TELEGEI

Home

Қобыланды батыр. Нұрсейіт Битілеуов нұсқасы

Нұрсейіт Битілеуов

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Қобыланды батыр. Нұрсейіт Битілеуов нұсқасы

Нұрсейіт Битілеуов - «Қобыланды батыр. Нұрсейіт Битілеуов нұсқасы» шығармасы.

«БАБАЛАР СӨЗІ» СЕРИЯСЫНАН

БАТЫРЛАР ЖЫРЫ

ҚОБЫЛАНДЫ БАТЫР

(Нұрсейіт Битілеуов нұсқасы)

Бұрынғы өткен заманда,
Дін мұсылман аманда,
Жирен Қопа көлінде,
Ешкі қырған дөңінде,

Қалың қыпшақ елінде
Қыдырбай атты бай болған.
Төрт түлігі сай болған.
Он үш жасар Хансұлу,

Байда жалғыз қыз болған.
Сексен төртке келгенше,
Бір перзентке шөл болған.
Қайғылы болған Хансұлу,

Он үш жасқа келгенше,
Қызығын аға көрмеген,
Соңынан іні ермеген.
Туысқанның қызығын

Екеу болып көрмеген.
Сексен төртте Қыдырбай,
Дүния-малға бай болған.
Бұл жасына келгенде,

Бір перзентке зар болған.
Отарқұл менен Қодарқұл,
Баласы байдың сол болған.
Екеуі байдың құлы еді,

Асыранды ұлы еді.
Толып жатқан жылқының
Қожасы болып жүр еді.
Құл десе де ағайын,

Қыдырбай сынды байыңа
Өгейлігі жоқ еді.
Қыдырбай дөңнен өткесін,
Сексен төртке жеткесін,

Өзінен қайрат кеткесін,
Жаулығы елдің көбейді.
Қалың қыпшақ қазағы,
Байға жүрді мазағы,

Бір баланың жоқтығы,
Дүнияның болды азабы.
Байдың елі кеңесті,
Ат құлағын теңесті,

Басын қосып жиналып,
Қыпшақ елі сөйлесті:

– Қыдырбай шалдың ұлы жоқ,

Мал менікі дейтұғын
Қысқа аяқты қыз еді,
Хансұлудың күні жоқ.
Байдың өзі өлген соң,

Шырағы жанған сөнген соң,
Иесіз қалар бұ малы.
Ат жақсысын мінелік,
Құйрығын талдап өрелік.

Жау киімін киелік,
Қаруды бестен ілелік.
Таң азаннан тұралық,
Белді бекем буалық.

Батырлар туын жайнатып,
Арғымақ атты ойнатып,
Бай ордасын шабалық.
Сан жетпейтін жылқысы,

Малын талап алалық.
Туырлығын тілелік,
Тіліп тоқым етелік.
Керегесін кеселік,

Кесіп отын етелік.
Он үш жасар Хансұлу,
Еріксіз ару етелік.
Осылай деп қамданып,

Елі жатыр жиналып.
Елдің біліп жаулығын,
Көптің көріп зорлығын,
Он үш жасар Хансұлу

Қайғыланып жылады,
Көзінің жасын бұлады.
Сонда тұрып сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:

– Ағайын, саған не қылдым,

Дүнияда тірі жүргенде,
Баласы жоқ деп әкемнің,
Байдың мүлкін шабам деп,
Талауға мүлкін салам деп,

Сендерді Құдай қарғағыр,
Баласыз болып зарлағыр.
Мендей болып зарығып,
Тілегіңді Құдай бермегір.

Келсе жаудан қорғайтын,
Қыдырбай жүрген мұңды деп,
Қамқорлықпен қорғайтын,
Ағайын жұртым сен едің.

Он үшке жасым келгенше,
Соңымнан іні ермедің,
Екеу болып жүрмедім.
Туысқанның қызығын

Бұл дүнияде көрмедім.
Әркімнің кетер қолында,
Қайырсыз дәулет бергенің.
Құдіретің күшті бір Құдай,

Пазылың сенің көп еді.
Кедейлікпен өтсем де,
Бұл дүниянің жүзінде,
Бейнет шегіп кетсем де,

Қыдырбайдың ұл-қызы,
Екеу болып жүрмедің.
Ата да анам бар едің,
Бұл дүнияға бай едің.

Бір перзенттің жоғынан
Қайғылы болған жан едің.
Дүнияда бала көре алмай,
Қорғасындай балқытып,

Жұпардай иісін аңқытып,
Бесіктен перзент сүйе алмай,
Өткенің бе дүниядан?
Ата-анам өлген соң,

Лаулаған шырақ сөнген соң.
Алдымда сүйеу ағам жоқ,
Алладан бөтен панам жоқ.
Бір ініге зар болдым,

Қылатын қайла-шарам жоқ.
Кешегі өткен заманда,
Өзіңде қайрат барыңда,
Қыдырбай болып жүргенде,

Боз жорға атқа мінгенде,
Халық ұстаған хан болып,
Ел билеген би болып,
Төреңді ғаділ бергенде,

Халықтың болдың адамы.
Бұл жасыңа жеткенде,
Өзіңнен қайрат кеткенде.
Елдің болдың жаманы.

Мен секілді мұңдыны
Ұл етіп Алла бермедің.
Асыл киім кигізіп,
Ел қаруын ілгізіп,

Қызығымды көрмедің.
Қысқа аяқты қыз етіп,
Күндердің күні болғанда,
Қайғыменен қарайып,

Шырайлы жүзім сарғайып,
Қайғыда шегіп өлгенім.
Көптің көріп қорлығын,
Елдің көріп зорлығын.

Ағайынға қас болып,
Шабатынын білгесін,
Туып өскен қонысын,
Талақ етіп көшерге,

Бұл жерінен кетерге,
Өзінше байың қам жасап,
Ағайынды аралап,
Сауын айтып зарлады.

Аяушылық жолдасын
Тауып алып Қыдырбай
Үркейін деп ойлады.
Қатардағы жолдасы

Қарабек дейтін бай еді,
Алты ұлы бар еді,
Қыз перзентке зар еді.
О да байға қосылып,

Көшейін деп ойлады.
Өзіне ерген жолдаспен,
Төрт жүздейін үй болып,
Шаруасы күй болып,

Жирен қопа көлінен,
Ешкі қырған дөңінен,
Қалың қыпшақ елінен
Үркіп көшіп жөнелді.

Бірнеше күн жол жүріп,
Аз ғана емес мол жүріп.
Асу-асу жерлермен,
Бетегелі белдермен,

Айдын шалқар көлдермен,
Ақша ханның еліне,
Мұсылманның жеріне,
Арып-тозып емденіп,

Әрең жеткен секілді.
Алысқа елін қондырып,
Қырық кісі қосшы алып,
Ақша ханның ордасы,

Қыдырбай жетіп келеді.
Ханның жатқан ордаға
Еңкейе келіп енеді.
«Іздеген ханым сен ғой», – деп,

Иіліп сәлем береді.
Ноғайлының Ақша хан
Жатқан жерден тұрады.
Көтеріп басын алады,

Тура байға қарады.
Жай емесін біледі,
Біле тұра сөйледі,
Сөйлеуінің ішінде

Қызметін сұрады.
Сұраған соң Ақша хан,
Қыдырбай тұрып толғады.
Бейнетін көріп қозғады:

– Қазақта малға бай болдым,

Ұл перзентке зар болдым.
Өзімде қайрат барында,
Дүнияны судай шайқадым.
Жақсы менен жаманның

Шекарасын байқадым.
Арызымды тыңдасаң,
Ханым, саған айтайын.
Бөлініп көштім елімнен,

Туып өскен жерімнен.
Естуің болар ертеден
Жирен қопа көліңнен,
Ешкі қырған дөңінен.

Өзімнен қайрат кеткесін,
Қызғалдақтай гүл жайнап,
Қызықты күнім өткесін,
Байтақ елім жау болып,

Талақ етіп қонысты,
Арада неше мен көшіп,
Адамымнан әл кетіп,
Ат мойнынан жал кетіп,

Толып жатқан елімді,
Көшершілік меңдетіп,
Дидарыңды көруге,
Иіліп сәлем беруге,

Арып-ашып келгенім.
Қайғылы жанды көремісің,
Ноғайлының ханы едің.
Қарт пенен қасырға

Қайырың тиген жан едің.
Маған қоныс беремісің,
Қатарыңа алсаңыз,
Сөзіме құлақ салсаңыз,

Қарауыңда боламын,
Қонысыңа қонамын.
Ақша хан тұрып сөйледі:

– Естуші едім ертеден

Қалың қыпшақ еліңді.
Қыдырбай атты бай бар деп,
Естігенім сен болсаң,
Бір баланың жоғынан,

Қатарыңнан кем болсам.
Іздегенің шын болса,
Қалаулы жерден қонарсың,
Маған жолдас боларсың.

Жылама, байым, жылама,
Қайғылы көңілім ашарсың,
Өксуіңді басарсың.
Әлі де болса өмірің,

Қызық жасты жасарсың.
Бұл сөзді айтып Ақша хан,
Елі жұртын жидырды,
Қайғысын байдың қойдырды,

Жолдасын ертіп Ақша хан,
Қыдырбайға бас болып,
Жерін көріп аралап,
Қонысты жүрді жағалап,

Қыдырбай сынды байыңыз.

– Қалаған қоныс ал, – деді,

Бізге жолдас бол, – деді.
Паналауға келгесін,
Сүйікті жерін бергесін,
Қонысты байың алады,

Ордалы мекен құрады.
Көңілдегі қасірет,
Қайғысын ол жояды.
Сол заманда болыпты,

Алшағыр мен хан Тәуке –
Қалмақтың екі ханы еді.
Алдына шығар адам жоқ,
Мұсылманның еліне

Ағалығын етеді.
Алшағыр хан ханыңның
Алты ұлы бар еді,
Алтауы бірдей нар еді.

Ұл перзенті болса да,
Қыз перзентке зар еді.
Берейін десе Тәңірдің
Ерте-кеші бола ма.

Елуге жасы келгенде,
Алшағыр ханның бәйбіше,
Айдан ару ажарлы,
Күннен көркем көрікті,

Сымбатты сұлу қыз туды,
Өтірік емес шын туды.
Жиылып хандар кеңесіп,
Құртқа деп атын қойдырды,

Астана жұртын жидырды.
Алшағыр хан алдырды,
Халқына хабар салдырды.
Хабаршы деп ат қойып,

Әрбір ханның еріне
Екіден жансыз жүргізіп,
Тойға жиып алдырды.
Ел жиылып болған соң,

Жиылып келген адамға,
Аймағы ханның толғансын,
Елге жансыз салдырған,
Шабарларын жидырып,

Алшағыр хан сұрады:

– Келмей қалған ел бар ма,

Тимеген хабар ер бар ма?
Ханның сөзін есітіп,
Хабаршылар сөйледі:

– Ақша ханның елінде,

Қоныстанған жерінде,
Бөлініп көшкен елінен,
Үркіп көшкен жерінен
Қыдырбай менен Қарабек,

Қазақтың екі байы бар.
Ұлы менен қызы жоқ,
Көңілінің зары бар.
Ханым хабар бермес деп,

Олар тойға келмес деп,
Біз соларға бармадық,
Барып хабар салмадық.

Әлқисса, екі хан кеңесіп: «Ертеде біздің де естуіміз бар еді, қазақ елінде хан болған деп, халқына жағымды болған, өзінен қайрат кеткесін, жасы жеткен кезде, ел түрткісінен ығысып, Ақша ханның қарауына келген екен ғой, алайда ондай мұңдыларды шақыралық, көңілдегі қасіреттерін жойсын».

Бұлайша деп Алшағыр,
Екі жігіт алдырып:

– Ақша ханның елінде

Қыдырбай мен Қарабек,
Қазақтың екі байы бар.
Барып хабар салыңыз,
Кәріде көрген қызығым,

Қыз Құртқаның тойына
Біз шақыра жүрміз деп,
Соларға хабар салыңыз.
Екі жендет жөнелді,

Түн ұйқысын бөледі.
Бүкең-бүкең желеді,
Ақша ханның елінде,
Шаруасы жақсы жайланған.

Он екі қанат ордада,
Құс мамықтың ішінде,
Крауат төсек үстінде
Ұйқыда жатқан Қыдырбай,

Соған келіп сөйледі:

– Ал, Қыдырбай, келеміз,

Ат сабылтып жүреміз.
Бұйрығыменен ханымның
Аяңдамай желеміз.
Елуге жасы келгенде,

Хан жолдасы ханымнан.
Сұлудайын сымбатты,
Қырмызыдай қымбатты,
Құртқадай асыл қыз туды,

Өтірік емес шын туды.
Ұлттың елін жинаған,
Көптің басын құраған.
Алтыннан қабақ аттырып,

Күмістен табақ тарттырып,
Ат бәйгесін шаптырып,
Жасап жатқан тойы бар.
Көңілді болсаң барасың,

Тойдан орын аласың.
Бұлайша деп хабаршы,
Ізінше қайтып жөнеді.
Қыдырбай сынды байыңыз

Жатқан жерден тұрады.
Асыл киім киініп,
Белді бекем буады.
Халқына хабар салдырды,

Әскерін жиып алдырды.
Төрт жүз жігіт қол алды,
Аз емес мол алды.
Қарадан киім кигізіп,

Бестен қару ілгізіп,
Пар ат жегіп күймеге
Саба салып толтырып,
Той сыйлығы болсын деп,

Екі жорға тай алып,
Алшағыр ханның еліне
Қыдырбай шықты жол алып.

Қалмақтың екі ханы айниды: «Түу елінен, жерінен симай шыққан жарты бастарды не қыламыз? – деп, – олардың ұлы да, қызы да жоқ». Алдынан шығып, аулына қарсы кісі жіберіп, «ұлсыздың, қызсыздың көретін тойы емес» деп кері қайырады.

Осылай деп екі хан
Ақыл ойлап кеңесіп,
Ат құлағын теңесіп,
Ақылын тапқан жөндесіп,

Әскерін алды жидырып.
Шіркеудің шығып басына,
Хан Тәукесі қасында,
Алшағыр хан сөйлейді:

– Алпыс әскер жиналып,

Ат жақсысын мініңіз,
Ер киімін киіңіз,
Жау жарағын іліңіз.
Келе жатқан Қыдырбай,

Алдынан қарсы жүріңіз.
Қыдырбайдың ұлы жоқ,
Қарабектің қызы жоқ.
Ұл мен қызы жоқ адам,

Қызық көрер жөні жоқ.
Кетсін кері еліне,
Мекендеген жеріне.
Келмесін олар ойынға,

Құртқаның келсе тойына,
Қазақ пен қалмақ жау едің,
Ұрыс болып арадан,
Қан сорғалар қойынға,

Қылыш тиер мойынға.
Хан бұйырды амал жоқ,
Бармасыңа заман жоқ.
Алпыс әскер жиналып,

Ат жақсысын мінеді,
Жал-құйрығын өреді,
Бес қаруын іледі.
Келе жатқан Қыдырбай

Алдынан қарсы жүреді.
Қалмақтар келіп сөйледі:

– Қыдырбай мен Қарабек,

Бармаңдар сендер ойынға,
Алшағырдың тойына.
Сендер барсаң бұл тойға,
Қылыш тиер мойынға,

Қан сорғалар қойынға.
Ұлсыздарға орын жоқ,
Орынмен бірге ойын жоқ.
Қызсыздарға қызық жоқ,

Қызықпен бірге қымыз жоқ,
Қымызыңды жерге төк.
Сексен төртке келгенде,
Сақал-мұртың қуарып,

Қолыңа жасыл ту алып,
Төрт жүз жігіт қол алып.
Бедеу атын мінгізіп,
Бес қаруын ілгізіп,

Қарадан киім кигізіп,
Өзіңнен туған ұлың жоқ,
Қызықты сенің күнің жоқ.
Дәреже, қызық кімдерге

Көрсетем деп келесің?
Соғыс болса бұл тойда
Ажалың жетіп өлесің.
Қызыл қаның төгілсе,

Кеудеден жаның жөнелсе,
Кегіңді бізден алғандай,
Өзіңнен туған ұлың жоқ,
Осы жерден кері кет.

Дария болып шалқыған
Қыдырбайдың көңілі
Қозғалдақтай қуарып,
Айдын көлдей суалып,

Бозжорғадан құлады,
Жер бауырлай жылады,
Қарттың жасы бұлады:

– Ай, жасаған Жаппарым,

Тілегімді бермедің,
Көзімнің жасын көрмедің.
Бұл жасыма жеткенше,
Соңымнан қара ермедің.

Ат шаптырып, той қылып,
Ұл қызығын көрмедім.
Өзімде қайрат барында,
Дұшпаннан таяқ жемедім,

Жаудан қорлық көрмедім.
Күндердің күні болғанда,
Шыбын жаным қиналып,
Бір баланың жоғынан

Қазақ пенен қалмақтың
Мені қу бас дегенің.
Бұл қайғыны көргенше,
Күнде бүйтіп өлгенше,

Құдая мені алсайшы.
Астанамның алдында,
Қара оба қылып салсайшы.
Хансұлудай қыз бердің,

Дүния малын мол бердің,
Дұшпанға залал тигізіп,
Түн ұйқысын бөлгізіп,
Бес қаруын ілгізіп,

Ұл қызығын көрмедім.
Бұл сөзді айтып Қыдырбай,
Қайғыменен жылады,
Жатқан жерден тұрмады.

Сол кісінің ішінде
Жүз елу бес жасаған,
Азу тісі босаған,
Жақсыны талай өткізген,

Ақсақалды ағасы
Қасына байдың келеді.
Байдың басын сүйейді:

– Ай, Қыдырбай, жылама,

Көзіңнің жасын бұлама.
Алланың берген ұлы жоқ,
Ұлсыз елдің күні жоқ.
Әл дәрменің барында

Қыдырбай атты бай болдың.
Байлығыңа сәйкесті
Ел ұстаған би болдың.
Билікті тура жүргізіп,

Халықты бірдей көргенің.
Жарлы, бай деп айырмай,
Үгітті дұрыс жүргізіп,
Әділ төре бергенің.

Ол күніңнің бірі жоқ,
Қайғысыз сенің күнің жоқ.
Бұл жеріңнен тұр, – деді,
Беліңді қынай бу, – деді,

Аллаға шүкір қыл, – деді.
Елімізге баралық,
Миыңда қалсын байымыз,
Бір мысалды сөз айтам:

Бізден бұрын өтіпті
Ноғайлыны билеген
Хан Мұсаның баласы –
Әулие туған хан Мамай.

Алған жары Ақтеңке,
Сол сұлудан ұл болмай,
Хан болса да халыққа,
Асыл туған хан Мамай,

Қайғылы Құдай етіпті.
Бұл сөзіме құлақ сал,
Ақылың болса ұғып ал,
Шешеннің сөзін есітіп.

Тізесін басып таянып,
Көзінің жасы боялып,
Жатқан жерден тұрады.
Оңына қарап Аллаға

Қыдырбай шүкір қылады.
Ызасынан қалмақтың
От болып іші жанады.
Ашу кернеп денесін,

Қайырды қалмақ шегесін.
Алтын сапты ақ пышақ
Қыдырбай қолға алады,
Күймеге таман барады.

Күйме толған сабаға
Қыдырбай пышақ салады.
Қымызы жерге төгіліп,
Омыртқасы бүгіліп,

Қабырғасы сөгіліп,
Алла деп атқа мінеді.
Ағайыны қаумалап,
Еліне аман келеді.

Он екі қабат ордаға,
Еңкейе келіп енеді.
Қатты-қатты дем алып,
Жүрегі байдың жарылды.

Бір перзенттің жоғынан
Тынысы байдың тарылды.
Он үшінде қосылған
Қыдырбайдың жұптысы

Ағзарбаптай бәйбіше
Қорасанға қой айтып,
Әулиеге ат айтып,
Шыбын жанға жан айтып,

Темірден кебіс киініп,
Темірден аса қолға алып,
Садақа деп қос тұлпар,
Жетегіне мұны алып.

Өзінің туған қайнысы
Жолдас етіп қасына,
Шығар күннің бетіне,
Сапарын шегіп жөнеді.

Бірнеше күн жол жүріп,
Хан Мамайдың қараған,
Қырық шалғысын тараған.
Жаудың келер беті деп,

Түн ұйқысын бөлген жер,
Қасиетті ел ғой деп,
Дәретін алып, жуынып,
Белін бекем буынып,

Басына түнеп өтеді.
Жақсылықты сен алмай,
Еш нәрсені көре алмай
Бұдан да өтіп жөнелді.

Обаны көре отырып,
Тауды кезіп келеді.
Қызғышты судың бойында,
Екі беті әулие,

Бәріне қоймай түнеді.
Ешкім оған келмеді,
Түсінде аян бермеді.
Көңлі ауып, түңіліп,

Мұнан да өтіп жөнелді.
Қақпақтының саласын,
Әулие бар шамасы,
Бір баланың жоғынан,

Үмітін үзбей қайғырып,
Қыдырбай жүр арасын.
Етек-жеңін түрініп,
Әулиені қоймай қыдырып,

Шыбын жанын қинады,
Дамыл алмай жүгіріп.
Наз құмының бойында,
Қыз әулиедей апасы,

Соған келді емініп,
Тілектің болмас қатасы.
Өзі алпыс жасында,
Қайнысы туған қасында,

Іздеп келген піріне,
Өлі де болса көруге,
Ақ мешітке енуге,
Шырақшы бар қасыңда,

Жайын айтып тілдесіп,
Мұқтажын айтып сөйлесіп,
Ұлықсатын алады.
Есігін ашып еңкейіп,

Құба талдай майысып,
Сәлем етіп енеді.
Пердесі бар бетінде,
Жатыр екен үйінде,

Тәні бар да жаны жоқ,
Қыз апасын көреді.
Таһаратын алып, жуынып,
Белін бекем буынып,

Өлі адам деп шошынбай,
Қасына келді жүгініп.
Оң қолынан өбеді,
Өлі де болса апам деп,

Оң бетінен сүйеді.
«Демеуші пірім сен болсаң,
Мұңды келін мен, – деді,
Тілегімді бер, – деді.

Алпысқа келген жасым бар,
Бір перзенттің жоғынан
Қайғылы болған басым бар.
Тілегенім болмаса,

Біз секілді мұңдыны
Кіріптар қылмай дұшпанға,
Өлім бер де, қасыңа ал».
Осыны айтып зарығып,

Жарылқа деп қамығып,
Шаршап жүрген Ағзарбап
Апасына сүйеніп,
Көзі ұйқыға барғанда,

Қырық шілтердің анасы,
Зарлы жанның панасы,
Аққу болып топ жасап,
Балапаны қасында,

Ақмешітке енеді.
Зарбаптың кірген жеріне,
Кідірмей о да енеді.
Кебенегін тастап қу болған

Адамзатқа енеді.
Жасы жеткен енесі,
Қайрылмаса Зарбаптың,
Болаттан соққан шегесін.

Алтын кесе қолында,
Өзі Хақтың жолында.
Ішін балдан толтырып,
Нұр суынан мол қосып,

Сыр суынан дәм қосып,
Сонда пірі сөйледі:

– Қайғылы келін сен, – деді,

Беруге келдім мен, – деді.
Алпыс жасқа келгенде,
Бала бер деп енеңді,
Қинадың келін шын, – деді.

Сен үшін келіп қиналдым,
Үстіме киген қамқа тон,
Етек, жеңін жинадым.
Тілегенің ұл болса,

Құдайыңнан шын болса,
Қартайсаң да берейін,
Көзіңнің жасын көрейін.
Таба қылмай дұшпанға,

Осы жолы демейін.
Жатқан жерден тұр, – деді,
Таһарат алып, таранып,
Беті қолың жу, – деді.

Бір бала үшін қаңғырып,
Мехнат шектің арада.
Талай жерде шөл көріп,
Енең берген сусыңды

Ихласпенен ал, – деді.
Ішіп мейірің қанғандай,
Көңліме күн толғандай,
Қартайсаң да, келінім,

Ихласпен бергесін,
Тамырдың бәрі қамданып,
Денеде бойың жанданып,
Жас келіншек болғандай,

Бір Аллаға сиынып,
Етек-жеңін жиынып,
Жатқан жерден тұрады.
Келіп тұрған кемпірге

Келіншектей иіліп,
Сонда сәлем қылады.
Нұр суы мен сыр суы,
Қосылған балмен аралас,

Енесі берді қолына.
Ихласпен бергесін,
Бейшара Зарбап қалады,
Ішіп мейірі қанады.

Төбесінен Зарбаптың
Нұрдың суын құяды.
Нұр суына шомылып,
Қызғалдақтай гүл жайнап,

Қырмызы күрең болады.
Сонда пірі сөйледі:

– Бердім, келін, шын, – деді,

Шын екенін біл, – деді.
Атса мылтық өтпейтін,
Шапша қылыш кеспейтін,
Дұшпан күші жетпейтін,

Суға салса батпайтын,
Белін шешіп жатпайтын,
Аңсамай саумал татпайтын,
Шеттен келген дұшпаннан

Өз аймағын сақтайтын.
Асыл нұрдан жаралған
Қыдырбай шалдың еркесі,
Қыпшақ елдің серкесі,

Қара қыпшақ Қобыланды
Балаңыздың аты бар,
Жауға жазған хаты бар.
Енді жаның қиналмай,

Көп қайғырып жыламай,
Менің берген арыстан,
Ақ ниетіңмен күтіп ал.
Жеті ай он күн дегенде,

Дүйсенбінің күнінде,
Қобыландыдай баланы
Жеткізсе Құдай көрерсің,
Нұрлы беттен сүйерсің.

Қол көтеріп, бата етіп,
Осы келген енесі
Ғайып болып жөнелді.
Алпыс жасар Ағзарбап,

Тілегін алып қуанып,
Қайғысын жойып жуанып.
Елге қарай жол жүрді,
Арада алты ай қаңғырып.

Арқа еті аршадай,
Борбай еті боршадай,
Болған екен со күнде
Қураған аршадай.

Табаны тасқа тесіліп,
Күре тамыр кесіліп,
Аяқтағы темір кебістің
Теңгедейі қалғанда,

Қолында темір асаның
Тебендейі қалғанда,
Иесіз қалған ордаға
Әрең жетті емініп.

Ордасына енеді,
Еңкейе келіп кіреді.
Белдеуінен құм басып,
Оң жағына қисайып,

Бәйбішенің жоғынан
Қалған екен жантайып.
Қыдырбай мен Хансұлу
Үсті-басын шаң басқан,

Нұрлы жүзін қан басқан,
Көзін жастан тыя алмай,
Ақыл ойлап жия алмай,
Жатыр екен бейшара.

Бәйшешектей қуарып,
Айдын көлдей су алып.
Бәйбіше келіп сөйледі:

– Әй, жан жарым, оңбадың,

Жатқаныңнан тұрмадың.
Беліңді бекем буынып,
Дүнияға ие болмадың.
Алты ай келдім қаңғырып,

Құдіреті күшті Құдайым
Бір балаға зар қылып,
Дұшпанның өтті ызасы.
Баласы көп адамның,

Батып кетті ызасы.
Бір інінің жоғынан,
Хансұлудай қарғамның
Кетіп еді мазасы.

Бергені пірім шын болса,
Хансұлудай мұңдының
Қабыл болар тілегі,
Жарылар оның жүрегі.

Жатқан жерден тұр, – деді,
Қынай белің бу, – деді.
Мал семізін сой, – деді,
Елі жұртың жи, – деді.

Құдайыңның жолына
Садақа бер жи, – деді.
Асыл нұрдан жаралған
Қара қыпшақ Қобыланды,

Қыз әулиенің басынан
Алып келдім шын, – деді.
Жеті ай, он күн болғанда,
Көреміз, соны біл, – деді.

Бейшара болған Қобыланды
Бәйбіше сөзін есітіп,
Көңілі толып ақырып,
Қарт бурадай бақырып,

Тұра келді шамданып,
Көрмеген ұлға мақтанып.
Белді бекем буынып,
Бір Құдайға сиынып,

Малға таман келеді.
Аямай мал қырады,
Елі жұртын жияды.
Қабыл болсаң байыңа,

Жиылған жұрттың батасы,
Батаның болмас қатасы.
«Бұл жасыңа келгенде,
Арыстанды болшы деп,

Ағзарбаптай бәйбіше
Дұшпанға қарсы тушы» деп,
Қол көтеріп бата етті.
Сөзіне көптің шүкір деп,

Ағзарбаптай бәйбіше
Бір Құдайға жүде етті.
Астан тарап кеткесін,
Сағынысып көргесін,

Зылиқа менен Жүсіптей
Шал мен кемпір ойнады.
Алпысқа келген Ағзарбап
Ойнаумен ісі болмады.

Қашса дағы анаңды,
Қайтпаған екен қайраты,
Жалындай екен айбаты.
Қарт бурадай сақылдап,

Құшағын созып жақындап,
Тіпті еркіне қоймады.
Бір күндері болғанда,
Шамалы күні толғанда,

Жерік болды бәйбіше.
Асқа мейірі шаппады,
Жерігін оның таппады.
Сасқалақтап Қыдырбай,

Бақсы, қожа, молданың,
Бәрін қоймай жинады.
Бәйбіше тұрып сөйледі:

– Алжыдың ба, Қыдырбай,

Бәленің бәрін жинайсың,
Әулие деп бұлардың
Басын неге құрайсың?
Маған берген бұл ма еді,

Молда менен бақсының,
Бала беруі шын ба еді?
Мен тілеп алдым Алладан,
Мынаның бәрін кетіріп,

Ат жақсысын мін, – деді.
Бес қаруды іл, – деді,
Ер көңілді ерлерден
Алпыс жігіт ал, – деді.

Шалғын таудың басында
Хан Мұсаның баласы,
Орақ пенен ер Мамай,
Сапар шегіп бара жатып,

Елге зақым етер деп,
Ұйықтап жатқан аждаһа,
Ұстап алып қапыда,
Шынжырменен ноқталап,

Байлап кеткен шамасы,
Түсімде көрдім мен, – деді.
Басы менен жүрегін
Әкеліп маған бер, – деді,

Жерік едім соған шын, – деді.
Бәйбіше айтты, амал жоқ,
Жерік асын таппасқа,
Қыдырбайға заман жоқ.

Елге хабар салады,
Өзім деген жігіттен
Алпыс жолдас алады.
Шығар күннің бетіне,

Қиыр шығыс шетіне,
Сапарланып жол шекті.
Түнде дамыл алмады,
Ұйықтап төсек салмады.

Неше күндей жол жүріп,
Шалғын тауға барады.
Етекке жақын келгенде,
Тау басында байқаса,

Көкті мұнар шалады.
Домаланып қара бұлт
Тау басынан көреді,
Жанып жатқан от көрді,

Ұшқындаған шоқ көрді.
Қасындағы жолдастар,
Тау басына баруға,
Соған хабар алуға,

Үрейі ұшып сандалды.
Бір баланың жолында,
Жанын құрбан етті де,
Арманы жоқ байыңның.

Жолдастарым қорықпа,
Шыбын жаннан торық па,
Шыны дағдыр жетпесе,
Дәм таусылып бітпесе,

Қаптаса да қалың жау,
Ажал жетпей өлмейді.
Көрініп тұрған қараға,
Келейін барып мен деді.

Осыны айтып дем беріп,
Тауға қарай емініп,
Қыдырбай шалың жөнелді.
Өзі көрген қараға,

Іркілмей жетіп келеді.
Анықтап көзбен көреді.
Үйде қалған кемпірдің,
Анық екен болжауы,

Ноқтаменен шынжырлап,
Қазыққа темір байланып,
Жатыр екен айдаһар.
Жолдасқа қайтып келеді

Көзі көрген нәрсесін
Баян етіп сөйледі.
Тау басында көрінген,
Домаланған қара бұлт,

Айдаһардың сырты екен,
Тау басында көлеңке,
Анау тұрған екі оба,
Айдаһардың ұрты екен.

Жанып тұрған от жалын,
Аузынан шыққан лебі екен.
Мұнартқан аспанды
Танауының демі екен.

Тау басында жалтырап,
Көрініп тұрған айдын көл,
Айдаһардың көзі екен.
Алпыс сажын ұзыны,

Иретілген жыландай,
Сол залымның өзі екен.
Осылай деп баяндап,
Сөзін айтып тамамдап.

Азан айтып шуласып,
Құдайым деп жыласып,
Жан басына садақа,
Ай мүйізден айтысып,

Ақтан киім киініп,
Ұйқыда жатқан айдаһар,
Іркілмей жетіп келеді.
Жүректерін тоқтатып,

Көзбен анық көреді.
Отыздан екіге бөлініп,
Байдың алып алмасын,
Бас жағына төнеді.

Өлсек жаным шаһид деп,
Күшпен ырғап қалады.
Бүктелмелі ақ алмас,
Қайтпаған екен болаты.

Кеудеден бөліп алады
Шынжырда басы қалады.
Бөлініп қалған бөксесі
Ұзынын жазып алады.

Мынау келген ерлерді,
Құйрығымен бұлғап соғады.
Ұрандасып жыйнасып,
Бір Аллаға сыйынып,

Алмасын тағы құрады.
Айдаһардың бөксесін,
Екіге бөліп салады.
Төс етегін қайырып,

Екі жаққа айырып,
Жүрегін жарып алады.
Шынжырдан басын босатып,
Ат қоржынға салады.

Жүрегін алып бәйбіше,
Байдың жолы болады.
Елге қарай емініп,
Көңілі тасып шаттанып,

Келе жатыр желігіп.
Үйде қалған бәйбіше,
Бай кеткелі ұйқы жоқ.
Езу тартып күлу жоқ,

Жатушы еді ренжіп,
Байдың келер шағында.
Таң мезгілі болғанда,
Ұйқыда жатып түс көрді,

Қайыры жақсы іс көрді.
Байдың жолы болғанда,
Көңілі мақұл толғанда,
Ертеменен тұрады,

Белді бекем буады.
Дастарханы белінде,
Тәрелке тығып қойнына,
Пышақ алып қолына,

Алдынан қарсы жүреді.
Қыздар дайын қылаңдап,
Түлкі дейін сылаңдап.
Келіншектей сыланып,

Алдынан байдың жетеді.
Жиерге асың болды деп,
Ат қоржынды алады.
Бәйбішеге береді,

Ыңғайланып оралып,
Оңынан барып алады.
Отырып жалғыз қалады.
Дастарханың жаяды,

Айдаһардың басымен,
Жүрегімен қосулы,
Тәрелкеге салады.
Қызылын жерге ағызбай,

Тамшысын жерге тамызбай,
Бөрідей асап қабады.
Тіс құмары қансын деп,
Айдаһардың сүйегін

Ауызға салып шайнады.
Маңдайдан тері шұбырып,
Дене бойы су болып,
Бастан төмен ағады.

Қыйнап жатқан жерігі
Бәйбішенің қанады.
Жерігі қанып бәйбіше,
Болжаулы мезгіл болғанда,

Шамалы күні толғанда,
Қарны шықты қампайып,
Отырғаннан тұра алмай,
Болжаулы күнін ұмытып,

Бейсенбінің күніне,
Алдырып атын мінеді.
Құрығын тасқа іледі,
Өзінің жалғыз қайнысы,

Қожабайды бас қылып,
Алыста жатқан жылқыны,
Аралауға жөнелді.
Сәске мезгіл болғанда,

Шетіне жылқы енеді.
Бөлініп жатқан аралда,
Беттегелі әр ойда,
Қалың жылқы тағыдай,

Жеткен жерін көреді.
Талма түстің шағында
Одарқұл мен Қодарқұл,
Байдың екі баласы,

Көп жылқының қожасы,
Алтын шатыр құрулы,
Жатыр еді жайлымда,
Келе жатқан анасын,

Күтіп алды баласын,
Көтеріп аттан алады.
Астына мамық төсеніп,
Жайлы орынға қояды.

Қысырдың тайын сойдырып,
Қонақ етіп жайлады.
Күн зауалы ауғанда,
Қонақ болып аттанып,

Және кетіп қалады.
Ұлы бесін болғанда,
Ешкі қырған дөңінің
Басына Зарбат шығады.

Толғағы жетіп сол жерде,
Жүрер халі болмады.
Жаралы Құдай ыңрантып,
Кемпірдің жанын қыйнады.

Жеті ай он күн болғанда,
Бейсенбінің күні екен.
Қыз әулиеден жаратқан,
Кәмілі пір анасы,

Жетіп келді қасына.
Қобыландының мамасы,
Аққу болып шуласып.
Қарашадай ойнасып,

Балапандары қасында.
Жерге келіп қонады,
Бәрі адам болады.
Алтын кесе қолында,

Нұрдың суы толулы,
Бетіне кемпір бүркеді.
Ғайып ерен, қырық шілтен,
Айналасын қамады.

Ортасына алады,
Солардың жүрген жеріне,
Бәлекет, малғұн келер ме,
Аман-есен босанып,

Қобыландыдай баланың,
Желкесі жерге тақ етті,
Маңдайы күнге жарқ етті.
Қасындағы Қожабай

Туысқанды болдым деп,
Қуанғаннан қарқ етті.
Кіндігін кесіп алады,
Кіндік аға болады,

Ер едім деп айбынбай,
Қызылға қолын малады.
Бәйбіше сонда сөйледі,
Кенжетайым кел деді,

Бері таман жүр деді,
Талдан өрген жібектен,
Бұл жорғаның шылбыры,
Алпыс құлаш ұзыны,

Алып маған бер деді,
Буайын белді мен деді.
Алып берді қайнысы,
Қызықты болды бәйгісі.

Тұзды суға салмаған,
Таза суға малмаған,
Қобыландыдай баласын,
Бауырына салды анасы.

Бәйбіше сонда сөйледі,
Ал кенжетай кет деді,
Менен бұрын жет деді.
Қыдырбай менен Хансұлу,

Қайғында жатқан жандарға,
Барып хабар сал деді.
Барып сүйінші ал деді,
Жеңгесін атқа мінгізді

Елге қарай жүргізді.
Қобыланды менен екеуің
Қош аман бол сен деді
Қожабайдай қайнысы,

Атқа қамшы салады,
Қара терге малады.
Айқай салып ұрандап,
Елге қарай шабады.

Бесін мезгіл болғанда,
Жез құманы қолында,
Өзі Хақтың жолында.
Ақ киімін жамылып,

Етек жеңі малынып.
Дәретке шыққан Қыдырбай,
Айқайды анық есітіп,
Көлегей қолын салады.

Көлеңкелеп күн жағын,
Құбылаға қарады.
Жосылған байың шаң көрді,
Ғажайып қарап таң көрді.

Қара терге боялтып,
Жетіп келді інісі,
Кеңіді байдың тынысы.
Қожабай келіп сөйледі.

Қыдырбай көке келгенім,
Мінекей сәлем бергенім.
Жеңешеме ергенім.
Ат қосшы болып жүргенім.

Қайырлы болды сапарым,
Ілгерлі болды қатарым.
Ешкі қырған дөңінде,
Жеңешем Зарбап ұл туды,

Өтірік емес шын туды.
Бір Құдайға құл туды,
Қалмаққа қарсы күн туды.
Қобыландыдай баланың

Кіндігін кесіп алғаным,
Кіндік аға болғаным.
Хабарға келдім мен деді,
Сүйіншімді бер деді.

Балалы болдың сен деді,
Қыдырбай сонда жылады.
Ұл туды деп кемпірден,
Аллаға шүкір қылады

Сексен төртке келгенде,
Тілегімді бердің бе,
Қартайған шағым меңдеген
Соңымнан менің ерді ме.

Сүйінші деп келгесін,
Келіп хабар бергесін,
Немді аяп қалайын.
Алдыңа барып салайын,

Шалғын көлдің бойында,
Сандал көктің үйірі,
Жүз елу жылқы бар еді,
Қарағым соны айдап ал.

Онан өтіп жөнеді,
Аңдамай желеді,
Хансұлу жатқан ордаға,
Іркілмей жетіп келеді.

Қыздар тонын жамылып,
Шай орамал қолында.
Көлегейлеп қараған,
Күмісі тарақ қолында

Қолан шашын тараған,
Хансұлуға келеді
Хансұлу қарғам сен едің,
Қожабай ағаң мен едім,

Ат сабылтып келгенім,
Қабыл болды тілегім,
Тарымасын жүрегің,
Інілі болдың сен деді.

Сүйіншімді бер деді.
Ағзарбаптай анаңнан,
Қобыланды туды шын деді.
Хансұлу сонда сөйледі,

Алдама мені сен деді.
Нанбай тұрмын мен деді,
Алпысқа келген анамның,
Тар құрсағы кеңір ме,

Тас емшегі жібір ме.
Қыдырбайдан ұл туып,
Соңымнан менің ерер ме?
Мен секілді бейшара,

Екеу болып жүрер ме?
Дүнияда қызық көрер ме?
Қожабай тағы сөйледі,
Неге маған нанбадың,

Аллаға бер деп жыладың.
Көзіңнің жасын бұладың,
Келе жатыр анаңыз,
Қабыл болды тобаңыз.

Қобыландыдай баланың,
Кіндігің кесіп алғаным.
Кіндік аға болғаным,
Қазір келсе көрерсің,

Анығын сонда білесің,
Бермесең де түңілме,
Қобыландыны сүйесің.
Хансұлу сонда сөйлейді,

Он сегіз де бермеген,
Жыйырма бесте бермеген,
Отыз бесте бермеген,
Қырық бесте бермеген,

Елу бесте бермеген,
Алпысқа келген анамның,
Жапырағы жайылмас.
Жақсы сөзің жарты ырыс,

Аман келсе көрерміз.
Құр кетпе деп әзірге,
Қазынаға енеді,
Бір тұлып алтын әкеліп,

Қожабайға береді.
Салатұғын жері жоқ,
Үстіне киген көк шекпен,
Етегіне түйеді.

Одарқұл мен Қодарқұл,
Байдың екі мырзасы,
Жылқыда жатқан малшыға,
Барып хабар салады.

Ағзарбаптан ұл туып,
Хабарға келдім мен деді.
Үшеу болдың сен деді,
Сүйіншімді бер деді.

Байдың екі баласы,
Інілі болдың дегесін,
Жарылғандай жүрегі,
Айқай сүрен салады.

Жыйнап жылқы алады.
Күздік соғым болсын деп,
Қысырдың екі семіз тайына,
Бұғалық арқылы салады.

Бейшара болған Қожабай,
Дүнияға қызығып,
Мал алам деп жүргенде,
Етегі оның кесіліп,

Алтын түсіп қалады.
Шапқан аттың жолымен,
Алты күндей із іздеп,
Әрең жыйнап алады.

Үйде қалған Қыдырбай,
Құманын жерге қояды.
Белді бекем буады,
Келе жатқан Зарбаптың,

Алдынан қарсы барады.
Ал бәйбіше көрейін,
Көрейін де сүйейін,
Өлмесең дәурен сүрейін.

Баурыңдағы балаңды,
Алып маған бер деді.
Ұйқыдағы баласын
Алып берді анасы.

Ұйқысын құрсақ бөлмеген,
Тұзды суға салмаған,
Таза суға жумаған,
Ұйқыда жатқан баланы,

Аңсап келген әкесі,
Ай құшағын ашады,
Бауырына басады.
Ақ бетінен өбеді,

Бала иісін аңқытып,
Ақ бетінен өбеді.
Дәмін алып тамсанып,
Әр мүшесін қалдырмай,

Сорлы байың сүйеді.
Қыдырбай сонда жылады,
Аллаға шүкір қылады.
Бұл жасыма келгенде,

Есіркедің ұл беріп,
Өтірік емес шын беріп,
Дұшпанға қарсы күн беріп,
Шыны Құдай бергесін,

Қобыландыны сүйгесін,
Көңілдері жасарып
Өтіп кеткен жыйырма бес,
Байға қайтып келмесін.

Мұны айтып Қыдырбай,
Бәйбішемен қосылып,
Ортасына келеді.
Алшағырдың әжесі,

Көңіліңде жүреді.
Бес қаруын ілініп,
Ер тоқымын арқалап,
Жылқыға жаяу жөнелді

Ешкі қырған дөңінің
Басына шығып ақырды,
Аруағын судай шақырды.
Одарқұл мен Қодарқұл,

Екі құлын шақырды.
Іркілмей жетіп келеді,
Қыдырбайдың алдына,
Иіліп сәлем береді,

Сонда байың сөйледі.
Боз жорғаның үйірін,
Маған айдап кел деді,
Алла сапар оңдаса,

Жабайы жүрген бұл жорға,
Мінейін соған шын деді.
Бай айтқасын амал жоқ,
Кідіретін шама жоқ,

Айқай салып қыйқулап,
Қыдырбайдың алдына,
Бозжорғаның үйірін,
Түгел айдап келеді.

Бозжорғадай тұлпарға,
Қыдырбай салды құрығын,
Тартуына шыдамай,
Құрықтың бауы үзілді,

Көптен бері мінбеген,
Басына жүген кимеген,
Сахра жүрген боз жорға,
Лақтай атып тулады.

Киіктейін ойнады,
Қаһарланып Қыдырбай,
Қайттыма деп қайратым,
Бітті ме деп айбатым,

Аяғынан бұғаулап,
Құлағынан алады.
Басына жүген кигізіп,
Ертұрманын салады.

Айыл тартып бекітіп,
Құйысқаның қысқартып,
Өмілдірік тағады.
Екіндінің кезінде,

Намаздігер өзінде,
Алшағырдың еліне,
Сапар шегіп жөнелді.
Шу жануар, шу деді,

Боз жорға сонда гуледі,
Табаны жерге тимеді,
Ауыздығын шайнады,
Көзі оттай жайнады.

Құйысқаны сартылдап,
Үзеңгісі жарқылдап,
Бес қаруы белінде,
Күндерден талай асады.

Астындағы боз жорға,
Аяғын жыйнай басады.
Аузынан көбік шашады
Күн қызарып кеткесін,

Ұясына жеткесін,
Алшағырханның қамалы,
Көтерілген талабы,
Толығып тұрған амалы,

Тастан салған қорғаны,
Шойын қапқа құйдырған,
Күзетуге бақташы,
Екі жендет қойдырған.

Жетіп келді қасына,
Әруағы қонып басына,
Бағып тұрған жендеттің
Ұлқысатын алмады,

Сонда Қыдырбай салмақтап,
Айбалтасын қолға алып,
Шойын қақпа қыйратып,
Алшағырдың сарайы,

Көтерілген талайы.
Ысырмалы әйнегі,
Жетіп барды тұсына,
Терезесін қыйратып,

Аждаһадай ысқырып,
Қыдырбай шалың сөйледі.
Қалмақ елін билеген,
Алшағырхан сен едің,

Қара қазақ елінде,
Қыдырбай шал мен едім.
Қайғылы жүрген күнімде,
Құртқадайын қыз туып,

Алтыннан қабақ аттырып,
Күмістен табақ тарттырып,
Ат бәйгесі шаптырып,
Байтақ елді жыйдырып,

Тамаша тойды жасадың.
Аяушылық ойменен,
Шақырдың мені тойыңа.
Келсін дедің ойынға,

Қуанғанның белгісі,
Төрт жүз жігіт қол алдым,
Аз емес мол алдым,
Еліңе сенің жол алдым,

Қарадан киім кигізіп,
Бедеу атты мінгізіп.
Бес қаруды ілгізіп,
Әскер жыйып жайнатып,

Бұлбұл құсын сайратып.
Парат жегіп күймеге,
Қоңырау байлап доғаға.
Толтырып саба ішіне,

Жорға тай байлап тертеге,
Той сыйлығы болсын деп,
Еліңе еңсеп келгенде,
Алдымнан әскер жүргізіп,

Қалмақша киім кигізіп,
Сындырдың менің белімді.
Суырдың желге күлімді,
Көңілімдегі суалттың

Шалқыған айдын көлімді.
Баласы жоқ қу бас деп,
Сенен бала тумас деп,
Орны жоқ деп ұлсыздың,

Кетсін дедің еліне.
Барсын деді жеріне
Саған берген Алланың,
Бермесін маған білдің бе?

Сексен төртке келгенде,
Нұр суынан жаратып,
Қырық шілтенден жаратып,
Арыстандай айбатты,

Жолбарыстай қайратты,
Атса мылтық өтпейтін,
Шапса қылыш кеспейтін,
Өртке түссе күмейтін.

Соғысса жаудан өлмейтін,
Қобыландыдай ұл туды,
Өтірік емес шын туды,
Саған қалмақ күн туды.

Алтыннан қабақ артырып,
Күміс табақ тарттырып,
Ат бәйгесін шаптырып,
Отыз күндей ойынға,

Қырық күндей тойыма,
Мәжіліске барсын деп,
Саған хабар етемін.
Өзіңе сенсең қалмағым,

Табан тіреп жата бер.
Берген Құдай алмаса,
Мына қылыш салмаса,
Өмір берсе жалғызым,

Алты жасқа келгесін,
Арғымақ ат мінгізіп,
Тоғыз қабат ақ сауыт,
Мойынға орай кигізіп,

Бес қаруды ілгізіп,
Қасына әскер ергізіп,
Ай бетінен кіргізіп.
Айқай сүрен салғызып,

Күн жағынан кіргізіп,
Қалмақ жауын қырғызып,
Еліңе ойран салармын.
Құртқадайын қызыңды,

Еріксіз тартып алармын.
Қарқаралы қыздардың,
Қой соңына салармын.
Келсендағы Алшағыр,

Келмесеңде өзің біл.
Осы айтқаным болар деп,
Басыңа күн туар деп,
Осыны айтып Қыдырбай,

Ізін қайтып жөнелді.
Алшағыр қатты сасады,
Аяғын тәлтек басады,
Табалмай ақыл сасады.

Үрейі ұшып сандалып,
Берекесі қашады.
Қатардағы Тәуке хан,
Шақырып алды серігін,

Қыдырбай жаңа келді деп,
Жаман хабар берді деп.
Қартайғанда ұл туған,
Асыл нұрдан жаралған,

Қобыланды батыр шын туған.
Шақырып кетті тойына,
Көңілі әбден толыпты,
Қобыландының тойына,

Барайық деп кеңесіп,
Ақылдасып сөйлесіп,
Осылай кеңес құрады.
Барайын десе Алшағыр,

Қыдырбайға айтқаны,
Бетіне шіркеу болады.
Бармайын десе Алшағыр,
Дүнияге келген Қобыланды

Қорқып сонан барады.
Алшағырхан Тәуке хан,
Алпыс солдат қосшы алып,
Алтын түйеп арбаға,

Күмісін салып қоржынға,
Бай тойына жөнелді.
Сексен төртте қыдырған,
Елдің бәрін жыйдырып,

Аямай бәрін сойдырып,
Бес жүз үйді тіктіріп,
Алтын қабақ аттырып,
Күмістен табақ тарттырып,

Отыз күндей ойынмен,
Қырық күндей той жасап,
Жетпіс күндей той етіп,
Салтанатын оздырып,

Той қызығын оздырды,
Көп жыйылған анамнан,
Шебердің бәрін қалдырып,
Білімді жанды алдырып,

Кешегі туған балаға,
Сауыт пен сайман соқтырып,
Бес қаруын даярлап,
Кілемге салып будырып.

Даярлады жыйдырып.
Еліне келіп Алшағыр,
Хан Тәукемен екеуі,
Кешегі туған жас бала,

Айбатынан жасқанып.
Өзінше ерте сақтанып,
Үркейін деп көлінен,
Кетейін деп жерінен,

Оларда жүрді қамданып.
Туған жерін қыя алмай,
Қалмақтың қатын, қыздары,
Қайғыланып жылады.

Қыдырбайдай шалыңның,
Зарығып көрген баласын,
Жетпегір деп қарғады.
Молдадай боп қуарғыр,

Айдын көлдей су алғыр.
Ер жасыңа жетпегір,
Балалықтаң өтпегір.
Кесір болдың тудың да,

Бәле болып тудың да,
Балығы тайдай тулаған,
Бақасы қойдай шулаған,
Айдын шалқар көлдерін,

Егіні шығып егілген,
Жидесі мен алмасы,
Гүлден жерге төгілген.
Құмайтанған жерлері.

Төбесінде самалы,
Беттегелі белдерін,
Иесіз болып қалдың деп,
Қазына жыйған сарайым,

Әдіра талқан болдың деп,
Қыз қатыны жыласып,
Айдаса малы шуласып,
Үш күг түннің ішінде,

Екі ханның елі еді,
Талақ етіп қонысты.
Үрке көшіп жөнелді
Батыс пенен шығыстың

Екеуінің арасы,
Қалмақтың қалың елі еді.
Неше бір ханның жері еді,
Қосылам деп ұлтыма.

Сапар шегіп көреді
Кеше туған Қобыланды,
Бір жасына жеткен соң,
Еңбектеді ебініп,

Екі жасқа жеткесін,
Аяғы шықты жүгіріп.
Тілі шығып сөйледі,
Әр нәрсені біледі.

Үш жасына келгенде,
Үш асықпен ойнады.
Төрт жасына келгенде,
Төбеге шығып жүгіріп.

Әр талапты ойлады,
Ойын жағын қоймады.
Бес жасына келгенде,
Балалармен алысып,

Өз қайратын сынады.
Алты жасқа жеткенсің,
Балалықтан өтеді.
Одарқұл мен Қодарқұл,

Асыранды байдың баласы,
Екеуіне ілесіп,
Қызық көріп тамаша,
Жылқы бағып кетеді.

Қыдырбай мен Ағзарбап,
Атасы менен анасы,
Одар менен Қодарға,
Кетпесін жалғыз деп,

Тапсырып қойды мамасы.
Ұсталмаған көп асау,
Құлан болып ойнаған.
Жүген құрық салмаған,

Тайдай етіп үйретіп,
Қолға барып тұрғызған.
Малын бағып малшыдай,
Ұйқысын бөліп жалшыдай.

Жылқысың айдап алысқа,
Жауды тілеп жүреді.
Түн ұйқысын бөледі,
Қызылбаспен қалмақтың,

Қалмады ма ерлері,
Байдың малын алмайды,
Талауға мүлкін салмайды,
Қайда кеткен қалмақтың,

Бұрынғы өткен ерлердің,
Қырғыңынан қалғаны.
Сол тілекпен жүргенде,
Алыста жанған от көрді,

Қараңғылық түніңде,
Аспанға ұшқан шоқ көрді.
Атылған мылтық дауысын,
Түнде көріп бүлдірді.

Кетейін десе жас бала,
Одарқұл мен Қодарқұл,
Екеуінен кете алмай,
Түнде барда, күндіз жоқ,

Қаптап жатқан қалың жау.
Соған бала жете алмай,
Зығырлары қайнады.
Бір күндері болғанда,

Бала сұмдық ойлады.
Табайын деп ақылды,
Одар, Қодар ағасы,
Екеуіне барады.

Екі бірдей жан көке,
Сөзіме құлақ сал көке,
Сендерге болдым жеткіншек,
Өзім жеке жүрейін,

Жылқы жыйнап көрейін.
Жирен қопа көліне,
Жылқының алды құлады.
Батпағына мал тығып,

Қалмасын құлын жығылып.
Бұл сөзіне нанады,
Жалғыз тастап баланы.
Алдына кетіп барады,

Ер жетті деп еркесі,
Қыдырбайдың серкесі.
Рыза боп қалады,
Олар кетіп қалғасын.

Құтылдым деп қоршаудан,
Ат жақсысын мінеді.
Киімін түзеп киеді,
Бес қаруын іледі.

Түнде бар да күндіз жоқ,
Қаптап жатқан қалың жау.
Сапар шегіп жөнеді,
Сонау жауға баруға,

Арманы батыр сол еді.
Шу дегенде жануар,
Астындағы боз жорға,
Соққан желдей гуледі.

Масаты киген шалбардың,
Жел қаққандай балағы.
Дөңгеленіп келеді,
Көрініп тұрған Қаратау.

Кідірмей жетіп келеді,
Басына шығып қарады,
Көре алмай қара барады.
Таудан түсіп жол асып,

Көлденең жатқан бел асып,
Аспанға жақын ауасы,
Алатаудан әрі асып,
Шалғын тауға жетеді.

Басына шығып қарады,
Дүнияға көзін салады.
Жердің шарың болжады,
Қарап тұрса таңданып,

Қобыланның жүзінен,
Боз жорға аты астында.
Бір кесе балы қолында
Кең Дүнияні байқаған,

Ақ киімін жамылған,
Етегі жерге малынған.
Боз жорға аты астында,
Жалғыз кемпір келеді.

Соны көзі көреді,
Иіліп келіп жас бала,
Алдына сәлем береді.

Әлқисса, Қобыланды, кемпірдің мінген бозжорғасына қызығады, осыны қалай да алуды ойлайды.

Сонда бала сөйледі,
Әй шешеке біл деді.
Жоқ қарадым мен деді,
Тобыменен жылқым жоқ,

Сол жылқыны іздеумен,
Мен балаңда күлкі жоқ.
Келе жатқан жолыңнан,
Жайылып жатқан көп жылқы,

Түспеді ме көзіңе.
Білімің болса сол малдан,
Жөн сілтеші өзіме.
Сонда кемпір сөйледі,

Алдап тұрған баланың,
Оймен кемпір сезеді.
Әй, қуарғыр алдама,
Сенің малың жоғалмас,

Қалмақ оны ала алмас,
Асылың нұрдан жаралған,
Қыдырбай шалдың еркесі,
Қыпшақ елдің серкесі,

Қобыланды батыр сен деді.
Жасырсаң да жөніңді,
Біліп тұрмын мен деді.
Сөзінен кемпір жығылып,

Қобыландыдай жас бала,
Езу тартып күледі.
Ал шешеке кел деді,
Қоба жылда кез болдық,

Ат аяғын көрісіп,
Жарысайын мен деді.
Баланың айтқан бұл сөзін,
Бәйбіше мақұл көреді.

Алға қарай ұмтылып,
Ақырын қозғап аяғын,
Байғұс кемпір шу деді.
Шу дегенде боз жорға,

Тұяғы тасқа тимеді,
Бала көзін ашқанша,
Жұмып кірпік қаққанша,
Қасындағы анасы,

Көз ұшында көрінді.
Дауыл ма деп, жел ме деп,
Қобыландыдай жас бала,
Не нәрсе деп сезбеді.

Қатты салып айқайын,
Шақырып алды анасы.
Қасына барды баласы,
Қасына келіп сөз айтып,

Әрнәрсені көп айтып,
Алдандырып әжесін,
Айылын қойды босатып.
Ал әжеке бол деді,

Қапы қалдым мен деді.
Жаңа міндім жылқыдан,
Жын тоғына барлығып,
Терлемеді бұл деді.

Енді алдын бермейді,
Құлақтың түбі терлейді,
Шу деп кемпір тебінді.
Тебінгенше болмады,

Түп етектен алады,
Дөңгелектеніп барады.
Аудара тастап кемпірді,
Боз жорғаны жетелеп,

Қобыланды кетіп барады.
Мінген аттан айрылып,
Кемпір байғұс жылады.
Қобыландыны қарғады,

Қарғады да зарлады,
Моладайын қуарғыр,
Айдын көлдей су алғыр,
Балалықтан кетпегір,

Үйіңе қайта жетпегір,
Ата-анаңды көрмегір,
Иіле сәлем бермегір,
Өтірік айтып алдадың,

Жаяу тастап байладың.
Жаяу қалып далада,
Менің сорым қайнады.

Осылай деп өтірік қарғап, Қобыланды жаққа қарай аққу болып ұшып ғайып болып жөнеледі. Бұл кемпір қыз әулиеден жаратқан өзінің пірі екен. Балам заманында жалғыз еді, балаға қарсы қалмақ көп еді, батамды берейін, Қыдырбай Дүнияқор бай еді, жылқысы көп болса да жауға мінер төл аты болмас боз жорғаны берейін деп келген екен. Ол балаға мен атты қолымнан бермеймін, мені алдап ала алса жауға да болмас, мені алдауға шамасы келмесе, ақылы жоқ басы үлкен адамның жаманы болар деп келеді екен. Бұл боз жорға ат жұмақта тұратын періштелер мінетін пырағы екен. Баласына батасын беріп өз орнынан кете береді.

Сонан кейін Қобыланды,
Жылқыға қайтып келеді,
Төл атын мінген жіберіп,
Анасы берген боз жорға ат,

Басына жүген кигізіп,
Ертұрманын салады.
Артық қайрат меңгеріп,
Бес қаруын бөктеріп,

Алдына қарай өңгеріп,
Өзі көрген қалың қол,
Қалмақ деген ауыр жау,
Сапар шегіп келеді.

Шу жануар тұлпарым,
Алшайып міндім іңкәрім.
Атаңа нәлет қалмақты,
Көруге толық іңкәрім.

Анасы берген боз жорға ат,
Киіктей атып ойнады,
Шырақтай көзі жайнады,
Ауыздығын шайнады,

Ор киіктей орғыды,
Оғындай садақ зырғыды.
Қайыстайын созылды,
Қызғалдақтай құбылды.

Қара терге малынды,
Көбіктей тері алынды.
Күндерден күндер асады,
Бүктеліп аяқ басады.

Жаңбырдай терін шашады,
Сол жүргеннен тоқтамай,
Өзі көрген жауына,
Іркілмей бала құлады,

Жалғызбын деп торықпай,
Жауды көп деп қорықпай,
Айнымайтұғын арыстан,
Ортасына енеді.

Үркіп көшкен Алшағыр батыс шығыстың арасындағы неше ханның еліне барып, көп қалмақпен бірігіп, Қобыландыдан қорқып отыр екен. Сол күнде қыз Құртқа он төртке келген екен. Қобыланды келіп еріксіз тартып алады деп өз ұлтыма беремін деп шешендерді жыйнап той жасап жатыр екен. Кім де кім алтын қабақты атып түсірсе, қыз Құртқаның иесі сол болсын деп шарт қойған екен. Бірнеше айдан бері, жыйналған ел батырлары алтын қабақты жабылып түсіре алмай жатыр екен.

Бізден келген Қобыланды,
Мен де көптің бірі деп,
Жалғыз туған атадан,
Көмексіз елдің ері деп,

Жалғыз болған адамның,
Көңілінде көп кірі деп,
Тисе қызын алайын,
Тимей кетсе атқан оқ,

Мен жайыма қалайын.
Бұлайша деп Қобыланды,
Ат үстінде тұрады,
Зеңбірегін қондырып,

Оң тізеге қояды.
Көз жетпейтін қабағын,
Үзейін деп сабағын,
Толғай тартып қалады.

Мерген еді жас бала,
Жалғыз шиден оқ атса,
Кетпес еді далаға.
Бір атқаннан қалдырмай,

Қалмақтың алтын қабағын,
Үзіп жерге түсірді.
Жыйынға келген көп қалмақ,
Қобыландыдай баланы,

Сонда сезіп біледі.
Қыз әкесі Алшағыр,
Ханға жыйылып барады,
Ханға хабар салады,

Нәсілі басқа бір адам,
Ортамызға енгені.
Айнымай келіп кіргені,
Мерген екен ол өзі,

Алтын қабақ үзбесін,
Бір атқанда үзгені.
Қазақтан шыққан арыстан.
Қобыланды білем бұл өзі,

Қобыланды жалғыз, біздер көп,
Қыз Құртқаны бермейміз,
Ұлықсат етсең Алшағыр,
Қобыландыдай батырмен,

Соғысуды тілейміз.
Хандарменен бас қосып,
Мәжілісте бас болып,
Тақта отырған Алшағыр,

Қобыланды деп есітіп,
Үйден шығып далаға,
Алпыс құлаш ақ шіркеу,
Көзі түсіп балаға,

Алшағыр сонда ақырды.
Астана жұртын шақырды,
Сонда ханым сөйледі,
Шулама жұртым, шулама,

Жамыраған қойдай тулама,
Іздеп келген Қобыланды,
Артық туған атадан,
Дұшпанға деп жаралған,

Айнымай туған ер еді,
Қырмай бізді қоя ма.
Қалмақ оған ата жау,
Ішсе қанын тоя ма.

Қыз атасы мен болсам,
Құртқаны беріп сауға деп,
Аңсап келген арыстан,
Аман қалсақ болмай ма?

Осылай халың басады,
Қайта тойын жасады.
Қобыланды мен қыз Құртқа,
Бөлек салып сарайға,

Асылдың басын қосады.
Тойлаған тойын бітіріп,
Астанасын таратып,
Құртқадайын сұлуды,

Жөнелтуге ойлады.
Қыдырбайдай қазақтан,
Асырамын деп байлығын,
Алтын күміс гауһармен,

Қырық нарды алдырып,
Қырмызы кілем жаптырып,
Жібектен арқан торлады.
Қыдырбайдың еркесі,

Қыпшақ ел серкесі,
Асылы нұрдан жаралған,
Алты жасар жас бала,
Қалмаққа жасап масқара.

Қыз Құртқадай сұлуды,
Елге алып жөнелді.
Неше бір күн жол жүріп,
Азғана емес, мол жүріп,

Елге төніп келеді.
Ел қарасын көргенде,
Сонда Құртқа сөйледі.
Арыстаным айбаттым,

Жолбарыстай қайраттым.
Асылың нұрдан жаралған,
Жау қайласы жетпеген.
Өзіңнен ерлік өтпеген,

Сом жүректі батырым.
Елімді тастап ергенім,
Сүйікті жарым сен ғой деп,
Жетегіне ергенім.

Бұл жерге көшің тұрғызып,
Астындағы боз жорға ат,
Бергейсің маған тұлпарың,
Асыл туған сұңқарым.

Аралайын еліңді,
Мен көрейін жеріңді.
Болжайын сенің көліңді,
Құртқадайын сұлудың,

Бұл сөзің мақұл көреді.
Астындағы боз жорға,
Қыз Құртқаға береді.
Атқа Құртқа мінеді,

Алтын қамшы қолға алып,
Ақ жыландай толғанып,
Қалың шаһар қыпшақтың,
Көрейін деп жөнеді.

Астындағы боз бедеу,
Киіктей ойнап келеді.
Салтанатты шаһардың,
Шетіне келіп енеді.

Елеусіз адам болды да,
Аралап елін көреді.
Жирен көлге жетеді,
Көлді айналып өтеді.

Ешкі қырған дөңіне,
Іркілмей жетіп келеді.
Биікке шығып таралып,
Жан-жағына қаранып,

Тоты құстай сыланып,
Қыдырбайдың көп жылқы,
Бөлініп жатқан әр жерде,
Аралап бәрін көреді.

Көш басында отырған,
Қобыландыға келеді.
Келе сөйлей береді,
Ұзын желке шақша бас.

Ұзын желке қыйсық бұт,
Көзі шегір ноғайлы,
Мұның несін ел дедің,
Тулап жатқан балық жоқ,

Шулап жатқан бақа жоқ,
Ойнап жатқан үйрек жоқ,
Жүзіп жүрген қазы жоқ,
Тостағандай Жирен көл,

Мұның несін көл дедің.
Егіліп жатқан егін жоқ,
Төгіліп жатқан жиде жоқ,
Домаланған қарбыз жоқ,

Қауыны мұның тағы жоқ.
Қуарып жатқан қу түбір,
Мұның несін жер дейсін.
Базарға сатса пұлы жоқ,

Ер мінетін бірі жоқ.
Жау айдағыр көп жылқы,
Мұның несін мал дейсің.
Қобыланды сонда сөйледі:

Ашуы ердің келеді,
Шарт қабағын түйеді,
Қалмақтың қызы қанымсың.
Әбілді қабыл өлтірген,

Әуелден-ақ залымсың.
Мұндай сөзге келгенде,
Тілге жүйрік ғалымсың.
Дін ашылған еліме,

Гүл қопалы көліме.
Беттегелі беліме,
Туып өскен жеріме,
Арамсыз жыйған малыма.

Ханың ұстаған халқыма,
Дінің күткен жаныма.
Кемшілік бердің сен деді,
Боз жорға атқа мін деді.

Шалғын көлдің бойында,
Сандал көктің үйірі,
Жүз елу жылқы бар еді,
Соны көріп кел деді.

Аралап бәрін көр деді,
Ұнамаса бір тайы,
Қырылғырды қырайын.
Асылдан салып айғырын,

Жабыдан салып биесін.
Қайта жылқы жыяйын,
Атқа сұлу мінеді.
Ақ маңдайы жарқырап,

Алтын кебіс аяқта,
Үзеңгіге сартылдап.
Жылқыға қарай жөнеді,
Сәске мезгіл болғанда.

Күннің көзі қызғанда,
Сандал көгі бас болып,
Жылқы суға шабады.
Көп жылқының шетінде,

Құбыла жақ бетінде,
Жеке жүрген бір байтал,
Алтын, күміс пішіні,
Соны көзі көреді.

Асылдығын біледі,
Тобылғы менді торы құлын.
Ішінде барын сезеді,
Батырға қайта келеді,

Сандал көктің үйірінен,
Көріп көзім ұнатты,
Соны Құртқа жаратты,
Көрімдік деп сұрайын,

Атекең келіп көргейді,
Кең қулыңды бергейді.
Ұнатқаның бір тай ма,
Сұрағаның сол болса,

Қыдырбай оны берер деп,
Сені көзбен көрер деп,
Елге көшіп келтірді.
Қобыланды бала келді деп,

Қыпшақ елі жыйналып,
Көреміз деп келінді,
Үлкен кіші құралып.
Түйенің шешіп арқанын,

Бәрі жатыр жыйналып.
Келінімді көрем деп,
Үйден шықты қозғалып.
Аса таяқ қолға алып,

Қадам басып аяғын,
Мығым ұстап таяғын.
Кілең шалдар жыйналып,
Алдынан байдың тұрады.

Кер қулыңды сұрады,
Келінің Құртқа келіпті.
Сандал көктің үйірінен,
Кер құлыңды көріпті,

Атам келіп көрер деп,
Кер байталын берер деп,
Көрімдік деп сұрайды.
Сонан хабар біз бердік,

Қыдырбай сонда сөйледі.
Қалмақтың қызын көрмеймін,
Түбіне соның сенбеймін.
Келмесе кетсін көруге,

Тобылғы менді торықұлын,
Су айғырдың баласы,
Ішінде жатыр биенің.
Қобыландының тұлпары,

Нәсілі дұшпан болған соң,
Келініме сенбеймін.
Ашуланып кілең шал,
Қыдырбайды қамады.

Бәрі жыйылып сабады,
Басына таяқ жауады,
Бармаймын деп жыйынға,
Қыдырбай кері кетеді.

Үйіне қайтып жетеді,
Бәйбіше шығып алдынан,
Қыдырбайға сөйледі.
Қасқа болған Қыдырбай,

Балалы кісі болғансың,
Қызыққа елің толғасын,
Есің жыйнап алдың ба,
Дүнияға ие болдың ба?

Қобыландының жоғында,
Малың түгел бас қайғы,
Көзіңнің жасын тыйдың ба?
Келініңді көрсейші,

Бір байталды берсейші,
Жұртқа күлкі болғанша.
Бүйткенше қасқа өлсейші,
Бәйбішенің сөзінен,

Жығылыс тауып Қыдырбай,
Жөнсіздігін білген соң,
Жыйынға қайта келеді.
Келінің Құртқа көреді,

Сұрағаны бір байтал,
Кер байталды береді.
Сонан кейін Қыдырбай,
Той жасауға кіреді.

Он екі күн ойын мен,
Тоғыз күндей тойымен
Аямай мал сойғызып,
Мереке сауық етеді.

Жыйырма бір күн дегенде,
Тойы тамам бітеді.
Көп жыйылған алқадан,
Қобыландыдай батырдың,

Шебердің бәрін жыйнады.
Жирен көлдің бойынан,
Алтынменен аптаған,
Күміспенен қоршаған.

Жасыл сырмен сырлаған,
Алтын сарай үй салып,
Сүйген жұпты Құртқамен,
Қобыландыдай жас бала,

Оңаша үйде қалады.
Көңілдері ашылып,
Қызықты сарай үйінде,
Дәурен сүріп тұрады.

Бір күндері болғанда,
Туар кезі болғанда,
Қыз Құртқадай сұлуың,
Кер қулықты алдырды,

Алтын сарай астынан,
Жер қаздырып үй салып,
Көзді адамдар көрер деп,
Тілді дұшпан сезер деп,

Тобылғы меңді тор құлын,
Аман туса биеден,
Таңданғаннан өлер деп,
Қараңғы падвал үйіне,

Кер қулықты бағады.
Құртқа бабын табады,
Болжаулы күні біткен соң,
Толғатады кер қулық,

Астына кілем жайдырып,
Басын жерге тигізбей,
Аламын деп меңдіні,
Панар шамын жақтырып.

Қасында жүр күзетіп,
Аман-есен туғызып,
Тор құлынды алады.
Емізбеді анасын,

Сездірмеді мамасын,
Тәтті тағам жем беріп,
Арпа бидай асатып,
Өз қолынан бағады.

Ағаштан астау ойдырып,
Қулық бие байлатып,
Түтікпен сүтін құйдырып,
Өз денесін көрсін деп,

Шар айнасын жайдырып,
Стенаға ілдірді.
Түрлі гүлдер жайнатып,
Жібек арқан тақтырып,

Лағындай киік ойнатып,
Сапарда жүрген шағында,
Болсын сергек көңілі,
Әр уақытта қондырып,

Сандуғашын сайратып,
Торға салған сарайдың,
Қақпалы еді әйнегі,
Ертелі кеш саяда,

Қақпағын ашып ысырып,
Болсын деп таза кеудесі,
Болсын деп желді өкпесі.
Таза ауаны келтіріп,

Қоңыр салқын соқтырды.
Ақылға терең қыз Құртқа,
Торыша тұлпар бағады.
Меңдінің бабын табады.

Ат баққаннан қыз Құртқа,
Көңіліне ердің жағады.
Сәрсенбінің түні өтті,
Бейсенбінің күні жетті.

Таң сәулесі болғанда,
Шолпан жұлдыз туғанда,
Қобыландыдай жас бала,
Алдырып атын мінеді.

Шаруа киімін киеді,
Құрығын қарға іледі.
Алыста жатқан малына,
Сапарланып жөнеді.

Бөлініп жатқан әр ойда,
Беттегелі сары ойда,
Тай құнаны ойнаған,
Құлындары төлі өсіп.

Жайлымда жатқан жылқының,
Шетінен барып енеді.
Беттегелі сары ойда,
Бөлініп жатқан әр ойда,

Тобылғылы кең ойда,
Көрмеген адам құландай,
Қобыландыны көрген соң,
Құлағын тіге қарады-ай.

Қыдырбайдың баласы,
Қобыландыдай батырың,
Малға қарай кеткенде,
Қызыл үкі тағылған,

Сырты сырлап жазылған.
Конверттеулі ақ қағаз,
Қыз Құртқаның қолына,
Пайда болды ауадан.

Алақандай ала қат,
Құртқа бұзып қарады.
Алшағырдың қатыны
Сұлу көзін салады,

Оқып тұрған Құртқаның,
Тырсылдаған көз жасы,
Ақ қағазға тамады.
Сонда Құртқа сөйледі:

Өксігін баспай егіліп,
Көзінің жасы төгіліп,
Менің әкем Алшағыр,
Сәлем жазып ойланып,

Басылмаған қызығы.
Қасымдағы арыстан,
Барса келмес жолына,
Келмесін деп айдадық.

Жетпесе де шамаңыз,
Келмесе де өреңіз,
Қара қазақ еліне,
Дұшпандықты қоймадың.

Менің әкем сен едің,
Сенің балаң мен едім,
Қобыландыдай асылға,
Басымды қосып сүйгенім,

Қалмақтың жазған жалған сөз,
Сапарланып жолдасым,
Осы жолға жүр едің.
Бұлайша деп Қазықұртқа,

Қағазды жыйнап қояды,
Белді бекем буады.
Батырдың келер шағында,
Түрлі тағам даярлап,

Алтын стол қойдырып,
Тамақтың бәрін жаяды.
Елеусіз етіп ала қат,
Арасына қояды.

Ас қойғанда мақсаты,
Сынайын деп батырды,
Түрлі қиял ойлады.
Жасық болса жолдасым,

Хаттан бұрын ас көрер,
Асыл болса алыбым,
Аш жүрседе аяусыз
Арасынан хат көрер.

Хатқа түссе назары,
Дұшпанына мыс берер.
Ашығып келіп ас алса,
Үйде отырып босқа өлер.

Осылай деп қыз Құртқа,
Әзірлігін етеді.
Арада неше күн өтеді,
Қыдырбайдың еркесі,

Қара қазақ еркесі,
Үйге қайтып жетеді.
Алдынан шығып қыз Құртқа,
Айқайла бас бұралып,

Шапшаң басып аяғын,
Батырға қарсы жетеді.
Шылбырын алып жекелеп,
Боз жорғадай тұлпарды,

Түсер жерге төндірді.
Аяғының астына,
Барқыт мамық төсеулі.
Өзі жүріп артынан,

Алтын сарай ордаға,
Қобыландыдай батырды,
Есік ашып кіргізіп,
Шешіндіріп батырды,

Киімін сыртқа іледі.
Алып келіп столды,
Қобыландыны мінгізді.
Столға батыр таянып,

Айналаға көз салып,
Аспен жұмыс етпеді.
Ашсадағы тамағы,
Неше күннен ұйқы жоқ,

Қатсадағы қабағы,
Алақандай ала қат,
Елеусіз жерден алады.
Алшағырдың сәлемі

Қобыландыға жазылған,
Батыр көзін салады.
Ал жамағат құлақ сал,
Ханның сөзін ұғып қал,

Шыдайын деп келгесін,
Зейінін аударып,
Құлағыңды таза сал.
Қалам алып қолыма,

Сәлем жазып жолдадым.
Жирен қопа көлінде,
Ешкі қырған дөңінде,
Қалың қыпшақ елінде,

Жылы нұрдан жаралған,
Қыдырбай шалдың өлкесі,
Қара қазақ серкесі,
Қызымды берген күйеуім,

Қыйсайғанда сүйеуім.
Жығылғанда тіреуім,
Тарыққанда демеуім.
Асыл едің арыстан,

Дұшпанмен қатысқан.
Мен жұмсасам барар ма,
Айтса тілім алар ма?
Күн шығардың бетінде,

Қызылбас қалмақ қалың жау,
Сол жауыма барар ма.
Бергі шеті жауымның,
Қырық қақпалы қызыл бас.

Ерлік етсең аларсың,
Күшің жетсе шабарсың.
Қарсақ жортпас қара ойды,
Түлкі жортпас сары ойда,

Жапалақ ұшпас жапанда,
Әкеліп берсең жауымды,
Үш самсадай жауым бар.
Шөршіттің ұлы Шүмекей,

Жалау сары жауыр қол,
Алдырмай жатқан ауыр қол,
Әкеліп берсе жауымды,
Онан әрі өткенде,

Қыйыр шығыс кеткенде,
Қалмақтың қаны қаһарман,
Қаһарын тігіп қараған.
Қырық шалғысын тараған.

Қалмақ елін билеген,
Өзі болған шағында,
Дұшпанға теңдік бермеген.
Айналасы айшылық,

Көлденеңі күншілік,
Билеп тұрған елі бар.
Ел ішінде ері бар,
Жайылған әскер көбі бар.

Темірден соққан жолы бар,
Қазулы жатқан оры бар.
Жаюлы жатқан торы бар,
Аңсыз барған адамның,

Ажалы мен соры бар.
Сол жауымды ала алсаң,
Болат еді асылың,
Қорықпай соған бара алсаң,

Онан әрі өткен соң,
Дәл отыз бес жасында,
Шалма бөркі басында,
Алтын тақа астында,

Жаһайілдей ханы бар,
Қыбырлаған жаны бар.
Жыйнаған әскер қолы бар.
Азғана емес молы бар,

Алыста жатқан жолы бар,
Әкеліп бер жауымды,
Арғы шеті жауымның,
Жаңғыз көзді Қарақұл,

Жеке тұрған дара құл,
Барса келмес ханы бар.
Ел ұстаған жаны бар,
Жасынан әскер ойнатып,

Білімге жеткен жайы бар.
Әкеліп бер жауымды,
Тіліме менің нанбасаң,
Бұл жауыма бармасаң,

Сонан бері қалың жау,
Дабылын есітіп Құртқаның,
Алшағырды шабам деп,
Қызын тартып алам деп.

Отыр білем ойланып,
Әскер құрап жыйналып.
Хабарласып қамданып,
Батырын салып алдына,

Қаны болып соңында,
Аттаныпты жыйналып.
Осы елдерді алмасаң,
Өлтірер білем өзімді,

Жояр білем көзімді.
Қабыл көрсең Қобыланды,
Мен бітірдім сөзімді.
Хатты оқып хабарын,

Қобыландыдай батырдың,
Алты жастың өзінде,
Аударды жолға назарын.
Көрейін деп қалмақтың,

Жыйналып жатқан базарын.
Үйден шығып жөнелді,
Құртқасына қонбастан,
Сол күні қонақ болмастан,

Атын мініп тез жүріп.
Өзінің кіндік ағасы,
Қожабайға келеді.
Келіп сәлем береді,

Болаты шығып айбатпен,
Артық туған қайратпен,
Жасымастан сөйледі,
Көкежан атқа мін деді,

Түн ұйқыңды бөл деді.
Қыпшақтының еліне,
Түгел хабар бер деді.
Есін білген адамның,

Бәрін жыйып кел деді.
Қобыландыдай ініңіз,
Халық үшін туған ер еді,
Ел бейнетін көреді,

Жол жүремін алысқа.
Елім үшін намысқа,
Жаңғыз туған баламын,
Ата жауым қалмаққа,

Сапар шегіп барамын.
Жалғыз едім атадан,
Алладан пәрмен сұраймын,
Қаламмен хат жазған,

Алшағырдай патшаның,
Айтқан тілін алайын,
Бармай қалсам қатын дер,
Нашар туған батыр дер,

Қыз Құртқаның қасында,
Шыға алмастан жатыр дер.
Қожабайдай ағасы,
Адамнан артық данасы,

Білімге жеткен санасы,
Қобыландыдай батырдың,
Аттанарын қалмаққа,
Біліп қалды шамасы.

Алдырып атын мінеді,
Қыпшақ елін аралап,
Хабар айтып келеді.
Ертең сәске кезінде,

Қыдырбайдың аулына,
Елдің бәрі жыйналды.
Басын қосып құралды.
Көктің кіріп анасы,

Қыдырбай шалдың баласы,
Біраз ғана сөйледі,
Сендер үшін туғаным,
Түн ұйқымды төрт бөліп,

Сапар шегіп жол жүріп,
Жау еліне аттанып,
Шыбын жанды қиямын.
Ұйықтасам түсті көремін,

Қыйыр шығыс бетінен,
Қалың қалмақ елінен,
Атадан жалқы туған соң,
Алладан басқа панам жоқ.

Әруақтарға сыйынып,
Жалғыз жүріп барамын.
Қобыландыдай баланың,
Білсін деп жауға кетерін,

Қалмаққа қайрат етерін,
Сол үшін көпті жыйнадым.
Қош аман бол елдерім,
Ел шетінде ойнаған,

Өз қатарлы теңдерім.
Жасы үлкен ағалар,
Білімі жеткен даналар,
Қожабайды бас етіп,

Қырық жігіт аламын.
Бұл жолымнан келгенше,
Тілектес бол ағайын.

Қобыланды аттағы Қожабайға сенің қасыңа отыз тоғыз жігіт қосам, өзіңмен қырық боласын, азық-түлік қару-жарақтарыңды даярлап сендер бүгін жүре беріңіз. Дүйсенбінің күніне жауымның бергі шеті қырық қақпалы қызыл бас, арғы шеті хан Барсаға сендер менің құбыла бетімде бір айшылық жерде жүріңіз, айшылықтан көрінетін, менің бөлек қара бұлтым бар, сол бұлтымнан көздеріңді айырма, менің қасымда жүрсеңдер, қалмақ жауы қамағанда найзаға туды байлап атқан уақытта дүния жүзі шаң болып, ердің үсті шаң болар, күннің жүзі қан болар, сол уақытта көзімді мұнар шалғанда жаудың қайсы екенін сендердің қайсы екеніңді біле алмай, босқа қырылып қаларсыңдар. Жауының арғы шеті Хан Барса аман болса сонда тоғысамыз.

Аттандырып ағасын,
Қобыландыдай жас бала,
Жүрейін деп қалмаққа,
Үйіне қайтып келеді.

Боз жорға атын мінеді,
Әкесі жатқан ордаға,
Қобыланды жетіп келеді.
Түн ішінде баланың,

Ұйықтап жатыр атасы.
Тілекте жоқ қатесі,
Қабыл еді батасы,
Құс мамықтың үстінде

Қырмызы көрпе жамылып,
Ақ орданың ішінде,
Атасы мен анасы,
Жатыр еді бас қосып,

Уайым жоқ ұйқыда,
Баласы келіп сөйледі,
Атасы мен анасы,
Түн ұйқысын бөледі,

Жасы жеткен балам-ай,
Қабыл еді тобаң-ай,
Бата берсең өзіме,
Алыста жатқан жау қалмақ,

Барар едім жауыма,
Қазақтың қалмақ жауы еді,
Әбілді Қабыл өлтіріп,
Әуелден бізге жау еді.

Қожабайды бас етіп,
Қырық жолдас жібердім.
Менде ерте кетемін,
Соңынан қуып жетемін.

Ел үшін туған ер болсам,
Халық үшін туған мен болсам,
Үйде жатып өле алман.
Арды жауға бере алман,

Көмекші болса Құдайым,
Жәрдем берсе шабайын,
Бергі шеті жауының,
Қырық қақпалы қызыл бас,

Бергі шеті жауымның,
Барса келмес қара құм.
Соған шейін барамын,
Дем беруші қолдаса,

Қалмаққа қырғын саламын.
Қанын ішіп қанамын
Көкежан сенің ұлыңмын
Құдайыңның құлымын.

Өлмеймін деп ойламан,
Ажалым жетсе сол жақта,
Елінде жаудың қаламын.
Оңғарылса сапарым,

Ұзақ жүріп келемін.
Жаудың қалын белгісі,
Үш жарым жыл толғанда,
Санаулы күн болғанда,

Он екі қанат ордаңа,
Еңкейе келіп енемін.
Иіліп сәлем беремін,
Аһа деді атасы,

Дұғаның болмас қатасы,
Жалғыз едің Қобыланды,
Алты жастан өтпедің,
Тоғызыңнан кетпедің,

Он үшіңе жетпедің,
Балдырғаным майысқан,
Құба талым қайысқан.
Жалғыз балам сен болсаң,

Айдын көлін су алды,
Моладай әкең қуарды.
Бара бер балам, бара бер,
Тапсырдым сені Аллаға.

Алла деген пәнденің,
Тілектен құр қалама,
Сен Дүнияге келгесін,
Тілегімді бергенсін.

Көзімнің жасын көргенсің,
Бейшара көкең теңелді,
Теңелгеннің белгісі,
Жыйынға бас енгені.

Өзім үшін Алладан,
Тілегенім жоқ еді.
Бара бер балам, бара бер,
Жолдасың болсын пірлерің,

Өмір жетсе көрермін.
Ұзақ екен күндерің,
Осылай деп атасы,
Қырық шілтерге тапсырып,

Қолын жайып бата етіп,
Бетінен келіп өбеді.
Қобыландыдай баланың,
Қасына келді анасы.

Ақ жарылып күн туған,
Емшек берген мамасы.
Арыстаным айбаттым,
Аждаһадай қайраттым,

Сені тілеп Алладан,
Әулие қоймай кезініп,
Күні-түні жол жүріп,
Алладан сені тіледім.

Наз құмының бойында,
Ақ мешіттің ішінде,
Қыз әулиенің қасынан,
Көріне келіп көзіме,

Қырық шілтердің анасы,
Беріп кетті өзіме,
Айтқан сөзі енемнің,
Көңілімде әлі бар.

Атса мылтық өтпейді,
Шапса қылыш кеспейді,
Отқа салса күймейді,
Жаудан ұлым өлмейді.

Мамасы жауға бермейді,
Белін шешіп жатпайды.
Аңсамай қымыз жұтпайды,
Шеттен келген дұшпаннан,

Өз аймағын сақтайды.
Асыл нұрдан жаралған,
Сыр суынан таралған,
Қырық шілтер қолдаған,

Лауқыда жазған хаты бар.
Қобыландыдай аты бар,
Жеті ай он күн дегенде,
Көресін деп ұлыңды,

Нұр суынан жұтқызып,
Сыр суынан ішкізіп,
Бал татырып дәм беріп,
Қол көтеріп бата етті.

Алпысқа жасың келгенде,
Тар құрсағым кеңейіп,
Тас емшегімді ерітіп,
Тамырды кеткен жібітіп,

Ай күніме мұң болып,
Өлгенде көрген сен едің,
Сенің анаң мен едім,
Түн ұйқымды төрт бөліп,

Ақ сүт беріп еміздім,
Батыр туған ер жігіт,
Жалғызбын деп қамықпа.
Жас едім деп жабық па,

Менен туған ұл болсаң,
Мұсылманның ары үшін,
Өлмеймін деп ойлама.
Үйде өмір шексемде,

Далаға қумай қояма.
Мен сүтімді кешемін,
Анық тілек етемін,
Барған жауды қырмасаң,

Қылышымды қанға малмасаң,
Жаныңды құрбан қылмасаң,
Еш болған шығар еңбегім.
Кел қарағым көрейін,

Ақ бетіңнен өбейін.
Айтқан жылың болғанша,
Келер күнің болғанша,
Бекем буып белімді,

Түн ұйқымды бөлейін.
Бір Алладан тілейін,
Пірлер сені қолдасын.
Жеті ғайып қырық шілтер,

Қаптаған жаудан қорғасын.
Сапарыңды оңдасын,
Қыз әулие апама.
Тапсырамын соған-ай,

Құшағын ашты аймалап,
Бауырына басты қармалап,
Бетінен сүйді майдалап,
Денесі кемпір балқыды,

Төске біткен екі емшек,
Бұлақтай сүті ағады.
Дәмін алып таңдайға,
Ананың сүтін емеді.

Еміреніп анасы,
Қайта-қайта иеді.
Қолына алып қоштасып,
Қобыландыдай баласы,

Ажал жетсе бұл жолда,
Қақ қылма деп сүтіңді,
Көңілі тасып шарланып,
Онан өтіп жөнелді.

Алтын сарай ішінде,
Жайлы жатқан күнінде,
Таң шолпаны туғанда,
Апасына келеді.

Жау жарағын байланып,
Апасы жатқан ордаға,
Еңкейе келіп енеді.
Хансұлудай апасы,

Жатқан жерден тұрады.
Орай құшақ салады,
Жай емесін біледі,
Жалғызым неғып жүрсін деп,

Қасына жетіп келеді.
Қобыланды сонда сөйледі,
Жалғыз апам сен деді,
Бауырласың мен деді,

Аттанамын қалмаққа,
Ұлықсатыңды бер деді.
Апасы тұрып жылады,
Көзінің жасын бұлады,

Алты жасар баласың
Мен пақырды жылатып,
Қайда кетіп барасын?
Қарағым саған ерейін,

Өзіңмен бірдей жүрейін
Сенің үшін қарағым,
Жол бейнетін көрейін.
Сен үшін жаным қияиын,

Белді бекем буайын,
Шөлдесең сусын берейін.
Үйде жатып қуарып,
Айдын көлдей су алып,

Өзіңмен бірдей барайын,
Көңілдерім кір болып,
Нұрлы жүзім жер болып,
Қанды жас ағып көзімнен,

Қайғы кетпей сөзіңнен.
Жылап жүрген күнімде,
Сені берген Құдайым.
Қобыланды сонда сөйледі,

Жылама, апа, сен деді,
Ел үшін тудым мен деді.
Ер жігіттің қасына,
Әйел ерсе болмайды,

Сапары ердің оңбайды.
Әруақ менен кетеді,
Сабыр тұтып ай апа,
Тәубе қылсаң нетеді.

Хансұлу және сөйледі,
Аяғы қысқа қыз етіп,
Мені Құдай қор етті,
Жалғызымның шағында,

Жау қалмағын мол еттің.
Дұшпанымды көп еттің,
Жалғызым сенен қалмаймын,
Түстік жерден ерейін.

Бұлтыңды кесе көрейін,
Жау ішінде шөлдесең,
Жете алсам сусын берейін.
Мұны мақұл демесең,

Түстік жерден өтпесең,
Өз қолыңнан бауыздап,
Өз қолыңнан сойып кет.
Шыбын жаным құрбаным,

Қанымды іште тойып кет.
Мұңды сөздің тиегі,
Апасы менен інісі,
Қош айтысып қолдасып,

Оңдасын деп өзіңді,
Жылатпа деп көзіңді.
Пірлеріне тапсырды.
Көңілі тасып желігіп,

Қыдырбайдың баласы,
Бұқараның панасы.
Қарысқап жаудың ағасы,
Алыста жатқан жылқыға,

Жолын тартып жөнелді.
Одарқұл мен Қодарқұл,
Байдың екі баласы,
Қобыландының ағасы,

Құл десе де қазағы,
Жоқ еді ердің мазағы.
Бауырым деп жыласып,
Жолын айтып жүретін,

Кетерге қалды қоштасып,
Екі бірдей ағасы,
Қабыл болса тобасы,
Кеңес айтты оларға,

Сөзіме құлақ салып қал.
Бір ғибрат алып қал,
Келместің барам жеріне.
Жау қалмақтың жеріне,

Сапар шегіп барамын.
Қатесіз пенде құл емес,
Өле қойсам бұл жауда,
Құртқадайын жарым бар.

Көкежан бірің аласын,
Неке жолын саларсын.
Қыдырбаймен Ағдарбан,
Ата-анам бұл қалды.

Ажалы жетіп ол өлсе,
Құрметтеп қоярсын.
Сонда құлдар сөйледі,
Арыстаным өлмейсін,

Жаудан қорлық көрмейсің.
Есен болсаң келесін,
Соңымыздан ересің.
Пірі кеткен жалғызым,

Құдайымнан қорықпай,
Қайтып келіп алармыз,
Қалай неке қыярмыз.
Артында қалған адамға,

Қамқорышты болармыз.
Балтаға басты салармыз,
Артында қалған кемпір-шал,
Өзің деп етіп бағармыз.

Бұл жолыңа барып қайт,
Жауға қырғын салып қайт.
Елдің кегін алып қайт,
Осылай деп дем беріп,

Екеуі ертіп алады.
Жылқыға таман барады,
Жылқыда жүрген қос жорға,
Екі бірдей боз жорға,

Құрығын салып мойнына,
Шынжырменен қосақтап,
Батырға ұстап береді.
Қосжорғаны жетелеп,

Құртқадайын арудың,
Үйіне қайтып жөнеді.
Кеткелі батыр хабарсыз,
Келер мезгіл болды деп,

Асыл туған қыз Құртқа,
Қарауылдап тұр еді.
Келе жатқан ерді көреді,
Таяқ алып қолына,

Алдынан қарсы келеді.
Басыңды жауға тастайтын,
Көрдім жерге бармайтын,
Екі бірдей жабыны,

Аяқпенен басқа ұрып,
Қоя берді босатып.
Кейін жүрді бұлаңдап,
Алтын сарай ордаға,

Жетіп келді қыз Құртқа,
Түрлі затпен баптаған,
Түрлі тағам жегізген.
Тобылғы меңді торыны,

Арқан тағып ойнатып,
Алып шықты сарайды.
Алтын тұрман жайнатып,
Қос құлағы тігілген.

Түлкідейін бүгілген,
Торышаны көргесін,
Көңілі ердің бөлінген.
Риза болып Құртқаға,

Езуін тартып бір күлген.
Алтын қазық байлаған,
Жібек алтын шылбырын,
Ер қасына шумақтап,

Құртқа сұлу іледі.
Қолтығынан көтеріп,
Аттандырып салуға,
Жақындап Құртқа келеді.

Сонда батыр сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді,
Асыл туған қыз Құртқа,
Қолтығынан көтерме,

Көтерсе әйел болмайды,
Сапары ердің оңбайды,
Құртқа және сөйледі,
Тілімді алсаң Арыстан,

Бұл сапарға бармашы,
Атам ғой деп Алшағыр,
Сөзіне жаудың нанбашы.
Келмеске сені айдайды,

Дұшпандығын қоймайды.
Келмеске сені жіберіп,
Кейін қалған еліңді,
Шабайын деп ойлайды.

Сонда батыр сөйледі,
Үндеме Құртқа сен деді,
Барайын жауға мен деді,
Бармай қалсам қатын дер,

Жүрексіз туған батыр дер.
Қыз Құртқаның қасынан,
Жамандықпен жатыр дер,
Осы жолға барайын,

Қуат берсе Құдайым,
Қалмаққа қырғын салайын.
Қайта келіп көрейін,
Жау болса оны білейін.

Жақындығы болмаса,
Алшағырхан қалмақтың,
Қанын жерге төгейін.
Сонда Құртқа сөйледі,

Сұраймын сізден мен деді.
Астыңдағы торыша ат,
Бес айлығы кем еді,
Бес күндігі кем еді.

Бес жылдығы кем еді,
Осы жауға барарсын,
Жәрдемші болса Құдайым,
Қастасқан жауды аларсын.

Хан Барса мен Жирен көл,
Он екі айлық жол еді.
Алыс жатқан қол еді,
Қызылбас пен Барсаның,

Арасы қалмақ ел еді.
Бәрін соның аларсын,
Оңғарылсын сапарың.
Оңғарылса сапарың,

Айтқан күнің болғансын,
Мерзімді күн толғансын,
Елге бетің бұрғансын.
Жер ортасы Наз құмы,

Әр жағы оның алты айлық,
Бер жағы оның алты айлық.
Наз құмына келгенде,
Кемдігінен күнінің,

Тұрып қалар торыша ат.
Батыр аңқау болады,
Ашуың келіп сол жерде,
Басын кесіп салмашы.

Ер тоқымды арқалап,
Даярлап жаяу қалмашы.
Қайырып батыр сөйледі,
Мен осы жолға кеткенім,

Қалың жауға жеткенім,
Өліп кетсем бұл жолда,
Санаулы демнің біткені.
Қолыңда қалған кемпір-шал,

Ажалы жетіп ол өлсе,
Ел жұртыңды жыярсың,
Құрмет етіп қоярсың.
Жалғыз апам Хансұлу,

Бөлек қойма бұл үйге,
Өз қасыңа аларсың.
Сүйсе жұпты берерсің,
Ат шаптырып той етіп,

Қызығын сүйтіп көрерсін.
Қобыланды мен қыз Құртқа,
Сөзіне тамам етеді,
Қыдырбайдың баласы,

Жауға қарай жол жүрді.
Сапарын шегіп мол жүрді,
Тобылғы меңді торыша ат,
Ор киіктей ойнады,

Шырақтай көзі жайнады.
Бұлақтай ағып қайнады,
Белдерден көлдер асады,
Аяғын жыйнай басады.

Түлкідейін бұлаңдап,
Аузынан көбік шашады.
Шапқан сайын сыланды,
Қара терге боялды.

Тебінгі терге шірітіп,
Терлігін сүттей ірітіп,
Қалмаққа қарай жол жүрді.
Аз ғана емес мол жүрді,

Бөтен еді жылқыдан,
Торышаның бедені,
Қобыланды сонда сөйледі,
Тілегімді Құдай бер деді,

Дүния толған қалың жау,
Қалмақ деген ауыр жау,
Қырылып тамам болмасаң,
Еркек жаны таусылып,

Өңшең әйел қалмасаң.
Қысқы соққан борандай,
Көз бермейтін тұмандай.
Қалмақ келсін былдырлап,

Дүния толып жыбырлап.
Жердің жүзін шаң бассын,
Ердің үстін қан бассын,
Кең Дүния тарылсын,

Қараңғы тұман күн болсын,
Батырға мықты сын болсын.
Екі тілек бізде жоқ,
Тілегі ердің осылай.

Бұлай ма деп Қобыланды,
Қалмақ жауын тіледі.
Түн ұйқысын бөледі,
Жамандатқыр торыша ат,

Алтайшылық жолына,
Алты күнде барады.
Қырық күншілік сапарға,
Күн арада құлады.

Қабыл болды тілегі,
Жарылды батыр жүрегі,
Шалғын таудың басыңда,
Аспанменен тірескен,

Қара бұлтпен күрескен,
Бір қараны көреді.
Айнымай туған ер шабан,
Іркілмей жетіп келеді.

Алабас атын меңгерген,
Екі тауын өңгерген,
Қалмақтың басы Домбауыл.
Жетіп келді қасына,

Ақсақалды бабамның,
Таңданады жасына.
Алпыс сегіз жасында,
Азу тісі балғадай,

Күрек тісі найзадай.
Аш бөрідей жараған,
Сақалын талдап тараған.
Сонда қалмақ сөйледі,

Елпең-елпең желесін,
Ұзақ сапар жол жүріп,
Қай саладан келесін?
Қабағың жаман қатыңқы,

Түн ұйқыңды бөлесін.
Айтшы маған шыныңды,
Білдірші бала жөніңді,
Сонда Қобылан сөйледі,

Аты-жөнің кім еді,
Білдірші маған жөнінді.
Және де қалмақ сөйледі,
Домбауыл деген ер едім,

Еңіреп жүрген бөрі едім,
Мұсылманның елінен,
Қыдырбай шалдың баласы,
Қобыланды келер дегенмен,

Қарауылдап жүр едім.
Сонда Қобыланды сөйледі:
Алыста жатқан елім бар,
Шалғай жатқан жерім бар.

Жоқ жоғалтқан өзім бар,
Күні-түні жол жүріп,
Ұйқы басқан көзім бар.
Түзге жатып түн жүріп,

Іздеген жоғым таба алмай,
Келіп тұрған көзім бар.
Қыдырбайдың баласы,
Қобыланды батыр мен емес,

Мен деп айту жөн емес.
Алыс жаудың еліне,
Қызыл бастың жеріне,
Естіп едім кетті деп,

Көрінсе сенің көзіңе,
Жолықса сенің өзіңе,
Неғылайын деп едің?
Сонда қалмақ сөйледі,

Көрінбейді көзіме,
Жолықпады өзіме,
Көрінсе менің көзіме,
Кездессе менің өзіме,

Екі қолын байлаймын,
Арқалатып екі тау,
Жеті күн жаяу айдаймын.
Дәл сегіз күн дегенде,

Басын кесіп алармын,
Қанын ішіп қанамын.
Менің әкем сен емес,
Мені қылма келемеш.

Бабаңдайын кісіні,
Бұл алдауың жөн емес.
Шыныңды айт деп Домбауыл,
Алабас атын тебініп,

Жалмауыздай емініп,
Жау көрмеген балаға,
Жетіп келді емініп.
Сонда Қобылан сөйледі,

Алабас атым тебінбей,
Жалмауыздай ебінбей,
Сақал мұртың қуарып,
Дене бойы су алып,

Қыдырбайдың ұлына,
Бір Құдайдың құлына,
Қалмақтың қарсы еріне,
Неғылайын деп едің.

Ал айтайын шынымды,
Жасырмай-ақ сырымды.
Қалдырмайын қырынды,
Нұр суынан жаралған.

Сыр суынан таралған,
Қырық шілтерден тараған,
Қалмаққа деп жараған.
Қобыланды көкең мен деді,

Іздеген жауым сен деді.
Дәмең болса кел бері,
Сонда қалмақ сөйледі:
Мен секілді бабаңды,

Ала алмайсың қазағым,
Талай ерің көргенді,
Біздің қалмақ мазағын.
Атысамысын оныңды айт,

Күресемісің шыныңды айт,
Шал да болсам аламын,
Домалатып басыңды.
Қанжығаға таңамын,

Қобыланды сен болсаң,
Қаныңды ішіп қанамын.
Сөзбен ерлер егесті,
Жекпе-жекке кел десті.

Қобыланды сынды жас бала,
Айбаттанып ақырды.
Жеті ғайып бабасын,
Жәрдем бер деп шақырды.

Ат үстінен алысты,
Найзаласып қағысты.
Қылыштасып шабысты,
Қыдырбайдың еркесін,

Жеті ғайып қырық шілтер,
Осы жолы қолдады.
Тілегін Алла оңлады,
Домбауылдай қалмақты,

Жағасынан алады,
Дөңгелетіп батырды,
Түсіріп аттан салады.
Екі қолын байлады,

Екі тауын арқалатып,
Жеті күн жаяу айдады.
Сегізінші күн дегенде,
Басын кесіп алады.

Сексен құлаш зынданға,
Домбауылды салады.
Ұзын екен денесі,
Сексен құлаш зынданнан,

Екі сүйем екі кез,
Шығып жатыр аяғы.
Қарсы жауын алады,
Қанын ішіп қанады,

Пірлеріне жәде етіп,
Аллаға шүкір қылады.
Белді бекем буынып,
Жау жарағын ілініп,

Пірлеріне сыйынып,
Алдында жатқан қалың жау,
Қызылбас деген ауыр жау,
Әскер тартып жөнелді,

Түн ұйқысын бөледі,
Тобылғы меңді торыша ат,
Киіктей ойнап келеді.
Күдерден күдер асады,

Аяғын жыйнап басады.
Құйысқаны сартылдап,
Өмілдірік сом алтын,
Омырауда ылқылдап.

Тебінгі терін шашады,
Таң сәрінің шағында,
Қызылбастың шаһары,
Іркілмей бала жетеді.

Қызылбастың елі екен,
Бекінісі мол екен,
Тастан салған қамалы,
Шойыннан құйған қорғаны,

Батыр Қобылан келгенсін,
Қызылбастай жауының,
Тарылды ғой заманы.
Қабатталынған қорғанның,

Адам сыймас есігі.
Қол сыймайтын тесігі
Алты жасар арыстан,
Алыстан іздеп келгесін,

Қызылбасты жауының,
Кесілді ғой тілегі.
Жауды көріп қамалып,
Пірлерін сыйынып

Батыр Қобылан ақырды.
Жеті қайып бабасын,
Медет бер деп шақырды.
Басында бұлты ойнаған,

Нұрдың суын жаудырып,
Жайдың бұлты торлаған.
Аққудайын сыңқылдап,
Қараша қаздай сыңқылдап,

Жеті ғайып бабасы,
Үстіне келіп орнаған.
Алты жасар баланы,
Жаратқан пірі қолдаған.

Бурадайын сақылдап,
Айбалтасын қолына алып,
Тастан салған қорғанды,
Тойыннан салған қамалды,

Бұзайын деп ойлаған.
Бала жақын келгесін,
Шын қаһарын білгенсін.
Бекіністі қоршауы,

Қорғасындай балқыған.
Тасты бұзып қыйратып,
Көңілін бала шыйратып,
Шойынан құйған қамалды,

Алмасымен тіледі.
Батырдың жетіп айбаты,
Торының шығып қайраты,
Қабаттанған қамалдан,

Қырғып өтіп жөнелді.
Қазулы ордан қарғытып,
Жаюлы тордан ырғытып,
Жебеден соққан жолдарын,

Алмаспенен бөледі.
Жыйырма төрт жерден ту байлап,
Туын тігіп айқайлап,
Сарала туын жайнатып,

Торыша тұлпар ойнатып,
Күн шығардың кезінде,
Жаудың кірді шетінен.
Оң жағының бетінен,

Шүлдірлеген қызылбас,
Жау келгенін біледі
Жайнаған туды көреді.
Барабаның соғады,

Қоңырауын қағады,
Қыл жалау көк түтін,
Баланың үстін жабады.
Тобылғы меңді торша ат,

Жау ішінде ойнады.
Ауыздығын шайнады
Күннің көзін шаң басты.
Ердің үстін қан басты

Қараңғы тұман күн болды,
Балаға мықты сын болды,
Өтірік емес шын болды,
Қалың жауға енгесің,

Арасына кіргесің,
Алпыс құлаш ақ алмас,
Қаһарланып сермеді.
Қасындағы көк алмас,

Ай бетінен сермесе,
Күн бетінен өтеді.
Күн бетінен сермесе,
Ай бетінен өтеді.

Қалаған жауды көргенсің,
Жалғыздығын білгенсін,
Жеті ғайып қырық шілтер,
Балаға жәрдем етеді,

Нұрдың суын жаудырып,
Дария суын құйғызып,
Қыдырбайдың оқтарын,
Жұлдыздай ұшқан шоқтарын,

Қара көмір етеді.
Демін алып жантаймай,
Кең жастықпен қисаймай,
Қырық қақпалы қызыл бас,

Қырық күн жатып соғысып,
Онанда өтіп жөнеді.
Қарсақ жортпас қара ойда,
Қайырылмай шауып оны алды.

Түлкі жортпас сары ойды,
Сарғая шауып оны алды.
Жапалақ ұшпас жапанды,
Жалықпай шауып тағы алды.

Үш самсаның елімен,
Үш ай жатып атысып,
Қызыл қанға батысып,
Тоқтамай шауып барады.

Әскері жоқ қасында,
Өзі бала жасында,
Жаратушы пірлері,
Қайындық жолда жүргенде,

Дәм беремін деп еді.
Қобыландыдай батырдың,
Өзімен бірдей жол жүріп,
Жаратушы анасы,

Көп бейнетті көреді.
Шүршіттің ұлы Шөмекей,
Төрт айдайын соғысып,
Азырақ атын шалдырып,

Хаққа көңілін нандырып,
Дәрет алып жуынып,
Белді бекем буынып,
Бір Құдайға сыйынып,

Сапарын шегіп жөнеді.
Бірнеше күн жол жүріп,
Азғана емес мол жүріп,
Жалау сары жауыр қол,

Жауына жеткен секілді.
Арада сусыз шөл жүріп,
Еліне жаудың жетеді.
Талайды салып қырғынға,

Тоқтамай батыр өтеді.
Жалау сары жауыр қол,
Алдырмай жатқан ауыр қол,
Қауіпсіз жатқан қалың қол,

Алты айдайын алысты,
Ақ найзаны салысты.
Өткір қылыш ай балта,
Оң мен солға шабысты.

Ұран салып ақырып,
Жеті ғайып бабасын,
Жәрдем бер деп шақырып,
Аш бөрідей жалақтап,

Айдаһардай алақтап,
Ортадан ойып жол салды,
Қанша ауыр болса да,
Айнымай жатып бұны алды.

Ел шетінде бөлініп,
Алты дамыл және алды.
Жетінші күні аттанып,
Алға қарай жол алды,

Қалмақтың басы қаһарман,
Қыядан тұрып қараған,
Қара айдарын тараған,
Аш бөрідей жараған,

Өзіне біткен қайратты,
Миллион қолға балаған.
Шалғын таудың басында,
Қара қасқа тұлпар қаңтарып,

Даңқын естіп батырдың,
Келеді деп ойлаған,
Түн жетісін өткізіп,
Сегізінші күн дегенде,

Күн сәскесі кезінде,
Торыша атын ойнатып,
Сарала туын жайнатып,
Төбесінде қара бұлт,

Оң күнінде орнатып,
Жауатын бұлттай түнеріп,
Тобылғы менді торының,
Жүрісін желдей есіріп.

Қаһармандай қалмаққа,
Әні жетіп келеді.
Сонда қалмақ сөйледі,
Нәсілің сенің кім деді,

Түн ұйқыңды бөлесін,
Дүбір-дүбір желесің,
Кім боласын сен деді.
Сонда Қобылан сөйледі,

Құдай артық жасаған,
Нұр суынан татқызып,
Аса қайрат дем беріп,
Қалмаққа қарсы жаралған,

Қыдырбайдың еркесі,
Қалың қазақ серкесі,
Қобыланды батыр мен деді.
Аш бөрідей алақтап,

Аждаһадай жалақтап,
Неғып тұрсын сен деді.
Сонда қалмақ сөйледі:
Қаһарман көкең мен деді,

Қазақ елдің еркесі,
Қобыланды батыр сен болсаң,
Кезегімді бер деді.
Айнымай туған арыстан,

Кезегін берді қалмақтың,
Қаһарланған қаһарман,
Тау басына барады.
Қобыландыға қарады,

Қозы жауырын қол оғын,
Оң қолына алады.
Өлтірем деп өзінше,
Қобыландыдай баланы,

Толғай тартып қалады.
Жеті ғайып қырық шілтер,
Қобыландыны қорғады.
Жолына оқтың тор жайды,

Саржаның оғын қағады.
Қорғап жүрген бабасы,
Қобыландының көп екен
Ортасына алады.

Қобыландыға жеткізбей,
Ақ сауыттан өткізбей,
Қалмақтың атқан қол оғы,
Темір дейін иіліп,

Бүктетіліп қалады.
Сонда Қобылан ақырды,
Аруағын судай сапырды.
Қыйындық жерде қолдаған,

Қырық шілтердей бабасы,
Жәрдем бер деп шақырды.
Қабыл болды батасы,
Аққудайын ыңқылдап,

Қараша қаздай қыйқулап,
Нұрдың суын жаудырып,
Оң жағына орнады,
Бабасы жетіп келгенде,

Қобыландының қайраты,
Денесіне сыймады.
Табаныңда аудармай,
Бәлем, қалмақ, тұр деді.

Бетіңді бері бұр, деді.
Ажалың жетті біл, деді,
Былайша деп Қобыланды
Үзеңгіге шіреніп,

Тебінгідей темір оқ,
Қаһарланып тартады.
Қатты барған бұл оғы,
Тоғыз қабат сауыттың,

Көбісін бұзып қыйратты.
Тоқтамастан кетеді,
Өкпеліктен өтеді.
Қаһармандай қалмақты,

Қара қасқа аттың үстінен,
Төңкеріп тастап кетеді.
Ашуын басып Қобыланды,
Ақылын жыйып алады.

Қынаптан қылыш суырып,
Қасына қалмақ барады.
Басын кесіп кеудеден,
Жүрекке найза былғады.

Қылыштың қанын татады,
Ат шалдырып азырақ,
Демін алып жатады.
Аз ғана жатып тұрғасын,

Белді бекем буады,
Пірлеріне сыйынып,
Аллаға шүкір қылады.
Қаһарман қанның елімен,

Ту көтерген елімен,
Жыйнаған әскер көбімен,
Ел ұстаған биімен,
Келісіп кеңес етпеді.

Ізгі жолға қалмақтың,
Сірә бір тілі жетпеді.
Білмедің деп Хақ жолын,
Ізгілік одан күтпеді.

Қатын мен бала шулатып,
Қырғынға елін салады,
Жалғыз туған Қобыланды,
Болаттан қатты жаралған,

Дін жауының еліне,
Рақым сірә қылмады.
Жаудың елін талқандап,
Аман өтіп жөнелді.

Ақырғы жауы Ханбарса,
Бірнеше күн жол жүріп,
Арып-ашып жүденіп,
Бұған да бала жетеді.

Қаратаудың басында,
Қарақасқа аты астында,
Қарауылын қараған,
Қараманға жетеді.

Қобыланды келіп сөйледі,
Қарақасқа атты байлайсын,
Әрнемені ойлайсын,
Ел шетінде жүресін,

Түн ұйқыңды бөлесін,
Білдірші маған жөніңді.
Кімнің жолын күтесін,
Қараман сонда сөйледі,

Менің атым Қараман,
Бұйрығымен ханымның,
Қарауылды қараған.
Келеді деп бір адам,

Мені ханым айдаған.
Алыс жолдан келесін,
Түн ұйқыңды бөлесін,
Білдірші маған жөніңді

Қай сапарға келесін,
Сонда Қобылан сөйледі,
Алыста қалған елімнен,
Шалғай жатқан жерімнен,

Айдын шалқар көлімнен,
Сапарланып келемін.
Барсаның елін алам деп,
Еліне бүлік салам деп,

Нұр суынан жаралған,
Сыр суынан жаралған,
Қырық шілтер бабам қолдаған,
Қыдырбайдың баласы

Қобыланды батыр мен едім.
Менің жөнім сұрасың,
Қанбарсаны өлтіріп,
Ішуге қанын келемін.

Қараман сонда Қобыландыға айтады, сенің қырық жолдасың бар екен. Еліміздің құбыла жағына келгелі үш күн болды, өрістегі малымыздың семізін сойып жеп жатыр. Қырық жолдасыңды шақыр, біз ердің ісін істелік, үш нәрсеге байлау етелік, әуелі палуан күрес салалық, екінші бәйгіге ат қосалық, үшінші аударыспақ жасалық. Осы үшеуін мен орындасам, маған еліңді шабуға ұлықсат ет, егер сен орындасаң, елімді шабуға мен ұлықсат етейін. Осылай деп екеуі уәде етеді. Қобыланды жолдастарын шақырып алды, аман-сау алысқаннан кейін, оларға Қобыланды айтады бұл барса келмес елі еді бұның айласы мол еді. Болат-шойын көп тастан құйылған қорғаны мол еді. Ол шет жауына алдырмай, сол бетінше жатқан ел еді, сендер бәйгеден аттарыңды қалдыра бер, күрессеңдер жығыла бер, аударыссаң құлай бер, сонан кейінгі айласын өзім табайын, сол айтқандай Қараманның бәйгіден аты озды. Күрессе палуаны жыға берді. Аударыспақта Қараман қазақ жігіттерін құлата берді.

Қарамандай қалмақтың,
Үш мақсаты болады.
Көңілі дария толады,
Қуанышы кеудеде,

Айқайын салып ақырып,
Шаһарына жол алды.
Қараманның артынан,
Қобыландыдай жас бала,

Бұ да шауып барады.
Қамалдың есігі ашылып,
Қарамен кетті қанына.
Ілесе келген Қобыланды,

Есіктен ашық енеді.
Бейнет көрмей қамалдың,
Ар жағына өтеді.
Ханына барып не айтар деп,

Бір саланың бойында,
Қобыланды тыңдап тұрады.
Қырық құлаш шіркеудің,
Басында тұрып қараған,

Сақалын талдап тараған,
Аш арыстандай жараған.
Жаңғыз көзді Қарақұл,
Жеке туған дара құл,

Сол шаһардың патшасы,
Білімді еді шамасы,
Соған келіп сөйледі.
Барса келмес ханымыз,

Менің айтқан сөзіме,
Құлағыңды салыңыз.
Өтірігі жоқ наныңыз,
Қамалдың шығып далаға,

Тау басында самалда,
Қарауылда тұрғанда,
Қыдырбайдың баласы,
Қыпшақ елдің панасы,

Қобыландыға жолықтым.
Бұрын келген өзінен,
Қырық жолдасын алғыздым.
О да анық ер екен,

Үш байлауды қойғыздым,
Шапса атым бәйге алды,
Күш сынасып бел алдым.
Қатар шауып қағысып,

Аударыспақ ойнадым.
Үш байлауды орындап,
Ханым келдім хабарға,
Құлағыңды саларға.

Әскер жыйып бер маған,
Барайын деп мен тұрмын,
Қыпшақ елін шабарға.
Хансұлудай апасын,

Ортадан ұстап алараға,
Кірес тағып мойнына,
Сізге қатын қыларға,
Сонда Барса сөйледі,

Қобыланды келер жер емес,
Біздің қалмақ елінен,
Қорлық көрер ер емес.
Өздігінен келмейді,

Ол бұл жақты білмейді.
Көрсетіп біреу сілтеді,
Қобыланды келді дегенше,
Қырылды елім десеңші.

Қырық құлаш шіркеудің,
Бас алмады баспасын,
Ырғып түсіп жөнелді.

Біздің ес білген ер адамнан, еш адамды қалдырмас, бәрін тауысар, бұл шаһар иесіз қалар, емшектегі ер баладан тоқсан мың бала жыйдырып алдырып, көрінбейтін тамға тығайын. Сен әскеріңді жыйып соғыса бер, ақыры түпте өзім барайын.

Терең сала ішінде,
Түлкілдейін бой тағып.
Барса дайын Ханыңның,
Айтып өткен сөзіне,

Құлағын тігіп ой бөліп,
Әбден қанып алады.
Шыға беріп саладан,
Жасыл туын жыйып ап,

Тобылғы меңді торыңы,
Ор киіктей орнатып,
Ауыздығын шайнатып,
Пірлеріне сыйынып,

Тоғыз қабат ай сауыт,
Ақ кебіні ішінде,
Мойынға орай киініп,
Пірлерін алып жадына,

Жетеді ғой балаға,
Медет берсе пірлері,
Қобыландыға мол еді,
Пірлері берген қазына,

Әтеңе нәлет қалың жау,
Барабанын соғады,
Қоңырауын қағады,
Қыл жалау мен көк түтін,

Батырдың үстін жабады.
Жыйып жатқан көп әскер,
Қобыландыдай батырдың,
Айналасын қамады.

Ортасына алады,
Зеңбірек атқан оқтары,
Жауған қардай борады.
Зеңберектің оғымен,

Қобыландының асыл ту,
Пара-пара болады.
Мұның көзін шаң басты,
Ердің үстін қан басты,

Кең дүния тарылды,
Балаға мықты сын болды,
Өтірік емес шын болды,
Қазақ-қалмақ соғысқан,

Бұрынғыдан із қалды.
Шыны қыймыл салады,
Барса келмес қалың жау,
Бұл елінде өлейін,

Өліп қаным төгейін,
Таусылмаса татар дәм,
Ойнап жүрген баладай,
Кеудедегі шыбын жан,

Жан жолдасым торыша ат,
Жеті ғайып қырық шілтер,
Әуре қылып нетер.
Тамам қылып қалмақты,

Жирен қопа көліме,
Ешкі қырған дөңіме.
Сақыра көшіп жайлаған,
Елдерге қайтып жетейін.

Қыдырбайдай байыңның
Он екі қабат ордасы,
Еңкейе барып енейін.
Ата-анамды көрейін,

Ағзарбаптай анамның,
Мамасын екі емейін.
Хансұлудай апамның,
Ақ жүзін анық көрейін.

Бұлайша деп Қобыланды,
Елін алып ойына,
Қырғынның кірді тойына.
Жыйылып келген қалмақтың,

Қобыландыдай батырдың,
Көргендері таңырқап,
Көңілі толды сойына.
Бұлайша деп Қобыланды,

Қалың жауға енеді.
Оң бетінен кіреді,
Қылышы жеткен жер болса,
Қырып кетіп барады.

Садағы жеткен жер болса,
Тартып кетіп барады.
Балта жеткен жер болса,
Шауып кетіп барады.

Алты құлаш ақнайза,
Қамалған қалмаққа,
Шұрқылтайдан салады.
Бір ай жатып алысты,

Екі ай жатып қағысты.
Үш ай жатып шабысты,
Төрт ай жатып соғысты,
Бес ай жатып бекініп,

Алты ай жүзін өткізіп,
Жетінші айдың аяғы,
Қамалған қалмақты,
Әнікей тамам қылады.

Болған екен тамаша,
Сол уақытта қараса,
Қалың қалмақ таусылып,
Өзі қалды оңаша.

Қарап тұрса алақтап,
Аш бөрідей жалақтап,
Қай жағынан келер деп,
Төңірегін болжады.

Қауыпты жауы хан Барса,
Бұл дұшпаным келер деп,
Қобыландының ойлауы,
Дұрыс болды болжауы.

Астында айғыр пілі бар,
Қай сөзімнің міні бар.
Маңдайда жалғыз көзі бар,
Айыр сақал барса құл,

Сақалының бір талы,
Қыйсық біткен теректей,
Танауының кеңдігі,
Тоғайдағы түбектей.

Бес қаруы белінде,
Астыңғы ерні жер тіреп,
Жоғарғы ерні көк тіреп,
Тоқсан батпан шоқпар.

Беліне байлап қыстырып,
Кесейін деп басыңды,
Құртайын деп жасыңды,
Қаһарланып қара құл,

Жаңғыз көзді дарақұл,
Айдаһардай ысқырып,
Бармағының астына,
Темекісін қыстырып,

Қобыландыдай баланы,
Келе салды шоқпармен.
Дәлдеп ұрған күшімен,
Қобыландыдай баланың,

Талқан болды қалқаны.
Барсаның қолы батты енді,
Астындағы торша ат,
Бауырлап жерге батты енді.

Шығара алмай денесін,
Кіріп кеткен жеріне,
Бауырлап торы жатады.
Аттан түсіп Қобыланды,

Шоқпар алып жаяулап,
Барса дайын батырдың,
Қасына барды аяндап.
Аһау Алла бер деді,

Көзімнің жасын көр деді.
Жеті ғайып қырық шілтер,
Қасыма менің кел деді,
Қалмақтың қолы батты ғой,

Жүрелеп жерге жатты ғой.
Қолдайтын жерің бұл деді,
Қалмақтың батты ұрғаны,
Тарығып тұрған балаға,

Пірлері келді қыйқулап.
Ителгідей сыңқылдап,
Қара бұлт орнады,
Жайдың бұлты торлады.

Нұрдың суы жауады,
Сырдың суы жауады,
Жеті ғайып бабасы,
Қобыландыны қолдады.

Көтеріп алды шоқпарын,
Қобыландының қолдары.
Хан Барсаны басқа ұрды,
Тұра алмастай тас қылды,

Талқан болды қалқаны,
Барсаның басы жарылып,
Басынан аққан қызыл қан,
Барсаның бетін жабады.

Маңдайдағы жалғыз көз,
Ұясынан кетеді.
Айтып-айтпай немене,
Хан Барсаның ажалы,

Тап сол күні жетеді.
Қыдырбайдың жалғыз еркесі,
Ежелгі жауды жеңдім деп,
Оба қылып салдым деп,

Ағып жатқан қанының,
Дәмін татып қарады.
Аққудайын сыланып,
Тоты құстай таранып,

Демін алып уһ деді.
Құлақ салып тыңдаса,
Жылап жатқан жас бала,
Анық дауысын есітіп.

Найзасын алып жай басып,
Жетіп келді қасына.
Тамның ашса есігін,
Жатыр екен жыйында,

Бесікпенен көп бала.
Жатыр екен жыйынып,
Торсығы түсіп аузынан,
Жылап жатыр бір бала.

Тамды бұзып қыйратып,
Ағып жатқан дария,
Бесігімен ағызды,
Қойдай етіп толытып,

Бәрін тамам қылады.

Сонан кейін Қобыланды қырық жолдасын шақырып, бүлінген елден бүлдіргі алма деген бар еді, мен олжаға қызықпаймын, керектеріңді алыңдар қырық айдан бері қарай ұйқы көрген жоқ едім, бір азырақ ұйықтап алайын деп, бір таудың басына келіп жатып қалды. Көзі ұйқыға барғанда жаман түс көріп, шошып оянып, қараса қырық жолдасы қырық қыз алып келеі екен.

Ал жігіттер келіңдер,
Бері таман жүріңдер,
Мен бір жатып түс көрдім,
Түсімде жаман іс көрдім.

Жирен қопа көлдерім,
Су алғанға ұқсайды,
Ешкі қырған дөңдерім,
Қуарғанға ұқсайды.

Қалың қыпшақ елдерім,
Шабылғанға ұқсайды.
Бұл не болар қырық жігіт,
Еңсесі биік ақ орда,

Еңкейгенге ұқсайды.
Бұл не болар қырық жігіт,
Сексен төртте Қыдырбай,
Қу таяғы қолында,

Келелі түйе соңында.
Көзінің жасын бұлайды,
Жалғызым деп жылайды.
Бұл не болар қырық жігіт,

Ағзарбаптай анамның,
Қол дорбасы анамда,
Тоғыз мың саулық соңында,
Қорлықпенен өтсін деп,

Қобыландының анасы,
Ата жаудың мамасы.
Тірілей ғазап көрсін деп,
Қара жол қылып айдайды.

Жалғыз апам Хансұлу,
Көзінің жасын бұлайды.
Жалғызым деп жылайды.
Жезден шыбық қолында,

Нәсілі жау көп қалмақ,
Хансұлуды сабайды.
Шыбықтың тиген жерінен,
Қызыл қаны аулайды.

Бұл не болар қырық жігіт,
Сүйген жарым қыз Құртқа,
Алатаудың басында,
Боз жорға тұлпар астында,

Қобыландыдай жан жарым,
Он екі айлық сапардан.
Бұлтың бар да өзің жоқ,
Жалғызым қашан келер деп,

Қозыдай жетіп маңырайды.
Көзінің жасын тыймайды.
Бұл не болар қырық жігіт.
Одарқұл мен Қодарқұл,

Екі бірдей көкемнің,
Екі қолы кесілген,
Түйедей мұрны тесілген.
Он екі арба соңында,

Міскіндіктің жолында,
Аузымен тезек терулі.
Бұл не болар қырық жігіт,
Мырзабайдың Қожабай,

Өзінің кіндік ағасы-ай.
Білімді туған данасы,
Кейінде қалған елдердің,
Қолында жаудың кеткенін,

Біліп қалды шамасы-ай.
Батырдың көрген түстерін,
Ғажайып көрген істерін.
Жақсылыққа жорыды.

Қарағым бүгін түс көрсең,
Елге қайтар кезінде,
Аман жетер өзіңді,
Жасылыққа ишара,

Әжептәуір іс көрсең,
Қырылды қалмақ бейшара.
Жирен қопа көлдердің,
Суалғанға ұқсаса,

Айдап жылқы салғанды,
Ылайланып қалғанды,
Ешкі қырған дөңдерің,
Қуарғанға ұқсаса,

Тай құнаны ойнасын.
Төбенің басы ақ шатыр,
Тозаңы ұшып аспанға,
Әнің әндей болғанды.

Қалың қыпшақ елдерің,
Шабылғанға ұқсаса,
Кең жайылысқа қонғаны.
Мал қонысы болғаны,

Еңсесі биік ақ орда,
Еңкейгенге ұқсаса,
Қобыландым келер деп,
Мезгілі оның толды деп,

Қыр басына қондырып,
Ішіне гүлдер жайнатып,
Адам қарап тұрғандай,
Қызықты етіп қойғанды

Қартайған әкең Қыдырбай,
Түйе бағып зарласа,
Көзінің жасы парласа,
Жалғызым деп сағынып,

Жүрегі оттай қабынып,
Аша таяқ қолында,
Өзі Хақтың жолында,
Жез құманы қолында,

Белді бекем буынып,
Көңіліне алып күлісіп,
Жүрген шығар жолында.
Ағзарбаптай анамның,

Болар деп қабыл тобамыз.
Бұлайша деп бәйбіше,
Қыдырбай мінген боз жорға ат,
Қол дорбамен жем беріп,

Алдынан балам шығам деп,
Әні күйлеп тұрғанды.
Күзгі туған мизамда
Құртқаменен Хансұлу,

Суытпан деп бауырын,
Суық суға жерінбей.
Дәретін зарбап алғанды,
Мешітіне барғанда,

Мұнара шығып басына,
Перзентім менің келер деп,
Қарауылдап тұрғанды.
Жалғыз апаң Хансұлу,

Ақ еттері осылса,
Ағып қаны жосылса,
Түбі бірге түктесін,
Ана сүтін емізген,

Тай құлындай тебіскен.
Сағынып көрген бауырым,
Дұшпанға қарсы дауылым.
Қобыланды келсе осыдан,

Бұрынғыдай болам деп,
Қасірет қайғым жоям деп,
Есіне алса егіліп,
Көзінің жасы төгіліп,

Түлкі дейін бүгіліп,
Қарауыл төбе елменен,
Араларын жол қылып,
Дамыл алмай жүргенде.

Әнің әндей болғанды,
Қарағым сенің түсіңді,
Жорысын Жүсіп пайғамбар,
Былайша деп жорыған,

Бұрынғыдан қалғандары.
Қол көтеріп бата етті,
Бір Құдайға жат етті.
Қобыланды сонда сөйледі,

Тәуекел Хаққа сыйынып,
Белді бекем буынып,
Жүрейін деп елге мен деді.
Мен бұл жерден кетейін,

Сабыр тұтып нетейін.
Демді болса торыша ат,
Кейінгі елге жетейін.
Жолдастар сізден сұраймын,

Қалмақтың қызы сұлу деп,
Біріңді-бірің кемітпе,
Менің жұптым сұлу деп,
Аттың ерін алдырып,

Мейірін суға қандырып,
Келерсін деп жай жүріп,
Көріскенше қош бол деп,
Жыйнап туын алады.

Атқа қамшы салады.
Сапарын алда оңдаса,
Елге бетін бұрады.
Қобыланды мінген торыша,

Ор киіктей ойнады.
Түлкідейін бүгіліп,
Екі көзі жайнады,
Арандай ашып ауызын,

Ауыздығын шайнады,
Шапша ізі жосылған,
Шаңы-шаңға қосылған,
Шаба-шаба ылғанды,

Қара терге былғанды,
Жер ортасы наз құмы.
Барса менен арасы,
Алты айлық еді шамасы

Алты сағат болғанда,
Түн ортасы толғанда,
Соған торы жеткенде,
Тарылды білем тынысы.

Өнбей қалды жүрісі,
Жүрер халі болмады,
Төрт тағанда тұрады,
Ашуы ердің келеді,

Атаңа нәлет торыша ат,
Кесейін деп басыңды,
Құртайын деп жасыңды,
Жеткізбедің жеріме,

Барғызбадың еліңе.
Барғызбадың еліме,
Басыңды баудай кесейін,
Қаныңды судай төгейін.

Ер тоқымды арқалап,
Бір күн жүрген жеріңе,
Он екі айда жетейін.
Құдіреті күшті Құдай-ай,

Күн біткенге түн бітті,
Торыша атқа тіл бітті.
Сонда тұрып сөйледі,
Сөзімді тыңда сен деді,

Нұр суынан жаралған,
Сыр суынан таралған.
Қырық шілтерден жараған,
Құдайың артық қалаған,

Басыңды мыңға балаған,
Қыдырбайдың еркесі
Байтақ елдің серкесі,
Жігітте сұлтан сен едің,

Жылқыда тұлпар мен едім.
Бес айлығым кем еді,
Бес күндігім кем еді.
Бес жылдығым кем еді,

Жауға міндің жаратып,
Басымды көкке қаратып,
Қамшыға бұтым қанатып,
Қырық күншілік сапарға,

Күн арада құладым.
Алты айшылық жолыңа,
Алты күнде құладым.
Қалмақтың бас Домбауыл,

Құба жолда кез болып,
Басын кесіп алғаның.
Қанын ішіп қанғаның,
Көңіл шатқа қойғаның,

Онда да ерімді алмадың.
Қырық қақпалы қызылбас,
Қырық күн жатып соғыстың,
Онда да ерімді алмадың.

Қарсақ жортпас қара ойда,
Қайырмай шауып оны алдың,
Ондада ерімді алмадың.
Түлкі жортпас сары ойда,

Жалықпай шауып және алдың.
Жапалақ ұшпас жапанда,
Жалықпай шауып тағы алдың
Онда да ерімді алмадың.

Жапалақ үлкен ас жананды,
Жалықпай шауып тағы алдың,
Онда да ерімді алмадың,
Қаһарманмен қағыстың,

Айғырдайын алыстың,
Саржа оғын тартыстың,
Күш қайратың сынасып,
Найзаласып шабыстың.

Оңдалғасын сапарың,
Ілгері болып қатарың.
Дін дұшпаның өлтіріп,
Қызыл қаным татқаның.

Бұйқыт жатқан еліне,
Бүліншілік салғаның.
Онда да ерімді алмадың,
Арада біраз күн өтіп,

Хан Барсаға барғаның.
Жеті ай жатып соғысып,
Еліне қырғын салғаның.
Талқандалды қаласы,

Шулады қатын баласы.
Аттандаған айқайға,
Күренді сақал Қарақұл,
Атқа мінген ерлері,

Ел ұстаған билері,
Қырылды қалмай көмегі.
Барса келмес Қарақұл,
Ақырында өлтіріп,

Жаһаннамға жібердің,
Онда да ерімді алмадың,
Бірге жүрген жолдасым,
Көзіңнің қырын салмадың.

Не жазығым бар еді,
Көк жусанның түбірін,
Ат шайнамас болар ма,
Ер көпшігін жастанып,

Ер қунамас болар ма.
Сыртым түтін, ішім боқ,
Атасы айуан мал едім,
Басымды кессең Қобыланды,

Бір қазақ ет болармын,
Өзіңе салдым төрені,
Не қылсаң да өзің біл.

Қобыланды атының сөзінен жығылыс тауып өмілдірік құйысқанын, айып-тұрмандарын босатып, қару-жарақ ер-көпшігін сыпырып алғана, торыша аттың жон терісі жабысып иерімен бірге кетеді.

Наз құмының бойында,
Ер көпшігін жастанып
Жатып қалды Қобыланды,
Құйрығын тігіп торыша,

Ойындағы құлындай,
Шауып торы жөнелді.
Тоқтамастан дамылдап,
Жирен қопа көліне,

Салып жетіп келеді.
Ұрттайтұғын суы жоқ,
Су алып жатқан көрінде,
Ешкі қырған дөңінің,

Басына шауып шығады.
Оттайтұғын оты жоқ,
Қуарып жатқан көріңді.
Құртқаға салған сарай,

Өзінің тұрған жері еді,
Бұзылып жатқан көрінді.
Құртқадайын арудың,
Кір жуған суы бар екен.

Сіңбей жатқан көрінді.
Іш толтырып аузын шаяды,
Өкпе бауыры жалалық,
Тостағандай май алып,

Қобыланды қалған жағына,
Қайта шапты жолына.
Ер көпшігін жастанып,
Ұйықтап жатқан батырға,

Торыша келіп сөйледі.
Наз құмының бойында,
Ешнәрсе жоқ ойыңда,
Ақжастығың басында,

Бес қаруың қасыңда,
Жатасың нағып сен деді.
Көріп келдім мен деді,
Шабылған екен елдерің,

Су алған екен көлдерің,
Қуарған екен жерлерің.
Құртқаға салған сарай үй,
Екеумізді баққан жер,

Жайлы күйді тапқан жер,
Бұзылып жатқан көрінді.
Құртқадайын анамның,
Кір жуған суы сіңбеген,

Толтырып ауыз шайғаным,
Өкпе-бауыр жал алдым,
Тостағандай май алдым.
Есім жыйып әлденіп,

Көріп келдім бәрін де.
Жүретін маған күй болды,
Батыр саған сын болды.
Көрген түсің шын болды,

Жатқан жерден тұр деді.
Беліңді қынай бу деді,
Келіп тұрған Торыға,
Еріңді салып мін деді.

Ұйықтап жатқан Қобыланды,
Ұйқыдан тұрып оянып,
Атқа жақын келеді.
Кекілінен бір сыйпап,

Мыйығынан күледі.
Қаруларын жыйынып,
Алла деп атқа мінеді.
Шу жануар, шу деді,

Соққан желдей гуледі.
Күдірден күдір асады.
Аяғын топтап басады,
Қараңғы түннің ішінде,

Торыша тұрып қалады.
Қолындағы қос фанар,
Шамды жағып қарады.
Ер қасынан шылбыры,

Кеткен екен жазылып.
Торыша тұлпар оралды,
Жиі барып шумақтап,
Ер қасына шалады.

Тағы торы шабады,
Лақтай ойнап барады,
Таң сәрінің шағында,
Тағы тұрды торыша ат,

Құлағын тігіп қайшылап.
Дыбыс тыңдап тұрады,
Құбыланың бетіне,
Өзінің басын бұрады.

Іркілмей торы жөнелді,
Алатаудың басында,
Боз жорға ат қасында,
Ақ жидесін жамылған.

Етек-жеңі малынған.
Жүрегі оттай қабынған,
Саулы нардай боздаған.
Таң сәріде жылаған,

Қыз Құртқаның дауысын,
Есіткен екен торыша ат.
Таныған екен қыядан,
Қобыланды жетіп келеді,

Аман ба Құртқа сен деді,
Болжаулы күнді болдырып,
Мезгілді күнді толтырып,
Келдім бүгін шын деді.

Алатаудың басында,
Қалай жалғыз тұрғаның,
Неге Құртқа жыладың.
Ертеңді-кеш жылаған,

Сенің Құртқа дауысың.
Он екі айлық сапарда,
Жүрсемдағы алыста.
Құлағымнан кетпеді,

Сонда Құртқа сөйледі,
Сөйлегенде не деді,
Барма десем болмадың,
Тілімді айтқан алмадың,

Әйел ғой деп анасы,
Шын сөзімен қанбадың.
Болды ма менің болжауым,
Дос дегенің қас болып,

Алшағыр атаң бас болып,
Шауып кетті еліңді.
Сындырып кетті беліңді,
Кесіп кетті желіңді.

Қалмақтың түспей қолына,
Ажал бер деп Аллаға,
Қобыландының жолында,
Алатау болды тұрағым.

Алладан медет сұрадым,
Болды қабыл тілегім,
Жарылды бүгін жүрегім
Айналды оңға жұлдызым,

Суда қымбат құндызым.
Қобыландының келуін,
Маған Құдай білгізді.
Ажарыңды көрген соң,

Арыстаным келгесін,
Аллаға жоқ арманым.
Сонда Қобылан сөйледі,
Жылама Құртқа сен деді,

Арыстаның келгесін,
Тілегіңді Тәңір бергесін,
Сексен төртте Қыдырбай,
Көкемнің берді хабарын.

Ағзарбаптай анамның,
Және берші хабарын,
Хансұлудай апамның,
Білдірші маған сапарын.

Одарқұл мен Қодарқұл,
Және сөйле жауабын,
Сексен төртте Қыдырбай,
Атамның несін сұрайсын.

Келеді түйе соңында,
Міскіндіктің жолында,
Тізеге жетпей шолақ тон,
Көз қанасы іріңдеп,

Буындары дірілдеп,
Түйе бағып жылайды.
Ағзарбаптай енемді,
Оның несін сұрайсын.

Қол дорбасын қолында,
Тоғыз мың сарық соңында,
Қорлықпенен өтсін деп,
Қара жол қылып айдайды.

Еркежандай сұлуды,
Оның несін сұрайсын.
Отыз төренің шылымын,
Жағып беруге тұрады.

Жазатайым жанбаса,
Жезден шыбық қолында,
Жабыла солдат сабайды.
Екі бірдей қайнаға,

Асып еді пайдаға,
Жауға қарсы шабам деп,
Елді жаудан алам деп,
Екі қолы кесілді.

Он екі арба соңында,
Тоғыз бұт шынжыр қолында.
Жау қалмақтың елінде,
Аузымен тезек тереді.

Сонда Қобыланды Құртқаға айтты, жау қалмақтың еліндегі құл болып кеткен барлық қазақ баласы күн шығудан бұрын хабарлап бол, найзаға ту байлап, қалмаққа араласқан шағымда, үстімді шаң басып, көзімді қан басып, қараңғы тұман басқанда, қалмақ пен қазақты айырмай, бос орынға қырылып қалар деп, Қобыланды қалмаққа жүре берді. Алшағыр ханның бәйбішесі түс көріп, жыйналған жұртқа түсін жорытуға берді.

Мен бір бүгін түс көрдім,
Түсімде жаман іс көрдім.
Бұл не болар халқым-ай,
Қанжығада қан көрдім,

Бұл не болар халқым-ай.
Тебінгі де тер көрдім,
Тебіне шапқан ер көрдім.
Бұл не болар халқым-ай?

Ерні салпы көк бөрі,
Маңдайы жазық қас бөрі,
Бұл не болар халқым-ай,
Ағаш құйрық аш бөрі,

Келте құйрық көк бөрі.
Бұл не болар халқым-ай,
Оң қолында дақ қайыс,
Сол қолында жұп қайыс,

Бұл не болар халқым-ай,
Отырған жері ой-шұңқыр,
Басқан жері май шұңқыр
Бұл не болар халқым-ай?

Ойда отырған отыз қой,
Отызын бірдей өлтірді,
Сәтіне ісін келтірді.
Бұл не болар халқым-ай?

Қырда тұрған қырық қой,
Қырқын бірдей қырғаны,
Қырып оба қылғаны.
Бұл не болар халқым-ай?

Алты бірдей ақ марқа,
Аяусыз етіп алғаны,
Мойнына арқан салғаны,
Бұл не болар халқым-ай?

Ай мүйізді ақ қошқар,
Мүйізінен алғаны,
Қорқыратып шалғаны.
Қанын ішіп қанғаны,

Жабағылы көк саулық,
Қой көтінде қалғаны.
Бұл не болар халқым-ай?

Алты патшаның кандидаты Күсебай деген пышық бар екен, мұрны орта белінен жоқ екен, өзінше білімді адамның бірі екен, отырғандар мұны Күсекең жорысын деді. Балдар жарты қадақ насыбай әкеп беріңдер, насыбайға қана отырып, келінімнің түсін жорыйын деді.

Қана отырып насыбайға,
Сонда пұшық сөйледі.
Келін бүгін түс көрсең,
Барсаның түсі болғанды,

Әжептеуір іс көрсең,
Барсаның ісі болғанды.
Қанжығанда қан көрсең,
Қобыландының қаны болғаны.

Тебіне шапқан ер көрсең,
Барса батыр болғаны.
Қобыландыдай ақылсыз,
Қан барсаға барғаны.

Қазулы орда қалғаны,
Жаюлы торға салғаны.
Көмір төгіп үйдіріп,
Көрікке ұрып күйдіріп,

Темін үйге салғаны.
Қобыландының сүйегі,
Өртеніп көмір болғаны.
Келін сенің түсіңді,

Қарауыл бабам жорысын.

Алшағырхан келіп кемпірін сабады, сен-ақ Қобыландының тілегін тілейсің де жүресің екен. Барсаға барған адам тірі келмейді, сонда кемпір менің түсім дұрыс жорылмады деп, өзінің көрген түсін өзі жори бастады.

Сонда кемпір сөйледі,
Халқым тыңда сен деді.
Түс сөйлейін шын деді.
Мен бір бүгін түс көрсем,

Қобыландының түсі болғанды,
Әжәптәуір іс көрсем,
Қырғын ісі болғанды.
Қанжығада қан көрсем,

Қалмақтың ханы болғанды.
Тебінгіде тер көрсем,
Торыша аттың тері болғаны.
Тебіне шапқан ел көрсем,

Қобыланды ерің болғанды.
Еріні салпы көк бөрі,
Торыша атың болғаны.
Маңдайы жазық қас бөрі,

Қобыланды батыр болғаны.
Отырған жері ой шұқыр,
Ер көпшігі болғанды.
Басқан жері май шұқыр,

Үзеңгісі болғанды.
Оң қолында дақ қайыс,
Ол қамшысы болғанды.
Сол қолында жұп қайыс,

Ол тізгіні болғанды.
Ойда тұрған отық қой,
Отызын бірдей өлтірсе,
Отыз төрең болғаны.

Қырда тұрған қырық қой,
Қырқын бірдей қырғаны.
Қырық биің болғаны,
Алты бірдей ақ марқа,

Алтауын алдына салып айдаса,
Екі қолын байласа,
Алты балаң болғаны.
Ай мүйізді ақ қошқар,

Мүйізінен алғаны.
Қорқып атын шалғаны,
Қанын ішіп қанғаны,
Алшағыр хан өзің болғаны.

Жабағылы көк саулық,
Қой көтінде болғаны.
Біз бейшара болғаны.
Барма десең болмадың,

Тілімді айтқан алмадың,
Сөзіме құлақ салмадың.
Тіпті ханым нанбадың,
Өтірік болмас бұл түсім,

Таң атсын бәлем қалмақ деп,
Қорғаныңның сыртында,
Қобыланды тыңдап тұрмасын.

Кемпір сөзін аяқтағаннан кейін Қобыланды тыңдап тұр екен. Жеті қабат тас қорғанның темір есігін теуіп қыйратып, Қобыланды кіріп келді де, ассаулаумағалейкум Алшағыр ата, ел деп жүрсем жау екенсің, дос деп жүрсем қас екенсің, мені келмес жауың айдап, елімді шапқаның не қылғаның дейді. Сонда Алшағыр хан қаңғырып өскен қу қазақ, еліңді шапқанда не қылайын деп едің, деп Қобыландыға қылышын ала жүгірді. Ашу бойымен Қобыланды қолындағы қамшысымен Алшағыр ханның басқа салып кетіп еді, ханның басы үш бөлінді.

Таң сарғайып атқан соң,
Таң шолпаны батқан соң,
Батыр туған Қобыланды,
Пірлеріне сыйынып,

Белді бекем буынып,
Тоғыз қабат ақ сауыт,
Мойынға орай күйініп,
Найзаға туды байлады,

Атаңа нәлет қалмаққа
Аш арыстандай ақырып,
Ашумен қырғын салады.
Сарала туын жайнатып,

Торыша тұлпар ойнатып,
Қабағынан қар жауып,
Кірпігінен мұз тамып,
Қобыландының басына,

Нұрдың суы бұл жауып,
Кіреді жаудың шетінен.
Оң жағынан бетінен,
Ашуменен Қобыланды,

Қалмаққа қырғын салады,
Мазасын жаудың алады.
Аждаһадай ысқырып,
Қайтпайтұғын күш қылып,

Жауға сайран салғансын,
Қалмақтың несі қалады.
Алты ханды елі екен,
Алты күндей соғысып,

Мінеки тамам қылады.
Шіркеулерін қыйратып,
Көңілін бала шыйратып.
Көндім десе қош алып,

Тимесіне қаулы алды.
Ердің нанып ниетіне,
Қалғаны жаудың жұбанды.
Бастығы болып атасы,

Елін жыйнап алады.
Өсіп өлген қонысы,
Мекенге қайта қондырып,
Көңілін елдің толтырып,

Өзінің туған енесін,
Қыз Құртқаны шешесін,
Өлтірмей алып қалады.

Қобыланды енесіне келіп менің қарт екі көкемнің қолы қайда деді. Қарағым келеріңді білген соң, қалмақтар кесіп алған мақта, мақпалға орап көмірдің арасына тығып он екі жерден кілті бар, алты құлаш ақсандықтың ішіне салып қойдым. Ана тұрған Алатаудың астында жатыр. Алып келсең салып беремін, шірімеген шығар деді. Қобыланды тауға барып ортасынан бөліп, екі жаққа қайыра тастап, кілтін бұзып, мақпалға ораулы қолды алып келді. Шірімеген екен, ту биені сойып қазысына жарымай салып әртүрлі дәрімен екеуін қырық күн бақты. Қолы баяғыдай қалпына келді. Екеуіне шеше қылып енесін және берді.

Тамам болды осымен
Бұл сөзімнің аяғы,
Ел құлағы есітіп,
Жыршы аузында айтылған.

Ерлердің ісі баяғы,
Жазарсыңдар толтырып,
Сөзімнің болса шолағы,
Таба алмасам қыйсынын,

Қызыл тілдің олағы.
Көңілдегі барымды,
Айтып өттім баяндап,
Бітірдім сөзді тамамдап.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙