Хожелі-Хиуа сапары
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Отыншы Көшбайұлы — «Хожелі-Хиуа сапары». ХОЖЕЛІ-ХИУА САПАРЫ
/uploads/3b1b3ebe-befb-5f0a-8fa4-787ecf3cc1b0/cover.png
(сапарнама)
Шежіреге, сырға толы өлкеміз талай-талай тарихи оқиғалардың куәсі болыпты. Сарғайған архив құжаттарына қарап отырсақ, бір жағы Көк теңіздің қолтығын мекендеп, бір жағы Үстірт үсті керіліп жатқан Маңғыстау жері жан-жақтан анталаған келімсектермен арпалысып бірде жеңілсе, бірде мерейі үстем болып тұрыпты. Туған өлкесін жат жерліктердің тұяғына таптатпай қай уақытта да қарсы тұрып, кеудесін тосқан батыр елдің сағын сындырып, жігерін құм қылуды ойлаған империя сан түрлі қитұрқы әрекеттерге барған. Бұл өлкені бірде Орынборға, бірде теңіздің арғы жағындағы Тбилисиге бағындырса, келесіде сонау түстіктегі Ашхабатқа тәуелді қылыпты. Осыған байланысты болар, Маңғыстау туралы деректер бір жерде тоғыспай бұрынғы Кеңес Одағының әр жерінде сақталған. Әрине еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейін оларды жинақтап, алдыртып та жатырмыз. Бірақ, өткеннің бәрін қолыңа ұстаудың мүмкін еместігі тағы белгілі. Өлкемізге белгілі кейбір тұлғалар туралы халық жадында сақталған деректерді, әңгімелерді аяқтай жүріп іздеуге тура келеді. Ол үшін көптеген адамдармен кездесіп, пікірлесуің керек. Өйткені ана бір аласапыран жылдары біздің қандастарымыздың бас сауғалап Бесқала жаққа, Қаразымның ойына барып табан тіреуіне, кейбіреулерінің одан әрі кетуіне тура келгені көпшілікке аян. Біздің бұл жолғы сапарымыз баяғы аталарымыздың жыл сайын айлап жүріп барып келетін Бесқала бағыты болған еді. Сәті түссе Маңғыстау тарихына қатысты деректерді құзырлы мекемелерден де, жеке адамдардан да жинақтауды мақсат тұтып, осы жылғы (2008) 3-ші шілде күні аяғымызды үзеңгіге салғанбыз.
Іздегенге сұраған дегендей бірге жүретін жолдастардың да аяқ астынан табыла кеткені. Қалалық әкімшіліктің тапсырмасымен бара жатқан Қырлыбек Өтетілеуов інімізбен жолымыздың сәйкес келуі тіпті жақсы болды. Оның үстіне сол жаққа сапар шегіп бара жатқанымыздан хабарлы болған бейнеулік Ахметжан Домбаяқов пен Еркін інілеріміздің бізбен бірге сапарлас болуды міндеті санап, алдын ала дайындалып күтіп отыр екен. Ұзақ жолда қасыңда жолдастарың болғанға не жетсін. Мұндайда өткен-кеткен әңгіме де айтылады, өзіңе таныс емес жердің тарихы да шертіледі, не керек, жол қысқарып діттеген жеріңе қалай барғаныңды да білмей қаласың.
Қазақта «Жол азабы, көр азабы» деген сөз бар. Әрине «көр азабының» дәмін тататындай баяғы жолаушылардай таңдайың кеуіп құдық сағалап жүретін түйеге де мінген жоқпыз, болмаса қолыңдағы барыңды базарға өткізіп елдегі бала-шағаңа деп алып келе жатқан астығыңды, шай-шекеріңді, бөз матаңды жол торыған қарақшыға алдыртқан да жоқпыз. Бірақ екі елдің шекара сызығының тоғысқан жеріндегі шекарашылардың, кеден қызметкерлерінің шақырайған күн астында бірнеше сағаттап байлап қойып тексеруі қанша мықты болсаң да жүйкеңді жұқартады. Бұл жерде олардың қызметіне кінә артуды мақсат тұтып отырғанымыз жоқ. Ілгері-кейінді ағылып жатқан көлік, адамдар арасында әртүрлі қауіптенетін жағдайлардың болуы әбден мүмкін нәрсе. Құжаттардың тексеріліп, әртүрлі қағаздардың толтырылуы да заңға сәйкес жүргізілетін жұмыс. Бірақ бірнеше ондаған, жүздеген адамдардың сөмкесін, қапшығын ақтарып тексеріп, көлігіңді толық сүзгіден өткізіп шығу үшін қаншама уақыт кетеді.
Егер осы жұмыстар камералар арқылы тексеріліп өткізілсе көп жеңілдік болар еді. Кәзіргі технологияның жетіскен заманында ондай қондырғыларды орнату қиын емес. Әсіресе Бейнеу мен Қоңырат арасына негізгі керек нәрсе осы. Өйткені бұл екі ортада қатынастың өте көп екені белгілі.
Сапар үсті кездесетін қиындықтың тағы бірі - сенің басқа жақтан келгеніңді білген полиция қызметкерлерінің құжаттарыңды орынсыз тексеретіндігі. Бәрі дұрыс болса да өзге елде қолыңнан не келеді. «Ауыл итінің құйрығының қайқы» екені әу бастан белгілі. Әр нәрсені сылтауратпай тезірек жіберсе деп тұрғаның. Керек болса қалтаңа қол салуға дайынсың. Жасыратыны жоқ, біраз жайды сол шешеді. Осы жағдай тек сол жақта ғана емес, біздің жерде де көрініс табатыны, алыстан арып-ашып келген ағайындардың әуре-сарсаңмен полиция қызметкерлерінің артында шапқылап жүргенін көзіміз талай көрді. Кәзіргі таңда алыс-жақыннан келіп жатқан қандастарымызға кез келгеніміз қамқор болып жатсақ, одан кісілігіміз төмендеп, шыққан биігіміздің аласарып кетпейтіні анық. «Оралман» деп ат тағылған олардың ата-бабаларының кезінде осы топырақта кіндік қандары тамып, жамбастарының тигенін есімізден шығармауымыз керек-ақ.
Сонымен Қоңыратқа, одан Қарақалпақстан Республикасының астанасы Нөкіске келдік. Жолай Қоңырат қаласының құбыласында орналасқан Дәуіт ата қойымшылығына соғып, білген құранымызды оқып тағзым еттік. Толық аралап шығуға күн кешкіріп бара жатты. Оның үстіне бұл жақтағы қасиетті орындардың барлығының да көлемі өте үлкен болып келеді. Олай болуы заңды да. Бірнеше ғасырлар бойы Жер-ананың берген өнімін ғана пайдаланып келген отырықшы халық мекендеген жер. Өзбегі, қарақалпағы, қазағы бар, бәрі де өмірден озған адамдарын өздерінің іргесіндегі әулиеге қояды.
Дәуіт ата - Барақтың немересі, Асаудың баласы. Ал, Асау-Барақтың мүрдесі біздің Маңғыстауда. Тұрыштан 14-15 шақырым жерде екені белгілі. Сол жақтағы халық аузында айтылатын аңыздарға қарағанда Барақ батырдың найзасы Қоңырат ауданында тұратын Гүлжанның үйінде сақтаулы көрінеді. Найза атадан балаға қасиетті мүлік есебінде өтіп келген. Барақтан Асауға, Асаудан Дәуітке, Дәуіттен Алланазарға, Алланазардан Қылышнияздың қолына тиіпті.
Қылышнияз қартайған шағында асыл мұраны өз балаларына тастамайды. Бәлкім елге сыйлы, сұңғыла қария осы бір асыл мұраны көз алдында өскен балаларының қадірлей алмасын білсе керек, найзаны Барақтың әкесі Сатыбалдымен бірге туған Жәмекейдің ұрпағы Рахман биге береді. Ал Рахман би оны баласы Жәмеңкеге, ол Гүлжанға қалдырған. Осы аңыз негізінде бір ізі шығып қала ма деген оймен Нөкіс қаласында кездескен Табын ағайындармен кездесіп сұрап та көргенбіз. Өкінішке орай жөн сілтеп, бағыт көрсетер адамдарды кездестіре алмадық. Гүлжанның Қоңырат ауданының қай жерде тұратынын да білмеді. Гүлжан кәзір бар ма, әлде өмірден өтті ме, найза кәзір кімнің төрінде мұра болып сақтаулы тұр деген сияқты таусылмас сұрақтың шешуін таба алмадық. Тек Нөкіс қаласындағы Бердақ атындағы университеттің оқытушысы, тарих ғылымының докторы, профессор Бижанов Ермек ағамыздан оның (Дәуіттің) ұрпақтарының ол туралы кітап жазғанын естідік. Кітапты іздестіргенмен қолымызға түспеді. Тірі болсақ тағы да кездесерміз деген оймен ағамызға табылып жатса «жетістіре көріңіз» деген аманатымызды арқалатып кеттік.
Қалаға кіре бере Амудария өзені үстіне салынған көпір арқылы өтесің. Бұрын кітаптардан оқығанымызда, көзі көрген адамдардан естігенімізде екі жағаға буырқана соғып, лайлана ағып жататын Амудария арналы, үлкен өзен болатын. Суының молдығынан өзеннің сонау бастауынан Аралға құйғанша екі жағында отырған ел егін салып, осы дариядан нәпақасын айыратын. «Өзен жағалағанның өзегі талмайтынының» шындығы сол, біздің көптеген қандастарымыз аумалы-төкпелі заманда осында келіп жүрегін жалғады, аштықтан құтылды. Одан кейін сол жерде желісін жайып кетпен арқалап, қара жерді жарып шығатын көк өскіннің бабын білетін егіншіге айналды.
Өзбегі, қарақалпағы, қазағы бар, неше бір міллеттің панасы болған, жағасынан ырысы арылмаған дариядан кәзір ештеңе де қалмапты. Көпір үстінен өтіп бара жатқаныңда көзіңе өзен емес, жылап аққан бұлақ қана түседі. Бұрынғы арнаны тау-тау болып үйілген сусыма құм ғана басыпты. Жүрегің шаншып, көңілің құлазиды.
Қазақстанның оңтүстік аймақтарына, Маңғыстауға, бізден өтіп Ресейге талап іздеп ағылып жатқан ағайындардың үдере қозғалуына себепші болған да осы өзен суының тартылуы екен. Өйткені есік алдынан басталатын егіндік тоқтаған, су жоқ. Бала-шағасын асырау үшін ер азамат ел асып жұмыс іздемегенде қайтеді енді.
Биыл қайта судың аздап та болса келгені. Бұрындары құрғап қалушы еді, - дейді жергілікті тұрғындар.
Арғы жағы Ауғанстан бетінде кедергі көп пе, әлде өзбектер егіс көлемін тым ұлғайтып жіберді ме, әйтеуір ықылым заманнан бері Қаразымның ойын мекендеген халықтың ырысы болған Амудария бұрынғы қалпына келе алмай тұрған көрінеді.
Нөкіске келген маңғыстаулықтар шамасы келсе басқа жұмысты кейінге ығыстыра тұрып Қосай атаның басына барып кетуді мақсат тұтады. Қаладан 30 шақырымдай жерден Бестөбеге барып бір уыс топырақ салып кетуді біз де өзімізге парыз санадық. Өткен жылы өлкемізде Адай ата, Қосай атаның 500 жылдығы, Оразмағамбет Тұрмағамбетұлының 125 жылдығы кең көлемде аталып өтілгені көпшілікке аян. Сол тойдың алдында атаның ұрпақтары, облыстық әкімшіліктің арнайы делегация мүшелері ата басына келіп кеткен. Мерейтойға дейін Қосай атаның зиратын жаңарту жұмыстары қолға алынған болатын. Көрерге көз керек еңселі күмбез там алыстан мен мұндалайды. Төменнен баспалдақпен көтеріліп келе жатқаныңда биік төбе басында орналасқан, хас шебердің қолынан шыққан туынды асқақтап көрінеді. Халқы қай уақытта да қастерлеп өткен Қосай ата биікте жатып ұрпақтарын желеп-жебеп, демеп жатқандай әсерде боласың. Атамыздың қасындағы кереге там Оғылмеңді анамызға арналған. Оған да өткенін құрметтейтін саналы ұрпақтарының қолынан ескерткіш соғылған.
Бұл жерден жан-жағың алақандағыдай көрінеді. Анау көк жасылға оранған дарияның жағасы. Жарықтық, өзен суы қаншама тартылды десе де, оны жағалай өскен ағаштар әлі сол күйінде. Төменде ата басына келіп зиярат етушілерге арналып салынған үлкен үй. Кеңейтіліп салынған. Оның ішінде әрине барлық жағдай жасалған. Киелі мекенге қарай ат басын бұрған келушілерде толас жоқ. Келген сапарымыздың сәтті болып, мақсатымыздың орындалуына «демеуші бола көр» деген тілекпен ата басынан кері Нөкіске бет алдық. Сағымға оранған биік төбе басындағы көк күмбез алыстан көз тартады.
Уақытымыздың тығыз болуына байланысты шама келсе әрбір күнімізді тиімді пайдалану мақсатында келесі жұмысымызға кірістік. Алдымен Өзбекстан Республикасы Ғылым академиясының Қарақалпақ бөлімінің тарих, археология және этнография институтының директоры Вадим Николаевич Ягодиннің қабылдауына асықтым. Алдында телефон арқылы хабарласқанбыз.
Вадим Николаевич – дүниежүзіне, бұрынғы Кеңес Одағына белгілі айтулы археолог. Ол 1932 жылдың 5 ақпаны күні Орынбор облысында дүниеге келген. Алты жасқа келгенде оның ата-аналары күнелтіс бағытында Қарақалпақ жеріне көшіп келеді. Бір-біріне қиянаты жоқ мейірімді халықтар мекендеген, әрбір төбе тасына дейін аңыз бен дастандарға толы қасиетті жер оны бала кезден-ақ өзінің құпияға толы құшағына тартады.
Бұл жерде, Арал маңында әйгілі парсы патшасы Кир 1 қаза болады. Осында үш теңіздің арғы жағынан келіп гүл жайнаған Бактрия (Амударияның екі жағы) мен Согдияны (Заравшан даласы) жермен жексен еткен Александр Македонский қатты соққы алып, маңдайы тасқа тиеді. Жолындағы кез келген елді мекенді мыңдаған ат тұяғымен таптаған Шыңғысханның әскерлері де дәл осы жерде қатты қарсылыққа ұшыраған еді. Бұдан басқа да қаншама құпиялар осы бір қасиетті өлкеде сырын ашпай жатыр. Міне, Арал маңын білсем, зерттесем деген құштарлық оны Иваново қаласындағы университеттің тарих факультетіне алып келеді. Студент кезінен-ақ әртүрлі ғылыми экспедицияларға қатысады. Әсіресе ертедегі Хорезм мәдениетін көп зерттеген Сергей Павлович Толстовпен жұмыстас болуы, ақыл кеңесін алуы оны осындай мәртебелі биікке шығарар алғашқы жол болды. Оқуды аяқтағаннан кейін алғашында тарихи-өлкетану мұражайында істеп, кейіннен ғылым академиясына ауысады.
Ол әсіресе Арал-Каспий арасын зерттеуде ондаған жыл тынымсыз еңбек етті. Соның нәтижесінде Қарақалпақстанның, онымен шектес Маңғыстаудың ежелгі тас ғасыры туралы ғылымға көптеген жаңалық әкелді. Көшпелі халықтардың ежелгі және кейінгі ескерткіштері ашылды. Үстірт үстін тынымсыз зерттеу нәтижесінде «Оңтүстік-шығыс Үстірттің ерте және орта ғасырлық мәдениеті» атты еңбегі жарық көрді.
В.Н.Ягодин сонымен қатар Сидней университетінің (Австралия) және Аммандағы Британ университетінің (Иорданияның Хашимид корольдігі) ғалымдарымен бірігіп Таяу Шығысты зерттейді. Бұл зерттеулердің нәтижелері Батыс Европа мен Америкада жарық көреді. Осы жұмыстар Арал-Каспий арасын мекендеген көшпелілер өмір салтын зерттеуді шешуге көп көмегін тигізді.
Кәзір Өзбекстандағы үлкен институтты басқарып отырса да Вадим Николаевич өзінің кісілігін жоғалтпаған адам. Қарапайым, мәдениетті. Мен барған кезде алдағы жасалатын жұмыстар жөнінде ғалымдардың жиналысы болып жатты. Есік алдында жарты сағаттай күттіргеніне қайта-қайта кешірім сұрап, төрге оздырды. Содан кейін-ақ сұңғыла ғалым жас қайратты кездерінде Үстірт үстінде жүргізген зерттеу жұмыстары жөнінде қызықты әңгімелерін бастады. Бейнеу, Кендірлі, Көгесем және оған шектес жатқан жерлердегі жебе тәріздес құрылымдардың (арандардың) салыну ерекшелігі, оның маңызы туралы, осы зерттеулер арқылы ертедегі көшпенділер туралы көптеген тың деректер алынғанын айтты.
Шіркін, Маңғыстау жері әлі де бойындағы құпиясын толық ашқан жоқ қой. Бір ғана Бәйте ескерткіштерінің өзі неге тұрады Кезінде Галкин, Ольховскийлер оны таптық, зерттедік деп жар салды. Шындығында ол ескерткіштер туралы алғаш айтқан қарапайым музей қызметкері болатын (Е.Өмірбаевты айтып отыр). Мен ол адам туралы көп естідім. Бірақ, көрмейсіз бе, тағдыр бізді жолықтырмады.
Маңғыстауда менің көрсем, барсам, зерттесем деп армандаған жерлерім көп еді. Маңдайға солай жазылса не істерсің. Олар сол арман күйінде қалды. Кеңес өкіметі тарады. Әрқайсымыз өз жайымызды күйттеп кеттік. Оның үстіне жас келіп, денсаулық та сыр бере бастады.
Сол денсаулықтың нашарлығынан өткен жылы (2007 жылдың 16-17 шілдесі) сіздің қалада өткен халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға бара алмадым. Сау болсын, ол жақтағы ұйымдастырушылар алдын ала шақырған еді.
Дегенмен әлі жұмыс көп, - дейді ақсақал кеңкілдеп күліп. - Кәріліктің ығына жығыла кетпей жоспарлы жұмыстарды іске асыру керек. Жаңа сізді күттірген жиналысымыз да сол ертеңгі жасалатын жұмыстардың бағыты еді. Сіздің өлкемен біздер байланысымызды үзбеуіміз керек. Өйткені, сонау ежелден тыныс-тіршілігіміз, керек десе жаратылысымыз, кәсібіміз қатар өрбіген. Сондықтан әлі де бірлесе атқарар жұмыс жетерлік.
Маңғыстауға қатысты кейбір материалдарын қолыма ұстатып, тағы да керектерін электронды почта арқылы жіберуге уәде қылды. Көңіл қоржынымды толтырған ақсақал екі сағаттай әңгімелесіп есік алдынан шығарып салды.
Қарақалпақстанның ғылымға еңбегі сіңірген қайраткері, Орыс археологиялық қоғамының, Нью-Иорк академиясының, Австралия ғылыми кеңесінің мүшесі, 100-ден астам ғылыми еңбектің авторы, әйгілі ғалым В.Н.Ягодинмен кездесу мен үшін ұмытылмас сәт болды. Такси ішінде келе жатып ғалым берген кітаптарды ақтарып отырмын. Соның ішінде ақын Ж.Хошниязовтың:
...Топырақ бойына жасырған гизнеп.
Ески мәкән жайлар, дизбекте-дизбек.
Мың жыллар бурынғы өмирди излеп,
Ушыға қыйқымын терген екенсиз.
Бәлким тиришилик бизден таралған,
Деп те гейде-гейле ойлап қаларман.
Палеолит қатламын тауып Аралдан
Тарийхты анықлап берген екенсиз...
. . .Озық талант пенен илхам тутатқан,
Топ-топ мақалалар, қос-қос китаплар,
Шақадай жайылып, нурдай путақлап,
Илим бостандығына енген екенсиз,
- деген өлең жолдары қарақалпақ халқының ғалымға берген бағасы сияқты.
Қарақалпақ халқында «Адамдар дүниеге бірдей болып келеді де, дүниеден әрқилы болып кетеді» деген мақал бар. Шындығында да өткенімізге көз салып қарайтын болсақ, Маңғыстау топырағында өмірге келген, білім алған, халық үшін қызмет жасаған талай-талай белгілі тұлғаларымыздың көбі жел айдаған қаңбақтай өмірінің көбін жат жерде өткізген. Олар туған жерінен пана таба алмады. Жүрегін сағыныш кернеп, аңызақ ұрған аптапты даласы көз алдынан кетпей талай күнді, талай жылды артқа тастады. Бірақ олар қасиетті ұясына бәрібір қайта орала алмады. Өйткені бір кездегі қорқыту, қудалау, ел бетіне шыққан қаймақтарды атып - асу олардың көңілін шайлықтырып тастаған еді.
Сондай ірі тұлғалардың бірі Шайхы ахун Кендірбайұлы болатын. Әйгілі Оразмағамбеттің, Ержан хазіреттің замандасы. Үшеуі де XIX ғасырдың аяғында Самарқан, Бұқарадан қатар білім алған. Қай-қайсысы да биік адамгершілігімен, асқан білімдарлығымен, ислам ілімінің хақ жолындағы айнымас тұлғасы ретінде халық жүрегінде мәңгілік сақталған адамдар. Тірі жанға қылдай да қиянат жасамаған, елі үшін ғана қызмет жасаған олар жаңа өкіметке сенімсіз адам ретінде көрініп қудалауға ұшырады. Оразмағамбет жан сауғалап түстіктегі Иран асты. Бірақ арнайы жіберген адамдар арқылы қолға түсіріліп, Ашхабат түрмесінде атылды. Елде қалған Ержан хазіретке темір тордың ащы дәмін бірнеше рет татуға тура келді.
Ал, Шайхы ахун Бесқала жеріне кетті. Жыңғылды ауылында тұратын оның немересі Сақтағанның айтуы бойынша Шайхы ахун Бұқара, Самарқаннан оқу бітіріп, 1900 жылдар шамасында елге оралады. Өзінің ата-бабасының мекені Сартаған. Шұқыр ой, Бесбұлақ жерінде отырып бала оқытқан. Тіпті Кеңес өкіметі орнаған алғашқы кезеңде сол өкімет үшін қызмет те жасаған. Оның іздестіріліп жатқанын, көп ұзамай қамауға алынатынын Алшекең (Алшын Меңдалиев) келіп ескерткен көрінеді.
Қайырбай әкеміздің айтуы бойынша, - дейді Сақтаған. - 1929 жылдың жылы күзінде (шамасы тамыз, қыркүйек айлары болуы мүмкін) Сартағанда сабақ оқып отырғанымызда Алшын келді. Содан екеуі ауыл сыртына шығып көп сөйлесті. Көп ұзамай Алшекең отырмастан атына мініп жүріп кетті. Шайхы ахун біз сабақ оқып отырған киіз үйге қайтадан келді. Жүзінде бір қобалжу бар сияқты.
Балалар, сендер жүре беріңдер. Бүгінгі сабақ осымен аяқталды. Ертеңгі сабаққа... Жақсы, оны ести жатарсыңдар. Егер әлдеқалай себептермен оқу кідіріп жатса, үйренгендеріңді, білгендеріңді ұмытып қалмаң. Қай уақытта да білім керек. Кім біледі, менің алдымда оқығанмен шектеліп қалмассыңдар. Білім деген суы мол құдық сияқты. Оған нағыз өмірін арнаған адамның құмары, шөлі қанбайды. Ұзаққа бармайтын тыз етпе шабысы бар, ойы саяздау адам ғана «болмай жатып болдым, толмай жатып толдым» дейді. Ал ондай адамдар төменде күйбеңдеп, төбедегіні көрмейді. Шығар биіктерің жоғары болсын. Аман болың, ал тараңдар, - деді.
Біз ол уақытта нені білейік. Сабақтан құтылғанымызға мәз болып әр жерде орналасқан ауылдарымызға жарыса кеткенбіз. Ертесіне ғана білдік. Шайхы ахун сол түні өзіне қарасты, жақын адамдарымен Бесқала жаққа кетіпті.
Содан сол жақта. Алдында менің әкем Рзағұлды баласы жоқ болғасын жеңгесінің қолына берген. Айтушылардың әңгімесіне қарағанда сол Хожеліде «Пірім ишан» мешітінде имам болып өмірінің соңына дейін істеген. Барған әзірде ешкімге таныс емес оны кім білсін. Бірте-бірте өзінің мол білімімен, көрегендігімен көрініп, халық құрметіне бөленген. Зираты «Жүсіп ишанда». Таба алсаң басына соғып кетерсің, - деп еді Сақтаған.
Ертесіне көлігімізді жалдап, қасымызға жолбасшы ертіп Нөкістен Хожеліге тарттық. Бір жағы төбе басында, одан төмен қарата жазыла орналасқан «Жүсіп ишан» әулиесі өте үлкен екен. Құбыла бетіндегі қақпа алдындағы шырақшы отыратын үйге кірдік. Амандық-саулықтан соң келген шаруамызды айттық.
Апыр-ай, - деді шырақшы өзбек, - Ия, Шайхы ахун осында жатыр. Бірақ соны мен тауып бере алсам жақсы. Көзім де көріңкіремейді. Осында менің көмекші балам бар еді. Бүгін бір шаруасымен Нөкіске кеткен. Ол күн батпай оралмайды. Жас жігіт қой, осындағы белгілі адамдарды сол білетін. Бәрін білу сірә мүмкін емес. Маған бірде Шайхы ахунның жатқан жерінің жобасын көрсеткен. Алыстан келген екенсіңдер, мәселелеріңді қайтармайын. Бірлесіп іздейік, - деп орнынан тұрды.
Алдымен Жүсіп ишанның басына бардық. Осы қасиетті адамның кім екенін, ол туралы қандай деректер бар екенін сұрағанымда шырақшы өзбек:
Е, бұл бабамыз өте ертеде келген. Мұсылман дінін таратушылар ғой, қожа болады, - дегеннен әрі аспады. Одан басқа да сауалдарыма нақты жауап ала алмадым. Сырғанақтап ұстатпайды өзбек.
Әй, нағыз қудың өзі шығарсың. - деймін іштей оның артынан еріп келе жатып. Білмейтініңді байқатпай, білгеніңді дабырайтып көрсетуге шеберсің-ау шамасы. Жолжазба дәптеріме сенен тұщымды дерек жазбадым деп өкінбей-ақ қояйын. Алыстан арнайы келгенімде бос жолды болмай, шоңай шалдың жатқан жерін табуыма себепші болсаң болды.
Мен қайта-қайта әулиенің биіктеу жеріне шыға берем. Ондағы ойым Сақтағанның айтқаны бойынша жартылай жабылған, қызыл кірпіштен қаланған кереге там көзіме түсер ме екен дегенім. Шырақшы өзбек болса:
Әй, қозоқ, тепанинг бошига шикмай пастгэ туш, - деп айқайлайды төменнен.
«Апыр-ай, - деп ойлаймын «төмен түс» деген өзбекке қарап тұрып. - Біздің шалдар биікке жатуға әуес еді. Бұл қалай болды».
Бір-екі қадам ілгері көтерілгенімізде қызыл кірпіштен қаланған кереге там көзіме оттай басылды. Дәл соның өзі. Басына келген адамдарға арналған түнемелігі бір жағында.
Әне, - деймін қасымдағы Ахметжан мен Ермекке. Өзбек не десе о десін. Жоқ қарап үйренген қазақпыз ғой. Жазуын оқымасам да сол жатқан Шайхы ахун. Немересінің айтқаны дәл келіп тұр. Шалдың өзі де демеуші болып жатқан шығар. Жүр кеттік.
Басында отырмыз. Мұндай білімдар адамдардың қай-қайсысы да биік, сәулетті мазарларға әуес болмаған ғой. Өзінің өтініші ме, әлде сол 50-ші жылдардың аяғындағы жағдай солай болды ма, қарапайым салынған там. Немерелерінен қойылған ескерткіш тақтасы бар. Бұл жерде жатқан Маңғыстаулық жалғыз осы емес екені белгілі. Бірақ қойымшылықта бізге алғаш тап болып, маңдай тірегеніміз Шайхы ахун болды. Белгілі тұлғаға елден келген қай-қайсымыз да өз атымыздан құран оқытуды мақсат тұттық. «Қызметің Алладан қайтсын» деп берген ақшаны қалтасына жөнелткен өзбек құран сүрелерін күңіренте оқиды. Обалы не керек, шырақшы үні бірден баурай жөнелді. Бойыңа шым-шымдап тарап балқытып барады.
Қасиетті мақам - туған жерінің бір уыс топырағы бұйырмаған Шайхы ахунның елге деген сағынышы сияқты.
Қасиетті мақам - артынан іздеп келген ұрпақтарына көңілі толған белгілі тұлғаның ризашылығы сияқты.
Қасиетті мақам - қаншама аумалы-төкпелі заман өтсе де, өткенін ұмытпауды жадыңа құйған батагөй қарияның үні сияқты.
Қасиетті мақам - қатігез заманда әр жерде тарыдай шашылған қандастарымыздың мәңгі өлмес pуx үні сияқты.
Қасиетті мақамды тыңдап бойына дарытпаған, Алла жолынан теріс айналған жылдары ел елдігінен, пенде кісілігінен айрылғанын, егер бұл жалғаса берсе тағы да тал түсте бағытын айыра алмайтын халге жететінімізді санаңа құйғандай әсерде боласың.
Шырақшы өзбекке рахметімізді айтып кейін қайттық. Ендігі міндет Шайхы ахун туралы дерек жинау. Ол үшін Нөкіс қаласындағы діни басқармаға баруға тура келеді. Олардың сақталған архивтері болса Хожеліде имам болып істеген жерлесіміз жөнінде мағлұмат алуға болады деп есептедік. Қонақ үйдің қожаларынан сұрастыра жүріп Қарақалпақ Республикасы діни басқармасының бас қазиы Әлімбетов Қыдырнияздың тұрағын анықтадық. Телефон арқылы хабарласқанымызда бүгін, ертең қолы тимейтінін, шетелдік қонақтармен бірге болатынын, жұма күнгі бесін намаздан кейін үйінде күтетінін айтты. Ол күнгі өзіміздің жоспарымыз бұзылатын болса да келістік. Біреудің кілті аспанда. Сондықтан кездесуге асықтық.
Әлімбетов Қыдырнияз 1990 жылдары Хожеліде, Нөкісте медреседе ұстаз болып жасаған. Қоңыратта 2000-2006жылдары қаланың бас имамы болады. Содан кейін Республика діни басқармасын басқарып келеді. Алыстан келген қонақтарға деген құрметі шығар, төріне шығарып, алдымызға шай алдырды.
Сіздердің жерлестеріңіз Шайхы ахун туралы көп естідім. Ол осындағы «Пірім ишан» деген мешітте имам болып істепті. Бірақ оның сол мешітте істеген жылдары туралы дерек бізде жоқ. Оны Ташкенттегі діни басқармадан іздестіру керек. Өзіңіз де білетін шығарсыз, бұрын Орта Азия республикалары және Қазақстан діни басқармасының орталығы Ташкентге орналасып, қалаларға, аудандарға қызметке адам тағайындау солардың құқында болды. Ал біздер өз алдымызға бөлек діни басқарма болып тек бұрынғы Кеңес Одағы тарап, әр республика тәуелсіздігін жариялағаннан кейін ғана қолымыз жетті. Ол күні кеше ғана. Шайхы ахун туралы деректердің, құжаттардың бізде болмауы сондықтан. Бірақ осы Хожелі қаласында, осы өңірде оны көзі көріп батасын алған, қиналған сәттерде шапағаты тиген адамдар оны жылы ілтипатпен әлі де есіне алады. Ол қызмет жасаған 50- 60-шы жылдары Хожелі қаласында қарақалпақ Алланазар ахун, өзбек Смайыл қари, қазақ Шайхы ахун бірге қызмет жасапты. Қайсысының кәзіргі біздерше айтқанда приказбен тағайындалғанын анық айта алмаймын. Бірақ осы дарияның жағасын мекендеген қай халық болса да бірін бастық, екіншісін көмекші деп қарамапты. Үшеуіне де бірдей құрмет жасап, бірдей қадірлеп өтіпті. Себебі қай-қайсысының да білімі, парасаты өте жоғары болған. Жеке бастарының мүддесін ойламай қара халық үшін қызмет жасаған. Әрине, көп ішінде әрқилы пікірлер кездесіп қалады. Олардың ауызбіршілігін көре алмаған біреулер бастары бірігіп отырған шақтарда әртүрлі қитұрқы сұрақтар қойып, бір-біріне теріс әңгімелер айтқан да кездер болыпты. Маған осы әңгімені айтушы адамдар: «Бәрі де пенде ғой, іштерінде не болып жатқанын білмедік. Бірақ сырттай ренжіскен, айтысқан кездерін көрмедік те, естімедік. Бәрінің де алдына қойған мақсаты Алла жолынан ауытқымай мұсылмандардың ауызбіршілігін сақтау болатын және сақтады да. Өмірден сол иманды күйінде кетті» деп еді.
Оларды халықтың құрметтеп, төбеге көтергені сондай, мынадай жағдайлар да кездескен. Кеңес өкіметінің саясатын өзің білесің. Анда-санда орынсыз тиісіп, «мыналарды ақ адал еңбегіңмен тапқан жоқсың» деп үйіндегі дүние мүлкін алып кететін де болған. Мен осы күні былай деп ойлаймын. Олардың өздерін қудалап, ретін тауып темір торға қамауға қалың халықтан ығысты, оның үстіне соңғы кезеңдері дінге де қатты қараған жоқ еді ғой, әсіресе бізде. Қолдарынан келгені жаңағыдай әрекеттер болған. Бірақ көп ұзамай-ақ араға күн сала ма, әлде ай сала ма, әйтеуір халық сүйіктісіне айналған Шайхы ахунның үйінде дүние мүлік қайтадан жиналатын болған. Халықтың ұлылығы осы емес пе. Бірлікті, татулықты үндеген адамға бар халық бірлесе жүріп қамқор жасайтын еді. Бұл міне, жаңағы өзіңіз айтып отырған өмірден өткенде үйіндегі бар мүлкін, тіпті мүрдесін жуған жердегі топырағына дейін тәбәрік қылып алып кеткен халықтың оған деген ерекше сүйіспеншілігін білдіреді. Әзірге айтатыным осы. Шайхы ахун туралы қосымша деректерді жинауға көмектесейін. Менің осындағы бір орынбасарым Ниетулла деген жігіт бар. Ұлты қазақ, қандастары. Маңғыстауда тумаластары тұрады. Шүкір, кәзір екі ортада жиі байланыс бар ғой. Сонымен келісулеріңе болады. Ал, Шайхы ахунның қызмет істеген жылдары туралы құжаттарды Ташкенттегі діни басқармадан алып жіберуді мойныма алайын, - деді Республиканың бас қазиы.
Айтпақшы, - деді артынан, - Осы Нөкіс қаласында Өтеулиев Өмірбек деген жазушы тұрады. Қарақалпақ жеріндегі әулиелі орындар, белгілі діни қайраткерлер туралы жазған. Қателеспесем соның соңғы кітабының ішінде Шайхы ахун туралы да бар сияқты еді. Ол осындағы республикалық «Еркін Қарақалпақстан» газетінің бас редакторы. Жұмыс орны сіздер жатқан «Нөкіс» қонақ үйіне жақын. Хабарласыңыздар, мүмкін қосымша деректер табылып та қалар, - деп қош айтысты.
Қатарынан екі рет барғанымызбен бас редакторды кездестіре алмадық. Жұмыс бабымен аудандарда іссапарда жүрген көрінеді. Редакцияға барып отырғанымызда белгілі тарихшы, профессор, Қарақалпақ Республикасына еңбегі сіңген ғылым қызметкері Шәріп Бабажановпен кездестік. Ол Қарақалпақ еліндегі репрессия жылдарының құрбандары жайлы тынымсыз ізденіп бірнеше кітап жазған адам. Бұл екі елдің тарихы да, тілі мен діні бір-біріне өте ұқсас. Әуелден де көршілес отырған халықтар қыз беріп, қыз алысып тамырласып кеткен. Сол дәстүр күні бүгінге дейін жалғасып келеді. Оның үстіне Қарақалпақстан 1925-30 жылдары Қазақстанның құрамында болып келген. Артынан 1930-35 жылы Ресейге, 1935 жылдан бастап Өзбекстанның қарамағында. Жасыратын ештеңесі жоқ, олар қазақ халқымен әлі де бірге болуға қарсы емес. Шәріп ағамыз Ташкенттегі қауіпсіздік органдарындағы тынымсыз еңбегі жайында әңгімеледі.
Бұл жерге қазақтардың көп қоныстануы 1930 жылдарға жатады. Қоныс аударушылар аштан өлмес үшін Орта Азия республикаларына дәл осы қарақалпақ жері арқылы өтеді. Кейбіреулері одан әрі Өзбекстанға, Түрікменстанға кетеді. Ол жақтарға да тұрақтай алмай Иран, Ауғанстанға асқандары қаншама. Қарақалпақ АССР-ның Халық Комиссарлар Кеңесі 1933 жылы босқындарды орналастыру, оларды азық-түлікпен қамтамасыз ету, жұмысқа орналастырумен айналысады. Сол жылдың 1 шілдесінде Казкрайкомға, Ораз Исаевқа жіберілген телеграммада қарақалпақ жеріне 3358 жанұяның көшіп келгендігі, оның 1215-і ауыл шаруашылығы ұжымдарына, 1243-і жергілікті өндіріс орындарына орналастырылғаны көрсетіледі. Ал оның 900-і бұл жерде қалуға үзілді-кесілді қарсы болып туған жеріне оралу мақсатында Арал теңізіне бет алады. Тойып тамақ ішпеген адамдар арасында эпидемиялық аурулар шыға бастайды.
Осындай қиын кезеңдерде біздің халықтарымыз бір-біріне қамқор, сүйеніш бола білген. Бірақ ел басына келген анау бір нәубет жылдары біз көптеген қандастарымыздан, қазақ, қарақалпаққа ортақ белгілі тұлғаларымыздан айрылдық. Менің өмір бойы зерттеп келе жатқаным да солар жайлы. Әлі де ізденіп жарыққа шығаратын жұмыс жетерлік. Бір-бірімізбен хабарласып тұралық. Ол қай-қайсымызға да пайдалы болады, - дейді Шәріп ағамыз.
Ендігі бағытымыз Хиуа қаласы болды. Хиуаға кетіп бара жатып Хорезм облысының Қоскөпір ауданындағы Ғазабат қыстағына соғып кетуді жоспарладық. Өйткені осы ауылда Бекет атамыздың ұстазы Бақыржан баба жерленген. Мағмун атындағы Хорезм академиясының ғалымдарының айтуы бойынша Бақыржан баба 1720 жылы өмірге келген. Мұхаммед пайғамбардың ұрпағы болып есептеледі. Бақыржан бабаның (Сеид Мұхаммед Бокирдің) көптеген шәкірттері қасиетті адамдар қатарына жатады. Үргеніш мемлекеттік университетінің тарих факультеті деканының орынбасары Мадамин Эшмұратовтың «Өзбек және қазақ халықтарының діни бірлестігі» атты еңбегінде екі ел арасындағы байланысты айта келіп, 1812 жылы шыққан Мұхаммед Мехригунның «Рисолаи Хилвати Суфихо» деген кітабына сілтеме жасайды. Ол кітап Өзбекстан Республикасының Шығыстану институтының қорында сақтаулы екен (Қор № 7610). Сол кітапта «Бақыржан бабаның шәкірті Бекет. Ол Маңғыстаудан. 1776 жылы Хиуа қаласында Шерғазыхан медресесінде Бақыржан бабадан дәріс алған. Екі жылда құранды жатқа оқып қари атағына ие болады. Оны құрметтеп Бекет Бектұрды деп атаған. Бек - белгілі, ұлы деген мағына білдірсе, Тұрды - Аллаға берілгендігін айғақтайды» деп жазылған екен. Ал, Бақыржан баба өзінің «Тазкирайи Мұхаммед Бәкир» атты кітабында ғұлама шәкірті Бекетті Бекет Ахмад деп те атаған ( Ахмад-Алланың нұры түскен). Бекетке 1788-90 жылдары ұстазы Бақыржан баба (Сеид Мұхаммед Бәкир) пір атағын береді. Содан кейін елге оралады.
Әрине Атамыздың одан кейінгі өмірі, көрегендік қасиеті, ұстаздық жолы туралы өзімізде бірнеше кітаптар шықты. Баспасөз беттерінде жүздеген мақалалар жарияланды. Оны бір сөзбен айтып тауысудың мүмкін еместігі белгілі. Біз үшін ең маңыздысы Бекет атамыздың сол жақта оқығандығы туралы ауыз екі әңгіме емес, нақты деректермен анықталғандығы.
Газабат ауылының шет жағындағы үлкен қорымда Бақыржан баба жатыр. Бұрынғы салынған ескерткішін қайтадан жаңартқан. Жанына шипа іздеген адамдардың легі таусылмайды екен. Осы жерде айта кететін бір жай, тек қана Өзбекстан емес, басқа жерлерден де Бақыржан бабаға келушілердің көп болуына байланысты облыстық ішкі істер басқармасы МАИ қызметкерлеріне «Ата басына арнайы келе жатқан көліктерді тоқтатып, онсыз да жол соқты болып шаршаған адамдарды мазаламауды» қатаң тапсырған. Бағытыңды білгеннен кейін қолын күнқағарына тигізіп қош айтысып қала береді. Олардың бұл қызметіне риза болып «Өткенге деген құрмет, болашаққа деген сенім кез келгеніміздің бойынан табылып жатса адаспассың-ау» деген ойда болдық.
Бақыржан бабаның сыртқы бетінде Реджепбай жерленген. 1950 жылы туған. Бұл кісі Бақыржан бабаның алтыншы ұрпағы. Бақыржаннан Хидоят туады, одан Тәлхә, Тәлхәдан Ата ишан, одан Смайыл, Смайылдан Абдулла, Абдулладан Реджепбай. Бекет атамыздың 250 жылдығын бүкіл еліміз, исі мұсылман елдері болып тойлағанымызда осы Реджепбайдың арнайы келгені бәріміздің де есімізде шығар.
Әкем өмірден өтер алдында біздерге, балаларына Бекет атаның басына барып тұруды аманат етіп кетті. Үлкен атамыздан білім алып төрткүл дүниеге мәшһүр болған Бекет атамыз біз үшін үлкен тұлға. Әке аманатын орындау мақсатында өткен жылы Маңғыстауға барып кеткенмін. Тағы да ойымыз бар, - дейді оның баласы Назарбай.
Қауымның ортасында бір құдық бар. Назарбайдың айтуы бойынша бұрын осындай құдық барын ешкім білмеген. Бақыржан бабаның басына келіп жүрген бір суқараңғы Реджепбайға:
Осы жерде көміліп қалған құдық барын маған Бақыржан баба аян беріп айтты. Соны тауып аршыңыздар. Талай адамға шапағаты тиеді екен, - деп таяғымен түртіп осы жерді көрсетеді. Сол жерді қаза келе көміліп қалған құдыққа тап болдық. Аршып, қалпына келтірдік. Жаңағы соқыр адам тал түсте құдыққа еңкейіп, күннің сәулесі түспейтіндей етіп бүркенген адамға ерекше бір сәуленің көрінетінін айтты. Біреуге жарық, біреуге жұлдыз болып елестейді екен (Әрине кез келгенге ол сәуле көрінбейді). Алдынан үміт күтіп, болашағының тыныш болғанын кім жек көреді. Бақыржан бабаның шапағаты тиіп жатса деген үмітпен біз де көрпе бүркеніп тас қараңғы құдық түбіне үңіліп, тап болған көріністерді жақсылыққа жорыдық.
Аттанайын деп жатқанымызда Назарбай бәрімізді биік ағаштың көлеңкесінде орналасқан тапшан үстіне шақырды.
Мынау Бақыржан бабамыздан қалған мұра. Кезінде пайдаланған тасбиғы. Мұнда біз көріп жүрген басқа тасбихтардай отыз үш тас емес, бес жүздің үстінде. Әрбір тасы ірі етіп жасалған, - деп қалтаға салынған тасбихты алдымызға жайып көрсетті.
Бақыржан бабаның 1720 жылдары туғанын айтып өттік. Сол кісінің ұстап тұтынған тасбиғы міне, алдымызда жатыр. Тастарының көлемі баяғы есепшілердің сыртылдатып қағып отыратын есепшотының тасындай, ұзындығы шамамен үш метрдей болар.
«Жарықтық-ай, - дедік тасбихты ұстап, маңдайымызға тигізіп, - Кімдердің қолы тимеді дейсің бұл қасиетті мүлікке. Ұстазынан дәріс алып, сол білім ордасындағы алдыңғы қатарлы шәкірт атанған Бекет атамыздың да қолы тиді ғой бұл тасбихқа».
Бәлкім бойына Алланың ерекше нұры құйылып, шапағаты тиген Бекет атамыз осы тастарды санап отырып өзінің алыста қалған Маңғыстауының амандығын, елінің бірлігін, ұрпақтарының саналы болуын Жасағаннан сұрап күңірене құран да оқыған шығар.
Кім біледі, сол уақытта жасы әлі жиырмаға да толмаған, бірақ ғұлама ұстаздардан дәріс алып ұлы қасиеттер бойына жиналған Атамыз алдағы замандардың аумалы-төкпелі болатынын да, ұрпақтарының бір кездері қырын кетіп адасатынын да, бірақ ел болып еңсесін көтергеннен кейін Темірқазықтай мәңгі адастырмас аталар жолына қайтадан түсетінін де білген шығар.
Ендігі бағыт Хиуа қаласы. Бұл осы Газабат ауылынан көп қашық емес.
Хиуа... Сонау ерте кезден-ақ талай саяхатшының еңбегіне арқау болған қала.
Aт арытып алыстан келген талай адамды қайталанбас архитектурасымен өзіне табындырған шаһар.
Өз саясатын жүргізіп, өз айтқанын ғана орындатып билік жүргізген 56 ханға мекен болған қала.
Бірі құдайдың жіберген ажалынан өлсе де, көбі қастандықтың құрбаны болып, талай ханның басы шабылып, қаны төгілген қала да осы Хиуа.
Хиуа сонау ерте кезден-ақ Хорезмнің орталығы болған. Мәдениеті дамыған, дүниенің түкпір-түкпірінен келіп айтулы ғұламалардан дәріс алатын үлкен білім ордасы болған жер. ҮІІІ ғасырда бұл аймақты арабтар жаулап алады да, Хорезм ислам әлемінің бір бөлшегі болады. ІХ-ХІІІ ғасырларда Хорезмшах мемлекеті өсіп өркендейді. Алайда осы бір білім, мәдениет орталығы болған өлке XІІІ ғасырда монғолдар шапқыншылығына ұшырап құлазып қалады. ХІҮ-ХҮ ғасырларда бұл өлке Темір әулеті мемлекетінің бір бөлігі болса, ХҮІ ғасырларда Шыңғыс әулетінен тарайтын хандардың қол астына қарайды. ХҮІІ ғасырдан бастап Хиуа Хорезм хандығының астанасына aйнaлaды.
Жан-жақтан келген саяхатшының да, бұл өлкенің өткен тарихы қызықтыратын ғалымдардың да алдымен баратын жері Ичан-қала. Ичан-қала «ішкі бекініс» дегенді білдіреді. Хиуа қаласы ХҮІ-ХҮІІ ғасырларда осы шекарада болды. Биіктігі 7-, ені 4-болатын қалың балшық қабырғалармен қоршалған. Осы қабырғалардың ортасы, бұрышы жарты дөңгелек башнялармен көмкерілген. Бұл қабырғалар қаланы қандай жау келсе де қорғап, алдыртпаған.
Ичан-қала Хиуаның тарихи орталығы, ЮНЕСКО-ның есебіне енген. Бұл жердегі хан сарайы, мешіт, медресе, минарет, мавзолейлерді есептегенде алпыстан астам архитектуралық ескерткіштер бар.
Біз осыншама архитектуралық сәулет өнерлерінің әрқайсысына тоқталып, олардың тарихын баяндауды мақсат тұтпай, осы қаладағы біздің өлкемізге қатысты жерлері жөнінде ғана мағлұмат беруді парызымыз санадық.
Хиуа қаласындағы бұрыннан келе жатқан білім ордаларының бірі «Шеғазыхан медресесі». Бұл медресе құрылысы 1719 жылы басталып 1726 жылы аяқталады. Оның салынуы жөніндегі аңыздар желісіне ерік берсек «Сол уақытта тақта отырған Шерғазы хан (1714-1726) жан-жақтан әкелінген 5000 құлға медресе құрылысы тезірек және сапалы бітсе бастарына бостандық беретінін айтады. Алайда әлдебір себептермен құрылыс жұмысы созыла береді. Ауыр жұмысқа шыдамаған құлдар көтеріліс жасап ханның басын алады».
Бұл медресе үлкен білім ордасы болған. Кезінде «Маскан-и-фазилон» (Гұламалар үйі) атанған бұл жерден мұсылман әлеміне белгілі ғалымдар, ақындар оқып дәріс алған. Солардың бірі түрікмен ақыны Мақтымқұлы пырағы (1733-1783) және қарақалпақ ақыны Әжнияз Қосыбай оғлы (1824-1878) болатын. Мақтымқұлы 1757 жылдан бастап осы медреседе дәріс алады. 1760 жылдың 21 наурызында әкесі дүние салғаннан кейін еліне қайтып оралады. Алғаш білім алған, тәлім алған оқу орнын ол былайша жырлайды:
Үш жыл бойы таттым дәм мен тұзыңды,
Кетіп барам, қош бол, гөзел Ширғазы!
Көрдім сенің көктеміңді, күзіңді,
Кетіп барам, қош бол, гөзел Ширғазы!
Білер болдым, енді ақ пен қараны,
Досты, қасты, өтірік, шын, жаланы.
Кітап ашып дос қылдым мен дананы,
Кетіп барам, қош бол, гөзел Ширғазы!
Артынан ұлы ақын Кавказ, Ирак, Сирия, Ауған, Үнді сияқты елдерге сапар шегіп өз заманының хал-ахуалын зерттеген.
Осы медресенің ішінде екі ақынға, терең ойшылдарға арналған көрме залы бар. Өмір жолдарынан деректер келтіріліп, кітаптары қойылған. Туған халқын қай уақытта да мақтаныш тұтып, оның ертеңін бір сәтте есінен шығармай жырлап өткен Әжнияздың:
Өтірікті рас етіп айтпаған.
Тура жолдан бас кетсе де қайтпаған.
Нәмәхрамды қасына жолдас тұтпаған,
Аты қарақалпақ елім бар.
Қасқалдаққа бір ағары май бітсе,
Қарқылдасып қонар көлін танымас.
Патшаның дәулеті қайтайын десе,
Көзіне май бітіп, туған елін танымас, -
деген өлеңі өзіне арналған бөлменің қақ төріне жазылып ілініпті.
Алыс-жақын шет елдерден күн сайын ағылып келіп жатқан туристер атақты «Шерғазыхан медресесіне» бас сұқпай кетпейді. Көздің жауын алатын хас шебердің қолынан шыққан сәулет ескерткіші бір қызықтырса, кезінде осында оқып атағы үшкіл дүниеге тараған ақындардың өмір жолдарымен танысып мол мағлұмат алып кетеді. Өз халқының маңдайларына біткен асылдарын дәріптеп, сонау Хиуа жерінде де мұражай ашқан түрікмен, қарақалпақ халықтарына іштей риза боласың.
Бүкіл ислам әлеміне өзінің қасиетімен, көрегендігімен, ерекшелігімен танылған Бекет атамыздың да дәл осы медреседе оқығанын, Бақыржан бабадан дәріс алғанын жоғарыда айтып кеттік. Ұлы Атамыз туралы осы жерде жан-жақты мағлұмат берілсе, деректер мен еңбектер қойылса нұр үстіне нұр болар еді. Осы ойдың бастамашысы Өтетілеуов Қырлыбек ініміз екенін айтып кеткеннің бөтендігі болмас. Өйткені жұмыс бабымен ол бұрын да Хиуаға келіп, «Шерғазыхан медресесінде» бірнеше рет болыпты.
Әрине өзбек ағайындардың «сөйтейік» дегенге «ләббай» демесі белгілі. Сондықтан осы Ичан-қала мұражайының тарих бөлімінің меңгерушісі, ғылым кандидаты Құдайбергенов Комилжанмен жолығып, ой-пікірімізді білдірдік. Атамыз жөнінде жан-жақты түсіндіріп, өзбек ғалымдарының еңбектеріне де арқау болып жүргенін көлденең тарттық.
Сіздің ойыңыздың бөтендігі жоқ. Бекет атамыз жөнінде бұрыннан да хабарлымын. Мұражай қызметкері ретінде мен сіздің ойыңызды қуана құптаймын. Бекет атаға арналған көрме залы ашылса ол біздің мәртебемізді көтермей ме. Мен тіпті сізге болашақ көрме болатын бөлмені де көрсете аламын. Оның жөндеу жұмысына кететін қаржының шамасын да айтуға болады. Бірақ екеуміз де тек мұражай қызметкеріміз. Қолымызда қаржы, болмаса үлкен билік жоқ. Сондықтан Бекет атамызға көрме залын ашу үшін жоғары жақтың бір-бірімен келісімі керек. Мен өзімнің директорыммен (Хиуа мемлекеттік «Ичан-қала» мұражай қорының бастығы) жолығып, сіздің облыстық мәдениет басқармасына келісім хат жібертуге жұмыстанайын. Бірақ негізгі мәселені жаңағы айтқан екі жақтың басшылары шешеді. Егер сәті түсіп бұл мәселелер шешіліп жатса, алдағы бірлесіп жасалар жұмыс жөнінде талай ақылдасармыз, - деді.
Атамызға арналған көрме жасауға ешкімнің де қарсы болмайтыны, қайта оны қуана қолдайтыны айдай анық нәрсе. Тіпті қолында мүмкіндігі бар қаржылы азаматтардың бұл іске оң көзқараспен қарайтыны да белгілі. Ең бастысы сол жақтың (Хорезм облысының, болмаса Хиуа қаласының әкімдері) келісімі керек.
«Ичан-қала» мұражай қорығының бастығы Б.К.Давлетовтың біздің облыстық мәдениет басқармасының бастығы М.Гумароваға жазған хатын қолымызға алдық. Болашақ жасалар жұмыстың бастамасы болғай деген тілекпен елге келгеннен кейін оны Майра қарындасымыздың қолына табыстадым.
Дәл осы «Шерғазыхан медресесінің» алдында Пахлаван Махмудқа арналған мемориал бар. Пахлаван Махмуд (1247- 1326) белгілі ақын, философ, тәуелсіздік жолындағы күрескер болды. Ол сонымен қатар тері өңдеудің, одан әртүрлі бұйым жасаудың да шебері екен. Оның ақындығы, терең ойлылығы тек Хиуаға ғана емес, Иран мен Индияға да жайылған. Ақынның мүрдесі өз өтініші бойынша өзінің шеберханасының қасына қойылған. ХІҮ-ХҮІ ғасырларда оның жан-жағына қаланың басқа да белгілі адамдары қойылады. Бекет ата оқыған медресені кезінде Шерғазыхан Махмуд Пахлаванның жатқан жеріне бағыттап салдырған көрінеді.
Үлкен мемориалдың жан-жағындағы архитектуралық құрылыстар, ондағы жатқан әр кезеңдердегі белгілі адамдар туралы айтып тауыспаспыз. Сондықтан мемориалдың бас бөлмесінде жатқан адамдар туралы қысқаша айтып өтейік. Өйткені бұл тұлғалардың кезінде біздің өлкемізбен қарым-қатынаста болғаны, кейбіреулерінің Маңғыстау топырағына табанының тигені де белгілі.
Күмбезі көк тіреген үлкен зал етектен бастап өте қымбат бағалы көкшіл-қоңыр тастармен көмкеріліп әшекейленген. Онда салынған ою-өрнектердің көз тартар әдемілігіне, бір-бірімен тігісін білдірмей жымдасып жатқанына қарап-ақ бармағынан бал тамған айтулы шебердің қолынан шыққанын байқайсың. Мемориал қызметкерлері қымбат бағалы тасты да, шеберлерді де Иңдиядан алдырыпты дейді.
Бәлкім рас, бәлкім аңыз. Мұхаммед Рахим хан-1 (1806- 1825) Пахлаван Махмудқа арналған мавзолейді алғаш 1810 жылы салдырған. Мүмкін ұлы ақын, философты құрмет тұтқан хан түбінде өзінің де осы күмбез астында жатуы үшін бар байлығын аямай, қолындағы билігін толықтай пайдаланған сияқты. Қақ төрде биік тұғыр үстінде өзі жатыр. Одан төменде сол жақта кішкене ғана екі құлпытас. Қасына бармасаң көзге түспейді десе де болады. Әлдебір себептермен осында жерлене салған біреу шығар деп те ойлап қаласың. Сұрастырып білгенімізде таңданысымызды жасырмадық. Бұл жатқандар әйгілі Әбілғазы мен оның баласы Ануша хан екен.
Тарихта ұлы реформатор, билеуші, ғалым ретінде атағы қалған Әбілғазы. Таққа отыру жолында талай қуғын-сүргінді басынан кешіріп ажалмен бетпе-бет келген Әбілғазы осы. Бірақ өле-өлгенше тақты жағаламай өмірде көрген-түйгенін, білгенін жазып қалдыру мақсатында тақ билігін баласы Анушаға берген де осы Әбілғазы. Күні бүгінге дейін дүниенің көптеген ғалымдарының сілтеме жасап, басшылыққа алатын атақты «Түрік шежіресін» жазған да кәзір бір уыс болып жатқан осы Әбілғазы болатын.
Әбілғазы 1603-1664 жылдар аралығында өмір сүріп, 1645-1663 жылдары Хиуа ханы болды. Хорезм хандығының астанасы Үргеніште Жошы ұрпағынан тарайтын Арабмұхамбет ханның отбасында туған. Әкесі Арабмұхамбет хан 1602 жылы Хорезм ханы болып жарияланған. Шешесі Меһірбану да Шыңғыс хан әулетінен шыққан, Арал теңізі маңындағы қазақ руларының ханы Жанғазы сұлтанның қызы. Әбілғазы әкесі салдырған Арысхан медресесінде оқып, ғұлама ғалымдардан дәріс алған. 16 жасқа шыққанда әкесі оны үйлендіріп, Үргеніштің жарты бөлігін билеткен. Алайда әкесінің қартайған шағында балалары арасында билікке талас басталады. 17 жастан бастап бұл билікке Әбілғазы да араласады. Оның аяғы ағайындар арасындағы қарулы қақтығысқа ұласты. Сондай соғыстың бірінде 1621 жылы Әбілғазы жараланып Әмударияны жалғыз жүзіп өтіп Маңғыстаудағы түрікмендерді, қазақ хандары Есім мен Тұрсынды паналайды. Алайда 1628 жылы ағаларының қолына тұтқынға түсіп Иранға жер аударылады. 1638 жылы Исфаханнан қашып шығып түрікмен рулары арасында жасырынып жүрген.
Ол уақытта түрікмендердің жайы да онша болмаса керек. Қалмақтар қайта-қайта шабуыл жасап өз үстемдігін жүргізе бастаған. Оны Әбілғазы артынан өзінің «Түрік шежіресі» атты кітабында былай деп жазады: «Ол уақытта Маңғышлақ түрікмендері де бұзылған екен. Жүз үй қалып олар да қалмаққа бағынышты болыпты. Қалмақтың патшасы менің келгенімді естіп, жақсы кісілерін жіберіп мені алып барды да, бір жыл сақтап Үргеніште отырған өз халқымыздың ішіне жіберді» (Әбілғазы. Түрік шежіресі. 194-бет).
Бұл туралы Ә.Кекілбаев «Ұйқыдағы арудың оянуы» атты кітабында былай деді: «ХҮІІ ғасырдың орта шенінде қалмақтар Орта Азияға жойқын жорықтар жасады. Солтүстік түрікмендер, қарақалпақ пен маңғыстаулықтар талауға түсті. Түрікмендер Маңғыстауды енді ғана қоныстандырмақ болғанда, қалмақтармен шайқасуға тура келді. Ақыры қалмақтарға түрікмендердің біраз рулары бағынып, бас иді де, өте жауынгер қызылаяқ, ерсары рулары қалмақтарға бағынбай, Балқанға ауды» (Ә.Кекілбаев. Таңдамалы шығармалар).
Ол кездегі Жем бойындағы қалмақ ханы Хо-Орлек болатын. Осы жерден Арал қазақтары көп сыйлық беріп Әбілғазыны қалмақ ханынан сұрап алып, өздеріне хан көтереді. Арал қазақтары Хиуа ханы Аспандиярға қарсы көтерілгенде Әбілғазы солармен бірге болған. Екі жыл бойы Хиуаға дамылсыз шабуыл жасап, ақыры 1645 жылы Хиуаға хан болады. 1663 жылы хандық билігін ұлы Ануш Мұхаммедке беріп, бейбіт істермен айналысуға мүмкіндік алып, шығармашылық жұмысқа кіріседі.
Міне, мынау сол жатқан Әбілғазы. Өмірдің небір тауқыметін де көрді, дегені болып хан да болды. Оған жерден биіктігі 44см, ұзындығы 1,5 метрдей кішкене ғана құлпытас қойылған. Сырттары өсімдік суреттерімен безендірілген. Құлпытастың үстіңгі бөлігінде ескі парсы тілінде араб харпімен жазылған жазулар. Өзінің сөзі ме, әлде оны қоюшылар жазды ма, ол жағы белгісіз. Комилжан Құдайбергенов өз еңбегінде ол жазуларды өзбек тіліне былай аударыпты:
1. О, дүние-ай, жүз қиындық көрдім мен мына заманнан.
2. Шах Әбілғазы әділ хан болды. Оның әділдігі туралы бәрі айтады.
3. Сондықтан шахты топырақ астына жасырды.
4. Бұл жәннат мекен шахтың ұшып келіп қонған жері.
5. Екі көзден парлап жас ақты. Ол былай деді: «Дүниенің билеушісі қайда».
Ия, айтса айтқандай «Барар жерің Балқан тау, ол да біздің көрген тау» демекші өмірден өткен кім-кімнің де барар жері, мәңгілік тыныш табатын жері осы. Абырой-атағың да, аспанға түкіріп дегеніңді жасатқан хандығың да енді ел аузында айтылар аңыз болып қала береді.
Келесі бөлмеде жерленген Аллақұл хан. Маңғыстауды уысынан шығарғысы келмей қайта-қайта шапқыншыларын жіберіп, барымталап малын, зорлықпен дүниесін алып талай сұлу, талай боздақты қосақтап жіпке тізіп әкететін де осы.
Маңғыстауда салынып жатқан орыс бекіністері түбінде осы бір құт мекенді тартып алатынын біліп, тордағы арыстандай арпалысқан да осы Аллақұл.
Бозашыдағы Сүйінқара аулын шауып, оған місе тұтпай жолындағы түрікмен, қазақ ауылдарын қоса барымталап, қанға боятқан да осы Аллақұл болатын.
Қапияда қол салған дұшпанның соңынан аздығына қарамай қуып, елі үшін арпалысқан ерлердің Үстірт үстіндегі «Кіші қырғын», «Ұлы қырғында» мәңгілік көз жұмуына себепші болған да осы Аллақұл.
...Аттанған Адай сегіз жүз,
Келер ме екен, келер күз.
Келер күзде келмесе
Аттанғаннан күдер үз, -
деген зар өлеңнің шығуына себепші болған да осы Аллақұл.
Туған топырағына опасыздықпен шабуыл жасап, жел тигізбей мәпелеп отырған сұлуды алдына өңгерген, ақ адал маңдай термен біткен дәулетті масайрап қуып бара жатқан дұшпанның соңынан келіп, арпалысқан Құлбарақ сынды асыл ердің басының шабылуына да себепші болған осы Аллақұл болатын.
Не керек, осының бәрін ойымнан өткізіп, бұл өмірде дым болмағандай тым-тырыс жатқан Аллақұлдың басында тұрмын. Билеуші біткеннің тойымсыздығы, ол үшін қара халықтың тағдырының ойыншық құрлы болмайтындығы, бір кезде өзінің де қара жердің қойнына баратындығын тірі кезінде ойламайтын әпербақандықтың да жолының таусылып, керуен көшінің тоқтайтын жері осы екен.
...Елді шауып, қапталына Сүйінқараның басын өңгергеніне мәртебесі өсіп келген Мәмбетнияз хан отырған ақ ордаға ентелей кірді. Жорыққа аттанар алдында «Болса өзін, болмаса басын шауып әкел» деген тапсырмасы бар. Хан тарапынан көрсетілер зор сияпатты күтіп шабылған басты хан иесінің алдына домалата салды.
Өзіне күле қарап жатқан басқа көзі түскен Аллақұл:
Жоқ, бұл Сүйінқара емес. Бірақ бұл құр адамның басы да емес. Құрметтеп Пахлаван Махмұдтың қойымшылығына жерлен. - деп тапсырма береді.
Қанша дегенмен хан емес пе, бұл жерде Аллақұл өзінің ханға лайық шешімін айтты. Алдында жатқан бастың елі үшін арпалысып, қапыда қаза тапқан батырдікі екенін сезді. Жауы да болса, батырға лайық құрмет көрсетуді өзінің борышы санады.
Сөйткен Аллақұл да осы мавзолей ішінен мәңгілік тыныштық тапқан. Аллақұлдан кейінгі Хиуаның билігін ұстаған Мұхаммед Рахим хан-2 де осы жерде.
Манадан бері ойымыздан шықпаған, әсіресе Аллақұлдың қабірін көргеннен кейін жанымызға тыныштық бермей келе жатқан «Құлбарақтың басы қайда?» деген сұрақ еді.
Мемориалдың сыртқы бетінде қойымшылық бар. Онша көп емес. Олай болуы заңды да. Хан сарайының іргесіне кез келгенді жерлей беруге рұқсат етілмейді. Аралап жүрміз. Көбінде жазу жоқ. Жан-жағымызға қарағанмен ештеңе таба алмадық. Бірақ Құлбарақ батырдың басының осында екені анық. Облыстық газетте оның осы қойылымшылықта екені, жатқан жерін «Бас әулие» деп атайтынын оқығанбыз. Сондықтан өзіммен бірге жүрген Комилжанға Құлбарақ тарихын айтып «Бас әулиенің» қайда екенін сұрадым. Ол біраз нәрсені білуге тиісті. Өйткені оның зерттеп жүрген ғылыми еңбегінің тақырыбы «Хиуа хандарының тарихын оқып үйренудегі Пахлаван Махмуд мемориалының рөлі» деп аталады. Ендеше Комилжан осындағы әрбір тасты, онда жерленген адамдарды да білуге тиісті.
Өте қызықты тарих екен, - деді ол менің Құлбарақ жайындағы әңгімемнен кейін. -Ана бір жылдары (одан бері де біраз уақыт өтті) сіздердің жерлестеріңіздің осындағы бір адамға орнатамыз деп мрамор тақта алып келгені есімде. Ол кезде басқа бір жұмыстармен айналысып жаттым. Сол кездегі жағдайдың қиындығына байланысты ма, әлде рұқсат етілмеді ме, білмеймін, ол тақта біздің мұражай қорында жыл, жыл жарымдай уақыт жатты. Артынан кейін алып кетті деп естідім. Мүмкін сол шығар. Құлбарақтың басының анық қайда жатқанын менің білмейтінім өкінішті. Осында ертеден істеп келе жатқан адамдармен кездесіп анықтап жатсам өзіңізге хабар жіберемін, - деді.
Одан сон Комилжан жол бойындағы үш адамға қатарласа қойылған мрамор тастарды көрсетті.
Мына кісілер өзбек халқына белгілі ақындар, қоғам қайраткерлері. Ерте кезде өмір сүрген. Бұл жерде олар жерленбеген. Бұл олардың рухына қойылған белгі. Елінің азаттығы үшін күресіп, қаза болған Құлбарақ батырға да осындай белгі қоюға болады. Келушілерге де, осындағы біздің экскурсоводтарға да өте қызықты тарих екен. Бірақ бұған да жоғары жақтың рұқсаты керек, - деді.
Елге оралғаннан кейін Құлбарақ батыр жайында көп жұмыстанған оның ұрпағы, «Беріш ата» қоғамдық қорының құрылтайшысы Қаржаубай Медихановпен жолықтым.
Ия, - деді Қаржаубай. - Менің өзім көптеген ағайындарды бастап Хиуаға бес рет бардым. Атамыздың басы жерленген жерді көрсеткен Өзбекстан мәдениетіне еңбегі сіңген қайраткер Сабыр Якубов деген кісі болатын. Оның көрсеткен жері Махмуд Пахлаван мешітінің құбыла бетінде, «Келте мұнара» жақта. Саған әңгіме айтқан Комилжанның «мрамор плита мұражай қорында жатты» дегені рас. Өйткені алғашында оның басына күмбез орнатуды жоспарладық. Ол Хиуа ескерткіштерінің стилімен салынуы керек болды. Архитектор да табылды, ең бастысы Хиуа қаласының әкімінен оның сол жерде жерленгені туралы анықтаманы алдық. Бірақ, сол кездің экономикалық қиындықтарына байланысты іс ұзаққа созылып кетіп тоқтады. Ал мраморды қайтып әкеліп Тигендегі Ата басына қойдық, - деді.
Осы жайларды естігеннен кейін Хиуаға Комилжанға қайта телефон соқтым. Ол Сабыр Якубовтың өмірден өткенін айтты.
Ал сол кездегі Құлбарақ басына күмбез орнатумен айналысып, оның сызбасын жасаған жігіттер бар шығар. Олар оның жатқан жерімен міндетті түрде танысады. Солармен кездесіп нақты хабарын қосымша айтармын. Өткендегі уәдем бойынша мұражай қорындағы Маңғыстауға қатысты құжаттарды қарап жатырмын. Әзір қолыма ештеңе түсе қойған жоқ, - деді ол.
Әрине, бірнеше жүз жылдық тарихы бар «Ичан-қаланың» (бұрынғы Хиуаның) мұражай қорындағы құжаттарды тез арада қарап шығудың мүмкін еместігі белгілі. Өйткені ондағы көптеген қағаздар араб, ескі парсы тілінде жазылғандықтан Комилжанның кедергіге кездесетіні анық.
Хиуадан аттанарда Комилжанға осындай тапсырмаларды айтып, бір-біріміздің электронды почтамыздың адрестерін беріп қош айтысқан едік.
Біз Нөкіске қайтып оралдық. Ертең елге қайтуымыз керек. Бесқалаға келген сапарымызда ойға алған мақсатымыз толық орындалды, бәріне үлгердік деп айта алмаймыз. Өйткені бұл өлкеге біздің қандастарымыздың табан тіреп, қоныс қылғанына көптеген жылдар өтті. Арада бірнеше ұрпақ ауысты. Аз уақыт емес. Олар осы жылдар ішінде бұл топыраққа сіңісіп, араласып кетті. Әуелден де тілі, дәстүрі бір халықтар бірін-бірі жатсынбай қыз беріп, қыз алысып құдандалы болғандарына не заман. Сол жақта ертеден қоныстанған қай қазақтың үйіне барсаң да, олардың қарақалпақпен араласын байқайсың. Орталарынан шыққан белгілі адамдарды ұлтына қарап бөле жармай мақтанышпен айтып отырады. Солардың төрінде дәмін татып отырып «Әттеген-ай, бұл туралы ертерек естігенде ғой. Амал қанша, топырақтан тысқары болып жатсақ келесі келгенде бұл кісі туралы сарғайған архив қағаздарын ақтарармыз» дейміз.
Әрине еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейін жыл сайын алыс жақыннан қандастарымыздың туған топыраққа оралып жатқаны белгілі. Оның үстіне бұл өлкедегі экономикалық жағдайлардың қиындығы елге оралу процесін одан әрі жылдамдата түсті. Осыған байланысты болар, кейбір жерлерде қазақ мектептері жабылып, болмаса қысқарып жатқандары бар. Ол өмір заңдылығы, солай болуға тиісті де.
Дегенмен мына көрші түрікмен еліңдей емес, бұл жақта қазақ мектептері де, жоғарғы оқу орнындағы қазақ бөлімдері де әлі жұмыс жасайды. Оны көзіміз көріп риза болған жайымыз бар.
Нөкіске келгеннен кейін кездескен адамдардан өмірден ерте озған айтулы ақын Төлеген Айбергеновтың қайда жерленгенін сұрадық. Нақты жауап ала алмағаннан кейін республикалық «Еркін Қарақалпақстан» газетінің редакциясында болып, ондағы жігіттерге осы сауалымызды қайта қойғанбыз. Сау болсын, олар өздері білмегенмен сол бойда телефонның құлағына жармасты. Университеттің қазақ бөліміне біздің жайымызды айтып түсіндіріп, ұзаққа созбай тез хабарласуын өтінді.
Көп ұзамай қонақ үйімізге сол университеттің оқытушысы Ерболат Сейітжанов өзімен бірге соңғы курста оқитын екі студентті Нұргүл Бүркітова мен Жазира Өтебаеваны ертіп келді. Машинамызға мініп Нөкістің шет жағындағы Шорша баба зиратына кеттік.
Бұл зиратта жерленген адамдарды табу өте қиын. Үлкендердің айтуы бойынша Шорша баба зиратына алғашқы адамның жамбасы тигеніне де мыңдаған жылдар өтіпті. Өте көлемді. Университетте оқитын қазақ балалары Төлеген ағаның басына жиі барамыз. Өйткені жыл сайын өзімізде Төлеген оқуларын өткіземіз, - дейді Нұргүл.
Қауымға келгеннен кейін ақынның қайда жатқанын білетін Нұргүл мен Жазираны алдымызға салып еріп келеміз. Әулие ішін қалың жантақ басқан. Бұл әсіресе екі қыз балаға қиын болды. Сондықтан баратын бағытымызды сілтетіп алып алға өзіміз түстік. Көп ұзамай биік өскен қарағай ағашына жақын орналасқан ақынның зиратына да жеттік. Қызыл кірпіштен қаланған кішкене ғана кереге там.
«Аңырай боздап туған жер құдіретін жырлаудан бір сәт те тынбаған, азғана ғұмырында қазақ даласына деген сағыныш шерін тарқатып үлгермеген, таңдайын тас бауыр шөлдер құрғатса да, өз қазығына жасы моншақтап жететін аруана құдіретін қымбат санаған» Төлеген осы. Отыз жасында қазақ әдебиетінің көгінен көрініп, әлі күнге дейін жыр сүйер қауымның құдіретіне айналған ақын. Бірақ, өз соқпағының көмескі баспайтынына, өз биігінің мәңгілік екеніне көзі жетіп кеткен Төлеген.
...Өле берсін күншілдер күйігінде, Өз ғасырым өзімнің иінімде. Ақ жаңбырлар тоздырған тау секілді Мен өлемін өзімнің биігімде.
Басына қойылған мәрмәр таста ақынның осы бір өлеңі ойылып жазылыпты. Құран оқытып, ақынға бір уыс топырағымызды салып кейін қайттық. Арқамыздан ауыр жүк түскендей. Сол жердің топырағын басқаннан бастап ойымыздан шықпай, тыныштық бермеген жай еді.
Осында жүріп белгілі шебер Бақыт Бозжігітов ағамызбен кездескен едік. Шымбайға киіз үйдің сүйегіне тапсырма беріпті. Соны көріп, бітіп жатса алып кету мақсатында жүр екен. Оның қолынан шыққан киіз үйдің Алматыдағы Президент резиденциясында екендігін көпшілік біледі.
Біздің Маңғыстау халқы ерте кезден-ақ киіз үйдің сүйегін осы жақтан алдырып, Шымбайдағы шеберлерге тапсырма береді. Бұл жерде оны жасаудың қалыптасқан орталығы бар. Атадан балаға жалғасып келе жатқан кәсіп. Еңселі, алыстан көз тартатын әдемі, төзімді киіз үйге арналған ағаштар да осы жерде өседі. Қараталдан және жөнеуіт деген ағаштардан жасалады екен. Әсіресе жөнеуіттен жасалған киіз үйдің сүйектері төзімді болып келеді, құрт-құмырсқа да әуес емес. Кәзіргі жасалып жатқан киіз үйдің сүйектері қараталдан жасалыпты. Бәкеңнің тапсырмасымен жасалған үйді тігіп қойыпты. Шамасы шебердің көз сынынан өтсін деген болуы керек. Тоғыз қанатты. Әрбір керегесі он сегіз бастан тұрады. Оның жайғандағы ұзындығы , биіктігі . Үйдің ортасынан шаңыраққа дейінгі биіктігі . Әрине осындай еңселі үй аппақ киіздермен жабылып, айтулы шеберлердің қолынан шыққан жабдықтармен безендірілсе кез келгенді таңдай қақтырары анық.
Мұндағы жауапкершілігі шектеулі серіктестік «Отау» деп аталады. Басшысы Хибатов Махмуд деген жігіт екен.
Жан-жақтан келіп жатқан тапсырмалар жетерлік. Көбі Маңғыстаудан. Әрине бұл олардың киіз үйдің қадірін біліп, бағалайтындығынан болса керек. Кәдімгі бес қанат, алты қанат үйлерді асықпай жасағанда екі, үш ай уақытымыз кетеді. Ал, мынадай үлкен үйге уақыттың көп кететіні белгілі. Оның уық, керегесі де бұрынғы үйлердей емес, өзіне сәйкестендіріліп жасалады. Киіз үйге керекті ағашты кесіп әкеліп одан кереге, уық, шаңырақ жасалғанша бірнеше сатылы жұмыстар өтеді. Кептіру, кесу, әртүрлі қалыптарға салып ию, көктеу деген жұмыстарға мән беріліп жасалуы керек. Керегелерді көктеу үшін түйенің мойын терісі пайдаланылады. Ол төзімді, мықты. Болмаған жағдайда өгіздікін пайдаланамыз. Мына тұрған жігіттердің әрқайсысының маманданған жұмыстары бар, -деп әртүрлі станоктардың қандай қызмет атқаратынымен таныстырды.
Тапсырыс беретін адамдарға керек болар деген ниетпен олардың адресін, байланыс телефондарын алдық. Жұмыстарына сәттілік тілеп бағытымызды Нөкіске бұрдық.
Міне, құрметті оқырман, Хожелі - Хиуа сапарымыз осылай аяқталды. Таныс емес жердің өткенімен танысу да бар, сонымен қатар сол көргендеріңді ой-елегіңнен өткізіп көкірегіңе түйіп қайтатын ойларың да болады. Бүгін орындалмағанмен ертең, болмаса болашақта қолға алармыз деген мақсаттарымыз да жетерлік. Бәрі де сәтіне байланысты. Алдағы күндерге үнемі үмітпен қарайтынымыз да сондықтан.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру