйде қала бердім қор болып,

Өтті зармен
Мен бейбақтың көп күні!
Шарасызбын...
Шамам келмей жемқорға,

Тоғыз айдай тарттым азап мен торда.
Таскереңмін,
Көрсоқырмын,
Мақрұммын,

Не болды үйде?
Елде?
Жерде?
Канторда?

Жетті бір күн
Сарт-сұрт етіп жандарал
Сақылдаған сары аязды қаңтарда.
Алдыма әкеп бума-бума қағазды

Тастай салды...
«Тағдырыңды ал, таңда!
Жұмыстағы сені іздеген құрбының
Кім құлаққа іліп жатыр міңгірін,

Айттық елге,
Көп қаржыны жымқырып
Жалмай берген
Толтыра алмай ындынын.

Үйіңе айттық,
Көтере алмай тойғанын,
Желік қуып
Кебін киіп жындының,

Қашып кетті дедік сені шетелге,
Көтермекке жас тоқалдың ырбыңын.
Саған күнде жаудырады нәлетін
Балаларың,

Сүйіп алған мұңлығың.
Шыңғырсаң да шыңыраудан шыға алмас
Шынжырлаулы шалажансар шындығың.

Бәрін реттеп
Қойдық жөнге келтіріп
Тірі жанға білдірместен ым-жымын.
Соңғы айтарым,

Қолыңды қой,
Айырбас,
Бизнесіңе –
Сенің өмір, тірлігің,

Я болмаса біржолата құртамыз,
Іздеп жатыр осы күні кімді-кім?!»
Сындым ақыр,
Мойынсұндым, бағындым.

Бар байлықтан
Баз кештім де,
Арылдым.
Сұрағанын түгел бердім қол қойып,

Ешбір жаққа келген де жоқ шағынғым.
Тақыр кедей болсам да аман жүрейін
Жандарында балдарымның,
Бағымның.

Елестейді
Элита боп жүрген кез
Бұлдыр-бұлдыр
Арасынан сағымның!

Өтірік те,
Өксу де жоқ сөзімде,
Бұл бір сынақ
Ауыр ма әлде жеңіл ме?

Кім біледі,
Жасадым ба асылық
Болып, толып
Балпаң басқан кезімде?

Сүйегімнен өтіп кеткен бұл қорлық
Мәңгі мұң боп қатып қалды көңілде.
Кейде менен бәзбіреулер сұрайды
Бір тұңғиық уайым бар деп көзіңде.

Оңай ма екен осыншама озбырлық Болып жатса туып, өскен еліңде?! . Сөйтіп бәрін артқа тастап азаптың, Жеткізер деп келешекте ғажап күн, Тәкси болып тартып келем, Тәуекел, Жол да өзімде, Рөл де өзімде, Азатпын. Қанын, Жанын Жаһаннамға сатпаған, Шүкіршілік, Мұсылманмын, қазақпын! Сау бол, достым, Қайрылмасын қанатың, Аман-сау жет Жеріңізге баратын. Кейде өмірдің өзі тәкси секілді Біреу мініп, Біреу түсіп қалатын! ҚИЯНАТҚА ҚАРСЫЛЫҚ І Жазсам ба, әлде Жазбасам ба Бұл жырды, Толғанумен Талай уақыт жылжыды. Дейді бір үн «Компьютердің заманы

Кім оқиды
Кітаптағы мылжыңды?!»
Өткен қайтып орала ма
Жазғанда,

Сот жоқ деген
Жеңімпазға,
Озғанға.
Мақсатың не,

Қай мұратқа жетпексің,
Ғасырлардың
Қасіретін қазғанда?!
Ғұмыр...

Уақыт...
Секілді ме қас қағым,
Еске аламын
Бұлағымның бастауын.

Кеше ғана
Қара сирақ бала едік
Қара жолдың
Аспанға атқан ақ шаңын.

Ақ самайлы
Ата болдық бүгінде,
Арынды шақ
Алыстаған ақ сағым!

Қайран өмір...
Қайнап жатқан қанбазар,
Жанталасқан
Жеткенінше жанға ажал.

Қара өмірдің
Қазынасы қайда екен,
Қиял қумай,
Тіршілікке сал назар.

Пәни,
Бақи,

Екі бірдей дүние,
Құдай берген
Несібесі мол базар.
Сол базарға

Қылмай шүкір, қанағат,
Адам неге
Бір-біріне берді азар?
Жер жаралып,

Адам адам болғалы
Одан асқан
Болды ма екен зор дажал?!
Қалай,

Неге,
Тәубасынан жаңылды,
Әр заманда
Зәрін төгіп

Қағынды?
Ауық-ауық
Ауытқыған ауыр ой
Ауып келіп

Ауыртады жанымды.
Тарихтағы
Қатпар-қатпар
Қиянат

Қайнатады,
Мұздатады қанымды!
Орман,
Тау мен

Мұхиттағы,
Түздегі
Обырлық пен
Озбырлықтың іздері,

Жүрегімді
Тіліп-тіліп өтеді
Үздік-создық
Қиянаттар тізбегі.

Өр елдердің
Өркен жаяр өскіні
Өртке оранып
Өкінішпен өшті үні.

Ой жүгіртсең
Өрнегіне тарихтың,
Керуен керуен
Қиянаттар көшкіні.

Бір тыным жоқ
Жанталасқан жер талас,
Жалт-жұлт етіп
Көзді алдаған төр талас.

Тіршілікті
Тауысқанша тартысып,
Өлген соң да
Тоқтамайтын көр талас!

Талай қауым
Қиянаттан жоғалған,
Зорлықпенен
Қоғам бар ма оңалған.

Дәл өзіңдей
Тірі жанды жылатып,
Адам,
Қалай,

Қорықпайсың обалдан?!
Талай дана
Жаны уланып,
Ойланған,

Талай тағдыр
Жалғыз оққа
Байланған.
Біздің дәуір

Мұз дәуірден басталып
От дәуірге
Өрт дәуірге айналған!

Жер бетінен
Жоқ қылғанда көп елді
Кәне,
Кімнің

Көсегесі көгерді?
Адамзатқа
Бәрін берді табиғат,
Ал адамзат

Табиғатқа не берді?
Бергені сол
Жансызға да
Жандыға,

Қорлық,
Зорлық,
Қырып, жою...
Даңғыра...

Бүкіл әлем
Тартылысы сияқты
Күллі адамдық
Қиянат та заңды ма?

Жалмаушылық жалауы боп
Жарғысы,
Баю үшін
Жұмылса да бар күші,

Оңбай жатса
Әлі күнге бұл өмір
Қиянаттан
Қор болғанның қарғысы!

Деген кімдер
Күш жеткенге зиян ет,
Қызармай ма
Жұрт жылатқан мына бет?

Тілемей ме
Қиянаттан күйгендер
Жылдамырақ
Келсе екен деп

Қиямет!

Қырып-жойған Күш жеткенді балталап Қанды жеңіс Тойға айналып салтанат, Ей, адамзат, Келесің-ау ұялмай Мыңжылдықтар Қиянатын арқалап! ІІ Күдікпенен Кешке батып Таңда үмітпен шығар күн. Қайшылығын, Құпиясын Дүниенің ұғар кім? Неге адамдар Бір-біріне Жасайды екен қиянат? Түсінбеймін... Түсінбей-ақ Өтетұғын шығармын! Салтанатпен Сапқа тізіп Баратындай базарға, Мундирлерін Жалтылдатып Жұлдыз шашып назарға, Барабанын Дауылдатып Алаулатып жалауын, Адам ұлын Топ-тобымен Айдаған кім ажалға?!

От добымен Орталарын Опырғанда шашылған, Қызыл қанның Дәл есебін Қалам жүрмес жазарға. Әскер сайлап, Сұмдық ойлап Төгіп елдің байлығын, Құмар неге Өзге жұрттың Көрін терең қазарға? Сол қуатты Мейірімге, Ізгілікке арнаса, Жоқшылықтан Арып-ашып, Адам Азып-тозар ма? Жер бетінде Үйсіз-күйсіз Болмас еді Ешбір жан, Жойылса егер Армиялар, Арсенал мен Казарма! ІІІ Қанша жанның Қанын төгіп сорлатқан, «Бұл қалай?» деп Сұрай қалсаң солдаттан: «Басшылардың Орындауға бұйрығын

Салтанатпен
Қойғам, – дейді, – қолды антқа,
Ат деп бұйрық
Берілгенде, амал не

Шегінетін
Жер қалмайды менде артқа,
Жауды жоқтап
Жыламаймын алайда

Мен оқ атсам
Маған қарсы ол да атқан,
Оның көзін мен жоймасам,
Ол менің,

Сүйегімді
Ақ сөңке ғып сарнатпақ.
Сондықтан да
Айтқаның жөн бұл сөзді,

Басшыларға
Жау іздеген жан-жақтан»
Таба алмадым
Бұл сауалдың жауабын,

Неге сонша
Қабағына қан қатқан?
Адам ұлы
Мыңдаған жыл тарихта

Бірін-бірі
Қырып-жойып зарлатқан?!
Ақырзаман
Алдында да, апырмай,

Қинамай ма
Ардың жүгі зіл батпан?!
Бұйрық – бұйрық,
Орындалмақ қалайда,

Бұлжымайтын
Темір тәртіп солай ма?
Біреуді ат деп
Бұйрық берсе бастығың

Қылмыскер боп
Қанға бату жарай ма?
Ол да өзіңдей
Ата-ананың баласы,

Көздеп тұрып
Бұйрықтан да ары ойла...
Тоқта, солдат,
Мылтығыңды түсір де,

Нысанаңда
Кім тұрғанын абайла!
Атаңды да
Атасың ба ат десе,

Отанды да
Сатасың ба сат десе,
Ажал оғын
Аямастан елге атып

Қырып тастап
Күнәға әбден бат десе?!
Болам деме
Уақыт өтіп, таза адам,

Арылмайсың
Нахақ қаннан, назадан,
«Біз бұйрықты
Орындадық тек қана»

Деген сөзің
Құтқара алмас жазадан!
Адам қалса
Астында қар көшкіннің,

Жоқ боп кетсе
Боранында көш құмның,
Амал қанша,
Тағдыр дейміз осындай

Опасы жоқ
Мына жалған бес күннің.
Өзегімді өртейтіні,

Адамзат, Өз-өзіңді Неге өлтіріп өштің мың? Бір патшаның Пәрменімен пәршелеп, Талай елді Өле-өлгенше өш қылдың, Өзге жұртты Езіп-жаншып, билеуді Заң жүзінде Дұрыс дейтін естің кім? Басып кір деп Бұйыруға басқа елге Правосы Болмау керек ешкімнің! Өз еркінше Өмір сүрген әр елдің Адамдарын, Азаматын әлемнің, Қырып-жой деп Бұйыруға әскерге Хақысы жоқ Президенттің, Корольдің! Көнелерден Көкейкесті күйді ұқтым, Сұрауы бар Әрбір соқыр бұйрықтың. Бар адамзат Ар сотына тартады, Барлығын да Қолы қанды биліктің! ІV Ар үкімі Жүрер ме екен күштіге, 19-0045

Тәкәппарлар
Тәубасына түсті ме?
Үлкен-үлкен
Ұлттар отыр үй салып

Аз ұлттардың
Аймағының үстіне!
Қалай болды
Ел біреудің отары?

Түбі отардың
Тау қопарар қаһары.
Отар деген
Бұтар сөзге сыяр ма,

Ол да өзіңдей
Адамдардың отаны!
Әділеттің
Таразысы тапсыншы,

Адамзаттың
Таңы тыныш атсыншы.
Қандай сөзбен
Боямалап қойсаң да

Басқыншының
Аты бәрібір
Басқыншы!
Қол жіберген

Жер түбіне қиялап,
Деп үйретіп
Балапанды ат, ұяны ат,
Көсемдерді

Көмкерсең де күміспен,
Баса көктеу
Қиянат қой,
Қиянат!

Мың құбылтып
Құйтырқыға салғанбыз,

Қиянатты
Мақтап,
Ақтап алғанбыз,
Қызыл қанды

Кешіп тұрып белшеден
Бір қызарып
Ұялудан қалғанбыз!
Аз халықтар

Қансыраса қорлықта,
Адам деген
Атқа лайық болдық па?
Жаным күйіп

Шырылдайды жүрегім
Үлкен-кіші
Қиянат пен зорлыққа!
Азғырады

Аздырады сенсеңдер,
Әзәзілге
Негізделген өлшемдер.
Қиянаттан

Қор болғандар күйініп,
Демей ме екен:
«Иә, қиямет,
Келсең кел!»

Жұта берген
Тоймай жұртты зындандар,
Жауға кеткен
Маңдай термен жиған мал,

Отқа оранып,
Күлі кеткен көкке ұшып
Көк сарайлар...
Ақ отаулар...

Вигвамдар...

Тәубәсі жоқ
Тырнақтың да, тістің де,
Көзі соқыр,
Көңілі тас күштің де,

Үлкен-үлкен
Мемлекеттер гүлдеп тұр
Үндістердің
Сүйегінің үстінде!

Тау мен орман,
Иен далада ерке өскен,
Сөзге сеніп,
Жан қиюға серттескен

Үндістердің
Ақырғы ұлы көсемі
Монтесума
Дос болыпты Кортеспен.

Алтын тәжін
Сыйға тартқан сол досы
Басын жұтып
Үндіс оты ерте өшкен.

Көгерген жоқ
Конкистадор сонымен
Кортестің де
Көкірегін көр тескен!

Өкініштен
Өртенсе ердің өзегі,
Өртегенге
Келер кердің кезегі.

Өліп кеткен
Өр үндістің кегіндей
Беріп кеткен
Темекі мен мерезі.

Кекті көсем
Келімсекке тік қарап,
Кеудесіне
Қадап кеткен сөзі еді:

«Менің рухым Сенен биік мәңгілік, Зеңгір көкті Емін-еркін кезеді. Жаныңды улап, Жындандырып күн сайын, Жүйкеңді жеп, Жүрегіңді езеді! От қарумен Судай шашып қанымды, Тартып алдың Байлығымды, Барымды. Сүйегімді Табанға сап сындырып, Қорқауларға Қор қылсаң да тәнімді, Баса-көктеп Жерімізді алсаң да, Жеңе алмайсың Менің азат жанымды! Малайлыққа Мойынсұнбас өлермен Менің рухым Өлмейді от жебеңнен, Құнын сұрап Қанын даулап елімнің Төнемін де Тұрамын тек төбеңнен!» V Кетер ме естен, Өшер ме тіпті Құрбан боп кеткен Зиялы аттары?

Орданы өртеп, Ұлысты жойып, Орманды отап, Ұяны атқаны? Ойран сап ойға Жанымды жейді Мыңдаған жылдың Қиянаттары! Жауабы қандай, Обалы кімге? Зауалы қашан, Сауабы кімге? Басталды неден, Аяғы қайда? Ұрлайды ұйқы Сауалы түнде. VІ Кім біледі, Тым шалықтап Тастық па, Жүргендейміз Айықпайтын мастықта. Сабыр, Тәуба, Қанағатты ұмытқан Не демекпіз Көп данышпан бастыққа? Тек әйтеуір Ағыл-тегіл той көрсем, Елді ойлаймын Құрбан болған аштықта. Осал емес Өңкей басшы кемеңгер,

Кемеңгерлер
Бұрынғы өткен берендер.
Онда неге
Нәрсіз қалып далада,

Аштан өліп,
Опат болды өрендер?!
Тағы соқса
Сондай содыр саясат,

Айла тауып
Оған төтеп берер ме ел?
Өзіңді-өзің
Құтқармасаң түбінде,

Біреу келіп
Құтқарады демеңдер.
Осы жайлы
Көрейікші ойланып,

Жылы жерде
Жал мен жая жегендер.
Қозғамасақ
Біз тарихтың терісін,

Болашақта
Оң бола ма өрісің.
Әдейілеп
Ұрындырды-ау аштыққа

Үлкен елдер
Бітпей келген кегі үшін,
Миллиондап,
Қырды ма екен

Халықты,
Ел жойылса
Босап қалар жер үшін?!
Ашаршылық

Адамзаттың жарасы,
Қу сүйекке
Толған қазақ даласы.

Талай ғасыр
Тіршілік қып өлмеген
Құба жонда
Құлан қуған бабасы,

Ер халықтың
Құтқаруға өзді-өзін
Қалай ғана
Келмей қалды шамасы?

Темір құрсау,
Шынжыр тормен басқыншы
Шырмап алып
Таусылған ғой шарасы.

Барлық малды
Сыпырып ап өкімет,
Қурап қалған
Қазан, ошақ, қорасы.

Қайтеді енді
Малмен ғана күн көрген
Аштан өлмей
Көшпендінің баласы?

Батырлығын
Бар әлемге білгізіп,
Бабалары
Өткен билік жүргізіп,

Қайран елім,
Қалай ғана жат жұртқа
Миллиондап
Қойды өзін қырғызып?

Бодан болып
Бөгде жұртқа бағынып,
Жандаралға
Жан қалар деп жағынып,

Құдайсыздар
Қауымына ілесіп,
Өз жолынан,
Тәубасынан жаңылып,

Кім біледі
Күнәһарлық қылды ма?
Күн көсемге
Тас құдайдай табынып,

Көрнектісін
Кәмпескелеп айдатып,
Киелінің
Назасына шалынып,

Астан-кестен
Аума-төкпе заманда
Ақыл-естен
Айырылып, қағынып,

Ақырында
Ұрынды кеп аштыққа
Арандатқан
Айлакерлер жабылып!

Ақылдының
Шектен шығып қулығы,
Аңқау елді
Аштан қырса сұмдығы,

Тағдыр бірақ
Оңдырған жоқ оларды
Кездестіріп
Қанды көбік жындыны!

Десек тағы
Ақыл-ойлы, саналы,
Көп ұлттардың
Көкірегі жоғары,

Керек қылмас
Қасіретін басқа елдің
Уақыты жоқ...
Жанталасқан қоғамы.

Миллиондап
Аштан өлді халықтар,
Қане, кімге
Нахақ қанның обалы?

Өшкен елді Кім түгендер баспа-бас? Есте сақта, Ескерткішін тасқа бас! Елестетші Қалғандарды көзіңе Айдалада, Аяздарда Аштан аш! Тойынғандар Жойылғанды ұғар ма, Басқа түссе Сондай іске шыдар ма? Боздақтар-ай, Қандай күйде болды екен, Ақтық демі Кеудесінен шығарда?! Кетпес, сірә, Көшкен өмір текке құр, Жетер бәрі Түп-түбінде шекке бір, Есеп берер Күннің күтіп кезегін Құрбандардың Өлмес рухы көкте жүр! VІ Өткен тарих... Ұрыстікі? Сауық-сайран? Жұмыстікі? Босқа кеткен уақыт деген Дұрыс? Бұрыс? Прустыкі? Тірі жанмен теңеспеген, Өктемдікпен өңештеген, Тәкәппарлар кердең қағып Ешкіммен де кеңеспеген.

Содан ба екен Шопенгауэр
Дүниені елес деген.
Елді билеп алдауменен,
Жерді илеген жалмауменен,

Шындық айтқан саналыны
Асып, атып, қорлауменен,
Дүлей билік қай мұратқа
Жетпек екен ойранменен?

Содан ба екен, атам қазақ
Дүниені жалған деген!
Соқтыруы құйынды отқа
Қанқұйлыға қиын боп па,

Орнатамыз әділдік деп
Езіп елдің миын ботқа,
Қилы-қилы тағдырларды
Құрта салу қиын боп па?

Мұнай қуған мұндарларың
Үймелейді тиын-боққа,
Тайраңдаған жалмап-жайпап
Мұндайларға тыйым жоқ па?

Қасіреттің тереңінде
Тұнған сыр бар өреліге.
Қан майданға балалары
Кетерде ана өбеді де:

«Жауды аямай жеңіп қайт» – деп,
Тілеп, бата бергенінде,
Дәл өзіңдей аналарды
Зарлатып кел дегені ме?

Ой жүгіртіп көрді ме екен
Қызыл қанды төгеріне,
Қырып-жойып басқа жұртты,
Баласы аман келеріне,

Белшесінен қанға батып
Бақыт, қызық көреріне,

Әділет деп, ақиқат деп
Шыныменен сенеді ме?
Ардан аттап өткен дөйлер
Жер тағдырын шешкендей ме.

Тіршіліктің түп-тамырын
Қас қағымда кескендей ме.
Дажал бомба жасағанда
Нені ойлады Оппенгеймер,

Хиросима, Нагасаки
Күл боп ұшып кеткендей ме.
Жойылудың шет-шегіне
Шерлі адамзат жеткендей ме?!

VІІІ

Ат ойнатып
Тыныш елдің жеріне,
Бөліп-жарып
Түр-түсіне, тегіне,

Ары қарай
Не болады, ал енді
Өшпенділік
Жеткен жоқ па шегіне?!

Жер серіктер
Кеңістікте неғып жүр?
Жұрт шошынып
Шыбын жаннан безіп жүр.

Планетаны,
Шырмап алған вирустар,
Ракеталар
Арлы-берлі кезіп жүр.

Іштен тынып
Полигондар, атолдар
Дайын жатыр
Жарылғалы атомдар.

Бөлінбесті
Бөлшектеудің зардабын
Бір-ақ сәтте
Тартқан жоқ па жапондар?!

Супермендер
Спецназдар бүгінде
Бөлеп-ақ тұр
Жердің жүзін дірілге.

Бірі жарып,
Бірі мінген кемені
Тұнық суды
Лайлап айлы түніңде,

Қанша халық
Харап болды тұншығып,
Теңіздердің,
Мұхиттардың түбінде!

Не көрінді
Кеуде соғып, есіріп,
Адамға адам
Соншалықты өшігіп,

Уға бөккен
Жаралы жер бетінде
Басқа шаруа
Бітті ме әлде шешіліп?

Жер сілкініп,
Дауыл соғып, күн ысып,
Мұзың еріп,
Озон жатыр тесіліп.

Өзіңе өзің
Қиянат қып келесің
Бір-біріңнің
Өміріңді өшіріп.

Өзіңді өзің
Жем қылмақсың қалайша
Өзің ашқан
Сұмдықтарға қосылып?

Күйіп-піскен
Көңілдегі кегіңді
Компьютерге
Киберлерге көшіріп?!

Милау қылып
Даңғазамен даңғырлақ,
Әніңді улап,
Мәніңді ұрлап,

Жанды улап,
Пайғамбарды
Мазақ қылып малғұндар,
Құдайға да

Тіл тигізіп «қалжыңдап»,
Арсыздықтың
Шектен шыққан түр-түрін
Экраннан

Лақтырады ырбыңдап,
Аз емес қой
Балалар да ақкөңіл
Саған еріп

Азып-тозған тырбыңдап,
Өздерін де,
Өзгені де аямай,
Сөзге келмей

Зиян жасап,
Қан қылмақ!
Зомбылықтан,
Зомбилаудан заманды

Зұлымдықтың
Зәрі жерге таралды.
Жау-жарағын
Жалақтатқан «жақсылар»

Жөндейміз деп
Қырып-жойды «жаманды».
Жүгенсіздік
Жоймасын де Жер шарын,

Адамзат боп
Ойла одан да аманды.
Жер-Ананы
Сақтау үшін жұмылып,

Жарасыммен
Жұмса қайрат, амалды.
Айтыс, тартыс,
Жолыңды ізде,

Тек қана,
Ей, адамдар,
Өлтірмеңдер адамды!
Зәузатыңнан

Өшер ме екен қан дағы,
Қандай болар
Көрешегің алдағы?
Қайта оралып

Соғар түбі өзіңді
Жұртқа істеген
Жамандықтың салмағы.
Қияметке

Кетпейді деп қиянат
Айтушы еді
Біздің елдің шалдары!
Жетіп тұр ғой

Жер мен көкке зейінің,
Неге сонша
Тарылады пейілің?
Ай-әлемді

Құтқарса тек құтқарар
Иман, үміт,
Ізгілік пен мейірім!
Тағылықтан

Тамыр жайған мұз ғұрып,
Тартса-дағы
Мың құйтырқы, жүз қылық,

Адам қылып Сақтап қалған адамды Өмір мәні, Көңіл нәрі – ізгілік! Тіршілікті Қалтыратса ызғырық, Қатыгездік Айлағында жүздіріп, Құбыжық боп Мүлде құрып кетер ме ек Жер бетінде Болмаса егер ізгілік! ІX Сырыңды айтшы, дүние, Сырғанап қайда барасың? Зауалға батқан заманның Таптың ба опа, дауасын? Шыныңды айтшы, адамзат, Асығып қайда барасың? Ажалдан басқа алдыңда Асуды қандай табасың? Түсінбей қойдым, амал не, Немене жұрттың қуғаны? Алдамшы елес секілді Даңғаза мақтан думаны. Шүкірлік қылмай тәңірге Табысты қуған толағай, Адамнан асқан бар ма екен Араны толмас қомағай?! Жер-Ана – ортақ үйіміз, Кім оны сонша улады? Не болар екен алған соң Ақырғы түйір уранды?

Тәубаға келу қиын-ды,
Ұмытқандарға құдайды.
Қайтеді екен жұтқанда
Ең соңғы тамшы мұнайды?

Тынар ма екен көңілі
Ақырғы дәнді сатқанда,
Қуырып отқа Жер шарын
Ең соңғы жанды атқанда?

Тыйылар ма екен жын ойнақ
Дүние – жарық сөнгенде?
Қиналар ма екен жанды ойлап
Қиямет қайым келгенде?

Уайымдап Жердің тағдырын
Қандай деп алда көресі,
Сабырмен тәуба қыласың,
Ие деп құдай, төреші!

КӨККЕ АТЫЛҒАН КӨКБӨРІ

Қайтпай келген
Ештемеден беттері,
Диірменді
Үйіргендей лептері,

Вертолетпен аңға шықты бір күні
Бір топ дөкей
Дию құсап көктегі.
Ен далада

Еркін жүрген еркелеп,
Түз тағысын қуалады
Желкелеп,
Тар-тар етіп

Заманасын тарылтты
20-0045

Төбесінен
Төніп алып вертолет.
«Мықты болсаң,
Көздемей-ақ нақтап ат!»

Дейді,
Кезек сақылдатып автомат,
Жұтады кеп арасында вискиден
Мергенсің деп бірін-бірі мақтап ап.

Оқпен тесіп көк желкесін,
Бүйірін,
Қанға бояп
Кең даланың қиырын,

Жанталаса қашқанымен
Құтқармай,
Қырып салды
Көкбөрінің үйірін.

Адам неге
Қанға құмар?
Айтарға
Тіл жетпейді...

Ал өздері байқар ма?
Жылыстады
Жараланған көкбөрі
Қары қалың

Ұңғыл-шұңғыл ойпаңға.
Ай-күндері
Туғандай боп оңынан,
Қызыл қанды

Сорғалатып қолынан,
Шайқалақтап,
Сай қуалап,
Қиқулап,

Көкбөрінің
Қуды келіп соңынан.

Жерге тақап,
Бір қырындап,
Ағындап,
Арлы-берлі

Өтеді атып,
Тарылдап...
Қансыраған
Жалғыз бөрі

Күрт тоқтап,
Қарды қауып
Алды бір сәт дамылдап.
Содан кейін

Көкке көзін қадады,
Ашу-кегі
Аспан, жерге тарады.
Өлім тілеп

Өлерменге өштескен
Ырылдады ол,
Борандатып даланы!
Кеудесіне

Сыймай соғып жүрегі,
Тырнақтары
Қарға қарыс кіреді.
Көктемірді

Бір тигізші қолыма,
Деп тәңірден
Жылап тұрып тіледі!
Бұлтқа асылып

Шығып алған басына,
Тарылдақты
Келтірші деп қасыма,
Шырқырады

Шыбын жаны шын тілеп
Азуларын қаршылдатып,
Ашына!

Түкірігі
Тесіп өткен от-пері,
Саған қылар
Қайрат, амал жоқ па еді?

Көктен түскен
Көктемірге кектеніп,
Көкке шапшып
Атылды кеп көкбөрі!

Айналмалы
Қалақшасы зырылдап,
Бастарына
Қонғандай-ақ бүгін бақ,

Өр аңшылар
Мазақтайды қасқырды
Қаны қайнап
Шапшып тұрған ырылдап.

Кім біледі
Қандай түлен түртіпті,
Әлде, бәлкім,
Аң киесін үркітті?!

Құлап түсті
Қас қағымда салдырлап
Қалағымен
Қағып кетіп күртікті.

Азуларын қайрай берді көкбөрі,
Ашу-кегі қайнай келді көкбөрі,
Қарға батқан
Қас жауына мініп ап

Көктемірді шайнап өлді көкбөрі!..

ҚЫР АСТЫНДАҒЫ ҚҰЛЫН

Ойпаң жердің
Сыздау шөбін
Жалаңаяқ далада

Басып келем
Елестегі
Ұқсап ерке балаға,
Шегірткелер шыр-шыр етіп,

Ала қанат көбелек
Көлбеңдейді...
Жарты ғасыр
Өтпегендей арада!

Көбелектер...
Көмкерілген,
Қандай ғажап көрікті ең,
Шегірткенің шырылымен

Көбелектің
Билегенін көріп пе ең?
Көлп-көлп етіп,
Ала қашып

Алабұртқан көңілді
Алуан түрлі сәнмен алдап,
Төңкеріліп желіккен,
Қанатымен қағып өтіп,

Шақырады жарысқа,
Жүрек тулап,
Қызғанмен қан,
Баяғыдай қуа алмаймын

Неліктен?! .
Туған жердің
Жұпар иісі
Күрсіндіре береді,

Өткен күннің
Өшпейтін бір
Естелігі көз алдыма келеді...
Бала күнім,

Қырға шықтық
Әке-шешем, үшеуміз.
Көктем туып
Сарғалдақтар

Шешек атқан кез еді.
Гүлдің иісі,
Шөптің иісі,
Жердің иісі аңқиды,

Кеудең толып,
Көңіл шалқып,
Дүниені кезеді.
Қырда біздің биеміз жүр

Шідерлеулі,
Қосақталған құлыны,
Таусылмайтын қызық маған
Құлыншақтың қылығы.

Құшақтасам,
Тұмсығымен түрткілейді
Бүйірімді қытықтап,
Жал-құйрығы бұйра-бұйра...

Көзі – көлдің тұнығы!
Әкем күліп
Көк биенің басын сипай ұстады,
Күрпілдетіп

Көк шелекке шешем сауа бастады.
Аппақ сүттің
Көбігіне
Көз ала алмай қараймын,

Саумал иісі аңқығандай...
Құлын тулап,
Мені сүйреп қыстады.
Емгісі кеп

Енесіне
Ұмтылғанын байқадым,
Сонда-дағы
Жібермеймін,

Жер табандап тартамын...
Әке, шешем көкжиекке
Қарағанда күн сала,
Шелекті әкеп

Құлынымның
Тұмсығына тақадым...
Мамам ұрсып,
Қымызды айтып

Жұлып алды шелекті.
Әлі күнге құлағымда
Күлген даусы папаның...
Кітаптағы

Қызыл әскер
Орыстарға еліктеп,
Жирен қасқа құлыншақты
Мен Орлик деп атадым!

Құлыншақты
Бір қуаныш, құт көрдім,
Ата-анам да
Талабымды құп көрді.

Бағып-қақтым,
Жал-құйрығын
Сипап, тарап мәпелеп
Жем жегізіп,

Бөтелкемен,
Емізікпен,
Сүт бердім.
Аңыз болған өткендердің

Ойға оралтып өрлігін,
Елестетіп
Ел қорғаған
Батырлардың ерлігін,

Кең даланы дүбірлетіп
Емін-еркін еркелеп,
Ойға, қырға
Орғып-орғып

Ойнап өсті Орлигім!
Көп жылқының ортасынан
Шауып келіп тұратын,

Қойыныма жұмсақ жылы
Тұмсығын кеп тығатын,
Ерінімен алақанды аймалап
Сүт дәметіп саусағымды соратын.

Құлыншағым
Өсіп, малдың
Болды жүйрік ардағы,
Құйғытқанда

Бұрқырайды
Ен даланың шаңдары.
Ай-хай, шіркін,
Балалық шақ алаңсыз,

Бақыт күтіп
Күнге ұмтылған алдағы...
Суға кетіп
Оқудағы жан ағамыз Мейрамбай

Сол бір жазда
Біздің әулет
Жоқтау айтып зарлады.
Он тоғызда опат болды,

Тоқтап арман-көшіміз...
Ойран болды
Жан дүние,
Жүрек, ақыл, есіміз...

Қап-қара боп
Сөнді жарық күніміз...
Қасіретпен
Қан жұтқызды түніміз...

Күңгірт тартып бүкіл өмір,
Кең дала мен төңірек,
Жай түскендей
Бір-ақ сәтте қала бердік зеңгіреп.

Ағайынмен әкем барып
Алматыдан әкеліп,
Алты күнде
Ақтық жолға

Аттандырдық еңіреп.

Сүйеу болды
Біз бейбақтың
Құлағанда арысы,
Қолдан-қолға

Көтерісіп
Елдің жас пен кәрісі,
Зар мен сабыр...
Құлағымнан әлі күнге кетпейді,

Жоқтау айтқан анашым мен
Иман айтқан молдалардың дауысы...
Уақыт өтті...
Ес жиғасын есептерін түгендеп,

Әке-шешем ойға батты
Қарыздарын берем деп.
Басқа мал жоқ,
Сойып сатса Орликті

Жабады екен бар шығынын түгелдеп,
Ата-анама болмайды деп
Жыламсырап мұң шақтым,
Тағдырына

Тұлпарымның елеңдеп.
Анам жылап
Бір сипады басымнан,
Қайтейін деп күрсінді әкем,

Әжімдері тереңдеп...
Аштықты да,
Соғысты да,
Бейнетті де жеңгендер

Ойлап па екен
Мұндай қайғы көрем деп...
Амал қанша,
Басқа жол жоқ...

Бірақ та,
Айта алмадым
Мен бұл іске көнем деп.
Түніменен

Әр нәрсені алдым дейсің ойыма,

Тартсам деуші ем
Батырлардың сойына,
Тұлпар мініп,
Ту ұстасам деуші едім,

Марқұм ағам мазақтайтын
Қарап ал деп бойыңа,
Әсем әбзел-тұрман салып төгілтіп
Барсам деуші ем

Қалың елдің тойына,
Енді, міне,
Ертең соймақ атымды,
Өзімді-өзім қайраймын кеп,

Мойыма,
Мініп алып
Жер түбіне қашып кетсем қайтеді,
Иесіз арал...

Тау менен тас,
Орман, тоғай қойнына?! .
Бір жағынан,
Жүдеу, жадау

Ата-анамды аяймын,
Темір заман таршылығы
Көне қоймас ойныңа...
Ертеңіне

Алып келді ойнақтаған Орликті
Балуан тұлға жылқышылар
Қыл арқан сап мойнына!
Езуінен қан бұрқырап,

Қып-қызыл боп
Көлдей тұнық жанары,
Қыл арқанмен арпалысып,
Шыңғырды да,

Кенет маған қарады,
Қарады да тына қалды...
Мен де тұрмын қалшиып...
Кім біледі

Еске алды ма жануар,
Еркін жортқан даласы мен
Еркелескен баланы...
«Тоқта, тоқта!

Тоқташы, аға!»

Деп ұмтыла беріп ем...
Жарқ етті де
Өткір пышақ
Орып түсті...

Тамағын!..
Көрген кісі бір қарайтын қызығып
Күлтеленген құйрық-жалы сүзіліп,
Кете барды бір күрсініп

Көк жайлауға жануар,
Менің дағы көңілімде
Кетті әлдене үзіліп...
Бұл бір тарих,

Бастан өткен, көз көріп,
Тағдыр сырын сездік,
Бәлкім, сезбедік...
Туған жердің

Ой мен қырын аралаймын сағынып
Ойпаң басқа,
Ой да басқа,
Өңір кеткен өзгеріп.

Бір-бір жұмбақ
Әр адамның көңілі,
Қатпар-қатпар
Қазына ғой өмірі...

Жел сипаса
Жұп-жұмсақ боп тиетіндей бетіме
Жирен қасқа құлыншақтың еріні!
Қарасаң да талай жылдар

Қуанып та,
Мұңдана,
Тебіренте берер бізді
Сырға толы бұл дала...

Кейде маған елестейді
Кетіп бара жатқандай
Қыр астында
Құлдыраңдап

Бір құлын мен бір бала!

МАЗМҰНЫ ӨЛЕҢДЕР Бала күнгі жұлдыздар...........................................................3 Жер-Ана, жолдан айныма! ....................................................5 Шүкірлік.............................................................................7 Заңдылық...........................................................................7 Екі жол...............................................................................8 Қайран елім.........................................................................8 Қазақтың баласымын............................................................9 Жылым – жылқы... ........................................................... 10 Ақын................................................................................ 11 Іш пен сырт........................................................................ 12 Жұмбаққа толы дүние......................................................... 13 Басыңды көтер... ................................................................ 14 Шаршадым деме... ............................................................. 16 Өмір сынағы....................................................................... 16 Бір-ақ сөз........................................................................... 17 Күйіп-піспе........................................................................ 19 Сабыр................................................................................ 19 Шың................................................................................. 20 Шөлейттегі дарақ............................................................... 21 Нөмір мен өмір................................................................... 22 Тарихты қопару.................................................................. 24 Заңғарлар.......................................................................... 26 Менің атам... ..................................................................... 27 Ата мен арқа...................................................................... 28 Айналайын аналар.............................................................. 29 Балдырған......................................................................... 30 Ескі үйдің орны.................................................................. 30 Ауылдың ақ самалы............................................................ 31 Қара қазаққа мадақ............................................................. 33 Дәрігер.............................................................................. 34 Мұғалім............................................................................. 34 Өзін жеңген....................................................................... 35 Жастарға сұрақ.................................................................. 35 Ғажайып күй..................................................................... 37 Сен ешқашан өзгерме.......................................................... 37 Айдай балқып... ................................................................. 38 Кеңістік............................................................................. 39 Жан жылуын сеземін.......................................................... 40

Ару мен арба...................................................................... 40 Айтылмай қалған сөз.......................................................... 41 Қымыз құйған қыз.............................................................. 41 Манас жыры. Қырғыздан келген хат..................................... 43 Невада – Семей. Қомызшы қыздың күйі................................ 45 Ақ халатты ару................................................................... 46 Ару мен ақ қайың............................................................... 49 Аңсау................................................................................ 50 Қанат................................................................................ 51 Ерлік пен ессіздік............................................................... 52 Батырлар жыры................................................................. 53 Жоғалмайды ана тілім......................................................... 53 Сарын............................................................................... 54 Домбыра............................................................................ 55 Даңғылдар......................................................................... 56 Қазақ өлеңі........................................................................ 57 Қазақ пен компьютер.......................................................... 57 Каратэ мен қара өлең........................................................... 58 Өнерпаз............................................................................. 58 Мойындауды мойындамау.................................................... 59 Қағида мен қара өлең.......................................................... 63 Бұқар жырау мен Бродский.................................................. 65 Өтіріктің аты – өтірік.......................................................... 66 Үйірлі өтірік...................................................................... 66 Шындық............................................................................ 68 Сөз бен іс........................................................................... 69 Көше тазалаған кісі............................................................. 69 Біздің заманның геройы...................................................... 71 Бір үш күн... ..................................................................... 72 Тұман................................................................................ 73 Өз ісім............................................................................... 73 Өкпе.................................................................................. 74 Түркістан.......................................................................... 75 Ескерткіштер..................................................................... 76 Неге сонша?....................................................................... 76 Жеңіс пен жеңіліс............................................................... 77 Сатты ма досың... ............................................................... 79 Досың жоқ па... ................................................................. 80 Ешкімді ешкім түсінбейді.................................................... 81 Жалғыздар........................................................................ 81 Тіршілік айналымы............................................................ 82 Тамшы.............................................................................. 83 Монша.............................................................................. 83

Кеуде керіп... .................................................................... 84 Дүние кең.......................................................................... 85 Қорықпа өлімнен... ............................................................ 85 Адастырмас темірқазық....................................................... 86 Сәресі................................................................................ 87 Күзгі бақ............................................................................ 88 Көкше. Қысқы орман.......................................................... 88 Сырлы Көкше..................................................................... 89 Қарағай............................................................................. 90 Самырсындар..................................................................... 91 Ай Көкше.......................................................................... 91 Жұмбақ жер....................................................................... 92 Көшкен бұлт. Көңіл............................................................ 92 Аспан................................................................................ 93 Қиялым кезеді ғаламды....................................................... 94 Аппақ қар.......................................................................... 94 Әр адамның әлемі............................................................... 95 Өмірдің өзі... ..................................................................... 97 Өмірдің заңы – өту, заты – жұмбақ... .................................... 99 Қысқа қайырымдар........................................................... 100 ЖЫРЛАР Аңыз бен архив және аспан................................................ 117 Пайғамбар мен қаһарман................................................... 119 Айкөл Манас пен Ер Көкше................................................ 121 Байғозының жебесі........................................................... 130 Тама Есеттің табаны.......................................................... 136 Керей Ер Жәнібектің көңілі мен көк дөнені.......................... 137 Олжабай батырдың өркені.................................................. 141 Марал ишанның аманаты................................................... 145 Айғанымның айласы......................................................... 148 Ағайынның өкпесі............................................................ 149 Балуан Шолақ пен Иманжүсіп............................................ 151 Жел сыбырлаған шындық.................................................. 157 Салық молданың өсиеті..................................................... 160 Жәкежан болыстың жайсаңдығы........................................ 161 Молда мен НКВД.............................................................. 162 Оспан батырдың марапаты................................................. 164 Әбсәләм қажының жауабы................................................. 165 Жыраудың жыры............................................................. 167 Манас пен Мұхтар Әуезов................................................... 168

Кедейден шыққан кемеңгер............................................... 183 Зерлі сөздің мергені.......................................................... 185 Қоңыратбаевтың қоңырауы................................................ 188 Мәліктің мейірімі............................................................. 189 «Жас қазақ» әні. Төлеген мен Рамазан................................. 199 Жұмабек батырдың жұлдызы............................................. 201 Өткеннің өнегесі............................................................... 208 Ескі қыстаудағы ертегі...................................................... 213 Қызыл қаулы мен қызыл сиыр........................................... 214 Әпшу мен аупартком......................................................... 216 Гүлбанудың биіктігі.......................................................... 219 Айқынның Айдыны.......................................................... 226 Жарықтық Ғафекең.......................................................... 228 Тұрсынбектің дархандығы................................................. 230 Әбілсейіттің көргенділігі................................................... 232 Бекет атаның үйі.............................................................. 234 Шәймерденнің құрбандығы................................................ 237 Ғарыш қазағы.................................................................. 238 Сауал мен сауап................................................................ 244 Ән үзілмесін..................................................................... 245 Чак-чаги.......................................................................... 246 Ағамен сырласу................................................................ 248 Мұстафаның мұңы............................................................ 250 Қайта туған қазақ............................................................. 253 Еркетай Жомартовтың жомарт көңілі................................. 256 Қария мен қарлы шың....................................................... 258 Оразада қайтқан әже......................................................... 260 ПОЭМАЛАР Тәксидегі тағдырлар......................................................... 262 Қиянатқа қарсылық.......................................................... 280 Көкке атылған көкбөрі...................................................... 305 Қыр астындағы құлын....................................................... 308

Редакторы Ботагөз Мұхиден
Техникалық редакторы Эльмира Заманбек
Көркемдеуші редакторы Жеңіс Қазанқапов
Корректоры Аяужан Рысқұлқызы

Компьютерде беттеген Ақерке Сқақова
«Фолиант» баспасы
010000, Астана қаласы, Ш. Айманов к., 13
«Фолиант» баспасының баспаханасында басылды

010000, Астана қаласы, Ш. Айманов к., 13
Басуға 18.04.15 қол қойылды.
Пішімі 60х90 1/16. Қағазы офсеттік. Офсеттік басылыс.
Шартты баспа табағы 20,0.

Тапсырыс №0045. Таралымы 2000 дана.
Баянғали Әлімжанов

ШЫҒАРМАЛАРЫ

Шексіз ғалам, мен сенің бір бөлшегің...
І том
Өлең-жырлар мен поэмалар

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙