Досым Омаров. Шәкәрім шыңы
Досым Омаров
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Досым Омаров — «Досым Омаров. Шәкәрім шыңы» (Көркем әдебиет).
Досым Омаров
ШӘКӘРІМ ШЫҢЫ
(ұлы ойшыл көтерілген рухани деңгей)
Ар түзейтін бір ғылым табылмаса,
Зұлымдықты жалғанда әділ жеңбес.
Шәкәрім
дүниетаным
Алматы
Ұлы ойшыл ақын Шәкәрім Құдайбердіұлының
150 жылдық мерейтойына арналады
Пікір жазған – философия ғылымдарының кандидаты Асан Қайырбек
Омаров Д.
ШӘКӘРІМ ШЫҢЫ: ұлы ойшыл көтерілген рухани деңгей .
Бұл кітапта Шәкәрімнің өмірі мен оның жан ерекшелері, қалдырған рухани мұрасы сараланып, оның жетілудің заңғар биігіне көтерілгені көрсетіледі. Ойшыл ақынның сыр сөздері арқылы адам өмірінің көтерілу шыңы, сана-сезімді жетілдіріп, бақытты өмір жолымен болмыстың түпкі мақсатына жету тәсілі беріледі. Кітап оқу орындарында өзін-өзі тану, дүниетаным пәндеріне қолдану үшін мектеп оқушыларына, студенттерге және руханиятқа ұмтылған көпшілік қауымға арналады.
АЛҒЫ СӨЗ
Шәкәрім – қазақтың кең байтақ даласынан шығып болмыстың терең сырларын айқара ашып түсіндірген философ; табиғаттың ғажайып құпияларын көркем сөзбен жеткізе білген ақын; нәзік музыкамен адам көкірегін аша білген композитор; шыққан халқының адамзат қоғамындағы алған орнын анықтаған тарихшы. Бірақ бұлардың барлығы да Шәкәрімнің негізгі жетістіктері емес. Себебі, бұлар фәни әлемдік, заттық әлемге арналған. Оның негізгі жетістігі – бақи әлемдік, мәңгілік рухани әлем дүниесі. Орта ғасырларда қазақ даласынан әл-Фараби, Ахмет Яссауи тәрізді көптеген ұлы тұлғалардың шыққаны белгілі. Ал сол заманнан бергі кездегі шыққан ірі философтардың бірі Шәкәрім десек қателеспейміз. Шәкәрім үздік ақын ғана емес, сонымен бірге, қазіргі дәуірдегі қазақтың алғашқы философы деген де ой бар. Шәкәрім адам дамуының шыңын көрсетіп берді. Ол шыңды көрсетіп қана қойған жоқ, сонымен бірге, ол шыңға өзі көтеріліп, оның қандай екенін айтып, сыр сөздерімен жазып кетті. Бұл шың – әркімнің алдында тұрған түпкі мақсаты, фәни әлем түнегіндегі адастырмас шамшырағы. Осылай ұлы ойшыл ақын болмыстың мәңгілікті жолын көрсетіп, ол жолмен өзі де жүріп өтіп, басқаларға үлгі берді. Бұл жол – данышпандық жол еді. Мұндай деңгейге әулиелік қасиеті бар адамдар ғана көтеріле алады. Шәкәрімнің шығармашылық дүниесіне көз жіберіп, терең сырлы ойларын жүрек арқылы өткізе отырып саралап, олардың мән-мағынасына үңілетін болсақ, бұған көзіміз жеткендей болады. Бұл жоғары деңгейге көтерілу өмірде өте сирек кездесетіні белгілі. Шәкәрім өзінің туа біткен ерекшеліктерінің және үздіксіз талпынысының арқасында ол осы шыңға көтеріле білді. Бұл үшін ол қажымас қайрат, қайтпас талаппен өз дәуіріндегі білім көздерін тереңінен ақтарып, ақиқатқа жетуге ұмтылды. Осылай сана-сезімін дамытып, өсіре білді. Өткен тоталитарлық біржақты саясат дәуірінде Шәкәрім тәрізді өресі зор ойшылдар жөнсіз сынға алынып, олардың берген ілімі жоққа шығарылды, өздері ұмытылып, көпшілік қауымның назарынан тыс қалды. Енді Шәкәрімге тағылған орынсыз кінә-жалалар қайта қаралып, ақталған дәуір келді. Бірақ, әзірше ойшыл ақынның қалдырған терең сырлы рухани мұрасы көпшілік назарында өзіндік бағасын алды деп айтуға әлі ерте. Шәкәрімнің 150 жылдық мерейтойы қарсаңында және оны тойлау барысында осы олқылықты
толтырып, ойшыл ақынның асыл сөздерінің сырын ашып, бойға сіңіруге, оларды өмірде қолдануға жол салуға ат салысу әрбір азаматтың міндеті болса керек. Рухани жетілуге ұмтылған адамды Шәкәрім мұрасы мәңгілікке, өмірдің шексіз жоғары деңгейіне бағыттай алады. Оның шығармасына дұрыс сынмен қарап, берген тұжырымдарын ой елегінен өткізе отырып, адал жүрегімен қабылдаған, өмірде пайдалана білген адам ұлы ойшыл ақынның заңғар биік ірі тұлғасын да толық түйсінеді. Шәкәрім тәрізді данышпандардың өмірін толық түсіну үшін адамның сана-сезім, ой-өріс дегейлерін, соған байланысты өмірдің беретін ләззатты бақытын сезіп, білу керек. Бұл кітапта сол мақсатпен Шәкәрімнің өміріне қысқаша тоқтала отырып, оның жас шағынан бастап, қарапайым адам емес, ерекше жан иесі болғаны көрсетіледі. Адамның жетілу барысында оның жан ерекшеліктері үлкен орын алады. Автор сана-сезімнің табиғатына кеңінен тоқталып, оның түрлі деңгейлерін қарастырып, адамның рухани жетілуіне жол ашады. Көкірек көзі ашық, болмыс сырларын түсінемін деп ұмтылған адам баласына бұл кітаптың маңызы ерекше болар деген сенім бар.
Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының академигі Р.А. Оразалиев
БІРІНШІ БӨЛІМ
ШӘКӘРІМНІҢ ӨМІР ЕРЕКШЕЛІКТЕРІНЕ ҚЫСҚАША ШОЛУ
Иесіз өзім кестім кіндігімді,
Зорға аштым тар үңгірде түндігімді.
Сүрген өмір жайымды түгел ұқсаң,
Сонда анық білерсің кімдігімді.
Шәкәрім
1. Адам өмірінің үш бастауы
Адам тағдыры оның бұл дүниеге келгендегі үш жағдаймен тығыз байланысты. Мұны адам өмірінің үш бастауы деуге болады. Яғни, адамның болашақта көретін қуаныш-қайғысы, жасайтын жақсы-жаман қылықтары мен істері, ой-өрісінің қалыптасуы, тіпті бүкіл өмірінің бақыты осы үш бастаудың сапасына, іске асу деңгейіне және олардың өзара үйлесімділігіне байланысты. Халық дәстүрінде бұл бастаулар жақсы ескеріліп, олардың үйлесімділігі келешек ұрпақ тағдыры үшін қатаң қадағаланып отырған. Бұл бастаулардың біріншісі – ата-анасының қасиеттері, яғни генасы; екіншісі – өскен ортасы, яғни алған тәрбиесі; үшіншісі – адамның жан дүниесінің ерекшеліктері. Адам болмысының дұрыс қалыптасуына керекті бұл үш бастау кімнің болса да келешек тағдырын құрап, оның келешектегі көретін қайғықасіретіне, барлық ләззат-қуанышына себепкер болады. Адам тағдырын құрайтын бұл негізгі үш шарт бір-бірінен бөлек, бір-бірімен байланыспайды, өзара тәуелсіз, сондықтан біреуінің әлсіздігін екіншісі толықтыра алмайды. Бұл табиғи заңдылық және барлық жан иелеріне ортақ. Мысалы, өсімдік дүниесін алатын болсақ, өсімдіктің дұрыс өсуі оның ұрығының жоғары сапалы, топырақтың құнарлы және оның күтімінің жақсы болуына байланысты екені белгілі. Егер құнарсыз топырақ болса, оған қандай жоғары сапалы ұрық егілсе де өнімі төмен болады. Ал қандай құнарлы топырақ болып, оған қандай жоғары сапалы дән себілсе де егер кезінде суару, не болмаса топырағын қопсыту тәрізді түрлі агротехникалық күтімдер болмаса, дұрыс өнім болмайтыны белгілі. Тіпті егілген тұқым өнім бермей, өліп қалуы да мүмкін. Сондықтан генетика ғылымы дұрыс өнім алу үшін ұрықтың сапасын жақсартумен, агрономия ғылымы жерді өңдеу, құнарлылығын арттырумен және өсімдікті дұрыс бағып-қағумен шұғылданады ғой. Ендеше осы заңдылықты адам тәрбиесінде неге ұмытуымыз керек? Осыны ескермесек, мысалы, баланың туған ата-анасы жақсы болып, оның
жан дүниесі басқалардан ерекшеленіп тұрса да, егер келешектегі өскен ортасы, алған тәрбиесі дұрыс болмаса, ол баланың өсе келе өзінің ерекше қасиеттерін жоғалтып, басқа қарапайым пенделерден айырмашылығы болмай, солардың бірі болып кетуі әбден мүмкін. Мұны бала тәрбиесімен шұғылданатын адамдар жақсы біледі. Мектепте, бала бақшаларында тәрбие жұмысымен айналысатын педагогтардың айтуларына қарағанда қазіргі күндерде осындай өз қатарынан артып туған балалар баршылық. Қазіргі кезде ондай балаларды «Индиго» деп атап жүр. Олар өте талантты және талапты, барлық жағдайларда өздерін еркін сезінеді, қандай істі болса да тез үйреніп, игеріп кетеді. Ерекше туған Индиго балаларды кезінде көре біліп, олардың ерекшеліктерін дұрыс түсініп, басқалардан бөлек тәрбие беру керек. Егер оларды көпшілікпен бірге тәрбиелесе, онда олар өздерінің ерекше қасиеттерін жетілдіре алмай, тіпті олардан айырылып қалып, басқа қарапайым балалармен бірдей болып кетуі мүмкін. Ал бұл балалар өздерінің зор қасиеттерін өсіріп, келешекте ата-анасының мақтанышы, халқының сүйенер тірегі, адамзаттың жарық жұлдызы, кемеңгер ойшылы, ірі ғалымы, не болмаса өнер қайраткері болуы мүмкін. Үлгі алатын, алға сүйрейтін жарық жұлдыздай жол көрсететін ондай адамдар болмаса халық қарапайым тобырға айналып, артынан іріп-шіріп, кері кетіп, өзін-өзі жоғалтып алуы да ғажап емес. Алға сүйрейтін зиялы қауымынан айрылып, ақыры тарих сахнасынан жоғалған халықтардың тағдыры бұған жақсы мысал болады. Кейбір елдерде Индиго балаларға ерекше көңіл бөлініп, жағдай жасалады. Мысалы, Қытайда олар көпшілік назарынан тыс арнайы мектептерде оқиды. Олар елдің келешек басшылары, елдің стратегиялық ісін атқаратын іскерлері мен барлаушылары. Израилда мұндай балалармен білім министрлігі арнайы құпия жоспар бойынша шұғылданады. Францияда оларды басқа шет елдерге жіберіп оқытады. Ал Ресейде бұл балаларды тәрбиелеу жөнінде арнайы жоспар дайындалып жатыр. Шәкәрімнің балалық шағына көз жүгіртсек, оның да осындай индиголардың бірі болғаны байқалады. Сонымен бірге, келешекте жақсы азамат болып, өз халқының мақтанышы, адамзаттың ұлы адамдарының бірі болуына оның өмірінің үш бастауының жақсы үйлескені үлкен әсер етті деуге болады. Бұған көзімізді жеткізу үшін ақынның өмірбаянына қысқаша шолу жасап, оның өмірінің осы үш бастауына жеке-жеке тоқтала кетейік. Шәкәрімнің өмірбаянын оның өз ұлы Ахат Шәкәрімұлы жазып, "Менің әкем, халық ұлы – Шәкәрім" /1/ атты естелігінде әкесі туралы өте құнды деректер қалдырған. Ұлы ойшылдың өсіп-жетілу ерекшеліктері осы шығармадан өте жақсы көрініп тұр. Ақын өмірін оның баласынан артық ешкім білмейді. Сондықтан, басқа деректер көзін іздемей-ақ, ақын өмірін саралауда баласының жазған осы еңбегін негіз етеміз. Шәкәрім өмірінің үш бастауының бірі – оның ата-тегі.
1.1. Шәкәрімнің ата-тегі
Генетика ғылымы бойынша жақсы ұрпақты тек қана жақсы тұқымнан ғана алуға болады. Қандай тұқым болса – сондай ұрпақ. Себебі қандай жан иесі болса да ол белгілі бір жетілу сатысында. Әркімнің өзіндік сана-сезімі, яғни қадір-қасиеті бар. Өмір шындығын халқымыз дәстүрге айналдырып, әркім өз деңгейіндегі адамдармен араласқан. Осылай қоғамдағы үйлесімділік бұзылмай, әркім өзіне тиесілі орын алған. Қоғамның бұл үйлесімділік заңдылығы баласына қалыңдық таңдағанда құдаласу тәртібін анықтаған. Құнанбай өзі, оның тұқымдары да бұл арнадан шықпай, балаларын үйлендіргенде кездейсоқ адамдар емес, өздері тәрізді білікті, текті адамдармен құдаласып отырған. Осылай олардың ата-тек маңызын жоғары бағалағанын көреміз. Құнанбай тұқымынан шыққант Шәкәрім 1858 жылы Семей өңірі Шыңғыстау алабында тобықты руында дүниеге келді. Оның әкесі Құдайберді Абайдың туған ағасы еді. Сондықтан Шәкәрім Құнанбайдың немересі, ал Абайға оның ағасынан туған іні болып келеді. Құнанбайдың әкесі – Өскенбай, атасы – Ырғызбай. Шәкәрімнің ата-тегі әке жағынан да, шеше жағынан да халық ішінде өте беделді, ел басқарған, халықтың әдет-ғұрып, салт-дәстүрін сақтауда үлкен тірек болған адамдар екені белгілі. Кеңес дәуірінде бұлар туралы, әсіресе Құнанбай жөнінде теріс көзқарас тудырып, оны озбыр, ел қанаушы, қатал адам ретінде көрсетіп келді. Бірақ қазіргі заманда мұндай көзқарас жоққа шығарылып, Құнанбай ғана емес, Шәкәрімнің бүкіл ата-бабасына деген пікір жаңаша қалыптасып отыр. Қысқасы, Шәкәрімнің әке жағынан асылдың бір сынығы екенінде дау жоқ. Бұл туралы Абай өмірін жазғанда да айтылды /7/. Ендеше бұл мәселеге көп тоқталмауға да болады. Тек ақынның әкесі туралы біраз айта кетелік. Құдайберді өте ақылды, мейірімді адам болған. Ол өкпе ауруына шалдығып 1866 жылы көкек айында, 37 жасқа шығарда қайтыс болып, Шәкәрім басқа бес балалармен бірге жеті жасында жетім қалады. Әкесі туралы Шәкәрім өзі былай деп естелік айтқан екен: "Мен әкемді жасымнан жақсы білемін. Әсіресе, кейінгі жылдары, күндері көз алдымда тұрады. Ақырғы жылда бұрынғыдай жиі аңға шықпай, үйде болатын уақыттары көп болды. Түрікше әңгіме кітаптарды оқуын қойған жоқ... Әкем ұзын бойлы, ақсұр, қара мұрт, қара сақал, өткір көзді, тік иықты, сырт пішіні сұлу, қимылы тез, сергек адам еді... ...Әкем қыста қысыр байлатып, қымыз ішетін, кейін қымызды да көп ішпейтін болды. Науқасы бұрынғыдан ауырлап, қан құсқанын маңайдағы ауылдар естіп, көңілін сұрағандар жиі келетін болды. Қысқы қатынасқаннан бұл жайды қалада жатқан Абай естіп-біліп, дәрілер алып, біздің ауылға келді. Әкем Абайдың сәлемін алып, олар құшақтаса көрісті. Абай әкеме ақ ұнтақ дәрі және тамызып ішетін қызғылт дәрілерді ішкізді. Содан әкем сырқаты жоқ адамдай шүйіркелесе
әңгімелесіп кетті. Абай әкейге "қалаға апарып дәрігерге қаратсам" деген ойын айтты, әкем "оның жөн ғой, бірақ қазір қыс уақыты, жаз шыға апарарсың"– деді." Шәкәрімнің осы естелігінен оның өзінің бет-пішіні, дене бітімі әкесіне ұқсас деп ұйғаруға болады. Себебі ол да ұзын бойлы, сұлу кескінді адам болған. Және осы әңгімеден әкесінің ой-өрісі сергек, адамшылығы зор болғанын, басқа жұрттан сый-сипаты бөлек, оның Абаймен де үлкен құрметсыйластықта болғанын, мінез-құлқының сабырлы, салмақты болғанын көреміз. Құнанбай тұқымы өздерінің балаларына әйелді кездейсоқ, қарапайым адамдардан емес, арғы түбі текті, ерекше адамдардың қызын әперіп отырған. Мысалы, Шәкәрімнің әкесінің шешесі, Құнанбайдың үлкен бәйбішесі Күнке Найман Ағанас бидің қызы болған. Ел аузында Ағанас биді әділ, сезімді, ақылды, тіпті, әулие адам болған деген сөз қалған. Ал Шәкәрімнің шешесі Төлебике Қаракесек руының "Кедей" деген табынан шыққан Алдаберген деген адамның қызы болған. "Алдаберген бай емес, орта дәулетті, бірақ өте адал болған адам. Сол адалдығының арқасында ел қатты силап құрметтеген, абыройлы болған. Балаларын, қыздарын өте ерте оқытқан адам. Шәкәрімнің шешесі арабша, түрікше көп оқыған. Қол өнерге өте шебер, кесте тігетін, ою оятын, киім пішетін, пышақ соғатын істі адам болған. Есті, сергек, ақылды, мейірімді, жомарт болған әжеміздің Құранын, "Ғибадат исламиясын" "Мұқтасарын", тағы да басқа кітаптарын мен көрдім. Шешелерімнің, үлкен әжелердің: "Дәметкен (Төлебикені солай атаған) оқымысты, ақ мартуы бар, есті, ақылды еді" – деп отырғандарын сан естігем.» – деп жазады Ахат өзінің естелігінде. Шәкәрімнің шешесі Төлебике өлең де шығаратын болған, араб тілін жақсы білген. Ол шаруаға да мықты, сондықтан әкесі Құдайберді барлық шаруаны шешесі Төлебикеге билетіп қойған. Төлебике өте мейірімді, нашарға жаны ашып тұратын болған. Кедейлердің нашар, жетім-жесірлеріне қатты қарайласқан. «Қый оярда, соғым соярда олардың әйел еркектерін шақыртып алып, жұмыс беріп, қайтарында қап-қап ет, керек-жарақтарын арқалатып жібереді екен"– деп жазады Ахат өзінің әжесі туралы. Ахаттың бұл сөздерінен Шәкәрімнің аталары балаларына келін таңдағанда олардың байлығына ғана қызықпағанын көреміз. Олардың түпкі мақсаты өздерінің үрім бұтағының іріп-шірімей, керісінше, нығайып беки беруін көздеген. Осылай Абай, Шәкәрім, олардың алдыңғы қатарлы ұрпақтары дүниеге келіп, үлгілі тәрбие алып, халық мақтанышы болып өсіпжетілген.
1.2. Шәкәрім Абайдың шәкірті
Адамның өскен ортасын, одан алған тәрбиесін топырақтың құнарлылығы мен өсімдіктің күтілу жағдайымен салыстыруға болады. Егер жер құнарлы болса және өсімдік кезінде жақсы күтілсе, одан алынатын өнімнің де көп
болатыны белгілі. Сол сияқты егер адам баласы жақсы ортаға келіп, дұрыс тәрбие алатын болса, оның келешегі де дұрыс болмақ. Бұл тұрғыдан алғанда Шәкәрімнің бағы жанған деуге болады. Өйткені, ол өздері дұрыс тәрбие алған, сонмен бірге, өзгені де жақсы тәрбиелей алатын текті адамдардың аясында өсті. Ал оның дұрыс өсіп, жетілуіне қамқор жасаған негізгі бағбан Абай болды. Атасы Құнанбай болса, ол қажылыққа барып келгеннен кейін бұл фәни өмірден шеттеп, күнделікті тіршіліктің күйбеңіне былғанбас үшін басқа адамдардан шымылдық арқылы бөлектеніп, тасбих тартып, тақуалық жасап, қалған өмірін толық рухани жолға бағыттаған. Өз ұрпағына ол адам өмірінің мәнін, оның түпкі мақсатына қалай жету жолын осылай көрсетіп, үлгі шашып, тағлым берген. Шәкәрімнің ағасы Әмірдің жиын-сауыққа, ән салып, өлең айтуға, думанға құмар болып жүріп, біреуге айттырылып қойған қызға көңіл аударғаны үшін Құнанбай өзінің бұл немересін қалай қатты жазалағаны туралы Мұхтар Әуезов "Абай жолы" романында /3/ келтіргені белгілі. Осылай Құнанбай қажы өзінің сөзі ғана емес, ісімен де басқаға үлгі болып, қоғам өмірінің үйлесімділігін сақтауда үлкен бедел болып отырған. Ал одан тәрбие көрген баласы Құдайбердінің адалдығы, адамға деген мейірімділігі туралы Ахаттың жазғанынан білеміз. Шәкәрім әкесі жағынан осындай өнегелі ортада болса, шешесі жағынан да жақсы тәрбие алған. Оның шешесі Төлебикенің қандай өнегелі және тәрбиелі адам болғаны туралы айтылды. Ол өзі білетін араб тілін баласы Шәкәрімге үйреткен екен, тіпті кездік соғуға да үйретіп, оны өзі білетін ұсталық іске де баули білген. Қадырлы әкесі Құдайберді қайтыс болған соң Шәкәрімге жетімдік тауқыметін көрсетпей, оған дұрыс тәрбие беретін адам керек еді. Бұл міндетті халқымыздың рухани болмысының жұлдысы тәрізді болған Шәкәрімнің әкесінің інісі, ұлы Абай қолына алады. Абайдың көмегімен Шәкәрімнің ата-тегінен берілген текті қасиеттері, табиғатынан берілген жан талабы дұрыс жетіліп, жақсы күтім көрген жеміс ағашындай көктеп жетіліп, өзінің жұпар аңқыған тәтті жемісін берді. Соның арқасында бүгінгі күндері Шәкәрімнің жүрегінен жарып шыққан от жалынды жырларын оқып, рухани нұрдың ләззатын алуға мүмкіндігіміз бар. Абай тәрбиесі арқасында Шәкәрімге тарих сахынасында өзіне берілген рөлді толық орындауына мүмкіндік туды. Абай Шәкәрімді баулып өсіріп, кезінде дұрыс бағыт көрсетіп, керек жерлерінде сынға да алып, жас жеткіншектің рухани ұстазы болды. Абайдың өзіне деген ыстық ықыласын кезінде Шәкәрім былай деп мойындап жазады: "Абай бізді жақсы көретін, келгенде қасына жатамыз деп таласатынбыз. Абай: "Бұл кіші ғой" – деп мені қойнына алып жататын, басқа балалар да Абайдың айналасына жайғасатын. Бізге әңгіме айтып беріп, оқыған оқуымды, жаттаған қиссаларымды айтқызатын еді", – дейді Шәкәрім. Шәкәрімнің жас кезінен бастап оның тәрбиесіне Абай осылай үлкен көңіл бөлген. Оған өнер үйретуде, білім алу жолында жол көрсетіп, өзі басшы болып, ұйымдастырып отырған.
Ол Шәкәрімнің жасынан домбыраға құмарлығын байқап, күздің басында, керей руынан шыққан атақты домбырашы – Біткенбай деген адамды шақыртып алып, Шәкәрімге күй үйретуді тапсырады. Осылай бір жылға тақау, ел жайлауға шыққанша, Біткенбай Құдайбердінің ауылында болып, Шәкәрімге көптеген қазақ күйлерін үйретеді. "Менің домбыра ұстазым – Біткенбай, оны тауып алдырып беруші – Абай", – дейді екен Шәкәрімнің өзі. Тіпті аң аулауға құмарлығын арттырып, құсбегі болып, оған мерген болуға да Абайдың себебі болған екен. Шәкәрім «жақсы мерген болуыма Абай себепші болды» деп, ол жайында былай деп сыр тартыпты. Бір күні Абай ауылына мерген орыс адамы келіпті. Абай бірден Шәкәрімді шақыртып алып, осыдан мерген болуды үйренесің деп оған қосып жібереді. Екеуі көлге барып, неше күндей жатып, құс атып, орыс Шәкәрімді мергендікке үйретеді. Шәкәрім екі жағынан бірдей атуды, түнде және ұшып бара жатқан, не су толқынында жүзіп бара жатқан құсты, желді күні оны қалай көздеп, қай жерінен сығалап атуды үйренеді. Абай Шәкәрімге орысша оқы деп ақыл айтады. Шәкәрім орысша білетін Нүрпейіс деген адамды қолына ұстап, орысша үйреніп, сөздік алып, орыс тілін жақсы үйреніп алады. Бұл, әрине, оған кейіннен Л.Н. Толстоймен хат жазысып, А.С. Пушкин шығармаларын аударуға мүкіндік бергені мәлім. Сонымен бірге, басқа шәкірттерімен қоса Абай Шәкәрімге түрлі тапсырмалар беріп, әр жанрдан шығарма жазуды тапсырып, өзі оны қадағалап, қатесі болса кезінде түзетіп отырған. Шәкәрім кәрілікті мінеп жазғанда, оның бұл қылығын ұнатпай Абай былай деп сын өлең жазған екен.
Сөз айттым "Әзірет Әлі", "айдаһарсыз",
Мұнда жоқ "алтын иек, сары-ала қыз".
Кәрілікті жамандап, өлім тілеп,
Болсын деген жерім жоқ жігіт арсыз.
Әсіре қызыл емес деп жиренбеңіз,
Түбі терең сөз артық, бір байқарсыз.
("Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін", 1888 ж.)
Абай сынағанда ең әуелі өзінің қасында жүрген жақын адамдарын сынайды екен. Бұл, әрине, ұстаздың шәкірттеріне деген қамқорлығы мен мейірімділігі, ең әуелі солардың қамы үшін жасалған әрекет екені белгілі. Әйтпесе Абай тәрізді салихалы адамдар біреуге жамандық ниетпен, немесе оларды мұқату үшін сөз айтпайтыны белгілі. Абай жас талапкерлерге ақын және ақындық өнердің міндеті туралы ой сала келіп оларды үлкен мақсатқа бағыттап, жол көрсетеді. Абай осы өлеңінде "Әзірет Әлі айдаһармен алысыпты" деп өлең жазған Көкбайды, "Зияда" деген дастанында қызды мақтап: көзі гәуһар, иегі алтын деп орынсыз теңеулер айтқан жас ақын Әріпті және кәрілікті жамандаған Шәкәрім, үшеуін де сынға алып отыр. Олардың көңіліне
келмейтіндей етіп, сыпайы тілмен жеткізген ақынның бұл ескертуі кезінде жастарға үлкен әсер еткен. Сондықтан Шәкәрім Абай ұстазының өзіне деген жасаған қамқорлық, шын пейілін жоғары бағалайды. Ол әсіресе Абайдың білім алуға итермелегенін, жаңа рухани белестерге шығуға мүмкіндік жасағанын жақсы түсініп, оны жоғары бағалаған. Бұл туралы Ахат былай деп жазады: "Мен, – дейді Шәкәрім, – жайлауда Абай ауылына бардым. Үйде Абай құрбылас ақсақалдар толып отыр екен. Мен сәлем беріп кіргенде Абай: "Кімді айтса, сол келеді дегендей, Шәкәрім, келгенің жақсы болды. Мен мына ақсақалдарға айтып отыр едім. Мен етек басты болып білімді қуа алмай қалдым. Сол көксеген арманымды Шәкәрім арқылы орындаймын деп, саған білім қуғызатын болдым! Адам қырық жасына дейін білім жинап, қырық жасында кәміл толады, ақыл-ойы, жігер-қайраты жетіледі. Енді үш жылда сен қырыққа толасың. Шығыс тіліне жетік болдың. Енді үш жылға дейін орыс тілін үйрене бер. Бар қаражатың менің мойнымда, сен осыған дайындал. Кәне, осыған келісесің бе?" – деді. Мен: "Барлық қаражат сізден болса, білім алуға неге бармайын. Бірақ, қай жерге барамын?" – дедім. Абай: "Афин-Грек білімі Стамболға жиналған, содан табылады. Араб білімі: Меккеде, бірақ, менше, Меккеден гөрі Мединадан көбірек табылуы керек. Және Мысырдағы Александр атындағы кітапханаға барасың. Осы төрт жерге барып, тарихи орындарды аралап, керек кітаптарды алып, біліміңді толтырып қайтасың. Сатып алатын кітаптарыңа, жол қаражатына жетерлік пұлды өзім беремін. Осыған келіссең қолыңды әкел, – деп қолын ұсынды. Мен: "Қаражат сізден екен, мен білім алады екем, барам", – деп қолымды бердім. Абай кісілерге қарап, "Көрдіңдер ғой, Шәкәрім уағдасын берді!" – деді. Отырған ақсақалдар: "Көрдік" – десті. Осыдан соң, мен орыс тілін жете білуге бар ынтамды салып, еңбек етуге айналдым. Басқа жылдарымнан гөрі, осы жылдарым пайдалы жылдарым болды. Өзім білетін шығыс тілдерін де тереңдей зерттеп, кемшілігін толықтырдым... ...Сүйтіп, 1905 жылдан 1906 жылға қарсы күзде жүріп кеттім. Абайдың ақырғы кеңесі – осы сапарым менің көзім ашылып, адам қатарына қосылуыма үлкен себебін тигізді. Сол сапарда, неше ұлттың ғалымдарымен сөйлесіп, пікір алысып, керек кітаптрады алдым. Ол кітаптарды посылка етіп, Семейдегі Аниярдың атына жіберіп отырдым. Стамболда тарих қорларын сақтайтын орындарда болып, ары бара жатқагда 13 күн тарих ақтардым. Ертедегі Шығыс ақын-жазушысы, ойшылдарының шығармаларын түгел алдым. Гомерден бастап Грек халқының ойшыл-философтарының шығармаларын, Батыс философтарының шығармаларын, ертедегі Түрік ғалымдарының жазған шығармаларын, әр елдің лұғаттарын, Америка жазушыларының шығармаларын алдым. Демек, менің бұл сапарым, көкірек көзімді ашып, аңсаған арманыма қолым жеткен сапарым болды! Бұ да Абайдың маған
ақыл кеңесінің жемісі. Стамболдан Меккеге бардым, оның тарихи орындарында болып, көп қажеттерімді таптым. Мединаға бардым. Одан Араб халқының ескі замандағы Мұхаммед пайғамбардан 200 жылдай бұрын болған Абу Суфиян сияқты ғалымдардың шығармаларымен танысып, кітаптарды алдым. Бірақ Мысырдағы (Египеттегі) Александр атындағы кітапханаға бара алмадым. Меккеде сол кітапханада көп жыл істеген ғалымға кездесіп, менде жоқ ғалымдардың шығармаларын жазып алдым... Үнді, Парсы ғалымдарымен пікір алыстым. Ең аяғы Түрік музыкантынан нота жазуды үйрендім. Парсы тілін жетік білетінімнің арқасында Парсы, Үнді доктырларымен сөйлесіп, емдеу тәсілдерінің көбін үйрендім" – дейтін. Шәкәрімнің осы сөздеріне біздің толығырақ тоқталып отырғанымыздың себебі, бұл сөздерден ойшыл ақынға, оның келешек өміріне бұл сапардың қандай әсері болғанын көрсету. Бұл сапар бұрын қазақ ауылынан ұзап шықпаған Шәкәрімді сана-сезімнің жаңа деңгейіне көтеріп, оның ой-өрісін шарықтатып, өмір құпиясын көретін тылсым дүниенің есігін айқара ашуына мүмкіндік берді. Ахаттың жазуына қарағанда, оның кітапханасы өте үлкен және рухани құндылығы жағынан да өте бай болған. Ол кездегі қазақ даласында кездесе бермейтін кейбір ғалым ойшылдардың кітабы Шәкәрім қолына осылай түскен. Осыдан оның білім деңгейі мен ой ойлау көкжиегінің қандай шалқар, кең болғаны байқалады. Шәкәрімнің бұл сөздері оның негізгі философиялық ойларының исламның ұлы ойшылы Жәлел ад-Дин Руми мен сопы ақыны Жүніс Әміренің толғамдарымен үндес болу сырын ашады. ХІҮ ғасырда ислам орталығы Түркияға ауысып, халифат осы елге көшіп, бүкіл мұсылман жұртының басшылығы енді араб елдерінде емес түрік халқының құзырына тиген еді. Дәл сол кезде сопы ілімінің соңғы ірі өкілдері деп есептелетін Руми мен Жүніс Әміре осы елде өмір сүрген болатын. Сондықтан "Ертедегі Түрік ғалымдарының шығармаларын... алдым" деуіне қарағанда Шәкәрім осы сапарында солардың шығармаларын алып, танысқан болса керек. Бұл ой Шәкәрім мен ислам ілімінің өте ірі өкілі Румидің философиялық үндестігі қайдан шыққан деген сұраққа жауап береді. Мысалы, Шәкәрімнің «Атаның шаһуатының көп қой мәні», «Жан беріп жарық, жылы нұрдан», «Келді, кетті», «Қасыңа қылыш қайратқан» тәрізді өлеңдері Румидің тән уақытша, ал жан мәңгілікті, өзінің өткен өмірінің нәтижесі бойынша жан өзіне тиесілі тән алып, үнемі бір тәннен екінші тәнге ауысып отырады деген қағидасымен толық үндеседі. Осылай Шәкәрім Шығыс ақын-жазушыларының шығармаларына ынтасы артып, оларды жетік білген. Шәкәрім әсіресе "Ниссан-ил-ғайып", яғни "оның тілі ғайыптан келген" деп атанған Хафизды жақсы біліп, оны қазақшаға аударып, ғайыптың терең сырын қазақ халқына жеткізуге ұмтылған. Кезінде Мұхтар Әуезов "Сол кезде Шығыс әдебиеттеріне Шәкәрімдей жүйрік адамды көргем жоқ. Шығыс әдебиетіне берілуіме себеп болған ұстазым Шәкәрім!" – деп ақынға жоғары баға берген екен.
Шәкәрім Абайға берген өзінің уәдесін осылай орындап, Меккеге, Стамбулға сапар шеккен екен. Бұл сапардың ақын үшін сәтті болғаны сонша, ол сапардан кейін 1907 жылы рухани дүниенің шыңынан алынған өте құнды "Ләйлі-Мәжнүн" дастанын жазады. Содан бес жыл өткен соң, 1912 жылы "Кең қоныс" деген жайлауынан қора салдырып, фәни өмірден бөлектеніп, қалған өмірін елден жеке жерде өткізуге бел байлайды. Бұл ұлы ақынның осыған дейінгі өмірінің нәтижесі еді. Осылай Шәкәрім Абай салған сара жолмен рухани жолға бет бұрып, мәңгілікке ұмтылған. Абайдан алған өнегелі тәрбиесін Шәкәрім өзінің балаларына, басқа жастарға да беруге ұмтылып отырған. Бұл туралы Ахат былай деп жазады: "Әкей Абай өзін қалай тәрбиелесе, бізді де солай тәрбиеледі. Соның негізгілері: Адам елге, не біреуге пайдасын тигізуі керек. Пайдасын тигізе алмаса, залалы тимесін. Онан соң, қатты тапсыратын нәрсесі – адалдық! Адал болыңдар, адалдың арқаны ұзын. Біреуді өткелге салып өтуден сақ болыңдар. Егер бұны істемесеңдер – ырза емеспін, – дейтін. Адам баласын ұлтқа, руға бөлуден сақтан, ала көрмеңдер". Міне жастарды жақсы көріп, оларға осындай өнегелі тәрбие бере отырып, Шәкәрім сонымен бірге өмірдің мәні туралы түрлі сұрақтар қойып, соған жауап жаздырып, ақыл-кеңесін беріп отырады екен. Әрі қарай Ахат сөзін былай деп жалғастырады: "Біз әкейдің тәрбиесінің арқасында боқтық, арамдық дегенді білмедік. Кісі түгілі айуанды да боқтап көрген емеспіз. Малшыларды, не оның балаларын бөтен санағамыз жоқ. Олармен бірге жатып, бірге ойнадық. Олардың үлкендерінің аттарын атамайтынбыз. Ата, апа – дейтінбіз. Олар бізді жанындай жақсы көретін." Міне осы сөздерден жақсы тәрбиенің нәтижесі, оның адам баласына деген шипасы сезілсе керекті. Бұл қай заманға болса да өте құнды өнеге. Бұлай тәрбиеленген қоғамның келешегі де бұлыңғырсыз, анық болмақ қой. Осылай қоғам үшін Шәкәрім өмірінің үлкен ғибраты барын көреміз.
1.3. Жан дүниесінің ерекшеліктері
Шәкәрімнің данышпандық, даралық құпиясын түсіну үшін әуелі адамның жан дүниесінің не екенін біліп алуымыз керек. Адам өміріне әсер ететін оның ата-тегі, өскен ортасы және жан дүниесінің ерекшеліктері дедік. Әуел баста нәрестенің пайда болар шағында бұлар бір-біріне тәуелсіз бастаулар болса да, сонымен бірге, ана құрсағынан бастап келешек баланың қандай адам болып дүниеге келуі олардың үйлесімділігіне байланысты болады. Сондықтан өмірде жақсыдан жаман туып, ал жаманнан жақсы туатын жағдайлар жиі кездеседі. Мысалы, егер анасы екі қабат кезінде өзін дұрыс күтінбей, өмірін үйлесімді жасамай, табиғи заңдылықтарды бұзатын болса, онда әке қандай асыл тектен шығып, оның қасиеттері қандай жоғары болса да, келешек баланың дұрыс болмай, оның психикасы мен дене бітімі әлсіз, аурушаң болуы әбден мүмкін. Кәдуілгі өмірде кейбір жағдайларда іштегі нәрестенің өсуі ананың мінез-құлқына қатты әсер етіп, ол ана түрлі қайғы-
қасіретке ұрынады. Не болмаса, дұрыс тамақтанбай, ащы, қышқыл нәр татып, тіпті, арақ ішіп, темекі тартатын аналар да болады. Осылай жатырдағы нәрестенің өсу ортасы бұзылып, оның басқа екі бастауы жақсы болса да, олар дұрыс нәтиже бере алмай, баланың көптеген кемшілікпен дүниеге келуі өмірде жиі кездеседі. Не болмаса, керісінше, ана қасиеттері жақсы болғанымен, әке қасиеттері оған сәйкес келмеуі мүмкін. Екі жағдайда да келешек нәрестенің кемшіліксіз болып дүниеге келуі екі талай. Осылай қарапайым өмірде адам баласының келешегін анықтайтын жаңағы үш бастау үнемі бір-бірімен қайшылықта болып, таласып отырады. Бала өсе келе де оның жан дүниесі рухани жаққа сүйресе, ал ата-тегі, не болмаса қоршаған ортасы оны кейін қарай, мүлде басқа жаққа сүйреуі мүмкін. Себебі жан құмары таза рухани болса, ал қалған екеуі – ата-тек пен қоршаған орта – материалдық әлемге жатады. Адамзаттан төмен басқа жан иелерін – жануарлар мен өсімдіктерді – селекция арқылы сұрыптап, асылдандырып алуға болатыны белігі. Ал адамзат тұқымын осылай қолдан жақсартуға бола ма? Бұл сұраққа тура жауап беру өте қиын. Себебі, адам баласының одан төменгі жан иелерінен екі айырмашылығы бар. Адам баласына ерік және оны өз мақсатында дұрыс пайдалана білу үшін ақыл беріледі. Ал адам баласынан басқа жан иелерінде ондай ақыл мен ерік жоқ. Олар инстинктпен өмір сүреді. Сондықтан хайуанаттар ешуақытта табиғат заңдылықтарын бұзбайды. Хайуанаттар мен өсімдік әлеміндегілер табиғат заңдылығы аясынан шықпайтын болғандықтан олардың жақсы тұқымынан дұрыс бағып, күту арқылы жақсы өнім алуға әбден болады. Адам баласының табиғаты басқа. Ол өзіне берілген аздаған ерікті дұрыс пайдалана алмай, сезімдеріне беріліп, табиғат заңдылығы аясынан жиі шығып, оған қарсы әрекет етеді. Сөйтіп, кейде болмыс үйлесімділігінен де шығып кетеді. Болмыс үйлесімділігінен шығып, табиғат заңдылығына қарсы әрекет жасағаннан кейін ол, әрине, дұрыс жетіле алмайды. Осылай, ол табиғаттың әділет заңдылығы бойынша жетілу емес, құлдырау жолына түсуі де мүмкін. Сонымен, қарапайым өмірде адам баласына ерік беріліп, бірақ олар оны дұрыс пайдалана алмай, табиғат заңдылығын жиі бұзатын болғандықтан, оларды селекциялау қиынның қиыны деуге болады. Адам баласын хайуанаттарды жақсартқандай жақсарту үшін, оларды да хайуанаттар тәрізді табиғат заңдылығын бұзбайтын қатаң тәртіпке алып, ерекше тәрбиелегенде ғана мүмкін болатын шығар. Бірақ, ондай жағдайда адамның еркін алатын тоталитарлық тәртіп керек. Ал бұл Алла тағаланың адамға берген еркіне шек қою деген сөз. Алла тағаланың берген еркін алып, болмыс заңдылығына қарсы, адамға зорлық көрсеткен үшін, тоталитарлық тәртіп көп өмір сүре алмай, күйреуге ұшырайды. Сондықтан ол дұрыс жеміс бере алмайды. Бұған өткен коммунистік қоғам мен Чили президенті Пиночет сияқтылардың орнатқан тәртіптері көрнекті мысал. Соңғылар туған халқына көптеген зорлық-зомбылық, қайғы-қасірет әкелді. Ал жақсылығы шамалы болды. Дегенмен де, қоғамның белгілі бір даму дәрежесінде арнайы болмаса
да, табиғи селекция көріністерін байқауға болады. Алдыңғы қатарлы дамыған елдердің тарихынан қоғамның өзі адамдарды селекциялап, олардың табиғатын жақсартып, өркениеттік қасиеттерін дамытты. Мысалы бұған Жапон, Герман елдерін жатқызуға болады. Бірақ, селекция арқылы адамның рухани емес, тек қана дүниелік қасиеттерін, яғни, оның ақыл-есін, дене ерекшеліктерін, психоэнергетикалық жүйелерін ғана жетілдіруге болады. Ал адамды өзге жан иелерінен бөлетін, тек қана адамға тән рухани, даналық қасиеттерді бұл әдіспен жетілдіру мүмкін емес. Даналық және әулиелік дене қасиеттерінен басқа, өзгеше қасиеттерді керек етеді. Әулиелік қасиет – тән қасиеті емес, жан қасиеті. Ал жан қасиеттері тек қана жаннан шығады. Бұл арада селекция заңдылығы дәрменсіз. Селекция заңдылығы тек қана материалдық әлемді басқара алады. Әулие адамды тәрбиелеу үшін оның жанының ерекше қасиеттері болуы керек. Баланың жоғары рухани жанды болуы ата-анасының қасиеттері ғана емес, олардың келешек ұрпақ негізін салу кезіндегі ниеттерінің тазалығы, жоғары мақсаттары, ой дұрыстығына байланысты. Егер олардың сезімдері таза болып, ой-өрістері жоғары болса, онда келешек нәрестенің жаны да жоғары әлемдерден келіп, рухы таза болады. Осылай жоғары рухтың отбасына келуі әке-шешенің генасына және өскен ортаға ғана байланысты емес екенін көреміз. Егер де ананың жүкті болуы ата-ананың ойөрісі дұрыс болмай, нәпсіқұмарлық сезімі билеген сәтіне, не болмаса, арақшарап ішіп алып мас болған сәтіне сәйкес келсе, онда келешек баланың жаны әлсіз болады. Баланың жан дүниесі әлсіз болса, оның ата-тегі қандай жақсы болып, қандай жақсы тәрбие алса да, ондай нәрестеден асыл адам шықпайды. Керісінше, ананың жүкті болу сәтінде қарапайым адамдар Алла тағалаға толық беріліп, жоғары күштерден жәрдем сұрап, келешек нәрестенің жақсы болуын тілесе, ондай жағдайда оларға тағдыр елден ерекше жетілген нәресте беруі мүмкін. Қарапайым адамдардан ұлы ұрпақ туған жағдай тарихта жиі кездеседі. Мысал ретінде қарапайым шаруа отбасында өмірге келіп, кезінде Ресей мәдениетін жоғары деңгейге көтеруге үлкен ықпал еткен орыс ғалымы М.Ломоносов тағдырын алуға болады. "Жақсыдан жаман туса – жыннан, жаманнан жақсы туса – нұрдан" деп қазақтың даналы сөзі бұған өз тұжырымын береді. Жан құмары мен тән құмары екеуі екі түрлі мақсат тудырады. Бұл мақсаттар туралы Шәкәрім қажының өзі былай деп жазады: "Адамда екі түрлі мақсұт бар, оның бірін тән мақсұты, бірін жан мақсұты дейміз. Қара басының қамын ойлап, өзімшілдік, мақтан көксейтін – тән мақсұты. Адамшылық ар мен адал еңбек іздейтін – жан мақсұты. Бастапқыны көксеген адам, зұлымдық қиянатпен болса да, мал, мансап, мақтан табуға құмар болады. Соңғыны көксеген адамның адал еңбек, ақ ниеттен басқа іздейтіні жоқ, ол адам баласын ала көруді, қиянат қылуды тіпті ұнатпайды."/2, 489-бет./ Шәкәрім әрі қарай осы екі мақсұттың тән мақсұты жеңіп кетуінің себебі – балаға берілген тәрбиенің жеткіліксіздігінен екенін көрсетеді. Егер дұрыс тәрбие арқылы жан құмарын
қолдап отырса, ол тән құмарына оңай беріле қоймас еді. Бірақ өмірде дұрыс тәрбиенің болмағанынан көбіне тән құмары жеңіп отырады. Тән құмары жеңгенде адамды нәпсісі билеп, ол жүгенсіз, ешуақытта тоймайтын сезімдерінің құлына айналып, адамдықты бұзатын істерге барады. Бұл – бүкіл адамзат өміріндегі барлық келеңісіздіктердің түп себебі болып табылады. Жан құмары жаннан, ал тән құмары тәннен шығып, екеуінің мақсаттары екі түрлі болады. Жан құмарының қуаты жанның тазалығына байланысты. Жан неғұрлым таза болса, оның құмары да солғұрлым жоғары болып, ол тән құмарын толық жеңе алады. Мұндай адам фәни әлемнің ықпалынан шығып, әулие деңгейіне дейін көтеріле алады. Бірақ жан қасиеттері ондай жоғары жетілген адамдар бұл өмірде сирек кездеседі. Сондықтан фәни әлемде көпшілік жұрт тән құмарының ықпалынан шыға алмайды. Жан мәңгілікті, ләззатты және білімге толы болғандықтан, ол осы қасиеттерін өзі сезінуге құмар болады. Бірақ ол тәнге байланып, қапталып тұр. Материалдық тәнің қасиеттері жан қасиеттерінен мүлде бөлек, тіпті, оған қарама-қайшы, олар – уақытша, ауру-қасіретке толы және надан болғандықтан, тән жанға өзінің рухани қасиеттерін сезінуге бөгет болып, өзін тұмшалап жауып, тіпті, ұйықтатып тастайды. Сондықтан адам бақытты болуы үшін ең әуелі рухани надандықтан арылып, жан ұйқысынан оянуы керек. Осыны жақсы түсініп, жаны ашыған халықтың зиялы азаматтары "Наданның көзін қойып, көңілін ашпақ" болып, "Оян, қазақ!" деп ұран тастаған. Надандық пердесін серпіп тастап, келешектің шапағат нұрына бөлендіру үшін олар ең алдымен халыққа рухани білім беруді ойлады. Рухани білім беру арқылы жан қасиеттерін аршып ашып, адамды бақыт сезіміне бөлеуге ұмтылды. Өмірде жан өзінің осы ұлы қасиеттерін сезінуге ұмтылғандықтан қарапайым пенде инстинкті түрде өлімнен қорқады, өмірден ләззат іздеп бақытты болғысы келеді және білімге құмар болады. Сөйтіп, кімнің болса да, оның жанының мәңгілікті болуынан – ұзақ өмір сүргісі келетіні, ләззатты болғандықтан – жақсы өмір сүргісі келетіні және білімге толы болғандықтан – өзін білгіш-ақылды санайтыны осы жан қасиеттерінен шығады екен. Жан құмарының бір белгісі – білімге ұмтылу екенін Абай да атап көрсеткен. Жан неғұрлым таза болса, оның білімге ұмтылуы да солғұрлым жоғары. Бұл арадағы "білім" деген түсінік тек қана оның ақпараттық мағынасын ғана емес, сонымен бірге, өнер, ол білімді сезініп, бойға сіңіріп, адамның қасиетіне, мінез-құлқына айналдыруды және іске асыруды түгел қамтиды. Яғни, оқу пайдалы және нәтижелі болу керек. Өнерге бейімділік, зейінталаптылық, адамға табиғатынан берілген талант және жоғары мақсатқа ұмтылушылық жан қасиеттерінен шығады. Жан құмары мен тән құмары екеуінен екі түрлі қасиет шығады. Тән құмарынан надандық, өркөкіректік, мансапқорлық, ашу-ыза, дөрекілік, өсек, өтірік, мақтаншақтық, еріншектік, бекер мал шашпақ (өз тапқанын дұрыс пайдалана білмеу) тәрізді адамдың тіршілік тұңғиығына батырып, өмірін
қорлықпен өткізуге мәжбүр ететін қасиеттер шығады. Ал жан құмарынан адалдық, әділдік, рухани білімге құштарлық, талаптылық өжеттік, қайраттылық, мейірімділік, сабырлылық, жомарттық, биік мақсатқа ұмтылушылық, тақуалық, басқаларды жақсы көрушілік, кешірімділік, тазалық, қанағат, алға ұмтылушылық, көрегендік тәрізді жылма-жыл адамды алға сүйреп, көкірегін ашуға мүмкіндік беретін қасиеттер туады. Бұлар жоғары жетілген, жүрегі таза адамдардың қасиеті болып табылады. Сондықтан олар Шәкәрім сөзімен айтқанда ондай қасиетті адамдар – адал еңбек, ақ ниеттен басқа іздейтіні жоқ, олар адам баласын ала көруді, қиянат қылуды тіпті ұнатпайды. Шәкәрім, міне, адамның осы қасиеттеріне үлкен көңіл бөліп, оларды өз бойына сіңіруге ұмтылып отырған. Шәкәрімнің өзін жас кезінен жан құмары билеген. Бұл оның өзі туралы жазған сөздері мен шығармаларынан жақсы сезіліп тұрады /2/. Ол жастайынан өнерге құштар болып, не көрсе соны білуге тырысып, өзі қолымен ұстап көріп-білуге ұмтылатын, жаны тыныш таппайтын бала болған. Ер жеткен соң фәни өмірдің мән-жәйін тез ұғып, одан бойын аулақ салуға ұмтылып, бұрынғы жасаған қылықтары мен іс-әрекетінен де бас тартып жапан даланы кезіп, тауды паналып кетеді. Осының барлығы қарапайым адамдардың түсінігінен, тұрмыс салтынан бөлек Шәкәрімнің жан дүниесінің ерекшелігін көрсетеді. Оның осы ерекшеліктері Шәкәрімнің келешекте адамзаттың ұлы адамдарының арасынан орын алуына мүмкіндік берді дей аламыз. Өзін қоршаған көптеген туған-туысқан, бала-шаға, досжаранның арасында жалғыз сезініп, елден ерекше жағдайға түскенін және оның себебін жақсы түсінген ақын өз халын суреттейді. Көптің арасында жалғыздық көру Шәкәрім ғана емес, Абай, Ахмет Яссауи, Л.Н.Толстой тәрізді адамзаттың алдыңғы қатарлы тұлғаларының көпшілігінің үлесі болғаны белгілі. Енді Шәкәрімнің осы жолға қалай келгенін түсіну үшін оның ерекше қасиеттеріне, олардың өмірдегі көріністеріне қысқаша тоқталып өтелік. Ахат әкесі Шәкәрім туралы: "Құдайбердінің балаларының ішінде жастайынан басқа балаларынан гөрі қылығы өзгеше, зейінді, сезімді, сергек, зерегі Шәкәрім болды... Шәкәрім оқуға өте зерек болып, хатты тез танып шығады. Осы қабілетін байқаған әке-шешесі Шәкәрімге баса көңіл бөліп, әсіресе, шешесі араб, түрік тілдерін қосымша үйретіп отыратын болған... Әкей бес тілді жетік білген адам. Ол араб, парсы, шағатай, түрік, орыс тілдері еді. Сол тілдерді жақсы білу арқасында, жер көлеміндегі елдердің тілдерінде жазылған шығармалармен оңай танысқан... Шәкәрім жалғыз ойнағанда әкесінің қағаздан қиып жасаған неше түрлі суреттері – арқар, қасқыр, түлкі, құс, құсбегі, қаз, үйрек, қаршыға бейнелерін ермек қылып отыратын. Шешесінің қасында ойған оюына, тіккен кестесіне қарап отырып өзі де ою ойып, сурет салатын болған. Онымен қабат пышақ соғуға, қарала жүргізуге талаптанады. Демек өзі айтқандай: "Бала кезімде қолым тыныш отырмайтын, не темірді егеп, не ою ойып, не ағаш жонып, бірдеме жасап отыратынмын", – дегеніндей, қол өнерге бейімделе
бастайды. Сөйтіп жүріп, қол өнерге де шебер болып шығады." – деп жазады. Бес жасынан оқуға барып, осылай өзінің зеректігімен, өнерге құмарлылығымен Шәкәрім өзінің ерекшеліктерін көрсете бастайды. Ол Шығыстың және қазақ халқының рухани байлығына жан дүниесімен беріліп, қабылдайды. Жас кезінен бастап мұсылман халқының "Мың бір түн" әңгімелерін оқып, оны ертек қылып айтып, парсы, араб ақындарының бәйіттерін жатқа біліп, төгілдіріп айта білген. Қазақтың "Ер Тарғын", "Алпамыс", "Қобыланды", "Қыз Жібек" тәрізді қиссаларын жатқа білген. Ескі жырауларды, бұрынғы билердің мақал-мәтелдерін, нақыл сөздерін оқып, бертінге дейін жатқа айтқанын сан естігем," – деп жазады Ахат. Шәкәрімнің жүрегі жас кезінен өте сергек, әрі жұмсақ, мейрімді және қатыгез, арамдықты жаны сүймейтін болған. Оның өзі: "Бала кезімде "Қыз Жібек" қиссасындағы Төлегеннің алты қазға айтқан зарын оқығанда, "Алпамыс" қиссасындағы Жәдігердің зарлап айтқан өтініш-мұңын оқығанда, жыламай оқи алмайтын едім", – дейді екен. Міне осының бәрі келешек ақынның жан дүниесінің сезімталдығын, жүрегінің жұмсақтығын және сергектігін, ішкі тазалығын көрсетпей ме? Ол барлық ерекше жаратылған адамдар тәрізді жалғыздыққа бейім, басқалармен араласпауды сүйген. Өзі үлгі алатын, бір нәрсені үйренуге болатын үлкен адамдардың қасында болып, соларға ұмтылып, олар не жасаса соны жасап, үйреніп, алға ұмтыла берген. Түрлі ойын қуып, сауық жасап уақыт өткізгеннен гөрі оның жаны жалғыз отырып ойға батқанды, табиғат көріністерін қызықтап отырғанды қалайтын болған. Бірде қыстаудың қасындағы төбеде жалғыз отырып, тасқа өрмелеп бара жатқан жұлдыз құртты езіп өлтіріп алады. Сол кезде оған жаны ашып кетіп, "құрт болып" өлең шығарады. Кешке шешелеріне оқып беріп, олар жаны ашып жылайды. Бұл өлеңін Абайға да оқып береді. Жазған өлеңінен Шәкәрімнің ақындық белгісін көрген Абай оған өлеңді қалай жазу керек, қандай өлең жазу керектігін айтып көп-көп кеңес, ақыл береді. Жалпы өз өміріндегі Абайдың алған орнын Шәкәрім: "Мені Абай тәрбиеледі. Абай болмағанда, мұндай болуым неғайбыл еді" – деп білдірген екен. Шәкәрім музыкаға да үйір болады. Ол домбыра ғана емес, гармонда да ойнай білген, скрипка алдырып, скрипкада ойнауды үйренеді. Өсе келе ол ақын ғана емес, өз өлеңдеріне ән шығарған композитор да болғаны белгілі. Жаны таза, рухани жолдағы адамның бір белгісі – ол ішкі және сыртқы тазалықты сақтау әдеті. Шәкәрім жан-жүрегімен адалдыққа ұмтылып, адалдықты дәріптеген, өзі де сол адалдық жолын бекем ұстаған адам. Балаларына да осындай тәрбие беріп, олардан адалдықты талап еткен. Сол адалдығының арқасында ол Кеңес дәуірінде кәмпескеден де аман қалады. Ел билеген бай Құнанбай тұқымы, өзі болыс болған, қажыға барған, Алашордаға мүше болған адамның ол кезде кәмпескеден аман қалуы таң қаларлық жағдай еді. Міне, адалдығының арқасында, бүкіл адамзатқа жақсылық
жасауға ұмтылғанының арқасында Шәкәрім өмірдің осындай азабынан аман қалады. Бұл былай болады. 1928 жылы "ірі байлар, халықты бұрын қанап, зорлық-зомбылық көрсетіп байыған ақсүйек, шонжарлар кәмпескеленсін" деген қаулы шығады. Кәмпескеге аламыз деп Шәкәрімді әуелі өз ауылында жиналысқа салады. Жиналған жұрт оның адамгершілігін айтып, адалдығын, кінәсіз екенін айтып, кәмпескеге қарсы қол көтеріп, отырып алады. Өз ауылынан ештеңе шығара алмағаннан кейін, енді оны көрші ауылдың жиналысына салады. Бұл ауыл да ақынды ақтап шығады. Әбден болмағаннан кейін, енді Шәкәрімді Семей қаласының Затон жұмысшыларының жиналысына салады. Бұл жиналыста да қала жұмысшылары Шәкәрімнің қандай адал адам екенін айтып, кәмпескеленсін дегенге бір адам қол көтермепті. Осылай үш сынаққа салынса да, барлығынан оның адалдығы аман алып шығып отырған. "Шын адал адамды көпшілік қолдайды" деген оның өзінің дана сөзі дәл келді. Бұл, әрине, әсіресе қазіргі заманда, өте ойландыратын және үлгі алатын нәрсе екені белгілі. Шәкәрім ішкі тазалығын ғана емес, сонымен бірге сыртқы тазалығын да мұқият сақтайтын, үйді ыстық қылмай, таза ұстайтын, киімді ұқыпты киінетін болған. Ол салауатты өмір салтын ұстанып, таза ауада жүріп, денешынықтыру жасап, қысы-жазы салқын сумен құйынады екен. Серіппелі төсекке тақтай төсеп, тақтайдың үстіне құс төсек салдырмайтын, нағыз аскеттер тәрізді, қатты төсеніштің үстінде жататын болған. Төсегін өзі салып, жинап, үйін өзі сыпырады екен. Осындай салауатты өмірдің арқасында ол ұзақ жасап, денсаулығы әлі ат үстінде жүруге мүмкіндік беретін мықты шағында, 1931 жылы 73 жасында бұл дүниеден өтті. Егер "қызыл жендеттер" атып өлтіріп кетпесе, мүмкін одан әлдеқайда ұзақ өмір сүрер ме еді, кім білсін. Шәкәрім жас кезінен сезімтал, байқағыш, көреген болған. Қоршаған табиғатқа оның өзінше көзқарасы болып, тіршіліктің әрбір өзгерісінен болмыстың сырын ұғуға ұмтылып отырған. Қарапайым адам байқамайтын өзгерістерден, көріністерден ол оның арғы мәнін ұғып, оны өмірде пайдалана білген. Осылай келешек ойшыл өмірдің берген сабағын жақсы ұға біліп, оны бойына сіңіріп отырған. Табиғат көріністерін оның түпкі себебімен байланыстыра отырып, болмыстың мәнін, жалпы заңдылықтарын көрген. Сондықтан оның өлеңдері өте мәнді, терең мағыналы болып келеді. Осылай ол ірі философтардың біріне айналған. Шәкәрімнің байқағыштығы туралы Ахат та көп мысалдар келтіреді. "Мен бертінге дейін сол кезде әкейдей табиғатты зерттеп бақылаған қазақ баласын білмеймін. Сондықтан, кейбір ісіне таңданатынмын. Адам, айуаннан бастап, өлі табиғатқа дейін зерттеп-байқап жүрген адам десем бекер болмас." – деп жазады ол әкесі туралы. Шәкәрім "Түйеқарын" деген өсімдікті түйіп, қайнатып сыя жасап алады екен, өзінің туып өскен жерінде күкірттің барын анықтаған, темір рудасын тапқан. Бала шағынан бастап Шәкәрім бұл фәни өмірдің қызығына көп байланбаған. Себебі жас кезінен бастап рухани ұстазы Абай салған сара
жолмен жан қасиетін дамыта отырып, кейіннен күнделікті тіршіліктен мүлде бас тартып, елден бөлініп жеке өмір кешуге дейін барған. Мұндай қасиет қарапайым адамдардың үлесі емес, тек қана жаны ерекше жетілген адамдардың несібесі екені белгілі. Сопылардың негізгі қағидасы "Көппен бірге бол, бірақ олардан бөлек бол " деген сөздің мағынасы да осыған апарып тіреледі. Оның мәні – көпшілік үшін қызмет ет, бірақ өзің сол көпшіліктің бірі болып кетпе. Ал бұлай болуға мүмкіндік болмаса, тек бірақ амал – ол көпшіліктен бөліну. Өз кезінде Ахмет Яссауи, Шәкәрімнің өзі ұстаз тұтқан Л.Н.Толстой да осылай етуге мәжбүр болғаны белгілі. Шәкәрім өзінің жалғыздыққа ұрынған себебін былай деп түсіндіреді:
Көрген соң ел жарасын анық сезіп,
Аңдайын айдалаға кеттім кезіп,
Ел емес, елге істеген қылығынан
Қашқамын, шынымды айтсам, сонан безіп...
...Жоспарым, жайым осы, мақтаным жоқ,
Ел жеген әкімдерді ақтарым жоқ.
Өлгенімше жазумен еңбек етем,
Қажыдым, кәртәйдім деп жатқаным жоқ.
("Кейбіреу безді дейді елден мені")
Елдің жуандары мен атқамінерлері мансап, мақтан іздеп болыстыққа таласып, партия құрып, сонымен ел бүлдіріп жүрсе, ал Шәкәрім одан өзі бас тартып, тек қана өмір талабы қатты мәжбүр еткенде ғана, еріксіз екі мәрте Шыңғысқа, алты айдай Сыбан еліне болыс болған екен. Бұл ел ішіндегі тыныштықты сақтау мақсатында болғандықтан, Шәкәрімнің өзінің айтуына қарағанда, бұл жолдары болыстықтан бас тарта алмапты. Бірақ ешкімнен шабарманға ат, болысқа сойыс, не орынсыз шығын салмаған. Ол өз өмірін жоғары мақсатқа арнағаннан кейін болыстыққа, билікке мүлде құмар болмаған. "Мені болыстық, әкімшілікке құмар қылмай, одан құтқарған – Абай!" – деген екен өзі кейінірек. Шәкәрім саяси ағымдардың алдын болжай білетін көреген, кеңінен ойлайтын ойшыл, егер саяси ағым өзінің алдына қойған мақсатына сәйкес келмесе, оның ықпалына жүрмейтін, берік адам болған. Саяси ағым өзінің мақсатына сәйкес келмейтін болса, ол одан кезінде бас тартып отырған. Мысалы, адамға бостандық беріп, бақытқа жеткіземіз деген мақсаты бар Ақпан Төңкерісін Шәкәрім үлкен үмітпен қарсы алып, "Бостандық таңы атты", "Бостандық туы жарқырап" деген қолдау өлеңдерін жазады. Ал артынан коммунистердің ұлы мақсатқа жету жолын дұрыс таба алмағанын сезгеннен кейін, бойын олардан аулақ салып, өзінің бұрынғы тақуалық өміріне қайта кіріп кеткен.
Сонымен, қорыта айтқанда, Шәкәрімнің туған халқының мақтанышы, елі үшін өмірін қиған азаматы болып қалыптасуына оның туған ата-тегінің қасиеттері, Абай рухымен нұрланған өскен ортасының әсері және өзінің жан дүниесінің ерекшеліктері мүмкіндік берді деп айта аламыз. Енді Шәкәрімнің қалдырған мұрасына көз салайық. Ол үшін әуелі Шәкәрімнің ішкі рухани дүниесін түсінуге тырысайық. Бұл бізге қажының көтерілген рухани биік шыңын көруге мүмкіндік береді. Сонымен бірге, оның сырлы сөздерінің терең мағынасын болжап, артына қалдырған мұрасын қалтқысыз, толық игеруге мүмкіндік аламыз.
ЕКІНШІ БӨЛІМ
ШӘКӘРІМ МҰРАСЫНДАҒЫ ФИЛОСОФИЯЛЫҚ ИІРІМДЕР
Алдына үлкен мақсат қойған адамзаттың көптеген ұлы азаматтары тәрізді Шәкәрім де өз өмірінде мақсатына қол жеткізе алмады. Оның себебін қажы өзі былай деп мойындайды: "Айтқанымды, аңсаған арманымды орындауға қолым жетпеді, әлім келмеді. Қатыгез заман, қайырымсыз, қатал, мансапқор, қатыбас, мейірімсіз басшылар көнбеді. Тілін емізген, көз байлаған қулар, жайдары пысықтар, алдампаз, арам сопылар, парақор ұлықтар көндірмеді. Мен жалғыз қалдым. Өз ойымды, өз арымды сақтап қалайын деп, адам атымды ақтап алайын деп, жапанға қаштым. Сондағы менің ойым, мақсатым не, білесіңдер ме? Қалған өмірімді жазумен, ізденумен өткізбек болғам. Сол ойымды, тапқанымды жазып кейінгіге қалдырмақ болдым. Өз заманым үшін жазғам жоқ. Келер дәуірдің адамы үшін жаздым... Жаңа заман тарихтың тазасына, асылына орнамақ. Тарихтың осындай тазасы, алмастай асылы жаңа дәуірдің іргетасы болмақ. Сол іргетастың бір керегіне жарарлық тас сынығын таппақпын, соны жазбақпын. Соны іздегеннен басқа өмір маған қалған жоқ, балам!" Шәкәрім қажы алдына осындай ұлы мақсат қойып, өмірін келешек ұрпақ қамына, адамзат қамына арнаған. Ал оның сенім артып, атап отырған ұрпағы біз болсақ, онда біз де ұлы бабамыздың бұл сеніміне сай болуымыз керек. Сол үшін ең әуелі ойшыл өзі іздеген іргетастың тас сынығын тапты ма екен, әуелі соны анықтап, ал тапса – ол не нәрсе, соны біліп, ақырында, ақынның өзі армандағанындай, ол тапқанын біз керегімізге жаратсақ, сонда дұрыс болар еді. Оның жолын ақынның өзі былай деп көрсеткендей болады:
Қырықтан соңғы қырымды,
Сынамақ болсаң түрімді,
Көрейін десең нұрымды,
Жи-дағы оқы жырымды.
Ой құлағын ашып ал
Жақтырмасаң, дәлел сал,
Ұқпағансып айтпа жал,
Ойын деме мұнымды.
Күн сайын, яки айында,
Жаттап оқып пайымда,
Жан мен Тәңірі жайында
Дәлелім көп тынымды.
(«Қырықтан соңғы қырымды»)
Енді оның артына қалдырған мол рухани мұрасын зерделей отырып, оны түсінуге ұмтылайық. Осы мақсатпен ұлы ойшылдың рухани-философиялық көзқарасын түсініп, жан мен Тәңірі жайында жазылғандарының байыбын дұрыс аңғару үшін шамамыз келгенше, ақынның өзі жазғандай, ой құлағын ашып алып, бір жүйеге келтіре отырып, оның асылын табуға ұмтыламыз.
1. Шәкәрімді оқу тәсілі
Шәкәрім тәрізді терең рухани адамдардың шығармалары қатардағы жазушылардың жазғандарынан бөлек. Жалпы, рухани дүниені түсіну үшін оны арнайы тәсілмен қабылдау керек. Рухани дүние білімін де осындай тәсілмен қабылдап, сараптамаса оның мағынасына толық жету қиынның қиыны болмақ. Бұл тәсіл білім алудың жалпы қағидасы. Ал рухани білім алуда бұл тәсілсіз ешқандай жетістікке жетуге болмайды. Енді сол тәсілге көңіл бөлейік. Біз бұрын оқымаған кітапты, не болмаса ақпарат құралдарын бар ынтамызды салып оқып, көріп, олардағы белгісіз деректерді қабылдап, ұғып, түсініп алуға ұмтыламыз. Көбіне бұл біздің ынта-жігеріміздің жеткен шегі. Бұдан асып әрі қарай бармаймыз. Бұл – көпшілік оқырманға, тіпті зиялымын деп жүргендердің көпшілігіне де тән қасиет. Шын мәнінде, қатардағы оқырман басқалардың ойын, берген деректері мен тұжырымдарын жинақтайтын қор тәрізді болудан әрі аса алмайды. Бірақ мұндай оқу пайдалы оқу емес, пайдасыз оқу. Осындай пайдасыз оқудың салдарынан жылдан жылға ғылыми деректердің молайып, білім көздерінің көбеюіне қарамастан адамзаттың рухани деңгейі құлдырап барады. Оқу түрлі деректер мен тұжырымдарды тек қана жинақтау үшін емес, оларды әрі қарай өмірде пайдаланып, жасампаздық құралына айналдыру үшін керек. Аспандағы айдың түн мезгілінде күн сәулесін өзінен шағылыстырып, ол сәулені әрі қарай жер бетіндегі жеміс-жидек, көкөніске жеткізіп, жерге күн қуатымен өмір беретіні тәрізді, оқырман да кітап авторынан алған деректер мен ой тұжырымдарын өзінің ақылының құрсауында ұстамай, одан шығарып, әрі қарай өмір қажеттігіне айналдыруы
керек. Яғни, оқу нәтижелі және пайдалы болсын. Нәтижесіз оқудың ешқандай пайдасы жоқ. Нәтижесіз оқу арқылы алынған «білім», керісінше, зиянды болып, көп жағдайларда болмыспен байланыспай, адамды қияли күйге түсіріп, сағым қудырып, адамды тіршіліктен бөліп тастайды. Мұндай қоғам өмірін тежейтін біржақты талпыныстар, фанатизм, теріс ағымдар тудырады. Қазіргі замандағы қаулаған ақпарат деректерін, компьютер жетістіктерін дұрыс пайдалана алмаудың салдарынан кейбіреулердің депрессияға жол беріп, кейде психикалық ауытқуларға ұшыраулары осының көріністері. Бұлар пайдасыз оқырмандар. Нәтижесі жоқ пайдасыз оқудың зияндылығын, оның қоғамның дамуына кедергісін осылай көреміз. Абай шығармалары тәрізді Шәкәрім шығармалары да мұндай пайдасыз оқуға арналмаған. Олардың жазғандары өмір шындығын айқара ашып, адамды бұрыс жолдан дұрыс жолға бағыттайтын, болмыстың терең сырларын ашып, адамның тар көкірегін кеңейтетін, рухани нұр шашып жүректі пенделік немесе дүние кірінен тазартатын, сөйтіп, тіршіліктің түпкі мақсатына жеткізетін шығармалар. Сондықтан бұл шығармаларды арнайы тәсілмен оқу керек. Ол тәсіл – ойшылдың рухани лебізін дұрыс түсініп, берген нәрін толық татып, сезіну үшін санасы сау, сергек оймен ой-өрістің бар қуатын салып, көңілді сана-сезімнің тереңіне бойлата білу керек. Мұндағы мақсат – Абай сөзімен айтқанда «Жүрегіңе сүңгі де, түбін көзде, Сонан тапқан – шын асыл, тастай көрме». Шәкәрім шығармаларын дұрыс түсініп, оны көңілге тоқу үшін бұл – бірінші шарт. Екінші шарт – оқудан алған ақпарат-деректерді ақыл құрсауында сақтамай, оны әрі қарай пікірлеп дамытып, өмірде пайдалана білу. Мұндай жағдайда оқырманға данышпан ойшыл жүрегінен шыққан ыстық жалын өзінің күнделікті бейнеті ауыр, даурықпалы-дақпыртты, қаскөйлердің аңдысып, алысып өткізетін зар мен шерге толы тіршілігінен басқа оған адамшылыққа толы, өзгеше ләззатті, әрі бейбіт өмір ашыла бастайды. Осылай адамға жетілудің жолы айқара ашылып, өмірін өкінішсіз, пайдалы өткізуіне мүмкіндік туады. Абай, Шәкәрім тәрізді ой алыптарының түпсіз терең де, шексіз кең байтақ рухани дүниесін оқу тәсілі туралы, міне, осыны айтуға болады. Ойды ой қозғайды. Сондықтан, ойдан ой шығып, ол біртіндеп, үзіліссіз өріс алады. Егер сын көзбен қарап, шығарманың дұрыс-бұрыс жақтарын бағалауға ниет алған оқырманды алатын болсақ, ол ескі ойды толық түсіне біліп, оның әрі қарайғы даму бағытын көрсете білгенде ғана дұрыс сыншы бола алады. Пайдалы, жақсы сыншы айтылған ойдың жеткен деңгейін көрсетіп, оның даму барасын аша алады. Бірақ бұл деңгейге әркім көтеріле бермейді. Көпшілік сыншылар ой алыбын өздерінің жеткен дәрежесіне тартып түсіріп, оны сол деңгейде бағалап, не болмаса қарабастарының қамынан шыға алмай өздерін көрсету үшін, өзгелердің айтуымен, түрлі саясат ықпалымен әрекет етеді. Осылай болмыстың терең мағынасын ашып, оның терең сырларына үңілген Шәкәрімді де Құдайға сенбейтін имансыз ретінде көрсетуге тырысқан бағалаушылар болды.
Әрине, Шәкәрімнің рухани деңгейін шын танып, оған өзіндік дұрыс бағасын берген зерттеулер де аз емес. Мысал ретінде олардың арасынан Шәкәрім мен Л.Н.Толстойдың рухани үндестігін көрсете отырып қазақ сахарасынан шыққан ой алыбының әулиелік қасиеттерін ашуға арналған 2001 жылғы «Қазақ әдебиеті», сонан соң «Жан құмары» газеттерінде жарық көрген Ғалым Боқаштың мақалаларын ерекше атауға болады. Шын мәнінде басқаның ойын тек қана жоққа шығарумен шұғылданатын, не болмаса оны бұрмалайтын сыңаржақ сыншыны жетілудің, яғни табиғаттың жауы деуге болады. Себебі, жетілу бүкіл табиғат заңдылығы болуға тиісті, сондықтан, кезі келгенде барлығы да жөнделіп, дамуы керек. Ал жетілу дегеніміз – алға жылжу, не болмаса жоғары өрлеу. Сондықтан, ойдың дамуына бөгет болатын жөнсіз сынаушылық пен пайдасы жоқ нәтижесіз оқу – дамудың екі жауы болмақ. Жөнсіз сынаушылық автордың ынтасын тежеп, оған көптеген кедергілер тудырса, ал пайдасы жоқ нәтижесіз оқу жазылған еңбектің құнын түсіріп, оның өміршеңдігіне нұқсан келтіреді. Шәкәрім жоғары рухани нәтижеге қалай жеткен деген сұраққа келетін болсақ, әрине, ең әуелі оның төрт-бес тілді меңгеріп, көп елді аралап, әлемнің білікті адамдарымен танысып, сұхбаттасып, өзіне керекті білімді тауып ала білгендігін айту керек. Бірақ, ең маңыздысы бұл емес. Ең маңыздысы – оның солардан алған білімін, оқып білгендерін өз бойында жинап қана қоймай, оларды ой елегінен өткізе отырып, жетілудің іргетасына айналдыра білуінде. Яғни, Шәкәрім білім алып қана қойған жоқ, сонымен бірге ол білімді болмыс заңдылықтарын түсіну үшін өмірде пайдалана білді. Бұл оның нәтижелі оқырман бола білгенін көрсетеді. Бұл ойшылға алған білімін іргетас ретінде пайдаланып, оған өзінің рухани мұрасының ғажайып ғимаратын орналастыруға мүмкіндік берді. Яғни, ол өзі тапқан әрбір ой тұжырымын сақтап, оны әрі қарай дамыта отырып, өзінің мақсатына жету құралына айналдыра білді. Осылай ұлы ойшыл бұрынғы ойларды өмірге пайдалана біліп, жетілудің үлгісін көрсетті. Сонымен, Шәкәрімнің осындай өзіндік биік деңгейге көтерілуі – оның нәтижелі оқырман бола білгендігінде. Әйтпесе, әлемде энциклопедиялық білімі бар, көп білетін адамдар аз емес. Бірақ Шәкәрім көтерілген биікке жеткен данышпаның қайсы? Шәкәрім өзінің оқып білгендерін өмірден, табиғат көріністерінен таба біліп, әрі қарай тереңінен түсініп, болмыстың терең сырларын ашқан ғұлама. Көптеген жыл бойы тау басына, елсіз жайлауға кетіп өмір сүруінің себебі де, пайдасы да, міне, осында жатыр. Ол оқып-тоқыған білімі арқасында бұл сыртқы көрнеу өмірге ғана емес, сонымен бірге, сезімдермен көріп-білуге болмайтын ішкі көмескі эзотерикалық өмірге де үңіліп, соның нәтижесінде болмыс құпияларын терең түсіне алды. Егер адам баласы шын пейіл, таза ақылмен іздесе мәңгілікті және шексіз ақиқат адамға өзі ашылады. Адамзат қауымында даналық қуған мұндай адамға барлық жағдай бар. Қазіргі заманда даналық іздеп, жетілемін деген адамға түрлі рухани жазбалар жеткілікті. Бұны «Көп кітап келді Алладан, оның төрті Алланы танытуға сөз айырмас» деп Абай бабамыз да ескертіп
кеткен. Абай көрсеткен қасиетті төрт кітаптан басқа түрлі әулие-әмбие, даналардың жазғандары бір төбе. Сондықтан, қазіргі кездегі халықтың рухани төмендігі даналық жазбалардың аздығынан емес, жоғарыда айтылған білімді игеру тәсілінің және оларды игеруге деген шын ниеттің кемшілігінен деуге болады. Шәкәрім тұжырымы бойынша, бұл тығырықтан шығудың бірақ жолы бар. Ол – бізге берілген еркіндікті дұрыс пайдаланып, көңілді бұрыс жолдан дұрыс жолға бағыттап, соған байланысты әрекет ету. Барлығы пейілдің дұрыстығына байланысты. Бұл – жетілудің бастапқы талабы, алғашқы қадамы ғана тәрізді. Сонымен бірге, жетілу жолының белгілі бір жоғары дәрежесіне көтерілгенде ақиқаттың алғашқы, шын мәніндегі тазалығын керек қылатын сәт туады. Хақиқат әуелгі ашылғанда таза шындық, бірақ ол ғасырлар бойы қолдан қолға өтіп, қабылдаушының табиғатына байланысты түрлі өзгерістерге ұшырап, кейбір жағдайларда өзінің алғашқы таза қасиетінен айырылып, жалған түрге түседі. Кейде бұрынғы мағынасынан мүлде басқаша, тіпті, қарсы мағына да алады. Бұған қазіргі замандағы діндердің жағдайы, олардың өздерінің алғашқы, табиғи міндеттерін орындай алмауы, соның салдарынан қоғамдағы келеңсіз көріністердің көбеюі жақсы мысал бола алады. Осыны жақсы түсіне білген Шәкәрім «Пайғамбар Мұса жолықса» атты ой толғауында қазіргі замандағы негізгі діндерді сынай отырып, әрі қарай былай деп жазады:
Бұл күнде дұрыс иман жоқ,
Шатақ дін нәпсі тыйған жоқ.
Ақылы саудың ойына,
Алдамшы діндер сыйған жоқ.
Анықты ешкім тапқан жоқ,
Іздемей қарап жатқан жоқ.
Әлімді залым қылатын,
Шатақ діндей қақпан жоқ.
Осылай Шәкәрім дұрыс иман (сенім) болмағандықтан діндер адам көңілін нәпсіден Құдайға аударуға арналған өздерінің табиғи міндетін орындай алмай, ақылы сау адамның ойына жат, шатаққа айналғанын көрсетеді. Бүгінгі заманда іздесе де анықты (Алла тағаланы) ешкім таба алмай жүр. Себебі, әлімді залым қылатын шатақ діндей қақпан жоқ. Қазіргі дәуірдегі өздерінің алғашқы міндетінен айырылып қалған діндердің жағдайын жақсы түсінген Шәкәрім өзінің рухани жолында дін ғана емес, басқа да адам ойын шектейтін философиялық парадигмалардың, тіпті, адамзат қабылдаған данышпандардың да шырмауында қалып қоймай, ойына ерік беріп, оқып-тоқығандарын тек қана жүрек таразысына салып, таза ақылмен қабылдап отырған. Бұған Шәкәрім шығармаларынан көптеген мысалдар табуға болады. Мысалы, ол «Үш анық» шығармасында осы қасиетін жақсы білдіріп, ал өлең жолдарымен былай деп өрбітеді:
Ақылдан адас қалмайым,
Бос жетекке бармайым,
Дәлелсіз сөзді алмайым,
Көтермеймін қиқаңын.
(«Қырықтан соңғы иманым»)
Немесе ол бұл ойын «Арақ – ақыл, мастық – ой, жар – Хақиқат»
өлеңінде былай деп түйііндей түседі:
Пайғамбар, әулие айтты десе-дағы,
Ақыл қабыл алмаса, ол маған жат.
Шатақ дінге, әдетке не білгішке
Ноқталатпай ойымды қылам азат.
«Ақылға билетпеген пенде – айуан»,
Десем де бола қоймас сөзім ағат.
Құранның шын мағынасын шатақ ұғып,
Молдалар маған қоймақ кәпір деп ат.
«Ақылыңа сынат, – деп, – дәлел айтқан»
Құраннан табылады талай аят.
Құранға сүйене отырып жалған молдаларды сынап әркімнің қолынан келе бермейтін осындай батылдыққа барған Шәкәрім қажы, әрине, өзінің рухани деңгейін және тарихтағы алатын орнын жақсы түсінген.
Әулие, білгіш айтты деп,
Жазылған талай қате көп.
Улама ондай уды жеп,
Шатаққа сатпа шынымды.
Қазақтан мендей ұл туса,
Осындай түзу жол қуса,
Хақиқат іздеп бел буса,
Ол да бір жақсы ырым-ды.
(«Қырықтан соңғы қырымды»)
Осылай ол түрлі әулие, білгіштердің ықпалынан шығып шындық іздеу жолында барлық шектеулерден арылып, ой-өріс, сана-сезімін ұшқан құстай еркін самғата білді. Осылай ол рухани кемелдену жолында жетілудің шексіз биігіне кедергісіз еркін көтерілуге мүмкіндік алды. Адамзат қоғамында болмыс ақиқаты өзінің алғашқы тазалығына қайта келуі үшін жүрек арқылы қабылданатын жаңа рухани ашылулар керек.
Осылай Абай сөзімен айтқанда «Замана, шаруа, мінез күнде өзгерді, Оларға кез-кезімен нәби (пайғамбар) келді». Ондай үздік ойдың өкілдерін еске алу үшін адамзатқа келген пайғамбарлардан басқа, ислам әлеміне келген әлҒазали, Жәлел ад-дин Руми, Ибн Араби, әл-Халладж, Ахмет Яссауи тәрізді данышпан-әулиелерді атасақ та жеткілікті. Қазақ халқы үшін, тіпті бүкіл адамзат деңгейінде де Шәкәрім тұлғасын осы қатардан көруге болады. Себебі, ол барлық данышпандар сусындаған қайнар көздің өзіне ұмтылып, ақиқаттың шексіз бай қазынасының есігін қағып, оған кіре білді. Шәкәрімнің жеткен рухани деңгейін «Ләйлі-Мәжнүн» және өзінің жан дүниесінің хал-ахуалын білдіретін «Ажал, маған арақ берсең», «Ақылдан ойға сыр тарап», «Ақыл құсы адаспай аспандаса», «Жүректен аққан қанымнан», «Өмір сырын көздесең» тәрізді 70 жасында жазған өзінің «Иманым» деп атаған өлеңдер жинағынан көре аламыз. Шәкәрімнің тапқан ақиқаты – жүрек көзі арқылы алынған таза ақиқат. Бұл оған жан сырына үңіліп, құпиялардың құпиясы болып табылатын адам мен Алла тағаланың қарым-қатынасы, жан, рух, тән туралы және олардың өзара байланыстарын ашуға мүмкіндік берді. Сонымен, ерік адамға берілген ең қымбат сый. Сол ерікті дұрыс пайдаланып, көңілін рухани болмысқа аударған адам өзінің мақсатына жете алады. Ал ол қымбат сыйды дұрыс пайдалана алмай, өзінің нәпсісіне беріліп, дұрыс жолдан бұрыс жолға түсіп кетсе, онда табиғаттың әділет заңдылығы бойынша бұл фәни әлемнің терең тұңғыйығына батып, өзіне тиесілі азапты несібесін алады. Шәкәрімнің өмірі мен оның артына қалдырған терең сырлы мол рухани мұрасы, міне, осыны паш етеді.
2. Шәкәрім дүниетанымының кейбір ерекшеліктері
Шәкәрім өзінің табиғатынан берілген ерекше қасиеттерінің арқасында рухани жетілудің жоғары деңгейіне көтеріле алды. Ол имандылық жолымен барлық болмыстың бір себебі барына толық сеніп, соған мойын ұсынған адам. Қажы өзінің шығармаларында әлемнің терең сырларына қатты көңіл бөліп, оның түпкі мәнін көруге ұмтылып отырған. Діндер, не болмаса жетілу жолындағы басқа да түрлі әдістер өзіне мойынсұнып берілген жұртты бір жолға бағыттайтыны белгілі. Әуелгі кездерде, мұндай бір жолмен ауытқытқымай жүру адамды бір тәртіпке салып, оның рухани жетілуін жылдамдатуға мүмкіндік береді. Бірақ, өз жолын ғана дәріптеп, басқа жолдарды мойындамай, өзіне берілген адамның көңілін бір бағытта ұстауды керек қылатын мұндай әдіс тек қана рухани жетілудің төменгі дәрежесіне ғана тиімді болады. Ал адам белгілі бір рухани деңгейге көтерілгеннен кейін бұл шектеу адамның аяғына тұсау болып, оның әрі қарайғы жетілуін тежей бастайды. Себебі, бұл да адам еркін шектеу болып, түбінде діни фанатизмге, схоластикалық тұжырымдарға әкеліп тірейді. Сондықтан, Шәкәрім, Абай, Л.Н. Толстой тәрізді еркін ойдың иелері
діни ой-өрістің шеңберінде қалып қоймай, ойын кеңге салып отырған. Сол үшін оларды дін қызметкерлері шет қағып, сынға алып отырғаны белгілі. Шәкәрім кезінде "кәпір" атанып, ал осындай қылығы үшін Л.Н. Толстой шіркеуден аласталғаны белгілі. Шәкәрім материалдық философияның шеңберінде де қалып қоймаған. Материалдық философия әлем көріністерін оның жаратушысымен байланыстырмай, керісінше, кейде одан бөліп қарастырады. Материалды болмыс оның түпкі себебі мен қайнар көзінен бөліп қарастырылғандықтан, әрине, оның негізгі мән-мәнісін, түпкі сырларын толық ашып көрсету мүмкін емес екені белгілі. Шәкәрім схоластикалық діни көзқарасты да, арнасы тар философиялық түсініктерді де ашық сынай отырып, өз жолымен жүреді. Ол дін мен философияны бір-бірінен бөлмей, екеуін біріктіріп пікірлейді. Оның жолы – өзінің ойына ерік беріп, оны жүрек сынынан өткізе отырып болмыс сырларын түсіну. Бұл ойларды ақынның өзі былай деп жеткізеді:
Арақ –ақыл, мастық – ой, жар – Хақиқат,
Жан – нәпсі, шатақ – иман, дін – қиянат.
Маскүнем, әйелсүйгіш, дінсіз ғой деп,
Сырым білмей сыртымнан қылма ғайбат.
Хақиқаттан басқаға бас ұрмаймын,
Дәлелсізге нанам деп болмаймын мат.
Бастағы көз, құлаққа сенімім жоқ,
Терең ой мен ақылға айтамын дат.
Хақиқаттан басқаға бас ұрмаймын,
Дәлелсізге нанам деп болмаймын мат.
Бастағы көз, құлаққа сенімім жоқ,
Терең ой мен ақылға айтамын дат.
Пайғамбар, әулие айтты десе-дағы,
Ақыл қабыл алмаса, ол маған жат.
Шатақ дінге, әдетке, не білгішке
Ноқталатпай ойымды қылам азат.
"Ақылға билетпеген пенде айуан,"
Десем де бола қоймас сөзім ағат.
Құранның шын мағынасын шатақ ұғып,
Молдалар маған қоймақ кәпір деп ат.
Ақылыңа сынат деп дәлел айтқан
Құраннан табылады талай аят.
Тәпсір деп қасиетін талқан қылып,
Бұзғанмен құран болмас адасқан хат.
Жарық нұрдан жаралған Күн жоғалмас,
Бетіне перде жапсаң неше қабат,
Құран сырын ұға алмай бұзса-дағы,
Жасырылмай жарқырап тұр кәрәмат.
Жаман тәпсір жайылып жер жүзіне
Дін десе тұра қашты есті азамат.
Бар обалы олардың тәпсіршіде,
Адасып нұрлы аятқа жағыпты тат.
Ол қатені түзеткен әлімдер көп,
Соның сөзін оқысам боламын шат.
Қиянатың бар болса – иманың жоқ,
Маған десе мың жылдай қыл ғибадат.
("Арақ, мастық, жар, жан, шатақ, иманның шешуі")
Осылай ұлы ойшыл өзінің еркін ешкімге билетпей, құлашын кеңге салып, ой-өрісін дамыта білген. Сол себептен ойшыл шығармаларында неше түрлі тың, философтарды да, діни білгіштерді де таң қалдырып, дауға түскенді мұрттай түсіретіндей оғаш ойлар мен тұжырымдар кездесіп отырады. Және ең бір керекті жері – оның айтқан ойы қандай оғаш болып көрінсе де, ол ой қасиетті Құранға ешуақытта қайшы келмейді. Ерлік мінез бен ой еркіндігі, әрине, «Құранның шын мағынасын шатақ ұғып, Молдалар маған қоймақ кәпір деп ат» деп ақынның өзі мойындағанындай, кезінде ұлы ойшылға көптеген қиыншылықтар тудырды. Бірақ, өзінің ойының әділдігін жақсы білетін Шәкәрім ешкімге де мойын ұсынбады, ешкімге де берілген жоқ. Барлық ақиқатты тура жазып, барлық шындықты тура ашып береді. Сондықтан Шәкәрім қажының жазғандарынан қарапайым адамға тосын көрінетін ойларды, тіпті түсініксіз тұжырымдарды кездестіруімізге болады. Бірақ соның барлығын адал көңілмен, ой тереңіне салып қарайтын болсақ, барлығы да адамзаттың ұлы адамдары айтып кеткен болмыс шындығы, қасиетті жазбалармен жақсы үндесетін, бірақ әлі бізге кездеспеген дүниелер екеніне көзіміз жетеді. Себебі, Шәкәрім өзінің ой тұжырымдарын жүрек түбінен алып, таза ақылға салып және Құран тәрізді адамзатқа берілген қасиетті жазбалармен салыстырып, тексеріп отырған. Бұл Шәкәрімнің сана-сезімін ұштай түсіп, философиялық ой-өрістің шыңына көтерген. Сондықтан, оның сөздерінде қателік болмайды. Оның данышпандығы да, әулиелігі де оның сана-сезімінің жоғарылығында, сөздерінің хақиқаттығында жатыр. Кеңес дәуіріндегі атеистік философия тек қана заттық әлемді ғана мойындағандықтан, олардың назарынан рухани болмыс тыс қалды. Сондықтан олардың берген білімі толық емес, жартылай еді. Ал кеңес дәуіріндегілерден бұрын болған дін жолындағы ойшылдарды алатын болсақ, олар рухани болмысты мойындағанымен, оны материалдық болмыспен байланыстыра алмай, тек ғана соқыр сенімді талап етті. Соқыр сенімді талап ету адам ойын ноқталап, еркін ойға жол бермеді, тіпті болмыс сырларына тереңдеуге де тиым салынды. Өткен ғасырларда діни инквизиция еркін ойдың адамдарын қатты жазалап, тіпті отқа өртегендері осының көріністері. Осылай соқыр сенімді талап еткен дін рухани сана-сезімге тосқауыл болып, ой-өрістің еркін жетілуіне кедергі болды. Мұны білген коммунистердің «Дін
– халық үшін опиум» деген тұжырым жасағаны да белгілі. Осылай олардың бергені де толық білім болмай, жартылай білім болды. Ал Шәкәрім берген білімнің олардан ерекшелігі бар. Бұл білім – материалдық болмыс пен рухани болмысты бірдей қамтитын толық білім. Ол заттық әлем заңдылықтарын, табиғи өмір көріністерін саралай отырып рухани болмыспен байланыстырады. Осылай Шәкәрім қазақ философиясында алғаш рет осы екі дүниені – рухани және заттық дүниені, біріктіруге ұмтылып, олардың арасында қайшылықтың жоқ екенін, керісінше олар бір-бірімен тығыз байланыста екенін дәлелдеуге тырысты, дәлелдеді де. Ойшылдың бергені толық білім екеніне «Қасыңа қылыш қайратқан», «Жан беріп, жарық жылы нұрдан», «Басында жан мен дене екі басқа», «Мен адамның таппаймын өнерлісін», «Тауық неге шақырар сағат сайын» және осы тәрізді басқа да көптеген өлеңдерін сараласақ оған көзіміз жетеді. Кеудесінде сәулесі бар адам екі дүниенің бірлігін бұл өлеңдерден бірден байқайды. Өз заманының білімділерінің бірі болған Шәкәрім діни шеңберде қалып қойған жоқ. Ол таза материалист философ та болған емес. Қазіргі заманда оны діни адамдар діндар деп есептесе, ал философтар оны өз қатарына жатқызады. Оны тіпті таза материалист қатарына жатқызғандар да болды (Қарабалина Орынша. Журнал «Қазақ тарихы», № 6, 1998 ж.). Ал шын мәнінде Шәкәрім қажының дүниетанымы рух пен тәннің, дін мен философияның синтезі, болмыстың екі бөлігін біріктірген жаңа деңгейді – руханилық, руханият деңгейін көрсетеді. Руханилық, руханият деңгейі мен діни деңгейдің айырмасы үлкен. Оларды шатастырмай, бір-бірінен айыра білуіміз керек. Қазіргі замандағы «дін» түсінігі рухани болмыстың сыртқы сипатын – ғибадат түрлері мен діни қағидаларды – ғана береді. Ал руханилық түсінікті алатын болсақ, рухани жолдың ішкі мәнін қамтиды. Діннің ішкі мәніне иман мен руханилық жатады. Бұлар діни жолдың барлығына ортақ. Шәкәрім «мән» деген түсінікті болмыстың қайнар көзімен, яғни Алла тағаламен байланыстырады. Ал дін деп бүгінгі түсінік бойынша қабылданып жүрген діни рәсімдер – діннің сыртқы мәні ғана. Абай оны діннің ішкі мәнін сақтайтын қабыршағы ретінде қарастырады. Бұл туралы Абайдың отыз сегізінші қара сөзінен және Шәкәрімнің дін туралы жазғандарынан анық көре аламыз. Руханият Жаратушы, жан иелері, табиғат, әрекет және уақытты қамтиды. Абсолюттік Ақиқат дегеніміз осы. Бұл арабтың Хақиқат деген сөзімен сәйкес. Шәкәрім сонымен бірге, Жаратушыға деген сенімнің маңызын, адам өмірінің түпкі мақсатын көрсетеді. Ол мақсатқа жету үшін уақыттың ықпалымен табиғатты дұрыс пайдалана білу керек. Бұлар бүкіл адамзатқа, барлық діни ағымдарға ортақ білімдер. Қазіргі кезде Ресейде және Қазақстанда мектеп қабырғасында «дінтану» сабағы енгізіліп жатыр. Бірақ әуелі діннің сыртқы және ішкі мәнін дұрыс түсініп алу керек. Көптеген діни конфессиялық елде бұл мәселе өте маңызды. Адамдардың діни сеніміне нұқсан келтірмей, келешектегі ел тыныштығын
сақтау үшін мектеп қабырғасында діни сабақ емес, руханият берілу керек. Діннің ішкі мәнін түсінген рухани білімі бар әрбір адам өз дінін дұрыс ұстанып, оны дұрыс түсіне алады. Ал діннің сыртқы мағынасын, яғни рәсімдер мен діни қағидаларды үйрететін әрбір діннің өз оқу орындары бар. Еліміздегі қалыптасқан философияға келетін болсақ, ол қазіргі кезде материалдық әлемді ғана қарастырады. Сондықтан, дін тәрізді ол да руханиятқа жатпайды, толық білім бола алмайды. Мұндай біржақты материалистік философиямен Шәкәрім дүниетанымын түсіну мүмкін емес. Шәкәрім заттық әлемді зерттейтін ғылымдарды пән деп атайды. Дін мен философия руханияттың бөліктері, ал руханият бәрін біріктіруші. Өкінішке қарай, қазіргі заманда руханият болмаған жерде діни соқыр сенім адамдардың арасына жік салатынын көрсетіп отыр. Ал философия (атеистік) болмыс көріністерін олардың негізгі Себебінен, яғни Жаратушыдан бөліп қарастырғандықтан адамдарды Одан бөліп тастап, кейде тіпті Оған қарсы қойып, олардың толық білім алуына кедергі жасайды. Дін мен ғылымның (Шәкәрімше – пәннің) осындай келіспеушілігі бүкіл адамзат қоғамындағы жойқын қақтығыстар мен түрлі зардаптардың қайнар көзі. Сондықтан біздің заманымызда дін мен ғылымның бір-бірімен өзара келісімге келуі адамзат өркениеті үшін өлім мен өмір мәселесін шешетін нәрсе. Бұл артық айтылқан сөз емес. Шәкәрім де бұл мәселеге үлкен көңіл бөлген. Өзара келісім әрқайсысының бір-бірін түсінісуі мен өздерінің догмаларынан бас тарту негізінде болмақ. Бұл, әрине, сана-сезімнің белгілі бір жетілу деңгейін керек қылады. Қазіргі кезде көптеген ой адамдары ғылым жасаймыз деп өмірмен байланыспаған, адам тіршілігінің түпкі мақсатынан мүлде алыс мәселелерді зерттеп, қаншама уақытты босқа өткізуде! Соның салдарынан қоғамның зиялы деген бөлігінің өздері адамда жанның барын, оның не нәрсе екенін сезіп, білмейді. Абай мен Шәкәрім адамның болмысы туралы жүз жылдан артық уақыт бұрын бұл туралы жазып, айтып кетсе де, көпшілік қауым оны әлі де болса қабылдай алмай отыр. Рухани сананың төмендігін осыдан білуге болады. Біздің ұлы ойшылдарымыздың көрсетуі бойынша ең маңызды ғылым – ол адам туралы ғылым. Адамның негізі – жан, ал оның денесі – тек қана фәни әлеммен байланысатын құрал, немесе жанның сыртқы табиғатты көретін терезесі тәрізді ғана. Жанды зерттеу табиғаттың көрнеу және көрінбейтін қуаттарын және олардың қайнар көзі Жаратушыны түсінуге мүмкіндік береді. Атеизм дәуірінде жан мен Құдайды өмірден сызып тастады. Сөйтіп, рухани тіректен айырылған адам өмірі хайуандар өміріне айналды емес пе?! Ал Абай мен Шәкәрім бұл зобалаң заман басталмай тұрып-ақ жанның мәңгілікті екенін, бірақ оны біздің сезімдеріміздің қабылдай алмайтынын дәлелдеп, айтып кетіп еді ғой. Материалдық ғылым болмысты тар шеңберде қарастырып, оның тереңіне бара алмайды. Ол өмірдің тек қана беткі көрінісін ғана сипаттап, оны өте қарапайым да, қарабайыр етіп көрсетеді. Оның бергені біржақты және
жеткіліксіз болғандықтан, өмірдің күрделі, түпкі мәселелерін шешуге мүмкіндігі жоқ. Себеп – ғылымның негізгі жаратушы күшті жоққа шығарып, рух пен жанды білмеуінде. Ол тек қана таза материяны зерттейді. Ал жансыз табиғат – өлі табиғат. Өліде қозғалыс та, ендеше жетілу де болмайтыны белгілі. Біздің сезім мүшелеріміз рухани болмысты көруге арналмаған. Ол тек қана фәни әлемнің құбылыстарын ғана байқай алады. Оның өзінде толық емес, аздаған бөлігін ғана. Сондықтан біздің білгендеріміз табиғаттың барлық сыр-сипатын толық ашып береді деп айта алмаймыз. Ендеше, ондай тұжырымдар толық ғылыми тұжырым бола алмайды. Толық ғылыми тұжырым Шәкәрім әдісі бойынша, табиғат құбылыстарына жүрек сәулесі арқылы қарағанда ғана болмақ. Оның кейбір терең сырлы сөздері бізге күмәнді болуы да мүмкін. Бірақ бұл күмән ойшылдың сөзінің терістігінен емес, біздің ойымыздың таяздығынан шығады. Оның терең сырлы ойларын көңіл қойып қайталап оқыған сайын, мәні ашыла түсіп, сөздерінің ақиқаттығына көзіміз жете береді. Табиғаттың бізге мәлімсіз құбылыстарын көріп, оның сырын таба алмағанда біз оны тылсым дүниеге жатқызамыз. Шын мәнінде табиғатта тылсым, сиқыр деген болмайды. Барлығы да белгілі бір заңдылықтың аясында, үйлесімді түрде болып жатады. Мәселе біздің сол табиғат заңдылықтарын анық білмеуімізде жатыр. Шәкәрім өзінің «Үш анық» шығармасында әлемде адамдардан да артық жан иелері барын, олардың көзге көрінбегенімен ойларының, қадір-қасиеттерінің бізден артықтығын, өмір туралы түсініктерінің озықтығын көптеген дәлелдермен көрсетіп берді. Көкірек көзі ашылып, рухани сәуле түскен сайын адамға болмыстың терең сырлары ашыла түседі. Абай атамыз айтқандай, сол кезде «Адамның хикмет кеудесі». Бұл – жетілудің нәтижесі. Адам баласы өзінің жетілу дәрежесін осылай сезе алады. Психолгоия ғылымын алатын болсақ, ол физикалық ғылымдардан мүлде артта қалды. Психология ғылымының табиғи мақсаты – жан мен рухты зерттеу. Бұл ғылымның атауының өзі «жан» деген ұғымды білдіретін гректің «психо» деген сөзінен шыққан. Солай бола тұрса да психология «жан жоқ», не болмаса, жан тәннің физиологиялық құбылысы деп есептейді. Рухани тұрғыдан алғанда осындай өрескел көріністерді данышпан қатты сынға алады. Заттық ғылымның көп жаңалық ашып, көп жетілгенімен, жанды білу деңгейі жоғарылады ма? Өкінішке қарай, өзінің жеткен жетістіктеріне қарамастан, ғылымның жанды білу дәрежесі әлі өте төмен. Ғылым бүкіл табиғаттың алғашқы шыққан көзі рухани болмыс екенін әлі де мойындағысы келмейді, кейде тіпті жанды жоққа шығарады. Рухани болмыс туралы өзінің ойларының ақиқаттығына толық көзі жеткен ойшыл ақын «Жан тән жасар, тән жанды жарата алмас» деген қағидамен келіспейтін материалистерді ашық сайысқа шақырады.
Адамзат қоғамында бейбіт өмір мен бақыт жолы біреу ғана. Ол – руханият жолы. Руханият діннің ішкі мәнін бергендіктен, ол барлық халықтарға, діндерге ортақ дүние. Ол адамдарды нәсіл, ұлт, не болмаса діни тұрғыдан жіктемейді, керісінше, олардың барлығын біріктіретін күш. Руханият жолы – бүкіл адамзатты барлық әлемдердің, халықтардың, діндердің қайнар көзі, олардың жаратушысы болып табылатын Абсолютке тура алып баратын жол. Шәкәрім ілімі бойынша, міне, осындай қорытынды жасауға болады. Бұл ұлы ақынның ойының бүкіл адамзат деңгейіне көтерілгенін, оның қалдырған мұрасын тек осы деңгейде қарастыруымыз керек екенін көрсетеді. Шәкәрім ілімі бойынша, өзінің тұрақтылығын, халқының бейбіт өмірін мақсат еткен барлық мемлекеттер дінді емес, таза философияны да емес, барлық дүниеге ортақ болып табылатын руханиятты насихаттауы керек. Рухани көзден нәр алып, өзінің сол нәрдің бір бөлігі екенін түсінген адам ешуақытта да ол Нәрге қарсы шықпас болар. Осылай адамдарды дінге, нәсілге, ұлтқа бөлмей, керісінше, олардың бірлігін нығайтуға жол ашылады. Себебі, руханият – Алла тағаланың біріктіруші қуаты. Шәкәрімнің заңғар биігіне көз жеткізу үшін данышпан ақынның дүниетанымын бір жүйеге келтіре отырып, оны белгілі бір тәртіппен саралау керек. Сонда оның философиясы заттық әлемді ғана емес, сонымен бірге, рухани әлемді де қамтитынын көреміз. Шәкәрім дүниетанымы бүкіл болмысты толық қамтып, жаратылыстың біртұтастығын паш етеді. Ойшылдың философиялық мол мұрасы шексіз болмысты түгелдей қамтитын болғандықтан, әрине, бір кітапта оны түгел қамту мүмкін емес екені белгілі. Ол үшін көптеген томдар жазу керек. Сондықтан біз Шәкәрімнің жалпы философиялық көзқарасын қысқаша қарастырып, оның негізгі толғамдарына ғана тоқталамыз. Шәкәрімнің рухани мұрасының кеңінен зерттелуі енді ғана басталды деуге болады. Бұл игілікті істің қарқыны келешекте үдей түсіп, ұлы ойшылдың мол мұрасы кімнің болса да рухани қорегіне айналады деп сенеміз.
3. Шәкәрім мұрасындағы фәни әлем мәселелерін шешу жолдары
Бүкіл болмыстың бір жаратушысы барын Шәкәрім қажы толық мойындап, ол өзінің барлық саналы өмірін сол болмыстың терең сырларын ашып, түсінуге жұмсаған. Шәкәрімнің негізгі шығармалары рухани деңгейде, сондықтан олар адамды имандылық жолға салады. Оның терең сырлы ойлары өлеңдерінде ғана емес, әсіресе, «Үш анық» деп аталатын үлкен философиялық мәні бар шығармасында да берілген. Шәкәрімнің рухани деңгейіне көз жіберіп, оның бізге қалдырған сырлы сөздерінен тағлым алу үшін, біз оның шығармаларын осы рухани деңгейде, имандылық тұрғысынан қарастыруымыз керек. Оның сыр сөздері адамзатты толғандыратын табиғаттың күрделі көріністерін ашып, түпкі мәндерін халыққа қарапайым сөздермен жеткізеді. Оның шығармаларының негізгі маңыздылығы – адамды
бүкіл әлемнің бір жаратушысы барына сендіріп және Оны түсініп-білу арқылы бүкіл болмыс өмірімен үйлесімді тіршілік құруға үйретуінде жатыр. Бұл әркімнің қолынан келе бермейтін қасиет. Шәкәрім шығармалары болмыстың терең сырын көріп, өмірдің соқтықпалы-соқпақсыз иірімінен шығып, өркендеу мен өсудің сара жолына түсуге мүмкіндік береді. Болмыс өмірі бір бастаудан шығып, біртұтас және үйлесімділік заңылығына бағынады. Ендеше адам баласы да болмыстың бір бөлігі және сана-сезімі жоғары бөлігі бола отырып, ол да болмыспен біртұтаста. Сондықтан әркім бірлікке, өзара ұйымшылдыққа ұмтылып, басқаға көмек беруге тырысады. Әрбір жан Ұлы Жанның бір бөлігі, ендеше ол да өзінің алғашқы қалпына қайта келіп, Ұлы Жанға ұмтылуға тиісті. Қасиетті Құранда да, Абай, Шәкәрім тәрізді адамзат данышпандары да тіршіліктің жалпы мақсаты Түп Иеге, қазақша айтқанда «Құдайға қайту» деп атап кеткені белгілі. Бұл туралы бұрын да жазғанбыз. Іс жүзінде кім болса да, анасынан адасқан бала өз анасын қалай іздесе, шыбын жан да Алла тағаланы ізеп, үйіне қайтуға ұмтылады. Адамның барлық іс-әрекеті осының көрінісі. Рухани өмірден алыстап, тиісті білімдері болмағандықтан, Шәкәрім даналығынан шығатын, өмірдің түйіні болып табылатын, бұл ақиқатты жұрттың барлығы бірдей біліп, сезіне бермейді. Фәни әлемде кім болса да қайғы-қасіретсіз бақытты өмір сүруге ұмтылатыны белгілі. Бірақ бақыттың қайнар көзі қайда? Оны білмей мақсатқа жету мүмкін емес! Ендеше әуелі бақыт сезімінің не екеніне және оған жету жолдарына тоқтала кетейік. Бақытқа бөлену – адам баласының өзін жайбарақат ләззатты сезініп, жүрегі қуанышқа толған сәті. Ол өзін еркін сезініп, жүрегін қуаныш билеп, рахат қалыпқа түседі. Ал ләззат көзі қайда? Оны қайдан іздеу керек? Ләззаттың қайнар көзі бүкіл болмысты жаратушы және Абай тұжырымымен айтқанда «Ғалам ішіндегі», яғни әрбір атом ішіндегі, әрбір адамның жүрегіндегі Алла тағалада, яки Ғазиз Жанда. Сондықтан, барлық жандар бақыт іздеген кезде табиғи сезімі арқылы инстинкт бойынша Ғазиз Жанды іздейді, өмірдегі Оның сансыз көп тамаша көріністеріне ұмтылады. Сонымен, Шыбын жанның Ғазиз Жанды іздеуі табиғи нәрсе, ол үшін арнайы, ерекше себеп керек емес. Өйткені, ол екеуі әу бастан бір бүтін болғандықтан, шыбын жанның өзінің түпкі махаббатын, яғни Ғазиз Жанды іздеуі жанның табиғатында. Бұл Шәкәрімнің "Ләйлі-Мәжнүн" дастанындағы Ләйлі мен Мәжнүннің бір-бірін іздегені тәрізді! Фәни өмір қандай үлкен тосқауыл қойып, қиыншылықтар жасаса да, олар барлық кедергілерді жеңіп, бір-біріне деген лаулап жанған махаббаттарын өршіте біліп, бақи әлемге өткен соң, сонда кездесіп, бірігіп мәңгілікті махаббат ләззатына шомылды. Шыбын жан да бұл фәни өмірдің қасіретінен құтылып, өзінің алғашқы рухани ләззатына ұмтылып, соған құмартады. Бұл құмартуды Абай жан құмары деп атағаны белгілі. Бұл құмарлық Алла тағалаға деген махаббатқа
жеткізетін негізгі кепіл. Алла тағалаға деген махаббат – жанның мәңгілікті махаббаты. Ләззаттың шыңы болып табылатын бұл махаббат әркімнің жүрегінде сақталған. Ол махаббатты ояту үшін жүрек көзін ашу керек. Жүрек фәни әлемнің қабыршағымен қапталып, рухани надандықтың құрсауында ұйқыда жатыр. Фәни әлемдегі барлық қайғы-қасырет, зорлық-зомбылықтың негізгі себебі осында. Өмірдің басты мақсаты – жүректі тазартып, сол қабыршықтан арылтып, жанды ұйқыдан ояту. Абай сөзімен айтқанда «Наданның көзін қойып, көңілін ашпақ» керек. Сол кезде «Адамның хикмет кеудесі». Бас көзі емес, көңіл көзі ашылғанда ғана жүрегіне рухани сәуле түсіп адамға Алла тағалаға, сонымен бірге Оның жаратқан әлем көріністерінің барлығына, бүкіл адамзатқа деген махаббат сезіміне бөлену мүмкіндігі тумақ. Абай, Шәкәрім шығармаларынан, міне, осындай тұжырым жасай аламыз. Рухани жетілу Абай сөзімен айтқанда «бек шетін, бек нәзік» және ұзақ жол. Адам баласы бұл мақсатқа жету жолында тіршіліктің үш деңгейінен өтеді. Олар: пенделік өмір, фәни өмірдің қыспағынан арылу және құлшылық жолы. Әрбір деңгейдегі адамдардың ой-өрісі, іс-әрекеті, өмірдегі мақсаттары мен алатын ләззаттары да бір-бірінен өте алшақ, тіпті кейде қарама-қарсы болып келеді. Шәкәрім бұл үш деңгейді толық өткен. Осыларға енді қысқаша тоқталып өтелік.
3.1. Тіршіліктің үш деңгейі
Пенделік өмір қоғамдағы көпшілік жұрттың тіршілігі. Фәни әлемнің ықпалымен көпшілік қауымда жоғары дамыған ақыл-ес толық қалыптаспаған, ал өзінің рухани болмысын сезіну түгілі одан хабары да жоқ болғандықтан, олар өздерін тек қана дене сезініп, өмірдің ләззатын көбіне тек қана өздерінің физикалық тәндерін қанағаттандыру арқылы алуға ұмтылады. Ал тән басқа тәндермен ғана қанағаттанады. Бұл жағдай басқа тәнді өз мүддесі үшін пайдалануды, не болмаса оны қанауды тудырады. Бұл фәни өмір басқаша болуы мүмкін емес. Мысалы, табиғатта қолы жоқтар (малдар) қолы барлардың (адамдардың) тамағы болып, қозғалмайтын өсімдіктер қозғалатын аяқты жануарлардың тамағы болса, ал үлкен күштілер өздерінен кіші әлсіздермен қоректенеді. Осылай табиғатта барлық жан иелері жетілуі өздерінен төмен, не болмаса әлсіз басқа жан иелерімен қоректенеді. Сол сияқты, адамзат қоғамында да бір адам екінші адамның есебінен өмір сүруге ұмтылады. Осылай түрлі зорлық-зомбылық, алдау-арбаулар, сыбайлас жемқорлық тәрізді қоғамды кеміріп жеп, іріп-шірітетін жағдайлар туады. Ал ол кесірлі жағдайлар адамдардың өздерін түрлі сергелдеңге салып, өмірлерін тозаққа айналдыра бастайды. Бұған дәлелді алыстан іздемесек те болады. Көзі ашық адам осы күнделікті өміріміздің өзі осының дәлелі екенін көріп, түсіне алады. Мысалы, қоғамның қазіргі саяси-әлеуметтік жағдайында сыбайлас жемқорлық тәрізді құбылыстың үлкен зобалаңға айналғаны
соншалық, тіпті, онымен күрес бүкіл мемлекеттік маңыз алып, үкімет онымен жаппай күрес жарияласа, оның нәтижесі шамалы. Пенделік өмірдің басқарушы әміршісі – нәпсі. Адамның барлық қиыншылық, зобалаң-зардабын осы нәпсі тудырады. Нәпсінің не екені және адамның оның шырмауына қалай түсіп қалатыны туралы Шәкәрім былай деп жазады:
Бас көзімен қарасаң, нәпсі – жалған,
Бір сұлу қыз сықылды жұрт таңданған.
Анық ақыл көзімен қарағанда,
Өзін берер қалыңға ол қызды алған.
Қылықты қыз сияқты көрінсе де,
Өлшеусіз сансыз байдан жесір қалған.
Күнінде қызыл гүлдей жүз күлсе де,
Сырт айналса, жүрекке жалын салған.
Бас алуға жаралған бір жәдігөй
Өткір қылыш сықылды уға малған.
Өлмей адам осыдан құтылар ма,
Неге қылып жүргеміз өлімді арман?
Нәпсі үйінде байлаулы Ынсап жатыр,
Мұның емін, тегінде, сол аша алған.
Сопысынып, ақсынып әуре болмай,
Ер болсаң, босатып ал сол зынданнан.
Ақыл, ғылым әр түрлі айтса-дағы.
Жиыны осы сөзбен аяқталған.
(«Бас көзімен қарасаң, нәпсі – жалған»)
Шәкәрімнің осы сыр сөздерінен бүкіл пенделік өмірдің түп қазығын көруге болады екен. Фәни әлемдегі адам өмірі нәпсінің басқаруымен өтеді, Нәпсі мұндай адам өмірінің түп қазығы. Нәпсінің адам өміріндегі үлкен ықпалын, оның адамды қалай алдап өз шырмауына түсіріп алатынын ақын ашып береді, нәпсінің адамды қалай арбайтынын түсіндіреді. Нәпсі бас көзімен, яғни тән көзімен қарағанда бір сұлу қыз сықылды жұрт таңданған. Мұны анық ақыл көзімен қарап қана білуге болады. Сұлулыққа жан әрқашан да құмар. Бұл жан құмарлығы. Бірақ жан фәни өмірдің былғанышымен қапталғандықтан, ол өз құмарын нәпсі арқылы қандыруға ұмтылады. Ал нәпсіге анық ақыл көзімен, яғни жоғары санамен, жүрек көзімен қарайтын болсақ, шын мәнінде оның сұлу қыз емес, жалған сағым екенін, өмірдің алдамшы жалтырағы екенін көре аламыз. Нәпсі – жалған. Ол неге жалған? Себебі, ол жанның құмарлығын толық қандыра алмайды! Жан құмары тек қана Ұлы Жанмен байланыста ғана толық қанағаттанады. Алла тағала нұрына бөленген жан сол кезде ең жоғарғы ләззат алып, толық бақыт сезіміне бөлене алады. Бірақ бұл сезімді тілмен
айтып жеткізу қиын. Себебі, сөз тек қана фәни әлемнің құбылыстарын сипаттауға арналған. Фәни әлемге арналған сөзбен рухани, бақи әлемнің хикметтерін сипаттау мүмкін емес. Рухани болмыстан хабары жоқ пенделер жан құмарын тән арқылы қанағаттандыруға ұмтылып, сағым қуып, жалған өмірдің соңына түсіп кетеді. Нәпсі, Шәкәрім түсінігі бойынша, сырт айналса жүрекке жалын салып құмарлықты қоздыратын қызыл гүлдей, күнінде жүз күліп арбайтын, өлшеусіз сансыз байдан айырылысып, жесір қалған тұрақсыз жезөкше тәрізді. Ол бір байдан шығып қайтадан шексіз байға шықса да, түбінде жесір қалады. Себебі ол тұрақсыз және тойымсыз. Жүрек көзі ашылмаған пенделер осыны түсінбей сол алдамшы нәпсі қызығына мал түгілі өзін береді. Соған арнап бүкіл өмірін сарп етеді. Олар өмірінің босқа өткенін өлім келгенде ғана біледі. Жаны қиналады, бірақ кеш – енді ештеңені өзгертуге болмайды. Шын мәнінде, «адамның жанын сатуы» дегеніміз, міне, осы. Ол тән құмарлығы үшін, яғни нәпсі құмарлығы үшін, жанды ұмытып, жан құмарын пида етіп, жанды тән үшін құрбан етеді. Осылай нәпсі бас алуға арналған уға малған өткір қылыш тәрізді жанды өлтіреді. Өлмейтұғын мәңгілікті болса да, оның жаны өлгендей болған мұндай адамды тірі өлік деп атауға болады. Себебі, ол денесі тірі болса да жан дүниесі өлген, сондықтан ондай адам өмірдің түпкі мақсатына ешқашан да жете алмайды. Оның өмірі көрген түстей пайдасыз, босқа өтеді. Нәпсінің бұлай құтырып, күш алуының себебі неде? Оның себебі – нәпсі мұның емін ашып таба алатын Ынсапты алдап-арбап үйіне алып, оны байлап тастаған. Мақсат – сол Ынсапты нәпсі тұтқынынан, яғни, оның ықпалынан құтқару. Егер өмірдің түпкі мақсатына шын ұмтылып, тақуалық жолға түскен адам болсаң, ең әуелі Ынсапты сол зынданнан босатып ал дейді ақын. Бұл үлкен жанкештікті, нағыз ерлікті қажет етеді. Исламдағы «Үлкен жиһад» деп аталатын ішкі, жан үшін күрес осы. Яғни, жиһад деп басқа діндегі адамдармен емес, ең әуелі өзіңмен, өзіңнің нәпсіңмен, яғни ішкі жауыңмен күресуді айтамыз. Ақын «Ер болсаң» деп осыны көрсетіп отыр. Ал өзіңді өзің жеңбей, өмірден бас тартып, өзіңнің табиғи міндетің болып табылатын отбасындағы, қоғамдағы міндеттеріңді орындамау бос әурешілік. Ондай қылық қоғам үйлесімділігін бұзып, тек қана бүлік әкеледі. Шәкәрім де, Абай да өзін ақ жолға түстім деп сопысынуды әурешіілік, теріс деп табады. Рухани жолға түскен кейбір сопылар ең әуелі ішкі жауыңды – нәпсіңді – жеңу керек екенін түсінбей, тек қана ғибадат жасап, діннің сыртқы бейнесіне көңіл бөледі. «Сопысынып» деп ақын сондай діндарларды айтып отыр. Өмір шындығын адамзаттың данышпандары, ұлы ғалымдары қанша айтып, қанша жазса да, олардың айтқандарының барлық түйіні, міне, осы. Енді нәпсі деген, нәпсіқұмарлық деген не, соған келейік. Қазақ тіліне нәпсі «нафс» деген араб сөзінен енген. Абай мен Шәкәрім мұраларынан адам болмысы тән, оның нәзік болмысы, яғни психикалық болмысы және жаннан құралатынын білеміз. Жан рухани болмысқа жатады. Ал нәпсі деп адамның материалдық болмысын көрсететін тәні мен оның психикалық негізін
атаймыз. Яғни нәпсіге оның физикалық тәні ғана емес, оның сыртқы сезімдері, ақылы, есі жатады. Бұлардың барлығының да негізі заттық әлемдік. Бірақ бір-бірінен айырмашылығы өте үлкен. Бұлардың айырмашылығы мен олардың өзара қатынасын Абай ілімі бойынша басқа кітаптарда қарастырғанбыз. Сондықтан бұл арада оларға көп көңіл аудармаймыз. Тек қана айта кететін жағдай – бұлардың әрқайсысының өзіндік құмарлықтары бар.
Фәни әлемде барлық іс-әрекет сол құмарлықтардың талабымен орындалып жатады. Нәпсіқұмарлық деген не? Нәпсіқұмарлық дегеніміз нәпсінің шектен тыс құмарлануын және сол құмарлыққа шектен тыс берілуді айтамыз. Қандай нәрсе болса да, оның қолдану мөлшеріне байланысты, не у, не болмаса дәрі болуы мүмкін. Нәпсіқұмарлық дегеніміз нәпсінің шектен тыс құмарлануын, және сол құмарлықққа шектен тыс берілуді айтамыз. Ендеше адамның өмір қажеттілігімен өзін-өзі қамтамасыз етіп, тіршілік қызығын көруінің ешқандай артықшылығы жоқ. Бұл қажеттілік қайта бүкіл материалдық әлем тіршілігінің қозғаушы күші болып табылады. Ендеше адамның сол қажеттіліктен артықққа ұмтылуынан нәпсіқұмарлық басталады. Нәпсіқұмарлықтың басталу жері адамның және қоғамның рухани деңгейі мен мәдениетінің жетілуіне байланысты әртүрлі болады. Мысалы, Америка елінде бір кездерде шылым шегуді сән көріп, әйел-еркек бәрі жаппай жаман әдетке берілген. Бірақ уақыт өте келе олардың санасы бұл әдеттің аяғы жамандыққа апаратынын түсініп, енді ол құмарлықтан бас тартып, көптеген қоғамдық жерлерде шылым шегуге мүлде тиым салынды. Олар шылым шегу құмарлығынан өтті. Біздің ел бұл деңгейге әлі жете қойған жоқ. Сондықтан көпшілік (әйел, еркегі бар) реті келген жерде аузына темекі салуға ұмтылады. Нәпсіге дұрыс ие болу үшін оның қайнар көзі болып табылатын ақыл-ес пен тәнді басқара білу керек. Оларды кім басқарады? Енді соған келейік. Бұл туралы Шәкәрім былай деп жазады:
Ақыл деген өлшеусіз бір жарық нұр,
Сол нұрды тән қамы үшін жан жұмсап жүр.
Тағдырдың қиын, сырлы сиқырымен
Жан тәнге, ақыл жанға матаулы тұр.
Жан тыныштық таппайды тән қамын жеп,
Тән бұзылса, тұрағым бұзылар деп,
Ыстық, суық, аштықтан сақтау үшін
Зұлымдық пен Айланы қылады сеп.
(«Ақыл деген өлшеусіз бір жарық нұр»)
Осылай данышпан ақыл-естің, тәннің қасиеттері мен олардың өзара байланысын ашып береді. Ақыл – өлшеусіз нұр. Нұр дегеніміз күннің сәулесі
тәрізді материалдық ұғымды білдірмейді. Оның мағынасы басқа, ол рухани негізді білдіреді. Ақылдың негізі жанның рухынан шығып, сонымен нұрланады. Сондықтан, рух өлшеусіз болғандықтан, ақыл да өлшеусіз және жарық. Фәни өмірде жан сол нұрлы ақылды тән қамы үшін жұмсап жүр. Не себептен жан ақылды өзінен төмен тұрған тән қамы үшін жұмсайды? Себебі – жан тәнге, ал ақыл жанға матаулы тұр. Фәни әлемде жан тәнге байланған. Бұл адамның түсінуіне оңайлықпен ашыла бермейтін тағдырдың қиын, сырлы сиқыры. Бұл сиқырдың сыры рухани жолда ғана ашылады. Жан тәнге матаулы тұрғандықтан, ол өзінің негізгі міндетін ұмытып, тән қамын ойлап тыныштық таппайды. Ол өмір қызығын тек қана тән арқылы қабылдайды. Жанның тыныштық таппауының себебі, міне, осында жатыр! Жан тәнді ыстық, суық, аштықтан сақтап, сол арқылы бақытты болу үшін Зұлымдық пен Айланы қылады сеп. Не себептен ол Зұлымдық пен Айланы сеп қылады. Себебі, жан фәни әлемнің былғанышынан имандылығынан айырылып нәпсі ықпалына түскен. Бұл – әлемдегі барлық зардаптардың себебі! Осылай адам өмір шырғалаңынан шыға алмай қалады. Бұл шырғалаңнан шығатын бір ғана жол бар. Ол жол – рухани білім алу арқылы әркімнің өзінің рухани болмысын танып, тәнді, яғни нәпсіні басқара білуінде. Жаның таза болса тәнді жан басқарып, өмірдің түпкі мақсатына жетесің, ал жаның фәни әлемнің былғанышына батып, кірленсе, онда – нәпсінің шырмауынан шыға алмай, өмірдің қараңғы терең тұңғыйығына кетесің. Шәкәрімнің данышпандық ойлары осындай тұжырымға әкеледі. Тойымсыз, ашқарақ сезімдерін ауыздықтай алмай өмірдің шырғалаңына түскен бейбақтарға Абай да «Кәне біздің нәпсіні тиғанымыз?» дейтіні бар емес пе? Нәпсінің шын мағынасын Шәкәрім «Тура жолда қайғы тұрмас», «Өлімнің хақ екенін көрсең де», «Құмарлық деген бір ит бар» тәрізді өлеңдерінде аша түседі. Жалпы айтқанда, Шәкәрімнің шығармаларының басым көпшілігі осы пенделік өмірге арналған. Фәни өмірден бас тарту жолы пенделік өмірдің қыр-сырын толық түсініп, енді бақи өмірге бет бұрған кезден басталады. Ондай адам – фәни өмірдің іші-сыртын түгелдей көріп-біліп, оның әурешілік екенін толық түсінген адам. Ол енді пендешіліктен шығып кетті, ондай адамды пенде деп атауға болмайды. Бұл Абайдың «толық адам» деп атаған деңгейі. Шәкәрім де осындай халге жетіп, бұл өмірдегі адамдардың түрінен жүрегі айнығандай болған кезінде «Жолама қулар, маңайға» өлеңінде былай деп жазады:
Жолама қулар, маңайға,
Не қылмадың талайға?
Кім жағады сендерге
Тартқызған азап Абайға?
Соның да тілін алмадың,
Сабадың, соқтың, қарғадың,
Көріне қашан кіргенше
Арсылдап иттей қалмадың.
Сендерден белгі нең қалар?
Жемтігің, жеген жем қалар.
Ақылы дария Абайдан
Таусылмас қоры кен қалар.
Жақсыдан қазына пұл қалар,
Солмайтын жасыл гүл қалар.
Сендердей арсыз қулардан
Желге ұшатын күл қалар.
Мені арбайтын сен емес,
Көнетін саған мен емес.
Ақылың сенің – маған тұл,
Дертімді жазар ем емес.
Адамдық борыш, ар үшін,
Барша адамзат қамы үшін,
Серт бергем еңбек етем деп,
Алдағы атар таң үшін.
Сендермен де жүргенмін,
Әр тесікке кіргемін.
Жәдігөй, арам сайтаным,
Сырыңды түгел білгемін.
Сертіме жету – арманым,
Көтерем тағдыр салғанын.
Өлгенімше ізденем,
Толтырар кемін қалғаным.
Адам үшін – еңбегім,
Өмірден барлық тергенім.
Қалағанын қарап ал,
Мұрам сол, жастар, бергенім!
Міне, Шәкәрімнің осы өлеңінен фәни әлемнен бас тарту кезіндегі адам халін, себебін және оның алға қоятын мақсатын көре аламыз. Сана-сезімі жетіліп, көкірек көзі ашылған кезінде Шәкәрім мұндай пенделік өмірдің жайжапсарын, оның кемшіліктерін толық түсініп, түйсіне бастағанын осылай білдіреді. Сана деңгейі осы деңгейге жетілген басқа адамдар тәрізді Шәкәрім де, өзі ұстаз тұтқан орыстың ұлы ойшылы Л.Н. Толстой тәрізді бұл фәни өмірдің құбылыстарына жиіркене қарап, «Сендермен де жүргенмін, Әр
тесікке кіргемін» дейді. Ол енді көпшіліктен бөлектене бастайды. Мұндай адамдар пенделік өмірден бас тартып, енді тән құмары емес жан құмарына ұмтылып, жаңа бағыт алады. Көпшілік қауымның арасында мұндай адамдар өте сирек кездеседі. Сирек болса да, олар бар. Бұлар рухани білім алып, оны өмірде қолдана білген даналық дәрежедегі данышпандар. Мұндай адамдардың тұрмысы тақуалық тәртіпке бағытталған. Олар жақсылықжамандық тәрізді өмірдің екіұдайылық әсерінен аулақ болып, нәпсісін тежеп, өзінің ішкі дүниесіне ғана берілуге ұмтылады. Сөйтіп, бұл фәни өмірдің ықпалынан шығып, өзінің нәзік болмысының ықпалына беріліп, қалың ұйқыға берілгендей халге жету идеясына келеді. Бұл тән деңгейінен жоғары – психикалық, яғни нәзік болмыс деңгейі. Шәкәрім осындай жолға түсіп әулиелік деңгейге жетуге ұмтылған. Ол жеткен де! Фәни өмірден бас тарту себебіне және оның мақсатына Шәкәрімнің бірсыпыра өлеңі арналған. Олардың қатарына «Жапанда жалғыз жаттым елден безіп», «Кейбіреу безді дейді елден мені», «Кейбіреу безді дейді қатынынан», «Құмарлық деген бір ит бар», «Қырықтан соңғы қырымды» тәрізді шығармаларын жатқызуға болады. Бірақ, бұл фәни өмірден мүлдем бас тарту қоғам өмірінің мәселелерін толық шеше алмайды. Себебі, қандай тақуа адам болып, тән емес, жан құмары үшін өмір сүрсе де, оның денесі бар, яғни тәннің тамақ, ұйқы тәрізді қажеттіліктері бар. Оларды шешпей дененің өмір сүре алмайтыны белгілі. Адам бұл өмір қажеттігінен толық бас тартып, дене қамын түгел ұмытса, оның денесі азып кетер еді. Бұның өзі қандай тақуа болса да басқаның еңбегін пайдаланып, не болмаса солардың көмегімен өмір сүреді деген сөз. Бұл деңгейдің сипатын ақынның «Ескіден қалған сөз теріп», «Қобызым неге сарнайды», «Қырықтан соңғы қырымды» тәрізді өлеңдерінен табуға болады. Тән мен жан, қоғам мен адамның арасындағы бір-біріне тәуелділікті жұмысшылар мен жұмыс берушілердің арасындағы тәуелділікпен салыстыруға болады. Егер жұмысшылар ереуіл жасап, жұмыс істеуден бас тартса зауыт, фабрикалар тоқтап қалып, қоғам өмірі бейберекетке келер еді. Ереуіл табиғаттың үйлесімділігіне қарсы әрекет. Сондықтан жұмысшылар ереуіл жасап жұмысты тоқтатпас үшін жұмыс берушілер жұмысшыларды қанамаулары керек. Яғни, бұл арада өзара адалдық керек. Сонда барлық қайшылықтар шешілмек. Бірақ әуелі қанаудың не екеніне, оның адалдықпен байланысына келейік. Қанау дегеніміз біреуден алып, бірақ ол алғанды қайта қайтармау, не болмаса түгелдей толық қайтармаудан шығатыны белгілі. Мысалы, капиталист жұмысшылардың берген жұмыс күшін еңбек ақы ретінде толық қайтармаса, сол сәттен қанау басталады. Бірақ капиталист жұмысшының берген жұмыс күшін еңбек ақы ретінде толық қайтармаса да қалған қаржыны қоғам игілігі үшін, көпшілік үшін пайдалануға, яғни өндірісті ұлғайтуға пайдаланса, бұл жерде қанаудың орны болмауға тиісті. Кім болса да еңбегінің бір бөлігін қоғам өміріне арнауы керек. Қоғам игілігі арқылы ол берген қаржысын кейін қайтарып алады. Басқаша қоғам өмір сүре алмайды. Ал қоғам қазынасына
қаржы салуға жеке жұмысшыдан гөрі капиталистің мүмкіншілігі мол. Міне, осы арада капиталистке адалдық керек. Егер ол жұмысшылардан алған қаржыны халық үшін толық пайдаланып, өндірісті ұлғайтып, қоғам игілігіне жұмсаса, онда ол өз міндетін дұрыс атқаратын адал адам. Ал егер бұған оның сана-сезім, ой-өрісі жетпей, нәпсі ықпалымен тек қана өз қамын ойлап, қолына тиген жұмысшының еңбегін өз қамы үшін пайланып, ойын-сауық, не болмаса өзінің атақ-даңқын арттыру үшін жұмсаса (біздің қоғамда жиі кездесетін жағдай), әрине, онда бұл оның адалдығы емес, арамдығы. Мұндай жағдайда қоғам үйлесімділігі бұзылады, ал жұмысшылардың наразылығы туады. Көпшілік жағдайларда, мысалы өркениеті жетілген елдерде капиталист әрбір тапқан тиынын дұрыс пайдалануға ұмтылып, соның нәтижесінде ғана басқалардың алдына шығуға ұмтылады. Бұл қоғамның күш-қуатын арттырып, халықтың жағдайын жақсартады. Капиталистің мақсаты басқа да болуы мүмкін. Бірақ түпкі нәтижесі қоғамға пайда береді. Жұмысшы күніне сегіз сағат жұмыс істеп, қалған уақытында дем алатын болса, ал капиталист кейде он-он екі сағат жұмыс істеуі мүмкін. Сонда қанаушы қоғамның барлық байлығын пайдаланатын жұмысшы ма, әлде сол байлықты өзі пайдалануға уақыты жетпесе де, оны ұлғайтуға күні-түні сабыр таппайтын капиталист пе? Міне, адалдықтың маңызы осындай екен. Осыны түсіне алмай жұмысшы ереуіл жасап жұмысын тоқтатса, әрине, ол қоғам өмірінің үйлесімділігін бұзғаны үшін кінәлі болады. Осылай өмірдің барлық қайшылықтары адалдық арқылы шешіліп отырады. Сондықтан Шәкәрім адалдыққа үлкен көңіл бөліп, өзі де оны қатты ұстанып, ешуақытта адалдыққа қарсы әрекет жасамаған, балаларын да солай тәрбиелеген. Бірақ қарапайым өмірде адалдықты қатаң ұстану мүмкін емес екені белгілі. Сондықтан, қанауға негізделген пенделік өмір де, одан бас тартуға негізделген тақуалық өмір де фәни әлемнің мәселесін шешіп, адамдардың бір-бірін қанауын тоқтата алмайды. Құлшылық жолы өмірдің барлық қайшылықтарын шешуге мүмкіндік береді. Бұл деңгейдегілер пенделер тәрізді фәни өмірдің қызығына толық беріліп кетпейді. Сонымен бірге олар екінші деңгейдегілер тәрізді бұл өмірден толық бас тартпайды да. Шын мәнінде рух пен затты бірдей ұстану мүмкін емес. Екі әлемнің қызығын бірдей көремін деген екі кеменің құйрығынан ұстап суға батқан адам тәрізді. Адам не жан құмары үшін, не болмаса тән құмары үшін әрекет етеді. Бұл екеуінің табиғаты екі бөлек болғандықтан, олар ешуақытта бірікпейді. Сонда бұл мәселені шешу үшін не істеу керек? Ол үшін үшінші деңгейге көтерілу керек. Үшінші деңгейдегі адамдар тән үшін де, жан үшін де әрекет етпейді. Олар Алла тағала үшін әрекет етеді. Сонда барлық Себептердің Себебі үшін әрекет еткенде, басқа себептердің барлығы да қанағаттанады. Сонда басқа себептерді арнайы қанағаттандырудың қажеті болмай қалады. Осыны түсінген адам бүкіл өмір заңдылығын түсінді деген сөз, енді қосымша ештеңені түсінудің қажеті жоқ. Бұл туралы көптеген әулиелер айтып кеткен. Бұл – жетілудің шыңы. Бұл жол
адамды түпкі мақсатқа жеткізетін жалғыз жол. Шәкәрім осы деңгейге жеткен. Сонымен, өмірдің үшінші деңгей – Алла тағалаға құлшылық деңгейі. Алла тағалаға құлшылық ең әуелі өзіңнің жақындарыңа, қоршаған ортаңа, қоғамыңа, сонымен бірге бүкіл адамзатқа құлшылықтан басталады. Себебі, құдіретті Алла тағалаға біздің заттық құндылықтарымыздың қажеті жоқ. Оған керегі – Оның Өзінің жаратқандарының бақытты болуы. Адам ісәрекетін Алла тағала разылығы үшін халыққа, адамзатқа қызмет ететін болса, Оның разылығын алып, шапағатына бөленуге болады. Себебі, Алла тағала разы болса, Оның барлық жаратқандары да разы болмақ. Адам баласы тамақты ас қазанға жіберсе – бүкіл дене қоректенеді, сол сияқты бір ортаға бағытталған еңбек барлық адамдарға да шипасын тигізеді. Осындай адамдық борыш туралы Шәкәрім былай деп жазады:
Адамдық борышың –
Халқыңа еңбек қыл.
Ақ жолдан айнымай
Ар сақта, оны біл.
Талаптан да білім мен өнер үйрен,
Білімсіз,
Өнерсіз,
Болады ақыл тұл.
Мақтанға салынба
Мансаптың тағы үшін.
Нәпсіңе билетпе
Басыңның бағы үшін.
Өміріңді сарп қыл өлгеніңше,
Жоба тап,
Жол көрсет,
Келешек қамы үшін.
Қайтадан қайырылып
Қауымға келмейсің.
Барыңды,
Нәріңді
Тірлікте бергейсің.
Ғибрат алар артыңа із қалдырсаң –
Шын бақыт,
Осыны ұқ,
Мәңгілік өлмейсің!
("Адамдық борышың")
Бұл өлең жолдары Шәкәрімнің өзіне жазған насихаты тәрізді. Бірақ осы жолдарды бүкіл адамзат деңгейінде қарастыратын болсақ, адам өмірінің
жоғары мақсатын көріп, үлкен ғибрат алуға болады. Ең жоғары мақсат – Алла тағалағаның разылығы үшін өмір сүру. Бұл мақсатқа халыққа қызмет ету арқылы ғана жетуге болады. Себебі, бүкіл болмыс Алла тағаланың хұзырында, сондықтан Оның Өзіне бізден ештеңенің керегі жоқ. Бізден Оған керегі – біз шын ниетімізбен Оның пенделерін риза етуіміз керек, яғни халыққа, бүкіл адамзатқа қызмет етуіміз керек. Сөйтіп қана біз Алла тағаланы риза ете аламыз. Абай сөзімен айтқанда «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп». Шәкәрім қажы арыңды сақтап, адам бол, адамдық қалпыңды жойма, мүмкіндік болып тұрғанда өмірдің жоғары мақсатына ұмтыл деп үйретіп, адамды имандылық жолына салып, осындай тұжырымдарға әкеледі. Бұл таза құлшылық, сондықтан, сана-сезімнің ең жоғары деңгейі. Өмірді жоғары мақсатқа бағыттау керек екенін басқа жағынан дәлелдеуге де болады. Неміс философы Гегельдің Абсолюттік Хақиқатқа берген екі тұжырымы бар. Олар – Абсолют өзімен өзі және өзі үшін болуы керек. Өзімен өзі деген сөз Абсолюттің болуына ешқандай да себеп жоқ, оның себебі оның Өзі, яғни Ол барлық себептердің себебі дегенді білдіреді. Егер Ол мәңгілік болмай, оның пайда болуына себеп болса, онда бұл себеп Абсолюттан жоғары тұрған болуы керек еді. Ал Абсолюттан жоғары тұрған ештеңе жоқ, сондықтан оның пайда болу себебі де жоқ. Екінші тұжырым – өзі үшін – Оның болмысы біреудің ризалығы үшін емес, тек қана өзі үшін ғана. Егер Ол біреудің ризалығы үшін болып, сол үшін өмір сүрсе, онда ол біреу Абсолюттан жоғары болар еді. Бұл мүмкін емес. Абсолют өзімен өзі және тек қана өзі үшін болуы керек деген екі тұжырым Абсолюттің табиғаты. Ол өзі өзінің себебі және Ол өз ризашылығы үшін және өзінің шексіз еркімен өмір сүреді. Бүкіл әлем соның ықпалында, соның ризашылығы үшін өмір сүру үшін жаратылған. Қазақ "Алланың еркінсіз шөп басы да қимылдамайды" дейді. Сондықтан әрбір пенде осыны дұрыс ұғынып, болмыс үйлесімділігін бұзбай, Алла тағаланың ризашылығы үшін өмір сүруі керек. Бірақ біз кейде нәпсінің ықпалымен осыны ұмытып, өмірдің төменгі деңгейлеріне түсеміз, өзіміздің ой-өрісімізді, іс-әрекетімізді тек қана қара бастың қамына арнап кетеміз. Қара бастың қамынан шыққан мақсаттардың барлығы да шексіз Абсолюттің кішкене ғана бөлігі. Осылай шексіз бірбірінен бөлінген жеке мәселелер қақтығысып, қоғамға, адам өміріне көптеген зардаптар әкеледі. Біз өзіміздің ниет-қалауымызды, санамызды кеңейтіп, жеке мәселелеріміздің барлығын ортақ мүддеге бағындырсақ, сонда ғана жалпы үйлесімділік орнамақ. Оның жолын Шәкәрімнің өзі былай деп көрсетеді:
Мейлі, кімге шоқынсын,
Шын іздесе Тәңірісін.
Қиянатты жау білсін,
Онан тыйып нәпсісін.
Тәңірі жолы – ақ жүрек,
Сайтан деген – қиянат.
Ақ жүректі ертерек
Ескер-дағы қыл әдет.
("Дін")
Шәкәрімнің берген тағылымдарынан ең жоғарғы мақсат Алла тағалаға ұмтылу, Оның сүйіспеншілігіне бөлену. Оған жету жолы – ақ жүрек. Ойшыл осылай діннің ішкі мағынасын береді. Бүкіл болмысты қозғалысқа әкелетін күш пен қуат бар. Одан жоғары білім жатыр. Білім күшті бақылай алады. Бірақ, тіпті, білімнің өзі де махаббатқа қарағанда көп төмен қалады. Махаббат бүкіл әлем үйлесімділігін бақылап, оны өзіне бағындырып отырады. Абай сөзімен айтқанда, махаббатсыз өмір бос, ал ең жоғары махаббат – Алла тағалаға деген сүйіспеншілік. Басқа сүйіспеншіліктердің барлығы да тек қана соның көлеңкесі тәрізді. Сонымен, адам өмірін бір деңгейден екінші деңгейге көтеріп, жетілудің жоғары сатысына көтерілу үшін ең бірінші себеп адалдық, жүректің тазалығы болып табылады. Енді Шәкәрім мұрасы бойынша адалдықты жетілдіру жолына келейік.
3.2. Тән құмары мен жан құмары
Шәкәрім өзінің шығармаларында өмір зардабының негізгі себептері адамның тән құмарлығынан шығатын нәпсі екенін жазады. Нәпсі – фәни әлемді басқаратын ең қуатты күш. Сондықтан фәни әлемнің ықпалынан шығып, жан құмарына берілу үшін нәпсіні жақсы біліп, онымен күресе білу керек. Сондықтан Шәкәрім нәпсі мәселесіне көп көңіл бөледі. Нәпсінің құрсауынан қалай шығуға болады? Бұл адалдықпен тығыз байланысты мәселе. Адал болуға әркім-ақ ұмтылады. Кім болса да адал өмір сүріп, адал еңбек етіп, жақсы атанғысы келеді. Арам, жаман деген атақты ұнататындар өмірде кездеспесе де адалдықтан айырылып, екіжүзділікке ұрынып жүрген адамдардан аяқ алып жүргісіз. Қазіргі кездегі екіжүзді қаныпезер, адамның қанын сорған кенедей болып, бүкіл қоғам өмірін сорлатып отырған сыбайлас жемқорлық осының дәлелі. Үкіметтің сол зардаптан құтылу үшін күрес жариялап, қоғамның көптеген өндіргіш күштерін соған жұмсап, қанша адам еңбегінің босқа рәсуә етсе де оның нәтижесі шамалы болып отыр. Осының өзі адал болудың қандай қиын екенін көрсетеді. Сонда адалдыққа не бөгет? Ол бөгеттен қалай құтылуға болады? Шәкәрім мұрасы осы сұрақтарға жауап берді. Негізгі жау нәпсіқұмарлық. Бұл жаумен күресу үшін әуелі оның қайнар көзі қайда жатыр, соны білу керек. Енді осы мәселенің төңірегіне келейік.
Қандай адам болса да себепсіз әрекет етпейтіні белгілі. Адал болсын, арам болсын, қандай әрекет болса да оның бір себебі болады. Олардың алғашқы себептері қайда жатыр? Қандай әрекет болса да әуелі көңілдің ауған шағынан басталады. Шәкәрім ілімі бойынша барлық қасіреттің алғашқы себебі осы көңілдің тән құмарына ауғанына байланысты.
Көңіл әзір денені қуандырмақ,
Өзі де қызық көріп жүре тұрмақ.
Жан жұмысы жай ғой деп елемейді,
Кезі келген уақытта мойын бұрмақ.
Сүйте-сүйте денеге әбден тартып,
Мақтан күйлеп кетеді одан артық.
Жан керегін ойлауға жалқауланып,
Ала алмайды өз бойын өзі қайтып?
Мақтан үшін жан қалса ескерусіз,
Дұрыс-ақ қой дейсіз бе осынымыз?
Іздегенін таба алмай кетсе зарлап,
Жанның орны не болды, байқадыңыз.
Дене менен жан – анау, көңіл – мынау,
Қайсысына билеттің байғұсым-ау?
Ең түбінде өзің – кім, сенікі – кім,
Досың қайсы, өзіңе қайсысы жау?
Анық қара: жан – өзің, дене – киім,
Мақтан, бояу – денеге берген сыйың.
Жанға мұндай алдауың азық емес,
Оған пайда не қылдың жалғыз тиын?
Сауық-қызық көрем деп күнде жиын,
Жан құтқарып алуың болар қиын.
Түптіге ұмтыл, тұрақты істерді қыл,
Тәуекел деп өзіңе сөйтіп сыйын.
Біз семірттік денені азықпенен,
Байлап бердік жанды оған қазықпенен.
Ұйқы, тамақ күйлеген сорлы дене
Құтылар ма осындай жазықпенен.
Жалқау тірі болғанмен өлгенге есеп,
Білімнің кеселі жоқ мұнан кесек.
Білімсіз, әрекетсіз еріншекті,
Күнәкәр де болмаспыз өлі десек.
«Басында жан мен дене екі басқа»
Осылай ойшыл адамның нәпсінің ықпалына қалай түсіп қалатынын көрсетеді. Бұл жағдайдың қандай ауыр екенін білдіру үшін ондай адамды, тіпті, өлі қатарына жатқызып отыр. Нәпсінің ықпалымен адам баласы күнделікті өмірдің қызығын көруге ұмтылады. Жан құмарына қазір емес, кезі келген уақытта мойын бұрмақ болып, оны елемейді. Өлеңнің екінші жолында жанның осылай нәпсі ықпалына беріліп алғаннан кейін, оның шеңгелінен шыға алмай қалатыны көрсетіледі. Адамның ой-өрісі осылай құлдырап, психологиясы өзгеріске түседі. Жалпы алғанда, адамның нәпсі ықпалына түсіп, өзінің адамгершілігін жоғалтып, күнәлі істерге бару жолының белгілі бір заңдылығы болады. Бұл заңдылық адамның күнәлі істерге барып, құлдырау жолына түсу себебін көрсетеді. Бір қызығы, бұл жолды жамандық қана емес, жақсылыққа жету үшін де қолдануға болады. Жақсылық пен жамандық жолы бір көзден басталады. Бұл көз – көңіл! Көңіл қайда ауса – ақыл соған бағытталады. Адамның бұл қалпын жол айырығында тұрған батырмен салыстыруға болады. Оның алдында екі бағыт жатыр. Бір бағыт жақсылыққа апарады, ал екіншісі – жамандыққа жетелейді. Қалай жүремін десе де оның толық еркінде, оның көңілінің ауғанында. Көңілі оның еркін шешеді. Яғни, істің басы көңілде. Өмірде кімнің болса да алдына келетін мәселені қалай шешуі оның өзіне байланысты. Егер ол көңілін жақсылыққа аударса, онда ол жақсылыққа қарай бағыт алады, керісінше, жамандыққа аударса – жамандыққа қарай бағыт алады. Оның себебі бар. Көңіл аударғаннан кейін оған көңіл ұйып, соған шоғырланады. Шоғырланған көңіл біраз уақыттан кейін оған байланып, құмарлық пайда болады. Себебі, ол нәрсенің ықпалы адам психологиясына тереңдеп еніп, орын алып, рефлекске айналады. Осылай көңіл объектіге байланады. Бұл жолдың келесі кезеңі – ол көңіл ауған нәрсені жоғалту, яғни, онымен байланысынан айырылу. Фәни әлемде адамның қалауы орындала бермейтіні белгілі. Көңілі байланған нәрседен айырылған кезде реніш, ашу, ыза пайда болады. Сөйтіп адамның бойын ашу билейді. Ашу билеген кезде адам ақыл-есінен айырылады, сөйтіп ол сау кезінде жасамайтын қылықтар жасап, күнәлі істерге барады. Күнәлі істің заңдылығын былай көрсетуге болады:
КӨҢІЛ АУДАРУ – КӨҢІЛДІ ҰЙЫТЫП, ШОҒЫРЛАНДЫРУ –
КӨҢІЛ БАЙЛАНАДЫ – БАЙЛАНЫСЫНАН АЙРЫЛАДЫ – АШУ
БИЛЕЙДІ – АҚЫЛ-ЕСТЕН АЙЫРЫЛАДЫ – КҮНӘЛІ ІСТЕРГЕ
БАРАДЫ
Бұл – күнәлі істердің, бақытсыз өмір формуласы. Ал көңіл әуелден жақсы нәрсеге ауса, онда, бұл – бақытты өмір формуласына айналады. Адам болам деген жан бұл формуланы жатқа біліп, күнделікті өмірінде оны есінде жақсы ұстауы керек. Формула болғандықтан, бұл табиғат заңдылығын білдіреді. Фәни әлемде ешкім де табиғат заңдылығынан шыға алмайды. Сөйтіп, адамның жақсы, не болмаса жаман іске баруы ең әуелі оның фәни әлемнің объектілеріне көңіл ауған кезінен басталады екен. Жақсы нәрсеге ауған көңіл жақсылық, ал жаман нәрсеге ауған көңіл жамандық әкеледі. Енді осының қалай орындалатынына, былайша айтқанда, анатомиясына келейік. Адамның көңілі бес сезім мүшесі арқылы ауатыны белгілі. Көз көреді, құлақ естиді, тіл дәмді біледі, тері суық-жылыны ажыратады, ал танау иісті сезеді. Фәни әлемнің жылтырағына байланудың басы осы бес сезім мүшесінің әрекетінен басталады. Сөзіміз түсінікті болу үшін мынандай мысал келтірейік. Көңілін бұлт шалмай, қайғы-қасіретсіз бейбіт өмір сүріп жүрген Марат деген бір жас жігіт күндердің бір күнінде Үміт деген әдемі бір қызға көңілін аударды делік. Ол бұл сұлу қызды әуелі көзімен көріп, сонан кейін оған жақындап қыздың бойындағы әтірдің жұпар иісін сезінді, құлағымен оның сыңғырлаған күлкісін естіп, қолын ұстап қыздың ыстық денесін сезінеді. Осылай оның қызға деген махаббаты ояна бастады. Марат қызбен үзбей кездесіп, таныстығын әрі қарай жалғастыра берді. Кездескен сайын оның сезім мүшелері өздеріне таныс сезімге бөленіп, Үмітке деген құштарлығы арта түсті. Күннен күнге осылай оның махаббаты жалындай түсіп, сұлу қызбен байланысы күшейе берді. Байланыстан байлану туды. Бұл байланудың бірінші себебі көңіл бөлу болды, екінші себебі – көңілін шоғырландырып, уақыт бөлуі. Байланыстан туған байлану нығайып, құмарлық туды. Енді ол Үміт туралы ойламай тұра алмайтын халге жетті. Бұндай жағдай әркімнің де басынан өтеді деуге болады. Фәни әлемде адам кейде өзінің мақсатына жете алмай қалатыны белгілі. Марат та өзі құлай сүйген қызынан бір себептермен айырылып қалды. Осылай оның аңсаған арманы орындалмай, Үміттен үміті үзілді. Енді Мараттың жағдайы қандай халде? Ол, әрине, қызға кінә тағып, оған ренжіді, арманының орындалмағанына өкінді, ақыры қайғыға батты. Осылай ол психологиялық депрессияға ұшырады. Артынан ашу-ызаға беріліп, кек алуды да ойлай бастады. Ашу-ызаға берілген адам бойын ақылына билетпейді. Яғни, ашу кезінде адамды ақыл емес, оның сезімі билеп кетеді. Бұл туралы Шәкәрім былай дейді:
Ашу жеңсе, адамда ақыл қалмас,
Ой ойланып, орынды іс қыла алмас.
Болмай соған бойыңды тоқтатып ал,
Ыза менен мастықтың түбі жалғас.
(«Басында жан менен дене екі басқа»)
Ашу жеңген Марат ақылы қалмай, адамгершілік істерге жат қылықтарға жиі барып, үлкен күнәлі әрекет жасауды да ойлай бастады. Қайғыдан жүйкесі жұқарған Марат енді ашуын тежей алмай, есі төмендей береді. Осылай ол өзі нәпсінің құлына қалай айналғанын сезбей де қалды. Міне, нәпсі Мараттың бойын осылай билеп, оны түрлі қылмысты істерге жетеледі. Әуелі бақытты өмір сүріп жүрген Мараттың бақытсыздықа ұшырау себебі – оның қызға ғашық болып, оған қатты байланып қалуында. Бұл арада «қызға ғашық болуға болмайды» деген ой тумаса керек. Қызға ғашықтық, оған деген сүйспеншілік өте керек нәрсе. Бүкіл адамзат қоғамының өмірі осы табиғи заңдылыққа негізделген. Мәселе Мараттың қызға деген ғашықтығында емес, оның ғашықтығы қыздың сыртқы көрінісіне ғана негізделгенінде, яғни нәпсіқұмарлығында болып тұр. «Дене менен жан – анау, көңіл – мынау, Қайсысына билеттің байғұсым-ау?» деп Шәкәрім Мараттың осы қателігін көрсеткендей болады. Егер Марат әуел бастан өзінің жан құмарын ойлап қызға осы тұрғыдан қарайтын болса, мүмкін, ол кезінде дұрыс түсініп, әсем қыздың рухани болмысына көңіл аударар ма еді. Бірақ оның көңілі қыздың сыртқы түріне ауды. Бірақ фәни өмірде нағыз махаббат сирек кездеседі. Себебі, жан құмарына нәпсі құмары араласады. Шәкәрім жазғандай «нәпсі – жалған». Жалған нәрсенің бергенінің барлығы – жалған. Яғни, нәпсіге негізделген махаббат та нағыз махаббат емес, жалған махаббат. Қазіргі замандағы адамның жан сұлулығын көрмей, тән сұлулығына негізделген махаббаттары сөнген бақытсыз отбасының көбеюі осы себептен. Сонымен, алған мысалымыздағы Мараттың кемшілігі – махаббаты нәпсі құмарлығына негізделіп, оның мәңгілік емес екенін білмей, оған қатты байланып қалуында болып отыр. Фәни әлем тұрақсыз, өзгеріп отыратын болғандықтан, нәпсі де тұрақсыз. Тұрақсыз нәпсі құмарлығы туралы Шәкәрімнің былай деп жазатыны бар:
Құмарлық деген бір ит бар,
Жаныңа жау шын ит бар
Алды-артыңа қаратпас,
Рахымы жоқ бір ит бар.
(«Құмарлық деген бір ит бар»)
Бұл арада «құмарлық» деп тән құмарлығы туралы айтылып тұр. Тән құмарлығы жанға жау! Адамның барлық зардабы осы нәрседен екенін тағы еске алайық. Осыны түсіне білсек, өмірде көп зардаптан құтыламыз. Бұл туралы Шәкәрім әрі қарай өзі де нәпсінің ықпалына түскенін, өмірінің көпшілігін босқа өткізіп алғанын енді түсініп, өкінгенін жазады. Бірақ көпшілік жұрт сана-сезімі Шәкәрім сана-сезімінің деңгейіне әлі жеткен жоқ. Сондықтан олар өздерінің бейнетінің барлығы да осы нәпсінің кесірі екенін білмейді, білсе де оған қарсы тұратын қайраты жетпейді. Сөйтіп олар өмірдің
сергелдеңімен жүреді. Нәпсі мәселесіне тағы да тоқталып отырған мақсатымыз да сондайларды ескертіп, оларды өмір зардабынан сақтандыру болып табылады. Сонымен, Мараттың қызға ғашықтығын айтқанда біз оның қыздың сырт бейнесіне ғана ғашық болғанын, яғни нәпсісінің ғашық болғанын айтып отырмыз. Бұл нәпсінің кесірін көрсетуге алынған мысал ретінде ғана. Шын ғашықтық пен құмарлық екі басқа. Екеуінің арасын Абай атамыз былай деп ашып берген еді ғой:
Ғашықтық, құмарлықпен – ол екі жол,
Құмарлық бір нәпсі үшін болады сол.
Сенен артық жан жоқ деп ғашық болдым,
Мен не болсам болайын, сен аман бол.
(«Ғашықтық, құмарлықпен – ол екі жол»)
Міне, ұлы ойшыл құмарлық нәпсі үшін болса, ал ғашықтық – жан құмары үшін, сондықтан ғашығының амандығынан басқа оған ештеңенің керегі жоқ екенін білдіреді. Жанға ғашық болған, яғни шын ғашық болған адам қызбен арасы қандай қатынаста болса да, ол сүйгеніне де, тағдырға да ешуақытта кінә тақпайды. Оның ойы тек қана «Мен не болсам болайын, сен аман бол». Шын мәнінде нәпсінің жалған, жанға жау екенін білмейтін, не болмаса оны ескермейтін Марат бұл фәни әлемде қызға ғана емес, өмірдің басқа да көріністеріне байланып қалуы мүмкін еді. Бұған мақтан-мансаптан басталып, нашақорлық, маскүнемдік, темекіге әуесқойлық тағы сол сияқты адамның мәдениетінің төмендігінен туатын басқа да жаман қылықтар жатады. Әсіресе маскүнемдік пен нашақорлықтың бүкіл адамзат қауымына үлкен зардап әкеліп отырғаны белгілі. Сондықтан да, бұл зардаптың негізі қайда жатыр, неден басталады, оны қалай болдырмау керек екенін біз жақсы білуіміз керек. Мараттың тағдырында мәселе – оның не нәрсеге әуес болғанында емес, қалай әуес болып қалғанында. Барлық әуестіктің басы көңілдің ауғанынан басталып, күнәлі істермен аяқталады дедік. Осының өзі адам фәни өмірдің зардабынан аулақ боламын десе, ол ең әуелі көңілді дұрыс нәрсеге аудара білуі керек. Нашақордың зардабын шеккендердің барлығы да ең әуелі «дәмін татпаңдар!» деп зар жылайды. Мұндай тілек барлық жаман әдеттерге бірдей қатысы бар. Бір рет дәмін таттың, екінші... үшінші рет, бара-бара бұл тәнде физиологиялық өзгерістер тудырып, рефлекске айналады. Осылай жеңіл ойлықтан басталған алғашқы әуесқойлық әрі қарай жалғасып, жанды құрсайтын әдетке айналады. Бұл туралы барлық маскүнемдер мен темекі шегушілер жақсы біледі. Бұл табиғи заңдылық. Табиғат заңдылығына қарсы тұрып, оны өзгерту өте қиын нәрсе, кейде, тіпті, мүмкін емес, не болмаса өте үлкен қайратты керек етеді. Үлкен қайрат сирек кездесетін қасиет. Сондықтан, маскүнем, немесе нашақорлыққа душар болған адам қалған
өмірін сол бейнетпен өткізеді. Егер ол әуелден осыны сезіп, өмірі немен аяқталатын білсе, әрине, бұл жаман әдетке басынан көңілін аудармай, не болмаса одан аулақ болуға ұмтылар еді ғой. Бұл ойларды Шәкәрім әрі қарай былай деп түйіндейді:
Пайдасыз құмарлық та, мақтан-дағы,
Ерте бойға жуытпа сақтан-дағы.
Үйір қылып алған соң құтылу жоқ,
Бейне түлкі боласың қақпандағы.
Сонымен адамның барлық жаман қасиеттері нәпсінің әсерінен туындайды екен. Бұған дәлел ретінде ұлы Ахатқа айтқан Шәкәрімнің тағы бір әңгімесін келтірейік. Бұл әңгіме Қазыбек би мен Әнет бабаның арасында болған екен. «Қазыбек былай деп сұрақ қояды: «Жер дауы, жесір дауы, ұрлық – өтірік, күнә, неше түрлі нәрселерге өздерінше тоқтам айтқан. Ал сол талас-тартыстың, дау-жанжалдың, ұрыс-төбелестің, адамның арын кетіріп, қиянат, зұлымдық қылдыратын, адамдардың бастарын бір жерге сыйдырмайтын не? Олар қайдан шығады? Соған жуымасаң, жаманшылық болмайды деп неге көрсетпеген?» – дейді. Әнет-Бабаң көп ойланып отырып: Арабша «Хакім», қазақша «Әкім» деген сөз бар. Бұл сөз үш әріптен құралады – а, к, м. Сол бір ауыз сөзді екі рет айтсақ – акм-акм болып, алты әріп болады. Екі «а», екі «к», екі «м». Осы алты әріп – алты ауыз сөздің бас әріптері. Міне, осы алты ауыз сөз жоғарғы айтылған жаман қылықтардың шығатын көздері. Адам баласын ардан кетіріп, қиянат-зорлық, мансап-мақтан, талас туғызатын да, дүниені бұзып тыншытпайтын да осылар. Басқы екі – «а» бірі – алтын». Алтын, пұл, байлыққа көрсе қызықпайтын, оған ар-иманын сатпайтын адам аз. Екінші «а» – «айел». Әйелге қызығу, қырқысу, таласу, әйел туралы теңсіздік, бәрі осыдан шығады. Екі «к»-нің бірі – «кек», бірі – «кежір», «кек» қуған адам оңбайды. Біреу жықса кегімді алам деп сен қуасың, сен қусаң ол «кек» қуады. Осы «кек» қуу дүниені тыншытпайды. «Кек қуған, кек сақтаған оңбас» – деген осы. Екінші «к» кежір-қисық. Кежірлік – адамның қасиетсіз мінезінің бірі. Кежір-қисық адам өзі білмейді, біреудің таза ақыл кеңесін алмайды. Өз дегенімді істеймін деп таласады, жағаласады, тыным таппайды, басқаға тыным таптырмайды. Екі «м»-нің бірі – «мақтан», бірі – «мансап». Мақтанбайтын, мақтанға мастанбайтын адам аз. Мақтанда тазалық, әділдік болмайды. Мақтаншақ – байысам, басқадан ассам дегізіп, арсыздыққа шейін апарады. Ал, «мансап» – бұл «мансап қорлық», әкім болсам, барлығына өзім қожа болсам, бар адамды бір шыбықпен айдасам деген ең айуандық пиғылға апаратын, дүниені бұзатын кеселдің бірі. Бұлар адам баласының басын да қоспайды, адалдықты, адамгершілікті істетпейді. Сұрағыңның түбі «Әкім» деген сөзде болды ғой. Әлің келсе, «Әкімді» дұрыс ұстап, сақтанып жүргейсің», – депті.
«Бабаңның сол алты әрпінен шыға алмаған екеміз ғой деген ой көзіме жас келтіргені. Арғылардың өзін қойғанда кешегі бабаң философ емес пе?» – деді. /1 / Сонымен, Әнет баба көрсеткен, адамды жамандыққа әкелетін себептер – алтын, әйел, кек, кежір, мақтан мен мансап – бәрі де, байқасақ, нәпсіден туады, нәпсімен байланысты. Жоғарыда айтылған көңілдің жаман нәрсеге ауғаны, міне, осындай жаман қылықтарға алып келеді. Бұл адам болам деген пенде ең әуелі өзінің көңілін дұрыс нәрсеге аударуы керек екенін білдіреді. Ол әрқашан да өте сақ болып, егер жамандық көрсе одан аулақ болуға тырысып, көңілін тек қана жақсы нәрселерге аударуы керек. Абай айтқандай, бес нәрседен қашық бол, бес нәрсеге асық бол, Адам болам десеңіз! Шәкәрім ілімі бойынша нәпсі ықпалына берілмеу үшін ең әуелі өзіңнің болмысыңды дұрыс түсініп алуың керек. Ол «Анық қара: жан – өзің, дене – киім, Мақтан, бояу – денеге берген сыйың» деп адамның рухани болмысын көрсетіп, жан құмарына ұмтылу керектігін білдіреді. «Сауыққызық көрем деп күнде жиын, Жан құтқарып алуың болар қиын» деп Шәкәрім қазіргі замандағы етек алып, әдетке айналған той-домалақтың көбеюін көре білгендей, оның да себебі осы нәпсінің кесірі екенін көрсетеді.
3.3. Нәпсіні жеңу жолы
Нәпсіні жеңу жолын «Білімділер сөз жазып, зарлағанда» деп басталатын өлеңде Шәкәрім «Ар түзейтін бір ғылым табылмаса, зұлымдықты жалғанда әділ жеңбес» деп білдіреді. Бұл өлең нәпсіні жеңу мәселесіне арналған. Нәпсіні ноқталау үшін ерекше қайрат пен рухтың күшқуаты керек. Қайрат пен рухтың күші жан қасиетінен шығады. Жанды тазартып, рухани жетілу барысында ғана бұл қасиеттер ұлғайып, нәпсіні жеңуге мүмкіндік береді. Шәкәрім былай деп жазады: "Жоғары айтылған жаман әдеттерді жоюға бұлар жеткіліксіз болғандықтан, сол адал еңбек, білім үйренумен қабат "ар білімі" деген білім оқытылуға керек. Бұл ғылымды ақылды адамдар ойластырып, пән ретінде жазып, нәпсіні жойып, адам бойында жеке ардың қожа болып қалу жағын көздеу керек. Адам бойындағы нәпсі кеселі кетсе, өзгерісі оңай..." /1/ Міне, осы сөздерде барлық мәселенің түйіні тұрған тәрізді. Себебі, бұған дейінгі айтылған сөздерінің барлығы адамның тәндік қасиеттерін жетілдіруге арналған болса, ал бұл сөздері оның жандық қасиеттерін, яғни арын жетілдіруге арналған. Адам өзінің адамдық қасиеттерін сақтауы үшін ең әуелі ол жан қасиетін дамытуы керек. Сонда ғана ол тәндік қасиеттерін дамыта алады. Тән қасиеттері фәнилік болғандықтан, қандай қуатты болса да олар уақытша, кезінде жойылып кетеді. Рухани болмыс жойылмайтын мәңгілікті болғандықтан, жан қасиеті де жойылмайды. Сонда ғана адам бойындағы нәпсі кеселі кетіп, адами қасиеттері ұлғаяды. Тән қасиеті жан
құмары арқылы рухтанғанда ұрпақтан ұрпаққа ауысып, мәңгілікке ұмтылмақ. Басқа жол жоқ. Шәкәрім "Ар білімі" деген жаңа ұғым енгізіп отыр. Ар білімі рухани болмыспен байланысты. Себебі, ар деген сөз қазақ тілінде ұят деген сөзбен тетелес келеді. Ал адамның ұяты оның имандылығына байланысты. Бұл туралы Абай бабамыз да өзінің отыз сегізінші қара сөзінде "... кімнің ұяты жоқ болса, оның иманы жоқ деген" деп тура білдіріп кеткен. Имандылық адамның рухани біліміне, оның жан тазалығына байланысты. Ендеше әуелі адамға өзін-өзі тануға мүмкіндік беру керек. Қазіргі кездегі барлық оқу орындарында кіргізіліп жатқан "Өзін-өзі тану" және "Валеология", яғни салауатты өмір салттары сабақтары Шәкәрім атамыздың айтып кеткен осы өсиет сөздеріне үндес келеді. Осының өзі оқу орындарында енгізіліп жатқан осы сабақтар халық келешегі үшін маңызы өте зор екенін білдіреді. Мәселе енді тек қана Шәкәрім атамыз айтқандай "Бұл ғылымды ақылды адамдар ойластырып, пән ретінде жазу керек". Яғни, "ар білімін" халыққа дұрыс түсіндіре біліп, оны дұрыс насихаттай білу керек. Бұл салада әлі зерттелмеген, түсіндірілмеген тың мәселелер өте көп. Шәкәрім тәрізді кемеңгер ойшылдар осының барлығын жақсы түсініп, адам тәрбиесі, оның адамгершілік қасиеттерін қалыптастыру туралы көп ойланып, көп жазған. Шәкәрім де өзінің өлеңдерінде, қара сөздерінде осы мәселеге үлкен орын беріп, аса көп көңіл бөледі. Ол адамның адамдығын бұзатын жаман әдеттерді көрсете келіп, олардан құтылудың жолын былай деп көрсетеді: "Бұлай болғанда осы жаман әдеттерден құтылудың айласын іздеу керек. Ең алдымен барлық адамды адал еңбек ететін жолға салу керек. Ол үшін көптің қалауымен әкімшілік басына арлы, ақылды адамдарды қойып, сол адамдардың бұйрығы, ақылы бойынша туған, туашақ адамдарды, жастарды қазына қарауына алуға заң шығару керек те, ол заңды бұзғандарды жазалау керек. Оларға еңбек өнерін үйрету керек, онымен қабат оқу-білімге жетілдіру қажет." /2, 542-б./ Адам баласын, Шәкәрім айтқандай, қазына қарауына алып, оған белгілі бір мақсатпен тәрбие беру арқылы үлкен жетістіктерге жетуді адамзат тарихы көптеп біледі. ХІІІ ғасырда Египетте тұтқынға түскен жастарды, не болмаса басқа елдерден жас балаларды сатып алып, оларды арнайы әскери жаттықтырудан өткізіп, ел қорғауға пайдаланған. Қазына тәрбиесіне түскен жастарды нәпсінің ықпалынан аулақ болатындай, қоғам өмірінен бөлекте ұстап, олардың барлық күш жігерін бір бағытта ғана жетілдіріп, соның арқасында өлімге қарсы тұра білетін ержүрек, намысын ешкімге бермейтін қайратты жауынгер етіп тәрбиелей білген. Бұл жауынгерлерді мамлюктер деп атап, солардың көмегімен Египет елі ешкімнен жеңілмейтін жасақ құрған. Соның арқасында олар бүкіл жер жүзін түршіктірген, ешкімнен жеңілуді білмейді деп есептелетін монғол әскеріне де тойтарыс бере алды. Мамлюктер әскери күш қана емес, өнер-білімге де жетік болып, мемлекеттің саяси күшіне айналып, кезінде үкімет басына келді. Осылай жас шағынан
құлдыққа сатылып, артынан мамлюктер қатарында болған біздің қыпшақ даласынан шыққан деп пайымдалатын Бейбарс сұлтанның үкімет басына келіп, көп жыл Египетті басқарғаны тарихтан мәлім. Ертедегі Грециядағы Спарта елі де жастарды арнайы тәрбие беру арқылы күшті әскер құрып, көп жерді жаулап алып, жетілген мемлекет құрғаны тарихтан белгілі. Осы қатарда татарлардың тарихын да атай кетуге болады. Кейбір тарихшылардың айтуына қарағанда Шыңғыс хан кезінде татар деп аталатын тайпаға қатты өшігіп, оларды жеңгеннен кейін барлық еркекті өлтіртіп, әйелдерді құлдыққа әкеткен. Еркек кіндіктіден тек қана бойы арба дөңгелегінің кіндігінен төмен жас балаларды ғана қалдырып, оларды өсе келе арнайы жеке тәрбие беріп, әскер қатарында ұстаған. Сондықтан бұл татарлар қорқуды білмейтін өжет, соғысқұмар болып тәрбиеленіп, соғыста тек қана алдыңғы қатарда болған. Соғыс кезінде олар түмен басы болып әскерді басқарған. Басқа халықтар олардың ерлігінен қатты қорқып, саны көп басқа халықтардан артық көріп, монғолдардан кем санамай, олармен қатар қойып, сондықтан бүкіл әскер татар-монғол аталып кеткен. Кейбір тарихшылардың болжауына қарағанда, Шыңғыс хан немересі Батый хан Еділ өзенінің (қазіргі Волга) бойында орналасқан сол маңдағы басқа халықтарға қарағанда өте көне және жоғары дамыған Бұлғар мемлекетін жаулап алғаннаан кейін оларды басқаруға татарларды қалдырған екен. Сөйтіп, татарлардың қол астына қараған бүкіл Бұлғар мемлекетінің халқы татар атанып кеткен. Бұлғар халқы түрлі нәсілдерден құралған. Сондықтан бүгінгі татарлардың арасында бет пішіні бірі еуропа адамына ұқсас болса, бірі азия адамына ұқсас пенделер кездесе береді десек те, олардың арасында дәл монғол елінің адамына ұқсасы жоқ деуге болады. Міне арнайы тәрбие арқылы халықты осылай белгілі бір жетістіктерге жеткізуге болады. Бірақ, рухани тұрғыдан алып қарағанда жоғарыда айтылған ержүрек мамлюктер де, спартандықтар да, кезіндегі жаугер татарлар да бір кездегі әлемді таң қалдырған сол жетістіктерін сақтай алды ма? Ал олардың көрген бақыты басқа халықтардың бақытынан артық болды дей аламыз ба? Олар қарын тойдырып ас ішті, ұрпақ өсірді, ойын-сауық құрып жақсы көңіл көтерді. Бірақ тән құмарына негізделген мұндай бақыт әлемнің қай түкпірінде болса да бар еді ғой. Ендеше адамзат бақыты тұрғысынан қарағанда олардың басқалардан айырмашылығы да көп болған жоқ. Яғни, бұл жетістіктер уақытша, белгілі бір мақсатқа жету үшін ғана пайдасы болды да, артынан жоғалды. Тарихта олардың ізі де қалмады деуге болады. Ендеше рухани тұрғыдан қарағанда адамзат қоғамы үшін олардың бары мен жоғы бірдей, пайдасы да шамалы болмақ. Бұған не себеп? Адамзат қолы жеткен жетістіктерді мәңгілік етуге бола ма? Заттық әлемде, әрине, мәңгілік деген жоқ. Заттық әлемде тек қана мәңгілікке ұмтылу ғана бар. Мәңгілік – рухани әлемнің қасиеті. Егер материяға рух әсерін берсе, онда материалдық құбылыстың өмірі ұзарады. Рухани күшке негізделген елдердің мәдениеті, күш қуаты ұзақ сақталып, әрі адамзат тарихына берген пайдасы да мол болады. Рухани күшке негізделген
өркениеттің ұзақ және қуатты болатыны туралы бірнеше мысал келтірейік. Ежелгі Үнді еліне осыдан екі жарым мың жыл бұрын Будда ілімі келді. Будда әкелген рухани білім бұрын бытыраңқы жүрген бүкіл Үндіқытай түбегін алып жатқан кең байтақ жердегі халықтарды Ашока патшаның қол астына біріктіріп, бір ел қылуға мүмкіндік берді. Бұл бүкіл адамзат мәдениетінің қайнар көзінің біріне айналған өркениет құруға мүмкіндік берді.Үнді өркениеттің шарықтау кезеңі екі мың жылға созылды. Қазіргі Үндістан елінде сол өркениеттің қалдығы әлі де болса адамды таңдандырып, үлкен әсер береді. Бір мың жылдай өмір сүрген Сақ мемлекетінің тарихы да көңіл аударарлық. Қазіргі Иран жерінде Заратуштра пайғамбар келіп өзінің ілімін тарата бастайды. Заратуштраның ілімін сол елдің патшасы қабылдап, ол өзінің мемлекетінің рухани тірегіне айналдырған. Соның арқасында рухани қуатқа негізделген мемлекет күш алып, өзінің шекарасын кеңейте бастаған. Кезінде оның жері батыста Қара теңізден басталып, шығыста Қытай жеріне дейін, ал солтүстігінде қазіргі Қазақстанның оңтүсік аймағынан бастап оңтүстігінде Үндістанның солтүстік аймағына дейін созылып жатты. Бұл үлкен мемлекет адамзат мәдениетінің орталығына айналды. Тарихта өшпес із қалдырған Ефрат пен Тигр өзендері аралығындағы жоғары дамыған өркениетті мектеп қабырғасынан білеміз. Мұхаммед пайғамбарымыз әкелген рухани білімнің қуатымен бір кездегі көшпелі арабтар құрған Халифаттың адамзат қоғамына қандай үлкен әсері болғаны да баршамызға белгілі. Ислам өзіне дейінгі адамзат қоғамындағы мәдениетті игере біліп, оны жаңаша саралап өз мұқтажына икемдей білді. Соның арқасында ол өзіне дейінгі мәдениет жетістіктерін бойына сіңіре отырып, оны әрі қарай дамытты. Бір Алла тағалаға табынған мұсылмандар рухани нұрдың аясында Евразияның көпшілік жерін өркениеттің жоғары деңгейіне жеткізді. Ислам діні өзіне дейінгі ертедегі грек, рим мәдениеті ғана емес, ол кезде құлдырай бастаған сақ мәдениетін де бойына сіңіре білді. Соның нәтижесінде ислам діні Евразияның көпшілік жерінде ежелгі заман мен жаңа заманды біріктірген күшке айналып, адамзат өркениетінің дамуына үлкен ықпал жасады. Исламның қазақ өміріне де үлкен әсер еткені белгілі. Мысал ретінде тіліміздің даму барысын алайық. Қазақ тілінің дамуына сол кездегі поэзия және ғылыми тіл болып есептелетін парсы тілі ғана емес, сонымен бірге, дінмен келген араб тілі де үлкен әсер етті. Сондықтан қазақ тілінің негізі өзінің алғашқы тегі болып табылатын түркі, сонымен бірге, парсы мен араб тілдерінен құралады. Бір Жаратушының есімдері: Алла – араб, Құдай – парсы, Тәңір – түркі тілдерінен енген атаулар. Міне осы келтірілген мысалдар рухани тірегі бар адамзат құрылымдарының өмірі ұзақ, әрі мағыналы болатынын көрсетеді. Ал тек қана күш пен айлаға негізделген материалдық қоғамның қайсысы болса да, өмір ұзаққа созылмайды. Руханиятты жоққа шығарып, рухани қуаттан шет қалған Кеңес үкіметі және ол құрған жүйенің қаталдықпен қанша адамның өмірін қиып, дүниежүзіндегі халықтарды қорқынышқа бөлеп, күшті
мемлекет құра білсе де, оның өмірі жетпіс жылдан аз-ақ асқаны белгілі. Осының өзі бүкіл адамзат қоғамында рухани құндылықтың қандай үлкен маңызы барын жақсы көрсетпей ме? Міне, «Ар түзейтін бір ғылым табылмаса, зұлымдықты жалғанда әділ жеңбес» деп Шәкәрім көрсеткен ар білімінің маңызы осындай. Қандай мемлекет болса да, оның алдына қойған мақсаты халық қамы болуы керек. Қандай үлкен мақсат болса да, ол мақсат ең әуелі ар білімі арқылы жан тазалығына ұмтылған кезде ғана мүмкін болады. Бірақ рухани дәрежесі әлі төмен елдер өз мақсатына қарудың күшімен, адамның еркіне шек қою арқылы жетуге ұмтылады. Олар біріне-бірі сенбейді. Сондықтан халықтар арасында имандылықтың отын тұтатып, адам жүрегін нұрландырмай бұл мәселені шешу қиын. Жалаң ұранның, дөрекі күштің, зорлықтың, не болмаса, кеңес дәуіріндегідей «осындай болайық» деген үгітнасихаттың пайдасы шамалы. Сана-сезімі жетіліп, өзінің ішкі ниеті қабылдамаса, бұған ешкім өз бетімен көнбейді. Бұл ойлар Шәкәрімнің өлеңінде былай деп беріледі:
Қанеки, ақ жүрекке қайсың жеттің?
Жеттім деп тамам жанды тентіреттің.
Жиырмасыншы ғасырдың адамынан
Анық таза бір елді көрмей өттім.
«Мен – ақ жүрек» деген сөз босқа шығын,
Қару, күшпен көрсетіп қасқырлығын.
Мылтық билеп тұрғанда әділет жоқ,
Алдамай-ақ аулақ өл, жарықтығым.
Қару, әскер тастаудың жөні келмес,
Неге десең, біріне-бірі сенбес.
Тамам адам періште болмай тұрып,
«Ал, түзелші» дегенге ешкім көнбес.
Айла, күш – айуандықтың ең жаманы,
Боқты боқпен жуғанмен ел түзелмес.
Ар түзейтін бір ғылым табылмаса,
Зұлымдықты жалғанда әділ жеңбес.
(«Білімділер сөз жазып зарлағанда»)
Ал адамның еркіне қарсы, оны айламен, күшпен көндіру айуандықтың ең жаманы екен. Шәкәрім айла, күшті және осыларды пайдаланып адамды зорлап көндіруді айуандықтың ең жаманы деп отыр. Не себептен бұл адамдық емес, айуандық, тіпті, айуандықтың ең жаманы? Себебі, бұл мәселеге данышпан рухани тұрғыдан қарайды. Рухани тұрғыдан қарағанда
жан иесіне зорлық жоқ. Әрбір жан иесіне Алла тағала ерік берген. Ерік жан қасиеті. Сондықтан бұл фәни әлемде ерікті болу ең тәтті сезім, оған ұмтылу, еркіндікті аңсап, бостандық үшін күреске шығу барлық жан иелері үшін қасиетті де, құрметті борыш. Бұл сезім бүкіл жан иелерінің барлығына табиғатынан берілген. Сондықтан өзінің отбасы үшін, ұлты үшін, отаны үшін, діні үшін күрес қоғам өмірінде толассыз жүріп жатады. Себебі, ол ерікті ешкімнің де алуға хақысы жоқ. Алла тағала берген ерік сезімі адамға іштей қуат беріп, өз ісіне сенімін арттырады. Басқалардың қамы үшін деп, олардың еркін алу – табиғи заңдылықты бұзатын надандықтың бір түрі. Осының өзі адамның еркін шектейтін тоталитарлық тәртіптердің барлығы да табиғи заңдылықтарға қарсы әрекет екенін көрсетеді. Табиғат ешкімнің еркін шектемейді. Әркім өз еркімен әрекет етуі керек. Бірақ оның салдары бар. Егер адам еркін дұрыс пайдаланбай, қателік істерге барсы – оның зардабын көреді, ал егер дұрыс істер жасаса – оның зейнетін көреді. Бұл – болмыс үйлесімділігін сақтайтын табиғаттың әділет заңы. Оны ешкім де өзгерте алмайды. Табиғаттың өзгермейтін әділет заңдылығын ескермейтін имансыздар, тіпті қарапайым адам ғана емес, мемлекет деңгейінде де адам құқына шек қойып, өз биліктерін жүргізгісі келеді. Мұндай әрекет өркөкіректіктен, тек қана өз қамын ойлағандықтан шығатыны белгілі. Осылай қоғам өмірінің үйлесімділігі бұзылып, адамдар зардап шегеді. Шәкәрім осы мәселелердің шешілу жолы – ар түзейтін ғылым табу деп шешеді. Данышпан ақынның өзі де өмір бойы осы ғылымды табуға ұмтылған.
Ерік пен тағдыр
Адам өмірінің бақытты, не болмаса, бақытсыз болуы неге байланысты? Философияда жиі талқыланатын тағдыр және ерік мәселесі осы сұрақтың жауабын іздейді. Философтардың бірі адам өмірі әркімнің маңдайына жазылған пешенесіне байланысты, оны өзгертуге болмайды десе, ал екіншілері адамға толық ерік берілген, ол өз өмірінің, яғни, бақытының қожасы дейді. Бұл даудың шешімін Шәкәрім шығармалары бойынша қарастырып көреміз. Оның тұжырымы бойынша – адам өмірі ерік пен тағдырдың арасында. Тағдыр. Өмірдің қилы тұстарын бірден түсініп, дұрыс қабылдап кету оңай емес екені туралы ойшылдың өзі «Білімділер насихат көп жазады» атты өлеңінде былай деп білдіреді:
Білімділер насихат көп жазады,
Адам үшін уайым жеп жазады.
Байқап оқып отырсам, соның бәрі
Дүниені «сұм», «алдамшы» деп жазады.
Мен-дағы тіршілікке қадам бастым,
Рахат, бейнет, әр іске араластым.
Өмір бойы қуанбақ жынды ісі ғой,
Кейде асып, кейде қашып, кейде састым.
Рахат көрсем, сыйдырып мақтаныма,
Таласы бар кімнің деп тапқаныма.
Қарсы жалдап, қайраңдап шыға бердім,
Көнбедім деп жалғанның қаққанына.
Қайғы көрсем: «Дүниенің жалғандығы, –
Дедім, – алдап, мінеки, алғандығы».
Ол не десең, бұрынғы жазғандардың
Сөзі орнығып көңіліме қалғандығы.
Тағдыр адамды жел қуған қаңбақтай бірде ойға, бірде қырға салып, қуаныш пен қайғының арасында жанталасуға мәжбүр етеді. «Тағдырды өзгертуге болмайды» деп түсінетін болсақ, бұл дүние адамның зардабы үшін жаратылған тәрізді болып көрінеді. Сондықтан адам үшін уайым жеген білімділердің өздері дүниені «сұм», «алдамшы» деп жазады. Ондай білімділердің кейбірі пенделік өмірден бас тартып, тақуалыққа бет бұрады. Шәкәрім өзі өмірдің көп сынағынан өтіп, сонымен бірге, көп оқып, көп білуіне қарамастан, осындай білімділердің ықпалына түсіп, өзінің де қателікке ұрынғанын жазады. Ақын «өмір тек қана тағдырға тәуелді» деген қағидамен келіспейтінін білдіреді. Адамның тағдыр құрсауынан шыға алмау себебі – оның қалай пайда болуын және қалай өзгертуге болатынын білмеуінен, яғни өмірді толық түсіне алмағанынан екенін ол сезе бастайды. Енді өмірден сабақ алып, оның шын мәніне тереңірек үңілуге ұмтылады.
«Мен де соққы жедім, – деп, – сұм дүниеден»,
Көп жазып ем, оныма өкіндім мен.
Ойласам, көрген бейнет, тартқан қайғы
Болыпты не біреуден, не өзімнен.
Дүниенің ол туралы жазасы жоқ,
Біз сөкті деп тоқтай ма Алла атқан оқ.
Пәрменімен айналған шархи фәләк –
Күн мен ай, жұлдыз, әуе, жер менен көк.
Кімде-кім қайғы тартып, бейнет көрсе,
Сұм жалғанның қылғаны бұл дей берсе
Әлбетте, бұл – тағдырға наразылық,
Түбі Аллаға қарсылық, ондайға ерсе.
Осылай данышпан ақын адамның көрген қуаныш-қайғысы тағдырға ғана емес, оның өзінің еркін кезінде қалай дұрыс пайдаланғанында деп білдіреді. Ол терең философиялық шешімге келеді. Алла тағала табиғат заңдылығын жасаған, оны ешкім өзгерте алмайды. Сондықтан барша дүние өз тәртібімен айналып жатыр (шархи фәләк). Адам баласы бұған араласып, өзгерте алмайды. Болмыс өмірі ешкімге бағынбайды. Абайша айтқанда «Сен асыққан екен деп, Алла әмірін өзгертпес!». Әрбір жан иесі болмыстың осы айналымына түсіп, оған бағынуға мәжбүр. Ол өзінің өткен өмірінің нәтижесіне байналысты белгілі бір жағдайға келіп түсті. Бұл жағдай оның түскен ортасын, яғни отбасы, қоғамы, туған жері тәрізді өмір сүру ортасын құрайды. Тағдыр дегеніміз осы. Адам тағдырына байланысты осылай дүниенің түрлі айналымына түседі. Бұл айналымдағы оның көрген рахат-бейнеті сол ортаға, яғни тағдырға байланысты. Ерік. Бірақ адамда ерік те болуға тиісті. Егер ерік болмаса адам өзінің жасаған жамандығына жауапты болмас еді. Және оны мақтауға, не болмаса жасаған жаман істері үшін жазалауға да болмас еді. Ол жасаған қылмысы үшін кешірім де іздей алмас еді. Егер адамның барлық іс-әрекеті өзінің еркіне байланысты болмай, тағдырына әуелден жазылып қойған болса, онда адам баласының ешқандай еркі жоқ машинадан айырмашылығы болмай қалады. Адамның алдына қойған мақсатының, оған жету үшін ұмтылушылықтың, тіпті, ақыл-есі, ой-өрісінің мәні жойылар еді. Мұндай доктринаға сүйенсек, адамның жануарлардан артықшылығын білдіретін әділеттік, мейірімділік тәрізді адами қасиеттердің ешқандай қажеті жоқ. Сонымен бірге, мұндай жағдайда жамандық-жақсылық, қайырымдылық істер мен қылмысты істер жасау адамның өзіне байланысты емес. Ендеше жасаған жақсылығы үшін оны марапаттауға, ал жамандығы үшін жауапқа тартуға да болмайды. «Менің әрекетіме ештеңе байланысты емес, сондықтан мен өзімнің жағдайымның жақсаруына ештеңе жасай алмаймын» дейтін ой оның өмірге деген ынтасын алып, енжарлыққа тартады. Барлығын тек қана тағдырдан күткен адам өзінің жағдайын жақсартуға әрекет жасамайды. Ендеше мұндай заң адамның дамуына бөгет болып, бүкіл өркениетті жоққа шығарады. Сондықтан Шәкәрім де «Ойласам, көрген бейнет, тартқан қайғы, Болыпты не біреуден, не өзімнен» деп мәселенің барлығы тек қана тағдырға байланысты емес екенін алға тартады. Өз кінәсін түсінбей, көрген бейнеті мен тартқан қайғысы тек қана тағдырға байланысты деген ой, басқаны, тіпті, Алланы кінәлауға мәжбүр етеді. Бұл, ақын сөзімен айтқанда, «Әлбетте, бұл – тағдырға наразылық, Түбі Аллаға қарсылық, ондайға ерсе». Күнәнің ең үлкеніне – Аллаға қарсылық. Бұл күпірліктің түпкі себебін ойшыл әрі қарай талдайды.
Кім үйретті дүниені жамандатып,
Оны сөгіп, өзіңді амандатып?
Мұны үйреткен – білімсіз шала молда,
Қу қазыққа байлаған табандатып.
Кейбіреулер жазады: «Қу өмір», – деп,
«Тұрағы жоқ, алдамшы, су өмір», – деп.
«Көрген қызық, қылған іс – бәрі де ұмыт,
Иә, көлеңке, яки түс, у өмір», – деп.
Бұған да еріп көп жаздым түшіркеніп,
Білімділер сөзі деп ентеленіп.
Өмір емес, алдаған өзіңді-өзің,
Пәленшекем айтты деп қалма сеніп.
Бұл екі сөз айтуға тым орайлы,
Жүрекке әсер берер сонша жайлы.
Терісті де дұрыс деп сендіретін
Шешендердің келеді тілі ыңғайлы.
Дүние деген қызыққан ісің болса,
Қызықтырған кім сені оған онша?
Пайдасыз, баянсызын біле тұра,
Қуа бердің ойланбай неге сонша?
Өмір айналымынан шыға алмай бейнет көрген пенделер өз күнәсін түсінен алмай, тек қана басқаны кінәлайды. Өмір сырын анықтайтын зиялы қауым керек. Құранды дұрыс түсіндіре алмайтын дүмше молдалар мен өмірдің түпкі мәнін түсінбейтін білімділердің, яғни, ой-өрісі заттық тар шеңберден шыға алмайтын ғалымдардың өмірді дұрыс түсіндіре алмайтынын ақын анық көрсетеді. Рухани терең білімі жоқ молдалар Құранның сөзін тек қана жаттап алып, бірақ оның мағынасына тереңдей алмағандықтан, Алла тағала хикметтерін ашып көрсете алмай, ойсыз, соқыр сенімді ғана талап етеді. Ұстазы Абай тәрізді Шәкәрім де мұндай соқыр сенімге қарсы. Нәпсінің ықпалына түскен адамдар болмыс заңдылығын бұрмалап, өзінше түсініп, өзінше түсіндіреді. Сондықтан анық хақиқатты табу оңай емес. Адамның көрген қайғы-қасіреті тағдырға ғана емес, оның өзіне де байланысты екенін Шәкәрім осылай анық жазады. Сонымен, адамның келешек өмірі оның өзінің еркіне байланысты екен. Ерік негізі қайда жатыр? Ерік негізі жан қасиетінде жатыр. Жан әуелден толық ерікті, сондықтан адам да толық ерікті болуы керек. Фәни әлемде адамның еркін жан емес қоғамдық жағдай басқарады. Жанының тазалығына, ұятына, арына байланысты әркім тіршілік жағдайында жан, не болмаса тән ықпалына түсіп, әртүрлі әрекет жасайды. Адамның іс-әрекетін ар басқаруы керек еді. Ар
дегеніміз кеудедегі шыбын жанның Ғазиз Жанмен байланысы. Бірақ адам нәпсі ықпалына беріліп, оны тән басқарып кеткенде ол көптеген қылмысқа барады. Жүрек тазалығына байланысты адам арлы, не болмаса мүлде арсыз болуы мүмкін. Арсыз адамды тағы имансыз деп те атаймыз. Жан әуелден ерікті болғандықтан, еркіндік қасиет туғаннан беріледі. Адам баласы кімге, қалай сеніп, қандай іс-әрекет жасауға табиғатынан ерікті. Адамның бұл ерік құқығы бүкіладамзаттық құжаттарда бекітілген (орысша – свобода совести). Ар ілімін меңгерген, ұяты жоғары пенде өмірдің қандай қиын жағдайы болса да өз еркімен арына қарсы әрекетке бармайды. Өмірдің алданыш жылтырағына еріп кетпей, өз нәпсісін тежей біледі. Адам баласы табиғатынан күнәлі істерді жасау үшін жаратылған жоқ. Кім болса да қоршаған ортаның, не болмаса түрлі жағдайлардың әсерімен қылмыс жасайтын жағдайға тап болуы мүмкін. Бірақ сол кезде күнәлі істі жасау, не болмаса жасамау, әрқашанда оның өз еркінде. Ерік дегеніміз, міне, осы. Өмірдегі кездесетін қылмысты істерге итермелейтін жағдайларға бағыну, не болмаса оған бағынбай бас тарту әркімнің қайратына, ой-өрісіне, сана-сезім деңгейіне және мәдениетіне байланысты. Қандай істе болса да адамның еркі осыларға бағынады. Адам тәрбиесінің негізгі міндеті – адамның ар-намысын көтеріп, ұятын ояту арқылы осындай сынақ сәтінде күнәлі істен құтқару. Ар білімі арқылы, табиғаттың әділет заңдылығын түсіндіріп, адамды жамандыққа бармайтындай етіп тәрбиелеуге болады. Жамандық жасамайтын адамға, әрине, жамандық жоламайды. Болашағы жарқын, таза, бақытты өмір осылай орнайды. Шәкәрім ойы бойынша не нәрсені болса да, әуелі ақылға салып, ойлану керек. Сөйтіп таза ақыл мақұлдап, жүрек қабылдаса, сонда ғана оған бой ұруға болады. Осының барлығы адамның еркіне байланысты. Нәпсіге берілген өмірдің пайдасыз, баянсызын біле тұра адам өз еркімен қазіргі өмірін өзгерпесе, оның келешегі дұрыс болмайды. Сонымен, болмыс заңдылығы бар. Оны өзгертуге болмайды. Осы заңдылыққа бағынатын тағдыр бар. Адам келешекте тағдырын өзгертіп бақытты болғысы келсе, ол бұл заңдылықты біле отырып, өз еркімен дұрыс әрекетке көшуі керек. Ал оны білмей, не болмаса, біле тұра, орындамаса, ол табиғаттың әділет заңдылығы бойынша тиесілі несібесін алады. Табиғат заңдылығын орындау, не болмаса орындамау әркімнің еркінде. Бірақ оның күнәсіне байланысты алатын бейнетіне Алла тағала жауапты емес. Бұл туралы Абайдың «Ауруды жаратқан Құдай, бірақ ауыртқан Құдай емес» дейтін сөзі бар. Осылай ерік пен тағдыр бір-бірімен тығыз байланыста екенін көреміз. Енді осы байланысқа келейік. Ерік пен тағдыр байланысы. Әрбір адам өзінің табиғи міндеттерін орындау барысында мінез-құлық, ой-өріс, сана-сезіміне байланысты өмірдің түрлі жағдайларына кездеседі. Тағдырдың адамға ықпалы осымен бітеді. Себебі, әрі қарай тағдырдың берген жағдайларында адамның қалай әрекет жасауы оның еркіне байланысты. Еріктің рөлі, міне, осы жерден басталады.
Мысалы, тағдырға байланысты адам ауруға шалдығуы мүмкін. Ал ол аурудан өз еркімен қашан және қалай емделуіне байланысты адамның келешек тағдыры, яғни денсаулығы байланысты. Тағдырдың бүгінгі сәтінде қалай әрекет жасаса, адамның келешек тағдыры солай құралады. Осыдан келешек тағдырды бүгінгі ерік құрастыратынын көреміз. «Адамның тағдыры өз қолында» деген қағида осыдан шығады. Бірақ бүгінгі тағдыр өткендегі ісәрекетке байланысты. Оны өзгертуге болмайды, сондықтан қалтқысыз қабылдау керек. Сонымен, адам баласы өзінің бүгінгі тағдырын өзгерте алмайды – ол оның өзкендегі өз еркімен жасаған іс-әрекетіне байланысты. Бірақ келешек тағдырына әсер ете алады. Ол үшін өзінің еркімен соған сәйкес әрекет жасауы керек. Осылай ерікті қалай пайдалануына байланысты адамның алдағы тағдыры, яғни келешек өмірі құралады. Қарымта заңдылығы бойынша әр істің салдары, яғни қарымы бар. Сол қарымдарға байланысты адамның тағдыры, яғни көретін бейнеті, не болмаса алатын зейнеті, тіпті оның адамдық қалпы, туған ортасы бәрі оның өткендегі іс-әрекетіне сай құралады. Өзінің ойымен, сөзімен және тәнімен жасаған әрбір әрекеті үшін адам келешекте оның жақсы-жаман жемісін көреді. Сондықтан, болмыс үйлесімділігін қорғайтын бұл заңдылықты біліп, оны ескере отырып дұрыс әрекет жасау – өте маңызды нәрсе. Себебі адам өмірінің дұрыс, не бұрыс болуы фәни әлемнің осы заңдылығына байланысты. Өзінің адамгершілік борышын орындауға арналған рухани істерде қарымта болмайды. Өмірдегі кездесетін нәпсі құмарлықтарына берілмей, өз бойын жамандықтан аулақ ұстаған адамның өмірі де көлеңкесіз, бірқалыпты бейбіт өтеді. Осылай адам өз өмірін, өз бақытын өзі жасайды. «Адамның өз бақыты өз қолында» деген сөз осыны білдіреді. Бұл заңдылықты дұрыс түсініп, оның дұрыс орындалуы жөнінде Абай мен Шәкәрім көп айтып кеткен. Адамның бақыты мен қоғам өмірінің үйлесімділігі осы заңдылықтың орындалуына тікелей байланысты. Әлемнің бұл әділет заңдылығын әркімнің дұрыс қабылдап, оны бұлжытпай орындауы оңай емес екенін күнделікті өмірден көріп жүрміз. Қазіргі кездегі парақорлықтың үдей түсуі соның бір дәлелі. Пара алған шенеунік болсын, мейлі, кім болса ол болсын, ол параны алу, не болмаса алмауы оның өзінің еркінде еді ғой. Арты қандай жамандыққа апарытынын да біледі. Сонда ол не себептен пара алады? Себебі, ол өзінің тағдыры бойынша сондай жағдайға түсті. Ал тағдырын ол қалай қолданады? Бұл оның еркінде. Ол пара алу мүмкіндігін пайдаланып, уақытша бақытты сезінуі мүмкін. Бірақ, артынан бұл үшін жауап беріп, оның зардабын көреді. Ал егер арына бағынып, тағдыр жасаған мұндай жағдайда парадан бас тартып, өзінің жан тазалығын сақтаса, ол жан тыныштығын алып, бақыт сезіміне бөленеді. Бұл, әрине, рухани бақыт, мәңгілікті бақыт. Осылай, тағдыр адам өмірінде түрлі жағдай тудырады, ал ол жағдайды қалай пайдалану адамның өз еркінде. Тағдыр тудырған жағдайды еріктің
қалай пайдалануына байланысты адамның келешек өмірі бақытты, не болмаса бақытсыз болады. Ерік пен тағдырдың байланысы, міне, осындай. Сонымен, тағдыр өткен шақтағы адам өмірінің нәтижесі. Қарымта заңдылығы тағдыр жасаудағы еріктің құралы. Қарымта арқылы ерік өзіне керекті тағдыр жасайды. Ерік пен тағдыр байланысын пайдалану жолы. Адам өзінің тағдырына байланысты берілген міндеттерін өз еркімен дұрыс және толық орындауы керек. Фәни өмірде кімнің болса да ата-анасының, бала-шағасының, халқының, отанының, тіпті бүкіл адамзаттың алдында түрлі міндеттері бар. Бұл міндеттерді қалтқысыз орындауы оның адамгершілік деңгейіне байланысты. Шәкәрімнің өзі бұл туралы «Адамдық борышың» атты өлеңінде жақсы айтып кеткен. Қоғам өміріндегі міндеттерді толық атқарып, оларды дұрыс орындау тәсілдері халықтың әдет-ғұрыптарында, діни қағидаларында бекітіліп, әр азаматтың міндеті ретінде қалыптасқан. Осы міндеттерді орындау барысында адамның алдында өзінің мінез-құлық, ой-өріс, санасезіміне байланысты өмірдің түрлі жағдайлары кездеседі. Адамның өмірдегі бейнеті, бақыты мен бақытсыздығы осы міндеттерді орындау деңгейіне байланысты. Бұл туралы ақын былай деп жалғастырады:
Өмір деген жастықтан қартаймақ па,
Бейнет, рахат, байлық пен мал таймақ па.
Боларға ұмтыл, болмасқа қанағат қыл,
Жала жауып, салынба жантаймаққа.
Өмір, дүние, жер мен көк, өткен заман,
Ажал алмай қоймайды ешкімді аман.
Өлмей, өшпей, қартаймай жүргің келсе,
Ол болмай ма тағдырды жамандаған?
Тумақ, өлмек, қартаймақ болмай қоймас,
Қанша қызық көрсе де, пенде тоймас.
Сол тоймастық – дүниені жамандатқан,
Сен сөкті деп тағдырды қайта жоймас.
Тағдырға қарсы тұрмай, өміріндегі міндеттерді дұрыс орындағанда ғана адамның келешек тағдыры дұрыс болады. Нәпсі ықпалымен фәни өмірдің пайдасыз, баянсызын біле тұра қызық қуып уақытын өткізген қуыс кеуделерге өмірдің қандай болуы олардың өздеріне байланысты екені көрсетіледі. Тағдыр кінәлі емес – сол тағдырды жасаған адамдардың өзі кінәлі. «Сол тоймастық – дүниені жамандатқан» деп адамның адасу себебін көрсетеді. Тыныштық өмір тоймастыққа салынбай, қанағатпен тіршілік құрғанда ғана болады. Өмірдің жақсылығына ұмтылып, барына қанағат қылып, өз міндетін орындап, имандылықпен тіршілік құру керек.
Осылай ақын дұрыс өмір сүруге үйретеді. Әрі қарай ақын өмір сырларын былай деп аша түседі:
Бейнет көрме, біреуге бейнет берме,
Дүние – алдамшы, өмір – қу деп елерме.
Қамдан, сақтан, қағып бақ бәле келсе,
Бәрін Құдай қылады дегенге ерме.
Қаза келсе, өзіңнен я біреуден,
Немесе бір нәрсенің себебінен.
Дауың дұрыс бола ма, ойласаңшы,
Өмір – қу, дүние – алдамшы дегеніңмен?
Дүние алдамшы, өмір қу – есерлерге,
Есерлікпен жолығар кеселдерге.
Ол екеуі мінді емес, мін өзіңде,
Сөзің бөлек өзгеден десеңдер де.
(«Білімділер насихат көп жазады»)
Шәкәрім «Дүние алдамшы, өмір қу – есерлерге» деп жазады. Не себептен дүние алдамшы, ал өмір қу – есерлерге? Себебі ақылы жоқ есерлерде өмір туралы түсінік жоқ. Осылай олар есерлікпен кеселдерге жолығады. Олардың жүрегі өмір сергелдеңімен былғанып, көкірек көзі жабық болғандықтан, бүкіл әлемде олардан басқа ешкім жоқ тәрізді, тек қана өзін ғана көреді. Ар білімінен жұрдай болған оларға бүкіл әлем солар үшін жаралғандай. Тән құмарын қандыра алмай, бақытсыз сезінгенде олар кінәні өзінен емес, сырттан іздейді. Себебі, әлемнің әділет заңдылығын мойындағысы келмейді. Ол заңдылық бойынша адамның алдынан кездесетін барлық қайшылықтар оның өзінің жасаған әрекетінің салдары. Есерлер мұны білмей зардаптың барлығын Алла тағала, не болмаса тағдыр жіберіп отыр деп есептейді. Осылай, олар өздерінің кінәсін түсінбей, жауапкершіліктен қашады және күнә жасап, дүние алдамшы, ал өмір қу деп түсінеді. Егер бүкіл әлемді шексіз мейірімді, әрі құдіретті Жаратушы жаратса, Оның жаратқан дүниесінің кемшілігі болуы мүмкін бе? Шәкәрім ойы бойынша, әрине, мүмкін емес! Бұған қарсы ойлаудың өзі күпірлік, Ұлы Жаратушыға деген сенімсіздік болар еді. Өкінішке орай, фәни өмірде тіпті білімділердің қатарына қосылатын көптеген ғалымдар мен діни адамдар өз қателігін мойындарына алғысы келмейді. Ал шын мәнінде өмірдегі әрбір кездескен қарсылық пен қиындық үшін ұлы Жаратушыға разышылық білдіріп, Оны мадақтау керек. Себебі, осы қиыншылықтар арқылы тағдыр адамға сабақ беріп, оны тәрбиелейді. Осындай түсінік болса ғана бұл өмірдегі болып жатқан жақсылық пен жамандықтың барлығы да Алла тағаланың шапағаты ретінде қарсы алынып, дұрыс ниетпен қабылданады.
Алла тағалаға тәубе етіп, өмірдің қуаныш-қайғысын, оның барлық көріністерін шүкіршілікпен қабылдау, міне, бұл имандылық көрінісі. Мұндай адам ешуақытта өзінің тағдырына кінә қоймай, қайғы ойлағанның орнына, дұрыс келешек үшін дұрыс әрекетке көшеді. Әлемде өмірдің қыр-сырын жақсы сезінген, сондықтан бұл фәни өмірдің тұрақсыз, жалған екенін түсініп, бұл күнделікті өмірдің күйбеңінен бас тартқан білімділер бар. Сонымен бірге, өздерінің білместіктерінен өмірді қаралап, бас тартатындар да бар. Оларды бір-бірінен айыра білу керек. Соңғылардың әрекеті тіршіліктің жұмбағын толық шешпейді. Олар бұл өмірден бас тартқанымен, басқа өмірге өтіп кетпейді. Бәрібір осы өмірде қалады. Яғни осы өмірдің мұқтажымен өмір сүреді деген сөз. Ал Шәкәрім тәрізді анық данышпандар өздерін рухани жолға толық бағыттап, адамзат өмірін жетілдіріп, алға тартады. Міне, осылай бұл өлең үлкен философиялық мәселені көтеріп, оның шешімін береді. Адам өмірінің бақыты өз қолында деген қағиданы толықтыра түседі. Осы қарапайым ақиқатты түсінбей, өзін емес, өзін қоршаған ортаны өзгертуге ұмтылған адамдар қоғамды қайта құрып, революция жасауды армандайды. Осы өлеңнен революцияның не себептен болатынын да көруге болады. Адамның революционер болуының себебі неде? Оның бірінші себебі – өзінің қоршаған ортасына наразылығында. Ол өзін қоршаған жағдайға қарсы, оған жау, сондықтан оны өзгерткісі келеді. Ал Шәкәрім ойы бойынша адам қоршаған ортаны емес, ең әуелі өзін өзгертуі керек. Себебі, қоршаған орта табиғат заңдылығымен пайда болады. Қоғам өмірінде әуелі өзіңді өзгерт, сонан кейін басқаларды өзгерт. Сонда қоршаған орта ешқандай революциясыз-ақ өзінен өзі өзгереді. Себебі, егер барлық адам сана-сезімі жоғарылап, ой-өріс өзгерсе, онда қоғам мен қоршаған орта өзгеріп, адамзат тағдыры өзінен-өзі өзгеретіні белгілі. Яғни, өмірін жақсарту үшін әркім ең әуелі өзінен бастауы керек. Бірақ революционерлер бұны түсінгісі келмей, не болмаса жеңіл жол іздеп, өмірді бірден қопарып, жылдам өзгерткісі келеді. Осылай олар ескі өмірді қопарып тастап, оның орнына жаңа өмір жасауға ұмтылады. Бұл қоғамның ойранын шығарады. Ал, ақылды адам дайын үйін бұзбай, оған тек қана жөндеу (реконструкция) жасайды. Шәкәрім, міне, осыған үйретіп отыр. Шәкәрім дүнииетанымына осы қысқаша шолудың өзі оның қандай рухани биікке көтерілгенін көрсетеді. Ол болмыстың терең сырларын ашып қана қойған жоқ, сонымен бірге, онымен өмір сүрді. Бұл оны жетілудің заңғар биігіне көтеріп, өмірдің түпкі мақсатына жетеледі.
ҮШІНШІ БӨЛІМ
ШӘКӘРІМ ЖЕТКЕН РУХАНИ ШЫҢ
Өмір мақсаты жетілу болса, ал жетілу дегеніміз – ең әуелі сананың өзгеріп жетілуі. Сананың жетілуі адам жүрегінің, яғни рухани болмысының жетілуіне, тазаруына байланысты. Адам жетілуінің шыңы – әулиелік. Әулиелерде жүрек тазалығы, яғни жан тазалығы өте жоғары деңгейде. Әулиелік – жан тазалығының көрінісі. Сондықтан әулие деңгейіне әркім көтеріле алмайды. Ол деңгейге Шәкәрім тәрізді рухани жолға толық берілген, жанкешті адамдар ғана жете алады. Әулиелік – жан тазалығының көрінісі болғандықтан, ол сананың да өлшемі болып табылады. Өмірде жан тазалығын өлшеп білу мүмкін емес, ал бірақ осы жан тазалығынан туатын сана деңгейін анықтауға болады. Ол үшін сананың жетілу жолын, оның деңгейлерінің өмірдегі көріністерін айыра білу керек. Шәкәрімнің әулиелігіне күмәнмен қарайтын адамдар бар. Мұндай күмән ең әуелі әулиеліктің не екенін білмегендіктен, сонымен бірге Шәкәрімнің рухани қасиеттерінен бейхабарлықтан туады. Сондықтан әуелі әулиеліктің не екенін және ойшылдың рухани қадір-қасиетін анықтап алу керек. Шәкәрімнің рухани болмысы оның өзінің жазған өлеңдеріңде таңбаланып, білініп тұрады. Әулиелік қасиеттер мен оның сана-сезім, ой-өрісін салыстыра отырып, ойшылдың жетке рухани деңгейін көруге болады. Әулиелік сананың өскен көрінісі. Сондықтан әуелі әлемдегі сана деңгейлеріне көз жібереміз. Осылай Шәкәрім тәрізді адамзаттың ұлы тұлғаларының жеткен рухани деңгейін көре аламыз. Сонымен бірге, сана деңгейлерін білу әркімге өзінің болмыс өміріндегі және қоғамдағы алатын орнын көруге мүмкіндік береді.
1. Шәкәрім шығармашылығындағы сана мәселесі
Сонда сана дегеніміз не? Қарапайым адам ғана емес, түрлі философиялық ағымдар да адам санасының табиғатын әртүрлі түсіндіреді. Кеңес дәуірінде материалистік көзқарас бойынша сана материядан шығады, сондықтан, сананы өмір жағдайлары жасайды деп келдік. Ал идеалистік көзқарастағы ойшылдар сананың түп негізі рухани болмыста жатыр дейтіні белгілі. Өмірде сана туралы оның болмысын зерттеумен шұғылданатын психологтардан бастап, қарапайым адамдардың ойынан шыққан шым-шытырық түрлі анықтамалар көп. Бұлардың көпшілігі бір-бірінен алшақ, тіпті көбіне қарамақарсы болып келеді. Сонымен, сана туралы қоғам өмірінде қалыптасқан бір тұжырым, ортақ түсінік жоқ деуге болады. Бұның себебі неде? Бұл сұраққа Шәкәрім ойларынан жауап табамыз. Шәкәрімнің сырлы сөздерінен адам болмысы тек қана көрнеу заттық тәннен ғана емес, сонымен бірге, көріпсезуге болмайтын рухани болмыстан құралатындығын көреміз. Адам санасының құпиялы болу себебі де осында жатса керек. Енді адам өмірін түсінудегі осы күрделі мәселеге Шәкәрім мен оның ұлы ұстазы Абай ілімі арқылы үңіліп көрелік.
Шәкәрім сана-сезімнің негізі заттық дүниеде жатыр деген материалистік көзқарасқа былай деп дау айтады:
"Сезіміміз заттан жаралды", –
Деген сөз мүлде арам-ды.
Ақылды жанның мүлкі – әлем,
Тәртіппен өсіп жаралды,
Осыны неге білмеген!
Меңіреуде мақсат бола ма?
Ақылға осы қона ма?
Құбылтып түрлеп бояған
Қу сөзге көңіл тола ма?
Дәлелі миға кірмеген.
("Қасыңа қылыш қайратқан")
Абай да бүкіл әлемнің бір жаратушысы, шыққан қайнар көзі барын, оның шексіз құдыретті екенін және шексіз көп қуатын толық мойындап, бұл туралы өзінің "Қара сөздер" деп аталатын тағлымдық трактаттары мен өлеңдерінде айтып кеткені белгілі. Абай ілімі бойынша жан барлық қуаттардың көзі. Жаннан шығатын сол қуаттардың бірі – білім. Адамның санасы оның рухани білімі арқылы көрініп, сезіледі. Рухани білім қараңғы түнектегі шамшырақ тәрізді жүрек көзін ашып, жанды көруге мүмкіндік береді. Осылай білім қуаты арқылы жан өзін-өзі көріп, таниды. Шәкәрім болмыс өмірі көркем, әрі мінсіз үйлесімділікке негізделгенін көрсетеді. Болмыстың бұл сұлулығына ұмтылушылық рухани қасиеттен шығады. Рухани қасиет барлық жан иелерін алға сүйрейтін өмірдің негізгі қозғаушы күші, мақсаты, барлық ынта-жігердің қайнар көзі болып табылады. Болмыс үйлесімдігіне құштарлық адамзат өркениетінің мұрындығы, қоғамды түрлі келеңсіздіктерден, зұлымдықтардан сақтайтын негізгі күш тәрізді. Бірақ табиғаттың терең сырлы құпияларын түсіну үшін оны көретін ерекше көз керек. Бұл туралы ойшыл ақын былай деп үйретеді:
Күннен неге түсіп тұр сонша жарық,
Сегіз минут шерікте жерге барып?
Әншейін құр жарқырап тұрып алмай,
Жылылық нұрмен бірге жүр қозғалып.
Бұл дүние жылуы жоқ нұрсыз болса,
Әлемнен кім жүре алар пайдаланып?
Дене атаулы теп-тегіс мөлдір болса,
Көлеңке орнығады қайда қалып?
Барша ғалам тапжылмай тұрып қалса,
Бола ма уақыт деген өлшеу салып?
Мақсұт, тәртіп, керексіз тозаңы жоқ,
Тексермей неге отырмыз мұны ойланып?
(«Тау басындағы ой», 64 жаста жазылған)
Осындай үйлесімді әлем тіршілігі барлық жан иелерінің бір-бірімен байланыстарының көрінісі. Табиғаттың ғажайып сырлары сана-сезімнің түрлі деңгейлерінде тұрғандардың қарым-қатынастарынан құралады. Өзінің санасезімінің жетілуіне байланысты әрбір жан иесінің алатын орны, оның орындайтын міндеті бар. Ақын ойы бойынша табиғатта мақсұт, тәртіп бар, бірақ керексіз бір тозаңы жоқ. Әркімнің өз орны, өз мақсұты бар. Ал жан иелерінің санасы неғұрлым таза, жетілудің жоғары деңгейінде болса, оның болмыс өміріндегі маңызы, сонымен бірге өзінің алатын ләззаты да солғұрлым жоғары болмақ. Сана дегеніміз – жанның өзін-өзі, сонымен бірге Ұлы жанды, яғни Алла тағаланы тану қабілеті. Сана жанның өзіне тән, одан бөлінбейтін қасиеті. Оттың өзінен бөлінбейтін қасиеттері жылу мен жарық болса, сана да жанның өзінен бөлінбейтін алғашқы қасиеттерінің бірі. Жанның алғашқы санасы таза рухани, Жаратушының жоғары санасымен толық үйлесімді. Сана ақыл арқылы білінеді. Таза санаға таза ақыл арқылы жақындауға болады. Сондықтан, Шәкәрім «таза ақыл» деген сөзді қолданып, оған ерекше мән береді. Алла тағаланы тану дегеніміз – Оның Абсолюттік тұлғалық аспектісі ғана емес, сонымен бірге, Оның ғаламдағы барлық көрінісін тану деген сөз. Ғалам көрінісі – Алла тағаланың сансыз көп қуат түрлері. Сондықтан, сана – жан иесінің білімінің тереңдігін, оны өмірде қолдану қабілетін, табиғат, қоғам заңдылықтарын дұрыс түсіне біліп, олармен үйлесімді тіршілік құра білу тәрізді бүкіл болмысты қамтыйтын қасиет деңгейі. Сана адам өмірін толық басқарады. Ол – тіршілік иелерінің жетілу өлшемі, адам жанының, яғни оның өмір айнасы. Адамның тіршілік түрін көріп – оның санасын білеміз.
Ақыл мен жан – мен өзім, тән –менікі,
"Мені" мен "менікінің" мағнасы – екі.
"Мен" өлмекке тағдыр жоқ әуел бастан,
"Менікі" өлсе өлсін, оған бекі, –
деп Абай өзінің "Көк тұман – алдыңдағы келер заман" атты өлеңінде сананың қайнар көзі қайда жатқанын түсіндіреді. Сана тән қасиеті емес, жан қасиеті. Себебі жан кетсе онымен бірге сана да кетіп, тән өлі материяға айналады. Сананың шығатын қайнар көзі жан сыры туралы Шәкәрім көп ойланып, көп толғанған. Жанның құпия сырын ашып, оның ешуақытта жоғалмайтын мәңгілікті екені туралы ойшылдың жазғандары бар. Оған ақынның "Қасыңа қылыш қайратқан", "Ұждандыны мақтайды тамам адам", "Шымды жерде
көресіз қара топырақ" тәрізді өлеңдері жатады. Шәкәрім "Келді, кетті" өлеңінде былай деп сауал қояды:
Жан деген не,
Мүлде өле ме,
Шын жоғалып сөне ме?
Жоғары өрлеп,
Дене жөндеп
Және мен деп келе ме?
Бұл сауалдың жауабын ол өзі толық тауып, артына сыр сөз ретінде жазып қалдырған. Жан иесінің түпкі мәні тән емес, жан екені жайында ойшыл былай деп түсіндіреді:
Қайда барса, ол өзін "өзім" дейді,
"Өзім" деп денесі емес, жанды айтқаны.
Сол жаннан тіпті "өзімдік" жоғалмайды,
Есеп емес, сан өліп, сан қайтқаны.
("Тау басындағы ой")
Жан – Алла тағаланың қуаты, нұры. Алла тағаланың жоғарғы қуаты болғандықтан, жан қасиеттері де өзінің бастауына ұқсас болып, сапа жағынан алғанда оның негізгі қасиеттері Ұлы Жанмен ұқсас. Бұл туралы Абай өзінің отыз сегізінші қара сөзінде жазғаны белгілі. Ұлы Жан өзін-өзі абсолютті түрде толық сезініп, толық біледі. Сол сияқты Оның бөлшегі болып табылатын жан да бастапқы таза қалпында өзін-өзі толық сезініп, өзінің Ұлы Жанмен қарым-қатынасын толық біледі. Жанның бастапқы санасы, "нағыз өзімі" – осы таза сана, өзінің жан екенін сезініп, болмыстағы орнын анық түйсінуі. Мұны рухани сана (орысша – божественное сознание) деуге болады. Бірақ фәни әлемде жан санасы материялық түрлі қабықтармен қапталғандықтан, оның алғашқы таза санасы жоғалып, рухани деңгейден материалдық деңгейге түсіп, фәнилік былғаныш санаға айналып, жан иесінің "нағыз өзімі" өзгеріп "жалған өзімге" айналады. Осылай жан бұл фәни әлемде өзінің рухани қасиеттерінен айрылып, енді өзін қаптаған материалдық элементтермен балағандықтан, сананың түрлі деңгейлері пайда болады. Шаң басқан айнадан адамның өзін-өзі көруі қандай қиын болса, кірленген сананың өзінің алғашқы рухани қалпын көруі де сондай қиын болып, адам өзінің жан екенін ұмытып, Ұлы Жанмен қатынасын да үзеді. Абай ілімінен және Шәкәрімнің сырлы сөздерінен бүкіл әлем тіршілігінің мағынасы да, мақсаты да осы адасқан жанды оны фәнилік былғаныштан арылтып, оның санасын бастапқы таза қалпына келтіру екенін көруге болады. Сол кезде адамның ақылы Шәкәрім сөзімен айтқанда "таза ақылға" айналып, өз болмысын, бүкіл
әлем басқарып отырған Жаратушыны және табиғатты, олардың өзара
байланысын түсінуге мүмкіндік алады.
Адамның рухани болмысын қорғауға ұмтылған Шәкәрім жанның мәңгілік
қасиеті, оның тәнмен қарым-қатынасы туралы былай деп жазады:
Мен адамның таппаймын өнерлісін,
Ерінбей еңбек қылған көп жұмысын.
Іш жарып, ішек жалғап, сүйек қиып,
Жамайды ерін, мұрын, түскен тісін.
Аэроплан, телефон, грамофон,
Электр, радий мен магнит ісін.
Терең оймен тексермес надандарды
Дегізген: "Сайтанбысың, Тәңірімбісің?"
Осынша өнер тауып асқан адам
Әлемнің қиын сырын ашқан адам.
Ол түгіл өмірге де айла табар,
Өлмей жетер бірталай жасқа да адам.
Бірақ адам өз жанын танымайды,
Біледі бір өзінен басқаны адам.
Тіршілік – жоғалатын жан сипаты,
"Жаным жоқ", – деп болады масқара адам.
Жалам емес, жазыпты пән деп мұны,
Не демес ойы жетпей сасқан адам.
Жанының бастан барын байқамапты,
Психолог ғылымын шашқан адам.
Жан жолдан қосылды деп пән де, дін де,
Ақылды байлап қойған соған мүлде.
Ең басқы зат – жаны бар, ақылды зат,
Оны ойлаған адам жоқ осы күнде...
...Жаннан шығар ақыл мен ойдың шыны.
"Жолдан шыққан жан жолда жоғалар", – деп
Сандырақтап айтқанмен, жоқ дәлелі.
Дәлелсіз сөз – соққан жел, ұшқан тозаң,
Таза ақылдың алдында жоқ қой құны.
Мисыз, күншіл, бірезу өзімшілдер
Аласұрсын, асқақтап, қозса жыны.
Соқыр білмес жарық пен қараңғыны,
Көңіл көзі сынасын, болса міні.
Өлмей тұрып дәлелін өзіме айтсын,
Менің дауым айтылмас өлген күні.
Бұл – болмыс сырына тереңінен үңілуге мүмкіндік беретін Шәкәрімнің тағы да бір данышпандық ойлары. Жан мен рухты шатастырып, Құранды жаңсақ түсіндіріп жүрген діндарлар мен "Жан жоқ!" деп жүрген кейбір психолог ғалымдарды ұлы ойшыл сынай отырып, оларды өзінің сыр сөздерімен осылай түйреп өтеді. Шәкәрімнің бұл сөздерінен ұғатынымыз – адамның барлық қадірқасиеттері, бүкіл болмысы мен түрлі мүмкіншіліктері жаннан шығады. Жан тәнді басқаруы керек, ал тән жанның құлы болуы керек. Барлық жан табиғат заңдылықтары бойынша өздерінің қалауларына байланысты тән тудырады, яғни жан өзінің қалауынша тән құрастырып, тән алады. Діндарлардың айтқанындай, жан жолдан қосылмайды. Мұндай ой жан мен рухты айыра алмай, шатастырудан шығады. Осылай тіршілік иелерінің барлығы өзіне тән алып, тіршілік түрлері мен оның түрлі жағдайларын жасап алады. Жанның алған денесі оның өзінің материямен былғану деңгейіне, яғни сана деңгейіне байланысты әртүрлі жетілу сатысында болады. Жан рухани болғандықтан бұл фәни әлемде ештеңе де жасамайды, ол тек қана қалайды, оның сол қалауы бойынша оның денесі түрлі әрекеттер жасап, жанның қалауын орындайды. Жан денені рух арқылы басқарады. Себебі, рух психикамен байланысқан, ал психика тәнннің іс-әрекетін басқарады. Жан ниетін өзгертіп, өзінің қалауы бойынша бұл фәни әлемдегі (уақытша әлемдегі) жағдайын рухани іс-әрекет арқылы бақи әлемге, яғни мәңгілікті әлемге ауыстыра алады. Бірақ бұл жан иелерінің санасын жетілдіріп, бүкіл болмысын рухтандыруға арналған өте ұзақ құбылыс, сондықтан бұған өте көп уақыт керек. Рухани жолдың негізгі мәні де, міне, осында жатыр. Жанның дене алу барысын Шәкәрім былай деп түсіндіреді:
Атаның шаһуатының көп қой мәні,
Ананың құрсағында қан болғаны.
Құс пен адам болар деп кім айта алар,
Өлі қан мен жаны жоқ жұмыртқаны?
Басында оның киімі шаһуат еді,
Қызыл қан, ақ жұмыртқа кигені әні!
Денесі неше миллион құбылса да,
Оның жаны – баяғы ескі жаны.
Сезімнің зорайып, азаймағы –
Қандай түрде болғаннан оның тәні.
("Тау басындағы ой", 64 жаста жазылған)
Жан барлық денелердің пайда болу көзі болғандықтан, барлық жан иелеріндегі сезім, ақыл, ес те жаннан шығады, яғни жанда да бұлар бар деген сөз. Күнделікті өмірде қолданылатын «рух» деген сөз жан рухының осы атрибуттармен қапталған қалпы. Өзінің осы сыр сөздерінде Шәкәрім рух пен жанды шатастырмай, олардың мағынасын дұрыс түсініп, айыра білу
маңызды екенін білдіреді. Рух жанның рухани денесі, оны сақтайтын қабыршағы, материалдық әлеммен байланыстыратын және жанның қалауын орындайтын құралы, денесі тәрізді. Жан денемен рух арқылы байланысып, оның әсерін сезініп және оған өзі әсер етеді. Жанның барлық қасиеттері, яғни рухы рухани таза. "Рухани" деген сөздің өзі жанмен байланысқан осы тазалықты білдіреді. Адам баласы тазару барысында жан өзінің осы рухани қасиеттерін қайтадан алып, сезінгенде оның болмысы да рухтанып, өзінің алғашқы рухани санасына қайтадан жетеді. Мұндай деңгейді Шәкәрім "таза" деп атайды. Шәкәрім "таза ақыл" деген сөзді жиі қолданады. Себебі, адам өмірінде ақылдың орны ерекше. Ақыл ес пен сезімдерді байланыстырып, адам өмірінде шешуші рөл атқарады. Сондықтан болса керек, Шәкәрім өзінің шығармаларында ақылға үлкен орын беріп, жанды ақыл, сау ақыл, науқассыз ақыл, таза ақыл, аз ақыл, шын ақыл тәрізді оның көптеген сипаттарын береді. Фәни әлемде жан жалған "меннің" ықпалына түсіп, алғашқы рухани санасы материямен жабылып заттық деңгейге түседі. Ол енді өзін денемен, заттық дүниемен балап, оларды "мен" деп есептейді. Шәкәрім бұл түсініктің жалған екенін білдіреді. Бұл заттық дүние шыбын жан мен Ғазиз Жан (Ұлы Жанды) арасындағы перде тәрізді болып, оларды бір-бірінен бөліп тастайды. Осылай шыбын жан Ғазиз жаннан айырылып, фәни әлемнің, яғни заттық дүниенің ықпалына түскенін өзі де білмей қалады. Ол енді жалған "меннің" ықпалымен өзін денесімен, яғни тәні мен ол тәндегі психикалық өзгерістермен балай бастайды. Осылай шыбын жан өзінің Жаратушысынан айырылып, фәни әлемнің сағымына еліктеп, адасу жолына түседі. Фәни әлемдегі шыбын жан өзінің бұл мүшкіл халін сезбейді де, білмейді де. Егер ол өзінің бұл адасуын түсінетін болса, онда ол бұл адасудан жол іздеп, жөн табуға ұмтылар еді. Абай сөзімен айтқанда "Адасқанның алды жөн, арты соқпақ". Адасудың бұл жолынан шығу оңай емес, өте қиын. Енді сол қиындықтың себебі неде екеніне тоқталайық. Ол қиындықтың себебі – адамның ниеті өзгеріп, көңілінің дұрыс бағыттан бұрыс бағытқа ауып кетуінде. Жан фәни әлемдегі жалған "меннің" ықпалымен жабылып, өзін заттық табиғатпен балай бастайды. Сол кезде ол өзінің әу бастағы таза да, білімге толы және мәңгілікті ләззатты қалпынан айырылып, санасы төмендей бастайды. Ләззатқа толы жан енді ол ләззатты заттық әлемнен іздеп, ол үшін өзінің денесін пайдаланады. Бұл тән құмарлығын тудырады. Бұны нәпсі (арабтың "нәфс" деген сөзінен шыққан) деп атайды. Сөйтіп, жан құмарлығы тән құмарына ауысып, нәпсі адамды басқара бастайды. Дене заттық дүниеге жататындықтан, оның қасиеттері жан қасиеттеріндей емес, керісінше, көп өмір сүрмейтін уақытша, білместікке толы және қайғы-қасірет көзі болып табылады. Шексіз ләззатты керек қылған жан өз құмарлығын заттық дүниеден іздеп, бақытты болғысы келеді. Бақыт дегеніміз жанның ләззатқа бөленген сәті. Осылай адам баласы бақыт іздеп жанталасады.
Жанның жоғары ләззаты Алла тағаламен байланысқанда ғана болғандықтан, шын мәнінде жан иесі сол бақыттың көзі Ғазиз Жанды іздейді екен. Фәни әлемдегі адамдар да бақыт іздеп дәулетке ұмтылып, байлық жинайды. Бірақ бұлардың барлығы да бір Жаратушының көріністері ғана болғандықтан, түптеп келгенде барлық жан иелері барлық Себептердің Себебін іздейді. Бірақ фәни әлемдегі жан оны өзі білмейді. Ол өзін барлық ісәрекеттердің себебі деп біліп, өзінің менмендігін, өркөкіректігін өсіріп, нәпсінің ықпалынан шыға алмай қалады. Заттық әлемде болмыс заңдылығы бойынша әркімге өз несібесі беріліп, ешкімге де өз несібесінен артыққа қол сұғуға болмайды. Бірақ шексіз ләззатты іздеген жан нәпсі ықпалымен бұл заңдылықтан шығып, болмыс үйлесімділігіне қарсы әрекеттерге барады. Осылай ол күнәлі істер жасап, бұл әлемнің былғанышына батып, барлығына ортақ көрпені өзіне көбірек тарта бастайды. Осылай адамзат қоғамында түрлі қайшылықтар туып, үздіксіз күрес басталады. Фәни әлемдегі барлық қайшылықтар мен текетірес, зорлық-зомбылықтар міне осылай туады. Өзінің нәпсісінің ықпалына түскен жан иесі болмыстың әділеттілігін орындайтын қарымта заңдылығы бойынша одан әрі төмендеп, аяғында фәни әлемнің терең құдығына құлағанын білмей қалады. Осылай жан иесі өзінің әрбір әрекеті арқылы заттық дүниенің тереңінен қайта шығуын қиындата береді. Бұл зардаптың барлық себептері жанның өзінің алғашқы таза қалпын ұмытып, өзінің таза ниетін былғап, санасын төмендетіп алуында. Осылай тән құмары жан құмарын жеңіп, кейде адам хайуандық деңгейге дейін құлдырап кетеді. Хайуанаттар өмірін табиғи инстинкт басқарады. Оларда адам ақылындай ақыл және ерік жоқ. Сондықтан олар болмыс заңдылықтарын бұзбайды. Ал адамға ерекше ақыл және ерік берілген. Адам соларды пайдаланып өзінің табиғи мақсатын орындауға мүмкінділігі бар. Ол мақсат – өз еркімен өзіне берілген ақылды дұрыс пайдаланып, болмыс заңдалығын түсініп, өмірден сабақ алып, санасын өсіру арқылы рухани жолдың шыңына көтерілу. Осылай адам санасы періштелер деңгейіне көтеріледі. Егер адам өз еркін тән құмарына берсе, онда ол өзінің ақылын нәпсісін қанағаттандыру үшін қолдануы мүмкін. Ақылды дұрыс пайдаланғанда, ол – адасқанда дұрыс жолға салатын дос, ал бұрыс пайдаланғанда, ақыл – адамды күнәлі істерге итеретін ең үлкен жауына айналады. Себебі, адамға берілген ақыл мен ерік бұл дүниені дұрыс түсініп, имандылық жолына түсу үшін берілген құрал. Мысалы, қандай қаруды болса да жауға қарсы қолданып пайдасын көресің, ал оны досыңа қарсы пайдалансаң тек қан зиянын көресің. Сол сияқты, ақылды да дұрыс пайдаланбаса, онда ол пайдасын емес, керісінше, зиянын тигізуі мүмкін. Бұл туралы Абай "Ақыл мен қайрат жол табар, қашқанға да қуғанға" деп осыны көрсеткен. Ақылды өзінің тойымсыз нәпсісін қанағаттандыру жолында пайдаланғанда адам неше түрлі әдісәрекеттер ойлап тауып, оны іске асыруы ықтимал. Өзінің ақылының күшімен хайуандар жасамайтын қылмысты әрекет жасайды. Мұндай жағдайда адам баласы хайуаннан да төмендеп кетеді. Осылай адам жан құмары жеңгенде
періштелер деңгейіне көтеріліп, ал нәпсісі жеңгенде хайуаннан да төмен құлдырайды. Бұл туралы Абай, Шәкәрім, Руми, әл-Газали тәрізді ойшылдардың барлығы да айтып кеткен. Бұл ойшылдардың шындығын қазіргі замандағы қоғам өмірінен де көру қиын емес. Бүгінгі таңда бұған дәлел болатын мысалдар көптеп табылатыны белгілі. Егер шыбын жан өзінің осы мүшкіл қалпын дұрыс түсініп, өзінің ниетін нәпсісі емес, рухани болмысына бұратын болса, онда барлығы түгел өзгеріп, басқадай қалып алар еді. Бірақ бұған нәпсі бөгет болып, жанды дұрыс жолға түсірмей, оны сол адасу жолында ұстауға ұмтылады. Осылай фәни өмірде нәпсінің ықпалымен жан мен тәннің арасында үздіксіз күрес жүріп жатады. Нәпсімен күресті исламда "үлкен Жиһад" деп атайтыны белгілі. Яғни, рухани жолдағы ең үлкен күрес, ең әуелі адам өзінің хайуандық қасиеттерімен күресіп, оларды жеңе білуінде жатыр. Абай мен Шәкәрім шығармаларынан да адамның санасын өсіріп, жетілу жолына түсуі үшін оның ең әуелі өзінің нәпсісін ауыздықтап, оны жеңе білуі керек екенін көреміз. Бұған ой-өрісі жетпейтін санасы төмен бейуақтарға Абайдың "Қане біздің нәпсіні тыйғанымыз?" деп ұрсатыны бар. Табиғатпен күрес адамзатты оның құлына айналдырады, себебі, табиғаттың өзі Жаратушының бір қуаты, Оның бір көрінісі. Сондықтан табиғатты жеңу оңай емес. Онымен күрескеннің орнына, оны болмыс үйлесімділігі жолында пайдалана білу керек. Яғни, бүкіл заттық әлемді оның өзіне арналған міндетіне қолдана білу керек. Егер Шәкәрім мұрасына үңілетін болсақ, ол міндет – имандылық жолы болып табылады. Сонымен, адамның санасы тірішілік барысында бір деңгейде тұрмай, бірде жоғарылап, бірде төмендеп отырады. Оның санасы бір деңгейде қатып қалған емес. Тек қана барлық мәселе – сананы жоғары деңгейге көтеріп, сонан кейін оны түсірмей, сол жоғары деңгейде ұстай білуде болып отыр. Сананың ең жоғары рухани деңгейінде адам өзін жан екенін (қазақтың "шыбын жан" деген ұғымы тегін емес) сезініп, Ұлы Жанмен қарымқатынасын қайтадан қалыптастыруға мүмкіндік алады. Бұл деңгейге көтерілу үшін адам рухани жолға түсіп, өзінің жан дүниесін тазартуы керек. Рухани жолдан алыс күнделікті қарапайым өмірде пенде материалдық әлемнің ықпалында болып, оның алғашқы таза жаны былғанады, өзін-өзі таныпсезінетін жүрек көзі жабылып, кеудесіндегі сәуле өшеді. Ондай адам енді өзін сыртқы сезімдер арқылы қабылдап, санасы төмендей береді. Ана құрсағына түсіп, бұл жарық өмірге келгеннен кейін, оның алғашқы рухани сезімі алған денесімен қапталып, материялық сезімге айналады. Бұл өзгерістерді тәжірибе жүзінде анықтаудың мүмкін емес екені белгілі. Себебі, рухани болмыс эзотерикалық әлемге жататындықтан, адам тәжірибесінен тыс жатыр.
2. Сана-сезім дегеніміз не?
Күнделікті өмірде «сана» емес, "сана-сезім" деген сөз тіркесі жиі қолданылады. Бұл не себептен? Енді осы сұраққа келейік. Адам өзін және қоршаған ортаны жан сезімдері ғана емес, сонымен бірге тән сезімдері арқылы да қабылдайды. Ендеше, адам өзінің кім екенін және Ұлы Жан мен Оның шексіз көп қуаттарын тануы жанның санасы ғана емес, сонымен бірге, тән сезімдері арқылы да болады екен. Осылай фәни әлемде тану процесі жан санасы ғана емес, тән сезімдері арқылы да жүреді. Сондықтан, сана мен сезімдер арқылы білінетін бұл қасиетті сана-сезім дейміз. Осылай сана-сезім деңгейі адамның өзін-өзі ғана емес, сонымен бірге, қоршаған ортаны тану, Алла тағаланы тану деңгейін де білдіреді. Қоршаған орта адамның сезімдері арқылы қабылданатын болғандықтан, адамның жетілуін анықтайтын "сана-сезім" деген сөз тіркесі осылай пайда болса керек. Адамның рухани деңгейін жетілдіру – оның сана-сезімінің деңгейін жетілдіру болып табылады. Жоғары жетілген деңгейде сезім деген сөздің мағынасы адамның көру, есту, иіскеу, дәм тату, адамның терісімен білінетін ыстық-суықты анықтайтын сыртқы бес сезімдер ғана емес, ол ақыл, ой-өріс сезімдерін, яғни ішкі сезімдерді де білдіреді. Сана рухани таза жанға тән. Фәни әлемде жан денемен қапталғанда сана сана-сезімге айналады. Сананы үшке бөлуге болады. Олар: материалдық болмысқа жататын сыртқы тән сезімі; ішкі ой-өріс сезімі; рухани болмысқа жататын алғашқы таза сана – рухани сана. Сыртқы сезімдер адамның тәніне жатса, ал ішкі сезімдері оның нәзік болмысына жатады. Адамның санасының жоғары болуы ең әуелі оның имандылық қасиеттеріне байланысты. Имандылық дегеніміз бір ортақ жаратушының бар екеніне сеніп, оның берген тәртібімен өмір сүруді айтатын болсақ, ал имансыздық деп, керісінше, жаратушыны мойындамай, оның ниетіне қарсы, сондықтан тек қана өзінің қарабасының қамымен, өз еркімен өмір сүруді айтамыз. Ешкімді мойындамай, тек қана өзінің қамымен өмір сүретін адамдар үлкен мақсатқа бағына алмай, көптеген қателіктер жібереді. Санасезіміне байланысты адамдар осылай иманды және имансыз болып екі топқа бөлінеді.
3. Сана деңгейлері
Шәкәрім пікірі бойынша бүкіл табиғат өлі емес, тірі, яғни оның барлық бөліктерінде де жан бар, өмір бар. Ол «Ғаламда не бар болса, бәрі жанды» дейді. Олар үлкен екі топқа бөлінеді. Бірі – тау-тас, өсімдіктер тәрізді жылжымайтын болса, екіншілері – хайуанаттар, құстар, адамдар тәрізді қозғалатындар. Қозғалатындар суда, жерде, ауада өмір сүретіндер болып бөлінеді. Солардың арасында адамдар санасының жетілуі бойынша ерекше орын алады. Бірақ сансыз көп жер бетіндегі жан иелерінің арасында олар өте азғана бөлігін ғана құрайды. Олардың санасы да түрлі деңгейлерге бөлінеді. Адамдардың арасында Құдайға сенетін имандылар да, сенбейтін имансыздар да бар. Имандылар арасында Құдайға сөз жүзінде ғана сеніп, ал іс жүзінде
тек қана өз қамын ойлайтындар бар. Өзінің пайдасы үшін олар түрлі күнәлі істерден де тайынбайды. Ал Құдайға шын беріліп, толық сенетіндердің арасында рухани жетілудің шыңына жеткендер көп емес. Себебі, олардың арасында ақиқат білімді іздеп, тек қана алға ұмтылатындар өте аз. Ал білімге ұмтылған мұндай мыңдаған адамның арасында Құдайды шын танығандар бірен-саран ғана болуы мүмкін. Олардың арасында Ұлы Жаратушыға толық беріліп, тек қана соның ризашылығы үшін өмір сүретін Шәкәрім тәрізді әулие адамдар тіпті аз. Мұндай жандарда Құдайдан басқа ниет-ой болмайды. Олар бұл фәни әлем ықпалынан шығып, толық босанғандар. Оларға қоршаған орта мен қоғамның ешқандай саясаты әсер ете алмайды. Ондай адамдар Шәкәрім тәрізді қоғамнан бөлек те өмір сүре береді. Сондықтан олар өте сабырлы, жан тыныштығына толық жеткен адамдар. Басқалары мұндай тыныштықтан айырылып, бұл фәни әлеммен арпалысып, оны жеңеміз деп жүргендер. Материалдық әлем Жаратушының бір көрінісі. Сондықтан оны жеңу мүмкін емес. Ендеше мұндай арпалыс өмір шын бақытқа жеткізе ала ма? Міне, осылай адамзат қоғамы сана-сезімі түрлі деңгейде тұрған адамдардан құралады. Сол себептен де, фәни әлем адам баласына бір тыныштық бермейтін, сорпасы асып, қайнаған қазан тәрізді. Адам өмірінің негізгі мақсаты – Түп Иеге қайту. Қасиетті Құранда берілетін бұл ұлы мақсатты Абай да толық қабылдап, "Лай суға май бітпес қой өткенге" атты өлеңінде көрсететіні белгілі. Ал Шәкәрім Абайдың шәкірті болғандықтан, оның да ойының бұл тұжырыммен үндесуі ешкімді де таң қалдырмауы тиісті. Оның еңбектерінің негізгі түйіні осы мақсат арнасында болып, түбінде айналып келіп осы сағаға құйылып отырады. Бір Жаратушы Өзінің жаратқандарынан бөлінбей, бүкіл болмысты сезініп, басқарып отырады. Сондықтан болмыс пен Жаратушы біртұтас. Түп Иемен байланысты нығайту, яғни Онымен бірігу бүкіл болмыс тіршілігінің мақсаты. Ендеше адам баласы да болмыстың бір бөлшегі болғандықтан, сол мақсатқа ұмтылып, оған жетуге тырысуы керектігі логикалық заңдылық. Бірақ оған жету үшін көп еңбек, қайрат пен ерлік керек. Бұл жолды рухани жол дейміз. Егер бүкіл болмыстың қайнар көзі Ұлы Жан екенін мойындасақ, онда бүкіл болмыстың түп негізі рухани екенін, ендеше өмірде материя дегеннің жоқ екенін түсіну қиын емес. Бірақ, материалдық көзқарас бойынша рух деген жоқ. Ендеше әлем жоқтан пайда болған. Шәкәрім бұл болжамға былай деп дау айтады:
Табиғат неше түрлі жан жаратты,
Не үлкен, не кішкентай тән жаратты.
Керексіз, жансыз нәрсе жаратқан жоқ
Есепсіз қанша мыңмен сан жаратты.
Бұл сөзге біреу мәңгүр, біреу нанды
Ақылмен білген адам әбден қанды.
Жел мен су, тас, топырақ, шөп пен ағаш...
Ғаламда не бар болса, бәрі жанды.
("Хайуан мен ақымақтар")
Рухтың қасиеттері материя қасиеттерінен мүлде бөлек болғандықтан, оларды заттық түсінікпен өлшеп білуге болмайды. Материя тәрізді белгілі порымы, салмағы тағы сол сияқты өлшемдер рухани болмысқа тән емес. Ол фәнилік санамен қабылданбайды. Ұлы Жанды бүкіл болмыс шыққан алғашқы рухани нүкте деуге болады. Ондай жағдайда, бүкіл әлем үлкен жарылыс барысында шексіз тығыз нүктенің жарылуынан пайда болды, деген материалдық болжамның рухани көзқараспен үндестігі туады. Тек қана материалистік көзқарастағылар сол шексіз нүктенің рух екенін мойындаса болды. Сонда болмыстың пайда болу сырын түсіну мәселесі бір салаға түсіп, рухани нүктеден тарағандықтан әлем рухтың алғашқы жоғары санасымен жаратылғаны мойындалып, әлемнің бейберекеттікке, тәртіпсіз хаосқа емес, керісінше, бір тәртіпке бағынып, үлкен үйлесімділікпен, бір қалыпты тіршілік құрып жатқаны өзінің логикалық шешімін табар еді. Бүкіл тіршілік көріністері рухани болмыстан жаратылса, онда материя және рух дегендер Алла тағаланың жоғары және төменгі қуаттарын ажырату үшін ғана берілген салыстырмалы түсініктер болып қалады. Бүкіл әлем Алла тағаланың бөлшегі болғандықтан, олардың барлығы да рухани негізде. Шәкәрімнің «Ғаламда не бар болса, бәрі жанды» деген сөзі осыны білдіреді . Жан, рух, Алла тағаланың түрлі аспектілері мен қуаттары және олардың өзара байланыстары туралы Абай ілімі арқылы "Абайтану", "Абайдың рухани дүниетанымы" және академик Р.А. Оразалиев пен ізденуші Ә.Р. Мұқашбекпен бірігіп жазған салауатты өмір сырларына арналған "Жасару құпиясы" атты кітаптарда біз біршама мағлұматтар бергенбіз /7, 8, 9/. Сондықтан бұл еңбекте оларға көп тоқталмай, Шәкәрім мұрасы арқылы тек қана кейбір түсініктерді ғана толықтырып отырамыз. Сонымен, сананың жоғары деңгейінде материя мен рух бөлінбейді. Бірақ өмірде ондай жоғары сана сирек кездесетін болғандықтан, фәни әлемде сананың түрлі деңгейлері Алла тағаланы көп қуатқа бөліп қарастырады. Оларды төменгі және жоғарғы қуаттар деп бөлуге болады. Жоғарғы қуатына жан жататын болса, ал төменгі қуатына материялық элементтер, яғни солардан құралатын барлық материя түрлері жатады. Алла тағаланың жоғарғы қуаты жан төменгі қуатқа кіргенде өлі материя тіріледі, яғни «тірі материя» болады. Материяның бұл түрлері бірігіп, әлемнің саналуан бөліктерін құрып, шексіз көп құбылыстарын тудырады. Бұл саналуандық сананың деңгейіне байланысты әртүрлі қабылданады. Сана неғұрлым жоғары болса, солғұрлым күрделі құбылыстарды түсініп, қабылдай алады. Сана жетілген сайын ол Алла тағаланың жоғары көріністерін қабылдап, түсіне бастайды. Шын мәнінде, сананың деңгейі Алла тағаланы түсініп, қабылдау деңгейін білдіреді.
Бүкіл болмыстың, оның ішінде сананың да түп негізі жаннан шығатын болғандықтан, жетілудің барлық сатылары да рухани болып табылады. Бұл сатының ең төменгісі Алла тағаланы толық ұмытып, Одан толық бөліну болса, ал оның ең жоғарғысы Алла тағалаға толық беріліп, Онымен бірігу, яғни Оның ықпалына толық кіру болып табылады. Міне осы ұзақ жолда адамның санасы үздіксіз өзгеріп, түрлі эволюциялық өзгерістерден өтеді. Бұл өзгерістер Алла тағаланы, яғни Оның түрлі қуаттарын түсініп қабылдау деңгейлеріне байланысты болғандықтан, Алла тағаланың қуаттарының деңгейлерін түсінудің маңызы өте зор. Барлық қуаттардың шыққан көзі, тіпті бүкіл болмыс себебі Алла тағаланың Өзі болғандықтан, бұл қуаттар мен өзгерістердің мән-мәнісін тану түп негізінде Алла тағаланы танумен бірдей. Үстірт көзқарасқа фәнилік өмірдің ықпалындағы, не болмаса табиғат құбылыстарын зерттейтін ғалымдардың Жоғары Жаратушымен ешқандай байланысы жоқ тәрізді болса да, шын мәнінде олар да рухани қызмет атқарып, жетілу жолында. Себебі, олар да өмір сүру барысында, не болмаса ғылыми зерттеу барысында Алла тағаланың қуатын, түрлі көріністерін түсініп, олардың заңдылықтарын ашып, болмыс үйлесімділіктерін сезініптүйсінеді. Осылай жан тілегімен кезінде зерттеушілер ғана емес, барлық жан иелері де Алла тағалаға бет бұрып, рухани жолға түседі. Сана деңгейі жанның Алла тағаламен қатынас деңгейін білдіреді. Ендеше, шыбын жан өзінің алғашқы таза қалпында өзін-өзі тани біліп, Ғазиз Жанмен тура қатынаста болып, шексіз ләззат иесінен сондай шексіз ләзззат алады. Бұл ләззат – шыбын жан іздеген бақыттың шыңы. Бірақ, материалдық әлемде жандар материямен түрлі деңгейде қапталғандықтан, олардың санасы төмендеп, өзін-өзі сезінуі де түрлі деңгейде болады. Олар енді Алла тағаламен тікелей емес, Оның түрлі қуаттары арқылы байланысады. Егер адам өзін заттық тәнімен баласа, оның "мені" тән болып, санасы сол тәндік деңгейде болады. Ондай адам барлық жан иелеріне берілген табиғат инстинктері ұйқы, тамақ, қорғану және ұрпақ қалдырудан басқаны білмейді. Ол өзін тәнімен және сол тәнді қоршаған ортамен, не болмаса заттық байлықтармен балайды. Мысалы, егер оның мініп жүрген мәшинәсін біреу соғып кетсе, ол ойланбай-ақ "Сен мені соқтың!" деп дүрсе қоя беретіні осыны көрсетеді. Екінші біреулер өзін нәзік болмысымен, яғни ақыл-ес, психикасымен балайды. Ондай адамдар біріншілерден жоғары болғандықтан, білімге, өнерге ұмтылып, өзінің нәзік болмысын жетілдіруге ұмтылады. Сондықтан оның ақылының аздығын көрсетіп сөз айтқан кісіге "Мені ақымақ деп ойлайсың!" деп реніш білдіруі мүмкін. Осылай адам санасы төмендеп, жан санасынан ақыл-ес, психика, одан әрі тән деңгейіне дейін құлдырай береді. Соның нәтижесінде әлемде сана-сезімнің шексіз көп төменгі деңгейлері пайда болады. Сана-сезім төмендеген сайын жанды қаптаған нәпсі қалыңдап, Алла тағаламен байланыс әуелі бұлыңғырланып, сонан кейін мүлде жоғалады. Алла тағаламен байланысын жоғалтқан адам имансыздық жолына осылай түседі. Ол енді бақыт сезімін нәпсі арқылы іздеп, бірақ нәпсісі жанды
қанағаттандыра алмай, адам түрлі қорлыққа ұшырайды. Жан нәпсімен қапталған сайын оның көретін бақыты азайып, ал қасіреті молая береді. Ондай адам қайғы-қасіреттен арылған сәтін бақыт деп есептеп, ол уақытша және ләззаты жоқ сезімді қанағат тұтады. Шын мәнінде, бұл бақыт – қасіреттен арылған бір сәт қана. Бірақ рухани ләззатты іздеп жан тәнге тыныштық бермейді. Сондықтан, ол өмірдің сергелдеңіне түсіріп, көптеген күнәлі істер жасап, соның салдары болып қасырет тағы келеді. Осылай бақыт зардапқа айналып, адам тіршіліктің бірде суығына, бірде ыстығына түсіп азаптанады. Пенденің өмірі, міне, осылай болып, ақыры оның жаны нағыз рухани ләззаты білмей, фәни әлемнен өтеді. Ал келесі өмірі оның осы әлемдегі алған сана-сезім деңгейіне байланысты түрлі әлемдерге, қазақша айтқанда жұмаққа, не болмаса тозаққа барады. Осындай көріністердің себептері мен олардың салдарын, адамға әкелетін зардабын және бұл өмірдің баянсызын көрсете келіп, Шәкәрім осылардан құтылу жолын былай деп көрсетеді:
Енді есіңді жисаңшы,
Манар тауға сыйсаңшы.
Аласұрып аптықпай,
Бұл жалғанды қисаңшы.
........................................
Жалындамай сөне қал,
Алла ісіне көне қал.
Бәрінің дәмін таттың ғой,
У ішкендей өле қал!
«Ажал жетсе өлдің бе?»
Бұл арада ойшыл «У ішкендей өле қал!» деп сопылардың «өлімнен бұрын өл» дейтін рухани жетістікке жету үшін әуелі нәпсіні өлтіру керек екенін білдіретін терең мағыналы ойды ескертіп отыр. Жан тіршілік барысында қайғы-қасірет, түрлі зардаптар арқылы өзінің күнәсінан біршама тазарады. Адамзат тарихындағы болып жатқан түрлі соғыстардың себебі мен оның салдарынан бұны жақсы байқауға болады. Мысалы, Ұлы Отан соғысынан кейін қоғам өмірі мүлде жаңа сипат алғаны сонша, мейірімділік, өзара қамқорлық, адалдық қасиеттер жоғарылап ұрлыққарлық, алдау-арбау тәрізді имансыздық қасиеттер азайды. Ол кезде, тіпті, есікке құлып салу дегенді білмеген екен. Соғыстың зардабы адамның жан дүниесін, міне, осылай тазартып, оның психикасын жақсылыққа қарай өзгертіп жіберген. Сананың ең жоғары деңгейінде тұрғандар, олар – өзін жанмен балап, өздерін рухани субъект ретінде танушылар. Бұлар жетілу сатысының шыңына – таза рухани деңгейге көтерілгендер. Олар жандарын тазарту арқылы Алла тағаламен байланыс орнатуға ұмтылады. Шәкәрімнің рухани
мұрасына терең талдау жасап, саралап байқасақ, оның өзінің рухани жетілу деңгейі осы заңғар биікке көтерілгенін көре аламыз. Жаратушының шексіз көп қуаттарын жалпы бес деңгейге топтастыруға болады. Бұл деңгейлер Алла тағаланы қабылдау деңгейлері. Осы деңгейлердің қайсысын қабылдап, қайсысына орнығуына байланысты санасезімнің түрлі деңгейлері анықталады. Сана-сезімінің эволюциялық дамуында жетілудің қай деңгейіне көтерілуіне байланысты адамның өмірі санқилы болады. Сонымен, Алла тағаланың қуаттары бес деңгейде байқалып, көрініп, оларды қабылдауына байланысты сананың да соларға сәйкес бес деңгейі бар екен. Бұл деңгейлердің біріншісі – тәндік сана-сезім, жан иелерінің өзінің бар болуын сақтау деңгейі. Бұл деңгейде жан болмысты өзінің тәні арқылы қабылдайды. Өмірдегі негізгі сұрақ – өзімді қалай сақтаймын? Сондықтан, ол өз тәнін ғана көріп, өзінің тән құмарлығын қанағаттандырудан аса алмайды. Тән құмарлығы бүкіл жан иелеріне ортақ болып табылатын тамақ, ұйқы, жыныс қатынасы және қорғаныстан тұрады. Нәпсі, немесе нәпсіқұмарлық дегеніміз, міне, осы тән құмарлығын қанағатандырудан аса алмаушылық. Бұл деңгейдегі адамның бейнесі орыс әдебиетіндегі бой көтертпейтін енжарлықтан, семіздіктен еркін қозғала алмай, жерге түскен қол орамалын көтерудің өзін үлкен мәселеге айналдыратын, жоғары тілек-мақсаттан жұрдай әйгілі Обломов образында жақсы көрсетілген. Бірақ адам өзінен басқа жан иелері барын сезіп-түйсініп, өзінің солардың бір мүшесі екенін, сондықтан қоғам заңдылықтарын толық орындау керектігін сезе бастағанда ол екінші деңгейге – ой-өріс деңгейіне көтеріле бастайды. Бірінші деңгей жан иелерінің өздерінің бар болуын сақтау болса, ал екінші деңгей – сол бар болуды түсіну деңгейі. Бұл деңгейдегі негізгі сұрақ – өзімді не үшін сақтаймын? Сондықтан адам өзін ғана емес, өзін қоршаған дүниені, ондағы алатын орнын түсінуге ұмтылады. Түсіну ой-өріс арқылы болатындықтан, сана-сезімнің бұл деңгейін ой-өріс деңгейі деп атауға болады. Бүкіл болмыс, оның ішінде адамзат, бір Абсолюттің қуаттары болғандықтан, бұл деңгейдегі сана-сезім бүкіл болмыс қуатын түсіну деңгейіне көтеріледі. Осылай жетілу барысында ой-өріс бүкіл космосты қамтып, космостық деңгейге жетуге болады. Яғни, бұл деңгей – Абсолюттің түрлі қуат түрлерін, бүкіл әлем хикметтерін түсіну деңгейі. Сана-сезімнің үшінші деңгейі – бар болуды сақтау, оны түсіну ғана емес, сонымен бірге оның мәнін түсініп-қабылдау деңгейі. Бұл деңгейдегі негізгі сұрақ – болмыстың мәні неде? Бұл мәнді түсіну үшін білім керек. Болмыс мәнін түсіну – болмыс көріністерін көріптүсіну, сондықтан, енді адамды олардың түпкі себебі мен мақсатын білуге ұмтылады. Осылай адам баласы болмыстың түпкі мәніне, оның қайдан пайда болуы тәрізді сұрақтардың жауабын іздейді. Шәкәрім бұл сұрақтарды былай деп береді:
Талайдан бар бір ой менде:
Бұл әлемді жаратқан не?
Жоғала ма жан өлгенде,
Түзу жол, істер іс қалай?
Болмыс мәнін, яғни оның не үшін және кімнің жаратқанын, болмыстағы өзінің орнын түсінген кезде, енді адам осы түсінікпен өмір сүруге ұмтылады. Сөйтіп ол келесі деңгейге – төртінші, өзінің нағыз болмысын, яғни, өзінің жан екенін сезініп-түйсіну деңгейіне көтеріледі. Бұл деңгейдегі негізгі сұрақ – түсінігімді қалай жүзеге асырамын? Өзінің түсінігін жүзеге асырған кезде адам өзінің рухани болмысын танып, жан екенін, яғни, шыбын жан екенін біліп қана қоймай, енді оны толық сезінеді. Бұл оған Ғазиз жанмен байланыс жасауға мүмкіндік береді. Барлық ләззаттың қайнар көзі Ғазиз Жан болғандықтан, Онымен байланыс шексіз ләззат әкеледі. Осылай жан бесінші, ләззат деңгейіне көтеріледі. Шәкәрім осы деңгейге көтерілген. Бұл деңгейде ешқандай сұрақ қалмайды, барлығы түсінікті. Сана-сезімнің бұл бес деңгейінің алғашқы үшеуі – тәндік, ой-өріс және білім – материалдық деңгейге, ал қалған екеуі – жан екенін сезіну және ләззат – рухани деңгейге жатады. Фәни әлемде Жаратушының бұл қуаттары жанды жауып, түрлі қабыршақ қабаттар құрайды. Адамның жетілу деңгейі оның сана-сезімінің қай қабатта орналасуына байланысты болады. Бұл қабаттардан арылу барысында қабыршық жұқаланған сайын жанның өзін-өзі тануы, яғни санасезімі жоғары көтеріле береді. Бұл жолды көкірек көзін ашу, жүректі тазарту, ұйықтаған жанды ояту деп түрліше атауға болады. Бірақ мағынасы біреу. Ол – адамның сана-сезімін біртіндеп өсіру. Кімнің болса да өмір барысын реттейтін оның түсінігі, бақыт сезімдері, ісәрекет, айтылған сөзі мен ойлау қабылеттерінің барлығы оның сана-сезімінің деңгейіне байланысты. Қоғам өміріндегі құбылыстарды дұрыс түсіну үшін бұларды үнемі есте ұстау керек. Сонда ғана қоршаған ортамен дұрыс байланыс жасап, үйлесімді өмір сүруге болады. Өкінішке қарай, адамның жеткен деңгейін кезінде дұрыс түсіне алмағандықтан, фәни өмір оған теріс баға беріп, тіпті кейде қуғын-сүргінге ұшыратады. Олардың заңғар тұлғалары өздері өлгеннен кейін көрініп, тиесілі құрмет пен атақ беріліп жатады. Бұл – халқына ерінбей еңбек етіп, өзінің барлық өмір мақсаты, өзгеше талантымен ұлтымыздың мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқан көптеген тарландардың тағдыры. Шәкәрім мен оның ұстазы Абай тағдыры осындай болды. Олардың қатарына кейінгі буын әні Қазақстанның мемлекеттік гимні болып қабылданған композитор Шәмші Қалдаяқов, ақын Мұқағали Мақатаев, кезінде қатты сынға іліккен Мұхтар Әуезов сияқты саңлақтарды жатқызуға болады. Бұлардың әрқайсысы музыка, поэзия, көркем әдебиет, философия салаларындағы жарқыраған дербес жұлдыздар тәрізді болды емес пе?! Адам санасының түрлі деңгейлерін ажырата алмаушылық, саясат ықпалымен бүкіл тіршілікті бір арнаға салушылық, міне, осындай дара дарындарды кезінде көре біліп, дұрыс түсініп, өзіндік баға беруге мүмкіндік бермеді. Керісінше, олардың талпынысына кедергі болып, аяқтарын алға бастырмай, байлап отырды. Сана деңгейлерін дұрыс айыра білмеу, біздің өмірімізде қарапайым
адамдардың арасында ғана емес, тіпті, ғалымдар арасында да жиі ұшырасады. Бұл түрлі ғылыми теріс пікірлер тудырып, қоғамға зиянды түрлі шешімдер қабылдауға әкеліп соғады. Сонымен, фәни әлемде жан материяның түрлі қабаттарымен қапталып, жанның санасы сол тәндік қабаттар арқылы өткенде, өзінің алғашқы таза қалпынан айырылып, өзгеріске түсіп, түрлі сана-сезімге айналады дедік. Күн сәулесі түсті шыны сынығынан өткенде қалай сынып, өзінің алғашқы бағытынан ауытқып, жарық сәуле шынының түсіне байланысты өзгеріп кететіні тәрізді, сана да жанды қаптаған фәни әлемнің қабаттарынан өткенде өзгеріп, өзінің алғашқы таза қалпынан айырылып, фәнилік сана-сезімге айналады. Жанды қаптаған бес қабат Алла тағаланың бес түрлі қуат деңгейіне сәйкес келеді. Сана қандай қуаттың деңгейінде тұрса, адамның тіршілік көрінісі де сол деңгейде болады. Сондықтан, сана-сезімнің осы түрлі деңгейлерін адам қасиетін анықтағанда қатты есте ұстау керек. Сана-сезімнің бұл бес деңгейін білу, әсіресе Шәкәрімнің әйгілі бес сұрағына жауап іздегенде өте қажет. Себебі бұл сұрақтарға жауап адамның сана-сезімінің бес деңгейіне байланысты бес түрлі болады. Олар кейде бір-бірінен өте алшақ, тіпті қарама-қарсы болуы да мүмкін. Енді сана-сезімнің осы бес деңгейіне тоқталайық.
3.1. Тәндік сана-сезім
Абай отыз сегізінші қара сөзінде Алла тағаланың сипаттарының бірі ретінде Жаратушының барлық, яғни бар екенін сезіну қуаты туралы жазады. Бұл қуатты Абай "тәкин" деп атайды. Жан иесі бұл қуатты өзінің тәні арқылы сезінеді. Алла тағаланың қуатын тән арқылы қабылдау – Оның таза материалистік концепциясы. Осылай тәндік сана-сезім пайда болады. Адам өзін де тек қана тән ретінде қабылдайды. Тәндік сана-сезім деңгейінде адам қоршаған ортаны, бүкіл әлем өмірін түрлі денелердің формасы, олардың сыртқы сипаттары, әлпеті, мүсіні, түсі тәрізді сыртқы бейнесі арқылы ғана қабылдайды. Бұл деңгейдегілер тек қана тәнін сақтау үшін, яғни тән құмары ықпалымен өмір сүреді, сондықтан, ол өзінің тәнінің қажеттілігінен артық көп ештеңені керек етпейді. Тәнге әуелгі қажет нәрсе – тамақ. Тамақ болмаса тән өмір сүре алмайды. Егер белгілі бір себептермен ұзақ уақыт тамақ ішпесеңіз әлсіздіктен мүлде қозғала да алмай, арты үлкен зардаптарға әкеліп соғуы да мүмкін ғой. Мұндай сәттерде сізге ең қымбаты бір үзім нан! Себебі, бұл уақытта қанша көп ақшаңыз болып, не болмаса, үлкен білімдар болсаңыз да сіздің байлығыңыз бен біліміңіз әлдекімнің әкеліп берген бір үзім нанына татымай да қалады. Бұл бір үзім нанды шайнап жұтқан сәтінен бастап, денеңізге қуаттың құйыла бастағанын бірден сезесіз. Осы бір тілім нанның құрамындағы элементтердің қуаты ой-өрістің, сезімдердің, ақыл-естің қуатын іске қосып, жан иесі сөз сөйлеуін, іс-әрекетін, ойлауын, сезінуін қалпына келтіріп, тіршілік басталады. Тіршілік үшін тамақтың маңызы, міне,
осындай. Сондықтан, тамақ мәселесі бүкіл әлемде бірінші орында тұр. Кім болса да бұл фәни әлемде ең әуелі осы мәселені шешу үшін әрекет жасайды, сондықтан, тамақ қамы әлемдегі талай соғыстар мен қақтығысулардың себептері болғаны мәлім. Тіпті, жаңа туған нәресте де қарны ашса шыр жылап, белгі береді, ал емшек еміп, тойып алғаннан кейін қалған уақытын ұйқымен өткізеді ғой. Ол өсе келе санасы жоғарылап енді өзіне басқа қажеттіліктерді керек ете бастайды. Егер адам санасы осы деңгейде қалып қоятын болса, ұйқы мен тамаққа тағы екі қажеттілік – ұрпақ қалдыру мен қорғану – қосылады. Алла тағаланың осы бар қылу қуаты бүкіл әлемге тіршілік береді. Алла тағаланың бұл тәндік сана-сезімімен бүкіл хайуанат әлемі және санасезімдері осы деңгейдегі адамдар өмір сүреді. Бұл деңгейдегі сезімдерінің ықпалына түскен жан иелері мол дастарханда тамақтану, ұлпа жүнді жұмсақ төсекте ұйықтау, сұлу әйелді (еркекті) керек қылып, қалған уақытын өзінің дүние-мүлкін, атақ-даңқын қорғаштап күш жігерін жұмсайды. Тән ықпалынан туған бұл өскелең нәпсіқұмарлықты қанағаттандыру үшін оған өте көп жұмыс істеуге тура келеді. Оған барлық байлық ауыр еңбекпен келетін болғандықтан, ол өзінің осылай тапқан дүниесін өте жоғары бағалайды. Сондықтан ол жинаған байлығын ешкімге бергісі келмейтін сараң және қара басы қамынан аса алмайтын эгоист болып келеді. Ондай адамнан мейірімділік пен жомарттықты күтпесе де болады. Ол барлық уақытын тән құмарлығы үшін жұмсайтын болғандықтан, оның өзінің рухани дәрежесін көтеруге уақыты жоқ. Осылай оның ақыл-есі шектеліп, ой-өрісі нәпсілік тар шеңберден шыға алмай қалады. Сондықтан олар көбіне көрсоқыр, надан келеді. Ондай адам жақсы мен жаманды, бақыт пен бақытсыздықты айыра білмейтін хайуан тәрізді, жасаған іс-әрекетінде қателіктер өте көп болады. Мұндай өмірдің негізгі мақсаты – келешегіне көз салып, ой жүгіртуге мұрша бергізбейтін "Іш, же, сауық құр!" деген қағида. Бұл қағиданың мақсаты бүгінгі күннің қызығы ғана болғандықтан, мұндай адамдар ойын сауыққа, маскүнемдікке, нашақорлыққа жақын тұрады. Бірақ өмір заңдылығын жиі аяққа басқандықтан оларды табиғат заңдылығы жиі жазалап, көп қиыншылықтар көрсетеді. Олар бұл қиыншылықтардың түпкі негізін түсінбегендіктен, өмірден сабақ ала алмайды. Олар өмір осылай болу керек екен деп ойлайды. Өмір соққысынан жалыққан мұндай адамдар өздерінің көңілдерін көтеру үшін жеңіл жүрістерге, маскүнемдіке салынады. Осылай өмірдің қиындығынан қашып, уақытша ұйқыға кеткендей болады. Одан есін жиып, оянғандай болады. Бірақ өмір соққысына қайта ілініп, оны ұмытып, көңілін көтеру үшін маскүнемдікке қайта салынып, осылай күннен күнге ол төмен құлдырай береді. Аққан судағы ағаштың қабығындай өмір ағысы оны бірде онда, бірде мұнда соғып есін шығарады. Ақыры мұндай бейберекет өмірге денсаулығы шыдамай, түрлі ауруға шалдығып, ит өлімімен өледі. Нәпсі ықпалында жүрген адамдар өз құлқыны үшін ешқандай қылмыстан тайынбайды. Осылай олар күннен күнге төмендеп, имансыз жолға қалай
түсіп кеткендерін өздері де білмей қалады. Мұндай адамдардың көбеюі парақорлық, көреалмаушылық, бәсекелестік, зорлық-зомбылық тәрізді қоғам өміріне зиянды құбылыстарды өршітеді. Өмірдің мұндай келеңсіз көріністерін Шәкәрім «Жасыңда араластың малтымаға» атты өлеңінде жақсы көрсеткен. Ол өзінің жас кезінде уақытын пайдалы өткізе алмай, көп өмірін баянсыз, босқа өткізіп алғанына өкініп, өз өмірін сынап «Қан жұтқан қайран сенің сұм жүрегің, Тазарып толған айдай маңқия ма?» деп жазады. Осылай ол адам құлдырауының негізгі себебі нәпсіқұмарлықтың кесірінен жүректің былғануы екенін білдіреді. Шәкәрім мен Абай ілімі сана-сезімнің бұл деңгейінде де түрлі дәрежелер бар екенін көрсетеді. Егер осы екі ойшыл ілімі аясында бүгінгі өмірге көз салып көретін болсақ, бұған талай дәлелдер таба аламыз. Тұрпайы тән құмарынан шығып, одан жоғары – ой-өріс деңгейіне көтеріліп, елдің беделді адамдары болуы мүмкін. Олар саясат, ғылым салаларында үлкен жетістіктерге жетеді. Өзінің беделін көтеру үшін олар ел қамы, халық қамы тәрізді жоғары мақсаттарды пайдаланады. Сөйтіп, жоғары мақсатқа беріліп, революционер, патриот, қолбасшы тәрізді үлкен қоғам қайраткері дәрежесіне көтеріледі. Егер оның санасы тәндік санадан көтеріле алмаса, ол өзінің алғашқы үлкен мақсатын ұмытып, қарабасының мақсатына беріліп кетеді. Қоғам өмірінде мұндай жағдай жиі кездеседі. Себебі, тән құмарынан шығатын атақ-даңқ, сый-құрмет, басқадан өзін жоғары сезіну, мансапқұмарлық тәрізді құмарлықтарды жеңу оңай емес. Шәкәрім өзі бұл кемшіліктерден кезінде арыла білген. Бұл туралы оның ұлы Ахат жазған өмірбаянынан мынандай бір жақсы мысал бар. 1929 жылы Ораз Исаев, Тұрар Рысқұлов атынан Шәкәрімге Алматыға келіп тарих бөлімінде қызмет істеуге шақырған хат келеді. Туған туыстары, үй іші қуанып, Алматыға көшуге дайындалып жатқанда елсізде жатқан Шәкәрім естіп, ол шақырудан бас тартады. Себебі, егер сол кездегі үкімет қызметіне кірсе өз еркінен айырылып, саяси ағымға байланысты Кеңес үкіметінің қолшоқпары болып, тарих ақиқатын бұрмалауға мәжбүр болатынын ол сезе білген. Оған оның ары да, адамгершілгі де жібермейді. Сондықтан, алдағы келе жатқан аштықты, репрессияны сезіп отырса да, өмірдің жалған құндылықтарынан бас тартып, тағдыр сынағынан абыроймен өте білген. Осы әрекетінен Шәкәрімнің қадір-қасиетінің қандай жоғары, әрі таза болғанын көреміз. Ол "ғалым" деген жоғары атаққа кір келтірмей, өз абыройын сақтай білген. Ғылым жетістіктері ешқандай ұлттың, халықтың, не болмаса мемлекеттің меншігі болмауға тиісті. Өйткені, қандай ғылым жетістігі болса да ол табиғаттың бір құбылысы, не болмаса заңдылығы. Табиғат бүкіл адамзатқа ортақ болғандықтан, оның заңдылығы да баршаға ортақ. Ғалым ол заңдылықты жасаушы емес, тек қана оны ашып, басқаларға көрсетуші ғана. Абай қырық бесінші қара сөзінде айтқандай "Біз жанымыздан ғылым шығара алмаймыз, жаралып, жасалып қойған нәрселерді сезбекпіз, көзбен көріп, ақылмен біліп". Сондықтан ғылым жетістіктері бүкіл адамзат меншігі болып, ал ғалым саясаттың ықпалынан
алшақ болуы керек. Өкінішке қарай, қай заманда болса да бұл ұлы мақсаттан ауытқып, саясат ықпалымен кететін ғалымдар көп болады. Осының кесірінен көптеген тарихи ақиқат бұрмаланып, қанша адамның зардап шеккені белгілі. Шәкәрім ондайлардың қатарында қалмай, өзінің нағыз ғалымдық қасиетін көрсетті. Мұндай беріктік, алған бетінен таймаушылық тән құмарлығынан толық шыққан, тек қана жаны таза, өз ісінің ақиқаттығына толық сенетін, рухани жоғары жетілген, еркін адамдардың ғана қолынан келеді. Шәкәрім қажы өзінің бұл қасиетін былай деп түсіндіреді: "Өз басымның тыныштығын ойлаған болсам, байлық, мақтан, мансапқа ие болып, мықты, жуан деген атаққа қолым жетіп, шалқып өмір өткізер едім. Арым, адамшылығым мені оған апармады. Адам болып тудым, адам атымды ақтаймын, көп үшін, халық үшін, келешек ұрпақ үшін еңбек етейін. Кейінгіге үлгі аларлық із-белгі қалдырайын, адам атым өшпесін, тарихқа аз да болса үлес қосайын деген ойда болдым. Арымды сатып бақ алып, мансап тапқанымша, көптің адалын жақтайын, көпке жағайын, көргенімді, білгенімді бар адам баласы үшін жазайын, наданның көзін ашайын, келешектің ойын ашайын деп жаздым." Бұл сөздер кімге болса оның ұраны, алға қоятын мақсаты, үлгі болатын нысаны тәрізді. Бұл сөздерден Шәкәрімнің нағыз ғалым ғана емес, халықтың адал ұлы, өмірін ел үшін құрбан еткен нағыз азаматы екенін көреміз. Мұндай рухани дәрежеге жетуіне оның текті тұқымнан шығып, жақсы тәрбие алғаны ғана емес, соның арқасында оның сана-сезімінің тәндік деңгейден жоғары көтеріліп кеткені де әсер еткені даусыз. Тән құмарлығынан шығатын кемшіліктерді тек қана сана-сезімді жаңа деңгейге көтеріп, рухани күшпен ғана жеңуге болады. Тән құмарынан шығатын кемшіліктер фәни өмір көріністері болғандықтан, оларды фәни әлем әдісімен жеңу мүмкін емес. Заттық (материялық) әлемнің заңдылығы жанды тәнге жеңдіріп, адамның жеткен барлық жетістіктерін тек қана өз қамы үшін пайдалануға мәжбүр етеді. Олардың арам ниеттері бүкіл елге жайылады. Бұл бүкіл ұйым, халық, мемлекет деңгейінде жайылып, адамзат қоғамына үлкен зияндық әкеледі. Адамзат тарихындағы және бүгінгі күндердегі Ауғанстан, Пәкстан, Ирак, Палестина тәрізді мемлекеттердегі болып жатқан қырғындардың негізгі себебі, міне, осы деп білсек болады. Себебі, бұл елдердегі қолбасшылар, мемлекет қайраткерлері әуелде ортақ жауға қарсы бірігіп күрескенімен, оны жеңгеннен кейін енді өз қарабастарының қамы, атақ-даңқ, лауазым-билік үшін ел арасына ірік салып, жік тудырып, қырғын-сүргін көрсетіп отыр. Революциялардың қайсысы болса да осымен аяқталды. Парижде болған француз революциясы өзін жасаған революционерлер Жан Поль Марат, Робеспьерді тез арада өзі жұтып қойды. Сонан кейінгі Ресейдегі Қазан төңкерісі де өздерін тудырған революционерлермен осылай жасады. Әуелі Троцкий, Зиновьев, Каменев, Бухарин тәрізді алғашқы революционерлер, сонан кейін Берия, Голощекин тәрізді жендеттер кетті. Бұл репрессия Блюхер, Михаил Тухачевский, Георгий Жуков тәрізді атақты маршалдарды
да, интеллигенция мен өнер қайраткерлерін, әсіресе, ұлттық шет аймақтарды қамтыды. Соғыстың алдында көптеген қызыл қолбасшылардың репрессия құрбаны болғаны белгілі. Баспасөз хабарларына қарағанда сол кезде революция үшін күрескен қызыл армияның қырық мың жоғары дәрежелі офицерлері мен генералдары құртылған екен. Бұл екінші дүниежүзілік соғыста оларды немістердің соғыс пен концлагерде өлтіргендерінен әлде қайда көп. Осылай әрбір революция өздерін тудырған адамдарды өздері жұтып отырған. Кеңес дәуірінен кейінгі заманда Грузия, Украина, Қырғызстан тәрізді мемлекеттерде болып өткен түрлі-түсті революциялардың түпкі себептері де билік үшін күрестің салдарынан екенінде күмән жоқ. Себебі, бұл – тәндік сана деңгейіндегі адам қасиеті. Бұл табиғи заңдылық. Рухани іргетасы жоқ тәндік сана қолына билік алғаннан кейін өз мүддесін іске асыру үшін, өз қарабасының қамымен енді бұрынғы сыбайластарына қарсы шығып, барлық қарсыластарын құртуға ұмтылады. Ал оның артынан одан да күшті қарсылас шығып, оның өзін құртады. Осылай бірнеше толқыннан кейін, саябырлап барып, артынан революция туғызған жүйенің өзі де құрыйды. Өткендегі Кеңес Одағының тарихы осының жақсы мысалы. Бұл мысалдар қандай да болмасын революциялық құбылыстың болмыс үйлесімділігіне қарсы, әлем заңдылығын бұзатын әрекет екенін көрсетеді. Революцияның болмыс үйлесімділігіне қарсы әрекет екенін рухани тұрғыдан былай түсіндіруге болады. Қандай революция болса да ол өмірді өзгертіп, тән құмарын қанағаттандыру үшін жасалады. Жан құмары үшін ревоюцияның болуы мүмкін емес. Себебі, жан құмарын қанағаттандыру сана-сезімді көтеру арқылы біртіндеп болатын құбылыс. Ал революцияның барлығы тән құмарына арналғандықтан, ол сана-сезімнің ең төменгі, тән деңгейінде жасалады. Заттық әлем рухани әлеммен салыстырғанда өте тұрпайы, эволюция жолымен біртіндеп өзгертуге келмейтін дөрекі әлем. Себебі заттың қасиеттері рухани қасиеттермен салыстырғанда оған қарамақарсы, икемге келмейтін мүлде басқа қасиетте. Заттық сана-сезім деңгейінде эволюцияның болуы мүмкін емес. Сондықтан мүсінші балшықтан жасалған бір мүсіннің орнына екінші мүсінді жасау үшін ол алғашқы мүсінді толық бұзатыны тәрізді, таза тән құмары деңгейінде қоғам өмірінде де бұрынғы қалыптасқан жүйені толық жойып, оның орнына басқа жүйе орнату керек. Бұл қағиданы коммунистер «Интернационал» ұран өлеңдерінде «Старый мир мы разрушим до основания и новый мир постройм!» деп әлемге паш етті. Мұндай революциялық әдісте бұрынғыны түгелдей құртуға тура келеді. Әлемдік үйлесімділікті сақтайтын әділет заңдылығы бойынша – не ексең соны орасың, яғни сен қазір жойсаң, ертең сені жояды. Сондықтан барлық революциялық процестерде де бір қырғын екінші қырғынды тудырып, ұзақ уақыт халыққа, бүкіл елге бүлік пен зор зардап әкеліп отырады. Революция күнәсін жою үшін адамзат үлкен бейнет-қайғыдан өтуі керек. Кеңес Одағы кезіндегі репрессия, аштық, соғыстағы қырғынның барлығы, революция үшін берілген құн деп түсінуге болады. Адамзат үшін бұл үлкен сабақ еді.
Өкінішке қарай тағдырдың берген бұл сабағынан сана-сезімнің төменгі деңгейіндегілер тиесілі сабақ ала алмайды. Сөйтіп бұрынғы жіберген қателіктерін қайта қайталап, тағдырдың шырғалаңына қайта түседі. Тән құмарынан туған революцялық құбылысқа жан құмары араласқан кезде оны нәтижесі де мүлде басқа болуы мүмкін. Бұл кейбір революциялардың сәтті аяқталуының бір себебі болып табылады. Табиғат заңдылығы санасы төмен адамдарды өмірдің зардабы арқылы біртіндеп жүрегін ашып, келесі деңгейге көтереді. Бұл да Алла тағаланың бір мейірімділігі. Бірақ зардаптың түпкі себебін түсіне алмаған тән деңгейіндегі кейбір адамдар өздерінің бақытсыздығы үшін Алла тағаланы, тағдырды, басшыларды, не болмаса ел президентін кінәлап, барлық жаланы өзінен басқаларға жабады. Осылай олар зардаптың себебін өздерінің қылықтарынан емес, сырттан іздейді. Бұл үлкен қателік. Себебі ол өзінің зардабының себебін түсінбей, басқаны кінәлап күнаға батады. Шәкәрім бұл туралы былай дейді:
Кімде-кім қайғы тартып, бейнет көрсе,
Сұм жалғанның қылғаны бұл дей берсе.
Әлбетте, бұл – тағдырға наразылық,
Түбі Аллаға қарсылық, ондайға ерсе.
Ақын осылай адамның басына түскен бейнетке сабырлықпен шыдап, оған төтеп берудің орнына, өзінің қайғысы сұм жалғанның қылғаны деп тағдырға жабатын болса, оның түбі Аллаға қарсылық дейді. Себебі, әркімнің басына салған тағдыр Алла тағаланың заңдылығымен жасалып әркімнің жасаған ісәрекет, қылықтарына байланысты әркімге өз үлесі беріледі. Алла тағала тек қана әлемнің заңдылығын ғана жасады, ал заңдылықтың орындалуына араласпайды. Бұл заңдылық – әлемнің әділет заңдылығы. Оның мағынасы – «Не ексең – соны орасың». Бұл туралы Абай да, Шәкәрім де анық жазып кеткен. Осыны түсініп, адам баласы басына түскен қиыншылықтар үшін басқаны емес, ең әуелі өзін кінәлауы керек. Сол кезде ғана өз кемшіліктерін түсіне біліп, оны түзетіп, өмірін өзгертуге мүмкіндік туады. Сана-сезімнің жоғары деңгейіндегі, рухани болмысқа негізделген өмірді алатын болсақ, бұл өмір мүлде басқаша. Рухани болмыста жетілу революциялық емес, тек қана эвоюциялық жолмен жүреді. Себебі, рухани қасиеттің бірі – мейірімділік. Мейірімділік дегеніміз – ең бірінші, ешкімнің еркін шектемеу. Егер адам баласы өз еркімен имандылық жолмен әлемдік үйлесімділікке кірсе, ол эволюциялық жолмен тез көтеріледі. Ал егер ол өз еркімен әлем үйлесімділігінен шығып, тән құмарына беріліп кетсе, онда ол материалдық әлемнің ықпалына түседі. Материалдық әлемнің әділет заңдылығын орындайтын қарымта заңдылығы бойынш әркім өзінің істеген әрекеттеріне байланысты өз несібелерін алады. Бұл заңдылық не ексең соны орасың, не болмаса «әркімнің өз тиесісі өзіне» деген қағиданы білдіреді. Бұл табиғаттың өзгермейтін және мүлтіксіз орындалатын заңдылығы.
Материалдық әлемнің заңдылықтарына рух араласпайды. Сондықтан Абай ауруды жаратқан Құдай, бірақ ауыртқан Құдай емес, дейді. Шәкәрім әркімнің өзінің тағдырына ренжіп, наразылық білдіруі надандықтың белгісі екенін түсіндіреді. Сана-сезімнің тән деңгейінде тұрған адамдар туралы Абай да, Шәкәрім де көп жазып, үнемі оларға көмектесуге ұмтылып отырған. «Анадан алғаш туғанымда» атты өлеңінде Шәкәрім жас нәрестенің есею жолындағы алғашқы туған қалпының сырын айта келіп, өскен кезде не себептен фәни өмірдің ықпалынан шыға алмай қалатынын түсіндіреді. Ол былай деп жазады:
Тамақ пен киім, ат керек деп,
Өмірім кетті қиындап.
Құмарлық, мақтан қуып ем кеп,
Көбейді мұқтаж жиындап.
Осыны сезіп жыладым мен,
Анадан алғаш туғанда.
Қызықтап өмір ұнадым мен,
Сағымды су деп қуғанға...
...Табылмас анық азат адам,
Жаралыс билер заманды.
Көрсетер мұқтаж, азап саған,
Тартқызар өмір жазаңды, –
деп осылай жалған өмірдегі азаптың жай-жапсарын түсіндіре келе, әрі қарай бұл уайымнан құтылу жолын былай деп көрсетеді:
Қайтсең де көріп қайғы, жұмыс,
Қазулы көрің дап-дайын.
Айласын тап та, таза арақ іш,
Жоғалар сонда бұл уайым.
Таза ақылды айтар таза арақ деп,
Мастық деп айтса – терең ой
Осыған ұмтыл шын ентелеп,
Қиянат, алдау – бәрін қой.
Еңбекке шыда ебін тап та,
Сабырдың түбі – сары алтын.
Өзімшіл болма, көпті ардақта,
Адамның бәрі өз халқың.
Нысап пен мейірім, әділетті,
Жаныңдай көріп жан сақта.
Ол жолда өлсек, неміз кетті,
Мақсұтқа жетпей қалсақ та.
Көңіл қойып, ұғынып оқыған адамға осы сөздер бүкіл өмір шешімін тауып бермей ме? Бұл шешім – өмір сырларын терең ойға салып, азаптың себебін түсініп, нәпсіңді тыя отырып, өміріңді рухани жолға бағыттау. Бұл деңгейде тұрғандар үшін ең бастысы – нысап пен мейірім, әділетті жаныңдай көріп жан сақтап, адал еңбек ету. Бұл туралы ол өзінің «Үш анық» шығармасында да жазады. «Өзімшіл болма, көпті ардақта, Адамның бәрі өз халқың» деп ақын адамды бүкіладамзат деңгейіне көтере отырып, «Ол жолда өлсек, неміз кетті, Мақсұтқа жетпей қалсақ та» деп рухани жолда қателік те, кемшілік те жоқ екенін білдіреді. Осылай ол болмыстың терең сырын ашады. Бұл сырдың мәні – рухани жолдағы жетістіктің мәңгілікті, оның жоғалмайтындығында. Тек қана өз қамың үшін жасалған әрекеттің болмыс үшін ешқандай құны жоқ. Ол өзің өлген соң жоғалады. Ал халқың үшін, көпшілік үшін, болмыс үйлесімділігі үшін жасалған әрекеттің мәні мүлде бөлек. Міне, өмірдің қарапайым шындығын ұлы ойшыл осылайша жүрекке жеткізе, тамаша ашып береді. Өмірдің төменгі деңгейін ақынның «Партия қуған өңкей қырт», «Анадан алғаш туғанымда», «Атадан қалған ақ сауыт», «Әлемді түгел мен көріп», «Білгенімді жазушы ем», «Өлімнің хақ екенін көрсең де» тәрізді өлеңдерінен көре аламыз. Енді сана-сезімнің осы деңгейіндегі Алла тағалаға сенетін имандыларға келейік. Тән құмары деңгейіндегі бұл имандылар үшін Құдай тек қана жазалаушы, сондықтан имандылық жолына олар Құдайдан қорыққанынан ғана түседі. Олар діннің ішкі мәнін түсінбей, сыртқы рәсіміне ғана көңіл бөледі. Сондықтан олардың арасында фанатизм, тоңмойындылық, діни схоластика кең өріс алады. Өз мақсаттарына жеткеннен кейін олар діннің түпкі мәнін ұмытып, оны өз қарабастарының қамы үшін пайдалануға ұмтылады. Ондай адамдарды Абай да, Шәкәрім де үлкен сынға алып, олардан бас тартқан. Дін ұстанған мұндай дүмше діндарлардың тоғышарлығы, фанатизмі қоғамға үлкен зиянын тигізіп, көптеген зобалаң әрекеттердің себебі болып отырады. Бұған қазіргі кездегі дінді бүркемеленіп өздерінің арам ниеттерін жүзеге асыруға ұмтылып жүрген діни қайраткерлердің көбеюі куә бола алады. Әрине, дінді өз қарабасының қамы үшін пайдаланушылық оларды жұмаққа емес, керісінше, мүлде басқа жаққа алып кетуі әбден мүмкін. Бірақ діни надандық оларға мұны мойындатпайды. Шәкәрім ілімі бойынша өмірдің барлық зардабының түпкі себебі осындай тәндік сана-сезімде жатыр. Бұдан арылу жолы тек қана біреу. Ол – санасезімнің келесі деңгейіне, ой-өрісті дамытып, Алла тағаланың қуаттарын сезіну деңгейіне көтерілу. Бұл деңгей – Алла тағаланың басқа жоғары қуаттарын түсініп, олардың шексіз мол екенін, ал адам баласы солардың арасындағы бір кішкене ғана бөлігі екенін, сондықтан әлем заңдылығын бұзбай, керісінше, онымен үйлесімді өмір сүру керек екенін түйсініп-сезіну. Бұл қуатты ой-өрісті пайдаланып логикамен ғана түсінуге болады. Сана-
сезімнің бұл деңгейіне білім арқылы ой-өрісті өсіріп көтеріледі. Осыны жақсы түсінген пайғамбарымыз Мұхаммедтен (с.ғ.с.) бастап адамзаттың барлық алдыңға қатарлы адамдарына дейін білім алуға шақырып отырған.
3. 2. Сана-сезімнің ой-өріс деңгейі
Адам баласы Алла тағала көріністерін тән арқылы түсінгеннен кейін, енді ол Оны одан да күрделірек құбылыстармен байланыстырып сезіне бастайды. Өмір көріністеріне қоршаған басқа жан иелері, олардың өзара қарымқатынастары жатады. Сондықтан жан енді болмыстағы өз орнын табу үшін ой-өрісі арқылы қоршаған ортаны, басқа жан иелерін байқап, өзінен басқа да адамдар бар екеніне, олардың іс-әрекеттеріне көңіл бөледі. Бұл жас нәрестенің есею жолы тәрізді. Ол есейген сайын сана-сезімі жетіліп, өзін қоршаған адамдарды көріп-байқап, оларға көз тоқтатып, көңіл бөліп, олармен белгілі бір өзіндік қарым-қатынас орната бастайды емес пе? Ол енді тамақ пен ұйқы ғана емес, өмірдің басқа көріністерін де қабылдап, содан ләззат алуға ұмтылады. Өсе келе өзінің әке-шешесінен бастап, туғантуысқандарымен қарым-қатынас жасап, ал ер жеткен соң өзі өскен ортасымен тығыз байланысқа кіреді. Оның санасы одан әрі өсіп, халық, мемлекет деңгейіне көтеріліп, патриот, ел басқару дәрежесіне дейін де жетуі мүмкін. Өзін қоршаған табиғат көріністерін түсіну үшін ғылыммен шұғылданып, өнер-білімге, өзін жетілдіруге ұмтылады. Сөйтіп ақыл-есін жетілдіріп, өзінің көңіл-күйін жоғары деңгейде ұстауға тырысады. Ой-өріс деңгейіндегі адамдар адамзат өркениетін дамытады. Бұл деңгейдегі адам өзін тәнімен ғана емес, енді одан да нәзік болмысы – ой-өріс сезімдерімен балайды. Оның негізгі мақсаты дөрекі тән құмарлығынан асып, енді одан да жоғары деңгейде тұрған мансап, атақ-дәреже тәрізді интеллектуалды құмарлықтарға ұмтылады. Бұлар – ғалымдар, өнер қайраткерлері, бір сөзбен айтқанда қоғамның зиялы қауымы деп аталатын бөлігі. Білім алып, ол білімді іске асыру арқылы олар бұл дөрекі материалдық әлемнен басқа нәзік жоғары әлемдер барын сезініп, солармен байланыс жасауға тырысады. Бұл олардың материалдық нәзік болмысын жетілдіріп, жоғары әлемдермен байланысуды үйретеді. Ой-өріс санасының жоғары деңгейіне көтерілгендер өздерінің тәндеріндегі физиологиялық құбылыстарды жақсы түсініп қана қоймай, енді психикасы арқылы олардың жұмысын басқара біліп, әлемдік маңызын түсініп, космоспен байланыс жасауға ұмтылады. Олар қарапайым адамның сезімдерінен тыс жатқан қатар нәзік әлемдерге кіріп, сырларын түсініп, пайдалануға мүмкіндік алады. Ойөрістің мұндай жоғары жетілген деңгейі ғылыми тілде "космостық санасезім" деп аталып жүр. Космостың өзі материалдық (заттық) әлемге жататын болғандықтан бұл әлемдегі ой-өрістің мұндай жоғары деңгейін "космостық сана-сезім" деп атаудың жөні бар. Осылай экстрасенстер, көріпкелдер тәрізді жоғары әлеммен байланысатын адамдар пайда болады. Ондай адам өзінің негізгі міндетін орындай алады. Жер бетіндегі жан иелерінің, әсіресе,
адамның бұл әлемдегі негізгі міндеттерінің бірі – ол жоғарғы көрінбес эзотерикалық әлемдерді төменгі көрнеу әлемдермен байланыстыру. Сондықтан барлық жан иелері жоғарыдан келген қуатты қорытып, оларды өзгертіп, өздерінен шығарып отырады. Бір жан иесінен өзгеріп шыққан қуатты екіншілер қолданады. Мысалы, Күннен шыққан сәулені өсімдіктер пайдаланып өздерінің денелерін құрастырып, жемістерін береді. Ал ол жемістермен, өсімдіктер мен адамдар қоректеніп, бойларына сіңіріп, ісәрекеттерін жасайды, ал малдар болса өздерінің жүнін, сүтін, жұмыртқасын береді. Шөп қоректілермен ет қоректілер қоректенеді. Ет қоректілер өлгенде олардың денелерін құрт-құмырсқа, түрлі бактерия-микроб тәрізділер қоректеніп, органикалық затты минералдық затқа айналдырып, ақырында жердің топырағына айналдырады. Табиғаттағы элементтер осылай айналымға түседі. Жер бетіне түскен күн қуаты түрлі басқа қуат түрлеріне айналып, ақыры жер қуатына айналады. Табиғаттың бұл қырлы сырын Шәкәрім былай деп суреттейді:
Жылылық, жарық, нұрын беріп,
Сездірген атам – күн шебер.
Балына қосып уын беріп,
Өсірген анам – қара жер.
Күн қуатын пайдаланып, ол қуатты төменгі қуаттарға айналдыратын жан иелерінен адамның айырмашылығы бар. Адамдар күн қуатын тән қызметі арқылы төменгі қуатқа ғана емес, сонымен бірге ой-өрісі арқылы жоғары қуатқа да айналдырады. Мұндай мүмкіншілік жер бетінде адамнан басқа жан иелерінде жоқ. Адамның сана-сезімі неғұрлым жоғары болса, оның жоғары әлемдермен байланысы да солғұрлым мінсіз болады. Жоғары жетілген адам өзінің ой-өрісінің басқаруымен рухани және заттық болмысы арқылы төменгі қуаттармен ғана емес, сонымен бірге жоғары қуаттармен де байланыс жасап, оларды жер бетіндегі тіршілікке бағыттап, бүкіл табиғат үйлесімділігіне қызмет жасай алады. Осылай адам баласы Күн ата мен Жер ананың, әріде Алла тағала мен табиғаттың арасында дәнекер, медиатор болып табылады. Шәкәрім ілімінен шығатын адам өмірінің құндылығының бір көрінісі, міне, осы болса керек. Өзінің ой-өрісін дұрыс пайдаланып, болмыс өміріндегі міндетін дұрыс орындауы үшін адам ең әуелі түрлі қуаттарды қабылдауға үйренуі тиісті. Қоршаған ортада күн қуаты ғана емес, иіскеп сезетін гүлдің иісі, көріп білетін оның әсем сұлулығы, дәмін білетін оның нәрінен жасалған балдың дәмі, бәрі-бәрі түрлі қуаттар болып табылады. Қоршаған табиғат шексіз қуат көзі. Қуатты күннен ғана емес, от, су, ауа, дыбыс, жер, тіпті барлық жан иелерінен алуға болады. Адам осылай өзінің бес сезім мүшелері арқылы түрлі қуаттарды алып, оларды өзінде сақтап қалмай, әрі қарай ой-өрісі арқылы басқа, жоғары қуаттарға айналдыруға үйренуі керек. Осылай барлық жан иелері тәрізді адам да түрлі қуаттарды өзінен өткізетін болмыс мүшесіне
айналады. Болмыс көрінісі дегеніміз – қуаттардың қозғалысы, олардың осылай бір түрден екінші түрге айналуы болып табылады. Осы айналыста үйлесімді болу салауатты өмірді құрайды. Болмыс өмірімен үйлесімді болу үшін Абай сөзімен айтқанда «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар, қалан!». Ол үшін жетілу жолына түсіп, әркім өзінің мүмкіншіліктерін дамытуы керек. Қазіргі заманда адам мүмкіншілігін жетілдіруге арналған түрлі әдістер жеткілікті. Эзотерикалық әлеммен байланысатын «Шығыс жекпе-жегі» (Восточное единоборство), түрлі экстрасенсорикалық жүйелер, тіпті, Парферий Ивановтың үйреткендері мен академик Норбековтың әдістемелері тәрізді адам мүмкіншілігін өсіретін жолдар да осы бағытқа негізделген. Осылай жан құмары басқарған адам сана-сезімнің бір белесінен екінші белесіне көтеріліп алға жылжи береді. Шын мәнінде, адамзат өркениеті дегеніміз, міне, осы. Өкінішке орай сана-сезімнің төменгі деңгейінде тұрған адамдар өздерінің экстрасенсорикалық қасиеттерін толық түсіне алмай, кейде оларды өз қарабастарының қамы үшін пайдаланып кетеді. Егер олар өздерінің мистикалық күш-қуаттарын дұрыс пайдалана білсе, қоғамға көп пайдалы істер жасай алады. Бұған атақты Кашпировский, Чумак, болгар әйелі Ванга тәрізді экстрасенстердің өмірі жақсы дәлел. Олар әлемнің нәзік жоғары әлемдерімен байланыс жасап, болашақты болжап, өткен уақиғалардың сырын ашып, түрлі аурулардың себебін айтып, оған ем жасап, өзі арқылы жоғарғы таза қуатты ауру адамға беріп, көптеген ауруларды жазып жібереді. Ой-өріс сана-сезіміндегі адамдардың өмірі өздерінің ой-өрісін, эстетикалық құмарлығын өсіріп, өмірден барынша үлкен ләззат алуға бағытталған. Фәни әлемнің жоғары бақытын алуға ұмтылған мұндай қоғамның үлгілерін қазіргі дамыған капиталистік елдерден көре аламыз. Бұл елдерде адамның барлық ниеті көбіне өзінің ақыл-есін, ой-өрісін өсіріп, беделін нығайтуға арналады. Өздерінің тән қажеттіліктері ғана емес, интеллектуалды қажеттіліктерін де қамтамасыз етуге ұмтылады. Адамзат өркениетінің дамуы осы үшін керек. Ол адам өміріне барынша қолайлы жағдайлар жасауға бағытталады. Адам өмірінің қолайлы болуы қоғам өмірінің үйлесімділігін талап етеді. Сондықтан капиталистік елдерде моральдық, этикалық тәртіптер қатаң сақталып, адам бостандығына мейлінше ерік беріліп, оған жағдай жасалған. Қоғам үйлесімділігін бұзатын коррупция, алдау-арбау, адамның жеке басына зияндық келтіру тәрізді қоғам өмірін кері тартатын қылықтар мен іс-әрекеттер қатаң жазаланады. Сондықтан бұл елдерде демократия өркендеп, қоғам өмірімен үйлесімді өмір сүретін адам өзін еркін сезінеді. Бұлардың барлығы да заттық әлемнің заңдылықтары. Әрине, әлі тән құмарын қанағаттандыруға толық жағдай жасай алмай жүрген көптеген елдермен салыстырғанда мұндай қазіргі дамыған мемлекеттер көп ілгері тұр. Фәни әлемнің ықпалынан шыға алмай жүрген көпшілікке мұндай өмір, әрине, жұмақпен тең. Жанға жайлы "жақсы өмірді" аңсаған кейбіреулердің өз елін тастап, шет елге кетіп жатуы да осының көрінісі. Бірақ, мұндай материалдық өркениеттің де өз кемшіліктері
бар. Ол кемшіліктер шексіз нәпсіқұмарлық пен жан құмарының бір-бірімен толық үйлеспейтіндігінен туады. Бірақ, имандылық қағидалары фәни өмірдің пенделеріне өздерінің нәпсілерін еркін қанағаттандыруға бөгет жасайды. Мысалы, көптеген елдерде "еркін махаббат" деген қоғамның алғашқы негізі болып табылатын, отбасының іргетасын бұзатын, сондықтан рухани көзқарастың қолдамайтын түсінік кеңінен тараған. Әрине, бұл жолдағы адамдар имандылыққа толық беріле алмайды. Қазіргі заттық өркениетті қоғамдарда осындай мысалдар көп-ақ және олар имансыздық өмірдің көрінісі болып табылады. Сонымен бірге, тек қана тән құмарлығына арналған технократтық, яғни материалистік өркениет Алла тағаланы ұмыттырады. Бұл адамды рухани жолдан алыстатып, түптеп келгенде бүкіл адамзат қауымын тығырыққа әкеліп тіреуі мүмкін. Мемлекет деңгейінде бұл заңдылықты, яғни рухани іргетасы әлсіз, не болмаса мүлде жоқ саяси жүйелердің өмірі ұзақ болмай, оп оңай күйреп қалатынын бұрынғы атеистік социалистік елдердің тағдырынан көре аламыз. Ендеше мұндай жағдайдың бүкіл адамзат тағдырында болмайтынына кім кепілдік бере алады? Халықаралық жағдайдың шиеленісуі, қоршаған ортаның бұзылуы тәрізді көріністер адамға, міне, осындай ойлар салады. Сана-сезімнің ой-өріс деңгейі тән деңгейі тәрізді заттық материалдық дүниеге жатады. Тек қана тән деңгейі дөрекі материя болса, ал ой-өріс – нәзік деңгей. Екеуі де материалдық қасиетте. Сондықтан екеуінде де материалдық әлемнің кемшіліктері – өзімшілдік, надандық, тұрақсыздық, озбырлық басым. Қазіргі замандағы жетілді деген батыс елдерінде де бұл кемшіліктер өріс алып, одан шығу мәселесі тығырыққа тіреліп отырғаны да осы себептен. Шәкәрім олардың кемшіліктерінің себебі әділет, ынсап, мейірімнің жоқтығынан көрсеқызар, жалмауыз, бәрі алдағыш болып кеткендерін, олардың істерін әбден сынап талдағанда ақымақ пен айуанның иісі аңқитынын, сондықтан бүкіл адамзат бір-бірінен бөлініп ыдырап жатқанын айтып келеді де әрі қарай былай деп жалғастырады:
Ойласаң, барша адамзат – туған бауыр,
Бірін-бірі шұқылап қылды жауыр.
Балалық, айуандықтан шыққан ел жоқ,
Бұл сөзім талай жанға тисе де ауыр.
Европа білімді жұрт осы күнде,
Шыққан жоқ айуандықтан о да мүлде.
Терең ойлап сөзімнің түбін біл де,
Іштен жыла, шырағым, сырттан күл де.
Сол есті елде киім бар мода деген,
Керегіне лайықтап киінбеген,
Жас балаша қызығып сәкәкүлге
Масқара боп жүргенін бір білмеген.
Шәкәрім осылай бүгінгі күндердегі жетілді деген елдердің сыйқын осылай сынай келіп, шын мәнінде ешқандай жетілгені жоқ, олардың өмірі де түп негізінде адасу жолы деп білдіреді. Ал одан шығу жолын былай деп көрсетеді:
Адамның сыртқы дене жаралысы,
Нәпсісі айуанмен анық теңдес,
Бөлектігі – жалғыз-ақ таза ақылда,
Әлің келсе, жол тап та осыны емдес!
(«Білімділер сөз жазып, зарлағанда.»)
Осылай Шәкәрім қай ел, қай заман болса да жетілу жолы біреу ғана – ол таза ақылды пайдаланып нәпсімен күресіп оны жеңе білуде екенін көрсетеді. Нәпсімен күрес – әрбір адамның исламдағы «Үлкен жиһад» деп аталатын бүкіл адамзаттың ең күшті және қауыпты жауына бағытталған негізгі күресі. Ал бұл деңгейдегі иманды адамдар өздерін болмыс көріністерінен бөлмей, олардың бір бөлігі екенін жақсы түсінетіндіктен, олар түрлі қоғамдарға бірігіп, ұйымдар құрады. Ол ұйымдардың дұрыс өмір сүруі үшін моралдықэтикалық ережелер жасап, адам құқығын қорғайтын, әділеттілікті бұзуға мүмкіндік бермейтін түрлі қағидалармен өмір сүруге тырысады.
3. 3. Сана-сезімнің білім деңгейі
Сана-сезімнің білім деңгейіне болмыстың түпкі мақсатын іздеп, оған жету жолын іздеген адамдар көтеріледі. Нәтижесінде олар толық білімге ие болып, заттық әлем мен рухани әлемнің байланысын түсінеді. Бұл оларға жетілудің сара жолына түсуге ммүкіндік береді. Болмыстың түп негізі туралы Шәкәрім көп ойланып, көп толғанған. Осындай толғанысын ойшыл ақын былай деп білдіреді:
Келді, кетті,
Толды, семді,
Өзгеленді бұл ғалам.
Туды, өлді,
Жанды, сөнді,
Өршіп өнді қайтадан.
Дөңгелеткен,
Өңгелеткен
Түк білімсіз күш пе екен?
Тіпті мінсіз,
Кемшіліксіз
Есті қылған іс пе екен?
Жан деген не,
Мүлде өле ме,
Шын жоғалып сөне ме?
Жоғары өрлеп,
Дене жөндеп
Және мен деп келе ме?
(«Келді, кетті»)
Осылай ойшыл болмыстың түпкі мәніне үңіледі. Кереметтей үйлесімділікпен жасалған болмыс көрінісі түк білімсіз күшпен жаратылды ма, әлде бір естінің ісі ме? Жан құпиясы неде жатыр? Ол мәңгілікті ме, әлде өле ме? Мүмкін жан мәңгілікті болып, тәні өлген сайын жоғары өрлеп, дене жөндеп, сонан кейін «мен» деп қайта келер? Көріп отырмыз, бұл сұрақтар тек қана заттық әлемді қамтыйтын жарым сұрақтар емес, бүкіл болмыс сырын қамтыйтын толық сұрақтар. Оларға жауап беретін білім де толық білім болуға тиісті. Шәкәрімнің бұл сұрақтары бүкіл әлемді жаратқан Ғазиз Жан мен шыбын жан туралы, олардың қасиеттері мен өзара байланыстары, табиғаттың, іс-әрекеттің сырлары туралы мәселелерді қамтыйды, яғни рух пен материяны түгел қамтыйды. Кезінде бұл сұрақтарға данышпан ақын өзінің шығармаларында толық жауап берген. Данышпанның бұл терең философиялық толғаныстары бүкіл әлем құпияларын қамтитынын көреміз. Және, бір қызығы, ойшыл бұл сұрақтарды қоя отырып, оған дұрыс жауапты адамның өзінің табуына мәжбүр етіп отырады. Ойшыл әуелі ғаламның келіп-кетіп, толып-семіп өзгелене отырып, сонымен бірге туады-өледі, жанады-сөнеді, бірақ қайтадан өршіп өнеді деп ғаламның сипатын бере келеді де, әрі қарай негізгі сұрақтарға көшеді. Осы ғаламды дөңгелетіп қозғалысқа келтіре отырып оны өңгелетіп жаңартқан түк білімсіз күш пе екен? Әлде бұл тіпті мінсіз, кемшіліксіз есті қылған іс пе екен? Әрине, ақылы дұрыс адам бұл сұрақтарға мінсіз, кемшіліксіз жасау ессіздің емес, тек қана естінің қолынан келеді, сондықтан, бұл – білімсіз күш емес, есті қылған іс деп жауап беруге тиісті. Басқа жауап жоқ. Ғасырлар бойы ғаламның жаратылуы туралы дау толастамай келеді. Жаратылыс себебі адамзат үшін негізгі мәселе. Адамзаттың бір тобы, материалистер деп аталып, ғалам ешбір мақсатсыз, өзінен өзі, кездейсоқ жаратылды десе, ал екінші тобы, идеялистер деп аталып, бұл сұраққа – жоқ олай емес, ғаламды есті Жаратушы бар және ол жаратылуда көркем үйлесімділік пен үлкен мақсат бар деген ой тастайды. Шәкәрім бұл мәселені өзінің «Үш анық» шығармасында талдап, толық қарастырған.
Сонымен, әркім ең әуелі өзі үшін бұл мәселенің түйінін шеше білуі керек. Болмыстың негізгі сұрақтары жауап күтеді. Бұл сұрақтарды Шәкәрім былай деп қояды:
Неден бармын? Не қылған жөн?
Жоғала ма жан өлген соң?
Бұл үш ойды елемеген,
Талап, ойсыз, есер, бәңгі-ай!
(«Жылым – қой, жұлдызым – июль»)
Өмірдің терең сырларына үңілген ақын адамзат алдындағы сұрақтарды
былай деп анықтай түседі:
«Келіп қайдан, барам қайда?
Не қылғаным болар пайда?
Қаламын ба мола боп сайда?» –
Деген ой тырнаған көңіл! –
(«Баяғыда жас бала едің сен»)
Осылай Шәкәрім өзіне-өзі ой салып, оның жауабын іздеген. Өзінің жазуы бойынша, қырық жасынан кейін осы сұрақтардың жауаптарына үңіліп, өмірдің мән-мәнісін түсініп, оны келешек ұрпаққа қалдырамын деп әрекетке кіріскен. Соның нәтижесінде қарапайым адамның ой-өрісі жете бермейтін әлемнің көптеген сырын ашып, шешімін тауып, оларды көпшілікке түсіндіруге ұмтылды. Болмыс сырын дұрыс түсіну үшін толық білім керек.
Ғылымға қанағатсыз болу керек,
Бес түгіл разы болмай алтыға да, –
(«Жасыңда араластың малтымаға»)
деп Шәкәрім де осыған меңзейді.
Ғылымсыз адам – айуан,
Не қылсаң да, ғылым біл.
Ғылымға да керек жан,
Ақылсыз болса, ғылым тұл.
Ақылға еркін ой керек,
Матаудан ойды азат қыл.
Әдеттеніп ертерек,
Өрісін кеңіт жылма-жыл.
Сана-сезімнің білім деңгейіндегі адамдарға ойшыл «Ғылымсыз адам – айуан, не қылсаң да ғылым біл» деп ғылым-білімнің маңызын баса көрсете келіп, «Ғылымға да керек жан, ақылсыз болса, ғылым тұл» деп ғылымның рухани деңгейін білдіре келе, бұл деңгейге әркімнің көтеріле алмайтынын, ол үшін еркін ойлы адам болу керек екенін білдіреді. Білім алғанда оны бекітіп отыру керек. Бекітудің түрлі әдістері бар. «Қайталау білім анасы» деп тегін айтылмаған. Ғалымдардың зерттеулеріне қарағанда 24 сағаттың ішінде бір рет қайталанбаған білімнің 80 пайызы ұмытылады екен. Егер жеті күннен кейін оны ойға қайта салып, қайталаса адамның жадында қалады. Қайталау ең кемі үш рет болу керек. Қайталаудың, әсіресе, рухани білім алуда маңызы үлкен. Себебі, рухани білім ой-өріске ғана емес, жүрекке жетіп, адамның болмысына айналуы керек. Рухани жолға толық түскен сопылардың Алла тағаланы сипаттайтын есімдерін күні-түні үздіксіз қайталаудың терең сыры бар. Алла тағаланың қасиетті сипаттарын үздіксіз қайталағанда олар санаға тереңінен еніп, адамның болмысын өзгертеді. Осылай көркем Есімдерді қайталағанда адамның болмысы тазарып, Ұлы Жаратушының болмысына жақындайды. Жалпы алғанда, сана-сезімнің бес деңгейіне байланысты білімді бес түрге бөлуге болады. Білім деңгейі өскен сайын адамның алатын ләззәті де өсе береді. Біріншісі, таза материалдық, эмпирикалық білім. Бұл – тәндік деңгей, өмір сезім мүшелері арқылы ғана қабылданып, тән құмарлығын қанағаттандыруға бағытталады. Бұндай адам ең әуелі өзінің бақытты болуы үшін өмір сүреді. Білім деңгейінде тән қамы үшін жүргендер ауыртпашылық түскенде ғана қорғаныс сұрап, Алла тағаланы есіне алады. Ауыртпалық жоқта ол Құдайын толық ұмытады. Олар үшін Алла тағаланы қабылдау себебі – қорқыныш, үрей. Екіншісі, ой-өріс деңгейі. Бұл деңгейде бақыт сезімі тереңдеп, адам өзі ғана емес, өзін қоршаған адамдармен, қоғаммен, тіпті бүкіл әлеммен бірге өмір сүріп, басқалармен бірге бақытты болғысы келеді. Сондықтан бұл деңгейдегі білім мораль-этика, материалдық әлемнің жалпы заңдылықтарына бағытталған. Ой-өріс деңгейінде жүргендер қоршаған табиғат сырларына ұмтылып, барлығын білгісі келеді. Белгісізді білуге ұмтылу барлық саяхатшылардың табиғаты. Бұл оларға күш-қайрат беріп алға сүйрейтін негізгі қуат. Олар Алла тағаланы жарылқаушы, өздерінің Жаратушысы ретінде қабылдайды. Олар үшін Алла тағала Қожа, Құдырет, Қорғаушы, ал Құдайды қабылдау себебі – құмарлық. Үшіншісі – толық білім деңгейі. Бұл деңгейде адам бұл өмір ғана емес, келесі өмірді де ойлайды. Ол бұл өмірден өткеннен кейін жұмаққа барып, келесі өмірде де бақытты болғысы келеді. Сондықтан ол заттық әлем білімі ғана емес, сонымен бірге, Алла тағала туралы білімге ұмтылып, рухани білім де алуға кіріседі. Рухани білім зат пен рухты біріктіретін болғандықтан, ол толық білім болып табылады. Бұл деңгейдегі адам Алла тағаланың шексіздігі
мен мейірімділігін сезіп біледі. Ол үшін Жаратушы қорқыныш көзі және оның керегін беруші. Сондықтан көптеген діни қағида бойынша жамандығың үшін Жаратушы жазалап, тозаққа жібереді, ал жақсылығың үшін Жаратушы өзінің мейрімділігімен жұмаққа жібереді. Мұндай қағида адамды жаман істен алыс болып, жақсылыққа ұмтылуға, өмір ағымымен құлдырамай, адамдық қалпын сақтауға мүмкіндік береді. Төртіншісі – жанның өзін-өзі тану деңгейі. Бұл деңгейдегі білім тек қана ақпарат-хабар ғана емес, сонымен бірге, оны түйсініп, сезініп, бойға сіңіріп, адамның болмысына айналдыруды да қамтыйды. Бұл деңгейде адам Абайдың «Алла тағала ғаламның ішінде» деген қағидасын толық сезіп, қоршаған табиғат түгелдей жанды, Алла тағаланың түрлі көріністері, сондықтан оның өзі де Жоғары Жаратушының бір бөлігі екенін түсінеді. Ол бұл тіршіліктің қызығына байланбай, оның жекеленіп, қоғамнан кетіп жалғыздыққа бой ұрады. Өзінің рухани болмысын толық танып, білімнің бұл жоғары деңгейіне жеткенде Ахмет Яссауи, Шәкәрім, Л.Н. Толстой тәрізді рухани жетілгендер осылай жасаған. Толық білім және жанның өзін-өзі тану деңгейлерінде Алла тағала барлығын көріп-білуші, барлығын басқарушы. Бесіншісі – толық ләззат деңгейі. Бұл деңгейдегі білім адамға өзінің рухани болмысын сездіріп қана қоймайды, сонымен бірге, оны іске асырып, сол білім бойынша өмір сүруге мәжбүр етеді. Яғни, бұл деңгейдегі жан иесі өзінің шыбын жан екенін біліп қана қоймай, Ғазиз Жанмен бірігіп, өз болмысын Оның болмысына толық бағындырады. Яғни, Абайдың берген «Алла тағала бір, ғалам Алла тағаланың ішінде» деген екінші қағидасын іске асырады. Бұл деңгейдегі адам өзін Абсолюттің бір бөлігі ретінде түйсініп, Онымен толық бірігеді. Алла тағалаға құлшылық жолына толық түседі, оның одан басқа мақсаты жоқ. Шыбын жан мен Ғазиз жан тікелей қарымқатынаста болады. Білімнің бұндай жоғары деңгейінде адам сөзбен жеткізуге келмейтін толық ләззатқа бөленеді. Бұндай рухани деңгейдегі адам білімді тек қана жүрек арқылы қабылдайды. Алла тағаламен бірігу дегеніміз осы. Ләззәт деңгейінде Алла тағала – дос, сүйікті жар. Олар барлық Себептердің Себебіне құлшылық жасайды, сондықтан оларды басқа құлшылық түрлері қызықтырмайды және оларға міндет емес. Оларға басқа ештеңенің қажеті жоқ, олар – матаудан ойды азат қылған, барлығына қолы жеткен ең бақыттылар. Бұлар туралы Шәкәрім көп жазады. Бұл деңгейде Алла тағалаға ұмтылыс себебі – сүйіспеншілік. Шәкәрім ілімі бойынша осылай білімнің түрлі деңгейлерінде тұрған адамдар Алла тағаланы өздерінше қабылдап, Онымен түрлі қарым-қатынаста болатынын көреміз. Бұл қарым-қатынастың түрі көп. Осылай Алла тағала біреу, жалғыз болса да діннің көптеген түрлері пайда болады. Жаңа пайда болған діндердің барлығы да алғашқы қалпында тазалыққа ие. Бірақ көпшілік қауымның сана-сезімі ол дінді алып келген пайғамбарлардың деңгейлерінен төмен болғандықтан, заман озған сайын діннің алғашқы таза мәні өзгеріп, фәнилік деңгейге түсіп, алғашқы таза бағыты өзгеріске түседі. Шәкәрім мен Абайдың үйретуі бойынша мұндай қателіктен құтылу жолы – діннің сыртқы
салт-дәстүріне ғана емес, ең бастысы – оның ішкі мағынасына баса көңіл аудару. Білім Алла тағаланың қуаттарының бірі. Білім адамның жүрегін тазартып, оған қуат береді. Алла тағаланың бұл қуатын Абай отыз сегізінші қара сөзінде ғылым, басар (түсіну, білу, қабылдау) деп атайды. Яғни, Алла тағаланың бұл қуатын қабылдау сана-сезім деңгейінде білім деген түсінікке сырттан келген ақпарат қана емес, сонымен бірге, адамның түсіну, оны қабылдау қабылеттері де жатады. Толық білім алған бұл деңгейдегі адам өмірдің барлық сыр-сипатын, болмыс сырларын жақсы біледі. Бірақ ол өзінің бұл білімін әлі өзінің ішкі болмысына, өзіндік қасиетіне айналдыра алған жоқ. Сондықтан ол біліп тұрса да, ол білімді толық қолдана алмай, өмірде қателіктер жіберуі де мүмкін. Ол әлі өзінің нәпсісінің ықпалында. Жан құмарын толық біліп, соның мүддесі үшін өмір сүрсе де, тән құмарын толық жеңбегендіктен кейде жанды тән жеңіп кететін жағдайлар болады. Ол әлі рухани жолда аяғында нық тұрған жоқ. Бірақ ол тура жолды дұрыс түсініп, өмірде соны таңдаған, оның алды ашық. Бұл жол сопы ілімінде "шариғат" деп аталатыны белгілі. Жүрек көзі ашылып, кеудесінде сәуле пайда бола бастаған бұл деңгейдегі адам білім іздеп шарқ ұрады, рухани білім іздеп қасиетті кітаптарды ақтарады, дүниені кезіп саяхат жасайды. Шәкәрімнің өзі осы мақсатпен Араб еліне, Түркияға сапар шекті. Бірақ ғылым іздеп шарық ұрған жанды дене байғұс төмен басып, кедергі жасай береді. Бұл туралы Шәкәрім қажы былай деп жазады:
Жан талпынар талайды көрмек үшін,
Әр сырын дүниенің білмек үшін.
Дене байғұс салмақ боп баса берер,
Жаралған ғой түбінде өлмек үшін.
(«Басында жан мен дене екі басқа»)
Осылай данышпан ақын білім іздеу жолында жан мен дененің алатын орны мен олардың қасиеттері және өзара байланысын да анықтап береді. Жан мәңгілік қасиетте ғана емес, сонымен бірге, ол білімге толы, сондықтан жан үнемі талпыныс-ізденісте. Бірақ дене байғұс салмақ болып басып, жанға бөгет бола береді, себебі, ол мәңгілікті емес, түбінде өлмек үшін жаралған. Бұл жан мен тәннің үздіксіз күресі – жан білім іздеп мәңгілік өмірді аңсап, алға тартса, ал тән надандыққтың ықпалымен зардапқа, өлімге тартады. Ақын білім іздеу жолындағы жан мен дененің байланысын көркем сөзбен осылай өрнектеп береді.
Болмыстың рухани жағы да, заттық жағы да бар. Болмыс туралы білім толық болып, рух пен материяны бірдей қамтуы керек. Сондықтан біз білім деген ұғымға оның материяны ғана қамтыйтын үйреншікті мағынасы емес, оның кең мағынасы – материя және рухтың біріккен мағынасын айтып отырмыз. Толық білім құрамына бес ақиқат кіреді: а) Жаратушы және Оның
сипаттары; ә) жан иелері және олардың сипаттары; б) табиғаттың түрлері мен сипаттыры; в) қалай дұрыс іс-әрекет жасау; г) уақыт. Егер білімнің рухани жағын, яғни Жаратушы туралы білімді алып тастаса, онда ол толықтығынан айырылады. Осылай ол материалдық білімге айналады. Шәкәрім ұғымы бойынша рухани негізден айырылған материалдық білім адамзатты тығырыққа әкеп тірейді. Материалдық білім қолдану мақсатынан айырылған құрал тәрізді. Ондай құралды жақсылық пен жамандыққа бірдей қолдануға болады. Білім ақылды күшейтеді. Абай «Ақыл мен қайрат жол табар, қашқанға да қуғанға» деген. Біліммен күшейген ақылды жасампаздық үшін де, не болмаса, құртып-жою үшін де қолдануға болады. Осылай адамдар білімді пайдаланып үлкен пайда келтіретін атом электр станциясын да, бүкіл тіршілікті жойып жіберетін атом бомбасын да ойлап шығарды. Ғылым нәтижесін дұрыс пайдаланудың маңызы туралы ақын былай деп жазады:
Шын залымға берме ғылым,
Ол алар да оқ қылар.
Қаруым дер, кісі атып жер,
Ол ғылымды айла етер.
Қарғысына сен қаларсың,
Елді алдап ол алар.
Ақылы жоқ, малы көптің,
Бірталайын еңіретер.
Дүниені түзетуші
Һәм бұзушы – бір ғылым.
Әрі залым, әрі ғалым,
Ел түбіне сол жетер.
(«Сен ғылымға болсаң ынтық»)
Шәкәрімнің осы сөздері қай заманға, қай халыққа болса да үлкен ескерту емес пе? Бұл шындық дамудың алғашқы сатысында тұрған елдер үшін де, жоғары дамыған елдер үшін де бірдей екені өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Қоғам өмірінде өздерінің білімін пайдаланып жоғары лауазымға көтерілген кейбір адамдардың арсыз қылықтары мен қоршаған табиғатта материалдық білім қорының шексіз жиналып, дұрыс қолданбаудың әсерінен бүгінгі күндері қоғам өміріне көптеген қауіп туып отыр. Шәкәрім білімді дұрыс пайдалана алмаудың салдарын жақсы білгендіктен ол бұл мәселеге үлкен көңіл бөліп, оны сынға алады. Білімді дұрыс пайдалана алмай, оның зардабын шегіп жүрген елдерді Шәкәрім былай деп суреттейді:
Көрінер ғылымды елдің сырты таза,
Тексеріп терең ойға салмағанда.
Ақымақ пен айуанның иісі аңқиды,
Істерін әбден сынап талдағанда.
Кей-кейде: «Түзелейік, кел», – деседі,
Кешікпей соғыс ашып, белдеседі.
Айласы артық, қаруы сайы жеңіп,
Мақтанып: «Бар ма біздей ел?» – деседі.
Тамам жан өзін-өзі «мен» деседі,
Өзгелерді жатырқап «сен» деседі.
«Біз» дейтұғын бір елді таба алмайсың,
Бұл қайтіп әділетпен теңдеседі?
«Білімділер сөз жазып, зарлағанда»)
Бұл өлең 1915 жылы жазылған. Шәкәрімнің жүз жыл бұрын жазған бұл өлеңі бүгінгі күнді сипаттап отырған тәрізді. Осылай ойшыл рухани болмысынан айырылған жарым білімнің адамзат үшін үлкен қауып екенін білдерді. Ұлы ойшыл ілімінен шығатын қорытынды – адам өмірін пайдалы өткізу жолы толық білімге ұмтылу және ол толық білімді адамның қадірқасиетіне айналдырып, оның табиғатын өзгерту болып табылады. Осылай сана-сезім жаңа деңгейге – жанның өзін-өзі тану деңгейіне көтеріледі.
3.4. Жанның өзін-өзі тану деңгейі
Рухани білім арқылы Алла тағаланы, Оның қасиеттері, шыбын жан, оның қасиеттері туралы және Ғазиз жан мен шыбын жанның өзара байланысы туралы білгеннен кейін, енді бұларды іске асыру керек болады. Білімді іске асыру дегеніміз – оны ақпарат деңгейінен көтеріп, ой-өріспен сезініп, жүрекпен түйсіну арқылы адамның өзінің болмысына айналдыруды білдіреді. Адам өзінің рухани болмысын біліп қана қоймайды, ол ұзақ діни жолда өзінің мәңгілікті жан екенін сезініп, бүкіл болмыстың бір бөлігі екенін түйсініп біледі. Адамның өзін-өзі тануы дегеніміз осы. Рухани жолда ұзақ ізденіс барысында осындай деңгейге көтерілуге болады. Осылай адам баласы өзінің түпкі болмысы мәңгілікті және ләззатты бақытқа толы, білімі толық жан екенін, сонымен бірге, өз болмысының Алла тағала болмысымен үйлесімді екенін сезіп-түйсінеді. Оның бүкіл болмысы өзгеріске түсіп, ол енді жан екенін толық сезініп, жаңа деңгейде өмір сүре бастайды. Өзін-өзі тану мен одан төмен тұрған білім деңгейінің айырмашылығы өте үлкен. Біріншісі – білім болса, екіншісі – тәжірибе. Тәжірибесіз білімнің пайдасы шамалы. Тәжірибе – жетілудің екінші қадамы. Мысалы, студент хирург болу үшін әуелі білім алады, сонан кейін тәжірибеден өтуі керек. Әйтпесе, оның алған білімінің пайдасы жоқ. Ол тәжірибесіз дұрыс операция жасай алмайды. Сол сияқты рухани жолда да тек қана білім жеткіліксіз. Адам
ол білімді іске асырып, оны өзінің болмысына айналдыруы керек. Сол кезде ғана ол өзін жан екенін толық сезініп, рухани болмысын түсіне алады. Қазіргі заманда көбінесе білім беру тек қана ақпарат деңгейімен ғана шектеледі. Ондай білім тереңге бойламайды. Нағыз білім ой-өрістен өтіп, жүректі қозғап, тамырды қуалап бойға тарайды. Ақпарат білім адам болмысына әсер ете алмайды, тез ұмытылады. Бұндай білімнің адамға беретін пайдасы шамалы. Оны күнделікті өмірден көріп жүрміз. Орта, тіпті жоғары дәрежелі білімі бар адамдардың өздері кейде өмірдің қарапайым мәселелерін дұрыс шеше алмай, үлкен шырғалаңға түседі. Немесе, төрт жыл мұғалымдықты оқып өз баласын дұрыс тәрбиелей алмайтын, алты жыл дәрігерлікті оқып, өзінің денсаулығын сақтай алмайтын мамандар бар. Осылай көп жыл оқып адам тәрбиесінің адамзат өміріндегі маңызын, мәнмәнісін, оның түпкі мағынасын түсінбеген мұғалімдер, адам денсаулығының негізін түсінбеген дәрігерлер пайда болады. Осының барлығы ақпарат деңгейіндегі білімнің адам өмірінде де, қоғам өмірінде де пайдасы шамалы екенін көрсетеді. Ал ондай білімі жоқ, бірақ өмірді дұрыс түйсінген қарапайым адам өмірде өзін еркін сезініп, бейбіт өмір сүреді. Білімді ең әуелі өзің пайдаланып, оның әсерін өзің біліп-сезіну керек, сонан кейін ғана оны өмірде пайдалану керек. Бұл туралы мынандай әңгіме бар. Ертеде бір әйел ауру баласын дәрігерге әкеліпті. Дәрігер оларды «Маған бір айдан кейін келіңдер» деп қайтарып жіберген екен. Бір ай өткен соң келген әйелге дәрігер «Сенің балаң енді қант жемесін» депті. Бұған «Бұл сөзді неге бір ай бұрын айтпадыңыз? Мен бір ай уақытымды жібердім, жолға қанша қаражат босқа жұмсадым!» деп әйел ренішін айтады. Сонда дәрігер «Осы сөзді айту үшін мен өзім бір ай бойы қант жемеген едім» деген екен. Білімі бар адам мен сол білім бойынша өмір сүретін адамның сөзі де, ісі де екі бөлек болады. «Мен жанмын» деген білімді түйсініп-сезіну арқылы өзін-өзі тану деңгейіне тек қана рухани тәжірибе арқылы жетуге болады. Өзінің жан екенін танып, Алла тағалаға қарай бағытталған жолды сопы ілімінде араб сөзімен «тариқат» деп атайды. Тариқат жолы – Алла тағалаға қайту жолы. Шын мәнінде болмыстағы бүкіл жан иелері, адамзат тарихы да осы жолда, бір бағытта, бір мақсатта, Алла тағалаға қайтуға арналған. Қасиетті Құранда түбінде барлығы да Алла тағалаға қайтады деп ескертетіні тегін емес. Бірақ өмір мақсаты Алла тағалаға қайту екенін жан иелерінің бірі білсе, бірі білмейді. Бұл мақсат діннің ішкі, араб сөзімен айтқанда батин мағынасы. Шәкәрім шығармасынан білетініміз адам өлген соң тәні жерде шіріп қалатын уақытша болса, ал оның жаны өлмейтін, мәңгілікті. Ендеше мәңгілікті Құдайға да тән емес, өлмейтін мәңгілікті жан қайтатыны ойланатын адамға түсінікті болса керек. Бұл туралы Шәкәрім былай деп жазады:
Асыққа ажал келмейді,
Қандай қаза көрсе де.
Көңілі жанды өлмейді,
Тәні жанды өлсе де.
(«Кел, аяқшы, қымыз құй»)
Құдайға ғашық (асық) жан өзін-өзі танып рухани болмыспен біріккен, сондықтан ол мақсатына жетіп, «мен тәнмін» деп жүргендер өлсе де, ол өлмейтін мәңгілік аясына кірген. Осылай, ішкі мақсатқа тән емес, мәңгілікті өлмейтін жан жетеді, сондықтан ішкі мақсат діннің негізі болып табылады. Алла тағала бір болғандықтан, Оған жету мақсаты да, яғни ішкі мақсат та барлық жан иелеріне, яғни барлық діндерге ортақ нәрсе болуы керек. Ішкі мақсатқа жету үшін адам баласы өзінің денесін пайдаланып түрлі діни рәсімдерді жасайды. Бұл діннің сыртқы, араб сөзімен айтқанда заһир мақсаты. Сыртқы мақсат дене арқылы жасалатын болғандықтан, ол әртүрлі. Себебі, денемен жасалатын рәсімдер қоғамда қалыптасқан әдет-ғұрыптарға, қоршаған табиғат жағдайларына, сол замандағы саяси ахуалға және басқа да фәни әлемнің түрлі өзгешеліктеріне тәуелді, сондықтан, әртүрлі болып қалыптасады. Бұл түрлі діни тұжырымдармен, концепциялармен қоянқолтықтаса келіп діннің сыртқы салт-дәстүрлерінің саналуандығын тудырады. Абай діннің сыртқы мақсаты оның ішкі мақсатын қорғайтын күзетші тәрізді ғана дейді өзінің отыз сегізінші қара сөзінде. Сондықтан, күзететін нәрсе болмаса ол күзеттің қажеті болмайтыны тәрізді, ішкі мақсат болмаса сыртқы мақсаттың да қажеті жоқ. «Достыңыз зор» өлеңінде досыңыз зор, дұшпаның қор болып, бар тілекке жетіп, сансыз бақыт, алтын тақыт алып, бар уайым қалып, не талап етсеңіз де дайын болып өмір сүріп, бірақ өлгеннен кейін осының бәрі қайда, несі пайда, егер түк ала алмай кетсеңіз, деп Шәкәрім фәни тіршілік мәселесін алға тартады. Ол әрі қарай дүние көрінісін бір бағытта ағып бара жатқан сумен салыстыра отырып, былай дейді:.
Дүние қу –
Бір ағын су,
Түстік онда шөп болып,
Күнде ағамыз,
Сандаламыз,
Бейнетіміз көп болып.
Кейде тасқа
Кейде ағашқа
Соқтығамыз дөп келіп.
Суынан да ,
Уынан да
Құтыларымыз жоқ болып.
Дүние ағып,
Сусыл қағып,
Фәни көлге құйылар.
Бірі ерте
Бірі кешке
Шөп те келіп жиылар.
Көлге барып,
тыным алып,
Бәрі сонда жиылар.
Алды тыныс,
Болды тыныш,
Су ағыны тыйылар.
Жан иелері бұл ағын суда ағып бара жатқан шөп тәрізді болып, ақыры фәни көлге құйылады. Фәни көліміз – өлім. Осылай сана-сезімі фәни болмыстың деңгейінде болғандар өмірі өліммен аяқталып, жоқ болады. Бірақ тән өлгенмен мәңгілікті жан өлмейді, сондықтан егер адамның көкірек көзі ашылатын болса, онда ол өмірін әрі қарай жалғастырып болмыстың ішкі мақсатына, Түп Иеге қайтуға ұмтылады. Тіршілік көрінісін ағынды сумен, ал адамды сол судың толқынымен арпалысып, ағып бара жатқан қайықтағы жанмен салыстырған әңгімені Л.Н. Толстойдың шығармасынан да кездестіреміз. Болмыстың ішкі мақсатын, Алла тағаланы, заңғар биік рухани таудың басында орналасқан көркем нысана деп есептейтін болсақ, сол нысанаға жету үшін көптеген жолдар жатыр. Жан иелері өздерінің шама-парқына байланысты осы жолдарды, түрлі әдістерді таңдайды. Осылай түпкі мақсатқа жетуге бағытталған сансыз көп жолдардың, яғни діни ағымдардың бар екенін білеміз. Табиғаттың қиын сырлы құпияларымен барлық жан иелері бірі біліп, бірі білмей негізгі нысанаға қарай ентелеп келе жатыр. Кейбірі нысанаға жылдам жеткізетін тура жолға түскен. Бірақ бұл жол тура жол болғандықтан, тауға көтерілетін қыя тәрізді, өте абайлап, аяқты нық баспаса, көңіл басқа жаққа ауғанда құзға қарай ұшып кетуге болатындай өте қауыпты. Сондықтан бұл жолмен әркім жүре алмайды. Тариқат жолы дегеніміз, міне, осы жол. Бұл жолдағылардың көпшілігі жолдан тайып, нысанаға жетпей құлап жатады. Тау басындағы арманды нысанаға жететіндері өте аз болады. Бұлармен қатар келе жатқан басқа жолдағылар өздерінің шамаларына қарай бірде жүріп, бірде тоқтап дем алып, жол маңындағы әсем табиғат көріністеріне алданып, асықпай жүреді. Кейбірі жолды жеңілдету үшін тауға шығатын серпантин тәрізді ирелең жолды таңдайды. Кейбір әлсіздері біраз көтерілгеннен кейін ауыртпалыққа шыдамай кері кетіп, құлдырап, одан есін жиған соң қайта жоғары ұмтылып, сергелдеңмен жүреді. Әлемдегі жан иелерінің өздерінің
сана-сезімдерінің деңгейлеріне байланысты өмір ағымдарын, міне, осылай салыстырып, көруге болады. Бұл жолдағылардың мінездері бірдей емес. Кейбір имансыз адамдар қызғаншақтық, көреалмаушылық, өркөкіректік, нәпсінің ықпалына түсіп басқа жолда келе жатқандарды етегінен тартып, бөгет жасауға тырысады. Осылай олар бірі-бірімен жағаласып жүріп қымбат уақытын да, күш-қуатын да қоршылықпен, текке сарып етеді. Тау басындағы Алла тағала барлығын көріп отыр. Ол бұл арсыз адамдардың қылықтары үшін оларды өмірдің әділет заңдылығымен әуелі өмірдің төменгі деңгейлеріне жіберіп, күнәсінен арылтып алады да, сонан кейін олардың өздерінің сана-сезім деңгейлеріне байланысты таудың төменгі етегіне тастап, бұрынғы жүрген ауыр жолдарын қайтадан өтуге мәжбүр етеді. Осылай діндерді, халықтарды бір-біріне қарсы қойып, дінаралық, ұлтаралық келісімге нұқсан келтірудің болмыс өмірінде, оның ішінде әрбір адам үшін қандай зардабы барын түсіне аламыз. Сондықтан заманымыздың ұлы гуманистері Абай «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» десе, Шәкәрім бүкіл дүние көрінісі бәрі жанды екенін ескертіп, басқа жан иелеріне зәбір көрсетпей, «Сен де өзіңдей адамға мейірімді бол» деп, олардың барлығына тең қарауға шақырады. Көкірек көзі ашыла бастаған адам әуелі шариғат арқылы өмірдің түпкі мақсатын түсінеді. Сонан кейін ол мақсатқа жету үшін жол іздеп тариқатқа түседі. Олар енді негізгі мақсаттан басқаға көңіл аудармай, бар күш-жігерін бір бағытқа жұмылдырып, сол бағыттан ауытқымауға тырысады. Олар түпкі мақсаттың бір екенін, бірақ апаратын жолдың көп екенін жақсы біліп, жақсы түсінгендер. Сондықтан олар басқа жолмен келе жатқандарға көмек болуға ұмтылады. Жан иесі Аллаға баратын жолды өзінің сана-сезіміне байланысты өзі таңдайтынын, яғни оның бара жатқан жолы өзінің болмысына сәйкес келетінін олар жақсы түсінеді. Сондықтан олар бір жолды екінші жолға, яғни бір дінді екінші дінге қарсы қоймайды. Бұл жол данышпандық қасиетке жеткізеді. Себебі, тариқат жолы рухани білімді тәжірибеде қолдану жолы. Данышпандық дегеніміз – білім мен тәжірибенің қосындысынан туатын қасиет, яғни, данышпандар – рухани білімді толық меңгеріп, оны өмірде дұрыс қолдана білетін адамдар. Білімді іске асыру туралы Шәкәрім былай деп кеңес береді:
Құры білген не керек,
Білгенді қылған, со керек.
Баянсыздың бәрін қой,
Боласың сонда шын зерек.
Осылай Шәкәрім құр білгеннің пайдасы шамалы екенін айта келіп, ол біліміңді іске асыр, сонда зерек боласың дейді. Ол білімді іске асыру жолын да көрсетеді:
Мылжың дер оқығандар сөзімді анық,
Естіге түйір сөзім болар қанық.
Аз сөзбен айтып көрсем мақсатымды,
Онымды ұғар ма екен осы халық?
Қояр ем мылжыңдамай сөзімді ұқса,
Қайтемін оны ұға алмай діннен шықса.
Азды ұқсаң, бұл сөзімді анықтап ұқ,
Иеңдей болам деме, Иеңе ұқса.
Тәңірің – таза, болып бақ сен де кірсіз,
Әлің келсе, менен қаш, Иең – мінсіз.
Бұл Құдайдай боламын деген емес,
Сөзімнің түбін ұқпай деме дінсіз.
Алланың пендесіне рақымы мол,
Сен де өзіңдей адамға мейірімді бол.
Ол жаратты, сен-дағы жаратып бақ,
Бардан барды шығарсаң болады сол.
Керексізді қылмайды Иең-дағы,
Мен де сүйтем деп қара сен де тағы.
Бір Құдайың сабырлы, сен де шыда,
Бәрі осындай ойлансаң, артқы жағы.
Бұны білсең, боласың сүйікті құл,
Құлы болсаң, Қожаңның сүйгенін қыл.
Шын мұсылман болайын деп ойласаң,
Құдайға құл болудың мәнісін біл.
(«Мен жаздым өлеңменен бірталай сөз»)
Шәкәрімнің әрбір сөзінде терең ой-түйін және жүрек арқылы қабылдауды керек ететін шексіз мағына жатады. Оның осы өлеңі де көп мағыналы. Жалпы рухани дүние шексіз кең, оны бірден түсінудің мүмкін еместігі белгілі. Көп жағдайларда тыңдаушының енжарлығынан, құлықсыздығынан, ойдың таяздығынан «мылжың» деп құлақ салып тыңдалмай, не болмаса, қасиетті сөздердің, айтылған ойлардың мағынасы дұрыс қабылданбай, біржақты ғана түсініліп, түпкі мағынасынан алшақтап, тіпті, мүлде басқа мағына алатыны, не болмаса дұрыс айтқан кісіге «дінсіз» деп айдар тағылып, орынсыз сынға алынатыны жиі кездеседі. Сондықтан осының барлығын көпшілік жұрт дұрыс қабылдап, оның пайдасын дұрыс алуы үшін еріксіз мұқият түсіндіруге мәжбүр екенін, бірақ «Қояр ем мылжыңдамай сөзімді ұқса, Қайтемін оны ұға алмай діннен шықса» деген сөздермен өзінің ылажсыздығын білдіріп, ақталғандай болады. Ал аз сөзді ұға алатын болсаң,
онда «бұл сөзімді анықтап ұқ, Иеңдей болам деме, Иеңе ұқса» дейді. Шәкәрімнің бұл сөздерінің көп мағынасы бар. Алла тағаланың көркем қасиеттері шексіз, Онымен салыстырғанда шексіз кішкене жан Оның шексіз қасиеттерін ешуақытта толық игере алмайды. Қандай жетілген адамға болса да «Мен Құдайдай боламын», не болмаса «Мен Құдаймын» деудің өзі үлкен күнә. Екінші жағынан, рухани жетілу жолында тек қана Алла тағаланың шексіз көркем қасиеттері ғана үлгі бола алады. Егер Қожаң шексіз мейірімді болса, сен де мейірімді болып бақ, Ол шексіз кешірімді болса – сен кешірімді болып бақ, Ол шексіз шыдамды болса – сен шыдамды болып бақ, Ол шексіз әділетті болса – сен әділетті болып бақ, Ол шексіз қайратты болса – сен қайратты болып бақ, Ол шексіз жасампаз болса – сен жасампаз болып бақ. Кім болса да өз бойларында тек қана осы көркем қасиеттерді жетілдіруі керек. Міне, Шәкәрім адамды осындай биіктерге шақырады. Шәкәрімнің «Иеңдей болам деме, Иеңе ұқсап бақ» дегені осыны білдіріп, «Сен Иеңдей бола алмайсың, бірақ Оған ұқсай аласың, соған ұмтыл, бірақ бұл Құдайдай боламын деген емес» деген ойды білдіреді. Осының барлығы Абай ойларымен үндесіп жатыр. «Болмасаң да ұқсап бақ, адам болам десеңіз!» деп Абай да осы қағиданы ескертті емес пе? Себебі, ұқсауға ұмтылу – рухани жетілудің негізгі шарттарының бірі. Бұл Алла тағаланың сүйікті құлы болуға мүмкіндік береді, ал Оның құлы болсаң, онда Қожаңның сүйгенін қыл. Бұл шын мұсылман болудың жолы, сондықтан құл болудың мәнісін біл. Тариқатта жетістікке жеткендер Алла тағаланың шапағат нұрын сезіне бастайды. Тариқат пен Хақиқаттың арсындағы бұл аралық сезім деңгейін «Мағрифат», (Алланы тану, білу) деп атайды. Осылай рухани ләззат қоюланып, Хақпен бірігіп, хақиқат деңгейіне жетеді. Шын мұсылман болып, Абай сөзімен айтқанда «Кәміл мұсылман» жолымен рухани жетілудің осы биік деңгейіне көтерілу әдісін Шәкәрім сырлы сөздермен былай деп суреттейді:
«Жан денеден жалықты,
Жанды ал», – дедім Жарыма.
«Ол сасыған балық-ты,
Кім құмар, – деді, – жаныңа».
«Сасып кетсе жанымды,
Таза сумен жуайын.
Аппақ қылып тәнімді, –
Дедім, – қайта туайын».
Жарым айтты: «Жүректі
Арақ ішкен мимен жу.
Шірітіп жүр сүйекті,
Ескі иманның бәрін қу».
Мас болып алып құйған ми,
Жүрегіме жетсе де,
Шықпай отыр нәпсі би,
Сасық иман кетсе де.
Қайтерімді білмедім,
Жар білер деп қысылдым.
Өмірді көзге ілмедім,
Қанжарға мойын ұсындым.
Шапты Жарым басымды,
Арам қаным төгілді.
Нәпсі дарға асылды,
О да жаннан түңілді.
Өз Жарына шапқыздым,
Бас қарызы менде жоқ.
Жанға жарын тапқыздым,
Армансыз мендей бенде жоқ.
(«Жан денеден жалықты»)
Бұл өлеңде Жар, арақ, мас болу тәрізді терең сырлы сөздер кездеседі. Бұл сөздердің мағынасы өздерінің алғашқы қарапайым мағынасынан алшақ екені кімге болса да түсінікті болса керек. Бұл алшақтықтың мәнін дұрыс түсінбесе өлеңнің мағынасын толық қабылдау мүмкін емес. Бұл сөздердің түпкі мағынасына төменде тоқталамыз, әзірше өлеңнің жалпы мағынасына келейік. Адам баласы рухани білімнің көмегімен өзін жан деп біліп, рухани жолға түсіп, содан бұл білімді іске асырып өзін жан екенін анық сезінгеннен кейін ол енді жан мен тәннің қарым-қатынасын, тәннің салмақ боп баса беретінін айырып, енді жылжуға бөгет болатын бұл салмақтан құтылуға ұмтылады. Осылай рухани жолдағы адам аскеттікке, тақуалыққа жетеді. Рухани білімді тәжірибе жүзінде пайдаланып, жетілу үшін тақуалықты қолдану керек. Бірақ нағыз тақуалыққа адам әулие деңгейінде ғана келеді. Тақуалықтың шыңы – бұл фәни әлемнің ықпалынан толық шығу. Тақуалық рухани жетілу жолдағы құрал тәрізді, мақсатқа жеткеннен кейін ол құралды лақтырып тастауға болады. Осы жағдайды Шәкәрім «Жан денеден жалықты, жанды ал», – дедім Жарыма» деп денені тәркі етіп, өзін Құдайға ұсынып отыр. Осылай жанның өзін-өзі тану деңгейіне әркімнің көтеріле алмайтынын көреміз. Тіпті толық берілсең де сенің жаныңды алу-алмау Алла тағаланың еркінде. Егер Ол көңілін бөліп, шапағат нұрын түсірсе толық берілген жанның қабылдануы мүмкін. Ал егер «сасыған балықтай» әлі тазармаған болса, жанның Алла тағалаға қайтуына ешқандай мүмкіншілік жоқ. Сондықтан бөгде ниетпен сасыған жанды таза сумен жуу керек. Таза сумен жуу дегеніміз – рухани
жолға түсіп, білімді тәжірибеден өткізу деген сөз. Осылай сасыған жанды тариқат жолымен біртіндеп тазартуға болады. Тариқат жолында тазарудың негізгі әдістері бар. Ең маңыздысы – рухани жетілген адамды тыңдау. Сонан кейін ол алған білімді қайталау, яғни басқа адамға жеткізу. Келесі деңгей алған білімді ой-өріске салып пікірлеу (сопы ілімінде фікір деп аталады). Және осының барлығы тек қана Алла тағаланың ризашылығы үшін ғана жасалуы керек. Осылай жан тазарып, белгілі бір тазару дәрежесіне жеткенде Абай көрсеткен және Құран Кәрімде айтылатын адам өмірінің түпкі мақсаты – Түп Иеге қайтуға мүмкіндік туады. Тазару деңгейі әлі жетілмеген жаағдайда жан қайтадан туып, даму жолын әрі қарай жалғастырады. Жан бұрынғы қалпынан таза болғандықтан, бұл жолы оның алатын тәні де бұрынғы тәннен тазарақ болады. Аппақ болып тазарған бұл тәні жанға Алла тағалаға жаңа биік деңгейде құлшылық жасауға мүмкіндік береді. Осылай жан тазару барысында бір тәннен екінші тәнге өтіп, ақырында Түп Иеге қайтуға мүмкіндік алады. Шәкәрім «Жүректі арақ ішкен мимен жу» деп таза құлшылық жолын меңзейді. Таза құлшылық жолына түсу үшін адам өзінің бұрынғы фәнилік былғанышынан арылуы керек. Бұл былғанышты Шәкәрім «ескі иман» дейді, яғни бұрынғы рухани жолдан алыс ой-өріс, сенімнанымдардан арылып, таза рухани сенімге көтерілу керек. Бірақ жан құмарын қандырып Алла тағаланың жолына түсуге тойымсыз нәпсі бөгет болады. Иманды өзгертіп, жаңа сенім алса да, заттық тәннің болмысы – нәпсіні жеңу қиынның қиыны. Нәпсі Алла тағаланың бір қуаты, сондықтан ол өте күшті, оны адам өзі ешуақытта толық жеңе алмайды. Ол қуатты тек қана оның шыққан көзі Алла тағаланың Өзінің көмегімен ғана жеңуге болады. Осылай фәни әлемді тәркі етіп, одан бас тартып толық Алла тағаланың ықпалына берілген кезде ғана нәпсі шыбын жанды өз құрсауынан босатып, оған толық құлшылық жолға түсуге жол ашады. Нәпсіні «Өмірді көзге ілмей, қанжарға мойын ұсынып» тек қана Құдай тағаланың көмегімен ғана жеңуге болады. Сопы ілімінде бұл қағида «өлімнен бұрын өлу» деп аталады. Бұл тақуалық өмір жолына түсіп, тән құмарынан толық бас тартып, жан құмарына берілу, яғни, тән әлі өлмесе де, одан бұрын нәпсіні ауыздықтап, жан құмарымен өмір сүру дегенді білдіреді. Сондай жағдайда Алла тағала адамның басын шауып арам қанын төгіп тазартып, нәпсіні дарға асып, оны жанға жеңіп береді. Нәпсіні осылай жеңіп, жанға Жарын тапқызып түпкі мақсатқа жетуге болады. Өмір мақсатына жетудің тура жолын Шәкәрім жұмбақтап осылай жеткізеді.
Мал да аяулы,
Жан да аяулы болса егер –
Малды аяма,
Жаның үшін малды сат!
Жан да аяулы,
Жар да аяулы болса егер –
Жанды аяма,
Жарың үшін жанды сат!
(«Мал да аяулы, жан да аяулы болса егер»)
– деп Шәкәрім қажы рухани жетілудің сатыларын, басты қағидаларын ашып береді. Барлық жан иелерінің міндеті – бір Жаратушыны мадақтау және бүкіл әлем бір Жаратушының мүддесі үшін жаратылғаны, бірақ соны мойындамай, кейбіреулер фәни өмірдің жалғандығын, сатқындығын, озбырлығын түсінбей өздерінің нәпсілерінің басыбайлы құлына айналады. Олар өздерінің кереңдігінен, соқырлығынан, жүректерінің мұздай суықтығынан болмыстың бұл сырын түсіне алмайды. Ақын бұл туралы «Тауық неге шақырар сағат сайын», «Сұраған жанға сәлем айт», «Тумақ, өлмек – тағдырдың шын қазасы» өлеңдерінде кестелейді.
3.5. Толық ләззат
Болмыстың ең жоғарғы қуаты – ләззат қуаты. Алла тағала ләззатқа толы. Ләззат сезіміне басқа жан иелерімен қарым-қатынаста бөленуге болады. Қарым-қатынас арқылы ләззат алу үшін жалғыз Алла тағаланың өзін де көпке бөлінді, яғни Өзінен басқа жан иелерін, бүкіл әлемді бөліп шығарып, болмысты жаратты. Осылай болмыс көріністерімен Ол ләззат алады. Сопы ілімі бойынша болмыс көрінісі Алла тағаланың ойыны болып табылады. Ал ләззат махаббатсыз болмайды. Сондықтан Жаратушы бүкіл болмысты махаббатпен жаратқан, оның ішінде адамзатты да, Абай сөзімен айтқанда «Махаббатпен жаратқан адамзатты». Бүкіл болмыс көрінісі махаббат көрінісі болғандықтан, шын мәнінде, барлық тіршілік ләззат әкеледі. Адамдардың арасында, басқа жан иелерінің арасында, тіпті Жер мен Ай Күнді айналғанда да, осының барлығы махабббат көріністері, бір-біріне ләззат береді. Себебі, Шәкәрім сөзімен айтқанда «Ғаламда не бар болса, бәрі жанды». Болмыста барлық жан иелері осылай бір-бірімен қарымқатынаста болып, қуаттарымен алмасып жатады. Мысалы, күн қуаты жерге түскенде ол бір түрден екінші түрге айналып, жер бетіндегі барлық тіршіліктің қайнар көзіне айналады. Материалдық әлемде ештеңенің де жоғалмайтыны және жаңадан пайда болмайтыны, оның тек қана бір түрден екінші түрге айналатыны мектеп қабырғасынан белгілі ақиқат. Түрлі қуаттардың бұл алмасуы жан иелерінің түрлі қажеттіліктерінен туады. Қажеттіліктері орындалғанда барлық жан иелері ләззат алады. Яғни, ләззат сезімі жан иесі өзіне қажетті нәрсені қабылдап, қанағат тапқанда пайда болады. Ләззат қанағаттан туады. Сондықтан, қанағат бар жерде ләззат бар. Әрине, қанағат сезімі ләззаттың алғашқы деңгейі. Жаратушының сансыз көп қуаттарының жоғары деңгейінде соған сәйкес жоғары ләззәт болмақ. Жан иелерінің қарым–қатынасы неғұрлым жоғары қуатпен байланысса, соғұрлым
олардың алатын ләззаттары да жоғары болмақ. Күнделікті өмірде өзінің азабынан, қайғы-қасыретінен ләззат алатын адамдар да бар. Мұндай адамдар өздеріне жасалатын қамқорлықтан айырылып қалмау үшін өздерінің осынау ауру-сырқау халдерінде қала бергісі келеді. Бұл ләззаттың ең төменгі деңгейі болса, ал қуаныш, қанағат өскен сайын алатын ләззат та ұлғая береді. Бұл қант өндіру процесі тәрізді. Қант алатын сұйық затты қайнатқан сайын ол қоюлана келіп, ақыры өзіміз күнделікті қолданатын тәтті қант түріне айналады. Сол сияқты жан да неғұрлым жоғары қуат көзімен байланысып, рухани толған сайын оның алатын ләззаты да қоюлана отырып, ақыры толық ләззатқа айналады. Ал ең жоғары қуат көзі кімде? Әрине, Алла тағаланың Өзінде. Сондықтан байланысты ең жоғары қуат көзі – Алла тағаламен жасау керек. Сонда өмірде ешқандай да шырғалаң мәселелер болмайды. Енді болмыс өмірінің ләззатқа толы екеніне көз жіберіп көрелік. Алла тағала болмысты Өзін қанағаттандыру үшін жаратқандықтан, бүкіл болмыс өзінің сол міндетін орындап, Жаратушыны мадақтап, Онымен үнемі байланыста. Жаратушымен байланыста болғандықтан, бұл – ләззат беретін махаббат байланысы. Тіпті табиғаттағы бүкіл жан иелерінің өмірі болмыстың осы заңдылығына сәйкес бір Жаратушыны мадақтау көрінісі болып табылады. Бұл туралы Шәкәрім былай деп жазады:
Тауық неге шақырар сағат сайын,
Дей ме уақыт өткенін ұқтырайын.
Кейде зарлы дауыспен ит ұлиды,
Білемісің, қылып тұр нені уайым?
Гүлді көрсе, мұңлы әнмен бұлбұл сайрап,
Айтып тұр ма баянсыз өмір жайын.
Таң бозарса, аспанда құйқылжытып,
Әнді неге салады бозторғайың?
Ғылымдылар тексеріп көрді ме екен,
Әлемнің қиын сырлы осындайын.
Ақылым соның сырын тап деп отыр,
Десем де ой жетпесті мен қумайын.
Саламын сасқанымнан ой жотаға,
Қыла алмай айуан тілін тіпті пайым.
Бос сайрап, текке ұлиды дейін десем,
Ол дәлелсіз екені ойға дайын.
Әрине, мұнда бір сыр болса керек,
Деймін де шешу таппай алақтайым.
Әншейін керексізді өлең қылып,
Дегенім жоқ ермек қылып, бос ойнайын.
Бұл да бір жаралыстың қыйын сыры,
Деп едім білгендерден сыр сұрайын.
Ешкім жауап бермесе бұл сөзіме,
Өзімнің ой жотамды енді айтайын:
Айуанда да ақыл бар адамдайын,
Десең, ойлан ондайдан сыр табайын.
Көңіл көзін аш-тағы ақылға сал,
Құр құлақпен тыңдама қалқатайым.
Олар деп тұр: «Ойға алып бір Құдайын,
Зор құдыретін әлемге ұқтырайын».
Құлшылық, намазы мен иманы сол,
Күнде бір, айында бір, сағат сайын.
Демейді: «Босқа ұлып, тек сайрайын»,
Деп тұр ол: «Зор Тәңірісін сипаттайын».
(«Тауық неге шақырар сағат сайын»)
Сонымен, бүкіл әлем көрінісі «Ойға алып бір Құдайын, Зор құдыретін әлемге ұқтырайын» деген ниетті, яғни барлық жан-жануар, қоршаған табиғат Құдайдың көркем қасиеттерін сипаттап, мадақтап бүкіл әлемге ұқтырайын деген тілекті білдіреді екен! Жан-жануар бүкіл ғаламның ішіндегі, яғни, сонымен бірге жүректегі Алла тағаланың әмірін мүлтіксіз орындап, өздерінің өмірін Ұлы Жаратушыны мадақтауға арнайды. Енді адамдардың өздерінің мақсаттарына, көңілдерінің қалауларына, санасезім деңгейлеріне байланысты алатын ләззатқа келейік. Ләззат деңгейлерін адам болмысына байланысты үшке бөлуге болады. Біріншісі, тәнді қанағаттандыру арқылы алынатын ләззат. Бұл сезім заттық деңгей болғандықтан, ең төменгі ләззат болып табылады. Екіншісі, ой-өрісті, психиканы қанағаттандыру арқылы алынатын ләззат. Адамның интеллектісі арқылы қабылдайтын болғандықтан, бұл ләззат біріншіден жоғары. Мысалы, адам тамақ ішкенде сыртқы сезімдері арқылы иіскеп оның иісінен, тілімен дәмін біліп, салқын-жылылығын сезіп, әкелінген тамақтың қандай әсемделіп көркемделгенін көріп қанағат тауып ләззат алады. Егер ол бұл тағам өз құрметі үшін дайындалғанын, не болмаса өзінің сүйікті адамы дайындағанын білсе, бұл оның ой-өрісіне әсер етіп, ішкі сезімдер арқылы одан да жоғары ләззат алады. Қанағаттан келген ләззат осылай адам бақытының өлшемі болып табылады. Адам неғұрлым көп ләззат алса – ол солғұрлым бақытты! Тән арқылы алынған ләззаттан интеллект арқылы алынған ләззат жоғары болғандықтан, әрқашанда ой-өрістен туатын сүйіспеншілік те, бақыт сезімі де біріншіден жоғары тұрады. Бірақ бұл екеуінен де жоғары бақыт сезімі бар. Ол – рухани деңгейдегі сезім. Бірінші және екінші деңгейдегі бақыт сезімдері Жаратушының материалдық қуаты арқылы болады. Ал үшінші деңгейдегі бақыт сезімі ең жоғарғы қуат, рухани қуаттан туады. Рухани болмыс мәңгілікке, толық білім мен ләззатқа толы болса, ал заттық болмыс керісінше, өлмек үшін туған уақытша, төмен баса беретін надан және зардапқа толы. Жан өзін-өзі толық таныған кезде сана-сезім осы рухани деңгейге көтеріледі. Жан өзін-өзі толық сезінгеннен кейін ол өзінің рухани ләззатын да толық сезінеді. Жан
құмарлығы рухани құмарлық болғандықтан, ол тек қана рухпен қанағаттанады. Сондықтан ол басқа жан иелерімен тек қана рух деңгейінде қатынас жасап, рухани ләззат алады. Ал ең жоғарғы қатынас та, ең жоғарғы алатын ләззат та, әрине, барлық ләззаттың қайнар көзі Алла тағаламен қатынаста. Бұл жағдайда шыбын жан мен Ғазиз Жан өздерінің рухтарымен байланысып, рухани қуатпен алмасады. Шексіз Жаратушы шексіз ләззаттың қайнар көзі болғандықтан, шыбын жан да шексіз ләззатқа бөленеді, сондықтан бұл – ләззаттың, яғни бақыт сезімінің шыңы болып табылады. Жан тазарғанда оның рухы Ғазиз жанның рухымен сәйкестеліп, сана деңгейі таза рухани деңгейге көтеріледі. Ғазиз жан мен шыбын жанның рухтары сәйкестелген кезде жан өзінің Ғазиз жанмен ұқсас екенін түсініп, өзін бөлінбейтін біртұтастығын сезінеді. Осындай кезде әл-Халладж «ән-әл-Хақ» (мен Құдаймын) деген. Құдаймен қосылғанда Шексіздің ләззаты қандай шексіз болса шыбын жанның ләззаты да сондай жоғары болуға тиісті. Сондықтан бұл деңгейде жан иесі толық ләззат алады. Рухани жетілудің бұл деңгейі сопы ілімінде «Хақиқат» деп аталып, Хаққа жетуді білдіреді. Бұл деңгейде адам толық ләззаттан мас, оған басқа ештеңенің қажеті жоқ, ол барлық арманына жетті. Ләззаттың бұл жоғары шыңын Шәкәрім қажы былай деп суреттейді:
Жас алпыстан асқан соң,
Өлімге аяқ басқан соң,
Тіршіліктен оянып,
Көзімді анық ашқан соң.
Хақиқаттың қымызын
Ішіп, бүгін мас едім,
Тазалап жүрек ындызын,
Нәрестедей жас едім.
Шақырды бір періште
Тәнімді емес, жанымды.
Өтірік деп керіспе,
Осы сөзім нанымды.
«Неге отырсың байланып, –
Деді, – байғұс, тұзақта.
Әуре болма айланып,
Лайық орын бұ жақта».
(«Жас алпыстан асқан соң»)
Шәкәрімнің бұл өлеңінен оның ләззаттың шыңын алпыс жастан асқан соң сезе бастағанын көреміз. Бұл – фәни әлемнің ұйқысынан оянып, көкірек көзін
ашқан соң таза ақылдың көмегімен жүрегін тіршіліктің былғанышынан арылтып, өзін жаңа туған пәк нәрестедей сезінген сәті. Сол кезде періште келіп оны басқа әлемге, әрине, рухани әлемге шақырған. Оның рухани болмысы бақи әлемге өтуге жарайтындай деңгейде тазарған. Бұл сөзбен айтып жеткізуге болмайтын толық ләззат сәті. Ләззаттың мұндай жоғары сәттерін әркім айта бермейді. Бұл әркім қабылдай бермейтін өте құпия және өте ардақты сәт. Сондықтан ақын «Өтірік деп керіспе» деп сендіреді. Егер бұл сәтін жұртқа жайып, паш ететін болса тақуа Алла тағаланың ондай шапағатынан айырылып қалуы да мүмкін. Олар бұл сирек сәтті өте құпия ұстап, Жаратушыға разышылығын білдіріп, тәубешілік жасап, Одан бұл шапағаттан айырмауды сұрап құлшылығын жалғастыра береді. Осылай оның Алла тағалаға деген құлшылығы өсіп, шапағат нұрына бөлену сәті молая береді. (Шәкәрімнің өзі бұл сәтін ашық білдіріп отырған себебі – келешек ұрпақ үшін, олардың да рухани деңгейдің осындай дәрежесі барын білсін деген мақсатпен болса керек). Шәкәрім осы деңгейдің алдындағы жанның өзін-өзі тану деңгейінде «Алла тағалаға ұқсап бақ» деп жетілу жолын көрсетсе, ал бұл толық ләззат деңгейінде «мас едім», «жас едім» деп мақсатқа жеткенін айтады. Бұл сөздермен ақын тариқаттың, яғни жолдың бітіп, енді хақиқатқа, яғни мақсатқа жеткенін білдіреді. Студент медик теориялық білім алып, сонан соң тәжірибеден (практикадан) өтіп қалай маман дәрігер болса, рухани жолдағы адам да әуелі шариғаттан өтіп білім алып, тариқатқа түсіп, оны іс жүзіне асырып бойына сіңіру жолымен (рухани тәжірибе), ақыры хақиқатқа (мақсатқа) жетеді. Әрине, рухани жолдың бұл белестері бірінен кейін бірі емес, барлығы бір мезгілде жүреді. Мысалы, шәкірт өзінің рухани ұстазынан шариғатты оқып, біле жүріп, діни рәсімдерді де (тариқатты) мұқият орындайды. Сонымен бірге, ол Алла тағаланың шапағат нұры түскен сәттерін де сезуі мүмкін. Бұл шапағат оған алдын ала аванс ретінде беріледі. Бұл жолды Абай «бек нәзік, бек шетін» деп атайды. Себебі, ниеттің тазалығын, діни рәсімдердің қатаң орындалуын керек етеді. Пышақтың жүзіндей өткір болғандықтан, болымсыз қателіктен кесіліп қалып, өте қатты зардап шегуге болады. Сондықтан бұл сынаққа шыдай алмай, тайып кететін адамдар жиі кездеседі. Сол себептен ондайларды жалған сопы ретінде Шәкәрім жиі сынайды.
4. Шәкәрім көтерілген рухани деңгей
4.1. Әулиелер кімдер?
Мына көзді қалдырып,
Көңіл көзін көзің қыл.
Бас көзімен қаңғырып,
Ұқпай қойсаң өзің біл.
Шәкәрім
Әуелі әулиенің кім екеніне, бұл ұғымның қайдан келіп, қайдан шыққанына тоқталайық. Арабтың «уәли» деген сөзі қазақ тіліне дос, жақын деп аударылады. Уәлидің көпше түрі арабша әулийа болып шығады. Қасиетті Құранда «әулийа Аллаһи» – Алланың достары деген сөз тіркесі жиі кездеседі. Бұл аяттарда Алла тағала Өзінің әулиелеріне (достарына) нұр беретінін (16:2), оларды даналыққа ие қылатынын (18:65), Оны дос тұтқандар мен Оның дидарына ынтық болғандар үшін қайғы мен қауып-қатер жоқ екенін (10:62) баяндайды. Егер Шығыстың шайырларының сапына үңілетін болсақ, олардың жартысынан астамы Иран мен Орта Азия елдерінен шыққанын көреміз. Бұның себебі, исламға дейін парсы тілінде сөйлейтін елдерде, оның ішінде Иранда зороастризм діні болған. Заратуштра арқылы келген бұл діни ағым болмыс көріністерін толығынан қамтитын рухани білімге негізделген. Бұл ілім мыңдаған жылдар өмір сүріп адамзат өркениетінің бір ошағы болған көне дүние тарихынан әйгілі сақ мемлекетіне де жат болмаған. Зороастралық парсылар ислам дінін қабылдағаннан кейін, өздерінің терең рухани білімін мұсылман аясына салып, болмыс сырларын түсіне біліп, соның арқасында діннің ішкі мағынасын сақтай алды. Осылай зороастризм сопылық ағыммен үндесіп, исламның рухани және теориялық іргетасына айналды. Сондықтан ислам елдерінде саяси және шаруашылық өмірде араб тілі қолданыс тапса, ал ғылым және поэзия тілі парсы тілі болып есептелген. Бұған шығыс шайырларының басым бөлігінің еңбектері парсы тілінде жазылғаны дәлел. Қазақ тіліне «Жар» деген сөз парсы тілінен енген. Сондықтан Шәкәрім шығармаларында да Жар мен ғашық (асық), жүрек пен дерт, рух пен нәпсі, шарап пен мастық, бұлбұл мен райхан гүлі, шам мен көбелек тәрізді сырлы сөздер бар. Достық қарым-қатынас өзара тең адамдардың арасында қалыптасатыны белгілі. Мұндай адамдар өздерін бір-бірімен рухани жақын сезініп, олардың арасында шексіз сенімділік, сыйластық орнайды. Алла тағала таза рухани жан болғандықтан, онымен достық та таза рухани деңгейде болуы шарт. Шәкәрім мен Абай жанның Алла тағаламен салыстырғанда шексіз кішкентай екенін, бірақ сапа жағынан, яғни, қасиеттері жағынан Онымен ұқсас екенін білдіреді. Ендеше Алла тағаламен дос болу үшін шыбын жанның тазалығы Ғазиз Жанның тазалығына ұқсас болуы керек. Міне сол кезде ғана шексіз мейірімді Алла тағаламен достық байланыс орнатуға болады. Әулиелік дегеніміз, түптеп келгенде, осы. Сол кезде шыбын жан мен Ғазиз Жан бірбірін тауып, айырылмастай «Әулие», яғни дос болады. Олардың қасиеттері ұқсас, яғни рухтары ұқсас халге жеткенде нағыз достар тәрізді Олардың ниеттері мен қалауларының арасында айырмашылық болмайды. Сол кезде шыбын жан өзінің Ғазиз Жанмен толық ұқсастығын сезініп, Одан айырмашылығы жоқ екенін, өзінің санасы Құдайдың санасына айналғанын түсініп әл-Халладж тәрізді «ан-әл-Хақ» мен «Құдаймын» дейді.
Шын мәнінде әулиелік – адамдықтың, рухани жетілудің шыңы. Адам ғана емес, барлық жан иелерінің болмысы материялық және рухани негізден құралады. Шәкәрім адам бойында бұл екі негіз үнемі бір-бірімен күресте болатынын айтады. Жан иесінің сана-сезім деңгейіне байланысты оның «мен» деген сезімі осы екі негіздің ортасында болады. Сана-сезімі неғұрлым жоғары болса, оның «мен» деген сезімі де жанға жақын болып, өзін солғұрлым рухани болмыспен теңейді. Оның сана-сезімі таза сана деңгейіне жеткенде ол өзін жан ретінде толық сезінеді. Әулиелік дегеніміз, міне, осы. Сонымен, егер жан иесі өзін таза тән ретінде сезінсе, ол – хайуан, ал таза рух ретінде сезінсе, ол – әулие. Қарапайым адамның өмірі хайуандық пен әулиеліктің арасында өтеді. Рухани болмыс шексіз болғандықтан, әрине, әулиелік те түрлі деңгейлерге бөлінеді. Кейбір әулиелер өзін материалдық болмыстың бір мүшесі екенін, Алла тағаланың материалдық қуатын сезінген кезде өзін болмыс көрінісімен теңейді, Мысалы, Будда осындай сәтте «Мен бәрі болдым, бәрі мен болды» деген, Алла тағаланың әлемдік порымын қамтитын сана-сезімнің бұл деңгейін ғылымда «космостық сана» деп атайды. Екіншілері өздерін таза рух екенін сезінеді. Алла тағала Ұлы жан болғандықтан, Оның да рухы бар. Ол рухты «нұр» деп атаймыз. Алла тағаланың «шапағат нұры» дегеніміз, міне, осы. Бұл деңгейге жеткен әулиелер Алла тағаланың нұрын, яғни рухани қуатын сезіп, оның сана-сезімі таза санаға айналып, санасы Алла тағала санасымен бірігеді. Ол өзін Алла тағаладан бөлек санамайды. Ал үшіншілері Алла тағаланың нұрын ғана алып қоймай, Оның тұлғалық қасиеттерін сезініп, Онымен достық, ғашықтық (асықтық) тәрізді өзара қатынас орнатуға жетеді. Бұл кезде олар Алла тағаланы «Дос», «Жар» деп атап, өздерін Оған жақын, ғашықпыз деп сезінеді. Әулиелер Алла тағаланы үнемі есінде ұстайды және Оны ешуақытта да ұмытпайды. Ол үшін олар Алла тағаланың қасиетті есімдерін үнемі қайталап, соның нәтижесінде өз бойларында сол есімдерге байланысты көркем қасиеттерді ұялатады. Әулие – жүрегі арқылы таза білім ала білетін, денесі сәуле шашып, маңына барған адамдарды шапағатына бөлеп, шипалы нәрін беретін, ақиқатты ешуақытта бұрмаламайтын шыншыл, өз ойын көркем өлеңмен бере алатын ақын және сөйлесе шешен, ақылы мен сөзі ісәрекетімен толық сәйкес келетін кемеңгер, іске шебер, өз ісін жақсы білетін, қайтпас қайсар, барлық іс-әрекетін Алла тағалаға бағыштайтын иманды, таза, өзін ұстай білетін сабырлы, шыдамды, кешірімді, өзіне-өзі сенімді, жомарт, қажырлы, ержүрек, мейірімді, кішіпейіл, жүрегі ләззатқа толған бақытты, ешқандай жауы жоқ, бірақ барлығына мейірімді және қамқор адам. Бұлардың барлығы да жаннан шығатын рухани қасиеттер. Әулиелік деңгейге, яғни бұл қасиеттерге тек қана шариғат пен білім арқылы жетуге болмайды. Бұл деңгейге тек қана білімді практика жүзінде іске асыра отырып өз болмысын өзгерту арқылы ғана жетуге болады. Әулиелер өздерінің сезімдерін, рухани деңгейін көпшілікке жария етпей, сырт көзге білдірмей, құпия ұстауға тырысады. Себебі, бұл сезім үлкен
талаптың, қайтпас қайраттың нәтижесінде пайда болатын зор жетістік. Жетістік неғұрлым жоғары болса, оны солғұрлым сырт көзден сақтай білу керек. Өйткені рухани қасиетті кез келген уақытта, нәпсінің ықпалымен оңай жоғалтып алуға болады. Сонымен бірге, бұл жетістіктің нәтижесі тек қана адамның өзінің құмарлығына ғана емес, ең әуелі Жоғары Ләззат Көзінің еркіне байланысты. Мүрит (тариқат жолындағы адам) өзінің Ұлы Жаратушымен салыстырғанда шексіз кішкене екенін, бойындағы барлық қадыр-қасиет тек қана Оның мейірімділігі арқасында ғана пайда болғанын, өзінің Оның алдында шексіз кішкентай, әлсіз, мардымсыз, сауатсыз екенін жақсы түйсініп-сезінеді. Сондықтан ол Алла тағалаға шексіз разы, өзін ешуақытта жасаушы, бұл қасиеттердің себебі деп есептемейді. Ол барлық айла-шарқын тек қана Алла тағаланың разылығына арнап, өзіне ештеңені қажет қылмай, тек қана Жоғары Жаратушының еркіне мойын ұсынып, Оның билігіне толық беріледі. Алла тағаланың шапағат нұрына осындай тақуалық жағдайда ғана жетуге болады. Ол бұл фәни әлемнің ықпалынан толық шыққандық. Оны Ғазиз Жанның Өзі басқарады. Сондықтан мұндай жан ешуақытта қателік жібермейді. Рухани жолдағы адам Алла тағалаға толық мойын ұсынбайынша ешқандай да жетістікке жетуге болмайтынын жақсы біледі. Мұсылман ұғымының өзі арабтың «мүслим» деген сөзінен туындап, «мойын ұсынушы» деген мағына беретіні де осының белгісі. Мұндай адам осылай толық мұсылман болмаса Алла тағаланың шапағатынан айырылып қалатынын жақсы біледі. Алла тағала мен адамның қарым-қатынасы рухани негізде болғандықтан, мұндай қатынас рухани әлемге жатады. Адамзаттың тілі адамдардың заттық әлемдегі өміріне арналған. Яғни ол рухани болмысты сипаттауға жарамайды. Материялық әлем рухани әлемнің көлеңкесі тәрізді, онымен ұқсастығы бар. Сондықтан сопы ілімінде өздерінің рухани сезімдерін жеткізу үшін, рухани әлемдегі түс-бейнелерді суреттеу үшін заттық әлемнің образдарын алып, өздерінің ойларын жеткізуге ұмтылады. Сопылық әдебиетте «Жар» – Құдайды, «шараб» (Шәкәрімде кейде қымыз) – Құдайдың нұрын, жүрек – нұр құйылған ыдыс, «мас болу» – Құдайдың нұрына бөленген шақты, «даяшы» – жүрекке нұр төгіп, өзінің шапағатын беретін Құдайды білдіреді. Бұл туралы шығыстанушы Абдулғалым Маралбектің жазғандарын келтіре кетейік. «Әуелі пайғамбардың аузынан шыққаннан бері шайырлардың шабытына арқау болған бұлбұл мен райхан гүлі бейнелері. Күні-түні сарғайып тосқан гүлі таң ата қауызын ашқан сәт сайрап қоя беретін бұлбұл Жаратушының пәк, мінсіз дидарының бір қырын жүрек көзі шалған сәт Иасауише айтқанда «рақс уа самағ ұрып», яғни сырт қараған жанға ән мен би сияқты көрінетін Құдайды пәктеу жырын – зікірді айтып қоя беретін әулие сипатын танытса, Хафизше айтқанда «аңқымасы естен айыратын, алайда ұстайын десем тікені алақанға кіретін Райхан гүлі» өзіне жақындағысы келген құлын екі өліммен – тірісінде нәпсісін өлтіру және бұл дүниелік тынысы тоқтайтын түбі бір өліммен сынайтын Алла тағаланың жұмбақталған символын білдіреді. Көбелек пен Шам бейнелері де осымен
тамырлас мәнді теңеулер. Мұнда жанып тұрған Шам Құранның Нұр сүресіндегі әйгілі аяттарда аян етілген шаммен астастырылады. Румидің тілінде шебер өрнектелген хикаяда Шамды танымаққа талап қылған үш көбелек үш түрлі рухани дәрежедегі адамның болмысын көрсетеді. Біріншісі (шамның жылуын ғана сезінеді) шамды ыстық шиша деп, екіншісі (білтені көріп) жанып тұрған білте деп ұғады. Сырттай бақылаудан аса алмаған бұлар Хақты тани алмайды. Тек үшінші көбелек шишаның ішіне сүңгіп кіріп, жалын мен тұтаса тұқылы қалмай жанып кетеді. Оның бұл әрекеті Шамды, яғни Алланы тануға ынтық жүрегіндегі шынайы махаббат ұшқынының ұлы махаббат Иесінің алып жалынына қосылуы деп айшықталады. Шәкәрім бабамызға тән мәселенің түп-төркінін тез танытқыш, ықшам тіл мұндай ұғымдарды бір-екі шумақпен-ақ қамтып отырады» /5/. Осымен үндескен әулиелік сипатты Шәкәрім былай деп береді:
Көрем десең Жарымды,
Мас боп жүрек тазала.
Өртеп жібер барыңды,
Қарсы ұмтыл қазаға.
Алла тағаланың шапағат нұрына шомылып мас болып өртенгенде жанатын нәрсе адамның нәпсісі. Нәпсінің ықпалынан толық шығып, тән құмарлығын толық жеңіп, жан билігін орнатуды өртену, яғни нәпсіні өртеу, жою болып табылады. «Өртеп жібер барыңды», бұл ұғымға не бар, соның барлығы, яғни, тек тән ғана емес, сонымен байланысқан: үй, мал-қора, дүниемүлік тәрізді барлық материалдық байлық жатады. Бұл арадағы «Өртеп жібер» деген сөз тура мағынасында емес, оған қатты байланба, себебі олардың барлығы сенікі емес, Алла тағаланың саған берген түрлі қуат түрлері, сондықтан оларды түгелдей өз мақсаттарында, Жаратушының разылығы үшін жұмса деген ұғымды білдіретіні түсінікті болса керек. Бұл ұғым пайғамбарымыздың «Өлместен бұрын өл» деген хадисынан шығады. Себебі, Алла тағаланың шапағатына бөленіп, Оған деген махаббатқа жетіп, Түп Иеге қайтып, өмірдің түпкі мақсатына жету үшін осы әлемде өз нәпсіңнің ықпалынан толық шығу – негізгі шарт. Бұл шарттың ішкі мағынасы – нәпсіні, яғни, тәнді өлтіру тәрізді болып көрінгенімен, шын мәнінде «нағыз менді» – рухты өсіріп, «жалған менді» – нәпсіні ең төменгі сатыға түсіру. Осы дәрежеден әулиелік басталады. Бұл дәреже – әулиелік сипаты. Әулиелік сипат туралы Шәкәрім былай дейді:
Жар сипатын білсеңіз де,
Нәпсің өлмей деме Жар.
Айла, алдау өзіңізге,
Шын хақиқат қонбайды, –
деп Алла тағаланың сипатын біліп қана қою, яғни білімнің жеткіліксіз екенін, нәпсің өлмей Алла тағаланы Жар деп атама, себебі, ол алдау болып табылады, деп үйретеді. Адамның Алла тағаланың шапағат нұры алған сәттегі сезімін экстаз дейді. Бұл адамның жүрегі арқылы қабылданатын асқан қанағат, қуанышты ләззат жағдайды білдіреді. Адам өзінің болмысына байланысты қанағат сезімін тән, көңіл және жаны арқылы алады. Аштықтан кейін дәмді тамақ ішуді қандай ләззат әкелетіні кімге болса да түсінікті жағдай. Одан да жоғары сезім – ойөріс, көңіл арқылы психологиялық қанағат, қуаныш одан да жоғары. Мысалы, алыс сапарда жүрген анасы үйде қалған баласының суретін көріп көзіне жас алуы осыған мысал бола алады. Ал ең жоғары қанағат, не болмаса ләззат – рухани ләззат. Рухани ләззатты рух арқылы жан алады. Сондықтан мұндай жоғары ләззат бүкіл денеге тарап, бірден білінеді. Бұл жоғары сезімді, өте жоғары жетілген рухани адам болмаса, қарапайым адамдарға бұл сезімді сырт көзге жасыру мүмкін де емес. Әулиелер өздерінің сыр-сипатын сырт көзден таса ұстайтындықтан олардың рухани деңгейін анықтау өте қиын. Балықшы балықшыны алыстан көретіні тәрізді әулиелерді әулиелердің өздері ғана анық тани алады. Әулиелік қасиет адамның сөйлеген сөзінен, оның жүрген-тұрғанынан байқалады. Үндемей отырған адамның қасиетін білу өте қиын. Ол аузын ашып, сөйлей бастағанда ғана оның шын болмысы көріне бастайды. Ол не туралы айтып, қалай сөйлеп отыр соған байланысты оның рухани деңгейі білінеді. Әулиелер барлық іс-әрекетін, айтқан сөзін тек қана Алла тағаламен байланыстырып, Соның разылығына арнайды. Және оларды осы қасиеттері арқылы таный аламыз. «Олардың аруақтары разы болсын» деп ислам әлемінің әулиелерін атай кетейік. Мысал үшін: Баязид Бистами, Әбу Насыр әл-Фараби, Зун-Нун әл-Мисри, Мансұр әл-Халладж, Имам Бухари, Әбу Хамид әл-Ғазали, Әмір әл-Макки, Омар Хайям, Фарид ат-дин Аттар, Джалал әд-дин Руми, Әбу Райхан Беруни, Әбу Әли ибн-Сина, Муслихуддин Сағди, Хожа Ахмет Яссауи, Физули Бағдади, Шамсуддин Хафиз, Әлішер Науаи, Ұлықбек, Абай (Ибрахим) және Шәкәрім (Шаһкәрім). Бұлардың қайсысы болса да адамзатты жоғары әлемдермен байланыстырушы дәнекер, күллі адамзат ұстаздары. Шын мәнінде нағыз әулиелер саны адамзат білетін шамадан әлдеқайда көп. Бірақ олар кезінде өздерін паш етпегендіктен танып-білінбеген. Әулиенің шын қасиеті оның бұл фәни әлемнен өту сәтінде байқалады. Өлім адам өмірінің қорытындысы, кімге болса да емтихан. Адамның рухани деңгейіне байланысты өлімді әркім әртүрлі қарсы алады. Бұл туралы Шәкәрім өзінің «Үш анық» шығармасында келтіретіні белгілі. Көпшілік әулиелер өздерінің сезімдері жайында жазып, артына қалдырған. Рухани жетілудің сырын түсіндіруге арналған бұл жазбалар олардың келешек ұрпаққа қалдырған мұрасы. Шәкәрім де осылай өзінің ішкі сырын ашық жазып отырған. Соған қарап біз оның әулиелік қасиеттерін таный аламыз. Ал кейбір әулиелер артына ештеңе жазып қалдырмаған, тіпті, жазу білмейтін
сауатсыз әулиелер де болған. Олар туралы біз басқалардың жазғанынан білеміз, не болмаса ештеңе білмейміз. Бірақ, барлық әулиелер тәрізді олар да рухани әлемде адамзат қамын ойлап Алла тағала разылығы үшін құлшылық құрып жүр. Әулиелер фәни әлем сөздерімен сезімдерін бізге жеткізгенде ол сөздер рухтанып, рухани қасиет алады. Сондықтан олардың жазған өлеңдері мен айтқан ойлары нағыз ақиқатты білдіріп, өте терең мағыналы және мәңгілікті қамтиды. Бұл рухани қуат адам жүрегіне терең бойлап, адам болмысын түрлі былғаныш, сырқаттан арылтып, көкірек көзін ашады. Шығыс шайырларының өлеңдерін оқығанда рухани болмыстан хабары жоқ адамның өзі бұрын өзіне белгісіз жағдайға түсіп, жаңа сезімдерге бөленеді. Ал мағынасын тереңірек түсінетін адамдар бұл өлеңдердің кереметтігіне қайран қалып, өзіне рухани азық етуге ұмтылады. Мысалы, батыс елдерінің ойшылдарының алдыңғы қатарында болған неміс ақыны Гете өзін шығыс шайырларының ұлтарағына да балай алмайтынын ашық айтқан, ал Шәкәрім болса Ғафиз өлеңдері сарыны арқылы өзінің Алла тағаламен байланысын көрсеткен бірталай өлеңдер жазды. Енді әулиенің қандай адам екені жөнінде Шәкәрімнің өзіне сөз берейік:
Анық асық – әулие,
Кереметке сол ие.
Жаны құрбан Жарына,
Керексіз өзге дүние.
Жарынан бөлек жаны жоқ,
Табатын басқа Жары жоқ.
Асықтан аяп қалатын
Иманы, малы, ары жоқ.
Жарының жаны – жандары,
Жалынға жанбас тәндері.
Дозақтың отын өшірер,
Жүректен аққан қандары.
Шын қасиет соларда
Дегенім күнә болар ма.
Құбылма мінез, тайғақ ой,
Екі сөз болмас оларда.
Тасбиық, сәлде, жайнамаз,
Тастамасаң қыс пен жаз,
Жүрегің болса тайғақ саз,
Сопысынып қылма наз.
(«Анық асық – әулие»)
«Анық асық – әулие» деп Шәкәрім осылай әулиенің негізгі белгісін, оның қасиетін береді. Әулиелікке тура жол – Алла тағалаға ғашықтық жол. Сондықтан бұл жолды әулиелік жол деп атауға болады. Әрине, әулиелікке жету үшін бұл жолмен ұзақ жүру керек. Бірақ, жолдан шықпай, таза ниет, үлкен қайрат-жігер болса түбінде бұл жол әулиелікке алып келеді. Сондықтан бұл жолдағы адамдарды «әулие» деп атауға болады. Себебі, олар әлі бұл деңгейге жете қоймаса да, кезінде оған жетеді. Алма ағашында өсіп тұрған көк жемісі әлі пісіп өзінің қасиеттеріне толық жетпесе де, егер ол түсіп қалмаса, кезінде пісіп, толып нағыз алма болады. Сол сияқты рухани жолдағы адам да жолдан таймаса, кезінде соған сәйкес нәтижеге жетеді. Сондықтан, рухани жолдағы адамға әулие ретінде қарау керек. Оны ешуақытта жәбірлеп, не болмаса орынсыз сынға алуға болмайды. Алла тағала басқаны жәбірлегенді ұнатпайды, әсіресе өзінің «достарын» әулиелерді жәбірлегенді ешуақытта да кешірмей, қатты жазалайды. Рухани жолда бұған мысалдар өте көп. Әулие қарапайым адам түсіне бермейтін кереметтей қасиеттерге ие, ол Жарына жанын құрбан етіп өзге дүниені керексіз етіп, пайғамбарымыз айтқан «өлместен бұрын өл» деген қағидасын іске асырған. Ақын «Жарынан бөлек жаны жоқ» деп оның қасиеттері Алла тағаламен толық үндесіп, бірігіп кеткенін білдіреді. Олардың тәндері толық рухтанып, рухани қасиет алған. Сондықтан, олардың денелерін отқа жақса да, рухани тәндері жанбайтын мәңгілікке айналған. Сократты өлтіреміз дегенде ол «Әуелі мені ұстап алыңдар» деп өзінің рухани денесінің бұл заттық әлемге бағынбайтынын, оны қолмен ұстауға болмайтынын білдірген. Әл-Халладжды қол аяғын бір-бірлеп шауып өлтіргенде ол «Менің жүретін басқа аяқтарым бар» деп оның денесін кескілеп тастаса да, бұл оның рухани тәніне ешқандай бөгет болмайтынын білдірген, ал өзі денеден жаны шыққанша үнемі күліп жатқан екен «Дозақтың отын өшірер, Жүректен аққан қандары» дейтіні жүректен шыққан Аллаға деген махаббатына ешқандай да фәнилік өмір әсер ете алмайды. Себебі, Аллаға ғашықтық деңгейінде дозаққа жіберетін барлық күнәлар кешіріліп, жойылады. Мұндай ғашықтық дозақтың отында жанбақ түгілі, керісінше, оның отын өшіріп тастайды. Сонымен бірге, мұндай ғашықтар барлық жоғары қасиеттерге ие. Бірақ сопылықтың барлық салтдәстүрін орындағанмен, егер жүрегің тайғақ саз тәрізді, яғни арамза молда тәрізді екіжүзді болсаң, оның бәрі бос әуре екенін білдіреді. Анық әулиелердің рухани қасиеттерін Шәкәрім әрі қарай былай деп суреттейді:
Анық ерге жолдас бол,
Нұқ кемесін ол білсе.
Бір тамшыдай көрмес ол,
Топан суы кез келсе.
Жатар жері әркімнің
Топырақ болса бір уыс.
Не қылады үйлерін
Көкке жеткен көп қуыс.
Шық, отырма бұл үйде,
Разы болма нанына.
Бұл қара ыдыс түбінде,
Тас қонақтың жанына.
(«Анық ерге жолдас бол»)
Алла тағаланың шапағат нұрымен ақсақ адам тау асады, соқыр көрмейтінді көреді. Ондай «анық ер» әулие «Бір тамшыдай көрмес ол, Топан суы кез келсе». Сопылар ілімінде фәни әлемді топан суымен салыстырып, одан аман өтудің өте қиын екені айтылады. Жан иесі осы топан суында кеменің үстінде келе жатқан тәрізді. Денені кемемен, кемені басқарушыны (капитанды) рухани ұстазбен, кемені алға итеріп жүргізетін желді ынта-жігермен, дұрыс бағыт берушіні рухани біліммен теңейді. Егер осылардың барлығының үйлесімділігі болса, онда Нұқ пайғамбардың кемесіне мінгендей топан суды бір тамшыдай да көрмей өте шығуға болады. Сен сондай адамға жолдас болып, оған ер, яғни рухани ұстаз қабылда дейді. Бұл фәни өмірдің тұңғиығына батып кетпей аман өтіп шығудың жолы. Басқа жол жоқ. Осыны түсіну үшін әркім өзінің өлгеннен кейінгі оған тиетіні, яғни жатар жері бір уыс топырақ болатынын біліп, соны түсінуі керек. Сонда ғана оның жүрек көзі ашылып, бұл фәни әлемнің зардабынан құтылуға көңілі ауып, топан судан аман өту үшін ең әуелі денсаулығын (кемені) жөндеуге, яғни барлық жаман қасиеттерден арылуға, өзіне жол көрсететін рухани ұстаз қабылдап, рухани білім алуға ұмтылады. Шәкәрім «Шық, отырма бұл үйде» деп бұл фәни өмір сенің мәңгілікті отыратын үйің емес, шық, өзіңнің мәңгілікті үйіңе жүр деп шақырғандай болады. Енді әулиеліктің кепілі неде екеніне келейік. Әулиелік – бір діннің, не болмаса белгілі бір халықтың ғана үлесі емес. Әулиелік – жан қасиеті. Сондықтан бұл қасиет діннің сыртқы мағынасын білдіретін рәсімдерге байланысты емес, оның ішкі мағынасын білдіретін жан тазалығына байланысты пайда болады. Әулиелік – бүкіл адамзатқа ортақ қасиет. Әулиелер, яғни «Алланың достары» түрлі діндердің, қауымдардың, нәсілдердің, ұлттардың арасында пайда болуы мүмкін. Әулиеліктің кепілі – Алла тағалаға берілудің тазалығы. Әулиелік жол – дүниені ұмытып бір Аллаға толық берілу. Дүниені неғұрлым толық ұмытып, Аллаға неғұрлым толық берілсең, әулиелікке де солғұрлым тез жетесің. Шәкәрім «Тәңіріні іздеп бір мұңғыл» атты өлеңінде, міне, осыны айтады.
Тәңіріні іздеп бір мұңғыл
Тас суретке шоқынса,
Өлсе де, болып соған құл,
Иманын бұзбай отырса.
Атақ, пайда іздемей,
Ойында мақтан жоқ болса,
Қиянатты көздемей,
Қанағатқа тоқ болса.
Молдеке оған таңданба,
Сол кіреді бейіске,
Екі жүзді сандалма
Сен қаласың кейісте.
Құдайың мен дүниеге
Кезекпе-кезек шоқынсаң,
Инедей пайда тие ме
Мешітте мың жыл отырсаң?
Кімде болса шын мінез,
Болмас онда екі сөз,
Өлтірсе де көзбе-көз,
Иманын сатып, алмас бөз.
Иман да сол, дін де сол –
Адаспайтын айқын жол,
Күнде, мейлің ыза бол,
Бейіске анық кіреді ол.
Мысал емес ындыным,
Әлгі мұңғыл – әулие,
Иманын сатқан жындының
Іздегені – дүние.
(«Тәңіріні іздеп бір мұңғыл»)
Түрік халықтары исламға дейін тәңіризмді ұстанғаны белгілі. Қазіргі заманда мұңғыл халқы тәңіризм мен буддизмнің өзара араласуынан пайда болған шаманизмді ұстанады. «Тәңіріні іздеп бір мұңғыл, Тас суретке шоқынса» деп Шәкәрім осыны білдірсе керек. Мұңғыл молдадан басқа дінде болса да «Сол кіреді бейіске» деп, бейіс пен жұмақ туралы көп айтатын, бірақ оларды бір-бірінен айыра алмайтын шала молдалармен салыстырып жазады. Ал шын ниеті жоқ, екі жүзді сандалмалар дүние іздеп Алланы
алдаймыз деп уақыттарын босқа өткізеді. Оларға «Сен қаласың кейісте» деп ескертеді. Сондықтан ондай екіжүзді молда болғаннан, мешіттен кетіп, адал еңбекпен қоғамдағы өз міндетін дұрыс атқарып, Алла тағалаға солай құлшылық жасағаны абзал екенін меңзейді. Бұл қай заманға болса да өте маңызды ғибрат. Екіжүзділер қай дінде болса да жеткілікті. Олар қарапайым халықтың алдында діннің жоғары беделін түсіріп, оны бұрмалап, дінге үлкен нұқсан келтіреді. Сондықтан, Абай да, Шәкәрімді де мұндай екіжүзділерді қатты сынайды. Шәкәрімнің сопылық жолдың қандай биік деңгейде екенін біле тұра, жалған сопыларды қатты сынайтыны, міне, осыдан болса керек. Нағыз діндарлар «Иманын сатып, алмас бөз». Яғни, адам баласы үшін ең қымбат нәрсе – иман. Нағыз діндарлар осы ең қымбат нәрсесін, иманды сатып, бөз (матаның ең арзан түрі) алмайды. Алла тағалаға деген осындай екі сөзсіз шын мінезбен берілгендік «Иман да сол, дін де сол – адаспайтын айқын жол» деп Шәкәрім әулиелік жолды айқындап береді. Сондықтан, мұсылман дінінде болмаса да «Әлгі мұңғыл – әулие», ал «Иманын сатқан жындының іздегені – дүние». Шәкәрім әулиелік жолды осылай анықтайды. Кім болса да өзінің сүйіктісі есіне түскенде қобалжып, түрлі сезімдерге бөленетіні белгілі. Сол сияқты белгілі бір себеппен өзінің сүйікті Жары есіне түскенде әулиені жоғары ләззат билеп, оның еркін алып кетеді. Ләззат рух арқылы жаннан шығатындықтан, мұндай ләззат сыртқы материалдық себептерді елемей, адамның еркін толық билейді. Мұндай сезім билеген адам миы емес, жүрегінің ықпалында болғандықтан, ол не істегенін өзі де түсінбей, сезбей қалып, ерекше сезімдердің ықпалына түсіп кетеді. Экстаздың бірнеше түрлері бар. Мұндай жоғары сезім ықпалына түскен адам кенеттен билей жөнеледі, не болмаса бір сәтте өзін ұстай алмай қатты өкіріп жыласа, екінші сәтте дауыстап қарқылдап күле жөнелуі мүмкін. Немесе бір сәтте өлең айта жөнелсе, екінші сәтте жерге құлай кетіп, денесі дірілдеп, аунай жөнеледі, кейде есінен танып құлап түседі, немесе секіріп ұшып тұрып, жүгіре жөнеледі. Осылай адам бойында билеу, өлең айту, жылау, күлкі, денесі дірілдеу, терлеу, шашының тік тұруы, есінен тану тәрізді экстаз белгілері пайда болады. Шәкәрім адамның осындай кезін былай деп бейнелейді:
Арақ ішіп құтырсаң,
Бар киімді сыпырсаң.
Дүниеде мұтылсаң –
Жолға түстің түп-түзу!
(«Шошыма, достым, сөзімнен»)
Құдайға қайтуға тура жолға түсу үшін Алла тағаланың шапағат нұрына (арақ ішіп құтыру) бөлену керек, бұл фәни әлемнің барлық сырқатынан арылтады (Бар киімді сыпырсаң), бірақ дүние мұндай адамды керек қылмай ұмытады (мұтылсаң). Рухани күштің әсерімен мас болып, жоғары сезімге
үнемі шомылып жүретін рухани жетілудің шыңына жеткен әулиелердің осындай сәтінде оларды «мәжнүн» деп атайды. Бұл сөз араб тілінен «жынданған ақымақ» деп аударылады екен. Қарапайым адамның көзіне бұл сәтте ол жынданған адам тәрізді көрінуі мүмкін. Сол себептен болса керек, халық аузында рухани жетілмеген, психикасы шайқалған, сондықтан өзін-өзі басқара алмайтын адамды «мәжнүн» деп атайды. Бірақ шын мәжнүн ол есі ауысқан адам емес, шын мәжнүн Алла тағалаға таза ғашық болып, Оның сүйікті құлына айналған адам. Осылай екі мәжнүннің арасында үлкен айырмашылық бар. Біріншісі – әулие, ал екіншісі – хайуан. Екеуі де – мәжнүн. Біріншісі – нәпсі ықпалынан біржола құтылып, толық бостандық алған еркін мәжнүн, ал екіншісі –нәпсінің ықпалында қалып, еркіндіктен мүлде айырылып, нәпсінің құлына айналған мәжнүн. Қарапайым адам осы екеуінің ортасында. Шығыс шайырлары «Ләйлі-Мәжнүн» атты шығарма жазған. Шәкәрімнің де осы аттас дастаны бар. Бұл шығармалар айтарлықтай бір ортақ қасиетке ие. Олардың тақырыбы бір болып, тіпті мазмұны да ұқсас бола тұрып, әрқайсысы әртүрлі жазылған. Әлемдік поэзияда осылай бір сюжетке арналып, сонымен бірге, әртүрлі болып жазылуы өте сирек кездесетін жағдай. Бұның мәні неде? Шығыс поэзиясында не себептен «Ләйлі-Мәжнүн» атты шығарма кеңінен жайылған? Бұның сырын әулиелердің өміріне көңіл бөлсек түсінетін сияқтымыз. Әулиелікке жеткізетін сопылық жолда Алла тағаланың қасиетті есімдерін қайталау, яғни тасбих тартып зікір айту арқылы жүректі тазартып, Оның көркем қасиеттеріне ие болу негізгі әдістердің бірі болып табылады. Зікірдің бірі – «лә иллаһә иллаллаһ» (Алладан басқа ешбір Тәңір жоқ) деген Алла тағаланың бір сипатын білдіретін сөз. «Лә иллаһә иллаллаһ» деп үздіксіз ұзақ қайталаған кезде «һ» дыбысы әлсіреп «ЛәйләЛәйлә» болып естіліп кетеді. Осылай сопы «Ләйлаға» бар көңілін шоғырландырып, Алла тағалаға сүйіспеншілік сезіміне жетуге ұмтылады. Бұл – оның негізгі мақсаты мен арманы. Осылай «Ләйлә» оның сүйікті образына айналады. «Ләйлә» – Алла тағала образы, ал «Мәжнүн» – оған ғашық болған өзінің образы. Екі образ бір-біріне ынтығып ұмтылғанда «Ләйлі-Мәжнүн» болып шығады. Әрбір Мәжнүн өзінің ғашығы Ләйліге сүйспеншілігін өзінше білдіріп, ғашықтық сезімін өзінше ағытқанда поэзияның түрлі көркемдігін тудырады. Осылай бұл шығармалар фәни өмірде теңдесі жоқ ғашықтық жыр, жүректі жуып, оның көзін ашатын рухани бұлақтай болып шығады. «Ләйлі-Мәжнүнді» оқыған сайын екі ғашықтың бірбіріне деген сезімдері оқырманға әсер етіп, оның жүрек көзін аша отырып, рухани әлемге жол ашады. Бұл жол фәни әлемнің сырқатынан арылып, салауатты өмір салтымен тіршіліктің негізгі мәніне жетуге тура тартатын жолдардың бірі. Бұл жол – әулиелер жолы.
4.2. Шәкәрімнің әулиелік қасиеттері
Иә, Шәкәрім әулие болған адам. Әулиенің негізгі қасиеті оның Алла тағалаға ғашықтығы. Шәкәрімнің өзі бұл туралы «Нағыз асық – әулие» деп әулиелердің негізгі белгісі – олардың Аллаға ғашықтығы екенін ашық білдіреді. Ойшыл өзі де осы деңгейге жетіп, Алла тағалаға ғашықтық сезімдерге бөленген. Шәкәрім тәрізді сана-сезімі жоғары жетіліп, өзінің рухани болмысын толық таныған адамдар көрген-білгендерін жүрегімен сезіп, өздерінің ішкі дүниесін жақсы түсініп, нақты мағынасын жеткізе біледі. Ұзақ ізденудің арқасында ондай адамдар оқып-тоқығанын, білімін таза ақыл таразысына салып, жүрегімен саралайды. Шәкәрімнің барлық айтқандары мен жазғандары осындай оның ішкі дүниесін, шын болмысын суреттейді. Рухани дүние туралы жазғандары, әулие туралы толғаныстары – оның өзінің шынайы табиғаты, жеткен дәрежесі. Сондықтан, жазған өлеңдері арқылы оның өзінің рухани деңгейін көріп, әулиелік қасиеттерін анықтауға болады. Шәкәрім өзіне Алла тағаланың шапағат нұры жауып, санасының рухани ләззат деңгейіне көтерілген сәттерін, Алла тағаланың шапағат нұры түскен кездегі сезімдерін барынша ашық жазып, анық жеткізіп отырады. Жоғары күштердің әсерімен жазылған шығармалары оның рухани деңгейін тани білуді жеңілдетіп, заңғар биік тұлғасын көруге мүмкіндік береді. Ақынның кейбір терең мағыналы өлеңдері қарапайым оқырманға бірден түсінікті болмай, тосын көрініп, тіпті, қабылданбауы да мүмкін. Бірақ оның жүрек сөздеріне көңіл бөліп, асықпай байыппен оқыған адам ақынның сөздерінде бүкіл болмыстың ақиқаты жатқанын сезеді. Себебі ол Алла тағаланың шапағатымен санасы толық ләззат деңгейіне көтерілген. Шәкәрімнің көтерілген биік шыңын түсінгенде ғана оның әулиелік қасиеттерін көріп, рухани мұрасының шексіз тереңдігін түйсіне аламыз. Шәкәрім Алла тағаланың шапағат нұрын алпыс жастан асқаннан кейін сезіне бастаған. Ол 1919 жылы 61 жасында жазған «Баяғыда жас бала едің сен» атты өлеңінде былай деп жазады:
Жиырма жыл жүректі тесіп,
Бірі олай, бірі бұлай десіп,
Алынғанша анық шешіп,
Тыным ап тынбаған көңіл!
Бүгін тауып тілегенді,
Хақиқатқа көңіл сенді.
Қуанып, түрленіп енді,
Бозторғай шырлаған көңіл!
Бүгін менің ұлыс күнім,
Бағымды ашқан қадір түнім.
Жетіліп тұр қызыл гүлім,
Бұлбұлдай жырлаған көңіл!
Көзім көрді дегендей іс
Табылды. Кет, жоғал, кейіс!
«Өлімнің шын түбі – бейіс,
Анық», – деп ымдаған көңіл!
Тазалыққа тағы кеттім,
Балалықты қуып жеттім.
Жоғары ғаршыдан өттім,
Осыны шындаған көңіл!
Терең ойсыз кей арамтер:
«Өлімнен соң өмір жоқ», – дер.
Өкініп қайғымен өтер,
Мойын ұсынбаған көңіл!
Келем десең, өлім, маған,
Досымсың, жау емен саған.
Есікті аш жолды байлаған,
Жөнелсін ұнаған көңіл!
(«Баяғыда жас бала едің сен»)
Бұл өлеңінде Шәкәрім қырық жастан асқаннан кейінгі келесі жиырма жыл бойы өмірдің түпкі мақсаты жөнінде ойға қалып, жүректі тескен ұзақ ізденіс нәтижесін жазады. Нәтижесі – Хақиқатқа толық сеніп, «Жетіліп тұр қызыл гүлім, Бұлбұлдай жырлаған көңіл!». Ол өзінің жиырма жылдық үздіксіз ізденісінен кейін рухани болмысты сезінді. Рухани болмысын танып, тілегенін тауып, Хақиқатқа көңілі толық сенген күнін «менің ұлыс күнім» деп атап, ол өзінің қуанышын білдіреді. Ол енді дамудың жаңа деңгейіне көтерілді. Ол «Кет, жоғал, кейіс!» деп фәни өмір ықпалынан толық арылып, нәпсіден босанғанын, соның арқасында «Өлімнің шын түбі – бейіс, Анық» – деп өлімнің негізгі міндеті жанды тозақ емес, мәңгілікті бейіске, Аныққа (Құдайға) жеткізу екенін сезінді. Бұл жетістікке жүрек толық тазарып, адам жас баладай пәк болғанда ғана жетуге болады. «Балалықты қуып жеттім» деп ақын осыны білдіреді. Шарықтаған көңілі жоғары ғаршыдан өткеннен кейін ол мәңгілікті сезінеді. «Өлімнен соң өмір жоқ!» дейтін алдағы өмірге сенбейтін имансыздарды сынайды. Өлім оған енді қорқыныш емес, өзіне рухани әлемнің есігін ашатын құрал ғана. Шәкәрім үшін өлімнің түпкі мәні «Есікті аш жолды байлаған, Жөнелсін ұнаған көңіл». Өлім жау емес, керісінше, түпкі мақсатқа жеткізетін мүмкіндік. Осылай Шәкәрім алпыс жастан асқанда Алла тағаланың шапағат нұрына бөленіп, рухани ләззаттың дәмін татқан, аңқыған жаңа лебіз сезініп, енді соған деген құштарлыққа жеткен. Бұл әулиелік нышандар.
Рухани жетілген адамдар жүрек сырын білдірмей, ішкі сезімдерін көпшіліктен құпияда ұстайды. Бірақ олар өздерінің жеткен рухани деңгейлерін жақсы біледі. Үздіксіз ізденісте болғандықтан, олар жетілу шыңына бет алады. Бірақ Шәкәрім басқа әулиелер тәрізді жүрек құпиясын бүкпейді, сырын ашық жазады. Оның мақсаты келешек ұрпаққа өнеге қалдыру. Өз заманы дұрыс түсініп, соған сәйкес бағасын бере алмаса да, келешекке сеніп артып, кейінгі жастар үлгі алар деп үміттенеді. Осылай ақын келешек ұрпаққа үлкен сенім артқан. Бұл туралы өзінің бірнеше өлеңдерінде жазады. Бүгінгі күндері оның осы үмітін ақтайтын заман келді. Осындай жарқын болашақты күткендей ақын өзі былай деп жырлайды:
Кетермін, артымда сөз, әнім қалар,
Кейінгі жастар оқып ортаға алар.
Бірі жөн, бірі теріс айтыпты деп,
Таласып өздерінше сынға салар.
Табиғи заң – өткенді жаңа сынау,
Жаманынан жиреніп, жақсыны ұнау.
Дәлелдеуге өлген соң келмес тілім,
Тірлігімде айтатын сөзім мынау:
Сынау қиын біреудің жайын білмей,
Кетпе өмірін, ортасын көзіне ілмей.
Ауыр жүк арқалаған жолаушыға,
Жағада жүксіз тұрған жанша күлмей.
Қайықпен кездім теңіз ауыр күнде,
Қанды опқын, қатты толқын қара түнде.
Заманым заманыңа сәйкес келмес,
Сынап көр сол қайыққа сен де мін де.
Иесіз өзім кестім кіндігімді,
Зорға аштым тар үңгірде түндігімді.
Сүрген өмір жайымды түгел ұқсаң,
Сонда анық білерсің кімдігімді.
Ойшыл адамдардың мұрасын талдау, немесе оны түсіну үшін ең әуелі олардың рухани дәрежесін көріп, жеткен деңгейін біліп алу керек. Құдайға шүкір, қазіргі заманда жетілемін деген сауатты жастарға керекті рухани дүние баршылық. Сондықтан Шәкәрім жазғандарын оқып, жөн-терістігін саралап өз ойларын жеткізе білетін зиялы адамдар қазіргі қоғамда жеткілікті деп білеміз. Бірақ қажының өз тірлігінде айтқанындай біреуді сынап, баға беру үшін әуелі оның өмірін, тіршілік құрған ортасын көзге іліп, оның жайын білу керек. «Ауыр жүк арқалаған жолаушыға, Жағада жүксіз тұрған
жанша күліп» білместік жасауға болмайды. Оның заманы мен біздің заман екі басқа. «Қайықпен кездім теңіз ауыр күнде» деп заманды теңізбен салыстыра отырып, ол өз заманының шырғалаңының қандай қиын болғанын білдіреді. Ақын өзінің жағдайын дұрыс түсіну үшін «Сынап көр сол қайыққа сен де мін де» дейді. Өмірдің теңіздей шексіз алқабын өтерде өзінің жалғыз болғанын, көмек беретін ешкімнің болмағанын білдіреді. Бұл сөздердің үлкен мағынасы бар. Рухани ілім бойынша адам баласы екі рет өмірге келеді. Адам бірінші туғанда – ана құрсағынан фәни әлемге өтеді. Өмірге келген нәрестенің кіндігін кесіп, ал оны жасаған адамды «кіндік шеше» деп атап, қазақта оған үлкен құрмет көрсетіледі. Адамның екінші өмірге келуі – рухани дүниеге өтуі, яғни рухани жолға аяқ басуы. Бұл да дүниеге келу, бірақ басқа дүние. Бұл жолы рухани дүниеге кіреді. Жан иесі тіршіліктің түпкі мақсатына тек қана осы дүние есігі арқылы жетеді. Бұл жолдағы «кіндік шеше» – рухани ұстаз. Рухани ұстаз белгілі бір рәсімдермен рухани әлемнің есігін ашып, адамды жаңа деңгейге көтереді. Ол Алла тағала мен фәни әлемнің арасындағы дәнекер, екеуін жалғастырушы. Сондықтан кім болса да рухани әлемге тек қана рухани ұстаз арқылы ғана өте алады. Рухани ұстаз бұл жолды өзі толық өткендіктен, жолдың қыр-сырын жақсы біліп, өзіне ерген шәкіртті түпкі мақсатқа жеткізеді. Фәни әлемге келерде кіндік шеше түрлі әрекеттермен туған нәрестені ана құрсағынан бөлетіні тәрізді, рухани ұстаз да белгілі бір рәсімдер жасайды. Фәни әлемге келгенде жасалатын рәсімдер дене қыймылы арқылы жасалса, рухани әлемге өтерде дене қыймылы ғана емес, сонымен қатар, ой-өріс және жан қыймылы да қосылады. Рухани ұстаз рухани болмысқа барлық ой-өрісін шоғырландыру арқылы Алла тағалаға осы шәкіртті қабылдап, оған өзінің шапағатын беруді сұрап түрлі рәсімдер жасап, дұға оқыйды. Шәкірт бұл рәсімдерден өткен соң ол рухани ұстаз қабылдады және рухани жолға түсті деп есептеледі. Әрине, бұл – рухани жолдың басы ғана. Сонан соң шәкірт өзіне берілген шапағатты сезініп, оны бойына сіңіріп, шын мәнінде рухани әлемге өтуі керек. Бұл ұзақ жолда шәкірт осылай фәни әлем теңізінде кемемен жүзіп келе жатқан жан тәрізді басқарушысын (капитан) тауып, баратын бағытын (рухани білім) алып, соққан желді (өзінің ынтасын) дұрыс пайдалана алады. Өкінішке қарай қазақтың кең сахарасында жүрген Шәкәрімде мұндай жағдай болмаған. «Иесіз өзім кестім кіндігімді, Зорға аштым тар үңгірде түндігімді» деп, ол өзінің дәстүрлі рухани ұстазы болмағанын, сондықтан көп қиыншылық көргенін, соған қарамастан бұл фәни әлемнің ықпалынан құтылып кеткенін білдіреді. Әрине, бұл әркімнің қолынан келмейтін үлкен рухани ерлік. Бұл үшін ол елден бөлініп, жалғыздық та көрді, өзін түсінбеушіліктен туған «кәпір», «елден безген» деген тәрізді түрлі жалған атақтарға да ие болды. Бірақ ол қандай қиыншылықты көрсе де, өзінің алған бағытынан ауытқымай, бұл әлемнің шексіз теңізінде тіршіліктің барлық сұрапыл толқындарына тайсалмай қарсы тұрып, фәни әлемнің түндігін өзі ашып шықты. Діни жолда үнемі өзіне бағыт беріп, әр ісін қадағалап, кеңес
беріп отыратын тұрақты рухани ұстазы болмаса да Шәкәрім жоғары рухани деңгейге жете білді. Бұл өте сирек кездесетін ерлік. Ақынның өзі «Анық ерге жолдас бол, Нұқ кемесін ол білсе» деп рухани ұстаздың маңызын көре біліп, армандайды. Осылай қазақтың кең даласында сондай ұстазы болмаса да, үлкен жетістікке жетіп, үлкен рухани ерлік жасады деуге болады. Шәкәрім өзінің ортасын, өмірін түсіндіріп көп жазған. Оның бұл шығармаларына «Қырық жылдан өтіп жасым», «Қырықтан соңғы қырымды», «Өмір үйін тұрғызам деп», «Партия қуған өңкей қырт», «Тура жолда қайғы тұрмас», «Жасымнан жетік білдім түрік тілін», «Кейбіреу безді дейді елден мені», «Сұраған жанға сәлем айт», «Бесімде оқу білсін деп», «Жасыңда араластың малтымаға», «Кейбіреу безді дейді қатынынан», «Қайғылының ішінде жанар жалын», «Жапанда жалғыз жаттым елден безіп» тәрізді өлеңдері жатады. Міне, осы өлеңдерін зерделей отырып оның анығын біле аламыз. Ол анық – Шәкәрімнің әулиелігі. Ол әулиелік адамға оңайлықпен келмейді. Сопылар бұл жолда ең әуелі Алла тағаланың хикметтерін дұрыс түсініп, Оған деген ғашықтыққа ұмтылады. Білім ала отырып, барлық ынта-жігерді бір бағытқа шоғырландырғанда адам болмысы өзгеріске түсіп, әрбір қадам сайын жүрек көзі ашылып, бұл дүниенің жалғандығына көзі жете бастайды. Дүниені тәркі ету, яғни оның ықпалынан толық шығу, бойды толық меңгергенде ғана мүмкін болады. Ондай адамға бұл дүниенің ыстық-суығы, ақ-қарасы тәрізді екіұдайылығы жойылып, барлығы бірігіп, біртұтас дүниеге айналады. Осының өзі бұл дүниенің ықпалынан шығып, нәпсіге толық ие болудың қандай қиын және жетілу дәрежесінің қандай жоғары болатынын көрсетеді. Ондай адам бүкіл әлем, сонымен бірге оның өзі Алла тағаланың жаратқандары екенін және барлық әлем көрінісі Оның ырқымен болатынын, сондықтан, барлық жан иелері Оны разы етушілер екенін жақсы түсінеді. Егер барлығы Алла тағаланың жаратқандары болса, онда тән де «менікі» емес «Оныкі», ал «мен» Оның нұрынан жаралған бір бөлігімін. Сонымен бірге, әлемдегі барлық көрініс тек қана Алла тағаланың әмірімен болады. Ендеше Алла тағаланың разылығы үшін жүрген «менде» ештеңе жоқ, барлығы «Оныкі» және маған ештеңе байланысты емес. Осының барлығын Абай түсіндіріп кеткен. Ал Шәкәрім фәни өмірді былай деп суреттейді:
Шаранамен туып едің,
Бөз оранып өтесің.
Бір сағымды қуып едің,
Қай уақытта жетесің?
Қанша дәулет жиып едің,
Бәрі қалды, нетесің?
Мал үшін жан қиып едің,
Қайтіп алып кетесің?
(«Шаранамен туып едің»)
Қанша жанталасып жиған-терген мал-дүниең өлген соң артыңда қалып, ал өзің ең арзан матамен (бөзбен) оранып қабірге түсетінін ескерте отырып, адамға бұл өмірдегі іс-әрекеттің қорлығын, өмір шындығын ақын тура көрсеткендей болады. Бұндай дәрежеге жеткен әулиелер өзін осы дүниенің бір мүшесі екенін толық сезінеді. Бірақ Жаратушымен салыстырғанда өзінің шексіз кемшілігін олар жақсы біледі. Бұндай адам өзімшілдік, көкірек қағу тәрізді «жалған менге» негізделген сезімдерден толық арылған. Ол бүкіл болмыс көрінісінен Алла тағаланы көріп, әрбір жан иесінің жүрегіндегі Ғазиз жанмен байланыста болғандықтан, барлық жан иелеріне құрметпен қарап, үлкен мейірімділікте болады. Бұл дүниеде оның жауы жоқ. Ол тіршіліктің қуаныш-қайғысына бірдей ұстамды және сабырлы. Шәкәрімнің өзінің сана-сезімнің осындай жоғары деңгейіне жеткенін көрсететін шығармалары баршылық. Оларға «Кел, аяқшы, қымыз құй», «Кешегі басшы піріміз», «Көңіл жібі қолымнан», «Көрініске шоқынған», «Тұр, аяқшы, бер қымыз», «Шошыма, достым, сөзімнен», «Ажал маған арақ берсең», «Жан денеден жалықты», «Жас алпыстан асқан соң», «Өмірдің ұнап ойынын», «Өмір сырын көздесең», «Шам Сенен жарықпын деп күнәлі боп» тәрізді өлеңдері жатады. Шәкәрімнің әулиелік қасиеттері. Әулие деңгейіндегі адамдарда өзіндік ерекше қасиеттер болады. Шәкәрімде де осындай ерекше қасиеттер болған. Оның осындай кейбір әулиелік қасиеттеріне тоқталайық. Ол Алла тағалаға нағыз асық (ғашық), болашақты болжай білетін көреген, тілегін іске асыра білетін құдыретті, Алла тағалаға толық берілген, сондықтан Оның шапағат нұрына бөленген, қатарынан ерекше бөлінген жалғыз және басқа да көптеген қасиеттерге ие. Оның бұл қасиеттерін өзінің жетпіс жасында жазған «Иманым» атты топ өлеңдерінен көре аламыз. Ақынның бұл өлеңдері қатардағы ақын жаза алмайтын терең мағыналы, нұрлы сәуле тәрізді фәни әлемнің қараңғы түнегін ашатын, адам жүрегін сауықтыратын шипалы дәрі тәрізді. Бұл өлең жолдары «жазайыншы» деген ниеттен туатын жасанды сөздер емес, жүрек түбінен еріксіз шығатын шабыт сезімдері. Бұндай сирек кездесетін шабытты сәттерді ешқандай да фәни әлемнің сөздері толық жеткізе алмайды. Шәкәрімнің жүрегінен шыққан бұндай терең сырлы сөздердің мағынасын арнайы дайындық болмаса бірден қабылдау да оңай емес. Дегенмен шамамыз келгенше бұл сөздердің түпкі мәнін парықтап, Шәкәрімнің негізгі әулиелік қасиеттеріне көз жіберіп көрелік. Нағыз асық. «Нағыз асық – әулие» деп өзі айтпақшы, Шәкәрімнің әулиелігінің ең бірінші дәлелі – оның Алла тағалаға ғашықтығы. Бұған «Иманым» атты топ өлеңінен көптеген мысалдар келтіруге болады. Солардың бірінде ол өзі туралы былай деп толғайды:
Шын асықтың әрбірі,
Өліп топырақ болды да,
Жаралыстың тағдыры,
Жаратты мені орнына.
Жарының нұры қосылған,
Мол керемет менде бар.
Жалғыз Жарға шоқынған,
Қайда мендей бенде бар?
Менің Жарым қыз емес,
Хақиқаттың шын нұры.
Оны сезер сіз емес,
Көзге таса бұл сыры.
Жасырып тұр Жар өзін,
Бас көзімен қарама.
Жүрегіңнің аш көзін,
Жанның сырын арала.
Көрем десең Жарымды,
Мас бол, жүрек тазала.
Өртеп жібер барыңды,
Қарсы ұмтылып қазаға.
Көрсең оған бас ұрып,
Етегінен айрылма.
Не көрнеу, не жасырын,
Нәпсісіне қайрылма!
Ол өлеңінің алғашқы жолдарынан бастап-ақ өзінің қарапайым адам емес екенін білдіреді. Оны жаралыстың тағдыры асықтардың өліп топырақ болған орнына жаратқан, яғни негізгі болмысы – асықтан. Әрі қарай өзінің ерекше қасиетін айта келіп, «Жалғыз Жарға шоқынған, қайда мендей бенде бар?» деп өзінің әулиелік сипатын ескертеді. Әркімнің Алла тағала болмысын қабылдауы әртүрлі. Бұл өлеңінен Шәкәрімнің Алла тағаланы Нұр ретінде қабылдайтынын көреміз. Нұр Алла тағаланың қуаты, жаратушы аспектісі. Осы Нұрдың ішінде Алла тағаланың барлық жасампаздығы орналасқан. Бұл Нұр таза рухани, материямен араласпайтын, бірақ бүкіл материялық әлемді тудыратын жасампаздық қуат. Бірақ бұларды бас көзімен көруге болмайды, «Көзге таса бұл сыры». Шәкәрім «Жасырып тұр Жар Өзін» деп бұл Нұрды тұлға ретінде қабылдайтынын көрсетеді. Ендеше Онымен тұлғалық қарымқатынас бар. Бірақ бұның барлығы қарапайым адамның сезуіне қиын, «көзге таса бұл сыры». Оны көрудің бір-ақ жолы бар. Ол – мас болып, жүрек тазалау, яғни рухани жолға түсіп, Алла тағаланың шапағатын сезіп, жүрек
тазалау. Ол үшін «Өртеп жібер барыңды, қарсы ұмтыл қазаға», яғни Алла тағалаға толық беріліп, бұл дүниенің қызығынан бас тарту, сопыларша айтқанда «Өлімнен бұрын өлу», немесе, шамды анық тану үшін шамның отына жанып кеткен көбелектей болу. Егер бұл деңгейге жетсең, артыңа қайырылып қарама, яғни нәпсінің нәзік және дөрекі көріністерін айыра біліп, олардың ырқынан толық құтыл. Осылардың барлығы Шәкәрімнің бұл жолды толық өтіп, өзі әулиелік қасиет алғанын көрсетеді. Шәкәрімнің Алла тағалаға ғашықтық дәрежесіне жеткенін көрсететін тағы бір өлеңіне тоқталайық.
Шам Сенен жарықпын деп күнәлі боп,
Сондықтан түскен оның тіліне шоқ.
Айна Сенен асылмын деген үшін,
Дарға асылып, басына қадалған оқ.
Бүтін әлем байланған сыйқырыңа,
Мен жындандым асық боп сол нұрыңа.
Шірік иман, шыққан жан арман емес,
Қолымды бір тигізсем бұрымыңа.
Нұрға байсың нұрыңнан зекет – парыз,
Мен кедеймін, нұр сұрап қылдым арыз.
Бір қарасаң, тірілер өлі денем,
Қарамасаң, мойныңда кетер қарыз.
Қызырдың мәңгі суын сия қылып,
Тамам түнді сауыт қып қойсам құйып.
Осы дүние тозғанша жазсам-дағы,
Бітіре алман ерніңнің сырын біліп.
Нәресте, жас күнәсіз, күн мен айым,
Етегіңе қол тисе, адаспайым.
Жаратқанның құдыреті толықтығын,
Сенің мінсіз нұрыңнан байыптайым.
Мұны меңіреу табиғат жарата алмас,
Деймін де терең оймен соны ойлаймын.
Сондықтан жан, иманым бір сен үшін,
Мейлің сөк, мейлің ұна, осы жайым.
Жүз пайғамбар мұғжиза көрсетсе де,
Сені көрмей мұсылман бола алмайым.
Сенің нұрың түспеген сопыларды,
Бейіске кіреді-ау деп ойламайым.
(«Шам Сенен жарықпын деп күнәлі боп»)
Алла тағаламен теңелемін деген шам мен айнаны мысал ретінде келтіре отырып ақын Оның шексіз зор, оған ешкім теңеліп, қарсы тұра алмайтынын білдіреді.Тіліне түскен шоқтың арқасында (жанған пілтесімен) шам жарық береді, ал күнәсі үшін басына оқ қадалған айна қабырғаға ілінеді. Бұл өлеңінде ақын Алла тағаланың хикметін терең түсініп, «Мен жындандым асық боп сол нұрыңа» деп өзінің ғашықтығын білдіреді. «Қолымды бір тигізсең бұрымыңа» деп ақын Жарына жақынырақ болғысы келеді. Сопы поэзиясында «Бұрым» Алла тағаланың мінсіз дидарының бір қыры. «Мен кедеймін» дегені «Мен пақырмын» деген сөзден шыққан. Сопылар өздерін «пақыр», яғни рухани азыққа, Алланың нұрына кедей деп есептейді. Олар ел кезіп, өздерінің мистикалық сипаттарын көрсетіп, өздерін пақыр (факир) деп атағаннан кейін, батыс елдерінде шығыстан шыққан сиқыршы, иллюзионистерді «факир» деп атап кеткен. «Бітіре алман ерніңнің сырын біліп» деп Алла тағаланың сипатының шексіз ләззаттығын білдіреді. «Жүз пайғамбар мұғжиза көрсетсе де, Сені көрмей мұсылман бола алмаймын» деп Шәкәрім өте маңызды ой айтып отыр. Бұл ой: діннің негізгі мақсаты адамды бір нәтижеге әкелу, ол нәтиже – Алла тағаламен байланыс, яғни Оның нұрын алу. Бұл нұрсыз ешкім де бейіске, яғни рухани әлемге жете алмайды. Ол пайғамбарлардың көрсеткен кереметтері, айтқан дәлелдеріне қанағаттанбайды – ол Алла Нұрын өзі көргісі келеді. Міне, Шәкәрімнің ғашықтығы оны осындай рухани дәрежеге көтерген. Көреген. Әулиелердің тағы бір ерекше қасиеті – олардың терең рухани білімі болғандықтан, өмірдің барлық қыр-сырын жақсы түсінеді, сондықтан олар үшін бұл әлемде құпия жоқ. Рухани жоғары жетілген адамдар табиғат және қоғам заңдылықтарын жақсы сезініп, болмыстың қандай шырғалаңы болса да, одан шығу жолын дәл және анық көрсете алады. Олар өткенді көріп, болашақты болжайтын көреген. Шәкәрімнің осындай қасиеттерінің бірін көрсету үшін «Құмарлық деген бір ит бар» атты өлең алайық. Бұл өлеңінде ол адам өмірінің барлық зардабы құмарлыққа байланысты екенін ашып береді.
Құмарлық деген бір ит бар,
Жаныңа жау шын ит бар.
Алды-артыңа қаратпас,
Рахымы жоқ тым ит бар, –
деп құмарлықтың жанға қандай зиянды екенін ескерте келіп, әрі қарай бұл құмарлықтың қайдан шығатынын жазады. Оның шығу себебі – сауыққа, аңшылыққа, дойбы және қарта ойындарына, сәнқойлыққа аса бой беру екенін түсіндіреді. Айта кететін нәрсе, аңшылықты кейбір адамдар мақтаныш етсе, ал Шәкәрім бұны өзіне кемшілік көріп, кейіннен аңшылықты өмір бойы
тастай алмағанын өкінішпен айтқан екен. Бұл өлеңінде Шәкәрім өзінің құмарлығын қанағаттандыру үшін фәни әлемдегі барлық жан иелері тәрізді жасаған қылықтарына өкінгендей былай дейді:
Арпалыстым, алыстым,
Жағаластым, жарыстым.
Дәл өзіндей болған соң,
Озамын деп қарыстым.
Әрі қарай жетістікке жеткен сайын елдің мақтағанынан бу алып сағым қуалай бергенін жазады. Өзінің осы бейшара жағдайын «Әлі келем далақтап, Қызыл тілім салақтап» деп жақсы көре біліп, сынға алып, енді кәрі қойдың жасындай өмірі қалғанда былай деп өкінішін білдіреді:
Заман өтті, жас өтті,
Қайрат, өнер бос кетті.
Абұйыр жоқ, сана жоқ,
Өз басыңа не жетті?
Осылай, құмарлықтың соңында өзінің көп өмірін бос өткіздім, деп өкінеді. Әдетте, Шәкәрім өзінің ғибратты өлеңдерінде өмірдің шырғалаңдарын көрсете келе, әрі қарай одан шығу жолын да өзі беріп отырады. Бұл өлеңінде құмарлықтан шығу жолын былай деп көрсетеді:
Естігенді ұға бер,
Ыдысың болса – тыға бер.
Пайдасыз болса құмарың
Сілкініп тастап шыға бер.
Бұл жолдардан құмарлықтан шығу жолы – ең әуелі естігенді ұғып, ол білімді бойға тығып сіңіріп, пайдасыз құмарды сілкініп тастап шығу екенін ұғамыз. Әрине, бұл өлең адамды алға сүйрейтін жан құмары емес, керісінше, кері тартатын тән құмары туралы болып отырғаны түсінікті болса керек.
Қырық жылдан өтіп жасым,
Ақылым болды сырласым,
Отыз жылдық замандасым,
Иманым – басшы жолдасым...
...Жарымның нұрына жанып,
Тәнім көмір бола қалып,
Жүрегімді жарып алып,
Ағызды арамын, насын...
...Көбі мен істеген ісім,
Бұрын көрген бұл бір түсім,
Тазарған соң сонан ішім,
Дедім мен: «Астапыралда!»
«Қырық жылдан өтіп жасым»
Шәкәрім өзінің басқа да шығармаларында көптеген өмір шырғалаңдарының сырын ашып, осылай одан шығу жолдарын көрсетіп отырады. Тақуалық. Тақуалықтың мақсаты – нәпсіні жеңу. Нәпсі Алла тағаланың бір қуатынан пайда болатын адам қасиеттерінің бірі болғандықтан, оны жеңу өте қиын. Сондықтан бұл қасиетке рухани біліммен болмыс сырларын толық ашып, рух пен тәннің, олардың өзара байланысын, Алла тағала мен жанның қарым-қатынасын түйсінген, сонымен бірге, алған білімін тәжірибе арқылы бойға сіңірген адам ғана жете алады. Нәпсіні рухани болмыс арқылы, яғни құлшылық арқылы ғана жеңуге болады. Құлшылық кезінде рух тазарып, өзінен төменгі қуатты, нәпсіні жеңуге мүмкіндік алады. Осылай таза жолға түскен адам бұл фәни өмір қызығынан алыстап, тақуалыққа бас ұрады. Ол фәни әлемнің ықпалынан босанады. Шәкәрім өзінің осындай халін былай деп білдіреді:
Мен – бір тілсіз көлікпін,
Басыма соқпа, дауың жоқ.
Тепкілеме, өлікпін,
Шайтаннан басқа жауым жоқ.
Қызығып сендер ұмтылар,
Қасыма ерген қауым жоқ.
Жазамды кешіп, мұтыңдар,
Жазадан, сірә, сауың жоқ.
(«Мен – бір тілсіз көлікпін»)
Шәкәрімнің барлық жан дүниесі Алла тағалаға шоғырланып, ол фәни өмірлік ортамен қарым-қатынасын шектеп, жалғыздыққа ұрынған. Жан құмары билеген мұндай адам өзінің тән құмары билеген барлық досжарандарынан, туған-туыстарынан шеттеледі. Күнделікті өмірдегілер оны ұмыта бастайды. Осылай оның жалғыздықта, бірақ Алла тағаламен бірігуге ұмтылған өмірі басталады. Әулие адам үшін бұл дүниенің құны төмен. Ол бұл дүниеде тек қана өзінің Жары үшін ғана жүр. Ол үшін бұл өмірде рахат жоқ, тек тезірек өз Жарына жетуді армандайды. Шәкәрімнің мұндай арманы оның «Жетім бала иесіз» атты өлеңінен жақсы білінеді.
Ойла, мен бір азатпын,
Бар бейнеттен құтылған,
Тіпті, қызық мазақпын,
Жетпіс ойнап ұтылған.
Сақтамаймын жанға кек,
Не десе де сыртымнан.
Міндеген аузың мынау деп,
Қан ағызса ұртымнан.
Дұспаным жоқ, досым жоқ,
Қайғыдан да шошу жоқ,
Рахат іздеп тосу жоқ,
Бір жындымын құтырған.
Жаралы жаным шықсын деп,
Қара жер мені жұтсын деп,
Өлген соң елім мұтсын деп,
Атымды қойдым «Мұтылған».
(«Жетім бала иесіз»)
Осылай Шәкәрім өзінің бұл фәни әлемнің ықпалынан толық шыққанын білдіреді. Исламда Алланың нұрына шомылып, бақи әлемге толық берілген бұндай адамдарды «Мәджнүн» деп атайтыны белгілі. Құдыреттілік. Рухани жолда адам жүрегі тазарып, жаны ояна бастағанда, оның рухани қасиеттері ашылады. Ол көптеген тылсымдық күштерге ие болады. Бірақ оның негізгі жетістігі – рухани күші. Өзінің қасиеттері Ғазиз Жан қасиеттерімен ұқсас екеніне оның көзі жетеді. Шыбын жан рухани санасымен Онымен біртұтас болып бірігеді. Бұл сәтте адамның кеудесі түрлі хикметке толып, өзінің рухани қуатын сезінеді. Алла тағаланың қасиеттері қанша шексіз болса, тазару барысында шыбын жан да соған сәйкес өзінің де қасиеттері шексіз екенін түсінеді. Өзінің осындай сәтін Шәкәрім былай деп суреттейді:
Жар көрмеген надандар:
«Жарың кім?» – деп күледі.
Оқыған ойсыз адамдар
Жансыз өмір сүреді.
Ойласам, олар – жанды өлік,
Меңіреу, мисыз бір көлік.
Осыдан жоқ өңгелік,
Адаммын деп жүреді.
Қанжарың бер, барайын,
Меңіреудің ішін жарайын.
Нұрыңнан сәуле салайын,
Сонда оған жан кіреді.
Нұрыңмен жарық жүрегім,
Ғайыптан хабар білемін.
Жарымнан алған тілегім
Қап тауын нандай тіледі.
Нұрыңды көрсе, болып мас,
Мейлі кәрі, мейлі жас:
«Меңіреу мұны жаратпас», –
Деп Тәңірісін біледі.
Сиқыр көзбен арбасаң,
Табиғат басын иеді,
Кәрленіп кімді қарғасаң,
Қатесіз оғың тиеді.
Нұрыңды түгел жасырсаң,
Жаралыс кебін киеді,
Өлшемей шектен асырсаң,
Көз шағылып күйеді.
Өлшеп жібер нұрыңды,
Білсін әлем түріңді,
Бір-бірлеп аш сырыңды,
Соныңды көңілім сүйеді.
(«Жар көрмеген надандар»)
Шәкәрім осылай рухани адам мен қарапайым адамның арасындағы айырмашылықты көрсетеді. Оқып, көп білгенмен оны ойға салып, Жар (Құдай) көрмеген адамды «надан» деп атап, «жансыз өмір сүреді» деп оны жанды өлікке балайды. Ондай адамдарды дұрыс жолға бағыттап, оларға өзінің көмек бере алатынын түсінеді. Сол үшін ол Құдайдан рухани күш сұрап меңіреудің ішін жарып, нұр салдырып, жанын кіргізіп, оны бұл фәни әлемнің зардабынан құтқаруға мүмкіндік беруді сұрайды. Шәкәрім әрі қарай өзінің ғайыптан хабар білетінін, Қап тауын да тілетінін, кәрленіп кімді қарғаса, қатесіз оғы тиетінін, егер оның нұры болмаса бүкіл жаралыстың кебін киетінін айта келіп, қарапайым пенделер үшін нұрын өлшеп жіберіп,
сырын бір-бірлеп ашуын Алла Тағаладан сұрайды. Әрине, бұлардың барлығы эзотерикалық ұғымдар. Ал шын мәнінде діни адамның құдыреттілігі оның мистикалық күшінде ғана емес, оның беретін рухани шапағатында, егер әулие адам батасын беретін болса, оның тілегі орындалады. Материяны рух басқаратын болғандықтан, оның берген рухани тілегі міндетті түрде орындалады. Сонымен бірге Алла тағала Өзіне шын берілген құлын ешуақытта қалдырмайды, оның барлық тілегін орындап, оған барлық жағдайды жасайды. Шәкәрім өзінің осындай жағдайын сезген кезде шабыттанып былай деп жазады:
Ақыл құсы адаспай аспандаса,
Әлемде нәрсе болмас оған таса.
Жеті көк жерден оңай басқыш болып,
Ғарышқа қол жетеді қармаласа.
Жанның бәрі мендей Жар табар еді,
Терең ой, сау ақылмен шамаласа.
Өлім маған өмірден мың есе артық,
Жарға құрбан қылуға жан жараса.
Дозақ отын күл қылып сөндіремін,
Жаралы жүрегімнен қан тараса.
Жарды көрген көзімнен сүймек болып,
Ғажап па тамам айуан анталаса.
Хақиқат Жар нұрына қанса біреу,
Оның жаны өлмейді балталаса.
Жар нұрының ұшқыны осы ой деп,
Жанған отқа шоқынам Жар қараса.
От арқылы Жарыма бас ұрамын,
Тыңдаман кәпірсің деп табаласа.
Адамға періштелер сәжде қылған,
Адамнан Жарым артық тым тамаша.
Жалтарып Жардан нұрын жасырғаны,
Күн батып, жер жамылып қораласа.
Жер жүзіне қып-қызыл гүл бітірем,
Көзімнен қанды жасым сорғаласа.
Жарды көрген көзіме шоқынып жүр,
Су бұраңдап, майысып, жорғаласа.
Тау тапжылмай, ағаштар қалғыр ма еді,
Бастарын Жар сиқыры торламаса.
Көрсе, еріксіз сайрай ма ақын бұлбұл,
Көңіліне гүлдің нұры орнамаса.
Асықсың деп айықтар сөккенімен,
Ұялмай ма мас ақыл қорламаса.
Сау жүрек тесіле ме оқ батпаса,
Оқ орнынан біздің ой – шаққан маса.
Айық адам аңғармас ішкі сырды,
Байқайды сол тесіктен мас қараса.
Араққа ақыл, мастыққа ой билетпек,
Оңай емес ертерек ойланбаса.
Тәкаппар өзімшілді Құдай ұрар,
Ақылына бас имей шалқақтаса.
Сопыларға біздің Жар бір қараса,
Жарық нұрмен жүрегін араласа,
Жанын жан, ескі иманын иман демей,
Байқұстар қалар еді-ау таң-тамаша.
(«Ақыл құсы адаспай аспандаса»)
Әулие ақын осылай өзінің шаттық сәтін білдіре отырып, басқаларды да өзіне еруге шақырғандай болады. Ол рухының жасампаздық қасиетін сезген кезде «Дозақ отын күл қылып сөндіремін, Жаралы жүрегімнен қан тараса» деп өзіне құдыретті күш дарығанын білдіреді. Әулиелер фәни әлемнің сырқатымен өздерінің жүректері арқылы күреседі, яғни ислам ұғымы бойынша «үлкен жиһад» күресіне қатысып, өздерінің нәпсілерін жеңуге ұмтылады. Бұл жүрек арқылы жүретін, адамның өзімен-өзі, өзінің нәпсісімен күресетін ішкі күрес. Бұл күрес –жан иесі үшін ең ауыр және негізгі күрес. Бұл күресте жеңген адам толық еркіндікке ие болып, Алла тағалаға қайтуға мүмкіндік алады. «Үлкен жиһад» дегеніміз осы. Бұл күрес өте ауыр және жүрекпен болатындықтан, ең әуелі жүрек жарақаттанады. Сондықтан Шәкәрім «Жаралы жүрегімнен» деген ұғым қолданып отыр. Ал «қан тарау» дегені рухани сезімдердің өрістеуі. Сонда рухани күштің әсерімен затты, өмірді өзіне бағындырып, не болмаса өзгертіп, қайта жасауға болады. Ойды Алла тағалаға шоғырландыру үшін түрлі амалдар қолданылады. Мысалы, Шәкәрім бұл туралы «Жанған отқа шоқынам Жар қараса» деп өзінің ұшқыр сезімін білдіреді. Бұндай адамдарға тіпті періштелер сәжде қылып, бас ұрады, бірақ Жарым ондай адамнан да артық деп білдіреді. Ақын осындай жоғары рухани деңгейге көтерілгенде өзінің рухани күшін сезініп, «жер жүзіне қып-қызыл гүл бітірем, жарды көрген көзіме шоқынып жүр» деп өзіне құдыреттілік келгенін жеткізгендей болады. Бірақ бұл халды тек асықтар ғана түсініп, солар ғана сезіне алады, ал айықтар, яғни рухани мастықты түсінбейтіндер бұл халды білмейді де, білсе де қабылдай алмайды. Қарапайым адам ғана емес, тіпті Құдай жолына берілген сопылардың өздері «Сопыларға біздің Жар бір қараса, Жарық нұрмен жүрегін араласа, Жанын жан, ескі иманын иман демей, Байғұстар қалар еді-ау таң-тамаша». Бұл көрініс – рухани күшті сезініп, сол күштің әсерінен рухани мас болып, өзінің шексіз құдыретін сезінген сәт. Ғазиз Жан нұрына бөленуі. Әулиелердің негізгі сипаттарының бірі – Аллаға ғашықтығы (асықтығы) айтылды. Нәтижесінде олар үнемі рухани экстаз ықпалында (Шәкәрімше – мас) болып, ләззат мұхитында шомылып
жүреді. Олардың жүрегі балдай тәтті сезімге толы, сондықтан олар бұл әлемнің ләззатынан зардабы көп әдет-ғұрып, мораль-этика ықпалынан шығып, фәни әлемнің сырқатын елемей, үнемі рахат сезімінде болады. Ләйліге ғашық болған Мәжнүндей, олар тек қана өздерінің Асықтарын (Алла тағаланы) ғана сөз қылып, Сол туралы ғана ойлап, Оны ешуақытта естерінен шығармауға ұмтылады. Олар рухани әлемнің есігін ашып, кейбірі ішіне кірген, ал кейбірі Ғазиз жанның шапағат нұрын сезіп, енді соған жақындауды армандап есік табалдырығында отырғандар. Осылай әулиелерден құралған қауым Алла тағала маңында Оны дәріптеп, дұға оқып, жалбарынып, кейбіреулері достық сезіммен, ал кейбіреулері ғашықтық («асығым» деп) сезіммен, жүректерінен қан (сүйіспеншілік сезімін) ағызып зар жылап жүреді. Бірақ бұл жылау мен фәни әлемнің жылауының арасында жер мен көктей алшақтық бар. Біріншісі – шексіз ләззатқа толы болса, ал екіншісі – қайғы-қасіретке толы. Біріншісі – жан мен тәнді барлық сырқаттан арылтып, нағыз өмір берсе, ал екіншісі – жан мен тәнді зардапқа бөлеп, өлімге тартады. Бұл деңгейде адам Алла тағаланың ләззат қуатына шомылып, рахат алады. Ол енді бұл дүниемен байланысын үзеді. Оған өмірдің барлық кемшіліктері ашылып, жүрегін бұл фәни өмірден айныта түседі. Тіршіліктің осындай сорақыларын көргенде ақын «астапралла» деп шошынып, Тәңірге тағзым етеді. Бәріне тең қарайды. Әулие адам фәни әлемнің екіұдайылығынан шығады. Шәкәрім барлық жан иелеріне, өмірдің ыстық-суық тәрізді екіұдай, қарама-қарсы құбылыс, көріністеріне бірдей қарап, олардың айырмашылықтарын елемей, бәрін біртұтас болмыс көрінісі ретінде қараған. Жар үшін затты ғана емес, жанын қиып жүргендер үшін заттық әлемде оларға ешқандай құндылық жоқ. Бұндай дәрежеге жеткен әулиелер үшін алтын мен темірдің құндылығы бірдей. Әулиелерге қай жерде өмір сүрсе де – мейлі жұмақта, мейлі дозақта – бәрі бір бәс, айырмасы шамалы. Олар қай жерде, қандай жағдайда болса да, өздерінің сүйікті Жарымен бірге, Оған үздіксіз құлшылықта. Жарының толық қарамағында екенін сезінгендіктен олар ештеңеден қорықпайды, ештеңеге абыржымайды да. Уақыт ықпалынан толық шыққан, сондықтан оларға күн-түн, қыс-жаз бірдей, олардың әсерін сезінбеуі де мүмкін. Шәкәрім өзінің осындай хал-жайын былай деп білдіреді:
Дүние ісінен шошыман,
Басы жоқта сана жоқ.
Қорықпан дозақ отынан,
Санасызға жаза жоқ.
Енді маған, ойласам,
Дұспан да бір, дос та бір.
Терең ойға бойласам,
Адам менен шошқа – бір.
Екеуі де боқ жейді,
Адамы да, шошқа да,
Алдамшыны дос дейді,
Жауша қара досқа да.
Пайда, зиян бәрі бір,
Осы күнде өзіме.
Бас кесіліп, денем тұр,
Не көрінсін көзіме?
Мендей болам десеңіз,
Уайымсыз азат жан.
Жар тап-тағы бас кескіз,
Сөйтіп құтыл азаптан.
Толы рөмке арақ бер,
Тағы айтайын сырымды.
Мас қыл-дағы алдап көр.
Ұрлап айыл-жырымды.
Жырым, шеттік жейсің де,
Соны өнер ғып өтесің.
Мен адаммын дейсің де,
Көт айналып кетесің.
Менше басыңды алғызсаң,
Қиянатты қылмайсың.
Бас құлағын қалдырсаң,
Сөзді анықтап тыңдайсың.
Мына көзді қалдырып,
Көңіл көзін көзің қыл.
Бас көзімен қаңғырып,
Ұқпай қойсаң, өзің біл.
(«Жан денеден жалықты»)
Әулиенің бұл сөздерінен оның бұл әлемнің ықпалынан толық шыққан жағдайын көреміз. Осы жолдарды жазып отырғанда ол дүниенің ықпалын сезбей отырған тәрізді. Жар құйған шараптан, яғни шарапат нұрынан шексіз ләззат алып, нәпсіні қуып шығып, өзі рухани сезімнен мас болып отыр. Нәпсіден толық арылдым деген сөз, өлімнен бұрын өліп, тәнді тәрік етіп, Жарға басты шапқызып, тәнді өлтіріп, жанға Жарын тапқызған сәт. Жан мен оның Жары бетпе-бет қалды. Жан толық руғани болмыстың ықпалында,
сондықтан оған бұл фәни әлемнің ықпалы жоқ. «Басы жоқта сана жоқ», яғни өлі денеде сана жоқ. Санасызға жаза жоқ, яғни мәжнүнге жаза жоқ, ол ауру, ауруға жаза кесілмейді. Мұндай мәжнүнге бұл фәни дүние боққа тән, сондықтан бұл дүниедегілердің қылып жүргендері бос әурешілік. Осылай дүниенің зардабынан шығып, азат жан болу керек. Бірақ азаптан шығу үшін Жар тауып, бас кескізу, яғни нәпсіні билеу керек. Сөзін жалғастыру үшін ол Жардан тағы да рухани арақты, Шапағат Нұрын сұрап мас қылуды өтінеді. Бұл халге жетудің бірақ жолы бар. Ол – бас алғызу, яғни нәпсінің ықпалынан құтылу. Ол үшін «Бас құлағын қалдыр, яғни лақтырып таста, сонда сөздің рухани мағынасын естисің. Сонымен бірге, мына көзді де лақтырып, көңіл көзін көзің қыл. Ал егер бас көзімен қарап, ұқпай, қаңғырып кетсең, онда өзің біл». Шәкәрім сөзінен, міне, осындай ғибрат көруге болады. Абай да «Сәулең болса кеудеңде, мына сөзге көңіл бөл, егер сәулең болмаса, мейлің тіріл, мейлің өл» деді емес пе? Әркімнің өз несібесі өзіне. Бақи әлемнің жандары фәни әлемнің жандарына барлық рухани білімді беруге ұмтылады, бірақ оларды зорламайды. Алла тағалаға толық берілген. Сопылық жолда жүрген әулиелер Алла тағаланы «Жар», «Асығым» деп сүйіспеншілікпен атайтыны белгілі. Әулиелердің ең негізгі қасиеті, Шәкәрімнің өзі айтқандй – «Анық асық – әулие», яғни Алла тағалаға ғашықтық. Шәкәрім өзінің ғашықтық сезімін былай деп білдіреді:
Жүректен аққан қанымнан,
Жиіркенбе – нұр деп біл,
Сайраған бұлбұл зарынан,
Нұрланады қызыл гүл.
Гүлге асық боп сайраған,
Қызыл тілді қайраған,
Ішінде оты қайнаған,
Мұңлы, шерлі мен – бұлбұл.
Қайық қылып денемді,
Ақыл билеп кемемді,
Ой сырқырап жөнелді,
Шетсіз судан өтер біл.
Жарға жетсем болғаны,
Суалған көңіл толғаны,
Басыма қыдыр қонғаны,
Ақсам-дағы миллион жыл.
Басқаны сенен білмесем,
Қайғырмасам, күлмесем,
Дүниені көзге ілмесем,
Кім мендей ер, кім әділ?
Жендет, көзің маған сал,
Иманым мен жанымды ал,
Жаңа жан мен иман сал,
Қайта жарат, рахым қыл.
Бұл мен емес, шын мені
Жарат, жоғалт өзгені,
Тазарт мына дүниені,
Бұл адамнан қалсын тұл.
Әлемді мен билесем,
Зұлымдықты сүймесем,
Залымды ұндай илесем,
Нәпсі болса маған құл.
Күншіл, мені күндесең,
Бұл сөзімді мін десең,
Тіліңді кесем үндесең.
Мейлің жыла, мейлің күл.
(«Жүректен аққан қанымнан»)
Жүрек көзімен оқыған адамға ақынның бұл өлеңінің әрбір сөзінде өте терең сырлы нұр бары көрінеді. Ол нұрды дайындығы жоқ қарапайым адам қабылдай алмауы да мүмкін. Бірақ бұл нұр ақынның жүрегінен жарып шыққан шапағат болғандықтан талпынған адамның жүрегіне өз әсерін бермей қоймайды. Жүректің нұр шашуы – ұзақ уақыт бойы үздіксіз талпыныстың арқасында пайда болатын қасиет. Жүректегі шыбын жан өзінің Ғазиз Жанын, Жарына үздіксіз ұмтылғанда еріксіз зар шығады. Ақын бұл рухани зарды қан деп атап отыр. Сондықтан, «Жүректен аққан қанымнан жиіркенбе – нұр деп біл» деп оқырманнан таза ақылмен көңіл бөлуді өтінеді. Бұндай талпыныс адамға жүректі тазартып, көкірек көзін ашып, ақыры өзінің тәтті жемісін береді. «Сайраған бұлбұл зарынан, Нұрланады қызыл гүл» деп ақын шығыс шайырларының теңеуін алып отыр. Бұлбұл – ақынның өзі, Қызыл гүл – Алла тағаланың символы. Күні-түні Райхан гүлін аңсап, бұлбұл сайрап, зар жылайды. Ол Райхан гүлінің таң ата қауызын ашу сәтін күтеді. Сол сияқты ғашық та өзінің Жарын аңсап, Оның көркем сипаттарын қайталап, зікір айтып, Оның өзіне шапағат нұрын түсіруін сұрап зар жылайды. Зікір айтқанды Алла тағала да ұнатады. Қасиетті Құранда Алла тағаланы дәріптеп зікір айту туралы көп ескертілетіні – бұл сөздердің дәлелі. Бұлбұл сайрағанда қызыл гүлдің нұрлануы олардың
байланысын көрсетсе, Алла тағала мен ғашықтың арасында да сондай байланыс бар. Шәкәрім осыны меңзеп айтып отыр. Яғни шыбын жанға Ғазиз Жан қандай керек болса, Ғазиз Жанға да шыбын жан сондай керек. Ақын екі ғашықтың бір-біріне ынтығын осылай көрсетеді. Шәкәрім өлеңде өзін осындай бұлбұлмен теңеп, мен де сондай ғашықпын дегендей болады. Осылай ол өзінің әулиелік сипатын анық білдіреді. Бірақ ғашығына жету үшін ең әуелі Ол шексіз мұхиттай болып жатқан фәни әлемді өтуі керек. Бұл фәни әлемнен өту үшін денені судағы қайықтай құрал етіп, ал ақылды ол кемені билейтін басқарушы ету керек. Осылай тәнді таза ақылға билетіп, фәни өмірдің шексіз суын кесіп өтіп, Жарға жетуге болады. Бұл жолда ол миллион жыл ақса да, оған разы. Себебі, бұл жол – өмірдің негізгі мақсаты. Шәкәрім үшін басқа мақсат жоқ. Бұл жол ерлік және әділ іссіз болмайды. Ол ерлік іс – нәпсіні тыйып, бұл фәни әлемнің ықпалынан толық босану. Осылай адам өзінің бұрынғы ескі иманын (сенімін) тастап, рухани тазарып, жаңа жан мен жаңа сенім алуы керек. Оның мағынасы «жалған менді» жоғалтып, оның орнына «нағыз менді» ал. Сол кезде рух жеңіп, әлемді билеп, барлық зұлымдық аяқ астында қалып, нәпсі құл болады. Бұл сәтте өмір құбылысының барлығы да Жар көрінісі, Оның берген сабағы және пәк, мінсіз дидарының бір қыры болып көрінеді. Менің осы жағдайымды мін деп, түсінбей күндесең «Тіліңді кесем үндесең, мейлің жыла, мейлің күл» деп қатты ескертіп, білместерді күнәдан қорғағысы келеді. Міне, Алла тағалаға толық берілген адамның сипаты осындай болады. Болмысы мәңгілікті, ләззатқа және білімге толы. Жанның негізгі қасиеттері – мәңгілікті, ләззатты және білімге толы. Рухани жолда жүрек тазарып, жанның қасиеттері адам бойында біліне бастаған сайын әулиелік қасиеттер пайда болады. Жанның мәңгілігінің көзге көрінбейтін тылсымдық жағын айтпай-ақ, осы фәни әлемдегі сипатын алатын болсақ, әулиелердің адамзат қауымында ұмытылмай, есте ұзақ сақталуы жанның осы мәңгілігіне негізделген деуге болады. Таза жанмен байланысты оның болмысы да мәңгілікті таза. Сондықтан оның айтқан сөзі, істеген әрекеттері барлығы да мәңгілік сипатта. Ал таза жанның ләззатқа толы екені туралы әулиелердің өздері айтқан мысалдары да жақсы дәлел. Бұл ләззатты дүниеде сөзбен айтып жеткізуге болмайтындықтан, олар оны мастықпен салыстырады. Бұған Шәкәрімнің «Иманым» атты бір топ өлеңдері дәлел. Шәкәрімнің әулиелік қасиеттерін оның осы жан сипаттары жақсы көрсетеді. Алла тағаланың шапағат нұры түскен кезінде жазған өлеңдерінен, оның қандай ләззат сезімде болғаны анық білінеді, ал жазғандары мәңгілікті жан қасиеттерін сипаттайтын болғандықтан, оның шығармалары да мәңгілікті екені даусыз. Енді Шәкәрімнің жүрегі рухани білімге толы екенін көрстетін мысал ретін оның «Сорлы бұлбұл Жарға асық боп» өлеңін келтіре кетейік.
Сорлы бұлбұл Жарға асық боп,
Нұрлы гүлге айтты зар.
Көбелек те шамды алам деп,
Отқа түсті боп құмар.
Жарға ғашық болғаныма
Таңданатын түк те жоқ.
Жер жаралмай тұрғанында
Менде Асықтың нұры бар.
Жан денеме кіргенінде
Бірге кірген осы дерт.
Жан беретін дәрігерің де,
Ем таба алмай қор болар.
Менде бар да, тіпті сізде,
Жоқ емес бұл қасиет.
Оны өшіріп бәріңіз де,
Дедіңіздер жауды Жар.
Бұл өлеңдегі бұлбұл мен көбелек – Шәкәрімнің өзі, ал гүл мен шам – Алла тағала. Сопылар дәстүрімен ақын өзінің ғашықтығын осылай білдіріп отыр. Өлеңнің екінші ауызында бұл ғашықтыққа таңданатын ештеңе жоқ екенін түсіндіреді. Оның себебі – Жер жаралмай тұрғанында менде Асықтың нұры бар. Жер қашан жаралған? Бұл туралы адамзат баласында түрлі болжамдардан басқа анық дерек жоқ. Себебі, жердің жаралуы бүкіл әлемнің жаралуына байланысты, адамның ойы жетпейтін өте ертеде. Ал жан болса жерден де ертеде болған екен. Себебі ол мәңгілікті Алла тағаланың нұры. Онда оны біздің өлшеміміз жетпейтін мәңгілікті деуге болады. «Менде Асықтың нұры бар» деп Шәкәрім осыны білдіреді. Жан – Алла тағаланың нұры. Жан Алла тағаланың бір бөлігі. Жандар Алла тағаладан тарағанда Алла тағаланың нұры болып тарайды. Бұл күннің сәулесі тәрізді. Күн сәулесі корпускул деп аталатын өте кішкене бөліктерден құралады. Сол сияқты Алланың нұры да Оның өзімен салыстырғанда өте кішкене жандардан құралады екен. Бұл рухани білімді ешқандай заттық құралмен біліп болмайды. Ендеше ол Шәкәрімнің жүрегінен шыққан. Осылай Шәкәрім жанның мәңгілік қасиетін анықтайды. Жан Ғашықтан (Асықтан) шыққандықтан, оның да ғашықтық қасиеті бар. Сондықтан жан үнемі өзінің Ғашығына ұмтылады. «Жан денеме кіргенінде бірге кірген осы дерт» деп бұл ғашықтық дерттің әрбір жан иесі үшін табиғи нәрсе екенін көрсетеді. Ғазиз Жанға деген ғашықтық – шыбын жанның табиғи қасиеті. Бірақ ол ғашықтық ұмытылған. Сондықтан оған таңданатын ештеңе де жоқ. Сонымен бірге, бұл дертке ешқандай да ем жоқ. Яғни бұл дертті емдеп жазу мүмкін емес. Бұл дерт Алла тағала салған жанның табиғи қасиеті, оны Алла тағаланың өзінен басқа ешкім де жаза алмайды. Ол жан тәрізді мәңгілікті,
одан адам өз бетімен құтылуы мүмкін емес. Ендеше ғашықтық бүкіл жан иелерінің, тіпті, бүкіл болмыстың қасиеті. Бұл тұжырымды «Махаббатпен жаратқан адамзатты» деп Абай да қостайды. Ғашықтық барлық жан иелерінің қасиеті болғандықтан, олардың барлығы да ғашықтыққа бейім. «Менде бар да, тіпті сізде, жоқ емес бұл қасиет» деп ақын бұл қасиеттің барлық жан иелеріне ортақ екенін ескертеді. Бұл ғашықтық әрбір жан иесінде оның сана-сезімінің деңгейіне байланысты әртүрлі. Өздерінің сүйіспеншілік ойындарында хайуанаттарды да осы сезім басқарады. Бірақ адамдарда басқаша, жоғары деңгейде. Сана-сезімдері тәндік деңгейден аспай, жалған меннің ықпалында жүрген көпшілік қауым өздерінің ғашықтық сезімдерін өздерінің жақын адамдарына, жұбайларына бағыттайды. Олардың жандары осылай қанағат алуға ұмтылады. Бірақ бұндай жағдайда жан мен екінші жанның арасында тән бөгет болып, екі жанның арасында құрылған перде тәрізді олардың бір-біріне деген таза махаббаттарына бөгет болады. Толық қанағат алмаған жан өзінің ғашықтығын қанағаттандыру үшін басқа объект іздеуге мәжбүр болады. Осылай ол бір жаннан екінші жанға ауысып, аяғы зардапқа айналады. Қазіргі замандағы адамзат қауымындағы отбасының жаппай бұзылып, «еркін махаббаттың» өріс алуын осымен түсіндіруге болады. Оның себебі «Оны (ғашықтық қасиетті) өшіріп бәріңіз де, дедіңіздер жауды (тәнді) Жар». Осылай адам баласы өзінің мәңгілікті жан екенін ұмытып, уақытша болмысқа бой ұрып, ғашығын іздеп сергелдеңге түседі. Ал Жарға деген ғашықтық – мүлде басқаша. Бұл ғашықтық – мәңгілікті және жоғары ләззатқа толы. Және Жарға ғашықтыққа жеткен адам барлық жан иелерін, әрине, оның ішінде өзінің жақын адамдарын да, жақсы көретін болады. Ақындар жырлайтын нағыз махаббат та осы деңгейді білдіреді. Сондықтан көкірек көзін ашып, Жарға ғашықтыққа ұмтылу керек. Бірақ бұл деңгейге әркім жете алмайды. Оның себебін Шәкәрім әрі қарай былай деп түсіндіреді:
Алдағанға кеттің азып,
Әпсүн оқып үйреніп,
Берді сайтан дұға жазып,
Соны қылдың бойтұмар...
...Дүние өмірін мен сынадым,
Ешбірінде опа жоқ.
Қош, өмірім, қош, құмарым,
Қош, жәдігөй, нәпсі қар!
(«Сорлы бұлбұл Жарға асық боп»)
Болмысқа көңіл көзімен (жүрек көзімен ) қарамай бас көзімен (заттық көзбен) қарап, Жарын көрмей адасудың себебі алдағанға еріп, бұрыс жолға түсіп кеткендіктен екен. «Фәни» өмір дегеніміз осы. «Фәни» дегеннің
мағынасы «жалған» дегенді білдіріп, бұл өмірдің хақиқатқа, нағыз шындыққа жатпайтынын, тек қана салстырмалы шындық екенін білдіреді. Ендеше бұл өмірдегінің барлығы да нағыз шындық емес, салыстырмалы, бүгін шындық, ертең өтірік болатын құбылмалы, өткінші. Оның себебі өмір шындығын нәпсі соңында жүргендер жазады. Олардың жазғандарында хақиқат нағыз шындық болуы мүмкін емес. Себебі, нәпсі барлығын өзінің санасынан өткізіп, бұрмалап отырады. Бұл жазылғандар «әпсүн» деп аталады (әпсәнә – адамдардың жазғандары). Міне, нәпсіден арыла алмай жүрген адамдардың осы жазғандарын оқып, «алдағанға кеттің азып» деп жазады ақын. Бұл адамдардың жазғанын сайтанның жазғанымен бірдей деуге болады. Себебі, әрқашан да нәпсі өз санасының тұрғысынан түсініп, өз құмары үшін жасайды. Нәпсінің қылғаны сайтанның қылғанымен бірдей. Себебі, нәпсі ықпалындағы адамды сайтан билейді. Оның жазғаны да, оқыған дұғасы да сайтандікі. Сондықтан сол жазғандарға еріп, соны бойтұмар қылып, адасу жолына түстің, деп ақын әркімнің көзін ашқысы келеді. Осының барлығын жақсы түсініп, жалған өмірде опа жоқ екенін білгеннен кейін «Қош, өмірім, қош, құмарым, Қош, жәдігөй, нәпсі қар!» деп өзінің нәпсіні толық тәркі еткенін білдіреді. Міне осының барлығы Шәкәрім жүрегінің нәпсіден толық арылғанын, оның орнына рухани білім келгенін білеміз. Сондықтан оның қалдырған рухани мұрасы тексеруді керек қылмайтын, хақиқат білім. Шексіз мейірімді. Шәкәрімнің әулиелік қасиеттерінің бірі – оның шексіз мейірімділігі. Бұл туралы оның ұлы Ахаттың жазғандарынан да, оның өзінің жазғандарынан да білуге болады. Шәкәрімнің өмірбаянымен танысқан кезде оның өзінің балаларына дұрыс тәрбие беріп, туыстарына, руластарына үнемі көмектесіп, сол үшін атқамінер, болыс болып та еңбек еткенін білеміз. Революцияның алғашқы жылдарында Алаш партиясына мүше болып ел бостандығы үшін күресіп, арнап өлең де жазды. Сол жылдары екі ғашық жастарды ескі әдет-ғұрып шырмауына бермей, оларды бір-біріне қосып, олардың махаббатын аман алып қалғанын да білеміз. Ол өзі көп оқып, көп білгенімен қоймай, ол білгендерін басқаларға жеткізуге ұмтылып, басқаларға үлгі болып, ақылын айтып отырған. Келешек ұрпақ қамын ойлап, жазғандарын соларға арнайды. Міне, бұл Шәкәрім мейірімділігінің түрлі деңгейлерін көрсетеді. Себебі, мейірімділік те әртүрлі болады. Алғашқы мейірімділік – сана-сезімнің тән деңгейіндегі адамның тіршілігін қамтамасыз ету үшін жасалатын мейірімділік. Бұған тамақ, киім, жатар орын тәрізді адамның бұл дүниедегі өзін сақтау үшін керекті қажеттіліктермен қамтамасыз ету жатса, ал одан жоғары екінші деңгейге – оған білім беріп, ой-өрісін өсіру, өнер-білім үйренуге көмектесу тәрізді оның интеллектуалдық қабылеттерін өсіру жатады. Бірақ ең жоғары мейірімділік бар. Бұл мейірімділік – жан иесіне бұл фәни әлемнің зардабынан толық құтылуға көмектесу. Міне, бұл – ең жоғары да, ең сирек мейірімділік. Әулиелердің барлығы да осы деңгейде. Сондықтан, олар бір адамның, бір топтың, не болмаса бір халықтың ғана қамын
ойламайды, олар бүкіл адамзаттың қамын ойлап, солар үшін еңбек етеді. Шәкәрім шығармаларын, міне, осы деңгейден көре аламыз. Бұған көзімізді жеткізу үшін мысал ретінде оның мына өлеңін талдай кетелік.
Неге жандың, сұм жүрегім,
Өзгелердің дерті үшін.
Жарды сүй деп, бар тілегің,
Мен сияқты басқалар.
Өзге асықтар қызғанады,
Басқалардан өз Жарын.
Қызғаныштан кім танады,
Бұл сөзіңе кім нанар?
Мен жомартпын Жар нұрына,
Алса екен деп барша жан.
Жетсе көзің бұл сырыма,
Ой өрісін қылма тар.
(«Сорлы бұлбұл Жарға асық боп»)
Бұл фәни әлемде көпшілік жан рухани білімсіз тіршіліктің шырғалаңынан шыға алмай зардап шегуде. Осыны көріп отырған ақын оларға жаны ашып, күйінеді. «Неге жандың, сұм жүрегім, өзгелердің дерті үшін» деп зарлап жылайды. Сондағы зарлағаны – басқалардың да оның өзі сияқты Жарды сүюі үшін екен! Міне мұндай мейірімділік сезімі тек қана әулиелік қасиеттен туатын, өте сирек кездесетін сезім. Өзге асықтар дінге бөлініп басқалардан өз Жарын қызғанып жүргенде Шәкәрім «Мен жомартпын Жар нұрына, алса екен деп барша жан» деп бүкіл адамзат қамын ойлап, өзінің шын әулиелік қасиетін паш етеді. Бұл рухани болмыстың шыңында тұрған адамның түсінігі. Ол енді Жардың көп емес, Бір екенін біліп қана қоймай, оны анық сезініп, Оның баршаға ортақ екенін толық түсінген. Егер осыны түсінсең соңыма ер дегендей «Жетсе көзің бұл сырыма, ой өрісін қылма тар» деп нұсқау береді. Енді «Шын асықтың әрбірі» атты өлеңін алып, ой жіберіп көрелік.
Бұл сәлемді есіңе ал,
Егер жетсең тілекке.
Жар қанжары маған бал,
Сұқсын сорлы жүрекке.
Талай асық жаралсын,
Жар ағызған қанымнан,
Жер жүзіне таралсын,
Жүрегі таза есті жан.
Сайтан қашып асықтан,
Асыл озып жасықтан,
Бейіс болсын бұл жалған,
Кеудеден кетіп сасық қан.
(«Шын асықтың әрбірі»)
Шәкәрім басқалар үшін өзін құрбан етеді. Асықтар Жарға өздерінің ғашықтық сезімдерін паш етіп, Алла тағаладан Өзінің нұрын беруді сұрап, тілек айтып отырады. Жардың берген рухани азабын қанжар деп атап, «Жар қанжары маған бал» дейді. Себебі, рухани деңгейдегі азап пен фәни әлемнің азабы екеуі екі басқа. Рухани әдемде азап пен ләззаттың арасындағы айырмашылық жойылады. Рухани әлемде барлығы да ләззатты. Сондықтан Шәкәрім «Жар қанжары маған бал» дейді. Ал ол қанжардан ағатын қан дегеніміз – Алла тағалаға деген рухани сезім. Бұл сезімді асықтар бәйіт ретінде айтып, өлең ретінде қағазға түсіреді. Міне соларды оқып «Талай асық жаралсын» дейді. Осылай «Жер жүзіне таралсын, жүрегі таза есті жан» деп Шәкәрім өзінің Жарға деген махаббаты жер жүзіне таралып, бүкіл адамзатқа пайдасы тисін деп тілейді. Ол осылай бүкіл болмысты өзгерткісі келгендей «Бейіс болсын бұ жалған, Кеудеден кетіп сасық қан» деп өзінің рухани күші фәни әлемдегі барлық жан иелерін науқастан сауықтырсын деп тілейді. Осылай Шәкәрім мейірімінің биігін, оның бүкіл адамзат игілігіне бағытталғанын байқаймыз. Бәріне бірдей көңілмен қарайды. Шәкәрім әулиелік деңгейге жеткеннен кейін бұл әлемнің ықпалына берілмей, өзін еркін ұстаған. Бұған оның өмірінен мысалдар көп. Соның бірі – оны Алматыға үкімет қызметіне шақыру сәті. Шәкәрім Алматыға барса болашақтағы аштықтан, қудалаудан құтылатынын және оның барлық туыстарына да тәуір болатынын жақсы біле тұра, өзінің өмірлік принципін берік ұстанған ол бұл пайдалы ұсыныстан бас тартады. Бұл әулиеліктің бір сипаты. Жоғары рухани дәрежеде жан күшейіп, оның ықпалы өсіп, енді тәнді жан билей бастайды. Бұл деңгейде фәни әлемнің ықпалы азайып, адам өзінің құдыреттілігін сезініп, еркіндігі өсе береді. Оның рухани білімі тіршілік құбылыстарын дұрыс түсініп, ал жанның қуаттылығы дүниенің сергелдеңін елемеуге мүмкіндік береді. Осылай жан иесі Алла тағалаға тура жолда барлық қайғы-қасыреттен арылып, өзіне бөгет болатын байланыстардан қол үзіп, толық бостандыққа жетеді және еркіндік алады. Ол енді бүкіл болмыс көріністеріне бірдей қарап, өзімен қатарласпен достық қатынас жасап, жоғары тұрғанға іззетпен қарап, ал төмен тұрғандарға көмектесуге ұмтылады. Осылай әулие нағыз еркіндікке жетеді. Әулие – толық еркін адам. Ол барлық тіршілік иелері мәңгілікті жан екенін, ал олардың денелері уақытша киген киімдер тәрізді екенін жақсы біледі. Бұл білім олардың рухани болмысын көріп, барлығына бірдей қарауға мүмкіндік
береді. Сондықтан оларға патша мен құл, әйел мен еркек, түрлі діндегі адамдардың барлығы бірдей жан. Шәкәрімнің осындай халін білдіретін бір өлеңін келтіре кетейік.
Тура жолда қайғы тұрмас,
Шат болайын, бер арақ!
Қайғы, рахат бәрі бір бәс,
Ешбірінде жоқ тұрақ.
Келсе бейнет – келді, кетті,
Болса уайым – болды не?
Ақ жолыңнан бұрма бетті,
Бас нығыздап мықтырақ.
Мен мешітке келмеді-ау деп,
Сөкпе сопы, молдалар.
Еркін аяқ кетті билеп,
Шын хақиқат жол ұнап.
(«Тура жолда қайғы тұрмас»)
Бұл өлеңінде Шәкәрім фәни әлемнің тұрақсыз екенін, тек қана рухани болмыстың мәңгілікті екенін сезген кезін жазып отыр. Фәни әлемнің өткінші уайым-бейнетінен құтылу үшін «Ақ жолыңнан бұрма бетті» деп ескертеді. Ол еркіндікке жеткен адам, сондықтан «Мен мешітке келмеді-ау деп сөкпе сопы, молдалар» деп ескертіп, себебі, «Еркін аяқ кетті билеп, шын хақиқат жол ұнап» дейді. Осылай Шәкәрімнің әулиелік деңгейдегі еркіндігі оған Хақиқатқа жетуге мүмкіндік берді деуге болады. Шәкәрімнің мына өлеңі де оның екі дүниеге бірдей қызықпайтынын жақсы көрсетеді:
Сопының иманын, ойын,
Әлемнің қызығын, тойын,
Бағын, тағын, пұлын, қойын
Талақ болсын – көзіме ілсем.
Бейісте хор қызы деген,
Таза сусын, жеміс жеген,
Солай деп нануым деген,
Жамандатсын пырақ мінсем.
Зауалсыз бір рахат барын,
Мысалдаған бұл бір сарын,
Жатынға мұнда не барын,
Барып айт, ұқтыра білсең.
(«Ажал маған арақ берсең»)
Әулие өзінің дұшпанына көзқарасын былай деп білдіреді:
Дұспаным атса маған тас –
Жар жіберген көз бен қас.
Ұстап сүйіп болам мас,
Бал ғой мені сөккен тіл.
(«Жүректен аққан қанымнан»)
Бұл сезім деңгейі Иса пайғамбардың «Сол жақ бетіңнен ұрса – оң жақ бетіңді тос» деген қағидасына сәйкес келеді. Жалғыздық. Бұл фәни әлемде жалғыздық барлық әулиелердің несібесі. Фәни әлем олар үшін барлық қызығынан айырылып, керексіз болып қалады. Сондықтан әулие адам енді бұл фәни әлемнен алыстап, бақи әлемге бет бұрады. Сөйтіп ол жалғыздыққа ұрынып, елден шет кетуге мәжбүр болады. Бұл Шәкәрім өмірінде ғана емес, Л.Толстой, Ахмед Яссауи тәрізді әулиелердің өмірінде де болған. Шәкәрім өзінің жалғыздығы туралы көп жазады. Шәкәрім өзінің жалғыздығы туралы Сәкен Қасиманұлы деген адамға айтқанын қысқаша келтірейік: «...Жалғыздықтың тағы бір түрі – сөзіне құптаушы болмай, өз заманында тұрғыластарының сөзіне қосыла алмай, жалғыз қалғанды айтады. Осының бәрі менің басымда бар іс... Мен өзім қажы болып молдаларға жақпадым. Яғни, олардың шариғатына теріс болып, жалғыз қалдым,.. «Имамың кім?» дегенде «Имамымыз Көкбай молда» деп сіре тұра тамұққа баратын болса керек. Мен бұған қарсы болдым. Шылғи өтірік дедім. Шәкәрім қажы емес, дінсіз азғырушы деп жалғыздады молдалар. Мен болыс пен билердің елдегі көп ережелеріне қарсымын, олар да мені жек көрді. Алашорда қызметке шақырды, «уез бол, болмаса дін басқар» деді. Мен бармадым, олар да жақтырмады, «қажысың» деп совет өкіметі де мені жек көреді. Ең аяғы ғылым мен философияда да мен жалғызбын». /12/ Бұл халін ақын өлеңмен былай деп білдіреді:
Дінің шатақ, әдетің арсыздық деп,
Жақпадың молдалар мен халқыңа да.
Ендігі жас: «Ескі иісің шығады» деп,
Олар да келмей отыр қартыңа да...
...Жалғанда сендей жалғыз адам бар ма,
Ешкім баға бермейді нарқыңа да,
Сені көрсе, бәрі де сырт береді,
Қарағысы келмейді қалпыңа да.
(«Жасыңда араластың малтымаға»)
Шәкәрім өзінің жалғыздығының себебі дүниенің сергелдеңінен алыстап, өмір бойы жинаған рухани байлығын бір жүйеге келтіріп, келешек ұрпаққа қалдыру екенін былай деп білдіреді:
Көрген соң ел жарасын анық сезіп,
Аңдайын айдалаға кеттім кезіп,
Ел емес, елге істеген қылығынан,
Қашқамын, шынымды айтсам, сонан безіп.
Елсізде неге жалғыз қалғанымды,
Қырық жыл нені жинап алғанымды
Сезбейсің тартпаған соң көп қайғысын,
Сен емес ұғатұғын арманымды.
Арманым байлық, мансап, мақтан емес,
Ойлы адам оны әсте олай демес.
Ары зор, ата ұлы емес, адам ұлы
Итше талап өз елін, жырып жемес...
...Айтамын, сөзімді ұқсаң, кейінгі жас,
Қиянатсыз адамға емеспін қас.
Жүректегі дертімді білер едің,
Өсекке ермей, менімен болсаң сырлас.
(«Кейбіреу безді дейді елден мені»)
Шәкәрім өзінің жалғыздық сырын «Қырықтан соңғы қырымды», «Кейбіреу безді дейді қатынынан» атты өлеңдерінде де түсіндіріп жазады. Шәкәрімнің рухани сипаттарын қысқаша шолудан оның әулиелік деңгейде болғаны даусыз ақиқат екенін көре аламыз.
Құрметті оқырман! Бұл кітап туралы пікір-ойларыңызды, немесе ұсынысыңызды білдіремін десеңіз автордың тікелей өзімен мына телефон арқылы байланыса аласыз.
Сот. тел. 8-7776927494.
Эл. пошта: dossym @ bk.ru
Дәйек көздері
1. Ахат Шәкәрімұлы. Менің әкем, халық ұлы – Шәкәрім. Ж. "Жұлдыз", № 11, 1992. – 3-53 бет. 2. Шәкәрім Құдайбердиев. Шығармалары: Өлеңдер, дастандар, қара сөздер. Құраст. М.Жармұхамедов, С.Дәуітов, /А.Құдайбердиев./ – Алматы: Жазушы, 1988. – 560 бет. 3. Әуезов М. Абай жолы: Роман-эпопея. – Алматы: Жазушы, 2002. 4. Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы. Шығармаларының екі томдық толық жинағы. – Алматы: Жазушы. – Т. 1: Өлеңдер мен аудармалар. – 1995. –336 бет. 5. Шәкәрім. Иманым. – Алматы: "Арыс" баспасы, 2000. – 321 бет. 6. Құран Кәрим. Аударған Халифа Алтай. – 1991 ж. 7. Омаров Д. Абайтану: немесе ұлы ойшылдың рухани кемелдену туралы ілімі. – Алматы: "Мектеп" баспасы, 2002 ж. – 216 б.
8. Омаров Д. Абайдың рухани дүниетанымы. Алматы, 2006 ж. – 220 б. 9. Оразалиев Р., Омаров Д., Мұқашбеков Ә. Жасару құпиясы. Алматы: "Алейрон" баспасы, 2006. –220 б. 10. Есім Ғ. Данышпан Шәкәрім. – Алматы: Атамұра, 2008. – 336 бет. 11. Құдайбердіұлы Ш. Тіршілік, жан туралы. «Абай» журналы. 1994 ж., №9. 12. Қасиманұлы С. «Ғылым мен философияда да жалғызбын». Қазақ әдебиеті. 30.06.2000 ж.
М А З М Ұ Н Ы
Алғы сөз.........................................................................................................3
БІРІНШІ БӨЛІМ
ШӘКӘРІМНІҢ ӨМІР ЕРЕКШЕЛІКТЕРІНЕ ҚЫСҚАША ШОЛУ.........5 1. Адам өмірінің үш бастауы.......................................................................5 1.1. Шәкәрімнің ата-тегі...............................................................................7 1.2. Шәкәрім Абайдың шәкірті....................................................................8 1.3. Жан дүниесінің ерекшеліктері.............................................................13
ЕКІНШІ БӨЛІМ
ШӘКӘРІМ МҰРАСЫНДАҒЫ ФИЛОСОФИЯЛЫҚ ИІРІМДЕР...........21 1. Шәкәрімді оқу тәсілі...............................................................................22 2. Шәкәрім дүниетанымының кейбір ерекшеліктері...............................27 3. Фәни әлем мәселелерін шешу жолдары................................................33 Тіршіліктің үш деңгейі.......................................................................35 Тән құмары мен жан құмары............................................................44 Нәпсіні жеңу жолдары........................................................................51 Ерік пен тағдыр..................................................................................56
ҮШІНШІ БӨЛІМ
ШӘКӘРІМНІҢ ЖЕТКЕН РУХАНИ ШЫҢЫ..........................................63 1. Шәкәрім шығармашылығындағы сана мәселесі...................................63 2. Сана-сезім дегеніміз не?.......................................................................71 3. Сана-сезім деңгейлері.............................................................................72 Тәндік сана-сезім.................................................................................74 Сана-сезімнің ой-өріс деңгейі...........................................................85 Сана-сезімнің білім деңгейі...............................................................89 Жанның өзін-өзі тану деңгейі..........................................................96 Толық ләззат......................................................................................104 4. Шәкәрім көтерілген рухани деңгей.....................................................109 Әулиелер кімде?.................................................................................109 Шәкәрімнің әулиелік қасиеттері........................................................121 Дәйек көздері..................................................................................................150
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру