Текті тұлғаның тұнбасы
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Ізбасар Шыртанұлы. Текті тұлғаның тұнбасы
/uploads/3b4ece7d-3807-5e6e-807d-8daa3f96eec2/cover.png
АЛҒЫ СӨЗ ОРНЫНА
Ізбасар Шыртанұлы 1941 жылы Маңғыстаудың Жыңғылды деген жерінде дүниеге келіп, 2001 жылы Ақтау қаласында өмірден озды.
Әкесін соғыс жұтқан Ізбасар елдегі қасиетті қара шалдардың тәрбиесін көріп өсті. Әкесінің ағасы әйгілі Алшын Меңдалыұлы, атышулы өнерпаз Шамғұл Ыбырайымұлы тәрізді ақсақалдардың алдынан өнеге алды.
Ізекең өндіріс, шаруашылық салаларында жұмыс жасай жүріп, бүкіл саналы ғұмырын өнерге арнады. Ұлтының рухын аман сақтап қалу жолында, қасиетті қазақ тілін төрге шығару бағытында аянбай арпалысты. Қария сөз, тарих, жалпы ұлт мәдениетін қалыптастырған негізгі ұстындардың барлығының қасынан табылды. Ол — асқақ әнші, дауылды жыршы, дүбірлі домбырашы еді. Құдай тағала бір басына барша өнерді қия салған тұлпар – шабыт иесі өзін-өзі қызықтап өмір өткізген жоқ. Қашан да ел-жұртының арасында, өзінің өнердегі өрелес, тірліктегі деңгейлес замандастары — Сержан Шәкірәт, Күріш Тасболаттармен тең тұрып, тел жүріп, ұлтқа қызмет етудің үлгісін көрсетті. "Адайдың жеті қайқысының" тарихтағы орнын қалпына келтірді. Есірдің беймәлім күйлерін тапты. Жетпіс жылдық жезтырнақ жұлып алған ұрпақтар тамырының үзілгенін жалғады, жыртықтарын жамады, адасқандарды табыстырды...
Қолымыздағы жинақ — Ізбасар Шыртанұлы шығармашылығының бір парасы.
Еліміздің сүйікті ұлының нендей бағытта әуреленгені, нендей жарықпен сәулеленгені осы кітап беттерінен айқын аңғарылады. Қабыл алыңыздар, қадірлі оқырман!
БІРІНШІ БӨЛІМ. ЖОЛ-ЖӨНЕКЕЙ ЖИҒАНДАР
БІРІНШІ ӘҢГІМЕ
Қазіргі кезде ата дәстүр-салтын жаңарту жәйі көп сөз болып жатқандығы белгілі. Осыған орай қазақтың ата-тегі жәйлі зерттеулер республика бойынша қолға алынып, бір жүйеге келтіру жөнінде жұмыстанып жатқандығы сөз болып жүр.
Осындай жұмыстармен облысымызда шұғылданып жүрген азаматтарға зияны тимес деген оймен былай-былай жол жүріп жүргенде кездескен, жол сапарлас болған адамдарымнан жазып алған әңгімелерімді көпшілік назарына ұсынып отырмын.
1960 жылы тамыз айының екінші жартысында Қазақстан Республикасының 40 жылдығына Алматы қаласына творчестволық байқауға бұрынғы Гурьев облысының бір топ өнерпаздары поезбен кетіп бара жатырғанбыз. Көпшілік вагоны, біздің қасымызға Қызылордадан бір қарт адам отырды. Вагонда менімен бірге белгілі домбырашы Құлтумиев Тоқсанбай ("Комсомол" күйінің авторы) бар еді. Ақсақал бізден қай жерден екенімізді, руымызды сұрады. Ол уақытта естігенімді жатқа ұстау қабілетім жақсы болатын. Бір естігенімді өмірі ұмытпайтын кезім. Кейін қағазға түсірген екенмін. Соған жақында кезіктім.
Сөз арасында біреуіміз: "Ата, өзіңіз қай жерденсіз?" — дедік. Ол кісі: "Ауылым Сырдария ауданы, "Амангелді" колхозы. Жол Табын Бұхарбай батырдың қорымының қасымен өтеді. Біздің ауыл қасында Асанас-Қожанас баб деген екі дүние бар. Жолдарың түссе келуге болады",- деп бір қойды. Сол кісінің есімін сұрамадық па, қағазға жазбаппын. Шалдың жасы сексеннен асқан адам еді. Теміржол бойындағы бір ағайынына бара жатқан беті екен, руым Жаппас деді. Ру жәйін әңгіме қылып отырғанда Алтын-Жаппас деген атақ қалай шыққанын сұрағаным әлі есімде. "Еліңде ақсақалдарың жоқ па айтатын?" — деді шал. Сосын сөзін жалғап кетті. Алтын Жаппастың қызы, Адайдың Келімбердісінің екінші баласы Ақпанға атастырылған. Ақпанның үлкен әйелі (бәйбішесі) Күренше, Алтын кіші әйелі. Ақпанға уақыт болады. Ел ақсақалдары: "Қайынағаң Рыскелді бар (Құнанорыстың аты), төрт қайның бар, қайсысынан ойың бар?"- дейді. Ата-баба заңының аты - заң. Алтын айтады: "Мұңал, Тобыш әлі жастау ғой, Бұзау мен Шыбынтай (Балықшы) жарлы, өздері зорға күнелтіп жүр, қайынаға келісіп, алам деп жатса барам", — дейді. Рыскелді: "інімнің төсегін былғамаймын", — деп алмапты. Ақыры Алтын Жаппастың маңайына көшіп кетіпті. Алтын бір баласын Адайға қалдырады. Алтынның қолындағы балалары да өседі. Нағашылары еркелетіп жүреді. "Мына бала кім?," — деп сұрағандарға: "Өзіміздің Алтын -Жаппас қой" дейді. "Сөйтіп жүріп, аласапыран уақыт, Алтын Адайдан да, Ақпаннан да бөлініп, Алтын - Жаппас деген ел болып кетіпті", — деді әлгі ақсақал. Біз бір-бірімізге қарасып отырысып қалдық. Сондай ұмытылып жүргендер әлі де көп-ау деп ойға қалудамыз осы күндері.
ЕКІНШІ ӘҢГІМЕ
Мынадай бір әңгіме қағазда қалыпты. Бұл да ақсақалдар айтқан әңгімелерден жазылған болуы керек. Адайда Тобыштың баласы Ораз, Бегей, Ораздан Жайық, жалғыз. Жайықтың кіші әйелі Кердерінің қызы болған. Одан Көбен деген бала туған. Бәйбішеден Әлменбет жалғыз. Жайық жарлы болған. Жайыққа уақыт болып, Көбеннің шешесі төркініне көшіп кеткен. Бала өседі, нағашысының балаларымен төбелеседі, ұрады, соқтықпалау болады. Нағашысының ауылының әйелдері баланы қай жақтағы бәле қайдан келді, "қу қарашы ғана", "қарашы ит" деп қарғайды. Бұл әңгіме анаға қатты батады. Осы жағдайды Шегем естіпті. Бала қозы бағып жүргенде, Шегем барып алып кетеді. Содан Еділ атты бала Қараш атанып, Шегемге бала болып кетеді.
Енді бір нұсқасы бойынша бала шешесіне: "Қатындар мені неге қараш деп қарғайды, соның мәнісін айт", - дейді. Шешесі мән-жәйді айтады. "Мені еліме апарып таста", — дейді бала. Шешесі баланы Шегемге әкеліп береді. Содан бала лақап атымен Қараш болып кете барады. Иә, Қараш руы туралы бір әңгіме осылай сыр шертеді.
ҮШІНШІ ӘҢГІМЕ
1971 жылы маусым айында Саратов қаласынан Ақтауға, ауылға ұшқалы тұрғанмын. Самолетке билет жоқ. Минводаға билет алып, ауылға Минвода арқылы келуді жөн көрдік. Қасымда Жылыойдың бір жігіті бар, тыста ағаш көлеңкесінде тұрғанбыз. Қоңырқайлау киінген бір кісі қасымызға келіп: "Қазақпысыздар?" - деп сұрады. Жасы алпыстың үстіне шыққан, жігіт ағасы болған адам, пенсияда екенін айтты. Балашово ауданында тұрамын деді. Руымызды сұрады, өзі де Адайдың Тәзіке деген атасынан екендігін айтты. Біраз отырғаннан кейін әңгімеміз Тәзіке-Қосай жөнінде болды. Мен Құдайкеден Тәзіке-Қосай екі бала екендігін, Қосайдан алты арыс Қосай тарайды деп шалдардың айтатынын айттым. "Ойбой, шалдарың білмейді екен ғой. Мен әкемнің әкесін көрген адаммын. Екеуі де тоқсанға келіп дүние салды. Олар айтатын еді. Құдайке қария болып отырғанда түрікпен қызын Келімберді ме, әйелі ме екеуі ақылдасып алып беріп, одан бір бала туады. "Балаңның атын өзің қой!" — дегенде Құдайке жылапты дейді. "Құдай сексенге келгенде көзімнің жасын көріп, мені еледі ғой, баланың аты Елеу болсын", — депті. Елеуден Қосай жалғыз. Қосайдан алты арыс Қосай тарайды. Түрікпен адай деген ат Елеуге байланысты. Мұны нағыз ақсақалдарың білмей жүр", - деді. Осы кезде самолет ұшады деген дауыс шықты. Біз қоштасып кете бардық. Естіген құлақта жазық жоқ, мен сіздерге жеткіздім, төрелігін өздерің айт, оқушым.
ЕЛ АУЗЫНАН. ҚАСПАЙ ШЕШЕН АЙТТЫ ДЕГЕН СӨЗ
Ертеректе Маңғыстауда Бектеміс деген ауылдан Қаспай есімді айтар сөзге шешен адам өтіпті. Ел арасындағы бір жиында мәжілісті басқарып отырған төрағасы кезегі келгенде Қаспайға сөз беріпті. Шеттеу отырған Қаспай ортаға жақындап келгенде нағашылы-жиендігі бар біреулер әжуалап:
Басы қара қазандай, денесі жуан қабандай, аузы апандай, көзі қанталап, топты жарып, ілгері қарай ентелеп мынау қайда бара жатыр ей, сөз сөйлеу мұның не теңі-ей? -дейді.
Сонда Қаспай шешен кідірместен:
— Басымды үлкен демеңіз, ой ойларға миым бар, аузымды үлкен демеңіз, айтар сөзге ебім бар. Денемді жуан демеңіз, адалдық деген сезім бар. Көзімді қызыл демеңіз, қызылшадан қалған желі бар. Татулық, достық болмаса, өмірдің қандай сәні бар. Күншіл, өсек-өтірік айтатын, арамызда тірі жүрген өлі бар.
Аталы сөзге арсыз да тоқтар деген, бір-екі ауыз сөз айтайын, шуламай құлағыңды сал, -деген екен. Сонда әлгілер үнсіз қалыпты.
АРАЛБАЙ АҚЫННЫҢ ӘМЕТКЕ АРНАУЫ
Әметке
Арнап жаздым бір сәлем,
Әмет сынды қартқа.
Алғыр қыран сой едің,
Кезіңде шыққан жарыққа,
Жеті атаңнан шынжырлы
Белгілі едің халыққа,
Сахиым едің Сарада,
Көрсетіп едің жұртқа.
Оздың қазақ, Алшыннан,
Мәртебең асып артылған.
Алла берген аруақ,
Аспаннан бұлтқа шарпылған.
Сүйінғара батыр ар жағың,
Бірдей өскен мал - бағың,
Көп ішінде көсемсің,
Өлшесең ауыр салмағын.
Нағашым еді айтсам белгілі
Есентемір ер Баспай,
Сұлтангелді, Көктаубай,
Шын жауһардың тұқымы,
Боласың қайдан жасық-ай.
Адайда жаңғыз ауылсың,
Әзір туған ауыспай.
Өзің тірі тұрғанда,
Бермедік қолдан намысты-ай.
Сенен туған Жұмажан-Жұмағазы
Көре алған жақын-алысты-ай.
Сыралғылы сірәдан
Қорықсын неден жасып-ай,
Құмарынан шықпайды,
Көлдің суын тауыспай.
Өңкей тұлпар құлыны,
Болдырмады шабысқа-ай,
Бәйтерек еді жаһанда,
Бұтағына қорғалап,
Талай сасқан жабысты-ай.
Сүйіннен туған Көтібар
Қара ұлына хан болған.
Одан туған ер Әмет
Көрмегендер келбетін,
Бір көруге зар болған.
Және хабар берейін
Жұмағазы інімнен.
Жақсылық орны жалғасып,
Келе жатыр ізіңмен.
Қаптаған қара боранда
Паналы асқар тауымсың.
Ығыңа халық кідірген
Асылдан қалған абзалым.
Абырой берген шынымен
Ересек жасқа енгесін,
Атынды алаш білгесін.
Ит жүгіртіп, құс салдың,
Салтанат үшін ұстадың,
Тарқатып көңіл құмарын.
Екі жүйрік тең бағып,
Таралғыны кең тағып,
Алшынның көрдің құрмасын.
Ат оздырдың талайдан,
Олжаңды алды талай жан.
Қоспасыз нағыз алтыным,
Тоңға салса тосырқап,
Қайтпады сенің қылабың.
Қабырғадан қар жауса,
Қайыспас қара бұланым.
Ердің ұлы өсерім,
Алқаға түссе көсемім,
Қаз алдырған қарғаға
Талайдың таптың есебін.
Өлдім-талдым дегеннің
Асырадың нешеуін.
Жазың қымыз, қыс шұбат,
Салулы тұрды төсегің.
Қонаққа бағлан қырдырдың,
Самауырын – шәйнек қыздырдың.
Сахилық түрін жайнатып,
Білмегенге білдірдің.
Сапар шықсаң алысқа,
Қыдыр Ілиястай нөкерің
Кәріп пенен кесірдің,
Қайт етпедің меселін.
Ноғайда Нәрік, Шорадай,
Заманында болдың солардай!
Ілгеріге көз салам
Осылардай адам туар ма-ай?
СҮЙІНДІК ШЕШЕН ҚОСАЙҰЛЫ АЙТТЫ ДЕГЕН СӨЗ
Сүйіндікті (лақап аты Жаманадай) жас күнінде ауыл ақсақалдары ел аралауға шыққан уақыттарында қосшы бала етіп ертіп жүреді екен. Сондай сапардың бірінде ақсақалдар бір күнде үш қозы қонақасы жеп, кешке қонуға бір ауылға келіпті. Бұл үйде де қозы сойылыпты. Күні бойы жегені жас бағыланның еті, етке қарағысы келмеген шалдар қозының басын "сен ұста, сен ұста" деп бір-біріне ысырып отырғанда бас Сүйіндіктің алдына жетіпті. Алдына келген басты Сүйіндік ұстай беріпті. Ет желініп болып, бата жасайтын уақыт болғанда, шалдардың ішіндегі жасы үлкендеу біреуі ыңғайлана бастаған екен. "Бата бас ұстаған кісіден болады-дағы",- депті үй иесі әлгілерге қыр қыла сөйлеп. Сонда Сүйіндік кідірместен:
Мылтық аттым оқтамай,
Оғым кетті тоқтамай.
Тіл тимесе игі еді,
Құдайдың өзі сақтағай.
Атам Қосай болғасын
Бала да болсам бас тартты,
Сақалымды жоқтамай.
Жолсыз жерде бас ұстап,
О дүниеде күнәлі болсам,
Мына шалдар куә болып
Менің жағымды жақтағай,
Аллаху акбар, —
депті. Ұятын сезген ақсақалдар үй иесінен кешірім сұраған екен дейді.
АТАҒОЗЫ БАТЫР АЙТЫПТЫ
Атағозы батыр бірде жер дауымен Айшуақ ханға барыпты. Хан сарайына кіріп барса, тысқа шығып келе жатқан ханға бетпе-бет келіп қалыпты:
Дат, тақсыр,- депті батыр кідірместен.
Датың болса айт,- деп ақырыпты хан ерсілеу сөздерді қоса айтып.
Ел басқарған хансың, аузыңа ақ ит кіріп, көк ит шыққан не қылған жансың,- депті батыр тайсалмастан. Атағозы батырды енді таныған хан:
Ойда Түрікпеннің, қырда Қалмақтың тиіскенін қойша айдап жүрсең де бойыңа шыр бітпеген жан екенсің ғой, — депті кекете.
Солардан артық сенің қай жерің, басынды шабайын ба?- депті батыр ханға қынабынан қылышын суырып алып, жоғары көтеріпті.
А, батыр тасып жүр екенсің ау, — депті хан.
Жоқ, хан ием, қазақтың басын біріктіре алмай сасып жүрмін, — деген екен батыр.
ҚҰЛЫШ ШЕШЕН АЙТТЫ ДЕГЕН СӨЗ
Маңғыстаудағы ел арасындағы бір дауға Құлыш шешен әдейі сынау үшін Қожық, Төле деген інілерін ертіп барыпты. Екі жақтың айтысында екеуі кезекпен сөз айтып, қарсы жағын сөзден сүріндіре беріпті.
Көп аттылы болып жолда келе жатқанда қасына еріп барғандардың біреуі Құлышқа қарап:
Құлеке, інілеріңнің қайсысының сөзі салмақтырақ болды, — деп сұрапты.
Сонда Құлыш шешен:
Қожығым уытты сөзді от қылып шайнады, Төлем сөз селін судай ағызды. Жеңген қашанда желдей еспей ме, жеңілгеннің іші қайнады. Әуелден белгілі емес пе, шындықты жақтаған қашан да пайдалы.
АБЫЛ АҚЫН АЙТҚАН СӨЗДЕРДЕН
1832 жылы Хиуа ханы Ачлақұл үш мың әскерімен бұйқұт жатқан адай батыры Сүйінғара Үргешбайұлының ауылын таң алдында келіп шабады. Сүйінғараның інісі Кежі батыр жаяу найзаласып жүріп өліпті. Жаудың артынан қуған Сүйінғараныңұлы Бүркітәлі Боздақ жерінде жауға қуып жетіп, жалғыз соғысып, ол да жау қолынан қаза табады.
Қоршауды бұзып құтылған жетпіске жақындаған қарт батыр Сүйінғара елге хабарлап, ішінде беріш Құлбарақ секілді батырлары бар 800 әскермен жауды қуып жетіп, екі жерден соғыс ашыпты. Жаудың күші басым болып, осы соғыста көп адам қаза табады. Осы оқиғаның біразының ішінде болып, елге қайтып келе жатқан Абылға біреулер жол-жөнекей кездесіп, сұрақ қояды. Кімдер өлгенін сұрайды. Сонда Абыл:
Бүркітәлі өлді ғой, Кежісімен,
Жанақтан Жангел өлді інісімен.
Қоршауда жауға жетті бес жүз адам,
Ерлікпен қырылды Адай, білісімен, —депті.
Осы соғыста Мамыр Мырзатай батыр да өлген екен. "Мырзатай да өлді деп еді, ол қалай өліпті?" — депті әлгілер тағы да.
Сонда Абыл:
Мырзатай өлерінде ерлеп өлді,
Қылышын ит-дұшпанға сермеп өлді,
Мырзатай кім-кімнен де батыр еді,
Тіріде жауға намыс бермеп еді, — депті.
"Басқа кімдер өлді, ақ арғымақ биеге мінген Медеттен Ізбас деген батыр өлді деп еді, онан не білесің?" — депті әлгілер қоймай. Сонда Абыл:
Талайлар өлді, беттен таймай тұғын,
Жақсылар өлді, елдегі сыйлай тұғын,
Тиегін сүйретілген салып жүріп,
Ізбас өлді, өлімге қимай тұғын, —депті.
Құлбарақ өлді деп еді, онан не білесің?" –
депті әлгілер тағы да. Сонда ыза болған ақын:
Өлді ғой, қайран ерлер, өлді бәрі,
Қорқақтар сізге ұқсаған үйде қалды.
Кім өліп, кім қалғаны неңе керек,
Қақылдап мазамды алмай кеттің әрі, —
деп, теріс айналып бұрылып кете берген екен дейді.
ТОБАНИЯЗ БИДІҢ ТОҚТАМДАРЫ
"ЕЛГЕ ҚАЙТЫҢДАР!.."
1928 жыл. Босқан халықты елге қайтару үшін Тобанияз Әлниязұлы былай деген екен:
Уа, ағайын! Етегіңді түріп елге жет, білегіңді түріп еңбек ет, кетерсіңдер ел болып. Бірлік бар жерде — тірлік бар. Не көрсек те, ата-мекенімізде көрелік. Бұл сөзімді бөтен демес бұл халық. Өлігі туған жерде қалғанның арманы жоқ. Ел бірге жүрсе – көңілің тоқ. Елге қайтыңдар!..
ОРЫСШАНЫҢ АЗ-КӨПТІГІ
Бірде ауыл-аймақтың жігіттері жиналып, дуылдасып отырыпты. ішінде Тобанияздың хатшысы, Ұзақбайдың Қазиханы, Бітеудің Жаналысы, Қыдырәлінің Дербісі, Әжіханның Сейдағы, Әлнияздың Боққарасы бар. Қонағасы желініп болған соң, Боққара өзінің Тобаниязға тетелестігін және Бәсенейдің "мен орысшаға жетікпін" деген сөзін пайдаланып: "Осы, Тобеке, сенің ақыл-ойың терең, іскерлігің мен ақылың, батылдығың мен тәуекелің жұрттан артық – ау, тек орысшам жетпейді", — дейді.
Сонда Тобанияз сөздің ар жағы Бәсенейден шыққанын біліп: "Шақыр анау Бәсенейді, немене, менің орысшам аз болғасын арбакешім болып жүр ме екен?" — депті.
Отырғандар ду күліпті.
"Кімнің ары, кімнің дауы?.."
Өтестің сайын жайлап отырған көршілес Кенже руының жігіттері жанжалдасып қалады. Оның арты үлкен дауға айналып, жоғарыдан тергеуші келеді. Осында Тобанияз да келсе, таяқ жеушілер өз ауылының жігіттері болып шығады. Айшуақ деген кісі: "Біз Сарыкемпір ауылының адамы емеспіз бе?.. Ұят қайда? Дауды қоялық", — десе, таяқ жеген жақ көнбейді...
Тобанияз ауыл ақсақалдарын бір жерге жинайды. Ренішін айтады.
— Жарылған бас та, ұрған шот та бір атаныкі. Осы сіздер, кімнің арын, кімнің дауын даулап жүрсіңдер? Әңгімені қойыңдар. Зорлық қылғандарың айдап алған малды, сойып жеген етіңді қайтарыңдар. Сонда, даудың өзі-ақ бітеді,- дейді.
Ақсақалдар да, бас қалары да Тобекеңнің айтқанын істеп, татуласып тарасады.
"ЕРЛІК ӘР ЖЕРДЕ ЕМЕС..."
Маңғыстауда — Бейнеу жерінде бір жылы қасқыр көп болып, малға тыным бермейді. Ауыл жігіттері қасқыр аулауға шығады. Алдан қашқан қасқыр бара-бара бір інге кіріп кетеді...
Тобанияздың нағашысы Көрге Төртқара ер көңілді жігіт екен. Қасқыр қуып келе жатқандар інге тірелгенде Төртқара тұрып:
— Індегі қасқырды көк найзалы батыр Табынайдың жиені мен ұстаймын ба, жоқ, жолы үлкен аға баласы Шабай батырдың ұрпағы ұстай ма? — депті.
Сонда Шабай батырдың жиені, науша жігіт Қонысбай "Біз ұстайтын болармыз!" — деп інінен қасқырды суырып алып, тоқым киізді қасқырға тістеткен күйі буып, алдына өңгеріп алған екен дейді.
— "Бала тұқымға тартады" деген рас екен-ау! "Ерлік әр жерде емес, тар жерде!" деген осы-ay! — депті риза болған Тобанияз.
"КҮШІКТЕН ҚОРЫҚПАЙМЫН..."
Руы Күшік Жұмасат деген кісі Тобанияздың замандасы, жасы да қатарлас адам екен. Бірде Тобанияз кеңсесіне келе жатса, ішіңе Жұмасат та бар, көп адам сыртта күтіп тұрады. Тобанияз бұларға әдейі көңіл аудармай, кеңсеге кіре береді. Сонда әлгілердің ішінен біреуі:
— Ау, Тобеке, мұныңыз қалай, Жұмасаттан қорыққаныңыз ба? — деп қалады.
Жұмасатпен қатар құрдастығын алға салған Тобанияз:
— Мен Күшіктен қорықпаймын. Күшіктерге сендерді талатпайын деп барамын,- депті.
Жиналғандар тарап жүре беріпті. Сөз түсінгендік деген осы-дағы...
ТОБАНИЯЗ БЕН ҚОНЫСБАЙ
Тобанияз, негізі, қара шаруа, жарлы болған адам көрінеді. Бірде Аусарының сыртындағы Жыңғылды деген сайда егін салып отырған Тобанияздың аулына ақтұмсық атанға мінген бір адам келеді. Тобанияз "нағашым келді" деп бір тоқтысын сойып тастайды... Бұл келген Көрпе Қонысбай екен.
Шешесі Жансұлу асты қонақтарға тартуға алып келгенде, Тобанияз:
— Нағашы, әнеугі Шат жерінен — сіздің ауылдан айдап келген қойды қонаққа соя-соя тауыстым. Мынау соңы еді,- дейді.
Сонда Қонысбай:
— "Кенженің ауылына қонғанша – Есеннің жұртына қон",- деген шалдардан қалған сөз бар еді. Қонақ қонғыш, мырза атанған ауыл емессің ғой. Бірақ сені жұрт "ақылды жігіт" деп жүр. Мырзалығың нағашы жұртыңнан жұққан шығар. Мырзаға мал бітпейді, шамала. Есеппен бала-шағаңды асыра. Тарта жесең – тай қалады, ептеп сойсаң – қой қалады, қоймай жесең нең қалады? Менімен бірге жүр, нағашың тағы алдыңа мал салады, — депті.
"ЖАҚСЫ БАЛА – БАУЫРЫҢ..."
Би – Кәкім Тобанияз соңғы ұсталарында баласына мынадай өсиет айтқан екен:
— "Байлығыңа сенбе — байлығың бір күнде жоқ болар. Батырлығыңа сенбе — ажалың жалғыз оқ болар.
Қуаныштың соңында қайғысы бар, рахаттың соңында азабы бар. Рахат іздесең — бейнетінен қорықпа, қуаныш іздесең — қайғысынан қорықпа. Кісілік қымбат емес, кішілік қымбат.
Адамның атын екі нәрсе шығарады, бірі — мейірімділік, бірі — жомарттық. Дүние шіркін кермек су, қанша ішсең де қанбайсың. Көңіл аласармайды — өз әлімше таудайсың.
Мансап пен дәреже адамға ақыл бермейді. Ақылды боп көрінгенмен, мансап соңыңа ермейді. Өмір қысқа да ұзақ жол. Бес күн тірлікте "болдым толдым" деме. Ұзақ жасағанның бәрі — ұлы емес. Сөйлегеннің бәрі — сөз емес. Ел "жақсы" атаған адамның артынан өсек айтпа. Жақсы бала – бауырың, жаман бала — жауың. Осы сөздерді есіңе саққа, балам!"
Соңғы сапарына осылай деп аттанған дейді Тобанияз жарықтық!..
ТАҒЫ БІР ДӘЛЕЛ
Асыра сілтеудің кезінде Шәбден Ералиевтің өліміне байланысты Маңғыстаудың көптеген азаматтарының жапа шеккендігі белгілі. Солардың бірі – Ойылда өтетін округтік партия конференциясының делегаты, халық ақыны Сәттіғұл Жаңғабылұлының туған інісі Әбдіхалықов Әбілхан. Біз оның түрмеде жатып жоғары орындарға жазған арыз өлеңінен үзіндіні көпшілікке ұсынып отырмыз. Бұл деректі 1990 жылы 24 ақпанда, Куйбышев атындағы совхоз тұрғыны Рза Ыбановтан жазып алғанбыз. Дерек Шәбден Ералиевтің адам қолынан өлмегендігін тағы да растай түседі. "Бұрын бұл өлеңдерді де айтуға қорықтық қой", — дейді Рзекең.
Өткен жылдың күзінде,
Ноябрьдің бірінде
Кетік деген қаладан
Округке жүруге
Моторға міндік жағадан,
30-дан аса көп адам.
Бір түн, бір күн жол жүрдік,
Екінші күні түн болды.
Дүлей толқын күшті жел
Бірінші мінген адамға
Қиямет қайым сын болды.
Құтырып Каспий долданып,
Қайықты көме батырып,
Трюм ішіне су толды.
Бір уақыттар болғанда:
"Ералиев жоқ деп орнында!"
Айқайлап шыққан үн болды.
Естілгенде құлаққа
Ұйықтағандар оянып,
Үрпиісіп жым болды.
Қирағандар таба алмай,
Жаманат хабар шын болды.
Әуелде бастан мінгеннен
Каютада еді орыны.
Механик пен капитан,
Үшеуінен басқа ешкім жоқ.
Ералиевтің өлімі
Солардан деп, жігіттер
Өздерінше жорыды.
Капитан айтты:
"Бір рет Палубаға шығып еді,
Керілген қорған арқанға
Сүйеніп лоқсып тұрғанын
Шыққыр көзім көріп еді",
Деп ойбайлап болмады.
Дал болды сөйтіп жігіттер
Неден болды деп ойлады.
Ералиевті кім десең,
Фортта жиын өткізген
Округтен келген уәкілді,
Ойыл деген қаладан.
Ақылмен байқап қарасаң,
Кіріп-шығып жүргенде
Аяғы тайып құлаған.
Су көрмеген адамды
Асау толқын, күшті жел
Алып кеткен арадан.
Мезгілсіз келген жаманат,
Ажалға солай тап болып,
Тапсырған екен аманат.
Ералиевтің өлімін
Біздерден көріп ақыры,
Шыныңды айт деп қинайды.
Оңаша үйге қамап ап,
Мойында дейді ақырып,
Ара-тұра сабап ап.
— осыны жас кезімде жаттап алып едім, қазір жасым 70-ке келді. Көп жерін ұмытып қалыппын. Аяқ жағында мынандай бір жолдары бар еді, — дейді Рзекең:
Үкімет құлағына менің зарым,
Ажалы кездейсоқтық, міне, арым.
Жетпейді айтуға арыз, баруға аяқ,
Тек қана қолдан келген осы барым.
Қорлық көрген, қиянат көрген адамның шын аза даусы. Иә, өлең үзіндісі көп жайды аңғартады. Осы өлең — арыздың түпнұсқасы ГПУ немесе заң орындарының архивтерінде сақталып жатуы сөзсіз. Оны іздестіру, шындықты ашу келешектің ісі. Осы Ералиев ісіне байланысты істің ақ-қарасын шешетін кез келді. Сол бір қыршын кеткен 30-ға тарта азаматтың кейіннен ақталғандарының бірлі жарымын бұрын да әңгіме қылғанбыз. Енді қалғандарын ақтап, азаматтықтарын қалпына келтіру қажет.
БАТЫР ЖАЙЛЫ БІР YЗІК СЫР
(Сүйінғара Үргенішбайұлының туғанына 240 жыл)
Тарихи тұлғаларға ден қойған әдебиетші немесе ғалым олардың шығу тегі, жайлаған жері, көрші рулармен, көрші елдермен қатынастарын, туыстық байланыстарын, саяси көзқарастарын толығырақ баяндауға ұмтылады. Өйткені ондай тұлғалармен сол елдің тарихи тағдыры сабақтасып жатады. Ондай тұлғаларды елінен, жерінен бөле қарау мүмкін емес. Біздің айтайын дегеніміз Маңғыстау-Үстіртті мекендеген қазақ елінің бір бөлігінің басынан кешкендері.
Осы елдің аты аңызға айналған биі, тарихи тұлғасы, белгілі батыры Сүйінғара Үргенішбайұлы жайлы.
Ол орыстың отарлау саясатына, Хорезм хандығының озбырлығына қарсы күрес бастаған ұйымдастырушылардың бірі, сол кездің ірі қолбасшыларының бірегейі. Сүйінғара Үргенішбайұлының туғанына үстіміздегі жылы 240 жыл толады. Сүйінғара батыр өмір сүрген тұстағы ерліктері мен басынан кешкен оқиғалары Кіші жүз елінде ерекше аталынады. Ондай деректер аңыз-әңгімелерде де, дастандарда да, зерттеу еңбектерінде де, сол кездегі ел тіршілігі Сүйінғара төңірегінде, басқа да толып жатқан батырлар, ел бастаған атақты адамдар, азуы алты қарыс шешендермен бірге сол кездің барша тарихи тірлігін айқындай түседі. Бүтін қазақтың тарихын былай қойғанның өзінде Маңғыстау-Үстіртті, Жем-Сағызды жайлап, Елек-Қобда, Темірге дейін, мына жағы Жайыққа тіреліп, бір бөлегі Нарын мен Еділді мекендеген, Орынбор-Текенің үстімен көшкен Адай халқының өте бір айбынды кезеңін, сонау 1700-ші жылдардан басталған Россия патшалығының ішкі саясатымен байланыстыра тарихи оқиғаларды өрбітуге болады екен. Қазақ халқы ғасырлар бойы елін-жерін, бостандығын өмір бақи қорғай білді деп жүрміз. Мал-жаның аман ба дей тұра, «малым — арымның садағасы», деп арын жоғары ұстаған халықтың жоғалып кету қаупі төнген кездердің өзінде де, тұрмыс-салты да, өмірге көзқарасы да, елін, жерін, халқын, малын, суын қорғауға бағындырылған.
Сол бір қайшылығы мол ғасырларға созылған жаугершілік, ала көзділік заманында ел билеу, қол бастау мәселелері де халқымыздың бірлігі мен тірлігіне келіп тірелген. Қысы қатты, шөлейт, желді, қуаң далада емін-еркін көшіп, сулы, нулы, панасы мол жерлердің мүмкіншілігін пайдаланған ел жомарт, ақпейіл, дархан болды. Керекті жерінде ерке-тентектігін жомарт мырзалығы жуып-шайып жатты. Патшалық Россия бір жағынан, екінші жағынан қалмақтар, үшінші жағынан Хорезм хандығы сияқты көршілерінің қоқан-лоқысына қарсы тұра білді. Мың өліп, мың тірілді.
Бағзы ақындарының бірі Асан қайғының толғауы бар. Онда:
Таза мінсіз асыл тас
Су түбінде жатады.
Таза мінсіз асыл сөз
Ой түбінде жатады.
Су түбінде жатқан тас
Жел толқытса шығады.
Ой түбінде жатқан сөз
Шер толқытса шығады, —
дейді. Бұрынғы өткен ел қорғаған ата-бабаларымыз туралы ойлағанда осы сөздер ойға оралады.
Осындай тарихи тұжырымдарды көңіл уытынан, ой елегінен өткізіп отырғанымызда, елі үшін еңбек еткен тарихымызды саралап кеткен асылдарымызды айтпай кетуге де болмайтыны заңды құбылыс сияқты. Олар кім еді? Мысалы, өмірі жеке басқа табынудың құрбаны, зұлмат жылдары өмірі шорт кесіліп, ағып түскен шоқ жұлдыздың бірі — Халел Досмұхаммедұлы еді.
Х.Досмұхаммедұлы: "Әр кезде патшаға қарсы қайрат көрсеткендері көп. Олар: Адайдан шыққан Атағозы, Құдабай, Дәуімшар, Сүйінғара, Таздан шыққан Өтен, Нарынбай, Төремұрат, Беріштен шыққан Құлбарақ, Батырбек, Жапарберді, Кебіс, Құлшар, Есентемірден шыққан Мыңбай, Сұлтангелді, Көктеубай, тағы талай адам көп жауласты", — деп жазады.
1869-1870 жылдары Иса-Досан бастаған көтеріліс сәтсіз аяқталды.
Иә, сонымен біз әңгіме қылғалы отырған Сүйінғара батыр кім еді? Оның халқына қандай пайдасы тиді?
Сүйінғара батыр өзі өмір сүрген 85 жылдың ішінде Кіші жүз еліне ықпалды әрі би, әрі батыр атанған адам. Ол 1756 жылы туып, 1841 жылы дүние салды. Бейіті Қарнаудағы Сисем ата қорымында. Өткен жылы ұрпақтары, туыстары батырдың туғанына 240 жыл толуы қарсаңында күмбез тұрғызды...
Бізде басшылыққа алып, пайдаланатын мол архив материалдары болмаған соң, сөз еткелі отырған батыр жөнінде тұжырым жасау қиынның қиыны. Сондықтан да өткен ақын-жыраулар жырлаған жырларды сабақтай жыр нұсқасымен тереңірек талдауды жөн санадық. Сондықтан да кейбір керекті, ауызда жүрген екі ұшты пікірлерге жауапты нақты бере алмауымыз да мүмкін.
Сүйінғара халыққа әрі би, әрі батыр ретіңде белгілі болды. Ол көп өмірін жоғарғы Үстірт-Жем болысының старшын биі болып қызмет атқарды. Ел басқару ісімен айналысты.
Қоғамдық саяси өмірде көрнекті, рөлі зор болды. Сыртқы жаулармен күресу, шапқыншылыққа ұшырау кезеңдерінде оларға қарсы арнаулы жасақтар ұйымдастырды. Соғыста ерлік көрсетті. Осыдан кейін би атағына батыр атағы тіркелді, яғни айтқанда ру старшыны болды. Сүйінғараның батырлық образы белгілі жазушы Әбіш Кекілбаевтың "Күй" повесінде шеберлікпен суреттелген. Шығарма нақтылы оқиға негізінде шежіре сүрлеуімен жазылған. Сонымен қатар марқұм Маршал Әбдіхалықовтың бітпей қалған "Сүйінғара" романының бас кейіпкері. Ақын Есенғали Раушанов дастандарында батыр есімі көрнекті орын алады.
Тарихта өздерінің тегі қандай болса да, тіпті жарлы-жақыбайдан шыққандарына қарамастан, батырлар бірте-бірте ру басының құқықтарын иемдене бастады да, қоғамдық өмірде олармен бірдей рөл атқарды. Сүйінғара батыр аты аңызға айналған өте күрделі тұлға. Ағартушы ғалым Шоқан Уәлиханов өз еңбектеріңде былай деп жазады: "Батыр – қырғыздарда ру басы сұлтаннан кейінгі ең маңызды әрі көрнекті тұлға. Ол ең беделді адам, оның ақыл-кеңесімен халық әрқашан есептесіп отырады". Олай болса батыр атансын, би атансын, Сүйінғара Үргенішбайұлы өзі дәуір сүрген кезеңінде қоғамдық өмірде ірі тұлғаға айналған адам екендігі тарихи шындық.
Бұл жәйт қазақ қоғамдастығында батыр деген атпен батырлардың әлеуметтік жағдайының күшейе түскендігін дәлелдейді. Біз осы мақаланы жазғанда Сүйінғара батырдың өміріндегі бұрын көп жазылмаған жаңа деректерге сүйендік.
Сүйінғара батырдың атақ-даңқы бүкіл қазақ даласына тараған деуге толықтай негіз бар. Оған дәлел Сара Тастанбек қызы мен Төребай ақынның айтысы. Төребай кім? Төребай Есқожаұлы 1850 жылы туып, 1910 жылы өлген. Руы Жағалбайлы. Сонау Жалайыр еліңде Қаратал-Көксу өзендерінің бойыңда өмір сүрген адам (қазіргі Талдықорған облысы, Жетісу жері). 1900 жылы Наймандағы Тұрысбек қажының ауылында бір шілдеханада атақты Сара ақынмен айтысады. Осы айтыстың ішінде болған Сейдахмет Көбекұлының айтуы бойынша бізге жеткен. Сөзді Сара бастайды. Сара Тастанбекқызы Біржанмен айтысқан атақты ақын. Екеуі айтыса отырып, қыза-қыза өз елінің батырларын да жырға қосады. Батырлары арқылы мақтаныш сезімге бөленеді, ерлік артықшылығын айтады. Төребай:
Қорғаған өле-өлгенше туған халқын
Еліне мейірімді, жүзі жарқын,
Ерлерді ертеде өткен мен айтайын,
Қалдырған ел есінде ерлік даңқын,
Алшында бір жыршым бар аты Ақтан,
Ол Ақтан Байұлыға болған мақтан,
Кіші жүз Иса ұлы Үбі батыр,
Ұшырған төрелерді алтын тақтан.
Алшында бір ақыным Қошағаным,
Ел көрді мылтық, қылыш жасағанын,
Жанғожа, Сүйінғара қатар шығып.
Жұрт көрді қалың қолды бастағанын, —
дейді (Айтыс. Алматы, "Жазушы", 1988. 2 т., 124-6.).
Осы Төребай жырлаған нұсқадан Сүйінғараның елін ерлікке бастаған белгілі батыр болғандығын айқын көреміз. Ал есімі Жетісуға дейін жеткендігі, сөз жоқ, Кіші жүздің атақты батыры екендігінің дәлелі.
Сүйінғара батыр туралы Бала Ораз ақынның Жібек қызбен айтысында, Бала Ораз ерлерді мақтан ете келіп солардың ішінде:
Адай деген елім бар!
Ол Адайдың ішінде
Арғы жағы Амантай,
Бергі жағы Үргешбай
Сүйінғара деген ерім бар.
Өле-өлгенше патшаға
Бес сом жиырма бес тиын санап бермеген, —
дейді. Осы жолдарды оқып отырғанда Сүйінғара батырдың патша саясатымен жауласуы, патшаға және патша саясатын жүргізген хандарға қарсы тұруы сөзімізді растай түседі. Сүйінғара батыр Исатай Тайманұлының замандасы. Исатай батыр Тайсойған бетіне өткенде, ат ылаулап, қыстай жатып тынығып, жүзден аса кісі боп, жазға салым Доңызтау, Борсықтағы Әлімге келеді. Ел Исатайға азық, көлік мал жинап береді. Халық оны патшаға ұстап бермейді, қорқытқанына көнбейді. Сол кездерде Адай мен Әлімнің арасында кісі өлімі, жер дауы бар екен. Исатай Адайдың белгілі адамы, биі, батыры Сүйінғарамен сөйлесіп, оны қасына ертеді. Екеуі бірге жүреді. Исатай Әлім мен Адайды бітістіреді. Түркмен елшілерімен сөйлесіп, бұл екі елді де татуластырады.
Осы жиынға түркмендерді бастап, Қайыпқали сұлтан келеді. Исатай батыр Қайыпқалиға қаһарын төгеді. Бітім тілеп Қайыпқали қатты сасады. Осы көріністі ақын Ығылман Шөреков былай деп жырлайды:
Хиуадан келген Қайып хан
Ауылға келген қонақ деп,
Тиюге болмас жол – ақ деп,
Бітімге Сүйін бастады.
Сүйінғараға Исатай көнеді.
Жазықсыз тумамды шауып кетіп еді.
Кегім бар еді.
Сүйеке, сенің сөзіңе тоқтадым,-
депті дейді Исатай батыр ауызекі аңызда.
Сүйінғара батыр Исатайды қатты құрметтеп қарсы алады. Бөлек үй тіктіреді. Бұл жер осы күнгі Бейнеу ауданының Қарақұм деген жері еді. Келесі күні Исатай "әңгімелесейік", — деп Адайларды үйіне шақырады. Осы кезді ақын былай деп суреттейді:
Қонақта бір күн болғасын,
Айтатын бар деп бұйымым,
Мәмбетнияз, Шабай мен Адайда батыр Сүйінді
Үстіме кел деп шақырды, —
дейді. Бұл сыйластық Исатайдың адамды танитындығы, кісіні бағалай білетіндігі, ақсақалдығының мол екендігі, Сүйінғара батырды өзіне тең санауы деп білеміз.
Адайлар мен Хиуа хандығының арасындағы ғасырлар бойы соғыс, тонау, жесір алу, мал алуға бір ұлттың бір ұлтқа жасайтын зорлық-зомбылығы халықты әлсіретпей қойған жоқ. Жер жайылым үшін, керуен жолдары үшін кикілжіңдер қайталанып тұрды. Хиуалықтар көшіп жүрген Адай ауылдарын шапты. Сүйінғара батыр да қарап қалған жоқ, Хиуалықтарды шапты. Мал алды, жесір алды. Қастастық өрши түсті. Сүйінғара Хиуаның сауда керуенінің жолын бөгеді. Жер салығын талап етті. Жерімнен өттің деп Сүйінғара "сыбағамды" беріңдер деп керуенді кідіртті. Мұның барлығы жауласқан екі елдің бірін-бірінің мұқатуы еді. Ыбырай ақын Құлбай ұлының шежіре дастанында:
"Бұларға теңдес адам жоқ
Қара түгіл ханның ұлынан
Ерлігі асқан адам жоқ
Сүйінғара, Досан, Мұрыннан", —
деп, тағы бір жерінде:
"Заманында Сүйіннің.
Елге ешкім тимеген
Секілді қыран бүркіттей
Арқар басты шүйдеден ", —
дейді. Қалай десек те қазақ халқы, оның ішінде Маңғыстау адайлары өз басынан талай тартыс, сан-сайысты өткеріп, біртіндеп бас құрап бүгінгі күнге жеткен. Өз тарихында оның басына әлденеше рет ауыр күңдер төнген, құрып кету қаупі де кез келген. Ел басына күн туған қиын-қыстау кезеңдерде де қан кешіп, жауға қарсы ту көтерген, халықты ұйымдастырып, ел амандығын қорғаған ержүрек батырларды халық қашаңда қадірлеп, өлең-жырға қосып, ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп отырған. Осындай тарихи тұлғалардың бірі — осы Сүйінғара батыр Үргенішбайұлы.
Сүйінғара батыр Хиуа хандығымен өмір бойы қарсы болып өтті. Жер салығын, түтін салығын төлеуден бас тартты. Сондай себептермен 1832 жылы Маңғыстаудың Бозашы бетінде теңіз жағасында отырған Сүйінғара батырдың ауылын шауып, батырдың Айсалқам, Жансалқам атты екі қызын хиуалықтар алып кетті. Артынан бес жүздей адам қуып барып, Қарнауда қуып жетіп екі жерде соғыс ашты. Дұшпанның көп қолына төтеп бере алмады. Қазақтар жағынан көп адам қырылды. Оның ішінде Беріш Құлбарақ батыр, Медет Ізбас, Итұлы, Төлен, Жаңай Досы, Мамыр Мырзатай батыр бар еді. Табынай ауылынан адам көбірек өлді. Куғыншының жеңілу себебі: әр жерде көшіп-қонып жүрген елді сол бойда жинап алудың қиындығы болса, екіншісі, ауыз бірліктің жоқтығы болатын. Хабарланған елдің көпшілігі біле тұра бармай қалды және хиуалықтар бесатармен қаруланған еді. "Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келедінің" кебін киді. Сол кездерде рулық алауыздық Адай елін бөлектеп жіберді. Тіпті Бәйімбет, Матай ауылының белгілі биі Ботағара мен Сүйінғара арасындағы біраз жылдар бойы бітіспеген жанжал адам өліміне әкеліп соқтырды. "Бас-басына би болсаң, мына тауға сыймассың, бір данаға жол берсең, жанған отқа күймессің" дегендей ағайын арасындағы араздық жақсылыққа апармайтынын осы Сүйінғара батыр шабылғанда қара халықтың көзі жеткендей болды.
Сол кездерде Сүйінғара батырдың Маңғыстаудың бойына көшіп келген жылдары болатын. Сүйінғара халық бірлігі үшін ара би болып та биліктер айтты. Оның кейбір айтқандары бұлжытпай орындалмады. Ел арасында ала көздік етек алды. Дау-жанжал ел арасында билер арқылы шешілетін еді, шешілмей жатты. Ру-ру болып, өз жайын күйттеп кетті. Сол кезеңдерде Сүйінғара батырдың бармағын тістеумен өткені байқалады. Осыдан кейін 1832 жылдары Сүйінғара ауылы шабылғаннан кейін, Үстіртке Қызыл - Тас жеріне қайта көшіп барады. Оңдағы ойы қырдағы сауда жолының бойына отыру еді. Үстірт-Жем бойымен жүргізілген, Орта Азиямен жүргізілген сауда-саттықтың енгізілуі көптеген өзгерістер әкелді. Қырмен сауда жасау орыс көпестерін шаш етектен пайдаға кенелтті. Ел алдау мен арбаудың не көкесін көрді. Хиуа хандығының саудагерлері де шұбыра бастады. Россияның отарлау саясаты Маңғыстау — Үстірт, Жем бойындағы Адай еліне Хиуа хандығына қарсы ұлт-азаттық күрестің шиеленісуін туғызды. Сүйінғара батыр Хиуа саудагерлерінің жолын бөгеп, жерімнің үстінен өттің деп, жер салығын талап етті. Осының бәрі Хиуа ханына бағынбауға бағытталған қоқан-лоқысы еді. Оны қара халық түсінбеді.
1840 жылы Хиуа ханы Аллақұл Сисем ата түбінде отырған Сүйінғара ауылына шабуыл жасады. Бірақ осы кезде ел Үстіртте тез жиналғандықтан Хиуа әскерін тас-талқан етті. Өзі 1841 жылы дүние салды.
Сүйінғара батырдың Хиуа ханымен де, орыс патшалығымен де дипломатиялық тұрғыдағы сәтсіздіктерін әр түрлі жоруға болады. Ол басқа жол таба алмады, оған себеп сыртқы саяси өзгерістерді түсінбегендігінен еді және қолы қысқа болды. Әйтсе де Сүйінғара батырдың өз кезегіндегі беделі зор болды. Онымен Мұхамбет Рахим да, Аллақұл да санасты, тіпті Сүйінғарадан сескенді де. Орыстардың өзі Сүйінғараға жылы сөйледі. Осы жолдарды әңгіме қылғанда Абыл Тілеуұлының мына өлең жолдары еріксіз ойға оралады.
"Адайда бір жан едің ар қуардай,
Өзіңдей енді қатын ұл туар ма-ай.
Ерегес екі топай болған жерде,
Сүйекем сөйлеуші еді-ау қар қуардай, "—
дейді.
Біздің заманымызда Сүйінғара батырдың аты ғана қалып, өмірден өткеніне 155 жыл өтсе де жоғарыда айтылған сөздер түсінер адамдарға көп нәрсені елестетсе керек. Сөз түсінбейтіндер үшін бәрі бір, алды жөн, арты соқпақ. Қан кешкен Сүйінғара батырдың өшпес бейнесі еңбегі мен рөлі осы ақын сөздерінен-ақ байқалады. Кейінгі ұрпаққа атының аңыз болып қалып отырғаны да сондықтан. Сүйінғараның баласы Сатыбалды Хиуа хандығына қарсы болған ұрыстарда бесатардың оғынан қаза тапты. Ал Көтібар патша өкіметі Жем бойына қамал салғанда, олардың отарлау саясатын сезгендіктен Шеркеш Байбақты батыр, Адай — Медет басшылармен бірге орысқа қарсы аттанды. Көтібарды Аралбай ақын:
"Сүйіннен туған Көтібар, Қара ұлына хан болған. Көрмегендер келбетін, Бір көруге зар болған ", — деп жырға қосты.
"Орыстан құтылу үшін етілген Кіші жүздің қимылдары әлі толық жазылған жоқ. Патша заманында бұл мүмкін емес еді. Тарихшы енді шықса керек", — деп жазды Х.Досмұхамедұлы (Аламан. Алматы, 1991, 52-6.). Патша үкіметінің істеген істерінің біз бірқатарын ғана білеміз. Ал Сүйінғара сияқты батырдың еңбектері тарихи бағасын толық алған жоқ. Әлі жылы қазан жабулы күйінде жатыр. "Қармыс батыр" жырын, "Балуанияз батыр" дастанын, "Досан батыр", "Байбоз — Жанбоз" шығармаларын оқып мәз боламыз. Оны зерттеу, деректер іздеу, халыққа табыстырудағы істеріміз көңіл көншітерлік емес. Көбіміздің жазылған, жазып жүрген еңбектеріміз бұрынғы зерттеушілердің еңбектерін қайталап жазу, тыңнан дерек іздемейміз, бөтен еңбекті пайдалану ғана. Сондықтан да тарихшыларымыздың, журналистеріміздің, әдебиетшілеріміздің осы істерге бет бұрғаны дұрыс-ау деп ойлаймыз. Айтты-айтпады қалмақпен, орыспен, Хорезм хандығымен соғысқан Атағозы, Қармыс, Төлеп, Шабай, Қонай, Жанұзақ, Балуанияз, Айбас, Шотан, Қожагелді, т.б сияқты батырлардың еңбектері мен халқын қорғаудағы үлгілері дастарқан басы әңгіме күйінде қалып отыр. Жуық арада, өзінің 15-20 қойы мен 2-3 түйесін баға алмай ұрыға ұрлатып жүрген, садақа тойда жоғалған түйенің хабарын айтып отыратын бәз біреулер "Сүйінғара түрікменге ауылын шаптырды, Жансалқам, Айсалқам атты екі қызы жауда кетті. Адайдың бетіне таңба салды", — дегенді айтады. Патшалық Россияның отарлау саясатынан, Жайықтың екінші бетіне қазақтарды өткізбегендігінен, балықты үркітесіңдер! — деп Жайыққа қармақ салғызбағандығынан, Хиуа ханының көшпелі елді тонап, мал-жесір алғандығынан бейхабар сияқты. Ханға салтанат құру керек, баю керек. Оған ақша керек. Елге салықты көбейтті. Салықты кейде ақшалай талап етті. Ханның соғымы деп осы Маңғыстаудан мал айдаған кездер болды. "Ақ киіз, қызыл үй" салығы түсті. Садақа, підия, ғұшыр, пітір салығы да ханға тиісті болды. "Надан қазақ", "Шірік қазақ" деген астамшыл сөздерді естіді. Осылардың бәрі Сүйінғара сияқты ел бастаған басшыларға ауыр тиді. Ақ патшаның құрығы ұзын деген сөздерге мойын ұсынбады. Халықтың басына түскен осындай жүкті Сүйінғара сияқты ерлер көтерді.
Айтылатын тобықтай түйін, биыл толған Сүйінғара батырдың 240 жылдығы. Ұрпақтары кесенесін ойдағыдай етіп салды. Там байғазысын берді. Биыл 240 жылдығына туыстары ас беру қамын да ойлап жатқан көрінеді. Шығынын өздері көтереді. Сүйінғара батырдың денесі жатқан Сисем ата қорымы Маңғыстау ауданының көлемінде. Сондықтан да бұл игі іске ауданның әкімшілігі тарапынан қолдау болса дұрыс болар еді.
"Өлі жебемей, тірі байымайды" дегендей, аты шулы батыр, белгілі би Сүйінғара атамызға арналған іс-шараға ешкім де қарсы болмас деп ойлаймыз. Елім, қазағым деп қан кешкен Сүйінғара батырдың аруағы 240 жылдық мерейтойында, халқының ауыз бірлігінің беріктігіне септігі тигеніне риза болар еді. Халық та "бәсе" — деп қуанып қалар еді.
1996 жыл, сәуір
АТАҒОЗЫ БАТЫР
Белгілі ақындар ерлігіне айырықша мән беріп, жырға қосқан Маңғыстау елінің аты аңызға айналған батырларының бірі және белгілілерінің белгілісі Атағозы батыр. Ел батырларын еш уақытта ұмытпаған.
Атағозы, Бердібек
Ерлік қылған белгілеп, —
деп жырға қосқан батырлар шын мәніндегі қазақтың қамал қорғаны болған көш бастар серкелері еді. Жеке батырларды айтқанда Тама Есет, Қанжығалы Бөгенбай, Қара Керей Қабанбай, Адай Есек батыр, Назар ұлы Шотан, Бегей батыр, Атағозы, т.б. сияқты батырларды көбіне айырықша атаймыз. Тарихта батыр атанып, аңызға айналғандар көп. Себебі, олардың артында жазбаша да, ауызша да аңыз, деректер қалғандығымен айырықша аталады. Қазақ елінің әр түкпірі өз жерін шетелдік басқыншылардан қорғай білді. Кіші жүз елінде қалмаққа, патшалық Ресейдің көрсеткен озбырлығына, Хорезмге қарсы тұрған батырлар көптеп саналады. Кешегі Сырым, Исатай, Махамбет, Иір мойын Есет Көтібарұлы, Адай Құдабай мен Дәуімшар, Сүйінғара, Шабай, Қонай, Төлеп, Қармыс, Балуанияз, Беріш Құлбарақ, т.б. батырлар халық аузында ерекше сақталған. Дегенмен тарихын жазбаған көшпелі елге бұл күндері әрбір тарихи оқиғаның арасын айырып, түрін түстеп, тесігін жамап, барын бағалап жазу қиынның қиыны. Соңдықтан да бірлі-жарым ауызша аңыз әңгімеге, болмаса ақын-жыраулардың артына мұра етіп қалдырған өлең-жырларына сүйене отырып, батырлардың ерлік істерін сол қолда бар шежірелер арқылы кейінгі ұрпаққа жеткізу бүгінгі ұрпақтың борышы болмақ. Елін жаудан қорғап, ұрпақ үшін жанын қиған ата-бабаның ерлік рухы сонда ғана өтелмек.
Ақын-жыраулары көп болды ма, әлде отырықшылыққа жақындау болды ма Орта жүз, Ұлы жүз батырлары туралы дастан, толғаулар молырақ ұшырасады. Және дастан жеке батырлар ерлігіне арналады. Ал бірақ Маңғыстау елінде батырлар жөнінде дастан жазған белгілі ақын Сәттіғұл Жанғабылұлы өзінің Досан батырға арнаған еңбегінде:
Тарих қылып тастайын,
Әңгіме кеңес бастайын.
Бұрынғы өткен ерлерді.
Ертеде ерлер көп болған.
Көк сүңгісін өңгерген,
Көңілі көшіп желденген.
Сол күнде болған батырлар:
Атағозы, Бердібек
Ерлік қылған белгілеп,
Әлібай, Төкеш, Құлыбек
Балуанияз, Қармыс, Ер Төлеп,
Шотан, Шабай, Ер Қопай, —
деп ондаған батырларды бірге еске түсіріп кетеді.
Қазір Қазақстан бойынша тарихи оқиғалар туралы, батырлар туралы көп жазылып жатыр. Біреу біліп жазады, біреу аңыз бойынша жазады, біреу бөлініп жазады, біреу дақпыртқа жазады. Кейбіреуінің еңбегінің суы бар, сорпасы жоқ. Табан тірейтін жазба дерек қалмаған соң, жазғаннан не пайда, не қайыр. Қазақ жерін сырт жаудан қорғауда бабаларымыз көп еңбек сіңірді. Егер солар қорғамаған болса Қазақстандай ұлан-ғайыр жерді қазақтар мекендемеген болар еді. Батыстан орыс пен қалмақ, Шығыстан Жоңғар, терістік шығыстан Қалмақ-Қытай, Оңтүстіктен Хорезм қапыдағы қазақ еліне көз алартқаны құдай түгілі адамға аян. Бұл тарихи шындық, себебі сонау зар заманнан қалған Қожаберген жыраудың "Елім-ай" дастанының қазақ даласының батысы, шығысы, оңтүстігі, солтүстігіне бірдей тарауы бүкіл қазақ халқының сол бір күндерде жауына қарсы бірігіп бас көтергенінің, болмаса қорлық-зомбылық, басқыншылықты бірдей көргендігінің бұлтартпас айғағы емес пе? Мысалы, Маңғыстау елінде "Адайлар Сауран айналыпты" деген сөз бар. Олар неге айналыпты десек, көбі жауап бере алмай қалады. Біреулер "Адайлар Сауранды үш айналыпты" дейді. Неге айналыпты десең, тағы да үнсіздік басады. Тарихи деректерді оқып отырсақ, Сауранды төрт жағы құбыла болғандықтан айналмаған көрінеді.
Тарихи деректерде алшындар Үлкен Ноғайлы мемлекетінің құрамына кіреді. Орыс ғалымы, тарихшы Соловьевтың жазуынша, Ноғайлының (біздің Алшындардың) бір бөлігі, орыстарға пейілі құлаған Ысмайыл өзінің туған ағасы Жүсіпті өлтіргеннен кейін, 1555 жылы қазақтарға келіп қосылады. Ақыр соңында соңғы Орманбет би өлген соң (1600-ші жылдары) қазақтың құрылымына кіреді. Арада 10- 20 жыл өткен шақта шығыстан жаңа жау — жоңғарлар пайда болады. Олар Сібірді көктей өтіп, XVII — XVIII-ші ғасырлардың алғашқы ширегін осы аймақта өткізеді. Қалмақтардан күйрей жеңілудің белгісі — Алшындар жадында қалған "Сауран айналған" деген атау осы кезеңге қатысты дейді. Бұл дерек – сол Сауран айналудың бірінші куәсі. Біз, Адайлар, Жетісудан көшіппіз деп жүргенімізде де осы тұстарды меңзейтін сияқты...
Ғалым Әбдікәрімовтың 1992 жылғы 7 ақпанда "Қазақ әдебиеті" газетінде жарияланған мақаласында "Бұл жойқын шабуылда жоңғардың қаһарлы ханы Цебан Рабтан 70 мыңнан астам әскерін қазақ даласына төгумен болады. Еділ-Жайық арасындағы кіші қара қалмақ хандығы 30 мыңға тарта қол жасақтап, қазақ хандығының батысына бас салыпты. Кіші жүз халқы орыс шекара бекінісінен пана іздейді, көбі Сауран айналып босып кетті", — дейді (XVII-XVIII қазақ поэзиясы. А., 1982, 222-6.). Бұл жалғыз Адай емес бүкіл Кіші жүздің Сауран айналуы еді.
Ал енді соңғы айналуы 1750 жылы Есек Есенғұлұлы батырдың дәуірлеп тұрған кезіндегі Сауран айналуы еді. Бұл тұста Ұлы жүз хандығының астанасы Сайрам, Орта жүздің астанасы Түркістан, Кіші жүздің орталығы Сауран қаласы еді. Бұл үш жүздің басы қосылмай "Күлтөбенің басында күнде жиын" деген әңгімелерден қалған тұстар еді. Еділ қалмақтарының қазақтарды ығыстырған кезі еді.
Өткен жылдары Маңғыстау аудандық "Жаңа өмір" газетінің "Мұра" атты арнаулы санында "Атағозы батыр" деген мақала жарияланды. Жарияланған деректе батыр 1732 жылы туып, 1792 жылы өлді дейді. Жақша ішінде бұл жорамал ғана деген сөз бар. Яғни 60 жасында дүниеден өткен. Біздіңше, тарихи деректерге сүйенсек, Атағозы батыр одан әріректе туған. Себебі, 1723 жылы 12 желтоқсанда Аюке хан ордасына Ресей шекара өкімет орындары хабар жеткізеді. Онда қазақ, қарақалпақтың 40 мың қолы қалмақ хандығымен соғысуға келе жатқанын хабарлайды. (В.А.Моисеев. Джунгарское ханство и казахи XVII-XVIII вв. А., 1991. 84-85-бб.). Сөз жоқ, осы соғыстың дәл ортасында жас батыр Атағозы жүрді. Бұған дәлел Бегей, Атағозы, т.б. батырлар әкеліпті дейтін қалмақ қызы — Аюкенің қызы екен деген шешелеріміз жөніндегі аңыз-әңгімелер дәлел болатын сияқты.
...Қазақтар бірігіп, Сәмеке, Әбілқайыр, Барақ, Есім султан бастаған 10 мың қазақ жасағы 1726 жылы Церен Дундук хан мен Доржи Назаров иеліктеріне басып кірді. Егер аңызға сенсек, онда Кіші жүздің батырлары және Адай батырларының ішінде Атағозы, Өмір, Темір, Есек, Есен, Табынай, Шотан, Бегей, Сабытайлар болды.
Осындай тарихи деректерді баяндай келіп Ә.Хасенов өзінің "Үш ғасыр иінінде" атты еңбегінде "бізге жеткендердің аты-жөнін анықтап, оған құрмет көрсетіп есте қалдыру бүгінгі ұрпақтың парызы" дей келе, қадірлеп, қастерлеуге, аруағына бас июге тұрарлық, ұрпағы мақтан тұтарлық ата-баба, ару аналардың әйгілер мыналар деп, Адай елінен Шотан, Назар, Есенғұл, Есек, Сабытайлардың есімін атап өтеді.
Ал Атағозы, Бердібек, Бегей, Табынай, Қармыс, Қонай, Шотан, Шабай, Өмір, Темір, Сабытай, Назар, Есек, Есенғұл, т.б. батырлар аралары жақын, көбі бірін-бірі көрген батырлар. Олардың біразы бірге соғысты десек қателеспеуіміз мүмкін. Бұл да зерттей түсуді керек ететін мәселе. Тағы бір мысал Атағозы батырдың ерлік ісі бүкіл Кіші жүзге, тіпті исі қазаққа белгілі болды деуге болады. Батыр туралы белгілі ақын Мұрат Мөңкеұлы Жылқышы ақынмен айтысында:
Өтіпті Атағозы, Өмір, Темір
Бірінен бірі өткен ақсұңқардай, -
десе, әйгілі Аралбай ақын:
Артық кімдер бар еді,
Ертеде өткен Есектен.
Қасиетін көрсеткен
Атағозы мергеннен.
Ақсүңгісін өңгерген,
Аламанға жел берген,
Азын көпке теңгерген.
Адырнасы ақырған.
Қол оғы нардай бақырған, —
деп жырлады. Батырды дәріптеуде мұнан артық қандай теңеу, дерек керек?!
Аталмыш ғасырда Маңғыстауда болған Әбілғазының айтуы бойынша, түбекте 700 үй шамасында ғана түрікпен болады. Қалған өрістің бәрін қалмақтар жайлапты. Бұл өлкені мекендейтін елдер Шәудір, Сүйінші рулары (Сүйініш болар) 1-ші Петр заманында қалмақ ханы Аюкенің (1670-1724) қарауына ауып кетеді (В.В.Бартольд. Шығармалары. 2-т., 1 бөлім, 609, 613-66.). Халық арасындағы көп айтылатын адайлардың қалмақтарды шабуы, жесір алуы дейтін аңыздар осы тұстарға дөп келетін сияқты.
"Шығысқа қарай жөңкілген қалмақтар, Жем мен іле арасындағы қазақтардың шапқыншылығына ұшырап, қатты қырылды, кері көшкен 30909 үйдің Жоңғарияға аман жеткені шамалы. Жоңғарияға босқан қалмақтар 1771 жылы 18 қаңтарда Жайық өзенінен өтіп, Жем бойыңда Кіші жүз қазақтарының шапқыншылығына ұшырайды. Оған Еділ -Жем бойы қалмақтарының ақсүйектерінің арасындағы алауыздық себепші болды," — дейді Ә. Кекілбаев. (Ұйқыдағы арудың оянуы. Алматы, 1979).
Орынбор, Москва, Ленинград архивтерінен алынған осы деректерді ақылға жүгіндірсек, бұл оқиғалардың қалың ортасында Атағозы батыр жүрді. Тағы бір дерек Сырым Датұлының қызын, Алаша Байсал би қалың мал беріп баласына айттырады. Бұдан бірнеше жыл өткен соң, Байсалдың баласы Сырымның қызын алмайтын болады. Байсал Сырымға кісі жіберіп: "Балам қызыңды алмаймын дейді, менің берген малымды қайырып берсеңіз екен", — дейді.
Сырым: "Мен Байсалдың малын бағып беруге алғаным жоқ, алса қызымды алсын, алмаса өзі білсін", — дейді. Содан кейін екеуі хан алдына барып жүгініспек болады. Жолда келе жатып кеңеседі: "Ханның ауылында жақсы да, жаман да жиналған. ел көп болуы керек. Екеуміз барып ханға жүгінуіміз жараспас. Біз жасы үлкен адай Атағозы батырға барып, соған жүгінейік, соның үкіміне риза болсақ қайтеді", — дейді.
Мән-жайды естіген соң Атағозы: "Сіз екеуіңіз белгілі Сырым мен Байсалсыздар ғой, сіздер ұзақ дау айтпай, екі-үш сөзбен қысқаша қайырыңыздар",- дейді. Сонда талап иесі Байсал би:
— Қозеке, мен Сырымға құда болып едім даңқыменен. Бес жиырма мал бердім, бұрынғы ата-бабаның салтымен. Қалы кілем қара нарға жауып бердім, арғымақ жылқының асылын тауып бердім. Алтын дегенім мыс болды, күміс дегенім жез шығып, сондықтан малымды іздеп келген талапкермін, — дейді.
Сонда Сырым айтады:
— Байсалдың менімен құда болғаны рас даңқымменен, араласып сыйласты да халқымменен. Бес жиырма мал бергені де рас бұрынғы ата-баба салтыменен. Мұның баласы менің қызыммен үш жыл қалындық ойнады, құлындай байлады, тайдай жайлады. Бар мақсаты біткен соң, енді алмаймын деген қиял ойлады. Мен онысына көнбедім. Сіздей әділ биді іздедім, осы еді алдыңызға келгенім.
Атағозы дауды Сырымның пайдасына шешеді. Мұны хан естиді. Хан ашуланып, Атағозыны шақырады. Келсе, хан үйінің алдында жүр екен. Атағозының қолын ұстап тұрып: "Ойда орысты, қырда қалмақты, түстікте түрікпенді олжалап жүрсең де шыр бітпеген сорлы екенсің ғой", — дейді.
Сонда Атағозы: "Айтқаның рас, тақсыр. Бұрынғыдан келе жатқан сөз бар еді, өлеңді жерде өгіз семіреді, өлімді жерде молда семіреді, қаралы сында қатын семіреді, халқының қамын ойламаған хан семіреді. Сіз семізсіз ғой, семіздігің халқыңның қамын ойламағандығың. Мен қайтсем топтан торай шалдырмаймын деп, қазақтың жалғыз тайын жауға алдырмаймын деп бір түнде тоғыз оянып, тоқсан толғанамын, маған неғып шыр бітсін", — дейді. Хан жұмғанда аузын ашпай, үйіне кіргізіп, қонақ етіп аттандырған екен, дейді.
Атағозы батыр қартайған шағында Нұралы ханның баласы Қаратай сұлтанға кезігеді. Ол Кіші жүзді аралап жүр екен. Орынбордан оқу бітіріп, патшадан аға сұлтан шенін алған бойы екен. Батырдың қартайып, өңі солып, арыңқыраған тұсы екен. Батырдың атағына қазіргі түрі сай келмей отырғанын көрген жас сұлтан: "Уә, нағашы еке, жауыңды ойсыратып ойып алып, үйір-үйір жылқысы мен қора-қора қойын алып, ойда орыстың, қырда қалмақтың сыйын алып, көнбесе басын алып жүрсең де, алғаның бойыңа жұқпаған екен-ау", — депті.
Сонда Атағозы: "Е, шырағым, осы сұрақты бұрында сенің әкең де қойып еді, әкеңнен сұрағаның ұят болар, өзім айтып жіберейін, есіңде жүрсін:
Өлеңді жерде өгіз семіреді,
Өлімді жерде молда семіреді.
Қаралы үйде қатын семіреді,
Халқын қадірлемеген хан семіреді.
Кешегі жас күнімде қайтсем топтан торай шалдырмаймын деп бір күнде тоғыз оянып, тоғыз толғандым. Мен арық болмай, кім арық болсын, балам", — депті. Қаратай үндемепті. Жолда оның қасындағы бір биі: "Өз жөнімізбен жүрмей, үйдегі қатын-балаға да зиянымыз тиіп кетті-ау", — деген екен.
Атағозы батыр бірде бір қысылтаяң шаруамен Айшуақ ханның ордасына келеді. Үйге беттеген батыр таңғы намаз оқу үшін дәрет алуға шығып келе жатқан Айшуаққа бетпе-бет келіп қалып, түйісіп қала жаздайды. Ертелетіп қапылып жүрген батырды жақтырмаған хан: "Таң атпай қаңғып қайдан жүрсің", — деп ақырады.
Көңіліне келіп қалған батыр қынабынан қылышын суырып алып: "Басыңды шабайын ба осы", — деп ханға оқталады.
Батырдың бұл жүрек жұтқандығына таң қалған, әрі риза болған хан: "А, батыр, тасып жүр екенсің-ау", — дейді, бұрынғысынан даусы жұмсаң қырап.
— Жоқ, хан ием, қазақтың басын қоса алмай сасып жүрмін, — дейді Атағозы батыр.
Бұл аңызды әркім әр түрлі айтады. Кім қалай айтса да Атағозы батыр ерлігінің куәсіндей осы аңыз ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа тарап жалғасып келеді.
Осыларды сөз еткендегі айтайын деген ойымыз: Атағозы батыр Адайдың ғана емес, бүкіл Кіші жүз Алшынға ортақ тарихи тұлға. Оның ерлігі, билігі қай тарихи тұлғалардан да артық болмаса, кем емес. Оның ерліктерін Қабанбай, Бөгенбай, Исатай, Махамбет, Кенесары, Наурызбай, Ағыбай, Тама Есет, Жанғожалармен қатар қоюға болады. Шындығын айтсақ, Маңғыстау батырлары өзінің тарихи бағасын әлі ала алмай келе жатыр.
Қазіргі кезде кейбіреулер той көбейіп кетті деген сөздер айтады. Әрине той көбейеді. Тойдың көбеюі ұйқыдан оянудың, сілкінудің белгісі. Кешегі аштан өліп, құлаған жерде жан тәсілім еткендерді ешкім білмейді. Олардың басында құлпытасы да, белгісі де жоқ. Ал ата-бабаларды дәріптеу, ас беру, солардың бәрін де еске түсіру, көптеген тарихи тұлғалардың қазір қайда жатқанын анықтау қиынның қиыны. Мысалы, Өмір, Темір, Шотан, Шабай, Табынай, Бегей, Бердібектер қайда жерленді? Көбінің жерленген жерлерін білгенімізбен, қай құлпытас немесе қай сағана екенін білмейміз. Атағозы батыр Бейнеудегі Бекет Ата жер асты мешітінің құбыла бетінде 1-2 шақырым жерде Көне тарихтары бар ескі қорымның солтүстік бетінде шетте оқшау жатыр. Шамасы, батыр Бекет Ата мешітінің маңына адам жерленбей тұрғанда өмірден өткен сияқты. Егер ата мешітінің маңына одан бұрын адам жерленсе батыр да сол жерге жерленген болар еді. Батырдың жалғыз жерленуі осы ойларымызды растай түседі-ау, сірә. Ал біз шынында да сол атышулы Атағозы батырға құрмет көрсете алып жүрміз бе? Жоқ, ұлы жолдың бойында бізді осы күнге жеткізуге теңдесі жоқ ерлік көрсеткен Атағозыдай батыр бабамыз арқасын жел тесіп, Бейнеудің ақ көбік тесік-тесік боз тасының астында ескерусіз жата бермек пе? Қарақалпақстандағы адай таңбалы құлпытасы бар Қосай кесенесін жаңартып, Орта Азияны дүрліктірген қызу қанды Қосай атаның ұрпақтары қайда?
Біздің дерегіміз бойынша, Атағозы батыр 1704 жылы туып, 1794 жылдары қайтыс болған. Атағозы батыр жаудан өлді деген дерек жоқ. 90 жыл өмір сүрген, 1994 жылы батырдың туғанына 290 жыл толады. Біздің пайымдауымызша, Атағозы батыр 1722 жылы "Ақтабан шұбырындыда" бар адам. Және 1726 жылы Церен Дундуюса қарсы соғысқа қатысқан. Тағы бір дерек "Родоплеменной состав и расселение казахов" (конец XIX — начало XX вв.) кітабында (Алматы, 1968. 87-6.). Есенғұлдың Есегі — Қосайдың немересі бастаған адайлар. Кіші жүзбен бірге Сауранды айналып, қайтадан Арал теңізін жағалай Жем өзеніне бет алды. Бұл жерге келіп қалмақтардың жерді алып қойғанын білді. Соғыса жүре адайлар XVIII ғасырдың аяғында Үстірт — Маңғышлақ бағытына қоныс тебе бастады, -дейді. Автор бұл деректерді жазғанда 1928 жылғы шыққан М. Ищенконың "Особенности сельского хозяйства Адаевского уезда" (М.— JL, 1928. 100-6.) және "Материалы экспедиции Института истории, археологии и этнографии АН КазССР в 1957 г. на Мангышлаке" кітаптарының деректеріне сүйенгенін айтады. Осы деректер Атағозы батырдың Маңғыстауға қарай елді бастағанын растай түседі.
Атағозының туғанына 290 жыл толады деуіміздің де жаны бар. Себебі, жоғарыда жуық арада ақтөбеліктер Тама Есет батырдың 300 жылдық мерейтойын тойлап, басына кесене салды.
Бейнеу ауданының Тоқсанбай бағытына жүргенде Ырғызбай—Қарасайдың тұсынан оңтүстік-шығысқа қарағанында адамның имек тұмсығына ұқсас "Тама Есет батырдың тұмсығы" деген имиген таудың тұмсығы көрінеді. Қалмақтардың Үстірт — Маңғыстауды билеп тұрған кезі болса керек. Қазақтар қолы таудың астындағы жауды ала алмайды. Таудың асты бұлақ, шұрқыраған көкалалы жылқы су ішіп шығып бара жатады. Алдындағы таудан түсіп кеткен аттылардың қайдан түсіп жүргенін білмей аң-таң болған әскер сол таудың үстіне түнеп, таңертең ерте қарап тұрса, шұбырып таудан шығып бара жатқан құландарды байқап қалады. Келіп көрсе бір аяқ қия жол. Сол арқылы құлап, қалмақтарды тас-талқан етеді.
Енді бір аңыз бойынша, Кіші жүз әскері Маңғыстаудағы қалмақтармен қазіргі Шетпе елді мекенінің Бозашы бағытындағы "Иір" жерінде соғысады. Соғыстың қатты болғандығы сондай, ой қанға бөгіпті-міс. Есет батыр шатырын Айрақтының үстіне тігіп, ара-тұра демалады екен. Осы соғыстан кейін Есет батыр ауырады да, өлетінін біліп өсиет айтады. Есеттің қосын артатын ақ атаны бар екен. Мен өлгесін сол атаныма артып Жемнен жоғары бағыттаңдар. Ақ атанның шөккен жеріне жерлерсіңдер дейді. Осы қаралы керуенді Атағозы батыр бастап барып жерлепті деген аңыз бар. Бұл да зерттеуді керек ететін дүниелер. Ал орыс саяхатшыларының кітаптарындағы деректерді әңгіме қылып отырғанымызда Әбекең (Ә.Кекілбаевты айтам) Есет батырды орыстардың "Есет Айрахтинский" деп атағанын айтқан еді.
Мағжанның мынадай сөзі бар:
Ерлерді ұмытса да ел, сел ұмытпас,
Ерлерді ұмытса да ел, жел ұмытпас.
Ел үшін жанын қиып, жауды қуған,
Ерлерді ұмытса да ел. шел ұмытпас.
Ел үшін төккен ерлер, қанын жұтқан,
Ерлерді ұмытса да ел, жер ұмытпас.
Олай болса, Атағозыдай батыр бабамыздың аты ешқашан ұмытылмақ емес. Оның атағы қазақ батырларының қай-қайсысынан да кем емес. Сондықтан да Атағозы батырдың 290 жылдық мерейтойын өткізу, басына кесене орнату туралы ұйымдастырушылар алқасын құру керек. Батырдың басына Маңғыстаудың мәрмәр тасынан ескерткіш кесене салу жағын қарастырып, Бейнеу ауданынан есеп шотын ашу бірінші мәселе. Осы мәселені қолға алуды батыр ұрпақтары – Айтқұл атам балалары ұйымдастырады деп сенеміз. Жеке азаматтар, өндіріс орындары, совхоздар, мекемелердің демеуші болатындығына күмәніміз жоқ. Ал кесенені салуға Маңғыстаудың атақты сәулетшісі Мақсат Нұрқабаев құлшыныс танытып отыр.
Мақаланың артық-кем жері болса, оқырманнан алдын-ала кешірім сұраймын. Атағозы батыр туралы дерек білетіндер "Маңғыстау" газеті арқылы елге, оқырмандарға көрінеді ғой деп ойлаймын.
СҮЙІНҒАРА БАТЫР
Патшалық Россия 1554 жылы Астрахан хандығын басып алды. Содан бастап оның шекарасы Маңғыстауға Каспий теңізі арқылы жақындай түсті. Осы уақыттарда Европа елдерінің Каспий теңізіне ынтасы күшейе түсті. Ондағы ойлары Еділ-Каспий су жолдары арқылы Иранға баратын жақындау ыңғайлы су жолын ашу еді. Шынында, бұл жол орыс жері арқылы Индия, Қытайға баратын да ыңғайлы су жолы еді. Әсіресе, осы жолға Англия аузын аша қарады. Тіпті Англияда сауда одағы, жер іздеушілер, бұрын адам баспаған ел, арал, мемлекет іздеушілер дегендер шыға бастады. Содан болар, Маңғыстауға бірінші аттаған, көрген кісі Антон Дженкинсон болды. Ол Маңғыстау арқылы Үстірт асуымен сауда керуеніне еріп Хиуа мен Бұқараға барды. Дженкинсон тек саудаға әуестенген жоқ, жүрген жерлерін картаға түсірді, жолда көрген, білгенін суретке салды. Халықтың тұрмыс-салты, тіршілігі жөніңде мәліметтер жинады, қай ұлт, қандай рулар тұратындығын анықтады.
Одан кейін шығыс Каспийді, яғни Маңғыстауды орыс саяхатшылары А.Бекович -Черкасский, Ф.Н.Саймонов, Ф.Ф.Берг және басқалар зерттей бастады. 1805 жылы генерал-майор Фалкерзам Жем өзені мен Түпқарағанды қарап шықты. Ол қамал салу жөнінде өзінің жоспарын жасады. Соғыс сауда базасын жасайтын ыңғайлы орындар іздеді. Ондай жерді Түпқараған деп тауып, ұсынысын коммерция министрі граф Румянцевке табыс етті. Осы кезде орыс-француз соғысы басталып кетті. Ал Наполеонның ойынан да Индияға баратын төте жол іздестіру шықпай жүрген кезі еді. Бұл жөнінде академик Е.В.Тарленің "Наполеон" деген кітабында Россияның оңтүстігі арқылы Индияға бару жоспарының бар болғандығы айтылады. Осы соғыстың зардабынан біраз үзілістен кейін 1832—1836 жылдары Каспийдің шығыс жағасын Г.С.Карелиннің экспедициясы толығырақ зерттей бастады.
1833 жылғы мамырда соғыс министрінің Азия жөніндегі комитеті өзінің мәжілісінде Г.С.Карелин экспедициясының бітірген жұмыстарын жан-жақты талқылады. Бұл I Петрдің Каспийдің шығыс жағасы оңтүстіктен сауда-саттық жасауға ең қолайлы жол екендігі туралы ойын растай түсті. Сөйтіп, Қарасу-Қайдақ шығанағында қорған салу туралы және оның құрылыс жұмысын бастау туралы шешім қабылданып, Орта Азияны қаратуға жол ашудың алғашқы мүмкіндігін шешкендей болды. Хиуа мен парсылардан сескенген олар, яғни Азия комитеті аса сақтықпен қимыл жасауды тапсырды. Бұлардың арамдық пиғылын хиуалықтар естіп қойды. Хиуа ханы өзінің тыңшыларын жіберіп, қорған құрылыстарды не мақсатқа пайдалану үшін салып жатқандықтарын білуді тапсырды және қандай әскери күші бар екенін білгісі келді. Сонымен қатар Хиуа ханы орыстарға жалға берген түйелердің жәйін білеміз деп, Адай елінің басшыларын шақыртты және жәй-жапсарын түсіндіруді сұрады.
Хиуа ханы өзінің тыңшыларын жіберіп, Адай руы қазақтарының патшалық Россияға қарсы соғыс ашуын талап етті. Олардың қарсы қимылын көре алмағандықтан, елін-малын тонауды бастады. Адайдан барымта — жесір алды. Міне, Хиуаның осыңдай көрсе басарлығына Адайдың белгілі биі, батыры Сүйінғара Үргенішбайұлы қатты қарсылық көрсетті. Осыған ерегіскен Хиуа ханы Аллақұл 1832 жылы.Бозашыдағы Сүйінғара батырдың ауылын үш мың қолмен келіп шауып кетті. 500 адам Қарнауда қуып жетіп, соғыс ашты. Көпке топырақ шаша алмады, қырылды, өлді, жеңіліс тапты. Осы сапарыңда Хиуа ханы жол бойында отырған елді аяусыз тонады. Олар Сүйінғара батырдың әйелін, екі қызын, бір баласын, басқа да көптеген адамдар мен малын айдап кетті.
Хиуа ханы қанша қыспаққа алғанымен, Сүйінғара Россияға қарсы көтеріле қойған жоқ, қайта Хиуа ханынан өш ала бастады. Сөйтіп, 1840 жылы Сүйінғараны қайта шабуға келген Хиуа әскерін Сисем ата маңыңда қазақтар қолы талқан қылды. Хиуа әскерінің ішінде Англияның тыңшысы Джеймс Аббот бар еді. Сүйінғара батыр Хиуаның бас адамдарын және Джеймс Абботты орыстардың қолына тапсырды. Бұл соғыс Сүйінғара батырдың жеңісі еді.
Өкінішке орай, Хиуа ханының шапқыншылығын Сүйінғара батырдан көретіндер осы кезге дейін кездеседі. Ал шындығына келсек, Сүйінғараның халқы үшін істеген еңбектері көп. Оны дәлелдеу үшін Орынбор, Ленинград архивтерін әлі де ақтара түсуіміз керек. Сүйінғара батыр туралы жерлес жазушымыз марқұм Маршал Әбдіхалықов "Сүйінғара" романын жазған болатын. Амал не, әлі көпшілік қолына тиген жоқ. Сүйінғара туралы кейбір жүрек тебірентер деректерді көрнекті жазушы жерлесіміз Әбіш Кекілбаев шығармаларынан да кездестіріп жүрміз.
"Сүйінғара туралы жағымды да, жағымсыз да аңыздар сақталғанымен, аты аңызға айналған батыр орыс офицерлерінің жазбаларында, — дейді жазушы Маршал Әбдіхалықов, — марқұм Сүйекемнің тектілігі танылып-ақ тұр. Ол қазақ халқының (адайлардың) адалдығын Ресейге алғаш танытқан кісі екен", — деп бағалаған-ды. Ресей патшалығының жалпы қазаққа құрғақ сөзден басқа көмек көрсетпегені айдан анық. Патша керегінше екі жүзді саясат ұстап, Хиуа мен қазақты біріне-бірін итеріп салып отырғаны белгілі. Осы жағдайды қазақтың өз басшылары дұрыс түсіне алмады, халыққа керісінше түсіндірді.
Сүйінғара батырдың ақылдылығы туралы да деректер сақталған. Исатай-Махамбет көтерілісі жеңіліске ұшырағаннан кейін Хиуа ханы өзінің екі жүзділік саясатын білдіреді. Көмек көрсеткісі келетіндігін айтады. Соның әсерінен Махамбет батыр Хиуа ханынан көмек сұрауға аттанады. Осы сапарында Махамбеттің Сүйінғараға келгендігі туралы халық аузында мынандай аңыз бар.
"Сүйінғараға келген Махамбет екі-үш күн тынығып, әңгімелеседі. Оның жүріс-тұрысының мән-жайын білгеннен кейін Сүйінғара: — Сен Хиуаға барма, көмек сұрама. Хиуа ханы біздің ата жауымыз. Жаудан көмек күтпе,- дейді. Бірақ оған Махамбет көнбейді. Содан кейін Сүйінғара Махамбетке:
— Атың арыпты, арық ат жолда қалдырар, менен де бір ат мін. Ер-тұрманың ескіріпті, менің ер-тұрманымды ал, бес қаруыңды тот басыпты, менің алтындаған бес қаруымды тағын. Ертең Хиуаға қазақтың батыры келіпті демей ме?" — депті. Сонда жұпыны күйде барғаның абыройыңды түсірер, — дейді. Сөйтіп, Махамбетті судай киіндіріп, бес қаруын сайлап жібереді. Міне, осы оқиғаны архив жазбаларынан алған көрнекті жазушы Әнуар Әлімжанов өзінің "Махамбеттің жебесі" романында нанымды пайдаланады.
Сүйінғара туралы жағымды пікір білдіріп, өзінің шығармаларына арқау еткен кісі Абыл ақын Тілеуұлы. Ол Сүйінғара туралы:
Нағашың ер Табынай Алқұлы, Айбас,
Қайының Байбақты Шолан тапа-тайлас.
Ерлігіңе көркің мен билігің сай,
Көрген жан бір өзіңе кінә қоймас.
Сен барда сүйеулі еді арқам жарға-ай,
Аузына байтақ жұрты анталаған,
Сүйекем сөйлер еді-ау қар қуардай:
Сүйекем сапар шекті сексен бесте,
Сисемде қалды ұйықтап аю төсте.
Қорлыққа көнбен деген бір пенде еді,
Ажалға о да көнді салған іске, —
дейді (XIX ғасырдағы қазақ поэзиясы. Алматы, Ғылым, 1985. 42-6.).
Сүйінғара батыр атына қазақтар "керуен тонапты" деген сөзді қосады. Тарих сырына үңілсек, бұл сөздің төркіні мынадай жағдайлардан шыққан көрінеді. 1810 жылдар шамасындағы Маңғыстаудағы жұт жергілікті халықты қатты алаңдатты. Осыны сезген Хиуа бар мүмкіншілікті пайдаланып, қазақтарды бауырына тартқан болады. Дария бойынан жер беріп, егін салуға рұқсат етеді. Өзін Кіші жүз қазақтарының әміршісімін деп есептейді. Алым-салық салу саясатын жүргізеді. Бұл жағдай қазақтардың шымбайына қатты батады. Осыдан барып Хиуа ханы мен қазақтардың арасында ала ауыздық пайда бола бастайды. Хиуа ханы маңғыстаулықтардың белгілі биі Сүйінғара батырдан алым-салық жинауға байланысты біраз жұмыстар талап етеді. Бұған Сүйінғара қарсылық жасайды. Осыдан барып Сүйінғара мен Хиуа ханы Аллақұлдың арасында бітіспес кектесу пайда болып, Аллақұл Маңғыстау елін ара-тұра шауып алады. Одан Сүйінғара да қалысқан жоқ, ол да барымта-сарымтасын көбейтті. Хиуа ханының Кавказбен, Россиямен жасаған сауда жолын аңдыды.
Ол кездерде Хиуа ханының Россиямен сауда жолы Жем өзені арқылы өткен. Жем мен "Қасқа жол" бағытында Белеулі керуен сарайын салдырған. Белеулі сарайының орны осы кезге дейін жақсы сақталған. Ал Маңғыстаудағы "Қызылтас" қамалы арқылы Кавказбен байланыс жасаған. Осыдан кейін Сүйінғара Хиуаның сауда керуенін жібермей, байланысын қиған да отырған. Ал Ресейге бара жатқан керуеннен жерімнің үстінен өттің деп жер салығын талап еткен. Нағыз болмағанда "Сүйінғара сыбағамды бер" деп келеке қылған. Осының бәрі Хиуа мен Маңғыстау елі арасындағы қырғи қабақтыққа әкеліп соқтырған.
Сүйінғара батырдың туған-өлген жылдары белгілі. Үйіңде жатып өз ажалынан өлген. Ол 1756 жылы туып, 1841 жылы 85 жасында дүние салған. Асылы, Абыл өлеңі шындық.
Батыр туралы, тарихи оқиғалар туралы аз да болса нанымды мағлұмат беруді, пікір айтуды жөн көрдік. Бүгінгі оң өзгеріске, оң оқиғаларға толы қайта құру заманына халық басынан өткен қилы-қилы қиын күндерді еске алып, ашығы айтылып жатқан кезде оған ат салысу, сол арқылы бүгінгі ұрпақты бабалар рухында, Отан сүйгіш патриоттық қасиетті сезімге баулу әр азаматтың борышы. "Жеті атасын білген ұл, жеті жұрттың қамын жер" деген атам қазақ. Сүйінғараның Көтібар, Сатыбалды деген ұлдары да жау қайырған батыр жігіттер болған. 1970 жылдардың ішінде Форт-Шевченко қаласындағы өлкетану музейінің директоры, өлке зерттеушісі Есбол Өмірбаев Сисем ата зиратындағы Сүйінғара ұрпақтарының бірінің зиратынан сауыт, найза, ерлер, батырлар пайдаланатын заттарды тауып, сол Форт-Шевченкодағы музей қорына алды. Сүйінғара батырдың ұрпақтарын Маңғыстауда, Жылыойда, Түркменстан, Қарақалпақстан жерінде көптеп кездестіруге болады. Оның бейіті Үстірттегі Сисем ата қорымында.
1979 жылдары Маңғыстау облыстық партия комитеті мен атқару комитеті тарихи есімдерді мәңгі есте қалдыру жөнінде қаулы қабылдап, Сүйінғара батырдың басына белгі орнату жөнінде тапсырма берген болатын. Сол қаулы осы кезге дейін орындалмай келеді. Сисем ата жерін жайлайтын совхоздың әкімшілігі, Маңғыстау ауданының басшы орындары осы бір елеулі іске мұрындық болар деп ойлаймыз.
Өкінішке орай, аңыз айтушылар, тарихшылар мен зерттеушілер сол бір оқиғалар туралы айтпайды, айтса бір-екі ауыз сөзбен бітеді. Біздің парызымыз, сол бір тарихи оқиғаларды барынша терең білу, шайқас өткен жерлерге белгі салу, оны тарихтың жадына мәңгі сіңіру болмақ. Сол Сүйінғара батыр тұсындағы зар заман, ұзақ айқастар, ел болып сақталып қалу жолындағы қанды шайқастарды, өз кезеңінің ұлы адамдарын сахна төріне шығарғанда ғана ұрпақтық парызымызды ақтаймыз. Олар — батырлар, би-шешендер, ақын-жыраулар, күйшілер. Сол азғана көңіліміз оларға ескерткіш болсын, басына оқыған дұғамыз болсын. Сүйінғара батыр туралы, басқа да тарихи тұлғалар туралы әлі де айтылар, жазылар. Не көп, елін сыртқы жаудан қорғаған батыр көп. іздестірсе, олардың бәрінің бейіті табылар еді. Ал табылғандарына жаңартып, ескерткіш құлпытас орнатайық.
Біреулер Сүйінғара батыр қатты кісі болған дейді. Мүмкін ол өмір сүрген заман, өне бойы қақтығыс болған соң жаны жараланғандығынан, қаны қарайғандығынан қатты болған шығар. Ет жақын туысына, ел-жұртына, туған халқына жасаған көршілердің озбырлығын, жауыздығын көзімен көріп, басқыншыларға қаны қарайып алған жанның ондай болуы заңды да.
Сүйінғараны сол кездегі орыс офицерлерінің мемлекет қайраткері ретінде бағалауына қарағанда ол тек найза сілтеп, қылыш жұмсаған ғана адам емес, терең ойлы, ақыл иесі болғандығын көреміз. Ол өзінің иығын хан-сұлтандардың иығымен тең ұстаған.
Жалпы тарихқа әділ, шындық сөздер керек. Ал пікірге түйін болар қосымша деректер керек. Қалай болғанда Сүйінғара батыр Кіші жүзге белгілі болған адам. Әрине, елде батыр түлғалы адамдар аз болмаған, ал атағы тарихта қалған адамдар некен-саяқ. "Ел іші — кеніш", — дейді халық. Сүйінғара батыр туралы айтылар сөз көп болуы мүмкін. Ар-намысын ел намысына ұштастырған ерлерді дәріптеу, оның өлмес атын өшпестей етіп нұрландыру деген сөз. Олай болса, тарихи есімдер халықтың алтын қазығы емес пе, оны анау-мынау демей, бағалай білуіміз керек. Батыр деген атақты екінің бірі алмайды. Батыр дегендер іргелі елдің көш бастар серкесі, ел бастар еркесі. Олардың асыл тегі бар, артында арқа сүйер елі бар, сенері бар. Болат су жұтып ширайды. Сондықтан осы заманға дейін аңыз болып жүрген асылдарымызды естен шығармайық.
1991 жыл
ҚОНАЙ БАТЫР
Басынан сан қилы замандар өткізген ежелгі қазақ халқы өзінің өмір шежіресінен сабақ алмаса, ақ жолдан адастырмайтын сара жолын қалай таппақ?! Өткенін ұмытса, барын сұрастырмаса, адастырмас даңғыл жолын қалай таппақ?!. Өткенін ойламаса, өркені қалай өспек, көсегесі қалай көгермек?! Бұрынғы тарихын жоғалтса, келешекке не бегімен көрінбек?!
Осы тұрғыдан алып қарағанда, бірде қағазға жазылған, бірде ауызша аңыз ретінде осы бізге дейін жеткен көне тарих ізі — халық шежіресінің, оның ішінде ауыз әдебиетінің мәні ерекше. Көбіне аңызбен астасқан, кейде қоспасыз өмір суретінің көшірмесі іспетті, осынау ұшан-теңіз дүниесіз тарихымызды сараптай алмайтынымыз сөзсіз. Қазіргі кезде халықтың ата-баба тарихына ала-бөтен ықыласты болып отырғанының да бір сыры сол болса керек.
Ал кеше ғана өткен кер түсініктің қасіретінен сол асыл мұраларымызды тануда көксау дертке шалдығып, ел бойын жинай алмай келді. 16 республикадан тұратын терезесі тең одақ болған кездің өзінде де сонау, 20-шы жылдардың бас кезінде шежіре — тарих айтыла бастап тез сөнген-ді. Енді жан-жағыңа қарап, тарихыңды іздейтін кезең қайта келді.
Егер қазақ тарихын іздегіміз келсе, шежіре сілемдерін "тарих атасы" Геродот баспаларынан бастап, берісі орыс саяхатшыларынан, М.Қашқаридың "Диуани лұғати-т–түрік", Әбілғазы Баһадүрханның "Шежіре-и түрік", Нәжіп Ғасымбектің "Түрік тарихы", ескі шежіре "Құтадғу білік", қазақтардың тарихын зерттеген В.Радлов, В.Бартольд, Н.Аристов, Г.Карелин, болмаса Шәкәрім еңбектерінен де көп зат табуға болады. Ал Кіші жүз елінің бір бөлігі Байұлы десек, оның бір тарауы Адай елі тарихының бірқатар сілемдерін белгілі шежірешілер Алшын, Ұзақбай, Сүгір, Алхам, Еңсеп, Қашаған, Ақтан, Абыл, Нұрым, Ыбырай Құлбайұлы, т.б. ақын шежірешілер еңбектерінен де сұрыптауға болатын сияқты. Оның үстіне қай ру, қай әулет, одан қандай белгілі ер шықты, қандай ақын-жырау, би, бай шықты, оның есімдері кімдер екенін айыруға мүмкіндіктер молдығымен де қуантады.
Біздің бүгінгі әңгімеміз тарихи тұлға, Кіші жүздің белгілі батыры Қонай төңірегінде...
Қонай батыр туралы деректер ауыз әдебиетінде де, жазба әдебиеттерде де кездеседі. Мол болмағанмен, Қонай батыр жөнінде көп жайды аңғаруға, ажыратуға болады. Батырлар жөнінде көп жазылып жатыр деп отырмыз. Сайып келгенде, көбінің рулық шеңберден аса алмай жатқан жерлері де бар. Біздің көптеген азаматтарымыздың өз руының белгілі батырларын, тарихи тұлғаларын жазуға, соларды көрнектірек қылып көрсетуге бейім тұратындығы өкінішті-ақ.
Әйтседе, көпке таныстыруға ұмтылғандығымен құнды. Кейбір жазған жақсы-жақсы материалдарға күмән келтірушілер болуы да ықтимал. Дегенмен осы жерде тарихи тұлғалар жайлы әркім білгенін, түйгенін, естігенін жазатындығын ескергеніміз жөн дер едік.
Тарихтың алыс қойнауына көз жіберсек, Қонай батыр қалмақтармен болған ұрыстарда ерекше көзге түскен тұлға. Оның өз халқын қорғаудағы ерліктері атадан балаға мирас болып келе жатқандығы да сондықтан. Қонай батырдың қалмақты шабуы, мал, жесір алуы жайлы мынандай аңыз бар, ол Қожаназар Жанайұлына байланысты астасып жатады.
Қалмақты шауып, жесір мен малды елге таратып келе жатқан батыр Қожаназар ауылына ат басын тірейді. Амандық-саулықтан кейін:
— Батырдан сауға! — дейді Қожаназар бай.
— Төреңізге құлдық алыңыз, — деп батыр, Солым сұлуды Қожаназарға нұсқайды.
— Бір шартым бар, — дейді Қожекең. — Солым егер ұл туса, батыр, қызынды берерсің, ал қыз туса балаңа келін қылып аласың, осыған тұрсаң тілегіңді қабыл алам,-дейді Қожаназар бай.
— Болсын, — дейді батыр. Және арты солай болады да. Бұл көріністерді елестеткенде заманындағы екі ұлы адамның адамгершілігі мен уәдесінің беріктігінің өте жоғары болғандығын мойындамауға хақымыз жоқ. Өлгенде де екеуінің бір қорымда жатқандығы сол бір ұлы достықтың айқын куәсі.
Қонай батырдың өмірінің соңғы кезеңі туралы үстіміздегі жылы "Маңғыстау" газетінің 1 ақпанындағы санында Ұлы Отан соғысы мен Еңбек ардагері, Ақтау қаласы тұрғыны Сағын Беркінұлының "Шоқтығы биік Шотан батыр" атты мақаласы жарияланды. Сонда мынандай жолдар бар. Ол кезде жаугершілік көп болған ғой. Шотан батыр мен Кенже Қонай батыр екеуі қанды көйлек дос кісілер болған. Бір жорықта Қонай батыр ауыр жаралы болып аманатын тапсырғанда Шотан бір өзі Қонайдың денесінен етін сылып тастап, сүйегін Сисем-атаға апарып бір өзі жерлеген, — дейді. Сөз жоқ, Шотан халықтың Шотаны. Бірақ Сағын Беркінұлы айтқан дерек шындыққа да , аңызға да келіңкіремейді. Себебі, бұл екі батырдың жас арасы бір ғасырда өмір сүргенімен, Шотан үлкендеу. Олай дейтініміз, көп жерлерде, жалпы Кіші жүзде айтылған, қазір де ел аузында айтылып жүрген мынандай аңыз бар. Әбілхайыр ханды Орта жүздің сұлтаны Барақ өлтіреді. Нұралы құн ала алмайды. Әбілхайырдың әйелі Адайдың Әлмәмбет-Табынай батырының баласы Сүйіндіктің қызы Бопай ханым, Сүйіндіктің Ханай атты қызы (Жаманадай) Сүйіндік Қарпық бидің шешесі. Құн даулап Орта жүзге Қарпық би барады. Бірақ Сұлтан Қарпықтың сақалын кесіп елге қайтарады. Бұл іске намыстанған Шотан батыр Кенже Қонайды, Табынай жас батыр Айбасты, Медет Арғынбайды шақырады. Шотанның шұбар айғырының баласы шұбар бестісін мініп, бұлармен бірге жүреді. Жолда келе жатып: "Қосайдың үйінен дәм таттыңдар ма?", — деп сұрайды. "Жоқ", — деп жауап береді батырлар. "Онда жолда пәленше деген Бәлидің үйі бар, Қосайдың ұлы ғой, үлкен үйдің орны ғой, ырым қылып дәм татып кетейік", — деп сол үйден барып дәм татады. Батырлар барып, есебін тауып, өлтірмей Барақтың сақал-мұртын, сұлтандық белгілерін, асасын, т.б. заттарын алып, "Бәрекелді, кек қайтты!" — деген екен дейді Шотан батыр. Барақ содан соң у ішіп өлген.
Қонай батыр өлімі турасында Маңғыстаудың ақиық ақындарының бірі Түмен Балтабасұлының жазып қалдырған шежіресінде былай делінеді:
"Әбілхайыр өлгеннен кейін таққа отыру таластары болғаны мәлім. Осы тұстарда Нұралы жалпы Кіші жүздің белгілі батыр, бектерін шақырады. Бозашыда ма, әлде теңіздің қарсы беті Сисем ата маңында отырды ма, Қонай батырға да хабар тиеді. Мінетін аттың жайын ойлады ма екен, аттарды жетектеп солтүстік Атырау (Каспий) бағытына адамдар жіберіп, өздері желкенді қайықпен аттанады. Теңіз үстінде батыр қатты ауырады. Жолаушылар кейін қайтады. Батыр осы сапарда дүние салады, Сисем ата қорымына ақ жуып арулап қояды.
Жалпы Қонай батыр жаудан өліп еді деген әңгіме бұл өңірде бұрын-соңды көп айтылмайды және қабір де, жерлеген қорымы да белгілі, екінің бірі біледі. Асылы, Түмен Балтабасұлының дерегі шындыққа келіңкірейді. Қонай батырдың ұрпағының көбі өзінің қасына жерленген. Қонайдың ұлы Бегеш қана Ақтау қаласының Темірқазығында 50-60 шақырым жерде. Өз ұрпақтары да осы аңызды қостайды. Ұрпақтары айтқан осы бір аңыз шындыққа келетін сияқты.
Қонай батыр туралы өз шығармасына арқау етпеген Байұлы ақын-жыраулары некен-саяқ. Жауынгер ақын Қалнияз Шопықұлы белгілі "Ер Қармыс" дастанында Қонай батыр және басқа батырлар жөнінде Төлеп батырдың атынан: Осы топтың ішінде — Белгіліден Бегей бар, Жүйрік атты Кедей бар, Он бес жасар Шабай бар, Бек сауытты Жанақ бар, Қойсары мен Қонай бар, — деп жырлайды.Ақынның белгілі деп айтқан осы топ батырлардың есімдері, халқынан бағасын алғандығынан, көпке белгілі болғандығынан хабардар етеді.Дүлдүл ақын Сәттіғұл Жаңғабылұлы өзінің "Досан батыр" шығармасында XVIII-XIX ғасырлардағы ел қорғаған батырлардың есімдерін жыр түйдектеріне қоса келіп:
Шотан, Шабай, Ер Қонай,
Солардың жалғас ең соңы-ай
Иса мен Досан ер соңы-ай, — деп Досан мен Исаның ерлігін Шотан, Шабай, Ер Қонайға теңей және басқа көптеген батырлардың аттарын жырға қосуы, Қонай және оған замандас батырлардың ерліктерін кейінгі ұрпақтарға үлгі қылуы деп түсінеміз.
Қараш Ыбырайым ақын Құлбайұлы өзінің шежіре толғауында ел батырларына баға бере келіп:
Төрт арыс Кенже болғалы
Бетіне дұшпан келмеген.
Қойсары мен Қонайдың
Жайлағаны ағын су,
Көкорайлы көлменен, —
деп жырға қосуы, сөз жоқ, Қонай батырдың кезеңіндегі өмірінен мол хабар бергендей. Тіпті батырды өз көзімен көрмегендігінің өзіңде де, ауызекі халық аузынан айтылған батырға берілген мінездемелер арқылы батыр образын дөп басып, дәл берген. Қонай батыр туралы аңыздар ұрпақтан-ұрпаққа жағымды жағымен жалғасып отырған. Ол соңғы өмірін Үстірт-Қорнау маңыңда өткізген сияқты. Оған дәлел өзі мәңгілік орын тепкен Сисем ата қорымының маңында Сай-Өтес темір жол бекетінен 20 шақырым шамасында Қонайдың үйігі бар. Батыр сол үйікке шығып, жаудың жолын қарайды екен. Бірде былай болыпты. Күннің ыссы кезі болса керек. Батыр үйде көлеңкелеп, дамылдап жатады. Жау сол бір түс мезгілін пайдаланғысы келіпті-мыс. Ойлары батыр үйде жатқанда басып қалу. Ауылға жақындағанда батырдың аруағы мыңғырған қол болып көрінеді. Мынадай күшке қарсы келе алмайтындығын сезінген жау кейін қайтыпты дейді. Шын ба, әлде аңыз ба, қалай болғанда да батырға деген халық махаббаты осы әңгімені ұрпақтан-ұрпаққа паш етумен келеді. Ауыз әдебиетіне сот жоқ, талқыланбайды...
Беріректе болған бір оқиғаны үлкендер аузының суы құрып айтып отырады. Бегімбет Қаракісі деген адам тентек адам болыпты. Үстірттегі Уәлі маңындағы бір шымырауды жаз жайлап отырған кезі болса керек. Кенеттен ауырып, сауығатын түрі білінбейді. Ауыл адамдары күдерін үзген соң, не өсиет қалдыратынын, қайда жерлеу керектігін сұрайды.
Қаракісі: — Мен өлсем Қонайдың үйінің қақ басына жерлеңдер, артынан күмбез тұрғызыңдар. Қонайдың үйігі болар ма екен, жоқ, әлде Қаракісінің моласы болар ма екен! — дейді. Күннің ыссы, шілде түскен кезеңі екен. Қаракісі өмірден өтеді. Қабіршілер ертелетіп түйеге мәйітті артып алып, Қонайдың үйігіне бағыт алып жүреді. Ауылдан біраз шыққасын айналаны дым көрінбейтін қатты тұман басады. Қабыршылар жүре-жүре шаршайды. Бесін намаздың тұсы болады. Ақылдасып, бұйырған жер осы болар деп, түйеден мәйітті түсіріп, жер қаза бастағанда, тұман жап-жарық болып шайдай ашылып кетеді. Сол жер осы күнгі "Сай-Өтес" темір жол бекетінің құбыла бетіндегі 4-5 шақырым жердегі "Қаракісі" қорымы. Осы әңгімелерде Қонай батырдың осал адам болмағандығынан мол хабар бергендей.
Иә, сөз жоқ, XIX ғасырда орыс саяхатшылары Маңғыстау елінің дәстүрін, дүние танымын, тарихын, жерін, мәдениетін зерттеді, картаға түсірді. Оның бәрі өз дегеніне мойын ұсындырып, дегеніне көндірудегі, айтқанын жүргізудегі алғашқы қадамдары еді. Ол істеген істерінің бәрі қазақ халқына құштарлығынан емес, керісінше отарлау саясатын тереңдеу жүргізудегі құралына айналдыру еді.
Осындай істерді жүргізе жүре, қазақ еліндегі ру аралық тартыстар мен қағыстардың отын үрлеп, тіпті көрер көзге айдап салып отырды. Ежелден бірлікте келе жатқан елге ірткі салды. Отаршылар Кіші жүз аталатын елдің кез келген жерінен бекіністер салып, қазақ халқының ұлан-байтақ жерін, ең шұрайлыларын орыс-казактарына беріп, әскери бекініспен бекітіп, өз меншігі деп жариялап қан қақсатты. Осының бәрі XVII ғасырдың соңы мен XIX ғасырдың ішіндегі азаттық қозғалыстардың бастау алуы болды. Сырым Датовтың, Исатай Таймановтың, Сүйінғара Үргенішбайұлының, Қырықмылтық Дауымшар мен Құдабайдың, Кенесары Қасымовтың, Есет Көтібаровтың, Иса мен Досанның, Жанғожа Нұрмағанбетұлы, тағы басқалардың бастауымен болған күрестер, сөз жоқ, өз елінің мерейін көтеруге бағытталғаны хақ. Осылардың бәрі сонау Қонай батырлар сияқты ерлердің ерлігінен бастау алғаны белгілі. Оларды бірінен-бірін бөлек қарауға болмайды.
Өмір жолы бұралаң тайғақ, өнер жолы шырғалаң. Ұлы адамдардың бәрі бірден ұлы аталынбайды. Уақыт кеңістігінен өтіп, заман талқысынан өтіп барып қана ұлылығы білінеді. Ғасырлар қойнауын үңгігенде ғана тарих тарих болмақшы.
Біздің жоғарыда айтып отырған батырымыз — ұлттық тұлға, осы уақытқа дейін өзінің бағасын алмауы, оның атының тарихқа етене енбеуі өкінішті. Бірақ Қонай батырды халқы қадір тұтуда. Оның есімі елінің аузында, оның есімін ұрпақтары мақтан тұтады.
1996 жыл
ШОТАН БАТЫР
XVII ғасырда Кіші жүздің Есентемір, Алтын-Жаппас, Адай, Таз, Ысық, Апаша рулары және Жетірудың біразы Еділ, Жайық, Жем бойынан ығысып, Сыр бойына көшкені тарихтан белгілі жай. Оның арты ұлы сүргінге ұласып, 1723 жылдың сәуір айында мына жағы Еділден, мына жағы Созақ айналып келіп, Жоңғар қалмақтарының қазақты қыспаққа алып, ойран салғаны да шыңдық. "Ақтабан шұбырынды"... атанып, халықтың басы ауған жаққа шұбырған кезі де осы жылдар. Атақты Қожаберген жыраудың:
Ызғарлы күн шығыстан жел келеді, Шұбырған Алтай жақтан ел келеді. Еділден Ұбашы қалмақ тағы шапты, Зор бейнет тас маңдайға кез келеді.
Осылай екі жақтан тиді қалмақ,
Әскерін күн-түн демей жиды қалмақ.
Тұзаққа екі беттен шабуылдап,
Түсірді бейбіт елге ауыр салмақ, -
деп жырлаған кезі де осы кез.
Үш жүздің баласы Құлтөбеде бас қосып, қалмаққа аттанғанда, Әбілқайыр хан қолбасшы болды. 1732 жылы Аңырақай түбінде қалмақты енді бас көтерместей етіп қырып жеңіске жетті. Бірақ Әбілқайырды үш жүзге хан қылып сайламады. 40 мың әскердің бірі — мың басы Назарұлы Шотан еді... Оқиғаға байланысты жазбаны қайдан алғандығы айтылмағанымен, Аңырақай соғысына қатынасқан Адай батырлары туралы дерек, яғни Есенғұлұлы Есек, Назарұлы Шотан, Сабытай батырлар туралы "Қазақ әдебиеті" газетінде бұрын жазылғаны оқырманға аян.
Шотан тек құба қалмақпен болған соғыстың ғана батыры емес, Хорезм, Хиуа хандықтарына қарсы соғыстардың да куәгері болған адам. Тарихи әңгімелерде Шотан Назарұлы әрі би, әрі батыр аталынады. Ол туралы тарихи деректер Абыл, Сәттіғұл, Қашаған, Түмен, т.б. ақындар шығармаларында көрініс береді...
Бүгінгі жас ұрпақ Шотан батырды, басқа батырларды да аз біледі. Оның себебі көп. Кешегі бір күндерде қызылдар қырғыны елді аласапыран қылды, ел есінен адасты. Біраз тарих жоғалды. Тіпті, бірқатар батырлардың сүйегінің қайда жатқаны белгісіз. Мысалы, Арқа қазақтары Қаракерей Қабанбайдың сүйегі жатқан жерді әлі күнге таба алмай, әуре-сарсаң күйде... Шотан батырдың сүйегі біраз іздеуден кейін, 1999 жылы Сисем ата қорымынан табылды. Батырдың белгісін табуға батыр ұрпақтары Ү. Сардарбеков, Қ. Сүйебаевтардың айырықша еңбек еткендерін атай кеткеніміз жөн.
Шотан тек батыр ғана емес, сонымен бірге елшілік жұмысына да қатынасқан кісі. Бұл пікірімізге Әбіш Кекілбаевтың "Ұйқыдағы арудың оянуы" (Алматы, 1979. 42-6.) кітабындағы "1785 жылы Сырым батыр бастаған қазақ ру басыларының Әбілқайыр балаларын хандық биліктен босату туралы II Екатеринаға жазған өтінішінде, халық аңызында қазақтарды Маңғыстауға бастап әкеліпті делінетін Адай ру басылары Атағозы батыр, Өмір батыр, Шотан батыр, Асан бидің қолы жүр", — деген дерегі дәлел.
Енді Шотан батырдың жас шамасы жөніне келейік. 1992 жылы қыркүйектің 6-сында Маңғыстау ауданының мерейтойына "Мұра" атты газет жарық көрді. Онда батырлар жөнінде дерек берілген. Тіпті, кейбіреулерінің туған-өлген жылдарын да шамамен көрсеткен. "Мұра" газетінде Шотан батыр туралы айтылған деректе оның туған-өлген жылдары көрсетілмеген. Ал Шотан батырдың тұстасы, жүз жасқа жақындап өлген Атағозы батырды 1732-1792 жылдары өмір сүрген деп шамалапты. Шамасы, шежіре жасаушы Мұрат Мөңкеұлы шығармаларынан хабарсыз болса керек. Атағозы жөніндегі деректерді жазбаша мағлұматтардан да, ауыз әдебиеті арқылы да табуға болады...
1750 жылдары Еділ-Жайықтың арасы, Сағыз, Жем бойы тарлық етіп, Адайлардың түстіктен ел жайлайтын жер іздей бастағаны белгілі. Сөйтіп, олар Үстірттің үстіне барлау жасайды. Ақырында Қаратүйе-Маната жеріне келіп, барлау салады. Осы күнгі Маната қорымында сондағы көп қырғынның іздері бар. Олардың ішінде Адай батырларының көпшілігі бар еді. Сол жолғы түрікмен мен қазақ арасында болған ұрысты Қашаған Күржімәнұлы жырға қосады. Ақын алдымен: Бірнеше күн өтеді... Қаратүйе-Маната деген жерге жетеді, - деп, шыңның ернегіне келіп аңтарылып тұрған көп әскерді елестетеді. Алдынан шыққан Хиуа әскерінің (ол кезде Маңғыстау Хиуаға қараса керек) қазақ әскерімен кездескен сәтін былай көрсетеді:
Екі жақ та айқасып,
Ұрыстың болды ұлысы,
Қатар-қатар тұрысып,
Саржаның тартты кірісін.
Бөріктер ұшып торсылдап,
Біреулер қалды қорсылдап.
Қай жақтан да ер өлді,
Аз өлмеді, көп өлді.
Осы соғыстың ішінде Назарұлы Шотанның болғаны сөзсіз. Бұл түс Шотанның орта жасқа келген, нағыз қайраты толысқан дер шағы болатын-ды. Адай елінің жау табанының астында қалмай, Үстірттің кең жазығы мен самалды сары белдерін жайлаған кездері де осы жылдар еді. Маңғыстауды иеленуге байланысты талай батырдың аты, дос түгілі, дұшпанына мәлім болды. Осылардың арасында өресі биік болғандардың бірі — осы Шотан батыр-ды...
Ой билігіне сүйенсек, қазақтар, оның ішінде Адай елі, 1750— 1770 жылдар арасында Қаратүйе-Манатаға дейінгі өңірде көшіп-қонып жүрген сыңайлы. Адайлардың Маңғыстау ойына 1770 жылдардан кейін құлағанын кейбір жазбалар мен қорымдардағы жазулар растай түседі. Шежіреші ақын Мұрат Мөңкеұлының:
Есболай, Кете Әжібай қарай келген,
Қасына батыр Жары Шотан ерген.
Әжібай Сарыарқаны қыстап қалып,
Керелді Есболай бай мекендеген, —
деуі осы бағытта біраз жайдан хабар береді. Ал Балтабасұлы Түмен ақынның:
Әуелі алпыс үйден аз келіпті,
Ішінде Ақпан деген таз келіпті.
Есболай ере көшкен екі үй екен,
Қалғаны қар кеткен соң, жаз келіпті, —
деуіне қарағанда, Адайлар көшінің бірден сау ете түспей, біртіндеп келгені аңғарылады.
Маңғыстау—Үстіртке ел қондырған батырлар бейнесі жорық жырларында, жыр-қиссаларда көзге жылы ұшырайды. Солардың арасында да Шотан батырдың есімі айырықша көзге түседі. Олардың мінген тұлпарлары да аңызға айналған. Мысалы, Шотанның шұбар айғыры, оның баласы шұбар бесті туралы, Атағозының тілге үйренген Қоңыр деген аты, қан таңбалы, тай тұяқты Күрең аты, Қармыстың Қара айғыры, Қожагелдінің Ала аты, Балуанияздың Құла аты тарихи-әдеби деректерден белгілі. Шотан батыр, тек бір ауылдың ұраны емес, ол - халық перзенті. Ол өзін емес, өзгені айтып, елді ерлікке үндеген адам. "Аға" деп, Әжібайға бата айттыруы соның белгісі.
Шотан батырдың жер дауы мен жесір дауына араласып, бітістіріп жіберген жерлері де аз болмаған. Атағы жер жарған батырлардың өзі Шотан батырдың сөзіне құлақ асқан.
Біз батыр бабамыздың есіміне байланысты бірер дерекпен тарихи оқиғалар тереңіне көз жүгіртіп отырмыз. Бұл Шотан батырға байланысты өмір-дастанның бір елесі ғана...
Шотан батыр, Атағозы батырлар отаршылдық ниетімен келген Ресейге қарсы аттанған, Сырым батыр көтерілісіне де қатынасқан деген деректер бар. Ол — бөлек зерттеуді керек ететін мәселе.
"Жүк ауырын нар көтерер, сөз ауырын ер көтерер" демекші, батырлар болмағанда, "қара қазан, сары баланың" ертеңгі күні қалай болатын еді? Шотан батырлар тұсында талай жаудың беті қайтты, талай жесір әкелініп, олар ана болып, елді көбейтті. "Елге ел қосылса — құт, елден ел кетсе — жұт" дегендей, елдің көбейгені, баланың көбейгені елге құт болды, жігерді жебей түсті. Егер елден Шотаңдай ұл тумаса, ата жолын қумаса, елге, руға дұрыс бағыт беріп отыратын қой бастар серкесі болмаса, ел ел болар ма еді?.. Онда кез келген жау елдің бағын байлап, халықтың, ұлттың намысын өшіріп, сағын сындырмас па еді? Шотандардай ұлы бар ел бақытты ғой! Әлеуметтік әлімжетіктерден талай көресіні көрген ұлттық санамыздың, қуанып та, ұялып та, ұлықтайтын да тұстары келді," — деп еді бір сөзіңде үлкен жазушы, мемлекет қайраткері Әбіш Кекілбаев.
Шындыққа жүгінсек, Шотан батырдың ерліктері Сырым, Бөгенбай, Қабанбай, Исатай, т.б. батырлардың бірінен де кем емес. Ол — Шотан болып туды, Шотан батыр, Шотан би атанып өмірден өтті. Оның тарихы әлі зерттеле түсуге тиіс.
ҚАРАКЕРЕЙ ҚАБАНБАЙ
(Қабанбай батырдың туғанына 300 жыл толуына орай)
Қазақ халқы өзінің қалыптасу дәуірінде басынан талай-талай қилы замандарды кешіргені мәлім. Соңдықтан да елін, жерін сыртқы жаудан сақтап қалудағы халық батырларының ерлік істері жөнінде халық жырларынан аңғаруға болады. Біз қазақ халқының батырлық жырларының түп-төркінінің әріде жатқанын білеміз. Сондай батырлардың бірі Қаракерей Қабанбай туралы жыр-әңгімелер де баршылық. Биыл сол ел қорғаған батырлар, хандар жөнінде елімізде ірілі-ұсақты бірқатар шаралар ұйымдастырылып жатқаны газеттерден белгілі. Жуырда ғана Абылай ханның – 280, Бөгенбай батырдың — 300 жылдық мерей тойларын бүкіл Қазақстан болып тойладық. Қаракерей Қабанбай батырдың да 300 жылдық, торқалы тойы тойланатындығын естіп жүргенбіз. Осыған орай жақында Талдықорған облыстық Кеңесі төрағасынан біздің облыстық Кеңес төрағасының атына шақыру хат келді. Онда былай делініпті:
Жағаның отырғызған тасына бау,
Мұнайдан фонтан атып тасыған-ау.
Маңғыстау өрендері, армысыңдар,
Әр үйге жағып қойған жасыл алау.
Тұрған соң заман жүгі желкемізде,
Қуансын, шалқысын жұрт ел теңіздей.
Тамыздың 16-шы жұлдызында
Ұлы той өткізбекпіз өлкемізде.
Басынан өткен талай заман қайғы,
Жұртымыз ертеңіне алаңдайды.
Көркейер сіздерменен мерей тойы,
Бабамыз Қаракерей Қабанбайдың.
Осылай ақтаңдақтар тазаратын,
Тарихта сақтап қалған қазақ атын.
Тойына бабамыздың шақырамыз,
Облыстың Сіздей екі-үш азаматын.
Батырды беттетпеген өліскенше,
Сенікі - менікі деп бөліскенше
Бәріміз қуанышта бір болайық,
Күн жақсы Жетісуда көріскенше.
Сөйтіп, облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары Таңаш Мендібайұлы екеуміз жер жаннаты Жетісуға бардық. Талдықорған облысының Алексеевка ауданының "Лепсі" совхозының жеріндегі "Үйген тас" Жетісудың ең шеткі өзені Қытаймен шекаралас Жоңғар Алатауынан бас алатын "Тентектің" жағасына орналасқан. "Үйген тастың" осылайша аталуы да Қабанбай батырға байланысты екен. Жоңғар қалмақтары қазақ жеріне толассыз шабуылдайды. Ел азады, тозады. Осы кезде Қабанбай батыр үш жүзден әскер шақырып, осы Тентек өзенінің бойына келеді. Қабанбай аттанар алдыңда әскерінің шамасын санап біле алмайтын болған соң әр сарбаз бір түйірден тас әкеліп осы жерге үюін сұрайды. Тас үйіндісі кішкене төбешік болады. Мысалы, біздің Үстірттегі Бәйтіннің үйігіндей. Осы соғыста қазақтар қолы жоңғарларды ойсырата жеңіп, елге қайтқанда "Үйген тасқа" келіп демалады. Батыр қанша қол қалғандығын білгісі келіп, манағы үйген тастан бір-бір тас алып анадай жерге апарып қайта үйуін сұрайды. Сонда әуелгі жиналған әскерден үштің біріндей қалғандығын аңғарады.
Қабанбайды халық ардақ тұтқандығынан болар, тірісінде оған бірнеше ат қойыпты. Олар: Ерасыл, Ізбасар, Дарабоз, Қабанбай. Бұл атаулардың өзі жеке-жеке әңгіме. Бір аңызда былай делінеді екен: Қабанбайдың әкесі өліп, ізін басар ма екен деп ізбасар қояды. Жетім бала нағашысының қолында өседі. Бір күні нағашысының аулы жайлауға көшеді, бір көлдің жағасына келгенде көшке жабайы шошқа-қабандар шабуыл жасайды. Осы кезде ізбасар қолына найза алып, қалың қабанмен айқасады. Оларды қырып салып, көшті бастап аман-есен өтеді. Бала жиенінің батырлығына риза болған нағашысы "Қабаным-ай, қарағым-ай" деп, содан Қабанбай атанып кетеді.
Көп аңыздың енді бірі мынадай: Қабанбай елінен аулақ сапарда жүргенде ежелден өштесіп, ішіне кек сақтап, қапысын таба алмай жүрген қырғыздың Аманалы деген батыры Қабанбайдың ауылын шабады. Қызын қатын, қатынын жесір, баласын жетім етіп, ел намысын аяққа басып айдап алып кетеді. Бұл қорлық батырға қатты батады. Қарт батыр қапаланып, халыққа хабарлап, халық батыр туының астына жиыла бастайды. Бұл туралы жырда былай баяндалады:
Ел-жұртын жаулар шауып алғаннан соң,
Қайғылы боп қан жұтты қарт Қабанбай.
Қайғылы боп қан жұтты дегеннен соң,
Мұрыннан келген екен ер Боранбай.
Ақылын әлі де отыр түзей алмай,
Жауымнан қалдым ба деп кек ала алмай.
Жиылды тамам батыр дегеннен соң,
Келіпті Қанжығалы қарт Бөгенбай.
Көк жарлыдан келіпті Көкжал Барақ,
Шақшақұлы Жәнібек, Бұхар жырау
Жеткен екен ерлерге ол да қалмай.
Тауында мерген атар арқар, құлжа,
Жігіттер артқан түйе тегін олжа,
Жиылды тамам батыр дегеннен соң
Келіпті шанышқылы Бердіқожа.
Жырдың енді бір түрінде
Бердіқожа батырдың орнына
Сыбаннан Шыңқожа батыр келді, —
дейді. Қабанбайдың батыр інісі, ту ұстаған Дәулетбай, Найманнан Жантай батыр келеді. Қазақ халқының қол бастаған батырлары, топ бастаған көсемдері, сөз бастаған шешендері бәрі-бәрі түгел жиналады. Өкінішке орай, дастанды шығарған ақындар Кіші жүз батырларының атын атамайды.
Ертістің арғы жағы күлдір самай, Мылтығы Қабекеңнің күлдір мамай. Жиылды тамам батыр дегеннен соң, Аттанды жұртқа бас боп хан Абылай.
Қабанбай сан жорықта сыналған жан серігі, ер қанаты Қубас атын мінеді, өз қасына жолдастыққа Шағалақ батырды алады. Ерлер аттанып, қатар салып келе жатып көшке кездеседі. Бұл Қабанбайдың елін шапқан Аманалы батырдың көші болады. Аманалы батыр інісімен араздасып, бөліне көшкен екен, абайсызда кездеседі. Аманалы да қайсар ер, қамал бұзған батыр, жекпе-жекке шығып, қазақ батырларын жуытпайды.
Жібермей қолдың алдын иіреді,
Батырлар ыза болып күйінеді.
Ұмтылды шыдай алмай Жантай батыр,
Найзамен түйреп мұны жібереді.
Қанжығалы Бөгенбайды да, Көкжал Барақты да жуытпайды. Бұхар жырау сексен сегізде екен, ол да ұмтылады. Кәрі байғұс сені бейнет айдады деп, оны да іліп тастап жүре берді, — дейді. Тура шапқан Бердіқожа батыр да ештеңе істей алмайды. Қабанбайдың інісі Дәулетбай батыр да найза ұшында кетеді. Ту ұстаған Қабанбай бұдан артық тұра алмайды.
Қабекең кейін тұрған қолды бастап,
Қырғыздың көрініп тұр өнері асқақ,
Ұмтылды таудан құлай ер Қабанбай,
Ақ туды Шағалаққа бере тастап,
Найзадан Дәулетбайды тастай берді,
Дұшпанды Қабанбайдай көзі көрді.
Құдайдан тілегенім сен едің деп,
Ат қойып Қабанбайға жетіп келді.
Қабанбай батырсынған Аманалыны найзамен іліп алып, басынан тоғыз айналдырып жерге ұрды. Аманалының бала дегенде жалғыз қызы болады. Жылаған зары дүниені күңірентеді. Әкесінің елімен араздасып, ақыры жаудан өлгенін айтып еңірегенде етегі толады. Қабанбайдан әкесінің сүйегін және бас бостандығын сұрайды. Қабанбай қызды азат етіп, әкесінің сүйегін береді. Қыз жол ретінде батырға бір түйе сыйлайды.
Сол түйені Қабанбайдан інісі Дәулетбай сұрайды. Ағасы бермейді, інісі өкпелеп бөлек көшеді. Арада жылдар өтеді. Қабанбай батыр ауыр науқастанады. Өлім халіне жеткен кезде Бұхар жырау інісіне хабар жібермек болады.
Мұны естіген Қабанбай: "Дәулетбайға бармаңдар. Тірі де көрмеймін деп ант берген", — дейді. Бірақ келіні Қабанбайға қатты ұнайды екен, сол келер деп үміттенген еді. Бұхар Шағалаққа Қубасты, Шыңқожаға Бөрте атты мінгізіп Дәулетбайға шапқызады. Бұлар Дәулетбайға хабарды айтады. Сонда келіні күйеуін еркіне қоймай көше жөнеледі.
Орта жолда қой баққан қойшыға кездеседі. Қойшы шығар-шықпас жаны бар дей келіп:
Күркілдеп демін алады,
Есіктегі сәулеге
Тесіліп көзін салады.
Сені тосып жатқанға
Мен білсем сол ұқсайды.
Ашу билеп адасқан Дәулетбай қойшының сөзінен кейін, "ағакем" деп күңірене ауылға шаба жөнеледі. Қубас аттың дүбірін таныған Қабанбай бір сәт қайраттанады. Дәулетбай ағасын бас сала құшақтап, еңірейді.
— Не айтайын, жалғыз серігім, мына иесіз қалған малға қоса түйеңді ал, — деп інісіне дүниенің опасыздығын айтады. Дәулетбайға, келініне елге бас болуды, ұйытқы болуды тапсырады. Қанды көйлек жолдасы Шағалақ елге тағы жау келгенін айта алмай қиналып тұрғанын сезіп, оның жөнін айтқызады.
Жайсыз хабарды естіген Қабанбай жастықтан басын жұлып алады. Алладан тілек тілеп, әл бер деп, Қубас атты алдырып, қалың жауға қарсы шабады. Аманалының інісі Жасбатырмен жекпе-жекке шығады. Қайратына мінген қас батыр жауын жеңеді. Сауытын киген күйінде ат үстінде ажал келеді.
Иә, бізге берген газет-кітапшалардағы деректер осылай дейді. Оларды оқи отырып, біздер Қабанбайдың XVII—XVIII ғасырлардағы қазақ халқының Жоңғар жорығына қарсы күресін ұйымдастырушылардың бірі, сол кездің ірі қолбасшысы екеніне одан әрі көз жеткіздік. Қабанбай ұрпақтарының көбі Шыңжаң өлкесінде екен. Батыр туралы аңыз, әңгімелер, дастандар сол өлкеде көбірек тараған дейді.
Қабанбайдың есімі өз кезінде қазақтармен қатты жауласқан жоңғарлардың жүрегінде сұрапыл күш пен сесті айбардың жойқын ізін қалдырған. Кезінде жоңғарлар: Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Атқа мінді дегенде Жұртыңды тастап қаша бер, — дейді екен.
Сөз соңында айтарымыз, Қабанбай Жоңғарға қарсы соғысқан дәуірдің алыбы, халқымыздың мақтанышы. Оның есімі ел жүрегінен өшпес орын алған. Қабанбай жөнінде әлі де айтылар сөз көп болмақ.
Енді біз жүріс-тұрысымыз жөнінде айта кетелік. 13 тамыз күні түс қайта ұшып, түнгі сағат бірде Талдықорғанға аттандық. Қонақ үйіне орналасып, 14-і күні сағат он екіде қалалық парктегі Қабанбай батырдың обелискісінің ашылуына және болашақ ескерткіш орнататын жерді белгілеу рәсіміне қатынастық. Кешкі сағат сегізде әр облыстан келген қонақтарға жеңіл қонағасы берілді. 15-ші тамыз күні барлық қонақтар таңертеңгі сағат онда "Үйген тасқа" жеттік. Бізді Кербұлақ ауданының жігіттері қарсы алды. Көрсеткен құрметтеріне айтып ауыз жетпейді. Бізді облыс партия ұйымы ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Байғанасов Болатхан 14 тамыз күні өзінде қабылдап, тойға бірге барды.
Кербұлақ ауданы Кеңесінің төрағасы Садықұлов Тілеужан, оның орынбасары Қабаудинов Бақытбек Бисенбекұлы, аудандық атқару комитетінің іс басқарушысы Сұраншиев Есенбай Әбдірахманұлы, Сарбұлақ асыл тұқымды қой заводы партия ұйымының хатшысы Дәулетбақов Өмірбай Омарқұлұлы, "Арқарлы" совхозының шопаны, Социалистік Еңбек Ері Аязбаева Мариям, Мемлекеттік ұлттық паркінің бас директоры, әрі "Гвардия" жылқы заводының директоры, Қазақ ССР халық депутаты Тұрғанбаев Ғалым, тағы басқа жолдастарға деген ілтипатымыз ерекше. Қонақ күткен азаматтар бір тігісін білдірген жоқ. Бәрі де өз орнында. Жалпы аудан басшысы Садықұлов Тілеужанның өзі басқаратын аудан көлеміндегі беделі айырықша екендігін байқадық. Іскер басшылар осындай болуы керек деген ортақ пікір түйдік. Ол кісінің кісіге қарағандағы жұп-жұмсақ күлімсіреген келбеті, сөйлегендегі іші-бауырыңды елжіретіп жіберетіндей қазақы сөзі кімді болса да өзіне тартатыны сөзсіз. "Қонақ аз отырып, көп сынайды" дейді халқымыз. Біз өзімізді күткен аудан басшысы жөнінде осындай сыр түйдік. Ал оның орынбасары Б.Қабзудинов бізді Алматыға әкеліп самолетке отырғызып салды.
Талдықорған облысының жер атаулары да қызық. "Малайсары" совхозы, Жоламан батыр атындағы, Сәмен батыр (Қыз батыр), Дос батыр, Матай батыр атындағы совхоз, колхоздар. Бәрі де сол ел есіндегі батырларға байланысты.
Кербұлақ ауданындағы "Шоқан" совхозында ағартушы ғалым Шоқан Уәлихановтың мавзолейі мен музейіне бардық.
Тойға 400-450 киіз үй тігілді. Түрлі спорттық ойындар, ақындар айтысы, тарихи көріністер, ән-күй жүрекке жылы әсер қалдырды. Тойға бірнеше ұлт өкілдері қатынасты. Нағыз интернационалдық халық тойы, халықты елдікке шақыратын той болды. Тойға Монғолиядан, Қытайдан, Омбыдан көптеген қонақтар келді. Ат бәйгісінде бірінші орынға "Жигули", екінші орынға "Москвич", үшінші орынға "Запорожец" автомашинасын сыйлады. Жорға бәйгеге бірінші орынға "Орал" мотоциклін берді. Орал облысынан келген Қатимолла ақынға ат мінгізді. Шымкенттік халық ақыны Әселханға кілем сыйға тартты. Бір қызықты жой, Қазақ ССР - ның және Совет Одағының халық артисі Асанәлі Әшімов өз жанынан бәйгіге бірінші келетін атқа үш мың сом мөлшерінде бәйгі беретіндігін жариялады. Соны бәйгі соңында Асанәлінің ұлы бірінші келген ат иесіне тапсырды. Оған жұрт риза болып, рахметін айтты.
Қабанбай тойында үйренерлік істер көп болды. Алда Қашаған ақынның 150 жылдық мерей тойын тойлаймыз деп жатырмыз. Қонақ қабылдайтын, күтетін мекемелер, совхоздар, аудандар осы бастан дайындық жұмыстарына кірісе бергені жөн.
1991 жыл
ХАЛҚЫНА ҚОРҒАН БОЛҒАНДАР
(Бөгембай батырдың туғанына 300 жыл толуына орай)
Қазақ халқы — өз мекенін, жері мен малын қорғай білген халық "Мал-жаның аман ба?" дей тұра, "Малым – арымның садағасы" деп адамгершілік қасиетті жоғары ұстаған халық. Жауы көп болып, енді ел боламыз ба, болмаймыз ба деп тұрған сыналар шақтың өзінде де күнделікті қаракеті елін, жерін, арын қорғауға бағындырылған. Тіпті ғасырлар бойы хандық құру, ел билеу, қол бастау, жаугершілік заманның өзінде де халқымыздың бірлігі мен тірлігіне келіп тірелген. Асқан жомарт, ақпейіл, дархан, қонақжай болды. Қазақтар "мал-жаның аман ба?" — дегенде әуелі малды неге айтады екен дейтінбіз. Оның себебі тұтқиылдан тиген жау әуелі малды талапайға салады, қуып әкетеді. Әйелін күң, баласын құл қылып айдап кеткен кездері де болған. Сондықтан айтқан екен. Малды күнелту үшін пайдаланған ғой. Қазақ халқы шалқайса — тарих шыңы бар, еңкейсе — мың сан халқы бар ел. Топты жарған шешені, көпті көрген көсемі, қамал бұзар батыры, қайратты да қасиетті жұрты бар. Қазақтар жесірді жылатпаған, жетімді қорлатпаған, ел болудың, өсудің жолын ұстаған. Батырлар сиреп қалған шақтарда жас балалары мен қыздары жауға шауып, елін қорғаған. "Он үште ұл ұлан, он бесте қыз ұлан", — деген сөз содан қалған.
XVIII ғасырдың басында Шоқан Уәлиханов айтқандай, қазақ халқының басына күн туды. Жоңғарлар, Еділ қалмақтары, жоғарғы Жайық қазақтары, башқұрттар жан-жақтан анталады. Әсіресе, XVII-XVIII ғасырларда Жоңғар шапқыншылықтары қазақ елінің шымбайына қатты батты. Абылай ханның айтуынша, XVIII ғасыр басындағы 40 жыл ішінде қазақ халқының үштен екі дейі қырылған. Ел басына күн туды. "Ақтабан шұбырынды, алқа көл сұламаға" ұшырады, тап осы тұста бірліктің, тірліктің керек екендігін түсінді. ''Дауға барсаң бірге бар, жауға барсаң бәрің бар",- деген мақал осы кезге түс келеді.
Міне осындай қиын кезеңде 1710 жылы Қарақұмда болған бүкіл үш жүздің құрылтай жиналысында қазақ жасақтарының басшысы болып Қанжығалы Бөгембай батыр сайланды. Бөгембай батыр тарихшылар айтқаны шын болса, 1690 жылы туып, 19-20 жасында бас қолбасшы деген дәрежеге дейін көтерілген.
Бөгембай батырдың 300 жылдығына орай Ақмола қаласында өткізілген ғылыми-теориялық конференциядағы баяндамасында академик М.Қозыбаев Бөгембай батырдың 28 жасында Тәуке ханның бас сардары болғандығын айтты. Ал тарихи деректерде Бөгембай батырдың Ташкенттегі Сардары мектебін 25 жасында бітіргені туралы айтылған. Бұл күнде тарихшылардың алдында тұрған бір мәселе — Бөгембайдың туған, өлген жылын анықтау. Себебі, бұл жайды анықтамаса кейбір тарихи оқиғаларды, деректерді анықтау қиынға түсетіні айдан анық. Академик М.Қозыбаев Бөгембайды 1680 жылы туған дейді. Кейбір деректерге сүйенсек, осы соңғысы дұрыс сияқты. Бөгембай өмір сүрген жылдардың Абылайға да қатысы бар. Кейбір деректерде Қанжығалы Бөгембай мен табын Бөкенбай батыр арасында түсінбейтін мәлімет, шатастыру фактілері бар, сондықтан да тарихшылардың алдында тұрған міндет екі Бөгембайдың арасын толық ашу. Қалай дегенде де Бөгембай батыр Ақшаұлы қазақ тарихындағы ірі тұлға. Ол осыдан үш ғасыр бұрын Бөген өзенінің бойында Қанжығалы руының батыры, әрі ақыны Ақша деген кісінің үйінде дүниеге келеді. Айтылған деректерде Бөгембайдың шешесі — қарақалпақ қызы Құттыбике, ол кісінің Бөгембайдан басқа Қалабай (Сығанақта туған), екіншісі Көлбай — Асы көлінің жағасында туғандықтан атаған дейді. Енді біреулердің айтуынша, батырдың шешесінің аты — Сандық.
Иә, деректер Арқа өңірінде де әр түрлі айтылады екен. Қалай болғанда да деректерге мұқият болғанымыз жөн-ау деп ойладық.
Бөгембай батыр туралы өзінің тұстастары не деді екен, енді соған келейік. Ақтамберді жырау былай депті:
— Уа, қарт Бөгембай!
Құяр жауын аспаннан,
Қара бұлт торласа.
Пәлекет елге көбейер.
Жігітті жігіт қорласа,
Ақбөкен келіп жығылар,
Алдын қазып орласа.
Пенденің бағы ашылмас,
Маңдайы қалың сорласа.
Дұшпан қорлап не қылмақ,
Бақыт басқа орнаса, —
дейді. Бұл Ақтамбердінің қартайған шағында айтқаны болса керек. Ақындар да батырларын қайрай, қайраттандыра білген. Әрі айтқанда да, бері айтқанда да айтылатын сөз біреу болуы керек-ау. Бөгембай туралы деректер әлі де зерттей түсуді керек ететін сияқты. Оның өмірі туралы әлі де талас пікірлер жоқ емес. Қош, Бөгембай батыр зерттеле жатар, мына бір жайды да айта кетпеске болмайды. XVIII ғасырдың басында қазақтың Төле би, қаз дауысты Қазыбек, Әйтеке билер, Тәуке хан бас болып, үлкен құрылтай – жора құрған дейді. Сол жерді тайпа-руларға таңба бөліскен жері дейді. Шындыққа жүгінсек, "Ұлы жүзді қауға беріп қойға қой, Орта жүзді қалам беріп, дауға қой, Кіші жүзді найза беріп, жауға қой" деген нақыл дәл осы кезеңдерде туғаны сөзсіз. Ал осы Ақмолада өткен Бөгембай батырға арналған ғылыми-теориялық конференцияда үш жүз туралы, оның бір тудың астына бірігіп, жауына қарсы тұрғаны туралы айтылды. Бірақ Кіші жүздің батырлары туралы бір сөз айтылмауы өкінішті-ақ. Тарихи деректерде Кіші жүздің бір батыры болмауы мүмкін емес. Төле би: Арғын болсаң Алтай бол, Найман болсаң Матай бол, Алшын болсаң Адай бол,- деген сөзді неліктен айтты екен? Қазіргі кезде Абылай туралы, Бөгембай, Қабанбай, тағы басқа батырлар туралы зерттеулер жазылып, айтылып та жатыр. Үш жүзді біріктірген Тәуке хан туралы да аз жазылып жүрген жоқ Соларды айтқанда сол тарихи кезеңнің бәрін Ұлы жүз. Орта жүзбен бірге өткізген Кіші жүз халқынан Әйтеке шешеннен басқа бір адамның аты аталмауы тарихқа обал.
Біздің әзірге айтарымыз, тарихшыларымыз архив түбін әлі де ақтару керек, біз Ақмолада өткен Бөгембай тойынан осындай оймен оралдық.
Енді тойдың өтуі жөнінен біраз хабар берейін.
Біз үш адам болатынбыз, облыстық партия комитетінің жауапты қызметкері Маңдайлы Қосымбаева, ақын Қамбар Оразов және мен. 26-шы шілде күні ұшқан біз Гурьев, Ақтөбе, Арқалық арқылы Ақмолаға түнгі сағат 1.30-да қондық. Бізді теміржолшылар күтуі керек екен, айтқаныңдай 4-5 адам бір құшақ гүлмен қарсы алды. Делегацияның қалған мүшелері семьялық жағдайына байланысты жүре алмай қалған болатын. Бізді аэропорт кафесіне ертіп келіп, салқын сусынмен, ыстық шаймен сыйлады. Сол жерде кейін қайтуға самолетке билет мәселесі де шешілді. Бастаушыларымыз тойдың Ерейментауда -Бөгембай батырдың ұрпақтарының ауылының маңайыңда өтетінін айтты. Бізді темір жол станциясына бастап әкеліп, басқарма басшыларының қызмет бабына пайдаланатын үш вагоннан тұратын вагон жайына орналастырды. Жұмсақ вагонда ұйықтап барып, таң ата Ерейментауда тұрғанымызды бір-ақ білдік. Шағын автобус аудан орталығын жарып өтіп, оңтүстік шығысқа бет алды. Бір кезде алдымыздан ақ шаңқан үйлер көрінді. Бізді теміржолшылардың өздері тіккен үйге орналастырды. 27-ші шілдеде сағат 10-да Ленин ескерткішіне гүл қою салтанаты болды. Сағат 11-де Бөгембай батырдың 300 жылдығына арналған обелискінің ашылуына арнап, Целиноград облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Браун жолдас баяндама жасады. Одан кейін Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы Ө.Жәнібеков, Қазақ ССР-інің халық артисі А.Тоқпанов, батырдың ұрпақтары, жерлестері, тағы басқалары сөз алды. Түс қайта ипподромда бәйге, түйе жарысы, спорттық ойынның түрлері өтті. Облыс аралық ақындар айтысы, лотерея ойыны, той меймандарына арналған "Көгілдір от" кеші болды.
29-шілде күні Бөгембай аулымен танысу. Ауыл мерекесін тамашалау, мерекелік концерт, қазақша күрес, гір көтеру, "Ғасырлар үні" театрландырылған мерекелік көрініс, т.б. тойға қатысты ресми шаралар өтті.
Кете-кеткенше Тың темір жол басқармасының басшылары Қасымов Амангелді Үсенұлы, Хасенов Ерқайрат Мұқашұлы, Әлімжанов Амангелді Дуанұлы, Садықов Айтмағамбет, Рогачев Виюор Тимофеевичтер қасымыздан бір қадам кеткен жоқ, бірге болды. Жалпы мереке ұйымшылдықпен өтті. Мерекеге 159-200-дей киіз үй тігілді. Қақ ортада Бөгембай батырдың аулы бөлек көрінді. Жалпы бөлек-бөлек 20-30 ауыл әр жерде түтін түтетіп жатты. Шынында да, ескі қазақ аулының көрінісін көргендей болдық.
Қазақ-Жоңғар шапқыншылығына байланысты 200- 250-дей әскермен көрсетілген суреттеме жылы әсер қалдырды. Хан ордасы тұрған жерін, таудың сайлары мен адырларын сағынғандай тау аралап кетті. Терең сайдан тауға шығып, ауылдарын көрмек үшін биікке өрмелейді, қайта түседі. Қоңыр атқа мінген Бөгембай соңында хан тапсырмасын орындап ордаға оралды. Бәрі де ойлағандай сәтті шықты... Тарихқа жүгінсек, Бөгембай батыр 1710 жылы Қарақұм құрылтайында қазақ елінің бас қолбасшысы болып, жоңғарға қарсы шапты. 1723 жылы Бөгембай қолы Бұланды мен Бөленті өзендерінің бойында қалмақты ойсырата жеңді. 1730 жылы іле өзенінің Аңырақай соғысының тұсында қазақ жасағы ұлы жеңіске жетті. 1733 жылы Кәрітауда (Ерейментауда) Уса Серен бастаған жоңғар әскеріне соққы берді. 1750 жылы жоңғардан қашып, Әмірсананы іздеп шыққан Қытай әскерін тегіс қырды. 1756-1758 жылдары Шығыс Түркістанның Талқы асуында Қытай басқыншыларымен ұрыс жүргізіп, Үрімжі мен Турфан қалаларынан асыра қуды. 1761 жылы Абылайдың Әділ деген баласын ертіп, Бөгембай Қытайға келіссөз жүргізуге барған. Жалпы Бөгембай батыр жоңғарға қарсы 103 рет үлкен соғысқа кірген, 50 жылға жуық қазақ қолының басы болған, 77 жасында Қарабалта деген жерде қырғыздарға қарсы айқасты басқарған.
Батыр Түркістандағы Қожа Ахмед Яссауидың мавзолейіне жерленген. Граниттен соғылған құлпытасы бар. Атадан балаға мұра болып сақталған жеке заттары оның ұрпақтарының қолында екен. Ерейментау қаласына жақын маңдағы Малтабар аулының тұрғыны Батырқожа Кенжалинде батырдың дулығасы, Алматыда тұратын ұрпақтарында айбалтасы мен белдігі сақтаулы дейді. Сөйтіп батыр бабамыздың тойы екі күнге созылды. Ақындар айтысы қызықты өтті. Біздің облысымыздың намысын қорғаған ақынымыз Қамбар Оразов жақсы көрсеткішке ие болып, финалға шықты. Ауылға сый-сияпатпен оралды. Белгілі жазушылар, тарихшы ғалымдар әлі Бөгембай туралы жазар, зерттер, кітаптар шығарар, тек біздің тілегіміз — үш жүздің батырларын бөлектемей, салыстыра зерттеп, тиісті бағасын берсе екен дейміз. Бұл мәселеге көпшілік қауым болып ат салысса іске асар деген үміт көп.
1991 жыл
ПІРДІҢ СОҢЫ – БЕКЕТ АТА...
(Бекет Атаның 250 жылдығына)
Ғасырдың аяғында тоталитарлық режимнен құтылған қазақ халқы демін бір алғаны әлемге аян. Өлгені тіріліп, өшкені жанды. Ұмытқанын есіне түсірді. Халық талайын жоғалтса да, қат-қабат құнарлы дүниелерін әлі ұмыта қоймаған екен. Қазір өміршеңі мен өтпелісін сұрыптап, керегіне жаратып жатқан жайы бар. Ондайларды құр айқай-шудан ада, қапталдай шабудан, жанығудан таза өзінің тарихындағы жоғалтқандарын қайта тауып жатыр. Ақын Мағжан Жұмабаев өзінің "Тірілдім" деген өлеңінде:
Өліп едім, бүгін ғана тірілдім,
Жаным өлік еді, жанға жан кірді.
Тамыр кеуіп еді, ыстық қан жүгірді.
Жиегінде қорғасындай көгімнің
Бүгін ғана бақыт таңы білінді, —
деген екен, соны оқығанда келетін ой — қазған сайын ашыла беретін көмбенің керектісін тазартып алатын күніміз де келген сияқты.
Бір сөзбен айтқанда, бүгінгі егемен ел, туғанына 250 жыл толғалы отырған ғұлама ойшыл, ағартушы, көріпкел Бекет Атаның өмір тарихын жақынырақ білгісі келетіні де сондықтан. Әрине, қазақ халқының санын көбейткен, қазақ халқының мемлекетін нығайтқан, жерін кеңейткен рулар, тайпалар бізге тек аңыз күйінде жетті. Ішінара ақындық тілмен бейнеленгендері ғана етене таныс. Егер шындықты мойындайтын болсақ, қазақ тарихындағы сондай ірі тұлғалардың бірі — осы Бекет Ата. Бірақ біз осы ғұламаның ұлылық портретін жасай алдық па? Ұлы адамның бейнесін әр қырынан ашып көрсете алдық па? Өзіндік психологиялық, композициялық үрдістерін аша алдық па? Әрине, жоқ. Бекет Атаны білу үшін оның өмірін, қалған мұраларын терең түсіне, сезіне білу керек. Олай дейтініміз атадан қалған мұраларға көзқараста әр түрлі пікір таластырушылық бар. Ата шығыстан білім алып, шығыстың поэзиясымен, діни ілімімен сусындаған адам. Біздіңше, ол кісінің бойында шығыстың, яғни суфизмнің ықпалы күшті болғаны даусыз. Сол арқылы өз творчествосында да, ілімінде де жаңа бағыттар туғызған адам. Бір айта кететін жәйт, атаның өмір сүрген тұстарының тақырыбының көлеңкелі екендігін байқаймыз. Сондықтан да Бекет Атаны білу, тереңірек тану үшін оған үлкен ізденіс, зор жауапкершілікпен келуіміз керек.
Бекет Ата артына не қалдырды дегендегі қазіргі біздің білетініміз — әр жердегі жер асты ғимараттары, әр кімдердің қолындағы аса таяқтары, қолданған құралдары. Бұл саладағы бүгінгі міндет – сол мұраларды ғылыми тұрғыдан дәлелдеу. Айталық, Ақтөбе облысындағы атаның асасының жасын ғылыми жолмен анықтау, Хожелідегі, Түркменстандағы асаларды дәлелдеу, жылдарын анықтау сияқты жұмыстар әлі кезегін күтіп тұр.
Ендігі бір айтпағымыз — Ата атына байланысты жер асты ғимараттарындағы сурет-бейнелер. Кейбір суреттер бірін-бірі қайталамайды. Белгілері де солай. Аңдардың, малдардың суреттері тура өмірдегідей әсер қалдырады. Сол бір суреттер мейлі кім салса, ол салсын суреткерлік қиялдың ұшқырлығын көрсетеді. Тіпті сол бір қарапайым сызу-жазуда ірі зат жасағысы келіп, көп ойланып, терең толғанғандығын байқатады. Ал ата салсын, болмаса ата маңында болған адамдар салсын сол суретті салған адамдардың талант қырының әділ бағасын болашақ қана бермек. Олай болса Бекет Атаны жақын білу үшін жалпылама әңгімеден арылып, оның еңбектерін іздестіріп, зерттеп, терең талдауға көшуіміз керек. Себебі, Бекет Ата творчествосы, жалпы өмір жолы зерттелмегенін айтсақ та жеткілікті.
Бекет Ата жөнінде аз да болса, саз мұра қалдырған орыс географтары.
Патшалық Россия қазақ жерін отарлаумен қатар, жерін картаға түсіргені белгілі ғой. Сондай жұмыстар Маңғыстау жеріңде 1814жылдан бастап келіп-кетуден басталған болатын. Сол мақсатты жүзеге асыру үшін 1825-1826 жылдары үлкен қарулы экспедиция Маңғыстау–Үстіртті зерттеуге келген. Сол экспедицияның жұмыстарының қорытындысы 1870-ші жылдары баспа жүзін көріп, кейін 1963 жылы Москвадан қайтадан жеке кітап болып шыққан-ды. Кітапта сол экспедицияның күнделігі нақтылы деректермен жазылғандығы. Күнделікте сағаты, күні дәл көрсетіліп отырған. Отряд мүшелері, жергілікті жерден алынған жол бастаушылардың аты-жөні, араб алфавитін оқығыштығы бәрі-бәрі қаз қалпында айтылған. Кітап орысша жазылғандықтан Бекет Ата жөнінде жазылған деректерді сол күйіңде беруді жөн көрдік.
Книга издательства Академии Наук СССР. М., 1963. "Первые русские научные исследования Устюрта". Ответственные редакторы: академик А.Яшин, кандидат исторических наук Л.А.Гольденберг.
Экспедиция 1825—1826 гг. Ее история и научные результаты (вводные статьи). С. 145.
В журнале расспросов, сделанных при экспедиции 1825— 1826 годов.
Небольшой отряд, ехавши в левой стороне вдоль по берегу, открыл в 10 верстах от места ночлега в рытвине пещеру, искусно выработанную в мергеле. Она имела около 10 квадратных шагов и весьма малое отверстие. Стены, состоявшие из белого, крупно-слоистого мергеля, были украшены персидскими, татарскими и арабскими надписями. Кол, судя по приносимым мне обломкам, были надгробные, и тем вероятнее, что поблизости находится кладбище, установленное многими, из камня выделенными памятниками.
Строитель сей пещеры был некто богатый, набожный киргизец по имени Бекет, которому в честь названа она, обитательно благочестивного Бекет. Таких памятников, как говорят, соорудил он в жизнь четыре: другой находится неподалеку от Мангышлака, третий — вверх по Эмбе, четвертый — у Баяли, в соседстве Аральского моря. Он жил в них попеременно в течение четырех времен года. В одном — весною, в другом летом, в третьем осенью, а в четвертом зимою. Сей странный отшельник умер за 12 лет перед ним.
(ЦГВиА Ф.ВУА, 19238 ч.б. лл. 33-12). Подлинник. Перевод с немецкого современный оригиналу. Немецкий причинал АВПР.Ф.Библиотека Азиатского департамента (оп.505. лл.26-98).
Ал 1853 жылы жарық көрген материалда мынандай жолдар бар.
1853 г. — Топографическое описание северной части Устюрта, и прилегающего к нему пространства до реки.
Эмбы, составленное корпуса топографов подпоручиком Алексеевым, стр.281-283.
Акмечеть — Бекет и Акмечеть — Кульджан находятся: Первая в 38 верстах ниже уроч. Кандарала на левом нагорном берегу р. Эмбы, а вторая на небольшой возвышенности в 6/2, 1 от первой к западу и в 3/2,1 от Эмбы. Обе могилы на поверхности не имеют ничего значительного и найти их было бы весьма трудно, если бы не большие кучи мела, над ними лежащие, не привлекали внимания любопытных.
Рассматривая ближе первую, находил в одном месте со стороны реки отверстие, похожее на большую волчью нору, в которую один же человек, хотя и с трудом, но может пролезть. Отверстие это тянется в глубь земли не более 3 сажен, в прямом направлении на юго-запад, а потом приводит в круглую комнату, имеющую 2/2,1 сажен в диаметре и до 4 аршин высоты. Потолок ее составляет плоский купол, в середине которого просверлено к поверхности земли узкое отверстие, пропускающее в комнату слабый свет. По обеим сторонам комнаты, у самого выхода в нее, заметны две засыпанные ямы. По словам киргизов, это были копани с пресною водой. В правой стороне устроена небольшая комната, соединяющаяся с первой дверью, у которой поставлен плоский железный посох с круглым и заостренным внизу железным концом. В юго-западной стене первой комнаты пробита другая дверь, ведущая в круглую комнату, немного больших размеров, нежели первая и со светом вверху, поддерживаемым четырехгранной колонной, выдолбленной посередине стены этой комнаты, вырублены не в виде правильного круга, а с 6 геометрически расположенными углублениями, из которых одно, находящееся против двери, несколько шире и глубоко других и, вообще, весьма похоже на те, какие делаются в татарских мечетях. Полов в комнате нет. Стены отделаны грубо, но довольно правильно. Почва, в которой выдолблена эта мечеть, стоит из крепкого мела. Над мечетью, на поверхности земли, сложены из мела две или три небольшие кучки, вероятно, над телами умерших киргизов. К кучам прикреплено несколько деревянных шестов, на которых столько навешано тряпок, оторванных от одежд, конских волос и полусживших костей, что увидя и понимая значение их, нельзя не удивляться религиозности полудикарей, оставивших эти ничтожные знаки уважения к святости места.
Первую пещеру на нагорном берегу Эмбы выдолбил лет за 50 до настоящего времени киргиз адаевского рода Мугалова отделения Бекета Байтеле, ежегодно приходивший с Устюрта на Эмбу для летнего кочевья. Здесь в свободное время он занимался обучением детей мужского пола татарской грамоте, и закону божию, а в остальное время уединялся в свою пещеру для молитвы. Иногда оставался тут и зимовать один с ничтожным запасом пищи, достаточным одному киргизу не более как один день, почему родственники его, приходившие сюда следующей весной с Устюрта, с удивлением находили оставленного не только живым, но и несколько непохудевшим. Вся орда, повторяя множества распословных рассказов и чудес из жизни этого киргиза, почитает его святым. Он умер около 40 лет тому назад и похоронен на чинке Устюрт в уроч. Ушанды, около соединения полуострова Мангышлака с Устюртом. Рассказывают также, что сюда к могиле каждого собираются родственники покойного, молятся над прахом его и потом старший из трех оставленных из сыновей влезает один в могилу и там бреет голову и подбирает усы у покойного отца, каждогодно вырастающие. После такого чуда уже конечно, над могилой его гораздо более навешено тряпок, волос, костей и другой дряни, чем над его мечетью. Другие две пещеры построены учеником Бекета — киргизом Кульжаном, полуистлевшее тело которого и теперь видно в особом отделении его мечети. Он также учил детей грамоте и закону божию, но не прославился при жизни никакими чудесами, а потому и не признается киргизами за святого.
Подлинное подписал корпуса топографов подпоручик Алексеев. (ЦГВ и А. ф.ВУА 19261 ч.1. лл 1-85. Копия).
Біз ата жөнінде, оның әр жерден салған жер асты мешіттері жөнінде кейінгі кездерде білем дейтіндердің көп сөзділікке салынып жүргендіктерін байқағандықтан, бұдан 150, 174 жыл шамасында көргендердің жазғандарын, естеліктерін көпшілікке таныстыруды мақсат еттік. Ата туралы соңғы он жылдықтың ішінде 3-4 кітап баспа жүзін көрді. Аңыз айтушылар еңбектерінен әттеген-айлар да кездесті. Кейбіреулер айтқан Шопан Ата мен Бекет Ата кездесулеріне байланысты әңгімелер шындыққа жанасыңқырамайды. Себебі екеуінің арасында 8-10 ғасырлық уақыт бар екенін аңыз айтушылардың көбі сезе бермейді, болмаса сауаты жетпейді деген сөз. Кейбір соңғы жылы шыққан кітаптарда көп сөзділік, қайталау басым. Жеке көмек көрсеткен адамдарды қайталай мадақтау кітаптың беделін түсіретін сияқты. "Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын" деген мақалды есте сақтай тұрсақ та, көп айтқаннан беделдің аса бермейтінін білген дұрыс. Халық кімнің дұрыс іс істегенін өздері біледі, өздері-ақ айтады. Иә, Бекет Атаның 250 жылдық мерейтойына азғана уақыт қалды. Көп болып көтерген жүк жеңіл. Тойға үлес қосу -Атаны сыйлайтын әрбір пенденің борышы. Ендігі сөз зерттеушілерде, ғалымдарда болмақ. іске сәт, ағайын. Ендігі сөзді сіздерге бердік.
ҒАСЫР ЖАСАҒАН ЖЫР АЛЫБЫ
(Жамбыл Жабаевтың туғанына 150 жыл)
Қазақтың бір мақалы бар. "Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады" дейді. Мұнан артық даналық сөз болуы мүмкін емес. Не көп, қазақта ақын-жыраулар көп. Әр қайсысының ел алдындағы орны бір төбе. Олай болса, қазақ халқының ақындық өнерінің даму сатысында биыл туғанына 150 жыл толып отырған Жамбыл Жабаевтың алатын орны да ерекше. Жамбыл ақынның халық поэзиясын дамытудағы еңбегі, Жамбылдың ақындық өнері үлкен де терең тамырлы. Жиырмасыншы ғасырдың Гомері, халық поэзиясының алыбы Жамбыл Жабаевтың шығармашылық ғұмырнамасы сөз жоқ көңіл аударарлық нәрсе, ерекше құбылыс. Жамбыл жөнінде жазылып жүрген деректерге көз салсақ, советтік дәуірдегі, әсіресе 30-40-жылдардағы, 41-45-жылдардағы еңбектері жыраулық даңқын дүние жүзіне шарықтатып жіберді. Шынында да, Жамбыл жөнінде айтылар әңгіме көп. Талай майталман сөз зергерлері, ақындар, ғалымдар қалам тербеді. Жамбылды тек қазақ оқушылары ғана таныған жоқ. Бұрынғы КСРО елдерінің зерттеушілері де, ақындары да көңіл аудармай қалған жоқ. Біз әңгіме еткелі отырған ақын 1846 жылы ақпан айының соңғы күндері Жамбыл тауының бөктерінде, Шу өзенінің бойыңда дүниеге келіпті. Жамбыл дүниеге келгенде Жетісу жері Қоқан хандығының боданы екен. Қоқан хандығының Жетісу еліне салған лаңын тарихшылар осы кезге дейін аузының суы құрып жазып жүр. Қоқандықтардың шапқыншылығының кесірінен іле өзенінің бойында олай қашып, былай қашып, тау-сай сағалап көшіп жүріп сол бір боранды қыста Жабайдың жұбайы Ұлжан ана Жамбылды ықтырмада босаныпты дейді. Жамбыл Жабаев өзінің шәкірт інісі Кенен Әзірбаевпен ауыл аралап жүріп, Құлансаздың биігінен қарап тұрып былай деген екен:
— Сонау мұзбен жүгенделіп жатқан, тас арқалап қомытталған Құмбелден бері қарай қартадай қатпарланып тігілген тас — Қарақия талай отырған жеріміз. Батысқа қарай созылып шөгіп жатқан Шетеннің жотасы – Қырғызбен шекарамыз. Қарақияның басы Қарақастек өзенінің тұйығымен құшақтасып жатыр. Соның он босағасынан бері қарай төгіліп жатқан Қарабастау, Құлансаз, Көктұма, Желдісай. Бұл жағы Майтөбеге келіп қойындасады. Көгендеген қозыдай көк бұйра адырлар қабат-қабат жасыл барқыт сияқты, қоңыр самал желі үзілмейді. Жайдай ашық боп тұрып кейде бұлты үркіп шыға келеді де, лезде шымқап алып нөсерлетіп құя салады. Осындай ала құйын мінезі де бар. "Күнде басын шайқалап, Аспанға басын үйкелеп, Қағып-сілкіп тұратын тау емес пе бұл?" — деген нағыз елін-жерін сүйетін адамның сөзі ғой. (М.Жолдасбеков. Жүз жыл жырлаған жүрек. Алматы, Жазушы, 1992. 9-6.).
Жамбыл Жабаевтың өлең-жырларын, дастандарын, әзіл-оспақтарын, айтыстарын жастайынан оқып өспеген адам кемде-кем шығар. Олардың көбі арамызда жоқ. Көбі зейнеткер жасқа келді. Орта буынның есінде. Ал қазіргі жастарымыз Жамбылды білгенмен, өмір болмысымен терең таныспауы да мүмкін-ау. Жамбыл жөніндегі өмірбаяндық шығармаларын ақтарып ашсақ, мынандай жағдайлармен танысамыз. Қарапайым қазақ аулының өмірін көз алдымызға келтіреміз.
Жамбылдың ата-бабасы кедей, момын адамдар болыпты. Әкесі Жабай Найзагер деген кісі екен. Ел, жер дауына, барымтаға, Қоқан хандығымен болған жанжалдарға араласқан жерлері болған көрінеді. Оны Әшекей дейтін кісі малшыларына ағалық жасайтын адам етіп ұстайды.
Жабайдың жұбайы Ұлжан Орынбет қызы, Жаныс елінің қызы екен. Олардың ата-бабалары, ертеден Қаскелең, Шу, Талас, Ұзынағаш жерінде көшіп-қонып жүретін ел. Әшекей осы Жаныстың бай адамы болыпты.
Жабайдан Тәнті, Жамбыл, Қоман атты үш ұл туған. Жабайдың әкесі Ыстыбайдан Қазыбай, Жабай, Жадыра туады. Ал Ыстыбай Байтөбет деген кісінің тоқалынан туған, оның бәйбішесінен Бұғы, Марал, Бәйіт тарайды. Бұғыдан Кенебай, Байбосын, Деңгелбай, Теңселбай туады. Олар өнерлі жігіттер болады. Байтөбеттің әкесі Сонақ. Иә, шежіре жүйесі осылай тарата береді. Білгеннің зияны жоқ қой.
Жамбылдың руы Ұлы жүздің Екейі. Жамбылдың оныншы бабасы, яғни Шапыраштының үшінші ұрпағы.
Екейде елу бақсы, сексен ақын, Жаратып мінеді екен ерттеп атын. Қобызы, домбырасы үнін қосып, Гулейді жын қаққандай кейіпке жақын, — деуіне қарағанда өнер дарыған орта болуы керек.
Жамбыл өнерді ерте бастаған сияқты. Е.Ысмайылов естелігінде Жамбыл сөз шығаруды 13-14 жас шамасында бастаған десе, ақын Ғали Орманов оны тоғыз жасында шығарған дейді. Яғни Жамбылдың өнерді бастауы өлеңмен шағым айтудан басталған көрінеді.
Жамбылдың Сүйінбайдан бата алуы он бес жаста. Жаныс ақынмен айтысып жеңгенде жиырма жаста, Сарыбайға өлең айтқанда он тоғыз жаста. Жамбыл Сарыбайды өмір бойы қадірлеп өтіпті. Біреуден қорлық көрсе де, батасыз қыз алып қашса да, Медреседен қашса да соған келіп паналайды екен. Оның Сарыбайды жақсы көретіндігін:
Сареке, салдым бір сөз сыныңызға, Сіздің сын таразы ғой сырымызға. Қолыма домбыра алып талап қылдым, Берерсіз қандай баға ұлыңызға ? — дейді. Сірә, Жамбылдың Сарыбайдың алдынан өтуі, Сарыбайды сыйлап өтуі ол өз елінің беделді де, сөз түсінер, жас балапанды түсіне білетін адамы болуы керек.
Жамбылдың ұстазы Сүйінбай дейді. Одан бата алады, Сүйінбай ақындығына бас иеді.
Менің пірім — Сүйінбай, Сөз сөйлеймін сиынбай, — деуі де содан шығар. Жә, біз енді Жамбылдың айтыс өнеріне көңіл аударалық. Ол жас кезінде көбінде қыз-қырқындармен көп айтысқан. Өлең сөздерінен жастық қылжақтық есіп тұрады. Оның Айкүміспен айтысында:
"Қолыма бір ұстатсаң түсінерсің,
Томпайған төсіндегі өртенгірді, " —
дейді. Жарасымды әзіл. Нағыз қазақы көрініс. Қызды тоқтататын, ауыл қызының жанына тиетін уытты сөз. Қыз:
Жамбыл-ау, ұстатпаймын кінә қойма,
Кетейін қалай ардан мына тойда, —
деп қазақ қызының тәрбиелі үлгісімен жауап береді. Қандай жан сүйсінетін тәрбиелі сөз. Біздің қазіргі жастарымыз да осылардай болса ғой, шіркін.
Жамбыл қатты айтқандарға қатты жауап беріп, биязы үлгілі сөз айтқандарға тоқтай білген.
Ол Сайқал деген қызбен айтысқанда:
Атыңды қойған екен тауып Сайқал,
Әркім мініп тастаған сен бір байтал.
Қалай-қалай сөйлейсің, ой, әдепсіз,
Әлгі айтқан сөзіңнің бәрін қайта ал! —
деп қыздың астамшылығына астамшылықпен жауап береді. Жамбыл Айкүміске:
Айкүміс, амалым жоқ, қаш ендеше,
Кетелік сыр білдірмей жат пендеге.
Атыңды, ақ жүзіңді ұмытпаспын,
Кеудемнен қашан менің от сөнгенше, —
деп ізеттілік, адамгершілік көрсетсе, Сайқалға ымырашылдық көрсетпейді. Сол үйдің бәйбішесі жеңген жоралғысын жасап, ақыңды шығарып салады. Сол қыз содан кейін айтысты қойып кетіпті дейді. Ақылға тоқтай білу де тектілік ғой.
Жамбылдың жеңген ақындары көптеп саналады. Құлмамбетпен айтысы, тағысын тағылар.
Жамбыл қандай жерде де, қандай ортада да, қандай болмасын басшылардың алдында да өткір сыннан тайынбаған. Мысалы, бір сайлауда, сайлаушылар мен өкілдердің жиналысында Жамбылға сөз берген. Сонда Жөкең: Тойыңа келсем сыйым жоқ, Тентегіңе тыйым жоқ. Киелік десем киім жоқ, Базарға барсақ тиын жоқ, - деп шындықты жайып салған. Жамбылдың осы сөздері қазіргі нарық кезеңінде де өзінің мәнін жоғалтқан жоқ. Қайта Жамбыл бұл сөздерді қазіргі кезеңге айтып тұрған сияқты.
Өнер иелері қашанда ақ қөңіл, еленбей қалса жас бала сияқты үнсіз қалады. 1924 жылы ноябрь айында Ұзынағашта Октябрь революциясының 7 жылдығына арналған көрме болады. Үкімет басшылары Жандосов, Рысқұлов, Мыңбаев, Сапаров, Қырғызбай Құдайқұлов, Орабеков, жазушылардан Ілияс Жансүгіровтер келеді. Ілиясқа: "Патша тақтан құлады. Ленинді жырлаңдар", — дейді Ораз Жандосов. Мақыш деген ақын тілі ащы деп, Жамбылды шеттете береді екен. Жамбылды шақыртпай қойыпты. Хабарды естіген жырау өкімет басшыларын өзі іздеп келеді. Оны үйге кіргізбейді. Даң-дұңды естіген О.Жандосов ақынды өзі ерітіп келіп үйге кіргізеді. Үсті-басы су-су, сақалы тарам-тарам ашулы ақын басшыларға қарап:
Кебекбайды сағындым,
Ноғайбайды сағындым,
Қатарым кетіп қағылдым,
У тас шаққан, сиыр баққан
Әкеңді ұрайын Жандосов пен Бөрібаев,
Торқалы тойға шақырмай,
Мен сендерге не қылдым, —
дейді. Қаншалықты қазақы сөз, ағалық наз жатыр сөздердің ішінде. Нағыз ақынның сөзі емес пе? Күні бүгінде ата дәстүрдің өзінің асқақтығын жоғалтпай тұрған жоқ па? Бүгінгі кейбір өнер иелерінің жағдайы қалай екен? Жәкеңнің сол күйін киіп жүрген жоқ па екен? Ақын сөзі — халық сөзі деген осы-ау?!
Жамбылдың бармаған тақырыбы жоқ деуге болады. Олар жеке адамдарға, батырларға, түрлі оқиғаларға, т.б. Ғасыр жасасаң, ғасыр бойы үйренесің, жырға қосасың, көрмегеніңді көресің. Содан болар Жәкең бір толғауында.
Жігіттіктің кезінде
Жігерлі болса ер болар.
Тұрмаса жігіт сөзінде,
Нәсілі оның кем болар, —
деп жырлайды. Нағыз жыраулық дәстүрдің озық үлгілі сөздері емес пе осылар, төгіліп тұрған жоқ па?
Жамбыл көршілес өзбек, қырғыз елдерінің де тарихынан хабардар, ақын-жырауларымен де көңілдес болған. Қырғыздың Тоқтағұл сынды ақынымен дәмдес, көңілдестігі соның айғағы. Тоқтағұлдың Жамбылға:
Қазақта Жамбыл сен едің,
Шалқып жатқан көл едің.
Алатаудан арқырап,
Тасып жатқан сел едің,'
Тоқтағұлың мен едім, —
дегенінен олардың екеуінің бірін-бірі қадір тұтатындығы көрінеді. Екеуі де ауыз әдебиетінің өкілі. Екеуінің де сөз өнері, халық әдебиетінен нәр алып жатқандығы, шексіз сүйіспеншілігі мен күрмегінің көрінісі бірден байқалмай ма?
Жамбыл нағыз импровизатор ақын, парасатты өнерпаз, ғасырдың көзі. Оны көне сарынның жыршысы дегендер де болды. Бірақ көре алмағандар мықтап жаңылысты. Жамбыл өзінің шын мәніндегі сөз зергері екендігін ісімен, жалынды жырларымен көрсете білді. Көзі жұмылғанша көмейінен жыр туғызып, жыраулардың ұлы өкілі болып өмірден өткен Жамбылдың өзі бір мектеп. Бір ғасыр жырлап өткен Жамбыл творчествосы сөз жоқ таңғаларлық табиғи құбылыс. Жамбыл жақсыдан үйрене білген, ініге ұстаз болған, біразымен қатар жүрген жырдың бұлағы. Биыл туғанына 150 жыл толып отырған Жамбылдың атының асқақтай түсуі 1996 жылдың "Жамбыл жылы" атануы сөз жоқ дұрыс та, әділетті табиғи құбылыс. Осындай асылдарымыздың бәрін де халық болып құрметтегеніміздің ешқандай да ерсілігі жоқ, қайта кейінгі ұрпаққа үлгі боларлық шара деп есептеуіміз керек. Иә, Жамбыл жылы құтты болсын, бәрімізге бақыт, бейбітшілік әкелсін.
1996 жыл
ТАРИХ ҚАТЕЛІКТІ КЕШІРМЕЙДІ
(Құрмаш Қосжанұлы туралы бір дерек)
1998 жылғы 12 ақпан күні "Маңғыстау" газетінде "Заман зардабын кісіден көрмелік" атты Ақтау қаласының тұрғыны Сағын Беркінұлының мақаласы жарияланды. Жазуға арқау болған материал Құрмаш Қосжанұлының өліміне байланысты жағдайлар. 1930 жылы 5 маусым күні "Шұқыр ой" жерінде (Жетібайдан Өзенге қарай трасса бойында 35-40 километр жер) Құрмаштың ізінен қуып келген отряд оғынан қаза болғанын айтады. Сондай-ақ Сағын Беркінұлы Құрмаштың өлімі кезінде ішінде болғанын Алшынның өзі Сапы Омарұлының қайғылы өлімі үстінде жиналғандарға айтты дейді, тағы кімдер болды, кімдер естіді? Ол туралы ештеңе демейді. Мұның бәрі жалған, ойдан шығарған сөз болуы керек, не болмаса басқа біреу айтып, есінде қалғаны. Енді менің қолымда сақтаулы Алшын Меңдәліұлының Құрмаш Қосжанұлы туралы өз қолымен жазған дерегіне келелік: "Құрмашты ел батыр деді, "банды" деді, ақыры 1930 жылы оққа ұшты, — деп бастайды Алшекең. — Құрмаш, оның інісі Қаржаубай — екеуі де орта дәулетті адамдар болды. Екеуі өз алдына көшіп-қонып жүрді. Кеңес үкіметіне қарсы болған Құрмаш 1922—1930 жылдың арасында үкіметке қарсы біраз қимыл-қаракет көрсетті. Елдегі ақсақалдардың бірқатары "Патшаң соқыр болса, бір көзіңді қысып жүр, ақсақ болса, сылтып жүр", — деген сөз бар, аңдысын аңдайық дегендеріне көнбеді.
Әй, тоба, қайтпек керек, Коммунисті құртпақ, керек. Құдай жоқ, үкімет бар дейді, Мұңал мен Тобы жоқ, Құнанорыс, шалбар бар, — дейді деген сөздер қалды артында. Біреулер мақалға айналдырды. Бірақ осы сөздер сол кездің саяси жағдайынан біраз хабар бергендей. Маңғыстауда жүре алмаған Құрмаш қасына 5-10 адам ертіп Жемнен әрі көшті. 1927—1928 жылдары Адай елі жұтқа ұшырады. Сол жылдары Құрмаш Жем бойына қыстады. Құрмаштың сол жақта Жұмағазы Башенов деген тамыры бар еді. Сол Жұмағазы үй, қора, пішен беретін болып келісіпті. Кейін естігеніміздей Жұмағазы Башеновтың негізгі ойы Құрмашты ұстап беру екен. Жұмағазы — Шеркеш, оның Қосымы, оның Кәтәнәй деген бұтағы болып ажырайды. Ол Құрмашты ұстап беру үшін Жемнің бойындағы "Бөрінің көлі" деген жеріне малымен көшіп барып отырады. Келісілген уақытында Құрмаштың көші сол ауылға жақындағанда көшке қапталдан мылтық атылады. Құрмаштың кішкене баласына оқ тиіп өледі. Құрмаштарда да мылтық бар, басқа да қару болған, бірақ осы сапарда адамдары көп болмаған. Көш ұсталмай кері шегінеді. Алды түн екен, қараңғыны пайдаланып құтылып кетеді. Сол жылы ел де, Құрмаш та жұтайды. Жаз шыққасын Құрмаш Қарақұмға келіп, кейін кеңге шығып кетеді. Ел жұтаған, ара қашық. Құрмаш Жұмағазыдан кек алу ойында жүреді.
1928 жылы қараша айында қасына 40-50 адам ертіп Тұрғызба — Ақтайлақ деген жерде отырған Қосым Шеркештің Жалмамбет дегенінің ауылына келіп, арты жанжалға айналып атыс болады. Үй ішінде отырған бір әйел мен бір балаға оқ тиеді. Қосбақ деген кісінің, егер ұмытпасам, Күрең деген бір бойжеткен қызын, тағы бір келіншекті кепілдікке алып Құрмаш Маңғыстауға көшеді.
Бұл жағдай Адай округіне қарайтын Жылой қоса ауданы арқылы Адай округінің орталығы Ойылға хабарланады. Округ отыз адамнан құрылған "Коммунар" отрядын құрады. Отрядтың бастығы етіп ОГПУ қызметкері Жалмағамбет Байбосынов деген кісі тағайындалады. Округтік партия комитеті мені де мүше етіп бекітті. Былай адамдардан басқа 5-6 қызыл әскер қосты. Желтоқсанның бас жағында 30-35 адам Құрмаштың ауылын іздеуге Маңғыстауға қарай бағыттадық. Екі-үш күндей аялдап, бір адамы өлген ауылда болдық. Сол жерде қыстап отырған Адайдың малы бар кісілерінен ат-айғыр міндік. Сол ауылдан отрядқа қандай оймен болса да Башенов Жұмағазы және тағы бір жігіт ерді. Арада жиырма күндей уақыт өткенде қар жамылып, мұз төсеніп Маңғыстауға жетіп, Құрмаштың ауылына жақындадық. Құрмаш ауылынан 100 шақырымдай қашықтықта отырған Адай елінің ақсақалдары Айдарбай Қореков, Сәуле Сейітов, Қалпақ Шонтақаевтарды ерттік. Ол кезде көшпелі Үстірт — Сам деген аудан бар еді.
Солардың басшылары да бізбен бірге жүрді. Барлығы 60-қа жуық адам болдық. Осы адамдармен Құрмаштың ауылына жақындағасын бастығымыз елші жіберді. Олардың негізгі тапсырмасы үкіметтен отряд шыққанын, болған жағдайды айтып, қатесін мойындаса, тұтқынға алған кісілерін босатса, қаруын тапсырса, кешірім болатыны ескертілді. Елшілікке сол кездегі осы отрядтың ішіндегі Адайдың біраз ақсақалдары ерді.
Елшілер кетті. Біз алыстан көріп отырмыз, ауыл жаңа тұрып жатыр, ағаш үйлердің шаңырағынан түтін көрінеді. Ауылдан түйелер өріп барады. Бір сағаттай мезгіл өткесін Құрмаштың ауылынан бізге қарай бір атты адам шығып суыт жүрді. Бұл Жанақ ауылының кеңесінің төрағасы Шопанберді Төлепбергенов екен. Жақындап келіп Шопанберді Айдарбай қарт пен Құрмаш арасында болған келіссөздердің қорытындысын баяндады. Құрмаш айтыпты: "Сіздер үкімет адамдары, ақ пен қараны, өтірік пен шындықты ашсаңдар мен билігімді бердім, депті".
Осы сөздерді естігеннен кейін отряд бастығы Жалмағамбет Байбосынов мынандай шешім қабылдап, байлам айтты: "Мен Құрмаштың ауылына барам, егер көрген жәбірі болса, менің атыма арыз берсін, мәселені содан кейін шешеміз", — деді. Шопанберді осы шешімді Құрмашқа жеткізіп, бізге қайтып келді. Құрмаш Байбосыновтың шешіміне келісетіндігін айтыпты.
Байбосынов Құрмаштың ауылына баратын болды. Қасына мені, Сейтқазиев Смағұлды және екі кісі ертті. Құрмаштың ауылына 100 метрдей жер қалғанда өзі алдымыздан шықты. Сәлемдестік, менімен қоңырқайлау амандасты. Себебі екеуміз бір-бірімізді жақсы танимыз, аржағымыз бір ағайынбыз. Мен уақыт болған баласына қайыры болсын айттым. Бастық сөз қозғады. Құрекең деректі сөз таба алмай, жаңыла берді. Білмеймін, қорықты ма немесе қолы қаралы болғасын аузына сөз түспеді ме, "ашпыз, жалаңашпыз", — деді. Өзін ақтап сөйледі. Шатасқан ауылдары жөнінде ештеңе айтпады. Құрмашты тыңдап болған соң Жалмағамбет Байбосынов былай деді: "Мен қазір сіздің үйде отырған елшілікке жіберген ақсақалдарға барамын. Сонда отырып толық сөйлес қыламыз", - деді. Құрекең қарсы болған жоқ. Сонымен бастыққа ерген біздер Құрекеңнің үйіне кірдік, үйі тарлау екен, тығыздау отырдық.
Үйге кіргесін Құрекең маған қарап: "Балаң өлді, қайырлы болсын дегенің ағайындығың, ал бата оқымағандығың коммунистігің. Сендермен қалай сөйлес қылуға болады", — деді де тысқа шығып кетті. Осыны айтқанда бет-аузы жыбырлап кетті, шығып бара жатып ол: "Айдарбайға берген уәдем — уәде", — деді. Бәріміз мәселе шешілгесін далаға шықтық. Бір түйе сойып, біздің кісілерімізге қонақасы берді. Кешке оңаша тігілген үйге қолыңдағы үш адамды әкелді. Сонда отряд пен Құрмаш арасында қолхат алмасылды да, жаз шыққасын белгілі орында мәселе шешілетін болып келісілді. Отряд бастығы Жалмағамбет Байбосыновтың қандай бағыт ұстағанын кім білсін, Адайдың ақсақалдары мен Құрмаштың ойлары кеңес үкіметіне жарамды жағдайлар емес еді. Тұтқындағы үш адамды және үш-төрт мылтықты алып отряд кейін қайтты. Сөйтіп, 1928 жыл мен 1930 жылдың арасында Құрекең оққа ұшқанға дейін біраз жағдайлар болды. Ақырында "үкімет Қарақалпақ АССР-ынан отряд шығарып, сол отряд бандыны талқандады", - дейді естелік.
Ақтау қаласынан 1994 жылы "Тоқабай Құрмаш" атты журналист Әбілқайыр Спановтың кітапшасында жазылған: "Алшекеңнің өз аузынан естіген ізбасар Шыртанов айтты" деген сөздерді менің айтпағанымды оқушының қаперіне беремін. Әбілқайыр Спанов жұрттан естіген сөзін маған шатастырып жүрген болар.
Ал Алшекең 1930-шы жылдары Құрекеңе байланысты жұмыстарға қатынасқан жоқпын дейді. Себебі, 1930 жылдың май айынан бастап әуелі "рулық жікке бөлінгендігі үшін" Маңғыстау аудандық партия комитетінің шешімімен партиядан шыққан. Оған дейін әңгімелі болып жүрген. Кейін қайта партия қатарына алынып, қайтадан шығарғаны белгілі, "халық жауы" атанып, ит жеккенге айдалғаны көпшілікке мәлім. Жоғарыдағы естелігі өз қолымен жазылған. Әңгімелі болып жүрген адамды мұндай шаруаға араластырмайтыны сірә белгілі. Олай болса, Құрмаш пен Қаңғабай арасындағы алып-қашпа әңгімелер көп ізденуді керек ететін сияқты. Құрекең өлген уақытта Қаңғабай Маңғыстауда болған жоқ дегенді сол кісіден естігенім бар-ды. Олар туралы жазба дерек жоқ, тек әркімнің пайымдауы — бос сөздер. Біреулер Құрмашты Қаңғабай атыпты дейді. Бәрі де жалған сөз сияқты, сөзге сенбе, келіске сен, — дегенді еске ұстағанымыз жөн. Мен ол кісінің өз аузынан естіген әңгімемнің ішіндегі есімде қалғаны "Құрмашты атқан қызыл әскер Андрей Мишин дегенді Фортқа қайтып келгендерден естідік" дегені еді. Сол кезенді көрген, естіген адамдардың әңгімесінде шындық болуы керек. Ендігі біздің міндетіміз — оқиғаны әр саққа жүгіртпей, мәмілеге келу. "Халық бірлігі мен тарих жылы" бізден осындайды күтеді. Таза шын тарих жасау үшін елірме сөзден аулақ болғанымыз жөн. Ол кездегі НКВД-нің қызыл әскердің атқанын жасырып, қазақтардың өздері атты деген қитұрқы саясаты болып, әңгіме таратуы да мүмкін-ау. Асылы болған оқиғаны жазбаша дерексіз дәлелдеу абырой әпермейтін болар. Ал Қаңғабай жөніндегі әңгімелер де оқушыны жалықтыруға айналды. Әңгіме, дерек айтушылардың Құрмашты Қаңғабайға аттырып, өлтірткенде не пайда тапқысы келетіндігі түсініксіз. Өз көзіңмен көрмегесін жөнге жүру де азаматтық іс. Дәлелдегің келсе елдің көзін жеткізу үшін архив ақтарып, сол кісі жүрді-ау деген жерлерден материалдар іздеу керек шығар.
Әрине, бұл оқиғалар болғаннан бері біраз жылдар өтті. Көзі тірі куәлар азайды. Білетін адамдардың бірлі-жарымы бөтен жерде көзден таса жүр. Олардың білгенін алып қалу да оңай шаруа емес. Бір сөз бір сөздің қуғыншысы, жуық арада Маңғыстау бекеті, геофизика ауылындағы кешкі ас беру қонағасында Шоманай жақтан көшіп келген, Түбірқұл ақсақалдың әңгімесін тыңдауға тура келді. Отырыста әр түрлі әңгіменің басы қайырылатыны белгілі ғой, жігіттер біресе ру шежіресін, біреулері кеңес өкіметі кезі әңгімелерін айтып дуылдасып отырған. Бір кезде біз сөз бағытын Түбірқұл ақсақалдың Маңғыстаудан қашан көшкеніне ауыстырдық "Ол біраз әңгіме, — деп бастады сөзін Түбекең. — Мен өзім әңгімешіл адам емеспін, жасымнан қара жұмыс жасадым, кейін мал бақтым, бізде небір өңді әңгіме бар дейсің,- деп жымиып қойды. — Менің бала кезім, 1929 жылдары Үстіртте Қаратүлей маңайы болуы керек, Қарашыңыр ау деген жерде отырдық. Ол кезде ТОЗ ба, колхоз ба, білмеймін, 20 үй, 10 үй, 30 үй болып әр жерге көшеді, қонады, жүреді. Біз Аралбай Көрпе ауылының бір-екі ауылы маңайлас сол маңда отырдық. Көрпе Төлеп Басбайұлы деген кісі ауылдың атқамінер, арқа сүйер азаматы сол біздің ауылымыздың басшысы, әрі шіркеткіші (дүкеншісі) еді. Зат үкіметтікі. Оны қайдан әкеледі, қалай сатады, кімге береді, ол жағы есімде қалмапты. Бір күні жаз айы шыңырау басына көп атты адам келді. Асынған мылтықтары, найзалары, ағашқа бекіткен қырықтықтары, қылыштары бар. Шамасы бес жүздей адам. Бұл Құнанорыс Мырзалының әскері болып шықты.
Әскер орталықтан шеттеген. Азық-түлік тапшы. Ел-елден мал алып жеп күнелтіп жүр дегенді еститінбіз. Арада Төлеп батырмен сөйлес қылды. Қарауындағы малды, дүкеннің заттарын беруді талап етті. Кеңес үкіметінің жеңілетінін де, өздерінің күшінің бар екенін, күшті екендігін де айтып жатыр. Төлепті жұрт батыр дейтін. Бұрынырақта түркмендермен болған қақтығыста сол қолына үш жерден оқ тиген кісі еді. Зат та, мал да өкіметтікі екендігін, саған берсем де ұқсаймын, бермесем де ұқсаймын, сондықтан бермеймін деп кесіп айтты. Ауылда бар болғаны үш мылтық бар еді. Киіз үйдің ішіне келіп Төлептің інісі Жомарт, менің әкемнің тумаласы Қаражігітұлы Әбілқайыр үшеуі атысуға оңтайланып жатып алды. Бір кезде атыс басталды. Әбілқайыр мен Жомартқа оқ тиіп өлді. Төлеп батырдың желкесінің етін оқ жырып кетті. Көтерілісшілер алатынын алып кете барды. Артынан Мырзалышарды Қараған - Босағада үкімет әскері қырыпты деп естідік қой. Менің әкем Аққұл, оның әкесі жоғарыда айтқан Қаражігіт қарттардан естіген әңгімем, Төлеп батыр мен Шегем Қаңғабай қатар көңілдес адамдар болыпты. Уақытында банды қайырысып, өкіметке жұмыс жасаған, бірақ кейін сыбағасын өзінің алды ғой", — деп бір қойды Түбекең сөз арасында. Ойлап отырсақ Түбірқұл ақсақалдың айтып отырған әңгімелері сол жылдары құрылған жоғарыдағы Алшекең айтқан Үстірт көшпелі ауданында болып жатқан оқиғалардың бір көрінісі болып шықты. "Құрмашпен кездескеніміз жоқ. Бірде, бір көшті Құрмаштың көші, — деді біздің ауылдың адамдары. Түбекең сөйлеп отыр. — Жағдай нашарлай берді дейді. Ел ойға көшеміз дей бастады. Жер жаман, мал жұтады. 1929 жылдың күзінде біздің ауылымыз Бесқалаға қарай бет түзеді.
Менің бір анық есімде қалғаны көшіп келе жатсақ алдымызда бір көш аялдап тұр екен. Ол Қаңғабайдың көші болды. Ақыры бәріміз Қасқажолдан бірге құладық. Қаңғабайдың жалғыз баласы бар еді. Қазір қайда екенін білмеймін, жалпы хабарым жоқ, тірі деп естімедім. Үргенішке жақындап, кейін айналып, Ташауыз облысының осы күнгі Ленинск ауданының маңайына кідірдік. Біз барғаннан кейін Маңғыстаудан келген елге қырғындай тиді. Менің анық білетінім Қаңғабайды да ұстады. Бұл — сол 1930— 1932 жылдардың арасы болар. Ленинскінің батыс бетіңде торт жерде сол кезде болған төрт түрме аула қорған бар. Қазақтар хутор дейтін. Аралары 6- 8-10 километр шамасында, айдалада. Сол биік аулаға қамап, қол жұмсап қашып кетпес үшін екі бармағын бір-біріне байлап, қазақтарды атып, қырған хабарын күңде естіп отырдық. Қоңғабай сол жылдары сол төрт (хутор) аулаға жиналғандармен бірге атылып кетті. Әкеміз де айтып отыратын, біз де атылғанын сезетін едік, — дейді 80 жастағы Түбекең қария күрсініп. — Кейіннен, тіпті беріде мен Шоманай ауданына келіп совхоздың қойын бақтым. Сол жылдары Шоманайда тұратын Адайдың Шегем руынан Қаңғабайдың ағайыны (бұдан он жылдай бұрын өлді, сексен жастың ол жақ, бұл жағындағы адам еді) Үстірттегі "Тағалбайлы Құсшыда" өлген екен деп, Қаңғабайдың тамы деп бір тамға құлпытас орнатыпты. Онысы шындықтан әрине алшақ жатырған іс. Қарттың есімі Сабытай баласы, Шоманайда ауыл шаруашылығы техникумында директор болып істеді. Қаңғабайдың Құрмашты атуы шындыққа келмейді. Себебі, ол 1930 жылы Маңғыстауда жоқ Қаңғабаймен бірге сол түрме – аулада Бегей Көшмағанбет ахун да қамалған еді. Оны атқанда оған бірден өлмей қалып, өліктер лақтырылған сайдан шығып, біраз жер жорғалап барып, сол өлген жеріне жерленген. Сол кісіні қазір түркпендер әулие тұтады. Басында түрікпен шырақшысы бар", — деп әңгімесін аяқтады. Түбірқұл ақсақал берген осы материалдан да біраз заттарды аңғаруға болады.
Айта кететін басы ашық бір мәселе, егер жазушыларға, тарихшыларға, журналистерге тарих жылына байланысты Қаңғабай мерген жөнінде деректер керек болған жағдайда ауызекі әңгімеден гөрі Ташауыз, Хожелі, Қоңырат, Көнеүргеніш, т.б. қалаларының архивтерінен материал іздегендері дұрыс демекпіз.
ЖЕР-СУ АТАУЛАРЫ – ЕЛ ТАРИХЫ
Ана тілімізді ұқыпты пайдаланып, келешек ұрпаққа кемелдендіре жеткізу қажеттілігі жөнінде заманымыздың заңғар жазушысы, ірі мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбайдың: "Жер тарихы — ел тарихы" деген қанатты сөзін соңғы кездері жиі қайталайтын болдық. Өйткені халықтың ғасырлар бойына сапырылысқан болмыс, танымының ең бір талмау тұсы сол халық авторлығымен қалған елді мекен, жер атауларында жатыр.
"Халық қойған әрбір атау – сол жердің тарихы, паспорты. Отаршылықта бодан болған халықтың үрім-бұтағының тарихи жадынан осы байырғы топонимдерді өшіру арқылы, рухани мәңгүрттік, құлдық ахуал қалыптастыра алатындығын жақсы білген. Сондықтан да халық санасынан елдік рухты мүлдем өшіруді ең алдымен жер-су атауларын өзгертуден басталғаны белгілі", — деп атап көрсеткен болатын.
Облысымызда елдік рухқа нұқсан келтіретін бұл сияқты бірқатар өрескелдіктер жойылып келеді. Маңғышлақ — Маңғыстау, Шевченко – Ақтау, Калинин — Жармыш, Октябрь — Бостан, Калинин мектебі – Тобанияз атындағы болып өзгерді. Бұл жұмыстар одан әрі жалғасуда. Жуырда ғана С.М.Киров атындағы мектепке Есбол Өмірбаев есімін беру, "Опорный" елді мекеніне тарихи сол жердің аты, бұрынғы ертедегі география карталарындағы Боранқұлды қайта беру, өзгерту жөнінде шешім алынды. Жергілікті әкімдер сол шешімді орындауға міндетті. Алдағы уақытта Маңғыстау ауданының Ленин атындағы мектебінің атын өзгерту, "Баутин" елді мекенінің атын өзгерту мәселесі шешілуге тиісті. Тағы қандай жер атауларын өзгерту керек, ол халықпен санаса отырып, аудандық мәслихатының сессиясы арқылы алға қарай шешіле береді. "Таучик", "Акчукур" атанған елді мекендердің өзінің қалыпты "Таушық", "Ақшұқыр" атауларына ие болатын уақыты жетті. Шешілмей жатқан мәселелер болса облыстың кез келген тұрғыны өз ұсыныстарын түсіре алады. Бірақ арғы-бергі тарихы дәлелді болғаны дұрыс.
Тарихи атаулар комиссия мүшелерінің бір жақты шешімімен өзгертіліп отырған жоқ. Оған сонау 1814-ші жылдан бергі тарихи құжаттар, карталар, мұражай материалдары, жекеленген картаға түсірушілердің, саяхатшылардың еңбектері негіз болуда. Халық бірлігі мен ұлттық тарих жылы біраз шаруаның тындырылғаны жәйлі хабарды көгілдір экраннан, болмаса газет беттерінен оқып жүрміз. Тарих жылы егеменді елдің жоғын жоқтаушы, сөнгенін тұтандырушы жыл болғанын да анық байқауға болады. Олай дейтініміз Президенттің Жарлығымен Республикамыздың он төрт облысына этно-мәдени экспедицияның ұйымдастыруы. Сөз жоқ, біздің облысымызға келген экспедиция мүшелері біраз материалдар жинап кетті. Қандай материалдар жинады, қайсысы пайдаға асты — оны уақыт көрсете жатар, ол өз алдына әңгіме. Тарихты әңгіме қылғанда айтылар сөздер де баршылық. Тарихты парақтасақ оның саласы көп. Бір саласы ономастика ғылымы десек, жер-су аттарына байланысты айтар сөзіміз де мол болмақ. Атаулардың атау тарихы да тарихқа тікелей байланысты сияқты. ОНЫҢ арасында тарихи адам аттары да кездесуі мүмкін. Мысалы: Қонайдың үйігі, Төлеп, Қармыс, Шотан, Бегеш қазған, т.б. жер, су атаулары белгілі тарихи адамдардың есімдеріне байланысты аталғаны айдан анық нәрсе екендігі көрініп тұр.
Қазіргі кезде біздің облысымыздың әкімшілігінде де ономастика саласында үлкен беделді комиссия жұмыс жасайды. Негізгі мақсат — жер-су аттарын анықтау, байырғы аттарын қайтару, т.б. мәселелер. Жер, су аттарының тарихи аттарын қайтару үшін ескі деректер жинастырылып, көпшілік пікірлері басшылыққа алынуда. Күн тәртібіндегі мәселе жер-су атауларының тарихы әріден басталатыны өз-өзінен түсінікті. Орта ғасыр тарихында "Тарих әкесі" атанған Геродот Амударияның саласы Узбайдың Каспий теңізіне құйғандығын дәлелдеген. Бұл жөнінде парсының географы Хамдаллах Казвани де 1339 жылы жазған еңбектеріңде де Узбай саласы жөнінде көп айтқан екен. Бұдан 78 жыл кейін Хафизи Арбу деген кісі Сұлтан Шахрухтың сарай тарихшысы Амударияның Каспийге құятынын айтыпты. Ал Абылғазы хан Хиуаны билеп тұрғанда (1603—1663) "Татар тарихы" деген кітап жазып, онда Амудария Үргеніштің түбімен өтіп, батысқа бет түзеп, түрікменнің Огуршын жағалауына барып Каспийге құяды, — деген сөздер қалдырыпты. Мұны оқығанда біздің жер-су аттарының көлеңкелі тұстарының әлі де бар екенін сеземіз. Патшалық Россия қазақ жерін, оның ішінде Маңғыстау Үстіртінің географиялық жер бедерін бедерлеуді ертерек қолға алды. 1857 жылы 18 мамырда Н.А.Северцов деген өз отрядымен Петербургтен шығып 17 шілдеде Орынборға келіп, оңда біраз кідіріп, 50 түйемен Жемге келіп, Мұнайлы, Хан арал, Қарашұңғыл маңын зерттейді. Осы сапарында Н.А.Северцов және И.Г.Борщов дегендер бірігіп "Үстірт Орал тауының жалғасы ма" деген мақалаларын жазады. Мұны айтып отырған себебіміз жер-су аттары географиясы ерте бастан-ақ керек болғандығын, оның тарихи мәнін айта кетуден туған ой еді.
Жер-су атауларының үлкен тарихи мәні барлығы дүние жүзіне тән нәрсе. Жер-суын жырламаған ақын жоқ. Жер-суын мақтан тұтпаған би шежіреші жоқ. Арқаның белгілі ақыны Нармамбет деген кісі:
Қалмады Сарыарқада енді халық,
Сандал тау Сарыарқаны алды мұжық
Қолынан келер де жоқ, өнер де жоқ,
Баласы байғұс алаш қалдың мыжып?
Кең дала, кеткенің бе кер бетеге?
Бұл жерде бала туып, ер жете ме?
Суырдай іннен босқан сүмірейіп,
Дариға-ай, мекенінен ел кете ме? —
деген екен. Неткен аянышты сөздер десеңізші?
Маңғыстаудан жеті жұрт кеткен дейтініміз бар. Аңыз да, тарих та соған меңзейді. Сол жеті жұрттың жүздеген, екі жүздеген жылдар, тіпті одан да көп жылдар мекендегені шындық жағдай. Кешегі Н.С.Хрущев КСРО-ны басқарған жылдары Маңғыстау түбегіне біздің ата-мекеніміз деп көз алартқандар болды. Сол кездегі Советтік Қазақстанның басшысы Д.Қонаев, Қазақ КСР Ғылым академиясының басшысы Қ.Сәтбаев, қалды көзі тірі халық болып тойтарыс бергені рас емес пе?
Шындығыңда, жарасына сөзден пышақ тиген ел іштей өкпемен атқа мінгендей халде еді. Бұл КПСС басшыларының адам түсінбес саяси көзқарастары еді. Дауыл болса ғана дария толқиды, дала жусаны тамырынан үзіледі. Қалың елді қарғыс алған билесе, аузы қан татиды, ханды саясат билесе еріксіз күрсінеді, ел толқиды. Ауыз бір болса, аузы нан татиды... Кешегі желтоқсандағы құбылыс дүние жүзін дүр сілкіндірді. Бұл жер жүзіндегі көзі ашық адамдардың шерленген отты қарсылығы еді. Алыспаса, жағадан алмаса, жұлыспаса еркіндік өз-өзінен келмейді. Жүрегінде жылуы жоқ, ештеңе көрмеген, әкенің айналайыны өтіп кеткен, кісінің ауыр сөзін естімеген, әкенің баласы атқа мінбейді. Құлдықтан да, бостандықтан да, өмірден де хабарсыз өтеді. Малына да, басына да ие бола алмайды. Қазақта мақал бар: "Тартыншақ түйенің желбезегі өмір бойы жара болып өтер" деген. Сол тартыншақтықпен жүрген кезімізді бүгінде күрсіне еске алғаннан басқа шара жоқ.
Біздің арамызда қазіргі кезде де кемелденген социализмді жоқтайтындар бар. Шындығын айту керек, әр патшаның кезінде жақсылықта, жаманшылықта жақтары болды. Бірақ ол қайта оралмайды. Қазір шындықты айтатын кез келді. Мысалы, Түпқарағанда Маяның қорымы дейтін жер бар. Оның қасына осы Маңғыстау елі үшін бірдеңе істесем деген әйгілі Бәймембет би Маяұлы жатыр. Елімді бөгделер таптамасын деген Маяның өзі жатыр. Ақылға жүгінсек, Иса—Досан батыр бастаған шаруалар көтерілісі қалай басталды, осының бәрі кім үшін істеліп еді. Бәймембет би не үшін оққа ұшты? Мұның бәріне себепкер ақ патшаның елді іріту саясаты емес пе еді? Келімсектердің істерінің түсінетін де, түсінбейтін де жерлері бар. Өз жерінде, өз төресіне құл болған келімсектер біздің жерге келіп, не болмаса қазақ жеріне келіп би болды, байыды. Баз біреулер Ақкетікке билік құрған З.Дубскийді өте қайырымды адам еді, қазаққа қол ұшын беріп еді, "Егер Захар бір қайық берсе" деген мақал шығып еді, деп мадақтайды, айтқанда аузының суы құриды. Бірақ З.Дубскийдің жымысқы қулығын, халықты қалай пайдаланғанын, қалай қан қақсатқандығын қазақ дейтін аңқау халықтың ашықауыздығын, жас баладай көңілі ақ, пәктігін қалай пайдаланғандығын түсінсек керек-ті. Себебі оған сенушілер, оның бес-он жылғы нанына қарны тойғандар. атар таңынан, шығар күнінен күдер үзгендер, не болмаса болашағынан безінгендер еді. Келімсек З.Дубский байып, атағы өрге өрледі. Тіпті коммунистер келгенде де құшағын ашып, сеніміне кіріп, ретін тауып Россиясына қашып кетті. Артыңда оны мақтаған елі қансырап қала берді. Алды Иран-Ауғанстанға, арты Түрікмен, Өзбекке қаңғыды. Біздің көзімізді ашты деген Россия өкілдері өздерінің ағайындық көңілін көрсетпеді. Өздерін мәдениетті елміз дейтіндер қазақтың ауылын өртеді, ерлерін атты, асты. Бұл шыңдық па, әрине шындық. Шыңдыққа куә жүрмейді. Оған тек тарих қана куә.
Ал мұны да айтпай кідіре тұрайық, Ата-баба қойған жер атаулары, келімсектер келісімен өзгеріп қоя берді емес пе?
"Фетисов", "Баугин", "Долгий", "Жесткий", т.б. жер атаулары, қай ата-бабамыздың қойған аты еді? Бұл атауларды осы жерді мекендеген қай рудың немесе қай ауылдың ақсақалы қойып еді?..
Бәрін айт та, бірін айт, қазақ жерінің жер-су аттары келімсектер аяқ басқаннан кейін-ақ өзгере бастады.
Әуелден белгілі, кезіңде Адайдың жеті қайқысының бірі, ақын, әнші, күйші Өскенбай Қалмамбетұлы: Қарамая, Кендірлі, Қараcy, Тамды, Көгесем, Жаманжол мен Қыңырақ Алыстығын байқасаң Тауы тұрар бұлдырап, — деп жырға қосқан емес пе еді. Кендірлі атауы Қараған Босағада көшпеңді елді пулеметпен қырған Фетисовтың атына өзгере қойды. Бұл тарихты бұрмалаудың нақты бір мысалы.
Өкінішке орай, Түпқараған ауданының Баутин елді мекені бұрынғы патша өкіметінің офицері, кейін қызылдардың қол шоқпары, кезінде қазақтарға оқ атқан Баутиннің атымен осы кезге дейін тұрғандығына не дейміз?! Бұл Баутиннің ата-мекені ме еді? Бұны неге ойламаймыз. Бұл елді мекеннің атын да өзгертетін уақыт жетті. Тоғыз ауыз сөздің тобықтай түйіні, жоғалтқанымызбен қайта табысайық деген сөз.
Тарих жылының негізгі мақсаты қазақ халқының тарихына, экономикасына, мәдениетіне, шаруашылық жүргізуінің тәсілдеріне, ру-тайпалар шежіресіне, тұрмыс-салтына, қазақ жерінің отарлану тарихына араласу, зерттеуге арналған. Осылардың арасында қазақ өлкесінің тарихи тағдыры және мәдени өркені үлкен орын алмақ. Оны зерттеудің мәнінің зор екендігі айтпаса да түсінікті. Әлі қазақ жерінің мың жылдық тарихы, өлкені мекендеген ұлыстар, қалдырған мәдени, заттық ескерткіштер, сәулет өнерінің белгілері сөз болады.
Қиянат, қорлық-зорлықтың боямасыз шындығы, қарашекпендердің, мұжықтардың шұбыруының арғы-бергі тарихы түгел ашылуға тиісті. Қазақтардың шұрайлы жерден айырылуы, шөлейтке шегінуі, қамал қалалардың салынуын тарихы әлі де жолға түседі. Қарулы казактардың озбырлығы, генерал-губернаторлардың қарақшылық қимылдары дәл көрсетіліп, архив қазыналары ақтарылып бір нүкте — бағытқа тіреледі деп күтілуде.
Егемендік алғаннан кейінгі кітаптарға, мәліметтерге көз жіберіп отырсақ, ұлтымызға жасалған зорлықта шек жоқ. Ертеде Мемлекеттік Думаның депутаты Марков деген біреу аузы-мұрны қисаймай, беті бүлк етпестен: "Қазақтар Шыңғыс хан мен Ақсақ Темірдің ұрпағы, сондықтан Америкада қызыл терілерді қалай қырса, біз де қазақтарды солай қырып жіберуіміз керек", — дегенге дейін барған екен. Құдай ондайдан сақтасын.
Бүгінгі таңда қазақ тарихы жиналу үстінде. Оның бір саласы ономастика ғылымы. Яғни жер-су аттары, оны түбегейлі зерттеу бір саласы болса, білгендерімізді айту, жариялау, халыққа таныстыру екінші саласы.
Жер-су аттарына байланысты тарихты талдаған, хабар мақалалар айтылып, жазылып жатса нұр үстіне нұр.
1998 жыл
КӨНЕ МҰРА КӨЗТАСА БОЛМАСЫН
МИРАС
Туған жер деп сүйерім де, сенерім де,
Тасқа жазып кетіпті өлерінде.
Санасын да, салтын да, өлеңін де,
Шаттығын да, мұңын да, өнерін де.
Есенғали Раушанов
Қойнауы құпияға толы Маңғыстау жерінде көненің көзі де, бүгінгінің өзі де бар. Басына жұлдыз қойған мұнаралар, сыры кетсе де сыны кетпеген ғажайып архитектуралық тарихи ескерткіштер мен мазарлар соның жанды куәсі. Осы тарихи ескерткіштерді қорғау — халқымыздың сан мың ғасыр бастан кешкен тарихын, мәдениетін, өнерін, салтын, тілін қорғау деген сөз. Қазірдің өзінде тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау қоғамы облыстық советі мен "Маңғышлақ пен Үстірттің материалдық мәдениет ескерткіштері" мемлекеттік музей-қорығы 590 ескерткішті есепке алып, 510-ын облыстық, республикалық категорияларға жатқызып отыр.
Ал бұл өлкеде он мыңнан астам әлгіндей мұралардың бар екендігі мәлім. Дуалы ауыз, құйма құлақ қариялар осы өңірде қазақ халқы мекендемес бұрын жеті жұрт қоныс еткен деседі. Тарихқа үңілсек, бірінші (біздің эрамызға дейінгі VIII—IX ғғ.) скифтер мен сарматтар, алаңдар; екінші: финн-угорлар, венгрлер; үшінші: түркі тілдес гунн, авар, хазар, оғыз, печенег, қыпшақтар (IV—XIII ғғ.); төртінші: монғолдар (XIII— XV ғғ.); бесінші: ноғайлар мен қазақтар; алтыншы: түрікмен, қарақалпақ, башқұрттар (XV—XVII ғғ.); жетінші: қалмақтар (XVIII ғ.). Мұны айтып отырған себебіміз — неолит заманынан бастап жоғарыда аталғандардың қай-қайсысынан да қалған ескерткіш, түрлі белгілердің әлі күнге бар екендігі.
Кезінде орталық басылымдарда жарияланған Сай-Өтес пен Бейнеу ауданының арасынан табылған шиыршықталған құпия екі сурет жайы археологтар мен ғалымдардың назарын ерекше аударды. Ұзындығы әлденеше шақырымға созылып жатқан тас шиыршықты мамандардың бірі неолит, екіншісі темір, өзгесі орта ғасырдың құрылысы деп жүр. "Шегіртке", "Құдайдың көзі" деп аталған бұл екеуінің нендей мақсатқа арналып жасалғаны беймәлім. Алғаш естігенде көпшілік үлкен бір тарихи жаңалық ашылатын шығар деп үміттенген. Бірақ арнайы жасақталған экспедиция әлі күнге ұзын дәме, қысқа қолмен күн кешуде.
1980 жылы 4 июньде Қазақ ССР Министрлер Советі "Республиканың тарихи және мәдени ескерткіштерін есепке алудың жағдайын одан әрі жақсарту, қорғау, реставрациялау және пайдалану туралы" қаулы қабылдады. Осыған орай облыстық атқару комитетінде (26.11.1984 ж.; 22.09.1986 ж.) №392 және №402 екі шешім дүниеге келді. Бұларда облыс көлеміндегі тарихи жөне мәдени ескерткіштерді күрделі жөндеуден өткізу мен реставрациялау, Азамат және Ұлы Отан соғысы қаһармандары мен ардагерлеріне, халық композиторлары мен ақындарын мәңгі есте қалдыру мақсатыңда ескерткіш тақта қою шаралары белгіленді. Қамқор көңілден шыққан іс екені белгілі. Ал осының орындалу барысы қалай?
Он мыңнан астам ескерткіш пен мұраның алты жүзге жуығы есепке алынды. Аз ба, көп пе? Аз. Тым аз. Сол тым аздың өзі күні бүгіндері қандай күйде, ендігі әңгіме осы жайыңда болмақ.
Алдымен Маңғыстау мен Үстірт бойында кездесетін мазарларға, олардың архитектуралық-құрылыстық пішініне, қаланған тасына, ою-өрнегіне аз-кем түсінік бере кетелік. Бұл өңірде Жылқыбай, Өмірбай, Өмір секілді үрім-бұтағы түгелімен бармағынан бал тамған шеберлер өткен. Олардың әрқайсысының өзіндік мәнер-машығы болған. Биіктігі бес-алты метрлік күмбезді мазарлар шын мәнінде қас өнерпаздың қолтаңбасын танытады. Ені мен ұзындығы әр алуан боп келетін бұл ескерткіштердің қаланған тасының өлшемі, орналасуы, бірігуінде математикалық жүйенің барлығын көреміз. Ескі мазардың көбінің сыртында республикамыздың шығыс, орталық облыстарында кездесетін таңбалы тастардағы бұғының, арқардың, атты адамның, киіктің суреті ап-айқын сол күйінде қайталанған. Ал кейбіріңде адамның бес саусағын, жайған алақанының, аттың, қылыштың, иттің суреті бар. Тап осы суреттер арнайы зерттейтін жанға көп жәйттің мәнін меңзейтін сияқты. Аңыздағы "Ей, жолаушы, тоқтай кет, біз де сендей болғанбыз" деген секілді зират қабырғасына жазылған сөз шықпасына кім кепіл?
Ал Ақүйік қорымындағы Тәжіке сұлу мазары айрықша көркімен, іші-сыртындағы қошқар мүйіз оюларымен қайран қалдырады. Ою-өрнекпен қоса екі пар мәсі, аяқ киім, ер, үзеңгі, кесе, құман бейнеленген. Осы мазардың ішінде: Өмірбай, Өмір менен шеберлерің, Алаштан асып тусті өнерлерің. Жаз ыссы, күзің суық болса дағы, Асырдың ою-өрнек бедерлерін, — деген бір шумақ өлең арабша әріппен оң жақ қабырғаға жазылған. Мазардың сыртқы қабырғасына жүргіншілер: "Таисия, А.Васейко. Рашида – Өтеш" деген секілді аттарын үшкір темірмен ойып, "мәңгіге" қалдырмақшы болған...
Тарихи, мәдени ескерткіштер маңындағы, іші-сыртындағы бейбастақтың бас-аяғы осы емес. Азар болса әлгіндей ойсыздықтан түскен есімдерді қалың қабырғадан қырып өшіруге күш жетер. Ал реставрациядан кеткен солақайлықты, жаны ашымастықты қандай құдіреттің қолымен бұрынғы қалпына келтіруге болады?! Тәжіке сұлу мазары осыдан төрт–бес жыл бұрын реставрациядан өткен. Өтті деген аты ғана. Алып мазардың сыртының тең жартысы істелген де, қалған жартысы сол күңгірт, сыры қашқан алапес қалпында қарап түр. Әрі бұрынғы құрамы құпия бояудың орнына көк, қызыл, жасыл түсті майлы бояуды баттастыра салған. Сыртқы, ішкі қаланған тастың кейбір кетілген жерін цемент қоспасымен бітемек болған. Онысы көрер көзге тым қораш. Әрі бүгін болмаса ертең түсіп қалғалы тұр.
Қызылсудағы Боран және Әбілғазы мазарлары жақында реставрациядан өткен. Енді мынаны қараңыз, Боран мазарының іші-сыртындағы қол ұшын тигізуге қимайтын оюларды түгел қырып түсірген де, өзін ақ жұмыртқадай ғып ақтай салыпты. Әрі ішінде қаз-қатар жинаулы тұратын алуан пішінді ескі кітаптар қолды болған. Ал Әбілғазы мазарын керісінше, сыртындағы тастан салынған түрлі әсем өрнек пен безендірулердің бәрін алып тастап, орнына жаңадан майлы бояумен ою салған. Сонда екеуіңде де бұрынғыдан қалған жұрнақ та жоқ болып шыға келмеді емес пе? Ықылым заманнан бері бізге жеткен көненің көзіне мұнан артық қиянат жоқ шығар. Республикада реставрациямен айналысатын арнайы маман кадрлар даярланбайды. Сонда әлгі сорақылық кімнің қолынан шықты деген сауал туады. Құрылысшылардың, оның ішінде ақша қуып жүрген көтеріңкі табысқа істейтіндердің ісі демеске лажымыз жоқ. Тарихи ескерткіштердің құндылығын, мәнін түсінбейтін, бұл өлкенің арғы-бергі тарихынан хабары жоқ әлдекімдердің осы бір бос жетпес мұраларды кәдімгі құрылыс объектісінен айыра алмауы бізді таңдандырмайды.
Таңдандыратын нәрсе сол осының бәрін біле, көре тұра жауапты мекемелер мен жергілікті партия, совет, кәсіподақ ұйымдарының әлі күнге үнсіз, әрекетсіз отырғандығы. Сонымен бірге "бардың базарын, жоқтың ажарын қашырып" жүрген әлгіндей құрылысшыларға ай, тоқсан сайын реставрациялаудан жоспар берілетін көрінеді. Жоспардан шыға алмаса ақшадан қағылады. Осыдан келіп олар "алтынға жез, қамқаға бөз жапсырмағанда" не істейді?!
Қазірде Қараман ата, Сенек, Сисен ата, Қамысбай, Уәли, Шат, Айғыр, Масат ата, Омар-Тұр секілді жүздеген тарихи, мәдени ескерткіштеріміз күрделі жөндеуді қажетсініп тұр. Ал оны кімдердің қолына сеніп тапсырамыз? Біздіңше, тез арада реставрация мамандарын оқытып, даярлауымыз керек. Оған дейін өзге жерден мамандар шақыртып, кетілген, құлағалы тұрған, сыры өшіп бара жатқандарын қалпына келтіру қажет деп білеміз. "Уважение к древности есть, несомненно, один из признаков истинного просвещения" деген данышпан Ф.Энгельстің сөзін жадымыздан шығармайық.
Жоғарыда аталған екі шешімнің бірі — халық қаһармандары мен ақын-жырауларының басына, тұрған үйіне ескерткіш таққа орнату, көшенің атын беру секілді игі істің ілгегі еді. Бұл өлкеде сонау XVII—XVIII ғасырдан бастап, Азамат және Ұлы Отан соғысына қатысқан әр түрлі батырлар, ел үшін басын оққа тіккен ерлер өткен. Әрісі Қашаған, Өскінбай, Абыл, Сүгір, Қашқынбай, Шынияз, Нұрым, Ақтан, берісі Сәттіғұл, Айса, Мұрын секілді ақын-жыраулар өмір кешкен жер. Олардың ерлік істері мен алуан мақамды жырлары әлі күнге ел жадыңда. Әр ғасырда өткен өнер иелерінің артыңда қалған мұраларының, тұтынған мүліктерінің басын біріктіріп, портреттерін салдырып, әдеби-өлкетану музейін аштыру болашақтың ісі.
Әйгілі жырау Мұрын Сеңгірбековты (1860-1954) республикада білмейтін адам кемде-кем. Өмірінің соңғы жылдарында Қазақ ССР Ғылым академиясының арнайы шақыруымен Алматыға келіп, "Қырымның қырық батырын" алты ай бойы жырлап, қағазға түсірткен. Алты ай! Неткен ғажап жан десеңізші! Сонда да тауыса алмаған. Жасы келіп қалған ауылына барып тынығып, әл жинап оралайын деп кері қайтады. Бірақ ажал шіркін кейде кәрі түгіл қылшылдап тұрған жастың да жолын кеспей ме...
Халқына қалдырған сол сарқылмас қазынасы аттай қырық жылдан бері баспа бетін көрмей келеді. Ол өз алдына жеке мәселе. Біздің айтпағымыз, Мұрын жыраудың өмірінің соңғы жылдары тұрған Форт-Шевченкодағы үйі хақында. Бұл үйді қалалық Совет атқару комитеті коммуналдық шаруашылық коллективіне қамқорлыққа алуға, жөндеуден өткізуді тапсырған. Түпкі нәтижесі не дейсіз ғой, көргеннің көзі, айтқанның аузы жаман, үйдің төрт жағынан темір қоршау орнатқан да, ішіне иесі табылмаған малдарды қамаған. Яғни мал қораға айналдырмақшы болған. Бұл жосықсыз әрекетке "Маңғышлақ пен Үстірт материалдық мәдениет ескерткіштері" мемлекеттік музей қорының директоры Ерболат Берқалиевтың араласуымен тыйым салынды.
Қалалық Советі атқару комитетінің 1985 жылғы №19 шешімінде қаланың "Ракушечная" және "Степная" көшелеріне Мұрын Сеңгірбеков пен Абыл Тарақұлының есімін беру қажет деп көрсетілді. Бірақ бұл шешім де қағаз бетінен әрі аспай отыр.
Осындай сынды Маңғыстау ауданы, Октябрьдің 50 жылдығы атындағы совхоз территориясында тұрған Қашаған Күржіманұлының басына орнатылған белгіге де айтар едік. Қашағанды таныстырып жатудың өзі артық. Бір ғана Ілияс Жансүгіровтің: "Қашаған жүйрік жырау, елдің тілі" деген бір тармақ өлеңін айтсақ та жеткілікті. Сол Қашағанның басында Жетібайдың карьерінен қиылған 2—2,5 метрлік ұлутас қалай болса солай қойыла салынған. Астын жел үңіп, кеулемес үшін құйылған іргетасы да жоқ. Оған да төзуге болар, ең жан ауыртатыны — жыраудың аты-жөнін, туған өлген жылдарын қызыл сырмен сойдақтатып жаза салған тақтасы — үй жабатын бір дана шифер. Қамқорлықтың, қойылған белгінің шама-шарқын, қадір-қасиетін енді мөлшерлеген шығарсыз.
Жерінен миллиондаған тонна құрылыстық бағалы тастар шығып жатқанда ақынның аты-жөнін жазатын бір кішкене дені дұрыс заттың қолға түспегенін қалай түсінеміз? Өмірдегі көрер сияпатың да, өлгендегі естір салауатың да халқыңа сіңірген еңбегіңмен өлшенсе ғой, шіркін!..
Маңғыстау ауданы жеріндегі Сисен ата қорымындағы Сүйінғара батыр Үргенішбайұлына ескерткіш белгі орнату да әлі күнге қолға алынбай отыр. Сүйінғара кезінде Маңғыстау қазақтарының Россияға қосылуын қолдап, алғашқы хат жазған, соған қол қойғандардың бірі, тарихи тұлға. Бұл өтініш-хат қазір де Ленинградтың тарихи архивінде сақтаулы тұрған көрінеді. Бұдан өзге де Хиуаның қатыгез ханы Аллақұлдың шапқыншылығынан елді қорғаған айтулы ерліктері әлі күнге ел есінде. Ал оның туған інісі Кежі батырдың зиратын мұнай барлау экспедициясы жойып жіберген. Орнында бетон сынықтары жатыр.
Өткен ғасырда Маңғыстау өңіріндегі шаруалар көтерілісін басқарған Досан батырдың Қаратөбе қорымындағы, Иса Тілембаевтың ескерткіш, күмбездері әлі де болса қамқор қолды қажетсінеді.
Құпиясы мол қойнаудың көп ғажайыбының бірі – Масат ата қорымы. Бұл қорым Өзен мен Жарма елді мекенінің арасында орналасқан. Алдымен аңызға ерік берейік. Қай ғасырда өмір сүргені белгісіз. Масат атаның жаулары көп болған деседі. Қанша аңдыса да қапысын тауып өлтіре алмаған. Ақыры әйелін алдап, қолға түсіріп, оны қалай өлтірудің жолын сұрайды. Бар сырға қаныққан соң жаулар таң намазын оқып отырғанда арт жағынан келіп, қылышпен желкесінен шапқан. Сол кезде Масат ата кесілген басын көйлегінің етегіне салып тұра қашқан деседі. У-шуды естіген бір үйір жылқысы иесіне араша түскісі кеп, шұрқырап ұмтылған екен.
Ал, шыңдығында, ұзындығы үш жүз метрдей таудың тұтас көк қайрақ тасының үстінде оның ұзына бойына қашқан адамның ап-айқын ізі бар. Үлкен табанның, өкшенің, бес башпайдың таңбалары қаз-қалпында. іздің жан-жағына кесілген бастан шашыраған, жоса боп қалған қан жатыр. Әлгі көк тастың бетіне қып-қызыл боп сіңіп, бірігіп, тасқа айналып кеткендей. Жан-жағында ірілі-уақты жылқының топырлаған іздері. Олардың бір нәрседен үріккені, дүрлігіп шапқаны сезіледі. Қай із болмасын қолдан істелген емес, табиғи. Не деген құдірет, аңыз дейін десең ақиқат секілді, ақиқат дейін десең аңыз...
Қанша мықты дегенмен де жел мен аптаптың, жаңбыр мен қардың өтіңде тұр. Осыған арнайы экспедиция жасақтап, зерттесе, қай ғасырдың, кімнің мұрасы екенін анықтаса, тарихи һәм ғылыми мәніне бойласа халық үшін істелген игілік болар еді. Әйтпесе аз жылда мұндай теңдесі жоқ қазынадан айырылып қалу қаупі бар. Өйткені сол Масат атаның көктастан ойылған кішкене жер асты мешітіне біраз уақыт жанындағы совхоз мал суару үшін су құйғызып келген. Мұндай келеңсіз жайт "Түпқараған" совхозыңда да қайталанып отыр. Осы шаруашылық жерінде орналасқан Кенті баба мен Сұлтан ене қорымының арасы тым жақын. Соның қақ ортасынан соңғы жылдың бірінде құдық қаздырған. Суға қанған отар қой жазды күңдері өзіндік тарихи мәні бар ескерткіштердің іші-сыртын көлеңкелейді. Көлеңкелеп қойса бір сәрі-ау...
СССР Ғылым академиясының атын жамылған Галкин деген біреу Қызылқала мен Кетіктің, Үстірттің бойындағы біраз ескі қорымды қазған. Жергілікті жердің келісімін сұрамаған. жергілікті Совет пен депутаттар көрсе де көрмеген кейіп танытқан. Соған еркіндеп, табылған барлық құнды затты алып кете барған. Ал әлгі аталған қорымдар қалай болса солай қазылған, ашық-шашық күйінде қала берді. Заңды түрде келген экспедицияның өзі жергілікті жердің келісімін алмайынша, қазба жұмыстарын жүргізуге қақысы жоқ екені мәлім. Сонымен бірге табылған құнды ескерткіштерді, бағалы заттарды жергілікті музейге өткізіп кетуі қажет.
Тағы бір мысал, жақында "Тұщықұдық" совхозының жерінен киіз үй пішіндес зират табылды. Ішінде жиырма шақты адамның, бір кішкене баланың мүрдесі бар. Бетін жермен бірдей ғып тегістеп жіберген. Келіп қазған Алматының археология экспедициясы бұрынғы қалпына келтірмей тастай салған. Қай заманның көзі екенін кім білген, тарихымызға пайдасы болар, не болмас, бірақ зерттеп болған соң бұрынғы қалпына келтіріп кету парызымыз әрі міндетіміз емес пе?!
Ал енді жекелеген біреулер тығулы жатқан қазына бар шығар деп, түн қатып, түсі қашып маңызы бар ескерткіштердің лақатын ақтарып тастап жүр. Ескерткіштерді қорғайтын заң бар, олай болса әлгі сұғанақ қол иелерін, біле тұра бүлдіру мақсатында әрекеттер жасаған шаруашылық басшыларын неге жауапқа тартып, солардан келген шығынды неге өндіріп алмасқа деген ой бас көтереді.
Біздіңше, әрбір тарихи, мәдени ескерткіштерге, қорымдар мен қойтастарға, ақ тастан ойып жасалған тұтас адам мүсіндеріне, белгілер мен жер асты, жер үсті мешіттеріне түгел паспортизация жүргізетін мезгіл жетті. Сөйтіп әрқайсысын ғылыми-зерттеу объектісіне айналдыру ләзім. Сонымен бірге бұл көне мұраларға деген жергілікті партия, совет, кәсіподақ, мектеп оқушылары қамқорлығын арттыру қажет деп білеміз. Осы тұста облыстық Советі атқару комитеті мен тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау қоғамы облыстық Советі (председателі Б.Халелов) ортақ іске қозғау салғанмен, аталған ұйымдардан мардымды іс-әрекет болмай отырғанын айта кетпекпіз.
Нақты қамқорлыққа алынған 16 ескерткіш пен 4 мазарды 2000 жылға дейін күрделі жөндеуден өткізу көзделіп отыр. Ал қалғаны ше? Олардың кезегі келгенше қазіргі қалпын сақтап тұра беретініне кім кепілдік бере алады? Саны болғанымен қамқорлық тізіміне ілінбеген өзгесін қай есепке қосамыз?
Дұрыс жөндеуден өткізсе, жастарға танымдық, эстетикалық тәрбие беруде ескерткіштердің мәні зор. Әрі туған жердің арғы-бергі тарихынан, базы замандағы бабаларының арманынан айырылып, "әттегенайын" қармап қалған кездерінен, өнерінен, дәстүрінен, қолданған мүлік, заттарынан, бәрі-бәрінен хабардар болады. Тіпті туристерді аралатып, таныстырып жатсақ бір ғанибет емес пе?
Жазушы Әбіш Кекілбаевтың: "Төңірегім толы жазу. Міне, мына біреуі — қатыгез қашаудың аузынан туралып түскен сына жазу. Өткендегі қарбаластардың кейінгі ұмытшақ санаға самсай атылған сары жебелері.
Анталап-анталап андыздап тұр. Сұстылығы сонша, тіпті сұқтана қарай да алмайсың. Жанарыңды жасқап жолатпайды. Сен оны емес, ол сені оқып тұрғандай" (Ұйқыдағы, арудың оянуы. 3-б.), — дегені үлкен ойға меңзесе керек.
Иә, уақыт шіркінге дауа бар ма? Бүгінгі жер бетімен тістесіп, қойнауынан дария байлықты сорып жатқан мұнаралардың өзі ертең жүздеген жылдар өте келе тарихи ескерткішке, мұрамызға айналуы әбден мүмкін ғой. Әбден мүмкін.
Олай болса енді қапы қалмағанға не жетсін.
1987 жыл
«КЕРУЕН ЖОЛЫ» ТУРАЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?
Көп нәрсені еске алатын кезең басталды. Себебі, елдігімізді сақтауда сан ғасырлар бойы ата-бабамыз тер төгіп, талай дау, талай жанжалдарға барғаны мәлім. Тарихтағы таңбалы кезеңдер халқының есінде мәңгі сақталатындығын уақыт көрсетіп келеді. Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі ертеде өткен ата-баба рухына тағзым ету, еске алу, ескерткіштер тұрғызу, мерейтойларын тойлау толастар емес. Қай өлкенің болсын тарихын көбік ауыз ездер емес, ер азаматтары мен аузы дуалы ат басындай аз топ жасап жатыр, жазып жатыр. Елін ері танытады, ерін елі танытады. Көпшілікке белгілі Маңғыстау елінің де көрген теперіші аз болмағаны мәлім. Бірақ соның бәріне де қара нардай қайсар ұлдары қарсы тұра білді. Маңғыстау — Нарын, Жем — Сағыз, Елек — Темір аралығын көше жүре, жайлап, ерліктің отын жағып Есек, Атағозы, Қонай, Шотан, Табынай, Қармыс, Төлеп, Қожагелді, Өмір, Темірлерден бастап, кейінгі Иса мен Досанға дейінгі ерлер өтті. Сондықтан да болып өткен болмыстарды әр саққа жүгіртіп, әрі тарт та, бері тарт қылудың да қисыны келмейді.
Батыр бабаларымыз бен аузы дуалы билердің өткен жолы бәрі де өнеге, бәрі де қазына, бәрі де қымбат. Ұрпаққа өлмес мұра тастады. Қазақ бостандық, теңдік, елінің бақыты үшін аз алысқан жоқ. Өсер ел тарихын таспен жазады, өшер ел тарихын жаспен жазады дегендей, әулие шайхылардың мұралары, көне күмбездер тұрғызған халық мәдениетіне дән ризамыз. Ескі түрік қағанатынан қалған Орхон — Енесей жазуларының өзі не тұрады немесе Маңғыстау — Үстірт көне ескерткіштері ше?
Маңғыстау — Үстірт, Жем, Сағыз тарихи тамыры бай өлке. Олардың ерекшелігі Еуропа мен Азияны жалғастырғанында, Ұлы Борсық маңындағы "Қырық жол", Маңғыстау — Үстіртті басып өтетін "Мың жолды" көзі ашық жамағат біледі. XVIII—XIX ғасырларда керуен жолдары не үшін керек болды? Біріншіден, Россия, Азияға өту жағын қарастырды. Екіншіден, сауда-саттықты дәлел қылды. Үшіншіден, негізгі мақсаты отарлау саясатын нығыздай жүргізу еді (Жол мәселесін көне Жібек жолынан бастап қарастыруға болады. Ол бөлек әңгіме). Әрине, Россия мақсатына жетті де. Бұл жолдардың ерекшелігі Орта Азиядан басқа Ауған, Үнді елдеріне баратын күре тамыр. Ұлы Борсықпен өтетін "Қырық жол", Жемнен басталатын Сам Белеулі жолы, Үстірттегі Қызылтас-Қасқа жол, Маңғыстаудағы Қаратау — Қараған Босаға — Қасқа жол, тағы басқа жол сілемдері баратын жерлеріне маңдай тірейтін. Он бойыңда сулары бар, керуеншілерге тиімді еді. Бұл керуен жолдарының көбі, Россия патшалығы қол астына алғаннан кейін күшейе дамыды. Соған байланысты патша үкіметі қауіпсіздік жағын қарастыра бастады. Үкімет бұл жолдарды сауда жасайтын дипломатиялық қатынас жолдары деп жұртты сендірді. Осыған байланысты Орынбор губернаторы П.К.Эссеннің қатынасуымен 1816 жылы 16 мамырда Шекті руының ақсақалдарын, би-болыстарын шақырып, керуен жолының қауіпсіздігі туралы келісім сөз жасады. Мұндай жағдай Мұғалжары, Жем, Ойыл, Қобда бойын жайлап, күзде Үстірт, Маңғыстауға қыстайтын Адай руына да байланысты екенін айтты. Керуеннің қауіпсіздігі үшін Шекті елінің жерінде керуен иелерінің керуен жол үстімен өткені үшін ақы-пұл төлеу керек екендігі де сөз болды. Бұған П.К.Эссен тиянақты жауап бермеді. Соның әсері болды ма, 1822 жылы маусым айында Бұхардан Орынборға бара жатқан мың түйеге тиелген керуен, 1840 жылдың маусым айында Орынбор саудагері Ковалевтің, Адамовтың, Бұхара саудагері Мұхаммед Рахимовтың 70 мың сомдық керуендері қазақтардың олжасы болды. Мұның бәрі саудагерлердің өзі жөніне жүрмей, жол-жөнекей қазақ ауылдарын тонауында еді. Осыған орай Россия әкімдері күш көрсете бастады. Ондағы ойы Шығыс, Орта, Батыс бөлімдерінің аға сұлтан, старшындарына қоқан-лоқы күш көрсету, бетін қайтару еді. Оның үстіне қазақ жеріне алым-салықты көбейтті. Керуенге пайдалануға халықтан түйе жинады, бірақ сол малдар артынан ұшты-күйлі жоқ болып кетіп отырды, иесіне қайтарылмады. 1839 жылы Орынбор генерал-губернаторы А.В.Перовский он мың әскерді басқарып, Хиуа хандығына жорыққа шыққанда, халықты зар илетіп көшпелі елден (Қиыл, Жем, Сағыз, Қобда, Темір, Ойыл) 8000 түйе жинатып алып, артынан бір тиын да бермей кетті.
Патша өкіметі сол жылдары Жем бойында Ембі бекінісіңде 634 солдат, Ақбұлақ бекінісінде 399 солдат әскер ұстады. Негізгі мақсаты елді үрейлендіру еді. Олардың қоқан-лоқысына қанбаған Шектінің батыры Есет Көтібаров бұның екеуіне шабуыл жасап, Ембі бекінісінен 398, ал Ақбұлақтан 32 жылқыны айдап әкетіп, әскерді жаяу қалдырды.
Осыдан кейін Кіші жүз еліне, оның ішінде Қарақамыс — Темір Маңғыстау арасындағы елге Орынбор өкімдері қырғидай тиді, XIX ғасырдың 30-жылдарындағы Кіші жүзге жасаған полковник Жемчужников басқарған әскери экспедиция қазақтың 1000 үйін өртеп жіберді, 200 адам өртеніп өлді.
1834 жылы Уәліге таяу Қарнаудың таулы жағалауында Қызылтас (Новоалександр) қамалы салынды. Бұл көшпелі Адай аулының үлкен үміт артқан сауда айырбас орны еді. Қамалдың алғашқы коменданты Мансұров деген болды. Бұл қамал да жергілікті қазақтарға бақыт әкелмеді. Орыстың атақты тарихшыларының бірі С.М.Соловьев: "Орыс адамдары Солтүстік Азия бөктерлеріне қоныстану үшін жаңа жерлерді, алым-салық салу үшін жаңа халықтарды, жаңа сауда жолдарын талмастан іздеді," — деп жазды (Сочинения. М., 1991. кн VI., т. 12. С. 565). Сөйтіп XVIII ғасырдың басыңдағы қазақ елінің көптеген жері Ресей отарына айналды.
Ал осы отарлау саясатына Адай елінен Дәуімшар—Құдабай, Сүйінғаралар қатты қарсылық көрсетті. Олардың көрсеткен іс-қимылдары шындық шегінен шығып, сүреңсіз оқиғалардың ішінде қалып қойды. Шындық сүрлеулері Тбилисидің, Ашхабадтың, Хиуаның архивтерінде, Орынбор архивіңде томдар болып сақталуда, — дейді біледі дейтін азаматтар.
Күні бүгінге Маңғыстау, Үстіртті, Жем, Сағызды жайлаған Адай елінің үш болысы, оның басшылары, саяси жағдайлары туралы жазылғандарды тек сол архивтерден ғана алуға болатындығын енді түсініп отырмыз. Шындық жағдай Әлім, Жетіру, Адай ауылдарының бірқатары Хиуа хандығымен экономикалық байланыста болды. Астық, киім-кешек, мата, жібек, мақпал, тұрмыстық күнделікті құралдарды соның базарларынан сатып алды. Оларға мал сатты. Бірақ саяси байланыс дәрежесіне көтеріле алмады. Керуен жолдары тек сауда-саттық төңірегінде ғана маңызға айналды. Нұрым Шыршығұлұлының жырында: "Тұрмамбет кетті базарға, Базардан мақпал аларға," — деуі де сондықтан.
Осы кезеңдерде орта Маңғыстау болысын басқарған Сүйінғара сияқты ел басшылары Орта Азия, оның ішінде Хиуа хандығымен, Россия патшасы өкілдерімен де ара–қашықтығын тек дипломатиялық болмыс маңайында ғана ұстаған сияқты. Сүйінғара атына таңылатын керуен тонау, жер салығын сұрау, Сүйінғара сыбағасын сұрау сияқты әңгімелер өз табының мүддесін қорғайтын идеологтардың ісі ретінде қабылданса керек... Керуен тонау неден басталды? Біріншіден, Россияның отарлау саясаты, Хиуа хандығының діңкеңді құртар айуандық салықтары және дүркін-дүркін жүргізген шапқыншылықтары, үшіншіден, рулар арасындағы қырғи-қабақтық. Сонымен қатар төрелер тұқымынан шыққан патша мен хандардың қолшоқпарларының қазақ жұртын титығына жеткізіп тонауы еді.
Міне, осындай жағдайлар ел басқарушыларының жанына қатты батты. Амалсыздан керуен тонауға келіп тірелді. Оның артының жақсылыққа апармайтынын білді, бірақ онан басқа іс істеуге амалы да болмады. Осындай оқиғаларды сараптаған Л.Мейер дегеннің "Киргизская степь Оренбургского ведомства" (1865, 66-6.) деген кітабында: "Грабежи особенно стали известны с 1833 года. Угоны казачьих лошадей с линии, ограблением караванов в разное время (несколько) сот тысяч рублей, ровно как барантами с враждебными родами стоившими нашим киргизам огромного числа, разного числа, разного скота. Влияние его и значения народа неоспоримо," — деп жазды.
Ал И.Ф.Бларамбергтің "Земли киргиз-кайсаков малой орды" (СПб., 1882, 96-6.) деген кітабында: "Сильные русские отряды, не доходя до реки Эмбы, бывали окружены тучами Кайсаков, не дававших им хода и даже расстраивавших... их...", — деп жазады. Сол бұлттың ішінде Кіші жүз, оның ішінде Адай жігіттері де жүр еді.
Оған басшылық еткен Сүйінғара Үргенішбайұлы болды. Сонымен қатар И.Ф.Бларамберг осы кітапта тағы да былай деп жазады: "Самые воинственные те наиболее вооруженные роды кайсаков находятся там где русское влияние еще слабо".
Бұл әңгімелерді Жемнен жоғары жүрген Шектілер мен Маңғыстаудың бойында жүрген Адайларға байланысты айтқан болатын.
Жоғарыда айтылған сөздердің астары көрнекті ғалым Халел Досмұхамедұлының 1928 жылы басылған еңбектерінде: "Адай Құдабай мен Дәуімшар, Сүйінғараның патшаға қарсы еңбектері тарихшының қолына әлі жеткен жоқ", — деп опынуы да сондықтан болатын.
Керуен жолы, сауда-саттық мәселесі 1820—1840 жылдардың арасында үлкен даудың басы болды. Ол жалғыз Кіші жүз елінде емес, Орта жүз жерлерінде де етек алды. Мысалы, Кенесары көтерілісі тұсында керуен тонау ісі белең алды. Осы кезеңдерді белгілі тарихшы Е.Бекмаханов өзінің зерттеу еңбегінде: "Саудагерлердің шығындары да әжептәуір, Троицкіден немесе Петропавлдан шығып, Ақмола арқылы Ташкент пен Хиуаға баратын керуендерге жүйелі түрде шабуыл жасап отырып, Кенесары белгілі бір саясат көздеді. Орта Азия мен сауда патшалы Ресейге көп пайда келтіреді деп білген ол сауданың берекесін қашыруды ойлады. Бұл іс қолынан келсе, онда өкімет салынған приказдардың бәрін өздері-ақ жояды деген сенім бар еді Кенесарыда", — деп жазды (Е.Бекмаханов. Қазақстан XIX ғасырдың 20-40- жылдарында. Алматы, Санат, 1994. 241-6.). Осының бәрі, яғни айтқанда "керуен тонаушы", "қарақшы" жаманаты таңылған Сүйінғара да, Есет Көтібаров та, Кенесары да бұл істерді тегіннен-тегін істеген жоқ еді. Ал Есет жөнінде Л.Мейер "Киргизская степь Оренбургского ведомства" (СПб., 1865, 66-6.) кітабында: "С Есетом Кутебаровым наше начальство поссорились и создало себе опасного врага", — деп жазды.
Егер баспасөз деректеріне сүйенсек, 1820—1830 жылдардың арасында Үстірт пен Маңғыстауды Хиуа басып алды. Оның отарлау езгісі патша отарлау саясатынан да асып түсті.
Хиуа хандығы1806-1824 жылдар арасында үздіксіз күрес жүргізе отырып Арал иеліктерімен Қарақалпақты бағындырды. XIX ғасырдың 30-шы жылдары Ауғанстанға дейін созылған үлкен мемлекет болды. Хиуа хандығы туралы жазбаларда сол жылдары 20-дан 35 мыңға дейін атты әскері, 5 мыңдай мылтықпен қаруланған адамы, 7 зеңбірегі болыпты.
Мұхамбет Рахим 1812 жылы, 1816 жылы, 1820 жылы қазақтар қонысының ойранын шығарыпты. Әсіресе, 1820 жылы Маңғыстауға шабуылы елді ойсыратып кетті. Сол кездерде Россия патшалығының қазақтарды отарлау саясаты болғанымен қазақтарға қол ұшын бермеді.
Міне, осындай қорлықтарды бастан кешіріп отырған қазақтар керуен тонамай, не істесін. Осы бір кезеңдерде Кіші жүз руларының жағдайы өте ауыр болды. Сондықтан да бекіністерге, сауда керуендеріне, билеуші ауылдарына жиі-жиі шабуыл жасап, барымта алды. Патша өкіметінің жергілікті жерді билегендері бүлікшілер басшыларының соңына шыңдап түсе бастады. Көшіп-қонып жүрген жерлерінен айырылатын қауіп төнген кезде көптеген болыстардың қазақтары 1825— 1830 жылдардың арасында сырттан бақылап, елдің ішкі аудандарына көше бастады. Мысалы, Орта Адай болысының старшыны Сүйінғараның Маңғыстаудың ойына көшіп келуінің арғы жағында осындай сыр жатыр еді.
Сонымен қатар Хиуа ханы Кіші Жүз елінің көптеген жеріне жиі-жиі тиісіп, олардан зекет жинап, салық алып отырды. Ал салық төлей алмаған қазақтар өз балаларын құлдыққа сатуға мәжбүр болды. "Оларды сарттар мен өзбектер тиімді бағаға сатып алды", — деп жазыпты кезінде Гельмерсен деген кісі. Орынбор шекара комиссиясының чиновнигі Д.Голосов: "Хиуа көшіп-қонып жүрген қырғыздарға күш қолданып, әрі тонаушылықпен айналысып және молда кейпіне еніп, діни фанатизмді, рулар арасындағы араздықты қоздырып, оларды тек керуендерді тонауға емес, сонымен қатар шепке шабуыл жасауға да айдап салды", — деп жазды.
Дегенмен осы тұстарда Маңғыстау аймағының саяси ахуалы орыстарға тәуелді бола бастады. Россиялықтар жаңа сауда жолын іздей бастады. Бұдан 150 жыл бұрын Үстірттегі Ново-Александровск қамалын тастап, Ақкетіктен Ново-Петровск қамалын салуы — орыс мемлекетіне тәуелді болуға итермеледі. Маңғыстау даласында өздерін қаперсіз сезінген жаңа түйелі керуен жолдары пайда бола бастады. Осы саудагерлер жөнінде өзінің "Ұйқыдағы арудың оянуы" атты кітабында (34-бет): "Қоршап келе жатқан найзалы жасақтары да жоқ, бірақ осы бір жирен сақал жолаушылардың мойындарына асып алған аузы үңірейген қап-қара түтікшелерінен ең жүрек жұтқан жол торушылардың өзі де қатты қаймығатын-ды", — деп жазды белгілі жазушы Әбіш Кекілбаев. Осыған қарағанда, сол кездердегі экономикалық дүниенің тіршілігінде керуен жолдарының маңызының жоғары болғандығын көреміз. Керуен жолдары қай өлкенің болсын саяси, мәдени тіршілігін, шаруашылық күнелтіс, мәдениет тетігін көрсететін құнды дерек. Сондай-ақ, саяси, экономикалық және мәдени байланыстар үшін керуен жолдарының маңызы орасан болды. Түрлі деректер арқылы "мың өліп, мың тірілген" қазақ халқының және оның ел басшыларының амалсыздан Ресейге иек артқанын сезінеміз.
Біз бұл мақалада қолымызда бар материалдарды ғана пайдаландық. Ал бұл ұзақта кейінгі ұрпаққа қажетті әңгіме. Олай болса, жалғасын тарихшылардың, зерттеушілердің үлесіне қалдырайық.
1996 жыл
«ЖЕТІБАЙ» АТАУЫ ҚАЙДАН ШЫҚҚАН?
Қандай болсын жер атының өзіндік бір себебі, көп жағдайларда қызықты тарихы болады. Олардың әңгімесін куә берсе зерттеушісін алыс уақыттарға, ғасырлар қойнауларына жетелейді. Осындай арғы тегі тереңге кететін, бүгінгі ұрпақ туу себебін әр саққа жүгіртіп жүрген жер атаулары біздің өлкемізде де жеткілікті. Оларға мысал ретінде Маңғыстау, Жетібай, Өзен, Онды, Қаламқас, Қаражанбас, Бейнеу секілді ондаған атауларды келтіруге болады. Олардың шығу тегінен хабардар болу жас ұрпақтың туған жерге деген ыстық ықыласын оятса, үлкендердің ілтипатын арттырып, өз өлкесін бұрынғыдан да гөрі қастерлеуге ықпал жасары хақ.
Жетібай — малшы жігіт
Жетібай поселкесі — Маңғыстаудағы алғашқы мұнай фонтаны атқылаған жер. Бірнеше ұлттың өкілі тұратын қала типті поселке. Бүгінгі ұрпақ сәулетті Жетібай поселкесін ғана біледі. Ал Жетібай деген атау қайдан шықты, ол кімнің аты, дөңнің аты, шыңырау құдықтың аты неліктен Жетібай аталды, оны екінің бірі біле бермейді. 1978 жылдың күзінде облыс мектептерінің өлке зерттеушілер тобы осы Жетібай деген атақтың қайдан шыққандығы туралы деректер жинаған болатын. Өзімізден сұраған балаларға нақты жауап айта алмағанбыз.
Содан бермен қарай Жетібай атты жер аты қалай пайда болғанын сұрастыру, іздестіру арқылы Жетібай атауының пайда болуы туралы біраз мағлұматтар жинақтаған сияқтымыз. Соны көпшілік назарына ұсынып отырмыз.
Маңғыстау жарты аралын Октябрь революциясынан бұрын ру-ру болып көшіп-қонып жүрген елдер мекендеген. Солардың бірі осы Жетібай жерін, Жетібай шыңырауын мекендеген Қаржау деген кісінің балалары болыпты. Қаржаудан 6 бата - Серәлі, Ерәлі, Алтыналы, Қараман, Досалы, Қарайдар туады. Қаржаулар жазда Үстіртке Жем-Сағыз, Қайнар, Елекке дейін көшіп-қонып жүретін ел болған. Қаржаудың кіші баласы — Қарайдар, оның кіші баласы Амандық бай бір жылы жазда Арқаға көшпей, Маңғыстаудағы өзінің жайлауы Бекі құдығының маңайын жайлап қалыпты. Ауылы Есен ата деген жердің алдыңғы бетінде отырып суды — Бекі мен Сәубет құдығынан, жаңбыр жауса "Айран тақыр" деген су түсетін көлден ішіп отыра беріпті. Бұл жерлер Қаржау атаның қонысы болып есептеліпті. Амандық бай азды-көпті малын құдықтан суарып алысқа ұзамай, шілдені құдық маңында өткізіпті де, күзге қарай жаңбыр жауып, көл түскесін ауылдан алыстатып, малды дөңге шығарып, күрке - қоспен қона жатып жаятын болған.
Амандықтың Ерәліден туған інісі Жетібай жарлы болыпты. Сол жылы Амандықтың үйінде қалып, оның қойын бағады. Бір күні Жетібай осы күнгі Жетібай поселкесі мен тас карьерінің арасындағы тастақ тақырда, көл орнында қалған бір інге түсіп кетіп, аты шөміріліп отырып қалады. Атының аяғына тілерсектен бекіту салып тартып шығарып алып үңгірге қараса, төмендеу жерде әйкел бар екенін байқайды. Малшының қақпан құрып, белінен белшесін тастамайтыны белгілі, белшігімен ашып қараса, құдықтың аузын құрым киізбен жауып, бетін көмген шыңырау екенін айқындайды. Жаңбырдан түскен көлден ішіне әуез құйылып шыңырау толып тұр екен.
Құдықты Жетібай ауылға хабарлайды. Бұл жер ауыл отыр деген Бекіден 25-30 шақырым шамасы жер. Амандық бай келіп көріп, құдық екендігіне анық көзі жеткесін, басына арық-тұрық малдарды қондырып, басқа малдарын күн аралатып суарып, осы жерді қыстағысы келеді. Сол жылы суық күзде Хиуаға астыққа кеткен кірешілер ауылға шешек ауруын әкеліп, ауру жайылады. Бұл ауылдан бірінші болып осы Жетібай қайтыс болады. Оны құдықтың шығыс бетінде төрткүл төбеге жерлейді, қара таспен қалап, бейіт салады. Содан бастап Жетібай тапқан құдық Жетібай құдық Жетібай жерленген төбе, Жетібай төрткүл аталады. Бұл жерді бұрын суы жоқ болғасын ешкім баспайтын, енесінен су табылғасын естіген елдер келе бастайды. Суы өте тұщы, дәмді, тіпті, қазірге дейін оны ел пайдаланып отыр.
Ойға көл түссе, жаңбырлы жылдары оншақты ауыл жайлайтын болған. Осы маңайды мекендеген елдер елу шақты құдық қазыпты.
Бұл аттарды беріге дейін ел арасында біреулер Қаржау - Жетібай, біреулер Жаппас -Жетібай деп таласқа айналдырып келген. Әңгіме Жетібайдың Қаржау не Жаппастығыңда емес, тарихи шыңдығында. 1928-1927 жылдары Маңғыстауда үлкен жұт болады. Орталықтан алыс елде халық қатты күйзеледі. Ел Маңғыстауды тастап, Жайық, Жем бойына — Ақтөбе, Орал облыстары жерлеріне, Қарақалпақ, Түркмен жерлеріне көше бастайды. Сол уақыттарда жұтпен күресетін, халықты Маңғыстауға қалуға ықпал жасайтын Адай уезінің жауапты өкілі болған шежіреші қарт, марқұм Алшын Меңдалиевтен Жетібай деген ат қайдан шыққан деп сұрағанымызда былай деген еді:
"1928 жылы апрель айында Жетібайдың "Шынжыр" бетінде отырған Кенжеш қарттың үйіне Кендірліден (қазіргі Фетисово) келіп түстім. Кенжеш қарттан: Кенжеке, осы Жетібай деген кім? — деп сұрағанымда: — Бұл кісі Қаржау Ерәлінің баласы, жыршы жігіт екен, жарадан өліпті, — деген еді. Меніңше, Кенжеш ақсақалдікі дұрыс болуы керек. Сол әңгімені Амандықтың баласы Ернияз да растады",- деген болатын. Ернияздың балалары туысқан Түркмен елінен көшіп келіп, ата қонысы — Жетібайда мұнайшы болып қызмет істеуде, құрметті пенсияға шыққандары да бар. Тоғыз ауыз сөздің тобықтай түйіні, Жетібай деген ат Жетібай атты малшы жігіттің, қарапайым еңбек адамының атынан шыққан екен.
ЕСКЕРТКІШТЕР ҚАМҚОРЛЫҚҚА ЗӘРУ
Біздер жақын арада бір топ жанашырлар әдейі сапармен Үстіртке барып қайттық. Ондағы ойымыз ата-бабаларымыз қалдырған асыл мұралардан не қалды, соның жәйі қандай жағдайда екен, соны білу еді. Жалпы бұрын да, осы сапарымда да бір байқағаным: осы өлкеге әуелгі қадам басқан ата-бабаларымыз биік таспен қоршау (саркофаг), қара тастан құлпытас қойып, белгі салудан аса алмайды. Содан кейін барып, белгілі бір уақыттан бастап, оюлы құлпытастар орнатып, құран сүрелерінен сөздер жазуды әдетке айналдырған. 1814 жылдардан бастап аракідік руын, атын, әкесінің атын, жасаған ұстаның атын жазу қалыптаса бастапты. Алғашқы қойылымдардан алған әсеріміз: атақ, жөнін жазғанмен, қай жылы, неше жаста өмірден өтті, бұл жағын жазуды ойластырмаған сияқты. Мысалы, алғашқы келушілердің бірі, Қожаназар Жаңай ұлының Сисемдегі қаратамыңда (мавзолейінде) "Бисмишіа рахман рахим, Қажаназар бай Жаңай ұлына, мінажат етті — Молла Есберді", — деп жазылған. Сүйінғара батырдың зиратындағы үлкен қара тастан: "Сүйінғара Үргенішбай ұрығы", деген жазуды оқыдық. Ал сағана тамдардың дүниеге келуі, яғни жаппай сала бастауы 1825 жылдан басталған сияқты. Себебі сағаналардағы жазулар осы мезгілдерді меңзейді.
Төбелдірікті мавзолейлер салудың озық үлгілерін жаппай қолға алған мезгілі 1840 жылдардың тұсы деп қалдық. Олай дейтін себебіміз, жазулар осы жобаны нұсқайды. Сағаналардың, мавзолейдің көбінің сыртындағы суреттерге көз салсақ, көзге ерекше түсетіні жылқының, садақ атқан адамның, тағы жануардың суреті. Олар жануардың жалпы түрін, олардың қуатты жұлқынысын дәл көрсете білген. Мавзолейлердегі оюлар, бәрі дерлік, қызыл және қара сырмен боялған. Бұл суреттерде, оюларда адам тіршілігінің көріністері, самаурын, шәйнек, мосы, сырға, шолпы, балға, найза, қылыш, күн көзін бейнелейтін бейнелер, дарау ағаш, дөңгелек безеулер қараған кісіні өзіне еріксіз тартады. Осы сарындардың көпшілігін кейінгі біздің дәуірімізде жасалған архитектурамен салыстырсақ, солардан, сол бір ескі архитектурадан да алғандығының айғағын көрер едік.
Сол кездердегі салынған құрылыстарға зер салып қарасақ, осындай құрылыстардың өсіп дамуы, типтерінің ұлғаюы, құрылыс, бейне салу, сурет өнерінің өркендеуі басқа халықтармен, яғни Астрахан, Орта Азия жағымен қарым-қатынас болғандығынан ба деп те қаласың. Олай дейтін себебіміз: қазақтарда көп қолданылатын "Қошқар мүйіз" оюы Астрахан, Ставрополь ноғайларында кездесуі таңғаларлық жағдай емес. Қазақ далаларындағы айырықша және көшпелі халықтардың мәдени байланысының болуы да, бұл байланыстың мүлік айырбас арқылы күшеюі де әсерін тигізгендей. Маңғыстаудағы, Үстірттегі керуен жолдарының тұрақтануы, қарым-қатынастардың нығаюы, сауда-саттықтың өрістеуі даму ерекшеліктерінің қалыптасып дамуына әсерін тигізгендей. Амал қанша, осындай бастаулардан пайда болған тарихи ескерткіштердің көбі бұзылып, жер болып кеткен. Мұның бірінші себептері — сейсмиктердің жер атуы. Алғашқы Маңғыстау—Үстіртті шарлаған, мосы ағаш орнатқан "Ташкентский экспедиция" атанған картаға түсірушілердің қиянаты кезінде молырақ болыпты. Тамдардан алтын іздеу, көрді қопару, мавзолейдің жарын құлатып қарау, төбесіне қонып тұрған құсты ату, тағы сол сияқты. Иә, салдары көп зиянын тигізген, оны анықтайтын біраз материалдарымыз бар.
Маңғыстау — Үстірттің тарихи ескерткіштерінің бәрі дерлік жергілікті тастан қашалынып жасалынған. Мавзолейлердің екінші қабаты белгілі мөлшерде киіз үй формасында. Жарын кілемнің түгіндей етіп безеу, жапсырма шимай өрнектермен безеу, қошқар мүйіз салу, батшайы өрнек салу шеберлік шыңының айқын мысалы.
Біздің алғашқы тоқтаған жеріміз — Ильич атындағы совхоздың Сазды мекені, Сазды қорымы. Шеберден қалған көз, асылдың сынығы. Қоршалмаған, мал сүйкенетін, көлеңкелейтін орынға айналған. Қорым жағдайын көріп тұрып, жаны ашитын жан болсайшы деп ойлайсың. Көбі құлаған, құламағаны құлауға жақын. "Кімге мұңымызды шағамыз?" деп тұрғандай. Бір-бір күрсініп алып, сапарымызды әрі қарай жалғастырдық. Үстірттің үстіне шығып, бірінші кездестірген ескерткішіміз — Ақшымырау Шотан жайылымындағы Ақшымырау құдығының батыс бетіңдегі алып мавзолей. Жақындағанымызда анадайдан маңдайындағы батшайы өрнектер көзге түсті. Ұлы сұлбасы жақсы сақталған. Кімнен қалған мұра, қай жылдары салыңды, анықтай алмадық. Жазу жазылмаған, "Ей, тірілер, көз қырыңды салсаңдар етті" деп тұрғандай. Қолдан келер дәрмен жоқ, басымызды бір сипап, сапарды одан әрі жалғастырдық. Ұлы Қыземшек шымырауының батысындағы Қармыс ата зиратына дуға оқыдық. Басындағы құлпы ағашты сипап тұрғанымызда бір қоңыр салқын желдің лебі есіп өтті. Төменгі бауырдағы сағаналар мен қойтастарды, құлпытастарды аралап көрдік. Тамдардың жарлары құлаған, төменгі жермен жалғасқан жері үңірейген, ішіне су кеткен пұшайман халде екен. Бір-екі сағанадағы жазудан Бәйімбет-Көрпе аулының артына қалдырған мұралары екенін байқадық.
Келесі кідірген жеріміз — Жолболды шымырауының күншығысындағы Ескелді Базар Меңдәлі ұлының алып сағана тамы болды. Сұлулықтың символы сияқты. Таңданғаннан таңдайымызды қақтық. Шеберліктің шыңын көргендей болдық. Осы құрылысты салған күсті қолдар құдіретіне басымызды идік. Бұл да жарылып тұр, енді бір жылдан қалатын түрі жоқ. Не істеуге болады дегендей, бірімізге біріміз қарадық. Осы мавзолейдің артқы бетіндегі сағана бір тасы қирамаған күйінде, астынан кетіп қисайып ол жатыр. Кімнен қалған мұра екені белгісіз, пәленшенікі дейтін басында жазуы да жоқ.
Тағы ілгері жылжыдық. Алыстан "мен мұндамын" дегендей бір ақ боз үй көрінді. Бұл Ескелді Шұбартайдың мавзолейі екен. Сыртқы көрінісі ерекше көз тартарлық. Осындай асыл мұралар шынымен де құлап жоқ бола ма дейсің, іштей күйініп. Үнсіз түрде "осы мен неғып тұрмын" дегендей келесі сағанаға жүресің. Бұл да құлаған, ішіндегі бес тастың қапталына қара бояумен тасқа таңба басқандай егіп жазған арабша жазу. Көбі көмескіленген. Сонда да Жеменей — Олжашы аулының адамдарынан қалған ескерткіш екенін білдік. Құлаған тастарын қапталына жинастырған болдық. Бұл қорымды да қоршамаса, құлаған жеріне қол тигізбесе, күні ертең төбешік болатынын білдік, тек жақсылардың көзіне шалынған да деп ілгері жүре бердік...
Бағытымыз — Салпы жайылымы. Тегістікпен зырғи жүріп келе жатқан "Газ-69" машинасы астаудай кішкене ойға еңкейді. Анадайдан азғана құрылыс байқалғандай болды, батыс бетте "мені көрдің бе" дегендей, он екі қанат ақ боз үйдей алып мавзолей "маған да соға кет" дегендей сағымданады. Біз құдықтың оңтүстік-батыс бетіндегі қорымға тоқтадық. 3-4 сағана там, қалыппен құйып қойғандай, бірақ салу әдісі бірін-бірі қайталамайды. Бірнешелеген қойтас, құлпытастар жығылғаны, қисайғаны, сынғаны бар. Бәрі де бойындағы әсемдікті паш етіп жатқандай. Сағаналардың жағдайлары мәз де емес, қамқорлыққа алып, тезірек қалпына келтірмесек, енді бір-екі жылда орнын сипап қалуымыз әбден мүмкін. Қоршаусыз жатқан байлық мал мен аңның, жел мен жаңбырдың құрбаны болар ма екенсің? Өлілерден бетіміз ұялғандай көп тұра алмадық. Салпы атамыздың мавзолейіне бағыттадық. Осындай алып құрылысты қандай қол салды екен десеңші! Ғасырдың куәсі, ішіне бәрін жасырып, "менің бойымнан бар асылымды өздерің тауып алыңдар" дегендей, есе соққан жылы желдің лебімен "ыс-ыс" етеді. Жарының бір-жар тасы кеткен. Алтын іздеушілер мұның да мүрдесінің ішін астан-кестеңін шығарған. Артқы бетіндегі әдемі сағана да бір жағына қисая құлаған күйінде "мен кеше қандай едім, бүгін қандаймын" деп жатқандай. Біз үнсіз қоштасып, өлі аруақтардан алыстай бастадық.
Манадан мидай тегістікпен зымырап келе жатқан біздер қалың орманның ішіне кірдік те кеттік. Сексеуілді орман, мұны түлей деп атайтындығын бұрыннан да еститінбіз. Алдымыздан сексеуілді орман басқан биіктеу құмды жота көрінді. Арасынан алты қанат ақбоз үйдің төбесі қылтылдайды. Бақсақ, бұл Қайырлап ата мавзолейі болып шықты. Балшықтан қаланған, киіз үй тәріздес құрылыс. ішкі бетіндегі балшық кірпіштері әлі мықты, жәй суға араластырылып басқан кірпіштей емес, қатты, тіпті күйдірген кірпішті елестеткендей. Сүтпен иленгендігі бірден сезілді. ішіндегі сексеуіл тіреуге түйенің басы ілінген, қабірдің үстінде түйе ері ме, әлде есек ер ме, ескі ер жатыр. Қабырғаның басында әдемі сақталған сыры да кетпеген, жазуы да бүлінбеген құлпытас тұр. Ескі араб әрпімен қабаттастыра жазу әдісімен жазылған жазуды оқу қиынға түсті. Менің түсінгенім: енді бірнеше жылда, ақ отау ақ төмпек төбешік болатынын сезіндім. Айналасы алып құлпытастар, бақандай-бақандай Адай таңбасы көздің жауын алады. Алғашқы Үстіртті мекендеген қазақтардан қалған мұра екендігі айтпаса да түсінікті сияқты.
Келесі түстенген жеріміз Балта кеткен шымырауы — жылқышылар мекені екен. Ильич атындағы совхозданбыз деп таныстырды жігіттер. Жер жақсы, көңілді екен. "Бүгін шектік қой, көршілес ауылдар соған жиналып едік", — деді. Бұл ауылдан аттанып, Аманбай шыңырауына келдік. Осы жерде Аманбай атты діндәр адам мешіт салып, өмір сүріпті. Маңғыстау ауданының "Ақшымырау" совхозын жайлайды екен. Бізге алғашқы кездескені Төрекен Мамаев ақсақал болды. Сексеннен асқан, әлі тың. Ол кісінің Мыңкісі әулиенің ақтығы, атақты сынықшы екендігін еститінбіз. Аманбайдың осы жерде мешіт ұстағанын, Нәурізек руының адамы екенін айтты. Бізді осы совхоздың шопаны Бөкенбай Күбіков ертіп апарды. Ескі қорым, алғашқы келушілердің мекені сияқты. Қақ ортасында келіп-кеткен адамдар тауап етіп, орамал байлайтын алып құлпытас тұр. Сол құлпытасты немен әкеліп, қалай орнатқанының өзі де бізге сұрақ күйінде қалды. Бұл қорымға да жанашыр адам қолы керектігін сезіндік. Жер асты мешітінің аузы, орта үйі құлаған. ішіне кіруге аузы тарылған, бата алмадық.
Аманбайдан шыққасын Мешіт су шымырауына келдік. Мешіт судан 5-6 шақырымдай жерде екі құлаған қара тамға кезіктік. Біреуінде Жаппас руының таңбасы, біреуінде Адай таңбасы жақсы сақталған. Маңайындағы құлпытастарда да Адай таңбалары. Ешқандай басқа жазу, белгі байқалмайды. Су басындағы қой суарып жатқан екі балаға кездестік, олар "Ақшымырау" совхозы, Домбаев Тараубайдың аулы мекендеп отырғанын айтты. Біз балалардан жолда қалған қорымның атын сұрадық. "Папам Қараш руының батырының моласы дейді", — деді олар. Біздер шымыраудың терістігіндегі 200 метрдей жердегі қорымға беттедік. Сол баяғы сағаналар, құлпытастар, қойтастар. Бәрі бір қолдан шыққан сияқты. Алғашқы сұлулықтарын жоғалтқан. Жарылған, қисайған күйі. Бәрі де көмек сұрап тұрғандай, үнсіз. Маңында мешіт көрінбеді. Неге Мешіт су атанғанын біле алмадық.
Тағы бір белес астық, тағы да алыстан "мен мұндалап" алып киіз үй көрінді. Шығыстан қарайған биік төрткүл мұнартты. Бұл жер Айдарлы-Қарабас деген жер болып шықты. Көрінген Айдар жеріндегі қорым. Айдар жердің аты ма, біле алмадық Бізді "мен мұндалап" шақырған алып мавзолейді Шұбарғайдың, не Салпы мавзолейінің егізі ме деп қалдық. Бұл мавзолейдің бір ерекшелігі, ішінің еденін күнінде түгел тақтай таспен төсеген екен. Алтын іздеген қарақшылар мұның да ішін астан-кестеңін шығарып, ақтарыпты, есігінің астыңғы тастарын қопарған, сыртқы бетінің төменгі жағы ішіне үңірейе қалған. ішінде адам аттарынан көз сүрінеді. Келушілер өзінің әкесінің үйіңдей тайраңдапты. Жарын әкесінің бетін шимайлағандай шимайлапты.
Маңайдағы сағана тамдар құлаған, күтімсіздіктен қираған, адам айтқысыз жағдайға түскен. Біз бір-бірімізге қарап, айтуға сөз таппадық Оң жақтаудан Қалнияз деген сөз оқыдық, Шамасы Тіней Қалнияз байдың мавзолейі болды-ау деп ойладық. Одан әрі жол құмдақ жерге ауысты. Бағытымыз Айғырұшқан еді. Сонадайдан Айғыр ұшқан бұлдырап көрінеді. Тегістікке құя салған алып батырдың денесі сияқты көлбей жатыр. Шығыс жағында төбе батырдың басы секілді доп-домалақ, үстінде алып қалақ тастан қалаған саркофаг. Төрт жағына төрт алып тасты тікесінен бекіте қаластырған. Маңдай құлпытасын адам бейнесіне еліктеп жасаған. Алып құлпытастар, бәрінде де Адай таңба. Батыс бетіндегі бір жар құлпытастан табындардың таңбасы байқалды. Құлпытастарда садақ, қылыш, найза суреттері жақсы сақталған. Алғашқы келушілерден қалған мұра екені даусыз. Соғыста өлген батырлар емес пе екен деп қалғандайсың. Әрине, зерделі зерттеу күтіп тұрғаны анық. Зираттың батыс бетіндегі шымырауды "Терең" деп атайды екен. Құдықтың терістігіндегі 2-3 сағана өзінің сұлулығын әлдеқашан жоғалтқан, менің енді ешкімге керегім жоқ дегендей үйіншікке айналатын түрі бар. Біз қасына баруға бата алмадық.
Ендігі бағытымыз — Қыдырша. Атақты Бегей Қыдырша әулие, белгілі сынықшы, көріпкел. Осы кезге дейін халық қадір тұтады. Басына түнейді. Бұрынғы қонақ үйінің құбыла бетінен жаңа қонақ үй салыныпты. ішіне келушілер үшін құрал-жабдықтар қойылған. Еден төселмеген. ішін тышқандар қопырсытып тастапты. Тазалық жағдайы сын көтермейді. Басына қарайған ақтас түсіріліпті. Тағы бір құрылыстың басталу сәтін күтіп тұрған сияқты. Біздің ойымызша, пайдасыз құрылысты сала бергенше ана құлап тұрған сағаналарды жөндеген дұрыс. Ең болмағанда түптерін топырақпен толтырып тегістеп тастаса, ескерткіштердің құламауына көп септігін тигізер еді-ау.
Келесі тоқтаған жеріміз — Жолбаян шыңырауының шығысындағы Ақмола зираты. Ақмола қорымы да бізді ескінің көзіндей ерекшелігімен қарсы алды. Есте қаларлықтай құлпытастар, мүк басқан қойтастар. Құлау қаупіндегі сағана. Бәрі-бәрі бар. Сағана тамның маңдайына жазылған жазуды біріміз "Жаман адай салған", екіншіміз "Жаман адайға салдырған" деп оқыдық. Жазу ескірген. Кімге салса да жуырдағы жылдарда қамқор қол араласпаса жер болып кететіні көрініп тұр.
Үстіртті түгел аралауға уақытымыз жетпеді. Сапарымыздың соңғы күндерін Жолбаян, Ешкіқырған, Сайөтес, Қаракісі қорымдарына арнадық. Бәрі де сол бір қауіпті халде үңірейген, құлаған, жарылған, құлайын деп тұрған қалпы. Бәрінің тағдыры бірдей, ішінде адам қолдарынан көрген зәбірлері де көзге ұрады. Тастарын тасып алып кеткендері де көрініп тұр. Экспедициялар салған мосылардың ортасындағы құрылыстан мола тастарын кездестірдік. Осы ескерткіштердің бәріне төн ерекшелігі — салынуында, ою-өрнектерімен байланысы болғандығы бір-біріне өзара ауысу тәсілін анықтауға мүмкіндік берді. Біз баяндап отырған құрылыстарда Х1Х-ХХ ғасырлардағы құрылыс өнері мәдениеттің дамуымен қатар сол дәуірдегі тарихи-мәдени өзгерістерді көрсетеді.
Қазір жаңару — қайта құру дәуірі біздің көзімізді ашып, жан-жағымызға қарауға, елдігімізді, тарихымызды, тілімізді, дінімізді, мәдениетімізді сұрыптауға мүмкіндік берді. Елді сырт жаудан қорғаған асылдарымыз, батырларымыз зерттелмей, әлі жабулы күйінде жатыр. Мысалы, біздің маңғыстаулықтардың Шабай батырдың зиратының қай жерде екендігін білмейтініне таңданатын ештеңе жоқ Ол кісінің мүрдесінің қайда жатқанын оның ұрпақтары да білмейді. Білетін біз құсаған бірлі-жарым адамдар. Бабаларды білмеу, ол не, енжарлық па? Тарихты, ата-бабаны сыйламаушылық па? Қазір Қазақстан көлеміңде Абылай, Наурызбай, Қабанбай, Райымбек, тағы басқа ел қорғаған батырларды еске сақтау үшін бірқатар қарымды шаралар жасалынып жатыр.
Біздің де сонау Шабай, Қонай, Төлеп, Атағозы, т.б. батырларымыздан кешегі Иса, Досандарға дейінгі тарихи тұлғаларға баға берер кезіміз жетті. Ондай шараларды науқанға айналдырмағанмен де қағаз жүзінде насихаттауды бастағанымыз жөн. Біз осы сапарымызда Маңғыстау аудандық Кеңесінің төрағасы А.Еділханов, оның орынбасары Ж.Жапақов жолдастармен әңгімелестік. Мәдени мұраларды қалай қорғауға алу жөнінде пікірлестік. Барлық іске де жүректілікпен, жауапкершілікпен қарайтын осы бір ел басқарған азаматтар да бізге ашып ештеңе айта алмады. Шамасы, қысқа жіп күрмеуге келмейтінің кері. Түсінікті жағдай. Қаржы, қаржы керек! Ескерткіштерді қорғауға жұмсалатын ақшаның ең болмағанда аз бөлігі ауданның өзіне берілсе. Ең болмағанда кіші жөндеуден өткізуге, не болмаса қоршауға жарар еді-ау. "Күрделі жөндеу күтіп жүргенде бар асылымыздан айырылып қалмасақ болды" дейді олар да. Ал бұған облыс басшылары не дейді? Мүмкін, біздің бұл сөзіміз ескерткіштерді қорғайтын республикалық орындардың құлағына шалынар.
1991 жыл
ЕСКЕРТКІШТЕР - EЛ МҰРАСЫ
Не көп, Маңғыстау түбегінде көне ескерткіштер көп. Мавзолейлер, сағана тамдар, бес тас, қой тастар құрылыстық ерекшеліктерімен көз тартады. 1987 жылы "Өнер" баспасынан шыққан тарихшы ғалым М.Меңдіқұловтың "Памятники народного зодчества Западного Казахстана" атты еңбегін оқи отырып, бір-екі мавзолейдің салынуы жәйлі естіген жайларымызды кейінгі зерттеуші ғалымдар мен реставраторлар үшін зияны бола қоймас деген оймен көпшілік назарына таныстыра кетуді жөн көрдік.
Жалпы Маңғыстаудың бұрынғы тұрғындары, рас болса оғыздай тайпаларынан бері қарай, одан бергі ноғай, түрікпен, қазақтар жергілікті құрылыс материалдары, оның ішінде тастан түйін түйіп, артына зор мұра қалдырған ғой. Оған дәлел жоғарыда аталған көне ескерткіштер, зираттар. Ал сол мавзолей авторларын сөз қылғанда ауызға алдымен ілінетіндер: Сатыбалды балалары, Қаражүсіп және оның балалары, Сахи және оның балалары, Сағыңдық пен Бесінбай балалары, Қартбай ұста, Қожа, Жүсіп, Қарабас ұста, Өмір, Темір Қара ұлдары және оның балалары, Жылқыбай ұста, Елбай, Жолбай Қосымбаевтар, Айдабол мен Тайман, Әлі Жанай ұлының ұрпақтарынан Дәуіт Саназар ұлы сияқты халық шеберлерінің алатын орны ерекше. Олар тұрғызған ескерткіштер қазіргі кезде көбі есепке алынып, мемлекет қарауына қабылданды. Жалғыз-жарымдап реставрациядан өткендері бар. Құлауға жақын тұрғандарын реставрациядан өткізу келешектің ісі.
Енді жоғарыда аталған ғалым М.Меңдіқұловтың кітабы жәйлі бірер пікірімізді ортаға салайық, Сөз жоқ, М.Меңдіқұлов еңбегінің жастарға эстетикалық тәрбие беруде алар орны бар дүние екені даусыз. Көненің көзі бізге жеткен архитектуралық мұраларды насихаттауды, оның кімдікі және қалай, қай жылы кімнің салғандықтары туралы бірқатар деректер берген. Әйтсе де Омар мен Тұр Қаратауұлының Сыңғырлаудағы (Бейнеу ауданы) мавзолейі туралы және Жем бойын Асанқожадағы Нұрмұхамбеттің сағана тамы авторлары жайында жаңсақ деректер бар. Шамасы, дерек бергендер білмей айтқан болуы керек. Себебі, Омар мавзолейінің жарына дерек жазылмағанын ескерсек, дерек берген адамдардың айтқанының дұрыс еместігіне көз жеткіземіз.
Омар мен Нұрмұхамбеттің құрылыстарын салғандар Қараш аулының шеберлері, Бейнеу балалары. Бір деректе Омар тамы 1913-1914 жылдары салынған дейді. Екінші мәліметте 1920 жылы салынған деген дерек дұрыстыққа келіңкірейді. Себебі, Омардың қазір көзі тірі ұрпағы Қызылтөбе поселкесінде тұратын Омардың ұлы Серіктің баласы Қоңырбай осыны растайды. Оның айтуынша, там 1914 жылы салынған. "Бұл деректерді айтқан, — дейді Қоңырбай, — осы атамның тамының құрылысы басталғанда менің апам Жәмилаш 3-4 жастағы бала екен. Ол 1986 жылы 72 жасында қайтыс болды. Тамның ішінде Тұр-Омар, Бейнеу және беріде қайтыс болып, 10 разъезден ("Бозашы" совхозы жеріндегі) апарып жерлеген Қаратаудың бір баласы Нұрдың қызы Жамал бар. Тамды әуелі Тұрға саламыз деп жүргенде. Омар қайтыс болып ағайындары мен балалары ақылдасып екеуіне бір салған.
Тамның құрылысы ұзақтау болыпты, жаздай салып, күзде зорға бітірген екен. Себебі, тасты қиындау, өрнек салу да оңай шаруа болмаса керек. Тамның авторлары Дүйсенбай, Райым, Өтесін, Әбіш, Мейірбек (Мейірлен) деген шеберлер. Там салысуға осы Омардың балаларымен аттас Айшуақ, Серік деген Әли аулының адамдары, жиендері, Дәуітәлі деген ауылдан құрдасы Ақмағамбет, Құдайберген дегендер қатынасқан. Жалпы алғанда, жоғарыдағы аты аталған ұсталардың еңбектерін аралап, зер сала қарағанда қай-қайсысында да бірін-бірі қайталамайтын өзіндік қолтаңбасы бар, салу стиліне қарап кімнің қолы екенін айыруға болатындай.
Қорытып айтқанда, Маңғыстау шеберлерінің қолынан шыққан ескерткіштер әңгіме етуге тұрарлық дүниелер. Демек халық мұрасын қадірлей білумен қатар, оны қалаған шеберлерді білген де артық емес.
МҰРАҒА СЕРГЕК ҚАРАЙЫҚ НЕМЕСЕ ӘДЕБИ НҰСҚАЛАР АЙҚЫН БОЛСЫН
Алдыңғы толқындағы аға буын сөз зергерлерінің бірі — Сүгір Бегендікұлы. Сүгір задында жырау адам. Ауыз әдебиетінің маңғыстаулық нұсқаларын терең меңгерген кісі. Ол жырлаған "Қарасай-Қази" атты ноғайлық жыр көргендердің, тыңдағандардың зердесінде сайрап тұр. Сүгір Қарақалпақ, түрікпен елінде, Маңғыстауда Шамғұл, Ұзақбай, Дүйсенбай сияқты жыр дүлдүлдерімен тең түскен тарихи тұлғалардың бірі. Сүгір жыраудың балалық шағы Маңғыстауда өткенмен, нағыз толысқан жігіттік шағы Қарақалпақстан жағыңда өткен. Ол ауыл молдасынан сабақ алған, әкесі — Бегендік қажы. Жыраулық дәстүрді мақсат тұтқан. "Заманына қарай сазы" дегендей, ол өз жырларында бай-манаптарды, би-болыстарды, шала молдаларды, әкім-ұлықтарды мінеп-шенеп, халықты ағартушылыққа, оқу-білімге, өнерге, еңбекке үндеп, жер-су, ата мекенді бейнелеп, кедей мен мұңдыға, шерлі адамға, қыз бостандығына арнап жырлар толғаған.
Қарақалпақстандағы қазақ жырауларының шығармаларын, өлең-жырларын зерттеген қазақстандық ғалым Ғалия Бекхожина: "Қарақалпақстандағы жыраулар эпикалық жырларды қазақ, қарақалпақ, түрікпен тілдерінде орындайды. Бұл жағдай жырау талантының сегіз қырлы болуын және әр тілді жақсы білуін талап етеді. Ірі жыраулардың бірсыпырасын көзімізбен көріп, олардың өздерінің орындауында төл шығармаларын да жазып алуымызға мүмкіндік болды. Олар Сүгір жырау Бегендікұлы, Ережеп жырау Аманжолов (Тілеумағамбет жыраудың баласы), тағы басқа ірі жыраулардың жолын қуғандар" деп жазды.
"Сүгір жырау, — дейді ол одан әрі, - 1889 жылы туған ("Маңғыстау" газетінің осы жылғы 13 сәуірдегі санындағы Аманбек Қожықбаевтың материалында: 1894-1974). Өзінің ұзақ өмірі ішінде көптеген жырлардың түрлі нұсқаларын айтқан. Оларға өзі де соз қосып, өзгеріс енгізген адам. Сүгір жыраудың шығармашылық, орындаушылық өзгешелігі оның шығарманы жәй бастап, эпикалық сарынмен баяндау мәнеріңде".
Ғ.Бекхожина Сүгір жырау және басқа қарақалпақстандық жыраулар жөнінде үлкен толғаныспен жазады ("Қазақтың 200 әні. Алматы, 1972. 6-6.). "Жыраулар қоғамдағы өз ролін жақсы түсінген,- дейді ол. Ежелгі дәстүр бойынша олар өзіне шәкірт дайындайды. Шәкірт жыраулар өз ұстаздарының репертуарын түгелдей үйренеді. Жаттыға келе олар өз үлесін қосады. Осыған байланысты айта кететін бір жайт Қарақалпақстандағы қазақтардың өзінше қалыптасқан бірнеше жыраулық мектебі бар. Олар: Нұртуған, Қарасай, Тілеумағамбет, Сүгір, тағы басқалары. Дәстүр бойынша ол жерде қоғамдық және үй ішілік той-думан еш уақытта жыраусыз өтпейді". Шақырған жерге жырау 3-4 шәкіртін ерте барып, тойды жыраудың өзі бастайтынын, содан кейін шәкірттеріне айттыратынын сөз етеді. "Алайда, — дейді Т.Бекхожина, — жыраудың негізгі жауапты нөмірі эпикалық жыр айту болып есептеледі. Эпикалық жыр айту алдында жырау термелеп өзінің ұстаз жырауын атайды. Жергілікті елдің тілінде "Ботия алған ұстазын, өз репертуарымен таныстырады да, халықтың нені қалайтынын сұрайды".
Сүгір жырауды естіп, біле жүргендегі еске сақтағанымыз, ол шығарманың мазмұнын ашып, халықты өзіне тарту үшін бірнеше әуенді сарын пайдаланады. Оны халық аузында Сүгірдің "Бес қайырмасы" деп атайды. Сүгірдің халық арасында ақындығынан гөрі жыраулық, жыршылық атағы басым. Оның шәкірттері де жоқ емес. Сүгірдің шәкіртімін, одан бата алып едім деушілер көптеп кездеседі. Біздің бүгінгі айтпағымыз — Сүгір жырларын қалай насихаттап жүрміз, оларды шәкірттерінің бізге қалай жеткізгені жайлы болмақ.
Сүгір жырау өмірден өткелі 18 жыл болыпты. Содан бері қарай Сүгір шығармашылығын насихаттауда біраз жұмыстар істеліп жатқандығы байқалады. Қай ауылға барсаң да "Ауылға Сүгір келгелі"- деп жырлап отырған жасөспірімдерді көресің, риза боласың. Сүгір жырларын насихаттауда белгілі өнерпаздар Жақсылық Елеусінов, Жеткізген Сейітов, Амандық Көмековтер біршама еңбек етуде.
Ал енді Сүгір жыраудың артында қандай шығармалары қалды десек, саусақпен санарлық. Кімде қандай мұрасы қалды. Олар неге насихаттамайды? Неге жергілікті баспасөзге бермейді, елге таныстырмайды? Маңғыстауда қайтыс болғанмен де өмірінің ең қызықты кезеңдерін басқа елде өткізді ғой. Сондықтан Маңғыстаудың байырғы халқы үшін Сүгір шығармаларының қызықты да, таң болатыны ақиқат нәрсе. Себебі, Сүгір шығармаларымен етене таныс болуы 1969 жылдан бері қарай. Шындығын айтсақ, ел арасында "Сүгір жырау айтты" деген сөздер көп естіледі, көп айтылады. Осындай сөздердің көбі Сүгір жыраудың өз аузынан жазылып алынбаған. Шәкірттері айтқан таспалардан не болмаса біреуден біреу көшірген нұсқалар тәрізді. Көбінің ұйқас мәдениеті төмен, қара сөзге құрылған ұйқастармен сөздің мәні өзгерген. Сондай шығармаларының бірі — "Өр дауыл". Ақынның бұл шығармасын бұрынғы КСРО тұсындағы саясатқа әйелдер теңдігіне байланысты шығарғаны бесенеден белгілі, терменің атынан да көрініп тұр. Елге таратушылар, сірә, шәкіртімін деушілер ғой. Енді терме текстіне көз салайықшы (шәкірттерінің атын атауды жөн көрмедік):
Ей, қамысты көлдің басында,
Дәндәней мен Балданай
Өзі он сегіз жасында,
Саясат етіп қарасақ,
Қырық қыз нөкер қасындай-ау,
Айдай белі үзіліп,
Тісі інжілдей тізіліп,
Парасат етіп қарасам,
Шешен қобыз он баспа
Сүйгеніме кетем деп,
Дәндәннің ойы сонда бір басқа.
Сұлулығын сұрасаң
Қыз Жібекке жетеді.
Парасат етіп қарасаң,
Сонда халық айтады:
Осы Дәндән кетеді,
Жібермесек нетеді деп,
Мұның кетем дегенін сөкет деп.
Дәндәнай мал берген елге бармайды,
Ау, мал берген елге бармайды,
Жылқы менен түйе теңдеп.
Орам алып қасыма,
Келсеңдағы жетектеп, ау-ей,
Дәндәнай талап етулі,
Осы сұлу кетед деп,
Адай жері жетулі.
Оған да бармай
Дәндәнай сүйгеніне кетулі.
Арғы атасын сұрасаң,
Мұңал — Адай шамасы
"Не болсаң да қош бол " деп
Шығарып салды ағасы-ау, —
дейді. Әрине, домбыраға қосып, жырдың сазына салып безілдетіп отырғанда ештеңені аңғармайсыз. Дуылдап "Оу, пәлі" деп көтермелеп қоясыз. Не айтып жатыр, сөздің мағынасы қалай, онда шаруамыз жоқ.
Не болмаса "Жаңа өмір туралы" термесін алайық. Оны шәкіртімін деушілер былай жырлап жүр (әсіресе Мырзашөл, Хожелі, Қоңырат беттерінде):
Ой, жаңа да заман шаттықтанған,
Жолдастар, сөз тыңда!
Жер бетінің жарығы
Қараңғы түн жоқ, атқан таң.
Өндірістер молайған
Техника зорайып.
Партияның алтын Заң.
Жер-жерден канал қазылып,
Инженерлерге танылып,
Шөлдеп жатқан шөлдердің
Жарығы бітіп сырланған.
Ай, ақ мақта, бидай ырғалған,
Асфальт жол, канал қазылып,
Дайындалып, өндіріс салтын қолға алған,
Өндіріс салтын қолға алған,
Қожалықтардың үйінде
Электр жарық шам жанған.
Адасқан жандар табысты
Аэроплан апарып, а ой,
Сағатына ұшып қонған, —дейді.
Осыларды келтіргендегі айтайын деген сөз түйіні — шәкірті екенсің, ата аманатын кейінгі ұрпаққа дұрыс жеткізу жағын қарастыр деу.
Асылы, жыршыларды тыңдағанда сөз ұйқастарына мән бере тыңдағанымыз жөн-ау. Онан басқа жоғарыдағы сөздерді атақты Сүгір жырау айтты дегенге кім сенеді. Айтып жүргендерге "жыраудың сөзін айтатын болсаң бұзбай айт", деп неге ескерту жасамаймыз. Осындай өлеңнің қасиетін кетіріп, атақты жыраудың атын, беделін пайдаланып жүрген атаққұмарларға тиісті бағаны халық болып бергеніміз жөн сияқты. Мұндай шәкірттер жалғыз Сүгір жырауға емес, басқа атышулы дүлдүлдерімізге де абырой әпермейді.
Осы жылғы 13 сәуірде Сүгір жыраудың екі-үш шығармасы "Маңғыстау" газетінде Аманбек Қожықбайұлының ұсынуымен жарық көрді. Сөз жоқ, кісі құптайтын іс. Бірақта ұсынған шығармада Сүгір жырау айтты деуге келмейтін сөз жолдары кездеседі. Ауыз әдебиетін жетік меңгерген, мұсылманша да, қазіргіше де сауатты жырау олпы-солпы мынадай сөз ұйқасын құрайды деу айтар ауызға ұят.
Мысалы, "Шежіре жырдың" бастауын алайықшы:
Әуелі Алла жараттың,
Ас пан мен жерді пәм етіп,
Алты мыңдай нәубет
Көк миуалы көгерттің:
Не болмаса:
Жайхұн-Шайхұн мін парап,
Нұхыға түгел ал деген.
Ай мен күнді жараттың
Раушан жарық шамменен.
Осы жерде "пәм" сөзі кіріспей тұр. Олай дейтін себебіміз ол "сөздің пәмі", "сөздің пәмін түсінбей"' деген мағынада айтылатын. Қайта "Әуелі Алла жараттың, Аспан мен жерді сән етіп", — десе ұйқасымдырақ болмай ма? "Алты мыңдай нәубет, Көк миуалы көгерттің" деген сөзден не түсіндік? Сүгір ата бұлай шығармаған болар-ау.Тағы мына бір жолдарға да көңіл аударалық:
Араптар асып кетіпті
Мекке-Мәдинә болады деп ...
Асан қайғы, Қазтуған
Алты жұрт кеткен бұл жерден, —
дейді. Грамматикалық қателер болса бір сәрі. Алдыңғы екі жол мен үшінші, төртінші жолдардың арасындағы байланыстылық қайда? Арабтар мекендеген Мекке-Мәдиненің заманы мен Асан қайғы, Қазтуғанның өмір сүрген жылдарының арасында қанша ғасыр жатыр. Шындығында, осы екі арадағы ұйқастар, айтылған тарихи сөздер жоғалған немесе түсіп қалған сияқты. Немесе мына бір сөздерге көңіл аударалық:
Қоңырат, Шымбай — екі шал
Бұл қалпақтың салған қаласы.
Ағарыс пен Жанарыс,
Киесі атам Бекарыс —
Үш ананың баласы.
Осы жердегі Қоңырат, Шымбай екі шалдың бұған құндай қатынасы бар? Егер Қоңырат — Шымбайды қалпақтар салды десе нанымдырақ болған болар еді-дағы. Дұрысы: Қоңырат, Шымбай — екі шәр, — шығар.
Енді "Елмен қоштасу" шығармасындағы мына бір жолдарға көңіл аударалық:
Күнінде топқа түскен томағалы
Арғымақ, аршын жүйрік көп жандағы
Бүгінде бәсім кетіп шабандадым.
Жазып алушы немесе жырлаған шәкірт адам "Арғымақ, аршын жүйрік көп жандағы" сөзін еріксіз тықпалағаны несі? Қайта "Күнінде топқа түскен жүйрік едім, Бүгінде жасым келіп шабандадым", — деп айтқан екен десе нанымдырақ болмас па еді?
Соңдай-ақ "Шежіре жырдың" бір жерінде:
Түмен деген кісіні сонда,
Күндік Ата дегізген, —
деп жазыпты. Ұйқасты былай қойғанда сөз мағынасын түсініп көріңіз? "Сонда", "күндік" сөзі кімге керек болды? "Өсиет толғауда":
Бұл дүние баянсыз
Жақсының көңілі шерлесе,
Жолдас та болып жақсымен,
Ол да зәмзәм суындай
Жұбатады көңіліңді,
Азамат ерлер шөлдесе.
Былай қарағанда зулатып оқи беруге болады. Мағынасына тереңдете ой жүгіртсек, түсініксіз ұйқастар көңілге кірбің ұялатады. Осыдан кейін:
Мұхамедке үмбет болғандар,
Иманға көңілі толғандар... —дейді де:
Ырызық қылып иманға
Көңілім кетті аспалап, —
деп өзі жайлы жалғастырып кетеді. Сонда әуелгі екі жолды кімге айтып отыр, өзіне ме? Тағы да сұрақ. Осындай кемшіліктер баршылық. Олардың барлығын тәптіштеп жазуды жөн көрмедік.
Қазір не көп, жыршы, термешілер көп. Қаулап, өсіп келе жатқан жастар бар. Біз соларға ата-бабадан қалған сөзді саф алтын таза түрінде сақтап жеткізуіміз керек деп жүрміз. Ондай болмаған жағдайда тарихи тұлғалардың шығармалары кісі тыңдамайтындай күйге айналуы мүмкін. Біз жыраулар атына кір келтірмеуіміз керек. Сүт ір жыраудай сирек дарынның атын мәңгілікке қалдыру үшін мынадай жасық жырларды насихаттағаннан ештеңе ұтпаймыз-ау. Сондықтан да ел аузынан сөз жинаушылар, мұраға аса сақтықпен қарағанымыз жөн.
Иә, Сүгір Бегендікұлы халқынан өз бағасын алған үлкен тарихи тұлға. 1994 жылы 100 жасқа толатыны анық болса, ақынның, үлкен жыраудың мерейтойына дайындық жасай берген жөн. Шығармаларын жинақтап, бір жүйеге келтіруіміз керек. Ол үшін жер-жерден білгіштік танытпай, көпшілікке ұсынбай тұрып, белгілі әдебиетшілермен ақылдасқанымыз жөн. Бұл ойды көпшілік оқырман ренжімей қостар деп ойлаймын.
Газеттің келген материалды өзгертпей басқаны орынды. Ақын мұрасының бізге қалай жеткенін халық көрсін, оқысын, өз бағасын берсін дегені. Олай болса, ақыл таразысына салып, жыршыларға, жинаушыларға уақытында баға беріп отырғанымыз, болашақ бітер жақсы істің бастамасы болса керек. Ақын шығармаларын көлденең көк аттының қоспаларынан тазарту азаматтық іс.
1992 жыл
ШЕЖІРЕ СҮРЛЕУЛЕРІ
Елдің тарихын білу дегеніміз, сол елдің ауыз әдебиетін, әдет-ғұрпын, ел шежіресін, жерінің, суының географиялық жағдайын білу, туыстық, этностық орналасуын айыру. Тарихи тағлымның бір ерекшелігі — пайдасыз айтысқа жол бермеу, мен білемге салынып жалған дерек қоспау керек. Өзіне ғана іш тартып, жүзді, руды дәріптеп, ұсақ-түйек, өсек-аяңды желеу ету, түймедейді түйедей етіп көрсету тарихқа зиянын тигізбесе, пайда әкелмейді. Егер бір елдің, не болмаса жүздің немесе рудың шежіресін жинақтағың келсе оның жайлаған жерлері, дуалы ауыз билері, ел бастаған батырлары, жан жақты, көршілерден көрген қорлық-зорлығы, киелі әулиелері, аруақты бабалары, ел бастаған батырлары, аңыз болған аналары, тәуелсіздік жолындағы күрестері баяндалуы керек сияқты.
Шежіре — халықтың шығу тегі, ру тармақтары таралуын баяндайтын ғылым. Тәуелсіздік алғалы шежірені көбірек ауызға алғандаймыз. Осы қалай кісілермен әңгімеге кетсеңіз, шежірені қозғай бастайды. Шынында да шежірешіл болып алдық. Шежіренің негізгі мақсаты дүниеге келген ұрпақтардың біз кімбіз, қайдан шықтық, ата-тегіміз кім, ол қай жерде мекендеген, тағы-тағы сол сияқтыларды танып, білуі болса керек. Иә, шежіре көп сұраққа жауап береді. Бұрын шежіре сұрағына жауап беретін Совет Одағында кітап та, ғылым да болған жоқ. Жалпы шежірені аталарды тарату деген мағынада түсінуге болмайды-ау деймін. Онда ғылыми негізде ұлттың, не рудың шығуы, таралу тегін, жайлаған қонысы, өсіп-өнуі, жер жүзіне таралуы, мәдениеті, әдет-ғұрпы, тағысын-тағы өзгешеліктері әңгіме болады-ау. Әрине қазіргі кезде еліміздің тарихы, шежіреміз жазылып, зерттеліп жатыр. Бірақ соны насихаттау жағы кең көлемде емес. Шежіреде айтылар жайлар көп. Біздің ата-бабамыз өз елінің тірлігіне қандай үлес қосты, қандай батыр, қандай ғалым, жиһангез болды, сол бір қиын күндерде қажылыққа кім барды, кім қайда оқыды, қандай мемлекет құрды? Шежіре осының бәріне жауап беруі тиіс. Шежіренің кейбір сүрлеулері "Қазақ Совет энциклопедиясының" анықтамалық томдығында біраз қамтылды. Оның "Тарих" атты тарауында біраз нәрселер бар. Осы анықтамалық томның орысша басылымын оқып отырып, ғылыми бақылау редакциясының меңгерушісі, әрі бас редактордың орынбасары Г.Гершберг: "Апырмай, бір елде тұрып осындай көне, дарынды халық барына мән бере білмеген екенбіз-ау. Совет Одағында біздің еврей байғұстар мұндай жинақталған шығарма шығара алмады ғой", — деген екен.
Оған біреу: "Өткен ғасырдағы 16 томдық еврей энциклопедиясын қайда қоясыз, онда бір еврейдің отбасы бар жерде көрсетілген ғой", — деген екен.
"Ол өткен ғасыр ғой, мен бүгінгіні, болашағын айтып отырмын", — деп мұңайыпты Г.Гершберг.
Шежіре жинау өте ертеден басталғаны байқалады. Халық аузыңда Бақытжан Қаратаев шежіресі, Есенбақ шежіресі, Еңсеп шежіресі, Қашаған шежіресі, Мақаш правитель шежіресі, Тоқабай Алқам шежіресі, берідегі Алшын шежіресі, тағы басқа шежірелер баршылық. 1925 жылы теміржолшы Мұхамеджан Тынышбаев та Ташкентте "Материалы к истории киргиз-казахского народа" атты кітап шығарған. Кейбір қателіктеріне қарамастан, құнды дүние екені даусыз. Көп еңбек сіңіргені көрініп тұр.
"Қазақ Совет энциклопедиясының" тарих, археология және этнография редакциясының меңгерушісі Байұзақ Қожабекұлы Албани өз мақалаларында: Қазақ топырағынан жаралған, оның шежіре тарихын тікелей жазған һәм қазақтың тұңғыш тарихшысы Мухаммед Хайдар Дулатидің "Тарих-и Рашидиі", Қадырғали Қосынұлы Жалайридің "Жами ат тауарих", "Жәңгірхан шежіресі" (1836 ж.), Ш.Уәлиханов жазып алған "Ұлы жүз шежіресі", Ахмет Жантөриннің шежіресі, Г.Н.Потаниннің жазып алған Мұса Шормановтың шежіресі, Өтей Бөжейұлының "Қазақ жұртының шежіресі", Қорғанбек Біржанұлы жинақтаған "Орта жүз және Кіші жүз шежіресі" (1894) сияқтыларды айтады.
Сонымен қатар Шәкәрім Құдайбердіұлының "Қазақ шежіресі" (Орынбор, 1911), Қалиди Құрбанғалидың "Қазақ шежіресі", "Бұл қазақ қай кезде жүз атанды?", Нұржан Наушабайұлының "Қазақ пен түрікмен шежіресі", Сыр бойындағы Торғай би жинаған "Үш жүздің шежіресі" (П.И.Гродеқов жазбасыңда), Жетісудағы Диқанбай бидің шежіресі (Н.А.Аристов жазбасында) сөз етеді. Осыларды оқып отырғанда біз естіп, біліп жүрген Кіші жүз аталатын елдің шежірелері жалпы қазаққа жетпеген сияқты. Ал естімеген елде көп деген рас-ау. Н.А.Баскаков дегеннің "Русские фамилии тюркского происхождения" (М., 1979) кітабын оқыған осы Байұзақ Қожабекұлы Албани былай жазады: "Біз де дихан болғанбыз, қапқа тары салғанбыз" дегендей, әлем таныған өзге де халықтармен терезесі тең қазақ халқының да тарихтың бір саласы — этностық шежіресі бар. Өткен халықты былай қойғанда, біздің нәсілден тараған кей ұрпақ орыс халқының құрамына кіріп, оның мәдениетін, ғылымын дамытуға зор үлес қоспады ма? Мәселен, орыс тарихын жазған Карамзин мен Татищевтің балалары Алтын орда бектерінің тұқымдары. Орыс мемлекетінің негізін қалаған Иван Грозный — Мамайдың немересі. Халқымызда: "Өлдің Мамай, қор болдың", "Өлдің, Мамай — өштің, Мамай" деуші едік. Мамайдың тұқымы өлмепті, басқа халықтың көсегесін көгертуге қатысыпты. Сол Мамайдың басқа тұқымы бар ма екен? Әлде бәрі бірдей орыс болып кетті ме? Борис Годунов пен Вельямин Зерновтар түркілік Көтен мырзаның ұрпағы. Қазақтан басқа қай халық баласының атын Көтен қойған. Сөйтсе де оның аталары Жалайырдың Шегесінен тарағанын айтқан орынды", — дейді.
Сөз жоқ, бұны шежіренің арқасында біліп отырмыз. Дегенмен қандай шежірені таратқанда да шындығына ден қойғанымыз жөн. Кейбір кірме руларды таратқанда кейбіреудің ренжитіні бар. Ренжудің керегі жоқ. Адамның аты — адам. Жерден шыққан жан. жоқ, одан кем болатын да ештеңе жоқ Кемсіткен адамның өзінің сенен адамшылығы кем болмаса, артық емес. Соңдықтан қандай шежірені таратқанда да барлық жағдай ескерілгені дұрыс. Мысалы, А.Пушкиннің нағашысы араб, Салтыковтың тұқымы түрік, өзіміздің Ғабит Мүсіреповтің арғы атасы түрікмен, Мұхтар Әуезовтің түпкі атасы арабтан келіп кірген Қожа деп айтылып та жүр. Өздері жазып та кеткен екен. Ал біздің Кіші жүзде, оның ішінде Адай еліңде де кірмелер бар. Ертеде аталыққа сіңіп, кейін ел көбейіп, өз рулары көбейгесін кірген руын айтпай, бұрынғы ата тегін атап жүрген рулар да, адамдары да кездесіп жүр. Жасыратыны жоқ, тегімізге үрке қарап, текпен күресіп жүрген белсенділер де арамызда жоқ емес. Істің артын бағып, үнсіз жүргендер де баршылық.
Мақала аты шежіре жайы болғасын хан Әбілқайырдан басталатын шежірені де айта кетпеудің жөні болмас. Әбілқайырдан басталатыны қалай? Әбілқайыр хан екеу ғой. Үлкені — Дешті Қыпшақтың ханы (1412-1468), Жошы ұрпағына жатады. Шайбани әулетінен Дәулет шайқының баласы Әбілқайыр (1693-1748) — Кіші жүз ханы. Біздің айтайын дегеніміз, Қазақ энциклопедиясында жазылғаныңдай Әбілхайыр (ҚСЭ. Әбілқайыр. 2-т. А., 1973. 14—15-66.). Қазақ шежіресі осы Әбілхайыр тұсында келтірілген сияқты. Мәселен, алты ата Әлім, он екі ата Байұлы, жеті ата Жетіру, Кіші жүзді - Алшын, Орта жүзді — Арғын, Ұлы жүзді — Үйсін деп аталу кезеңдері қазақтың басын қосып, туыстық, әкімшілік, басқару жүйесіне бағындыруға жасақталғаны белгілі. Ал кейбір шежіре басылымдарда Кіші жүзді жасақтағанда Тәуке хан Жеті руды қазақтың әр руынан Кіші жүзге қосып берген дейді. Бұл не сөз? Орыс, Қытай, т.б. елдердің зерттеушілері сақтың дай тайпасынан тараған Адай, бүкіл Кавказ халқының құрамына енген Шеркеш, ат басын Мысырдан тартқан мамлюк атанған Беріштер мен қыпшақтар, біздің жыл санауымыздан бұрын мемлекет құрған үйсін мен қаңлылар қалайша орта ғасырмен шектеледі дейді. Егер қазақтың ел болып қалыптасуы, жүзге бөлінуінің маңайынан аталарымызды іздейтін болсақ, не болмаса қазіргі бәріміз келіп тұрған 15-16 атаның маңынан іздейтін болсақ, біз білетін аталарымыз бен пайғамбарлар арасындағы өткен кезеңдердегі аталарымыз жерге кіріп кеткен бе деген ой туады. Бүгінгі ұрпақ Алшын бол, Арғын бол, не Үйсін бол - өз атасына дейін 25-30 жастан беріп, әрі кеткенде 350 мен 500 жылдан аса алмайды. Сонда аталар Дешті Қыпшақ ханы Әбілхайыр немесе Қасым ханның (1445-1518) тұсында негізін қалады ма? "Қасым хан салған қасқа жол" деген сөзбен тұспа-тұс келгені ме? Қалай айтқанда да қазақтың тегі бар екені даусыз. Салт-сана, тіл, дін, бәрі-бәрі дөп келеді. "Тегі бір теппейді, түбі бір кетпейді" - деп бір-бірімізден қандай қиын кезеңде де айрылмауымыздың себебі де сол ма екен? Осы зерттеушілердің күмәнінің ар жағында арғы басы мен бер жағы арасында бір жаңсақтық жоқ па екен?
Қазақ шежіресі жинақталып, бір ізге түскен жоқ. Жазылып жүрген шежірелерге көңіл аударатын болсақ, Кіші жүз алты аталы Әлімге кіретін Шектінің басталуы тым әріден сияқты. П.И.Ричковтың, А.Левшиннін деректерінде Шекті руы сегіз атаға бөлінеді. Олар: Айт, Бұжыр, Орманбай, Жақайым, Ожырбай, Байкөбек, Жанқылыш, Орыс. Ал М.Тынышбаев дерегінде Шекті 3 ата: Арыс, Баубек, Жақайым. "Қазақ ССР тарихы жөніндегі материалдар" деген кітапта 12 таңбасы бар. С.Аманжолов, М.Тынышбаев зерттеулерінде Шектіге Найман руынан, Арғынның Қаракесегінен аталар қосылғанын айта келіп, Шектінің 3 таңбасына ғана тоқтайды. Иә, осындай түсініксіз жәйлар көп. Бір таңқаларлығы, жүз болғаннан кейінгі таңбалар мен жүздіктен бұрынырақтағы ғасырларда өмір сүрді деген Шектілердің, не болмаса сондай рулардың рулық белгілерінің бірдей болуы ойлантады.
Мысалы, Адайдың үлкен үйінің орны болатын рудың аты — Мұңал. Кейбір шежірелердің жазба деректерінде Мұңал деп жазады да, жақша ішіне Мұғал деп жазып қояды. Сонда Мұғал сөзінің 14-16 ғасырда Жетісуда болған Мұғал мемлекетіне не байланысы бар. Кейде Адайлар Жетісудан көшіппіз дейтініміз бар. Сол жақта Мұңал ошақ деген жеріміз бар деп те қояды. Ш.Уәлиханов, В.Григорьев, ГЛевшин Мұғал — Жалайыр жұртының орта ғасырдағы атауы, Моңғолды Мұғалмен шатастыруға болмайды дейді. Мұғал жөнінде "Бабырнама" кітабында да көп жайлар айтылады. Мұғалдар да қалмақпен көп жауласқан ру. В.В.Вельяминов пен Н.Красновский деген ғалымдар қазақ хандығының қалыптасуы 15-16 ғасыр дейді. Ол қалыптасу XV-XVI1 ғасырға созылдыға саяды. Шындығын айтсақ, оқыған еңбектерімізден, кітаптардан, мақалалардан тұжырымды "қазақ хандығы пәлен жылы құрылды" деген деректі таба алмаймыз. Ал басқалар айтқан жорамалды жоғарыда айтып отырмыз... Қазақ жүздері XV-XVI ғасырларда қазақ халқының негізін қалаған үш дербес ұлыс болған (Вельяминов) дейді де, нақты құжатқа сүйене алмайды. Ал С.А.Аманжолов: "Қазақ жерінің үш жүзге бөлінуі көне түрік дәуірінде басталып, 10-12 ғасырларда аяқталды", — дейді. Сонда арадағы 8 ғасырды 800 жыл десек, біздің Адай атамыз өмір сүрген кез жобамен атаға 30 жастан бергенде 15 атамыз 350 жыл болады. Олай десек, біз үш жүзге бөлінген уақыт аралығындағы 450 жылды қайда қоямыз? 1598 жылдары Тәуекел хан Шайбани (өзбек) әулетіне қарсы соғысты. Сол жылдары Ташкент қазақ халқының астанасы болады. Тарихшылар жүздің қосылуын сол жылдарға меңзейді. 1598 жылдардың маңында Ұлы жүздер қалмақ ханына бағыныпты. Қалмақ жеріне барған елші Т.Петров пен И.Куницин былай деп жазыпты: "И будучи проведали, что Калматцкой земле ныне в подданстве и в их послушанье казачья Большая Орда, да Киргизская Орда..." Сонда Орта, Кіші жүздер қай ханда жүр?
Қазақ жүздері туралы деректерінде қазақтардың өзбек, ноғай, моғол, ойраттармен соғыстары әңгіме болады. Ноғай ордасындағы ақсүйектердің өзара жанжалдасуын, билік үшін тартысын пайдаланған Ақназар (Хақназар) ноғайдың біраз мырзаларын өз жағына қаратып, Жайықтың сол жағалауына дейінгі жерді қосып алды. Бұл жайында 1557 жылы ноғай мырзасы Смаил (Исмаил) IV Иванға: "Інілерім менен бөлініп, Жайықтың арғы бетінде қалды, Қазақ хандарына қосылды", — деп жазыпты. Қазақ хандығына сіңген ноғайлар — Кіші жүз жұрты 17 ғасырдың аяғы мен 18 ғасырда қазіргі Батыс Қазақстанның жерін мекендеді, Үстірт, Ор, Жайық, Елек, Жем, Темір, Мұғаджар, Ырғыз, Арал, Маңғыстау, Атырау ойпатында, Нарын құмында болды. Үш жүз өкілдері жыл сайын Сайрам маңындағы Мәртөбеде бір рет мәслихат құрды. Мұңда тыныштықты қалай сақтау, жаудан қалай қорғану керектігі әңгіме болды.
1717 жылы қазақ хандары Тәуке, Қайып, Әбілхайырдың Ресейге қосылуға жасаған әрекеті ескерілмеді. 1723 жылы жоңғарлар қазақ даласына соғыс ашты. Қазақтар өте қиын жағдайда қалды. Бұл кезең қазақта "Ақтабан шұбырынды, Алқа көл сұлама" аталды. Қалмақтар батыстан қысқанда Кіші жүз елі Сауран айналып Бұхараға, Хиуаға қарай көшті. "Дүние бұзылса, Бұхарға сыяды. Бұхар бұзылса, дүниеге сыймайды" - деген мақал содан қалды. Мұнда ұзақ тұра алмай кейін жөңкіді. Бұл кезде үш жүз де аласапыран күйде еді. Жеке-жеке иеліктерге бөлініп кетті. 1731 жылы орыстың әйел патшасы Анна Иоановна қазақтарды Ресей қол астына қабылдағаны жөнінде грамотаға қол қойды. Бұдан кейін билеуші топтар арасында Кіші жүзде қиян-кескі қақтығыс, таластар болды. Бұдан кейінгі шежіре тарих біркелкі жазылған, көп нәрселерді тарихи жазбалардан оқуға, ажыратуға болатын сияқты. 1868 жылы Кіші жүз әкімшілігі Орынбор генерал-губернаторына бағынатын Орал облысына қарады. Облыс Орал, Ілбішін, Гурьев, Темір уездері болып төрт әкімшілікке бөлінді. 1874 жылы бұған Маңғыстау приставы қосылды. Сол жылдары 227 болыс болып, 165 мың 700 түтін тіршілік етіпті. Бұл мекеңді ежелгі халықтардың Кіші жүз тайпалары жайлады. Оларға осы күнгі айтылып жүрген рулар кірді.
Шығыс зерттеушісі Н.А.Аристовтың жазбаларында Кіші жүздің Алшын, т.б. тайпалары Түріктің батыс Дулат тайпаларымен араласу нәтижесінде қалыптасқан дейді. Оны Г.Е.Грум-Гружимайло, В.В.Бартольд қостайды. Олар көне жазбаларға, таңбаларға, атау сөздерге сүйенеді.
Кіші жүз руларының көбі түрік халықтарының түп атасынан тарайды. Мәселен, Шеркештер мен Беріштер Кавказдағы бірнеше халықтардың ғана емес, кіші Азия елдеріндегі мәмлүктердің негізін қалаған, олар Мысырдағы Бейбарыс сұлтанның ұлдары еді. Шеркештер Кавказдағы қазақтар құрамында болып, жері Қазақия атанды дейді. Ал Кете Қытайдың солтүстігіндегі ұзақ билік құрған қидандардан ауысқан ұрпақ болуы мүмкін делінеді. Оның айғағы ашамай (крест) таңбасы. Таңбасына қарасақ, Тамалар қаңлыға, Табындар тарақ таңбалы Жалайырға, дөңгелек таңбалы Кердерінің Албан-Дулатқа туыстығы байқалады дейді. Осыған қарағанда Жеті руды Кіші жүзге кірген деген әңгіме расқа келетін сияқты. Иә, қазақ елі биыл мемлекет болып құрылғанының 530 жылдығын тойлағалы отыр. Егер тарихи деректерге көз жүгіртсек, 1456 жылдан басталғанын көреміз. Тарихи деректерде XV ғасырда Қазақ хандығы құрылды, XV-XVI ғасырда қазақтың үш жүзі құрылды дейді. Ал үш жүзге хан болған Тәукенің билік құрған дәуірі 1680-1718 жылдардың арасы. "Қазақ" сөзінің қайдан шыққандығы жөнінде тарихшы Байұзақ Қожабекұлы Албани: "Қазақ төркіні ғылымда әлі анықталмағанымен халық арасында аңыздар мен шежірелерде, кейбір жазба деректерде әр түрлі болжамдар кездеседі. Соның бірінде һижраның 780-790 жылдары (XIV ғасырдың аяғы) шамасында түрік тілінде сөйлейтін 32 тайпа елдің бір ханымының баласы "алапес" бала туыпты да, оның атын Алаша қойыпты. Хан бәйбішенің азғыруымен Алашаны Сырдың арғы бетіне апарып тастайды. Кейіннен баланың ерлігімен даңқы шығыпты. Сонда хан уәзірлері Қотан би, Майқы бидің кеңесімен баласын алып келуге қасына жүз жігіт беріп, Қотанның үлкен ұлы Үйсінді жібереді. Ол оралмаған соң Қотанның екінші баласы Болатты, ол қайтпаған соң ең кіші баласы Алшынды жібереді. Алашаның тобына қосылған үш жүздік жігіт көрші елдердің малын алып, елін шауып қатыгездік жасағандығы үшін "Қазақ" атаныпты-мыс", — деген аңыз бар дейді.
"Қазақ" сөзінің дәл атауы дәлелденбегенімен 14-15 ғасырдың деректерінде "Өзбек", "Өзбек-қазақ", "Моғол" аталғаны белгілі. Шындығына келсек, деректер 15 ғасырдың 50-жылдарынан бастап "Қазақ" деген этникалық дамудың басталуы болды да, қазақ сахарасын мекендеген халық қазақ атаныпты. "Қазақ" болып аталуы Қазақ хандығының құрылуымен тікелей байланысты емес пе екен?
Тарихи деректерде Қасымханнан кейін Ақназар (1588 жж.ө.), Тәуекел (1582-98), Есім хан (1598-1629), Тәуке хан (1680-1718) үш жүзді біріктірді. Айта кететін бір жай, қазақтар Россияға қосылғанға дейін талай бөлектенді. 18 ғасырдың аяғы мен 19 ғасырдың екінші жартысында қоғамдық өмірде патриархалдық-феодалдық қатынастар үстем болып келді. Қазақ халқының рулық, қоғамдық шежірелерін зерттеу үшін әлі ондаған жылдар керек. Тарихи дамуында мешеу Россияның отары - Қазақстан 20 ғасырдың сексенінші жылдарына дейін КСРО құрамына кірді. 1986 жылы 16 желтоқсанда қазақ жастары бір дүр сілкінді. Әр түрлі қосымша себептермен тоқсаныншы жылдардан бастап егеменді – тәуелсіз елге айналды. Бүгінде аграрлы - индустриялы ел. Қазір дүниежүзі таныды.
Егеменді ел әлі-ақ шежіресін де, тарихын да түгендер. Ол үшін талай ғалымдар басын ауыртар, көз майын тауысар. Қазақ дейтін елдің түп-тамырының қайда жатқандығын дәлелдер. Уақыт өтер, қиыншылық ұмытылар. Себебі, жер жүзінде 10 миллионнан астам халқы бар, өскелең ұрпағы бар Қазақ мемлекетінің көк байрағы ғасырдан ғасырға желбірейтіндігіне сенім мол.
1996 жыл
ТАРИХТА ТАҒДЫР БАР НЕМЕСЕ АДАЙ АТАМЫЗ ТУРАЛЫ
Адай тайпасының ең көп тараған, ең көп шашылған тармағы, іргелі атасы — алда 500 жылдығын тойлаймыз деп жүрген Қосай тақтасы. Адайлар әулие, үлкен үйіміз деп қадірлейді. Жол жүрсең бір Қосайдың үйінен дәм тат деп дәріптейді. Тарихқа үңілсек, Қосай атауы бірде кісі есімі, бірде ру есімі болып қайталанып отырады. Әнес Сарайдың еңбегінде Қосай атауын X ғасырда Дәуіт патша төңірегінен көрсек, Мұхамбет пайғамбар тумастан бұрын 200 жыл шамасында арабтар арасында да Қосай руы болғанын, ол Пайғамбардың бесінші атасы Зейд-Қосай әулетінен қыз алып, соларды паналағандығынан Қосай атанғандығын айтады. Олардың қайта келіп қазақ топырағына табысуы екі талай "жоғалған арабтар" демекші, "жоғалған адайлар" тобына жатқызады. Түрлі дәлелдерді келтіре отырып Әнес Сарай сонда Ер Қосай кім, қай заманның перзенті деп сұрақ қояды? Қосай қазақ эпосының кейіпкері, қырғыздың Манасының кейіпкері. Күлтегін жазуының кейіпкері, Қытайдың Тан империясының тұсындағы түркі тайпасының кейіпкері. Манас жырында қырғыздар Қосайды қырғыз емес, ағайын жұрт Қатаған, ата қонысы Атбасы өңірі, — дейді. Қазіргі Атбасы мен Нарынның арасында Қосайдың "қара тауы" атты тау бар екен. Қосай осы таудың басынан қарауыл қараған. Ал Атбасыдан 12 шақырым жерде "Қосай қорғаны" бар. Соңдай-ақ Талас өзенінің басы үш Қосай, Талас Алатауының күншығыс жоталарының бірі Қосай тауы аталады екен.
Ғалымдар "Манас" эпосының өзекті оқиғалары 1120 жылы қара қытайлардың (қидандардың) Елюй Дашы бастаған Жойқын соғысына қырғыз елінің қарсылығы деп біледі. Қытайдың қысымынан қырғыздар Алтайға көшуге мәжбүр болғанда Қосай дұшпанға көнбей, ата қонысы Чечтөбеде (Шаштөбеде) табан аудармай отырады.
Құлалы жиып күш қылғай,
Құрама жиып жұрт қылған, —
деп жырға қосуына қарағанда, құранды жұрт болғанға ұқсайды, - дейді. Ол Манасқа көшіп келуіне көмектесіп, қасынан жер береді. Ал орыс аңыздарында "өлмейтін Қосай" болып дәріптеледі екен.
Біздің айғайын дегеніміз — Қосай туралы Адай шежіресі бәрімізге белгілі. Қартайған шағында босқаны да, елден айырылғаны да белгілі. Енді оны елінен айырған қандай жау? Қытай ма? Қалмақ па? Шындығында қара қытай деуде негіз бар. Бұл жөнінде Әнес Сарай былай дейді: "Манас" жырында Қосай туған өлкесі Чечтөбеден табан аудармады, қырғыз аңыздары "Қосай қорғанды" тірек етіп, Қосай қытайлармен 28 жыл соғысты дегенмен, қара қытайлардың Жетісуды түгел алып, Самарханға дейін жеткені белгілі. Яғни Қосай қара қытайлардан жеңіліс тауып, ел-жұртынан айырылған. Оның жалғыз қалып, Тәзіке маңын сағалауы да осыдан".
Қосай жеңілгеннен кейін елі жан-жаққа тарам-тарам болып бөлініп кеткен. Сарыбағаш, Еренші, Әлімбеттер Уаққа қосылыпты, Керейдің Сибан атасына кіріпті. Енді бір бөлігі Ботпайдың қораласына Қара Қосай атымен еніпті. Екейдің Жәрімбет атасы осы Қосайдың сілемі. Ұлы жүздің Дулатында Әйтей, Тіней тармағы кірген Әйтейлердің біздің жақта аз болуы содан болуы керек. Бұл деректер Қосай жұртының қалай шашырағанын, Ер Қосай жұртының Жетісу өңірі екендігін дәлелдейді және біздің Адай Жетісудан көшіпті деген сөзімізде де негіз бар сияқты.
Сонымен бірге Әнес Сарай Адай қарттарының Қосай ұрпағын, "Түрікпен адай" атануын Түрікпен жұртымен жапсарлас өңірлерден іздейді. XIII ғасырдың 50-ші жылдары Монғол империясының астанасы Қарақорымға сапар шеккен Марко Поло түркмендерге Шағатай ұлысының кіндік қаласы Алмалық шаһары (қазіргі Құлжа) төңірегінде кездесіп, "Түркмен" деп жазып қалдырған. Батыр ағасына Тәзіке осы түркмендерден қыз алып бергені белгілі ғой. Марко Поло түркмендерінің бірқатары Қосай ұлысына еніп, Түрікмен адайларды көбейткендерін айтады. Қара қытайлардан ығысқан, Атбасынан айырылған Қосай және Қосай тайпасының Дешті Қыпшаққа ойысуы, қазақ хандығы құрылар кезде ноғайлы арасынан көрінуі де осы тарихи кездерді еске түсіреді.
Рашид-ад-Дин деректерінде Монғол бірлестігіндегі көптеген тайпалар монғолдар емес дейді. Шыңғыс ханға бағынған тегі басқа жалайыр, татар, ойрат, оңғұт, керейіт, найман, нағұт сияқты түркі халықтары өздерін монғолдың атақ-даңқына қарай "монғолмыз" дейді. Күні кеше монгол түркілердің арасындағы жалғыз тайпа емес пе еді, деп жазыпты. Монгол шежіресіне сүйенсек, Әнес Сарай өз зерттеуінде: "Шыңғыс ханға қарсы күрескен түркілердің тобы жақтасып қолдаған Жамуха кім еді? "Монғолдың құпия шежіресінде" бұл сауалға толық жауап бар, — дейді.
Моңғол мемлекетінің құрылу кезеңінде бірде бірігіп, бірде ажырап, қақтығысып отырған екі топ болды. Олар: біреуі монғол тектестер де, екіншісі — түркі тектестер еді. Түркі тектестер олар — жадарандар, қатағандар, қоңыраттар, ихирестер, хонхотандар, жалайырлар, керейлер, наймандар, татарлар, меркіттер, жойқындар, маңғыттар, құйылдырлар, қораластар, алхуниттер, кенечестер, байауыттар. "Монғолдың құпия шежіресінде" түркілер Жамуханың сойылын соғыпты. Бұл жағдайды Шыңғыс хан мен Жамуха айырылысқанда рулардың жіктелуі анық байқалады, — дейді. Арада талай тартысты жылдар өтеді (бәрін тізбелеуді артық санадық). Жамуха өмір бойы жағаласып өтеді. Ол керейіт, наймандармен қосылып соғысты. Шыңғыс ханның кешірімін қабылдамай, ақыры денесіне жара салмай, қан шығармай өлтіруді өзі қалайды. Бұдан кейін Жадай елі шашырап кетеді. Кейіннен монғол патшалығына ықпалды болған үңгір, борохулдар бұрынғы Байауыт тайпалығын қалпына келтіріп, басын қосады. Қалың монғол арасында отырғанымен, өзінің этникалық даралығын сақтаған осы қауымнан арада 200 жыл өткенде тарихқа аты әйгілі Адай хан шығады. Адай ханның тарихы 1435-1449 жылдар аралығы. Бұл кезде саяси әлсіреген монғолдар тізгіні ойраттарда еді. Адай хан монғолдардың басын біріктіріп, ойраттарға аттанды, деп жазыпты "Алтын тобчы" монғол шежіресі, — дейді. Адай ханның Шигустэй атты батыры болғанынан хабар береді. Адай хан ойраттарды жеңеді. Осы соғыста ойраттың көсемі Батулы-чисанч өледі. Оның әйелі мен баласы Тогон қолға түседі. Адай хан Тогонды аяп, еліне жібереді. Ол төрт ойраттың басын қосып, 1449 жылы Адай ханды мерт қылады. Билік ойраттарға көшкесін, Тогонның баласы Есеннің тұсында Адай хан жұртын қатты қуғынға ұшыратады, басты тірегі Шигустэй батырды өлтіреді. Міне, Адай хан жұрты сол кезде, яғни XV ғасырдың орта тұсында Монғолияны тастап Батыс Байкалдың батпақты, орманды қоныстарына жылыстауға мәжбүр болады. Осындағы Есеннің есімінің Есентемірмен байланысы жоқ па екен? Олар Ольхон көлінің төңірегін біраз жыл қоныс қылады. Сол жерде Адайлардың мекен тұрақтарының өзі, зираттары ерекшеліктерімен сақталған көрінеді. Зираттар, сағаналар мен күмбездердің формалары Адай мәдени ескерткіштеріне айтуынша өте ұқсас сияқты. Оларды монғолдар деп біледі, монғол историяграфиясы "Қара монғолдар" дейді. "Қара монғолдарды" Байқалға бастап келген Едігей руы екендігін айтады. Кейін осы "Қара монғолдар" мен Едігей руының арасында қантөгіс болады. "Қара монғолдар" Ольхонда тұрақтай алмай, Қорқыт бұғазына қоныс аударады. XVII ғасырдағы орыс деректемелері осы "қара монғолдар" арасынан шыққан әрі хан, әрі батыр көк найзалы Табынай туралы мәліметтер келтіріледі. Ал Табынай батыр болса, Адайдың белді аталарының бірі, — дейді Ә.Сарай.
Батыс Байкалдың Ольхон, Қорқыт өңірлерін мекендеген Адай хан жұрты біртіндеп Алтайға қарай жылысқан. Хакасияда біршама тұрақтағаны байқалады. Өйткені Адайлардың ең көп өскен іргелі атасы Мұңалдардың үрім-бұтағы осы Хакасияда Мұңал атын сақтап әлі күнге жүріп жатыр. Адайдың Келімберді тобының ұйытқысы Мұңалдардың Алтайдың Жайма өзенін, Шығыс Қазақстандағы Жеменей өзенін біраз жылдар жайлағаны айтылады. Жеменей Адайдың іргелі атасы екені белгілі. XIX ғасырда Алтайда өмір сүрген Арғынбай Апашбай ақын:
Жоғарғы жайма, мұңал, боқай, қостай, Ел елдік екі айырды құдай қоспай, — деп жырға қосқан екен. Бұл сөздер кейінгінің есінде болсын деп ақын әдейі айтқан болар, шамалауымызша, — дейді Әнес Сарай. Адайдың Келімберді атасы қазақ даласына 1470 жылдар шамасында келіп, қазіргі Ақтөбе облысының Мұңалжар (Мұғаджар) жотасына қоныс тепкен. Олардың Құдайке, Қосай әулеттерімен ұшырасатыны осы түс. Олардың ел билеушілері екі адам болғанына қарап, бірігіп кетпей жеке-жеке ру болып отырғаны байқалады. Бұл кезде Қосайлар - Адгу, яки Адтар оғлы, ал Келімберді тобы Адлу оғлы, яки Адтың ұлы атаныпты. Демек, — дейді Әнес Сарай, — тарихи кезеңдерінде Қосал, Қосу, Хата, Аде, Иада, Яда, Жада, Жадай, Жадаран, Қара монғол, Мұңал атанған бұл тайпалар өздерінің түпкі тегі Ад екенін ұмытпаған, тарихи белестерде байырғы есімдері жаңарып отырған.
Масуд бен Осман Кухистани жазбаларында Әбілхайыр хандығын жалғастырушы немересі Шейбан хан әскерінің қатарында Жалайыр, Сихут, Тама, Сұлдыз және алғаш рет Адай тайпасының есімі Адгу, Адлу оғлы болып хатқа түсіпті. Мұхамбет-Салық олардың есімдерін өз тізіміне қайта келтіріп, Ад-гу, Ад-лу оғлы болып хатқа түсіріпті. Мұхамбет Салық олардың есімдерін өз тізімінде қатар келтіріп, Ад-гу (Құдайке) руының нәсілін маңғыт, яки ноғайлы деп көрсеткенде, Адлу оғлы туралы ештеңе айтпаған.
1503 жылы Шейбанидің Монғолстанға 10 мың қолмен жорық жасағаны белгілі. Сол жорыққа Сихут, Қытай, Жалайыр, Қоңырат, Бүркіт, Маңғыт, Найман, Үйсін, Құсшы, Дүрман, Қарлық, Сұлдыз, Нүкіз, Тама, Татар, Адгу, Адлулар. ішкі ойраттар қатынасады. Сонда Маңғыттар мен Ад-гу ұрығының біріккен жасағын Қажы Қазы би, ал Адлу оглы жасағын Хамза би бастап барады. Шейбани әулетіне қатысты деректемелердің бәрінде адгулардың маңғыттармен қосылып бір жасақ болғаны мәлімделеді. Соған қарағанда, олардың саны шақтаулы болғаны аңғарылады. Қазақ өзбек боп бөліну, яки Қазақ хандығының ірге көтеру кезіндегі саяси күрестердің бел ортасында болған Адгу ұрпақтары Құдайке - Қосай, Адлу оғлы Келімберді тайпасының іс-әрекеттері "Тауарих-и Гузида-ии Нусратнаме", "Шейбани-наме" жазбаларында анық-қанық хатталған", - дейді. Және де "Шейбани-намеден" үзінділер келтіреді. "1553 жылы Адгуұлы Құдайке және Адлу ұлы Келімберді руларын Мұхаммед Шейбани лашқарының қатарынан көрсек, келесі жылдары Адлу оғлы жұртының билеушісі Хамза биді Шейбаниға қарсы топтың ортасынан көреміз. Бірнеше күннен кейін Үзкенттің ұлы әмірі Хамза басқа әмірлермен бас біріктіріп, ауыр лашкармен Аркук уалаятына беттеді. Мұны білген Шейбани хазрет Аллаға сиынып, қамалдан шықты. Ұрыс басталды. Хан жүз адаммен шабуылға шықты. Хамза қашуға мәжбүр болды", - дейді.
"Шейбани-наме" деректемесі бұдан кейін Мухаммед Шейбанидің Сығанақты алғаны, бірақ ізінше Қазақ хандығының негізгі тобы Бұрындық, Қасым сұлтан, Әдік султан, Хамза бек болып келіп ұрыс салғанын баян етеді. "Бұдан, - дейді Ә.Сарай, - Аллу оғлы (Келімберділердің) Шейбаниден кетіп қана қоймай, қазақ хандығының жағына шығып, Дешті қыпшақтағы саяси күштердің біріне айналғанын көреміз".
Сол жылы, - дейді шежіреде, - Хамза бек Шейбани қосынымен Үзгент үшін де соғыс жүргізген. Бір қызығы, Адайлардың екінші арысы адгулер Шейбаниді жақтап, олардың билеушісі Қажы Қазы би Үзгентті ерлікпен қорғады, — депті. Ол туралы Шейбани мадақ сөздер айтып, Хұсайын бектің ұлы деп, әкесінің есімін де шежіреге кірістірген. "Сөйтіп, — дейді Әнес Сарай, — Адайдың екі арысын да Қазақ хандығы құрылар кездегі саяси күреске түскен қазақ, өзбек халықтарының негізін қалыптастырған атақты тарихи тұлғалардың жанынан ұшырастырамыз", — дейді.
Сөйтіп, ақыры Шейбани қазақтардан жеңіліп, Дешті Қыпшақты тастап, Мауренахрға ұзайды. 1504 жылы Шейбаниден айырылып, Қазақ хандығына қосылған Адгу оғлы Құдайкенің руы Дешті Қыпшақта қалады. Ал Шейбаниді қолдаған Адгулер Шейбанимен бірге Бұхар тарабына ойысады. Ол жақта Адгулер (Құдайкелер) қанша болғаны айтылмайды. Қалай дегенде де Есім хан тұсында Түркістан өңіріне жылжыса керек дейді. Шейбани тұсында маңғыттармен бірге жүрген Адгулер Бұхар тарапынан болған 100 жыл ішінде қайсыбір шашыранды топтарды біріктіріп кәдімгідей көбейеді. "Сұлдыздар" Қосайдың Сүйіндігіне Жұлдыз атасы болып кіреді. Бұхардың Қаракөлінде отырған арғынның қайсыбір топтары, атап айтсақ, Алтай, Қарпық, Шақшақ, Тоқа, Қараменде, Қалқаман Тоқатар да Қосайдың кенжесі Сүйіндіктің қара санын молайтады. Осы сапар бұхаралықтардың бір тобы ілесе көшіп, Қосайдың Бұхар тармағын құрады. Ал Адлу оғлылар Үзгентте отырып қалып, Бұрындық, Қасым, Хақназар, Тәуекел, Есім, Жәңгір хандар тұсындағы саяси оқиғалардың бел ортасында болды. Аталмыш дәуірде халықтыққа ұйысқан тайпалар қазақ атымен, не хандардың атымен тарих бетіне шығады да, ілуде біреуі болмаса тайпа атымен аталмапты. Адайдың Адлу оғлы Келімберді тайпасы осы кездерде Балықшы руымен толысыпты. Енді Балықшы руы қалай қосылды? Соған жауап берелік.
Ол оқиға былай болыпты. Қазақ хандығынан іргені аулақ салған Моғолстан билеушілері Қашқарияға ұзайды. Ал Абд ар-Рашид хан болса, Моғолстанның бір бөлігі мен Шығыс Түркістанды билейді. Ал оның ұлы Абдал-латиф султан Жетісудағы Ақсуды иеленеді. Ол Қазақ хандығына тұтқиылдан тиісіп, Хақназардың (1438—1580) елі мен малын айдап әкетеді. "Тарих-и шах Махмуд бен мырза Фазыл Чорас" жылнамасы бұл оқиға туралы былай депті: "Хақназар қазақ пен қырғызын жиып, қуғынға шықты. Ал Сұлтан болса, соңынан жау шыққанын білмей, өмір қызығын қызықтап, бейқам отырды. Хақназар алты төремен артынан қуып келді..." Сол күні қарауылда тұрған Балықшы руының басшысы Тоқтамыс Ерік жауды көріп қашып кетеді. Сұлтан жау келгенін білмей қалады. Бұлар түн ортасыңда шабуыл жасап тас-талқан етеді. Жараланған Сұлтанды Хақназардың алдына әкеледі. Хақназар оған ілтипат көрсеткенмен Сұлтан көз жұмады. Хақназар Абд-алатиф жұртын Қазақ хандығына көшіріп әкетеді. Олармен бірге балықшылар да кетеді. Олардың Келімберді ұрпағына қосылуына қарағанда жорыққа Адлу оғлы Келімберділердің де қатынасқаны байқалады", - дейді Ә.Сарай. Ал "балықшы" — көне түркі тілінде "қалалық, қала тұрғыны", — дейді Ә.Сарай. Бұл сөзді көрнекті жазушы Ә.Кекілбаевтың айтқанын да естіген едік. "Жылнаманы "Балықшы руы" деп көрсетуіне қарағанда, — дейді автор, — олар Ақсу қаласының жалпылама тұрғыны емес, бұл уақыттан көп бұрын қалыптасқан ру. Асылы, олар Бесбалық шаһарынан Алатауға жылжыған баяғы Ядалардың сілемі болса керек".
Сонымен Адгу-Адлу ұрпақтарының Алтай, Батыс Сібір, Жетісу өңіріндегі адам аттарының ерекшелігіне орай Адай аталғандығын көреміз. Біз Табынайды "Көк найзалы Табынай" деген атпен білеміз де, қай жерде, қандай ерлік жасағанын білмейміз. Ал Ә.Сарай жазғандарына көз салсақ, Табынай ерліктері басқа өлкеде жасалған сияқты. Сондай-ақ, Ә.Сарай Адайдың Келімберді атасы 1470 жылдары шамасында Ақтөбе облысының Мұңалжары (Мұғаджар) жотасына келіп қоныстанған деп жазады. Олардың, яғни Құдайкеннің Келімберді әулеттерімен қосылған тұсы осы тұс.
Сол бір тарихи кезеңдердің бір кезеңінде Мұңал, Құсшы, Жадай, Жада, тағы басқаларының бір жүргенін жоғарыда айтқанбыз. Біздің Үстірітте екі Құсшы есімі бар. Біреуі Самдағы Құсшы ата, екіншісі оңтүстік үстірттегі Тағалбайлы — Құсшы. Ойлап отырсақ, олардың көне түркі, яғни оғуздардан қалғанын бұрыннан сеземіз. Байқап қарасақ, сол Құсшылардың жоғарыдағы Мұңалдармен бірге жүрген құсшылар екені байқалады.Біз бұл мақалада Ә.Сарай жазған шежірені түгел талдай алмадық. Тек жазғандарын елге таныстыруды мақсат тұттық. Осының бәрі дұрыс деген ой тумаса керек. Тарихи көмбелер ашылып жатыр. Ел-елмен байланыс тереңдеп келеді. Әлі шежіренің талай сүрлеулері табылар. Шежірені түгендеп нүкте қояр да кез келер. Ал әзірге бұл материалды оқығанның, білгеннің әбестігі болмас деп көпшілік назарына ұсынып отырмыз.
КҮЙ – ҚАЗЫНА
(Есір Айшуақұлының туғанына 150 жыл толуына орай)
Қазақ халқында небір тамаша адамдар, өнер "жұлдыздары" өткен ғой! Солардың ішінен Маңғыстау жерінде өмір сүрген өнер адамдарын бөлек әңгіме етуді жөн көрдік. Ал маңғыстаулықтарды әңгімелегенде атақты домбырашы, халық композиторы Есір Айшуақұлын айтпай өте алмаймыз.
Есір 1840 жылы Маңғыстау жерінде, Жыңғылды елді мекенінде өмірге келген (1904 жылы қайтыс болған). Есірдің руы Адайдың Тобыш деген атасынан. Одан — Ораз, Ораздан — Жайық, Жайықтан — Әлмәмбет, Әлмәмбеттен — Шоңай, Шоңайдан — Тоқсанбай, Тоқсанбайдан — Даң, одан — Құнан.
Есірдің әкесі Айшуақ Құнанның кіші әйелінен туған. Айшуақ өмірден ертерек өткен. Есір жетім өсіп, атасы Манатаудың тәрбиесінде болған. Манатау мен Беген Құнанның бәйбішесінен туған балалары. Есірге әйел алып берген де, тоқтылы қойға домбыра жасатып берген де осы Манатау. Есір жасынан домбыраға үйір болады. Есірдің халық аузында пәленшеден үйреніпті дегендей ұстазының аты сақталмаған. Шамасы, ата-бабаның өлмес өнері бойына дарыған халқының бір перзенті шығар. Жалпы Адай елі ішінде Шоңай ауылы өнер дарыған ауылдардың бірі болып есептелінеді. "Күй тартам деп Шоңайға барма" — деген мақал содан қалған болуы керек.
Есір негізінен егіншілікпен айналысқан кісі. Ұсталықпен де шұғылданып, зергерлік бұйымдармен әуестенген. Сонда да қара домбыраны қолынан тастамаған. Күйді егін басында, зергерлік дүкеніңде тарта берген. Есірдің алғашқы шығарған күйлерінің бірі — "Шоқай төре". Бұл күйді өзінің Назар деген құрбысына арнапты. Назар жарлылығына қарамай киімін қағып-сілкіп жүретін, тамаққа тоймай, көп ішетін кісі екен. Есірге соқтырған күміс тіс шұқығышын өңіріне салаңдатып іліп жүреді екен. "Қара құйрықтың терісінен тіккен шоқайының езуінен шұлғауы шығып жүрсе де өзінше тыраштанған құрдасына арнап тартқан күйі екен бұл", — дейді қариялар.
Есірдің бес күйі 1873 жылғы "Хиуа сапары" атты жорыққа байланысты шыққан. Орыс патшасы Хиуа елін отарлау саясатын жүргізу үшін 14 сәуір күні Маңғыстаудағы Кендірлі жерінен Түркменстанға аттанғаны белгілі. Мыңдаған әскер, қару-жарақ, азық-түлік, мыңғырған мал әуелі көргенде Есірге қатты әсер еткені белгілі. Патша әскерінің басшысы Н Ломакин ол кезде Форт-Александровск гарнизонының бас приставы еді. Ол бұл жорыққа мықтап дайындалды. Көлікке Маңғыстау болыстарынан көптеген түйе дайындатты. Азыққа отарлаған қой-ешкіні айдата жүрді. Мал бағатын малшылар алынды. Тек қана Маңғыстаудағы Жарлы Қаратау болысынан 9 түйеші, 90 түйе, кейбір деректерде 9 түйеші, 51 түйе алынды дейді. Осы түйекештердің біреуі болып Есір ілігеді. Осы сапарына Жыңғылдыдан аттанар сәтінде ол: "Азғана уақытқа болса да елден бөлек, жат жерге кетіп бара жатырмыз. Көріскенше күн жақсы болсын", — деп, "Қос айырған" күйін шығарады.
Орыс әскері Хиуа ханына қарайтын Көктөбе бекінісінде қатты қарсылыққа ұшырайды. Адамдардан көп шығын болады. Зеңбірегі бар орыс әскері жеңіске ие болады. Осы қырғынды көзімен көрген Есір осы оқиғаға арнап "Көктөбе" күйін шығарады.
Орыс армиясы әрі жылжиды. Сол кезде түркмен жеріне оба ауруы жайылады. Орыс әскерінен де шығын болады. Абырой болғанда түйекештерден шығын болмайды. Осы оқиғаға арнап Есірдің "9 түйекеш" күйі өмірге келеді. Хиуаға барғасын Н.Ломакин түйекештерді еліне қайырады. Елге жақындағанда өзін тәрбиелеген атасы Манатаудың қайтыс болғанын естиді.
Қағылы күйші өзін тәрбиелеген қимас адамына арнап, "Манатау" күйін тартады. Түйекештер аман-есен елге келеді. Есір үйіне ауыл адамдары жиналады.
"Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі" деген емес пе, аман келдік, "ақ түйенің қарны жарылды", — деп, атақты "Ақ жарма" күйін шығарады.Есірдің философиялық толғау күйі — "Жалдықара". Күйдің шығуы туралы екі түрлі аңыз бар. Біріншісі: Маңғыстау елі ол кезде Ойыл (Көкжар) жерінен астық сатып алады екен. Сондай бір сапарға көппен бірге Есірде барады. Шаруаларын бітіріп, қайтып келе жатқанда Сағыз өзенінің бойында Таз руының қыз ұзатқан тойына кезігеді. Осы тойда ірі денелі, сақал-мұртты, желкесіндегі жалы төгіліп, шекпенінің желкесінен шығып тұрған домбырашыға кездеседі. Осы домбырашыға риза болған Есір жолда "Жалдықара" күйін шығарады. Есірге кездескен осы жалды адам, сол кезде патша түрмесінен қашып, Таздың Төремұрат, Нарынбай батырларын паналап жүрген Құрманғазы емес пе екен деген де сөз бар. Әрине, бұл аңыз әлде де зерттей түсуді керек етеді.
Екінші аңыз: Есірдің ұста екенін жоғарыда айтқанбыз. Маңғыстаудағы Иір жерін жайлаған Қалша-сары (Жеменей) ауылына қырықтық, сулық, үзеңгі, тоға, тағы басқа заттар жасап беріп, ақысына бір Жалдықара сәуірік, бесті айғыр алады. Сол Жалдықараны шығыр айналдыруға үйретеді, егін суарады. Айғыр арып, иығы кесіліп, арқасы жауыр болады. Бір жаңбырды пайдаланып Жалдықараны өріске жібереді. Кейін іздеп барып, таба алмайды. Кездескен біреу Еңселі тауына қарай айғыр үйіріне еріп бара жатқан қара жылқыны айтады. іздеп барса айғырға таланған жараланған Жалдықараны көреді. Өмірдегі теңсіздікті, Жалдықара мен өз өмірін салыстыра отырып "Жалдықара" күйін шығарады.
Есірдің арқалы күйлерінің бірі - "Күнтай". Бұл күйді Сам Малгелдіұлы деген немере ағасының әйеліне арнап шығарады. Сам өзі би, өзі батыр, көңілді адам болған. Адай елінде: "Хан төресі бұзылса да, Сам төресі бұзылмайды" — деген мақал осы кісіге байланысты шыққан. Күнтай аса ақылды, елге аты танылған адам екен. Күй сол жеңгесіне арналыпты.
Есірдің бұлардан басқа әр тақырыпқа арналған "Ақ желең", "Қызылқайың", "Шалқыма", "Әлеумайрам" атты күйлері бар. Мұның бәрінің де өзіндік тарихы бар, әлбетте, көбісі шығу тарихын анықтай түсуді қажет етеді. Есірдің тағы бір белгілі күйі — "Сайға бұқтым". Сәл нәрсеге, ағайынға өкпелеген Есір Кетік қаласының маңындағы балық кәсіпшілігіне көшіп барған. Сам ағасының маңына барып жұмыс жасайды. Қоян қала поселкесі осы күнде Форт-Шевченконың маяк маңындағы теңізге еңкейе сұғылған сайда орналасқан болатын. Сол Қоян қалада жүріп өз жүрісіне арнап, "Сайға бұқтым" күйін шығарады. "Сайға бұқтым" атты күйлер Құрманғазыда, Дәулеткерейде кездеседі. Бірақ Есірдің "Сайға бұқтымы" оларды қайталамайды, ұқсастығы: әуен арқылы қайта-қайта "Сайға бұқтым" деп айтып тұратындығында.
Есірдің бала тарихына арнаған күйі "Әлди бөпем". Жалпы Есір балажанды кісі болған. Әуелгі қосағы Сауыт қайтыс болып, екінші әйелі Қазына Есіл атты ұл, Ырыс атты қыз бала туған. Есіл ерте өледі. Ал Ырысы ұйқыдан оянып, ұста дүкенінде отырған әкесіне жылап келеді екен. Ырысты көтеріп қараша үйдің көлеңкесіне алып келіп қара домбыраға "Әлди бөпем" деп әндете қосып отырып, осы "Әлди бөпем" күйін артына мұра етіп қалдырған екен.
Есірдің артында ұрпақ қалмаған. Бірақ мол күй мұрасы бар. Биыл Есірдің туғанына 150 жыл толды. Маңғыстау елі маусымның 21-22-інде өзінің туған мекені — Жыңғылды жерінде мерей тойын тойлады. Есір атындағы жүлде белгіленді. Жеңіп шыққандарға сыйлықтар берілді. Өткен жылы Сартөбедегі Құнан қорымындағы Есір бейітінің үстіне сұлу да, әсем Есір ескерткішін орнатты. Көргендердің Есір ескерткішіне риза болатыны сөзсіз. Халық өз өнер иелерін есінен шығармақ емес. Есір 62 тамырлы "Ақ желең", Бала Науаи сазы сияқты ноғайлық циклды күйлерін де шебер орындаған. Есір күйлері қазақ күйлері антологиясына енген. Шыққан грампластинкалары да баршылық. Есір күйлерін насихаттауға Шамғұл Ибрагимұлы, Мұрат Өскінбайұлы, Сақтап Қазтуғанұлы, Орын Құлсарин, Алыби Жаңбыршин, Өмір Жүсіпов, Қалшабек Мырзабеков, Мыңбай Жолдасбаев, Сержан Шәкіратов, Роза Айдарбаева... осы жолдардың авторы көп еңбек сіңірді. Биыл туғанына 150 жыл толуына орай Жыңғылдыдағы бір мектепке Есір Айшуақұлының аты берілді. Бұл халық композиторына көрсетілген зор құрмет. "Маңғыстау күйлері" деген атпен Сержан Шәкіратов орындауындағы күйтабақты халық үлкен ілтипатпен қабылдады. Есір күйлерін насихаттауда бүгінде Сержан Шәкіратов еңбегін айрықша атаған жөн.
1990 жыл
МАҢҒЫСТАУДЫҢ ЖЕТІ СЕРІСІ
Қазақ халқының музыка мәдениеті ұшан-теңіз. Халық арасына көп тараған түрі, әрине, лирикалық әндер.
Бұлардың жалпы мазмұны — адамның қуанышы, сүйініші, мұңы, қайғысы, махаббат жайлы арманы, төрт түлік мал, жер аты, ұшқыр қыраны, саятшылығы, жүйрік ат, аң аулау, тағы басқа болып келеді.
Халық композиторлары өз әндерінде әлеуметтік мәселелерді өзіне бас тақырып қылып алып, өнерін теңсіздікке қарсы күрес құралы етті.
Халық композиторлары ән шығарумен қатар орындаушылар да болды. Әндердің түрлерін мазмұнын тереңдетумен қатар формасын да кеңейтті. Негізгі айтар ойын жан-жақты ашып, музыкалық, поэтикалық әдістерді шебер пайдалана білді.
Бұл өнер иелері — Әділ, Өскімбай, Жылгелді, Досат, Тұрсын, Шолтаман, Тәстемір.
Бірінші — Досат әншінің қай жылдары өмір сүргендігі туралы нақты дерегіміз жоқ. Халық аузындағы әңгімелерге Қарағанда, ол көрерге көз керек әдемі жігіт болыпты. Оның әншілігін айтқанда кісілер ішкен асын жерге қоятын болған. Бізге жеткені әйгілі "Досаттың әні" деп аталатын әні. Бұл ән "Қазақтың 1000 әні" атты А.3атаевичтің кітабына кірген. № 13 — Досат атты әнді Затаевичке тапсырған Жұмабаев Иманша деген кісі ("1000 песен казахского народа", 30-6., №374 ән).
Екінші әні — "Бос мойын". Бұл лирикалық ән. Көкжардың базарында кездесіп, көңіл қосқан Ғалия атты сүйгеніне шығарған көрінеді. "Досат әнінің" сөзі:
Барады ауылым көшіп жаймаменен,
Қарашы ақша бетке айнаменен.
20 мен 30 жастың арасында
Өткіздік бұл дүниені айламенен.
Барады ауылым көшіп сазды апанға,
Бал құйса құйқылжиды алақанға.
Біреудің сен де бірі, мен де бірі
Ұқсаймыз ұяда ұшқан балапанға.
"Бос мойын"
Айта бар, барсаң сәлем бос мойынға,
Бос болса келе кетсін осы ойынға.
Құс жастық, патшайы көрпе, белден мамық,
Жатады қандай жігіт сол қойынға.
Көкжарда көп жатқанда ай жатармыз,
Самаурын саздың суын қайнатармыз.
Осыдан Маңғыстауға аман жетсек,
Көздерін қылаңдардың жайнатармыз, —
дейді. Бұған қарағанда "Бос мойын" Ғалияға қойған Досаттың жасырын аты болған сияқты.
Маңғыстаулық жеті қайқының енді бірі — Әділ әнші революцияның алдында өмір сүрген. Қарт шежіреші Алшын Меңдалиевтан сұрағанымызда: "Ірі қара кісі еді, бірде Суат деген жерде Әтембек дейтіннің үйінде ән салып отыр екен. Сол кезде жігіт ағасы болып қалған кісі болатын. Аузы үлкендеу, ән салғанда қоңырлата бастап, сағаға көтерілгенде аузын кең ашып, киіз үйді тітіркендірер еді", — дейтін.
Әділдің біз білетін әні "Әділдің қара әні" деп аталады. Бұл әнді Шамғұл Ибрагимов ақсақал орындайтын еді. Қазіргі кезде белгілі әнші Күріш Тасболатовтың репертуарында бар. Және оны осы жолдардың авторы да орындайды. Сөзі мынау:
Түйені ойпаң жерге шөгергенмін,
Соңына салқамдардың көп ергенмін.
Жарты құрт жан қалтадан жарып жеген,
Құрбыдан сөйтіп жүрген не көргенмін.
Ақ боз ат астымдағы міндім пәмге,
Асынып шұбар мылтық жүрдім сәнге.
Жәй тастап қоңырлатып, шарықтатып
Тұсынан қызды ауылдың салдым әнге.
Ал Өскінбай есімі қазір бүкіл одақ көлеміне белгілі болды десек асыра айтқандық емес. Өскінбай әнші-күйші, жыршы болған адам. Кезінде Өсекеңді түркпен, қазақ түгел білген. Бізге жеткен "Жирен жорға", "Кербез Айша" атты әндері бар. Күйлері қазақ күйлері антологиясына енген. Атақты Мұрат Өскінбаевтын әкесі. Жылгелді — шежіреші қариялар Нысанбай Болманов, Алшын Меңдалиевтердің айтуы бойынша, аласа бойлы, қоңыр жүзді, ақсия күліп жүретін көңілді адам болған.
Кезінде "Ағибаш", "Ағзер" деген әндері болған. Бұл өндерді осы Маңғыстаудан Орынборға барып жүрген Нұраханов Құрмаш деген кісі А.Затаевичке тапсырыпты ("1000 песен казахского народа". №27 он, 35-6.; №30 ән, 36-6.). Қазақ әнін нотаға түсіру, қазақ тілімен бұрыннан етене таныс емес Затаевич сияқты адамға қиын болған. Анық түсініп, нотаға түсіре алмауы аталмыш еңбектен көрініп-ақ тұр. Алшекеңнің айтуы бойынша "Ағзер" әнінің сөзі былай:
Қаратаудың басына ектім қауын,
Қауынымды жұлдырмай жауды жауын.
Көрмегелі көп айдың жүзі болды,
Ағзер жанның білмедім ауру-сауын.
Ұшқан құстың әуеде бауыры күйсін,
Ағзер жанға сәлем де жалғыз жүрсін.
Егерде жалғыз жүрмей болса екеу,
Бізде біреу табармыз өзі білсін.
Ал "Ағибаш" әнінің сөзі мынадай:
Мінген атым астыма қара алаяқ,
Ағибаша барам деп жедім таяқ.
Түсінсеңші, сәулешім, айтқан сөзге
Кетейікші жат елге болып саяқ.
Табан-табан, табан жол,
Сақтаса құдай аман жол,
Сақтамаса жаман жол.
Айтқаныма көнбесең,
Енді айналып келгенше,
Ақ бетіңнен сүйгенше,
Ағибаш, жаным, аман бол.
Әрине, бұл әннің сүйгеніне қосыла алмаған екі жастың жан жүрегінен шыққан сөз екені айқын анық.
Шолтаман — зор дауысты адам, асқан әнші болған. 1963 жылы Қазақ ССР-ы халық ақыны Жанғабылов Сәттіғұлдан сұрағанымызда ол кісі Шолтаман туралы былай деген еді: "Мен тоқсаннан астым. Шолтамандай әншіні осы кезге дейін көре алмадым". Сондағы "Дәләйдім" әнінің сөзі мынау:
Екеу-екеу мінеміз сал кемеге,
Екеу қайтіп сиямыз тар кемеге.
20 менен 30-дың арасында
Ауытқиды ит көңіл әр немеге.
Есігімнің алдында көк тал ағаш,
Тал ағашқа қонады көп қарлығаш.
Қосар болсаң, құдайым жақсыға қос,
Қол ұстасып өтсем де тұт жалаңаш.
Шолтаманның бізге жеткен басқа әнін білмедік.
Тәстемір — ақын болған адам, бірақ ағасы Нұрым жүргесін "Аға тұрып, іні сөйлегеннен без" деген мақалды берік ұстаған кісі болған көрінеді. Оның бізге жеткені "Маңғыстау" атты әні. Бұл әнді әнші Күріш Тасболатов, осы жолдардың авторы және облысымыздағы басқа да әншілер орындайды. Сөзі былай:
Тәстемір — өзім атым, ағам — Нұрым,
Алқада кім сөйлейді бізден бұрын.
Ағамның бар кезінде сөйлегем жоқ,
Қазақтың нақыл сөзін еттім ырым.
Маңғыстау, құлазырсың із кеткен соң,
Тартады жүзің солғын күз жеткен соң.
Бөктеріп қанжығама кетер едім,
Күнелтер қалай халқың біз кеткен соң.
Тұрсын — XIX ғасырдың ортасында дүниеге келген кісі. Әнші, күйші, сегіз қырлы кісі болған көрінеді. Тұрсынды көрген адамдар қазір некен-саяқ қалды. Оны көрген Алшекең қарт таңдайын қағатын еді. "Жарлылау еді. Тұрсын домбырасын алғанда үйде шыбынның ызыңы білінетін еді", — дейтін ол кісі. Тұрсынның лирикалары көп болған, солардың бізге жеткені "Оймауыт" әні. Сөздерін берген Алшын Меңдалиев еді. Сөзі былай:
Оймауыттан келеміз ойған болып,
Қызға сарқыт береміз тойған болып.
Қызыл түлкі сен бол да, қызар да жат,
Қызығыңа тояйық сойған болып.
Бұл ән Затаевичтің "1000 песен казахского народа" жинағына кірген (32-6., №17 ән). Маңғыстаудан Орынборға барып жүрген Қалмағанбетов Қайырбай деген кісі Затаевичпен кездесіп жаздырған, кімнің әні екенін айтпапты. Тек Адай уезінің әндері деген бөлімге кіргізіпті. Екінші әні "Қанжанның" сөзі былай:
Аяғы торы атымның қолауратқан,
Қос дауыс қосылмайды тұмауратқан.
Қанжанжан, ырза емеспін бір өзіңе,
Сөзіңнің керегі не жұбауратқан.
Боз бие саудырмайды бөгелектеп,
Өреді Қанжан шайын жебелектеп.
Болғанда іңір кешкі келем десем,
Тұрады күлімсіреп не керек деп.
Маңғыстаудың әйгілі жеті қайқысы — жеті серісі осылар. Олар әншілігімен аты шыққан халық өнер шеберлері. Біз олардың азғана әндері жайлы әңгіме еттік, ал көптеген шығармалары әлі халық арасында белгілі болуы ықтимал. Сондықтан оларды жинақтап, кеңінен насихаттап, халық арасына жеткізу — баршамыздың парызымыз.
"АҚБӨБЕК" ӘНІ ТӨҢІРЕГІНДЕ
Қазақ әндерінің бірқатарының соңғы кездері бұрмаланып айтылуы, авторларының шатастырылуы, нақты адамдардың әндері халық әндері деген жалпылама атпен орындалып жүруі шынында да еріксіз ойландырады.
Осы мақаланы жазғандағы ойымыз — көптің бірі ретінде өз түсінігімізді, естігенімізді жеткізу ғана. Халық аузында сақталған әні көп. Әлі жиналмағандары қаншама?
Т.Жұртбаев мақаласын оқып шыққан соң, "Өнер" баспасынан 1980 жылғы шыққан, 384 бет "Ән - көңілдің ажары" деген ән өлеңдерінің жинағын қолымызға алдық. Бірінші бөліміне "Халық әндері" деген тақырып беріліпті. Соған қарамастан, осы әндердің ішінде Балуан Шолақ, Жаяу Мұса, Қайып Қорабайұлының шығармалары жүр.
Сөзіміз деректі болу үшін Қайып Қорабайұлының "Ақ бөбек" деген әнін алайық. Жинаққа "Дариға" деген атпен кіргізілген бұл ән эфирге шыққанда да осындай атпен орындалып жүр. Әннің сөздері де түгел бұрмаланған, жаңа сөздер қосылған. "Ақ бөбек" әнінің кітаптағы нұсқасы мынадай:
Дариға-ай, сылаң қағып бұлаңдайсың,
Дүние кетер десем, тіл алмайсың, дариға-ай.
Алтайы құмнан қашқан түлкі дейін,
Қал қатай, қолға түспей бұлаңдайсың, дариға-ай.
Сәулелі жарық айымсың,
Бақытымсың, барымсың,
Дариға-ай, мына жалғанда
Таңдап бір сүйген жарымсың.
Соңғы кезде эфирде де осы тексімен айтылып жүр. Қайып Қорабайұлының бүкіл Қазақстанға белгілі "Ақ бөбек" әнінің бірінші түрінің "Дариға-ай" болып өзгергеніне не себеп? "Ақ бөбек", "бөбегім" деген сөздерді, "Дариға-ай", "қалқатай" деген сөздермен ауыстырғанда, әйгілі "Ақ бөбек" әні "Дариға" атанып, жаңа ән бола ала ма?
Бұл әннің А.Затаевичтің "Қазақтың 1000 әні" деген жинағы бойынша дүниежүзілік музыканың алтын қорына еніп кеткенін құрастырушылар, орындаушылар, насихаттаушылар біле ме екен?
"Ақ бөбек" әні өзара қосыла алмаған Ақ бөбек - Қайып деген жастардың махаббатына байланысты шыққан. Бұл әннің сөзі:
Ақ бөбек, сәйгүлікпен бұлаңдайсың,
Сұм жалған өтер десем, тіл алмайсың.
Алтайы құмнан қашқан түлкідейін,
Ұстатпай әуреге сап бір алдайсың.
Санаменен сарғайып,
Көкірегім толды шеменге.
Қарабайдың баласы
Атым Қайып дегенде, —
деп жалғаса береді. Кейбір орындаушылар қайырмасыз да айтады. Халық аузында Қайыптың жүз шумақтай өлеңі сақталған. Сүйгеніне қосыла алмаған, қудалауға түскен Қайып әр келген сайын ән сөзін өзгертіп айтып отырған. "Ақ бөбектің" екінші түрі былай айтылуы керек:
Ақ бөбек, кеткенің бе серттен тайып?
Адамды Алла айырады ерлі-зайып.
Бөбегім, танымасаң, танытайын,
Баласы Қарабайдың атым Қайып.
Жаңғақта үйім қалды құлай алмай,
Айырылдым Ақ бөбектен құдай алмай.
Қасыма ере тұғын жолдасым жоқ,
Келемін жалғыз қуып шыдай алмай.
Көшкенде көш бастаймын қараменен,
Бір құрық кесіп алдым араменен.
Адайдан таңдап сүйген Бөбегімді
Кедейлер алып кетті-ау параменен, —
дейді. Кейбіреулер "Алла" деген сөзден сескеніп, қысқартып айтады.
Қайыптың өзі Адайдың Бегей деген атасынан. Елі Жем бойын, Елек-Қобда, Жайық, Қаратөбе, Тайсойғаннан әрі Орынборға дейінгі жерді жайлайтын болған.
Ал "Ақ бөбектің" үшінші түрі - "Жалау көк". Қайып мұны Ақ бөбек үшін үстірттен ойға (Маңыстауға) құлап келіп жүргенде, Ақ бөбекке келгендігін сездіру үшін жасырын атпен салған әні екен. — дейді шежіреші қариялар. Бұл әннің өлеңі мынандай:
Жоғарғы елден келемін керге мініп,
Алтын ноқта оқ басты ерге мініп.
Ақ бөбектен тірідей айырылғанша
Жақсы еді одан кеткенім жерге кіріп.
Жалау көк,
Қайтейін, қалқа, амал жоқ!
Жергілікті өнерпаздар орындап жүрген бұл әнді республикалық эфирден естігеніміз жоқ.
Ақбөбек - Қайып оқиғасы әлі толық зерттелмеген, болашақ операға, не романға дайын материал. Тек кезегін күтіп тұрған нәрсе.
Сөз соңында айтарымыз: қазақ әндері белгілі бір нақты жағдайға байланысты адамдардың жүрегінен жарып шыққан ыстық сезімі ғой. Әндердің қай-қайсысының да әуел баста авторлары бар. Олай болса, ән өлендерін бұрмаламай, бірді бірге телімей, өз дәрежесінде сақтап айту — келер ұрпақ алдындағы борышымыз. Біз жинақ шығарушылардан, орындаушылардан, халық әндерін насихаттаушылардан музыка зерттеушілерден соны күтеміз.
ТАҒЫ ДА "ЖЕТІ ҚАЙҚЫ" ТУРАЛЫ
( Дерек )
Ел аузына ілінген әрбір тарихи тұлғалардың қалай легенде де осал адам еместігі өз-өзінен түсінікті. Соларды айтқанда "Адайдың жеті қайқысы" атанған адамдардың есімдерінің осы күнгі ұрпаққа талай тар жол, тайғақ кешуден өтіп жетуіне де таңғалатын ештеңе жоқ. Түрлі заман өзгерістері тарихқа бірде оң өсерін тигізсе, бірде сол әсерін тигізеді. Менің жеті қайқының, болмаса Маңғыстау әндерін зерттеп, жинағандығыма 30—40 жылдың жүзі болыпты. Алғашқы үйренген әндерім "Досаттың әні", Шолтаманның "Дәләйшімі", "Жамал-ай" (Досаттыкі), Әділдің " Қара әні" еді. Бұл әндерді мен сонау 1955-57 жылдары ақшымыраулық Шалқыбай Тәуекелұлы, Қарағұл Тілеубайұлы, Ағұрып Шахыұлы сияқты азаматтардың қонақтықта, той-томалаққа айтып отырғанынан есімде сақтағанмын. Бала кезде үйренген әннің де, жырдың сөздері де, саздары да ешқашан ұмытылмайды да және айтқанда жаңылмайды екенсің.
Сөз жоқ, қазіргі кезде әншілер де, күйшілер де баршылық. Зерттеушілер де жетеді. Біреудің еңбегін пайдаланып, бірақ оны мойындағысы келмейтіндерді де көріп жүрміз. Атын атап, түсін түстемей-ақ қояйын. Әрине, ұят-ақ. Олай істегеннен гөрі "пәленше былай деп жазған екен, менің естігенім былай еді", - деп жазып кетсе орынды болар еді. Ал кейбір ағайындар сенің тірнектеп жинап, теріп баспаға бергеніңді, кейіннен тура сол адамның аузынан өзі жазып алғандай айтатындары, жазатындары да жасырын сыр емес. Менің бұл жердегі айтпағым іштарлық емес, әр заттың ақиқаты керек. Кейбір өнер зерттеушілері Өскінбайдың "Жеті бұлбұл", "Кербез Айша", "Жирен жорға" әндерін нотаға түсіріп, кейбір басылымдарға ұсынып жүр. Оны кімнен естіді, қалайша айтылады, қандай жағдайда жазылып алынғаны жәйлі бейхабар.
Мен бұл әндерді Мұрат Өскінбайұлының өзінен және Жетібайдағы Өскінбай баласы Ишанның өз аузынан үйреніп, белгілі қобызшы Қадиша Балапашқызына нотаға түсірттім. Маңғыстауға бірінші болып, қазіргі тұстастарға таныстырған да мен едім. Шындығын айту керек, үлкен кісілердің айту мәнері жағы босағандықтан келмей жататын кездері болады. Соған байланысты иірім-қайырымдарға әннің келісіне, дыбыстың жүрісіне, шарықтау биігіне, дыбыс үйлесімінің жымдасуына қарап, Өсекем осылай салған болу керек, деп сәл-пәл дыбыс ырғағын, болмаса ән екпінін өзімше салып өзгерткен жерім де бар. Нотаға да дәл солай түсті. Халық әндеріне мұндай өзгерістердің түсуі тән нәрсе. Сондай жолдармен дүниеге қайта келген әнді біреу сыртыңнан қайта жазып, иемденіп, өзі халыққа республика, облыс, аудан көлемінде насихаттап жүргендей қылып жазып, еңбегіңді пайдаланып, басқа басылымдарға ұсынып жүрсе қалай қынжылмасын.
Бір ініміз мақаласында Өскінбайдың "Кербез Айша" деген өлеңі туралы: "Өскінбай бірде Шағадам бетінде болуы керек, өте шебер, буынсыз биші Айша деген қыздың бар екенін естиді. Ол кезде сирек кездесетін өнер түрі болғандықтан, Өскенбай серіктерімен әдейі іздеп барып, көріп, танысып дегендей мың бұралып, қаздай қалқыған қыз өнеріне көңілі кетіп, "Кербез Айша" деген әнін шығарған", - дейді. Кімнен естіді, кім айтты — айтылмайды. Әрине, бұлай жазу өнер зерттеушінің ісіне жатпайды.
"Кербез Айша" туралы деректі мен Мурат Өскінбайұлының тірі уақытында өз аузынан естідім. Айша Мамыртай руының қызы екен. Дәл кімнің қызы, әкесінің атын Мұратекең де айта алмады. "Жасымда естіп едім, ұмытып қалыппын", — деді. Бұл — 1980 жылы шеберлік Мүйімсәт, Мұратекең және менің Алматыдағы Қазақстанның екінші ақындар айтысына бару сапарымызда болған әңгіме еді. Осы екі ақсақалмен бір бөлмеде жаттым. Кешкі әңгімелеріміз өнер төңірегіңде болатын. Қазір екеуі де арамызда жоқ Олармен бірге жүрудің қызықта, күлкілі де жерлері көп еді ғой, ол өз алдына бір әңгіме.
Сонда Мұратекең былай деген еді: "Мамыртай аулы онша көп ауыл болмағанмен мал біткен ауыл көрінеді. Маңғыстауда Түпқараған бетін жайлағандары орташа шаруалау, ал Арқаға көшетін байлары екен. Сондай малды атанғанның бірі кәдімгі Ақ бөбектің әкесі Есжан екенін өздерің білесіңдер. Ал Самнан жоғары жүретіндері бір бөлек. Сонау Ырғызбай — Қарасай бетіндегі Асалы - Көкетай оқиғасы да осы Мамыртай аулына қатысты. Олар кейбір жылдары ғана Маңғыстауға құлап, көбіне сол бетте болады екен. Жаз шыға Қарақамыс — Темірге, Шалқарға, не Орынбор, Елекке қарай көшіп кетеді екен. Сол елдің бір белгілі адамы бір жылы Маңғыстаудың ойындағы "Сабынды Әулие" деген жерге қыстап, жаз шыға ел қырға көшкенде елдің алдын алып көшіп, сауын айтып, Мәлібек құдығының басында ас береді. Осы асқа Өсекең де барады. Осы сапарда "Қара аттың белі қайқы, қан таңбалы, Адайда неше мал жоқ сан таңбалы, өлеңді бір-екі ауыз айтамыз деп, несіне аттан түсіп талтаңдады", - деген ән жолдары туады. Сонымен қатар Өсекеңнің "Кербез Айша" әні, "Кербез Айша" күйі осы сапардан туған дүниелер еді", -деген Мұратекең өз аузынан.
Егер бізге жеткен қариялардың сөздеріне құлақ түрсек, Айша қыз әншілік және бишілік өнерді бірдей дарытқан адам болса керек. Әрине, ол кезде Маңғыстауды жайлаған ауылдардың қыздарының би билеуі екі талай. Көшіп-қонып Орынбор, Көкжар. Қарақамыс, Оймауыт, Гурьев базарларына ата-анасымен бірге барып жүрген Айша қыздың бала да болса бишілерді көруі, болмаса биді қызықтауы. базардағы ән-би өнерін көрсеткен адамдармен кездесуі әбден ықтимал... Бишілік өнері де соған байланысты болуы мүмкін.
Айшаның әншілігі жөнінде де әңгімелер баршылық. Оның сіңлісі Ғайша да әнші болған. Айшаның: "Болғанда атым Айша, сіңлім Ғайша, аяқты баса алмайды жорға тайша", — деп әнге қосуының өзінде де үлкен мән бар. Мал біткен ауылдың қызы, аяқ басуы солай болмай, қапа болады. Әншінің бізге жеткен әнінің аты "Әмірхан". Әннің Айшаның әні екендігі атынан көрініп тур. Туу тарихы қосылған адамының атына байланысты. Бай Айшаны бір жылы Ор бойына барып жаз жайлап, күзде матын базарға сатып, сол жылы Таманың бір байының баласына береді. Айша Әмірханды сүймейді. Жүрегі дауаламайды. Бірақ заңдылықтың аты — заңдылық Әке батасын бұзуға болмайды. Сөйтіп жүріп екіқабат болып ұл туады. Осылардың бәріне көнген Айша "Түсті ғой аяғыма темір кісен" деген ән жолдарымен түйіндейді. Бір жар жылдықта жазушы Ақселеу Сейдімбеков: "Әмірхан" Балқаш жағының, яғни Арқаның әні", — деп мақала беріпті. Онысын білетін адамдар, "Сорпа, саған сөз жоқ" дегеннен басқа айтары қалмады. Біздің жерде Айшаның:
Шолтаңдайды құйрығы торы тайдың, Жатысына қарашы біздің байдың, — дейтін және тағы басқа ауызекі өлеңдері көптеп кездеседі. Жалпы тарихты білмей емес, хабардар бола тұра бұрмалап, жиендік жасау жараспайды.
...Жылгелді туралы менің 80-ші жылдардың ішінде жазған мақала дәлелдемелерімді, өлең жолдарын бұзбай қайталап, қайта-қайта газетке жариялап, білгірлік көрсетіп жазған ағаларымыз да бар. Бір өкініштісі, өздері бір әннің басын қайырса бір сәрі ғой. Оған не дерсің?
Шолтаман әнші жөнінде де дерек айтушылар баршылық. Маған дерек берген адам халық ақыны Сәтіғұл Жаңғабылұлы еді. Шолтаманды сол кісіден артық білетін адам бар деп білмеймін. Ал "Дәләйшім" әнін мақаласында көрсетіп жүргендер бұрын біз жазғанды қайталап жазады да, ол деректі кім айтқандығы, кім жазғаны туралы аузын ашпайды. Шолтаманның 300-дей әні болыпты дейді бір ініміз. Бұл неғылған көп ән. Неліктен халық аузыңда соның оны қалмайды. "Сарыөзен" әнінің сөзін берген адам, неге бір-екі әнін салмайды. 300 әннің бар екенін біле отырып, 1-2 әннің әуенін неге есте сақтамайды. Түсініксіз... Маңғыстаудың жеті қайқысының бірқатарының әні А. Затаевичтің "Қазақтың мың әні" жинағының ішінде бар. Бірақ ән ноталарынан өз дәрежесінде бір ән шығады деп, өз басым айта алмаймын. Себебі, А.Затаевичтің әндердің кейбір иірім-қайырымдарын жазуға ғана мүмкіндігі болған.
Дерек жинап, өнер зерттеушілердің бірі Досатты — "Досат Мұстафаұлы" деп жазыпты. Өзінің руын білетін кейбір шежірешілер Досатты Бәймембеттің өзінің баласы дейді. Бәймембет Маяұлы белгілі кісі екенін екінің бірі біледі. Мұстафа туралы дерек мәлім емес. Соңдықтан да бұл деректің де анық-қанығына жеткеніміз дұрыс. Зерттеушінің "Досат Мұстафаұлы Бәймәмбеттің Қырымқұл тарауынан" деуі үлкен қате! Ол Әнеттің ұлы Маяның тұқымы екенін маңғыстаулықтардың екеуінің бірі біледі десем өтірік емес.
Әнші сазгер Тастемірге байланысты оны Шыршығұлұлы деп жазу үлкен қате және қисынсыз. Рас, Тастемірдің Қосай аулынан шыққан әнші екені рас. Бірақ Жаман адай тақтасынан емес. Ол Қосайдың бір баласы, Тіней тарауынан. Асқан әнші болған кісі екені әнінен де көрініп тұр. Ол:
"Тастемір — өзім атым, ағам — Нұрым
Алқада кім сөйлейді бізден бұрын ", —
десе, Нұрым бөтен бе? Ол да Қосайдың бір баласының ұрпағы емес пе? Ал осы кезге дейін Тіней атам балалары Сағызда көп болса, Шағадам бетінде Жаман адайлармен бірге қоныстас болғандығы да тарихи шындық Бозашыдағы Керел, Долгий беткейіндегілері өз алдына. Тастемірдің бейіті "Шыршығұлда", Нұрымның әкесінің, яғни Шыршығұлдың қасына жерленсе, оның қоныстастығында, ағайындығыңда. Бір айтарым, өзі көрмей білмей, сұрастырмай, біреудің жазғанын қайталау, бұл да мәдениеттіліктің белгісі емес. Тастемір жөнінде менде азды-көпті деректер бар. Кім кімнен тарайды, соны анықтау келешектегі іс. Анықтауға уәде бергендер бар, алда көре жатармыз. "Тастемір Шыршығұлұлы" деп жазып жүргендер — мені қайталаушылар. Бұрынғы жазғандарымда Тастемірдің шығу тегі жөнінен менің де қатем бар. Оған оқырмандардан кешірім сұраймын.
Тұрсын Алдашұлы туралы да әттеген-айлар кездеседі. Тұрсынның шебер домбырашы болғаны да рас. Ол жөнінде қайқының туысы кәрі құлақ ағамыз Өтепов Қожа біраз деректерді осы жолдардың авторына айтқан-ды. Әншінің "Көлқайнар", "Оймауыт", "Айырық" әндерін өмірге қайта оралтқан біздер екеніміз мақтаныш. Ол әндерді қандай мехнатпен жинағанымды, қалай елге таратқанымды тілеулес інілерім біледі. Тіпті өзім жаңа орындап жүргенімде "Көлқайнарды" үйретші, - деп белгілі өнерпаз Жеткізген Сейітов телефонмен үйренген. Әннің айтылуының, елге тарауының өзіндік құпиясын мен ғана білемін. "Айырық" әнінің сөзінің дұрыс-бұрыстығына ақын Светқали Нұржановпен ақылдасқанымыз бар-ды.
Осы шағын мақалада айтайын дегеніміз, өнерге жанашырлық жасау — дұрыс та имандылық іс. Дегенмен кісі еңбегіне қиянат жасамау - азаматтың ісі. Еңбегін пайдаландың екен, қайдан, кімнің еңбегін оқығаныңды атай кету дұрыс. Бір-бірімізді дұрыс түсінейік, ағайын. Алда Алматының "Қағанат" баспасынан ақын Сайын Назарбекұлының демеушілігімен Маңғыстаудың саз мұралары жеке кітап болып шыққалы жатыр. Соған байланысты бұрын белгісіз қолда бар материалдарыңды осы жолдардың авторына жібергендерің дұрыс.
ҚАЙЫП ҚОРАБАЙҰЛЫНЫҢ ӘНДЕРІ
Маңғыстау топырағында туып-өсіп, өткен заманның әр түрлі қиындықтарына кездескен, өлеңімен, әнімен адал махаббатты шырқап өткен әйгілі әншілердің бірі — Қайып Қорабайұлы. Біз бүгін әңгіме еткелі отырған оның әндерінің бәрі де өткен кезеңнің әділетсіз көріністерін көрсетеді. Бұл өндер негізінен Ақбөбек пен Қайып арасындағы аянышты махаббаттан туындаған. Оларды орындау ерекше шеберлікті қажет етеді.
Қайып, негізі, етікші, зергер болған адам. Адайдың атақты байларының бірі Бәйімбет — Мамыртай руы Есжан байдың Ақбөбек атты қызына етік тігуге келген шебер. Қыз Кедейдің Есберген деген адамына атастырылған. Қалың малы берулі, қызды нелер қымбатпен киіндіріп, тойға дайындық жүріп жатады. Ауылға Қайып келгеннен бері Ақбөбек етікті киіп көру сылтауымен шебердің қасына келе береді. Осының арты сүйіскен жастардың драмасына айналады. Бұл оқиға Қайып әндерінің тууына, халық арасына аңыз болып қалған Ақбөбек-Қайып оқиғасының желісіне айналады.
Қайыптың бірінші әні "Ақбөбектің" бірінші түрі. Қазіргі қазақтың белгілі әншісі Ғарифолла Құрманғалиев айтып жүрген ән. Эфирде халық әні деп аталып жүр. Себебі, Қайып Қорабайұлы туралы, оның артта қалдырған әні, асыл мұралары туралы әлі күнге зерттеуші болған жоқ, мардымды дерек аз. Кезінде қазақ ақыны Балтабай Адамбаев "Ақбөбек" атты поэма жазды. Драматург Берік Қорқытов пен Уәйіс Қайралапов "Ақбөбек" атты пьеса жазып, Махамбет атындағы Гурьев драма театрында қойылып жүрді. У.Қайралаповтың "Ақбөбек" атты дастаны Форт-Шевченко аудандық газетінде басылды, бар болғаны осы ғана.
Қайып Қорабайұлы әндерінің алғашқы ноталық жазбалары Ұлы Октябрь революциясынан кейін ғана қағазға түсірілді. А.3атаевичтің "Қазақ халқының 1000 әні" атты музыкалық-этнографиялық жинағының нәтижесінде қазақ халқының ұлттық музыкалық мәдениетінің алтын қорына Қайыптың "Ақбөбек", "Жалау көк" әндері де қосылды (Александр Затаевич, "1000 песен казахского народа", 27-6., №3 өлең; №5 өлең; 28-6., 33-6. №20 өлең, т.б.) . А.Затаевичке.
"Ақбөбек" әнінің бірінші вариантын берген Аманшин Мұратбай деген кісі. Екінші вариантын берген Атантаев Ережеп, үшінші вариантын берген кісі Жалау Мыңбаев.
Енді осы әндердің шығу тарихына тоқталып көрелік. Қазіргі пластинкадағы Ғарифолла Құрманғалиев орындап жүрген "Ақбөбек" атты әннің сөзі аздап бұрмаланып айтылып жүр. Негізгі тексті былай:
Ақбөбек, сәйгүлікпен бұлаңдайсың.
Сұм жалған өтер десем тіл алмайсың.
Алтайы құмнан қашқан түлкідейін,
Ұстатпай әуреге сап бір алдайсың.
Ақбөбек, кеткенің бе серттен тайып?
Адамды Алла айырады ерлі-зайып.
Бөбегім, танымасаң танытайын,
Баласы Қорабайдың атым - Қайып.
Әннің бұл варианты Ақбөбектің "ақ бата" деген дәстүрден қорқып, бір шешімге келе алмай, әуре-сарсаңға түсіп жүрген кезінде Қайыптың салған әні болса керек. Ал екінші варианты қазіргі Ғарифолла Құрманғалиевтің айтып жүрген "Дариға" атты әні. Бұл әннің туу тарихы да өзгеше. Ақбөбекті алып қашып кеткен соң Ақкуыс-Шөжік деген жерде Кедей руының қуғыншылары қуып жетіп, Ақбөбекті айырып, Қайыпты байлап алып қайтады. Ауылға келгенсің ақсақалдар араласып, Қайыпты босатады. Қайып айналсоқтап жүріп, ақыры екінші рет тағы алып қашады. Қуғыншылар "Жарғұдық" деген жерден Ақбөбекті екінші рет алып қайтады. Сол жерде: "Жаңғаққа " үйім қалды құлай алмай,.
Айырылдым Ақбөбектен құдай алмай,
Айырылып Ақбөбектен қалғаннан соң
Бір апта ессіз жаттым жылай алмай, —
деген ән сөздерін шығарады.
Алыс кете алмай, Тамды, Бескемпір деген Қаратаудың суы бар жерлеріне келіп тығылып, түнделетіп ауыл маңына келіп ән салады. Бұл әннің бізге жеткен тексті былай айтылады:
Қарадым жабығыңнан қаздай бойлап,
Бөбегім отыр екен ақыл ойлап.
Адайдан таңдап сүйген асыл жарым,
Көрмедім қызығыңды бір күн ойнап,
Атыңнан айналайын "Бөбек" деген,
Бөбек, деп Қайып сорлың безектеген.
Апырмай, ауылында ескерерлік
Жан жоқ па ғашық атын сезеді деген, —
дейді. Осылай сырттан зарлап жүрген, сүйгеніне қосыла алмай, ауылға жақын келе алмай жүрген Қайыпқа айтқан, торға түскен торғайдай жырлаған Ақбөбектің сөзі де адамды тебірентпей қоймайды:
Айырылған сүйген жардан жаман екен,
Ажалсыз өздігімнен өле алмадым.
Барғаның сәлем айтын Қайыпжанға,
Кедейге бауыр басып көне алмадым,
Санаменен сарғайып,
Көкірегім толды шеменге.
Шырамытып мен тұрмын,
Қарабайдың баласы
Атым — Қайып, — дегенге, —
дейді. Осы қайырма Ғарекең салып жүрген "Дариға" атты әннің қайырмасында өзгерген түрінде айтылады.
Бұл әндердің тууына және халық аузында сақталуына Қайыптың да, Ақбөбектің де ескіше хат тануы себеп болған деуге негізіміз бар. Оған дәлел ретінде Ақбөбектің Қайыпқа айтқан мына сөзінен үзінді келтірсек жеткілікті сияқты:
Бөбектің күндіз-түні ойы сенде,
Қайтейін, құдай сүйтті, мен — шерменде,
Құдай да күштілерге қосылады,
Қойды ғой жамандарға етіп пенде.
Немесе Қайып:
Ақбөбек, сүйген сәулем, едің теңім,
Көңіліңде басылды ма тентек желің?
Егерде қосыла алмай арманда өтсек,
Дүние-ай, екеумізге бергей өлім, - дейді.
Ақыры осы оқиғаның арты Форт-Александровскідегі уездік сотқа тапсырылып, Ақбөбек пен Қайып Форт-Александровск түрмесіне қамалады. Ақбөбекті Есіркеп судья деген кепілдікке алып, үйіне бірнеше күн сақтайды. Осы күндері "Ақбөбекті көрем" деп келушілер көп болады. Сол көптің бірі болып атақты суырып салма Бектеміс Сауран ақын да келеді. Сауран ақын жарлылықтан көп алысқа шыға алмаған, өлендерін қағазға түсіре алмаған, балықшылықпен күнелткен көрер көзге ажарсыздау, қап-қара адам болыпты.
— Апырмай, екі елді қырылыстырып жүрген сұлуды біз де көрейікші, — деп Есіркептің алты қанат ақ үйінің сықырлауығынан сығалаған Сауранға Ақбөбек: "Жұрт қараса қарасын, сен сорлыға не жоқ", — депті. Сонда Сауран кідірместен:
Қамысы Атыраудың буын-буын,
Аралдың атар мерген ақша қуын.
Әлегің алты жылға кетті, Ақбөбек,
Жыққан жоқ Кедей-Бегей тіккен туын,
Әр елден әр адамды ұстағансың,
Қарашы, Ақбөбектің құйқылжуын, —
деп кетіп қалыпты. Судья Ақбөбекті Есбергенге қосып, Қайыпқа айып салып, түрмеден босатады. Осындай әуре-сарсаң жүрістің уақытында "Жалау көк" әні туады.
Жоғарғы елден келемін керге мініп.
Алтын тоға, ақ басты ерге мініп.
Әлі айырылмай Бөбектен, тірі айырылып,
Қалған жақсы еді онан да жерге кіріп.
Көкірегімді өрт алды, дерт жайлап,
Бөбекжан, тапсаңшы бір ақыл ойлап.
Сүйген жардан ақыры айырылған соң,
Төңбекшідім күндіз-түні, ия, құдайлап, —
деп, ақыры Қарақалпақ елін бетке алып екі қанат күркесін, шешесін алып көшіп тынады. Қазір Қайыптың ұрпақтары Тәжікстан жерінде тұрады деген сөз бар, бірақ нақты дерегіміз жоқ. Қайыптың арғы атасы Тобыштың Бегей деген атасы. Бегейден үш бала — Қосақ, Қозыбақ, Малай туады. Малайдан атақты батыр Өмір, Темір туады. Бұлар "бек сауытты Бегей" атанған батырдан тараған елдер. Бегей аулынан зергер, етікшілер шыққан. "Бегейдің бес тақасы" атанған адамдары болған, соның бірі осы - Қорабайұлы Қайып. Қайып Қорабайұлының бұдан басқа әндері болды ма, болмады ма, өкінішке орай, бізге белгісіз.
Қазақ халқының музыкасын зерттеп, насихаттауда ерекше танылған зерттеуші, жан-жақты адам академик А.Затаевич еді. Ол кісі де Маңғыстауға келе алмай, сол кезде Қазақстанның Орынборға барған жекелеген адамдарынан жазып алған еді. Затаевичтен басқа Маңғыстау ән - музыка өнерін зерттеуге ат басын бұрған ғалымдар некен-саяқ.
Маңғыстаудағы өнер адамдарының әндерін жазған, жазып алған адамдардың жанашырлығының аздығынан осы өндердің шашырап әркімге телініп, бір жүйеге осы кездерге дейін түсірілмей жүруі қынжыларлық жағдай. Маңғыстауға Қазақ ССР Ғылым академиясынан фольклорлық экспедициялар сирек келеді. Маңғыстаудан небір сөз асылдарын әлі де көптеп кездестіруге болады.
Қайып Қорабайұлының творчествосын, өмірін, қалдырған тағы қандай мұралары бар, соларды зерттеу, насихаттау, әрине келешектің ісі. Ел арасында оның әндерін білетіндер хабарласып, оны көпшілік игілігіне айналдыруға үлес қосса, нұр үстіне нұр болар еді.
1980 жыл
САУРАН АҚЫН
Абыл, Ақтан, Нұрым, Қашаған, Қалнияз есімдері атадан балаға аңыз болып жеткен. Маңғыстаулық осы ақберен сөз зергерлерінің ізбасарларының бірі — Сауран ақын.
Сауран осы күнгі Қаражанбас кен орнына таяу теңіз жағасында Орта еспе деген жерде туып-өскен. Бертінірек көп жылдар Сартас жанындағы Шиіліқұдықты мекен еткен. Ақынның ұрпағы қазір Ералиев ауданы, Ералиев атындағы совхозда тұрады.
Бізге жеткен ауызекі әңгімелерге қарағанда, Сауран ақын өлеңді көп шығарған. Өз творчествосында әділдікті ту еткен. Шымшыма сықақтары арқылы парақор би, болыстарды, олардың жандайшаптарын сынап, жер-жебіріне жетіп отырған. Жарлылықтың әсерінен көбінесе алысқа ұзап шыға алмай, теңіз жағасынан балық аулаумен күн көрсе де оның есімі осы төңірекке кеңінен танымал болған сияқты.
Сауран творчествосынан бізге жеткендері болмашы ғана. Сол болмашының өзі-ақ оның көркем сөздің дүлдүлі болғандығын сипаттайды. Ақынның бірнеше өлеңі әйгілі Ақбөбек — Қайып оқиғасына қатысты шыққан. Баршаға белгілі Ақбөбек Есжан дейтін атақты байдың қызы болған. Жас күнінде Итбай байдың Есберген дейтін баласына айттырылып қойылады. Бірақ сұлу қыз аулына етік тігуге келген Қайып дейтін жарлы жігітті ұнатады. Ақыры Қайып Ақбөбекті алып қашады. Бірақ Итбай аулы жасанған қолмен барып Ақбөбекті тартып әкетеді. Ел арасы бүлінеді. Ақыры бұл іс ушыға келіп, 1887-1888 жылдары Форт-Шевченкодағы уездік үкіметте қаралады. Сол жерде Сауран ақын: "Сері Қайып ғашық болған сұлуды қарайыншы, "жақсыны көрмек үшін" деген ғой", — деп Ақбөбек қамаулы үйдің босағасынан сығалапты.
Сонда ашулы отырған Ақбөбек:
— Байғұс түріне қарамай, бұл да сұлу көргісі келеді-ау, — депті. Сауран ақын көрер көзге қораш, киімі де жұпыны кісі болса керек. Сонда бұл сөзге намыстанып қалған ақын Ақбөбекке:
Қамысы Қаракөлдің буын-буын,
Арқаның атар мерген ақта қуын.
Әлегің алты жылға жетті, Ақбөбек,
Жыққан жоқ Кедей, Бегей тіккен туын,
Әр елден әр адамды ұстаған соң,
Қарашы, Ақбөбектің құйқылжуын, —
деп жауап береді.
Сауранның Құрекеш ақынмен айтысып, жерге қаратып кетуі де осы оқиғамен сабақтасып жатса керек. Құрекеш те сол кездің ауызға ілініп жүрген айтулы ақындарының бірі болғанмен, оның творчествосының ауқымы көбінесе мықтыны мақтау, азулының аузын алу, әлсізге тізе көрсетуден, ел араздығын қоздырудан әрі аспаған. Жасыратыны жоқ, бұл бағытта ол әжептәуір атағы бар ақындардың бірінен саналған. Оған оның мына бір өлеңі куә. Ел арасында оқу, білімді уағыздағысы келген Мансұр, Шелей дейтін ортадан жоғары дәулеті бар екі ағайынды ақсақал төңіректегі көрші-қолаңын жинап, Сасық дейтін судың басына мешіт салды. Бұл мешіттің сұлбасы Солтүстік Үстіртте Сасық дейтін бұлақтың басында әлі тұр. Бұрын болған бір тойда Мансұр мен Шелейге "той бастау жолын маған бермедің, сый-сыяпат кем болды" деген өкпесі ішінде кеткен Құрекеш бұл мешітті былай деп сынайды:
Өтеген, Баспай ар жағың,
Мансұр, Шелей бер жағың.
Сасық суға бір мешіт
Ала жаздай салғаның.
Салған құрлы көп болды
Ұрыс-керіс, жанжалың.
Есжан Ұста, Сасықбай,
Бекетберген, Ізбасхан
Бетің жаман сазарған.
Мешітке деп берілген
Алпыс сом мен бурыл ат
Пайдаңызға жаралған.
Мешіт тойы болған күн
Жауыр құнан, төрт қойдың
Еті піспей шықты қазаннан.
Міне, Фортта қаралғалы жатқан Ақбөбек - Қайып дауына осы Құрекеш те келеді. Жай келмей Есбергеннің шашбауын көтеріп, онсыз да өршіп тұрған даудың қоламтасын көсей келеді. Сауранның жоғарыдағы өлеңіндегі "жыққан жоқ Кедей — Бегей тіккен туын" дейтін жолдағы Кедей, Бегей ру аттары. Ескі ру жүйесімен алып Қарағанда, Есберген де, Құрекеш те Кедей руынан, ал Қайып — Бегей, Ақбөбекті Қайыптан айырып алудың алуан түрлі құйтұрқы амал-айласын қамдастырып жүрген Құрекеш — от тілді, орақ ауызды, шындықтың шымылдығын жасқанбай ашатын Сауранның мына оқиғаның үстіне келе қалғанын жақтырмайды. Уезд кеңесінің алдында жиналып тұрған көп кісінің көзінше бірден жасқандырып тастамақ ниетпен Сауранға былай деп тиіседі:
Ассалаумағалайкум, Саураным-ай,
Сексенге келіп жасың қурадың-ай.
Қаңғымай қартайғанда жатпайсың ба,
Білмейсің бастан бақтың ауғанын-ай.
Сонда, онсыз да Есберген, Құрекештердің озбырлығына ызаланып, әлсіз Қайыпты аяп тұрған жаны жаралы Сауран оған былай жауап береді:
Уағалайкүмассалам, Құрекешім,
Кеңседе әзіл айтып тұр екенсің.
Жан жарын бір жарлының тартып алдың,
Ақын емес, арамза ұры екенсің.
Сонда "сезікті секірер" деген емес пе, әрі арқалы ақынның мысы басқан Құрекеш теріс айналып жүре беріпті.
Міне, осындай ақпа-төкпе өлең жырдың жүйрігі, Сауран ақынның бар творчествосы осылармен шектеліп қалмаған. Ел арасында әлі де болса қамқор көзден қалыс қалып келе жатқан ақын мұрасын жинақтап, көп назарына ұсыну әбден қажет.
АҚЫН МҰРАСЫ - КӨПКЕ ОРТАҚ
"Маңғыстау" газетінің 1990 жылғы 25 қаңтардағы №18 санында ақын жерлесіміз Елбай Қосымбаевтың өмірі мен творчествосы жөнінде жазылған "Сайраған ізі қалды жер бетінде" атты журналист Мұрат Әбуовтың мақаласын оқып, өзім білетін біраз жайды ортаға салғым келді.
Елбай Қосымбаев мұрасы көреген көзден қағыс қалып келе жатқан жоқ. Елбай есімі көптеген өлең-жыр жанашырларының көңілінен орын тапты. Бұрынырақта Елбай өлеңдерін халық жыршысы Жанжігіт Қосназаров талмай жырлайтын. Қазіргі кезде Амандық Көмеков, Жеткізген Сейітов, Абдол Нысанов сияқты жыр өнерінен хабардар азаматтардың репертуарларынан орын алған.
Елекең туралы филология ғылымының кандидаты, ғалым Қабиболла Сыдықов '"Ақын-жыраулар" (Алматы: Ғылым, 1974) кітабының 189-бетіңде: "Сәттіғұлдың өзімен қанаттас, әрі жыршылық өнерді тең ұстап, халықтық дәстүрді жаңғырта жырлаған замандастары һәм шәкірттері Елбай Қосымбаев және басқалары. Бұлар әрі халық мұраларын насихаттаушы, әрі советтік өміріміздің өскелең рухымен шабыттанып, дәуір жаңалығына үн қосып келе жатқан насихатшы — үгітші ақын", — дейді. Оқушы жұртшылыққа оның есімі соңғы кезде ғана мәлім бола бастағанын айтады. Ертеректе жыршы Жанжігіт Қосназаров ағамыздан Елбай жайында сұрағанымызда: "Ой, несін айтасың, жанып тұрған жігіт еді", — дегенін естігенбіз. Жөкеңнің сол айтқанын Елекеңнің өзінің мына сөздері де нақтылай түскендей: Мен жүйрік, топтан озған заманында, Сұңқардай жүрмін елдің самалында.
Жігіттік бастан өтер, қолдан кетер, Сөйлейін қызыл тілдің аманында, — деуі, немесе:
Адам бір миуалы ағаш, зәулім терек,
Ағашқа жеміс әсер жанға керек.
Ұқсасақ жемісі жоқ қу ағашқа,
Жаралып адам болып неге керек? —
деп ой тастайды. Кезінде ақынның біраз өлендерін оның туысы Ыбыраш Жұбанов ағамыз маған табыс еткен болатын. Мен сол өлеңдерді көшіріп, Қазақ ССР Ғылым академиясының әдебиет қорына табыс еткенмін. Ол өлеңдерді ақтарып қараған сол институттың қызметкері, жоғарыда аталған Қ.Сыдықов маған хат жолдап: "Елбай Қосымбаевтың өлеңдерін алдық. Сенің жіберген өлеңдеріңде бұрын бізде бар өлеңдерімен салыстырып қарайтын жерлері баршылық екен", — деген болатын. Хат менде сақтаулы. Елекеңнің менде "Жолдастар, жаздым өлең ермек үшін" — деген асыра сілтеудің уақытында бір жар жыл түрмеде отырғандағы шығарған насихат өлеңі, Жанақ руының жігітімен айтысынан үзінді, "Жарандар, құлақ салыңыз" деген толғауы, Елбайдың тәкәппар менмендерге шығарған толғауы (345 жолдай), Сабытай баласы Жандайға айтқаны, Шат қорымындағы Көрпе руының өлген адамының тамы біткеннен кейін айтқан 15 жол өлеңі, ағасы Жолбай салған тамға жазып берген: "Үшбу сарай ғимарат, Бәубек Жолбай шебері" деп басталатын өлеңі. "Әлеумет, келдің құрала" деген нақыл толғауы бар.
Меніңше, Елекең болжампаз ақын, ол барлық өлеңдерінде болашаққа сенеді. Мысалы, түрмеде жатқанда жазған "Жолдастар, жаздым өлең ермек үшін" деген өлеңінде: "Біз жатқан тұтқын үйде кілең кедей, Бейкүнә іліндік біз ішпей-жемей... ...Айырар сорлылардың адалдығын, Советтік үкіметтің әділ заңы-ай ", — деп сенетін үкіметіне аманат артады. Ал "Жарандар, құлақ салыңыз" деген толғауында Ленин өлімін егіле жырлайды. Бір жерінде:
Ту ұстаған майданда
Басшысынан айырылып,
Еңбекші табы еңіреп,
Арманда болып қалыпты, —
десе, соңғы жағында халықты бірлікке, елдікке шақырады:
Қызыл туды берік ұстап,
Ленин салған жолменен,
Соңынан біз де ереміз, —
деуі ақынның Ленин әкелген Ұлы Октябрь революциясының жеңісін насихаттауы және оған иманындай сенуі еді. Шынында, мақалада айтылғанындай, уақыт көзімен қарағанда, ұлы көсемнің өліміне қайғырған Елекеңнің бұл шығармасы Қазақстан аймағындағы Ленин өліміне арналған алғашқы жырлардың біреуі екені даусыз.
Елекеңнің тәкаппар мен менмендерге арналған ұзақ дастаны дүние рахатын көрмей жүрген даңғой атақ құмарларға берген үлкен соққысы. Онда: Тәкаппар менменнің Қабыл емес тобасы, немесе:
Азаматты қорласаң,
Астамшылық ойласаң,
Бақытың қайтып, шабандар, —
деп түсінгенге ой тастайды. Сөз жоқ, Елбай Қосымбаев шығармалары, М.Әуезов айтқандай, әлде де қамқорлауды, жинауды, зерттей түсуді керек ететін дүние. Біздер, бүгінгі қайта құру заманының адамдары, рухани қазыналарымызды, осы Елекең сияқты саңлақтарымыздың мұрасын халық игілігіне жаратсақ, нұр үстіне нұр болар еді. Меніңше, мұңдай нәтижеге жету үшін біздер, әрқайсысымыз, өзімізді халықтың бір бөлшегіміз деп танып, халық мұрасының табылған бір жол сөзін қастерлеп жинап, керекті жерлерге тапсырып, насихаттап жүрсек, ыдырамас бірлігімізді білдірер еді-ау. Мұндай ниет ешқандай кезек күттірмейтін, ешқандай кейінге қалдыруға болмайтын игі ұмтылыс болмақ. Шынын айтсақ, осы кезге дейін халық жадында жатталып, бірлі-жарымды шығармалары қалған, басқа өлеңдері жоғалған ақындарды "Айдағаны бес ешкі, ысқырығы жер жарады" деп топшылайтын ұлттық нигилистер болды. Осындай орынсыз оймен өз халқың мен ұлттық мәдениетіңнің алдыңдағы парызыңды қалай өтерсің?!
Қазақ совет әдебиеті, сөз жоқ, қарыштап дамыды, қазір құнарланған үстіне құнарланып жатыр. Бүгінгі тіршіліктің бұйрығы — халықтың өз мұрасын өзіне жаңартып қайтарып беріп отыру. Олай болса, Елбай Қосымбаев өлең-жырлары жоғалмақ емес. Баспа жүзін көрмеген, ел аузында жүргендерін жинап, болашақта басып шығару — келелі мәселе.
"Елбай Қосымбаев биыл 90 жасқа толады", — дейді аталмыш автор. Ал ақынның туысы Ыбыраш Жұбанов ағамыздың дерегінде ақын 1898 жылы туып, 1932 жылы өлген делінген. Егер Ыбекең дерегіне сенсек, ақын 34 жасында өлген, қазір 92 жаста болғаны. Қабиболла Сыдықов зерттеуінде ("Ақын-жыраулар", 196-6.) 1898 жылы туып, 1932 жылы өлген делінген. Ол дұрыс болса, 34 жасында өлгенін, қазір 92 жаста екенін растай түседі. Мұрат Әбуовтың ауылдастарының айтқан, ақынның туған жиені Қ.Өтебаев пен туған қарындасы Балдың айтқан дерегіндегі 1900 жылы туып, 1931 жылы қайтыс болды дегендеріне көңіл аударуға тұратын нәрсе. Алшын Меңдәлиев жазбаларында Елекеңді 1898 жылы туып, 1932 жылы күз айында өлді делінген екен. Меніңше, Ыбыраш Жұбанов пен Қабиболла Сыдықов және Алшекең естелігі дұрыстыққа келіңкірейтін сияқты.
Қалай дегенде де, Елбай Қосымбаев мұрасы әңгіме қыларлық дүние. Елекеңнің творчествосын, жасқа толғанын жылма-жыл тойлап, атап отырса да артық болмас еді. Ал Шевченко қаласында ''Маңғыстау өнері мен әдебиетінің музейін" ашу кезек күттірмейтін мәселе. Қала басшылары, қалалық атқару комитеті бұл жөнінде ойланар деп ойлаймыз.
МАҢҒЫСТАУДЫҢ ЖЫРШЫЛЫҚ ӨНЕРІ
Өнер көзі – халықта
Ертеден халық сүйген музыкалық жанрдың бірі — жыр болды. Оның негізіне халық тарихындағы қилы-қилы кезеңдер, ел тағдырына байланысты ірі проблемалық мәселелер алынды. Осы ата-баба сүйген өнерді бізге жеткізген жыршылар еді. Жырлаған эпостар қай жағынан алғанда да күрделі жанр, әрі ірі жанр. Жыршылар осындай жырларды орындағанда жырдың мазмұнын тыңдаушыларға жеткізу үшін бірнеше әуендер пайдаланған. Әуелі сағалатып айқаймен бастайды да, артынан жыр айтылатын мелодия мен жырдың сөзін жалғастыра жөнеледі. Жырдың соны мелодиялық тұжырыммен, жинақты сарынмен аяқталады. Оны кейде қайырма ретінде өрістетілген қосымша мелодиялық сарынмен құлпыртып жымдастырып қырап жібереді. Бірақ мұндай мелодиялық құбылыстар жырдың қайырмасы ретінде айтылып жатқан жырдың оқиға желісімен тығыз айырылмайтын байланыста болғандықтан, шығарма желісіне ешбір кемшілік немесе жасандылық келтірмейді.
Жыраулар туралы филология ғылымдарының кандидаты Қабиболла Сыдықов "Ақын-жыраулар" атты кітабында (Алматы, 1974, 9-6.): "Қазақстанның батыс аймағы көптеген батырлар жырының, әсіресе "Қырық батыр" ("Ноғайлының қырық батыры" немесе "Қырымның қырық батыры") сияқты халқымыздың қымбат поэзиялық мұрасы, кемелденген ауыз әдебиетінің ірі өкілдері шыққан орта. Абыл мен Махамбет, Шернияз бен Ақтан, Нұрым мен Сүгір (Мырзалы ұлы), Қашаған мен Жаскелең, Нұрпейіс пен Мұрын, Ығылман мен Аралбайдың ақындық, жыраулық, жыршылық таланты өзгелерге үлгі болған", - дейді. Бұл шындық сөз, олар шын мәніндегі жыршылық дәстүрді бізге жалғастырушылар.
Жыраулар немесе жыршылар ақындар шығарған шығармаларды халық арасына насихаттаушылар, ұзыннан ұзақ дастандарды музыка тілімен сөйлетіп, тыңдаушыға жеткізушілер. Ал ақын-жыраулар — өздері шығарған терме, толғау, дастандарды өздері халық арасына таратушылар және басқа ақындардың шығармаларын да орындаушылар. Олар теңіздей тебіреніп, долданып, сәуірдің ақ жауыныңдай төпеп, ұрпағын кісілікке шақырған, ерлерінің ерлігін жырлаған, халық басына келген тауқыметті, қайғыны суреттеген, елді елдікке, батырды ерлікке үндеген жырларды туғызған.
Жыраулар жырдың қандай түрін де домбыраға қосып орындаған, жаттампаздығымен тыңдаушыны таңғалдырған. Жырды орындау аса шеберлікті, тілдің анықтылығын, мелодия тазалығын, домбырада ойнау, қосу шеберлігін тыңдаушының құлағына жағымды жетуін керек еткен. "Жырау" деген атақты халық осындай сыннан сүрінбей өтіп, тыңдаушысын тәнті қылған, дарыны мен орындау шеберлігі айшықты адамдарға ғана берген.
Расында да, елдің елдігін жырлаған, атамзаманнан бергі халық басынан өткен тарихты біздің дәуірімізге жеткізген осындай жырау-жыршылардың арқасы екендігін тарихтан білеміз. Содан да болар, жыраулар есімі ұмытылмай, халық есінде мәңгі сақталады.
Маңғыстау халқы ұлан-ғайыр шексіз де шетсіз даланы кезіп, Жем көшіп, Атырау жағасына қонып, мына шеті Жайық бойлап Орынборға, мына жағы Елекке дейін барып, кейін ойысып, Үстірт арқылы Шалқарға жақындап, Бесқала барып, көші-қонмен жүрген ел. Өзінің жан-дүниесін, өмір таршылығын, арманын, қуаныш пен қорқынышын, қайғысын, ерлік пен батырлығын жыр қылып айта білген, сөзді қадірлеген, аталы сөзге тоқтаған.
Олар — өмір сырын терең ұғынған бұқара жыршылары, адалдық пен адамдықты, махаббат пен зұлымдықты, жас жүректердің асыл арманын жырға қосушы, әділетсіздікті әшкерелеуші, өмірдің қилы кезеңдерінің суреттерін айнытпай-бұлжытпай өлең сөзбен кестелеп бізге жеткізушілер. Олардың шығармалары баспа жүзін көрмеген, әркімнің аузында, аттың жалында, түйенің қомында жүріп, бізге қаймағы бұзылмай жетіп, атадан балаға мұра болып қалды. Жалпы, Батыс Қазақстанның жыршыларын, тіпті Атыраудың жыршыларын әңгіме қылмағанның өзінде, Маңғыстау жыршы-жырауларының өзі үлкен әңгіменің арқауына айналар дүние.
Бүгін біздің әңгімеге арқау болып отырған ақын-жырау, жыршыларды атағанда Абыл және Нұрымды, Айтуған (Тайұлы) мен Ақтанды, Аралбай мен Қашағанды, Өскінбай мен Қалниязды, Шонеке (Тәжіғали) мен Смағұлды (Кенжәліұлдары), Сәттіғұл мен Түменді, Елбай мен Есенғалиды (Бөкенбаев), Сүгір (Бегендіков) мен Ұзақбайды, Шамғұл мен Мұратты, Жанжігіт пен Айтқұлды, Дүйсембай мен Өткілбайды, Қойбас пен Сәдуді, Мұрын мен Хамитті (Өскімбайұлы), Шәдіман мен Әлқуатты еске аламыз. Ал біз көрмеген, білмейтін белгісіздері қаншама десеңізші.
Осы жыршылардың ішінде ақындық пен жыршылық мұрасы өз алдына бір төбе: Абыл мен Нұрым, Айтуған (Тайұлы) мен Ақтан, Қашаған мен Аралбай, Қалнияз бен Өскінбайды ерекше атағанымыз жөн. Біріншіден, олардың шығармалары халықтық әуенмен көбірек жаттанды болып қалыптасты. Екіншіден, ноғайлық жыр-қиссаларды бізден бұрынғыларға жеткізушілер болды. Суырып салмалық ақындығымен, асқақ жыршылығымен айтыста болсын, сөз өнерін сынасатын алқалы тойда болсын халық сынағынан сүрінбей өтуімен осы ақын-жыраулар ерекше бағаланды.
Мұрын жырау "Қырымның қырық батыры" жырын алты ай жарым бойы жырлап тауыса алмаған болса, монғол шапқыншылығын Қашаған ақын ай жырлап тауыса алмапты. Амал не, монғол шапқыншылығы туралы жыр бізге жеткен жоқ. Мұрынның жыраулық дәстүрі кеңес заманында өзінің әділ бағасын алды. Ол туралы М.Әуезов пен В.Жирмунскийдің, Қ.Жұмалиев пен Н.Сауранбаевтың, Е.Ысмайлов пен М.Ғабдуллиннің, С.Мұқанов пен Қ.Сыдықовтың еңбектерінде, Е.Өмірбаевтың зерттеу мақалаларында кеңінен сөз болды.
Басқа жыршы-жыраулардың да тастап кеткен қазына - мұралары бүгінгі күнде өз бояуын жоғалтпай, халық игілігіне айналып отыр.
Маңғыстау жыраулары да басқа жыраулар сияқты өзіне шәкірт ерткен. Шәкірттері өз ұстазының шығармаларын халыққа насихаттаумен қатар басқа көрнекті ақын-жыраулардың шығармаларын, эпостық жырларды, қиссаларды орындаған. Маңғыстауда өз алдына жыраулар мектебі бар дейтініміз де осыдан.
Шынында да, қай қазақ баласы болсын, аталық салт бойынша небір той-томалақ еш уақытта да жыршы, ақын-жыраулардың қатысуынсыз өтпеген. Ондай жыраулар қасына шәкірттерін ертіп барған. Тойбастарды жырау кейде өзі, кейде шәкірттеріне бастатқан. Шәкірт жырау термелеп өзін, ұстазын таныстырып алып, халықтың өзінен қандай жыр қалайтынын сұраған. Мысалы, әйгілі Ақтан жыраудың той бастау мәнерін саңлақ жыршы ІІІамғұл Ибрагимов былай бастайтын:
Жиналған, халық, жарандар,
Зейін қойып сөзімнің
Парасатын қараңдар.
Аспан мен жердің арасы
Талай жүйрік, шабан бар,
Мырза менен сараң бар.
Әр нәрсенің парығын
Байқамайды шамасы
Парасатсыз надандар.
Әлеумет, келдің құралып,
Сөз базарын құрайық.
Айтулы жүйрік мен едім,
Алысқа шапқан шұбалып.
Елдікке елді шақырған
Асыл сөзді айтпасақ
Нана ма бізге бұ халық, -
деп желдіртетін. Кейде жырмен жиналғандардың не қалайтынын сұрайтын. Жалпы, Шамгүл орындауында қызу қандылық пен шырқау басым жататын. Біз өмірінің соңғы жылдары көре қалған Сүгір жырау болса, 90 жылға жуық өмірі ішінде өзінің төл туындыларын орындаумен қатар, Абыл мен Нұрымның, Қашаған мен Сәттіғұлдың, т.б. ақын-жыраулардың шығармаларын орындап, олардың орындау шеберлігіне өзіндік үлесін қосқан адам екендігін білгенбіз. Ол жырды жәй бастап, тақпақтап, кейде асқақтаған эпикалық сарында мәнерлеп айтуымен көзге түсетін. Сүгір мен Шамғұл арасындағы айрықша өзгешелік — Шамғұлдың домбыраға қосу шеберлігімен оқшаулануында еді. Халық арасында "Сүгірдің бес қайырмасы" деген сөз жақсы сақталған. Әрине, оны насихаттау бәріміздің парызымыз.
Шамғұл жыр айтып отырғанда бірде бәсеңдетіп, бірде сағалатып, домбыраны қанша безеп отырса да, дауыс пен домбыра дыбысының үйлесімі тыңдаушыға айрықша таңғаларлықтай әсер қалдыратын.
Сүгір сарыны ойнақылығымен, кейде әнмен басталып, арты қоңыр жыр сонарына түсіп, орындалу ерекшелігімен көрінетін.
Жанжігіт жыраудың орындау мәнері бірқалыпты сарынмен, ертеңнен шапса, кешке озған, ылдидан шапса, төсте озған дегендей, демалмастан бір түн, бір күн айтса да сыр бермейтін сыршылдығымен, сөз айту нақпа-нақтылығымен бағаланатын.
Айтқұл жыраудың орындау шеберлігі өз алдына бір төбе. Көбіне сағалатып, дыбыстың шырқау биіктікте айтылуымен жымдасып жататын.
Дүйсембай жыраудың сазы бай, мың құбылып, қоңыр дауыстан бір таймай, көпшілік қошеметтеп, қолпаштап, достық көңілге бөленген уақытында бет-әлпеті мимикаға толып, өзінен бет келбетінің әсемдігіне қоса бір ерекшелік пайда болғандай көрінетін. Бір-екі күн жырлап, тағы да жырлауға тура келгенде, халық көңілін қалдырмау үшін өзінің әйгілі "Қомпылдақ" атты сазына көшетін. Осы сазды белгілі музыкант Сержан Шәкіратов жақсы ойнайды. Үйреніп халық игілігіне айналдыру әрине жыршылық дәстүрді насихаттап жүргендердің болашақ міндеті болмақ.
Мұрат Өскінбаев болса, домбырашылық, ақындық пен жыршылықты үлгі еткен адам. Ол Қашағанның, Өскінбайдың, Өмірдің, Қисықбастың термелерін келістіре орындайтын. Академик Ахмет Жұбановтан ол: "Мұрат домбырамен қатар он салады, жыр жырлайды. Кішкене ғана музыкалы даусы бар. Бірақ нақышын, ырғағын жақсы келтіреді", — деп, әділ бағасын алған. Жалпы, сирек кездесетін дарын иесі болған адамдығымен қадірлі еді.
Осы ақын-жырауларды айтқанда, бізге дейінгі жыраулардың арасында да эстафеталық дәстүр жалғасқанын көреміз. Филология ғылымының кандидаты Қ.Сыдықовша айтсақ "Мұрын жырау деректеріне сүйенсек, "Қырық батыр" жырын әуелі Сыпыра жырау, одан кейінгі дәуірде Абыл Тілеуұлы Өтембетов, Айтуған Тайұлы сияқты жыраулар жырлап, Қарасай, Қалнияз, Нұрымдарға ұластырған. Олар арқылы Ақтан, Қашаған, Қазақбай, Өскінбай, Мұрын, Шамғұл, Шонеке (Тәжіғали), тағы басқа жырауларға жеткен".
Нұрым — ақындығымен қоса, ұлы жырау. Дәуірдің арғы-бергі тарихын жетік білген тарихшы. Жалпы, Атырау ақын-жыраулары үлгі алған ұлы тұлғалардың бірі.
Айтуған Тайұлы туралы зерттеулер аз. Ол халық аузында "Қырымның қырық батыры" жырын бізге жеткізушілердің бірі екендігімен белгілі. Сонымен қатар суырып салма ақын-жырау. Артында бірлі-жарымды сөзі қалған. Шамғұл сияқты дарын иесінің алдында өскен ауылдас, жерлес өнер адамдары арқылы өнеге алған ұстазы. Артында бізге жеткен азғана сөздің өзінен теңіз суындай мөлдірлікті байқаймыз.
Айтуған жырау 98 жасында өмірден өтіпті. Айтуған жатып қалыпты дегенді естіген Құлыш пен Қожық деген інілері халін сұрауға келіпті. Үйде Айтуғанның Артықәлі деген баласы бар.
екен. Амандық-есендік сұрасқаннан кейін Артықәлі әкесінің құлағына айқайлап: "Құлекем мен Қожекем келіп отыр сіздің жәйіңізді сұрауға", — дейді. Сонда орнынан тұрып, төсегіне малдасын құрып отырып, кәрі жолдасы қара домбырасын қолына алып 98 жастағы қарт жырау Құлышқа қарап:
Арқама қара таудан тас артқандай,
Бір жағын бір жағына баса артқандай.
Құлышым, Қажығыммен болдың есті,
Не білдің қарт кісіні жасартқандай, —
деп жырды төге жөнеліпті.
Импровизаторлық ақындық пен жыраулық құдірет деген осы шығар.
Ақтан жырау Керейұлы — Маңғыстау мен Атырау жырауларының өнерін жалғастырушы сөз зергерлерінің белдісі, әрі ақын. "Жан барында жайнайын, тіл барыңда сайрайын" деген термесімен-ақ өнерді ту қылып өткен асыл өнерпаз болғандығын аңғарамыз.
Қашаған ақын Күржіманұлы — советтік дәуірге дейін келіп, 1929 жылы қайтыс болған. Оның ақындық, жыраулық кереметін қазақ әдебиетінің классиктерінің бірі — Ілияс Жансүгіров: "Қашаған — жүйрік жырау, елдің тілі" — деп, әділ бағасын берген. Ол — дәуір шежірешісі, суырып салма ақын және жырау. Оның ақындық-жыраулық қасиетін өзінің:
Сұрасаңыз, бозбала,
Бұл ақиқат сөз ғана.
Шежіренің сүрлеуін,
Кәріден естіп білгенін,
Осылайша әр жерде
Қашаған айтып береді, —
деген толғауынан-ақ көруге болады. Әттең, Октябрь революциясы тұсындағы ақ гвардияшыл генерал Толстов армиясының дүрбелеңі, Маңғыстаудағы аштық және шалғайда жатқан елдің орталықтан қашықтығы. Қашаған ақыңды Ұлы дүбірге шешіліп қосылуына мүмкіндік бермей кетті.
Сәттіғұл Жанғабылов — Қазақ ССР-інің халық ақыны, белгілі жырау, Абыл, Нұрым, Ақтан шығармаларын бізге жеткізуші. Сәтекең туралы академик жазушы С.Мұқанов: "Сәттіғұл советтік дәуірде қайта жасарып, таланты тасқындаған, өмірдің өзінен оқып, ой-өрісі кеңіп, уақытпен үндескен ақын", — деген еді (С.Мұқанов, "Ғасырлар сырласы"// "Социалистік Қазақстан", 1966, 8 май). Ол - екі ғасыр куәсі. 90 жыл жасап, заманды жаңаша жырларымен жырлап өткен адам.
Түмен Балтабасұлы — екі заманды да жырлаушы, көрнекті ақын-жырауымыздың бірі. Ақтан, Аралбай жырларын бізге жеткізушілердің бірі, кәрі құлақ шежіре.
Әлқуат Қожабергенов жырау — бүкіл болмысымен өнерге берілген, жиын-тойдың қызығы, аға буын ақын-жыраулардың сазын бізге жеткізуші Сәттіғұл, Шамғұл, Мұрат сияқты ақын-жыраулардан, жыршылардан үлгі алған, көптеген ақын-жырауларды — Сүгірді, Ұзақбайды, Қашағанды көре қалған көненің көзі еді. Ол әркез ақкөңілдігімен, ақжарқын ашық мінезімен, жыр орындау шеберлігімен сыйлы еді. Ол біз көре қалып араласқан жыршылардың ішіндегі беделдісі еді.
Халық өнері — жасампаз. Олай болса, әр халықтың мекеніне қарай өз мәдениеті, ауыз әдебиеті де бар. Ел болған соң, ел ішінде талай топта жүлде алған ақын-жыраулары, саңлақ жыршы-термешілері, күйшілері болған.
"Қазақ - табиғатынан ақын халық" деген сөз бар. Біз тау өзеніндей тасқынды жыршылық, ақпа-төкпе ақын-жыраулар туралы естігендеріміз бен көзіміз көрген жайларды, ішке түйгендерімізді ортаға салдық. Жыршылар мен ақын-жыраулар туралы талай жазылатыны, айтылатыны жұртшылыққа аян.
Жыршылық дәстүрді насихаттап жүргендер біздің облысымызда баршылық. Мысалы, Маңғыстау ауданындағы Жармыш жерінде тұратын Ш.Сабытаев, бейнеулік Қожахмет Ниязов, Шевченко қаласының тұрғыны Амандық Көмеков пен Абдол Нысанов сияқты өнерді үлгі тұтқан азаматтар. Белгісіз жүрген ақын-жыраулар мен жыршыларды таныстыру — баршамыздың борышымыз. Жыршы-жыраулық — халықтық дәстүр. Ақын-жыраулар мен жыршылардың осынау өнеге дәстүрі жаңа заманның өзіндік жаңа сипатымен жаңарып жырлана беретін болады.
ҚАЙЫП ТУРАЛЫ ЖАҢА ДЕРЕКТЕР
Маңғыстау топырағына аты аңыз болып тараған атақты әнші, зергер, Ақбөбек — Қайып оқиғасының басты кейіпкері, адал махаббат иесі, әйгілі "Ақбөбек-1", "Ақбөбек-2", "Жалау көк" әндерінің авторы Қайып Қорабайұлын білмейтін адам бұл өлкеде кем де кем. Бірақ көпшілік оның ұрпақтары хақында ештеңе біле бермейтін. Оның өмірінің кейбір тұстарынан хабарсыздық, қисынға келмейтін алып қашты сөздерге де қонақ беріп жүрген. Ертеректе Форт-Шевченко аудандық газетінде басылған Уәйіс Қайралаповтың "Ақбөбек" атты дастанынан да осындай тұйыққа тірелу аңғарылатын. Мұның бәрі Қайып туралы нақты деректің болмауынан еді.
Екіншіден, мұндай екі ұшты пікірлердің себебі Октябрь революциясынан кейінгі түрлі толқуларға, малмен күнелтіп отырған жұртқа келген аштыққа, жұтқа да байланысты болатын. Ол кездері Маңғыстау халқының басының ауған жағына көшуі, қоныс аударуы көп болғандығы құпия жай емес.
"Коммунистік жол" газетінің 1982 жылғы 30 октябрь күнгі номерінде жарияланған өз мақаламда әнші ұрпақтары және оның әндері жайлы басқадай деректері бар адамдардың хабарласуын өтінген едім. Осыған орай, үстіміздегі жылғы февраль айында Жаңа - Өзен қаласында тұратын Сатыпалды Лепесбаев деген азаматтан хат келді. Ол бірден біз күткендей дерек тауып бере алмағанымен, Қайыптың бір ұрпағы Шымкент облысында тұратынын, есімі Сахиберген екенін айтып, адресін көрсетіпті. Сол хат арқылы осы жылғы мартта Сахиберген ақсақалдан хабар алдық. Сәкең хатты баласы Аманжолға жаздырыпты. Оның мазмұны мынадай екен:
"Менің атым - Сахиберген. Малай батырдың ұрпағымын. Қорабайдың Қайыбының бел баласымын.
Көпшілік біле бермейтін мына жайды айтқым келеді. Қайып Ақбөбекті екі рет алып қашып, бәрібір мұратына жете алмаған соң, күдерін үзіп, Ақыл палуанның Қали деген қызына үйленеді. Ағайынға өкпелеген ол алыс жаққа көшіп кеткісі келеді. Сөйтіп, Жаңғақтан Хорезмнің ойына кетеді. Сол жаққа көшерде туған баласының аты — Егемберді.
Қали шешемізден үш ер бата, екі қыз болыпты. Балаларының аттары — Егемберді, Сахиберген, Рахметолла. Қыздары — Жанбибі, Жәкеш. Егемберді 82 жаста. Оның үлкені -Әбдісамат 50-ге келді. Оның өзінің төрт баласы бар. Одан кейінгі Сұлтан мен Қабыл да үбірлі-шүбірлі. Қазір олар Тәжік ССР-нің Қорғантөбе облысы, Колхозабад ауданында тұрады.
Рахметолла 1911 жылы туылған. Соғысқа кетіп оралмады. "Ол өзі әнші, күйші, түрі де әкесінен аумай қалған еді", — дейтін анамыз.
Сол көшкеннен көше беріппіз. Бұхара барып, одан Тесіктауға асыппыз. Сол жерде мен туыппын. Менен де бес бала бар. Олар - Әбдікәрім, Шыңғыс, Аманжол, Шынар, Арша. Бәрі де үйлі-жайлы. Тәжікстаннан 1961 жылы көшіп, Жызақ облысы, Гагарин қаласына келдік. Бірақ Қазақстан ойымнан кетпеді. Ақыры 1973 жылы Шымкент облысы, Шардара ауданының "Комсомол" совхозына келіп біржола орнықтық.
Менің әкем Қайып 1857 жылы Сыңғырлауда туыпты. 1918 жылы Тәжікстанда Қорғантөбе деген жерде қайтыс болып, сол жерге жерленді. Шешем Қали да сол жерде еді. Беріректе мақта егетін жердің ауданын ұлғайтуға байланысты қорымды бұзып жіберді.
Әкемнен сурет қалған жоқ. Егембердіні Қали шешеміз "әкесінің тірі суреті" дейтін еді. Шешеміздің өзі 1943 жылы қайтты.
Ақбөбек Қайыптан екі бала тауыпты дейді. Біріншісі Кедейлердің қолында өледі. Екіншісі сол қашты - қуды болып жүргенде дүниеге келген екен. Атын әжеміз Төлеген деп қойыпты. Төлеген ел көшіп жүргенде Түркменстан жағында қайын жұртының маңында қалыпты. Естуімізше олар берірекке дейін бар.
Қайып Ақбөбекті екінші рет алып қашқанында қатты жараланыпты. Жеті жеріне найза тиген екен. Қайыпты өлтірейін деп жатқанда қырықмылтық Құлшар деген кісі келіп: "Ей, жігіттер! Өмірге қырық жылда бір жігіт келеді. Өмірден бір қыршын жас кетейін деп тұр, жанын қиыңдар!" - деп ажыратып алып қалады. Әкеміз бірер ай жатып жазылыпты.
Әкем менің жастау кезімде қайтыс болды. Көп әңгімелерін шешемнен естідім. Ол кісі Ақбөбек - Қайып оқиғасын жыр қылып айтып отыратын еді. Мына өлеңдерді мен сол Қали апамнан үйренгенмін (өлеңнің көп жері бізге белгілі болғандықтан, бұрып белгісіз жерлерін ғана ұсынып отырмыз):
"Барады ауылым көшіп Ақкөлмекке,
Жарасар алтын ілгек ақ көйлекке.
Жаңғаққа алып келген Бөбек едің,
Зар болдым ақ жүзіңді бір көрмекке.
Жарасар қызыл басқұр ақ үйлерге,
Жетіпті біздің хабар хан-билерге.
Адайдан таңдап сүйген Бөбек едің,
Бұл күнде жүр екенсің не күйлерде?!
Ат туар айғыр салсаң қара керден,
Ақ жүзің бір кем емес алтын зерден.
Әркімдер сүйгенімен кетсін деген,
Бір қағаз жазылар ма әкімдерден!..
Ақтаудың түлкі қашар қуысынан,
Құрбыдан артық едің тумысыңнан.
Адайдан таңдап сүйген Бөбек едің,
Дүние-ай, кеттің шығып уысымнан.
Сұңқардай қомдап қанат іліп едім,
Сүйенер ешкім жоғын біліп едім.
Болған соң айтысқан серт, алысқан қол,
Кете алмай маңайыңнан жүріп едім.
Жан-жаққа қарай-қарай көзім талды,
Адайда мен бармаған би қалмады.
Дүние-ай, Ақбөбекті енді көрсем,
Түйер ем шүберекке шыбын жанды.
Замана жылдан-жылға өзгерілген,
Күн қайда жаман-жақсы теңгерілген.
Бұл елде қанша сұлу кездессе де,
Бәрі де Ақбөбектен кем көрінген ".
Біздің атамыз Қорабайдың қонысы Сам құмында екен деп естиміз. Оның батыс бетінде, шетінен ішке қарай 3-5 шақырым шамасында "Қорабай Жидесі" деген жер болыпты. Атамыз жиде еккен екен. Жаз жайлайтын жерлеріміз Жарқұдық, Жаңғақ, Сыңғырлау болған көрінеді. Ақбөбекті алғаш алып келгенде, Қайып сол Жарқұдыққа түсіріпті. Қазбай, Асанбай деген кісілер неке қиярына қатысыпты.
Келіннің бетін ашқаннан кейін қалжыңдап ойнайтын біреу: "Ау, енді келіннің жасауын көрмейміз бе?!" — десе керек. Қашып келген адамда жасау қайдан болсын. Әлгінің кекесінін сезген Ақбөбек: "Бір дорба дау әкеліп едім, өзіңіз шешіп көре беріңіз",- депті".
Міне, хат осылай аяқталады. Ол бізге Қайып Қорабайұлының ұрпақтарын тауып берді. Өлке тарихында аңыз болып қалған оқиғаның бұл да бір түйіні емес пе!? Ендеше хат иесіне үлкен рахметімізді айтамыз.
"ЖЕҢІС" КҮЙІ
(Деректі әңгіме)
Мұраттың Шағадамға келгеніне де біраз уақыт болған-ды. Қалаға келуін келгенімен қала тәртібін аса жетік біле бермейтін. Қанша дегенмен далада өскен адам ғой, біразға дейін қалаға үйренісе алмай жүрді. Мұнда келу себебі, осында тұратын бір танысы қазақтар "Шағадам" атаған осы Красноводск қаласында қазақ филармониясы ашылайын деп жатыр, соған өнерлі қазақтарды қабылдайды. Түркменстанда қазақтардың көбеюіне байланысты Түркменстан үкімет орындары қазақ филармониясын ашу туралы қаулы қабылдапты деп тәптіштеп хат жазған. Сол хат семьясымен осында келуіне себепші болған. Өнер десе ішкен асын жерге қоятын Мұрат үшін мұнан артық хабардың керегі де жоқ-ты, екі өкпесін қолына алып, кетіп бара жатқан қалашылардан қалмай, сонау ит арқасы қияндағы Маңғыстаудан келіп еді. Хабардың ар жағы рас па, әлде өтірік пе оны біліп жатқан Мұрат жоқ, ашылып жатқан филармония тағы жоқ. Салы суға кетіп жүрген жәйі.
Ағасы Хамит семьясымен Маңғыстауда қалды: "Шағадамға бармай-ақ қой, осыңнан да жұмыс табылар, қызыл отау, клуб дегендерің мұнда да бар. Сендей өнерлі - адамға үкімет жұмыс тауып береді", - деп айтқан. Алматыға кетуге жер алыс, қаражат тапшы, жүрексінген. Ақыры аға ақылын тыңдамағандағы көргені осы...
Мұрат таңертеңгі суық хабарды естігеннен бері, жыл он екі ай сары аурудан тұрған адамдай есеңгіреп қалды. Манағы қалалық Советтің алдында, келген жерінде қалшиып әлі тұр. Анда-санда жан-жағына қарайды, бірақ өзі танитын жан көрінбеді. Біреуді біреу біліп болатын емес. Әр жерде топ-топ болып радиоға құлақтарын түруде.
Арада күндер өтіп жатты. Қалалық әскери комиссариат қарбалас жұмыс үстінде. Азаматтар әскерге аттанып жатыр.
Мұрат соғыс басталысымен тағы да Маңғыстауға қайтуды ойлаған. Ондағы ойы Хамит ағасына соғып, сол жақтан әскерге аттану еді, ол ойы болмады. Красноводскі қаласындағы мәдени орындары жанынан мәдени - үгіт бригадасын ашатын болыпты деген хабар естіді. Басшыларға келіп сөйлесіп еді, құрақ ұшып қарсы алып, жұмысқа алды. Әйтсе де Мұраттың көңілі көншімеді. Соғыс комиссариатына өзі келіп майданға кеткісі келетінін айтты. Қара домбыраны да қабына салып, қолына ұстай келіпті. Мұратқа бір, домбыраға бір қараған комиссар: "Сіз жұмысыңызға жүре беріңіз, керек деп тапсақ өзіміз шақыртып аламыз, тылда да халыққа қызмет ететін адамдар керек", — деп шығарып салды.
Үгіт бригадасы бірден қызу жұмысқа араласып кетті. Бұлардың негізгі міндеті осы бір ауыр жылдардағы еңбек адамдарының көңілдерін көтеру, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу, халықты еңбекке, ерлікке жұмылдыру болды. Түркменстандағы қазақтар тұратын елді мекендердің бәрін дерліктей аралады. Лекциялар оқыды, өндер шырқады, күй тартты, жыр айтты. Талай ауылдарға жаяу барды. Ат-түйені көлік етті. Далаға түнеген күндері де болды. Ол кезде асфальт жол жоқ. Автомашина тағы жоқ. Үгіт бригадасының артистері ұбырып-шұбырып келе жататын, кетіп бара жататын.
Кейде улаған-шулаған, дауыс салған ауылдың үстінен шығатын. Сұрастырса бәрінен еститіні бір жауап, пәленшенің баласынан қаралы қағаз келіпті, Белоруссияда оққа ұшыпты, Венгрияда ерлікпен қаза тауыпты, Харьковте ауыр жараланып, Саратовтың госпиталінде жатқан көрінеді. Бригада мүшелері осындай ауылдың үстінен шыққанда қатты қиналатын, тезірек концерт қоюға асығатын.
Мұраттың да төрт жағы төрт құбыла болып жүргені шамалы. Ағасы Хамит те соғысқа кетіпті. Біразға дейін Маңғыстау ауданындағы халық ақыны Сәттіғұл Жанғабылов бастаған мәдени үгіт бригадасының құрамында жүр деп еді. Кеткеннен бері жеңгесінен де хабар сирек келеді. Ең азы ағасынан бір хат та келген жоқ. Жеңгесі болса сонау Маңғыстауда қалды. Оның не күйде екенін ешкім білмейді. Жер қашық, көлік жоқ, хабарласуға мүмкіндік жоқ.
Уақыт деген жүйрік қой, шіркін. Соғыс басталғалы төрт жылға да таяп қалыпты-ау. Демалыс жоқ, Түркменстанның бұрыш-бұрышын аралап, күні-түні демалыссыз жүріс...
Мұраттар бүгін Қызылқия жақтан келген. Үйіне келсе келіншегі жұмыста екен. Бір тілім нанды талғажау етті де, демалғысы келіп төргі бөлмесіне кірді. Ағаш кереуетіне бір көпшікті лақтырып тастады да қисая кетті. Олай аунады, былай аунады. Ұйқысы құрғыр келетін емес. Бір түрлі жүрегі алып-ұшып мазасызданды. Сосын шыдай алмады, орнынан тұрды. Кірер жердегі ауызғы бөлменің бір бұрышында сүйеулі тұрған қара домбыраны қабынан шығарды. Әуелі сыртын бір сипады да, шаңын сүртіп, бұрауын түсірді. Зеріккенде болсын, мұңайғанда болсын көңілін көтеретін де, мұңын шағатыны да осы қара домбыра, көршінің үйіне де барған жоқ. Баласынан қара қағаз келді деп еді. Үйіне біреу келді ме, дауыс салып жылап жатыр. Дыбыстары тым аянышты естіледі. Бұл үйге осымен екінші қара қағаздың келуі.
— О, қу соғыс, — деді Мұрат өзіне-өзі. Сосын төргі бөлмеге қайта кіріп қисая кетті. Көзіне соғысқа кеткен қатар-құрбыларын, жақын-жуықтарын елестетті. Өзі танитын жолдас-жоралардың мінез-құлықтарын ой елегінен өткізді. Солардың біреуі де оралмапты-ау. Міне, 1945 жылдың сәуір айы да ортасынан ауыпты. Мұның танитындарынан тірі оралған бір жан жоқ.
Орнынан тұрып еді, көзі бұрыштағы ескілеу шар айнаға түсті. Адам күн санап қартаяды деген осы-ау. Самайына ақ түсіпті. Көзінің алдына күлкілдеген сызық пайда болған ба, немене?
Көршінің әйелдерінің дауыс салған дыбыстары әлі естіліп жатыр. Жылағанмен не пайда, тіріліп келер дейсің бе? Әншейін көңілді басу-дағы. Көзіне Хамит ағасы елестеді. Әнші еді-ау, бейбақ. Жастай қыршын кетті-ау бауырым...
— Уа, қу соғыс, талайды жалмадың-ау!
Мұрат қапталын сипалап, сүйей салған домбырасын іздеді. Қайтадан қолына алып, күйге келтірді. Өзінің "Қоштасуын'' тартты. Бұл күйді 1942 жылы март айында шығарған. Осы Шағадамға Маңғыстаудан келген көп солдатты шығарып саларда тартып еді-ау. Атын "Қоштасу" - деп қойған. Тартып болды да көзіне сол күнгі көп солдатты елестетті. Жығылғанға жұдырық дегендей, сол жылы қыс қатты болды. Каспий теңізінің жағасы түгелдей қатып қалды. Маңғыстау аудандық әскери комиссариаты жинақтаған мыңдаған әскерлер Гурьев қаласына жете алмады. Ол уақытта Гурьевке су жолынан басқа жол жоқ еді. Содан баржымен теңіз арқылы осы Шағадамға әкелген. Сондағы көшедегі адамның көптігінен жер қайысқан. Олардың ішінде кімдер жоқ еді, біреудің жалғызы, бір үйдің бес-алты адамы бар-ды. Кейбір үй орынсыз қалды. Кейбіреудің аңырап жалғыз анасы қалды. Кейбіреудің үйленгеніне 2-3 күн болған жары қалды. Кейбіреудің кәмелетке жетпеген жалғыз баласы қалды.
Мұрат "Қоштасу" күйін тартқанда, вокзалдың басында еңірегенде етегі толмаған жан қалмаған. Бұл күйді талай ана егіле жылап тұрып, талай асыл жар өксігін баса алмай, аттанып бара жатқан жарының кеудесінен басын алмай тұрып тыңдаған. Міне, бүгін сол күйін жападан жалғыз, өзіне-өзі тартып, тыңдап отыр. Ел аралап жүргенде де тартатыны бар-ды, бірақ тыңдаған кемпір-шалдар жағы көңілі бұзыла берген соң соңғы кезде сиректеу орындайтын.
Әлден уақытта есіне әкесі Өскінбай түсті. Оның домбыра тартып отырған келбеті қасында отырғандай көзіне елестеп кетті. Шіркін, қазақта күйші көп қой, Өсекемнен де тартқыштары бар ма екен?! Түрікпен - қазақты тұсында талай таңдандырған. Маңғыстаудың жеті қайқысының бірі атанып, атағымен Алшынға тарап еді-ау... Әкесі Мұратты қасынан тастамайтын, қайда барса да ертіп жүретін. Өнеріне риза болғандығынан шығар, Мұраттың өнерін Хамит пен Ишаннан да ерекше бағалайтын. Ауылға келсе күні-түні күй үйрететін. Далаға шықса қалың топ алдында күй тарттыратын. Балапанын баулыған кәрі қырандай, Мұратты тек өзі баулитын. Жыр айтқызатын, ән салдыратын, күй тартқызатын. Сөйткен әке өлерінен бір-екі күн бұрын Мұратты қасына шақырып алып:
Дүние жалған, өттің бе?
Базарым бастан кеттің бе ?
Алпыс бес жасқа келгенде,
Ажал, шіркін, жеттің бе?
Көтерем қудай талпынып,
Ішіме түскен ауыр дерт,
Кедергі салдың екпінге, —
деген-ді. Осыны айтып болып, кішкене үнсіз жатқан. Жұмылған кірпіктің астынан бір тамшы жас үзіліп түскен. Сол көзін жұмған күйі Мұраттың қолын сипап жатып:
Ырза бол, балам, қартыңа,
Арасында халқыңның
Түсірдім талай шаршыға.
Атаның атын аздырма!
Балапан қалды ұяда,
Кеткенмен ұшып қаршыға.
Көре алмас уақыт тас болды,
Енді бізден көп сәлем,
Ұлан-байтақ халқыма, —
деп еді-ау. Ата аманатын ақтадым ба осы. Білмеймін...
Ақтасам ақтаған шығармын. "Мұрат-Мұрат" деп жүр ғой жұрт. Ырза болғасын айтатын шығар. Осы соғыс басталғалы меңде де тыныштық жоқ қой. Жылағанды жұбаттым. Талай танды күй тартып, талай танды жыр айтып отырып атырдым. Талайдың ақбатасын алдым. Арасында "Рабочий батальонда" болдым. Өкпе сырқатына байланысты ерте босадым. Осының бәрі де еңбек емес пе? Біздің еліміз соғыста жылдам жеңуі үшін қолымнан келгенді мен де істедім ғой...
Мұрат жұмыс жағына дайындыққа барып келді. Үйіне келіп шешінді де, жеңіл киіммен тысқа шығып отырды.
Көрші-көлемдер де есік алдына шығыпты, бірімен-бірі айқайласып сөйлесіп жүр.
— Исатай Сүйеубаев деген Маңғыстаудан кеткен бір солдат қолма-қол айқаста жүздеген немісті ұрып өлтіріп, ерлігі үшін Ленин орденімен наградталыпты. Жақында Маңғыстауға келіп кетіпті, — дейді біреуі ар жағынан қарлығыңқы гүжілдеген дауыспен.
— Ойбай-ау, сен оны айтып отырсың, баяғыда біз Маңғыстаудағы Күйкен тауында отырып, бері көшкенде, жол-жөнекей Балуанияз тауында отырған бір кемпірдің үйіне қонып, қонағасыға ешкі сойып беріп еді ғой. Сонда қолымызға су құйған Мәди деген бала батыр атағын алыпты. Бір өзі жүздеген немісті қырып салыпты, Байрамалы жаққа біздің шал барып келген, сол айтып келді. Ағасын көрген екен, сол айтыпты, — дейді көрші қара кемпір айқайлап, ошақ басында жүрген сары әжеге.
Мұрат үйге ымырт үйіріле кірді. Келе сала домбырасын алды да бөлмесіне кіріп кетті. Шайға шақырған әйеліне де жауап қайырмады. Бір көңілді күйдің ұлы жобасы көңілге ұялаған тәрізді, тартып жатыр, тартып жатыр. Сыртқы дүниеде ісі жоқ.
Мұрат жаңа күйді қайталап тартты. "Рахмет, саған, елімнің сарбаздары, - дейді өзіне-өзі күбірлеп. — Отанның тәуелсіздігі жолында өміріңді құрбан еттің. Менің Хамит ағам сияқты талай асыл жанды, абзал азаматтар, Отан үшін қаза болдыңдар. Бірақ сендер өлген жоқсыңдар, мәңгі жасайсыңдар. Біздер, тірі қалғандар, сендердің алдарыңда борыштармыз. Біз сендерді мәңгі-бақи ұмытпаймыз". Мұрат әлгі әңгімелерді іштей айтты, егіліп отырып айтты. Сосын барып жаңа күйді қайта жалғастырды. Көңілді күй ұзақ сонар желіге түскендей шалқи жөнелді.
Мұрат орнынан бір тұрды, бір отырды. Көңілге оралған сазды қайталап, тұрып жүріп те, отырып та тартты, тарта берді, тарта берді. Мұрат өмірге жаңа келген күйді жасыра алмады. Келіншегін шақырып тыңдатты. Күйдің алғашқы тыңдаушысы өзінің адал жары болды. Ол екі көзінен жасы тамшылаған күйі айналаны ұмытқандай қозғалыссыз қалыпта тыңдады. Сөйтіп, өмірге ұлы жеңіске арналған "Жеңіс күйі" келді.
— Көпшілік алдында бұл күйімді ертең Рейхстагқа ту қадалды деген күні тартам, — деді Мұрат келіншегіне күлімсіреп. Қуанышын жасыра алмады, өзінің көзінен де жас ыршып кетті. "Жеңісің ұзағынан болсын" деді келіншегі Мұратқа, көзінің жасын сүртіп шығып бара жатып.
Шыдамсыздана күткен Ұлы Жеңіс күні келді. 9 май 1945 жыл. Аңсаған арман іске асты. Неміс фашист басқыншылардың ініне су құйылды. Сол күні Мұраттың екі бөлмелі үйінде халық көп жиналды.
Асқақтаған "Жеңіс күйі" тартылды. Көзіне жас үйірілмеген адам қалмады. Мұның бәрі қуаныштан шыққан көз жасы еді. Қырық рет қайталап тартты, жиналғандардың қайта-қайта тыңдағысы келе берді. Сол күннен бастап "Жеңіс күйі" мына шеті Қазақстанға, мына шеті Түркменстанға тарап кетті. Эфирден Мұрат Өскінбаевтың "Жеңіс күйі" беріліп жатты.
"ЖАЛДЫҚАРА"
Әңгіме
Есір бүгін күндегісінен де ерте тұрды. Атының жүгені мен бір тоқымын қолына алды да, Керзі мен Аққауынның арасын бетке алып жүріп кетті. Ауыл әлі ұйқыдан ояна қоймаған. Тек әне бір шеткі үйден түйе сауып жүрген жас әйелдің жаулығы ағараңдайды. Ауыл сыртындағы жырадан иттердің ырылдасқаны ғана таңғы ауаның тыныштығын бұзып тұр. Күн көтерілмей жер ұтып қалғысы келген Есір адымын алшақ алып, жүрісін шапшаңдата түсті. Бір діттеген жері — Қарқынның сыртындағы сай-сала еді.
Тақымына басқан жалғыз аяқ артары Жалдықара алыстап кеткенде көбіне осы бір маңайға жайылатын. Кен тұсаумен жібергеннің өзінде ауыл сыртындағы қарағаны қалың өскен жүлгеден көп ұзай қоймайтын. Кеше бұл әдетінен жаңылыпты. Алдыңғы күні кешкісін шығырдан босағасын шай ішім мезгіл суытып барып, аяғын тұсап қоя берген. Содан ұшты-күйлі жоқ Кеше Жыңғылдының теріс бетінен қарамаған сай-саласы қалмаған шығар. Босанып кетті деуге жылқының құйрық қылын араластырып қозы жүнінен жұмсақ қылып ескен жап-жаңа тұсаудың үзіліп кетер реті жоқ Біреу мініп кетті деуге ауылда бей сауыт адам көрінбеген. Олай болғанның өзінде де ала жаздай шығырға жегілген, арық тұғырға адам көз сұғынып қадала қалуы екі талай.
Бүгін ауылдың Ұланақ, Бәсті бетін түгел шолып, әбден діңкесі құрыған Есір күн төбеден ауа шаршап-шалдығып үйіне әзер жетті. Шалап ішігі, шөлін басқан соң барып әйеліне атты таба алмай дал болып отырғанын бір-екі ауыз сөзбен мәлімдей салды.
Есір затыңда сөзшең кісі емес. Әлдекімдердің бір шай ішім уақыт бойы аузы-аузына жұқалай айызы қана айтар әңгімесінің сұлбасын, бұл бас-аяғы бес-алты сөзбен қайыра салады. Бәлкім, бұған балалық шақтан бері мойынына ілінген жоқтық қамыты, елден оқшау күнкөріс қамы себеп болған шығар. Бұл өзге жұрт секілді мал соңына түскен жоқ. Жаз болса осы төңіректегі бұлақтардың сағасына азғантай егін егіп, қыс болса ұста дүкенінде пышақ, қырықтық, қақпан, сырға, білезік соғып күн көрісін содан айыратын. Осы өңірге атақты домбырашы, бал бармақ күйші атағымен танылса да, алқалы топқа түсіп, өнерін танытып көрген жоқ. Тіпті ана жылғы Көктөбе, Хиуа сапарынан, содан кейінгі Даң аулына ат ізін салған соң осы өңірден ұзап та шықпаған екен-ау. Мұның күйлерін бірінен-бірі үйреніп, алысқа таратып әкетіп жүрген де Өскінбай, Арал, Нәби, Бәкен, Шонеке, Шәнкен сияқты күйші інілері. Естуінше — Аралдан Есбай, Бегімсал сияқты күйшілер үйреніп, Есірдің атақ-даңқын сонау Жайық, Жемнен әрі Арқаға дабырайтып әкетіпті.
Әкесі Айшуақ та көгеніне 5-6 ешкі-лақ, тоқты-торым мен бір түйеден басқа мал бітпеген жарлы-жақыбай еді. Есірдің атадан қалған байлыққа қосқаны осы Жалдықарасы. Ол да болса Сәурік айғыр. Мойылдай қаралығы мен тізесіне төгілген жалына қарап "Жалдықара" деп ат қойған. Нәмі жуас, сом денелі тұғыр. Ертеден қара кешке дейін көзін байлап, шығыр айналдырғанда бір шаршамайды, мың болғыр. Қысқасы, анау енді ғана бас жарып тұрған егінді орып алғанша бар тауқымет осы Жалдықараның мойныңда. Кешелі, бүгінді сол аяқ артар жалғыз көлігінен айырылып, жерге қарап қалғанын көрмейсің бе?
Енді бір күн суарылмаса егіннің шөлдеп, қурап қалатыны есіне түскенде Есірдің жаны тағы да байыз таппай тызғып кетті. Ерегіскендей-ақ екі-үш жылдан бері әншейінде сарылдап ағып жататын Жыңғылдының "Қаракөз" бұлағы да тартыла бастады. Мына Қарқынның, Ұланақтың бұлақтарының да ағысы едәуір азайып кетті. Суы мол деп есептелінетін "Жанасай" мен "Сапар қожаның" бұлақтары да жылымшылап, көршілес Меңдәлі мен Қожықтың егіндерін шөлдетіңкіреп тұрған көрінеді. Ана Кенжәлі Сорқұдыққа қауын-қарбыз еккен екен. Әнеукүні желбіреп желі жәйіп келе жатыр еді, шілде түспей сарғайып кетті. Енді қасынан шығыр қазамыз деп әуреге түсіп жатыр. Қатарынан бес жыл бойы Маңғыстауға жаңбыр да, қар да жауып жарымады. Судың молдығы жерге түскен ылғалға байланысты екен ғой...
Қысқасы, биылғы қуаңшылық Жер-ананың желінін еміп отырған жарлы ауылға келген бір зауал болды. Есір ошақ басында күйбеңдеп жүрген Қазынаға: "Ат табылмаса, біздің күніміз не болар екен?", - деген шарасыз кейіппен көз тастап қойды.
— Түс қайта, ең болмаса, қауын-қарбызға шелектеп су құйып таста. Мен мына ауылдарға барып сұрау салып келейін, - деді дауыстап, тау жақты нұсқап. Айтарын айтты да, байыз тауып отыра алмай, Сарытөбені бетке алып, тағы да жолға шықты. Жер бетінен көтеріле шыққан алда төмпек сияқты биік төбеге қарай таяп келгенде алдынан қиыстап өтіп бара жатқан салт аттыны көзі шалып қалды да, қолын бұлғап, айқайлап шақырды. Таяп келгенде көрді — мына Сарайна жерін жайлап отырған Монша ағайын Өтенің Бесеуі екен.
Есірдің тұрмысына қанық Бесеу мұның жан дегенде жалғыз атының жоғалғандығына қынжыла тұрып:
— Мана Еңселінің шығыс басынан айналып едім, Сартаған бетінде Қосбармақ — Күшіктің бір айғыр үйірлі жылқысы жайылып жатырған-ды. Үйірдің бергі бетінде басын желге берігі бір баран жылқы тұр еді. Жаңа ойыма түсті, сенің Жалды қараңа сыртқы түсі келіңкірейді. Тегінде сол болмаса не қылсын, — деді.
Жастайынан мал ішінде өскен көзі қарақты Бесеу қателеспеген шығар. Сол сірә Жалдықара болар, — деген тоқ көңілмен үйіне келген Есір, шайын рахаттана ішті. Әншейіндегі қара торы жүзі күреңіте түсіп құла шайды сілтеп отыр, сілтеп отыр. Манадан бері егінге шелектеп су құйып шаршаған Қазына да Есірге еремін деп актер, көк тер болды. Шоққа бөксесін тірей жайғасқан жез шәйнек сарқылған соң барып Есір басын көтерді. Жастығын керегенің тор көзіне тірей қисайып жатып еді, көзі ілулі тұрған домбыраға түсті. Көп болды көрі серігін де қолға алмапты. Күнделікті күнкөріс қамымен жүргенде оған мойын бұрар уақыт та болмайтын-ау өзі. Домбыраға бір сәт көз салып жатты да, созалаңдап тұрып барып қолына алды, бұрауын келтірді. Өзі іштей саусақ үйретер деп санайтын бір-екі сарынның басын шалып байқады. Содан соң барып "Ақ жарманы" төгілтіп, "Күнтайды" бір қайырып тастады. Ана жылғы Хиуа сапарында жебеген күйлерін тартқысы келіп шерте бергені сол еді, көңіл ыңғайына бағынған саусақ домбыра шанағынан бір өзгеше сарынды бебеулеген үнмен шым-шымдап шығара жөнелгенін аңғара алмай қалды. Қапелімде құлаққа тосын естілген үнді қайта тартып көрді. Жоқ-жоқ, мынау ала бөтен сарын "Тоғыз түйешіге" де, "Қос айырғанға" да, "Көктөбеге" де ұқсамайтын өзгеше бір үн. Тағы да бір тартып, жадында қорғалатып көрмек болып еді, Қазынаның кеп киіп кеткені:
— Әншейінде көп болып қолқалағанда домбыраңды әзер ұстататын едік. Оңашада ақтарылып жатырсың ғой, отағасы-ау, — деп шуақты назарын төгіп жылы сөйлесе де, көңілінің түкпіріндегі назын айтып қап жатыр. Айтсын айтпасын, Есірдің соңғы жылдары домбыраны сирек ұстайтыны рас, күнкөріс қамымен жүріп қолы да тие бермейді.
Қазына — Есірдің екінші қосағы. Бұрынғы әйелі Сауыттан бір бала қалған-ды. Атын немере ағасы, әкесі Айшуақтың туған інісі Бегеннің баласы Манатау Есекеме ұқсас болсын деп Есіл қойған-ды. Сол Сауыт өлетін жылы күз өте жаңбырлы болды. Жарлының үйі қашан сайлы болған. Қараша үйдің шұрқ-шұрқ тесік үзігінен тамшы ағып, әбден берекелерін алған соң, үйді таудың қуысындағы кеуектің астына тігісіп беріп, өзі Иірдің ойына қарай жолға шыққан. Өткен көктемде Қалша - Сары ауылдарына, күзде ақысына тоқты алатын болып қырықтық соғып беріп еді. Жер қара, күн жылыда соны қолға түсіріп алайын деп асығыс аттанған бұл. Қырсыққанда қымыран іриді. Сол күні бұл қалқасына үй тігіп берген кеуек жаңбырға шыдай алмай опырыла құлап Сауытты басып қалды. Сорлы Сауыт есін жинамастан көрші-қолаңның алдында жан тәсілім болды. Нағашыларының қолында тәрбиеленіп жатқан Есіл келесі жылы елге жаппай келген індет — көзік ауруынан қайтыс болды. Есірдің көңілінде шемен боп қатқан көп қайғының бірі осы еді. Содан араға жыл салып, осы Қазынаға үйленген. Оған да біраз жыл боп қалды. Қазір екеуден-екеу осы шаңырақтың түтінін түтетіп отырған жәйі бар. Қазына әзір құрсақ көтерген жоқ. Күйшінің кей кезде осы жұтаң тіршілігі есіне түскенде қабырғасының қайысатыны да сондықтан.
Келесі күні ертемен тұрған Есір тағы да жолға шықты. Екі күнгі мігірсіз жүріс екі балтырын салдыратып, екі өкшесін жеп тастапты. Ақсаңдап әзер басып келеді. Ақыры кешегі Бесеу айтқан тұсқа жетті –а у, әйтеуір. Еңселінің үстіндегі шоқы басына шығып еді, жылқы су ішіп жатыр екен. Бергі бетте екі айғыр таласып жатыр. Көзіне оттай басылды, таласқандардың бірі - өзінің Жалдықарасы. Иә, дәл сол. "Мал ашуы — жан ашуы" деген, аяғының ауырғанына қарамай тұра жүгірді. Жануар әбден қалжыраған екен. Екі жіліншігін тұсау қиып, қан-жоса қылыпты. Ақ көбік боп терлеген. Таласқан айғыр да сыбағасынан құр қалмапты. Бұл жақындай бергенде сылти басып, сырттай жөнелді. Иесін көрген Жалдықара осқырынып жіберді. Әлгінде от шашып тұрған көзі әп-сәтте тау етегіндегі шүңкілдек құдықтың түбіндегі су сияқты мөлдірей қалды.
— Жануарым-ай, менің төрт жағым төрт құбыла боп тұрса, сен өстіп жүрер ме едің? Ақбөкеннің өз жерін, аққудың өз көлін сағынғаны сияқты, сен де өз үйіріңді сағынып жүр екенсің ғой, — деп іштей күрсінген. Есір ат басына әкеп жүген салды.
Бұлар аяң жүріспен ауылға жеткенде күн тал түстен ауып қалыпты. Жоғы табылған Қазынаның да қуанышында шек жоқ Балағына сүрініп, далақтап, барын қамдап жүр. Шайы да күндегісінен тез қайнады. Кебеженің түбінде анада қақпанмен алған қарақұйрықтың бірер жілігі жатыр еді, кешкісін "көршілер көптен қызылсырап жүр еді, егінін суарып келгесін талғажау қылсын" деп, оларды да қазанға тоғытты.
Есір әлгінде көлеңке бетке төселген қарала алаша үстінде жатып мызғып кеткен-ді. Соның арасында түс көріпті. Үлкен бір ұлан-асыр тойға тап болған екен дейді. Өзі ақбоз үйдің төрінде отыр. Іргеде Жалдықара қаңтарулы тұрған көрінеді. Баяғы дөнен бесті күніндегідей ауыздығын шақырлатып тыпыршиды, тұяғы да кетілмепті. Құйрығы қазіргідей сірне - сірне емес, өзінің де жас шағы екен дейді. Бұрын-сонды болмаған бір шабытпен ақпа-төкпе күйді төгілтіп отыр. Бірақ саусағы құрғыр көңілді күйге жүріңкіремейді. Ақжарма сарынының орнына қайдағы бір зар қаққан жылауық, мұңды сарындарды тартады. Кешегі басын бастап қойған мұңды дыбыстар. Сөйтіп жатып оянып кетті, астына басып жатқан қолы ұйып қалыпты. "Осы жасқа келгенше сыр бермеген бұл саусақтың да салдырап қалатын кезі келген бе?" деген күдікпен қолына қарап еді. Уа, ғажапты қараңыз, саусағы бәз баяғы қалпы жарық-жарық, күйелеш-күйелеш күстенген күйі. Бейне мұның өмір бойы көрген бейнетін өздері еншілеп Қалғысы келгендей, тырнақ көбесі астындағы мүйіздер көкбеттеніп көрінеді. Қолына домбырасын алды да жаңағы сарынды жалғастырып көрді, күңіренген дыбыстар төгіліп жатыр, бір-біріне ұласып жатыр. Манаты қаңтарылған жерінде аққан тері сор болып қатқан Жалдықара тұр. Домбыраның дыбысына елітіп, анда-санда құлағын едірейтіп қояды. Құйрығын көршінің ботасы тістелеп тұр екен, шаршағандығы болар оған да елең етер емес. Құлақта тек мына күс қолдың қуатымен өндірілетін бұлақ басындағы шығыр суындай ақырын бүлкілдеп шығып жатқан заржақ сарындар ғана бебеулейді.
Есір күйін аяқтады да, көкірегі жалын ата күрсініп жіберді. "Әй, Жалдықара-ай!.." — деді өзінен-өзі күбірлеп. Бірақ айтпағы тіпті де бұл емес-ті. Өмір бойы еңсесін езіп келген жоқтық, адыра қалған армандар бәрі-бәрі осы сәтте күйшінің көңілін тағы бір оқсатып тұрып осып өтіп еді.
Күйші сол күні кешкісін көрші-қолаң алдында көптен бері домбырасын қолына алды. Соңғы екі-үш күн бойына жалғыз аты Жалдықара себеп боп дүниеге келген тың сарынды, жаңа сазды тартты. Күй аты "Жалдықара" атанды. Бірақ өмір бойы көрген заман таршылығынан ба "Жалдықара" күйінің ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып қалатындығын сол бойда Есір ойлаған да жоқ еді.
МАНАТАУ
(әңгіме)
Хиуа жолы ұзақ жол,
Қайта айналып келгенше,
Елім, жұртым, аман бол.
(Халық жырынан)
Көктөбе бекінісі жеңілісімен Хиуа ханы соғыссыз келісімге келді. Хиуа жорығы аяқталатын күн туды. Елге қайтуға рұқсат берілісімен Маңғыстау болысының түйекештері түгелдей елге бағыт алған-ды. Елден шыққалы жылдан асыпты. Ата-ананы, қатын-баланы сағынғандықтан жолға кідірер түрі жоқ Мігірсіз ілгері жылжуда. Құм шоқыда, сексеуіл өскен жыра-жықпылдар, итсигек пен жусан араласа өскен ойлар, еркек пен бозы жайқалған ұшы-қиырсыз құба жондар, бұйрығыңды сағым шалған белдер артта қалып жатыр. Әр болыстан жиналған түйекештер қос-қос болып, бөлек-бөлек жұптарын жазбай қатар келе жатыр. Құтты, сулы жерлерге аяқ суытып, ілгері жүреді. Шынында да мұндай қашық жолға қазақ екен "ойсыл қара" атаған осы бір жануардан басқа көліктің сыр бермей жегуі екі талай. Дауыс жетер жердегілері анда-санда айқайлап хабарласып қояды, әзіл-оспақ ән айтатындары да бар. Қаратау болысының тоғыз түйешісі де өзімен-өзі. Ауылдан шығардағы Кетік приставы полковник Н. Ломакинге тоқсан бойдаққа жалданғандары да естерінен шығын кетіпті. Үстіртке шықпай түйелеріне тыным берер түрі көрінбейді. Ломакин бұларға жолға деп аздап азық-түлік бергізген. Жол қауіпсіздігі үшін деп бір алты атар сыйлаған. Түйекештердің адалдығына, еңбекқорлығына ризалық сезім білдірген. Шындығын айтқанына да сау болсын, әуелде жолдан адастырып, алдап кете ме деп қауіптенгенін де жасырмаған. Жүрерде келіскен ақыларын Кетікке патша әскері түгел оралып барған соң алатындығын, әскердің уақытша осы жақта болатындығын, Тәжік -Ауған елдерімен оралатындығын ескерткен. Түйешілердің тілектерінің қабыл болатын түрлері бар. Үстірт асуына азғана жер қалды. Қасқа жолдан құлаған күні Сам-Матай жағын қоныстанатын елдің адамдары бөлініп кетті. Шағадам—Сартас бетін мекендейтіндер "ертең бөлінеміз" деп келеді. Бұрулау жүріп, бұл жерге дейін келулерінің себебі сырт жаудан бірге қорғанудағы бірлескен шешімдері еді. Міне, Үстірттің кең жазығына да шықты. Түйекештердің қуанышында шек жоқ, шаршап-шалдыққандарын да елең қылар емес. Әйтсе де таңның атуынан күннің батуына дейінгі мігірсіз жүріс көліктерді есеңгіретіп жіберді. Бүгін кештетіп Ердәлі-Тамдыға жетіп қалатын түрлері бар. "Ердәліден түйелерді суарып аламыз да кідірмей жүре береміз. Қыземшекке жеткен соң бір-екі күн еру болып, күш-көлігімізді тынықтырып аламыз", — деп қояды қос басшысы қағілез кішкене Нұрмағанбет.
— Одан әрі Көгесем оймен жүрсек Сенек-Сұмса, Бесоқты — Тоңаша, шың жағаласа — Жосалы - Бесбұлақ, Бөрбас, Маната асуы, елге жетті деген осы, - дейді Есір де күнге қарап көзін сығырайтып.
Есір жолға шыққалы томаға-тұйық, ашылып сөйлемей келе жатқан-ды. Ердәліден өткелі бір түрлі көңілді. Даудырлап жігіттермен ашық әзілдесуді шығарыпты. Кідіре қалса болды қара домбыраға ерік береді. Түйенің үстіндегі ұйқысыз түндерін ұмытқан сияқты, біразға дейін көзі ілінбейді.
Он алтыншы күні бесін ауа түйелі керуен Қыземшектің құдығының басына келіп, теңдерін шешті. Бір-екі күн тыныстап, түйелерін жайып, жүрмей келгендерін демалдырып жуынып-шайынып алуға келіскен. Шымыраудың салқын суына қанған түйелері де құдықтың құбыла бетіндегі қалың жантаққа тиіп жатыр. Керуеншілер тамақтанып алып қалың ұйқыға кетті. Жол соқты болып шаршағандықтан ба ертеңіне күн бекіту көтерілгенде әрең оянды. Құдықтың мұздай қара салқын суына жуынғандардың ұйқысы шайдай ашылады. Тек төсегінде молдасын құрған күйі домбырасымен әуреленіп отырған Есір ғана. Әр күйдің басын бір шалады... Әлден уақытта:
— Әй, Есір, — деді көрші қостағы Бәйімбет болысының бір жігіті әзіл-шыны аралас. Елге жақындадық, амандық-саулыққа шығарған күйің болса, тартпайсың ба?
— Шығарған күйің бар ма деп, күй шығару ағаштан жонып жасай салатын ешкінің мүсіні деп пе едің, — деп кейістік білдіреді екіншісі.
— Несі бар, өз атасы Әлмәмбет шал енші бергенде бұларға домбыра беріпті деген сөз бар емес пе, ескіден. Күй шығардың ба дегенімнің несі айып, — дейді ол да қарсыласып.
— Не десеңдер де өнер осы Шонай атам балаларына дарыпты ғой, — дейді үшіншісі.
— Әй, жігіттер, — деді Есір мандайын кіржитіп, несіне дауласасыңдар, ойлағаннан бірдеңе шықса кейін көрерсіңдер. "Кекірігің азса, Бәйімбет атам балаларының ауылына қоныңдар", — депті ғой бұрынғылар. Онан да осының мәнісін айтыңдаршы маған, — деді Есір қарсы әзіл айтып.
— Шамасы, Бәйімбеттер шетінен мырза, келген қонаққа тамақ бергіш болғасын айтқан болар, — деді Бәйімбетпен нағашы-жиендігі бар Нұрмағамбет.
— Майлы етке тойсаң кекірігің азады, аш адамның кекірігі аза ма? Қарның ток болса Бәйімбет ауылына қон. Аш жатсаң ұйықтауға жақсы дегені ме екен, - деп Есір де тілін тығып жатыр.
— Сендер сараңдыққа күлмей-ақ қойындар, - дейді қарсы жағы дау айтып.
Жігіттер әзілдесе жүріп оразаларын ашты. Біреулері жақын жерде көрініп тұрған қорымға бет алды. Есірлер тобы да соларға қосылды. Ондағы ойлары: Хиуа ханы Қарнауда көшіп жүрген тоғыз ауылды шапқанда кейінгі қол жиналып келгенше үйде жата алмай, жасы сексен беске келсе де жаудың мың қолына жалғыз шауып, қырық адамын найзалап өлтіріп, өзі де жаудың найзасының ұшынан өлген Балықшы — Қармыс батырдың зиратына тағзым етіп қайту еді...
Бұлар зират басынан оралғанда, осы манды жайлап отырған көршілес Зорбай, Жаман адай ауылдарының малшылары мал суаруға келе бастады. іштерінде аттары естерінде қалмағанымен, жүздері таныс адамдар да бар екен. Бұлар амандық-саулық, елдің жай-күйін сұрап бір жасап қалды. Біреуі Қаратау бойын, біреуі Ақтау бойын, біреуі Бозашы жағын, біреуі теріс жағаны, біреуі Исан түбегіндегі елдің жай-күйін сұрап, малшыларға мал суартатын түрі жоқ. Малшы жігіттердің айтуынша, анадайдан көрініп тұрған ауылдарда да танитын ауылдар, адамдар бар болып шықты. Бір жігіт сонау көрінген төбенің ар жағындағы бір ауылда қыз ұзату тойы болатынын, бүгін құдалар келетіндігін, құдалар Қарақұдықпысқын жерін мекендейтін ауылдан екендігін айтты. Жүрмей келген түйелерді тынықтыру үшін жатқан түйекештерге бұдан артық не бар, іздегенге сұраған. Бәрі де жүктерін үйіп, арқанмен байлап, таспен бастырып, той болатын ауылға беттеді.
Обалы не керек, той иесі түйеші-керуеншілерді шын ықыласымен қарсы алды. Жұптарын жазғызбай шет жақтағы қоңырқайлау киіз үйге кіргізді. Той иесінің өзі домбыра арқалап жүрген Есірге, тойдың сәнін келтіретіндердің бірі болармысың дегендей, көзінің астымен қараңқырай берді. іздегенде таптырмайтын адамның келгенін сезгендей... Оны-мұнымен жүргенде кеш түсіп, ымырт үйіріле бастады. Батыс жақ шеттен ит абалап, құдалар келді деген дауыстар шықты. Жарықта жарқырап келмей, қараңғыда қарауытып келгені несі құдалардың, - деп әйелдер жағы даурығып жүр. Шуылдап шашу терген балалар да мәз. Ауылға келген қонақтар үйді-үйге бөлініп, жайғасқасын барып, айналаға тыныштық орнады. Қатар тіккен он-он бес үйдің орта тұсындағы қыз ұзататын үйдің алдыңғы бетіндегі жер ошаққа бес-алты қазан асылыпты. Жаққан оттың жарығынан үш-төрт жігіттің көлеңкелері қараңдайды. Еттерді қазанға тоғытып жатыр. Біраз отырыстан кейін күйеу - құда кірген үй жақтан ән салған дыбыс шықты. Әнді оңдырып айтып отырған жоқ, әйтеуір ән салдының кері. Әншінің әніне риза болмады ма, Нұрмағамбет бір-екі ұмтылып орнынан тұрды да, қисайып керегеге арқасын сүйеп жатқан Есірге қарап, "сенің де кезегің келді дегендей, ымменен, домбыраңды қолыңа ал" деді.
Жолдастарынан осы сөзді күтіп отырған Есір домбырасын қолына ала күйге келтіріп бітекене отырды. Сосын барып өзінің сүйіп тартатын "Әләу, Майрам" күйіне көшті. Түнгі ауаның қашықтығынан ба, әйтеуір қатарластыра тіккен он бес киіз үйдің о шеті мен бұ шетіне күй дыбысы анық естіліп жатты. Домбыра дыбысының естілуі мұң екен, Есірлер отырған қараша үйге тойшылар топырлай бастады. Иін тірескен жұрт іргеден сығалап, киіз үйдің уықтарын сықырлатып жіберді...
Сырттан бір-екі адамның даусы естілді. Сол-ақ екен:
— Әй, жігіттер, жол берсеңдерші, — деген өктем дыбыс шықты. Есір домбыра тартуды қоя қойды. Күйді у-шусыз тыңдамаса күйдің беделі кетеді. Үй іші қара көлеңке. Есіктен, шаңырақтан түскен ай жарығы ғана үйге жарық түсіріп тұр, керегелер түгел түрілген. Күйдің дыбысын естігені болмаса, бірінің беті біріне анық көрінбейді. Қараңғыда гүжілдей зілді шыққан дауыстың манағы той иесінің дауысы екендігін Есір бірден аңғарды. Шаңырақтың желбауынан ұстаған күйі той иесі қақ ортаға келіп, жүрелей отыра қалды да жігіттерге құдасының келгенін, бүрсігүні қонақтарды жолға салатындығын қысқаша айтып өтті. Ас-су жеткенмен күтушілердің де, тойшылардың да шаршайтындығын сөзге айналдырды.
— Дәм айдап той үстіне келдіңдер, құтты қонақ болдыңдар. Мана домбыра ұстаған жігітті бұрын көрмегесін, кім деп сұрауға батылым бармай кетіп едім. Оның атақты Есір домбырашы екенін жаңа жігіттерден естідім. Сендер әлгі патша әскерінің күш-көліктеріне түйекеш болып "Бакотке" кеткен жігіттер екенсіңдер ғой. Патша әскері Хиуаны бағындырыпты дегенді ел құлағы елу - естіп жатырмыз. Аман келгендерің жақсы болған. "Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі" деген ғой бұрынғылар. Енді, міне аман-есен елге де оралдыңдар. Анығын білген соң сіздерге дұрыстап амандасайын, той тарқамай кетпеңдер, қадірлі қонағым болыңдар, — деп айтайын деп келдім, шырақтарым, — деп той иесі жөткірініп алды.
— Рахмет, аға, тойыңыз тойға ұлассын, жігіттер болып ақылдасармыз, асылы, тойға түсіп кететін шығармыз, — деді Нұрмағамбет барлығы үшін жауап беріп Есірге қарады. Есір де келістік дегендей үндеместен басын изегендей болды. Той иесі бұларды құдалар отырған үйге шақырды және де өзімен бірге ере жүруін сұрады. Бұлар үнсіз келісіммен той иесінің соңына ерді. Бұл түнді Есірлер тобы да, жалпы жиналғандар да ұйқысыз өткізді. Жиналғандар тарайтын емес. Күн қызара шыққанда барып Есір домбырасын қапталына сүйеді. Бой жазу үшін далаға шықты. Ертеңгі таза ауа да көңілге ой салғандай екен. Таңғы сағыммен алыстағы қарайғандар қасына келгендей көрінеді. Табиғат заңдылығы да қызық. Жан-жақтан мінгескен аттылы-түйелілер келіп жатыр. Бәрі де таңғы салқынмен тойға жиналғандар. Есір бұлардың кімдер екенін сұрап еді:
— Маңғыстаудың ойынан келгендер де бар көрінеді, - деді қарсы ұшырасқан жігіт...
Танитын біреу тап болар ма деп, Есір Қаратаудан келген адамдар бар деген үйге беттеді. Сәлем беріп кіріп келген ол қонақтардың Құйылыс - Бекі бетінен келгендіктерін бірден байқады. Аралас-құралас жүретін ауыл адамдарының жүзі таныс. Есір елдің амандығын сұрап жатыр. Өзі кеткеннен бергі өзгеріс — өзінің әкесі Айшуақтың ағасы Манатау қайтыс болыпты. Өзі кеткенде сексен сегізге келіп еді. Қартайса да дәретіне барып келетін күйде болатын. Есір Хиуаға аттанарда кішкене немересіне жетектетіп келіп, жол болсын айтқан.
— Өзің әкеден жалғыз едің, артында да тұяқ жоқ. Аман келесің бе, келмейсің бе оны бір құдайдың өзі біледі, — деп сақалын жуып жылаған-ды...
Есірдің әкесі Айшуақ ерте дүние салған. Өзі осы Манатаудың қолында жүріп өсті. Әйел алып берген де, үй қылып бөлек ауыл қондырған да осы Манатау еді. Есір жүрегі Дірілдеп, көзіне жас үйіріле берген соң тысқа шығып кетті. Ауыл сыртында азғана жүріп көңілін басып, отырған үйіне қайтып оралды. Манатау атасының хабарын жолдастарына айтты. "Жасы келген адам ғой, топырағы торқа болсын. Бала-шағаның алдында алса өкініші жоқ. Артының амандығын, қайырын сұра", - десті отырғандар. Той қыза Есірлерді құда күйеудің ішіне, қыз-қырқындардың, қалың топтың арасына қайта апарды. Әзіл-қалжыңы жарасқан ортада әр күйінің шығу тарихын айтып, асқақ күйді төгілдіріп Есір отыр. Жиналғандардың Есірге деген ілтипатында шек жоқ.
Той асы желініп болып, басқарушы жігіт күннің ыссылығына байланысты бәйгі болмайтынын, орамал алып қашу ойыны болатынын хабарлады. Аттарына жабырлай жүгіріскен жігіттер әп-сәтте ауыл үстін ала шаң қылып жіберді. Есір келгеннен бері күй тартып отырғанда қасынан бір елі қалмай күй тыңдаған жігіттің атын сұрап мінді. Көп тобырдың арасында бұл да жүр. Ұзатылатын қыздың шешесі, сұңғақ бойлы сарықарын бәйбіше өңір жиегі салдырлай келіп, бұхардың ақ жібегіне түйілген күміс жүзікті жоғары көтерді де:
— Байұлының үлкенінен кім барсың? — деп айқайлады.
— Мен бармын, — деп көп ішінен еңгезердей қара жігіт атын тебініп ілгері шықты. — Мен Әлім аға баласы, руым Кете. Менен басқа бұл жерде жолы үлкен ешкім жоқ. Жолдығымды ешкімге бермеймін! Орамалды қолына алды да "өзім алып қашам" деп, топ ортасынан суырыла шыға аттың басына ерік берді. Астындағы меңсіз қара ат басқалардан құрық бойы ілгері бара жатыр. Көп тобырдың алдыңғы жағында Есір де келеді. Байқауынша, астындағы аты жәй тұғырдың бірі емес сияқты. Қатарындағылар біртіндеп қалып жатыр. Есірдің астындағы жарау құла бұрынғыдан да шабысты үдете түсті. Балтырды қысыңқырап жіберіп еді, орамал алып қашқан қара аттыға барып та қалды. Есірді танып, сасып қалған жігіт: "А, домбырашым, сен бе едің", - деді де орамалды Есірге ұстата берді. Есір алыстан орағытып барып, қуғыншылардың анық жете алмайтынын білгесін ауылға қарай ойыстай шапты.
Есір аттан түсіп, ат иесіне рахмет айтып, орамалды ұсынды. Аттың иесі:
— Сізге менен, Қыземшек жеріндегі тойдан ескерткіш болсын, - деп бәйек болды...
Есір жолдастарының қасына келіп еді, палуандар жарысы болады деген айқай шықты. Ортаға ұзын бойлы, иықты келген қайың жігіт шығыпты. Ере шыққан жігіттің біреуі палуан жігіттің беліне тұсау байлап жатыр. Палуан кім екен деп сұрастырып көріп еді, ешкім білмеді. "Ел ішіндегі атақты палуандар белгілі ғой, жаңадан көрініп жүрген біреу болар", — десті.
Ойын басқарушысы қарсы палуан шақырды. Жиналғандардың ішінен күресем деушілер қапелімде шыға қоймады.
— Есір, сен шық, — деді Қалбы шыдамай. Ұстасың, балға ұрғаннан қиын ба, жығылсаң жер көтереді.
Ақыры түйекештер Есірді зорлап ортаға шығарып, беліне белбеу байлады.
— Мә, күйші палуан да екен ғой, — деп жұрт шуласып жатыр. Сырттан қарағанда Есір денесі де қарсыласынан кем түсетін емес. Екеуі бірден ұстаса кетті. Қалған сегіз түйешіде ес жоқ.
— Иә, аруақ, әулиелер қолдай көр, — десіп жатыр. Алысқан екеуі бірін-бірі ала алмады. Ақыры болмаған соң Есір бақай қақпа әдісіне салып тартып қалып еді, қарсыласы тізерлеп кетті. "Жығылды" деп айқайлады түйешілер, Есірді айырып көтеріп әкетті. Қарсылас жағы дау шығара бастады. "Жауырыны жерге тиген жоқ. Тізерлеген жығылғанға есеп емес", -десті. "Күші көп болса неге тізерлейді?!", — десті бұлар да. Ақыры Есірді жықты деп шешіп той иесі бәйгіге шапан жапты.
Сөйтіп, түйекештер тойдан абыройлары асып аттанды. Тойдың тарауына қараған жоқ. Бесін ауа түйелерін жинады да жолға шықты.
— Асылы, ойға Маната арқылы құлағанымыз жөн болар, — деді Қалбы Нұрмағамбетке. Себебі, қазір елдің бәрі Үстіртке жайлауға шықты. Енді аяғыңды бассаң ел, түстене кетуге де, қонып кетуге де әбден болады, түйе де, өзіміз де шөлдемейміз. Керуен Күшікбай шыңырауындағы елге дейін екі қонып, Мәлібектегі елге күн батпай келді. Көліктерін суарды да. Маната бетінен бұлдырап көрінген ауылға барып қонуды ұйғарды. Жақындағанда білді. Азғана жандығы бар, орта шаруа ауыл екен. Желіде бір-екі бота көрінеді. Уақ жандық, қой-қозысы аралас шағын ауыл сыртында тұсаулы бес-алты ат жайылып жүр. Керуеншілер түйелерін тұсап отқа жіберді де тендерін жиыстырып, үйлерге беттеді. "Не де болса ортадағы үзігін биыл жапқан екен, сол үйге баралық", — деді Нұрмағамбет жолдастарына. Жауап қатқан ешкім жоқ, үнсіз келіскендікпен солай беттеді...
Күн ұясына жартылай кіре қоймаған мезгіл.
— Ассалаумағалейкүм, — деп сәлем берген тоғыз адамды бастап Нұрмағамбет үйге кірді. Төрдегі жастық ағашқа сүйеніп, қара көлеңке жерде біреу жатыр. Әлгінде батыс жақтан келген бір ер адамның үйге кіргенін бұл да байқаған. ірі денесімен ыңғайсыздау қозғалып, ысылдап-пысылдап: — Уағалейкүмәссәләм, төрлетіңдер, — деп қолымен төрді нұсқады. Сосын:
— Қатын-әй, қонақ келді, төсек сал, — деп ошақ басында ас қамымен жүрген әйеліне дауыстады...
Біраз отырысып, амандық-саулық сұрасып, бір-бірінің жағдайларына қаныққан соң барып, "келгенше қонақ ұялады, келгесін қонақ иесі ұялады" деген емес пе, — үй иесі көршідегі інісін шақыртып, мал алдырып, қонақасыға мал сойғызды. Киіз үйдің іші қапырық болып кетті ме, есік алдына үлкен қара киізді төсетті, қонақтар тысқа шығып отырды. Ендігі шаруа қара домбыра мен Есірде. Бір құба күйді төгілтіп ол отыр. Мұңды үн басым, үстіңгі ішегін шапшаңдау алады. Түйекештер бұрын естімеген күй. Жиналған ауыл адамдары да, ошақ басында тамақ қамымен жүрген әйелдер де үнсіз қалыпты. Өте көркем, нәзік тартылғандығы сондай, тыңдаушылар қатты елтіп қалды. Домбыра дыбысының үні елтең-селтеңі жоқ, өмірде кездесетін қиын-қыстау соқпақтың бәріне көнген, оны жеңе білген бір жұмбақ жанның өмірін елестеткендей. Біркелкі өтіп жатқан өмірінде, күн көзіндей жайма-шуақ мінезі бар, өзім дегенді көңілмен делбеп қоятындай күш-қуаты бар адамға арналған сияқты. Қиындыққа мойымау, жоқшылыққа қарсы тұру сияқты ерлік те, бұрынғы тартқан күйлеріндей емес жылылықпен қатар өрлік те сезіледі. Біреудің өмір жолын баспалдақтап, баяндап отырған сияқты. Қос ішек бебеу қағып, бар дыбысын сыртқа шығарып, тыңдаушыны ұйытып жіберді. Күйдің дыбысы қаттырақ шығар тұста, күйші шынтағын көтеріп қояды. Керек жерінде екпіндетіп, дыбысты бір қалыпты шығарады. Домбыраның қоңыр үнінен жаңа бояу, бейтаныс бедерлер сезіледі. Өз теңдігі үшін арыстандай айбаттанған адамның тағдыр тәлкегінен тайсақтамайтын, қайраты мен қайсар тұлғасын тілсіз үнмен жыр етіп отырғандай көңілді әсер қалдырды. Күй құдіреті тыңдаушыларды түсінікті жомарт сезімімен, кербез де мұңды нақышпен баурап алды. Өмірде жоқшылық пен жарлылықтан азап шеккен адамның қимыл үстіндегі қуатын, қасіретке батқан асқақ ойын білдіретін ғаламат күшін екі ішек үнімен түсіндіргендей болды. Халықтың ауыр тұрмысы көз алдыңа елестегендей әсер етті. Жиналғандардың ықылас қойып тыңдағаны соншалық, мына әуенде үстемдік пен зорлыққа қарсы бас көтерген сиқырлы күштің үні бар ма деп те қалды. Күй аяқталды. Жұрт демдерін терең алып, аяқ-қолдарын қимылдатты.
— Мынау біз естімеген күй, атын атай отыр, — деді Қалбы дегбірсізденіп. Жұрттың бәрі Есірдің аузына қарады.
— "Манатау", - деді Есір. Мені осы күнге жеткізген бір асыл адам өмірден өтіпті. Менің ол кісіге берерім көп еді. Борышым бұл күйіммен де өтелмек емес. Ата өмірден кеткенмен, маған аманат тастап кетті. Ол аманат — өнерді құрметтеу. Мына қара домбыраны "Есіржан тартсын" деп тоқтылы қойға жасатып берген сол кісі еді. Ата өлімін Қыземшектегі той болған ауылдан естігеннен бері ойға оралып жүрген саз еді, жарыққа шығар жері осы болды. Әкем ерте өлді, шешем жесір қалды. Біздің ауылымыз қай уақытта малға жарыған. Өзім жақын-жуықтың азғана ешкі-лағын бақтым. Манатау атам Қаратаудың бұлағына егін екті, азғана ауылды ас сұратып тентіреткен жоқ. Аға деп келген адамға жеп отырған бір үзім нанын бөліп беретін. Тіпті үлкейген шағында да біздікіне келгенде, "Қазнажанның тамағы ісер",- деп кемпіріне жілік-жауқанын оратып алып, әкеліп жүретін. Бұл күйді сол бір аңыз адамға, Манатау атама арнадым. Мойнына таққан бойтұмарым болсын, — деп Есір батып бара жатқан өмірзая жұлдызға қарады. Отырғандар күрсініп қойды. Содан бері мына даланың қос басы — қоңыр кештерінде "Манатау" күйінің сарыны үзіліп көрген емес...
ТОҒЫЗ ТҮЙЕШІ
Әңгіме
Күн кеше желкемдеу еді. Бүгін соның арты ызғырыққа ұласыпты. Бөксесін арқаға салып алған өкпек жел лай аспан төсіндегі жентек-жентек қошқыл қара бұлттарды ыққа қарай жөңкілте қуып әкетіп барады. Күз түгілі көктемнің өзінде салақ әйелдің тұздауға ерініп, топыраққа жая салатын кептірген терісі құсап жататын су реңсіз. Үстірт аспаны тіпті жабырқау, тіпті бұйығы.
Есір мана таң сібірлей оянған. Орнынан тұрып кеткісі келіп біраз оқталғанмен қақпа шекпенін қымтанып біраз жатты. Жел соқты болған кісі көз шырымын алған аз сәтінің өзін олжа көріп қунап қалушы еді. Бірақ Есір түнде көрген түсінің әсері ме, мең-зең. Бұлар патшаның Хиуаға аттанған әскерінің түйесін бағуға жалданған тоғыз түйеші. Өткенде әскер Көктөбе бекінісін алғаннан бергі Есірдің көңіл-күйі осы. Көзі ілінді болды-ақ бастырылып оянады. Түсі түгілі өңінде де кейде оңаша өзімен-өзі қалған сәтіңде сол бір қанды қасап елестеп, жаны түршігіп қоя береді.
іргесінің көңі қалыңдамаған, бар күн көрісін Жыңғылды бұлақтың сағасына еккен егіннен айырған Айшуақ шаңырағында мал сирек сойылатын. Сол сирек сойылатын малдың өзін бауыздағанда үйден безіп кететін Есір, адам қанын көрген соң не жорық? О баста бұл сапарына бармай-ақ қояйын деген. Бірақ мал — көз құрты, кірекештік ақыға 90 бойдақ ұсынылғанда әйелі Сауыт маза бермеді. Бәрінен бұрын құдай қосқан қосағының қайраған сөзі шамына тиіп еді. Енді сол оп-оңай жерден қолқ ете қалғанына өкінумен жүр. Бұл туды-бітті Маңғыстаудың қара ойынан ұзап шықпаған кісі. Балар кезінде күнінде Бесқала, Хиуа шықтық деген барлық үлкендердің хабарын естіп: "Шіркін, көрер ме еді" деп қызыға түскен де, есейіп, шаруа басқан соң оны мүлдем есінен шығарған. Мұңда қарақалпақ, түрікмен сияқты қандас халықтардың тұратынынан да хабардар. Маңғыстау елі, оның ішінде Жаңай, Шонай ауылы түрікмендермен қашаннан аралас-құралас отырған, тіпті қыз алысып, қыз берісіп дегендей сіңісіп кеткен жұрт. Былайғы рулар мен түрікмендердің ептеген қырбайлықтары да бұларға көп соқпайтын. Қайта Бес Әлмәмбет балалары атағымен танымал бұл ауылдың көзі қарақты адамдары түрікмендерге қылыш кезенбек түгілі, оларды туыс жұрағат санайды. Ол себепсіз де емес.
Ертеректен осы әулеттің Таған деген бас көтерер белді ақсақалы Кетікте отырған түрікменнің Жұмагелді есімді бегімен тамыр болады. Таныс білістік аяғы төс қағысқан достыққа ұласып, Таған өзінің бір баласын Жұмагелдіге өкіл күйеу етеді. Өкіл күйеуін өз баласынан кем көрмей өткен Жұмагелді оны өз қолымен үйлендіріп, отаулап шығарып, еншісіне Қаңға дейтін ойды, Қаракөз дейтін бұлақты береді. Сол Қаңға, сол Қаракөз бұлақ кейіннен осы Жанай аулының талай әулетінің ата-мекеніне айналды.
Ертеректе Көкжар базарынан қайтқан сапарыңда, кешкісін Есірлер келіп, көлігін қаңтарған ойдың анау шетіндегі биік төбенің есіне түсе кеткені. Оны жұрт "Қозыбай төрткіл" дейді екен. Қозыбай да осы төңірекке кісілігімен қадір арттырған адам. Оның әсіресе түрікмен Дүрді қылышпен достығын ел әлі күнге аузының суы құрып әңгімелейді. Бауырынан 14 ұл, бір қыз өрбіген Қозыбай малға да кенде болмаса керек. Жылқысы түйелер жайылып жатқан анау кең ойдағы шымырауға су ішуге келгенде сыймай қалатын еді деп аңыз қылады жұрт.
Бірде Дүрдіқылыш әкесінің көп жылдардан бері көріспеген досы Қозыбайға сәлем бермек боп жолға шығады. Түрікмен де қазақ сияқты малсақ халық. Әсіресе жылқы баласына құмар. Сол әуестігі жеңген батыр қасындағы жолдас-жораларымен жолшыбай сол Қозекеңнің жайылып жатқан ніл қаракөк жылқысын аралай жүреді. Жылқыларды қызықтап келе жатқанда әне-міне дегенше Қозыбай аулына келіп те қалады. Қарсы алдыңда алты шаңқан ақбоз үй бөлек оқшау тігілген. Малшылар үйі болуы керек, кішілеу екі қараша үй жылқы желісіне жақындау орналасыпты. Желі үш қатар қағылған. Қолдарына құрық ұстаған екі адам бие саудырып жүр. Бұлардан басқа бие сауып отырған төрт келіншек пен шелек маңыңда отырған бес-алты бала көрінді. Дүрдіқылыштар тобы желіге дауыс жетер жер жақындай келе тоқтап, "хабарласатын кім бар" дейді. Қонақтарды көрген Қозыбайдың өзі бері беттейді. Дүрдіқылыш: "Ассалаумағалейкүм", — деп дауыстай сәлем береді. Бірақ мына сақал-мұрты өскен сырт көрмеге можантопай шалды танымайды.
— Уағалейкүмәссалам, — деді үлкен кісі сәлемін әндете қабыл алып. — Жол болсын, батыр.
— Әлей болсын.
— Мейманым болыңыз, — деді Қозыбай, алып ақбоз үй жақты нұсқап.
— Бізге Қозыбай ауылы керек, — деді Дүрдіқылыштар мойнын соза жан-жағына қарап.
— Қозыбайдың ауылы осы.
— Онда Қозыбай қайда?
— Қозыбай біз болармыз, — дейді Қозыбай. Дүрдіқылыш аң-таң:
— Қозыбай қайда? — деп тағы сұрады.
— Қозыбай біз болармыз, - дейді Қозыбай бұрынғысынша.
— Бұл Қозыбай болмас, — дейді де Дүрдіқылыш кейін қарай атының басын бұрып, келген бағытына жүруге ниет білдіргендей.
Қозыбай тұрған жерінде қалшиып тұрады да қалады.
Дүрдіқылыштар тобы қыраң асқанда ғана барып, аяғыңдағы тілі шығып тұрған көң шоқай мен беліндегі несеп сіңді тұсауға көзі түсіп санын бір соғады.
Ауылына оралған Дүрдіқылыш көргенін әкесіне әңгімелейді. Сол жерде ерін бауырына ала тулаған әке: "Ой, жетесіз! Қозыбай үйде құл, түзде ер еді ғой. Соның байыбына неге бармадың. Бар! Алдына барып жығылып, кешірім сұра", — деп баласын, қаңтарған атын да суытпастан кері қуады. Айыбы үшін деп алдына бір үйір арғымақты салып береді. Мойнына қамшысын салып келген Дүрдіқылышты Қозыбай айыпты деп таппайды. Қайта оның танымай қалғанына, досына көптен бері ат ізін сала алмай, кейінгі жылдары шығып кеткен өзінің кінәлі екендігін айтады. Дүрдіқылышты бір ай қонақ қылып, алдына екі айғыр үйірі көк мойнақ салып еліне қайтарыпты.
Сол Дүрдіқылышта өле-өлгенше Қозыбайды әкесіндей сыйлап өтті дейді.
Міне, солай, атасын атасы құрметтеп, баласы баласын қадір тұтып өткен елге жарақты жаудың жасағы ішінде барамын деп кім ойлаған?!
Әскерлер биылғы сәуірдің бірінші жаңасында Кендірліден аттанғанда керуендегі аз қазақты мұрынды, ер келбетті бір жас офицер төңіректеген. Қап тауын мекендейтін лезгин деген жұрттан екен. Жасында сондағы бауырлас халықтың ішінде өскендіктен аздап бұрап сөйлегенмен, қазақша ағып тұр дерлік. Өзін Әлихан баласы деп таныстырған офицер жұрттың алабөтен қошемет көрсетуіне қарағанда осал кісі де болмаса керек. Есірдің кешкі қоналқада домбыра шерткенін көрген соң кірекештердің қосын көбірек төңіректеп алды. Үстіртке көтеріле берісте екеуі жолдан қиыстау төбе басындағы зиратқа барып, Әлихан баласының әлгі моланың біріндегі жылқы бедеріне, құлпытасқа өте-мөте шұқшиып, қазақ, түрікмен халықтарының тұрмыс-салты туралы көп сұрағаны да есінде. Содан бері Әлихан баласы екеуі арасында кәдімгі көже тамыр өрбіген.
Көктөбе алынып, қамалдың қираған жерінен енген әскердің соңынан Есірлер де кірген. Қасында қағылез Нұрмағанбет пен Қалба бар. Үшеуі бір ұзын махалланы бойлап ілгері еніңкіреген. Сонда көргені есіне түссе Есірдің әлі күнге тұла бойы түршігеді. Аула-ауланың түкпірінде үймелеген қарусыз халық. Бейшаралар жатын үйлері өртеніп жатқан соң жан сая іздегенде, тапқан жері осы болса керек. Үйден олжаларын көтергенін ше алып шыққан басқыншы әскер бір уақытта әйелдердің сырға, шолпысына жабысты. Алтын сырғаны айқұлақтан ағытып алса бір сәрі, иесін шыңғырта жұлқып алып жатыр. Бір уақытта ол зорлығы аздай кезекті қылышқа берді. Туралған дене, шабылған қол, артынан қуа атылған оқ тиіп омақасқан қарусыз бейбақтар. Шыдай алмаған Есір қанға жеріктердің келесі бір бақытсыз құрбандығына араша түспек боп тұра жүгірген. Әлдекім қапсыра құшақтай алды. Қарулы қолдан босана алмаған соң назарын тіктеп еді — Әлихан баласы екен.
— Тоқта, достым, бұл екеуміздің еркімізден тыс болып жатқан жағдай. Қосақ арасында кетесің.
Әлихан баласы мұны қоярда-қоймай сүйреп, қасындағы ашық тұрған қақпаға енгізіп жіберді де, есікті мықтап жауып алды.
— Бұлар ақ патшаның аламан әскері. Жеңілген елді үш күн бойына талап тонауға әскер басшыларының өзі ерік беріп қойған. Оны бұзуға менің шамам келмейді. Арандап қалғың келмесе, менің артымнан ер. Әлихан баласы осылай деп айтқанына көндіріп, бұл үшеуін қамалдан сыртқа алып шықты.
Сол бір қанды қасап Есірдің бүгін де түсіне еніп шықты. Көлік мандайын елге қарай түзеп, Көктөбеден алыстай түскен сайын ұмытылар деп ойлап еді. Жоқ, естен шығар емес. Көкірекке мықтап байланған шемен болды бұл.
Көкірегін қарс айыра күрсінген Есір ақыры шыдай алмай сыртқа шықты. Таң алагеуім болып атып қалған екен. Қағылез Қалба мен Нұрмағанбет бұдан да бұрын тұрып, бірі ертеңгілік ас қамына кірісіпті, бірі анадай жерде жайылып жүрген көліктерге қарай ұзапты. Есір әдетінше ертеңгі шайды ұзақ ішті. Үнсіз, жолдастарының кеу-кеуіне пәлен де назар аударған жоқ Әлгінде сыртқа шыққанда домбырасын қос ішіне ала келіп, іргесіне сүйеп қойған. Қарындағы сарымайдан салып ішкен қара шайдан соң маңдайы жіпсіп, құрыс-тұрысы жазылғандай болды. Бірақ саусағының ұшындағы діріл басылар емес, қайта үдеп бара жатқан сияқты. Қашанда жаңа бір күйді бастар алдында сөйтетін дағдысы. Сол аруағы қонып отырмаған еді. Әрі-сәрі күйде домбырасының құлақ күйін түсірді.
Азапты сапар арып ашытқан түйешілер үшін күйшінің домбыра ұстаған сәті де бір дәурен. Бәрі де қунап сала берді. Күн қақты жүздеріне нұр жүгіріп, орындарыңда бір-бір қопаңдап қойысты. Күйшінің осындай сәтте алдымен жебейтіні "Көктөбе" еді. Бұл әнеугүні Көктөбе алынғанда шығарған төл туындысы. Қайырым иірімдерін ширата алмай жатқанмен, жалпы нобайы түсіп, маңдайы жарқырайын деп тұрған күй. Сол дағдысымен бастап кете беруі мұң екен жаңылып сала береді. Күйден жаңылу Есірде болмаған дағды еді. Сасып қалғанын білдіргісі келмей, жөткірініп қойды да қайта қомданды. Жоқ көк дөненіне мінген көңіл күсті саусақтарды өз ырғағымен алып барады. Еркінен бір жола айырылған күйшінің бағынбасқа шарасы қалмады.
Осы бір алмағайып жағдай сол күні кешкісін қоналқада тағы қайталанды. Ұзаққа созылған отырыстан соң мына бүгін өзегін жарып шыққан жаңа күйінің іштей әр иірімін, әр қайрымын, әр қағысын тағы бір пысықтап, екі шұқып, бір қарап барып соңғы рет тартып шыққанда Есірдің көзінен бір тамшы жас домалап түсті.
— Ес-аға, бұл перзентіңнің атын не дейміз? - Серіктерінің бұл сауалына берілген жауап біреу болды: "Тоғыз түйеші".
КҮЙШІ
"AT баспаймын деген жерін үш басар, ер көрмеймін деген жерін үш көрер" дегендей, бірде Ақтөбе облысының Байғанин ауданына жол түсті. Жақсылық нышаны — келін алу шаруасымен барғанбыз. Кешкі қонақасыдан кейін "демалың", — деп бізді көрші үйге кіргізді. "Әңгімелесіп отырыңдар", - деп ауыл ақсақалдарының бірлі жарымын қасымызға қосты. Біраз әңгіменің басы қайырылды. Арғы-бергіден көбірек әңгіме қозғап отырған ауыл ақсақалы Төлекбай деген кісі Сағыз, Қарауылкелді бойында беделді адам болыпты. Төлекбай ақсақал да жасы сексенге келген әңгімешіл адам екен. Көп жылдар есеп қызметінде болған, ертеректе өлең де жазған кісі дейді.
Қонақ құрметіне ауылдың алты ауызы деп жігіттер бір-бірлеп күй тартып, өлең айтып жатыр. Оларды үнсіз тыңдаған Төлекең бір кезде сөз бастады:
— Қазіргі балалар күйді жақсы тартады ғой. Жалғыз кемшілігі, шамадан тыс қатты екпінмен тартады. Бағзы домбырашылардай асықпай, баппен тартса ғой, шіркін. Сонда жан дүниеңді арбап алар еді-ау, — деді ол.
Сәлден соң Төлекеңнен жоғарғы Адайдың, болмаса Кіші жүздің домбырашыларынан кімді білетінін сұрадым. Менің бұл сұрағыма: "Ой, шырағым-ай, бұл жақта Теңел, Бөлтек деген домбырашылар өтті ғой. Әсіресе Бөлтекеңді көре қалдық" деп жауап берген Төлекбай ақсақал Бөлтек күйші жайында төмендегі әңгімені бастай жөнелді.
1902 жылғы сәуір айының шуақты күндерінің бірі екен. Бозашыдағы Сеңгірбай шыңырауының арқа бетін жайлап отырған Әйтімбет Қараш Оңғарбайдың үйінде түн ортасы ауа дүниеге бір жас нәресте келіпті. Көрші әйелдер жинала қалып "дүниеге Қойбағар келді" десіп күбірлесіп жатырған көрінеді. Әкесі "қойшы" деген сөзді ішінен жөн көрмей тұрса керек. Ертеңіне мал сойылып, қазан қайнап, ауыл ақсақалдары жиналып, баланың атын Бөлтек қояды. Өмір өтіп жатады. Бөлтек есі кіріп, сүндеттеу міндетінен құтылған кезде Маңғыстауға жұт келіпті. Оңғарбайдың қарайған малынан екі-үш түйе, оншақты ұсақ жандық Қалады. Аяқ артар жалғыз ат, ол да қыстан әрең шығады.
Содан күн жылынар-жылынбастан жоғары Адай саналатын Сағыз, Қарауыл келді, Кенжәлі бетіне ағайын сағалап көше жөнеледі. Содан қайтып Маңғыстауға ат ізін салмайды.
Бөлтек ер жетіп, отау тігеді. Азын-аулақ мал жинайды. Той-томалақты, Қарақамыс, Көкжар, Жаман қала жағына базар шығуды ұнатыпты. Ауылға келсе ат баптайды екен, соңғы кезде етікшілікке көңіл аударыпты. Бірде Мұңал - Әли ауылына барып, бір байдың тапсырысымен етік тігіп отырғанда үстіне атақты Есекей Қырықмылтық Теңел күйші келіпті. Біраз отырыстан кейін Теңел төрде сүйеулі тұрған домбыраны "бұрауын түсір" деп Бөлтекке ұсынады. Бөлтек күй шертеді. Теңел ештеңе айтпапты. Бір кезде Теңел Бөлтектің етікшілікті кімнен үйренгенін сұрапты. Ал Бөлтекең, бір табын ағайын жасаулап қыз ұзатып, соған етік тігуге шақырғанын, содан бері етікші аталғанын айтыпты.
Теңел енді Бөлтектен: "Домбыраның бұрауын түсіруің ұнайды, шамасы күйшілікті де мұрат еткен жөнің бар-ау", — деп сұрайды. Оған Бөлтек домбыраны ауылдасы Оңайбай деген сері жігіттен бірге жүріп үйренгенін, Оңайбайдың Досаттың әнін шебер орындайтынын айтады. Бөлтектің әңгімесі Оңайбай екеуінің қызды ауылға барып, Оңайбайдың:
Әнімді адам болмас тыңдамаған,
Жиырма бес, келе берші жылда маған.
Құлпырып қызыл гүлдей ойна да күл,
Басыңнан дәурен өтер сырғанаған, —
деп Досаттың әнін айтқан шағына ұласа бергенде оны Теңел тағы тоқтатыпты: — Сен домбыраны шыныңда да кімнен үйрендің? — деп сұрапты тағы.
Күйшінің сұрағына Бөлтек кідіріп барып:
— Біздің күй үйренген домбырашыларымыз ауыл арасының үйреншіктілері. Шіркін, домбыраны Шоңай Аралдан. Қырықмылтық Есекей Күлшардан, не өзіңізден, ал ұсталықты Ақжігіт Ділімнен, зергерлікті Балықшы Нұржау ишаннан үйренбегесін қалғаны бір далбаса ғой, — депті.
— Менің домбыра тартатынымды қайдан білдің? — депті Теңел.
— Ел құлағы — елу, естиміз, — дейді Бөлтек. Сол арада Теңел бір естілмеген күйді төгілтіп алады да:
— Теңел туралы тағы не естідің? — дейді. Бөлтек Теңелдің әкесі Нижаннан өткен жомарт екендігін, әкесінен енші алғанда жүз елу жылқының сексенін мініске деп құр аттан, екі жабағы, қалғанын биеден алғандығын, оны естіген біреу "сексен ат алатындай өне бойы найза алып жауға шабасың ба?" — дегенде, Теңелдің: "Кімнің арын арлап тұрсың? Жаяу жүрсең менен ат мін, сөз үйренгің келсе жары Құдайберген Мәтжаннан үйрен", — деп жүре бергенін, елдің Теңелді ақ көңіл, аңқау адам дейтінін айтады. Бұйымдап алған екі жабағысы ұсқынсыз, арық екен. "Оны мал қылмақ па?" — дейді ел. — Оншақты күнде Мәтжан биге кездесіпсіз. Сол рас па? - дейді Бөлтек.
— Рас, шырағым, — дейді Теңел.
— Мәтекеңмен амандасып болған соң "екі жабағының шабысын бүгін көремін. Күндегендердің аузына құм құямын", — депсіз. Ас кезінде Мәтекеңнің рұқсатымен ғана екі жабағыны бәйгеге қосып тұрып, құлақтарына "бүгін озбай-ақ қойыңдар" деп айқайлапсыз. Түс ауа екі атыңыз да бәйгіден озып келіпті. Сіз: "Бүгін озба деп едім, ағайыннан ұят болды", — деп аттарыңызды сабапсыз. Мәтекеңе "айыбым бар, атым озып келді", — деп ат мінгізіп, шапан жауыпсыз. Мәтжан би: "Ақылды тентек тектіден шығады. Теңелдің ар жағы текті ғой" деп риза болыпты, — дейді Бөлтек.
Бөлтекке риза болған Теңел күйші өзінің ас берген ауылда Мәтжанның оң жағында отырып қонақ болғанын, Мәтекеңнің өтінуімен "Ақсақ құланды" тартып бергенін айтады да, сол күйді қайта орындайды. "Ақсақ құлан" сегіз тарау күй. Соның біреуі "Шешесінің жоқтауы". "Әзірге осыны үйреніп қал" депті. Біз күйді сол Теңелден үйрендік, — дейді екен Бөлтекең "Бөлтек күйші" атанған шағында.
...Төлекбай ақсақал әңгімесін айтып отыр. Біз тыңдап отырмыз.
— Бірде, - дейді Төлекең, — Бөлтектің көптен бергі көршісі Әділ қария күйшінің үйіне барып күй тартуын сұрапты. Бөлтек бір мұңды күйді безілдете жөнеледі. Өкініш пен реніш... Дүниенің опасыздығын шертеді күй. Ыңыранып барып аяқталады. Бұл — Шоңай Есірдің "Манатау" күйі. Бір кездескенімде Құнанорыс Жолшыдан үйреніп едім, - депті Бөлтек. Бірде Сағыздың бір саласына ақ үйлер тігіліп, билердің үлкен "шерби" деген жиыны болады. Кейін орысша білетіндерден сұрасам, ол дау-дамайды шешетін "чрезвычайный" екен ғой. Сол жиынға әнші, күйші, ақын-жырауда, қызық қуған ел де көп жиналады, — дейді Бөлтек. Бұл жиында Адайдың Абыл - Нұрымы, Шалбар Қалниязы, Кенже Ақтаны жоқ. Бәли Қашаған мен Тастемір Сәттіғұл жер алыс боп келе алмады.
Көрініп жүрген жүйріктен Ескелді Сүгір, Қотырбас Қарасай, Шоңай Шамғұл мен Көрпе Есмағанбет. Жыр терме мен күйге ел қарық болды. Сол күн енді қайта келер ме?! — деп күрсінген Бөлтек әңгімесін жалғапты.
— Бірде осы жаққа Тобанияз келді. Әнші-күйшілер тойдан соң Тобекең түскен үйге жиналдық. Домбырашының басы Есірдің шәкірті Шоңай Арал, Жары Қартбай, Құнанорыс Жолды, Қараш Жәкен. Сол жолы Тобекең бір апта болды. Күндіз дау шешеді, кешке ән-күй тыңдайды екен. Арал күңірентеді, Қартбай қоңыр жайлатады, Жолды құйқылжытады, Жәкен жорғадай тайпалады, Бөлтек балбыратады, сендерге не десем болады?! — депті Тобекең.
Сол жиында атап тұрып жеті күй тартыппын–ау. Соның бірі Есірдің күйі "Манатау" еді, — дейді Бөлтек.
— Манатауың кім? — деп сұрайды Әділ.
— Маңғыстауда Шоңай Есір деген Ұлы күйші болған, — дейді Бөлтек. Сол бір жылы Хиуа жорығына кетіп, содан оралып елге таяу келгенде әкесі Айшуақтың ағасы Манатаудың қазасын естіпті. Әкеден ерте айырылған Есір Манатаудың тәрбиесінде болған дейді. Елге келген соң атасына арнап "Манатау" күйін шығарады. Бұнда домбыраның көмейі бүлкілдеп:
— Манатау, Ма-на-тау Ман-атау...
Қайырын берсін, ой алла-ау, — дегендей болады. Сол Есір "Манатауды" тартып болып, жұрт жылай бергесін "Болды, болды" деген күй тартыпты. Теңелден ол күйді үйрене алмай қалдым, - деп күрсініп, — бірақ кейін үйрендім ғой, — депті Бөлтек.
Ендігі әңгімені Әділден тыңдайық Ол кісі былай дейді:
— 1941 жылы соғыс өрті бұрқ ете қалды. Бөлтектің жалғыз ұлы Жолай армияға кетті. іле-шала, бір жыл болмай, артынан "қара қағаз" келді. Тіршілік белгісі иретіле шыққан түтіннен ғана білініп тұрған қаз ұясындай саман үйді қара қайғы басып қалды. Ендігі дүние үшін Қаракемпір мен Бөлтек басы артық, қажетсіз жандар сияқты. Адам баласына осындай қиындық кездескенде бетіне де қарай алмайды екенсің. Екі қария ұзақта мәңгілік жолға даярланып, артына еш нәрсе тастамай, әбден буынып-түйініп отырған жолаушы секілді. Қуантарлық, не жұбатарлық әңгімені қайдан тауып айтасың?
Бөлтек күйшінің көз жасы көл болды, кемпір талықсып құлады. Қиынның қиыны менің басыма орнады. Себебі бұл аспаннан жай түскендей хабарды естірткен мен. Мен кінәлімін бе? Кінәлімін ғой. Құрып кеткір қара қағазды неге әкелдім? Неге естірттім?...
Бөлтекке соғыстан бұрын "үкіметке қарсы істер істеді" деген айып тағылып, "халық жауы" атанып, бірнеше рет ұсталып қайтып келген еді. Соғыс басталғалы құлағы тыныш еді. Енді сол тықыр тағы да таяды. "Үкіметке қарсы адам" деген жаламен НКВД тағы шақырды.
— Маған енді бәрібір. Жалғызым Жолайдан қалғанда не бітірем? Алса да мейлі, — деді Бөлтек. Сөйтіп, жалған айыпты мойындап, сотталып кете барды. Сүйегі қайда қалғаны белгісіз. іздейтін адамы да болған жоқ. Бөлтектен қалған көк сауыр жона, сүйектен ойып әшекейлеген ақбас ер ұрланып кетті. Екінші мұрасы домбырасы еді, оны Бекниязов Бектұр деген өзінің ағайыны, милиция капитаны алыпты. Одан Мырзағалиев Зұлқаджа деген сот алған екен. ізсіз кетті.
Бөлтек ұсталған соң Қаракемпір жалғыз қалды. Ол қақаған қыстың бір боранды түнінде отын алуға шығып, адасып өлді. Оның сүйегі жаз шыға қар астынан табылды. Дүние — жалған деген осы. Кірпігін қақпай, көзі қаһарлы күйінде ашық жатыр екен дейді. Бөлтек үйінің түтіні осы кейуанамен бірге сөнді, — деп Әділ қария әңгімесін күрсіне аяқтады.
Одан бері біраз жылдар өтті. Төлекбай арқылы Бөлтек жөніндегі әңгіме Сағыз асып, Маңғыстауға жетті. Отыз тістен шыққан сөз, отыз рулы елге тарайды деген — осы.
МАХАББАТ АҢЫЗЫ
(Ақбөбек-Қайып туралы тың деректер)
Маңғыстау топырағында туып-өсіп, өткен заманның әр түрлі қиындықтарына кездесіп, сүйіскен жүрекке пана таба алмай, ақыры бөтен елде топырақ бұйырған, Адай елінің Еңлік-Кебегі — Ақбөбек пен Қайып оқиғасы күні бүгінге дейін атадан балаға мұра болып жырланып келеді. Қайып Қорабайұлы асқақ әнші, композитор, зергер, етікші, сегіз қырлы, бір сырлы азамат болған. Оның Ақбөбекке байланысты оқиғасы Адайдың атақты байларының бірі Бәйімбет - Мамыртай руының Есжанының ауылына барып, етік тігуінен басталады. Ақбөбекке бесіктен Кедей атты ру құда түсіп қояды. Бойжеткен Ақбөбекке қайтадан құда түсіп, уақыты жеткендіктерін, енді той жасау қамын ойлау керектігін ескертеді. Соның арты Ақбөбекке шоңқайма етік тігу мәселесімен Қайып шебер шақырылады да, арты Ақбөбек - Қайып оқиғасының желісіне айналды.
Қайып Қорабайұлы 1857 жылы қазіргі Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданы жеріндегі Сыңғырлау деген мекенде дүниеге келген. Әкесі Қорабай мал баққан шаруа адамы екен. "Қорабайдың жұрты", "Қорабай жидесі" деген 2-3 түп азып-тозған ағашының орны сол Сыңғырлаудың қасындағы Жетіқұдық маңындағы құм ішінде әлі бар.
Ақбөбек-Қайып оқиғасы беріге дейін зерттелмей келді. Әйтсе де Қайып Қорабайұлының әндері 1928—1929 жылдары нотаға түсті. А.Затаевич "Қазақ халқының 1000 әні" атты музыкалық-этнографиялық жинағының нәтижесінде қазақ халқының ұлттық музыкалық мәдениетінің алтын қорына Қайыптың "Ақбөбек", "Жалау көк" әндерін де қосты (1000 ән, 27-6., №3 өлең, №5 өлең, 28-6., 33-б., №20 өлең, т.б.). Ақбөбек әнінің бірінші вариантын берген Аманшин Мұратбай деген кісі, екінші вариантын берген Атанбаев Ережеп, үшінші вариантын берген ҚазЦИК-тың сол кездегі төрағасы Ж.Мыңбаев. Шындығын айту керек, 1960 жылдарға дейін Қайып әндерін орындаушылар көп болған жоқ. Тек қана 1960 жылдардан кейін Қазақ ССР халық артисі, атақты дүлдүл әнші Ғарифолла Құрманғалиевтің Маңғыстауға 2-3 рет із салуына байланысты "Ақбөбек" әнінің бір варианты халық әні болып күйтабаққа жазылып, эфирде орындала бастады. "Ақбөбек" әнінің екінші варианты "Дариға" деген атпен халық әні болып, сахналарда айтылып жүрді. Осы кезге дейін халық әні болып айтылады.
"Ақбөбек" әнінің бірінші вариантын халық әншілері былай орындайды (кітаптағы нұсқасы):
Дариға, сылаң қағып бұлаңдайсың,
Бұл дәурен өтер десем тіл алмайсың.
Алтайы құмнан қашқан түлкі дейін,
Қалқатай, қолға түспей, бұлаңдайсың, дариға-ай!
Сәулелі жарық айымсың,
Бақытымсың, барымсың.
Дариға-ай, мына жалғанда
Таңдап бір сүйген жарымсың, -
деп сөздерін өзгертіп айтады. Негізінде Ақбөбектің шын тексі былай болуы керек:
Ақбөбек, сәйгүлікпен бұлаңдайсың,
Сұм жалған өтер десем, тіл алмайсың.
Алтайы құмнан қашқан түлкі дейсің,
Ұстатпай, әуреге сап бір алдайсың.
Ән мұңды сөздермен әрі қарай жалғаса береді. Осы ән тексіне байланысты айта кететін бір жай "сәйкі" сөзі төңірегінде. Өнер адамдарын Сарыарқа жағы "сал-сері" десе, Сыр бойы, оңтүстік жағы "сүлей" дейді. Ал батыста оның ішінде Маңғыстауда әйел өнерпаздарды "сәйкі", ер адамдарды "қайқы" дейді. Мысалы, "Адайдың жеті қайқысы" деген сөзі жеті өнерпазға байланысты атақ.
Ақбөбек пен Қайып арасындағы махаббат ақыры трагедияға айналыпты. Ақбөбекті екі-үш рет алып қашады. Бірақ Кедейлер жағы, атастырылған күйеуі Есберген көп қолмен барып тартып алып кетеді. Ақыры Кетікте (Форт-Шевченко), уездік сотта қаралып, Ақбөбекті Есбергенге алып береді. Қорғаны, көмектесері жоқ Қайып жылай-жылай 1910 жылғы жұтта Үргеніш жағына, яғни Ханжабтың ойына көшіп кетеді.
Әрине, Ақбөбек - Қайып оқиғасын бір шағын мақалаға сыйғызу қиын. Ол бір романға не повестке дайын материал, тек кезегін күтуде. Ақбөбек - Қайып оқиғасына драматург Б.Қорқытовтың "Ақбөбек" драмасы жазылып, Гурьев облысының Махамбет атындағы драма театрында қойылып жүр. Ақындар Уайс Қайралапов, Балтабай Адамбаев та оқиға желісінен бұрулау "Ақбөбек" атты дастандар жазды.
Осы тұста Қайып өлеңдерін текстологияға келтіру жөнінде Қазақ ССР Ғылым академиясының Әдебиет және өнер институтының ғалымы Қабиболла Сышиықов тиянақты еңбек етіп жүргенін айрықша айтуымыз керек. Қайыптың өлеңдері жиналып, зерттеліп, болашақта баспа жүзінде жарық көруі керек.
Қайып өмірі қилы да қиын тағдыр. Ол Ханжабдқа барғасын да өмір теңсіздігін көп көрді. Хиуа ханының зорлық-зомбылығына тап келеді. Өздерімен бірге көшіп барған қазақтар мен Хиуа елінің арасындағы қақтығыс Қайып өміріне кетпестей таңба салды. Оның өмірінің соңына дейін сылтып жүруі соның салдары еді.
Сол уақыттарда Хиуа ханы Адайларды орыстардан қашқақтату мақсатында Әмудария бойынан жер береміз, салықтан құтқарамыз деп жұтқа тап келген елді шақырғаны тарихи шындық. Ондағы ойлары өмір бойы жауласып келе жатқан Адай елін өзіне тарту арқылы әлсірету еді. Хан ол ойына жетті де. Оған куә Қайыптың сол кездері айтқан мына өлең жолдары:
Көрінген көк мұнара "Дүбәрәханым ", Ауырады жаяу жүрсем қара саным. Айырылып Ақбөбектен қалғаннан соң, Шықпаған сүлдері жүр шыбын жаным, — дейді. Қайыптың тағы бір әні "Жалау көк" туралы жоғарыда айтқанбыз. Ол Ақбөбек ауылына жасырынып келіп жүріп салған әні көрінеді. Бұл ән текстіңде былай делінеді:
Самдағы елден келемін керге мініп,
Алтын ноқта, ақ басты ерге мініп,
Ақбөбектен айырылып қалғаннан соң
Онан жақсы еді кеткенім жерге кіріп.
Жалау көк, қайтейін, Бөбек, амал жоқ, -
деп қайырады.
Иә, ән текстінде біраз тарих, өкініш жатыр.
Халық аузында Ақбөбек-Қайып оқиғасына байланысты ауызша деректер, аңыздар көп-ақ. Соның бірі - Қайыптың 1914 жылдардың шамасында Ақбөбекті бір көріп кету үшін Ханжабтан Маңғыстауға ат ізін салуы.
Сол жылы Есбергеннің ауылы "Қыземшек" құдығын жайлаған екен. Арып-ашып келе жатқан жолаушы Қайып су басында метей - шелекке су толтырып жатқан 3-4 келіншектің ішінен Ақбөбекті бірден таниды да, әндете жөнеледі:
Ойпырым-ау, мынау қайсың, Бөбегім бе?
Ақылға теңіз дейін тереңім бе?
Қайда әлгі алысқан қол, айтысқан серт,
Қайыбын тірелді ғой не дейінге, —
дейді. Осы жерде Ақбөбек Қайыпты құшақтап алыпты дейді. Бұл оқиғаны біреулер 1914 жылы десе, Маңғыстаудың азаматы Нұров Сабытай деректерінде 1908 жыл депті. Екеуі аз болса да бірін-бірі көріп, әңгімелесіп мауқын басқасын, Ақбөбек Қайыппен қоштасыпты. Ақбөбек түйе үстінде жолда дауыс салып жылап келе жатады. Сол жылау тексін Сабытай ақсақал сол Ақбөбектің ауылы, осы күнгі Жармыш ауылыңда жұмыс жасап жүргенінде Ақбөбекпен бірге болған, бірге өскен абысын кемпірлерінен жазып алған екен:
Ақ жүзімнің ажары,
Көңілімнің базары,
Айырылдым сүйген жарымнан
Тәңірдің келмей ажалы.
Жанары еді-ау көзімнің,
Бұлағы еді-ау сөзімнің.
Айырылғаннан бері қарай
Құр сүлдем жүр өзімнің.
Тіледім біраз ажалды,
Қара жер деген тажалды,
Айырылған соң Қайыптан,
Не қылам қызық базарды ?!
Ілінбей қолым тірекке,
Жете алмадым тілекке.
Арымды бірақ сақтадым
Жазылып қалған жүректе.
Күш келмесе, шамам не ?
Санаменен сарғайып,
Көкірегім толды шеменге,
Түңілдім туған елден де,
Атамекен жерден де.
Көп күттім хабар Қайыптан
Уілдеп соққан желден де.
Көп болды күнім батқалы,
Көкіректі қайғы жапқалы.
Көргенім бүгін Қайыпты,
Таңымның бір сәт атқаны.
Сәулемді көріп қуандым,
Артымды ойлап қуардым.
Бірге өткен қызық күндердің
Бәрін де қаран, су алды.
Қайыбым, көрдім өзіңді
Естідім айтқан лебізіңді,
Өлсем де енді арман жоқ,
Жадыма сақтап сөзімді.
Дүниенің білдім жалғанын,
Көтердім тағдыр салғанын.
Бір көрсем деп аңсаушы ем,
Орындалды-ау арманым.
Рәбиға, Айша, Ақтүймеш,
Сездірмеңдер еш жанға.
Қайыптың суда қалғанын,
Жыламаңдар, сабыр етіп,
Өзіммен-өзім өтейін,
Абысын мен ажынға
Залалымды салмай кетейін, —
деп жылаған екен бейбақ.
Сәкеңнің бұдан басқа да жинаған деректері әңгіме қылуға тұрарлық дүниелер. Сабытай Нұров қазір құрметті пенсияда, Жетібай поселкесінде тұрады.
Сол кездескенінде, Ақбөбек қазіргі жағдайын сұрағанда, Қайып әндете былай деген екен дейді Сәкең:
Бел буып елден кеттім қараменен,
Жүректе жазылмастай жараменен.
Шашқа да, сақалға да бурыл енді,
Іш құса көп сарғайтқан санаменен.
Екі жыл өткеннен соң болдым екеу,
Ұйқыға көз жұмсам-ақ қондым үшеу.
Өмірдің емдемейтін дерті бар ма,
Санасам осы күні толдым жетеу, —
депті. Осыны айтқанда Қайыптың Маңғыстауға 1910 жылы күзде ат ізін салды деуге негіз бар. Себебі, кіші баласы Рахымберген 1910 жылы туған. Шыныңда, Қайып 1910жылға дейін 5 балалы болған ғой.
Қайып Қорабайұлы туралы халық аузында айтылар деректер көп-ақ. Оның ұрпақтары қазір Тәжікстанда, Шымкент облысында әр түрлі салада еңбек етеді. Ол Ақбөбектен күдерін үзгеннен кейін Адайдың Шоғы (Қырықмылтық) деген атасының Есекей бұтағынан Ақыл деген палуанның Қали деген қызына үйленеді. Одан Егемберген — 1902, Сахиберген — 1908, Рахымберген (Рахметулла) - 1910, Жанбибі - 1906, Жәкеш - 1904, барлығы үш ұл, екі қыз перзент көреді.
Ақбөбек Есбергенмен бірге 1932-1934 жылдары ел ауғанда Түркменстан көшіп, одан Иран өтеді. Ақбөбектің немересі Есбергенов Әбілше 1950 жылдардың ішінде Ираннан Түркменстан арқылы Маңғыстауға өтіп, Жармыш ауылында совхозда пенсияға шығып, қайтыс болды. Балалары әр түрлі салада жұмыс жасайды.
Қайыптың арғы тегі Адайдың Тобыш деген атасынан, одан Бегей, Малай, Әмір-Темір деген батырлар шыққан. Халық аузында "Белгілі Бегей" деген сөз бар. Бегей ауылынан белгілі шеберлер шыққан. Оларды халық "Бегейдің бес тақасы" деп атаған, сол бесеудің біреуі — осы Қайып Қорабайұлы.
Қайып Қорабайұлының бізге жеткен әндері үшеу. Басқа әндері болды ма, болмады ма, әлі белгісіз. Қайыптың домбырасын ғалым Қабиболла Сыдиықов Тәжікстандағы Егемберген балаларынан алып келіп, Шевченко қаласындағы облыстық музейге табыс етті. Қазір сонда сақтаулы.
Қайып Ақбөбекті екінші рет алып қашқанда қатты жараланыпты. Жеті жерге найза тиген екен дейді. Қайыпты өлтірейін деп жатқанда Құлшар деген кісі тап келіп, ара түсіпті дейді. Сол ауылда Қайып төрт ай жатып, зорға жазылыпты. Енді сөзді Қайыптың өзіне берелік:
Жарасар қызыл басқұр ақ үйлерге,
Жетіпті біздің хабар хан - билерге.
Адайдан таңдап сүйген Бөбек едің,
Бұл күнде жүр екенсің не күйлерде?
Ат туар айғыр салсаң, қара керден,
Ақ жүзің бір кем емес алтын зерден.
Әркімдер сүйгенімен кетсін деген,
Бір қағаз жазылды ма әкімдерден ?
Жан-жаққа қарай-қарай көзім талды,
Адайда мен бармаған би қалмады.
Дүние-ай, Ақбөбекті енді көрсем,
Түйер ем шүберекке шыбын жанды.
Замана жылдан-жылға өзгерілген,
Күн қайда жаман-жақсы теңгерілген.
Бұл елде қанша сұлу кездессе де,
Бәрі де Ақбөбектен кем көрінген, —
деп жылай-жылай кете барыпты.
Қайып Ақбөбекті алғашқы алып қашып барғанда Жарқұдық деген жердегі аулына апарыпты. Неке қиярына Қазбай, Асанбай деген молдалар қатысыпты. Бетін ашқаннан кейін ойнайтын біреу келемеждеп "келіннің жасауын көрмейміз бе" депті. Қашып келген келінде жасау қайдан болсын. Қайталай сөз айтқан әлгінің кекесініне Ақбөбек: "Бір дорба дау әкелдім, өзіңіз шешіп кейін көрерсіз", — депті. Шамасы, артында елі күтіп тұрған дау бар дегені болуы керек.
Ақбөбекті іздеп барған Кедей руының жігіттері Жарқұдықтағы Қорабай ауылынан таба алмайды. Қой сауып жатқан уақыт екен. Біреу тұрып "қой қосақты ағытыңдар" дейді. Қосақты ағытып жіберсе, арасынан Ақбөбек тұра келеді. Кедейлер Ақбөбекті Есбергенге мінгестіріп алып кеткен екен дейді. Екіқабат Ақбөбек ат үстінде босанып, бала өледі. Ол туралы да әр түрлі аңыздар баршылық.
Сөз арасында айтқан жөн, Ақбөбек те ақындықтан құралақан емес сияқты. Ол Қайыппен бір кездескенде түн іші екен. Қайып сасқалақтап: "Мені таныдың ба?" - депті. Сонда:
Санаменен сарғайып,
Көкірегім толды шеменге.
Шырамытып мен тұрмын,
Атым Қайып дегенге, —
депті Ақбөбек. Жалпы, Қайып Қорабайұлының баспа жүзін көрмеген өлендерін жинақтап, ел болып ат салысқан жөн. Азды-көпті жиналған өлеңдеріне сын көп. Анау былай, мынау былай деген сияқты. Қайып шығармашылығын енді қолға алсақ та кеш емес. Оның екі әні биыл күйтабаққа осы жолдардың авторының орындауында шықпақшы. Өмір өзгереді, заман да өзгереді. Қайып өлеңдерінің қайта тууы өмір заңы. Маңғыстауда Қайып Қорабайұлына арналған өнер күндерін өткізіп тұрса, ешкім айыпқа санамас. Оңда аруақ риза болар еді. Қайып Қорабайұлының атына Бейнеу ауданындағы "Сыңғырлау" совхозындағы орта мектептің атын берсе, өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанар еді. Тіпті, оның туған жеріне ескерткіш орнатылса бүгін айтылып жүрген жаңаруға сеніммен қарар едік.
"АЙ ЕДІМ АСПАНДАҒЫ ҚОРҒАЛАҒАН..."
(Дерек)
Бұған дейін халық әні деп айтылып жүрген "Әмірханның " авторы Маңғыстау өңірінен шыққан Айша Мамыртайқызы екенін екінің бірі біле бермейді.
Ұлттық мәдениетіміз бен өнер тарихымызда қазақ әйелдерінің өзіндік орны бар десек, қилы кезеңдерде, заманның өр тұсында ғұмыр кешкен әнші Майра, ақын Сара, күйші Дина сынды талант иелерінің туындылары исі қазаққа ортақ рухани игілікке, өздері ұлттық танымал тұлғаларға айналған. Мұндай өнерлі, өрелі қыздар қасиетті Маңғыстау өңірінде де аз болмаса керек-ті, бірақ олар туралы бүгінге жеткен дерек тым аз. "Адайдың заржақ қызы атанбайын" деп тәңірі сыйлаған киелі өнерін, ұзатылғанда төркін жұртында қалдырып кеткен Балдай қыздың Абыл ақынмен сөз қағысынан басқа әдеби мұрасы қолымызда жоқ дерлік. Күні бүгінге дейін халық әні деп айтылып жүрген "Әмірханның" авторы Айша Мамыртайқызы екендігі белгілі бола тұра өз арамызда иә болмаса республикалық басылым беттерінде "мұның ақиқаты былай" деуге де мойын жар бермепті. Ал колхоз, совхоздар мен кәсіпорындардың дүние-мүлкі бөліске түсіп, жекешелендіру басталған кезеңде кейбір пысықтар ұлттың рухани игілігіне де қолын салып, "ана ән пәленшенікі, мына ән түгеншенікі" деп кесімін айтып үлгерді. Осылайша бөтенге телініп, өзгенің еншісінде кеткелі тұрған рухани мұраның бірі - Айшаның әні "Әмірхан". Бұл ән кезінде қазақтың дүлдүл әншісі Ғарифолла Құрманғалиевтің орындауында күйтабаққа жазылып, радиодан шырқалып, қазақ арасына біршама кең тараған.
Кен тарағандықтан да әркім өз өңірінің әніндей қабылдайтыны тағы рас. Дегенмен шыңдық біреу — ол "Әмірханның" авторы Айша екендігі. Енді осы жөнінде қолдағы деректерді келтіріп көрейік.
Айша — Маңғыстаудан Темір-Арал-Орынбор түбіне дейін жайлаған кең қоныс, ұзын көш қалың адайдың Бәйімбет аталатын руының қызы, әкесінің аты Мамыртай. Әкесінің жайлауы Сам, Матай құмдарының маңайы болғанымен, жазда Орынбор-Теке, Қаратөбе-Оймауыт-Темір-Ақтөбе, Ор базарларына дейін мал айдайды екен. Бір жылы Ор бойына барып мал сатып, сол манды жаз жайлап, қызына құда түскен жергілікті бір байдың баласына Айшаны атастырады. Көрмеген, білмеген, сүймеген жігітпен атастырылған Айша әрі тулайды, бері тулайды, бірақ ата заңынан аттап, бата бұзуға бара алмай, жылай-жылай жат елге келін болып кете береді.
Айшаның қайын атасы көшелі кісі болғанымен, күйеуі әкесіне тартып тумаған, малдан басқамен ісі жоқ, жігерсіз, жалынсыз, дүңкиген біреу екен. Өнерлі, сұлу, назды жас келіншегінің жанын түсініп, жарын көңіл қуанышы етуді білмесе керек. Талайына тап келген қосағының тоңмойындығы, сезімсіздігінен көңілі қалған Айша алғашында іштен тынып, жан-дүниесін қымтап ұстайды. Бірақ уақыт өте келе іштегі дерт көңілдегі өртке айналып, "аһ" ұрғызған арманды ән болып, сыртқа атылады. Әннің әуені де, өлеңі де бірден шамырқанып, ширығып басталады:
Әмірхан, неғып жүрсің қойың жаймай,
Мен жүрмін қайын атамның көңілін қимай.
Он аяқ, отыз мыс қал көжеңді ішіп,
Жатасың тар төсекке кеудең сыймай.
Құйрығы шелтеңдейді шолақ тайдың,
Жатысына қарашы біздің байдың.
Керек болса құдайым қоймас еді-ау,
Ұзақ болады ғұмыры осындайдың... —
деп күйеуіне деген буырқанған ызалы кекесінге бой алдыра тұрып, ата сыйлаған ибалықтан тағы аса алмайды. Енді бірде:
Болғанда өзім — Айша, сіңлім — Қайша,
Аяқты басушы едік, жорға тайша.
Қайнайды зығырданым қай-қайдағы
Әмірхан, қойдан келіп, байпақ жайса.
Айрақты, сүйенемін тіреуіңе,
Жақсының мен де тай ем біреуіне.
Шыққанда Әмірхан ит ақ төсіме,
Болады у жаққандай жүрегіме.
Ай едім аспандағы қорғалаған,
Ақ жүзге жұлдыз жасым сорғалаған.
Түскенде Әмірхан ит ақ төсімнен,
Секілді қара қоңыз жорғалаған.
Алдында есігімнің қамыс пішен,
Баяғы қыз күніме қалай түсем?!
Әкеңді жер соқтырып кетер едім.
Сен болдың аяғыма күміс кісен, —
деп есті сұлу бейкүнә бөбегін бауырына баса егіліп, тағдырдың жазмышына амалсыз мойынсұнады:
Жайлауым — Қарасай Ырғызбайды,
Мойынды қызға тағдыр бұрғызбайды.
Басында қыз шіркіннің билігі жоқ,
Серттескен уәдеңде тұрғызбайды, —
деген жолдарға қарағанда "Әмірхан" әнінің сөзі бір мезгілде туындамаған. Айшаның аласапыран көңілінің әр кезгі күйінен хабар береді. Айшаның бұл әні республикалық басылымдардан шыққан ән кітаптарына екі-үш шумақ болып еніп жүр. 1994 жылы облыстық баспаханадан жарық көрген "Маңғыстау әуендері" атты жинаққа ән сөзінің нұсқасы толығырақ енгенімен, түгел енді деп тұжырымдауға болмайды. Өйткені Еділден берменгі жерді ен жайлап жатқан ел арасында "Әмірхан" әнінің жоғарыда біз келтіргеннен басқа шумақтары барлығын еміс-еміс естиміз. Ұлтымыздың бас газеті "Егемен Қазақстанда" 29 сәуір күні "Ай едім аспандағы қорғалаған" деген атпен жарияланған мақаланың нобайын сақтай отырып, облыстық "Маңғыстау" газетінің оқырмандарына қайталап ұсынып отырғандағы мақсатымыз да Айша әнінің өлеңін түгендеу, өнерлі апамыздың кейінгі тағдыры, басқа да мұралары жөнінде тың деректер табылып қалар ма екен деген үміт. Мақаланы оқыған зерделі, көзі қарақты оқырман қолында "Әмірхан" әніне, Айша Мамыртайқызына, не болмаса Маңғыстаудың ертеде өткен өнерлі қыздарына қатысты мәліметтер болса редакцияға, не мақала авторларына хабарласуды өтінеміз.
Ақылына көркі мен өнері сай Айшаның өзі де кезінде ән мен күйге өзек болған. Оған да дәлел дерек бар. Маңғыстаудың жеті қайқысының бірі - атақты өнерпаз Өскінбай Қалманбетұлы. Өткен ғасырдың сексенінші, тоқсаныншы жылдары шамасында Үстірттегі "Мәлібек" шыңырауының басында Мамыртай ауылы аталарына арнап ас береді. Ас думаны екі-үш күнге созылады. Келесі күні "өзі әнші, әрі биші қыз өнер көрсетіп жатыр екен" дегенді естіген жұрт назары шеткерілеу тігілген ақбоз үйге ауады. Өскінбай да жолдастарымен жақындап келсе, бір бойжеткен қыздың біресе ән салып, біресе билеп жүргенін көреді. Жөнін сұрастырып қараса Мамыртай байдың қызы Айша екен. Өскінбайдың қыз өнеріне аса риза болғанын байқаған жанындағы жолдасы: "Өскінбай, атың бар ғой, үндемей кеткенің ұят болар, ризалығыңды білдіріп кет", — дейді. Жолдасының меселін қайтарғысы келмеген, әрі Айша Мамыртайқызы сынды өнерлі замандасына әбден тәнті болған Өскінбай сол арада өзінің "Кербез Айша" әнін шығарады.
Жүрмісің, аман-есен, құрбым Айша,
Аяқты баса алмайсың, жорға тайша.
Өнерлі мен де өзіңдей құрбың едім,
Еріттің жүрегімді сарымайша.
Жұрт сізді елді иірген биші дейді,
Ел бізді жұрттан асқан күйші дейді.
Жолдасым жанымдағы сыбырлайды:
"Айшаның қытығына тиші", -дейді...
Өскенбайдың осы аттас күйі де барлығы жұртқа жақсы мәлім. Ол күйшінің баласы, дәулескер домбырашы Мұрат Өскінбайұлының орындауында күйтабаққа, Қазақ радиосы қорына жазылған. "Кербез Айшадағы" алғашқы екі жол мен Айшаның "Әмірханыңдағы", "Болғанда өзім - Айша, сіңлім — Қайша, Аяқты басушы едім, жорға тайша" деген жолдарда үндестік барын аңғару да қиын емес.
Жастай қонысы бөтен елге келін болып түсіп, сүймеген адамымен арманды тіршілік кешкен, оған қоса барған елі Арқаға көшсе, төркін жұрты түрікмен арасына ауған заманға тап келіп, кім екені, әнінің жай-жапсары жалпақ жұртқа мәлімсіз болып қалған Айша Мамыртайқызының әзірге бізге мәлім тағдыры осындай. Заманындағы мыңдаған қазақ қыздарының басына түскен аянышты тағдыр. Тек солардан айырмашылығы - Айша бар жан сезімін сыйғызып, артына "Әмірхандай" ән қалдырды. Ендеше, қазақ өнерінің аспанында "Әмірхан" әуелеп тұрғанда Айша Мамыртайқызы да жасай береді, шығармашылық шоқтығына ешкім жармаса алмайды.
ЖЫРАУЛЫҚ ДӘСТҮР ЖАЛҒАССЫН ДЕСЕК...
(Форт-Шевченкода өткен Мұрын Сеңгірбекұлының мүшелтойынан кейінгі ой)
Негізінен ат үстінде көшпенді ғұмыр кешкен ата-бабаларымыз сөз өнеріне, оның ішінде гауһар тастай асыл өлең - сөзге ерекше мән берген. Сондықтан да ұрпақтан ұрпаққа ауызекі жетіп, жатталып келген халықтық туындылар бүгінге біздің рухани қазынамызға айналып отыр. Ал олардың бүгінгі күнге тіпті жоғалмай, байырғы тұнық қалпында жетуінде жыраулар мен жыршылардың үлесі үлкен.
Біздің өлкемізде атағы бүтін қазаққа өз заманында-ақ белгілі Абыл, Нұрым, Қалнияз, Аралбай, Қашаған, Есет, Шернияз, Махамбет, Сүгір, Қашқынбай, Мұрат, Ығылман, Айтуған, Өгізбай, тағы басқа да атышулы ақын, жыраулар өмір сүрген. Олардың артына қалдырған мұралары халық қазынасының сүбелі алтын қорына құйылды. Жыраулар әрқилы кезеңдердің өзінде де ел аралап, жыр айтып, өз өнерімен халықтың алғыс, ризашылығына бөленіп жүрген жандар. Жыршылар мен жыраулар әр уақытта да ізденіс, өзіне үлкен талап қоюшылық дәстүрден айнымаған. Сонымен қатар жаттампаз болған. Сол дарынды дамыту, әрі қарай шындау үшін ең алдымен шаршамай-талмай еңбек еткен. Біз білетін жоғарыдағы аты аталған ақын-жыраулардың бәрі табиғат берген дарынмен бірге түрлі ізденіс, сын, ширығу жолынан өткен. Бұл пікірді өзіміз дұрысырақ дерек білетін Абыл, Нұрым, Ақтан, Қашаған, Айтуған, т.б. ақын-жыраулар өмірлері растай түседі. Олар бірінен-бірі үйреніп, өлең қуып, ел аралап, білетіндердің қасына айлап, жылдап еріп, солардан асыл сөз маржандарын үйренген. Бұл дәстүр қазақ ақын-жырауларының бәрінде де бар. Жыраулар жырлап отырғанда байқайтының сол бір жойқын шығарманың ту баста келіп шығуының өзі бір жарқын дүние. Тарихтың суреттеуінше, біз ескі жырларды тыңдағанда, ой-сананың, өнер дүниесінің шарықтап жоғары ұмтылғанын біліп қана қоймай, бұрынғы өткен халықтың әлеуметтік тұрмыстық жағдайын, елдік, ерлік істерін ғана танып қоймай, халық аңыздарын еске түсіреміз. Қазақ халқы эпостық шығармаларға орасан бай. Сахарада мал өсіріп, егін салып өскен көшпелі халықтың, елдің елдігін жырлауы зор маңызға ие. Жыраулық өнердің әріден келе жатқан күрделі тақырыбының бірі — көне ноғайлық жырлар. Солардың ішінде шоқтығы биігінің бірі — "Қырымның қырық батыры" жыры. Ел басына қиын-қыстау күн туған кездерде қалың бұқара рухын көтеріп, ерлікке, елдікке жігерлендіріп отырған заңғар шығарма бұл. Жыраулық өнердің ғасырлар қойнауынан бастау алып келе жатқан игі дәстүрі біраз уақыт бәсеңсіп қалғанымен, соңғы кезде ұлттық өнердің қай саласын да дамытуға бағыт ұстауымыз үміт отын жандырады. Жыраулық, жыршылық өнердің ең биік сатысында тұратын Мұрын (Тілеген) Сеңгірбекұлы бізге құнды мұра тастап кетті. Ол мұхиттай мол дүниені бізге жеткізе білді. Атақты жерлесіміздің таяуда 130 жылдық мерекесін ел болып тойладық.
Жыраудың мүшел тойында жыршылар сайысы болды. Жарыс қорытындысымен бірінші орын Форт-Шевченко қаласы, Ақшұқыр елді мекенінің жас жыршысы, мектеп оқушысы Айдарбаева Назгүлге берілгені белгілі. Ол орындау шеберлігі, мәдениеттілігі, сахнада өзін ұстай білуі, домбыраны меңгергенімен ерекше көзге түсті. Шығарманың үрдіс екпіні, табиғаты, мазмұнымен қалыптасып, орнықты екпінді сақтай отырып, домбыра дыбысын өзіне лайықтай алуымен көрінді. Домбыра үні мен мақамның бір-біріне ілесіп, құлаққа жағымды естілуі айтушыға тыңдаушыны жақындастыра түсті. "Боз шапса озбай ма екен бурылдан" деген сөз осындайда қалған болар, сірә.
Форт-Шевченко қаласының 5-ші класс оқушысы Тажығұлова Алтынайдың осындай үлкен жанрға жүрегі тұрып баруы көпшілікті сүйсінтті және ол сыннан сүрінбей өтті. Оған "Ең үздік жас термеші" деген диплом тапсырылды. Сондай – ақшұқырлық Жанқұлова Тамара, маңғыстаулық Молдаев Қали, Тәжиев Орынбасар, Ералиевтер, Епенов Жасұлан, форт-шевченколық Алмагүл Садықова өсу үстіндегі жыршылар екендігін көрсетті.
Маңғыстаулық Аман Ыбраев жыр өнерінде де тәуір өнер көрсетіп, сегіз қырлы, бір сырлы жігіт екенін байқатты. Жалпы жыр сайысына қатынасқан жиырмаға жуық өнерпаздың бәрі дерлік жыршылық өнерін меңгеріп қалғандығын аңғартты. Осы жанрға мектеп оқушыларының бет бұра бастағаны қуанарлық.
Шындығын айту керек, Маңғыстаудың жыраулық өнері, ауыз әдебиеті әлі қаймағы бұзылмай жатқан бір кең дүние. Қазіргі кезде оның уақытпен үндес дамып келе жатқандығының куәсі болғандаймыз. Бұл өңірде жыраулық өнер ғасырлар бойы қалыптасқан. Ал айда қатынасқан жыршылардың бәріне тән кемшін жәй — мақам тапшылығы. Көбі бір жар сарыннан аспайды және Қарақалпақ жағынан келген Табын ата және Сүгір жырау сазымен айтқанымен, "Сүгірдің бес қайырмасын" меңгере алмай жатқандығын айыра айта кетуіміз керек. Сонда да бұл ұлағатты шеруде жарыс төрінен көрінген өнерлі жастар, болашақ осы бір халықтық өнерді ілгері апарушылар екендігін сезгендей болдық. Халықтық, ұлттық өнерді жандандыру мақсатында өнер орталарының, мектептердің, жарыстардың тигізер пайдасы көп, болашағы зор болмақ. Мұндай жарыстарға бұрын көрініп жүрген белгілі өнер иелерінен гөрі жастарды көбірек тартқанымыз жөн. Әрбір өнерпазды репертуар таңдауға, репертуар алмастыруға, тың мақам үйретуге, оны қалыптастыруға, яғни жыр өнері дәстүрінің қыр-сырына қанықтыра беруіміз керек. Өткен ата-баба жолына үңіле қарасақ, әрбір ақынның, жыршының, әншінің, термешінің, жыраудың өзіндік ортасы, өзіндік мектебі болған ғой. Олардың шәкірттері болған. Мысалы, Мұрын жыраудың ұстаздары Нұрым, Мұрат, Қашаған болғандығын өзі айтып кеткен. Халықтық өнердің бұл саласының жылдар бойы өшпей, жоғалмай, өмір сүруінің себебі, өнер адамдары арқылы өнерлі ұрпаққа өр түрлі жолдармен таралуында деп түсінгеніміз жөн.
Сондықтан мұндай өнер орталарын мектептерден бастағанымыз дұрыс және оны қалыптастыруға көңіл бөлуіміз керек. Бұл бәріміздің де жадымызда болатын жағдай. Ендігі жерде кешегі Дүйсенбай, Ұзақбай, Шамғұл, Айткүл, Жанжігіт, Сүгір, т.б. жырау саздарын қайта тірілтіп, жаңа көрінген жастардың зердесіне бере алсақ игілікті іс болар еді. Ол үшін жыршыларымыздың жыл сайын аудандық, облыстық, қалалық байқауларын өткізіп тұруымыз жөн.
Қазір облыстық ақын-жыраулар қоғамы құрылды. Сол қоғам арқылы ұланғайыр эпостық жырларды жатқа айтатын өнерпаздар табылып жатса, жырау куәлігін берсе артық болмайды. Жалпы шәкірт даярлауда облысқа белгілі өнер шеберлері Жақсылық Елеусінов, Шамшадин Сабытаев, Аман Ыбраев, Орынбасар Тәжиев, Амандық Көмеков, Жеткізген Сейітов, Мақсат Аяпов сияқты азаматтар атсалысуы керек. Әрқашан "Шәкіртсіз ұстаз - тұл" деген халық мақалын ойымызға сақтағанымыз жөн. Бұл ауыз әдебиетінің озық үлгісін, сондай-ақ, тіл, мәдениет пен өнер, халық мұрасын насихаттаумен бірге, әдеби мұраны сақтау болып саналады. Қазақ халқының талай қиын-қыстауды бастан кешіріп, ел есіндегі зұлматқа ұшырап, тілден шеттетіліп, салт-сана, ұлттық мәдениетті ұмытып кеткен жағдайларын қайта тірілтіп, қайта жандандыру - бұл бүгінгі ұрпақтың азаматтық борышы болуға тиісті. Бұл өзін ел баласымын деген әр азаматтың парызы, борышы болмақ.
Иә, Мұрын атаның 130 жылдық мерейтойы бізге көп жайды аңғартты. Біздің кейбір жыршыларымыздың бойындағы бір кемшілік - басқалар өнеріне мән бермеушілік. Кейбіреулері жарысты концертпен шатастырады, сын ескертпелерге зейін қоймайды. Өнер - халық мәдениетінің үлгісі. Оны дамытуға үлес қосамын деген адам сол деңгейден табылуы керек. Бұл сахнада өзін-өзі ұстай білу мәдениетіне де қатысты.
Маңғыстауда өнер сайыстары жиірек болып жүргендігі белгілі. Аралас-құралас жүргендегі байқағанымыз сарапшылар алқасына өкпе арту. "Мынау жерлесіне тартты, мынау бір жердің адамы, бізді бөлектейді" дегендерді де естіп қалып жүрміз. Бұл -әбестік. "Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады" деген ғой. Тіпті белгілі, тәуір деп жүрген өнер иелерінің де деңгейден шыға алмайтын тұстары болады. Өнер сонысымен өнер.
Жыраулық көштің бүгінгі заманғы алғашқы керуені жолға шыққандай, сапар сәтті болғай.
МҰРАТ МӨҢКЕҰЛЫНЫҢ ТОЛҒАУЫ
Маңғыстау мен Атыраудың ақиық ақындарының бірі — Мұрат Мөңкеұлы екендігі тарихтан белгілі. Ол Маңғыстау жерінде де талай шығармаларын жырлаған. Өзі Адайдың жиені. Жуық арада өзімнің кішкентай архивімді ақтарып отырсам Мұраттың осы бір толғауының кездесе кеткені. Қағазы сарғайып, кейбір әріптері солғын тарта бастапты. Бір күні бұдан да айырылып қалармыз деген оймен оқырмандарға ұсынып отырмын. Өлең жолдарын 1955 жылы ақшымыраулық шежіреші, сері қарт Қожбанұлы Ниязбайдан жазып алған екенмін. Оның баласы Мұстажап біздің үйде жатып оқыған, домбырашы, әнші, аға дос еді. Армия қатарыңда жүргенде Ресейдің Бузулук қаласыңда аяғы тайып, балшық илейтін шаңға құлап дүниеден өтті. Ауыз әдебиетінің біраз нәрселері ішінде кетті. Ұмытпасам, Ниязекең қарт Мұраттың нағашысы болатын — Өрдек деген ауылдан.
Бұрын мұндай шығармаларды баспаға ұсыну түгіл, көрсетуге қорқатын заман болды ғой. Осы азғана өлең жолдарынан тарихтың біраз беттерінен хабардар болуға болатын сияқты. Төрелігін өздерің айтың, оқырман:
Өзінің бойда күшіне,
Әрдайым берік ісіне.
Жаңбыршыдан төрт ұл
Дәулетбай, Тайлан, Садақшы,
Жақымберді нар туды.
Төртеудің басы қосылса
Жауынан білмеді қорқуды.
Басына бақыт ұялап,
Жасамай ерсі қиянат,
Он сегіз жасқа келгенде
Алып боп туған Ер Тайлан
Ата құнын алмаққа,
Қалмаққа қарсы келгенде,
Ұрандап жауға енгенде,
Қарсы келмей бір пенде;
Жарлыны байға теңгеріп,
Жасамай елге пенделік,
Қалмақты қырып жеңгенде;
Меңсұлу атты бикешті
Алдына алды өңгеріп.
Тоқалдыққа тең көріп,
Қалмаққа жасап жеңгелік,
Атағы шықты Тайланның
Аты шулы қазаққа.
Дұшпаны қалды азапта,
Үйірлеп жылқы айдады.
Шүлдірлеген қалмақтың
Батырларын байлады.
Аман-сау келіп еліне
Тоғыз ай зырлап өткенде,
Айы-күні жеткенде
Тандап сүйген бәйбіше
Меңсұлу туып бір ұлды,
Етек-жеңін түрінді.
Қызыққа елді батырып,
Алты бақан асылып,
Алтын теңге атылып,
Адайдың асқан батыры
Атағозы ат қойды
Құлқара деп балаға.
Алты күн азан шақырып,
Атын қойып осылай,
Құрбандыққа қырық қара
Атын атап шалады.
Сарайшықтың түбінде,
Дәл осы күн бүгінде
"Тайлан" атты көлі бар
Жарқыраған теңіздей.
Жарқабақ биік өрі бар,
Ay тастаған адамдар
Ырыздыққа жолығар.
Бергі жағын қозғасақ,
Қыс өтіп, көктем, жазға сап.
Жырауды қинап шабыста,
Жалындай жайнап маздасақ.
Ер Тайланнан қос бала
Құдайберген, Аралбай
Дәулеті артық жаралды-ай.
Кенжеқара, Бекеттей
Аралбайдың қос ұлы,
Байлығын айтсақ асылы,
Мыңғырған малды айдаған.
Жеті баулы Берішке
Тигізген көмек пайдадан.
Жазы-қысы белдеуге
Арғымақтарын байлаған.
Бауырына алып жатыр ғой
Соларды бүгін cap далам.
Құдайберген мырзадан
Егіз бен Балқы туыпты,
Атаның жолын қуыпты.
Петрбор, Мәскеу, Қазанды
Аралап Балқы жасынан,
Бақыты аумай басынан,
Орысша оқу тәмамдап
Келіпті елге жас ұлан.
Бас уәзір болып Жәңгірге
Қадірі елге тасыған.
Атағы асып қатардан
Әулиелерден бата алған.
Бекетай құмға ағаштан
Ақ сарайды салғызып,
Замандастарын таң қылып,
Қадалған жауын қан қылып.
Сөйлесе шешен қызыл тіл,
Ұнады елге бұл қылық.
Жол тауып құрдым тұйықта,
Әділ болды шешімді,
Тарихта қалды істері.
Өле-өлгенше Балқы би
Төреліктен түспеді.
Аласапыран заманда
Уәзір болып ел бастау
Жырлауға оңай болса да
Уақытында күшті еді.
Егізінде байлық аспаған
Еңсесі биік басқадан.
Байлығын көріп таң қалып,
Қайран болған астанаң.
Кеме жалдап теңізден
Меккеге барған екі рет,
Сонда да асып-таспаған.
Тауап етіп Қағбаға
Кейін елге қайтқанда
Теңізде түнеп жатқанда,
Уақыты жетіп Егіздің,
Арулап көктеп денесін
Көк теңізге атқанда,
Бұйырмай кетті-ау туған жер,
Жете алмай елге қайтқанда.
Қабірі суда демесін,
Бекеті мен өзінің
Ағызды суға денесін.
Балқыдан туған Сейітбаттал
Болмады-ау сірә жатқа тар.
Тайманның ұлы Исатай
Зүмрет атты тұңғышын,
Жалғыз да қызы жыл құсын
Сейітбаттал алды айттырып.
Басы нардан 100 қара
Айдатқызып қалың мал
Сұлуды алып қайтты нық.
Егесіп ханмен сыйыспай
Өтті-ау бір күн дүние боқ.
Кең қоныс іздеп шұрайлы
Елінің басын құрайды.
Абырой бер деп Алладан
Тілеп медет сұрайды.
Жаңбыршы беріш 80 үй
Соңына ертіп Сейітбаттал,
Жайықтан көктей өтіп ап,
Тайсойғанның жеріне
Қалың көшпен құлайды.
Егіздің көлі "Сақал" көл.
Сегіз қанат ордамен
Үйір де үйір жорғамен
Тілепберген баласы.
Басқада болмай шарасы,
Қоныстанып қалыпты
Нарын мен Жайық арасын.
Ата көлін қима деп,
Ата аруағын сыйлаң деп,
Басқа жерде жан кешсем
Бергейдағы иман деп.
Ұлылығын айтайын
Арон сынды төренің.
Қанша айтқыш болсам да
Жетпей жатыр өлеңім.
Жырлай берсек таусылмас
Төрелігінің бір бөлегін.
Тілепберген баласы
Мұқашқа тіреп ат басын,
Біразырақ айтайын
Айтар сөздің нұсқасын.
Жаңбыршының тұқымын
Жақсыға тіреп сөз басын.
Ер Тайланның балдары
Жеті баулы Беріште
Балқыдан артық кім бар-ды,
Мыңды беріп, мыңды алды.
Ақылмен байқап сөз айтса,
Қозғалтты асқар шыңдарды.
Жыраудың көңілін тапқасын.
Сахи Мұқаш атанып
Сөйлетті талай жаңдарды.
Сол жақсылардың тұқымы
Атадан алды-ау бата анық
Сөзімде жоқ қаталық.
Белдеуге байлап қос жорға,
Ырыздық, дәулет басты алға.
Қаршыға, Бүркіт, Лашын
Екеуден қондырт қос қолға.
Түлкі ішік, қамқа тон киіп
Серілік құрды кең жолда.
Бақыты судай тасыған
Осындай тәуір жандардан
Өтер ме пәни сұм жалған.
АЛПЫСЫНШЫ ЖЫЛДАРДЫҢ ТҮЛЕГІ ЕДІК...
Замандас
Біздер сонау 60-жылдардың арман қуған түлектері едік. Ол кездегі жастардың бәрі дерлік арманшыл еді. Ол арман - жоғары оқу орындарына түсу, мамандық алу, ел қатарлы қызметке араласу. Жастық өмірдің сол бір қызықты шақтарында талай достар таптық, талайымен дәмдес болдық. Біздің ауылдасымыздан аға тұтатын ақылшымыз, осы күнгі Маңғыстаудың белгілі азаматы - Сайком Еділханов. Ал бірге жүріп, бірге жатып, бірге әңгіме-дүкен құратындарымыз — Шабаз Иманалиев, Шора Тәжімғалиев, Марат Отаралиев, Күзембай Әміров сияқты жігіттер еді. Біздің сол тұстастарымыз студенттік өмірін қалай болса, олай өткізбеді. Біреуі өлең жазды, біреуі өнер қуды. Бәрі де елге белгілі азаматтар бола білді. Мен әңгімелегелі отырған Шабаз Иманалиев сол студент күннің өзінде әдебиет әлемінде танылған, таланты тамыр жайып, жеміс бергендердің бірі еді. Оның сол кездегі Тарас Шевченкоға арнап жазған "Жебелі мұртты бір адам" деген шығармасы өмір шындығы, шынайылығымен көз алдында осы кезге дейін көлбеңдейді де тұрады. Себебі, Тарастың өміріндегі қиыншылықтар мектеп қабырғасынан оқыған шығармаларымыздан бойымызға сіңгендіктен бе, ақынның айтайын деген ойы — ақындық сарын мен көркемдік қасиеттің жарасымды қиысқан бірлігі байқалатын-ды.
Арада біраз жыл өтті. Атырау облысының бір шеті мен екінші шеті мыңдаған шақырым жол. Кездесудің сәті түспей жүрді. Ол 1963 жылы пединституты бітіре салып, Қызылқоға ауданының Қаракөл орта мектебінде оқу ісінің меңгерушісі болып жұмыс жасады. Содан соң әскер қатарында болды. Әскер қатарынан оралған соң Қызылқоға ауданының Қарабау орта мектебінде қатардағы оқытушы, кейін осы мектептің директорлығына жоғарылатылды. Ұйымдастыру қабілетін байқатқан Шабазды кейін 1968 жылы Қызылқоға аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушылығына ауыстырды. 1971-1973 жылдары Алматы жоғары партия мектебінің тыңдаушысы, 1973-1978 жылдар арасында Маңғыстау облыстық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушысы қызметін атқарды.
1978-80 жылдары Форт-Шевченко қалалық партия комитетінің екінші хатшысы болып, ауданның экономикасын арттыруға белсене араласты. Шабаз Иманалиевтің Форт-Шевченко қаласының шын мәніндегі табиғи қуатын жан-жақты білуі 1980-1985 жылдар аралығындағы Форт-Шевченко қалалық атқару комитетінің төрағасы болып қызмет істеген тұстары еді. Осы кездер халқы үшін атқарған қызметінің хал-ахуалын түйгендей болып бірқатар істерге ат салысты.
Бірде Түп-Қараған ауданында болып, теріс жаға бетін аралап жүрген сапарымызда кеңшардың бір азаматы Тамшалы жеріне келіп, таудың басына тоқтағанымызда мынадай бір әңгімені бастап кетті.
"Әне бір жылдары жер жаман болды, жұрт қырға көшпеді. Теңіз жағасына мал апару керек дестік. Су көзі тапшы. Малды тау астындағы бұлақтардан суару керек. Ол үшін тауды тілгізіп, жол салдыру қажет. Партияның айтқаны болатын заман. Ақход жерін геофизиктерге аттырып, бульдозермен тегістетіліп жол салынды. Енді Тамшалыны талқандау кезегі туды. Жер қарап жүрген ауданның төрағасына ерген топ тау басында ірметіліп тұрмыз. Әлден уақытта төраға: "Жоқ, жігіттер, тау басы Тамшалыға жол салуға болмайды. Жол салсақ Тамшалыдан айырыламыз. Мына жатқан өлі аруақтар бізді кешірмейді", — деп, сай басындағы қорымды нұсқады. Біз үнсіз қалдық. Үнсіздікті өзі бұзып: "Мен ертең ВД.Горшенинге жолығып, барлық жағдайды айтам, Тамшалыға жоламан, басқа ішкі мүмкіндіктерді қараң", — деді де Фортқа тартып кетті. Артынан естісек, сол кездегі облыстық кеңестің төрағасы В.Д.Горшенин де төрағаны қоштапты. Сөйтіп, Тамшалыны аман алып қалдық Жер атуға келген геофизиктер кейін қайтып кетті. Ақходқа салған жолдың арқасында өмір бойы ішіне машина түгіл түйелі адам зорға жүретін, Жығылғанның іші машинаның таптаурын жолына айналды. Тамшалыға істеген көмегіне Шәкеңе сау болсын", — деп күлгені бар-ды әлгі жігіттің. Иә, "Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын" деген сөз осындайдан қалған әңгіме шығар...
Адам өмірінде түрлі кезеңдер, түрлі оқиғалар, ұмытылмайтын сәттер болып жатады, бәрін жіпке тізіп жазып шығу қиынның қиыны. Көбірек білу үшін, көбірек тану үшін ауылдас, құралас, жұмыстас болу шарт. Олай болмаған жағдайда, айтқалы отырған адамыңның білетін тұстарын, жасаған, білген жеріңнің жобасынан сөйлегенің дұрыс.
Шәкең 1985-1988 жылдары арасында Маңғыстау облысының баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі басқармасын басқарды. Одан кейін 1988-1990 жылдары Каспий аймақтық құрылыс басқармасы жанындағы партия комитетінің партиялық бақылау комиссиясына төраға болып Кеңес дәуірінің соңғы кездерінің куәгерінің бірі болды. Одан соң облыстық еңбек және әлеуметтік қорғау жөніндегі бас басқарманы басқарды. Шәкеңнің осы салада азамат ретінде біраз жұмыстарға араласуына тура келді. Өз ісін тыңғылықты істеумен бірге, қолынан келген көмегін халқынан аямауға тырысты. Өтпелі кезеңнің қиындықтары да денсаулығына зиянын тигізбей қоймады. Жүректің жиі шаншуы да соның белгісі. Ол өзіне арызданып келген азаматтарға шамасы келгенше тілегіңізді далаға тастамаспыз деп жауап берді, шама-шарқынша сүйеп қолдады. Шәкең өз халқының тарихи тағдырының, ағарту ісінің, мәдениетінің талап-тілегімен біте қайнасып, осы салалардағы құнды ойларын ортаға салып отырады.
1999 жылы Қазақстанда "Отан" партиясы өмірге келді. Осы қоғамдық үлкен қозғалыс аз уақыттың ішінде зор беделге ие болғандығы көпшілікке мәлім. Осы қозғалысқа бойында күш-жігері бар, ұйымдастырушылық қабілеті басым азаматтар керек еді. Облыс әкімі Л.Қиынов ойлана жүріп осы "Отан" партиясына басшылық жұмысына Шабаз Иманалиевті ұсынды. Әкімнің шешімі өте дұрыс шешім еді. Партияға беделді атқарушы директор болуға Шәкең лайықты да еді. Шәкең де қарсылық жасамады. Бұл да Шәкең бойындағы қабілеттіліктің бір көрінісі еді. Біздер, жасымыз алпысты алқымдағандар, күні кеше жігіт атансақ, енді ауылдың ақсақалы бола бастадық. Бұл өмір заңы. Артқы легіміз қаулап өсіп келе жатқанымызбен, алдымыз сирек, көңілге түрлі-түрлі ой келеді. Ал Шәкең болса әлі тың да қайратты. Құдай кешірсін, осы бір ойым күпірлік болмасын.
Осы күні екі адамның басы қосылса, айтатыны нарықтың ауыртпалығы, елдің күйзелісі мен күн көрісінің қиындығы. Бұл жөнінде Шәкең әрқашан інілеріне басу айтады. Көп болып көтерген жүк жеңіл. сонда ғана егемен еліміздің еңсесі көтеріле түсетінін еске салады. Облыс көлеміндегі ірілі-уақты өзгерістерді тез байқайтын Шәкең оларды риза көңілмен айтып отырады. Жақсы істер осылай басталса жалғасын өзі табады, — дейді Шәкең шын көңілмен...
Заманымыздың заңғар жазушысы Әбіш Кекілбаев: "Тәуелсіздікке немқұрайлы қарау деген сөз — демократияға немқұрайлы қарау деген сөз. Демократияға немқұрайлы қарау деген сөз — адам бостандығына немқұрайлы қарау деген сөз", деген екен. Олай болса, демократиялық бағытты ту ете жүріп ағалар өткен жолдарды жастардың тәрбие алатын мектебіне айналдырғанымызға жететін нәрсе жоқ.
Сондай бір үлгі алар абзал азаматтардың бірі - Шәкеңе аман-сау жүргейсіз деген игі тілек білдіреміз.
2000 жыл
МЕРЕЙ
"Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын", — дейді дана халқымыз. Осы бес ауыз сөзде қаншалықты терең ой жатыр десеңізші. Халық аузына кез келген адам іліне бермейді. Халыққа істеген еңбегімен еленген азаматтардың бірі — Тілес Өженұлы Сатай.
Абыройлы азаматтың еңбек жолында соңынан ерген жастарға үлгі боларлық істері баршылық. Денсаулық сақтау саласының қай тұсында болсын ол өзіне тапсырылған істерге жоғары жауапкершілікпен жетекшілік етіп келіпті. Еңбектегі қарым-қабілет, ұйымдастырушылық шеберлік әрбір маманның біліктілігіне, ақылдылығына байланысты. Ал сол мамандықты ұштаудағы Тілекеңнің қабілеттілігін өзі қатар еңбектестері, жора-жолдастары ілтипатпен әңгімелейді. Кейбір қасиеттерін құрдастары әзілге айналдырып, күлкі-қалжыңға араластырып та қояды. Соның бәрі де достық көңілдің сүйіспеншілігінен туған...
Тілес Өженұлының өмірбаяны да өте қарапайым. 1937 жылы Түркменстанның Бекдашы жүмысшы поселкесінде туған. Әкесі сол бір қиын-қыстаулы кезеңде талап іздеп, сол жаққа сульфат өндірісіне барған. Ол кездері Бекдашы Қазақстанға қарайтын-ды. Кейіннен Түркменстанға берілген. 1957 жылы орта мектепті бітірді. Онан кейін Ашхабад қаласындағы Мемлекеттік медицина институтын бітіріп, 1963 жылы өзінің туған поселкесі Беқдашыға дәрігер-фтизиатор болып оралды. Ол осы мамандықпен жұмыс жасап жүрген кезінде сол аймақта тыңнан жол салғандай істер атқарды. Себебі, ол кезде жоғары білімді мамандардың аз кезі. Жас та болса өзі қолға алған істі тиянақты және ұқыпты атқаруға дағдылана бастаған азамат бұл мамандықты сәтті игерді. Халық аузына ерте ілікті, алғыстар алды. Сондығынан да болар 1967 жылдан бастап Бекдашы поселкесіндегі аурухананың бас дәрігерлігіне тағайындалды. Бұл жұмыста да іскер басшы екендігін дәлелдеп шықты. Осы тұстағы бір оқиға әлі оның есінен кетпейді. Аурухананың абыройын сақтап отырған жалғыз хирург дүние салады. Ол уақытта жан-жақтан теңіз арқылы пароходтар келіп-кетіп жататын. "Комсомольск" пароходында пышақталған әйелді ауруханаға әкеледі. Қан көп кеткен әйелде тіршіліктің сесі бар сияқты. "Мені түннің бір уақытында ауруханаға шақырды, — дейді Тілекең. — Дереу операция керек. Красноводскіден хирург шақыртсақ, ол келгенше қашан?.. Студент күнімде практикада жүргенімде екі рет соқыр ішекке операция жасағаным болмаса, одан кейін қолыма қандауыр алып көрмеген жанмын. Ауруханада Марина Петровна Быкова дейтін көргені көп медбике бар еді. Дереу соны шақырдым. Екеуміз ақылдасып, операция жасау керек деп келістік. Операцияны жасап жатырмыз. Бауырға келгенде кідіруге тура келді. Пышақ ұшы бауырды бүлдірген. Әйел қайтыс болды. Облыстан комиссия келді, қарады. істеген көмегіміздің бәрі дұрыс. Ауруханада сәл де болса өмірін ұзартатын қан жоқ еді. Комиссия бастығы: "Өзің дайын хирург екенсің", — деп арқамнан қақты. "Басқа түссе баспақшы", — деген емес пе, амалсыздықтан істеген ісімнен алған абырой ғой бұл. Сол жылы облыс 3 дәрігер жіберді. Қан құятын станция ашты. Өзіміз қан дайындай алатын болдық. Бұл да бір жұмыс барысындағы жеңістігіміз еді", — дейді Тілекең.
Тілес Өженұлы қай жерде жұмыс істемесін үнемі ізденісте болды. Алдындағы білікті мамандардың өнегесін үлгі тұтты. 1975 жылы Маңғыстау облысының денсаулық сақтау басқармасының шақыруымен Жаңаөзен қаласындағы облыстық өкпе ауруларын емдеу ауруханасына бас дәрігердің орынбасарлығына келді. Бір адамдай еңбек етті. Ол бүгінгі көзі тірі достары мен шәкірттері туралы әңгімелеп отырса, қызметтес болған азаматтарға деген ниеті де, сөзі де ерекше ыстық ықыласқа толы екендігін байқадық. 1979 жылдың мамыр айынан бастап Ақтау қаласындағы санавиацияға бөлім меңгерушісі болып ауысты. "Жаңадан келген кезім, тез "Үштағанға" ұшуға тура келді, — дейді Тілекең. - Малшының әйелі қалсыз күйде көрінеді. Ниеттенген жерімізге келіп самолетіміз сор шетіне қонған-ды. Аяғы сорға батып, сәл аударылмай аман қалдық, Әйелге дер кезінде көмек берілді. Кейін сауығып кетті. Үрейленгеніміздің арты жақсылық болды" - деп күледі Тілес Өженұлы.
"Айта берсек, ондай-ондай жағдай көп болды ғой, — дейді ол. — Бірде күн кеш болып қалған кез еді. "Қызыл әскер" деген жерде босана алмай жатқан әйелге көмек беру үшін ұшу керек болды. Облыс басшыларынан қатты тапсырма берілді. "Жазған құлға жату бар ма" — деген, ұштық та кеттік. Аэропорттың заңында кешке ұшуға болмайды екен. "АН-2" самолеті, қалтаң-құлтаң етіп ұшып келеміз. Аэропорттың бастығы Баландиннің өзі "рөлде". Білікті маман ерлік жасады. Әйел аман босанды, бала да, анасы да тірі қалды. Бұл істер де ерлікпен пара-пар еді", — дейді Тілекең мерейлі көзін алысқа қадап.
"Жүре берсең, көре бересің" деген ғой, - дейді тағы Тілекең. — 1977 жылы шілде айында облыстық партия комитетінің шұғыл тапсырмасымен Үстірттегі малшыларды дереу медициналық байқаудан өткізу туралы тапсырма алдық. Білікті дәрігерлер, дәрі-дәрмек, рентген аппараты бәрі бар. Облыстық денсаулық сақтау бөлімі керек-жарақты дер кезіңде шешіп, бізді жолға салды. Тапсырма уақытында орындалды. Айта кететін бір жай, халықтың кеңпейілділігі. Қайда барсаң да қонақжай ел. Отырмасыңа қоймай дастарханын жаяды. Жемесіңе қоймай қос-қос қозысын сояды. Осы күндері соларды ойлап отырып, осындай дарқан ел дүниеде көп пе екен деп қиялдайсың. "Айналайын, елімнен!" дейсің.
Өмір дегенің өз дегенімен жүреді. Тіршіліктің толастамас заңдылығы өз жағалауын іздеуге мәжбүр етеді. Ал кейбіреу өмірмен өмір бойы күреседі. Осы тұрғыдан алғанда Тілес Өженұлын тынымсыз еңбекте шыңдалып, содан өзінің аларын алған жан деп түсінеміз. Қазір оның есімін облыс халқының көбі біледі. Қарапайым қазақтың отбасыңда туып, жұпыны тірліктің дәмін бір адамдай татқан. Оның азамат болып өсуіне әкесі мен анасының еңбегі өз алдына. Анасы байғұс жалғызының қағілездігіне қарап күрсінеді екен. Ата-ана әр жылы оқуға кетерінде бетінен сүйіп тұрып: "Оқы, балам, сенің атқа мініп, азамат болғаныңды көрсек болды. Тапқанымыз сенің жолыңда. Тірі жүрсең арманымыз жоқ", — дейді екен. Ол адалдық пен имандылықты ата-ананың өмірлік аманатыңдай сезінеді.
"Еркіндіктің таңы атқалы жаутаң көз жалтақтығымыздан арылып, батыл қимылдайтын күн туды, — дейді Тілес Өженұлы. — Бірақ емдеу саласында бақсы-балгерлер көбейіп кетті. Ертеде бір көпті көрген көріпкел жырау: "Ақыр заман жақындағанда әйелден тәуіп көбейеді, жайына тұрған жігітке қыз асылады, мінгендері темір ат болады, қолдарында қағазға жазған хат болады", - деген екен. Ақшаға ниеті кеткендер "мәдениетсіз, ғылымсыз өмір сүруге болатын шығар" деп, білімсіз, өзін-өзі ұстай алмай жүрген сырқау емшілерді күйттеп кетпесе екен, — дейді.
Дәрігерге жаныңның қиналғанында барып, кесапат ауруға араша өтініш еткенің болмаса, жайшылықта қол ұшын созбау неліктен, — деп те қояды. — Бұны да ойлап жүрмесек болмайды-ау.
...Мен Бекдашыда өссем де менің балалық қиялымды асқақтатқан Маңғыстауды айтқанда, бойыма шабыт отын тұтандырған, асыл армандай болған жарты арал халқының өркендегенін, елдің жарқын болашағын тірі жүрсем жуық жылдары көретініме сенемін, — дейді Тілекең беті бал-бұл жанып. — Бұл Бекет атаның аяғы тиген жер, 360 әулиенің мекені болған жер. Батырлардың тұлпарларының ізі қалған жер"... Ағаның сөз арасындағы осындай толқуының өзі де: "Жаман адам атқа отырса, жерін көрмейді, таққа отырса елін көрмейді", деген мақалды өмір бойы қаныңда, үнемі ойында сақтағандығынан шығар.
"Адам баласында кемшілік көп қой, — дейді Тілес Өженұлы. - Біреудің іші тар, күншіл болады, біреу қатыгез болады, біреу біреудің атқа мінгенін көре алмайды, біреу күңкіл әңгімеден артыққа аса алмайды, тағы сол сияқтылар. Өз басым азғана ғұмырымда жұмыстастарымды қандай кемшіліктері болсын, батырып жіберейін деген пиғылда болып көргенім жоқ. Шамам келгенше әділ болуға тырыстым, жақсылық жасағым келіп турды. Әркез ата-бабаның "Тасыған төгілер" деген сөзін жадыма сақтап жүрдім. "Кең қолтық болсаң халқың сүйеді" деген сөзін есімнен шығармадым..."
Тілекең 1980 жылдың желтоқсанынан бері Маңғыстау облыстық дезинфекция бірлестігінің директоры болып жұмыс жасайды. Үлкен жанұя басшысы. Жолдасы облыстық СЭС- те дәрігер-энтомолог болса, үлкен қызы Гүлзира СПИД-ке қарсы облыстық орталықта бас дәрігер болып жұмыс жасайды. Екінші қызы Сәуле Халықтық банкте. "Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің" деген емес пе, отбасының ел игілігі үшін әр салада өнегелі, қажырлы еңбек етуі де ұлағатты ұяда тәлім-тәрбие алғандықтарының жемісі болуы керек.
Тілес Өженұлының халқына істеген еңбегі елеусіз емес. Ол бірінші категориялы дәрігер, "Денсаулық сақтау ісінің үздігі", Түркменстан, Қазақстан Денсаулық сақтау министрліктерінің Құрмет грамоталарымен наградталған. "Еңбектегі ерлігі үшін" медалінің иегері. Абыройлы азамат өзінің мәдениеттілігімен, инабаттылығымен елге сыйлы. Қандай жағдайда да асығыс мінез көрсетпеген жан, жайшылықта өзін сезімтал, байыпты ұстайды. Достары арасында беделді. Жастар арасында ұстаз.
1997 жыл
ҚИЫН ДА, ҚЫЗЫҚ ӨМІР
Қилы-қилы тағдырды қара нардай көтерген ел азаматының өмір жолына көз салсаң, ұзын-шұбақ бір даңғыл сүрлеу көргендей боласың. Жақында осындай бір ағаның дуалы әңгімесінің куәсі болдық. Біз, негізінде сәлем бере, әрі құттықтай барғанбыз. Себебі, ағамыз биыл сексенге толған болатын. Ол бізді жасыл шапанын жамылып, қазақы телпегін баса кие, шапанының сыртынан шаршы белбеу буына салған күйі қарсы алды. Жақ сүйегі шығыңқы, жалпақ ұзын бет жүзіне парасаттылық ұйыған. Тек екі көзінен ұшқын сәуле себелеп, еті қашқан ерніне күлкі ұялағандай әрқайсымызға жымия көз тастайды. Құлағына ақау енгендіктен естімей қала ма, кей айтқаныңды қайталап сұрайды. Өмір өткелдерінен сыр суыртпақтай бастасаң, қапсағай жауырыны ырғала бүлкілдеп, үстелге тесіле қараған күйі бір әңгіме желісін бастап, ескен желдей еркін көсіле жөнеледі:
— Мен 1916 жылы қыста Жыңғылды жерінде туыппын. Әкем Дүйсенбай, оның әкесі Шалданбай жәй шаруа адам болыпты. Жаз шыға Арқаға көшетінбіз. Ұзап көшкенде Елек, Орынбор, Қарақамысқа дейін кетеміз. Әрі малдың жайылымы, әрі сауда-саттық жәйі. Күз түсе ойға құлаймыз. Базардан астық, шай-секер, киім-кешекке айырбас жасаймыз. Жүн-жұрқа, тері, мал сатамыз... 10 жасар баламын, 1926 жылы Бейнеудің маңайындағы Ақбұлақ деген жерде жұтап қалдық Жаз шыға Жыңғылдыға көшіп келдік. Қыркүйек айы жақындағанда Шайырдың күншығыс бетіндегі Ақмыш деген жерде жетім балалар үйіне 100 бала оқитын болыпты. Мектеп директоры Байтілеуов Нұралы, оқу ісінің меңгерушісі Төлеубай Жалғасбаев белгіленді деп естідік. Ауыл адамдары бізді сонда апарды, жетімдер үйіне қабылдады. Менің әкем 1927 жылы Қарабұғаз жаққа сульфатқа кеткен, содан оның өлі-тірісінен хабарсыз қалдық. Бізбен бірге қабылданған балалардың қазір көзі тірісінен Тұяқов Елемес, Ерқасов Селбай деген азаматтар болуы керек. Біз осы жетімдер үйінде төрт жыл оқыдық. 1930 жылы жаңа үкіметке қарсы шыққандар мектепті өртеп жіберді. Біз Төленов Шамырхан, інім Ботахан үшеуміз кештетіп қашып Жыңғылдыға келдік. Жыңғылдыда туысымыз Қамқа жеңгейдің үйі бар еді. Келсек үйлері ашық, ауылда жан жоқ. Біз барып, біраз аялдағаннан кейін тау жақтан шұбырып олар да жетті. Алдында бұларға да бандылар келіп, "үкіметке бағынбаңдар, көшіңдер" деп, содан ауылдағы қатын-қалаш тауға қашып кетіп оралған сәттері осы екен. "Сорлы балалар-ай, қайдан жүрсіңдер? Шешен Кетікке көшіп кетті, сол жақта балық кәсіпшілігіне жұмысшы керек деген бар. Енді далада өлесіңдер. Біздің де келісіп отырғанымыз жоқ. Ертең бір жігіт Фортқа жүреді деген, соған сөйлесейін. Сендерді ертіп кетер", — деп Сарқаспақтағы ауылға жүгіре жөнелді. Кешкісін бізді азғана қой-ешкінің сүтімен, собалақпен тамақтандырды. Сосын бізге екі таба, бізді алып кететін жігітке бір таба нан көміп берді. Кешкісін әлгі жігітке еріп жүріп кеттік. Кешке Ұланақ сыртындағы кеуекке түнедік. Келесі күні түс кезінде Таушықтың алдыңғы бетіндегі бұрынғы аэропорттың маңайындағы ақ тақырға келіп ауқаттандық Басшымыз менің нанымды сындырып, үшеумізге бөлді, өзінікіне, Ботахандікіне тиген жоқ Тамақтанып болғасын: "Бүгін қалайда Түбіжік маңына барып қонуымыз керек", — деп, қатқылдау бұйыра сөйледі. ілбіп жүріп келеміз. Бастығымыз Ақмыштан қалай қашқанымызды, қандай оқиға болғанын сұрады. Мен айтып келем, Ақмыш оқиғасы былай болған еді. "Банды келіп қалды" деп балалар шу ете қалды. Мылтықтары бар, жалғыз-жарым қылыштары бар, найзасы бар, найза орнына ағашқа қырықтық байлап алғандары бар қарайған адам мектепті қамап алды. Оқытушылар тауға қашып кетті. Ақмыш басындағы тірі адамды қойша иіріп қойды. Жиырма баланы бөлек сарайға қамады. "Мал айдатамыз, тоқтамай қашатын болсаңдар, атамыз", — дейді. Күн кеш болды. Ағайынды Тұрманшаевтар деген балалар бар еді, көздерін ала беріп үшеуі қашып кетті. Біз де - Шамырхан, Ботахан үшеуміз ретті сәтін күтіп тұрып Жыңғылды бағытына тауға қарай зып бердік. Артымыздан мылтық даусы естілді. Зәреден зәре жоқ. Бес-алты атты адам біздің артымыздан шауып келеді, қотыр тастың артына тығылып қалдық. Олар кетті-ау дегенде үңгірден шықтық. Тас Ботаханның маңдайын, Шамырханның аяғын жырып кетіпті. Содан Жыңғылдыға жеттік-ау. Мен Ақмыш оқиғасын аяқтадым.
Жүре-жүре түнделетіп Қаңғаға да келдік. Тұт ағашының түбінде бұлақ бар екен, қана су іштік. Бүгін қалайда Кетікке жетуіміз керек, — деп бұйырып, айқайлап қояды бастығымыз. Түнделетіп жүріп келеміз, әбден шаршадық Бастық арасында бізге: "Сендер бәле болдыңдар, сендер болмағанда Кетікке барып қонатын едім", — дейді. "Сендерді қайдан ерттім, қолға түсірсе мені өлтіреді ғой", — дейді өзінен-өзі күбірлегі.
...Таң алды болуы керек, шошып ояндым. Әлі қараңғы. Ботаханым ұйықтап жатыр. Бастығымыз бізді ұйықтатып тастап тайып отырыпты. Еңіреп тұрып жылап жібердім. Менің дауысымнан Ботахан оянды. Екеуміз құшақтасып өкіріп отырмыз. Бір мезгілде бір от көрінді. От көрінгенде үйге келгендей қуаңдық Екеуміз отқа қарай жүгіре жөнелдік. Жүгіріп келеміз, бізге жеткізетін от жоқ. Таң қылаң бере тағы бір ойға келіп, шірік иіске тап болдық. Қара көлеңкеде байқаймыз, қырылған қой сияқты. Жарық түсе бастады, әлгі қой дегеніміз қырылған адам болды. Адам екенін білгесін тағы да зәре-құтымыз қалмады, ілгері зымырадық. Бір төбеде 2-3 үй бар екен. Алдымыздан жалаң аяқ бір адам шығып, бізді көріп шошып кетті. "Неғып жүрген балаларсыңдар, кімнің баласысыңдар?", — деді. Шоңай Дүйсенбайдың баласы екенімізді айттық. "Ой, айналайындар-ай, — деді әлгі кісі. -Мен Мәнтен деген ағайын адаммын. Шешелерің Аташта. Қазір оқудан балалар келеді, сосын үйлеріңе апарып тастар". Біз әлгі Мәнтен атамыздың үйіне келдік. Сүт берді, қымыз берді, бір жасап қалдық. Оқудан баласы Тәжібай келді. "Тәжібай тамағыңды іш, мына екі баланы Аташқа апарып, шешесіне тапсыр", — деп Мәнтекең қатты тапсырма беріп, шығарып салды. Біздің келген жеріміз Қошанай шымырауы екен, түндегі көрген жарығымыз маяктың жарығы болды. Тәжібай бізді Аташтың тұсындағы бұрынғы аэропортқа дейін алып келді де үйді сілтеді. Не көрмей келе жатырмыз, тік құламадан түсіп, манағы сілтеумен үйге келсек шешеміз жылап көрісті. Қайран ана. Шұрқырасып жатырмыз. Аташта да күн көріс жайы қиын болды. Үш қыз — бауырымыз Шам, Алтын, Күміс біз келгесін көп ұзамай өлді.
Айтпақшы, мана жолда көрген адамдардың өлексесінің жағдайы былай екен. Біздің алдымызда бір-екі күн бұрын көтерілісшілер қаланы шауып, маякты қиратқысы келген екен. Астында тұрған пароход көтерілісшілерді зеңбірекпен атқылап, Қошанай шыңырауының маңайында 200-дей адамы қырылған екен. Біздің қой деп жүргеніміз солар болып шықты.
Тағы да оқу жылы жақындады. Сол кезде ағайынымыз Аязбай Әбілов милиция екен. Соның көмегімен Қаңғадағы жетім балалар үйіне орналасатын болдық 1931-дің көктемінде Фортта бүкіржік ауруы етек алды. Малдың сүтін береміз деп жетімдер үйін Қаңғаға аударыпты. Отарбай Тұржанов деген директорымыз, Сәду Нұрниязов деген оқытушымыз болды. Екеуі де ағайын адамдар еді. Қаңғада да балаларға жайлы болған жоқ, 400-дің үстінде бала аштан өлді. Тірі қалған балалар бөлініп-бөлініп өлген балаларды көміп жатыр. Бір күнде 29 ер бала өлгенін көрдік. Баяғы Ақмышта бірге болған Шамырхан да бізбен бірге еді. Оларды да Қаңғаға әкелген. Шамырхан екеумізге жаңағы 29 баланы көмудің кезегі тиді. Май айы еді, шыбын шыққан кез, өлік иістеніп барады. Әліміздің келгенінше жер қазып, көмгелі жатырмыз. Бір кезде өліктерге көзімді салып тұрсам, бір қыз баланың аяғы жыбырлайды. Бір уақытта қарасам көзін ашып жатыр екен. Аяғын ұстап едім жып-жылы. Өлімге де адамның көзі үйренеді екен ғой. Мектептің қарауылы Орынбай деген шал-кемпірдің үйі жақын еді. Соған Ботахан екеуміз жүгіріп барып жағдайды айттық. Баласы жоқ адам еді, қызды көргенде екеуі еңіреп жылап жіберді. Қызды алып келіп, жуындырып, бір сиыры бар еді, соның сүтін беріп қызды әлдендіріп жіберді. Қызыл шыт көйлегі әлі есімде, 9 жасар қыздың аты Ұштап еді. Қызды кейін ержеткен соң тірі ме деп сұрастырып едім, ешкім білмеді. Біз — Шамырхан, Ботахан үшеуміз бүкіржікке ұшыраған жоқпыз. Себебі, мектеп берген секерін Орекеңнің кемпіріне беріп, күніне үш рет сүт ішіп тұратын едік, соның көп көмегі тиді ғой.
1932 жылы 18 маусымнан бастап Форт-Шевченкодағы байланыс кеңсесіне үйренуші моторист болып жұмысқа жүрдім. Оқуды одан әрі жалғастыруға мүмкіндік болмады. Содан 1935 жылдың шілде айында мені осы күнгі Шетпеге радио моторисі етіп ауыстырды. Жұмысты ыждағатты жасағаным сондай, сенімге ие бола бердім. 1935 жылдың қыркүйегінде Шетпе байланыс бөлімшесі бастығының көмекшісі болып тағайындалдым. Менің атыма жоғары әкімдерден сыйлық, алғыстар көбейе бастады. Сонымен "1939 жылдың желтоқсанынан бастап Шетпе байланыс бөлімшесінің бастығы болдың" деген бұйрықты қолыма алдым. Сол бір қиын-қыстау кезеңнің өзінде жұмысым жаман болмады. Естігенім алғыс. 1942 жылы Ұлы Отан соғысына аттандым.
Содан 1946 жылдың 20 қаңтарына дейін Калинин, майданында соғысып, екі рет жарақат алдым. Соғысты Жапонияда аяқтап, 1946 жылдың ақпан айында елге оралып, сол баяғы байланыс жұмысында жүріп зейнеткерлікке шықтым.
1976 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін ауданаралық контролер, аудандық байланыс кеңсесінің бастығы қызметін ақтардым ғой, — дейді Ботекең жанары жалт ете жан-жағына қарап.
— Адам өмірінде қиындық көп қой. Бір қиын жұмысбасты кездеріңізді есіңізге алыңызшы? — деген сауал қойдық Ботекеңе.
— Е, шырақтарым-ай, — дейді Ботекең, — қиындық көрмеген ел бар ма. Қиындықты бір көрсе осы Маңғыстау көрген болар. Уақ колхоздардың тұсында 1956 жылға дейін поштаны атпен, түйемен тасыдық. Ал 1956 жыл мен 1965 жылдың арасында поштаны "АН-2" самолетімен тасып, аз да болса жеңілдік көрдік. Пошта таситын жеріміздің арасы Сарғасқа — Тайлан, Қаңбақты — Томарлы. Сам-1, Сам-2, Аққұдық — Мақышбай. Жер арқасы қиян. Біз соларды да байланыс жүйесімен қамтамасыз еткенбіз деп бүгін мақтануымызға болатын шығар.
— Қысылған, сасқан жеріңіз болды ма? — дейміз Ботекеңнен сыр тартып.
— Болды, — дейді Ботекең. - 1954 жыл еді. Ол кезде газет, хат-хабарды Форт-Шевченкодан алып тұратынбыз. Серікбаев Оңайбай деген байланысты бар еді. Сенімді кісі еді, қар қалың, он екі күн болды. Фортпен байланыс үзілді. Қатты састық Оңайбайды 20 түйемен Фортқа жібергенбіз. Оның өлі-тірісі де белгісіз. Он бес күн дегенде Оңкең де келді-ау. Шүйліде екі түйе аяғын қар қиып, жүрмей қалыпты. Айтып-айтпай не керек, келгенде 16 түйемен әрең жетіпті. Абырой болғанда поштаның бәрі түгел қаз-қалпында. Арасында айта кететін бір сөз, сол кезде аудандық прокурор Хошев Хасан деген кісі еді. Ташкентте сырттай оқитын. Содан елге келе жатып, Фортқа тоқтап, ауылға жете алмай жатқан беті екен. Оңкеңді көріп: "Мені Таушыққа ала кет", — деп жалынады ғой. Дым қосты адам еді. "Алып кете алмаймын", — дейді Оңкең. Хасан "өлсем де талабым жоқ" деп Оңкеңе қағаз беріпті. Бір түйеге газетті қомдап, қара тонға Хасекенді орап, аман-есен Таушыққа алып келеді. Уақытында бұл да айтарлық оқиға еді, - дейді Ботекең.
— 1979 жылы Маңғыстау аудандық "Жаңа өмір" газетінің 24 шілде күнгі санында Шарай Батырбаеваның "Ардагер" мақаласында Ботабай Дүйсенбаевты "Еңбек кітапшасында ең аз жазу жазылған адам", — депті. Айтса айтқандай, бір байланыс жүйесінен басқа жерге жұмыс ауыстырмаған Ботекеңнің еңбек кітапшасына жазылған жазудың көп емес екендігі рас. Бүкіл байланыс жұмысында байланысшылар А.Чукалин, оның зайыбы А.Бухахтина үшеуі қалған күңдер де болды. Ботекең талай рет көрер таңды көзбен атырған жан.
Аудан көлемін радиоландыруда еткен еңбек босқа кеткен жоқ. Сол жұмыстардың барлығын жалғыз радиотехник марқұм Ағия Тілеповтың атқарғанын, кейіннен оның Қазақ ССР Құрмет грамотасымен наградталғанын Ботекең шын көңілмен мақтан етеді. Ауыл арасының байланысшылары Әбіл Шебіровты, Қажығұл Жамановты, Жалмұрза Даңшабаевты, Шамырхан Жанболдиевті, Төлеу Анашаевті, Е.Қойшыбаевты, І.Есіркеповті, Т.Исатаевтарды еске алады.
Ботекең көзі тірі істес болған, абыройлы азаматтардан Жөнелбеков Отарбайды, Бимағанбетов Әметті, Есқалиев Тәжіғараны, Салықов Айладырды, Қуанышбеков Жантөрені, Қызылғұлов Нұхыны, Сәрсенбаева Ханшаны, Емзеева Тамараны, Беков Нұрмұқанды, Абдуллин Сәбитті ілтипатпен атайды.
Ботекеңді айтып отырғанда, оның ұшқан ұясын, туған елін, өскен жерін еске алмауға болмайды. Ол осы жерде қатпар-қатпар Қаратауды, талай-талай топты жиындарды, қызылдар істеген қанды оқиғаны, күңіренген елді көрген. Ол бірінші туғанда ана өлімін көрді, естіді, екінші туғанда елінің бесігін көрді. 80 жыл өмірдің қалай өтіп кеткендігін де байқамай қалды. Ол барлық өмірін, тыныс-тіршілігін Азаттық, Теңдік, Бақыт, Еңбек үшін ұлы істерге арнады. Көп ақсақалдар алпысқа толғанда зейнеткерлікке кетіп, 80-ге толғанда өмір шекарасында тұрғандай сезінсе, Ботекең олай емес, әлі тың сезімде. Жастарға, өз балаларына: "Арыңды таза сақта, бүгежектеме, бұқпантайлама, балдарыңды бұқтырмай өсір, арқаланып өссін", — дейді. "Теңдікке еншілессіңдер, елдікке еншілессіңдер, ерлікке де еншілес болың. Егемендік алдыңыздар. Енді сол елге жол бастаушы бола біліңдер", — дейді амандасуға келген жастар мен балаларына. "Жел ессін, дария сарқырасын, тау шайқалсын, ой аунақшысын мейлі - егемендігіңді жетімсіретуге қақыларың жоқ", — деді бізге де Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген байланысшы қария.
Ботекең үлкен отбасының басшысы. Ұлағатты ұл, көргенді келін тәрбиелеген, немере сүйіп отырған ата. Төрт ұлы, төрт келіні бар. Үш ұлы жоғары білімді, үлкен ұжым басшылары. Кішісі қарапайым, қол еңбектің өкілі. Келіндері әр салада еңбек етеді. Жоғары оқу орнында оқитындары бар. Зайыбы Дәмеш — 76 жаста. Қосылғанына биыл 60 жыл толады.
Ботекең ауылға шауып келіп, ауылдан шыға шабатын, ел тіршілігінен бейхабар, өнім өндірісте жұмысы жоқ жалған белсенділердің өкілінен емес. Ол — Маңғыстаудың төл перзенті.
...Біз Ботекеңмен әңгімелесіп, кейін қайтар кезде ымырт үйіріле, үй сырты қараңғы тартты. Тоя жеген кешкі астан кейін құс жастыққа қисайған қария тыныштыққа елтіп ойға шомулы. Тұңғиық аспан төрінде оянған жұлдыздар терезеден жымың қағады. Ақ бурыл шашы екі жағына бөліне қайырылып, кең жазық маңдайын тілгілеген терең әжімдер көзге ұрады. Аясы мол, әлі күнге нұры таймаған көзінде өткір от ұшқындайды. "Әттең, осы соңғы кезде құлағы бар болғыр естігісі келмей ме қайтеді", — деп қояды бізбен қоштасып тұрып.
Біз шығуға бет алдық. Ботекең терең ойға шомып отырды да серпіле тұрып бізге жақындады. "Ал әзірге сау болып тұрын!" — деп қолын ұсынды.
— Сіз де қош болыңыз. Сексен ердің жасы, жүзге жетіңіз! — дедік күліп.
— Алла бұйыртса , — деді Ботекең сәл жымиып. Біз далаға шыққанда қас қарайып, Өмірзая жұлдызы да ұясына батуға жақындаған екен.
1996 жыл
"ЗЕРДЕМДІ СЕН АШПАСАҢ НЕТЕР ЕДІМ?!."
Туған халқымыздың 1917 жылғы Қазан төңкерісінен кейінгі тағдыры шытырман оқиғаға толы болғандығы көпшілікке белгілі ғой. Халықты сауаттандыру да оңай болған жоқ. Сол заман Маңғыстау еліне де осал тимеген сияқты. Ересектерді сауаттандырудың өзі бір хикая. Кеңес үкіметі орнағаннан кейін мұсылманша оқу орындары, мешіттер жабылды. Молдалар ұсталды, атылды, асылды. Бісімілләні білген адамдар да молдасың деп жазаланды. Дінді құрту, молданы құрту науқанға айналды. Ақыры мұсылманша сауаттыларды жойып тынды.
Ойлап отырсаңыз, осы кездерде бір топ шоқ жұлдыздай алдымен шыққан ағарту қызметкерлері тобы ауылға мұғалім болып келе бастады. Бұларға іле шыққан тетелес буынның өкілдері бала кезінде оқи алмай, алыс ауылдарда, қыстақтарда аңырап қалған ересек жастар — бірі жетім, бірі жарлы, бірі сорлы дегендей — дүниенің жарығына ұмтылған топ келіп қосылды. Осы қатардағылардың бүгінде көзі тірілері Ысқақ Шәкіратұлы, Тұрар Жалғасбайұлы сияқты қариялар. Жақында Маңғыстау ауданының Шайыр жерінде Тұрекеңнің 80 жылдығын тойласа, осы ауданның Үштаған жеріндегі Ленин атындағы орта мектепте осы мектептің алғашқы ұстазы Ысқақ Шәкіратұлының 80 жасқа толуына байланысты мерейтой іспеттес кездесу болып өтті. Иә, аталмыш ұстаздардың бәрі де шала сауатымен келіп, алғашқы кеңес мектебінде көзін ашқандар. халықты сауаттандыра жүріп, өздері де білімін жалғастырғандар. Міне, мұның бәрі 1930-шы жылдардағы жауқазынша жарып шыққан мұғалім мамандардың, яғни жас кадрлардың ортақ көрінісі еді.
25 жасар жас жігіт оқытушы болып осы Үштаған ауылына келеді.
— Бұл 1938 жыл еді, - дейді Ысекең ойланған қалпы. — Келе ауылдық Кеңеске, колхоз басқармасының төрағасына жолықтым. Ол кезде машина жоқ. Ауданнан ауылға, ауылдан ауданға мінетін көлік ат, жүк тасуға түйе қолданылатын. Жергілікті жағдаймен танысқасын оны ауданға баяндадым. Аупартком Баутиннен бөрене ағаш алу жөнінде тапсырма берді. Оны тасып алу қияметтің қиыны еді. Әуре-сарсаң ойлы күйімде Ұштағанға келіп ауыл басшыларымен кездесіп, жағдайды айттым. Сөйтіп, бір топ колхозшыны саман кірпіш басуға ұйымдастырдық. Қалаушы қылып Қалидолла Мұрынұлы деген жігітті тағайындадық Ендігі мәселе Баугин поселкесіндегі теңіз жағасындағы базадан 95 бөрене ағашты сүйреп алып келу еді. Дереу колхозшыларды жинап алып ауыл басшылары жиналыс өткізді. Халықтың жекеменшік түйесінен 95 түйе жинау керек болды. Түйелердің көбі боталы, бала-шағаңның таңдайына тартып отырған нәпақасы. Біреуді жылатып, біреуді ойбайлатып жүріп жергілікті Кеңес 95 түйені жолға салды. Сөйтіп 95 түйе Баутин поселкесінен 95 дің ағашты сүйреп, Ұштағанға келді. Енді әлгі ағаштарды кесу де біраз әбігерлік әкелді. Бөренені ұзынынан кесіп, бірнеше рет бөлу керек. Арашы екі адам. Үстіңде Қалидолла, астында басқа біреу, алма-кезек тұрып, ақыры бұл жұмыс та аяқталды. Ол кезде арасын қиюластырып жабатын тақтай не болмаса оргалит, фанер дегенің түсіңе де кірмейді. Ақыры қамыс тоқу керек деген тоқтамға келдік. Үштағаннан 5-6 шақырым жерде Ақтөбе атты жер бар. Ортасын жарып өтетін ащы ағар сайы бар. Екі жағына қалың ну нар қамыс өседі. Ауылдағы әйел-ерлерді жинап, қамыс шаптырдық Енді қамыс тоқыту үшін жіп керек болды. Тағы да сорлы колхозшылар қол ұшын берді. Қозы жүннен жуан қылып жіп иірттік. Балалардың сауатын ашып, адам болсын десеңдер жіп иіріңдер, дедік.
Сөйтіп мектеп қаланып, қамыс тоқылып, жіп иіріліп, 1938 жылдың 1 қыркүйегіңде мектеп үйі жаңа оқу жылына дайын болды ғой, — деді Ысқақ Шәкіратұлы жол үстінде терең бір демін алып.
Біз облыстық халыққа білім беру басқармасы бастығының орынбасары Орынбасар Тоқжанов екеуміз ардагер ағартушының сөзін үнсіз тыңдаумен болдық Әңгімесін тыңдай отырып, үш сағаттай жол жүріп, Үштағанға келгенімізді білмей қалыппыз. Алдымыздан ақшаңқан маңғаз ауыл көрінеді. Қой-қозының маңырағаны, ботаның боздаған даусы естіледі. Ақтаудан шыққанда басталған жаңбыр әлі сіркіреп жауып тұр. Ауылға кіре берісте менің салған мектебім қай жерде екен, - деген ардагердің сөзі біздің үнсіздігімізді бөлгендей болып, Орынбасар екеуміз білмейтінімізді айттық.
Әні-міні дегенше мектепке де таяп келіп қалдық. Айтпақшы, бізді Шетпеден Үштағанға баратын жолдың қиылысында Маңғыстау ауданы оқу бөлімінін меңгерушісі Аязхан Ерманов күтіп тұр екен. Бізді сол бастап келе жатқан. Астында аудандық оқу бөлімінің су жаңа ГАЗ-53 автомашинасы. Жаңбыр суын шашырата, мектеп қақпасына бұрылды. Артынан біз де жақындадық. Бір топ мұғалімдер бізді көңілді жүзімен қарсы алды. Амандық-саулық сұрасқаннан кейін Ысекең өзі салдырған мектебін қайтадан сұрады. Мектептің соңғы тағдырын мектеп директоры Сүйесінов Берішбай айтып берді. Ысекең салдырған мектепте 40 жылдай бала оқитын. Жаңа типті мектеп салынғаннан кейін үйі жоқ жанұялар тұрыпты. Кейін совхоз болып жаңа тұрғын үйлер тұрғызғаннан кейін құлатылып, орнына совхоз базары ұйымдастырылған екен. Ысекең өзі тұрғызған мектептің орнына ұзақ қарап тұрып, үнсіз теріс айналды. Сексен жыл жасап, көнерген көз жанары кілегейленіп кеткендей болды. Сол жерде қарт ұстаздың не ойлағанын кім білсін?...
Осыдан кейін мектептің әдемі де әсем мәдениет бөлмесіне бағыттадық. Мектеп оқытушылары, оқушылары, совхоздың жүмысшылары үлкен залға сыймай кетті. Ауыл ақсақалдарымен бірге совхоз директоры К,Сейілханов бастаған топ Ысекеңмен жүрекжарды көңілмен амандасып жатыр. Әркімге тапсырмаларын беріп кеңес төрағасы Мейіров жүр.
Жиынды аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі Аязхан Ерманов ашып, мерейтой иесінің мазмұнды өмір жолымен таныстыру рәсімін жасады, оның қарт оқушылары естеліктер айтты. Оқушыларының тірілері қазір бәрі де зейнеткер. Төкенов Атабай ардагер мұғалімі туралы біраз жайларға тоқталды. "Оқушыларға талапты ұатты қоятын,- деді ол оқушыларға қарап. - Біз 4-5 класс оқып жүргенде 14-15 шақырым жерден жаяу қатынасып оқыдық. Ал сіздер, балалар, интернатта жатып оқисыздар, тамағыңыз тоқ көйлегіңіз көк. Нағыз бақытты балалар сендерсіңдер. Сендер - тәуелсіз Қазақстанның болашағысыздар. Сондықтан да оқуда озат болуға тиіссіздер". Ол байырғы ұстазының оқудағы еңбегіңді таза бағалайтындығын сөзіне арқау етті. Нәби Жолдыбайұлы шәкірттік қарыздарлық пейілмен сөйледі. Мектеп оқу ісінің меңгерушісі Өтелбайұлы Наурыз Қаржаутегі ықылас тілегін өлеңмен жеткізді.
Сусындатып білім нәрімен,
Маңғыстауды шарладың.
Қиыншылық көрсең де
Ұстаздық жолдан таймадың,
Ақмұрын, Жыңғылды, Ұштаған,
Таушық, Тұшыбек
Балаларын оқытып,
Білім беру болды арманын.
Мұртты ағайдың мінезін
Білгендер айтып жыр қылды.
Қарт шәкірттер бұл күнде,
Өткенін айтып, сыр қылды.
Сіңірген еңбек еш болмас
Азаматтар ұйғарып,
Сексенге келген шағында
Ұлан асыр той қылды.
Кешегі соғыс кезінде
Румын, Венгр, Болгарды
Құтқарыстың көппенен.
Әлпінің асып тауынан,
Отанды қорғап жауынан.
Жасқаншақтық етпеген,
Омырауың толы орденге
Көптің қолы жетпеген.
Сексен жас сізге көп емес,
Өмірдегі биік бір белес,
Құдайке батыр Қосайды
80 жаста көріпті.
90-ға жет жасқанбай,
Көрмеген 80 жас емес.
Ысеке, тіпті сескенбе,
Ізім менен ізбасты
Айтысқанда Қашаған
Жеңген екен сексенде.
Адайда батыр ер Қармыс
Жалғыз барып жауымен
Соғысқан екен сексенде.
Сексеннен де өтіпсің,
Қуат берсін бір Аллаң,
Өмір берсе, Ысеке,
Жүз деген жасқа жетесің.
Осылайша, Ысеке,
Артынды көріп қартайып,
Мұратыңа жетіп өтесің, —
дегенде шапалақтың үнімен зал іші күңіреніп кетті. Өзінің ұстаздық қызметі туралы есте қалғандарды еске түсірді. Ұстаздық жолдың қиын екенін, баланың мінезін түсінудің өзі бір қаракет екеніне тоқталды.
— Бірде,- деді ол, — балаусалау күніміз. Ұстаздық қызметке де ысылмағанымыз ғой, Жыңғылды мектебінде Бекес деген балаға қанша үйретсем де айтқанымды қабылдата алмадым. Алай айттым, былай айттым, олай үйреттім, былай үйреттім, айтқан сөзім қонбады. Дымымның құрығаны сондай Бекеске:
— "А" деп айт, — дедім.
— "А" деп айт, — деді Бекесім.
— "Б" деп айт, — дедім.
— "Б" деп айт, — деді Бекесім.
Сасқалақтаған мен:
— Ойпырмай, енді қайтем, — дедім өзіме-өзім.
— Ойпырмай, енді қайтем, — деді Бекесім.
Мұндайдың талайы кездесті ғой. Иә, балдар, талай күндер өтті ғой. Бірақ ол кездің балдары оқытушысын қатты сыйлайтын еді. Қазір жастар арасынан тәртіпсіздік, арақ ішкіштер, нашақорлар шығып жүр. Мұны мектеп тәрбиесінен де көретіндер бар. Бұл дұрыс емес. Балаға бірінші тәрбиеші ата-ана, олардың тәрбиесінен оңаша қалған бала мектеп тәрбиесінен де басын алшақ ұстайды. Ата-ана осы жағын ойлап қарауы керек.
Ардагер ұстаздың арқасына шапан жабылды. Мектеп көркем өнерпаздарының күшімен үлкен концерт көрсетілді. Мерейтой құрметіне мен және ұстаздың сүйікті ұлы белгілі домбырашы Сержан екеуміз өнер көрсеттік.
"Мұғалім сынның да, талаптың да ең ауыр жүгін көтереді,- деді сол күні мейрам иесі. — Ол тек іздену, еңбектену тұғырынан таймасын". Иә, Ысыкең 80 жас жасап, халқының жүрегінде, білетіндердің есіңде қалды. Ол халық ісіне жан-тәнімен, адал жүрегімен қызмет еткен ардагер адамның бейнесі.
1993 жыл
МЕМЛЕКЕТ ЖӘНЕ ДІН ЖӨНІНДЕГІ КЕЙБІР МӘСЕЛЕЛЕР ТӨҢІРЕГІНДЕГІ ПІКІР
Жақында Мысыр қаласында "Ислам және XXI ғасыр" деген тақырыпта халықаралық конференция өтті. Оған әлемнің жүзден аса елдерінен өкілдер қатысты. Бұлардың санатында, әрине діндарлар мен діни ғұлама ғалымдар да болды. Конференцияның негізгі мақсаты XXI ғасырдағы Ислам дінінің дұрыс бағытын анықтау еді. Исламның бейбітшілік сүйгіш, адамгершілік бағыттарын насихаттау, басқа діндерге құрметпен қарауға шақыру тілге тілек болды. Мұсылман елдерінің өкілдері дүниежүзілік саяси-экономикалық үрдістердің белсенді мүшелері екенін конференция делегаттары атап-атап көрсетті.
Аталмыш конференцияға Қазақстаннан белгілі діни қайраткер Халифа Алтай қатысты. Ол конференцияда сөз сөйледі. Мысыр елінің Алматыда Мубарак атындағы Ислам орталығын тегін салып бергендігі үшін алғыс айтты. 8 шілдеде Мұхаммед пайғамбардың туған күніне байланысты ашылған діни мейрамға қатысып, Мысырдың Әл-Азхар діни университетінде оқып жатқан қазақ жастарымен кездесті. XXI ғасырда Қазақстанда Ислам дініне басшылық жасайтын осы жастарға ақ батасын берді.
Дәл 8 шілде күні Вашингтондағы католик университетінде де заң проблемасы бойынша Европа-Америка конференциясы өтті. Онда дін мәселелерін реттейтін діни бірлестіктердің мәселелері де қаралды. Конференцияға Ұлыбритания, Германия, Италия, Америка, Испания, Қазақстан сияқты елдердің адамдары қатысты. Бұл конференцияларда мемлекет пен діннің арақатынасы жөніндегі әңгімелер ортаға салынды. Осы мемлекетаралық ірі бас қосулардың өзінен-ақ дін мәселесінің адамзат үшін маңыздылығы айқын көрінеді. Бұл әсіресе соңғы жылдары айқынырақ сезілуде. Қазақстанда қазірде діни орталықтар мен мемлекет арасында қиындықтардың бар екенін айта кетуіміз керек. Оған мынандай мысалдар келтіруге болады. Қазақстанға ор елден әр түрлі салалар бойынша адамдар келеді. Біреуі келісім шартпен бала оқытуға келеді, біреуі басқа жұмыс саласы бойынша келеді. Солай бола тұра бұл шетелдіктер жасырын түрде миссионерлік қызметпен айналысады. Діни кітаптар үлестіреді, үгіт жұмыстарын жүргізеді, кино көрсетеді.
Қазақстан Республикасының діни сенім бостандығы туралы және діни бірлестіктер туралы Заңында: "Дін ұстану және нанымды уағыздау бостандығының жүзеге асырылуы қоғамдық тәртіпті және басқа азаматтардың өмір сүру, денсаулық қауіпсіздігін, имандылығын немесе құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында ғана заңмен шектелуі мүмкін",- делінген (1-бап). Сондай-ақ Қазақстан Республикасының, басқа мемлекеттердің азаматтары және азаматтығы жоқ жеке адамдар, кез келген дінді еркін ұстануға немесе ешқайсысын ұстанбауға құқылы. Дінге сеніп. құдайға құлшылық жасауға, діни жоралар мен рәсімдерге, дінді оқып үйренуге қатысуға немесе қатыспауға еркі бар. Бірақ көзқарасты айқындау кезінде қандай да бір күшпен, үгітпен мәжбүр етуге жол берілмейді делінген. Олай болса, облыс көлемінде сиректеу де болса көрініс тауып жүрген вахабистердің, миссионерлердің іс-әрекеттерінің заңсыз екенін бірден аңғаруға болады. Осындайларға уақытында жергілікті әкімшілік, заң орындары дер кезінде тойтарыс беруге міндетті. Ал Қазақстанда, тіпті облысымызда діни мәселелерге кейінгі кезде араласқан адамдардың дін мәселелері жөнінде ауыз толтыра көпіре сөйлеп, оңды-солды білгішсініп.
жүргендерін көріп жүрміз.
Қазақстан Республикасының азаматтары діни көзқарасына қарамастан экономикалық, саяси-әлеуметтік және мәдени өмірдің барлық салаларында Заң алдында бірдей жауапты. Діни наным есебінен атқарылуға тиіс бір міндетті екіншісімен алмастыруға тек қана Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жол беріледі делінген (3-бап).
Мемлекет діни бірлестіктерді қаржыландырмайды. Заңда солай көрсетілген. Біздің облысымызда облыстық әкімшілікке мешіт құрылысының салынуының ұзаққа созылуы туралы мәселе көтеріп келетін адамдар бар. Сөз арасында әкімшілікке қоқан-лоқы айтатындар да кездеседі. Мемлекеттік орындар шамасы келсе көмегін аямас. Ал салып бер деген әңгімеге барудың артық екендігін әр азамат білуге тиісті. Азаматтардың діни мәселелерге көзқарасына қарай олардың құқықтарын тікелей немесе жанамалай шектеу, немесе артықшылықтар белгілеуге болмайтындығын түсінуіміз қажет. Мемлекет дін жұмыстарына араласпайды, бірақ діни бірлестіктер арасындағы өзара төзімділік пен құрмет қатынастарын орнықтыруға жәрдемдеседі.
Егер облыс көлеміне келген діни өкілдер, миссионерлердің өзінің келу себебін анықтайтын құжаты болмаса өз міндетін атқаруға құқы жоқ. Тіпті құжаты болған жағдайдың өзінде де дін жұмысымен айналысып отырған деректі орыннан белгілі мерзімге тіркеуден өтуі керек. Облыс көлеміндегі барлық діни бірлестіктер, мекемелер, оқу орындары Әділет министрлігінде , әділет басқармасында тіркеледі. Онсыз іс-әрекетінің бәрі заңсыз болып саналады.
Шындығын айту керек, Қазақстан Республикасында дінге шектеу қою немесе қарсы әрекеттер жасау жоқ. Заңда әділ баптар жасақталған. Соған қарамастан биыл 1998 жылы вахабистердің іс-әрекеттері Ақтау, Өзен қалаларында байқалып қалды. Жалпы, дінді үгітпен жүргізу құпталмайтынын білгеніміз дұрыс. Әркім қай дінді қабылдауына құқы бар десек те шеттен жасырынып келіп, іс-әрекет жасағысы келген баз біреудің сөздеріне ермегеніміз жөн.
Жуырда Өзбекстан Республикасындағы келеңсіз діни оқиға әлем жұртшылығының назарын өзіне аударғаны рас. Бір екіленген діни басшылардың заң алдында жауап беруіне тура келгенін халық естіді. Олай болса, діни ұйымдар мен бірлестіктер мемлекетпен тіл тауып, жұмыс жасай отырып, егеменді Қазақстанның гүлденіп, көркеюіне, саяси экономикалық жағдайларының қалыптасуына ынталы болуы, мемлекеттік жұмыстарға, заңға қайшылық жасамауға, заң баптарын орындауға міндетті екенін ұмытпағаны дұрыс деп білеміз.
ТІЛ ТАҒДЫРЫ - ЕЛ ТАҒДЫРЫ
Жылдар бойы өз дегенін жүзеге асырған тоқырау саясаты қай ұлттың да жанына жара салғаны бәрімізге аян. Жоғарының ғана айтқанын орындау бізді ең соңғы тығырыққа әкеп тіреді. Ана тіліміздің қайнар бұлағын құмға сіңгендей етті. Тіпті жартысынан көбі қазақ тұрады деп жүрген Маңғыстау жеріндегі Шевченко, Өзен қалаларында санаулы ғана қазақша мектеп болды. Балабақша дегеніңіз мүлдем болған жоқ.
Мыңдаған семьялар ана тілін білмеу себепті ата-бабаның дәстүрінен, діннен, тілден безді. Басқаны қойғанда, әкесі мен шешесінің, әжесі мен атасының айтқанын түсінбейтін ұрпақ қалыптасты. Үлкеннің алдынан кесіп өтпейтін келін мен қыз алды-артыңды айналып жүретін халге жетті. Ал осындай жас ұрпақтың қыз екенін немесе ұл екенін айыра алмайтын да уақытымыз болды.
Тіл туралы заң шықты, қызыл кеңірдекті садақаға айтып Шевченко қаласынан бір қазақ мектебін ашу үшін қайсымыз айқайласпадық, кімге бармадық. Тіл туралы заңның бірінші тармағын жүзеге асырудың керектігін айттық. Қазір әр жерде аудан көлемінде, қалаларда "Қазақ тілі" қоғамының бастауыш ұйымдарының құрыла бастауы ана тіліміздің жұмысын жандандыруға мүмкіндік берді. Қазір осы қоғамға мүше болуға тілек білдіретіндер көптеп саналады. Алайда коллективтік мүше болу жағы өрістемей отыр. "Көп түкірсе көл" деген, тіл тағдырына жаншитын мекеме басшылары, жекелеген азаматтар жұмылып қимылдап, жанашырлық байқатса іс оңға басады ғой.
Қараша айында облыстық "Қазақ тілі" қоғамы құрылды. Қазір педагогикалық, мәдени-ағарту мекемелерімен байланысымыз жандануда. Қазақ тіліне байланысты жұмыстар жүзеге асу үстінде. Тілдің жанашыры – қазақ тілінің мамандары, журналистер, әдебиетшілер, тарихшылар ғана болмауға тиісті. Әрбір өз ұлтын, өз тілін, дінін сүйетін азаматтар атсалысуы керек. Мұхтар Әуезов: "Ана тілін сыйламаған адам, мәдениетті адам болып саналмайды", — деген екен. Олай болса барлығымыздың тілегіміз біреу. Ұрпақты сақтау үшін, ата-баба дәстүрін қалпына келтіру үшін бәріміз атсалыссақ деймін. Бір сөзіміздің өзі мың мағына беретін ана тілімізді өгейсітпесек қайтеді? Оның гүлденуіне, құлпыруына, әрі мен түрі түрленуіне әрқайсымыз үлес қосуға тиістіміз. "Ана тілім өлсе, менің өлгенім" деген ұлы сөздерді қалай ұмытамыз, ағайын?
Үлкен өндірістің қайнаған жері Маңғыстау әзірге көптеген салада қағажу қалған. Бірақ болашағынан үміт күттіретін қазақ тілін көтеру жолында жақсы ниеттерімен, мақалаларымен көптен үлес қосып жүрген дәрігер Жаңабай Қаржаубаев, оқытушы Әбзелхан Махамбекова, Бесінбай Бегенішев, облыстық оқу бөлімінің қызметкері Ғабдуллина Қама, журналистер Әбілхайыр Снанов, Мейрамбай Қибасов, Қожахмет Демеубергенов сияқты азаматтар мен "Парасат" қоғамын атап өтуді парызым деп санаймын.
Таяуда Маңғышлақ станциясындағы балалар бақшасына тексеру жүргізгенбіз. Олардың жәйі туралы Шевченко қалалық "Қазақ тілі" қоғамының төрағасы Г.Сейітжанованың мақаласы облыстық "Маңғыстау" газетінде жарияланды. Қазір бұл бала бақшаларда бірқатар өзгерістер жасалуда.
Ана тілімізді кеңсе ісіне енгізу, ұрандарды екі тілде жазу, автобустарда, автовокзалдарда, аэропорттар, темір жол вокзалындағы хабарландырулар, қазақ тіліндегі басылымдардың сатылуын бақылау, анықтама қызметін жолға қою, секретарь - машинисткалар даярлау, қазақ тілін оқытуды барлық мекеме, кәсіпорындарда ашу сияқты сан қырлы істі атқармайынша көсегеміз көгермейді, іс оңға баспайды.
Осы жағдайды айтқанда, тілдің сауабы жөнінде айтқым келеді. Сауапқа ие болғымыз келсе, балаларды ана тілінде тәрбиелеуге көңіл бөлуіміз керек. Өздері демеушілік көрсететін мекеме, өнеркәсіп басшылары бөбектер үйіне ат ізін салып, ең болмаса айына бір рет есігінен қарап кетсе, ана тілінде тәрбие беруге оның да әсері тиер еді. Шынын айту керек, облысымызда, аудандарда, қалаларда, өнеркәсіп, мекеме, қоғамдық ұйымдарда, оқу орындарында басшы қызметкерлер арасында жайбарақатшылық әлі де бар. Баспасөзде тіл туралы заңды іске асыру да аз айтылып жатқан жоқ. "Қазақ тілі" қоғамының жазған өтініш хаттарына көңіл бөлмейтін, жауап қайтармайтын басшылар арамызда әлі де жоқ емес. Қаламыздың бірде-бір залында ілеспе аударма құралы жоқ, сол себепті көбіне жиналыстар бір тілде — орыс тілінде жүреді. Облыстық мекемелерде аудармашылар, қазақша жаза алатын машинисткалар жоқ, оларды оқытайын деген, кадрлар даярлайын деген ниет мекемелерде көрінбейді.
Партия, совет, комсомол аппараттарында қазақ тілінде жаза білетін, халық алдына шығып, шешендігімен халықты аузына қарата алатын кадрлар некен-саяқ. Қазақ тілінде лекциялар жоқтың қасы. "Білім" қоғамында қазақ кадрлары, лекторлары жоқ деуге болады.
Шындығын айту керек, халық арасында тілге деген көзқараста ілгерілеушілік бар. Арыздар қазақша жазыла бастады. Тілді құрметтейтін әрбір азамат күнделікті кездесетін осындай құралдарды өмірге көбірек енгізуі қажет. Көпшіліктің талабы күннен-күнге күшейіп барады.
Біз Шевченко қалалық Советі атқару комитетінен қазақ мәдениет орталығын №14 микроауданындағы сауда орталығынан ашуды сұрадық Қуанарлық жағдай - қалалық Совет атқару комитетінің төрағасы М.Салықов жолдас біздің бұл тілегімізді құптап отыр. Болашақта қазақ театры, қазақ филармониясы лайықты орын алса деп ойлаймыз.
"Қазақ тілі" қоғамы партия, совет органдарымен бірлесе отырып, халықтың ойындағы пікірлерді кезінде басшылар алдына қойып, оның жүзеге асырылуын қадағалауды өзінің борышы санайды. Әзірге демеушілеріміз жоқ. Егер есебімізге қаржы түссе, жиналған қаржыны түгелдей "Қазақ тілі" мүддесіне пайдаланамыз. Қасиетінен айырыла жаздаған ана тілі алдында әрқайсысымыз да перзенттік борышымызды ақтауымыз керек.
Әр ата-ана белсенділік көрсетіп, ана тілімізге деген көзқарасын өзгертсе, балаларын қазақ мектебіне берсе, үйде балаларымен қазақша сөйлессе қазақ тілін қадірлеуі үшін жағдай туғызылады ғой. Сонда ғана дегенімізге жетеміз. Мұхтар Әуезовше айтсақ, тіл — тазалығымен мәдениетті. Қазақ тілі мен мәдениеті үшін жүргізілетін саналы күрес енді басталып келеді.
1991 жыл, қаңтар
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛГЕ - МЕМЛЕКЕТТІК КӨЗҚАРАС
Пәрменді шаралар қажет
Қазақ ССР-інің Тіл туралы Заңының қабылдануы — республиканың байырғы халқының ана тілінің өсіп-өркендеуіне жасалған игі қадамдардың бірі. Өз топырағында өгей ұлдай күн кешкен ана тіліміздің жылдар бойы жинақталған проблемалары аз емес.
Оның қадір-қасиетін тереңнен түсініп, еліміздің ертеңгі болашағы жайлы ойланамыз десек, сәбилерге емшек жасынан бастап ана тілінде тәлім-тәрбие беру жайын мықтап қолға алуымыз керек. Одан әрі қарай балабақша, мектепте ана тілінде оқып, тәрбие алатын болса, жас жеткіншек ана сүтіндей ана тілімен де нәрлі уызданып, өнегелі болып өсер еді. Өкінішке қарай, бүгінгі жастарымыз рухани жағынан толымсыз, ата-тегі, ата-баба тарихынан, халқының әдет-ғұрпы, салт-дәстүрінен кенже қалып келді. Жастардың рухани жарымжандығын жоймай, халқымыздың ертеңгі жарқын болашағы туралы ойлаудың да қажеті жоқ. Жас ұрпақты жөн жолға салып, оларға ұлттық тәрбие беруде оқу-ағарту мекемелері оңды істерге ұйытқы бола бастағаны қуантады. Бұл ретте "Қазақ тілі" қоғамының алдында да асқаралы міндеттер тұр.
Биыл бірінші шілдеде қазақ тілінің мемлекеттік тіл болып жарияланғанына бір жыл толды. Маңғыстау облыстық атқару комитеті 1991 жылы 24 наурызда осы заң талаптарын талқылауға арналған облыстық ауқымда мәжіліс өткізіп, 2000 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламаны бекітті және осы мәселемен айналысатын кеңес құрды. Осында көрсетілген шараларды жүзеге асыра бастасақ, мемлекеттік тіл мерейі үстем бола бермек.
Облыс бойынша сабақ орыс тілінде жүретін мектептерге арналған "Қазақ тілі" оқулықтарына байланысты пікір-таластар басқосуларда орынды айтылып жүр. Мұндай оқулықтардың бүгінгі күн талабына сай келмейтіні баспасөздерде де жазылуда. Бұл жағдайларды жақсарту бағытында облыстық халыққа білім беру басқармасында да практикалық шаралар алынуда.
Облысымызда қазақ тілін оқытуды жақсарту бағытында бірқатар шаралар алынды. Соның бірі республикамыздағы атақты қазақ тілі маманы Қ. Айтқалиевтің, республика мектебі кенесінің біздің облыс орталығында болуы өз жұмыстарындағы озық тәжірибелерін көпшіліктің игілігіне жаратқысы келген әрбір мұғалімге пайдалы іс болды.
Қазіргі кезде облыс бойынша барлық аудан, қалаларда "Қазақ тілі" қоғамы құрылды. Енді бастауыш ұйымдары барлық жерлерде де жұмыстанып жатыр. "Қазақ тілі" қоғамының негізін бастауыш ұйымдар құрауда. Бастауыш ұйымдар мекемелерде, өндіріс, оқу орындарында, тұрғын үй басқармаларында саны кемінде 5 адам болған жағдайда құрылады. Құрамында 50 және одан да көп мүшесі бар қоғамдар коллективтік мүше болуға келісімін беруде. Мысалы, қазірдің өзінде Шевченко қаласы бойынша коллективтік мүше болған "Ақтау-лада" бірлестігі, Каспий аймақтық тау-кен өндірістік бірлестігінің жүмысшыларды жабдықтау басқармасы, мұнай өнімдерінің облыстық базасы, облыстық төлем орталық басқармасы мен қамсыздандыру бөлімі, Жетібай бұрғылау жұмыстары басқармасы сияқты мекемелерді атауға болады. Бұл мекемелер басшыларының тілге деген көзқарасының жемісі екендігі айқын. Керісінше осылай етуге мүмкіндігі бар Қаражанбас мұнай өндіру басқармасы сияқты мекемелердің үнсіздігі бізді қатты таңдатады. Мұнай өндіру бірлестігіне қарайтын жылжымалы-механикаландырылған колонна, оның жүмысшыларды жабдықтау басқармасы, мұнай өнімдерін құбырмен тасымалдау Оңтүстік басқармасының жабдықтау бөлімдері қоғамға не демеушілік көмек көрсетпей, не бастауыш ұйым құруды қолға алмай, құлықсыздық танытуда.
Облыс көлеміндегі мекемелердегі қазақ тілінің іс жүзіндегі атқарып отырған рөлі 10 процент шамасында ғана. Маңғыстау облыстық статистика басқармасы осы кезге дейін іс есеп қағаздарын екі тілде жүргізуге, ішінара болмаса көшпей отыр. Облыстағы кейбір мекеме, өндіріс басшылары мемлекеттік тілге осы кезге дейін рас па, өтірік пе дегендей екі ұшты пікірде қарайды. Оның болашағынан қауіптенетіндей сыңай да бар. Мұндай басшылардың аты-жөнін әзірге айтып отырғанымыз жоқ. Жүре келе атын айтып, түсін түстейтін мезгіл де туар.
Тіл туралы мемлекеттік бағдарламада (1990 жылғы қыркүйекте жасалған) мемлекеттік іс жүргізуді енгізу мерзімін облыстық, қалалық атқару комитеттері жергілікті жердің жағдайына қарап жасауына болады дегенді желеу етіп. қол қусырып отырғандарды да облыс көлеміндегі мекемелер арасынан көптеп кездестіруге болады. Бұларды адамзат өмірінде болып жатқан прогресті өзгерістерден бейхабар күнделікті күнелтістің жетегінде кеткендер десек, артық айтқандық емес.
Бетіңе бақырайтып айтпағанмен көңілінің түпкі төркіні белгілі, бұрын да өмір сүріп келдік ғой дейтін, бір күнгі жан тыныштығынан басқаны сезбейтін сабаздардан не пайда, не қайыр?
Жалпы түсінгенге бағдарламаларға толықтыру енгізуді күтіп отырудың керегі жоқ, арқаны кеңге салмай, әкімшілік пен әміршіліктен айығып, басқа жақтан нұсқау күтпей, кібіртіктемей, заң шеңберінде батыл қадам жасайтын уақыт жетті. Тіл туралы әңгіме қозғалса, бар мәселені "Қазақ тілі" қоғамының төңірегіне әкеліп үйіп-төгетін, барлық жауапкершілік солардың мойнында дейтін екі ұшты пікір айтушылар да баршылық.
Шынын айту керек, облыстағы "Қазақ тілі" қоғамдарының бітірген шаруалары да қыруар. Олардың жүргізіп жатқан жанды нысаналы жұмыстары айтуға тұрарлық. Алайда сен жасауың керек деп жұмысты соларға үйіп-төге беру тым артық. Бастауыш ұйымдардың көбі қоғамдық негізде жасайды немесе бір адам штаты бар. Керісінше оларға жәрдемдесу керек, қоғамға демеушілік көмек беру қажет. Керек-жарағын табуға қол ұшын беру, коллективтік мүше болу, бастауыш ұйым құру, үлкен іске ұйытқы болуды ойластыру керек. Сонда ғана Тіл туралы Заңды түсінгендік деп қарауға болатын сияқты.
Қазір Шевченко, Жаңаөзен қалаларында бірқатар жұмыстар жасалып жатыр. Биыл Жаңаөзенде және Шевченко қаласының 28 шағын ауданында қазақ бала бақшалары айтылмақшы. Сонымен қатар осы қалаларда тағы да бір- бірден қазақ мектебін ашу көзделуде. Бұл жөнінде облыстық халыққа білім беру басқармасымен келісім бар, мәселе шешім табады деп ойлаймыз. Тек бұл ретте ата-аналардың зор көмегі керек. Мектептің, не болмаса бала бақшаның алыстығын сылтауратып, балаларды шүлдірлетіп қоюға болмайды, балалар тағдырына алан болайық.
Маңғыстау, Ералиев, Бейнеу ауданының дені – қазақтар. Бұл аудандарда қазақ тілінің өріс жаюына кедергілер аз. Соған қарамастан қазақ тілінің құлашын жазуын әлі де ойластыра түсулері керек. Ералиев, Маңғыстау аудандарының "Қазақ тілі" қоғамының жұмыстарында сылбырлық байқалады.
Форт-Шевченко қаласы "Қазақ тілі" қоғамының жұмысында бірқатар қиыншылықтар кездесуде. Қаладағы бірден-бір көрнекті мекеме - Маңғыстау балық тоңазыту басқармасы. Ол Астраханға қарайды. іс қағаздары орыс тілінде жүреді. Республика көлеміндегі мұндай ірі кәсіпорындарға мемлекеттік тілді енгізуде облыстық партия, кеңес органдарының пәрменді шаралар алуы, көмегі қажет.
Тілімізді өзге халықтардың тілі деңгейіне көтерсек деген ізгі ниетпен күрес жүріп жатыр. Бұл ретте "Қазақ тілі" қоғамы жалғыз шауып, бар мәселені бітіре алмайды. Сондықтан облыстық, қалалық кеңес партия ұйымдарының да төл жұмысына айналуы керек. Өйткені қазақ тілінің ендігі тағдыры азаматтардың жігеріне, жәрдеміне, іс-әрекетіне тікелей тәуелді. Тіл болмаса тарихын да, мәдениетің де, әдебиет те, халық та болмайды. Тіл жоқ болса, жер, атамекен, саясат, экономика, егемендік дегеннің кімге қажеті бар?
Сондықтан ел бастаған азаматтардың ойланатын, толғанатын мезгілі өтті, тиянақты іске араласатын шағы туды деп білеміз. Ана тілімізді өзіміз қадірлей білмесек, оның өзгеге қажеті қанша?
Қазақтың тілі өз жерімізде көгеруі керек. Біз мұны басқа ұлттар өкілдеріне де түсіндіре білуіміз қажет, саналарына жеткізе айта алсақ, олар да адамгершілік тұрғыда түсінер деген сенімдеміз.
1991 жыл
ЖАНЫ АШЫМАСТЫҢ ҚАСЫНДА...
немесе іс қағаздарын қазақша жүргізу қашан басталады ?
Өмірде талай қилы-қилы жағдайлар болып жатыр ғой. Сондай өзгерістердің бірі: қазақ тілінің мәртебесін көтерейік, ана тілінің аясын кеңейтейік, тілімізді шұбарламайық, егеменді ел болалық, ана тілі мемлекеттік тіл болды, соны аялайық, мүмкіндігі келгенінше кеңсе қағаздарын қазақша жүргізейік, - деген бағытта өрбуде. Соның арқасында бірқатар өзгерістер республика көлемінде, қала берді облыс көлеміңде болып жатқандығы белгілі. Таяуда ғана Алматыда Қазақ КСР Президенті мен Министрлер Кабинеті аппараты жалпы бөлімінің ұйымдастыруымен үлкен мәжіліс болғанын білеміз. Бұған " Қазақ тілі" қоғамының өкілдері, ғалымдар, жазушылар, аудармашылар, газет қызметкерлері қатысты. Қаралған шаралар жөнінде газеттерде, радио мен көгілдір экранда хабарланды. Біздің сұрағанымыздай жоғарғы басшылар "кеңсе қағазын қайтсек қазақша жүргіземіз?" — деген мәселеде өз ұсыныстарын, кездесетін кедергілерді, оны қайткенде жеңуге болатындығын әңгіме қылды: бұл сүйсінерлік жағдайды республикалық "Егеменді Қазақстан" газеті 30 қазан, сәрсенбі күнгі (1991) №250 санында "Тіфә-тіфә, бұл дегенің жақсы ырым ғой" деп жазды. "Тіл тағдыры — ел тағдыры". Сондай-ақ Қазақ КСР Президенті мен Министрлер кабинеті аппараты жалпы бөлімінің меңгерушісі М.Қасымбеков Министрліктегі қазақ жігіттердің неге өз жұмыс саласында қазақша құжаттар даярламайтындығын баса айтты. Жоғарғы орындарда істейтін жолдастар өздері жұмыс жасап отырған саласында құжаттарды қазақша дайындау керек. Осы бастаманы өзге мекемелердің барлығы қолға алса құба-құп болар еді, деген пікірін ортаға салды.
Сөз жоқ, бұл ұсыныстың біздің облыс мекемелеріндегі азаматтарға да қатысы бар. Министрлікте қазақ тіліңдегі ресми құжаттар мен хаттар тек Қызылорда, Атырау облыстарынан түседі екен. Сонда біздің облыстағы қазақ жігіттеріне шамадан тыс оқу өтіп кеткені ме екен деген ой келеді. Шынында да облысымыздағы жағдай қалай? Әрине басқаша. Жоғарғы орындардың шешімі мен Маңғыстау облысы бойынша Маңғыстау, Ералиев, Бейнеу, Форт-Шевченко аудандары іс қағаздарын қазақша жүргізуге 1991 жылғы 1 қаңтардан көшуі керек. Ал аудан басшылары әлдеқашан көштік деп зар илейді. Ал шын мәнінде солай болып отыр ма? Әрине жоқ. Оған мысал айтудың да өзі артық.
Жақын арада жұмыс бабымен облыстық агроөнеркәсіп комбинатына баруға тура келді. Кейбір іс қағаздарымен таныстық. Өкінішке орай, Маңғыстаудың барлық совхозы осы кезге дейін №8 статистикалық есепті орысша тапсырады екен. Сонда біз кімді алдап жүрміз? Түсініксіз жағдай... Бұдан бір-екі ай бұрын облыстық статистика басқармасының басшысы О.Бекмағамбетов жолдасқа хат жазып, статистикаға байланысты бланкілердің қазақша аударылатын уақытының болғандығын, соған көмек көрсетуін сұрағанбыз. Сау болсын, бізге жауап хат жазып, 1992 жылдан бастап барлық бланкілердің қазақша-орысша болатындығын мәлімдеді. Амандық болса, ол мезгілге де аз қалды, оны уақытында көрерміз. Ал совхоздардағы жолдастардың әлгі қылығына түсіне алмадық. Егер өз тілін сүйетін болса неге өздері қазақша бланкі жасап, есептерін соған толтырып жібермейді? Соған да көп уақыт кете ме деген заңды сұрақ туады.
Осы мәселе турасында, егер орысша тапсырмасақ есебімізді қабылдамайды дегендерді де кездестірдік. Неге қабылдамайды? Заң бар емес пе? Қазақ КСР-ның Конституциясы қайда? Бұл жөнінде облыстық, аудандық прокуратураның, заң орындарының заңның орындалысы көз қырында екендігін жауапты жолдастар неге сезбейді? Ал шындығына келсек, облыстық Агроөнеркәсіптік комбинат 1992 жылдың басынан іс қағаздарың қазақшаға көшіруі керек сияқты. Мекемелерге жазатын қатынас қағаз, өтініштердің де қазақ тілінде жазылуына көшетін уақыт жетті. Шынын айтсақ. Өзімізге өзіміз орысша хат жазып не абырой табамыз? Қазір көптеген мекемелерде аудармашылар алынған. Аудармашысы жоқ мекемелер аудармашылар қабылдағаны жөн.
Бір ескеретін мәселе — кейбір мекеме басшыларының дәрменсіздігі. Аталмыш комбинатта кейбір іс қағаздарымен танысып отырғанымызда мынандай таңғалдырған жағдайға кез болдық. Маңғыстау қамсыздандыру фирмасының Ералиев ауданындағы бөлімшесінің бастығы Т.О.Қожанов комбинат басшыларына жазған хатын орысша жазыпты. Сонда іс қағаздары 1991 жылдың 1 қаңтарында қазақ тіліне көшкен Ералиев ауданында тұратын ұлты қазақ басшы түгелге дерлік құрамы қазақтардан құралатын мекемеге хатын орысша жазғаны несі екен? Тіпті басқаны қойғанда қазақ қазақпен қазақша тілхат алыспай ма? Бүйтіп жүріп қалай егеменді ел болып қалыптасамыз? Қайта ауданымызда тұратын басқа ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйретуіміз керек қой. Ал өзге ұлттар қазақ тілін үйрену үшін өзіміз үлгі бола білуіміз керек емес пе? Біз өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйреткенде ғана ұлттар достығын нығайтпаймыз ба?
Біздің жаз бойы талай мекемелердің есігін ашуымызға, жекелеген адамдармен сөйлесуімізге тура келді. Соған байланысты бір-екі мысал келтіре кетейік. Облыстағы адамдар көп баратын жерлердің біреуі Ақтау қаласының 23 микроауданындағы машиналарды техникалық жөндеуден өткізетін орталық (бастығы О.Н. Тимофеев), неше барсақ та бірінші басшысын кездестіре алмадық Біздің кездескендеріміз бас маманы, орынбасары, бас есепшісі, кадр бөлімінің бастығы, кәсіподақ комитетінің төрағасы... Ал осы мекеме Қазақ КСР-ның Тіл туралы Заңынан, қазақ тілі мемлекеттік тіл болып жарияланғандығынан мүлде бейхабар ма деп қалдық. Себебі мекеме ішінен қазақ тілінде жарияланған немесе жазылған бірде-бір сөз көре алмадық. Мұндай мекемелердің қатарында Маңғыстау мұнай бірлестігіне қарайтын өндірістік-техникалық жабдықтау және қондырғыларды комплектілеу басқармасы (бастығы В.Д.Машталяр), Қазақ мұнай ғылыми-зерттеу және жобалау институты (бастығы В.Д.Лысенко) сияқты мекемелер де бар. Тіл жөнінде тіпті қарсы дау айтатын басшылар да кездеседі. Осындай жағдайларды айтып отырғанда "Су ішкен құдығыңа түкірме" деген мақал есіңе түседі. Мұндай мақал қай ұлтта да кездеседі ғой. Соны түсінбейтіндерге қынжыласыз да...
Ал енді облыс көлеміндегі сауда мекемелеріне келсек, бұлардағы жағдайлар да көз қуантпайды. Сауда орындарының ішіндегі жазулар қазақшаланбаған. Мекеменің бөлімдерінің аты сол баяғы орысша жазылған күйіңде де тұрғандары бар. Мекеме басшыларының атына арыздар әлі орысша жазылады. Оны былай жазба, былай жаз деп үйретіп жатқан жан тағы жоқ. Қазақ тілі бастауыш ұйымы құрылмаған. Естісе де естімеген болып отыра береді. Мұндай жағдай көбіне қазақ басшылары басқарған мекемелерде кездеседі. Осыларды айтып отырғанда Каспий аймақтық тау-кен өндірістік бірлестігі сауда басқармасының бастығы ұлты басқа болғанымен қазақ тіліне қол ұшын бірінші берген Р.Ф.Макарович жолдасқа рахмет айтпасқа лажымыз жоқ Ақтау қаласының дүкендерінде бірлі-жарымды қазақшаланған сөздер көріне бастады. Ақтау қалалық "Қазақ тілі" қоғамына 10 мың сом демеушілік көрсетті. Дүкен меңгерушісі болмағанмен сатушы қазақ қыздары қала сауда орындарында көптеп кездесе бастауы қуанарлық жағдай. Ұлттар достығының қалыптасуы деген осындай жағдайдан бастау алатыны айтпаса да түсінікті. Сондықтан да кейбір ел басқарып отырған басшылардың осындай жағдай қалыптастыруды қаперіне берер едік.
Ал мекеме басқарып отырған ұлты қазақ басшыларға күнделікті тыныс-тіршілігіне қазақ тілін мемлекеттік тіл ретіңде енгізе беру ісіне, сен тимесең мен тимен демей, түйсікке сіңімді үйренген тіркес "Жоғарыдағылардың бақылауын, төмендегілердің батыл сұранысын күтпей", дұрыс шешіммен іс қағаздарын қазақша дайындау әдістеріне көше бергені жөн ғой. Бұл құлаққағысты Маңғыстау бұрғылау жұмыстары басқармасы, Өмірзақтағы жол құрылысы тресі, Ақтау қаласындағы Маңғыстау мұнай-газ құрылысы тресі, мұнай өнімдерін құбырмен тасымалдау оңтүстік басқармасы, Мұнай ғылыми-зерттеу институты басшыларына да айтқан болар едік. Себебі: "Жаны бірдің — ары бір" деген халық мақалы бір жерді мекендеп отырған барлық ұлттардың ортақ мүддесі болуға тиісті емес пе?!
Иә, қазақ тілінің бүгінгі жәйі облыс көлемінде онша мәз да емес. Қазақ тілін насихаттауды тек "Қазақ тілі" қоғамы жүргізуі керек деген орынсыз пікірлер де кездесіп жүр.
Осыларды әңгіме қылып отырғанда облыс тарапынан облыстық "Қазақ тілі" қоғамына ешқандай көмек көрсетпей жатыр десек артықтау болар. Екі бөлмелі кабинет алдық, бірақ телефон мәселесі сол шешілмеуі мен қалды. Телефонсыз жұмыс жасау қазіргі заманда қиынның қиыны екені айтпаса да түсінікті.
Жуық арада бұрынғы облыстық партия комитетінің босаған кабинеттерінен орын аламыз ба деген дәмеміз бар. Бұл бір жыл ішінде төртінші жерге көшуіміз болмақ. Сонда көшумен жүргенде бұлардан қандай жұмыс күтеміз деген заңды сұрақ та туып қалуы мүмкін. Қарап жатқанымыз жоқ, тырбанып жатырмыз. Мектеп, балабақша, қоғамдық жұмыстарға да араласудамыз. Алматыдан алып келіп балабақшалар үшін 100 дана жұмыс жағдайына керекті кітапшаны бастырдық. Көптеп бастыруға сол баяғы қаржы жағдайы сын көтермейді. Қоғамға демеушілік көрсетуде мекеме басшыларының ынтасы нашар болғасын артық қаржы бізге қайдан болсын? Бұл жайды көмек көрсетпей жүрген жолдастардың іштері біліп отырған шығар. "Құдайдан безбегеннен де дәмеңді үзбе" деген халық даналығын ескеріп, тілімізге тілек тілеп отырған жайымыз бар.
Біздің сыртымыздан сын айтып жатқандарды да естіп жатамыз. Бірақ "битке өкпелеп, тонымызды отқа жағып жатқанымыз жоқ". Аудан, қала мекеме басшыларына үмітпен қараймыз. Егеменді ел боламыз деген әрбір азаматтан тіл жөнінде тек жақсылық хабар күтеміз. Қазақ тілі қоғамының жоғарғы орны - өзінің президиумы, құрылтайы және республикалық қоғамы. Одан басқа жоғарғы орындарға есеп бермейді. Бірақ кез келген қоғаммен, кеңестермен, мекемелермен бірлесіп жұмыс жасай береді.
Бәрін айт та, бірін айт, жалпы облыстағы ортақ бір кемшілік — ауызбіршіліктің жоқтығы. Көптеген басшы қызметкерлер мекеме аттарын, кеңседегі бөлім аттарын екі тілде жазуға мән бермейді. Кейбіреулері қаржы жоқ деп сылтауратады. Бұның өзі азаматтардың рухани ашаңдығынан шығар деп ойлаймыз. Басшылардың қазақ тіліне жүрдім-бардым түрде қарауы жақсы қасиет емес.
Облыс көлеміндегі аудандарда, Форт-Шевченко, Ақтау қалаларында атқару комитеттерінің жанындағы үйлестіру кеңестері әлі ұйымдастырылмаған, ұйымдасқаны дұрыс жұмыс жасамайды. Аудандағы "Қазақ тілі" қоғам ұйымдарының жұмысы нашар. Әсіресе, Маңғыстау, Ералиев, Форт-Шевченко қалаларындағы "Қазақ тілі" қоғамының жұмысы дабыл көтерілерлік дәрежеде. Ауданның басшылары тез арада бұл жұмыс саласына бетбұрыс жасаулары тиісті.
Өзен, Ақтау қалалық кеңестері мен атқару комитеттері іс қағаздарын қазақша көшіру жөнінде 2000 жылға дейінгі бағдарламасын жасақтады. Енді соның орындалсын қадағалауды ұйымдастыруды үйлестіру кеңестері қолға алса құба-құп.
Облыстағы мектептердің барлығында дерлік қазақ тілі қоғамдары құрылмаған. Құрылғандарында жарна жинау мәселесі сын көтермейді.
Бұл әңгімелер талай айтылып жүргенмен, тілге жан ашитын жандардың қатары аздығы бізді қатты алаңдатуда. "Қазақ тілі" жөніндегі жұмыстардың жандануына Маңғыстау агроөнеркәсіп комбинаты мен Маңғыстау мұнай өндіру бірлестігінің басшылығынан көмек күтудеміз.
Қайталап айтамыз, қазақ тілінің бүгінгі таңдағы хәлі кісі қуантарлық емес. Бұған елдегі көзі ашық азаматтардың көмегі қажет. Өзінде ұлттық қаны бар әрбір азамат қазақша сөйлеуімен қатар, жұмысқа кіргенде, шыққанда, не болмаса басқа бір өтініш қағаздарын қазақша жазуы керек. Олай болмаған жағдайда біздің жеңіске жетуіміздің өзі екіталай. Біздер ешкімнің тіліне, дініне, мәдениетіне кесел келтірмейміз. Тек өзіміздің мәдениетімізді, тілімізді, тарихымызды, дінімізді дүниеге таныта отырып, өзге ұлттармен интернационалдық достығымызды бұрынғы күйінде сақтаймыз және жетістікке жете береміз деп сенеміз.
Біздің әлде де айтарымыз — қолында билігі бар азаматтар мен тиісті орындардың араласуы көбірек пайда беретіні. Біз іс қағаздары қазақша жүрсін десек, ел болып, өзіміз жұмыс жасап жүрген мекемелердің басшыларына қазақ тілін өмірге араластыру жөнінде қатаң талап қойғанымыз дұрыс. Қазақ тілі жөніндегі әңгімелер ауданнан, ауылдан жазылған хаттар, құжаттар облыс көлеміңде қазақ тілінде жөнелтілмейінше ұзын арқау, кең тұсаумен жүре беретініміз айқын нәрсе. Біздің өз тіліміз үшін көңіл жықпастықты қоятын кезіміз әлдеқашан жетті. "Балаға шайнап берген ас болмайды" дейді ғой халқымыз. Айта берудің, айтқаннан қорытынды шығармаудың өзі де мәдениетсіздік. Олай болса, бір жөнге түскеніміз дұрыс шығар. Ақтау қаласыңда қазақ тілін үйренгісі келетіндерге үйірме ашып, оқыту басталған еді, арты сиыр құйымшақтанып бара жатқан сияқты. Осы мәселеге мекеме басшылары тереңірек көңіл аударулары керек.
Әрбір мекеме басшысы "Қазақ тілі" қоғамына демеушілік көмек беру жағын да қарастырғандары жөн. Жұмыс көлемін ұлғайту үшін қаржы керектігі айтпаса да түсінікті.
Иә, ел ішінде талай-талай қызықтар бола береді ғой. Қытай елінің шекарашысы подполковник Чжан Мин Лян бұрын Шынжаңдағы университеттің орыс тілі факультетін бітірген адам екен. Оған қоса қазақ, ұйғыр, ағылшын тілін біршама білетін көрінеді. "Ыммен сөйлесіп түсінуді өз басым мәдениетті жанның ісі емес деп санаймын", — депті сөйлескендерге. Осыдан кейін сөйлеген артистері шекарадағы Достық станциясындағы бажхана (таможня) бекетінің бастығы Иван Алексеевич Красуленко болса алыстағы ағылшындардың басын ауыртпай-ақ өз отынын орып, суын сорып жүрген жердің тұрғындары — қазақтардың тілінде "аузым қайсы десе, мұрнын көрсететін" мойындап күрсініпті. Онысына да сау болсын. Қазақ тілі темір жолға да керек екен ("Ана тілі", №44 қазанның 31 қой жылы. "Тақыр жерге шөп шықпайды" деген мақала). Мұны Маңғыстау станциясындағы мекемелерді басқарып отырған басшы жолдастардың да ескергені жөн-ау.
Иә, қазақ тілі қоғамдары әлі келгенше жұмыс жасауда, олардың басты міндеті айту, тілді насихаттау, қоғамдық пікір туғызу. Негізгі тізгін кеңес атқару комитеті қызметкерлерінде болмақ. Сөз түйінін солар шешеді деп есептейміз.
1991 жыл
НИЕТ БОЛСА, ІС ОҢҒА БАСАДЫ
Бағзы Маңғыстау өңірі — өзінің қасиетті топырағында ел бірлігінің туын көтеріп, дүлдүл шешендерді, суырып салма ақындарды, найза ұстап, түн ұйқысын төрт бөлген батырларды, от ауыз — орақ тілді көсемдерді, жезтаңдай әншілерді, танды таңға қосқан жыршыларды, құдіретті күйшілерді өмірге келтірген өңір. Кешегі бір замандарда талай дау-дамай, ел арасындағы жанжалға бітім айтқан Құлыш, Қожық, Мәтжан, Тілеген, Иса, Бәшкей, Бәймембет, Ермембет, Тобанияз, Айдарбай, т.б. билер мен шешендер осы топырақтың тума таланттары.
Бүгінгі ұрпақ елім деп туып, бар өмірін халқы үшін сарп еткен ақын, батыр бабаларын да ешқашан естен шығармақ емес. Мысалы, Қармыс, Балуанияз, Қонай, Қашаған, Иса, Досан, Абыл, Есір, Исатай, т.б. тарихи тұлғаларға кесене - ескерткіш тұрғызулары соның дәлелі. Имандылық мәселесіне де көңіл аударыла бастауы қуанарлық, құптарлық жағдай. Мұсылманшылық жағдайын айтқанда, ескі медіресе мешіттерді қалпына келтіруде ел-жұрт болып істеген шаралар да ауыз толтырып айтарлықтай. Айталық, Жыңғылдыдағы Бекбауыл ата мешіті, Көгездегі Есімқұл ата мешіті, Қарнаудағы Бекет ата мешіті, Самдағы Тұрыш ата мешіті, Манашыдағы Көркембай ата медресесінің қалыпқа келтірілуі ұлттық намысымыздың, еліміздің, не көзқарасымыздың, ежелгі мәдениетіміздің оянуының белгісіндей.
Ананың ақ сүтімен келген ана тіліміздің құрып кету қаупінен қайта оралуы бұл да ұлттық мақтанышымыз, болашаққа деген үмітіміз, егеменді ел болудағы баспалдағымыз, қазақ елі деген ел болып қалыптасуымыздың бір қадамы іспеттес.
Иә, қазіргі қайта оралған тәуелсіздігіміз сын сағатын бастан кешуде. Жаңа туған ботаның аяғындай аяғын қалт-құлт басуда. Ел басына қиындық, ел басына сын туған уақыт.
Біз бұрынғы өткен ата-бабаларымыздың аруағы алдында тілімізді, дінімізді, мәдениетімізді, тарихымызды қорғау бүгінгі және кейінгі ұрпақтың қасиетті борышы деп санауымыз керек. Ал кейбір ойы тайыз, шаш ал десе бас алатын белсенділердің ана тілімізді аяққа басып, бөгде тілге бүйрегі бұруын қалай түсінуге болады? Қазақстан өзінің егемендігін алғаннан кейін-ақ көп ұзамай көтерген мәселесі осы тіл болды. Мемлекеттік тіл қазақ тілі болып заңмен бекіді. Соның өзінде де тіл заңына қарсы көз бояушылар табылды. Осындай зорлықтарға қарсы тұру үшін жер-жерде "Қазақ тілі" қоғамы құрылды. Міне, сол қоғамның өмірге келуі арқасында біздің облысымызда да бірқатар шаруалар тындырылды. Бірнешелеген қазақ мектептері ашылды, қазақ балабақшалары ұйымдастырылды. Түрлі қоғамдық іс-шаралар қолға алынды. Облыстық әкімшілік жанынан тіл басқарудың жағдайы қандай болатындығына көзіміз жетіп отырған жоқ. Ауыл шаруашылығында жұмыс жасайтын халық бір ұлттан, яғни қазақтардан құралған. Сондықтан өз үлестерін бірдей алады. Бірақ алдында көлеңкелі күндер бар. Себебі, Маңғыстаудың ауа райы құбылмалы, сенім жоқ. Ауыл адамдары үшін, тіл үшін күресу күрделі мәселе емес. Алайда жоғарыға жазатын қағаздарын түсінікті болу үшін деп орысша жазатындар әлі де кездесіп қалады. Сондай басшылар кездеспесе екен. Мекеме басшыларынан сұрайтынымыз, жастардың ана тілінің қалыптасуына, оның қазақ тіліндегі кәсіптік біліктілігінің өсуіне, жұмысын қазақ тілінде оқитын оқумен ұштастыруына, жас азаматтарды жұмысқа қабылдағанда қазақ тілінде арыз жаздыруға, өңкей қазақтар бірге жұмыс жасап жүргенде қазақша сөйлеуге үйрету керек. Сонымен бірге қазір қай жерде де тәртіп ауадай қажет. Арбаның аяғына жабысқан кебір балшықтай кейін тартатындар жеткілікті. Бұзақы да, ұры да, алаяқта, жезөкше де күн көріс үшін жан таласуда. Ондайлардан дінге, тілге, елге қандай пайда бар? Бұл күнде не көп? Аруақты адамдардың атын жамылып жүргендер көп. Олардың ертеңімізге, жас мемлекетімізге қандай пайдасы тиіп жатыр? Мектептерде қазақша оқыту жайына мән беріліп келеді. Орыс мектептерінде қазақша оқытылады. Орыс мектептерінде оқитын оқушылардың көпшілігі қазақ мектебіне ауысты. Осы балаларда психологиялық өзгерістер бар ма? Оны кім аңғарып, байқап жүр? Егер осындай тындырымды істер істеліп жатса, көпшілік оқырманға таныстырғанымыз да жөн шығар. Қазірде мекемелердегі қазақша іс жүргізу жұмысы тым баяу. Екі тілде іс жүргізу атымен жоқ.
Облысымызда политехникалық институттан бастап көптеген ірілі-уақты оқу орындары дүниеге келді. Белгілі күндерде қазақ тіліне байланысты шаралар өткізіліп жатады. Құптарлық жағдай. Дегенмен де оқу орындарының ішіне кірсеңіз қарныңыз ашады. Көбіне орысша жазулар, хабарландырулар. Бұл оқу орындарында қазақ тіліне жанашыр адамдардың жоқтығына таң қаласың.
Сөздің тоқ етері, мекемелерде, кәсіпорындарда, жалпы барлық жерде де қазақ тіліне оң көзқарас керек-ақ. Егер әрбіреуіміз қазақша сөйлеп, қазақша жазуды тұрақтандыра түсуге ұмтылсақ біздің жұмысымыздың, ұлттық үрдісіміздің кеңейгендігі. Отбасы, ошақ қасыңда тұсалған-тұмшаланған тіліміздің өресін кеңейту, облыста, республика көлемінде өрістету бәріміздің міндетіміз. Біздің айтайын дегеніміз "Қазақ тілі" қоғамы нарық қыспағынан шығар, шықпас, тіпті, қоғамдық негізде жұмыс жасар, мемлекет қамқорлығына алынбас, мекемелер, кәсіпорындар көз қырын салар салмас. бәрібір де ақыры бір күні қазақтың қасиетті тілін жақтырмайтын, құқай көрсеткісі келетін кейбір пысықайлардың желігі басылатын кезеңге келетініміз анық. Он миллион қазақ тірі тұрғанда, қазақ тілі де өшпек емес!
1992 жыл
АТАУЛАР ЖӘЙЛІ
Билік өз қолымызда емес пе?
"Қазақ тілі" қоғамы жуық арада ғана құрылды. Соның өзінде бірнешелеген адамдар келіп, хат арқылы да жер-су аттарына байланысты өзінің талап-тілектерін, ұсыныстарын білдіруде. Әрине, зорлықпен өзгертілген жер-су аттарын өзгертуге "Қазақ тілі" қоғамының әлі келмейтіні өз-өзінен белгілі. Әйтсе де бұл мәселенің әділеттілік жолмен шешілуіне өз үлесін қосып отыратын болады. Шынында да аудан, совхоз, көше аттарына байланысты атаулар дәлелді талас тудырады. Осыларды айтқанда, мысалы, Форт-Шевченко қаласына қарасты Таушық поселкесіндегі көше аттарын мысалға алалық. "Жаңажол" совхозы "Жаңажол" көшесі. Қайдағы бір колхоздастыру дәуірінен қалған атаулар. Немесе "Октябрь", "Интернационал" көшесі, бұл көшеде өңкей қазақтардан басқа өзге бір ұлттың өкілі тұрса екен-ау. "Қызыл өзен" деген атау бір жерде совхоз аты, бір жерде совхоз орталығы. Иә, қай жерге барсаңыз да кешегі тоқырау жылдарының белгісіндей, алдыңыздан бұйдасын сүйреткен бұралқы атаулар кес-кестейді де жүреді. Сондай-ақ, "Маңғыстау - Маңғышлақ" атаулары жөнінде қаншама дау-дамайлар болды?! Өлдім-талдым дегенде облыстың қайта құрылуына байланысты "Маңғыстау" атауын зорға алдық емес пе? Қазір облыста көптеген атаулар облыстың Маңғыстау аталуына байланысты өзгеруде.
Жалпы атаулар жөнінде ауылдық жерлерде Совет басшыларымен кездесіп, бұрынырақта өз ойымызды айтқанымыз бар. Әйтсе де олар да өз ойын түсіндіруге әзір тұрады. Кейбір азаматтарға түсінісуден гөрі майға шелпек пісірген оңайлау сияқты. Шынында да қазір келімсек атаулар көбейіп барады. Сонда не істеуіміз керек?
Осындай географиялық атауларды тудыратындардың арасында геофизиктер мен мұнай барлаушылары да бар. Олардың пайдаланып жүрген картасын қарап отырсақ, өмірі естімеген де, көрмеген де атаулар кездесе кетеді. Мұндай атаулар ешкімнің келісімін алмастан, селолық Совет, атқару комитеттерімен келіспестен қойыла салған. Айталық, "Комсомольскнефть" атауы. Бозашы байлығын ашқан жалғыз комсомолдар ғана ма? Мүмкін Өліқолтықты, яғни Қайдақтың сорын "Комсомольский залив" деп атағандығынан шығар. Өліқолтық қандай жарлықпен " Комсомольский залив" болып өзгерді? Ешкім жауап бере алмайды...
Ендеше, "Комсомольскнефтіні" "Бозашы мұнай-газ өндіру басқармасы" деп атаса орынды болар еді.
Енді аудан атауларын көтерейікші. Мысалы, Ералиев ауданы. Ералиев атауымен аудан, совхоз, Ақшұқыр поселкесінде мектеп, дружиналар бар. Маңғыстау облысында Ералиев атына берілген атаулар жүзге тартады дейді білетіндер.
Мұнан басқа да қолдан қойылған атаулар қаншама? Шевченко қаласындағы "Приозерный" поселкесіе айтайық. Осы жерді қай ата-бабамыз "Приозерный" деп атап еді? Көрдіңіз бе, өлке тарихына қатысы жоқ атаулар.
Тіпті Маңғыстауға ешқандай қатысы жоқ, ондай жердің дүниеде бар-жоғынан бейхабар адамдардың есімдері көше болып өріп жүр. Мысалы, Куйбышев атындағы совхоз, Калинин ауыл Советі. Олардың атында Советтер Одағының кез келген жерінде заводтар, қалалар, т.б. атаулар бар. Солар аз болғандай, осы кісілердің есімін Маңғыстау жеріндегі кәсіпорындар мен мекемелерге бергенде не ұттық?!
Жуырда Алматы қаласында болғанымызда байқағанымыз, онда біраз игі істер басталған сияқты. Бұрынғы ескі көше аттары жойылып, елге қатысы бар жаңа атаулармен ауыстырылғанын көрдік. Барлық жерлерде де өзгерістер, игі істер басталса екен деп ойладық. Бізде Өзен қаласының аты осы кезге дейін Жаңа Өзен деп аталып келеді. Ал Ескі Өзені тағы бар. Сонда "Ескі Өзенді" кім шығарды? Қызылсай жері бір күнде "Ескі Өзен" болып қалай атала кетті? Ескі, жаңа деген қосалқы сөз қосқанда не ұтып тұрмыз? Енді Жаңа Өзен қаласына кіре берістегі қаланың атын жазған белгілерді алайықшы. "Узень", "Теньга" жазулары бірден көзге шалынады. Бұл сөздерді не деп түсінеміз, не орысша, не қазақша емес... Бұл ата-бабадан келе жатқан атаулар. Өзен — жер аты да, Теңге адам атына байланысты шыққан тарихи атау есімдер ғой. Олай болса, оны өзгертуге кімнің қақысы бар? Бұл — Өзен қаласының басшыларына құлаққағыс.
Жер-су атауларын қисық жазуда Маңғыстау жол құрылысы мекемелері де алдына жан салатын емес. Қалай жазғысы келсе, солай жаза салады. Кейбір анықтама жазуларда Шетпе — Четме, Таушық — Таучик, т.б. болып кете береді. Осыларға түзету беретін бір дұрыс көз болсайшы.
"Октябрьдің 50 жылдығы" атындағы совхоз жеріңде талай тарихи адамдар өткен жоқ па? Қасындағы "Қырық кез" қорымында атақты ақын Қашаған жатыр. Досан батыр көтерілісі де осы совхоз территориясында болған. Немесе "Куйбышев" атындағы совхозға Маңғыстау топырағынан бірінші болып Социалистік Еңбек Ері атағын алған Нұрсейіт Бейнеуов, не Досан, не Қашаған, не Есір есімін берсе, жарасты болмас па еді.
Біз біртума кейбір қазақстандық тарихи есімдерге республикада бір мектептің, не бір көшенің аты берілмеуіне кімді айыптаймыз? Әрине, кінәлі өзіміз, жергілікті Советтер.
Атаулар жөнінде қазір Совет Одағында үлкен пікір сайыстар жүріп жатыр. Армян ССР-ы кейбір қалаларына бұрынғы атауын берді. Эстондар астана атың Таллинді — Таллинн деп бір әріп үшін өзгертті. Тәжіктер Ленинабад қаласына өзінің бұрынғы тарихи атауы Ходжент атын берді. Басқа да өзгеріп жатқан қалалардың атауы қаншама? Жақында бір азамат "Қазақ тілі" қоғамына келіп Шевченко қаласының атауына байланысты ренішін айтты. Көптен әңгіме болып келе жатқан жағдай.
Баршамыздың ендігі міндетіміз: ұлттық жерімізді, мәдениетімізді, тілімізді сақтау үшін күш-жігер жұмсауымыз қажет.
Жастарға эстетикалық тәрбие беруде де жер-су аттарының мәні зор. Жасөспірімдер атаулар арқылы көп заттарды біліп үйренеді. Бұл сөзсіз ескеретін мәселе. Атаулар жөнінде ойлағанда, мейлі тарихи есімдер, мейлі партия, совет қайраткері, ғалым, ақын, жазушы болсын, Отан алдында еңбегі сіңген елеулі азамат болсын. Ұлтына қарамай, әйтеуір осы топыраққа еңбегі сіңген, осы топырақта өмір өткізген, өскелең ұрпақ өнеге тұтарлықтай құрметті есім болғандығы ғана керек. Сонда күңкіл әңгімеге, орынсыздыққа жол бермейміз. Олай болмаған жағдайда, қолыңдағы мүмкіндікті пайдалана алмай жүрген ел басқарған азаматтарға үлкен мін. Барған сайын билікке қолы жетіп келе жатқан Кеңестер мұны ескерер. Әр атау өз лайығымен реттеліп жатса, ұтпасақ ұтылмаймыз. Ел үшін еңбек сіңірген ардақты есімдерді, тарихи тұлғаларды лайықты қадірлеп, қастерлей білейік.
1991 жыл
ЕКІНШІ БӨЛІМ ҚҰБА ҚЫРДА ІЗІ БАР - ІЗ-АҒАНЫҢ...
ӨНЕРДІ ӨМІРІНЕ CEPIK ЕТКЕН
Очерк
Қараойы қасиетті Маңғыстаудың,
Жерленіп жеті жұрттың көшкен жері...
Халық өлеңі
Бағзы заманда бағы жанбай, тұрмысына қолайлы жер, баспана болар орын іздеп, түбектің о шеті мен бұ шетінің арасын жалғастыра көші-қонмен күн кешкен ел тірлігін суреттейтін осындай жайсаң жыр жолдары, басқа да өнердің өшпес туындылары қаншама! Олардың авторлары сол халықтың ішінен өнерімен озық туған, суырыла көрінген сұңғыла жаңдар, жарқын таланттар. Демек, бабаларымыз өнерде де өз ізін қалдырған. Көне күндер көмбесі көміліп қалған жоқ Ән мен жырдың, күйдің небір асылдары, інжу-маржандары тарих тозаңынан аршылып, ілкідегі болмыс-бітімімен де жаңарып, жасарып, бүгінгі ұсынақты ұрпақтың қолына тиді. Көзі ашық көңілі сергек тума таланттардың, қара халықтың қайғысы мен қуанышына бірдей ортақтасып, мұң-мұқтажын ән-жырына арқау еткен сол бір қайталанбас тұлғалардың жан сезімін шымырлата дүниеге келген шығармалары бұл кезде өзінің шын мәніндегі жанашырлары мен орындаушыларын тапты. Қазіргі заманғы өнеріміздің бастауы да сол. Өлкемізде өн бойына өнердің сан түрін дарытқан өнегелі өрендер көп десек, сондайлардың біреуі - Ізбасар Шыртанов. Ол әншілік пен жыршылықты, домбырашылықпен ақындықты өміріне мәңгі серік еткен абзал азамат.
КЕЙІПКЕРМЕН КЕЗДЕСУ
Екі жастың үйлену тойы жүріп жатты. Әдеттегідей тамаша да көңілді көрініс. Әркім сөз кезегін алып, ізгі тілектерін білдіруде. Бір кезде той басқарушы:
— Келесі тостың иесі ізбасар. Домбырасын біржола ұстап шығып, өнер көрсетуі сұралады,- деп хабарлады.
— Е, бәсе!
— Кештің шырайы енді кіретін шығар!
— Ізбасардың әнін тыңдауға құштар боп жүр едім.
Оның есімі естілісімен жұрт осылай бір елең етіп, қозғалып қалды. Шиыршық атқан шымыр да ірі түлғалы, ақ аралас шаштары арқа қарай шаншыла қайырылған, жасы қырықтан енді аса бастаған жігіт микрофон алдына келді. Тілегін ауызша айтты да:
— Жұбайларға арнаған музыкалық сәлемім болсын. Мұхиттың "Зәурешін" орындап берейін,- деп томағасы алынған қырандай бабына түсті. "Оралдан ән оздырған Мұхит ағаның" туындысының қай-қайсысы да айрықша арынды, асқақ дауысты қажет етеді ғой. Одан құр еместігін осы арада мына жігіт те байқатты. Ән кетті әуелеп.
Қайыңның жаста көрдім жапырағын,
Құланның тауда көрдім шоқырағын...
Көне дүниедегі көңілсіз күндер, аяулы адам тағдырлары көз алдарынан көлбей өткендей, тыңдаушылар бір сәт үнсіз қалды. "Зәурештің" жанды баурар құдірет күшіне бір тамсанса, оны жеріне жеткізе асқан шеберлікпен орындаған әншінің әсем сазына, талантына таңдай қағысты. Ризашылығын көрсеткен дүйім көпшіліктің қол соғуы астында ән өз шегіне жетіп, әнші домбырасын жерге қойды. Орамалын алып, тершіген маңдайын сүртті. Орнына барып отыруға ыңғайланды. Бірақ өнер, оның ішінде ән-жыр, күй десе қазекеңнің делебесі қозбай қалған ба, тағы дуылдасты.
— Енді бір күй шертіп берсін!
— Олай болса, Ақтан не Қашағаннан жыр толғасын!
— Тастемірдің "Маңғыстауын" айтсын!
Жан-жақтан жауған мына тілектерге қарағанда бұлардың көбінің өнерпаздың өнерін талай тамашалап, тәнті болған сыңайы бар. Әйтеуір, ілтифат пен құрмет өзгеше. Ол орындыққа жайғасып, қайтадан қомданды. Қолындағы домбыраның бұрауын келтіріп, тиегінің орналасуын тексерді. Енді күйге ерік берілді. Құрманғазының "Аман бол шешем, аман бол" делінетін атақты күйі бебеу қақты. Саусақтарда артық не кем түсіп жатқан қағылыс жоқ. Он екі перне мен қос ішек иесінің еркіне толық көшкен. Қысқа, бірақ әсерлі шығарма орындалып бітті. Сосын Күржіманұлы Қашағанның толғауынан бір үзінді айтылды. Жұртшылық тілегі қанағаттандырылды.
АЛҒАШҚЫ ТАЛПЫНЫС НЕМЕСЕ КЕЙІПКЕРДІҢ МОНОЛОГІ
Тұрғыластарым сияқты менің де сәбилік шағым соғыс тұсында өтті. Қырқымнан шығар-шықпасымда әкем майданға аттаныпты. Қалып бара жатқан қара шаңырағын, бала-шағасын әкемізге аманат етіп тұрып:
— Пәленбай жыл жаныма жақын болған серігім - домбырам еді. Әзір Ізбасжан кішкентай ғой, оны Әмірхан тартар. Оған құнт жасап, бас-көз боларсың, — деп менен үлкен ағамнан үміт күткен сыңай танытыпты.
Кезінде бірге жүріп, аралас-құралас болған адамдардың сөздеріне қарағанда, әкем домбыраны жақсы тартып, ән салған. Марқұм Алым Жаңбыршиннің естелігін тыңдағаным бар. Ол кісі былай дейтін: "Шыртекең Жыңғылдыда тұңғыш домбыра оркестрін ұйымдастырды. Жетекшілік етті. Ән-күйден хабарлы өнерпаздарды іздеп, бастарын қосып, қасына тартатын. Адамдарды үйіріп әкететін мінезден де кенде емес. Мына Мыңбай Жолдасбаев, Қалшабек Мырзабеков, тағы басқаларымыз соның мектебінен өткенбіз".
Сөйткен әкемізді кейін көруге жазбапты тағдыр. Сталинград шайқасында қаза тапты. Қиындықтармен алыса жүріп, бізді шешеміз тәрбиелеп өсірді, азаматтық биікке жеткізді. Ол еңбек ардагері, партия мүшесі. Соғыстың алдыңғы жылдары әкеміз екеуі Орынбордағы совхоз директорларын дайындайтын алты айлық курста оқыған. Келісімен қызметке белсене кірісіп, колхоз, ауыл совет председателі болған. Сол кездегі қыз-келіншектер арасынан ауыл шаруашылығы мамандығын тұңғыш рет меңгергендердің бірі ретінде біз оны мақтан және қадір тұтамыз. Қазір дербес пенсияда.
Біздің арғы аталарымыз бен әжелеріміз де өнерден құр болмаса керек. Мысалы, Есір, Арал — күйші, Айтуған айналасына атағы жайылған жырау. Қызданай есімді әжеміз, одан тараған Смағұл, Тәжіғалилар әншілігімен ел аузына ілінген деседі. "Ат аунаған жерде түк қалады" демей ме? кейінгі ұрпақтарының бойына бірдеңе бітсе, солардың арқасы шығар...
— Ал бірақ, — дейді шешеміз, — әкең айтқандай, өнерге Әмірхан емес, кішкентайыңнан сен әуестендің. Есіңді білмейтін шағында – ақ домбыраны қолыңа алып, ішектерін дыңылдататынсың. Өскен кезіндегі, сірә, өзіңе аян ғой.
Өнерге, әсіресе, домбыраға деген алғашқы және шын талпынысым мектепке келгенде басталды. Төртінші кластарда әндерді еркін орындай алатын халге жеттім. Өнерімді бірте-бірте ұштауға, жетілдіруге тиісті пән мұғалімдері де ықпал етті. көмектесті. Балауса кезге тон дауысымды байқап, тақпақ сосын пионер, Отан туралы әндер айтуға баулыды. Алғашқы мақтау қағаздары қолға тиді. Бұл менің жас көңіліме қанат бітірді. Енді өнер атаулыға тіпті басқаша көзбен, ынтық ықыласпен қарайтын болдым. Сөйтіп жүргенде мектеппен хош айтысатын мезгіл жетті.
БЕЛЕСКЕ БЕТ АЛЫС
Ізбасар сөз ретінде өнердің де өзінше биік белес екендігін, он жылдықты бітіріп, өмірдің үлкен жолына түскесін оған біржола бет бұрғандығын айтқан. 1959 жылы ол бірінші аудандық фестивальға әнші ретінде қатысты. Бірнеше халық әндерін орындап, "Қаршадай қара бала" қарымының осал еместігін тыңдаушыларына, жюри мүшелеріне бірден көрсетті. Лауреат атанды. Одан осы маңдағы музыка мамандары құлақтанды. Кейін кейбіреулерімен кездескенде:
— Бойында ұшқын бар. Үрлесең жанғалы тұр. Ал өнерге дәл сендей адам керек. Талабыңды ұшта. Теориялық біліммен қарулан, — деп шынайы қамқорлығын білдірген.
Ондай ойдың санасына орныққаны қашан? Бірақ бұл кезде оның тағы бір қыры — домбырашылығының айқындала бастағанын біреу білсе, екіншісі білмейтін. Гурьевтегі музыка училищесіне түскенде бүйрегінің бұрғаны әуелі сол өнер еді. Онда 1962 жылға дейін оқыды. Бірде ауылға демалысқа келсе, аудандағы көркемөнерпаздар коллективі Қазақстанның юбилейіне байланысты Алматыға барғалы жатыр екен. Оның жетекшісі, композитор Сейілхан Құсайыновтың ұшыраса кеткені. Жағдайын, оқу барысын сұрағасын:
— Астанада өнер көрсетпекпіз. Ансамбль құрамына енгізсем қалай қарайсың?
Ізбасар мұндай қуанбас. Ойланбастан келісім берді. Өнерпаздар арасында жүріп, олардың мәнерін, ерекшеліктерін көзбен көріп, көңілге түюге бұдан өзге қолайлы сот туа ма? Сол сапардан маңғыстаулықтар бірінші дәрежелі диплом алып оралды.
Алпысыншы жылдар басында түбекте кен іздеу жұмыстары мықтап қолға алынды. Тусырап жатқан туған даласының мәртебесін еңбекпен биіктету үшін барлаушылар қатарына сол бір жылдары жергілікті жас жігіттердің ағылғанын көрсең! Бұл дүбірлі дүрмектен ізбасар да шет қалмай, экспедицияға келіп, еңбекақы бөлімінің нормалаушылығы қызметін атқарды. Табиғатынан талантты, зерек жанға өндірістегі қым-қуыт шаруалар бөгет бола алған жоқ. Кішкентайынан бауыр басқан домбырасынан бір елі ажыраспады. Қайта бұл кездері ойы мен өнері қатар кемелденіп, өзі серік етіп келе жатқан күй тарту, ән айту жыршылықпен ұласа бастады. Сөйтіп, жұрт оның тағы бір жаңа қырын таныды.
Ізбасар сол кездегі Жетібай мұнай барлау экспедициясында жүргенде көркемөнерпаздар үйірмесіне жетекшілік жасап, домбыра оркестрін құрды. Өнерге құмар өрендерге өз білгенін қажымай үйретті. Оркестр облыс көлеміңдегі елді мекендерді аралап, көптеген концерттер қойды. 1968 жылы Қазақ ССР Геология министрлігі көркемөнерпаздар коллективтерінің республикалық байқауын өткізді. ізбасардың сіңірген зор еңбегінің нәтижесінде Маңғыстаудан өнер сайысына қатысқандар лауреат атағын алып қайтты.
Осы кездерде Жетібай поселкесінің мәдени өмірінде елді елең еткізген елеулі жаңалық болды. Сахнаға "Қыз Жібек" операсы қойылды. Өнердің небір түрлерін көзімен көріп, қолымен ұстап жүрген жергілікті тұрғындар көркемөнерпаздар коллективі тап мынадай қадам жасайды деп күтпесе керек, алғашқыда таңырқай қарасты. Расында да, "Қыз Жібектей" халық қазынасының идеясын әуесқой артистер сол қалпында көрермендерге жеткізе алар ма екен? Бұл сұрақтар төңірегінде ең бірінші ойланған да, толғанған да және операны көрсетуге батыл шешім жасаған да жетекші Ізбасар Шыртанов-тұғын. Өзі сондағы Шегенің ариясын орындады. Ән бояу-нақышымен, әсем қалпымен орындаушысының талантына бағынып, тыңдаушыларының айызын қандырып өтті. Операның көпшіліктің көңілінен шыққандығы соншалық, оны көпке дейін ауыздарынан тастамай жүрді. Әсіресе, Шеге - ізбасарды.
Жыр - ән шалқып, күй төгіліп
Әлеумет келді құралып,
Сөз базарын құралық.
Айтулы жүйрік мен едім,
Алысқа шапқан шұбалып...
Ізбасар осылай деп жыр төгіп отыр. Сәттіғұлдың сәнді шумақтары жыршының көмейінде жүз құбылып, тыңдаушысының жүрек қылын шерткендей. Дауысы ашық. Кең тынысты. Домбыра сазы мен дауыс арасында алшақтық сезілмейді. Өзара үйлесім тауып, тұтас бір дүние құралып тұр. Асыл сөздің сүлейі атанған ақынның айтар ойы орындаушының шеберлігінің арқасында айшықтала түскен. Ол бір ғана Сәтекеңнің емес, сонау айтулы жүйрік Ақтан мен Нұрымның, семсердей өткір Махамбеттің, төкпе жырдың марқасқасы Қашағанның шығармаларын шырайын келістіре орындайды. Шыртановтың "қармағына" іліккен кез келген жыр иесін тапқандай, сәні кіріп, құлпырып шыға келеді. Бірақ осылар оның ырқына бірден көніп, иліге кетті дейсің бе? Жоқ. Бүгінгі шеберлікке жету, биікке көтерілу жолында ізбасар көп тер төкті. Өзі көре қалған маңғыстаулық өнерпаздардың тәжірибесінен тәлім алып, жырлау мәнеріне машықтанды. Ол көбіне атақты жыршы Шамғұл Ибрагимовтың сазын іш тартады. Орындайтын жырларын соған қосады. Сонда да өзіндік үні, ажары айқындалып тұрады.
Әншілік тұрғыдан алғанда ізбасардың репертуарында, негізінен, халық композиторларының шығармалары. Әсіресе, Қайыптың "Ақбөбегінің" екі вариантын, "Жалау көгін", Әділдің "Қара әнін" орындағанда бүкіл болмыс –бітімімен солардың еркіне беріліп, сені еріксіз еліктіреді. Ол сонымен қатар, Құрманғазының, Дәулеткерейдің, Есірдің, Мұрат Өскінбаевтың күйлерін шебер орындаушы ретінде танылып жүр. ірілі-уақты барлығы алпыс шақты күй біледі.
— Есір атамыздың қазіргі күйі он үш. Соның сегізін тарта білемін. Қалғандарын өзге адамдардан магнитофонға түсіріп алды. Мақсатым — халық таланттарының шығармаларын насихаттау, — дейді ол.
Насихат демекші, Ізбасар Шыртанов елеусіз қалған ел мұраларын жинаушы, оның қамқоршысы, әрі жанашыры. Ол Маңғыстаудың сайрап өткен бұлбұлдары — ақын-жыраулардың асыл дүниелерін іздеп тауып, жүйелеп, Қазақ ССР Ғылым академиясының әдеби қорына тапсырып жүр. Қайып пен Ақбөбек оқиғасына қатысы бар жаңа деректер тапты. Соған байланысты мақалалар жазып, облыстық, республикалық газет-журналдарға бастырды. ізбасардың жыршылығы мен әншілігі, күй орындаушылығы бір төбе дағы, әдеби талабы өз алдына бір сала. Аңыздардың ізімен бірнеше әңгімелер жазып жариялады. Жазылып жатқаны да бар. Облыстық, аудандық ақындар айтысына қатысып, жүлдегер атанды, грамоталар алды. Таяуда республикалық ақындар айтысына жыршы боп қатысып, жүлдемен оралды. Міне, халықтың қарапайым өкілі, жайсаң өнерпаз, шын мағынасындағы сегіз қырлы, бір сырлы тұлға Ізбасар Шыртановтың өнердегі жолы осындай. Ол қазір ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіподағы, Мұнайлы аудандық комитетінің председателі.
Мейрамбай Қубасов, СССР Журналистер одағының мүшесі.
"Коммунистік жол " газеті, 1984 жыл
С.ӨТЕҒАЛИЕВА, Ленинград мемлекеттік музыка,
театр және кинематография институтының аспиранты
МАҢҒЫСТАУДЫҢ МУЗЫКАЛЫҚ МҰРАСЫ
Халықтық орындаушылар халықтық өнерді жаңғыртып, жаңарта алатын бір айрықша қасиетке де ие. Сондай жандардың бірі — І.Шыртанов. Осы бір музыканттың бойында домбырашылықта, ақындық та, жыршылықта ғажап үндестік тапса, ол сонымен бірге халық музыкасын әрі зерттеуші, әрі жинаушы. Оның репертуарынан эпикалық шығармалар (терме), жергілікті авторлардың әндері, көптеген күйлер орын алған. Әйтсе де І.Шыртанов әндер мен дастандарды орындаушы ретінде жақсы танымал. Сол сияқты ол халық композиторларының творчествосын зерттеген көптеген мақалалардың авторы да.
"Социалистік Қазақстан " газеті,
1985 жыл
Темірхан МЕДЕТБЕК
ЖЫРШЫ
(Ізбасар Шыртановқа).
Мына шер — менің-дағы шерім еді, Қабырғам қақ айырылып сөгіледі. Сөз біткен толқындардай бүктетіліп, Серпіліп қайта кейін шегінеді.
Бір сөтке жер менен көк теңескендей, Бір сәтке түн менен күн кеңескендей. Даусынан Маңғыстаудың сесі естіліп, Демінен Атыраудың лебі ескендей.
ілесіп сол бір жырға өкінемін, ілесіп сол бір жырға бекінемін... Сөздерден аңқып иісі боз жусанның Даладай ашылады көкірегім.
Жел есіп жан - жайлаудың танабынан, Кеткендей болды дейсің жаңарып ән. Бір жұлдыз көк аспанда көзін ашып, Бір жұлдыз ағып түсті жанарымнан.
Жыршыны — жан-жүрегі шырқыраған — Тыңдап мен сай-сүйегім сырқыраған. Дүние қарап қалды сол сөздерге Күздегі жапырақтай бұрқыраған.
Өкініп жанбай кенет өшкеніме,
Өкініп ойсыз күндер кешкеніме,
Қарадым күмбірлеткен, қоңыраулатқан
Сөздердің салтанатты көштеріне.
Кенелдім сол бір сырдан кенен сырға.
Бөленіп кеткендей ғой әлем нұрға...
Дүние жыршы болып, Ал жыршымыз
Айналып бара жатты өлең-жырға!
Сержан ШӘКІРАТОВ
ӨМІРІ ӨНЕРМЕН ӨРІЛГЕН АЗАМАТ
Белгілі жыршы, өнер зерттеушісі
Ізбасар Шыртанов — 50 жаста
Естуші едік, нәресте шыр етіп дүниеге келгенде оған арналған бір сөзді періште "әумин" деп, қабыл етеді деп. Әрине, бәрі-бәрі емес, ішінара таңдаулы бір тұлғалар ғана солай болар. Перзентке сол сәтте қойылған ат оның болашақ ғұмырының қадір-қасиетіне сайма-сай болады деуші еді. Мондалақтай осы торсық шеке дүниеге келген кезде оған "Ізбасар" деп ат қойған әкесі Шыртанның өзі деседі. Тұңғышы Әмірханды бауырына басқан үлкендер қолына алапат соғысқа шақыру қағазын алып отырған жас жігітке баланың атын қоюға рұқсат берген еді. Ал бұл "шіркін" әкесінің келмеске кететінін сезгендей, бақырып-шақырып дүниені басына көтерген-ді. Қоштасқандай шырқырап көп жылады. Ал әкесі еміреніп, "даусы қандай күшті еді, әнші болар ма екен" деген. Содан кейін "ізбасар" болсыншы деп қалыпты. Құдай аузына салды ма, бұл қара домалақ тек өзінің ғана ізбасары емес, ата-бабаларының да берен ізбасарларының бірі болғанын ол көрмей кетті.
Шыртан соғыстан оралмады, қайран боздақ, сол желкілдеген балауса жігіт күйінде ғайып болды, ал Ізбасар қазір елуде... Шашы ақ - айран, тұлғалы, құдды бір ауылдың қартындай... Елдің, жердің мақтанышы, ата-баба мұрасының ізін кескен, табан жолдарын тап басқан ізбасар қазір ескінің хатындай...
Айтып отырса, өткен қилы заман қым-қуыт. Соның өткеніне шүкір. Бірақ тағдырына тап болған адамдар үшін ұмытылмас зар емес пе?!
Жаңа шаңырақ көтерген әкесі мен шешесі жаңа заман идеяларын іске асыруға жан-тәнімен кірісіп, Маңғыстаудан қияңда жатқан Орал қаласына аттанады. Онда екеуі алты айлық ауыл шаруашылық курсына түседі. Оны ойдағыдай бітіріп ауылға оралып, өмірге енді белсене кірісе бергенде репрессияның жалаңдаған жалыны бұларды да шарпып өтеді. Шыртанның немере ағасы Алшын Меңдалиев "халық жауы" болып ұсталады да бұлардың күні қараң болады. Екеуін де партиядан шығарып, "халық жауының інісі, келіні" деген айдармен белсенді жұмыстардан ығыстырып жібереді. Көп ұзамай Шыртан соғысқа аттанады да, тағдыр оның топырақ бұйырсын сол жақтан ұйғарады.
Ауылда қалған Несіп ана мен екі бала жетім-жесірліктің тауқыметін тартқандай-ақ тартады. Азамат шаңырағын шайқалтпай, босағаны берік ұстаған жас келіншек қазір жапырағы жайқалған кейуана, өткен өмірді "уһ" деп еске алса, қазіргі кезеңіне шүкіршілікпен қарайды. Шіркін, соғыс кезіндегі аналар-ай! Қыршын кеткен жас жардың аманат ұрпағын өсіріп және еңбек майданында ерлерді жоқтатпай білек түрген абзал жандардың бірі — осы Несіп ана. Оның ауыл шаруашылығына араласқан белсенді қызметін жұртшылық жақсы біледі. Және өрімдей екі ұлды өсіріп, белді азаматтар қатарына қосқанын да ел ілтипатпен айтып отырады.
ізбасары өнерге бейім болды. Жеті жасында-ақ Молдабай әнін өте тамаша орындап, бүкіл ауылды таң қалдырды. Содан бері ол өнер тұғырынан түскен емес. Ауыл, аудан, облыс көркемөнерпаздар жарыс - фестивалдарынан қалып көрген жоқ. Мақтау қағаз, диплом дегендеріңіз бума-бума.
Орта білім алған соң музыка жолына бағыт алды да, Гурьев музыкалық училищесінің домбыра класына түсіп, музыкалық сауатын ашты. 1962 жылы Жетібай поселкесіне келіп, клуб меңгерушісі болды. Бірақ ол сол бір кезеңдерде мәдениет қызметкерінің ешқандай әлеуметтік теңдігі жоқ екенін бірден сезді.
Сондықтан да ізбасар күмбір домбырасы мен құйқылжыған әндерін жолдас ете жүре жаңа ашылып жатқан мұнай өндірісіне бет қойды. Бүкілодақтық Саратов мұнай техникумын бітіріп, техник-жоспарлаушы деген мамандық алды. Міне, содан бері ол қызу қайнаған еңбекке араласып, Маңғыстаудың көптеген мұнай кәсіпорындарында нормалаушы, жоспарлаушы болып қызмет етті. Бірақ мамандығын өзгертіп, басқа салаға ауысқанмен, көкірекке дарыған өнер жарқырап шыға берді. Той-жиындарда, концерттерде Ізбасар шырқаған ән мен жыр жұрт құмарын қандырып, таңдай қаққызатын болды. Өндіріс не аудан атынан ұйымдастырылған өнер коллективтерінің бел ортасында жүретін өрен өнерпаздардың бірінен саналады. Абай, Мұхит, Ақан, Біржан, Балуан-Шолақ тағы басқа әнші-композиторлардың шығармаларын нақышына келтіре орындап жүре енді Маңғыстаудың төл өнеріне құлаш ұрды. Бала күнінен құлағына шалынатын "Маңғыстаудың жеті қайқысы" деген айшықтардың саумал саздарын үйреніп, жинап-теріп іздене бастады.
Кенже Әділдің қара әні "Жай Қоңыр", Мая Досаттың әндері "Бос мойын", "Досат", "Жамал-ай", Жаңай Өскінбайдың әндері "Кербез Айша", "Жеті бұлбұл", Қаржау Тұрсынның әндері "Көлқайнар", "Оймауыт", Майлан Шолтаманның әні "Дәләйдім", Медет Жылгелдінің әні "Құнан нар", Тіней Тастемірдің әні "Маңғыстау" — міне, осыларды табуда, ел арасында насихаттауда ізбасардың үлесі зор.
Ол көптеген жыршы - әнші, күйшілерді көріп, естіп, олардың өнер үлгілерін өз бойына дарыта білді. Айтқұл, Шадыман, Дүйсенбай, Шамғұл, Ұзақбай, тағы басқа белгілі өнер иелері осы жеткіншектің қалыптасуына біраз әсер еткені сөзсіз.
Қариялар айтқандай, еншіге домбыра алған ауылдың, яғни Есір, Арал әулетінен болғаннан кейін ол күй өнерінен де кенде қалмады. Әсіресе, Есірдің шығармашылық мұрасын іздестіріп, жинақтауға белсене атсалысты. Оның "Көктөбе", "Әлди, бөпем", "Шалқыма", "Ақжелең", "Манатау", "Қызыл қайың", "Бұқтым-бұқтым" сияқты күйлерін жарыққа шығаруда еңбегі елеулі-ақ.
Ізбасар бірнеше республикалық мәдени шараларға қатысқан белгілі азамат. 1980 жылы екінші республикалық ақындар айтысына, 1983 жылы Кененнің жүз жылдығына қатысты. Биыл да Ерейментауда өткен Бөгенбайдың 300 жылдық тойына, Талдықорғанда болған Қабанбайдың 300 жылдығына барған Маңғыстау делегацияларының құрамыңда болуы оған көрсетілген ілтипат, құрметтің белгісі еді.
ізбасар бірнеше дүркін Бүкілодақтық халық творчествосы фестивальдарының лауреаты, КСРО Композиторлар одағының I дәрежелі дипломының және Маңғыстау облыстық Кеңесі атқару комитеті грамотасының иегері.
Ізбасар бүгінде өзінің өнердегі толысқан шеберлігінің дер шағыңда. Оның жыр, әндері жазылған жазба табақ өз алдына бір дүние және Қашағанның 150 жылдығына арналған күйтабақтың да шығуы күтілуде, көп ұзамай өнер сүйер қауымның қолына тимек. Жыршының ел арасындағы шежіре, билік әңгімелерді жиыстыруы да өз алдына бір төбе. Ол дүниелер де Қазақ ССР Ғылым академиясының қорына тапсырылып, олардың келешек топтама жинақтарға енетіні сөзсіз.
Иә, естуші едік, "ат арыстаннан, нұр пейіштен" дегендей, кейде нәрестеге азан шақырып ат қойғанда, сол ат періштенің "әуминімен" оның болашақ өмір жолына сай болады деп. Міне, шынында да Ізбасар ата-бабаның із басары, қариялар жолын жалғастырушы ұлан ұрпақтың бірі. Ол елуде. Тек қана елуде. Одан халайықтың әлі де күтетіні көп.
1991 жыл
Әбілқайыр СПАНОВ
ІЗБАСАР ДЕЙТІН АҒАМ БАР
"Қасына жақсылардың көп ергенмін" — Ізбасар Шыртанов сүйіп шырқайтын көп әндердің бірі — осылай қайырылады. Сонда айтылғандай, менің қасына көп ерген жақсыларымның бірі тап осы Ізекеңнің өзі. Әрине, ерудің де еруі бар. Атағы озғанның артынан сөмпендей берудің, жанынан жанторсық құсап қалмаудың беті аулақ, Ізекеңмен арадағы жылы қарым-қатынасымызды тел өскен інінің тетелес ағадан ұлағат іздеуінен, мына сардиған сары даланың өткеніне ортақ сағынышпен, ортақ мүдде-мұратпен қараудан туды деп білемін.
Оның бастау алуы да қызық. Осыдан 15 жыл бұрын аруақты атамыз Есір Айшуақұлы туралы іздестіріп түртінектеп жүргенмін. "Ізбасарға барып көрші" болды біраз жұрттың ақылы. Бұрын көріп жүргенмен, жүздеспеген кісім болған соң, сәл жүрексініңкіреп аттадым ақыры табалдырығын. Жатырқауым шай үстінде-ақ сап болды. Көп ұзамай екеуміз тіпті етене болып, Есір күйші туралы біраз жайттардың басын шалып тастағанбыз.
— Інім, атамыздың құлағын алыстан осы шулатқанымыз да жетер. Ертең күн демалыс. Басына барып сәлем беріп, қалған әңгімені сонда жалғастырсақ қайтеді? Қолың бос па? — деді ол.
Қаладағы қаратаяқ журналистің қашанда қорасы сайлы, малы бағулы, отыны түсірулі. Қолым бос болмай не көрініпті! Ертесіне оның "Москвичімен" жолға шығып кеттік. Күйші басына барып мінажат қылдық. Артында тұсау кесері қалмаған, төңірегі де жарлы-жақыбай Есір атаның ана бір жылдары қабірі көрінбей қалуға айналған екен. Соған алаңдаған Алшын ақсақал ізбасар інісін шақырып алып, көрсетіп жадында ұстауды аманаттаған. Аға көңілін айтпай жатып ұғынған қағілез іні сәл қамданып күйші басына құлпытас орнатады. Қолдың қысқа уақыты. Одан артыққа шама келмейді.
Сол сапарымыздан көп олжамен оралдық. Олжамыздың басы әлдекімнің ескі бұзылған магнитофонында Шамғұл күйшінің ертеректегі орындауыңда жазылып, сақталып қалған, Есірдің бұрын белгісіз күйлері. Ізекеңнің ұсынақты қолы магнитофонды жөндеп, іске қосқан соң ол күйлерді тыңдау бақытына ие болдық.
— Шіркін, бұл атамыздың басына алтынмен аптап, күміспен күптеп ескерткіш орнатса да артық болмас еді-ау. Ізекең сонда көкей көңіліңде көмулі жатқан арманының бір ұшын осылай шығарып еді. Өткен жылы ол арман орындалды. Бүгінде күйші ата биік тұғыры үстінде дүниеге еңселі көз салады. Бұл ескерткішті тұрғызудың, өнері асқан атаның ел есінде сақталған бейнесін әуелі полотноға, сосын мүсінші Александр Эггертке түсіртудің, осы оқиғаға арналған дүбірлі тойдың басы-қасыңда жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген азаматтың Ізбасар Шыртанұлы болғандығын ел, әрине, біз айтпай-ақ біледі.
Мен алғаш танысқанда Ізекең әнші, күйші, жыршы ғана сияқты еді. Таныса келе бұл ағамыздың сөз өнері деген дертпен де мықтап "ауыратындығын" білдік. Әрине, ол Есір күйші өмірінен жазылған, бүгінгі бірсыпыра жазушы ағайындардың қолынан шықты десек нана кетуге боларлық дәрежедегі көркем әңгімелеріне қарамастан жазушы емес. Оның бұл "сырқат" сыры бөлек. Атап айтқанда ағаңыз ел жадында көмескі тартқан мұраларды жинаушы. Ана бір жылы Ізекеңнің ертеңгісін біздің үйдің есігін көңілді ашқаны. Көп ұзамай көңіл шаттығының себебі де белгілі боп қалды. Онысы бір бет қағазға жазылған мына бір шумақ өлең:
Нағашың ер Табынай, Алқұлы, Айбас,
Қайының Байбақты, Шолан, тапа-тайлас.
Мінезіңе көркің мен ерлігің сай,
Көрген жан бір өзіңе кінә қоймас.
Өзін-өзі түстеп тұрғанындай, бұл — атақты Сүйінғара туралы өлең. Бірақ бұрын-сонды жинақтарда жоқ. Кімдікі, қашан шыққан? Ол жағы беймағлұм. Ақыры алматылық ғалым Қабиболла Сыдиықовтың төрелігіне жүгінбек болдық. Көп кешікпей жауап келді. Ол ақпа-төкпе ақын Абыл Өтембетұлының Сүйінғара батырға арналған әйгілі "Сүйекем сапар шекті сексен бесте" деп аталатын жырының жоғалып жүрген бір шумағы болып шықты. 1985 жылы "XIX ғасырдағы қазақ поэзиясы" дейтін жинақта ол тұңғыш рет жарияланды. Кітаптың ғылыми түсінігінде оны табушы І.Шыртанов екендігі айтылған.
Сүйінғара демекші өмір жолы өнегелі, ерлік ісі Ә.Әлімжановтың "Махамбеттің жебесі", Ә.Кекілбаевтың "Күй", М.Әбдіхалықовтың "Сүйінғара" шығармаларыңда кеңінен көрініс тапқан бұл батыр бабамыздың рухы Ізекеңе риза. Себебі, осы күні кешеге дейін Сүйінғара қабірінің дәл қайда екені даулы болып келді. Бұрынғы меңзеліп жүргендер – бірі батырдың баласы, бірі келіні, енді бірі жамағайынікі болып шықты. Ақыры, бұдан төрт жыл бұрын, ішінде Ізекең де бар, бір топ адам Үстіртке — Сисем-Атаға кеп ат басын тіредік. Мақсатымыз – батыр қабірін табу. Шіліңгір шілде, шаңқай түс. Қаптаған мола, иін тірескен құлпытас. Шөлдедік. Шаршадық. Жасыратын несі бар, көбіміздің алғашқы арынымыз басылып-ақ қалды. Түртінектеп іздеп жүрген Ізбасар мен домбырашы Сержан Шәкіратов. Сонда көзіміз жеткен бір нәрсе – ізекең араб әрпімен жазылған текстерді оқи береді екен. Өз бетімен үйреніпті. Ақыры, бір кезде барып ізекеңнің қуанышты даусы саңқ етті. Жапатармағай ентелеп жетсек, Сержан екеуі бағзы бір кезде жазулы бетімен төмен қарап құлап қалған бір тақтай тасты тікейтіп қынасынан аршып, жазуын оқып мәз болып отыр... Батыр қабірі осылай табылды.
Александр Затаевичтің қазақ өнерінің тарихындағы алар орнын білеміз. "1000 ән", "500 ән мен күй". Әттең, осы қазыналар Затаевичтен соң шаңы сүртілмей қаттаулы жатыр емес пе? Қаттаулы емей немене, олар осы уақытқа дейін бір жүйеге түсіріліп, әндердің текстологиясы, ғұмырнамасы жасалмаса? Міне, "1000 әннің" "Адай уезі" деп аталатын тарауындағы 39 әннің біразының сөзін тауып, тарихын анықтаған, шәкірттеріне үйреткен еңбегінің өзі неге тұрады?! Ол, әрине, кез келген шығарманы нотасына қарап ойнап, естіген соны әуенін музыка тіліне түсіре береді. Әуен дегеннен шығады, Ізекеңнің халық жадында көмескі тарта бастаған әндерді іздеп, табанынан таусылған көп сапарының өзі хикая. Жүрген аяққа, әрине, жөргем ілінбей қалмайды. Соңғы сапарының өзінде ғана ол сонау Ақтөбе жақтан Қаржау Тұрсын әншінің "Көл қайнар" атты тамаша әнін тауып оралды. Ол олжасын келе сала маңайдағы біраз шәкірттерін жинап, базарлық қып берді. Ат мойны қашық алыстағы шәкірттеріне телефонмен айтып үйретті. О заманда, бұ заман әнді телефонмен үйреткен жалғыз жансебіл осы кісі шығар. Соның селбеуі, қазір Маңғыстау елінде өткен әр той, әр басқосудың сәні "Көл қайнарсыз" келмейтін болып алды.
Өткен жылы Қашаған ақынның туғанына 150 жыл толу мерейтойына орай облыстан арнайы мәдени-этнографиялық экспедиция ұйымдасты. Бастаушыларының бірі І.Шыртанов бастаған бұл экспедиция сапары іргелес Түркмен ССР-ын қамтыды. Сонда көрдік, сөз саптайтын сара көкірек қария болса, қасынан Ізекең табылады алдымен. "Әу" дейтін жан жолықты ма жанына жақын отыратын тағы сол. Ауылдың алты ауызының бір жыры айтылды ма, ол да сол бойда Ізекеңнің магнитофон таспасына жазыла қалады. Осылайша экспедицияның ресми жылнамашысы ретіндегі мүшелері біздер - екі журналист қойын дәптерімізге түскен газеттің 3-4 нөміріне берілер жолжазба очеркті қанағат тұтып оралғанда Ізекең қойны-қонышын қазынаға сықап қайтты. Бүгінде Жеткізген Сейітов, Амандық Көмеков сынды танымал жыршылар айтып, елдің рухани қажетін өтеп жүрген көп шығармаларды І.Шыртанов кезінде осылай тірнектеп жинаған екен. Ал Ізекеңнің алқа топ алдында еңсе тіктеп отырып майын тамызып айтар тамаша аңыз-әңгімелері, ділмар шешендердің нақыл сөздері, билердің тілі тас жарып түскен биліктерін тыңдаудың өзі бір ғанибет.
Әңгіме арасында кейіпкеріміздің әнші екендігін де аңғартып кеткен едік қой. Өзі ән салмайтын, яғни әнді құлағы ғана қармауға қауқары жететін адамға әншілік өнердің қыры мен сырын жіліктеу қиын. Әйтсе де мына бір жәйді еске ала кеткеннің артықтығы жоқ шығар.
1987 жылы түбекке Қазақ ССР Ғылым академиясынан ғалым Қабиболла Сыдиықов бастаған фольклор зерттеу экспедициясы келді де соның біраз сапарына жолсерік болу міндеті Ізекең екеумізге жүктелді. Жүріп келеміз. Ұзақ жол үсті. Бірауық ән тыңдауға зауқымыз соқты. Ағамыздың сол бір кездері тамағы құрғай беретін (оған қоса сусақ дейтін пәле тағы бар), сырқаты күшейіп, ән шаруашылығынан сәл сырттап жүрген шағы еді. Дегенмен қайтер екен деген әуестік жеңіп. әрі шамырқандырып көрейінші деген тәуекелге басып "Әмірханды" бастадым. Бұл жерде "бастадым" дегенім шектен шыққан сыпайылық. Әйтпесе бұл әнге тыныс жете ме? Қайырмаға жете бере-ақ Ізекеңнің шарт сынатын жері ғой.
— Уа, ақы берейін, қой енді! Есіл әннің берекесін кетірдің. Ой, бар, болғыр!..
Осылай деп бір зіркілдеп алған Ізекең "Әмірханды" өзі бастап берді дейсің. Әй, несін айтасың, сай-сүйегімізді сырқыратып, қыр сүйегімізді қақыратты-ау енді. Әне, әнді айтсаң тап солай айт! Ізекеңнің сондағы "Әмірханы" әлі құлақта.
Сол сапарда енді "Айжан" төңірегінде әңгіме қоздатайын.
— Әй, қой, тағы жүрекке түсерсің.
Осылайша, "Айжанды" тыңдап алдық. Оған "Ақбөбек", "Жадау көк" жалғасты. Әттең, Ізекенді бұл "қанауымыз" тым қымбатқа түсті. — Әнші біразға дейін тамағы құрғап азап шегіп жүрді.
І.Шыртановтың "Қазақ тілі" қоғамының төрағасы ретінде атқарып жүрген қызметі жайына ойыссақ, аттың басын тіпті тарта алмай қалармыз. Беріден қайтқандағы айтарымыз Ізекеңнің бүгінде ер жасы 50-ге келіп отырғандығы. Кешегі Ізекең енді Ізағаң болмақ. Бұлай аға атанудың екінің біріне теліне кетер сыбаға емес екені белгілі, әрине. Ол — І.Шыртанов сияқты елдің еңселі азаматтарына ғана бұйырар енші.
1991 жыл
Т. ATШЫБАЕВ
"ӘРУАҒЫН АТАЛАРДЫҢ ТІРІЛТСЕМ..."
...Ізекеңмен сырттай таныстығым 1975 жылдан басталған болатын. Шайырдағы орта мектептің 9-класын бітіргелі жатқанмын. Көрші үйдегі бойжеткен апамыз ұзатылатын болып, құдалар жағынан келген Ізекең түні бойы жырлады. Жаздың тымық түніндегі дауыс қалай шығандады десейші? Әлгінде от басында жүрген күлім көз жеңгелер де қақ төрдегі нар түлғалы жігіттің мынау өнеріне енді бір сот шынымен ден қойғандай.
Ізекеңнің сондағы үш күн тойда шырқағаны ауылдастардың аузында әрі-беріге дейін әңгіме болып жүрді. Кейін Оралда студент болып жүргенде филология ғылымдарының кандидаты, Адайға жиен болып келетін менің кураторым Мәтжан Мақсымұлы Тілеужанов:
— Әй, Адай, сенің Маңғыстауыңның әндері деген ғажап екен ғой. Соны бір елге барғаныңда таспаға түсіріп ала келсейші, — демесі бар ма?
Менде не жан бар? Есіме сонда Ізекең түседі ғой. Мұндай сәттілік те болады екен-ау. Кезекті бір семинарлық сабаққа қатысып, өлкетану музейінен қайтып келе жатсам, Ізекең "Саяхат" қонақ үйінен шығып келе жатыр. Қуанғаным сонша, Мәтекеңе бұл хабарды жеткізейін. Жалма-жан домбыра, магнитофон алып, бір күн сабақтан қалып Ізекеңді күтейін. Жоқ. Кешке қарай: "Осындай адам бар еді, қай бөлмеде екен?" десем, ағамыз елге тартып кетіпті. Бірақ кейін курстастарыма Маңғыстау жайлы сөз болса, Ізекеңді айтып бір марқаятыным бар-ды.
Маңғыстау әндеріне жұртшылықтың іңкәрлігі болса, мен, әйтеуір сонда ізбасар ағаның еңбегі барына еш күмән келтірмеймін. Белгілі айтыс ақыны, Мұхит әндерін орындаушы үлкен талант иесі Қатимолда Бердіғалиевтың да:
— "Босмойынды" тыңдағалы дегбірім кетті. Маңғыстау саздары бөлек екен. Шіркін-ай, бір таспа қолыма тисе таратуға бір кісідей атсалысар едім, — деуінде де мән бар.
Кешегі сенбіде топырағынан небір дүлдүл өткен Жыңғылды ауылы сол Маңғыстау өнерін бір кісідей таратушы тағы да бір талантты перзенті — ізбасар Шыртановтың 50 жасқа келу тойын атап өтті. Жып-жинақы той жасап үйренген ауыл бұл жолы да дағдысынан жаңылған жоқ. Ауыл үшін, оның абыройы үшін қашан да жанын шүберекке түйіп жүретін Базекең, қадірлі Базархан Сүйеуов тетелес інісінің мерейтойын бастан-аяқ билігіне алып, жұртшылықты ұйытты. Ақынжанды аға кештің өн-бойын өлеңмен өрнектеді. Алғашқы сөз ауыл ақсақалы Мінбар Адамбаевқа берілді.
— Ізбасардың елу жасқа елдің тойы болғаны сүйінішті. Инемен құдық қазғандай бейнетті тілеп алып, түбектің әндерін қайта тірілтіп жүрген бауырымыздың бағы жана берсін! Жасынан зерек, өнерге құштар болған атақты Атанғұл, Алшындардың алдына отырып өскен ізбасардың шежіре болмасына амалы жоқ. Сен қазір дер шағындасың. Қажыма, айналайын! Халқың үшін қызметің табысты, денсаулығың мықты болсын.
Ақ тілектер сосын ағылды дейсің. Ақын Темірхан Медетбеков. "Ізбасар — жыр, Сержан — күй, Күріш — он" демекші, өнерде үзеңгілес келе жатқан түбектің танымал күйшісі Сержан Шәкіратов та іркілген жоқ.
— Перзентіне ұлан-асыр қуанып, атап өтіп жатырған ауылға ырзалығымды білдіремін. Кешегі өткен Есір, Елбай, Атанғұл, Шамғұл, Айтуғандардың жолын жалғастырушы өнерпаз — Ізбасар екенінде дау жоқ. Елдің мұрасын ешкімнің еншісіне бермей, өзіне қайтару — оңай шаруа емес. Міне, осы орайда оның табандылығы, қайрат-жігері ерен. Өнердегі бірлігіміз бен татулығымыз келешекке жалғасады. Бүгінгі қуаныш үстінде ізбасар ініме ұзақ ғұмыр, зор денсаулық тілеймін.
Сержан - күй Есірдің "Ақжармасынан" бастап ағылды. Он саусағын ойнатқан Серағаң "Жалдықараны" төкті.
Ақын Темірхан Медетбеков:
— Маңғыстаудың не нәрсеге де бай өлке екені кім-кімді де мойындатқан шындық. Бір ғана өнер иелерін алайық Ал бүгінгі өнер саласындағы Ізбасар, Сержан, Күрішті қараңыз. Мен айтар едім, үшеуін үш бәйтерек деп. Өнер адамы болу — жеңіл емес, оның түпкі төркіні — халыққа қызмет ету болып табылады. Осы үшеуінің достығы мен творчестволық бірлігі өлке өнерінің энциклопедиясы десе де болғандай. Сондықтан жыңғылдылықтар үшін Ізекең — зор мәртебе, қуаныш.
Сол күні ақ тілек біткеннің арнасы ағытылды.
Т.Г.Шевченко атындағы мектеп-интернаттың директоры Ә.Борашев ескерткіш - сыйлық табыс етсе, шарушылық басшысы Қ.Жұбанов ауылдастар атынан Ізбасарға ат мінгізді.
Бір сәт сөзді мерейгердің өзі алды:
— Өнерге өкпем жоқ, — деп бастады Ізекең сөзін, — соның арқасында талай жердің дәмін таттым. Жасымнан өнерге әуестігім қол жеткен табысымның бастауы болды. Небір қиянат — оны бастан өткердік. Керек десеңіз, "Ақбөбекті" де айта алмай жасқанған кездеріміз болды, айттырмады. Әйтеуір, түбек өнерін барымша әспеттеп, ән-жырын насихаттауға талпынып жүрген жайым бар. Соның арқасында Қайыптың 200 шумақтай өлеңі жарыққа шықпақ, Елбай өлеңдері 20 томдық жинаққа кірді. Осы таяуда ғана "Айырық" әнін тауып алдық. Әлі табылмай жатқандар жоқ деп кім айтты. Ол — келешек ісі.
Перзентім деп бауырына басқан ауылдастарыма шексіз ризамын. Жанымызға жамандық болмай, жақсылықпен кездесейік.
Жиналғандардың ықыласын әнші-жыршы ағамыз айтпай – ақ түсініп, "Дәләйдімге", содан соң "Құнан-нарға" басты.
Салтанатта облыстық Кеңес атқару комитеті төрағасының орынбасары Қ.Келжанов сөйлеп, аудандық Кеңес төрағасы А.Еділханов қорытындылады.
Өнерді бір кісідей алып жүрген абзал ағаға, қала берді ауылдың ерен перзентіне деген ықылас осылайша бір орайын тауып, тойланған еді.
1991 жыл
ҚЫДЫРБАЙ ТҰРМАҒАМБЕТҰЛЫ
ІЗЕКЕҢ ЖАЙЛЫ "ЕРТЕГІ"
(мерейтой иесінің салтанатында оқылған әзіл - құттықтау)
Баяғыда, Жыңғылды деген ауылда,
Сол Жыңғылдының тауында
Әжептәуір басы бар,
Тікірейген шашы бар
Бір бала шыр етіп,
Өмірге келіпті.
Сөйтіп, Шоңай Шыртанның
Шатпасына құдай беріпті.
Бірақ әлгі бала құдай атқанда,
Шілдехана боп жатқанда,
Шырылдап жылауын қоймапты.
Онысын әркім әр түрлі ойлапты.
Біреу: "Жылауық екен",- депті,
Біреу: "Не қылған заржақ?", — депті,
Біреу: "Қояды ғой шаршап", — депті,
Тағы біреу: "Тап осы әртіс болады
Ел аралайтын ән сап..." — депті.
Содан не керек сол бала,
Сөз түсініп, әңгіме тыңдайтын,
Бастаңғы мен тойды қаза қылмайтын
Құйма құлаққа айналыпты.
Екі-үш шалдың басы қосылса
Соның қасына барып байланыпты.
Екі көзі жылтыңдап,
Шежіре мен жыр тыңдап,
Алшын атасына еріпті,
Шамғұл мен Шаңкенге еріпті.
Қысқасы , бәрін әлгі
Қазандай басына құя беріпті.
Бірақ одан қор болған жоқ
Ақыры өнердің киесіне жолықты.
Әуелі "әу" деп ән айтып,
Домбыра ұстайтын болыпты.
Кейін әлгі қарттар сияқты
Өзіне де шежірешілік қоныпты.
... Міне, Шоңай Шыртанның
Сол баяғы қара баласы.
Өз шілдеханасында
Жылап қоймайтын дара баласы
Бүгінде бүкіл елі білетін,
Өнерін тамсанып айтып жүретін,
Аға атанып, той жасап отыр,
Елу жылғы өнер жолын
Еске түсіріп, ой жасап отыр.
Баяғы бала Ізбасар мен
Бүгінгі аға Ізбасардың арасында,
Өмірге деген көзқарасында
Айырмашылық та жоқ емес.
Бірақ онысы, әрине, көп емес:
Айталық, күлімдеп тұратын көзі,
Жан-жағын күлдіре тұратын сөзі
Баяғыша — сол қалпында.
Киім киісі де сол
Етек-жеңі мол қалпында.
Жеңгелеріне айттырсақ:
"Қиылған қасы өзгермепті..."
* * *
Жә, енді "ертегіні" шамалап,
Шын сөзді жағалап,
Жұрт сияқты тілек айтайын,
Оған да әзілді тіреп айтайын:
Ізеке, Сіз тек Тобыш емес,
Адайдың атақты әншісі едің,
Жеті қайқының жаршысы едің,
Сол абырой биіктей берсін!
Оны қызғанған жан болса Күйіктен өлсін!
Шаңырақ әулетің
Әннен алсын құт басын,
Қыз-қырқын демей-ақ қояйын,
Даусыңа ғашық жеңгелерің
Жан-жағыңнан шықпасын!
Атыңа сай
Ізбасарың көп болсын,
Бәрінен де
Уәйім-қайғың жоқ болсын!
"Елу — ердің жасы", ендеше
Ерге тон істі енді бастаңыз,
Ол үшін бір ғасырды екі бөлмей!!!
Тұтас-ақ жасап тастаңыз.
Лебен СӘДУАҚАСОВ
ІЗБАСАРДЫҢ ЖҰЛДЫЗДЫ СӘТТЕРІ
(Эссе)
"Тебірентіп, толғантып жібердің ғой, айналайын "...
З. Қабдолов,
академик-жазушы
Әнші, жыршы, өнер мен өлке зерттеушісі Ізбасар ініме үнемі таңданумен, таңырқаумен жүремін. Шамасы, оның мәнісі тереңде жатқан болуы керек. Бала кезімізде сиректеу болатын той-томалақтарда қазір арамызда жоқ қарттардың, ағалардың халықтың өзімен бірге жасап келе жатқан әндерді, жыр-термелерді орындауындағы домбыра қағыстары, үні, мақамдары әлі күнге дейін құлағымда, көз алдымда. Сонау тереңнен шығып жататын күмбір-күмбір қоңырау дауыстар өткен өмірден хабар беріп, солармен өзіңді бірге жүргендей сезімде қалдыратын, жүрекке құятын қуаты молырақ болатын.
Тар кезеңнің қыспағына ұшырап, сол әнші-жыршылардың көбінің есімдері белгісіз болып қалды. Құдайға шүкір, олардың соңғы дарабоздары — Шамғұлды, Мұратты, Жанжігітті, Әлқуатты Ізбасар да талай тамсана тыңдады, сол кісілерден үйренді.
Іргелігі, туырлығы түрілген киіз үйдің ішіндегі үй толы адамдарды, іргелікті жағалай отырғандар мен туырлықтан ентелеп ат үстінде тыңдап тұрған ән құмар әлеуметті жан рахатына баурап алатын есімдері белгілі, белгісіз өнерпаздарды есіме алсам болды, көз алдымда күн сайын көріп, кездесіп жүретін ізбасар тұра қалады...
Менің ойыма Үштағанда өткен бір тойдағы ізбасар дауысы жиі-жиі оралады, "Аа-аа-ау" басталған қоңыр үн бірте-бірте өзінің шырқау шегіне жете бере, япыр-ай, үзіліп кетер ме екен" дей бергеніңізде төбе құйқаңды шымырлатып, адам айтып болмас, аржағы тұңғиық мөлдірдей таза басқа бір тынысқа көшеді. Жан-жағының бәрі ән салып тұрғандай әсерде қалдырады. Әннің де, әншінің де бір жұлдызды сәті болады емес пе! Сол жұлдызды сәт, менің — республикалық радио тілшісінің, репортері таспасына жазылып қалған еді. Оған да жиырма жылдың үстінде уақыт өтіпті. ізбасар сол кезде нағыз дер шағындағы жасында еді.
Сол жазбаны Сайын Назарбеков біздің үйде отырып телефон арқылы Алматыдағы Әбішке қырық бес минут бойына тыңдатқаны бар. Бір ауыз сөз айтпастан, тапжылмай отырып тыңдап алды да: "Елді сағынып жүр едім, Маңғыстау көшіп келгендей болды ғой, Ізбасарға сәлем айтыңдар",- дегені есімде.
Ерекше үнді дауыс мақамымен, орындаушылық шеберлігімен ізбасар талайды риза етіп келеді. Әсіресе, жыр айтқанда сөздің ой ырғағына қарай мақамды да түрлентіп, құбылтып, қажет десе ойнатып отыратындығы қызықтырады. Оңдай сәттегі әсерді айтып жеткізу қиын, ізбасарды тыңдау керек. Ал шабытты шағына тап келсеңіз — олжалысыз.
...1996 жылдың көктемінде інімнің тағы бір жұлдызды сәтіне, шабытты шағына куә болғаным бар. Алқалы жиында Ізбасарға кезек келді. "Аа-ей-әу" деп шырқата бастай бергені сол еді, бағанадан бері ду-ду әңгімеде отырған көңілді қауымның назары әншіге ауып жүре берді. Ән самалы баураған залда саумал тыныштық орнай қалды. Сол тылсым тыныштық "Жиырма бес" айтылып, "Досаттың әні" шырқалып, Нұрымның бата - термесі төгіліп болғанша бұзылған жоқ. Әр тұстан естіліп жатқан қошамет лебіздер аяқтала бергенде төрдегі орнынан ырғала қозғалып, бері қарай Зейнолла Қабдолов ағамыз келе жатты. "Тебірентіп, толғантып жібердің ғой, келші айналайын", — деп Ізбасарды құшағына алып сүйгені бар. Академик ағамыздың әнге шын толқығанын мейірімді жүзі, ақыл-парасатқа толы жанары да жеткізіп тұрғанды. Талай саңлақтардың даусын естіп, әнін тыңдаған, сұлулық пен көркемдіктің шегі мен тегін жазбай танитын, шын мәніндегі Әстет ағамыздың сезімін тербеп жіберген Ізбасар бәрімізді бір сілкінтіп тастаған-ды. Ізбасардың, осыдан бір-екі ай бұрын, Алматы консерваториясында өткен күйшілер кешінде өзінің "Абылымен" астананың атақты Нұрғиса Тілендиев бастаған өнер майталмандары мен ғұлама білгірлерін тамсандырып таңырқатқан Сержанның, осындай бір айтулы бас қосуда астанаға республиканың әр қиырынан келген әнші-жыршылардың мерейі үстем болған Күріштің, Шерхан Мұртаза аға "бүгін әнді тек Күріш айту керек!" деп ағынан жарылып еді! Ұмытпасам, 1985 жылдың қысы болуы керек, бір кезеңде өмірге келіп, қатар жүргені Маңғыстау өнерінің жалғасын тауып, жапырағы жайылуының жайсаң көрінісі емес пе!
"Күріш — ән, Сержан - күй, ізбасар - жыр" деп Темірхан бекер толғанбаған болуы керек.
1996 жылы Алматыда Жамбыл тойына орай "Эпос және Евразия елдерінің музыкасы" атты халықаралық конференциясы өтті. Осыған қатынасқан І.Шыртанов, Ж.Сейітов, А.Көмеков, М.Аяпов, Е.Емілов, т.б. әнші-жыршылар өнер додасына түсіп, тыңдаушылардың құлағының құрышын қандырып, қалай тұшындырғанын Светқалидың жазғанынан оқып білдік ("Мақамы мәшһүр Маңғыстау"// "Маңғыстау" газеті, 1996, 21 қыркүйек). Американ ғалымы Дэвид (Дәуіт) таза қазақ тілінде: "ізбасар аға, Сіздің айтқан жырыңыз есімде мәңгі қалады", — десе, белгілі музыка маманы Байқадамова (сазгер Байқадамовтың қызы): "Сіздің дауысыңыз ерекше, өте сирек кездесетін дауыс", — деп қолын қысып құттықтағанын сырт көздің әділ бағасы деп қабылдау керек.
Жоғарыда айтылған Жеткізген, Амандық, Мақсат, Елдостардың бәрі де ізбасарды үлгі тұтады, үйренгендері де көп екендігін айтады. Сондай-ақ, әнші Бердіғали Спанов:
"Ізбасар аға ұстазым", — деп отырады.
Ізбасардың өнер танушылық, өлке зерттеушілік еңбегі жайында аз жазылып, аз айтылып жүр деуге болмас. Дегенмен, ұмытыла бастаған "Жеті қайқыны" 21 әнімен бірге бүгінгі ұрпаққа жеткізудегі оның еңбегі ұланғайыр. Әрбір әнді, оның әрбір жолы мен шумағын іздеп, талай сапарды, шығармашылық азапты бастан өткізді.
Ақпа-төкпе Есір атамыздың "Көктөбе", "Әлди бөпем", "Манатау", "Сайға бұқтым" және басқа да күйлерін тауып, нотаға түсіріп, оркестрдің, жеке домбырашылардың репертуарына енгізілуінің өзі де бір кісіге аз еңбек, аз абырой емес, нағыз азаматтық іс. Өнерді шын қадірлеп, қастерлейтін ізбасар оның азабына төзді.
Біткен іске сыншы көп. Кезінде "анау олай емес, бұл былай емес, анау сіздікі, мынау біздікі" деп қолдап, қолпаштап кетудің орнына, бөлектеніп шыға келуге жақын тұратындардан бір туар қайталанбас өнер туындыларын қорғап, мазасыз күндер мен түндерін сарп етті, айтысатын жерде айтысты да. Олар ізбасардың бейнетқор еңбегі арқасында халық игілігіне айналып, жиырма бірінші ғасырға, болашақ ұрпаққа жол тартты. Қазір оның қолында Медет Жылкелдінің "Ағибаш", Кенже Әділдің "Жайқоңыр" деген жаңадан табылған әндері бар.
Оның тағы бір ерекшелігі — өлкенің тарихына байланысты сәлдей нәрсені көзден таса қылмайтындығы дер едім. Ондайды естісе болды, соған жетуге, өз көзімен көруге асығады.
...Бір жолы: "Сай - Өтестің маңында үңгір бар көрінеді. Тарихи дүниелер табылып қалар, барып , көріп қайталық", — деп қаладағы төрт-бес адамның басын қосып, Үстіртке алып жүрді. Бардық, көрдік, сапарымыз сәтсіз болған жоқ.
Үстірттің сан тарау жолдарының біріне түсіп алып, елге бағыттап келе жатқанымыз сол еді (күздің күні болатын) бір топ киік үйірі жолдан қиып өткілері келіп қапталдасқаны бар емес пе. Сондай кезде аңдардың шабысына делебесі қозбайтындар кем де кем шығар — бәріміз де елеңдесіп қалдық. Ал Ізбасар: "Басыңқыра газды, өткізіп алма, Бәйімбет бала!" деп шофер жігітті "бол, бол!" — деп қамшылай бастады. Бір иыққа көтеріле бергенімізде әлгі ізбасарымыз: "Тоқта, тоқташы", — деді. "Ана биіктің басындағы күмбезді моланы көрдің бе. Соған соқтыра кетші, нағашы еке", — деп қосшы баласына енді жалына бастағандай. Қалғандарымыз аң-таң күйдеміз, киіктер шаңын бұрқыратып зымырап өте шықты. Жаңағы бір құмарлықтан арыла алмай үнсіз отырған біздерге Ізбасар алаңдаған жоқ. Машинадан дереу түсті де, аруақтарға аятын оқып, қауымды аралап кетті. Оның әлдене есіне түсіп, соны іздегені анық еді. Тапқан да болар — машинаға көңілді оралды, езуіңде ізбасарда болатын астарлы жымиыс бар. Кейде оның осындай әдетін "Жолдан қалдырдың ғой" деп әзіл-шынды араластырып, кінәлап жатамыз. Шынында, сондай кідірістердің соңы — қайсыбір азамат, отбасылар үшін қуанышқа жалғасып жататын.
Бірде газеттерде өзінің туыстары Тіней руынан Зәқария, Шам, Талпақты іздеген Түркиядағы Зиынхан апайдың, Әкем әжептәуір ән салыпты. Ел тым тәуір ән салады деп ауызға ілініп жүрген кезімнің өзіңде де белгілі өнерпаз жездеміз Алым Жаңбыршыұлы, әкемнің құрдасы — әкеміз Ақжігіт қарт: "Әншісің, бәрібір Шыртандай сала алмайсың", — деген еді. Менің кәрі әжем Қызданай асқан әнші кісі болыпты.
Мен 1947 жылы 6 жасымда мектеп есігін аштым. Сол жылы сайлау ма, әлде бір мереке ме, есімде жоқ, ең бірінші рет ауыл сахнасында "Комсомолдар — қаһарман" деп басталатын бір ән салғаным бар. Содан бері, яғни биыл 50 жыл өнер деген киелі дүниенің маңайын төңіректеп жүрмін.
— Сонау сұрапыл соғыстың салған зардабын көппен бірге көріп, талқанды талшық еткен жадау көңіл қаршадай бала, енді, міне, ақсақалдық жасқа қарай аяқ басып отыр. Осы екі арада жаныңызды жадыратқан әлі күнге есіңізде қалған ерекше жағдайлар жәйлі айта отырсаңыз.
— Әрбір пайғамбар жасына жақындаған, не болмаса келген адамдар біраз нәрсені көретіні, бастан өткізетіні белгілі. Осынша ғұмырда жақсыны да, жаманды да көріп өстік ғой.
Өзімнің өмір жолымдағы бір ерекше есте қалған кезім 1960 жылдардың алғашқы бес жылдығының ішінде Атырау қаласындағы қалалық парктің ішінде болған концертте "Шегенің ариясын" орындаған кезім. Халықтың ілтипаты өте ерекше болды. Артынан сыртқа шыққанымызда адамдар топтанып келіп құттықтап, үйлеріне шақырып, ақ адал ниеттерін білдіріп жатты.
Есте қалар жақсы күндер көп. Бәрін айтып тауыса алмаспын. Бірақ сол бір күн ең бақытты күндерімнің бірі еді.
— Бұл өнерде өзіңізді халыққа танытқан алғашқы биік белестердің бірі дейсіз ғой.
— Солай десе де болады.
— Сіздің есіміңіз көпшілікке тек өнерпаз ғана емес, өнер зерттеушісі ретінде де танымал. Осы салада не тындырып, не бітірдім деп ойлайсыз?
— Қазақта "Құс жеткен жеріне қонады" деген сөз бар. Адамға мен мынаны тындырдым деп айту, әрине, қиын. Әр адамның өзінің бір машығы болады. Бірі өнерге, бірі қол еңбегіне деген сияқты.
Мен мектептегі кездерімнен ауыз әдебиетін жинадым, қолыма түскенін Қазақ ССР Ғылым академиясының әдеби қорына жіберіп жүрдім. Кейін ғалым ағамыз Қабиболла Сыдиықовпен байланыста болдым. Азды-көпті еңбектерім сол академия қорында. Біразы Қабекең архивінде болуы керек.
Мен жинаған халық ақындарының шығармалары XIX — XX ғасырдағы қазақ ақындарының поэзиясына арналған екі антологияға басылды. Соңдай-ақ "Жырдария", "Ақберен" сияқты кітаптарға енді.
Қашаған ақынның 150 жылдығына байланысты шыққан кітабына араласып, бастыруға атсалыстым. Нұрым Шыршығұлұлының 130 жылдығына "Мен қашанғы жүйрігің" деген шығармалар жинағын шығардым.
Өнер саласында Маңғыстаудың бұрынғы өткен әншілерінің ел аузында жүрген, республика, облыс эфирлерінен сыртта қалған, нотаға түсірілмеген, баспа жүзін көрмеген, сахнаға шықпаған әндерін жинақтадым. Оның 21 әнін "Маңғыстау әуендері" деген жинақ шығарып, соған енгіздім. Екі ән өз архивімде. Нотаға түсірген қобызшы Қадиша Балапашқызы, одан басқа Есір күйлерін ел аузынан жинақтадым. Олар "Ақжарма" жинақ кітабына Роза Айдарбаеваның нотаға түсіруімен басылып шықты.
Ауыз әдебиетіне жататын шешендер сөзін жинақтап, Қабекеңе тапсырдым. Жеке кітап болып шығуы керек еді. Қаржы мәселесіне байланысты "Өнер" баспасында басылмай жатыр. Ойлар бар, оны ғұмыр жетсе көре жатармыз.
— Ғұмырыңыздың ұзақ болуына, ойыңыздың оңынан оралуына әбден тілектеспіз. Жаңа осы жасыңызда көп нәрсені көргеніңізді айттыңыз. "Көп жасағаннан емес, көп көргеннен сұра" деген. Енді осы өзіңіз жарты ғасыр маңайында жүрген өнер мен мәдениеттің қазіргі жағдайы туралы бірер сауал ойға оралып отыр.
— Құлағым өзінде. Шама-шарқымша жауап берейін.
— Кезінде Шәмші ағамыз "Мәдениет және тұрмыс" журналының қаламақысына көңілі толмай редакцияның жігіттеріне "Мәдениеттерің жақсы, тұрмыстарың нашар екен ", — деп әзілдеген көрінеді. Ал бүгінде "мәдениетіміз көтерем малдай, мәдениет, өнер адамдары ешкімге керек болмай қалды" деген мәдениетке де, тұрмысқа да көңіл толмайтын сөз айтылады. Өнерпаз, өнердің жанашыры ретінде осыған не айтасыз?
— Қазіргі мәдениет, өнер жәйінің ойлантатыны рас. Жаңарамыз деп мәдениет ошақтарынан айрылып жатырмыз. Кітапхана, кинозалдар жабылды. Ауылдарға өнер адамдары келмейді, тіпті қашады. Неге? Бәрі де қаржыға, халықтың әл-ауқатына байланысты. Алда не күтіп тұр? Білмеймін... Көңілім бір жақсылық күтеді. Соған сенемін.
Ал мәдениет қызметкерлерінің жағдайына келетін болсақ, адам төзгісіз. Осылай жүре берсек, ешкімге керек болмай қалуы да мүмкін. Бірақ ел азаматтары ескереді ғой деп ойлаймын. Өзінің әнші-күйшілерін әрдайым қастерлеген, ғасырлар бойы ұмытпаған халық қазір арасында жүргендерін де далаға тастар дейсің бе? Еркіндік өзімізге тиіп, заман, шүкір, түзелді. Бара-бара тұрмыс жақсарар. Өнер адамдарын әлпештер, алақанына салар. Бәрі де табыс көзіне, елдің көңіл-күйіне байланысты нәрселер ғой. Жылай берудің де жөні жоқ. Облыс көлемінде демеушілердің көмегімен бірқатар кештер, өнер адамдарының мерейтойлары басқа да шаралар өтіп жатыр. Және үлкен деңгейде деп айтуға болады. Осындай жекелеген істер болашақ үлкен істің бастамасы болғай деп тілейміз.
Мекеме басшыларына өкпе жоқ. Қазіргі кезде бәрін қалай қар қалай қылсын. Қиындықты да, жақсылықты да халық болып бірдей көреміз де. Үмітсіздік — шайтанның ісі.
— Үміт дегеннен шығады, өздеріңнің іздеріңді басып, өнер ғұмырын әрмен қарай жалғастыратын жастарға артар үмітіңіз қандай ?
— "Ел іші — өнер кеніші" деген. Өнерлі жастар, шүкір, көп. Атын атап, түсін түстемей-ақ қояйын. Мені үркітетіні көпшілігі эстрадаға еліктеп бара жатыр. Халық әндерін орындаушылар аз. Орындауы көңіл көншітпейді. Өте жасық. Мектептегі үйірмелер, өнер мектебіндегі, колледждегі ұстаздар халық әндеріне көңіл бөліңкіресе екен деген тілек бар.
— Ізеке, тағы бір сұрақ. Атақ-дәрежеге қалай қарайсыз?
— Пенде болған соң атақ-дәрежеге ұмтылу табиғи нәрсе. Еңбектің бағаланғаны адамды марқайтады. Бірақ бір анық білетін нәрсем, атақ-дәрежені сұрап алуға болмайды.
— Жалықпасаңыз тағы бір сауал. Кейбір апшыған сәтте адамның "осыдан жастық шақ қайта оралса, бәрін басқаша істер едім"деп ыдырыңатыны бар ғой. Өзіңіз қайтер едіңіз? Зілғара деген әрі батыр, әрі би кісі:
Өзім би, өзім батыр Зілғара едім,
Келгенде айтар сөзге ділмәр едім.
Жиырма бес қайта айналып бір көрінсе,
Қолымды бермен кел деп бұлғар едім, —
деген екен. Сол айтқан жастық шақ деген енді кісіге тек арман ғой. Өткен өміріме өкпе айта алмаймын. Мансап, атақ қуған жерім жоқ Бірақ халқымның құрметінен кенде емеспін. Көретін қызықты көріп жатырмын. Осы көрген-білгенімді қанағат тұтамын. Кім-кімнің де өмір сүрген тұстары, біле білсек, өзі үшін базарлы да ажарлы. Адам болып жаралған соң талап керек, талпыныс керек. Жалпы, қай жасқа келме, бас аман, ден сау болса адамның базары да, дүниенің ажары да сол.
— Әңгімеңізге рахмет, Ізеке. Тағы да шығармашылық мерейтойыңыз құтты болсын дейміз. Ақ қырау шалған басыңызды әрдайым тек төрден көрейік.
— Әумин, айтқаныңыз келсін.
ТҮЙІН : Осы әңгіме барысында Ізекең: "Атақ, дәрежені сұрап алуға болмайды ғой", — деді. Онысы рас. Бірақ деректі орындар тарапынан ықылас танытылып, жақсылығы өнер сүйер қауымның бәріне бірдей, халқына адал еңбегін сіңіріп жүрген азаматқа республикалық дәрежедегі атақ беріліп жатса несі артық. Бұл тек көш бастағанға төрін беретін, сөз бастағанға жол беретін ата салтымызды дәріптегендік, өнерпаз үшін еліне сіңірген еңбегінің бір белгісі болар еді.
Сұхбатты жүргізген
Аманқос СҮЙЕРОВ, 1997 жыл
Светқали НҰРЖАН
ЖЫРШЫ АҒАНЫҢ ТОЙЫНДАҒЫ "ТОП ТАРҚАТАР ЖЫР"
Жатқанда таңғы ұйқыда талаурап қыр,
Талықсып жасын сықты алаурап гүл...
Менің де алай-дүлей көкірегімде
Сен айтқан ән-жыр кетті баурап бір.
Ақбоз үй сәуле сауып белестегі,
Балқиды сарымайдай тегештегі.
Жатады көшіп менің көз алдымнан,
Өткеннің енді оралмас елестері.
Жыр күйді сен отырсаң қатар өріп,
Марқаяр оқ жонған ұл ата көріп.
Аралбай, Абыл, Ақтан, қарт Қашаған
Тұрғандай Сәттіғұлға бата беріп.
Тарихта мен ашпаған парақ бардай,
Кеудеңді құмар қанбас сан ақтармай.
Қайыптар Ақбөбекке қолын бұлғап,
Қалнияз Ауған ауып баратқандай.
Бекеттің бел жайлауын ел жайларда,
Сән салып көңілдегі көп жайларға,
Қаланың қапасынан — Әніңе еріп,
Кетеді көшкім келіп Көлқайнарға.
Ән тынбас аспаным бар — ел есен де,
Сарқылмас дастаным бар — сен есеңде...
"Тоя алмай Қыземшектің қызығына",
Қайтсақ қой қайта барып Көгесемге...
Кербез күй, сырбаз әуен, өлеңі асқақ
Үркітер көп қайықты кеме жасқап.
Көзіме көрінесің кейде менің,
Ақбас нар келе атқандай келе бастап.
Алты Алаш, Әлім, Табын, салқам Адай
Жиылсын – жайсаң іні, дархан ағай.
Мұратың беріп сенің, аға, бүгін,
Құралың қарағұрым тарқамағай!..
Алаштан озбасақ та би атанып.
Сыр айттық ақ қағазға – сия тамып. ...
Өткен шақпен көрмеген Ертегі еді,
Жүре бер Ертегіме жиі апарып...
Қалбай ӘБД1РАХМАН0В
ТАС ТАҚТА
Түнімен ұйықтатпады әлі есімдер,
Шамым сөнсе шаттанып келесіңдер!
Тас тақтаға мінекей шеге қақты,
Сол жерде мәңгі тұра бересіңдер!
Тас тақтаның жүзінен нұр сылайды,
Әндер, күйлер, өлеңдер қыңсылайды.
Авторлары солардың қайдасың сен,
Біз сұрамай, өзіңді кім сұрайды?!.
Кеттіңдер қай ауылға жырлап есіп,
Келеміз соңдарыңнан шырлап өсіп.
Сол жаққа неге кете бересіңдер,
Ақтауға келген шақта тырна көшіп?!.
Ел басына мұң келсе ақынға жүк,
Күңіреніп барады хатым нәзік.
Сәл өткен соң мына жұрт тарайды үйге,
Тас тақтаға марқұмның атын жазып.
Бағың еді бұл көше, құтың еді,
Өміріңнен көп нәрсе күтіп еді.
Айтып-айтпай не керек бар ісіңді,
Бір-ақ таспен қу тағдыр бітіреді.
Серің еді Ізбасар, керім еді,
Еске алуға ертең жұрт ерінеді...
Бұдан артық ойымды соза берсем,
Өлеңім таусылмайтын көрінеді.
Аялайды марқұмды жер құшағы,
Маңдайымды сұп-суық тер қысады.
Портретің ілініп қабырғаға,
Атқан оқтай сөздерің желге ұшады.
Мен де ұшырам құсымды қамап өтпей,
Бір күні оқ тиерсің жанап өтпей.
Алтыншы тау алдымнан қарайғанда,
Өлгендерге қайтейін қарап өтпей!
Ізіңнен бәлкім қалың көктейді орман,
Жас теректер жайқалып шөптей болған.
Ізеке, іздегенге риза бол,
Талайлар бұл тасқа да жетпей қалған.
Жанымды қайғы бұлты басты келіп,
Көңілде, көкіректе мастығы өліп.
Жаутаңдаймын қарап мен қалың жұртқа,
Қағылған төрт шегелі тасты көріп!
2-ші наурыз, 2003
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру