Айман-Шолпан. Пьеса
Мұхтар Әуезов
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Қазақтың заңғар жазушысы, қоғам қайраткері Мұхтар Әуезовтің шығармашылығы XX ғасырдың қайталанбас құбылысына айналды. М.Әуезов шығармаларында халықтың тыныс-тіршілігін, арман-мақсатын, тарихи болмысы мен бүгінгі келбетін көрсетіп берді. Алғашқы жылдары жазылған көркем туындыларында елдің тұрмыс-т...
4 перделі, күйлі пьеса
Бірінші нұсқасы 1934
УАҚИҒАҒА ҚАТЫСУШЫЛАР:
1. Маман — Жетіру ішіндегі үлкен бай. Дәулет қажы. Неше жұрттың саудагерімен тамыр-таныс. Үйіңде ұлықтар да болады. 2. Айман — оның үлкен қызы, сері ақын, би қыз. 3. Шолпан — кіші қызы, ерке тентек. 4. Көтібар — Шектінің ру басысы. Батыр. Қара барымта, кара күш, ескіше зорлықтың адамы. 5. Арыстан — Көтібардың інісі. Ақын. 6. Теңге — Көтібардың тоқалы. Өр, ерке мінезді сұлу. 7. Әлібек — Айманды жаңа да айттырғалы жүрген күйеу. Әнші, саудагер бай жігіт. 8. Өзбек жігіті — Биші. Керуен басысының баласы, мырза. 9. Қоқан саудагері
10.чиновник — Орынбор төресі. Орыс. П.Биші орыс әйелі 12. Әнші орыс әйелі — Бұқар Қоқан сарайларына татар, өзбек саудагерлері әкетіп жатқан әйелдер. 13. Жарас — той иесі. Шөмекейдің қуы. 14. Ақын (Жантық) – мақтау-сұраудың ақыны. Шөмекей. 15. Қария — той иесі. 16. Тағы бір қария – Көтібардың ақсақалы 17. Шекті ақыны
Жігіт нөкерлер, қыз нөкерлер, саудагерлер, тойшылар.
І ПЕРДЕ
Сахна: Үлкен той боп жатқан ауылдың үсті. Алыста көп үйлер. Сахна ортасында сәнді, кестелі үлкен үй. Маманға тігілген үй. Жаныңда жалғаса тігілген жібек шатыр. Үй ішінде Маман, өзбек-татар саудагерлері. Шатырда, үй жаныңда қызық қуған, тамашаға жүрген жас-кәрі, ұрғашы, еркек. Табақ-табақ ас әкеліп жатқан табақшылар. Сырттағы жұрттар әрлі-берлі қарасып даурығады. Айман қасыңда нөкерлері қыздар, жігіттер және Әлібек. Оның да қызыл, жасылды сәнді киінген жолдастары бар. Үкілі домбыралы әнші Жантық бір ауыз он салады. Бір топ тойшылар шулап, даурығып шығады. Алдында Жарас.
І көрініс
Жарас. Уа-ау, жараңдар-ау, мынаны да бір көрмессің дер ме? (күліп, нұсқайды. Қатын, қыз, бала-шаға мазақтап күліп шығады. Ортада бөлекше боп сәукеле киген бір қу да шығады. Үлкен сақалы бар, үлкен денелі, басында киіз сәукеле.) Мұндай сұлу да көргенің бар ма, сірә (Отырғандар тамашалап күліседі Жантыққа) Уа, мынау Шөмекейдің бас құдасы, мырзалығын неге мақтамайсың, жағың қарысқыр-ау! Шолпан (Ақынға). Айт! Шапанын аяп сәукелеге көміпті ғой. Сілейте айт! (Күледі) Аяма!
Дауыстар. Айт, айтып жібер!
Ақын (Жантық, қу да бұрылып қарағанда).
Уа, құдаға кел жамағат көз салайық,
Жарастық сән тұрманын біз санайық.
Маржаны құмалақтан құрым шелек
Қамшыны жібек бауға шамалайық.
(Жұрт күледі)
Аты-жөнін бұл құданың сұрамайық.
Сый екен әлде кімге баламайық.
Бұлтыйған әне бірдей сақалына
Деп қана тоқтайық "болды лайық"!
(Құда бұлқынады, жұрт күліп итермелеп алып өтеді.)
Жарас (Жантыққа кекетіп, мысқылдап). Уай, бар болғыр, бұ жақсы кісінің ажарын сақтау дегенді білсеңші бір, сен де. Сый құдаға сыпайы сөйлемейтін бе? (Тағы бір құданы шығарады. Беті құртпен сипаланған. Жалтақ-жалтақ қарап ыржыңдайды.) Ал, мына кісіге не бетіңді айтасың? Тіпті ең үлкен сый, сыпайы, маңғаз ісісі өзі, осы кісі. Тұрысын қарашы! Әнекей тіпті жазығы жоқ. Ал, не дер екенсің енді!
Дауыстар. Айт, айт! Тағы айт ақын!
Ақын.
Уау, құртты бай, құйрықты бай, бауырлы бай!
Қыр арқаң келемежден жауырды ма-ай!
Енесін ол арқаның ұрасың ба,
Ит жаласа тойғызам бет-аузың май.
(Жұрт күліп итермелейді. Шолпан ерекше қызықтайды. Қатты күледі.)
Жарас (Жантыққа қарап). Түу, түу сарамас! Саған ба? Әй, сірә, дауа болмас (Бесікке бөлеп бір құданы сүйретіп шығысады. Аяғы салақтап жатады.) Ал, енді осы сәбидің не жазығы бар? (Жұрт күледі Жантыққа) Бірақ, сен бе, сен осыған да бірдеме айтасың әлі, көзің жаман. Біліп тұрмын.
Шолпан. Айт, аяма. Тонын аяйтын неме ғой!
Ақын.
Уа, әлди-әлди, әлди-әлди, бөпем-ай,
Қайдан кеткен сені тастап көкең-ай,
(Жарасқа домбырасын нұсқап белгі қып)
Түбегін құрғат, шүмегін түзеп жіберші
(Жарас түзейді)
Уа, кіп-кішкене, шүйкедей болған шөкем-ай.
Жұрт күліседі, сол кезде біреу бүркіт, біреу қоян боп пантомима жасап, екі кұда ойнап өтеді. Бұларға қарсы ақын соқтыртып күй тартады. Аналар күймен пантомима жасайды, балет үлгісінде.
Маман. Бәтір-ау, мынау не деген өнерлі құдалар! Шетінен ойын ғой өздері!.. Шолпан Айманға) Әкем қызыққаннан екеуміздің бірімізді осы Шөмекейдің құдаларына беріп жүрмесін?.. Әлібек. Тұра тұр, сені береміз!.. Осы бір жақсы бүркіт болатын күйеу табайыншы саған...
Шолпан (Еркелеп, тентектеніп). Жә, болды. Саған күйеу тауып бер дедім бе?
Әлібек. Е, қызығып-ақ отырсың ғой анау бүркітке, құдай, қаніки! (Күледі.)
Шолпан. Қой сөзді, немене өзің үлкен кісілердің алдында сүйреңдеп болмайсың, не қылған тәйтік күйеусің? (Тымағын басып көзіне кигізіп қойып, қолымен басып отырады.) Дауыс. Уа, тағы бір қызық құда келеді... Бәлем, билеп келеді... Қара жорға... Қалмақтың қара жорғасы... (Ақын соқтыртып "Қара жорғаны"тартады, құда жақсылап жорға болып билеп өтеді.)
ІІ көрініс
Жұрт сейіліңкіреп қалғаңда Маман қасыңдағы кәрия
Кәрия. Уай, Жантық, енді мына байлардың көңілін көтер! Байта сөйлесеңші.
Жарас. Өздігімен неге сөйлемейді Бұл. Әлде көңді батырды барып мақтағысы келіп отыр ма? Ана жақта Көтібар келіп, түсіп жатыр деген.
Әлібек. Е, Көтібар болса, батыр болса қайтушы еді.
Шолпан. Батыр, батыр деп бізден артық па екен оның сән тұрманы?
Жарас. Жоға дейім-ау, әншейін!
Кәрия. Е, баяғыдан батырды, бекті мақтап болдың ғой, түге. Ендігі балуан да, бағлан да мына отырған бай. Бір Дауыс (оқшауырақ тұрғандардан). Я, батырдікі не? Шауып алады! Байша жебей-жебей сауып алады. Екінші дауыс. Қызыл бұзау жылбысқа деп, есебін де тауып алады (Жұрт күліседі.) Жарас (Соларға жақындап қоса күліп). Я, би қалай алады? Шаңға аунатып сөзбен алады.
Екінші дауыс.
Бай ма? Құлаштап қамтып
Бөзбен алады ...
Жарас.
Одан қалған бар болса,
Таразысы, безбені алады.
Әлібек (Айман-Шолпанға). Батыр, би деп бір қоймайды, сірә, бізге калған бар ма?
Айман.
Неге олайша дедіңіз, Әлде сізде арман бар ма? Әлібек. Бәсекеде арман кеп, Арылатын дәрмен бар ма?
Шолпан (кекетіп күліп). Е, байғұс дәрменіңе не бопты?
Әлібек.
Шолпан жан, айта берсек сөз көпті, Ойланған ұғар себепті.
Айман. Жарайды, тоқтатайық бұ кепті ... Шолпан (Айманға). Апырымыз не бопты (тентектеніп, жылдамдатып) Бір сөзін жыр депті.
Бір мінезін қыр депті (Әлібекті итеріп ойнап.)
Осында сен келмедің, Тіпті, әлде неңдей сыр кепті...
Айман. Шолпан, жетті, жетті...
Маман.
Айман жан, сөйлетсеңші ақынды, Тыңдайық та біз кепті.
Дауыстар. Сөйле, сөйле, баста, Жантық, сөйле ақын.
Ақын.
Уа, жел сөздің енді келсін бас иесі,
Сөзімнің байда қалмас несиесі.
Өзі алған ойды-қырды байым Маман,
Шалқып тұр шартарапқа несібесі.
Қоса артты жас періге Әлібектей,
Қан базар мол сауданың қас иесі.
Бақты алған батырдан да, бағланнан да,
Бір өзі бірдің өзі деші-деші.
Ағылған уысына аймақ малы,
Демейді келеріңде кеші-меші.
Шырмаған Жетіруды саудасымен,
Әлібек аттандырған несиеші.
Ежелден сен жемімсің, сен тоятшы,
Деп айтар, зорлық қылдың десе иесі.
Қан жосып қызыл торғын мол мүліктің,
Айман жан, сен отырсың жас иесі.
Атағың көтеріп тұр Маманды да
Мол бақтың жастай алған мас иесі (тоқтайды.)
Шолпан. Айт, тағы айт!
Дауыстар. Айт, айта түс!
Жарас. Ежелден де бүтін емес, жарты Жантық ең. Олқымды толтырам ба деп жамбастап жүрсің-ау. Барыңды мұнда төгіп, ана Көтібардың сыйынан құр қалма. Батыр келгенде ненді айтасың? Әлібек. Осы кім сүй деп тұрған? Бізден артық кім екен жарылқайтын бұны. Мырзамсытқаны Көтібар ма? Маман. "Қу ағашқа әлем байлап әулие" дегенін қояр ма десеңші Бұл қазақ (Күледі, қошеметшілері қоса күледі.)
Жарас.
Қап, қап, болмас,
Уа, жарар бәсекесіз бай болмас.
Малдың күші оңай ма,
Күш айтқызбай ол қоймас (Әлібектерге естірте)
Бірақ, Көтібар да күшті ғой,
Егеске ол да тоймас.
Шектінің аты Шекті де,
Зор атын сірә жоймас.
Әлібек.
Шекті болса қайтейін,
Жетіру қашан бос қалды,
Айтты той бай орайын
Қу ағаш па деп салды.
Жарас.
Есітпес пе Көтібар,
Бітпестей оған кек қалды.
Маман.
Көрсетсейші Көтібар,
Сән-салтанат қызығын.
Әлібек.
Болмаса Шекті бос мақтап.
Жүргендағы бұзығын.
Жарас.
Батырды біреу шүйлесе,
Байлықтан қорқып іркілмес;
Жетіру, Шекті шайқасып,
Боп жүрмесін бір күндес.
Шолпан. Ендеше өзің айта бар,
Боп апсың ғой сен үндес.
Жарас.
Ал, іздеген сен болсаң,
Сұрағаның болсын дес (Көпке оқшауырақ.)
Жый! Көп момақан саған не! (көптің хоры)
Ыстығына күйме,
Суығына тоңба,
Көр де тұр, тыңда,
Әлің жетсе алда.
Біріне-бірін шыңда.
Обал болар деймісің,
Жыңды ұрсаң жынға?.. (құтырынып, күліп, жұртты еліртіп)
Ал, олай болса мінеки,
Ұр тоқпағым, тоқ-тоқ.
Олар ма? Шоқ-шоқ,
Ал, бір бай мен бір батыр
Бір есек, бір қошқар,
Бір теке, бір серке,
Жекпе-жек, жек, жек,
Түрт шайтан түрт,
Үрит, соқ-соқ, Үрит, соқ-соқ! (Жөнеледі.)
Дауыс. Тойға ел ағылып жатыр. Aт шабатын мезгіл жақын. Бұ жұрттың осы араға ғана үйілгені несі? І Кәрия. Той той ма, Маман, Әлібектің жүрген жері той боп жатқан жоқ па? Сән-салтанат өзге ақау. Көрем деп үймелеп жүр көбі.
ІІ Кәрия.
Қызы анау, нөкері мынау,
Үйі де сай бопбоз-ау.
Дауыс. Уа, бір сәнді топ келеді ... Топ. Сері ме, салдар ма?
І Кәрия. Уа, Арыстан екен ғой. Бұл да нөкерімен. Өзі батыр інісі. Ақын ғой мұнысы.
Әлібек. Көрмегі асыл Аймандай.
Айман (Айман хоры).
Көріп бізді не қылсын,
Тұғырдан Айман тайғанда.
Әлібек (Әлібек хоры).
Тұғырыңды кім апты,
Нені айтасың қай-қайда.
Айман.
Кім біледі, әйткенмен,
Бұрынғыдай жай қайда.
Шолпан (күліп).
Емексіме, әпкем.
Рас айтасың тегіңде,
Кеткен дүние келместі,
Құлашты құр жайғанға.
Әлібек.
Рас айтыпсың, Айман жан,
Дұрыс екен қойғанда.
Шолпан апты тұғырды,
Апаның атын сіңілі,
Сүйтіп келіп жойғанда. (Нөкерімен Арыстан шығады.)
І Кәрия
Уа, кел қарағым, Арыстан!
Арыстан. Аманбысың, кәрия,
Құтты болсын тойыңа
Айта келдік алыстан.
І Кәрия. Бәрекелде, ризамын,
Құрметіңнен қалыспан.
Арыстан. Дос елімсің
Шөмекей, Ертеде атам табысқан.
І Кәрия.
Досыңды дос деп бек тұтып,
Жауыңды да шабысқам.
Әлібек.
Ал, мырза, орын міне Қош келіпсің!
Шолпан.
Егерде Айман десең (Арыстан отыра бергенде) Бос келіпсің.
Айман (Шолпанға әзіл қып).
Апаңнан сондадағы қаупің бар-ау,
Ұмытпай қайта-қайта ескеріпсің.
Арыстан (әндетіп).
Рас сөз, іздегенім сұлу Айман,
Көріспек тілеуде едім мен талайдан.
Қыйғаш сөз шығып қалды сіңіліден,
Бұл бөгет туып еді әлде қайдан?
Сен едің даңқың асқан кішкентайдан,
Дәмелі мен емес пе ем, құлаш жайған.
Тарқаған жәрмеңкенің базары ма,
Айман жан, өзің толға болған жайдан.
Айман (әнмен).
Сөзімді мен нетейін салып епке,
Айтарлық жөн бар ма екен налып, өкпе.
Бұл мезгіл қандай мезгіл жөнін айтсын,
Мырза деп кезек бердім Әлібекке.
Әлібек (Шолпан әнмен).
Уа, бейнелеп мен айтайын, мезгіл жайын,
Бұл дәурен шалқып жатқан айдыңдайын.
Жалғыз қу сол айдынның ақ еркесі,
Балатқан бір өзіне күн мен айын,
Шұбыртқан Бұл өлкенің бағлан байын
Сөзімде қате болмас көпке дайын,
Толқынып пісетұғын кезі жетіп,
Іздепті ау сонда жалғыз теңді сайын.
Несіне одан әрі бейнелейін,
Бәрібір дәурен өтті деп демейін,
Шұғыла боп, сол қуға біз құлпырыппыз,
Батыр ем, ақын ем деп мен не дейін.
(Әлібек, Шолпан күліседі.)
Шолпан (Айманға).
Әпке-ай, тапқан жарың әуре ме еді?
Әлібек жездем десем сәуле ме еді? (Жұрт күледі.)
(Арыстан өз жігіттерінің хорымен Шолпанға).
Қарағым, саған шақтым мен мұңымды,
Күні өткен, мынау неткен дәурен еді?
Шолпан (Қыздар хорымен).
Жоқ, кезеген аяқ сен болсаң да,
Ілінер жөргем мен емен.
Арыстан (хормен, әзіліие).
Биім болсаң нетеді,
Әділ сізде теңеген?..
Шолпан (хормен жылдам).
Машайығың мен емес,
Сүрінгенді демеген.
Айман, Әлібек (бірге).
Жарамасты, Шолпан жан!
Сый құрбыны шенеген.
Шолпан (Хормен, ерке тентек пішінде).
Өзің-ақ бол жақсы атты,
Жалынғанды жебеген.
Арыстан (хормен).
Шырағым, неткен асау ең,
Тістегіш те тебеген (өз-өзіне, жалғыз.)
Айманға сай сіңілісі,
Жақсы еді мынау не деген?
Айман. Арыстан мырза, жолыңыз бізден,
сый-құрбы қонағымыз болыңыз
(Орын беріседі. Жарас шығады.)
Шолпан (Ақынға қарап күліп).
Мына байғұсты кім жантайтып кетті?
Сөйле. Мына әпкеме айтатын сөзіңді бітіріп, сыйыңды ал.
Дауыстар. Айт, айт! Әлібек. Айманға, Айманға арна сөзіңді.
І Кәрия. Уа, кәне, бәрекелді, Айманға, Әлібекке айт. Жаңа қосылған жаңа тілеу Бұларға айтпай, кімге айтарсың құрғыр сөзіңді...
Ақын (Жантық).
Уа, Жетіру Шөмекей мен, Шектісі де
Бай, батыр, мырза, сері, тектісі де,
Ұсынса қолы жетпей талып жатыр,
Айман жан шыдай алмай тепкісіне.
(Жарас Арыстан қасындағы ақынға ым қағады)
Арыстан (Өз ақынына). Орайын қайтар мынаның.
Жантық. Бөтенге Әлібектей бұйырмаймын,
Теңі жоқ бұдан өзге жат кісі де.
Талай жан жалын жұтып, тас шайнаған,
Жолды алған Әлібекке, кекті ішінде
Құдалық сұрай келіп сауға берген, .
Өңім бе бұл көргенім түсім бе?
Бәйге алған, ту құлатқан желді аяғым,
Қаракөк қырата озған бестісінде
Әлібек, Айман болып таңыңда атар,
Маман бай бір түлесін ескісіңде.
(Айман тоғыз ғып сый бергізіп жатады.)
Шекті ақын (іле жөнеледі).
Кез болдым сен екенсің ақын Жантық,
Сыйыңды құшақтай бер қысып-қамтып,
Сөз беріп, сөзін сатып алып жатыр,
Жантықта не қалсын енді тамтық.
Еліңнің ережесін бүгін таптық,
Сөйлейтін бойға өлшемей сөзін тантық.
Тыйынғат ебеніңмен мақтана бер,
Жетіру, сірә, өлер ме әрі тантып.
Әлібек (Жантыққа).
Ендеше, оның мақтан қылған жерін білесің той,
қорғанба, жаса сен де шабуылды.Арыстан. Бұл дағдыда жоқ еді ғой,
Әлібек мырза.
Ақындар өздері екшесуші еді,
тартуға шапқаның неткенің?
Әлібек. Жоға, тіпті осы батыр, батыр деп құлағымызды жасытатын болды.
Айман. Қой, олай демеңіз!
Арыстан. Ә, солай ма? (Жарасқа) Жарайды олай болса батырдың өзіне хабар бере ғой. Өз құлағымен естісін мына Әлібек мырза айтқызған сөзді (Жарас кетуге айналады.) Жарас. Е, мына сығырға амалың болса қылшы, мұны да шаптап қойыпты ғой (Кетеді.)
Әлібек (Жантыққа). Айта бер ... Бас!
Жантық.
Шектіге бір кесел бар ерте қонған.
Ол кесел бірде толып, бірде солған.
Елеріп құр шоқпармен шонтай қағып,
Арам тер, әлін білмей, әлек болған.
Сол іспен адамың жоқ сірә де оңған,
Көргені кезуіл ме құрдым жолдан?
Тыныштық та, байлық та мол Жетіруда,
Қай Шекті қазына көрді уыс толған?
Батыр деп, айдар тағып елерткенің,
Жем іздеп, күңдіз-түні маңын шолған.
Шекті ақыны. Жетіру сөз шығардың бойыңа ерсі,
Құтыртқан мына сөздің буын көрші.
Түлен түртіп бара ма, қайда кеттің,
Қанеки, білгеніңді тағы терші.
Болмаса шыдамасаң жайыңа өрші.
Базарға қойыңды айдап, орысқа ерші.
Сонда да қатулансам шұбыртармын,
Ер болсаң, осы сертке қолың берші.
І кәрия. Қой енді, қойсаңдар қайтеді осы шиеленіспей... Біз Шөмекей арадағы момын елміз. Екі ағайын екеуіңмен де сыйласпыз, сүймейміз осы күрең қабақ болғаңдарыңды... (Көпке): Істің бәрін осылар, Болымсыздан бастайды. Аяғы таудай қосылар, Көпке әкеліп тастайды. Дауыстар (хормен). Көптің қандай қасы бар, Бір Маман, бір Көтібар. Тілесе жесін бір бірін, Көпте олардың несі бар.
Жылдам басып, Жарас келіп тұра қала сөйлей жөнеледі.
Жарас.
Уа, Маман бай, сіздерге,
Көтібар батыр жіберді,
Мен сонымен кеп тұрмын:
"Уа, Жетіру мен Шектімін,
Осал емен кектімін,
Маманменен көптімін.
Жөнге келсе ептімін,
Жөніне жөндеп көшпесе,
Қыйыса алман кектімін.
Тойға келсем қойыпты,
Шөмекейдің шеткі үйін.
Лайығым менің ол емес,
Түсуіме аламын,
Өзгені емес, ордасын,
Маман байдың деп тұрмын", – дейді.
Маман (ашулы). Уа, не деп тұрсын, жексұрын?!
Жарас.
Мен қалыспын тек тұрмын.
Бірақ, көріп келдім айтайын:
Ұнатпадым бет түрін.
Әлібек.
Тигізбей-ақ қой септігін (ашулы.)
Өзім-ақ басам ептігін.
Арыстан (Айманға).
Шығар бар ма жамау боп,
Сөзін айтар ептінің.
Қойса қайтеді тиюін,
Қытығына Шектінің.
Әлібек (Ашулы, Айманның қолын қаға беріп).
Тау жығатын селдей боп,
Қарашы мұның екпінін.
Жарас.
Пай-пай-пай-ай, екі нар,
Қағысқан соң не амал бар.
Арада қайтіп өлмесін,
Енді сорлы шыбындар.
Тағы да айтпай болмай-ау,
Ызғары жатыр сөзінің,
"Құтыртқаны буы ғой,
Деп айтады бөзінің". (Маманға)
Байеке, жасырмай-ақ қояйын,
Сыртына теуіп алыпты.
Түк біткенін өзінің:
"Мойнына мініп апты дейд,
Шөмекей мен Жетіру",
"Құлақ қақпас өзінің" (Маман Әлібекке жалтақтай.)
Әлібек. Қорғанбаңыз, беріңіз тіленген жауабын!!
Маман (Көтеріліп).
Бар олай десе айта бар,
Ойда ұлық, қырда қыруар малым бар,
Қарсыма менің шықсыншы,
Қу кедейлік әлім бар.
Әлібек.
Уа, Орынбор,
Қатырымпар, Пытырымпар!
Жағалай сонау шарлар бар,
Лықылдаған ұлық бар.
Өрекпуін қоймаса,
Таутаңдаған шолаққа,
Кісенді қара құлып бар.
Жарас жөнелді. Арыстан тұра береді, нөкерлері де қозғалады.
Арыстан ашулы.
Арыстан (Айманға). Айман, саған амандаса келіп ем, мен сый-сыйпатқа тойдым... Айман (Орнынан тұрып). Арыстан, заманы бір құрбы едің. Орайын тауып өршітпеуіңді тілеймін.
Арыстан. Жоқ, мен кінәңнен арылдым ...
Айман. Тентектік бізден ...
Шолпан. Қойшы әрі жалынбай, күймесе жарылып кетсін (Арыстан ашумен қарап, жүріп кетеді.) Әлібек (Шолпанды арқаға қағып). Жарайсың, бос тентек емес, есің бар, намысың бар тентек (Отырған жігіттеріне.) Шақыр мұнда төрені. Қызық сауық ойын көрсін (Саудагерлерге) Уа, қонақ саудагерлер, керуен басылар (аналар шығады.) Әкпеліңдер бар тамашашыларды... Әншің, бишің, ойыншың. Мен сауық-салтанат бастайын. Бұл өңірдің елі естіп көрмеген тамашаны көрсетейік. Қақалтайық ондай түк көрмеген кедейді (Саудагерлер, жігіттер кетіседі.) Аздан татар гармоншысы, өзбек жігіті, кернейшілер шығады. Татар саудагерлерінің жанында сәнді киінген екі Европа әйелі. Беттерінде келтелеу жібек перде. Өздері де жібекке оранған. Олар орындыққа отырады. Бәрінің артынан сап-сары ала төреұлық шығады. Үндемейді, жұрттың бәрі тұрады. Әлібек, Мамаңдар, саудагерлер ыздрастыйыздрастый! деп иілгеңде басын изейді де, Маман қойған орындыққа отырады.
І Дауыс. Уай, мынау әйелдері кім?
І Кәрия. Уа, мына Қоқан, Бұқар хаңдарының сарайына бара жатқан сұлулар ... Саудагерлер апарады.
Дауыстар. Япырым, не дейді, астау не дейді?
Маман (Ұлыққа). Тақсыр мына осы тамаша көрсетеміз сізге! (Төре үндемей басын изейді. Әнші жігітке) Саламбек, сал әніңді мына ұлыққа!
Әнші (Бір ауыз ән салады).
Орынбор, Тройцкий үлкен базар,
Жігіттің желді аяғы сол жерде озар.
Отырмай үйкүшік боп, айналшық жеп,
Шын жүйрік ұлы топта шылбыр созар.
Саудагерлер. На, яхшы гәп ... Яхшы ... Тогры сөйләй ... Тоғры ... Бәрәкалла. Сонда ашумен қатты басып Көтібар жетіп келеді. Артында Арыстан Жарас, ақын, тағы кәриялар. Отырған жұртты қарап қайта отырады. Әлібек тұрмайды. Көтібар ашулы. Сәлемді жөндеп алмай әншіге түйіліп. Көтібар. Қані, сен не айттың мен туралы? Не айтқызды саған Маман?.. Қайта айтшы міне менің жүзіме?..
Арыстан. Ол емес ... Бұл әнші... Ақын мынау отыр ... (Жантықты көрсетеді.) Көтібар. Кел бері!.. (Жантық орнынан тұрып жалтақтап жақындай береді. Көтібар айналаға түйіле қарап.) Жетіру, саған тіл бітейін деген екен! (Жантыққа) Сен судан шыққан судырақмет, базардан шыққан бір-екі ауыз мәтеліңмен мені тұсамақ бопсың ғой. Сөйлеші жаңағы айтқаныңды!
Әлібек (қатты). Айт, неменеге тұрсың!
Маман. Айт, олай болса, тілегені қарнына.
Жантық (құлшынып).
Ендеше, біз егесіп көрген едік,
Шектіге орай жауап берген едік.
Мақтаны қара шоқпар ұр да жық деп,
Батырын сіздей, сіздей терген едік.
Соңынан саудалы бай ерген едік,
Жетіру біз өзге елден сергек едік,
Туласық шамданбаса тентектері,
Ә, десе – мә, деп сыйын бермек едік?!
Көтібар (Маманға бұрылып). Ендеше ме?!
Тұра тұр Бұл бәйгіден атым келсін,
Келгенін күрең аттың жұртым көрсін.
Не көрсең де көрерсің қылығыңнан,
Кінәлі бөтен емес, өзім дерсің.
Әлібек. Баста! Жүргіз түге ойындарыңды...
Татар гармоншысы. Тептіртейік, тептіртейік дүниесін,
Уай жаным Гүлзәйнәп!
Юрә мә икән сағызын чәйнәп...
Саудагерлер (Шулап күліп).
Бәрәкалла!.. Бәрәкалла!..
Жарас (Көтібар айнала бергенде).
Бұл елдің ойын дегенін көріп кетсеңізші, батыр-ау...
(Көтібар тоқтайды. Жұрт орын береді.)
Әлібек. Уа, тағы, тағы кім бар?!
Әнші қыз (Орысша романс айтады. Айта тұрып пердесін ашады).
Көтібар (Қыз ән айтып тұрғанда). Не оттап тұр мынау?
Жарас.
Уа, дүние жалған,
Ел деген міне сорлының,
Басы кетіп қалған,
Заманның бір сыры,
Маманның бір қыры да бұл.
Көтібар (Дауыстап).
Лыры адыра қалсын! (Маманға)
Уа! О заманнан бұ заман,
Ыздырайтынға мәз болып,
Есі кеткен сен Маман.
Жоқ ырымды бастапсың,
Қалмасын сірә қамтамаң.
Ұзатқан қызың орыстан!
Тыраштан жетсе бар шамаң! (.Ызамен қарқ-қарқ күледі.)
Өзбек жігіті (Сырнай-керней тартылады. "Ха, иран ха ынан ма " деген бәйітті айта жүріп биледі. Айнала отырған саудагерлер әдеттегідей қолдарын соғып отырып, кеуделерін ұрады).
Жарас (Кәрияға, Көтібарға естірте).
Маман тапқан түр мынау,
Қолына қамтып алғасын.
Кеше ғана жүруші ед,
Шықырлатып арбасын.
(Биші қылмыңдап, қас-қабағын ойнатып, Көтібарға тақап өтеді.)
Көтібар (ашулана бастап). Тарт, айуан! (билеп жүрген жігітке) Өй, айуан!
Жарас.
Бұзылған заман осы да,
Батырдан дәурен қалғасын.
Тоздырмай елді қояр ма?
Құтыртып бүйтіп алдыңа
Басынтып жынды салғасын!
Көтібар. Ой, айуан!
Бәлем, Маман, тұра тұр,
Сірә, осы той тарқасын,
Егескен боп істеп тұр, Ұлыққа тіреп арқасын (Биші тоқтайды, жұрт у-шу.) Әлібек. Кім бар? (Саудагерлерге ым қағады.) Биші қыз (Балет биін билейді. Саудагерлер тұрысады.)
Көтібар. Тәйт найсап! Тәйт найсап!
Жарас (Алыстан қолымен басын қорғаштай беріп әдейі). Басар ма екен тәйірі! Басымызға ойнатты-ау. Әлде қандай маржансың!
(Биші қыз Көтібардың тұсына келіп, аяғын көтеріп қалады).
Көтібар (Бұрынғысынан да ашуланып отырған, сапысын жұлып алып, тап береді). Жарып тастайын, малғұн! (Қыз жығылып қалады. Көтібарға бірінші кәрия жармасады. Ұлық атып тұрып, аспанға мылтық атады).
Ұлық. Эх ты, дикарь!
Көтібар (тепсініп). Сен қыйқар ...Кімге атасың мылтықты?
Ұлық. Что такое ты говоришь?
Көтібар. Што такой боса, што татой, қалай-қалай құтырасың?
Ұлық. Как ты имеешь мне говорить қалай-қалай?
Көтібар. Қашан шақырып ем мен сені талай-талай! Қытығыма тие берсең тірсекке сабап айдап тастармын.
Ұлық. Ты понимаешь, ведь это искусство?
Көтібар. Үсті үстіне шылсың (Біріне бірі ежірейіседі.) Немене, көзіңді тұздай қып, қорыққан серкеш борбайланған неме! (Маманға) Маман, Маман, осы тойдан соң көш соңынан жаяу шұбыртпасам, Көтібар атым құрсын. Маман. Уа, қоймадың ба? Күймесең өртеніп кет ... Күнің өткен білдің бе? Қу найзалы, ту шолақты, қу кедей ... Көтібар. Не дедің? (Ұмтылады, жұрт жібермейді.) Баққан малың мінеки. Ертең алам жосылтып, ашпадың ба көзіңді. Қу бас.
Маман. Садаға кетсін бар балаң. Айманым мен Шолпанымнан ...
Көтібар. Әй! Құтырған әкесін. Тыйынға табынып, бөз құшақтаған бақал ... (тепсініп тұрып.) Күш қылғаның қыз, күйеуің екен той, ендеше, со қызың менің қатыным ... Міне сертім. Ертең екеуін де әкетем ... Қорлығын-ай, бұның, маған қыр көрсетіп... (Жөнеле береді. Артынан Арыстан да ереді).
Айман (Ұмтылып). Арыстан, құрбылық қарызың қайда, тілеймін, тый мынаны.
Арыстан. Мен арылғам ...
Айман ах ұрып жылап қалады. Шолпан ашуланып жұлқиды.
Шымылдық
ІІ ПЕРДЕ
Дала. Түн. Аулы шабылып тұтқында келе жатқан Айман-Шолпан. Барлық сән-салтанат, жасау, жабдығымен көшіріп келеді. Жарық айдың астында 3-4 ақ шатыр. Аспанда жұлдыздар, бір-екі жерде жағылған от. Айналасында қарауытқан адам, Көтібардың қолы. Әр жерде тасқа сүйеген найза-шоқпар. Шатырдың біреуі Айман-Шолпандікі, бергі үлкен шатыр. Екіншісі Арыстандікі. Үшіншісі әрірек Көтібардікі. Айман, Шолпан шатырларының алдында, биік орында қалғып отырады. Иықтарында жібек шапандары, бастарында кәмшат бөрік.
І көрініс
Айман (Басында жалғыз айтады. Ән).
Сұм дәурен қайда баттың сайрандаған,
Қызықты күнім қайда жайраңдаған.
Жағаға толқын ұрып, демін құрып,
Ақ шабақ болғаным ба қайраңдаған,
Іште дерт, мыс қазандай жай қайнаған,
Жолы боп жаудың жүзі жайнаңдаған.
Толас жоқ, әлі есітем әкем даусын,
Артымда күңіреніп, Аймандаған.
Балаңды жау әкетті жалмаңдаған,
Жаныңда қошеметші қалбаңдаған.
Үріккен осы еді ғой апам сорлы,
Есітем, үнің келеді Аймандаған.
Шолпан екеуі. Баласы ек
Маман байдың мыңды айдаған.
Қызығын көл дүниенің ел жайлаған.
Сұр жорға, қара жорға теңселдіріп,
Тұрманға меруерт, маржан, зер байлаған.
Қан базар шашылдың ба гүл жайнаған,
Өсіп ек қаққы көрмей жау жайлаған.
Шабынды олжасы боп, құлын тайдан,
Тұғыр боп, кетеміз бе жау жайлаған.
Аз тымтырыстан соң зарлы үн шығады.
Айрылу зарын ескі бәйітпен айтып келе жатқан өзбек жігіті... Сахнаға шығып, Аймандарға жақындап келіп, тұрып тағы жырлайды.
Айман.
Не айтады екен, Бұл байғұс!?
Үні қалай шерлі еді!?
Шолпан. Қу Көтібар зарлатқан,
Бұ да біздей сорлы еді. Айман.
Басқа бір дерті бар шығар.
Болмаса бұл сапарға,
Күйіндім, біттім дер ме еді!?
Шолпан. Сапар ғана дейсің-ау,
Көрем деген жер ме еді?
Әттең. ұл боп тумадым.
Кеудемді құса кернеді...
Өлер-ақ ем бүйткенше,
Тілекті құдай бермеді...
Айман.
Қойшы, бүйтіп сөйлемей,
Егізде туған бауырым,
Күйігің мені тербеді.
Жарас.
Қосылдым-ау, мендағы,
Үндеріңді есітіп,
Шын маңдайым терледі.
Айман (Жарасқа).
Ақыл айта, табарың бар ма, жаным-ау?
Қысылдық қой.
Жарас.
Ең әуелгі ақыл, иықтарың түсірме! (Аяғын кердеңдеп басып.) Әншейін үнемі былай кердең бас аяқтарыңды (Шолпан күліп жіберді соған қарап.) Міне, осының дұрыс, сен күліп тентектене бер. Шолпан. Ой, жынды (Күледі.) Жарас Міне, міне бәрекелді, бұның әмбе дұрыс. Айтам ғой осы, түбі сен мал боласың.
Айман. Қойшы, қылжақты, тіпті ойының қанбайды екен.
Жарас. Жоқ, Айман жан, шын айтам мұны, осы паң болып, елеме ештемесін. Шыбын шаққан құрым көрме (Көлбектейді. Шолпан қозғалғаңда, Айманға жылдам жақындап кеп.) Онан соң, онан соң тағы бір ақыл бар (Айман аңырады.) Тап со жерді ойласаң өзің табасың. Айман (дәмеленіп жайланып). О не? Жарас. Е, кәні, кәні... Ойла, ойла!
Айман. Алыс па, өзі жақын ба?
Жарас. Тәңірі, алысты қайтейін қолға түспейтін!
Айман. Енді қайда?
Жарас. Я, ойлашы, ойлашы осы айналада. Айман. Осы айнала? Ұқпадым. Жарас. Ал, міне жағалай терейікші! (Саусағын санап.) Байбатша ма? (Айман басын шайқайды.) Рас, оның қолынан не келеді. Шолпан ба? (Айман түңіледі) Жо, о да болмайды. Ал, мен бе? (күліседі) Жо, мені де жылы жауып қой! Тіпті, тіпті осы айнала өзі. Тәйір, қойшы тіпті таба алмайды екесің ғой? (Айман Арыстан шатырын нұсқайды). Айман. Мынау ма?
Жарас. Пәле. Пәле... Бәсе, үйтпесең Айман боламысың?
Айман (ренжіп). Не деп отырсың? Дос екен десем, қаспысың өзің, әлде кімсің?
Жарас. Айман жан, олай деме... Айтқаным айтқан... Тек осы жерге қармағыңды бір салшы (Айман ойланады.) Ойлан, ойлан ... Япырау, енді осының есебін таппасаң несіне жүрсің. Қойшы тіпті!
Көтібар (шатырынан шығып Айман жаққа қарап).
Болмады, пай-пай, болмады,
Айманды құшпай, уа, дүние!
Көкіректе арман толмады
(Аюдай қалбаң-құлбаң етіп.)
Қоңыраулы найза қолға алып,
Қоңыр салқын төске алып.
Тоятын қыран болжады...
(Жақындап кеп Жарасты көріп қалып)
Ұйықтамас па, бұл мұңдар.
Талай заман өтпеп пе ед,
Түн ортасы болғалы? (қайтадан жөнделіп aп.)
Ай, Жарас, бер жүр, бермен
Жарас (өтірік қалбаңдаған боп). Мені шақырдың ба, батыр?
Көтібар. Қысылдым-ау, беу Жарас! Екі бірдей түн өтті. Көңілге құса толғалы.
Жарас. Не дейді, ойбай-ау? Ас батпай жүр ме? Бұл, асқазаның ба ауыратын?!
Көтібар (Ашуланып). Ой, асқазаның бар болсын! Асқазаным кісі жесем де батырады!.. Саңдалғаны несі!..
Жарас. Енді несі?
Көтібар. Уа, тұқымың құрғыр, қыз!!. Қыз!!. Жарас (қарқылдап күліп). Ойбой, сорым бар басым, мынау ма еді... Рас, рас, барып тұрған мықты жау екені де рас. "Қамал бұзған салмағым, қыз алдында қаңбақтай болды" депті ғой әлгі (ұмытып қап жылдамдатып.) Әлгі мына Шолақ Мамай ... Абыланды ... Сарғыл батыр...
Көтібар. Адыра қал! Жарас. Қыйын. Қыйын-ақ енді тіпті!
Көтібар. Уа, қысқарт, тілеуің кесілгір!..
Жарас. Ойбай, батыр, не жаздым?!
Көтібар. Қыйынын айт дедім бе? Қыйсынын тап дегем жоқ па? Саңдырақтап несі! (Мазақтап.) Шолақ-шолақ, сарғыл-сарғыл... Жоғалтқан қашарыңды түстеп отырмысың?! Жарас. Білмеймін, бабын таба алар ма екем... Мен тіпті олақпын өзім осындайға, құданың құдіреті!.. Көтібар. Керегі жоқ сөзіңнің. Табасың сен есебін. Жеткіз сөзімді!.. Бар!.. (Өзі шатырына кетеді. Жарас Аймандарға қарай жүре түседі де, бұрыла жөнеледі.)
Арыстан (Шатырынан шығып керіліп).
Дариға, түн ұйқыны бермеді,
Шұғыласы қандай күшті еді.
Шолпан (Мұңайған қалпында Айман жанында).
Жетер деп ем Әлібек,
О да қуып келмеді!..
Арыстан (.Жақындап кеп).
Көзіңе бір ілмейсің,
Сенгенің жалғыз сол ма еді?
Мен де Арыстан батырмын,
Бір ерден басым кем бе еді?
Шолпан.
Не қылайын құр күшті,
Сіз сілтеген бір таяқ;
Қалай батыр сермеді...
Арыстан.
Шын намысым қайдасың,
Шабындыдан түскен қыз,
Қалай-қалай жерледі?..
Айман.
Отырыңыз, Арыстан,
Жастықтың ауыр назы той,
Болмаса Бұлай дер ме еді?
Жарас.
Шолпанжан, сейіл-сейіл болғанда,
Сертелдең де сейілді.
Арыстан құрбың келіпті,
Достыққа беріп бейілді.
Шолпан.
Керегі жоқ бейілдің,
Қандырмаған мейірді.
Арыстан.
Жібімеген тас көңіл,
Үнемі маған зейілді.
Айман.
Құбылған жас көңіл той,
Ілгерілі-кейіңді.
Арыстан.
Ермек етсек не етеді.
Әлде бірер ойыны.
Айман.
Көтеріңіз көңілді,
Түбіңде Шолпан түсінер
Қайырымды зейінді
(Өзбек жігіт жақындап келеді.)
Шолпан
(Биші жігітті көрсетіп).
Анау жігіт ойнасын,
Сауыққа дайым бейімді...
Биші жігіт.
Хұп, Шолпанжан,
хұф, юрә қалың...
(Жарас, Шолпан, жігіт үшеуі кете барады. Арыстан, Айман қалады.) Арыстан (Айманға қарай басып). Айман, осы менің атым кім? Сірә, танимысың мені?..
Айман. Мені біржолата есінен айрылды дегенің ау, мазағың той Бұл ... Арыстан. Жарайды. Оған да тәңір жарылқасын, әйтеуір ең болмаса атымды ұмытпапсың! Айман. Шімірікпей сөйлескен боламыз-ау. Жүзімізде ұят деген болсайшы... Шіркін, Арыстан-ау, бүйтер деп пе ем мен сені ...
Арыстан. Айман, оны қой, кінә Әлібекте. Бәріне кінәлі Әлібек. Айман. Жарайсың... Жарайсың... Маған сен кінәлі болсаң, оған да жазықты Әлібек қой... Не бетіммен сөйлесіп отырмын. Кеше ғана... Кеше ғана ... Онда Әлібек қайда еді? Құдай доспеп пе ек! (жылап жібереді.) Арыстан (шұғыл өзгеріп, жұмсарып). Япыр-ай, Айманжан, жықтың ау мені мына жерде! (Ұмтылады. Айман қолын қаға береді.) Ұялттың ғой, жер қылдың ғой мені... Сол күнімнің садағасы болсын бәрі...
Айман. Не дермін?! Не дермін?!
Арыстан. Құрып қалсын бар дүниесі, тілеші менен бір тілек!..
Айман. Не қылайын мен тілеп.
Арыстан.
Тілемесең риза емен,
Міне саған дос білек! (ұсынады.)
Айман (Жасын тыйып.) Шының ба?..
Арыстан. Барым!
Айман. Ендеше, мына Шолпанды үйіне қайтар...
Арыстан. Және ...
Айман. Менің басымды, еркек болса, Әлібек кеп іздеп алсын, босат деп сенен тілемеймін... Бірақ, шама келсе, қорлатпа?! Ерді намыс, қоянды қамыс өлтіреді деген. Еркек боп тумасам да намысым бар... Қор болғанша құсадан-ақ өлермін!.. Арыстан. Құп, Айманжан, ұқтым... (Шолпан, Жарас, Байбатша қайта шығады. Жігіт Айманға жақындап келіп.)
Жігіт. Апажан, уай-уай, айтып қойсалари мәңгі, бу біз қаяққа бара ятырмыз?!
Айман. Уа, біз шабындыға кетіп барамыз ...
Жігіт. На! Шабынды! Шу бу нимәсі ша ар му?! (Өзгелер күледі.) Уалла ағлам, біз бұл Хиуа яққа бара ятырмыз, Енша алла шуңда болармыз. Най-ай апа жан, Хиуа қандай кәтта базар!
Айман. Я, Хиуа (Күрсінеді.)
Арыстан. Уа, сізді кім алып кетті осы бізбен бірге?
Шолпан. Бәсе, осы кісіні кім деп алды? Шапты, шапты, осы керуеннің не жазығы бар еді? Жігіт. Хайранмән! Мән жүдә хайранмән. Ғаламмәтдір, гуна імдүр... Уайран мән уайран!.. Жарас. Я, несін айтасың, айран, айран! (Күліседі.) Айман. Осы қалайша алды сізді? Жігіт. На Кәлмәдімә бу ше рәуи уәхши (Ұмытып қап.) Налиги (басын қасып) кәпір! (Батыр жақты көрсетіп.) Хазы дәюр таманда юріпті пыр-пыр дәюр...
Айман. Батыр деңіз! Кәпірі несі?
Шолпан. Я, айта бер.
Мақтағанмен толып ес?
Арыстан. Қой, Шолпан, Райдан кеш.
Шолпан. Бұлдасаң өзің бұлда, Мен сен емес, Тұзың сор, еңбегің еш.
Айман. Қойыңдаршы, Бұл не егес? (жігітке) Я, содан соң не көрдіңіз?
Жігіт. Шу (Ұмытып қап) Кәпір!..
Жарас. Батыр деңіз, е, жаратқан тәңірі!..
Жігіт (шошынып қалып). Субақыр!
Жарас. Батыр деймін, түу, мына кісіге дауа болмас.
Жігіт. Етті шу (Ойланып) жапыруахшы... ертқыш... Гәудәмнән ушым кетті... (Отырып) Заманда сөздер иштәм. Қыз міні, егіт міні дияләр. Ба итсізлігімә көрә (Көрсетіп) заманым таш болған. Гәпірмәйді... Башымны (Басын бір изеп, бір шайқайды) Шыңдақ итәм, шуңдақ итә... ніу халатта бу хайуан кәпір! Жарас. Уа, батыр ... Би батыр, бу тыйға сәкіныр ... (Өзі де түңіліп.) Батыр, жо батыр деймін батыр! Жігіт. Бұ, хайуан тақыр ... Жарас. Е, мына сығырға амалың болса қылшы. Ой бір пәлеге қалдырар мына кісі, қойсақ қайтеді осы әңгімені. Тіліміз келетін емес тіпті. Жігіт. Рос қызы... Рос қызы... Бу диюр (Кеудесін, борбайын көрсетіп, устады деп ишарат қып.) Мұндақ, мұндақ ишләтіш, рос қызы "алың" диләрді... Алды... Кәтті... Арыстан. Онысы рас. Біздің батыр басып қызын да ат көтіне салдым деп мәз еді. Бағана қарыс жігіт шығыпты деген соң ашуланып мына кісіні, айналдырып жатқан. Жігіт. Тоғры гәп – Шұңдақ ... Шұңдақ... кәрі мәңгә "қызсән" диеді. Инша алла егітмән деді Қарт мән... Поштымды талатты. Най-ай қа арланды? алдыма ғаурәттің яман ... Нә сәуәплі қыз "өлтірәмән" дәюр ма мұндай пышағым (Мәсісіне . нын көрсетіп) выжжит еді. Кәләметиш адатының аны аты құтқарды кәпірден (ойланып қалып.) Арыстан. Жарайды енді! Қойыңыз оны. Жігіт (Айманға). Уай, апажан, китәйлік бу Хиуаға. Яманнан ... (Тоқтап) Най аның баллары лары ... Гүллер иділәр ... Хушлар ауазлары... На-ай кейіп сапа кишләрі... Арыстан. Ал, қызықпай тұралышы кәні қоя тұрайық, сол. Хиуа базарында билейтін биді, сонда айтатын бәйіпі мына апаларыңызға айтпайсыз ба?
Жігіт. Халайсізмі апажан?
Айман. Рас, өнер көрсет! Қайғырма...
Жігіт. Мәйлі... (Билеп, бәйіт айтады.)
Көтібар (Шатырынан қайта көтеріліп әуелгідей баспалай басады).
Уа, Ақша бет Айман,
Уа, дүние жалған.
Қой міне тыным ап,
Ұйқыда талған...
Осы-ay тегі кезі енді,
Сыбағасы батырдың.
Жалғыз өзі қалған...
(Келе бере, билеп жүрген жігітті көріп дауыстап) Жарас, уа, Жарас!
Жaрас. Уа, мен мұнда, батыр (барады.)
Көтібар. Не қылдың?
Жарас (Қолбаңдаған боп). Батыреке, орайын таба алмай қойғаным, тіпті...
Көтібар. Ой, жаман неме, не орайы болуша ед...
Жарас. Қасында ылғи кісі боп, бір оңаша келмегені...
Көтібap. Кісісі кім?
Жарас. Бар ғой осында. Арыстан да отыр...
Көтібар (Қозғалып жүрген жігітті көріп, екіленіп басып шыға кеп).
Мынау неткен қорлық ед,
Басынып мені тайтаңдап.
Әлде қандай зорлық ед.
Айман.
Дәт тақсыр, зорлық емес,
Қам көңілін демеген
Тұтқыңда өңкей сорлың ед.
Көтібар.
Пай-пай... Түге...
Ойыны әлі қанбаған
Не қылған іші толғыр ед (ызғарланып.)
Жат жөніңе Арыстан,
Жау жөнекей немене:
Қыз-қырқынмен табысқан.
Арыстан.
Жау болғанда нетуші ед,
Мен де бірге шабысқам...
Көтібар. Болды... Болды... Ұқ кепті. Бұдан әрі алысқан (Кете береді. Арыстан жігітті алып кетеді.) Көтібар (.Жарасқа). Бар енді оңаша қалды, сөйлес шапшаң (Өзі шатырға кетеді.)
Жарас (Бері шыға бере). Қымсынбай сөйлесе беріңдер (Қайта айналып кетеді.) Айман (Шолпанға). Өстіп ат саурыңда кете барамыз ба!? Біріміз емес екеуміз де. Бір емес екі өлді ғой әкеміз... Маған емес Арыстан саған ынтық. Теңің болса осындай-ақ болар. Жылы сөйлесіп ұғыс. Сонсоң елге қайтасың... Әлібекке хабар жеткіз. Шыбын жаны бар болса, жетсін мені іздеп. Болмаса (Мұңайып) тірідей отқа күйем де... Шолпан. Қорыққанымнан тием бе?
Айман.
Қайда отырсың бұл күнде,
Еркелікке сүйенбе!
(Арыстан келеді. Айман шығып кетеді. Шолпан, Арыстан қалады.)
Көтібар. Жарас, уау, Жарас!
Жарас (шыға келіп). Уа, мен мұнда, батыр... (Көтібарға жақындап.) Орайы келмей тұрғаны. Қасында сіңлісі отыр, бір пәле енді сол. Тап екі елі қалмайды, құдайдың құдіреті. Көтібар. Айманда сөзім бар деп жырып әкет, апырай мына қор қылғаны-ай мені... Жарас. Тіпті өзіңіз болсаңыз да қыйын-ау енді. Көтібар. Жөнел, енді бар, пісір сөзді (Жарас айналып жүре береді. Айман да кетеді.)
Арыстан (Шығып әнмен Шолпанға).
Шолпаным, тыңдармысың арманымды,
Сұм дүние, тарылттың ғой жалғанымды.
Әзілің жылы шырай дәрмен еді.
Кейуің тағы да алдың қалғанымды.
Көтеріп келіп едім салғаныңды,
Көп білдің, емен жарқы алғанымды.
Суынып күннен күнге сен барасың,
Үздігіп, елермісің талғанымды.
Шолпан (тұтанып).
Не дейсің, қайтып қана мен ұмытам,
Жау болып, аулым шаба барғаныңды...
(Босаңсып ойланып тұрып.)
Адыра бұл жол маған қаралы жол,
Құрысын шабындыны тойлағаным.
Арыстан.
Дау ғой ол, көңіл болса белгі қайда,
Сызы ғой зіл көңілді жоймағаның.
Шолпан (Жақындап еркелеп).
Аулыма қазір мені қайтара ғой,
Шын болса ерте кешті қоймағаның.
(Айман, жігіт келеді.) Арыстан.
Жарайды, олай болса мен жібердім,
Жалғыз-ақ бұған орай сен не бердің?..
Шолпан.
Орай сол бұл сапарда бір ауыз сөз
Айтпайсың, сізге және өмір бердім.
Кендікте, өз үйімде берем жауап.
(Арыстан салбырайды.)
Шолпан.
Немене, қорықтың ба, сен түнердің?
Арыстан.
Жарайды, мен қайтпайын еткен серттен,
Ат дайын, кісіні де бердім... Бердім...
(Шолпан қамдана бастайды да тоқтап.)
Шолпан.
Бергенің шын болса мен сенейін,
Кісінің керегі жоқ өзің ердің.
Арыстан.
Несіне бұлай тіледің.
Әлде оны сый көрдің.
Шолпан.
Әкел деген мен бе едім?
(Киініп жатып еркелеп.)
Еркіммен қашан мен ердім?
Өз қылғаның өзіңе
Көрдің міне, сен көңдің.
Арыстан.
Жарайды, сапар кешейік,
Орайын таптың, сен жеңдің.
(Қамданыса бастайды.)
Арыстан (Айманға).
Тентек шалдың оспадар мінезі көп. Бірақ соған ұтқызсаң несіне Айман боласың. Жүйкесін кұртарсың. Одан беріде үйіңде бір өр тоқалы бар еді, Теңге деген, біздің елдің шетіне жақындап қалдық қой. Соған хабар жіберткемін. "Тез жетпесе құдай төбесінен ұрды, үстіне тоқал алынды" деп. Енді сол жетіп қалар. Екеуің бірігіп мынаның қырпуын табарсың.
Айман (Шолпанға).
Айта бар бізден сәлем жездең сорға,
Қой айдап кеткен еді Орынборға,
Жоқтаусыз, сұраусыз боп біз барамыз,
Шабақтай шырматылған кесел торға.
Соқтығып несі бар ед күші зорға!
Жесірін алып кетті салып қорға,
Отыз күн ең арысы болжал күнім,
Тоқтамай тоқым салсын көк саңдалға.
(Арыстан қамданады. Айман, Шолпанмен сөйлесіп жатады.)
Көтібар (шатырынан бұрынғысынша шығып ілгері басып).
Түнертіпті түсіміз,
Түн ұйқыны бөлгендей (тоқтап aп)
Беу, қабағымыз қатыңқы ...
Күдері бел, күпсек сан,
Үдере жортып желгендей,
Уа, беубасыңқы көңіл басыңқы.
Буырқанып қас батыр,
Ашуына келгендей (тоқтап бойлап)
Беу! Қыз күйігі батыңқы ...
Тап осы жолы толайым
Тілеуімді бергеңдей (тағы тоқтап бойлап)
Уа, беу қыз оңаша жатыңқы ...
Айман. Қош, қуатым Шолпаным ...
Арыстан.
Оң сапарға басалық,
Жұрт уйқыға батыпты ...
Көтібар (Атып ишгып).
Арыстанбысың, уа, қай құдай,
Сені бүйтіп атыпты ... (Сапысын суырып жатып.)
Жауға беріп көңілін,
"Оң сапар" деп жатыпты (Ұмтыла береді.)
Айман (қарсы ұмтылып).
Ей, батыр! Еркіңе сенің бір басым
Тұтқының боп жатыпты.
Жас бала еді Шолпаным,
Құса болып қатыпты.
Қолқа болсын Бұл тілек,
Атасын барып уатсын.
Қолыңда болып бір талай,
Бұйрығын дәмін татыпты.
Жарас (Көтібарга жақындап). Батыр, тіпті толайым құтылайық, сол қызды, Арыстан да шығарып салып, барсын сонымен. Көтібар. Бітірдің бе, сұмырай? Жарас. Айтам ғой! Тіпті бір оңаша берер емес, діңкем құрып өлер болдым әбден! Көтібар (Қолбаң етіп Арыстанға тап-тап беріп). Әйт се-е-ні! Іс-с сені-і! (Найзаны жерге қарш еткізіп салып қап.) Жоғал!.. Жоғал!.. (.Аналар қараш-құраш жөнеле береді.) Жоға-ғал!.. Жо-жоғал!.. (Арыстан, Шолпан жөнеле береді.)
Биші Жігіт. Уай, әкажан... юбарің мені әм.
Көтібар (Найзасын суырып aп). Жап, жап-жап аузыңды...
Биші Жігіт. Гунайым юқцүр. Гуна ым юкдүр. Экажан! (Айманға) Апажан...
Көтібар (ұмтылып). Жап-жап-жап...
Биші Жігіт (қорқып). Гуна ым!..
Көтібар. Тәшкеннің саудагерінде кегім бар ... Жап-жап.
Жігіт. Садағасы кет-әй, мән Қоқанлық ...
Көтібар.
Құныңды Тәшкеннен алсын Қоқан ...
Уа, мен боламын Көтібар,
Тәшкеннің тиіп несі бар,
Тосып ал, міне, тосып ал!
Жігіт. Мән Қонқанлық ...
Көтібар (тап беріп қуып).
Жап жап-жа-ап ...
Тап қосыңды тап (Жарасқа)
Ал енді атаңның басы керек пе. Бар сөйлес енді.
Жарас (Айманға келіп қыйпақтаған боп, ақырын).
Сен үндемей, көп жауап қатпай отыра бер (Қайтадан Көтібарға барып.) Бүгін сөз тыңдар шамам жоқ, ертең кел дейді батыр-ау...
Көтібар. Тайт, жоғал, ез неме, тұр былай! (Өзі келеді.)
Айман үндемей шапанын бүркеніп тасқа сүйеніп тұрады.
Көтібaр (Қолбаңдап бабын таба алмай). Айман. (Қыз үндемейді.) Уа, Айман! (үндемейді, қарамайды.) Уа, жарқыным Айман!
Айман (Өз-өзіне).
Бір пәлені басыма,
Тап қылдың құдай қайдан!
Көтібар. Айман. Қайтшы жаным райдан!..
Айман (саспай). Не айтасыз?!
Көтібар (сөз таба алмай). Айналайын... Уа-уа, айнала кетейін, жаратқан сені құдайдан! (Айман үндемейді, қарамайды. Қайтадан жағалап) Айман!.. Қарашығым Айман (Үндемейді. Бақырып.) Уа, сығыр Айман! (Теңге тепсініп тыңдай тұра қалады. Артында екі-үш жігіт.)
Айман (бұрынғысынша). Не дейсіз? Көтібар. Садаға... Садаға... (қолбаңдап өз өзінен булығып тепсініп.) Уа, садаға ғана кетейін, Бетіңе біткен шырайдан (тап береді.)
Теңге.
Аш көзіңді суалған,
Садағасын ол емес,
Мына біздің шырайдан
(Салысын лақтырып, бетін ашып салып, тап береді.) Көтібaр (шегіне беріп) Сығыр мұнда, мына пәле қайдан шықты? (Жарас та келеді.)
Теңге (Омыраулап). Тапқан күңің осы ғой, Жоқ болғалы бір айдан.
Көтібар (есін жыйып ап). Қо-қо-қой, Қой енді қой!..
Теңге (Бұлқынып шаршысын жұлып салып, шашын дудыратып).
Бүйтіп тірі қойғанша Жой, мені жой! (Ұмтылады.)
Көтібар (шегіне бере). Қо-қо-қо, Қой, тоқал, қой!
Теңге (Айманға ұмтылып, басына бүркеніп тұрған шапанын жұлмалап).
Аш бетіңді көремін,
Мынау ғой менің күндесім (жұлқылап)
Көтібар ғой сенгенің,
Кәнеки, енді үндесін...
Айман (Аз ғана ашынып).
Ашуланшы тым құрса,
Түсініп білгенсін.
Теңге (Тағы ұмтылып).
Қарашы мұның кесірін,
Бермейді тіпті іргесін (Жұлқылайды.)
Айман (Ашуланып).
Қоямысын, жарқыным, (беті ашылады.)
Теңге. Қоймағаңда нетесің.
Айман. Олай болса мінеки, Әдебіңді берейін,
Қалдырмай жіпсіргесін... (Көтібарға)
Келші, батыр, ендеше,
Неге сөзді іркесің (Теңгеге)
Нақ сүйер қып өзімді,
Теңгені күңге тіркесін.
Суыммен кіріп, күліммен
Шыға жүріп сор қайнап,
Ағызсын бастан сіркесін.
Батырға жылдам басып жетіп барады. Батыр аймалақтап құшақтауға айналады. Екеуі сырт айнала береді. Дал боп қалған Теңгеге Жарас жүгіріп кеп. Жарас. Уа, құдай сілейткен, Теңге-ау, неғып пәңгіріп тұрсың? Өлер жерің осы, сорың құрғыр, сал шыбыныңды... Тула ойбай, тула... Тенге (Бақырып). Ойбай-ай, ойбай-ай жарайын-ай, мен мұның бірін жарайын, ойбай, ойбай (Жер тепкілеп ұмтылады. Көтібар айрылып жүріп кетеді, Айман. орнына кеп жылап отыра кетеді.)
Шымылдық
ІІІ ПЕРДЕ
Сахна бұрынғы қалыптылау. Екі шатыр: Айман, Көтібардікі. Қол бұрынғыдан баcқа қонысқа қонған болады.
І көрініс
Жарас шығып келе жатады, алдынан Айман қарсы шығады.
Айман. Кім екен б0 келген? Бір жарық сәуле болар ма, Жарас-ау, жоқ па?
Жарас. Бұл әлгі, анау той қылған Шөмекей екен. Тәрізі сендердің жайыңды көз қыла келген бе дейім. Бірақ, әлі анығына қана алмадым... Айман. Білсеңші, жарықтығым-ау (Қай5ырып.) Шынақ "ердің ерін көрсең, тақымыңда күлерсің" деген осы болғаны ма? Кешегі әлгі күш айтып көпірген Әлібек қайда? Жарас. Несін айтасың, өтпес жарлық, бойға қорлық дегеннің арты осы... Осы-ақ... Айман. Қуғын болғанда осындай бола ма екен? Кәрі саулықтың құнын жоқтағандай, тоқты торының билігінен басқа түк келмейтін Шөмекейдің өлмелі шалы. Жарас. Атама дейім, Айман! Жау жарақпен шауып алып бұл келеді. Ал, жоқшы, ылғый жұттан қалған кәрі құртаң, тай тулақ, ылғи бір тұрған суқар (Көтібардың кәриясы шығады.) Білейін мен мынадан, аңысын аңдайық.
Айман. Білші, бірдеме тыныс тапшы, жарқыным!.. (Мұңайып кетеді.)
Жарас (шалға). Уа, Бұл Шөмекей не іздеп, не деп кепті, кәрия?
Кәрия. Біз былай тая тұрсақ... Оңаша сөзі бар ғой.
Жарас (жарыса). Е, оның жөн, сен тая түр... Бар, бар шал!..
Кәрия. Сен кетпеймісің, батыр ашулы бүгін.
Жарас. Бар, бар ашулы болса бір жеріңді алып түсер (Шал кетеді, Жарас оқшаулау, даяршы жігіт сыяқтанып сыпайыланып турады. Көтібар мен Шөмекейлер отырады.)
Көтібар. Жә, сен Шөмекей не айтасың? Неге келдің, шертші кәне? Кәрия. Батыр, біз не шертейік?! Біз Шөмекей деген айт деп өргізіп, шайт деп жусатқан елің. Анау Жетіру болса да ығыңдағы, ыңғайыңдағы бір атаның баласы еді. Екеуінің де түптің түбіңде бел қылатын батыр өзің болушы ең?!
Көтібар. Уа, шұбалтпа, шұбалтпа, айтарыңды айтшы!
Кәрия (өбектеп қап). Кеден кеден болды, кедергі неден болды, деп мына Жеті ру, Маман салмақты бізге салып отыр. Араңдағы құдай деген ағайыны ек... Қысылып тұрмыз...
Көтібар. Уа, сенің басыңа не күн туды? Сені шаптым ба мен, сірә?! Кәрия. Алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді, деп мына орыс орманның заманы, алалыққа басшы құрық берсе не болмақ... Көтібар. Сыпайы қамшылап көп ауыз салмағың мен бе? (Қадалып.) Мен бе? Билік айтып бер дедім бе мен саған, Шөмекей?! (Ашумен жылжи түседі, кәрия шегіне береді.)
Кәрия. О тілінен тартты ғой.
Көтібар. Мықты, пысық күйеуі бар емес пе еді? Бір жағыңда саудасы, сомасы, бір жағыңда орыстың ұлығы, бәрі қайда? (Ашуланып.) Уа, қайда дейім. Неге тіреспейді менімен? Жоқ, жау болып жағаласуға жарамайды... Бәрі боп електеп ап, аяғыңды тістелейді. Со ма? Кәрия. Оныңыз рас, пәленің бәрі сонда. Мамаңды құтыртып жүрген де со той! Әлгі сауда, ұлық деген де соның ісі ғой... Көтібар. Ендеше, мен кімді шаптым? Ұлықшыл болып, пысықсынып, тыйын, тебенімен Әлім ұлы сені түгел шырмап, құлданып бара жатқан сол қуды шаптым... Үйретем!
Кәрия. Бұл насырға шаба ма деп қорқамыз. Ара ағайынбыз.
Көтібар. Шаптырса, мықты екенін көрейін, кәне шаптыра қойсын. "Әлін білмеген әлек" деп! Кәрия. Оныңыз рас. Сол күйеуі енді өз қолынан келер дәрмен болмай, ұлыққа шауыпты. Шапты, талады деп шағым жүргізіп...
Көтібар. Орысқа ма? (Жылжи түceді, ашулы.)
Кәрия. Сол емес пе, батырау. Сонымен ел іші әлек бола ма деп...
Көтібар (қатуланып атып тұрып). Ә, солай ма, Бұл менімен белдеспек екен... Ендеше, керді көріп алдым.
Кәрия. Батыр, ашу алды, ақыл со...
Көтібар (ақырып). Тоқтат енді. Тек бірдеме көресің енді, сен өзің де...
Кәрия. Елшіге өлім жоқ еді ғой.
Көтібар. Уай, атсайманың бар ғой үстің мен астында!.. Жалаңаш жаяу қайтарармын тірсекке ұрып тіке... Қара бұны, орыстың, ұлықтың аты шыққан соң... Анаған қарап тайсақтап отырсың ғой сен де!..
Кәрия. Уа, діні құрып қалсын. Мына жылап қалған Мамаңды айтайық деп ек. Көтібар. Ендігі менің ұстасқаным жалғыз Маман емес. Күйеуі және оның арқа тірейтіні сонау, сонау күштісі.
Кәрия. Мына момын елің бүлінеді ғой батыр...
Көтібар. Бұлдіріп көрсін... Уа, міне мен егестім, егестім, (Жарасқа.) Қайда әлгі шал? Салсын сөзімді Айманға. Алдым Айманды тоқалдыққа. Көріп алайын мен Әлібек бақалдың күшін (Шөмекейлерге.) Жөнеліңдер! Ашпа аузыңды, жөнел (Бәрі кетеді. Теңге, Айман шығады.)
Жарас. Батыр атты алысқа айдауға айналды.
Тенге. Тағы не деді ойбай, айтшы шапшаң.
Жарас. Шөмекейді айдап тастады. Қазір біреуміреу келмес пе екен, естірсіңдер. Жалғызақ енді екеуің тас түйін боп бірігіңдер. Жан қалса сонда ғана қалады. Және Айманды оңаша тастамайық, сол естеріңде болсын!
Айманның шатырыңда Теңге мен Айман.
Теңге.
Тек жөніңмен көш, жарықтығым,
Оңаша сырың болмасын.
Шал болса да қыймаймын,
Құлақ кесті жолдасым
Айман (хикаямен).
Мен не дейін, жеңеше-ау,
Өзіңді-ақ құдай оңдасын.
Теңге.
Қызғанғаннан келдім ғой,
Сыры мәлім болғасын...
Айман.
Менде де бар бір жаман,
Не қылайын қазақтың,
Жүйрігі мен жорғасын... (Жарас келеді.)
Теңге.
Қайтерсің-ау енді
Әлі күнге тыйылмай
Салақтатып қойғасын...
(Айман теріс қарайды, Теңге иығынан бұрып ап.)
Жарас.
Өл де маған не дейсің,
Әуре болды сор басың! (Кәрия мен Көтібар шығады.)
Көтібар.
Бар-бар-бар-бар,
Жылдам бол сын болғасын...
Оңаша екен, жылдамдат
Жауабымды созбасын.
Кәрия (Бөлініп Айманға таман келе жатып).
Қайтерсің бұ құшынашты.
Құлшылдатып қойғасын (Бата алмай қайта айналып.) Уа, батыр! (Батыр бұрылады.) Тап осынау жолға мені салмасаң нетер екен?! Көтібар. Уа, не деп тұрсың мылжыңдап, бет моншағым түсіп қалар деп тұрмысың? Не құдай қара басып тұр өзіңді... Уа, кімнің келіні едің! Кәрия (жалынып.) Батырекесі, әлгі Жарас жындыны жіберсең қайтеді? Мен тіпті сырт буын боп қаппын! Көтібар. Тілеуі кесілген Жарасыңның. Түкке жарамайды. He келуші еді ол бір жыңдының қолынан... (Мазақтап) Орайын таба алмадым. Орайын таба алмадым... Бар енді қалжырамай! Кәрия (сақалын созып сыйпап). Апырай, батырекесі, енді мына сақалымның ағында... Көтібар (ақырып). Бар енді, бар деген соң! (Шал көніп қалбақтай бастайды.) Сақалыңда несі бар еді?.. Ол емес, міне мен күзеймін бармасаң (Шал Айманға қарай кете береді.) Уай, Теңгенің көзінше айтпа жалғыз-ақ... (Көтібар сыртта байыз таба алмай әрлі-берлі сенделіп келіп, шатырына кіріп, бір жатып, бір турады.) Жарас. Уа, кәрия, немене беліңнің шойырылмасы ұстап жүр ме? Кібіртік көрінесін?
Кәрия. Е, шырағым, оның рас.
Теңге (Кәрия кіріп отырған соң бұған).
Неге келдің сұмпыйып,
Іздегенің пәле ғой!
Жіберді ғой, деп кәне,
Жауабын алып келе ғой.
Кәрия. Теңге-ау, не айтып тұрсың... Құдай көрсетпесін...
Жарас (Қолын созып көрсетіп, ойнап). Бәсе, е, е, керіліп тұрған cap шұнаққа, тайып түсетін ақ бас күшіген бар деңіз, кәрия (Кеңкілдеп күледі.)
Кәрия. Уа, не дейсің жаным? (таңданған боп) Пәлені мына көре ғой. Теңге.
Ә, тілегенің сол екен.
Көрсең міне көре ғой (Tап беріп жағасынан алып.) Айт жаныңың барында (Омыраулап, шалқасынан жығуға айналып.) Болмаса мына сұмырай көк сақалды (жұлып) Талдап, талдап бере ғой!
(Кеудесіне мінбек болып аяғын көтеріп, көтеріп қояды.)
Кәрия. Уа, өлтірдің ғой, қу тоқал, Буындырып барасың.
Теңге (Босаңқырап). Босатайын көне ғой.
Жарас. Қоймасын еріксіз ашқызды-ау мына кісі.
Кәрия (Көтеріліңкіреп).
Ажалыма тап қылды-ау
Екі жынның арасын...
Жарас. Айтып құтылсаңшы, байғұс шал, пайғамбардың жасына кеп, сақал-шашың ағында бұ не қорлық?
Теңге.
Айт сәлемін бөгемей Сүйтсең аман қаласың.
Кәрия (Басын шайқап, бұл уақыттар Теңге шыдай алмай тыпырлап, безектеп тұрады).
Пай-пай, айтқаны Айман,
Бар дейді менің аласым.
Қолқасына шыдағам,
Шолпанда болмай таласым.
Тоқал қып өзін алам дейд,
Бар білгенім міне осы,
Орайын өзің табасың... (Теңге босатып.)
Теңге.
Жоғал кәзір көзімнен,
Сұмырайға бойыңның
Көрсетпей енді қарасын
(Шал жөнеледі.)
Жарас (Құлшынып Теңгеге). Ал, енді жылы ізін суытпа, жайды жаңа білген кісі боп, құлшынып жетіп бар (Өзі атып шығып, кетіп бара жатқан шалға.) Әй, кәрия (Кәрия тоқтайды.) Уа, бер жүріңіз, аулақ кетейік, ойбай? Әлгі Теңге кәпір тілсіз жау ғой – толайым жазым қылады? Жүріңіз былай кетейік!.. (Теріс жаққа.алып кетеді.)
Теңге (Айманға).
Жауабын өзім апарам,
Қандай сөзге саласың?!
Айман.
Ойланайын ерік берсін,
Отыз күннің тілеймін,
Мөлшер қылып шамасын.
Теңге (қызғанып ашуланып).
Әлде тимек ниетпен,
Қиялай бүйтіп шабасың?
Айман.
Апыр-ау, өзің емес пе ең,
Осылай деген шарасын.
Теңге (жөнелуге айналып).
Тұра түр өзім емдейін,
Құтырған шалдың жарасын (Кетеді.)
Көтібардың шатырына келеді. Көтібар көре сала теріс аунап түседі. Теңге. Немене бүк түсіп жатқаның, қаралы кісі болғансың. Әлде албыраған жас неме үйің түскенге, мыйың түсті ме?
Көтібар. Үйі не? Не шатып отыр?..
Теңге. Я, ұқпай отырған шығарсың?! Не ойлап жүрсің, айт шыныңды.
Көтібар. Ауыртпашы басымды (Тоқтап, сырт қарап. Өзіңнен бөтен не ойым болушы еді?!)
Теңге Барың со ма?.. Шының ба?..
Көтібар. Құтырар, сірә, мынау.
Теңге. Ендеше, құдай тілегіңді берді!
Ана шабындыдан түскен күңің көнді.
Көтібар (қолбаң етіп дәмеленіп, бетіне қарайды да, Теңгенің шаншылып, тұтанып тұрған жүзін көріп, сырт айналады). Тайт найсап! (теріс қарайды.) Теңге (Иығынан қайта тартып, өзіне қаратып). Ар қарама, бері қара. Мына маған, маған қара...
Көтібар. Уа, қоямысың, тоқал! (Теріс айнала береді.) Теңге (Иығынан қайта бұрып ап). Уа, тоқал боп тием дейді ана күң... Көндім дейді... Көтібар (өтірік ашуланған боп қайта теріс қарап). Тоба, (тамсанып) Тоба... Түлен түртіп отыр-ау... Теңге (Иығынан тағы бұрып ап, көзіне қадалып). Жалғыз-ақ тигесін шабындыдан түскен қатын атанбайын. Асықпасын. Еліне жетейік. Жайланайын. Есімді жияйын. 30 күн толас берсін. Содан кейін тең қатыны болайын. Көтібар (сене жаздап). Айуан! О, айуан! (Қарап тұрып, сене алмай теріс айнала беріп.) Тілеуің құрсын, қу тоқал! Теңге (қайта бұрып ап қалшылдап). Содан басыма бөлек күмбез тігейін. Төсегін жаңғыртайын. Және нақ сүйері болайын... Көтібaр (тыпыршып, сапысымен жерді cап қап). Уа, тоқтат енді, сорың құрғыр... Теңге (басында шошып қап, артынан қайта қозданып, құшырланып). Содан ақ саусағыммен көн боп қалған арқасын сыйпайын... Көтібар. Уа, төбеңнен жорт, төбеңнен жортқыр. Күйдірді-ау, мынау, күйдірді-ау... Теңге. Опырайған аузынан, суалған тамыр-шаңдырынан айналайын... Сәлем де деді.
Көтібар. Уа, осы сені сұғып кеткен менің қай сорым?!
Теңге (шақырайып). Е, ұқсата білетін өзім ғана деп пе едің? Жалғыз сен-ақ па ең есебін білетін... Көтібар (ашуланып, ақырып). Болды. Жетті, Енді менің жыным келді... Білесің ғой (Теңге тепсіне бергеңде.) Ашпа жүмган аузыңды (Сапысымен жерді ұрып отырып.) Аяғыңды осы жерде қыя баспа... Артымнан еріп, тұяғың қыбыр етсін, тек желкенді кесемін. Шығып кетеді. Теңге шыға алмайды, бірақ ентелеп қарайды. Көтібар Айманның шатырына кіреді. Теңге безектеп ата жөнеледі. Сахнадан шығып кетпей Жарасты сүйреп келеді.
Теңге. Уа, кеселді... Tап! Tап! Тап! Жарас. Уа, нені, нені байғұс? Теңге. Кетті, кетті! (Тулап.) Кетті. Жарас. Уа, қайда, қайда!? (Теңгені аймалақтап омырауын сыйпалайды.) Теңге (Тез иесініп жіберіп бұлқынып). Құдай-ай, қолың қалай майда еді (Тезінен қайта безектеп) Уа, шал кіріп кетті ана Аймандікіне! Жарас. Е, есің жаңа кірді ғой байғұс! Теңге (Безектеп, жер тарпып, Жарасты бастырмалап). Тап ойбай ақылын тап! Жарас (ойланып қап). Тұр, ендеше, осы арада, тапжылмай (Өзі жөнелді. Теңге безек қағады.)
Көтібар (отырып). Айман! (Үндемейді.) Қарашығым Айман!
Айман (саспай). Не айтасыз?
Көтібар.
Уа, бері, бермен қарашы,
Жанар көзім суалтпа,
Сенсің ақ пен қарасы.
Айман.
Бәйбішеңіз жақын жүр,
Боп жүрмесін табашы.
Жарас жүгіріп шығады. Артынан әнші жігітті сүйреп келе жатады. Домбыралы жас қазақ жігіті дедектеп келеді.
Жарас (Теңгеге). Шақыр Айманды, әнші кеп тұр де!..
Теңге (Айғайлап).
Айман-ау, Айман!
Әнші келді, қарашы!..
Көтібар.
Кетсін кәзір жоғалсын
Көрінбесін қарасы.
Айман.
Аз ғана айтса болмай ма,
Ән сауықтың сарасы?!
Теңге (Әншіге).
Айт. Айта бер қарама
Құрсын сүйтіп шарасы.
Әнші (екі ауыз ән салады).
Көтібар. Бар-бар-бар.
Жөнел енді, жөнел
(Әнші кетеді. Теңге бірге кетеді.)
Көтібар (Айманға). Айман... (Үндемейді.) Жарығым Айман...
Айман. Не дейсіз? Көтібар.
Ақылың сенің шын кемел,
Сайтанның сөзі шын ба екен,
Салып едім бір бедел!
Айман (Үндемей).
Асығыс қой мұныңыз,
Болмас па екен тым жедел?!
(Көтібар әукелектей бергенде Жарас биші жігітті сүйреп әкеп.)
Жарас (жігітке). Айман апаңызды сіз құтқармасаңыз болмайды... Артынан айтармын. Мына кісінің айтқанын істеңіз (Теңгеге ым қағады.) Теңге.
Айман-ау, Айман! Ойыншың міні келіп тұр...
Айман (Қарап).
Рұқсат болса нетеді,
Бір азырақ билесін.
Теңге.
Жазықсыздан жазықсыз
Тағы да анау тимесін?!
Көтібар.
Құрып қап па бәрі де,
Билемесе күйлесін.
Теңге.
Ал баста. Қараңызшы Айман-ау,
Қай ойынның білуші ед.
Бұл байғұсың үлесін...
Жігіт билеп жөнеледі. Қасында Теңге қарап тұрады.
Теңге (Жігіт алғаш билей бастағанда).
Жасаған-ау, о несі? (тамсанады)
Жаратқан-ау, бұ несі?
(Біраздан соң еліге бастап, күліп, бетін шымшып.)
Бетімау, не дейін! (Тамсанып.)
Құйтыңдаған немесі!
(Жігіт қарсы алдына кеп құлаш созып бұралады. Теңге қызына бастайды.)
Сұлуын-ай, өзінің...
Қаршығадай денесі
(Жігіт алдында тұрып, қас-қабағын ойнатып қылмаңдайды. Теңгенің есі кете бастайды. Күліп.) Қойыңызшы!.. (Жігіт билеп айналады. Теңге тал бойы ұйып ілесе береді. Неге келгенін ұмытады. Жарас та даурықты көбейтіп, бірге билей жүреді. Бірақ Айман жақтан көзін алмайды.) Көтібар (Бұл кезде о да қыза бастайды). О, сұм қадам... О, айуан... (Айманды аймалақтағысы кеп.) Айналайын, көзінен айналайын. (Арқаға қағады. Айман сырғыйды. Жөткіреді. Теңге естімейді.) Теңге (Жігіт билеп тұра қап, тағы көз қабағын қылмыңдатып күле қарайды. Теңге бұралып). Қо-ойшы куатым.. .(Жігіт қоймайды) қо-ойшы қалқатайым!.. (Бұлқынып жігіттің маңайында оралып жүреді.) Көтібар. Отыз күнге шейін қайтіп шыдармын. Иіскейін тым болмаса иіскейін (Айман атып кетеді.)
Жарас (салмақпен). Уа, есі кеткен Теңге, көресің бе ана жақты? Теңге (Жігіт қарсысы тұрып ап қылмыңдағаңда). Әкетайым, қоя ғой енді... Қуатым... (Жігіт бөксесін, кеудесін бұлтыңдатып.) Е, жарығым...
Жарас. Құдай шебер мынаны қайттім енді! Уа, төбеңнен жортсын Теңге! Теңге (Аздан соң өзі билеген сыяқтанады). Ееее! (Жігіт шұғыл айналып кетеді. Теңге сүлдері құрып еее, деп қалып қайта ілеседі. Жігіт айналып кеп тағы тұра қап ойнайды.) Қойшы енді сәулетайым (Өзі сақылдап күледі.) Тіпті болмайды екесің (Ананың бөксесі бұлтыңдағанда.) Ойбай-ау, ана шалы құрғыр көріп қояды-ау енді. Жарас (билей жүріп). Түу, мынаған дауа болмас! Мына пәлеге қайдан қалып ем сығыр ойбай! Теңге (Жігіт құлашын жайып құйтыңдағанда). Қалқатайым, тоқтай ғой енді. Біреудің көзіне түсеміз ғой. Жарығым... Жарығым, өзім бір есебін табайық... Енді... Болмадың ғой тіпті (Жігіт айналып билей жөнeлeді.)
Жарас. Уа, соры қайнаған, Теңге, көні кеуіп қапты ғой ойбай мынаның? Көтібар. Иіскейін, Айман! (Сәумеңдей береді.) Айман. Жеңеше-ау! Уа, жеңеше... Биші жақсы ма екен?
Жарас (Теңгені қойып қап). Уа, қу тоқал-ау, көремісің ананы, өл де маған! Теңге. А, а! (артына қарап). Е, е, (өкіректеп жүрген Көтібарды көріп, есі кіріп ұмтылады.) Әй, құдай төбеңнен ұрғыр (безектеп жүгіріп.) Ойбай-ойбай (Айман атып шығып кетеді. Көтібар дал болып, құшағын жайған күйінде қап, ыр-сырс етіп, сырт айнала беріп Теңгені көреді.) Теңге. "Өле, өлгенше қатын" деп. Қақалғыр, ойбай қақал! Өл-өл бүйткенше көк сақал! Көтібар (атып тұрып тап береді). Тағы сен бе ең қу тоқал! Өлдім ғой сірә бір сенен. (Бастыра жөнеледі. Теңге қашып шығады. Қуып.) Өр неме боп апсың ғой, Келе қойшы, бер тоқал. (Жарас тa қаша жөнеледі. Куып тacтап, жігітті көріп) Саған не бар сұм бақал!? Жігіт.
Мәйлі меням китәйлі,
Айтсалары ям юқал.
Көтібар.
Қарасаңшы мүрдарды,
Болып алып тап-тапал,
Тұла бойы толайым
Ағып тұрған мың мақал (Tап береді.)
Кет жаныңның барында,
Жоғал енді, жоғал! (Айдап тастайды.)
Көтібар (тағы Айманға кеп).
Әттең Айман, нетейін
Иба қылып келем ғой
Бір тыныштығын таптыршы,
Отыз күн деп өлем ғой (Айман үндемейді)
Уа, жарықтығым, Айман!
Айман. Не дейсіз,
Көтібар. Сөзіме менің құлақ қой.
Жарас (Жүгіріп кішкене бала Есетті алып келіп, Теңгеге беріп жатып, ымдап).
Жаным-ау, есіңе ие болсаңшы енді,
бұ не бұ бақсы боп кеткенің?..
Теңге (Есетті алып шығып).
Айман-ау, Айман,
Мынау Есет келіп түр,
Жібере ғой деп ең ғой (Өзі айта барып шатырына отырады.)
Айман (жүгіріп Есетті құшақтап отырады).
Келе ғой, Есет қуатым! (алдына алып еркелетіп)
Сен екенсің жарығым,
Туса атадан туатын.
Көтібар (Қолбаңдап).
Қайтсе есебі табылад
Енді мұны қуатын? (Есетке)
Уай, жүрші бермен, сен бермен
(Суйреп ала жөнеледі.)
Бетіңдегі бес батпан
Кірді кім бар жуатын?
(Алып барып қоя беріп,
Теңгені алып соғып тістеніп.)
Ой, қуарған қу қатын,
Таптым ба деп отыр-ау,
Кеселдің тағы суатын (Тамағына пышағын тақап)
Бауыздайын біржола,
Кім бар екен сен сұмның
Құныңды менен қуатын.
Теңге (қорқып).
Қояйын, ойбай қояйын!
Қуатым шалым, қуатым!
Көтібар (босатып). Ендеше, міне көрдің ғой, өлген жерің осы! Тапжылма... Ұста ана балаңды. Отыр! (Теңге жылап отырып қалады. Көтібар Айман шатырына қайта аяндап барады. Сөз таба алмай қолбаңдап отырады. Айман үндемей теріс қарап отыр.) Уа, Айман!
Айман. Не айтасыз?
Көтібар. Жауап қат енді.
(Осы кезде Арыстан шығып Теңге отырған шатырға келіп.)
Арыстан. Салаумаликум!
(Жарас артынан кеп Теңгеге ымдайды. Айманның шатырына Арыстанды кіргіз деген белгі жасайды.)
Теңге (сасқалақтап). Уа, сәлемің құрып қалсын (атып тұрып қуанып.)
Арыстан. Сен құрып қал, не болды.
Теңге (Бір қуанып бір сасып, кеудесінен итермелеп Айман шатырына қарай әкеле жатып). Уа, қуарған қайным-ай, қалқатайым-ай. О, кеселді жер жұтқыр-ай, қайда жүр едің. Уа, жарығым, сүйенішім-ай, уа, қадалып қалғыр-ай, қайда қадалып ең. Уа, қуанышым-ай, көкетайым-ай. Көтібар (Айманға). Сөзімді пісті деймін. Түбі сен менің тоқалымсың (Өкіректей береді. Сонда Арыстанды Теңге итеріп кіргізіп жібереді.)
Арыстан. Ассалаумаликум! (Айман атып тұрады.) Көтібар (Арсалаңдап, тұтығып сөз таба алмай қалып, а-а-а-а, а-о-о-о-о-са-са-са-оо-о-ойбай сәм, ойбай деп артымен жерді түйіп қап, отыра кетеді. Артында Теңге мен Айман сықылықтап күліп тұрады.) Ала-ам ойбай, ала-м!
Шымылдық
ІV ПЕРДЕ
І көрініс
Уақиға Көтібардың аулында. Алыста үйлер. Сахна: үлкен кестелі оюлы ақ үйдің алды. Түс ауған мезгіл. Үйдің көлеңкесіне кілем, сырмақ, көрпе-жастық салынған. Сонда Көтібар отыр. Қолында үкілі домбыра. Жалақтаған, көңілді. Домбыраны сартылдатып құтыртып соғып-соғып кеп, боздағандай кәрі, суық үнмен ән қосады. Қасыңда кәрия тыңдап отырып, қошеметпен кеңкілдеп күле береді.
Көтібар.
Уа, мен өзім шал болсам да қатқан шалмын,
Бір маржан, бір меруерт таққан шалмын.
Қай жерде сұлу болса шеңгел салып,
Ақ білек әлде неше қаққан шалмын.
(Содан кейін басқа әнге түсіп лепіріп, жаяулатып.)
Уа, Маманның қолымда отыр балдырғаны.
Тал бойы талайлардың талдырғаны.
(Екіленіп, құлшынып жастықтың үстіне отырып алады.)
Отыз күн енді бүгін өтіп барад,
Қамрығын қам көңілдің қаңдырғалы...
(Тағы бір жастықты көпіртіп, астына салып ап,)
Қырқылжың бұған дейін алдырмады,
Құйрығын қызыл тағы шалдырмады.
Зар күйі енді соғып, кәрі қыран,
Тепсініп тегеуріні салдырлады.
(Тағы бір жастықты басып алып, домбыраны соқтыра отырып.)
Уа, сорлы үнім енді ғана қаңғырлады,
Қыранның аш дабылы даңғырлады.
Тоятқа айдай Айман ілемін деп
(Тағы бір жастықты басып алып.)
Көңілде арман сірә қалдырмады.
Жаман жау жаяулаған жалбырлады,
(Кәрия кеңкілдеп күледі)
Тоқал ту шолағын шандырлады.
Бөгеттің бәрін бүгін үйіп-төгіп,
Еңбегін көрің отыр жандырғалы.
(Тағы бір жастықты басып алады. Айғай, шу әбігер...)
Кеп қалды... Ойбай, кеп қалды!
Кәрия. Не дейді, бұ не сор?
Көтібар. Уа, немене боп қалды? (Айғай, дырду.)
Кәрия. Кім алып жүр үрейді?!
Көтібар. Шақыршы мұнда біреуді.
Кәрия (Артына қарап отырып).
Ойбай, батыр, қалың қол, қуғын келген сүренді.
Көтібар (Атып тұрып үйге кіре бере).
Тарт, ендеше, тезірек Белдеуде тұр, күреңді...
Шал жөнеледі. Өзі үйге кіріп кетеді. Жарас, Айман, биші жігіт, Теңге жүгіріп шығады.
Айман. Жеткен екен Әлібек,
Берерсің тәңір тілеуді.
Биші Жігіт (қуанып).
Апа жан, менің кәруән башы дадам әм келгәнтүр.
Инша алла келгәнтүр,
Мәнсіз алар ұрып,
Хападан жүдә олгөнтүр...
Жарас. Қайда жүр әлгі жынды шал?
Теңге (үй жаққа). Құрсын діңкең құрып қал!
Көтібар (үйден бар қаруымен жалақтап шыға келеді).
Қайда күрең, тарт бері.
Кәрия (сасқалақтап). Сал тоқымды былай сал!
Жарас (саспай).
Күреңмен кетті Арыстан.
Теңге, Айман – ауылда жоқ жалғыз мал!
Көтібар (құтырынып).
Құрттың ойбай, құрттың
Не дейді түге, мына қар...
(Найзасын жерге қарш-қарш шаншып.)
Сынды-ау сағым, жер болып
Қайтермін, қандай шара бар? (Жөнеледі.)
Айман (Жарасқа).
Күреңді беріп Арыстанға
Тауыпсың-ау жақсы амал.
Жарас. Үндемей енді тұра қал!
Тенге (жұдырығын Көтібар кеткен жаққа түйіп).
Жат жыныңды құшақтап
Өртенбесең өле қал...
Айман (Биші жігітке). Ал, шырағым, бізге күн туатын болды ғой... Қуансаңшы енді дұрыстап. (Күледі.)
Теңге. Рас-ау, ойбай кетесің-ау...
Айман. Кәзір Көтібар жетер мұнда... Солар келер қарсаңына бір қуанышыңды білдірмеймісің?!
Биші Жігіт. Мәйлі мән айтып бирәйн...
Айман. Айт, не де болса әніңді.
Теңге. Ән емес-ау, тұра тұр...
Жарас. Қой. Шалың мына жерде жүр құтырып, сен оны толайым қойсаң қайтеді.
Теңге (жігітке). Көрсетіп әлгі бір сәніңді.
Биші Жігіт. Хуп ыхтыияры сіләрдә... Разы итәй мән садаға Теңге апа жан жанымны. Айман. Жарар онда билесін. Тенге. Жо, жо қоя тұр (Есіне түсіре алмай.) Әлгі-і... Нетсін... Күйлесін... Биші Жігіт (Түсіне алмай Теңгеге қарап құтыңдап, қабағын ойнатып). Мә, мұндақа... Мә мұндақа?
Теңге. Еееее, сүйдесін!..
(Биші жігіт билеп жөнеледі. Жарас қоса билеп жөнеледі. Үйреніп алған.)
Теңге (салғаннан елігіп, қозданып).
Ее, құдай-ау Оу күнім-ау,
Қутыңдауын қарашы (қасын, қабағын ойнатқаңда.)
Қайтып қана таусылмас
Мен байғұстың шарасы.
(Ілесе береді. Анау тұра қалып кеуде, бөксесін бұлтаңдатқаңда)
Міне, міне қайтерсің.
Жарас (Билеп жүріп). Айман, ана Теңгеге ие бол. Осыны сор түртіп жүр, өзін.
Теңге. Осы, осы міреу арасы (Бұлқынып келгенде анау айнала жөнеледі, ренжіп қап.) Қойшы құдай қашқан несі! Бүйтер болсаң түбінде (артынан ілесіп жүріп) Нең бар еді о басы? (Айман күліп) Қойдың ғой мені мінеки Айманға қып табашы! (Жігіт қайта тұра қап билегенде) Е, келші тәңірі құдай-ай, Аз да болса жалғасын (құшақтап алып) Көңілдің аз-мұз жарасын (сүйіп-сүйіп алады.)
Сонда Көтібар жалақтап, құтырып шыға келеді.
Жарас. О, Теңге-ау, кезек сенікі емес, Аймандікі. Ойныңды бұздың ғой тәңірі (Бүйірден нұқып қалады.) Көтібар (тап беріп). О-о-ой
Ойбай мынау не ғып тұр,
Қуарған жаудың баласы
(Теңгені айнала безілдетіп қуып жүріп)
С... с... с... сен
Істемегің осы екен,
Көрінсе жаудың қарасы.
Қылығын-ай мынаның
Қарашы, ойбай қарашы!
Айман (Араға түсіп).
Өкінесің батыр-ау,
Ойын ғана әншейін.
Өзгенің жоқ жаласы...
Кәрия (жүгіріп кіріп).
Ойбай, батыр, қайдасың,
Болыпты ғой боласы...
Көтібар (тоқтап қап).
Тағы қандай сұмдық бар,
Болар ма ойбай толасы?
Кәрия.
Арыстан колға түсіпті,
Оңыпты жаудың тобасы.
Көтібар.
Сыңдырды белім сыңдырды.
Өлейін көрге кірейін,
Қайда Көтібар моласы.
Кәрия.
Қаптап келед қалың қол,
Есіңді жый осы ауыл,
Бетіне алған жобасы.
(Көтібар сарып ұрып кеп, отыра кетеді.)
Жарас (Айман, Теңгеге ымдап қойып).
Шаптырмаңдар ауылды,
Барып сауға сұраңдар,
Болмас па екен дауасы!
Кәрия.
Ұша гөр, Теңге, ұша көр,
Бұ да ескінің жорасы.
Содан басқа шарасы,
Болды-ау тәңірім боласы...
(Айман, Теңге жөнеледі. Қараңғы.)
Шам өшеді
ІІ көрініс
Шам жанғанда бір жақта торғын шымылдық. Сол шымылдық жақтан Теңге келе жатады. Басын шалқасынан салып маң-маң басады. Қасында Жарас. Көтібар бір жақта бүлініп жүр.
Көтібар. Әс...с...с... сені-і-і-і! (дей бергеңде)
Теңге. Сап, сап, сап!
Көтібар (Шымылдықты керіп шалқалай беріп). О... о... о айуан, о айуан (шымылдық артында ылғый қыз бен жігіт тобы Көтібар шымылдыққа тап береді.)
Теңге. Сап, сап, сап!
Көтібар. Қалай? Қалай?
Теңге (мазақтап). Солай... Солай...
Көтібар. Тәйт былай...
Теңге. Шыдай тұр... Шыдай...
Көтібар (Сабырсызданып). Уа, айт сұмырай!
Теңге (екіленіп басып кеп).
Уа, Әлібекке Айманды енді ұзатасың!
Сен өкіл атасың! (Көтібар ыршып түскендей болады.)
Сұрай келді мінеки
Атаның адал батасын.
Уа, мен өкіл анамын
Құдай деп қана қасымда
Енді тыныш жатасың...
Көтібар. Уа, қуарған, қуарған
Неменені шатасың? (Жарық беріледі.)
Көтібар.
Тоба-тоба... Тоба... (құлшынып әнмен)
Тұра тұр бәлем әлі ме!
Жайыңды мықтап табармын.
Келістіріп тағы да
Тік көтере шабармын.
Әлі талай пәлені
Басыңа түге жабармын...
Шабармын, сірә, шабармын!
Сол кезде шымылдық ішінен баяулатқан әнменен Айманға қарап Әлібек сөйлейді.
Әлібек.
Ай, күнім Айман жаным денің сау ма?
Шырмалған ақ шабағым қиын ауға.
Артыңнан алас ұрып келдім ұшып,
Болсын деп шыбын жаным саған сауға.
Кеткеңде сен олжа боп қырсық жауға,
Шатасқан бос егестен туған дауға.
Қайткеңде дәтім шыдап тұрар менің,
Жар басы болып жатса жатқа сауда.
Кешіктім, көп отырдым тас қамауда,
Қапа мен дәурен өтіп күн санауда.
Жеткенім осы-ақ болды кешермісің,
Салсам мен тон тонауды қан талауға.
Айман (Әнмен Теңгеге).
Көп күндер болғаны рас кеткеніме,
Қыйыны жоқ көзің жетер сөккеніме.
Қырсығып, мал құтыртып, өрекпітіп,
Оралдым өршеленіп еккеніме.
Бәрі бір болып болмай өкпелі не,
Ризамын бұ да болса жеткеніңе.
Мен емес, борыштарың
Теңге, Арыстан, Шүкір ет,
соның жәрдем еткеніне.
Көтібар.
Тоба... Тоба! Тоба! (Өз-өзіне)
Шабармын, келістіре шабармын!
Әлі бәлем тұра тұр,
Сірә де жайың табармын.
Әлібек.
Теңгенің ұмытпаспын жақсылығын,
Ұмытсам ақыл-нәрім тапшылығым.
Қылғаны Арыстанның қарыз емес,
Бажаның бұдан таптым дос қылығын.
(Жұрт тегіс аңыра қалады.)
Айман.
Не дедің, біле алмадым сыр қанығын
Әлібек.
Жүрмейді Арыстанға мырзалығым,
Көтерді жақындықтың бір салығын.
Шолпанмен ата-анасын бірге қосып,
Әкпелдім күйеу қылмақ ризалығын.
(Жұрт шулап құтты болсын айтады. Жыр, жар-жар қата өрлейді.)
Теңге (Көтібарға жүгіріп келіп).
Уа, сүйінші, сүйінші...
Көтібар.
Тарт найсап, тарт аулақ,
Шабармын, бәлем, шабармын!
Тенге.
Шабарсың, ие, шабарсың,
Ұқтың анау хабарын!
Көтібар (селт eтіп). Не депті, уа, тағы не сорым?
Теңге (күліп тайтаңдап кеп, саспай).
Мұнда тұрған күйеу, біреу емес екеу.
Арыстан Шолпанды алатын бопты.
Сүйінші міне, сүйінші.
Саған енді дым жоқты,
Бүйырған жалғыз тоқалың.
Өңге емес міне (өзін көрсетіп) мен бопты!
Көтібар (жұлқынып мылтығын алып).
Жіберші, уа, жібер былай,
Сорлататын неме екен.
Сірә, мені сол ұдай.
Уа, қайдасың сен, сен шұнақ,
Шүнақ құдай!
Құдай, құдай!
(Аспанға мылтығын атып жіберіп, құтыртып кеп найзасын бырт еткізіп сындырып, шыға жөнеледі, жұрт қарқ болып күледі.) Жарас (мысқылдап). Бәрекелде, міне осыны айтсаңызшы! (Әлібектерді көрсетіп) Мыналар не, он тыйын күміс кір, бір тыйын күміс шық деп қалт-құлт етіп (Көтібар кеткен жаққа.) Бұл кісілер баяғының арты ғой. Қарашы, әне найзасын борт еткізді. Мылтығын аспанға тарс еткізді.
Арыстан. Уа, Айман ше?!
Жарас (Қолын сілкіп тастап). Айманның да қызығы бітті енді... (Өзбек жігітіне) Кел, одан да сенің биіңді билейік (Соқтырта жөнелді.) Саған рахат болды-ау, бар туысқаның, нөкерің келді. Енді осы бетпен Хиуаға тартасыңдар... (Барлық керуен сырнай-кернейін соқтырады. Биші жігіт, биші қыз билейді. Бәйіт, ән, жар-жар түгел араласып кетеді.)
Шымылдық.
АЙМАН ШОЛПАН
Төрт актылы, бес суретті, күйлі пьеса
Екінші нұсқасы
ҚАТЫСУШЫ АДАМДАР:
Айман, Шолпан – апалы-сіңлілі қос қыз
Маман – екеуінің әкесі
Көтібар – Шекті руының жуаны
Теңге – тоқалы
Арыстан – інісі
Әлібек – бай жігіт, Жетіру
Жарас – Шөмекей. Көпке бірдей күлдіргі
Шал – Көтібардың қосалқысы
Жантық – Жетіру ақыны
Балпық – Шекті ақыны
Өзбек жігіті – керуен басының баласы
Өзбек саудагерлер, той қылған ауылдың адамдары. Қыз, келіншек және шабындыға аттанған қол.
БІРІНШІ АКТ
Бірінші сурет
Көп ауылдың арасындағы көк алаң. Бұлақ бойы ақ қайың, жас қайың. Алыста жасыл бел, көк төбелер. Биік төскейлерде түтіні будақтаған ауылдар. Және шұбартып шашырай жайылған жылқының суреттері. Бұлақ бойында ор жерде тас, томарлар.
І Көрініс
Үкілі домбырасын бұлғай шырқап келе жатқан әнші ақын, жанында сәнді жігіттер тобы. Топ ортасыңда Әлібек.
Жантық
Жайлауында Жетіру
Желіге шыққан желдірмем,
Құйрық атып, төс керген
Шаңдоз аттай ойнайды.
Ақмартудай мырзам бар,
Асқақ қыздың талайын
Тілесе тегін қоймайды.
Қыз көреміз, біз келдік,
Қайда қызы Маманның?
Келмей ерін кезертіп
Кім деп, сірә, ойлайды?..
Нөкер жігіт
Бәсе, біз, неге мұнда сарыламыз?
Не көріп, не күн туып жалынамыз?
Әлібек
Шақыршы анау Жарас тілхат басын...
Күзеттен қу даланы арынамыз.
Нөкер жігіт
Әй, Жарас! Жарас, мұнда мойныңды бұр,
Жөніңді айт, қашанғы біз сабыламыз?..
ІІ Көрініс
Жарас
Қыз қашпас, ойын ойнай келмек еді,
Осы сай сан қызықтың ермегі еді.
Ойыңда өрелгі жоқ жөн сұрайық,
Жігітің бұл қызға не демек еді?
Әлібек
Көреміз Маман байдың қызын бүгін!
Жантық (Жарасқа).
Ұнаса сен аласың көрімдігін.
Жарас
Дағдым жоқ алуменен ауызданған,
Қоритын мүлкім емес – егіңдігім,
Қай ауыз жетсе соның жемі шығар, Одан да ниетіңді айт тегін бүгін... Әлібек
Айттырам бұл байыңның қызы ұнаса,
Адақтап мен озғанмын елден аса.
Теңімін, терезем сай, тұғыр етем,
Түлкісін тояттаймын белден баса...
Жарас
Сол ма еді көңіл шіркін жабысқаны?
Тіленіп қүйқалымен табысқалы.
Жалғызақ алдында бір кедергі тұр,
Шектінің көре кепті Арыстаны...
Әлібек
Кедергің не, не дейсің?
Жетеді пұлым, мен салам...
Ол алмайды, мен алам.
Шектіден неге кем қалам?
Жарас
Әрине, сөзің жөн шығар,
Жеген ауыз жейді де,
Менің тегі жоқ жалам...
Әлібек
Ендеше, көрсет, мақұл ма?
Жарас
Келер ойнап жақында...
Әлібектер кетеді.
ІІІ Көрініс
Арыстаңдар шығады.
Арыстан
Қу дала, қу медиен күзеттердің,
Сабымды қыз келед деп түзеп тұрдым.
Қайда әлгің, енді қашан көрінеді?
Асырып қыз мерейін үдеттірдің.
Жарас
Білмеймін кім көрерін бұл қызыңды,
Мен өзім дел-салдамын, жүдеп тұрмын.
Балпық
Білмеймін қалай жаман, жарқын
Жарас,
Не дейсің, бұ не деген кебің еді?..
Жарас
Білмеймін килігіпті бай Әлібек,
Көрем деп сол қызды о да келіп еді...
Арыстан
Сөйлеме, қашан ондай теңім еді?
Қай жерде тайталаста жеңіп еді?
Бет берсем, ниет қылсам ойып түсем,
Қайтады ол, мен келген соң шегінеді...
Жарас
Алмағың қай қыз еді бұл Маманның?
Арыстан
Аламын ең жақсысын, сөзім сол-ақ,
Таңдамай, талғап алмай, әлде бірін
Алуға келгенім жоқ көп жаманның?..
Жарас
Қыз мүлкі дейді мыңды айдағанның,
Әлібек бірі бопты таңдағанның,
Қалағаңды қолы жетсе сенімі етпек,
Орны жоқ, жамап-жасқап, жайлағанның.
Арыстан
Ендеше, күшке мен салам,
Ол алмайды, мен алам,
Егесіп көрсін есалаң,
Қалғанын да тигізбей,
Салайын бүлік топалаң...
ІV Көрініс
Әлібек тобы шығады.
Әлібек
Е, батыр мырза, жол болсын!
Арыстан
Жол қылмақ сенен болсын.
Әлібек (күліп).
Мен де өзіңдей жолаушы,
Жол қылар мұнда нем болсын...
Арыстан
Тас қия, тар көпірде кездесіппіз,
Бір түйіп, бір тілекті мегзесіппіз;
Текедей тіресудің жөні болмас...
Әлібек
Бәрекелде, нетеміз егесіп біз?..
Арыстан
Үстіме баса кепсің, оның қалай?
Кем бе еді меңде сенен бақ пен талай?
Әлібек
Қайтесің күшіңді айтып, билік айтсын
Одан да мына тұрған көп жағалай.
Балпық
Ендеше, Жарас айтсын, ара ағайын.
Әлібек
Мақұл-ақ, мен де өзгені қаламаймын...
Жарас
Жоқ, жаным, жай-жапсарың маған мәлім,
Өтпес жарлық билікке жарамайым...
Дауыстар
Жоқ, Жарас, сен айтқаның мақұл,
Жарас, Актарып, айырып бер аламайын...
Жарас
Ендеше, қыз да адамның бал асы ғой,
Өзі айтсын екеуінен қалағанын...
Арыстан (өзіне).
Қыз айтса, бай деп оған жамбастайды, (Көпке)
Қызды өрлетіп бағыма бәйге етпеймін.
Әлібек (өзіне).
Батыр деп бұған қарай қиғаштайды, (Көпке)
Тең етіп қызды биге баламайым!
Арыстан
Түсетін шабындықтан о бір байтал,
Нарқынан неге асырып бағалайын?
Әлібек
Қыздың байы жылқы еді ежелгіден,
Би етіп табынуды қаламайым!
Арыстан
Ендеше, арамызды жол шешеді,
Қандай жан жолдан шығып егеседі.
Алдымен бұрын келген жол менікі,
Жөн білген бұны теріс демес еді...
Әлібек
Жетіру менің елім, жол менікі,
Қисыны болар жөн жоқ, ол сенікі.
Қызыңды, қырқыныңды Шекті ішіңде
Қашан да дегенім бар мен менікі.
Арыстан
Қияс дау, қисыны жоқ егескен дау,
Ең жақсыны мен алам болсаң да жау...
Әлібек
Ең жақсысын мен алам, жол бермеймін,
Сірә, тұрса кеудемде бұл басым сау...
V Көрініс
Айман, Шолпан топтары шулап, күліп ойнай-билей келеді.
Айман
Жарасқан топ, көп жігіт, сіздер кімсіз?
Білмедік, айып бізден, жөн сұрайық.
Шолпан
Болмаса жөнді несін қазысамыз,
Ойынға араласып бас құрайық...
Жарас
Үйткенмен жөнін білген мақұл болар,
Көре сауда қылатын ырымы ғой,
Ұнаса ниеттер бар жақын болар.
Хор
Ендеше, жайды баян етші,
Жарас, Тең сөйле, бәріне де бірдей қарас.
Қыз көру болғанменен ел жорасы
Екі топ бірдей кепті, бар ма талас?..
Жарас
Екі топ бәсе бірдей келіп отыр,
Таласып көзің міне көріп отыр.
Мына топ Әлібектей байдың тобы,
Бай алмай, кім ал ад деп сеніп отыр!
Шолпан
Маманның малға толған кең даласы,
Боламыз өзіміз де бай баласы.
Арыстан
Қарағым, құлдық ұрдым бұл сөзіңе,
Ендеше, мойныңды бұр, бер қарашы.
Қыздар Арыстанға қарайды.
Жарас
Арыстан мына тұрған Шекті батыр,
Інісі Көтібардың текті батыр.
Аузыммен құс тістеймін, асқақ ермін,
Құтылып көрсін қызың, деп тұр батыр
Шолпан
Әй, тәйіріай, өтпеп пе еді батыр күні,
Бір оқпен өшпеп пе еді шоқпар үні?
Айман
Бір кезде дабырайса даңқы шығып,
Бұл күнде жабы болған көптің бірі...
Әлібек
Ендеше, қайтпаған шақ, өрлеген бақ,
Бүгінгі үлкен дүбір, бай дүбірі...
Айман, Шолпан
Ерлердің солақ па екен айтар сөзі,
Ұшырап қалыппыз біз келіп кезі,
Жігітті қыз көретін біз көрейік,
Бар сөздің ең абзалы көзбе-көзі...
Бұларға хор қосылады
Жігітті қыз көретін біз көрейік,
Көп сөздің қала тұрсын өзгелері...
Қыз көретін жігітті біз көрейік,
Бар ма екен бойларыңда өзге өнері.
Балпық (шырқап).
Ендеше, жас дәу-пері Арыстаным,
Жебедей жерге тыққан алысқанын.
Қайраты, сымбатымен, тегі де бай,
Үлкен сый біле білсең танысқаның!..
Айман
Таңдаудың жетіп болмас ақырына,
Қайтеді мен қызықсам батырына?
Жантық
Болыпты кімнен төмен Әлібегім,
Әрі бай, әрі бағлан, әрі бегім.
Қиядан жемін танып, қырдан ұшты,
Ойлама әлдекім деп әлімберім...
Шолпан
Теңгемен дүниенің құныпұлын
Өлшеп өскен алсам ба байдың ұлын?
Балпық.
Майдаңда батыр жеңген қағысқанын,
Егессе алмай қоймас жабысқанын,
Одан да тілегіне тілегің қос,
Жемейсің, сірә, опық табысқаның.
Шолпан
Батырын олай болса алсам ба екен,
Сол байдан қол үзіп-ақ қалсам ба екен?
Жантық
Ен, дүние, қыруар мүлкі бәрі тегін,
Жетіру әлпештеген Әлібегін.
Өз ұяң, өз өрісің, жатың емес,
Ел күткен құтты бегім Әлібегім.
Айман
Батырдан әлде көңіл бұрайын ба?
Бай деп-ақ неде болса тұрайын ба?
(Көпке)
Кәнеки, қайсымыз кімге жақты, (Әлібекке)
Сізден де енді жөнді сұрайын да, (Арыстанға)
Сіздағы тіл қатыңыз, батыр мырза,
Көзіңіз кімнің түсті шырайына?
Арыстан (өзіне).
Әттең, дүние жалған-ай,
Екеуін бірдей алар ма ем,
Қалмас еді арман-ай?
Әлібек
Не керек, лайық емес жасырғаным,
Бір емес, екеу болды бас ұрғаным.
Жақсысын екеуің де, нені айтайын,
Жоқ боп тұр кеміткенім, асырғаным...
Шолпан (күліп).
Күреп алып үйренген машығы ғой,
Бұл жігіт шынын айтты енді қайтсын?
Айман
Олқы түспес оныңнан қолшыл жігіт,
Тыңдайық, батыр мырза жөнін айтсын!
Жарас
Ер көңіл дегенінен жаңылмаған,
Олдағы екеу демей енді қайтсын!
Арыстан
Бәрекелде, не дейін солай демей,
Көп асауға үйренген біздің көмей.
Екеуіне қызықтым бірден құлай,
Мін таптым деп айтамын неменедей?
Айман (күліп).
Қарық қылған бұндай дәурен көрген бар ма?
Бір күйеу екі қызға келген бар ма?
Таңдамай тізіп қана алып кетпек,
Бұндайға көңілбейіл берген бар ма?
Жігіттер, ел ақтаған ер екесіз,
Сонда да сөз айтасыз берекесіз.
Таңдау жол сіздерде емес, енді бізде,
Дей қалсақ сонда қалай дер екесіз?
Арыстан
Қап-қап, қылдыау мына қу,
Жер қылды-ау, ойбай, Жетіру!
Әлібек
Көрдім-ау, пай-пай, Шектіден,
Құлқынын қыз кептірген.
Айман, Шолпан (оларға хор қосылады).
Ауырмай өледі екен аңдамаған,
Демей-ақ біз қояйық, әлде маған,
Тойыңда Шөмекейдің шын сөзіміз,
Айтылсын бүгін мұнда қамдамаған...
Қыз керетін жігітті
Көре қыздар шығыпты.
Көрісімен түңигіп
Қайта беттен ығыпты.
Жауабына орай жоқ,
Көңіл жүдеп бұғыпты.
Мақтай алмай кетті қыз
Қыз көретін жігітті... жігітті.
Күлкі, билеп, ойнап кетіп қалысады.
Жарас (дал боп қалған Арыстанға).
Ал, мырза, қай шыңына баттың ойдың?
Мынаны айт, қай қызына көңіл қойдың?..
Арыстан (атып тұрып).
Әуелі анауыңа айтқыз жөнін,
Боларын сезіп едім осы тойдың...
Әлібек
Әуелі таңдағанын анау айтсын,
Өрескел мінезіңнен мен де тойдым...
Жарас
Жігіттер, қыз жетпей ме, Бұларың не?
Кірбеңі кетпей түр ма бөтен ойдың.
Қыз қырғын деген осы-ay, екпіңдерің
Басыңда тәуір еді, не қып жойдың?..
Арыстан (Әлібекке).
Жөніңді айт, олай болса кімді аласың?
Әлібек
Сен айтшы, ниет еттің қай баласын!
Арыстан
Жоқ, сен айт, аңысыңды байқап көрем...
Әлібек
Жоқ, сен айт, бұның тағы қай таласың?!
Арыстан
Сен айтпасаң, айтпаймын, олда оңбайын,
Тас болып осы сөзде мен қаламын.
Әлібек (өзгеріп).
Солай ма, онда рақмет, жол беріпсің.
Айман ед тілегенім, соны аламын.
Арыстан дал болып қалады.
Арыстан
Жолың не, жол бергем жоқ, өз талабың
Жарас
Жарайды, жолды Әлібек алмақ бопты,
Асыл қызы сол еді жарған топты.
Үлкені, кемелі де дәл өзі еді,
Қаратқан бір өзіне дүйім көпті...
Арыстан
Тәйт, арман кет, жолым бермен,
Жорға тілге сірә да ермен,
Жамаушысың, керегің жоқ,
Айманымды берерім жоқ.
Әлібек
Жоқ, Айманды мен де бермен,
Тартынбаспыңа келген керден.
Арыстан
Алмай қойман Айманды мен,
Асырмайсың айлаңды сен.
Жарас
Ал енді Шолпан қыз да осал емес,
Мал, дүние билігі онда босаң емес.
Ұлсыз бай соны алғанға мүлкін беред,
Етіңдер Бұл жайын да қоса кеңес...
Әлібек
Ал ендеше, Арыстан,
Келіпсің сен алыстан.
Айманды сен ала-ақ қой,
Ерегісіп қарыспан.
Қалғанына қанағат,
Шолпан-ақ болсын қайтейін,
Тілегенім, табысқан...
Арыстан
Жоқ, ендеше, таласым,
Басыңда мен де адастым,
Іздегенім бай қайын,
Шолпан екен лайығым.
Сөзіне көңдім Жарастың.
Әлібек
Жоқ, бұныңа көнбеймін.
Арыстан
Мен де саған бермеймін.
Әлібек
Айман десең Айманды,
Шолпан десең Шолпаңды,
Егеске енді сермеймін.
Арыстан
Бәсе десең Айманды,
Шолпан десең Шолпаңды
Не қылсам да мен сенен
Жеңіп алып деңдеймін...
Әлібек
Алмағың қыз емес қой, егес екен,
Көлденең бізді жыңды демесе екен. (Жарасқа)
Жарас-ау, қайсы Айман, Қайсысы Шолпан,
Әуелі соны білген емес екем...
Жарас (жаңылтпаштап).
Жаным-ау, онысы да бар ма тағы?
Шолпанның оң жағыңда Айман болар,
Айманның оң жағыңда Шолпаңдағы.
Әкенің бала болар шамшырағы,
Көлденең жігіт көзі шын қырағы,
Саудасы күсет боп тұр, танылмай-ақ
Маманның аспанға ұшты қос пырағы.
Айманның оң жағыңда Шолпан болар,
Шолпанның оң жағыңда Аймандағы...
Әлібек
Не дейді, нені айтады қай-қайдағы!
Арыстан
Пай-пай, дүние жалған-ай,
Екеуін бірден құшар ма ем,
Қалмас еді арман-ай!
Жаршы
Уа, жараңдар, құлақ сал,
Шөмекейдің тойы бар!
Қызықта кімнің ойы бар,
Мынау белдің астында
Ұзын өлке бойы бар,
Сол өлкені жағалай
Тігулі тұрған үйі бар.
Үй басына сойылған
Қонаққа деген қойы бар,
Жақсының онда сойы бар,
Арнаулы жақсы тобына
Ту бие де сойылар.
Қызық та қырғын думан бар,
Қызықты қандай қуған бар,
Той десең қу бас домалар,
Қыз-бозбала құжандар,
Іркіліп шетте қалмаңдар,
Бәрің де солай дулаңдар...
Дауыстар
Той... той... Той...
Шап, ендеше, солай шап,
Қызық думан сонда тап, сонда тап...
Тойға бара жатқан қалың,
шұбар топтың ойын-биі.
Жөнеліседі.
Ш ы м ы л д ы қ
ЕКІНШІ АКТ
Екінші сурет
Сахнада орда сияқты етіп тіккен оюлы үй
І Көрініс
Той иесі бір топ Шөмекей шығады. Арттарыңда Жарас.
І Шөмекей
Бәтір-ау, бұл пәлені қайттік енді?
ІІ Шөмекей
Сабыр жоқ, тақат та жоқ азды кемді.
ІІІ Шөмекей
Екеуі екі жақтан қысып жатыр,
Таласқан құзғыңдай боп, көрген жемді.
І Шөмекей
Жалғыз үй қайсысына жетер мұның,
Жоқтағаңдай егеседі ердің құнын.
ІІІ Шөмекей
Бір Маман, бір Көтібар, қос қызыл көз
Бірі Бұлдар шоқпарын, бірі пұлын.
ІІ Шөмекей
Жалғыз жақсы үй егеске себеп болад,
Тікпейік деп айтпап па ем, бұл құрғырын.
І Шөмекей, ІІ Шөмекей (қоса).
Ойбай-ау, есебін айт. қисынын тап,
Қисынын тап, ойбай-ау, есебін айт.
Пәледен құтылсаңшы күні бұрын...
Нөкерімен Көтібар шығып қалады.
ІІ көрініс
Көтібар
Kөп қарға шуылдаған, Шөмекейім!
Мына үйдің мен ұнаттым әшекейін.
Түсем деп хабарымды салмап па едім,
Жауап жоқ, кімге бұрды көмекейің?
І Шөмекей
Жарас-ау, ақыл табар жерің бар ма?
ІІ Шөмекей
Бір жауап бұл пәлеге дерің бар ма?
ІІІ Шөмекей
Қысылған көп Шөмекей сенің елің,
Құтқарар басымызды емің бар ма?
Жарас (Көтібарға).
Көтеке, егескенді жеңгені сен,
Қашқанның, қуғанның да сенгені сен,
Басқа ұрсаң Шөмекейің өлді деп біл,
Көтеке, ұрсаң құлақ қақпай көргені сен.
Арналған үй иесі өзің едің,
Таңдатса Шөмекейдің бермегі сен.
Жалғыз-ақ Маман деген зәбі шықты,
Бермеске ерегесіп көрмегі сен.
Көтібар.
Тәйт, жоғал, Маманыңды жолымнан ал,
Жылжымай, жалтақтамай сертіңде қал.
Бәйгеге ат жөнелтіп қайтып келем,
Мыжымай қамдана бер, көрпеңді сал...
Кетеді. Маман шығады. Қасында тобы.
ІІІ көрініс
Маман (ашулы).
Құртармын қызыл бұзау көзімменен,
Талайды молда қылам тезімменен.
Түсем деп, осы үйіне кісі салдым,
Жауап жоқ, қалай қалад сөзім неден? І
Шөмекей
Айтам ғой, осы пәле болар деп ем.
ІІ Шөмекей
Екі оттың ортасыңда қалды денем.
ІІІ Шөмекей
Жарас-ау, не де болса айласын тап,
Пәледен машайық та қашты деген...
Жарас (Маманға).
Байеке-ау, немене бар сенен аяр,
Арналып мына үй түр ед саған даяр,
Жалғыз-ақ мен түсем деп Көтібар тұр,
Бермесең пәлесі бар көпке жаяр.
(Шөмекейлер қосылады)
Мың пәле бір пәледен туғызып ап,
Аяғы көз жетпейді неге саяр.
Ойнатып әңгір таяқ ол үйренген,
Шабам деп найза, шоқпар, тағы таяр...
Маман
Бермеймін, өзім түсем, неге ығамын?
Ұстасса, қарсысына тең шығамын.
Ондайлық өзімнен де жын табылад,
Келемін, құп алудың істе қамын (Кетеді.)
ІV көрініс
І Шөмекей
Енді қайттік, ойбай-ай!
ІІІ Шөмекей
Қорлығыңда қойғаны-ай.
Жарас
Екі дәу қағысарлық етіңде екен,
Не қылса күш сынаспақ ниетінде екен.
Шақыр да саудагерді, соны отырғыз,
Шөмекей сонша жалтақ жетім бе екен?
ІІ Шөмекей
Дұп-дұрыс, шақырайық саудагерді!
Саудагерлер шығып қалады.
Үйге қарай беттейді.
ІІІ Шөмекей
Мінекей, бәрекелді, өзі келді...
Мамандар қыздарымен арттан шығады, олар да сол үйге кіреді.
V көрініс
І Шөмекей
Бәрібір енді бізден ерік кетті.
Жарас
Сөзді қой, бар нөкері еріп кепті.
ІІ Шөмекей
Пәле келсе қайтеміз, өле көрдік,
Жетіру енді бізге серік бопты...
Бір топ қатын киіз сәукеле киген бір құданы алып шығады.
VІ көрініс
Шолпан (сақылдап күліп).
Жарас-ау, мына сәңді көрмейсің бе?
Сыбаға сәукелеге бермейсің бе?
Құдалар биі. Екі құда билейді. Күлкі би. Ескі ырым-жырымның сырын ашатын, соны мысқыл ететін би. Жарас (келіншектер жырға қосылады. Ойнақыланып шырқап құдаға қарап). Уау, мынау салың не дейді вара-вара! Вара-рара-ра! Вара-рарара!
Құдаға кел, жамағат, көз салайық, Жарасқан сән-тұрманын біз санайық. Маржаны – құмалақтан, құрым – желек, Қамшыны жібек бауға шамалайық (Күлкі.)
Ат-жөнін бұл құданың сұрамайық,
Сый екен, әлдекімге баламайық.
Бұлтиған әне бірдей сақалына
Деп қана тоқтатайық "болды ылайық".
Бетіне құрт жағылған құда шығады.
Уа, жазған, жаңа келді сауырлы бай,
Құртты бай, құйрықты бай, бауырлы ба-ай...
Шыныңды айт, қатыңдардың тізесі өтіп,
Қыр арқаң келемежден жауырды ма-ай...
Енесін сол арқаның ұрасың ба,
Тойғысыз ит жаласа бет-аузың май...
Әлібек тобы шығады. Араларыңда Жаптық ақын. Сәлем беріп Мамандарға иіліседі.
VІІ көрініс
Жантық
Жел сөздің енді келсін бас иесі,
Сөзімнің қайда қалмас несиесі.
Өзі алған ойды қырды байым Маман,
Шалқып тұр шартарапқа несібесі.
Алдыңа мырзам келді Әлібектей,
Қан базар мол сауданың жас иесі.
Бақты алған батырдан да, бағланнан да,
Мол бақтың жастай алған мас иесі...
Жарас
Жарықтығым, мас болсаң да шарқыңды біл,
Не дейсің батыр келіп, "бар биліктің
Мен болам, байың емес, десе иесі".
Әлібек (қыздар қасына келіп отырып).
Батыр, би деп бір қоймайды,
Сірә, бізге қалған бар ма?
Айман
Неге олайша дедіңіз,
Әлде сізде арман бар ма?
Әлібек
Бәсекеде арман көп,
Арылатын дәрмен бар ма?
Шолпан
Апырым-ау, солай ма?
Бір мінезін қыр депті,
Бір жүрісін жыр депті,
Сіз келмепсіз осында,
Тіпті, әлденеңдей сыр кепті-ау!
Әлібек
Батыр деп, сірә, жол бермен,
Қаза беріп қайтейін,
Айта берсек сөз көпті.
Жарас
Солай ма еді, қап, болмас,
Бәсекесіз бай болмас,
Малдың күші оңай ма,
Мақтандырмай ол қоймас.
Көтібар да күшті ғой,
Егеске о да тоймас,
Шектінің аты Шекті де,
Ұранын сірә жоймас.
Әлібек
Шекті болса қайтейін,
Жетіру қашан бос қалды?
Маман
Көрсетсінші Көтібар
Сән-салтанат қызығын.
Болмаса Шекті бос мақтап,
Жүргендағы бұзығын.
Әлем байлап ағашқа
Әулие деп табынған,
Шектідей емес қызығым...
Дауыс
Уа, бір сәнді топ келед.
ІІ Дауыс
Уау, Арыстан екен ғой,
Өзі батыр інісі,
Батыр да ғой бұнысы.
Әлібек (Шолпанға қарап).
Көрмегі тағы Айман да.
Шолпан
Көрсе біз де көрейік.
Көруден көз тойған ба?
(Жарасқа көзін қысып.)
Айман деп ап бұ жігіт,
Шолпанға ден қойған да... (Күледі)
Тобымен Арыстан шығады.
VІІІ көрініс
І Шөмекей
Уа, кел, қарағым Арыстан. Арыстан
Аманбысың, қария? Құтты болсын тойыңа
Айта келдім алыстан.
І Шөмекей
Бәрекелде, ырзамын.
Құрметіңнен қалыспан.
Арыстан
Дос елім ең, Шөмекей,
Ертеде атам табысқан.
І Шөмекей
Досыңды дос деп бек тұтып,
Жауыңды да шабысқам.
Айман (Арыстанға).
Ал, мырза, орын міне, қош келіпсің?
Шолпан
Жалғыз-ақ (өзінің кеудесін түртіп, күліп.)
Айман десең бос келіпсің.
Айман
Апаңнан әддеқандай қаупің бар ма,
Ұмытпай ол жағын да ескеріпсін.
Арыстан
Рас сөз, іздегенім сұлу Айман,
Көрем деп талпынып ем мен талайдан.
Қиғаш сөз шығып қалды лебізіңнен
Кедергі шығып па еді әлдеқайдан?
Сен едің даңқын асқан кішкентайдан,
Дәмелі мен емес пе ем құлаш жайған,
Тарқаған жәрмеңкеңнің базары ма? (Шолпанға)
Айманжан, өзің толға болған жайдан.
Айман
Тартыс жоқ Бұл арада керіс майдан.
Шолпан
Жастық бар, шалқып ойнап, салған сайран,
Әр түрлі әр жотадан сөз тастайсыз,
Наз жайын түсіне алмай тұрмыз қайран...
Айтпайық біз де сөзді салып епке,
Орын жоқ айтысарлық налық өкпе,
Мезгіл жай сізге де бір, көпке де бір,
Сол көптің бірі болар Әлібек те...
Әлібек (қалжыңдап, асқақ).
Ендеше, мен де айтайын мезгіл жайын,
Бұл дәурен шалқып жатқан айдындайын.
Жалғыз қу сол айдынның ақ еркесі,
Балатқан бір өзіне күн мен айын.
Шұбыртқан бұл өлкенің бағлан байын
Сөзімде қате болса көпке дайын,
Толқынып пісетұғын кезі жетіп,
Іздепті-ау сонда жалғыз теңдісайын. (Күліп, желігіп.)
Несіне бұдан әрі пернелейін,
Бәрібір дәурен өтер деп демейін.
Шұғыла боп, сол қуға біз құштырыппыз,
Батыр ем, бағлан ем деп, мен не дейін?
Шолпан (күліп).
Жаным-ау, іздегенім әуре ме еді,
Арманым адам емей сәуле ме еді?
Айман (күліп).
Бұл жігіт шапшаң сауда жылпос екен!
Әлде сор, әлде бағы әуреледі.
Арыстан (Шолпанға).
Қарағым, саған шақтым мен мұңымды,
Сызы өткен мынау неткен дәурен еді?
Шолпан (қыздар хорымен).
Кезеген аяқ болсаң да,
Ілінер жөргем мен емен.
Арыстан
Биіміз болсаң не етеді
Әділдікпен теңеген.
Шолпан
Машайығың мен емес
Сүрінгенді демеген.
Айман (күліп).
Жарар ма екен соншалық,
Сый құрбыны шенеген!
Шолпан
Бола алмадым аруақ
Жалынғаңды жебеген...
Арыстан
Ойпырай, неткен асау ең,
Тістетіп те тебеген... (Өзіне.)
Айман десе Айман-ау,
Жақсы еді мынау не деген?
Әттең дүние біреуін Алар күнім болар ма,
Бере гөр, тәңірім, береген!
Әлібек (Жантыққа).
Жаным-ау, неге отырсың тізгін тежеп,
Айтсайшы тілегімді естісін де.
Жантық
Уа, Жетіру, Шөмекей мен Шектісі де,
Бай, батыр, мырза, сері, тектісі де.
Ұсынса қолы жетпей қалып жатыр
Айманжан шыдай алмай тепкісіне.
Арыстан (Балпыққа).
Айтсаңшы Арыстаңды теңеме деп
Әншейін келді кетті көп кісіге...
Жантық
Бөтенге Әлібектен бұйырмаймын,
Теңі жоқ бұдан өзге шет кісіде.
Талай жан жалын жұтып тас шайнаған
Жүлде алған Әлібекке кекті ішіңде.
Құдалық сұрай келіп сауға берген
Өңім бе, бұл көргенім деп түсім бе?
Бәйге алған, ту құлатқан желді аяғым
Қара көк қирата озған бестісіңде.
Балпық
Кез болдым сен екесің, ақын Жантық,
Сыйыңды құшақтай бер қысып қамтып.
Бөз беріп, сөзін сатып алып жатыр
Жантықта не қып қалсын енді тамтық?!
Мақтаншақ саудагерлер қайтушы еді,
Сөйлеме бойға өлшемей сөзін тантық.
Әкеңдей Арыстаным міне келді,
Жетіру, көп көпірме енді тантып...
Әлібек (Жантыққа).
Солай да, жуан сөзге бұл басыпты,
Ендеше, сал шеңгелді батырына,
Алынбай қарын шашы тегі асыпты.
Арыстан
Өй, мырза, айтыста жоқ мұндай ырым,
Не дейсің, қайдан таптың бұл кәсіпті?..
Әлібек
Деген боп "батыр", "батыр" хан көтеріп
Қажытты құлағымды, сол сасытты. 4
Арыстан (атып тұрып).
Қарай гөр без құтыртқан көк жасықты,
Еліріп тентек судай бұл тасыпты.
Бар, Жарас, хабарын айт батырға онда –
Қашаңда егескеннен ол қашыпты.
Жарас кетеді.
Жантық
Шектіге бір кесел бар ерте қонған,
Ол кесел бірде толып, бірде солған.
(Әлібек хоры қосылады.)
Еліріп құр шоқпармен шонтай қағып
Арам тер әлін білмей әлек болған.
Сол іспен адамың жоқ сірә де оңған,
Көргені кезуіл ме құрдым жолдан.
Тыныштық та, байлық та мол
Жетіруда Қай Шекті қазына көрді уыс толған!
Батыр деп айдар тағып елірткенің
Жем іздеп, күндіз түні маңын шолған.
Балпық (Арыстан хорымен іле жөнеледі).
Жетіру, сөз шығардың бойыңа ерсі,
Құтыртқан мына бөздің буын көрші.
Түлен түртіп бара ма қайда кеттің?
Кәніки білгеніңді тағы терші
Болмаса шыдамасаң жайыңа еріп,
Базарға қойыңды айдап, байыңа ерші.
Сонда да қатулансам шұбыртармын,
Ер болсаң осы сертке қолың берші.
Жарас келеді.
ІX көрініс
Жарас
Уа, Маман бай, сіздерге
Көтібар батыр жіберді,
Мен сонымен кеп тұрмын
"Уа, Жетіру емен Шектімін,
Осал емен, тектімін.
Маманменен кептімін,
Жөнге келсе ептімін.
Жөніне жөн деп көшпесе
Ойыса алман, кектімін.
Тойға келсем қойыпты
Шөмекейдің шеткі үйін,
Лайығым менің ол емес,
Түсуіме аламын,
Өзгені емес ордасын
Маман байдың деп тұрмын..." дейді. Маман
Уа, не деп тұрсың, жексұрын?
Жарас
Мен қалыспын, тек тұрмын,
Көріп келдім, айтайын.
Ұнатпадым бет түрін...
Маман
Тимей-ақ қойсын септігін,
Өзім-ақ басам әптігін.
Арыстан
Шығар бар ма жамау боп,
Сөзін айтар ептінің?
Қойса қайтед тиюін
Қытығына Шектінің!
Әлібек
Тау жығатын селдей боп,
Қарашы бұның екпінін.
Жарас
Пай-пай-пай, екі нар
Қағысқан соң не амал бар?
Арада қайтып өлмесін
Енді сорлы шыбындар.
Тағы да айтпай болмайды-ау,
Ызғары жатыр сөзінің,
"Құтыртқаны буы ғой,
Деп айтады бөзінің".
Жасырмай-ақ қояйын,
Сыртына теуіп алыпты
Түк біткенін өзінің.
Мойнына мініп апты дейді.
Шөмекей мен Жетіру
Құлақ қақпас өзінің.
Маман
Олай десе қазір міне айта бар,
Ойда ұлық, қырда қыруар малым бар.
Ерегіссе шығып көрсін қарсыма,
Қырсық кессе де қу кедейлік әлім бар.
Уау, Орынпар, Қатірімпар, Шытырымпар.
Жағалай сонау шәрлер бар,
Лықылдаған ұлық бар,
Өрекпуін қоймаса
Татуаңдаған шолаққа
Кісенді қара құлып бар!
Жарас жөнеле береді де, Шөмекейлер мен көпке оралып
Жарас
Ал іздегенің сен болсаң
Сұрағаның жетсін тез (Ойнақыланып).
Олай болса мінеки
Ұр, тоқпағым, тоқ-тоқ!
Олар болса шоқ-шоқ,
Бір бай мен бір батыр,
Бір ісек, бір қошқар,
Бір теке, бір серке.
Жекпе-жек, жекпе-жек!
Түрт, сайтан, түрт.
Үрит соқ-соқ...
Үрит соқ-соқ!
Кетеді.
Маман
Көтеріңдер желікті,
Көрсетіңдер ойыңды.
Қандай пәле болса да,
Көтеріп алдым мінеки,
Баста қызу тойыңды.
Өзбек жігіті билеп шығады, айнала тұрған көп көкпар, қара жорға биін үлкен кызулы той түріне айналдыра билейді. Өзбек жігіті қалың топтан серкені әкетіп жүрген жалғыз озғын жүйріктің қаракетін көрсетеді. Ақырында бұл жалғыз билеп жүреді: жеңудің, асқындаудың мақтан биі сияқты. Осы бидің аяғында Көтібар шыға келеді.
X көрініс
Көтібар
Тәйт, найсап, жоғал әрі, сен көзімнен!
Би тоқтап қалады.
Әкелген үлгің со ғой сұм бөзіңмен (Жантыққа.)
Кәнеки судан шыққан Судыр-Ахмет,
Тұсайтын келші мені қу сөзіңмен.
Маман (Жантыққа).
Айта ғой олай болса тілегенін.
Жарас (Шөмекейлерге).
Көресің енді шатақ үдегенін!
Әлібек
Терезем тең, тең жауап айта аламын,
Қамшыны көтермеймін білгенін.
Жантық (құлшынып).
Ендеше, біз егесіп көрген едік,
Шектіге орай жауап берген едік,
Мақтаны қара шоқпар ұр да жық деп,
Батырын сіздей-сіздей терген едік.
Соңына саудалы бай ерген едік,
Жетіру, біз өңге елден сергек едік.
Туласын.шамданбаса тентектері,
"Ә" десе "мә" деп сыйын бермек едік.
Көтібар
Кет әрі, енді менен қамшы жерсің,
Үргізген анау байың тыйым берсін. (Маманға)
Бетімнен алдырушы сен ғой,
Маман, Тұра тұр бұл бәйгеден атым келсін.
Келгенін күрең аттың жұртым көрсін.
Көрерсің не көрсең де қылығыңнан,
Кінәлы бөтен емес, өзім дерсің.
Жарас
Батыр-ау, Бұл арада бір түйін бар
Арыстан ниетіне жол қиындар.
Маманның қызын көрмек керіспенен
Таласа келіп отыр бұл жиындар.
Көтібар
Не дейсің, Арыстанмен кім таласты,
Сөзімен Жетірудың кім санасты? (Арыстанға)
Алмағың қайсысы еді бұнысының,
Сен бе едің сөзі қалар аяқ асты?
Жарас
Ниеті Арыстанның Айман еді,
Алсам деп оған құлаш жайған еді.
Әлібек жолды алам деп қарсы шығып,
Сөз арты ерегіске сайған еді.
Көтібар (Айманға).
Жарқыным, таңдау сенің қолыңда екен,
Тілектің бәрі сенің жолыңда екен,
Қайсысын қабылдап ең мыналардың,
Оңың мен екі жігіт солыңда екен.
Айман
Ойлап ем бұндай сөзден сізді алыс деп,
Ұят-ау жауаптассақ біз шалыс кеп,
Қызыққан, таңдаған да жігітім жоқ,
Не деймін көрмей жатып көз таныс боп?
Көтібар (қыздарға).
Ендеше, жымнан шыққан жолбарыс бар,
Шыңдаса бойда күшін сол қарыштар.
Шулаған шие бөрі үнін басып,
Ақырып "мен бармын" деп ол дабыстар.
Айман (күліп).
Мекені жолбарыстың cap қамыстар,
Ішінде талай жәндік бар қамыстар.
Жолбарыс жымыңдап ойнап көкше қоян,
Күштіні күлкі етер бар сол қамыстан.
Көтібар
Уай, құбылған сайқал дүние-ай,
Көркейіп тұрған күйін-ай,
Уылжыған тәтті жас
Әкетер ме ем, үйіме-ай...
(Арыстанға)
Жарықтығым, жаратқанға жазғанбысың,
Өзіңе өзің пәле қазғанбысың,
Біреуін мыналардың таңдап алмай
Бойкүйез меңзең болған азбанбысың?
Әлібек
Ол ерік Арыстаңда емес шығар,
Таласта ініңізге мен де сыңар.
Көтібар
Ендеше, өлсеңдағы сол Айманды ал,
Тартыстан Шекті ме еді бұғып ығар.
Маман (ашуланып).
Кім салды балаларымды бұл саудаға,
Жайым жоқ қорлығыңа енді шыдар.
Көтібар
Тілесем алғызамын таңдағанын,
Күшімді ойың бар ма сенің сынар?
Айман, Шолпан (орындарынан тұрып, Маманға).
Алдияр, қадірлі ата, еркің білсін,
Егескен ершігешке балаң күлсін.
Садаға ажарыңнан кетірейік,
Өртеніп өкінгеннен шашын жұлсын.
Маман (қосылады).
Қарашы құтыруын қу шоқпардың,
Кеселің асқақ неме өзіңді ұрсын.
Көтібар
Солай ма, олай болса сертімді есті:
Жетіру, құл етермін құлақ кесті.
Қатын жоқ бұл қыздардан Әлібекке,
Қолыма ап, мал бермеспін жалғыз бесті.
Маман
Оңбайын, шолақ кедей, сені үдетсем,
Шектіге бала беріп мен жүдетсем.
Көтібар
Ендеше, мен шабамын, шаптым, ойбай,
Аяман қоңыз теріп босып кетсең.
Қатын қып, қос қызыңды қолмен алып,
Құтыңды қопарайын астан-кестен.
Мамаңды ұрмаққа ұмтылады. Жұрт екеуін де жібермейді. Жанжал, шу.
Шымылдық
ҮШІНШІ АКТ
Үшінші сурет
Түн. Сахна қотанның ортасы сияқты. Сахнаның айналасында жағалай тұрған ақ үйлердің сырттары. Ортада ең үлкен Маман үйі. Екі жақ жанында отаулар. Екі отау да оюлы, кестелі. Бұлардың екі жақтарында жай орташа бозғыл үй.
І көрініс
Ауыл азан-қазан. Шабуылдың қалың шуы. "Аттан, аттан, ойбай, аттан! Ойбай, аттан! Қапта, қапта! Қапта!" дескен ұрандар. Сахнада әрлі-берлі қарбаласып, есі шығып босып жүрген қыз-қатын, кәрі-жас. Дудыраған шаштар, үстінде жөнді лыпа жоқ, жалаңаштар да бар.
Шабуылшылар дауыстары (жақындап келеді).
Ал қапта, қапта, қапта!
Тапта Маман аулын.
Тапта, қапта, қайта тапта.
(Ауыл кісілерінің дауыстары)
Қайт-қайт-қайт!
Найза, сойылмен қағысып жүргендер.
Уай, шіркін-ай,
Уай, кәпір-ай,
Тәйт жоғал, тәйт! (Төбелес үстіңде.)
Бас көзіңді, бас!
Түс, түс, түс!
Уай, шіркін-ай!
Қайт, шапшаң қайт,
Жат, жөніңмен жат.
Келгендер жеңіп, сүріп, айдап, қырғын қып бара жатқан сияқты. Осы шабуыл суреті бимен беріледі. Шоқпар, сойыл, айбалталы би. Қағысқан, сабасқан, айла асырысқан. Атүсті қырғын жойқын соғыстың суреті. Ақырында Көтібар қолы жеңіп, жапырып, үдеп бара жатқан хал білінді.
ІІ көрініс
Айман, Шолпан, Жарас пен өзбек жігіті шығады. Өзбек жігіті мен Жараста көйлек жоқ. Жалаңаш етке шапан, шекпен киіскен, жалаң аяқ.
Айман
Жарас-ау, бұл сұмдыққа бар ма шара?
Шолпан (жерді тепкілеп).
Жұтпайды неге мені дәл осы ара!
Айман
Байдан да, бағланнан да қылығы асқан
Шын құзғын мынау ма еді жеке-дара?..
Жарас
Айтпап па ем Көтібардан сақтансын деп!
Не дейміз енді бүгін шапқасын кеп.
Айман
Құрып қалғыр, одандағы жол тапсаңшы,
Келдім бе оны маған мақтасын деп!
Шолпан
Бүлдірді, тойың құрғыр, қу Шөмекей,
Тыныштықта бай ауылы жатпасын деп.
Жарас
Қайтесің құтыртқан соң тәңірім солай,
Жалғаңды жалпағынан таптасын деп.
Айман
Айтсаңшы құтқарарлық ақылыңды
Өзбек жігіті
Құдай-ау, бізге медет беремісің,
Көрсеңші биғам болған қапылымды.
Айман
Тентек пен тексердім бе мақұлыңды.
Жарас (Айманға).
Ендеше, Жарас деп біл жақыныңды,
Мен білген аямайын ақылымды.
Бұдан соң не көрсем де бір көрейін,
Қайтейін күн туған соң сапырыңды!
Айман мен Шолпанды шеткі үйлерге қарай жөнелтіп жіберді.
ІІІ көрініс
Өзбек жігіті
Я ханнан, мен қайтейін, Жарас аға,
Маған да ақылыңнан қарас, аға.
Жарас
Ал енді бер қарай жүр, сорлы бала,
Екеуміз келіншек боп киінейік,
Демейік келісе ме, жараса ма?
Жетектеп алып жөнеледі.
ІV көрініс
Маман ауылын қорғаған соңғы топ, селдір топ жөңкіліп қашып шығады.
І қатын (қашып, ұрысқан боп).
Ойбай-ау, мынау әлгі батыры ғой!
ІІ қатын
Бетіне жан шыдатпас кәпірі ғой.
І Жігіт
Қаш, ойбай, жаның барда, жөніңді тап.
І қатын
Батыры, беті жаман кәпірі ғой.
Көтібар шығады. Соңғы бір жігітті найзалап қуып келеді.
Көтібар
Қоңыраулы найза қолға алып,
Қоңыр салқын төске алып,
Алысқаннан есті алып,
Ерте алыссам, кешке алып!
Жығып салып, кеудесіне найза түйреп, аяғымен басып тұрып.
Жықпай қойман жығаңды,
Олда құдай өлдім деп
Оқи бер қу дұғаңды... (қолдарына)
Әкпел енді қалғанды,
Жалпағынан жалпита
Басып өткем жалғанды.
Маманды байлап әкеледі.
Бір сен емес талайдың
Басына әлек салғамды.
Егесетін немеге
Танытайын тәңірсін
Батыра ұрып балғамды.
Маман
Қу Көтібар асарсың,
Асарсың да тасарсың.
Осыған орай жалғыз-ақ,
Көрерсің сен қорлықты,
Басыңа ұлық салғанды.
Көтібар (Маманға тап беріп, сақалынан алып тұрып, пышағын жарқ еткізіп).
Ендеше, шағымыңа қоса тіркет,
Жағадан, кеңірдектен алып тұрып,
Сақалды қырқа кесіп мен алғанды.
Арсалаңдап Арыстан шығады да, арашашы боп, Көтібардың қолына жабысады.
Арыстан
Қой-қой, батыр, ойбай-ау, бұны қойшы,
Сорлыны қор етерсің шын арманды.
Маман
Шыңдасаң сақалды алма, қу басымды ал,
Өлімге онсыздағы тақалғаңды.
Көтібар басын шайқап қоя береді. Маманды алып кетіседі.
Көтібар (Арыстанға).
Ендеше, сақалды олжа, қызы қайда?
Жігіттер іздей жөнеледі
Болмады, қызы бардан тапты пайда...
Арыстан
Батырау, ат көтіне саламыз ба,
Тимей-ақ қойсақ қайтед осындайда!?
Көтібар
Қор неме, өзің-ақ бол жорға майда,
Сол демей неге келдің осы жайға?
Іздегем күн-түн қатып әсем қызды,
Қыз қайда деймін, ойбай, қос қыз қайда?
Айман мен Шолпанды ұстап әкеліседі.
V көрініс
Көтібар (Арыстанға).
Бәрекелде, келіпті қос қыз саған,
Не дейсің, өкпең бар ма енді маған?
Арыстан
Ендеше, Шолпан қызды әпкетелік,
Айманы қала-ақ қойсын біз алмаған.
Көтібар
Ойбай-ау, жаман шартық, не деп тұрсың,
Қалдырсам Әлібекке құдай ұрсын.
Бесеуін алмас па едім сендей болсам,
Қос қатын ала алмасаң не қып жүрсің?
Бай табам, алып кетем, о да жүрсін.
Арыстан
Әкетіп қайсынымыз оны аламыз?
Құр зорлық сияр ма екен қарадүрсін?
Көтібар
Құрып па исі Шекті бай табылмай,
Болмаса жатпас па едім бос сабылмай,
(Қол жігіттеріне)
Егестім екісі емес, қырық қызын да
Жиыңдар, неге қоям олжа қылмай?
Қор неме, қорлығыңды өткіздің-ау,
Тимесе-ау саған қатын ел шыбалмай!
Жігіттер бірнеше қыздарды әкеп тізе береді. Әйелдер жылауда.
Айман
Көтеке, рұқсат қыл, ес жияйын,
Жыламан, көзімнен де жас тияйын.
Қайран ел, сайраңдатқан, қайран әкем,
Не қылып есім барда мен қияйын.
Жалғыз-ақ бір сәлемім қалсын кейін,
Жауымнан айырған жан алсын дейін,
Әлібек жаны болса іле қусын,
Тоқталмай атқа тоқым салсын дейім.
Шолпан
Жалмауыз жау көзінше бас имеймін
Қу ноқта шабындымен мен кимеймін.
Арыстан (Шолпанға жақындап).
Шолпанжан, көп тартынбай, түбі қайыр,
Батырдың ашуына мен күймеймін.
Шолпан (кекетіп).
Әрине, бар жазғаның ел шапқаның,
Жалғыз-ақ өлсемдағы мен тимеймін.
Ауыл тонаған бір топ жігіт келеді. Бастығы шал.
Шал (Көтібарға).
Маманның дақ түссін деп досына да,
Керуеннің қол қойғыздым қосына да!
Малына киінген екі әйел қашып шығады. Бастарында шапандары. Ол Жарас пен өзбек жігіті.
VІ көрініс
Жарас
Қайтеміз ауыл толған сыпыра жау,
Бір үйдің тап болмадық басына да.
Жасанған жігіттерден жағалай жасқанып жүріп, Көтібарға соқтығысып қалады.
Көтібар (бұл екеуін ұстай ап).
Қозғалма, үн шығарма, бас көзіңді,
Кімдердің қатыны едің, айт сөзіңді...
Өзбек жігіті
Мама-а-ан ха-хатыным...
Көтібар (екіншісіне тап беріп).
He дейді, маңырайды мынау мылқау,
Қайтеді алып кетсем тап өзіңді?
Жарас
Мама-а-ан ха-хатыным...
Шал
Шықпаса шыққыр көзім танып тұрмын,
Толайым саудагердің қатыны осы.
Көтібар
Ендеше, бірге жүрсін, сал түйеге.
Айманға тіркеу болсын қатын досы.
(Қолға айқайлап)
Қайтадан тарт ал енді,
Келістіре жер қылдым
Егесетін бәлемді... (Найзасын білеп)
Осылай болар қайратым,
Тітіреткен әлемді.
Қыз, қатын (кетіп бара жатып, қоштаса жылап үн салады. Сыңсу үні).
Алдыңау, тәңір, ерікті,
Құзғынға жем қып беріпті,
Көреміз бе біз елді.
Айман
Сұм дәурен, қайда кеттің сайрандаған,
Қызықты күнім қайда жайраңдаған.
Жағаға толқын ұрып, демім құрып,
Ақ шабақ болғаным ба қайраңдаған.
Іште дерт мыс қазандай жай қайнаған.
Жолы боп, жаудың жүзі жайнаңдаған.
Толас жоқ өлі есітем әкем даусын
Артымда күңіреніп Аймандаған
Шолпан (қосылады).
Бал асы ек Маман байдың мыңды айдаған.
Қызыл қол дүниені ен жайлаған.
Сұр жорға, қара жорға теңселдіріп
Тұрманға меруерт, маржан, зер байлаған.
(Хор қосылады)
Қан базар, шашылдың ба гүл жайнаған,
Өсіп ек қаққы көрмей шау жайлаған
Шабынды олжасы боп құлын тайдан
Тұғыр боп кетеміз бе жау жайлаған!
Жарас (жеке сыңсып бара жатып, халыққа)
Еей, жалған-ай, жалған-ай,
Заманымның алуаны-ай,
Қорлықта жұртым қалғаны-ай,
Қыз-қатынға мықты екен
Көтібардың балуаны-ай...
Көтібардың балуаны-ай... балуаны-ай...
Кетіседі.
Шымылдық
Тертінші сурет
Жартас. Тоғай. Түн. Тігулі шатырлар. Тас бастарында қарауыл. Қол ұйқыда. Көтібардың Айман, Шолпанды алып келе жатқан сапары.
І көрініс
Айман, Шолпан, Жарас, өзбек жігіті және шабындыға түскен бір топ әйел отырады.
Айман
Қиын жол, ауыр күндер болды нәсіп,
Дүлей жау құтырып тұр мерейі асып.
Жалынған, жылаған да пайда бермес,
Ақылмен іс қылайық кетпей жасып.
Шолпан
Көз салып біздің күйге бойлаймысың?
Әлі де тірімін деп ойлаймысың?
Ерке қыз, сүт үстінде қаймақ болған
Үйдегі желігіңді қоймаймысың?
Айман
Қызықпен отырған жоқ көңілім тасып,
Қайғыны қуам деймін өзім басып...
Жарас
Айналдым ақылыңнан, Айманжаным,
Ендеше, айлашарғы болсын кәсіп.
Өзбек жігіті
Бәрекелде, бұларың, жүдә, жақсы,
Мендағы отыр едім құтым қашып.
Шал шығады.
ІІ көрініс
Жарас (Айман мен Шолпанға).
Осы шал бізді торып көп жүреді,
Сұраңдар нені сезіп, не біледі?
Айман (шалға).
Қария, айтар сөзің бар ма бізге,
Қамалтқан мынау қандай сұм күн еді.
Шал
Жіберді жайын біл деп ер Көтекең,
Халі бар сен жыласаң қоса жүдер,
Сен күлсең мәз боп бірге ол күледі.
Шолпан
Ендеше, жоғал аулақ маңайымнан,
Дейсің бе қуанышпен бір түледі.
Шал кетеді. Өзбек жігіті ысқырып шер шертеді.
Айман
Не айтады екен бұл байғұс,
Үні қалай шерлі еді?
Шолпан
Қу Көтібар зарлатқан
Бұ да біздей сорлы еді.
Айман
Басқа бір дерті бар шығар,
Болмаса, бұл сапарға
Күйіндім, біттім дер ме еді!
Шолпан
Сапар ғана дейсің-ау,
Көрем деген көр ме еді?
Әттең, ұл боп тумадым,
Кеудемді қүса кернеді,
Өлер-ақ ем бүйткенше,
Тілекті құдай бермеді.
Айман
Қойшы сонша тарылмай,
Егіз де туған бауырым,
Күйігің мені тербеді!
Жарас
Қиналдым-ау мендағы,
Мұңдарыңды есітіп
Шын маңдайым терледі
(Өзбек жігітіне)
Уай, жігітім, бері кел.
Бастайықшы бір ойын
Демеуші ме еді көші-қон
Оразаның ермегі
Өзбек жігіті (Айманға).
Уай, уай, апажан,
Неңдей хайла болады
Шығаралық бұл қападан?
Айман (орнынан тұрып).
Тұтқын боппыз біз мұнда
Қол-аяғын матаған.
Сонда да мойын сұнбаймын,
Кел, сауыққа басыңдар,
Кейіс кетсін садағам.
Жарас
Бәрекелде, Айманым,
Жақсы болды мінеки
Ойынға бәрін сайғаның,
Мен де бірге қостайын,
Қозады бүгін қайдағым.
Қоса желігеді. Өзбек жігіті бастаған өзге топ билеп жөнеледі. Алып күш, аюдай қолбаң қаққан қара күш, кәрі күш пен майысқан епті жастық күшінің алысуын көрсететін би. Қиялай майыса қашқан жастық кәріге ұстатпай Бұлтақтап күлкі етеді. Тұсаулы, шырмаулы тұтқын жастың азаттықты көксеген серпін жалынын көрсететін би. Осы бидің орта кезінде қасындағы екі-үш жігіт жолдасы мен бір жас сұлу жігіт шыға қалып, қарап тұрады. Ол еркекше киініп келген Теңге.
ІІІ көрініс
Теңге (би біте бергенде).
Кетті деп сеніп жүрсем жауды шаба,
Шырмалып қалыпты ғой қызды таба,
Жасанған жау дегені жайнаған қыз,
Қызғанбай қайтіп тұрам құдай тоба?..
Жарас (Айманға Теңгені көрсетіп).
Дәл осы, сезіп тұрмын, тегін емес,
Тамаша сауық, сайран, құршы кеңес,
Шапқа түрт, сырды бермей тулатып көр,
Тұтқын емен, тоқалмын дей бер, егес...
Айман (ойнақыланып, хормен).
Сергелдең бар, құрбылар, сейіл де бар,
Батырда бізге деген бейіл де бар.
Қызықтың бәрі тамам болды деме,
Бұрынғы көрген дәурен кейін де бар.
Теңге
Немене, келемісің қызық іздей?
Сөйлейсің жаңа түскен жеңгеміздей!
Айман
Несі бар, батыр басын кемітем бе,
Тоқал боп тигеңдер де болар біздей!
Теңге
Қарашы, бұл өнерді кім көріпті,
Қу шалға мұнда көрдім шын жерікті.
Теңгедей үйіңде бар аю тоқал,
Берер деп ойлаймысың ол ерікті?
Айман
Еркімен көңді дейсің қай керікті?
Таңдауды біздің қолға кім беріпті.
Байлауы батырда ғой, мен не дейін,
Бұл күнде тоқалынан ол жеріпті.
Теңге
Сөзіңнің жаңа ұғындым дәл іргесін,
Ердің ғой осы жайды сен білгесін.
Оны да айт, қайтер едің қарсы шықса,
Сенімен тайталасып жау күндесің?
Айман
Олай болса қайтемін,
Сыбағасын беремін.
Қалдырмай жіп сіргесін,
Батырға бұйрық етермін.
Нақсүйер қып өзімді,
Теңгені күңге тіркесін.
Суыммен кіріп, күліммен
Шыға жүріп, сор қайнап,
Ағызар бастан сіркесін.
Теңге
Солай, сөйтіп құртам де
Жауласқанның жүйкесін...
Жөнеледі.
Жарас (Айманға).
Жылы ізін суытпай осы шудың
Жіберме, етегінен ұста қуды!
Айман мен барлық жұрт Теңгенің артынан салады.
Жарас жалғыз
Сүйер де, қызғанар да дәнемем жоқ,
Тым құрса тоқал болмай неге тудым?
Кетеді.
ІV көрініс
Көтібар, Арыстан, шал және екі-үш нөкер жігіт шығады.
Көтібар
Дәурен-ай, дәурен-ай,
Басыма түскен әурені-ай!
Кезек иіскеп жатар ма ем,
Екі бірдей сәулені-ай...
Болмады, пай-пай, болмады.
Қызды құшпай, па дүние,
Көңілдің дерті солмады.
Қоңыраулы найза қолға алып,
Қоңыр салқын төске алып,
Қырымнан қыран болжады...
Келтірші шапшаң қыздарды,
Үлеске салам олжаны!...
Әйелдерді алып шығады. Төрт әйел. Бәрі де бастарыңда жібек шапан жамылған. Ақырын басып, сыпайы жүріп кеп, батырдан төмен тізіле отырысады.
V көрініс
Көтібар (әйелдер келе жатқаңда).
Дәурен-ай, дәурен-ай,
Келе жатқан сәулені-ай!..
Арыстан (өздігінен).
Әттең дүние, жалған-ай,
Екеуін бірдей алар ма ем,
Болмас еді арман-ай.
Көтібар (қасына жақын отырған әйелге).
Түнеріпті түсіміз,
Түн ұйқысын бөлгендей,
Беуһ қабағымыз қатыпты,
Күдері бел, күпшек сан,
Үдете жортып желгендей,
Уа беуһ, көңілге күйік батыпты...
Қасыңдағы қыздың бетін ашпақ боп.
Уа, ақша бет Айман,
Уа, дүние жалған...
Ақ жүзіңді көрсетші!
Мен де сен деп бет алғам!
Көтібар болмастан отырып, қасыңдағы әйелдің бетін аша береді.
Ақша маңдай қасын-ай,
Түймедей болған басын-ай,
Қырлы мұрын көрінді,
Әдемі нәркес көзін ай (Mұрты ашылады)
Мұрты бар ғой, сүмдық-ай!
(Өзбек жігіті.) Арыстан (Көтібарға қосыла).
Мұрты бар ғой, сұмдық-ай!
Шал (қосыла).
Мұрты бар ғой, сұмдық-ай!
Көтібар (ақырып).
Кеселді, сен кім едің, ой, қуарған?
Шапанын жұлып алып,
көйлегін басына түріп жатып,
шалбарын көріп.
Неге сен қатын емей еркек бодың?..
Ұрып айдап жібереді, бірінші әйелге.
Жарықтығым, Айманжаным,
қайтшы райдан,
Жаратқан айналайын бір құдайдан!
(Бетін ашпақ болады).
Тап қылған сені маған тәңірім шығар,
Сескенбе кездесті деп әлдеқайдан?
(Бетін ашады, ол Жарас.)
Сақалы, сақалын-ай, мынау сұмның!
Арыстан, шал (тағы да қоса үңіліп).
Сақалы, сақалын-ай, мынау сұмның!
Көтібар
Мазағы болыппыз-ау мына жынның!
(Бас салып ұрмақ болып)
Жарайын осы арада ит жемі қып.
Кім сұрап алар екен құнын бұның...
Жарас
Көтеке-ау, менде тіпті жазық бар ма?
Қатын деп алғыздың ғой барғаңдарға?
Жөнеле береді.
Көтібар
Қыз емес, қыз дегенім бәрі де азбан!
Үшінші әйелдің желегін тарта жұлып алады.
Ол Айман.
Қу құдай, жерім бар ма саған жазған?
Айман
Батыр-ау, менің қанша жазығым бар?
Алдың ба иба қылып келуімнен
Басқаша не қылып ем жолдан азған?
Тұрып жөнеліп кетеді.
Көтібар
Қап, болмас, орайы бар ашуының,
Себепкер өзім болдым қашуының!
Жарас пен Теңге шығып тұрады. Теңге батыр киімінде.
Міне біреу кім екен,...
Қайдан жүрген ұл екен?
Жарас
Көк атты көлденең ұл менмін дейді,
Олжалы кәрі батыр көрдім дейді.
Бұл батыр сұрап отыр сыбағаны,
Сауғаға қыз алғалы келдім дейді.
Көтібар (атып тұрып).
Мен бе екем, өзім алмай қыз беретін,
Не дейді, қай күшіне сендім дейді?
Теңге
Дегені рас Жарастың,
Жолым үшін таластым.
Берсін батыр қыздарды,
Адаспасын бұл жерде
Бұрынғының жолынан.
Бермес болса жолымен
Тартып та алам қолынан.
(Кетіп қалады)
Көтібар Ха-ха-а-ха-ха!
Көрсеңші бұл неменің әуселесін,
Жол деген сылтау қыпты бірнемесін.
Маманның матап алдым қызын өзім,
Саған жоқ алты аласым, бес бересім.
Кетеді.
VІ көрініс
Жарас Айман, Шолпан. өзбек жігітін шақырып алады.
Жарас
Көрдің бе шауқар шаддың қу ниетін?
Алдында азап от бар шын күйетін.
Айман
Ендеше, ақылын айт, қайтпек керек,
Не дейміз болар болса шын тиетін?
Жарас
Қуғыннан болмай жатыр әлі дерек,
Ойлашы, бала едің ғой ойың зерек.
Шолпанда Арыстанның дәмесі бар,
Айламен соны өзің қып алмақ керек!
Айман
Бұнысы тапқан ақыл Шолпан көнсе,
Болмаса қайғы отына мен күйем де.
Шолпан
Не болды өзің теліп, жарқыным-ау,
Жауымнан қорыққанымнан мен тием бе?
Айман
Тимейсің, тіл емізіп күнелтесің,
Ойлашы қайда отырсың осы күнде,
Үйдегі еркелікке көп сүйенбе!..
Арыстан шығады.
VІІ көрініс
Арыстан
Шұғыласы қандай күшті еді,
Түн ұйқыны бермеді!
Шолпан (мұңайған боп, өтірік байқамағансып).
Жетер деп ем Әлібек,
О да қуып келмеді.
Арыстан
Көзіңе бір ілмейсің,
Мен де Арыстан батырмын.
Бір ерден басым кем бе еді?
Шолпан
Не қылайын құр күшті,
Сіз сілтеген бір таяқ,
Еркіңіз батыр қолыңда,
Оңға да солға сермеді.
Арыстан
Намысым қайда, жаным-ау!
Шабындыдан түскен қыз
Қалай-қалай жерледі?
Жарас (Шолпанға).
Сейіл-сейіл болғанда,
Сергелдең де сейілді.
Арыстан құрбың келіпті.
Достыққа беріп бейілді.
Шолпан
Қайтейін құр бейілді
Қаңдырмаған мейірді.
Арыстан
Қайтсем жібір тас көңіл
Үнемі маған зейілді.
Айман ■
Құбынған жас көңіл ғой ілгерілі-кейінді.
Түбіңде Шолпан түсінер,
Бауырымды зейінді.
Жарас (барлығына).
Ал енді бәрінен де батыр қиын,
Тас түйін бірігейік осы жиын.
Егессе тас-талқан қып шырқ бұзад.
Ебіңе бірігіп ап, енді сыйын.
Барлығы мақұлдағандай болады. Көтібар шығып келе жатады.
VІІІ көрініс
Көтібар
Уай, дәурен-ай, дәурен-ай,
Басыма түскен әурені-ай.
Кезек иіскеп жатар ма ем,
Екі бірдей сөулені-ай!
(Мыналардың тобын көріп.)
Пай-пай, мынау не, түге,
Ойыны әлі қанбаған.
Не қылған ішің толғыр ед?
Әйелдер кетіп қалады. Арыстанға.
Жат жөніңе, Арыстан,
Жау-жөнекей немене
Қызқырқынмен табысқан?
Арыстан
Жау болғанда қайтейін,
Мен де бірге шабысқам.
Көтібар
Алатының қайсысы,
Жөніңді айтшы, жарықтығым,
Кеп керісіп салыспан.
Арыстан
Таңдауын әлі шешкем жоқ,
Несіне енді асығам, Жау қалды ғой алысқан.
Көтібар
Болмасаң әлі таңдап, жол менікі!
(.Арыстан сөйлейін дегенде.)
Кесігім естіртетін, дау емес бұл.
Тимейін қалғанына, сол сенікі!
Арыстан кетеді. Көтібар Жарасты шақырады. Уай, шірік, бері кел де маған қарас!
Жарас келеді.
ІX көрініс
Көтібар
Білдің бе, қысылдым-ау, беу-беу,
Жарас, Мінеки екі бірдей күн түн өтті,
Ішті шер кернеп барад, қайттім, Жарас?
Жарас
Не дейді, бұзылған ғой асқазаны.
Көтібар
Саңдалма, кісіні де қоя алам жеп!
Жарас
Ендеше немене алды бұл мазаны?..
Көтібар
Қуарғыр құса болдым сұлу қыз деп...
Жарас
Ойбай, сорлы басымай, мынау ма еді?
Бұл енді шыны қиын, қиын еді?
Көтібар
Адыра қал, сөзімнен садаға кет!
Жарас
Тіпті қиын Бұл енді, қиын еді!..
Көтібар
Уай, қысқарт, тас төбеңнен құдай ұрғыр!
Жарас
Не жаздым, ойбай, батыр, не дедің құр?..
Көтібар
Қисынын айт дедім бе, қисынын тап,
Тілқат боп тілегімді айт, бар енді тұр...
Жарас кетеді.
X көрініс
Шал шығады
Көтібар
Ал, шалым, сен безей бер тіл жағыңды,
Жауап айт, қызға салам сен жағымды.
Шал
Қайтесің, батыреке, мені қинап,
Аяшы тым болмаса мына ағымды!
(Сақалын ұстайды).
Көтібар
Тартынсаң жаны тәтті неме екенсің,
Ұйпап күзеп алайын сор бағыңды.
Жарас пен бір әйел шатырға келеді. Жарас Көтібарға жақындайды.
XІ көрініс
Жарас
Көтеке, маған жауап бермеді ғой,
Батырдың өзін алып кел деді ғой...
Көтібар (тура келіп).
Бәлки жақсы лепес, жарым ырыс,
Ендеше, қызды қолға бергені ғой.
Жарас екеуі шатырға келеді.
XІІ көрініс
Көтібар
Уау, ақша бет, жан Айман,
Айдалайын бір сені.
Жаратқан сонау құдайдан
Қолқаң үлкен тегіңде!
Теңге шығып қарап тұрады.
Қайтар болсаң райдан. Жарас
(Айман атынан сөйлеп).
Бұл кісі жауап күтіп отыр сізден,
Не тілек тілейді екен дейді бізден?
Ала ма, жоқ болмаса жай жастық па,
Жауабын білсем дейді жүзбе жүзден!..
Көтібар
Aт мініп неге асындым жарағымды,
Бастаған таудай тілек талабымды,
Болғаңда жақсы лепес ай сұлудан,
Тұрам ба жатқа беріп қарағымды.
Теңге (тепсініп кеп).
Сап, батыр, қыздан бұрын мені жайла,
Елмісің, жауымбысың сөзді байла.
Олжаға Бұл қыздарды мен аламын,
Көнбесең, көріп қалам күшің сайла.
Көтібар
Қарай гөр жер астынан жік шыққанын,
Естіп пе ең Көтібардың, сірә, ыққанын?
Тұр былай, олжа десең жаның олжа,
Сендейдің мыңын меңдеп шыныққанмын.
Теңге
Шекіспей бекіспейді жол деседі,
Ендеше, сөз шешпейді, күш шешеді.
Көтібар
Мұрдар-ау, қайдан шыққан сұм немесің,
Кім деп түр, осы кіммен егеседі!
Жарас
Күшіне, жолына да сенген ер ғой,
Болмаса, сірә, Бұлай демес еді.
Көтібар
Бұл ер боп, жер боп қалар мен бе сонда? (Теңгеге)
Қайтпек ең тие қалса қыздар қолға?
Теңге
Алам ба, қайтарам ба, ерік өзімде,
Ар жағын өзім шешем алаң болма.
Көтібар
Жә, жетті, тентіремей жайыңа кет.
Теңге
Ендеше, мені жеңсең қызды аласың,
Алыспен ашынады ендігі бет.
Көтібар
Не дейсің, қашқан қатын мен болам ба?
Теңге (сапысын жарқ еткізіп).
Олай болса алыстым, кел жекпе-жек.
Көтібар (сапысын суырып ап).
Кәнеки келген керді мен көрейін,
Шыға ғой, сыбағаңды шын берейін.
Теңге (атқып алдына кеп, бетіңдегі салпыншағын аша беріп).
Нe дедің, мен бе тоқал алғызатын,
Асырып көрші кәне қыз мерейін.
Көтібар
Теңге ме ең, ойбай, қу Тенге!
Жарас
Теңге ме еді, жаным-ау! (Күліп.)
Айман
Бәрекелде сапарың
Құтты болсын, жас жеңге! (Күлкі)
Теңге бұрқырап, Көтібарға қаптайды.
Көтібар (тұра беріп, сасқалақтап қайта жығылып, бақыра ашуланып, қамшымен екі жақты бірдей сабайды).
Бұзамын, ойбай, қамалын,
Әлекті мүлде саламын,
Құтылып көрсін қыз менен.
Тұра беріп, қайтадан артымен жер түйіп отыра беріп.
Аламын, ойбай, аламын!..
Қамшысымен жер сабайды.
Шымыллдық.
ТӨРТІНШІ АКТ
Бесінші сурет
І көрініс
Аймандар тұратын отаудың бір шеті көрінеді. Сахнаның екінші жағы көк төбе. Көтібар қолына үкілі домбыра алып, қасына шалын ертіп, әндетіп келе жатады. Екі шал ойнақ салғаңдай шалжаңдап дуэтше жырлайды.
Көтібар
Маманның қолымда отыр балдырғаны,
Тал бойын талайлардың талдырғаны.
Отыз күн енді бүгін өтіп барад,
Қамырығын қам көңілдің қалдырғалы.
Шал (қостап іле жөнеліп).
Қырқылжың бұған дейін алдырмады,
Құйрығын қызыл тағы шалдырмады.
Зар күйі әнді соғып кәрі қыран
Тепсініп тегеуріні салдырлады.
Көтібар
Уа, сорлы үнім енді ғана саңғырлады.
Шал
Қыранның аш дабылы даңғырлады.
Көтібар
Тоятқа айдай Айман ілемін деп,
Көңілде арман, сірә, қалдырмады.
Шал
Жаман жаяу жаяулаған жалбырлады.
Көтібар
Тоқал да ту шолағын шаңдырлады.
Шал
Бөгеттің бәрін бүгін үйіп-төгіп,
Көтібар
Еңбегін кәрің келед жандырғалы.
Төбе басына жақындап қалысқан шал бұрынырақ шыға беріп, ар жағынан жауды көріп.
Шал (күн салып қарап тұрып).
Тұра қалшы, батырай,
Қаптаған неткен мынау қол.
Көтібар
Не дейсің, ой, бұның кім?
Шал
Алып тұрау үрейді.
Көтібар
Шақыршы, білсін, біреуді.
Шал
Ойбай, батыр, қамың қыл,
Қуғын келген сүренді!
Көтібар (қалбақтап).
Тартшы, ендеше, тезірек
Белдеуде тұрған күреңді.
Екеуі де жөнеліседі.
ІІ көрініс
Айман, Шолпан, Теңге, Жарас шығады.
Айман
Жеткен екен Әлібек,
Берерсің тәңір тілеуді.
Арыстан шығады. Артыңда қолы әзір, қарулы топ ере шығады. Арыстан қару асынған.
ІІІ көрініс
Арыстан
Көрдің бе, мына жауды келе жатқан,
Жоқ екен шоқпарымның дәмін татқан.
Кигізген қызын тақия ершігешке
Ұстаңдар Әлібекті, аттан, аттан!
Қолымен жөнелмек болғанда Айман тоқтатады.
Айман
Тоқташы, осылай ма ед, батыр, сертің?
Тұтқыңда жетпеп пе еді менің дертім.
Қағыспай, ұрыспай ақ бітім тапшы,
Бүлдіру, түзеу дағы сенің еркің...
Шолпан
Қалайша мен есіңе алынбаймын?
Көп сөйлеп, арам тер боп сабылмаймын,
Соғыссаң, сен деп қалар мұнда қыз жоқ,
Құтыр да, бақсы боп кет жалынбаймын...
Арыстан
Ойпыр-ау, мынау қандай тұсау еді!
Қалайша ат ойнатып жау келеді!
Теңге
Жаным-ау, бәрің бірдей бақсы ма едің?!
Ағаңның жындылығы тапшы ме еді?
Ел шауып, бір қора қып қызын алдың,
Көргені Жетірудың жақсы ма еді?
Жарас
Не десік, бәрекелде, сөз-ақ тағы,
Бәрінен, тентек Теңге, өзің зорсың.
Мынауың қалай дұрыс жақсы үн еді?..
Теңге
Ендеше, батыр атын мек тыққыздым!
(Мылтықты жерден алып көрсетіп)
Әдейі мылтығын да ап шыққыздым.
(Өзбек жігітіне ұсынып.)
Тығыңдар, ал тығайық
Бұл немесін, Дей берсін
кәрі бақсы "шырық бұздың"!
Өзбек жігіті (мылтықты алмай қашып).
Ойбай, мен бұл пәлені қолға алмаймын.
Тағы да жаңа сорға жол салмаймын.
Теңге (Жарасқа). Ендеше, сен тыға ғой бір араға.
Жарас
Қой, жаным, мен онсыз да сормаңдаймын...
Айман
Ендеше, бері әпкелші, қайтушы еді?
(Мылтықты алып, далағаш өп арасына тастап.)
Тығайын, жаласына мен қалмаймын...
Арыстан (Шолпанға жанасқысы келеді, анау сызданып, сырт қараңқырап тұрады).
Жауды мен етсем деп ем жентек-жентек,
Қолымды ұстап қалдың, Шолпан тентек.
Соғыспай бітім табам, уәдені бер,
Тием де бұрынғыша қақпай селтек!
Шолпан сырт айнала береді. Үн жоқ. Арыстан қаруына шап етіп жабысып, қайта бұрыла береді. Сонда Айман араға түседі.
Айман
Күдікті көңілдегі таста, Арыстан,
Біз бе едік сенің жауың қасарысқан?
Алып кеп Әлібекті жауабын ал,
Өзің бол ендігі істі басқарысқан!
Осы кезде дөң басына қуғыншылар шығып бері келе жатады. Арыстан мен соның қолы ғана қалады да, өзгелер үйге қарай кетеді. Келе жатқан елдің алдында Әлібек.
ІV көрініс
Екі қол біріне-бірі қарсы келеді.
Арыстан (Әлібекке).
Бейнебір тасқынындай аққан селдің,
мұнша елді жиып алып неге келдің?
Әлібек
Келемін жесір іздеп, қорқайын ба?
Мендағы баласымын іргелі елдің.
Арыстан
Қай қызда ниетің бар сенің алмақ?
Әлібек
Қайсысын қалдырып ең, жөнді айтсаңшы,
Таңдауды болмақ па едің маған салмақ?
Арыстан (кекетіп).
Дәніккен дегенім ғой мыңнан талғап.
Әлібек
Серт тұрмас қылыш үстінде қысталаңда,
Кең болсаң орнатар ма ең құба қалмақ
Айман, Шолпан, Теңгелер шығады.
Арыстан (бұларды елемей).
Ер болсаң онда күшің көрсетерсің,
Бопсың ғой қия сөзбен мені шалмақ.
V көрініс
Әлібек (Шолпанға қарап).
Айкүнім, Аймашканым, денің сау ма?
Шырмалған ақ шабақ ең қиын ауға.
Артыңнан аласұрып келдім жетіп,.
Болсын деп, бұл шыбын жан саған сауға.
Кешіктім, көп отырдың тас қамауда,
Қапамен дәурен өтіп күн санауда,
Жеткенім осы ақ болды, кешермісің,
Салсам мен тон тонауды қан талауға?..
Шолпан, Айман
Көп күндер болғаны рас кеткеніме,
Қиын жол көзің жетер шеккеніме,
Қырсығып, мал құтыртып өршеленіп,
Оралдым өңкей жынның еккеніне!
Бәрі бір болып болмай өкпелі не?
Ырзамын іздеушінің жеткеніне.
Мұндағы борыштарым Теңге, Арыстан,
Шүкірлік солар жәрдем еткеніне.
Теңге (Әлібек пен Арыстанға).
Ал енді келісіңдер, есебін тап,
Болмаса батыр жатыр әлегін сап.
Бейбіт ел араңдасып қырылады,
Кеткен соң, ол құтырт қару жұмсап.
Айман (Әлібек пен Арыстанның қаруын өз қолымен алып).
Ендеше, сен екеуің табысты деп,
Қояйық қолдарыңнан қаруыңды ап.
Әлібек (Айманға).
Шолпантай, сені дағы ойға алғамын.
Айман
Мендағы сені күтіп көп талғамын.
Арыстан
Екі қыз, бір түйінге себеп болдың,
Қиынын өтіп алғам тентек жолдың,
Екеуің, сірә, бірдей кете алмайсың,
Егесте сыры мәлім біздің қолдың.
Әлібек
Екі қыз қатарымен сенде қалмас,
Осы сөз кесер сөзім, мен де болдым.
Екеуі тағы шекісе жаздап жақындаса береді. Сол кезде Жарас жүгіріп шығады.
VІ көрініс
Жарас
Ойбай-ау, бүліндіңдер, енді есті жи,
Таласқан анамын-ау керісті тый.
Бөгеп ем, болмай қойды қатты ашумен,
Бақсы боп батыр келед берем деп сый.
Теңге, Айман (Әлібек, Арыстанға).
Ал енді олай болса тез қояйық,
Болған боп, тегіс тату ден қояйық.
Жарас (жұртты тегіс желіктіріп).
Бәрекелде, ендеше, мәре-сәре
Бола қап у-шу, ду-ду ойын бастап,
Жау дерлік суық түсті ал жояйық.
Сонда сахнада тұрған барлық қолдар лап беріп ойнай, билей жөнеледі. Жарас өзі бастап жүрген кісі сияқтанады. Би болымсыз бірдемеге таласып үдірейіп, үрпиісіп жүрген топтарды көрсетеді. Олар таласып кеп, артынан сәл нәрсені біреу мазақ ете ала қашқанда, соны жосыла қуады да алданады... Не қыларын білмегеннен, біресе құтырынып аспанға атқып, біресе бүгіле домалап жын соққандай қым-қуат болған топ. Соңғы кезде барлық адам тобы, құйын үйірген құмдай құтырады. Бақсы ойнағы боп кетеді. Билеушілер жылтыр жүз, жуан қарын, қара сақал, көк сақалдар. Бұлар кейде қарындарымен қағысып та жүреді. Мазмұны ру басы, атқамінерлер билеген күннің лаңы, жесір дауын баян етеді. Мысқылмен баян ететін би болады. Көтібар жұлынып бұрқ-сарқ етіп шыға келеді.
VІІ көрініс
Көтібар
Көрсетші, мені қуып келетін кім?
Әлекті, әбігерді салатын кім?
Аулыма ат ойнатып, селдей басып,
Қолымнан қызды тартып алатын кім?
Айман
Батыр-ау, сізден тартып кісі ала ма?
Алысқан асын жөндеп іше ала ма?
Алушы өкіл күйеу болар сізге,
Жазғанын біз көрерміз пышанаға.
Көтібар
Не дейсің, солақ па еді қарқ қылғаның?
Несіне мен жеңдім деп шарқ ұрғамын!
(Әлібекке)
Қулықпен құлдыратып алдамақсың,
Көрерсің сен немені шаптырғаным...
Әлібек
Ұсынса басты қылыш кеспес деген,
Емес ем бет алдыңнан кескестеген.
Шапсаң да ерік өзіңде, күйеу болам.
Бойсұнған бұл тілегім кетпес дегем...
Теңге, Жарас (Көтібар сөйлейін дегенде киіп кетіп, қолдарын жайып).
Пысымылда, я аруақ, ата-бабам!
Сасқаңда сендер демей кімді табам!
Тыңдаңдар оң құлақпен тілектерін,
Күйеуге осы болсын менің батам!
(Көппен. бірге қайта қайта бата қылып)
Алла ақпар, шырақтар,
Осы біздің жұбаптар.
Батадан аттап қайтеді,
Батыр да бұған тұрақтар.
Жұрт бата қылып жатқаңда Көтібар аласұрып, әрқайсысын тоқтатпақ болады. Өзі де бір жағынан амалсыздан бетін сипайды. Жұрт шуылдап сүйсіне бастайды.
Жұрт даусы
Бәрекелде батырға,
Бата берді ақырда,
Өкіл күйеу – өз күйеу,
Татиды ғой жақынға.
Көтібар (шуды басып, Теңге мен Жарасқа).
Бата қып менен бұрын, жынды көкек,
Екі сұм бұл пәлені кім үйретті?
Жарас
Батаны бала етсе де байлау дейді,
Біз емес бұрынғылар дәл сүйдепті...
Теңге
Батаның жөні келді, бермей қайтем (Өтірік көлгірсіп).
Нең шығып, сенің оған нең күйрепті?
Көтібар (Теңгеге тепсініп).
Қуарған, қатын емес, құр сүйреткі (Жер тепкілеп.)
Сығыр-ай, құр қалдым ба шыныменен,
Жаусың сен, жауабымды кім билетті?
Теңге
Сап-сап-сап!
Көтібар
Жап, аузыңды, жап!
Теңге
Шыдай тұр, шыдай.
Көтібар
Уа, тәйт, сұмырай!
Теңге
Ал қызыңды ұзатасың,
Өзің өкіл атасың.
Сұрай келген мінекей
Берді қауым батасын.
Уа, мен өкіл анамын,
Құдай деп қана қасымда
Енді теп-тек жатасың.
Көтібар
Тоба, тоба, тоба!
(Қайта құтырынып.)
Тұра тұр бәлем әлі ме,
Жайыңды мықтап табармын.
Келістіре тағы да,
Тік көтере шабармын.
Әлі де талай пәлені
Басыңа, түге, жабармын.
Шабармын, сірә, шабармын!
(Арыстанға қарай тап беріп.)
Алдың ба тым құрмаса сен таңдауды!
Қойдың ба асқақтатып әлде жауды?
Арыстан
Дегенім деген жерден шықсын менің,
(Шолпаңды көрсетіп) Аламын,
мынау қызға денім ауды.
Шолпан
Қатын боп шабындыдан саған түскен
Тимеспін құлатсаң да басқа тауды.
Әлібек
Сөзіне құлдық ұрдым, Айман-Айым,
Солай деп жөнге салшы бас асауды.
Көтібар (естіп қап қайта қаптап).
Не дейді, мына мұндар бата бұзды!
Жібермен, олда оңбайын, бұл қос қызды.
(Арыстанға)
Бересің жолды неге Әлібекке? (Ұмтылып)
Қоя бер, енді шыңдап қаным қызды.
(Талқан боп мылтығын жерден тауып ап)
Ендеше, қырық жыл қырғын салайын мен,
Алғамын сендей қыздың талайын мен!
Аулымнан мен тіріде қыз кетпейді,
Қуғынды қырқа матап қамайын мен.
Мін ойға, мін атыңа, аттан, аттан!
Көп жендет Көтібарлап шабайын мен.
Жұрт шуылдап шошып, қолдар қимылға әзірленгеңдей болады.
Жарас
Уа, жұрт-ау, жеткен жоқ па бұл селебе?
Қайтеді істі берсек жол келеге,
Маманның өз аулынан, өз қолынан
Алмастай не кесір бар неменеде?
Күйеу боп, екеуің де жасап алсаң,
Жаным-ау, тақияға тар келе ме?
Әлібек
Құлдық ойбай, өйдесең мен көнейін.
Арыстан
Жарайды, мен де тіпті үндемейін.
Теңге
Жол осы, бәрекелде, өзгені қой.
Қолынан құда болып қыз алуға
Қасыма жолдас алып мен ерейін.
Көтібар
Көнбеймін, қызды тартып әкете ме,
Оттама, асырмаймын жау мерейін.
Жарас
Аспасын жау мерейі, батыр, сабыр,
Әлібек жылы ізімен қайтсын қазір.
Там сүзіп қараңғыда жүрген жігіт
Маманның аулыңда, кең байтақта
Тілеген, таңдағанын сонда таныр.
Теңге, Арыстан
Дәл байлау осы болсын әзір таңға,
Қылғаны аз емес бай Маманға
Батыр да осы сөзге тоқтай білсін,
Жетті ғой, тыныштық берсін топты жанға.
Хор (қосылып).
Мақұл-ақ, билік осы болғаны ғой,
Бар есеп осыменен толғаны ғой.
Қос қызды аулына ұзатайық,
Тоқтады, батыр жөнді болжады ғой.
Ал енді жолың болсын, Айман, Шолпан,
Қайтатын күнің туды қырсық жолдан,
Қасыңда Теңге, Арыстан, Жарас, жастар
Апарып тапсырады үйге қолдан.
Жарас (Әлібекке).
Байғұс-ау, неге тұрсың жөніңді тап.
Сен кетпей шал ашуы басылмайды,
Тез жөнел бөгелместен, бар қолыңды ап.
Әлібек
Тие ме осы қыздан таңдағаным,
Қалмайын қара жерді мүлде сипап.
Жарас
Көресің не көрсең де ауылыңда,
Сөйлеме бұл арада, аузыңды жап.
Әлібек (қолын қайта әкетуге қамдап, Шолпанға қарап).
Айманым, мен қайтайын өз жолыммен,
Қасыма ере келген бар қолыммен.
Жалғыз-ақ ата ананың өз қолынан
Алмасам ауыр болар өлгенімнен (Жөнеледі.)
Жарас
Келісті не қыласың осы қолқаң,
Айман деп жабысқаның әлі Шолпан.
Айман (Жарасқа).
Жарас-ай, өзің болдың анық ағам,
Асты ғой бәрінен де сенің бағаң.
Шолпан (қосылады).
Болғанға басым аман қарыздармын,
Айтшы бір көңіліңді немен табам?
Жарас
Үндеме, ақы алмайды жаман ағаң,
Әуелі аман есен үйге қайтшы,
Еңбегім осы жолғы шын садағаң!
(Теңгеге.)
Ал, Теңге, қамданайық, не қып тұрмыз,
Құдағи, баста жолды – құтты қадам!
Теңге
Ендеше, еретіндер екшеле бер,
Арыстан, айыпанжы ескере бер.
Құда боп, бал жаласып біз қайтайық,
Десеңші бұл сапарға дес бере гөр...
Жарас бастаған хор
Құтты болсын бұл сапар, құтты болсын!
Қуанышқа жастардың қойны толсын!
Бұлт айығып, күн шығып, күле жайнап,
Қас ойлаған қара күш енді солсын.
Мен де барам бұл тойға,
Мен де барам сол тойға.
Мен де қалман, барамын,
Той ұлассын шын тойға,
Біз барамыз шын тойға.
Шал (Көтібардың қасынан тұрып).
Қалқатайым Теңгежан,
Бұнда маған неме бар?
Әйтеуір амал құрыды,
Қасыңа ерем, мені де ал!
Көтібар
Тәйт, шығарма үніңді,
Қара мұны, қортық шал!
Шал (алақтап, елітіп).
Жо, жо, батыр алдияр,
Қалар болсаң өзің қал!
(Теңгеге қарай қашады.)
Көтібар
Тастадың ба, қуарған?
Шал
Жаспен болам не болса (қутыңдап),
Шалда не бар суалған!
Көтібар (бір тұрып, бір отырып зығыры қайнайды, жастар жылжи береді). Уай, тоба, тоба, тоба!
Уа, тарт былай, тоқта, түге!
(Жұрт тоқтайды.)
Жарас
Ал, батыр, ашу алды, ақыл соңы,
Бар істің ашылды ғой оңы, солы.
Қасыңнан шал екеші о да кетті.
Қайтеді сол сапарға ере барып.
Екеуміз бата берсек осы жолы!?
Көтібар
Адыра қал өзіңмен,
Құрттың ғой, қу Жарас,
Жоғал арман көзімнен.
Жарас
Сабыр, батыр, сабыр қыл!
Бар көргенің өзіңнен.
Көтібар (жұлқынып).
Уай, сұм сұрқия дәурен-ай.
Басыма түскен әурені-ай.
Жіберші, уа, жібер былай,
Сорлататын неме екен,
Сірә, мені сол құдай!
Уа, қайдасың, сен, құдай!
Шұнақ құдай, құдай!
Аспанға мылтығын атып жіберіп жөнеледі. Арттағы жастар тобы күліп қалады.
Шымылдық
Соңы.
АЙМАН-ШОЛПАН
4 акт, 5 картиналы комедия
Драма театрларына арналған соңғы редакциясы
Үшінші нұсқасы
1957
ҚАТЫСУШЫ АДАМДАР:
Айман, Шолпан — апалы.сіңілі қос қыз
Маман — екеуінің әкесі
Басы бар — Шекті руының жуаны
Теңге — тоқалы
Арыстан — інісі
Әлібе — бай, саудагер жігіт, Жетіру.
Жарас — көпке бірдей күлдіргі, Шөмекей.
Шал — Басыбардың құрдасы, қосалқысы
Жантық — Жетіру ақыны
Балпық — Шекті ақыны
Өзбек жігіті — керуен басының баласы
Өзбек саудагерлер, той қылған Шөмекей ауылының адамдары. Шабындыға аттанған қол. Қыз, келіншек.
БІРІНШІ АКТ
Бірінші сурет
Көп ауылдың арасындағы көк алаң. Бұлақ бойы ақ қайың, жас қайың. Алыста жасыл бел, көк төбелер. Биік төскейлерде түтіні будақтаған ауылдар. Бұлақ бойында әр тұста тас, томарлар. Үкілі домбырасын Бұлғай, шырқап келе жатқан әнші ақын көрінеді. Жанында сәнді жігіттер тобы бар. Топ ортасыңда Әлібек.
Жантық (әңдете).
Жайлауыңда Жетіру
Желіге шыққан желдірмем,
Құйрық атып, төс көрген
Шаңдоз аттай ойнайды.
Ақмартудай мырзам бар,
Асқақ қыздың талайын
Тілесе тегін қоймайды.
Уа, қыз көреміз, біз келеміз. Қайда, қайда әлгі Маман байдың қыздары. Алыстан лебі тартқан асылы. Неге бұлаң бермейді, неге келмей ерін кезертеді! Кім деп, сірә, паңсынады? Нөкер жігіт. Бәсе, біз тосқалы бірталай, неге бүйтіп сарыламыз? Сонша бізге не күн туыпты? Жалынғанымыз қыз болғаны ма?.. Әлібек (анадайдан көрінген Жарасты нұсқайды). Шақыршы анау Жарасты, тілхат босын арамызға. Қу даланы күзетпей, арыламыз соны жұмсап!.. Нөкер жігіт. Әй, Жарас, Жарас, мойныңды бұршы бер таман. Жөніңді айтшы, қашанғы біз сабыламыз?.. Жарас. Аптықпа жігіт, қыз қашпас! Сен асықты деп тағы саспас! Осылай ойын ойнай келмек болатын. Мынау сай. сондай сейіл серуен орыны еді. Мен соны айтқамын! Тек әзілде өрелгі жоқ жөн сұрайын, жігітің бұл қыздарға не демекші? Әлібек (өзі ілгерілеп). Ә, жақсыны көрмекке, Маман байдың қызын көреміз бүгін!
Жантық (Жарасқа). Қыз ұнаса сен құралақан болмайсың. Көрімдігі сенікі! Жарас. Қой жаным, алумен ауызданған дағдым жоқ. Көретін көз сенікі, көрінетін жүз оныкі, менің не ақым бар? Қоритын мүлкім, егіңдігім ол емес! Ақыпұлсыз-ақ ниетіңді айта бер. Әлібек. Бұл байыңның қызы ұнаса мен айттырам. Жақсыдан жақсыны адақтаған мен болам! Ол аяулы болса, мен атақтымын, теңімін, терезем сай! Тілесем тұғыр етем, тілесем түлкідей тояттаймын, жем етемін! Жарас. Ой опасыз жалған! Шіркін көңіл аптығы солай ма еді-ау!.. Арының зор, құйқалымен табысар арманың екен. Жалғыз-ақ алдында тұрған бір кедергіні айтпай қалсам обалды. Қызды сендер ғана көре келген жоқсың, Шектінің де бір бұлаңы, Арыстан да көре кепті. Әлібек. Кедергі деп не дейсің?.. Ол алмайды мен алам! Барды салам, Шектіден неге кем соғам!
Жарас. О, опасыз жалған! Жеген ауыз жейді дейсің бе!
Әлібек. Қызды көрсет, ендеше, мақұл ма?
Жарас. Келер ойнап жақында!
Әлібектер кете береді. Арыстан тобы шығады.
Арыстан (Жарасқа). Ой Жарас, мынау неткен сергелдең! Бұның нең?
Жарас. Уа, қу жалған, не жазыппын, Арыстан мырза?
Арыстан. Қу дала, қу медиен қашанғы күзетем?. Қыз келеді деп сабамды түзеп тұрмын, қайда сол немең? Енді қашан көрінеді, пері қызы ма еді немене? Болдың ғой асырып қыз мерейін. Неге үндемейсің?
Жарас. Опасыз жалған, дағдарып тұрмын-ау мен мырзам!
Арыстан. Е, не күн туды басыңа?..
Жарас. Жүдеп тұрмын, батыреке, дел-салдамын. Осы қызды кім көрерін білмей тұрмын.
Балпық. Көмейің қалай, Жарас-ау? Не деп тұрсың, не кебің бұл?! Жарас. Дел-салдамын дедім ғой... Әлібек деген жас мырза, бай килігіпті. О да көре келіпті осы қызды. Сол емес пе дел-салым!.. Арыстан. Сөйлеме олай, сірә да. Қай қазақ ұлы теңім еді? Тайталаста кім жеңіп еді Шектіні!.. Білесің ғой бет берсем, ниет қылсам, ойып түсем ортасын! Қайтады оның, мен келгесін шегінеді былай!..
Жарас. О, опасыз жалған. Алмағың қай қызы еді осы Маманның?
Арыстан. Аламын, ең жақсысын, өзім алам! Таңдамай, талғап алмай, әлдебірін алушы ма ем? Әлдебіреудің таңдауынан қалғанын алушы ма ем? Жарас. О, қу жалған... Дәл өзіңдей талғайтын да таңдайтын бай Әлібек болыпты. Ежелден мыңды айдаған қызды алмаған жері бар ма? Жамапжасқар жайым жоқ. Оған салсаң таңдағанын өзі алмақ. Арыстан. Өйтер болса, күшке салар мен болармын. Ол алмайды таңдағанын, мен алам. Егесіп көрсін есалаң!.. Шынға кетсем, қалғанын да тигізбей, басына әлек, топалаң да салармын (Әлібек тобы шығады.)
Әлібек. Е, Арыстан мырза жетіп пе еді? Батыр мырза, жол болсын!
Арыстан. Аузыңа май, бай мырза! Жол қылмақ сенен болсын (Әлібек күледі.)
Әлібек. Батыр мырза, о қалай дегенің, мен де өзіңдей жолаушы ғой. Жолың тосқан жеңге болсам бір сәрі. Өзім де жеңге іздеген болсам не етесің? Арыстан. Аңдадым аңысыңды, саудагер мырза! Тас қия тар көпірде кездесіппіз, бір түйін, бір тілекте түйісіппіз. Бірақ текедей тіресудің жөні болмас аңдасаң!..
Әлібек. Мақұл айтасың, батыр мырза. Бәрекелді несіне біз егесеміз? Арыстан. Олай десең үстіме неге баса келдің, бұның қалай?.. Өзгеден менің бақ талайым кем бе еді? Әлібек. Зіліңді айтып қайтесің, мырза? Жөн қалай, жосық қалай, кінә дерге сөз бар ма, Бұл тұста? Жөнін айтсаңшы мына тұрған жиын топ...
Балпық. Ендеше, Жарас айтсын, ара ағайын!
Әлібек. Мақұл-ақ мен де өзгені қаламайын.
Жарас. Жоқ, жандарым! Опасыз жалған! Жай-жапсарың маған мәлім, өтпес жарлық билікке жарамайым! Арыстан тобы. Жоқ, Жарас, айта бер сен! Қара қылдай қақ жарып, айырып бер әділін. Жарас. Мен айтсам қысқа айтамын... Қыз да адамның баласы ғой. Қыз көзіне көрініп, таңдағаңды аламын, таңдаулысы боламын деп кепсің ғой екі сері! Ендеше, қыздың өзі айтсын, таңдау өзінде болсын! Арыстан (өзіне). Қыз айтса, бай деп оған бет бұрады (Көпке.) Қызды өрлетіп, бағыма бәйге етпеймін, бермеймін билікті қызға!.. Әлібек (өзіне). Батыр деп бұған қиғаштайды (Көпке.) Салмаймын қыз еркіне! Тең етіп биге балайтыным қыз қатын емес. Арыстан. Шабындыдан түсетін о да бір, мал да бір, неге нарқынан асырып бағалаймын! Әлібек. Қыздың байы жылқы еді, ел жорасы, тапқаның сол ма, қу Жарас?.. Би етіп табынам ба пірге қол бергеңдей. Қызға еркімді бергелі қаңғып жүр ме екем осында? Арыстан. Бәрекелді, ендеше, арамызды жол шешеді. Жол мен жөкте кім таласады? Осыңда бұрын келген мен екемін. Алғаш таңдау жол да менікі! Әлібек. Сен келгеніңді айтасың мырза! Мен келмес бұрын көмбе көмгенімді айтам. Жетіру менің елім, қыз менің көптен бергі меншіктім. Шектіге барып қыз-қырқының менікі десем жол берер ме ең, сірә, сен!.. Арыстан. Қияс дау, қисыны жоқ егес дау... Жетіру Шектіден, Шекті Жетірудан қыз алмаушы ма еді!.. Құба қалмақ, алысы ма ем мен, сірә! Ең жақсысын мен алам, таңдағаны менікі. Жау болсаң да жалтарарым жоқ. Әлібек. Ең жақсысын мен алам! Намысыма тидің, жол бермеймін. Бұл кеудемде осы басым сау тұрса, сірә да, саған жол бермен.
Екі мырза қыза түсіп, ұмтылыса бергенде қыздар тобы шығады.
Ортада Айман, Шолпан. Бұлар ойнай, күле, дулай шығады.
Айман. Ә, жарасқан топ жақсы кепті-ау алдымыздан. Тек түстеріңіз мәлімсіз, сіздер кімсіз көп жігіт?.. Танымадық, айып бізден, жөн сұрайық сонымен! Шолпан (күліп, ойнақы). Болмаса ойында алыс-жақын жоқ, сауықта таныс, алыс жоқ. Атаспай-ақ сауық құрайық. Жарас. О, опасыз жалған... Дегенмен біліскен де мақұл болар, бойжеткен! Көре сауда, әділ сауда, ойын емес, шында ниеттері бар болса нетесің?.. Біліскеннен тайсалма, асыл қарындас! І қыз. Ендеше, өзің жайды баян етші? Жігіттер бөтен, сен жақын, тең сөйлеп, өзің білдір.
ІІ қыз. Әлде Бұл, ел жорасы, қыз көру ме?
ІІІ қыз. Онда біреу емес, екі тобы қалайша? Таласа келген бола ма?
Жарас. Бәсе, зерек қарындас, екі бірдей топ кепті. Қатар келген соң талас болмай қала ма? Тілек еттің таныстырайын шетінен: мынау топ – Әлібек дейтін саудагер бай, мырза тобы. Өзіне салса бай алмай кім алады дейді. Шолпан (күліп). Маманның кең даласы малға толған. Біз өзіміз де бай баласы боламыз. Арыстан. Лебізіңнен садаға, құлдық ұрдым Бұл сөзіңе. Олай болса мақпал қыз мойныңды бұр, бер қарашы бертаман.
Қыздар Арыстанға қарайды.
Жарас. Бұл тұрған Шекті батыр, жас жолбарыс Арыстан мырза. Басыбардай текті батырдың кенже інісі және өзі. Аузыммен құс тістейтін асқақ ермін деп тұр ғой. Шолпан. Тәйірі-ай, батыр күні өтпеп пе еді әлдеқашан. Батыр бір оқтық деп неге айтқан. Жалғыз оқпен өшпеп пе еді оның үні?..
Айман. Бұл күнде дабылы өшіп жабы болды деспей ме?..
Әлібек. Бәрекелде, жақсы айттың, асыл ару!.. Бұл күнде қайтпаған шақ, өрлеген бақ тек қана біздей жан жүлдісі...
Айман. Не дейсіз, солақ па екен ердің сөзі?..
Шолпан. Ұшыраппыз ғой келіп кезі...
Екеуі. Жарайды, қыз көретін жігітті біз көрейік,
Бар сездің ең абзалы – көзбе-көзі...
Қыздар тобы өлеңдетеді.
Айман, Шолпан (қосыла әлпеншекте жырлайды).
Біздерді Айман-Шолпан егіз дейді.
Жарастық үлкен кіші дегізбейді.
Алысқа алып ұрған армаңдар бар
Шалқыған көңіл қиял теңіз дейді.
Ақау, Айман айым, Шолпан айым.
Әніне Айман-Шолпан шырқатайын.
Жас желек думан дейді әзіл дейді
Қызықтан қызық таңдап көп іздеді
Неліктен солай екен заман заңы
Қалайша ойдағыны көргізбейді.
Ақау Айман айым, Шолпан айым.
Әніне Айман-Шолпан шырқатайын!
Қыздар.
Жігітті қыз көретін біз көрелік,
Көп сөздің қала тұрсын өзгелері.
Қыз көретін жігітті біз көрелік,
Бар ма екен бойларыңда өзге өнері.
Балпық (Арыстанның нұсқауымен).
Ендеше, жас дәупері Арыстаным,
Жебедей жерге тыққан алысқанын.
Қайраты, сымбатымен, тегі де бай,
Үлкен сый біле білсең танысқаның!..
Айман (Әзілқой пішінмен).
Таңдау мен талғаудың төріне жетіп бола ма?
Қызықсам ба екен әлде осы...
Мақтаулы жас батырына!
Жантық (Әлібектің нұсқауымен).
Болыпты кімнен төмен Әлібегім,
Әрі бай, әрі бағлан, әрі бегім...
Қиядан жемін танып, қыран ұшты,
Ойлама әлдекім деп әлімберім!..
Шолпан. Әлде дүниенің құны-пұлын кезбен өлшеп үйренген байдың ұлы десем бе екен?
Балпық (жалындай түсіп).
Майданда батыр жеңген қағысқанын,
Егессе алмай қоймас жабысқанын,
Одан да тілегіне тілегін қос,
Сірә да, опық жемейсің табысқаның.
Шолпан (ойнақы).
Онда әлде батырын таңдасам ба екен?..
Байдан қол үзіп-ақ қалсам не етті?
Жантық
Ен дүние, қыруар мүлік бәрі тегін,
Жетіру әлпештеген Әлібегін.
Өз ұяң, өз өрісің, жатың емес,
Ел күткен құтты бегім Әлібегім.
Айман (әзілдеп, ойнақы).
Батырдан әлде көңіл бұрайын ба?
Бай деп ақ неде болса тұрайын ба?
(Жігіттерге)
Кәнеки, қайсынымыз кімге жақтық,
(Әлібекке)
Сізден де енді жөнді сұрайын да!
(Арыстанға)
Сіз дағы тіл қатыңыз, батыр мырза,
Көзіңіз кімнің түсті шырайына?
Арыстан (өзіне).
Әттегене, дүние-ай,
әттең дүние жалған-ай,
Екеуін бірдей алар ма ем,
Қалмас еді арман-ай? Әлібек.
Не керек, жасырғаным лайығы жоқ,
Бас ұрғаным біреу емес, екеу болды.
Екеуің де жақсысың.
Сорыма екі бірдей ақ қанат перідейсің!
Нені айтайын мүрдар басым.
Жоқ боп тұр ғой кемітерім, асырарым!
Шолпан (күледі).
Күреп алып үйренген машығы ғой,
Сорлы жігіт шынын айтты енді қайтсын!
Айман. Олқы түсер қолшыл жігіт дейсің бе, батыр мырза жөнін айтсын. Құп тыңдайық оны да. Жарас. О, қу дүние, опасыз жалған... Ер көңілі жаңылған ба дегенінен, о да екеу демей, есесін жіберсін бе? Арыстан. Бәрекелде, солай демей не дейін! Біздің көмей көп асап үйренген көмей шырақтар. Екеуіңе бірдей құлап, бірдей қызыққан жайым түр. Мүлде мін таппадым десем не дерсің?.. Айман (күледі). Шіркін дәурен, бұндай қарық қылған дәурен көрген бар ма десеңші! Екі қызға бір күйеу, жетіспеске бола ма? Таңдамай да талғамай тізіп қана әкетпек... Бұндай да көңіл, бейіл берген болат та! (Өлеңмен.)
Жігіттер, ел ақтаған ер екесіз,
Сонда да сөз айтасың берекесіз.
Таңдау жол сіздерде емес, енді бізде,
Дей қалсақ сонда қалай дер екесіз!..
Арыстан.
Қап-қап, қылды-ау мына қу,
Жер қылды ау, ойбай, Жетіру!
Әлібек (о да өкінеді).
Көрдім-ау, пай-пай, Шектіден,
Құлқынын қыз кептірген.
Айман, Шолпан бастап, оларға хор қосылады.
Айман, Шолпан
Ауырмай өледі екен аңдамаған,
Демей ақ біз қояйық, өл де маған,
Тойыңда Шөмекейдің шын сөзіміз,
Айтылсын бүгін мұнда қамдамаған...
(Ойнақы қайырма)
Қыз көретін жігітті
Көре қыздар шығыпты.
Көрісімен түңіліп
Қайта беттен ығыпты.
Жауабына орай жоқ,
Көңіл жүдеп бұғыпты.
Мақтай алмай кетті қыз
Қыз көретін жігітті, жігітті.
Билеп, ойнап-күліп, кетіп қалысады.
Жарас (дал боп қалған Арыстанға). Оу, опасыз жалған. Ал мырза, қандай ойдың шыңына баттың? Не қып дел-салда тұрсың? Мынаны айтсаңшы, қай қызына көңіл қойдың?.. Арыстан (бұлқына сілкініп). Әуелі анауыңа айтқыз айтарын. Осы тойдың боларын сезіп ем! Әлібек. Әуелі таңдағанын анау айтсын. Осының өрескел кесірінен мен де тойдым. Жарас. Ой жігіттер Бұларың не? Қыз жетпей түр ма?.. Әлде басқа бір ойдан кірбең тарттың ба, тегі? Қыз-қырғын деген осы ма екен сірә да! Алғаш екпіндерің тәуір еді, не қып жасып қап тұрсыңдар?..
Арыстан (Әлібекке). Жөніңді айтшы, жарықтығым. Кімді аласың олай болса?
Әлібек. Өзің айтшы, сен қайсысын ниет қылдың?
Арыстан. Жоқ, сен айт, аңысыңды байқап көрем. Мен кейін айтам.
Әлібек. Жоқ, сен айт, бұның тағы қай таласың?
Арыстан. Сен айтпай олда оңбайын тіпті айтпайым, ұқтың ба? Тас болам да қалам осы сөзде!.. Әлібек (тез құбылып, ойнақы). Е, тіпті солай ма? Онда алда разы болсын, жол беріпсің айтайын: тілегенім Айман еді, соны аламын. Арыстан (аз аңырап қалып). Жолың не, жол бергенің не? Алдымды кескеніңмен қоймай, жолымды да алдым дейсің бе? Естімеймін қалауыңды. Жарас. Әлібек ойдағысын ерте алды ғой ауызға. Асыл қызы, топ жарғандай, жақсысы да сол еді. Кемелі де, үлкені де сол. Дүйім көпті аузына қаратқан ақылдысын алам деді ғой!.. Арыстан. Тәйт арман, бермеймін мен жолды, ермеймін жорға тілдерге. Жамаушының керегі жоқ, Айманымды берерім жоқ! Әлібек. Жоқ, Айманды мен де бермен. Біліп қой, батыр мырза болсаң да, тартынбаспын келген керден. Арыстан. Сен де, ендеше, біліп қой. Саудаң үстіндегі айлаң шығар. Алдамайсың Арыстаңды. Алмай қойман Айманды мен, асырмайсың айлаңды сен! Жарас. О, опасыз жалған... Айман, Айман дейсіңдер-ау, Шолпан қыз да осал емес. Мал, дүние билігі осы қызда. Ұлы жоқ бай, кенже қызға көп енші береді. Тегінде бұл жайды да қоса кеңесіңдер-ау! Әлібек (шапшаң өзгеріп). Ал ендеше, Арыстан, келіпсің ғой алыстан. Айманды сен ала-ақ қой, ерегісіп қалыспан. Қалғанына қанағат, Шолпан-ақ болсын қайтейін, тілегенім, табысқан. Арыстан (қолбаң етіп қайта бұзылады). Жоқ, және де таластым, басыңда мен де адастым. Менің дағы сендейін, іздегенім бай қайын. Шолпан екен лайығым, сөзіне ердім Жарастың!
Әлібек. Жоқ батыр, бұныңа енді көнерім жоқ!
Арыстан. Мен де саған, ырық, сірә, берерім жоқ!
Әлібек. А, солай ма, тілегенің қарныңа, егеске мен де сермедім. Айман десең Айманды, Шолпан десең Шолпанды бермеймін деп белдестім... Арыстан (ақыра түсіп). Бәсе десең Айманды, Шолпан десең Шолпанды не қылсам да мен сенен жеңіп алам таңдауды! Әлібек. Алмағың қыз емес қой, егес екен. Тек есі бар мына жұрт төреші, бізді жынды демесе екен (Жарасқа шұғыл бұрылып.) Ал, Жарас-ау, осы әлгіңнің қайсысы Айман, қайсысы Шолпан? Әуелі соны білсең десеңші? Арыстан. Апыр-ау, мен де соны білмеппін ғой, егеспен оны есіме ілмеппін ғой. Жарас-ау, Айман қайсы, Шолпан қайсы, қаруды құр далаға сілтетіпсің ғой. Жарас (ойнақы, жаңылтпаштай бұлдырлата сөйлейді). О, құлдыраған қу заман, опасыз жалған, жаным-ау онысы да бар ма тағы? (Шұбырта жаңылтпаштап, саусақтарын айқыш-ұйқыш етіп фокусшідей жүгіртіп сөйлейді.) Шолпанның оң жағыңда Айман болар, Айманның оң жағында Шолпан болар (Шұбырта.) Әкенің бала болар шамшырағы, көлденең жігіт көзі шын қырағы. Саудасы құстет боп тұр, танылмай-ақ, Маманның аспанға ұшты қос пырағы. Айманның оң жағында Шолпан болар, Шолпанның оң жағыңда Аймандағы.
Әлібек. Не дейді, не деп кетті қай-қайдағы?
Арыстан (о да түсінбеген дел-салда).
Пай-пай, дүние жалған-ай,
Екеуін бірден алар ма ем,
Қалмас еді арман-ай!
Әңдетіп, домбырасын сермеп жаршы шығады.
Жаршы
Уа, жараңдар, құлақ сал,
Шөмекейдің тойы бар!
Қызықта кімнің ойы бар,
Мынау белдің астында
Ұзын өлке бойы бар,
Сол өлкені жағалай
Тігулі тұрған үйі бар.
Үй басына сойылған
Қонаққа деген қойы бар,
Жақсының сонда сойы бар,
Қалаулы қонақ тобына
Ту бие де сойылар.
Қызық та қырғын думан бар,
Сауықты қандай қуған бар,
Той десе қубас домалар!
Қыз бозбала қужаңдар,
Іркіліп кеш қалмаңдар,
Бәрің де солай дулаңдар!
Дауыстар
Той... Той... Той!..
Шап, ендеше, солай шап!
Сауық, думан сонда тап, сонда тап!..
Тойға бара жатқан қалың, шұбар топтар өте бастайды. Сахнадағы жігіттер де солай жөңкіліп жөнеліседі.
Шымылдық.
ЕКІНШІ АКТ
Екінші сурет
Сахнада орда тәрізді етіп тіккен оюлы күмбездей көркем үй. Той иесі бір топ Шөмекей шығады. Соңдарынан Жарас келеді.
І Шөмекей. Ойпыр-ау, Бұл пәлені қайттік енді?
ІІ Шөмекей. Азды-кемді сабыр тақат о да жоқ
ІІІ Шөмекей. Жем көрген құзғыңдай құлшына таласыпты. Екеуі екі жақтан қысқанын қайтерсің? І Шөмекей. Жалғыз үй қайсысына жетеді? Енді міне ердің құныңдай пәле сап, сөз қып жатыр. ІІІ Шөмекей. Бір Маман, бір Басыбар, қос қызыл көз емес пе? Біреуі шоқпарын бұлдайды, біреуі кезін, пұлын бұлдайды!.. ІІ Шөмекей. Ту басынан айтып ем, жалғыз оқшау, жақсы үй тікпейік, егеске себеп, пәле болады деп. Болмадыңдар! І, ІІ Шөмекейлер. Ойбай-ау, есебін айтып, қисынын тапсаңдаршы. Қисынын тап, есебін айт! Пәледен құтылу қамын ойласаңшы күнбұрын.
Нөкерімен Басыбар шыға қалады.
Басыбар. Ой, көп қарғадай шуылдаған, Шөмекейім! Айтпап па ем мынау үйдің әшекейін ұнаттым деп!.. Мен түсем деп хабарымды салмап па ем! Үнің не қып өшті, жауабың неге жоқ? Кімге бұрдың, айтып көрші көзіме! Аңдатшы, байқайын мен көмейіннің күлкілін! Бер жауапты, неге тұрсын білдірмей?..
І Шөмекей (Жарасқа). Жарас-ау, жарықтығым ақыл табар жерің бар ма мынаған!
ІІ Шөмекей. Атқаршы осы жолғы бір жауапты өзің боп...
ІІІ Шөмекей. Тойым талқан, елім, ерім қор бола ма? Шөмекей сенің елің емес пе? Басымызды пәледен құтқарар емің болса айтшы, тапшы шапшаң! Жарас (Басыбарға). Басеке, егескенді еңсерген де өзіңсің. Қашқан мен қуғанның сүйенгені, сенгені өзіңсің! Шөмекей қасқияс ойлай алмайды, Басеке, сіздің басыңызға!.. Басқа ұрсаң өлді, артқа соқсаң құлақ қақпай көңді, оны өзің білесің! Батыр мырзаау, бұл үйдің арналған иесі өзің едің, Шөмекейге таңдатса бермеп де батыр сіздің өзіңіз едіңіз. Бірақ жасырғанмен жараның аты жара да, Маман деген зәулі шығып тұр. Бұл үйге мен түсем деп егесіп жатқан сол емес пе? Басыбар. Тәйт, жоғал, ондайыңды жолымнан ал былай! Күмілжімей, тек көмейің күлкілдемей сертіңде қал жалтақтамай. Байлауым сол, кәзір бәйгеге ат жөнелтіп қайта мұңда келемін. Мыжымай қарсы алуға қамдана бер осы үйде! (Жалт бұрыла жөнеледі. Құрдас шалы бастаған нөкері саусылдап ере кетеді. Маман шығады. Қасында шұбар тобы бар.) Маман (ашулы). Қызыл бұзау кезімменен құртамын! Талайды молда қылған тезім солақ! Жат елден келген шет керуен қонағым бар. Осы үйіңе түсем деп кісі салдым. Жауап жоқ, үн жоқ, мен бе едім сөзі неден кететін?
І Шомекей. Айтам ғой, осы пәле болар-ақ деп ем жаңа!
ІІ Шөмекей. Қалдық қой екі оттың арасында.
ІІІ Шөмекей. Жарас-ау, елің үшін, момын, әлсіз елің үшін дедім ғой, салшы өнеріңді осыған, тапшы не де болса айласын. Пәледен машайық та қашпап па еді? Жарас. Опасыз жалған... (Маманға.) Байеке-ау, сенен аяр асылы жоқ бұл елдің. Алып та, жеп те жүрген жұртың ғой таңдаулысын, тәттісін. Мынау үйді өзіңе деп тілген дейді мынау елің. Бірақ алыстан келдім, шет қонақпын, жасым, жолым үлкен батыр қонақпын, мен түсем деп Басыбар тұр! Бермесең көпке пәле жаяр нарқы бар, оны қайттік? Ақылын өзің айтшы, Байеке!
Шөмекейлер.
Бір пәледен мың пәле туғызбай ма?
Аяғына көз жете ме неге саярын!..
Әңгір таяқ ойнатып ол үйренген пәле емес пе?..
Тағы шабам деп найза, шоқпар, қамдаса қайттік ол пәле?
Маман. Бермеймін, неге ығамын, өзім түсем! Ұстасар болса сен қалыс тұр, былай кет. Қарсысына өзім шығам, тең шығам. Ондайлық жын өзімнен де табылады!..
Кәзір барлық нөкеріммен келемін де түсемін, құп алудың қамын ет! (Кетеді.)
І Шөмекей. Енді қайттік батыр-ау?
ІІІ Шөмекей. Қорлық отқа салғаны-ай!
Жарас. О, құлдыраған қу дүние!.. Ал аз елім, момын елім Шөмекей, жолыңа салдым барымды. Ендігі ырқын өзіме бер, білдіңдер ме! Бұл екі дәу қағысарлық ниетіңде екен. Тегі күш сынасу көптен бергі ниеттері болар. Ендеше, сәудегерді шақыр да, соны отырғыз. Шөмекей де ел, қурай емес! .. Соншалық жетім сордай жаутаңдама, жалтақтама тек қана!
ІІ Шөмекей. Дұп дұрыс, шақырайық саудагерді.
І Шөмекей. Келе жатыр өздері де!
ІІ Шөмекей. Келе берсін жолын тос.
Саудагерлер шығып қалады. Үйге қарай беттейді.
ІІІ Шөмекей. Бәрекелде мінекей, құп аламыз, қош келдіңіз.
Мамаңдар қыздарымен қоса шұбатыла шыға береді, сол үйге кіреді.
І Шөмекей. Бәрібір бізден енді ерік кетті.
Жарас. Сөзді қой, бар нөкері еріп кепті.
ІІ Шөмекей. Пәле келсе қайтеміз, өле көрдік. Маман тобы ортамызда, Жетіру енді бізге серік бопты.
Осы кезде бір топ әйелдер киіз сәукеле киген бір құданы алып шығады. Шолпан (сақылдап күліп). Жарас-ау, мына сәнді тек жібересің бе? Бермейсің бе сәукеленің сыбағасын! Құдалар биі. Екі құда билейді. Күлкі би. Ескі ырым-жырымның сырын ашатын, соны мысқыл ететін би. Жарас (ойнақыланып, құдаға қарап, той бастардай сауық әнін-жырын шұбырта жөнеледі). Уау, мынау салың не дейді, уа ра-ра-ра, уа ра-ра-ра, уа рара-ра! (Шұбырта, соқтыра жыр айта жөнеледі.)
Құдаға кел, жамағат, көз салайық,
Жарасқан сән-тұрманын біз санайық.
Маржаны – құмалақтан, құрым – желек,
Қамшыны жібек бауға шамалайық
Ат-жөнін бұл құданың сұрамайық,
Сый екен, әлдекімге баламайық.
Бұлтиған әне бірді сақалына
Деп қана тоқтатайық "болды ылайық".
Бетіне құрт жағылған құданы алып шығады.
Оу, жазған, жаңа келді сауырлы бай,
Құртты бай, құйрықты бай, бауырлы бай.
Шыныңды айт, қыз қырқынның тізесі өтіп,
Қыр арқаң келемежден жауырдымай.
Енесін сол арқаның ұрасың ба,
Тойғысыз ит жаласа бет аузың май!
Әлібек тобы шығады. Араларыңда Жантық ақын. Топ сәлем беріп Мамаңдарға иіліседі.
Жантық (өлеңдете, шұбыртады).
Жел сөздің енді келсін бас иесі,
Сөзімнің байда қалмас несиесі.
Өзі алған ойды қырды байым Маман,
Шалқып тұр шартарапқа несібесі.
Алдыңа мырзам келді Әлібектей,
Қан базар мол сауданың жас иесі.
Жүлде алған батырдан да, бағланнан да,
Мол бақтың жастай тапқан мас иесі...
Жарас. Оу, опасыз жалған! Ей жарықтығым мас болсаң да шарқыңды біл! Нарқыңнан асып тиіп кетпе біреулердің намысына. Осыңда батыр да, бағлан да жүр, "өзге емес мен болармын бар биліктің иесі" дейтіңдер барын ұмытпа!
Әлібек (қыздар қасына тақап кеп отырып).
Батыр, би деп бір қоймайды,
Сірә, бізге қалған бар ма?
Айман.
Неге олайша дедіңіз,
Әлде сізде арман бар ма?
Әлібек.
Боәсекеде арман көп, асыл мақпал,
Арылатын дәрмен бар ма?
Шолпан.
Апырым-ау, солай ма?
Бір мінезін қыр депті,
Бір жүрісін жыр депті,
Сіз келмепсіз осында,
Тіпті әлденендей сыр кепті-ау!
Әлібек.
Әсте, батыр деп, сірә, жол бермен,
Қаза беріп қайтейін,
Содан арман айта берсек сөз көпті.
Жарас. Солай ма еді, қап, болмас. Бәсекесіз бай болмас деген осы-ay, малдың күші оңай ма, мақтандырмай ол қоймас! Бірақ Басыбар да қияс қой, шапқа түртіп қайтесің, естісе, сірә, егеске о да оңай тоймас. Шектінің аты және бар, асаулығын ол жоймас.
Әлібек. Шекті болса қайтейін, Жетіру қашан бос қалды?
Маман (қоса елігіп). Көрсетсінші Басыбар, сән-салтанат қызығын, болмаса Шекті бос мақтап жүрген дағы бұзығын. Әлем байлап қу ағашқа әулие қып табынған, Шектідей емес қызығым.
Дауыстар. Уа, бір сәңді топ келеді.
Уа, Арыстан екен, өзі батыр інісі.
Батыр да ғой бұнысы.
Әлібек (Шолпанға қарайды. Оны Айман екен деп ойлайды). Көрмеп тағы Айман да. Шолпан (Айман болып, қобыла сөйлейді). Көрсе біз де көрейік, көруге көз тойған ба? (Жарасқа ым жасап.) Айман деп ап бұл жігіт, Шолпанға ден қойған да! (Күледі.)
Тобымен Арыстан шығады.
І Шөмекей. Уа, кел, қарағым Арыстан!
Арыстан. Я, аманбысың ағайын, армысың аға, қария! Тойыңа құтты болсын айта келдім алыстан.
І Шөмекей. Бәрекелде, ырзамын, құрметіңнен қалыспан.
Арыстан. Алыс та болса, дос елімсің Шомекей. Талайдан атам табысқан.
І Шөмекей. Бәрекелде, досыңды дос деп, бек тұтқам,
Жауыңа да шабысқам.
Айман (Арыстанға). Ал, мырза, орын міне, қош келіпсіз!
Шолпан. Жалғыз-ақ (еркеленіп, әз кеудесін түртеді). Айман десең бос келіпсіз.
Айман. Немене қуыстанып қаупің бар ма, неге үркіте сөйлейсің алдын ала! Арыстан. Жасырарым жалғаным жоқ, іздегенім анық өзі сұлу Айман. Көрем деп талпынғаным қиядан. Жалғыз-ақ қалай шықты қиғаш сөз лебізіңнен (Әлібекке.) Әлдебір кедергі шығып па еді әлдеқайдан? (Шолпанға иіле түсіп) Айманжан, өзің толға болған жайдан. Айман.
Аптықпа, мырза, тартыс жоқ,
Мұнда жоқ теп керіс майдан.
Шолпан (айтысқа түскендей шұбырта өлеңдетеді).
Жастық бар, шалқып ойнап, салған сайран,
Әр түрлі әр жотадан сөз тастайсыз,
Наз жайын түсіне алмай тұрмыз қайран.
Айтпайық біз де сөзді салып епке,
Орын жоқ айтысарлық налық өкпе,
Мезгіл жай сізге де бір, көпке де бір,
Сол көптің бірі болар Әлібек те!
Әлібек (қалжыңқой, асқақ пішінмен Шолпанға орай шұбырта жөнеледі).
Бір ауық мен де айтайын мезгіл жайын,
Бұл дәурен шалқып жатқан айдыңдайын.
Жалғыз қу сол айдынның ақ еркесі,
Балатқан бір өзіне күн мен айын.
Шұбыртқан осы өлкенің бағлан байын
Сөзімде қате болса көпке дайын,
Толықсып пісетұғын кезі жетіп,
Іздепті-ау сонда ғана теңді сайын.
(Күліп, желіге түсіп.)
Несіне бұдан әрі пернелейін,
Бәрібір дәурен өтер деп-демейін.
Шұғыла боп сол қуға біз құштырыппыз,
Батыр ем, бағлан ем деп, мен не дейін?
Шолпан (күліп, кекетіп).
Жаным-ау, көксегенім әуре ме еді,
Арманым адам емей сәуле ме еді!
Айман.
Бұл жігіт шапшаң сауданың жылпосы-ау!
Әлде сор, әлде бағы, алдымызды орамақ қой.
Арыстан (Шолпанға). Мен мұңымды саған шақтым мақпал қыз... Сыры, қыры танылмас неткен дәурен осы кез? Шолпан (бұны да кекете күледі). Батыр мырза, жанаспасаң нетеді! Кезеген аяқ болсаң да, ілінер жөргем мен болмасам қайтесің?
Арыстан. Кел дана қыз, тым құрыса әділдікпен теңеген биім бол десем ше?
Шолпан. Оныңа да табылмадым, сүрінгенді демеген машайығың емеспін.
Айман (күліп). Жарар ма екен соншалық, сый құрбыны шенеген.
Шолпан. Бола алмадым аруақ, жалынғанды жебеген! Арыстан. Апырай, неткен асау ең, тістегіш те тебеген... (Өзіне.) Айман десе Айман-ау, жақсы еді мынау не деген? Әттең дүние біреуін, алар күнім келер ме, бере гөр, тәңірім, береген. Әлібек (өз ақыны Жантыққа). Жаным-ау, тізгін тежеп не қып отырсың, айтсаңшы естіртіп тілегімді.
Жантық (ақын боп ағындап).
Уа, Жетіру, Шөмекей мен Шектісі де,
Бай, батыр, мырза, сері, тектісі де.
Ұсынса қолы жетпей қалып жатыр
Айманжан шыдай алмай тепкісіне.
Арыстан (Балпыққа). Айтсаңшы Арыстаңды әлдекімге теңеме деп!
Жантық (бұрынғыша екпіндеп).
Бөтенге Әлібектен бұйырмаймын,
Теңі жоқ бұдан өзге шет кісіде.
Талай жан жалын жұтып, тас шайнаған
Жүлде алған Әлібекке кекті ішінде.
Құдалық сұрай келіп сауға берген
Өңім бе, бұл көргенім деп түсім бе?
Бәйге алған, ту құлатқан желді аяғым
Қара көк қирата озған бестісінде.
Балпық (айтыса жөнеледі).
Кез болдым сен екесің ақын
Жантық, Сыйыңды құшақтай бер қысып, қамтып.
Бөз беріп, сөзін сатып алып жатыр
Жантыққа не қып қалсын енді тамтық.
Мақтаншақ саудагерлер қайтушы еді,
Сөйлеме, бойға өлшемей сөзін тантық.
Әкеңдей Арыстаным міне келді,
Жетіру көп көпірме енді тантып...
Әлібек (Жантыққа). Ә, солай ма, жуан сөзге басты ма бұл. Ендеше, іркілме Жантық, сал шеңгелді батырына. Қарын шашы алынбай асыпты ғой бұл, теп. Арыстан (атқуылдап). Әй Әлібек, Әлібек, айтыста мұндай ырым жоқты, қайдан таптың? Не дейсің сен, пәле шақырғың келді ме?
Әлібек. Дегенім сол, батыр-батыр деп құлағымды сасытты.
Арыстан (атып тұрып). Қарай гөр пұл құтыртқан көк жасықты. Тасыпты ғой тентек судай елеріп ап. Бар жігіт, хабарын айт батырға, естісін өз құлағымен мына егесті.
Жігіт кетеді.
Жантық (айтыс түрінде шұбырта).
Шектіге бір кесел бар ерте қонған,
Ол кесел бірде толын, бірде солған.
Еліріп қу шоқпармен шонтай қағып
Арам тер әлін білмей әлек болған.
Сол іспен адамың жоқ сірә де оңған,
Көргені кезуіл ме құрдым жолдан.
Тыныштық та, байлық та мол Жетіруда
Қай Шекті қазна көрді уыс толған.
Батыр деп айдар тағып елерткенің
Жем іздеп, күндіз-түні маңын шолған.
Балпық (екіленіп іле жөнеледі).
Жетіру сөз шығардың бойына ерсі,
Құтыртқан мына бөздің буын көрші.
Түлен түртіп бара ма қайда кеттің?
Кәніки білгеніңді тағы терші!
Болмаса шыдамасаң жайына ерші,
Базарға қойыңды айдап, байыңа ерші.
Сонда да қатулансам шұбыртармын,
Ер болсаң осы сертке қолың берші.
Басыбардың құрдас шалы келеді.
Шал. О, Маман бай, Басыбар батыр жіберіп тұр сендерге. Мен сонымен кеп тұрмын. Айтар сөзі: Жетіру емен Шектімін дейді. Осал емен, тектімін, дәл осы мынау Маманменен кептімін. Жөнге келсе келісем, жөніне жон деп көшпесе, аяспайтын кектімін, дейді. Алыстан өктеп келген жырақтың қонағы едім, тойға тіккен жақсы үйді бермей, Шөмекейдің шеткі үйін қойдырыпты Маман маған. Орайым менің ол емес, өзгені емес, тура Маман отырған ордасын аламын, босатсын деп дігірлеп тұр әнеки!
Маман. Уа, не деп тұрсың, сен сүмелек шал, жексұрын!
Шал. Уай, олай деме, асқақ бай. Мен қалыстың сөзін айта кеп тұрмын! Өйте берсең көріп келдім айтайын. Батырдың беті жаман, ұнатпадым ашуарынын, сақ бол демек қарызым... Қадірді біл, асқақ бай!..
Маман. Тимей-ақ қойсын септігің, өзім-ақ басам әптігін!
Арыстан. Бүліністі-ау, бұзылысты-ау мыналар! Шығар бар ма жамау боп, сөзін айтар ептінің! Қойса қайтед тиюін, қытығына Шектінің! Әлібек. Қайтуші еді сонша бір, тау жығатын селдей боп, қарашы бұның екпінін! Шал. Пай-пай-пай өңшең нар! Жуастан жуан шыққаңдар! Қағысқан соң не амал бар? Арада қайтып өлмесін, енді сорлы шыбындар. Айтпаса болмайды ақыр тағы да, батыр зілін ұғып ал! Ызғары жатыр сөзінің, құтыртқаны буы ғой, деп айтады бөзінің! Жасырмай-ақ қояйын, сыртына теуіп алыпты, түк біткенін өзінің, мойнына мініп апты дейді, Шөмекей мен Жетіру, құлақ қақпас езінің!.. Маман. Олай десе кәзір сәтте айта бар. Ойда ұлық, қырда қыруар малым бар. Ерегіссе шығып көрсін қарсыма! Қырық кессе де қу кедейлік әлім бар... Уа, Орынпар, Кәтірімпар... Шытырымпар, жағалай сонау шәрлер бар. Лықылдаған ұлық бар. Өрекпуін қоймаса, таутаңдаған шолаққа, кісенді қара құлып бар! Шал (жөнеле беріп Жарасқа). Ал іздегенің сен болсаң, сұрағаның жетсін тез (Қоқиланып.) Олай болса мінекей, ұр тоқпағым тоқ-тоқ! Айыптыға шоқ-шоқ! Бір бай мен бір батыр. Бір ісек, бір қошқар! Бір теке, бір серке! Жекпе-жек, жек-жек, түрт сайтан, түрт! Үрит соқ-соқ, үрит соқ-соқ!..
Шауқандай жөнеледі.
Маман (айнала қоршаған топқа). Сал, ендеше, серуенді. Лаулатыңдар, көтеріңдер желікті! Көрсетіңдер өнерің мен ойыңды. Қандай пәле болса да, көтеріп алдым өз басым! Баста сауық, тойыңды! Өзбек жігіті билеп шығады. Бұл керуен басының баласы: жас, сәнді, сұлу киінген жігіт. Айнала көп жиын көкпар, "қара жорға" тәрізді үлкен қызулы той ойның орындай билейді. Өзбек жігіті қалың топтан серкені әкетіп жүрген жалғыз озғын жүйріктің қаракетін көрсетеді. Кейін бұл жалғыз билеп жүреді. Жеңудің, асқындаудың мақтан биі сияқты. Осы бидің тұсында нөкерімен Басыбар шығып, аз уақыт үндемей сазарып бунап, қалшылдап тұрады. Басыбар (шыдамай ақырып). Тайт найсап, жоғал арман көзімнен (Би тоқтап қалады. Маманга.) Әкелген үлгің осы ғой! Сұм саудаңмен қоса жүрген бөзіңмен! (Жантыққа.) Кәнеки, судан шыққан судырақмет, келші кәні судырашы тағы да, мені тұсар сөзіңмен!
Маман (Жантыққа). Айта ғой, олай болса тілегенін!..
Жарас (Шөмекейлерге). Көрерсің енді шатақ үдегенін.
Әлібек Терезем тең, тең жауап айта аламын, қамшыны көтермеймін білегенін (Жантыққа о да ым қағады.)
Жантық (құлшынып, ағыза сөйлеп кетеді).
Ендеше, біз егесіп көрген едік,
Шектіге орай жауап берген едік,
Мақтаны "қара шоқпар ұр да жық" деп,
Батырын сіздей... сіздей... терген едік.
Соңына саудалы бай ерген едік,
Жетіру, біз өңге елден сергек едік.
Туласын шамданбаса тентектері,
"Ә" десе "мә" деп сыйын бермек едік!
Басыбар. Кет әрі, тоқтат, енді менен қамшы жерсің. Үргізіп тұрған анау байың ғой! Сатымсақ сөзіңе санап-санап ал тиынды сонан! (Маманға) Бетімнен сен алдырып отырсың ғой, қу Маман. Тұра тұр бәлем, тек бәйгеден атым келсін. Бәйге күрең жүлде алғанын жұртым көрсін. Не көрсең де қынығыңнан көрерсің, кінәлі бөтен емес, өзім дерсің! Жарас. О, опасыз жалған... Батыр-ау, есіңе бір салайыншы, Бұл арада тағы бір түйін тұр ау. Арыстан бауырыңның тәуір бір ниеті бар, соның жолын кесіп жүрмесең. Мынау байдың қызын көре келем деп, анау саудагер жас баймен таласта, егесте отырған қысталаң бар ғой тағы да! Ашуға баспай соны ойласаң не етер еді? Басыбаp. Не дейсің, кім таласыпты Арыстанмен. Ол Жетіру қашан санатқа кіріп еді Шекті жүрген орында? (Арыстанға.) Қайсысы еді алмағың бұнысының? Жалғыз дара шықпай, сен бе едің сарапқа түсіп сөзі екі болатын. Жарас. Арыстанның ниеті Айман дейтін қызы еді. Соны алсам деп құлаш созып еді. Бірақ анау жас саудагер, бай Әлібек жол бермеймін деп қарысып тұр. Сөз арты егеске сайған жоқ па, батыр-ау!? Басыбар (даңғой, адуын қалпымен Айманға). Уай, жарқыным, жақсы ару, таңдау сенің қолыңда дейді. Тілектің де бәрі сенің жолыңда деседі, қайсысын қабылдайсың мыналардың Оның мен солыңда екі бірдей арысты телмірткенің неткенің?! Айман. Бұндай сөзден сізді алыс деп ек батыр, әкеміздей екенсіз, сөзіміз шалыс келіп жауаптассақ ұят-ау!.. Мен айтсам қызыққан да, таңдаған да жігітім жоқ... Көз танысқа көрмей жатып құштар болар біз емес десек не дерсіз?
Басыбар (көп қыздарға қоразданып).
Ендеше, жымнан шыққан жолбарыс бар
Шыңдаса бойда күшін сол қарыштар.
Шулаған шие бөрі үнін басып,
Ақырып "мен бармын" деп ол дабыста! – деген болса, не дерсіңдер, осынау асыл арулар...
Айман (күліп, ойнақы).
Мекені жолбарыстың cap қамыстар,
Ішінде талай жәндік бар қамыстар.
Жолбарыс жымыңда ойнап көкше қоян,
Күштіні күлкі етер бар сол қамыстан! – дегенге сіз не дерсіз, атажан? Басыбар. Уайқай, уай-уай... .Құбылған сайқал дүние-ай! Көркейіп тұрған күйін-ай, уылжыған тәтті жас! (Қасындағы шалына.) Әкетер ме ем, үйіме-ай... (Арыстанға) Уай, сен жарықтығым, Бұл жаратқанға жазған ба едің, нені көріп, неден жасқанып жүрсің. Сындырма менің сағымды! Бойкүйез меңзең азбан болмасаң, ең жақсысын таңдап ал мынау арудың? Әлібек Ол ерік Арыстан да болса айтарсыз. Тап сондай тілек бізде болса нетесіз? Басыбар (Арыстанға). Солай дей ме, ендеше, өлсең де тап сол Айманның өзін ал! Таласта тайқып түсер Шекті ме екен! Маман (ашуланып). Уа, кім салды балаларымды сұм саудаға? Тый тіліңді, шыдамаймын қорлығыңа бұдан әрі! Басыбар. Ә, ә. Сен Маман, қытығыма енді солай тидің бе? Жыныма тисең: тілеген таңдағанын алғызамын, әлде бұл тұста да күшімді сынағың келе ме? (Айман мен Шолпан орындарынан тұрып, әкесіне тақайды.) Айман. Алдияр, асыл әкем, еркің білсін. Бізге жібер, егесетін ершігешке өзің емес, балаң күлсін. Шолпан. Ашуыңнан садаға, қайран әкем... Өшікпесе өртеніп өлсін, айтқаныңнан садаға... Маман (үдей түсіп). Құтыруын қарашы бұл қу шоқпардың! Әулек асқақ мінезің үшін, сол шоқпарың әуелі өзіңді ұрар тілесең!.. Басыбар (ашуға басып). Ә, солай ма, олай болса сертімді есті! Білмей жүрген екесің, құл етермін Жетіру құлақ кесті. Қатын жоқ бұл қыздардан Әлібекке, қолыңа мал бермеспін жалғыз бесті.
Маман (қарсы ақырып).
Оңбайын, шолақ кедей, сені үдетсем,
Шектіге бала беріп мен жүдетсем!..
Басыбар.
Ендеше, мен шабамын, шаптым, ойбай,
Аяман қоңыз теріп босып кетсең!
Қатын қып қос қызыңды қолмен алып,
Құтыңды қопарайын астан-кестен.
Маманға қамшысын білеп ұмтыла береді. Жұрт екеуін де жібермейді. Жанжал, шу...
Шымылдық
ҮШІНШІ АКТ
Үшінші сурет
Түн. Сахна ауылдың ортасы. Айнала тұрған ақ үйлердің сырттары көрінеді. Ортада ең үлкен Маман үйі. Екі жақ жанында отаулар. Екі отау да оюлы, кестелі. Бұлардың екі жақтарыңда орташа бозғыл үйлер. Ауыл азан-қазан. Шабуылдың қалың шуы.
Дауыстар.
— Аттан! Аттан!
— Қапта! Қапта!
— Жасағанай, сақтай гөр! Ойбай!.
— Сұмдық-ай!
Сахнада әрлі-берлі қарбаласып, есі шығып босып жүрген әйелдер, қыз-қырқын, кәрі-жас. Будыраған шаштар, үстінде жөнді лыпа жоқ жалаңаштар да бар.
Шабуылшылар Дауысы.
— Ал қапта! Қапта!
— Тапта Маман ауылын!
— Тапта, қапта! Қират тапта!..
Ауыл ерлерінің дауыстары
— Қайт! Қайт!
— Тус! Тус!
Аз-аздап найза, сойылмен қағысып жүргендер байқалады.
— Уа, шіркін-ай, тайт жоғал! Уай, кәпір-ай!
Төбелес үстіндегі үндер.
— Бас көзіңді, бас!
— Ту, ту! Қайт шапшаң! Қайт-қайт, жат жөніңмен!
Дескен егес қыжалдар. Сәлден соң келгендер жеңіп шығып, ауыл адамдарын айдап қырып, қуып бара жатады. Ақыры Басыбар қолы жеңіп мегдетуге айналады. Сахнаға жүрген бойда Айман, Шолпан, Жарас пен өзбек жігіті шығады. Соңғы екеуіңде көйлек те жоқ. Жалаңаш етке шапан-шекпен ілген, жалаң аяқ.
Айман. Жарас-ау, ағатай-ау... Көресің бе, не сұмдық? Бұған не шара? Шолпан (ызалы, жер тепкілеп). Бұны көргенше мені неге жұтпайды мынау қуарған қара жер! Айман. Асқақ едік. Байдан да, бағланнан да қылығы асты ғой мына жаудың! Осындай да құзғын бар ма еді әлі, әл жетпес? Жарас. Басыбардан сақтасын деп айтпап па едім, сорлы бауырларым! (Ойланады.) Амал-айла не болад? Айман. Тап, Жарас, шыңдасаң сен табасың айласын! Пана тұттым сені, еркек емес пе ең? Шолпан. Бүлдірген сенің елің ғой қу Шөмекей! Тойың құрғыр! Тойына бармасақ тыныш болмас па ек? Жарас. Басыбар пәле басы ежелден! Тәңірім солай құтыртқан қара шоқпар емес пе?
Айман. Айтсаңшы, Жарас, құтқарар ақылыңды айтсаңшы тез?
Өзбек. Я Хожаи Баһаутдин, я ҒаусүлАғзам! Лә хаула уалакуати... (Ерні жыбырлап дұға оқи береді.) Бізгеям рахым ет, мәдәт бер, Жарас ага! Айман (Жарасқа). Айтшы шапшаң, бар ма берер көмегің! Мынау қысылған, құрыған шақта? Тентек пен тексердім бе мақұлыңды. Жарас (Айманға оңашалап). Екі дәудің пәлесі әрі аз ғана, әрі момын елім Шөмекейге түсе ме деп сол үшін пәрмәнә болып ем. Енді ол екі бүліктің егескеселі сорлы қыздар, аяулы бауырларым, қорғансыз жақсыларым сендерге дерт боп түсіп тұр! Еттім құрбан бар күш, бар өнерімді жолыңа! (Шолпан мен өзбекті қоса.)
Ал енді Жарас деп біл жақыныңды,
Мен білген аямайын ақылымды.
Бұдан соң не көрсем де бір көрейін,
Қайтейін күн туған соң сапырыңды!..
Айман мен Шолпаңды шеткі үйлерге қарай қорғаштай сыбырлап жөнелтіп жіберді. Өзбек. Әкежан, жанжанан, мен не болам? Я ханнан мен қайтейін, Жарас аға, маған да ақылыңнан қарас, аға!..
Жарас. Үндеме берқарай жүр, сорлы бала,
Екеуміз келіншек боп киінейік,
Демейік, келісе ме, жараса ма?
Жетектеп алып жөнеледі. Маман ауылын қорғаған соңғы топ, селдір топ жөңкілеп қашып шығады.
І қатын (қашып, ұрысқан боп). Ойбай-ау, мынау әлгі батыры ғой!
ІІ қатын. Бетіне жан шыдатпас кәпірі ғой.
І Жігіт. Қаш, ойбай, жаның барда, жөніңді тап!
І қатын. Батыры, беті жаман кәпірі ғой. Басыбар шығады. Соңғы бір жігіті өзі найзалап қуып келген.
Басыбар (мақтанып, қоразданып, енді жай, балпаң басады).
Қоңыраулы найза қолға алып,
Қоңыр салқын төске алып...
Алысқаннан есті алып,
Ерте алыссам, кешке алып!..
Жігіттері жығып салған ауыл адамының кеудесіне найзасын түйреп, аяғымен басып тұрып сөйлейді.
Жықпай қойман жығаңды,
"Олда құдай өлдім" деп
Оқи бер қу дұғаңды... (Қолдарына.)
Әкпел енді қалғанды,
Жалпағынақ жалпита
Басып өткем жалғаңды!
(Мамаңды байлап әкеліседі.)
Бір сен емес талайдың
Басына әлек салғамды.
Егесетін неме ғой!
(Ақырып.)
Танытайын тәңірісін
Батыра ұрып балғамды!
Маман.
Қу Басыбар асарсың,
Асарсың да тасарсың.
Осыған орай жалғыз-ақ,
Көрерсің сен қорлықты,
Басыңа ұлық салғаңды.
Басыбар (Маманға тап беріп, сақалынан алып тұрып, пышағын жарқ еткізіп суырады). Ендеше, шағымыңа қоса тіркет, Жағадан, кеңірдектен алып тұрып, Сақалды қырқа кесіп мен алғанды.
Арсалаңдап Арыстан шығады да, арашашы боп Басыбардың қолына жабысады. Арыстан. Қой-қой, батыреке! Уай-хай, батыр, сауға! О, қой батыр! Сорлыны арманды етіп өлтірерсің, бер тілегімді!
Басыбар (Арыстанға). Нең бар еді килігіп?
Маман. Босат сақалымды!
Басыбар. Қатқаныңның басы! Қатқан бабаңның басы!
Арыстан (Басыбардың қолына жармасып, пышағын ала беріп). Жетті, батыр! Бер сауға!
Басыбар. Қатқаныңның басы, неге жармасасың қолыма!
Маман. Ей, қанішер! Шыдасаң сақалды алма қу басымды ал! Онсыз да өлмеді деп тұрмысың мені! Басыбар басын шайқап қоя береді. Арыстан арашалап алған Маманды алып кетіседі.
Басыбар (Арыстанға).
Ендеше, сақалды олжа, қызы қайда?
Жігіттері іздей жөнеледі.
Болмады, қызы бардан тапты пайда!
Арыстан.
Батыр-ау, ат жонына саламыз ба,
Тимей-ақ қойсақ қайтед осындайда!
Басыбар.
Қор неме, өзің-ақ бол жорға майда,
Сол демей, неге келдің осы жайға?
Іздегем күндіз түні мақпал қызды,
Қыз қайда, деймін ойбай, қос қыз қайда?
Айман мен Шолпанды ұстап әкеліседі. Арыстанға.
Бәрекелде, қос қызы қатар кепті, бір сенің алдыңа! Не дейсің, енді де өкпең бар ма, сірә, маған? Арыстан. Батыреке, ендеше, Шолпан дейтін қызды әкетейік. Біреуі де жетеді. Ана Айман деген қызы қала-ақ қойсын! Басыбар. Не дейсің сен мүрдар-ау! Не деп тұр осы жаман шартын! Әлібекке қыз қалдырсаң құдай ұрсын сені!.. Сендей болсам бесеуін өзім алмас па ем? Қос қатын алуға жарамасаң неменеге тірі жүрсің? Екеуіне де бай табам! О да жүрсін. Арыстан. Ап кетіп оны қайсынымыз аламыз? Зорлықтың да орайы бар, қойсақ қайтеді осыны?! Басыбар. Бір қызға бай таппай, құрып па исі Шекті. Аларым жалғыз қыз болса несіне босқа сабылдым?
Қол жігіттеріне екіленіп сөйлейді.
Егестік екісі емес, қырық қызын да, Жиыңдар, неге қоям олжа қылмай! (Арыстанға)
Қор неме, қорлығыңды өткіздің-ау, Тимес-ау саған қатын ел шыбалмай... Жігіттер бірнеше қыздарды әкеп, тізе береді. Әйелдер сыңсып жылауда. Жалғыз Айман жігерленіп, өзгере құбылады.
Айман.
Басеке, рұқсат қыл, ес жияйын,
Жыламан, көзімнен де жас тияйын!
Қайран ел, сайраңдатқан ыстық ұям,
Не қылып, есім барда мен қияйын!
Жалғыз ақ бір сәлемім қалсын кейін:
Жауымнан айырған жан алсын дейін,
Әлібек жаны болса іле қусын,
Тоқталмай атқа тоқым салсын дейім.
Шолпан.
Жалмауыз жау көзінше бас имейім
Қу ноқта шабындымен мен кимейім!
(Арыстан Шолпанға жақындап.)
Арыстан.
Шолпанжан, көп тарылма түбі қайыр,
Батырдың ашуына мен күймейім!
Шолпан (кекетіп).
Әрине, бар жазғаның ел шапқаның,
Жалғызақ өлсем дағы мен тимейім!
Ауыл тонаған бір топ жігіт жетіп келеді. Алдарыңда арсалаңдаған құрдас шал.
Шал (Басыбарға). Уай, айызым қаңды ғой, құрдас. Талайдағы шабуылға салатын адуын ашуым кернеп бір келген екен өзі де! Найзаны оңға да сермедім, солға да сілтедім. Несін айтасың, білек құршын бір жазып қалдым... Бір жасадым-ау! Басыбар. Бабаңның қатқан басы, қырған шығарсың! Кімді шаптың, не таптың? Шал.
Маманның дақ түссін деп досына да, Керуеннің қол қойғыздым қосына да. Артқа қарай нұсқайды. Екі әйелді алғызып шығады. Бастарыңда шапаңдары. Олары Жарас пен өзбек жігіті. Жарас (әйел даусымен). Ауыл толған сыпыра жау екен! Бір үйден баспана тапсақ деп жүріп батырға тап болдық қой сорлы басымыз! Жасанып тұрған жігіттерден жағалай жасқанып жүріп, Басыбарға соқтығып қалысады.
Басыбар (бұл екеуін ұстай ап).
Қозғалма, үн шығарма, бас көзіңді,
Кімдердің қатыны едің, айт сөзіңді?
Өзбек жігіті. Я хожаи Баһаутдин, я ҒаусүлАғзам, мәән хатыным.
Басыбар (екіншісіне тап беріп).
He дейді, маңырай ма мынау мылқау,
Қайтеді алып кетсем тап өзіңді!
Жарас.
Ма-ма-ман хатыным...
Шал (шелиіп, мықынын таянып).
Шықпаса шыққыр көзім танып тұрмын,
Толайым саудагердің қатыны осы...
Басыбар
Ендеше, бірге жүрсін, ал да жөнел
Айманға тіркеу болсын қатын досы.
(Қолға айғайлайды.)
Қайтадан тарт ал енді,
Келістіре жер қылдым
Егесетін бәлемді!
(Найзасын аспанға сілтеп, білеп.)
Осылай болар қайратым,
Тітіреткен әлемді.
Қыз, қатын (кетіп бара жатып үн салады. Сыңсу сарыны).
Алың-ау, тәңір, ерікті,
Құзғынға жем қып беріпті,
Көреміз бе біз елді?
Айман (зар ән, қоштасудай сыңсиды).
Сұм дәурен, қайда кеттің сайраңдаған,
Қызықты күнім қайда жайраңдаған!
Жағаға толқын ұрып, демім құрып,
Ақ шабақ болғаным ба қайраңдаған!
Іште дерт мыс қазандай жай қайнаған.
Жолы боп, жаудың жүзі жайнаңдаған.
Толас жоқ әлі есітем әкем даусын
Артымда аңыраған "Аймандаған"!
Шолпан (қосыла сыңси).
Бал асы ем Маман байдың мыңды айдаған,
Қызықты қол дүниені ен жайлаған!
Сұр жорға, қара жорға теңселдіріп
Тұрманға меруерт, маржан зер байлаған.
(Әйелдер қосылады)
Қан базар, шашылдың ба гүл жайнаған,
Өсіп ек қаққы көрмей шаужайлаған
Шабынды олжасы боп құлын, тайдан
Тұғыр боп кетеміз бе жау жайлаған!..
Жарас (жеке сыңсып бара жатып, халыққа).
Е-е-ей, опасыз жалған-ай, жалған-ай,
Заманымның алуаны-ай,
Қорлықта жұртым қалғаны-ай,
Қыз-қатынға мықты екен
Басыбардың балуаны-ай...
Басыбардың балуаны-ай... балуаны-ай...
Кетіседі
Шымылдық
Төртінші сурет
Жартас. Тоғай. Түн. Тігулі шатырлар. Тас бастарында қарауыл. Қол ұйқыда. Басыбардың Айман, Шолпанды алып келе жатқан сапары. Айман, Шолпан, Жарас, өзбек жігіті және шабындыға түскен бір топ әйел ұйқысыз отырады. Айман. Қырсық жол, ауыр күндер бізге нәсіп болды. Дүлей жау мерейі асып, құтырып тұр. Жалынған да, жылаған да пайда берер түрі жоқ. Одан да келіңдер жасымай, ақылмен іс қылайық. Шолпан. Осы қуарған күйді тірлік деп білесің бе! Әлі де өліп болғам жоқ деп отырмысың? Болмаса сүт үстінде қаймақ болған ерке қыз бұрынғы серуенімнің бірі дейсің бе? Айман. Көңілім тасып, қызық іздеп отырғам жоқ. Қайғы серік емес, ақыл серік. Жарас. Ақылыңнан айналдым, Айман жаным. Ал, ендеше, қандай да болса айла-шарғы іздейміз. Өзбек. Бәрекәллә ағажан, апажан, жүдә жақсы шүләрың. Бомасам мин һәм уләр болдым хафадан!
Алшақ басып шал шығады.
Жарас (Айман мен Шолпанға). Осы шал бізді көп торын жүреді. Екеуің жөн сұраңдаршы. Не сезіп, не білгені бар екен. Қайтер екен!
Айман (шалға). Қария!
Шал. Уай, мақпал қыз, мен қария емес, Басыбардың құрдасымын...
Айман. Айып етпеңіз, ендеше, атамыз екесіз ғой мүлде!
Шал. О, тұқым тұғияны құрыған... (Жер тепкілеп.) Ата да емеспін мен!
Айман. Ойбай-ау енді не дейік, ақсақал-ау?
Шал (тағы жер тепкілеп). Атама сақалымды да! Білесің бе, тұқым-тұғияны құрығанды, шауып келе жатқан мен емес пе? Уа, мен батыр...
Айман. Ал батыр ата, ендеше!
Шал (тағы да жер тарпып). Ата емес ойбай, сығыр! Тұқым-тұғияны...
Айман. Ал батыр аға, айтар сөзің бар ма бізге. Мынадай қамалтқан ауыр күнде айтарың бар ма, ағеке! Шал (қоразданып, қыздарға қызыға қарап). Жайын біл деп Басыбар батыр жіберді. Ойламайды деп пе ең сенің күйіңді?!
Шолпан. Е, жаны да ашитын шығар елде бізге! Есіркегеннен шапқан да! Шал. Олай деме, асау қыз, мен айтайын тап шынын. Дәл осы отырған күйіңде Басыбардың бары сол – сен жүдесең қоса жүдеп, сен күлсең мәз боп, қоса күлер күйі бар. Шолпан. Ендеше, жөней бер, ата! Мәз болғаннан бір түлеп отыр де мұндағылар! (Шал кетеді. Өзбек жігіті ақырын ыңырсып жыр мақам айтады.)
Айман. Не айтады екен Бұл байқұс, үні қандай шерлі еді?
Шолпан. Қу Басыбар қаңғыртқан, бұ да біздей сорлы еді.
Айман. Басқа да шері бар шығар, болмаса бұл сапарға күйдім, біттім дер ме еді! Шолпан. Сапар ғана дейсің-ау, көрем деген кер ме еді?.. Әттең ұл боп тумадым, кеудемді құса кернеді. Өлер-ақ ем бүйткенше, тілекті құдай бермеді!
Айман. Қойшы сонша тарынмай, егізде туған сыңарым, күйігің мені тербеді. Жарас. Қиналдым-ау мендағы, мұңдарыңды естісем, қысылғаннан қиналам, Жарас болып көрмеген қысталаңым осы екен. Екеуің үшін қысылып, шын маңдайым терледі (Өзбек жігітіне.) Уай, жігітім, бері кел, бастайықшы бір ойын, демеуші ме еді көші-қон оразаның ермеп. Өзбек (Айманға). Уай-уай, апажан, нимә хайла болады, азат болар бұл хафадан!
Айман (орнынан тұрып).
Тұтқын боппыз біз мұнда
Қол-аяғын матаған.
Сонда да мойынсұнбаймын,
Қор болармын алысуға жарамай
Жаси берсем күн санап!
Кел, сауыққа басыңдар,
Кейіс кетсін садағам!..
Жарас.
Бәрекелде, Айманым,
Жақсы болды мінекей
Ойынға бәрін сайғаның,
Мен де сені қостайын,
Қозады бүгін қайдағым.
Қоса желігеді. Өзбек жігіті бастаған өзге топ билеп жөнеледі. Тұсаулы, шырмаулы тұтқын жастың азаттықты көксеген серпін жалынын танытатын би. Осы бидің орта кезіңде қасыңдағы екі-үш жігіт жолдасымен бір жас жігіт шыға келіп, қарап тұрады. Көздерінен төменгі бет тұсын орамалмен тартып алған. Бұл еркекше киініп келген Теңге. Теңге (өзбек биіне қызығып қарағандай). Жау шаба кетті деп сеніп жүрсем, шырмалыпты ғой қызды тауып. Жасанған жау дегені жайнаған қыз! Бұдан қызғанбай қайтып тұрам, құдай тоба! Жарас (Айманға Теңгені көрсетіп сөйлейді). Айман жан, дәл осы адам тегін емес, сезіп тұрмын. Кәзір шапшаң ғана тамаша сауық-сайран құрып жіберші. Сыр бермей тулатып көрші осы біреуді. Тұтқын емеспін, тоқалмын деп шапқа түртші!
Айман (ойнақы, көпшілікке).
Сергелдең бар құрбылар, сейіл де бар,
Батырда бізге деген бейіл де бар.
Қызықтың бәрі тамам болды деме,
Бұрынғы көрген дәурен кейін де бар!..
Теңге (тепсініп).
Немене, келемісің қызық іздей,
Сөйлейсің жаңа түскен жеңгеміздей!
Айман.
Несі бар, батыр басын кемітем бе,
Тоқал боп, тигеңдер де болар біздей!
Теңге.
Қарашы, бұл өнерді кім көріпті,
Қу шалға мұнда көрдім шын жерікті.
Теңгедей үйіңде бар аю тоқал,
Берер деп ойлаймысың ол ерікті.
Айман (іле сөйлеп).
Еркімен көңді дейсің қай көрікті?
Таңдауды біздің қолға кім беріпті.
Байлауы батырда ғой, мен не дейін,
Бұл күнде тоқалынан ол жеріпті.
Теңге.
Сөзіңнің жаңа ұғындым дәл іргесін,
Ердің ғой осы жайды сен білгесін.
Оны да айт, қайтер едің қарсы шықса,
Сенімен тайталасып жау күндесің?
Айман.
Олай болса қайтемін,
Сыбағасын берем де
Қалдырмай жіп сіргесін!
Батырға бұйрық етермін.
Нақ сүйер етіп өзімді,
Теңгені күңге тіркесін.
Суыммен кіріп, күліммен
Шыға жүріп, сор қайнап,
Ағызар бастан сіркесін!
Теңге.
Солай, сөйтіп құртам де,
Жауласқанның жүйкесін!
(Осы шақта бұның алдына иіле бұралып, қас-қабағын жайната күліп, көркем жігіт өзбек құбыла билейді. Теңге таңдана қызығады. Жігітке еңсесі ауғандай, өзін өзі аңдамай ере түседі.) Ойпыр-ай, мөлдіреген байқұс-ай, мынау қандай тәтті жан еді жаным-ау?.. Өзбек (өзі де қызыққандай). Жан-жанан! Жан-жанан!.. Теңге. О, қолқа бауыр, жүрегім!.. Қандай еді! Құбылып жанған көркі қандай еді мынаның! Лебі қандай тартады! Қызықса түге осындай перінің жігітіңдей мөлдіреген жасқа қызықсашы мүрдар! Қу шал деп құмартқан не сұмдық? Кәне қайда ол немесі, көріп алайын әуселесін!.. (Әлі де өзбекке қызыға қарап жөнеле береді.)
Жарас (Айманға).
Ал, жылы ізін суытпа осы шудың
Жіберме, етегінен ұста қуды!
Айман мен өзбек, басқа жұрт Теңгенің артынан салады. Жарас жалғыз.
Сүйер де, қызғанар да дәнемем жоқ,
Тым құрса тоқал болмай неге тудым?
Басыбар, Арыстан, шал және екі үш нөкер жігіт шығады.
Басыбар.
Дәурен-ай, дәурен-ай...
Басыма түскен әурені-ай!
Кезек иіскеп жатар ма ем,
Екі бірдей сәулені-ай...
Болмады, пай-пай, болмады.
Қызды құшпай, па дүние,
Көңілдің дерті солмады.
Қоңыраулы найза қолға алып,
Қоңыр салқын төске алып,
Қырымнан қыран болжады...
Келтірші шатиаң қыздарды,
Үлеске салам олжаны.
Әйелдерді алып шығады. Төрт әйел, бәрі де бастарына жібек жамылған. Ақырын басып, сыпайы жүріп келіп батырдан төмен отырысады. Басыбар әйелдер келе жатқаңда.
Дәурен-ай, дәурен-ай...
Келе жатқан сәулені-ай!..
Арыстан (өзіне).
Әттең дүние, жалған-ай...
Екеуін бірдей алар ма ем,
Болмас еді арман-ай?
Басыбар (қасына жақын отырған әйелге).
Түнеріпті түсіміз,
Түн ұйқысын бөлгендей,
Бееу, қабағымыз қатыңқы,
Күдере бел, күпшек сан,
Үдере жортып желгендей,
Уа беу, көңілге күйік батыпты.
(Қасыңдағы қыздың бетін ашпақ боп.)
Уау, ақша бет Айман,
Е, дүние жалған
Ақ жүзіңді көрсетші
Мен де сен деп бет алғам!
(Басыбар қасындағы әйелдің бетін аша береді.)
Ақша маңдай қасын-ай,
Түймедей болған басын-ай,
Қырлы мұрын көрінді,
Әдемі нәркес көзін-ай
(Мұрты ашылады.)
Мұрты бар ғой, сұмдық-ай!
(Өзбек жігіті болады.)
Арыстан. Мұрты бар ғой, сұмдық-ай!
Шал. Мұрты бар ғой, сұмдық-ай!
Басыбар. Кеселді, сен кім едің, ой қуарған?
(Шапанды жұлып алып.)
Неге сен қатын емей еркек бодың?..
(Ұрып айдап жібереді. Екінші әйелге.)
Жарықтығым, Айман жаным, қайтшы райдан,
Жаратқан айналайын бір құдайдан!..
(Бетін ашпақ болады).
Тап қылған сені маған тәңірім тағы,
Сескенбе кездесті деп әлдеқайдан?
(Бетін ашады, ол Жарас).
Сақалы, сақалын-ай, мынау сұмның!
Арыстан, шал (тағы да қоса үңіліп).
Сақалы, сақалын-ай, мынау сұмның?..
Басыбар.
Мазағы болыппыз-ау мына жынның!
(Бас салып ұрмақ болып)
Жарайын осы арада ит жемі қып.
Кім сұрап алар екен құнын бұның?
Жарас
Басеке-ау, меңде тіпті жазық бар ма?
Қатын деп алғыздың ғой барғандарға?
Жөнеле береді.
Басыбар.
Қыз емес, қыз дегенім бәрі де азбан,
Қу құдай, жерім бар ма саған жазған!
(Үшінші әйелдің желегін тарта жұлып алады. Ол Айман.)
Айман.
Батырау, менің қанша жазығым бар?
Алдыңа иба қылып келуімнен
Өзгеше не қылып ем жолдан азған?!
(Тұрып жөнеліп кетеді.)
Басыбар.
Қап, болмас, орайы бар ашуының,
Себебі өзім болдым қашуының!
(Жарас Теңгені ертіп шығады. Теңге батыр киіміңде.)
Мына біреу кім екен,
Қайдан жүрген неме екен?
Жарас.
Көк атты көлденең ұл менмін дейді,
Олжалы кәрі батыр көрдім дейді.
Бұл жігіт сұрап отыр сыбағаны,
Сауғаға қыз алғалы келдім дейді.
Басыбар (атып тұрып).
Мен бе екем, өзім алмай қыз беретін,
Не дейді, қай күшіне сендім дейді?
Теңге.
Дегені рас Жарастың,
Жолым үшін таластым.
Бересің, батыр, қыздарды!
Адаспаңдар бұл жерде
Бұрынғының жолынан.
Бермес болсаң жолыңмен
Тартып алам қолыңнан!..
(Кетіп қалады.)
Басыбар.
Хахаха, көрсеңші бұл неменің әуселесін!
Жол деген сылтау қыпты бірнемесін.
Маманның матап алдым қызын өзім,
Жатқа жоқ алты аласым, бес бересім!..
Кетеді. Жарас, Айман, Шолпан шығып өзбек жігітін шақырып алады.
Жарас.
Көрдің бе шауқар шалдың қу ниетін?
Алдында азап от бар көп күйетін!..
Айман.
Ендеше, ақылын айт, қайтпек керек,
Не дейміз ажар болса шын тиетін?
Жарас.
Қуғыннан болмай жатыр әлі дерек,
Ойлашы, бала едің ғой ойың зерек.
Шолпанда Арыстанның дәмесі бар,
Айламен соны да оз қып алмақ керек!
Айман.
Бұнысы тапқан ақын Шолпан көнсе,
Болмаса қайғы отына мен күйем де!
Шолпан.
Не болды өзің теліп, жарқыным-ау,
Жауымнан қорыққанымнан мен тием бе?
Айман.
Тимейсің, тіл емізіп күнелтесің,
Ойлашы қайда отырсың осы күнде?
Үйдеп еркелікке көп сүйенбе!
Арыстан.
Шұғыласы қандай күшті еді,
Түн ұйқыны бермеді!
Шолпан (мұңайған боп, өтірік байқамағансып).
Жетер деп ем Әлібек,
О да қуып келмеді.
Арыстан.
Көзіңе бір ілмейсің,
Мен де Арыстан батырмын.
Бір ерден басым кем бе еді?
Шолпан.
Не қылайын құр күшті,
Сіз сілтеген бір таяқ,
Еркіңіз батыр қолыңда,
Оңға да солға сермеді.
Арыстан.
Намысым қайда, жаным-ау
Шабындыдан түскен қыз,
Қалай-қалай жерледі?
(Жарас Шолпанға).
Жарас.
Сейіл-сейіл болғанда,
Сергелдең де сейілді.
Арыстан құрбың келіпті.
Достыққа беріп бейілді.
Шолпан.
Қайтейін құр бейілді
Қаңдырмаған мейірді.
Арыстан.
Қайтсем жібір тас көңіл
Үнемі маған зейілді!..
Айман.
Құбылған жас көңіл ғой ілгерілі-кейіңді...
Түбінде Шолпан түсінер, Бауырымды зейінді!
Жарас (барлығына).
Ал енді бәрінен де батыр қиын,
Тас түйін бірігейік осы жиын.
Егессе тас-талқан қып шырқ бұзады,
Ебіңе бірігіп ап, енді сыйын!..
Барлығы мақұлдағандай болады. Басыбар шығып келеді.
Басыбар.
Уай, дәурен-ай, дәурен-ай,
Басыма түскен әурені-ай!
Кезек иіскеп жатар ма ем,
Екі бірдей сәулені-ай!
(Жастардың тобын көріп.)
Пай-пай, мынау не, түге,
Ойыны әлі қанбаған,
Не қылған ішің толғыр ед?
(Әйелдер кетіп қалады. Арыстанға.)
Жат жөніңе, Арыстан,
Жау-жөнекей немене,
Қыз-қырқынмен табысқан?
Арыстан.
Жау болғаңда қайтушы ед
Мен де бірге шабысқам.
Басыбар.
Жә, осы алатының қайсысы,
жөніңді айтшы жарықтығым,
көп керісіп салыспан!
Арыстан.
Сол таңдаумен толқып жүрмін де,
әлі байлап шешкем жоқ.
Несіне бүгін асығам,
жау қалды ғой алысқан!
Басыбар.
Бәрекелде, әлі таңдап болмасаң,
ендіп жол өзімдікі, менікі!
(Арыстаңды сөйлетпейді.)
Бұл естіртер байлауым, дауым емес!
Менен қалғаны сенікі
(Жарас көрінеді. Басыбар соны шақырады. Арыстан кете береді.)
Уай, шірік, бері кел де маған қарас!
Жарас тақайды.
Білдің бе қысылдым ғой, беу беу Жарас,
Мінекей екі бірдей күн-түн өтті
Ішті шер кернеп барад қайттім, Жарас?
Жарас.
Не дейді, батыр-ау!
О, опасыз қу жалған!
Бұзылған-ау тегі асқазаны!
Басыбар. Бабаңның қатқан басы. Асқазаным сені жеп қойсам батырады! О несі екен сандалып?
Жарас. О, қу жалған, онда не қып маза кетті?
Басыбар. Уа қуарғыр, сұлу қыз деп құса болдым! Құса болдым асыл ару деп!
Жарас. О, опасыз жалған, ойбай сорлы басым мынау ма еді! Ал бұл енді шыны қиын! Ит кешу, қиын асу бәрінен де бұл қиын. Діңке құртар тас қамау!
Басыбар. Қатқаныңның басы! Адыра қал, сөзімнен садаға кет!
Жарас. Әй-әй қиын... Мүлде қиын. Сондай қиын енді бұл, қиын ғой!..
Басыбар. Уа, қысқарт, тас төбеңнен құдай ұрғыр!
Жарас. Уа қу жалған! Не жаздым ойбай батыр, не дедің құр!
Басыбар. Қиынын айт дедім бе, қисынын тап! Тілқат бол, тілегімді айт! Бар, шапшаң тұр!
(Жарас кетеді. Шал шығады.)
Ал шалым сен безей бер тілжағыңды,
Қыздарға бар, жауап әкел жағымды!
Шал. Уа, құрдас-ау, қыз-қатынға, қарқ олжаға баттық қой! Мені де сен ойласаңшы! Олжа басы маған тиерін ойлайсың ба, жоқ па өзің? Осындағы жолы үлкен өзім екем, ойлашы тым болмаса мына ағымды! (Сақалын ұстайды.) Басыбар. Аласың өзімнен қалған артығын. Алдымен алам деп таласпа! Үйтер болсаң сертімді есті, ұйпап, күзеп аламын сор бағыңды! (Күледі. Жарас пен бір әйел шатырға келеді. Жарас Басыбарға жақындайды.)
Жарас.
Басеке, маған жауап бермеді ғой,
Батырдың өзін алып кел деді ғой.
Басыбар (қолбаң етіп тез тұрып).
Мінекей жақсы лепес, жарым ырыс,
Ендеше, қызды қолға бергені ғой.
(Жарас екеуі шатырға келеді.)
Уау, ақшабет, жан Айман,
Айналайын бір сені.
Жаратқан сонау құдайдан
Қолқам үлкен тегіңде...
(Теңге шығып қарап тұрады.)
Қайтар болсаң райдан.
Жарас (.Айман атынан сөйлеп).
Бұл кісі жауап күтіп отыр сізден,
Не тілек тілейді екен дейді бізден?
Ала ма, жоқ болмаса жай жастық па?
Жауабын алсам дейді жүзбе-жүзден!
Басыбар.
Aт мініп неге асындым жарағымды,
Бастаған таудай тілек талабымды,
Болғаңда жақсы лепес ай сұлудан,
Қалам ба жатқа беріп қарағымды!
(Теңге тепсініп келеді.)
Теңге.
Сап батыр, қыздан бұрын мені жайла,
Елмісің, жауымбысың сөзді байла!
Олжаға бұл қыздарды мен аламын,
Көнбесең, көріп алам, күшің сайла!
(Шал көрінеді. Басыбар қасына шақырып сипады.)
Басыбар.
Қарай гөр жер астынан жік шыққанын,
Естіп пе ең Көтібардың, сірә, ыққанын!
Түр былай, олжа десең жаның олжа,
Сендейдің мыңын мегдеп шыныққамын!
Теңге.
Шекіспей бекіспейді жол деседі,
Ендеше, тіл шешпейді, күш шешеді!
Басыбар (Шалға сөзін мақұлдатып.)
Мұрдар-ау, қайдан шыққан сұм немесің,
Кім деп тұр, осы кіммен егеседі!
Жарас.
Күшіне, жолына да сенген ер ғой,
Болмаса, сірә, Бұлай демес еді!
Басыбар.
Бұл ер боп, жер боп қалар мен бе сонда? ( Теңгеге)
Қайтпек ең тие қалса қыздар қолға?
Теңге.
Алам ба, қайтарам ба ерік өзімде,
Аржағын өзім шешем алаң болма!
Шал (кіжініп). Пай-пай мынау неткен көргенсіз, қағып тастар ма еді өзін жалпитып!
Басыбар (Теңгеге.)
Жә, жетп, тентіремей жайыңа кет!
Теңге.
Ендеше, мені жеңген қызды алады,
Алыспен ашылады ендігі бет!
Басыбар (қатуланып, қаруына ұмтылып).
Не дейсің, қашқан қатын мен болам ба? (Теңге сапысын жарқ еткізіп.)
Теңге Олай болса алыстым, шық жекпе-жек!
Шал (ұмтыла берген Басыбарды тоқтатып). Қоя берші осының әуселесін мен көрейін, омай-ай, тұқым-тұғияның құрыған! Ал шыға қой жекпе-жек...
Теңге. Шықсаң-шық! Итаршы сендей құзғын шал да маған керек, шық жекпе-жек!
(Екеуі оқшауланып беттесе береді.)
Теңге. Атыспақ керек пе, алыспақ керек пе?
Шал (Басыбар жаққа жалтақтай түсіп). Атыспақ атаңнан қалған, алыспақ керек! Тұқым-түғияның... Теңге. Келсең кел! (Қанжарын тастап тап береді. Ағындап кеп шалды сақалынан ала түседі.) Шал (қалбақтап, дегбірі қашып). Алма сақалдан, тұқым-тұғияның... Тиме сақалға, қоя бер сақалымды. Алма, алма сақалдан! Теңге. Сақалшылын, сақалыңмен қосып құртайын сен неменің тұқымыңды! (Шалды алып соғып, тізесімен кеудесінен басып езгілейді.) Міне өлгенің жекпе-жекте!
(Жарас шалды сүйреп, Басыбарға қарай алып келеді.) Басыбар. Ө-өл, өлде маған, қор туған қортық! Жалпасынан түскен нес! Тайт былай! (Өзі әзірлене береді.)
Шал. Сақалымнан алды ғой, қу көргенсіз. Қайтейін сақалымнан алғасын!
Басыбар (қаруын қамдап жатып). Ой сақалың құрсын, сүмелек!
Шал. Қайтейін сақалда қасиет, періште бар емес пе? Періштеме, жебеушіме тиген соң не қауқарым қалушы еді? Басыбар. Қатқаныңның басы! Сенің де сақалыңда қалған періште бар ма? Әлгі қу тоқал Теңге сенің сақалыңдағы бар періштені тегіс сыбап, талай қуып тастамап па еді рәсуа қып!
Тенге. Шық, жекпе-жекке! Үлкен батыр, өзің шық!
Шал (Басыбарды сақтандырады). Уа, құрдас, жазым болма, тегеуріні тым қатты кәпірдің! Сақалдан алуы тап сол әлгі қу Теңге сияқты. Ол да құрдас деп сақалымнан алғанда құтым қаша беруші еді. Тек осы сақалыңа сақ болшы! Ия аруақ, қолдай гөр!
Теңге. Шық, жекпе-жек, жекпе-жек!
Басыбар.
Кәнекей келген керді мен көрейін,
Шыға ғой сыбағаңды шын берейін!
Тенге (атқып секіріп алдына кеп, өз бетіндегі салпыншағын жұлып алады).
Не дедің мен бе тоқал алғызатын,
Асырып көрші кәне қыз мерейін!
Басыбар. Теңге ме ең ойбай, қу тоқал, қу Теңге!
Шал (қамшыны ала жүгіреді). Ой тұқым-тұғияның құрыған... қу тоқал! Бәсе сақалымнан алғаннан-ақ, ұстасынан-ақ біліп ем! Ой тұқым-тұғияның... (Қамшымен сабайды.) Теңге. Тайт арман! (Итеріп тастайды.) Тұр былай жолымнан, келме бүгін алдыма! (Басыбарға тепсінеді.) Ия, менмін жеткен! (Кеудесін ұрып.) Мен Теңге тоқал, аш көзіңді ақ көз сойқан! Жарас. Теңге ме еді, жеңге ме еді жаным-ау? О, опасыз жалған! О, құлдыраған қу дәурен!
Айман (Теңгеге). Бәрекелде сапарың құтты болсын жас жеңге!
(Теңге бұрқырап Басыбарға қаптайды.)
Басыбар (тұра беріп сасқалақтап қайта жығылып, бақыра ашуланып, қамшысымен екі жақты бірдей сабайды). Бұзамын ойбай қамалын, әлекті мүлде саламын! Құтылып көрсін қыз менен!!! (Тұра беріп, қайтадан жер түйіп отыра беріп, құйрығымен жорғақтап.) Аламын, ойбай аламын! (Жер сабайды.)
Шымылдық
ТӨРТІНШІ АКТ
Бесінші сурет
Аймандар тұратын отаудың бір шеті көрінеді. Сахнаның екінші жағы көк төбе. Басыбар қолына үкілі домбыра алып, қасына құрдас шалын ертіп, есіп келеді. Екі шал шалжаңдап, мәз болысқан күйде.
Басыбар.
Маманның қолымда отыр балдырғаны,
Тал бойын талайлардың талдырғаны.
Отыз күн енді бүгін өтіп барад,
Қамырығын қам көңілдің қалдырғалы.
Шал (қостап, қоқиланады).
Қырқылжың бұған дейін алдырмады,
Құйрығын қызыл тағы шалдырмады.
Зар күйі енді соғып кәрі қыран
Тепсініп тегеуріні салдырлады.
Басыбар.
Уа, сорлы үнім енді ғана саңғырлады.
Шал. Қыранның аш дабылы даңғырлады.
Басыбар.
Тоятқа айдай Айман ілсем-ау деп,
Көңілде арман, сірә, қалдырмады.
Шал. Жаман жау жаяулаған жалбырлады.
Басыбар (аңқылдап, күле түсіп).
Тоқал да ту шолағын шаңдырлады!
Шал. Бөгеттің бәрін бүгін үйіп-төгіп,
Басыбар. Еңбегін кәрің келед жандырғалы!
Төбе басына жақындап қалысқан кезде шал бұрынырақ шыға беріп, ар жағынан жауды көреді. Шал (күн салып қарап тұрып). Тұра қалшы, батыр-ай, ой тұп-тұғияның... Қаптаған мынау неткен қол.
Басыбар. Уа, не дейсің, мұрдар, оның кім?
Шал. Алып тұр-ау үрейді!
Басыбар. Шақыршы білсін біреуді!
Шал. О тұқым-тұғияның...
Ойбой, батыр, қамың қыл, қуғын жеткен сүренді!
Басыбар (сасқалақтап).
Тартшы, ендеше, тезірек
Белдеуде тұрған күреңді.
Жөнеліседі. Айман, Шолпан, Теңге, Жарас жүгіре шығады.
Айман.
Жеткен екен Әлібек,
Берерсің тәңір тілеуді!
Арыстан шығады. Артында қолы әзір, қарулы топ ере шыққан.
Арыстан да қару асынған.
Арыстан. Көрдің бе келе жатқан жауды. Шоқпарымның дәмін татпаған екен. Ершігеш неме ғой, қызыл тақия кигізейін. Ұстаңдар, өзін ұстаңдар Әлібектің! Аттан! Аттан!
Қолымен жөнелмек болғанда Айман тоқтатады.
Айман. Тоқташы, батыр мырза! Осылай ма еді сенің сертің? Аз боп па еді тұтқындағы менің дертім. Егеспей, ұрыспай бітім тапсаң нетеді? Дәл осы сәтте өртеу де, түзеу де сенің еркіңде тұр ғой! Шолпан (Арыстанға). Мен де есіңнен шыққаным ба, батыр мырза? Жә, көп сойлеп арамтер боп сабылмаймын. Соғыссаң сен деп сірә қаларым жоқ, құтыр да бақсы боп кет жалынбаймын! Арыстан. Ойпыр-ау, Шолпан-ай, не деп маған тұсау салдың! Aт ойнатып кеп тұрған жауды қайттым, өлмеймін бе намыстан! Теңге (Арыстанға). Ой, жаным-ау, осы бәрің бірдей бақсы ма едің? Әлде ағаңның жындылығы тапшы ме еді? Егер қып, бір қора қып қызын алсаң да, сен намыс деген боласың! Жетірудың көргені жақсы ма еді? Жарас. Бәрекелде-ай, не десін сөз-ақтағы. Тентек Теңге, бәрінен өзің зор екесің-ау! Жаңағы айтқан лебізің қандай жақсы еді! Теңге. Ал біліңдер, ендеше, батырдың атын мен тыққызып қойдым... (Сирақты мылтықты жерден алып көрсетіп.) Әдейі мылтығын да алып кеттім. (Өзбек жігітіне ұсынады.) Қолқа-бауыр-жүрегім...
Өзбек. Ой айы, апажан, әйнәәй... Алтыным апажан! ..
Теңге. Өй мөлдіреген байқұс, қолқа-бауыр-жүрегім. Сені ғана қимаймын-ау, осы бар-бар сергелдеңнен!.. (Мылтықты қайта ұсынып.) Тығыңдар, ал мына немесін тығыңдар. Кәрі бақсы өртеніп өлсін елде маған! Өзбек (мылтықты алмай қашады). О, әйнән-әй, апажан. Мен Бұл пәлені алмаймын, қаһарлы қартың жаман, басыма пәле салмаймын.
Теңге (Жарасқа). Ендеше, сен тыға қой бір араға!
Жарас. Қой, жаным, маған онсыз да шалың кәрлі. Күнде соққы жеп жүрген сор маңдай емеспін бе? Айман. Ой тәйірі, бері әпкелші, қайтушы еді! (Мылтықты жұлып алып, далаға шөп арасына тығып тастайды.) Тығайын, жаласына мен қалмайым. Арыстан (Шолпанға жанасады Қыз сырдаң, салқын). Жауды мен, етсем деп ем жентек-жентек, Қолымды ұстап қалдың Шолпан тентек! Соғыспай бітім табам сертіңді бер "Тием" де, бұрынғыша қақпа селтек.
Шолпан сырт айнала береді. Үн жоқ.
Айман (қаруына қайта ұмтылып Арыстанды ұстап қалады). Арыстан, мен кепілмін, тасташы көңілдегі күдікті. Біз бе едік белдескен жауың. Әлібекті алып кел де бітім тапқыз. Өз жөнің деп жауабықды да сол жерде аласың, мұратқа өзіңді де, өзгені де жеткізесің. Дегенім осы ғана! Бұл кезде дөң басына қуғыншылар шығып бері келе жатады. Арыстан мен оның қолы ғана қалады да, өзгелер үйге қарай кетеді. Келе жатқан қолдың алдында Әлібек. Екі қол біріне бірі қарсы келеді. Арыстан (Әлібекке). Тау суының тасқыныңдай боп мұнша қолды не деп жиып әкелдің? Әлібек. Жесір іздеп келемін қорқамын ба? Мен де сендей іргелі елдің баласымын.
Арыстан. Баяғы сөзді тағы бастадық па, ендеше! Қай қызды алмақ ниетің бар? Әлібек. Жөніңді өзің айтшы, қайсысын қалдырып ең! Әлде таңдауды маған салып, келгенімді тосып жүр ме едің? Арыстан (кекетіп). Сөйтпесіме бола ма? Мыңнан талғап дәніккен мырзасың ғой сен! Әлібек. Батыр мырза, қылыш үстінде серт тұрмайды. Кең кісімсімей-ақ қой сен де! Кең, кемел сен болсаң құба қалмақ орнатар ма ең? (Айман, Шолпан, Теңгелер шығады.) Арыстан (бұларды елемей). Ер болсаң несі бар күшіңді көрсетерсің! Мені қия сөзбен шалмақ бопсың ғой!
Әлібек (Айманға қарап).
Айкүнім, Айманжаным, денің сау ма?
Шырмалған ақ шабақ ең қиын ауға!
Артыңнан алас ұрып, келдім жетіп,
Болсын деп, Бұл шыбын жан саған сауға!
Кешіктім, көп отырдың тас қамауда,
Қапамен дәурен өтіп күн санауда,
Жеткенім осы-ақ болды, кешермісің
Салсам мен тон тонауды қан талауға!
Шолпан, Айман.
Көп күндер болғаны рас кеткеніме,
Қиын жол көзің жетер шеккеніме!
Қырсығып, мал құтыртып өршеленген
Оралдым өңкей жынның еккеніне!
Бәрібір болып болмай өкпелі не
Ырзамын іздеушінің жеткеніне.
Мұндағы борыштарым Теңге, Арыстан
Шүкірлік солар жәрдем еткеніне!
Теңге (Әлібек пен Арыстанға). Ал енді есебін тап та тез келіс екеуің. Болмаса асау батыр әлегін салып жатыр ана жақта! Бейбіт ел арандасып қалмасын. Ол құтырып қару жұмсаған соң қан төгіледі ғой. Айман (Әлібек пен Арыстанның қаруларын өз қолымен алады). Ал, ендеше, біз бұйырдық, екеуіңді табысты деп қаруларыңды алдық міне...
Әлібек (Айманға). Айманжан, бір өзің деп көп ойлағам.
Айман. Менің де көп күтіп талғағаным сен болатынсың!
Арыстан. Екі қыз, бір түйінге себеп болдың ғой. Тентек жолдан тыйыл дедің, бұйрық еттің. Бірақ бұл жердей, сірә да, екеуің бірдей кетпейсің. Егеске жіберме бұдан былай, егес түбі не екенін көрдік қой! Әлібек. Екі қыз қатарымен бұнда да қалмайды! Менің де кесер сөзім осы. Айттым да, мен де болдым.
Екеуі тағы шекісе жаздап жақындаса береді. Сол кезде Жарас жүгіріп шығады.
Шолпан (Арыстанға).
Әттең, әттең, осы,
Тоқтармысың, Арыстан
Ойларың бар ма
Басқа жәйді намыстан?
Арыстан.
Тағы, тағы әлі тағы
Келесің бе қалыстан?!
Шолпан.
Зорлықпенен зайыпты
Аты шулы ағаң алсын.
Сен қойсаңшы тым құрыса
Азамат дер бағаң қалсын.
Арыстан.
Айрылар болсам өзіңнен
Ондай бағам арам қалсын.
Күні сеніп, айы батсын,
Бар тілегім тамам болсын.
Шолпаны жоқ Арыстанды
Шолпан (күліп).
Арғы, бергі әруақ атсын десемші.
Бәсе, осылай десеңші
Ай бойына адасқанша
Осыныңмен кесеңші.
Арыстан.
Айналайын ақ Шолпан
Қарық қылдың ғой десемші...
(Сол кезде Жарас жүгіріп шығады.) Жарас. О, опасыз жалған... Бүліндіңдер енді естерің жимасаң! Тый анау-мынау талас-керісті! Тәуірақ бөгеп едім, болмай қойды кәрі батыр. Бақсы боп кетті мүлдем. Келе жатыр сый берем деп. Теңге,Айман (Әлібек, Арыстанға). Ал енді олай болса көз бояйық, Тегіс тату болған боп қарсы алайық! Жарас (жұртты тегіс желіктіріп). Бәрекелде, ендеше, мәре-сәре бола қап, у-шу, ду-ду ойын бастап, жау дерлік суық түсті тез жояйық! Өзбек жігітін өзі еліктіре ойнай, билей жөнеледі. Сахнада тұрған барлық қол лап беріп, қызуға араласады. Соңғы кезде барлық адам тобы, құйын үйірген құмдай ұйытқиды. Бергі шетте өзбек жігіті жалындап, Теңгенің алдына жібектей оралады. Сүйгендей сүйсіне билейді. Теңге оның айналасына бар ынта-бейілімен құлай түсіп, құштар бола жүреді. Теңге. Оо қолқа, бауыр, жүрегім! Оо мөлдіреген байқұс! Елжіреген жүрегім... Оо, құлдық әкекем (Құшағына кіреді.) Шал ашулы, қолына қамшы алып, Теңгеге ақырып: "О, тұқым-тұғияның құрыған, о қу тоқал" деп намыспен қамшы үйіріп, айбар шегіп жүреді. Өзбек жігіті Тенгеге: "Жан-жанан, жан-жанан", "алтыны", "айы", "апажан!" деп, шалды елемей қызыққан белгі жасайды. Басыбар жұлынып, бұрқ-сарқ етіп шыға келеді. Басыбар. Көрсет! Көрсетші, кәне, көзіме! Мені қуып келетін кім? Әлек пен әбігер салатын кім? Селдей басып, ауылыма ат ойнатып, қолымнан қызды тартып алатын кім? Көрін, ойбай, кезіме! Шық! Шық қарсыма!
Айман.
Батыр-ау, сізден тартып кісі ала ма?
Алысқан асын жөндеп іше ала ма?
Алушы өкіл күйеу болар сізге,
Жазғанын біз көрерміз пышанаға!
(Жарас, Теңге бастаған жиын сүйсініп күліп иіледі.)
Басыбар. Не дейсің, қарқ қылғаның сол-ақ па еді, онда мен несіне жеңдім, шаптым деп шарқ ұрғамын (Әлібекке.) Қулықпен құлдыратып алдамақ бопсың ғой, көрерсің сен немені шапқанымды. Әлібек. Уа, қарт батыр, алдияр, ұсынған мойынды қылыш кеспес демеуші ме еді! Дәл өзіңнің алдыңнан кескестеген жерім жоқ! Шапсаң да өз еркің. Бірақ күйеу болам! Бойсұнған соң бұл тілегім жерде қалмас, аяқ асты болмас, аға батыр! Теңге, Жарас (Басыбар сөйлейін дегенде қолдарын жайып, кезек бермей киіп кетеді).
Бісмілда ия аруақ, ата-бабам,
Сасқанда сендер демей кімді табам!
Тыңдаңдар оң құлақпен тілектерін,
Күйеуге осы болсын менің батам!
(Көппен бірге қайтақайта бет сипай) Алла ақпар, шырақтар, осы біздің жұбатар. Батадан аттап қайтеді, батыр да бұған тұрақтар! Жұрт бата қылып жатқанда Басыбар алас ұрып, әрқайсысын тоқтатпақ болады. Өзі де бір жағынан амалсыздан бетін сипайды. Жұрт шуылдап сүйсіне бастайды.
Дауыстар.
— Бәрекелде батырға,
— Бата берді ақырда,
— Өкіл күйеу өз күйеу,
— Татиды ғой жақынға.
Басыбар (шуды басып, Теңге мен Жарасқа).
Бата қып менен бұрын, жынды көкек,
Екі сұм Бұл пәлені кім үйретті?
Жарас.
Батаны "бала етсе де байлау" дейді,
Біз емес бұрынғылар дәл сүйдепті!
Теңге.
Батаның жөні келді, бермей қайтем...
(Өтірік көлгірсіп.)
Нең шығып, сенің оған нең күйрепті?
Басыбар (Теңгеге тепсініп).
Қуарған, қатын емес, құр сүйреткі
(Жер тепкілеп.)
Сығырау, құр қалдым ба шыныменен,
Жаусың сен, жауабымды кім билетті?
Теңге.
Сап-сап!
Басыбар.
Жап, аузыңды, жап!
Теңге.
Шыдай тұр, шыдай!
Басыбар.
Уа, тәйт, сұмырай!
Теңге. Жетті, бақсы болып болдың ғой! Енді әке болып жол табасың. Ал қызыңды ұзатасың, жетістің ғой, өзің өкіл атасың! Сұрай келген мінекей, берді қауым батасын. Уа, мен өкіл анамын, құдай деп қана қасымда, енді теп-тек жатасың! Басыбар. Тоба, тоба, ой тоба! (Қайта құтырынып.) Тұра тұр бәлем әлі ме, жайыңды мықтап табармын. Келістіре тағы да тік көтере шабармын! Әлі де талай пәлені, басына түгел жабармын. Шабармын, сірә, шабармын!
(Арыстанға қарай тап беріп.)
Алдың ба тым құрмаса сен танауды,
Қойдың ба асқақтатып әлде жауды?
Арыстан.
Дегенім деген жерден шықсын менің,
(Шолпаңды нұсқап.)
Аламын, мынау қызға денім ауды.
Шолпан.
Қатын боп шабындыдан саған түскен
Тимеспін құлатсаң да басқа тауды!
Әлібек.
Сөзіңе құлдық ұрдым, асыл айым,
Солай деп жөнге салшы бас асауды!
(Күледі.)
Басыбар (естіп қап, қайта қаптап).
Не дейді, мынау мұндар бата бұзды
Жібермен, олда оңбайын,
Бұл қос қызды!
(Арыстанға.)
Бересің жолды неге Әлібекке?
(ұмтылып.)
Қоя бер, енді шыңдап қаным қызды.
(Талқан боп мылтығын жерден тауып ап)
Уа, аруақ!
Қырық жыл қырғын салайын мен,
Алғамын сендей қыздың талайын мен!
Аулымнан мен тіріде қыз кетпейді,
Қуғыңды қырқа матап қамайын мен.
Мін ойбай, мін атыңа, аттан, аттан!
Бар жеңдет Басыбарлап жабайын мен.
Жұрт шуылдап шошып, қолдар қимылға әзірленгендей болады. Жарас топ алдына құлшына шығады. Жарас. Ауа, жұрт-ау ее бар ма түге! Әлі де жеткен жоқ па осы селебе! Ел емес пе ек, енді неге бермейміз жол келеге бар істі! Осы Маманның өз аулынан, өз қолынан қыз алсаң қайсыныңның басың кемиді? Бұл асыл ару немене, бөрі алып қашқан ылақ па, далада жұлмалап үлеске салатын! Есің бар ма, екі жігіт, екеуің де күйеу болып, үйлеріне барып, жасап, жабдықтап бергенін неге көрмейсің? Дүние, пұл десе екеуің қашан "тойдым, тоқтадым" деп ең? Жасаумен, отаумен алсаң қашан тар келуші еді тақияңа? Тоқтал, енді есіңді жи, сабаңа түс?
Әлібек. Құлдық Жарас, олай десең мен көнейін!
Арыстан.
Бәрекелде дегенім сол,
Жарайды, мен де тіпті үндемейін.
Теңге. Жөн осы тапқан ақыл өзгені қой! Құда болып Маманның өз қолынан қыз алуға, қасыма жолдас алып мен еремін! Өзбек (қуанып). Әйнәнәй ақылыңнан, апажан, жан-жанан, алтыны, айы!.. (Билейді.) Теңге (қызыққаннан шыдай алмай). О, мөлдіреген байқұс, садағаң кетейін қолқа, бауыр, жүрегім... Шал (естіп қалып, Теңгеге қамшы үйіріп). О, қу тоқал, тұқым-тұғияның құрыған... Сойып салам, құлқыны құрып тұрғанын бұның да! Теңге (шалға). Қысқарт, ай қу шал. Жұрт көзінше жер қылармын! Қаудырлаған қу қақпас, саған қызығайын ба, бұған қызықпай? Шал (тістеніп, қамшысын білеп). Тұра тұр бәлем, қу қатын, сойып-сойып берермін бәлем сыбағаңды. Қара бұның қайдағыға қызығуын құлқыны құрып. Басыбар. Көнбеймін, әлі дағы көнбеймін, қызды тартып әкетпеді ме! Бермеймін, асырмаймын жау мерейін! Жарас. Батыр, сабыр. Жау мерейі аспасын! Әлібек жылы ізімен, кәзір қайтсын! Өзі де қараңғыда там сүзіп жүр! Маманның аулыңда, кең байтақта танып алсын, мұнда кімді қуғанын да білмейді. Ол да, Арыстан да дегендеріне сонда жетсін!
Теңге,Арыстан.
Дәл байлау осы болсын әзір таңға,
Қылған іс аз емес қой бай Маманға!
Батыр да осы сөзге тоқтай білсін,
Жетті ғой, тыныштық берсін топты жанға!
Дауыстар.
— Мақұлақ, билік осы болғаны ғой,
— Бар есеп осыменен толғаны ғой.
— Қос қызды аулына ұзатайық,
— Тоқтады, батыр жөнді болжады ғой.
— Ал енді жолың болсын, Айман, Шолпан,
— Қайтатын күнің туды қырсық жолдан,
— Қасыңда Теңге, Арыстан, Жарас, жастар
— Апарып тапсырады үйге қолдан!
Жарас (Әлібекке). Байқұс-ау, неге тұрсың жөніңді тап, шалдың ашуы басылмайды сен кетпей! Жөнел тез, бар қолыңды ап! Әлібек. Тегі осы қыздан таңдағаным тие ме, мен қара жерді мүлде сипап қалмаймын ба? Жарас. Сауда сақал сипағанша демеуші ме ең өздерің! Сенің саудаң қалай ұзақ еді? Не көрсең де өз аулыңда көресің деспедік пе? Енді аузыңды жап!
(Әлібек қолын қамдап жөнеле береді.)
Айман (Жарасқа).
Жарас-ай, өзің болдың анық ағам,
Асты ғой бәрінен де сенің бағаң!
Шолпан (қостап).
Басым аман қалғанға қарыздармын,
Айтшы бір көңіліңді немен табам?
Жарас.
Үндеме, ақы алмайды жаман ағаң,
Әуелі аман-есен үйге қайтшы,
Еңбегім осы жолғы шын садағаң!
(Теңгеге.)
Ал, Теңге, қамданайық, не қып тұрмыз,
(күліп)
Құдағи, баста жолды – құтты қадам!
Теңге.
Уа, кәне еретіндер екшеле бер,
Арыстан, айып анжы ескере бер!
Құда боп, жөн табысып, біз қайтайық,
Десеңші, Бұл сапарға "дес бере гөр!"
Жастардың қуанышты ойыны. Теңге өзбекке тағы оралады. Өзбек жігіт оның алдында құйқылжып билеп: "Жан жанан, апажан" дейді. Теңге: "О, мөлдіреген байқұс! Қолқа, бауыр, жүрегім! Қу жаным сенің соңында!" дейді. Шал. Қысқарт! Қысқарт-ай, қу тоқал! Құлқының құрғыр, Басыбардан бетер бұ да құмар! Бұ да жасқа құмар қу тоқал! (Қамшы үйіреді. Теңге елемейді. Жұрт шуына өзбекпен құшақтаса араласады. Жастар дауыстары.)
Дауыстар.
— Құтты болсын, бұл сапар, құтты болсын!
— Қуанышқа жастардың қойны толсын!
— Бұлт айығып, күн шығып, күле жайнап,
— Қас ойлаған қара күш енді солсын!
— Мен де барам бұл тойға!
— Мен де барам сол тойға!
— Мен де қалман барамын,
— Біз барамыз шын тойға.
Шал (Басыбардың қасынан ортқи жөнеліп). О, тұқым-тұғияның құрыған... Еліктірдің өңкей мас! Мұнда маған неме бар? Әйтеуір амал құрыды, сендерге ерем мені де ал!
Басыбар. Тайт, шығарма үніңді, қара мұны, қортық шал!
Шал (алақтап, елігіп).
Жо, жоқ, батыр, аял жоқ,
Қалар болсаң өзің қал!
(Теңгеге қарай қашады.)
Басыбар.
Тастадың ба, қуарған!
Шал. Жаспен болам не болсам! (қутыңдап.) Шалда не бар суалған. Сен ел шауып ала алмаған тоқалды, мен ақыл тауып алам! Е, бәлем! Басыбар (бір тұрып, бір отырып зығыры қайнайды. Жастар жылжи береді). О, тоба-тоба-тоба! Уа, тарт былай, тоқта, түге! (Жұрт тоқтайды.) Жарас (ойнақы). Ой, опасыз жалған!.. Қайран батыр қаймалған. Ал, батыр, ашу алды, ақын соңы еді! Бар істің оңы-солы ашылды ғой. Қасыңнан шал екесі шал да кетті. Енді тіпті осы сапарға ере барып, екеуміз өз аузымыздан бата беріп қайтсақ қайтеді? Басыбар. Бабаңның қатқан басы! Адыра қал сөзіңмен, құрттың ғой, қу Жарас, жоғал арман көзімнен!
Жарас. Сап-сап, батыр, сабыр қыл, бар көргенің өзіңнен!
Басыбар (жұлқынып тұрып, ақырып).
Уай, сұмсұрқия дәурен-ай!
Басыма түскен әурені-ай.
Жіберші, уа, жібер былай,
Сорлататын неме екен,
Сірә, мені сол құдай!
Уа, қайдасың, сен құдай!
Шұнақ құдай, құдай-құдай!
(Мылтығын аспанға атып жіберіп жөнеледі. Жастар тобы шулап, күліп қалады.)
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру