Бабалар сөзі. 75-том
Бабалар сөзі
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
«Бабалар сөзі» – көптомдық құнды дүние. Бұл серия аясында ауыздан-ауызға тарап, бүгінгі күнге жеткен өлең-жырлар, шежіре-дастандар, эпостар мен хикаялық дастандар топтастырылған. Қытай мен Моңғолиядағы қазақ фольклорымен де осы сериядан танысуға болады. «Алпамыс батыр» жырының әртүрлі нұсқасы, жа...
БАТЫРЛЫҚ ЕРТЕГІЛЕР
І. АРХАИКАЛЫҚ СИПАТТАҒЫ ЕРТЕГІЛЕР
1.Ер Төстік
Ерте заманда Ерназар деген кісі болыпты. Ерназардың өзі бай болыпты. Қора толған қойлары болыпты. Матау толған түйелері болыпты. Өріс толған жылқылары болыпты. Ерназардың сегіз ұлы болыпты. Бір жылы үлкен жұт болып, ел малын алысқа, отарға айдап кетіпті. Ерназардың сегіз ұлы соның ішінде кетіпті. Бір қыстың азығын алып, кемпірі мен Ерназар үйінде қалыпты. Ерназардың сегіз ұлы сол кеткеннен хабарсыз кетеді, айлар өтеді – келмейді, жылдар өтеді – келмейді. Ерназардың азығы таусылады, ашығады, жейтін тамақ таппайды. Кемпірімен екеуінің орнынан тұруға әлдері әрең-әрең келеді. Бір күні кешке жақын кемпір төсегінен тұрып, үйінің түңдігін ашады. Тұруға мұршасы келмей жатқан шал шаңыраққа қараса, шаңырақтың күлдіреуішінде керулі тұрған кер биенің төстігі көзіне түседі. Ерназардың қуанып, есі шығады:
– Кемпір, сүйінші! Керулі тұрған кер биенің төстігі майлы көрінеді, бол, жылдам асып жіберші, – дейді.
Сөйтіп, бұлар төстікті қазанға салады. Төстікті асып жеп, шал мен кемпір әлденеді. Ұзамай кемпір жүкті болады. Мезгілі толып, босанады. Бір ұл туады, оның атын төстік жеген соң біткен бала деп, Төстік қояды. Төстік өзгеше бала болып өседі: бір айда бір жастағы баладай, үш айда үш жастағы баладай, бір жылда он бестегі жаңа өспірімдей болып, екі жасында алысқан кісілерін алып ұратын бала болады. Садақ тартып үйренеді, тартқан садағын тоғыз қабат кетпеннен өткізеді. Аң аулап, құс атып, шал әкесі мен кемпір шешесін асырайды. Төстік бір күні ауылдың арасында отырған тарғақты садақпен тартып қалады. Садақ тарғақтың қанатын үзіп кетеді. Тарғақ жығылмай, бір қанатын сабалап қаша береді. Төстік «ұстаймын» деп қуып жүгіреді. Сөйтіп жүргенде, тарғақ бір кемпірдің өрмегінің үстінен қарғып өтеді. Қуып келе жатқан Төстік те өрмектен секіреді. Сөйткенде Төстіктің бір бақайы өрмекті іліп кетеді. Өрмектің бірсыпыра жібі үзіліп қалады. Өрмек тоқып отырған кемпір: «Алда ғана, көк шешек-ай! Өрмегімді үзіп кеттің-ау! Ертеден қара кешке бүйтіп, жар қуалап, торғай атқанша, тентіреп жүрген сегіз ағаңды тауып алсаң болмай ма?», – деп қарғап-сілейді. Төстік кемпірге жауап бере алмай, оның сөзіне қатты қорланады. Әсіресе, «тентіреп кеткен сегіз ағаң» деген сөз оған қатты тиеді. Төстік бұрын ағалары барын есіткен жоқ екен. Әке-шешесі оны Төстікке айтпайды екен. Кемпірге сөз қайыра алмай, Төстік жүгірген бетімен үйіне келеді. Атып әкелген кұстарын лақтырып тастап, отыра кетеді. Төстіктің ашулы түрін көріп, шешесі: «Саған не болды? Кіммен жанжалдастың?», – деп сұрайды.
Төстік кемпірдің сөзін түгелімен шешесіне айтады.
– Ағаларым қайда? Неге келмейді? Іздеп тауып әкелемін! – дейді.
Шешесі:
– Қақбас кемпір өтірік айтады. Сенің ағаларың болған жоқ, оның сөзіне нанба! – дейді. Сөйтіп, Төстікті нандырып қояды.
Тағы бір күні Төстік асық ойнап жүріп, әлгі кемпірдің жалғыз баласын жұдырығымен қойып жіберсе, бала өліп қалады. Кемпір Төстікті бұрынғыдан да жаман қарғап-сілейді.
– Қыршыныңнан қиылғыр, Төстік! Менің жалғыз балама әлің жеткенше, айдалада тентіреп өлген сегіз ағаңның қураған сүйегін тауып алсаң болмай ма? – дейді.
Кемпірдің сөзі Төстікке ой салады. Шешесінен ағаларын сұрайды. Шешесі айтады: «Сегіз ағаңның бары рас еді, жұт жылы кетіп еді, содан қайтқан жоқ, қайда жүргендерін білмейміз», – дейді. Төстік ағаларын іздеу қамына кіріседі. Кемпір-шалға аң мен құстың етін қақтап үйіп береді де, Төстік жолға шығады. Беліне садақ байланады, қолына темір таяқ алады, аяғына темір етік киеді. Ай жүреді, жыл жүреді, талай елді, талай жерді аралайды. Жолдасы да – садағы, азығы да – садағы, жолында кез келген аңды атып жеп отырады. Темір етіктен теңгеьдей, темір таяқтан тебендей қалғанда, алыстан сағым көтерген бел көрінеді. Өлдім-талдым деп келіп, белге шықса, қарауытқан қалың жылқы көрінеді, жылқының ар жағында ел көрінеді. Жылқыға келсе, жылқының ішінде тігулі тұрған қара қос тұр. Қосқа кірсе, асулы мосы, ілулі бақыр тұр. Бақырдың іші піскен етпен толы екен. Төстік етке тойып алады да, елге қарай жүреді. Төстіктің келген елі ас беріп жатқан ел екен. «Ағаларымды осы астан іздеп көрейін», – деп, асқа тігілген қалың үйді жағалай қыдыра бастайды. Арықтаған, азған, киімі жыртық-жыртық Төстікті ешкім ескермейді. Жаяу жүрген адамды кім білсін? Сөйтіп келе жатса, табақшылар бір кезде: «Ерназардың сегізіне тарт, Ерназардың сегізіне тарт», – деп шуылдасып жүр екен. «Ерназардың сегізін көрейін», – деп үйге кірмек болса, табақшылар Төстікті кейін қарай сүйреп, қақпалай береді. «Қайыршы неме, әлі етке тоймадың ба?» – деп жекіріп ұрсады. Төстік оған шыдамай, табақшының біреуін жұдырықпен қойып қалып, мұрттай түсіреді. Жұрт жиналып қалады.
– Кім керек? Неғып жүрген адамсың? – деп Төстіктен жөн сұрайды.
Төстік:
– Маған Ерназардың сегізі керек, – дейді. Адасып кеткен сегіз ағамды іздеп жүрмін, – дейді.
Сол арада Ерназардың сегізі жөн сұрасып, Төстікпен жылап-сықтап танысады. Ерназардың сегізі елден адасқаннан кейін жұттан қалған жалғыз күрең биені бағып, содан көп жылқы өсірген екен. Бағанағы көп жылқы солардікі екен. Төстіктен елінің жөнін білген соң, олар да қайтпақ болады. Тоғызы тоғыз жағынан шығып, қалың жылқыны айдай бастайды. Бірақ жылқы ұйлығып, бір жақты бет алып, жүре алмайды. Қанша айдаса да серпіліп, алғашқы айдаған жеріне қайтып келеді де отырады. Тоғызы жылқыны неше күн айдайды, аяғында жүргізе алмай, жалығады. Бір күні Төстік мынадай айла табады: барлық жылқының басы күрең биені ұстап алып, жылқының ортасындағы бір дөңге шығады, биені жығып, төрт буады да, қыл бұрау салып, тақымын бұрайды. Тақымы бұралған соң, бие қатты шыңғырады. Биенің шыңғырған дауысына шұрқырасып қалың жылқы жиналады. Жылқы әбден жиналып болды деген кезде, Төстік биені тұрғызып алады да, жетектей жөнеледі. Сонда қалың жылқы өз беттерімен бұлардың соңынан шұбай береді. Енді ешқайсысы да жылқы айдап әлек болмайды, күрең биені жетектеп жүреді де отырады. Қалың жылқы шұбырып ереді де отырады. Судың тұнығын іше-іше, шөптің сонысын жей-жей, талай асқардан асып, талай шөлді басып, Төстігі бастап, Ерназардың сегізі аман-есен елдеріне келеді. Балалары аман-есен келген соң, Ерназар ел жиып, той қылады. Түйеден бура, жылқыдан айғыр, ту бие, қойдан қошқар, құнан қой сойып, қымызын көлдей, етін таудай қылып қояды. Ақсақал, қарасақалын түгел разы қылады. Той тарқағаннан кейін Ерназар тоғыз ұлын аяқтандыру қамына кіріседі. Тоғызына тоғыз келіншек іздейді. Келінінің тоғызын бір үйден таппақ болып, ел қыдырады. Көп елді аралайды. Бірақ, Ерназар ойлағандай тоғыз қыз бір үйден табылмайды. Сөйтіп, Ерназар күдер үзіп келе жатса, алдынан бір ауыл көрінеді. Ауылдың ортасындағы үлкен бір қоңыр үйдің тұсына келіп, мейман болатындығын білдіреді. Үйге кірсе, керегесінің басында сегіз сырға ілулі тұр екен, соны көрген соң, Ерназар еңкілдеп жылай бастайды.
Үйдің бәйбішесі Ерназардан:
– Неге жыладың? – деп сұрайды.
– Жылаған себебім: тоғыз ұлым бар, соған тоғыз келіншек іздеп жүрген адаммын; тоғыз ұлымның бір әке-шешеден туғаны сияқты, тоғыз келінімнің де бір әке-шешеден туған болуын іздеп жүрген адаммын, керегенің басындағы көп сырғаны көргенде, тілегіме жеттім ғой деп қуанып қалып едім, санасам біреуі кем екен, соған жылап отырмын, – дейді Ерназар.
– Ендеше, жылама, тағы біреуі бар, әне тұр! – деп бәйбіше тұсбақаннан тағы бір сырғаны алып келеді. «Кенжекейімнің сырғасы еді, мұны сегіз қызымның сырғасына араластырмаймын, ана қыздарым бір төбе, Кенжекейім бір төбе. Сондықтан Кенжекейімнің сырғасы олардікінен бір бөлек тұрады», – деп сырғаны қайтадан орнына іліп қояды.
Ерназар оған:
– Сенің сегіз қызың бір төбе, Кенжекейің бір төбе болса, менің сегіз ұлым бір төбе, Төстігім бір төбе еді, Кенжекейің Төстігімдікі болсын, – дейді.
Сөйтіп, Ерназар тоғыз қызға құда түсіп қайтады.
Ерназар келіндерін алып қайтуға тоғыз ұлымен сапарға шығады. Жолда бұларға перінің қызы Бекторы кездеседі, ол Төстікті көріп ғашық болады. Төстікті Кенжекейден айырып алу ниетіне кіріседі. Ерназар тоғыз ұлымен Кенжекейдің ауылына барып, көп уақыт жатады. Отыз күн ойын, қырық күн тойын істетіп, келіндерін алып, еліне қайтпақшы болады. Кенжекейдің әкесі қыздарына түгел енші беріп, көп жасаумен ұзатады. Сонда Кенжекей әкесінің берген еншісіне – мінгізген ат, арттырған түйе, тарттырған жасауына разы болмайды. «Әкем маған жылқыдан Шалқұйрық атты берсін, жасаудан Ақсырмалды сауытты берсін, түйеден Құба інгенді берсін», – дейді.
Кенжекейдің әкесі қызына ашуланып, кісісін қайта жібереді:
– Қызыма айта бар, Ерназардың байлығы оған жетеді. Шалқұйрық атты сұрағаны несі? Шалқұйрық – жылқымның құты, құтқа қыз ие болған жер бар ма екен? Құба інген – түйемнің басы, түйемнің басын сұрағаны несі, қызда ондай түйе артар бар ма екен? Ақсырмалды сауыт – атадан ұлға қалатын мұра, мені қызым қу бас дегені ме? Қызым өйтіп жаулығын білдірмесін!, – дейді.
Кенжекей әкесіне қайта кісі салыпты: «Шалқұйрықты сұрағаным, ерге лайық ат еді, ер мінсін деп едім; Құба інгенді сұрағаным, ер қосын артсын деп едім; Ақсырмалды сауытты сұрағаным, Ер Төстік ер еді, сол ер кисін деп едім», – депті. Әкесі Кенжекейдің сөзінен жеңіліп, сұрағандарын беріпті. «Қызыма сәлем айт, Сорқұдықтың басына көшін қондырмасын, қондырса, кесір болады», – депті. Сонымен Ерназар келіндерін алып қайта береді. Бір күні көші жар басында тігулі тұрған жарты лашыққа кездеседі. Бұл перінің қызы Бекторының лашығы екен. Көш тұсынан өтіп бара жатқан кезде лашығынан шығып, шайқақтап, перінің қызы Бекторы мынаны сөйлейді:
Сүйген жарың Ер Төстік,
Құтты болсын, Кенжекей!
Мінген де атың Шалқұйрық,
Құтты болсын, Кенжекей!
Артқан да түйең Кұба інген,
Құтты болсын, Кенжекей!
Киген де сауытың Ақсырмал,
Құтты болсын, Кенжекей!
Жар басында демесең,
Жарты лашық демесең,
Біздің үйге түсе кет,
Көбікті саумал іше кет, – дейді.
Перінің қызы Бекторының тиісе сөйлегенін жақтырмай, Кенжекей мынадай жауап береді.
Перінің қызы Бекторы,
Шайпау сөзің қой, Торы.
Сүйген де жарым Ер Төстік,
Өз жарымды сүйемін.
Мінген де атым, Шалқұйрық,
Өз атымды мінемін.
Артқан да түйем Құба інген,
Өз түйеме артамын.
Киген де сауытым, Ақсырмал,
Өз сауытым киемін.
Жар басында демейін,
Жарты лашық демеймін,
Қайтсең де үйіңе түспеймін,
Бал берсең де ішпеймін.
Перінің қызы, Бекторы,
Шайпау сөзің қой, Торы!
Осылай деп Бекторының бетін қайтарып тастайды. «Қап, бәлем, Кенжекей, саған қылармын!», – деп Бекторы тісін қайрап қала берді.
Көш бетімен тарта берді. Бір күні Сорқұдықтың басына келіп жетеді. Кенжекей атасына кісі жіберіп: «Атам бұл құдыққа қонбасын, ырымы жаман жер!», – деп айтқызады. «Келінім келмей жатып, менің қонысымды билейін деген екен», – деп Ерназар болмастан әлгі жерге қонады. Көш қонысымен, Кенжекей басқа келіндерінен үйді бұрын тігіп жібереді де, атасын қонақ қылады. Кенжекейдің аяулы екенін Ерназар сол арада біледі. «Келінім ақылды екен, тілін бекер алмаған екем», – деп өкінеді. Сол күні тұман болады. Кенжекей өз әкесінің айтқаны ойына түсіп, кірпігін ілмей жатады. Ерте тұрып қараса, Құба інген жоқ. «Құба інген жоқ!» – деп атасына хабар береді. Ерназар ат ерттеп мініп, Құба інгенді айнала қарап жүрсе, анадай жерде тұрған Құба інген көрінеді. Қасына келсе, бұйдасы бір көкпекке оралып қалған екен. Жанында бір тал бар екен, талдың түбінде бір жарбиған жаман кемпір отыр.
– Шеше, шеше! Ана түйенің бұйдасына қол жалғап жіберші? – дейді Ерназар.
Кемпір сонда:
– Тұрсам отыра алмаймын, отырсам тұра алмаймын, шырағым! Әперуге әлім жоқ, нашар адаммын! – деп мүләйімсиді.
Кемпірдің сөзіне нанып, бұйданы іліп алайын деп еңкейе бергенде, Ерназарды кемпірекең шап беріп жағадан ала кетеді. Ерназарда тапжылуға шама жоқ. Олай-бұлай жұлқынып байқап еді, болатын көрінбейді, кемпір қысып әкетіп барады, Ерназардың мойны үзіліп, буынып барады, шыбын жаны шығып барады. Ерназардың «қоя бер» дегеніне кемпір қоя беруші болмады, өлетін болған соң Ерназар жалына бастады:
– Ағарған сақал, шашым бар! Қартайып келген жасым бар! Тоғыз келінімді жаңа ғана түсіріп, жаңа ғана қызығын көрейін деп отырмын. Қоя бер мені, шешежан, – дейді.
– Жоқ, – деп кемпір қысып қояды, Ерназардың жаны шығып барады.
Тоғыз келін түсіріп
Елдей көшіп келемін.
Толып жатқан жасаудан
Тойғанынша беремін.
Босат мені, шешетай! – дейді.
– Жоқ, – деп кемпір қысып қояды, Ерназардың жаны шығып барады.
Оған разы болмасаң,
Тоғай толған қойым бар,
Қанша алатын ойың бар?
Босат мені, шешетай! – дейді.
– Жоқ, – деп кемпір онан сайын қысады, Ерназардың жаны шығып
барады.
Оған разы болмасаң,
Сауысқандай сақтығы,
Жұмыртқадай ақтығы,
Желбіреген желегі
Жаңа түсіп келеді.
Сегізінен бір дана,
Ақылы асқан ол дана,
Кіші келінім Кенжекей,
О да болсын сенікі,
Бір әділ жан менікі,
Жіберші мені, шешеке! – дейді.
– Жоқ, – деп кемпір онан сайын қысады, Ерназардың жаны шығып барады.
Оған разы болмасаң,
Сойылдай сегіз ұлым бар,
Менде қандай құның бар,
О да болсын сенікі,
Бір әділ жан менікі.
Жібере көр, шешеке! – дейді.
– Жоқ, – деп кемпір қысыңқырап жібергенде, Ерназардың жаны мұрнының ұшына келеді, өлуге аз-ақ қалады.
Оған разы болмасаң,
Атамасым атайын,
Сегізінен бір бөлек
Жалғызымда қуат боп,
Жаяуымда қанат боп,
Пана болған бір кезде
Ер Төстігім – ең кенжем,
О да болсын сенікі,
Бір әділ жан менікі,
Жіберші мені, шешеке! –
дегенде, кемпірдің қолы босанып сала береді.
– Төстікті маған қалай бересің? – деп сұрайды кемпір. Оған Ерназар айтады:
– Менің қалтамда Төстіктің садағының ұшын шығаратын егеуі бар. Төстік онсыз жүре алмайды. Мен соны осы араға тастап кетейін. Төстік іздеп келеді, сонда өзің ұстап ал! – дейді.
Кенжекей мұның бәрін көріп тұрады.
Ерназар Құба інгенді алып қайтып келеді, көш жөнеледі, бірнеше күн көшеді. Төстік түнде отауына кірейін десе, отауы ылғи берік болады. Бір күні Төстік жеңгелерін алып, отауына кіреді. Төсегіне жатып еді, Кенжекей болат кездіктің сабын Төстіктің жүрегіне тіреп, ұш жағын өз жүрегіне қояды:
– Қозғалмай жат, қозғалсаң, екеуміз де жарыламыз, – дейді. Төстік мұның себебін сұрайды. Кенжекей:
– Әкең сені Бекторының жалмауызына беріп кеткен, сен менікі емессің, жалмауыздан біржола құтылып кел! – дейді.
– Әкем мені жалмауызға неге береді? – дейді ол. Кенжекей:
– Нанбасаң, әкеңнен егеуіңді сұрап көрші, – дейді. Ертең ертемен тұрып Төстік:
– Егеуімді берші, әке! Мына жақта киік жүр екен, садағымның ұшын шығарайын деп едім, – дейді.
Ерназар сасыңқырап қалып, қорбаңдап кісесін қараған болады да:
– Қап, әттеген-ай, қалып қойған екен. Түнеугі Сорқұдықтың басында, Құба інгенді іздеп барғанда, бір талдың түбіне түсіп, ат шалдырып едім, егеуің сонда түсіп қалған екен ғой, – дейді. Сонымен, Төстік егеуін іздемек болады, егеуінің қалған жері – неше күндік алыс жол. Ерназардың айтуымен Төстік егеуін іздеуге алты аяқты ала атты, жеті аяқты жирен атты мінбек болады.
Төстік жылқыдан алты аяқты ала атты мініп, жеті аяқты жирен атты жетегіне алып келе жатқанда, алдынан Кенжекей шығып мынаны айтады:
Сорқұдықтың басына
Сорға бола қонды атам.
Жалмауызға жалғызын
Жанынан қорқып берді атам.
Жүретұғын жолыңда
Құлан өтпес шөлі бар,
Оны да басып өтесің,
Қыран өтпес қия бар,
Оны да басып өтесің
Алты аяқты ала атың
Қулық бие құлыны,
Табанына тас батса,
Маңдайынан күн өтсе,
Алты күнге жарамас.
Жеті аяқты жиренің
Табанына тас батса,
Маңдайынан күн өтсе,
Жеті күнге жарамас.
Сан жорғаны алмадым,
Ер аты деп таңдадым.
Айыл-тұрман әбзелін
Ертеден бастап сайладым.
Төстік, саған арнадым,
Жабы емес қазанат,
Ер серігі қолғанат –
Шалқұйрықты мін, Төстік!
Сан жасауын алмадым,
Саған бола таңдадым,
Ақсырмалдай сауытты
Осы жолға ки, Төстік! – деп зарлайды.
Төстік Кенжекейдің тілін алып, Шалқұйрық атты мінетін болады. Жылқыдан Шалқұйрықты ұстап әкелуге кісі жіберсе, барған кісіге Шалқұйрық ат ұстатпайды. Алдына келгенін тістеп, артына келгенін теуіп, маңайына жан жуытпайды. Шалқұйрықты ұстауға Төстіктің өзі келеді. Шалқұйрық Төстікке өзі келеді. Шалқұйрық Төстіктен қашпайды. Қолын созса, тырп етпей тұрып, жүгенге басын өзі ұсынады. Төстік жүрерде Кенжекей Құба інгенді бураға шөгереді. «Не Төстік өлді деген күні ботала, не Төстік келді деген күні ботала!» – деп серт қылады. Өзі белін он екі құлаш торғын орамалмен тартады. «Не Төстік өлді деген күні шешіл, не Төстік келді деген күні шешіл!» – деп, серт қылады. Төстік жолға шығады. Төстік аулынан ұзап шыққан соң, Шалқұйрық атқа тіл бітеді.
– Төстік батыр, енді екеуміздің жанымыз бір, қандай пәле болса да бірдей көреміз. Менің мына айтқан сөздерім есіңде болсын. Егеуіңнің қасында жалмауыз кемпір сені күтіп отыр, сен егеуіңді ала бергенде ұстап алмақ. Егеуге жақындаған кезде кемпірді алдайтын бір ақыл тауып ал. Кемпір алдана бергенде, мен бетегеден биік, жусаннан аласа бола берейін, сол кезде сен егеуді іліп ал да жөнел, артыңа қараушы болма! – дейді.
Көп уақыт жол жүргеннен кейін, Төстік егеу жатқан жерге келеді. Келсе, егеудің қасында кемпір отыр. Ер Төстік жақындай түсіп: «Шеше, шеше, артындағы қыздардың бәрі өзіңдікі ме?» – дейді. Сонда кемпір артына жалт қарайды. Сол мезгілде Шалқұйрық бетегеден биік, жусаннан аласа бола береді. Төстік егеуді іліп алып жөнеледі. Сонда кемпір: «Сен бе едің, Төстік, алдаған? Сені ме, Төстік, қап, бәлем!» – деп тамағы қырылдап, өкпесі сырылдап, шашы жалпылдап, көзі жарқылдап, тістері сартылдап, қатты сасып, етегін басып Төстікті қуа жөнеледі. Төстік қашып келеді. Кемпір қуып келеді. Бір мезгілде тау қаңбақтай ұшады, тас бұршақтай жауады. Шалқұйрықтың құйрығына қазандай қара тас орала кетеді. Шалқұйрықтың шапқан салмағына шыдамай, қара жер қақ айрылады. Шалқұйрық пен Ер Төстік жер астына түсіп кетеді.
Сол кезде Шалқұйрыққа тіл бітеді:
– Біз енді жер астына түстік, бізге бұдан былай жер астының елі жолығады. Біраз жүрген соң, жылан Бапы ханның ордасына келеміз. Жылан Бапы ханның ордасына келгенімізде, мені алысқа қойып, өзің ордаға кіресің. Ордаға кіргенінде есіңде болсын: үйге кіргеніңде екі босағадан екі қара шұбар жылан ысылдап тұра келеді, олардан сескенуші болма, олар – жылан Бапы ханның есігін күзеткен құлдары. Төр алдына бара бергеніңде, екі сұр жылан ысылдап келеді де, екеуі де екі жеңіңнен кіреді, қойныңнан шығады, қойныңа кіреді, қонышыңнан шығады. Бұлар жылан Бапы ханның ұлы мен қызы болады. Төрге отыра бергеніңде, дәу екі сары жылан ысылдап тұра келеді, одан да сескенбе. Бұлар – жылан Бапы ханның өзі мен әйелі. Егерде бұлардан сескенсең, сені Ер Төстік демейді, жер асты еліне қадіріміз болмайды, жер үстіне жол тауып шыға алмай қаламыз, – дейді.
Біраз жер жүрген соң, Шалқұйрық айтқандай, жылан Бапы ханның ордасы көрінеді. Төстік Шалқұйрықты анадай жерге қойып, сәлем беріп, үйге кіреді. Екі босағадағы екі қара шұбар жылан ысылдап тұра келеді. Төстік одан сескенбейді. Төр алдына бара бергенде екі сұр жылан ысылдап келіп, Төстіктің жеңінен кіріп, қойнынан шығады, қойнынан кіріп, қонышынан шығады. Төстік олардан да сескенбейді, Төрге барып отыра бергенде, төсектен екі дәу жылан ысылдап көтеріледі. Төстік олардан да сескенбейді, төрге шығып отыра береді. Бір мезгілде төсектегі екі сары жыланның бірі үлкен кісі болады да, бірі соның бәйбішесі болады.
– Жақсы келдің, Ер Төстік! Жер астындағы ел де сені ренжітпейді, – дейді.
Екі сұр жыланның бірі әдемі жігіт, бірі әдемі қыз болып кетеді. Олар да:
– Жер үстінің Ер Төстігі, жер астына жақсы келдіңіз. Жер астының алыптары, өнерпаздары сенің шылауыңда болады, – дейді.
Босағадағы екі қара жылан екі қара құл болып кетеді. Төстіктің алдына келіп, қол қусырып тұрады. Төстік жылан Бапы ханның елінде ұзақ уақыт тұрады. Жылан Бапы ханның Темір хан деген араз ханы бар екен. Темір ханның қызын жылан Бапы хан сұрап, неше рет жіберсе де, Темір хан қызын бермей қойған екен. Жылан Бапы хан Төстікті соған жұмсайды. Темір ханның қызын әкеп берсе, Төстікке өз қызын беретін болып уәде қылады. Төстік жылан Бапы ханға Темір ханның қызын әкеп бермек болып, жолға шығады. Темір ханның елі жеті айлық жол екен. Төстік елсізбен келе жатса, алдында бір адам көрінеді. «Бұл не қылған адам?» – деп абайласа, әлгі адам ағаштың басында отырған екі сауысқанның құйрығын білдірмей жұлып алады да, білдірмеген бойымен бірінің құйрығын біріне қондыра қояды. Сауысқандар мұны түк сезер емес.
«О, неғып жүрген жансың?» – деп Төстік қасына жетіп келеді. «Жердің үстіндегі Төстік жердің астына түсті дегенге, соған жолдас болайын деп жолын тосып жүрген адам едім», – дейді әлгі кісі.
«Төстікке жолдас боларлықтай қандай өнерің бар еді?» – дейді Төстік. «Алғанды адамға сездірмейтін асқан епті едім. Жан-жануардың сағы сауысқан болса, құйрықтарын ұрлап алып, бірінің құйрығын біріне кигізгенімді жаңағыдай сезбей қалады», – дейді кісі.
«Жарайды. Ендеше сол іздеген Төстігің мен боламын!» – дейді Төстік. Екеуі жүріп келеді. Тағы елсізбен келе жатса, жолдарында бір адам көрінеді. «Неғып жүрген адам?» – деп байқаса, киіктерді матап жүрген адам екен. Екі аяғына байлап алған қазандай екі қара тасы бар. «Сол тастарымен жүріп, қашқан киіктерден ағып өтіп кетпей, дәл жетіп ұстаймын. Желаяқ деген жүйрікпін!» – дейді кісі.
«Жарайды, ендеше осы іздеген Төстігің мен боламын!» – дейді Төстік. Сөйтіп, үшеу болып жүріп кетеді. Бұлар келе жатса, бірталай күннен кейін елсізде тағы бір адам көрінеді. «Не қылған адам екен?» – деп байқаса, әлгі кісі жерге біресе оң құлағын төсейді, біресе сол құлағын төсейді, жер астынан бір нәрсе тыңдаған сияқты болады.
«О, неғып жүрген адамсың?» – деп үшеуі қасына жетіп келеді. «Жердің үстіндегі Ер Төстік жердің астына түсті дегенге, соның жолдасы болайын деп, жолын тосып жүрген адаммын!» – дейді кісі.
«Төстікке жолдас боларлықтай қандай өнерің бар еді?» – дейді Төстік. «Жер астының атақты тыңшысымын, қандай жасырын әңгіме болса да тыңдап біліп аламын; менен жасырын сыр болмайды. Алыстағыны, жақындағыны түгел есітетін Саққұлақ деген ер мен боламын!» – дейді.
«Жарайды. Ендеше, іздеген Төстігің мен боламын!» – дейді Ер Төстік. Сөйтіп, төртеу болып жүріп кетеді. Бұлар елсіз түзде келе жатса, алыста бір тау көрінеді, ол таудың үстіне тағы бір тау шыққандай болады. Жақындап келіп қараса, бір адам тауды олай да көтеріп қояды, бұлай да көтеріп қояды. Бір тауды көтеріп бір таудың үстіне қояды.
«О, неғып жүрген адамсың?» – деп. Төстік қасына жетіп келеді. «Жер үстіндегі Төстік жер астына түсті дегенге, соған жолдас болайын деп, жолын тосып жүрген адаммын!» – дейді кісі.
«Төстікке жолдас боларлықтай қандай өнерің бар еді?» – дейді Төстік. «Жұрттан асқан алыппын, жердің үстінде де, астында да маған шақ келетін адам жоқ, қайратым ішіме сыймаған соң, тауларды көтеріп ермек қыламын. Таусоғар деген ермін!» – дейді кісі.
«Жарайды. Іздеген Төстігің мен боламын!» – дейді Төстік.
Бесеу болып жүріп келеді. Бұлар жапан далада жүріп келе жатса, бір үлкен көл көрінеді. Көлдің суы айтқанша суалып, жоқ болып кетеді де, айтқанша шарасынан асып, ернеуі толып кетеді. Ер Төстік жолдастарымен мұның мәнісіне түсіне алмайды. «Бұл су қайдан келіп, қайда кетіп жатыр?» – деп айнала іздейді. Сөйтсе, қамыстың арасында біреу отыр, көлдің суын ұрттап қалса, жоқ болады, аузынан төгіп жіберсе, шарасынан асып су қайта толып кетеді.
«О, неғып отырған адамсың?» – деп, Төстік жанына жетіп келеді. «Жердің үстіндегі Төстік жер астына түсті деген соң, жолдас болып ерейін деп, жолын тосып жүрген адаммын!» – дейді әлгі кісі.
«Төстікке жолдас боларлықтай қандай өнерің бар?» – дейді Ер Төстік. «Жер-жаһанда бар нәрсенің мешкейімін. Маған бұл жалғанда тойым жоқ. Бір көлдің суы қарныма түк болмайды, қанша үлкен дария болса да, бір-ақ ұрттаймын. Көлтауысар деген ер боламын!» – дейді кісі.
«Жарайды. Ендеше, сол іздеген Төстігің мен боламын», – дейді Төстік. Алтау болып жүріп кетеді. Көп уақыт жол жүргеннен кейін бұларға бір оба көрінеді. Жақындаса, обаның басында жалпиған бір адам отыр.
«О, неғып жүрген адамсың?» – дейді оған Төстік. «Жердің үстіндегі Төстік жердің астына түскенін, жылан Бапы ханға келіп, оның қорқытқанынан қорықпастан төріне шыққанын, одан Темір ханның елін іздеп шықканын, жолында жер астының өнерпаздарын жинап келе жатқанын көрген соң, соған жолдас болайын деп, жолын тосып отырмын», – дейді.
«Төстікке жолдас боларлықтай қандай өнерің бар еді?» – дейді Төстік. «Жер астының қырағысымын. Төстік, сенің не күйге ұшырағаныңның бәрін көріп отырмын. Бар өнерім қырағылық, жердің асты-үстінде менің көзіме қағыс жер жоқ, қандай нәрсе болса да, анықтап қарасам, бәрін де көремін», – дейді кісі.
«Жарайды, ендеше менің жолдасым бол», – дейді Төстік.
Жетеу болып жүріп кетеді, бұлар жеті ай жол жүріп, Темір хан елінің отырған жеріне келсе, Темір хан елінің жұрты жатыр. Төстіктің келе жатқанын естіп, көшіп кетіп қалған екен. Саққұлақ тыңдап көрсе, адам баспас деген жерге қонып жатқан хабары естіледі. Қырағы көз жіберіп еді, алты таудың ар жағында, жеті көлдің желкесіндегі жалпақ жартастың астына барып тығылған екен. Таусоғар жолдағы тауларды орнынан алып, көшіріп қоя салады. Көлжұтқыш көлдерді ұрттап суалта салады. Ер Төстік жолдастарымен көзді ашып-жұмғанша Темір ханның аулына жетіп келеді. Бұлар келсе, Темір ханның қызын Кеще хан алмақ болып жатыр екен. Ер Төстік келген соң, Темір хан екі жағына да кісі салып: «Қызымды, қайсысының өнері асса, соған беремін!» – деп айтқызады. Той қылып, ел жинайды, екі жақтың өнерін көруге жер астының қарайған халқының бәрі жиналады. Кеще ханның қалың малға әкелген қора-қора қойының, қатарлы түйесінің, үйір-үйір жылқысының бәрі де тойға сойылады. Ер Төстік жолдастарымен бір үйде отырады. Бұларды тойғызамын деп, қанша ет әкелсе де жетпейді. Тойға арналған тамақтың бәрін де Көлтауысар жеп қояды. Тіпті тойғыза алмайтын болған соң, Темір хан мен Кеще хан бірігіп, бір амал табады. Төстіктердің тамағына у салып бермек болады. Сақ-құлақ мұны естіп отырады да, Төстікке айтады. Төстік ұрысып, тамақты қайтарып жібереді. Төстіктердің табағына салынған уды білдірместен Кеще ханның нөкерлерінің табағына салып жібереді. Кеще ханның нөкерлері қырылып қалады. Бұдан жеңілген соң Темір хан ат шабысына түседі. Өзінің бар жүйрігін бәйгеге қосады. Ер Төстік Шалқұйрықты даярлайды.
Қарақшының түбіне келген соң, Шалқұйрыққа тіл бітеді: «Егер атты өте алысқа айдаса, менің шабысым да өте жылдам болады. Үш күн шапсам, бүйірім қызып, өзімді тоқтатуға шамам келмей, кетіп қалуым мүмкін. Мен келе жатқанда алдымнан арқан керіп қой. Арқан үш қабат болсын, бір қабаты кендірден болсын! Үш қабат арқанның үшеуі де үзілсе, мен саған жоқпын, ағынымды тоқтата алмай кеткенім, үшеуі де үзілмесе, мен жығылып өлемін, онда да саған жоқпын. Егер арқан жартылай үзілсе, мен тоқтаймын, жығылып қалсам да, жаным қайтадан кіреді, күдер үзбе!», – дейді. «Ер Төстіктің жалғыз шолағы бір жерде зорығып қалсын!» – деп Темір хан атты бір жұмалық жерге айдатады. Балуан күресі басталады. Таусоғарға балуан шақ келмейді. Жер астының алыптарының бәрі жығылып бітеді. Күресуге кісі шықпаған соң, Таусоғар бір тауды көтеріп алып, жұртқа күшін көрсетеді. Темір хан мен Кеще хан қатты сасып:
– Тауды біз жаққа қоя көрмесін! – деп, Төстікке жалынады.
Төстік тауды орнына қойғызады. Бір жеті өткен соң, бәйге аттары қайтып оралады. Жұрт қарақшының түбінен аттарын күтеді. Бір мезгілде алыстан бір шаң көрінеді, шаңның ішінен жақындай келе, бір қара көрінеді, Шалқұйрық екенін танып, Ер Төстік үш қабат арқан кереді. Шалқұйрық құйынша заулаған бетімен арқанға келіп жоқ болады. Қараса, Шалқұйрық жығылған екен, арқанның екі қабаты үзіліп, бір қабаты қалған екен, Шалқұйрық талып түседі. Сонда Төстік:
Сорқұдықтың басына
Сорға бола қонды әкем.
Жанынан қорқып кемпірге
Егеуімді берді әкем.
Жүретұғын жолымда
Құлан өтпес жол болды.
Асқар-асқар тауменен
Шексіз дария көл болды.
Қулық бие құлыны
Алты аяқты аланы
«Жарамайды, жабы» деп,
Міндірмеген, Кенжекей.
Кәрі бие құлыны
Жеті аяқты жиренді,
«Жарамайтын жабы» деп,
Міндірмеген, Кенжекей.
Сан жорғаны алмаған,
Ер аты деп таңдаған,
Айыл-тұрман әбзелін
Ертеден қамдап сайлаған,
Кенжекей сынды арудың
Қалмасын деп көңілі
Міндім сені, Шалқұйрық!
Жалғыз өзім қос артып,
Жапан түзге жол артып,
Жалмауызға шыққанда
Тіл бітті саған, Шалқұйрық!
Жалмауызға келгенде,
Егеуді ала бергенде,
Бетегеден биіктеп,
Аласарып жусаннан
Ептейлендің, Шалқұйрық!
Егеуді ала қашқанда,
Жалмауыздан сасқанда,
Таулар ұшып қаңбақтай,
Тасы борап бұршақтай,
Қазандай дәу қара тас,
Құйрығыңа оралып
Жерге де кірдің, Шалқұйрық!
Жылан Бапы жеріне,
Жер астының еліне
Шыға келген мезгілде
Тіл бітіп саған, Шалқұйрық,
Жөн білдірдің еріңе.
Жаяуымда қанат болған, Шалқұйрық!
Жалғызымда жолдас болған, Шалқұйрық!
Сасқанымда ақылым болған, Шалқұйрық!
«Үш жаның бар еді, екеуі шықса да, бірі қалған шығар, тұр, Шалқұйрық! Тіріл, Шалқұйрық!» – депті. Сол уақытта Шалқұйрыққа жан бітіп, оқыранып түрегеледі. Басқа аттар бірнеше күннен кейін келеді. Темір хан мен Кеще хан балуан және ат бәйгесінен жеңіліп, не қыларын білмей сасады. «Енді жаяу жарыс салып көрейік», – дейді. Жаяу жарысты бір күндік жерден жібермек болады. Ер Төстік Желаяқты қосады. Жүйріктер бір күн жүріп барып, барған жеріне қонып, ертеңіне ертемен жарысып қайтпақ болады. Темір хан жарысқандардың ішіне бір мыстан кемпірді қоса жіберген екен. Барып қонған жерінде сол мыстан Желаяққа: «Шырағым, шаршадың ғой. Басыңның битін қарап берейін, деміңді алып ұйықта, жарысарда өзім оятамын», – деп оны алдап ұйықтатып тастайды. Желаяқ мыстан кемпірдің сөзіне нанып, қаннен-қаперсіз ұйықтап жата береді. Бір мезгілде оянса, шекесінен күн өтіп барады. Түс болып қалған екен, желаяқтар әлдеқашан кетіп қалыпты. Кемпірдің алдағанын біліп, Желаяқ санын бір-ақ соғып, тұра жөнеледі. Жерден бір уыс топырақты ала жөнеледі. Құстай ұшып, құйындай ұшып келе жатса, жаяулар да қазықшаға жақындап қалған екен, ең алдында мыстан кемпір бара жатыр екен. Желаяқ өте беріп уысындағы топырақты кемпірдің көзіне шашып кетеді. «Алда ғана көк шешек-ай, мықтадың-ау!» – деп, кемпір көзін уқалап қала береді. Сөйтіп, жаяу бәйгесінде де Ер Төстік жеңеді. Темір хан енді қайтадан той жасап, қызын Жылан Бапы ханға ұзатпақ болады. Темір ханның ернеуі қырық құлаш үлкен қазаны терең көлге түсіп кеткен екен. «Нағыз ер болса, соны алып берсін», – деп, ол Ер Төстікке кісі салады. «Көлдің суын құрт!» – деп, Төстік Көлтауысарды жұмсап еді, қанша ұрттаса да, көлдің суы Көлтауысардың ұртына сыймайды. Судың үштен бірі қалғанда Көлжұтардың ұрты суға толып бітеді. Сонда Шалқұйрыққа тіл бітіп: «Қазанды мен сүңгіп алып шығамын!» – деп рұқсат сұрайды. Ер Төстік рұқсат етеді. Шалқұйрық: «Мен суға сүңгігенде ақ көбік шықса – жақсы болғаны, қуана бер, аман-есен қазанды алып шыққаным. Қызыл көбік көрінсе – жаман болғаны, алып шыға алмай, су астында қалып қойғаным», – дейді. Шалқұйрық суға сүңгіп кетеді. Көпке дейін еш нәрсе білінбейді. Бір мезгілде ақ көбік көрінеді. Ер Төстік қуанады. Оның артынан ұзамай, қызыл көбік көрінеді. Ер Төстік шошынып, зарлана бастайды:
Сорқұдықтың басына
Сорға бола қонды әкем.
Жанынан қорқып жалмауызға
Егеуімді берді әкем.
Жүретұғын жолымда
Құлан өтпес жол болды.
Асқар-асқар тауменен
Шексіз дария, көл болды.
Қулық бие құлыны –
Алты аяқты аланы
«Жарамайды, жабы» деп,
Міндірмеген, Кенжекей.
Кәрі бие құлыны
Жеті аяқты жиренді
«Жарамайтын жабы» деп,
Міндірмеген, Кенжекей.
Сан жорғаны алмаған,
Ер аты деп таңдаған,
Айыл-тұрман, әбзелін
Ертеден қамдап сайлаған.
Кенжекей сынды арудың
Қалмасын деп көңілі
Жалғыз өзім қос артып,
Міндім сені, Шалқұйрық!
Жапан түзге жол тартып,
Жалмауызға шыққанда
Тіл бітті саған, Шалқұйрық!
Жалмауызға келгенде,
Егеуді ала бергенде,
Бетегеден биіктеп,
Аласарып жусаннан
Ептейлендің, Шалқұйрық!
Егеуді ала қашқанда,
Жалмауыздан сасқанда,
Таулар ұшып қаңбақтай,
Тасы борап бұршақтай,
Қазандай дәу қара тас
Кұйрығыңа оралып,
Жерге кірдің, Шалқұйрық!
Жылан Бапы жеріне,
Жер астының еліне
Шыға қалған мезгілде
Тіл бітіп саған, Шалқұйрық!
Жөн білдірдің еріңе.
Жаяуымда қанат болған, Шалқұйрық!
Жалғызымда жолдас болған, Шалқұйрық!
Сасқанда ақыл болған, Шалқұйрық!
Үш жаныңның не бірі
Аман шығар, Шалқұйрық,
Су астынан шық, Шалқұйрық!– дейді.
Ер Төстік зарланып тұрғанда, Шалқұйрық дәу қара қазанды құйрығына байлап, су үстіне шыға келеді.
Шалқұйрыққа тіл бітіп сөйлейді:
– Су өте терең екен, түбіне зорға жеттім, қазанды зорға таптым. Сонда ақ көбік шықты. Қазанды көтеріп шығу, қиын болды, тістеп едім, шығара алмадым. Сонда қызыл көбік шықты. Құйрығымды ұзартып, қазанды байлап алып, зорға шықтым, – дейді.
Шалқұйрықтың аман-есен шыққанына Темір хан елі қатты күйіністі. Темір хан Ер Төстіктерге арнап үлкен сарай салдырып, құдаларды сонда кіргізді. Құдалардың кіруі-ақ мұң екен, есік сарт етіп жабылып қалды. Сарай тұтас темірден салынған екен. Аузын мықтап құлыптап тастап, сыртынан тау-тау қылып, отын үйеді де, от жағып өртей бастайды. Сарай қызуға айналды. Сарай ішіндегі Төстік жолдастарымен күйетін болды. Таукөшірер орнынан тұрады да, сарайдың есігін теуіп жібереді. Есік шалқасынан түседі. Көлжұтардың бір ұртында бір көлдің суы бар екен, бүркіп жібергенде, айналасындағы өрттің бәрін сөндіріп тастайды. Темір хан мен Кеще ханның айласы әбден құриды. Ер Төстікке қызын қосып беріп, жылан Бапы ханның еліне қарай шығарып салады. Сөйтіп, Ер Төстік жылан Бапы ханға қайтады. Қайтып келе жатқанда, жолдан ерген жолдастарының бәрі де өздерінің жерлерінен әрі жүрмейді. «Бұдан әрі баруға біздерге жол жоқ», – деп, олар Ер Төстікпен қоштасып қала береді. Ұзақ жүріп, Ер Төстік жылан Бапы ханның еліне келеді. Айтқанын істеп келген соң, ол Ер Төстікке өте риза болады, өзінің қызын береді, және: «Не қалайсың?» – деп, Төстіктен сұрады. Төстік:
– Жер үстіне шығамын, еліме қайтқым келеді, – дейді. Жылан Бапы хан Төстіктің тілегін орындап, қызын беріп және жанына қаншама жолдас қосып беріп, жер үстіне шығатын есікке қарай шығарып салып, қош айтысып қала береді.
Жер үстіне шығатын есікке дейін алты айлық жол екен. Жолдың ауырлығына шыдамай, жылан Бапы ханның қызы және жолдастарының бәрі қырылып қалады, Күңке деген бір күңі мен Шалқұйрық, Ер Төстік үшеуі аман қалады. Үшеуі шаршап бір бұлақтың басына келіп жатады. Бұлақтың басында бір үлкен бәйтерек тұрады. Бір мезгілде сол бәйтерекің басынан шуылдаған ащы дауыс естіледі. Қараса, шуылдаған балапандар екен, бұларды жеуге бір айдаһар жоғары өрмелеп бара жатыр екен. Ер Төстік садағын алады да, өрмелеп бара жатқан айдаһардың екі көзінің арасынан дәлдеп тартып қалады, айдаһар жерге сылқ ете түседі. Айдаһардың жерге құлап қалғанын көрген соң, балапандар шуылын тоқтатады. Ер Төстік жайланып ұйқыға кіріседі. Ер Төстік бір дауыстан шошып оянса, қатты дауыл тұрған екен, дауылдың артынан бұршақ аралас жаңбыр жауады, жаңбырмен қабат суылдаған дауыс естіледі, соның артынан ұзамай-ақ бір дәу қара құс көрінеді. Дәу қара құс суылдаған бетімен бәйтереке келіп қонғанда, бәйтерек майысып, сынып қала жаздайды. Бұл дәу қара құс – самұрық екен. Самұрықтың үлкендігі сондай, жайып жібергенде бір қанатының өзі бір айлық жерді алып кетеді екен. Қонысымен самұрық бәйтеректің түбіндегі Ер Төстікті бүруге тап береді, бірақ балапандары шыр-шыр еткен соң тоқтайды. Самұрықтың екі басы бар екен: бір басы – адамдікіндей, бір басы – құстыкіндей екен. Самұрықтың адам басы Төстікке тіл қатады:
– Ей адам, бұл жерге не жұмыспен келдің? Менің балапандарымды аулай келдің бе? Бұл жерді адам басқан емес, бұл – менің мекенім! – дейді.
Оған Ер Төстік:
– Мен жер үстінің Ер Төстігі едім, сенің мекеніңе адасып келдім, балапандарыңа қастық ойлаған жоқпын, ана жатқан айдаһардан айырып алдым. Нанбасаң, өздерінен сұра! – дейді.
Балапандар Ер Төстіктің көрсеткен жақсылығын жасырмай айтып береді. Сол арада алып қара құс Ер Төстіктің аяғына жығылып, онымен айрылмас дос болады. Алып қара құс жылына бір-ақ балапандайды екен. Содан кейін балапандарына жем іздеп алысқа кетіп, бір айда бір-ақ қайтуға мұршасы келіп жүреді екен. Алып қара құстың сол кеткенін аңдып жүріп, сол маңдағы бір айдаһар жыл сайын балапандарын жеп кетеді екен. Алып қара құс содан запы болып, қайтқанда осылай жылап қайтады екен. Бағанағы дауыл – асығып ұшқанда алып құстың қанатынан тұрған жел екен, жаңбыр – соның жылаған көзінің жасы екен. Өзі жем іздеген сапарынан қайтқанда балапандарын аман көргені осы жолы-ақ екен.
Алып қара құс Ер Төстікпен дос болған соң: «Не қалайсың?» – деп сұрайды. Ер Төстік басынан кешкен әңгімесінің бәрін айта келіп, адасып жүргенін, енді жер үстіне шыққысы келетінін айтады. Алып қара құс Ер Төстікті қанатына мінгізіп, ұшып тар тесіктен өткізіп, жер үстіне шығарады. Қоштасарында Төстікке бір тал қауырсынын үзіп береді: «Денемдегі ерекше қасиеті бар жалғыз тал қауырсыным осы еді. Қысылған жеріңде осы қауырсынды тұтатсаң, даяр боламын, қандай қысымшылықта болсаң да құтқарып аламын. Егерде оны жоғалтып алсаң, менен жәрдем күтпе!» – дейді. Жер үстіне шыққан соң Ер Төстік күннің қызуына балқып, ауыр ұйқыға кетеді, еш нәрседен қауіпсіз жата береді. Ер Төстікті жалмауыз кемпір ұстай алмай қалған соң, перінің қызы Бекторы ашуланып, кемпірді буындырып өлтірген екен. Кемпірден Шойынқұлақ деген бала қалған екен. Бекторы оған Ер Төстіктің шығар жерін күзеттіріп қояды. «Ер Төстік жер астында қалмайды, жердін бетіне қашан да болса, әйтеуір, бір шығады, сол шыққанын аңдып отырып, ұстап ал. Егер ұстай алмай қалсаң, менен жақсылық күтпейсің!» – дейді. Шойынқұлақ содан бері Ер Төстікті күзетумен болған екен. Жер үстіне шығып, ұйықтап жатқан Төстікті ұстап, қол-аяғын байлап алып, Бекторыға әкеліп береді. Ер Төстікті терең зынданға салып тастайды да, Күңкені Шойынқұлаққа қосады. Шалқұйрықты бекітіп ұстайды. Сонымен Ер Төстік ұзақ уақыт зынданда қалып қояды. Шойынқұлақтан жүкті болып, Күңке бір бала тауып алады. Шойынқұлақ Шалқұйрықты мініп аң аулайды.
Шалқұйрықты бекітуге тұсау шақ келмейді.
Бір күні Шойынқұлақ аңнан қайтып, Шалқұйрыққа тұсау таба алмаған соң, оны өзінің қырық құлаш қайыс белбеуімен тұсайды. Қайыс белбеудің бір жағы шешіліп кетеді. Аяғы босаған соң, Шалқұйрық шауып отырып, Төстік жатқан құдықтың басына келіп, тұяғымен жер тарпып тұрады. Сөйткенде, белбеу Ер Төстіктің жатқан құдығына түсіп кетеді. Белбеуінде Шойынқұлақтың шақпағы бар екен. Төстік сол шақпақпен алып қара құс берген қуырсынды тұтатады. Қауырсын тұтасымен-ақ алып қара құс жетіп келеді, қанатына мінгізіп құдықтан шығарады, қол-аяғын шешіп береді. «Қолымнан келген жақсылығым – осы, досым, Шойынқұлаққа әлім келмейді. Себебі, оның жаны өзінде болмайды, жанын ол ешкімге білдірмей, өзінен бөлек бір жерде сақтайды. Қайтсең де соның жанын тауып ал, жанын таппасаң кұтыла алмайсың», – дейді де, қоштасып кетіп қалады. Төстік Шалқұйрыққа мініп, Шойынқұлақтың үйіне келеді. Келсе, Шойынқұлақ Шалқұйрықты іздеп кеткен екен. Күңке Төстікке жылап көріседі, көрген қорлықтарының бәрін шағып: «Шойынқұлақтан құтқар!» – деп жалынады. Ер Төстік Күңкеден Шойынқұлақтың сырын түгел сұрап біледі. Шойынқұлақ баласын өте жақсы көреді екен, баласынан аяйтыны болмайды екен. Соны білгеннен кейін Төстік Күңкеге мынаны айтады:
– Кешке Шойынқұлақ келеді, келгеннен кейін тамаққа әбден тойғызып жатқыз, көзі ұйқыға бара берген кезде, баланы қайта-қайта шымшып жылата бер. Шойынқұлақ: «Бала неге жылайды?» – десе, балаң: «Мен Шойынқұлақтың баласы емес, Ер Төстіктің баласы болсам керек. Егер Шойынқұлақ менің нағыз әкем болатын болса, жанымды жанына қосқызып қояр еді, жанының қайда екенін маған әлі күнге дейін айтпай, жасырып жүр. Ер Төстік болса, әлдеқашан жанының қайда екенін айтып берер еді», – деп жатыр де. Жылата бер, жылаған сайын: «Неге жылайды?» – деп сұраса, осы сөзді айта бер, басқа еш нәрсе айтпа!» – дейді.
Сөйтеді де, Ер Төстік баланың бесігінің астын қазып алып, жасырынып жатады. Кешке Шойынқұлақ келеді. Ер Төстік айтқандай, Күңке оны тамаққа тойғызып жатқызады. Жатқан соң баланы жылата бастайды. Баланы әлдилеп уатқан болып отырып, шымшып жылата береді:
Шойынқұлақ:
«Күңке, баланы уат!» – деп ақырады.
Күңке уатқан болып, баланы онан жаман жылатады.
Бала жылай берген соң, Шойынқұлақ:
«Балам неге жылайды, сұрашы?» – дейді.
Күңке баланың жылағанын сұраған болып, Шойынқұлакқа жауап қайырады:
– Балаң: «Мен Шойынқұлақтың баласы емес, Ер Төстіктің баласы болсам керек. Егер Шойынқұлақ менің әкем болса, жанымды өз жанына қосқызып қояр еді. Қосу былай тұрсын, жанының қайда екенін де маған әлі күнге дейін айтпай жүр. Ер Төстік болса, жанының қайда екенін әлдеқашан айтып берер еді, соған жылаймын дейді», – деп, Шойынқұлақты нандырады.
«Балам былшылдамасын! Оның әкесі Төстік емес, мен. Оған менің жаным керек болса, оңаша жерде айтып беремін!» – дейді Шойынқұлақ. Сөйтеді де, Күңкені үйден шығарып жібереді, Шойынқұлақ баласының бесігіне келіп, құлағына сыбырлап, жанының қайда екенін айтады: «Жаным алыста, оны өзіммен бірге сақтамаймын, Борықты бұлақтың басында қырық елік жүреді, сонық ішінде қайқы қаракер елік бар, қайқы қаракер еліктің ішінде тоғыз қара сандық бар, сол сандықтың ең кішісінің ішінде тоғыз балапан бар, сол тоғыз – менің жаным болады. Осыны біліп қой. Жаның кеудеңе сыймай бара жатса, соған апарып қоса сал, бірақ өзіңнен басқа жан сезуші болмасын, егер сезуші болса, сен де мен де, тірі болмаймыз», – дейді. Содан кейін ол орнына барып жатып қалады. Шойынқұлақтың жанының қайда екенін біліп алғаннан кейін Төстік салып отырып Борықты бұлақтың басына келеді. Еліктердің су ішетін суатын аңдып, жасырынып жатады. Күн шаңқай түс болған мезгілде, қырық елік «Борықты бұлақ қайдасың?», – деп салып келе жатқанда, суатқа жақындаған кезде, осқырынып тұра қалып қайта жөнеледі. Күн ысыған сайын еліктер суға беттеп келеді де, жақындағын мезгілде осқырып, тұра қалып, жалт беріп, қайта жөнеледі. Ұзап кетеді де, шөлге шыдамай суға қайта ойысады, бірақ суатқа жақындамайды, үркіп осқырынып тұра қалады.
Әлден уақытта еліктер бір-бірімен сөйлесе бастайды.
Біреуі: «Су басында бөтен бір иіс бар», – дейді. Енді біреуі: «Адам иісі секілді», – дейді. «Шойынқұлаққа қастық ойлаған біреу шығар?» – дейді. Әсіресе, қайқы қаракер елік өзгесінен оқшау артында жүреді. Еліктер әлгідей сөзге келгенде, ол қаша жөнеледі.
Сонда Ер Төстік үн беріп, мынаны айтады:
Жан серігім қырық елік,
Жаным сенде, қырық елік,
Жан сақтаған қайқы қара
Шошытқан сені кім келіп?
Суың тұнық былғанбаған,
Қашасындар неден жеріп?
Төстік ерді олжаладым,
Қатынын құшып, атын мініп.
Шошытып алдым сендерді
Адам исі содан сіңіп.
Қайтуға көріп жанымды
Жаңа келдім қолым тиіп.
Жалғыз ұлым жаны да,
Кеудесіне тұрмай сиып.
Қосқыза соны жіберді.
Жан сақтаған, қайқы елік,
Жасымнан болдың жан серік.
Судың ішіп тұнығын,
Шөптен таңдап соны же,
Адам иісі шығад деп
Менен үркіп жеріме.
Өзім аман тұрғанда
Кім келмекші жеріме,– дейді.
Еліктер сонда да сенбей, осқырып, одырайып тұрысады. Сонда Төстік:
Осы айтқаныма сенбестен,
Қашасыңдар бермей жанымды.
Айыра алмай дауысты,
Сындырасыңдар сағымды,
Жолдас болған сендермен
Шойын атым құрысын,
Қара ала тұйғын келген соң
Жырттырмасам таңыңды,
Судай шашып қаныңды! – дейді.
Сонда еліктер қашпай, суды жағалай бастайды. Шойынқұлақтың бойын көрмеген соң, бұрынғыларындай етене болып, жақындамайды. Төстік те оларға бойын көрсете алмайды. Еліктер сенерін де білмей, сенбесін де білмей, байқай-байқай келіп, суаттан жапырласып су ішуге бас қояды. Арт жағынан қайқы қара елік те суға бас қояды. Еліктер өте шөлдеп қалған екен, суға тойып, қарындарын қампитып, қайқайып шыға береді. Әсіресе, қайқы қараның қарны жер сызып, суаттан бұрыла берген кезде, Төстік қарнынан дәл көздеп садақты тартып қалады, қарны ақтарылып, тоғыз қара сандық жерге сау ете түседі. Ең кішісін ұстап алып, Төстік ашып жіберсе, іші толған балапан, шүпір-шүпір етеді. Санап жіберсе, тоғыз балапан екен. Сегізінің мойнын жұлып алып: «Шойынқұлақты шалажансарында бір көрейін!» – деп соның үйіне тартады.
Шойынқұлақтың үйіне жақындағанда Күңке алдынан шығады.
«Шойынқұлақ қалай?» – деп сұрайды Ер Төстік.
«Шойынқұлақ әлсіреп жатыр», – дейді Күңке.
Келсе, Шойынқұлақтың кірпігі зорға қимылдайды, болар болмас қана демін алып жатыр екен. «Е, батыр, қалайсың?» – деп, Ер Төстік мазақтап жақындай бергенде, Шойынқұлақтың қолы Ер Төстіктің жағасына сап ете қалады. Екеуі алыса кетеді. Төстік: «Оп-оңай-ақ жерге жаншып тастаймын ғой», – деп ойлап еді, Шойынқұлақ әл бермейді. Енді біраз алысқан соң, Шойынқұлақтың күшейіп бара жатқандығы байқалады. Төстік буынып қара терге түсіп, әлі кетіп бара жатады. Төбесінен тау басқандай, денесін темір тор шырмағандай болып көрінеді. Сол мезгілде Төстік Күңкеге жалынады:
Жылан Бапы жерінен,
Жер астының елінен
Жалғыз-ақ ерген, жолдасым Күңке.
Төстігіңнен айрылып,
Шойынқұлақ қолында
Тұтқын болған, Күңке.
Киюге киім, жеуге тамақ таппай
Өмірін қорлықпен өткізген, Күңке.
Төстігің жаман қысылып
Жан шығуға ұсынды.
Жетсеңші, жылдам, жетсеңші!
Қорқақтап қашып кетпеші.
Қойныма қолың салсаңшы,
Сандық бар, жылдам алсаңшы!
Балапан басын жұлсаңшы,
Сөйтіп, бір ерлік қылсаңшы!– деп зарланады.
Күңке жүгіріп келіп, Төстіктің қойнындағы сандықты жұлып алып, ашып жібереді. Қараса, балапандар жыбырлап көбейіп қалған екен, мойындарын жұлып-жұлып алғанда, Шойынқұлақ сылқ етіп құлай кетеді. Төстіктің сандықпен қойнына салып әкелген бір балапаны сегіз балапан болып қалған екен. Енді біреуі тірілсе, Шойынқұлақ мүлдем әл бермей кетпек екен. Балапандардың мойны түгел жұлынған соң, Шойынқұлақ та өліп қалған екен. Шойынқұлақты өлтіріп, демін алып отырса, Шойынқұлақтың баласы, бесігін шықыр-шықыр еткізіп, бірдеме сөйлеп жатады.
Төстік құлақ салып тыңдаса: «Қап, бәлем, Төстік! Саған қылмасам, әкем Шойынқұлақтың құнын алмасам!» – деп, шіреніп-шіреніп қояды. Сол арада Төстік оның қол-аяғын байлап, бесік-месігімен суға тастап жібереді. Сөйтіп, Бекторының жалмауызынан әбден құтылып алады да, Ер Төстік елін іздейді. Ер Төстік жер астына кіргеніне, түскеніне көп жыл болады. Ер Төстік жалмауыздың қолында қалды деп, елі мүлде күдер үзіп қояды. Жалғыз ғана Кенжекей: «Ер Төстік бір келер», – деп дәмелі болып жүреді. «Құба інген қашан боталар екен? Ер Төстіктің не өлген хабары, не келген хабары қашан білінер екен?» – деп соны күтумен болады. Бір күні Кенжекей ертемен тұрса, Құба інген жоқ. «Бошалап кетсе игі еді!» – деп, Кенжекейдің жүрегі су ете қалады. Жан-жақтан жүгіріп Құба інгенді іздейді, іздеп жүріп:
Желі толған түйеден
Артайын деп ер қосын
Таңдап та алған, Құба інген,
Арнап та алған, Құба інген.
Алыс жолға Ер Төстік
Шыққан күні, Құба інген.
Не келгенде, не өлгенде
Боталауға серт қылып
Сөз байлап ең менімен.
Ерте тұрып желіден
Жүріп те кеттің, Құба інген,
Әлде бір хабар Төстіктен
Біліп кеттің, Құба інген.
Төстік ердің өлгенін,
Өлмесе қайтып келгенін
Білдірші енді, Құба інген.
Дамыл көрмей қаншадан,
Қайғы басып шаршаған
Қам көңілді тындыршы,
Енді міне, Құба інген! – деп зарлайды.
Сол мезгілде беліндегі орамалы шешіліп, аяғына оралып, әуре қылады.
Сертпен тартып ораған
Торғын, белден босайсың.
Аяқты орап шаршаған
Жүргізбейсің, тұсайсың.
Әлде бір хабар Төстіктен
Білгенге бүгін ұқсайсың, –
деп зарлап жүреді.
Құба інген бір сайда боталайын деп жатыр екен. Ар жағынан ақсақ боз атқа мінген бір ақсақалды шал көрінеді. Құба інген боталап жатқанда, Кенжекейдің беліндегі торғын орамалы да шыр айнала тарқатылып, жазыла береді. Кенжекей: «Енді Ер Төстік өлген екен. Тірі болса әлдеқашан бір хабар болар еді», – деп ойлап, зарлана бастайды:
Ақшелек келгір, Құба інген,
Серттескен едің менімен.
Төстік ер қайтып келген күн,
Немесе Төстік өлген күн,
Белгі беріп бірінен
Боталармын дегенсің...
Қаншама жыл өтсе де,
Өмірім өтіп кетсе де,
Үміт үзбей Төстіктен
Бір келер деп жүр едім.
Төрт аяқты көсіліп,
Тұла бойың есіліп,
Боталапсың, Құба інген
Нені біліп есіріп.
Келуінен хабар жоқ,
Шамасы, Төстік өлгені.
Серттескен, торғын орамал,
Орай будым белімді.
Келмесе Төстік кешігіп
Шешілмеске бердің сертіңді.
Төстіктен әлі хабар жоқ,
Сусисың белден шешіліп,
Туралғандай бырт-бырт кесіліп,
Шамасы, Төстік өлгені!– деп, жылап отырады.
Ақсақал шалдың астындағы ақсақ боз ат кісінеп қоя береді. Кенжекей аттың кісінеген даусынан оның Шалқұйрық екенін таниды. Кенжекей мен Құба інген екеуін Ер Төстік таниды. Сол арада амандасып, мәз болып қалысады. Бәрі де баяғы айрылған күндегі қалыптарына келіп, қайтадан жасарады. Ер Төстік жас жігіт, Кенжекей жаңа түскен келіншек, Шалқұйрық бесті ат қалпына келеді. Одан кейін ұзақ жылдар өмір жасап, мақсаттарына жетеді.
2.Байғұлан
Ертеде бір батыр болған екен. Оның байлығы тоғыз-тоғыздан, айналып жатқан құла шұбар жылқысы болса керек. Бұл байдың үш баласы болыпты. Екеуі – ер, біреуі – қыз. Ең үлкен баласының аты – Байғұлан, өзі – ер, әрі сал болса керек. Мұның барлық істейтін кәсібі – ертеден кешке шейін аң аулау. Сөйтіп жүргенде әкесі қайтыс болып, қалған дүниесі ер баласының қолына қарайды. Бұдан кейін Байғұлан өзіне елінен таңдап жүріп бір әйел алады. Байғұлан бұрын төртеу болса, енді бес жан болады. Тағы да бұрынғы қалпында аң аулап жүре береді. Аңнан келген сайын өзімен бірге туысқан қарындасы алдынан шығып тұрады. Бір күні Байғұлан аң аулап келе жатса, бір таудың басында үлкендігі өзінен екі есе бір адам жатқанын көреді. Батыр басында қорқыңқырап, жанына барады да: «Мұны осылай ұйықтап жатқан кезінде атып өлтірейін!» – деп ойланып, садағын қолына алады. «Егерде оянып кетсе, тағы бұл алғызбас», – деп артынан тағы өзін-өзі тоқтатады. «Менің батырлығым қайсы? Бір кісіден бір кісінің қорыққаны елден ұят-тағы, егерде біреу естіп жүрсе, маған бір өлім», – деп әлгі жатқан адамды атпастан атынан түсе қалып жанына барып, түртіп еді, керек қылмастан жата береді, қандай қатты түртсе де. Ақырында Байғұлан ашуланып, қолындағы қамшысын екі бүктеп алып, қақ маңдайынан екі салады. Бұл ұрған кезде адам маңдайына бір шыбын қонған секілді маңдайын бір сипап, жата береді. Бұдан кейін Байғұлан: «Менің қолымның қаруы қайда кеткен?» – деп қайта маңдайынан салып жібергенде, сол адам атып тұрып алыса түседі. Бұл екеуі сол жерде екі түн, екі күн алысып, ақырында, Байғұлан алып соғып, ортан жілігін сындырып, өзінің тұрса шөкпейтін, шөксе тұрмайтын бір түйесін үстіне әкеп, шөгеріп тастайды да, өз жайына жүре береді де, кешке жақын үйіне келеді. Үйінде інісіне: «Енді сен мына тау жаққа тезек тере барма?» – дейді. Інісі: «Жарайды!» – дейді. Бұдан кейін бір күні інісі: «Мені осы жаққа неге барма деді?» – деп, бір түйеге қорапты арбаны жегіп алып, бағанағы «барма!» деген жаққа тезек тере барса, бір таудың етегінде, бір түйенің аяғында бір адам жатқанын көреді. Маңайына жақын келсе, өзінің белгілі түйесі. Астындағы адам баланы шақырады:
«Ей, бала, бері кел!» – дейді. Бала оған бармайды. Бала бармаған соң:
– Бала, мен саған іні болайын!, – дейді.
Онда бала:
– Інінің керегі жоқ, інім бар, – дейді.
– Ендеше, аға болайын.
– Ағаның керегі жоқ, ағам бар.
– Ендеше, әке болайын!, – дейді.
Сол кезде бала:
– Қайтейін, түйе тұрмайды, – дейді.
Сонда адам:
– Түйенің тұратын тәсілін мен айтайын, сен шешеңе бар-дағы бір етек тұз әкеліп, түйенің алдына танауына тиер-тимес қып, үйіп қой. Сонда бірнеше күннен бері ащыламай жатқан түйе, соған сырғанап түседі, – деді. Мұны естіп үйіне келіп, шешесіне айтады.
Шешесі:
– Жарайды, барып әкеле ғой! – деп етегіне тұз салып береді. Бала алып барып, түйенің алдына төгіп еді, түйе соған сырғанап түседі. Енді әлгі адамды үйге алып қайтайын десе, аяғы сынып жатқанын көреді. Қайта шешесіне келіп: «Әлгі кісінің аяғы сынған екен, келе алмайды», – дейді. Сонда шешесі бір пар түйе жегіп береді. Бала барып алып келгеннен кейін, Байғұланға көрсетпей, жүктің артынан үй жасап тығып тастайды, аяғын таңып. Бірнеше ай өткеннен кейін батырдың аяғы жазылып, үйдің ішін өзіне қаратып алады. Бұдан кейін Байғұланға қастық ойлай бастайды. Енді бұған бір айла табу керек болады. Сондағы тапқан айласы: «Сен ауыр, сонда саған ол қандай ем керек деп сұрар, сонда «бір адам бара алмас бір тау бар, онда адам ала алмай жүрген бір киік бар, соның өтін ішсем» де, ол соған барар. Егерде барса, аман келмейді, келсе арықтап келер. Сонда алыссақ жеңерміз, не болмаса ол бізге алғызбайды», – дейді шешесіне. «Жарайды!» – деп, шешесі ертеңіне ауырады. Күнде алдынан шығып жүрген қарындасы, алдынан шықпай қалады. Қарындасына: «Сен менің алдымнан неге шықпадың?» – дегенде, «Шешем ауырып жатыр!» – деді. Сонда Байғұлан атынан құлай-мұлай келіп, шешесінің басын сүйеп: «Шеше, қай жерің ауырады, нендей ем керек?» – деді.
Сонда шешесі: «Ақшахан тауында бір биік тау бар. Сол таудың басында бір киік бар. Соның өтін ішсең, жазыласың дейді, Адақ бақсы», – деді. Сонда Байғұлан: «Ендеше, мен барам!» – деп, оның өтін алып келмекші болып, жол жүріп береді. Бірнеше ай жүріп барса, таудың басында тұрған киікті көреді. Енді атып алмақшы болып, таудың басына шыға бергенде, дауыл соғып, Байғұланды етегіне домалатып түсіреді. Бұдан кейін қайта шығып бара жатқанда дауыл қайта соғып, таудың ортасына әкеп тастайды. Ақырында, сол таудың басына шығады. Көп мехнат тартып, шығып, атайын деп тұрғанда киік:
– Ей, батыр, сен мені атасың, бірақ шешең барған соң, саған қастық қылады! – дейді.
– Ой, маған шешем қастық қылушы ма еді? – деп, киікті атып салады. Киіктің етін жеп, өтін бірнеше ай өткеннен кейін алып келеді. Әкеліп, шешесіне береді.
Ішкен болып шешесі баласын алдап тұрып, сыртына қарай төгеді. Біраздан соң шешесі баласын жанына шақырады. Арқасын сипап ,баланың қанша жүрсе де арықтамағанын біледі. Соныменен шешесі бірнеше күн тәуір болып, тағы бір күн ақылдасып: «Енді бір жерге жұмсайық. Онан өзі де келмейді. Егерде келгенмен, онан өте арықтап келеді», – дейді. Әлгі адам: «Мәден шаһарының ар жағында елсіз жол бар. Соның ар жағында жеті күншілік жерде, бір дария бар. Сол дарияда үлкен шаян бар. Соның өтін ішсем жазылам, де!», – дейді. Бұны естіп, шешесі тағы бір күн ауырады. Қарындасы алдынан шықпайды. Сұрағанда: «ІІІешең ауырып жатыр!» – деді. Байғұлан мұны ести сала атынан түсе қалып: «Е, шеше, қай жерің ауырып жатыр, нендей ем керек?» – деп сұрады. Сонда шешесі батырдың сөзін айтты. Байғұлан мұны естіп: «Ендеше, мен барам!» – деп, жол тартпақшы болып, үлкен атын мініп бара жатқанда, үлкен аты: «Сен мені мініп барасың, бірақ саған шешең қастық қылады. Әрі сен жүдеп, әрі мен арықтағаннан еш нәрсе өнбес!» – деді. Сонда Байғұлан: «Маған шешем қастық ойлаушы ма еді?» – деп, атты бастан бір тартып қоя беріп, кіші құла қасқа атқа мініп, жол тартып береді. Жылдардан жыл өтіп өзі баладай, аты құландай, қаршығасы торғайдай, тазысы күшіктей болғанда барып жетеді. Айтқанындай, бір шаянның таудың жиегінде жатқанын көріп, алуға айналады.
Сонда шаянның айтқаны:
– Ей, батыр, сен мені атарсың, бірақ шешең барған соң, қастық қылады, – дейді.
– Әй, маған шешем қастық қылушы ма еді? – деп, шаянды атып салады. Бірнеше күн өтіп, қорек қылып жатып, үйге қайтады.
Үйіне бірнеше жыл жүріп келеді. Арықтап, жүдеп алғашқы барғандай болып, келгеннен кейін шешесі тағы да ішкен болып, сыртына төгіп тастайды да, баласын шақырып алып:
– Қарағым-ай, арқаңды сипайын! – деп, арқасын сипап отырып:
– Алда қарағым-ай, жіліншігіңде май да қалған жоқ екен, – дегенде, жүктің артынан батыр шыға келіп, алыса кетеді. Екеуі үш күн, үш түн алысып, төртінші күнге айналғанда Байғұлан қалжырай бастайды. Сол кезде шешесіне Байғұлан:
– Е, ана-ау, тоғыз ай, тоғыз күн мехнат көріп, тар құрсағыңды кеңітіп тапқан балаң едім, менің бұл күнде халім азайды. Мынаның астына тас төсе, менің астыма ұн төсе! – деді. Сол кезде шешесі: «Екі айғырдың шайнасқанында менің не ақым бар? Шайнасып бірі жеңер!» – деп отыра береді. Сол кезде қарындасына айтады:
– Е, қарындасым, ананың құрсағынан бір шыққан едік, менің астыма мақта төсе, мынаның астына ағаш төсе! – дегенде: «Екі бураның шайқасқанында не жұмысым бар, Біреуі жеңер!» – деді. Сонда інісіне:
– Е, туысқаным, «аға өлсе, іні мұра» – деген, мен жоқ болсам, мына қалған мал-мүлікке ие болатын сен едің. Енді менен хал кетті, менің астыма мамық тисе, мынаның астына бидай төсе! – дегенде: «Екі қошқардың сүзіскенінде не жұмысым бар? Бірі жеңер!» – деп, ол да өз жайына кетеді.
Бұдан кейін Байғұлан қатынына айтады:
– Е, бірнеше елдің ішіндегі сұлулардан таңдап алған құдай қосқан қосағым едің, қажығанда қайратың тие ме деген, енді менен хал кетті, менің астыма жүн төсе, мынаның астына құм төсе! – дегенде: «Ой, құдай-ай, екі бұқаның сүзіскенінде не жұмысым бар? Бірі жеңер!» – дегенде, Байғұлан төрт жасар баласын шақырады. Сонда баласы қолындағы қанжарын қынынан суырып алып, тұра жүгіргенде, баланы жүректен бір қойып талдырып тастайды өзінің туған шешесі. Бұдан кейін Байғұланды жеңіп, өлтірдім деп, отырған жерінен көшіп кетеді.
Бірақ, Байғұланның өзіне қараған нәрсенің ішінен жалғыз мылтығын алады, басқа нәрселерін өзінің қасына тастап кетеді. Байғұланның сонша жылқыдан таңдап алған екі атының үлкені жылқыға ере бастайды. Кіші аты басында тұрып, кетіп бара жатқан құла қасқа атқа айтқаны: «Ей, құла қасқа ат, сен қайда барасың? Бізге Байғұландай кісі табылмас. Сен өзің бастан бір тартқанын кек көріп, кетіп барасың, енді сенің көзіңе көк шыбын үймелетер!» – деді. Сонда құла қасқа ат қайта келеді. Екеуі бірлесіп тұрып: «Осының бір жерде туысқан апасы бар еді, соны сен іздеп таба бер, мен мына жерден жер қазайын. Өлсе, көмермін, өлмесе, көрерміз», – деп үлкен атты жібереді де, өзі жерді қазып жата береді. Бір уақытта үлкен ат бір ауылдың шетіне келіп, бір жаман қараша үйге келіп сүйкенсе, бір бала шығып қуып жібереді. Мұнан кейін төрт қанат бір қараша үйге келіп сүйкеніп еді, онан бір әйел шығып, айдап жібереді. Тағы алты қанат ақ үйге келіп сүйкенсе, бір әдемі келіншек келіп:
– Ой, дүние-ай, иесі жоқ малдың көретін күні осы-ау! – деп тұрғанда, ер-тұрманы үстінде үлкен құла қасқа аттың келе жатқанын көреді.
Үйіндегі күйеуі шақырып:
– Ей, мынау атты қарашы? – дегенде: «Мұндай атты сенің бауырың Байғұланнан басқа адам мінген жоқ, соның аты ғой», – деді.
Сонда: «Маған ұстатса, мінсем қайтеді?» – деді. «Ендеше, міне ғой!» – дегенде, аттың жанына барады, ат иіскеп тұра қалады. Сонда атқа міне жөнелгенде, ат ала жөнеледі. Апарып, Байғұланның жатқан жеріне түсіреді. Қараса, інісінің жатқанын көреді. Қазулы тұрған жердің ұзынынан бір, көлденеңінен бір аттағанда:
– Апырмай, қатты ұйықтап кеткен екем, – деп Байғұлан түрегеледі. Бұдан кейін апасына барлық жайды айтып түсіндіреді.
Байғұлан:
– Ендеше, сен мына атты маған бер, қалған мүлікті сен ал, маған бір жаман киім тауып бер!, – деді.
Апасы:
– Маған сенің мүлкің керегі жоқ. Өзің үйге жүр, әрі-бері тынық, сонан кейін барарсың, – деп еді, оған болмай, сол жерден көштің сүрлеуіне түсіп, жүріп кетті. Апасы қалған дүниені алып келіп, бауырын күтіп, жата береді.
Байғұлан сүрлеумен келе жатса, алдында бір жылқышыға кездеседі. Келіп: «Бұл кімнің жылқысы?» – деп сұрағанда: «Бұрын Байғұланның жылқысы атанушы еді, енді Қарабатыр жылқысы атанып жүр», – деді. «Ендеше, менімен еріп, ана жатқан түйеге барайық», – деген соң, жылқышы еріп, түйеге барады. О да өзінің түйесі, оның иесін алып, сиыршыға келеді. Сиыр тағы өз сиырлары, оның иесін алып, қойшыға келсе, өзінің бала кезіндегі алпыс жасар шал екен. Көре сала:
– Әй, қарағым-ай, қайдан жүрсің? – деп құшақтап көрісе бастайды. Сол жерде барлық бақташылар танып, жылап көрісе береді. Жыласып болғаннан кейін: «Енді біз Қарабатырды өлтіреміз!» – деп, жылқышылар бармақшы болады. Байғұлан жібермейді. «Сендер әуре болмаңдар. Мен өз көзіммен көрейін!» – деп өзінен қалған баласын сұрайды: «Менен төрт жасар бала қалып еді, ол өлі ме, тірі ме?» – деді.
Сонда отырғандар, біреуі: «Өлі», – біреуі: «Тірі», – біреуі: «Өлі де емес, тірі де емес», – деді. Байғұлан қайсысына нанарын білмей, «өлі де емес, тірі де емес» деген адамнан қайта сұрады. Сонда: «Ол бала түн болса, бес саусағына шырағдан жағады, күн болса, анау жалғыз шоқының басында отырып бұзау бағады», – деді. Байғұлан мұны естіп, сол шоқының қасына келіп баланы шақырады.
Бала:
– Мені неғыласыз, бір сорлы баламын! – деді.
Оған болмай шоқының орта жеріне келіп:
– Кел, бері, шақырғанда келмейтін не қылған баласың? – деді. Бала тағы бармады. Болмаған соң таудың басына шығып:
– Не деген тілазар баласың, үлкен кісі шақырғанда келмейсің? – дегенде, бала:
– Мені әуре қылмаңыз, мен бір зарлы адаммын! – деді.
Сол жерде Байғұлан:
– Менің арқамды қасы, – деді.
Бала:
– Қаси алмаймын, қолым жарамайды, – деді.
Оған болмай еріксіз арқасын қасытып еді, бала арқасын қасып отырып, жылап қоя берді.
– Е, неге жылайсың? – дегенде, бала:
– Мен жыламай қайтейін? Өлген әкем – Байғұлан дейтін еді. Оның арқасында алақандай қалы бар еді. Дәл сол сияқты сіздің арқаңызда қал бар екен, соны көріп жылап отырмын, – деді бала. Сол жерде балаға шыдай алмай, шынын айтып, екеуі бір тауды басына көтеріп жылап алады.
Бала:
– Ендеше, Қарабатырды мен өлтіріп келейін! – деп тұра жүгіреді.
Әкесі:
– Балам, әзірше сен қоя тұр, өзім барып көрейін, содан кейін өлтіру қашпас! – деді. Бұдан кейін баланы сол жерде қалдырып, өзі Қарабатырдың үйіне қайыршы болып келіп қонады.
Әрине, қайыршыны қайдан білсін, өз жайына отыра береді. Кешке бала келгенде айтқанындай, баланың бес саусағына шырағдан жағып қояды. Мұны өзі көріп отыра береді. Бір мезгілде тамақ пісіп келді. Бұрын жақсы тамақ жейтін Байғұланға қарын, өкпе келді. Оны жеп алып жатып қалды. Таң атқан соң елін жинап алып, Қарабатыр бір киікті нысанаға қойып атқызып жатыр. «Тигізе алмағанның басын алам» – деп бір жерге жинап жатыр. Ақырында сонша халықтан бір адам тигізе алмаған соң, Байғұлан қолына жақ мылтыкты алып, киікті атып, қолындағы мылтықты ортасынан екі бөліп лақтырып жібереді, «күллі елді бір киік үшін қырайын деп пе едің?» – деп. Сонда Қарабатыр:
– Мына иттің баласына Байғұланның мылтығын әкеп бер. Егерде оны сындыра алмаса, қазір басын кесейін! – деді. Байғұланның мылтығын сегіз адам зорға көтеріп алып келді. Сол кезде Байғұлан ұстап тұрып:
– Есіл мылтығым, халқым үшін сені сындырам-ау! – дегенде, Қарабатыр тұра қашады. Сол кезде мылтықпен басып салады. Баласы мен Байғұлан халқын аман алып қалып, бұрынғысындай қалпына келіп, барша мұратына жетеді.
3. Құламерген
Баяғыда бір Құламерген деген батыр, өзі аңшы жігіт болыпты. Ол батырлығы елге жайылған адам болады, оның өзіне лайықты сұлу әйелі болады. Сол елдегі хан әр жерден сұлу әйел іздеп, сұрау салады екен. Бір күні ханға бір мыстан кемпір келеді. «Сізге мен лайықты адам табайын, менің үйімде тазша балам бар, соған қызыңды берсең?»,– дейді мыстан. Хан бұған келісіп:
– Енді, маған лайықты сұлу әйел ізде! – дейді. Құламергеннің әйелі бір күні дарияның жағасына барып, басын жуып отырғанда, бір буда алтын шашы суға ағып кетеді. Бұл шашты мыстан кемпір тауып алып, ханға апарады.
– Бұл кімнің шашы? Не де болса осы әйел менікі болсын! – дейді хан.
– Тақсыр, бұл Құламергеннің әйелінің шашы, – дейді мыстан.
– Олай болса, қазір үйінің күл-талқанын шығарыңдар да, әйелді мұнда әкеліңдер! – дейді хан әскерлеріне. Бұл кезде Құламерген аңға кеткен болатын. Ханның әскерлері келіп, үйдің күл-талқанын шығарып, Құламергеннің әке-шешесін сабап, әйелін байлап алып кетеді. Құламергеннің бір ер баласы мен қыз баласы болады. Олар үйде қалады. Құламерген аңнан келгенде, осындай жағдай болып еді. Енді Құламерген ханның үйіне келіп: «Үй салып бер, әйелімді қайыр, әйтпесе бәріңді де қырамын!» – дейді. Ханның әскерлері көп болса керек. Құламергенді ханның босағасына байлап тастайды. Құламергеннің әйелі хан қасында жатады. Түн мезгілінде үйге өзінің қызы келеді.
«Ана қылышты алып бер, менің қол-аяғымды шеш!» – дейді мерген. Бұған қызы жауап бермей, қашып кетеді. Соның артынан баласы келеді. Бұған да: «Ана қылышты алып бер, қол-аяғымды шеш!» – дейді. Бала үндемей, дыбысын білдірмей барып, ханның басындағы қылышты алып, әкесінің байлаулы тұрған арқандарын қиып-қиып тастайды. Қол-аяғы босаған Құламерген ханның өзін, әскерлерін қырады. Өлген ханның әскерлерінің ішінде мыстанның тазша баласы болады. Енді өлгеннің өшін алу үшін мыстан Құламергенді өлтірудің амалын қарастырады. Құламерген үйіне келеді. Құламергеннің соңына мыстан кемпір түседі. Құламерген әке-шешесінен ақыл сұрайды. Әкесі айтады: «Сен астыңдағы атыңмен қашып кет, сенің қайда кеткеніңді біз айтпалық, сөйтіп жүргенде сен ұзап кетесің. Егер мыстан кемпір сені бір жерден қуып жететін болса, сен мыстан кемпірдің сол көзінен ат, әйтпесе құламайды, осыны орында!» – депті. Құламерген қашып кетеді. Мыстан кемпір Құламергеннің үйіне келіп, кемпір-шалдан баласының қайда қашып кеткенін сұрайды. «Біз білмейміз, қайда кеткенін, ол жөнінде көп сұрап басымызды қатырма!» – дейді мергеннің ата-анасы. Мыстан кемпір ештеңе өнбесін білген соң, желмаямен талай жерді босқа кезеді. Сөйтіп жүргенде бір ай өтіп кетеді. Ақырында Құламергеннің соңынан қуып жетеді. Құламерген желмаямен келе жатқан сол мыстан кемпір екенін біліп, тұрып қалады. Бірінші кезекті мыстан алады да, Құламергенді атады. Бірақ оғы тигенмен, Құламергеннің сауытынан өте алмай қалады. Екінші кезекті Құламерген алады да, әкесінің айтқанындай, мыстанның сол көзінен атады. Мыстан кемпір жерге құлап, өліп кетеді. Құламерген мыстанның желмаясын жетектеп еліне келіп, қызықты дәурен сүреді.
4. Нан батыр
Сонау бір атам заманда, Тобықбай деген бір мерген болыпты. Тобықбайдың әйелі өмірі бала көтермепті. Өзі момын, адал адам екен. Мұның баласының жоқ болғанына барлық ел аяныш етеді екен де, өзін жақсы көреді екен. Баланың зары өткен Тобықбай күндердің бірінде әйеліне:
– Мен үш айлық сапарға аңға шығам, қайтып келгенімше бала тапсаң таптың, таппасаң, сені қоя беріп, басқа әйел алам. Бала болғанда да ұл бала тауып бер! – депті де, сапарына кетіпті.
Ерінің жарлығын қалай орындаудың жолын таба алмаған әйел қатты қысылады. Зарланып жылайды. Бір күні нан пісіру үшін илеген наннан бір баланың бейнесін жасайды да, сырттағы жер ошаққа от жағуға шығады. Отын тамыза алмай, үрлеп жатқанда:«Балаң жылап қалды, балаң жылап қалды!» – деген дауыс естіліпті оған. Артына жалт бұрылып қараса, киіз үйдің күлдіреуішінде бір кішкентай құс отырғанын көреді. Әлгі: «балаң жылап қалды» деп отырған сол бақыт құсы екен. Мұның не сұмдық екеніне көзі жетпеген әйел жүгіріп үйге кіреді. Үйіне келсе, әлгі бала ғып жасап кеткен наны жоқ, оның орнында аппақ сазандай бір ұл екі өкшесінен жер тепкілеп жылап отырады. Әлгі нан балаға айналып кетіпті. Әйел: «Құдайдың бергені, бақыт құсым менің!» – деп баланы бас салады. Сол кезде әйелдің өмірі тамшы тамбаған омырауынан сүт сорғалап қоя береді. Межелі мерзімі болғанда, Тобықбай үйіне оралады. Куанышы қойнына сыймай жүрген әйел:
– Бұйрығыңды орындадым, міне, балаң! – деп аппақ сазандай ұлын ұсынады. Тобықбай бұған сенбейді.
– Сен шыныңды айт. Айналасы үш айдың ішінде сен қайтып бала таба қоясың, баланы біреуден сұрап немесе сатып, болмаса ұрлап алдың! – деп әйеліне сенбей, оны қатты қыспаққа алады. Әйел баста «өзім таптым» деп отырып алыпты. Оған Тобықбай сенбепті. Әйел ақыры баланың қалай жаралғанын айтыпты. Тобықбай бұған да сенбей қойыпты.
– Мен осы маңның барлық адамдарын жинаймын да, олардың қолына бірден қызыл алма беремін. Олардың арасына бөтен киім кигізіп, түсіңді бұзып сені де қосамын. Олардың бәрі алманы балаға ұсынады. Сонда бала кімнің алмасын алса, ол соның баласы болады. Осыған шыдаймысың? – деп әйеліне шарт қойыпты. Оған әйелі де: «Бақ тәуекел!» – деп бел байлайды.
Тобықбай сол айтқаны бойынша орындапты. Бала ешкімнің алмасын алмапты. Ең соңында өткен өз шешесінің алмасын қуана бас салыпты. Тобықбай да жүгіріп барып баланы бассалып, бетінен сүйіп алады. Содан тартып, баланы «өз балам» деп жақсы көреді. Оған бесік той жасап, елді жиып, Нанберген деп ат қояды. Арада күн өтеді, ай өтеді, бала алыптай жігіт болып ержетеді. Нанберген он жастардан асқанда қайратты қайырымдылығымен, атақты мергендігімен ел көзіне түседі. Сол кезде Шұрқанды деген тауды мекендеп жататын Темір батыр, Су батыр деген атақты екі мерген тұрады екен. Олар алысқанын алмай, көздегенін жықпай қоймайды екен. Нанберген ел ішінен осы аңызды естіп соларға баруды, солармен бірге тұруды арман етіп әке-шешесінен рұқсат сұрайды. Әкесі мен шешесі басында қатты қынжылып қайғырса да, кейін баласының талабын қайтарғысы келмей, азық-түлік жөндеп, баталарын беріп, жолға салыпты. Нанберген алты ай, алты күн жол жүріп, іздеп шыққан батырларын табады. Көп кешікпей олармен достасып кетеді. Олар Нанбергеннің атын Нан батыр деп атайды. Бұл үш батыр аңнан басқа жан баспайтын Шұрқанды тауында аң аулаумен бірнеше жылдарды өткізеді. Олар қарағайдан іргесі жетпіс қабат, есігі жеті қабат үй салып алады. Олардың екеуі аңға кеткенде, біреуі үйде қалып тамақ пісіреді екен. Күндердің бірінде Нан батыр мен Темір батыр аңға кетіп, тамақ пісіруге Су батыр қалады. Су батыр тайқазаннан етті былқытып асып отырғанда сырттан біреу келіп: «Әй, есігіңді аш!» – деп айқай салыпты. Әлгі дауыс жолдастарының дауысына ұқсамайды және олардың келетін уақыты болмағандықтан, есікті ашпайды. Сырттағы адам тағы да айқай салады. Ашпайды. Бір уақытта салдыр етіп қабат есік жерге түсіпті. Су батыр жалт қараса, бойы бір қарыс, сақалы жеті кез аппақ қудай шал кіріп келеді. Әлгі шал келісімен-ақ, Су батырдан қазандағы етті сұрайды. Су батыр: «Бермеймін!» – депті. Шал мырс етіп бір күліпті де, Су батырдың бір аяғымен желкесінен басып тұрыпты да, етті сүйек-саяғымен сыпырып-сиырып жеп алып жүре беріпті. Су батыр бұл ғажапқа қайран қалып отыра беріпті. Қас қарая аңға кеткен Нан батыр мен Темір батыр келіпті. Келсе, қазанда еш нәрсе жоқ, өңі қашқан Су батырды көреді. «Ой, ет қайда, не болды саған?» – деп сұрайды. Су батыр оларға болған оқиғаны айтып беріпті. Бұған Темір батыр мен Нан батыр күліп: «Жұдырықтай шалға күйің жетпей ме?» – деп жата келеке етіпті. Ертеңінде үйде Темір батыр қалыпты да, ана екеуі аңға шығыпты. Есікті түнімен жасап, бұрынғысынан да берік етіп қойыпты. Екеуін аттандырып жатып Темір батыр Су батырға кешегі шал келсе, ұрып жығып байлап қоятындығын айтты, аналар да сөйтуді талап етті. Темір батыр етті асып қойып, шалдың келетін мезгілін күтті. Түс ауған мезгілде: «Есік аш!» – деп бақырды шал. Темір батыр есікті ашпады. Ашуланған шал есікті бір-ақ теуіп кіріп келді. Оның түрін көрген Темір батыр күліп жіберді. Ол Темір батырдан: «Етті бер!» – деп ым қақты. Темір батыр еттің, сылынып қалған сүйектерін берді. Шал оны жеп алып, тағы сұрады. Темір батыр шалға ет бермейтіндігін айтты да: «Үйден шық, әйтпесе, басыңды аламын!» – депті шалға кіжініп. Шал: «Бермесең, тартып жеймін!» – деп Темір батырды бассалыпты. Екеуі жата кеп алысыпты. Ақыры шал Темір батырды алып ұрып, бір аяғымен желкесінен басып тұрып, тайқазандағы етті сыпырып-сыпырып жеп кете беріпті. Күндегі уақытында аңшылар да келіпті. Келсе, уақиға кешегідей, күлбеттеніп Темір батыр отыр. Ол сескенген раймен:
– Шалға дүниеде ешқандай күш тең болар емес, оны жеңеміз деуге менің көзім жетпейді. Бұл бізге бір пәле болды. Аманымызда осы өңірден кетейік, – депті ана екеуіне. Үрейі ұшқан Су батыр да мұның сөзіне қосыла «кетейік» депті.
Шалдың аналар айтқан бойына, мыналардың қорыққан ойына сенер-сенбес болған Нан батыр мырс етіп бір күліп, әлгі екі жолдасына мынадай депті:
– Сендер рұқсат етсеңдер, сол шалмен мен де бір рет айқасып көрсем! – деп тілек білдіріпті. Бұрын бұлар өзара күш сынасып көрмеген екен. Нан батырдың бұларға қарағанда жасы да, денесі де кіші екен. Оны көзге ілмеген ана екі батыр Нан батырдың қойған талабына күліпті де: «Біздің әліміз жетпеген алыпқа сен не қайрат көрсетесің, етпен қосып өзіңді жеп қояды. Осындай басымыз аманда кетейік», – депті. Бұған Нан батыр болмапты. «Мақұл, өз обалың өзіңе!» – деп екеуі сүле-сапа мақұлдапты да, үшінші күні кезек бойынша Нан батырды қалдырып, екеуі аңға кетіпті.
Дәнігіп алған шал дәл мезгілінде тағы жетіпті. Әдетінше «Есік аш!» – деп бақырыпты. Нан батыр жеті қабат есікті түгелдей ашып беріпті. Шал үн-түн жоқ үйге кіріпті де, ет сұрапты. Нан батыр бір жапырақ ет алып беріпті. Шал оны қағып жіберіп және сұрапты. Нан батыр оған және бір еті сылынған қабырға беріпті, оны да жеп алып, тағы сұрағанда, Нан батыр шалдың шап беріп сақалынан ұстай алып: «Үйден шық!» – деп ақырыпты. Шал ашуланып, алыса түсіпті. Ақырында Нан батыр шалды алып ұрып, сақалынан сүйреп үйдің артындағы бір жуан бәйтерекке байлап қойыпты. Өзі үйге келіп, қаннен-қаперсіз етін асып отыра береді. Нан батыр кешке аңнан келген екеуіне шалды ұстап алып, сақалынан байлап қойғанын айтыпты. Аналар оған сенбепті. Үшеуі етке сілейе тойып алып, шалды көруге барса, шал әлгі бәйтеректі бүкіл тамырымен жұлып алыпты да, сүйреп қашып кетіпті. Ана екі батыр шалдың қолға түскеніне сеніпті. Нан батырдың күші өздерінен артық екенін де мойындапты. Үш батыр үш желмаяға мініп, бірден алып шалдың ізіне түсіп қуалапты. Қуа-қуа үш ай, үш күн дегенде, шалдың бәйтеректі сүйреп жердің бір жарығына індегенін көріпті. Әлгі жердің жарығынан үңіліп қараса, түпсіз шыңырау екен. Үшеуі «сен түс, сен түс», – деп недәуір тұрыпты. Ана екі батыр қорқып түспеген соң, Нан батыр өзі түсіпті. Қолына қылыш алып, беліне арқан байлап, жердің астына қарай сапар шегіпті.Екі батыр арқанға арқанды жалғай беріпті. Жүз қырық арқан жалғағанда жер түбіне зорға жетіпті. Жердің астына түссе, жер асты кесілген бір күмбез екен, күмбездің іші толған бойы бір қарыс, сақалы жеті қарыстар екен. Олар Нан батырға қаптап шабуыл жасапты. Бірақ Нан батыр оларды түгелдей жайратыпты. Күмбездің ішін аралап жүрсе, бір жерден бір темір есік кез болыпты, әлгі темір есікті ашып қалғанда, көздері жаудыраған адамдар есік ашылғанда:
– Мен арық, сен семіз, мен арық, сен семіз, – деп шұрқырай жөнеліпті, Бұған таң болған Нан батыр:
– Бұл не қылғандарың, ұқпадым? Мен жер үстінен келген адаммын, – депті. Сонда көгендеулі жатқан адамдардың біреуі басын кеките көтеріп:
– Осы жер астында жасайтын бойы бір қарыс, сақалы жеті кез бір адам бізді жер бетінен алып қашып әкелген еді. Күніне он шақтымызды сойып жейді. Біз сол себепті есік ашылған кезде бір күн де болса тұрсақ, жер бетіне аман шығатын бір амал бола ма деген үмітпен «мен арықпын» деп зарлаймыз. Олар семіз деген адамды алып кетеді де, сойып жейді, – дегенде, Нан батыр әлгі адамдарды түгелдей көгеннен ағытып қоя береді де:
– Енді лажын тауып жер бетіне шығыңдар! – дейді. Ол тағы да аралап келе жатса, алдынан тағы бір есік кезіге кетіпті. Есікті ашып қалса, ішінде ай мен күндей толықсыған ғажап бір сұлу қыз көріпті. Қыздың қасында бәйтеректі сүйреп қашқан шал қисайып жатыпты. Нан батырды көрген шал тұра ұмтылыпты. Оның қолы тигенше болмай, Нан батыр басын қылышпен қағып жіберіпті. Әлгі қыз:
– Ағатай-ай, менің де жер бетіндегі адамды көретін күнім болады екен-ау! Мен Сабаз деген момын шалдың жалғыз қызы едім. Осылардың қолына түскеніме жыл болды. Құтқара көр, осылардан! – деп зар жылап, орнынан ұшып тұрыпты.
Нан батыр да сол жерде қызға ғашық болып қалыпты. Қыз да Нан батырды ұнатыпты. Екеуі өз еркімен қосылып, ерлі-зайыпты болуға уәделесіпті. Бұл екеуі уәдесін әбден бекітіп, жер бетіне шыққан соң әке-шешелерінін рұқсатын алып, той жасап, қосылмақшы болады.
Нан батыр беліндегі арқанды шешіп қыздың беліне байлап:
– Сен қазір жер бетіне шығасың, ол жерде менің екі досым мені күтіп тұр. Өзің шығып болған соң, арқанды маған жібересің! – дейді. Қыз қуанып кетеді. Нан батыр «тарт» деп жер бетіндегі екі батырға айғай салады. Екі батыр қызды жіпке байлаған жапырақтай ала жөнеледі.
Әлгі екеуі арқанды ала шықса, Нан батыр емес, бір сұлу қыз. Қызға бұлар да ғашық болып қалады. Бұл екеуі қызға білдірмей: «Нан батыр жер бетіне шықса, бұл қыз бізге жоқ, сондықтан оны өлтіріп, қызды екеуміз ортақ әйелдікке алайық. Оны өлтіру үшін арқанды тартып келіп, орта беліне келгенде, кесіп жіберейік, сонда ол шыңыраудың түбіне бар салмағымен түседі де, өледі», – деп ақылдасады да, арқанды тас байлап түсіріп жібереді. Қыз еш нәрсені сезбейді. Көп уақыт өтпей зындан ішінен «тарт!» деген дауыс естіледі. Қыз қатты қуанып арқаннан ұстай алады. Темір батыр алдында тұрған қызға: «Сен менің арт жағымнан тарт», – деп артына шығарады да, өзі бір қолына өткір қылышын алады. Арқанның жарымына таянғанда қылышпен кесіп жібереді. «Амал жоқ, арқан үзіліп кетті», – деп екеуі отыра қалады. Қыз: «Үзілген арқан үзігімен мені түсіріңдер, арқанды жалғап алып шығайық», – деп жалбарынады.
– Енді одан бұлт жуық, – дейді де, Шұрқанды тауындағы мекендерін тастап, басқа бір жаққа қоныс аударады.
Шыңырау түбіне бар салмағымен былш ете түскен Нан батыр ауыр жараланып, бір күн, бір түн дегенде есін жинады. Ешқандай амал таба алмай, тағдыры құрып отырғанда, әлгі өзі босатып жіберген адамдары келеді. Нан батыр оларға бастан-аяқ болған уақиғаны, өзінің қазіргі халін айтады. Олардың ішінде бір қарт оташы бар екен, Нан батырдың сынған сүйектерін таңып, үш ай дегенде қаз қалпына келтіріп, сақайтады. Бұлар жер астынан түрлі қылыш, күрек сияқты саймандарды жинап жердің әлгі жарығынан қазып басқыш жасайды. Содан бұлар бір ай он күн дегенде жер бетіне шығады. Естерін жиып кеп отырады. Әрқайсысы өз жерінің мөлшерін айтып межелейді. Нан батыр бұлардың барлығына үйлеріне, ел-жұртына қайтуды бұйырады. Өзі кегін алу үшін Шұрқанды тауына бармақ болады. Аналар да оны жалғыз жіберуге қимай бірге жүрмек болады. Ақыры Нан батыр жалғыз кетеді. Қалғандары өздері келген жерлеріне тарасады. Нан батыр Шұрқанды тауынан оларды іздеп таба алмайды. Жыл жарым уақыт өтеді. Бір күні жаяу сандалып келе жатса, бүкіл бір өңірді қайыстырып қалың мал жатады. Ең шетінен келіп, қой бағып отырған қойшыға жолығады да:
– Бұл кімнің қойы? – деп сұрайды амандықтан кейін.
– Бұл Темір батыр мен Су батырдың қойы! – дейді қойшы.
– Темір батыр мен Су батырдың қатыны бар ма, олардың үйі қайда? – деп сұрайды Нан батыр. Сонда қойшы ол екеуінің арасында бір қатыны барын, олардың отырған жерін айтып береді.
Қаһарына мінген Нан батыр қойшының көрсеткен жолымен тал түсте Темір батыр мен Су батырдың үйіне кіріп келеді. Екеуінің қызды ортаға алып шай ішіп отырған жерінен қылышпен басын қағып тастайды. Әбден зарығып қайғы мен мұңда жүрген сұлу: «Нағыз сүйгенім, шынайы қамқоршым» – деп Нан батырды бас салады. Нан батыр да сағынып келген жарын құшып, ыза боп келген жауынан кегін алып, мауқын басады. Әлгі қаптап жүрген малдарды Су батыр мен Темір батыр елден бұлап, талап алған мал екен. Нан батыр оны түгелдей иелеріне қайтарып беріпті. Тек қана өзінің сүйгенін алыпты да, еліне қайтыпты. Олар үйлеріне келіп тойларын жасап, екеуі де ата-аналарын бір жерге жиып, адал еңбектерімен оларды асырап, бақытты тұрмыс кешіпті.
Әлгі екі жортуылшылардың басы жолда қалыпты.
5. Керқұла атты Кендебай
Ерте-ерте ертеде, ешкі құйрығы келтеде, Қаратаудың ойында, Қарасудың бойында Қазанқап деген бір кедей болыпты. Қазанқап құс атып күн көреді екен, әйелі ау тоқып, жамау жамайды екен, осылай өз күндерін өздері көріп, жүре беріпті. Күндерде бір күн Қазанқаптың әйелі жүкті болыпты, ай-күні жақындап, күн өткен сайын әйелдің аяғы ауырлай беріпті. Тоғыз ай, тоғыз күн болғанда, әйел толғатып, босаныпты. Торсық шеке, аппақ ұл тауыпты. Ата-анасы куанып, төбелері көкке жетіпті, баласына Кендебай деп ат қойыпты. Кендебай ай сайын емес, күн сайын өсіпті, алты күнде күліпті, алпыс күнде жүріпті, алты жылда жігіт болыпты. Сондай күшті болыпты, алысқанын алып ұра беріпті, күрескенін жыға беріпті, шыңырау кұдыққа құлаған атандарды жалғыз тартып шығара беріпті. Аң аулап, әкесіне жәрдемдесіпті, бара-бара құлан алыпты, құралайдың көзінен тигізген мерген болыпты, арқар мен киікті құлан мен маралды мая-мая үйіп тастапты. Қарасудың бойындағы қара үйлі кедейлер қарқ болыпты да қалыпты. Күндерде бір күн Кендебай аң аулап жүрсе, Қаратаудың ойында, терең құздың бойында арыстандай көкжал бөрі бір буаз биені жаңа ғана жарып, жегелі жатыр екен. Кендебай жүгіріп барып, көкжалды құйрығынан ұстап алып, бұлғап-бұлғап лақтырып кеп жіберіпті. Қасқыр арс етіп, аузын қисаңдатып, өліпті де қалыпты. Кендебай қасқырдың терісін сойып алып, биенің қасына келсе, бие жанталасып, өлгелі жатыр екен. Кендебай алмас қанжарымен биенің қарнын жарып жіберіп, құлынын суырып алыпты. Арыстай еркек құлын екен. Кендебай құлынды үйіне алып қайтыпты, оны құланның сүтімен асырапты. Құлын сағат сайын емес, минут сайын өсіпті. Алты айдың ішінде алты кез ат болып шығыпты. Аттың түсі керқұла болыпты. Кендебай Керқұланы үйретіп мініп, түн қатып жүріп, аң аулапты. Керқұла қуса жетіп, қашса құтылатын, аузымен құс тістеген ерен жүйрік болыпты. Кендебай Керқұланы құстай ұшырып, алты қырдың ар жағынан қаша жөнелген құланды көзді ашып-жүмғанша қуып жетіп, құйрығынан ұстайтын болыпты. Кендебай осылай аң аулап, ел аралап жүре беріпті. Ол мейлінше қайырымды болыпты, жылағанды жұбатыпты, жатсынуды сүймепті, табысына бүкіл ел ортақ болыпты. Керқұла атты Кендебай батыр атанып, әлемге аян болыпты. Күндерде бір күн Кендебай аң аулап, алысқа ұзап кетіпті. Кетіп бара жатып, қозысын бағып жүрген бір балаға кездеседі. Бала еңіреп жылап жүр екен. Кендебай жетіп келіп:
– Көзің жасты, көкірегің қайғылы, неткен жансың? – деп сұрапты.
Баланың басы таз, киімі өрім-өрім екен.
– Ардақтаған анаңды алса, төгілмей ме ырысың? Асқар таудай әкеңді алса, көрген күнің құрысын! – деп қоя беріпті бала.
– Не болды? Жөндеп айтшы? – деп сұрапты Кендебай. Бала көзінің жасын көл қылып, ауыр бір күрсініп алып, былай деп жауап беріпті:
– Мен Мергенбай деген батырдың жалғыз баласы едім. Қазір алтыға шықтым. Биыл төртінші жыл, елімізге жау тиіп, жылқы біткеннен тігерге тұяқ қалдырмай айдап кетіпті. Әкем алып ұйқылы батыр еді. Ұзақ жортуылдан келгенде алты күн қатарынан ұйықтайтын. Осы ұйқыда жатқанда әкемді жау әскері байлап әкетті. Әкемді арашаламақшы болып жетіп барған шешемді қайырымсыз жау алдына өңгеріп жөнеп берді. Мен жетім қалдым. Ішерге асым, киерге киімім болмаған соң, амалсыздан Тасқара байдың қозысын бағып жүрмін. Арыдым, тоздым. Ернім жалақ, басым таз болды. Содан бері көзімде жас, көңілімде қайғы. Мен әке-шешеме жылаймын, бай жылқысына жылайды.
– Олай болса, жылама. Мен әке-шешеңді іздеп тауып берейін! – дейді Кендебай.
Бала қуанып кетеді.
– Аға, онда біздің қойшылардың қасына екі-үш күн жатып тынығыңыз, содан кейін жүрерсіз, – деп өтінеді.
Кендебей «мақұл» деп, қойшылардың қасына барып түседі. Атып алған құландарын асып, тамақ пісіреді. Кешке басқа қойшылар келеді де, манағы бала қойшы келмейді, әрі күтеді, бері күтеді. Кендебайдың көзі ұйқыға бара бергенде уһілеп-аһылап қойшы келеді.
– Неге кешіктің? – деп сұрайды Кендебай.
– Жәй, ішім ауырып қалды, – дейді бала.
Бала таңертең ойнап-күліп қозысын өріске айдап кетеді. Кешке басқа қойшылар келгенде, манағы қойшы тағы да келмейді. Кендебай іздеп барып, талып жатқан баланы тауып алады. Бала есін жинағаннан кейін Кендебай мән-жайды сұрайды. Бала жөнін айтпайды. Содан кейін Кендебай балаға ашуланады. Сонда қойшы бала айтады:
– Кешеден бері күн батқан кезде алты аққу төбемнен айналып ұшады да:
Кендебай сал мұнда ма?
Керқұла аты қолда ма?
Бауда нұры балқи ма?
Балақ жүні шалқи ма? –
деп сұрайды. Мен тұрып:
Кендебай сал мен едім,
Керқұла атым қолда еді.
Бауда нұрым балқиды,
Балақ жүнім шалқиды, – деп жауап беремін. Олар мені қанаттарымен қағып, жығып кетеді. Мен «талып түсем!» – деп жауап береді. Үшінші күні қойшы баланың киімін киіп, қойды бағуға Кендебай өзі шығады. Күн батып, қас қарайған кезде баяғы алты аққу Кендебайдың төбесінен алты айналып ұшып, жақындап келеді де:
Кендебай сал мұнда ма?
Керқұла аты қолда ма?
Бауда нұры балқи ма?
Балақ жүні шалқи ма? –
деп сұрайды. Керқұла атты Кендебай қойшы бала болып:
Бауда нұрым балқиды,
Балақ жүнім шалқиды, –
деп жауап береді.
Сонда аққулар ашуланып, Кендебайды қанаттарымен қағып, сабай бастайды. Кендебай біреуінің аяғынан шап беріп, ұстай алады. Аққулар ұша жөнеледі. Кендебайдың қолында біреуінің алтын кебісі қалып қояды. Байқап қараса, кебістің бетінде жазу бар екен. Кендебай басқа аққуларды бірнеше күн күтеді. Бірақ олар келмейді. Содан кейін Кендебай қойшылармен қоштасып, үйіне қайтады. Ата-анасына бір жылдық азық дайындап беріп, сауыт-сайманын киініп, жау-жарағын асынып, азығына алпыс құлынның қазысын алып, баяғы жетім баланың әке-шешесін іздеуге шығады. Керқұла ат құстай ұшып, құйғытып барады, айлық жерді алты-ақ аттайды. Көз ұшындағы құс қанатын жазып, жерден көтерілгенше Керқұла ат үстінен аттап өтіп кетеді. Теңізді көл, дарияны шалшық, тауды қырат құрлы көрмейді. Сонымен, Кендебай күн жүреді, түн жүреді, ай жүреді, апта жүреді, бір жерлерге келгенде аспанмен тірескен бір биік тау көрінеді. Таудың етегіне келгенде Керқұла атқа тіл бітіп сөйлейді:
– Достым Кендебай, іздеген жоғың алыста емес. Біреуі емес, екеуі де осыдан табылады. Мына таудан әрі ассаң, ағып жатқан өзенді көресің. Өзеннің ортасында бір арал бар. Ол аралда адам перісінің ханы тұрады. Сенің қолтығындағы алтын кебіс – осы хан қызының кебісі. Баяғы қойшы баланың әке-шешесі де осы ханның қолында. Олар терең зынданда жатыр. Зынданның аузы құлыпты. Оның кілті қолға түспейді. Ол кілт алпыс өзен құйылған терең дарияның түбінде жатыр. Адам баласы оның түбіне жете алмайды. Таудың арғы беткейінде сиыр бағып жүрген зор денелі бір адам бар. Ол – жорықта қолға түскен адам, қазір ханның құлы. Сен сол адамға бар да жолына жетерлік пұл бер. Оның киімін өзің ки де, өзіңнің киіміңді оған кигіз. Сөйтіп, әлгі адамды азат ет те, өзің сиырды бағып қал. Қазір құйрығымнан бір тал қыл ал да, мені қоя бер, сауыт-сайман, құрал-жабдықтарыңды менің үстіме сал. Әзірге саған менің де, құралдың да керегі жоқ. Егер керек бола қалсам, құйрығымнан алған қылды тұтат. Сонда мен дайын боламын. Ендігі әңгімені барған соң көрерсің!» – дейді.
Кендебай Керқұла аттың құйрығынан бір тал қыл жұлып алды да, қоя берді. Оның айтқанының барлығын істеді. Малшыны азат етеді. Жолына пұл береді. Оның киімін киіп, сиырды өзі бағып қалады. Кешке жақын өзеннен айдап өткізейін десе, сиырлар суға түспейді. Кендебай ашуланып кетіп, сиырларды сирағынан ұстап алып, бір-бірлеп лақтыра бастайды. Лақтырған сиырлар өзеннің ортасындағы аралға томпылдап түсіп жатады. Сол кезде ханның кіші қызы судың арғы жиегінде көріп тұр екен.
– Ой, оңбаған-ау, қырасың ғой малды! Неге күндегідей «Айрылғырдың суы айрыл» – деп айтпайсың?» – деп айғай салады.
Кендебай: «Айрылғырдың суы айрыл!» – деп еді, өзеннің суы екіге айрылып, ортадан жол ашылады. Сөйтіп, Кендебай мал бағып жүре береді. Күндерде бір күн хан өзінің екі баласын шақырып алып:
– Бүгін қара бие құлындайды. Бұл тоғызыншы құлындауы. Құлындаған күні түнде құлын жоқ боп кетеді. Бүгін осы биені өздерің күзетіңдер. Не болғанын көздеріңмен көріңдер, – дейді.
Мұны Кендебай естіп тұрады.
Кешке ханның екі баласы биені күзетуге барғанда, Кендебай да жасырынып барып отырады. Біраздан кейін ханның екі баласы қорылдап ұйықтап қалады. Кендебай ұйықтамай отыра береді. Таң біліне берген кезде, бие алтын құйрықты, құндыз жүнді арғымақ құлын туады. Бір кезде аспаннан бір бұлт түйіліп келеді де, құлынды көтеріп ап жөнеледі. Кендебай шап беріп құйрықтан ала түседі. Кендебайдың қолында алтын құйрық жұлынып қала береді. Кендебай алтын кұйрықты қойнына тығып, ұйықтап қалады. Ертеңіне таң сәріден хан екі баласын шақырып алып, не көргендерін сұрады. Балалары тұрып:
– Бие құлындаған да жоқ, еш нәрсе болған да жоқ, – деп жауап береді.
Хан тағы да таң қалып отырғанда, Кендебай есіктен кіріп келіп:
– Дат, тақсыр! – дейді.
– Датың болса, айт! – дейді хан ақырып.
– Мен айтсам, бұлардың айтып отырғаны өтірік. Бұларға көрінбей мен де күзеттім; Түн ортасы кезінде екі балаңыз ұйықтап қалды. Таң алдында бие бір алтын құйрықты, құндыз жүнді құлын туды. Аспаннан бір бұлт түйіліп келді де, оны көтеріп ала жөнелді. Мен құйрықтан шап беріп ұстай алдым. Бұлтпен араласқан үлкен құс құлынды алып кетті де, құйрық менің қолымда қала берді, – дегенде, сөздің аяғын күтпей:
– Құйрық қайда? – деді хан.
– Тақсыр, сабыр етіңіз. Мен алтын құйрықты пайда қылғым келсе, сізге айтпаймын ғой, міне, құйрық, – деп Кендебай құйрықты қойнынан суырып алғанда, үйдің іші жап-жарық болып кетеді. Ханның балалары ұялып жерге қарайды.
– Қазір үшеуің іздеп шығып, құсты да, құлынды да тауып келіңдер. Таба алмасаңдар, менің маңымды көрмеңдер! – дейді хан.
Кендебай өзеннен өтіп алып, құйрықтың қылын тұтқан кезде Керқұла ат жетіп келеді. Құла атты мініп алып, қару-жарақты іліп алып, сауыт-саймандарды киіп алып, Кендебай жөнеп береді. Бір жерлерге келгенде ат тағы тоқтайды да, Кендебайға: «Анау жалыны аспанға шығып жатқан – от дариясы. Сенің баратын жерің – сол дарияның ар жағында. Қазір көзіңді жұм! Мен «аш» дегенше «ашпа». Көзіңді ашсаң, екеуміз де өлеміз!» – дейді. Кендебай көзін жұмады. Сонымен ұша береді, ұша береді. Бір кезде ең әуелі ыстық лепті, одан кейін ысылдаған желді сезді. Бір уақыт өткеннен кейін: «Аш көзіңді!» – дейді Керқұла ат. Кендебай көзін ашып жіберсе, үлкен дарияның ортасындағы аралға келіп түскен екен. Аралда алтын құйрықты сегіз құлын, құйрығы жоқ бір құлын алтын науадан су ішіп тұр екен. Керқұла атқа тағы да тіл бітіп: «Аспанмен тірескен анау бәйтеректің басында самұрық құстың ұясы бар. Ол алты айда бір рет азық іздеп кетеді де, он бес күнде кері айналады. Қазір ол азық іздеуге кетіпті, оның қайтып келуіне әлі алты күн бар. Біз оның қолына түспес үшін алты сағатта алты айлық жол алуымыз керек. Менің үсіме мін де, алтын науаны алдыңа өңгер. Құлындар, алтын науадан қалмай, біздің соңымызға ереді де отырады. Біз құлындарды соңымыздан ертіп отырып, манағы от дариясынан тікелей өте алмаймыз, айналып жүруіміз керек. Біздің келердегі қысқа жолымыздың кетерде алыс болып отырғаны да сол. Бұл жолымызда үш бөгет бар. Ең әуелі жеті басты дәу кездеседі, ақырған арыстанға жолығамыз, содан кейін жәдігөй кемпір байланысады. Ал, уақыт оздырмай жүрейік», – дейді. Кендебай алтын науаны Керқұла атқа өңгеріп алып, жөнеліп береді. Барлық құлын оның соңынан ереді. Бір уақытта алдарынан бір үлкен тау көрінеді. Тау теңселіп, қозғалып бұларға қарай жақындап келеді. Бұл, жеті басты дәу еді. Кендебай алтын науаны жерге қояды. Құлындар науаға иіріліп тұра қалады. Кендебай қолына жүз батпан шоқпарын алып, Керқұла аттың барлық шабысымен дәуге қарсы шаба жөнеледі. Көзді ашып-жүмғанша ағып өтіп бара жатып, салып кетеді, Дәудің бір басы ұшып түседі. Кейін қарай шауып, тағы соғып өткенде, екінші басы ұшып кетеді. Осылай ерсілі-қарсылы жеті өтіп, жеті рет соққанда жеті басы бірдей ұшып кетіп, дәу төңкеріле құлайды. Кендебай дәудің көзін ойып, қоржынға салып алады. Кендебай қайтып келіп, алтын науаны өңгеріп, құлындарын ертіп, жүріп кетеді. Екпініне шаң ілеспей, «әйт» дегенде, алты қырдан бір-ақ асып, Керқұла ат зымырап келеді. Бір кезде алыстан арыстанның ақырған дауысы естіледі. Кендебай бұл жолы Керқұла атты құлындардың қасына қаңтарып тастап, дауыс шыққан жаққа жаяу жүре береді. Ілгері екі-үш аттағанда, бір леп Кендебайды тартып ала жөнеледі. Бір уақытта Кендебай арыстанның апандай аузын көреді. Кендебайды тартып жатқан соның лебі екен. Кендебай алты құлаш алмас қылышын көлденең ұстай қояды. Алмас қылыш арыстанды екі бөліп, Кендебайды ар жағына бір-ақ түсіреді. Кендебай арыстанның азуын қағып алып, тағы жүріп кетеді. Талай белестер талай таулар бұлдырап артта қалып барады. Бір кезде жер дүниені қап-қара тұман басып кеп кетеді. Тек алтын құйрықтардың сәулесі ғана бұлардың жолын жарық қылып көрсетіп тұрады. Сол екі арада қараңғылық серпіліп жүре бергенде, сылаңдаған бір сұлу қыз шыға келеді. Кендебай атынан түсіп қызға қарсы жүреді. Қыз мұның бетіне ұзақ қарайды да:
– Ұзақ жүріп шаршаған шығарсыз, ордама жүріп, тынығып кетіңіз! – дейді.
Жәдігөй кемпірдің қыз болып қарсы алатынын, оның ордасына кірген кісі кері шықпайтынын Керқұла ат айтқан болатын.
– Шаршағаным рас. Демалуға қарсы емеспін, бастаңыз! – дейді Кендебай.
Қыз алға түсіп аяңдай бергенде, Кендебай алмасын сермеп кеп қалады, алмас қылыштан от жарқ ете түседі де, дүниені тағы да тұман басып кеп кетеді. Тұман ашылғанда қыздың орнында екі бөлінген кемпір жатады. Кендебай кемпірдің басын кесіп қоржынға салып алады.
– Бұл кемпірдің қарамағындағы жерден ұшқан құс, жүгірген аң өте алмайтын. Кемпірдің өлгенін қазір ешкім білмейді. Сондықтан, бұл жерге самұрық келмейді. Осы жерде бір үш-төрт күн демалайық! – дейді Керқұла ат.
Кендебай сол арада үш-төрт күн тынығып, кемпірдің асыл қазынасын жинап алып, Керқұла аттың алдына алтын науаны өңгеріп, алтын құйрықты кұлындарды ертіп, аман-есен ханның үйіне жетеді. Хан қуанып үлкен той жасайды. Той үстінде түк таба алмай, сандалып мойындары ырғайдай, сирақтары шидей болып, азып-тозып, ханның екі баласы келеді.
Хан Кендебайды төрге отырғызып, оның аты-жөнін сұрайды.
– Мен хан баласы емеспін, адам баласымын. Өз атым – Кендебай, ел мені Керқұла атты Кендебай деп атайды. Сіздің еліңізге ерігіп келгенім жоқ, жұмыспен келдім. Екі бірдей жоқ іздеп жүрмін... Намыс іздеп жүрмін, рұқсат болса айтайын, – дейді Кендебай.
– Айт, айт, балам! – дейді хан.
– Бұдан бірнеше жыл бұрын сіздің жорықшыларыңыз елімізді шауып кетіпті, малымызды айдап, қолға түскен батырымызды байлап алып кетіпті. Міне, сол батырды босатып әкетпек болып келдім. Бұл – бірінші. Екінші жоғым мынау: бір күні малда жүргенімде аспандап ұшқан алты аққудың алтын кебісі менің қолымда қалды. Сол алтын кебіс сіздің елдікі дейді. Соны табыс еткелі келдім, – деп, Кендебай алтын кебісті ханға ұсынады.
Хан:
– Дұрыс, балам! Сіздің елдің малын айдатып, батырын байлатып алдырғаным рас. Мергенбай батыр әйелімен екеуі біздің қолда. Зынданда жатқан Мергенбай батырға: «Маған қызмет етсең, босатам!» – деп елші жіберіп едім, қарысқан батыр екен. «Жауыма қызмет істемеймін. Бірақ, қол-аяғымды босатсаң, содан кейін сөйлесем», – деп, қарысып жатып алды. Босатуға қорықтық. Ондағы мақсат: сені қолға түсіру еді. Сенің атағың бізге де мәлім еді. Сені алдыртып, құлынымды қоймайтын қара құсқа жұмсамақ едім. Өзім іздеп таба алмаған соң, намысы болса, іздеп келер деп еліңді шаптырып, батырыңды байлатып алдыртқан едім. Одан кейін де екі жылдай келмедің, содан соң алты қызым сені іздеп барған болатын. Бұл – менің кіші қызымның кебісі. Енді сенің алдыңа қоятын тағы бір шартым бар. Ол мынау: дүниеде жеті басты дәу бар, ақырған арыстан бар, жалмауыз кемпір бар. Осы үшеуін өлтіріп, бастарын алып кел! Осыны орындасаң, батырыңды босатып, беремін, малыңды өзіңе қайтарамын. Кіші қызымды беріп күйеу етемін, – деді.
Кендебай Керқұла аттың қанжығасындағы қоржынын алып келіп, арыстанның азуын, кемпірдің басын, жеті басты дәудің көздерін ханның алдына төгіп тастайды. Хан разы болып, зынданда жатқан Мергенбай батырды, оның әйелін, қолға түскен басқа адамдарды азат етеді. Шауып алған малын қайтарып береді. Кіші қызын Кендебайға қосып, отыз күн ойын, қырық күн тойын істеп, көп сыйлықтар беріп, Кендебайды еліне аттандырады. Кендебай елдің малын айдап келіп, иелеріне табыс етеді. Ата-анасына қосылып, бала қуанады. Баласына қосылып, ата-ана қуанады. Ұлы думан, үлкен той істейді. Кендебай тұрғанда елге батып ешбір жау тие алмайды. Сөйтіп, бұл ел Керқұла атты Кендебай батырдың елі болып атаныпты.
6. Жалғыз көзді дию
Ерте-ерте заманда бір бай болған екен. Байдың жалғыз ұлы болыпты. Мал-мүлкі мол, шіріген бай болғанымен, өте сараң, қолынан ешкімге еш нәрсе бермей, ел-жұртпен араласпай жеке көшіп-қонып жүреді екен. Малын бағуға жалшы жалдап, ақы төлеуге шығын-сынып, жалғыз ұлына мал бақтырып қояды. Ел ішіндегі той думанға, қыз-жігіттердің ойын-сауығына араласпай, байдың ұлы малын бағып, ес-ақылы толып жігіт бола бастайды. Бір күні ел ішінде үлкен бір той болады. Бұны естіген байдың ұлы тойға барғысы келіп, әкесінен рұқсат сұрайды. Сонда әкесі: «Барма, балам!» деп айта алмай: «Барсаң бар, бірақ ат терлетіп не қыласың, ана өгіздердің біреуіне мініп бар!», – дейді. Жігіт жұпыны өгізге жабу салып мінеді де, тойға барады. Тойға жиналған құрбы-құрдастары, қыз-келіншектер бар асыл киімдерін киіп, жорға, жүйрік аттарына мінген, байдың баласын көргенде: «Пәленше байдың баласының сиқын қара, аты жоқтай өгізге мінген, киімін қара!» – деп мазақ етіп күлкіге айналдырады. Намысына тиген бала: «Бүйтіп мыналарға мазақ болғанша, бұл елден көзімді құртайын!» – деп, әке-шешесін тастап, беті ауған жаққа қаңғырып кете береді. Сол кеткеннен мол кетеді. Күн жүреді, түн жүреді. Қолына ілінген құрт-құмырсқа, шөп тамырын қазып жеп, қорек етіп жүре береді. Сонан табаны тесіліп, үстіндегі киімінен жұрдай айырылады. Бір кезде әбден әлі кетіп, есінен айырылып, бір шөл далада жатады. Қанша ессіз жатқанын кім білсін, күннің қатты күркіреген даусынан секем алып, есін жинап, басын көтеріп отыра береді. Алдына үңіліп қарап отырса, алдынан бұлдыраған үй секілді бір нәрсе көрінеді. «Бұл не болды екен, мүмкін бір тірі жан кездесетін шығар» деп барлық жігерін жинап, сол бұлдырап көрінген затқа қарай сүйретіліп жылжи береді. «Өлдім-талдым» дегенде, әйтеуір, жетеді-ау. Қараса, алтын жалатқан үлкен сарай екен. Сарайдың маңында жыбырлаған жан көрінбейді. «Бұл кімнің сарайы болды, неге тірі жан жоқ?», – деп ойлайды. «Не де болса ішіне кірейін, ең болмағанда қорек ететін бір нәрсе табылар», – деп сарайдың ішіне кіреді. Ішінде де тірі жан болмай шығады. Сарайдың іші толған алтын қойма, қойма толған азық-түлік, сауыт-сайман, қанжар, қылыш секілді құрал-саймандардың неше түрлері толып тұрады. Ең алдымен тамаққа әбден тойып алып, жұмсақ төсекке үш күн, үш түн ұйықтап, шаршағаны басылып, есін әбден жинап, сарайды тағы аралап көре бастайды. Тірі жанның иісі де білінбейді. Сөйтіп, сарайды иемденіп тұра береді. Үстіне сауыт киіп, қылыш шабудың, садақ атудың өнерімен жаттығуға кіріседі. Күнде аң аулап, өзінің өнерін асыра береді. Кереметтей күші бар екенін және атқан оғы құралай көзіне тиетін мерген болғанын сезеді. Бір күні аң аулап, шаршап, қатты ұйықтап кеткен екен, жер сілкінгендей дүбір, жер жарылғандай айғайлаған дауыстан оянып кетеді. «Бұл не сұмдық», – деп орнынан ұшып тұрып, сарайдың терезесінен қараса, маңдайында жарқыраған жалғыз көзі бар дәу айғайлаған даусы жер жаратындай, астындағы мінген қара тұлпарының тұяғы тиген жер жерошақтың орнындай опырылып, буы бұрқырап, осқырынған күйінде сарайға шауып кіреді. Жігіт сарайдың иесі осы жалғыз көзді дәу екенін біледі. Жалғыз көзді дәу тұлпарынан түсіп, сарайда бөтен иістің бар екенін сезіп, жалғыз көзі отша жайнап: «Кім бұл менің сарайымды иемденген, қазір көзіңді құртайын?!», – деп айғай салады. Жігіт бәрібір өзінің аман қалмайтынын біліп, сауыт-сайманын киіп: «Ей, жалғыз көзді жалмауыз, сарайдың иесі сен емес, мен!» – деп тәуекелге бел байлап, айқасуға шығады. Бірден батыр садағын жалғыз көзден дәлдеп тартады. Көзіне қадалған садақ оғын жұлып алып, жалғыз көзді дәу батырмен айқаса кетеді. Үш күн, үш түн алысып, ақырында әлсіреген жалғыз көзді дәу өкіріп барып жығылады. Үсті-басы қанға боялған, есінен айрылған диюді байлап сарай ішіндегі зынданға әкеп тастайды. Жалғыз көзді диюдің жеңілуіне екінші себеп қырық күн, қырық түн ұйқы көрмей, тамақ ішпей, ел шауып, неше түрлі зұлымдық істеп, сарайына әбден әлсіреп келеді екен. Ол сарайына келген соң, қырық күн ұйықтап әбден әлденіп, қайтадан жорыққа шығып отырған. Жалғыз көзді дәуді жеңіп, сарайдың нағыз иесі және қара тұлпар айрылмастай батырдың серігі болады. Жігіт күнде тұлпарына мініп, аң аулап өмір сүре береді. Ай өтеді, жыл өтеді, бір күндерде жалғыздық жанына батып, әке-шешесін ойлайды. Сөйтіп, ел жаққа барып қайтуға шешімге келіп, жолға дайындық жасайды. Көптеген алтын-күміс, азық-түлік алып жүріп кетеді. Ай жүріп, қара тұлпардың күшімен еліне жетеді. Елін жау шауып жұрттары қара түтінге айналып, мал-мүлкінен айрылған халық ашаршылықтан қырылып жатыр екен. Әкесінің қайда екенін сұрастыра жүріп, зорға дегенде, бір күркенің ішінде шешесі мен әпкесінің бір етке таласып жұлқыласып отырған жерінен табады. Күркеге кірген баласын зорға таниды. «Бұл таласып отырғандарың не?» – десе, әкесі қайтыс болған екен, сол әкесінің етіне таласып, жеп отырғанын біледі. Жолға алған азық-түлігін әкеп, шешесі мен әпкесін тойғызып, әкесінің қалған сүйегін жерлейді. Ашаршылықтан қырылып жатқан халықты аң аулап, өлімнен құтқарады. Және алып келген алтын-күмістерін елге бөліп беріп, халық басына келген апаттан құтқарады. Сөйтіп, елінде бір жыл тұрады. Бір күні шешесіне өзінің үлкен алтын сарайы бар екенін айтады. Сол сарайға барып тұруларын өтінеді. Сөйтіп шешесін, әпкесін алып өзінің сарайына қайтып оралады. Ай өтеді, жыл өтеді. Батыр күнде ерте аң аулауға кетіп, түнде қайтып оралып жүреді. Бір күндері зеріккен шешесі сарай аралап жүріп ыңырсыған дыбыс естиді. «Бұл не екен?» – деп зынданға караса, бір жалғыз көзді дәудің отырғанын көреді. «Сен бұл жерде неғып отырсың?» – деп сұрайды. Жалғыз көзді дәу осы сарайдың бұрынғы иесі екенін, баласының жеңіп, осы зынданға әкеп тастағанын айтып, жалынып тамақ сұрайды. Жаны ашыған шешесі тамақ әкеп, зынданға тастайды. Сөйтіп баласы аңға кеткенде күнде тамақ әкеп беріп жүреді. Күн өтеді ай өтеді, жалғыз көзді дәу есін жиып, күшіне ене бастайды. Бір күні батырдың шешесіне былай дейді: «Жападан жалғыз не қызық көріп жүрсіңдер, балаң болса күнде ерте кетеді, түнде келеді. Сендермен жұмысы жоқ, өстіп те өмір сүріп өтесің бе?» – дейді.
– Сонда менің не істеуім керек? – дейді.
– Жалғыз жүргенше, мені жандарыңа серік қылып алыңдар.Осы зынданнан мені шығаруларың керек, – дейді.
– Жоқ, сені шығарсам, балам сені де, мені де өлтіреді. Сонда жалғыз көзді дәу былай дейді:
– Балаңның білмейтін жолы бар. Сарайдың ішінде үлкен сандық бар. Балаң келерде, мені сол сандықтың ішіне тығып қоятын боласың! – дейді.
– Ал сонда сені зынданнан қалай шығарып алуым керек? – дейді.
– Оның бір-ақ түрлі жолы бар. Ана қара тұлпардың қанжығасында қыл арқан бар. Бір ұшын тұлпарға байлап, екінші ұшын зынданға тастайсың, мені тек тұлпар ғана сүйреп шығара алады, – дейді.
Бір күні баласы аңнан келгенде: «Балам, сен күнде аңға кетіп, бізді әбден ұмыттың, бар қызықты өзің көресің» – дейді шешесі. Сонымен батыр бірнеше күн аңға бармай, сарайда бірге болып аң аулаудың неше түрлі қызық әңгімесін айтып жүреді. Аң ауламаса тұра алмайтын батыр: «Аң аулауға барып келейін», – деп шешесінен сұранады. «Барсаң бар, бірақ бір тілегім бар, балам. Бір күнге бізге тұлпарды қалдыр, біз де біраз атқа мініп, көңіл көтерейік», – дейді. Батыр тұлпарды қалдырып аңға кетеді. Баласы кеткеннен соң жалғыз көзді дәуді зынданнан шығарады. Баласы келерде қара сандыққа тығып қояды. Өстіп күндер, айлар өте береді. Батыр аңға кеткенде жалғыз көзді дәу күтімі жақсы, таза ауаға шығып, бұрынғы күшіне ене береді. Шешесімен жақындасып көңілді күндерді өткізе береді. Сөйтіп шешесі екіқабат болып қалады. Ішін байлап, баласына білдірмей жүре береді. Күні жетіп босанады. Бір ай мен күндей сұлу ұл табады. Жалғыз көзді дәуге: «Балам келгенше мына балаңның көзін құрт», – дейді. Сонда жалғыз көзді дәу: «Жоқ, бұл – менің балам, көзін құртуға болмайды. Бұның амалы, баланы орап, батырдың келетін жолына апарып таста!», – дейді. Түнде батыр аңнан қайтып келе жатса, аты осқырып үркеді. Қараса, бір сәби баланың жылаған даусы естіледі. Атынан қарғып түсіп, баланы көтеріп алып сарайға шауып келеді, қуанышы қойнына сыймай: «Бір сәби баланы құдай бізге берді», – деп баланы шешесіне ұсынады. Сонда шешесі: «Құрт көзін бұл баланың, мүмкін бұл жын-шайтан шығар!», – деп бажалақтап сыр бермейді. «Жоқ, шеше, бұл жын-шайтан емес, нағыз сәби бала, бұны біз асырап өсіруіміз керек», – деп, шешесін зорға көндіреді. Күн өтеді, ай өтеді, бала өсе береді. Батырдың аңнан шаршап келгендегі ермегі болады. Батыр да, бала да бір-бірлерін өте жақсы көретін болады. Бала өсіп, былдырлап тілі шыға бастайды. Бір күні аңнан келсе, бала сандықты көрсетіп «кака» деп, «уу» деп маңдайын көрсетеді. Шешесіне: «Менің інім не деп отыр?» – дейді.
– Тілі шыға бастаған соң, өзінше бірдемелерді былдырлап жүргені ғой, – деп сыр бермейді.
Бала жалғыз көзді диюді өте жек көретін. Маңайына жоламай қашып жүретін болған. Баланың тілі шығып, барлық сырларды ашатын болған соң, шешесі жалғыз көзді диюға: «Біздің түбімізге осы сенің балаң жететін болды, бұның көзін құрту керек», – дейді. Сонда дәу: «Жоқ, бұл менің – балам. Бұның көзін құртқанша өз балаңның көзін құрту керек», – дейді. «Сонда біз не істеуіміз керек?» – дейді шешесі. Жалғыз көзді дию айтады: «Оның бір-ақ амалы бар, балаң ұйықтап жатқанда жанындағы алмас қанжарын әкеп бер, қалғанын өзім жөндеймін», – дейді. Бір күні баласы аңнан шаршап келіп, ұзақ ұйықтауға кіріседі. Баласы ұйықтап жатқанда шешесі ақырын кіріп, алмас қанжарын жалғыз көзді дәуге әкеп береді. Қанжарды алып, ұйықтап жатқан батырдың кеудесіне мініп, «бұны оятып өлтірейін, әйтпесе кімнің өлтіргенін білмей жүрмесін» деп батырды жұлқылап оятады. Батыр көзін ашса, жалғыз көзді дию кеудесінде отырғанын көріп, бір сұмдықтың болғанын бір-ақ біледі. Қанжарды кеудесіне жолатпай алыса береді. Бірақ кеудесіне мықтап отырып алған дәуді аудара алмай жанталасумен болады. Өстіп жатқанда «қалай, өлтірді ме екен?» – деп шешесі кіреді. Баласы шешесіне: «Өмірі жаманшылық сізге істеп көрмеген едім. Көмектес, мына жалғыз көзді диюді құртуға!» – деп жалынады. Сонда шешесі: «Мынадай әке табылса, сендей бала табылады», – деп есіктен шығып кетеді. Біраздан кейін әпкесі кіреді. «Әпке, өмірі саған да жаманшылық істеп көрмеп едім, ашаршылықта әкенің етіне таласып отырғанда құтқарып, осындай күнге жеткізіп едім, көмектес, мына жалғыз көзді дәуді құртуға», – деп жалынады. Сонда әпкесі: «Мынадай әке табылса, сендей іні табылады», – деп бұл да шығып кетеді. Өстіп жанталасып алысып жатқанда, үйге қылышты ат қылып мініп ойнап жүрген інісі кіреді. Өте жек көретін жалғыз көзді дию ағасының үстіне мініп өлтірейін деп жатқанын көріп, астындағы ат қылып ойнап жүрген қылышпен дәудің басы, көзі демей пергілей береді. Дәудің беті-көзі қанға боялып, баладан қорғалақтай бергенде, батыр ебін тауып қолындағы алмас қанжарды жұлып алып, дәудің жүрегіне сұғып алады. Жалғыз көзді дәу өкіріп құлап түседі. Батыр ұшып түрегеліп, жалғыз көздіге алмас қанжарды тағы салады. Сөйтіп, жалғыз көзді дәуді өлтіреді. Терісіне сыймай ашуланған батыр ілулі тұрған қылышты жұлып алып, шешесі мен әпкесі отырған жерге кіріп келеді. Баласының жалғыз көзді диюді өлтіргенін біліп шешесі, шошығаннан бұрышқа тығылып жалына бастайды. Батыр екі сөзге келмей, екеуінің де басын қылышпен шауып түсіреді. Сөйтіп, інісі екеуі сарайға ие болып өмір сүре береді. Інісін аңға ылғи бірге апарады. Қылыштасудың, садақтасудың неше түрлі өнерін үйрете береді. Інісі өте ержүрек, мерген болады. Екеуі өте тату-тәтті өмір сүреді. Ағасының айтқан сөзін екі етпей орындап жүреді. Күш сынасқанда күші де, ақылы да, тапқырлығы да ағасынан бірде-бір кем болмай, батыр жігіт болып өседі.
Бір күні інісі ағасына айтады:
– Біз екеуміздің бұл сарайдың иесі болып, бойдақ тұра беруіміз жараспас, сіздің үйленетін уақытыңыз болды. Пәленше елдің патшасы елге жар салыпты. Бұл елде бір жеті басты айдаһар пайда болыпты. Сол айдаһарды өлтірген батырға қызын бермекші екен. Сіз барып айдаһарды өлтіріп, патшаның қызына үйленіп, алып келсеңіз! – дейді.
Сонда ағасы: «Апыр-ау, бұл мені бір өлімге жұмсап отырған жоқ па?» –деп іштей ойлайды. Бірақ сыр білдірмей, келісімін беріп жолға дайындалып, жүріп кетеді. Кетерінде інісіне айтады: «Менің жаным тірі болса, үш айда қайтып ораламын», – дейді. Ағасын жолға шығарып салып, аңшылық және соғыс өнерімен шұғылданып сарайға ие болып, бала тұра береді. Үш ай өтеді, ағасынан ешқандай хабар болмайды. Ағасының бір сұмдыққа ұшырағанын сезіп, ағасын іздеуге бұл да аттанып, жолға шығады. Күн жүріп, түн жүріп, ай жүріп бір елдің шетіне келіп ілінеді. Иен далада бір аппақ шатырдың тұрғанын көреді. «Бұл не деген шатыр екен?» – деп ат басын бұрып шатырға кеп тірейді. Шатыр ішінен ай мен күндей, жібекке оралған сұлу қыз жүгіріп шығып, баланың мойнына оралады. «Аман-есен келдің бе, сарғайып сені күткелі бір ай болды?» – деп көзінен жасын моншақ-моншақ ағызады. Аң-таң болған жігіт өзінің ағасынан аумайтын ұқсастығын біліп, бұл қыз өзін ағасы екен деп тұрғанын біледі. Шатырға кіріп, жуынып, тамақтанып, есін жиған соң, өзінің ауырып тұрғанын айтады. Қыз төсек салып жатуға кіріседі. Төсекке жатқан жігіт «ауырдым» деп теріс қарап жатып алып, өзінің, ағасының қашан кеткенін, «қайда барамын?» дегенін білдірмей сұрастыра бастайды. «Ойбай-ай, жеті басты айдаһармен алысамын деп есіңнен ауысып қалғансың ба?» – деп өткен күндегілерді есіне түсіре бастайды. Уақиға былай болғанын біледі: Ағасы бұл елге келгенде жылына осы елден жеті басты айдаһар бір қызды алады екен. Елдің қызы таусылып, кезек патшаның қызына келеді. Далаға ақ шатыр тігіп, патша қызын әкеп, айдаһардың келуін күтіп жатқанда ағасының келгенін, содан айдаһарды өлтіруге кетіп қалып қайтып оралмағанын біліп, жігіт сол ауырған күйінде бүркеніп жатып алады. Таңертең ерте тұрып: «Бір жұмысым бар еді, тез қайтып оралам», – деп айдаһарды іздеп, ағасының өлі-тірі екенін білуге асығып, аттанып жүріп кетеді. Кездескен елден сұрастырып жүріп, жеті басты айдаһардың жатқан жеріне келеді. Келсе, үлкен тай қазанның буы бұрқырап, суы қайнап жатыр екен. Жеті басты айдаһар қолына түскен адамдарды көгендеп қойып, күнде біреуін асып жейді екен. Ендігі кезек ағасына келгенін біледі. Осы кезде жеті басты айдаһардың қатты ұйықтап жатқан кезі екен. Көгендеулі тұрған ағасын босатып алып, ағасы екеуі жеті басты айдаһармен соғысуға дайындалады. Ұйықтап жатқан жеті басты айдаһардың екеуі екі басын кесіп түсіреді. Қалған бастары өкіріп, біреуінен жел, біреуінен су, біреуінен от шығарып, үш күн, үш түн соғысып, батырлар айдаһарды жеңеді. Сөйтіп, айдаһардың бастарын кесіп алып, патшаның қызы жатқан шатырға келеді. Сол кезде патша шапқыншы жіберіп: «Қызының өлі-тірісін біліп келіңдер!» – дейді. Екі батырдың айдаһарды өлтіріп басын кесіп әкелгенін, қызының аман-есен екенін хабарлап, сүйінші сұраушылар патшаға келеді. Сөйтіп, патша алдарынан нөкер жіберіп: «Екі батырды сарайға алып келіңдер!» – дейді. Бұлар келген соң, патша бүкіл еліне қырық күн той, қырық күн ойын жасап, өз қызын ағасына, інісіне уәзірінің ай мен күндей сұлу қызына қосады. Бұл патша елінде бір жыл тұрып, патшадан өздерінің сарайына баруға рұқсат сұрайды. Патша көптеген байлық-қазынаны қырық түйеге артып, нөкерлерімен қосып, қызын жолға шығарып салады. Өз сарайына оралған соң, бір күні інісі ағасына: «Сіз де өте мергенсіз, мен де сізден қалыспаймын, бір мергендік сынасып көрейікші», – депті.
– Ал сынассақ, сынасайық! Сонда не атуымыз керек?» – дейді. Інісі үстіндегі шапанның шешіп тастап, қырық адым жерге барып, шынтағына басындағы кепешін жабыстыра кигізіп: «Осыны денеге дарытпай атуымыз керек», – дейді. Сонда ағасы: «Ойпыр-ай, осы бір қастық ойлап тұрған жоқ па, қалай бұл денеге дарымайды?» – деп ойлайды да, бірақ сыр білдірмейді.
Сонда: «Сіз үлкенсіз жол сіздікі, ал, атыңыз!», – деп інісі тұра береді. Ағасы уәде берген соң, амалсыздан кепешті дәлдеп садағын тартады. Шынтағына жабысып тұрған кепешпен қоса терісін сыдырып бірге ұшып түседі. Ағасы жүгіріп барып: «Ойпырай, мынау қиын болды ғой. Ал, енді сен ат!», – деп кепешті шынтағына киіп, орнына барып тұрады. Сонда інісі айтқан екен: «Жоқ, енді мен атпаймын, бұл шынтақтың кінәсі бар еді. Өзіне сол керек», – дейді.
– Баяғыда менің жеңгем шатырда жатқанда, мені сіз екен деп жанына алып жатқанда, осы шынтағым тиіп кетіп еді, – дейді. Сонда ағасы інісінің нағыз адал екеніне көзі жетеді. Сөйтіп ағалы-інілі екеуі бақытты ұзақ өмір сүріп, мұраттарына жеткен екен.
6. Еркам Айдар
Бұрынғы заманда Еркам Айдар деген жас бала батыр болған. Ұзынсары деген алып болған. Еркам Айдардың Наран деген сұлу қарындасы болған. Сол сұлу қарындасын аламын деп Ұзынсары алып қызыққан. Оның келе жатқанын естіп, қарындасын алып, бір құдыққа түсіп жасырынған. Ұзынсары алып келіп, елді шапқан. Еркам Айдарды қарындасымен қарап таба алмаған. Ол елді шауып алып кетеді. Кеткен соң Еркам Айдар құдықтан шығады. Құдықтан шықса, бір қотыр күрең тай қалыпты. Қотыр күрең тайды барып ұстап алады, ұстаған екен, құнан болады, жүгендеген екен, дөнен болады, ерттеп мінген екен, бесті ат болады. Айшылық жерді алты аттайды, жылшылық жерді жеті аттайды. Сол аты Еркам Айдарға: «Менің үстімде жүргенде сені мен жауға алдырсам, мен ат болмайын, үстімде жүргенде сен жауға алдырсаң сен жігіт болма!», – дейді. Сонан соң, сол атқа мініп алмаған жау болмады. Сол Еркам Айдардың жалғыз қарындасы дуакер екен, сол дуа қылды. «Атса мылтық өтпесін, шапса қылыш өтпесін, адамның күші саған жетпесін», – деп дуа қылды. Бір күнде Еркам Айдар сапарға кеткен екен. Ұзынсары алып іздеп келді. Наран сұлу отырған үйге кірді, қызды көріп айтты: «Сен кімсің?» – деді. Қыз айтты: «Кім боламын, Еркам Айдардың қарындасымын». Ұзынсары айтты: «Сені неше жылдан бері іздеп келдім, құдайға шүкір, сені енді таптым. Енді маған тиемісің?». Қыз айтты: «Жоқ, мен саған бармаймын, менің ағам бек балуан, сені қайда барсаң да өлтірер, мені де өлтірер». Ұзынсары айтты: «Қорықпа, мен сені алармын. Сен шыныңды айт, мені сүйемісің?» Қыз айтты: «Неге сүймеймін, сүйемін, барармын саған. Сен мені алып кетсең, өзім амал тауып берейін!». Қыз бір күндерде ауру болып дөңбекшіді. Еркам Айдар келіп: «Е, шырағым, тас құрсақта жатысқан, емшек бірге еміскен қарағым. Саған не болды? Саған, шырағым, не ем керек?» – дейді. Қыз айтты: «Е, ағам, ауру болдым, бар бір ем, алу қиын. Мынау жақта бір жеті басты жалмауыз бар деп естуші едім, соның маған бір қасық қаны керек. Соны ішсем, жазылар едім». Ағасы айтты: «Қиын болса да алармын. Қарындасымның жолында өлсем шейітпін!» Еркам Айдар сол жеті басты жалмауызды іздеп кетті, бір күндерде бір далада тұрған үйге жетті. Бұл үйге: «Ассалаумағалайкум!» – деп еніп келді. О үйде отырған бір қыз адам екен, ол қыз айтты: «Уағалайкумәссәләм, не қылған жансың?» Еркам Айдар айтты: «Еркам Айдар деген алыппын!». Қыз: «Қайда барасың?» – деді. Жігіт: «Қайда барайын? Менің жалғыз қарындасым ауру еді. Соған жеті басты жалмауыздың қанын іздеп барамын». Қыз айтты: «Батыр болсаңыз да, ақылыңыз аз екен ғой. Сені қарындасың өлсін, қайтып келмесін деп жіберген. Ол жеті басты жалмауызға адам күші жетпейді, ол көрінген жанды күндік жерден жалмайды. Біз үшеуміз қыз едік, үшеумізді аламыз деп санайды, қашаннан бері біз онымен соғысып келеміз, ол бізді ала алмайды, жеті күн, жеті түн соғысамыз. Мұнан былай жолыңда екі апам бар, солар саған бір амал тауып бермесе, сен аласың деп айта алмаймын. Сен қайтқанда қонақ бол бізге». Сонан бір күнде әлгі айтқан ортаншы апасына келді, апасына сәлем беріп, үйіне еніп келді. Қыз сәлемін алып, «Кімсің?» – деді. «Еркам Айдар деген балуан менмін!» – деді. Қыз айтты: «Сен қайда бара жатырсың?». Батыр айтты: «Менің жалғыз қарындасым сал ауру болды, жеті басты жалмауыздың қанын іздеп барамын». Қыз айтты: «Ақылды болсаң да, ақымақ екенсің, қарындасың сені өлімге айдап жіберген екен, сен түгіл үш балуан қыз біз де неше жылдай соғыстық. Үлкен апамыздың күші болмаса бізді алар еді. Сен біздің үлкен апамызға бар, сол бір амал тауып берер». Еркам Айдар үлкен апасына келді, кіріп келсе, ол апасы сұрамай оны біледі екен. Қыз айтты: «Е, Еркам Айдар, ақылды болсаң да ақымақ болған екенсің, батыр да болсаң, тентек екенсің. Қарындасың саған қас қылған екен». Еркам Айдар айтты: «Наранжан маған қас қылмас». Қыз айтты: «Ол жеті басты жалмауыз жеті күн, жеті түн ұйықтамайды. Жеті күн бізбен соғыс қылады, жеті жылдан бері соғысып тұрамыз. Ол көп ұйықтайды, біз аз ұйықтаймыз. Ұйықтап жатқан жерінде біз оны өлтірер едік, ол біздін әкемізді өлтірген еді. Әкеміз айтып еді бізге: «ұйықтап жатқан кісіге тиме» – деп. Әкеміздің тілін тастамаймыз. Осы күнде барсаң ұйықтап жатыр, өлтірсең қайтарыңда бізге қонақ бол». Ол сол жеті басты жалмауызға барды, ұйықтап жатқан жалмауыздың қылышпен бір басын алды, алты басымен ақырып түрегелді. Алты басымен алты күн, алты түн алысады, ой жерді дөң қылады, дөң жерді ой қылады. Алты күнде, алты түнде алты басын алады, сол жерде өлтіреді. Қолқа-жүрегін кесіп алады. Бір күндерде бағанағы қыздікіне қайтып келеді. «Өлтіріп қолқа-жүрегін алып келдім», – деді. Қыз айтты: «Саған да жақсы болды, бізге де жақсы болды, қорқушы едік», – деді. Үйіне қондырып жатқызады. Түнде ұйықтап қалған соң, ол жалмауыздың қолқа-жүрегін алып қалады, бір өгіздің қолқа-жүрегін қоржынына салып қояды. Ертең ерте тұрып, алғанын білмей кетіп қалады. Айдан ай өтіп, жылдан жыл өтіп, бір күндерде үйіне келді. Үйіне жақындап келе жатса, қарындасы Наран сұлу тысқа шығып тұр екен. Ағасының келе жатқанын көрді, жеті басты жалмауыздың қолқа-жүрегін алып келгенін білді. Қайта жүріп үйіне енді: «Е, Ұзынсары алып батыр! Менің ағам келе жатыр, сенің әлің оған жетпес, бұл жолда жүдеген жоқ екен, қимылдамай жат! Тағы да бір қиын іске жұмсайын», – деді. Ағасы келді, амандасып көрісті. «Шырағым Наранжан, ауруың қалай?» – деді. Қыз айтты: «Жазылған ауруым жоқ», – деді. Жалмауыздың жүрегін қызға берді, қыз емделді, сол қыз ойнап жүріп жазылып кетті. Еркам Айдар қуанып тағы бір жау жаулауға кетті, сол жауды алып, үш күннен соң үйіне жетті. Келсе қарындасы есіктен төрге, төрден есікке дөңбекшіп, «ойбай» салып жылап жатыр. «Қарағым, Еркам Айдар, менің ауруым бұрынғыдан жаман болды». Еркам Айдар айтты: «Е, шырағым Наранжан, сен өлсең, мен жалғыз қайда барамын. Құдай сені жалғыз алғанша сен екеумізді бірге алсын. Наранжан шырағым, ұрғашыдан кәрі құлақты болушы еді, саған не ем керек болар?». «Маған Тағаланның ақ түйесінің сүті керек. Соны ішсем жазыламын. Тағаланның ақ түйесінің бурасы бар екен, сол бура көзі көрген жанның бәрін алады екен, соған барып сол бураны өлтіресің». Сол Еркам Айдар кетеді іздеп, бір замандар болғанда әлгідегі қыздыкіне келіп кетті. Қыз амандасып: «Қайда барасың?» – деді. Еркам Айдар айтты: «Тағаланның ақ түйесінің сүтін іздеп барамын». Қыз айтты: «Е, Еркам Айдар, ақылды болсаң да ақымақ екенсің. Қарындасың сені өлімге жұмсаған екен. Ол Тағаланның ақ түйесін адам ала алмайды. Сен ортаншы апама бар, ол білсе білер». Бір күндерде ортаншы апасынікіне келді. Үйіне кіргенде қыз айтты: «Қайда барасың?». Еркам Айдар айтты: «Жалғыз қарындасым ауру, соған Тағаланның ақ түйесінің сүтін іздеп барамын». Қыз айтты: «Е, Еркам Айдар, ақылды болсаң да, ақымақ екенсің, батыр болсаң да, тентек екенсің, сені қарындасың өлімге жұмсаған екен». Бұл Тағаланның ақ түйесінің сүті бұлақ болып ағып жатады, ол өлген кісіні тірілтеді, оның бурасы бар, көрінген кісіні қуып жетіп өлтірер. Біз-дағы оның сүтін керек қыламыз, бірақ бурасынан қорқып бармаймыз. Менің үлкен апама бар». Бір күндері сол үлкен апасына келді. Қыз айтты: «Қайда барасың?», Еркам Айдар айтты: «Қарындасым ауру еді. Тағаланның ақ түйесінің сүтін іздеп барамын». Қыз айтты: «Күшің көп те болса, ақылың жоқ екен, қарындасың сені өлсін деп жіберген екен. Тағаланның ақ түйесінің сүтін біз де алайық десек те, бурасынан қорқып бармаймыз, бір алсаң бурасы ұйықтап жатқанда аларсың, атың жүйрік болса алып қашып жеткізбей кетсең құтыларсың, егер қуып жетсе сені өлтірер». Еркам Айдар: «Ажал жетпесе өлмен!» – деді. Бір күндерде барып жетті, ағып жатқан сүттен торсығына құйып алып қашты. Сол қашып бара жатқан атының дүбірінен ұйықтап жатқан бура оянды, көріп оны қуды, бір заманда қуып жетті. Қуып жетіп, иінінен тістеп алып жерге соқты. Еркам Айдар бураны түрегеліп соқты және бура оны алып соқты, бір-бірін екеуі үш-төрттен алып жықты, төртіншіде бураның жағын сындырып өлтіріп, құтылып кетті. Баяғы қыздікіне келіп қонды. «Есен-сау келдің бе?» – деді қыз. «Бураны өлтірдім, сүтті алып келдім», – деді. Түнде қонып, ұйықтаған соң, әкеле жатқан сүтін алып қалды, бір түйенің сүтін торсығына құйды. Ертесіне ерте тұрып, Еркам Айдар ештеңе білмей жүріп кетті. Бір заманда үйіне жетті. Қарындасы ағамның келетін уақыты болған шығар деп тысқа шықты, ағасын көрді. Қайтып үйіне енді, айтты: «Ұзынсары алып, ағам келе жатыр, сенің күшің оған жетпес, үндемей жата бер». Ағасы үйге келді, қарындасымен амандасты, сүтін берді, бұл қыз әкелген сүтпен беті-қолын жуды, жазылды, ойнап-күліп жүрді. Еркам Айдар жауға аттанып кетті, үш күннен соң үйге қайтса, қарындасы бұрынғыдан да жаман ауырып қалыпты. Ыңыранып төрден есікке домалайды. Еркам Айдар жылады: «Сен өлсең мен де өлемін. Тағы саған бір ем керек пе?». Қыз айтты: «Маған Тағаланның көкшолақ қасқырының өті керек», – деді. Еркам Айдар атын ерттеді, жұмсаған жеріне жөнелді. Бір заманда күндер болғанда баяғы қыздікіне жетті. Қыз айтты: «Қайда барасың?». Жігіт айтты: «Қарындасым тағы ауру, соған Тағаланның көкшолақ қасқырының өтін іздеп барамын». Қыз айтты: «Сені өлсін деп жұмсаған қарындасың, өзге жолдан келсең дағы, бұдан келе алмайсың, ол көкшолақ қасқырға адам күші жетпейді. Оған сен барма, барсаң келмессің». Еркам Айдар айтты: «Қарындасым үшін өлсем шейітпін, барамын». Еркам Айдар кетті, бір заманда үлкен апасынікіне келді. Сәлем беріп, үйге кіріп келді. Қыз айтты: «Қайда барасың?». Еркам Айдар айтты: «Жалғыз қарындасым ауру болды, соған Тағаланның көкшолақ қасқырының өтін іздеп барамын». Қыз айтты: «Е, Еркам Айдар, қарындасың сені өлімге жіберген. Ол көкшолақ қасқырға адамның күші жетпейді. Өзінен басқаның бәрін асайды. Оған сен барма, сені де асап қояр. Оған сен барма, барсаң, сонау көгеріп көрінген төбе сол –жатқан қасқыр. Ұйықтап жатқан жерінде алмасаң, ала алмассың», – деді. Еркам Айдар атқа мінді, кетті. Бір уақытта көкшолақ қасқырға жетті. Қасқыр ұйықтап жатыр екен, пәлені барып қырық құлаш семсерімен шапты, белі екі үзіліп кетті. Кеудесімен алысып кетті. Үш күн, үш түн алысады, ол қасқырды өлтіріп өтін алды. Қайтып қыздікіне келді. Қыз түнде жатқызып алып, қондырып, алып келе жатқан өтін алып қалып, басқа бір қасқырдың өтін білдіртпей салып қояды. Ертең ерте тұрып, Еркам Айдар кетіп қалады. Бір замандар болғанда үйіне жетіп келді. Қарындасы ағасының келетін уақыты болды деп, күтіп тұр екен. Қыз ағасын көрді-дағы қайтып үйіне енді қуанып. «Менің ағам Еркам Айдар жүдеп келе жатыр екен, тұрып бір алысып бақ, Ұзынсары алып». Еркам Айдар үйіне еніп келді. «Е, қарағым, қарындасым, сенің үшін жүдеп келдім, маған бір жақсы ас бер!». Қарындасы бір аяқ асты құйып берген екен, аузына тиер-тиместе Ұзынсары алып ақырып түрегелді. Екеуі сол жерде алыса кетті. Еркам Айдардың тақымы құрысып қалған екен, орнынан тұра алмады. Екеуі отырып сол жерде жеті күн, жеті түн алысты. Еркам Айдар айтты: «Е, қарағым Наранжан, тар құрсақта жатысқан, таласып емшекті еміскен, мынаның астына бұршақ сал, тайғақтап жығылсын. Менің астыма ұн сал!» Қарындасы астына бұршақ салды, Ұзынсарының астына ұн салды. Ұзынсары Еркам Айдарды бұршаққа тайғанақтап алып соқты. Өлтірейін десе қылыш өтпейді, атса мылтық өтпейді. «Мұны қайтеміз?» – деді. Қыз айтты: «Бір қырық қатынның сідігімен суарған бір алмас пышағы бар, бір өтсе сол өтеді». Сандықтан бұл пышақты алып берді. Сол пышақты тамағына шаншып қалса, пышақ тамағына еніп кетеді. Ұзынсары Еркам Айдарды өлтіріп, қарындасын, мал-жанын алып кетеді. Еркам Айдардың өлетінін білген соң, күрең аты қашып кетті. Қашып, үш қызға барды. Күрең ат ол уақытта қызды мінгізіп алып келді. Баяғы жеті басты жалмауыздың қолқа-жүрегін, Тағаланның ақ інгенінің сүтін, Тағаланның көкшолақ қасқырының өтін алып келді. Өлгенді тірілтетін дәрі екен, емдеп тірілтпек еді, бағанағы пышақ суырылмады. Күрең ат айтты: «Жеті қабат жібектен арқан есіп, бір жағын пышаққа байла, бір жағын менің беліме байла. Пышақ сонда шығар, шықпаса өлгені». Байлады, күрең ат үш алып көкке шықты, үш алып жерге түсті. Сонда пышақ шығып кетті. Еркам Айдар: «А, қатты ұйықтап кеткен екем», – деп түрегелді. Қарындасының қас қылғанын жаңа білді. Түрегелсе бағанағы үш қыз қасында отыр, үш қыз тірілткенін білді. Сол жерде үш қызды өзі алыпты. Үш қатыны айтты: «Біз ешқайда бармаймыз. Кеше қарындасыңды әкеткен жауыңа барып өш алсаңшы!». Еркам Айдар азық алды, тозбас киім киді, күрең атын мініп, іздеп кетті. Бір замандар болғанда бір елге жетті. Елге келсе, бір тезек теріп жүрген кемпір көрді. Еркам Айдар айтты: «Е, кемпір, бұл қай ел?». Кемпір айтты: «Ұзынсары алыптың елі». «Бұл – Ұзынсары алып Еркам Айдар деген алыптың қарындасын алған еді, сол қарындасы бар ма?» Кемпір айтты: «Ұзынсары алып Еркам Айдардан қорқып некесін қидырмаған еді. Тірілсе, бізді өлтірер деп қорқушы еді. Еркам Айдар тірілмеді, оның үшін некесін қидырып алғалы жатыр. Соның тойы болып жатыр». Еркам Айдар сол үлкен тойға баруға түрленеді. Өзі тазша болып, атын қотыр күрең тай қылды. Сол тойға келіп бір қызбен өлең айтысады, ол қызды жеңіп кетіпті, тағы да екіншісімен айтысады. Сонда Еркам Айдардың қарындасы айтты: «Бұ кімнің дауысы, менің қарағым Еркам Айдардың дауысы сықылды екен?». Кісілер айтты: «Бұл – бір тазша» Қыз айтты: «Мұнда ша-қыртып келтірші!» Тазшаны үйге енгізді. Қыз айтты: «Сен тазша кімсің?». «Мен бір бейшара, мүсәпірмін». «Сен Еркам Айдарды көрдің бе?» Тазша айтты: «Көргем жоқ». Наран сұлу бұл тазшаға бір жақсы ат және шапан берді. Сонан соң бір күндерде Ұзынсары жамағаттарын жиып алып, оқ атарға серуенге шықты; сонда Еркам Айдар көп кісімен бірге барды. Өзінің жағы жоқ екен, біреудің жағын сұрап алып атады. Тартуына жарамай сынып қалады, тағы да екінші жағын сұрап алып тағы да сындырады. Сонан соң жамағаттар: «Бір балуан тазша бар», – деп Ұзынсары алыпқа айтады. Ұзынсары алып: «Е, тазша, менің жағымды көтеріп атшы! Көтеріп атсаң, аттың, ата алмасаң, басыңды аламын». Еркам Айдар Ұзынсары алыптың жағын қолына алды. Тартса, жарамай сынып қалады. Ұзынсары алып ашуланады: «Бұл тазша балуан тазша екен. Еркам Айдардың үйдегі жағын алып кел, соны көтеріп атса жарайды, ата алмаса сонда басын алармын», – дейді. Алып келіп, сол оқжақты берді, өзінің оқжағын қолына алып: «Әттеген-ай! Жаман болып қалған, түзетерге керек екен», – деді. Ұзынсары: «Мұны немен түзетер?», – деді. «Ту бие тауып берсең, соны сойып қазысына ораса түзелер еді, сонан соң көтеріп атсам, атайын, ата алмасам, басымды берейін!» – деді Еркам Айдар. Ту бие сойып қазысына үш күн орап тастайды. Төртінші күнде жағын қолға алды, бір оқ жағына салды. Бір оғының басы төрт пұт екен. Бір атқан екен, бес жүз кісі өледі. Сонан соң бұл Ұзынсары алып қашты. Ұзынсары алыпты куып жетіп, екеуі үш күн соғысады. Ұзынсары алыптың басын кесіп өлтіреді. Ұзынсары алыптың елін жесір-жебір қылып шауып алады. Наран сұлу қарындасына келіпті. Қыз келгенін көріп: «Е, Еркам Айдар шырағым!» – деп алдынан жүгіріпті. Еркам Айдар қарындасын ұстап алды, атқа байлады. Енді шауып кеткен елін үйіне қайтарыпты. Наран жазасын тартып өлді. Еркам Айдар кегін алды. Үш қатынымен барша мұрат басына жетті.
7. Дудар қыз
Ертеде бір бай болыпты, ұлы да жоқ, қызы да жоқ, жылқысы көп болыпты. Бай жылқысын бақпайды, жылқысын қасқыр жемейді, жылқысын ұры алмайды. Өңге жерде бір хан бар екен, хан айтады: «Оның жылқысын қасқыр неге жемейді, ұры неге алмайды, менің жылқымды қасқыр да жейді, ұры да алады». Кісілер ханға айтты: «Баласы жоқ байдың жалғыз бурыл аты болған, касқырға жегізбейді екен, ұрыға бермейді екен». Хан енді байдан: «Бурыл атты маған берсін!» – деп сұрата кісі жіберіпті, бай бурыл атты бермейді. «Бермейді бай атын», – деп жіберген кісі келді. Хан той қыламын деп жұртқа хабар айтты: «Ұлы жоққа отыратұғын орын жоқ, қызы жоққа қымыз жоқ, бұ тойға келмесін!». Ел-жұрт тойға жиылды, бәрі барды, сонан соң ұлы жоқ қатын байына айтты: «Тойға барайық!» – деді. Бай айтты: «Бізді келме деп хан айтқан, қатын, сен болмайсың, барайық!», – деп. Сосын тағы Бай айтты: «Барсақ, барайық!» – деді. Бір саба қымыз түйеге артты, қатын жетектеді, түйені бай көтінен айдады, келді тойға. «Бай келді» – деп адам шықпады алдынан, қатынымен екеуі келіп тұрды үйдің сыртына. Бай ашуланды, жанындағы пышағын суырып алды, сабаны пышақпен тіліп жіберді, қатынын үйіне жеткенше сабап келді. «Тойға бармайық деп айтып едім, айтқан тілімді алмадың», – деп. Үйіне келді, жылқыдан айғыр алды, сиырдан бұқа алды, қойдан қошқар алды, ешкіден теке алды. Айғырды, бұқаны, қошқарды, текені төртеуін алып мидай далаға кетіп, үлкен шалқар көлдің басында төртеуін сойды құдайға. Құдайдан бала тілеп шырағын жақты, көлдің басында екеуі қатыныменен жатты. «Е, Құдай, ұл бер, е, Құдай, қыз бер, малды не бер, малды не берме!» –деді. Түнде бай түс көрді. «Бурыл атты сойып берсең, қыз берейін!» – депті. Бай үйіне бурыл атты «бауыздаймын» деп жылқыдан әкеліп жықты, аяғын буыпты, қатыны жылайды: «Сойма, сойма!» деп жылайды, байы тілін алмайды, бауыздап атты өлтірген соң түнде жатады екеуі, ертеңіне қатыны буаз болады. Туатұғын уақыт болды, көп қатындар жылады, қатындар айтады: «Баланың кіндігін мен кесемін!» – деді. Бала іште жатып жауап берді: «Үйдегі қатындарды қуып жібер, өзім жақсы туамын!» – деді. «Әкем үйге келсін, қатынның маған керегі жоқ!», – деді, – «әкемнің маған керегі бар, әкем маған келсін!», – деп шақырды. Әкесі үйіне келді. «Әке, әке, туайын ба?» – деді. «Шырағым, туа ғой» – деді. «Өзімді өзім билесем, туамын» – деді, – «өзімде билік болмаса, тумаймын», – деді. Әкесі: «Өзіңді биле», – деді. Бала туды, шешесінің ішінен жерге түсті, қатындар жиылып келді, таңырқап келді, «не қылған жан екен бұ, ұл ма екен, қыз ба екен, білейікші?!» – деп келеді. Әкесі айтты: «О, қыз екен!», – деді. Әкесі бір қой сойыпты, той қылыпты, қымызынан ішіпті, етін жеп қатындар үйіне қайтыпты. Қыз ер жетіпті, күнде «байдың қызын айттырамын»- деп мырзалардың балалары келіпті, қыздың өзі көркем екен. Әкесі келген жігіттерге айтыпты: «Мен білмеймін, қызымның өзі біледі, өз билігі өзінде», – деді. Жігіттер қызға келеді, амандасады, сөйлеседі. «Сен маған барамысың?» – деді. «Барамын!» – деді. «Атымды тапсаң, саған барамын», – деді. «Атымды таба алмасаң, мен саған бармаймын!» – деді. Жігіт атын таба алмады, өзінің әкесі де, шешесі де атын білмейді екен. Бір күн болғанда шешесі қыздың атын сұрайды «сені біз не деп шақырамыз?», – деп. «Атыңды біз білмейміз». Қыз айтты: «Атым менің – Дудар қыз». «Менің атымды адамға айтпаңыз», – деді. Күнде тағы жігіт келеді, әкесі «мен білмеймін» деді. «Қызымның өзі біледі», – деді. «Күйеуге барса да бармаса да өзі білсін». Жігіттер қызға келді. Амандасты, есендесті, сөйлесті. «Сені мен аламын, сен тиесің!», – деді. Қыз айтты: «Атымды тапсаң тиемін, таппасаң, тимеймін!», – деді. Атын адам таба алмады. Ауылы көшті далаға, қыз жүгін артты түйеге, түйенің басын үйінде жүрген күңіне жетектетті. Қыз жұртта қалды, қыз қара жорға атына мінді, жүгінің көтінен қуып келді, қуып келсе, күңнің жетектеп бара жатқан түйесінің жүгі бір жағына қарай ауып қалыпты, оны қыз көрмейді, күң оны айқайлап шақырды, есітпеді, сонан соң: «Дудар қыз, мұнда кел, түйе ауып қалды, кел мұнда!» – деді. Қыз күңге қайтып келді. «Сен менің атымды атадың ба?» – деді. «Атағаным жоқ, қыз деп сені шақырдым», – деді. Жүгін қайта артып, қонатұғын жеріне түйені алып келіп, жүгін түсірді, үйін тікті, қыз желпініп төрінің алдына отырды. Бір жігіт келді, айтты: «Бай, қызыңды мен алғалы келдім», – деді. Бай айтты: «Қызым өзін-өзі біледі!» – деп. Қызына келді жігіт: «Е, қыз, амансың ба, сені айттырғалы келдім!» – деді. «Атымды тауып ал!» – деді. Жігіт айтты: «Атың Байлантұғын болмасын!». «Жоқ, атым ол емес». «Атың сенің – Дудар қыз», – деді. «Атымды таптың», – деді. Той қылды, құда түсіпті, қыз бен жігіт қол ұстасты, әкесі ұзатқалы жатыр: «Қызыма жылқының бәрін бөліп беремін, алып кет!» – деді. Малдың ішіне келді, келіп жылқыны көріп, қарап жүрсе бір кішкене құла тай үстіне тер қатып тұр екен. Құла тайдың жалын алақанымен уқалады. Құла тайға тіл бітті: «Е, Дудар қыз!», – деді. «Сені ұзатады ма?» Қыз айтты: «Мені ұзатады». Құла тай айтты: «Не аласың?» – деді. «Әкем малдың бәрін де беремін деп айтады». «Сен малды алып не қыласың? Малды алма! Бұйым да берсе, бұйым да алма! Күйеуің өзіңе тәуір ме, жаман ба? – деді. Қыз айтты: «Жақсы екенін, жаман екенін білмеймін» – деді. «Сен білмесең, мен айтайын. Күйеуің сенің қасқырдың алыбы құбылып келген, адам болып келген. Анау күң сіздің үй көшіп келе жатқанда, күңнің жетектеген түйесі ауғанда сені шақырған. Шақырғанда сен келмегенде атыңды атап, сені «Дудар қыз» деп шақырған. Сонда осы қасқыр өлген кісіні көрден суырып жеп жатқанда сонда сенің атыңды есіткен», – деді. Қыз онан шошыды, Құла тай айтты: «Әкең мал берсе де алма, бұл берсе де алма! Берсе әкеңнің жағыменен оғын ал, қара күңді ал, мені ал, қара түйені ал!». Үйіне келді, қыз төсекке келіп, қорқып жылап жатты. Әкесі айтты: «Жылама, ұзатамын, басыңды көтер!» – деді. Қыз басын көтергенде әкесі: «Балам, не аласың?» – деді. «Әкем, жағың менен оғыңды берсең, аламын, қара күңді берсең, аламын, қара түйені берсең, қара түйені аламын, құла тайды берсең, Құла тайды аламын». Әкесі айтты: «Қара күңді, қара түйені, құла тайды мен саған беремін, жағымды бермеймін», – деді. Қыз жылады, сонан соң шешесі байына ұрысты. «Қызымнан сенің жағың менен оғың артық па, балам сұраса бер!» – деді. Бермек болды: «Ал, балам», – деді. Қыз жылқыдан Құла тайға құрық салды, құнан болды, – жүгендеді, дөнен болды – ерттеді, бесті болды – қызды мінгізді, алты жасар ат болды. Қара түйені ұстап алып келіп берді, қара күңді сол түйеге отырғызды. Қыз бәрін де алды. Құла атқа мінді, жағын мойнына салды, күйеуге ұзатып алып кетіп барады. Күйеу қызға айтты: «Мен алдымен озып кетемін. Ұзыннан сызылған жер болса, жүр, көлденең сызған жер болса, қон» – деді. Күйеуі кетті, қатын кейін қалды. Құла ат айтты: «А, Дудар қыз күйеуің озып неге кетті, білдің бе?» Дудар қыз айтты: «Білгенім жоқ». Құла ат айтты: «Мен білдім», – деді, күйеуің қасқыр болып қайтып келіп, қара түйені жейді, қара күңді жейді, – деді. Азырақ жерге барып еді, үлкен бір қасқыр келе жатыр. Қасқыр келді де қара түйені жұтты, күңді екеуін де. Қасқыр қашып кетіп қалды. Бір уақытта жігіт болып құбылып, артынан келді, келіп қараса күйеуі екен. «А, Дудар қыз, – деді,– қара түйе қайда, қара күң қайда? – деді. «Бір қасқыр келіп жеп кетті» – деді. Күйеуі айтты: «Жесе жесін». Дудар қызға айтты: «Анау көрінген таудың арасында ағарған – менің үйім, – деді, – соған кел», – деді. Мен озайын, – деді. Ат айтты: «Е, Дудар қыз, не ойлап келесің?» деді. Дудар қыз айтты: «Мен не ойлайын», – деді. Ат айтты: «Жеті жұртты жалмаған жалмауыз қасқыр қатыны жүгіріп алдынан шығар, жүгіріп келіп менің, тізгінімнен ұстар, сен тізгінімнен ұстатпа!» – деді. Қасқыр қатыны жүгіріп келді. «Дудар қыздың тізгінінен ұстаймын!», – деді. Дудар қыз айтты: «Атымның тізгінінен ұстама, сен үлкен, мен кіші, атымды өзім байлаймын!» – деді. Дудар қыз түсе келді, үйдің жанына атты байлады, үйге еніп есіктің алдына келіп отырды. Байы үйдің ішінде төсекте жатты, үлкен қатыны төсектің жанында отырды. Бай ұйықтап жатыр екен, оянды. «Е, Дудар қыз, мұнда қасыма кел!». Дудар қыз бармады. «Менің үлкен апам жатқан төсекке бармаймын», – деді. «Ұят!» – деді. Келмеген соң байы ақырды, ашуланды, ашуланса да келмеді. Үлкен қатыны жүгіріп қасына келді, байының басын қасыды, арқасын қасыды, байы ұйықтады, жеті күн ұйықтады, жеті түн ұйықтады. Бай ұйықтап жатып ойбайлады, бір уақытта бақырды, бір уақытта шыңғырды. Сонда ат үйге сүйкенді. Бір уақытта «атты бір жерге байлаймын»- деп Дудар қыз үйден шығып кетті. Шықты да атқа мінді, садағын, оғын алды. Ат айтты: «Көзіңді жұм, үш күн, үш түн көзіңді ашпа!» – деді. Құла ат үш күн ұшып кетті, үш түн ұшып барып түсті. Құла ат тұра қалды, қыз көзін ашты, ат айтты: «Ерімді, тоқымымды ала көр». Ер тоқымды Дудар қыз алды, аттың бір қабат терісі тоқыммен бірге алынды. Ат аунады, әрі-бері оттады, бұрынғы қалыбына түсті. Шауып ат кетті. Кетсе, бір далада бір адам тұр екен. Ат қайтып Дудар қызға келді. «Ертте!», – деді, «Мін маған!», – деді. Ер тоқымды ерттеді, манағы көрінген кісіге келді. «Ассалаумағалайкум!» – деді. «Уағалайкумассалам!» – деді. Жігіт айтты: «Кімсің?» деді. Қыз айтты: «Мен бір ермін, аң атқалы жүрген жанмын!», – деді. Жігіт айтты: «Сен ер болсаң, мен де ермін. Мен аға болайын саған, сен маған іні бол!» – деді. Болмақ болды, біреуі аға болды, біреуі іні болды, екеуі бір ағайынды болды. Екеуі аң атты, қыз бір атқанда екі құлан атты, анау жігіт – Төстік батыр біреуді атты, екеуі кешке үйіне келді, үш құланды алып келді. Төстік батырдың шешесі бар екен. «Балам, Төстік! Қасыңдағы ертіп келгенің кім?» – деді. «Шеше, – деді, – ертіп келгенім бұл бір ер, бұ менен артық батыр, – деді, – мен бір құланды аттым, бұ екі құланды атты», – деді. Шешесі айтты: «Балам, шыққыр көзім шықпаса, мұның өзі ер емес, қыз», – деді. Інісі үш құланды сойды, суды әкелді, етін асты, әлім қылып пісірді, арса қылып түсірді. Етті жеді, ертең таң атқанда атына мінді екеуі, аң атқалы кетті. Қыз екі құлан атты. Төстік батыр бір құлан атты. Екеуі далада сойып жатыр еді, бір кісі келді, жетектеген аты бар екен. «Төстікті іздеп келдім» – деп Төстік батырға сәлем берді. Төстік сәлемін алды. «Қайда барасың?» – деді. О кісі айтты: «Сені іздеп келдім», – деді. «Мені неғыласың?» деді. «Елімізде патша той қылып жатыр», – деді. «Теректің басына бір ділдә қояды, соны атып түсірген кісіге қызымды беремін», – деді. «Соны сен алып, түсіріп алсаң, сен қызын аласың», – деді. Ол ділдәні ататұғын кісі табылмады. Қанша кісі жиылып барып атып еді, ділдәсін жерге атып түсіре алмады. «Соны сен атып жерге түсірсең, қызын аларсың»- деді. Дудар қызды алып, үшеуі бірге кетті, патшаға келді, келсе қанша жамағат тұрған, атып жатыр екен. Дәл тигізе алмайды екен. Келді де Төстік батыр атты, жақын жанына жетті, сонан соң Дудар қыз атты, ділдә шылдырлап жерге түсті «патшаның күйеуі бол» – деп кілемге салып көтеріп, патшаға апарды, қызды әкеліп жігіттің қойнына салды. Үш күннен соң ұзатпақ болды, үш күн өтті, қызды ұзатты, қыздың інісі ерді, қыз інісіне айтты: «Мені бұған неге бердіңдер, бұл да қыз, мен де қыз», – деді. Құла ат Дудар қызға келді айтты: «Е, Дудар қыз, алып келе жатқан қатын інісіне айтты: «Мен де қыз, ол да қыз», – деп: Дудар қыз айтты: «Енді қайтемін?» Құла ат айтты: «Сен қайныңа айт, екеуміз жарысайық деп айт. Сонда ол жарысар», – деді. Жігітке қыз келді, «жарысайық», – деді, Екеуі жарысып кетті. Құла ат озып кетті, бір құлан атты, құланның бұтын кесіп алды. Бір көлдің басына келді. «Е, балдызым, – деді – суға шомылайық!» – деді. «Жарайды», – деді. Екеуі шешінді, қыз құланның бұтын өзінің бұтына қолымен ұстап суға түсті, қайнысы қасына келді. Балдызына шүметейін көрсетті, балдызы көрді, балдызы қуанды. Судан шығып киіміне келді. Балдызының көзін алдап, құланның шүметейін жерге тастады, өзі киімін киіп алды. Екеуі атына мінді, патшаның қызына келді. Інісі айтты: «Апа! Сен қыз деп едің, еркек екен. Бұтын көрдім, бұтында шүметейі бар екен», – деді. Қыз қуанды, Төстіктің шешесінің үйіне алып келді, үш күн жатты, балдызы төртінші күні үйіне қайтып кетті. Ертеңінде Дудар қыз жалғыз «аң атамын» деп шықты. «Аға, сен үйде жат! – кешке мен келермін!» – деді. Ертеңінде Дудар қыз атына мінді, далаға кетті, ат тұрып айтты: «Е, Дудар қыз, – деді – енді қайтесің?» – деді. «Енді мен кетейін», – деді. Ат айтты: «Қасқыр байыңнан хабар жоқ. Ертең сен Төстікпенен далаға шық. Төстікке өзің ти», – деді. Кешке үйіне келді, екі құлан алып келді. Жатты, ерте тұрды, беті-қолын жуды. «Е, ағам екеуміз құлан атайық!» – деді. «Жүр, екеуміз барайық» – деді. «Жарайды, барсақ барайық!» – деді. Екеуі кетті, мидай далаға келді. «Е, аға, кешегі әкпелген патшаның қызын кім алады?», – деді. «Е, шырағым, өзің ал!» – деді. «Мені кім алады?» – деді. «Сені кім алсын?» – деді. «Аға! Мен қыз едім», – деді. Ағасы қуанды, қыз белгісін емшегін шешіп көрсетті, жігіт қуанды, сонан соң үйіне қайтып келді, алды қызды, екеуін де алды, қатын қылды. Шешесі қыз деп айтқан соң «уф!» деді. «Уф!» деген лебізі от болды, үйі жанып кетті. Сонан соң, Дудар қыз буаз болды, буаз болып жүрді. Еліне бір жау келді, жұрт жиылды, соның көтінен қуып кетті. Төстік батырға қатыны Дудар қыз: «барма»-деді, айтқан сөзін алмады, «жауға барамын» деді. Қатын болмаған соң айтты: «Барсаң бар! Құла атты сен мінбе! Сені тастап маған келер», – деді. Атты байы мінді, айтқан сөзге көнбеді, қыз шідерді бермеді, бұтының арасына қысты, күйеуі өзін итеріп тастады, шідерді жұлып алды, жігіт аттанып жөнелді. «Шеше, аман бол!» – деді. «Мына қатыным бала тапса мені қудырт, ұл туса атын Алтынбай қой» – деді. Сөйтіп айтты да кетті. Бір ай жүрді, бір ай өткен соң, қатыны бала тапты. Басы алтын, көті күміс бір ұл тапқаннан соң, шешесі: «Төстік баламды шақырып кел! Дудар қыз келінім ұл тапқан, басы – алтын, көті – күміс». Қағаз жазды, баласына ол қағазды кісіменен жіберді. Қара дүлдүлге кісіні мінгізді, қудырып жіберді, айшылық жерді алты басып барып жетті. Жүректей жерден жұлындай түтін шығады, түтін шыққан жерге жетсе, есік көрінеді, есікті ашып еніп келсе, қу аяқ кемпір отыр. «Балам, қайда барасың?» – деді. «Түнеугі кеткен қолды көрдің бе?» – деді. Кемпір айтты: «Мен көрдім, осында қонып кетті, шаршап келеді екенсің, атыңнан түс, атыңды байлай тұр, ас берейін саған», – деді. Атынан түсті жігіт, атын байлады, үйге кірді, отырды, кемпір бір аяқ боза құйып берді, ішті жігіт, ас ішкен соң жатты, «демімді алайыншы», – деп жатып еді, ұйықтап қалды. Ұйықтап жатқан жігіттің қалтасына кемпір қолын салып жіберді, кемпір алақандай қағазын суырып алды, жігіт мас болып ұйықтап қалып білмеді. Кемпір қағазды оқып қараса, Дудар қыз ұл тапқан, басы алтын, көті күміс ұл тапқан екенін білді. Дудар қыз Төстік батырдың үйінде екенін білді. Ол кемпір қасқыр алыптың шешесі екен. Қағазды қайтып жігіттің қойнына білгізбей салды. Жігіт бір уақытта оянды, түрегелді. «Ойбай, күн кеш болып барады екен. Мен жүрейін». «Жүрсең жүр, жігітім. Қайтарыңда біздікіне келе кет». Жігіт атына мінді, Төстік батырды қуып кетті. Бір уақытта жетті, амандасты, «Қайда барасың, жігітім?», «Сізге келдім», – деді. «Қатының ұл тапты, шешеңнін, беріп жіберген қағазы, мінекей», – деп берді. Қағазды оқып қатынның ұл тапқанын білді. «Қайтамын», – деді. Төстік батырдың қасындағы жолдастары енді «қайтпа!» – деді. «Бір айдан бері келе жатырмыз, – деді. Енді жауға жеттік, – деді, ішіміздегі батырымыз сіз, қайтпаңыз. Жауды мұқатып кетейік!». Төстікті жолдастары жібермеді. Шешесіне Төстік хат сызды. «Шешеме сәлем. Той қылсын! Көп жұртты шақырсын! Баламның атын Алтынбай қой» – деп. Сонан соң манағы келген қайтты үйіне, қайтып жолындағы кемпірге келді, кемпірдікіне түсті, жігіт «демімді алайын», – деп жатты. Ұйықтағанын кемпір білді. Қалтасындағы қағазын суырып алды, отқа тастап жіберіп, жақты. Өзі қайтадан кемпір қағаз сызды. «Атты қинап шешем маған жіберген болыпты. Шешеме сәлем. Отыз арба отын әкеліп Дудар қызды баласымен екеуін отқа салып өртесін!» – деп кемпір сызды. Қағазды жігіттің қойнына салады. Жігіт оянды, түрегелді, «жүрейінші» деді, атына мінді, үйіне келді, қағазды шешесіне берді. Шешесі оқыды, отыз арбамен отынға жіберіп, баласының айтқан сөзін екі қылмады. Дудар қыз бала жаңа тапқан, жылап жатыр, түн ортасы болғанда Құла ат келді. «Дудар қыз, жатырмысың?» – деді. «Жатырмын, жатпай қайтейін», – деді, «Шық!» – деді. «Алтынбайды ала шық!» – деді. Дудар қыз түрегелді, киімін киді, белін буды, баласын қойнына салды, үйден шықты, шығып қараса Құла ат келіп тұрған. Құла атты көріп жылады, үш аяғын да шідер қиып тастапты, аяғының ақ сүйегі көрінеді. Шідерін алды, жанына байлады. Құла атқа мінді, қашып жөнелді, артынан біреу қуып келеді. Ұшайын десе ұша алмады, жүгірейін десе жүгіре алмады, жақындап келіп кетті. Дудар қыздың қалың тарағы бар екен. Тарағын лақтырды, «қалың тоғай бол»,– деп тастады. Қалың тоғай болды. Қу аяқ кемпір адасты. Дудар қыз кетті, кемпір тоғайдан шығып тағы қуды, қолындағы Дудар қыздың айнасы бар. «Айнасын үлкен дария көл бол» – деп лақтырды. Үлкен дария көл болды. Дудар қыз көлге құла атымен жүзіп ортасында келе жатыр, артынан кемпір су ішінде қуып жетті, келіп қыздың білегінен ұстады. Ұстағанда қараса Дудар қыздың қолында пышағы бар екен, кемпір пышақты жұлып алды, аттың ішін пышақпенен жарып жіберді. Кемпірді ат қос аяғымен теуіп жіберді. Кемпірдің мойны үзіліп өлді. Судың жиегіне шыққан соң, қарыны жерге түсті, құла ат жығылды, өлгелі жатыр. Дудар қыз құла аттың басын құшақтап жылап отыр. Құла ат: «Дудар қыз, жылама!» – деді. «Төрт аяғымды кесіп, төрт жаққа таста, төрт айғыр жылқы бол! – деп айт – деді. Кеудемді кесіп, осы араға таста, алты қанат ақ үй бол деп айт!», – деді. Құла ат өлді. Қыз басын құшақтап үш күн, үш түн жылады, жылаған соң тірілмеді, төрт аяғын кесіп, төрт жаққа тастады, «төрт айғыр жылқы бол!», – деді. Кеудесін кесіп, жатқан жеріне тастады. «Алты қанат ақ үй бол!» – деп. Төрт аяғы төрт айғырдың үйірлі жылқысы болды, кеудесі ақ үй болды, бай болды, бие сауды. Алтынбай ер жетті. Жылқы бағады. Жылқы бағып жүрсе, бір аяғы жоқ адам киік атады. Киікті алып Алтынбай алып қашады, шешесіне алып келеді, Ертеңінде тағы Алтынбай аяғы жоққа келеді. «Алтынбай, мұнда кел! – деп шақырады, қасына келеді, басындағы тақиясын береді Алтынбайға. Алтынбай тақияны алады, үйіне келеді, биенің қасына тақияны қойып кетеді. Шешесі бие сауғалы келді. Алтынбай үйде ұйықтап жатады. Биенің қасына келсе, тақияны көреді. Тақияны алды да, жылап үйіне келеді. Алтынбайды құшақтап жылады. «Мұны қайдан тауып алдың?» – деді. «Бір аяғы жоқ кісіден алдым», – деді. «Со кісі менің байым Төстік батыр, сенің әкең, – деді. Оны алып кел» деді. Алтынбай әкесін қолынан ұстады, қолыменен көтеріп, көт жағына мінгізді, үйіне қайтты. Алтынбайдың шешесі жылап, алдынан жүгірді. Алтынбай әкесінің қолынан ұстап жерге лақтырып тастады, өзінің жылқысына шауып кетті. Жылқыдан кешке келді, келсе, Дудар қыз Төстік батырды биенің сүтіне шомылдырып, жақсы киім кигізіп, жақсы ас ішкізген, семірткен. Баласын бала қылды. Қатыны байынан сұрады: «Е, байым, қайдан жүрсің?» – деді. «Мен қайдан жүрейін. Иін жауды қуып жеткен емес пе едім. Сонда сен буаз қалған емес пе едің, сонда мен шешеме айтып едім: «Қатыным ұл тапса, мені қудыра жібер, – деп айтып едім. Сол күнде шешем мені қудыра жіберіпті, со жігіт келіп: «маған қатының ұл тапты» деп айтқан еді, шешемнің берген қағазы «міне» – деп. Қағазды оқысам: «Дудар қыз ұл тапты, басы – алтын, көті – күміс Төстік батыр қайта көрсін!» – деп қағазды жіберген екен. Қасымдағы жолдастарымнан сұрап едім, қайтайын деп айтып едім. Жолдастарым: «Қайтпа!» – деп айтты, ішіміздегі батырымыз сенсің, сен кеткен соң біз не боламыз?» – деді. «Хат жібер» деп айтты жолдастарым, хат сыздым, шешеме хат жібердім. «Той қылсын! Атын Алтынбай қойсын! – деп қағазды жігіттің қойнына салдым, өзге жерге қонба, түспе, тігінен өзіміздің үйге бар!» – дедім. «Сен Дудар қыз, бұл жерге не қылып келдің? Біреуден қысым көрдің бе? Зорлық көрдің бе?» – деп айтты. Қатын айтты: «Мен үйдің ішінде жатыр едім, жіберген жігіт келді, енем сұрады. Төстік балам келді ме?» деп, «Төстік батыр келмеді, сізге берген қағазы, мінеки», – деп берді. Енем қағазды алып оқытты, оқыса «отыз арба отын әкелсін, қызды, Алтынбай екеуін өртесін!» – деген қағаз беріпсің, сөйтіп, жылап «өлемін» деп жатыр едім, түн ортасында Құла ат келді, мені алып қашты. Артыннан біреу қуды, не екенін білмедім, жетіп келді, Құла атты пышақпен жарды, ат қос аяқтап тепті, мойны үзіліп өлді. Құла ат өлерінде маған айтты: «Төрт аяғымды кесіп, төрт жаққа таста. Кеудемді кесіп, осы араға таста, – деп айтты. Тастадым, үй болды, жылқы болды. Сені алғызған менмін», – деді. Алтынбайды жібердім. «Сенің аяғың неліктен тозды?». «Құла ат кеткен күні мен де іздеп кеттім, сонан іздеп, іздеп жүріп таба алмадым. Атым жоқ болған соң жаяу жүрдім, етігім тозды, жыртылды, жалаң аяқ жүрдім, сондықтан табаным тесілді, сондықтан ақсақ болдым, өз тамағымды өзім асырадым». Үйін көтерді, жеріне келді, амандасты, есендесті. «Қайдан келдіңдер?» шешесі айтты. Төстік батыр барған жерін айтты. Шешесі: «Балам, – деді, келінім ұл тапқанда мен қудыра жібергенімде өзің келмей «Дудар қыздың баласымен өртесін деп неге қағаз бердің?» – деді. «Жоқ, шеше, өйтіп бергем жоқ» – деді. Жігітті шақырыпты. «Е, жігітім, – деді, – қайдан түстің? Қайда қондың?» – деді. «Айтсам да өлемін, айтпасам да өлемін! Айтайын!» – деді. «Бара жатқанда жүректей жерден жұлындай түтін шықты. Сол түтінге бардым, бір кемпір сөйлесті. Қайда бара жатқан жігітсің?» – деді, жөнімді айттым. «Атыңнан түс, деп айтты, деміңді ал!» – деді. Бір аяқ боза берді, ішіппін, жатыппын, ұйықтап кетіппін, бір уақытта оянып түре келдім, атыма міндім, бардым, қайтып келіп сол үйге түстім. Бір аяқ боза құйып іштім, соны ішіп, мас болып ұйықтап қалыппын. Сонда сол кемпір бірдеме қылмаса, өзге жанның үйіне түскенім жоқ», – деді. «Тігінен осы үйге келдім, өзім хат танымаймын. Не қылсаңыз да өзіңіз біліңіз!» – деп Төстік батырдың аяғына жығылыпты. Төстік батыр оны кешті, өзі бай болыпты, баласына бір ханның қызын алып беріпті, баласы өзінен артық батыр болыпты, барша мұрат мақсатына жетіпті.
8. Алтын айдар
Ертеде бір хан болған екен. Оның екі қатыны болыпты, олар бала таппапты. Сол уақытта бұл бай сапарға шығуға ойланып, қатындарына айтыпты: «Мен келгенше не істеп, не тауып қоясыңдар?» – депті. Сонда үлкен қатыны айтты: «Мен сен келгенше алтыннан әдемілеп үй салдырамын», – депті. Кіші қатыны айтты: «Мен алтын айдарлы бір ұл, бір қыз табамын, баланың аты Алтын Айдар болады», – депті. Сонан соң хан сапарға кетіпті. Хан екі-үш жыл жүріп, қайтып келіпті. Сонда мұндағы үлкен қатыны үй салдырып қойыпты, кіші қатыны алтын айдарлы бір ұл, бір қыз туыпты. Бірақ оны үлкен қатыны күндеп, бір сиқыршы қатынға айтып, балаларын ұрлап алып, құдыққа тастапты. Кіші қатынға: «Сен күшік таптың», – депті. Хан келіп, күшікті көріп, тоқал қатынды қуып жіберіпті. Екі баланы әлгі кемпір құдыққа салып жіберіпті. Сонда құдайдың құдіретімен Жебірейіл періште кұс болып келіп, аяғымен көтеріп алып кетіпті де, қаланың шетіндегі бір кемпірге әкеліп беріпті. Ол кемпірдің ұлы да, қызы да жоқ екен. Сонда екі бала үш-төрт жыл жүріпті, әлгі асыраған кемпір өліпті. Сонан соң бала қолына мылтық алып, құлан-бұлан аулап, етін тамақ қылып, терісін жуып, бір таудың шұңқырына әкеліп, соны ас қылып, сонда тұрыпты. Ол баланың тірі екенін біліп, бұрынғы қас қылған шешесі: «Алтын айдарлы баланы өлтіріп кел!», – деп, баяғы сиқыршы кемпірді жіберіпті. Сонан соң ол сиқыршы кемпір баланы іздеп келсе, бала аңға шығып кетіпті. Қарындасы үйде отыр екен, оған айтыпты: «Ағаңа айт, мына жақта Күлмес хан дегеннің бір биесі бар, күнде құлындайды, құлындары арғымақ, тұлпар болады», – дейді де, кетіп қалады. Кемпір қастықпен баланы өлтірмек болады. Бұл жолға барған кісі адасып кетіп, өлетін әдеті екен. Кешке ағасы келеді. Сонда қарындасы бәрін айтып, тамам етіпті. Сонан соң ағасы құлынды іздеп, сапарға шығып кетіпті. Жолда келе жатқанда бір дарияға кезігіпті, ол дариядан өткен кісі қайықпен қайырлап, әрең өтеді екен. Алтын Айдар дарияны кешіп келе жатса, бір перінің қызы дарияны толқын қылып, кемені аударуға келе жатыр екен. Ол аудара бергенде Алтын Айдар қолынан ұстап алып, қолындағы сақинасын, білезігін тартып алып, жолына жүре беріпті. Жүріп келе жатып, Күлмес ханға айтыпты: «Әй, тақсыр, рұқсат болса, құлыныңызды алайын!»,– депті. Сонда хан: «Бұйырса, аларсыз», – депті. Құлынды бір перінің қызы жыл сайын бермей алып кете беріпті. Сол уақытта бала мұны күзетіп тұра беріпті. Бір перінің қызы бұлт болып келіп, алып бара жатқанда, Алтын Айдар қылышпен салып қалыпты. Сонда перінің кебісін Алтын Айдар алып қалыпты. Сонан соң ханға келіп, құлынды көрсетіпті. Сонда хан бұған бата беріпті. Алтын Айдар қарындасына келіп, құлынды, сақинаны беріпті де және аңға кетіпті. Сиқыршы кемпір тағы келіп, құлын мен сақинаны көріп, қарындасына айтыпты: «Мінекей, мен сендерге жақсылық ойлаймын, ағаң саған сақина алып келді. Тағы бір жаққа жіберемін, онан барып алтын сандық алып келеді», – депті де тайып отырыпты. Ағасы келген соң қарындасы: «Тағы бір жақсы сандық бар еді, маған алып бер!» – депті. Сонан соң ағасы тұлпар құлынды мініп алып, жүріп кетіпті. Жолда бір кемпірді көріпті, ол жердің жарығын жамап отыр екен. Бала келіп: «Шеше, не қылып отырсың?» – депті. Ол кемпір айтыпты: «Мен осы жердің жарығын тігіп отырмын, не үшін десең, осы жерге өзіңдей батырлар келіп кіріп, бір сандық үшін өледі», – депті. Сонда бала: «Маған да сандық керек еді, – деп кіріп кетіпті. Жердің астынан бір пері шығып: «Топалтас, үйде өлсең, хабарлас!», – деп айқайлағанда, Алтын айдарлы бала тас болып қатып қалыпты. Тұлпар бір-екі күн күтіп, келмеген соң қайтып келіп, жылап тұрыпты. Қыз ағасының өлгенін біліп, тұлпарға мініп, кемпірге келіп манағы жер жамап отырған кемпірді көріп, ағасын сұрапты. Кемпір айтыпты: «Ағаң өлген, сен барма, барсаң сен де өлесің», – депті. Сонда қыз айтыпты: «Мен ағамды көріп өлемін»,– депті. Кемпір айтыпты: «Жер үстінде мен мұңлық, жер астында сен мұңлық!» деп жылай бер», – депті. Қыз осылайша жылап, кіріп бара жатқанда, алдынан бір перінің қызы шығып мұны аяп, ағасын тірілтіп беріпті. Сонан соң бір үлкен қалың ағаш көріп, сонда келіпті де, қарындасын тұлпарымен ағаштың шетіне қойып кетіпті. Алтын Айдардың өзі ағаштың ішін аралап жүріп, бір ақ отау көріпті. Отауға кіріп біраз тұрған соң, перінің екі қызы ұшып келіп, үйдің тұсына келіп қоныпты да, екеуі біріне-бірі айтыпты: «Әй, мен бір қорықтым, неге десең, суда жүріп кемені аударып жүргенімде, бір бала менің қолымдағы сақинамды тартып алды. Мен ол баланы көрсем, соған тиген болар едім», – депті. Сонда кішісі айтыпты: «Мен де бір қорықтым. Неге десең, мен де бір ханның құлынын күнде алып кетуші едім, бір күні алайын деп келгенімде, бір бала күзетіп тұр екен. Мен ала бергенімде қолымдағы құлынды тартып алып қалды, ол табылса, мен соған тиер едім» – дегенде, «Міне, тиетін болсаң, оларды тартып алған мен болатынмын» – деп, Алтын Айдар атып түрегеледі. Сонан соң екі қыз бұған некесін қиыпты. Бұл бала перінің қыздарын отауымен көшіріп, манағы қарындасы мен тұлпарын тастап кеткен жерге алып келді. Сонан соң бәрі жиылып, бұрынғы орнына көшті. Сол жерде төрт-бес жыл өмір сүріп тұрды. Неше күндер өтті. Бала әр күнде аңға шығып жүрді. Бір күні аңға шығып жүрсе, бір адам кезігеді. Екеуі танысып, ілгері жүріп келе жатса, алдарынан бір аң шықты да, көлбелеңдей басып, жүре берді. Сол уақытта бала да, манағы кісі де атайын деп тұра ұмтылысты. Сол-ақ екен әлгі аң кісі болды да, атайын деген адамға айтты: «Мынау – сенің балаң», – деді. Балаға айтты: «Мынау – сенің әкең», – деді. Сендерді Масаты кемпір деген сиқыршы кемпір айырған», – деді де, өзі жоқ болды. Сонан соң әкесі мен баласы бірін-бірі біліп, жылап көрісті де, әкесі баласын үйіне ертіп келіпті. Масаты кемпірді шақыртып алдырып, шауып өл-тіріпті. Кіші қатынын «күшік таптың», – деп қайыршы қылып қаңғыртып жіберген екен. Соны алдырып, өзіне бұрынғыдай қатын етіпті. Алтын Айдар бала патша балыпты. Барша мұрат басына жетіпті.
9. Көкжан батыр мен айдаһар
Ертеде бір ханның үш қызы болыпты. Екі үлкен қызын ұзатқаннан кейін, хан қолында қалған кенже қызын күйеуге беріп, ойын-тойын жасайды. Тойға қол астындағы бір кемпір мен шалды да шақыртады. Кемпір үйде қалып, шал жалғыз өзі тойға кетеді. Бұл шал мен кемпір де ұлға зар екен. Құдайдан жылап, күні-түні бала сұрайды екен. Шалы кеткен соң, кемпір қалың ойға батып жатып, ұйықтап кетеді. Ұйықтап жатып, ғажайып түс көреді. Түсінде ұзын бойлы, қара кісі келіп аян береді. «Мен саған сегіз қарбыз, бір қауын беремін, тоғыз балаң болады. Қауыннан туған кенже балаңның атын Көкжан батыр қой», – дейді. Кемпір көзін ашып алғанда, қасында сегіз қарбыз бір қауын жатыр екен. Қауын, қарбызды кемпір жалғыз өзі жеп, тойып алады. Тойдан шал келеді. Кемпір шалға сырын айтпайды. Көп ұзамай кемпір жүкті болады. Тоғыз ай, тоғыз күн дегенде кемпір толғатып, тоғыз ұл табады. Кенжесінің атын Көкжан батыр қояды. Балалары ержетіп балиғатқа толады. Балалар аңға шығып, сейіл құрып жүреді. Балалары жоқта кемпір-шал тысқа шығып қараса, тау басынан етекке қарай бір қыз қой жайып келе жатыр екен. Қыз қойын тастап, кемпір мен шалға келеді. Аман-саулықты сұрасқан соң, шөлдеген қыз сусын сұрайды, мейірімді кемпір қызға сусын береді. Манадан бері қыздан көзін айырмай ойланып тұрған қарт:
– Бір үйде неше қызсыңдар? – деп сұрайды.
– Бір үйде тоғыз қызбыз, – деп жауап қайырады қыз. – Ең кенжесінің аты кім? – деп сұрайды қарт.
– Ең кенжесі – мен, – дейді қыз. Қыз сөйтіп қойына кетеді. Кемпір мен шал қыздың үйіне барып, құдалық сөйлеспек болады. Кемпір мен шал өзді-өзі келісіп, шал атқа мініп, жол тартады.
Төрт күн дегенде шал қыздың ауылына келіп, әкесімен сөйлесіп, құда түсіп қайтады. Болған әңгімені бастан-аяқ кемпіріне айтады. Енді шал балаларын қайын жұртына ертіп апарудың қамына кіріседі. Балалары бір-бір ат мінеді, бір-бір түйе жетегіне алады. Бұл сапардан қалғысы келген Көкжан батыр:
– Маған қызын сенсе берер, сенбесе бермес, – дейді. Жолда бір үлкен тау бар, соған бара жатқанда да, қайтқанда да қонбаңыздар! – дейді.
Көкжан батыр үйде қалады. Басқалары жол жүріп, бағанағы үлкен тауға күн батқанда әзер жетеді. Шалдың үлкен баласы: «Түн болды, қонайық!», – дейді әкесіне. Шал тұрып: «Көкжан батыр «қонба» деген, қонбаймыз» – дейді. Түн қатып жол жүріп, құдасының үйіне келеді, бірнеше күн жатып, келіндерін алып қайтады. Қайтқанда жолдағы тауға тағы да кеш келеді. Балалары болмай әкесін көндіріп, ақыры сол тауға қонады. Таңертең тұрып қараса, астарына мінген аттары мен жүк артқан түйелері жоқ, мұнартқан тау, жым-жырт дала, жан-жаққа жүгіріп малдарын іздейді, таба алмайды. Сөйтіп абыр сабыр болып, шуылдасып жүріп, бір жартасқа келсе, бір айдаһар аузымен құйрығын тістеп, барлық малға қара болып иіріліп жатыр екен. Шал келе сала айдаһарға жалынады: «Ей, малғұн, ең болмаса малымның жартысын қайтарсаңшы!» – деп. Сонда айдаһарға тіл бітіп, адамша сөйлеп, былай дейді:
– Мен сенің малыңның бәрін қайтарайын, егер сен үйіңдегі кенже балаң Көкжан батырды маған берсең, – дейді.
– Жарайды, берейін! – дейді шал. Жылан шалдың малдарын өзіне қайтарады. Шал балаларымен аттарына мініп, түйелерін жетектеп, бос малдарын айдап, үйіне келеді.
Көкжан батыр ағалары мен әкесінің алдынан шығып:
– Енді сіздерге мен жоқпын, – деп тұлпарымен жандарынан жанап өте береді. Сол уақытта әкесі:
– Шырағым, тым болмаса, жарыңның қасына бір түнеп кетсейші, – деп жалынады. Әкесінің сөзін қайталап, ағалары да жалынады. Әкесі мен ағаларының сөзін қимаған Көкжан бір түн тоқтап, жарының қасына түнейді.
Ертеңіне Көкжан батыр айдаһарға қарай жол тартады. Бірнеше күн жүріп айдаһарға келеді. Келісімен айдаһар Көкжан батырды алыс жерге, алтын шашты қызды алып келуге жұмсайды. Көкжан батыр жолда бір салт атты адамға жолығады. Екеуі танысып Көкжан батыр: «Әңгіме айт!» – деп қолқалайды.
– Естігенімді айтайын ба, білгенімді айтайын ба? – дейді танысы.
– Естіген жалған болады, білгеніңді айт, – дейді Көкжан батыр.
– Білгенімді айтсам, менің білетінім: түнде қарсақтың ізіне түсем, – дейді.
– Екеуі әзілдесіп келе жатса, тағы бір салт аттыға кездеседі. Онымен танысып, оған да: «Жол қысқарсын, әңгіме айт!» – дейді Көкжан батыр.
– Естігенімді айтайын ба, жоқ білгенімді айтайын ба? – дейді екінші адам. Сонда Көкжан батыр:
– Естіген жалған болады, білгеніңді айт! – дейді. Сонда әлгі кісі:
– Мен аспандағы жұлдыздың санын білем, – дейді. Сонда үшеуі достасып келе жатса, оларға тағы бір салт атты кісі тап болады. Онымен де танысып Көкжан батыр: «Әңгіме айт!» – дейді.
– Білгенімді айтайын ба, естігенімді айтайын ба? – дейді ол да. Көкжан батыр тұрып:
– Естіген жалған болар, білгеніңді айт! – дейді.
– Мен жер үстіндегі барлық балықтың санын білем, – дейді ол.
Енді төртеуі достасып, жүріп келе жатса, бір бай жұртына жар салып жатыр екен. «Кім тігілген алтын қабақты атып түсірсе, кім күресіп балуанымды жықса, соған қызымды беремін», – деп. Жиналған жұрттың біреуі де байдың алтын қабағын атып түсіре алмайды, балуанын жыға алмайды. Тойға кез болған Көкжан батыр бағын сынап, өнер жарысына түседі. Алтын қабағын атып түсіріп, өгіз балуанын алып ұрады. Жұрттан өнері асып, байдың қызын алады. Олжа қызын Көкжан қасына ерген әуелгі жолдасына береді. Қызды алып жол жүріп келе жатса, той болып жатқан тағы бір ауылды көреді, ол да жамбы тігіп, балуан шығарып, қыз ұзатып жатқан той екен. Бұл бай да: «Жамбымды атып түсірген, балуанымды жыққан кісіге қызымды қосамын», – деп жұртқа жар салыпты. Көкжан батыр тағы да бағын сынауға тәуекел етіпті. Мұнысын жолдастары да қош көріпті. Жамбысын атып түсіріп, балуанын жер қаптырып, қызды алыпты. Екінші қызды екінші досына сыйлапты. Алтау болып, жол жүріп келе жатса, қыз ұзатып, той жасап жатқан үшінші ауылға кезігеді. Мұнда да қызды қабағын атып, балуанын жыққан кісі алады екен. Көкжан батыр тағы да балуанын жығып, алтын қабағын атып түсіріп, қызды алады. Үшінші қызды қасындағы үшінші жолдасына қосады. Енді жетеу болып жолға шығады. Бірнеше күн жол жүргеннен кейін үш қыз алған үшеуі Көкжан батырдан бөлініп қалады. Көкжан батыр жалғыз өзі бір ауылға келсе, үлкен той болып жатыр екен. Естіген құлаққа қыз беделі жер жарады. «Ай десе аузы, күн десе көзі бар», бір байдың керемет керім, алтын шашты сұлу қызы екен. Байдың шарты: «Алтын қабақты атып түсірген, балуаннан күші асып жыққан кісіге қызын атастырмақ екен»,– дейді. Жұрттың бірде-бірі байдың бұл шартын орындай алмапты. Тек шеттен қеліп қосылған жолаушы Көкжан батыр ғана байдың шартын түгел орындап, қызын алады да айдаһарға жол тартады. Екеуі жол жүріп келе жатып, айдалада тұрған ақ отауды көреді. Ақ отаудың қасында сарқырап аққан үлкен өзен бар екен. Оның аржағында алқа-қотан тігілген шағала аппақ ауыл көрінеді. Сол иесіз ақ отауды паналап, Көкжан батыр мен қыз аң аулап, күн көреді. Бір күні Көкжан батыр аң аулауға кеткенде, қыз өзеннің жағасына басын жууға барса, Еділдің ар жағынан бір кісі келіп, ол да басын жуады. Қыздың бір тал алтын шашы сумен ағып, жігіттің алдына барады. Шашты қолына ұстап, жігіт күркеде жатқан жалмауыз кемпірге алып келеді.
– Мынау менің айрылып кеткен әйелімнің алтын шашына ұқсайды, менің әйелім болмаса игі еді, ол біраздан бері Еділдің ар жағындағы ақ отауда белгісіз біреудің қолында көрінеді. Соны маған қалайда алып бер, – деп жалынады. Кемпір:
– Жарайды, алып берейін, тек маған бір алтын қайық, бір торсық шарап даярла! – дейді.
Жігіт алтын қайығы мен шарабын даярлап, кемпірге алып келеді. Кемпір шарабын алып қайықпен Еділдің ар жағына өтеді. Еділ жағасындағы қалың қамысқа қайығын байлап, отауда отырған қызға келеді. Келіп, аман-саулықты сұрасқаннан кейін, одан қашан, қайдан, не үшін, кімнен келгенін сұрап біледі. «Мынау ақ орда менің үйім еді, рұқсатсыз кірдіңдер!» – деп зіркілдейді кемпір. Қыз үндемейді. «Айтпасаң өлтіремін, ағаңның жанын айтсаң өлтірмеймін», – дейді.
– Жарайды, сұрайын айтса! – дейді қыз. Кемпір келетін күнін айтып шығып кетеді. Көкжан батыр аңнан қайтып келеді.
Қыз ағасынан:
– Көке, осы сіздің жаныңыз қайда болады? – деп сұрайды. Ағасы айтпайды. Көкжан батыр тағы да аңға кетеді. Жалмауыз кемпір келіп: «Не білдің?» – дейді. Қыз тұрып: «Көкем айтпады», – дейді. Залым кемпір қызға ақыл береді. «Енді келгенде айтпаса, сен менің ағам емессің, мен сенің қарындасың емеспін деп жыла, сонда айтады», – дейді. Соны айтып кемпір тағы кетіп қалады.
Көкжан батыр аңнан қайтып келген соң, қыз сұрап еді, ағасы айтпады. Айтпаған соң, қыз жылады. Сонда Көкжан батыр ойланып: «Айтсам айтайын, жылап болмадың ғой!» – дейді.
– Менің жаным оң жақ көрпенің астында, бәкінің ұшында, тірі жанға тіс жарып айтушы болма!» – дейді де, ертеңіне тағы аңға кетеді,
Кемпір келіп сұрағанда қыз айтады: «Көкемнің жаны – оң жақ көрпенің астында, бәкінің ұшында екен», – дейді. Оны естіп, қуанған қу кемпір, қызды шарап беріп мас қылып, оң жақ көрпенің астындағы бәкіні алып, отқа қыздырып, суға лақтырып жібереді. Ес-түсінен айрылған қызды қайыққа салып, кемпір Еділдің аржағына өтеді. Барысымен қызды алтын сарайға қамап тастайды. Сол уақытта баяғы бірге кеткен үш кісінің көңілдері қаяу, қабақтары кірбең тартып, бір сезік пайда болады. Сонда жұлдыздың санын білетін кісі: «Жарық жұлдыз ағып түсті. Көкжан батыр дүниеден өтіпті. Енді оның сүйегін іздеп табу керек», – дейді. Қарсақтың ізіне түсетін кісі Көкжан батырдың ізімен манағы ақ орданың үстінен шығады. Келсе, Көкжан батыр өліп жатыр екен. Балықтың санын білетін кісі балықтарын түгелдесе, шортан жоқ екен. Ол дереу шегініп суға түсіп, Еділдің терең жерінен шортанды тауып алады. Үйге әкеліп шортанның ішін жарса, ішінен бәкі шығады. Оны Көкжан батыр жатқан көрпенің оң жаң астына тығады. Сол уақытта қозғалғандай болады. Көкжан батырдың жаны екенін олар сонда біледі. Бәкіні алып отқа қыздырып, суға малады да, көрпенің астына қайта тығып қойып еді, Көкжан батыр оянып: «Қатты ұйықтап кеткен екенмін ғой», – деп орнынан ұшып түрегеледі. Қарсақтың ізіне түсетін кісі:
– Жоқ, сен ұйықтаған жоқсың, өліп қалыпсың, біз тірілтіп алдық, – дейді. Соны айтып, олар қайтып кетеді.
Енді Көкжан батыр қызды іздеп Еділдің аржағына өтеді. Ауыл шетіндегі жерге келсе, бір кемпір отыр екен. Кемпірмен сөйлесіп, көп хабар естиді. Сол ауылда бір хан қызын ұзатайын деп жатыр екен. Көкжан батырдың тұлпары да сонда екен. Кемпірге Көкжан батыр «өзінің кім екенін» айтпайды.
– Шеше, жүріңіз, тойға бірге барайық! – дейді батыр.
– Барсақ барайық! – дейді кемпір. Тойға барса, бәйге жарысы болғалы жатыр екен. Бәйгеге қосайын десе, Көкжан батырдың тұлпары маңайына тірі жанды жолатпайды. Мұны көрген Көкжан батыр: «Тұлпарды маған беріңіздер, мен мініп үйретіп берейін!» – дейді. Оның сөзін ешкім елемейді. «Сен түгіл, әкеңдей кісі үйрете алмай жүр, саған ондай өнер қайдан келді?» – дейді жұрт. Сұрап болмаған соң, ақырында атты береді. Көкжан батыр үстіне мінгенде тұлпар танып оқырынады. Жиналған жұрт оны да елең қылмайды. Көкжан батырдың қару-жарағы киімінің ішінде буулы екен, тұлпарына мініп алып, қылышын қолға алып айғайлап:
– Үйрету олай емес, былай! – деп шаба жөнеледі. Былай шығып, бір сарайға келеді. Сарай жабық екен. Кілтін бұрап сындырып, ашып қараса, ішінде мас болып жатқан кызды көреді. Көкжан қызды сарайдан алып шығады. Екеуі баяғы алтын қайыққа отырып, тұлпарды жүздіріп, Еділдің бергі жағына өтеді.
Енді Көкжан батыр айдаһарды іздейді. Бірнеше ай жол жүріп, айдаһардың тұрған жеріне келсе, айдаһардың қасында торы атты бір қара жігіт жатыр екен. Анадайдан көріп, қара жігітті Көкжан батыр атады. Қара жігіт қозғалмайды. Қанша атса да оғы дарымайды. Ата-ата батырдың оғы таусылады.
Тіпті болмаған соң, Көкжан батыр қара жігіттің қасына келіп жөн сұрайды:
– Мына сенің өлтірген айдаһарың менің досым еді. Сен оны неге өлтірдің? – дейді Көкжан батыр.
– Мен неге өлтірмейін. Мен анамның құрсағында жатқанда ол менің әкемді алып кетіпті. Сондықтан, мен оны өлтіріп, кегімді алдым, – дейді қара жігіт.
– Әкең аты кім?
– Көкжан батыр.
Сөйтсе, ол Көкжан батыр елден кеткенде іште қалған баласы екен. Әкелі-балалы екеуі сол жерде құшақтасып көрісіп, табысыпты, аман-есен еліне келіп, барша мұратына жетіпті.
10. Есекмерген
Баяғыда бір кісі өлер алдында, артында қалып баратқан жалғыз баласы Есекмергенге өзінің басынан өткен тәжірибесін қорытындылап: «Балам, сен жалғыз өзің жүріп орманға барма, тақыр жерге барып, молаға барып жүруші болма?», – дейді. Баласы «Жарайды», – деп әкесі айтқан ақылды орындап жүреді. Бірақта есейген сайын: «Осы әкем маған не айтты, осының бәрі түкке тұрғысыз қиял болар, одан да осы әкем айтқан орман, молаға, тақыр жерге барсам қайтеді?», – деп, «ерем» деген жолдастарын ертпей, садағын асынып, жол жүріп кетеді. Бала жас болса да батыр, құралайдың көзінен тигізетін мерген болатын. Сондықтан, өзіне-өзі сеніп, ол жалғыз жүрмекші болады. Жолда аңдарын атып орман іздеп, ақырында бір орманға келеді. Келсе, орман ішінде аңдар жүреді. Осы аңдарды атып азық қылады. Ол осылай отырып ойлайды. «Қой, осы іздеп жүргенімде орман ғой», – деп, ол осында түнемекші болады. Жол қазанына ет асып, ол түнде үш ағаштың басын құрастырып, отты лаулатып жағады, бірақ әлі келер ешкім жоқ болады, Сөйтіп, ол тамақ жеп отырғанда ұзын бойлы бір жезтырнақ келеді. Қанша батыр болса да осыдан қорқады. Жеп отырған тамағынан ет береді жезтырнаққа, бірақ жезтырнақ дәрменсіз болады, тырнағы икемге келмей жей алмайды. Есекмерген аузына қасығымен ет салады. Ақырында жезтырнақ шыдамы жетпей кетіп қалады. Осының қайта соғарын білген Есекмерген айла жасаудың амалын қарастырады. Отты жаға-жаға отырып, бір томар ағаш әкеліп, басына бас киімін кигізіп, киімін жамылдырып, оның жанына тастайды да, орманның биік ағашының басына шығып отырып, жезтырнақты бақылайды. Жезтырнақ батыр бала жатқаннан кейін келіп, жаңағы томар ағашқа тырнағын салады, бірақ тырнақ терең батып кетіп, ала-алмай жатқан жерде Есекмерген садақпен атып өлтіреді. Сосын өз орнына қайта барып, жезтырнақтың тырнағын кесіп алады. Сол түнді орманда өткізіп, енді молалы, елсіз даланы іздейді. Ақырында, ода табылады, атып алған аңдарын асып жеп, сол түнде моланың қасында өткізгісі келеді. Тамағын жеп отырғанда Таутойлау келеді. Бірақ ол батыр баладан қорыққанынан қаша жөнеледі. Ақырында бала жезтырнақтың тырнағы мен Таутойлаудың тілін кесіп алады. Таутойлау өледі. Есекмерген ойлайды: «Я, бұның жаны тілінде екен, мана ғой жалаған жерін оятын еді». Сүйтсе де, бала енді сасайын деді. «Қой, енді екеуінен аман өттім, енді несіне қорқамын?» – деп тақыр жер іздейді. Бұнысы да табылып, сол түнді тақыр жерде өткізеді. Түні бойы ештеңе көрмейді. Таңертең тұрса, айналасын тау қоршап алыпты. Есекмерген таудан әрі-бері де өте алмайды. Аласа жерін іздеп шығайын десе, жаңағы тау сілкініп қалады. Сөйтіп, жаңағы тауға тіл бітеді. «Сен, Есекмерген, мен айдаһармын. Сенің батырлығыңды біліп, бір қиыншылық жағдайда сені осылай қолға түсіріп отырмын. Менің екі туысым бар еді. Біреуі жезтырнақ, екіншісі таутойлау, ал енді соның бәрін өзің өлтіріп отырсың. Соның бәрі маған таршылық жағдайда көмек көрсететін, бірақ енді жоқ. Сондықтан сен маған көмек көрсетсең, сені аман еліңе жіберемін» – дейді. «Жарайды, жақсы» – деп Есекмерген келісіп, «қандай жұмысқа жұмсасаң да барамын», – дейді. Жаңағы тау айдаһар болып, енді Есекмергенді өзінің мекеніне қарай алып кетеді, келсе айдаһар айтқандай екен, өзінен басқа тірі айдаһар жауы болады. Осының бәрін өлтіріп жүрген айдаһарлардың басқа тобы болатын. Енді бүгін соңғы айдаһар келіп, оны өлтірмекші еді. Бірақ бұған Есекмерген дос болып, енді жауға тынбай қарап тұрады. Есекмергеннің қолында үлкен жезтырнақтың тырнағы болады. Осыларды керек жеріне жұмсап, бәрінен де басым түсіп, айдаһарды қырады. Бұған көңілі біткен айдаһар Есекмергенге ат басындай алтын, қой басындай күміс береді. Есекмерген ырза болып, елін іздеп кетеді. Ақырында, елін де табады. Өзі кеткенде жалғыз шешесі болатын. Ол баласын жатса да тұрса да ойлайтын. Көзінен сорасы ағып жылап жүретін. Ақыры, бұл жағдай да өзгеріп, баласы аман-есен келіп, шешесі қуанады. Сөйтіп, Есекмерген қызықты дәурен сүріп, бай болып барша мұратына жетеді.
11. Тотан батыр
Ерте, ерте, ертеде Құбахан деген хан екен, малының саны жоқ екен. Хандығының көлемі- жеті айшылық жол екен. Құбахан жалғыз ұл көреді, ұлының атын Тотан қояды. Ұл туғанда бір биесі қоса құлындапты. Ол құлынды ұлына арнапты. Құбахан бір күні түс көреді. Түсінде: «Тұр! Тотанның қайнына баратын кезі жетті. Еліңді жи, тойыңды жаса. Барса жолдас ерт, бармаса өзін жібер. Оның қайын атасының аты – Шынтемір хан, жарының аты-Күнікей. Күнікей-Шынтемір ханның жалғыз қызы. Жолы – жеті айшылық жол, аты, қару-жарағы сай болсын!» – дейді. Хан ерте тұрып, елін жиып, көрген түсін айтады. Және той жасап, Тотанды Шынтемір ханның еліне жібермекші болады. Бірақ сонша алыс жолға ешбір адам жолдас болып баруға жарамайды. Тотан жалғыз кететін болады. Тотанға көк тұлпарды мінгізеді. Жолына ақсарбас шалып аттандырып, бірнеше күншілік жерден жолдастары кері қайтысады. Тотан жолын дұрыс білмесе де, түс көрген атасы, «күннің батысына қарай жүре берсе табады» – деген бағытпен жүріп келеді. Күндерде бір күні жалғыз үйге кезігеді. «Жол сұрайын» – деп тыстан дауыстайды. Үйдің ішінен бір жалмауыз кемпір шығады. Жөн сұраған Тотанға: «Аттан түс, сені жеймін, бұл жолмен ешбір адам баласы жүруге тиіс емес», – деп кәрленеді. Тотан: «Мен жаспын, үйленейін, қызық көрейін, қайтарда Күнікейді саған әкеліп берейін. Мені жіберіңіз!» – деп жалынады. Кемпір Тотанның тілегін қабыл алып, дұрыс жолға сілтеп қоя береді. Тотан одан ары жүре береді. Күндерде бір күні Тотан қалың орманға кездеседі. Жүріп келе жатса, сауысқандарды білдірмей ұстап алып, құйрық қанатын жұлып алып қоя беріп, ермек жасап жүрген бір адамды көреді. Тотан келіп сәлем беріп, амандасады. Жүрісін түсіндіреді. Бұл адам көз байлаушы адам екен. Жұмысы болмағансын, сауысқанның көзін байлап, ермек жасап жүр екен. Ол кісі Тотанға: «Ұлықсат етсеңіз, сізге жолдас болып, барып қайтайын, қызық көрейін!» – деп тілек білдіреді. Тотан ұлықсат етеді. Сонымен, екеуі жолдас болып одан әрі жүре береді. Бірнеше күн жүріп, орманнан шығады. Ашық алаңда бір адам киіктерді қуып, ұстап жүр екен. Аяғына байлаған қазандай екі тасы бар. Тотандар бұл адамға келіп амандасады. Жөн сұрасады. Бұл Желаяқ деген жүйрік екен. Аяғына тас байламаса екпінімен тоқтай алмайды екен. Сонымен «сізге жолдас болып, қызық көріп қайтайын» деп, ол да Тотан батырға ілеседі. Үшеуі жолдас болып жүре береді. Күндерде бір күні көл жағасында мылтық ұстап отырған адамға кездеседі. Жөн сұрасады. Бұл кісі атақты мерген екен. Атқан аңы бір тәулікте сол атқан мезгілінде түседі екен. Кеше бір аққу атқан екен, «ә» дегенше сол аққу түседі. Жөн-мәнісін білгеннен кейін, «мен де сізге жолдас болып, қызық көріп келейін», – деп бірге жүреді. Енді бұлар төртеу болып келе жатады. Күндерде бір күн сортаң жерге тап болады. Жағалап жүріп келе жатса, бір адам жерге жабысып, құлағын төсеп тың тыңдап жатқанын көреді. Жөн сұрасып біліседі. Бұл адам атақты тыңшы екен. Оның білмейтіні жоқ. Оған жердің асты-үсті бәрі бірдей. Болған уақиғаны біліп отырады екен. «Қазір жер астында жеті ел соғысып жатыр, соны тыңдап жатыр едім», – дейді. Сөйлесе келе: «Мен де сізге жолдас болып, қызық көріп қайтайын», – деген тілегін айтады. Тотан мақұл көреді. Енді бесеуі болып, ілгері жүре береді. Күндерде бір күні бұларға Ұлытау көрінеді. Жақындағанда таулар біріне-бірі соғылып, қозғалып тұрады. Бұлар таңданысып тұра қалады. Бәрі жақын баруға қорқады. Жолдастарын осы араға қойып, Тотан өзі барады. Егер бір жанжал бола қалса, жолдастары көмекке әзір тұрады. Келсе, бұл тауды бір дәу мекен етеді екен. Оның үш баласы бар екен. Балалары еншіге таласады екен. Әкесі: «Олай болса, әрбіріңе күштеріңе қарай енші беремін. Қайсыңның күшің көп болса, өзімде қаласың!» – деп, тауды көтертіп тұр екен. Таудың бірдей болмауы себебі: әрқайсысының жасына, күшіне қарап өлшеп көтерткен екен. Тауды көбірек қозғап тұрған- кіші ұлы екен. Тотан барғансын жөн сұрасады. Олар еншілерін бөліседі. Дәудің кіші ұлы: «Мен де қызық көріп қайтайын», – деп Тотанға ереді. Сонымен бұлар алтау болып жолға шығады. Ойын-сауықпен жүре береді. Сапар өте қызықты болады. Жүре-жүре бұлар Шынтемір ханның елінің шетіне ілінеді. Анықтап, сұрап біліседі. Шынтемір ханның ордасына келіп хабарласып, қонақ үйге түседі. Қонақ үйде неше түрлі сауықшыл хандар бар екен. Сауық аспаптары да жеткілікті. Ханға хабар етіп, жөнін мәлім етуге кісі жіберіп, бұлар үйді-үйге бөлініп жата береді. Күндерде бір күні хан бұларды шақыртып, Тотанның тілегін мақұлдап, Күнікейді белгілі шартпен бермекші болады.
– Еділ бойында Сахын деген қалмақтың ханы бар. Соны жаулап, жерін, суын, елін маған көндіріп бер. Қасыңа жолдас, астыңа ат берейін. Егер мұны орындамасаң, Күнікейді бермеймін! – дейді хан.
– Жарайды! – дейді Тотан. – Маған жолдастың керегі жоқ, өзімнің жолдастарым да осында жата берсін. Барғанша мініп баратын ат бер, өзімнің атым тынықсын, – дейді.
Хан «мақұл» деп бір қара тұлпар береді. Тотан қару-жарағын сайлап алып, жолдастарымен қоштасып, жолға шығады. Сол кеткеннен батыр бірнеше ай хабарсыз кетеді. Қалмақтың еліне барып, соғыс салады. Он жеті күнде қалмақ ханының әскерін қойдай қырып, өзін өлтіріп, елін көндіріп, Шынтемірге қаратып елге келеді. Қалмақ ханының басын Шынтемірдің алдына әкеліп тастайды. Хан разы болып, тойдың жабдығына кіріседі. Бірақ, ханның Батыр Барақ деген палуаны Күнікейге ғашық екен. Келіп ханды азғырады:
– Жалғыз басты, салт атты, сабау қамшылы бір балаға Күнікейді беріп жіберу жөн емес. Әлі де болса шарт қою керек. Күресте, ат бәйгесінде, алтын қабақ атуда, жаяу жарыста озып шықса алсын, әйтпесе, Күнікейді беруге болмас, – дейді. Хан Барақ батырдың сөзіне көніп, Тотанға бәсеке жайын түсіндіреді. Тотан:
– Мейлі, хан өзі білсін, мен бәрінен де қашпаймын, – дейді. Той басталады. Әуелі күрес басталады, бас балуанға хан жағынан батыр Барақ, Тотан жағынан дәудің баласы шығып, күреседі. Жарты күн күрескеннен кейін Тотанның балуаны жығады. Алтын қабақ атысады. Хан үш жүздей мерген шығарған екен. Біреуі де тигізе алмайды. Тотанның мергені атып түсіреді.
Ат бәйгесі басталады. Атты үш күншілік жердегі сары қазықтан жібереді. Хан үш жүздей көк мойын жүйрік шығарады. Тотан Көк тұлпармен өзі шабады.
Ат қайтты сары жазықтан шұбатылып,
Жалғызға қылсын Алла жәрдемшілік.
Сан қолдан, «ә» дегенде озып шықты
Тотанның қара көгі жалғыз шығып.
Аруағы ер Тотанның асады енді,
Қамшыны Көк тұлпарға басады енді.
Сан қолдан озып келген Көк тұлпарды
Көрген соң, Шынтемір хан сасады енді.
Сөйтіп, Тотан ат бәйгесінен де озып шығады.
Енді жаяу жарыс болады. Хан бір мыстан кемпір шығарады.
Тотан Желаяқты шығарады. Бұлар да жоғарыдағы ат жіберілген жерден жарыспақ болады. Мыстан кемпір: «шөлге ішетін су» деп, Желаяққа шарап беріп мас қылады. Ол мас болып, ұйықтап қалады. Мыстан жүгіріп кетіп қалады. Желаяқ, сол жатумен екі күн жатады. Үшінші күні тұрса, кемпір жоқ, кетіп қалған. Бұл, олардың ең соңғы жүгіретін, үшінші күні екен. Желаяқ мыстанның алдағанын біледі де, тұра жүгіреді. Сәске түстен асқанда кемпірдің қарасын көреді. Жерден бір уыс топырақ алады да, кемпірге жетіп келіп: «Әйт, кемпір!» – дегенде, мыстан жалт қарайды. Қолындағы топырақты мыстанның көзіне шашып жібереді. Кемпір көзін уқалап қалғанда, Желаяқ күтіп тұрған көпшілікке жүгіріп жетіп келеді. Хан жеңіледі. Күнікейді беретін болады. Бұлар жайғасып жата береді. Күндерде бір күні Батыр Барақ қырық күймелі арба даярлап, оған екі қыз, бір делбеші мінгізіп, Күнікейді түнде алып қашады. Ертеңіне тыңшы біліп қалып, Тотанға айтады. Тотан: «Қаланы қырамын» – деп атына мініп, көшеге шығады. Бірақ көз байлаушы жүгіріп келіп жалынады:
– Елді бүлдірме, мен өзім алып келемін, – дейді. Сөйтіп, қуып жетіп, басқа күймедегілердің көзін байлап, Күнікейді алып келеді. Күнікей келгесін бұлар жолға шығады.
Бұлар ойнап-күліп келе жатады. Жолдастары әрбір өздерінің мекенінде қалмақ болады. Тотан мұңаяды. Жолда Күнікейді мыстан кемпірдің күтіп тұрғанын, оған берген уәдесін жолдастарына айтады. Жолдастары бірге мұңаяды. Ақырында ойлап-ойлап ақыл табады. Желаяқ жаннан асқан сұлу екен. Осы Желаяққа аттың құйрығынан шаш өреді. Мыстанға жақындағанда Күнікейді жолға қойып, барлық киімін Желаяққа кигізіп, «қыз» – деп кемпірге әкеліп береді. «Тотан Күнікейді алып, ұзап кетті-ау!» – деген кезде, Желаяқ: «Әже, далаға шығып келейін», – дейді. Желаяқ есіктен шыға қашады, жалмауыз тұра қуады.
Жалмауыз тұра қуды қашқаннан соң,
Етегін жия алмады сасқаннан соң.
Оралып етегіне үш жығылды
Сүрініп аяғына басқаннан соң.
Желаяқ келе жатыр құстай ұшып,
Жалмауыз үш жығылды жерді құшып.
Көйлегін ызаланып шешіп тастап
Қосылды мыстан зорға жолға түсіп.
Жалмауыз да жүйрік екен. Желаяқты састырады. Жаны қысылған Желаяқ кешегі артта қалған жолдастарына қарай қашты. Көзбайлаушы жалмауыз мыстанның көзін байлай алмады. Тау көтеруші кемпірге бір кішірек тауды лақтырып еді, кемпір оған да жығылмады. Бұл жайды тыңшы біліп, мергенге хабарлады. Күтіп тұрған мерген ғана кемпірді атып өлтіреді. Желаяқты ажалдан құтқарады. Тотан Күнікейді алып еліне келеді. Құбахан хан үлкен той жасап, хандығын береді.
12. Ақжан батыр
Ертеде бір бай болыпты, малы көп болыпты. Әсіресе, жылқысы сондай көп болыпты. Жылқысының саны алты айғыр үйір болыпты. Жаз өтіп, күз таянғанда жылқыларды бағу қиынға түседі. Бір жағынан, жылқыларға қасқыр тисе, екінші жағынан, жылқыны шетінен білдірмей ұрлайтын белгісіз бір ұры пайда болады. Бай қыстың таянып келе жатқанын ойлап, қар түскенде жылқыларды далаға бақтыру, әрі күнделікті жоғалуын тыю үшін, жылқы бағушы адамды іздеуге кіріседі. Сол кезде елге аты шыққан жылқышы, әрі батыр, әрі мерген, мал дегенде жалғыз торы аты бар Ақжан деген батыр бар екен. Ол туралы бай ести сала, Ақжанның үйіне барады. Ақжан батырға жалынып: «Алты үйір жылқымды бағып бер, қыстан аман-есеп алып шықсаң, бір айғыр үйір жылқыны ақың үшін аласың», – дейді. Ақжан батыр: «Қасыма бес кісі бер», – дейді. Бай: «Қасыңа өзімнің інімді берем, қалған төрт жылқышы ауыл адамдары болады», – дейді. Ақжан батыр «құп» деп торы атына мініп, байдың ауылына келеді. Одан кейін ол, түгел санап, алты айғыр үйір жылқыны, бес кісі бақташысымен қарамағына алады. Бұдан кейін бұлар қостанып, алты айғыр үйір жылқыны шөбі қалың, суы мол қопалы жерге айдап әкеледі. Қопаның ішінен ыңғайлы жерге жылқышылар алты қанат киіз үй тігеді. Онда тамақ ішеді, басы артық киім-кешектерін қояды, кезекпен демалады, боран күндері паналайды. Күндер артынан күндер, айлар артынан айлар өтіп жатады. Бірақ жылқы ішінен жылқы жоғалу деген болмайды, Күндерде бір күн Ақжан батыр алты үйір жылқымен жалғыз өзі қалып, қалған жылқышыларды үйге тамақтануға қайырады. Кешке қарай бесеуі келісімен бір ту биені сойып, етін тай қазанға салып, киіз үйдің ортасына жер ошаққа асады. Бесеуі етті пісіріп жеп, жайғасып болған соң, жылқыға бармақ болады. Бірақ, байдың інісі ту биенің етіне тойған соң ұйқысы келіп, «ауырады» да, ол киізге оранып үйде қалады. Қалған төртеуі аттарына мініп, жылқыға барып, Ақжан батырды үйге тамаққа жібермек болып жөнеледі. Бұлар барған соң, Ақжан батыр үйге қайтады. Оның торы аты сондай жүйрік болған екен дейді, тіпті алдынан кеткен қараға жетпей тынбайды екен, артынан қуған қараға ешбір ізін білдірмейді екен. Ақжан батыр атын желдіріп келе жатса, алты қанат киіз үй орнынан төрт сүйем жоғары көтеріліп, астынан оттың сәулесі көрініп тұр екен дейді. Есіктің тұсына таман қарсылай жүрсе, үйдің нақ ортасында жалғыз көзді дәу қолына үйде қалған байдың інісін алып, оны отқа қақтап жеп отыр екен дейді. Ақжан батыр киіп кетіп, жалғыз көзді дәудің тап көзінен көздей отырып, саржамен атады. Сол кезде дәу алты қанат киіз үйді көтеріп ала жөнеледі. Бақса, Ақжанның жолдастары жылқыға үйден аттанып кетісімен, дәу үйге келіп, қазандағы етті жеп, одан кейін киізге оранып жатқан жалқауды ұстап алып, отқа қақтап жей бастаған екен дейді. Бұдан кейін Ақжан батыр дәудің ізіне түсіп, соңынан қуған да отырған екен дейді. Таң қараңғысы болған кезде барып жаудың үңгіріндей бір інге кіреді. Ақжан батыр атын қаңтара тастап, қолына саржасын ұстап, дәу кірген інге кіреді. Көп жүрмей-ақ, қолы жалаңаш дәудің денесіне тиеді. Сүйреп алып шықса, дәу өліп қалған екен дейді. Көңілі тынған Ақжан батыр құйғытып жолдастарына келеді. Оқиғаны түгелдей айтып, киіз үйін қайтадан құрап, тігіп береді. Ақжан батыр жолдастарына: «Мен елге барып, байға болған оқиғаны айтайын, «бұл дәу үш ағайынды» – дейтін еді. Қалған екі тумасы маған келер, сендерге тимес, жылқыны жақсы бағыңдар, мен барып қайтайын», – дейді. Жолдастары мақұлдап, қош айтысып, Ақжан батырды шығарып салады. Елі салт аттыға үш күндік жол екен дейді. Ақжан батыр шыққан күні кешке бір ауылға қонбақ болып, келіп түседі. Кешке түскен үйіне бір жат адам келіп, Ақжан батырмен сөзге кіріседі. Әлгі жат адам кетерінде Ақжаннан кешке, қай жерге ұйықтайтынын сұрап, өзінің бұның қасына жатқысы келетінін айтады. Ақжан батыр оған: «Есіктің алдына, ақ жадағайымды айқара жамылып, торы атты беліме байлап жатармын», – дейді. Ақжан батыр мұның жат адам екенін сезіп, түнде есіктің алдына томар ағаш тастап, оның үстіне ақ жадағайын айқара жауып, атын томарға байлап, өзі есік алдындағы сайға жасырынып, саржасын қолына ұстап бақылап отырады. Түн ортасы ауған соң, бір кезде аспаннан бір үлкен қарақұс ұшып келіп, ат байлаулы тұрған томарды келе бүреді. Ақжан батыр саржамен атып қалады. Дәу томарды сүйрей жөнеледі. Атына мініп, ізімен Ақжан батыр барса, өліп те қалған екен дейді. Одан кейін қонған үйімен қоштасып, Ақжан батыр бағытымен еліне жөнеледі. Келесі күні де жолда қонған үйінде осындай оқиға болып, сонымен үшінші дәуді де өлтіреді. Ақжан батыр еліне жетіп, барлық болған оқиғаны айтады және де байға байдың інісін дәу өлтіргенін айтады. Бай інісінің өлгеніне жылап, малдарының аман қалғанына қуанып, елін жиып, той жасап, ат шаптырады. Ақжан батыр да кері оралып, жылқыларға барып, жолдастарымен байдың жылқыларын айдап әкеліп, байға тапсырады. Бай жылқыларын аман алып шыққаны үшін, дәулерді өлтіргені үшін Ақжан батырға келісім бойынша бір үйір жылқыны береді. Ақжан батыр бір үйір жылқыны үйіне айдап келеді. Бұрын басынан өткен қиыншылығы ұмытылып, Ақжан батыр барша мақсатына жеткен екен дейді.
«Еңбек етсең, дұрыс ет» деген мақал осыдан қалған екен дейді.
13. Боз атты Боран батыр
Ерте заманда жезтырнақ деген жыртқыш шығып, адам баласына ауыр зиян салып, елді көктетпей қойыпты. Ешкім оған батып бара алмайды екен. Барған адамды жезтырнақ жамсатып отырыпты. Бір күні Боран батыр боз атына мініп жезтырнақтың мекеніне қарай жалғыз тартыпты. Оған жолдас болуға ешкім шықпапты. Батыр: «Ер азығы мен бөрі азығы жолда» – деп, азық алмай, жолаушылап жүріп кетеді екен. Боран батыр жезтырнақ мекендейтін қалың жыныс орманға келіп, бір дәу арқарды атып алады да, оның етін, бауырын қоламтаға көміп қойып, боз атты байлап тастап, от басында қамсыз отырады. Бір кезде жезтырнақтың дыбысы шығады. Боз ат құлағын қайшылап, тықыршып, осқырып тұрады. Боран батыр оны елемегенсіп отыра береді. Сәлден соң жезтырнақ Боран батырдың қарсы алдына келіп бір тізелеп отыра кетеді. Бұл кезде Боран батыр қоламтаға піскен бауырды алып, кесіп жеп отырады. Боран батыр қолындағы болат семсердің ұшына шаншып томардай бауырды жезтырнаққа ұсынса, жезтырнақ семсердің ұшын «тырс» еткізіп кесіп, бауырмен бірге алып қалады. Бұдан Боран батыр титтей де сескенбейді. Саптама етігінің қонышынан және бір семсерді суырып алып, қоламтада жатқан арқардың асықты жілігін ортасынан қурайша жона кесіп, екіге бөліп тастайды да екі басының майын аузына кезек-кезек құйып, лақтырып жібереді. Боран батырдын бұл айбынынан, өткір семсерінен, жебелі садағынан, қалтасының астында жатқан айбалтасынан қорыққан жезтырнақ ақырын шегініп барып, жым-жылас болады. Тұңғиық түнде Боран батыр өз бойындай және өз жуандығындай бір теректі кесіп әкеледі де, ертоқымын оған жастық қылып, үстіне шапанын жауып, кәдімгі ұйықтап жатқан адамға ұқсатып қояды. Содан кейін өзі жеңілтектеніп, садағын қолына алып, жанындағы үлкен теректің басына шығып, жезтырнақтың келуін аңдып отырады. Аздан соң жезтырнақ бір басып, екі басып ептеп келеді де, қаннен-қаперсіз ұйықтап жатқан адамды көріп: «Қап, бәлем, сені ме!» – дегендей-ақ бас салады. Қатыгез жезтырнақтың темір тегеуріні дүңкиген ағашты күтірлетіп жібереді. Мұның адам емес, ағаш екенін біле қойған жезтырнақ адыраңдап айналасына қарай бергенде, Боран мерген садағымен жезтырнақтың жүрегіне періп қалады. Жезтырнақ ышқынып барып серең ете түседі. Боран батыр ағаштың басынан түсіп, өлген жезтырнақтын теңге-моншақтарын сыпырып, болат тырнақтарын кесіп алып кете барады. Бұл кезде Боран батырдың ауылы аласапыран күйге түсіп, «Боран батыр жезтырнақтың мекенінен аман келе алмайды, оның темір тегеурінінен құтыла алмайды, жезтырнақ біздің тұқымымызды кұртады», – деп дүрлігісіп, күңіреніп жатады. Боран батыр жезтырнақты жеңіп қайтқанда, қалың жұрт қабағат қуанып, ақсарбас айтып, ұлы жиын-той жасайды. Осыдан кейін де боз атты Боран батыр жезтырнақты жою жорығына әлденеше рет аттанып, үлкен олжамен оралып жүреді. Күндердің күнінде Боран батырдың қызы ұзатылатын болады. Қыз ұзатыларда әкесінен алғашқы жезтырнақтын теңге-моншақтары мен жезтырнақтарын қалайды. Әкесі оны алса, өміріне қатердің ауыр екенін қаншалық айтса да қызы көнбейді. Ақыры, әкесі қызына беруге амалсыз мақұл болады. Бірақ берерінде қызына:
– Қарағым, үйіңе қайтқанда, сен сақтан, түнгі ұйқыңа сақ бол, таңға жуық тауық бол, – дейді. Сонымен қыз әкесінің берген бөзі мен сөзіне разы болып, ұзатылып кетеді.
Боран батырдың қызы бір қора қоймен қалың жыныс орманның ішінде отырады. Күндіз күйеуі қой жаяды, түнде Боран батырдың қызы қой күзетеді. Әкесінің айтқанын есінде сақтап, сойған қойдың санын шаңыраққа асып, қатырып қояды. Түнгі ұйқыға сақ болып, таңға жуық орнынан тұрып алады да, үнемі жіп иіріп, әндетіп отырады. Бір күні таңға жуық болғанда ит абалап қатты үреді. Жайшылықта қасқырдың сырттаны болса да сытылтпайтын бұл иттердің екпіні бірден басылып, қаңқылдап барып, үні өшіп қалады. Бір тықырдың таянғанын білген Боран батырдың қызы жанып тұрған отты өшіреді де, қатқан санды қолына алып, босағада бұғына қалады. Бұл келген жезтырнақтың кемпірі еді. Ол есікті ашып жіберіп, керегенің басында ілулі тұрған өз қызының теңге-моншақтарын тани кетеді де: «Ым, менің қызымның түбіне жеткен сен екенсің ғой, оның теңге-моншақтарын иемденіп алуын қарашы, өзінің, жүзің күйгірдің өзі қайда екен?» - деп үйге кіріп, дереу сөнген отты үрлеп жақпақ болады. Осы кезде босағада сақадай сайланып тұрған Боран батырдың қызы от үрлеп жатқан жезтырнақ кемпірдің басына қатқан санмен періп-періп жібереді. Сом білек, соны қайрат жезтырнақ кемпірдің басын отқа тығып, омыртқасын опырады. Содан былай Боран батырдың қызы да батыр атанады. Ел аузында «Боз атты Боран батыр және оның ұрпағы жезтырнақтың тұқымын құртқан екен» деген аңыз таралады.
15. Боран батыр
Баяғыда Ұлы жүзде Боран деген бір батыр мен Қасқарау деген бай болған екен. Ноғайлы елінің қоныс алмай, аз ұрумен бір қоныстас болып жүретін заманы екен. Сол мезгілде Боран батыр байға қатты өкпелеп, шауып алмақ болып, атқа үш мініп, үш түскен екен. Ондағы себебі: «шауып тастауға қорқып жүрген жоқ, бұл наданның наданшылығынан көрмей, «Боран өз елін өзі жаулап, құтын шайқады» деп, жаман аты менде қалады-ау», – деп тоқтаған екен. Сол Боранның баймен өкпелесіп жүрген мезгілінде Ноғайлының ауып кететін кезі болып, Қасқарау айттырып қойған бір қызды бермей көшіп кетеді. Боранмен араз Қасқарауға бай қуып, жесірін алып қала алмайды. Ноғайлы сол көшкен бетімен теңізден өтіп кетеді, теңізді айналып өтуі үш айлық жол еді. Көлденеңінен қора қамыстың арасымен жүріп өтуі 15 күндік еді, бірақ та, сонымен адам баласы жүрген емес. Жүре алмайтын себебі, аю, жолбарыс және жезтырнақтардың мекен қылған жері еді. Солардан қорқып ешкімдер де жүре алмайтын. Ол онымен тұра берсін. Қасқарау бай елінің басын қосып: «мына Ноғайлыдағы кеткен жесірге не қыламыз, бұған не айтасыңдар?!» – деген соң, жиналған жұрт: «Бұл не айтып отырғаның, бұрынғылар айтқан жоқ па еді: «қарға мың шақырса жыл келмейді, қаз бір-ақ күн шақырса жыл келеді» деп. Жиналғанмен, бұл елдің қолынан не келеді? Боранмен араз болып, бой теңесетін нең бар, сені шауып жіберсе, Бораннан айырып алатын кім бар?! Қарсы тұра алармысың, сен бұл адасқандықты қой, біздің табарымыз ел болар, түгел айтқанымыз, сені Боранға алып барып аяғына жығамыз», – дейді де, қалы кілем, қара нармен байды апарып, Боранның аяғына жығады. Көпшілік жол-жобасымен апарып, аяғына жыққан соң, Боран батыр мырзалық қылып: «Ал, Ұлы жүздің баласы, жиылып келген екенсіздер, келуден басқа айтарлық сөздеріңіз болса сөйлей отыр» депті. Келген ақсақалдар:
– Өкпелеп жүрген мына ағаңды: «жасыңды санама, басыңды сана» – деп әкеп отырмыз, «ел намысы – ер намысы» деп, сен сықылды ері бар елдің намысы кетуші ме еді басқа елге?! Мына Ноғайлының жесірімізді бермей көшіп кетіп отырғанын білмей отырмысың?! Айтарымыз – осы» деседі. «Жарайды, сіздердің жиылып келгеннен-ақ осыны айтарларыңызды біліп отырмын, бірақ мұның маған бір ауырлығы бар: Ноғайлыдан қауып қылып отырғаным жоқ. Боран басыммен аттанып шыққан соң, 9 айлық теңізді жағалап отыруым лайық емес қой. Көлденең өтетін он бес күншілік жолы болады екен, оның ішінде адамға қауып қылатын зиянды хайуандар болушы еді, айқасып көрмеген нәрсем еді, сол жері ауыр келе ме деп ойлап едім» – дейді. Көпшілік: «Онда біз білмейтін қандай хайуандар бар?» – дегенде, Боран: «Оның несін сұрайсыңдар: ұсақ аңның бәрі бар, қасқыр, қабан, аю, жолбарыс, жезтырнақтар болулары керек», – дегенде отырған ел атын естігеннің өзінен-ақ шошыды да: «Алыссынбаңыз, барамыз десеңіз алдымызға басшы болып жүріңіз, көп болып атқа мініп, теңізді жағалап өтейік» деседі. «Олай емес, қылыдан өтуге Боран да қорқып, теңізді жағалап кетіпті» дегізгеннен өлгенім жақсы емес пе?! Қой, енді тәуекел, мен барайын, аса көп кісінің керегі жоқ, маған ыстық істеп беруге жарарлық он-ақ жігіт аламын, кезекпен ас пісіріп отырсын, онына жылқыдағы бар жақсы атыннан жиырма ат жаратып, он жігітке қару-сайман мен азық-түлік даярлап беріңдер, менің өзіме өз атым, өз сайманым болады. Енді күнді ұзартпай, алдымыздағы дүйсенбі күні құрмалдық қылып, елдің басын қосарсың, сол күні біз де аттанармыз!» – деп уағдасын беріп, айтқанындай, он жолдасын алып, сол күні жүріп кете барады.
Былай шығып, алған соңғы істе батыр сол он жолдасына он күн тамақ істетіп отырады. Түсе қалған жерде қолын ішіне алып, Боран жеке қисайып жатады, оның алдынан біріне-бірі сүйеніп тоғызы жатады, оның алдынан ыдысқа бақыр іліп, кезегімен ыстығын береді. Сол қалыппен жүріп келеді. Құрғақтағы жүгірістің не керегі бар, қопаға келіп түсіп, күн-түн қатып, ыстық ішкеннен басқа жату жоқ. Бұрынғы айтылған аңның бәрі көрініп кетіп жүріпті. Бір күні аралықтан шыға келіп, бір аю ақырып кеп қалды, бұрын көрмеген нәрсе, жолдасының бәрі де атынан жығылып қалады. Боран батыр ақырып ұмтылған екен, кейін қарай қалың қопаға еніп кетеді, жолдастарын тұрғызып, атына мінгізіп алып, ұрсып: «Не болды, сендерге?! Мынаның беті жаман, тағы айқасып көрініп, ақыратын болса тағы аттан жығыласыңдар ма?» – деп ұғындырып келе жатыр еді, әлгідей болған жоқ, тағы аю алдынан түсіп, ақырып келіп қалады. Қарсы ұмтылып Борекең ақырған екен, тағы қопаға ене береді, жолдастары атының жалын құшып жығылмай қала береді. «Мынаны көрдіңдер ме, бірнеше күннен бері аман келе жатыр едік, мынау айқасқалы келе жатыр-ау, үшінші келсе бұ да шабар, мен де ұмтылып көрермін, не қылар дейсің, ажал айдаған шығар, ақырғаннан шошынып, аттан құлап, мертігіп қалып жүрмеңдер!» – деп ұғындырып келе жатқанда, тағы бір алаңнан аю шыға келіп, бар күшін жиып келіп, ақырып кеп қалғанда, астындағы мінген аттары дір-дір етіп, қан сиіп тұра қалады. Боран да ақырып еді, аю оған болмады, қарсы тұра шапқанда аттан түсе салып, Борекең де ұмтылып, екеуі айқаса кеткенде аю екі аяғын иығына сала бергенде, бір қолымен кеңірдегінен ұстап алып, бір қолымен басқа қойып жібергенде басы быт-шыт болып кетеді. Сонымен, мұнан аман құтылып кетіп, он төрт күн өтіп, он бес күн дегенде, шығар ауызда нар қамыспен тілдескен бір қалың қопаға келеді. Сол арада Борекең жолдастарына айтады: «Мынау көрінген қора–ауыздағы қойдың қорасы» – деп аталады деуші еді, осындағы «шайтанның ең құтысы осында болады» – деп, естуші едім, ал осы араға ертерек түсе қалып, астарыңды істеп, атты ерін алмастан арқандай қойып, шалдырыңдар, ерте атқа мінейік, түнге қалмай қару-сайманды қолға алып отырып, ат үстінде отырсақ, тәуекел!» деп, сол араға түсе қалып, ыстық пісіре бастады. Бұрынғы әдетінше Боран жантайды. Алдынан жолдастары жатып, біреуі отты жағып, бақырын асып жатыр еді, оттың түтіні өзіне қарай шалқи береді, басын жұлып алып, аржағына қараса, өзімен қабат қарсы тұла бойы түк біреу отыр. Шошып кетіп: «Ойбай» – деп артында жатқан жігіттердің үстіне келіп, шалқасынан түсті. Сөйтсе, оның да артжағында тоғызы жатыр екен, шар етіп, о да өзінің тоғызына құлады. Мыналар үрпиіп түре келіп «ойбай, Борекелеп» Боранға тығылды, ананың аржағында бір дөкейі Боранға еліктеп жатыр екен, ол да өз Боранына тығылып, ұйқы-тұйқы болып жатыр. Борекең басын көтерсе, көрмеген бір хайуан, жезтырнақ екен, оның қаруы екі қолында, саусақтары бүркіттің тұяғындай, істік темір сықылды, тұла бойы жалбыраған түк екен. Жолдастарына: «Не болды сонша? Отырыңдар!» – деп, нұқып отырғызып еді, анау да өз жолдастарын отырғызып жатыр. Сол арада Борекең ойлап, қайтерін білмеді, ақыры түрегелгеннен қашар пәле емес, өзін еліктеп келіп отырғаннан шошып, «енді бұған бір айла қылып көрейін» деп, өзі түрегелгенде киік терісінен тіккен, шалбар жарғағы болушы еді, сонымен түрегеліп оттың басына келіп, отты үлкен қылып жаға бастап еді, ананың да Бораны аржағынан келіп отыра қалып, о да жаға бастағанын көріп «мынау да мен не қылсам, соны қылады екен» деп ойлап, түрегеледі де, азық салған қоржыннан бір еркек қойдың құйрығын алып, пышақпен бір білем құйрықты тіліп алып істік қылып, соған түйреп алып, пышағын майға шаншып, қоржынның үстіне қойып, оттың басына келіп, екі аяғын оттың екі жағына жіберіп, талтайып отырып, майды отқа ерітіп, үсті-басының бәріне жағып майлай бастап еді. Анау барып, сондай майдан бір тіліп алып, бұл кісі не қылса, соны қылып, о да бойын майлады, май әбден ағып болған соң, сіріңкесін жерге тастап: «Кел, батыр, күш сынасайық!» деп отты құшақтап кеп қалады. Анау да дауылдап тұрған отты таласа-тармаса құшақтай алғанда, тұла бойы жылпылдап тұрған май түгі де дау ете түскенде шошып, секіріп, аналарына тығылды. Мынаның оты тиіп, олар да жанып, бәрі қашып, «суға түсеміз» – деп жүргенде, от қамысқа тиіп, жалын аспанға бір-ақ шығады. Бірақ, жөнелгенде: «Қап, Бореке, асықпа!» – деп шақ ете түседі. Жолдастары айтқаннан ұғып қалған екен, ол онымен тұра тұрсын. Борекең ұшып түрегеліп, үстіне тиген отты қағып тастап, аттың ауыздығын салғызып жіберіп, саймандарын бөктеріп алып тұра жөнелді. Аналар шалп-шалп еткізіп су шашып, қамыспен әуре болып жатқанда, бұлар тұра жөнеледі. От аспанға шығып жанып жатыр, күн бойы жүріп отырып таң біліне құрғаққа келіп шығады. Жолдастары: «О, құдай-ай, аман құтылдық па?!» – деп, шуласып еді, «Тоқтаңдар, асықпа, от сөніп қалған жоқ па, шалп-шалп етіп суға түсіп кеткенін кеше көрген жоқсыңдар ма, ол қамысты сөндіре алмай әуре болып жатыр ғой, қамыс оның үйі еді, үйің өртенсе жақсы көресің бе, сендердің бажылдап жүргендеріңнен ұғынып алып», «қап, Бореке» деп кеткен жоқ па?! Қамысты сөндіріп алса, олардың жүрісі бізден гөрі жылдамырақ болатын шығар. Осы күндіздің қай мезгілінде бітерін кім біледі?» – дейді Борекең. Күн шығуға таянғанда, арттарына қараса, от сөнгендей болып, түтін басыла береді. «Ал, шырақтарым, енді болды. Ол келеді, егер ол келіп қалатын болса, мені ұстап беріп жүрмеңдер!», – дейді. «Біз, сізді неге ұстап береміз?» деп еді, «сендердің ұстап беретінің мынау: кеше оларды көргенде «ойбай» салып, мені қамап алып, қозғалтпай қойған жоқсыңдар ма? Сендердің маған берген көмегің сол болсын! Оның қарасы көрініп келіп қалатын болса, маған бөгет болмай, өз бастарыңды алып жөнеліп көріңдер!» дейді. «Жоқ, біз неге кетейік, кеше ұйқылы көзбен не екенін білмей шошыдық қой, тым болмаса, онымыз онына бөгет болмаймыз ба?» – деседі. «Мен айттым, сендер кетіңдер, мені тастап кетті» – деп мен ренжімеспін, жау беті суық болатын, ендігісін өздерің біл!» деп келе жатқанда, күн түске таяған мезгілде, біреуі артынан қарап: «Ойпыр-ай, шұбатылған шаң келе жатыр!» десті. Бұрылып қараса, сағымданып көрінеді, аз жау емес сықылды, шыдап тұра алмай, бағанағы ерлік қалды, Борекең айтып еді ғой, «біз жүріп барып тоссақ» деп, жүріп кете берісті. Борекең атының басын құбылаға қарсы бұрып, көлденеңдеп тосып қала берді. Сонымен, кеткен жолдастар бесін төмен түсе берген мезгілде, бір биіктің басына шығып тұрып, арттарына қарап, шуласып, жылап тұрады. «Борекең жазым болып кетсе, енді бізге ел жоқ қой» десіп тұрғанда, намаздігер болып келе жатқанда, бір қара көрінгендей болады, қорыққанға қос көрінеді, жалғыз қурай дегенде біреуі: «Ойбай, көп көрінеді, жезтырнақ білем» – деп, біреуі: «Борекең шығар» десіп тұрғанда, жалғыз келе жатқан Борекең екендігін біліп, алдынан қарсы келсе, түсі бұзылып, көзі ішіне қарай тартылып, түгі сыртына шығып кеткен. Атының да тұла бойы, өзінің де тұла бойы қып-қызыл қан. «Құдайлап», шулап келісіп еді, «Сабыр қылыңдар, дұшпандарыңнан құдай құтқарды» – деді де, «Жақын арада, су бар ма, түнейтін?» деді. Жолдастары: «мына таудың бауырында бұлақ бар көрінеді» деп алып келді. Сол жерге келген соң, Борекең аттың ерін алғызып, ертоқымын астына төсетіп: «Мен өзім де таң асамын, атты да күн шыға шалдырасыңдар, қауып қылмайық, оттығып, тамақтарыңды ішіп, жата беріңдер. Таң атқан соң, маған деген тамақты ертерек істерсіңдер!» деп жатып қалды. Жолдастарында ұйқы да, үрей де жоқ, қорқып отырып таң атқызып, Борекеңе тамақ пісіріп, оятып, атын шалдырып алып, жүріп кетті. Ноғайлыдағы құдаға келіп түскен соң қарсы тұра ала ма, алдына түсіп, айтқанын қылып, жасаулы үймен қызды беріп қайтарады. Қауып-қатері жоқ Борекең бастап отырып, әнеугі жүрген ізімен тартып келе жатқанда жолдастары: «әнеугі жезтырнақты тосып қалған жер, осы ара болса керек еді ғой» – деп, бұрылып қараса, бықсып жатыр екен, жанына келуге бата алмай, анадай тұрып жемтігінен 61-ін санап өтеді. Сонымен елге келіп, арада бірнеше жылдар өткен мезгілде, бір бөлек шеткері жатқан елдің жылқысын Құба қалмақ келіп айдап кетіп, Боранға хабар келді. Жылқыны «жау әкетті» деген соң, аман отырған елден 400 адам ертіп алып, Боран қуады, жаудың ізіне келіп, бетін басқарып алған соң, қалмақ екенін біліп, «көріп қойса тынықпай қаша береді» деп, күндіз жатып, күн бата атқа мініп, түні бойы жүріп отыратын болып келе жатыр. «Бұл қалмақ, қазақ жерінен өз жеріне қарай шыққан соң тынығады, сонда айқасармыз. Күндіктен алысқа ұзап кете қойған жоқ шығар!», – деп, келе жатып жауырын ашқызып еді, «Апырмай, оның да жауырыншысы бар екен, тоқтамай барады!» – деген соң, аттарының ерін артына қаратып мініп, жүрді. «Жау қазақ жерінен шығар, өзі шегіне келіп түсіп, оның да жауырыншысы жауырынға қарап жете алмайтын болған соң, қуғыншының беті қайтты» – деді. «Сол арада қалың шалғын, үлкен көл, ойпаң жер екен. Олай болса, осы жерге бір-екі күн тоқтап, тынығып алайық» – деп қалмақ жатқан. Боран да ат айдап келіп: «Жас кезімде бір жүргенімде, осы алдымызда жау тоқтап тынығарлық бір шалғынды ойпаң көл болса керек еді, соған тоқтамады ма екен, көптің дабырымен сезік алып қалар, мен өзім жалғыз соны барып байқап келейін, көбің осы жерде дамылдай тұр!» – деп тоқтатып тастап, жетіп келсе, бір адамның дыбысы жоқ, пырт-пырт етіп жайылып жатқан жылқыға кез келеді, байқап тұрып, «мына жерде жатыр» деді. «Елші бала жоқ, кімге хабар беремін? Айқайды естісе өздері де келе берер», – деп найзаны қағып, зырылдауығын тартып, бар күшін жиып ақырғанда, желігіп келе жатқан жылқы ойнап шыға берді. Қалмақтарда қуғыншы келеді деген ой жоқ, аттарын да қоя беріп жатқан екен, қирай жаяу қала береді, жау есінен адасқандай болды, бірдің даусы екенін, көптің даусы екенін айыра алмай қала берді. Боранның даусын естіп кейінгілер де келе жатыр еді, дүрілдетіп жылқыны айдап Борекең де келіп «Осы алдымыздағы көлдің басына жылқының алдын тоқтатыңдар, таң да атып келеді ғой, мал да тынықсын, өзіміз де бой жияйық, қалмақ не қылар дейсің, көбі жаяу қалды ма екен?», – деді. Сол арада таң атқан соң, жылқыны шамаласа 500-дей жылқы алған деседі. Олай болса, бүгін осы жерге дамылдайық, қалмақтың қолы қанша екен? Мен соған жолығып келейін, – деді. Көпшілік: «Не қыласыз? Күйінді болып, жаяу отырған қалмақ жазым қылып жүрер», – дейді. Бұлар соны айтып отыра берсін, қалмақтар оянса, отырысында бекітулі 9-ақ ат қалыпты. Қалмақ 500 екен, оның да ішінде өзі батыр Жайсаң деген біреу бар еді. «Бізді құдай қара бастырғанда қазақта айқайы зор бір Боран деген батыр бар деп естіп едім, соның еліне ұшырап қалғанымыз ғой, түндегі дауыс сонан басқаға лайық дауыс емес қой, егер сол ер болатын болса, түрін бір көріп, ерлігін құлақпен естіп қалсам, бұл сапардан жай қайтқаныма арман қылмас едім», – деп, бір епті жігітіне: «Сен бар, егер ол Боран болатын болса, кеткен жоқ шығар, қорқатын ер емес қой. Мені жіберді де, даусын есітіп құлағым сүйінді, көңілім сүйінгендей бір ерлігін айтып, жолығып кетсе, қалған 9 атты да жолына беріп кетемін деп айтты де!», – деп, бір жігітін жібереді. Ат үстінде жүрген қазақтың біреуі: «Қалмақ жақтан бір атты адам келе жатыр!», – дейді. «Жарайды, келсе келсін!», – деп Борекең отыра берді. Әлгі адам Борекеңе келіп, сөзін айтқан соң: «Жарар, өзім де барғалы отыр едім», – дейді. Жолдастары: «Осыған бармай-ақ қойсаңыз қайтеді, тым көп екен, әрі ішінде Жайсаң да бар дейді. Сізді аттан түсіріп алғаннан кейін жабылып кетіп, ұстап алса, өңгеміз не бітіреміз?», – дегенде: «Ой, тәңір-ай, не қылар дейсің? Қорыққан адамша көп жүрмей-ақ, төрт-бес адам ғана қасыма еріңдер, ол жаяу қалмақ жабылып жүргенде мен де қарап отырар деймісің, найзаға іліп алып, біріне бірін соғып, өлтірген баяғы жезтырнақша лақтырмаймын ба?», – деп жүріп кетеді. Қалмаққа келе жатқанда, оны Жайсаң көріп: «Ау, шіркін! Боран десе, Боран екен, тұлғаңа болайын!» – депті. Аттан түсіріп, амандасып, отырғаннан кейін қалмақ: «Жаяу қайттым» – деп бұл сапарыма арманда емеспін, даусыңа құлағым сүйінді, көркіңе көзім сүйінді, көңілім сүйінгендей бір ерлігіңді айт дегенде: «мына сықылды хайуандармен де кездесіп, тарап едік» деп, кісесінде баяғы жезтырнақты қырғанда біреуінің бес саусағын кесіп алып кеткен екен, алдына тастай бергенде селк ете түсіп: «Апырмай, Қоқидың қопасындағы көп жезтырнақты біреу қырып, тұқымын құртып кетіп, сонан кейін әрлі-берлі өтуге аралдың жолы босады» деуші еді, сондағы сен бе едің?!» – дегенде: «Әлей, біз едік!» – депті. «Япыр-ау, қолы тисе жезтырнақ алып тастайды» – дейтіні қайда, қалай алдыңыз?! Саны қанша екен?!» – дегенде: «Сол шіркінді кім санапты, қайтып келе жатқанда жолдастарымның бірі барып, анадай тұрып шамалағанымда 61 деп еді. Қаруын да байқағаным жоқ, бірақ қаны ыстық болады екен, алыстан шашырап, сонысы ыстық тиді. Найзаға іліп алып, бірін-біріне соғып, қырып тастап кетіп едім. Ол онымен тұрсын, сол сапарда, бір аюға екі жерден кездесіп, ақырғанына мен қаймықпаған соң, үшінші келіп, ақырып ұмтылғанда ашу қысып кетіп, қару алу да ойыма келмей, аттан түсе ұмтылып, бір қолмен алқымынан алып, бір жұдырығыммен қойып жібергенімде, басы быт-шыт болып кетіп еді, хайуанмен айқасқаным осы», – депті.
– Мұныңа қанағаттандым, енді бір ерлігіңді айт – дегенде: «Он жеті, он сегіздегі кезім, мұнан көрі жас кезім, оншақты жолдасым бар. Бір жорыққа аттанып кетіп бара жатқанда таң атып қалып, бекініске жеткенше күн көтеріле берді. Сар желіп тартып кетіп бара жатыр едік, сол жағымнан күн, артынан сағымданып бір көп қара ереуілдеп шыға берді. «Мынау – адам ғой, келе жатқан біздің жолдасымыздың сұйықтығы бар ғой, қаша тартып тауға таман шығайық» – деп жөнеліп көріп едік, бізді көріп, ана көптен бірсыпыра адам бізге қарай бет ала бастады, біз қаша жөнеліп едік, ана көптен әсіресе бір жалғыз ерікке қоятын емес, онан сайын қуып, ағызып келе жатыр. Жолдастарыма: «Міне, біреуі қашқанға болатын емес, көрдіңдер ме? Сендер де байқай отырыңдар, мен көлденеңдеп тосып көрейін» – деп, құбылаға бет қойып тұрып қала бердім, анау да келіп-ақ қалды. «Сен кімсің?!» – деді де, келіп тұра қалды. Астында қара жорға аты бар, басында камшат бөркі бар, шарайна, белдік, сауыт-сайманы түгел бір ер. «Уа, мен қазақпын!» – дедім. «Қазақ болсаң, қарсы қарап тұрып көр, кезек менікі!» – деп сар садағын алып, толғап тартып қалды. – Амал бар ма, атамның жолынан құтылғаным ба? Шыдап тұрдым, аяп атқан жоқ, құдай қағып оң иығымның үстінен сылт етіп өте берді. Мен де садағымды қолыма ала бердім. Кезегі біткен соң о да ер екен, қарсы қарап тұрып алды. Япыр-ау! Қашып едім, қоймады, аяп атқам жоқ, құдайдың сақтағаны болмаса, «өзі қалмақ, іздегендегі малым – осы, осыны атып түсірсем, өкпесі дәнеме емес шығар» деген оймен, дәл жүректен қойып тартып кеп жібердім, қалаған жерден оқ тиіп, өкіре құлады. Ойнап аты шыға берді, мынаның жығылғанын көрген соң ана кейінгілері кейін қашып көріп еді, жиырма шамалы адам екен, кейінгі кешуіне жеткізбей-ақ жетіп, аттан түсіріп тастап, артындағы шұбалғанға келсем, қатар түзіп жүк артқан түйе, ұзатып әкеле жатқан келін екен, сол арада тоқтатып көлігін, мүлкін түгел алып келе жатқанымда, көштің артында жайдақ қара тайға мінген бір бала келе жатыр екен, тайының қабағына көзім түсіп кетіп, «Шіркін-ай, мынау ат болса, ердің екі атының бірі болғалы тұр екен-ау», – деп, «түсіріп алайын» – деп тұра ұмтылғанымда қостепкіні қойып, бала көштің бір жағымен алдына қарай шыға берді. «Ұстап аламын» – деп ұмтылғанша болмады, жеткізер емес, жұлдыздай ағып бара жатыр, садағымды алып, өзін атып түсіремін дегенімше атқа да, оққа да жеткізбей құтыла берді. Малдан құтылғанда сол қара тай кетті: адамды алдау өмірі әдетімде жоқ еді, аштан өліп қалмастай азықтарын беріп, адамын қоя беріп, көлік пен мүлкін алып қала бердік. Қалмақ затымен айқасқаным сол еді. Сонан кейін жолығып отырғаным «Сен» дегенде, «Апыр-ау, соны алған да сен бе едің?!» – деп жылап қоя берген екен. «Сол – менің әкемнің кенже інісі екен, қалмақтан туған ердің ері еді, қалыңдығын әкеле жатқанда қапыда өліп кете барды» деуші еді, ал жарайды, Бораным! Сол өзіңнен қара таймен қашып құтылып кеткен баланы осы күнде көрсең танымас едің!» – дейді. «Япыр-ау, сенің бағанағы елшілікке жіберген жігіттің көзі көзіме жылы ұшырай берді, сол болмаса» деді. Бала: «сол қара тайды таныр ма едің?» – дегенде «кәпірдің қабағы қатып, кәрілігі білініп қалғандай болған екен, мына тұрған қара арғымақ сол болмасын!» – деді. «Осы еді», «жаяу қайттым», – деп бұл сапарыма наразы емеспін, мақсатым болды, тай күнінде құтылып кетті деп, арманда қалған қара тайың – мынау, ертоқымын алып батырға жетектет!» – деп жолдастарына даярлата бастаған соң, батыр да ерлігіне разы болып: «Жарайды, ер екенсің, енді қазақ пен қалмақ арасына мұнан кейінгі заманда жаулық жүргізбейік!» деп, дос болып, уағыда берісіп, кейінгі өз аттарын өзіне қайтарып беріп, қара арғымағын алып, қайта берді.
16. Қараүйрек
Баяғы өткен заманда бір жарлы кемпір мен шал болыпты. Оның үш баласы болыпты. Ең кішісі – Қараүйрек екен. Ол өзі батыр әрі білімді болыпты. Күндердің күнінде кемпір мен шал дүниеден өтіпті. Сонда үш баласы не істерін білмей, күн көру үшін кәсіп іздеп, жолаушы шығыпты. Келе жатса, жол үш айрылыпты. Алдындағы көлденең тақтайда жазу бар екен. Оқыса: «Ей, үш адам, үшеуің бір жүрсең жолың болмайды», – деген жазуды көреді. Туыс деген қандай, үш жолмен бөлінгенде туыстар құшақтасып, жылап айрылысады. Және: «Қайда жүрсек те бірімізді біріміз ұмытпайық», – деп айрылысады. Сонымен, екі ағасы өз жолдарымен кетеді. Қараүйрек өз жолымен келе жатса, алдынан бір ақ отау көрінеді. Ақ отауға кіріп келсе, ай мен күндей жайнаған бір қыз отыр. Бірақ, қыздың аузы түйреуішпен түйреулі екен. Қараүйрек түйреуішті ағытып алып: «Бұны кім түйреді?» – десе: «Ағайым түйреді», – деген қыз.
– Ағайыңның тұқымы құрысын, ол қайда?
– Аң аулауға кетті.
Екеуі танысып, тамақтанғанша мезгіл кеш болды. Ағасы да аңнан қайтып келді. Ағасы үйіне таянғанда: «Қаңқылдаған итім, өз басыңа көрінсін, шаңқылдаған құсым, өз басыңа көрінсін, Қараүйректі көргендей неге шулап кеттіңдер?» – дейді. Бұл дауысты естіп, Қараүйрек далаға шығады. Қараүйректі көре сала ағасы: «Бұнда неғып жүрсің, өзіңе атыспақ керек пе, алыспақ керек пе?» – дейді.
– Атыспақ арғы атамның төрінде қалған. Алыспақ керек! – дейді Қараүйрек.
Екеуі екі күн, екі түн алысып, ақыры Қараүйрек қыздың ағасын қырық құлаш аспанға лақтырғанда, жерге түспей-ақ өліп кетеді. Қараүйрек отауда үш күн демалып, енді қызды алып жүрмек болғанда, қыз айтыпты: «Сен мені ала алмайсың. Себебі, менің екі ағайым бар, олардың да қарындастары бар. Сен сол ағаларымды жеңбесең, саған күн көру жоқ. Апаларымның күні менің күнімнен де жаман», – деп.
– Олар қайда тұрады?
– Олар күнбатыста, бірінен бірінің арасы қырық күншілік жер, – деп қыз жылапты.
– Ендеше, мен соларды көріп, көрімдігін беріп қайтамын, – деп Қараүйрек жолға шығады. Келе жатса, алдынан бір отау көрініпті. Үйге кіріп келсе, бір қыз отыр. Аузы түйреуішпен түйреулі, аяғы кісендеулі. Кісенін ағытып, түйреуішін алып: «Не қып отырған қызсың?», – десе, «Менің күнімді сұрама! Ағайым аяғыма ел қыдырып кетесің деп кісен сап, тамақты мен жоқта ішесің деп аузымды түйреп кетті», – дейді қыз.
– Ағаң қайда?
– Аң аулауға кетті.
Қараүйрек қыздың аузынан түйреуішін, аяғынан кісенін алып тастады. Екеуі тамақтанды. Кеш те болады. Ағасы да келеді. Сонда ағасы: «Әупілдеген итім, өз басыңа көрінсін, шаңқылдаған құсым өз басыңа көрінсін, бұнда Қараүйрек бар ма, неге шулап кеттіңдер?» – дейді. Қараүйрек естіп өзі шыға келеді. Қыздың ағасы айтады:
– Атыспақ керек пе, жоқ алыспақ керек пе?
– Атыспақ арғы атамнан қалған. Алыспақ керек. Екеуі үш күн, үш түн алысады. Ақырында, Қараүйрек жеңіп, өлтіреді. Қараүйрек бұл үйде де үш күн демалады. Сонда қыз айтады:
– Менің енді бір ағайым бар, сол ағайымды жеңсеңіз, сонда жарайсыз. Ондағы тәтемнің күні менің күнімнен де жаман, – дейді.
– Ол қай жақта?
– Ол күнбатыста, осыдан қырық күншілік жерде тұрады. Осыдан біраз жол жүрсеңіз, алдыңыздан аңшы ағайым кездеседі. Таудай дәу тазысы бар, сол саған алдымен шабуыл жасайды. Оны жеңбесең, өлесің. Ағайым өзі батыр. Ағамның бір әдеті бар, бір ұйықтаса, жеті күн ұйықтайды. Ұйқысына дәл келсең жақсы болар еді, – дейді.
Қараүйрек қыздың ағасының сауыт-сайманын киіп, атын мініп, жолға шығады. Айтқандай-ақ, біраз жер жүрген соң, алдынан тазының даусы шығады. Тазы сауыт пен атты танып еркелей бергенде Қараүйрек қапысын тауып шауып тастайды. Таудай тазыны өлтіріп, Қараүйрек ақ отауға келсе, қыздың ағасы ұйықтап жатыр екен. Қарындасының аузын түйреп, қолын артына қайырып керегеге байлап қойыпты. Барып қызды босатып, жөн сұраса, бұрынғы қыздардағыдай жағдай екен. Ағасының ұйықтағанына бір күн өтіп, екінші күн болған екен.
– Өлтірсең ағайымды осы мезгілде өлтір! – дейді қыз.
– Адамды ұйықтап жатқанда өлтіру батырлыққа жатпайды. Өйткені өзі де күшін білмей, өлген батырдың да күшін сынамай адам арманда қалады, – деп оған Қараүйрек көнбейді. Қыз қанша жылап айтса да Қараүйрек бір бетінен қайтпай, тамақтанып алып, батырдың оянуын күтіп, үйде жата береді.
Қыз сонда Қараүйрекке: «Менің ағайым найзаласқанға шорқақ, сол есіңде болсын», – дейді. Күні бітіп батыр оянса, үйінде бөтен біреу отыр. Тазысы жоқ. Сонда тұғырда отырған құсы шаңқылдайды. «Шаңқылдаған құсым, өз басыңа көрінсін, бұл Қараүйректен сау ма?» – деп, батыр орнынан атып тұрады.
– Ия, Қараүйрек, мен, – дейді.
– Саған алыспақ керек пе, атыспақ керек пе?
– Атыспақ арғы атамның төрінде қалған, алыспақ бергі атаммен бірге кеткен, найзаласпақ керек.
Екеуі найзаласа кетеді. Күн жарым дегенде, жерге тізеден кіргенде Қараүйрек батырды шаншып өлтіреді. Үш ақ отауды бір жерге тіктіріп, кіші қызды өзі алып, сол үш мырзаның мал-жайына ие болады. Елін бір-екі жылдан кейін көшіріп алып келе жатып, Қараүйрек қыздарға айтады: «Сендерге аш-жалаңаш адам көрінсе, қалдырмай ала келіңдер!», – дейді. Сөйтіп, өзі басқа жолмен жүреді. Қараүйрек келе жатса, алдында мойны ырғайдай, биті торғайдай, үсті-басы алба-жұлба екі ағасы аштан талып жатыр екен. Бауырларын көргенде Қараүйректің есі қалмайды. Азын-аулақ тамақтандырып кетіп, көшін қуып жетіп тоқтатады. Үш отауды тіккізіп, тамақ жасатқызады. Өзі екі атқа ер-тоқым салып бауырларын мінгізіп алып келеді. Екі ағасын қырық-қырықтан сексен биенің сүтімен жуындырып, киіндіріп үлкен ағасына үлкен қызды, ортаншы ағасына ортаншы қызды қосады. Үлкен ағасына жылқы мен түйе түлігін, ортаншы ағасына сиыр мен ешкі түлігін беріп, өзі қой түлігін алып, еліне барады. Ағалары Қараүйрекке арамдық ойлайды. «Өзі сұлу қызды алды, бізге нашар қызды берді», – деп Қараүйректі өлтірмек болады. Былайша өлтіре алмайтын болған соң, ақыл қорытады. Бұл істі үйдегі әйелдері білмейді. Бір күндері ақылдасып, түн ортасы болғанда, Қараүйректің үйіне келіп, есігіне көлденең шалғы байлап қояды да, қора жаққа барып айғай салады. Ұйқыда жатқан батыр: «қойға бөрі шапқан екен» – деп, далаға жүгіре шықса, тізесінен шалғы қырқып түседі. Екі ағасы оны түнде көзі көріп, үйлеріне қайтады. Қараүйректің әйелі ерінің жағдайын біліп, шалғыны есігінен шешіп алып тастайды. Киіз күйдіріп, қанды тоқтатып, аяғын киізбен қаптап береді. Ақылды әйел бір нәрсені білгендей, ерінің астынан жер ошақ қазып киізге орап азық, тамақ, сауыт-сайман тығып, үстіне құрым киіз салып отырғызады. Астында не бар екенін Қараүйрек те білмейді. Сонымен таң атады, күн шығады. Ағалары келіп, інісінің зарлағанына, келінінің жылағанына қарамай үйін жықтырып, көшіріп әкетеді. Інісін жұртқа тастап, екі ағасы елден ұзап кетеді. Қараүйрек ашығып, зарлап жылап отырса, аяғының бір жеріне астындағы киіз жабысып қалыпты. Орнынан қозғалып киіздің астын сипаласа жер ошақ, қолына сауыт-сайман, қант, шай, пісірген ет, май ілінеді. Сөйтіп, өлмес күнін көріп отырғанда Қараүйректің қасына аяқ жолын ғана көретін кембағал бір адам келеді. Екеуі дос болып, сыр айтысады. Сонда аяқ жолын ғана көретін адам айтады: «Менің өнерім сол, жаудан қашқанда артымды тұман, алдымды ашық қып құтылып кетем», – депті. Сонымен бұл екеуі аң атып жеп, күнелтіп жүрсе, екі аяғына қазандай-қазандай тас байлап келе жатқан бір адамға кез болыпты. Ол – желаяқ екен. Бұларға желаяқ та дос болады. Желаяқ тасын тастап, Қараүйректі арқалап жүреді. Құс атып жеп, күнелтеді. Бір күні бұлар аң аулап жүріп, бір ауылдың үстінен шығады. Үшеуі ауылға келсе, күйеуге кеткелі жатқан қыздың тойының үстінен шығады. Бұлар да тойға барады. Бірін-бірі арқалап жатқанды көзі көріп, бөлек үйге апарып, табақ тартады. Үшеуі бір ойға келеді. «Біз табыс табамыз, бірақ үшеуара бізге тамақ істеп беретін біреу керек қой, тойда жүрген бір қызды алып кетелік», – деп ойлайды. Ойларын қорыта келіп, ретін тауып, Сарқыт деген бір қыз баланы алып қашады. Оны көріп қалған халық қуады, желаяқ екі адамды көз көрмейтін жерге алып кетеді. Қуғыншылар артындағы көзі кем адамды қуып жетіп қалыпты. Сонда ол артына бір қарап жел үрлеп жібергенде, алды ашық, арты тұман болып кетеді. Қуғыншылар адасып қалады. Сонымен үшеуі суы мол, жайлы жерге барып, үй болып қоныстаныпты. Күндердің күнінде Қараүйрек аң атып қайтып келе жатса, бір мысық кез болыпты. «Үйдегі қарындасым Сарқыт ермек етсін» – деп мысықты ала келіпті. Аңға кетіп бара жатқанда Қараүйрек қант пен тоқаш тастап кетеді екен. Оны Сарқыт пен мысық екеуі бөліп жейді екен. Бір күні қант пен бауырсақ тастап, мысықты шақырса, мысық келмепті. Сарқыт өзі жеп қойыпты. Мысық келіп: «Тәте, неге шақырдың?» – деп сұраса: «Жаңа мен үй жинап жүріп, қант пен тоқаш тауып алып ем, сен келмеген соң, өзім жеп қойдым», – дейді Сарқыт. Оған өкпелеген мысық: «Ендеше, мен отты өшіремін», – деп, құйрығын шелектегі суға малып алып, суды отқа шашып-шашып жібереді. От сөніп қалған соң, Сарқыт ағаларын іздеп, шақпақ алуға келе жатса, көз ұшында жылтылдаған бір от көрінеді. От алу үшін барса, жеті басты жалмауыз кемпір екен. Жылтылдаған соның көзі екен.
– Е, қарағым, жақсы келдің, неғып жүрсің? – дейді кемпір.
– Шешеке, от алайын деп келіп ем, – дейді қыз.
– Бармағыңнан бір сорғызсаң от беремін, болмаса от бермеймін. Оған көнбесең, өзіңді жұтып та қоямын, – дейді кемпір. Сарқыттың қорыққанынан есі шығып кетеді.
– Жарайды, шешеке! – деп, Сарқыт бармағын сорғызады. Кемпір сорғанда қыз бозарып кетеді. Кемпір қыздың етегіне тұз бен күл түйіп береді. «Үйіңе барғанша, «шеңгел бол», «от бол» деп бар, артыңа қарама, Қараүйрекке айтпасаң, от болады», – дейді. «Егер Қараүйрекке айтсаң, жұтамын», – дейді де, жалмауыз қала береді. Айтқанын орындап барса, жолдың екі жағасы ит өтпес шеңгел болып, күлі от болыпты. Отты жағып қыз уайымдап отырғанда, ағалары келеді. Үйдің алдындағы жолдың шеңгел болып, Сарқыттың бозарғанын көріп, ағалары сұраса, жалмауыздан қорқып айтпайды. Ағалары аңға кеткенде жалмауыз келіп:
– Желаяқ астында, сауыт-сайманы үстінде, алмас қылышы қолында, үйде Қараүйрек бар ма екен, жоқ па екен? – дейді.
– Желаяғы астында жоқ, сауыт-сайманы үстінде жоқ, алмас қылышы жоқ, Қараүйрек үйде жоқ, – дейді қыз. Жалмауыз кемпір күнде келіп қолын сорып тұрады. Үш-төрт күнде Сарқыттың саудырап сүйегі ғана қалады. Енді ағаларына айтпасқа болмайды. Бастан-аяқ ағаларына болған оқиғаны айтады. Ағалары үйдің есігінен бастап ошаққа дейін ор қазып, үстіне шыбық салып, киіз жауып қояды. Қызға жалмауыз кемпір келгенде, сөзін айтып болған соң, мына сөзді айт: «Желаяғы астында жоқ, сауыт-сайманы үстінде жоқ, алмас қылышы қолында жоқ, Қараүйрек үйде жоқ, келсең кел, келмесең өзің біл, жалмауыз, де», – дейді. Сөйтіп, өздері көрінбейтін бір жерде дайындалып отырады. Жалмауыз кемпір келіп, бұрынғы айтатын сөзін айтып болған соң, Сарқыт та сөзін айтып: «Келсең кел, келмесең өзің біл, жалмауыз», – дейді. Кемпір ашуланып, қызға ұмтыла бергенде, орға гүп етіп түсіп кетеді. Аңдып тұрған ағалары келіп, басын әрі өтіп бір кеседі, бері өтіп бір кеседі. Бір басы қалғанда жалмауыз жалынады: «Мені өлтірме, не тілесең соған жеткізейін», – дейді.
Сонда, «оны да көрейін» – деп, ордан шығарып алып: «Көзі кемге көз сал, аяғы жоққа аяқ сал, желаяқты желаяқ емес ет, Сарқытты сұлу ет» – дейді. «Бәрін орындаймын, өлтірмесең болды!» – дейді кемпір. Сонымен, жалмауыз Сарқытты жұтады. «Құс!» – дейді құсады. Сұлу қыз болып түседі. Көзі кемді жұтады. «Құс» – дейді құспайды, бірнеше рет айтқанда, зорға құсады. Сұлу көзді болып түседі. Енді желаяқты жұтады. Бұны да зорға құсады. Қараүйрек айтады: «Мені құспауы мүмкін, сендер басын алып, сүйегін қалдырмай шағып мені тауып алыңдар», – дейді де өзін жұтқызады. Серіктері: «Құс! – дейді, құспайды. «Құс!» – дейді, құспайды. Сонан соң, жалмауыздың басын кесіп, бақайшағын шақса, Қараүйрек малдасты құрып, садақтың оғын жонып отыр екен. Жоғалған досын тауып алып, серіктері қатты қуанады. Бұлар енді жалмауызды өлтіріп, қазынасын теңдей бөлісіп алды. Барлығы ақылдасып, Сарқытты еліне алып барып, әке-шешесіне тапсырады. Ата-анасы қатты қуанып, қызын сүйген жары – көзді болған жігітке қосады. Жігіт ақылды болып, сол елді билейді. Сол елден үй алып, ат мініп, жолдастарымен қоштасып, желаяқ емес болған жігітті қасына алып, Қараүйрек өзінің сүйген жарын іздейді. Жерден жерді аралап, елден елді аралап жүрсе, үш бірдей ақ отау қатар тігілген үйлерді көреді. Келсе, өз үйлері. «Мейман қонақпыз!» – деп келген екі адамды ағалары танымай қалады. Өзінің әйелі ғана таниды, бірақ басқаларға сыр білдірмейді. Мейман қонақтарын сыйлағаннан кейін сөзді сөз қыздырып, екі ағасы батырлығын айтады. Сонда Қараүйрек былай дейді:
– Егер батыр болсаңдар, қазір әуеге садақ атысайық, – дейді. Батырлар келісіп, әуеге садақ атысады. Барлығы бір мезгілде садақ атса, екі ағасының оғы өздерінің үстінен түсіп, оның үстіне қасындағы інісінің оғы мен желаяқтың оғы қоса тиіп, қара ниеттер қаза тауыпты. Үш қыздың кенжесі сүйгенімен жылап көрісіпті. Желаяққа ортаншы апасын қосыпты. Үлкен апасы өзінің сүйгеніне тиіпті. Сол елге Қараүйрек әділетті патша болыпты. Бажасы желаяқты уәзір қылып алыпты. Сөйтіп, мұрат-мақсаттарына жетіпті.
17. Аю дәу
Баяғыда бір аю тауда аң аулап, еш нәрсе таба алмай келе жатса, қарсы алдынан бір түлкі кез болып, сасқалақтап қалай қарай қашарын білмей аюдың астынан жып етіп өте шығайын деп, бауырына еніп кеткенде, аю қолтығына қысып жібермей ұстап алады. Аю:
– Енді сені жеймін, өзіңнен өзің душар болдың, – деді.
Сонда тұрып түлкі:
– Жоқ, тақсыр, сіз мені жемеңіз, мен сізге амалдап патшаның қызын қолыңызға түсіріп берейін, – деп жалынды.
Бұған аю:
– Жарайды, онда, кәне, егер патшаның қызын қолыма түсіріп берсең, мен сені жемеймін, – деді.
Түлкі:
– Олай болса, менің артымнан қалмай жүріп отырыңыз, мен сізді алып барып, бір үйілген шөптің астына жасырам да, патшаның қызының жатқан қорғанына барып, қыздарды амалдап, алдап сіз жатқан жерге алып келемін, сол кезде даярланып тұрып, қызды ұстап алыңыз да, қасындағы қырық бақша дуалдан асып тауға қарай бет алыңыз, – деді. Айтқанындай, түлкі аюды алып келіп, үлкен болып үйілген шөпке жасырып, өзі хан қызының қорғанына кірді.
Түлкіні көрген қыздар:
– Әй, әй, анау түлкіні қараңыздаршы! Жүріңдер, өзін ұстап алайық, – деп бір топ қыздар дүрсе қойды. Бір кезде келген қыздарды түлкі алдап, құйрығын беріп, ұстай бергенде жалт бұрылып, шығып та кетті. Қолтықтарының арасынан зып беріп, екі аяғының арасынан жылт етіп өтіп, қыздарды әбден шаршатып, өздерін ыза қылып болды.
Бір кезде басын жуып, таранып болған патша қызы: «Бәрің де адам емес екенсіңдер, сол бір түлкіні ұстауға шамаларың келмеді», – деп, бір қора қыздың арасына кірді. Түлкіні ары қуып, бері қуып ұстай алмады. Қайта қыздарды алыстатып алып келіп, баяғы үйілген шөптің қасына алып келді. Шөпті айналып біраз жүрді. Аю қыздардан қайсысын ұстарын білмей аңқайып, екі көзі тесіліп біраз тұрды да, түлкінің құйрығын ұстай берген патшаның қызының белінен шап беріп ұстады да, қасындағы қырық бақша дуалдан асты да, тауға қарай жөнеп берді. Оның артынан бір тесіктен жып беріп, түлкі де өтіп кетті. Улап-шулап қыздар қалды. Бірсыпырасы ханға хабар беруге кетті. Патшаның қызын апарған аю, таудан тастан үй салып алды да, қызбен отау құрып отыра берді. Патша да қызды тау мен тасты іздеп таппай, ақыры «аюға жем болды» – деді де, қыздан күдерін үзді. Күндерде бір күн қыз аюдан бір ұл туады, ұлы күніне бір жасайтын болды, өзі дәу, өзі батыр, келбетті адам, түрі аю нәсілді болды. Атын «Аю дәу» деп қойды. Жетіге келген Аю дәу шешесінен жөн сұрай бастады: «Мен кімнен тудым? Әкем қайда? Бұл тауда не қылып жүрсің? Адамы бар, ел-жұрт дегендей, бір шаһарға барайық», – деді. Шешесі басынан атқарған уақиғаны баласына тегіс айтып шықты. Оны есіткен бала: «Мен бұл тауда аюды әке қылып тұрмаймын», – деп шешесінің қолынан жетектеді. Шешесі:
– Шырағым, мен өзім патшаның қызы болсам, тиген күйеуім адам емес, таудың аюы болса, оның үстіне киім жоқ жалаңашпыз, қалай барып әке-шешенің көзіне көрінеміз, жоқ, мен бармаймын, – деп, шешесі жер бауырлап жатып алды. Мұның ақырын сезген бала есіктегі қара қазандай тасты бір теуіп далаға шығып, таспен қайта жауып, тырдай жалаңаш салып ұрып, бір шаһарға келді.
Келе бір жерде өңкей әйел киімі, еркек киімін сатып отырған дүкеншіге кез болады. «Шешеме» деп түрлі киімдерді таңдап алды. Өзіне де алып киді де: «Пұлын ертең келіп, төлеймін», – деді де, тыс берді. Бұған дүкенші ашуланып, етегінен шап берді. «Егер барлық малыңнан айрылғың келмесе, босат», – деді де, қолын қағып тастап, жып беріп дүкеннен шықты. Әкелген киімдерімен шешесін бәйшешектей киіндіріп, шешесінің еліне қарай жолға басты. Бір мезгілде аңнан қайтқан аю үйіне келсе, үйі ашық-шашық, үйдің есігін бастырып кеткен тас таудың етегінде жатыр. Баланың істеген сойқанын сезіп, ізіне түсіп қуа жөнелді.
– Сендерге кім беталды жүре берсін, – деді. Қайтыңдар! – деп алдынан шыққан аюдың сирағынан ұстап, таудың төбесіне қарай бір-ақ атты да, жүре берді.
Қыз баласын ертіп үйіне келді. Әке-шешесімен жыласып көрісті. Болған оқиғаны бастан-аяқ айтты, аюдан туған баласын көрсетті. Мұны есіткен, баланы көрген патша қапа болып, ел-жұрттан намыс қылып, қызына «кет» деуге өз перзентіне айта алмайды, «кетпе» дейін десе, еріп келген баласынан ел-жұрт қорқатындай, көргенде адамзаттың денесі түршігеді. Бет-аузын жүн басқан, адам қорқарлық. Ақыры қызының қайтып келгенін ешкімге жария етпей, баланы: «Мынау – бір пәлен шаһардағы патша досым өзі дәу, өзі батыр болған соң, тартуға әкеліп берген дәуім еді», – деп, жариялады. Мұны көрген ел-жұрт шошып: «Тақсыр, мына дәуіңіздің бетін аулақ салмасаңыз, бала-шаға көргенде жүрегі ұшып кетер. Әлден-ақ есіткен жұрт, көрген кісі қорқып, кешке далаға шығудан қалды», – деген арыздар да түсті. Оның үстіне Аю дәу бір жегенде қырық кісінің жейтұғын тамағын жейтін болды. Бір ұйықтаса жеті күн, жеті түн ұйықтайтын, бір ұйықтамаса жеті күн-жеті түн ұйықтамайтын болды. Ақыры патшаның өзі де баланың көзін құрту шарасына кірісті. Еліндегі барлық қу, сұмдарды, ақылгөйлерді жинап, баланы өлімге жұмсауды қарастырды. Кеңесшілер: «Жаман тоғай деген тоғайдан екі бау қамыс әкелуге жұмсау керек, міне сол тоғайға ешкім барып көрген емес, онда жыртқыш аңдар, қабандар көп, солар жеп қояды», – деді. Бұл ақылды патша да дұрыс көріп, баланы шақыртып, Жаман тоғайдан екі бау қамыс әкеліп беруді бұйырды. Патшаның бұйрығы екі болмайды. Тамаққа жуан тойған бала Жаман тоғайға да жетті. Тоғайдағы қорқылдаған не бір қабандарды да көрді. Құйрығын бұрап, шабынған жолбарыс, барыстарды көрді. Екі бау қамысты орап болып, бақыртып жүріп бір қабанды да ұстап әкелді. Оның құлағын тесіп, қамыстан бұйда қылып, үстіне қамысын артып, оның үстіне – өзі мініп, кеш бата патшаның қорғанына келіп түсті. Мұны көрген патша баладан одан бетер шоши бастады. «Мынау қабан шошқаңның көзін жоғалт!» – деп, патша байбалам салды. «Ондай болса, міне!» – деп, артқы екі сирағынан ұстап, қабанды қорғаннан асыра лақтырып жіберді. Патша кеңесшілерді және жинап, тағы баланы өлім жолына жұмсауды ақыл қылды. Ақыры кеңесшілердің біреуі: «Менімше, Жамантаудағы екі тауды бір-біріне соғыстырып жатқан дәуді бағындырып, байлап әкелуге жұмсау керек. Бір өлетін болса, сол соғыстырылып жатқан екі тау арасына қысылып өледі» – деді. Патша баланы және шақыртып, сол екі тауды соғыстырып жатқан дәуді байлап алып келуді бұйырды. Күндерде бір күн баладан «құтылдым ғой» деп, отырған патшаның алдына екі тауды біріне-бірін соғыстыратын дәуді байлап әкеліп берді. Мұны көрген патша баладан тура құтылмайтынын енді білді. Оның үстіне екі бірдей алпауыт дәулерді тамақтандыру да оңай тимейтін болды. Патша енді елдегі барлық мыстандарды жинап, болып отырған жағдайларды талдап, алдарынан өткізді. Сонда тұрып, жүз бес жасқа келген бір мыстан, жер жүзіндегі жалмауыздарды, барса қайтпас қиын жолдарды біледі екен. Сол: «Пәлен жерде бір жеті басты жалмауыз бар, міне, соған барса, соның қолынан аман қайтпас еді», – деді. Патша екі дәуді бірдей шақыртып, көз көрмес, құлақ естімес жердегі жеті басты жалмауыз кемпірді өлтіріп келуді бұйырды. Дәулер қырық күндік жол азығын алып, өздері мықты ұйықтап, көз көрмес, құлақ естімес жалмауызға аттанды. Айдан ай өтті, күндерден күн өтті, азық-түлік таусылып, іздеп келе жатқан жалмауызға да келіп жетті. Келсе, айдала, құла түзде қырық құлақты бір қазанда май қайнатып жатыр, қасында аузында бір тісі жоқ, құйрығында қыртысы жоқ бір жалмауыз адамдарды қабат-қабатынан көгендеп қойып, жаңағы қайнап жатқан майға бір-бірден таңдап әкеліп, түсіріп-түсіріп, сүзіп алып, жаңадан тамақтанайын деп, алдына алып отырған үстінен кез болды. Мұны көрген Аю дәудің қасындағы дәу жалт етіп, бұрылып келген жолына қарай қаша жөнелді. Аю дәу жалмауыздың қасына жақындап келе берді, сол кезде жалмауыз орнынан тұрып: «Шырағым, жетімсіреп қайдан келесің, өзіңнің қарның ашыпты ғой, кел жақындап отыр, тамақтан. Сені келеді деп тамақ дайындап отыр едім», – деп, қасына жақындап келді де, қайнап жатқан майға карай итеріп жіберіп еді, бала тұрған орнынан былқ еткен де жоқ. Сол кезде кемпірдің бұрым шашынан ұстап тұрып қайнап жатқан майға пісіп-пісіп алды. Сол кезде баланың жан-жағынан қаптаған жалмауыздар толып кетті. Бала қылышын суырып алып, келгенін келгендей басын қағып алып тұрды. Сонда ақырғы қалған жетінші кемпір жоқ болып, құр бір бас домалай қашты. Бала артынан қуа-қуа ақыр жете алмай қойды. Бірақ көз айырмай артынан түсіп қуа берді, домалаған бас барып-барып, бір шұқырға түсті де жоқ болды. Келіп қараса, түбі көрінбейтін бір шыңырау, ол бастың қайда келіп, қайда тұрғанын кісі болжап болмайды. Бала айналып, бағанағы қазанның түбіне келді. Келіп қирап жатқан алты кемпірді көрді. Жетіншісін іздеп таппай, ақыры шыңырау зынданға түсіп жоқ болған басты жалмауыздың жетінші басы деп ұқты. Түбінде де солай еді.
Енді көгендегі тұрған халықты тегіс босатты. Олар: «Өркенің өссін, қарағым!» – деп алғыс беріп, бет-бетіне тарасты. Бір кезде шыбын жанын қайда тастарын білмей шөп-шөптің арасына тығылып жүрген дәу де келіп жетті. Келген дәуге жаңағы халықтар байлаулы тұрған көгендерді арқалатып, бағанағы бас домалап барып жоқ болған шұқыр-зынданға алып келіп, жаңағы арқанды қайтадан есіп, үлкен арқан қылды. Аю дәу жолдасына «түс» деп, жолдасы бір түсерге ерлік қылып түссе де кішкене зындан құдықтың қараңғылау жеріне барғанда: «Ойбай, тұншықтым! Өлдім! Тартып алшы, тартып ал!» – деп айқай салды. Дәуді тартып алып Аю дәу: «Енді мен түсемін, бірақ осы зындан құдықтың басында мені күт, егер жеті күннің ішінде менен хабар болмаса, мені «өлді» деп есепте де кете бер, қашан мен келіп арқанды қаққанда тарта бер», – деді де, зындан-құдыққа түсіп кетті. Түсе-түсе Аю дәу жердің астына түсті. Жердің астында да жер бар, онда да ел-жұрт бар, бірақ жер бетіндей аса жарық, ауасы таза, күні өткір емес. Сонда да болса жер бетіндегі халықтардың істейтін кәсіп-тіршіліктерін олар да істейді екен. Сонымен, Аю дәу көп жүрмей-ақ, үлкен дарбазалы қорғанға кез болды. Не де болса осы қорғанға кірейін, не бар, не жоғын білейін, сөйтіп жалмауыздың мүмкін жолын білер. Оны сұрайын деген оймен дарбазаны ашып жіберіп, кіріп барса, іші толған көгендеулі тұрған халық. Мына жерде- өңкей кәрі кісілер. Бір жерде- өңкей орта жасарлар, ана жерде өңкей жастар, қысқасын айтқанда, жалмауыз халықтарды түр-түріне қарай көгендеп тастапты. Кірген балаға: «Мен арық, мынау семіз, мен арық, мынау семіз», – деп бірін-бірі көрсетіп жатқан халық.
Бала:
– Мен жалмауыз емеспін, – деді де, барлық халықты босатып қоя берді де, енді ішкі бір үйге кіріп барса, өңкей сұлу қыздар байлаулы екен. Олар да жаңағыларша: – «Мен арық, мынау семіз», – деп жатты. Оларды да босатып болған соң, енді жалмауыздың қайда жүретінін қайда тұратынын, оның жанының қайда сақталатынын сұрады. Қыздар қолдарымен көрсетіп:
– Анау үйге кіресіз, кірген соң екі есік бар. Сол есіктің көк есігін ашыңыз, онан соң қос есік, оны да ашқан соң, жаңа бір есік бар. Міне, сол есікте үлкен көк сандық бар. Сол көк сандықтың ішінде көк кептер бар, сол көк кептерді ұстап алып, біртіндеп жүнін жұла берсе, бір бас ақырындап домалап келе береді. Содан сол бас жақындап алдыңызға келіп қалғанда, басын жұлып алсаңыз, домалап келген бас аузын бір-ақ ашады да, көзін жұмады. Міне, сонда ғана жеті басты жалмауыз дүниеден қол үзіп, қайтыс болады, – деді.
Бала қыздардың айтуынша барлық есіктерді ашып, көк сандықты да ашып, көк кептердің жүнін жұлды. Бас домалап баланың алдына келе бергенде, көк кептердің басын жұлып алып еді, домалап келген бас аузын бір-ақ ашты да көзін жұмды. Жалмауызды өлтірген Аю дәу енді жер бетіне шығуды қам етті. Қыздардың ішінен таңдап, бір сұлуды әйелдікке алды. Сөйтіп, бағанағы жер бетіне шығатын зынданға келіп еді, сол кезде айтқан уәделі күні бүгін кешке бітпек екен. Енді болмағанда дәу де жиналып, кеткелі жатыр екен. Келіп, арқанға қызды байлады да арқанды қақты. Сарғайып күтіп отырған дәу тартып алды. Алып қараса, бет-аузын жүн басқан, бас терісі келіспеген Аю дәу емес, бір ай мен күндей адам айтқысыз сұлу. Мұны көрген дәу Аю дәуді тартып алуға келгенде, табан астында арам ойға кетті. Жақындап, құдықтың аузына келе бергенде жіпті қырқып жіберді. Қыздың қолынан жетектеп елге қарай жол қояды. Аю дәу құдық-зынданның о шетіне бір, бұ шетіне бір соғылып, қайтадан жер астына түсті, енді қайтып жер бетіне шықпайтын су түбіне сіңген қара тастай боп. Енді не істеу керек? Терісіне сыймай, жолдасының істеп кеткен иттігіне ыза болып, егер жер бетіне шығатын күн болса, қайда болса да іздеп тауып, от қойып өртеп жіберуді шарт қылды да: «Қой, құр қапа-ренжуден дым шықпас, онан былай-былай қыдырып, өлмес қамын ойлау керек», – деген оймен ұзын жолға түсті де, беталды жүре берді. Ұзын жолмен жүріп келе жатса, «шу-шу» деген біреудің даусы әрең дегенде естіледі. Жанына бұрылып қараса, бір кісі қос айдап жүр екен, «не де болса соған барайын»- деп қасына таяу келе беріп:
– Ассалаумағалайкум! – деді.
Баланың айқайына кісі шошып кетіп, жалт қарағанда тіп-тік болып, жүрегі қабынан шығып кете жаздады. Бала қорыққанын сезіп: «Ой, әке, менен қорықпаңыз! Мен де сіз құсаған адаммын», – деп қасына келіп отырды.
Бала:
– Сіздің менен қорыққаныңыз ба, жоқ әлде басқа өзіңіздің қос айдағандағы салтыңыз ба? Даусыңыз әрең дегенде шығады, қос айдаған кісінің даусы көш көрім жерден шығушы еді ғой, – деді. Кісі балаға жақындап сыбыр дауыспен:
– Шырағым, мына жерде екі айдаһар бар, сол айдаһарлар кісінің даусын естісе, келіп жұтып жібереді. Міне, сол айдаһардан қорыққанымнан әрең даусымды шығарып айдап жатқанымның себебі – сол, – деді.
Бала:
– Олай болса, сіз үйге барып маған бір мес қымыз, қырық нан, бір шара көже әкеліп беріңіз. Мен сіз әкелгеніңізше жеріңізді айдап қоямын, – деді.
Мұны есіткен диқан кісі аң-таң болып, баланың бас-аяғын бір шолып өтіп: «Опыр-ай, өзі болса кіп-кішкене бір неме, бұл мен кеткен соң айқайлап айдап, даусына жыландарды шақырар да, екі өгізімді жұттырып алар, қой, онан да өз тірлігімді істей берейін», – деді, өзіне-өзі. Сөйтіп біраз бөгеліп тұрып еді, бала:
– Несіне қарап тұрсыз, бар деген соң, барсаңызшы! – деді айқайлап. Кісіге кетпеске еш амалы болмай қалды. Өйткені енді және бір мәрте айқайласа, жыландар келіп, барлығын қоса жұтудан тайынбас. «Онан да бас аманда айтқанын істейін» – деді де, жүгіріп үйіне қарай бет алды. Жарым жолға барып қарт сенбестен бір шөпті паналап тұрып алды.
Бір мезгілде бала орнынан тұрып, өгіздерді табына салды да, әндетіп тұрып өлеңдерден жіберді.
Диқан кісі:
– Мынаны құдай ұратын болды-ау! – деп, ерні мен бармағын кезек-кезек тістеп, жермен-жексен болып, шөпке бұға түсті. Бір кезде даусын есіткен қос жылан баланың екі жағынан ысқырып шыға келді. Жыландардың арқасы күнге шағылысып жалт-жұлт еткенін көріп тұрған диқан кісі:
– Қап, мынау итке қосымды сеніп беріп, өгіздерімді жыланға жем қылдым-ау! – деп, отырған орнынан бір тұрып, бір жүріп, бір отырып, байбалам салды.
Сол уақытта балаға жақындап келген жыландарды көрген бала, екі өгізді мойынтұрық ағаштан босатып жіберіп, келген жыландарды қосты да, өкіртіп жерді жырта берді. Мұны көрген диқан кісі баланың дәулік батырлығына таң-тамаша болып, жүгіріп елге қарай жөнелді. . Елге барып, патшаға көрген-білгенін баян етті. Патша сегіз санаттарымен тездете аттанып, болып жатқан уақиғаның дәл үстінен жетті. Келсе, айдаһарлармен бүкіл тоғайлы жерді жыртып тастаған, екі айдаһар сусап, іштері біріне-бірі қабысып өкіріп құлағанда, дауыстары патшаның құлағын жарып кетті. Бала алып барып суарды, суды ішіп-ішіп екі қарны екі жаққа бұлтиып щықты. Сол кезде бала тағы да қуып еді, жыландардың қарындары жарылып табанда өлді. Мұны көрген патша баланы қатты қуанышпен қарсы алып, жыландардан құтылып, халқына тоғайлы жерде қауіпсіз, малға айдау болғанын қуаныш етіп, үш күн ұдайы той қылып, баланы басына көтеріп, төре тұтты. Той етіп, елдегі шаң-шұң дауыстар басылып болған соң, патша бүкіл уәзірлерін жинап, баланы шақырып:
– Ал, енді шырағым, не тілек етесің менен? – деп сұрады. Сонда бала:
– Тақсыр, мен не тілеймін, маған еш нәрсенің керегі жоқ. Бірақ мені жер бетіне шығарсаңыз болғаны, – деді. Патша ойланып отырып, бір мезгілде қатты күрсініп:
– Е, шырағым-ай, ең қиын жерден ұстадың-ау! – деді. – Олай болса, бұл жер астындағы адам баласы жер бетіне шыға алмайды, бірақ Күлдітөбе дейтін төбенің басында үлкен шынар терек бар, сол теректің төбесіне жыл сайын Семір құс деген жер жүзіндегі ең үлкен құс балалайды. Міне, сол құстың балаларын жылда бір айдаһар жылан жұтады. Балаларынан айрылған құс боздап, оның боздағанына бүкіл халық қосыла боздайды. Өйткені, ол құстың ешкімге зияны жоқ, ешкімге төтенше істейтін қиянаты болмайды, бірақ тарыққан кісілердің мұңын шешеді деп, есітеміз. Егер сол құстың жыланнан балаларын аман-сау алып қалсаң, сонда ол құс лаж жоқ жер бетіне шығарар еді. Бірақ ол үшін қырық мес ет, қырық мес су алу керек. Бұл заттарды өзіміз даяр етеміз. Онан басқа ешқандай қолдан келер іс жоқ, – деді патша.
Патша барлық жол азық жер бетіне ұшып шығу керек-кемтігін түгелдеп, баланы пәуескелетіп Күлдітөбенің қасына әкеліп салды. Бала үлкен шынар теректің қасына келсе, бір айдаһар теректі өрмелеп жаңа ғана шығып бара жатыр екен. Терек басында бастарын төмен салып шиқылдаған құстың балаларын көрді. Бала жыланды қоя беріп, біраз тұрды. Бір кезде жылан балапандарға жақындап, біреуін аузына сала бергенде дәлдеп тұрып басынан алтын садақтың болат ұшты, қос қанатты, тобылғы сапты оғын отырғызды. Ысқырған жылан әр бұтаққа бір-бір ілініп, жерге түсті. Жерге түскен жыланды екі-үш бөліп, қылышпен турап тастады да, өзі талдың басына шықты. Өлімнен алып калған баланы балапандар ортасына алып, баланың ол бетінен, бұл бетінен кезек-кезек сүйісті. Сөйтіп тұрғанда үлкен дауыл болды. «Бұл не?» – деп сұрады бала.
Балапандар: «Бұл біздің шешеміздің келе жатқаны, соның қанаттарын қаққандағы пайда болған желі», – деді.
Бір мезгілде қатты жаңбыр жауды. «Бұл не?» – деп тағы сұрады. «Бұл – біздің шешеміздің әлде балаларымды жылан жеп қойды ма, әлде тірі ме екен?» – деп, қамығып жылап келе жатқаны. Жеті күннен бері бізді көрген жоқ. Бір алыс жолға сапар шегіп кеткен еді», – деді балапандар. Сәлден соң аспаннан құйылып теректің басына келіп қонды. Қонғанда шынар теректің басы жерге иіліп, сәлем еткендей болды. Балапандар баланы қанаттарының астарына тыға қойды. Келген шешесін көріп, балапандар қуанды. Балапандарының аман-саулығын көріп, шешесінің қуанғанын адам айтып болмас. Балаларын тамақтандырып, аман-есен айтысып болған Семір құс: «Немене, осы жерден кісінің иісі шыға ма?», – деп сұрады.
– Жоқ, ешкім келген жоқ, – деген дауыстар шықты. Шешесі аң-таң болып: «Не болған сендерге? Өмірі барлығың да сөйлемеуші едіңдер, әлде менен жасырып тұрсыңдар ма?», – деді ашуланған түрмен.
Балапандар:
– Егер, бір қасық қанын кешірсеңіз айтамыз, – деді.
– Кешірдім, айт! – деді шешесі.
– Айтсақ, жаңа бір мезгілде айдаһар жылан бізді жегелі жатқанда, аман-сау бізді айырып алды. Сенбесеңіз, анау жатқан жыланды көріңіз, – деді де, қанаттарын көтерді.
– Мынау ма? – деп, аузына сала салды. Балапандар шырылдап, шешесінің кеңірдегінен тас болып ұстап қалды. Баланы лоқсып тастай салды.
– Ай, шырақтарым, бекер еттіңдер, әйтпегенде баланы сұлу бір адамзаттың артығы қылып шығарар едім, қап, сендердің айтқандарың болсын! – деді де, жайласып отырып, баладан тегіс жай сұрап, балаларын аман-сау алып қалғанына көп рахмет айтты.
Бала басынан кешірген бүкіл уақиғаларын тегіс айтып шықты. Жолдасының иттік қылып тастап кеткенін, келіп жыланды өлтіріп, балапандарды аман сақтап қалғанына шейін айтып болғанда: «Қане, енді менен не тілейсің, тілегенінді айт!» – деді.
Бала:
– Сізден менің жалғыз ғана бір тілегім – мені жер бетіне шығарсаңыз! – деді.
Семір құс біраз тоқталып тұрды да:
– Қап, шырағым, қиын жерден ұстадың, бірақ жарайды. Жер бетіне шығарсам, шығарып-ақ тастайын, – деп келісімге келді.
Олай болса баяғы патшаның айтқанындай құс та:
– Қырық мес ет, қырық мес су алып, маған артып, көзіңді тас қылып жұм да, екі қолыңмен менің аузымның екі езуін ұстап отырғын. Оң жаққа қарағанымда, ет бер, сол жаққа қарағанымда су бер, – деді. Бала патшаның әкеліп, даярлап қойған қырық мес еті мен суын жақсылап Семір құсқа артып, өзі екі көзін шарт жұмып, екі қанаттың ортасына отырып алды.
Құс екі қанатын қомдап, біраз Күлдітөбені айналып, айналып жүрді де, аспанға көтеріліп барып, бұлттарға кірді де жоқ болды. Бір уақытта солға қарай жалт қарады. Бір мес суды жұлып алып, аузына салды. Сәлден кейін оң жаққа қарады. Онда бір мес етті жұлып алып, аузына салды. Сөйтіп, осындай тәртіппенен солға қараса – су, оңға қараса – ет беріп отырды. Бір кезде жер бетіне шығуға арқан бойы қалғанда ет те, су да таусылды. Екі қанаты талып, су терге түсіп, дәрмені құрып келе жатқан құс шөлдеп, сол жаққа жалт қарап еді, беретін еш нәрсе болмады. «Енді жер бетіне шығып қалғанда оның да, менің де құлап, жер астына түсіп опат болғанша, я болмаса жарадар болып, оның таш-пышын тартқанша, басқаша айтқанда, айтқан жерде пәле жоқ, өзегі талып, қорек қылуға дым таппай келе жатқан бейшара, қанат қағысынан адасып, жерге ұрып кетеді ғой, онан да болмас, бір көзім жоқ болса болады да», – деп, бір көзін ойып алды да, аузын ашып шөлдеп, келе жатқан құстың аузына салды. Жер бетіне шыға бергенде оңға қарады, онда санының кара кесек етінен кесіп алып берді. Артынша ұзамай жер бетіне шығып, біраз жорғалап барды да отырды, қонды. Бала аман-сау шықты, шыққаны құрысын көзінен аққан қан бетін жуып, санынан аққан қан аяқтарын жуып, қансыратып талықсыратты. Мұны көрген құс жүрегі қалыбынан шығып кете жаздады. «Менің үстімде келе жатып ұйықтап, көзіңді қарға шұқып қойды ма? Әлде жаңа жер бетіне шығарда берген суың мен етің бұрынғы беріп келе жатқан суыңнан, етіңнен өзгеше, өте тәтті еді. Сонда осы көзіңді ойып бердің бе?» – деп, сұрады. Бала несін жасырсын, болған істі ет пен су таусылғанда ет пен судың орнына көзін ойып, сан етін кесіп бергенін айтты, Сол кезде: «Кәне, көзіңді әкел!» – деп қан ағып тұрған көзді жалап жібергенде, көзі бұрынғыша жарқ ете қалды, сол сияқты санын да жалады. Бұрынғыша ет пайда болып, қалпына түсті. «Бұл жеткіліксіз сізге», – деп, Семір құс баланы жұтып жіберді де, қайтадан жерге тастады. Жерге түскен бала жер жүзіндегі сұлудың бірі, ақылына ақыл, күшіне күш қосылып, адам айтқысыз адамзаттың перизаты болды. Семір құс баланың төбесін көкке тигізгендей етіп, айтқан уәдесін сол сағатта орындап, баламен аман-сау қош айтысып, бауырына баласындай қысып-қысып, қамығып, көзінің жасын бір төгіп алды да:
– Шырағым, маған ырза бол, мен саған ырзамын, інішектеріңді өлімнен құтқарғаныңды, ежелгі жауым жыланды өлтіргеніңді ұмытпаймын, тарыққан жерде мынау менің қылшығымды тұтатсаң – мен даярмын, қайда болмайын, сен үшін бір қасық қанымды аямаймын, – деді де, қылшық жүнінен жұлып берді. Қайта-қайта қош айтысып, ары қарап ұшты да кетті. Бала құстың қараңдаған, қалбаңдап қаққан қанатының екпіні бәсеңдеп, қарасы көрінбей кеткенше қарап тұрды да, бұл бері қарай жүрді.
Бала күн жүріп, түн жүріп бір шаһарға кез болды. Бұл шаһарда қыбырлаған жан жоқ, ербиіп-ербиіп құр қаңсып қалған үйлерден басқа еш нәрсе жоқ. Бала аң-таң болып, тым болмаса бір жан бар шығар деп, бүкіл шаһарды аралап шығып келе жатса, бір үлкен мешіттен саңқылдап бір құран оқып отырған қыз баланың даусы шықты. «Бұл кім болды екен, осынша шаһардан бір кісі көргем жоқ, бұл жалғыз кісі не қылып отыр екен, не де болса барып көрейін», – деді де, мешітке келіп кірді. Кірсе, ай мен күндей бір сұлу қыз судыратып құран оқып отыр. Кіріп келген бала қызды көріп, табанда ғашық болды. Қыз да баланы сүйген түрмен орнынан тұрып сәлемдесті. Екі жас біраз отырып айдала, иесіз үйде көп уақытқа дейін әңгіме құрып отырды. Бала осындай үлкен шаһардан қыздан басқа жан көрмегенін айтумен қабат, шаһардың халқы қайда, мал-жаны қайда екенін сұрады. Қыз:
– Бұл шаһардың халқы діннен шығып, Әзіретке тілі тигендіктен малынан мал, қайыр-зекет бермегендіктен жер жұтқан. Жалғыз ғана мен арабтың молдасынан жасырынып оқыған едім, дінді ұстай білдім, құранды ақ деп біліп, құдайды жалғыз-ақ деп білдім. Міне, соның арқасында менің аман қалғанымның себебі – осы! – деді.
Бұған сенген бала қызға қосылады да, бір шаһарды өздері билеп тұра берді. Бір жеті өтпей-ақ бала азып-тозып, денесін көк ет басып, көк бақа бола бастады. Өзі ауыра бастады. Мұндай халге өзі туып, душар болмаған бала бір жасырын сырдың барын сезгендей болды. «Көп тежелдемей елі бар, жұрты бар бір шаһарға барып, тәуіпке барып, тамыр ұстатайын», – деп, жүріп кетті. «Көп кешікпей тез қайт, мен қорқамын, жалғыз өзім», – деп пысықтап, қыз қалды. Бала қабатындағы бір шаһарға жетіп, тәуіп-бақсыларды тапты, тамырын ұстатты. Ауруын айтты. Тамыр ұстаған тәуіптер: «Сенің ештеме ауруың жоқ, жалғыз ғана әйелің екеуіңнің араларыңда бір жасырын іс бар екен, тездетіп үйіңе бар да, кешке тамақ істегенде, әйелің тамаққа бір уыс тұз салса, сен екі уыс тұз сал, тамақтың тұзы ащы болсын. Сонан соң төсекке жатарда әйеліңнің көзін ала беріп, үйдегі судың барлығын төгіп таста. Сөйт те ұйықтамай, ұйқылы ояу болып жата бер. Сол кезде әйел мен екеуіңнің араларындағы жасырын іс шешіледі», – деді. Бақсы-тәуіптің айтқанын істеп, бала түн болғанда төсегіне жатты. Бір кезде қойнында жатқан қатын орнынан тұрды да, бүкіл қазан-аяқты салдырлатып, пияла-шәйнектердің бірін қоймай сырғытып, бір қасық су таппады да: «Бір қасық су қалмапты ғой», – деді де қайта келіп жатты. Біраздан соң тағы да орнынан тұрды да, үйдің есігін ашты. Келіп төсекке жатты да, жылан болды. Ысқырып сусыды да, есіктен басын шығарып, ағып жатқан арыққа мойнын созып, бір кезде басы суға жетсе керек, солқ-солқ еткізіп жұтқанда жарым белі баланың қасында жатыр еді, баланың қарнын соқты. Бір кезде жиырылып денесін тартып алды да қайтадан адам болып, баланы қатты құшақтап тұрып, бұл бетінен бір, ол бетінен бір сүйді де, ұйқыға кірді. Мұны көрген бала шын араларында жасырын істің барын көзімен көрген соң, жылан әйелінен денесін аулақ салып әрең дегенде таңды атқызды. Ертеңіне әйелін алдап: «Енді бұл елі жоқ, жұрты жоқ жерден не істейміз, онан да мен ел-жұрт іздейін де, соларға қосылайық», – деді.
Көптен ойлап жүргені де сол еді. Жылан әйелі:
– Барсаң бар, біз де ел қатарлы түтін шығарып отыралық, – деді де, ұлықсат етті.
Бала көзі көрген бақсы-балгерлерге келіп, болған жасырын істердің түрін айтты. Бұл хабар патшаның да құлағына тиді.
Патша:
– Егер ол жылан болса, бүкіл шаһарды жұтады. Сондықтан оған арнап шойын үй салып, жан-жағынан көрік құрып, амалдап кіргізіп алып, отқа күйдіріп өлтіру керек, – деген ойға кірісті.
Айтқанындай-ақ, үлкен шойын үй істетті. Сөйтіп, барлық керек заттармен жабдықтап болған соң, бала үйіне келіп:
– Ал, қатыным, көшеміз, патша біз үшін бір аяулы темір үйін босатып берді, – деді.
Мұны есіткен қатын тұра ма, мұның ойы да бір шаһарға амалдап жетіп алып, осы шаһардай тып-типыл етуге ниет қылып жүр еді. Сол сәтте көшіп, патшалық шаһарға келіп түсті. Қоралы қойды көрген қасқырша екі көзі тесіліп, шаһарға кіргеннен жан-жағына қараумен болды. «Мынау шетінен бастап жұтсам ба екен, я ана шетінен бастап жұтсам ба екен?» – деп, өзі терең ойға шомып та келді. Темір үйге келіп түскен бала сыр берместен дүние-тірліктерін кіргізумен болды. Әйел де оны-мұнысын жайғастырып жүрген болды. Бір кезде әйел үйге сүңгіп кіріп, үйдің әбзелдерімен таныса бастағанда, бала көзін ала беріп, есікті мықты жапты да тысқа зып қойды. Есікті сыртынан құлыптап болған бала «үйдің жан-жағынан даярлап қойған көріктерді басуға» – деп күтіп жатқан бір топ кісіге хабар етті. Дуылдап жиналған халық көріктерді тұс-тұсынан басып жіберді. Бір кезде үй қызды. Үй қызғанда үйдегі қатынның ақырғы «өлдім» деп шыққан даусы бір-ақ шықты да, жылан болып құйрығымен үйдің қабырғаларын олай да ұрды, былай да ұрды. Бір кезде қып-қызыл болып кеткен темір үй суып басылғанда ашып көрсе, күйген көмір болып, томар-томар болып жанған жыланның денесін көрді. Патша кешке бүкіл уәзір, жасауыл, сегіз санат-манаптарын шақырып, болған оқиғаның әңгімесін баладан сұрады. Бала жер астынан шығып бір жан жоқ, қаңсыған шаһарға кез болғанын, онан ешкімді көрмей мешітте құран оқып отырған жалғыз ғана ай мен күндей қызға жолығып, шаһардағы болған оқиғаның әңгімесін сұрағандығын айтып шықты. Онымен қабатта: «Өзінің басынан кешіріп келе жатқан кемшіліктерін жауып, егер осы қыз жылан болып шықпай, шын өзінің айтқанындай болса, өмірлік жолдас етіп еліме бармақ едім», – дегенді айтты да, төмен қарады. Әңгіме анық болды. Айтушылардың сөзіне қарағанда жыланның оқиғасы мынау болып шықты.
– Бұл жылан мың жасап, түрлі түрде сиқырлық өнердің барлығын білетін болған. Ақыры жаннан асқан сұлу қыз болып, оған кездескен жігіттерге тиіп, сонымен халқы көп жерге келіп алып, бұрынғыша жылан болып елді, жұртты жұтумен келе берген. Ақыры, ол шаһарға да келіп, осындай ретпен оны да жұтып, енді қалай қарап жүрерін білмеген жылан мешіттің төбесіне шығып, күн көзінде жатқан. Келе жатқан кісіні көрген соң табанда адам болып, кітап оқып отыра қойған еді. Ақыры келіп, мынау болып шықты. Жылан да шын ажалына жолыққан екен. Өлгені де жақсы болды. Олай болмағанда біздің шаһарға да келіп жұтқан болар еді», – деп көп әңгіме айтысып тарасты.
Өзіне-өзі келіп демалып, тыныққан бала патшамен қош-аман айтысып, еліне қарай жолға шықты. Күндерде бір күн еліне де келіп жетті. Елінің шет жағасына келіп, малшы балаларға жолығып, бүкіл ауылдағы жаңалық, хабарлардың барлығын да білді. Малшылардың айтуына қарағанда, бұрынғы өзінің жолдасы патшаны орнынан түсіріп, өзі патша болып, елді бір шыбықпен айдап, зұлымдық істеп отырғандығын, нағашы атасын қорлап, отыншы, сушы етіп отырғанын есітті. Мұны есіткен бала тоғайлы жерден тоғыз түйеге шеңгел отын арттырып, патша досының үйіне келді. Баланы көрген патша шыбын жанын қайда тығарын білмей, «Қой, не де болса жалынайын, жалбарынайын, мүмкін, кешірім етер» деп алдынан шығып, сәлем берді. Бала сәлемін алмай, тоғыз түйеге артылған шеңгелдің ортасына байлап, бүкіл халқының алдында от қойып өртеп жіберді. Сөйтіп, елін ер, жерін жер қылып, бала мұрат-мақсатына жеткен екен.
18. Алакөз батыр
Ертеде Абылай хан заманында бір байдың Алакөз деген ұлы болыпты. Алакөз он үш жасар батыр екен. Бір күні Абылай хан жауға аттануға көп қол жиыпты. Батырдың әкесінен: «Алакөзді маған бер, жорыққа ту ұстап барсын», – дейді. Алакөздің әкесі: «Жоқ, ханеке, балам жас, баламды биылша тастап кет, алпыс ала ат берейін, – депті. Абылай хан: «Жарайды, олай болса!» – деп, көп нөкерімен жорыққа шығыпты. Үш күн өткен соң Алакөз үйінде отырып ойлайды. «Мен бұл әскерден қалғаным не қылғаным», – деп, батырлығына шыдай алмай, өзінің бір қанатты Қарагер дейтін атына мініп алып, үш күн озып кеткен әскерлерді бір сағатта қуып жетіпті. Сонан соң Алакөз бұлармен бірігіп кетеді. Төрт күннен соң артынан әкесі қуып келеді. Баласы қашып ұстатпайды. Әкесі айтады:
– Әй, балам, кел енді бата берейін! – дейді. Алакөз жақындап келіп тұрды. Әкесі қолының сыртын жайып айтты: «Осы барғаныңнан қырғыз барып жеті жыл жатып, сегізінші жыл қолыма кел», – дейді. Алакөз мұның батасын тыңдамай жүре береді. Әкесі қайтып кетеді.
Бұлар жорықта жүріп, қырғыз батырларымен кездесіп қалады. Қырғыздың Алатауының бержағында Алакөз, батырлар жағынан қырғыздың батыры шықты. Алакөз келіп қырғыздың батырын найзаменен шанышқан екен, найзасы өтпей, еш қару қыла алмайды, Әкесінің қарғысы күшін алған екен. Қырғыздың батыры Алакөзді найзаменен шаншып алып, артына бөктеріп еліне жүре береді. Абылай хан соғыспай еліне қайтып кетті. Сонан соң қырғыздың батыры әкесіне келіп айтады: «Мынау- әкелген олжам», – дейді. Әкесі айтады:
– Өлтіре көр, көзі қалай жаман еді! – дейді. Шешесі айтады: «Өлтірме, құл болып жүрсін», – дейді. Алакөзге үш күндей ас бермейді, төртінші күні азғана ас берді. Сөйтіп, жеті жыл қырғызда байлаулы жатты. Сегізінші жыл болғанда қырғыздың бір бегі өлген екен, жұрт соған ас беруге қыздан рұқсат сұрайды. Алакөзді түсіріп алып келген қырғыздың батыр қызы аты Ботакөз екен. Ботакөз жұртының бәрін билеп тұрады екен. Рұқсат береді. Ботакөз өзі бүгін «басым ауырды» - деп, асқа бармай қалады. Қыздың әкесі, екі ағасы – бәрі асқа кетеді. Ботакөз үйде қалады. Бір уақытта Ботакөз байлаулы жатқан Алакөзге айтады: «Алакөз, тұршы, күресейік», – дейді. Алакөз қорқып: «Күреспеймін»,– дейді. Сөйтсе де қыз болмай күреседі. Ботакөз Алакөзді көтеріп жығайын деген екен, жыға алмады, сонан соң Алакөзге айтты: «Сен – қара құл», – деп намысына тиеді. Сонда Алакөз қызды көтеріп алып, жерге бір қойды. Қыз айтты: «Сен менен күшті екенсің, мен сенімен қашам», – дейді. Алакөз: «Жарайды», – дейді. Қыз Алакөзді қымызға тойғызады, бір уақытта Ботакөздің әкелері, ағалары келеді. Ботакөздің сыбағасы деп, бір тай үйтіп, көп қойлар үйтіп әкелген екен. Ботакөз жартысын байлаулы жатқан Алакөзге берді, ағалары мұны көріп, қарындасын жек көреді, күн кеш болады, қыздың екі ағасының екі екі жүйрік арғымағы бар екен. Соны суытып қойған екен.
Түнде Алакөз ұйықтап оянса, байлаулы жатқан аяқ-қолы бос жатыр екен. Бір уақытта Ботакөз Алакөзге келіп: «Жүр, қашайық!» – дейді. Алакөз тұрып, өзінің бұрынғы киімін киіп алады. Екеуі ақылдасты: «Неге мініп қашамыз?» – деп. Алакөздің үйінен келген жүйрік аты Алакөз жамандық ойлағанда ұстатпайтын еді. Екі ағасынын суытып қойған екі арғымағына екеуі мініп алып, Ботакөз әкесінің мың кісі сиятұғын шатырын алып, қашып кетіпті. Ботакөз Алакөзге айтады: «Әкем бізді үш күн қуады, біз мынау ағашқа жасырынайық», – дейді. Ауылдың жанында жиырма шақырым жерде бір қалың ағашқа екеуі жасырынады. Бір уақытта әкесі құс болып ұшып, ағаштың төбесінен өтіпті. Күн ұзаққа іздеп таба алмай, кешке таман үйіне қайтып кетеді. Тағы да күні-түні қарап таба алмайды. Ботакөз Алакөзбен екеуі қашып кетеді. Жолда келе жатып, көп күн жүріп, еліне жетуге бір күн қалды дегенде, бір дарияға екеуі келіп шатырды тігіп, Алакөз шатырда отырып қалады. Ботакөз суға барып шомылып жатса, бір екі шошқа келіп, біреуі Ботакөздің басын үзіп алып кетеді. Бір уақытта Алакөз тысқа шықса, Ботакөз өліп қалыпты. Мұны көріп садағын алып жүгіріп келіп, әлгі шошқаның біреуін атқан екен жоқ, екіншісін атып, ішін қараса, сонда екен. Алакөз басты алып, жылап еліне келеді. Жұртыменен амандасып, мұңын айтады: «Менің тілегімді берсеңіз»,– депті. Жұрты тілегін береді. Алакөз дарияға келіп, Ботакөзге там тұрғызыпты. Сөйтіп, «құданың құдіретімен», әкесінің «дұғасымен» қыз екеуі бір-бірімен қосыла алмай, өліп кеткен екен дейді.
19. Жерден шыққан Желім батыр
Баяғы уақытта бір кемпір бар екен. Оның үш баласы болыпты. Ол кемпірде түк мал болмапты. Күнелту үшін базарға жусан алып барып сатады екен. Сатқан жусаннан тамақтарынан артылып, күнде бес тиын қалады екен. Бір күні сол артылып қалған бес тиындарын санаса, едәуір пұл болып қалыпты. «Қыс келе жатыр, балаларыма шапан әперейін» – деп, қалаға барып, үш баласына үш шапан сатып алады. Үйіне келгеннен кейін, кемпір үлкен баласына: «Ауылдың артындағы үйлерге барып, байғазы сұрап кел!» – дейді. Баласы: «Мақұл» – деп бара жатса, тұман болып, адасып кетеді. Оның артынан ортаншы баласы: «Мен де ағамның артынан барам», – деп кетіп бара жатса, жолда жолбарыс жолығып, оны жеп қояды. Онан кейін кішкене баласы: «Мен де барам, олар келмей кетті», – деп шешесінен сұрайды. Шешесі жібермейді. Жылап қоймағаннан кейін жібереді. Бара жатып адасып, бір тамға келеді. «Кім бар екен?» – деп, әйнегінен сығаласа, үш дәу жатыр екен. «Оятсам, өлтірер», – деп, бала жан-жағына қараса, елу-алпыс кілт тұр екен, соны алып, басқа жағындағы тамдарды ашуға кіріседі. «Барлығын ашпай бір-екеуін ғана ашайын», – деп бір тамын ашса, үш тұлпар тұр. Үшеуінен таңдап, бір қара тұлпарды мінеді. Екінші тамды ашса, үш сауыт, үш қылыш, үш ер, үш найза, үш мылтық, үш садақ тұр. Олардан да таңдап ең жақсысын алады. Сауытты киіп, ерді ерттеп, қылыш-мылтықтарды асынып, дәудің есігінің алдына шығып: «Кім бар-ау, кім бар-ау?» – деп айғайлайды. Бір дәу: «Мен бармын», – деп, шыға бергенде, бала қылышпен басын кесіп алады, Екінші дәу: «Жаңағы бізге бермей өзі жеп жатыр ма?» – деп, шыға бергенде, бала оны да найзамен шаншып тастайды. Үшінші дәу: «Менің екі інімді өлтірген қандай дәусің?» – деп ақырып шығады да: «Алыспақ керек пе, атыспақ керек пе?» – дейді. «Атысқан атасының басын алған, алыспақ керек», – дейді бала. Екеуі сол жерде үш түн алысып, бала дәуді әбден шаршатып, үйінің жанындағы құдыққа итермелеп тығып, аузын таудай таспен бекітіп тастайды. Онан кейін бала еліне барып, шешесін ертіп келіп, дәудің үйін өзіне үй қылып алады. Бала күнде аңға шығады, киік, құлан және басқа аңдарды атып әкеліп, күнелтеді. Бір күні бала аңға кетерде, шешесін шақырып алып, құдықты көрсетіп: «Мына құдықты ашпа», – дейді. Баласы аңға кеткеннен кейін кемпір тасты көтерсе, құдықтан өрлеп бір дәу шығып келеді. «Сені өлтірем!», – деп ақырады дәу. Кемпір: «Өлтірме, мен саған әйел болайын», – дейді. Сол жерде кемпір дәуді құдықтан шығарып алып, үйіне әкеліп, тамақ беріп, бір сандыққа салып қояды. Бала аңға кеткенде шығарып алып, дәумен ойнап-күліп отырады. Кешке келерде сандыққа салып қояды. Тоғыз ай, тоғыз күн болғанда кемпір бала табады. Баласын қай жаққа тығарын білмей, дәуден ақыл сұрайды.
– Бүгінше ептеп тығып тұр. Ертең балаң аңға кеткенде менің қара тұлпарымды мін де, сен баланы, балаңның аңнан келетін жолына апарып, бір ошақ қазып, соның ішіне киізге орап тыға қой. Егер, бұл шын менің балам болатын болса, менің атым сол ошақтың жанынан өте бергенде сүрінеді. Сонда аттың аяғы бір тасқа тиіп, тастың сынығы ұшып барып, баланың денесіне тиеді. Онан кейін бала жылайды. Жылағаннан кейін бала атынан түсіп, баланы саған әкеледі. «Әже, мына баланы бақ, маған серік болсын!» дейді. Сонда сен: «Балам, сен ақылыңнан адасқан екенсің, бұл бала перінің баласы ма, жынның баласы ма? Қайтып апарып таста де. Онан кейін: «Апарып тастайын», – деп әкете бергенде: «Әкелші, сен үшін бағып берейін деп, айт!», – дейді.
Кешке кемпірдің баласы келеді. Таң атқаннан кейін ұйқыдан тұрып, күнде мініп жүретін атын ерттеп жатқанда кемпір: «Қарағым, дәудің қара тұлпарын мін, бұл ат шаршады ғой, бүгінше тынықсын», – дейді. Бала шешесінің сөзін мақұл көріп, қара тұлпарға мініп, аңға кетеді. Артынан кемпір барып, бір жерошақ қазып, соған киізге баланы тығып келеді. Кешке баласы аңнан келе жатып, жерошақтың тұсынан өте бергенде, аты сүрініп кетеді. Аяғы бір тасқа тиіп кетеді. Тас ұшып барып ошақтағы баланың денесіне тиеді. Бала шыр ете түседі. Атынан түсе қалып, баланы алып үйіне әкеліп шешесіне: «Әже, мына баланы бақ!» – дейді. Шешесі: «Сен ақылыңнан адасқан екенсің. Бұл бала перінің баласы ма, жынның баласы ма?.. Қайтып апарып таста!» – дейді. Бала «апарып тастайын» деп кете бергенде, кемпір: «Әкелші, сен үшін бағып берейін», – дейді. Оның атын жерден шыққан Желім батыр қояды. Желім батыр бір күнде бір жасқа, екі күнде екі жасқа, он күнде онға келеді. Бір күні дәу кемпірге: «Балам болса ержетіп қалды, сандықтың бір жерін тесіп қой, баламды көріп отырмасам, ішім жарылып кетер», – дейді. Кемпір мақұл көріп, сандықтың бір жерін тесіп қояды. Бір күні кешке екі баласымен кемпір әңгімелесіп отырғанда, жерден шыққан Желім батырдың көзі, сандықтың ішіндегі тесіктен қарап жатқан дәудің көзіне түсіп кетеді де: «Аға, көз жылтырайды», – дейді. «Ол кім?» – деп ағасы қарай бергенде, дәу сандықтан шыға келеді. Сол жерде екеуі таң атқанша алысады. Бір уақытта дәу жықпақшы болады. Сонда бала шешесіне: «Менің аяғымның астына талқан, дәудің аяғының астына тары сеп», – дейді. Шешесі баласына қастық қылып, дәудің аяғының астына талқан, баласының аяғының астына тары себеді. Бала онан бетер тайғанап, жығылып бара жатқанда: «Жерден шыққан Желім батыр, қайдасың?» – дейді. Желім батыр жүгіріп барып, дәудің басын қылышпен кесіп алады да, ашу үстінде шешесін жұдырықпен бір қояды. Желім батырдың жұдырығына не шыдасын, кемпір де сеспей қатады. Ертеңіне ағасы: «Қарағым, аңға барып, аң атып келейік, сосын мен қалаға барып келейін», – дейді. Сөйтіп, екеуі аңға шығып кетеді, бір айлық аң атып әкеледі. Ағасы қалаға жүрмекші болады да, Желім батырға: «Мен қамшымды босағаға іліп кетемін. Кешіксем, соны алып, «Ағам қайдасың?» деп іздерсің», – дейді. Ағасы кетеді. Бір жыл болады, әлі келген жоқ. Бір күні Желім батыр ағасын сағынып, уайымдап отырса, босағадағы қамшыдан қан тамып тұр. «Уһ, уһ, ағам»,– деп қара тұлпарын ерттеп мініп, ағасының артынан іздеп кетеді. Бірнеше айлар жүріп, қалаға жетеді. Барса, біреуден «ағасы ханның қызына ғашық екен, ол қызға ғашық сол жерде бір дәу бар екен, соны өлтірем деп барса, дәу ағасын өлтіріпті», – деп есітеді. Бұл сөзді естіген соң: «Не де болса, сол дәуіне барайын», – деп жолға шығады. Жолда ханның үйіне бара кетпекші болады. Барса, ханның есігінің алдында жүрген қатындар: «Күйеу», – дейді. Себебі, Желім батырдың түрі ағасынан айнымайды екен. «Күйеуі несі?» – деп, Желім батыр таң қалады. Қатындар Желім батырдың өзін ханның қызына алып барады. Сөйтіп, Желім батыр жеңгесімен танысып, ертемен тұрып, дәудің үйіне барып сөйлеспек болады. Желім батыр барған соң дәу шыға келеді. Желім батыр: «Менің ағамды өлтірген сен екенсің. Ағамның орнына қызыңды бер, болмаса басыңды аламын», – дейді. «Кел, алысайық, қайсымыз жықсақ, жығылғанымыздың сөзсіз басын кесейік», – дейді дәу. Екеуі алыса кетеді. Желім батырдың күші басым келіп, жықпақшы болады. Сонда дәу: «Жықпа, ағаңды өлтірген жоқпын, тауып берейін», – дейді. Ағасын үйде бір теріге орап қойған екен. «Бірақ, бір сөзім бар, ағаң хан қызына ғашық екен, оған мен де ғашық едім. Бір күні ағаң менің хан қызына ғашықтығымды естіп, мені өлтірмек болып келген екен. Мен шығып едім, сөз қатпай: «Алыспақ керек пе, атыспақ керек пе?» – деді. Сол жерде екеуміз алыса кеттік, бір уақытта мен жығатын болдым. Онан кейін ағаң: «Мені білдірмей бір жерге сақтап қой», – деді. «Неге?» – деп едім: «Менің бір інім жалғыз қалды, сол батыр болса, бір келер, оған шейін өлтірместен ұста, келмесе, өлтіргеніңе ризамын», – деді. Сонан кейін мен: «Осының обалына қалмайын», – деп өлтірмеп едім. Енді сен келдің, сен бір ер екенсің, мен саған бас ұрып қызымды берейін», – деді. Сол жерде дәудің қызын Желім батыр алып, ханның қызын ағасы алып, екеуі еліне қайтып, мұрат-мақсаттарына жетіпті.
20. Тұмарбас батыр
Бұрынғы заманда бір бай бар екен. Үш қатыны бар да, баласы жоқ екен. Бір күндері бай қатындарына айтады: «Мен қартайдым, сендерден бала тумады, қыдырып әулиеге түнейін, құдай бала бермес пе екен?» – дейді. Темір таяқ алып, темір етік киіп жаяу, бала тілеп жүріп кетеді. Айлардан ай өткенде, жылдардан жыл өткенде, темір таяқтан тебендей қалғанда байдың алдынан бір жұлындай жерден түтін шығады. Бай оған жетіп келсе, үйдің ішінде бір жалмауыз кемпір отыр, бай кіріп сәлем береді, кемпір сәлемін алып, біраз отырған соң, даладан біреу келіп айғай салды: «Адам иісі шығады ғой!» – деп. Кемпір айтады: «Аузыңа бір салатұғын адам отыр». Бұл келген жалмауыз кемпірдің баласы екен, үйге кіріп байды жеп қойды. Бай кеткенде екі қатыны жүкті болып қалған екен. Байы өлгенде, екі қатын ұл тапты. Бәйбіше баласының атын Тұмарбас қойды, тоқалы баласының атын Байтас қойды. Балалар жеті жасқа келді. Тұмарбас балалармен асық ойнап жүріп, балалармен төбелеседі. Бір баланың асығын тартып алады. Сонда бұл бала айтады: «Сен бізге зорлық қылғанша тентіреп кеткен әкеңді тауып алсаңшы!» – дейді. Тұмарбас тез үйіне қайтып келіп, шешесінен сұрайды: «Менің әкем қайда кетті, маған айт?», – деп. Шешесі айтады: «Сен тумай тұрғанда кетіп еді, темір таяқ, темір етік киіп еді, құдайдан бала сұрап кетіп еді, содан бері әкеңнің қайда екенін білмеймін!» – деп. Бәйбішеден туған Тұмарбас әкесін іздеп жөнелді. Бір күндері болғанда алдынан бір жұлындай жерден түтін шығады, бала соған жетіп келсе, баяғы жалмауыз кемпірдің үйі екен. Тұмарбас әкесінің етігі мен таяғын таниды. Кемпір бір қазан ет асып отыр еді. Қарны ашып келген Тұмарбас кемпірден ет сұрап еді, кемпір бермеді. Тұмарбас ашуланды да, кемпірді төбеге бір қойып өлтіріп, қазандағы бар етті, жеп, тойып алды. Сөйтіп, отырғанда бір адам даладан айғай салады. «Үйде кім бар? Адам иісі шығады» – деді. Сонда үйден Тұмарбас шыға келді «Өзім бармын!» – деп, сол жерде екеуі алыса кетеді. Тұмарбас алып ұрып, басын кесіп алды, әкесін өлтірген дәуді өлтіріп кегін алды. Енді бала еліне қайтты. Бірнеше күн жол жүріп үйіне келді. Шешесінен сұрайды: «Маған ірімшік қайнатып қойдың ба?» Шешесі айтады: «Күнде қайнатып қойған ірімшікті күнде бір аққу келіп жеп кетеді». Тұмарбас аққудың келетін уақытын біліп, мылтығын оқтап, бір шидің ішіне келіп тығылып отырады. Бір уақытта аққулар ұшып келеді. Ірімшікке келіп қонған уақытта мылтығын алып тарс еткізеді. Аққу ұшып жөнеледі, артынан Тұмарбас шаба жөнеледі. Біраз жерге барғанда Тұмарбас жоғары қараса, жоғарыдан бір нәрсе түсіп келе жатыр. Қолын тосып, ұстап қараса- адамның шынашағы. Оны алып жанқалтасына салды да, артынан шаба берді. Аққу биіктеп ұшып, көрінбей кетті. Бір күн өткен уақытта дарияның жағасында мың бұзау бағып жүрген бір таз балаға жолығады. Тұмарбас таздан сұрайды; «Бұл – кімнің бұзауы?» – дейді. Таз айтады: «Ақбар деген ханның бұзауы». Тұмарбас: «Кешке барғанда осы бұзаудың бәрін де байлаймысың?» – деді. Таз айтты: «Кешке айдап барып «байланғырдың бұзауы «байлан!» десем, әрбіреуі әр терекке байланып қалады, ертеңіне: «шешіліңдер!» десем, «шешіледі» – деді. Тұмарбас айтты: «Түнде не жұмыс қыласың?» Таз айтты: «Қыздардың табанын сипаймын. Кешке барған уақытта қыздар мені теріге орап тастайды. Төрден есікке, есіктен төрге домалатады», – деді. Бәрін естіп болған соң, тазды жоқ қылып, бұзауды бағып жүреді, қару-жарағын бір белгілі жерге көмеді. Күн кеш болған уақытта мың бұзауды айдап ауылға келеді. «Байланғырдың бұзауы байлан!» – деген екен, бұзаулардың әрбіреуі әр ағашқа байланып қалады. Сонан соң Тұмарбас ханның үйіне келді. Қыздар күндегі қалыбы бойынша теріге салып Тұмарбасты төрден есікке, есіктен төрге домалатады. Бір уақытта қыздар Тұмарбасты ораған теріден шығарып жіберді. Түнде батыр қыздарменен бірге жатады. Тұмарбас тынығып жатса, ханның кіші қызы Қаныкей ыңқылдайды. Тұмарбас қыздың жанына барып айтады: «Сенің қай жерің ауырып жатыр?» – дейді. Қыз айтады: «Не қылайын деп едің?». Тұмарбас: «Жоқ нәрсең болса, тауып берейін деп едім», – дейді. Қыз: «Шынашағыма мылтық тиіп, сол жерім ауырады. Сол шынашағымды тауып берген кісіге мен тиер едім»,– дейді. «Мен тауып берсем, маған тиер ме едің?». Қыз: «Тиемін!» – деді. Тұмарбас қыздың шынашағын берді. Қыз сонда мұның Тұмарбас екенін білді. Қыз бен жігіт бірге жатып, көңіл қосып жүрді. Бір күндері болғанда хан жұртына жар шақырады: «Үш қызды сүйгеніне қосамын, халқым жиылсын!» – деді. Ханның қол астына қараған барлық халық, бірі қалмай келді. Бір елден жалғыз келсе де, Тұмарбас ханның қызын алыпты. Батыр еліне қарай көшеді. Өз еліне есен-сау келіп, ханның қызымен қосылып, Тұмарбас мұратына жетті.
21. Аламан мен Жоламан
Бұрынғы уақытта ерлігі жаннан асқан Аламан деген бір мерген болыпты. Сұлулығы хор қызындай оның Қарашаш атты әйелі болыпты. Қарашаш атануы, шашы алтындай жалтырап, беліне түседі екен. Бір ұл, бір қызы болыпты. Бір күні Аламан аңға шығып кетсе, әйелі мен қызы суға түседі. Сонда бір шашы үзіліп суға кетеді. «Шашын аламын», – дейді, ала алмайды, қайтып үйіне келеді. Бұл мұнымен тұрсын. Енді ханнан сөйлейік. Бір күні Сұлтан хан уәзірін ертіп, қырық жігітімен тауға шығып келе жатса, алыстан жылтыраған бір нәрсені көреді. Олар: «Бұл қалай, айдаһар ма, жылан ба?» – деп дағдарып тұрады да: «Не де болса баралық», – дейді. Келсе, бір шаш бір үлкен қоғаға бөгеліп қалыпты да үстінен су сарылдап асып төгіліп жатыр екен. Хан шашты көріп, бұл шаштың иесіне ғашық болады. Хан үйіне келеді. Бүкіл қол астындағы білімпаздарын жиып: «Шаштың иесін табыңдар!» – деп бұйырады. Олар таба алмайды. Хан ақырында: «Егер де осыны кімде-кім таба алатын болса, не тілесе де риза қыламын!» – деп еліне жар салады. Бірнеше күннен кейін ханға бір жалмауыз кемпір келеді.
– Егер де менің қалағанымды берсең, оны әкеліп беруім оңай. Ол тауда тұратын Аламан деген мергеннің Қарашаш атты қатыны, – дейді.
Хан мұны естіп:
– Ой, шеше! Сізді қалай десеңіз де риза етемін, маған әкеп бер! – дейді.
Кемпір әкеп беруге уәде етіп жол тартады. Еш нәрсе білмеген адам болып, Аламаның жүретін жолына келіп жатады. Аламан келе жатса, жолда жатқан кемпірді көреді.
– Е, шеше, не істеп жатырсыз? – деді.
Кемпір:
– Мен жетім-жесір бишарамын. Осы жерге келіп едім, енді жүруге дәрменім болмай жатырмын, шырағым! – дейді.
Аламан:
– Маған шеше боласыз ба? – дейді.
Кемпір:
– Болайын, шырағым! – дейді.
Аламан кемпірді мінгестіру үшін қасына келейін десе, аты осқырып жолатпайды. Аты кемпірдің дұшпан екенін біледі.
Аламан:
– Е, жығылғыр, осы жаман кемпір не қылушы еді! – деп атын ұрып-ұрып, кемпірді мінгестіріп алады.
Аламан сол бойымен үйіне келеді.
Аламанның еш нәрсе ойында жоқ, күнде аңға шығып кетеді. Ол кеткен уақытта әлгі кемпір әйелін азғыра бастайды.
Кемпір:
– Қарағым, Қарашаш-ау! Тұрмысың болса мынау екен. Байың күндіз кетсе, түнде келеді, ешбір көрген қызғылықты игілігің жоқ. Егерде менің айтқанымды істесең, өмірің қызғылықпен өтетін жақсы күйеу тауып берер едім, – дейді.
Қарашаш:
– Ол кім? Егерде жақсы болса, айтқаныңызды істейін, – дейді.
– Ей, шырағым, не дегенің? Мен жаманшылық істеуші ме едім? – дейді.
Қарашаш:
– Айтшы, шеше! – дейді.
Кемпір:
– Ол әділдігі халықтан асқан Сұлтан деген хан, – дейді.
Қарашаш тимекші болады. Кемпір:
– Қарағым, байыңды қайтып ұстап аламыз? – дейді.
Қарашаш:
– Оны қандай арқанмен байласа да, үзіп кете береді. Үйде бір жібек арқан бар. Ол өзі бір ұйықтаса, қырық күн ұйықтайды. Сол уақытта байлап алуға болады, – дейді.
Кемпір мұны естіп, қуана-қуана ханға хабар береді. Хан мұны естігеннен кейін бір түнде барлық әскерімен келіп, ұйықтап жатқан жерінде Аламанды байлап алады. Аламан босағада байлаулы. Хан күндіз-түні Қарашашпен ойнап жата береді. Бір уақытта байлаулы тұрған Аламанның қасына қызы келіп қалады.
– Балам-ай, шырағым, мені танимысың? Қандай күйде жатырмын? Шешеңнің сандығында бір алмас кездік бар. Шешеңе барып: «Әкемнің кездігін бер!» – деп жылай берсең алып береді, – дейді.
Ақылға келмеген жас сәби бұған түсінбейді.
– Сен менің әкем емессің, менің әкем шешемнің қойнында жатыр, – дейді де кете барады.
Аламан одан бетер қапаланып қала береді. Біраздан соң қасына ойнап жүріп ұл баласы Жоламан келіп қалады.
Аламан:
– Қарағым, Жоламан, бері келші! Мен қай күйде жатырмын? – дейді.
Баласы қасына келеді.
– Шешеңнің сандығында бір алмас кездік бар, барып: «Әкемнің кездігін бер!» – деп жылай берсең, береді, – дейді. Бала шешесіне барып: «Әкемнің кездігін бер», – деп жылай берген соң, хан: «Мына жүгермекті құртшы, не қылар дейсің?» – дейді. Шешесі кездігін әпереді. Бала кездікті әкесіне әкеледі. Аламан арқан-шынжырларды көрсетіп: «Мынаны кес!» – дейді. Бала кеседі. Аламан босанады да, ханды жатқан жерінде өлтіреді. Ханның әскерін қырып салады.
Сөйтіп, қатыны мен қызын қосақтап, атасының үйіне айдап апарып, оған қызының істеген ісін бастан-аяқ айтады. Атасы мұны есіткеннен кейін ашуланып, өз қызы мен жиен қызын қоса өлтіреді. Аламанға үйіндегі кіші қызын некелеп қосады. Жоламан ержетеді. Баяғы жалмауыз кемпір патшаның өлгенін біліп, Аламанның үстіндегі қаруларын жинап алу үшін, сиқырлықпен Аламан мен Жоламанның жүретін жеріне жас бала болып жатады. Аламан мен Жоламан аңнан келе жатса, жолда шырылдап жылап жатқан жас баланы көреді. Баланы алайын десе, аты осқырып жоламайды. Аламан: «Ой, жамандатқыр, осы жас бала не қылушы еді?» – деп, жүгіріп барып баланы іліп алады. Әлден уақыттан кейін қараса, үстіндегі саймандары мен мінгескен бала жоқ. «Бұл қалай?» – деп тып-типыл болып, үйіне келеді. Көрген уақиғаларының бәрін әйеліне баян етеді. Ол білімпаз адам екен, ойланып отырады да, жалмауыз кемпір екенін сезеді. «Ол жалмауыз кемпір екен. Не де болса, сен қаш, бұл жерде болсаң ол қоймайды», – дейді. Аламан қашу үшін таудан бір қоржын жыңғыл кесіп алады. Сөйтіп қаша бастайды, атының басқан жері қазған ошақтай болып қалады екен. Бірнеше күннен кейін Аламанның үйіне желмая мініп, жалмауыз кемпір келіп: «Аламан қайда?» – деп сұрайды. «Аламан қашып кетті!» – деп жауап береді әйелі. Жалмауыз кемпір баяғы ойылып қалған ізбен қуа жөнеледі. Аламан аты шаршаған кезде жыңғылдан беріп қояды екен, ол жануар соны қыршылдатып шайнап, шаба береді. Жалмауыз кемпір күншілік жерден демімен тартып ұзатпайды екен. Бір күні түнде Аламанның әйелі түс көреді, түсінде кемпірдің жақындағанын сезеді. Ұйқысынан шошып оянып, баласына: «Әкеңе жалмауыз кемпір жетейін деп қалыпты, ертерек атыңа мін де мына жүзікті алып бар, жақындаған кезде лақтырып жіберсең, әкең қағып алады. Сол кезде астындағы аты күншілік жерге жетеді. Сонда жалмауыз кемпір ақырады. Сол уақытта мандайындағы жалғыз көзін басып қал және екі рет атпа!», – дейді. Оның жүзігі ғажайып жүзік екен. Бала жүзікті алып әкесінің кеткен жағына қарай жүреді. Бірнеше күндерден кейін әкесінің қашып жүрген жеріне келеді. Келсе, әкесі бұрынғыдай емес, азып-тозған екен. Жүзікті әкесіне лақтырып жібереді, әкесі қағып алады. Сонда астындағы аты күншілік жерге жетеді. Кемпір баланы көріп, артына қарап сұрланып, ақырған кезде, бала қақ маңдайындағы жалғыз көзден басып қалады. Кемпір өкіре құлайды. Құлап жатып: «Батыр болсаң, тағы да ат!» – дейді. Бала атпайды. Себебі, егер екі рет атса, жалмауыз кемпір қайтадан тіріліп кетеді екен. Кемпір өледі. Бір мезгілде әкесі келеді. Келсе, жалмауыз кемпір өлген. Аламан қуанғанынан баласымен жылап көріседі. Сөйтіп, олар ауылына келіп, мұрат-мақсатына жеткен екен.
22. Жарты Төстік
Баяғы өткен заманда бір бай болыпты, мал-мүлкі көп болыпты, сөйтсе де өзінен туған не ұлы, не қызы болмапты. Әйелі мен екеуі қарт болыпты. Бір күні шалы отырып: «Әй, сен де, мен де қарт болуға айналдық, енді біз өлсек, осы мал-мүлікке кім ие болады? Одан да жүр, малдың да, дүниенің де керегі жоқ, құдайдан бала сұрап, әулиеге түнейік», – деді. Кемпірі де оған көне қалды. Сонымен мал-дүниеге қарамай, екеуі жаяу жүріп кетеді. Қай жерде әулие болса, соған түнеп, екеуі қаңғи береді. Бір жыл бойы бармаған әулие қалмады, түк те себеп болмады. Бір күні: «Ал енді, қайтайық» деп ауылға қарай қайтып келе жатса, жолда бір түп ақ шеңгел тұр екен. Кемпір: «Әй, мына шеңгел тегін шеңгел емес, осыған да түней кетейік», – дейді. Сонда шалы ашуланып: «Бұдан да атақты әулиелер баланы бермегенде, осы шеңгелге әкеп, байлап қойды дейсің бе?» – деді. Кемпір: «түнеймін» деп, шеңгелдің түбіне жатты. Шалы анадай жерге барып жатты. Таңға жуық болып, шолпан туған шақта, бір ақ шалмалы қожа жетіп келді. Келіп кемпірге: «Әй, отыз ұл берейін бе, жоқ бәріне балап, бір ұл берейін бе?» – деді қожа. Кемпір: «Бір-ақ ұл бер!» – деді. Сонан қожа кетіп қалды, кемпір ояна кетіп, шалға қарай тұра жүгірді, сөйлеп: «Әй, әй, шалым!» – деп, өте қатты қуанып кетеді. Бастан-аяқ көргенін айтса, шалы да қуанышқа бөленіп кетеді. Бірнеше күн жүріп, үйіне келді. Кемпірі сүр етке жерік болады. Кемпір отырса, бір жарты төстік тұр екен, кемпір өзі кеткенде үйде қалған, соны өзі жалғыз жеп, кемпірдің жерігі тарады. Бір күндерде тоғыз ай, тоғыз күн болғанда, толғағы ұстауға айналды. Сонда кемпір шалына айтты: «Әй, сен бүгін бір тобылғылы кең сайдың аяғына қон!» – деді. Шал: «Жарайды!» – деп барып қонады. Сонымен күн батып, ел орнына отырған кезде, кемпір далаға шықты, толғағы келіп барды да, теріскей жақтағы тобылғыны түбімен жұлып, сайдың басына шықты, қайтадан күнгей жағын жұлып отырып, үйіне келді. Үйіне келіп кіргенде бала «шыр» етіп, жерге түсті. Баланың атын Жарты Төстік деп қойды. Сонымен бірнеше жыл өтіп, баласы он төрт, он бес жасқа жетті, есіктің алдында бір топ бәйтерек бар екен, түбі біреу, басы екеу екен. Соған әкесі ертең ерте шықса, түсте түседі, түстен кейін шықса, кешке түседі екен. Бір күні баласы: «Әке, әке, сіз осы ағашқа күнде-күнде шығасыз, онда не бар?» – деп сұрады. Әкесі: «Ой, балам-ай, не бар дейсің, малды көздеп отырмын», – деді. Содан кейін әкесі: «Әй, балам, сен бұл ағашқа шығушы болма, босқа басың айналып құлап қаласың!» – деп бірнеше рет айтыпты. Бір күні бала өзі ойлап-ойлап жүріп: «Осы ағашқа шығып көрейін», – деп, ағаштың басына шықты. Қараса, бір көшкен ел келеді. Өңкей жас ұл-қыз, қатар-қатар тұрып, ән салып, өлең айтып келеді. Оның артында жас жігіт, келіншектер келеді қатар-қатар болып, оның артында шал-кемпірлер де келеді. Соны көріп, бала ойлады: «Ол ағашқа мінбе, шықпа!» – деп жүргені әкемнің мынау екен ғой, қызық көрсе кетіп қалады деп жүрген ғой», – деп ойлап, ағаштан түсті. Кешке көргенін әкесіне айтты. Сонда әкесі: «Ой, балам, ол көргенің – өтіп бара жатқан дүниенің сағымы. Оған тірі адам түгіл, өлген адам да жетпейді», – деді. Оған бала бой бермеді, кетпек болды. Сонан соң әкесі: «Бұл енді тоқтамайды», – деді де, елінде он бір сыншы бар екен, соны шақырып алып: «Менің балама күні-түні мініп, шабуына жарайтын ат бар ма?» – деп айтты. Он бір сыншы жылқылардың алды-артынан қарап көріп, соңынан келген бір құнанды «Бір түске дейін ғана мінуге жарайды», – деді. Бір сыншы жерге жатып, құлағын салып тыңдап: «Жердің жеті қабат астында, жалғыз көздінің қой мойынды Құлашолағы бар, сол жарайды», – деді. Сонда Жарты Төстік: «Не, ана жер астындағы қой мойынды Кұлашолақты алам, не ана өлең айтып, көшкен елге барам», – деп, етек-жеңін түріпті де, жаяу жөнеліпті. Бір үлкен ағаштың түбіне келіп қараса, ағаштың басында бір құстың екі балапаны отыр екен. Бірінің үлкендігі отау үйдей екен, соны көріп жатып ұйықтап кетіпті. Ұйықтап жатқанда, бір уақытта қатты ысқырған дауыстан ояныпты. Қараса, ұзыны мен көлденеңі бірдей бір дәу айдаһар екен. Ысқырып, ағашқа шығып бара жатқан айдаһарды көріп, садақпен тартып қалады. Айдаһар екі бөлініп жерге түседі, онан соң өзі ағашқа шықты. Екі балапанға тіл бітіп: «Біздің анамыздың аты – Самұрық. Жылда екі балапан табады екен. Әр жылда осы айдаһар жұтып қояды», – деді. Сол кезде күнбатыс жақтан бір қара бұлт шықты, қатты дауыл жерді шаңдатады. «Бұл не?», – деп, Жарты Төстік сұрады. Сонда екі балапан: «Бұл біздің анамыздың қанатының екпіні – желі», – деді. Осы кезде жауын жауып кетті. Жарты Төстік: «Бұл қалай?» – дегенде, балапан: «Анамыздың көз жасы, жылда-жылда бала тапсам да, бірі ілеспей қойды деп жылаған», – деді. Тағы бір уақытта жапалақ-жапалақ қар жауады. «Бұл не?» – дегенде, балапан: «Анамыздың қуанып, қарқ-қарқ күлгені», – деді. Құс келіп, ағаш басына қонғанда үйдің жуандығындай ағаш иіліп жерге тиді. Сонда екі балапан шу ете қалды да: «Ана, ана, досыңды көрсетейін бе, дұшпаныңды көрсетейін бе?» – деді. Сонда, анасы: «Дұшпанды көрсет!» –деді. «Ана, жерге қара!» – деді, балапан, ұзыны көлденеңімен бірдей қырық кез ағаш қасында өліп жатқан, айдаһарды көреді. Отырған бойда «ұп» деп бір-ақ жұтып, сүйегін бүркіп жібереді. «Ал енді, досым қайда?» – деді. «Ана, міне», – деп, Жарты Төстікті көрсетті, оны да «ұп!» деп тағы да жұтты. Екі балапан шырылдап анасының тамағына жабысты, сонда ол «ақ» деп, жерге тастай салды. «О, балапаным-ай, жол жүріп арып-ашып кетіппін, мың кісілік күш пайда болсын деп едім!» – деп, жерге тастай салды. Сонда Самұрық құс: «Ал, балам, жолың болсын, қайдан келесің, қайда барасың?» – деп, сұрады. Жарты Төстік айтты: «Қатар-қатар көшіп бара жатқан ел көрдім. Бірінші, өңкей ұл-қыз ән салып кетіп барады. Екінші, жігіт-келіншектер, үшінші, қарттар, кемпірлер бәрі де өлең айтып кетіп барады. Соларды іздеп келемін. Содан кейін жердің астындағы жалғыз көздінің қой мойынды Құлашолағын іздеп келемін», – деді. Сонда Самұрық құс айтты: «О, досым, бірінші іздеп келе жатқаның – ел, ал өтіп бара жатқан дүниенің гүлі – сағым, оған тірі түгіл өлі де қосылмайды», – деді. «Ал енді, ана жер астындағы жалғыз көздінің қой мойынды Құлашолағын алам десең, алып барайын, бірақ менің әлім келмейді. Ал енді қырық мес су, қырық мес ет тап, онан соң жеті қабат жер астына алып барам», – деді. «Жарайды!» – деп, күнді жайлатып, боран соқтырып, ағаштың түбі ғана ашық болды, бір жағынан бұлан келді бұлаңдап, бір жағынан құлан келді қылаңдап, келгенін атып қыра берді. Сексен күнге толғанда, күн де ашылып кетті, қырық мес ет, қырық мес суды дайындады. Самұрық келіп: «Ал, үстіме арт, өзіңді! Екі көзіңді жұм, ашпа! Былай қарасам, аузыма суды құй, былай қарасам, аузыма етті сал!» – деді. Сонымен Самұрық құс баланы алып, ұшты. Былай қарағанда суды құйып, былай қарағанда етті сала берді. Бір жерде: «Ал, көзіңді аш!» – деді. Ашса, үсті бу сияқты, асты су сияқты жерде отыр екен. Тағы ұшты. Бір уақытта: «Ал, көзіңді аш!» – деді. Ашып қараса, жерге түсіпті. Сонда Самұрық бір тал қанатын жұлып берді. «Аман-сау бол, қайтатын болсаң, осы қанатты тұтат, мен дайын болам. Ана төбенің астындағы жалғыз көздіге өзің бар», – деп Самұрық ұшып кетті. Төстік келсе, жалғыз көзді ұйықтап жатыр екен. Бір ұйықтаса қырық күн, қырық, түн ұйықтайды екен. Бір ат басындай шоқпарды алып басына бір қойыпты.
– О, мына жердің бүргесін-ай! – деп, дәу бір сипап қойды да жата берді. Сонда Жарты Төстік ерімен тұрған қой мойынды Құла атқа барды. Ат оқыранып, Жарты Төстікті иіскеледі. Жарты Төстік аттың арқанын алды да, ұйықтап жатқан жалғыз көздің аяғынан байлап алып, атқа мініп, тақымға салып, ала жөнелді.
Тауға да, тасқа да соқты, етін ілінген бұта, тас қазандай-қазандай қып, жұлып алып жатты, құр сүйектері ғана қалды. Сонда: «Әй, бала, ең болмаса, басымды бір көтерші?» – деді жалғыз көзді. Жарты Төстік ойлады, «енді сүйектен басқа не қалды, арманда кетпесін» деп тоқтады. Аяғын шешті, басын көтерді. «Оу, бала, кел бері!» – деп келіп, алыса кетеді. Сонда бар денесімен басып, баланы жығар болды. Сонда қой мойынды Құла ат келіп, жалғыз көздіні қос аяқтап теуіп жібереді, дәудің екі жілігі сынып барып, құлайды. Сонда басын кесіп алады да, өзі атқа мініп ап, қатты шапты, қуанышы қойнына сыймай, қалай болса солай шаба жөнелді. Сөйтіп шауып келе жатса, алдында бір шал мен кемпір, ағаш соқамен жерді айдап жатыр екен. Екі өгіздің басын кемпірі жетелеп, шалы соқасын ұстап жүр екен. Жарты Төстік келіп, сәлем берді. Сонда шал мен кемпір: «Ойбай, балам, ақырын-ақырын сөйле, ақырын!» – деді. Сонда Жарты Төстік шал мен кемпірге: «О, не бар, қатты сөйлесе?» – деді. Сонда шал: «Ойбай-ау, бұл жерде тажал бар», – деді. «Ол не?» – деп сұрады. Осы жерде бір айдаһар бар, бір ұйықтаса қырық күн, қырық түн ұйықтайды. Егерде оянып кетсе, осы аймақтағыны бір-ақ жұтып жібереді, малды да, адамды да, барлығын да жұтады. Бұл қашан ұйықтағанда біз келіп, егін саламыз, екінші ұйықтағанда суғарамыз, үшінші ұйықтағанда, орып жинаймыз, өстіп күн көреміз», – деді. Сонда Төстік тұрып, бар даусымен айғай салды, Сол кезде айдаһар оянып кетіп, ысқырып, аузын ашып, ішіне қарай тартты. Сол жердегі мал болсын, адам болсын, ұшқан құс болсын, жүгірген аң болсын, бәрі де домалап барады. Жарты Төстік те өз атымен үш домалады. Сонда жеті қабат ақ семсерді жазып алып, көлденең ортасынан ұстап тұрып, өзі келіп, айдаһардың ішіне кіріп кетті. Сонда ол жұта берді, Төстік екі жағынан тіліп, құйрықтан бір-ақ шықты. Айдаһар екі бөлініп өлді. Жарты Төстік айдаһардың уытымен жатып қалды. Елдің малы да, адамы да домалап келді. Әлгі өлген айдаһарды көріп, оны өлтірген баланы көріп, сол жердегі адамдар алғыс айта бастады. Уланып жатқан Жарты Төстікті сүт құйып жазып алды. Ел болып, сол жердегілер бәрі де шулады. «Ой, бала, бізді құтқардың ғой, енді бізге патша бол, – деп, жабысты. Бұған Жарты Төстік көнбеді, жүріп кетеді. Келе жатып бір жерге түсіп, қалтасын қараса, Самұрықтың қанаты шықты. Сонда барып ел-жұрты, ата-анасы есіне түсті. Қанатты тұтатып жібергенде Самұрық құс заулап жетіп келді. Самұрық құс келіп: «Ал енді, қырық мес су, қырық мес ет дайында», – деді. Сол жерді ашық қып қойып, басқа жерге күнді борандатты, ашық жерге қарай аңдар заулап топ-топ болып, келіп жата берді, келгеніне сексен күн толғанда күн ашылды. Қырық мес ет, қырық мес су дайын болды. Соның бәрін әкеп, Самұрыққа артты. Өзімен бірге аты да Самұрыққа мінді. Құс ұшып келеді. Былай қараса суды құйып, былай қараса етті аузына салып келеді. Ет те, су да таусылды. «О, не бар, жүрегім ауырып төмендеп барам», – дейді Самұрық. Сонда Жарты Төстік құсқа екі қоң етін кесіп береді. «Аш, көзіңді!» – деді, ашып жіберсе, жердің бетіне келіпті. Өзі көрген ағаштың түбіне келген екен. Сонда Самұрық: «Жаңағы етті қайдан алдың, тәтті екен?» – дейді. Жарты Төстік айтты: «Мына екі қоң етім ғой», – деді. «Қайсы, көрсетші?» – деді. «Міне!» – деп ашып көрсетті. Сонда Самұрық «тфу» деп бір түкіргенде, қоң еті қайтадан орнына түсіп, жазылып кетеді. Соңда Самұрық: «Ал, досым, мен достық парыздан құтылдым ба?» – деді. Жарты Төстік: «Я, я, досым, құтылдың, құтылдың!» – деді. Сонда Самұрық құс айтты: «Сен өзің бар-дағы айттырған қалыңдығыңды бүгін той ғып алайын деп жатыр, жолыңда көресің. Және өз еліңді қалмақ шауып жатыр», – деп бәрін де айтты. Сонымен Жарты Төстік атқа мініп, жүріп кетті. Келе жатса, алдында алты құлаш ала байтал тұр екен, оны ұстап алады. Жетелеп келе жатса, бір жиын тойға кездеседі. «Бұл кімнің тойы?» – деп, сұрады. Сонда біреу айтыпты: «Бұл той, Жарты Төстіктің алам деп, құда түскен қалыңдығы еді. Ол өзі жынды болып, қаңғып кетіп, жоқ болған еді, енді бүгін той ғып, соны басқа біреуге берейін деп жатыр», – деді. Бұған ашуланған Жарты Төстік шауып келіп, ауылға: «Әкел-әкел қалыңдығымды!» – деп, айғай салады, даусы жерді жарады, жиналған жұрт қорқып кетті, даусы ащы екен дейді. Шауып келіп, қалыңдығын алты құлаш ала байталға мінгізіп алып кетеді. Сонымен жүріп отырып еліне келсе, елі қырылып жатыр екен, қаптап жүрген қалың қалмақпен жалғыз өзі соғыспақ болды. «Ал, сен, осылай тұр!» – деп әйеліне айтты да, жеті құлаш ақ семсерін жазып алып айқасты. Көзін жұмып, оңды-солды семсермен қыра берді, қалмақтар қаша берді. Бір уақытта біреу: «Ой, балам, көзіңді аш!» – деді. Көзін ашып қараса, алдында бір қожа тұр екен:
– Әй, балам, ана жерде атаңның сирағы жатыр, ана жерде анаңның қолы жатыр, соны тазалап жуып, арулап көм! – дейді де, қожа жоқ болады. Ол қожа Жарты Төстіктің анасына бір түп шеңгелдің түбінде кездескен қожа екен.
Онан соң Жарты Төстік елін жинап алды да, қалған еліне ие болып тұра берді.
23. Аюалпаң, Судысалпаң, Таудыталпаң
Ертеде бір өзбек Алихан деген болған екен. Оның әйелі, жалғыз қызы бар екен. Баласы да қолындағы сол біреу-ақ, барлығы үшеу екен. Өзі кедей, жалғыз атымен қос айдап жүреді екен. Жаз болса, қыс болса сол жалғыз торы шолақ атының күшімен еңбек етіп, күн көріп жүріпті. Бір күні қос айдап жүрген Алиханның қарны ашып үйіне келейін десе, алыс. Онан соң сол күні кеш түсісімен үйіне келіп, әйеліне мынаны айтады:
– Қатын, сен ертеңгісін мен қосқа жүрерде бір қап нанды, бір шанаш көже дайындап маған беріп жүрмесең, менің күндіз қоста жүріп қарным ашты. Үйге келейін десем, үй алыс болды, атты шығарып, атпен шауып келіп тамақтануға атымның өзі шаршап тұр ғой деп аядым. Өзіме қарап, атымды аядым, – деп әйеліне осыны айтады. Түнде әйелі күйеуінің айтқанын ұмытып кеткен екен, ертесіне баяғы еркегі: «Кешегі менің тамақтарымды бер» – деп сұрағанда, әйелінің есіне сонда түседі де: «Мақұл, мен пісірейін де қыздан беріп жіберейін», – дейді әйелі. «Онда мейлі, қыздан көтертіп жіберсең жібер!» – дейді күйеуі.
Сонан соң: «Қызың мені қайдан табады, мен одан да бір етек жоңқаны алып, жеткенше бірден әр жерге тастап отырармын, сол жоңқаның түскен жерінен жүріп мені тауып алсын», – деп кетеді қыздың әкесі. Сонымен әкесі жұмысына кетеді. Әйелі нанын, көжесін дайындап пісіре береді. Артынан көжені пісіріп, нанын жапқан соң қыздың шешесі қызына нанын салып, меске көже құйып баяғы жоңқа түскен жерді көрсетіп жібереді әкесіне. Сонымен қыз жолда келе жатса, бір үлкен аюдың ініне келіп жолығады. Қыз ең алғашта ненің не екенін білмейді. Демалып отырып, үңірейген іннің аузына келіп қараса, ар жағы қап-қараңғы адам қорқатын, онан соң қашып кетпек болып, жылдамырақ қаша жөнелейін деп ұмтылғанда, іннен бір аю шыға келіп, қызды ұстай алып, ініне алып кіріп кетеді. Аюекең өзіне әйел етіп қызды меншіктеп алады. Қыз күндіз далаға шыға алмайды. Шыға алмасын деп, іннің аузын таспен бастырып кетеді де, түнде өзі келіп жатады. Қызға қайғы туды, ұсталғаннан екі-үш күндей жылап отырып, бір жапырақ нанды зорға жейтін болып жүрді. Сонымен әке-шешесі қызын сол күні қарап таба алмаған. Қызды аю ұстап алғанын әке-шешесі білмейді. Қыз аюдың қолына баруына көп жылдар өткен, қыз қорлықты көріп аюдың інінде жарық көрмей жата берген. Бір жылдарда қыз жүкті болып бір бала табады. Бала күндіз, аю інінде жоқ кезде туады қыздың бақытына. Қыз ол баланың қасына бірге төсекке жатпайды. Артынан баланың атын Аюал-паң қояды. Мұның әкесі аю, соған сәйкес аты Алпаң болсын деген ойы тура болып шықты. Бала туған соң, көп ұзамай балаға тіл бітті. Шешесі күндіз інде отырғанда былай деп сөз сұрады, баланың жасы бірге келген кез еді. Сонда шешесіне:
– Шеше, менің көзім қандай, үйлерің қараңғы, мен түк көрмеймін, біздің үйіміз осындай қараңғы болатын ба еді? – деп шешесінен сұрады Аюалпаң. Шешесі мынандай жауап берді:
– Біздің үй мұндай болмайды, бұл – аюдың үйі, мен Алихан өзбектің қызы едім. Жиырмадан асқан кезде әкеме тамақ әкетіп бара жатып, осы аюдың ініне кез келдім, онан соң мені інінің аузына келе бергенде ұстап алды. Сонымен аюға мүсәпір болып отырмын, қарағым. Енді менің бақытыма, жарығым, сен тудың. Енді сен үлкейіп жетсең, осы аюдан құтылсақ, әке-шешеме барар едім. Міне, мен үйден шыққалы үш жылдан асып бара жатыр, – деп баласы Аюалпаңның сұрауына жауап қайтарған шешесі. Шешесінің сөзін естігеннен кейін Аюалпаң:
– Ендеше, шығайық, есікті мен ашайын! – деп үлкен қазандай тасты, іннің аузындағы тасты теуіп жібергенде, тас бұрынғы жатқан орнынан қозғалып, есік ашылған екен, – дейді. Артынан шешесіне:
– Кәне, жүрейік өз үйімізге! – деп шешесін жетектей бастайды. Шешесі баласы кішкентай болған соң, сенбей, «аю өлтіріп қояды»- деп шықпайды. Балаға: «Далаға шықпа» деп айтқан екен, оған да болмай, бала шешесін далаға жетектеп шығады. Екеуі далаға шықса, далада ештеме жоқ, жатқан қу дала, жерде бір төбе шошайып тұрған. Басқа ызыңдап ұшқан шыбын естілмейді. Жан жоқ, далада бір жолмен қол ұстасып бір сайға келген жерде аю алдынан қарсы шығыпты. Бала шешесін қалқасына ұстап, аюға қарап тұра қалған екен, аю балаға тұра жүгіріп келіп ұстаса түседі. Күресіп, бала сондай күшті, доп-домалақ, сол кішкентай бір жастағы уақтысында жиырма бестегі жігіттей еді. Аюға қарсы тұрып, шешесін қойып, өзі алысып, жағаласып жүр екен дейді. Көптен соң, баланың белі майысып жығылмақ болғанда, далада бір тышқан қазған іннің үстін аю басып кеткен екен. Күшпен алысып жүргенде әлсіреп, баладан бұрын аяғын тығып алып, жалп етіп жығылыпты. «Әу, дәу перім, жығылдың ғой», – депті де, бала аюдың басын қолымен бұрап жұлып алып, терісін сыпырып алып, шешесімен екеуі үйге қайтыпты. Жолмен жүріп келе жатып, әке-шешесін қыздың өзі бір жаққа көшкен шығар деп ойлады. Далада келе жатқан бір адамнан сұрады, бұрынғы әкесі Алиханның үйін, үйінің жөнін сұрап алды. Ол кісі көшелерін үйіне дейін айтып берді. Сонымен екеуі қыздың бұрынғы өз үйіне келеді. Төркініне келсе, әке-шешесі танымай қалады. Отырып, жөн сұраса кеткенде, баяғы жоғалған қызы болады. Қыз үйіне келгеннен шешесі таныған болатын. Әкесі мен шешесі жөнін айтқан соң танып, құшақ жайып көрісіп, әбден сағынған қызын көрді. Оның баласы Аюалпаңмен танысып беттерінен сүйеді. Көпке шейін ауылы у-шу болып жатқан соң, ел жиналған. Артынан той жасаған. Сонымен бір баласын екі бала ғып тауып алған. Бала балалармен ойнап жүріп, күш көрсетіп өлтіре берсе керек қарсы тұрғандарын. Ол үшін әкесі құн тартатын болып жүріпті. Әбден әкесінен ұят болып жүргенін біледі Аюалпаң. Сонан соң, бір күні әкесінен сұрайды:
– Әке, менің сізге көп пайдам жоқ. Мен өлмесем, сіздермен көрісермін, маған осындай кезде батаңды бергін, мен өзім сияқты дәуді тауып алайын, сонан соң, теңіммен бірге күн көрейін, – деп сұрайды. Сонан соң әкесі батасын береді. Баласы әке-шешесіне, өз шешесіне қоштасып кетеді. Беталбаты бір даланы кезіп кетеді. Бала жалғыз өзі бір таудың қуысына келіп қараса, бір таулар бір-бірімен соғысып жатыр дейді. Әлгі таудың дәл қасына келіп:
– Ау, достым, мұнда кім бар?, – деп айғайлады Аюалпаң. Сонда бір таудың ішінен өзі сияқты бір дәу шыға келгенде: «Енді сізге күресу керек пе? Жоқ болмаса соғысу керек пе?», – деген сөзді айтады Аюалпаң. Ана дәу айтады: « Мен күресем!», – дейді. Сонан соң екеуі күресе кете, ақыры Аюалпаң жығады. Сонан соң: «Енді екеуміз құдай қосқан дос болалық!» – деп екеуі бірге дос болады. Сонымен Аюалпаң, Таудыталпаң боп екеуі ермектесіп келе жатса, алдарынан бір үлкен дәу кездеседі. Онда қараса, бір теңіздің суы екінші теңізге атылып, бірімен бірі соғысып жатқандай болып жатыр екен. Оны екеуі көріп: «Мұнда кім бар?» – деп айқайлады. Онан: «Судысалпаң!» – деп үлкен дариядағы судың астынан шыға келді дейді. «Ал, ендеше, күресейік», – дейді. «Мақұл, күрессек күресейік!» – деп Аюалпаңмен күресе кеткенде, сонымен, Таудыталпаң құсатып оны да жықты. Аюалпаң: «Ал, ендеше, үшеуміз құдай қосқан дос болайық», – дейді. «Мақұл, болсақ болайық», – деп үшеуі жолмен жүріп, бір үлкен өзенге келеді. Сөйтсе, онда: «бір үстін темірмен жапқан ағаш үй тұр екен дейді. Ол үйде бір адам жоқ дейді. Қорада бір жүз өгіз байлаулы тұр екен дейді. Ол өгіздің алдында отқа жем-шөп салатын ат ақыры бар екен дейді. Оның ішінде өгіздерге салған шөбі, жемі бар екен. Бірін жеп болса, астынан екіншісі шығады»- дейді, қойшы. Барлық үйден бір адам таба алмайды. Бірақ жүз өгізден басқа қыбыр еткен жан табылмайды, сонан соң «үшеуміз осы үйді мекен етіп тұралық, ақыры бізден басқа бір де қараушы бұл үйге табылмады ғой»- деп, үшеуі сол үйді мекен етіп тұрады. Біреуі үйде қалады, күндіз екі жолдастары таудан аң аулап, күнелтеді. Ең алдымен Судысалпаң бірінші күні үйде қалып, тамақ дайындауға қалды. Судысалпаң бір өгізді сойып, үш қазанға сондай үш өгізді сойып тамақ пісіріп алған кезде, тамақ пісіріп отырған Судысалпаңның үйіне бір адам келіп, сырттан: «Есігіңді аш!» – дейді. Судысалпаң:
– Жоқ, ашпаймын, керек болса өзің ашып алғын, мен ашпаймын! – дейді. Үйге келген кісіге есік ашып бермейді», – деп жауап қайтарады. Сонда сыртта тұрған адам: «Ашпайсың ба?» – деді. Сонда үйдегі Судысалпаң: «Жоқ!» – дейді.
– Ал болмаса, өзім кірейін! – деп есіктің босағасының астындағы табалдырықты көтеріп қойып, астынан кіріп келеді. Судысалпаң ұшып түрегеліп қараса, сақалы бес қарыс, бойы бір тұтам бір адам екенін көреді. Ішінен: «Ойпыр-ай, бұл қандай адам?» – деп ойлайды. Соның арасында: «Әй, маған ана сәкінің біреуін астыма қой да, үстіне мені отырғызшы!» – дейді. Онан соң Судысалпаң:
– Жоқ, байеке, мен отырғызбаймын, өзің отыр керек етсең!» – деп жауап береді. Онан соң бой бермеген соң, баяғы келген адам өзі бір сәкіге бойы зорға жеткен-ді. Тырмысып шыға сәкіге отырып: «Сен бағаналы бері тілімді алмап едің, енді маған қазандағы еттен әперші!» – дейді. Онан соң, Судысалпаң: «Алып же керек болса өзің!» – деп жауап береді. «Жермыстан екен дейді, сол жердегі адам, жан біткеннің барлығын бір-бірлеп жеп біткен, енді адамдарды бітірген соң өгізді жеуге келіп жүрген екен дейді» – баяғы. Судысалпаң: «Әпермеймін!» – дегенде, ол: «Әпермесең!» – деп бір рет «сүф!» деп салып үрлегенде, Судысалпаң жығылады. «Ана жермыстан қазандағы еттің бәрін жиып-теріп жеп, сорпасын ішіп, далаға шығып кеткен екен», – дейді.
Судысалпаң орнынан тұрып қараса, қазанда ет те жоқ, сорпа да жоқ, құр қазанның үшеуі де бос тұрғанын көреді. Іле-шала артынан үш өгізді сойып, үш қазанға етін салып, асып, қайнаған кезде баяғы екі жолдасы келеді.
– Кәні, әлі күнге етің піспепті ғой?» – дегенде, баяғы келген адамын Судысалпаң айтпапты жолдастарына. Неге десең «бір жерден естіп тұрған болса, кейін мені оңдырмас», – деп, әлгіні айтпайды. Екі жолдасына: «Менің жаңғыз өзімнің әлімнің келгені осы!» – депті де қойыпты Судысалпаң. Онан соң, етті жеп болған соң, сол үйде жатқан үшеуі сол күні түнеді. Ештеме үшеуіне кездескен жоқ. Енді екінші күні Таудыталпаң қалады тамақ пісіруге. Сол күні тамағын пісіріп отырғанда, ана екі жолдасы кетіп қалғанда аңға, Таудыталпаңға тағы біреу келіп:
«Аш, есігіңді!» – деп сырттан есікті ұрып айқайлайды. Таудыталпаң тұрып есікті ашпайды, «Ашып ал, керек болса!» – деп отыра береді. Аздан соң бұрынғыдай есікті көтеріп қойып, сақалы бес қарыс, бойы бір тұтам бір адам суретті біреу кіріп келеді. «Әй, қалқам, балам, сәкіге шығаршы?» – дейді Таудыталпаңға. Ол: «Қой, сіз кішкене бала емессіз ғой, өзіңіз шығыңыз!» – деп қойды. Онан соң өзі тырмысып сәкіге шығып алып: «Енді қазандағы етті әперші?» – дейді. Онан соң: «Алып жеңіз, керек болса!» – дейді Таудыталпаң.
– Әпермейсің бе?
– Әпермегенде не істер едің? – дейді.
– Ендеше, «сүфф!» – деп Таудыталпаңды үрлеген бетінде дем салып еді, ол Судысалпаң құсап жығылмады.
– Ә, шалым, менімен ойнағың кеп жүр екен, – деп сақалынан ұстап алып жерге бір ұрып, белағашқа салбыратып байлап қойды. Біраз уақыт өткен жоқ, баяғы аңға кеткендер келді.
– Кеше Судысалпаңның етін біреу тартып жеп кеткен екен. Міне, бүгін ет тез пісті. Бұл қалай, табыңдаршы кім жеген? – деп Судысалпаңнан сұрады.
– Ешкім келген жоқ, – деді Судысалпаң.
– Ал, ендеше, маған біреу келіп етімді тартып жегелі әуреледі. Мен оның әуресіне көнгенім жоқ, өзім ұстап алып сақалынан байлап қойдым, –деді жолдастарына Таудыталпаң. Сонда:
– Әй, кәне, ол кісі қайда? – деп жолдасы Аюалпаң сұрағанда: «Әне, ана төбеңдегі белағашта салаңдап тұрған не екен, байқашы!» – деп қарай бергенде, байлаулы тұрған мыстан соп етіп жерге түсіп, қашты да кетті. Отырған үш батыр: «Оны қайда барса да ұстаймыз» – деп тамағын жеп болуға отыра берді. Аздан соң, үшеуі тамағын жеп болды да, далаға шығып қараса, қан тамған жерлерге, сол қанның тамған жерінен үйдің артында бір суы жоқ құдық бар екен дейді, сол құдыққа кеп түсіп кеткен екен баяғы жермыстан. Артынан үш дәу «сен түс, мен түс» деп тұрады да, ақырында үшеуінің ішінде ең батыры, ең мықтысы Аюалпаң құдыққа қырық құлаш арқан байлап, ана екеуіне ұстатып, қара ағаштан шоқпар кесіп алған, сол шоқпарды беліне қыстырып Аюалпаң түсті. Түсіп келе жатып караса, бір үйдің төбесі көрініп тұрады дейді. Түсіп барып, сол үйдің төбесінен басып, астына қараса, бір есік көзіне көрініпті. Әлгі есікті ашып кеп жіберсе, ар жағында алты қыз отыр екен» – дейді. Сол қыздардың қасына барып:
– Қалқам, неғып отырған адамсыңдар? – деп сұрады. Сонда олар:
– Ой, адамзат келді! – деп қуанып қалған екен. Артынан қыздардан жөн сұрағанда былай депті:
– Осы құдықтың үстіндегі жердің барлығы толған бір ел едік, – депті. Сол елдің барлығын осы, жаңағы, сіз қуып келген жермыстан жеп бітірді. Ал енді бір-екі күннен соң бізді де жеп бітіреді. Сол неше мыңдаған елден жаңғыз алтауымыз қалдық, бізді де бітіреді», – депті. «Ал, ол жермыстанның кеудесі бөлек тұрады. Жаны бөлек, аяқ-қолы бөлек тұрады», – деп түсіндірді дейді қыздар Аюалпаңға. Онан соң «енді бұл жермыстанның жаны қай жерде тұрады?» – дегенде: «Мына үйде үш пеш бар, сол пештің біріншісінде – жаны бар, екіншісінде – кеудесі, үшіншісінде – қол-аяғы бар» – деп, солай сөйлейді қыздар Аюалпаңға. Сонан соң Аюалпаң екі шоқпарын қолына алып, бірінші пешті бір қойғанда, күл-талқаны шығады және бір қойғанда пештің ішінде қоңыр қаз, үйрек екен, соны өлтіреді. «Енді өлмеген несі қалды»- деп пештің екінші біреуін ашып қараса, кеудесі қимылдап жатыр екен. Оны тағы шоқпармен бір мыжғылап, аяқ-қолын сындырып, бәрін де көңілдегідей етіп өлтіріп, алты қызды құдықтан шығарады беліне арқан байлап. Шығарып болған соң, енді ішіндегі ең сұлуын мен өзім аламын, ана қалған бесеуін сендерге бөліп беремін дегенде, ана екі жолдасы құдықтан Аюалпаңды: «Неге сен қыздың жақсысын өзіңе тандап аласың да, бізге жаманын бересің?» – деп шығармай қойыпты. Сонда Аюалпаң құдықтан шыға алмай жылаған бір күн, бір түн. Ертеңгісін құдықтың аузына бір қыз келіп:
– Әй, ағай, сіз неге жылайсыз? Олар құдықтан шығармады деп құр жасыма. Артыңыздағы үйдің ішінде, бір бұрышында, оң жақ бұрышта жермыстанның жердің астына түсіп жүретін жолы бар. Сол жолмен бір иығыңмен сырғанай берсең, жердің астына түсесің. Көзіңді жұмдағы сырғанай бергін, – деп қыз ақылын айтады. Сонда Аюалпаң қыздың айтқанын істеп, жолды тауып алып, құмырсқаның жолындай ізбен жорғалай береді. Бір көптен соң жердің астына топ етіп түскенін білмей қалады өзі. Қараса, көп ауылдар отыр екен дейді. Сол ауылдарға Аюалпаң барады. Бір үйге кіріп барса, бір әйел ұршық иіріп отыр екен, бір әйел түкірігіне нан илеп отыр екен дейді. Сонан соң:
– Сіздердің суларыңыз қайда, бұларыңыз не? – деп сұрайды. Сонда әйел тұрып мынаны айтады:
– Құдығымыздан бір айдаһар шығып, енді сол құдықтан су іше алмай отырмыз, – дейді. Онан соң күніне бір қошқар, бір қыз, бір еркектен жеп тұрады. Содан қорыққанымыздан суға бармаймыз, – дейді әйел.
– Маған мойын ағашты беріңіз, мен су әкелейін! – дейді Аюалпаң. Мойын ағаш пен бақырды ұстата берді Аюалпаңға. Аюалпаң құдықтан барып екі шелек суды әкеп, нанды илеп, тамақтанып алыпты. Ертеңіне есіктің алдында патша бір адам, бір қошқарды ұстап тұр дейді. «Бұныңыз не?» –дегенде: «Бұл мына құдықтан айдаһар шығады, соған бергелі тұрмын», –дейді.
Ол:
– Патша-еке, мен одан құтқарайын. Мені арманыма жеткізесіз бе? – дейді. Ия, қарағым, жеткізейін, мені осы пәледен құтқар! – дейді. Мақұл, маған бір қылыш тауып бергін. Өзің елді далаға шығармай тұрғын. Мен айдаһар құдықтан шыққанда қақ айырып жығайын! – дейді. Сонымен Аюалпаң қылышты қақитып қолына мықты ұстап алып тұрды. Ұзын ақ сырықтай болып шыға салысымен Аюалпаңды жұтты да жіберді. Есінен танып Аюалпаң аузынан тіліп отырып, құйрығынан бір-ақ тіліп шығады қолындағы қылышпенен. Айдаһар өлді, оны Аюалпаң көмді. Патша оған өте риза болды. Патша:
– Мен қырық кез саты жасатып, сонымен сені жердің үстіне шығарайын, егер арманың сол болған болса, – деді.
– Әйтпесе, менің орныма патша бол, мен әкең болайын, бір қызымды берейін. Маған патша бол және бала бол, елді билеп тұр, – деді.
Оған Аюалпаң көнбеді.
– Мені жер үстіне шығарсаңыз, сол болысқаныңыз болады, – деп сұрады Аюалпаң патшадан. Онан соң: «Жарайды!» – деп патша жәрдем берді. Аюалпаң: «Сіз қырық кез сатыны жасап болғанша, мен бір жерге барайын, мүмкін маған өздігінен бірдеме кездесер, оған мініп шығатын болсам, бекер әуреленбеңіз деп, айтайын артынан келіп», – деп, бір жерге қарап жүріп кетті.
Содан Аюалпаң бір жолмен келе жатқанда: «Жейді-ау, жейді-ау!» – деп айғай салған адам даусы сияқты бір дауыс кез болып шықты дейді. Қараса, бір ағаштың басында Самұрық деген құстың балапандары, шешесі жердің үстіне шығып кеткенде бір құс па, бірдемелер келіп жеп кете береді екен. Сол балапан жейтін құсты Аюалпаң өлтіреді, шоқпарымен ұрып. Ағаштың басына қараса, үш балапан:
– Келіңіз, жақсылыққа жақсылық, бізді жейтін ажалдан алып қалдыңыз. Енді қандай арманың бар? Біздің анамыз келеді, соған біз айтамыз. Біздің шешеміз қайда барсаң да бір сәтте жеткізеді. Ол келгенше менің қанатымның астына жата тұрғын, бірақ менің шешем келгенде, аспаннан жел тұрады, қар, бұршақ, жаңбыр жауады, қатты дауыл болады, содан қорықпағын! – деп айтады үлкені. Балапанының бірінен кейін біреуі: «Бұршақ болып жауған –құмалағы, қаны – көзінің жасы балапанымды жеп қойды ма деп келе жатқанда жылаған, жел – екпіні, қар – қақырығы», – деп солай айтады. Үшінші біреуі былай дейді: «Шешем келгенде, «Адамзаттың исі шығады ғой» – деп айтады. Онда сен қорықпа!» – дейді. Соның арасында сол айтқанның бәрі болды. Бір түйедей құс ағашқа келіп қона кетті дейді. Соның арасында Аюалпаңды жұтып жіберіп еді, балапандары:
– Таста, қақбас, таста! – деп, кейін «таста» дегенде, аузынан жұтып көтінен туды – дейді. Сонда, сен неғып жүрген адамсың? – деп сұрайды Аюалпаңнан. Сонда Аюалпаң:
– Мен жердің үстіне шығатын адам едім. Мен келе жатсам, сіздің балапандарыңызды бірдеме жемек болған екен, мен көріп, ол нәрсені ұрып өлтірдім, енді мені жер бетіне шығарсаңыз екен, – деп сұрайды. Балапандарынан: Кім Алпаңның істеген пайдасын айтады? – дегенде, бәрі шулап жақсылығын айтысты.
Онан соң, Самұрық құс: – Көкке алып ұшуға қырық құлынның етін, қырық бұзаудың месіне су алып келгін. Мен сені жер үстіне шығарайын», – дейді. Сонан соң Аюалпаң патшаға барын жаңағы айтқан қырық құлынның етін, қырық бұзаудың месімен су алып келеді. Сонымен самұрық құс жер астындағы патшаға Аюалпаңды алып келеді. Патшаға қош айтысады. Сонымен құстың тапсырмасын орындап, үстіне мініп, аспанға көтеріліп ұшады. Азықтары таусылады. Самұрық құс дәуді алдамақшы болады. Құс: «Енді екеуміз де құлаймыз-ау!» – деп айтады көкке бес-алты құлаш қалғанда. Аюалпаң: «Неге өлеміз, құламаймыз да өлмейміз, сізге не керек?» – дегенде: «Бір жапырақ ет керек» – деп айтты дейді. Сонда Аюалпаң өзінің сан етінен қол басындай ет кесіп береді. Сонан соң құс көкке шығарып, жердің бетіне апарып тастайды дейді. Құс Аюалпаңнан:
– Сенің жаңа кейінгі берген етің ненің еті еді, соны маған айтшы? – дейді. Аюалпаң:
– Ол ет, менің сан етім еді, – дейді.
–Әй, достым-ай, жаныңды жолдасыңнан аямайды екенсің! – деп Аюалпаңның ет кесіп алған жерін, санның кесілген орнын бір жалап алған екен самұрық құс, сонда жеген еті орнына түскендей болып қалыпты дейді.
– Ә, мен сені жолдастыққа қандай екен деп алдаған едім, – деп құс шынын айтқан екен дейді.
Аюалпаң баяғы екі жолдасын тауып алып, оларды қосақтап қойып сабап, бес қызды соларға беріп, бұрынғы алам деген сұлу қызын өзі алып, мал малданып, жан жанданып, ал екеуін жеке бір жаққа шығарып, баяғы үйде жүз өгіздің біреуі де қалмаған екен, сонан сырттан аң аулап, әйелімен күн көріп кеткен екен дейді.
ІІ. ЖЫРЛАРДЫҢ НЕГІЗІНДЕ ТУҒАН БАТЫРЛЫҚ ЕРТЕГІЛЕР
24. Делдаш батыр
Сонау ерте заманда, жал-құйрығы келте заманда, ерлі-зайыпты екі адам өтіпті. Тұрмыстары тар екен, бала дегенге зар екен. Күндердің күнінде әйел жүкті болып, басы бақырдай, көзі тостағандай, батыр мүсінді ұл туыпты. Атын Делдаш қойыпты. Делдаш сегіз жасқа келгенде, елін жау шауып, Делдаштың анасы да жау қолында тұтқын болып кетіпті. Шабындыға түскен малдан аяғы сынған сары ала құлын қалыпты. Делдаштың әкесі оны шөп жұлып беріп, тегештен суарып бағыпты. Арада талай жылдар өтіпті. Делдаш алысқанды алып ұратын қарулы батыр, көздегенін кетірмейтін мерген болыпты, сары ала құлын қашса жеткізбейтін, қуса құтқармайтын жүйрік ат болыпты. Тегешпен суарып өсіргендіктен, оны Сарыалатегеш деп атапты. Азамат болған, жайды ұққан Делдаш елінің намысы үшін жаудан кек алуға аттанбақ болыпты, аттанар алдында өзі қайтып оралғанша «тұрмыста қиналып қалмасын» деп әкесіне таудай отын, үйдей ет жинап, жерден қазып жеңді білектей су шығарып беріпті. Жүрерде әкесіне:
– Мен осы жинап берген отыннан бір жағым, еттен бір асым, судан қанжығадай қалғанда келермін. Менің келу мөлшерімді осыдан байқарсың, – депті. Әкесі ақ батасын беріп, ақылын айтып, баласын ұзақ сапарға аттандырыпты. Делдаш Сарыалатегешіне мініп, жол азықтарын алып, қару-жарақтарын асынып жүріп кетіпті. Күн жүріпті, ай жүріпті, неше түрлі асқар таулардан асыпты. Шөл – жазиралы қалалардан да, өркештеп аққан өзен дариялардан да өтіпті. Күндердің бірінде өзеннің жағасында сиыр бағып жүрген бір тазшаға жолығыпты. Делдаш өзінің бұл жаққа келудегі жайын таныстырып, жауға кеткен елінің малы мен шешесінің дерегін білетін-білмейтіндігін сұрапты. Сонда тазша:
– Cенің іздеп келген жауыңды мен анық білмеймін, бұл – хандар ортасында болған оқиға ғой. Сондықтан, біздің ханымыздың хабары бар ма екен? Осы жағынан астыртын сұрастырып көрсең болады, – деген жауап беріпті.
– Мына бағып жүргенің кімнің сиыры? – деп сұрапты Делдаш.
– Осы біздің елдің ханы – Сиырлыбай патшаның сиыры, – депті тазша.
– Сен бұл сиырларды мынау үлкен өзеннен қайтып өткізіп бағып жүрсің?
– Бір үлкен қызыл қасқа сиыр бар, соған мініп алып: «Бастағыштың сиыры, баста» десем, барлық сиырды бастап өткізеді.
– Осынша көп сиырды қайтіп сауасыңдар?
– Сауылғырдың сиыры сауыл! – десем, барлығы сауылып қалады. Байланғырдың бұзауы, байлан! – десем, еміп болған бұзаулар байланып қалады.
– Мұнан басқа тағы қандай жұмыс істейсің?
– Осы сиырлардың иесі – ханымыздың үш қызы бар. Ханның әмірі бойынша, мен солардың табанын таң атқанша бір қарын маймен сылап шығамын, кіші қызы өте ақылды, табанын сылатпайды, тек жіліншігін ұстап қана ұйықтатамын, – депті тазша.
Делдаш барлық жайды сұрап болғаннан кейін, «осы тазша палуан көрінеді, осымен бір күш сынасып көрейін»,– деп ойлапты да:
– Алыспақ керек пе, шертіспек керек пе? – депті. Тазша Делдаштың палуан екенін біле қойып:
– Шертіспек керек! – депті. Алғашқы кезекті тазшаға беріпті.
Тазша Делдашты шертіп қалған екен, Делдаш сойыл сілтем жерге барып түсіпті. Екінші кезекте Делдаш шерткен екен, тазша бір шақырым жерге барып түсіпті. Делдаш Тазшаға жаңа киімдер және алтын ділда беріп:
– Сиырды мен бағайын, сен өз жұмысыңды істе! – деп ханның азабынан құтқарып, оны еліне қайтарыпты.
Делдаш тазшаның киімін киіп, өз киімін, қару-жарағын Сарыалатегешке бөктеріп, бір тал қу құйрығын жұлып алып қоя беріпті. Сарыалатегештің бір ерекшелігі бар екен, ол – Делдаштан басқа жанды жанына жолатпайды екен. Делдаш қоя берерде алып қалған бір тал қылын тұтатса, қайдан болса да жетіп келеді екен. Делдаш тазшаның орнында ханның сиырын бағып жүріпті. Кешке таман сиырларын өзеннен өткізерде тазшаның айтқан сөздерін ұмытып қалыпты. Тазша кешіккен соң, «бұған не болды?» десіп, ханның қыздары өзен жағасына келсе, тазшаның сиырларды өткізе алмай тұрғанын көріпті. Сонда қыздар:
– Жаңылғырдың тазшасы жаңылып қалғанбысың. «Бастағыштың сиыры, баста!» деп, неге айтпайсың?» – депті. Тазшаның ескертіп кеткен сөздері Делдаштың есіне сонда түсіп, қызыл қасқа сиырды мініп алып: «Бастағыштың сиыры, баста!» – дегенде сиырлар өзеннен өте шығыпты. Сиырды ханның қорасына айдап апарып: «Сауылғырдың сиыры, сауыл!» – десе, сиырлар түгел сауылыпты. «Байланғырдың бұзауы, байлан!» – десе, еміп болған бұзаулар жай-жайына байлана қалыпты. Түн болып, ел жататын мезгіл келіпті. Хан қыздары төсектеріне жатқаннан кейін, бұрынғылары бойынша табандарын маймен сылатып, ұйықтауға әзірлене бастапты. Делдаш та тазшаның істегенін істеп жүріпті.
Делдаштың жүріс-тұрысынан, іс-әрекетінен бұрынғы тазша емес, бұл бір білгіш, ақылды жігіт екенін кіші қыз сезіпті. Оны әпкелеріне де білдірмепті және аяғын уқалауды басқаларға білдірмей тоқтатып қойыпты. Делдаш та бұған мақұл болыпты. Күндердің бірінде үш қыз серуендеп өзен жағасына барыпты. Серуендеп жүріп өзеннің тұнық суына ар жағынан түсіп тұрған Делдаштың бейнесін кіші қыз көріп қалыпты. Көрген кезде-ақ ғашық болыпты. Делдаш күндіз далада сиыр бағып, кеш батқанда келетіндіктен, оның түр-сипатын ханның қызы көре алмай жүр екен. Делдаштың судағы сәулесін көріп, қайтқаннан кейін оның дидарын көріп сөйлесу, сырласу үшін кіші қызға ой түсіпті. Кешінде сиырдан қайтқан Делдашты оңаша шақырып алып, өзінің махаббат жөніндегі арман-тілегін білдіріпті.
– Біздің ауылда жүргеніңе көп болды. Сенің елге жағымды іс-әрекеттерің, мінез-құлқың менің ой-санамды өзіңе қарай тартып баурап барады, сені сүйемін, өмірлік жар болып өтемін, осы тілегіме қалай қарайсың? – деп сұрапты. Делдаш қыздың сөздерін естіген соң: «Менің үйден шыққан мақсатым: жауға кеткен елімнің кегін алып, ардақты анамды құтқару еді. «Ханның қызын аламын» деп, бір пәлеге қалып жүрсем қалай болғаны», – деген терең ойға шомып отырып:
– Сен болсаң, тамам елді билеген ханның қызысың, мен де сені жақсы көріп-ақ жүрмін. Бірақ сені мен алған күнде әкең: «Түгі жоқ кедейдің баласы тазшаға тиді» деп намыстанып, екеумізге жәбір көрсетсе қайтеміз? – депті. Сонда қыз:
– Сен қорықпа, хан бізге ешқандай жәбір көрсете алмайды. Мен өзімнің сүйген теңімді осы күнге дейін таба алмай келген едім. Енді тауып отырмын. Әкем мені өзі сықылды ханның, немесе байдың баласына бермек. Бірақ мен ханның, байдың баласы деп, өз теңім болмаған ақылсыз әңгүдіктерге қайтіп бармақпын, мен өз сүйгенімнен, теңімнен бұл жалғанда айрылмаспын, өлсем көрім бірге болсын, сенімен! – деп шынайы ойын айтыпты.
Делдаш қызға әбден сеніп, екеуі өзара сөз байласыпты. Сөйтіп, екеуі ойнап-күліп жүріпті. Бір күні қыз Делдаштың мұнда қалай келгендігін сұрапты. Делдаш басынан өткен оқиғаларын түгел айтып беріпті. Күндіз қыз Делдаш сиыр бағатын тоғайға барып, Делдашпен бірге серуендеп қайтып жүретін болыпты. Делдаш Сарыалатегешін көрсетіп, мінгізіп, сейіл құрғызыпты. Бұлар бірін-бірі бірер күн көрмесе тұра алмайтын шын сүйіскен ғашықтар болыпты. Күндердің бірінде ханның бойжеткен қыздары байға тию жайын сөз етіпті. Бәрі де осылай істеуді лайық көріпті. Бұл мақсаттарын әкесіне сездіру үшін, бұлар үш піскен алма әзірлеп, шешелері арқылы әкесіне жіберіпті. Шешелері алмаларды хан ордасына әкеліп беріпті. Алмаға қызыққан қомағай хан дереу пышақпен кесіп, жеуге ыңғайланғанда әйелі тоқтатып алып:
– Бұл алмаларды жеуден бұрын оның неліктен келгенін ойлан. Алманы үш қызың берген, не үшін саған жібергенін тауып, онан соң жесең болады, – депті. Хан ойланып:
– Қыздарым мені жақсы көріп, әкем жесін деген шығар, – депті.
– Жоқ, бойжеткен қыз піскен алмамен тең, уақыты өтіп кетсе, алма шіриді, бойжеткен қыздың да уақыты өтсе болмайды. Біздің ерге шығатын уақытымыз жетті дегені! – депті шешесі.
Хан еліндегі барлық жігітті жинап, қыздарының алдынан өткізбек болыпты. Қыздарына:
– Қалаған жігіттеріңді алмамен ұрып белгілеңдер! – деп тапсырыпты. Хан айтқанындай, жігіттерді жинап, қыздарының алдынан өткізіпті. Екі үлкен қызы екі байдың баласын алмамен ұрып, сүйгендіктерін білдіріпті. Бірақ бай-кедейі жиналған соншама көп жұрттың ішінен кіші қызына лайық жігіт шықпапты. Хан қарауындағы елінен жан қалдырмай жинатыпты. Сонда да кіші қызының, сүйгені табылмапты. Ең соңында, сиыршы тазшаны шақырып әкелгенде қыз алмасын соған ұсынып, өзінің сүйгендігін білдіріпті. Кіші қызының тазшаны сүйгеніне хан қатты ашуланып, намыстанып:
– Тамам елден адам табылмағандай, жаман тазшаны қалауы қалай? – деп қызын шақырып алып, ел көзінше сұраққа алыпты. Қызды қатты ұялтып, бағытынан тайдырмақ болыпты:
– Менің осынша елімнен саған лайық бір де жігіт табылмай, осы тазшаны сүйдің бе? Өзіңнің теңіңді ұмыттың ба? Ханның, байдың балаларын не үшін қаламайсың? – депті.
– Әке, еліңізде жігіт көп-ақ, бірақ мен бай балалары деп өнерсіз, ақылсыз жігіттерді қаламадым. Өзімнің көңілім тартқан осы бір тазша баланы «өз теңім» деп етегінен ұстап отырмын. Бұл жігітті сіз «кедей тазша» деп жақтыртпағаныңызбен, мен сіздің анау күйеу балаларыңыздан әлдеқайда артық көремін. Ақылы, зеректігі жағынан болсын, олардан жоғары, бұның өнерін кейін көрерсіз! – деп жауап қайырыпты. Қаптап тұрған қалың жұрт қыздың сөзін қолдап ду көтеріпті. Хан ашуланып:
– Егер тазшаға шынымен тиетін болса, мұның отауы ана сиыр қора, соған апарып үй ұстасын да, сонда жататын болсын екеуі, – деп уәзірлеріне әмір етіпті. Уәзірлері бұл бұйрықты табанда орындапты.
Хан жақсы көрген үлкен екі қызына екі жерден асыл таспен, алтын күмістермен әшекейлеп сарай орнатып, дүние-мүліктерін сарайларына толтырып беріпті. Бір күні хан ауырып қалыпты, ханның сырқатын көрген бақсы: «Тақсыр, сіздің сырқатыңызға киіктің еті ем болады. Соны алғызып, пісіріп жесеңіз, жазыласыз!» – депті. Хан дереу уәзірлерін шақырып, киік ата алатын мергендерді тауып келуді бұйырыпты. Бұл хабарды естіген екі үлкен күйеуі: «Біз барамыз, киікті біз атып әкелеміз!» – деп сұраныпты. Жақсы көретін сый күйеулерінің бұл талаптарын қабыл көріп, жүйрік аттары мен жақсы садақтарын беріпті. Кіші күйеу баласы Делдаш та баруды сұранса, оны көзге ілмей, қойға жетпес қой торыны, атқанда арқан бойы жерге әзер жететін тозығы жеткен жаман садақты беріпті. Сөйтіп, ханның үш күйеуі бірге тауға қарай аттаныпты. Үлкен күйеулері Делдашты менсінбей, бөлек кетіпті. Делдаш тауға таман жақындап бара бергенде, аттан түсіп, қой торыны қоя беріпті. Қу құйрықты отқа тұтатқан екен, өзінің жан серігі Сарыалатегеш кісінеп жетіп келіпті. Делдаш Сарыалатегешін мініп, өзінің қару-жарағын асынып, тауды аралап келіп, үш киік атып қайтыпты. Жолда киік тұрмақ тірі жәндік ұстай алмай, сымпиып келе жатқан екі мырза бажасына кезігіпті. Бұлар Делдаштың атып алған киіктерін көре салып: «Маған біреуін бер»,– деп жабыса бастапты. Сонда Делдаш:
– Бұл киікті беруден бұрын бір шартым бар: соған көнсеңдер берейін. Шартым мынау: қолымдағы жүзігімді жамбастарыңа бір-бір басайын да екеуіңе екеуін берейін. Осыған көнсеңдер, алыңдар! – депті. Хан алдына құр барудан ұялып, күйеулер бұған мақұл болыпты. Басылған жерде өшпестей із қалатын жүзік таңбасы күйеулерге басылыпты. Делдаш екеуіне екі киік беріп, жөнелтіп жіберіпті. Бұлар жүйрік аттарымен өлі-тірілеріне қарамай, шауып отырып, киікті ханға берген екен. Хан жазылмапты.
Делдаш Сарыалатегешін қоя беріпті. Хан берген қойға жетпес қой торысын мініп алып, аяңдап, өзінің сиыр қорасына келіпті. Алған киіктін, етінен әйелі әйбаттап қуырдақ қуырып, табаққа салып, ортасына сиырдың тезегін қойып, ханға әкеліп беріпті. Хан жеп отырып тәттілігінен тілін тістеп алыпты. Тезекті көріп қалып:
– Дәрілікке киік етін бер десем, сиырдың тезегін беріп масқаралауларың не? Мені ақымақ етпек болдыңдар ма? – деп ашуланып ұрсыпты. Сонда кіші қызы асықпай да, аптықпай:
– Жаққанымыз да тезек, жатқанымыз да тезек, содан түсіп кеткен ғой, – деп жауап беріпті. Бұған хан жауап таба алмапты. Сөйтіп, хан сырқатынан жазылып кетіпті.
Ханның жылқысында бір биесі жылында басы алтын, құйрығы күмістей жылтыраған құлын туады екен. Жылында туған құлынын бір алып қара құс келіп, туған күні-ақ алып кетеді екен. Хан және ханның барлық уәзірлері, батырлары мен құлдары ол құлынды алып қара құстан аман сақтай алмай, жылында қапы қалып жүріпті. Биенің тағы да құлындайтын мезгілі жетіпті. Хан қарауындағы барлық мергендері мен батырларын жинап алып, келген алып қара құсты атып өлтіріп, құлынды аман сақтап қалуды бұйырыпты. Мерген, батырлары жиналып қаракер биенің қасында аңдып тұрыпты. Бұлардың ішінде ханның мырза күйеулері мен Делдаш та бар екен. Бір мезгіл болғанда, алып қара құстың келе жатқан белгісі білініпті. Қатты дауыл соғыпты. Бір уақытта екі қанаты екі туырлықтай, басы қазандай бір нәрсе жерге түйіліпті. Ханның күйеулері мен мергендері үрейі ұшып, талып қалыпты. Делдаш қана қарап отырыпты. Қара құс құлынды іліп, қайта көтеріле бергенде, көздеп отырып атып қалса, құлынның құйрығын жұлып түсіпті. Бұлар бұл жолы құлыннан тағы айрылып қалыпты. Делдаш әлгі құлынның жұлынып түскен құйрығын үйіне апарып, әйеліне сақтатып қойыпты. Ханның алып қара құсты ұстап, құлынды аман сақтау жөніндегі шарасы таусылған соң, жоғалған құлындарды тауып келу туралы халқына бұйрық беріпті. «Құлындарды түгел тауып келгендерге көп сыйлық беремін!» – деп жариялапты. Сонда ханның мырза күйеулері: «Біз барамыз, тауып келеміз!» – деп рұқсат сұрапты. Кіші күйеу баласы Делдаш та: «Мен барып тауып келемін», – деп рұқсат сұрапты. Хан күйеу балаларының тілегін қабыл көріп, жақсы көрген мырза күйеулерге өздерінің таңдаған аттары мен қару-жарақтарын беріпті. Ал Делдашқа баяғы қойға жетпес қой торыны беріпті. Бұларды ұзақ сапарларына аттандырыпты. Былай шыға бере үшеуі үш жаққа жол тартыпты. Делдаш ел сыртына шыққаннан соң, қой торыны қоя беріп, қойнындағы құйрықты отқа тұтатып, Сарыалатегешін ұстап мініпті де, қару-жарағын асынып, жүре беріпті. Күн жүріпті, ай жүріпті, жылдар жүріпті, күндердің бірінде жапанда өскен бір үлкен бәйтерекке кез болыпты. Күннің ыстығында шаршаған Делдаш көлеңкелеп, біраз тынығу үшін бәйтеректің түбіне барса, бәйтеректің ұшар басында шырылдаған балапандардың даусы естіліпті. «Бұл қандай жағдай» – деп Делдаш таң қалыпты. Арадан көп уақыт өтпей, бәйтерекке өрмелеп шығып бара жатқан айдаһарды көріпті. Жауыздыққа жаны қас Делдаш қорықпастан атынан түсіп, алмас семсерін қолына алып, жуандығы атан өгіздей, ұзындығы екі арқан бойындай келетін айдаһардың жанына барыпты. Айдаһар бәйтеректен түсіп, Делдашты жұтпақ болыпты. «Қане, мықты болсаң, жұтшы»,– деп ұзын алмас семсерін көлденең ұстап, Делдаш қорықпай, айдаһардың аузына кіріпті. Алмас қанжар айдаһардың езуінен тіліп, құйрығынан бір-ақ шығыпты. Бұл ғажап батырлықты көрген балапандар Делдаштан: «Сен неткен батыр жансың, бізге сырыңды түсіндірші?» – деп жалына бастапты.
– Мен жолаушы адам едім. Мына теректі көріп, салқындап тынығу үшін әдейі бұрылғанымда мына жауыз айдаһарға тап болдым, – депті Делдаш.
– Сен теректің басына шық. Біздің қанатымыздың астында жат, әйпесе, қазір біздің шешеміз келеді. Ол келгенде алдымен жел соғады. Онан кейін жаңбыр жауады. Артынан күн ашылып, өзі келеді. Шешеміз сені көрсе, қызығып жұтып қояды. Сен көрінбей жат! – депті балапандар. Делдаш балапандардың сөзіне мақұл болып, ұяға шығып жатыпты. Сол кезде алып қара құстың келетін белгісі біліне бастапты, қатты дауыл шығып, нөсерлетіп жауын жауыпты. Балапандар Делдашқа: «Сен енді көрінбей, жасырынған күйінде жата бер. Мынау соққан дауыл – біздің шешеміздің ұшқандағы қанатының екпіні. Мынау жауған нөсер – шешеміздің «балаларым бар ма, жоқ па? Тағы да айдаһар жұтып қойды ма? – деп жылаған көз жасы!» – депті. Соның артынша алып қара құс ұшып келіп, бәйтерекке қоныпты. Алып қара құстың ауыр салмағымен бәйтерек майысып барып қалпына келіпті. Ол ұядағы балаларына жем үшін бір әкелгенде елу киіктің етін бір-ақ көтеріп келеді екен. Алып қара құс қонып отырып жерде өліп жатқан айдаһарды көріпті де, балаларынан:
– Мына айдаһарды кім өлтірген? – деп сұрады. Балапандары: «Біз өлтірдік!» – депті. Алып қара құс балапандарының бұл жауабына сенбепті. Қиялданып отырып адамзат иісінің барлығын сезіп қалыпты да:
– Бұл ұяда адамзаттың исі шығады ғой, – депті.
– Сіз жұтып қоймайтын болсаңыз, біз көрсетеміз, әйтпесе көрсетпейміз, – депті балапандар.
– Болады, көрсетіңдер! – депті алып қара құс.
Балапандар Делдашты көрсеткенде, алып қара құс қызығып кетіп, Делдашты жұтуға ыңғайланыпты. Сонда балапандар шешесіне:
– Бұл адамды неге жұтасың, анау жердегі жатқан айдаһарды өлтірген осы адам болатын. Бұл адам болмаған болса, бізді айдаһар жұтып қоюшы еді. Сондықтан, «жақсылыққа жақсылық» деп шақырып алып, қанатымыздың астында сақтаған, біз! – депті. Сонда мән-жайды түсініп:
– Сен адамзат, бұл жерге қайдан келдің? Не жұмыспен жүрсің? Орындай алмай жүрген не мақсатың бар? Сен бізге көп жақсылық істедің, мен де жақсылық етіп, мұрат-мақсатыңа жеткізіп қояйын, айт! – депті алып қара құс. Делдаш өз өміріндегі басынан өткізген оқиғалары мен қазіргі іздеп шыққан жұмысын түгел айтып беріпті. Сонда алып қара құс: «Сен естіп отыр, мен де бастан кешкенімді айтып берейін саған, менің басымнан өткендер сенің іздегеніңнің бір бөлігіне жауап болуы мүмкін. Мен, осы бәйтеректің басына заманнан бері әр жылы ұя салып, жұмыртқалаймын. Балапандарым есейіп, қара қанат бола бергенде, айдаһар жұтып кетеді. Осы ыза-қайғымен барып, қара кер биенің құлындарын алып келіп жүрген едім. Менің балапандарымды жеп жүрген жауымды жойғандығың үшін, сенің іздеп келген жылқыңды түгелімен қолыңа тапсырайын. Мен әкелген құлындар қазір өсіп, айғыр үйір жылқы болды»,– депті. Оған қоса, алып қара құс тағы да мынаны айтыпты: «Сенің еліңнің малын жаулап әкеткендер- бұл жақта жоқ. Бірақ, мен бұл жайды естігемін. Қазіргі сен тұрған ханның солтүстік жағында бір үлкен тау бар. Сол таудың қойнауын мекен еткен бір ел бар. Біздің жақтың адамдары оларды «қарақшы» деп атайды. Сол қарақшылар «елі бейбіт жатқан бір момын елді тонап, малдарын жаулап әкеліпті» – деп есіткем. Сірә, еліңді тонап, малын жаулаған солар болар. Олардың ішінде бір мықты дәуі бар. Оған баратын болсаң, сенің күшің жетеді. Егер жетпейтіндей болса, мен көмектесемін. Сен қорықпай барып алыс, сен оны жеңбейінше, ол малыңды бермейді». Бұны естіген Делдаш есесі қайтқандай, қатты қуаныпты.
Сөйтіп, алып қара құс барлық жылқыны Делдаштың алдына салып, қанатынан бір тал қауырсын алып беріпті.
– Мына қауырсынды мықты сақтағайсың, қай жер, қай мезгіл болсын, басыңа қиыншылық күн туғанда, немесе мен саған қажетті болсам, осы қауырсынды тұтатсаң, қасыңда әзір боламын, сені сол кездегі қиыншылығыңнан құтқарып, мақсатыңды орындап беремін! – депті.
Делдаш қоштасып, ханның еліне қайтып жүріп кетіпті. Күн өтіпті, айлар өтіпті. Күндердің бірінде, ханның еліне жақындапты. Делдаштың жылқыларды тауып келе жатқан хабарын естіген екі бажасы ақылдасыпты да: «Бұл жаман тазша әр істе бізден асып жүр, бұның бұл ісіне жол бермеу керек», – деген келісімге келіп, жылқыларды тартып алып, ханға өздері апармақ болыпты. Егер бұған Делдаш бой бермесе, екеуі бірігіп, амалын тауып өлтірмек болыпты. Сөйтіп, екеуі жылқыларды айдап келе жатқан Делдаштың алдынан шығыпты. Екеуі сыр берместен Делдашқа жылы шырай білдіріп, жақсы сөздер айтып амандасыпты.
– Делдаш, сен ұзақ сапардан келесің, шаршаған шығарсың, бірнеше күн демалып, осы жерде тынық. Жылқыларды ханға біз айдап бара берейік, – депті. Бұлардың бұзық ниетін білген Делдаш бұған көнбепті.
– Мен неше айлар, жылдар бойы соншалық азаптарды көріп, бұл жылқыларды тауып әкелдім. Енді ханға өзім-ақ айдап барайын, – депті. Екі мырза күйеу: «Бұл жылқылардан өлмей айрылмас, соғысып тартып алуға күшіміз қалай болар, амалын тауып өлтірейік!» – деп ақылдасыпты.
– Сен ұзақ жол жүріп келдің, бұл сапарыңда көп қайрат шығарып, мына жылқыны тауып келдің, біздің мына жердегі саған арнап тіктірген үйімізге барып, қонақ бол, сонан соң, жылқыларыңды айдап ханға барарсың, біз саған жолшыбай көмектесіп барармыз, – депті.
Делдаш өз қару-күшіне сеніп, бұлардан күдіктенбей, әзірленген үйіне қарай беттепті. Есіктен кіріп, төрге қарай жүре бергенде үйдің ортасы ойылып түсіп, Делдаш соның ішінде қалыпты. Сөйтсе, екі мырза Делдаш келерден бұрын, адамдарына екі арқан бойы тереңдікте ор қаздырып, оның үстіне сегіз қанат ақ отау тіктіріп, іші-сыртын үлде мен бүлдеге орап, безендіріп қойған екен. Ордың үстіне білдірмей кілем жауып қойыпты. Делдаш орға түсіп кеткен соң, екі мырза жылқыларды айдап кетіпті. Делдаштың Сарыалатегешін ұстап алмақ болғанда, мырзаларды алдына келсе тістеп, артына келсе теуіп, маңына жолатпай қойыпты және олардың үстіндегі тігулі әсем үйді де оларға алғызбай қойыпты. Екі мырза ұзап кеткен соң, Сарыалатегеш орға құйрығын салса, Делдашқа жетпепті. Оған шылбырды жалғаса да жетпепті. Сарыалатегеш шығарудың амал-шарасын іздестіріп таба алмапты. Делдаш қару іздеп, қалталарын ақтарғанда, баяғыдағы алып қара құстың берген қауырсыны қолына ілініпті. Жалма-жан оны отқа тұтатып, алып қара құсты шақырып алыпты. Алып қара құс Делдаштың халін көрген соң, қанатынан ұстатып, ордан шығарып жіберіпті. Делдаш ордан шыққан соң, Сарыалатегешіне міне салып, екі мырзаның артынан шапқан күйі хан ордасына келсе, екі мырза жылқыларды ханның алдына әкеліп, хан алдында екеуі дауласып тұрғанның үстінен түсіпті. Мырза күйеудің біреуі: «Мен тауып келдім», – десе, енді біреуі: «Бұл тапқан жоқ, мен таптым», – деп таласып тұр екен. Сиырлыбай хан бұлардың қалай тапқанын білмек болып:
– Бұл жылқыны қалай таптыңдар, табудағы әдіс-айлаларыңды айтыңдаршы? – деп сұраса, күйеулері: «Неше айшылық алыстағы тауда жайылып жүрген жерінен айдап әкелдік», – дегеннен басқа ештеңе айта алмапты.
– Жолда не көрдіңдер? – деп сұраса, оған да ештеңе айта алмапты.
Бұлардың дауының үстіне Делдаш кіріп келіп:
– Хан, сіздің жоғалған мына жылқыларыңызды бұлар тапқан жоқ, мен тауып келгемін, бұлардың дауы – құрғақ дау! – депті. Делдашты өлді деп ойлаған екі мырза Делдаштың бетіне қарай алмай ұялып, үн-түнсіз жерге қарап, бас көтере алмапты.
– Ал, қане тазшам, сен жылқыны қалай таптың, табудағы шара-айла, белгілерің болса айт та, көрсет! – депті хан.
– Мен осы жолғы сапарым мен жылқыларды табудың мән-жайын да, бұдан бұрынғы істеген істерімнің жағдайын да айтып берейін, – депті Делдаш.
– Қане, айт, тыңдайын! – депті хан.
– Бірінші, сіз ауырып жатқаныңызда бақсылар сіздің ауруыңызға «киік еті ем болады» деп бұйырып, сіздің әміріңіз бойынша, анау екі мырза күйеу балаңыз және мен үшеуміз аңға шықтық, сол жолы мен үш киік атып алдым. Мынау мырзаларыңыз – тірі жәндік ата алмаған болатын. Бұлар маған келіп, киік ата алмағандарын айтып, менің атқан киігімнің екеуін сұрап жалынған соң, бұлардың разылығы бойынша жамбастарына мөржүзігімді қыздырып басып, екеуіне екі киікті берген болатынмын. Жалған десе, сондағы менің басқан мөржүзігімнің таңбасы әлі бар шығар, сенбесеңіз, қарап көріңіз. Екінші, қара кер бие құлындап, қарауылыңыздағы барлық мергендер мен батырларды жинап, құлынға қорғаушы қойғаныңызда, солардың ішінде екі мырзамен мен де бар болатынмын. Алып қара құс құлынды іле жөнелгенде, жиналған тамам мергендер талып қалған. Сонда мен ғана оқ шығарғам, алып қара құстың тұяғындағы құлынның құйрығын түсіріп қалғам, сол уақыттағы құйрық қазір үйімде сақтаулы тұр. Сен барып, әкеле қойшы, – деп әйелін жұмсапты. Мына келген жылқылардың ішіндегі шолақ қара айғыр сол кездегі құйрығы үзіліп қалған құлын болатын. Жұлынған құйрық пен қара айғырды салыстырып көріңіз. Үшінші, алып қара құстың бар жерін тауып, неше жылдан бері жоғалып жүрген құлындарды әкелуді үшеуімізге тапсырған едіңіз. Алып қара құстың туған балапанын жеп кететін айдаһарды мен өлтіргенім үшін, алып қара құс барлық жылқыны алдыма салды. Жылқыны айдап келе жатсам, мына екеуі алдымнан шығып, тартып алыспақ болды. Бірақ күші жетпесін білген соң, мені алдап қонаққа шақырып, қапыда орға түсіріп кетті. Міне, мынау – менің өлтірген айдаһарымның жотасынан тіліп алған шылбырым еді, – деп көрсетіпті.
Хан Делдаштың айтқандарын түгел тексеріп көрсе, жағдай дәл соның айтқанындай шығыпты. Барлық жайды көріп ұққан соң, өнерсіз өтірікші екі үлкен күйеуін өз жөндеріне жіберіпті. Делдаштың үйін мал қорадан шығарып алып, арнаулы отау тігіп беріпті және Делдашты өзінің бас уәзірі етпек болыпты, Делдаш бұған көнбепті. «Бұл сияқты ақиқатсыз ханның уәзірі болғанша, болмағанның өзі артық», – деп кетуге әзірленіпті. Делдаш жауға алдырған шешесі мен елінің малын іздеп табу туралы әйелімен ақылдасып, қару-жарақтарын асынып жорыққа аттанып кетіпті. Алып қара құстың айтқаны бойынша неше күн жол жүріп, таулардан да, сулардан да, шөлдерден де өтіпті. Күндердің бірінде өрісте сиыр жайып жүрген сиыршыға кезігіп: «Мынау – кімнің сиыры?» – деп сұрапты. «Дәудің сиыры», – деп жауап беріпті сиыршы. Мұнан өтіп, бірнеше бел асқан соң, қалың жылқы мен қой көрініпті. Делдаш бұларға барып, жылқышы мен қойшылардан: «Бұл – кімнің малы?» – деп сұраса: «Пәлен дәудің малы», – деп сиыршының айтқан жауабын қайталапты. Мұншалық көп малдың дәуге қалайша біткенін сұраған Делдашқа жылқышы: «Бұл мал, әсілі, дәудің малы емес, олжаланып келген мал болатын. Өзің шыққан ханның елінің ар жағында бір жуас, момын ел бар. Керек десе, ол елдің бетке ұстар азаматы да, батыры да жоқ еді. Бұдан он шақты жыл бұрын, осы малдың қазіргі иесі болып отырған дәу қол астындағы барлық әскерін жинап барып, сол елдің момындығын пайдаланып, елін шауып, жас қатын-қыздарын жаулап, малдарын түк қоймай, айдап әкелген болатын. Сонымен бұл байып кетті. Біз де жауланып келгенбіз, сол жаугершілік кезде қатты қырғын болып, ел қатты күйзеліп кеткен болатын», – депті. Бір қойшы сол соғыста қолға түскен бір қатынды дәу өз үйінде күң орнында ұстайтынын айтыпты. Делдашқа: «осы менің шешем болу керек» деген ой келіпті. Қойшы тағы да: «Ол кемпірдің дәудің үйінде істейтін жұмысы: күндіз кешке дейін тезек теру, от жағу, мал сауу, күндіз тыным, ұйқы жоқ бейшарада, ең қатты қинайтын жері: отты жалаңаш қолмен көсеттіреді, қысқашпен көсеуіне рұқсат етпейді. Қолы отқа күйіп, көн болып қатып кетіпті. Бәрінен осынысы қорлық болып отыр. Кей кездері оңашада бізге мұңын айтып, жылайды, бейшара. «Менің артымда қалған Делдаш деген бір балам бар еді. Ендігі ержеткен болу керек, ол тірі болса, мені іздеп бір келер» – деп. Сол баласын көп айта береді, – депті. Бұл әңгімеден кейін Делдаш ол кемпірдің өзінің туған шешесі екенін біліп, оны көргенше тағаты қалмай, бақташылардан сол дәудің үйінің қай жерде екенін сұрапты. Малшылар дәудің үйін көрсетіпті. Дәуге ашу-ызасы өзендей тасып, қатты қаһарланған Делдаш бар күшін бойына жинап, дәудің үйін іздеп, суыт жүріп кетіпті. Бұл күндері Делдаштың шешесінің қабағы тартып, суалған омырауының сүті ағып болмапты.
– Суалған көзі тартады, Күлетін күн жақын ба? Тандыр омырау иеді, Делдашым келе жатыр ма? – деп тезегін тере беріпті.
Делдаш іздеп жүріп, дәудің үйін тауыпты, үйіне кіріп барса, дәу төсегінде шалқасынан түсіп жатыр екен де, бір үлкен бәйбіше жұмсақ құс төсекте керіліп отыр екен. Олар үйге кірген Делдашты көзге ілмепті, тіл қатпапты, онымен жұмысы да болмапты. Делдаш «шешем қай жерден көрінер екен?», – деп жан-жағына қараумен болыпты. Бір кезде бір қап тезек көтеріп, бір күң үйге кіріпті. Ол от жағуға ыңғайланып, бәйбішеден от көсеуге қысқаш сұрапты. «Саған берген қысқаш қор болмай ма, от жаққың келсе, қолыңмен неге көсемейсің?» – деп, қысқашты бермей қойыпты. Делдаш өзінің шешесі екенін білсе де таныстық бермей, алдымен шешесін құтқаруға кірісіпті. Шешесі Делдашты танымапты. Делдаш дәудің бәйбішесіне қарап:
– Ей, қатын, мына кісіге қысқашты неге бермейсің, жаныңның тірісінде бер, әйтпесе, мен саған қазір көретініңді көрсетем! – деп ақыра сөйлепті, ашуға булығып.
Делдаштың ақырғанына оянған дәу:
– Ей, сен кімсің, соншалық, ақыра сөйлейтін? – депті.
– Мен жоқ іздеуші адаммын, сен өзің кімсің? – депті. Ақыры екеуі егесіп, соғысуға айналыпты, Делдаш дәуге:
– Шертіспек керек пе, алыспақ керек пе? – депті. Сонда дәу өзінің күшіне сеніп: «Алыспақ керек!» – деп жауап беріпті. Екеуі далаға шығып, алыса түсіпті. Таңертең алысқаннан түс ауып, қас қарайғанға шейін алысыпты. Ең соңында дәу бала Делдашты аударып жығып алып, Делдашқа өлім қаупі төніпті. Сонда Сарыалатегеш кісінеген күйі дәудің артынан келіп, желкесінен тістеп жұлып алыпты. Дәудің үстіне шыққан Делдаш алмас семсерімен дәудің басын бір-ақ кесіп алыпты. Дәу өлгеннен кейін, Делдаш шешесіне барыпты. Таныстық беріпті. Шешесі: «Жалғанда көрген жалғызым-ай, сені де көрер күн болады екен ғой!» – деп, жылап көрісіпті. Делдаш шешесін жұбатып, мауқын басыпты. Билік Делдаштың қолына өткеннен кейін, өз елінен дәу тұтқындап алып келген бағанағы қойшыны дәу елінің бастығы етіп, сиыршы мен жылқышыны оның ақылшысы етіп сайлапты.
Делдаш шешесін, әйелін ертіп, барлық малын айдап, еліне қайтыпты. Еліне аман-есен келіп, қалың елмен құшақтасып көрісіпті. Өз үйіне келсе, әкесіне жинап беріп кеткен таудай отыннан бір жағым, үйдей еттен бір асым, жеңді білектей судан қанжығадай қалған екен. Баласы мен әйеліне қайғырып, жылай-жылай екі көзден айрылып, үйінде жатып қалған әкесі әйелінің, баласының келгеніне және елінің мал-дүниелерінің аман келуіне қатты қуаныпты. Көзі қайта ашылып, өзі қайтадан жасаңғырап кетіпті. Қалың ел Делдаштың қуанышына үлкен той жасап, ат шаптырып, ойын-тамаша көрсетіпті. Делдаш айдап келген сан-санақсыз көп малды той үстінде кедейлерге түгел таратып беріпті. Күйзелген елдің тұрмысы, күйі қайтадан көтеріліпті. Делдаштай батыры, ері тұрған бұл елге бұдан былай ешқандай жау тиісе алмайтын болыпты. Бұлар бейбіт, рақатты тұрмыс кешіріпті. Халық Делдашты «Ел үшін туған – ер» деп атапты.
25. Қалабай батыр
Бұрынғы тұста Қалабай деген батыр болған. Қалабай батыр кәртейіп, оның үстіне қатты ауырып жатқанда көңілін сұрауға жұрт келіп:
– Қалабай батыр, жасыңда алмаған жауыңыз қалмады, енді арманыңыз да жоқ шығар, – деп көңілін жуатқандай болды.
– Армансыз кісі бола ма? Сендер тыңдаңдар, мен арманымды айтып берейін,–деді де, Қалабай батыр сөз бастады.
– Мен қырық жігіт жолдаспен барымталап, бір қанша мал алып, бір жерге тоқтадым. Жолдастарым қысырдың тайын сойып, ет асты, мен ұйықтап қалдым. Мен ұйықтай қалған мезгілде астында қаракөк аты, үстіне түйе шекпені бар бір қарт келді де: «Бұл кімнің қосы?» – деп сұрапты. «Бұл Қалабай батырдың қосы» депті отырғандар. «Қалабай батырдың қосы ма?» – депті де атынан түсіп, ердің қасына атын қаңтара салып, қазандағы етті түсіріп алып жеді де жүріп кетті. Жолдастарым қорыққанынан бір ауыз сөз айтпаған. Сасқанынан бір тай сойып, қайтадан ет асып қойыпты. Мен ұйқым қанып: «Ет пісті ме?» – деп сұрағанымда: «Ет қайнаған да жоқ», – деді жолдастарым қорыққанынан қалтырап. «Батыр, етті бір кісі келіп жеп кетті, қайтадан тай сойып, ет асып қойдық», – деді. Бұл қандай неме, мені басынғаны ма деп: «Әкел атты!» – дедім. Жирен атты мініп, қалай кеткенін сұрадым, бағытын біліп алып, қуа жөнелдім. Бір дөңге шыға келсем, көз көрім жерде кетіп барады екен, мен қуып жеттім. Келген бойымша сойылмен көк желкеден салдым. Менің соққанымды керексінген де жоқ, сол бойымен үндемей жүріп отырды. Қандай кісі болса да бір соққанда қалпақтай ұшырушы едім, «бұл қалай?» деп таң қалдым да және бір соқтым, оны да бит шаққандай көрмей, жүріп отырды. Қайтып кетуге ұялдым да, не де болса мұның жайын білейін деп, артынан ілесіп жүріп отырдым. Сол жүргеннен жүріп, бір өзеннен өттік. Осы кезде алдымыздан бір топ құлан қашты. Кұланды жаңағы кісі қуа жөнелді, артынан мен де қудым. Құланның ішінде бір ақсақтауы бар екен, әлгі кісі соның құйрығынан келіп ұстады да: «Мынаны ұстай тұр, мен және біреуін ұстайын», – деп құланды маған бере салды. Құланның құйрығынан ұстап, мен тақымға бастым, сол кезде құлан мені ат-матыммен домалатып кетті, құланнан айрылып қалдым. Менің айрылғанымды көріп, ол кісі құланды қайтадан ұстады да: «Жігіт десем, жігіт емес, тібіт екенсің ғой», – деді де, құланды құйрығынан алып, жерге бір қойып, бас салып бауыздады. Өзеннің жанына алып келіп: «Мынаны сой да, ас!» – деді маған. Жанына байлаған тай қазаны бар екен, шешіп алып берді де: «Мен кішкене демалайын!» – деп, өзі жатып ұйықтап қалды. Бұрын өзіме тамақ асушы едім, енді өзім біреуге аспазшы болып ет астым. Тезек теріп, етті қайнаттым. Қазан асулы, от жағулы, шал ұйықтап жатыр. Қазанмен ісім жоқ, «осының не қаруы бар екен?» – деп, ақырын басып жанына келдім. Түйе шекпенінің астын ашып көрсем, қойнында темір шоқпары бар екен, ақырын саумалдап темір шоқпарды шығарып алдым да, «мұны өлтіріп кетейін» деген ойға калдым. Шоқпармен қақ маңдайдан салдым, былқ етпеді, екінші рет ұрайын деп едім, шоқпарды көтеруге қолымның күші жетпеді, ол шоқпарды алған жеріме қайтадан қойдым. Мен онымен әуре болып жүргенімде от сөніп қалыпты. Сасқанымнан отты жағып, қазанды қайнаттым. Бір мезгілде шал оянды да: «Ет пісті ме?» – деді. Ет піспесе де қазанды алдына әкеп қойдым. Маған қарап: «Бері кел, бірге отырып ет же!» – деді. Қорыққанымнан бір жапырақ етті азар жұттым. Басқа етті түгелімен өзі жеп алды. Атына мініп алып, жүріп кетті. Артынан мен де еріп жөнелдім. Сол жүргеннен жүріп, екі-үш өзеннен өттік. Бір жерге келіп қондық. Торғай шырылдағаннан атына мініп, қайтадан жүрді. «Жас кісінің көзі өткір болушы еді, мына өзенде не көрінеді, байқашы!» – деді маған. Қарап тұрып: «Өзенде мал көрінеді», – дедім. «Олай болса, соған қарай жүрейік», – деп жүріп кетті. Малдың ішінде аппақ қудай бір шал жүр. Шал екінші шалға: «Ассалаумағалайкум, баба!» – деді. Шал сәлемін алды да: «Ай, балам-ай, сені қан тартып келеді-ау, құрт-құмырсқа теріп кетсең де жай жүрсең етті!» – деді. Басқа сөз айтпай, ары қарай өтіп кеттік. Оның ар жағында бір кезеңге және шықтық. «Қалабай, байқашы, көзіңе не көрінеді?» – деді: «Өзенде қой мен сиыр жатыр», – дедім. Соған қарай жүріп кетті, артынан мен де жүрдім. Бүкірейген кәрі кемпірдің сиырдың ортасында жүргенін көрдік. «Жақсы жүрсің бе, ана?» – деді. «Ей, жүрмей қайтейін, сорлы балам, сені қан тартып келді-ау!», – деді. Соны естіген соң, әрі қарай жүріп кеттік. Одан әрі бір кезеңге және шықтық. «Көрші, көзіңе не көрінеді?» – деді. Қарасам, үш ақ орда тұр. «Үш ақ орда тұр», – дедім. «Е, жарайды!» – деді. Сол жерде менен: «Жаныңда не қаруың бар еді?» – деп сұрады. «Менің қаруым – бүктемелі ақ семсер!», – дедім. «Соны қызғанбасаң маған бер!», – деді. Семсерді бердім. Шал: «Иә, Қалабай, барармыз, барған кезде сен аттан түспе, түндік шалқасынан ашылса, сонда үйге кір, егерде түндік ашылмаса, өз атыңды таста да, менің атымды мініп, өз жөніңе қашқайсың, өз атыңмен қашсаң құтылмайсың!», – деді. Шал атын қаңтара салып еді, «бұл не деген мал?» деп таңданып тұрдым. Шал қолына семсерді ұстаған бойы ақ ордаға кірді де, үйдің іші шақұр-шұқыр еткенде, менің үрейім ұшты. Көп кешікпей түндік шалқасынан ашылды. Аттан түстім де, үйге мен де кірдім. Табалдырыққа жеткенше үй іші іркілген қан екен, оң жаққа қарасам, серейген алып жатыр. Кірген бойынша, ұйықтап жатқан алыптың басын шауып тастапты. Өзі төрдің алдында отыр екен. Сол жақ босағада бір әйел отыр. Мен барысымен: «Иә, Қалабай батыр, менің жаныма отыр», – деді де: «Енді сен тыңда, мұның жайын бастан-аяқ айтып берейін!» – деді шал. «Бағанағы өзің көрген шал мен кемпірдің біреуі – әкем, біреуі – анам еді, мынау отырған менің әйелім еді, мына жатқан, өлген дәуді көрсетіп: «Менің көзімнің қарашығындай жалғыз жиенім еді, әкеден туғанда екеу едік, бір ұл, бір қыз. Қарындасым байға тиген соң, күйеуі қайтыс болды, артынан өзі өлді, мына жатқан жиенім жастай жетім қалды. Жиенімді «жетімсіретпеймін» деп өзімнің әкем баулып асырады. Бұл өсіп өз шамасына жетті, он жастан өткен соң, мына тұрған әйелім маған қыңқылдай бастады. «Мынауыңды өлтіресің бе не қыласың, сен кетсең, маған қол салып мазамды алады, осы өссе түбі саған жау болады, осының көзін жоғалт!» – деді әйелім. Әйелімнің айтқанына нанбадым, «дұшпандықпен айтып отыр» деп әйелімді қайтарып тастадым. Көзім жетпеген соң нанбадым. Бір күні «қалың аралға адастырып тастайын» деп ойладым да, «аңдап-құстап келейік» – деп ертіп алып жөнелдім. Апарып, аралдың ішіне адастырып қайтып кеттім. Артымнан көп кешікпей-ақ, ол да жетті. Сөйтіп жүріп он жетіге жетті. Бір күні екеуміз бірге малға шықтық. Бір жерде демалып отырғанда маған: «Нағашы, екеуміз күш сынассақ қайтеді?» – деді. «Осының күшін байқайыншы» – деп мен де ойладым. Екеуміз ұстаса кеттік. Мені бұйым ғұрлы көрмеді, менен күші артық болды. Содан үйге қайттық. Содан сол-ақ, елдің айтқаны шын екен, көзімді бақырайтып қойып әйеліммен бірге жататын болды. «Қалағаның осы әйел болса, сен-ақ ал!» – деп атыма мініп, қаңғырып кетіп қалдым. Сол жүргеннен көп замандар өтті. Бір күні түсімде аян берді: «Сенің тентіреп жүргенің не, ішкері жақта Қалабай деген батыр бар, соның жолы ашық, соның қаруын алып, өзін жолдас қылсаң, қандай дұшпаның болса да мұқатып аласың», – деді. Сонымен табаны бір жылдай сені іздедім. Құдай айдап, сенің қосыңа келіп кездестім. «Қалабайдың қосы» – деп жолдастарың айтты. «Егер осы Қалабай батыр болса, артымнан ерер!» – деп етіңді жедім де, кетіп қалдым, сен артымнан қуып келіп, сойылмен соқтың, үндегенім жоқ жүре бердім, одан соң құланның етін астың, мен ұйықтаған болып жатқанымда өз шоқпарыммен өзімнің басыма ұрдың, басым ауырыңқырап қалды, ауырса да шыдай бердім. «Сен шошып, жүрегіңнің қабы жарылып өліп кете ме» – деп қозғалмадым. «Ет же» деп едім, бір жапырақ ет жей алмадың, оның бәрін білдім. Бағанағы өзің көрген әке-шешемнің табанын тіліп, жиенім малға салды. Менің атым – Көксал батыр...».
...Ел-жұртын жинап, әке-шешесін алдырып, таза киіндіріп, баяғы қауымына түсіріп, ат шаптырып той қылып, бірқатар мал сойып, мұратына жетті. Көксал мен Қалабай құшақтасып дос болды. «Жиен ел болмайды, желке ас болмайды» деген сөз осыдан қалған екен. Бір күні Көксал: «Қалабай батыр, екеуміз сейілге шығып келейік!» – деп сейілге шықтық. «Қалабай, екеуміз күш сынасайық!» – деді. Көксал сол кезде алпыста еді, мен қырықта едім, – дейді Қалабай.
– Кезек сенікі, қандай өнерің бар, көрсет! – деді Көксал.
– Менің өнерім – екі қолымды жанып-жанып алып, түйенің ортан жілігін ұрғанда сындырушы едім, – дедім.
– Кәне, ұрып көр! – деді Көксал.
Қолымды жанып-жанып, қырымен Көксалдың жіліншігіне ұрғанымда жіліншік үзіліп кетті. Көксалды үйге алып келдім. Үш жылғы ту биенің қазысына орап табаны бір ай емдедім. Бір ай он күнде Көксал аяғын басып жүретін болды. Тағы бір күні сейілге шықтық.
– Я, енді кезек менікі! –деді де, Көксал мені көтеріп алып лақтырып жібергенде қаңбақтай ұшып, домалап кеттім. Үйге қайтып келдім. Ертеңіне еліме қайтуға Көксалдан рұқсат сұрадым. Кетерімде Көксалдың көк атын сұрадым. «Көк атты қайтесің, кәрі ғой, ол саған ат болмайды, мен кеткенде осының інісі құлын қалып еді, сол, малда жүрген шығар», – деді.
Малды аралап жүріп, атты тауып алды. Дәл көк аттың өзі секілді. Бірақ, шу асау. Көксал сол атты берді. Айғыр үйірлі жылқы беріп, жаныма жолдас беріп, «жеткізіп сал!» деп тапсырды. Мен аттанып кеттім. Ендігі жылы осы уақытта мені тосып ал! – деді Көксал. Бір қанша күндер жүріп, еліме келдім. Жолдастарым қорқып отырған екен. Мен келген соң ат шаптырып, той қылып, ойын-сауық құрды. Мен соны көре алмадым-ау, менің арманым-сол! – деді Қалабай өлер алдында. «Көксал келеді-ау!» – деген мезгілде Қалабай қайтыс болды.
26. Батыр қойшы
Ерте заманда бір қойшы бір байдың есігінде жиырма жыл қой бағыпты. Күндерде бір күн ел-жұртын сағынып, туған-туысқандарына барып қайтуға байдан бес жылға ұлықсат алады. Ол үшін келген соң, тағы да жиырма жыл байдың қойын бағатын болады. Жиырма жылғы ақысына бай қойшыға бір саржа мен бір құнан шығар ат береді. Қойшы қуанышы қойнына сыймай еліне қайтады. Қойшы бірнеше күн жүргеннен кейін, бір елге келеді. Келсе, ел-жұрты жиналып, абдырап, шаршап отыр екен. Сұрастырса, ханның сөзге шебер, көркемдігіне көз таң қалғандай жалғыз қызын бір түнде ұйықтап жатқан жерінен дәу ұрлап алып кетіпті. Хан не істерін білмей, елді ақылдасуға жиған екен. Ханның шабарлары шеттен келген қойшыға мән-жайды айтып: «Осы дәу алып кеткен қызды тауып әкелген кісіге ханымыз сыйлық береді, сіз тауып әкеле аларсыз ба?» – дейді.
– Жарайды, іздейін, алты айлық тамақ даярласын, қасыма екі мықты жолдас ертіп, үшеумізге бір күймелі арба берсін! – дейді қойшы аз ойланып.
Хан хабарланып, қойшының айтқандарын береді.
Үшеуі елден шығып, бірнеше ай жол жүреді. Бір уақыттар болғанда дәулер мекендеген таулы аймаққа келеді. Үшеуі тоқтап, демалып тынықпақ болып, орманның арасына түседі, тынығып жатады. Бір күні қойшы: «Барып, тоғайдан құс аулап кел!» – деп үлкен жолдасын жібереді. Ол тоғайды аралап, құс таба алмай жүріп, бір жер қыстауға кездеседі.
Алдынан мыстан кемпір шығып:
– Сен неге келдің? Қазір, осында ергежейлі бар, ол сені өлтіреді, ізіңше кет! – дейді. Қойшының жолдасы батырсынып:
– Мен одан қорықпаймын! – деп кете қоймайды. Бір уақытта анадай жерден бойы кіші бір адамның келе жатқанын көреді. Бойы кіші бұны көріп:
– Әй, сен неге келдің, көрмегеніңді көрсетейін бе? – деп соқтыға кетеді. Қойшының жолдасы әлсіреп, өзінен бірнеше есе кіші ергежейліден таяқ жеп, кері қайтады. Бірақ жолдастарына болған оқиға туралы ештеңе айтпайды.
Екінші күні қойшының жолдасы құс аулауға қолына саржа алып шығады. Тоғайдан ешбір құс таба алмай, алдыңғы күні жолдасы басынан кешірген жағдайға бұ да ұшырайды. Басынан өткен оқиға туралы бұл да ештеңе айтпай: «Тоғайдан ешбір құс таба алмадым», – деп келеді. Үшінші күні қолына саржасын алып, қойшының өзі тоғай аралап келеді. Бұл тоғайды аралап жүріп, бір қаз атып алады. Содан бұл да байқамай, жаңағы жер қыстаудың үстінен шығады. Тағы да мыстан кемпір алдынан шығып:
– Ә... сен тағы келдің бе? Кет, қазір, кішкентай келсе сені өлтіреді! – дейді.
Қойшы:
– Мен одан қорықпаймын, саржам бар, онымен келісермін,– дейді. Солай дегенше мыстан кемпір жоқ болып кетеді де, кішкентай келіп қалады. Кішкентай айқайлап:
– Тағы келдің бе, тыңдамайды екенсің? – деп жұдырығын ала жүгіреді. Қойшы:
– Тоқта, келісерміз. Саған қонақасы әкелдім! – дейді. Кішкентай:
– Кәне, көрсет! – дейді. Қойшы:
– Жүр, үйіңе кірейік, міне – қаз! – деп қолындағы қазын береді. Кішкентай бұны ертіп үйіне кіреді. Одан кейін қаздың етін қазанға аса бастайды. Қойшы аңдып отырып, қазан қайнап келе бергенде кішкентай дәуді көтеріп алып, қазанға салып жібереді де қақпағын жаба қояды. Тұншығып, ержегейлі өліп кетеді. Қойшы жер қыстауды аралап, барлық есіктерді ашып қарап жүрсе, бір алтындаған есікке тап болады. Есікті ашса, бөлме ішінде хан қызы отыр. Хан қызы қойшыны көріп:
– Қайдан келдің, бұнда қалай кірдің? Қазір дәу келеді, – дейді.
– Дәуді жайғастырдым, жүр, әкеңе алып қайтамын, сені іздеп келдім,– дейді қойшы. Қыз киіне бастайды. Қойшыға бір жібек орамал, алтын сақина береді. Бірақ, қойшы жер қыстау ішіне ол орамалды ұмытып кетеді.
Сонымен, қойшы мен ханның қызы екеуі тоғайға жолдастарына келе бергенде, қойшының есіне ұмытылған орамал түседі. Қойшы кері кетпек болса, хан қызы:
– Барма! Басқа орамал берейін! – дейді.
– Маған әуелі алған орамалым керек, – дейді қойшы. Жолдастарына:
– Мені күте тұрыңдар, тез келермін! – деп қайтып кетеді. Жолдастары «мақұл» деп қала береді.
Қойшы жер қыстауға барып, орамалды алады, дәудің сыбызғысын да алып, жолдастарына қарай кері жүгіреді. Оларға жақындап келе бергенде, жолдастары аттарына қамшы басып бұған қарамай қаша жөнеледі. Қойшы әрі айқайлап, бері айқайлап, тоқтата алмай, жаяу қала береді. Қойшының екі жолдасы хан қызын қорқытып, арбаға отырғызып, өздері қызды ханға тапсырып, жақсы атаққа ие болғысы келеді. Жалғыз қалған қойшы тоғайды аралап, сыбызғы тартып жүрсе, іннен бір үлкен дәу шыға келеді:
– Кешегі кіші дәуді өлтіріп, сыбызғысын алған сен бе? Кір, мына інге! – дейді. Қойшы амалсыздан інге кіреді. Ін дегені – таудың қуысы болып, дәу қойшыға жылқысын бақтырады. Бір жыл бойы жылқысын жақсы баққаны үшін дәу разы болып:
– Ертең еліңе, үйіңе жіберем, мына кебежені ашып, ондағы заттарға қолыңды тигізіп жүрме! – дейді де, өзі аңға кетіп қалады.
Қойшы дәу кеткен соң, «не болса да, мейлі» деп кебежені ашады. Ашса, іші толған алтын екен. Қойшы жұдырықтай екі алтынды жанына салып алады. Бір уақытта дәу келіп:
– Кебежені ашқан кім? – дейді.
– Ешкім ашқан жоқ, – дейді қойшы.
– Ендеше, мынау қайдағы алтын? – деп қойшының жанындағы алтынды суырып алады.
Дәу бұл ұрлығы үшін тағы да екі жыл жылқы бағуға қалдырады. Күндерде бір күні екі жыл да бітеді. Тағы да дәу бір жаққа барып келмек болып: «Еш нәрсеге тиюші болма, ертең еліңе қайтарамын!» – дейді де, өзі бір жаққа кетіп қалады. Қойшы айнала қарап жүрсе, бір бұрышта үйіліп жатқан гауһар тастарға тап болып, біреуін алып, етігінің қонышына тығады. Бір мезгілде дәу келіп, заттарын түгендегенде, бір гауһар тасы жоқ болып шығады. Дәу іздеп жүріп, қойшының етігінің қонышынан бұны да тауып алады.
Тағы да қойшыны айыптап, бір жыл жылқы бақтырады.
Енді қойшы мұңайып, шаршап, еш нәрсесіне тиместей болады. Бір жыл да бітеді. Дәу тағы бір жаққа кетпек болып: «Енді ертең еліңе жіберем, еш нәрсеге тиюші болма!» – дейді. Қойшы: «Жарайды!» – деп қалады. Дәу кетеді, қойшы еш нәрсесіне тимей, сақтық жасайды. Дәу келіп, заттарын түгендеп, заттары түгел болған соң, разы болып, бір шамалы ат пен ескі шилан, ескі белбеу, тот басқан қылыш беріп, еліне қайтарады. Дәу қойшыға: «Жолдастарың кеткелі төрт жыл болды, олар адасып жүр, әлі бір жылсыз еліне бара алмайды», – дейді де, жүру жолын үйретеді.
– Осы арада дария бар, соның үстінен тіке өт, қыз берген орамалды көтеріп, қылышыңды бұлғап шап, сол кезде алдыңнан су үстінде көпір тұрады да, артыңнан сына берер, еліңе жолдастарыңмен қатарлас жетерсің, – дейді.
Қойшы атына мініп, орамалын көтеріп, қылышын бұлғап, шаба береді. Дарияның үстінен көпір тұрады да, артынан қирай береді. Аты да жүйрік болып шығады, үш ай дегенде ханның өзіне жетеді, соңынан «жолдастары» да жетеді. Қойшы келгенін хабарламай, бір үйде қонып жатады. Ертеңіне хан қызы келген соң, елін жинап үлкен той жасайды. Тойға көп жұрт келеді. Хан сарайындағы алдыңғы топқа барып қойшы да отырады.
Сол жерде қойшының қолындағы сақинасын көріп, ханның қызы ханға қарап:
– Мені дәуден құтқарған, мына – батыр! – дейді. Хан оны есітіп, қойшыдан барлық жағдайды сұрап біледі, қойшы тастап кеткен екі жолдасын табанда дарға астырып өлтіртеді.
Той болып, ат шаптырылып, күрес болады. Ат бәйгесінде қойшының аты озып келіп, бірінші бәйге алады. Күресте қойшы ханның балуанын жығып, абыройлы болады.
Той біткен соң, қойшы ханға келіп:
– Ал, хан, қызыңды тауып әкелдім, сыйлығымды бер, жоғалып табылған қызыңды да маған қиярсың, – дейді.
Хан уәдесінен тайып:
– Қызымды қойшыға бере алмаймын, өзімдей ханның ұлына беремін, басың аман, бәйгеңді алдың, одан артық сыйлық қайда? – дейді. Қойшы ашуланып:
– Уәдеңді орында, әйтпесе ұрысатын жеріңді айт! – дейді.
– Жарайды! – дейді хан.
Ертеңіне таң атқан соң, майдан басталып, хан жалғыз қойшыға бес жүз әскерін шығарады. Қойшы орамалын көтеріп, қылышын бұлғап, соғысқа кіріседі. Қылышын оңға сілтесе, оң болып, солға сілтесе, сол болып, ханның бес жүз әскерінің бірін қалдырмай қырады. Бұны көрген ханның зәресі ұшып, батырлығын танып, қорыққанынан қойшыға қызын береді, бар байлығының тең жартысын бөліп беріп, бас уәзірі ғып белгілейді.
27. Желкілдек
Бұрынғы заманда Нұрманбет деген хан болған, хан жүз тоқсан екі жасаған, оның Әзтемір деген інісі бар екен. Әзтемір қырық екі кісіге бас болып қолға кетті. Нұрманбеттің екі қызы болған, бірінің аты – Күнікей, бірінің аты – Тінікей екен. Екі қыз ұйықтағанда түс көріпті. Таңертең жеңгесіне келеді, бір шапанды жамылды, екеуі бір жеңнен бас шығарды: «Мен бір түс көрдім, от жағалай іс көрдім, екі де қара тең көрдім, сорғалап аққан қан көрдім, жорышы, жеңге, түсімді!». Жеңгесі қайын ағасына келді, түстің жоруын сұрады. «Бұл түсті кім көрді?» – деді ол. «Мен, мен!» – деді қатын. Қайын ағасы айтты: «Мұны көрген сен емессің, мұны көрген екі қызым екен, келсін, тұсыма келіп, айтсын!» – деді. Екі қызы Күнікей мен Тінікей келді әкесінің тұсына.
Жамағат, – деді, –
Құлақтарың бері сал,
Кеңестеріңді ары сал.
Бүгін түнде түс көрдім
От жағалай іс көрдім.
Екі де қара тең көрдім,
Сорғалап аққан қан көрдім,
Жорышы, әке, бұл түсті!
Қыздар бұ түсті айтқан соң, басқалар бұ түсті естіді. Мағынасын білген бақсылар, ақсақалды ағалар, басы шалмалы бабалар: «Ағаң бүгін келер, – деді, – олжалы үйге енер!» – деді. Нұрманбеттің қыздары Күнікей мен Тінікей бұл сөздерге нанбады. Нұрманбет хан айтты:
Жүз тоқсан екі жасаған,
Қаздың етін асаған,
Әзтемір үйде жоқ болды, –
деді. Нұрманбеттің сақалынан жас сорғалап: «Өлеміз!» – деп жылайды. Нұрманбеттің жеті жасар Жастүлек деген баласы бар екен, жеті қырдың астында алпыс баламен асық ойнап жатыр екен, жылаған Нұрманбеттің даусын баласы естіп келді. Келді де: –«Хан ием, неге жылайсыз?» – деді. Хан айтты: «Жыламай қайтейін, Әзтемір үйде болмады» – деді. Баласы айтты:
Жылама, әкем, сен! – деді,
Оң батаңды бер! – деді.
Дүлдүліңді сайлашы,
Семсеріңді қайрашы!
Бұл ауыр жолға барайын,
Жауға ойран салайын.
Бір келгенін бір қырайын,
Екі келгенін екі қырайын,
Біріне бірін қосайын! – деді.
Әкесі айтты балаға:
Сенің алар жауың жоқ,
Бойың сенің өскен жоқ,
Бұғанаң сенің қатқан жоқ,
Балақта жүнің жеткен жоқ.
Бала тілін алмады, батасын сұрады, әкесі оң батасын берді:
Жорытқанда жолың болсын,
Жолдасың Қыдыр болсын, алла әкбар! – деп, дүлдүліне мінгізіп, семсерін берді: «Бар, балам! – деді. Дүлдүлің оң аяғымен жер тарпыса, сол аяғын көкке көтерсе, келме! – деді. Сол аяғымен жер тарпыса, оң аяғын көкке көтерсе, қайт балам! – деді. Жеті жаста Жастүлек дүлдүліне мінеді, семсерін қолына алады: «Аман-есен болыңдар!» – деп жүріп кетті. Бір белдің үстіне шығып, алысқа қарады, жау келе жатыр екен. Тұлпардан түсті, бала алдыңғы айылын бос тартты, артқы айылын берік тартты. Онан соң атына мінді, бір келгенін бір қырды, екі келгенін екі қырды, бірін-біріне қосады, көп жауды жайпады. Жаудың ең аяғында әскер басы Телегей алып бар екен, Телегей айтады:
Жамағаттар, тұра тұрыңыз,
Бұ жерде от жағыңыз,
Құмалақ шашайық,
Бал ашайық,
Қой жауырынын жағайық,
Жауды алар айланы табайық.
Құмалақ шашты, бал ашты,
Жауырын жағып қарасты.
Бізді тосып жатқан жау екен,
Жеті жасар Жастүлек дәу екен.
Атсақ, оны ата алмаймыз,
Шапсақ, оны шаба алмаймыз,
Атсақ, мылтық тимейді,
Шапсақ, қылыш өтпейді.
Ал, оған амал не?
Әскер басы Телегей
Күнді боран соқтырды,
Аяз қатайды,
Бала тоңды, жаурады.
Тоңған соң, әкесінің айтқаны есіне түсті: «Дүлдүлің оң аяғымен жер тарпып, сол аяғын көкке көтерсе, қайтпа, егерде сол аяғымен жер тарпып, оң аяғын көкке көтерсе, қайт!» – дегені есіне түсті. Күн боран болды, суық болды, бала мұздады, тоңды. Дүлдүл сол аяғымен жер тарпыды, оң аяғын көкке көтерді, тұлпарына мінді де кейін қайтты. Үлкен апасы Тінікей, кіші апасы Күнікей алдынан шықты. «Тоңдың ба, қарағым-ай?! Мұздадың ба, шырағым-ай?!» – деп атынан түсірді, үйіне енгізді. Бір апасы басын алдына алып, қойнына салды, бір апасы аяғын қойнына салды. «Тоңған басы жылынсын, мұздаған аяғы жылынсын», – десті. Екі апасы Тінікей мен Күнікей артына қарады, жау келіп қалған екен. Үйінде жеті құлақты қазаны бар екен, соны жеті жасар Жастүлектің үстіне төңкеріп, екі апасы жауып, жасырып тастады. Жау келіп қалды. Ақ шаһарын шапты. Жүз тоқсан екі жасаған Нұрманбеттің басын алды. Малын да, жанын да алып, қайтып бара жатып әскер басы Телегей айтты: «Бізді алған жау мұнда жоқ екен, ол – жеті жасар Жастүлек. Өлтірмей кетсек, бұл дүние біздің бойымызға сіңбейді, табу керек!» – дейді. Сонда қу аяқ кемпір айтты: «Мен ол баланы тауып берейін, жасырған жерін көрдім. Менің малымды, менің жанымды түгел қайтарсаң, айтамын», – деді. Қолбасы Телегей айтты: «Танысаң, түгел ал!» – деді. Қу аяқтың дүние-малын түгел өзіне берді. Баланың қазан астында жатқанын айтып қойды. Телегей қазанның қасына келді, қазанды көтерді, бала жатыр екен, сол жерде баланың басын алды, басын қанжығасына байлады, қан ақты сорғалап, әскер басы Телегей қалың елді жетім-жесір етіп қайтты кейін. Күндерде бір күн Әзтемір келді. Ақ шаһар аңырап қалған екен. Әкесі жоқ, інісі жоқ, шешесі жоқ, қатыны жоқ, екі қарындасы тағы жоқ. Өзінің астында мініп жүрген бедеу биесі бар еді, аттан түсті, жылады:
Жүз тоқсан екі жасаған,
Қаздың етін асаған
Нұрмамбеттей хан ием,
Дұспанға басың алдырдым,
Өтіңді жауға жардырдым,
Мен өзім үйде жоқ болдым,
Жоқ болдым да, боқ болдым.
Шұғадан түскен қиындым,
Мақпалдан түскен ойындым,
Күнікейдей көріктім,
Тінікейдей тектім,
Өзім барда айттырып,
Теңіңе, қалқам, бермедім!
Ақырында біреуге
Тегіннен тегін олжа қылдырдым,
Ат көтіне салдырдым
Әсіресе, сол кекті қайтейін!
Үйде жүрсем, мұңдасым,
Жолда жүрсем, жолдасым,
Жеті жасар, Жастүлек
Қауырсының қатқан жоқ,
Балақта жүнің шыққан жоқ,
Бойың сенің өскен жоқ,
Ақылың сенің толған жоқ,
Қапыда кеттің, жалғыздықтың жаманы-ай!
Жеті күн жылады, жеті түн жылады, жылағанда Әзтемір жер бауырлап сұлады, жылай-жылай ұйықтады. Сөйтіп, ұйықтап жатқанда оның қасына бір адам келді:
Әзтемір, көтер басыңды,
Тұр, түрегел! – деді.
Әзтемір басын көтерді,
Көтеріп басын отырды.
Келген адам сөйлепті:
«Сен, ол жауға барма! – депті.
Алар жауың ол емес,
Сарыбай деген хан бар
Соның бір баласы бар.
Атса – мылтық тимейді,
Шапса – қылыш өтпейді,
Отқа салса – күймейді,
Суға салса – батпайды,
Қарғаса – қарғыс жетпейді.
Сарыбайдың баласы екен,
Жеті жасқа биыл жеткен,
Атын әлі қойған жоқ,
Кегіңді алар сол болар,
Манағы Әзтемір тұрды
Беті-қолын жуды,
Бір қойды жалынып сойды,
Бір тілім ет жеді,
Манағы түсінде көрген адам Қыдыр екен.
Қара бедеу биесін ерттеп мініп, Сарыбайды іздеп жөнелді.
Сарыбай деген бай екен,
Күндердің бірінде
Жиын тойға
Төрт биемен
Төрт сабамен барған екен,
Сарыбай бір балаға зар екен.
Қулар өтірік тойға Сарыбайды шақырады. Сарыбай қатынын ертіп төрт биемен, төрт саба қымыз артып келді. Алдынан ешкім шыққан жоқ, құрмет те жоқ, Сарыбай ашуланды, кісілерді боқтады. «Адамшылықтарың жоқ екен, бізді мазақ қылдыңдар!» – деді. Ауылдағылар Сарыбайға жауап қайтара алмады. Бір кішкене тазша бала бар екен, сол сыртқа шықты, сәлем берді, Сарыбай сәлемін алмады, боқтады, бала айтты: «Сәлемді боқтама, бұл той – баласы бардың келетұғын тойы».
Ұлы барға орын бар,
Қызы барға қызық бар.
Ұлы жоққа орын жоқ,
Қызы жоққа қызық жоқ.
Сарыбай мұны естіп, долданып, төрт биені бауыздап тастап, төрт саба қымызды жарып тастап, қатынымен екеуі үйіне қайтты. Астына мінген бозжорға аты бар екен, бозжорға атты белдеуге байлады, өзі қатынымен екеуі құдайдан бір бала сұрап, екі етегін беліне түріп алып: «А, құдай, өзі қай жақтасың, қайда болсаң да, міне, біз сенен бала сұрап қаңғырдық!» – деп жапан түзге бет алды. Қаңғырып, жүріп кетті. Жүре-жүре Сарыбай арықтайды, қатынын арқалады, бір ақ тікенекке келді, киімінің етегі тікенекке ілініп жүргізбеді, қатыны шаршады, отырды. Сарыбай ұйықтап қалды, қатыны ұйықтаған жоқ екен, аспаннан бал толы күміс табақ түсті, ішінде күміс қасық бар екен.
Түрегел, байым,
Тілекті берді құдайым,
Аспаннан табақ түсті!
Сарыбай түрегелді.
«Бісміллә!» – деп бір қасық бал жеді.
Қатынына байы айтты:
«Сен де же!» – деді
Құдай бала берер», – деді.
Қатыны бәрін де жеп қойды,
Екеуі мас болды,
Бірін-бірі құшақтап жығылды.
Жас күнгі қуат-күштері кірді.
Сонан соң есін жиып,
Көздерінің жасын тыйып,
Бойлары бір-біріне еміреніп иіп,
Бірін-бірі құшақтап сүйіп,
Ойнап-күліп, үйлеріне қайтты.
Қатыны буаз болды.
Бір уақытта қатыны босанды.
Бір қыз, бір ұл тапты.
Олар енді той қылды, бар байлығын берді, он бие сойды, он қой сойды, он сиыр сойды, жоғарғы елді шақырды, төменгі елді шақырды, аямай малын қырды, жұрт жиылып келгенде, табақ тартып бергенде, келген жұртты сыйлады, мінер атын мінгізді, киер тонын кигізді, аты жоққа ат берді, тоны жоққа тон берді. Сойылған малды жеген соң, жиылған көп тойған соң, келген елі тарқады. Шалқар көлдің басына шатыр тікті, бала ойнап жүрді, тобылғыдан жақ қылды, шиден оқ қылды, кәрі кемпірді, кәрі шалды атты. Өлген кемпірлер мен шалдардың туыстары Сарыбайға келіп жылады: «Балаңызды тыйыңыз!» – деді. Әкесі баласын шақырды: «Балам, ойынды қой, жылқыға бар!» – деді. Сарыбайдың алып құлы бар екен, тоқсан қойдың терісі оған телпек тымақ шықпайды екен. Манағы Сарыбайдың баласы жылқыға кетті, Топайқұлға келді. Ақ сақалы бар екен, сақалының ағын жұрт «қайың» дейді екен, қарасын «қарағай» дейді екен, күн ыстық болғанда тоқсан торы ала айғырдың үйірі сақалына үйездеп тұрады екен. Сол кезде Әзтемір жылқыға келді, Қарағайдың ішін паналап «көлеңкелейін»- деп атын бір ағашқа байлап жатып қалды. Топайқұл айтты: «Сақалымның ішінде бит жүр, балам, алып берші!» – деді. «Бит жүр» дегенге қараса, Әзтемір хан екен, мінгені қара бедеу бие екен, Сарыбайдың баласы Әзтемір ханды уыстап ұстап, Топайқұлға алып келді. «Сен менің сақалымның ішінде неғып жүрсің? Ұрымысың?» – деді. Әзтемір айтты: «Жоқ, мен ұры емеспін, бір бейшара адаммын», – деді. «Олай болса неге келдің, қайда барасың, бармағымның арасына салып сені жоқ қылайын ба?» – деді. Сарыбайдың баласы айтты: «Тиме байғұсқа, сіздің сақалыңызды күнде көріп жүрген біз білеміз, бұл сорлы қайдан білсін!» «Неғып жүр едің, ағатай?» – деді.
– Сарыбайдың ауылын іздеп жүрмін, өзі мырза, өзі жомарт! – дейді. Аты жоққа ат береді, тоны жоққа тон береді, сондай мырзаға барайын, жеті жасар баласы бар екен, атса оқ өтпейді, шапса, қылыш кеспейді, баласын сұрайын, – деді Әзтемір.
Бала айтты: «Барсаң, анау – белдің астында біздің ауылымыз бар, Сарыбайдың баласы – менмін». Әзтемір кетті, бір уақытта Сарыбайдікіне келді. Әзтемір ханды аттан көтерді, үйге отырғызды, амандасты, есендесті.
– Қайда барасың? – деді.
– Сізге келдім! – деді.
– Біздікінде не бергенің, не өткізгенің бар еді? – деді бай.
– Сіздің бір балаңыз бар екен. Оның аты әлі қойылған жоқ екен, әдейі ат қойып, айдар тағайын деп келдім, – деді.
Сарыбай айтты:
– Бәрекелді, сенен басқа кісіге қойғызған жоқ едім, ойымдағым жаңа табылды, – деп қуанды. Әзтемір баланың атын: «Жеті жасар Желкілдек болсын!» – деді. Әкесі: «Жақсы, жарайды!» – деді.
Хан: «Ат аламысың, ат берейін, тон аламысың, тон берейін!» – деді. Әзтемір: – Алмаймын, ат пен тонды әр екінің біріне, егіздің сыңарына беріп жүрсің ғой, сені шын мырза деп естіп келдім, маған бергіш болсаң балаңды бер, балаңды қалап сұрағалы келдім, сенің мырзалығыңды сынағалы келдім, – деді. Сарыбай: «Баламды неге берейін, тұр, жөнел!» – деп ақырды. Әзтемір жылап, шығып кетті. Сарыбай үйіне келді, қатыны айтты: «Не сұрап келген екен?» – деді. Сарыбай айтты: «Біздің жалғыз баланы сұрай келген екен, соны мен бермей ұрсып, қуып жібердім», – деді. Қатыны айтты: «Бұрынғылардың «дүние сасыққа, тастан қаттыға бітеді» дегені осы екен-ау, ақылың жоқ екен, байғұс байым. Мырза құдайдың мырзалық қылып берген нәрсесіне кісі сараңдық қылмаса болар ма? Бізді құдай «қу бас» деген аттан құтқарды, бізге сол қанағат, шақыр, бері келсін, алсын!» – деді. Сарыбай тымағын қолына алып, былғап шақырды, Әзтемір шақырған соң келді. «Мен баламның өзін таптым, мінезін тапқаным жоқ. Баланың өзіне бар, бала саған еріп кетемін десе, бетінен жарылқасын, қайда барса жолы болсын, бір жаман алжыған шал, қақиған кемпір қызығын көрді не, көрмеді не, тірі болса қызығын халық, жұрт көрсін!» – деді. Әзтемір жылқыға барды, Топайқұл: «Ініме не деп ат қойдың?» – деді. Әзтемір айтты: «Жеті жасар Желкілдек болсын деп ат қойдым». Топайқұл айтты: «Жап-жаман ат екен». Бала айтты: «Ағам, ақылың жоқ екен, бізге осы қойған ат жақсы». Әзтемір айтты: «Інім, саған келдім, сен маған қатты керексің». Бала айтты: «Керек болсам, мені әкемнен сұрадың ба?» – деді. Әзтемір: «Сұрадым, балам өзі білсін деп өзіңе жіберді», – деді. «Жарайды, аға, мен барайын!», – деді бала. «Ағатайым, маған бір ат бер, өліп кетсем, менің жаным сенде тұрсын, ақыретте қолыңнан алайын. Тірі болып келсем, малымның жарымы сенікі болсын, сен аға бол, мен іні болайын, мынау әке-шешемді сен күт, маған бір ат бер»,– деді Топайқұлға. Жылқының жайылып жатқан даласы бес шақырым екен, Топайқұл баланы ертіп жүріпті. Бір дарияның жағасында тұрып Топайқұл жылқы біткенді құйрығынан ұстап алып, дарияның ар жағына лақтыра беріпті. Сонда бір қотыр күрең тай дарияның ортасына шоп етіп түсіп кетіпті. Суға балықтай байпаңдап, үйректей қайқаңдап, екі жағына да шықпай дарияда жүзіп жүре беріпті. Топайқұл шалма тастап тартқан екен, тайды сүйреп ала алмапты. Сонан соң бала шалманы Топайқұлдан: «Бері әкел», – деп жұлып алып, тайдың мойнына тастап жіберіп, тартып қалған екен, тай жылп беріп қасына қалайша, неғып келіп қалғанын білмей қалыпты. Топайқұл: «жүгендеймін» деп ұмтылған екен, тай тулағанда құлдың қалың қарағай болып жүрген сақалын дал-дал қылып, құлдың басын ит мүжіген қу бастай қылыпты. Сонан соң жеті жасар Желкілдек өзі «жүгендеймін»- деп ұмтылған екен, тай бүлк етпейді, басын изегендей басын изеп, «қылша мойным талша» деп тұра беріпті. Жүген салса, құнан болыпты, ер-тоқымын салғанда дөнен болыпты, мінсе, бесті болыпты, санына қамшы тигенде алты жасар ат қалпына түсіп, оқ жыландай ойнақтатып, мініп алып: «Хош – есен бол!» – деп жөнеле беріпті. Әзтемірді әкесіне жіберіпті: «Маған оң батасын берсін, қара қоржынын берсін, семсерін берсін!», – депті. Әзтемір Сарыбайға келді, Сарыбайға баласының айтқанының бәрін түгел айтты. «Жорықта жолың болсын, жолдасың Қыдыр болсын!», – деп, оң батасын берді. Әзтемір жеті жасар Желкілдекті артынан қуып өзінің елінің шетіне келді, қырық жігітін ертіп алды. Қырық бір кісі болды. Бәрі бас қосып, Желкілдекке жетті. Айдалада анттасты. «Қай қашқанымызды құдай тапсын!» – десті. Жер ортасына келді. Жеті жасар Желкілдек Әзтемірге: «Тау басына шық, жауды қара, көріне ме, байқа!» – деді. Әзтемір тауға шықты, төңіректің төрт бұрышына көз жіберді: «Ойбай!» – деп таудан төмен қарай жүгірді, келді де атқа мінді, «Қашыңыз, қайтыңыз, жау көп-ақ, біз алар жау емес!» – деді. Қашты Әзтемір жолдасымен, жеті жасар Желкілдек асын ішті, күреңше атқа мінді, қашқандарды қуып жетті; «Тұра тұр!» – деді. «А, Әзтемір, айтысқан сөз осылай ма?». Әзтемір айтты: «Қайтыңыз, біз қорқамыз, жаудың саны көп, біз азбыз», – деді. Бала айтты: «Жоқ, аға, қайтпаймын, сен қайтсаң жүре бер, ноқталы басқа бір өлім, қашқан – қатын ісі», – деді. Бала атының басын бұрып алып, жауға қарай жүрді, бір обаның басына шықты. Жау келіп қалған екен. Күрең атқа тіл бітті: «Әй, ием, түс үстімнен, айылың бауырыма, жүгенің кеңсірігіме батып барады, құйысқаның құйрығыма батып барады, бел тұрманың босататын емес. Мені жалаңашта, ер-тоқымды ал, аунайын, жүгенімді ал, қунайын, оң жағыма бір аунайын, сол жағыма бір аунайын, оңды-солды аунап шөп жейін, тілекті берсе жасаған, үстіме менің ер бітер, бойыма ерен күш бітер», – деді. Айылды ағытты, ер-тоқымды сыпырды, жүгенді алды, қоя берді. Ат аунады, оң жағына аунады, сол жағына аунады, шөп асады, түрегелді, ат күміс ер-тоқымды болды, кісі қарап тұрғандай! Желкілдек тұлпарына мініп алды. «Алдыңғы айылымды бос тарт, артқы айылымды берік тарт!» – деді. «Маған мін де көзіңді жұм, жауға араласпай көзіңді ашпа! Жүрегің айныр, тайып кетсем маған серт, тайсалып соқсаң саған серт!» – деді тұлпары. Желкілдек атқа мінді, көзін жұмды, ат аспанға ұшқандай алып ұшты. Желкілдек жаудың ортасына кіріп, етіне таяқ тигенде көзін ашты. Ортада жүрген соң жаудың азын-көбін байқай алмады. Төбелес сала берді. Бір мезгілде аттың аяғының астына қараса, аттың тізесінен қан. Маңайында жан қалмапты, өлгені өліп, өлмегені басын сауғалап, қашқан екен. Бала бір обаның басына келіп, аттан түсті, желпінді. Әскер басы Телегей деген алып екен, күншілік жерден байқайды екен. «Бұл біздің алар жау емес, атса, мылтық өтпейді, шапса, қылыш кеспейді, қарғаса, қарғыс жетпейді, отқа салса, күймейді, суға салса, батпайды, ерекше жаралған жан екен, жалғыз-ақ мұның бойында ақыл жоқ», – депті ол. «Жігіттер, ор қазыңыздар, мұны орға түсірейік, ор қазсаңдар терең қазыңдар! Мұның «мынау – ор екен, мынау –кісі жығыларлықтай жер екен-ау!» – деген ойында дәнеме болмайды, жай жердей көріп, шауып өтіп кетемін деп далақтап келіп, түседі де қалады», – деді Телегей. Жігіттері жиылып ор қазды, жеті Жасар Желкілдек желпініп отыр екен, әскер басы Телегей дұға оқыды. Желкілдек атына мініп тұра шапты. Аты орға сүріне жаздап, қарғып шығып кетті. Желкілдек орда қалды. Атын Телегей ұстап алды. Телегейдің қызы: «Олжаңызды маған байларсыз!» – деді әкесіне. «Не қыласың, сен еркек емессің, қызсың!» – деп атты бермеді. Қызы: «Мейрамда жегіп, сейілге шығамын», – деп қиылды. Телегей қызына: «Жүзіқара боларыңды біліп ем, бұл атты саған берсем, менің басым кесілер. Жеті жаудың бірі сен болдың, ажалым сенен болса, оған не шара?» – деп қызға атты береді. Жеті қабат темір үйге атты енгізді, қызды да енгізді. «Осы үйден атты да шығармаңдар, қызды да шығармаңдар, бұл үйден босанып бұлар шықса, бізге бұл жарық дүние жоқ», – деді. Бір жеті жасар баланы екеуіне күтушіге қойды, сыртынан көп қарауылшы қойды. Жеті жасар Желкілдек орда жатыр екен. Бір қоңыр қаз қаңқылдап келіп, қасына қонды. Желкілдек өзінің шынашағын қанатып, ақ жейдесінің етегін жыртып алып, өзінің орда жатқанын айтып: «Маған қырық биенің еті керек, қырық саба қымыз керек», – деп, шынашағының қанымен жазып, еліне жіберді. «Сарыарқа деген жерге бар, Сарыбай деген байға бар, үйінің қақ қасына бар да қон. Міне, менің көйлегімнің шүберегі екенін таныр, бұларды сенен алар да, өзіңе тимей қоя берер!» – деді. Қоңыр қаз алып ұшты, Сарыбайдікіне жетті. Таңертең Сарыбай тысқарыға құман ала шығып дәрет алды, қасына қоңыр қаз келіп қонды. «Балама берейін» деп ұстап алды, қызын шақырды, қызына бұл қазды берді. «Бала қазды үйіне алып келіп сылады, сипады. Қанатының астында желбіреп жүрген шүберекті көрді. «Бұл – не қылған шүберек?» – деп айналдырып көріп, ағасының көйлегінің жыртығы екенін таныған соң, қызы пақыр шошып қалып, еңіреп қоя берді. Қыздың жылаған даусына Сарыбай келді, шешесі келді, досы келді. «Немене боп қалды?» – деп үрпиісіп қалды. Қыз айтты: «Жалғыз ағамның көйлегінің жыртығы мынау – шүберек, өзі – қып-қызыл ала қан», – деді. Шешесі жүгіріп келіп: «Кәнеки!» – деп қолынан жұлып алып қарады. «Сол үшін жылап жамандық, сұмдық бастама, бетпақ қыз!» – деді. «Балам құдайға шүкір, тірі екен, өзі орда жатыр екен. Мұның бәрін өзі ойынан шығарып, тірілігін, есендігін білдіріп, өз қолынан байлап, өз қолынан өзі қылмаса, ауада ұшып жүрген құс өлген кісінің киімін жыртып ала ма, мұнша шимайды сала ма? Мынау қан және жарадан аққан қан емес, өз денесінен өзі ықтиярымен шығарған – қан, жарамен аққан арам қан түсі қаралтым болады, мынау – қып-қызыл таза қан ғой, бұған жылайтұғын не бар? Менің балам ажалдан өледі, жаудан өлмейді! – деді. «Тұр, бар! Сой да қыр малыңды, жи жұртыңды, қырық ту бие алып, қырық саба қымыз алып, өзің көрген боз жорға атты жетелеп!» – деген соң, Сарыбай жоғарғы елін шақыртып, жорға бие сойдырды, төменгі елін шақыртты, төбел бие сойдырды, қырық саба әкеліп, бәрін қымызға толтырып, елін-жұртын жиыпты. «Жамағат, құлақ салыңдар, боз бала ат-тон алыңдар! Жас балам Желкілдек орға түсіп қалыпты, жараған атты мінісіп, жараған тонды киісіп, жабыла соған барайық!» – деді.
Бозбалалар: «Барамыз! Бейсенбі күні жүреміз!» – деді.
Таң атты. Бейсенбі күні Сарыбай айтты: «Баратұғындарың жүріңдер!» – деді. «Бай, өзің бармасаң, баратұғынымыз жоқ!» – деді жұрт. Сарыбай ашуланды, қатынын, қызын, досын қасына ертті. Қырық бие алды, қырық саба қымыз алды, кетті, бір күнде балаға келді. Бала сыбызғы тартты, сол сыбызғының даусымен тапты. Амандасты, қырық құлаш жібек арқанмен тамақ түсірді. Ашыққан екен, бір биенің етін бір-ақ жеді, сүйегін мұрнынан шығарды, қырық биенің етін қырық асап жеп қойды. Қырық саба қымызды жарып, баланың аузына ағызды, қырық саба қымызды түгесті. Досы: «Тойдың ба?» – деді. «Жоқ, тойғаным жоқ, қырық биенің ішінде өзім көрген мал жоқ екен, боз ат бар ма, бар болса, сойыңыз!» – деді. Боз атты сойды, бір жапырақ етіне тойды. «Енді қайтыңдар! Сендер мені шығара алмайсыңдар», деді. Әкесі, шешесі жылай-жылай қайтып кетті. Желкілдек орда жатып қалды. Бір уақытта Желкілдек ордан шығып кетті. Бала келе жатса, жердің астынан бір түтін шығады, түтін шыққан жерге келсе, бір үй болды, ол үйге енді: «Ассалаумағалайкум!» – деді, бір қу аяқ кемпір бар екен: «Уағалайкумассалам! Жоғары шық, сәлемші, балам!» – деді. «Қайда бара жатқан адамсың?» – деді. Бала айтты: «Ұлсызға ұл болайын, қызсызға қыз болайын деп жүрген жанмын!» – деді. Кемпір айтты: «Маған бала бол, бала қылайын» – деді. Бір аяқ боза құйып берді, бала ішті, кемпірге бала болып тұрды. Бір күнде баладан сұрады: «Қайдан жүрген баласың? Айт маған, шыныңды». Бала айтарын да білмеді, айтпасын да білмеді. «Шешеке, шынымды айтайын, Сарыбай дегеннің баласы едім, солай бір жауға шығып едім, әскербасы Телегей Нұрмамбет деген ханымызды өлтіріпті, Тінікей, Күнікей деген екі апамды алып кетіпті, жеті жастағы Жастүлек деген бауырымды бауыздапты, сол жаудан кегімді алайын деп едім,» – деді. Құдай ол тілеуімді бермеді, әскербасы Телегей мені алдап орға түсірді, астымдағы мінген атым дүлдүл еді, сол атымның қайда кеткенін білмей қалдым. Сонан бір уақытта «ием» деп мені есіркеп, аяп, жалғызымда болысып ордан өзі шығарды, сол менің жүрген мән-жайым», – деді. Кемпір айтты: «Жақсы, бұл сөзің- шын екен. Сен маған шын бала болсаң отынға бар, отынымды боқтама!» – деді. Бала отынға кетті, отынды жаяу жүріп жиып алып, арқалауға келгенде, отынды боқтап салды. Бір арқа отынды алып келді. Кемпір бір аяқ көже берді: «Балам, неге боқтадың?» – деді. «Ертең, боқтамасаң, тоғайға бар», – деді. «Тоғайымның бәрін қопар, жалғызын қалғызба, қопара алмасаң басыңды аламын», – деді. Бала жатты, ұйықтады, ертең тұрды, беті-қолын жуды, тоғайға барды, ағаштарды қопарды, жалғыз ағаш тастамады. Алып келе жатыр еді, көзі терледі, кемпірді боқтады, кемпірдің үйінің қасына тоғайды үйіп тастап, бала үйге келді. Кемпір айтты: «Неге боқтадың?». Бала айтты: «Жаны кейіген тәңірісін қарғайды» демеп пе еді, өзіңді жаратқан құдайдан қалайсың, адамның шамасы келмейтұғын жұмысқа жұрт боқтасын деп жұмсайды ғой деп, боқтағаным сол, онан сенің дәнемең кеткен жоқ, жұмысың орнына келген соң не бар?», – деді. «Жарайсың, балам, жарайсың, сен маған қызмет қылдың, тілімді алып, айтқаныма көніп, айдауыма жүрдің, жаман кемпірдің қолында не тұр дейсің демедің. Енді мен де саған бір жақсылық қылайын. Телегейдің қызына барайын, ол қарды саған көндіріп, үйінде тұра алмастай қылайын», – деді.
– Шеше, сені жолата ма, үйіне кіргізе ме? – деді. Кемпір жөтеліп, шашалып қалды.
– Ойбай! Мына шұнақ не дейді? – деді. – Мен көк кептер болып ұшпаймын ба, қыздың жатқан темір үйдің терезесіне қонбаймын ба! Мен саған бір оңды бай тауып келдім демеймін бе, онан соң, ол қарда жан қала ма? – деді де кемпір көк кептер болып ұшып кетті.
– Қыз бикеш, күрең аттың иесі сені қашан келеді деп, екі көзі сенің жолыңда сарғайды, Сорлы-ау, саған не болды, осы сықылды ат қолыңа түскенде, жануарды ойнақтатып мінетін бір кез болса, қалай дәтің шыдайды? Темір үйде қатқаныңның ғана басына отырмысың, әке-шешең сені қанша жақсы көргенмен бай бола ма, жаман күң-ау?! – дегенде қыз айран-асыр болады.
– Өзім де осыны көрген соң, аттың иесі атын қалай да бір іздеп келіп табар, деп, бағып жатыр едім, бірақ мен оны қайдан тауып, қай жерден жолығайын? – деді.
– Уай, балашығым, мен саған айтайын, ол баланы осы шаһарға алып келіп, бір байға жалшылыққа жүргізейін, жұрт аңыз қылар, бір жат, бөтен жұрттың жас баласы пәленше байға жалданып қойшы болыпты, – деп әркім таңырқап сөз қылар, сол сөз біреуден болмаса біреуден құлағыңа жетер, сонда сен өзіңнен өзің аласұрып ауыр, есіктен төрге қарай домала, төрден есікке домала, «Не қылды, не қылды?» – деп сенен сұрар, сонда сен айт: «Ішім пысты, құса болып өлуге тақалдым, күрең арғымақпен сейілге шықсам екен, жазық жапан даланы көрсем екен», де. Әкең сұм ғой, білер, шығармас. Шешеңе жалын, шешең шығартар. Сені далаға шығармақшы болса, әкең ел-жұртын жияр, той қылар, арақ-шарап берер. Ішкен мас, жеген тоқ болар, сонда сен шығып сейілде жүргенде бозбалалар аңыз қылысар: «Телегейдің жалғыз қызының емшегін ұстағанның арманы бар ма екен?», – деп. Сонда қой бағып жүрген қойшы: «Несі бар дейсің?» – деп, саған келіп шап етіп жабысар. Сонда сен артыңа мінгізіп ал да, қаш. Мен күнді тұман қылайын, сонда құтыларсыңдар!» – деп, ақыл үйретті.
Кемпір үйіне қайтты, балаға келді. «Балам, сені қыз сүйді, сені апарып байға жалдайын, жылына бір қой бер дейін», – деді. Бала: «Жарайды, шеше, мен өзім барып жалшылыққа жүрейін, сіз үйде дұғагөй болып отыра беріңіз, қыз қолыма түссе, салып осында келермін», – деп бала жөнеле берді. Кемпір батасын беріп қала берді. Бала шаһарға келді. «Ақыңа не аласың?» – деп еді: «Бір жылғы еңбегіме бір қой берсең, болады», – деді.
– Жарайды, қойды жақсы бақсаң, қой қотанынан өріп жөнелгенде, тұра алмай соңында қалған жаманы сенікі болсын! – деді бай. Бала: «Болады!» – деп қызыл өгізді мініп алып, қой жайды.
Бір күндерде Телегейдің жалғыз қызы ауру болды. Есіктен төрге домалады, төрден есікке домалады, әкесіне кісі жіберді. «Әкем келсін, мен аурумын, құса болып барамын, сейілге шықсам жақсы болар еді?» – деді. Жіберген кісісі қыздың әкесіне келіп айтты: «Қызыңыз ауру болды, құса болып өліп барамын дейді, сейілге шықсам жақсы болар едім» – деп айтты қызың», – деді. Әкесі айтты: «Жатсын, сейілге шығармаймын, шықты болды, қыз қашады», – деді. Шешесі айтты: «Адаммен үйір болған жоқ, тірі пендемен тіл қатысқан жоқ, айтқанмен қаша ма, сейілге шығар. Құдай жаратқан жарық дүниені көрсін, көңілі басылсын, тіпті далаға шықпаған соң, құса болып өліп кетер!» – деді.
– Ұрғашылық қылдың, маған болыспадың, қызыңа болыстың. Егер осыдан қашып кетсе, мен оны қумаймын, үйде қасымда отырған сенің басыңды аламын, – деді әкесі.
Қызды сейілге шығармақшы болды. Ел-жұртын, жамағатын жиды, той қылып, ас берді. Қызы күреңше атқа салт мінді, сейілге шықты, сөйтіп жүргенде Желкілдек келді. «Осы күрең атқа мініп жүрген кімнің қызы?» –дейді. Көп жамағат айтты: «Телегейдің қызы», Желкілдек айтты: «Иттер-ау, біреуің жандасып, жанамалап барып емшегін ұстасаңдар болмай ма?» – деді. Қарап тұрған көп бозбала: «Жаман қойшының көңілі көкте-ау! Ер болсаң, сен барып ұстай қойшы!» – деді. Қызыл өгізді борбайлап, борбайлап, ауқалақтатып жетіп барды. Бір қолын емшегіне салды, бір қолын ердің артқы қасына салды, қыздың артына шап ете түсіп, бір-ақ қарғып мініп алды да: «Ал, жібер аттың басын!»,– деді. Желкілдектің тақымы тигенін күрең ат білген соң, көрген көрді, көрмеген көре алмай қалды, көкке ұшты ма, жерге кірді ме дегендей болды да кетті, Телегейдің ел-жұрты үйіліп қала берді. Желкілдек қызды аман-есен шешесінікіне алып келді. Қызды сонда қойды да, өзі күрең атқа мініп, қайтадан Телегейдің жұртына келді. Тінікей, Күнікей апаларын іздеп жүрсе, Тінікей өлген екен, Күнікей соның басында жылап отыр екен, Тінікей өлгеніне үш күн болған екен, Күнікей соны қайтерін білмей отыр екен. Желкілдек келді де Күнікейге: «Мен Сарыарқа деген жерден, қазақ деген елден іздеп келген бауырыңмын, апатай, Сарыбайдың баласымын, атым – Желкілдек», – деді. Сол жерде түрегеліп құшақтасып көрісті.
– Айналайын, қарағым, сенен айналайын, артымыздан бізді іздейтіндей ұл туған халқымнан, айналайын! – деп жылап, мауқын әрең басты. Үлкен апасын ақ жауып арулап, терең қазып, тепкілеп көмді де, тірі қалған апасы Күнікейді алып, шешесінікіне келді.
Өзі күрең атқа мінді, семсерін қолына алды, Телегейдің шаһарына барды. Әскер басы Телегейдің шаһарын шапты. Телегейді ұстап алды. Мұрнын тесті, жіп өткізді, жетектеп алып келді, шешесінің үйіне келді, апасын алып жүрді, Телегейдің қызын алды, төртеу болып, өз еліне келді. Әзтемірге жолықты. Амандасты. Көрісті. «О, жасаған, көрсетер күн бар екен!» – деді. Той қылды. Әзтемірге іні болды.
– Мына Телегейді ағаңдай қылып сыртынан жарып, өтін алсын, өз қолымен деп алып келдім, – деді Желкілдек.
– Ой, бұған не қылсақ та обал жоқ еді, сен маған іні болдың, мұнан туған қыз маған келін болды, құдайға разымын. Інім, саған да разымын, тап сені тапқан анаңнан, айналайын, мұның қасықтай қанын, шыбындай жанын қи, келінім, мен сені есен көрген қуанышым үшін байладым, – деп, қол-аяғын босатып, мұрнынан жібін алды.
Телегей айтты: «Мұнан да мені өлтіріп тастағандарың жақсы еді, енді мен не деп жүзіқара болып, қалған ел-жұрттың бетін көремін! Тірі жүрсем – татар несібем, өлсем – топырағым осы жақтан бұйырған екен!» – деді. Әзтемір айтты: «Айтысқан сөзіміз бар еді, қашпаймын деген, қаштым, оның үшін төбемізден оқ атысайық».
Желкілдек айтты: «Атпа! Мен кештім», – деді.
Әзтемір айтты: «Жоқ, болмайды, атысайық төбемізден».
Желкілдек айтты: «Қой, аға!» – деді. Ақыр болмады, қоймады, айтқан тілді алмады, төбесінен оқ атпақ болды. «Інімсің, бұрын сен ат!», – деді Желкілдекке. Әзтемір өз төбесіне өзі оқ атты. Оқ дәл төбесіне келе жатыр еді, Желкілдек оқты қағып жіберді. Оқ барып жерге түсті. Енді Желкілдек өзінің төбесінен өзі атты, оқ келді де жерге түсті.
– Кел, тағы атайық! – деді Әзтемір.
– Қой болар, осы атысқанымыз жетеді. Екеуміз де ақ екенбіз, тірі қалдық, – деді.
Әзтемір тіл алмады, «тағы ату керек» деп тұрып алды. Желкілдек: «Атыспаймыз, әлгінде мен болмасам, оқ келіп төбеңе тиетін еді, мен оқты қағып жерге жібердім», – деді. Әзтемір айтты: «Мен құдайға жалғаншы болып, жалған дүниеде жүргенімнен өлгенім артық, өзімді өзім құдайға бергенім», – деп оқты атты. Төбесінен оқ дәл келді де тиді. Әзтемір өліп қалды. Желкілдек жылады. Әзтемірді көмді. Телегей айтты: «Мен өлген Әзтемірге де разымын, Желкілдек саған да разымын, қызым саған да разымын, сен болмағанда, Нұрманбетке не қылған болсам, маған да Әзтемір соны қылса керек-ті. Енді мен де өзімді өзім хаққа беремін, жалған дүниеде жарты пенде болып күн кешкенше өлген артық», – деп, ұшып түрегеліп, төбесіне оқ атты. Атқан оғы дәл келді де тиді. Желкілдек оны да жақсылап көмді. Телегейдің қызын алды. Некесін қидырды. Күнікей апасын сүйгеніне берді. Өз еліне қайтты. Жеріне келді. Сарыбай әкесі тірі екен, шешесі тірі екен, жалғыз қарындасын Топайқұл зорлықпен алмақ болып, той қылып жатыр екен. Әкесі, шешесі қартайыпты. Желкілдек Топайқұлға ашуланды: «Опасыз, менің қарындасымды зорлап неге алмақ болдың?» – деп жауызды жазалады. Әкесінің малын малданды. Ел-жұртына бас болып, барша мұратына жетті.
28. Ханшентей
Бұрынғы заманда Қарыс қара батыр бар екен, өзі тоқсан бесте жасы бар екен, өзінің қатыны бар екен сексен бес жаста, он мың жылқысы бар екен. Және бір жерде Дөнен Қара Бағыс, Құнан Қара Бағыс, жақсы жирен атты Кенже Қара Бағыс бар екен. Бұл үшеуі келген. Қарыс Қара батырдың жылқысын алып кеткен. Қарыс Қара батыр оны білмей қалған, үш күннен соң білген жылқысын алып кеткенін. Өзінің қолында қалған Таусары ат болған. Қатынына батыр айтқан: «Менің жылқымды үш Қара Бағыс алып кеткен, қуамын артынан», – деді. Қатыны айтты: «Қума, сені өлтірер!» – деп. Бағыс айтты: «Өлсем, өлейін!» – дейді. Батыр Таусары атын ұстап алып келіп, мініп жөнеледі.Үш күн бұрын алып кеткен жылқысын үш сағатта қуып жетті. Үш Қара Бағыс оны ұстап алып кетті, үйіне алып барып, қырық құлаш шыңырау қазып, соның ішіне Қарыс қара батырды тастады. Құдықтың аузын тақтайменен жапты, оның сыртынан кірпіш соқтырды, тағы оның сыртынан бір дария әкеліп орнатты. Дарияның сыртынан қырық кісі қарауыл қойыпты. Оның өзі кеткенде үйде қалған сексен бестегі қатыны буаз болған, онан бір бала туды. Баласы он жасқа келгенде шешесінен сұрады: «Атам қайда?» –деп. Шешесі айтады: «Атаң сенің жоқ», – деді. Бала айтады: «Мен қайдан тудым?» – дейді. Шешесі атасын айтпайды, айтсам атасын іздеп кетер деп айтпайды. Сол бала асық ойнап жүреді. Бір кемпір айтты: «Е, балам, сен өзің жақсы баласың, мұнда сен неғып жүрсің, атаңды іздемей?». Бала айтты: «Сіз атамды білесіз бе?». Кемпір айтты: «Білемін, атаң Қарыс Қара деген батыр бар еді, он мың жылқысы бар еді, сол жылқысын жау алып кеткен. Атаң соның артынан кеткен, сол атаңның өлі екенін, тірі екенін білмеймін. Сен ол атаңды іздеп тауып алсаңшы!». Бала қайтып келді, шешесіне айтты: «Шеше, сен менің атам жоқ деп едің, атам менің бар екен, сол атамның артынан іздеймін». Сол сағатта жаудың қолынан Таусары ат қашып келді. Бала бұл Таусары атты ұстап алды, Таусары ат балаға айтты: «Е, балам, сенің атаң жау қолында тұтқында жатыр еді, атадан туған ер болсаң, атаңды табарсың. Атаң әлі тірі. Мен атаңның атымын», – деді. Баласы атасын іздеп жүрмек болды, Таусары атты ұстап алып, мініп жөнелді. Таусары ат баланы көтере алмайды. Бала түсе қалып, Таусары атты қолтығына қысып желіп кетті. Бір заманда бір дария көлге жетті. Келе жатқанда сол дарияның сыртындағы қарауылда тұрған қырық кісі бір-біріне соқтығып қырылыпты. Сол бала келіп жеткен соң: «Ассалаумағалейкум, неткен жан едің?» – депті. Ол кісі айтты: «Сен көз көрген жерден бізге қарап желгеніңде бір-бірімізге соктығысып қырылып жатырмыз». Бала айтты: «Сен кімсің?» Ол айтты: «Біз үш Қара Бағыстың нөкерлеріміз. Бала айтты: «Сіздер мұнда неғып жүрсіздер?» Қарыс-Қара батыр деген алыпты күзетіп тұрамыз». Бала айтты: «Қарыс Қара батыр менің атам болар», – деп сол жерде қырық кісінің басын алды. Сол дарияны жырып бір жаққа ағызды. Сонан соң, құдықты ашып, атасын шақырады «атам өлі ме, тірі ме» деп, сол атасы жауап бермеді. Бағанағы дарияны қайта жырып алып келіп, сол құдыққа құяды. Тағы атасын шақырады, атасы кішкене жауап береді. Және екінші жерден бір дарияны жырып әкеп құяды, атасы судың бетіне қалқып шыға келді. «Ассалаумағалайкум» деп, бала сәлем береді, атасы: «Уағалайкумассалам, балам!» – деді. Сол жерде: «Бала, сен кімнің баласысың?» – деді. «Мен Қарыс Қара батырдың баласымын». «Олай болса, біз сіздің атаңыз болармыз. Ал, балам, мен мұнда келіп мұндай болдым, кел, екеуміз қайтайық, үйге». Бала айтты: «Мен қайтпаймын, анадағы әкеткен он мың жылқымның артынан іздеп барамын», – дейді. «Қой, балам, сен түгіл, сенің әкең менің де халім келмеді, мен мұнда жатқанымда сен іздеп келіп мені шығардың, сен тұтқынға түскен соң, сені кім іздеп алады. Мен қартайдым, осы есенімізде қайтайық үйге». Баласы айтады: «Ата, мен қайтпаймын, сол жылқымның артынан іздеп барып өлсем, өлейін!». Атасын Таусары атына мінгізіп, үйіне қайтарады. «Аман бол, ата!» – деді. Екеуі амандасып айрылысады. Бала жылқысын іздеп кетті. Бір заманда, күндер болғанда, бір тауға келді, таудың үңгірі бар екен, енді таудың үңгірінің ішінде бір кемпір жатады. Кемпірдің үйіне бұл бала еніп келді. «Ассалаумағалайкум, кемпір!» – деді. «Уағалайкумассалам, балам!» – деді. Кемпір айтты: «Түсің қандай суық адамсың?» – деді. Бала айтады: «Мен – мүсәпір адаммын!» – дейді. Кемпір балаға айтты: «Кел, балам, емшегімді берейін, емші!» – деді. Бала келіп еме берді, көгеріп талып қалды кемпір. Бала емшегін қоя беріп: «Е, кемпір, айтқан сөзің осылай ма еді, емшегіңді емгенде, талып қалдың, көзіңді ашып басыңды көтер, шеше!». Кемпір басын көтеріп: «Е, балам, маған бала бол. Сендей үш балам бар еді». Бала айтады: «Шешеке, үш балаңыз қайда кетті?». «Қайда кетсін, жауға кетті. Сен маған бала бол, балам, үшеу еді, төртінші сен боларсың». Бала: «Жарайды!» – дейді. Кемпір айтты: «Маған бала болсаң, сен жасырынып жүре тұр аз күнге шейін, баламның мінезі теріс еді, көзіне сен көрінсең, сені өлтірер. «Мінезі теріс болса да қорқушы емеспін тентектерден», – деп кемпірге бала болып тұрыпты. Бір күндері үлкен баласы келіпті. «Шеше, үйде кім бар?» – дейді. Шешесі айтты: «Ешкім жоқ», – деді. «Жоқ, шеше, кісі бар, бір кісінің исі шығады», – деді. Сонда бала тұрды-дағы: «Мен боламын», – деп шыға келді. Үлкен ұлы айтты: «Атыспақ керек пе, алыспақ керек пе?» Бала айтты: «Атыспақ атаңның басына, алыспақ керек», – деді. Екеуі сол жерде алысады, бала бұл кісіні бір қолтығына қысып жібермейді. Бір уақытта ортаншы баласы келді. Ағасын көріп дауыстады: «Бұл баланы өлтірмей, неге қойдың?» – дейді. Ағасы айтты: «Әлім келмейді, сен келе көр, інім». Ортаншы ұл айтты: «Е, бала, ағамды жібер». Бала айтты: «Ағаң түгіл, өзіңді өлтіремін», – деді. Атынан түсе қалып, ортаншы ұл балаға келді, бір бала екеуімен алысады. Екеуін екі қолтығына қысып тұрады. Екі қолтығының арасы жиырма шақырым жер екен, бір-біріне сөйлесе алмай қалды. Тағы бір уақытта жақсы жирен аты бар Кенже Қара Бағыс келді, ол онан жаман ақырып келді: «Е, бала, ағамды жібер. Өлтіремін, сені»,– деді. Бала күлді: «Кел бері, сенен де қорықпаймын, бірің түгіл үшеуіңді өлтіремін». Кенже інісі атынан түсе қалды, алысады, үшеуін былай иіп құшақтап алып, былай қысып қояды, аузынан қара қаны кетті. Бағанағы шешесі келді. «Е,балам, менің айтқаным солай ма?» – деді. Бала айтты: «Е, шешем, құп болады, үш балаңды қоя берейін, сенің емшегіңнің сүтін ембеген болсам, мен сенің үш балаңды қоймас едім, үшеуін өлтірер едім». Бала солай деп үш баласын қоя береді. Шешесі үш баласымен ақылдасты: «Е, балам, енді қайтеміз? Осы баланы бала қылып алайық. Үш баласы айтты: «Жарайды!» – деді. Сол арада баламенен ант ішеді, сонан соң бала болып жүреді. Төртеуі қосылып алып, алмаған жауды қоймайды. Сонан соң бір күндерде бала айтты: «Шешеке, мен алғандай бір жақсы қыз бар ма?» – деді. Кемпір айтты: «Саған жарайтұғын қыз жоқ», – деді. Бала айтты: «Сіз мұнша жасқа келген кәрі шешемсіз, сіз жақсы қызды білерсіз, оны сіз маған айтпайсыз». Кемпір айтты: «Жоқ, балам, саған жарайтұғын кыз жоқ». Тағы да төртеуі бірігіп алды. «Бір жерде Алтын Сары алып деген бір алып бар екен, соған төртеуміз жиылып барайық», – деді. Соның бір үш қарындасы бар еді, соны үш ұлға алып бермек болды. Төртеуі Алтын Сары алыпқа барды, үш күн төбелесіп соғысады. Алтын Сары алыптың күші жетпеген, үш қарындасын Үш қара Бағысқа берді, олар бұл қыздарды қатын қылып, өз үйіне қайтып барды. Бала кемпірге айтты: «Е, шешеке, бір қызды маған таптың ба?». Кемпір айтты: «Жоқ, балам, саған лайық қыз таба алмадым». Бала айтты: «Өз балаларыңа қыз таптың, біз оларға үш қыз әкелдік, маған неге таба алмайсың?». Кемпір айтты: «Енді, балам, мен саған айтайын. Бір қыз бар, бұл қыз саған жарар еді, солай болса да, ол қыз тұрған жерге бара алмайсың, барсаң да қайтып мұнда келе алмайсың. Бір есіткен едім, Айнахан деген хан бар екен, оның бір сұлу қызы бар екен деп естимін. Оның жолы қиын еді, оның бер жағында қырық күншілік жер бар екен, жанып тұрған от дейді; құс ұшса, қанаты күйеді, ат жүрсе, тұяғы күйеді. Оның ар жағында от дария бар екен, ол да қырық күншілік жол екен, құс ұшса, қанаты күйеді, ат жүрсе, тұяғы күйеді». Бала айтты: «Оған мен іздеп барамын, құдай сақтаса, мен онан есен-сау өтермін. Шешесі айтады: «Өзім қарап алып жүрейін, сүйген қызың болса, алып берейін, бұл жолға барма, балам!» – дейді. «Е, шеше, соған өлсем дағы барамын», – дейді. Бала енді Кенже Қара Бағысқа барады, жақсы жирен атын сұрағалы. «Е, ағам, маған жақсы жирен атыңды бер, алыс жолға барамын», – деді. Кенже Қара Бағыс айтты: «Мен екі ағаммен сөйлесейін, екі ағам жаратса берейін, жаратпаса бере алмаймын». Кенже Қара Бағыс ағасына келді, үшеуі сөйлеседі: «Берсек, өзімізге жаман болады, мұндай ат табылмас және бермесек, тағы жаман болады, бізден тартып алып кетер, берейік!» – деді. Атқа келіп айтты: «Алысқа барған соң, тулап, жығып қайтып кел!» – деді. Солай айтқан соң, жирен атты балаға берді. Бала атты алды, таусылмас азық қылды, тозбас киім алды, атқа мініп жөнелді. Біраз жол жүрген соң, есіне түсті: «Менің атым жоқ, жоғалсам кім деп іздейді». Шешесіне қайтып келеді: «Е, шеше, маған ат қойыңыз!». Шешесі айтты: «Қолыңды жай, балам, Қара Қарыс батырдың баласы, қабырғаңда қаяу жоқ, омыртқаңда буын жоқ, Ханшентей деген батыр бол! Атса мылтық өтпесін, шапса қылыш шаппасын, жортқанда жолың болсын, жолдасың Қыдыр болсын, ғалайассалам пайғамбар болсын! Әзірет Әлі пайғамбар қуатын берсін!» – деп кемпір баласына бір қара дәрі деген дәрі берді: «Өзіңе жаман болса, осы дәрі жаныңа жақсы болар»,– деді. Амандасып, бала жөнеліп кетті. Бір заманда келе жатыр еді, алдынан бір алып шығады. Бала айтады: «Ассалаумағалайкум, ақ шұбар атың астыңда, Ақ Кірпіш батыр, амансыз ғой?». «Уағалайкумассалам! Қарыс Қара батырдың баласы қабырғаңда қаяу жоқ, омыртқаңда буын жоқ Ханшентей батыр атыңды қатын қойған, өзіңіз-дағы амансыз ба? Бәрекелді, өзің сен жарайсың, астыңдағы атың жарамайды, атың өзіңе дұшпан екен, оңдылығы жоқ екен, сенің атыңның. Е, Ханшентей батыр, қайда барасың?». Ханшентей айтты: «Қайда барайын! Айнаханның қызын алайын деп, іздеп барамын. Ақ Кірпіш айтты: «Ойбай, сен түгіл мен дағы іздеп барып маңдайым тасқа тиіп, табаным жерге тиіп, ала алмай қайттым. Сен қандай кісісің, барам дейсің? Сен қайт, ала алмассың». Ханшентей айтты: «Е, Кірпіш батыр, үйден еркек боп шығып едім, ұрғашы боп қайтып қайтамын? Енді не де болса барамын». Ақ Кірпіш айтты: «Барсаң, есен бол, атыңа сенбегейсің!». Ханшентей айтты: «Менің атым жамандық қылмас маған, сен дағы аман бол!» – деп жүре берді. Сол жүргеннен жүріп, бір заманда күндер болды, алдынан тағы да бір алып шығады. Ханшентей айтты: «Ассалаумағалайкум, майысқақ жирен атың бар астыңда, солқылдақ қызыл найзаң бар қолыңда, Ерке Сары алып батыр, амансыз ғой? «Уағалайкумассалам, Қарыс Қара батырдың баласы, қабырғаңда қалың жоқ, омыртқанда буын жоқ, атыңды қатын қойған, Ханшентей батыр өзің дағы амансыз ғой? Е, бәрекелді, өзің жарасаң да атың жарамсыз екен ғой». Ханшентей сұрады: «Менің атымның несі бар?» Ерке Сары айтты: «Атың сенің бір жерде дұшпандық қылар». Ханшентей айтты: «Атым менің жаман болмас», – деп амандасып жөнелді. Тағы бір қауым күн болғанда тағы да алдынан бір адам жолығады. «Ассалаумағалайкум, қара құла атың астында, қара шашың басыңда, ақ ашамайдың үстінде, жас Бала батыр амансыз ба?» «Уағалайкумассалам, Қарыс Қара батырдың баласы, қабырғаңда қаяу жоқ, омыртқаңда буын жоқ, атыңды қатын қойған Ханшентей батыр, амансыз ба?». Тағы жөнелді. Бұл бала айтты: «Мен де бірге барамын, қатыныңды алсаң, көремін, қылсаң, ерлігінді көремін. «Ханшентей батыр» деп алыстан естуші едім. Екеуі бірге жүрді. Жас бала айтты: «Е, Ханшентей, өзің кішкенесің, сенің не қайратың бар, мұны бір байқайыншы», – деді. Ханшентей бұл баланы қолтығынан көтеріп алады, алдына мінгізеді, қайтып атына мінгізеді. Онан соң айтты: «Е, жас жігіт, сіздің де күшіңіз болар, біз байқайықшы». Жас бала батыр Ханшентейды қолтығынан жалғыз шынашағымен көтеріп алып, қайтып атына мінгізді. Ханшентей ойлайды: «Бұ баланың күші менен үлкен екен, барып сол қызды алсам-дағы, бұл бала менен тартып алар», – деп қорқады, үйіне қайтпақшы болады. Бала айтты: «Е, Ханшентей, үйге құр қайтып барамыз. Бір асық бойлы Алтынсары деген бар еді, соның үш сұлу қарындасы бар еді, соны алайын деп едім, менің күшім жетпеді, екеуміз барып күшіміз жетсе, алсақ қайтеді? Күшіміз жетпесе ұрдырып, жаралы қайтсақ қайтеді?».
Ханшентей айтты: «Жарайды, барайық!» – деді.
Екеуі іздеп келіп, соғыс қылды жеті күн, жеті түн, дөн жерде ой қалды, тұман қалды. Алтынсары алыпты өлтірді, үш сұлу қарындасын балаға алып берді, сол елге баланы хан қылды. Сонан соң Ханшентей Айнаханның қызын іздеп кетті. Бір замандар болғанда бағанағы қырық күншілік жанып тұрған отқа келді, оттан жүре алмады беті күйіп. Енді Ханшентей уайым қылды, сол жерде атын байлап, ұйықтады. Жирен ат айтады: «Е, Ханшентей түрегел, уайым қылма, мен сендік болдым. Менің байым саған бергенде, «қашып кел» деп еді, мен сені тастап кетпедім. Менің ерімді ал, аунайын, жүгенімді ал, қунайын», – деді. Ханшентей ерін, жүгенін алды, ат аунады, түрегелді, елден шыққан жаңа қалпына түсті. «Маған екі жағыма екі қапшық тас арт, мен ойдан ойға шауып, қырдан қырға шауып, қызармын. Сонда маған мініп, қызыл отқа түс. Сол оттан мен жүрермін, жүргенде менің үстімде саған салқын жел болар. Онан алып шығармын сені». Ханшентей сол атқа тағы мінді, қырық күншілік от жолына түсті, бірнеше уақыттан соң шықты оттан. Шыққанда аттың төрт аяғы күйіп түсті. Ат айтты: «Е, Ханшентей, енді мен өлемін аман бал». Сол жерде ат өлді. Басында отырып Ханшентей үш күн жылады. Ас ішпей жатса, ұйықтап қалыпты. Түсінде шешесі келіп: «Ханшентей, неге жылайсың? Мен берген қотырдың қара дәрісі қайда?» Ханшентей шошып оянады, қара дәрі есіне түсті, қара дәрісін алды. «Бісміллә, рахыман рахым! – деп, – менің қолым емес шешемнің қолы», – деп дәріні атқа жақты, ат дүр-дүр сілкініп, ұшып түрегелді. Ханшентей қуанғаннан үйден шыққан қалпына түсті. Бір күндерде алдынан бір қауым қара көрінді, жирен ат айтады: «Осы көрінген қара Айнаханның елдерінің жандары шығар. Біз бұл қалыбымызбен бармалық, біздерден қорқар, ақырын ептеп жүріп, алайық қызын. Мен түрімді өзгертіп, жаман күрең тай болайын, сен түрленіп, бір таз бол». Екеуі де түрленеді, сол күрең тайға мініп, тазша бала болып, бағанағы қарайған шаңға келді. Сонда келіп, бір адам атан жайып жатыр, алпысы да басы ала. Бала келді, амандасты. Ол кісі айтты: «Не қылған баласың?», Бала айтты: «Елімнен адасып жүргенмін». Ол кісі айтты: «Адасып жүрсең, біздің ауылға бар». Бала айтты: «Қарыным ашып келеді, маған бір ас беріңіз». Ол кісі айтты: «Асым менің жоқ». Бала айтты: «Мына түйенің бірін бер, мен сойып жейін». Бір түйені берді, бала көтеріп жығып, бауыздап сойып, от жағып, отқа пісіріп жеді. Бір түйені бір-ақ жеп қойды. Ол кісі айтты: «Тойдың ба?» Бала айтты: «Бір түйенің несіне тояйын?» Ол кісі айтты: «Тоймасаң тағы да екінші түйені же!» Оны да бала жеді. «Енді тойдың ба? Бала айтты: «Құрсағым азғана тәуір болды, әбден тойғаным жоқ». Ол кісі айтты: «Осы түйе менің өз түйем емес, ұят болар». Бала айтады: «Бұл – кімнің түйесі?». Сол кісі айтады: «Біздің елімізде Айнахан деген ханымыз бар, соның жалғыз қызы бар еді, сол қызды күйеуге берген, соның бүгін тойы бар, сол тойдан барып ет жерсің». Тазша сұрады: «Қызын кімге береді?» – деді. Ол кісі айтты: «Ешкімге берген жоқ. Шақырақай, Қақтырқай, Шарқай деген үш алып бар еді, сол зорлық қылып қорқытып, қызын алғалы жатыр», – деді. Бала асығып жүрді, тойға келді. Тойға келсе, кермеде үш арғымақ байлаулы тұрады, сол үш арғымақтың қасына келіп аттан түседі, жаман күрең тайын үш арғымақтың қасына байлады. Бір-ақ, үйге өзі енеді. Сол үйде құда, күйеу отырады. Сол тазша жаман қылышын құда мен күйеудің қылыштарының арасына іледі. Өзі шығып кетті. Тойға келді, жаман ас берсе, ішпеді, жақсы асқа тоймады, қолынан берген асқа разы болмады, бергендерін қолынан жеді, бермегендерін тартып жеді, сол тойға сойған етті тартып тауысады. Бір кісі барып ханға айтты: «Бір тазша келіп, етімізді тартып жеп тауысты, сол тазшаны қайтеміз?». Хан айтты: «Ешкімге жаман сөз айтпа, менің малым көп, сойып бере бер». Сонан соң тазша бұрынғысынан жаман болды, тағы да етін жеп, кеселерін ұра бастады. Бағанағы жаман күрең тайы құда менен күйеудің арғымағын тепкілеп, тістеп шыдатпады. Баланың жаман қылышы құда мен күйеудің қылышын түрткілеп шыдатпады. Құда мен күйеу айтты: «Тазша тайын алсын, қылышын алсын!». Айтқан кісінің сөзін тазша есітпеді. Күйеу мен құдаға ашу келді, айтты: «Хан қалай жаман екен, жаман кісілері тоймайды, бізге оңды ас бермейді, тазша тартып жейді». Хан айтты кісілерге: «Бар, күйеу мен құдаға үш ту бие сой, үш саба қымыз әпер!». Үш ту биені сояды, жақсы қылып пісіреді, үш астауға салып алып жүреді. Тазша: «Құда мен күйеудің асын мен де жеймін!» – деп, бірге ере барады. Үйге еніп келе жатқанда тазша басын қасып, астаудағы етін бір асайды. Құда мен күйеу ашуланды: «Етті арамдадың, ей, тазша, мында кел. Мына арамдаған етіңді жеп тауыс. Тауыса алмасаң, басыңды алармыз», – деді. Тазша жүгіріп келді, үш астау етті үш-ақ асады, астауын төңкеріп тастап шығып кетті. Бағанағы Айнаханның қызы отыр екен, оның қасында бір қыз отыр екен. Сыншының Сарықыз деген қызы екен. Тазша шығып кеткеннен соң бұл қыз: «Апыр-ай, жігіт екен!», – деді. Айнаханның қызы сұрады: «Сен, кімді жігіт деп айттың?». «Әшейін деймін». Айнаханның қызы айтты: «Жоқ, нанбаймын сөзіңе, сен бір нәрсе білесің». Қыз айтты: «Айтайын саған, сен ешкімге айтпа. Сені мына отырған Қақтырақай алмайды, мына жүрген тазша алады». Ол айтты: «Бұл жаман тазша қайтып алады?» Қыз айтты: «Бұл жаман емес. Ертең Айнахан саған кісі жіберер, сенен сұрар: «Қызым бұл күйеуге, бұл тойға разы ма, наразы ма?» Сонда сен айт: «Күйеуге разы емен, тойға да, разы емен де». Атаң: «Неге?» – деп сұрар. Сонда сен айт: «Мені не балуан күрестіріп, жыққанға бермедің, не ат жарыстырып, аты озғанға бермедің». Сонда атаң айтар: «Балуан күрестіріп, жыққаның ал, ат жарыстырып, озғаның ал». Атаң ойлар: «Баяғы күйеуін жығатұғын кім бар? Өзі жығар, өзі алар. Сонда оны осы тазша бала жығар. Ат жарыстырса, осы тазшаның күрең тайы келер, сонан сені ол тазша алар. Сен мен айтты деп ешкімге айтпа». Ертесіне қыздың атасы қызынан сұрады: «Қылған той, бергендеріне разы ма, наразы ма?» Қыз айтты: «Разы емеспін, наразымын, неге балуан күрестіріп, жыққанға бермедің, жарыстырып, аты озғанға неге бермедің? Қорыққаныңнан біреуге бердің». Айнахан айтты: «Олай болса, балуан тұрғызыңыз, қызымды қай жыққанына беремін, ат жарыстырыңыз кімнің аты озып келгенге беремін», – деді. Құда мен күйеу айтты: «Жақсы, ат жарыстырамыз. Біздің атымыздан кімнің аты озады, қызық ойын болсын!». Хан қызын беремін деген соң, жұрттың бәрі де ат жарыстырмақшы болды, жеті мың ат жиылды. Сонда тазша күрең тайын қосқалы жүреді, мінгізейін десе бала табылмайды, сасып жүреді, өзі мініп кетейін десе, мына Айнаханның қызын алып кетер деп қорқады. Сөйтіп жүргенде бір қатын келді, бір жеті жасар баласы бар, бұл қатын айтты: «Е, тазша бері кел. Сенің келгеніңді мен білемін, сенің атыңа шапса менің балам шабар, өзге кісі шаба алмас. Мен сіздің елдің қызы едім. Айнаханның елі мені алып келген еді, мынау – сендерден шыққан жұрағат». Ханшентей айтты: «Е, балам, қане менің атыма шаба алатындығыңды білейін, қамшымды көтерші», – деді. Қамшысы тоқсан өгіздің терісінен өрген екен. Бала қамшыны көтеріп алып, жерге салып қалады, қамшы екіге үзіліп кетеді. «Е, бала, менің атыма шабуға жарайды екенсің», – деп баланы атқа мінгізіп жібереді. Жеті мың атты жеті айшылық жерге айдап жібереді. Сонан соң ат қосқан көп жамағаттар тосып отырады. Тазша мұнда енді жеті қабат жібектен арқан еседі, күмістен діңгек орнатады. Халық оған күледі: «Бұл тазша құтырған ба?» Тазша оны ойына алмайды. Сол жіберген жеті мың аттың жеті күн дегенде шаңы көрінеді. Жұрт «аттар келеді»- деп қарасады, жеті күннің бір күні қалғанда бір қара көрінеді, сол қара жақындап келеді. Күйеу мен құда айтты: «Біздің атымыз – сол», – деді. Тазша қуанып, елдің шетіне жүгіреді, өзі-өзінен қуанып, қол шапалақтап жүреді. Ат бір күндерде жетіп келеді, бұрынғы үйінен шыққан жақсы ат қалыбына түсіп келеді. Әркім қосқан атын таниды, бұл жирен атты ешкім танымайды, тазша шетте тұрып айғайлайды. Сол жирен ат тазшаға қарай шауып келеді. Аттың басын бала тартып тоқтата алмайды. Бала тұсына келді, жібек арқанды балаға тастай береді. Бала аттың сулығынан іліп алып, қайта тастайды. Тазша табанын тасқа қоя тартады, тасты жұлып кетеді, табанын тауға қоя тартады, тауды жұлып кетеді, тауға біткен бір сексеуілге табанын қоя тартқан екен, жеті қабат жібек арқанның алты қабаты үзілді, бір қабаты қалғанда азар-азар тоқтады. Тазша атын алып келіп, күміс діңгекке байлады. Құда мен күйеу енді қорықты: «Аты озған, күрессек, енді өзі жығар. Біздің үйіміздегі Сасыққара алыпты алып келіңіз. Он кісі барыңыз. Он арба көмір апарып төгіңіз. Он кісі көрік басып қыздырып оятыңыз. Жеті күн, жеті түн ұйықтайды екен. Он арбаға салып, алып келіңіз». Он кісі барып, сол алыпты алып келді. «Е, тазша, мынаны жық, жыға алмасаң басыңды аламын», – деді. Тазша келіп, сол Сасыққара батырмен күреседі, екеуі жеті күн, жеті түн алысады, дөң жерді ой қылды, ой жерді дөң қылды. Екеуі бір-бірін жыға алмады. «Демалайық!» – деп сөйлеседі. Байлаулы тұрған жирен ат шылбырын үзіп, тазшаға жетіп келді: «Сен, тазша, неғып отырсың? Сен жіңішке болсаң да, күшің- қалың, анау-жуан. Жуан болса да, күші аз. Сен екі қолтығыңа екі тас қыстырып ала күрес, сол тастың салмағымен қызарсың. Сонан соң Сасыққараны жығарсың», – дейді. Тазша тұра салып, бір үлкен үйдей екі тасты екі қолтығына тыға күреседі. Сол Сасыққара алыпты алып соқты. Жығып, кеудесіне мініп алды. Құда мен күйеу алыптың жығылғанын көріп, тазшадан қорқып кетіпті. Тазшаны шақырып, хан үйіне алып кетті. Халық айтады: «Бәрекелді, берсең қызыңды, хан, осыған бер! Бек жақсы кісі екен». Хан соған қызын бермекші болды, халқын жиып, үш күндей той қылды. Жұртын жиып болғаннан соң, хан сұрады: «Осы күйеудің кім екенін білемісің?» Хан күйеудің өзінен сұрауға ұялады, жұртын жиып сұрайды. Сонда бір кісі де білмейді. Сыншының Сарықызы айтады: «Білсем, мен айтайын кім екенін, білмесем, мені сөкпессіңдер!» Хан бұл қызды шақырды. Сыншының Сарықызы келіп айтты: «Апырмай, бұл кім болды, жер астында Қаратүн деген, ол емес. Қара құла ат астында, қара шашы басында Жас батыр десем, ол емес. Майысқақ жирен ат астында, солқылдақ қызыл найза қолында Ерке Сары алып десем, ол емес, Асық бойлы Алтын Сары десем, ол емес. Ақ шұбар ат астында Кірпіш батыр десем, ол емес. Кұнан Қара Бағыс десем, аты ұқсаса да, садағы, ері ұқсамайды. Қарысқара батыр деген батырдын баласы, қабырғасында қаяу жоқ, омыртқасында буын жоқ, Ханшентей батыр болмаса, ол болса, ол түрленіп келген шығар. Сол Ханшентей болсаң, түрлен!» – дейді. Тазша сілкінді, бір көк кептер болып ұшты. Қыз тағы да: «Тағы да түрлен, батыр!» Тазша тағы сілкінді, көк қаршыға болып ұшты. Қыз айтты: «Е, батыр, тағы түрлен, өз қалыбыңа түс!». Тағы да сілкінген екен, он бесінде туған айдай болып, Ханшентей қалыбына түседі. Оның көркіне жұрт есінен жаңылып, талып қалады. Қыз тұра салып, торғын орамалын суға малып, талып қалған кісілердің бетіне суды себеді. Кісілер есін жиып алды. Айнаханның қызы айтты: «Е, атам, берсең, осындай ерге бер! Берген еріңе болайын! Қылған тойыңа болайын!» Сонан соң хан қуанды, той қылды, қызына алпыс ала бас атан бермекші болды, қырық қыз, қырық жігіт берді, жөнелтпекші болды. Жирен ат айтады: «Мен бұрынғыдай сені алып өте алман, атаңның үш алтын кілемі бар, соны сұра, сол кілемді жайып өтерсің». Ханшентей кілемді сұрайды, бірін берсе де, екіншісін бермейді. Ханшентей айтты: «Үшеуін бермесең, еліме бара алмаймын. Қызыңның да маған керегі жоқ, мен бұл жерде жүре алман». Сонан хан үш кілемін бермек болды. Кілемді бергеннен соң, алпыс атанға артып бермек болды. Амандасып, жөнелтеді, бір күнде дарияға келіп жетеді. Шақырақай, Шарқай, Қақтырақай үш алып: «Айнахан қызын бізге бермейді», – деп халқын жиып жатыр екен, Ханшентей кеткеннен соң, Айнаханның елін шауып алып кетеді. Айнахан бір уәзірін Ханшентейға жібереді: «Келе көрсін, елімді шауып кетті», – дейді. Ол кісі Ханшентейға барды. Ханшентей үш алыптың елін іздеп барып, жеті күн, жеті түн алысады, жесір-жебір қылып шабысады, шауып алып келді. Айнаханның елін бұрынғы орнына қайтарды. Шаңырақай, Шарқай, Қақтырақай үш алыптың елін бұрынғы жирен атқа шапқан балаға берді, бұл бала олардың еліне хан болып тұрды. Балаға айтты: «Тағы да не керек саған?» Бала айтты: «Маған көп нәрсе керегі жоқ. Сыншының Сарықызын алып берсеңіз, жақсы болар еді». Сыншының Сарықызының көңілі балада болады екен, баланың көңілі қызда екен. Ханшентей балаға Сыншының Сарықызын алып берді, амандасып, есендесіп қайтып кетті. Бір күндерде қатынына келіп жетті. Сол қырық күншілік от дариясына кілемнің бірін көпір қылып өтті. Онан соң, қырық күншілік от шөлге келді. Оған екінші кілемді көпір қылып өтті. Үшінші кілемді құм дариясынан жайып өтеді. Бұл құм дарияның арғы жағында Ақкірпіш батыр, Ерке сары алып батыр, Жас бала батыр тосып жатады. «Ханшентейдың қылған ерлігін есіттік. Енді алған қатынын көрейік», – деп жатады. Ханшентей келіп амандасып-есендесіп, көріседі. Сонан соң, еліне қарап жүріседі. Ханшентей кісілеріне айтты: «Мен озып кетейін, сен үшеуің алып келіңдер. Менің дөңгелек сызған жеріме қон», – дейді. «Ұзын сызған жерімнен жүріңдер. Аман-есендіктеріңді білемін», – дейді. Оларды тастап, Ханшентей озып кетті. Озып кеткеннен соң, түнеу күнгі Сыншының Сарықызының айтқан жер астындағы Қаратүн деген алыптың «Айнаханның қызын алсам» деген ойында бар екен. Ол бұрын Айнаханнан қорқып жүрген екен. Ханшентей алып жүргенде, артынан бірге қуып келе жатыр екен. Ханшентей кеткеннен соң, жердің жүзіне шығып Ханшентейдың қатынын алпыс ала бас атан, қырық қыз, қырық жігіт дүние-мүлкін, малын – бәрін асап-жалмап, жердің астына түсіп кетті. Бағанағы үш алып жердің тесігіне бірге түсейін деп еді, аяғын тықса, аяғы жермен кесіліп шолақ болып қалды. Қолын тығып еді, қолы шолақ болып қалды. Аяқ-қолынан айрылып, сол жерде отырып қалды. Ханшентей бір күндерде келе жатып ұйықтағанда, бір жаман түс көрді. Оянып тұрып қайта жүрді, сол артына бір нәрсе болар ма деп. Қайтып келсе ол араға, бәрі де жоқ екен. Үш алып отырады екен. «Бұл не болды?» – деп сұрайды. Үш алып айтады: «Бір жалмауыз келді де, жалмап кетті». Ханшентей жылайды-жылайды. Атын сол арада мықтап байлайды арқандап. Бір арқанды өзінің беліне байлайды. Айтады: «Мен жердің тесігіне түсемін. Сіз арқанның бір жағын ұстап алыңыз, қашан осы арқанның ұшын қимылдатқандай болсам, тарт», – дейді. Ханшентей жердің астына түсті. Жердің астында осындай бір дүние бар екен. Сол жерде арқанын тастап, күннің батысына қарап кетті. Бір күндерде күн болғанда, бір көп затқа, малға келді. Малдың ортасында келе жатса, бір таудай үй тұрады. Үйдің ішіне кіріп келді. Сол- жеті басты жалмауыздың үйі екен. Ішінде өзі жатыр екен. Жеті күн, жеті түн ұйықтайды екен. Сол түні ұйықтаған екен. Ханшентейдың қатыны қасында жылап отыр екен. Ханшентей қатынымен амандасып-есендесіп, бір-біріне сәлем берді. Қатыны айтты: «Е, ерім, өлерсің», – деді. Ханшентей айтты: «Оны өлтірмесем, сені апара алмаймын, өлтірмей апарсам, бізді тағы қуар, өлсем өлейін, бір алысармын». Қатыны айтты: «Сенің күшің жетпес», – деді. Ханшентей қылышын суырып алды. Жалмауыздың басын бір шабады. Жалмауыз түрегелді. Екеуі сол жерде алысады. Үйдің ішін ойранботқа қылады. Жеті күн, жеті түн алысады. «Демімізді алысайық», – деп уәде қылысады. Ханшентей қорықты, «күшім жетпес, ол мені өлтірер» деп. Сол уақытта бір ақсақалды адам жетіп келді. Жеті басты жалмауызға ұрсады: «Е, жалмауыз, бұл дүниені бұнда жалмап біттің, сенің екінші дүниеде не қақың бар? Сенің жылатқан жандарыңның көзінің жасы, қаны көл-дария», – деп таяқпенен салып қалды. Жеті басы талқан болды. Сол адам Қыдыр екен. Шешесінің батасымен қыдырып келген екен, жеті басты жалмауыздың басын алған екен. Ханшентей тұрды, жалмауыздың ішін жарды, жалмаған жанның бәрі ішінде тірі жүрген. «Ой, тәңірі, көзіңді ашсын!» – деп шулап шығып жатыр. Сол арадан бәрін де алып жүрді. Малын, жанын бағанағы тесікке айдап келді. Арқанды бір-екі қимылдатады. Ол үшеуі тартып алады малын, жанын, қатынын мұны, шығара алмайды бұл дүниеге. Ханшентей жердің астында қалды. Ханшентей жылап-жылап айтты: «Сендерді көріп, бөтен дүниеде жүргенше, көрмей адасып өлейін», – деді жылап. Екі етегін беліне тартып алып кетті Ханшентей. Бір күндерде келе жатыр еді, алдында бір бәйтерек тұрады. Бәйтеректің қасына келіп жатады. Жатса ұйықтап қалады. Ұйықтап жатса, бір қатты дауыс шығады. Сол дауыстан оянады. Оянса, сол дауыс бәйтеректің басынан шығады. Бәйтерекке қараса, бір ұя бар екен. Ұяда үш балапан бар екен. Дауыстап жылаған – сол екен. Бір айдаһар асағалы терекке шығып бара жатады. Сол жыланнан қорқып, балапан жылаған екен. Ханшентей: «осы балапанды асағалы бара жатқан ғой»- деп, менің қатынымды жалмаған жалмауыз сықылды, бұл жыланды мен өлтірейін»- деп қылышын суырып алды. Қылышынан шабылып айдаһар екі үзіліп жатып қалды. Сол жерден тағы да жөнелді. Үш балапан шақырады. «Неткен жан едің, бермен келші», – дейді. Қайтып келіп, сәлем берді. «Не қылған адамсың?» – деді. Ханшентей бәрін де айтты. Қатынын жалмап кеткенін де айтты. Жалмауызды өлтіргенін де айтты. Жердің тесігінен шыға алмай қалғанын да айтты. Онан соң бәрін тастап, өзі кетіп бара жатқанын да айтты. Балапан айтты: «Біздің анамыз алып қара құс деген құс еді. Онан үлкен жан жоқ еді. Біздің анамыз екі дүниеге бірдей ұшушы еді. Жасынан жылында үш бала табады екен. Үшеуін де жылда осы айдаһар асап кетеді екен. Жерге, інге еніп кетеді екен. Ең соңғы тапқан үш баласы біз екенбіз. Бізден соң бала таппайды екен. Біздің жанымызды сен алып қалдың. Қартаймаса, менің шешем алып қара құс тілеген жеріңе шығарар. Бізге көп жақсылық қылдың. Ханшентей айтты: «Шешең қайда кеткен? Балапан айтты: «Шешеміз бізге тамақ әкелгелі кеткен. Шешеміз келгенше, бізге, ағаштың басына келіп жата тұр». Ханшентейды ағаштың басына шығарып алып қанатының астына жауып жатты. «Көрсе, шешем асап қояды сені», – деді. Бір күндерде шешесі жылап келеді. «Баламды тағы да жылан асап қойды ма» деп келіп, бәйтеректің басына қонады. Бәйтерек майысып, жерге үш тиіп, үш түзеледі. Балапан айтты: «Е, шеше, жақсылыққа жақсылық бар ма, жамандыққа жамандық бар ма?» Шешесінен үш сұрайды. Шешесі айтады: «Жақсылыққа жақсылық бар дейді, жамандыққа жамандық бар», – дейді. Балапан айтты: «Жақсылыққа жақсылық болса, бізге жақсылық қылған – мынау», – деді. Шешесі айтты, Ханшентейға: «Маған сен көп жақсылық қылдың, қартаймасам, сені жер жүзіне шығарар едім. Маған осы үш баланы сен бердің. Сенің хақыңды бұл дүниеде өтей алман. Сен маған құлан менен бұланнан алпыс айғыр алып кел. Мені жемде. Сонымен мен сені алып ұшып көрейін. Ханшентей мылтығын мойнына салып, ертеменен жүгіріп кетті. Құлан мен бұланның алпыс айғырын алып келді. Қарақұс соның отызын жеді, отызын артып, Ханшентейды мінгізіп алып жүрді. Бағанағы қатынын тастаған жерге келді. Үстіне сол малын, жанын артады. Бәрін де артып алып, ұшады көкке қарап. «Былай қарағанымда, бір айғырдың етін сал аузыма, былай қарағанымда, екі айғырдың етін сал аузыма», – дейді. Ханшентей айтқанын қылды, былай қарағанда бір айғырдың етін аузына салды, былай қарағанда екі айғырдың етін аузына салды. Алып ұшып жүргенде, бір күншілік қалғанда, айғырдың еті таусылады. Ханшентей сасқанынан қоң етін кесіп алып, аузына тастай береді, адам етінің күшіменен Қара құс жер жүзіне жетіп келді. Алып келсе, бұрынғы тастап кеткен үш алып боғын жеп, сідігін ішіп киімінің жамауын пісіріп, етігінің қонышын пісіріп жеген екен. Сол күнде жамбасы таусылған екен, сол күнде келмесе үшеуі де өледі екен. Қарақұс айтты: «Бұл не қылған адам?» – деді. Ханшентей айтты: «Бұл үш кісі – менің жолдасым», – деді. Қара құс айтты: «Жақсылыққа жақсылық», – деп, үшеуін үш асап, үш тастады, үшеуі үйден шыққан қалыбына түседі. Қара құс айтты: «Е, Ханшентей, баяғы маған адам етін бердің, бұл – өзіңнің қоң етің болған, ал», – деп, етін қайтып құсып тастайды. «Бұл етті қоңыңа жапсыр», – дейді. Ханшентей жапсырды. Бұрынғы қалыбына түсті. Қара құс: «Енді қош, есен бол», – деп қайтып кетті. Ханшентей енді бәрін де үйіне алып барады. Бір күндер болғанда бала батыр жеріне келді. Жас бала батыр айтты: «Үйірін сағынбас ат болмас, елін сағынбас ер болмас, Ханшентей мырза ойнап-күліп жүрдік, еліме барамын, есен бол», – деді. Еліне келсе, елі жоқ еді. Бір жау елін шауып кетіпті. Ханшентейға жылап келді. Ханшентей барып Жас бала батырға бір елді шауып келді. Тағы да Ханшентей жөнелді. Бір заманда күндер болғанда Ерке сары алып батырдың жеріне жетті. Ол да елінде қалайын десе, елі жоқ екен. Әлдеқашан бір жау шауып кеткен екен. Ханшентей тағы барып, бір елді шауып берді. Тағы да бір заманда, күндер болғанда, Ақ Кірпіш батырдың жеріне жетті, оның елін тағы да бір жау алып кеткен екен, оған Ханшентей тағы да бір ел шауып әкелді. Сонан бір күндер болғанда үш Қара Бағыстың жеріне келді. Сол үш ағасы, шешесі, жұрт жиып отыз күн ойын қылды, қырық күн тойын қылды. Сонан соң шешесі айтты: «Енді біз разымыз. Сен де разы бол, көптен көп жүрдің, жақсылық пен жамандықты білдің, енді өз әкеңді, шешеңді іздеп тап». Сол малын, мүкаммалын қара құладан қанжармен қақ жарып бөліп, жартысын үш баласына, жартысын Ханшентейға берді. Амандасып, «құдай алдында табысалық» деп жыласып, айрылысып кетіпті Ханшентей. Сонан жүріп, бір заманда күндер болғанда, өз елін іздеп тауыпты. Әке-шешесін іздеп таба алмады. Елден сұраса, біреу айтады; «Пәлен ауылда тіленші болып жүр». Ол ауылға келсе, «тағы да бір ауылға кетті» деп айтады. Іздеп-іздеп жүріп, елдің бір шетінен тапты. Келіп тапса, әкесі мүлде қартайып кеткен, үстінде киім жоқ, бетінде өң жоқ, «балаң келді» деп айтса да білмейді, есі жоқ, біреу қатты айтқан екен, сонда кішкене есіне түсіріп білді. «Мынау – сенің балаң», – деп көрсеткен екен, сол жерде баласын көргеннен соң, әкесі қуанғаннан жиырма бестегі жасына келді, шешесі он бестегі жасына келді. Ханшентей сол жерде патша болып, елі-жұртын билеп, жүз толғанша отырды, алмаған жау болмады, бармаған жер болмады. Сөйтіп дәурен сүріп, бір күнде дүниеден өтеді дейді.
29. Ағайынды екі жігіт
Бір байдың екі баласы болыпты. Олар жетім қалыпты. Сонда екі бала жан болмаған соң: «Аң аулайық! – дейді. «Елік аулап күнімізді көрейік», дейді. Сонда екеуі бірлесіп жүріп келе жатқанда, төрт-бес күн жүргенде азықтары таусылып, екеуінің қарны ашады. Не істерін білмей, жапандағы бір бұлақтың қасына кеп, суды ішіп-ішіп, ұйықтап қалады. Үлкенінің түсіне бір ақсақалды адам кіреді. Сонда үлкеніне айтқан: «Сенің ініңнен саған опа келмейді. Оған өте жақын жүрме. Біраз жерге барғанда бұдан айрыл. Бір жерге барғанда жол екі айырылады, жолдың оң жақ айрылымына сен түс, сол жағына ініңді жібер. Оң қол жағына барғанда, талықсып ұйықтайсың. Жолдың үстіне жатпай, оң жағына шығып ұйықта. Сол ұйықтағаныңнан ертең ерте көзіңді ашып ала сап, оң жағына қарасаң, бір оттың орнындай жерден бу шығып жатар. Сол жерді ашсаң, ат басындай алтын жатар. Соны ала сап, тезірек еліңе қайт», – дейді. Сонымен бала ақсақалдың тіліне еріп, айтқанын істеп, еліне қайтып барып, тұрмыстанып кетеді. Ал, інісі сол жолмен жүріп отырып, бір қайқаймаға шығады. Жотаның үстіне шығып, жан-жағына қарап отырды. Қарап отырып, бір ортан судың бойынан алты қанат ақ орда көреді. «Ал, енді қарным ашып кетті, кім болса да соған барайын», – деп барып ордаға кіреді. Үйде жан адам жоқ, бір қазан ет қайнап жатыр. Еттен «кісі асына сабыр» деп, аздап қана алып жейді. Сонан кейін бұрыштағы бір жаман бөстектің ішіне кіріп, бұғынып отырады. Сонда шаңырақтан ұшып екі кептер келеді. Ал, екі кептер от басына түскенде біреуі айдай, біреуі күндей қыз боп түседі. Бала қарап, сығалап көріп отырады. Сонда кіші қыз қу екен, жан-жағына қарап: «Ойпырмай, біздің үйден кісі киіктің иісі шығады ғой!» – дейді. Әпкесі:
– Әй, қойшы, қайдағы кісі мұнда келеді? Құлазыған таудың басына кісі келуші ме еді? – деп, екеуі еттен алып жей береді.
Сөйтіп жеп отырғанда, тағы екі көкек қолында таяғы бар екі шал болып түседі.
– Ой, балалар, кісі киіктің иісі бар осында, адамзаттың баласы бар осы жерде қараңдар, қараңдар! – деп болмайды бір шал.
Тегі қоймастай болғаннан кейін, шалдың сөзінен қорқып, бала орнынан тұрып, артыменен далаға сырғи береді. Сонда шал баланы: «Аса таяқпенен ұрып өлтірем», – дейді.
– Баба, маған аз уақыт берсеңіз, арызымды айтсам, сонан кейін рұқсат, өлтірсеңіз, – дейді бала. – Ағайынды екеу едік. Әке-шешемді біреулер өлтіріп еді, өзім бір жетіммін. Аштан өлетұғын болған соң, тау-тасты қаңғырып жүріп, ағайынды екеуміз шығып едік. Ал, енді жанымды қисаңыз, енді келмейін, – дейді де бала жылайды.
– Ал, ондай болса бара бер, – деп шал баланың жауырынынан сипап, қоя береді.
Сондағы көрген үйі-дию-перінің үйі екен. Одан жүріп отырып, бала құлазыған тау басына кетті. Қаңғып келе жатып, бір мылтық тауып алады. Еліктің терісінен күрке тігіп алып, еліктің етін бұрқылдатып отырса, көздің ұшында жылтылдаған от шығады. Етті «жейін»- деп табаққа түсіріп жатқанда келіп, қолын жеңінен шығармай, бір сұлу келіншек:
– Әрине! – деп үйге кіреді.
– Ей, сен, мұнда қайдан келдің? Мұнда адам баласы жоқ, – деп бала тік айтады.
Жауап жоқ.
– Әрине! – деп күледі.
– Әй, сен, неге келдің? – деп және айтады бала.
– Әрине, от алайын деп келдім! – дейді.
– От алайын деп келсең, ет же, – деп пышағының ұшымен ет береді. Қолын жеңінен шығармай ет алады.
– Өй, сен, неге қолыңды шығармайсың? Көрсет, қолыңды! – дейді бала.
– Әрине! – деп қолын шығармай, әлгі келіншек кішкене от ұстап кетеді.
Ол кеткеннен кейін бала бұтақ жинап, бала құсатып буады. Төсегіне адамша жатқызып, киімін жауып, отты өшіріп, өзі төсегінің жанына мылтығын алып тұрады. Бала ұйықтады-ау деген кезде келіншек «әрине» деп кіріп келіп, бұтақты бытырлатып, қиратып жатқанында жігіт қатынды тура маңдайдан атып өлтіреді. Оны өлтіріп далаға тастап қойып, ашып қараса, жиырма саусағы түгел жез тырнақ екен. Жиырма саусағын түгел кесіп алады.
«Лағнат, сені ит-құс жесін!» – деп тастап кетеді.
Жүріп отырып, бір жерге келсе, өңкей таудың елік-киіктерін бір адам бағып жүр екен.
– Ассалаумағалайкум, ата! – деп бала оған жақындаса, маңдайында жалғыз көзі бар адам екен.
– Өй, балам, құлазыған тау басында сен нағып жүрсің, мұнда қайдан келдің? – дейді Жалғызкөз.
– Ата, панасыз жан едім, ата-анам жоқ еді. Баласызға бала болайын, малшысы жоққа малшы болайын деп едім, – деп жылайды.
– Ондай болса, маған бала бол, менің балам жоқ, – дейді шал.
Сөйтіп, оны үйіне ертіп келеді. Малын тас қораға қамап қойды.
– Үйге жүр, тамақ ішеміз, – дейді. Үйіне кіріп, асулы тұрған етті жейді. Жатар уақытта шал:
– Ал, балам, сен ұйықтағаныңда менен қорықпа. Менің көзім қараңғыда от боп жанып кетеді үйдің ішін жарық қып, – дейді.
– Жарайды, ата, қорықпаймын. Енді далаға шығып келейінші, – деп далаға шықты.
Ет пісіріп жүрген істік темірін оттың астына тығып қояды. Біраздан соң шал ұйықтайды. Сонда шалдың көзі от боп жайнайды, бала ұйықтамай қарап жатады. «Ұйықтады-ау!» деген кезде бала шалдың керек-жарағын жинап, реттеп қойды да, баяғы шалдың көзіне істік темірді тығып алды. Шал тұрғанша, бала қашып кетті, қорадағы елік-киіктің арасына кіріп кетті.
– Жердің бетінде көзім жоқ болса да тірі қоймаймын! – деп шал ақырды.
Бала бір текені алып ұрып сойып, соның терісін киіп, мүйізін мүйіз, басын-бас қып киіп алады да, киікпен бірге шығып кетеді. Былай шыққаннан кейін «құдай құтқарса, құтылдым» деп еліне қайтып, бауырымен табысып, жақсы тұрмыстанып кеткен екен.
30.Қойшы батыр
Ертеде бір қойшы болыпты, көп өмірін қой жайып өткізіпті, сол өміріне дейін ат мініп көрмепті. Бір адаммен бел ұстасып күресіп көрмепті. Бір күні қорықтық пісіріп отырып ойға кетіпті. «Япыр-ау, осы мен қалаймын, жасымнан атқа бір мінбедім, күшімнің қандайын да білмедім, сын-сынақтан өтпедім». Сол мезетте көзі саптыаяқтың ернеуіне үймелеген шыбынға түседі. Үймелеген шыбынды пышақпен жасқап қалады. Өлген шыбынды санаса, қырық екен. Қойшы: «Жоқ, мен де керемет күшті адам екенмін», – деп ойлайды. Бір пышақпен қырық жанның басын алдым. Егер қолымда қылыш болса, нешеу өлмек? Көп ел маған: «батырмын» деп бөседі. Соларың менен батыр емес шығар-ау», – дейді. Көңіліне бір желік кіріп, қой бағуды тастап, батырлық өнерге кіріспекші болады. Бір күні байға келіп:
– Көп жылдар малшыңыз болып келдім, маған береріңіз болса, беріңіз, кетем! – дейді. Өзін жібергісі келмегеніне қарамай, ақыры байдан неше жылғы еңбек ақысы үшін жиырма еркек қой, бір ат алып, жолға шығады.
Ат мініп көрмеген ол, атын жетелеп, қойын айдап, бір қаланың шетіне келеді. Ол жерден темірші ұсталарды көреді. Қойшы оларға:
– Мына жиырма еркек қойды алып, келістіріп отырып асылдан бір қылыш соғып беріңдер! Қылыштың қынына «бір шапқанда, қырық жанның басын алған қылыш» деп жаз, – дейді.
Жиырма қойға бір емес, бірнеше қылыштың келетінін білетін ұсталар сөз қайырмай, мақұл болады. Қылышты дегеніндей ғып соғып береді. Қойшы қылышты асынып, атты жетелеп тағы да кетеді. Бір иенге келіп атын арқандап қойып ұйықтайды. Ұйқылы-ояу жатқан бір мезетінде жанында күбірлеп сөйлеп тұрған екі адамның дүбірі естіледі. Ақырын тыңдаса, бірі:
– Бір шапқанда қырық жанның басын алса, дүниеде бұған не шақ келмек, екеуміздің батыр болып жүргеніміз бекер екен, – дейді. Екінші бірі: «Оятып, жөн сұрайық, қайдан келеді екен, не қылған адам екен, білейік», – дейді.
– Жоқ, мұндай адамның ашуы қиын болады, өзі оянсын, жөнін сонан соң білерміз, – дейді анау.
Бұлар сөйтіп сөйлесіп, қозғалақтап тұрғанда біреуінің аяғы қойшының аяғына тиіп кетеді, қойшы қарғып тұрып:
– Бұл кім, мені басынып жүрген? – деп қылышын сермеп қалғанда, бірінің басы ұшып кетеді. Бірі атына міне қашады. Қойшы батыр қуып жетіп, тіл алайын десе, атқа мінетін дәрмені жоқ. Лажсыздан өзінің аты мен өлгеннің атын жетелеп, артынан ереді. Атты адам барған жерге жете алмай, түнде тағы иенге қонады.
Ымырт жабылып, қас қарайғанда алыстан бір оттың жарығы көрінеді. Бір тұрып: «Ел болу керек, барайын», – десе, бір тұрып: «Жете алмаймын ғой», – дейді. Сөйтіп отырғанда, от қозғалып жүрген тәрізденеді. Барған сайын жақындайды. «Не болса да, көрейін!» деп, оны тосады. Сөйтіп, шам көтерген адам дәл жанына келіп, шамын қойып, жер қаза бастайды. Топырақ бірталай биіктегенде әлгі адам төмен түсіп кетеді. Қойшы топырақты далдалап келіп қараса, құдықтан бір есік көрінеді. Тыңдаса, бір қыздың даусы шығады. Әлгі кірген адам оған:
– Сен мендік боласың ба, жоқ па? – дейді. Қыз:
– Өлсем де сендік болмаймын! – дейді.
Әлгі адам қызды шапалақпен екі тартып, бір шыны су, екі жапырақ қатқан нан береді де, қайта шығып, есікті жаба бастайды. Қойшы шегініп кетеді. Шам көтерген адам есікті қайта көміп, ізімен қайтып кетеді. Қойшы екі атын жетелеп, артынан ереді. Түн ортасы таянғанда әлгі адам бір қамалға келеді де, есігін ашып, еніп кетеді. Қойшы кіре алмай, сыртында қалады. Қамал-бір ханның қаласының қорғаны екен. Ол ханның бір қызы жоғалады. Бұны бүкіл ел болып таба алмай, ақырында хан өзінің екі батырына іздетеді. Анадағы қойшыға кезігіп, бірі өліп, бірі қашып кеткен сол ханның батырлары екен. Ол ханға:
– Бір керемет адам көрдік, бірімізді өлтірді, мен қашып құтылдым, оның қылышында «Бір шапқанда, қырық жанның басын алған қылыш» деп жазылған жазу бар. Тапса, қызды осы табады, – дейді.
Бұл хабарды естіген хан, елге: «Бірінші, қызымды кім тапса, соған беремін; екінші, осындай бір батырды көрген адам болып маған хабарласа, оған сыйлық беремін», – деп жар салады. Қойшы батыр дәл осы сөз болып жатқан бір мезетте қалаға келеді. Қараса, қала ию-қию, барлық жерге хабарландыру шығарылған. Көп елдің көзі қойшыға төнеді. Қойшы бір ахуалды түсінбей біреуден сұрайды, одан ханның қызының жоғалғанын, оны тапқан кісіге беретінін, бір жаңа батыр жөнінде қауесет тарағанын естиді. Қойшы батыр: «Менің түндегі көрген қызым әсілі сол болды, ханға барып табатындығымды айтайын, қызын беріп жатса көрейін»,– деп ойлайды. Көшеде ұстайын деп, бата алмай, жабыла төнген адамдарға:
– Неғып тұрсыңдар, хан ордасы қайда? – дейді. Ел жол көрсетіп, араларынан жол береді. Екі атын жетелеп, қойшы ордаға тартады. Орда алдынан баяғы өзі өлтірген батырдың жолдасы шығып, жалпақтап хан ордасына ертіп әкеледі. Хан- дағы орнынан тұрып, қарсы алып күтіп, бір үйге жатқызып, демін алдырады. Ертеңінде ханның өзі келіп, жөнін сұрайды. Қойшы:
– Менің жөнімді сұрамаңыз, бірақ өзіңіздің неге іздеткеніңізді айтыңыз, – дейді. Өзінің қайда баратынын, қайдан келгенін айтпайды. Ханның зорлап айтқызатын реті жоқ. Өзінің іздеткен бұйымтайын айтады:
– Қызым жоғалған еді. «Кім тапса соған беремін»-деп жарлық шығарып та қойдым. Жолбарыстай күшті жорығыңыздың даңқын естіп, бір тапса, сіз табар деп едім, – дейді.
– Мен тапсам, айтқаныңызды орындайсыз ба? – дейді қойшы.
– Хан екі айтпайды, орындаймын,– дейді.
– Ондай болса, мен табамын. Қырық атты әскер дайындаңыз, кешке аттанамын. Ертең алып келемін.
Хан қырық әскерді әзірлейді. Қойшы қырық әскерді бастап, кешке жақын аттанады. Әскерлерді кешегі түні көрген құдығының төңірегіне жасырын орналастырып, бекініп жатады. Түн болысымен баяғы бағыттан шам жарығы тағы шығады. Бұлар үнсіз жата береді. Шам көтерген адам тағы да түндегідей құдықты қазып, ішіне түскен кезде қойшы адамдарын қаптатады. Шам көтерген адам да асқан батыр еді. Ханның қызын алып қашқанда да, өз күшіне сенген еді. Бірақ, тар құдықтың ішінде еркін қимылдай алмай, қолға түседі. Сонда да қырық адамның бірнешеуін өлтіреді. Ақыры, жеңген қойшы жақ батырдың басын кесіп, қызды ханға алып келеді.
Хан серті бойынша қойшыға қызын қоспақ болады. Қойшы:
– Уәдеңізде тұрыңыз, әзірше той қылмаңыз, – дейді. Арада бірталай күн өтеді. Әсілі ханға басқа бір хан құда түспек болып, елші салған екен, оған әлі жауап қайтарылмай жатып қызы жоғалып, құдалық аяқсыз қалады. Одан кейінгі жағдай өзіміз көргендей. Қызды қойшыға тәуелді етеді.
Мұны есіткен екінші хан:
– Хан басымды кемітті. Маған жауап бермей, қызын қаңғырып жүрген біреуге атастырыпты, – деп қорланады. Намыстанып, соғыс жариялайды.
Соғыстан бұл хан қысылады. Не қыларын білмей қатты сасып, уәзірлерімен ақылдасады. Уәзірлері де басқа ақыл таба алмай: «Күйеудің өзімен сөйлесіп, ақыл алайық. Қызды батырдан алып беру, одан да қиынға соғып жүрмесін», – дейді. Күйеуге ақыл салады. Күйеу ішінен қатты қысылады. Алайда, намысын жібермеу үшін, бір ыңғайы болар деп, «тәуекел» дейді:
– Соғысса соғысынан қорқамыз ба, соғысқа соғыспен жауап береміз! –деп соғыс міндетін өз үстіне алады. Сонымен ханға:
– Қашса құтылатын, қуса жететін бір бәйге ат әзірлеңіз, тартса үзілмейтін айыл-тұрманы болсын, аударса ала алмайтын, аударысса алатын үзеңгі, тепкішегі болсын! – дейді.
Хан күйеуінің бұл міндетін ауырламайды. Апшысы қуырылған кезде айбар болған күйеу баласының сеніміне қатты разы болады. Уәзірлер де:
– Бәсе, күйеу баламыз бекер адам емес екен,– деседі. «Соғысқа соғыспен жауап береміз», – деген кесім бойынша, соғыс жариялаушы ханға: «Тұрыстық береміз», – деп жауап қайтарады. Күндерін белгілейді.
Жүйрік те әзірленеді. Қойшы өз күшіне өзі сенбегендіктен, жүйрік атпен қашпақ ниетінде еді. Бірақ хан: «күйеу баламды жау жазым қылып кетпесін» – деп, сыртынан мықтап күзеттіріп қойған еді. Күшті күзеттен ол қашып шыға алмайды. Бұл аралықта соғыс күні толады. Ту көтерген екі жақ соғыс майданына жиналады. Бірнеше серіктерімен, қорғаушыларымен атын жетелеп қойған батыр да шығады. Батырлар алдымен жекпе-жекке шығады. Қойшы батыр жақтан кезекке шыққандар бір-бірлеп жеңіліп, кезек қойшыға келеді. Қойшы қылышын асынып, тепкішегіне аяғын салып, майданға шығатын болғанда, бабына келген жүйрік қойшыны теріс алып қашып, таяуда тұрған қалың қарағай орманға кіріп кетеді. Екі жақтың әскерлері де бұған қайран қалады. Бұл жақ: «Қойшы қашты ма?» – деп абыржиды. Жау жақ: «Жеңілді, бізге бата алмады!» – деп қуанады. Сонымен, «Енді басып кіру керек», – деп дайындалады. Бұл кезде асаудай тулап алып қашқан қойшының аты арындап жүргенде, түбі шіріп еңкейіп тұрған бір иін қарағайға кимелейді. Қарағайдың иіні ашамай ердің қасына киіледі. Ерекше әзірленген ер-тұрманның еш жері бүлінбейді. Мықты ат өңгеріліп қалған қарағайды ала жөнеледі. Ат еркімен енді топқа қарай, жау жасақтарына қарай тартады. Қарағайдың ішінен батыр: «қарағайды өңгеріп» шыға келгенде, қайын жақ: «Я, сәт!» – деп қатты қуанысады. Басып кіргелі тұрған жау жақ, бүкіл бір қарағайды өңгеріп келе жатқан батырды көргенде қатты шайлығып: «Бұл қаһарына мінген екен, жекпе-жекті қойып бәрімізді қирататын болды», – деп, ығыстап тұрған мезетте-ақ топқа араласып кетеді. Аттың арынымен қарағайға соғылған қарсы жақтың адамы ат-матымен жұлындай-жұлындай ұшады. Алда тұрған батырларының да бірнешеуі ат жалын құшады. Қарағайдың ол басы бір, бұл басы бір бұлғақтағанда артқы жаққа әдейі сермеп жүргендей көрінеді. Алды тойтарылған жау дүр беріп, қашады. Ат қашқан елдің сарынымен ілесіп ере жөнеледі. Жау: «қуып келеді» – деп қашады. Қайын жақ: «қуып барады», – деп қуанады. Осы кезде қойшы батырдың қайын атасы:
– Жә, «қашқан жауға қатын би» деген, ол елдің шекарасын бұзбай-ақ қойсын. Тоқтат! – деп адам жібереді. Бұл кезде аттың арыны да басылған еді. Қойшы батыр да жүрегін тоқтатып, ат тізгінін алған еді. Тартып көргенде ат баяғыдай емес, тоқтай қалды. Қарағайды көтеріп, аттан алып еді, ала алды.
«Е, батырлық деген осы екен ғой, – деп ойлайды ол, – шынында батырмын, қызды іздеп шыққан ханның әуелгі екі батырының бірін өлтірдім. Қызды алып қашып құдыққа тығып жүрген дөкейді өлтірдім. Міне, қырық шыбын емес, алдымнан қырық сан жау қашты, қарағайды көтеріп аттан ап тастадым».
Сонымен ол атының басын артқа бұрады. Атты өзі басқарады.
Бұл кезде артынан қайын атасы жіберген адамдар да келіп, кәукелектеп қарсы алады. Хан тобы да туларын көтеріп, жеңіс дабылын қағып, думан жасайды. Сонымен, жасақтар майданнан қайтады. Қойшы батыр енді тепкішексіз салт атқа міне алатын болады да: «Бұл ат шаршады», – деп басқа ат мінеді. Сөйтіп, қойшы ел алдында мәртебе табады. Оның батырлық жорығы едәуір оңды болып шығады. Дүниеде адам баласының көресісі түгесіле ме? Осы елден жыл сайын алмаң алып тұратын бір айдаһар болады екен. Соның нәубеті келіп қалады. Жұрт айдаһарды жоюға бұдан ілгері лаж таба алмағандықтан, жылына он қой, бір қыз беріп тұрады екен. Соның салдарынан, дүниеге жаңа келген қыз бала күніне тізімге алынып, он сегіз жасқа толғанда айдаһарға беріліп отырады екен. Бұл жолы айдаһарға берілетін қыз кезегі ханның қызына келген екен. Хан өзі шығарған жарлық үкімін өзі орындамауға мүмкін емес. Батырға берген қызын айдаһарға беруге мәжбүр болады. Сол үшін «қайтеміз?» деп батырға кеп, ақыл салады.
– Амал бар ма, жоя аламыз ба? – дейді. Қойшы батыр батырлық жорығында әлі күнге дейін десі қайтпағанын, ал айдаһар бір ханның қызына емес, мұқым елге зиян тигізіп отырғанын ойлап:
– Амал бар, жоя аламыз, – дейді.
Хан батыр күйеудің: «Жоқ, болмайды», – дегенді айтпайтын нағыз батыр екеніне онан әрі разы болады. «Айдаһар келсе, күйеу бар», – деп жайланып жата береді. Қойшы енді басқаша ойлайды: «Қылыш шаба аламын. Ат міне аламын, қарағайды көтеріп аламын-ақ, ал тілсіз жау айдаһарға не дермін, қандай амал қыла алармын?..». Қойшы бұл ойын ұшықтай алмай, түнде қылышын алады да, жеңіл киіммен ғана қашып шығады. Жүре-жүре таң атады. Өзі шаршаған, мидай даладан пана таба алмайды. Қараса, бір бәйтерек тұр. «Соның басына шығып, жапырағын паналайын, күн өткізсем, түн бола орын ауыстырармын», – деп, бәйтеректің басына шығып алады. Таң атқан соң, хан күйеуді шақыртса, жоқ. Қатты қысылады. Ақыры: «Күйеу онымен соғысуға шығып кетті, егер қашып кетсе, амал жоқ, онда қызды айдаһарға береміз», – деп ойлап, он қой мен қызды алып, айдаһармен кездесетін жерге жүреді. Сөйтсе, айдаһардың келетін жері сол бәйтерек екен. Ел соның жанындағы бір төбеге жиналады. Бәйтеректің бұтағын құшақтап отырып, көзі ілінін кеткен қойшы елдің у-шуына ояна келіп қараса, ел абыр-сабыр, у-шу, жылау...
– Әне, әне, қозғалды, келетін болды, – дейді.
– Бұлар нені көріп тұр, қай жақтан келеді, – деп, қойшы жан-жағына қараса, көрінбейді. Сатырлаған, ысылдаған дыбыс астынан шығады. Қараса, айдаһар бәйтеректің түбінде, өзінің астында зәһар шашып, енді қозғалып, жүріп барады екен.
Айдаһар орнынан қозғалғанда қойшы абыржып, қатты шошиды. Отырған бұтағынан қозғалып, келесі бұтақшыққа дайындала бергенде, мініп отырған бұтақ опырылып түседі де, қойшы ашасынан айдаһарға мініп қалады. Өзі-өз болғалы мұндай халді көрмеген айдаһар да сескеніп, кұйрығымен жер сабалап шабынады. Ысқырығы жер жарып, тулайды. Үстінен түссе өлетінін білген қойшы да неғұрлым үстінен түспеуді ойлайды. Ат мініп үйренген тақымы да қатайып, жабыса береді. Хан болып, ел болып: «Ойпыр-ай, бұл қандай жүрек жұтқан батыр еді!» – деп дабырласады. Біреулер: «Қылышпен неге шаппайды?» – десе, енді біреулер: «Шап, шап!» – деп айғайлайды. Тағы біреулер: «Айдаһарды мінгенде, сенен ақыл сұрамаған батыр шаба алмай жүр ғой дейсің бе, өзі білсін, тамашасын көрейік!» – дейді. Ал қойшы сәл де болса бой тоқтатып, тулап жүрген айдаһардың айдарынан ұстайды. Айдаһар жуаси бастайды. Сөйтсе, айдаһардың жаны айдарында екен. Айдарды қысып тартып ұстаса жуасып, босатса, құйрығымен сабалағанын көреді. Қойшы енді айдаһардың айдарымен әдістеніп алған соң қысып, тартып ұстап, құйрығынан қылыштың қырымен ұрады. Айдаһар жүгендеулі аттай жөнге түседі. Айдарды тізгін, қылышты қамшы ғып, айдаһарға мінген қойшы батыр халықтың, ханның алдына келеді. Бастапқыда өзі айтқан «сын-сықақтардан» өткен қойшы, енді сенімді түрде айдаһардың айдарын мықтап ұстап, қылышын құйрығына қойып тұрып:
– Айдаһар жауларың, осы ма? – дейді ханға.
Хан жауап орнына тағзым етеді.
Қуанған жұрт шуылдасып, шашу шашады. Қыз жаулығын ұсынады. Қойшы батырлық жорығында қорқа жүріп өсіп, жеңіле жүріп жетіліпті. Бай қолында ат мініп көрмеген қойшы өз жолында айдаһар мініпті. Айдаһарды айдарынан байлап, қылышын құйрығына қойып жүріп үйретіпті.
31. Батыр мен бала
Ертеде бір батыр жорыққа аттанып келе жатыр екен. Көз ұшынан бір қара көрінеді. Таяп келсе, әлгі бір астында қара тайы бар бала екен. Баладан батыр жөн сұрағанда: «Серік болатын жолдас іздеп жүрмін», – дейді.
Батыр:
– Саған мен серік боламын, – дейді. Екеуі жолдас болып, келе жатады. Баланың қолындағы қамшысы өте жақсы екен, батыр әлгі қамшыны балаға лайық көрмей, өзі алғысы келіп, батыр алудың қисынын білмей, астындағы арғымағына сеніп: «Балам, қамшымызды бәйгеге тігіп жарысайық. Қай озғанымыз пәлен жерден тосып алайық» – дейді. Бала: «Жарайды», – дейді де, екеуі жарысып кетеді. Батыр жарысып келе жатып артына қараса, артында бала көрінбейді. «Апырай, шынымен-ақ озып кеткені ме?» – деп алдына қараса, бала белгілеген жерлерінде батырды күтіп тұр екен. Батыр аяңдап келіп, ұялып, қолындағы қамшысын балаға береді. Бала:
– Ата, өз қамшым бар ғой, маған біреудің қамшысының керегі жоқ. Сіз болмасаңыз, – дейді.
Содан кейін екеуі тағы да жүреді. Жүріп келе жатып бір көп жылқыға кездеседі. Жылқыны аралап келе жатса, бір тай қазанның ауданындай аттың ізіне кездеседі. Ізге түсіп келе жатса, аттың ізі жоғалып кетті, орнына есіктей-есіктей жаяу адамның ізі кездеседі. Сөйтіп келе жатқандарында алдарынан бір киіз үй кездеседі. Үйдің белдеуінде бір үлкен ат қаңтарулы тұр екен. Әлгі із осы аттыкі екен деседі. Сөйтіп келіп, үйдің жанына тоқтайды. Үйдің ішінде бір-екі адам сөйлесіп отырады. Екі адам өздерінше сыбырласып отырмыз десе де, батыр мен балаға айғайлап айтқандай естіледі.
Екеуінің сөзі мынау екен. Біреуі:
– Ей, сен әлгі атты түнде жолды аралағанда, терлетіп тастаған жоқпысың? – дейді.
Екіншісі:
– Е, ол несіне қиналады, біресе мініп, біресе арқалап отырдым, – дейді.
Сөйтсе, жаңағы батыр мен бала жылқы аралағандағы біресе тай қазан аумағандай ат ізі, біресе есіктей жаяу ізі болып жүрген мына үйдегі адамның біресе атты мініп, біресе арқалап жүргендегісі екен.
Бала: «Ата, түсейік, не де болса көрерміз, – дейді.
Батыр: «Ай, балам! Менің жүрегім тайқақтап тұр-ау», – дейді. «Ендеше, түспей-ақ қоялық», – деп екеуі жүріп кетеді. Жүріп келе жатып батыр: «Апырай, ә! Осы бала менен гөрі бала болса да батырлау. Осы әлгі үйдің мен маңайынан жүруден қорқып тұрғанда, ол түсіп көрейік, не де болса дейді», – деп ойланып, балаға қарап қояды. Жүріп келе жатып екеуі бір тойға кездеседі. Тойға келсе, екі пар болып палуан күрестіріп жатыр екен. Бұлар келіп, бір аз жағына қосылып отырады. Бір уақытта ана жақтан бір отырғаны түйедей, тұрғаны үйдей бір балуан шығады. Бұлар отырған жақтан оған қарсы ешкім шықпайды. Бала батырға:
– Ата, мен шықсам қайтеді? – дейді.
Батыр:
– Ойбай, қарағым-ау! Ананың түрі анадай, сенің түрің мынадай, өлтіреді ғой, немене, өзің бұрын әлдеқандай балуандығың болушы ма еді? – деп сұрайды. Бала:
– Ата, ешбір істеген батырлық, ерлігім жоқ еді. Бірақ мұнан да жасымда, бес-алтыдағы кезім болу керек, әкемнің бір кісі алатын бурасы болушы еді. Сол бура түйешіден басқа елдің бәрін алып тастап, жалғыз түйешіге тимеуші еді. Бір күні әлгі бура түйешіні де өлтіріп тастапты. Ауылдан адамды шығармай тұрып алды. Сонан мен: «осы аяқты малдан қорқып тұрсыңдар ма?» – деп, бураға қарсы шыға келдім. Бура аузын ашып тап бергенде, маңдайдан жұдырықпен қойып жіберіп едім, миы аузына түсіп өлді. Екінші, одан кейін сол хабарды естіп, еліміздің бір қолбасы болған батыры менімен бір жолықсам деп аңдып жүріп, бір күні қолымда қамшымнан басқа түгім жоқ, жылқы қайыра шыққанда әлгі жау болып тиіп, мені «ұрып таста!» – деп сойылмен бастан салып өткенде, маған оның сойылы еш нәрсе етпеді. Мен өте бергенде жанынан қамшымен осып жіберіп едім, қабырғасы сөгіліп кетіпті. Сол жерде тіл қатпай өліп еді. Осы екеуінен басқа ешқандай батырлығым да, балуандығым да жоқ, – деді.
Батыр:
– Ендеше, қарағым, өзің біл, шығам десең шық. Мен тілегіңді тілейін, – деді.
Сонан бала киімін шеше салып, балуанға шығады. Ана дәу балуан айқай салып:
– Ай, аналарың бала ғой! – деді, – өледі, әрі алыңдар, – дейді. Бала жұлып алғандай: «Өлсем, құным төлеусіз болсын» – деп ұстаса түседі. Ұстай ала баланы лақтырып жібереді. Бала аяғынан тік тұра қалады. Қайта келіп, ұстаса түскенде, тағы лақтырып жібереді. Тағы да жығылмай, аяғынан тік тұра қалады. Бұл ыза болып кетіп: «Ойпырмай, маған не болды?» – деп жүгіріп келіп, бұғана тұсынан қапсыра ұстай алып, тартып қалғанда, бұғанасын жұлып алады. Дәу балуан сол жерде тіл қатпай өледі. Әлгі дәу балуанның адамдары: «Кісімізді өлтірдің, құнын бер», – деп, дау шығарады. Екі жақтан бітім шығып, тоқтатып, балаға түйе бастатқан тоғыз етіп, бәйгесін береді. Бала алған бәйгесінің бәрін батырға береді де, өзі батырмен қош айтысып, жүріп кетеді. Жүріп келе жатып, қоналқалыққа бір қалың тоғайға жетеді. Күрке тігіп, от жағып, тамақ пісіріп отыр екен, есіктен салдырлатып бір адам кіреді. Бала ет жегенде әлгі адамға ет берсе, өтірік жегенсіп, төбесінен лақтырып жіберіп отыр екен. Бала байқай отырып, мұның адам емес, жезтырнақ екенін біледі. Тамақ ішіп болған соң, әлгі адам кетіп қалады. Бала оның өзін аңдып келіп кеткенін біліп, өзі төсегіне жатпай, төсегіне бір ағаш кесіп алып келіп жатқызады да, өзі мылтығын алып аңдып отырады. «Ұйықтады-ау» - деген кезде әлгі қайта айналып келіп, ептей басып, баланың төсегінде жатқан ағашты кеуде тұсынан қарқылдап күліп, бас салады. Сол уақытта бала көздеп атып, мылтықпен басып кеп қалады. Жезтырнақ мұрттай түсіп, қайта түрегеліп жүріп кетеді. Тамған қанның ізімен жүріп, қалың ағаш ішіндегі қуысқа кіреді, Ептеп келіп, есігінен сығаласа, есігінен кіре құлап өлген екен. Бас жағында бір-екі кішкене баласы жылап отыр екен.
Бала әрі-бері көріп, «осы екі кішкене бала не қылады,»- деп үйге кіріп келген екен, екі баласы: «Шешемізді өлтіріп, енді өзімізді өлтірейін, деп келдің бе?» – деп екеуі жағасына жабыса түседі. Бала екеуінің де басын кесіп алады. Үйін ақтарып қараса, үйінде дүние-нәрсесі бар екен. Баланың ұзатайын деп жүрген бір қарындасы болады екен, соның сәукелесі жоқ екен, соған нәрсесінен бір ғана сәукеле алады. «Бірақ алғанмен мұның екі баласын, қатынын өлтірдім. Енді бұлардың әкесі бар ғой, ол осы сәукеленің исімен бір іздеп табады. Оны не де болса, осы арадан күтіп алайын», – деп неше күн тосады. Бірақ, әкесі келмейді. Келмеген соң; «Не де болса, үйімнен күтіп алайын»,– деп жүріп кетеді. Келгеннен кейін, бірнеше күннен соң, қарындасын ұзатады. Қарындасы ұзатарда ағасынан әлгі сәукелені сұратады. Ағасы әкелерін әкелсе де, «мұның иесі іздеп келгенде осының исімен қарындасыма барады ғой, онан да өзімде тұрсын»- деп бермеген екен. Қарындасы сұратып болмаған соң, көңілін қимай береді. Берерде қарындасын шақырып алып:
– Шырағым, болмадың енді, ал, бірақ не жеті жылда, не тоғыз жылда мұның иесі іздеп келеді. Иесі – жеті басты жезтырнақ. Ол келгенде күндіз келмейді, түнде келеді. Өзің қашан соның көзін жойғанша, түнде ұйықтама, күндіз ұйықта. Түнде отырғанда қолыңа бір жылқының санын ал, бір өткір пышақ ал, кіре бергенде санмен желкеге салып жібер. Сонда ол маңдайша түсіп кеткен екен деп кеудесін жоғары көтере берер, сол тұста пышақты сұғып ал, онан қашсаң, өзің өлгенің, – дейді.
Сөйтіп, қарындасын ұзатады. Барған соң, қарындасы түнде жатпайды. Өңкей ғана күндіз ұйықтайтын болады. Барған күйеуі: «қатыным жынды, түнде қасыма жатпайды» -деп неше рет оқытады да, қаратады да, бірақ ешбір ем болмайды. Бір күні түнде отырғанда қорада: «Исі мына жақтан шығады, жоқ, мында екен», – деген дауыстар шығады. Ептеп есіктен сығаласа, жеті басты жезтырнақ өзінің бастарымен сөйлесіп келе жатыр екен. Сан мен пышақты алып, есіктің қайырылысына тұра қалады. Есіктен жезтырнақ кіре бергенде желкеден қойып жібереді.
Жезтырнақ:
– Мынау иттің маңдайшасы құлағалы тұрған ба? – деп кеудесін көтере бергенде, жүрегіне пышақпен сұғып алады. Жезтырнақ сол жерде өледі. Келіншек сол жерден байын оятып алып, «неше жылдан бері неге түнде жатпай жүретінін, ешқандай жынының жоқ екенін, осындай зор қауіпті күтіп жүретінін айтады.» Содан ел қатарына кіріп, бір ел билеген адам болады.
32. Құйым батыр
Баяғы өткен заманда Мысыр шаһарында Алған деген бай болыпты. Ол байдың Берген, Мерген, Құйым деген үш баласы болыпты. Ол бай- төрт түлік малда есеп болмайтын бай екен. Балаларының алды 18 жаста, ортаншысы 16 да, ал кіші баласы 8 жаста екен. Балалары ержеткен соң, бір күні балаларын шақырып алып, «Балаларым, сендердің екеуің ер жеттің. Ал, Құйым болса, әлі жас. Сендер мына малдарыңды алып, өздерің бағыңдар, мен кәртейдім» – дейді. Оған балалары: «Жоқ, әке. Бізге малыңның керегі жоқ. Әке малы – шатақ мал, бізге шатақ малдың керегі жоқ. Мал керек болса, өзіміз тауып аламыз» – дейді. Әкесі ары айтады, бері айтады, оған балалары көнбейді. Көнбеген соң, күнде өрісте мал бағып жүріп: «Ә, құдай, осы малды өзің беріп едің, енді өзің ал деп зарлайды да жүреді» – екен. Бір күні кешке жақын малын айдап, үйіне келе жатса, бір есекке мінген ақсақалды шал алдынан шыға келіп: «Әй, Алғанбай! Сен неге зарлап жүрсің?» дейді. Алғанбай барлық жағдайын айтып: «Осы малды құдай өзі беріп еді, енді, өзі алса екен» – деп жүрмін» дейді. Сонда әлгі шал: «Ей, осы айтқаның рас па?» депті. «Рас, кәзір алса да разымын, құдайға» – дейді. «Олай болатын болса, былай жаса. Үйіңде қара төбет итің бар екен. Сол итің сені көріп, жүгіріп алдыңнан шығады екен. Соны аямай басына теуіп жібер. Тағы шақырып, аямай теп. Сонымен, малыңды қоралағаннан кейін жылқыда боз айғырың бар екен. Соны жүгенімен басына үш рет ұр. Сонан соң түйеде қара бураң бар екен. Соны бидасымен аямай басына үш рет соқ. Сонан кейін сиырда көк бұқаң бар екен. Соны да бидасымен басқа үш ұр. Қойда көк қошқарың бар. Соны буыршақпен үш рет басына, аямай соқ та, үйіңе бар. Үйіңе кіре беріп, оң босағаңды үш, сол босағаңды екі теп, жағып жатқан отты таяғыңмен сабап, күлін көкке ұшыр. Сонан кейін алаңсыз жата бер. Егер малдан құтылғың келсе, осыны адал ниетіңмен істесең, малдан құтыласың» – деп, әлгі шал жоқ болып кетіпті. Шал қуанып, малын аулына айдап келіп айғырды, бураны, бұқаны, қошқарды, итті бәрін сабап, үйіне келіп, оң босағаны үш, сол босағаны екі теуіп, жанып тұрған отты сабап, күлін көкке ұшырады. Мұны кемпірі көріп, «мына шалды өрісте жүргенде бірдеңе соғып кетті»- деп қорықты. Сонымен, тамақ ішіп жатып қалады. Түн ортасы ауа шал оянса, дала у-шу болып кетіпті. «Бұл не?» – деп далаға шықса, қой тышқан, сыйыры марал, жылқысы құлан, түйесі жирап болып безіп барады екен. Қайтып келіп, кемпірін оятып: «Әй, кемпір. Тұр! Мал кетті, бізде кетейік. Малдан қалып не бітіреміз?» – деп, тышқанның артынан еріп кете беріпті. Ал енді балаларға келейік: Ертеңгісін үлкен баласы орнынан тұрса, түс болып қалыпты. Шешесін қараса, шешесі жоқ. Киімдері де жоқ. Далаға шықса, малдары да жоқ. Тек қара төбет пен құбылаға қарап бір қара тоқты күйсеп жатыр. Одан басқа ештеңе жоқ. Итке барып итті шақырса, орнынан тұрмайды. Сөйтіп тұрғанда ортаншы баласы келіп, болған жағдайды біліп, итті ол да шақырса, орнынан тұрмайды. Екеуі барып кіші баланы оятады, «Сенің әке-шешең бізді тастап, малын айдап, бізден қашып кетіпті. Тұр!» – деп баланы оятады. Бала тұрып, ит пен тоқтыны көреді. Барып итті шақырса, ит тұрып келіп, қыңсылап, баланың үстіне секіреді. Сонымен, әлгі қалған тоқтыны бағып күнелте береді. Күндердің күнінде тамақтары таусылып ашығады. Үшеуі келісіп, қара тоқтыны соятын болады. Сонда Құйым айтады: «Әкем айтушы еді, егер адам қысылса қара қойды сойып, етінен ауыз тимей, артқы бір санын басына жастап ұйықтаса, алдағы өмірі қандай болады екен, соны көреді» – дейді. Сонда қара тоқтыны сойып, үлкен ұлы Берген жастанып жатады. Ертеңгісін тұрады да, түсін айтады. «Мен түсімде бір жирен қасқа айғырға мініп, бір байдың жылқысын бағыппын. Күніне ішсем, бір кесе саумал ішеді екенмін!» – депті. Құйым тұрып: «Ендеше, сен өміріңше өстіп жүреді екенсің!» – деп түсін жорыпты. Келесі кешке, ортаншы ұлы Мерген жастанып жатыпты. Ол да бір қасқа өгізге мініп, бір байдың сыйырын жайып жүр екен, «тисе бір кесе сорпа ішем, бермесе ол да жоқ екен» – дейді. «Ендеше, сенде сондай өмірде болады екенсің!» – деп түсін жориды. Келесі күні басына Құйым жастанып жатып, мынандай түс көреді. «Шаңырақ ашық қалған екен, шаңырақтан үркер жұлдызы көрініп тұр екен. Көкірегі ашық қалған екен. Сол көкірегініне жаңбыр жауып қалыпты». Ояна келсе, түсі екен. Әлі таң атпапты. Құйым ойлайды. Егер мен осы түсімді айтсам мына жамандар жаман ойға жорыр, одан да, «Түс көргем жоқ» – дейін деп ойлайды. Ертеңгісін орнынан тұрады. Екі ағасы: «Ал, Құйым, не көрдің айт?» – дейді. Құйым: «Ештеңе көргем жоқ» – дейді. Сонда екі ағасы: «Сен сатқын, түсіңді айтқың келмей тұр» – деп, сабап-сабап қуып жібереді екен. Ол сол қалпында басы ауған жаққа қарай кете береді. Әлгі үйіндегі қара ит сонымен бірге қайда барса, сонда ілесіп кетеді. Сонымен Құйым ай жүреді, апта жүріп, бір дәу суға кез болады. Судың арғы жағында бір кісі 40 өгіз бағып жүр екен. Соны көріп айғай салады: «Ей, ата! Мені мына судан өткізіп жіберші!» – дейді. Сонда шал: «Сені өткізіп неғылам?» – дейді. «Әке-шешем жоқ. Баласы жоққа бала болам» – депті. Шал өгізімен суға түсе қалып, баланы өткізіп алады. «Балам, сен рас маған бала боласың ба? Егер сен рас бала болсаң, менің бағып жүрген өгізім – Шығай Ханның өгізі, мен осыны бір жыл бағып ақыма бір дөнен өгіз аламын. Егер келісім берсең, быйылғы алатын өгізді сұрап алып, ел шақырып, ортан жілік ұстатып, сені балағып алайын» – дейді. Құйым: «Ата, еркің білсін. Менің әке-шешем жоқ. Сізге бала боламын» – депті. Әлгі кісі ақысына бір дөнен өгіз сұрап алып, соны сойып, ел шақырып, той жасап, балаға ортан жілік ұстатады, содан бала 4-5 жыл тұрады, 12-13 ке келеді. Бір күні «Әке, сіз мені неге балағып асырап алдыңыз?» – депті. «Е, қарағым, артымда қалып, түтінімді түтетіп, артыма ат қалдырайын деп асырадым» – дейді. Құйым: «Тағы басқа неге асырадың?» – дейді. «Сол, қарағым» дейді шал. «Жоқ, әке. Қолымдағы бейнетімді алсын деп асырадың ғой, сіз енді кәртейдіңіз. Өгізді мен бағайын. Сіз үйде болыңыз!» - депті. «Жоқ, қарағым, кәзір оқыра кезі. Өгіздер быж-тыж боп қашып кетеді» - депті шал. Оған Құйым көнбейді. Сонымен шал 40 өгізді Құйымға айдатып жібереді. Құйым кешке дейін бағып келеді. Ертеңіне тағы кетеді. Әкесі «Ей, балам, 12 өгіз қайда?» – депті. «Әке, бәленше жерде жайылып жатыр, оны айдап келемін деп едім мыналар кетіп қалатын болған соң мыналарды айдап жүре бердім» – дейді. Ертеңіне 10 өгіз айдап келеді. «Ей, балам, 30 өгіз қайда? «Олар кешегі өгізге қосылды. Ертең мыналарды соған қосып, бәрін айдап келем». Ертеңіне: «Қарағым, бүгін бірін қалдырмай айдап кел!» – депті. 10 өгізді өріске айдап барып, өзі кешке таяу қайтып келеді. «Ей, балам, өгіздерің қайда?». «Ей, ата, сіз осы жердің жайын білесіз бе?» – дейді. «Білгенде қандай, осы жерде өсіп-өнгенмін» – дейді. «Ендеше, Бас төбені білесіз бе?», «Жоқ», «Май төбені білесіз бе?», «Жоқ», «Қызыл төбені білесіз бе?», «Жоқ», «Боқ төбені ше?», «Жоқ», «Көктөбені ше?», «Жоқ», «Ой, ата, енді не білесіз?», «Өгіздерің осы төбелерде жайылып жатыр. Ертең екі жақтап айдап келеміз» – дейді. Ертеңгісін шал баланы оятады. Бала: «Ата кішкене тұра тұр. Кеше «өгіздерді қуам» – деп әбден шаршаптым. Кішкене дем алайын» – депті. Шал: «Мен жүре берейін» деп еді, Құйым: «Ата, таба алмайсың, бірге барайық» – деп, екеуі тауға шығады. Тауға келсе, «Бас төбе» деп 40 өгіздің басын бір жерге кесіп-кесіп, үйіп қойыпты. «Қызыл төбе» дегені қып-қызыл ғып, 40 өгіздің етін бір жерге үйіп қойыпты. «Боқ төбе» дегені, 40 өгіздің боғын бір жерге үйіп қойыпты. «Көктөбе» дегені 40 өгіздің терісін бір жерге үйіпті де көк өгіздің терісін үстіне жауып қойыпты. Шалға: «Міні, осы төбеде жатыр» – депті. Шал сойылған өгіздерді көріп, есінен танады. «Ойбай, қу сотқақ! Енді хан екеумізді де өлтіреді. Сен маған бала болмадың, пәле болдың. Кәзір ханға барып айтып, сенің де көзіңді құрттырамын!» – деп, шал ауылға қарай жүгіріпті. Құйым: «Мен айтам, ханға» – деп екеуі ауылға қарай жарысып жүгіреді. Шал әрі-беріден соң жөтеліп, түшкіріп, балаға жете алмай қалады. Бала сол жүгірген қалпында ел жата ханның үйінің есігін қағады. «Хан! Ей, хан!» деп айғайлайды. Хан: «Не?» деп жауап береді. «Арызым бар, айтатын». «Арызың болса, ертең айтасың, алдыңда қорада екі құла тұлпар тұр. Соның ақырына барып жат» – дейді. Бала ақырға түскенде көзі ештеңе көрмей қалады. «Бұл қалай?» – деп отырғанда біреу келіп: «Ей, келдің бе?» – дейді. Құйым: «Келдім!» – дейді. «Мә, ендеше, мына тұлпарларды ертте!» – дейді. «Ойбай, көзім көрмей қалды!» – депті. «Е, әкем көзіңді дұғалап қойған екен ғой, мен қазір дәрі әкелейін» – дейді. Әлгі адам алып келіп, бір дәрі береді. «Мә, мынаны көзіңе сүйкесең, көзің көреді» депті. Құйым алып сүйкеп еді, көзі бұрынғыдай көретін болды. Екі ертоқым мен екеуін ерттеп болған соң, жаңағы тағы келіп, «Мына қоржынды астыңа сал, ал енді тез кетейік» – дейді. Екеуі екі тұлпарға мініп, шу деп шаһардан шығып тартып отырады. Құйым байқап қараса, қыз сияқты. Сонымен, түнімен шайқалып кете береді. Таң ата қыз алдына қараса, қаршадай жас бала кетіп барады. «Ей, сұмдық, мынау не? Мен жынды болдым ба, мен кіммен бірге кетіп барам деп, қыз қойнында балгер кішкене кітабы бар екен, соны ашып қарап еді, кітапта: «Бұл – Құйым деген батыр, әуел баста құдай сені осыған бұйыртқан екен» дейді. Қыз атының басын тартып: «Әй, Құйым, тоқта. Мына өзен бойына тамақтанып алайық» – дейді. Құйым оған тоқтамайды. Қыз атынан түсіп, атын байлап, астындағы қоржынын түсіріп алып, ішінен бір ақ нәрсені жайып еді, шатыр болды. Оны тігіп, ішінен әр нәрсені алып жайса, шелек, қазан, ожау, кесе, не керек, жәңәй қорғанынан бір үйге қандай жабдық керек, бәрін алып, үйдің ішін жайнатып жібереді. Ол уақта Құйым қайта айналып келіп, атын қыздың атының қасына байлайды да, өзі анандай жерге барып отырады. Қыз шақырса, келмей ұялады. Құйымның басы таз, балтыры қотыр кедейдің баласы. Қыз – қандай сұлу. Адам баласында ондай сұлу болып көрген емес. Қыз қанша шақырса да келмейді. Қыз отын, бірдеңелер терген болып жүріп, Құйымды ұстай алып, бас салып шашын ұстарамен қанатып алады да, суға құммен ысып-ысып жуып, дәрі жағып, төсекке жатқызып қояды. Құйым сол жатқаннан ұйықтап, түс ауа тұрады. Тұрса, жақсылап киім тігіп қойыпты. Оны кигізеді және қыздың өзіне деп ала шыққан садағы бар екен, соны мойнына асып береді. Ал енді біз, бұл қыз Құйыммен қалай қашқанына келейік. Бұл қыздың аулында бір қара дәу бар екен, сонымен қашпақ болып келіседі. Дәл, Құйым барған түні қашпақ екен. Құйым Шығай ханға айғайлағанда: «Батыр аңғал –деген» деп қыз шығып, Құйымға ілесуі сол себепті екен. Құйым мен әйелі екеуі сол жерде 3 күн отырады. 4-күні «көшуге дайындалайық» – деп отырғанда үлкен құла тұлпар пысқырып, жер тарптып, тұрмай қояды. Сонда әйелі айтады: «Жау келе жатса, бұл сүйтеді» – дейді. Құйым құла тұлпарға мініп қараса, өздері келген жақтан шаң көрінеді. «Бұл не екен?» – деп тұрса, «қыз алам» – деп жүрген қара дәу, қыздың қашқанын естіп, арттарынан қуып келеді екен. Құйым алдынан қарсы шығып: «Әйелін алған кекті деген, сенің менде кегің бар, саған кезек бердім» дейді. Қара дәу кезегін алып, көкіректен атып қалыпты. Садақтың оғы келіп, көкірегіне тырс етіп тиіп, жерге түседі. Құйымның үстінде сауыты жоқ еді. Екінші, үшінші рет атады. Бірақ, оқты дарыта алмайды сонан кейін кезекті Құйым алады. Артына қараса, әйелі сауыт алып келіп тұр екен. Әйеліне: «Мына дәудің өзін атайын ба, болмаса атын атайын ба?» дейді. Әйелі: «Өзіңіз біліңіз, ерік сізде!» – дейді. Дәудің өлер жері – осы деп, жүректен тартып қалғанда, қара дәуден өтіп, арғы жағындағы бір дәу ағаштың түбіне тиеді. Ағаш түбімен бірақ құлайды. Ағаш құлағанда дәу бірге құлап, жерге түседі. Құйым: «Байыңның басы» деп, алдына лақтырып тастайды. Сонымен, бұлар енді үйлерін жинай бастағанда құла тұлпар тағы пысқырады. «Бұған не болды?» – деп қараса, қаптаған қалың қол көрінеді. Құйым айтады: «Қатын, әлгі жақ сені көп әскермен қуып келеді. Үйге жақындатпай соғысайын» – деп, атқа міне сала ұмтылады. Келіп, қалың қолға араласып, соғыс салады. Бір сүтке соғыс салып, тең жартысын қырады. Жартысы соғысуға шыдамай быж-тыж болып, бас сауғалап, бет-бетімен қашып барады екен. Көре сала, Шығай ханға ұмтылып, қуып жетіп, Шығай ханды аттан жұлып алып, алдына өңгеріп алып, қызына қарай алып жүреді. Арада өзен су бар еді. Соған өтіп келе жатқанда, аты бір сүрінгенде екі-үш сүрініп, Шығай хан қолынан түсіп кетіп, суға тұншығып өледі. Әйеліне келіп: «Әкеңді алып келе жатыр едім, мына ат бір сүрінгенде үш сүрініп, суға кетіп өлді» депті. Қызы жылап, әкесіне бата оқып, ол жерден көшіп кетеді. Құйымның артынан ілескен қара төбет Құйым қайда жүрсе, олда сонда жүреді. Артынан ешбір көз жазып қалмайды. Бұлар осы кеткеннен кете береді. Жолда келе жатса, бір тастың түбінде бір ақ тазы ұлып отыр екен. Соны тауып алады. Тастың басына қараса, бір бүркіт аяқ бауыменен отыр екен. Оны да алады. Сонан 2-3 күн жүріп, бір көлдің жанында сондай әдемі қорық бар екен. Соған келіп, үйін тігіп отырады. Олар қонып жатқанда жер жара айғайлаған біреудің даусы шығады. Оны олар елең етпейді. Отыра береді. Бұл қорық- сол елдің Бұтыр хан деген ханының қорығы екен. Ол қорықты бір құлағын жамылып, бір құлағын төсеніп жататын бір қара дәу күзетеді екен. Ол айғайлағанда мал тұрмақ, құрт-құмырсқа да ол маңайға жоламайды екен. Құйымдар 3-4 күн сол қорықта отырады. Қара дәу қанша айғайласа да іштеріне кірмейді. Бұдан хан уәзірін шақырып алып: «Мына дәу 3 күн болды айғайлағанына, бұған не болды, сен барып біліп келші, елдің үрейін алып болмады» – деп уәзірін жібереді. Уәзірі келіп: «Саған не болды, неше күн ұдайы айғайлап елдің берекесін алдың?» – депті. Сонда қара дәу айтады: «Мына ханның қорығына бір жас бала келіп, бүгін 4 күн болды кетпейді. Менің айғайлағаным, ішіне кірер емес. Бір ақ тазысы, бір қара иті, қолында бүркіті бар, аң аулап кетеді. Әйелі үйінде қалады. Қанша айғайласам, даусымды шыбын ғұрлы көрмейді. Білмеймін, не пәле екенін. Барып, өздерің біліңдер» – депті. Бір уәзір айтады: «Барып ханға айтайық» – дейді. Бір уәзір: «Жоқ, барып білейік, сонан соң ханға айтамыз, барып білмей, ханға не дейміз, жүр, барайық» – деп, Құйымның үйіне келеді. Дәл түс кезі екен, Құйым үйінде екен, «Ей, сен, елмісің, жоқ жаумысың?» – дейді келген уәзірлер. Құйым айтады: «Ханыңа айта бар, жауы десе жауымын, досы десе досымын, өзі таңдағанын білсін!» дейді. Уәзірлер келіп, ханға айтады: «Осындай бір бала келіп қорығыңызға отырыпты. Дәу қанша айғайласа да құлағына кіретін емес. Біз барып, елмісің, жаумысың десек: «Ханыңа айта бар, елі десе елімін, жауы десе жауымын!» – дейді. Тегі жас бала қорқатын емес. Айтқандай, тақсыр, әйелін айтсаңшы, адам баласының сұлуы екен, күйеуі тіпті жас екен!» – деп, ханға майын тамыза мақтайды. Хан айтады: «Ендеше доспын» – деп ауылдың қасына көшіріп кел» – деді. Уәзір барып: «Сенімен хан дос боламын деп, көшіріп кел деп жіберді. Келіп ауылдың қасына қоныңыз» – деді. Құйым әйелі мен екеуі барып, ауылдарына жақын қонды. Хан келіп, нөкерлерімен: «Қоныс құтты болсын!» айтты. Хан үйіне келіп, жақсы көрерін шақырып алды. «Мына баланың әйелін қалай алам, соған амал табыңдар, мен соның әйеліне ғашық болдым» – дейді. Бас уәзірі тұрып: «Тақсыр, осы ауылда бір мыстан кемпір бар, ол барлығын да орындайды» – деді. «Ендеше, соны шақыр!» – деді. Мыстанды алып келді. Мыстанға барлық жайды айтты. Мыстан ойланып: «Сіз, қара қойдың қанын ішіңіз де қарық-қарық құсыңыз. Есіктен төрге, төрден есікке домалаңыз. Сонан елді шақыр, маған тамырыңды ұстат. Мен айтам, бұл – жаман ауыру, бұған айбөкеннің сүті керек деймін. Айбөкен деген аң, ең шапшаң және өте күшті. Ол алға шабады. Оған барса, қайтып оралмайды. Сонан соң әйелін сен алмағанда мен алам ба? Мен: «Айбөкеннің сүтін кім табады?» – дегенде, сен әркімдерге айтып қой, «Құйым табады» – деп, халық бір ауыздан шу ете қалатын болсын!». Сонымен, хан қара қойдың қанын ішіп, қарық-қарық құсып, есіктен-төрге, төрден есікке домалады. Елді шақырды. Ел жиналды, әлгі мыстан ханның тамырын ұстап: «бұл ауыруға бірақ ем бар, ол – айбөкеннің сүті, одан басқадан жазылмайды» – деді. Бас уәзір: «Қалқам, оны кім табады?» – дегенде, «Оны Құйым табады» – деп, ел шу ете қалды. Хан Құйымды шақырып: «Ал, қарағым, менің өмірім қәзір сенің қолыңда. Айбөкеннің сүтін сенен басқа ешкім таппайды. Соған бар!» деді. Құйым: «Мен үйіме барып, біраз ойланайын» деді. Үйіне келіп, әйеліне барлық жағдайды айтты. Әйелі балгер кітабына қарап: «Барсаң бар, бірақ ханның ақ сауыты бар, соны сұра, 9 бүктемелі ақ семсері бар, соны сұра, байлауда қара қасқа тұлпар тұр, соны сұра, соларды берсе бар, әйтпесе барма!» – деп кеңес берді. Құйым ханға келіп, ақ сауыт, ақ семсер, байлаудағы қара қасқа тұлпарды сұрады. Қара қасқа тұлпарды сұрағанда хан: «Ә, мынаған оңай ажал табылды» деп ойлады. Ол қара қасқа тұлпарды, сол ауылдағы елді өлтіріп болмаған соң, төрт аяғына төрт қазық қағып, шынжырмен байлап тастаған. Оған барған соң, оны босатқан соң, оны бассалып өлтіреді деп ойлады да: «барып атыңды алып кел, сонан соң басқасын берейін» деді. Бағатын кісіні шақырып алып: «Мына кісіге қара қасқа тұлпарды бер» – деді. Мұны естіп, елдің бәрі жиналды. Есігін ашып беріп, өзі төбесінен шай, су беретін жерден қарап тұрды. Құйым есіктен кіріп барғанда, қара қасқа тұлпар оқыранып жіберді. Аяғындағы шынжырларын қолымен бұрап сындырып, мойнына белбеуін салып, жетектеп алып шықты. Халық көріп: «Ойпырмай, мынау хан болуға жарайтын адам екен!» – десті. Сонан Құйым сауытын алуға барғанда, хан қорқайын деді. Айтқанын түгел берді де: «Қарағым, тездет!» - деді. Құйым барлығын алып, үйіне келді. Әйелі:«Сен енді үйден шығып, бір оты жақсы жерге барып, бұл тұлпарды 15 күн жіберіп семіртіп, бойын жаздыр. Сонан соң ізде» деді. Құйым атына мініп, жүріп кетті. Жолда атын 15 күн жіберіп, тойындырып алды. Бір тауға барып, басына шығып тұрды. Сонда атқа тіл бітіп сөйледі. «Сен, Құйым, жан-жағыңа қарашы, не көрінеді маңыңда» – деді. Құйым: «Еш нәрсе көрінбейді, тек қаптап өскен қарағай мен қайың көрінеді» деді.
– Ал, сен тыңла, мен саған айтайын. Мен, өзің сияқты бір батырдың жанындай жақсы көрген аты едім. Сол батырды осы патша айбөкеннің сүтіне жұмсады. Сонда дәл осы жерде тұрдық. Мен байқамаппын, айбөкен келіп қалыпты. Мен жалт беріп, қаша жөнелдім. Ол үстімдегі иемді алып қалды да жеп қойды. Мен шапшаңдықтан құтылып кеттім. Қайтып иеме оралуға менде ондай күш-қайрат жоқ қой. Ал, сол иемнен айрылған соң, айбөкенге күшім жетпеген соң, мен барып осы патшаның елін қыра бердім. Көзіме не көрінсе, бала болсын, үлкен болсын теуіп, тістеп өлтіре бердім. Мені ұстауға неше түрлі айла-әрекет жасап, ақыры мені ұстап, өзің босатып алған қораға төрт аяғыма төрт қазық қағып, шынжырмен байлап тастады да қораның төбесін тесіп, сол жерден маған шөп, су беріп 33 күн асырап тұрғанда, сен келіп босатып алдың. Менің жағдайым – осы. Ал сен, жан-жағыңа дұрыстап қарашы, ештеңе көрінбей ме екен?». Мен жан-жағыма қарап, қалың қарағайдың арасында, бір ағаштың басында ағарған бір нәрсенің көрінетіндігін айттым. Одан басқа ештеңе көрінбейді» – дедім. «Ендеше, айбөкен деген – сол. Ол «айға шабамын» – деп мерт болды. Сол «айды ұстаймын» деп айға шапқан, содан барып жете алмай, қайта құлаған. Кәзір ағаштың басында тұр. Құлағанда ағаштың үстіне түсіп, ағаш артқы бір санына кіріп, өзі сол ағашты құшақтап тұр. Сен қазір, менің басымды солай қарай жібер. Мен бар шабысыммен шабайын. Сен қылышыңмен шауып өт. Сонда ол жерге түседі. Біз сол қалпында кете береміз. Ол саған: «Қайт!» – деп айғай салады. Сен қайтпа! Екінші айғайлағанда қайтпа! Үшінші рет «дос болам, қайт!» дейді. Сонда қайт! Қайтып келіп, барлық жарасын ағаштан тазалап, үстіңдегі жейдеңмен таңып бер. Сонан соң керегіңді сұра. «Ал кеттік» деп, «шу» – деп жөнелді. Мен қылышты суырғанша Айбөкенге құйғытып жетіп келді. Қылышпен шауып кеттім. Айбөкен домалап жерге түсті. Түсе сала: «Қайт!» – деп айғай салды. Қайтпадым. Үшіншіде ғана қайта оралдым. Келсем, саулап аққан іріңі бес-алты шелек майдай болып ағып қалыпты. Келе сала ағаштардың кіргенін алып, іріңін тазалап, жуып-шәйіп, жейдеммен таңып бердім. Таңып болған соң: «Ал, досым, не тілегің бар, айта бер?. Не жұмыспен келдің, күшім келгенінше, бәрін орындаймын» деді. Мен: «Ханымыз ауырып, соған айбөкеннің сүті керек болып, соны іздеп шығып едім. Маған айбөкеннің сүтінен басқаның керегі жоқ» – дедім. «Ендеше, ол- өте арзан екен. Мен кәзір айғайлаймын, сонда неше түрлі аңдар келеді. Баурында алты емшегі бар айбөкен батысқа қарап тұрады. Соның алдына шық та, қылышыңды бұлға, ол сенің артыңнан еріп отырады. Алып бар да, патшаңа сауып бер. Егер оған көнсе, сүтін алсын, көнбесе «елін қыр»- деп маңдайынан сипасаң, мың әскер оған сөз емес. Тегіс қырып бітіреді. Егер айтқаныңа көнсе, «қайт жануар» – деп сауырынан сыйпа. Ол бір-екі минутте көзден ғайып болады. Бұл жерге сенің көмегіңсіз-ақ өзі келеді. Ал оған басқа бір нәрсе керек болса, мені осы жерден табарсың» – деді де екі-үш рет айғай салып еді, неше түрлі аңдар қайтып келе бастады. Ең соңында ұзындығы 3-4 метір бір ұрғашы айбөкен келіп, күнбатысқа қарап тұрды. Соның алдынан шығып, қылышымды бұлғап, жүріп кетіп едім, артымнан ерді де отырды. Сол күні соғып отырып, ауылға келдім. Ол келгеннен көріп: «Ойпырмай, Құйым айбөкеннің сүті тұрмақ, әуелі өзін әкеліпті!» – деп, ел таңғалды. Оны хан да естіп, зәресі кетті. Ертеңіне Құйым айбөкенді ілестіріп, ханның ордасына барды. Хан айбөкенді көріп, төрден есікке, есіктен төрге жүгіріп, «Шырағым, мен сен кеткеннен кейін, көп ұзамай басқа дәрі-дәрмек ішіп, жазылып кеткемін. Бұныңды енді әуреғылмай қайтарғын» деп жалынды. Құйым: «Қайт, жануарым!» – деп жотасынан сыйпап еді, зымырап, «әні-міні» дегенше көзден ғайып болды.
Хан қайтадан мыстан кемпірді шақырып алып: «Мынау мына жолы да аман келді. Енді не айтасың?. Мен өлетін болдым. Ғашықтықтан жуадай солып барамын, менің мал-мүлігімнің жартысын алсаң да, осының әйелін алуға бір амалын тап» – деп жалынды. Мыстан кемпір: «Енді бір ақыл бар, соны істейік. Одан ол, мың жаны болса да оралмайды. Сен тағы қара қойдың қанын іш, қарық-қарық құс, есіктен-төрге, төрден-есікке домала. Елді жи, маған білегіңді ұстат, мен сонда айтам: «Бұл ауруың бұрынғы емес, сен енді ұзақ ауырасың, сен қайта ауырмас үшін су сыйырдың сүті керек» деймін. Ол, су сыйыр, жер үстінде, тек ақ дәу, қара дәу, қызыл дәу деген перілердің қолында. Ол перілермен біздің арамызда 6 тау бар. Ол – құз тау, оған адам түгіл, құс ұшып шығалмайды, шыққанымен, арғы жағында тас тау бар. Онда кілең айнадай жылтыр тастар жатады, оған адам тұрмақ, таста жүретін тау ешкіде тайып құлап өледі. Ал, одан әріде Қар тау бар. Онда қар күндіз-түні бірдей жауады. Ол таудың қарының қалыңдығы – мың кез және ұн сияқты үлпілдек. Одан тегі өте алмайды. Ал оның ар жағында Мұз тауы бар. Ол-бәрінен тайғақ және бәрінен биік. Шапшаң ұшатын құс оның етегінен басына дем алмай, бір ай ұшады. Ал оның ар жағында – саз тау бар. Бетіне бір мысқал тас түссе, соны түбіне қарай тартып әкетеді. Онан арыда от тауы бар. Одан адам түгіл, құс та ұшып басына шыға алмайды. Оның ыстығы күнге жетіп тұрады. Міне, осыған жұмсаймыз. Сонан соң, ол кеткен соң, біраз күннен кейін некелеп, өзіңе қосып ала бересің» – деді. Хан қара қойдың қанын ішіп, қарық-қарық құсып, төрден-есікке, есіктен-төрге домалай бастайды. Барлық ел жиналады. Жәңегі мыстан білегін ұстап: «Ойпырмай, айтайын ба, айтпайын ба?» – деп өтірік көзі шарасынан шығады. «Қош, неде болса, әулием, жасырмай айт!» деп жалынады. Ел де хан сөзін қоштайды. «Ендеше, мен айтайын, бірақ көңілдеріңе ауыр алмаңдар, бұл ханның ауыруы бұрынғы емес, бұл – өте қауыпты, дәрісі табылса, 2-3 ай созылады, дәрісі табылмаса 2 айдан кейін өледі» – дейді. Уәзірлері: «Ал, енді қандай дәрі керек?» депті. Сонда кемпір айтады. «Бұған су сыйырдың сүті керек, одан басқа дәріге жазылмайды» – дейді. Уәзірлер: «Ойбай, ол су сыйырды кім табады дейді?» – елге. Сонда ел: «Оны Құйым табады!» – дейді. «Өзің үшін туыпсың, елің үшін күйіпсің» деген қарағым, барып кел!» – деп, ел шу ете қалады. Құйым бармақ болып, уәде береді. Құйым ертеңіне су сыйырды іздеп, жолға түсіп кетеді. Сол кеткеннен кете берсін. Енді ханға келейік. Хан екі-үш күннен кейін Құйымның кеткенін әбден білген соң, Құйымның әйелін алуға жүреді. Ал Құйымның әйелі мұны балгер кітабын ашып біліп, сол кітәбіменен дұғалап, өзінің үйін айналдыра 9 қабат адам шыға алмайтындай етіп, тастан қорған соғады. Мұны көріп хан, қол астындағы барлық елді жинап, соны бұздырады. Кешке дейін ел жиналып 8 қабатын бұзып, бір қабаты қалады. «Ертең бұзамыз»- деп кетсе, ертеңіне сол 9 қабаты қайта қаланулы тұрады. Енді осы хан 9 қабат қорғанды күнде бұзумен болсын, енді Құйымға келейік. Құйым сол кеткеннен кетіп, өзінің айбөкен досына барады. Барып, амандасып болған соң, бар жағдайды айтып, соған болысуын сұрайды. Сонда айбөкен айтады: «бұған менің ешқандай көмегім жоқ, ол ақ дәу, қара дәу деген үш перінің қолында. Оған бару үшін 6 таудан өту керек. Ол таулардан құс та ұшып өте алмайды»- дейді. Ал енді саған айтар бір кеңесім бар: Анау аспанмен тіресіп тұрған бәйтеректі көрдің бе? Соның басында «Алып қара құс» деген құс бар. Соның балаларын сол жерде тұратын айдаһар жеп кетеді. Сен сол айдаһарды өлтірсең, баласын ажалдан аман алып қалғаның. Бала деген бауыр еттен жаралады ғой. Сол үшін де сені қалаған жеріңе апарады. Ал оған бару, тек сенің қолыңнан келеді. Одан басқа істейтін амал жоқ» – деді. Құйым айбөкенмен қоштасып, сол көрінген бәйтерекке келеді. Келсе, бәйтеректің басында үш балапан жатыр екен. Әрбірінің үлкендігі түйенің үлкендігіндей екен. Балапандарға қауырсын жәңә-жәңе шығып келеді екен. Әлгі жердің өсімдіктері де басқа жерге қарағанда өзгеше. Түйе жапырақтың бір жапырағының асты бір үлкен тайдай екен. Атын босатып жіберіп, сол жерде «айдаһар қай жақтан келер екен?» – деп тосып жатты. Жатып ұйықтап, кетіпті. Шырқыраған бір нәрсенің даусынан шошып, ояна келсе, әлгі балапандар екен. «Бұл неге сонша шырқырайды?» – деп жан-жағына қараса, бір нән айдаһар бәйтеректің суын сығып, жоғары балапандарға өрлеп кетіп барады екен. Құйым 9 бүктемелі ақ семсермен салып жіберіп еді, басын қақ айырды. Айдаһар жерге тарс етіп, құлап түсті. Құйым қылышпен кескілеп өлтірді де, кеулі жай отыра берді. Бір уақыттар болғанда қатты жел тұрды. «Бұл не?» – деп қараса, алып қара құс екен. Әлгі соққан соның қанатының желі екен. Келіп, бәйтерекке отыра кеткенде бәйтерек майысып, сына жаздап барып, қайта орнына тоқтады. Балаларына әкелген жемді беріп: «Әй, осы жерде адам исі шығады, бұл жерде адам қайдан жүр?» дейді. Сонда балалары: «Ана, досың керек пе, жоқ қасың керек пе?» дейді. Әуелі: «қасым керек» – дейді. Сонда балалары айдаһарды көрсетеді. Айдаһарды «ауп» деп бірақ жұтып, «ал, енді маған досым керек» – депті. Балапандары Құйымға: «шық!» депті. Құйым жапырақтың арасынан шыға келгенде, оны да жұтады. Бірақ, балалары тамағынан қысып, шырқырап жібермейді. Жібермеген соң, қайта құсады да: «Қой, балаларым, бекер істедіңдер. Жұтып қайта құсқанымда 1000 кісілік күш беретін еді. Бұған 100-ақ кісінің күші бітті. Бұларың дұрыс болмады» деп, Құйымнан мән-жайын сұрады. Құйым су сыйырдың сүтін іздеп келгендігін айтты. «Мұның үлкен жұмыс екен, оған менің күшім келмейді, тек сені апарып, сол жерге тастайын, сонан кейінгісін өзің біл, менен басқа ешқандай көмек болмайды». «Жарайды, мені сол жерге жеткізсең болғаны, аржағын өзім көріп аламын» – деді Құйым. «Олай болатын болса, сен осы жерде екі жеті тос. Мен балаларыма тамақ жиып беріп кетейін. Және өзімізге тамақ дайындайын және 40 мес су керек. Арада от тауы бар, содан өткенде керек болады» – деді. Сонымен, Құйым сол жерде қалды да, алып қара құс тамаққа кетіп, бір жетіде екі рет келіп, балапандарына екі айға жарайтын етіп тамақ жиып беріп, 40 мес су артып, үшінші күні қайтып келіп, «ал кетелік» деді. Құйымды аты мен екеуін қанатының үстіне таңып алып ұшады. Бір ай тік ұшты да, сонда Құйымға: «Жерге қара!» деді. Құйым жерге қарап, «Жер тоқымның үлкендігіндей-ақ екен» – дейді. Сонда құс: «Әлі төмен екенбіз» дейді: Тағы біраз күн тік ұшады. «Ал, енді қара!» дейді. «Жер жуан иненің көзіндей болды» – дейді. Ал енді төбесіне шықтық. Енді тура ұшамыз. Сен көзіңді жұм!» – дейді. Бірнеше күн ұшқан соң, бір мезгілде ұшуын тоқтатады. Құйым көзін ашса, бір жерге келіп қоныпты. Ал енді «келдік» деді. Қараса, 40 мес судан түкте жоқ. «Су қайда?» – деп сұрап еді, жаңа от тауына келгенде өзімізге ыстық келтірмес үшін тесіп, барлығын құрттым» – деді. «Ал енді сен осы суды жағалап жүре берсең, алдыңнан көпір шығады. Содан өтіп, ақ дәудің үйіне барасың. Мына бір қауырсынымды алып қал. Қай жерге барып қонсаң да от жаққан жердің қасына шаншып қал» – деді де: «ал, қош сау бол» деп, құс ұшып кетті. Құйым атына мініп, көпірден өтіп, жолмен біраз жүргеннен кейін, алдынан ақ үй көрінеді. Ол үйге келсе, үйден 15-16 жасар бір қыз шығады. Ол қыздың аузына бүрме темір салып қойған. Сол қыздан «Бұл кімнің үйі?» – деп сұрайды. «Бұл-ақ дәудің үйі» дейді. «Ол – өзі қайда?» «Аң аулап кетті», – депті. «Ендеше, үйіңе түсейін» – деп түссе, үйінде бір қазан ет, бір саба қымыз тұр екен. Қызға: «Ет, қымыз әкел!» – дейді. Қыз: «Әкем ұрсады» - депті. Құйым: оған қарамай еттен, қымыздан алып, қызға: «іш!» – дейді. Қыз: «Бірге отырып ішпеймін, әкем ұрсады» депті. Аузымдағы бүрмені тамақ ішіп қоймасын деп салып кетті» – депті. Құйым: «Әкең енді келмейді, ұрыспайды» деп, аузындағы бүрмені алып, тамақ береді де «Әкең қай жолмен кетті?» депті. «Мына жолмен кетті». «Қай жолмен келеді?». «Мына жолмен келеді» – дейді қыз. «Келеді» деген жолға түсіп, бір жерге ағаш ішіне атын байлап, тосып отырса, артында тазысы, қолында бүркіті, иті ұлып, бүркіті шаңқылдап, сауыты сөгіліп келеді екен. Сонда ақ дәу: «Ей, ұлымағырдың иті ұлып, өз басыңа көрінсін! Шаңқылдамағырдың құсы шаңқылдап өлеріңе көрінсін! Сөгілмегірдің сауыты сөгіліп, тозарыңа көрінсін. Осы Құйым туғанда бүлк ете қалып еді, бар денем» - деп келеді екен. «Әй, мен саған неғылдым?» деп Құйым шыға келеді. Сонда екеуі алыса түседі. Алысып-алысып, ақ дәуді алып ұрып, басын кесіп алып, қызына: «Мә, әкеңнің басы» деп жүре береді. Қыз әкесінің басын көріп, жылап қала береді. Біраз жүрген соң, қара дәудің үйіне келеді. Онда екі қазан ет, екі саба қымыз тұр екен. Оның да үйінде бір қыздан басқа ештеңе жоқ, келіп үйіне түссе, қызының аузына бүрме салып қойыпты. Оны сындырып, қасына отырғызып, тамақ ішіп, әкесінің қай жолмен келетінін сұрап алып, алдынан шығуға кетеді. Бір жерде тосып тұрса, оныңда иті ұлып, құсы шаңқылдап, сауыты сөгіліп келеді екен. Ол да: «Ей, ұлымағырдың иті ұлып, өз басыңа көрінсін. Шаңқылдамағырдың құсы шаңқылдап, өлеріңе көрінсін! Осы Құйым туғанда солқ ете қалып еді бар денем?» деп келеді екен. «Мен саған не жасадым» - деп шыға келеді. Құйым екеуі алыса түседі. Алысып-алысып, оны да алып ұрып, басын кесіп алып, қызына әкеліп: «Мә, әкең басы. Әкең келмесіне кетті» - деп жүріп кетеді. Біраз жүріп, қызыл дәудің үйіне келеді. Келсе, онда да аузына бүрме салған бір қыз жүр екен. Құйым келіп: «Кімнің қызысың?» – депті. «Мен қызыл дәудің қызымын» - депті. «Ендеше, қымыз әкел» – дейді. Онда үш қазан ет, үш саба қымыз тұр екен. Қызға аузындағы бүрмені алып, менімен бірге қымыз іш»-дейді. Бұл қыз бұрынғы қыздар сияқты қарсыласпай, бүрмені алып, бірге қымыз ішеді. Қымыз ішіп отырып: «Сіз, Құйым деген батырсыз ба?» дейді. «Я, оны қайдан білдің?» Менің білгенім, әкем үш ағайынды. Үшеуі де пері. Олар, жиналғанда айтушы еді. Біздің ажалымыз, «Құйым деген батырдан»- деп, сол батыр үшеумізді өлтіреді» – дейтін. Және бұл жерге адам келе алмайтындай етіп, осы жердің жан-жағын алты таумен қоршаған еді. «Оның үстінен асып келе алмайды» – деп дұғамен қоршаған, қайран әкемнің ажалы жеткен екен. Енді саған айтатыным бар: Менің әкемнің жаны – бөлек. Екеуің 7 күн, 7 түн алысасың. Сонда әкемнің бір танауынан ақ жібек, бір танауынан қызыл жібек салбырап шығады. Сонда сен, соны мұртына келгенде тартып, үзіп ал. Менің әкемнің жаны – сол. Сен оны олай етпегенде де жеңесің. Бірақ, сол мұртынан салбыраған жібек жерге жетіп, сенің аяғыңа оралып үзілгенше, кем дегенде бір ай алысу керек. Ал, әкем, мына жолмен кетті, барсаң алдынан шығасың» – дейді. Құйым жолға түсіп келе жатса, иті қаңқылдап, құсы шаңқылдап келеді екен. «Әй, ұлымағырдың иті ұлып, өз басыңа көрінсін! Қаңқылдамағырдың құсы қаңқылдап, өлеріңе көрінсін, сөгілмегірдің сауыты сөгіліп, тозарыңа көрінсін! Осы Құйым туғанда солқ ете қалып еді, бар денем» деп келеді екен. Құйым бұғынып тұрған жерінен шыға келіп, «Әй, мен саған неғылдым?» – деп, атып шығады. Екеуі алыса кетеді. Екеуі 7 күн, жеті түн алысып, сегізінші күні болғанда қызыл дәудің екі танауынан бұтамдай бір ақ жібек, бір қызыл жібек шығып, салбыраған екен. Құйым қолын жібере салып, жібекті жұлып алады. Қызыл дәу жерге тарс етіп, құлап түседі: Құйым басын кесіп алып, қызына әкеп береді: «Мә, әкеңнің басы» – дейді. Қыз: «Өлерін мен өзім айттым, әйтпегенде әлі де біраз жарық дүние көретін еді» депті. Сонымен, Құйым сол күні сол үйге түнейді. Алып қара құстың қауырсынын от басына қыялап шаншып қояды. Ертеңгісін Қара дәудің қызының үйіне қонады. Алып қара құстың қанатын от басына шаншып қояды. Ертеңгісін тұрса, ақ дәудің қызы: «Ой, Құйым келіп қалыпты ғой!», – деп, малын қайырып жүр екен. Қараса, бәрі малымен көшіп, ақ дәудің үйіне келіп қалыпты. Сол күні Ақ дәудің үйіне қонып, қанатты тағы от басына шаншып қойып жатады. «О, біздің Құйым досымыз келіп қалыпты!» – деп айбөкен малын қайырып жүр екен. Қараса айбөкенге келіп қалыпты. Төртінші күні айбөкеннің аулына келген соң, сол жерге түнеп, ертеңгісін өз үйінің қасына келіп қоныпты. Әйелімен амандасып, аман-есен көріседі. Ертеңіне алып қара құс келіп: «Ал батыр, менің баламды ажалдан айырғаның үшін азда болса, көптей көріп, мені босат,» дейді. Құйым көп-көп рахмет айтып, алып қара құспен қоштасып, ықтиярымен қайырады. Ел: «Құйым келіпті, су сыйыр тұрмақ үш дәудің үш қызын әйелдікке алып келіпті» – десіп шуылдасады. Құйым ханға барып: «Ал, хан-еке, су сыйырдың өзін әкелдім. Етін жесең де, өзің біл» дейді. Хан қорқып: «Қарағым, сен кеткен соң, әртүрлі дәрі дәрмек ішіп, жазылып кеттім» дейді. Сонымен, хан мыстан кемпірді шақырып алып: «Ал, мына пәле тағы келді, енді не айла табасың?» дейді. Кемпір ойланып: «Енді бір амал бар. Ол былай: Сіз дәу бір маядай сексеуілді маймен майлатып жинатыңыз. Ортасына қойған бір шынжыр үстіне шығып тұрсын. Сонан соң, бір күні сол сексеуілдің қасына елді жинатып: «Мына сексеуілдің ортасында шынжыр бар, соған біреу байланып отырады. Сонан соң, жан-жағынан от қоямыз. Түтін аспанға көтерілгенде, менің әкеме берген қонақ асы, берген киімім, істеген ісімді, әкемнің кәзір қандай күйде жүргенін көреді. Соған кім байланады?» де. Сонда елге айтып қой, «Құйым байланады» – десін. Сонан соң, оны байладағы, отты түгел қойып жібер. Сонан соң, мың жаны болса да күйіп кетеді» – дейді. Айтқанын істеп, елді жиып, кемпірдің айтқанын айтты. «Артынан түтін көкке шыққансын түсіріп аламыз. Осыған кім байланады және әкемді кім көреді?» деді хан. Ел: «Құйым батыр көреді» деді. «Ал, Құйым, бүгін жұма күні, қарағым соны көріп кел!» – деді хан. Құйым: «Мен үйге барып келейін» – деп үйіне келді. Әйелдеріне айтып еді. Қызыл дәудің қызы: «Біз періміз, сен барып байлан, сонан соң біз көк кептер болып барып, сені түтіннің арасынан алып келеміз, одан қорықпа!» – деді. Құйым барып, «Ал мені байлаңдар!» – деді. Құйымды байлап, ел болып, жан-жағынан отты қойып жіберді. Түтін аспанға шыққанда кептер болып әйелдері келіп, шешіп алып кетті. Оны ел білген жоқ. Жан-жағы жанып, ортасы ойылып кеткенде хан атына мініп, «Мен Құйымның өз әйелін алам» деп, уәзірлері: «Мен қызыл дәудің, мен қара дәудің, мен ақ дәудің қызын аламын» деп, тура Құйымның үйіне шабады. Сонда әйелдері: «Ал енді қыр!» –дейді. Құйым атына мініп, қарсы шапқанда: «Ойбай, біз әншейін шауып едік» – деп, быт-шыт болып қашады. Бірақ, Құйым оған көнбей, хан мен бектерін қырып тастап, мал-мүлкін елге сыйға таратып беріп, өзі сол елдің сұрауы бойынша патша болады. Үлкен әйелі босанып, ұл табады. Баласының атын Арпалыс қояды. Арпалыс 8 айға толғанда Құйым шалқасынан жатып, көкірегіне мінгізіп отырса, баласы сиіп жібереді. Сонда Құйым күліп жібереді. Әйелдері: «Неге күлдің?» депті. «Жәй, өзім ғой», – дейді. Бірақ әйелдері сұрап болмайды. «Күлгенді сұра сыры бар, жылағанды сұрама мұңы бар деген, айт!» – дейді. Құйым: «Жарайды, айтайын!» – дейді. «Мен жас күнімде түс көріп едім, сонда түсімде түңлік ашық қалыпты, одан үркер жұлдызы көрініп тұр екен. Кеудем ашық қалыпты. Кеудеме жаңбыр жауып қалыпты. Қазір мына Арпалыс көкірегіме сигенде сол түсім ойыма түсті. Соған күлдім» – деді. Сонда қара дәудің қызы: «Мына Арпалыспен менен туған бала сенің әке-шешеңді табады екен, ал мына ақ дәу мен қызыл дәудің қызынан туған бала өгей әкең мен шешеңді және екі ағаңды табады екен, барлығы жиналып үркердей болып, бір жерге бас қосады екенсіңдер» дейді. Келесі жылы, үш әйелінен үш ер бала туады. Той жасап, бірнеше күн сауық-сайран құрады. Арпалыс 6 жасқа келгенде қара дәудің қызынан туған бала екеуі тауға шығып, серуендейтін болады. Екеуіне сауыт сайман соқтырып, найза жасатады. Арпалыс найза ұстағанда найзасының ұшынан от жарқылдап жүреді екен. Ағын шешесі: «Қарағым, кәзір жауға тиіспе, біраз кісі өлтірген соң, найзаңның ұшындағы от өшіп қалады да найзаң өтпей қалады, сонда жылқының сідігіне ұстасаң, қайта от шашады» – дейді. Сонымен тағы бір рет тауға шықса, таудың аржағында қалың мал көрінеді. Арпалыс жолдастарына: «Сендер осылай тұрыңдар, не ел екен, мен барып, біліп келейін» - деп, сол елге қарай кетеді. Келсе, қалың қонған ел екен. Шетінде үлкен бір үйден өлең айтқан дауыс шығады. Сол үйге барып, атын мамағашқа байлап, найзасын іргеге сүйей салып, «Ассалаумағалайкум!» – деп кіріп барса, бір дәу өлең айтып, төсектің үстінде шалқасынан түсіп жатыр екен.
Қарт адам еңкейгенде «белім» дейді,
Көзіме мың кісі де көрінбейді.
Айқасып қалың қолға ойран салсам
Кер атым ерінуді бір білмейді –
деп өлеңді соғып, баланың берген сәлемін алмайды. Бала өзімен атын мақтап, сәлем алмаған соң, ашуланып: «Сен батыр болсаң, сенің күшіңді көрейін» деп далаға шығып, найзасын қолына алып, атына мініп, жылқысына қарай шаба жөнеледі. Дәудің әйелі бала кеткен соң, артынан жүгіре шығып, шауып бара жатқан баланы көріп, қайтып үйіне келіп, күйеуіне: «Сен жаңағы баланың сәлемін бекер алмадың. Ол – бала батыр екен. Қолындағы найзасының ұшынан от жанып барады. Қазір сенің жылқыңа барып тиеді. Сен «ә» дегеннен оған барма, алдымен елді жауып жібер. Біраз адамды өлтіргенен кейін оның найзасының оты өшеді. Сен сонда барып, айқас. Әйтпесе, сенің күшің келмейді» – дейді. Арпалыс бара сала қайнап жатқан қалың жылқыға тиіп, айдай жөнеледі. Қараса, жылқышысы бір тайды шиге қақтап жеп отыр екен. Бала жылқыны айдай жөнелгенде олар да бата алмай қорқады. Біреуі артынан келіп: «Әй, батыр, бұл жылқының иесі де батыр, аты осы жылқыда кетіп барады, батырдың атын беріп кет, арманда қалар» – дейді. «Жарайды, алып қал» дейді.Үлкен кер ат екен. Ұстап алып қалады. Атын иесіне апарып беріп, болған жағдайды айтады. Батыр ашуланып: «Мен барғанша соғысып жолын бөгеңдер!» - дейді. Бірақ жылқышылары барудан бас тартады. «Бармасаңдар, алдымен сендерді жайғаймын!» – деп, қорқытады. Амал жоқ, жылқышылары жылқыны қуып жөнеледі. Жылқышыларының артынан олда барады. Барса, біразын жайғапты. Найзасының оты өшіпті. Бара баламен айқаса түседі. Арпалыс найзасын қалай салса да өткізе алмайды. Қараса, оты өшіп қалыпты. Шауып барып, бір жылқының сідігіне ұстап алады. Қайтып суырып алса, от қайта жаныпты. Оны көре дәу үйіне қарай тұра қашады. Артынан қуып, үйіне жақындағанда қуып жетіп, найзасын салады. Найза өтіп, ар жағынан шығады. Әйелі есік алдына қарап тұр екен. Әйеліне: «Арыздасып қал, найзамды суырғанда жаны қоса шығады» дейді. Әйелімен қоштасып, найзаны суырғанда тамырымен құлаған ағаштай жалп етіп, құлап түседі. Атын жетектеп, жылқыға әкеп қосып, жолдастарына айдап келеді. Жолдастарына болған жағдайды айтып, аулына қайтады. Жолда келе жатса, бір екі сайдың аржағында бір адам түрегеліп жығылып, қайта түрегеліп, жығылып жүргенін көреді. Бір жолдасына: «Сен баршы, ана қара неғылған адам екен?» – дейді. Жолдасы шауып барып, қайтып келеді. Бір шал, бір кемпір. Барып сәлем беріп едім, сәлемімді алмайды. Бірдеңеге сүйеніп тұрады да жерге құлап, жерді тырмалайды. Ақыры жауап ала алмадым» – дейді. Арпалыс қызылдәудің қызынан туған бала екеуі: «Біз білейік, сендер осылай тұра тұрыңдар!» деп екеуі шауып шалмен кемпірге барып, сәлем береді. «Шал басын жұлып алып: «Ой, қарақтарым, Құйымның өзімісің, жоқ көзімісің?» – деп еңіреп қоя береді. Сүйтсе, тышқан артынан кеткен әкесі мен шешесі екен. Шал мен кемпірге екі ат мінгізіп, жылқыға алып келеді де бір баланы Құйымға шаптырады. «Әкесін таптым, жолына бір кесе бал құйып, төкпей-шашпай алдымыздан алып шықсын» – дейді. Құйым хабарды алып, «Бұл қалай, менің балам осындай маған әмір береді» - деп ойлайды. Бірақ, шеше алмай, бір кесеге бал құйып алдарынан алып шығады. Әке-шешесі мен аман-есен көрісіп, баласынан: «Сен маған неге сондай тапсырма бересің?» дейді. Сонда баласы: «Сен ұлы патшасың, үйіңнен жылап шығасың, сонда сенің қай жерің патша болады, сол үшін солай буынын бекітіп келсін дегенім» дейді. Сонымен әкесін үйіне алып келіп, үлкен той жасайды. Қара дәудің қызынан туған Қасым мен ақ дәудің қызынан туған Есім екеуі «ел көреміз» деп алыс сапар жүреді. Жүре-жүре бірнеше айлар жүріп, бір қалың тоғайға келеді. Келсе, ол шеті мен бұл шетіне көз жетпес қаптаған қалың жылқыға келеді. Жылқының ағы бөлек, көгі бір бөлек, құласы, қарасы жеке-жеке бөлінген. Сондай қызық. Қасым мен Есім екеуі осы жылқыға қызығып, ауылға айдап кетейін деп, жылқының бірін қалдырмай айдайды. Айдап, кешке бір жерге келіп қонады. Түнде нөсер жаңбыр жауады. Паналайтын жер іздеп жүріп, бір жаман там табады. Қасым атын шідерлеп, Есімнен бұрын тамға кірсе, тамның төржақтағы бір бұрышынан бір бұрышына бір нәрсе жүгіргенін көреді. Қасым батыр «Бұл кім? Адам ба? Сайтан ба? Адам болсаң айт, сайтан болсаң өлтірем!» – деп ақырады. «Мен, адаммын» – деп бір адам даусын шығарады. Адам болсаң, неғып жүрсің?» – дейді. Әлгі адам: «Мен саған жайымды айтайын» – деп, қасына келіп отырады. «Мен бір байдың баласы едім және үш ағайынды едік. Әкеміз малыменен қашып кетіп бізді тастап кетті. Содан біз кедей болып, қаңғып қалдық. Менің ең кіші інім: Құйым еді. Ол да бізден қашып кетті. Ол байғұс қай жерге барып өлгенін білмеймін. Мен үлкен ағамыз екеуміз осы жерде бір байға жалданып, мен жылқысын бақтым, үлкен ағайым сиырын бақты. Сөйтіп жүре бердік. Содан бай басқа жерден қоныс алып, соған көштік, кеше осы жерден көшіп бара жатқанда мына жерде бір жотаның басына бір ақбоз атқа мінген бір адам шауып шыға келіп, бізге қарап ат қойды. Оның артынан біреуі, сөйте-сөйте 40 ақбоз атқа мінген адам келіп, елді шапты. Сонан өлтіргенін өлтіріп, өлтірмегенін малымен айдап кетті. Міне, мен аттан жығылып, өтірік өліп жатып, олар кеткеннен кейін тұрып, қашып, осы тамға келіп тығылдым» – дейді. Қасым айтады: «Сіздің айтуыңызша, Алғанбайдың баласы Құйым ба?» – дейді. «Я, қарағым, оны қайдан білесің?» – деп әлгі адам жабыса кетеді. «Сол Құйымның мына екеуміз баласымыз», – дейді. Сол жерде үшеуі көрісіп, амандасып болып: «Ендеше, осы жерге қалайық, ертең сол жермен жүрелік» дейді. «Ойбай, қарағым, онда бармаңдар, барсаңдар малдарыңнан түк қоймайды және түгел тонап алады» – дейді. «Сіз одан қорықпаңыз!» – деп Қасым оны басады. Ертеңіне таң атады. Жылқыны соған қарай айда!» – депті. «Қарағым, сауыт-сайманың жоқ, олардың бәрі қарулы, жуыма!» – дейді. «Сіз қорықпаңыз, солай айдай беріңіз!» деп, үшеуі жылқыны солай айдайды. Бір жерге келгенде бір боз атты шауып шыға келеді. «Әні, келе жатыр» – деп, Құйым ағасы зарқақты. «Мен оларды тосамын, сендер айдай тұрыңдар» деп атын көлденең тартып, Қасым тұрып қалады. Бірінің артынан бірі шығып, 40 боз атты шауып келеді. Шетінен келгенін қамшымен бір ұрып, аттан ұшырып түсірді. Сонымен қырық ұрып, бәрін жерге түсіріп, қырқының да қолдарын байлап, өздері шауып шыққан жерге келсе, ар жағы қаптаған мал, тігілген үй екен. Жылқыны айдап сонда келеді. Әлгі тауып алған әкесі бір кісіге барып: «Шүйінші! Құйымның мынау балалары екен!» – депті. Сөйтсе, әлгі Құйымның үлкен ағасы екен. Оныменен де көрісіп болғанда бір шал келіп, «Қарағым, айтып тұрғандарың Алғанбайдың Құйымы ма?» – дейді. «Я» деп жауап береді. «Ой, қарағым-ай, аман екен-ау – ол! Шығай ханның қызын алып, қашып кетіп еді, маған бала болып жүріп» – дейді. Сөйтсе, әлгі өгей әкесі екен. «Өгей шешесі – мынау!» деп, қасындағы жылап тұрған кемпірді көрсетеді. Барлығына ат, шапан беріп, еліне алып қайтады. Еліне алып келіп, Құйымменен көрісіп, барлығы бір жерге жиналып, үркердей болып, тату-тәтті өмір сүріпті. Бір уақыттарда аранын ашқан ажал бұлардың да түбіне жетіпті.
33. Әлібек батыр
Ертеде бір бай болған екен, төрт түлігі сай болған екен, бір перзентке зар болған екен. Сол бай, бәйбішесімен екеуі, құдайдан бала тілеуге тоғыз нарға тоғыз тоғанақ жүк артып, тоғыз ту бие жетектеп, тоғыз жолдас ертіп, азық-түлікті жинап алып, жолға шығады. Жолаушылар бірнеше күн жол жүріп, шаршап келе жатса, өзен бойында будақтап бұлтпен араласып шыққан көк ала түтін, қара құртша қайнап жатқан мал, қалың ел, ерсілі-қарсылы шауып жүрген көп адам көрінеді. Бұл- бір үлкен той тойлап жатқан ауыл екен. Тойдың кімдікі екенін білу үшін ауылға жақындап келгенде, жолаушылардың алдарынан бір жас әйел кездесе кетіпті. Бұл кездескен жас әйелден жөн сұраған екен, ол: «Осы елдің пәленше деген байы баласын сүндетке отырғызып, соған жасап жатқан – тойы. Бұл тойда:
Ұлдыларға орын бар,
Қыздыларға қымыз бар.
Ұлы-қызы жоқтардың
Бұл жиында несі бар?! –
депті.
Суырылып, сумаңдап, сұр жыландай қадалған келіншектің сөзіне бұл екеуі қатты назаланып: «Баламыздың жоқтығын қазды», – депті де, тоғыз нарды жарып, тоғыз тоғанақты қиып, тоғыз жолдасты елдеріне қайырыпты. Өздері темір таяқ ұстап, темір етік киіп, қайыршы болып, ойлаған мақсаттарына жету үшін жаяу жол тартып, жүріп кетеді. Бірнеше күн, ай жылдап, жүдеп-жадап, әулиеден әулие қоймай сиынады.
Темір таяқ тебен инедей,
Темір етік теңгедей болып,
Мойны ырғайдай,
Биті торғайдай болады.
Бірақ ештеме өндіре алмай, әбден жүдеп-жадап, құдайға өкпелеп, елдеріне қайтады. Бірнеше күн жол жүріп келе жатып, бір күні, күн бата құлап жатқан ескі жарты молаға кездеседі. Бұған әйел: «Барайық», – дейді, байы: «Жарты мола түгіл, бүтін моладан да түк болған жоқ», – деп барғысы келмейді. Байының сөзіне қарамастан, әйелі молаға барады. Бұл молаға келіп жетсе, моланың көлеңкесінде, ақ сәлдесі басында, қарагер аты астында, зікір салып, бір әулие тұр екен. Әйелді көре салып: «Өңі-түсі қашып, жүдеп-жадап жүрген не қылған адамсың? – деп сұрай бастайды. Әйел өзінің балаға мұқтаждығын, көп заманнан бері құдайдан тілегенмен, ештеме бермегендігін айтып, құдайға наразы болып, еліне қайтып келе жатқандығын баян етеді. Сонда әулие тұрып: «Мен саған екі қыз, бір ұл берейін, қолыңды жай, жылама!», – дейді де, судырлатып батасын бере бастайды. «Ұлың атын – Әлібек, қыздарыңның атын Қаныкей мен Тотай қой», – дейді де ғайып болады. Бірнеше күндер, айлар өткенде, кемпір-шал баяғы өздерінің шыққан мекен-жайларына келіп жетеді. Елге келген соң да бірнеше күндер, айлар өтеді. Күндерде бір күн кемпір арыстанның етіне жерік болып:
– Шалым! Тілегіңіз бір перзент еді. Олай болса, мен бала кезімде ойнап жүргенде, өзіміздің ауылдың артында бір Арал тоғай деген тоғай бар еді, Арал тоғай ішінде Шабақ тоғай бар еді. Соның ішінде бір арыстан бар еді, дәл соның етіне жерік болдым, – дейді.
Шал өзі мерген екен. Жасынан атқаны аң болған, мергендікке өте құмар екен, сондықтан:
– Жарайды, барайын, – дейді шал.
– Ертең ерте тұрасың, ақбоз атқа мінесің, қынай белді буасың, қылышыңды мойныңа асынасың, Арал тоғай ішінде Шабақ тоғай, Шабақ тоғай ішінде шөкесінен түсіп жатқан арыстанды әкелесің, – дейді кемпір.
Бай ертең ерте тұрады, ақбоз атқа мінеді, қынай белді буады, қылышын мойнына асынып, Арал тоғайға барады. Арал тоғай ішіндегі Шабақ тоғайға барады. Шабақ тоғайдың ішін аралап келе жатса, бір арыстан шөкесінен түсіп, екі көзі оттай жайнап, шалға шапқалы дайындала бастайды. Сонда шал жақындап келіп, арыстанға:
– Арыстаным, қабыланым, маған шаппа, айға шап! Айға шапсаң – мың күндік, маған шапсаң – бір күндік, – деген екен, шалдың мақтауына насаттанып, мың күндік азықты бірден алмақ болады да арыстан айға шабады. Айға қайдан жете алсын! Мойны үзіліп, мерт болыпты.
Сол жерде мерген арыстанға оқ шығармай, қанжар салып, басын кесіп алып, арыстанды екіге бөліп, ақбоз атқа артып алып қайтады. Ақбоз атты жеделдете тебіне, сипай қамшылап, желе жортып, қуанышы қойнына сыймай, үйіне келеді. Келе сала, арыстанның, етін тай қазанға асып пісіреді де, үлкен астауға турап, жерік болған кемпіріне бере бастайды. Кемпір арыстанның етін астаудан қос қолдап, ол ұртына бір, бұл ұртына бір тықты. Сүйегін мұрнынан сығып тастай берді. Тоғыз ай, тоғыз күн болып, мезгілі жетті. Кемпір толғатты. Жанындағы көршілері кемпірдің толғатқанын естіп, жан-жақтан жинала бастады. Қыз-қырқын, қатын-бала – барлығы жиналып, қаптап кетеді. «Қашан босанады?» –деп күтіп отырған қыз, қатындардың қалың ортасында бір мезгілде кемпірдің қағанағы қарқ, сағанағы сарқ етті. Алпыс қанат ақ орда суға толып кетеді. «Кіндікті мен кесем, мен кесем!», – деп отырғандар қасабасын қайық қылып, сырғаларын ескек қылып, судан азар шығады. Ең алдымен, Әлібек туады, алты қарыс селебесін қолына ала туады. Оның артынан Қаныкей мен Тотай туады. Сонымен, кемпір бір ұл, екі қыз табады. Алпыс қойдың терісі Әлібектің асығына, тоқсан қойдың терісі тобығына жетпейді. Балалары бір күнде бір жасап, екі күнде екі жасап, ержете бастайды.
Әлібек бір күндері шешесіне:
– Жақын жерде мен баратын үй бар ма? – дейді.
Шешесі:
– Қарағым, сен баратын жақын жерде нағашыңның үйі бар, соған барып, көңіліңді көтеріп ойнап-күліп қайт, – дейді.
Әлібек шешесінің тілін алып, нағашысының үйіне бармақшы болады. Бұған бару үшін Әлібек жылқысына келіп, жылқышыға ат ұстатып мінсе, әкесінің жинаған малынан оны бір жылқы көтере алмай, белі үзіліп қала береді. Әлібек нағашысының үйіне жаяу барады. Нағашысы алдынан шығып, жиенінің келгеніне қуанып, жаяу келген себебін сұрайды. Әлібек ыза болып:
– Әкем жылқы жимай, ит жиған екен! Осында мініп келуге бір ат таба алмай, жаяу келдім. Сондықтан, маған мінетін ат беріңіз, – дейді.
Нағашысы жылқыдан өзі таңдап алуына ерік беріп, жылқысына ертіп келсе, өзге жылқыдан өзгеше болып бір қызыл құнан көзіне түсе кетеді. Әлібек ұстап алып, қарғып мініп, қызыл құнанмен шапқылап отырып шешесіне келеді.
– Шешеке, шешеке! Нағашымның үйінен әкелген құнаныма ат қойып беріңіз, – дейді.
Сонда шешесі:
– Орғи-орғи жүгіретін Орқызыл болсын! – деп бата береді. Тағы бір күндерде «нағашысының үйінде Құмарлан деген ит күшіктейді»-дегенді естіп, Әлібек қайта келеді. Нағашысы алдынан шығып:
– Жиенжан, неге келдің? –дейді.
– Сіздің Құмарлан атты итіңіздің бір күшігін қалай келдім, – дейді. Нағашысы:
– Құмарланға өзің барып жыр айтып, мақтап-мақтап алмасаң, ол күшігін ешкімге бермейді, – деді.
Сонда Әлібектің айтқаны:
Ей, Құмарлан, Құмарлан!
Базардағы пістедей
Мұрның сұлу, Құмарлан.
Алты таспа қамшыдай
Жоның сұлу, Құмарлан,
Тізіп қойған моншақтай
Тісің сұлу, Құмарлан,
Бір күшігің берсейші-ай! –
дейді.
Құмарлан шынында, мақтау сүйетін ит екен. Әлібектің мақтағанына разы болып, артқы аяғымен бір күшігін сермеп, тастай беріпті. Әлібек күшікті ала салып, шешесіне келіп:
– Шешеке, шешеке, нағашымнан әкелген күшігіме ат қойып беріңіз, – дейді.
Сонда шешесі қолын жайып:
– Аты Құбақұс болсын, – дейді.
Бұған қосымша Қара бүркіт атты, жақсы құс та тауып алады. Әлібек Орқызыл, Құбақұс, Қара бүркіт – үшеуін сылап-сипап, бойына кір жуытпай, жақсылап өсіреді. Бір күндерде үйіне Әлібек іште жатқанда, шешесі мен әкесіне дос болған кісі келеді. Әлібек досына:
– Я, достым, не қалай келдің? – деп құрмет етеді.
Сонда досы отырып:
– Батыр, іштен ала туған алты қарыс селебеңді қалай келдім, – дейді.
Әлібек:
– Достым, селебемнің ісі қиын.
Селебені жасауға келгенде
Қырық бір ұста жиылған.
Егеуіне келгенде
Елу ұста жиылған.
Таптауына келгенде
Тамам ұста жиылған.
Селебем қыныма сиынған,
Қыным басыма сиынған.
Басым барып әулиеге сиынған.
Сондықтан, селебемді бере алмаймын, – дейді. Досы:
– Ендеше, күшігіңді бер, – дейді.
Әлібек:
– Күшігімнің ісі одан да қиын, бұл күшігім туғанда:
Қолбаулының түлкісі
Қолаңдасып жүрген күн,
Елбаулының түлкісі
Елеңдесіп жүрген күн.
Жаусалы мен Байсалы
Құшақтасып жатқан күн.
Күндер басын қоя алмай,
Шөмішімен қатқан күн.
Сондықтан, күшігімді бере алмаймын, – дейді.
Досы батырдан ештеме алмай, ашуланып, шығып кетеді. Батырдың ойына досының ашуланғаны кіріп те шықпайды. Өзінің Орқызылын, қыран құсын баптай береді. Бір күндерде Орқызылдың ойнақтағанын, асығынан жер қазып, кермеге тұрмағандығын, Құбақұстың қаңқылдап, үйге жатпағандығын, Қара бүркіт құстың саңқылдап, томағаға шыдап отырмағандығын көріп, батыр шыдай алмай, аңға шыққан екен. Бір ақ марал кездесіпті. Сонда марал қайғырып:
Ей, Құбақұс, Құбақұс,
Дөңгелек біткен мүйізім.
Сайға бітсін деймісің?
Қолқалы жүрек, қос бүйрек
Тәттісін оның жеймісің?
Алты тарау ақ мүйіз
Адыра қалсын деймісің?
Артымдағы үш бұзау
Жетім қалсын деймісің? –
дейді. Сонда бұл сөзге Құбақұс:
Дөңгелек біткен мүйізің
Сайға бітсе, қайтейін.
Құйрық жесем, қой десем,
Шешекем көңілін, қайтейін.
Орғи-орғи жүгірген
Орқызыл көңілін, қайтейін.
Қолқалы жүрек, қос бүйрек
Тәттісін оның, қайтейін, –
деп, жауап беріп, маралды бас салады.
Батыр Құбақұс қимылына разы болып, маралды теңдеп, қуана-қуана аулына келсе, алдынан шешесі шашын жайып, бетін жыртып, шыға келіпті:
– Ойбай, балам, зәр жейін, зәр жегенде қан жейін! Сен жоқта үйге Шүліңгір деген батыр келіп, бір аяқ саумал ішіп кетті. «Бүгінгі күні Әлібекті өлтіріп, Қаныкей мен Тотайды алам», – деп кетті. Мынау жатқан – соның ізі, – дейді.
Әлібек Шүліңгірдің астындағы алты құлаш ала байталының ізіне қараса, оттың орнындай болып жатыр екен. Бұрын мұндай керемет батырлармен кездесіп көрген емес. Бірақ, екі көзінен қан ағып, зар жұтып жылаған шешесін көрген соң, тағат қылып тұра алмай, атының басын бұрып алып, Шүліңгірді қуып кетіпті. Шүліңгірдің ізіне түсіп келе жатса, көп ұзамай-ақ, ауылдың сыртқы жағында, тоғай арасында күннің батуына қарап, қабағынан қар, кірпігінен мұз жауған қаһарлы Шүліңгір Әлібекке шабуыл жасамаққа тосып тұр екен. Әлібек Шүліңгірдің қаһарлы кескінінен қауіптеніп, Шүліңгірге:
Ой, Шүліңгір, Шүліңгір,
Орқызылдай ат берсем,
Мінер ме едің, Шүліңгір?
Қара бүркіт құс берсем,
Салар ма едің, Шүліңгір?
Құбақұстай ит берсем,
Жүгіртер ме едің, Шүліңгір?
Оған разы болмасаң,
Қаныкей мен Тотайды
Қоса берсем екеуін
Құшар ма едің, Шүліңгір? –
деп жалынады. Сонда Шүліңгір:
Қара бүркіт құсыңды
Құс салдырсам, аламын.
Құбақұстай итіңді
Ит жүгіртсем, аламын.
Орқызылдай атыңды
Атқа мінсем, аламын.
Каныкей мен Тотайды
Әлібекті өлтірсем, аламын! –
депті. Әлібек: «Ақыр бір өлім бар ғой» – дегендей ыза болып, Шүліңгірге:
Біздің, біздің, біздің құл,
Біздің үйге түскен құл.
Көбік саумал ішкен құл,
Көпшігіне тосқан құл,
Қалмақты ердің қасынан
Дәл жүректің басынан! –
деп садақпен Шүліңгірді тартып қалғанда, Шүліңгірдің өңменінен өтіп, оқ ту сыртынан шығыпты. Әлібек Шүліңгірдің сауыт-сайман, қару-жарағын алып, астындағы алты құлаш ала байталын жетектеп, аулына келеді. Сонан бастап, Әлібектің батыр, мерген деген атағы жер жарады. Ноғайлы деген елге қадірі артады. Әлібектің жолдастары көбейеді. Олар Әлібекке әйел алғызбақшы болады. Әлібек тумай тұрғанда айттырған бір көршісінің Ақбілек дейтін сұлу қызы болғанын, бұл қыздың әкесі мен шешесінің кедей екендігіне қарамай, Әлібектің әкесі, «өзінен еркек бала туса осы Ақбілекті Әлібекке алып берем»- деп айтқан сөздері болған екен. Жолдастары сөйлесіп отырып, Әлібекке осы әңгімені айтады. Бірақ, Әлібектің әкесі мен шешесі бала тілеуге кеткенде, тоғыз ру ел болып, жан-жаққа көшіп кеткен елдердің ішінде Ақбілектің үйінің іші де бірге кетіпті. Ақбілек өзі сұлу, жақсы болып, бойжетіп отырған кезі. Әлібектен үш-төрт жас үлкен. Жолдастары Әлібекпен сөйлесіп отырып: «Сол Ақбілекті ал, одан сұлу қыз жоқ», – деп ақыл береді. Әлібек Ақбілектің қандай екенін жақсы біледі. Әлібек бір күндерде: «Әйел алам», – деп, әкесіне кісі салады. Әкесі баласының бұл талабына өте қуанып, еліне: «Ноғайлы елінің барлық қыздары жиылсын! Әлібек таңдағанын алады!, – деп жар салады. Мұны естігенсін жан-жақтағы елдің сұлу қыздарың жиналады. Әлібекті бір дөңнің басына отырғызады, барлық жиналған қыздар:
Қарқараларын қарсы киіп,
Тақияларын дәл киіп,
Аяқтарын шеки басып,
Әлібектің алдына біртіндеп өте бастайды. Ертемен өткен қыздар күн бата азар бітеді. Әлібек жиналған кыздардыц ешбірін де жаратпайды, қайда кетсе де, Ақбілекті іздеп барып, алмақшы болады. Әлібек бір күндерде әкесіне: «Қайдан да болса, Ақбілекті іздеймін, соған рұқсат етіңіз», – дейді. Әкесі оған барар жолдың қауіпті екенін, екі ортада дария барын айтып, жібергісі келмейді. Әлібек бұған көнбей, әкесінің рұқсатын алады. Ақбілекті іздеп, тоғыз жолдас, тоғыз жорға жетектеп, жол жүгін артып, жүруге даярланғанда, әкесі келіп: «Қарағым, осы жүретін жолыңда пәленше байдың баласы жылқысын отарлап жатыр, соның дариядан өтетін Қараша ат деген аты бар, соны сұрап мін», – дейді. Әлібек әкесінің ақылын қабыл алып, азық-түлігін қамдап, елімен қош айтысып, жолдастарын ертіп, Ақбілекті іздеп жүріп кетеді. Күн-түн қатып жүріп отырып, бірнеше күндерде байдың отардағы жатқан жылқысына келеді де, жолдастарымен ақылдасып, «көрінген жылқы, сірә, Қараша аттың кескіні болар» деп, желе жортып, сипай қамшылап, жылқының шетіне таяп келіп, назар салып қараса, жылқы семіз, күйлі, мойындары құрыштай, асыр салып, бірінің соңынан бірі ойнақтап, өзенге қарай кетіп барады екен. Суға карай шапқылаған жылқының қызығына қарай-қарай, біраздан соң жылқының қалың ортасына келгендігін білмей қалады. Жан-жаққа көз жіберіп қараса, бұл, қара құртша қайнаған отардағы байдың жылқысы екен. Жылқы ортасында қаз-қатар ақ шатырды тігіп, отардағы жылқы басында байдың балалары жатыр екен. Батыр жолдастарымен қатар тұрған екі ақ отаудың жанына жетіп келіп, рұқсат сұрап түсе қалады. Екі үйдің арасында кермеде, мойны кере құлаш, екі көзі оттай жайнап, асығынан жер қазып тұрған аттың тұрпатына батыр қадала қарады. Үйде отырған байдың баласы сыртқа шығып, келген қонақтарды күтіп алып, құрмет етеді. Батыр жолдастарымен үйге кіреді, ат соғып шаршап келген қонақтар шай қайнағанша тынығу үшін төрдің алдына қисайып, жата кетіседі. Қонақтар демалып тыныққан соң, бай баласы қонақтармен кеңес бастайды. Батыр өздерінің неге келгенін, қайда баратындықтарын баяндады. Бұл жерге ат майын сұрай келгенін, пәленше елге дариядан өтіп кеткен жесірін іздеп бара жатқанын айтады. Батырдың не себеппен келгенін білген соң, Қараша аттың майын беруге бай баласының көңілі кетеді, бірақ жеті күншілік жерде жатқан әкесінен рұқсат сұрауға тура келеді. Қараша ат сияқты атты рұқсатсыз беріп жіберу қиынырақ болады. Әкесінен рұқсат сұрауға Қараша атқа мініп алып, жеті күншілік жердегі әкесіне жүріп кетеді. Әкесі баласының келе жатқанын Қараша аттың дүбірінен біліп, жанында жатқан кемпіріне:
Оқтаудай қатып тұр сана,
Отты үргіштеп жақ сана,
Есікті ашып бақ сана, –
деп кемпірін оята бастайды. «Қараша ат, Қараша ат болғалы дүбірі мұндай қатты шыққан жоқ еді», – дейді шал. Бұл сөзді айтқанша болмай, баласы келіп, үйдің жанына түсе қалады. Баласына бай:
Желпілдеген ту бар ма?
Жер қайысқан жау бар ма?
Қараша ат, Қараша ат болғалы дүбірі мұндай қатты шыққан жоқ еді! – деп сұрау береді. Сонда баласы әкесіне:
Желпілдеген ту да жоқ
Жер қайысқан жау да жоқ.
дейді де: «Ер Әлібек батыр теңізден өткен жесірін іздеп барады екен, соған теңізден өтуге Қараша аттың майын сұрай келді. Берейін бе, бермейін бе?» деп сізден рұқсат сұрағалы келдім, – дейді.
Әкесі баласына:
– Қарағым, «Ат аяған жерге қарайды, құс аяған көкке қарайды» деген мақал бар. Ат аяма, бер! – деп рұқсатын береді.
Баласы Қараша атқа мініп алып, ізінше кейін қайтып, отарда жатқан жылқысына жетіп келсе, кетерінде қазанға салған еттің көбігі әлі тарамаған екен. Батыр бай баласының қайда барып келгенін сұрайды. Бай баласы әкесіне барып, Қараша аттың майын беруге рұқсат алып келгенін айтты. Ертеңінде Қараша атқа мініп, Орқызылды байдың баласына тастап, Әлібек ұзақ сапарға шығады. Бірнеше күндерден кейін дарияның жағасына келіп, жолдастарын тастап, батырдың өзі Қараша атқа мініп алып, дариядан өтеді. Су бетінде келе жатып көз салса, қаптап жатқан халық, ел, көк ала түтін көрінеді. Дариядан шыға бергенде қолында екі шелегі бар, бір жас әйел суға қарай жүріп келеді екен. Бұл әйел Әлібекті көре салып:
Атыңның мойны қыпшақтай,
Садағың аузы шақпақтай.
Суық түсі сұр жігіт,
Аты-жөніңді айт, жігіт, –
дейді. Әлібек батыр бұл сөзге:
Желдеп кеткен жеті отау
Қайыра шеккен қара інген,
Жез бұйдалы сары тайлақ,
Жоқшымын да жоқшымын! –
дейді. Әйел:
Желдеп кеткен жеті отау,
Жетпіс жалшы, болмасын.
Қайыра шөккен қара інген
Енекеңіз болмасын.
Жез бұйдалы сары тайлақ
Бикеш жаным болмасын.
Бүгінгі күні қына той,
Ертеңгі күні сына той.
Үй артынан жау шықты,
Жекешұнақ дәу шықты!
Ел-жұртымызды қырып-жойып, қалмақтың батыры Ақбілекті алғалы жатыр, – дейді. Батыр Жекешұнақ жатқан үйді сұрап алып, кіріп барған екен, ол өз жанынан орын беріпті. Әлібек батырдың жанына отырады. Екі батыр жөн сұрасып, бірімен-бірі танысқаннан кейін, Жекешұнақ: «Қарағым, інім, қарап отырғанша ермек болсын, садақ атысайық», – дейді. Әлібек те қабыл алып, екеуі аулаққа барады. Жекешұнақтың қырық жолдасы бар екен, садақ ататын жерге ерте жүреді. Жекешұнақ өзінше елден асқан батыр екендігін Әлібекке көрсетпекші екен, оның атқан оғын қырық жолдасы барып азар суырып әкеледі екен. Әлібектің атқан оғын Жекешұнақ қырық жолдасымен барып суыра алмаған соң, өзі барып екі саусағының арасымен суырып алады. Осымен кеш батады. Жекешұнақ Әлібектің ерлігіне таң қалып, ауыр ойға түседі де жатып қалады. Ел жатқан кезде Әлібек Ақбілек отыратын ақ отауға қарай келе жатса, бұл келген батырдың кім екенін біле алмай Ақбілек жар-жар айтып отыр екен.
Есігім алды жоңышқалы, жар-жар!
Әуел баһар ашылар күлсең әні, жар-жар!
Танымаймын, қай ноғайдың ұлысың?
Білсең әні, жар-жар!
Сондағы Әлібектің берген жауабы:
Есігім баһар жоңышқалы, жар-жар!
Әуел баһар ашылар күлсем әні, жар-жар!
Танымасаң, Ақбілек танытайын,
Менің атым, Әлібек, білсең әні, жар-жар!
Ақбілектің бағанағы су басында кездескен жеңгесі: «Бикешжанның шын күйеуі жаңа келді», – деп, атасы мен енесінен, барлық елден «сүйінші» сұрай бастайды. Ел жиылады, бірақ Жекешұнақтан қорқып, Әлібек пен Ақбілекті жасыра тұрады да, түн ішінде дариядан өткізіп қоя береді. Әлібек таңға таяу дарияның жағасында жатқан жолдастарына жетіп келеді. Дарияда аққудай болып жүзіп келе жатқан Ақбілек пен Әлібектің дидарына тоймай, қашан жандарына жеткенше тағат қылмай тұрған жолдастары су жағасына келгенде, қуанып алдарынан шығып, екеуін қарсы алады. Енді бұл жерден жол тартып, елге қайтады. Таң атып, ел тұрған кезде Ақбілектің жеңгесі, хабар беру үшін Жекешұнаққа келеді. Сондағы оның Жекешұнаққа айтқаны:
Атыңның мойны қыпшақтай,
Садағынның аузы шақпақтай,
Суық түсі сұр жігіт,
Бикеш жанды алыпты да кетіпті, –
дейді. Жекешұнақ келіншектің бұл сөзіне ыза болып, қамшымен арқадан тартып жіберіпті. Сонда келіншек ызамен барып Жекешұнаққа:
Атаңа нәлет, ит кәуір,
Енеңе нәлет, ит кәуір,
Қолыңнан екі келсе, бірін істе,
Бикешті дәл қолымнан жөнелттім! –
депті. Жекешұнақ қатты ашуланып, қара арғымақпен дариядан өтіп, Әлібектің артынан қуып кетіпті. Әлібек Жекешұнақтың келе жатқанын біліп, жолдастарын ілгері жіберіп, өзі жауды тосып, кейін қалған екен. Жекешұнақ келе сала-ақ, Әлібекке қаһарлана соқтығады. Әлібек Жекешұнаққа: «Жесіріңнен айрылып келген сорлы адамсың. Сондықтан, кезекті саған бердім», – дейді. Сол-ақ екен, Жекешұнақ ашулы күшіне шыдай алмай, шіреніп тұрып садақпен тартып салады. Әлібек аман қалып, кезек алады да, «қақ жүректің басы»-деп, «өлер жері осы»-деп тартқанда, Жекешұнақ аттан өкіре құлайды. Әлібек кешке қарай жолдастарына жетіп келеді. Бір-екі күн өткен соң, бір жерге кеш келіп тоқтайды. Әлібек ауырып қалады. Жекешұнақпен атысқанда жараланған жерін ескермей, қансырап қалыпты. Әлібек осы арада талып қалады. Ақбілек зар жылап, жолдастары улап-шулап, қайғыланып, Әлібекті «өлді» деп есептеп және оны көмуге қимай, сол жерге тастап, жүріп кетеді. Қараша атты көшке тіркеп алады. Бір күндерде көшке тіркеулі келе жатқан Қараша ат капаланып, хайуан да болса өзінің үстіндегі батыры жоқ болған соң: «Мен не қылып көшке тіркеліп келе жатырмын? – деп, ыза болып, кейін шегініп қалып, шылбырын үзіп, қайтадан бағанағы Әлібектің өлген жеріне келеді. Батырдың кеудесінен иіскеп тұрады, қайғырып, мұңайып, ыза болады. Сол мезгілде арт жағынан бір топ құлан жайылып келді. Әлібектің кеудесін ашып иіскеп, екі көзінен жас мөлт-мөлт төгіліп түрған Қараша ат артына жақындап келген құландарды артқы аяғымен теуіп жібереді. Тепкен уақытта, көп құланның ішінен бір құлан мұрттай ұшты. Басқа құландар бұған қарамай, өз беттерімен жайылып жүре берді. Жығылып жатқан құланның талып жатқаны, я болмаса өліп жатқаны белгісіз. Біраз уақыт өткен соң, тағы да бір топ құландар жайылып келді де, жығылып жатқан құланға бір топ көдені шайнап-шайнап, бүркіп жіберді. Жығылып жатқан құлан ұшып тұра келіп сілкініп, келген құландармен бірігіп, ойнақтап жүре берді. Хайуан да болса, кетіп қалған жолдастары жығылған құланға қайтып келіп, тұрғызып алғанын Қараша ат байқап тұрса керек. Қараша ат, «кәнеки, дем болмас па екен?» – дегендей, бір түп жусан-көдені жұлып алып, шайнап-шайнап Әлібекке бүркіп жіберді. Әлібек селк ете түсіп, ұшып тұра келді. Жан-жаққа қараса, көштері көрінбейді, адам жоқ, аң-таң қалып тұрады да, Караша атқа мініп алып, көштің артынан қуа бастайды. Қараша ат жан қойсын ба? Күншілік жерге кеткен көшке салып ұрып жетіп келді. Қайғырып, улап-шулап бара жатқан келіншек пен жолдастары жалт қарап, Қараша аттың ойнақтап келе жатқанын көрген соң, тоқтай қалады. Әлібек ырғытып, атып келіп, келіншегі мен жолдастарына көрісіп, өзінің қатты ұйықтап қалғандығын баяндады. Әлібектің ойыны ойын, күлкісі күлкі болып, бірнеше күн жол жүріп, жолаушылар өздерінің елдеріне келді. Әкесі мен шешесі баласы мен келіні аман-есен келіп қосылғандығына той жасайды. Қараша аттың майы үшін байдың баласына сый беріп разы қылады. Сөйтіп, Әлібек батыр мен Ақбілек сұлу қызық көріп, дәурен сүреді.
34. Жалғыз жігіт
Бұрынғыда Жалғыз жігіт деген батыр болыпты. Оның әке-шешесін соғыста қалмақтар жеңіп өлтірген екен. Жалғыз жігіт ержеткеннен кейін, әкесінің кегін алуға жанына бір жолдасын ертіп алып, қалмаққа қарай жол тартып жөнелген. Сонымен келе жатып, көп қалың қалмақтың әскеріне жолығып, сол жерде соғысып, есеп жетпес қалмаққа екеуі екі жағынан бастап тиісіп, кешкі уақытта қосылып, келіп жатады. Екі күн өтіп, үшінші күні Жалғыз жігіт өледі. Жанындағы жолдасы сол күні қалмақты жалғыз қырып бітіріп, жан-жағына қараса, Жалғыз жігіт өліп жатыр. Күрең аты басында айналып оттап жүр екен. Қасына жолдасы келсе, басы бір бөлек, денесі бір бөлек жатыр екен. Басын денесіне қосып, үш күн жылап: «Құдая, осыны маған тірілтіп бер!» – деп отырғанда, Жалғыз жігіт: «Жау қай жақта?» – деп атып тұра келіп, тұра атына мініп, жолдасымен екеуі Көктөбеге қарай тартады. Дәл Көктөбеге келгенде Жалғыз жігіт жанындағы жолдасына: «Тоқта!» – деді. Жүріп келгеніне үш күн болған екен, «Менің халім бітті, енді өлемін», – дейді. Жалғыз жігіттің Жаңыл деген әйелі бар екен, ол үйінде екіқабат қалыпты. «Соған сәлем де, қыз туса, атын өзі білер, менің жайым осындай болды, ұл туса, баланың атын Ертұяқ қойсын!», – деп жолдасына қош айтып жылап, жанын сол жерде береді. Сонымен, жолдасы таудың басына көр қазып, Жалғыз жігітті көміп, күрең аттың сайманын мықтап байлап, Жалғыз жігіт тапсырып кеткен атты басына байлап, жылап-жылап, батырды құба жонға тастап, елге қарай тартты. Араға бірнеше күн жол жүріп келе жатқанда, Жаңыл үйдің төбесіне шығып тұрып жалғыз қарайғанды көріп: «Уа! Жалғыз жігіт өлген екен!» – деп жылап, манағы жалғыз атты жолаушының алдынан шықты. Келіп жолықса, айтқанындай, күйеуінің құрдасы, екеуі көрісіп-жылап, құрдасы басынан өткен уақиғасын Жаңылға баян етті. Жаңыл екі жақсы пар атты жеккізіп құрдасымен екеуі Жалғыз жігіттің жатқан жеріне жөнелді. Артынан саба мен қойларын алып, елінен ақсақалдар келіп қалды. Жаңыл Жалғыз жігіттің қабірін құшақтап жылап, жанындағы жолдастарының жылауын тоқтатып, құран оқып, бата қылып, еліне қайтты. Еліне келіп, бірталай уақыт жүрді. Жаңыл тоғыз ай, он күннен кейін босанып, бір ұл тапты, елі жиылып, қызықтап той қылып, ауылдың ақсақалы, молдасы жиылып баланы қызықтады. Жаңыл айтты: «Әкесінің тапсырып кеткен аты бар. Соны сіздер тауып қойыңыздар, – деді. «Кім тапса, соған бір қысырақтың үйірін және қанша дүние берем», – деді. Айтқанындай, ақсақалдар, молдалар жиылып кітап ашып, баласының атын сандалып таба алмай отырғанда, бір кедей кәрия адам келіп: «Сіздер таба алмайсыңдар, баланың аты-Ертұяқ», – деді. Сонымен молда мен ақсақалдар бос қалып, әлгі нашар адам бір қысырақтың үйірін алып, қанша дүние алып, разы болып кетті. Сонымен, Ертұяқ төрт-бес жасқа келгеннен кейін, ауылдың балаларымен доп ойнап, сираққа қағып өлтіре береді, асық ойнап балалардан ұпай алып өлтіре берді. Бір күні ауылда бір кемпірдің жалғыз баласын ұпай алып, өлтіріпті. Әлгі кемпір Ертұяқты: «Жалғызыңнан жайрағыр, менің жалғыз баламды өлтіргенше, жорықта өлтірген әкеңнің құнын даулап алсаңшы!» – деп баланы қарғайды. Бала оны елемей жүре берді. Бір күні асық ойнап, садағын иіріп, үйіне келе жатқанда бір кемпірдің өрмегіне садақ тиіп кетіп, үзіп тастады. Әлгі кемпір баланы қарғап: «Қалмақтан әкеңнің құнын алсаңшы, менің өрмегімде не алмағың бар еді?» – деді. Бала үндемей өрмегін жалғап беріп, кемпірдің арқасынан қағып: «Әлгі сөзіңді, шешеке, маған түсіндіріп қайыра айтшы?», – деп анығын кемпірден сұрап алып, үйіне келіп шешесі Жаңылға: «Бидай қуырып бер!», – дейді. Шешесі бидай қуырып берді. Бидайды жеп отырып: «Мә, шеше!» – деп қолына баса қойып: «Менің әкем қайда, менде туысқан жоқ, жұрттың бәрі айтады, «әкеңнің құнын қалмақтан даулап алсаңшы, дейді», – деп шешесін қысады. Шешесі: «Ол – жұрттың бос сөзі ғой, оған ерме, балам», – деп еді, бала оған болмады. Қолы бидайға шыдамай, шешесі шынын айтады. Әкесін қалмақ өлтіргенін анық білген соң, бала жүрмекші болады. Шешесі: «Балам, қолыңа жүген алып жылқыға бар, қай жылқы бетіңе қараса, соны ұстап мін!», – деді. Бала қолына жүген алып жылқыға барды. Жүгенді сылдыратып еді, бір қотырша тай қарай қалды, бала менсінбей жүгенін қайта шылдырлатып еді, әлгі тайдан басқа жылқы қарамады. Сонан соң: «Осы бұйырған шығар», – деп ұстап, жайдақ мініп алып еді, бесті ат болып тұра қалды. Үйіне келіп, ер-тұрманын ерттеп мініп еді, жеті жасар ат болып шықты. Үйдің белдеуіне әкеліп байлап еді, жерді тарпып ауыздығымен алысып тұрды. Сүйткенше болған жоқ, «жау келді» деген хабар тиді. Ел жаман дүрлікті, қорқып Ертұяққа келді. Ертұяқтың он бес жастағы кезі, манағы Ертұяқ әкесінің құрдасына барды. «Заман осылай болды, бұрын жаудың бетін көрмеген соң, сіз басшы болып жүріңіз!», – деп еді, әкесінің жолдасы бармады. Бала ашуланып: «Өлмесем, артынан сені көремін», – деп, жалғыз өзі ауылдың жанына келген қалмақпен ұрыс салды. Сонымен қырғанын қырып, қалғаны қашып құтылды. Ертұяқ жауды қырып болғаннан кейін, манағы әкесінің құрдасының үйіне келіп: «Бармысың, үйден, шық?!» – деп айқай салды. Әкесінің құрдасы шықпасқа халі жоқ, қорыққаннан шықты. Бала қолымен көтеріп алып, қанжығасына байлап, екі аяғын балпақтатып алып үйіне келе жатқанда, шешесі алдынан шығып, баласына жалынып: «Қарағым, ашуыңды маған бер!», – деп, сөйтіп жанын алып қалды. Бала біраз тынығып алып, ауылынан екі жүз әскер және бір жауырыншы, бір құмалақшы алып, қалмаққа және жөнелді. Келе жатып жауырыншы жауырын қарап: «Бұл жолда барғанменен жолымыз болмайды екен, қайтайық», – деді. Оған Ертұяқ болмады. «Шыққан бетімнен қайтпайым, не болса да барып көрермін», – деді. Жанындағы екі жүз жолдасы кейін қайтып, жанына үш сыншы ертіп алып, қалмаққа қарай келе жатып, бір төбеге келді. Төбенің басына шықса, мына жағынан сықырлаған қалың қалмақты көрді. Сол күні төбеге қонды. Шаһардың бауыры-терең қара су екен, Таң атқаннан кейін, үш жолдасына айтты: «Кейін бара тұр, мен қалмаққа барып көрейін», – деп, «тәуекел»-деп соғысқа кірісті. Соғысып, қалмақты қойдай қырды. Қалмақтың әскерлері бітіп қалған кезде, бір әуемен тірескен қалмақтың батыры қолына күрзі шоқпарын көтеріп келіп, Ертұяққа айтты: «Сен аманыңда кейін қайт, мен өлсем арманым жоқ, артымда үш ұл, бір қызым бар. Сен өлсең, артыңда қалған дәнеңең жоқ, тұяқсыз қаласың, елге бар да, әйел ал, бала көр, тоғыз жылға шарт жасайық, оған шейін қызық көр, артымызда кек алатын тұяқ қалсын», – деді. Содан Ертұяқ кейін қарай қайтты үш жолдасымен. Төрт кісі келе жатып бір шаһарға келді. Құдық басында қалың жылқының ішінде бие сауып жүрген қыз-келіншекке келіп: «Шөлдеп келеміз, құдықтан су алып беріп жіберіңіз», – деп еді, келіншек айтты: «Үйге жүріңіздер, үйде қымыз бар, содан ішіңіздер», – деді. «Жарайды», – деп аттарын суарып, үй жаққа қарай келді. Келіншек үйіне келіп қызға: «Төрт кісі келді, біреуі – түсі бір түрлі суық адам, жолдастарының түсі сары, жол жүрген адам сияқты, осы сіздің Ертұяқ болмаса еді», – дейді. Әлгі қыз да Ертұяққа айттырып қойған қыз екен, соған кез келген екен. Жігіттер келіп, қымыз ішіп отырғанда жөн сұрасып, танып, жеке алты қанат ақ отауды тігіп жіберіп, әлгі бай әкесі той қылып, екі-үш күн Ертұяқтар жатып, тынығып еліне қайтады. Жолшыбай келе жатып жанындағы жолдастарына: «Мен бұрынырақ барып, шешемді жұбата берейін», – деп Ертұяқ озып кетті. Келе жатса, алдынан бір қарайған көрінді. Жақындаса, шешесі Жаңыл екен. Түс көріп, баласының келе жатқанын біліп, алдынан шығып келеді екен. Жолығып, жылап көрісіп, мауқын басып, үйіне келді. Сонымен қайта барып, келінін алып келіп, қырық күн тойын, отыз күн ойынын істеп қызық көрді. Алған келіні тоғыз ай он күннен кейін босанып, бір ұл тапты. Оның атын Шашбай қойды. Шашбай жеті жасқа келгенде қалмақтан хабар келді, «жыл жақындады, кешікпей келсін» деп. Ертұяқ: «Жарайды, айтқан күніңде мен даяр, бәлем қалмақ, көзіңді оярмын!», – деп қайтарды. Ертұяқ тағы бір ұл көрді, оның атын Темір қойды. Темір бір жасқа келгенде қалмақ айтқан уағы да бітіп, Ертұяқ Шашбайды ертіп қалмаққа қарай тағы жөнелді. Келе жатып Шашбайға жақ мылтық атып үйретті. Сонымен қалмақтың қолына килігіп, соғыс ашты. Соғыста екеуі екі жағын қырып келіп, кішкенеден соң, қосылып қайтып отырады. Уағда қылған қалмақ жолығып қалып, Ертұяқтың атқан оғы қалмақтың кеудесінен өтіп, қара тасты аударып, жерге бір кез кірді. Калмақтың атқан оғы да Ертұяқтан өтіп, қара тасты аударып жерге бір кез енген. Дәл осы күні бала қалмақты бітіріп қырып, қалмақтың көпшілігі сондай, аққан қан мен өліктен аяқтарын алып жүре алмаған. Шашбай қалжырап қалған екен, тұрса, әкесі жоқ. Аты бос, әкесінің жанында жүр. Шашбай атына міне сала: «Жау шапты, әке, жау шапты!» – деп айнала шапқан. Содан кейін Ертұяқ көріп: «Кәне, жау қай жақта?» – деп атына тұра мініп жөнелген. Шашбай қолтығынан сүйеп: «Жау міне, мына жақта», – деп бетімен айдалаға тартқан. Біраздан соң әкесі Шашбайға: «Тоқта балам, менің халім бітті, үйде қалған жандарға сәлем айт. Темір жастай қалған, танымассың, бара қалсаң, оң жақ бетінде қалы бар, содан танырсың» – деді. Баласымен көрісіп, жылап: «Қалған екеулеріңе өмір берсін. Мені осы жерге жақсылап тұрып көм, мына күреңше атты басыма мықтап байла!», – деген. «Ертұяқтан дұғай сәлемде», – деп, жан тәсілім беріп жүре берген. Күйікті бала таудың тасын үйдей-үйдей қылып, әкесінің көрін қазып қойған. Сонымен бала жылай-жылай, айдалада қай жақта екенін білмей, сар даланың сағымымен жарысып келе жатыр. Өзімен бірге шыққан бір қарлығашпен қатар келе жатыр. Баланың аты да қалжырап, өзі де қалжырап отырды. Манағы қарлығаш озып барып, балаға айналып келіп: «Мүсәпірім, жылама, мына алдымызда үлкен дария бар, соның жанына алып барайын, менімен бірге жүр», – деді. Бала қуанып, атына мініп, тұра жөнеліп дарияға келіп еді, алдынан көпір пайда болып, құдайдың жұмсауымен балаға жақсылық етіп өткізді. Бала қара жерге басып өте шықты. Ар жағына барса, қалың тоғай арасында бір жолмен соғып келе жатып, талдың сыртынан көп түйе баққан бір шалға жолықты. Келіп сәлем беріп, жөн сұрасып: «Ауылыңыздың басшысы кім болады?» – деді. Шал айтады:
– Елдің басшысы Жалғыз жігіт еді, оны бір соғыста қалмақтар өлтірген, оның баласы Ертұяқ бар еді, ол соғысқа кеткен, хабар жоқ.
– Ертұяқтан бала бар ма? – деп сұрады. Шал баладан қорқып дірілдеп:
– Ертұяқтың Шашбай, Темір деген баласы болған. Шашбай өзімен бірге кеткен, Темір дейтін баласы елде. Ертұяқтың шешесі мен әйелі өлген. Темір Жарабай деген байдың қолында. Мал-мүлкін ел алды. Жартысын Жарабай алды.
Мұны есітіп: «Жарабайдың ауылы қайда?» – деп Шашбай сұрайды. Шал: «Арғы ауыл», – дейді, – бергі ауыл – Ертұяқтың ауылы, – дейді. Бала тұра шабады, ауылды «қырайын»- деп ойлайды. «Жоқ, мұным ашу шығар, Жарабайдың ауылына барайын, Темірді танып алайын», – деп ойлап, өз ауылынан асып бара жатса, алдында қақтың жиегінде бес-алты бала доп ойнап жатыр екен. Шашбай салып отырып, соларға келді. Келген соң алты баланың бесеуі сәлем беріп, біреуі сәлем бермей, тұрып қалды. Сонан соң Шашбай:
– Сен не деген тәртіпсіз баласың, мынау бес бала сәлем бергенде, сен неге тұрып қаласың? – деді. Бала: «Мені тексеретін сен емес», – деп айтысып тұрып алды. «Әкем – Ертұяқ, ағам – Шашбай болатын болса, мен кімнен қорқып сәлем бере алмақпын?!» – деді.
Шашбайдың әкесінің айтқан сөзі ойына түсіп, балаға айналып қарай қалып еді, оң жақ бетінде қалы бар екен. Шашбай: «Ойбай, бауырым!» – деп аттан түсіп келіп, інісімен көрісіп, танысып жатқанда бес бала Жарабайға хабар берді «Темірдің ағасы келіп қалды» деп. Жарабай сасып, киіз үй тіккізіп жіберіп, қой сойып, жалбақтап даярланып, Шашбайдың алдынан шығып, жеке үйге күтіп, неше күндей жатты. Жарабай айтты: «Жарығым, Темір, осы мал бәрі – сенікі», – деді.
Темір:
– Малыңның керегі жоқ, жалғыз күреңшені берсең болады, – деді. Жарабайдың бермеске халі жоқ, атын берді. Шашбай мен Темір елімен амандасып, тағы да қалмақты іздеп жүріп кетті. Келе жатса, алдындағы таудың ар жағынан бер жағына үйдей-үйдей тасты лақтырып жатыр.
Шашбай жанындағы інісіне айтты: «Мынау-қалмақтың баласы Омар, Қарақұл деген, бізге тас жіберіп жатыр», – деді. Темір ести сала ашуын бойына жиып, үйген тасты жұлып алып, лақтырып жібереді. Тасты лақтырыса-лақтырыса екі жағы бірінің қарасын бірі көрді. Үлкені Қарақұл Шашбаймен, Омар Темірмен қолындағы қылыштарын тастасып, жай алысты. Бұл төрт батырдың алыстарынан таудың тасы жүндей болды. Әлден уақытта Қарақұл қайратын бойына жиып, Шашбайды көтеріп әкеп соқты. Оны Темір көре сала қайратын бойына жиып, алып Омарды аспанға асықша атты. Омарды қағып алып ағасы Қарақұлды астына салып беріп, қылышты алып, екеуінің басын алып, тағы қалмаққа қарай жөнелді. Екеуі бір тасты көлдің жиегіне келіп, қос тігіп мекен қылып жатты, құлан-бұлан атып жүрді. Бір күні Темір Шашбайға айтты: «Бүйтіп жата бергеніміз жарамас, біреуміз әйел алайық, жолыңыз үлкен, сіз барып қыз іздеп келіңіз», – деді. Шашбай айтты:
– Жарайды, бауырым, өліп кетсек ұрпақсыз қалғанымыз жарамас, екеуміз қылышымызды ауысайық, менің көңілім жақсы болса, қылыштан май тамады, егерде бейнет көрер болсам, қылышымнан қан тамады, сонда іздерсің, – деп жүріп кетті.
Күнбатысқа қарай келе жатса, шаһардың бауырында бір шақырымдай жерде қос тұр. Соған келсе, бір сұлу қыз отыр, қыз айтады:
– Ойбай, ағатай, аждаһа келеді, сіз кетіңіз, жесе, мені жесін. Осындай ауылымызға бір аждаһа келіп: «Маған күніне жеуге бір қыз беріп тұрасыз, әйтпесе шаһарды жұтам», – деп, сонымен қыздар бітіп, ақыры патшаның жалғыз қызы бүгін маған кезек келді», – деді. Шашбай:
– Қорықпай отыра бер, мен ұйықтайын. – Жеті күн, жеті түн ұйықтайды екен. Қыз: «Қазір келеді, кетіңіз», – деп еді: «Жоқ, ұйықтаймын, келіп қалса оят, оянбасам, саныма пышақ салып ал», – деп жатып қалды. Бір заманда аждаһа көрінді, қыз Шашбайды оятты, оянбады, пышақ салайын десе, өліп қала ма деп қорқып, жылап басына келіп отырды. Бір уақытта көзінің жасы Шашбайдың бетіне тамып, Шашбай қылышын алып атып тұра келді, аждаһа да қарсы жүрді. Аждаһа өзіне қарай тартқанша, Шашбай садақпен қақ ортадан тартып қалып, екі бөлді. Жон терісін сойып, қалтасына салып, жатып ұйықтап қалды.
Ертеңгісінде «қосты көшіріп алайын» деп ауылынан жігіттер барса, қыз отыр, бір жігіт ұйықтап жатыр. Бұдан қорқып, атын аяғына байлап, қос пен қызды көшіріп еліне алып барды. Елінде бір батырсымақ жігіт бар екен, сол: «Аждаһаны мен өлтірдім»- деп патшаға сөйледі. Патша: «Аждаһаны кім өлтірсе, қызымды соған берем», – деген екен. Сол бойынша, әлгі жігітке «қызын берем»-деп тойын қылып жатқанда, Шашбай оянып, патшаның есігінің алдына келіп айқай салады: «Кіруге рұқсат па?» – деп. Біреу шығып еді, қорқып үйіне қайыра кірді. Патшаның өзі шығып: «Ұлықсат!» – деп үйге алып келді. Келгеннен кейін Шашбай: «Мына тойларың немене?» – деп сұрады. «Осындай ауылымызға бір аждаһа пайда болып, сол аждаһаны өлтіргенге қызымды берем, деген уағдам бар еді. Аждаһаны өлтірген жігітке қызымды бермек болып істеп жатқан-тойым». Шашбай айтты: «Шақыршы, өлтірген қандай жігіт, көрейін», – деді. Патша күйеу жігітті шақырып алып келді. Шашбай айтты: «Аждаһаны өлтірген болсаң, қандай белгің бар?» – деді. Жігіттің қолында ештеңе жоқ. Шашбай: «Мынау не?» –деп жон терісін сілтей берді. Жігіттің мойнына су кетіп отырды. Патша жігітті алып барып, «сен өтірік айттың» деп дарға асып өлтірді. Сонымен қайыра ойын-тойын істеп, қызын Шашбайға берді. Шашбай ол күні ақ отауға қызбен бірге жатты, жарым түншілікте үйге сәуле түсті. Шашбай қыздан сұрады, қыз айтпады, сұрап болмағаннан кейін қыз: «Оңтүстік жақта қарсақтың інінде түнде қыздар ойнайды, соның сәулесі маған түсіп тұратын», – деді. Шашбай ішінен ойлап: «Ойбай, Темірге алып берейін», – деп, түн сала дәуге айтты: «Атыспақ керек пе, алыспақ керек пе?» – деді Шашбай. «Алыспақ керек», – деді. Дәу алысып, Шашбайды тиірменше үйіріп, бір-ақ соқты. Аяқ-қолын байлап, қырық кез зынданға салды. Үйде қалған Темірдің қылышынан күнде май тамып тұратын, сол күні қан тамды. Темір бір сұмдықтың болғанын біліп, атына мініп алып жөнелді, күнбатыстағы шаһарға келді. Алдынан ауылдың қатындары шығып, үйге алып келді. Шашбаймен екеуінің киген киімі бірдей, танымай «күйеу келді» деп, қуанып жатыр. Кешкіде патшаның қызымен бірге жатты. Темір жеңгесі екенін біліп, арасына қылыш салып жатты. Тағы да жарым түнде үйге сәуле түсті, «бұл не?»- деп Темір сұрап қоймаған соң, қыз айтты: «Оңтүстік жақта бір дәу бар, түнде шарбақтың ішінде қыздарды ойнатып тұрады. Темір тұрып: «Шашбай осында екен» деп жөнелді. Шарбаққа келді, шарбаққа келсе, дәу жүр. Көре сала: «Атыспақ керек пе, алыспақ керек пе?», – деді. Темір: «Алыспақ!» – деді. Сол жерде алысып, дәуді тиірменше иіріп соқты. «Менің ағам қайда, шапшаң тап? – деді,– таппасаң басыңды аламын!» – деген соң, қорыққанынан «тауып берейін» деп зынданға барып, ә дегенше зынданнан алып шықты. Інісімен көрісіп, дәуді босатып жіберді. Таңдап жүріп, Темірге бір қыз алып, Шашбай қайнына келді. Ертеңіне Шашбай інісімен екеуі екі қыз алып, қанша дүние-мал мен патшадан тұтас үй алып барып, қосының жанына қонды. Екі үй болып отырды. Екі-үш жыл өткеннен кейін Шашбайдың әйелі екіқабат болып, тоғыз ай он күннен кейін босанып, бір ұл туады. Оның атын, Найзабай қояды. Артынан Темірдің әйелі босанып, одан да бір ұл туады. Оның атын Қылыш қойды. Найзабай мен Қылыш екі жасқа келгенше Шашбай мен Темір соғысқа шыққан жоқ. Екеулері үйде қалған малға ие болған уақытта, он-он бес жасқа келгеннен кейін, Шашбай мен Темір соғысқа кетті. Екеулері қалмаққа кез келіп, соғыс ашты. Сол қалмақтың ағасы, «екі інімді өлтірді» деп, өшігіп іздеп жүрген манағы Қарабілек батыр Шашбайды жеңіп, басын алып, «Темір өлтіреді» деп, ұлы дариясының ортасында салған үйі бар екен, соған тартты. Темір қалмақты қырып салып, Шашбайды қараса, денесі жатыр, басы жоқ. Темір жылап, Қарабілекті іздеді. Келе жатып, бір мүсәпір жыланға жолықты. Жылан айтты: «Қайда барасың?» – деп.
– Темір:
– Қарабілекті іздеп барамын, – деді.
– Қарабілекті сен ала алмайсың, оның Ұлы дариясының ортасына салған үйі бар, соған кетті,– деді.
– Оған қалай барам? – деді Темір.
Жылан айтты:
– Менің баламды бір аждаһа тартып алып қойды, соны өлтіріп берсең, мен тауып берейін, – деді.
Темір: «Құп болады!» – деп жүріп келе жатып, жарқырап жатқан аждаһаға кез келді. Темір жақынырақ барған кезде, аждаһа ысқырып, Темірді аузына жұтуға жақындап барып қалды. Енді «өлдім» дегенде, садақты басып қалып аузынан кірген оқ арт жағынан бір-ақ шықты. Құйрығымен соғайын деп еді, қылышпен екі салды. Жыланның қатын-баласын алып беріп, жыланмен екеуі Ұлы дариясына жөнелді, жақындап барғанда жылан айтты: «Мен осы дария бойына тартылып тұрайын, сен бұзып көр», – деді. Темірдің шамасы келмей, жыланның жанына қайтып келді. Жылан айтты: «Шамаң келмесе, мен осы үйдің төбесін қақ жарып жөнелейін, сонда ұстасаң ұстадың, ұстамасаң, менің қылар қайратым жоқ», – деді. Жылан қақ жарып жөнелді. Қарабілек тұра қашты. Темір шап беріп ұстап, Қарабілекті аттың құйрығына байлап, соғысқан жеріндегі Шашбайдың денесіне келді. Қарабілектің кеудесінде жаны мен құр сүйек қалыпты. Темір айтты: «Тірілт, Шашбайды!». Қарабілек жан-жағына аузынан көбік шашып жынын шақырып еді, Шашбайға жан бітіп тұра келді. Темір Қарабілекті байқамай өлтіріп жіберді, егер өлтірмесе, Қарабілек қай күні өлсе, Шашбай сол күні өледі екен. Шашбай Темірге айтты: «Енді әкемнің басына барайық, сені бір алып келіп көрсет!» – деген сөзі бар», – деді. Сонымен екеуі әкесінің басына келіп, құран оқып жылап жатты. Әкесінің басында атының құр сүйегі тұр екен, Шашбай айтты: «Мен енді әкемнің жанында қаламын, үйдегі жандарға тегіс сәлем айт», – деп Темірмен құшақтасып, жан тәсілім беріп, өтті. Темір ағасын оңдап, лақаттап қойып, атын басына байлап, «жанындай жалғыз ағасынан айрылған оңай ма?» жылап қайтты. Қайтып келе жатқанда Найзабай мен Қылыш аңда жүріп мылтық атып жүргенде, қарауыл қарап, Қылыш Шашбайдың өлгенін білді. Келе жатқан жалғыз қараға Найзабайды жібереді, өзі үйге хабар беріп, Темір мен Найзабай келді. Жеңгесі жылап көрісіп, сонымен Найзабайға әкесінің өлгенін білдірмей еркелетіп жүрді. Темір еліне көшті, көшіп келе жатып, сиыршыға жолықты. «Бұл сиыр-кімдікі?» – деді. «Бұл-Мысыр шаһарының малы екен». «Басшысы кім?» –деді. «Басшысы-Қарабілек батырдың қарындасы. Әкесі, ағалары өлгеннен кейін өзі патша болып тұрды. Сол әкелерін өлтірген адамдармен соғысам деген ойында бар», – деді. Батыр: «Ендеше, соғысатын болса, хабар бер. Соғысатын кісі келді де». Барып сиыршы хабар берді. Қалың әскерді жиып жіберіп, соғыс ашып, үш батыр үш жағынан ақырып, қойға тиген қасқырдай қырып, қан ат бауырынан келді. Қалған әскер тарады. Қыз айтты: «Мені Шашбайдың баласы Найзабаймен күрестірсін, жықса, мені алсын», – деді. Майданға күреске шыққанда қыз бата алмады. Найзабай қызды алып, қыздың орнына патша болды. Темір өзінің туған елін көшіріп алып барып, қалмақтың бәрін жеңіп, мұратына жеткен екен.
35. Қарадөң батыр
Бұрынғы заманда бір шаһарда Қарадөң батыр дейтін батыр болыпты. Ол уақытта шаһарда Қарадөң батыр тұрғанда шеттен жау келіп ешкім бата алмайды екен. Қарадөң батырдың кішкентай кезінде қалмақтар шаһарды жеңіп, қазақтан бір қыз әкетіпті. Қарадөң батыр өскеннен кейін, «қалмақтар әкеткен қыздан үш дәу туыпты» деп есітіп, Қарадөң батыр іздеп шығып қалмақ еліне барған. Барса, дәудің балалары – Қақтырғай, Шажырқай, Шарпы жас болғандықтан, Қарадөңнің келе жатқанын біліп, күштері келмейтін болғасын қорқып, «өлтіріп кетеді» деп, қашып кетіп қалған. Қарадөң батыр келсе, іздеп келген дәулер жоқ. Екі-үш күн тосып, елінен қырық қысырақтың үйірін айдап шығып, еліне тапсырып кеткен: «Мен Көкшетауға барып, ертеңгі сәскеге дейін тосамын. Не қылса да келіп жетсін, келмесе жүре берем», – деді. Айтқанындай, үш батыр келген жоқ. Сонымен, келмегесін Қарадөң батыр қырық қысырақтың үйірін айдап, еліне аман-есен қайтып келді. Келіп, бірнеше жыл елінде тыныш жатты. Қарадөң батырдың өз әйелі өмірінде бала таппаған кісі екен. Сондықтан, Қарадөң батыр елінде бір байдың он алты жастағы қызына құда болып, бес-алты айдан кейін әлгі қызды алып, Қарадөң батыр той қылып, жұртты жиып, қызық көріп, енді кешкі ойыны болып жатқанда Қарадөң батырдың жылқысына қалмақтың бес жүз әскерімен Қақтырғай, Шажырқай, Шарпы үшеуі келіп жылқышыға айтыпты:
– Мынау кімнің жылқысы? – депті.
Жылқышы:
– Бұл Қарадөң батырдың жылқысы, – депті.
– Ендеше, Қарадөң батырға сәлем айт, біз жылқысынан қырық қысырақтың үйірін әкетеміз, баяғы өзіңнің іздеген Қақтырғай, Шажырқай, Шарпы десең өзі біледі. Дәмесі болса, үш күннен қалмай бізге жетсін. Көкшетауға барып түсеміз. Егерде келмесе, жүре береміз, – деп жылқышыға тапсырып, қырық қысырақтың үйірін айдап, өлеңдетіп жөнелген. Артынан жылқышы келіп, Қарадөң батырға хабар берген: «Осылай, Қақтырғай, Шажырқай, Шарпы келіп, қырық қара қысырақтың үйірін айдап кетті. Барып тоқтайтын жері – Көкшетау. Дәмесі болса, үш күннен қалмай келсін», – деді. Мұны Қарадөң батыр естіп, болып жатқан ойынына қарамай, белдеуде байлаулы тұрған күрең атына мініп, ашумен шыдамай, жөнеліп бара жатқанда артынан шығып, үлкен бәйбішесі айтты:
– Батыр, мүмкін болса тоқтаңыз, мына көрейін деп отырған қызығыңды өз қолыңмен қызықтап барып кетіңіз, – деді. Батыр айтты:
– Мұның дұрыс екен, – деп ойынына өзі отырып қызықтап, жұртты таратты. Сонымен, жаңа алған келіншегінің қойнында жатып қалды. Таң атқанша жас иіспен қызық көріп шықты. Таңертең шайын ішкеннен кейін, батыр жанына ешкімді ертпей жалғыз жөнелді. Артында елі-жұрты шулап, қала берді. Қарадөң батыр айтқанындай, үшінші күні барып жетті. Барса, таудың бауырында, дарияның жағасында жылқыны шатырлатып байлап тастап қалмақтар жатыр екен. Келіп, Қарадөң батыр айғай салады:
– Қайдасыңдар, шығыңдар? – дегенде Қақтырғай батыр келіп, Қарадөң батырмен алыса түсті. Қарадөң батыр Қақтырғайды жеңіп бара жатқанда, Шажырқай келіп жабылады. Ол екеуін жеңіп бара жатыр еді, Шарпы үшеуі жабылады. Сосын тұрып Қарадөң батыр айтты:
– Біреуің, екеулерің келмеңдер, енді үшеулерің жабылыңдар. Үш күнге дейін алсам алдым, алмасам, сендердің жеңгендерің – деп, сонымен үш күннен кейін үшеуі жығып, Қарадөң батырды дарияны ағызып жіберіп, ортасынан қырық кез зындан қазып, батырдың аяқ-қолын байлап ішіне салып, аузына қырық иттің терісін шегелеп, дарияны қайыра үстіне ағызып жіберіп, судың ортасына тірідей тастап, қалмақтың батырлары жылқыны еліне айдап, бірнеше күнде келіп жетті. Ал енді, қалмақ келіп жата берсін. Қарадөң батырдың күрең аты қашып еліне барған. Еліне барғасын күрең атты көріп, батырдың өлгенін біліп, елі батырсыз жетім қалып, жылаумен бірер жыл жүргенде Қарадөң батырдың соңғы алған келіншегі екіқабат болып, тоғыз ай он күннен кейін босанып, бір ұл тауып, елі-жұрты «батырдың тұяғы келді»- деп той қылып, қуанышта болған. Жас бала бес күннен кейін өз емшегін өзі сұрап еметін болған, он, он бес күннен кейін жүріп, ауылдың балаларымен асық, доп ойнап жүргенде бір кемпірдің жалғыз баласын ұпай алып өлтірген. Кемпір баласын өлтіргеннен кейін келіп, Қарадөң батырдың баласын: «Жалғызыңнан жайрағыр, менің баламды өлтіргенше, қалмақтар тірідей дарияның ортасына тастаған әкеңнін құнын даулап алсаңшы», – деген. Бала соны естіп, ертеңгісінде ауылдың басты-басты ақсақалдарын шақырып келіп, бір қой сойып батасын алып, ауылынан бір елу жігіт ертіп алып, күрең атқа мініп және темір етік, темір таяқ алып, әкесінің басына тартты. Ары-бері жүргеннен кейін күрең ат баланы көтеріп алып жүре алмады. Сосын бала күрең атты артынан бос қойып, темір етігін киіп, темір таяғын алып, жолдасы жанында атпен келеді. Үш күнде әкесінің басына келіп жетті. Бала келе сала дарияны екі жағына ағызып жіберіп, шегелеулі қазықтағы иттің терісін алып тастап, зынданнан әкесін алып қараса, кеудесінде ғана жаны бар, ешкімді танымайды. Сол жерде құлан-бұлан атып, бір жеті күн жатты. Әкесі есін білмегесін, күрең аттың арқасына мықтап байлап сауырына қамшымен бір тартып, еліне қарай қоя берді. Бұл бара берсін енді.
Бала Қақтырғай, Шажырқай, Шарпыны іздеп жөнелді. Темір етіктен теңгедей, темір таяқтан тебендей қалғанда бір шаһарға келіп жетті. Келсе, шаһардың сыртында алты ақ киіз үй бар екен. Соның ең артқы, үш ақ киіз үйдің оңтүстік жағындағы үйге келсе, жеті қанат киіз үйді жалғыз өзі алып, бір жалғыз көзі бар кемпір отыр. Келіп босағаға тұра қалады. Кемпір айтты:
– Қыпшақтың баласысың ба? – деп сұрағанда, Қарадөң батырдың баласы тұрып: «Біз, жолаушы келе жатқан, мұсылманның баласымыз. Осы жақта Қақтырғай, Шажырқай, Шарпы дейтін батырды есітіп, соған іні болайын деп келдім».
Кемпір айтты:
– Ойбай, балам, мұсылман көрсе, менің балаларымның жыны бар. Жеп қояды. Оған сенің шамаң да келмейді. Аманыңда қайт.
Бала тұрып:
– Жарайды, шеше, кетейін. Неше айдай жол жүріп қалжырап келеміз. Қарнымыз ашты. Беретін тамағыңыз бар ма?
Кемпір айтты:
– Мұсылманның баласы екенсің, бауырым. Үш киіз үйге барсаң, сонда үш дәудің ішетін тамағы, таңдағаныңды барып ішіңдер. Бала жанындағы жолдасымен барып, бірінші үйден бастап, үш үйдегі үш дәудің тамағын бала жалғыз ішіп шығып келіп: «Кемпір, мақтап жүрген үш дәуің осы ма? Үшеуінің тамағы түк емес екен»,-дейді. Және балаға айтты: «Балам, екі емшегімді ем», – деп еді, жас бала еш нәрсені ойламай бір емшегін еміп, енді қалған бір емшегін еме бергенде: «Тарт, балам, басыңды! Өкпемді суырдың ғой, енді саған берер тамағым жоқ. Кетіңдер, келіп қалса өлтіреді. Мезгілдері жақындап қалды, келе жатқанда борандатып, дауылдатып келеді. Кетсеңдер келетін жолмен кетпеңдер, кететін жолмен кетіңдер!», – деді. Сөйткенше болған жоқ, дауыл, жаңбыр, боран соқты. Бала: «Шеше, енді қайда барамыз?», – деп еді, кемпір айтты:
– Сендер жата қалыңдар, қос тесікті жауып, мен үстеріңе отыра қалайын, – деді.
Айтқанындай, бала жолдасымен екеуі жатты, кемпір басып отырды. Манағы үш дәу келіп үйді айнала жүріп иіскелеп:
– Мынау үйден мұсылман исі шығады, – деді.
Шешесі айтты:
– Келуі келген, бірақ кетіп қалды, – деді. Сол уақытта бала дауысты естіп қалып: «Бұл кім сөйлеп жүрген?», – деп кемпірді көтеріп, атып түрегелді. Жанындағы жолдасы тұншығып кете жаздаған екен, о да түрегелді. Мұның даусын естіп, Қақтырғай үйге кіріп, баланың жағасынан алып, далаға дырылдатып алып шықты. Балаға Қақтырғай мен Шажырқай жабылды. Баланың жолдасымен Шарпы алысты. Сонда тұрып бала айтты:
– Бұл жерде алысуымыз жарамайды. Ауылдың қотанынан шығып, жазық жерге барып майдан қылайық, – деді.
– Жарайды, – деп, үшеуі таудың басына қарай бірін-бірі жұлқып жөнелді. Оның соңынан баланың жолдасы мен Шарпы келе жатыр. Бала барған бетте екеуін екі қолымен қысып әкеліп жығып, соңынан жолдасы мен Шарпы келіп еді, Шарпыны сирағынан ұстап, ана екеуінің үстіне әкеп бала бір соғып қатарлап қойып, енді басын шабуға ыңғайланғанда, екі емшегін жерге сүйретіп шешесі келіп:
– Балам, анаңның ақ сүтін кешесің бе, өлтірме, о да балам, сен де баламсың, – деді.
Бала тұрып:
– Құрғырдың емшегін қайдан еміп едім, әкемнің кегін қалай аламын? – деп ішінен өкініп, босатып қоя берді. Сонымен кемпірдің бес баласы болды. Бұрынғы боран, жаңбыр деген қалды. Бесеуі аңға шығып жүрген, балаға ой түсті: «Мен бұлардан әкемнің кегін былай алайын», – деп. «Ана жерде елік кетіп бара жатыр» деп, желкеге анасын бір қойып, мынасын бір қойып, үшеуін көк жұлым қылып, өлтіруге қаратыпты. Бір күні аңнан келіп, өзінің үш баласы шешесіне келіп жылайды:
– Шеше, мына кәпірден бізді құтқаруға амал жаса, көк жұлын қып өлтіруге қарады, – деп шешесіне мұңын шағып жылаған. Сосын шешесі айтқан:
– Ертең күн жұма, аңға бармай-ақ қойыңдар. Мен елдің адамдарын жиып, менің осы уақытқа дейін келінімнің жоқтығы өздеріңе белгілі. Сондықтан кім әкеп береді Мысыр шаһарындағы Күнікей сұлуды? Күнікей сұлуды келін қылсам, дүниеде арманым болмас еді, – дейін. Сонда «мен барам» деп бала айтып қалар. Айтқанынан қайтпас. Сонда барып құтылармыз, – деді. Айтқанындай, ертеңгісіне ауылды жиып: «Мысыр шаһарындағы Күнікей сұлуды әкеп келін қылсам, дүниеде арманым болмас-еді. Қане, қайсыларың әкеп бересіңдер?» – дегенде жұрт үндемей отырды. Бір заманда Қарадөңнің баласы атып тұрды. «Мен әкелем, мен әкелмегенде кім әкеледі? – деді. – Бірақ, өзіме жолдастық ат тауып беріңдер», – деді. Егерде ат болмаса, бармаймын, – деген. Сонда тұрып кемпір айтты:
– Үлкен балам Қақтырғайдың күрең қасқа аты бар, сол саған жарайды. Әйтпесе, тауып берер атым жоқ, – деді. Және кемпір жұртқа осы жиында бұл балаға мен ат қойып кетейін деп, Қарадөң батырдың баласы «Қанышпен батыр болсын»- деді. Отырған жұрт «жарайды»-деп шуылдады. Сосын бала да айтты:
– Әкем сексен өгіздің жон терісінен өргізген сарыала сапты қамшым бар. Сонымен үш тартып, шаһарды үш айналам, – деді. Жараса, атың жарады, жарамаса бармаймын, – деді. Күрең атын кемпір алғызып келді. Қанышпен батыр шаһарды үш айналды, қамшыны үш тартып. Ат танау қаққан жоқ, балаға серік болды. Қанышпен батыр тұрып: «Мына жолдасымды ырза қылып, жолын беріп, көзімше қайтарыңдар, мен кеткеннен кейін сенің үш балаң қорлықпен өлтіреді» – деді.
Олардың бермеске халі жоқ, қырық қысырақтың үйірін алып, қанша нарға жүк артқызып, Қанышпен батыр жолдасын елдің жиегіне апарып тастап, өзі «елге барсам, босатпай қойып жүрер» деп, жолдасымен амандасып, Мысыр шаһарына тартып жөнелді. Келе жатса, жолында екі дәу бар екен. Көз ұшым жерде аң болсын, құс болсын, мал болсын, найзамен пісіп алып жеп тұрады екен. Көз ұшым жерден Қанышпен батырға найза тыққан, найзасы ортасынан үзіліп дәудің қолына келе берген, сонымен Қанышпен батыр екі батырға келіп қалған, екі дәумен жеті күн, жеті түн алысып, Қанышпен батыр жеңіп, дәулер қорыққанынан дінге кіріп, дос болған. Одан әрмен Қанышпен батыр үш күн шыққаннан кейін, күрең қасқа ат тулап-тулап Қанышпенді бір соғып жөнелген. Күрең қасқа аттың қашып бара жатқанын екі дәу көріп, өлмесе де өлімші қып, атын сүйреп-сүйреп әкеп берген, Қанышпен батыр дәуге ұрысқан: «Мұнша неге ұрдың?» – деп, Қанышпен және жөнеледі. Екі дәу кетіп қалды. Сонымен, Қанышпен батырды күрең қасқа ат бір жыққанда үш жығып, үшеуінде де екі дәу ұстап әкеп берген. Жүріп келе жатып атына тіл біткен:
– Менің сізді үш қабат жығу себебім, бұрынғы өзімнің ием Қақтырғай батыр екі дәуді жеңіп, үш келіп, үш қайтқан жері еді. Сол есіме түсіп, сізді үш қабат жығу себебім-сол. Ал енді алдымызда жылан мен айдаһар бар. Оның міндетін өзің ал. Одан арманғы міңдетін мен алайын, – деп ат сөйлеген.
Қанышпен батыр келе жатып, жатқан жыландардың шауып бара жатып белінен қиып өтіп, қарсы ұмтылған жыланды қамшымен басқа бір салып, сонымен жыланнан аман өтіп, айдаһарға келеді. Жарқырап жатқан айдаһар улы қайратымен Қанышпенді тарта бергенде, садақпен тартып еді, атқан оғы аузынан кіріп, көтінен бір-ақ шықты. Және семсермен маңдайынан салып өтін екі бөлек қып тастап, одан әрмен тағы жөнелді. От дариясы, су дариясының жанына барғанда атқа тіл бітіп тағы сөйледі: «Сен көзіңді жұмып, үстімде отыр. Қашан мен жерге түсіп сілкінем, өзіңе белгілі ғой, сонда бір-ақ көзіңді аш», – деп уағда қып, ұшып алып жөнеледі. Ұшып келе жатып, су дариясынан өтіп, от дариясынан аттың алды шыға бергенде Канышпен «өткен шығармын»- деп көзін ашып қалып, аттың артқы екі аяғы күйіп қалды. Ат айтты:
– Осы бетпен біз бәйтеректің түбіне барайық, – деп, теректің түбіне барып, бұлаққа шомылып, күрең қасқа ат қуыршақтай болып, Қанышпен тазша бала болып, шаһардың сыртында қалың топ адам бар екен, соны көріп Қанышпен батыр патшаның өз алтын сарайына келіп құртайын деп, далаға атын қаңтара салып, үйге кірсе, қыз-келіншек толып отыр екен. Местің жанына барып шымылдықтың жиегін ашып қарады да бала кетіп қалды. Кеткеннен кейін, Күнікейге патшаның оң қол уәзірінің қызы: «Мына тазша баланың көзі жаман екен, тегінде сені осы алмаса еді», – деді. Күнікей тұрып айтты: «Анаған бердіңдер, мынаған бердіңдер, қалмаққа бердіңдер, енді бермегендерің тазша бала еді», – деп ренжіп отырды. Кісі келіп, Күнікейді алам дегесін, қыздың әкесі күш жетпейтін болғасын, үш серт қылған екен. Біріншісі – қырық иненің көзіне оқ тигізу, екіншісі – шаһардың түгел кісісін жиып беру, үшіншісі – аты бәйгенің алдынан келсе, қызды бермек екен. Тазша бала салып отырып қалың кісіге барды. Барса, жұрттың бәрі жиылып, инені ата алмай жатыр екен. Тазша барып отырып, бұрын таныс болған әкесінің адамымен сөйлесіп отырып, бір дос шалын тауып алды. Кім болса сол атып жатқасын тазша да сұрады: «Маған атуға рұқсат па?» – деп. Патша: «Рұқсат», – деді. Ауылдың бозбалалары тазшаны келіп желкеге ұрды.
– Тазша неме, сенің не теңің, ата аласың ба, текке әуре болма, – дейді.
Сосын тазша айтты: – Е, мен кісі емеспін бе, атып көрейін, – деп, бір-екі таныс бала қалың кісінің шетінде тұр еді «мылтығымды әкеп бере ғой» деп жіберді. Барып, әкеле алмады. Сосын бір жігіт боқтап: «Бұның жақ мылтығы тайына жабысып қалған ба?» – деп ол барып, бір жағын шешіп, бір жағын шеше алмай, тайды баланың жанына алып келді. Бала отырған орнында бір қолмен шешіп алды. Ақылмен нұсқап, жақ мылтығын тартып қалғанда, қырық иненің көзі қырық бөлінді. Және тұрып жанындағы жігіттер баланы тағы ұрды. «Ал, осы инені атқанда саған не түсті? Текке өзіңді шығын қылып, патша саған қызын беруші ме еді?» – деді. Онымен баланың жұмысы болған жоқ. Қотыр тайына мініп, өзінің үйреншікті бәйтерегінің жанына келіп бұлаққа шомылып еді, баяғы Қанышпен – батыр, күрең қасқа -ат болып түрегелді. Сонымен, бала күннің көзімен жарқырап, айдай болып топқа келді. Келгеннен патша тұрып айтты:
– Әлгі ине атқан бала сенсің бе? – деді.
Бала: «Ия, менмін» – деді.
Патша тұрып баланы көріп қуанып:
– Атың кім? – деді.
Бала тұрып:
– Қарадөң батырдың баласы, Қанышпен батырмын, – деді. Патша жазып алды. Сонымен бала қалмақтың аттарымен екі жүз шақырым жерге аттарын бәйгеге жібермекші болды. Әкесінің таныс шалының он алты жаста бір еркек баласы бар екен. Күрең атқа мінгізіп, соны жібермекші болды. Балаға Қанышпен батыр ақылын үйретті: «Сен қалмақтың аттарымен барғанда бір торсық айран ал, оның басында қалмақтың кісілері сиқырмен сені ұйықтатады. Ұйқың келгенде атыңды беліңе мықтап байлап жат. Мен осы арадан көздеп, сенің торсықтағы айраныңды көздеймін. Сонда торсықтың даусынан шошып, атың ала жөнеледі. Сол уақытта оянарсың. Тұрысымен айраныңды ішіп тойып ал. Қойныңа бес-алты уыс топырақ салып ал. Жолында үш жерде сиқыршы кемпір тұрады. Сенің атыңды тоқтатуға бөгет жасайды. Сен тоқтамай, айтқан сөзіне қарамай, топырағыңмен бетке соғып өткейсің».
Сонымен көп атты кісі бәйгеге кетті. Қарауылға келіп, атты жіберерде баланың ұйқысы келіп, атын беліне байлап ұйықтап қалды. Қалмақтар шауып кете барды. Үйде тұрып Қанышпен батыр асыл дүрбімен қарап, аты мен баланы көрді. Көрсе, торсықты басына қойған екен, онымен бірге атын да басына қойыпты. Қанышпен батыр ары сығалап, бері сығалап торсықты атайын деп еді, атса оғы атына тиетін болды. Бір заманда қарап тұрса, аттың төрт аяғының арасынан торсықтың басын көрді. Соны Қанышпен батыр көздеп атты. Оқ тиген торсықтың даусынан шошып, ат баланы ала жөнелді. Бала ояна келіп қараса, жанындағы кісілердің бәрі кетіп қалған. Жалма-жан бала торсыққа басын тығып жіберіп айран ішіп, тойып алып, торсығын қанжығасына байлап, қойнын құмға толтырып алып, бала соғып жөнеледі. Келе жатқан жолында бір кемпір тұр:
– Балам, мына қалашты жей кет, – деп. Бала тоқтамастан топырақпен кемпірдің көзіне періп-періп өте шықты. Сонымен үш кемпірден өтті. Кемпірлер көзін уқалап қала берді. Бала, әлден уақытта, қалмақтың атының шетіне жетіп озып шығып, қалмақтан көз ұшым жер шығып кетті. Шаһарда аттың жолын тосып тұрған көп кісі көз ұшым жерден бір қарайған көрді. Қанышпен батыр өз атының келе жатқанын білді. Сөйткенше болған жоқ, күрең қасқа атпен бала топтан өте шықты. Қанышпен батыр атын бәйтеректің түбіне аяңдатып байлап тастады, ешкімге көрсетпей. Сонымен, патшаның екі сертін Қанышпен батыр орындады. Енді Қанышпен батыр «қызды алам» – деп келген қалмақтың батырымен күресті. Бұрын күрескенде қалмақ қолына тиген кісіні лақтырып жібереді екен. Қанышпенді үйіре берді. Қанышпен батыр күресті білмейді екен. Жандарында отырған қазақ ақсақалдары «кеу,кеулеп» Қанышпен баланың жығылмағанына қуанып: «Балам, көтеріп ал!» – дегенде бала дәуді көтеріп алды да жай тұрды. Сонан соң ақсақалдар: «Жерге таста!» –деді. Қанышпен жерге тастай беріп және тұрып қалды. Дәу баланың денесіне басын сүйеп жатты. Ақсақалдар: «Балам, былай кет!» – деді. Бала қозғалып былай жүре беріп еді, жыққан дәудің аяғының шорт үзілгенін көрді. Сонымен, Қанышпен батыр келген дәуді шыдатпады, бастапқы жығысынша көтеріп соғып аяғын, белін сындырып, жекпе-жекке шыдамай, қалмақтар еліне қашып құтылды. Сонымен, патша Қанышпен батырға Күнікейді бермекші болып, қырық күн ойын, отыз күн тойын қылып, қызық көріп жата берді. Қанышпен батыр қызды әлі алған жоқ. Баяғы бәйтеректің түбінен үй тігіп жата берді. Қанышпен батырдың ойы – қалмақтың тұқымын құрытып барып, қызды сосын алмақ. Бір күні Қанышпен батыр патшаға хабар жіберді: «Менің жаныма әлді жігіттен алпыс жігіт жіберсін. Қалмақтар елдің үстіне келіп қалса, әліміз жетпей жүрер. Сондықтан, ертерек алдынан шолып қамтығанымыз жарар еді». Патша алпыс жігіт ертіп беріп, сонымен Қанышпен батыр қалмаққа қарай жол тартып кетті. Жолшыбай келе жатып бір таудың төбесіне шыға келгенде ар жағында өлеңдетіп-сырнайлатып жатқан қалмақтың қалың қолын көріп тұра қалды. Бір уақытта қалмақтан бір адам келді. Келіп: «Мұнда Қанышпен батыр бар ма?» – деді. «Бізге жалғыз Қанышпен батыр керек», – деді. «Ендеше, Қанышпен батыр осында, жүре бер», – деп қазақтар айтты.
– Мен қалмаққа қарай жақындай бергенде, сендер артымнан бытырап қалмаққа қарай тұра шабыңдар. Сонда қалмақтың беті бір қайрылар, егерде кейін қарай бір кетсе, бізге мәңгі бұрылмайды, – деп жүріп кетті. Айтқанындай, жақындай бергенде жолдастары таудың басынан ойда тұрған қалмаққа қарай тұра шапты. Қалмақтар қорқып көтінен кейін қарай қашты. Қазақтың алпыс жігіті қуды. Жеткенін Қанышпен батыр ұрып жыға берді. Жетпегенін қуып әкеп – шаһарына тықты. Қанышпен батыр алпыс жолдасын жиып алып:
– Сендер мынау жерге, бір ойға барып аттарыңды тынықтыра беріңдер, мен патшасына барайын, – деп жолдастарын жөнелтіп, Қасым деген қалмақтың патшасының алтын сарайына барып әйнектен қараса, Қасым патша алтын бесіктің ішінде жатыр екен. Қанышпен батыр ат үстінде тұрып әйнектен бесік-месігімен суырып алып, алтын айдарынан ұстап тұрып:
– Қане, дінге кіресің бе? – деді.
Қасым патшада зәре жоқ.
– Кірейін, кірейін, жарайды, – деді. Қанышпен батыр патшаға:
– Басыңдағы алтын тәжіңді маған бермесең, басыңды аламын, – деді. Қасым патшаның бермеске халі жоқ. Қанышпен батыр бақыртып тұрып, басындағы алтын тәжін алып, шаһарындағы шіркеуін бұзғызып, түгел дінге кіргізді. Қанышпен алпыс жолдасына келіп, ертіп алып өз шаһарына келсе, шаһарын түгелімен бүлдіріп, адамдарын өлтірген, көше толған-қан. Патшаның алтын сарайына дейін сындырып, патша мен ханымның табанын тіліп,тұз салып, өлмесе де өлімші қылып тастаған. «Күнікейді тауып беріңдер!» деп қалмақтардың бір қолы келіп, осылай бүліншілік жасаған. Қанышпен батыр мұны көре сала, кейін қарай алпыс кісімен қайыра жүрді. Келе жатып, жатқан қалмақтардың қалың қолына жолықты. Келіп Қанышпен батыр: «Сендердің басшыларың кім?» – деп сұрады. Ішінен бір-екі адамды көрсетті. «Басшымыз-мынау», – деді. Сонсын Қанышпен батыр қойнынан Қасым патшаның алтын тәжін суырып алып: «Мынау не?» – деді. Бәрі танып, зәресі ұшып мойындарына су кетіп тұрғанда, Қанышпен батыр алтын тәждің бір жақ шетін тұтатып еді, Қасым патша салып жетіп келіп қалды. Келгеннен кейін, Қасым патшаға Қанышпен батыр елінің бүлініп қалғанын бастан-аяқ түсіндіріп айтып болғаннан кейін, басшы болған екі батырын Қасым патшаға өлтіргізіп, қалғанын елге қайтарып жіберді. Қанышпен батыр тұрып, Қасым патшаға: «Жиырма төрт сағатта шаһарымды шаһар, кісімді кісі қылып бер!» – деді. Қасым патша:
– Құп, болады, бір сөтке босатыңыз, мүмкіншілік болса үйге барып келейін, – деді.
Қанышпен батыр: «Жарайды, барып кел», – деп, өздері неше күндей қалжыраған, шаһардың жанына келіп ұйықтап қалған. Таңертең тұрса, шаһары-шаһар, адамдары баяғыдай көшеде жүріп жатыр. Патшаның алтын сарайын бұрынғысынан да жайнатып қойған. Қанышпен батыр тұрып, атасы патшамен амандасып, патша қызын Қанышпен батырға беріп, көңілі шат боп жата берді. Қанышпен батыр Қасым патшаны атасы өз патшасының үйіне қонаққа шақыртқызып, өз патшасын Қасым патшаға қонаққа шақыртқызып, екі патшаны дос қылып қойды. Екі шаһар мұсылман болып, тыныш жата берді. Бір күні Қанышпен батыр Күнікейді алып, қанша жасаумен кемеге мініп, еліне аман-есен келіп, әкесін тірідей көріп, сөйтіп барып, мұратына жеткен.
36. Нәрік батыр
Бұрынғы заманда Нәрік деген батыр болыпты. Өзінен туған баласы жоқ екен, бір құл Шора деген баланы асырап, бала қылыпты. Бір күні ойлапты: «Өзімнен туған балам жоқ, «кісі баласы кісендесе де тұрмас» деген сөз бар еді, менің мұным келіспейді екен, қартайғанда мені кім күтеді, сүйегімді кім қолынан жуып арулап қояды, онан да қалың беріп, бір қатын алайын, құдай тағала маған да бір бала бермес пе екен?», – деп. Сол күнде жасы тоқсанда екен, көп мал беріп, бір жарлының Меңдісұлу деген он алты жасар қызын алыпты. Бір күні хан Қазақай нөкерлеріменен құс сала сахараға шығыпты. Қолындағы ақ сұңқар деген құсын құсқа жіберіпті, сұңқар жіберген құсына бармай, бөтен жаққа ұшып жөнеліпті. Хан біраз жерге шейін қуып, жете алмай, өзі шаршап тоқтап, бір жолдасын екі атпенен манағы құстың кеткен жөніне жіберіпті «тауып алып кел» – деп. Жолдасы қуып келсе, айдалада бір жалғыз үй тұр екен. Сұңқары соның төбесіне келіп қоныпты. Ханның жасауылы үйдің қасына келіп: «Үйде кім бар? Кісі бар ма, мына ханның құсын алып бер»,– депті. Бөтен адам жоқ екен, Нәрік батырдың үйі екен. Меңдісұлу шығып, құсын алып беріпті, мұның сұлулығына талып түсіп қалыпты. Біраз жатып, есін жиып, түрегеліп, атына мініп, құсын алып, ханға келіпті. Хан сұрапты: «Неге кешіктің?» – деп. «Сұңқар далада бір үйдің үстіне қонып еді, бір әйел шығып алып берді, соның сұлулығына талып біраз жаттым, есімді жиып атқа мініп келгенім», – дейді. Сонан соң хан: «Мен сол әйелді аламын, маған тисін», – деп кісі жіберіпті. Онда Меңдісұлу айтыпты: «Ханыңа сәлем айт, арыстанның алдындағысын – мысық, қасқырдың алдындағысын – қоян ала ма екен?» – депті. Ханға келіп айтқан соң, хан ойлапты: «Нәрікті арыстан деп, мені мысық дегені ғой, Нәрік батырды қасқыр деп, мені қоян дегені ғой. Нәрік батырға әліміз жетпес, күрессе күшіміз жетпес, онан да мұны шақырып алып, барса келмес өлімге жұмсап, қатынын сөйтіп алайын»,– деп, хан бір күні «науқастандым» деп жатыпты. Нәрік батырды шақырып алып айтыпты: «Нәрік батыр, мен науқастанып өлетін болдым, дәрігерлер айтады, айдаһар жыланның сүтін ішсең жазыласың, болмаса өлесің, – деп. Сол айдаһардың сүтін әкелуге жалғыз-ақ сенің күшің келеді, өзгенің шамасы келмейді, соны маған тауып әкеліп бер. Арылмас ат, таусылмас азық берейін»,–депті. Нәрік батырдың ойында еш нәрсе жоқ: «Олай болса, тақсыр, мен барайын, сіз өлгенше, мен өлейін, мен өлсем, жалғыз-ақ өзімнің үйім иесіз қалар, сіз өлсеңіз, бүкіл жұрт иесіз қалып бөтен жұрттарға олжа болар, бүгін үйіме барып, ертең жүрейін», – деп үйіне келіпті. Жамағаты Меңдісұлу сұрапты: «Хан неге шақырған екен?» – деп. Нәрік батыр айтыпты: «Хан бек қатты науқас екен, науқасына айдаһардың сүті керек, соны алып кел,- деп шақырған екен, соған ертең жүрейін деп келдім», – депті. Онда Меңдісұлу айтыпты: «Ханның науқасы түгіл еш нәрсесі жоқ, сені барса келмеске жұмсап, сен кеткен соң мені алайын деген ойы бар, сен оған барма», – депті. Онда Нәрік батыр ішінен ойлапты: «Мұны сынайын, мен тоқсандағы кәрі шалмын, анау алтын тақтың үстіндегі хан, байқайын, осы қатынның өзі ханға қызығып, астыртын сөйлесіп жүрген шығар. «Айдаһарға барамын» деп кетейін де, түнде жасырынып келіп үйімді байқайын, қатыннан болып жүрген болса, онда қатынды өлтірейін, қатын нақақ болып, ханнан болса, онда ханды өлтірейін», – деп, ханнан ат мініп, азық алып кетіпті. Түнде жасырынып қайтып келіп, үйін тыңдап тұрса, хан бірнеше жолдастарымен үйге еніп, Мендісұлуға айтыпты: «Сені алжыған шалдан құтқарып, өзім алайын деп келдім, сенің жас уақыттағы өмірің дүниеден бекер босқа өтпесін деп, енді өзімнің сарайыма жүр», – депті. Онда Меңдісұлу айтыпты: «Мен әуелден-ақ айтып едім ғой, маған тоқсандағы шал болса да, құдайдың бұйрықты қосқан адамы. Тірі болса өзін, өлсе аруағын күтіп отырамын, маған хан керек емес, енді көп отырма, үйімнен шығыңыз»,–депті. Сол уақытта хан ашуланып, үйінен шығыпты, Артынша хан кеткен соң, Нәрік батыр үйіне келіп, қатынына көңілі бітіп, разы болыпты. Онан соң ойлапты: «Ханды өлтірсем, қасындағы ханның жарандары да қарап тұрмас, бекер көп адам қырылып, қаны төгіліп, жұрт бүлінер, онан да бір бөтен жаққа өзім кетейін», – деп, ертеңінде үйін жығып көшіпті. «Артымнан көп қуып келсе, өз обалы өзіне, келмесе, еш адамға тимеймін», – депті. Бірнеше күн көшіп, баяғы асырап алған құл Шораға айтыпты: «Меңдісұлу сол уақытта айы жеткен жүкті екен, мен ілгері барып, пәлен жерде бір тауға үй салайын, сен шешеңді алып менің артымнан кел, маған жеткенше шешең босанып ұл тапса, өзімнен келіп сүйінші сұра, қыз тапса, өздерің жайларыңмен келерсіңдер», – деп, өзі ілгері жүре беріпті. Бірнеше күннен соң Меңдісұлу толғатып, бір ұл бала тауыпты. Құл Шора: «Сүйінші сұрайын» – деп әкесінің соңынан қуып беріпті. Келсе, әкесі үй салып жатыр екен: «Сүйінші, әке, шешем ұл тапты!», – дегенде, «Қалағанынды ал, шырағым, ініңнің атын кім қойдың?» – депті. «Құл Шораның інісін батыр Шора қойдым», – депті. «Шырағым, сүйіншіңе еліңе қайтқың келсе, азат қылайын», – депті. «Тұрамын десең, екеуіңді бала қылайын, сен ағасы, ол інің болсын», – депті. Онда құл Шора: «Сен ұлықсат берсең, еліме кетемін». Атынан түсіп, атын өзіне беріп, жаяу жүгіріп жүре беріпті. Барып-барып, бір қырдың астына түсіп, қайта келіп айтыпты: «Әке, мен сені тастап қайда кетейін? Неге сенейін деп едім, «Азат еткенің рас болса, соңымнан қумас, онда бала да қылар, жоқ шынымен азат етпеген болса, мені тек құл ету үшін жұмысыма қызығып жүрген болса, онда мені жібермес» деп ойлап едім, енді мен сенде тұрсам, рас бала болармын, батаңды бер», – деп, батасын алып, шешесін көшіріп әкесіне әкеліпті. Мұнан соң үй салып, сол жерде тұрыпты. Нәрік қартайғанша бала көрмей тарығып жүрген адам, баласы ержеткенше асығып: «Үйде тұрсам уақыт өтпес, түрікпен жұртына барып ат-тұрман, қару-жарақ істетіп келейін, осының бір «ата» деген тілін есітіп өлсем арманым болмас ед», – деп, жүріп кетіпті. Нәрік сол жұртта жеті жыл жүріпті. Бір күні үйіне қайтып келе жатқанын қатыны Меңдісұлу көріп, екі баласын алдынан шығарыпты, «әкең келеді» деп. Құшақтап, баласын сүйіп, бірін алдына мінгізіп, бірін артына мінгізіп, үйіне келіпті. Нәрік үйіне келіп тынығып, демін алып, екеуі сөйлесіпті: «Құдайдан бала тілеп, оның қызығын көрдік, енді қалың беріп, қыз айттырып, мұның да қызығын көрейік», – депті. Бір күні құл Шораны ертіп барып, жақын жердегі бір байдың қызын айттырып құда болыпты. Жүрерде батыр Шора айтып қалған екен: «Аға, барған жеріңнен маған бір он шақты қой айдап әкеліп бер, соны ермек қылып ойнап жүрейін»,– деп. Жаңа болған құдасынан еш нәрсе алмай, тек бір он қой алыпты, «балаға ойынға керек» деп. Онда құдалары күлісіпті: «Нәрік батырға дүние қажет емес, тек бала ойнап жүруге», – деп. Бір күні батыр Шора он қойды қуалап, далада ойнап жүрсе, ер-тоқымы мен қырық ат айдаған бір адам жақындап келіп, мұның бала екенін көрген соң, «мұнымен сөйлесіп не сөзге жаримын»- деп бұрылып жүре беріпті. Сонда Шора батыр: өзіне жолықпайын деп баласынып кеткеніне ашуланып, шақырып, тоқтатып келіп сәлем беріп: «Жолың болсын, кімсің?» депті. Онда ол кісі айтыпты: «Шырағым, өзің кімнің баласысың?»–деп. «Нәрік батырдың баласымын», – депті. «Ағамыз Нәрік батыр аман ба, Қырым батыр дегенмін, қасыма қырық кісі алып пәлен жердегі қалмакқа аттанып барып едім, қырық жолдасымды өлтіртіп, қырқының атын айдап, тек өзім ғана қайтып келе жатырмын», – депті. Онда Шора батыр айтыпты: «Олай болса біздің ауылға жүріп, ағаңа көрісіп, қонақ болып кетерсіз», – депті. Онда Қырым батыр айтыпты: «Алла риза болсын, шырағым, ісім асығыс, ағамызға сәлем айт!», – депті. Нәрік батырдың баласы: «Шора батырға Қырым батыр далада жолығып қонақасы беруге жарамай, құр ауыз жіберді деген сөзге қояр-ау», – деп; «Атыңнан түс, мына қойды сойып, осы жерде қонақасы жегізіп жіберейін», – деп болмай атынан түсіріпті. Қойын айдап келіп, бәрін де сояйын деген екен. Қырым айтыпты: «Шырағым, ат қағып шаршап жүрген адамға бір қой да болар», – деп. Бір қойын пісіріп, жегізіп, аттандырайын деп тұрғанда, Қырым батыр айтыпты: «Шырағым, мынау аттардың арасынан қалаған атыңды алып қал», – деп. Онда Шора батыр айтыпты: «Мынау қырық атыңыздың ішінде мен мінетін көрінбейді. Маған қисаңыз, мынау астыңыздағы кер атыңызды беріңіз», – депті. Қырым батыр айтыпты: «Шырағым, саған ат қимастық істемеймін, бірақ жасымнан мініп, жау жаулаған кәрі жолдас болған ат еді, мұның бір туған інісі бесті бір кер ат бар, мұнан артық болмаса кем емес, соны келіп алып кет!», – дейді. Онда Шора батыр айтыпты: «Барып алайын, өзің еліңе неше күнде жетесің?» – деп. «Қырық атқа қырық күндік, кер аттан түспей отырсам, бес күнде жетемін», – депті. «Жарайды, ендеше, өзіңіз еліңізге барғанда барып алармын», – дейді Шора. «Саған деген аттың аты – Таспагер деген, онымен қалмақтың жұртын аралап жүрегін шайлықтыр, атағыңды аруақ көтерсін!» – деп, Қырым батыр жүре берді. Қырым батырдың сәлемін Нәрікке айтыпты. Мұнан соң, күндегідей қойын айдап жүре беріпті. Бір күні Меңдісұлу айтыпты: «Биылғы істетіп әкелген киіміңді киіндіріп, қару-жарағыңды асындырып, қуанайық та»,–деп. Нәрік те: «Жарайды», – деп, киімін киіндіріп, қару-жарағын асындырып, жарасқанына қуанып айтыпты: «Енді менің шұбар тұлпарыма алтын ат-тұрманын салып мінгізіп, астыңа жарасқанын көрейік», – деп, ерттеп мінгізіп, киімінің, қару-жарағының, ат-тұрманының баласына жарасқанына қуанып, әке-шешесі айтыпты: «Шырағым, олай-бұлай аяңдап жүрші», – деп. Бала өзі де қуанып, әр нәрсені ойлап, олай-былай жүргенде баяғы Қырым батыр есіне түсіп, онан «барып аламын» деген Таспагер ат есіне түсіп, ойласа, «барам» деген күні асып кеткен екен. Бір уақытта бала шауып ала жөнелді. Баласының қайда кеткенін біле алмай, олай-бұлай іздеп таба алмай, әке-шешесі, ағасы жылап отыра беріпті. Бір күні Қырым батырдың даладағы қарауылшысы шауып келіпті: «Ол шеті мен бұл шетіне көз жетпейтін көп жау келеді»,–деп. Онда Қырым батыр айтыпты: «Қорықпандар, ол жау емес шығар, жеті жасар жас бала, мен танысам күшті Нәрікұлы Шора батырдың келіп, Таспагерді алатын мезгілі болған. Сол Шора батырдың аруағы шығар. Біреудің тілінде, біреудің көзінде бар, ешқайсысың шықпаңдар, мен өзім барып, ел ішіне кіргізбей, сол жерде тоқтатып, үстіне үй апарып тігіп, қонақ етіп, атын беріп жөнелтермін» – деп. Шора батырдың алдынан келіп: «Батыр, сапарың оңғарылсын, «Ата-бабаңның аруағы қалың қаптап келеді екен, ел ішіне кірме, осы жермен жөнелтемін», деп. Үй алып келіп тігіп, қонақ етіп, атын беріп қайтарыпты. Атына көңілі бітіп, қуанып, үйіне келіп, «әке-шешем мені не деп отыр екен, «өлді» деп жылап отыр ма екен білейін» деп жасырынып келіп, үйін тыңдапты. Тыңдап тұрса, әкесі шешесіне айтыпты: «Жоқ пәлені бастап, киім кигізіп қуантамын деп, жалғыз баладан айрылдың». Онда шешесі айтады: «Киім кигізгенмен жаяу бала қайда баратын еді, жоқ сұмдықты бастап, алжыған атыңды мінгіземін деп, алып қашып кеткен ғой»,– деп. Әке-шешесі сөйтіп отырғанда, Шора батыр кіріп келіпті. Екеуі екі жағынан құшақтап сұрапты: «Шырағым, қайдан келдің?»–деп. «Қырым ағама барып, жау жаулайтын Таспагер атымды алып келдім. Әке, неше күн, неше түн шабысқа шаршамайды екен, шығып сынап беріңіз»,–депті. Әкесі шығып сынап көріп: «Шырағым, атың қайырлы болсын, нағыз тұлпардың өзі екен, дүние жүзі қара тұман болса, жер жүзіне қалмақ толса, үзеңгі шығармастан он екі күн, он екі түн шабысқа шаршамас», – депті. «Олай болса, он екі күн, он екі түнде дүние толған жау болса да қырармын!», – депті.
37. Бөген батыр
Күндерде күн өткенде,
Күн мәріне жеткенде,
Ақборық буаз болады
Туарманға жақындап.
Бұл ноғайлы ханының қыздары-Қанікей, Тінікей: «Бөген кәпірден қыз алды» деп қастық ойлап, Ақборыққа күндес болады, егерде бала тапса, оған залал келтірмекші болып, мыстан кемпірге сөйлесіп қояды. Бөген батырдың әйеліне «құтты болсын айтамыз»- деп, Қырымның қырық батыры келеді. Әлденеше күн қонақ болғаннан кейін, қайтуларына таянғанда, қырық батыр былай дейді: «Бөген батыр, Еділ-Жайық бойында ит салып, құс жүгіртелік, бізбен бірге жүр», – дейді, батырлардың көңілдерін қимай, Бөген еріп кетеді.
Бұл батырларды сұрасаң
Сүйініштің ұлы Тоған бар
Ал, оңайын десең, соған бар!
Қырымнан шыққан Тарғын бар
Жау келсе, жалғыз өзі бар.
Ал сол күндерде қарасаң,
Басылмай жүрген қарқын бар.
Бұл батырдың ішінде
Кімдер бар да, кімдер жоқ.
Жаңбыршының ұлы Телағыс,
Боқсақтың бойы боз қамыс.
Мұсадан туған отыз ұл,
Енді Смайыл тобаяқ
Ойлап тұрсаң о да бар.
Орақтан қалған қос жетім,
Қарасай, Қази бұ да бар.
Байбөрі бай баласы
Алпамыс батыр тағы бар.
Алпамыспенен дос болған
Нәсілі кәпір демесең,
Қаражан батыр, бұ да бар.
Осы сөзге құлақ сал,
Құлағың сал да есіңе ал,
Есіңе алсаң, несі бар.
Бұл кісінің ішінде,
Шынтемір ұлы Әділхан.
Астына мінген сары ала ат,
Қолтығында қос қанат,
Еңіреп жүрген ер еді,
Айыбы жалғыз демесең,
Сымбаты сұлу төре еді,
Әділхан төре, бұ да бар.
Бұл уақытта батырлар жүрмекші болып Бөгенді ертіп, қырық бір батыр Еділ-Жайыққа келеді. Қырық бір батырдың иті қаңқылдап, құстары саңқылдап, мәз. Бөген кетерінде еліне: «Әйелім бала тапса, сүйінші сұрап Ақ Жайыққа келерсің», – деп тапсырады. Батыр мәз-мәйрам болып жүре береді. Бөген кеткен соң, көп кешікпей, Ақборық толғатып бір ұл, бір қыз табады. Ұлының атын Тұрғын, қызының атын Ақбілек қояды. Мұны Қанікей, Тінікей естіп, Ақборыққа ақ аюдың мұрын терісін иіскетіп талдырып тастап, екі баланың орнына екі иттің күшігін салып мыстан кемпірді шақырып алып, «екі баланың екеуін де жоқ ет» - деп, екі қоржын бас ділдә береді. Бұл сөзді кемпір естіген соң, қолына темір таяқ алып, аяғына темір етік киіп, екі баланы арқалап жүріп кете береді. Темір таяқтан тебендей, темір етіктен теңгедей қалғанда, екі баланы бетпақтың шөліндегі, жолаушының жолындағы сексен күндік шөлде жатқан қырық құлаш шыңырауға салып, кемпір кейін қайтты. Бұл уақытта «қатының күшік тапты» - деп айта алмай, қалай естіртудің амалын таба алмай, ноғайлы руы сеңдей соғылады. Әйтсе де көп уақыт өтпей-ақ, бір адам Бөген батырға хабар салуға барады. Бұл уақытта батыр: «елден хабар болмады»- деп, асып-сасып, құс салып, ит жүгіртуге көңілінің қошы келмей жүрген кез еді. Сол кезде ауылдан хабарға барған кісіге жолықты. Бөген батыр амандасып болуға шыдамай: «Аман ба? – деп сұрады. Хабаршының сөзі:
Елдің амандығы құрысын!
Кешегі бір күндегі
Бақытың асқан кезінде,
Бірнеше жыл жол жүріп,
Көріп алған көріктің,
Сүйіп алған тектің,
Тап тоғыз ай, тоғыз күн болғанда,
Соғысып алған Ақборығың,
Тоғыз ай, тоғыз күн болғанда,
Қос қара мойнақ күшік тапты, –
деп хабар берді. Бұл уақытта батыр не боларын білмей, қасында жүрген қырық батырды шақырды, бұлар келген соң: «Ай, жігіттер, кешегі Ақборық қос қара мойнақ ит тауыпты, соны дарға асып, я болмаса Құла су деген дариядағы аралға апарып, екі күшігімен тастаңыз», – деп бұйрық береді. Батыр айтқан соң, амал бар ма, қырық батыр Ақборықты тауып алып, дарға асуға қимай, Құла судағы аралға екі күшігімен әкеліп тастап, кері қайтты. Ендігі хабар бұдан үш күн бұрын мыстан кемпірдің шыңырауға келіп тастаған екі баланың жайынан. Жирен көл мен қырық құлаш шыңыраудың екі арасы сексен күндік жер екен. Бірақ, бұл Шыңырау қаласы керуеншінің жолындағы шыңырау болса керек. Кемпір тастағаннан кейін, үш күннен соң, қырық нарға жүк артқан өзбектер он күн шөлде жүріп, шыңырауға келіп қонды. Шөлдеп келген сарттар жүгін түсірмей жатып, шыңырауға қауға салады, бұл салған қауғаны екі бала жұлып алып қала береді. Сонымен қырық қауғасын салса да сарттар су алып іше алмай, шөлдеп өлер болады. Көп керуеннің ішіндегі бір молдасы келіп: «Мені құдыққа сал, болса да шөлдеп өлетін болдық қой», – деп беліне арқан байлатып, құдыққа түсті. Бұл уақытта құдықтың түбіне жақындағанда, қауғаның үстінде томпиып отырған екі баланы көрді. Молданы бала көре салып, «басын жұлып алайын» деп, тұра ұмтылып еді, қасындағы қарындасы адам екенін біліп жібермеді.
Екі баланың сөзі:
Құдай еді панамыз,
Шыңырау еді анамыз,
Шыңыраудан туған баламыз,
Құдайдан бөтен пана жоқ,
Шыңыраудан бөтен ана жоқ,
Құлақтан бөтен қара жоқ,
Тәңірі салса шара жоқ,
Олай болса, ей аға,
Су алам деп ойлама! –
деп, су бермейді. «Су керек болса, бізді жарық дүниеге шығарып, түрлі олжа бер, – дейді. Молда: «олжа берем, жарық дүниеге шығарам» – деп уәдесін береді. Молда арқанды сілкіп, екі баланы құшақтастырып, қауғаны жинап, далаға шықты. Балалар жалаңаш екен,әбиүрі көрінетін болды. Сондықтан балаларға көйлек, дамбал беріп, қалашылар әбден тынығып алып, екі күннен кейін көше бастайды. Бала еріп кетеді. Балаға «берем» деген сыйлығын үш күнге шейін бермей әуре етеді. Бұл уақытта бала сыйлық бермейтінін біліп ашуланады, осы уақытта сарттар «неге ашуланасың?» – деп ұра бастайды. Тегі батырдың тұқымы болғандықтан Тұрғын бала қорлыққа шыдамай, қалашылардың қолындағы қырық нарын, сексен тай жүгін тартып алып, саудагерлерді қаңғыртып қалдырады. Қырық нар, сексен тай жүкпен, шыңыраудың басында қалған қарындасы Ақбілекке келеді. Келгеннен соң, жүкті ақтарып киініп алады. Қабырғадан жақ, жыңғылдан шыңғақ оқ жасап құлан-бұлан атып, күн көріп жата береді. Баяғы Бөген батыр қайғыланып, қатыны күшік тапқан соң, жұрт бетін көре алмай, үйде жата береді екен. Бұл Бөгеннің қайғыланғанын біліп, өзінің жолдастары, қырық батыр қайта келіп, сәлемдесіп Жайық бойына ит салып, құс жүгіртуге ертіп кетеді. Еділ-Жайыққа қарай қырық көкжал, кілең батырлар келе жатқан сияқты.
Қырық көкжал бірігіп
Көрінгенге ұрынып,
Ауыздары бірігіп
Еділге қарай жүреді.
Еділ суының бойындағы жер бетіндегі қалың тоғайлықтың шөбіндей болып суға қонған аққу, қаз, үйрек, тағы құстарға, қырық бір көк тұйғындарын ұшырып жібереді. Бұл уақытқа шейін Бөген батырдың сары ала тұйғыны өмірде қашпаған еді. Бұл құсқа салған уақытта жер бауырлап қаша бастайды. Сол қашқан сары ала тұйғын қашумен келіп, екі бала мекен еткен қырық шыңыраудың қасына келіп, қалашының жұртына қонады. Тұйғынның қонғанын біліп, Ақбілек сұлу тұйғынның шұбатылған жібек бауынан ұстап қолына қондырады. Тұйғынның қашқан ізімен көп уақыттан кейін Бөген келеді. Келе жатқан Бөгенді көріп, жақындағанда Ақбілек сұлу қол қусырып сәлем береді. Бала көрмеген сорлы бойы елжіреп кетіп, сәлемін қабыл алады. Екеуі амандасып болғаннан кейін: «Тұйғынымды бер», – деп Бөген батыр қыздан сұрайды. Қыздың сөзі:
– Ата, ағайынды екеу едік, өзімнен үлкен ағам бар еді, соған тұйғыныңды бер, ағам ермек етсін, – дейді.
Құдай еді панамыз,
Шыңыраудан туған баламыз.
Құла жонда өсіп ек,
Айналайын, жан ата,
Тұйғыныңды беріңіз!
Қасымдағы ағамның
Астында аты, қолында құсы жоқ.
Ермек етсін жан аға.
Сен бермесең, жан ата,
Кімдерге барып айтамыз,
Кімдерді іздеп табамыз?
Жалғыз еді ағаекем,
Тұйғыныңды беріп кет.
Ермек етсін жан көкем.
Ағаммен дос болыңыз,
Мен үшін аттан түсіңіз,
Жаманды-жақсы тамақ бар,
Аттан түсіп, жан ата,
Бізден тамақ ішіңіз.
Ағам аңға кетіп еді,
Жан көкемді көріңіз.
Бізбенен дос болыңыз,
Аға, ештеңе етпес,
Тұйғыныңызды беріңіз, – дейді.
Бөгеннің сөзі:
Маңдайдағы екі көз
Бір-біріне ел емес.
Мені сыйлап, ата десеңіз,
Атаңды әуре мазақ етпеңіз!
Мазақ етуіңді жан балам,
Екі дүниеде жөн көрмен,
Жөн болмаса, жан балам,
Тұйғынымды беріңіз, – деп Бөген батыр тұйғынына қолын ұсынады. Сөйтіп, тұйғынын алып Бөген батыр еліне қайтып келе жатқан сияқты. Сары ала тұйғынды қамшы етіп, Шұбар атты гулетіп, екі иығынан дем алып, шаңдатып жер танабын, жан-жағына алаңдап, Бөген сынды сұр перен, еліне келген секілді. Еңсесі биік ақ орда, еңкейіп барып кіреді.Түсе бара құлады, құр даладағы баланы көрген соң зарланып: «Құдайым шыңырауға бала беріпті, Маған неге бермейді?», – деп жылайды. «Тұйғыны қашқан соң, Бөген батыр соны қуып кетіп еді» –деп, қырық батыр Еділ бойына тағы ертіп кетпекші болып, тағы келеді. Бұл сапар батыр қан жұтып, өте жүдеу болғандықтан, қырық батырдан ұлықсат сұрап, бармай қалады, сол қалғаннан Бөген ішкені ас, кигені киім болмай жата береді. Қанікей мен Тінікей кемпірге айтады: «Біз бір хабар естідік, бір,екі бала «шыңырау еді анамыз» –деп зарлап жүр, – дейді. Олай болса, сол баланы қайда тастадың? Болса, жоқ етіңіз, алты қоржын бас ділдә береміз», – дейді. Бұл хабарды естіген кемпір қуарып, екі етегін түрініп, емпең қағып жүре береді. Бірнеше күн жүргеннен кейін өзінің тастаған шыңырауына жақындай келіп байқаса, бұрынғыдай емес, үй және жайылып жүрген малды көреді. Бір сұмдықтың болғанын біліп, кемпір қайыршы болып, тігулі тұрған үйге келеді. Кіріп келсе, ай десе аузы бар, күн десе көзі бар жас қыз бала отыр екен, соны көреді. Қыз кемпірді көріп, сәлем береді, сәлем беріп болған соң: «Неғып, қайдан жүрген адамсыз?» – деп қыз сұрайды. Кемпір: «Үй жоқ, күй жоқ, бала, бай жоқ, елімнен адасып жүрмін, қайыршы кемпір едім», – дейді. «Қайыршы едім» деген соң, үйінде тұрған құланның бір санын беріп тойғызады. Кетейін деп жатқанда кемпір айтты: «Ағаңнан да қайыр сұраймын, келетін жолы қайсы?» – дейді. Қыз: «Келетін жолы – күншығыс, кететін жолы – күнбатыс», – деп ағасының жолын көрсетті. Кемпір баланың келетін жолына қарай жүріп келе жатқанда, баланы көрді де, жолдың оң езуіне қисайып құлай кетті. Тұрғын батыр кемпірмен ісі болмай, он құланы қолында, он құланы арқасында, өте шықты. Үйге келгесін қарындасы айтты: «Алдыңыздан қайыр сұраған кемпір жолықты ма, жолықса не бердіңіз?» – деді. «Ай, қарағым, неге жібердің, шеше етін алатын едік», – деп, кемпірдің жатқан жеріне қарай жүгіріп барып, кемпірді су бүркіп тірілтіп алып, үйіне алып келді. Мыстан кемпір әбден үйреніп алған соң, қызға айтты: « Мына Қыпшақтың тауында Тәпелтес деген қалмақ патшасының қызы бар, соны әкелсін, ағаңа айт, маған келін керек, саған жеңге керек», – дейді. Бұл сөзді Ақбілек қабыл етіп, ағасына әлденеше рет жылап, Тәпелтесті іздетіп жібереді. Ағасы жаяу іздеп кетеді. Қара жолмен келе жатса, жол үш айырылады, жалдың әрқайсысында жазуы бар екен: Елек ағымы, Аягөз, Тәпелтес деген. Шамасы үшінші жолға түсіп келе жатқанда, әбден шаршап, әлі құрып жылынуға келе жатқанда, алдынан шыққан түтінді көреді. Жақындап келіп қараса, ақ отау тігулі тұр екен. Сәлем беріп кіріп келсе, бір кемпір отыр, шөлдеген бала келе сала кемпірдің екі емшегіне ауыз салды, әбден сусынын қандырып, еміп болған соң, баладан кемпір сұрады: «Нағып жүрген адамсың?» «Менің атым – Тұрғын батыр. Ноғайлы деген елден келемін. Тәпелтес деген қалмақ қызын іздеп алмаққа келемін», –дейді. Кемпір айтады: «Менің емшегімнің иімегеніне қырық жыл еді, саған иіді. Тәпелтес менің қызым еді», – деп, сол жерде кемпір отыз күн ойын, қырық күн тойын істеп, Тұрғын батырға қызын берді. Үш күн жолда жүрген соң, Тәпелтес Тұрғынға айтты: «Сен шешеме барып, сәлем беріп кет. Бір, екі рет бұйымым бар деп айт та, үшінші ретте қолыңыздағы жай тасыңызды бер»- деп сұра» деді. Тұрғын батыр Тәпәлтестің айтқанын істеп, шешесіне сәлем беріп, кетерде «бір-екі бұйымым бар»- деп, үшінші ретте: «жай тасыңызды бер» деп сұрады. Кемпір беріп, қала берді. Тасты қолына ұстап, екі күн жүріп шыңырауға келіп жетті. Он екі ай өткесін, баяғы мыстан кемпір қызға айтты: «Тұрғынды жұмсап, Ақ судан су алдыр, ішсең өте жақсы болады», – деп алдайды. Ақбілек жылап, қоймай ағасын суға жұмсады. Тұрғынның қайынынан мініп келген Қара шолақ тұлпарын мінгізіп, қолына қара шолақ қылыш беріп, аттандырып жібереді. Тұрғын батыр баяғы қара жолға түсіп, Ақсуға қарай жүретін айрығына қарай келе жатса, алдынан аспанмен тірескен бәйтеректі көрді. Қасына келіп, атын байлап, демалып отырғанда, терек басындағы үш балапанды көріп, қарап тұрса, теректің ар жағында он шақырымдық жерде екі жылан таласып жүр екен. Көре салды да, атын терекке байлауымен қалдырып, өзі қылышын қолына алып, екі жыланды барып, бір жарым күнде өлтіріп, атына келіп, атын отқа қоя болған кезде, көзі ілініп кетіп, ұйықтап қалды. Батыр Тұрғын ұйықтап жатқанда:
Жаңбырлатып, шықтатып,
Тау қабақтай домалап,
Тас бұршақтай жапалап,
Алыстан жерді қуырып,
Самұрық құс келеді.
Келе салып самұрық
Баланы жұтпақ болады.
Үш бірдей балапан:
«Айналайын, анаеке,
Ойбай жұтпа, – деп, – баланы», –
Алқымынан алады.
«Олай болса, балам», – деп,
Көтінен саңқып тастайды.
Бұл саңқып тастағаннан кейін Самұрық: «Неге жұтпа деп айттыңдар?», – деп сұрайды. «Өлтірме деп айтқанымыз, бұл адам біздің дұшпанымыз – екі айдаһарды өлтірді», – дейді. «Сондықтан, өлтірме деп айтқанымыз», – дейді. Заты хайуан ғой, солай болса да адам қадірін біліп, өзінше сыйлық көрсетті. Сонымен Тұрғын дем алып, Ақ суға қарай жол шекті. Бірнеше күн жол жүргеннен кейін Ақсуға жақындады. Айналасы қалың қалмақтың елі екен, бұдан қалай су алуын білмей, айналып жүріп, Ақсудың жұқалау жеріне келіп, су үшін ойранды салады.
Суды Тұрғын алған уақытта,
Қалмақтар қарсы тұрады.
Қарсы тұрған қалмаққа
Тұрғын батыр ұрыс салады.
Әбден қызып алған соң,
Шуылдаған қалмақтың
Оң келгенін оң атты,
Сол келгенін сол атты,
Тіпті жауға болмады,
Он күндей соғыс болады,
Солқылдаған мырзасын
Табанға салып жүн қылды.
Қақпаның аузын қандатып,
Шарбақтың аузын шаңдатып,
Бір ай жарым болғанда,
Ұрысқа шыққан қалмақты
Тегіс бәрін қырады.
Қырылғаны қырылып,
Қалғаны қашып кетеді.
Қалмақты қырып болғансын, Тұрғын батыр еліне қайтады. Бұл суын алғасын қайтып келе жатып, самұрықтың балапаны қалған терекке соғады. Сол жерде үш күн, үш түн дем алып жатады. Бұл теректе демалып жатқаннан кейін, самұрық құс айтады:
Ай, достым, Тұрғын,
Жақсының жауы жаман-ды.
Жақыннан жау шықса,
Аударып кетер табанды.
Абайлашы, аңдашы,
Аударып кетіп қалмасын,
Үйінде бар бір дұшпан,
Өлімге сені айдаған,
Өлімге басыңды ұйғарған
Табанына дұшпанның
Қапылыста түспегін!
Осы сапар барыңыз,
Мәні-жайын байқаңыз,
Қиын-қыстау іс түсіп,
Қинала қойсаң, жан достым,
Өзіме қайтып келіңіз.
Содан кейін үйіне қайтуға ойланып, құс болса да амандасып болып, Тұрғын батыр атына мініп, еліне қайтпақ болды. Жолда неше күн жүріп, үйіне, аман-есен шыңыраудағы Ақбілек қарындасына, Тәпелтес әйеліне келеді.
Ат дүбірі естіліп,
Жүгіре үйден шығады.
Қарындасы Ақбілек
Өкпесін алып қолына
Алдынан шықты батырдың.
Оймақтай аузы бүріліп,
Тоғайға шыққан шешектей
Екі беті қызарып,
Аш белінен бұралып:
«Келдің бе?»-деп ағасына
Аман болсаң,ағажан,
Тілекті Құдай бергені».
Аман-есен көргенім,
Жалғыз ағам шам-шырақ,
Аман-есен көрдім,- деп–
Өлгенде көрген ағасын
Таудай болып ісініп,
Сылқылдаған Ақбілек
Ағасының атын жетелеп,
Үйге әкеп түсірді.
Сағынып, ағасының әлденеше уақыт жүріп әкелген ақ суын ішіп қарап, судың асыл екеніне таң қалды. Сөйтіп отырып, әуелгі Тәпәлтеспен әкелген ақ тасына бүркіп қарап, бал ашып еді: ағасымен екеуі жас кезінен шешесінен айрылып,, жалмауыз кемпірдің екеуін қырық құлаш шыңырауға салғанын, одан екі баланың шығып күн көргенін, екінші рет жалмауыз кемпір шыңырауға келіп Тұрғын ағасын келмеске айдауын, екеуін тапқан бойда «екі иттің күшігін тапты», – деп, әкесі Бөген әйелі Ақборықты дарияға жібергенін және өздерінің қаңғырып жүргенін білді. Мұны ағасына айтып түсіндіргеннен кейін, кемпір мұны сезіп қалып, әккі болған қубас кемпір қашады. Тұрғын қашқан кемпірді ұстап алып, байлап қояды. Одан кейін, тамақ ішіп алып, ақ отауын жығып өздерінің туған жері – Жиренкөлге көшіп, көштің ортасына кемпірді байлайды. Өзінің туған жеріне, әлде Жиренкөл деген көлге, күңіренген көлге неше күн жол жүріп, келіп жеткен секілді. Жолда көшіп келе жатқанда көштен озып, Тұрғын батыр қайғыланып жатқан әкесі Бөгенге келіп, Ақ ордаға түсіп, атын байлап, іркілмей келіп, әкесінің үйінің есігін бағып қарауылда тұрған қырық жігітке қарамай, «өлтіреміз» - деген сөздеріне кұлақ аспай, кіріп келді. Үйге кіріп, жүресінен әкесіне қарап отыра қалады. Бөген үйге келген дыбыс адам екенін біліп, бір көзін ашып қараса, жас қана бала екен. Бөгеннің жүрегі, тұлабойы елжіреп кетіп, көзінен жас төге бастайды. Көзінен төгілген жасымен қасқа болған, бала көрмеген Бөген: «Қайдан, неғып жүргенсің?» – деп сұрайды. Тұрғын: «Ай, баба, басыңды көтер, біз де ноғайлының баласымыз!», – деп жауап береді. Бөген: «Қай ноғайлы дедің?» Тұрғын: «Үлкен атамыз ноғайлының ішіндегі атақты Жанай қарты екен, соның баласы Бөген, шешеміз Ақборық», – деп жауап берді. «Қазір шешеміз қайда, соны тауып бер!», – деді. Бөген: «Не деп отырсың?» – деп басын көтеріп алды да: «Ай, қарағым, қайдан жүрсің, қандай адамсың? Жөніңді дұрыстап айт!», – деді. Тұрғын: «Несін айтайын, мына суды алып осы тасқа қойып, қарап біліңіз, мені көп сөйлетпе», – дейді де жай тасты Бөгенге ұстатып, жайына отыра береді. Есік алдындағы қырық жендет: «Батырдың үйіне өмірде рұқсатсыз ат байланбаған,өз бетімен ат байлаған кім?» – деп аттарын ойнатып жетіп келеді. Оған Тұрғын еш нәрсе деп қысылмай, касқайып отыра береді. Әкесі тасқа қарап, далаға жүгіре шығып, қырық жендетке; «Дариядағы аралда жатқан Ақборықты әкел!», – дейді. Батыр айтқан соң амал жоқ, бұрынғыдай заман жоқ, қырық жендет шабуылдап бұрынғы белгілі дариядан артық туған сұлуды, сүйіп алған батырдың Ақборық жарын ұзамай-ақ алып келеді. Екі күшік ит болып өскен екен, оларды да қоса әкеледі. Ақборық келгеннен кейін, мына жағында тұрған, қарындасы Акбілек, әйелі Тәпелтес, үлкен көш керуеннен олар да келеді. Бөген баласы, әйелі келгеннен көңілі тасып, бүкіл ноғайлы еліндегі халықты шақырып, сансыз мал сойып, отыз үй тігіп, отыз күн ойын, қырық күн тойын қылып, алтын қабақты аттырып, ноғайлы елін қызыққа баттырады. Мыстан кемпірді халық алдында дарға асып өлтіреді. Оған қосылып, дұшпандық қылған ханның қызы Қанікей мен Тінікейдің жұрт алдында бетіне күйе жағылып, айыптары әшкерелінеді. Бұның үстіне, өзінің жолдастары – Қырымның атақты қырық батырын қонақ етіп, үш айдың жүзі болғанда, тойының аяғы тарқап бітеді. Бөген баласы табылғаннан кейін көңілі тасып, әлденеше жыл қайғылы жүргенін ұмытып, Тұрғынға үй тігіп, еншісін беріп, дүниеден армансыз болып өтеді.
38. Бек батыр
Қазақ қалмақпен жауласқан кезде, Еділдің бойында «Бөріхан» дейтін хан болған. Сол ханның «Бек» дейтін батыры болған. Бек батыр қалмақпен жауласып жүріп қолға түсіп қалған. Қолға түскен батырды әдепсіз көп қалмақ қол-аяғын байлап, қалмақтың ханына алып барған. Қазақтан қорлық көріп жүрген қалмақ жалғыз батыр қолына түскен соң, байлауын шешпестен қараңғы үйге салады. Сарыарқасын сайрандап жүрген ерке батыр қысымшылыққа шыдай алмай жаман жүдейді. Батырдың жатқанына дәл қырық күн болғанда, қалмақтың ханының үлкен тойы болады. Сол тойда хан былай деп жарлық қылады: «Бүгүн менің үлкен тойым, қуанышым, бүкүл тұтқындарымды босатам, бірақ қазақтың Бек батырын алып кел, өзім жауап сұраймын», – деп. Жасауылдары Бек батырды ханына алып келген. Хан Бектен мына сөздерді сұраған: «Егер құтылып шығам деген ойыңда болса маған мынадай ант бер, сенің жолыңда жүрем, сенің дініңе кірем» деп. Сонда Бек батыр былай деп жауап берген: «Менің қалмақпен қаным қас, жаным қас, жарыққа шығам екен деп саған ант бере алмаймын, бүгін босансам, ертең саған жаумын», – деген. Сонда мұны апарып далаға тастаған. Қалмақтың ханының жалғыз қызы болған, аты – «Алтынжұлдыз». Алтынжұлдыз батырды көріп таң болып еді. Кешке далаға шығып тұрса батыр далада жатыр екен. Қыз жанына келіп сұрады: «Батырым, қай елден боласың?» Бек: «Менің елім қазақ, қазақтың жолында жанымды құрбан қылған бір жанмын». Алтынжұлдыз: «Батыр мен сені егер қазір босатсам, еліңе барғанда ханның қызы босатпады, өзім ерлігіммен босанып шықтым дер ме екенсің?!». Бек: «Бикеш, мені қазақтың батыры емес, қатыны деп жүрмісің?» деп жауап береді. Қыз бұған ғашық болып, сол жерде уәде байлайды. Батырды сол жерде босатып, өзі әкесін өлтіріп келуге әкесінің ордасына кетеді. Қыз келсе әкесі ұйықтап жатыр екен. Қолтығынан қанжар тығып өлтіріп, екі тұлпарын, алтын, күміс, бәрін алып батырға келген кезде таң да сіберлеп атқан екен. Батырмен қосылып, ел-жұртымен қош айтысып жүріп кетті. Арада бірнеше күн өтті, бұларды қуатын қалмақтар ханы өліп аза қылып жүргенде бұлар еліне келіп жетті. Еділ бойындағы елін, жұртын көріп, аман-есен табысып, бар мұратына жеткен екен.
39. Садақбай батыр
Өткен ғасырларда өзбек елінен Садақбай деген бала туып, туған күнінен жаратылыс тұлғасы өзгеше, ірі денелі болған. Бірақта, Садақбай туған күні ірі, денелі болу зардабынан шешесі қаза табады. Әкесі Садақбайдың туғанына қуанышта болса да жаңа көрген жас бөбегін қалай тәрбие қылудың тәсілі өте қиындыққа соғып, енесінің қаза болғаны ауырлыққа түсіп, мал тауып кәсіп қылудан қалып, бөбегі Садақбайға емізік емізіп, бал жалатып, шекер сорғызып, соның тәрбиесінде болады. Садақбайдың артынан қалмай жүрген жетімдік, бақытының жоқтығына қарай, екі жастың шамасына келгенде әкесі қаза болып, Садақбай қорғансыз, жетім болып, жалғыз қалады. Садақбайдың әкесінен қалған мал-мүлкі шамалы болғандықтан, күтім тәрбиясы ауырлыққа айналып, әр адамның қолында тәрбияланып бес, алты жасқа жетсе де Садақбай бір адамның қолында, болмаса бір ауылда орнығып тұра алмайды. Оның себебі, жас баланың әуесі өзі сияқты балалармен ойнауға тура келеді. Балаларға қосылып ойнағанда асық, бекбей сияқты ойыншықтарға жанжалдасқанда көрініп тұрған зорлыққа көнбей, балаларды ұрып қирататын болады. Егер балалар көптеп жабылатын болса күші тасып, жігері қайнап, барлық балаларды бір жерге жиып қойып, үстіне шығып мазақтап, мойындарына шөп-шолаң, топырақ салып жылатып жіберетін болады. Бұл жұмыстарына балалардың әке-шешелері дауыс көтеріп: «Содырлы, жетім, аулақ жүр», – деп, баланы ардақтаған жуандар арқылы елден қуып, өзбектің қай еліне барса да Садақбайдың көрген қызығы, өткізген дәуірі солай болады. Сол жағдайлармен Садақбай жеті-сегіз жасқа жетіп, мекен қылатын орны болмағандықтан, жапан түзге кезіп жаяу жүріп, елден безер болып далада су ішіп, түрлі далада өсетін жемістерден жеп, бойына біткен күш-қайратынан зиян шегіп, ел ортасына кіре алмай кемшілік, жетімдікке налып, ішер ас, киер киім таба алмай, он жасқа келеді. Бұл кемшілік әке-шешенің жоқтығы, онымен қатар паналайтын әкесінің туыстарының болмауынан екендігін біліп, назаланып, тау-тасты кезіп, өкпесі қабынып жүрген кездегі жырлары:
Садақбайдың жыры
Қор боп өткен басым-ай,
Лаулаған оттай жасым-ай!
Жақын туыс менде жоқ,
Жан жолатпас қасына-ай!
Ішерге азық таба алмай,
Елге беттеп бара алмай.
Өзбектің баласы
Мейірімсіз неден жаралды-ай!
Құрбыммен қатар жүрмедім,
Ел қызығын көрмедім.
Бір түзелмес тұрмысым,
Бақытсыз туған мен бе едім?
Тірі жүрсем жетермін,
Арманда өлсем кетермін.
Адам көрер түрім жоқ,
Айуан малдан бетермін.
Ішім толды санаға,
Жан таппадым панаға.
Қосылып аңмен ән салдым,
Шығып жалғыз далаға.
Садақбай сондай зарлы үнмен, қайғылы дауыспен жыр жырлап, тау-тасты кезіп жүріп, бір таудың арасын мекен қылады. Садақбай жан сақтаудың тәсіліне кірісіп, күндіз балық аулау жұмысына айланып, шыбық жинап, шанақ тоқып, дариядан балық сүзіп алып, түнде белгілі тау арасына келіп, алған балықтарын тамақ істеп ішіп жататын болады.
«Тау алпы». Садақбай балықшылық кәсіп істеп, тау арасын мекендеп, он бес жастың шамасына жеткенде өзінің бойына біткен күш-қайраты денесін кернеп, жастықтың әуесіне қосылып, жүрегіне түрлі қиялдар келіп, ауыр күрсініп, өзінің тұрмыс-жағдайына өте қорланып, өзінің басынан кешкен оқиғаларды сезіп, егер өз қолынан іс келгендей бола қалса халқының пайдасына жұмсамақты арман қылады.
Бір күні Садақбай тау арасын аралап келе жатса, алдынан бір тау «алпы» кездеседі. Астында таудай аты бар, екі аяғы салбырап, жер соғады. Белінде қылыш, садақ, қолында темір шоқпар, үстінде темір сауыт, басында болат қалқан, қару-жарағы қамтамасыз, басы бақыр қазандай, үңірейген көзі тостағандай, бойы шынар ағаштай, аузы құлаған апандай, мұрны пештей, осындай суық жаратылыстарын ызғарландырып, ашуланған түрде бір түрлі тілмен сөйлеп, ақырып келген бетінде Садақбайға қылыш ала ұмтылады. Садақбай тау алпының тілін түсінбегенімен, қастық жасауын түсініп, сасқалақтап, алдында жатқан үйдей тасты екі қолының күшімен көтеріп алып, қарсы келген тау алпын дәл жүректен меңзеп атады. Нығыз тиген тастың зардабы тау алпын атынан құлатпағанымен, есі кетіп талықсып, қолындағы қылышы мен шоқпары түсіп кетеді. Садақбай тезінен барып шоқпарды қолына алып, сенделіп тұрған тау алпын бірнеше ұрып, атынан жығып, басын қылышпен кеседі. Тау алпын құралсыз жеңгеніне масаттанып, Садақбай тау алпының атын астына мініп, киімдерін киіп, қару-саймандарын асынып, көңілі тасып аңға шығатын болады. Тау ішінен құлан, бұлан, бұғы, марал атып, белгілі жері тау үңгіріне келіп, ас істеп ішіп жататын болады. Күн санап Садақбай жақ тартуға шеберленіп, кезеніп тартқан оқты үйдей тастан өткізетін болады. Көңілі көтеріліп, күш-қайраты молаюдың арқасында аю, арыстан, жолбарыс сияқты күшті хайуандарды жұдырығымен ұрып өлтіретін болады. Садақбайдың тау алпынан алған аты өте жүйрік, қанша шабса талмайтын, үстіне қанша нәрсе артса ауырламайтын, басқа жылқыдан биік, жуан сүйекті, кең сүбелі, бота тірсекті, тоқал жалды, қысқа бақайлы, қалың тұяқты, тұлғасы өзіне лайық мінсіз сұлу, жүні кер болғандықтан Садақбай «Керкудан» деп ат қояды. Садақбай ұзын бойлы, кең жауырынды, ірі сүйекті, денесі піл сияқты тұтас нағыз батырға біткен мүшелі, көзі отты, бір өзіне мың адам батпастай айбынды жігіт болып өседі. Садақбай аң ауламаған уақытта туған елі өзбек халқына барып, аралап келетін болады. Өзбек халқы Садақбайды көріп сынап, батыр атын шығарып, ауызға алып сөз қыла бастайды.
«Шона». Сол кезде қалмақтың Шона деген батыры бір мың әтретпен келіп, өзбек елін шауып, жылқы малын айдап алып кетеді. Шона батырға жан қарсы тұра алмай, өзбек халқы жиналып, Садақбайға келіп оқиғаның түрін айтып, көмек сұрайды.
Садақбай мал алдырған өзбектерді жанына ертіп алып, кеткен қалмақтардың артынан қуып жетіп соғыс салып, көп қалмақты қырып, Шона батырмен қарсыласып, шоқпармен ұрып, күл-талқан қылады. Шона батырдың қаза болғанын көріп, қалған қалмақ әтреті қашады. Садақбай қарсыласқанын өлтіріп, қашқанын қумайды. Соғысып өлген қалмақтардың ат-тондары олжа ретінде қолда қалады. Оны өзбек елінің кедейлеріне Садақбай батыр бөліп беріп, өзі еш нәрсе алмайды. Қалмақтан айырып алған жылқыларды өз иелеріне қайтарып беріп тиыштандырады. Садақбайдың бұл істеген батырлығы, нәшәрға қарасуы әлемге жарияланып сөз бола бастаған. Содан кейін әр жерден ханға, байға, биге қылмысты болып малдары талан-таражға түсіп кеткендер Садақбай батырға паналап отыру үшін көшіп келе бастаған. Көшіп келушілер бірін көріп бірі келіп, құралып, көбейіп, бастағы таудың етегіне жиналып, ел бола бастаған. Келушілердің әрқайсысы әр ұлттардан жиналған, теңдік көрмей хан, би, байлардан қанаушылық, езушіліктің арқасында малдарынан айырылған, тіпті көпшілік жағы жаяулап келгендер болған. Сол жиналудың нәтижесінде, көбейіп алты жүз үйге жақындап аштық, жалаңаштық, жағдайсыздық бола бастағаннан кейін, Садақбай батыр көшіп келушілерді қанат астына алып, күн сайын, атып алып келген аңдарын барлығына бірдейлікпен бөліп, өзіне солармен бірдей үлесін алатын болған. Садақбай атып алған аңдарының терілерін жанындағы қарашыларына илетіп, киім қылдырып беріп, жалаңаш қалдырмауға көңіл бөлді. Садақбайдың қайратына, батырлығына, әділдігіне қарашылардың көңілі риза болып, жиылып Садақбайға келіп сөйлеседі. «Батыр, сен біздің бастығымыз болған соң, ортамызға белгілі болып әйел алып, үй болып орда сайлауың жөн дейміз, бұл жөнінде ортамызда ұнарлық қыз болса, біз қарсылық қылмай саған береміз, сонымен сені қызықтағымыз келеді», – деседі. Садақбай: «Бұл кеңес – өзім де ойлап жүрген нәрсе, бірақта мен сендерден қыз алмаймын, өйткені маңайдағы елдер бізді, «Садақбай қорқытып көршісінің қызын алды», – деп өсек қылады. Менің ойымша, бойыма кір жұқтыруым дұрыс болмайды. Екінші, мен ел асқан бір сұлуды малымның жоқтығына қарамай алуға бармын. Отырған көпшілік, сендер әр елден, әр рудан жиылған адамсыздар, не естіп, не білесіңдер бұл туралы? Білгендерің болса маған сөйлеңдер!», – дегенде, отырғандардан бір адам орнынан тұрып, сөзге кіреді.
«Түлкі». «Менің атым – Түлкі, затым – қырғыз елінен болады. Жасымнан кедей болып, қырғыздағы Қараман байдың үйінде жалшы болып, сенімді қызметім арқасында Қараманға жағып, жақсы болып тұрдым. «Қараман елден озған бай, жылына алты жүз түйе боталайды. Жылқы малы өріске симайды, санын өзі де білмейді», – деп, қырғыз елі әуезе қылады. Сол дәулетіне сай алты ұлы бар. Солардың еркелеткен, жел тигізбей мәпелеген Күнәйім деген жалғыз қызы бар. Күнәйім десе дегендей сұлу, әлемге сәуле берген күн мен ай Күнәйімнің нұрынан жарық алады деседі. Ұялмай ауызға алуға болар еді. Мен Қараманның үйінде тұрғандықтан, нетүрлі жұмыстарына өте таныстым. Жалшы болсам да сенімді болғаным үшін Қараманның менен жасырын сыры шамалы еді. Сол кезде Күнәйім он екі жас шамасында болуы керек, әкесі Қараман алты ұлынан артық ұстап, жанына алып, кеңесіп отыратын еді. Сондағы Күнәйімнің сөйлеген сөзі, сары майдай толқыған мінезі әлі күнге көз алдыма елестеп тұрады. Күнәйімнің балдан тәтті сыпайы сөзі, талшыбықтай өсіп келе жатқан бойы, адам таппастай жерден ақыл табатын ойы, қандай жанды болсын жүрегінің басына бір жара салмай қоярлық емес еді.
Бір күні мен Қараманның жанында бір шаруа істеп отырғанымда Күнәйім келіп, мөлдіреген қара көзін төңкеріп, күлімдеп, Қараманмен кеңеске кіргенде, мен екі көзімді Күнәйімнан алмай есімді білмей отырсам керек. Менің бұл сырымды Қараман сезіп: «нысафсыз, тұр, кет, мұнан былай маңыма жолама», – деген Қараманның сөзі құлағыма сақ ете қалып, есімді жыйдым. Қараманның ашуын көріп қорқып, екінші жағынан ұялып, үй-ішімді алып көшіп, сіздің панаңызға келіп тұрғаныма, міне, сегіз жыл болып қалды. Қазір Күнәйім 20 жасқа келді. Әлі ешкімге берген жоқ, туған елім болғандықтан, сұрап біліп отырмын. Осы жақындағы алған хабарға қарағанда, Оян деген қалмақ ханы сұрап тұрса керек.
«Оян». Оян-Лоян деген бір туысқан екі батыр жігіт, заттары қалмақ болуы керек. Қазір Оян қалмақтың бір тайпа елінің бегі дейді. Інісі Лоян батырлық істеп, жанына неше мыңдаған қалмақ әтіретін ертіп, дүние кезіп, соғыс ашып, ел талап, мал көбейтіп, адамнан беті қайтпай жүрген болу керек. Жинаған әтрет, дайындаған құрал түріне қарағанда өзі сияқты ірі батырдың қолынан келмесе қырғыз, өзбек, қазақ секілді аз ұлтты халықтарға арналып шыққан жау деп айтуға ауыз барады.
Бірақ естуімше, Күнәйімнің Оян бекке баратын ойы жоқ, – дейді. «Оян қалмақ маған тең болмайды, өйткені ел талаушы, қан төгуші қанағатсыз болғаны үшін мен Оянды сүймеймін. Маған адамға нақақтан зияны жоқ жазасыз у тырнағын салмайтын, өзбек, қырғыз, қазақтан туған, осы Ояннан құтқарып алатын ер болса, соған барар едім», – деген Күнәйімнің зор қайғысы, барлығын естіп отырмын. Сонымен, осы айтылған Күнәйім сұлу сізге лайықты серік екендігін еске саламын. Әкесі Қараман Күнәйімді Оян қалмаққа беруге көңілі соқпағанымен, Оян-Лоянға қарсы тұрар күш-қуаты болмағандықтан, қалмақтардың сорлы қылыштарынан қорқып: «мал-мүлкімді талап, өзім қалмаққа құл, әйелім күң болғаннан, не көрсе де Күнәйім көрсін!» – деген пікірмен, Оянға Күнәйімді бермек болып, бір айдан кейін келуге қаратқан сөзін естіп отырмын», – деп Түлкі сөзін бітірді. Садақбай батыр отырған көпшілікке қарап: «Менің іздегенім – сондай қыз еді. Мұның ретін қалай келтіруге болады. Көңілім осы жолға жүруге соғады, сендер қандай ақыл бересіңдер?», – дегенде, отырғандар әңгімені талқылап, салыстырып, астыртын кісі жіберуді ұйғарады. Алдымен бұл жолы: «Түлкі баруға лайық, өз елі, жеріне таныс болғандықтан жөнін келтіріп Күнәйімға сөйлесіп, үйден біліп жүрген жолының мәнісін айтып көрсін. Егер Күнәйім жылы сөз беріп, ойлағандай болса, әкесі мен ағалары қалмақтан қорқып бермек болғаны рас болса, бөтен сөз сөйлемес», – деген сөзге тоқтап, ат-тонын қамдап, Түлкіні қырғыз еліне жібереді. Түлкі арада бірнеше күн жүріп, қырғыз еліне барса, он мың әтретпен Оян-Лоян қалмақтар шеру тартып келіп қалғанын көреді. «Қараман бай қызы Күнәйімді Оян қалмаққа беру жабдығына кірісіп жатса да, Күнәйімнің Оянға баратын ойы жоқ», – деген хабарды алты ағаларынан естіп, «қалай жылатып, көз алдымызда қалмаққа байлап береміз, бұған қарсы тұрарлық өзбек, қырғыз, қазақтан туған ер барма екен?», – деген пікірмен сандалып тұрғандарының үстіне Түлкі барып түседі. Күнәйім Түлкінің келгендігін естіп, шақырып алып сұрайды: «Сен әкемнің ашуланған бетіне шыдамай көшіп кетіп едің, сені өзбекте Садақбай деген батырдың қоластына барды», – деп айтады. Біздің басымызға мынадай қиыншылық түсті. Садақбайдың мына қалмақ жауға қарсы тұрып, жаудан айырып олжаланатын жайы бар ма? Сыртынан атын, батырлығын естіп Садақбайға құмарланып едім, соның анық-қанығын сұрауға сені шақырып отырмын, қане, батырыңның жайын артық, кем қылмай түзу сөйле!», – деді. Түлкі: «Менің елден кеткеніме сегіз жыл толып отыр, сол кеткен бетімде тура барып, Садақбай батырдың қолында тұрдым. Садақбайдың несін сұрайсың, жігіттігінің, батырлығының міні жоқ, мың кісіні бір адамдай қауып қылмайды. Оның күш-қайратын сөз қылсаң, шын ашуланып шоқпармен ұрған болса, Алатауды талқан қылар еді. Бірақта, дәулеті аз, бір өзіне қарап отырған алты жүз үй бармыз. Соның барлығын аш-жалаңаш қалдырмай күш-қуатымен асырап отырады. Садақбай мал табайын десе, қиын болмас еді. Бірақта, адамға зорлық қылуды, ел талауды, қан төгуді сүймейді», – дегенде Күнәйім сөзді тыңдап, Садақбай батырдың қалына түсіп: «Менің іздегенім: осындай адамға зорлық қылмайтын, жазасыз қан төкпейтін батыр еді. Біздің сұлулық атымыз жайылып кетті. Бізге деген жау көп болады. Бүгін Ояннан құтылғанмен, ертең басқа бір жау шығуы мүмкін. Сондықтан, осындай бір батырға арқа таямағанда болмайды. Соның үшін Садақбай батырды алып келіп, маған жақсылық қылсаң арманым қалмас еді», – дейді. Түлкі: «Садақбай батырдың келуі, оның мына қалмақтан сені құтқарып алуы қиын болмас еді. Бірақта, мына қалмақтарың елді қамап келіп қалған көрінеді, оны қалай тоқтатуға болады. Менің осы жүрген жолым, Күнәйім, сенің сырыңды естіп уайымға түскен басыңды аяп, Садақбай батырға сені сыртыңнан мақтап, саған іздеп келуге көндіріп, анық ауыздан хабарыңды біліп қайтуға келген едім. Бірақ іс бұлайша көрінеді. Ақыл қорытып, іс қылу керек», – деген. Күнәйім: «Түлкі, сөздерің дұрыс болса менің мақсатыма тура келеді. Маған Оян қалмақтың тоқтауы оңай, әкемнің, Қараманның «кел» деп уәде берген уақытына әлі он бес күн бар, оған он бес күн қосып, бір айға дейін Оянды тоқтата алмасам, Күнәйім атанып ел аузына алынғаным бекер болсын. Қалайда, Түлкі, маған сен қызмет қылып, бір ай уақыт ішінде Садақбай батырды алып келу шарасын көздеуіңізді өтініп сұраймын! Менің ағаларымның сөзі де осы болады. Олардың жауға қарсы тұрарлық шамалары болмағандықтан, амалсыз отыр, болмағанда, бастайтын ер болса қосыла шабуға даяр. Бұл жағдайды ағаларға кеңесіп, олар арқылы әкем Қараман байдың өзімен ақылдаса отырып орындауға да болады!», – дейді.
«Хабаршы қалмақтар». Оян қалмақ он мың әтретпен келіп орнығып, Күнәйім сұлуды алмақ болып көңілі тасып: «Мен әуелі, Күнәйімді көруім керек. Егер Күнәйімнің ақылы, көркі, мінезі бой сымбаты түгелінен ұнағандай болса аламын. Егер бір жері ұнамай шығатын болса, маған қыз табылмай жүрген жоқ, алмаймын», – деген пікірде өзінің сенімді жолдастарынан үш қалмақ жігіттерді қабаршыға Күнәйімді шақырта жібереді. Келуші қалмақтың шешендері, оян бектің көруге шақыртқанын сұлулап айтып, бектерінің дәрежесін көтеріп, Күнәйімді сынап, сынына келмесе алмайтын екендігін ескертіп, бұл сөздерінен жауап күтеді. Күнәйім: «Сенің Оян бектеріңіз көруге несін шақырады. Менің көркім, сұлулығым, мінез-құлқым өзінің сыртымнан естігенінен жүз есе артық екен деп ойласын, асығыс мінез ұнамайды. Әкем, елжұртым бермек болды, мен көндім. Бірақта, бек болған, ел ұстаған адам айтқан, уәделі сөзінде тұруы керек болады. Әкем Қараман байдың «кел» деген күнінен Оян бектің «келемін» деп уәде берген күніне әлі де он бес күн бар, айтылған мерзіміне қарамай келіп қалу – атына ұят секілді жұмыс. Екінші, менің амандасатын елім бар, кестелеп киетін тоным бар, сол шаруаларым біткенше, маған әкем Қараманға берген он бес күннің үстіне он бес күн қосып, бір айға кеңшілік берсін. Мен бұл тілекті көңіл басқа болып, қойып тұрғаным жоқ. Оян бекті көріп, қосылуға мен де асығып отырмын. Бірақта, кестелі тоным бітпегеннен, бектің алдына киіп баруға жарамды киімім болмай отыр. Менің көрнекті болып барғаным – екі жағымызға да үстемдік. Онымен қатар, Оян бек бұқара-шаруадан оқшау болғандықтан, бекзадалық рөлін орындап, уәделі күнге, мерзімді уақытқа тоқтауы лайық болады. Егерде Оян бектің маған сенімсіз ойы болғандай болса, мына қолымдағы алтын сақинамды беремін, бөтен ойымның жоқтығын сонда білсін», – деп, қолындағы алтын сақинасын алып, қабаршы қалмақ жігіттердің қолына беріп, осы айтылған сөздерін түгендеп, «Оян бекке айтыңдар!», – деп қайтарады.
«Оян». Оян бектің Күнәйімға жіберген елші жігіттері мен Күнәйімнің келуін күтіп, асығып, бір минут уақытты қиыншылықпен өткізіп, екі көзі төрт болып жолға қарап отырғанда қабаршы жігіттері келіп, Күнәйімнің сөздерін түгелінен айтып түсіндіреді. Және «сенімді белгі үшін» – деп, қолынан сақинасын бергендігін айтып қолына табыс қылады.
Оян бек Күнәйімнің айтқандарын мақұлдап: «Қараманның өзі беріп отырған қызы қайда барады? Мен оны қалай жіберемін, менің уәделі күнім толмай келіп қалуым – қате. Екінші, киетін киімі бітсін дегені, маған ұнатпай ма деп сенбегені, өз бойынан, киер киімінен қорынғаны. Сондықтан, бой түзеп, сұлуланып көрінейін дегені шығар. Күнәйім, мені сараң екен демесін, менен сұраған отыз күннің үстіне он күн қосып, қырық күн кеңшілік бердім. Қамтамасыз болып, түзеліп, киініп, моншақтарын тағынып, жұрт таңырқағандай болып, сол қырық күннің артынан көрінсін!», – деген сөзді қайтарады. Оян бек масаттанып, менің атағым елге жайылған өзім батыр, өзім бек болдым. Дүние жүзінде бақытта теңдесім болса да, батырлықта теңдесім жоқ десем де болады деп оқшауланып отырады. Оян бектің бұл сөзін інісі Лоян батыр ұнатпай айтады: «Бір әйелдің айласы қырық есекке жүк болады», – деген халық аузындағы мақалға тура келіп жүрмесін. Мен осы Күнәйімнің арман сілтеп, бір ай кеңшілік сұрап айтқан сөзінен шектеніп отырсам, өзің тағы да он күн қосып қырық күн болсын, деп отырсың, менің бұл жұмыстың артына көзім жетпейді», – деп наразылық білдіреді. Оян бек: «Олайша ойлауға болмайды. Күнәйімда басқаша ой болмауға тиісті. Себебі, маған сенімді белгі үшін мына қолындағы сақинасын беріп жіберіпті. Одан кейін біздің қалмақ, қазақ, қырғыз, өзбек арасында Оян, Лоян атымыз шығып, әлі күнге бетімізді қайырып көрген біз секілді батыр жоқ, қарап отырып көлеңкеден қорқып, айтқан сөзімді қайтарып алып бектігіме, батырлығыма кемшілік келтіруім дұрыс болмайды. Айтқан қырық күн өзіне еркін тон кестелеп, көңіліне не келсе істесін!», – деген сөзіне қарсы Лоян батыр қызу сөзге кіріп: «Босқа мақтанып бек болдым, батырлығыма дүниеде тең болатын жан жоқ деуге болмайды. Себебі, біз дүние кезіп, сыналып болғанымыз жоқ, мен естіп жүрмін, өзбек елінде Садақбай деген батырды. Егер, Садақбай естудей болса, ешкімнен қорқарлық емес деседі. Құрғақ сөзбен жетіліп, мұңсыз бола бермей, ерден ердің қаупы бола отырып, батырлықты майданда көрсетуге тиіс. Біздей талай батыр бар шығар. Біз оның қайсысымен табандасып жеңдік. Өткен қалмақ пен өзбектің соғысында біздің қалмақтың Шона батырын өлтірген Садақбай батырды естіген жоқ екенсің», – дейді. Оян: «Садақбайды мен естіп, білгемін. Садақбайда жалғыз аттан басқа малы жоқ кедей, жалғыз жігіт. Онан қашқан, мұнан қашқан құралып кедей ел болып, солардың аш-арығын асырап, аң аулап, күн өткізіп жүрген бір мерген бала болуға тиіс. Шона батырды өлтірсе, мергендігінің арқасында өлтірген шығар, болмаса мақтаулы күш-қайратын естігем жоқ. Оның күш-қайраты болғанмен, не деп бізге беттеп келеді, қалай жүрегін тоқтатып бізбен соғысады? Жалғыз атты кедейге Күнәйім қалай тиеді? Сен болмастай қиялмен мені қорқытып, айтқан сөзімді қайтып алдырмақ боласың, бұдан кейін маған қарсы мұндай сөз айтушы болма!», – деп сөзінің аяғын ашуға айналдырып, інісі Лоян батырды елге қайтармақ болады. Оян бектің ашулы түрін көріп Лоян: «Менің айтқаным жай дәйім сөз, болмаса бізге жасанып тұрған жау болмау керек, алайда мұнда көп жататын болдық, сондықтан, менің елге қайтқаным лайық болар, сонда маған мына әтреттен қанша бересің, өзіңе қанша алып қаласың?», – дейді. Оян бұл сөзге ашуын басып, ақылға келіп: «Мұнда көп әтрет керегі жоқ, үш мың әтрет қалсын, қалған жеті мың әтретті алып, сен елге жөнел, өйткені, біздің тұяғымыз әркімге тиген, екеуіміз үйде жоғымызды біліп, бір жағынан елге жау келіп жүрмесін», – деп үш мың әтрет жанына алып қалып, қалған жеті мың әтретпен Лоян батырды қайтарады. Күнәйім қырық күн кеңшілікті естіп қуанып, ағаларын шақыртып, Садақбай батыр туралы пікірін сөйлеп, Оян қалмақтан айламен қырық күн кеңшілік алғандығын сөйлеп, Түлкінің келгендігін айтады. Ағалары бұл жұмысты ұнатып, Қараман баймен ақылдасып, тез уақыт ішінде Садақбай батырды алып келуге Түлкіге Қараман байдың қара тұлпарын мінгізіп, еліне қайтарады. Ол он бес күн шамасында оралып келуге уәдесін береді. Түлкі жолға түсіп, қара тұлпардың бар өнерімен қарыштап, келуінде он күн жүріп келген болса да қара тұлпардың ұшқырлығының арқасында өзінің еліне екі күнде келеді. Аңнан қайтып келе жатқан Садақбай батырға кездеседі. Қанжығасында құлан, бес бұғы, сегіз марал олжалары көрінеді. Үстіне артылған сонша жүкті елең қылып Керкуде ойына алып терлеген жоқ. Садақбай батыр Күнәйімнің жайынан түсініп, Қараманның құдалығы амалсыз қорқу екендігін біліп, Күнәйімнің көз жасымен айтқан сәлемін қабылдап, ерлік қайратына мініп, көпшілікпен кеңеседі. Көпшілік Садақбай батырдың жалғыз баруын лайықтамай, аз дегенде үш жүз әтрет жинап алып баруды мақұлдап, өз араларынан бәрін жинағанда жүз шамалы ғана жауға мінерлік ат табылады. Құрал-сайман жағы екі жүз адамға жетерлік болғандықтан, көпшілігі қоныстас отырған Сараңбай деген байдан ат сұрауды ұйғарады. Егер Сараңбай жүз ат берсе, екі жүз әтретпен жүруді мақұлдасып, Сараңбайға Түлкіні барып ат сұрап келуге ұйғарады. Қалғандары жол жабдығына кіріседі.
«Сараңбай». Осы Садақбай батырдың ауылы мекен еткен таудың батыс жақ бөктерінде отыратын, өзбек елінен Құлтай деген тоғыз мың жылқысы бар, сиыр, қой, түйе малдары тағы көп бір бай адам болатын. Бірақта ол малы көп болғанымен, адамға мейірімсіз. Үйіне қонақ қондырмайтын, маңына бір жан жолатпайтын болғандықтан өзбектер халқы «Сараңбай», – деп атап кетіп, сол атты Құлтайдың өзі де, маңындағы халық та қолданып, бұрынғы Құлтай аты жоғалып, Сараңбай десе түсініп, Құлтай десе ішкім білмейтін болған. Қаншама сараң болса да, малы бар болған соң, үш әйел алып, баласы болмаған. Өзіне жақын туыстар сараң байдың қайрымы жоқ болғандықтан, жанында отырып жан сақтау қиын болғандықтан, әр елдерге көшіп кетіп жан сақтаған. Сараңбайдың кәсібі өзінің малын бағып, шаруасын қарап ішкімнің үйіне бармайтын болған соң, оның түрін көрген соң басқа жан Сараңбайдың үйіне де бармайтын болған. Малшы, бақташыларымен ғана аз отыратын болған. Қысқаша айтқанда, Сараңбайды адам танымайтын болса, Сараңбай да бір жанды танымайтын халге жеткен.
«Түлкі, Сараңбай». Түлкі тау бөктерлеп келе жатып, ұшы-қиыры жоқ жылқыға кездесіп, айналасына көз салып, тамашалап тұрғанда алдынан қартқа басқан буырыл сақалды, орта бойлы, маңдай терісі тырысқан, қабағы қатыңқы адам кез болады. Қарттың астында көкшолақ аты бар, ауыздығын алып, жүре оттатып аяңдап келе жатыр. Басында түйе жабағысынан сырыған тымақ, үстінде кең тоқыма шекпен, қарына қорық ілген. Түлкінің таңырқап тұрғанын ұнатпай, «біреудің малын не жұмыспен аралап жүрсің, қайда барасың?», – деген ызғарлы жауап қатады.
«Ақсақал, малыңды аралағаным болмаса, зияным жоқ. Менің атым – Түлкі болады», – дегенде, қарт: «Сен қандай түлкі боласың?» – дейді. «Мен, Садақбай батырдың жігіті – Түлкі боламын». Қарт ұзын кірпігін тігіп үңірейе қарап: «Ендеше, жарайды, қай жақтан бет алып шығып едің?», – деуіне қарсы Түлкі: «Мені Садақбай батыр жіберіп еді, өзі жол жүрмек, осы жақта жасы үлкен бір ағай бар, соның амандығын біліп, мына жүрмек жолға ақыл сұра деген еді», – дейді. Қарт: «Ол ағасы кім, жүретін жолы қандай, не ақыл сұрамақ?» – дейді.
Түлкі қартпен кеңеске кіріп, сұрақтарына жауап беріп: «Сәлемдес деген ағасы сіз, атыңыз Сараңбай боларсыз, жүретін жолы қырғыз еліне бармақ, ондағы жұмысы Қараман байдың Күнәйім деген сұлу қызын қалмақта Оян, Лоян деген батырлар зорлап алмақ болып, соған Садақбай батырды шақыртып, Күнәйімді айырып алса Садақбай батырға бермек болған. Бұл күнде қалмақтың бегі Оян батыр жеті мың әтретпен қырғызды қамап жатқандықтан, сонда баруға аздап әтрет құрастырып еді. Соған мінуге жарамды жүз ат сұрауға жіберді», – дегенде Сараңбай бұрынғыдан түсі өзгеріп, қабағын түйіп, қырын қарайды. «Әңгіме сатулы болып шықты ғой, жүрген адам сұрағалы жүреді ғой, бізде мінуге жарамды жуас ат болмайды, жүген құрық тимеген қашаған болады. Батыр өлшеусіз сұраған екен, бірер-жарым болса мына мініп жүрген көкшолақ атты болса да беріп жіберер едім, мал шетіне келгенше амалдай тұрар едік, әлде болса осы көкшолақты алып кет, жолдастарыңның бірі мінуге жарар, батыр өкпелер, басқаға беретін бір тостаған сусыным да жоқ. Бізде бала жоқ болған соң, бар сүйенгеніміз, осы аз ғана малымыз болады», – деп, олай-бұлай малына қарап, көзімен айнала шолып қояды. Түлкі: «Мен көкшолақты алмаймын, ол сияқты арық ат, мың салса жортпайтын шабан, тоғыршық таба алмай жіберіп отырған жоқ. Саған жібергенде, «өнері-күйі жарамды жүз ат» деді. Садақбай сияқты ел батыры жауға бет алып шыққанда күш, көмек көрсетіп қошеметтеп жіберу – ардақты борышың емес пе? Әсіресе, Оян, Лоян батырлар – ел шауып жаман үйренген адамдар. Ертеңгі күні сенің мына көп жылқыңды естіп келіп қалса, Садақбай сияқты батырдың сағанда керек күні туады. Осындай содырлы қалмақтың алдын алып, көмектеп, Садақбайды аттандырып, бетін қайтарып қойсаң, малы бар момындарға бейбітшілік сонда туады. Болмағанда, бір күні Қараманның басына түскен қиындық ертең өз басыңа келуін анық деп біл, оның үшін сенімің күшті болсын», –дейді . Сараңбай бұл сөзден қысылып: «Сен, Түлкі, сөзге түсінбей отырсың ба? Мен бар-жоғы жуас малды айтып отырмын, батырға ондап, бестеп берсем де жарар еді. Бірақта бізде жуасы жоқ, барлығы қашаған тентек қалай ұстап аларсың, сөзге нансаң, осы жылқыда көзің көріп отырған көкшолақ ат пен екі-үш малдан басқа мініс көрмеген, құрық жүген көрген мал жоқ. Кім мінеді? Балам жоқ, жақын туыстарым маған қарасты болып отырғандарын бұлдап, «малыңнан бөліп бермейсің» деп көшіп кетіп отыр. Айналасы төрт-бестей жеке ауыл болып, малшы-жалшыларыммен ғана отырмын. Олардың малдары жоқ, артық алатын көп ақысы да болмағанымен, айран-шалап ішсе де тамақтары тоқ, уайым-қайғылары жоқ отырады. Маңымызда бас жан, болмаса ауыл жоқ. Әңгіме-сөзбен жұмысымыз болмайды. «Сараңбай әңгімені жаратпайды», – деп маған қонақ келмейді. Шынында, менің әңгімелесіп отыруға шаруадан қолым тимейді. Сондықтан, бізде ат мініп, жаратып бүгілтіп жүретін жігіт жоқ. Біз – шаруа бағып, мал өсіріп, ошақтың үш бұтынан сұрап отырған елміз», – депті. Сараңбайдың көп сөзіне қарамай, Түлкі: «Мен көп отырмайын, сөздің қысқасын сөйлеп, сұратқан жүз атын бересің бе, оның ұстауын, мінуін ешкімнен сұрамайды», – дейді. Түлкінің сөзіне ширығып, Сараңбай қалай сөйлесін. «Өмірде жан аралатпаған жылқымды жат адамға аралатып ат ұстатып, жануарларды шыңғыртып, тулатып, шулатып мінгізгенімнен өлгенім артық емес пе? Жылы сөйлегенге басыма секіріп барасың ғой. Садақбайға беретін атым жоқ. Мені жаудан айырып алмасын. Оның әйел алуы маған міндет емес. Алыстағы Қараманның қызын қойып, жақыннан бір кедейдің қызын алса болмады ма? Өзі кедей болған соң, байдың қызында не жұмысы бар? Өзінде жоқ атты сұрамасын!», – деп ашуланып, Түлкіге жолыққан жерде түсіп, артқы аяғынан шылбырдың ұшымен байлап жіберген көкшолақ атты ұстап мініп, өз бетімен сөйлеп, күбірлеп, жөнелуге айналады. Түлкі: «Сен ат бермесең де Садақбай батыр бұл жолға барар, бірақта осы малды аман сақтап отыра алсаң жарайды ғой, осындай мінезіңді шет елдер естіп қалса, әлегің аспаннан келіп, өкініп жүрмегейсің? Бұл күн Садақбай батырдың қадірін білмесең, ертең басыңа іс түскенде алдына барып жылама, жауыңа жәрдем сұрама!», – деп ашумен атын бұрып, еліне қайтады. Сараңбай жылқыны жинап, суатқа бетін бұрып салып, үйіне келіп Түлкінің келгенін, оның сұраған атын беру орнына қатты сөз айтып жібергенін айтып қоқиып отырады. Малшы-жалшылары күні үшін қошеметтейді. Сараң байдың Баршын атты ең кіші әйелі кедей қызы еді. Алайда білімі бар болғандықтан, Сараңбайдың мінездерін жаратпай, неше жерде қарсы шығып, айыбын бетіне басып айтамын деп, неше рет сөгіс алып, таяқ та жеген еді. Сол Баршынға бұл жұмыс ұнамаған екен. «Садақбай батыр жіберіп сұратқанда жүз ат берсең көп емес, алайда, жақсы жылы сөзбен жиырма-отыздап берсең де өкпелемей кетер еді ғой, ат бермегеннің үстіне «сөгіп жібердім» деп отырсың, батырдың ардақты аруағын шамдандырып, бір нәрсеге кез болмасаң жарар еді. Бірақ, Садақбай батыр марғау елді талауды, қан төгуді сүймейді, бізге тимейді. Мен басқадан қауіп қылам. Бұл сөзің шет елдің құлағына тиіп қалса, малыңның қолыңда тұруы екіталай болар». Баршынның сөзін Сараңбай жаратпай: «Ей, Баршын, сен кедейдің қызы едің, маған келіп адам қатарына кірсең де кедейді жақтап сөйлеуді қоймайсың. Мен малшыларға сөйлесем де арасына түсіп жатқаның, енді «кедейлігін айттың», – деп Садақбайдың арасына түсіп жатырсың. Садақбайға қосылып, сен де маған қолыңнан келгенін қыл, малға сатып алған сен де маған ақыл үйретпек боласың ба? Әйелге не сөз керек, істеген шаруасын біліп, ас-суын ұқыптап отыру болса, болғаны», – дейді. Баршында жарыса сөйлейді: «Олайша еліре сөйлеп, айға шапқан арыстандай мерт болып жүрме деймін. Болмағанда, шашбауын көтеріп Садақбайды жақтап отырғаным жоқ. Байқамай сөйлеп, артынан өкінуде пайда жоқ, менің жаным ашып айтқан сөзімді қас көресің, мұның артын күт, кімнің сөзі жөн екенін білерсің. Менің «кедей» деген сөз – күнде естіп жүрген сөзім. Оған намыстанбаймын. Бірақта, істің түзу жөнін айтпай тұра алмаймын». Сараңбай ашуланып, қамшы ала жүгіріп Баршынды ұрмақ болады. Малшылары арашалап алып, әңгімелері сөнеді. Енді жаңадан шыққан кеңес мынау болады: Малшылар болып, Сараңбайдың бәйбішелері қосылып Баршынға үгіт-насихат айтып, бұдан былай байдың алдына шығып, қарсы сөз сөйлемеу үшін ғана айтылып, араларына татулық сөздер сөйленеді.
«Садақбай батыр». Садақбай батыр қобалжып, асығыстап Түлкінің келуін, Сараңбайдың қандай жауап беруін алаңдап күтіп отырғанда Түлкі барып, Сараңбаймен сөйлескен кеңестерін бір-бірлеп қалдырмай айтып, ренжіп қайтқандығын айтады. Садақбай батыр Түлкінің көңілін аулап: «Сен ренжімей, Сараңбайды қоя тұр. Ол бұрын адамға түзу қарап қонақасы беріп көрмеген жан ғой, қалай берсін, жаратылысы солай. Адамға бұрын жүріп көрмеген жол қиын болатын. Оны ақылға түсіріп, білмегенін білдіріп кетсе де жарар еді. Бірақ, оны талап, бүлік салып кетсек, бізге ел күлер, «жауға мініп баратын ат бермедің» деп Сараңбайды «талан-таражға салды» деген ат тағылып, өмірлік сүйекпен кетер, бұл – маған намыссыз жұмыс. Екінші, ұзын жол, жас тілекке нақақ адамды қан жылатып кету, жолға кесел болып, алдағы мақсатқа бөгет жасауы мүмкін», – дейді. Қолдағы бар мүмкіншілік, даярлықпен жолға шығатын болып, әзірленген жүз атқа жүз жігіт жарақтап мінгізіп, Түлкіні ертіп бет алып, Садақбай батыр айбаттанып, жолбарыстай қайраттанып, қару-жарақ асынып, темір сауыт киіп, алты жүздей азаматына амандық айтып, қайтып оралуына қырық күн уәде беріп, Керкуданға мініп, аяғын алшаң бастырып, жүз жолдасын бастап, алдына түсіп жол тартты. Күн-түн жүріп, алты сөтке өтіп, жетінші қоналқада Қараман елінің шетіне жетті.
Қырғыз елі Садақбай батырдың келгендігін қуанышпен қарсы алып, Күнәйім сұлуға сүйінші сұрауға шаптырды. Сүйінші сұраушының жыр-толғаумен айтқаны:
Асып туған Күнәйім,
Сүйінші сенен сұрайым.
– Қалмаққа қор боп кетем, – деп,
Қылып едің уайым.
Тілектес болған көп халық,
Іс қыла ма басқарып.
Батыр келді өзбектен,
Келіп тұрмын мен танып.
Күнәйім:
Көзбен анық көрдің бе?
Жолығып сәлем бердің бе?
Батырлыққа лайық па?
Түрін сынап білдің бе?
Аты-тоны сай ма екен?
Денесі күшке бай ма екен?
Сегіз сайы сарала,
Аспандағы ай ма екен?
Батыр емес жай ма екен?
Мінгені жабы тай ма екен?
Аты-жөнін білдің бе?
Тұрағы болар қай мекен?
Сонда:
Атын білдім, Садақбай,
Денесі тұтас болаттай.
Піл сияқты тұлғасы,
Жан пар келмес алапта-ай.
Алдынан дұшпан қашардай,
Аруағы басардай.
Күнәйім сынды арудың,
Көңілі балқып тасардай.
Мінген аты кер екен,
Жан көрмеген бел екен.
Ер Садақбай батырға
Арналып туған дер екен.
Күш құралы мол екен,
Бет алып шыққан жолы екен.
Оян, Лоян қалмаққа,
Сазайын берер сол екен.
Күнәйім:
Бұл сөзіңе қуандым,
Қайғыны басып жуандым.
Атын естіп алыстан,
Гауһар тастай бу алдым.
Күнәйім Садақбай батырдың хабарын естіп қуанып, көңілі өсіп, судай тасып, үстіндегі асыл шапанын тағы да бір жамбы қосып сүйінші сұраушыға беріп, алты ағаларын шақыртып, Садақбай батырдың ел шетіне келгендігін баяндап, барлығы қуанып, шаттық мәжіліс жасап, түн бойына даярлық, ойын сауықпен Садақбай батырды қарсы алатын ән-жырлар айтып, күй күйлеп, саз тартып жатқандарын Оян бектің адамдары естиді. Түн бойы ұйқы көрмей болған қуаныштың жайын жасырын білдіріп, Садақбай батырдың келгендігін, Күнәйім сұлудың шақыртып алдырғанын сезіп, Оян бек ашуланып, кәріне мініп жанындағы үш мың әтретіне каманды беріп, өзі бастап алдына түсіп, тоқтамастан келіп Қараман байдың үйін қамап алып, кездескендерін өлтіріп, қылыштарын жалаңдатып, Қараманды алып шығып, өлтірмек әрекетіне кірісіп жатқанда дуалға астыртын хабар арқылы Садақбай батыр келіп қалады. Оян қалмақтың жасап жатқан дүрбелеңіне кездескен Садақбай батыр бар қайратын екі қолына жиып, садағын құрып, Оянның топталған әтретіне садақты үсті-үстіне тартады. Садақбай батыр садағын тартқан сайын жүздеген адамдар қалмақтардан қаза табады. Жүректері шайылып, Қараман байдың үйінің маңынан серпіле бастайды. Садақбай батырдың қол күшімен тартқан садақ оғының дүмпуін көрген қырғыз адамдарының қошамет сөздері бір-біріне ұласып көкке шығады. Оян батыр әтретіне ойран салып жатқан Садақбай батырдың ісіне жаны шыдамай, іші күйіп, атына қамшы ұрып алдына шауып келіп: «Ер болсаң, кезегімді бер», – деп садақ оғын кезеп тұра қалады. Садақбай батыр Оянға кезек беріп, бойын бекітіп, басына болат қалқан ұстап тұрады. Оянның толғанып тартқан садағының оғы Садақбайдың қалқанын пәре-пәре қылса да күші қайтып қалғандықтан, Садақбайға залал салмай, енді кезек Садақбайға тиіп, Оянды қолындағы темір шоқпармен ұрып жығып, қол-аяғын байлап, Түлкімен жүз жолдасына табыс қылып, Садақбай қолына қылыш алып, қалмақтың әскеріне араласып, қырғынға ұшыратып, қойға тиген аш бөрідей ойран салады. Садақбайдың жалғыз істеп жүрген жұмысын көріп, Қараманның алты баласы атқа мініп, айқайлап, соғысқа кіреді. Онымен бірге бірнеше қырғыз жігіттері және Түлкі мен Садақбайдың жүз жолдастары соғысқа араласып, қалмақ әтреті, Оян қолға түсіп, қалғанының қолынан іс келмесіне көздері жетіп, тауға бет алып өлгенінен қалғаны қашады. Садақбай қашқан қалмақты қудырмайды. «Олар жан сауғалап қашты. Қашқанды қуып өлтіру, қан құмарлық болады. Бұл жарамайды» – деп соғысқа қатысқан Қараман балалары мен қырғыз, өзбек жігіттерін тоқтатып, Оян батырды байлаулы бойымен Қараман байға сый орнына тарту қылуға алып жөнеледі. Қараман бай оқиғаның түрін түсініп, елінің адамдарын жанына ертіп, Садақбай батырдың алдынан шығып амандасып, үлкен құрмет, қошаметпен алып келіп үйге кіргізеді. Қонақтарға жалпы құрмет көрсетеді. Оян қалмақты байлауымен құдыққа салып, аузына күзетші қойып қырғыз елінің жастары жиылып, Садақбай батырға қызмет көрсетіп, шаттық күлкі, мәжіліс жасап, Қараман байдың үйінде түн бойына ойын –сауық жасайды. Оян қалмақ байлауынан босанып, түнде басындағы күзетшіні өлтіріп, өзінің атына мініп қашып кеткендігін көріп Садақбай батыр қырғыз елінен Оянды тау-тасты кезіп іздеп, таба алмай, ақыры Оян қалмақтың өз еліне қашып барып, әтрет жиып, қамтамасыз түрде соғыс ашуға даярлық жасап жатқандығын естиді.
«Лоян». Лоян батыр елге қайтқан бетінде жанындағы әтреттен төрт мыңын қалмаққа, өз еліне қайтарып, өз жанына үш мың әтрет алып, «Садақбай батырды көріп қайтамын», – деп өзбек еліне жүріп кетеді. Арада бірнеше күн жүріп өзбек еліне келіп, Садақбайдың отанына келіп, Садақбай батырдың қалын, қайда екенін сұрап біліп, не қыларын білмей сасып, қырғыз еліне жүрмек болса да, мұндағы өзбеккке бір бүліншілік салып кетпек болады. Өз отанындағы аз ғана малына қанағат қылмай, мұның басқа елінен бір байдың жылқысын айдап кетейін деген оймен тура келіп, Сараңбайға кездейсоқ кезігеді. Барлық жылқысын зырылдауық тартып, артынан шұбыртып алып жөнеледі. Сараңбайда қарсы тұрарлық қуат жоқ, маңында ел жоқ, болмағанда жиналған әтрет жоқ, шамасы келгені екі көзі болып, зар жылап, жылқының артынан қалмай жүгіріп келеді.
Өзбек елінде Сараңбайға: «Адамға қасық су тамызбайтын, мейірімсіз айуанға сол керек» – дегендер де аз емес. Артынан қалмай жылап, жылқыға жанын қормалдық қылып келе жатқан Сараңбайды көріп Лоян батыр артынан келер қуғыншы жоқ екеніне көзі жетіп, әтретін кідіртіп, жылқыдағы ең еті арық, жуас мал болғандықтан, жоғарыдағы көкшолақ атты жүгенсіз, жайдақ сараң байға мінгізіп, жылқымен қоса айдады. Оның үстіне Лоян Сараңбайды қорлап, келемеждеп: «Сенің батырың Садақбай жүз кісі жолдасымен он мың әскері бар, «Оян, Лоян батырларға қарсы тұруға жараймын деп, Қараман қызы Күнәйімді Оян бекке бермей тартып аламын» – деп кеткен дейді ғой. Сол Садақбай батырыңды сынайтын кезің жетті. Мына мен, сол жауласатын қалмақтың Оян деген батыры боламын. Менен жылқыңды тартып алып берер, неге жылайсың? Маған жылағаннан, сол Садақбай батырыңа барып жылап, жәрдем сұра» – деп масқаралап күліп тишін алды. Сараңбай үндемей төмен қарап, көзінің шоқпарланған іріңдерін үстіндегі тоқыма шекпеннің жеңімен сүртіп, кейде жылап, кейде күрсініп жайдақ аттан соры қайнап, көкшолақтың қыр арқасы батып, екі қоңы алақандай жара болып ойылып, аяғы салақтап, қара саны үзіліп, мажауырап уайым басып түнеріп келеді. Лоянның әтреті жылқыны ысқыртып айдап қуады. Көкшолақ басында жүген, үстінде ер жоқ, бұрыннан ауыздығын алып қойып, мініп жүріп оттатып жаман үйренген жануар кейде отқа айланып кейін қалып қояды. Лоянның жылқы айдаушылары кейін қалған Көкшолаққа келіп, жол ағаштың жіңішке басымен Сараңбайды бір салып, Көкшолақты бір салып, қуып келіп жылқыға қосатын еді. Көкшолақ ежелден таяқтан зәде болып қалған аюан жолағашты көтеріп салып қалғанда құйрығын қатты-қатты екі жағына сипақтатып, тебетін малша артын көтеріп, үстіндегі сараң байды бірде желкесіне мінгізіп, біресе мойнынан түсіре жаздап мазасызданатын еді. Көкшолақтың бұл ісіне жылқы айдаушылар мәз болып күлісіп, қызықтап, аңдып жүріп, Көкшолақ аз кейін қалса қуып ұрып, түртіп мазақ қылатын еді. Сараңбайдың бұл жұмыстан мазасы кетіп, уайым үстіне уайым жамалып, назаланып, күңіреніп: «Уай, дүние, өз қандасым Садақбай батыр жіберіп сұратқанда меселін қайтарып, өз еркіммен ол аттың аз күнгі терін бермеп ем, жылқыны көрмеген, білмеген жат бауыр, аузы түкті қалмақ барлық тұяғымды алдына салып айдап, семізін сойып жеп, жақсыларын «мен аламын, мен аламын» – десіп бөліске салып келе жатқаны – мынау. Егер сұратқанда Садақбай батырға жүз ат берген болсам, осы малды жау қолына жібермеуге аянбай қайратын салмас па еді? Баршынның сөзі дұрыс екен. Іс өтті, енді өкіндім, бірақ онан шығар пайда жоқ, өзіме-өзім істедім. Мал қолымнан кетті. Оның бәрінен мынау қалмақтардың мазақтап, жайдақ атқа салғаны, оны азсынып астымдағы Көкшолақты ұрып келемеждегені батып барады-ау» – деп жылап, булығып ашу кернеп, тілі сөйлеуге келмей тұтылып, қара түтін болғанның үстіне жылқының айдаған шаң-тозаңы аузына жабысып, көзінің аққан жасымен езіліп, көрген адам күлгендей әлеміштеп бетін сырлап қойған еді. Сараңбай осы ретпен кешке дейін жүріп қоналқа жерге сандалып, әрең жетті. Ашу үстіне болдырғаны қосылып ас ішуге шамасы келмей жатты. Келесі күні қалмақтар астына шекпенін салып, екі аяғына жіптен үзеңгі, Көкшолақтың басына ноқта салып қолына ұстап отыратын қылып, қамшы орнына бір шыбық беріп Сараңбайды мінгізіп еді, бұдан кейін аздап тиыш, малмен бірге жүретін болды. Олайда болса, Сараңбайда уайым көп: «Қартайып келгенде не боламын, қайда өлемін, осы жылқыдан қалмай артынан шығуым қате болды-ау» – деген. Қалмақтар мені қайда алып барар екен, тура еліне жүрсе су түбіне кеткенім, тым болмаса қырғыз алып барса, көзім көретін заманым болса, Садақбай батырға жылап көрісер едім, оны да кім білсін, «ат бермеді деп өкпелеп қалмақтардың ар жағына шығып жүрмесе?... Бірақта қаны бір ғой, маған өкпелегенімен, жау қолына беріп жібермес» – деген ой жүйрік қиялды қиядан қия, тереңге жұмсап миын шағып келеді. Қалмақтар күн-түн жүріп, тоғызыншы сөткеде мұнарланған Алатаудың қарасын көріп, бір бұлақтың басына түсіп, садақ, мылтық, саймандарын түзетіп майлап, қылыш, сапыларын өткірлеп қайрап, нақ соғысқа кіретін суретке кіріп дайындалды. Лоян батыр темір сауытын киіп, болат қалқанды салып, ат тұрмандарын қайтадан түзеп ерлеп, айыл, құйысқандарын қайтадан қысқартып тағып, алдындағы жауға шабатындай абыржып жатқандай тәрізденді. Ас ішіп, жайланып отырғандарында Алатаудың бауырынан асқан бір төбе қарасын көрініп, қалмақтар сасқалақтап, аттарын қамдап қарсы алуға дайындалды. Көп уақыт өтпей, топ қарасынан да жалғыз адам ілгері шығып озып келіп те қалды.
«Шыңдауыл». Қалмақтың бегі Оян батыр құдықтан шығып, басындағы күзетшіні өлтіріп қашып кеткеннен бері Садақбай батыр шыңдауыл қаратып, келетін жау болса алдынан қарсы шығуға әзірлік жасап, қырғыз жігіттерін жинап тәртіпке қойып, саф-саф болып тұрады екен. Сол шыңдауыл қараушылар қанша жылқы, үш мың әтрет қарасын көріп, қабарлап қарсы шыққан қырғыз жігіттері мен Садақбай батыр екен. Бірге шыққан жолдастарына қарамай озып, Керкуданға үкім салып, бауырын жаздырып желдей есіп келіп қалған Садақбайды көріп, тұлғасынан танып, Лоян боз арғымаққа қамшы ұрып секіртіп, өз әтретінен шығып, көк найзаны қолына алып сөзге келтірмей, шәншіп тастамақ болып ұмтылып сала бергенде қолындағы найзасын тартып алып, Лоян екінші қару жұмсағанша Садақбай батыр шоқпарымен ұрып жығып, қол-аяғын байлап, артынан қара тұлпармен келген Түлкіге бергенше шуылдасып, қалмақ әтреті ат қойып Лоянды айырып алмақ болып жанталасып қатты соғыс жасағанымен, Садақбай арыстандай ақырып, күндей күркіреп, алды-артынан бірдей сілтеп, қылыш, шоқпарды бірінен соң бірін жұмсап, қанша қырғынға салды. Қараман балалары мен қырғыз жігіттері және Садақбай батырдың жүз жігіті қосылып, олар да сол соғысқа кіріп, сол күні кеш болып, екі жағы күзетші қойып, жай-жайына қонып жатты. Садақбайдың әскерлерінен жараланғаны болса да өлгені жоқ. Қалмақтан мың шамалы әтрет қырғынға ұшыраған көрінеді.
Келесі күні Садақбай батыр атына мініп, қалмақтың қалың тобына көзін салса әтреті онша көп емес, біршамасы қалың жылқы екенін байқап, өз әскерлеріне жай тұруға әмір қылып, садағын алып биікте тұрып қалмақтың қалың жерінен жол салып, ерінбей тартып қиратып, аздан кейін қолына қылыш алып, ақырып араласып, жалғыз өзі соғысқа кіреді. Қалмақтар аянбай соғысып көрсе де шыдай алмай, Садақбай батырға жұмсарлық күш-қайла болмағандықтан, қашуға бет алғанда Қараман балалары мен қырғыз әскерлері және Садақбайдың жолдастары қашқан қалмақтарды қырғынға ұшырата бастағанда, Садақбай батыр дауыс беріп: «Қашқанды өлтіру, қан құмарлық болады. Бастарын сауғалап кеткендерге амандық беріңдер!», – деп тоқтатады. Бұл екі күнгі соғыста бір мың бес жүз шамасында қалмақ қаза тауып, сол шамалы қашып кетеді. Бұлардың ат-тондарын, құрал-саймандарын олжалап жылқыға келеді. Сараңбай өткен күнгі соғыстан өлгендердің арасын паналап, Садақбай батырдың садағы мен қылышынан қорқып тығылып жатқан екен. Соғыс артынан басын көтеріп Садақбай батырға жаяулап келіп: «Қарағым, бауырым Садақжан, сені аман көретін күн бар екен?», – дейді. Садақбай батыр: «Сен маған бауыр болатын кім едің? Бұрын көрмеген соң, танымадым» дегенде, Сараңбай: «Рас бұрын көрмедің, танымайсың және менің саған танытып жүрген күнім де жоқ. Мен ағаң Сараңбаймын, өздерің елден кеткеннен он күн кейін осы Лоян қалмақ әтретімен сені іздеп келіп сұрап, Қараманға қалмақпен соғысуға кеткеніңді естіп елге бүлік салып, менің мына бар жылқымды айдап, өзімді жайдақ атқа салып келемеждеп, «Садақбай батыр менен жылқыңды тартып алып берер, соны іздеп артынан Қараманға барамыз» – деп келген еді. Шүкір, бүгін болса малыңды жау қолынан алдың, жылқы өзіңдікі, не қылсаң да еркіңде. Аман саған кездескен соң, менде арман жоқ!», – деп Садақбайдың аяғын құшақтап жылады. Садақбай батыр бұрынғы ренжуін кешіп, өзінің жолдастарын жиып алып: «Сараңбайды жылқысымен ие болып бағыңдар! Бұған басқаша ой ойлап, қиянат істеуге жол берілмесін» – деп, еріп келген жүз жігітті жылқыға ие қылып, қалмақтан олжаға түскен екі мың шамалы аттарды қосып береді. Байлаулы Лоян қалмақты қан төгуші, ел талаушы жазасынан шоқпармен ұрып, талқанын шығарады. Сол бұлақтың басында тынығып, жайланып қонады. Келесі күні шыңдауылдардан шапқын келіп, қалмақ жағынан сансыз ел тонаушы қалмақ әтреті елдің жан-жағынан айналып келе жатқандығынан тығыз хабар жеткізіп, Садақбай батыр құраған әскерін бастап аттанып, алдынан өзі жеке озып, оқ жыландай ысқырып, Керкуданды ойнатып, күш-қайратын қайнатып, ұшқан құстай келіп қалмақ әтретіне араласып, қылышын оңды-солды сілтеп қырғынға салып жүрсе де қалмақтың көптігі азаятын болмады. Қолына садағын алып қалмақтың қалың-қалың жерінен арлы-бері зырқыратып атын айғыздап жол салып қиратып, әтреттің ол жақ бұл жағынан садақтың оғын өткізіп, елдің бір жақ бетін қалмақтардан босатып алды. Дұспанды бұқтырып, қойдай ықтырып алған кезінде кейінгі құралған әскерлері келіп, қолдарына қылыш алып, қалмаққа араласып, Қараман байдың балалары және қырғыз жігіттері сол күні көзге көрінерлік қайрат көрсетті. Садақбай батыр да садақтан тоқтап, қылыш алып қалмақ әтретіне бүлікті салып, әтреттің алды-артынан шығып ірі қимыл көрсетіп, шапқан ат, атылған оқ, шабылған қылыш, ұрылған шоқпар дауысымен дүниежүзі даң болып қараңғылық басып, шаң-топырақтан бірін-бірі көре алмай, өлген қалмақтардан ат жүре алмайтын болады. Үймелеген қалмақты ығыстырып, Садақбай батыр дағдарысқа ұшыратуға айналған кезде алдынан Оян бек кездесіп, аңсызда көк найзаны қарсы алдынан түйреп Садақбайдың тоғыз қабат сауытынан өтіп, нақ жүрекке тиерлік қайратпен толғаған еді. Бірақ та Садақбай найзаны ілгері сұғындыруға жол бермей ұстай алып, екеуі найзаға таласып, екі жаққа күштеп тартысып жұлқысып жүргенде найза орта жерінен сынып кетті. Екі арыстан қолдарына шоқпар алып бірін-бірі ұрып, қағып, неше соғыс әдістерін жасап, аңдысып, ақырында Садақбай Оян қалмақты қылышпен ұрып басын алмадай ұшырып жібереді. Қалмақтар соғысты басқарушы Оян бектерінің өлгенін көріп, бұл соғыстан абырой алмайтындығына айқын көздері жетіп, тауға бет алып қашты. Қашқанды қумайтын ертеден болған әдеті болғандықтан, Садақбай батырдың соғыс тоқтау белгісін көрсетіп құралған әскерлері қайтып, Садақбай батырдың жанына топталып жиналып тұрды. Садақбай батырдың жұмсаған күшін, істеген қайратын көзі көрген, құлағы естіген халық сүйініп, ерекше қырғыз қалқы, соның ішінде, Қараман бай өте құрметтеп, жанына елдің басты адамдарын ертіп Садақбай батырдың алдынан жаяулап қарсы шығып, Күнәйімға арнап тігіп қойған отауына алып келіп түсіріпті, көпшілік бір ауыздан қылған күш, жұмсаған қайрат жайлы: «Бұл сияқты батырлықты көзбен көру былай тұрсын, құлағымыз естіген жоқ» – деген қошамет сөздер сөйлеп: «Батыр, көп жаса, дүние тұрғанша тұр» – деген алғыстар айтысып, әр адам әр түрлі қайратын мадақтап, кеңес қылып отырды. Бұл соғысқа қатысқан қырғыз жігіттерінен аздап шығын болған, Қараманның балалары аман. Бірақ та, қалмақтан өлгендердің саны әзірше белгілі емес, олайда болса, осы соғыстан олжаға түскен ат саны жеті-сегіз мыңға жеткен. Қараман байдың көңілі тасып, Садақбай батырдың ерлігіне, батырлығына риза болып қалқына ұлы той жасап, неше күн қызықтап Күнәйім сынды сұлуды Садақбай батырға қосады. Көптен бері құмарланған екі жас бірін-бірі құшып, ойнап көп мақсаттарына жетеді. Садақбай батыр қырылған қалмақтардың сүйектерін жиып, қамба қаздырып көмдіріп, ат-тон, қару-жарақтарын олжалайды. Осы соңғы соғыстан түскен аттардан қырғыз елінің кедейлеріне бөліп бергеннен қалған төрт мың атты Сараңбайдың жылқысына қосып, елге қайтарады. Түлкі мен Садақбай батыр артынан Күнәйімді алып жүрмек болады. Қараман бай Күнәйім сұлуды жөнелту жабдығын дайындап, қанша асыл жиһаздар мен бірнеше түйеге жүк артып, Күнәйімнің айтуымен Қараман байдың қара тұлпарын Түлкіге сый ретінде береді. Қараман бай Садақбай батыр мен қызы Күнәйім сұлуды апарып салуға өзі және әйелі, балалары мен бірнеше жолдастарын ертіп жолға шығады. Қырғыз елі Садақбай батырға бас-басына сыйлық беріп, қошамет, құрметпен шығарып салады. Жолаушылар өзбек еліне бет қойып шаттық, сайран, ойын-күлкімен жүріп, бірнеше күндік жерден Садақбай батыр Түлкіні ілгері оздырады. Түлкі қуанышты қайтуында қара тұлпарды барынша сілтетіп, екінші күн болғанда аулына келіп қалады. Бірақта Түлкі ғажапқа қалады. Өйткені, елге зор өзгеріс еніп қалған. Бірнеше жақсы-жақсы ақ үйлер тігілген. Бұрынғы ескі жұлым қараша үйлерден оқшау көрініп көз тартады. Ел маңына мал толған, бие байлаған, қотанға қой, өріске мал симайды.
«Өзгеріс». Түлкіні дағдарысқа енгізген өзгерістің себебі: Сараңбай малын айдап, жүз жігітке қосылып, арада бірнеше күн жүріп үйіне келіп, малын белгілі жайылымына салып, жүз жігітті ертіп қонаққа алып, өзінің әйелдері, малшылары жиналып, оларға Сараңбай кеңес қылып болған оқиға жайында баяндап, Садақбайдың ерлігін, батырлық қайратын және өзіне артық кек қылмай малын қайтарғанын мадақтап: «Мұндай ер тумас, мың кісі жолына бөгет болмас» – деген сөздермен аруағын аспанға ұшырып отырды.
Бұл сөзді естіп Баршын сөзге кірісіп айтады: «Жарайды, Садақбай батыр саған қызмет қылып, алдымен жаныңды, одан кейін малыңды жау қолынан құтқарып, міне, аман-есен үйге келіп отырсың. Сол істеген Садақбай батырдың қызметіне сен не сый қылмақсың, қандай қызмет көрсетпексің? Сол жайында мына бізге сөйле!» – дегенде, Сараңбай зор қуанышпен көкірегін көтеріп: «Садақбай батыр не алам десе де қолын қайтаратын жайым жоқ! Өзі он күн шамасында Күнәйім сұлуды алып, Қараман байды қанша нөкер, әйелі, балаларымен қонаққа ала келмек. Баршын, сенің сөзіңді мен «әйел» деп алмайтын едім және оның үстіне ұрып-соғып қорлайтын едім, осы жолымда сенің сөздерің ойымнан кетпеді, сенен сабақ алардай болдым. Сенің ақылың маған жетеді, не дегеніңнен шықпаймын, не беретінді өзің бере бер!», – деп Баршынға билік береді. Баршын: «Адам жүрсе көсем болады, жүріп-жүріп келдің. Мал ысқырса желдікі, айдаса жаудыкі екеніне көзің жетті. Онымен бірге Садақбай батыр қанша жат сый қонақтармен келеді. Сонда қайда түседі? Садақбай батырға арнаулы үй жоқ, соның үшін, даярлық жасап, өзіміз көшіп Садақбай батырдың ауылына қосылып қонып, қонақтарға арнап бірнеше ақ үй тігіп, ішін безеп, бие сауып, бар малды ортаға салуымыз керек болады. Қалған өмірде Садақбай батыр бізді аш-жалаңаш қалдырмайды. Менің айтарым –осы, бірақ та: «Сен не дейсің, өзің білесің» – дегенде Сараңбай: «Мен бұрынғы мінезден өзгердім, бар мал-мүлкімді берсең де Садақбайдан аяуым жоқ» – деп ерікті Баршынға береді. Сол жағдайда Баршынның жасаған даярлығы елді зор өзгеріске кіргізіп, Түлкіні дағдарысқа ұшыратқан еді. Көп ұзамай, Садақбай батыр, Күнәйім сұлу, Қараман бай барлық қонақтар келіп, істеген құрмет, жасаған даярлық Баршын әйелдің жолбасшылығы арқасында көңілден артық шығып, Садақбай батырды, оның алты жүз көршілерін зор қуаныш, жетістікке кіргізіп, келген олжа малды бөлісіп алып, Қараман байды сый беріп қайтарады.
Олжасын ортақ қылып ер Садақбай
Таратқан нашарларға күшін сатпай.
Ұнатып мінез-құлқын көп тобырлар,
Отырған тілегінде болып жаппай.
Кедейге жаны ашыған-ай кедей,
Соларды асыраған ішпей-жемей.
Жасында жетім болып, ел жолатпай,
Жалаңаш тау-тас кезіп не көрмедей.
Қорлықпен жапан түзде жасыған ер,
Арқасын бит, кір басып қасыған ер.
Қайраттың бойға біткен арқасында,
Бұлақтай шарасынан тасыған ер.
Болмаған қанға құмар, малға құмар,
Ер емес, өзі тиссе қарап тұрар.
Өзіне қастық еткен дұспандарын,
Ұзатпай ойран қылған ұмар-жұмар.
Ақырда мақсатына жеткен жері,
Көңілден қайғы-қасірет кеткен жері.
Құлақтан естушілер жазып болып,
Аяқтап кеңесінің біткен жері.
40. Қамбар батыр
Бұрынғы заманда бір жарлы уақ деген ел бар екен. Сол уақта он төрт жасар Қамбар деген бала құлан, киік атып беріп, елін асырап жүреді екен. Уақ елінің жел жағында алты күншілік жерде Әзімбай деген ханның елі бар екен. Ол ханның он екі жасар Назым сұлу деген қызы бар екен. Бір күні Әзімбайға бір жақсы көретін уәзірі келіп сөйлейді. Сөйлегенде не дейді:
– Әзімбай сынды ханымыз. Ақылға диқан данамыз. Құлақ салып тыңдаңыз. Он екі жасар Назымның бекер күнін өткізіп, күйеуге неге бермейсің?
Сонда Әзімбай он ақ үй тігіп, жұртын жиып айтты:
– Кімге қызым тиемін десе, соған қалыңмалсыз беремін, – деді.
Назым қыз ешбіреуін де жаратпай әкесіне келіп айтты:
– Бұл жиылған кісілердің ішінде жылқыдан асау ат ұстап міне алатыны жоқ, – деп.
Сонда бір қарт кісі келіп айтты:
– Уақ деген елді асырап жүрген Қамбар деген бала бар. Қу кедей демесеңіз сол сіздің қызыңызға лайық. «Сонда хан оған ашуланды: «Мен қызымды қу кедейге беріп құтырдым ба?» деп. Назым сұлу әкесінің қасында тұрып Қамбардың атын жазып алды.
Бір күні Қамбар батыр құлан, киік атып, бір өткелден өтіп, арғы жағына шыға келсе, Назым сұлу өткелдің аузында қырық қызбен сейілге шығып, шатыр тігіп отыр екен, батырды көріп айтады:
Хан сүйекті Қамбар-ау,
Қара қасқа тұлпарың
Өкпе-бауыр, жалы бар-ау...
Біздікіне келе кет,
Қант пен мейіз, шай бар-ау.
Қамбар батыр оған қайрылмай өтіп кетеді,
Әзімбай ханның елінің ық жағында бір жауы бар еді, Орманбет деген ханның елі еді. Орманбет Әзімбайға Жалмамбет деген уәзірін жібереді: «Маған Назым сұлуды берсін, – деп. «Егер бермесеңіз тартып аламын», –деп. Сонда Әзімбайдың кенже оғылы жіберген кісілердің баршасын өлтіріп, Жалмамбеттің құлақ, мұрнын кесіп, қуып жібереді.
Сонда Жалмамбет өзінің ханына келеді. Хан мұны көріп айтады:
– Уәзірім, сен Назымды көріп, көрімдігіне құлақ, мұрныңды кесіп бердің бе?–деді.
Жалмамбет айтады:
– Жіберген кісілеріңіздің бәрін өлтірді, менің құлақ, мұрнымды кесіп алды,– деді.
Орманбет бек қатты ашуланып, көп әскер жиғызып Әзімбай ханның еліне таман жүрді. Сонда Әзімбай бек қатты қорқып, Қамбарға екі уәзірін жіберді. Екі би Қамбарға келіп айтты:
– Сені Әзімбай хан «Жауымды мұқатып берсін» – деп шақыртқалы бізді жіберді. Егер жауын мұқатып берсең, Назым сұлуды саған береді.
Бұлардың сөзін естіп болған соң, Қамбар қара қасқа атына мініп, Әзімбайдың еліне келіп, жауын жеңіп беріп, Назымды аламын деп, Әзімбайдың отырған үйіне келіп кірді.
Әзімбай:
– Сендей қу кедейге қызымды бермеймін, – деп айтты. Сонда Қамбар ханға ашуланып:
– Жұртыңды шабамын! – деп атына мінді.
Мұны көріп ханның бұрынғы жақсы көретін уәзірі келіп ханға айтты:
– Сіз қызыңызды Қамбарға беріңіз, мұнан жақсы күйеу таба алмассыз, – деп.
Сонда хан бермек болып, ат шаптырып, той қылып, көп жылқы айдатып жөнелтті.
Сөйтіп Қамбардың арқасымен уақ елі байыды.
41. Алпамыс
Бұрынғы өткен заманда, дін мұсылман аманда, Жиделі Байсын деген жерде, Қоңырат деген елде Байбөрі деген бай болыпты.
Бір күні Байбөрінің Аналық атты кемпірі:
– Е, бай біз өліп кетсек, бұл малға кім ие болады? – жасым болса келді, «сен келдің 80-ге, мен келдім 70-ке, не айтасың?» – депті. Сөйтіп Байбөрі байға Аналық атты кемпірі: «Түйеден бура, қойдан қошқар, жылқыдан айғыр әкел!» - дейді. Шал оның айтқанын жасайды. Малды алып әулие кезеді. Мал сойып құдайға «бала бер» – деп жылайды. Арыстанбапқа бір түнейді. Әулиелердің бәрінен пайда болмады. Қалған жалғыз қошқарымен еліне қайтып келе жатады. Жолдың жағасында тұрған шеңгелге барып түнейді. Қошқарын сояды. Жатып кемпірі түс көреді. Түсінде шал кісі аян береді: «Қырықты берейін бе, бірді берейін бе?» – дейді. Кемпір: «біреуі-ақ керек» – деп айтады. Бала жерге түскенде ақ таяғы бар шал кіріп атын қойып береді» – деді. Ғайып болады. Оянса түсі екен. Қуанып шалын түртіп оятады. «Сол түсті менде көрдім», – дейді Байбөрі. Қуанып еліне келеді. Тоғыз ай, он күнде ұл бала туады, артынан бір жыл өткен соң қыз туады. Баяғы түсіндегісі келіп, «ішін жараттым қара шойыннан, сыртын жараттым болат темірден, атса мылтық өтпейді, шапса қылыш кеспейді, суға салса батпайды, бұған қас қылған ешбір мұратқа жетпейді. Аты Алпамыс батыр» деп бата береді. Бұл Хизр еді, көзден ғайып болды. Алпамысты 10 жасқа келген соң Сарыбай байдың қызы Гүлбаршынға үйлендіреді.
Байға бір күні қойшы келіп: «бес қойыңды қасқыр өлтіріп кетті» - дейді. Бір жылдан соң жылқышы келіп: «Байбөрі бай, жылқыңды қалмақ шауып кетті» - дейді. Бұл сөзді естіген соң баласына қарап: «Сен туған соң малымның берекесі кетті», – деп налиды. Мұнан кейін Алпамыс жылқыға барады. Жүген сілкіп еді, бір шұбар тай жетіп келді. «Теңім сен емессің» деп лақтырып жібереді. Біраздан соң ол тағы қайтып келеді, Құдайдың жазғаны осы екен» – деп сол тайды жүгендейді. Тай жүнін тастап, түрлене түседі. Тоқымын салып ерлеп үстіне мінген соң, тай Байшұбар тұлпар болып шыға келеді. Қалмақтың ханы Алпамыстың аттанғанын сезіп, адамдарын жинап, сөз салып: «Алпамысты ұстау кімнің қолынан келеді?» – дейді. Көп ортасынан мыстан кемпір шығып, патшаның берем деген мүлкіне қызығады. Кемпір 40 отау, 40 қыз беруін өтінеді. Алпамыс та күтіп жата береді. Байшұбар кемпірдің дұшпан екенін сездіреді. Кемпір әбден жалынған соң сұрауы бойынша тіккен отауына барады. Алпамысқа қыздар қымызды беріп-беріп мас етеді. Үйдің жел жағын ашып қойғандықтан, батырға жел тиіп есін білмей қалады. Апарып, осыдан соң батырды зынданға салады. Жата береді. Патшаның қойшысы Кейқуат қой жайып жүріп қоңыраулы серкені зынданға түсіріп алады. Қойшы Алпамыспен келісіп, күніне бір қойдан беріп тұрады. Бір күні патшаның қойы таусылады. Алпамыс амал табады. Түйенің сүйегін алдырып сылдырмақ жасап, оны Кейқуатқа беріп ханның қызы Қаракөзайымға жібереді. «Соның келе жатқан алдынан тарт» - дейді. Осы кезде Алпамыс зынданда жатып ұшып бара жатқан тырналарды көреді. Дауыстап еді, «өлгеніңнен тұрма» деп кете барады. Артынан бір жалғыз тырна келіп, Алпамыс жатқан зынданға түседі. Әке-шешесіне, қарындасына, досы Қарабайға сәлем айтып хат жазып, оны қанатына байлайды. Бір ауылдың тұсында даусын шығарып жібереді. Оны көрген біреулер ұстап алып, үйіне әкеледі. Сояйын деп жатқанда қанатындағы хатты көріп қалып: «қойыңдар, соймаңдар Алпамыс мұны естісе бізді тірі қоймайды» –деп, тырнаны баратын жолына қоя береді. Тырна Алпамыстың құс аулайтын жеріне келеді. Қарындасы Қарлығашқа кез болады. Хатты алып оқиды. Мұны естіп Алпамыс жатқан жерге досы Қарабай келеді. Бірақ намыстанып Алпамыс досының көмегіне бармайды. Зынданның жартысына келіп қалғанда 40 құлаш арқанды қиып жіберіп жатқан жеріне қайта түседі. Кейін «осы досым бұл істеген жақсылығын бетіме басар» - дейді. «Тірі болсам шығармын, өлі болсам қалармын» - дейді. Досы қоштасып, еліне қайтады. Ханның қызы Қаракөзайым бау ішінде Кейқуатқа жолығып қалып: «бұл сылдырмақты кім істеді?» – дейді. «Өзім жасадым» – десе қыз сенбейді. Жалынған соң, мұны Алпамыстың істегендігін айтады. Қыз: «Алпамысқа апар» – деп әуре етеді. Ертіп келіп батырды көрсетеді.
Алпамыс қыздан аты Байшұбардың жағдайын сұрайды. Қаракөзайымға:
Қаракөз көзің сүзілер
Көкірегіңде жаның үзілер,
Сен кетсең, көңілім бұзылар
Ғаріп көңілімді сен аула – дейді.
Алпамыс осыдан кейін өзін қалай босатуды айтады. Киімін киіп, диуана болып батырдың атына барады. Иесінің киімін біліп, шұбар темір үйді бұзып шығады. Байшұбар Алпамыс жатқан зынданға келіп құйрығын салбыратады. Батырды босатып алады. Шығысымен ханды, кемпірді өлтіреді. Қалмақтың жазықтыларын тегіс қырады. Алпамыс қойшы Кейқуатқа ханның қызы Қаракөзайымды қосады. Бұл қалмақ еліне Кейқуатты хан сайлайды. Ол жұртты билеп тұра береді.
Алпамыс көңілі тынған соң еліне қайтады.
Аулына жақындап қалғанда бір қойшыны көреді. Жұрттың көкпар шауып жатқанын көреді. Алпамыс қойшыдан: «Анау көкпар не?» – деп сұрайды. Сонда қойшы: «Е, шырағым Алпамыс деген балам бар еді, кеткеніне 7 жыл болды, хабарсыз. Келінді Ұлтан таз «әйел етем» – деп көкпар шауып той жасап жатыр» - дейді. Анау соныкі деп сол күні тойға барады. Бала Жәдігерді көріп табысады. Жар-жарға қатысады.
Бадам сақау сөз бастайды:
Есік алды өтеді айуан
Шылдырап өтеді кейуен.
Мойнымда ділдә, майжан
«Мен бәйбіше, Гүлбайшын тоқал» - дейді.
Алпамыс айтады:
Ине өткенен жіп өтеді қылдырап,
Дабыл тисе жерге қонар бұлдырап,
Атасыздың көрген күні құрысын
Бір байталдық құлдан жедім жұдырық.
Құтты болсын баба, қылған тойыңыз,
Осылай дегеннен соң Гүлбаршын өзінің ері екенін таниды.
Мұнан кейін Алпамыс түрлі ауыртпалықтармен Ұлтан тазды өлтіреді. Алпамыс елін аман-есен көріп дегеніне жеткізеді. Үй-ішіне көрмеген жақсылықты көргізеді.
42. Алты жасар Алпамыс
Ілгергі бір замандарда Жүзбай деген бір бай болыпты. Оның Алпамыс деген бір ұлы бар еді. Бір күндерде Жүзбайға телі жылқысына жау шабады. Жүзбай тұрып, сонда баласына ақыл салып:
– Ау, балам, мен болсам қартайдым, сен жылқыны қуып барып, жаудан кек алуға шамаң бар ма? – дейді.
Сонда алты жасар Алпамыс бала да болса батыр болған соң, жылқысын шауып кеткеніне шамданып, өзінің Байшұбарын ұстап мініп, Байшұбарды қамшымен ұрып, ешкіммен сөйлеспей, жылқы соңынан жөней берді. Алпамыстың аттанғанын қалмақтың ханы түсінде көріп, ел-жұртын жиып алып, көрген түсін халқына баян қылды:
Мен бір бүгін түс көрдім,
Көп қиындық іс көрдім.
Заманым қағынды,
Қағындыдай не қылды?
Қауса бұқыра бура боп,
Қарсы қарап шабынды.
Тұлымдымды тұл қылып,
Айдарлымды құл қылып,
Солқылдаған мырзамды
Табанға салып жүн қылды,
Қамшымен ұрып жон қылды, –
деп жұрт ақсақалдарына айтады. Сонда тұрып ақсақалдар патшаның түсін былай жориды:
– Жүзбайдың баласы алты жасар Алпамыс келіп, осы жұртты алар, – дейді.
Патша: «Сол Алпамыс осында келмей тұрып, Алпамысты қолға түсіріп алып келуші талапкер бар ма?» – деп халқына жар салады. Сонда бір кемпір патшаға келіп:
– Маған бір отау тігіп, қырық қыз жиып бер. Алпамысты қолға түсірейік, – дейді.
Патша мұнысын мақұл көріп, айтқанының бәрін дайын қылады.
Кемпір қырық қыздың қолына қырық кесе арақ-шарап беріп, қырық отауға алып барып отырғызады. Кемпір Алпамыстың келетін жолын барып тосады. Сол уақытта Алпамыс келе жатыр еді. Алпамыстың аты кемпірді біліп, жүрмей тұрып алады. Алпамыстың ашуы келіп Байшұбарды ұра бастайды. Байшұбар жүрмей, тізерлеп жата қалды.
Қасына кемпір келіп:
– Әй, балам, атың жүрмесе, шаршаған шығар, сенің жолыңа қарап, қырық қыз күні-түні күтуде. Тезірек бар, – дейді.
Алпамыс «қыз» деген сөзді естіген соң, атын басына бір теуіп, тастап жүре береді. Келіп отауға кірсе, қырық қыз отыр екен. Қолдарында бір-бір кесе арақ-шарап бар. Қыздар әрқайсысы кезек-кезек назданып Алпамысқа арақ-шарап беріп, әбден мас қылады. Алпамыс мас болып жығылады. Қырық қыз көтеріп барып зынданға салады. Атын патшаға апарып береді. Алпамыс зынданда бірнеше күн жата береді. Бір күні Алпамыстың төбесінен бір топ қаз ұшып бара жатыр екен. Қаздарды Алпамыс шақырып еді, олар қасына ұшып келді.
Сол уақытта қаздар:
– Кімсің, неғып жатқан адамсың? – деп сұрайды. Алпамыс:
– Мен Алпамыспын, – дейді.
Қаздар:
– Алпамыс болсаң, жатқаныңнан тұрма!– деп кете барады.
Ең соңында бір байғұс қаз кетіп бара жатыр екен, соны шақырады, қаз келіп:
– Не дейсің? – дейді. Қараса, қаздың бір көзі соқыр екен.
– Ай, қаз, көзіңе не болған? – дейді. Қаз:
– Жас кезімде анамды бір мерген атып алыпты. Жетім сорлы көп қазға келсем, ештеңе жегізбей, мені жетімсініп көзімді шұқып шығарды, – дейді. «Аузы күйген үріп ішер» дегендей, көп қаздан қалыс, жеке ұшамын. Жалғыз көзден айрылып өлейін бе? – депті.
Сонда Алпамыс:
– Сенің қанатыңның астына хат жазайын. Сен Қоғалыға барып қон! Менің қарындасым Қарлығаш сонда құс салып жүрген шығар, құсы сені ілер. Канатыңдағы хатты көріп, сені өлтірмес, – дейді. «Егерде ауылдардың төбесінен өте қалсаң, дауысыңды шығарма», – дейді.
Қаз осы Алпамыстың айтқан сөзімен ұшып кете береді. Ұшып бара жатып баяғы Алпамыстың насихаттап айтқаны есінен шығып кетіп, бір ауылдың төбесінен өтіп бара жатып «қаңқ» етеді. Ол ауылдағы бір ауырған адамға қаздың еті керек деп, тәуіп айтқан екен. Қазды қай жақтан табамыз деп отырған соң, үйдің иесі әлгі қазды атып алды. Бауыздайын деп жатқанда, қанатының астындағы хатты оқып көріп, жаралы қазды қоя береді. Қаз ұшып Қоғалы көлге келіп қонады. Алпамыстың баласы басқа бір баланың қаздың қанатымен ойнап жүргенін көріп:
– Маған да қанат тауып бер, – дейді тәтесі Қарлығашқа. Қарлығаш баланың тілін алып, Қоғалы көлге барып, баяғы жалғыз қазды ілдіреді. Ұсталған қаз тулағанда қанатындағы хат ұшып түседі. Қарлығаш ағасының сәлемін оқығасын, қолындағы сұңқарды құсқа салмай, көзінің жасы ат жалын жуып, елге қайтады.
Қарлығаш үйіне бармай, жылаған бойымен «Қарабай деген бір досым бар еді, соған хабарлайын» – деп келе жатады. Келе жатқан Қарлығашты көріп, Қарабай отын астына жасырынып қалады. «Маған бір жұмыспен келе жатыр ғой», деп ойлайды.
Қарлығаш келе:
– Қарабай қайда? Алпамыстан хат келді, – деп дауыстайды. Қарабай отын астынан шығып, Қарлығаштың қолындағы хатты оқып, жылап: «Мен іздеп барамын», – деп дереу он түйеге азық арттырып, қырық құлаш жібек арқан алып, бірнеше күн жол жүріп, Алпамыс жатқан зынданның басына келеді. «Алпамыс, қайдасың?» – деп шақырып еді, ешбір дыбыс бермеді. Қарабай досы: «Егер тірі болса дыбыс берер еді-ау, өлген шығар», – деп зар жылап отырып алады. Көзінің жасы зынданда ұйқтап жатқан Алпамыстың бетіне тамады. «Бұл немене?» – деп шошып оянады. Көзін ашып қараса, досы Қарабай зынданның басына келіп, көзінің жасын көл қылып, сақалын су қылып жылап отыр. Алпамыс досын танып:
– Аман-есенсің бе? – деп хал сұрайды. Қарабай досына тамақ беріп қуаттандырып, қырық құлаш жібек арқанды салып, арқаннан ұстатып, зынданның жарым ортасына келгенде, Алпамысқа: «Бұл Қарабай досым кемпірдің асы, келіннің тойында әзіл сөз қылып, құдықта өлейін деп жатқанынан тірілтіп алмадым ба деп бетіме салық қылар» деген ой келіп: «Өлсем өз жайыма өлейін», – деп жібек арқанды қос кездікпен кесіп жібереді де, зындан түбіне түседі. Қарабай арқаны үзіліп, досын шығаруға лажы болмай зарлап, жылап зындан басында жын ұрған адамдай құлап түседі. Бір уақытта есі келіп, еліне қайтады.
Қалмақ ханының қой жайып жүрген бір қойшысы бар еді. Бағып жүрген қойларының ішінде хан қызының бір қоңырау тағып қойған серкесі бар екен. Сол серке Алпамыс жатқан зынданның қасында секіріп жүріп, абайсызда Алпамыс жатқан зынданға түсіп кетеді. Алпамыс ұстап жібермейді. Қойшының ашуы келіп:
– Серкені шығар, егер шығармасаң, қазандай қара таспен ұрып өлтіремін, – дейді. Алпамыс:
– Ұрсаң – ұр, бірақ бермеймін, – дейді. Қойшы таспен ұра бастайды. Алпамыс ұрған тасын қайтадан өзіне лақтырып жібере береді.
Ақыры қойшы жалынады:
– Егер серкені бермесең, мені патшаның қызы өлтіреді, бере көр, – деп тұрып алады. Сонда Алпамыс:
– Күніне бір қойдан беріп тұрасың ба, серкеңді жіберейін, – дейді.
Қойшы «мақұл» деп күніне бір қойдан бермекші болады. Қойшы осы уәдесімен күнде бір қойды Алпамысқа бере-бере, ақыры қойдың бәрін тауысады. Баяғы патшаның қызының серкесін де Алпамысқа береді.
Сонда тұрып қойшы:
– Мен енді қайтемін, өлетұғын болдым, – дейді.
– Қайғы жеме, қойшы, – деп бір сыбызғыны қойшыға беріп, осы сыбызғыны кешке таман бір шалғын ішінде тарт, даусын патшаның қызы естіп келер. Сонда «мұны кім істеді» десе, табаныңды тіліп тұз құйса да айтпа, – дейді. Егер қоймай жалынса – айтарсың, баяғы зындандағы адам жасады дерсің, – дейді.
Қойшы Алпамыстың айтқанындай, сыбызғы тартады. Бұл сыбызғының даусымен ханның қызы келіп: «Мұны қайдан алдың?» – дейді. Қойшы айтпайды. Табанын тіліп тұз құяды. Онда да айтпайды. Ақыры қыз жалынады. Қойшы кім істегенін айтады. Қыз тұрып: «Соған мені алып бар», – дейді. Қойшы: «Менің аяғым жүруге жарамайды», – деп отырып алады.
Әбден лажы құрыған қыз қойшыны мойнына мінгізіп, құдыққа әкеледі.
Кұдыққа келген соң, Алпамыс пен қыз бір-біріне ғашық болады.
Қыз: «Саған мен тиемін, бірақ сені қалай шығаруға болады?» – дейді.
Алпамыс: «Менің атым қайда?» – дейді.
– Атың патшаның қолында.
– Ендеше, сен ол атты «мінемін» деп ал да, қоя бер, бір жаман диуананың киімін киіп алып, патшаның алдына бар. Сол уақытта ат мына белбеуді көрсе, оқыранады. Сонсын патша сені танып оқыранды деп, сенен сұрар, «бұл атты бағып бер, ақша беремін» дер. Сонда сен ақшаның керегі жоқ, мен әшейін-ақ бағайын деп айтарсың, – дейді.
Қыз Алпамыс айтқандай жаман киім киіп патшаның алдына келеді. Ат оқыранып қоя береді. Қыз Алпамыстың айтқанының бәрін айтады. Сонда патша өзінің қызы екенін байқамай: «Бақсаң бақ», – деп, атты қолына береді. Қыз атты шешіп қоя береді. Ат шауып отырып, тікеден-тіке Алпамыс жатқан құдыққа келеді. Келіп, көзінің жасын мөлт-мөлт еткізіп, құдықтың жанында тұрады.
Алпамыс атына қарап:
– Мені мына шұқырдан шығару үшін құйрығыңды шұқырға салбырат, – деп түсіндіріп, атының құйрығынан ұстап құдықтан шығады да, кешке таман қыз, қойшы үшеуі қосылып, қалмаққа келіп тиіп, жау шапқандай қылып, патшаны орнында өлтіріп, барлық малдарын жинап алып, үшеуі айдап жүре береді. Он күншілік жол жүріп еліне жетеді.
43. Ер Тарғын
Баяғыда Тарғын деген бір батыр болыпты. Өз елінде кісі өлтіріп, айыпты болып, жазадан қорқып, қашып Қырым жұртына кетіпті. Ол мезгілде Қырымда қырық хан бар екен. Олардың ең үлкенінің аты Ақшахан екен. Тарғын Ақшахан елінде тұрды. Оның мұнда тұрғанына көп мезгіл өтеді. Жұрт оның батыр екенін білмепті. Көптен бері Қырым халқының бір жауы бар екен. Он сан Оймауыт, тоғыз сан Торғауыт дейтін екі ханның қоласты еді. Олалай-Бұлалай атты ноғай-татарда батырлар болды. Олардың елін бұрын ала алмаған. Тарғын елге қонақ болып жүргенде Ақшахан жауын шауып, оның елін қырмаққа аттанады. Көп мың қол алды. Тарғын да жауды өз қолымен бір шаппаққа аттанады. «Жүр, аттан» деп оны хан шақырмапты. Тарғынның өздерімен бірге келе жатқанын біреуі де сезбепті. Ешкім де оны ескермеген. Ақшаханның көп қолы жеткен соң, Торғауыт елі шың қағып,. барабан соғып көп әскер жиып, зор соғыс етті. Сахарада өлген кісінің қаны бұлақ болып ақты, қорғанды бұзып, ала алмай сыртынан қамап соғыс етті. Тарғын батыр соғысқа кірмей, тек қана сырттан қарап тұрды. Оған ешкім көз де салмаған. Ақшахан қолы көп қырылып, еліне қайтпақшы болды. Мұны Тарғын батыр көрді. Тарғын деген сабазың ханның қайтарын сезеді. Құдайдан күш сұрайды. Сонда атына мінеді. Қашқаннан өлген жақсы, Құдай» деп оны аузына ап батыр шабады. «Маған жәрдем, Тәңір!» деп, ұмтылды батыр атын қамшылап. Сыртта жүрген көп қолға көз салмай, Ер Тарғын ішкі қораға кірді шауып. Сырттағы жүрген Ақшахан қолы оның ішкі қорғанға кіргенін көріп, қаптап шаһарға шауып кірді. Қорғанды бұзды. Жауын жеңіп еліне қайтып келген соң, баяғы қорғанды бұзып шәһарды алған Ер Тарғын батырды іздетіп алдына шақыртты. Тарғын өзінің руы қырғыз екенін ханға баяндайды. Хан өз еліне қырғыздың келгеніне таң қалады. Тарғын: «Елімде кісі өлтіріп айыпты болып, жер ауып қашып келдім», – деді. Хан батырдың қашқанына сеніңкіремеді. Тарғын айтты: «Өз елімді қыруға аядым», – деді. Мұнан соң хан Тарғынды әскер бастыққа сайлады. Ол мезгілде ханның бір қызы бар екен Ақжүніс атты, өзі өте сұлу болған. Сұлулығы Зылихадан кем болмаған. Тарғынның ерлігін күндері ханшаға баян қып айтысыпты. Оған қыз сыртынан көрмей-ақ ғашық болып, бір құлды мың діллаға жалдап Тарғынды шақыртты. Өзі жігітті күтіп, алтын терезеден қарап тұрады. Біраздан соң Тарғын батыр терезенің тұсына келіп қызға хабарласады. Қыз батырды көріп, терезеден үйіне кіргізіп, онымен танысып, алдына неше түрлі ас қойып, қонақ етті алты-жеті сағаттай, қыз Тарғын қайтарда оған сырын айтты: -Елімізде бір Қалмамбет дейтін мырзаны мен байқамай қатеден өлтірдім. Қалмамбеттен соң көрген, маған лайық батыр жігіт сенсің», – деді. Қай мезгілде шақырғанымда маған келіп жүріңіз, сізбен бірге қайғы басайын», – деді. Сонан арман Ер Тарғын жасырын Ақжүніс сұлуға келіп жүрді. Бір уақытта Ақжүністі айттыруға бір хан баласы жаушы салды. Ақшахан қызынан сұрады: «Мына келген кісіге не деп жауап береміз?» – деп. Қыз жауабын үш күннен соң бермекші болды. Ақжүніс Тарғын батырмен ақылдасып, оған тимекші боп, әкесінен жасырынып, оны Тарғын алып қашпақшы болыпты. Сөйтіп, Ақшаханның бір жүйрік жорғасына қызды мінгізіп, Тарғын алып қашып жөнелді. Үш күннен соң ханға қызы Ақжүніс сұлудың қашқанын білдіріпті. Хан мұны естіп, ол біреумен қашқан шығар деп еліндегі барлық жігітті түгендетіпті. Тарғыннан басқасы үйінде болыпты. Хан ақсүйек қызының қара қырғыз, туған-туысқаны жоқ жалғыз жігітпен қашқанына өте көңілі қалып, намыс етіп, қоластындағылардан «кімде-кім оларды қуып жетіп, жігітті өлтіріп, қызын айырса» соған бермекші болды. Көп жұрт қумақшы болып, атқа мінісіп аттанды. Жорыққа жүріп шыдамай, арып-ашып қайта елге тарапты. Бірақ бір қарт шал: «Бозбала ұялмай елге қайтса, мен Тарғын мен Ақжүністі қуып, жолында не өлемін, не ар-намыс үшін ханшаны құл Тарғыннан айырам», – деп артынан қуып кетті. Ол батырдан қорықпады. Бір мезгілде Тарғынның тарлан аты жер тебініп, пысқырды. Тарлан дейтін батырдың аты тек қана жау көрсе, не оған жақындаса пысқырып, кісінейді екен. Тартып жан-жағына қарап артында алыстан өздерін қуып келе жатқан бір жанды көреді.
Сонда Тарғын айтыпты,
Айтқанында не депті:
– Ей, Ақжүніс, Ақжүніс!
Ақжүністей жан достым,
Қыз болсаң да жолдасым,
Өзіңменен бір айлас,
Осы жолда мұңдасым.
Мен артыма көз салсам,
Бір нәрсені көремін,
«Бұлай шапсақ қашты дер.
Мені көріп састы дер.
Кісі қуып жетсін», – деп
Оған қарсы бұрылып қарап тұрады.
Томаға көзді қасқа азбан,
Желдей жалы суылдап,
Құйрығы оның желбіреп,
Қатты шауып келеді.
Алпыс-жетпіс жасы бар
Тайсалатын жан емес,
Тарғынға қуып жетеді.
Мұны Тарғын көріпті.
Ер екенін біліпті,
Алпыстан асқан жасы деп
Оған сәлем беріпті.
Қарсы алдына көз салса,
Күркіреген даладай,
Әлпетіне қараса,
Тастан салған моладай.
Одан Тарғын сұрайды,
Сұрағанда не дейді:
– Ей, қарт аға-ай, қарт аға-ай,
Қаршығаша ұмтылып,
Бүркіттерше түйіліп,
Мұншама сен асығып,
Қай сапарға барасың?
Қартың оған жауап береді:
– Төбедегі жұлдыздай,
Бөріктегі құндыздай,
Бетің сұлу көрікті.
Әйел де болса серкемді-ай,
Зылиқадай сұлуды
Алып қашып келесің.
Жаныңа қылыш асасың,
Жасым қарттау болмаса,
Қаза жетіп өлмесем,
Жаныңдағы жолдасты
Тартып алып кетемін.
Сонда Тарғын айтады,
Айтқанында не дейді:
– Қызды тартып алғандай
Сен кім өзің боласың?
Сонда қу шал сөйлепті,
Сөйлегенде не депті:
– Мен, мен-дүрмін, мен-дүрмін
Мен де сендей батырмын.
Аты-жөнімді сұрасаң,
Көп ру Қырым жұртында,
Түпкі бабам Ер Күлік.
Менің әкем Қоянақ,
Мен Қоянақ баласы, Қарт Қожақ.
Барымтада олжа алған,
Таласты жерде теңдік алған,
Кезеген жауға өткізген,
Торғауыт бұзып жол салған
Қарт Қожақ дейтін батырмын.
Тарғын да жауап береді:
Жаққан оттай қаулайсың,
Батырлықтан мінсізсің.
Қасқыр да болсаң Жүністі
Қалай тартып аласың?
Сонда шалың сөйлейді:
– Құдай маған бұйырса,
Көк семсермен шабармын,
Балдағын қанға боярмын,
Осылайша мен етіп,
Қызды тартып алармын.
Әуелгі рет менікі,
Соңғы рет сенікі.
Шынымен туған ер болсаң,
Майданға сен шық, енді.
Тарғын бұл шалға кезекті бірінші берсе де, шал қыршындай жас жігітті атып өлтіруге көзі қимайды. Оның қыршын жасын аяп, бір доғал оқпен ғана атып, Тарғынның жанындағы жүз алпыс кез оғын уатты. Тарғын кезегі жеткен соң Қарт Қожаққа ұмтылды. Қарт Қожақ айтты: «Тоқта, мен сені аяғаннан ғана оғыңды уаттым, менің аяғаныма түсінбесең, қызды өз еркіңмен маған бермесең, тағы қайтадан майданға барып тұр, мен саған ерлігімді көрсетейін», – деді. Тарғын оның аяғанына түсініп, қызды тастай өз жөніне жүре берді. Ол тастап кеткен соң, қыз еңіреп жылады. Қарт айтады: «Мені кемсінесің бе, не қартсынасың ба, әкеңнің еткен бұйрығы: «Кім Тарғыннан айырса, соған беремін деген, өлтірсе құнсыз да» деген. Жылап мазамды кетірсең, осы жерде басыңды қылышпен шабармын», – деген. «Сен маған қара, маған бір жерің жақпаса, мен сені алмаймын», – деді.
Сонда Ақжүніс айтады,
Айтқанда не дейді:
– Ей, Қарт Қожақ, Қарт Қожақ,
Атыңның басын тарт, Қожақ.
Қойда бағлан қозы едім.
Жылқыда шаңқан боз едім.
Қытай менен Қырымнан
Неше төре жиналса
Мен олардың даңқы едім.
Менен не жай сұрайсың?
Мөлдіреп тұрған жайым бар,
Тілеп тұрған сөзім бар,
Еңіреген жасым бар,
Шатасып жүрген басым бар.
Қосағымнан айырма,
Мені әкеме қайырма,
Қожақ батыр мен дейсің,
Біз жалынған бейшара,
Тілекті бермес болар ма?
Сіз сияқты мырзалар.
Бес жасыңда қарт Қожақ,
Жас шыбықтай иіліп,
Бір шиден оқ атып,
Атқан оқты жоғалтып,
Кәне, шыққан мүйізің?!
Он жасқа келгенде
Қызыл мақпал киініп,
Күміс белбеу буынып,
Қыз секілді көрініп,
Бала болдың бір мезгіл,
Кәне, шыққан мүйізің?!
Жиырма бес жасыңда
Ақ балтырды түрініп,
Оймақтай аузың бүрініп,
Кәрі бурадай қамданып,
Қас батырдай шамданып,
Біреу қорлап сөз айтса,
Шыныменен арланып,
Қыздарды бақтың бір мезгіл,
Кәне, шыққан мүйізің?
Отыз бестегі жасыңда
Қайраулы найза қолға алып,
Қоңыр сәске түсті алып,
Жауды көрсең түйіліп,
Жеңсіз берен киініп,
Көксерек атты қамшылап,
Қорғанды бұздың айғайлап,
Кәне, шыққан мүйізің?!
Қырық бестегі жасыңда
Қырым деген қаланың
Жел жағына қаласың,
Ық жағына панасың.
Өз еліңе жау тисе,
Мың кісіге бір өзің
Қорықпай жалғыз барасың,
Қане,шыққан мүйізің?!
Елу бестегі жасыңда
Жиылысқа барып бой түзеп,
Дауға бардың тіл безеп,
Қызық көрдің бір уақыт,
Кәне, шыққан мүйізің?!
Алпыс бестегі жасыңда,
Сақал-мұртың ағарып,
Денеңдегі тамырың
Барлығы да суалып,
Айырайын деймісің?
Сұлуды көріп қуанып.
Өлтірсең де саған бармаймын,
Ерік берсең сүймеймін,
Бұрын балқып мырза болсаң да,
Сенің басың бұл күнде,
Жердегі жатқан қу тезек.
Мұны есіткен соң Қарт Қожақ есіне түсіп, көп ойлап тұрды. «Бұл ақсүйек қанша жылап, бес жасынан бері де қылғанымды тауып айтты, ендігі жасымдағы не қылатынымды да біліп айтар, жас баланы алып обалына қалмайын», – деп оны Тарғынға қосып жібереді. «Менен өткен дәурен сендерге құтты болсын», – деп. Тарғын қызбен Еділдегі Орманбеттің он сан ноғайына келеді. О мезгілде ноғайда он хан бар екен. Олардың біреуінің аты Ханзада екен, Тарғын келіп, осы ханның бір биінің үйіне қонады. Бай: «Кімсің?» – деп сұрады. Тарғын шынын айтады: Ақшаханның Ақжүніс сұлу қызын алып қашып келе жатқан Олалайдың Торғауыт деген жұртын қырған Тарғын батыр екенін есітіп, оларды зор сыйлай бастайды. Біраздан соң би ханға келіп, оларды жария етіп, хан Тарғынның батырлығына қызығып: «Ол өз жұртын ұмытсын», – деп оларды қоластындағы барлық мырза-төрелермен таныстырып, «алтын сарайда Ақжүніс сұлумен тұрсын» – деп биіне бұйрық етті. Жиналған жұрт: «Тарғын Шаған бойын жайлайтын қалмақ жұртын ығыстырып, бізге жерін тартып әперсін», – деп ханнан өтінді. Тарғын жұрттың өтінішін ханнан есітіп, өз жанына Қарасай баласы Қабанды, Алшағыр баласы Тебенді, Әмір баласы Сабанды алып, Шағанның бойын жайлаған қалмақты бөтен жаққа ығыстырды. Су жағасында жалғыз ағаш басына шығып қалмақты қарайын деп, ағаш басындағы көлденең шыққан бұтаққа мініп отырғанда, бұтақ сынып, батыр жерге жығылып, омыртқасы шығып, зор қиналады. Жанындағы жолдастары найзаларына салып, алдарына өңгеріп, Ханзадаға алып келеді. Ханзада қаншама емдесе де, Тарғын жазылмады. Ханның елі бұрынғы қалмақтың жайлауы – Шаған бойына көшіп барып қонды. Ақжүніс пен Тарғынды атымен «соңынан келіп алармыз» деп жұртқа тастап кетті. Онда Тарғын тамағы таусылып, ханнан еш кісі келмеген соң, өз елі есіне түсіп, сарнап жылап атымен, Ақжүніспен арыздасып көп жыласты. «Жауға барғанда ағаштан жығылып өлді, не жаудан өлді дер» деп, Тарғын түкке тигізбесе де, енді қатынына бастырған екен, белі сырт етіп орнына түсіпті.
Алты құлаш белбеумен
Белін орап буады.
Құдайдан көмек тіледі,
Аруақ жәрдем болғай деп,
Таянып барып тұрады.
Тұрмысына ар етіп,
Төңірегінен қармалап,
Ақжүніске сөйлейді.
Берсін тәңірім тілекті,
Қуантсын біздей жүректі,
Әкел, Жүніс, Тарланды!
Арқасына ер салды,
Қуанбасқа не қалды?
Тарлан атқа мінгесті,
Кеше жұртқа тастаған
Ноғайлыға қарай жүреді,
Бір мезгілдер болғанда,
Астарындағы аты пысқырды,
Жерді тағы тебінді,
Жануар бүйтіп не білді?
Тарғын атының текке пысқырмайтын сырын білетін еді. Ақжүніске: «Жан-жағыңа қарашы, бір нәрсе көрінбей ме?» – деді. Ақжүніс қарап еді, алдыңғы жағында емескі бір-екі қара көрінді. Ер Тарғын: «Енді текке пысқырма, мен сені енді ешкім үшін терлетпеймін, омыртқам шығып жалғыздығым білінді ғой, енді жөнімді табайын»,– деді. Ақжүніс айтты: «Сен құр өз жөніңді тапқанша, жұртына тастап кеткен елге барып жамандарын қорқытып, жақсыларына ақыл сал», – деген соң, Тарғын Ақжүніспен келіп, Ханзада елінің шетіне келіп түсті. Ол мезгілде елді баяғы Тарғын ығыстырып жіберген қалмақтар Шаған бойына қайта келіп, Ханзада елін қамап жатыр екен. Қалмақ ханына Ханзаданың сұлу жалғыз қызын айттырып жатыр екен, «сұлуды бермесең, еліңді шабамын», – депті. Тарғын мен Ақжүністің келгенін естіп, хан барлық жақсыларын жиып, олармен амандасып: «Сіздерге кісі жіберуге мына елімді қамап жатқан жаудан ешбір қол тимеді, айыпқа бұйыра көрмеңіз», – деді. Тарғын айтты: -Бұл қалмақты баяғыдай тағы ығыстыруға менің әзір әлім жоқ, оларды қалайша жеңуді мен сендерге үйретейін, – деді. Сонда Тарғын былайша үйретті:
Бұл барғаннан барамын,
Қырымға мен қайтармын,
Қырымдағы қырық құрдас
Жаныма мен ертермін.
Құдай маған бұйырса,
Қайта саған келермін,
Аман-есен сау келсем,
Басыңды шауып алармын,
Қол астыңа әлек салармын!
Жаудан құтылар айла, өз айыбы үшін жалғыз қызын Ақжүністің үстіне бермек болды. Жұрт айыбы үшін, оның қолын алды. Тарғынның ашуы кетіп, ханның еліне келіп, қонақ боп жатты. Белі де жазылыпты. Бұл елге Тарғынның келіп жатқанын есітпей, хан қызын бермеген соң, баяғы қалмақ аттанып, барабан соғып, ханның үстіне келіпті. Жау келгенін есітіп, Тарғын батыр атына мініп, толып жатқан қалмақтың әскеріне қарсы келеді. Ол жақтан Домбауыл деген бір батыр жекпе-жекке Тарғынға қарсы шығып сөйлейді:
Алайын десем оңайсың,
Алмайын десем тоғайсың.
Айтшы маған жөніңді?
Неғып жүрген ноғайсың?
Сонда Тарғын сөйлейді,
-Асудан асу бел,– дейді. –
Аса үрген жел,– дейді.–
Жөнімді мен айтайын,
Өжет Тарғын мен,– дейді.–
Іздегенім сен,– дейді.
Домбауыл сонда сөйлейді:
– Келбетіңе қарасам,
Жасы кіші жас ұлсың,
Кезегімді бер,– депті.
Тарғын сынды батыр кезегін беріп, жауға қасқая қарап тұрды. Домбауыл жағынан оғын суырып алып, қақ жүрегін көздеп оқ атқан екен, Тарғынның торғауытының сегіз қабатынан өтіп, тоғызыншы қабатына тоқтады. Мұнан соң Домбауыл Тарғынға кезек берді. Тарғын оқ тартып, Домбауылды атынан сұлатып жықты. Қалмақтар батырдың аттан жығылып өлгенін көрген соң, Тарғынды қамап, ұстамақшы болыпты. Тарғын мұнысын көріп, қолына қару-жарағын алып жауға қасқырша шапты. Он бір күн соғысып, он екінші күнде Тарғын ашығып, Тарлан атының арып, қалмақтың қырылып, өзінің далада жалғыз қалғанын көріпті. Жаудың қырылғанын қырып, қашырғанын қашырып есен-аман Ханзада ханға келіп, ат шаптырып, той етіпті. Жұрт көп күн мәжіліс етіпті. Сөйтеді де хан айтты: «Ақсүйек қызымды саған беруге аталарымның аруағынан қорқамын», – деді. «Он сан Орманбеттен таңдап бір сұлу қызды ал», – депті. Тарғын бұл алдауына шыдамай, Ақжүністі алып, қатты ашуланып, өз еліне қайтып кетеді. Ханзада онан зор қорқып малын баға алмады, отын жаға алмады. Жұртының барлық игі жақсыларын, билерін шақырып, еліндегі бір ақылды қарт биге ақылдаспаққа барыпты. Сонда қарт сөйлейді:
Сөйлегенде не дейді:
–Хан мен төрем, келіпсің,
Би мен мырзам, отырсың,
Бізге ақыл салыпсыз,
Біздің тілді алсаңыз,
Тарғын сынды батырға
Барлығын да барыңыз
Қараң түгіл ханыңыз,
Қимылдаған жаныңыз
Батырды еске алыңыз.
Аяғына бас ұрыңыз,
Тоқтамай кетсе еліне,
Тату болып қалыңыз.
Ашуланса еліңе,
Жыртпай кетпес жағаңды.
Жаңылтар келсе тобаңды.
Жылатпай кетпес балаңды.
Қан етпей кетпес қалаңды.
Жұрт ақылдасып, айтысты: «Біздің ішімізде Тарғын нанарлық енді бір кісі де жоқ, ханшаны береміз дегенге енді батыр нанар ма екен?», – десті. Сонда бір ақылды ақсақал айтты: «Оған ел ішінен тандап батыр жіберіңіз, олар бір-бірінің сөзіне нанар», – деп баяғы қасына ерген Қабан Қарасай баласына тағы екі батыр жолдас беріп, Тарғынның артынан қудырып жібереді. Олар батырға қуып жетіп, аяғына бас ұрып, жалынып ашуын кешіртеді. Сөйтіп, олар Тарғынмен Ханзада еліне қайтып келіпті. Хан Тарғынға ұялып ештеңе дей алмапты. Сонда ел ішінен бір би сөйлейді:
- Ей, батырым, батырым,
Сөз сөйлейді алдыңда
Сыпыра жырау бақырың.
Ханы, халқы жиылып,
«Айт» деп отыр біздерге.
Назар етіп тыңдасаң,
Біз айтамыз сіздерге.
Атақты туған ер болсаң,
Не қыласың бір қызды?
Мынау тұрған ханыңыз,
Бәріміз де жанымыз,
Сый етеді алыңыз.
Қара лашын береді,
Көлден көлге салсайшы,
Қара тұлпар береді,
Жауыңа қарсы мінсейші,
Балдағы алтын ақ берен,
Оны да хан береді,
Бұдан басқа көп қазын,
Тағы сізге береді.
Не қыласың бір қызды?
Мың жылқысын береді,
Не қыласың бір қызды?
Бес жүз ауыл береді,
Өз алдыңа сұлтан бол,
Не қыласың бір қызды?
Сүйген жерді жайлашы!
Қанша батыр болсаң да,
Тұра алмассың бұл сыйға,
Миың болса басыңда
Осыған ой салсайшы.
Тарғын ашуынан қайтып, берген сыйлықтарын алып, өз алдына хан болып, мұратына жетіп, қартайып өліпті.
43. Елеңке батыр
Елеңке деген батыр қалмақтармен соғыс кезінде сарбаздарының бәрі майданда қырылып, жалғыз өзі ғана қалыпты. Қашып құтылуға шамасы келсе де, жаудан қашу, шегіну дегенді өлімнен жаман көретін батыр: «Әлім біткенше соғысайын» – деген оймен соғыса беріпті. Қалмақтың қол бастаған ханы Елеңкенің батырлығын бұрыннан естиді екен. Осы соғыста оның орасан ерлігін өз көзімен көріп, «Тұтқынға тірі алыңдар!» – деп бұйрық беріпті. Самсаған қалың жау қойсын ба, батырды ауыр жаралап қансыратып, әлсіретіп ұстапты. Ханның жарлығы бойынша емдеткізіп, күтіп, тез арада жараларынан сауықтырып, «тұқым алайық» деп, Елеңкенің қойнына күніне бір сұлу қыз салыпты. Елеңке «менен қалған тұқым ержеткен соң, ертең еліме жау болып шаппай ма? Өйтіп жауымды көбейткенше өз жөніммен өлейін» деп, қыздардың ешқайсысына қарамайды. Қалмақтың ханы оған ашуланып:
– Сен біздің қыздарға неге мойын бұрмайсың? Егер бұдан былай мойын бұрсаң, еліңе жіберемін, ал оған көнбесең басыңды алдырамын, – дейді.
– Жауыма тұқым тастап ажалдан құтылғанша, елім үшін адал өлгенім артық, – деп жауап береді Елеңке батыр. Хан ойының оңға аспайтынына көзі жетіп, дереу батырдың басын алуға бұйрық береді және жендеттеріне: «Өлтірген соң жүрегін алдыма келтіріңдер» – деп тапсырады. Елеңкені өлтіріп, жүрегін алдына келтіргенде сыншыларына: «Осының жүрегі адамзаттың жүрегі ме, әлде басқа бірдеменің жүрегі ме, жақсылап қараңдаршы!» – дейді хан, Елеңкенің ерлігіне, қайсарлығына таңданып.
Сыншылар жүректі қақ жарып қарағандарында ортасынан бір тал түк шығыпты. Біреудің ерлігіне таңданғанда: «Жүрегінің түгі бар екен» дейтін сөз содан қалған екен.
44. Науша батыр
Кіші жүз, он екі ата байұлының байбақты руынан шыққан Науша батыр сәби күнінде ата-анасынан жетім қалып, қаңғырып жүріп Әлімнің бір асқан байына тап болады, оның қозысын бағып ержетеді. Байдың неше жүз жылқысы болады. Сол заманның ағым-салты бойынша жылқыға жиі-жиі ұры-қарақшы тиіп, жылқышыларын ұрып-жығып, жылқыны шетінен бөліп әкете береді екен. Бір күні Науша байға: «Ата, рұқсат етсеңіз, мен жалғыз өзім-ақ жылқы бағуға шығайын» дейді. Бай: «Балам, жылқыға күнде ұры тиіп әкетіп тұр, жылқышыларды ұрып жығып тұрған ұрылар саған әл бере ме? Сен баласың ғой» – дейді. Ақыры қайта-қайта сұрана берген соң рұқсат етеді. Сол кезде Науша байға көрсетпей, өрімшіге он екі таспадан алты топшы шығартып, сегіз тұтам дойыр өргізіп, ұстаға айбалта соқтырып алады. Бала бір жақсы атты мініп, балтаны домбыра мен ерінің қасына іліп, қамшыны қолға ұстап, жылқышыларды түгел қалдырып түнгі күзетке шығады. Айтқандай-ақ, түнде үш ұры келіп жылқыға тиіп, шетінен бөліп айдай жөнеледі. Бала да арттарынан қалмайды: «Ағалар, жылқымды тастаңдар, мені баласынбаңдар» деп ере береді. Ұрылар: «Бала, қал, қорлық көресің» деседі. Науша алдында келе жатқан екі ұрыны қамшымен екі ұрып, аттарынан құлатып түсіргенде, алда келе жатқан ұры тұра қашады. Бала оны да қуып жетіп атынан домалатады да, аттарын жылқысына қосып айдап, кері кете береді; үш ұры қып-қызыл қан болып Наушаның артынан келген соң Науша үшеуінің де қол-аяқтарын буып, жылқысын күндегісінен ертерек үш ұрымен қосып, ауылға айдап келіп, бар елге көрсетеді. Бар ел адамдары болып байға: «Сен, бұл балаға қозы баққызба, енді мұны отау тігіп қыз әперіп, қолбала қыл да жылқыға шығар» дейді. Бай солай істейді, мұнан кейін байдан да, айнала елден де бір тағалы тай ұрланбай, ел тыныш болады. Наушаның Әлімұлы мен Байұлы ішіне «батыр Науша» деген атағы жайыла береді. Науша бір-екі жыл тұрған соң, байдан рұқсат алып еліне барып, әріптес, тумаларын тауып, танысып біліседі. Тумалары: «өзімізге көшіп кел» деп, тілек қылған соң, Науша қимастан уәде беріп қайтады. Аулына келіп байға айтса, бай рұқсат бермейді, тағы бір жыл жүреді. Ел жиналып байға: «Сен, рұқсат бер, бірақ та қара құладан қақ жарып бұған енші бер, бізге де алдағы уақытта көзін сала жүрсін» дейді. Бай баладан бұйым сұрайды. Бала: «Бір де бұйым жоқ, маған отауымды артатын екі нар, екі бұзаулы сиыр, көшіріп апаратын екі жігіт бер» дейді. «Тағы да қалағаның болса ал, қолыңнан қақпаймын» дейді. Науша: «Ата, жылқыңда қалайтын бір атым бар еді, берсеңіз» деген соң, бай «ал» деп рұқсат қылады. Науша байды ертіп түнгі күзетке шығысады. «Ата, мен ерімді алып жылқының ортасына жатамын, мені қай жылқы келіп иіскесе, менің қалағаным – сол, сіз аттан түспестен сол иіскеген жылқыны белгілеп қалыңыз» деп, ер-тұрманын жастанып, жылқының ортасында жата береді, бай аттан түспей айнала күзетіп тұрады. Наушаны үстінде жабағы жүні түспеген, тайдан құнажын шығар бір арық көк байтал келіп иіскейді де, таң атқанша кетпестен Наушаның айналасында оттайды да жүреді. Таң атқан соң байдан сұраса, бай көрмей қалыпты. Науша: «Мені осы көк байтал иіскеді, менің алатын қалағаным – осы», – депті. Бай: «Қарағым, бұл тым қораш қой, бір жақсырағын алсайшы!», – дейді. Науша: «Ата, бұл көк байталға құлын кезінен назарым түсіп жүретін, осы маған ат болады», – дейді. Ертеңіне бай бір айғыр үйір жылқысы мен жүз қой, екі бұзаулы сиыр, екі нар, еліне апарып салатын екі жігіті – бәрін даярлап, елдің көп адамдары болып, Жайыққа дейін Наушаны шығарып салады. Бай Наушаны қимай, жылап-еңіреп, ырзалық батасын беріп айырылысады. Әлімнің шекті руында аты шыққан Сыйлыбай деген бір батыры болады екен. Сырттай Наушаның атағын есітіп, тым күндеп, оны өлтірткісі келеді. Бұл сырды Науша да есіте жүреді. Шектінің адамдары болып: «Бұл екі батыр кездесіп бірін-бірі жазым қылар, бұларды халық болып үй тігіп, әдейі шақырып, таныстырып, достастырып жіберейік», – деп ұйғарады. Сөйтіп, ел той есебінде үлкен жиын жасап, екі батырды шақырады; Сыйлыбай өзіне ерген жолдастарымен арнаулы үйге түседі. Науша соңырақ келеді. Наушаны да ел қарсы алып, түсіріп, Сыйлыбай үстіне алып келе жатқанда: «Сыйлыеке! Науша інің сізге сәлем берем деп келеді, басыңызды көтеріңіз!» дейді. Сыйлыбай аяғын жимастан басын көтере беріп Наушаға қарап: «Қазақ не болса соны «батыр» деп мақтай береді-ау, мынау адам сүдіні жоқ бірдеңе ғой, мен мұндай адамға қол бермеймін», – деп жата береді. Сонда Науша Сыйлыбайға қарап: «Ә, Сыйлыбай! Тым асқынып кеткен екенсің, асқанға бір тосқан, алдағы көктемде нәсіп болса етіңді елсіздегі қарға-құзғынға жем қылармын» деп, үйден шығып, қасындағы елу жігітімен тойға тоқтамастан аттанып, қайтып кетеді. Сыйлыбай келесі көктемде көп қолмен Жайық өтіп, байұлынан көптеген мал, төрт-бес қыз тартып алып қайтады. Науша ол уақытта елдің басқа жағында жүр екен, бірақта елге: «Сыйлыбай Жайықтан бермен өтті дегенше, дереу маған хабар беріңдер!» деп қойған екен. Ел Сыйлыбайдың жорығын Наушаға дереу хабарлайды. Науша елу жігітімен қуып, Жайықтың аржағында қарасын көреді. Сыйлыбай астында боз арғымақ, басында ақ қалпақ, үстінде ақ киім, қолында сабы сырықтай найза, ұшында ақ жалау, жол тосып кедергіде тұр екен. Науша жігіттеріне: «Сыйлыбаймен кездескен жерімде егер Сыйлыбай аттан мені түсірсе, сендер бас амандап қашыңдар, әйтпесе сендерді Сыйлыбай біріңді қалдырмастан қырады. Ал, егер, атынан Сыйлыбайды мен түсірсем, сендер қалғанын қуа беріңдер!», – дейді. Науша мұнарадай болып тосып тұрған Сыйлыбайдың жанынан шауып өте бергенде, Сыйлыбай да қабырғадан қуа қосылады, Науша екі-үш арқан бойындай оза беріп Сыйлыбайға жалт бұрылып, қарсы алдынан тік шауып, Сыйлыбаймен айқаса түседі. Сыйлыбай найзасын сермегенде, Науша оның найзасының сабын сындырып, Сыйлыбайдың сол жақ шықшыт астынан найза салған. Бірақ түйреп түсіре алмай, айбалтасын маңдайдан сілтегенде оның сол жақ бас құйқасын құлағымен шауып түседі. Сыйлыбайды атынан құлатып, ілгері кетіп бара жатқан жауды артынан түре қуып, Науша малын, жесірін қайырып алады. Шектінің батыс жақ Байұлымен шекарасында Шаңдыкөл, Тамдыкөл деген бір орында ел жайлайтын екі суат көлі болады. Бір жылы екі көлдің оңтүстік бетіндегі бір биіктеу орынға бір айдаһар түсіп жатып алады; суатқа келген мал мен адамды шыдатпайтын болған соң, ел үркіп көлдердің маңынан көшеді. Күндерде бір күні осы айдаһарға Науша батыр кездеседі. Қорыққан серіктерін көз көрім жерге қалдырып, Науша қолына қылыш алып айдаһарға жалғыз жаяу кетеді; серіктері әуелі Наушаның айдаһарға қарай дедеңдеп жүгіргенін, онан кейін Наушаның қылыш сілтегенін, сол мезетте айдаһардың құйрық сермегенін көріп тұрады. Бірталай уақыт Науша да, айдаһар да көрінбей қалады. Біраздан кейін Науша келеді, өң-түсі қашып кеткен. Серіктері шулап мәнісін сұраса, Науша: «Дұшпанның басын қақтым, бірақ қаққаным құрысын, құйрығымен ұрып талдырып тастады. Есімді жиып, көзімді ашсам, айдаһардың құйрығы үстімде жатыр екен. Баруда қорықпай-ақ барып едім, жақындаған соң өзіне дедеңдетіп тартты. Аузына түспес бұрын басын қағып үлгірдім, бірақ та құйрығымен ұрып жықты» депті.
45. Асыл кілт
Ертеде, біздің атамыздың аталары білмейтін заманда «Байтақ ел» деген елде Тілқайсар деген шаруа адам өтіпті, сөзге шешен, елге көсем екен. Тілқайсар бес кісілік күші бар, ел сүйсінер ісі бар адам екен. Жоқшылық көрген, тек қайырымы мол, үйінің айналасы жол, жолды салған сол елден жыйналған қол екен. Тілқайсар көсем болғанда, елді күшімен қорқытып болмапты, елдің өзі қалап, біреу болса да, көпке балап қойыпты. Билікті Тілқайсарға беріпті. «Еңбекке бастасаң да, ерлікке бастасаң да біз дайын» – деп, артынан еріпті. Бұл елдің істейтін кәсібі: аңшылық екен. Аңды бірлесіп аулап, олжаны тең бөлісіп алыпты. Тілқайсар бастаған жігіттер халқын қарық, елін жарық етіпті. Барлығы да бірлесіп істеген еңбекті сүйіпті. «Бірлескен еңбек – қиындықты жеңбек» – дейді екен олар. Осылай жүре беріпті. Жыл өтіпті, жыл артынан, жыл жетіпті. Бірақ, Тілқайсарға бала бітпепті. Тілқайсар балаға өте ынтық болыпты. Бала жоқтық бас қайғының бірі болып, көкірегі шерге толып, «әлде болса, бала болар» – деп, жақсылыққа жорып жүре беріпті. Күндерде бір күн Тілқайсар жолдастарымен аңға шығыпты. Бұлар «Байтақ елдің» даласымен, қалың орманның арасымен келе жатыпты. Бір жерге келгенде қалың шөптің арасынан бір буаз киік тұра қашыпты. Киікті көрген соң, Тілқайсар жолдастарына: «Ал, жігіттер, осы киікті қалай да болса тірі ұстайық. Өзі буаз екен, көп қаша алмас, Егер тірі ұстасақ, үйге апарып бағайық. Мүмкін, қолда бағуға үйренер. Ал егер үйренбесе лақтаған соң, лағын бағайық. Еңбегіміз жемісті болып, жабайы жануардан өмірімізге қажетті үй жануарын шығарып аламыз. Сөйтіп ұзақ жол бейнетін шегетін аңшылықтан да құтылармыз», – дейді. Сөзді естіген жігіттер киікті қалайда болса тірі ұстауға ұйғарып, барлығы қуа жөнеледі. Киік буаз болса да жеткізер емес, сағымдай ағып кетіп барады. Біраз қуғаннан кейін бірі ілгері, бірі кейін болып шұбатыла бастады. Қаша отырып, киік орман ішінен шығып, жазық жермен қашты. Осы кезде Тілқайсар қасында екі жігіт бар киікке жақындай түсті. Басқалары қара үзіп, кейін қалып қойған еді. Киік қаша-қаша бір биік асқар тауға жақындады. Таудың бергі шетінде найзағайдай тіп-тік биік шың көрініп тұр. Жанталасқан киік сол шыңға тура тартып келеді. Күн еңкейіп қалған кезі еді. Бір кезде батыс жиектен қара бұлт көрініп, тез арада күннің көзін басты. Дауыл тұрып, айналадан құм есе бастады. Жаңағы бұлт тұрғандары желмен көтерілген болып шықты. Құм бораны жер-дүниені қараңғы қылып жауып кетті. Бұл тұрған жігіттердің ішінде бұрын мұндай боранды көргендері жоқ еді. Бірақ естігендері болатын. «Қарлы тау» деген тау бар. Оқта-текте басынан төмен жел еседі. Ол желге ұшыраған адамның аман кетуі қыйын екен. Себебі, әуелі құм бораны көтеріліп түк көрсетпей кетсе, артынан тас бораны соғады екен. Ештеңені көре алмай, басы айналып, тасқа соғылып, қаза тапқан талай адамдар болыпты. Міне, сондықтан, бұл тауды «Қарлы тау» деп атаған екен, айтқан үлкен адамдардың әңгімесін Тілқайсар талай тыңдаған болатын. Міне, енді көзімен көрді. Іс – қыйын. Тілқайсар ойланып тұрып: «Ал, жігіттер! Енді аттың күшіне сыйынамыз. Қалайда болса, бір жерден пана таппасақ, өлеміз», – дейді. Бұл кезде күн батып, дауыл үдеп, күн мен дауылдың қараңғылығы араласқандай болып, күшті қараңғылықтың болып тұрған кезі еді. Бұлардың бір бағытқа жүретін бағыты да болмады. Тек қана аттың басын ыққа беріп, аттың бар күшімен шаба берді. Бұлардың қанша жүргені белгісіз. Уақытты есептеп жатқан адам жоқ. Бұлардікі – тек аман қалса болғаны. Тас боран да көтерілген еді. Зулаған тастар, басынан да, жанынан да өтіп жатыр. Бұларға тиіп жатқандары да сансыз. Бірақ, үш адам, әзір – аман. Киік түгіл, енді өз бастары қайғы болғандай. Кенеттен, алдарынан қайысқан қалың орман кездесе кетті. Орманның қалыңдығы сондай, бұлар атпен жүре алмады. Аттан түсіп, жаяу жетектеріне алды. Орманның шет жағы тынышсыздау болса да, ортасына кірген сайын, дауылдан қауіпсіз бола бастады. Бұлар жүре-жүре орманның ішінен бір жайлы жер тауып орналасты. Үш-төрт үйдің орнындай ашық жер екен. Әр жерде құлаған ағаштар да бар екен. Шөп сонша қалың, иісі мұрынды жарып барады. Бұлар қатты шаршаған еді, сондықтан, аттарын бір кәрі құлаған ағашқа арқандап, жату қамын көздеді. Жылы уақыт болған соң, үстіндегі киімдері тым жеңіл болатын. Бірақ ерді жастық, тоқымды төсеніш, үстеріндегі киімдерін жамылғы істеп, жайлы орынды тез тауып, ұйқыға кетісті. Тілқайсар бір дауыстан оянып кетті. Күн көзі жоғары өрлеп, түстікке келіп қалған екен. Анандай жерде көкжал арыстан бір жолдасының үстіне қонып қалыпты. Жолдасы бар даусымен айқайлап, көмекке шақырып жатыр екен. Тілқайсар қанжарын алып, жүгіріп бара жолдасын басып жатқан дәудің жүрегіне дәлдеп, сілтеп қалды. Қанжардың ұшы жүректі дәл тауып біреуді олжалап жатқан көкжалың дүниеден озып кетті. Жолдасы қорыққаннан есі шығып қалыпты. Біраздан кейін есін жиып, өзін-өзі билеп, тілге келді. Арыстанмен алысып жатып ештеңені байқаған жоқ еді, байқап қараса, бір аттың өлімтігі жатыр. Ал, қалған екі ат жоқ. Үркіп босанып кетіпті. Оның қайда кеткені белгісіз. Бір жерде орман жыртқыштары жеп қойса да, өздері білсін. Жолдасының басында мынандай оқиға болыпты. Шаршағаннан қатты ұйықтаған екен. Бір кезде ояна келіп, ұйқысын ашпастан қасындағы аттарға қараса, біреуі жатыр, басқасы көрінбейді. «Немене үйелеп қалған ба?» – деп, қасына жүгіріп барса, жылқының етіне әбден тойып, жатқан арыстан екен. Ол көзін уқалап жүріп, соны байқамапты. «Әй, «Тшу»!» – деп ақырып қалғанда, арыстан атып тұрып тап беріпті. Қорыққаннан үрейі кетіп, қолын сермеп, шегіншектей беріпті. Шегініп келе жатқанда, артында құлаған ағаш жатыр екен, соған сүрініп, шалқалай құлапты. Арыстан үстіне қона түсіпті. Сол жатқанда даусынан Тілқайсар оянып, қапа болған жолдасын арыстаннан айырып алыпты. Күн түс мезгілі болып қалды, әлі тамақ ішкен жоқ. Енді не істеу керек? Бұлардың қарыны әбден ашқан еді. Мінерге көлік жоқ, жүрерге бағыт жоқ. Қайда келгендері белгісіз. Бұлар ер-тоқымдарын арқалап, орманның арасымен жүріп кетті. Орман сонша қалың, әрең аяқ басып жүріп келеді. Жүрген сайын орман қоюлана түседі және ағаштың түрлері де бірден-бірге өзгеріп отырады. Бұлар жүре-жүре бір алаңға шықты. Алаңның ортасынан бұлақ ағып өтеді екен. Бұлақ тап-таза, мөлдір сулы, сап-салқын екен. Бұлақтан жуынып, шөлдері қанғанша су ішіп, дем алысты. Бұлақтың ішінде неше түрлі құстар жүзіп жүреді екен. Аққу, қаз, үйрек, тіпті шулаған шағалалар да көп-ақ. Барлығы да жайбарақат, біреуі жүзіп, біреуі суға шомылып, біреуі қызыққа мейірі қанғандай дем алып отыр. Сыртынан қараған кісіге, құстардың барлығы осы арадан рахат тапқандай. Осынша рахатта, тыныштықта отырған құстар, кенеттен шуласып азан-қазан болды да қалды. Қаз бен үйректер ұшып жатыр. Аққулар да шөп арасына жасырынып жатыр. Шағалалар шулауда. Қараса, бір қаршыға келіп қалған екен. Көзге ілікпестей жылдамдықпен зу етіп, бір топ қазға кеп араласты. Соның арасында төбеден түскен кесектей, бірінен соң бірі екі қаз бұлақтың ішіне құлап түсті. Қазбен араласқан қаршыға, көзге көрінбей ұзап жоқ болды. Құлап түскен қаздарды көріп, аяған пішінмен «ой, жыртқыш-ай, тыныштық өмірді, бір сағатта қанды өлімге айналдырғанын қарашы. Дәрменсіз өмірдің бәрі – осы ғой», – деді Тілқайсар. Тағы да орындарынан көтеріліп жолға шықты. Бұлақтың бойын өрлеп жүріп келеді. Бұлақ алаң біткен соң, ағаштың арасына кіреді. Бұлақ кірген ағаштар манағы көрген ағаштарынан өзгеше. Неше түрлі жеміс өсетін ағаштар екен. Алма, алмұрт, жидек, өрік бәрінің де уылжыған шырыны тамып тұр. Бұларға осынша шырынмен көрік беріп тұрған бұлақ болса керек. Бұлар жемістерді тойғанша жеді. Одан әрі аралап жүре берді. Жүрген сайын алдарынан аң салған жолдар ұшырай бастады. Жолды байқап қараса, ішінде қой, ешкінің іздері, жылқы-сиырлардың да іздеріне ұқсас іздер бар екен. Бұлар ізді көріп неше түрлі аңның осы орманды мекендейтінін білді. Және де көп болуларына себеп, мына жемістердің әсерінен екенін түсінді. Аңның бірнеше жолы бір жерге келіп біріккен жеріне, бұлар: бір іс туралы ойласып және сол істерін істемек болды. Аңшылар ұзақ жолға аңға шыққанда алып шығатын кішкентай күректері болатын. Ондай күрек осы Тілқайсарда да бар-ды. Сол күрегімен жолдың қосылған жерінен екі аршын, ұзынынан бес аршын етіп үлкен құдық қазды. Қазғандағы топырағынан жерге түсірмей, екі жолдасы манағы арыстанның терісіне салып алып, бір елеусіз жерге, қалың шөптің арасына төге берді. Осындай жұмыстың нәтижесінде, ішіне түскен аң шыға алмайтын терең құдық қазып шығарды. Ағаштың жіңішке бұтағымен және соның үстіне шөп салып, оның үстіне топырақпен көміп, құдықтың бетін жасырды. Құдықтың бар екенін білгізбестей істеді. Бұрынғы жол сияқты қылып үстіне неше түрлі аңның ізін салды. Сөйтіп, ертемен келіп қарамақшы болып, өздері алыс жерге барып орналасады. Бір түнді осы орналасқан жерінде өткізеді. Ертең ертемен тұрып, кешегі құдықтарына барса, құдықтың шөбі ішіне түсіп кетіпті. Ішін қараса, қойдың үлкендігіндей бір нәрсе түбінде шауып жүр екен. Біреу ішіне түсіп шығарып алса, құланның жас құлыны екен. Он бес күн шамасы болған, өте жас құлын. Сонда да болса өлердей асау, шыңғырып бақырады. Үшеуі шуласып мәз болып, құлынды матап, басына ноқта тағып, ұстап жатқанда, орман арасынан бір топ салт атты адамдар шыға келді. Олар – Тілқайсардың өздерінің жігіттері екен. Киік қуған күні бөлініп қалып қойған соң, қараңғы түсіп жете алмасын біліп, үйге өздері келер деп, ауылға қайтып кеткен екен. Бірақ Тілқайсарлар үйге бармапты, оның орнына Тілқайсардың аты жалғыз өзі бос барыпты. Сонан кейін жігіттер бір жайдың болғанын біліп, іздеп шығыпты. Шапқан аттың ізіне түсе отырып, орманға жетіпті. Орманға кірген соң, жүрерге жөн таппай жоспарлап жүріп келе жатқанда, құлынға шулаған Тілқайсарлардың дауысын естіп, тапқан екен. Тілқайсарларды аман тауып, жолдастары қуаныпты. Құланның құлынын көріп, олар да тамашаласыпты. Құлынды үйге тірі апармақ болыпты. Бір күшті атқа Тілқайсардың өзі мініп, құлынды өңгеріп алыпты. Сөйтіп, аман-есен үйге келіпті. Үйге келсе, Тілқайсардың әйелі толғатып жатыр екен. Тілқайсар келгеннен кейін әйелі босаныпты. Екі қуаныш бір болып, үлкен той жасапты. Тойға жыйналған ауылдың үлкен адамдары болып, баланың атын Жігер қойыпты. Той бірнеше күнге созылыпты. Әкелген құлынды жылқының сүтін беріп бағыпты. Адам көрмейтін жер астынан қазылған үйге қойыпты. Адамға үйрене бастапты. Ұстағанда үрікпей, үй ішіне адам келсе, қасына барыпты. Өзі өскелең екен, күн сайын өсе беріпті. Той болғанына 9 күн дегенде, елге кенеттен жау тиіпті. Мал өрісте, жайбарақат отырған ел, не істерге білмепті. Жау әуелі далада жайылып жатқан малға тиіп, оны айдап кете беріпті. Қалғандары ауылға тиісіпті. Жаудан бейқамсыз отырған адамдар, ешқандай қайрат көрсете алмапты. Сөйтіп, оп-оңай қапыда жаудың жемі болып қалыпты. Рақымсыз жау өлтіргенін өлтіріп, өлтірмегенін алдына салып айдап кетіпті. Тілқайсар бірнеше жолдастарымен қаптаған жауды көріп, бір таса жерге орналасып, садақпен жауды ата бастады. Тілқайсар өте мерген болатын. Атқан оғы далаға кетпей, дұшпанына дәл тиіп, әр оғымен бір адамды өлтіріп отырды. Бірақ, оғы таусылып қалды. Жаудың оғы тиіп, жолдастары қаза тауып, жалғыз қалуға айналды. Тілқайсар ауылға баса-көктеп кірген жауға қылышын алып, араласып кетті. Қылышымен шауып бес адамды өлтірген кезде, артынан атылған садақ оғы, желкесінен тиіп жерге құлады. Жан тапсырайын деп жатып, өзінің ақырғы сөздерін айтты: «Жауыздар! Жайбарақат жатқан бейбіт елді, малын талап, халқын қан қылдың. Өзіңді адамгершіліктен шығарып аң қылдың. Бірақ, әрқашанда Әділеттік жеңеді. Сенікі – жыртқыштық, қанқұмарлық, ал біздікі – әділеттік. Кейінгі қалған жас ұрпақтар, біздің арманды, біздің кекті қайтаратын, сендер. Әрқашанда әділдік іс істеңдер! Үзесің жаудың бұғауын, жетесің арманға! Орындалады арман, се-не-мін!» деген сөзді бөліп-бөліп әрең айтып, Тілқайсар дүниеден озды. Ауылдың орнында жүре алмайтын кәрі, ауру бала-шаға шулап қалып қойды. Сол қалғандардың ішінде, Тілқайсардың әйелі мен баласы да болды. Қалған адамдардың жағдайы өте ауыр. Себебі: жау көзге көрінер ештеңені қалдырмай, талап алып кетеді. Төсерге төсеніш, киерге киім жоқ. Жұмысқа ешқайсысы жарамайды. Дегенмен, бұлардың бір тәуір жері, әрбір үйдің астында жерден қазған және бір үй болатын. Артық азық-түлікті сонда жыйнай беретін. Оған салған азықтарды жемейтін, тек үстіне қос беруші еді. Сәтсіз аңшылық жылдары болатын. Ондай жылдары халық ашаршылыққа ұшырайтын. Міне, бұл азықты соған жыйнайтын. Қалған адамдар сол азықпен қоректенбек. Тілқайсардың әйелі қыйындыққа қарамай, баласын сонша жақсы етіп тәрбиелейді. Бала күн сайын өседі. Әйел де, бала да, құлын да жер астындағы үйде болады. Осылай күн өте береді, күн артынан күн жете береді. Азық таусылуға жақындайды. Бұл кезде бала бес жасқа келеді. Баланың есі кіріп, өте ақылды бала болады. Құлын да бес жасар ат болады. Жер тарпып тұра алмайтын тұлпар болып, күші толған болатын. Бала есі кіргеннен бастап-ақ, атының қасына барып ермегі сол болады. Сөйтіп жүргенде бала 8 жасқа келеді. Бұл кезде баланың да күші толады. Жер астындағы үйде отыра алмай, сыртқа шығып, ауылдарды аралайды. Ауылдағы адамдардың бәрінің де азығы таусылып, ашаршылыққа ұшырауға айналады. Мұны көрген Жігер қарап жата алмайды. Аң ауламақшы болады. Садақ жоқ, басқа да қару жоқ, енді қайтпек? Жігерге садақ жасауды анасы үйретеді. Ол Тілқайсарлар бар уақытта садақ жасауды көрген болатын. Садақтары сынып қалғанда, оларда қолдан жасап ала беруші еді. Анасының айтуы бойынша, Жігер де садақ жасап алады. Садақ жасап алғаннан кейін атына мініп, аңға шығады. Күн-түн қатып, аң аулайды. Атының жүйріктігі сонша, құландарды қуып жетіп, тас шоқпармен ұрып құлатады екен. Жігердің өзі мерген болады. Құсты атқанда, бойлай бір жерін айтып атады екен, сол айтқан жеріне тиіп, құс өледі екен. Жігермен ат бір-біріне сай келіп, күйзеле бастаған елін жоқшылықтан құтқарыпты. Бір күні Жігер алыс жерден аң аулап келе жатып, бір таудың етегіне келіп дем алып отырса, таста жазулы тұрған мынандай сөзге көзі түсіпті.
Астында бұл жазудың темір қақпа,
Ашып ал, сол қақпаны, кілтін тап та.
Табасың еңбек етсең, сонда кілтті,
Деп саған, айта алмаймын, бәлен жақта.
Шығыста, дарияда бір бәйтерек,
Кілт үшін соны іздер адам керек.
Табасың, қыйындықпен сонан кілтті,
Егерде еңбек сүйгіш, болсаң зерек,
Егерде бұл қақпаны алсаң ашып,
Құтылмас, өле-өлгенше бақыт қашып.
Іс болмас, талаптанса жеңбейтұғын,
Бар ізден! Қыйындықпен жүрме жасып.
Жігер үйіне келіп, ел жұртына бірнеше күндік азық жинап беріп, атын үйде қалдырып, жалғыз өзі жаяу жолға шығады. Беліне атасынан қалған айбалтасын байлайды. Сөйтіп, жүріп отырып, баяғы жазу жазылған тауға келеді. Дәл жазудың қасынан таудың басына өрмелеп шығып алады. Таудың үстімен шығысқа қарай жүріп кетеді. Бірнеше күн жүргеннен кейін, алдынан орман кездеседі. Орман кездескен соң, тау бірден-бірге жоғарылай береді. Тау жоғарылай-жоғарылай келе аспанмен таласқан шың болып аяқталады. Бас жағы – ағаш та, шөп те жоқ, жалаңаш. Адам аяғын баса алмас мұз бар екен. Сол мұздан шығып, шығысқа қарай алып өзен бар екен. Өзеннің ағысы сондай қатты, ішінде үйдей тастары қалқып кетіп жатыр. Сол тастарды біріне бірін соққанда, адам құлағын бітегендей дауыс шығады да, тастар құм болып кетіп жатыр екен. Бір аттап басқанда, он қадам жерге қайтадан сырғанап кете береді. Тіпті құлап, үстін мұз жырып, қанын судай ағызған кездері де болды. Бірақ Жігер жасымады, алған беттен қайтпады. Сонша қыйындықпен жүріп, бір күндері шыңның басына шығады. Долдана тулап аққан өзеннің ағысын, тастардың бір-біріне соқтығысып қирағандарын қарап, тамашалап тұрғанда, кенеттен астындағы мұз ағып жатқан өзенге сырғанай жөнелді. Көзді ашып-жұмғанша мұз да барып, өзеннің суына араласты. Бірнеше үйдің үлкендігіндей мұзды бір түйір тас құрлы көрмей, ала жөнелді. Өзеннің ішіндегі тастарға соғылып бірден-бірге кішірейе берді. Бір кезде тіпті бір үйдің үлкендігіндей-ақ қалады. Бір тас келіп соқтыққанда, мұз быт-шыт болып бөлініп кетеді. Соның арасында Жігер де қатарласа ағып келе жатқан бір тасқа секіріп мініп үлгереді. Жігер тулаған өзенннің ішінде, өзінің жылдамдығымен жан сақтап отырады. Бір жерлерге келгенде су жазық жерлермен ағып, тастар соқтығысуын қоя бастайды. Осылай бірнеше күн жүзгеннен кейін, су үлкен дарияға шығады. Дарияға шыққан соң, бұрынғыдан да жақсы болып, тастар жалғыз болып кетеді. Осылай дарияның ішімен бірнеше күн жүзеді. Бір күні түс кезінде, алдынан бір нәрсе қарайып көрінеді. Биік басына көз жетпейді. Түп жағы жіңішкелеу, бас жағы бірден-бірге жуандай береді, бір түрлі күмбез сияқты. Жақындап қасына келсе, сонша жуан ағаш екен. Жапырағы түбінен басына қарай қоюлана береді. Жігер мініп келе жатқан тас, дәл сол ағаштың өзіне келіп бар екпінімен соғылғанда, тас уатылып кетті. Жігер төменде тұрған бір бұтаққа мініп алды. Бір бұтағының жуандығы сонша, шауып алып қайық жасаса, екі жүз кісі сыятын қайық болатын. Бұтақ толған жеміс екен. Бірнеше күннен аш Жігер жемісті тойғанша жеді. Ал енді басына қалай шығады? Мұндай жуан бұтақтар бірінен-бірі сонша қашық шығыпты. Аралары жиырма метр шамасы болар. Жігер ағашты шауып, басқыш жасай бастады. Сөйтіп, баспа жасап өрмелеп отырғанда, күніне бір бұтақтан екінші бұтаққа әрең жетіп отырды. Осылай жүріп отырғанда, Жігер теректің басына ай жарымда әрең жетіпті. Басына шықса, бір-бір жағының екі жиырма бес кез келетін ұя бар екен. Төрт бұрышты етіп, неше түрлі асыл тастардан салыныпты. Қарағанда көз шағылысады, сәуле шашып тұр екен. Тереңдігі – қырық кез шамасы бар. Ішіне түсетін асыл тастардан басқыш салыныпты. Сол басқыш арқылы Жігер ұяның ішіне түседі, ішіне түссе, ұяның ішінде бір алтын қазан бар екен. Сол алтын қазанның ішінде бір жұмыртқа тұр екен. Жұмыртқаның сыртына мынадай жазу жазылыпты:
Қай батыр, сертке жеткен біздерге кеп,
– Ордасы бақыт кілттің осы ма? – деп.
Өкінбе, бастан өткен уақыйғаға,
Өтерсің еңбегіңнің жемісін жеп.
Талабың орындалды, қажырлы жас,
Болғайсың жауыңа қас, еліңе бас.
Шырынды суға құйып шомылғанда,
Денеңнен бақыт кілті ажырамас.
Жігер алтын қазанның ішіндегі жұмыртқаны алып, беліндегі белбеуінің арасы қуыс болатын, сол жерге салып, белбеуді буынып, ұядан басқыш арқылы жоғары көтеріледі. Сыртқа шыққаннан кейін, өзінің балтамен салған басқыштарымен төмен түсе бастайды. Келердегідей емес, әзір басқыш өте жылдам жүріп келе жатыр. Ең ақырғы бұтаққа да жетті. Осы жерде, төменгі бұтақтың бірнеше бұтақтарын шауып алып, бір-біріне байланыстырып, өзін көтеретіндей етіп қайық істеді. Қайықты жасап болғаннан кейін, әдейі істелген орынға, бірнеше күндік азыққа жететін жеміс салып алады. Ең соңғы бұтақтың ұшы суға тиіп тұратын. Бұтақтың үстімен жүріп келіп, суға сырғанап түсуге болады-ау деген жерге келгенде, қайыққа отырып алып, жапырақтың үстімен сырғанай жөнеледі. Қайық суға түскеннен кейін, ағып жатқан дария өзінің бағытына жете береді. Бірнеше күн жүргеннен кейін, дария таусылып, су енді өзенмен ағып келе жатқанда, алдынан бір ағаштың, судың ішіне құлай өскенін көреді. Қалай да болса, сол ағашқа жармасып жағаға шығуды ойлайды. Ағаштың жанынан өте бергенде, бар күшімен Жігер секіріп кеткенде, ағаштың бұтағына қолы ілігіп, аман-есен өзеннің жағасына шығады. Содан бірнеше күн жапан түзді кезіп жүріп, ақыры үйіне жетеді. Ел жұрты қуанып, той жасайды. Осы тойдың үстінде анасы баласына, 9 ай 17 күнде үйге келгенін айтыпты. Той тарқағаннан кейін, жер астындағы үйге жұмыртқаны жарып қараса, ортасында кілт тұр екен. Жұмыртқаның ішіндегі бар шырынын суға араластырып шомылыпты. Сонан кейін кілтті қолымен ұстайын деп келгенде, кілт оң қолына жабысыпты да қалыпты. Сіліксе түспепті, дененің бір мүшесі сыяқты. Жігер атына мініп, баяғы жазу оқыған тауға кетіпті. Барып аттан түсіп жазудың қасына жақындап қараса, жазудың оң жақ шетін ала, кілт сыйғандай тесік көрініп тұр екен. Әлгі тесікке кілтті салып бұрап қалғанда, бір күш итеріп жібергендей, жазу жазылған жер есік болып ашыла жөнеліпті. Есік ашылған соң ішіне кіріп қараса, ар жағы кеңістік дала екен. Дала болғанмен үйдің іші сияқты, құлпырып жайнап тұр. Бейне бір неше түрлі асыл бұйым жайнаған алтын орда сияқты. Қақ ортасынан бұлақ ағып өтіпті. Бұлақтың бір жағына неше түрлі өсімдіктер өскен екен. Биіктігі сонша, адам ішіне кірсе көрінбей кетеді, бір қалың тоғайдың арасына кіргендей болады. Бұлақтың екінші жағында, басындағы жемісін көтере алмай, иіліп тұрған неше түрлі жеміс ағаштары. Іші толған – неше түрлі аңдар. Бұлақтың өзінде неше түрлі құстар мекендеп, рахатқа батып сайрандап жүреді екен. Бұл тек есіктен қарағандағы көрініс еді. Ішін аралай берсе, адам өміріне керекті байлықтың бәрі табылатын. Жігер өз еңбегінің мынандай жайға жеткізгеніне әрі сүйсініп, әрі шаттық рахатқа батқандай. Бұлақты өрлеп жоғары жүріп кетті, ақыры бұлақтың шыққан жеріне де келіп жетті. Бұлақ бір тастың арасынан шығып жатыр екен. Бұлақтың шыққан жеріндегі тасқа былай деп жазылған екен.
Бұлар да еңбегіңнің жемісі еді,
Жемістің қандай жері кеміс еді.
Бақыттың ордасына кіргеннен соң,
Жаңарар бар өмірің, тегіс енді.
Істесең, қанша еңбек, тіпті тойма,
Ойламай қара басты, халқыңды ойла.
Халқыңмен бұл араны мекендесең,
Тоймассың, бұл қызығына күнде тойла.
Бұл жазуды оқығаннан кейін, Жігер тез сыртқа шықты да, кілтті бұрап қалып еді, кілт бұрынғы оң қолдағы орнына барып орналасты да, ал есік бұрынғыдай болып жабылып қалды. Жігер атына мінді де ауылына барып, бүкіл ауылының адамдарын ертіп әкеліп, бақыт сарайдың ішіне кіргізді. Сарайдың ішіне кіргізгеннен кейін, халықтың жайы да бұрынғыдан өзгеше болды. Бұрын тек аңшылыққа тәуелді болған-ды. Ал қазір, аңшылық емес, алыстан ізденбей, бір жерде отырып жеміс жейтін болды. Тек қана жеп қоймай, бақыт сарайдың ішіндегі өсімдіктердің ішіндегі өсімдіктердің даму жолдарын түсініп, баптай да біледі. Соның нәтижесінде, бақыт сарайдың ішіндегі байлықтарды пайдалана отырып, өздерінің еңбектерімен гүлдендірген екен. Жігер бастап бақыт сарайға кіргізген халық, гүлденген бақытты сарайда өмірдің ең қызығын көріп, бақытты өмір сүріп тұрған.
ҒЫЛЫМИ ҚОСЫМШАЛАР
ТОМҒА ЕНГЕН МӘТІНДЕРГЕ ТҮСІНІКТЕР
І Архаикалық сипаттағы батырлық ертегілер
1. Ертөстік
Түпнұсқа ОҒК 75-бумасында сақталған. Латын жазуында. Жинаушысы: Ахметов И. Ертөстік ертегісінің сюжеттері әр түрлі халықтар фольклорында да (қырғыз, түрік, курд) кездеседі. Ең алғаш рет В.В.Радлов өз еңбегінде (Образцы: 1870,ІІІ, №10) Батыс-Сібір татарларының «Иртюшлюк» атты ертегісін жариялаған. Ал осы еңбектің 5-томында қырғыздың «Эр Тештюк» эпосының 2146 өлең жолы жарық көреді. Онан кейінгі ертегі жариялануы Г.Н.Потанин еңбегінде жалғасады. В.В.Радлов еңбегіне сүйене отырып, Г.Потанин «Ертөстік» ертегісін өзге халықтардың (ағылшын, француз, кавказ ертегілерімен, монғол) эпостық мұраларымен салыстыра қарап, ертегі сарындарының Монғолиядан бастап, Батыс Европаға дейін өте кең таралғандығын анықтаған. Жариялануы: Ертегі бұрынғы жарияланымдарында қиял-ғажайып ертегілерінің санатында қаралған. ҚЕ,І, 3-41; КC, І, 3-35; АC, 33-53; Тек қазақ халық әдебиеті сериясында ғана батырлық ертегі қатарында қаралды Е, ІV, 5-297. Ертегінің толық сюжеті халықаралық көрсеткіште тіркелмеген. Алайда көрсеткішке сәйкес келетін мотивтері мен сюжеттері де бар. ЕВ 155+АА 650, АаTh 650 В, ЕВ 281, С3, ВР ІІ 90+АА 300, АаTh 300, ЕВ 216, 220, ВР 160. Ертегідегі «Ұлын жалмауызға беру» мен «Жалмауыздан қашу» мотивтері – алғашқы қауымдағы инициация ғұрыптарының елесі. Көне матриархат тұсындағы рубасы шаман әйелдердің кәмелетке жеткен қыздарды сынақтан өткізетін салтының қызметі жалмауыз бейнесінде сақталған. Оның Ерназардың ұлын сұрауының себебі – баладан ер болуды талап етіп, кәмелетке толу ғұрыптарын атқаруды міндеттеу. Сондай-ақ, ертегідегі Ертөстіктің 8 ағасына бір үйден қалыңдық алуы – экзогамиялық некеге дейінгі көне неке түрі, эндогамия салтының, яғни рулас ағайындардың барлығы бір рудан немесе бір отбасыдан шыққан әйелдерге үйлену міндеттелген дәуірдің сілемі. Ертегідегі жан туралы көне анимистік ұғымдарда көрінетін, Төстік әкесінің суда жүзіп жүрген өкпені түрткенде оның жалмауыз кемпірге айналатындығы туралы мотив те көптеген ертегілер сюжетіне тән. Бұл қазақтың «су – о дүние, ондағы өкпе-өлген адамның жаны, ал, жалмауыз кемпір – өлілер патшалығының күзетшісі» дейтін демонологиялық түсінігінің көрінісі. Өкпе түріндегі жалмауыз кемпір өлгеннің жанының тыныштығын қорғайды, оған біреу қауіп төндірсе, өзінің қалпына келіп, тиісушіні жазалайды. Сондай-ақ, Шойынқұлақ жанының елік ішінде сақталуында «әр нәрсенің жаны, иесі, рухы бар, ол адамның өзінен бөлек те өмір сүре алады» дейтін көне мифтік түсініктің ізі бар. Ертөстік ертегісіндегі жалмауызға «Ұлын беруге уәде ету» сарыны басқа ертегілердің сюжетінде де кездеседі. Мысалы: «Есекмерген», «Қараглыш», «Әлібек батыр», «Жалмауыз кемпір» т.б. «Ертөстік» ертегісінің мазмұнындағы оның көнелігін көрсететін: кейіпкердің ғажайып тууы мен жылдам өсуі, тілеп алған ұл, жалмауызға ұлын уәде ету, айдаһармен алысу, мифологиялық құс – Самұрықпен кездесу мотивтері «Ертөстік» ертегісіне классикалық сипат береді. В.М.Жирмунский бұл ертегі сюжетінде – кейіпкердің «о дүниеге, өлілер еліне сапары туралы» түсінік жатқандығын атап көрсетіп, мұндай сюжеттердің Алтайдың батырлық ертегілеріне де тән екендігін және оның көне түркі халықтарының шамандық түсініктерімен тамырлас екендігін тұжырымдаған. (Жирмунский, 1960. с.79). Қазақтың импровизатор ақыны Кенен Әзірбаев Ертөстіктің жеке сюжеттерін өлеңге айналдырып, кейіннен поэма деңгейіне көтерген. (Әзірбаев, 1974, 333-369 б. 1984. 35 б.). Қырғыз фольклортанушы ғалымдары ертегі мен эпос сюжеттерін салыстыра отырып, «Ертөстікті ертегілік эпос» – деп жіктеп, ондағы эпос құрайтын негізі бөлшектерді саралайды. Сөз башы. (Эр Түштүк. Айтуучу. С.Қаралаев. Фрунзе. 1969, 5-20 б.). Ы.Абдрахмановтың атақты Манасшы С.Қаралаевтан жазып алған «Ертөстіктің» эпикалық поэма түрі орыс, француз тілдеріне аударылған (Эр Төштюк. Киргизский народный эпос. Сказитель Саякбай Каралаев, перевод С.Сомова. – Фрунзе. Киргосиздат. 1858, с.210). 1923 жылы осы жырдың ертегілік түрінің жазылып алынған орысша мәтінінің нұсқасы ОҒК-да сақтаулы. (Ер Тестюк. Сказка. Сост. Дайров М. Собират. Белослюдов Н.Н. 1923. ОҒК 152 бума, № 2, С. 8-9). Қазақ фольклорында бұл ертегі, түрлі жанрлық тұрғыдан жіктелген.Мысалы: М.Әуезов ертегіні қиял-ғажайып ертегілерінің (Әуезов, Алматы, 1957. 23 б.), Ә.Марғұлан батырлық өлеңнің қатарында қарайды. (Марғұлан, 1946, № 2, с.80). М.Ғабдуллин бастапқы кезде «эпикалық поэма» деп атаса, бірде қиял-ғажайып ертегілерінің қатарына жатқызады да кейінірек «батырлық ертегі» деп атайды. (ҚХАӘ, 1964, 100-105б., Ғабдуллин М., Сыдықов Т,. А., 1972, 300 б.). Ал Р.Бердібай «Ертөстікті» көне эпос қатарында талдайды. (Р.Бердібай, Алматы, 1986, 78 б.). С.А.Қасқабасов өзіне дейінгі ертегі жайлы жанрлық жіктеулерді назарда ұстай отырып, «Ертөстік» ертегісін көне батырлық ертегілерге жатқызады. (С.А.Қасқабасов, 1984. 208-209 б.).
2. Байғұлан
Түпнұсқа ОҒК-ҚҚ 1-бумасында сақталған. Томға түпнұсқа бойынша беріліп отыр. Ертегіні ел аузынан жазып алып, қорға тапсырған Ж. Төлеев.
Жариялануы: Е,ІV, 106-102; Ертегі кейіпкері Байғұлан аңшылықты кәсіп етіп, табиғатпен бетпе-бет келетін ежелгі аңшы типінде суреттеледі. Байғұланның жауымен ұйықтап жатқанда алысуды ар көріп, ұйқысынан оятып алып барып күресуі – батырлық эпос дәстүрінің ықпалы. Алайда, ертегінің тініндегі көне қабаттар оның отбасына; анасы мен қарындасының қастандық әрекетіне байланысты өрбиді. Ертегідегі батырға отбасындағы жақындарының кедергі келтіру мотиві халықаралық көрсеткіште тіркелген. АТ 315. Әйелі мен қарындасының сатқындығы, олардың жау жағына қосылып, кейіпкерді жалғыз қалдыруы көне эндогамиялық неке нормалары бұзыла бастаған көне анаеркі заманындағы, аналар культінің әлсірей бастаған кезеңінде тууы мүмкін. Байғұланның Құла қасқа аты мен батырға ғана тән мылтығы арқылы мұратына жетуі – ертегінің басты идеясы.
3. Құламерген
Ертегінің бірнеше варианты бар. Ертегі мәтіні томға ОҒК ҚҚ 299-бумадағы араб жазуындағы түпнұсқа бойынша дайындалды.
Жинаушысы – Байғұтенов Көсембек.
Жариялануы: ҚЕ,ІІІ, 68; Е,ІV, 150-151;
М.Әуезов қазақ ертегілерінің құрамында батырлық ертегілер тобы бар екендігін байқап, осы «Құламерген» ертегісін өте ескі аңшылық өмірді бейнелейтін, батыр-аңшылар жайлы әңгімелер қатарында атаған. Сондай-ақ, ертегінің «Қисса Құламерген» атты жыр үлгісі «Бабалар сөзі» сериясының 52-томында («Көне эпос») жарияланып, 4 түрлі нұсқасы анықталған. Б.Әзібаева «Құламерген», «Аламан мен Жоламан» ертегілерін «Қисса Құламерген» жырының ертегілік нұсқалары деп тұжырымдап, тақырыптық ерекшелігін айқындайды. «Қисса Құламерген» жырының негізгі тақырыбы-классикалық қаһармандық ерлік эпостардағыдай, жерін, елін сырттан келген жаудан қорғап, бүкіл елге қызмет еткен батырлардың ерліктерін дәріптеп, баяндау емес. Байқап отырғанымыздай, Құламерген мен оның баласы Жоямергеннің негізгі қызметі-жеке жанұяны қорғау, оның тыныштығын сақтау, сондай-ақ өз басына қауіп-қатер туғызған түрлі ғажайып қас күштермен соғысу». (Әзібаева, 320 б). Бойында хикаялық әрі қиял-ғажайыптық сипаты мол «Құламерген» ертегісі – батырлық ертегінің негізін қалаған көне жанрлардың бірі.
4. Нан батыр
Томға ертегі мәтіні Шыңжаң халық баспасынан (1958) шыққан «Ертегілер мен аңыздар» атты жинақтан алынды. Ертегінің «Наншы батыр» деген варианты ОҒҚ ҚҚ 61-бумасында сақтаулы.
Жинаушысы: Қалпынұлы.
Жариялануы: Е, ІV, 154.
Мұндағы батырлық ертегінің негізгі сюжетін құрайтын көне мотивтер: кейіпкердің ғажайып түрде дүниеге келуі, яғни, ашытып қойған наннан пайда болуы және ерекше жағдайда дүниеге келуі (әкесі аңға кеткенде туылу) мен батырдың адамға қас мифтік дұшпандармен күресі. Жаратылған зат атауын есім етіп алған батыр туралы ертегілер Шығыс славян халықтары мен түркі халықтарында, мысалы, башқұрттың «Қамыр батыр» ертегісінде кездеседі. АТ 303. Адамның дүниеге келуінде әкенің ролін түрлі ғайыптық құбылыстармен алмастыратын алғашқы қауымдағы матриархат дәуіріне тән түсініктің сілемі ертегіде сақталған. Ғайыптан пайда болудың көне сипаты жөнінде белгілі ғалымдар жан-жақты қарастырған. (Косвен, 1957. с.157; Веселовский, 1989. с.494; Пропп, 1976. с.206; Жирмунский, 1960. с.170; Қасқабасов,1981. 242 б. Ертегі сюжетіндегі ғайыптан туудың өзгерген түрі – баланың әкесінің үйде жоқта туылу мотивінің Алтай мен Сібір халықтарының ертегілерінде кең тарағандығын В.М.Жирмунский терең талдап жазған. Бұл кең таралған мотивті қазақ фольклорында қарастырған С.А.Қасқабасов мотивтің тотемизммен қатыстылығы жөніндегі Жирмунский пікірін өзгеше дәлелдермен дәйектейді. Мотивтің батырлық ертегіде кейіпкерді дәріптеуде көркемдік қызмет атқаратынын айқындап, оны аналық ру кезіндегі «кувада» салтының өзгеше күйдегі «көрінісі» деп сипаттайды. Нан батырдың адамға қаскөй күштермен батырлық күресінде және өзінің ғана емес серіктес батырларының да Су батыр, Темір батыр аталуы, олардың ерен күш иесі болуы, алайда, Нан батыр ерлігінің олардың барлығынан асқан батырлығын көрсету арқылы ертегі кейіпкері дәріптелген. Ертегіге көне батырлық эпосқа тән – қалыңдығын жалмауыздан құтқару сарыны негіз болған.
5. Керқұла атты Кендебай
Түпнұсқа ӘӨИ ҚҚ 198-бумасында сақталған. Томға мәтін түпнұсқа бойынша дайындалды. Ел арасынан жинап, қорға тапсырған Е.Ысмайлов. Жариялануы: ҚЕ,І, 42-53; АС, 54-61; КС,ІІ 49-58; Бұрын қиял-ғажайып ертегілерінің санатында аталатын ертегі жайлы жан-жақты қарастырылған сараптаулар жасалынып, «Керқұла атты Кендебай» ертегісіне – «Нағыз классикалық түрдегі көне ертегі үлгісі» – деп ғылыми анықтама берілген. (Қасқабасов, 1984. 209б.). Кейіпкердің жалғыз өзінің мифтік жауларды жеңуі мен жоғалған құлынды табу мотивтері халықаралық көрсеткіште тіркелген . 650А+301В+ АвТһ530в Ертегіде екі түрлі сюжет бар: Біріншісі, батырдың тұтқын болған елді іздеп, оны зорлықшыл ханның құлдығынан құтқаруы. Екіншісі, елді шапқан жау ханның қиын тапсырмаларын орындау жолындағы кейіпкердің түрлі қаскөй күштермен күресі. «Керқұла атты Кендебай» ертегісінің көне батырлық ертегіге тән қасиеттерін С.А.Қасқабасов былайша тұжырымдайды: «Біріншіден, көне батырлық ертегіге тән қаһарман ғажайып туылып, ғажайып өседі, екіншіден, бала кезінен өте күшті, асқан мерген болып керемет ерлік көрсетеді, үшіншіден, батырға лайық керемет аттың тууы, өте жылдам өсуі, төртіншіден, батыр – ел намысын қорғаушы, бесіншіден, ол кәдімгі батырға лайық ерлікпен үйленеді, яғни, ертегіге тән «қаһармандық үйлену» салтын орындайды, алтыншыдан, батыр жеті басты дәумен де, алып арыстанмен де, жәдігөй сиқырлы жалмауыз кемпірмен де жалғыз өзі шайқасады. Батырлық ертегі ретіндегі сипатын айқындайтын белгі – Кендебайдың ел намысын қорғауы, тұтқын болған елді жау қолынан құтқаруы – басты тақырып. Ал елді шапқан жау ханның тапсырмасын орындау, сол жолдағы түрліше қиял-ғажайыптық оқиғаларға араласуы сияқты ертегінің көне белгілері батырдың образын мадақтауға қызмет етеді» (Қасқабасов, 208-212б.). Қаһарман іс-әрекетіне түрткі болатын аққуға айналған пері қыздардың көрінуі – халықтың аққу жайлы көне тотемдік түсініктерінің жаңғырығы. Түркі-моңғол халықтарында аққуды киелі құс санап, өлтіруге тыйым салынады. Мәселен: якут, буряттарда бір елдің түпкі атасы аққу дейтін тотемдік түсініктер мен қатар, үйдің төбесінен аққу мен бүркіт ұшса жоғарыға су немесе сүт шашатын ырымдар сақталған. (Михайловский, 1992. с.41). Қазақтың белгілі «Едіге» эпосында да кейіпкердің шығу тегінің ерекшелігі: оның ата-бабаларының пері-аққулармен байланысынан деп суреттейді. («Едіге батыр». А., 2002). Болашақ қалыңдықтың құс я аң бейнесінде көріну мотиві халықаралық көрсеткіште тіркелген. 552A-A552.
6. Жалғыз көзді дию
Түпнұсқа ӘӨИ-ҚҚ 877-бумасында сақталған. Томға түпнұсқа бойынша дайындалды.
Жариялануы: Е,ІV, 237-242;
Қаһарманының ерекше жаратылысына сай ерлігін баяндайтын ертегіде халықаралық сюжетке сай бірнеше сюжет тоғысқан. АТ 1137 (Жалғыз көзді дәу) + (Жас батыр) + 301 В (Үш патшалық). Башқұрттың «Аюголак» ертегісімен сарындас. Жалғыз көзді дәумен алысу, қазақ ертегілерінің бірқатарына тән. Ертегі бастамасы тұрмыстық ертегіге тән сарынмен басталады. Мыңғырған мал иемденгенімен, сараңдықпен аты шыққан байдың жалғыз ұлының ел кезіп кетуі, дәулердің сарайына кез болып, сарай иелерімен жалғыз алысып, жеңіп, олардың мекенін иемдену оқиғасы ертегінің алғашқы сюжеттік бөлігін құрайды. Ал, кейіпкер анасының дәуден туған ұлының дию әкесін өлтіріп, ағасын жаудан құтқаруы – екінші оқиғалық арна. Жалғыз көзді дәу жайындағы сюжеттің көне гректің Одиссеясындағы Прометей туралы аңыздарынан басқа да түрлі варианты дүние жүзі халықтарының фольклорында кездеседі. Мәселен, түркі-монғол халықтарында адамның жалғыз көзді дәуді соқыр қылуы туралы мотивтер қырғыздың «Манас» эпосы мен «Эр-Тоштюк» ертегісінде, қарашай-балқардың батырлық эпостарында да бар. Қазақтардағы дәу – алып адам, таулы жерді мекендейтін, төбесінде я маңдайында жалғыз көзі бар ересен күш иесі ретінде сипатталады.
7. Еркам Айдар
Томға мәтін В.В.Радлов жинағынан алынды. (Радлов, 1994. 112-199б.).
Жариялануы: Е, ІV, 83-89;
Ертегі оқиғасындағы батыр қарындасының ағасының жауына қосылып, оны ең қауіпті сапарларға: үш дәудің жүрегін, тағаланың ақ түйесінің сүтін, көк шолақ қасқырдың өтін тауып келуге жұмсау мотиві халықаралық көрсеткіште тіркелген. АТ 315. Жалпы кейіпкердің анасынан, әпке-қарындасынан қаталдық көруі – ең көне сарын. Онда өте ерте кезеңдердегі «балаларды қолдан өлтіру» мен «инициация» ғұрыптарының елесі байқалады деуге болады. Яғни, бірге туған қарындастың қастандық жасауы ортодоксальді некеден ауытқып, эндогамияның бұзылуын көрсетеді. Елден жырақ, аға мен қарындастың жападан-жалғыз өмір кешуі көне батырлық ертегілерде ғана сақталған. Мысалы: Якуттардың Олонхо вариантарында Эр-Соготох, Хара-Хырчинте, Мегюлю-Беге т.б. образдарында ұшырасады. Ертегідегі кейіпкерге көмектесетін ағайынды үш қыздың тек үлкенінің ақылымен жүруі – алғашқы адамдардың ағайынды ұл мен қыздан таралғандығы жөніндегі мифтік сананың сілемі болуы мүмкін (Мелетинский, с.61). Өзіне көмектескен ағайынды үш қыздың үшеуін де батырдың әйелдікке алуы – эндогамиялық салттың жұрнағы.
8. Дудар қыз
Мәтін томға В.В.Радлов жинағынан алынды. (Радлов, 1994. 112-199 б.).
Жариялануы: E, ІV, 143-149.
Ертегі сюжетіндегі баласыз ата-ананың қудалануы – адамның қоғамдағы орны ұл мұрагері арқылы ғана айқындалған кезеңдердің қатал талаптарының бірі. Бірақ фольклор поэтикасына сәйкес қудаланғандар қорғалып, жақсылыққа жетеді. Дудар қыз туыларда жоғарғы күштерді мейірлендіру мақсатындағы әкесінің ең сүйікті тұлпары бурылдың басын құрбандыққа шалуы – ерекше туылу мотивінің бір белгісі. Өйткені, ертегі кейіпкері Дудар қыз бойында көне замандардағы «ержүрек қызға» тән қасиеттер басым болып суреттеледі. Мұндай образ түркі халықтарының көпшілігіне ортақ. Мәселен, башқұрттың «Қарағанды батыр және Алып қыз» ертегісінде «Қыз – батыр» бас кейіпкер болса, «Алдар мен Зухра» батырлық эпосында да осы мәні сақталған. Сондай-ақ, Дудар қыздың Төстікпен жекпе-жек айқасы түркіменнің «Саян пен Хамра», «Алпамыш пен Барсын хылудағы» батыр қыз әрекеттерімен мазмұндас. Ертегідегі Дудар қыздың күйеу таңдау мотиві – көне анаеркі заманында пайда болған. Мотив матриархалді некенің сарқыншақтары дамыған халықтардың бірқатарында әлі күнге дейін кездеседі. Ертегі сюжетіндегі «күйеу таңдау» мен «қиын тасырмалар» батырлық ертегі поэтикасына сай шешіледі. Атын жасыру – «адамның аты жанымен бірге», дейтін магиялық түсініктер қалдығы. Сондай-ақ, күйеу жігіттің «Адам – қасқыр» бейнесінде құбылуы ертегінің қиял-ғажайыптық белгілерінің бірі. Ол: халықаралық көрсеткіштегі АТ 303+550 сәйкес. Ал түркі халықтарында бұл түсінік әртүрлі деңгейде көрінеді және әртүрлі фольклорлық жанрдың поэтикасына сәйкес, өзгеше мән иеленеді. Қазақтың батырлық жырларында «Қасқыр тотемінің» сілемі көптеген батырлардың ғажайып тууының себебі ретінде алынады. Сондай-ақ, бірнеше көне мотивтердің қатар көрінісі, мәселен, Дудар қыз бен Төстік батырдың алғашында ағалы-қарындас болып аң аулап, ерлік істер көрсетуінде «ағалы-қарындас» образындағы алғашқы адамдар туралы түсініктердің жаңғырығы бар. Әрі қарай Дудардың Төстіктен бала тууы, бұл кезде Төстіктің жауды қуып сапарға кетуі қаһармандық эпос дәстүрінде өрбісе, Төстікке берілген хабарды бұрмалап, бала мен анаға қастандық жасауды ұйымдастыратын жалмауыз кемпір әрекеттері мен одан магиялық заттар (тарақ, айна) арқылы құтылуы қиял-ғажайыптық мазмұнда баяндалады. Ертегі ерекшелігінің бірі – Құла аттың Дудар қыздың ең сенімді серігі ретінде дәріптелуі. Ол тіпті Төстік батырдың өзін жатырқап, тулап жеңіп кетеді.
9. Алтын айдар
Томға ертегі мәтіні А.В: Васильевтің «Образцы киргизской словесности» деген жинағынан (Оренбург, 1898, Вып 1.С. 31-37) алынды. Жариялануы: И.Алтынсарин. Киргизская хрестоматия. Оренбург. 1878-1879. С.17-21, А.В.Васильев «Образцы киргизской словесности» (Оренбург. 1898. вып.1. стр. 31-37; ҚЕ ІІ. 48-51; АС, 152-153. ) Ертегідегі кейіпкердің перімен кездесуі, тас болып қатып қалуы, өліп-қайта тірілуі, әкесінің әрі аң, әрі адам болып құбылуы көне мифтік түсініктердің көріністері болса, ханның баласыздығы, алыс жолға сапар шегіп, қайтып келгенше екі әйеліне тапсырма беруі – кейінгі замандар оқиғасын танытады. Экзогамиялық некенің дамуы нәтижесінде әр түрлі рудан келген әйелдердің полигамиялық отбасындағы қарым-қатынасының өзара шиеленісуі ертегі сюжетіне негіз болған. Ол – ханның ұл тапқан кіші әйелінің үлкен әйелдерден қуғын көруі. Өйткені, ұл баласы жоқ әйелдің мұрагерліктегі үлесі өте аз болған. Ертегідегі кіші әйелдің баласының орнына күшік салып, баланы құдыққа салуы, оны Жебірейіл періштенің құс болып келіп құтқарып қалып, бір кемпірге асыратуы көптеген ертегілер сюжетіне тән сарын. Түркі – монғол, славян халықтарына ортақ «ғажайып балалар» мотиві АТ 707 тіркелген.
10. Көкжан батыр мен айдаһар
Түпнұсқа ОҒК-ҚҚ 204- бума, 1-дәптерде сақтаулы. Латын жазуында томға түпнұсқа бойынша дайындалды.
Жинаушылары: Д.Ғалағалиев пен Ғ.Ахметов.
Жариялануы: ҚЕ, ІІІ. 47-53; АС. 262-266; Е, 243-250;
СУС 576; АТ 650 А - АА 650 П.
Ертегі кейіпкерінің, қауын-қарбыздан пайда болуы – көне дәуірдегі «әйелдің табиғат құбылыстары мен өсімдіктерден жүкті болады» дейтін түсініктердің көрінісі. Мәселен, орыс ертектерінде кейіпкерге анасы бұршақ, алма, бидай дәнін жеп жүкті болса, шығыс халықтарында көбіне әйел алма жеп барып бала көтереді (Пропп, 1986 С. 208-209. Жирмунский В.М. М., 1960. с. 170). Тоғыз ұлдың кенжесі Көкжанды айдаһардың талап етуі мен оны кейіпкердің алдын-ала сезуі – көне инициация ғұрыптарының елесі. Көкжан батырдың түрлі көмекшілері болғанымен (ізші, жұлдызшы, балықтың санын білгіш), қалыңдық алуға жалғыз өзі аттанып, жауларын ерлікпен жеңіп алып қайтады. Ертегінің композициялық ерекшелігі: сюжет ішінде сюжет өрбиді. Ертегідегі қиял-ғажайыптың белгілері: жан туралы анимистік түсінік, Көкжан жанының бәкінің ұшында болуы, Көкжан батырдың өлуі мен ғажайып жолмен қайта тірілуі. Ертегі түйінінде әкесінің кегін алып, оны қатерлі жолға жұмсаған айдаһарды өлтірген Көкжан батырдың баласы суреттеледі. Әке мен баланың бірін-бірі танымай, алғаш кездескенде күш сынасып, соңынан табысуы – матриархат дәуіріндегі отбасылық ғұрыптың сәулесі. Өйткені ол кездің ғұрпы бойынша балалар аналық руға тән болғандықтан анасының руы мен отбасына кететін болған (Косвен, 1957. с.133 ). Танымаған әке мен баланың бірін-бірі өлтіруі көне, ал татуласуы кейінгі сарын. (Веселовский, 1940. С. 546-560).
11. Есекмерген
Түпнұсқа ӘӨИ ҚҚ 124-буманың 5-дәптерінде сақталған. Томға түпнұсқа бойынша дайындалды.
Жинаушысы – О.Еңсегенов.
Жариялануы: ҚЕ, ІІІ, 92-93; Е, 213-214.
Ертегі сюжетінде табудың ең көне сарыны: молаға баруға тыйым салу арқылы қауіпті, қатерлі жезтырнақ, таутойлы, айдаһарлар мекеніне баратын жол мағынасы меңзеледі. Мұндағы «Қайырымды жылан» мотиві көптеген шығыс халықтарына (араб, парсы, түрік, армян, әзірбайжан, түрікмен, өзбек т.б.) ортақ. Жыланның материалдық байлық беруші ретіндегі ролі оның өз бастамасы бойынша я болмаса қайырымдылыққа қайтарым ретінде көрінеді десек, ертегіде жыланның қайырымдылығы негізге алынған. Ал жыландардың өзара соғысы мен қарсылас жыланды жеңуге кейіпкерден көмек сұрауы көне рулық фратриялардың тартысын көрсететін кезеңдердің елесі.
12. Тотан батыр
Түпнұсқа ӘӨИ ҚҚ 325-бумада сақтаулы. Жинаушысы: Б.Қозыбақов. Томға осы қолжазбадан дайындалды.
Жариялануы: ҚЕ, ІІІ, 112-116; АС, 288-290. Е, ІV, 102-107.
Ертегідегі ерлікпен үйлену мотиві – Тотан батырдың қайын жұртының тапсырмасы – реалды жау қалмақ, Еділ бойындағы Сахын ханды бағындыруда көрінеді. Тотан қаһармандық салтқа сай барлық көмекшілерін қалдырып, жалғыз өзі жауымен 17 күн алысып, жеңіп, қалыңдығын азат етеді. Ал қайын атасының талаптарын көмекшілері арқылы жеңуі қиял-ғажайып ертегі шартына сай беріледі. Ертегідегі көңіл аударлық мәселе: мыстан кемпірдің бұрынғы образынан көп өзгеріп, кейіпкерге қамқоршы, ниеттес адам кейпінде бейнеленуі. Ал жыр үлгісімен сипатталатын қайын жұрттағы жалмауыз образы классикалық ертегілердегі сипатын сақтаған. Батырдың көмекшілері: көз байлаушы, желаяқ, мерген, тыңшыларды ертуі қиял-ғажайып ертегі дәстүрі бойынша баяндалады. Көне батырлық ертегілер кейіпкерлерінің алысатын құбыжық күштері ағайынды үш дәудің енші бөлісуі, кіші дәудің Тотанға алтыншы жолдас болып еруінде кейінгі замандардың ықпалы байқалады. Себебі, енші беру – үлкен патриархал отбасындағы ағайынды балалардың үйленуіне байланысты пайда болған дәстүр. Бұл әкенің қоғамдық ықпалын көтеретін, саяси-шаруашылық сипаттағы мәні зор дәстүр болған. Енші мөлшері әке байлығына, бала санына байланысты. Бөлек шығарған ағаларымен үйленбеген інілерін бірге шығарып, оларға да енші берген. Қазақ ғұрыпы бойынша олар еншілес аға, іні делінген (Ковалевский, 1953, с.121, Арғынбаев, 1972. 118 б.). Эпостық түрінен «Тотан батыр» ертегілік нұсқасының ерекшелігі: қайын жұртының жауын жеңіп беріп барып, қалыңдығына ерлікпен үйленуі және ғажайып көмекшілер иемденуі, жолында жалмауызды өлтіруі.
13. Ақжан батыр
Түпнұсқа ӘӨИ ҚҚ 124-бумасында сақталған. Томға түпнұсқа бойынша дайындалды.
Жинаушысы – Қиыс Жұбанышалиев.
Айтушысы: Қуанышалы Бақышұлы.
Жариялануы: ҚЕ, ІІІ, 342-344; КС, ІІІ, 155-156; Е, ІV, 43-46.
Ертегінің көне батырлық ертегіге тән басты белгісі – ерте замандардағы бақташылық өмір мен оған төнген қауіп-қатерден құтқаратын батырдың ерлігін дәріптеу. Аңшы мергендердің жезтырнақты алдап, айламен жеңу (ағаш түбіртегіне киімін жабу арқылы) сарыны бірқатар қазақ ертегілеріне тән. Ертегінің бұрынғы басылымындағы [ҚЕ ІV том.] түпнұсқадағы мәтіндерге енгізілген түзетулер жөнделді. Мысалы, «Ақжан деген кедей жігіт болыпты» (43-бет) деп түзетілген, дұрысы: «Ақжан деген батыр бар екен». «Басынан өткен қиыншылығы ұмытылып» деген сөз – «Кедейлігі ұмытылды» (46-бет) деп өзгертілген.
14. Боз атты Боран батыр
Томға мәтін «Қазақ халық ертегілері» («Шыңжаң халық баспасы» жинағынан алынды. 1980).
Жариялануы: ҚЕ, ІІ т. 307-316, E, ІV, 189-190; KC, ІІІ, 79-84;
Осы атаумен аталатын өзге бір вариантын Ә.Диваев жазып алып жариялаған. «Э.О.» 1891, № 2, 202-207 б.
Адам баласының демонологиялық кейіпкер – жезтырнақпен кездесуі жөніндегі бұл типтес қазақ хикаялары өз киімін (ағаш түбіртегіне) томарға кигізу арқылы жауыз күштерден құтқаратын орыс хикаяларының мазмұнына ұқсас болып келеді. Мұндай хикая сюжеттері қазақ фольклорында да өте кең таралған. Бұл мазмұндағы хикая вариантын жариялаған Ә.Диваев: «Жезтырнақ – тура мағынасында алынған» (тырнақтары өте күшті әйел, бейнесіндегі жын). Қазақтарда жезтырнақ туралы әңгімелер өте көп, олардың бәрі өзара ұқсас келеді. Батыр мен оның ұрпағының ерлік күресін суреттеу оқиғалары қабат алынады», – дейді. (Э.О.1906, № 1-2. С.217).
Ертегіде Боранның өзінің және оның қызының жезтырнақты құртуы баяндалады. «Боран батыр» ертегісінің бір варианты Мәшһүр-Жүсіп мұраларында сақталған (Шығармалары. 6-том, 2000. 196-197 б.). Бұл вариантта Боран батыр бүкіл қазақтың намысын жыртқан батыр ретінде дәріптеліп, ел намысы үшін жеке басының баймен араздығын да ұмытып қырғыз елінен байдың жесірін алуға сапар шегеді. Жалғыз өзі емес, 25 жігіттің жезтырнақпен күресуі арқылы Жезтырнақты түгел қырып, қырғыздан жесірін алып келсе, Жарқынбайдың жылқысын түгел қалмақ айдап кетеді. «Ел намысы – ер намысы» деп Боран батыр жауды қуады (эпостың әсері). Жеңіп, келісімге келеді. Бұл нұсқада да батырдың ұрпақтары туралы да сөз болады.
15. Боран батыр
Томға ертегі мәтіні ҚЕ-нің ІІ томынан алынып беріліп отыр. Бірақ онда «Тұрмыс-салт ертегілерінің» санатында қаралған. Ертегінің кейіпкері мен оның жезтырнақты тұқымымен жою оқиғасында басқа нұсқаларға (осы томдағы № 14 ертегімен салыстыруға болады) қарағанда үлкен өзгешелігі бар. Мұнда Боран батыр ұлы жүздің жоғын жоқтаушы, бай мен жарлысын жарылқаушы, көп мүддесі үшін кешірімшіл қасиет иесі ретінде дәріптеледі. Ноғайлы жаулап әкеткен жесірін құтқару жолындағы ерлік істері аюмен, жезтырнақпен бетпе-бет алысатын көне сюжеттер арқылы кеңи түскен. Қалыңдықты құтқару сапарынан қайтқанда, елін Құба қалмақтың шауып кетуі, қалмақ батырымен жекпе-жегі қаһармандық эпос дәстүрінде баяндалады. Ал батырдың жезтырнақпен, аюмен жеке кездесуін өз аузынан баяндауы, жаугершілікте өзінен қашқан жігітпен жолығуы көне сюжеттің кейінгі заманғы қайта түлеуі.
16. Қараүйрек
Түпнұсқа ОҒК ҚҚ 25-бумасындағы 3-дәптерде сақталған.
Жариялануы: ҚЕ,ІІ 109-115; АС, 192-194; E, ІV, 37-42;
Айтушысы – Р.Тайгелдиев.
Қорға тапсырғандар: Д.Кемпірбаев, Д.Мұсабаев.
АТ 312.
Ертегі сюжеті ағайынды үш ұлдың ең кенжесі Қараүйрек батырдың ерлігі мен ағаларының оған жасаған қастандығын суреттейді. Ағайындылар арасындағы қарым-қатынас патриархалды полигамиялық отбасындағы мұрагерлікке байланысты әр түрлі әйелдерден туған бір ата ұлдарының арасындағы қайшылықты меңзейді. Дәулердің (үш ағайынды) қарындастарын, ағаларының құрсауынан құтқаруы арқылы кейіпкердің әлсіздер мен қорлық көргендердің жоғын жоқтаған батырлық тұлғасы мадақталған. Жеке шағын отбасыларының нығайып, меншіктік қатынастың дамуына байланысты ағайындылардың арасында әкенің бөліп берген еншісіне, не мұрасына байланысты наразылықтар күшейеді. Кішісін ағаларының қастандық жасап жұртқа тастап кетуі – көптеген ертегілер сюжетіне ортақ. Бірақ түбінде кенже ұл, барлық қиындықтан өтіп, жеңіске жетеді. Қараүйрек әйелінің ақылдылығы қаһармандық эпостағы «көмекші жар» тұлғасына сай суреттеледі. Әлемдік «минорат» ұғымынан қазақ ұғымының өзіндік ерекшелігі бар екендігі қазақ фольклорында тұжырымдалған. (Қасқабасов, 2008. 307-320 б.). Ал қарындасы Сарқыттың жалмауыздан от алу үшін баруы – ру отының иесі – әйел дейтін көне ана еркі түсінігінің сәулесі. Бұл жөнінде Л.Я.Штернберг (Л., 1933. С. 37-38) жан-жақты талдап жаза отырып, гиляктар мен орочтардағы рудың бөлініп, басқа жерге қоныс аударғанда рудың ең ересегі оттың жартысын сындырып, жаңа жерде от жағу үшін олардың ең үлкеніне тапсыратындығын айтады. Яғни, «отты бөлу» рудың ыдырау символын білдірген. С.А.Қасқабасов «Отау» ұғымының шығу төркінін осы салтпен байланыста қарастырады. Қараүйрек ағаларының өз оқтарынан өлуі – ерте замандағы тәңірлік сот ғұрыптарын еске салады. Бұл салттың негізінде «ақиқат, тек табиғаттан жоғары тұрған құдіретті күштің араласуымен ғана анық болады» дейтін көне ұғым жатыр. Сондықтан, дауласушы топтар от, су, қыздырылған темір арқылы сынақтан өтіп, жекпе-жекке шыққан. Ертегідегі зұлым бауырлардың жазалануы – осы салттың жұмсартылған формасы деуге болады.
17. Аю дәу
Түпнұсқа ОҒК ҚҚ 205-бумада сақтаулы. Латын жазуында Жинаушысы – Ұ. Құлшымбаев. Мәтін томға түпнұсқадан алынды.
Жариялануы: Е, 89-102;
AT + 301 B + 3001-AA .
Яғни, ертегі сюжетіне халықаралық көрсеткішке сай бірнеше мотив негіз болған. Мұндағы зорлықпен аюдың патша қызын ұрлап әкетіп, аюдан туған баланың ес білген соң әкесін өлтіріп, анасының туған жұртына оралауы сюжеттік бастама. Онан әрі сюжет батырлық ертегіге тән өрбиді. Өлім сапарына жұмсалған кейіпкер Дәумен алысып жеңеді. Ертегідегі сюжеттің қозғаушы күші ретінде жалмауыз кемпірдің екі түрлі қызметі көрінеді. Біріншісі: 7 басты жалмауыз кемпір – кейіпкердің жер астына түсуінің себепкері. Екіншісі: ханға ақыл беруші, мыстан бейнесінде. Аю дәудің жер астына түсіп, түрлі іс-әрекеттер атқаруында о дүние туралы көне түсініктер жаңғырығы, о дүниенің есігінің ашылуы үшін айтылатын «құпия сөздер» жайлы ұғымдар да орын алған. Адам жанының орны (көк кептерде) туралы көне түсініктер мен жылан туралы көне ұғымдар осы томдағы «Батыр Көкжан мен айдаһар», «Жарты Төстік», т.б. ертегілеріне ортақ. С.А.Қасқабасов «Айдаһар – жұтқыштың» ертегідегі екі түрлі сипатын талдайды. Бірі – бүкіл малды, адамды жұтып, қауіп төндіруші. Екіншісі, Самұрық құстың балаларына әр жылда қауіп төндіруші. Ертегіде осы екі жағдай да көрінеді. Батыр бүкіл елге қауіп төндірген аждаһа айдаһарды (300 A/-AA 300*) құтқарған соң, жер үстіне шығу үшін Семір құстың балаларын жұтқан айдаһарды өлтіреді. Сюжет дамуында новеллалық ертегінің де әсері бар. Мәселен, жау шауып, тірі жансыз қаңырап қалған шаһар, құран білетін жалғыз сұлу қыздың ғана тірі қалуы, Әзіретке тілі тиіп, қайыр зекет бермегендіктен жұрттың жұтқа ұшырауы – кейінгі мұсылмандық сарындардың ықпалы. Бірақ, сюжеттің түйінінде қайта көне түсінікке оралып, дінді меңгерген әйелінің жылан бейнесіндегі жалмауыз екендігі, оның жыланға айналып небір сиқырдың тілін біліп, сол арқылы батырды да алдамақ болғанда жазалануы, еліне оралғанда нағашы жұртын құлдыққа түсірген жолдасын жазалауы, батыр – кейіпкер іс-әрекетін даралай түседі.
18. Алакөз батыр
Түпнұсқа ОҒК ҚҚ, № 1418-бумасында сақтаулы. Томға мәтін осы араб жазуындағы түпнұсқа бойынша беріліп отыр. Жариялануы: ҚЕ, ІІІ, 360-365; Е, 233-235; Ертегі оқиғасында патриархалды қоғамдағы әке мен баланың қарым-қатынас заңына мән беріліп, әке жолынан ауытқудың жазаға ұшырайтындығы жөнінде баян етіледі. Бұл – сөз магиясына сену, сол арқылы оң және теріс әсер ету мүмкіндігі туралы түсініктермен көмкерілген. Алакөз батырдың әкеден теріс бата алып, қырғыздың қолында 7 жыл жатуы, қырғыздың батыр қызы Ботакөз көмегімен ғана аман құтылуы батырлық жырлардағы сарындарды еске түсіреді. Мысалы: Қобыландыны Қарлығаның құтқаруы секілді. Ботакөз бейнесінде – көне заманғы батыр қыздың қасиеттерімен қоса, батырлық эпосқа тән белгілері қатар өрілген. Батырмен күресіп күш сынасатын қыз, оның артықшылығын мойындап, кейіннен сенімді серігі, айнымас көмекшісіне айналады. Батырлық ертегі үлгісінде қаһармандық жыр әсері ғана емес, лиро-эпостың да әсері де байқалады. Мысалы: батыр мен сүйген қызының қосыла алмай, қыздың қазаға ұшырауы, оғам там тұрғызу оқиғаларының баяндалуы. Ботакөз бейнесінде көне анаеркі дәуіріндегі өзіне жар таңдап, барлық мәселеде жетекші роль атқаратын «батыр әйел» белгісі сақталған. Екінші жағынан, ата-ана ризалығынсыз күйеуге тиген қыздың жазаға ұшырайтындығы туралы патриархалды отбасылық салттардың ізі де көрінеді. Қыз әкесінің құс болып ұшып іздеуі – мақсатты түрдегі құбылуды танытатын мифтік сананың сәулесі.
19. Жерден шыққан Желім батыр
Ертегі мәтіні томға ҚЕ, І томынан алынды. Жариялануы: ҚЕ, 76-80; АС, 70-73.
Ертегіде «Кенже ұлды» дәріптеу мотиві – сюжеттің негізі.
«Кенже ұл» мотиві туралы ғалымдардың әр түрлі пікірлері бар. Е.М. Мелетинский: Оны майорат пен минораттың күресі негізінде қалыптасты десе, С.А.Қасқабасов минораттың майоратқа дейін-ақ пайда болғандығы туралы пікір тұжырымдап, ертегілік юниараттың екі түрлі кезеңнен өткенін дәлелдейді. Біріншісі: ерте дәуірдегі кіші ұлды рулық құрлыстың гүлденген дәуірінде рулық дәстүрлерді сақтаушы ретінде дәріптейді. Екіншісі: кейінгі кезеңдегі рулық қоғам әлсіреген тұста «кенже ұл» қудаланып, әлеуметтік жағынан төмендетіледі. Жерден шыққан Желім батырдың ғайыптан туылуы, анасының, қарындасының кейіпкерге көмектеспей, қастандық жасауы матриархаттан патриархатқа өтер кездегі қайшылықты кезеңді бейнелейді. Ертегінің ағайынды ұлдардың арасындағы тату туысқандық қатынасты дәріптеуі, батырдың інісінің ағасының артынан іздеп барып, мифтік, реалды жаулардан құтқаруының батырлық рухқа сай баяндалуы батырлық ертегі ерекшелігіне сай.
20. Тұмарбас батыр
Түпнұсқа ӘӨИ ҚҚ 116-бумасында сақталған. Томға осы түпнұсқа бойынша дайындалды. Жариялануы: Е,ІV, 235-237; Ертегі оқиғасы негізгі кейіпкердің ерекше өсуі, хабарсыз кеткен әкесін іздеп шығып, оны өлтірген дәуден кегін қайтаруы, еліне оралып батырлығымен хан қызына қол жеткізуі батырлық ертегінің сипаттарына сай өрбиді. Дәу – фольклорлық шығармаларда көп кездесетін демонологиялық кейіпкер. Ол ересен күш иесі. Ал дию –тылсыммен байланысты магиялық күштерге ие, ерекше адамдарға ғана (шаман, ертегі кейіпкері) көрінетін сиқырлы күш иесі. Егер, Дәу өлшеусіз қара күш иесі ретінде көрінсе, диюдың күші айтарлықтай емес, бірақ оған ұшу, ғайып болу, өте жылдам әрекет ету т.б. қасиеттер тән. Сондай-ақ, ертегіге аққу кейпіндегі қалыңдықпен кездесу мотиві де өзек болған. Сюжеттік тұрғыдан осы жинақтағы № 45 ертегімен мазмұндас.
21. Аламан мен Жоламан
Түпнұсқа ОҒК ҚҚ 56-бумада сақталған. Араб жазуында: – Айтушы: Ибраев Қ. жинаушысы – Диваев Ә. «Аламан мен Жоламан» – ел арасына кең тараған ертегілердің бірі. Оны алғаш рет бастырып шығарған және дастанға айналдырып жырлаған ақын Әбдірахман Ізбасұлы Бектасов.
Жариялануы: ҚЕ, І, 54-59; КС, І 89-93; Е, ІV, 259-263;
СУС 576.
Көне батырлық ертегі сюжетінде жалмауыз кемпір мен оның азғыруына ерген Қарашаш образдарына Аламан батыр мен оның ұлы Жоламанның өзара бірлескен ерлігі, батырлық істері қарсы қойылады. Әке мен баланың жауға қарсы бірлескен күресі батырлық ертегілерге тән белгілердің пайда бола бастағанын көрсетеді. Сиқырлы жүзік, алтын кездіктің кейіпкерге көмегі қиял-ғажайып ертегілердегі сиқырлы заттардың көмегіне сенетін көне магиялық сенімдерді білдіреді. Ертегі сюжетіне негіз болған шаш арқылы әсер етудің мәнінде кейінгі заманғы әйелдегі ерекше шаш сұлулықтың, ер адамдағы шаш – батырлық пен байлықтың символы ретінде ұғынылғанға дейінгі «шаш – жан» дейтін магиялық түсінік сипаты сақталған.
22. Жарты төстік
Мәтін түпнұсқасы ӘӨИ ҚҚ 119-бумасында, араб жазуында сақтаулы.
Жинаушысы – Д. Төлебаев.
Жариялануы: Е, ІV, 66-71;
АТ + 300 А + AA 300* B.
Жарты Төстіктің ғажайып тууы (төстік жеген соң пайда болу) Самұрықпен «достасуы» сияқты сарындары «Ертөстік» ертегісіне ұқсағанымен, композициялық құрылымы мен негізгі кейіпкер әрекетінің себептері жөнінен ерекшеленеді. Жарты Төстіктің жер астына түсіп, дәудің Құлашолағын алу үшін айдаһармен, жалғыз көзді дәумен ешбір көмексіз, жалғыз өзі бетпе-бет алысуындағы батырлық қасиетіне баса мән беріледі. Батырдың алыс сапар шегуінің себебі – басқа жат әлемді тануға деген құмарлық. Ол: әкесінің биік бәйтерек басына шығуға тыйым салуымен байланысты көрінеді. Ертегідегі бәйтерек орны да өзге ертегілердегіден бөлек, кейіпкер есігінің алдында болып суреттеледі. Соның басына шығу арқылы Жарты Төстік өзге дүниенің елесін танып, білуге ынтығады. Себебі, Бәйтерек образы – көптеген халықтардың ертегілеріне ортақ әлемдік ағаш туралы түсініктің сілемі. Үш әлемді дәнекерлеп жалғастырушы космостық ағаштың шамандық түсінікте жақсы сақталғандығын Сібірлік шаманизм бойынша Е.М.Мелетинский дәлелдесе (Мелетинский, 1976. с. 213) С.А.Қасқабасов: «Қазақ бақсыларының қолына ұстайтын асатаяғын осы космостық ағаштың өзгерген түрі», – деп тұжырым жасайды (С.Қасқабасов, 1984. 87-б). Бәйтерек, жалғыз ағашқа қатысты наным-сенімдер жөнінде Ш.Уәлиханов: «Жаһанда өсіп тұратын жалғыз ағаш немесе бұта қадірленіп, оның басына түнейді. Оның қасынан өтіп бара жатқан адамдар бұтақтарына шүберек байлайды, ыдыс тастайды, я болмаса аттың жалын түйіп тастайды», – деп жазған. (Ш.Уәлиханов, 1961. І-т., 113 б.) Мифологиялық жауларын жеңген Жарты Төстіктің еліне оралғанда айттырған қалыңдығын қалмақ ханының алмақ болып жатуы, елін қалмақ ханының шауып кетуі, қалың қалмақпен соғысып, жалғыз өзі жеңуі ертегінің, эпостың әсерінен туған екінші сюжетін танытады.
23. Аюалпаң, Таудыталпаң, Судысалпаң
Түпнұсқа ОҒК ҚҚ 91-бумасында сақталған. Жинаушысы – Болатбаев С.
Жариялануы: Е,ІV, 126-134.
AT + 301 B + 3001 – AA .
Адамның аюмен некелесуі – көне тотемдік түсініктердің сәулесі. Қыздың аюға тиюі шарасыздықтан, адасып кетіп, қолға түсуінен болады. Ертегіде тотемнің қасиетіне баланың тартып тууы туралы түсінік толық көрінеді. Аюалпаң өте күшті, алып болып өседі, ол ерлігі ең алдымен, өз әкесін өлтіргенде танылады. Мұнда балалардың анасының руына кететін көне (кросскузенді неке) салттарының ізі байқалады. Тотемдік түсініктен туған мотивке кейінгі дәуірдің ықпалы, аюдан туған баланы көпшіліктің қудалау оқиғасы қосылады. Аюалпаң өзі тектес жан мен мекен іздейді. Таумен тауды соғыстарған Таудыталпаң, теңіздің суын сапырған Судысалпаң өзі текстес жандар. Алайда, бас кейіпкердің күші бұл екеуінен де ерекше мадақталады. Ол «бойы бір қарыс, сақалы қырық құлаш» адам жегішпен күресінен көрінеді. Жер астына түседі, бүкіл бір елді жұтқан жермыстанның жанын іздейді. Екі жолдасымен арасындағы араздық сұлу қызды бөлісуге байланысты өрбиді. Жер үстіне шығармай қойған Аюалпаң жер астындағы тағы бір қауым елді «айдаһар жұтқыштың» қаһарынан құтқарады. Айдаһардың Аюалпаңды жұтуы, Аюалпаңның қолындағы қылышпен айдаһардың ішінен жарып шығуы, самұрық құстың балапандарын құтқару арқылы оның көмегімен жер бетіне шығуы, сатқындық істеген жолдастарын жазалауында батырлық қасиеттері айқындалады.
ІІ Жырлардың негізінде туған батырлық ертегілер
24. Делдаш батыр
Ертегі мәтіні томға Шыңжаң халық баспасынан шыққан ( 1880 ж. 122-142-б) «Қазақ халық ертегілері» атты жинақтан алынды. Ондағы ертегінің қосымша атауы «Елі үшін туған ер» деген атпен берілген. Жариялануы: Е,ІV, 66-71 Ертегі кейіпкерінің жау қолында кеткен анасын іздеу үшін сапар шегуі, батырдың тұлпары Сарыалатегеш образының суреттелуінде қаһармандық жыр әсері басым. Делдаш батырдың Тазша кейпінде келіп, ханның кіші қызын таңдауы мен батырдың қиын шарттарын орындауындағы «кенже қыз» бен «кенже ұлдың» көңіл қосуының өзіндік себебі бар. Кенже қызды дәріптеу – кенже ұл мотивінен көне (Мелетинский, 1958. с.165). Өзінен үлкен әпкелерінің ақылсыз әрекеттеріне қарама-қарсы кенже қыздың төзімділігі мен ақылдылығы, әке-шешеге сүйкімді бейнесі бірқатар ертегілер сюжетіне негіз болған. «Кенже қыз» мотиві – Аарне Томсеннің № 707 сюжеттік көрсеткішінде тіркелген. Ертегідегі Тазша образы – новеллалық, сатиралық ертегілерде де кездеседі. С.А.Қасқабасов: «Тазша бейнесін – айлакер, қулықтың символы ретінде ғана қарастыру жеткіліксіз, бұлай шектелу образдың даму эволюциясын толық көрсетпейді», – деп есептейді. (С.А.Қасқабасов. 2008, 315-319 б.). Ертегі сюжетіндегі Алып қара құстың балаларын айдаһардан құтқару, айдаһардың жұтуы, батырдың айдаһардың езуінен бастап, екіге жарып тастауы мен Алып қара құстың елін шауып кеткен жұрт туралы хабар беру оқиғаларында қиял-ғажайыптық элементтер мен батырлық эпос идеясы қатар өріледі. Қайын атасының барлық тапсырмаларын орындаған батыр уәзір болуға келіспей, негізгі мақсаты – анасы мен жау қолында кеткен жұртының бір бөлігін іздеп тауып, «теңсіздіктегіні теңдікке жеткізіп, құлдықтағыны босатып», қаһармандық эпос кейіпкеріне тән ерлік іс көрсетеді.
25. Қалабай батыр
Түпнұсқа ӘӨИ ҚҚ, 137-бумасында сақтаулы. Томға осы түпнұсқа бойынша дайындалды. Ел аузынан жинап, қорға тапсырған – Ә.Бөрібаев (1956).
Жариялануы: Е, ІV 290-295 Ертегі сюжетінде ауызша әңгіме дәстүрінің ықпалы басым. Қалабай батырдың өз аузымен баяндауында өткен өміріндегі ерлік істері еске түсіріледі. Суреттелетін оқиғаларда нағашы мен жиен қарым-қатынасындағы қайшылықтар ашылады. Бұл көне аванкулаттық салттың жойылып, әлсірей бастаған кезін аңғартады. Ол: жиеннің нағашысымен күш сынасуы, кәрі нағашысының табанын тіліп малға салуы мен әйеліне көз салу жағдайлары. Бұл кейінгі патрархалды қатынастардың нығайып, көне анаеркі заңдылықтарының жағымсыз мәнде бейнелене бастағанынан хабардар етеді. Қалабай батырдың Көксал батырдың даңқын естіп, іздеп шығып кездесуі, алдымен күш сынасуы, (жекпе-жекке шығу) сондай-ақ, ертегіде түйенің ортан жілігін сындыру, күш сынасарда Көксал батырдың жіліншігінің сынуы, жүйрік аттың тұқымынан тұлпар беруі мен қайта кездесуге уәделесуі – батырлар тұлғасының қоғамдағы басты мән иеленген кезеңдерінен хабардар етеді.
26. Батыр қойшы
Түпнұсқа ӘӨИ-ҚҚ 124-буманың 4-дәптерінде сақтаулы.
Қорға тапсырған – Қиыс Жұбанышалиев.
АТ 327.
Кейіпкердің алғашқы ерлігі дәудің тырнағынан ханның қызын құтқаруда, адам жегіш ергежейлімен күресінде танылады.
Жариялануы: ҚЕ,ІІ, 276-280; Е, 209-213; Ертегіде көне сарындармен қатар кейінгі замандардағы әлеуметтік теңсіздік сипаты анық танылады. Ол – қызын дәудің тырнағынан құтқарған қойшының батырлығын көзге ілмей, ханның қызын бергісі келмеуі. Бірақ ертегі заңдылығына сәйкес, батыр қойшы мақсатына жетеді. Қойшы батыр қаскөй күштерден ел-жұртты құтқарып әрі ханның 500 әскерімен жалғыз өзі шайқасып, батырлық эпос кейіпкеріне тән ерлік көрсетеді.
27. Желкілдек
Ертегі мәтінінің 2 нұсқасы бар. Біріншісін алғаш В.В Радлов бастырған. Екіншісін М.Ж.Көпеев жинап тапсырған. Томға осы Көпеевтің ОҒК ҚҚ, 1170-бумада сақталған нұсқасы алынып отыр. Жариялануы: В.В. Радлов Образцы... (СПб, 1870, часть ІІІ,№12). Е,ІV, 112-126. Жыр мен қарасөздің аралас күйінде баяндалатын бұл ертегіге Патриархалды отбасылық дәстүр негіз болған. Жеті жасар Жастүлектің ағасының кегін алуға жалғыз аттанып, жауымен жалғыз шайқасуы, екі апасының жау келгенде қазан төңкеріп батырды сақтап қалуы мен оны жалмауыз кемпірдің тауып беруі, бала-батырдың қазаға ұшырауы – бөлекше сюжет. Еліне сапардан оралған Әзтемірдің жау жайратып кеткен жұртындағы мұң-шерінің монолог арқылы берілуі – қаһармандық эпос композициясына тән белгі. («Қобыланды», «Ер Тарғын», «Алпамыс» т.б.) Кейіпкерге көрініп бағыт-бағдар беретін Қыдыр ата образы – ақ киімді, ақ сақалды қария, я дәруіш бейнесіндегі образда жиі кездесетін эпикалық бейне. Көне замандарда адамға қойылатын есімге табу салынуға байланысты – батырлық ертегілерде де батырға алғашқы ерлігінен кейін ғана ат беріледі. Көне түркі жазба ескерткіштерінде, мысалы: «Қорқыт ата» кітабында, «Дерсе хан ұлы Бұқаштың бұқаны өлтірген соң ғана аты қойылады». Осы дәстүр 7-ге толмаған Сарыбайдың баласына ұзақ уақыт ат қойылмауы, аян арқылы берілген соң ғана ұлды іздеп келіп, Әзтемірдің ат қоюы кейіпкерді дәріптеудің эпикалық тәсіліне айналған. Ертегідегі 2-ші сюжетте Сарыбайдың баласыздығы үшін қудалануы, қатыны екеуінің әулие-әнбиеден бала тілеп, түсінде аян берілуі мен балалы болуы, оның ерекше алып болып өсуі және Әзтемірмен кездесуі баяндалады. Сондай-ақ жеті жасар Желкілдектің қалың жау жасағына жалғыз шабуы, Телегей алыппен жекпе-жек кездесуіндегі батырлық жыр қаһарманына сай әрекеті, жауда кеткен жақын туысының және өзге батырдың намысын жоқтап күресуі ертегі кейіпкерінің батырлық тұлғасын дәлелдейтін мысалдар.
28. Ханшентей
Томға ертегі мәтінінің В.В.Радлов нұсқасы алынды.
Жариялануы: Радлов В.В «Образцы» (СПб, 1870, Часть ІІІ, №12) Е,ІV, 214-227. В.В.Радлов, ЕлҚ, 1994. 113-143 б.). Кейіпкердің сексен бестегі әкесі жаудағы кегін іздеп кеткенде дүниеге келуі – көне ғажайып туу мотивінің ерекше жағдайда туу болып өзгерген түрі. Ханшентей тұтқынға түскен әкесін шығарумен ғана шектелмей, жалпы жұртының кегі үшін күреседі. Ертегідегі Ханшентейдің таз болып, атының жаман күрең тай болып құбылуы қиял-ғажайып ертегінің элементтері. Зор қауіптен құтылу үшін құбылуға түскенімен, кейіпкер негізінен батырлық эпосқа тән ерлікпен үйленіп, жазықсыз қудаланған елдің қамқоршысы ретінде көрінеді. Мысалы: Еркесары батырдың, жас бала батырдың жауларынан кегін қайтарысады.
29. Ағайынды екі жігіт
Түпнұсқа ӘӨИ-ҚҚ 119-бумасындағы 3-дәптерде сақталған. Томға осы түпнұсқадан дайындалды.
Жинаушысы – Д.Төлебаев.
Жариялануы: Е, ІV, 230-232.
Ертегі ағайынды екі жетім жігіттің тағдырын баяндайды. ХІХ ғасыр І жартысына дейін қазақ халқында рулық қатынастардың басымдық алуына байланысты «жетім» ұғымы болмаған. Себебі, жетім болса да ру аясында ешбір таршылық, кемдік көрмеген. Қазақ елінің орыс бодандығына түсуіне байланысты рулық қатынастардың әлсіреуі, біртіндеп ыдырауы салдарынан жетімдер шеттетіліп, қуғындауларға ұшырай бастаған. Европалық түсініктегі «жетім» ұғымы мен қазақтағы түсінілуі арасындағы алшақтықты С.А.Қасқабасов жан-жақты ашып жазған. (Қасқабасов, 2008, 314-315 б.). Ертегідегі түс көру мотиві мұсылмандық ұғыммен мазмұндалған. Ақсақалды қарияның аянымен ағасы арманына жетеді. Ал кіші ұл тау-тасты кезіп жезтырнақты, жалғыз көзді дәуді өлтіріп барып, мұрат мақсатына жетеді. Яғни, мұнда «кенже ұлды» дәріптеу сарыны басым.
30. Қойшы батыр
Томға мәтін «Қазақ халық ертегілері» («Шыңжаң халық баспасы» 1880) атты жинақ бойынша дайындалды.
Жариялануы: Е,ІV, 136-143.
Ертегінің батырлық ертегіге тән белгісі – батырдың бес қаруының бірі – қылышты дәріптеу. Өйткені, мұнда өзге ертегілердегідей батыр ерекше туып, болмысынан батыр болмайды. Қарапайым тіршілік иесі (қойшы) ойланып отырып, батырлық көрсетуді мақсат етіп қояды да, ерекше қылыш жасату арқылы ежелгі батырларға тән өнер көрсетеді. Қылыш, семсер – батырдың бес қаруының бірі ретінде көнеден бері түрлі даму, шыңдалу жолынан өткен. Ол кесу мен бірге шабу функцияларын да атқарған. Б.э. дейінгі VІ ғасырмен дәуіріміздің ІІІ ғасырдың арасында өмір сүрген скиф, сақ сарматтардың семсерлері қысқа болған, келе-келе сабы, балдағы, жүзінің формалары мен жасалған материалына байланысты өзгеріп отырған (Қалиолла, 1996, 76 б.). Асыл алмастан соғылған қылыш «Зұлпықар» деп аталған. Пайғамбар ғалаһиссаламнан кейін күйеу баласы Хазрет Әлі ұстаған «Зұлпықар сілтегенде ұзарады» – деген сөз ел аузында сақталған. Қылыштың батырдың негізі қаруы ретіндегі қызметі өзге ертегілерде де әрқилы дәрежеде көрінеді. Ал бұл ертегіде батыр қаруына баса назар аударылады. «Қойшы батыр» ертегісінде батыр – қойшы қалыңдығын құтқарудағы, айдаһар мен алысып, халықты аждаһа тырнағынан арашалаудағы ерліктерін бар малын сатып, арнайы жасатқан қылыштың көмегімен жасайды. Яғни, ертегіде батырдың аса маңызды атрибуты – қару-жараққа ерекше мән берілген.
31. Батыр мен бала
Түпнұсқа ОҒК-ҚҚ №53-бумасында сақтаулы. Томға осы түпнұсқа бойынша дайындалды.
Жинаушысы – Бейсебайұлы Сейдалы.
Жариялануы: Е,ІV, 160-164.
Ертегіні батырлық ертегі санатында қарастыруға негіз болатын белгілер мол. Олар: бала батырдың алғашқы ерлігін 6 жасында көрсетуі, аға батырға жол беріп, батасын алуы, мифологиялық күштермен де реалды жаулармен де жалғыз өзінің күресіп жеңуі сияқты жағдайлар ертегі тілімен баяндалады. Ертегі кейіпкері өлімнен қорықпайтын батыр, ол үшін батырлық намыс маңызды.
Ертегіде батырлық қарулардың магиялық қызметіне де мән беріледі.
32. Құйым батыр
Түпнұсқа ӘӨИ ҚҚ 117-бумасында сақталған. Томға мәтін түпнұсқасынан ешбір өзгеріссіз беріліп отыр. ӘӨИ- ҚҚ 123-бумасының 3-дәптеріндегі Д.Төлебаев тапсырған нұсқасының да көп айырмасы жоқ.
АТ 312 Д.
Жинаушысы – Ә.Жапаров.
Жариялануы: КС, ІІ, 126-146; ҚE, ІІ, 135-154; АС, 209-222; Е, 164.
Ертегіде ағайынды үш ұлдың басынан кешкен оқиғалары баяндалып, ондағы ең кіші ұлдың тапқырлық, батырлық белсенділік, т.б. ерекше қасиеттері мадақталады. Бұл – ең көне мұрагерлік салттағы «кенже ұлдың» (минорат) ролін көрсететін түсініктердің сарқыншағы. «Кенже ұлдың» ертегідегі бейнесі жөнінде дүние жүзі фольклорында бірқатар пікірлер айтылған (Дж.Д. Фрэзер. М., 1989. С. 165-196), онда негізінен библиялық минорат пен майорат талданады. Сондай-ақ, өзге де еңбектерде бұл жөнінде түрлі тұжырымдар түйінделген (Е.М.Мелетинский. 1958. Т.1. С. 333-335). С.А.Қасқабасов кенже ұлды дәріптеу мотивінің қазақ ертегілеріндегі ерекшелігін атап көрсете отырып, ертегілік юниаораттың екі түрлі кезеңін айқындайды. Біріншісі – рулық құрылыстың өркендеу дәуіріндегі рулық дәстүрді сақтаушы образы. Кейінгісі – рулық салттың әлсіреуінен кіші ұлдың қудаланып, әлеуметтік жағынан қысымға түсуі. «Құйым батыр» сюжетінің кілті – түс көру мотивінен басталады. Халықтық сенімде түс көру мен оны жору арқылы не жақсылықтың, не жамандықтың болжамы жасалған. Түс көру мотиві фольклордың әр түрлі жанрларында ерекшелігімен көрінеді. Құйым мен оның үлкен екі ағасының түсі – кейіпкерлердің болашақта бастарынан кешетін барлық оқиғалардың тұспалды хабары ретінде беріліп, ертегі соңында Құйымның көрген түсінің жорылуы шындыққа айналады. Құйымның дәумен күресіп, қалыңдығын құтқаруы – көне батырлық ертегіге тән мотив. Батырдың алдына қойылған қиын тапсырмалар: алыстағы айбөкеннің сүтін, су сиырдың сүтін әкелу мен 3 түрлі дәуді жеңу оқиғаларындағы Құйым батырды бірінен-бірі күрделі сынақтарға жұмсаудың жолын ханға тауып беруші мыстан кемпірдің қызметі жалмауыз кемпір әрекетіндей белсенді емес. Ол батырмен бетпе-бет келмейді, жасырын, өзгелер арқылы жолына тосқауыл болады. Ертегіде Қара қасқа тұлпар бейнесі дәстүрлі бейнелеулерден өзгеше қасиетке ие. Ерге ғана лайық аттың Құйымға көмектесуі арқылы оның образы қайта жанданады. Кейіпкердің алдынан кездесетін әр түрлі бөгеттер бірнеше қайталанып келеді, әсіресе, үш рет қайталанып отыру жиі ұшырап, әрбір жаңа бөгет бұрынғыдан да әлдеқайда қиын, күрделеніп, әрі қарай шежірелік тұтастанған жырлардағыдай ұрпағының дүниеге келуі мен Арпалыстың Құйымның әке-шешесі мен екі ағасын табуы баяндалады. Яғни, көне замандардағы 3, 7, 40 сандарының магиялық мәні ертегіде сақталған (Кеңесбаев, 1977. 312-316 б.; Толеубаев, 1991. С. 130-136). Құйым әйелінің кітапқа қарап бал ашып, күйеуінің алдында кездесетін жайттарды болжауы – көне шамандық сенімдердің жұрнағы. Әйел бойында көне ана-шаман қасиеттерінің белгілері еріне төнген қауіпті ғана емес, өзіне келетін зиянды алдын-ала сезіп, кері қайтаруынан көрінеді. Ертегінің 1989 жылғы басылымында (Қазақ ертегілері, 4 том.) ертегінің атынан бастап, («Құйын» батыр деп берілген), бүкіл мазмұны әдеби редакциялаулар мен қысқартуларға ұшыраған.
Түпнұсқаны беру арқылы осы олқылықтардың орны толтырылды.
33. Әлібек батыр
Түпнұсқа ОҒК- ҚҚ 142-бумасында сақталған. Латын жазуында. Жинаушысы – Нұрмағамбетов Хаба. Қорға 1940 жылы тапсырылған. Жариялануы: Василев А.В «Образцы киргизской народной словесности» Оренбург, 1898. ҚЕ,ІІ, 87-101; Е,ІV, 71-83; АС, 178-187. Ертегінің композициялық құрылысындағы әр түрлі тарихи дәуірлер кезеңін танытатын түрліше мотивтер – ертегінің эпосқа, эпостың ертегіге әсерін танытатын белгілер. Ертегі сюжетінің бастауы – ұлы жоқ әкенің мал-мүлкіне көз аларту, оны кемсітіп жалғыздығын бетіне басу секілді жайлар қазақ эпосындағы феодалдық патриархалды көзқарастар әсерінен туындаған. Ата-ананың баласыздығына күйінуі, өз әулеті мен рудың қорғансыз екендігіне қамығу – батырлық эпостардағы негізгі сарын. Қоғамдық-әлеуметтік тұрғыдан ұл бала ролінің басымдығы мен ұлы жоқтардың қоғамнан шеттетілуі туралы сарындар көне түркі ескерткіштерінен мол орын алған. Мыс: «Қорқыт ата кітабындағы», «Кімде-кімнің ұлы, қызы жоқ – қара отауға қалдырыңдар. Қара киізді астына төсеп, қара қойдың етін алдына тартыңдар. Жесе жесін, жемесе тұрсын да кетсін» деген еді. Ұлы барды ақ отауға, қызы барды қызыл отауға қондырыңдар, ұлы, қызы жоқты тәңірі қарғапты, біз дағы қарғаймыз, мейлі, білсін деген еді». (Қорқыт ата кітабы. А., 1994. 107 б.) – дейтін жолдарда бір рудың, араларында ешқандай бас арыздығы жоқ екі бегі, той иесі Байындыр мен баласы жоқ Дерсеханның арасындағы қарым-қатынасты баяндайды. Ертегінің тағы бір ерекшелігі: кейіпкердің ғайыптан туу мотивінің ең көне және кейінгі кезеңдердегі көріністері қатар орын алады. Себебі, «Мотивтің түрлері бірін-бірі ауыстырғанда алдыңғысы мүлде құрып кетпейді және тек соңғысы ғана қалып қоймайды. Олар фольклорда бәрі қатар жүреді. Себебі, оларды туғызған сенімдердің қалдықтары да қатар жүреді». (ҚФТ, 1981. 254 б). Ерекше жағдайда туу мотивінің ислам әсерінен өзгерген түрі – перзентсіз ата-анаға мұсылман әулие-әнбиелердің рақымы түсіп, түсінде аян беру арқылы перзенттің дүниеге келуі. Ол ертегіде мола басындағы басында ақ сәлдесі, астында қарагер аты бар әулие түрінде көрінеді. Кейіпкердің батырға тән ат таңдап мініп, ерге керек құсы мен итін таңдаудағы жолы да өзгеше өрнектеледі. Бұл – қазақтардағы сақталған көне аналық дәуір ғұрыптарының бірі – аванкулат салтының нышандары. Оның негізгі мазмұны: жиен мен нағашы арасындағы қалыптасқан қарым-қатынастар жүйесін танытады. Онда нағашының жиенге әрдайым қамқор болып, жиеннің өтінішін барлық уақытта орындау міндеттілігі, егер орындалмаса, жиен тарапынан жасалған қандай қысымдарға да қарсылық көрсетпеу қажеттігі т.б. жағдайлар қамтылған. Қазақ арасында ұзақ уақыт сақталған бұл салт бойынша нағашы жиеніне әрдайым тарту-таралғылар жасап, қыз айттырып, қалың малын да өзі төлеген жайттар болған. Ер Әлібектің нағашысына келіп, Орқызыл атын, Құмарлан итін, Құбақұс атты құсын қалап алуы – осы салттардың ертегідегі көрінісі. «Әлібек батыр» ертегісінің қаһармандық эпоспен байланысы олардың рухы мен сюжеттік оқиғаларының бірлігінде ғана емес, жырға тән өлеңмен берілетін эпизодтардың, мысалы: жаудың батырымен сөз қағысуы, әкесімен диологы, Ақбілек пен Әлібектің жар-жар үлгісіндегі жауаптасуы, келіншектің Жекешұнаққа айтқаны т.б. өлең формасындағы сұрау-жауап түрінде өрбиді. «Ертегілердегі өлеңдік текстер жырға қарағанда әлдеқайда қарапайым келеді, бірақ солай бола тұрса да ертегі тексіне өлең жолдарының енгізілуі, оның жыр арқылы баяндалатын қаһармандық эпоспен туыстығын дәлелдейтін басты белгілерінің бірі» (Қасқабасов, 1984. 324 б.) Ертегіде аттың ең сенімді дос, жақсы жолдас және адал көмекші ретіндегі мәнін ерекше дәріптеген. Туыс-тумысынан да артық жанашырлық танытып, өлген жерінен қайта тірілуіне себепші болатын тұлпар бейнесі «Ер қанаты – ат» дейтін қаһармандық эпос салтына сай өрнектелген. Әлібек батырдың жауы Жекешұнақпен жекпе-жегін суреттейтін эпизодында да батырлық жырлардың дәстүріне сай: кезек алысу, қарсылас батырдың да күшін әсірелей суреттеу т.б. заңдылықтар ықпалы аңғарылады.
34. Жалғыз жігіт
Түпнұсқа ОҒК-ҚҚ 3-бумасында сақталған. Латын жазуында. Томға түпнұсқадан дайындалып, ұсынылып отыр.
Жинаушысы – Б.Жақыпбаев.
Жариялануы: Е, ІV, 180-189. Мұнда «Жалғыз жігіт ұрпақтары» деген атпен берілген. Батыр және оның ұрпақтарының ерлік дәстүрін дәріптейтін генеологиялық тұтастануға түскен қаһармандық эпос әсерінен туған батырлық ертегі үлгісінде сюжет бірден ситуациядан басталып, әкеден балаға жалғасып келе жатқан ел қорғау мен жауға қарсы күреске баса мән беріліп, осы мақсаттағы кейіпкердің іс-әрекетіне назар аударылады. Ертегі Жалғыз батыр мен оның бірнеше ұрпағы: баласы, немересі, немере інісінің ерлік күресін дәріптейді. Жалғыз батырдың өз баласы Шашбай, онан туған Ертұяқ, Ертұяқтың балалары Найзабек пен Теміртай, олардың балалары Қылыш пен Темір де реалды жау, қалмақпен соғысады. Кейінгі ұрпақ алдыңғы ата-бабасының ерлік дәстүрін жалғастырып, ата кегін алады, арманын жүзеге асырады. Жалғыз батыр қалмақпен соғыс үстінде қаза тауып, өлер алдында жолдасына іште қалған баласын аманат етеді. Батырдың дүниеге келер алдындағы әкесінің қаза табуы, батырды ерекше етіп суреттеу үшін қолданылса, болашақ батырдың жылдам өсуі, алып күш иесі атанып, айналасына қауіп төндіруі де ертегі заңдылығына сай өрбиді. Жауын жеңген Ертұяқтың баласы Шашбайды ертіп жауына екіншірет аттануы, ұрыс үстінде мерт болуы, яғни, ерлік үстіндегі әке өлімінен соң жаңа ұрпақтың ерлік алаңына шығуы, эпостағы шежірелік тұтастану құбылысының ықпалы. Ағайынды батырлардың қарым-қатынасы патриархалды отбасылық әдетке бағындырылып, олардың ерлігі тарихи дұшпандармен соғыста ғана емес, мифологиялық жаулармен күрес үстінде де танылады. Шашбай өзінің қалыңдығын айдаһар тырнағынан құтқару арқылы ерлікпен үйленсе, інісінің қалыңдығын да дәудің қысымынан бетпе-бет күресіп, жеңіп алады. Ағайынды екі батырдың ұрпақтары Найзабай мен Қылышбайдың әкесі Шашбай эпикалық дұшпанға аттанар алдында әкесі Ертұяқтың басына барып, сол жерде жан тапсырады. Ал, батыр әкенің балалары – ата салтына сай әрекет етеді, әкесінің кегін қайтарып, ел-жұртын, шаңырағын қорғайды.
35. Қарадөң батыр
Түпнұсқа ОҒК-ҚҚ 2-бумасында сақтаулы. Томға араб жазуындағы түпнұсқадан дайындалды. Ел аузынан жинап, қорға тапсырған – Ы.Бекхожин, 1935.
Жариялануы: Е,ІV, 263-271.
Бұл – фольклорындағы циклдық тұтастанудың классикалық үлгісі саналатын «Қырымның қырық батыры» эпосының ертегілік түрі. Қарадөң батырдың қалмақта кеткен кегін іздеуі – ертегінің негізгі сарыны. Жырдағы тоқсан баулы ноғайлының ханы өз баласы Бердіхан тұрса да хандықты батырлығы үшін Қарадөңге беретін идея ертегіде сақталады. Ертегіде батырдың жауы бірде қалмақ, бірде қалмақ жаулап жеткен қыздан туған үш дәу түрінде (Қақтырғай, Шажырақай, Шарын) аралас ұғынылады. Жаудың ұлын жау көру (тіпті ол жиен болса) қаһармандық салтқа тән. Қарадөңнің батырлығының ұрпағы арқылы жалғасуын көрсету үшін Қарадөңнің өзін бақытсыз жағдайда қалдырады. Ұрпағының әкесін іздеп жауға аттануы, әкесін құтқаруы ертегінің кіріспесі рөлін атқарады да Қарадөң ұлының жалмауызға жолығуы, оның сүтін еміп, баласы болуы, әкесі алысқан дәулермен алысуы, кемпірдің өз балаларымен бірігіп Қарадөңге қастық ойлауы мен қиын жолға жұмсауы негізгі сюжетті құрайды. Ал ұзақ жолда 2 дәумен кездесіп, олардың батырға достық көмек жасауы, жыланды, айдаһарды жеңуі, бәйтерекке келуі, тазша кейпіне еніп, шаһарға келуі сюжет ішіндегі сюжет. Қарадөң батыр бойындағы көне мергенге тән қасиеті атқан садағынан «қырық иненің көзі қырық бөлінді» деп дәріптеледі. Батыр бейнесі – қаһармандық эпосқа тән мадақталады. Негізгі жауын түбегейлі жеңбей үйленбейді, басқа мақсаттарға мойын бұрмайды. Ертегінің басты идеясы – осы, қалған оқиғалар соны ашуға қызмет етеді. Өзі келіп тиіспесе де алдын-ала іздеп барып, қалмақпен соғысады. Өйткені, жауды түбегейлі жеңу – жаугершілік заманның басты мұраты. Патшасын бағындырып, дінге кіргізіп, тәжін алып, шіркеуін бұзып, өз шаһарына келсе, тағы да қалмақ шапқыншылығына ұшырайды. Ертегідегі Тәжді тұтату арқылы әсер ету – көне магиялық ұғымдардың елесі. Басқа дінге кіргізу – кейінгі мұсылмандық сарын.
36. Нәрік батыр
Томға мәтін 1896 жылы «Дала уалаятының» 33-санында жарияланған нұсқасынан алынды.
Жинаушысы – А.Алекторов.
Жариялануы: ҚЕ, ІV, 255-259.
Батырлық ертегі Нәрік батырдың Құл Шора деген баланы асырап алуымен басталады. Асырап алу салты – ежелден келе жатқан ғұрып. Негізінен, өз кіндігінен ер баласы жоқ адамдар бала асырап алған. Патриархалды қоғамда ұл баласы жоқты «қу бас» атандырып, жиған-тергеніне мұрагер болмаса ең ауыр жаза ретінде қаралған (Арғынбаев, 1973, 79 б.). Халық дәстүрі бойынша, міндетті түрде орындалатын ғұрып – той жасап, ер балаға асық жілік, қыз балаға тоқпақ жілік ұстату әдетін істеп, бөтен рудан алынған жетім бала болса да, осы ғұрыптар арқылы заңды бала делінсе, олар өгей әкенің атына көшіп, сол рудың заңды ұрпағы болып саналады. Оған әкесінің туыстарының, тіпті жеті атаға толмаған ағайындарының қыздарына үйленуге қазақ салты қоспаған. Осындай жолмен асырап алған балаларды қазақ дәстүрінде «қандас емессің» деп бөлмеген. Бұл заңдылық ертегіде аттас ағайынды екі жігіттің қарым-қатынасынан көрінеді. Нәрік әйелінің ұл туып, оған «Шора батыр» – деп ат қоюы – әкесі үйде жоқта іске асады. Ұлды ерекше көру «ұл туса сүйінші сұра, қыз туса жәймен келіңдер!» – деу патриархалды сананың көрінісі. Отырықшылық өмір суреттері мен өзге жанрлардың ықпалы, мысалы, түрікпен жұртына кәсіп іздеп 7 жылға сапар шегуі (ат-тұрман, қару-жарақ істету үшін) Құл Шора, Батыр Шора балаларымен бірігіп үй салуы сияқты жағдайлардан байқалады. Тұтастанған батырлық жырлардың әсері Нәріктен туған Шораның әкесінің інісі Қырым батырмен кездесіп, оның жүйрік Таспагер ат беруге уәде етуі арқылы тұтас бір әулет ұрпағының өзара бірлігін дәріптейтін тұста көрінеді.
37. Бөген батыр
Томға ұсынылып отырған ертегі түпнұсқасы ОҒК ҚҚ, 668-бумада сақталған. СССР Ғылым академиясының қазақ филиалына 1935 жылы түскен бұл мәтін ел аузында «Ақбілек пен Тұрғын бала» деген атпен де тараған. Халық әдебиеті сериясының ІV томында да осы атпен жарияланған.
Жинаушысы – І.Нұрмағамбетов.
Аталған жырдың бірінші үлгісіне қарағанда, томға ұсынылып отырған екінші үлгісінің сюжеттік желісінде ертегілік сарын басымдық ала бастаған. Тұрғынның Мыстан кемпірдің, ханның қиын тапсырмасын бір өзінің орындауы, Самұрық құстың көмегі, қарындасына қамқорлығы, әкесін іздеп табуы т.б. Ертегіде қазақтың тұтастанған «Қырымның қырық батыры» жырының үлгісіндегі ноғайлы батырларының: Сүйіндіктің ұлы Тоған, Қырымнан шыққан Тарғын, Жаңбыршының ұлы Телағыс, Мұсадан туған отыз ұл, Смайыл Тобаяқ, Қарасай, Қази, Алпамыс, Шынтемір ұлы Асылхан т.б. есімдері аталады. Үлкен әйелдердің кіші әйелге қастандық жасап, туған баласының орнына иттің күшігін салып, ханмен араздастыруы – патриархалды полигамиялық отбасындағы әйелдер арасындағы кіші әйелден туған ұл баланың мұрагерліктегі басымдығын күндеумен байланысты. Ертегідегі Ақбілек пен Тұрғынның айдалада аң аулап өмір сүруінің негізінде көне сенімдердің ізі жатыр. Елден жырақ өмір сүретін ағалы-қарындас түркі-монғол халықтарына (алтай, хақас, тува, бурят) ортақ мотив. Бұл халықаралық көрсеткіштегі АТ 707 (таңғажайып балалар) сәйкес. Қаһармандық жырдың ықпалы Ақбілектің атасымен диалогының, тұйғын хабарының жыр үлгісінде берілуінен де көрінеді. Кейіпкердің екі түрлі ерлік жорықтары көрініс тапқан. Біріншісі – жалмауыз кемпірдің тапсырмаларымен жыланды өлтіруі, Самұрық құстың балапандарын құтқаратын – қиял-ғажайыптық ертегі дәстүрі болса, екіншісі – қалың қалмақпен жалғыз соғысып, еліне аман-есен оралуы. Кейіпкерлердің басынан өткен жайттарды «сиқырлы су», «жай тас» арқылы білуі – батырлық ертегінің қиял-ғажайыптық белгілері.
38. Бек батыр
ОҒК ҚҚ, 124-бумасында сақтаулы. Жолсыз қағазға сиямен араб әрпінде жазылған.
Жинаушысы – Ә Диваев. Бұрын еш жерде жарияланбаған.
Ертегіде қазақтың Бек деген батырының қалмақтардың қолына түсу оқиғасы баяндалады. Бек бойындағы хас батырға тән қасиеттер: «Жаныңды сақтаймын, дініме кір» деген хан сөзіне: «Бүгін босансам, ертең жауыңмын» деп қасарысуы, өзіне ғашық болған хан қызына мойын бұрмай, өз дегенін істеуі сияқты әрекеттерден көрінеді. Ертегі көлемі шағын болғанымен, батыр бейнесі айқын дараланған.
39. Садақбай батыр
Мәтін томға ОҒК ҚҚ, 156-бумасында сақталған қолжазба түпнұсқасынан өзгеріссіз дайындалды. Араб әріпімен жазылған. Бұрын еш жерде жарияланбаған. Жинаушысы: Аймағанов Сатыпалды. Солтүстік Қазақстан облысының тұрғыны. Ертегі кейіпкері Садақбай туғанда баланың алыптығына шыдамай шешесі өледі. Ерекше туған бала ерекше өседі. Сол ерен күшінің кесірінен елге сыймай, тау кезіп кетеді. Тау алыбымен айқасып, жеңеді. Сонан соң барып, ел-жұрты батырлығын мойындайды. Аш-жалаңаштың қорғанына айналған батыр қалмақтың Шона дейтін батырын жекпе-жекте жеңеді және қалмақтың Оян, Ноян дейтін батырларымен қалыңдығын құтқару үшін соғысып, ерекше ерлігімен дараланады. Садақбайдың жылқысын өзіне беруден аяған Сараңбайды жау қолынан азат етіп, малын қайтаруы оның батырлық мінезінің бір қыры ретінде суреттеледі. Ертегіде қазақ, қырғыз, өзбек халқының ортақ тағдыры суреттеліп Садақбай түркі жұртының ортақ батыры ретінде дәріптеледі. Кейінгі заман жаңғырығы әтряд (отряд) болып соғысу, «бай,кедей» деп мін тағу бірен-саран кездескенімен, ертегі кейіпкерінің негізгі әрекеті – қара бастың қамы емес, қалың халықтың қамы. Садақбай ерекше туылуына орай ерекше батырлық іс-әрекеттерімен мадақталады.
40. Қамбар батыр
Томға мәтін ӘӨИ ҚҚ 36-бумасындағы фотокөшірмесінен дайындалды.
Жариялануы: E, ІV, 279-281; Бабалар сөзі: 43 т, 331-332.
Батырлық жырдың 6 версиясының ішінде бұл ертегілік нұсқаны И.Н.Смирнова 1937 жылы Ленинградтағы И.Н.Березин нұсқаларының арасынан тапқан. Ертегі жайлы басқа мәлімет жоқ. С.Қасқабасов «Қамбар батыр» жырының бір циклге түскен үш сюжеттен тұратындығын анықтаған: 1) сұлу қыздың өзіне лайық жар таңдауы; 2) қаһарманның табиғат күштерімен тағы аңдармен (жолбарыспен) және 3) жаулармен күресі. (Қасқабасов С. Тұтастану – фольклор поэтикасының заңдылығы// ҚФП, 2001. 18 б). «Қамбар батыр» ертегісінде жырдағы ең көне сарын: сұлу қыздың жар таңдауы оқиғасы негізге алынады. Бұл мотив – өте ерте замандардан бастау алған, кейін түрліше дамыған, қыздан үміткерлерді қиын тапсырмалар орындауға міндеттейтін салттардың көрінісі. Ал ертегідегі күйеу таңдаудың әке ісі болып көрінуі кейінгі патриархалды қоғамның әсері. Батырлық жырдың осы сарыны жеке сюжетке негіз болып, ертегі заңдылығына сай баяндалады. ӘӨИ ҚҚ 341-бумасында сақталған «Назым қыздың әңгімесі» атты жырдың ертегілік нұсқасыда осы нұсқаның екінші бөлімі іспетті, мағыналық жағынан екеуіне де ортақ мотив негіз болған.
41. Алпамыс
«Алпамыс батыр» ертегісінің түпнұсқасы ӘӨЙ ҚҚ 50-бумасында сақтаулы. Айтушысы – Ә.Оспанов, жинаушысы – Т.Сыдықов).
Жариялануы: Е,ІV. 271-275. Бабалар сөзі, 33 том, 211-215.
Бұл – белгілі «Алпамыс батыр» жырының ертегілік түрі. Ертегіде эпоста баяндалатын оқиғалар түгел қамтылмайды. Ертегінің сюжеттік қаңқасын құрайтын негізгі мотивтер: баласыздық зары, әулие-әнбиелердің көмегімен кейіпкердің дүниеге келуі, батырдың ат таңдап мінуі, жалмауыздың алдауымен зынданға түсуі, атының батырды зынданнан шығаруы, еліне келгенде әйелінің тойының үстінен шығып, Ұлтанқұлды жеңіп дегеніне жеткені ертегі тілімен қысқаша баяндалады. «Алпамыс батыр» жырының сюжетіндегі кейбір мотивтер ежелгі замандардағы сақ, скиф жұрты заманынан бастау алады. Сондай-ақ, жырдағы, ертегідегі батырдың еліне келгенде әйелінің тойының үстінен шығуы көне гректің «Одиссея» жырында да бар. Бұл халықаралық көрсеткіште тіркелген. 947-AA*891. Бұл мотивтің түрліше сипаты жөнінде ғалымдар пікірлер айтқан. Аталмыш мотив орыс фольклортану ғылымында жан-жақты қаралған. (Толстой, 1966, Пропп, 1940. С. 252-254). Алпамыс батырдың түркі халықтарындағы түрлі версияларын салыстыра келіп, кейін В.М.Жирмунский Алтайдың батырлық ертегісі «Алып Манашпен» ұқсастықтарын сөз қылған.
42. Алты жасар Алпамыс
Түпнұсқа ОҒК ҚҚ 351-бумасында сақталған. Томға түпнұсқадан дайындалды.
Жинаушысы – Ә.Диваев.
«Алты жасар Алпамыс» ертегісінде әкесінің кегін, ел намысын қуған 6 жасар батырдың ерлік ісін суреттейтін эпизод басты негізге алынады.
Жариялануы: ҚЕ,ІІІ, 307-312; Е, ІV, 275-279. Бабалар сөзі, 33 том, 215-219. Мұнда Алпамыс әкесінің аты Байбөрі емес Жүзбай деп беріледі. Қарсылас жақтың «түс көруі» арқылы батырдың бейнесі сипатталып, болашақ соғыстың бағдары айқындалады.
Ертегіде Алпамыстың негізгі көмекшілері – соқыр қаз, жолдас жігіті Қаз – көне тотемдік түсінік. Қазақтың шежірелік тарихында қаздың бүкіл халықтың арғы атасы ретінде түсінілетін ұғымдар да бар. Алпамыс батырдың қаздан хабар айтуы – өзге түркі халықтарының батырлық эпосы мен ертегілеріне де тән мотив. Мысалы: Башқұрттың «Алпамыш и Барсын – Хылуу» деп аталатын ертегісінде жалғыз қаздан Барсын Хылу хат жолдаса, Алтайдың «Алып-Манашында» Алып Манаш – бір қаздың қанатын сындырып алып, өзінің еліне хат жазады. Бұл – өзбектің «Алпамышына» да тән. «Алпамыс» жырының прозалық нұсқасының сюжетіндегі ертегілік эпизодтар мен мотивтердің сипаты – жырдың батырлық ертегіге айнала бастаған нұсқасының негізгі белгілері.
43. Ер Тарғын
Томға еніп отырған ертегі түпнұсқасы ОҒК ҚҚ, 373-бума, 1-дәптерде сақтаулы. Томға түпнұсқадан дайындалды.
Жинаушысы – Н.Саркин, айтушысы – О.Қисықов.
Қазақ халқының арасына кең таралған «Ер Тарғын» жырын алғаш қағаз бетіне түсіріп, жариялаған – түркітанушы ғалым Н.Ильминский. Жырдың бұл нұсқасынан басқа В.Радлов, Ә.Диваев жариялаған нұсқалары да бар. Жариялануы: Белгілі батырлық эпостың ертегіге айнала бастаған бұл варианты алғаш Орынбор қаласында жарияланған. Шығарушы: Н.Саркин. Оренбург, 1904. Ол ертегіні Оспан Қисықовтан жазып алған. Зерттеушілер бұл нұсқаны «Ер Тарғынның» Марабай нұсқасына қарағанда солғындау деп есептейді. Алайда, онда жырдың ертегілік сипат ала бастаған ерекшелігі айқын байқалады. Жырдың халық арасына қарасөз түрінде таралған бұл нұсқасында түпкі сюжет сақталғанымен, (Ильминский нұсқасына жақын) негізінен, Тарғынның батырлық, ерлік істерін бөле-жара баяндауға мән берілген. Сондықтан, оның жыр үлгісіндегі тарығып – торығу, Ақжүністің сұлулығына мән беру т.б. жағдайлары көп баяндалмайды. Батырға қатысты оқиға ертегілік проза тілімен баяндалады.
44. Елеңке батыр
Түпнұсқа ӘӨИ ҚҚ 123-бумасының 7-дәптерінде сақтаулы.
Жинаушысы – Кәрім Рахманов.
Жариялануы: ҚЕ, ІІІ, 340-3417.
Ертегі бұрынғы жарияланымында аңыз ертегілер қатарында қаралған. Көлемі өте шағын болғанымен, Елеңке батырдың өлім алдындағы қайыспай, ар-намысын биік қойған қасиетін дәріптейтін ертегі дәстүрлі батырлық рухқа сай баяндалады.
45. Науша батыр
Түпнұсқа ӘӨИ ҚҚ 130-бумасының 5-дәптерінде сақталған.
Жинаушысы – А.Мырзағалиев.
Жариялануы: ҚЕ, ІІІ, 138.
Ертегі сюжеті әлеуметтік жік (бай, кедей) қарым-қатынасын баяндағанымен, жауымен бетпе-бет айқасатын ерлік ісімен дәріптелетін Науша батырдың ерге тән ат таңдауы, қарсылас батырымен жекпе-жек айқаста жеңіп, руын азат етуі, тіпті, елді айдаһардан құтқаруы батырлық ертегінің стиліне сай баяндалған.
46. Асыл кілт
Түпнұсқа ОҒК ҚҚ, 124 – бумада сақтаулы. Жинаушысы Қаденов
Кенжеғали.
Ертегіде кейінгі замандағы кітаби стильдің әсері болғанымен, кейіпкерлердің дүниеге келу, ерекше тұлпарға иелік ету, елді шапқан жауды жалғыз өзі жайрату оқиғалары жөнінен батырлық ертегіге тән белгілерімен назар аудартады. Батырдың аңшылық кәсіппен айналысып, өзінің елін қорғау жолында мерт болуы, ерлік ісін баласы жалғастырып, елін бақытқа жеткізуі батырлық рухқа сай берілген. Сондықтан, замандар өтсе де халықтың елін мұратқа жеткізер ерін армандауы, ардақтауының – мәңгілік тақырып екендігін көрсету мақсатында, ертегі томға енгізілді.
СӨЗДІК
Айбалта /к/ – ұзын сапты жарты ай бейнесіндегі кішірек балта, соғыс құралы
Алмас (қылыш) – өткір қылыш
Алтын қабақ /к/ – садақ тартқыш жігіттердің бәсеке сайысы
Алтын тақ – патша отыратын алтыннан жасалған орындық
Алтын тәж /к/ – патша мен хандардың басына киетін алтынмен әшекейленген арнаулы бас киімі
Ас беру /к/ – өлген адамның жылдығын еске түсіру салтына арналған мол қонақ асы: аста-төк ұлы жиын
Ат шапан айып – ескі әдет-ғұрып бойынша күнәлі адам өтейтін айып
Аян беру /к/ – біреуге түсінде бір нәрсе жайында, хабар белгі беру
Әсілі /д/ – асылы
Әтряд /о/ – отряд
Бажа – ағайынды не туыстас кісілердің қыздарына үйленген ер адамдар
Балгер – бал ашатын адам, сәуегей
Балдыз – әйелінің өзінен жасы кіші туыстары
Бура – айыр түйенің келеге түсетін еркегі
Бұйда /к/ – түйе не өгіздің мұрындығына тағылған ұзындығы 2-3 құлаштай бас жіп, бау
Ғаріп /а/ – мүсәпір, бейшара
Дарбаза – қораның, мекен-жайдың сыртқы үлкен қақпасы
Дәнігу – 1) құмарту, құнығу, дәндеу. 2) Бір әдетке үйрену, берілу, машықтану
Диуана /діни/ – ырызығын көптен тілеп, кәсіпсіз жүретін діндар, тақуа адам
Долдану – ашуға булығу, теріге симау, ызалану
Діңгек – талдың тұтас денесі, кесіндісі, бағана
Енші – бала жеке үй болып бөлініп шыққанда, ата-ананың бөліп беретін мал-мүлкі, үлесі
Жақ /к/ – кермесіне жебе салып тартатын қару, садақ
Жәдігөй – көз бояушы, сиқыршы, азғырушы, әзәзіл
Желмая /д/ – желмен жарысқан жүйрік, түйенің аналық түрі. Потаниннің айтуынша көшпелділерде жел иесі деген түсінік бар
Жолым үй – керегесіз уыққа киіз жауып, уақытша тігілген пана
Зындан /к/ –1) тұтқындарды жазалау үшін жер астынан қазылған терең қараңғы ор, апан. 2) түрме, абақты, терең қараңғы ор, апан. 3) ауыс. түнек, қапас, қараңғылық
Кебеже /к/ – тамақ, азық-түлік салу үшін әшекеймен, оюлап жасалған ағаш сандық
Кездік – қысқа сапты кішірек пышақ
Кезең – тау жотасындағы екі жағы түйе тайлы болып келген аласа жер
Кемер /а/ – белбеу, белдік
Көкпек – шөлді жерде өсетін ащы, қатты шөп
Көрік – ұстаның темірді қыздыру үшін теріден жасаған үрлеуіш құралы
Күрзі /к/ – шоқпар
Күрке – шағын баспана, лашық
Кіре /к/ – жалдамалы күш көлігі, лау
Кіреші /к/ – кіре тартушы кірекеш
Қазанат – барлық мезгілге төзімді жылқы түрі
Қайқайма – ернеуінен асып толған, үйме
Қиямет /а/ – қиыншылық
Қорықтық – отқа қыздырылған тасты салып пісірілген сүт
Мес /к/ – ешкінің бітеу терісінен қымыз, айран құю үшін жасалған ыдыс
Наркескен /к/ – болаттан соғылған екі жүзді алмас қылыш
Науа /к/ – малдың су ішуіне, жем, тұз жеуіне арналған үлкен, ұзынша астау
Олжа – күтпеген жерден пайда болған көлденең табыс
Садақ /к/ – ағаштан иіп жасаған ертедегі атыс құралы
Саржа /к/ – сүйекпен әшекейленген әдемі садақ, жақ
Саумал – әлі аши қоймаған бие сүті
Сауыр – малдың бел омыртқасынан құйымшақ тұсына дейінгі жерінің үсті
Сауыт /к/ – оқтан, найза-сүңгіден cақтану үшін ертеде батырлар киген тор көзді темір кіреуке
Сойыл /к/ – ыңғайлап жасалған, қару ретінде пайдаланылатын мықты, ұзын ағаш
Тебен – ұзын, жуан ине, жуалдыз
Шоқы – биік жота, төбе
Шолпы /к/ – сәндік үшін әшекейлі алтын немесе күміс теңге таққан шашпау
ТОМҒА ЕНГЕН ЕРТЕГІЛЕРДЕГІ ЖЕР-СУ АТАУЛАРЫ
Алатау – Қазақстан мен Орта Азиядағы, Сібірдегі бір қатар биік тау
сілемдерінің жалпы атауы.
Борықты бұлақ – ертегіде кездесетін мифологиялық қауіпті мекен.
Еділ – Каспий теңізіне құятын Еуропадағы ең үлкен өзендердің бірі.
Жер-Су – мифологиялық түсініктегі кеңістік.
Қырым – Қырым түбегі.
Мәден шаһары – ертегіде кездесетін қала атауы.
Мысыр – араб елінің Африкалық бөлігіндегі көне шаһар әрі ел атауы. Жергілікті арабтар Египетті де, оның астанасы Каирді де Мысыр деп атайды. Қазақ фольклорында, сондай-ақ көптеген шығыс халықтарының ауыз әдебиеті шығармаларында Мысыр атауы жиі ұшырасады.
Сорқұдық – ертегідегі қатерлі мекен, екі дүниенің аралық шекарасы..
Шұрқанды тауы – ертегідегі батырлар бас қосатын мекен
ТОМҒА ЕНГЕН ЕРТЕГІЛЕРДІ АЙТУШЫ, ЖИНАУШЫ ҺӘМ ТАПСЫРУШЫЛАР ТУРАЛЫ МӘЛІМЕТТЕР
АЛЕКТОРОВ Александр Ефимович (1861-1918) – қазақ мәдениетін, этнографиясы мен фольклорын зерттеу ісіне көп еңбек сіңірген, Орынбор пед. институтын бітірген. 1882 ж. Торғайға келгеннен бастап, ұзақ жыл халық ағарту саласында қызмет еткен. Бөкей ордасында, Астрахань губерниясында, Ақмола, Семей, Гурьев облыстарында халық училищелерінің директоры, инспекторы қызметін атқарған. А.Алекторов жинаған фольклорлық мұрагер жанрлық тұрғыдан сан түрлі.
АХМЕТОВ М. – Өзбек республикасының, Ташкент облысының жоғарғы Шыршық ауылында туған.
ҒАБИТОВА Фатима (1903-1968) – ауыз әдебиеті үлгілерін жинаушы. Талдықорған облысындағы Қапал селосында туған. Көп жылдар қазақ мектептерінде ұстаздық қызмет атқарған. 20- жылдардан бастап атақты қазақ ақыны І.Жансүгіровпен бірге қазақ ауыз әдебиеті үлгілерін жинаған. Әсіресе Ә.Диваев еңбектерін сақтап, жеткізуде Ф.Ғабитованың сіңірген еңбегі аса зор.
ДИВАЕВ Әбубәкір Ахметжанұлы (1856-1932) – Орынбор қаласында туған, сонда Неплюев кадет корпусын бітіргенде (1876 ж.) шығыс тілдерінің маманы деген атақ алып, Түркістан генерал-губернаторының қарамағында тілмаш болып қызмет еткен. Сол жылдардан бастап қазақтың ауыз әдебиетін жинап, зерттеп, баспа бетінде жариялап отырған. Эпостық жырларды, ертегілерді, балалар фольклорын, шешендік сөздерді қағазға түсірді, кейбіреуін орыс тіліне аударды. Ежелгі күнтізбе, астрономия туралы халық ұғымдарын жинады. Диваевтың ғылымға сіңірген еңбегін П.М.Мелиоранский, В.А.Гордлевский, В.В.Бартольд т.б. ғалымдар жоғары бағалады.
ЖАҚЫПБАЕВ Бозтай (1887-1970) – Павлодар облысы Баянаулы ауданында дүниеге келген. 1930 жылдан бастап СССР ғылым академиясының қазақ филалында, Тіл, әдебиет институтында қызмет еткен жылдары ол, қазақ ауыз әдебиеті үлгілері мен фольклорын көптеп жинаған.
БАЙҒҰТТЫҰЛЫ Көсембек (1884-1951) – ақын, жыршы, ауыз әдебиетін жинаушы. Ол қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы, Тоқтамыс аулында дүниеге келген.
Көсембек Байғұттыұлының халқымыздың бай ауыз әдебиетін жинауға сіңірген еңбегі ерекше. Қолжазба қорларында Көсембек ақынжинап тапсырған материалдар көп ұшырасады. Оның ел аузынан жинаған «Мәлікриан, Рабиғұлмүлік, қыз Жәмила», «Әмір патша мен Таймас уәзір», «Сәтбек батыр» дастандары, Құламерген туралы ертегілер ауыз әдебиетін зерттеушілер үшін құнды материалдар болып табылады.
БЕКХОЖИН Қалижан (1913-1990) – Әдебиетке ХХ ғасырдың 30 жылдарында келген ақын ХХ ғасырдың сыршыл, лирик ақыны ретінде танылды. Алуан түрлі тақырыптағы лирикалық өлеңдерімен қоса, 30-дан аса поэма мен бірнеше әдеби-сын кітаптар жазған. Сонымен қатар, ел аузынан жиналған аңыз, әңгіме, ертегілерді жинақтап, ОҒК-нің қолжазба қорына тапсырған.
ҚАДЕНОВ Кенжеғали – Бұрынғы Шымкент облысының тұрғыны.
ҚИСЫҚОВ О. – Қостанай уезі, Кеңарыс болысында өмір сүрген.
МАРҒҰЛАН Әлкей Хақанұлы (1904-1985) – ғалым, ұлттық археология мектебінің негізін қалаушы, әдебиеттанушы.
1921-1925 ж. Семей педтехникумында оқи жүріп, «Таң» журналы мен «Қазақ тілі» газетінің редакцияларында қызмет еткен. 1925-1929 ж. Ленинградтағы (Санкт-Петербургтағы) Шығыстану институтының түркітану және тарих-филология факультеттерінде қатар оқыған. 1928 ж. қазақ халқына қатысты әдеби мұрағаттық деректер жинаған. 1939-1941 ж. КСРО ҒА Қазақ бөлімшесі тарих институтының аға ғылыми қызметкері, 1940-1941 ж. «Мәшһүр Жүсіп мұрасындағы түркі эпосы», «Әлішер Науаи және қазақ мәдениеті», «Шоқан Уәлиханов және Орта Азия тарихы» , «Жамбыл Жабаев», т.б. еңбектері жарық көрді. 1941 ж. КСРО ҒА Қазақ бөлімшесінің тарих бөлімін басқарды. Осы қызметте жүріп, «Хандар жарлығының тарихи маңызы» деген тақырыпта кандидаттық (1943 ж.), «Қазақ халқының эпикалық жыр-дастандары» тақырыбында докторлық диссертация (1945 ) қорғады. «Қазақ халқының көне замандағы ақындық өнерінің шеберлері» (1959 ж.), «Шоқан және Манас» (1971), т.б. ғылыми маңызды еңбектер жазған.
Мәшһүр Жүсіп Көпеев (1858-1931) – көрнекті қазақ ақыны, публицист, фольклоршы, этнограф, ағартушы. Қазіргі Павлодар облысы, Баянауыл ауданындағы Қызылтау аймағында туып-өскен. Ол өзінің бүкіл саналы өмірін, қазақтың халық әдебиетін, этнографиясын жинап, жариялауға арналған. Сол мақсатта Қазақстан жері мен Орта Азия елдерін аралауға көп күш жұмсады. Соған байланысты белгілі оқымыстылармен, ақындармен кездесіп, түрколог-академик В.В.Радловпен танысады. Машһүр Жүсіптің қазан төңкерісіне дейін шыққан қазақ газет-журналдарының белсенді авторларының қатарындағы, фольклорлық материалдарды жариялаудағы еңбегі ұшан-теңіз. Сонымен бірге, ол күллі ғұмырын халықты сауаттандыруға жұмсады десек те болады.
НҰРМАҒАМБЕТОВА Оразгүл (1922-2003). – Қызылорда облысында туған. Белгілі фольклортанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор. Көп жылдар М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында басшылық қызметтер атқарған. Көптеген фольклорлық экспедицияларды басқарып, ел ішіндегі халық әдебиеті үлгілерін, көне қолжазбаларды жинастырып, институт қорына жинақталуына ұйытқы болған. Ғалым”Қобыланды”, “Едіге” сияқты бірқатар таңдаулы қазақ эпостарын зерттеп, жариялауға көп еңбек сіңірді.
РАДЛОВ Василий Васильевич (Фридрих Вильгелм) (1837-1918) – орыс шығыстанушысы, түркітанушы, этнограф. Петербург ҒА-ның академигі (1884). 1858 ж. Берлин университетін бітірген. Азия (1885-1890), антропология және этнография (1894-1903) мұрағаттарының директоры, Орта және Шығыс Азияны зерттеу жөніндегі орыс комитетін құрушылардың бірі және оның төрағасы (1903-1918).
Берлин, Галл қалаларында оқып жүрген кезінен бастап шығыс тілдерімен шұғылданды. 1858 ж. мамырдың 20-сы күні Петербургке келді, орыс тілін үйренді. В. Радловтың ғылыми өмірі Алтай (1859-1871), Қазан (1871-1884), Сібір (1884-1818) кезеңі болып, үшке бөлінеді. Алтай кезеңінде бірнеше дүркін қазақ жеріне келіп, оның шығыс өңірінен бастап, Сырдарияға дейін аралаған. Ғалымның атақты «Образцы народной литературы тюркских племен, живущих в Южной Сибири и Дзюнгарской степи» жинағының үшінші томы қазақ фольклорына арналған.
САДЫҚҰЛЫ Н. (1911-2000) – Ескіше сауатты болған. ҚХР-дағы «Шалғын», «Мұра» секілді мерзімді басылымдарда ауыз әдебиеті нұсқаларын жариялап тұрған.
САРКИН Николай – ұлты қазақ, шын аты-жөні Хакімжан Сәркеұлы. Оның туып-өскен жері – Қостанай уезі, Кеңарал болысы. Шіркеу қызметін атқарған. Кейін Омбыға қызметке (земское управоға) ауысады. Н.Саркин – өз қызметін атқара жүріп, Қазан төңкерісіне дейінгі қазақтың ауыз әдебиет үлгілерін жинауға үлкен еңбек сіңірген адам. Ол 1904 жылы «Ер Тарғын» жырын Қисықов Оспанның айтуынан жазып алып, орыс тіліне аударған. Сол сияқты орыс тіліне қазақтың «Мақал-мәтелдерін», «Самұрық құс» ертегісін т.б. аударған.
Ташкент Түркістан АКСР-нің астанасы болған кезде Орта Азия мемлекеттік университетінде, Түркістан шығыс институтында профессор, Ташкент өлкелік мұрағатының этнографиялық-археологиялық бөлімін басқарған. Ташкентте Халел Досмұхамедұлы қазақ-қырғыз білім комиссиясын басқарған кезде Ә.Диваев жинаған фольклорлық шығармаларды жүйелеп, жарыққа шығаруда көп еңбек сіңірген.
ЫСМАЙЫЛОВ Есмағамбет (1911-1970) – Ақмола облысының Еңбекшілер ауданында дүниеге келген. Әдебиет зерттеуші, филология ғылымдарының докторы. ҚР ҰҒА-ның корр. мүшесі (1958). Қазақ КСР-ның еңбек сіңірген ғылым қайраткері. Ғалымның әдебиет тарихына, қазақтың рухани бай мұрасын жинап, зерттеуге қосқан еңбегі ұланғайыр.
УАХАТОВ Бекмұрат (1932-1984) – әдебиет зерттеушісі, филология ғылымдарының докторы 1957-58 ж. “Қазақ әдебиеті” газетінде тілші, 1958-82 ж. ҚазССР ҒА-нің Әдебиет және өнер институтында кіші, аға ғылыми қызметкер, 1982-84 ж. қолжазба және текстология бөлімінің меңгерушісі болып қызмет істеді. Ғылыми еңбектері қазақ фольклорының өзекті мәселеріне арналған.
ШАРТТЫ ҚЫСҚАРТУЛАР
ӘӨИ – М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты
ОҒК – Орталық Ғылыми кітапхана
Ш – шифр
дәп – дәптер
/а/ – араб
/о/ – орыс
/к./ – көне сөз
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР
(Түсініктерде қолданылған қысқартулар) АА – Андреев Н.П. – Указатель сказочных сюжетов по системе. Аарне. Л., 1929. Аз – Азербайджанские тюркские сказки. Перевод, статьи и коммент. А.Багрия и Х.Зейналлы.– М. – Л., 1935.
Азибаева – Азибаева Б. Казахский дастанный эпос. – Алматы, Ғылым, 1998.
Алтынсарин –Алтынсарин И. Киргизская хрестоматия. – Оренбург. 1879
Арғынбаев – Арғынбаев Х. Қазақ халқындағы неке мен отбасы. –Алматы, 1973.
АС – Алтын сақа. Құраст.: К.Сейдеханов. Алматы, 1983.
Астахова – Астахова А.М. Народные сказки богатырях русского эпоса. Л., 1962. АТ – The Types of the Folktale. A Classіfіcatіon and Bіblіography Anttі Aarne's Verzeіchnіs der Marchentypen (FF Communіcatіons № 3). Translated and Enlarged by S. Thompson. Helsіnkі, 1961 (FFC № 184). Афананасьев – Народные русские сказки А.Н.Афанасьева в трех томах. Т.І.М, 1984.
Әзібаева –Әзібаева Б. Қазақ дастандары. Алматы, 2009.
Әзірбаев –Әзірбаев К. Таңдамалы шығармалары. Өлеңдер, дастандар, айтыстар. – Алматы, Жазушы, 1974. Әуезов – Әуезов М. Ертегілер.– Қазақ әдебиетінін тарихы, 1-т. Фольклор. – Алматы, 1957.
Байтұрсынов – Байтұрсынов А. Ақ жол. – Алматы, 1991.
Баялиева – Баялиева Г.Н. Пережитки магических представлений и их изживание у киргизов.– Фрунзе, 1967.
Бердібай – Бердібай Р. Эпос мұраты. – Алматы, 1986.
Бессонова – Башкирские народные сказки. Запись и перевод Бессонова А.Г. Уфа, 1941. Валиханов – Валиханов Ч. Собрание сочинений в 5-ти томах Т. 1-3. – Алма-Ата, 1961-1964. Васильев –Васильев А.В. Образцы киргизской народной словесности, Оренбург, 1898 Веселовский – Веселовский А. Н. Историческая поэтика. – Л., 1940; Историческая поэтика. – М., Высшая школа 1989.
Ғабдуллин – Ғабдуллин М. Қазақ халық ауыз әдебиеті. – Алматы, 1964.
ДУГ – Дала уалаяты газеті.
ДУГ 1989 – Дала уалаятының газеті. – Алматы, 1989.
Дж.Фрезер – Дж.Фрезер. Фольклор в Ветхом завете. – М., 1989.
Диваев ЭМ – Диваев А. А. Этнографические материалы. – Сборник материалов для статистики Сырдарьинской области. Ташкент, вып.1 ХІІІ, 1891-1907; вып. 2, 1892; вып. 3, 1894; вып. 4, 1895. Е – Қазақ халық әдебиеті: Көп томдық/ Ертегілер. Т.1-4. – Алматы, 1988-1989.
ЕА – Ертегілер және аңыздар. Шыңжаң халық баспасы, 1958.
ЕлҚ – Ел қазынасы – ескі сөз. – Алматы, 1994.
ЕВ – Еberhard W., Boratav P. N. Typen turkіscher Volksmarchen. Wіesbaden, 1953. ЖС – Потанин Г.Н. Казак-киргизская и алтайская предания, легенда и сказки // Живая старина, 1916. Вып. 2-3. Жирмунский – Жирмунский В.М. Сказание об Алпамыше и богатырская сказка. М. 1960. Жұмалиев – Жұмалиев Қ. Қазақ эпосы мен әдебиет тарихының мәселелері. – А.: Қазақ мемл. Көркем әд., 1958. Каскабасов, 1972 – Каскабасов С.Казахская волшебная сказка. – Алма-Ата: Наука, 1972. Кеңесбаев – Кеңесбаев С. Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі.– Алматы, 1977. Ковалевский – Ковалевский М. Современный обычай и древний закон.– М., 1953. Т.1.
Косвен – Косвен М.О. Очерки истории первобытной культуры.– М., 1957.
Крафт – Крафт И.И. Из киргизской старины. Оренбург, 1900.
КС – Казахские сказки. Т. 1– 3. Сост. и ред. Сидельникова В. М. – Алма-Ата, 1958 – 1964.
КСН – Казахские народные сказки. Т. 1– 3. – Алма-Ата, 1971.
ҚАЕ – Қазақ аңыз-ертегілері. – Бейжиқ: Ұлттар баспасы, 2002.
Қалиолла – Ахметжан Қалиолла. Жараған темір кигендер.– Алматы, 1996.
Қасқабасов, 1984 – Қасқабасов С. Қазақтың халық прозасы. – Алматы, 1984.
Қасқабасов, 2008 – Қасқабасов С. Елзерде. – Алматы, Жібек жолы. 2008.
ҚӘТ – Қазақ әдебиетінің тарихы. Фольклорлық кезең – Алматы, 2008.
ҚЕ – Қазақ ертегілері, т. 1– 3. Құраст: Е.Ысмайылов, Б.Адамбаев,Б.Ысқақов, Б.Уақатов, Г.Сұлтанғалиева. Алматы, 1957 – 1964.
Қоңыратбаев – Қоңыратбаев Ә. Көп томдық шығармалар жинағы. – Алматы, 2005
ҚФП – Қазақ фольклорының поэтикасы.– Алматы, 2001.
ҚФТ – Қазақ фольклорының типологиясы. – Алматы, 1981.
ҚХЕ – Қазақ халық ертегілері. Құраст: О.Қанафин, З.Сәнік. Шыңжаң халық баспасы, 1980. Ыбыраев – Ыбыраев Ш. Эпос әлемі. Қазақтың батырлық жырларының поэтикасы. – Алматы, 1993. Марғұлан –Марғұлан Ә. О характере и исторической обусловленности казахского эпоса. Изв.хр. АН ССР. Серия. истории. 1946.
Мелетинский – Мелетинский Е.М. Поэтика мифа. – М., 1976.
Мелетинский 1 – Герой волшебной сказки. М., 1958.
Мингажедтинов – Мингажедтинов М.Х. Мотив чудесного рождения в богатырской сказке. – Сб. «Эпические жанры устного народного творчества» Баш. Гу, Уфа, 1969. Миропиев – Миропиев М. Демонологические рассказы киргизов. Записка императорского русского географического общества по отделению этнографии. Том Х. Выпуск 3. 1888. Михайловский – Михайловский В.М. Шаманство. Сравнительно-исторические очерки. Вып.1. – М., 1992.
Пантусов – Материалы к изучению казах – киргизского наречия. – Казань, 1901 Потанин – Казахский фольклор в собрании Г. Н. Потанина (Архивные материалы и публикации). Сост. и комментарии С. А. Каскабасова, Н. С. Смирновой, Е. Д. Турсунова. – Алма-Ата, 1972. Потапов – Потапов Л.П. Материалы по этнографии тувинцев районов Мангун-Тайги и Кара Холя. Материалы по археологии и этнографии Западной Тувы, 1960. Пропп – Пропп В.Я. Фольклор и действительность. –М.: Наука, 1976; Исторические корни волшебной сказки. – Л.: Изд-во ЛГУ, 1986. Радлов – Радлов В.В. Образцы народной литературы тюркских племен, живущих в Южной Сибири и Дзунгарской степи. Часть 3. Киргизское наречия СПб, 1870.
Сейфуллин – Сейфуллин С. 6-томдық шығармалар жинағы. – Алматы, 1964. – Т.6.
Сыдықов – Сыдықов Т. Қазақ халқының батырлық жырлары. – Алматы, 1972.
СУС – Сравнительный указатель сюжетов. Восточнославянская сказка. Сост.,Л.Г.Бараг, И.П.Березовский, К.П.Кабашников, Н.В.Новиков. – Ленинград, 1979.
Тарту – Диваев Ә. Тарту. Ташкент, 1924
Тайлор – Тайлор Э.Б. Первобытная культура. – М.: Политиздат, 1989.
Толеубаев – Толеубаев А. Реликты до исламских верований в семейной обрядности казахов. Алма-Ата, 1991.
Толстой – Толстой И.И. Статьи о фольклоре. – М-1. Наука 1966. Турсунов 1 – Турсунов Е. Д. Генезис казахской бытовой сказки. (В аспекте связи с первобытным фольклором). Алма-Ата, 1978. Турсунов 2 – Тұрсынов Е. Д. Қазақ ауыз әдебиетін жасаушылардың байырғы өкілдері. Алматы, 1976.
Уәлиханов – Уәлиханов Ш., Таңдамалы. 1 том. Алматы, 1985
Уахатов – Уахатов Б. Қазақтың халық өлеңдері. – Алматы, 1974.
Халық әдеб – Ыбыраев Ш., Алпысбаева Қ., Т.Әлбек. Халық әдебиетін жинау, жүйелеу, сақтаудың әдістемелік құралы. Қайта өңд. 2-бас. – Алматы, «Кие» лингволтану инновациялық орталығы, 2009. Штернберг – Штернберг Л.Я. Семья и род у народов – Северо-Восточной Азии. Л., 1933.
ЭО – Этнографическое обозрение. 1906-1909.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру