Көптомдық шығармалар жинағы 5 том
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Авторы: Тұрсынбек Кәкішев
УДК 821.512.122 ББК 84 Қаз-7 К 24 Қазақстан Республикасы Мəдениет жəне ақпарат министрлігі Ақпарат жəне мұрағат комитеті «Əдебиеттің əлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша шығарылды Кəкішев Т. К 24 Көптомдық шығармалар жинағы / Тұрсынбек Кəкішев. – Алматы: «Қазығұрт» баспасы», 2013. Т. 5. – 384 б.
ISBN 978-9965-22-441-6
Филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсынбек Кəкішевтің көптомдық шы ғармалар жинағының 5-томы өткен ғасыр басындағы қайраткер қаламгерлердің ел руханиятына қосқан үлесі жəне өзі көрген аға буын өкілдерінің талант қарымы туралы автордың толғанысқа толы зерттеу мақалалары мен естеліктерінен құралған. Кітап көпшілік оқырман қауымға арналған.
УДК 821.512.122
ББК 84 Қаз-7 ISBN 978-9965-22-441-6 ISBN 9965-22-246-0 © Кəкішев Т., 2013 © «Қазығұрт» баспасы», 2013
БЕЙІМБЕТ – КӨРКЕМСӨЗ ШЕБЕРІ
БЕЙІМБЕТ – КӨРКЕМСӨЗ ШЕБЕРІ Қазақ совет əдебиетінің негізін қалаушы ақын-жазушыларымыздың Сəкен, Бейімбет, Сəбит, Ілиястардың творчествосымен жіті танысқан уақытта ең алдымен көзге түсетін бір ерекшелік – совет əдебиетінің негізі бүгінгі күн тақырыбына кеткендіктен де оны өзгешелік деп айтудың орны жоқ сияқты. Ал жаңа ғана туып, қаз-қаз басып келе жатқан дəуірде бұл тақырып əрі-беріден соң ақынжазушының таптық платформасын айқындайтын асу болғандығы аян. Біздің қазақ əдебиеті тарихында осы асқар асудан аса алғандар ғана советтік жаңа заманның жаршысы болды. Жаңа өмірдің асуынан ойланбай өткен Сəкен мен Сəбит, ал бұралаң соқпақтар арқылы асқандар Бейімбет пен Ілияс болғандығы көпшілікке мəлім. Бейімбет əдебиет əлеміне аяқ басқанда қазақтың демократияшыл интеллегенттеріне үн қосып, өз дарынын халықты ағарту, өнер білімге жеткізу мақсатына жұмсауды көздеді. Оның «Шұғаның белгісі» атты повесі қазақ прозасының ілгері аттаған зор қадамындағы белес қана емес, сонымен қатар автордың ағартушылық бағытын айқын танытатын əйгілі де шығарма. Алайда осы идеяны бекем ұстауға Бейімбеттің мұршасы келмей қалған да сəті болды. 1916 жылғы июнь жарлығы кезінде: «Ел іші қалың тұман – жылау-сықтау, «Балам» деп, ия «байым» деп зарлап, жоқтау. Ел састы, жүрер жолдан адасты ғой, Қол ұшын беретін жан сірə жоқ па-ау!..» – деп жолды алар жəрдемді іздестірсе, «Қара күн» дейтін өлеңінде
(«Алаш» газеті, 29 январь, 1917) келешекке күмəндана қарап, жарық таңның атарына шек келтіргендей болды. Февраль революциясы Бейімбетті біраз жадыратты: «Сергіді жас жүрегім, дерті басқан Кешегі қара күннің кеткен езіп. Құл басым азат болып, көңіл тасқан Көрмеген мұндай күнді бала жастан. Керіліп екі қолым сермегенде Көзіме тең көрінді жер мен аспан!» Патша самодержавиесінің күлін көкке ұшырған буржуазиялық-демократиялық ақпан революциясының мəн-маңызын жалпы əуен тұрғысынан түсінген Бейімбет бұданда гөрі зор болашақ бар, халыққа шын азаттық əперетін күн таяу деп парықтай бермеді. Қазан революциясының зор екені мен келгені ақпан берген шолақ бостандықты тартып алатындай көрінеді де, «Қазақ», «Сарыарқа», «Бірлік туы» газеттеріне бірталай өлеңдерін жолдады. Бейімбеттің бұл кезеңдердегі өлеңдерінде сары уайым жоқ екендігін ашық айтсақ та, Октябрь революциясына үрке қараушылық, төңкерістің мақсатына түсінбеушілік болмады деу қиын. Уақыттың аумалы-төкпелілігі, жаңа заманның алып қарқыны, азамат соғысының лаңы Бейімбетті шошытты. «Ұлтым», «елім», «қазағым», «азаттық əперем» деген дəрмен біраз барып, ойлануына тура келді. Сезімтал ақынның алашордашылардың іс-əрекетінен алғаш рет сенім алған шағы – земство мен құрылтай сайлауларының кезі. «Құлдықтан құтылып ап маң-маң бастық, Жиылып əрбір жерге съезд аштық. Атақты мырзаларды алға салып Алуға ел билігін араластық. Бір съезд, екі съезд...оңға барды, Айтқаны орындалмай жолда қалды.
Өкілдер, жұрт сайлаған, шабуылдап Пальтосын, тройкасын оңдап алды. Ойлайық: содан басқа неміз бітті! Өткеннен өзгерген жоқ қазақ тіпті. Тұрмысқа зор өзгеріс салады деп Емеспе-ек бостандықтан зор үмітті!» – деп Бейімбет кейбір мырзалардың үмітті ақтамай, пальтосы мен тройкасын түзетіп алғанын, қоғамдық іске бара алмағанына назаланды, «сайлауын земство қазақ сезіп, таласқа тағы белін байлап алды» деп қамығады да: «Сенбеймін мен қазаққа нақ бұл күйде, Іс бастап жүргізер деп бүгін таңда», – деп көп жылдан бері көріп жүрген өмір тəжірибесіне сүйеніп өзінің салмақты ойын түйеді. Алғаш қалам тартқанда сыншыл реализм дəстүріне бой ұрған, саяси лириканы өз ой өрісіне паралар құрал еткен. Бейімбет 1918 жылдарда жазған шығармаларында əлгі секемін күдікке, күдікті шындыққа айналдырады. Əсіресе «Əкесінен хат» пен «Садақбай» деген өлеңдер мен «Сексен сом» деген əңгімесінде алашорданың озбырлығы мен жебірлігін, ашкөздігін, берерінен аларының көптігін, ел тіршілігіне əлегі, өкілдердің ісіне риза еместігі айқын байқалады. «Сексен сом» атты əңгімесінде Бейімбеттің өзіне тəн жазушылық почеркі, кейініректе қалыптасқан бейімбеттік стильдің ұшқындары айқын көрінеді жəне өмір шындығын барынша пəрменді жеткізу үшін үлкен мəселелерге бармай «ұсақ-түйектен» үлкен мəн шығара білетін тəсіл де жұрттан бойын тасаламайды. «Сексен сомда» елдің, əсіресе кедейлердің алашорда өкілінен көрген зəбірі суреттеледі. Əңгімеде оқиға аз: алашорда психологиялық толғанулары арқылы ашылып, үлкен түйіндеуге ие болған. «Сексен сом» дегенде Егеубайдың таянып тұрған
күрегі жерге түсіп кетеді. Неге? Өйткені Егеубай мұның алдында жинаған салық кезінде ақшам жоқ, қолым қысқа адаммын дегенінен жазып, «мынау большевик, қарсылық қып тұр» деген айып тағылып, ұсталып кете жаздап «қатынының былтыр төркініне барғанда əкелетін жалғыз қызыл сиырының тайыншасын беріп, зорға құтылып еді». Енді міне тағы да сексен сом. Қарызға белшесінен батқан Егеубай оны қайдан таппақ? Басы артық ештеңесі жоқ. Бар ойлап тапқаны – ертерек тұрып, өкіл мен ауылнайдың көзіне түспей Самалықтағы құдасына кету. Азаңғы шайын іше бергенде ауылнайдың кіші баласы кіріп келіп: «Ата, сені делегаттар шақырады» деді. «Сексен сом – оның жаны, делегаттар – жан алатын əзірейіл секілді көрінеді». Өлексесін сүйретіп, ауылнай үйінің босағасын аттады-ау, əйтеуір. Амандық-саулық жоқ, берген сəлемді алудың орнына өкілдер бірден мынадан бастады: – Отағасы, ақша тап! – Қарағым-ау, соқыр тиыным жоқ, жерден қазайын ба? – Мынауың «Алашордаға» қарсы ғой өзі...» – деген диалогтар кімнің қандай күйде екендігін аңғартатын психологиялық штрихтер. Егеубай «жалғыз атты «Алашорда» қақшыды. Құдай-ау, енді қайда барып күн көреміз», – деп зарлап қала берді. Əңгіменің бар мазмұны осы. Егеубай өзінің бар психологиялық толғанысы, ойы, тілімен сөз өрнегіне түскен. Бейімбеттің жазушылық шеберлігі биік дəрежеде екендігін жəне реалист жазушының қазақ совет əдебиетіне əбден ойыса бастағанын көрсетеді. Ақ ниетімен аңқылдап жүргенде алашордашылардың алдауына түсіп қалғандарына Бейімбет əкенің атынан хат жазады: «Қарағым-ау, қарағым, «Ордаңды» қой, үйге қайт. Адасқан сендей бар болса, Олар да қайтсын сəлем айт!» – деген тұжырымды дұрыс деп тауып, бел байлағанның бірі – ең алдымен Бейімбеттің өзі болды.
Осы шалыс қадамы жайында Б.Майлин өзінің өнерпаздық жолын баяндаған бір мақаласында былай деп жазды: «Ұлтшыл əдебиетпен суарылған соң, одан басқа көргенің болмаған соң, ол кезде ел ішіндегі жастарды баулып түсіндіруші, ұлтшылдық жолдың терістігін ұғындырушы болмаған соң, қайтесің, адасасың» («Жаңа əдебиет» журналы, 1931 жыл, № 6 – 7). Ақ жүректің əмірімен жазылған осы жолдарды ҚазАПП-тың дөрекі социологияға ұрынған сыншылдары құрыққа сырық жалғап көрсетуге тырысқан болатын. 1932 жылы Бейімбеттің творчестволық еңбегіне жиырма жыл толуы қазақ əдебиетінің тарихында тұңғыш рет аталып өтті. Міне сол мерекелі шақтың өзінде дөрекі социологияның шырмауынан шыға алмай жүрген сыншылар Бейімбеттің «кім?» екендігін «танытпақ» боп өткендегіні қасақана қазбалап, орынсыз даттағанын айтып өтпеске болмайды. В.И.Лениннің тарихи шындықты бұрмалауға болмайды, оны жақсартуға да, бұзуға да, құлдыратуға да болмайды деген пікірін ұмытуға болмайды. Сондықтан да тарихта болған оқиғаларға барынша объективті қарап, дұрыс бағасын беруге міндеттіміз. ГАЛЕРЕЯ ТӨРІНДЕ – МЫРҚЫМБАЙ Социалистік реализм əдісі жазушыдан қоғамдық өмірді шынайы қалпында, революциялық даму барысында нанымды суреттеп, жағымды образ жасауды талап ететіні көпшілікке аян. Көркемдік əдістің бұл қағидасы кейінгі кезде тұжырымдалғаны болмаса, данышпан Горькийдің, дауылпаз Маяковскийдің, еңбек пен ерліктің жыршылары – Серафимович, Фадеев, Фурманов, Гладков, Шолоховтардың, қазақ совет əдебиетінің атасы Сəкен Сейфуллиннің шығармаларында социалистік реализм принциптері нақты жүзеге асып келген болатын. Заман тілегіне орай шығарма беру қажеттігі Бейімбетті творчестволық тұлға тауып алуға мəжбүр етті. Ақын қоғамдық өмірдің əр саласына көз тастады. Ерік кетіп басынан, келін боп сызылып тұрған қыз кездесті, біраз ой-
ланды да ілгері тартты, іспен шаруасы болмай, қарт ойнаумен күнін өткізген, бала-шағасын бір тілім нанға зар еткізген Мақтымнан Күлпаштың айырылатын ыңғайын байқады, осыларға тоқтасам қайтеді дегендей ой ақынға орала бергенде, малмен емес, адаммен сауда жасап жүрген сұмырай «Жəкеңе» көзі түсіп, жаны түршікті, өткір сөзді өңменіне қадады да ілгері тартты. Арпалысып тұрған «Шал мен қызға» кезікті: «Қайтып ал малыңды, тимеймін! Еркім бар, өзімді өзім билеймін!» деген қыздың өктем дауысына разы болып, əрі жүріп кетті. Тоғыз жолдың торабында «Кедей» мұңайып тұр екен: «Байсыз өлмейсің, кəсіп қыл, тырыс. Құлдықты көрмейсің, істе жұмыс» деді де, «Бар сенгенім – Николай, тақтан ұшып құлады, бүлініп дүние, ойпырм-ай, біздей сорлың жылады» деп зарлап отырған байдың үстінен шықты, мысқылдап күлді. Енді бір бұрылыста бой күйездігі жеңіп, ел ісіне ебі келмей тұрғанды əжуалады да, қойшы-қолаң мен жалшы-жақыбайлардың қасына таяна бергенде: «Мырқымбай! Мырқымбай! Мырқымбай! Бай, бай, бай, бай! Жүрмейсің жай Нең бар еді? Əй, құдайым-ай!..» – деп кейіген шалдың дауысына елегізи түсті. «Таныс есім, кім еді сол?» – деп ойға батқан ақын кедейліктен сіңірі шыққан, тойып тамақ ішпеген, байдың ит-қорлығында жүрген ынжық, 1916 жылы көзінен қаны ағып окопқа кеткен босөкпе, аштық жылында бір тілім нан беріп, өзі жəрдем еткен былжыр Мырқымбай емес пе екен деп əлгі топқа келсе, жаман тымағын көзіне түсіре киіп, түксиіп сол Мырқымбайдың өзі тұр. Амандық-саулық сұрасқаннан кейін, қызу əңгіме басталып кетті. Өмір өткелдері етін тірілткен, жаңа үкіметтің орнауынан нəр алған Мырқымбайдың сөзі нық, қимылы пысық көрінді. «Қолтығынан көтеріп, қолдап жіберсең осыдан адам шығады» деген қорытындыға келді ақын. Екеуі сол жерде достасты. Бұл тарихи уақиға 1922 жылы болды.
Сол жылғы қыстан кедейлер қысылып шықты. Шөп аздығына тамақтың тапшылығы қосылды. Көктем кезінде жыл құсындай боп ақын да жетті досына: «Əкел бері, көк шолақты, Мырқымбай, Тез қамытта, ағаш соқа жегелік!» – деп өмірі істемеген кəсіпке бастады. Егін салуды ойына да алмаған Мырқымбай алғашқы күндері қауырт қимылдап жіберіп, шаршап қалды ма қалай, жоқ болмаса шаруақор əкесі мен барып жыртайын деді ме, əйтеуір егін жайдың басында бір сиыры мен көк шолағын пар жегіп, шалдың өзі жүр жер жыртып: «Əй, құдай-ай, ауылнай-ақ, қорлады-ау! Соған тыю, соған жаза болмады-ау. Айт, боразна!..Көк шолақ ит тартпауын... Бəрекелді-ай, сауын сиыр сорлады-ау!» – деп кедейліктен туған кейістікті ен далаға жайып жүр. Көктемгі бейнет күзде рахатқа айналды, қыстан күйлі шықты да, егінді бірлесіп салып, пішен шабуға аттанды. «Майлаусыз сықырлаған ағаш арба Көк шолақ мықшыңдайды тартып зорға. Шаңырағын таңып алып жүк үстіне Мырқымбай көсемсініп барады алда!». Мырқымбайдың санасын күннен-күнге, жылдан-жылға өсе бастағанын көреміз. Əлі де болса оны саяси өмірге тартып, қоғамдық тұлғасын айқындай түсу үшін Бейімбет өзінің Мырқымбайын ауылды советтендіру тұсында сайлау ісіне араластырып, болыстық сайлауға делегат етіп сайлаттырады. Мырқымбайда ауылдың басшы қызметіне жетсем-ау деген ниет те жоқ емес. Ақын ашып айтпаса да, Мырқымбайдың сауаты ашылып, бағыты айқындала түскен.
«Жиылыс басы Мырқымбай, Салық жайын кеңеседі: – Қорғамаймын жақын деп Боқбасарға мың сом сал! Не қылмады ол бұрын Байды аяман малы бар!» – деп түксиіп тұрған Мырқымбайдың түр-келбетін айқын байқаймыз. 1926 – 1927 жылдары Қазақстанда тап тартысы күшейе түсті. Саяси теңділікке қолы жеткен ауыл кедейлерінің əлі де болса экономикасы алға баса қоймады. Емін-еркін шабар шабындық, егіс көлемін кеңейтер жер кеміс болды. Данышпан партиямыз байлардың экономикалық үстемдігін жою мақсатымен шабындық пен егістік жерлерді кедейлерге бөліп беруді қажет деп тапты. Сөйтіп кедейлердің тəуелсіз болуына жағдай жасады. Ескі өмірдің апшыны қуырған ызасы Мырқымбайды қарап жатқызсын ба! Жер мен шабындық бөлісі кезінде ауылдың іргесінде бай малы жайылып, егіні жайқалатын «Қара сорға» қойшы-қолаңды, жарлы-жақыбайды бастап келді Мырқымбай. Ескі көк еске түсуде. Байлардың еліктіруімен айтқанға болмай «ру намысын» қуып жүрген сорлы əкесі осы жерде сойылға жығылып, жер томпайтқан болатын. Бұрынғы «Құрақты» осыдан кейін « Қара сор» атанған. Жер иесі Мырқымбай деп «Қара сор» құрағының сыбдырлағаны естіледі оған. «Ата жерім!..иемденіп қайдан шықтың сен, ойбай!..» – деп қан жоқ, сөл жоқ, сұп-сұр боп жетіп келген Оспан байға: «Тарт қолыңды!..Жер менікі! Бөліп берем кедейге...» – деп тұрған Мырқымбайдың өктем даусы ен даланы жаңғыртты. Тап тартысы шыңына жеткен күресте сойыл да жұмсалмай қалмады. Мырқымбайдың шекесі жарылғанмен, «Қара сорға» не болды ылғи кедей. Мырқымбайдың адуынды айбынына бекем сенген Бейімбет:
«Жидың білем қоңыңды Көрдің бе, енді жолыңды – Ілгері көшке жетейік, Бер, Мырқымбай, қолыңды!» – деді де бай-феодалдарды тап ретінде жоюды көздеген ұлы шараға – конфескеге араластырып жіберді. Жер бермеймін деп ойбайлаған байлар енді малдан да, азаматтық құқықтан да айрылып жұрдай болды. Мырқымбай мінген «Кедейдің кер төбелі – қажымас болат трактор» түгін тартсаң май шығатын құтты жерлерді жыртумен қатар, бай мен феодалдардың иісі сіңген «ата мекен қоныстарын» төңкеріп тастап, жаңа жерге колхоздың іргесін қалады. «Ескі өмір тозып, Жаңалық озып Істеліп жатыр ұлы істер. Жаңа өмірді құрды ауыл! Жаңарта бер, жырды, ауыл!» – деген ақынның шақыруына кешегі кейістік көрсеткен көк шолағын есіне де алмай, гүрілдеген трактордың əуеніне сай: «Бəрін айт та – бірін айт: Коллективтің жырын айт!» – деп құлаққа жағымды, көңілге қонымды жаңа əнменен Мырқымбай 1930 жылы қазақ совет əдебиетінің образдар галереясына кіріп, төрден орын алған еді. «Мырқымбай кім?» деушілердің көңіліне сұрақ қалдырмас үшін жəне оны дүниеге əкелген Бейімбет еңбегінің қандай маңызды барлығын аңғарту үшін қазақ совет əдебиетінің бағбаны болған «Еңбекші қазақ» газетінің бетінде: «Мырқымбай – анық қазақ, қазақтың нағыз қалың бұқарасы. Бейімбеттің қазақ алдында істеген зор еңбегі – Мырқымбайдың өмірін, соның тұрмысын жазу» – деген пікірдің 1937 жылы айтылғанын ес-
керте келіп, Мырқымбай образының жасалу, оның басқа ақынжазушыларға үлгі болған жағына тоқтау шарт. Мырқымбай образының жасалу жолдарын толық аңғарту үшін Бейімбет шығармаларынан үзінділерді көбірек келтірдік. Ойымыз – екі қоянды бірдей атып алу. Бірінші – Мырқымбайды автор жасаған жанды күйінде көрсету, екінші – көркем сөздің əр кезеңге қарай əр түрлі ырғақ, леп, əуенмен құбылып, жасалып келе жатқан характерді жандандыруда көркемдік бояулардың мың құлпыруын аңғарту. Байқадыңыздар ғой, Мырқымбай – осы кəдімгі кеудесінде жаны бар кісі, «халың қалай?» десең: «құдайға шүкір, тəуір» деп жауап қататын, аяқ-қолы, көзі-басы бар, шешен болмағанымен доғалдау тілі бар өзімізге таныс та бейтаныс адам. «Көрдіңіз бе, Татьянаның не істегенін! Күйеуге тиіп кетті. Мен одан мұны күтпеген едім», – деп Пушкин айтқандай, Мырқымбай да енді Бейімбеттің жетегінде жүре бермейтін, өмірдің өркендеу талабына сай өз бетімен əрекет жасайтын характер дəрежесіне көтерілді. Жазушы үшін бұдан артық бақыт жоқ! Мырқымбайдың енді өз бетімен адам болып, өзінің ақылымен қоғам өміріне араласатынына кəміл сенген Бейімбет басқа образдар жасауға кіріскен еді. Мырқымбай образының жасалуында талай ерекшеліктер бар. Ең алдымен автор ойының ұзақ сонарлы сюжетке құрылмауы. Шынында, Мырқымбайдың іс-əрекеті Бейімбеттің басаяғы тұжырымдалған бір шығармасында емес, 1922 жылдан 1930 жылға дейін жазған көлемді жағынан шағын сюжетті өлеңдерінде кездесіп отырады. Əр өлеңде шашырап жүрген Мырқымбайдың іс-əрекетін, мінез-қылығын қалайша жинап, содан тұтас, бүтін бір образ жасаймын дейтіндер болса, оған айтар қысқа ғана жауап: образ эволюциясын жіті аңғара білсек, «мен мұндалап» тұрған Мырқымбайды көзге шалмай өте алмаймыз. Мырқымбай образын жасаудағы Бейімбеттің новаторлығы – қазақ совет əдебиетінде ең тұңғыш, соны жаңалық. Автор Мырқымбайдың ізіне түсіп, күнделікті тіршілігін бақылап отырмайды, қоғамдық өмірдің тарихи заңдылықпен
өркендеуінің ең бір қуатты, келешегі мол буынына жармасады да, Мырқымбай образына көркемдік бояуын қастерлей қояды. Шынында да, бұрын қаналған, езілген, жекеменшіктік психологиясы басым Мырқымбайдың коллективтік меншікке келу жолы бұралаңы мол сүрлеу, тартысы қалың өмір екендігі сюжетті миниатюралардан айқын байқалады. Сонсын, Мырқымбай өскелең өмірдің өзінен ойылып алынған шынайы образ болуымен қатар, қазақ поэзиясының түрі мен сымбатына, əуені мен ырғағына да жаңалық пен ерекшелікті енгізе келген жанды тұлға. Біздің революцияға дейінгі де жəне кейінгі де поэзиямыз сюжетті өлеңге баймын деп айта алмайды. Сəкеннің алғашқы шығармаларында кездесетін сюжетті өлеңді өрбіте, молайта түсуге тізе қосқан, білек күшін біріктірген Бейімбет болды. Оның Мырқымбайға арнаған, я басқа тақырыпқа жазған өлеңдерінде ширатылған сюжет, тарамданған замысль аздау болғанымен, оқушыны еліктіріп əкеткіш шытырманды оқиға желісі нық тартылады. Мұның үстіне Бейімбет ақынның лирикалық «менінің» орнына «біз» деп айтқызарлық түр таба білді. Диалогке құрылған, адам характерін автор баяндауы арқылы ашпай, оқиғаға араласқан кейіпкердің аузына ұтымды штрихтер салып жіберетін жаңа түрі, соны əуені бар шығармалар Бейімбет поэзиясында жиі кездеседі. Осыдан да болуы керек, кейбір ақындардың мəнді оқиғаны құр айғайға салып жасытып алатын жаман қасиеті Бейімбет өлеңдерінен онша көп байқала қоймайды. Өмірдің ұтымды көріністерін сазына жеткізе айту, иін қандыра суреттеу арқасында Мырқымбай сияқты əдебиет перзенті дүниеге келген болатын. Жағымды образдың өнегелі жағы көп. Мырқымбайдан қазақтың кедейлері үлгі алса, Бейімбеттің образ жасау принципінен біздің ақын-жазушыларымыз өнеге алмады деп айта алмаймыз. Мырқымбай мен Бейімбет айырылмас дос боп кеткеннен соң, біздің əр ақын-жазушымыз өзіне серік іздей бастағаны жұртқа мəлім. Проза жанрында Жиенғали Тілепбергенов Қалман сияқты кейіпкермен істес болды. Мырқымбайдай болмағанымен, оған іні болуға жарарлықтай дəрежеге жеткізді. Поэзия
саласында Сəбиттің Шоқпытын айтпаған күнде, Асқар Тоқмағамбетов Қойбағарды, Самат Нұржанов Қойшыбайды адам қыламын деп біраз еңбек сіңірді. Осыған орай айта кететін бір жайт – біздің қазіргі поэзиямызда осындай ақындық тəжірибе елеусіз қалып келеді. Біздің ақындарымыз лаптың соңында жүргеніне бірқыдыру заман боп барады, бірақ ақынның «менінен» басқа, не болмасқа əлде қалай атала салған құр сүлде кісі аттарынан басқа ештеңені де қолға ұстай алмай келеміз. Поэма жанрында образдар жасала жатар, ал енді кішкене сюжетті лирикалар негізінде Мырқымбайларды жасасақ нұр үстіне нұр емес пе! «Ескі тəжірибе» деп қомсынатын ештеңе жоқ, жазып жүрген циклді өлеңдеріміздің ішінде етегінен ұстайтын тұрақты біреудің болғаны өте жөн. Əр ақынның айтар «мені» оның творчестволық беті, жолы, стилі болып, ал мəдениеті өскен оқушымыздың ойнап, күліп, ақылдасып отыратын сүйікті кейіпкері, əр ақынның сыйға тартар өз Мырқымбайлары болғаны қандай тамаша! ӨРЕН ЖАЗУШЫ Майлин Бейімбеттің поэзиясынан біз Мырқымбай образының жасалу жағына тоқтадық та, қазақ совет поэзиясының өркендеуіне септігін тигізген шығармаларына, поэмаларына, контраспен жазылған көп өлеңдеріне аялдамадық. Олар «Бейімбет ақын» деген тақырыпты арнайы ғылыми еңбектің қапталынан толық келетін туындылар екені өзінен өзі түсінікті. Советтік өмірдің ерен жазушысы болған Бейімбеттің алымы мол, тынысы кең прозасын оқушыларға мүмкін қадерінше таныту үшін өзіміздің баяндауымызға бағыт беретін мына цитатты келтірейік. «Қазақ əңгімелерінің аса көркем үлгілері Бейімбет Майлиннің өзгеше мұрасынан табылады. Бейімбет Майлин əңгімелерінің көп топтары революцияның ең алғашқы жылдарынан бастап отызыншы жылдардың ортасына дейін совет дəуіріндегі қазақ ауылында болған өмірдің ұзақ көркем шежіресі деуге болады». Бейімбет прозасының бүкіл
өнерпаздық жанын қысқаша тұжырымдап, əлеуметтік мəнін ерекше баса көрсеткен ғылыми дұрыс та дəл пікірдің авторы – Мұхтар Əуезов («Қазақ əдебиеті», 15 ноябрь, 1957). Біз өз тарапымыздан бұл пікірдің уақыт сынынан өткен ұлы мұраға берілген заман қорытындысы, дəуір шешімі екендігін ғана айтпақпыз. Ең алдымен Спандияр Көбеевтің «Қалың малы», Сұлтанмахмұттың «Қамар сұлуымен» үзеңгілес шыққан «Шұғаның белгісі» атты повесть қазақ прозасының тыңына егілген алғашқы көркем дəн екендігін, реалистік прозаның негізін қалауға жараған асыл іргетас екендігін айтып өту өте қажет. Қазақ əдебиетінің, əсіресе прозасының асыл қазынасына айналған Бейімбеттің осы шығармасын оқығанда революцияға дейінгі қазақ сахарасының келбетіне, өмір шындығына арқа сүйей тартылған сюжет желісіне, оқиғаның қалыңдығына, сұлу сөз, көркем бояуға, ең бастысы – Шұға сияқты абзал жанның заман құрбандығына шалынғандығына кім назар аудармай өте алады! Сүреңсіз сар даладағы ұзақ жолды қысқарту мақсатымен айтылған əңгімеге оқудан қайтып келе жатқан шəкірт қана емес, мəдениеті марқайған, эстетикалық талғамы өскен бүгінгі оқушы да ұйып: елге аңыз болған Шұғаны, оның өмірден қалағаны – Абдрахманды, бəйшешектей өмір гүлдерін дөкір қолмен жұлған дүңгене Есімбекті, сор заманның ауыр батпанынан белі қайысқан ел өмірін көз алдынан өткізеді. Жанды өмір сөз аумағында қалып қоймай, қимылды, күйлі, əрекетті көрініске айналады. «Шұғаның белгісін» оқыған адам тебіренбей қалмайды. Жүрегіңді қытықтап, лəззатыңа нəр беретін, өткен өмір туралы ойға батырып, лағнат айтқызатын осы шығарма медресе шəкіртінің қолынан туды да, Уфаның «Медресе Ғалиясындағы» қазақ шəкірттерінің қолжазба «Садақ» журналында 1915 жылы жарияланды дегенге таңданбай қалмайсың. Өзінің проза саласындағы өнерпаздық жолын «Шұғаның белгісіндей» керемет туындыдан бастаған Бейімбет совет заманында иі қанбаған, көркемдік бояуы жұтаң, сұқтанар сюжеті жоқ, айтар ойы, бастар жолы жоқ шығарма берсе, кім «е, бəрекелді» дей алады! Əрине, жоқ! Ендігі жазары жазғанынан қо-
мақты, жаңа заманның жаңалығы болуға тиіс екенін айқын түсінген автор өзінің советтік қаламын қазақ кедейінің өмір өткелдерін көркемсөз полотнасына түсіруге жұмсады. Шұға сияқты аруға оқушының аяныш сезімін тудыра білген көркемсөз шебері Бейімбет күңдіктің түндігін түріп тастап, əлеуметтік өмірге еркін де белсене араласқан болыс Күлтайы, коммунист Раушаны, комсомолка Беренімен қуантты. Алысарға дəрмені болмаған Абдрахманның орнына күрескер Əміржанды, білімге ұмтылып, агроном болған Құрымбайды, өмір жолын өздігінен таба білген Аңдамасты, адал адасып артынан елін таба білген Азамат Азаматычты...дүниеге келтірді. Бұлардың бəрі де тек өзіне тəн ерекшеліктерімен көрінді де, оқушының таныс-бейтаныс сүйкімді тұлғалары болып кетті. Осыларға творчестволық өмір берген Бейімбеттің еңбегі ел ішіне кеңінен тарады, қалың көпшіліктің көздеген жерінен, ойлаған ойынан шықты. Қазақ журналистикасының алғашқы солдаттарының бірі, əдебиет сыны саласында тартымды ой, құнды пікір айта білген Алдоңғаров Ерғалиға сөз берсек, «Бейімбеттің əңгімелерін ел тұрғындары, малайлар сүйсініп оқиды. Шала сауаты барлардың өздері-ақ іздеп жүріп оқиды» дей келіп, «қазақтың қазіргі сауатсыз, əдебиетке ыңғайы болмай тұрған кезінде романнан, қалың кітаптардан гөрі жеңіл тілмен, қысқа жазылған əңгімелер, фельетондар керек» («Еңбекші қазақ», 3 декабрь, 1926 жыл) деп қисын айтар еді. Біздіңше, Ерғали проза жанрының өркендер жолын дұрыс аңғарған. Ол прозаның үлкен түрлері болуы керек деп есептейді, бірақ қазақ оқушыларының қазіргі мəдени дəрежесіне қарап, ең алдымен көркем əңгімені биік деңгейге көтеру жағына назар аударып отыр. Шынында, қазақ совет прозасының қалыптасуына көз тастасақ, бұл жанрдың кішкенеден үлкенге, ұсақтан іріге аяқ басқанын байқаймыз. Революцияның алғашқы жылдарындағы кішкене көркем суреттемелер мен очерктер жиырмасыншы жылдары шағын əңгімелер мен новеллаларға, жиырмасыншы жылдардың аяғы мен отызыншы жылдардың бас кезінде көлемді повестер мен романдарға ұласты. Демек,
қазақ халқының мəдени дəрежесінің өркендеуіне қарай проза жанры да дамып, əр кезеңде өз оқушысының көңілінен шығып отырды. Майлин Бейімбетті қазақ совет прозасының негізін қалаушы деп таныған уақытта оның өзгеден ерекшелігі қайсы деген сұраққа жауап бере кету қажет сияқты. Ең алдымен прозаның əңгіме жанрын емін-еркін игеріп алып, оның əлеуметтік мəнін ғана емес, көркемдік құнын жоғары деңгейге көтере білгендігі деп айту орынды. Бейімбет əңгімелері ылғи сюжетке құрылады да, шағын көлемде күрделі ой, тұжырымды пікір айтып қана қоймай, образ жасау тенденциясын қатаң сақтап отырады. Əуезов айтқандай, оның əңгімелерінің «түр үлгісінде дөңгелек келген тұтастық айқын аңғарылады». Бұл – жазушы үшін үлкен табыс. Шындығында, Бейімбет əңгімелерінің оқиғасына араласатын адамдар өте аз болады, əрқайсысына көркемдік характеристика беріліп, негізгі кейіпкердің іс-əрекеті құбылмалы, жанды шығып отырады. Əңгіме арқауында орын таба алмай тұрған кейіпкерлер некен саяқ. Міне, осының бəрі əңгіменің эстетикалық əсерін күшейтіп «дөңгелек келген тұтастығын» сақтап, образ жасау тенденциясын айқындап отырады. Біздің байқауымызша, Бейімбет əңгімелерінде чеховтық принцип қатаң сақталады. Образ жасау үшін көркемдік тəсілдердің ішінде портреттің орны өзгешелеу ғой. Шынында, оқушы өрен қимылды, жанды тұлғаны бет-пішінсіз танымайды. Бейімбеттің осы мəселеге ерекше назар аударғанын анық байқаймыз. Ұтымды штрихтар арқылы адамның келбетін жасау шеберліктен туады. Мысалы Бейімбет «Төртбақ, теке көз, шалбар бет қараны көрсең, бұл Арыстанбайдың Мұқышы екен де ғой» деген бір ауыз сөзбен Мұқыштың портретін жасап, оның мінезін де аңғартып тастайды. Осындай штрихты оқушы əрі қарай таратып əкеткенде: орта бойлы, толық денелі, əжіммен тілгіленген жалпақ қара бетіндегі «теке көзін» ойнақшытып тұрған содыр мінезді адамды ойша өзі толықтырып алады. Бейімбет əрқашанда əңгіме желісін өрбітуге араласқан адамдардың түр-келбетін портреттік дəрежеге жеткізіп, оқушысына таныстырып отырады.
Біз əр жазушыдан əр кейіпкердің өзіне лайықты тіл тауып беруді талап етеміз. Бұл əрине көркем шығармадағы адамдардың даралануы үшін қажет. Осы салада Бейімбеттің өзіне тəн тəжірибесіне назар аудармай өте алмаймыз. Көркемсөз шеберінің шығармаларында авторлық баяндаулар мен диалог, монологтардың ара салмағына бірқыдыру тоқталу қажет сияқты. Бейімбет ұзақ сонарлы баяндауларды ұнатпаған жазушы жəне негізгі кейіпкер дағдарысына байланысты айтары болса не өзі, не əңгімеге араласқан басқа кейіпкер əңгіменің өн бойына сыздықтап отырмай, түйдектеп бір-ақ айтады. Кейде бұл екеуінің орны лирикалық шегініс арқылы толықтырылады, не керек, əйтеуір, негізгі кейіпкер айқын да толық характеристикасыз қалмайды. Мұның өзі жасалмақ образдың тұлғасын толықтыра түсудің ең бір мəнді шарты. Осы мақсатты жеріне жеткізу үшін автор өзінің тілін құбылтады. Өзі аз сөйлегенмен, кейіпкерлерін əрқилы мəнермен сөйлетеді. Сондықтан да сөз маржанын тере білген шешен, ноқайлау сөйлейтін тұтықпа, тұрпайы мінезін аңғартып тастайтын дөкір, аузы-аузына жұқпай, ерні жыбырлап тұратын өсекшілер, салмақты ойын сабырмен жеткізбек болып жəй сөйлейтіндер...Бейімбеттің диалогтары арқылы беріледі де, тілдері сараланып, мінез-қасиеттерін де аңғартып тастап отырады. Осыны өзінің творчестволық принципіне айналдырған автор диалогтарды ерекше ұтымды құру шеберлігін игерген. Авторлық баяндаулар мен диалогтар алма-кезек келіп отырғандықтан да əңгіменің логикалық түйіні бір жерден шығып, эстетикалық күшке айналады. Осыдан да болуы мүмкін, Бейімбеттің кейбір əңгімелері қара сөзбен жазылған өлең қасиетіне емін-еркін ие бола кетеді. Бейімбет – психолог жазушы. Ол өз кейіпкерінің тек сырт келбетімен ғана шектелмей, ішкі дүниесін, жан сарайын ашып отырады. «Азамат Азаматыч», «Он бес үй», «Раушан – коммунист», «Берен» сияқты повестердегі ұзақ сонарлы психологиялық талдауларға бармай, əңгіме жанрының өзінде жарқ ете түсетін, оқушыны баурап алатын шағын психология-
лық көріністердің өзі-ақ шығарманың өзекті тұтқасы екен деп тануға мəжбүрсің. Оқушыны өз уысынан шығармайтын, енді не болар екен деп ынтықтырып отыратын шығарма көбінесе логикалық мотивировканың нанымдылығымен, кейіпкердің ішкі дүниесін ашудың дəйектілігі жəне ұтымдылығымен жарқырай түсіп, ширатыла береді. Шығармадағы адам психологиясын іштей ұғып түсінгенің болмаса, мақала баяндауына ол былай деп еді деп көрсете қоюың қиынға соғады. Солай болса да кейбір моментті ұстап, мысал етуге реті келіп қалатын кезі де бар. – Ене-ау, осы орысты несіне жақсы көресің? – деген қатындарға Үміт: – Орысты құдай жаратпап па? Қойшығарам сияқты жас бала. Қарағыммен бірге жүріп, бірге тұрады. Біріне-бірі сүйеу болып жүр. Оның не жаттығы бар?» – дегеннің саяси жағын былай қойып, адамгершілік жағына ой жібере қарасаңыз, кіршіксіз таза көңілдің, ана мейірімінің самал желі еспей ме! Міне, осындай ұтымды штрихтардан адам образы, оның жандүниесі, автордың жазушылық шеберлігі «мен мұндалап» тұрса керек. Бейімбеттің прозасында бұлардан басқа да жазушылық ерекшеліктер толып жатыр. «Совет дəуіріндегі қазақ ауылындағы өмірдің ұзақ көркем шежіресі» болған творчествоны енді тақырып жағынан алып қарайық. Ең алдымен, қазақ халқының революциядан кейінгі өмірі Бейімбет творчествосында айнаға түсірілгендей айқын. Біз Мырқымбайға байланысты қазақ кедейлерінің басынан өткізген өмірді біраз əңгімелегендіктен, жеке меншікші шаруаның колхозшыға дейін өсу жолына, санасындағы өзгерістеріне тоқталмаймыз. Əрине, бұл Бейімбет творчествосының негізгі арқауы болғандықтан айтқанымыздан айтылары мол тақырып болып қала береді. Қазақ халқының дені кедейлер болғанымен, оның қоғамдық өмірге араласып, адам қатарына қосылған əйелдері, алып қарқынмен өскен жастары, мəдениет деңгейіне көтерілген еңбекші интеллигенциясы, етектен тартып, аяққа оралғы болған, тіпті
қарсы күреске шығып, жаңа өмірдің сəнін кетірмек болған бай-молдалары да болды. Міне осы «жіктердің» əрқайсысына лайықты жасалған суреттер мен көркем көріністерді Бейімбет шығармаларынан мол табасың. Бұлардың ішінен өзіңе таныс та бейтаныс ағалар мен əкелер жиі кездесіп отырады. Бейімбет өзінің əңгімелерінде қазақ халқының жоғарыда аталып өткен «жіктерінің» өмірі мен тіршілігін, арманы мен ойын көрсете білген. Ұлы Октябрь революциясы идеясының Қазақстанда жеңіске жету жолдары, бостандық жолында қан майданға түскен ерлердің қаһармандық істері, қазақ еңбекшілерінің жаңа өмірді құру жолындағы еңбектері, ауылды советтендіру, байларды конфискелеу, артельдердің құрылуы, əйел теңдігін қорғау, үй-іші тұрмысындағы жаңалықтар, ислам дінінің өкілі – молда-ишандардың сұрқиялығын əшкерелеу, ел ынтасының жаңалыққа аууы, мектептер ашылып, сауатсыздықтың жойыла бастауы, халықтың мəдени дəрежесінің арта түсуі...– не керек, қоғамдық өмірде болып жатқан ірі уақиғалардың бəрі де Бейімбеттің ақындық-жазушылық назарынан сырт қалмай, қалауын тауып суреттелген тақырыптар. Социалистік қоғамның Қазақстанда жеңуі мен орнығуының нағыз шынайы көріністері Бейімбет творчествосына із салмай кеткен емес. Осының бəрін қалай үлгере берді деген сұрақ туатын болса, оған айтар қысқа жауап: Бейімбет өнер арнасынан – халық өмірінен бір минут те қол үзбеген, оның күнделікті тұрмысына өзі тікелей араласып, халықтың ойы мен арманын, тілегі мен мұңын біліп отырған, оны көркем сөз арқылы халыққа қайтадан жеткізіп отырған майталман жазушы. Халықпен бір болған, партияның данышпандық қағидасын қалтқысыз жүзеге асырған жазушы «халық өмірінің көркем шежіресін» жасамай тұра алмайды. Міне сондай өрен жазушымыз – Бейімбет Майлин. * Біз осы мақалада Бейімбет Майлиннің таңдамалы шығармаларының көлемінде ғана оның идеялық поэзиясына, ақындық
өнеріне, жазушылық шеберлігіне байланысты аз ғана ойымызды айттық та, басқа жанрдағы – драматургия мен сатира саласындағы еңбектері жайында пікір айтуды өзімізге парыз санамадық. Ол жанрлар ерекше əңгіменің өзегі болуға тиіс. Уақыт сынына төтеп берген, мəдениеті өсіп, эстетикалық талғамы артқан оқушысымен жиырма жылдан кейін қайтадан табысқан өмірі ескірмейтін де өшпейтін құнды мұраның халық игілігіне жұмсалып, біздің өскелең заманымызға өлшеусіз пайдасын тигізетініне сөз жоқ. 1958 жыл ДҮЛДҮЛ АҚЫН Бейімбет, Сəбит, Мұхтар, Ілияс, Ғабиттерді қазақ кеңес əдебиетінің негізін қалаушылар деп білеміз. Себебі олар сол əдебиетпен бірге жасасып, алғашқы кезден шығармашылыққа араласқанын ескереміз, екіншіден əрқайсысының тек өзіне ғана тəн ерекшелігін еске аламыз. Қосқан үлесін əрқашан жадымызда ұстаймыз. Ал əрбір ақын, жазушының қолтаңбасы жəне əдебиетке қосқаны не дегенде өзінен бұрынғы, не өзімен тұстас ақын-жазушыларға қарағанда қандай көркемдік ізденіс жасады, қандай жаңалық ашты. Өмірді жарқыратып көрсетуде қандай əдіс, стиль, композиция, тіл, өлең құрылысы тағы басқа жағынан өз өзгешелігін көрсете алды ма жəне оны орнықтыруға ынта салды ма, ізбасарлар, жалғастырушылар болды ма? – дегендерді еске алып, ең бастысы солардың шығармаларының халықтық сипат алуына назар аударамыз. М.Əуезовтің қазақ поэзиясын өркендетуде Ілиястың өзіндік орны бар, ақындық сөздің сырын ашуда Абай үлгісін кеңес заманында жалғастыра түсті деп табуы, С.Мұқановтың Ілиясты ардақ тұтып, бүгінгі шындықты тың тыныспен аумақты жырлануын атап өтулері тегін емес. Қазақ поэзиясының қыры мен сырын, əсіресе лирикасының жанын жақсы түсінген Əбділда Тəжібаев Ілияс Жансүгіровты
«Қазақ əдебиетінің көгіндегі азғана жарық жұлдыздардың бірі» деп біледі де «дастаншыл ақындар ортасынан биік таудың бір шоқтығындай ерекше көрінерін» айрықша атайды. Ілияс творчествосын насихаттауда көп еңбек сіңірген М.Қаратаев: «Ілияс Жансүгіровтың қазақ əдебиетінде алатын орны үлкен, өзгеше. Поэзияда өзіндік үні бар, беті бар, айрықша қуаты бар» десе, Қ.Жұмалиев: «Қазақ өлең құрылысын бұрын болмаған жаңа шумақ, жаңа ұйқастармен байытуы, поэзиямызда өрістей алмай келген психологиялық суреттеу əдісінің өнегесін көрсетуі, халықтың тіл қазынасын толық меңгеріп, керегін таңдап ала білуі, үздік образ, оригиналдық сөйлем құрылыстары арқылы игілікті іс-еңбектері тарих төрінен орын алады» деп біледі. Классик жазушыларымыз бен ғалымдарымыздың толымды ойларын Мырзабек Дүйсенов қазақ поэзиясының ішкі жанрларын дамытудағы Ілияс еңбегін «əсіресе лирикаға эпикалық фон бере жырлауынан, қазақтың ауыз əдебиетіндегі дəстүрлі толғауға жазба əдебиеттің ұрығын сеуіп, жаңғыртуынан, лирикалық-философиялық дастандары мен сюжетті, оқиғалы, реалистік поэмалар тудырып, қазақ совет поэзиясын биік бір сатыға көтеруінен, т.б. анық байқалады» дейді де, ұлттық поэзиямызда өз дəстүрін жасап кеткеніне қуанады. Демек, осындай ерен еңбегі бар дарын қазақ əдебиетінің тарихынан айрықша орын алуға тиістілігі Ілиястану ілімін тудырып, қалыптастыруға кең жол ашты. I.Жансүгіров шығармашылығы жөнінде оның көзі тірісінде 1920 – 1930 жылдарда бірталай ой айтылып, екі поэмасы туралы айтыс та болды. Оның бəрі де ірі творчестволық тұлға жөнінде алғаш айтылған сыншылық ойлар еді. Онда артық-кем айтылған пікірлер де аз емес. Шын Ілиястану 1957 жылдан басталды. Бұл салада əдебиеттану ғылымы едəуір ізденістер жасап үлгерді. М.Қаратаев 1958 жылы «Қазақ совет əдебиеті тарихының очеркіне» арнап арнаулы монографиялық тарау жазып, оны өзінің «Туған əдебиет туралы ойлар» атты кітабына енгізді. Орта мектептің 10-шы класына арналған кемекші оқу құралына айналдырып, жоғарғы мектепке арналған «Қазақ совет əдебиеті тарихына» қосты.
Қ.Бекхожиннің «Халық өмірінің өрен жыршысы» деген ақындық танымын Қ.Жұмалиев «Ілиястың əдебиетіміздегі орны жəне өзіне тəн ерекшелігі», «Əр жазушының өзіне тəн творчестволық ерекшеліктері жайлы», «Замана жыршысы, күй жаршысы» деген еңбектерінде онан əрі дамытты. Жалпы қазақ лирикасының, оның ішінде Жансүгіров жырларының сырын Əбділда Тəжібаев «Поэзия жəне өмір» атты монографиясында айрықша білімдарлықпен айтқанын Т.Əбдірахманова «Ақын сыры» атты зерттеуінде кеңінен қамтыды. Ілиястану ілімін қалыптастырып, негізгі арналарын айқындауда Мырзабек Дүйсенов өзінің «Ілияс Жансүгіров» атты монографиясымен мықтап еңбек етті жəне əрі қарай өркендетудің өнімді бағытын белгіледі. 1965 жылы қазақ елі Ілиястың туғанына 70 жыл толуын тойлаған кезде жазылған мақалалар, еңбектер, естеліктер Ілиястануды жан-жақты өркендету мүмкіндігін молайтты да, Қ.Шөкеновтің, Фатима Ғабитованың естеліктері, Т.Қожекеевтің «Ілияс сатирасы», С.Ордалиевтің, Б.Құндақбаевтың ақын драматургиясы туралы пікірлері жарық көрді. Қазақ əдебиеті тарихына арналған мектеп жəне жоғарғы оқу орындары оқулықтарында монографиялық тараулар беріліп, міндетті оқу жоспарына енді. I.Жансүгіров шығармалары негізінде кинофильм жасалып, шығармалары орыс тіліне аударылуда. Соңғы кезде Ілиястануды жанрлық зерттеулермен толықтыру үрдісі басталды. М.Иманғазиев оның қазақ прозасына қосқан үлестерін айқындаса, Ə.Əбіласанның ыждаһатымен I.Жансүгіровтың əлі ешкімнің көзіне түспей жатқан дүниелері архив қойнауынан шығарылып, «Жетісу» жинағы шықты. Қазақ халқы бар заманда Ілиястың орны əрқашан биіктен көрінері хақ. * Ілияс Жансүгіров Жетісу губерниясының Қапал уезі, Ақсу болысы 4-ші ауылында (Қазіргі Алматы облысының Ақсу ауданы, Жансүгіров ауылы) 1894 жылы 14-ші мамырда туған. Əкесінің мұсылманша сауаты болып, əдебиетке іштартуына
көп пайдасын тигізіпті. Сауатын əкесі ашыпты. 1910 жылы Хасен молдадан үш ай оқып, 1912 жылы Қыли мектебінде төрт жарым ай болыпты. 1920 жылға дейін ауылдан ұзап шыға алмаған. 1915 жылдан бастап жазуға ыңғайлануына Абай өлеңдері себепші болыпты. 1917 жылы «Сарыарқа» газетінде «Тілек» жəне «Сарыарқаға» деген екі өлеңі жарияланған. 1920 жылы Алматыда ашылған үш айлық мұғалімдік курске келгенде Ə.Дибаевтің ыждағатымен Ташкенттен шыққан фольклорлық экспедицияға ілесіп, Лепсі–Қапал өңірінен асыл сөз, құнды деректер жинасып, Ташкентке жетеді. Қазақ ағарту институтының дайындық курсына қабылданып, «Ақжол» «Жас алаш» газеттерінің корректоры болады. Алты-жеті айдан кейін жазға салым Жер халық комиссариатының агитаторы болып елге қайтады. Белтоғанда аздап мұғалімдік қылады. «Кедей еркі» газетіне екі өлеңі басылған соң 1922 жылдың аяғында Алматыға келіп əуелі Қосшы Комитетіне нұсқаушы, губерниялық оқу бөліміне бастық, «Тілші» газетіне редактор болады. 1924 жылы коммунистік партия қатарына өтеді. 1925–1928 жылдары Москвада Коммунистік журналистика институтында оқып, «Еңбекші қазақ» газетінде 1932 жылға дейін қызмет істеді. Өлкелік партия комитетінің шешімімен СССР Жазушылар Одағының ұйымдастыру комитетінің председателі, 1934 жылы Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы болды. 1935 жылдың екінші жартысынан Қазактың көркем əдебиет баспасында поэзия бөлімінің меңгерушісі болып жүргенде қызыл қырғынға кезікті. I.Жансүгіров Ташкенттен тек білім ғана емес, біраз идеялық жүк те арқалап қайтқан көрінеді. Оның «Ақынға» жəне «Ызалы қиял», «Көк өгіз» атты шығармалары біраз уақыт сынға ұшырап жүрді. Оны өзі: «Бар көргенім – қазақтың байшыл пікірлі баспасөзі болды. Осының салдарынан мен біраз шатастым. Кеңес үкіметінің негізіне, партияның сара жолына түсініп, оған түсіп кетуге маған жоғарғы байшыл пікірдің ықпалы өте қырсық қылды. Ол ықпалдың əсері менің жазғандарымда «Тілші» газетінде, «Сана» журналдарында көрінеді» деп жазғанын Ілияс шығармашылығын түбегейлі зерттеген
М.Дүйсенов «Партияның жаңа экономикалық саясатының сырын терең түсіне алмаған І.Жансүгіров сары уайымға түседі. Символист ақындардың, əсіресе Мағжанның əсері болуы сөзсіз. Шынында да I.Жансүгіров Мағжанның өлеңдерін көп оқыған, оның ақындық өнерінен үйренуге (əсіресе 1925 жылға дейін) зер салған ақын» деп нақтылай түскен екен. Бұл мəселе Ілиястың мойындаумен ғана қалып коймай сыздықтап келіп «Сағанақ» жинағына жазған Сəбиттің беташарынан да көрініс берді. «Жансүгірұлы Ілиястың бұл «Сағанағына» таңдамалы өлеңдері кіріп отыр. Ілияс жаңада ғана қаламы өсіп келе жатқан жазушы. Əзірге ол шығаннан шыққан жүйрік те емес, желі жоқ топас та емес. Өлеңнің ішінде өте көркемдері де, орташа көркемдері де, төмендері де бар. Ілияс көбінесе ауылдың ақыны, қара шаруаның ақыны. Ел ішіндегі кедейді өзгеден гөрі бұрынырақ көретін мінез Ілияста бар. Бірақ Ілиястағы бір дұрыстыққа жатпайтын əдет – «ел» деген сөзді көп қолданады: «еліме», «елім үшін», «елімнің жайы» деп «елді» көбірек сөйлейді. Бұл ауру жалғыз Ілияста емес осы күнгі жазушылардың біразында əдетке айналып барады. Тегінде ол жақсы əдет емес. «Ел» ішінде кімдер жоқ? Елге: бай да, молда да, атқа мінер де, ақсақал да, би де, төре де, саудагер де, кедей де, батырақ та кіреді. Мұндай «бұқарашылдық» қазақ еңбекшілеріне қызмет етем дегендерге ыңғайлы емес, дұрыс емес. Ілияс бұл кемшілігін келешекте түзер деп сенеміз жəне сенуге де болады, өйткені Ілиястың «Заводта» дейтін өлеңі оның біраз күнəсін аршып, қара шаруамен қатар пролетариатқа да қызмет еткісі келетініне, соған қаламын бұрғандығына сендіреді» деп жазғаны сонау Ташкент кезін ұмытпағандықтың көрінісі еді. Москвадан оқу бітіріп келгеннен кейін «Бетім анадай емес, мынадай» (1929) деген мақала жазды. Сəбит «Бас асаулық» деген мақаламен жауап берді. Кейіннен талай құнды да идеялы шығармалар бергеніне қарамастан ҚазАПП-тың дөрекі социологиялық сынының желі көтерілгенде тағы да Ілиястың таптық беті, бейнесі əңгімеге арқау болған кезі бар.
Осы айтыстан кейін Ілияс «Жікке жол жоқ» деген мақала жазып, Сəбитке қарсы шыққанда, 1931 жылы Əбділда «Ілияс туралы бір-екі сөз» деген мақала жазып, «Ілияс – жолбике жазушы, əлі бетін түзей алмай жүр» деген пікірді айтты. Орталық партия комитетінің 1932 жылға «Көркем өнер ұйымдарын қайтадан құру туралы» қаулысы шықпағанда бұл айтыстартыс ұзаққа созылары сөзсіз еді. Осының өзі-ақ Ілиясты тану процесіне дөрекі социологияның салқыны қатты тигенін көрсетсе керек. * Эпикаға бірден барған ақынды тарих білмейді. Сондықтан ол өзінің қуат-дарынын поэзияның лирика саласында аңғарып алуға тиісті. Ілияс қолынан шыққан талай өлең-жыр, толғаулардың бəрі де оның эпикалық құлашын аңғартқанымен, оның ақын ретінде қалыптасу белестеріне көз салуды талап етеді. Ə.Тəжібаев Ілияс лирикаларын ықтияттап зерттей келіп, оның ақындығының қалыптасуын үш кезеңге шартты түрде бөледі. Бірінші кезең – Ілиястың əлі өзін таппаған, өзгелерге көбірек ұқсайтын шағы: Абай, Сəкен, Бейімбет, Мағжан ықпалдары алғашқы өлеңдерінен анық сезіледі. Екінші кезең – Ілиястың өзін-өзі таба бастаған, бірақ ақындық мəдениеті жетіспегендіктен өлеңдерінің əрі шұбалаңқы əрі шұбар тұсы. Мұны дəлелдеу үшін көп мысалдар келтіруге болады. Соның ішінде: «Бұлақ бойында» деген өлеңіне тоқталайық. Сылдыр-сылдыр су сылдырар бұлақтан Тəңірі ме екен тауды, тасты жылатқан! Анда-санда көңіл айтып «көк-көк» деп Шығар даусы көкектің де жұбатқан! Тамаша, шын поэзия! Бірақ əрі қарай құрғақ баяндау кетеді де үш-төрт шумақпен қайырылар өлең он алты шумаққа созылады, алғашқы шумақтан ешқандай əсер қалмай, поэзиялық сипатынан жұрдай болады.
Жетім Жамал тоқалдыққа сатылған, Теперішті көрген күндес қатыннан. Қойнына алып Қожағұл шал жататын, Сабадай боп күнге көңнен қатырған, – немесе: Жоқ, бұл асқар Алатаудың өлкесі Бұлақ оның ойнақтаған серкесі – деген жолдар мен шумақтар араласып, өлең көп тақырыптылыққа ұрынып, етек-жеңінің жайылып кетуіне соқтырған. Жарқырай көрінгенді солғындатып, ажарсыздандырып жіберген. Бұл ақындық мəдениетінің жетілмегендігі, төпелеп жырлай беретін жалаңдықтың əсері. Мұндай өлеңдер Ілияста бірқыдыру. «Ақынның өзіндік сипаты көріне бастайды да, оны өз осалдықтарымен көме береді. Ойы айтайын дейді, өресі жетпейді, поэзия мəдениетінің төмендігі мен тəжірибесіздігі Ілиясқа бой жаздырмайды. Ақын өз кемшіліктерін іштей аңғаратын сияқты. Сондықтан шығармасындағы композициялық босаңдық пен ой үстірттігін сөз топанымен жуып-шайғысы бар. Екпінді сөздерді бірінің үстіне бірін тоғытып, екпін туғызуға, дыбыс найзағайын ойнатуға тырысады. Тілі бай сөзуар ақын күшінің басым жағын молырақ жұмсағысы келеді. Сонда біз Ілиястың осал саналатын өлеңдерінен тіл күшінің жалт ете қалған нəрлерін көріп қаламыз да, Ілиястың болашақ күшті жақтарын танимыз» деген Ə.Тəжібаев пікіріне қосылмасқа шараң қалмайды. Үшінші кезең – Ілиястың жас жағынан да, өнерлілік жағынан да толыққан, өлеңнің түрі мен мазмұнын келістіре қиыстырып, лирикалық жырларына эпикалық қуат бере білген, поэтикалық құлашын кеңге жайған тұсы. Міне бұл тұста ол шын мəніндегі классик. Оймышты ұшқат, ырғай сап, Ұршығым, сені қолға алам.
Ұршығым ұшқыр, нар тайлақ Жез бұйдалы – желмаям. Жел маям желші нар тайлақ, Тартына берме тайтаңдап. Тартына берсең тайтаңдап, Тақымдап қоям қайта айдап. Мұнда сурет пен əрекет тұтасып, биік поэзиялық мəдениетті танытады. Шыр айналған ұршықтың нартайлаққа айналып, оның əсем де жайлы жүрісі көзіңе еріксіз елестейді. Осындай көрініске саяси мəн берудің реті қалай болар екен деген ойымызды «Үш тілек» өлеңі шешіп береді. Балғалы бауыр баста тұр, Күйелі дене, күс білек. Орақты бауыр қаста тұр Маңқиған мужик түстірек. «Əйдə, бірге жүр» деді, Ұмтылдым, тұрдым үш тіреп. Ұстадым қолын бұлардың Айқасып қалды үш білек. Таяғым таптым, таныдым, Өзімді сездім күштірек. Үшеуміз бірге аттандық Ұштасқан соң үш тілек. Жұмысшының балғасы, егіншінің орағы, қойшының таяғы өзінен-өзі тұтастық тауып, орнап келе жатқан жаңа қоғамның құрамын аңғартады. Саяси мəні бар оқиғаны осылай да поэзияға айналдыруға Ілиястың кұдіреті мол екенін жазбай танимыз. Ілияс лириканың бар саласында қалам жебеген дарын. Əрине, бəрі де мөлдіреген поэзия деу қиын, алайда кезеңдік мəсе-
лелерді мол жырлау, кең насихаттау, үгіттеу талабы көпшілік жағдайда замана талабы болғандығын жоққа шығармау керек. Саяси лирика саласында Ілияс көпшілік жағдайда ашық үгітті, насихатты қолданады. Оған əрі-беріден соң, көркемдік талғамы жетіп болмаған қауымның өзі əсер етті. Көзіне көрсетіп, қолына ұстату, барар жерін нұсқау қажет болды. Оян, ойлан, ұрандас! Қатарлас, теңел, құрал жас! Құлқыны жаман құзғындар Құралсаңдар – тұра алмас! – дегенді əуелгі кезде бар ақын-жазушы айтып, жазуға міндетті болды. Көбі осы жолмен кетті де. Ілияс сынды ұлы дарындар осы ойды кейде тұспалдап, поэзия тілімен жеткізуге талаптанды. Бұл сəтте Ілиястың поэтикалық жанарының көкжиегі кеңейе түскенін анық аңғарамыз. 1926 жылғы «Ұйқыма» деген өлеңінде: Бадалғыр, батқыр тас ұйқым Теңіздің терең түбіне. Көзді – көр, жанды – жарымдап Тұншықтырдың түнімде. Енді тағы иектеп Еліткің келед күнімде, – дегенін бар жаныңмен, тəніңмен түсінгендей əсерленесің. Өйткені əрекетсіздік титығына тиген ел ояну, қарбану деңгейіне жеткенін ақын көркем образбен береді де, өмірде жиі кездескен қарекетсіздік пен еріншектіктен безіндіреді, жалқаулықтан жирендіреді. Осындай ақындық биік асуға көтеріле бастағанда 1929 жылы «Жаңа дала» жазылды. «Мыс толғатып, жез туып Қарсақбайлар айғайлап,
Жаппай қаулап коллектив Эмбілерден май қайнап. Автомобиль, трактор, Алды қырды, салды ойнақ. Қазақстан картасын Темір жолдар шимайлап» – деген толғауының дəстүрлік негізі қалың болғанымен көріктілігі мен түсініктілігі, əсіресе поэтикалық бейнелілігі оқушыны бей-жай қалдырмайды. 20-шы жылдардың екінші жартысымен 30-шы жылдардың бірінші жарымында қазақ поэзиясын демьяндандыру, елең өрнегін Маяковскийшілеу машығы басып кетіп, өлең-жырдың ұйқы-тұйқысын шығарып, өңін қашырды. Бұған белгілі бір дəрежеде Сəкеннің тұр іздеушілігі себепкер болғаны рас. Москва... Көше... Лық, лық. Жөңкіліс. Жүріс Тық, тық, Автобус Құқ, құқ! Автомобиль Пық, пық. деген өлеңдерден аяқ алып жүре алмай, ақыры рапорт дəуіріне, яғни көркемдігі жоқ өлең-очерк, баяндамаларға ұшырадық. Оған Ілияс та өз үлесін қоса білді. Қалай болғанда да Ілиястың шыққан биігі мен құлдыраған сайы бірін-бірі əрқашан алмакезек алмастырып отырғанын аңғармасқа болмайды. Көңіл-күй саласында да ақынның бірқыдыру ой-пікірлері қаншама домбыра мен күйге арналғанымен, ақынның шын сезімін білдірерліктей деңгейден көріне бермейді. Тіпті махаббат жырлары жоққа тəн. Оған социологиялық сын да жол
бермеді деп тапқанмен, Ілияста жарияланған ғашықтық сезімі тым жұтаң. Əрине ол кезде Фатимаға арналған жырлар дəптер ішінде тұншыққанымен, бірлі-жарымы бұлқынып шықса керек еді. Ілиястің қазақ поэзиясын өркендетуге ерен үлес қосқан саласы – пейзаж лирикасы. Табиғатқа арнаған өлеңдерінде сөзбен сурет салуға барынша шебер екенін көреміз. Кезек-кезек қар, жаңбыр, Қыстың күні – қос қырсық. Кісі өлгендей шулап тұр, Жынданып тұр жел ұрсып, – деген шумақтарды жиі кездестіреміз. Оны «Жазға салым», «Жазғы таң», «Жазғытұрым», «Жазғы шілде», «Күз», «Қыс», «Мезгіл суреттері», «Жел», «Ресей жері», «Жетісу суреттері», «Гималай» тағы басқа толып жатқан өлеңдерінен оқимыз да, сөзбен сурет салған ақынға риза көңілімізді жайып тастаймыз. 1925 жылы қазақ поэзиясына ұлы жаңалық əкелген «Жетісу суреттері» өлеңін оқығаннан кейін М.Əуезов – «мен Ілиястің шын ақындығына ден қойдым» деуі тегін емес. Ешкідей үркіп шыққан Шөладыр тұр. Қасқырдан бір тықырды көретіндей. Телміртіп Текес аса ай туады Тайшаның тарғыл ала зересіндей. Жайлаудың ортасында Тұзкөл жатыр Жарқырап төбел таздың төбесіндей. Осылардың бəрінен сөзбен салынған суретпен қатар жанды кейіп те аңғарылып қалады. Атақты «Гималай» (1929) толғауы саясатты суретке, суретті көркем образға айналдыруымен құнды екені тарихқа белгілі. Ілияс жырларының түп негізінде ауыз əдебиеті дəстүрі сақталып, оны ақын дамыта жетілдіріп отырғанын байқамасқа болмайды. Жəне осы процесс Ілияс ақындығының қалыптасуының бар дəуірінен айқын көрінеді.
Мырышты алып жатыр илеп нандай, Қорғасын шыжғырылып еріп майдай. Арылып арамынан алтын жатыр Кілегей сүтке қаймақ ұйығандай. немесе: Бірді жесең, майды же! Аузыңда тұрсын жылтылдап. Бірді мінсең, жүйрік мін, Астыңда тұрсын жылпылдап. Бірді құшсаң, сұлу құш, Жаныңда жатсын былқылдап. – дегендерден ауыз əдебиетінің арғы сілемдерін көреміз жəне халықтың күнделікті тіршілігіндегі көріністер жанданып, бейнеленіп шыға келеді. Ұғымға да, сезінуге де қиындық келтірмейтін болған соң Ілияс 20-шы жылдардың екінші жартысынан былай қарай халықтық поэзияның үлгілеріне іш тартып, көбейтіп жібергенін де байқаймыз. «Ленин тірі» деген өлеңінде: Өлместей ісін қалдырған Өлімге қалай қиясың? Егер де өлді десеңдер Тарихқа қиянат қыласың! – дегеннен кəдімгі төкпе шешендіктің желі соғып тұрғанын байқаймыз. «Беташар», «Көші-қон», «Оқимын», «Бөбек бөлеу» («Ана жыры»), «Жас шешей», «Майдан», «Жаңатұрмыс», «Екпін күйі» тағы басқа өлеңдерінен ауыз əдебиетінің зор ықлалын сезіп, теңеулеріне таң қалып, кейіптерін көзбен көргендей əсерленеміз. Сонымен Ілияс қазақ поэзиясының бар үлгісін пайдаланып өзінің ұлы өнерін жарқырата көрсетіп, қалыптастырған
ұлы дарын. Оның лирикасы ылғи саяси өлеңдер екен деп мансұқтамай, жүз тонна руда ішінен алтындарын жинап ала білген абзал. Сонда ғана біз қазақ поэзиясын жаңа ақындық мəдениетпен байытып, өз дəстүрін жасаған ақынның қасиетін анық түсінеміз. Өйткені ол лирикаға эпикалық фон дарытты, толғау жанрын жетілдіріп соны тыныс берді, сөз бейнелілігін күшейтті, сөзден сурет салу машығын гүлдендіріп, оқиғаны баяндау тəсілін жеделдетіп, құлашын кеңге сілтеуі оны дастан жазуға, поэма тудыруға жетектеді. Ілияс қолынан біткен-бітпегені бар он бес шақты дастан туған. Оларды шартты түрде үш жүйеге бөлген жөн сияқты. Аңыз-ертегі, тарихи шындық негізінде «Мақпал» (1923, аяқталмаған), «Рүстем қырғыны» (1926), «Байқал», «Исатай» (1937, бітпеген) дастандары болса, бүгінгі өмір шындығын өзек еткен «Кəмпеске» (1928), «Мəйек» (1929), «Жаңатуған» (1933), «Жорық» (1934) дастандары ішінен «Дала» (1930) поэмасы қазақ əдебиеті тарихында өткен мен бүгінді жырмен жалғаудың үлгісіндей болған шығарма. Республиканың он жылдығына арналған туынды қазақ халқының ұзақ тарихын əп-əдемі жəне жинақы шолып шыққанды. «Дала – ана, қазақ – оның баласы» деген негізгі идеяны көпті керген Тарих-шалдың көңіл күйіне қарай бірде Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламаны, бірде орыс империясына бодандықты, азаттық үшін алысқан 1916 жылды, яғни қазақ тарихының белесті кезеңдерін кинолентасынан өткізе отырып ашады. Ғасырға бергісіз он жылды жырлаудың кенеуін тауып, көркемдік шеберлік танытқан. Совет заманын жамандаумен атақ алып, күн көріп жүргендер Ілиястың «Дала» поэмасы «коммунистік идеологияға жарамсақтанудың таптырмас үлгісі» деп ауыздарын кергенменен, халық өмірін, оның өтпелі кезеңдерін 20-шы жылдардың аяқ шенінде «Дала» поэмасындай сөз өрнегіне түсіре қойған шығарма сирек, тіпті жоқ еді. Композициялық осындай тұтастықта берілген тарих шындығы оқырманды əрқашан өзінің лəззатымен, эстетикалық əсерлігімен, яғни ірі оқиғаның жанды суретімен, динамикасымен, əсіресе ақынның тамаша тіл бояуымен баурап отыратындығын ешкім жоққа шығара алмайды.
Азан, қазан қыр үркіп, Кімдер қалмай далада. Талай көшті Сыр жұтып, Ауғын болды ақтабан. Жылап, шулап ұлардай Шұбырынды болды күн. Қайың сауа, ши шайнай Бақа, жылан қақтаған. немесе: Мəңгі бедеу, ту таулар Жесір өзен, қысыр қыр. Лирикалық поэма көркем образдармен ғана өз оқушысын уысынан шығармайды. Ділмарсып, сөз сапырғаннан май шықпайды. Поэманың өлеңдік өрнегі əсерлі, жанды, динамикалы. Негізінен «жыр» үлгісімен жазылғанымен 8 жолдан тұратын шумақ 7 буынмен беріледі. Жəне ұйқасына қарасаң, онда негізінен алғанда 4 жəне 8 жолдарды міндетті түрде ұйқастырады да, шумақтың алғашқы жəне кейінгі бөлімдерін айтар ой, қорытар пікірге бағындырып, олардың ұйқасуын əрқашан қадағалап отырмайды. Кейде: 1 жəне 3; 5–7; 2–6 жолдар ұйқасады, кейде тек 1–3; 5–7 жолдардың ұйқасы ғана сақталады. Сондықтан мұндағы негізгі редивтік жүйені 4–8 жолдардан іздеген жөн. Бұл өлшемнің өзі қазақ поэзиясы үшін соны дүние. Былай қарағанда, танымал, белгілі, ал ішкі ұйқас, ырғақ жүйесі дəстүрлі негізден өсіп шыққан жаңалық. Сонымен «Дала» қазақтың толғау жанрын əбден жетілдірген, өнерпаздық компоненттермен байытқан, сөйтіп лирикалық-философиялық поэма жасаудың үлгісін көрсеткен кезеңдік кесек туынды. Ілиястың ұлылығын аспандатқан, бүкіл қазақ əдебиетіне олжа салған шын мəніндегі асыл да жарқын поэмалары – өнерге, өнерпаздарға арналған туындылары. 1929 жылы «Күйден» басталған үрдіс 1934 жылы керемет «Күйшіге» жал-
ғасып, қызыл қырғынның қырсығынан бітпей қалған 1937 жылғы «Көбік шашқан» мен газет бетінде жарияланып, қайта «өңдеуден» өтпей қалған «Құлагер» поэмалары Ілиясты еш уақытта өлтіртпейтін, əрқашан жоқтатып отыратын ұлы көркем шығармалар. Қазақ əдебиеті, оның ішінде поэзиясы қол созым биікке көтерілді, əлемдік əдебиет деңгейінде көрінуге мүмкіндігі болды деген ойға ойысар болсақ, онда Ілиястың бұл төрт поэмасы өзіне еріксіз көз салдырады. Өнер тақырыбы, өнерпаз тағдыры Ілияста кең жəне мол жырланған жəне айрықша көркемдікпен, классикалық үлгіде жырланған тақырып. Қазақ жасаған материалдық байлықтан рухани байлық əлдеқайда мол жəне əсем. Сондықтан сөзді, өлеңді, өнерпазды қадірлеу, оны елге таныту сонау Абайдан басталуы тегін емес, соны жаңа дəуірде айрықша сезген жəне ол жөнінде өндірте көп жазған Ілиястың алғашқы өлеңі – «Əншіге» арналуында үлкен мəн, символикалық сипат бар. Сондықтан «Бұлбұлға» өлеңінде: Сайрадың құйқылжытып, құбылжытып Тамсандым тамағымның суын жұтып, – деуі əшейінгі қызығудан əрмен дүние. «Арыным», «Əнші», «Демеймін, төгілейін, ағылайын», «Домбыра», «Тұлпарға», «Күй», «Домбыра сазы» сияқты өлеңдері əралуан көркемдікпен жазылғанмен, өнерді, өнерпаздықты ардақтау мақсатынан алыстамайды. Солардың ішінде 1927 жылғы «Əнші» өлеңі реалистік поэмаларға барар жолдағы бір төбе. 1929 жылы жазылған «Күй» поэмасы осы дүмпуден туған сияқты. Молықбай қобызшының «Боз інген» күйін бүгінге жақындату талабы патетика деңгейінде қалғанмен, көркемдік шешімі образ жасау жағынан Ілиястың ақындық құдіретінің деңгейі биік екенін көрсетеді. 30-шы жылдардың бас кезіндегі коздаған көп поэмалардың «Күйге» астар да бола алмайтыны белгілі. «Күй» поэмасы қазақтың философиялық дастанының
бір сүбелісі болғанымен Ілиястың мүмкіндігінен төмен, бірақ таяу уақытта сомдап соғар бір монументальды шығармасының алды екенін аңғарғандаймыз. Өйткені оқиғаны шендестіре, контрастпен беріп, психологиялық тереңдікке жету талабы күшті. Ілиястың қазақ поэзиясындағы, жалпы қазақ əдебиетіндегі орнын айқындауда айрықша мəні бар шығарма – 1934 жылы жазылған «Күйші» поэмасы. Ол – классикалық поэма. Ілиястың ақындық құдіреті осы поэмада жан-жақты көрінген, ашылған. Орта мектептерде бұл поэмаға дұрыстап көңіл бөлінбеуі көбіне-көп біздің саяси сақтығымыздан, яғни Кенесарыға байланысты болған жай. Əлі күнге дейін де жөнделіп кете алмай жүрміз. Поэманың негізгі идеясы – ел талау, тонау, орынсыз соғыс ашу емес, рухани езушілікке, моральдық қысымшылыққа, озбырлыкқа қарсы шығу. Бұл жөнінде жазылған шығармалар бізде тіпті аз, бар болса «Күйшідей» емес. Оқушыны ылғи қатер үстінде, жалаңдаған қылыштың жүзінде ұстай білу ақыннан үлкен шеберлікті, тапқырлықты талап еткені сөзсіз. Арқадан ауып, Жетісуға өктемдікпен қоныс тебе бастаған Кенесары қосына Сарыүйсін жігіті келіп, домбыра тартады. Бармағынан бал тамған күйші: Күйшінің қошеметке көңілі тасып, Бес бармақ маймаң қақты перне басып, Толқынтып тоқсан күйді дүрілдетті Көңілді бірде шымшып, бірде қасып. Жігіттің өнеріне тəнті болған Қарашаш «ағажан күйшіні маған қиыңыз» деп сұрап алып, өзінің көңілін көтеретін ермегіне айналдырады. Ертелі-кеш күй тартқызады. Машықты күйлерін тартып отырып, алдындағы Қарашашқа көз салса, ай мен күндей хор қызы отыр екен. Күлкісі тау бұлағы төгілгендей, Сөйлесе меруерт, маржан себілгендей.
«Алғандай пірден пішін» деген сұлу Көркіне көз тойынып семіргендей. Қасынан бір моланың жүріп кетсе Жыбырлап көрдегіге жан кіргендей. Күйші жігіт ақылынан адасып, күнде тартып жүретін тоқсан күйінен айырылып жаңа бір мақамға түседі. Ауырып домбыра да ыңыранды, Санасыз саусақ қаңғып қыдырады. Бірде ысып, бірде суып, күйіп-жанып, Жүректей сандыраған күй жынданады. Жігіт көңілі Қарашашқа əбден құлағанын жаңа бір əуенмен жеткізеді. Жан сезімін сыртқа шығарады. Қыз екен! Ақтамағын сүйер ме еді, Алпыс жыл асығына күйер ме еді! Көрінбей тірі жанға жүру үшін Құс кебін перілердің киер ме еді, – деп есінен адасады. Жігіт сезімін күй арқылы Қарашаш та ұғып отыр. Оның да жан дүниесі алай-дүлей Беу жаным, жігіт екен, Бағлан торы! Безектеп не қылмақшы мынау қолы. Есіл ер хан боп неге тумады екен. Қарадан неге туған алда сорлы! – дегеннен негізгі əлеуметтік сыр аңғарылып қалса да күй əуені Қарашаштың ханша екенін ұмытпасқа шарасын қалдырмайды. Бұл сорлы Дулат па екен, Үйсін бе екен, Күйшім боп өміріме жүрсің бе екен. Сүйкімді, жігіттің бұл бұлбұлы ғой Қарашаш осыған-ақ тисін бе екен, – деген ой орала бергенде ханзадалығы есіне түсіп:
Жоқ болмас, ауырдым ба, жындандым ба? Қараға хан затымды былғармын ба! Бұл менің басыбайлы бір маймылым Тиюге енді маған кұл қалды ма?! – деп Қарашаш төре тұқымнан туған ханша екенін есіне түсіргенімен əлі де күй əсерінен шыға алмай дал болады. Соқ жігіт! Соқ! Соқ жігіт! Күйіңді тарт! Лапылдат! Жандыр! Күйдір! Құмарт! Құмарт! Безілдет! Сарнат! Зарлат! Үздіктірші! Керегі жоқ! Лақтыр əрі! Қысқарт! Қысқарт! Бəрі де ой жүзінде, екеуі бір отауда отырғанмен лəм деп тіл қатыспайды, тек домбыраның үні арқылы ынтыға сырласады. Сөйтіп жүргенде Əлімқұл датқа Кенесарыны қонаққа шақырып, риза еткеннен кейін Қарашаш өз үйіне келген соң жігітке күй тартқызады. Күйдің тілі бұрынғыдан да гөрі анық. Ынтызарлық күшті. Барсам ба екен, қол салсам ба екен деген ой жігітке ұйқы бермей жатыр. Есінен адасып өз ойымен өзі əлек болып жатқанда бірдеме көлеңдеп «Ханша» деген сыбыр естіледі. Қарашаш орнынан ұшып түрегелгенде Ай құлап аспандағы соқты жерді. Отаудан дүр-дүр етіп тұрды пері. Төсекте қыз киініп жатқанында Айдаһар ысқырынған секілденді. Күйші жігіт болған оқиғаның шын сырын аңғаруға дəрмені жетпей, «Менен басқа осы үйде еш пенде жоқ, сонда əлгі менің көлеңкем болды ма?..» деп есеңгірейді. Көңіл мастығы əлі тарқап болмаған шақта: Қасына қалай бардым Қарашаштың Аяғым сынып қалғыр қалай бастың.
Өзімді оққа байлап, отына айдап Есуас, міне адастың! Қақпан бастың – деп өкініп жатқанында Қарашаш Кенесары қосын дүрліктіреді. Оның ашуы жын соққан қара дауылдай қосынның əңкі-тəңкісін шығарып, абыр-сабыр қылғанда, есерсоқ бір батыр Күйшіге тап береді. Қарашаш «Тарт қолыңды, қоқаңдатпа күйшіме» деген кезде ғана Сарыүйсін есін əзер жияды. Қарашашқа қол салған Əлімқұлдың Сапағы екен. Тез келтір өз алдыма дозақыны, Мен оған көрсетейін мазақыны. Аруағын Абылайдың қорламасқа Үлгі алсын, мұнан былай қазақ ұлы! – деп өзінің негізгі пиғылын жайып салады. Бұл психологиялық детальдың ролі аса зор. Енді күйшінің көзі ашылып, санасы оянады. Қай ортаға түскенін айқын сезінеді. Сапақты масқаралап, «жыны қайтқан» Қарашаш өз отауына келіп, күйшісіне домбыра тартқызады. Күй машықты болғанмен, күйшінің жанары мүлде өзгерген. Қыз емес мынау тұрған қорқау, сырттан, Құтылар күн бар ма екен бұл қырсықтан. Осыны оятуға оқталдым-ау Албытқан жындымын ба жүрек жұтқан, – деп тəубесіне келуі, бүкіл түсінік сезімнің өзгеруі қазақ поэзиясында бұрын соңды болып көрмеген құбылыс. Əрине, мұны таптық таныммен жанастырып əлек болдық. Шындығында зұлымдық, əсіресе рухани қысым, зорлық нендей көріністің болмасын екінші қырынан тануға еріксіз жетектейді. Бұл поэманың психологиялық негізін күшейте түсіп, оқиғаның əлеуметтік арнасын кеңейте түседі. Мұны Қарашаш та аңғарып күй тілін ұғады. Себебі ендігі тартылар күй де, ой да өзгеріп, бұрынғы ынтықты ызалы сезім басады. Екеуінің түсінігі екі түрлі.
Қыз емес, жалмауыз-ау, аузы қалай? Кісі емес, айдаһар ма даусы қалай? – деген жиіркенішті көрініс пен мінездемелер: Бұлардың жүрген жері бүлік екен Қансорғыш, қаралардың сүлігі екен, – деген ызбарлы ойларға жалғасқанда поэманың бүкіл идеялық арқауы ашылып, кейіпкерлердің арасында өткел бермес асу барлығы айқындалады. Осындай əлеуметтік жайды сезген Қарашаш қайтадан пенделік қалпына түспек болып, адамгершілік сипат танытуға тырысады. Жеңілді қыз жүрегі, ақыл жеңді. Қызарды, қыздың беті тағы өзгерді. – Тастама домбыраңды, күйді ұмытпа! Тарта жүр сонау тартқан сергелдеңді, – деп тілек айтады да, өзінің бар сырын ашуға себепкер болған Сапақтың сұрына мінгізіп, азаттық береді. Ілиястың ақындық құдіретінің бір ғажабы – осы шығарманың бойында бірде-бір кейіпкер аузын ашып, лəм деп сөйлеспейді. Оқиғаның өрбуі де, шарықтауы да, сырдың ашылуы да күй тілімен, домбыра үнімен беріледі. Ішкі сезім түйсігіне шейін қос ішектен шыққан əуен арқылы ашылады. Мұндай көркемдік шеберлікке жеткен ақындарымыз онша көп еместігі бір болса, екіншіден, шын мəніндегі классикалық туындының, кезеңдік шығарманың эстетикалық қуат-əсері тап осындай-ақ болуға тиіс. Сол биікке Ілияс «Күйші» поэмасымен көтеріліп, күні бүгінге дейін өзінің жарқын поэзиясымен елді елітіп келеді. «Күйшімен» поэзия шыңына көтерілген Ілиястың көркемдік шеберлігіне көз тастасақ, Əлімқұл датқа қонағасынан оралғанда Қарашаш күнде есін шығарып, желөкпе етіп жүрген күйін тартқызып, екеуі де сезімнің ең биік деңгейіне көтеріледі. Екеуі
екі төсекте болғанмен бір ой, бір арманның үстінде. Осындай түйіні шиырланған психологиялық сəтті оқыс бір оқиғамен шешіп, əркімнің ой-пиғылын таныту қажет. Соған Сапақтың жігітшілігін бүкіл шығарманың композициялық кілті етіп алуы асқан тапқырлық. Қазақ өмірінде жиі кездесетін осы бір əдет бүкіл шығарманың сюжеттік желісін ширықтырып, идеялық нысанасын Қарашаш пен күйші жігіттің жан сырын, таптық санасын ашып, көркем образ деңгейіне көтерілуіне жағдай жасайды. Шығарма композициясының ширақтығы оқиға қақтығысы арқылы ширай да желілене түседі де характердің сомдануына жол ашады. Сонда ғана туынды ой декларациясынан құтылып көрер суреті, сезінер сезімі, аңғартар эмоциясы, өзіне бейімдейтін əсері бар жанды шығармаға айналады. Ілияс осы мақсатына жеткен дүлдүл ақын. Өзі шыққан көркемдік биіктен темендемеу шартын қатты ұққан ақын «Құлагерге» кірісерде мейлінше толғанады. Шат көңіл, шадыман жұрт ақынысың, Жүйріктің жұрт қуантқан жақынысың. Баласың бақытты елге, түс майданға, Халқыңның қайратысың, ақылысың. Тілісің, теңіз көңіл, батылысың Өткір ой, сезгір сезім батырысың. Желіндей қуаныштың жеделдей соқ Өлеңнің өзі бір сапырылсын, – деп білек сыбанып, өзгемен емес өзімен егесуі əшейінгі толғаныс емес. «Соғайын сезімменнен бір сұлу сарай, Я көрсін, я көрмесін, тұрғыласым», – деп қазақ ақындарын бəйгеге шақырғандай ширығуы үлкен мұраттың дүмпуі болатын. Міне өнер осындай сəтте тұтанып, қаулап жанса ғана діттеген мақсатына жетеді. Сапырған сырлы сөзді сар қымыздай Заманның отырғам жоқ салтын бұзбай.
Асылын арамынан аршып алдым, Қашаннан қазынаға халқымыз бай, – дегенде ұлттық дəстүрді өзіне арқа сүйер қорғандай сезініп, ұлы дастанға кіріседі. Мен «Құлагер» дастанын «Күйшідей» талдамаймын. Оның ең бір əдемі сырларын М.Дүйсенов өзінің монографиясында білгірлікпен ашып, кейінгі оқулықтар мен зерттеулерге арна салып бергендігін, жұрттың көбі кино, телерадио арқылы негізгі оқиға желісімен таныстығын жəне бұлардың қазақ əдебиетіндегі орнын М.Əуезов кемеңгерлікпен дəл көрсеткенін ескеріп отырмын. «Дала», «Күйші», «Құлагерді» Ілияс шығармашылығының биік шоқтығы санап, «осы үш поэма тұсында қазақтың Абайдан кейінгі поэзиясы аса биік, ірі сапа табады. Бұлардағы дүниені көрер көз, сезіну сыры, жалпы дүние тану қалпы ақындық сыр, өмірге қараған кезқарас барлығы да бұрынғы қазақ поэзиясы тудырмаған тың жаңалықты аңғартады. Осы поэмаларда бейнелегіштік (образность) кенеулі тапқыр оймен ұдайы жақсы үйлесіп отырады. Жансүгіров поэмалары сезім сырына да толы. Ал өлең үлгісіндегі мəдениет те басқа. «Күйші» мен «Құлагер» поэмалары əрі поэма, əрі өлеңмен жазылған роман» деген Мұқаң пікірінен кейін оқушы «Құлагерді» өзі оқып шығатын, сөйтіп көркемдік дариясына емін-еркін мейірі қанғанша сусындайтын шығар деп ойлаймын. Сонымен, Ілияс Жансүгіровті қазақ əдебиетінің тұяғына шаң жұқпас жүйрігі, жыр Құлагері, поэзиямыздың бар саласына үлес қосып, поэма жанрын қол жетпес биікке көтеріп, күні бүгінге дейін үлгі шашып, дəстүр жасаған қайраткерлігін əрқашан бірінші орынға қойған абзал. Ұлылардың бар жазғаны емес, кезеңдік туындысы ғана тарих бетінен жарқырап көрінеді де, өз авторын Алатаудың асқар шыңдарының біріне айналдырады. Ілияс сондай өнерпаз. Дарынды адам əрқашанда бір бағытпен кете бермейді. Өзінің шығармашылық келбетін анықтағанша жатпай-тұрмай ізденеді, жан-жаққа көз тастайды, барлау жасайды. Ілияс əдебиеттің
бар жанрында, журналистиканың сай-саласында өндіре еңбек еткені шығармалар жинақтарында, мына шығайын деп жатқан он томдығынан анық көрінеді. Менің өз түсінігімде, Ілияс қазақ сатирасын өркендетуге ерен үлес қосты. «Құқ» жинағына кіргендерін былай қойғанда, жалғыз ғана «Жалаңаш жиналысының» өзі классикалық деңгейде екені бұған дəлел бола алады. 20-шы жылдардың аяқ шенінде астана болған Алматы қаласының коммуналдық шаруашылығындағы бар кемшілікті бір-ақ детальмен-ақ аңғартады. Ұзақ уақыт азапбейнетпен моншаға кірген жандар енді жуына бастағанда су ақпай қалады. Əрі тосады, бері тосады, су жоқ, кетіп қалайын десе үстеріндегі сабынын кетірудің амалын таппағандар тыр жалаңаш отырып алып шаруаға қырсыздақты олай-бұлай сынайды-ау кеп. Күліп отырып ызаланасың, ызаланып отырып түрлі қияпаттағыларға көзің түсіп еріксіз күлесің, не керек, қалалық советтің қырсыздығынан айтылмай қалған кемшілік қалмайды. Сол кездегі басшылардың көбі «Əй, моншаға барып ақылдаспаймыз ба?» деп жүргені, түсініп оқығандар бүгін де езу тарта отырып əңгімеге арқау етері сөзсіз. Ілияс қарасөзге ертеден-ақ үйір болғаны газетте қызмет істеуінен бастау алады. Сонау 1921 жылғы «Жас алаш», «Тілші» газеттеріне жазғандары, «Мерген Бөкен» əңгімелері, фельетондары Ілекеңе прозамен айналысуға ой салғаны даусыз. Бұл салада бірнеше кітап етіп жазбақ болған «Жолдастар» романы 1916 – 1918 жылдар оқиғаларынан Сатан, Мардан, Мəмбет сынды кейіпкерлерді саралап образ деңгейіне жеткізе суреттеп келе жатқанда жазықсыз жалаға жолығуы Ілиястың қазақ прозасына қосар үлесін одан əрі қомақтандыра түсуге кесірін тигізді. Сатираны өлеңмен де, қара сөзбен де қызықтыра жазатын қаламгердің өмір шындығын жан-жақты көрсетіп келе жатқан реалистік шығармасының тартымды оқылуына, кажетті жерінде езу тартып, ширыққан тұста қаһарлана өштестіретін сатирамен, емеурінінен аңғартып ажуалайтын юмормен ажарлана əдіптеліп келе жатқан үлкен полатноның бұйырмай қалуының өкініші тіпті күшті екені қазақ прозасының кейінгі дамуында ұзақ сезіліп келгені жасырын сыр емес.
Ғабит Мүсіреповше толғасақ, «Ілияс, Бейімбет, Сəкен үшеуі енді пісіп келе жатқан кезінде, 43 жасында кетті ғой өмірден. Қырық пен елудің арасы жазушылардың толығатын кезі, белгілі бір прозаик не ақын болып танылатын кезі. Оған олардың бірде-бірі жеткен жоқ. Бұл үшеуінің ішінде проза саласында өзін-өзі толығырақ көрсете алатын Бейімбет, поэзияда Ілияс деп білемін» дегенін əрқашан жадымызда ұстағанымыз абзал, əйтпесе «Жоғалған пышақтың сабы алтын еді» деп əр жанр, əр салада тамсана сөйлеп, теңеу таба алмай қалуымыз оп-оңай. Қазақ драматургия қоржынына Ілияс салған 6 – 7 пьессаның ішінде тап тартысын ширықтырып көрсеткен «Кек», «Түрксиб» драмалары ауызға алынып, драматургиямен театр тарихтарында өздеріне лайықты орын алып келеді. Қазақ əдебиетінің XX ғасырдың алғашқы жартысында жасаған дарындарымыздың барлығы дерлік көркемөнердің бар саласында өз қаламдарының желін, қауқарын байқап көрген. Ілияс та сын жанрында аздап болса қалам жебеп көрді. Жазушылардың жиналыстарында жасаған баяндамалары мен сөйлеген сөздері, Асқардың ақындығы туралы жазған мақаласы, Ғаббас Тоғжановпен бірлесіп театр өнері туралы зерттеу толғауы бар. Солардың ішінде 1933 жылы Абайдың толық шығармалар жинағы шығарда сол кездің əуенімен социологиялық астары қалың, əттең ақындығы болмаса кеңестік кітапханаға жолатпайтын дарын деп тапқан үш-төрт баспа табақтай алғысөзі барын кейбіреулер əдейі ұмытып, енді біреулер орағытып өтіп, қайсы біріміз білмегендей сыңай танытып келе жатырмыз. Қажетті жерінде де ауызға алмаймыз. Өйткені ол еңбекте сыншыл, жұртшыл Абайға ұлықшыл, байшыл, рушыл, діншіл, бітімшіл, орысшыл Абайлар қосылып кетіп көз алдыңнан көлбеңдеп кетпей қоятындай деңгейде баяндалады. Əйтеуір Абайдың ақындығы ғана Ілиястың таным-түсінігін жібіткені ғана ана толып жатқан Абайлардың бізге керегі жоқ, ескі жұртта қалып қойған қолаңта деуге жақындатқанын аңғармау мүмкін емес. Құдай дес бергенде Абайды ғылыми жолмен игерудің сəті келіп, 1934 жылдан былай қарай оң жолға қарай бұрыла бастағанымыз абырой болды.
Қазақ əдебиетін өркендету тек өзіңнің қалам қайраткерлігіңмен ғана емес, өзгенің озық үлгісін өзіндікі етуге де байланысты. Осы тұрғыдан алғанда аударма саласын əшейін ақша табар кəсіп деп қарамай, өнер деп тапқан адамдардың ірісі Ілияс болған-ды. Өзге əдебиеттердің озық шығармасы екінші бір елдің жазушыларына үйрену мектебі болуы да мүмкін, тіпті бəрін де орыс əдебиетінен үйрендік дегенді əдейі мақтан ретінде айтқанымыз күні кеше ғана. Сондай идеологиялық қапаста өмір сүрген жəне опық жеген Ілиястың Крылов, Некрасов, Лермонтов, Горький, Бедный, Маяковскийден аударғанын былай қойғанда Пушкиннің «Цыгандары» мен «Евгений Онегинін» тəржімəлап өнер сахнасын кеңіткені көбімізге мəлім. Сонымен, өзінің ұшқыр да өнімді қаламын əдебиеттің бар жанрында онды-солды сілтеп, талай олжаларға батырған Ілияс Жансүгіров ең алдымен қазақ поэзиясындағы ұлы таулардың бірі, жыр Құлагері. 15.07.2002 жыл. АҚҚАН ЖҰЛДЫЗ ЖАРЫҒЫ Алып арман, ұлы өзгеріс, адуынды əрекет, өрен іс, өнегелі үлгіге толы революция дəуірі адамды тез есейтеді. Жаңа социалистік заманның жыршысы, жыл құсы болғандар өздерінің жалындаған жастығын, тасқындаған күш-қуатын, шалқыған шабыт-дарынын, ақыл-санасын халықтың жарқын болашағына арнады. Кездесер қиындық, көрер опық орны толмас опат барау дегенді көңілмен ғана долбарлаған, бірақ оған мəн бермеген, тез пісіп, тез жетілген революционер жастардың алдыңғы қатарында Баймағанбет Қанапияұлы Ізтөлиннің тұлғасы айқын көрінеді. Шынайы сезім пəктігін, жүрек адалдығын, көңіл дарқандығын, ой-арман шалқарлығын Баймағанбет ғұмырынан танып білеміз де, оған ерекше ілтипат көрсетеміз. Өйткені ол қазақ халқының азаттығы, теңдігі, мəдениетті, бақытты ел болуы жо-
лында құрбан болған ер азаматтың бірі. Жарқын жұлдыздай ағып өткен жалынды ақын. Жиырма екі жасында қыршынынан қиылған күрескер өнерпаз жастың қазасын азар тұтқан жора-жолдастары оның өнегелі өмірін 1921 жылы 20 апрельде «Мир труда» газеті арқылы келешек ұрпаққа былай таныстырған еді: «Тағы бір үлкен қазаға ұшырадық. Колчактан қалған ақбандыларға қарсы күресте РКП(б) мүшесі, қазақ халқының аяулы азаматы Ізтөлин Баймағанбет жолдас ерлікпен қаза тапты. Ізтөлин жолдас халық ағарту бөлімінің Федоров ауданындағы нұсқаушысы еді. Аса сезімтал, заманына үн қосқыш ол революциялық қызу істердің ортасында қайнап жүрді де, ғасырлар бойы надандық тұманы тұншықтырған туған елі қазақты оятып, білімнің жарық сəулесіне жетектеп келе жатыр еді. Жарқын болашақтың бақытты күндерін жыр қылған оның əңгімелері мен өлеңдері əлі күнге дейін көңілімізде сайрап тұр. Ізтөлин жолдас жас күнінен-ақ өлең шығаратын ақын еді. Оның жан жадыратар жалынды өлеңдері қараңғы қазақ халқына арналған. Ізтөлин жолдас қазір біздің арамызда жоқ! Еңбекші қазақ халқы өзінің газеттерінен енді дарынды жас ақын Баймағанбет Ізтөлиннің өлеңдерін оқи алмайды. Топырағың торқа болсын, қымбатты жолдас! Жалынды өлеңдеріңмен сен өзіңнің жас қабіріңді гүлдендіріп кеттің. Айбынды пролетариат сенің атыңды тарих бетіне алтын əріппен жазады». Қайғылы қазаға ұшыраған Баймағанбеттің елі үшін еткен еңбегін аяныш сезіммен тергізген осы некрологты 1922 жылы «Қызыл Қазақстан» журналы: «Революция күндерінде қай елде, қай жерде болса да қанды оқиғалар, орны толмас қазалар болып тұрады. Біздің қазақ елі де сол секілді қазалардан, құрбандардан құр емес. Соның бірі – кеше ғана арамызда жүрген жас ақын Баймағанбет Ізтөлин. Бұл – біз берген құрбандардың ұмытылмастай біреуі...» деп жалғастырып еді.
Баймағанбет Ізтөлин – Ақмола губерниясының Қызылжар уезі, Аққұрсақ болысындағы Бұйдалы Уақтың (қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы, Преснов ауданы, «Украина» совхозы) «Шəліңке» ауылында орта дəулетті семьяда 1899 жылы жарық дүниеге келген. Жас кезінде Баймағанбет өз ауылындағы қадімшіл молла Құлыбайдан алты жыл оқып, діннің аят-хадистерін тəніне шыпшып тиген ащы таяқтың «құдіретімен» ұғынған. Алты жылғы азапты оқу із-түссіз кеткен, Баймағанбеттің бізге жеткен аздаған өлеңдерінің өзіне дақ салып кеткенінен аңғарғандаймыз. 1913 жылы Уфа қаласындағы медресе «Ғалияны» бітіріп қазақ даласына келген мұғалім, башқұрт Сейіткерей Мағзовтан екі жыл дүнияүй сабақ алып, отыз шақты жастың алды болады. Сейіткерейдің тек білім ғана емес, ақындық өнері де, орысшаға жетіктігі де жас Баймағанбетке қол созым биік болып көрінеді. 1915 жылы Мағазовты урядник жалған жаламен ұстап алып кеткенше оның қолынан екі елі қалмай, үлге-өнеге алып жүреді. 1916 жылғы дүрбелеңнің лаңы Баймағанбетті де шарпыған. Он жетіге жаңа ғана шыққан сырық бойлы жас «он тоғыз бен отыз бірдің» тізіміне ілігіп, əйтеуір əкесінің амалымен ебін тауып «үкіметтің жергілікті қара жұмысын» атқаратындардың қатарында қалады. Атбасар шығып жүкті Қызылордаға біраз тасымалдағаннан кейін Баймағанбет Красногорьковка станциясындағы жеті жылдық мектебінің төртінші класына оқуға түседі. 1917 жылғы февраль революциясын жəне оның мəн-жайын Баймағанбет осы мектепте оқып жүргенде естіп біледі. Өзінің жора-жолдастарының жəне елдес шəкірттердің ақылымен Баймағанбет Троицк қаласындағы мұғалімдер даярлайтын медресе «Уозифада» екі қыс бойына атақты өнерпаз, Қазақ ССР-нің халық артисі Серке Қожамқұлов жəне философ Үмітбай Балқашевпен бірге оқиды. Бұл кезде Троицк Колчак жендеттерінің тепкісінде болатын. Жергілікті революционерлермен байланыс жасап, түрлі прокламациялар таратысқан Баймағанбет 1919 жылдың кү-
зінде «Уазифа» жабылғаннан кейін Қызылжар (Петропавловск) қаласына келіп, декабрь айында коммунистік партияның мүшелігіне өтеді, жаңадан құрылып жатқан уездік революциялық комитеттің қызметіне орналасады. Бұл кезеңдегі əлеуметтік істің ең бір жауапты, абыройлы жəне өте қиын саласы – оқу-ағарту жүйесін таңдаған Баймағанбет аз уақыт мұғалім болып, артынан «Грамченаға» сауатсыздықпен күресетін төтенше комиссияға ауысады. Уездік оқу бөлімі оны Федоров оқу-ауданына нұсқаушы етіп тағайындайды да, жер-жерде мектеп ашу, оны мұғалімдермен қамтамасыз ету, ересектер үшін сауат ашу курстарын ұйымдастыру міндетін жүктейді. Баймағанбеттің өлеңі жарияланған «Кедей сөзі» газетінің сол кездегі сандарына көз салсақ, оның əр санында оқу-ағарту жайында бірнеше мақала жарияланғанын көреміз. Мəселен, 1920 жылдың 25 сентябрьдегі №28 санында «Оқу мəселесі», «Қазақ мұғалімдеріне», «Балаларға тəрбие беруді ұстартатын үй», «Қазақ жастарына», «Омбыдағы мұсылман балаларына ашылған мектеп» деп жарияланған көлемді мақалалар мен қысқа хабарлардың өзі оқу-ағарту ісіне сол дəуірде қанша мəн берілгендігін анық аңғартса керек. «Қазақ мұғалімдеріне» деген мақалада мектепте сабақ басталатын уақыт өтіп барады, кейбір мұғалімдер əлі күнге дейін өзінің игілікті ісіне кіріспей, бос селтеңдеп жүр дегенді айта келіп «Босқа жүрген мұғалім жолдастар енді тоқтаусыз қызмет ететін орындарына барып, оқуға кіріссін. Совет үкіметі тұсында қазақ сықылды қараңғылықта қалған халықтарды ағартуға кең жол ашылып тұрғанда мұғалімдер салақтық қылып, кежегесі кейін тартатын болса, бірінші өз ұлтының қарғысына, екінші, үкіметтің қаһарына ұрынулары анық» деп жазғаны оқу-ағартуға қаншалықты мəн берілгендігінің айғағы. Осындай ұлы істің басы-қасында жан аямай еңбек етіп жүрген ер-азамат Баймағанбет 1921 жылғы февраль айында байкулактардың көтерілісі кезінде коммунистік отрядтың қатарында болып, кескілескен қан майданға араласты, қайғылы қазаға ұшырады.
Баймағанбет Ізтөлиннің творчестволық мұрасы көлем жағынан шағын болғанымен, мəн-мағынасы жағынан салмақты да салиқалы. Қазақтың ағартушы-демократ əдебиетінің бағытынан нəр алып, революциялық идеяны бірден жырлап кеткен Баймағанбеттің творчестволық жолы Сəкен Сейфуллинді еріксіз еске түсіреді. Өйткені екеуінің алғашқы өнерпаздың адымдары мен шабыт арналары қайтар кезі өте ұқсас. Міне, сондықтан да Баймағанбет таланты жаңа ғана шабыт шалқарына құлаш ұра бастаған кезде жалп етіп сөнуі – қазақтың жаңадан туа бастаған советтік əдебиеті үшін үлкен қаза болған еді. В.И.Лениннің «Тарихи қайраткерлердің сіңірген тарихи еңбектері олардың осы күнгі талаптарға қарағанда жаңалық енгізбегеніне қарап бағаланбай, өзінің алдындағы өткендерге қарағанда олардың қандай жаңалық енгізгеніне қарай бағаланады» деген (В.И.Ленин шығармалары, 2 том, 195 – 196 беттер) данышпандық қағидасына сүйеніп, Баймағанбет Ізтөлин творчествосына назар аударсақ, жаңа əдебиетіміздің таң шапағындағы қырдың қызық гүліндей болған жарқын да жалынды өлеңдерінің идеялық мəні мен көркемдік құны арта түседі. Ақынның өнерпаздық эволюциясына, түлеп-шертілуіне көз салғанда бар ақын-жазушыға тəн сыр-сипаттарды айқын байқаймыз. Ауылда қадімшіл молдадан сабақ алып жүрген Баймағанбеттің көркемдік танымын ауыз əдебиетінің үлгілері сусындандырып, өз дəстүрінің уысына ұстағалы «Ала торпақ», «Жалғыз шілік», «Жəні мен құла ат», «Бұлқайырмен айтыс», «Өкпеге жауап» атты қағытпа, жауаптасу, айтыс өлеңдерінен сезіліп, ауыл тіршілігінің көрініс-суреттерімен оқиғалары тілге тиек болған. Жасы он төртке толып, шаруашылыққа араласа бастағанда, қытымыр, қарабай əкесінің ауылнай болған кезде параға алған ала торпағының арам өлуін, өлеңмен елге таратып жіберуі өнерпаз жастың келешегінен зор үміт күттіргендей. Дəстүрлі негізден өрбіген алғашқы өлең өріне, поэтикалық жаңалықпен жарқырап көрінеді десек жалғандық болар еді. Алайда:
Іркіттен, шіркін, торпақ жеріп қалды, Құдайым ол қылығын көріп қалды. Бұйырмай еті-дағы ауылнайға, Далада босқа арам өліп қалды, – деген сияқты шумақтар өзінің шымырлығын, ой айқындығын, келісті ұйқасын танытады. Сондай-ақ, Баймағанбеттің 1916 жылғы «Өмірім» өлеңінен: Біреуде секілді Байлаулы бекулі, Өмірім түйіні Ашуды тасытты Жүректі ашытты Осының күйіні, – деген шумақтан Абай əсерін аңғарып, жазба поэзияның ең бір өнімді соқпағына түскенін байқаймыз да, одан поэтикалық суреткерлікті күткендей боламыз. Ол үмітіміз 1917 жылы октябрь айында жазылған «От арбамен» ақталды да. Екі езуі көпіріп, Айғай салып зекіріп. Əлден уақыт болмай-ақ, Келіп қалды-ау өкіріп. Пыс-пыс етіп пысқырып, Айдаһардай ысқырып. Екі иінінен демалып, Долданады ышқынып, – деп паравозды суреттеуінің өзі ол кездегі поэзияда жаңалықпен жалғасып жатқанын аңғармасқа болмайды. Техниканың кереметін алғаш көрген ақын таңданбасқа, көрмегендердің көзіне елестетерліктей етіп суреттемеске шарасы қалмағаны бір болса, екінші жағынан осы көріністің өзінен:
Оқу оқы паңданба! Текке жүріп алданба! Сыр ашылмас оқыса, Нəсте бар ма жалғанда! – деп, талайдан бері айтып, насихаттап келе жатқан ағартушылық идеяны абстракциялы қиядан емес, нақты көріністен тудырады. Сонсоң осы ұзақ өлең басынан аяғына дейін бір ғана көріністе суреттеуді мақсат етуі, ойы шашырамай, көркемдік қорытынды жасау Баймағанбет ақындығының мəдениеті қалыптасып келе жатқандығының үлкен белгісі. Поэзияда жаңалық ашу əрбір ақынның арманы болғанымен, қолына оп-оңай қондыра қояр құс емес екені əмбеге аян шындық болғандықтан, Баймағанбет творчествосының идеялық жетілу, толысу, қомақталу мəселесіне назар аударған жөн. Бірінші империалистік соғыстың ыланы жауласқан елдер үшін ғана емес, бар адамзатқа тақсірет əкегенін Баймағанбеттің «Соғыс», «Он алтыншы жыл» сияқты өлеңдерінен көреміз. 1914 жылғы «Соғыс» деген өлеңінде қант пен шай, киім-кешектің қымбаттағаны, салықтың көбейгендігі ештеңе емес: «Қызметтен солдат деген аман болсақ, Қазағым, шығынсынба мұндайды елеп», – деп, басулық айтса, 1916 жылы жазған «Он алтыншы жыл» дейтін өлеңінде: Бір тұман ашылмастан түсті басқа Шалқыған жаңа өспірім қыршын жасқа» – деп, қан жылаған елдің, сандалған ердің бей-берекет тіршілігін суреттей келіп: «Мынау өрт қаптап бізге келеді өрлеп, Қорқып тұр қауіптеніп одан жүрек.
Түк қоймай сипап мүлде кете ме деп, Зар жылап халқы үшін еттім тілек», – деп, автор қатты қамығады. Құр уайым-қайғыға түскеннен пайда жоқ екенін ұққан ақын: «Бой балқып, көңіл шалқып қуанарлық, Болмай тұр азаттықтан ешбір хабар, Қысым кетіп, кеңшілік заман жетіп, Құдай-ау біздің шырақ қашан жанар?! – деген сауалды талабын «Тəңірінің өзіне», яғни заманның алдына көлденең тартады. Февраль революциясын шын бостандық, теңдік əпереді деп сол кездегі көзі ашықтар деңгейінде түсінген Баймағанбет «Туғаныма» деген өлеңінде: Туғаным! Шығып кетті қарап жатпас, Бетіне қарсы келіп ешкім қақпас. Жігерің құм боп мұқап жүруші едің, Қаймықпай аяғыңды енді нық бас, – деген ой-пікірін «Айым мен күнім», «Қалқам шырақ» өлеңдерінде жалғастыра, дамыта түсіп, жалқаулықты, алты бақан алауыздықты тастауға үндейді. Осылардың қырсығынан өнерсіз, оқу-білімсіз қалдық, шен-атаққа құмарлық артты: Бөгесе бірін-бірі салып қармақ, «Бəлемді мұқаттым» деп мейірі қанбақ. Тəртіп аз, оқу, өнер болмаған соң Барамыз осындай бір жолмен шарлап, – деп қамығуы Баймағанбет Ізтөлиннің дүние танымының молдығын танытады. Осындай ой-санасы бар азаматтың болашақ уақытта əлеуметтік ірі күрес пен тартысқа түсері айқын еді.
Октябрь революциясы жеңгенде Баймағанбет оны өзімнің революциям деп түсінді де «Жасасын бостандық!» деп ұрандатудан тартынған жоқ. Сен де алдың бостандықты қазақ халқы, Бауырлық, туысқандық, теңдік жалпы. Баласы адамзаттың бірдей болып, Қайтпастай өшірілді қорлық салты, – деп жариялап өзінің туған халқын қызыл тудың астына жиналуға, жаңа өмір құруға шақырды. Қазақтың қалың бұқарасын қанап, сүліктей сорып келген «Пысылдақ Омарлардың» күні өткенін жəне патша жендеттерінің тас-талқан болғандығын, кертартпашылардың күлі көкке ұшқанын Баймағанбет: Зорлығы еске алсақ толып жатыр, Ойнақтап үстімізді қылған тақыр. Қан сорғыш қара жүрек залымдардың, Өмірінше қарашығы батты ақыр, – деп түсіндіре келіп, бұл бостандықты қызыл əскер əкелгенін, талай боздақтар мен ер азаматтардан азаттық жалында құрбан болғанын халық ұмытпайды, жан жүрегінде сақтайды деп сенеді. Бақыт заманының, жаңа дəуірдің талантты жыршысы болған Баймағанбеттің бұл сенімі оның өз тағдырымен жалғасып жатқанын аңғармасқа болмайды. Халқына адал еңбек еткен ардагердің ешқайсысы да елеусіз қалмайды. Оның айғағы – Баймағанбеттің шағын мұрасының əрқашан əдебиет тарихында ілтипатпен аталуы жəне зерттелуі. Баймағанбет Ізтөлиннің елге сіңірген еңбегі мен ақындық дарынын таныту жолында атақты жазушы С.Мұқановтың жанашыр болуы жəне өзінің достық парызын қалтқысыз орындап келе жатқаны көпшілігімізге, əсіресе жас ақын-жазушылар мен сыншы ғалымдарға үлгі болса, нұр үстіне нұр болар еді.
1957 жылға дейін, яғни С.Мұқанов Баймағанбет Ізтөлиннің өлең жинағын құрастырып, кіріспе жəне түсіндірме жазып шығарғанға дейін қазақ əдебиетшілерінің қолында екі ғана дерек болатын. Бірі – жоғарыда келтірілген «Мир труда» газетінде жарияланған некролог, екіншісі – С.Мұқановтың 1935 жылы шыққан «Шығармаларының толық жинағының» бірінші томында арнайы жарияланған Баймағанбет өлеңдері. Сол деректерге ғана шақтап пікір айтушы едік. Соңғы кездегі ізденістер мен зерттеулер едəуір тың да соны мəліметтер қосқанын ең əуелі 1957 жылғы жинақтан көреміз. С.Мұқановтың ғылыми жəне естелік сипаты бар алғысөзі мен əдебиетшіл мұғалім Сейіт Сауытбековтың жинаған өлеңдері мен деректер Баймағанбет жөніндегі түсінік-танымды молайтты. Біраз адамға, оның ішінде С.Мұқановтың өзіне əлдеқашан мəлім-дерек, яғни 1922 жылы «Қызыл Қазақстан» журналының №18 сынында Баймағанбеттің жолдасы, ертерек кезде «Айқап» журналына үзбей мақала, сын жазып тұрған зиялы Ғалауеддин Мамықов Баймағанбеттің қысқа да жарқын өмірбаянын, жиырма төрт шумақты «От арба» өлеңіне түсіндірме жазғаны, 1921 жылдың көктемінде Петропавл қаласында ақбандылардан қаза тапқандарды жерлеуге қатысқан Сəкен Сейфуллиннің творчестволық көмек көрсеткені анықталып отыр. Сонсоң, тегінде шығып кетті ме, жоқ па, əйтеуір, С.Мұқановтың 1925 жылы «Бостандық туы» газетінің 15 февраль күнгі санында «Елестету», 1927 жылы шыққан «Жыл құсы» альманағының бірінші санында «Баймағанбет» деген естеліктері жарияланғанын кейінгі уақытта еш жерде атап көрсетпей келеді. Осы екі естеліктің ең сүбелі салалары «Өмір мектебінің» екінші кітабында ескеріліп, көркем шығармада Баймағанбет образын жасаудың алғашқы нұсқасы түсіп отыр. С.Мұқановтың осындай жолдастық, достық еңбегі арқасында Баймағанбет Ізтөлиннің аты-жөні тарихқа аян болғанын ұмытпасақ керек. Енді Баймағанбет қолжазбаларының тағдырына оқушы назарын аударған жөн. Ғалауеддин Мамықов Баймағанбеттің «Ба-
ла күннен-ақ бір қызық нəрсе көрсе, есіне түскенде өлең қылып жаза қоюшы еді. Басылмаған «Құралмыш» деген бала күнінде жазылған бір кітапшасы, жиған əңгімелері осы күнге шейін үйінде сақталады. Ер жеткен соңғы өлеңдерін жазып жүретін бір кітапшасы өзімен бірге жоғалып кетті» – деп хабарлаған болатын 1922 жылы. 1927 жылғы «Жыл құсы» альманағындағы естелігінде Сəбит Мұқанов «Баймағанбеттің бойында кеткен үлкен қасиеті бар. Онысы – ақындық. Мен өзім көрген жазушылардан сөзді Баймағанбеттей еркін билейтін ақынды күні бүгінге дейін көргем жоқ. Баймағанбет 21 жасында өлді. Үлкен өлеңдер жазған жоқ. Көбіне ауылдың тұрмысын жазатын еді, сол өлеңдерінің ар жағынан толқып жатқан жанды бірдеңе көрініп тұрушы еді. Жазған өлеңдері болатын, мұнысын өлгенінің артынан Жанұзақ Жəнібекұлы жоғалтты. Тарих алдында Жанұзақ жолдас жауапкер болуы керек», – деп жазған болса, осы ой-пікірге 1957 жылғы «Арман ақын» деген ғылыми-зерттеу еңбегінде тағы бір оралып, ақ бандыға қарсы аттанарда Баймағанбет өлеңдерінің қолжазбасын Жанұзақтың əйелі Мəриямның қолына тапсырып кеткендерін есіне алды. «Көтеріліс басылып, өлген Баймағанбетті жерлегеннен кейін сұрастырсам, қаланы бандылар басып алған күні Мəриямға тапсырылған книга отқа жағылып кетіпті. Сөйтіп, қазақ совет əдебиетінің ірге тасын қаласқан жалынды жас ақынның қымбат шығармалары өзімен бірге трагедиялық қазаға ұшырады. Сақталғаны – тек қана əркімнің есінде қалған бірең-сараңы. Олардың да көпшілігі Баймағанбеттің советтік дəуірге дейін ақыл-ойы марқаймаған жасында шығарғандары» деп жазды. Расында да осы қолжазбалардың ізсіз-түзсіз кетуі өкінішті, бірақ қол қусырып отыруға, мүлде үміт үзуге болмайды. Өйткені, Ираклий Андронниковтың игі ісі бізге үлгі болуы керек. Талай адам «өз көзіммен көріп едім» дегенінің расталмай жататыны өмірде аз кездеспейді, талай құпияның сыры жылдар өткеннен кейін де ашылып жатады. Осы тұрғыдан алғанда біз Баймағанбеттің қолжазбаларын іздестірудің бар шарасын істеп болдық деп айта алмасақ керек. Көзі қарақты адамдардың
осы игі іске араласуы əлі де болса қажет-ау деген үмітті ойлар еріксіз еске орала береді. Осыған мəдениеті өскен бүгінгі қауым атсалысқаны ғанибет. Бақытты өміріміздің алғашқы қадасын қағып жүргенде қайғылы қазаға ұшыраған «теңіз ойлы, терең қиялды ержүрек Баймағанбет» (С.Мұқанов) қазақтың социалистік мəдениетінің таңғы шапағында туып, ағып өткен жарқын жұлдыздай біздің тарихымызда жарқырай берері хақ. ЖИЕНҒАЛИ ТІЛЕПБЕРГЕНОВ Көркем əдебиетті тек ұлы ақын-жазушылар ғана жасамайды. Оның ұлылы-кішілі, ірілі-уақты өкілдері болады. Əдебиет тарихы əр кезеңде əдебиетке ат салысқан, оған өзінің аз да болса үлесін қосқан ақын-жазушыны ұмытпайды, ұмытуға тиісті де емес. Алайда біздің қазақ совет əдебиеті тарихында əзірге елеусіз қалып келе жатқан Самат Нұржанов, Аманғали Сегізбаев, Елжас Бекенов, Жиенғали Тілепбергенов жəне тағы басқа ақын-жазушыларымыз бар. Олар өздері өмір сүрген кезеңнің көркемдік дамуы дəрежесіне кейде сай келетін, кейде қиюы жетіспей жататын шығармаларымен қазақ совет əдебиетінің тууына, қалыптасуына ат салысып, азды-көпті үлесін қосқан дарынды жандар еді. Бұл ақын-жазушылардың еленбей келе жатуында екі түрлі себеп болды. Біріншіден – біздің əдебиет тарихын зерттеушілеріміз белгілі бір кезеңде əдебиетпен шұғылданған қабілетті адамдардың өмірбаянын анықтау мəселесіне жеткілікті мəн бермеді де, күдіктене берді. Соның салдарынан олардың құнды еңбектері жарық көрмей, творчествосы осы уақытқа дейін зерттелінбей қалды. Екіншіден – бұл ақын-жазушылар нені жазып қиратып тастады дейсің, əдебиетке үлес болып қосылатын ештеңесі жоқ, шығармалары үгіттік дəрежеден асты дейсің бе, деген сияқты орынсыз көтеріңкі талап деңгейінен қарады. Осының салдары-
нан əдебиеттің өткен өкілдерінің еңбектері өздері өмір сүрген дəуірдің көркемдік дамуы дəрежесі тұрғысынан емес, қазіргі профессионалдық əдебиет дəрежесі тұрғысынан бағаланды. Əрине, олардың шығармалары мұндай қатаң талапты көтере алмайды, ал бірақ қазақ совет əдебиетінің алғашқы жылдарында, яғни туу, қалыптасу дəуірінде олардың шығармалары осы жас əдебиеттің аяғынан тұруына, буынын қатайтуына септігін тигізгендігін жоққа шығара алмаймыз. Олай болса, оларды əдебиет тарихында елемеске, ұмытуға ешбір хақымыз жоқ, қайта зерттеуге, қосқан үлесі болса орынды жерінде айтуға, кемшіліктері болса сын елегінен өткізуге міндеттіміз. Жиенғали Тілепбергеновтың «Таңбалыларын», пьесалары мен көптеген əңгіме, очерктерін, фельетондарын оқып, танысқанда, Кокаревтің «Саввушка» деген əңгімесі жөнінде кемеңгер көсеміміз В.И.Лениннің айтқан пікірін еріксіз еске аласың: «Міне, кішкентай ғана, мүлде ұмытылған жазушы, ал оның «Саввушкасын» қайтадан бастырып шығару соншалықты қажет-ақ. Бұл мейлінше тамаша повесть! Оның бұдан да басқа, онша күшті емес, бірақ қалай дегенмен тұрмыс-салттық қызықты əңгімелері бар. Міне, нақ осындай жазушыларды біз ұмытылып бара жатушылықтан шығарып алуға, олардың шығармаларын жинап, міндетті түрде жеке кітап етіп жариялауға тиіспіз... Бізде көбінесе өздерінің тамаша шығармаларымен аты шыққан жазушыларға назарды көп аударады. Олардың шығармаларын қайта басып шығару дұрыс та, өйткені олардың шығармаларын алушылар көп, бірақ, қайталап айтамын, кішкентай жазушылар да ұмытылып бара жатушылықтан шығарылып алынуға тиіс жəне біздің оқушыларымыздың кітапханасына кіруге тиіс. Əрине, олардың қызметі мен шығармалары сынға салынып, оқушыларды олардың дəуірімен таныстыратын ескертулер, алғысөздер берілуі қажет». Тілепбергенов Жиенғали 1895 жылы Ақтөбе губерниясы, Темір уезі, 47-ші ауылдағы Əділ деген кедей шаруаның семьясында туған. Оның өз сөзімен айтқанда: «мен өзім кедейдің баласы болдым, əрі момын, əлсіз атаның тұқымынан болдық та, ол кездегі орысша школдарға қалай кірудің де мəнісін
білмейтін едік. Ауылдағы молдадан оқып, шала-шарпы хат танып, байларға жалданып жүрген жерімнен жадитшіл (жаңашыл) мұғалім болып жүрген нағашым бар еді, соның «азғыруымен», қаржылай жəрдемімен Орынбордағы «Кусаиния» деген татардың жəдит медресесіне кірдім. «Кусаинияда» жүргенде татар əдебиеттерімен таныстым. Соны оқып қызықсына бастадым» дейді. Бұл мектептердің берген білімін қанағат етпеген Жиенғали Уфа қаласындағы «Медресе Ғалияға» түсіп, 1918 жылы орта дəрежелі мұғалім атағын алып шығады. Темір уездік оқу бөлімінің ұйғаруы бойынша Жиенғали 1918 – 1919 оқу жылында Қандағаш мектебінде мұғалім болып істейді. 1920 жылы Қонжарда ашылған 4 айлық мұғалімдер даярлайтын курсте ана тілінен жəне ана тілін оқытудың методикасынан сабақ береді. 1921 жылы Темірде оқу бөлімінің инспекторы болып жүрген уақытта мектеп оқушыларының, көзі ашық, сауаты бар, көркем өнерге құмар қазақ жастарының күшімен ойын-сауық кештерін ұйымдастырып жүреді. Уездің алыстағы ауылдарына шығып, мектеп ісін тексеріп жүргенде суық тиіп қатты ауырады да 1923 жылға дейін айыға алмайды. Аурудан басын көтергеннен кейін Жиенғали əуелі Темірдегі мектепте сабақ беріп, соңынан уездік оқу бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарады. 1925 жылы май айында болған Қазақстан ағарту қызметкерлерінің бірінші съезіне делегат болып барып, оның қорытындысы жайында Ақтөбедегі «Кедей» (1 июнь, 1925 ж.) газетіне мақала жазады. 1924 жылы Ленин құрметіне партияға алу науқаны кезінде Жиенғали Тілепбергенов партия мүшелігіне кандидат болып қабылданып, 1926 жылы 18 августа партия мүшелігіне өтеді. Жиенғали 1925 жылдың 1-ші октябрінен бастап Ақтөбеде шығып тұрған «Кедей» газетінің редакторының орынбасары болады. Осы кезден бастап Жиенғали қоғам өміріне де, əдебиет қызметіне де ерекше ынтамен араласады. Редакциядағы негізгі жұмысымен қатар Жиенғали қалалық партия-совет мектебінде жəне педагогикалық техникумде сабақ беріп жүреді. БК(б)П Қазақстан өлкелік комитетінің баспасөз бөлімінің 1926 жылы
жауапты баспасөз қызметкерлерінің тізімін алу жөніндегі анкетін 7-ші сентябрь 1926 жылы толтырғанында Жиенғали өзінің газет жұмысына 1925 жылдан бері айналысқанын айта келіп, жарияланбаған бірнеше пьесалары мен əдеби еңбектері бар екендігін, бұдан былай да əдебиетпен шұғылдана беретіндігін жазыпты). Тегінде, 1928 жылы Қызылордада басылып шыққан бес актылы «Перизат пен Рамазан пьесасы осы жылы жазылған болуы керек, өйткені пьеса 1926 жылы болған оқиғадан алынып жазылған. Өлкелік партия комитеті Петропавлда шығатын «Бостандық туы» газетінің жұмысын жақсарту мақсатымен Тілепбергеновті жауапты редактор етіп тағайындады. Жиенғали Петропавлға 1926 жылы 3 декабрьде келіп, газеттің 11 декабрьде шыққан 187 санынан 1927 жылдың 1 августына дейін редактор болып, қол қойып жүрді. Оның жұмыс істеген кезінде газетте жаңа бөлімдер ашылып, «Кооператив беті», «Жеткіншек» атты қосымша беттер шығарылып тұрды. Газет жұмысын көпшілікке, тілшілерге сүйенбей еш жандандыруға болмайтынын түсінген Жиенғали өзі қол қойған алғашқы санда «Тілшілер бұрышы» деген жаңа бөлім ашып, ол бұрыштың міндетін түсіндіретін арнаулы мақала жазды. Осы кезден бастап газеттің авторлар коллективі де, шығарылған газет санының сапасы да өсе бастады, газетті оқушылардың саны да арта түсті. 1926 жылғы 11 декабрьде шыққан 187 санның тиражы 2200 дана болса, 1927 жылдың 13 январында – 2400, 23 февральда – 2500, 6 мартта – 2800, 16 марттан бастап 3500 данаға жетті. Газеттің беделін көтеру үшін 1927 жылдың май айында «Бостандық туының» шыға бастағанына алты жыл толуын атап өтті. Сол санда тек белсенді тілшілерді ғана емес, қаламы төселіп, ақындыққа ден қойған Жақан Сыздықов жөнінде Жиенғали мақала жазып, атап өтті. Тілепбергенов саяси, шаруашылық мəселелеріне арналған мақалаларымен қатар өзінің очерк, əңгімелерін, зарисовкаларын газетте басып тұрды. 1927 жылдың авгусынан бастап Жиенғали Петропавл қаласындағы қазақ педагогикалық техникумының директо-
ры болып тағайындалып, қазақ тілі мен əдебиетінен, оның методикасынан жəне географиядан сабақ беріп жүрді. Оқу программасын бұлжытпай орындау, мұғалімдер кадрын даярлау, сөйтіп əрбір ауылда қараңғылыққа қарсы күрес ашу мəселесі ол кезде техникум өмірінің негізгі міндеті болды. Техникум өзінің студенттеріне сапалы білім беруге ғана емес, сонымен қатар оларды қоғамдық жұмысқа баулып, тəрбиелеуге ерекше назар аударды. Осы мақсатпен техникумде көптеген қоғамдық жұмыстар істелді. 1927 жылы 8 сентябрьде техникумның педагогикалық советінің мəжілісі болып Ұлы Октябрь Социалистік революциясының он жылдығын жəне Қазақстанның жетіжылдық мерекесін өткізу жөнінде комиссия құрды. Оның жұмысына басшылық ету Ж.Тілепбергеновке тапсырылды. Осы комиссия 26 сентябрь күнгі өзінің мəжілісінде мереке күндерінде баяндама жасауды жəне комиссия жанынан құрылған əдебиет секциясын басқаруды Жиенғалиға тапсырды. Əдебиет секциясы мереке күніне қоюға лайықты пьесаны іріктеп алуға немесе тыңнан жазып шығуға, сөйтіп оны техникумде жəне шефке алынған ауылда қоюға, қазақ тілінде шыққан кітаптардың көрмесін ұйымдастыруға, Октябрь мейрамына арналған өлең-əңгімелерге бəйге жариялауға, сөйтіп оқушылардың күшімен қолжазба журнал, газет шығаруға міндетті болды. Бұған басшылық ету жəне материалдарды редакциялау Тілепбергеновке тапсырылды. Жиенғали қоғам жұмысымен қатар, оқу программасының өмірге жанасымды болуына ерекше мəн берді. 1927 жылы 10 ноябрь күні техникумның педагогикалық советі Тілепбергеновтың ұсынысы бойынша 4 курста латын əрпін үйрену сабағын жүргізуді мақұлдайды. Бұл ұсыныстың ерекше маңызы бар. Латын əрпін үйрету бұл кезеңде ешбір оқу программасына кірмейтінді. Өйткені латын əрпін қабылдау-қабылдамау мəселесі Қазақстан көлемінде əлі тиянақты түрде шешілмеген, айтыс-тартыстың күшті жүріп жатқан кезі болатын. Жиенғалидің ұсынысы бойынша техникум жанынан сауатсыздықты жою жөнінде Калинин бастаған бүкілодақтық қоғамның бөлімшесі құрылады. Ол бөлімшенің негізгі міндеті –
оқушылардың күшімен қала төңірегіндегі ауылдардың, ал каникул кездерінде алыстағы ауыл адамдарының сауатсыздығын жою. Осы мақсатпен бригадалар ұйымдастырылды жəне демалысқа кетіп бара жатқан оқушыларға арнаулы тапсырмалар беріліп отырды. Тілепбергеновтың ісінде ешбір кемшілік болмады, жаңалықтың жақтаушысы, оны жүзеге асырушы болды деген пікірден аулақпыз. Оқушыларға саяси-тəрбие беру мəселесіне ерекше назар аударудың қажет екендігін, басшылық етудің əкімшілік əдісі мақсатқа жеткізбейтінін Жиенғали дер кезінде түсіне қоймады. Осының салдарынан оқушылар арасында ұлтшылдықтың шылауына еріп, саяси тəрбие беру ісіне кедергі болған пікірге дереу тойтарыс беру үшін коллективті жұмылдыра алмады, қолындағы əкімшілік күшпен тойтармақ болды. Соның салдарынан оқушылармен де, оқытушылармен де қақтығысып қалып жүрді. Оның үстінен түскен орындыорынсыз арыздарды Петропавл округтік комитетінің партколлегиясының көшпелі сессиясы 1928 жылы 21 ноябрьде қарап, оқушы қыздың жазған арызы жалған екендігін анықтай келіп, техникум коллективінде жолдастық ынтымақты орната алмағаны, оқушылар арасындағы тəртіпсіздікті тез жоя алмағаны үшін, басқару ісінде əкімшілік əдіске ден қойғандығы үшін Тілепбергеновке ескерту жасап, қызметінен босатылсын деген қаулы шығарады. Қазақстан өлкелік партия комитетінің 1928 жылы 25 декабрьдегі шешімі бойынша Тілепбергенов Қызылордадағы қазақтың ағарту институтының оқу-тəрбие жұмысын басқарушы, одан кейін сол институттың директоры болып қызмет істейді. Астана Алматыға көшкеннен кейін Қызылордада «Сыр бойы» деген газет шыға бастайды. Тілепбергенов алғашқы кезде сол газеттің редакторының орынбасары, соңынан редакторы болып 1931 жылдың апрель айына дейін істейді. Мұнда саясишаруашылық тақырыпқа жазылған мақалаларымен қатар, очерк-зарисовкалары, көптеген фельетондары басылып тұрды. 1930 жылы 2 сентябрьде «Сыр бойы» газетінде Жиенғалидың «Алты үй арғын ауылнайдың алақанында, ауыл арте-
лі атқамінердің алақанында» деген фельетоны басылып, Қызылорданың тап іргесіндегі жетінші ауылда ауылнай мен атқамінерлердің қылмысты істерін əшкерелейді. Жаңадан ұйымдасқан артельге байлардың ықпалы жүріп, «Жас қайрат» колхозының председателі мен «Алғабас» ауыл Советінің председателі колхоз құрылысына қарсы күштердің қол шоқпары болып кеткендігі жазылады. Фельетондағы фактілерді тексергенде, жазылғанның бəрі расталып, жетінші ауылдағы атқамінерлердің біразы, ауыл Советінің председателі, секретары, колхоз председателі 1930 жылы 15 декабрь күні сотқа тартылып жазаланады. Сотталғандардың аман қалған сыбайластары Қызылорда баспаханасында жұмысшы болып істеп жүрген Тілеуберді деген байдың баласы Əлиді газетке тілші етті, сөйтіп тап жауын қорғап отыр деп Жиенғалидің үстінен арыз береді. 1931 жылы 9 мартта «Еңбекші қазақ» газетінде «ƏлиСəлидің» қоғамдық жоқтаушысы» деген мақала басылып, мəселе шиеленісе түседі. Содан Тілепбергеновтың партиялық мəселесі 1931 жылы 21 жəне 24 мартта Қызылорда аудандық бақылау комиссиясында қаралып, қатаң сөгіс беріледі ал 4-ші майда Өлкелік партия комитетінің бақылау комиссиясында қаралып Жиенғалиға қойылған кіналар расталмаған соң, редакцияға түскен хаттарға дер кезінде назар аудармағаны үшін ескерту ғана беріледі. Бұдан кейін Жиенғали Алматыдағы қазақтың мемлекеттік баспасында аз уақыт редактор болып, екі-үш кітап аударады. Денсаулығы нашарлай берген соң, 1931 жылы 15 октябрьде Темірге келіп, «Социалистік майдан» газетінің əуелі əдеби қызметшісі, 1932 жылдың 10 февралынан 1933 жылдың 23 мартына дейін сол газеттің жауапты редакторы болып қызмет атқарады. Бірақ меңдеп кеткен өкпе ауруының салдарынан 1933 жылы 11 апрель күні Жиенғали қайтыс болады. Қазақ совет əдебиетінің туу, қалыптасу дəуірінде өзіне тəн бір ерекшелік бар. Егерде ертеден өркендеп, марқайып, көркемдік дамудың белгілі бір көтеріңкі сатысында болған орыс, украин, грузин халықтары əдебиетінде пролетариат жағында болған азды-көпті əдебиет кадрлары болса, біздің қазақ əде-
биетінде мұндай кадр жоқтың қасы еді. Осының салдарынан қазақ совет əдебиетінде Октябрь революциясының ұлы жеңісін, азаттық алған халықтың азамат соғысы мен шетел интервенциясы жылдарында бостандық жолында керсеткен қаһармандық ерлігін ізін суытпай жырлаған, суреттеп берген шын мəніндегі көркем əдебиет шығармасы аз. Октябрь революциясының жеңісі арқасында қазақ халқы тұңғыш рет өзінің дербес мемлекеттілігіне қолы жетіп, орыс пролетариатының тікелей басшылығымен экономикасын, ауыл шаруашылығын, мəдениетін өркендете бастады. Творчестволық еңбектің ұлы арнасына тартылған қазақ халқы шаруашылық саласында зор табыстарға жетіп, өзінің мəдени дамуына жол ашты. Мектеп, мəдени-ағарту мекемелерінің, қызыл отау жүйелері көбейіп, ана тілінде шығатын кітаптардың, газет-журналдардың саны арта түсті. Сөйтіп экономика саласында пролетариаттың өсуімен бірге, қазақтың советтік интеллигенциясының алғашқы өкілдері туа бастады. Біздің ақын-жазушыларымыздың алғашқы буыны белгілі бір мектепті, институтты бітіріп, əдебиетті өзінің негізгі қызметіне, кəсібіне айналдырғандар емес. Олар өмір университетінен оқып, қаламға ыңғайы барлар əдебиетпен айналыса бастады. Қазақстан жағдайында əдебиет кадрларын даярлайтын негізгі мектеп – газет-журналдар болды. Біздің кəзіргі аға жазушыларымыздың бəрі əуелі газеттің қатардағы тілшілері, соңынан əдеби қызметкерлері болып істегендер. Олардың бəрі де қаламының «уытын» газеттік қысқа хабарлардан, мақалалардан, кішкене зарисовкалардан, очерктерден сынап, соңынан жазушылыққа бірбеткей ден қойғандар. Бұған мысал ретінде Ғабиттің творчестволық жолын алуға болады. Ол əуелі 1925 – 1926 жылдары «Еңбекші қазақ» газетінің қатардағы қызметкері болып жүріп, жазушылықтың «дайындық курсынан» өтеді де 1928 – 1929 жылдары «Тулаған толқында», «Қос шалқар», «Көк үйдегі көршілер», «Өмір ертегісі» атты əңгімелерін жазады, əдебиеттің тұрақты кадрына айналады. Елжас Бекенов, Жиенғали Тілепбергенов, Асқар
Тоқмағамбетов, Жақан Сыздықов жəне тағы басқалар нақ осындай творчестволық процесті бастарынан өткереді. Сонымен, жиырмасыншы жылдардың бірінші жартысында əдебиет майданының негізгі мəселесі болған кадр мəселесі біртіндеп шешіле бастайды да, 20-шы жылдардың екінші жартысында жаңадан талаптанып, күннен-күнге өсіп келе жатқан пролетариат бағытындағы ақын-жазушыларды ұйымдастыру мəселесі келіп туады. Өлкелік партия комитеті 1925 жылы 12 июньде Қазақстан пролетариат ақын-жазушыларының ассоциациясын (ҚазАПП-ты) ұйымдастырады. 18 июнь күні БК(б)П Орталық Комитетінің «Партияның көркем əдебиет саласындағы саясаты туралы» деген арнаулы қаулысы алынады. Осы тарихи қаулымен қаруланған ҚазАПП-қа негізгі екі міндет: – біріншіден – дəуір тілегіне сай творчестволық еңбек ету үшін пролетариат позициясындағы жазушыларды ұйымдық жағынан бекітіп, əдебиеттің тұрақты кадрын жасау, екіншіден – ұлтшыл-алашордашыл жазушыларға тойтарыс беру, оларды əдебиеттен, мəдениет саласынан ығыстыру, олардың дұшпандық əрекетін əшкерелеу міндеті жүктелді. Бұл міндеттерді кейбір жасаған қателіктеріне қарамастан ҚазАПП бірсыдырғы орындап шықты деуге болады. Осы кезеңде қазақ совет əдебиетінің тууына, қалыптасуына ат салыса бастаған ақын-жазушылардың алғашқы өкілдерінің бірі – Жиенғали Тілепбергенов. 1915 жылдан бастап «Медресе Ғалиядағы» қазақ оқушыларының күшімен «Садақ» атты қолжазба журнал шығып тұрады. Жиенғали осы журналды шығарушы алқаның мүшесі болып, қаламының «уытын» байқайды. Оның өз сөзімен айтқанда: «Мен барған жылдан бастап қаламымызды əдебиетке үйрету үшін «Садақ» деген жазба журналды жасырын шығарып тұрдық. Журналымыз ойыншық сияқты болса да, қаламымыз недəуір сонан ысылып қалды». Мақала, шығарма жазуға талап күшейді. Жиенғали Тілепбергеновтың баспасөз бетінде жарияланған тұңғыш еңбегі – «Мектеп ашылу» деген хабары. Ол 1915 жылы 29 августа «Қазақ» газетінің 147 санында жариялан-
ды. Осы хабардың басылуы жөнінде Жиенғали ҚазАПП-тың алты жылдығын тойлауға байланысты жазған мақаласында былай дейді: «Ол кезде қазақ əдебиеті дегенде «Айқап» журналы мен «Қазақ» газеті бар еді. Ол кезде біз баламыз, саясаттан түк саңлауымыз жоқ. «Тəтті» сөздің бəрі тəтті сияқты, ала-құласы жоқ сияқты. Татар əдебиетін көріп бізде де сондай болсайшы дейміз... «Айқап» беті əдебиет жөнінде татар əдебиетімен салыстырғанда бізді тойындырмайды. «Қазақ» газетінде анда-санда өлеңдер, əдеби сөздер шығады. Біз де жазайықшы деп өлең жазып қараймыз, келістіре алмаймыз. Ең болмаса хабар жазайықшы деп елден түрлі хабарлар, түрлі зорлық-зомбылықтарды жазамыз. Бірақ «Қазақ» баспайды. Жазу қолымыздан келмейтін шығар дейміз де қоямыз. Өмірімше «Қазақ» газеті шығып тұрғанда жалғыз ғана «Үлгілі мектеп» деген кішкене хабарым басылды». Алашордашылардың органы болған «Қазақ» газетінде басылған Жиенғалидің кішкене хабары бізді шошындырмауға тиіс. Революция қарсаңында баспа жүзінде сөз айту үшін тек «Қазақ» газеті мен «Айқап» журналынан басқа баспасөз орындары болмаған еді. Жəне шəкірттік кезеңде, белгілі ұстаған бағыты болмаған, бірақ жазу, баспасөз бетінде көріну тілегі басым болған кезде бұдан басқа жазар жері болмаса, қайда мақаласын бастырмақшы. Мəселе жазған нəрсенің қайда басылғаны емес, оның қандай мазмұны барлығында ғой. Енді осы кішкентай, бір беттік хабардың мазмұнына тоқталып өтейік. Орынбордағы «Құсайнияны» тауысып, енді «Медресе Ғалияға» түсуге дайындалып жүрген кезінде Жиенғали өзінің нағашысы Ғабдолла Бергеновке жолығып, соның қасында бірталай уақыт болады. Сол ауылдағы адамдардың өнегелі ісі еріксіз қалам алдырғанға ұқсайды. «Темір уезі, Темір-Орқаш болысы, үшінші ауылда Бергенов Ғабдолла өз үйінде ауыл балаларын бір қыс жадитше оқытып шығарады. Шəкірттерді қазақ емлесімен оқытып, оларды керекті оқу құрал-жабдықтарымен қамтамасыз етудің бар шығынын өз мойнына алады. Балалардың білімін тексеру
үшін мұғалім олардың əкелерін, ауыл ақсақалдарын жинап емтихан өткізеді. Жиналған адамдар балаларының оқу-жазуына өте риза болып, мұғалімнің: «бір мектеп ашып, реттеп оқытсақ бұдан да жақсы болар еді!» деген сөзін мақұл көріп, бір мектеп салмақшы болып, қаулы алып тарасады. «Жазғытұры уағдалы күніне ағайындар жиналып, қолдан келген жəрдемдерін аямай, үш бөлмелі мектеп салды жəне ғұшыр, пітір, садақаларын да мектепке жинамақшы болды». Бұдан кейін Жиенғали кəзір мектептің іші-сыртын түзеп, парта сияқты нəрселерін істеп, басқа да керек құралдарын əзірлеп жатқандығын, бастапқы жыл болғандықтан оқу биыл бірінші октябрьден майға шейін болатындығын хабарлай келіп, мектептің кімнің күшімен салынып жатқандығына жəне оны кімдер басқарып отырғандығына тоқталады. «Мұғалімнен соң мектепті басқарушылар – Жəлекен Баймағамбетов, Қали Қаратаев ақсақалдар, бұлар азырақ ескіше оқығандары бар, ашық пікірлі, жігерлілерден, бірақ байлықтары жоқ. Солай бола тұрып мектеп басқаруына кім тəңірі жарылқасын айтпас. Əр жерден осындай Ғабдолла сияқты мұғалімдеріміз көсемдік қылып, жол көрсетіп, Жəлекең, Қали сияқты ақсақалдарымыз белсеніп, мектеп басқаруға кіріссе, халыққа өнеге боларлық іс болмас па!» – деп аяқтады осы хабарын Жиенғали. Бұл кішкене хабардың өзі Тілепбергеновтің көзқарасынан да бірқатар деректерді аңғартатын сияқты. Ең алдымен, сол кезеңде басым болған ағартушылық идеясы Жиенғалидың жүрегінен берік орын алғанға ұқсайды. Сонсын, дүние қоңыз, айуан тақілеттес өмір сүрген байларға өлердей қас болған, бірақ қолдан келері болмай жүрген Жиенғали осы кішкентай хабардың өзінде-ақ бір мұқатып өтеді, олардан жақсылық күтпеңдер, одан да қара бұқара өздерің бас болып, тиынтебендеріңді, ғұмыр, қайыр-садақаларыңды мектеп пайдасына жаратыңдар дегендей қылады. Жиенғали «Медресе Ғалияда» оқып жүрген кезінде белсенді, пысық шəкірттердің бірі болғанға ұқсайды. 1917 жылы 26 декабрьде «Сарыарқа» газетінде Семей облысынан келген екі
қазақ шəкіртінің ауруға шалдығып, мұқтаждық көріп жүргенін хабарлап, медреседегі қазақ шəкірттерінің атынан хат жазып, көмек көрсетуді өтінеді. «Екеуі жарлы шəкірттер, оның үстіне екеуі де сүзек-кезік науқасына айналды. Мұндағы қазақ шəкірттерінің «ұйымы» екеуін Уфа Земский больницасына орналастырды. Əрине шəкірт ұйымының қолы қысқа болатыны белгілі, ол-пұл шығындарына əзір шыдаса да бұдан былай əлі келетін емес, екі жолдасымыз ауруханадан жазылып шыққан соң да əлденіп оқуына көп күш керек. Бұл екеуінің қалдырып кеткен жиырма, отыз сом ақшасы жарытып үнем болмайды, сондықтан əрісі барша алаш, берісі Семей облысының қазағынан өтінеміз: алыстан ғылым деп келіп фақыршылық шегіп, больницада басына жастық, аузына сусын боларлық ата-анасы жоқ екі шəкіртке асығыс жəрдем қолдарын созса екен! Дені сау мұқтаж шəкірттерге де жəрдем қыласыздар ғой, бұл екі жолдасымыздың халі бұл күнде тым аяныш... «Ғалиядағы» қазақ шəкірттері атынан Жиенғали Тілепбергенов». Осы хаттан кейін бірталай қаражат жиналып, дімкəс шəкірттерге табыс етілгенін хабарлап, медреседегі қазақ шəкірттері ұйымының атынан мұқтаж оқушыларға көмектескендерге алғыс айтты. «Жұрттың жəрдемімен əлгі екі шəкірт тарықпай оқып шығатындығын» хабарлады. Жиенғалидің қолжазба «Садақ» журналы мен «Қазақ» газетінде басылған еңбектерін оның творчестволық өмірбаянының басы деуге келмегенімен жазуға ден қоюы осы кезеңнен яғни, 1915 жылдан басталғанын аңғартады. Жиенғали Тілепбергеновтың шын өнерпаздық қызметін 1917 жылдан бастаған жөн. Қолжазба «Садақ» журналында жарияланған əңгіме-суреттемелері мен «Қазақ» газетіндегі хабары жазушылыққа ден қою қадамының тəй-тəйі ғана болса, прогресті жақтаушы, 1915 жылы «Надандық құрбаны» деген пьесаны жазған Көлбай Тоғысовтың 1916 жылы Ташкент қаласында шығара бастаған «Алаш» атты газетіне Бейімбет Майлинмен бірге қатысып тұруы Жиенғалидың болашақтағы өнерпаздық жолын айқындаған белеңді кезең болды.
«Алаш» газетінде 1917 жылы «Ат-тон айып», «Бұл қалай оқу?» деген əңгімелері мен «Арсыздар» атты сатиралық суреттемесі жарияланды. Қазақ елінде əйелдің мал орнына сатылатындығы, құда-құдағидың бір-біріне көңілі қалса ұзатылған қыздың айлашарығының тұздығы болып, қырғи қабақтылықтың отына күйетіндігі, сөйтіп жас өмірін қор қылатындығы суреттелсе, «Бұл қалай оқу?» деген əңгімеде жадит оқуының қадимнан əлдеқайда артық екендігі, оны жастардың зор ынтамен оқып, тез хат танитындығы, шариғат заңымен надандыққа байлап-маталған кыз балалардың оқуға құштар екендігі көрсетіледі. «Арсыздар» атты сатиралық суреттемеден малдың құлы болған, мал үшін жалғыз қызы Зылиха түгіл ғары мен иманын, жан-тəнін сататын əке мен шешенің айуандық келбеті аңғарылады. Жиенғалидың осы үш шығармасында революцияға дейін қазақтың бұқарашыл интеллигенциясының ұстаған ағартушылық бағыты айқын көрініп, көркемдікпен баяндалады, автордың идеялық позициясының бекемдігі аңғарылады. Оның демократтық-ағартушылық көзқарасы Октябрь революциясының айбынды дəуірінде де бекем сақталғанын 1918 жылы жарияланған «Қайран, елім-ай» атты көркем əңгімесінен анық көреміз. Əңгіменің қысқа мазмұнын жəне оның қалай жазылғанын оқушыға таныстыру үшін Жиенғалидің өзіне сөз берген жөн: «Төңкеріс кезінде ауылда мұғалім болдым. 1918 жылы Түркстан қазақтары ашаршылыққа ұшырады. Ақтөбе, Орынборға қарай босып кетті, ашаршылықтан ісіп, кеуіп, қырылып жатты. Бір қызын бір тілім нанға сатты...Ақтөбе төңірегінде мұғалім боп тұрғанда тоқ елдердегі байлардың аштарға істеген айуандық өмірінен, қыз-қатынмен алып-сатарлық еткені жайынан бір əңгіме жаздым. Оным Семейде шығатын «Абай» журналында басылып шықты. Баспасөздегі алғашқы шыққан сөзім сол еді: Мұны да бай-құлақтар мен саудагерлердің айуандық ызасы еріксіз жаздырып еді». «Қайран, елім-ай» деген əңгімеде осы жағдайдың нақты көрінісі етіп бір семьяның сол кездегі өміріне, адам сатып, делдалшылық жасап, пайда тауып жүрген сұмдарға тоқталады.
Өмір шындығын реалистік позицияда жазған Жиенғалидың бұл əңгімесі сұсты пейзаждан басталады: «Февраль іші. Күн боран. Жер жүзі аппақ. Дүниеге жасаған ием қаһарын төккендей – күнде де, соққан желде де, жауған қарда да ешбір жылы жүзбен қарау жоқ. Дүние қабағын түйген – ешбір күлмейді. Темір қазықтан ескен мейрімсіз жел, соғып тұрған қызыл шұнақ боран Андағұл үйінің сиқын кетіріп тұр еді. Ішерге тамақ, жағарға отын жоқ. Есіктің босағасынан жел уілдеп, қырауытып мұз қатып, үйдің ішін сұп-суық қылып тұр еді». Осы кішкентай да алымды пейзаж бүкіл əңгіменің лейтмотиві ретінде оқиға сырын ашады. Алты жаны бар Андағұл аштықтың азабына шыдай алмай Бəтима деген қызын азығы мол, септігі тиетін біреуге сатуға бел байлайды. Бəтима бүкіл бір семьяның құрбандығы болуға өз еркімен көнеді. Оның бауырлары мен туыстарына айтқан имандай сыры: «Жолдарыңа құрбандықпын, мен не болсам да сендер тірі болыңдар. Қайран өз үйім, қайран өз елім, əжекем, бауырларым қош, қош!», – деп алтын босағасын аттап, жолға шығады. Əңгіменің екінші бөлімінде Жұмабек сияқты қулардың ел азабынан пайда түсіріп жүргендегі келбеті суреттеледі. Олардың аңдығаны Түркстан жақтан келетін поезд, одан түсетін ашарықтар. Елу бестегі Жақып деген екі əйелі бар байсеркешпен əңгімелесіп отырып Жұмабек: «Олардың келгені қайта бізге жақсы болып тұр! Киіз-кілем, бау-басқұр деген орасан көп түседі. Кем қақы беріп əрі-бері жүрсең, өліп бара жатқан соң амалсыз өзі-ақ береді. Қатын керек болса маған айт. Мен қыз алып берейін» деп сумаңдайды. Келген поездан түскен Андағұл мен Бəтима Жұмабекке жолығып, шын сырын айтады. Сырттай көлгірсіп, жаны ашыған түр білдіріп осы арада Бəтиманы Жақыпқа бір бұзаулы сиыр, үш жүз сом ақша, бес пұт тарыға келістіріп, өзі жеңгетайлығына жүз сом алады. Андағұл жаз шыға Жақыптың қасына көшіп келмекші боп аттанады. Əңгіменің үшінші бөлімін Жақып үйіндегі Бəтиманың қорлықта жүргендігін суреттеуге арнаған. Бəтиманың екі күндесі күйеуі өздеріне қарамай қойған соң талай өсек-аяңды шығарады. Бəтима сені кəрісінеді, жаста көңілі бар деп өлермен қып
ұрғызады. Ауруынан айыға алмай жатқан кезінде саған еркелеп жатыр деп көктемнің қара суығында далаға шығартып тастайды. Күркенің ығында Бəтима бірнеше күн аш-жалаңаш хал үстінде жатып: «Ие жасаған ием, қиналтпай ала гөр! Осылардың қорлығынан құтқарсаң ырзамын. Өлгеніме қайғырмаймын... Өз елімде болсам су беріп, иман айтпас па еді. Уһ, қайран елімай!» деп өліп кеткен шағында, баяғы уəде бойынша Андағұл көшіп келіп, атының басын Жақыптың үйіне тірейді. Қайғылы хал, қасіретті шындық! Біз Жиенғалидің бұл шығармасынан əдейі ұзақ үзінділер келтіріп, толық мазмұнын айтып бердік. Бұл арада екі мəселеге назар аударған жөн сияқты. Бірінші, бұл əңгіменің «Абай» журналы сияқты керітартпа органда жариялануы, екінші, аштықтың зардабы, əңгіменің қайғылы, қасіретпен аяқталуы. «Қайран елім-ай» атты əңгіменің «Абай» журналында жариялануында бірталай себептер бар. Жиенғалидің өзі айтқандай: «бай-құлақтар мен саудагерлердің айуандық ызасы еріксіз жаздырған» осы əңгімені жариялау керек болды. Қайда бастыру керек? Сөз жоқ, баспа орындарына беру керек. 1918 жылы «Абай» журналы мен бірді-екілі газеттен басқа баспасөз орындары жоқ болатын. Қазақстанның қоғамдық өмірінде болып жатқан өзгерістерден Жиенғали хабарсыз еді деуге болмайды. Октябрь революциясының айбынды қарқынына тосқауыл болмақ ниетпен ақгвардияшылар, монархистер, алашордашылар күрес жүргізе бастады. Осындай кезеңде қай жақта болу мəселесін Жиенғали айқын, түпкілікті шешкен еді деп кесіп айту қиын. Оның ағартушылық көзқарасы бірден революциялық бағытқа ұласты, совет жағына ауа қойды деу шындыққа жанаспайтын шалағайлық болар еді. Оның санасында ескіден қалған сарқыншақ, тіпті ескі идеологияның əсері жоқ деу буынсыз жерге пышақ ұрғандық болады. Елдің стихиялық апатқа ұшырауы, бай мен жалдаптардың адам өлімінен пайда табуы, қысылшаң кезеңдерді пайдалануы Жиенғалиға еріксіз қалам алдырып, реалистік бағытта жазылған əңгімесін «Абай» журналына
жолдаттырды. Журнал редакциясы бұл əңгімені өз мақсатына пайдаланумен қатар, реті келсе Жиенғали сияқтыларды өзінің жағында ұстағысы да келді, сондықтан журнал бетіне тарлық қылмай, орын берді. Мұндай пікір айтуға журналдың керітартпалық бағыты айқын дəлел. Осындай реалистік позицияда жазылған шығармаларды басу арқылы алашордашылар өзінің «ой қазағым-ай» деген əуенін соза түспек еді. 1918 жылы Түркстан қазақтарының аштыққа ұшырауын Октябрь революциясына таңа салу оларға əбден қолайлы болғандығы аян. Сонымен, Жиенғали мұны басында ойласын-ойламасын, «Абай» журналы оның көркем əңгімесін өз мақсатына шебер пайдалана білді. Екіншіден, əңгіменің «Қайран елім-ай» деп аталуы мен қасіретті түрде аяқталуы, шешілуі жөнінде пікір айта кету қажет. Біздің кейбір сыншыларымыз, зерттеушілеріміз 1917 жылғы октябрьден бергі уақытта ешқандай қиыншылық, қасіретті шындықтар болған емес, бəрі де бір күнде сабасына түсе қалып еді деген сияқты тарихи шындыққа жанаспайтын жаңсақ, шолақ пікірден аулақ емес. Революция талай қиын кезеңдерді, талай тар жол, тайғақ кешулерді басынан өткеріп, бүгінгі гүлденген заманымызға жеткізді. Олай болса əңгіменің тақырыбын да, шешуін де заңды деп табу керек. Егер əңгіме бұлай аяқталмай, азамат соғысы жүріп жатқан уақытта кедейлер өзінің праволарын толық пайдаланып, бақытты өмірге кезіге қойса, онда бұл əңгіме антиреалистік планда жазылған схеманың біреуі болып шығар еді. Жиенғалидың осы көркем əңгімесі реалистік позицияда жазылған дедік. Олай дейтін себебіміз: өмірде болған шындықты фотографиялық əдіспен баттастыра салмай, автор өзінің көзқарасын айқындай, жинақтай, көркем əңгімені қорытындылай жазған. Жиенғали аштықтың болғандығын емес, сол қиын-қыстау күндерде өз пайдасын көздеген, халық азабынан табыс түсірген Жұмабек сияқты сұмды, байсеркеш Жақыпты өлтіре сынайды. Автордың айбынды позициясы басынан аяғына дейін қулық пен сұмдықты, ашкөз жалдаптарды əшкерелеп, жапа шеккен еңбекші халық жағында болады.
Сондықтан бұл əңгіме – сыншыл реализм бағытымен жазылған эстетикалық əсері мол шығарма. Социалистік реализм əдісінің талабын көтере алмайды. Ондай талапты Жиенғалидың алғашқы көркем əңгімесіне қою орынсыз да болар еді. Сонымен, Жиенғалидың осы көркем əңгімесі оның жазушылық қаламының ұшталғандығын танытқан, автордан көп үміт күттірген шығарма болды. Жиенғали осыдан көпке дейін, яғни 1922 жылға дейін өзінің негізгі мамандығы – оқытушылық қызметіне ден қойып, ағарту жұмысында жүрді. Өзінің айтуына қарағанда, сол кездегі қазақ даласында болып жатқан өзгерістер жаңа өмірге ақындық сөзіңмен де, нақтылықты ісіңмен де араласуды талап етті, «қаламым хабар етіп жазудан гөрі көркем əдебиет түрінде жазуды тіледі. Мен оған көндім. 1922 жылы фельетоным басылып шықты. Сол сол екен, содан соң газеттерде фельетон жазуды күшейттім. Қостанайда шығатын «Ауыл» газетінде, Қызылжарда шығатын «Бостандық туы» газетінде, Ақтөбеде шығатын «Кедей» газетінде, Қызылордада шығатын «Сыр бойында», осы күнгі «Еңбекші қазақ» газеттерінде фельетондарым көп шықты. Сейтіп жүріп өзім 25 жылдан бастап газет қызметкері болып кеттім. Көркемдігі жағынан қандай жаманжақсы болса да, менің фельетондарым талай бұзықтықтың тамырына балта шапты. Кəзіргі шығып жүрген журналдарға да түрлі əңгіме, күлкі сөздер жазып ат салыстым» дейді. Сонымен Жиенғали 1925 жылдан газет қызметіне ауысуына байланысты əдебиетке бірыңғай ден қойды, творчестволық еңбектің арнасына толығынан тартылды деуіміз керек. 1925 жылы 4 октябрьде Ақтөбеде шығатын «Кедей» газетінде Жиенғалидың Қазақстанның бесжылдық тойына арналған «Қойшығұлдың қуанышы» атты көлемді əңгімесі басылды. Онда ол өзіне əбден таныс тақырыпты – мұғалімнің ауылдағы мəдени-ағарту ролін суреттеді. Ерден деген мұғалім Қазақстанның жеке мемлекет болып құрылуын, сол қуанышты, бақытты күнді ертең Қазақстан үлкен мереке етіп өткізетінін өзінің оқушыларына да, ауыл еңбекшілеріне де түсіндіреді. Оқушылар ұлы тойға ойын-сауық кешін даярлап еңбекшілерге
көрсетпек болады. «Ертең ұлы той» деген ниет оқушыларға да, еңбекшілерге де жаңа қарқын, жаңа күш бітіреді. Əрине бұл əңгімеден біз қалыптасқан характер, дараланған кейіпкер таба алмаймыз. Бірақ Жиенғалидың жазушылыққа ыңғайы, «қыры» бар екендігін, сөйлемді көрікті құруға ұмтылушылығын, ана тілінің байлығын еркін пайдалануға, сөзді орынды қолдана білуге тырысушылығын тағы да айқын аңғарамыз. Осы ретте Тілепбергеновтың идеялық позициясына, дүние тануына көз жіберіп алған да жөн. Ол өзінің шығармаларында еңбекші таптың өкілдерін еңбек сүйгіш, момын етіп суреттеп, олардың қанаушылардан бір кезде жапа шеккендерін, енді кəзір адал еңбекпен шұғылданып жүргендерін көрсетіп отырады. Бұл ұлтшыл-алашордашылардың қазақта тап жоқ, болған да емес, болуы мүмкін де емес деген зиянды даурықпасына көркем сөзбен берілген жауап болса, өзінің саяси тақырыпқа жазған мақалаларында Жиенғали бай мен кедейлердің бірбіріне қарсы тұрғанын, өмірі бітіспес дұшпан тап екендігін ашық айтады. «Жарлы мен байдың арасын айыруға болады» («Кедей», 6/11 1926 ж.) деген мақалада «Өздері үйінде отырып, бірнеше малайды жалдап малын бақтырып, қызметін істетіп отырған, кісі күшімен, малының өсімімен күнелткен байлар ап-анық қой» деп, еңбекшілерді сүлікше сорып келген қанаушылардың негізгі сипатын көрсетіп береді. 1916 жылғы оқиғадан алып жазылған, 1926 жылы 24 сентябрьде «Еңбекші Қазақ» газетінде жарияланған «Жұмағазы хан» деген көлемді зарисовкада бай мен кедейдің екі тап екендігі, солдаттыққа тек кедей балаларының алынғандығы, олардың ұйымдасып бай-болыстарға қарсы күрескендігі суреттеледі. Патша əскерінің күшімен көтеріліс басылғаннан кейін «Байлар солдат алып шығып, сарбазға барған жігіттердің үйлерін талай бастады, баяғы сарбаз жатқан «Үймола» деген жер қашып кеткен байлардікі еді. Бір жағым қараған үшін Қанкөшек ұлдары бір қойдан төлеу» алғандығы айтылады. Сонымен, Тілепбергеновтің тап тартысын түсіне білгендігі, еңбекшілер жағында болғандығы осы айтылып өткендерден анық аңғарылса керек. Осы түсінік, осы көзқарас оның шығармаларында көркем сөзбен бейнеленіп отырды.
Жиенғалиды негізінен алғанда проза жанрымен айналысқан жазушылардың қатарына жатқызуға болады. Ол прозаның шағын формалары – көркем очерк, əңгіме, сатиралық зарисовкалар арқылы өзінің творчестволық бетін айқындады. Қазақ совет əдебиетінде прозаның, əсіресе оның шағын формаларының тууына, қалыптасуына белсене ат салысып, осы салада едəуір табысқа да жетті. Жиенғали прозаның шағын формасының ерекшеліктерін түсіне білді. Сондықтан да ол өзінің əрбір көркем очеркі мен əңгімесін тартымды сюжеттік желіге құрып, тар көлемге көп пікір сидыруға, айтатынын қосалқы эпизодтарсыз бірден бастап белгілі бір логикалық қорытынды жасауға, сөйтіп əрбір көркем əңгіменің тəрбиелік, қоғамдық мəнін ғана емес, эстетикалық əсерін күшейтуге ерекше назар аударды. Мұның мысалын «Əйел теңдігі», «Жаңа əдебиет», «Жаршы» журналдарында басылған «Шəйдің кесірі».., «Есбикенің егіні», «Көк жорға», «Бақсам – бақ екен», «Еңбекші қазақ», «Бостандық туы», «Сыр бойы» газеттерінде «Қалман – жынды, Қалман қу», «Мені де жаз...мені де жаз...», «Сабиланы азат қылған теңдік заңы», «Қымбат-арзанға қарамады», «Наурыздық», «Мен төр ағасы», «Оңай олжа», «Қызыл танау» жəне тағы басқа əңгімелерінен көруге болады. Шағын əңгімеде терең де шұрайлы ой айту керек те, көп кейіпкерді қатыстырмау керек. Кішкентай əңгімеде көп кейіпкер болса, онда ол тек кісі аттарының тізбесіне, ең мықтағанда қатысушылардың мінездемесіне айналып кетеді де айтылмақ пікір шашырап, кімнің не үшін əңгімеге араласып тұрғандығы көрсетілмей қалады. Ал егер кейіпкер аз болса, оны бар жақты көрсетуге, іс-əрекетін баяндауға, жазушының шеберлігі жетсе, белгілі бір образ дəрежесіне көтеруге болады. Осы тұрғыдан біз Жиенғалидың «Қалман – жынды, Қалман қу» деген кішкене сатирикалық əңгімесін талдамақпыз. Октябрь революциясынан бұрын Қалман ауылнай болып, жарлы-жақыбайға күн көрсетпей, лау табыңдар, ақша беріңдер деп шаш алудың орнына бас алып жүрген есалаң болса, революцияның алғашқы жылдарында «айналайын ағеке, осы қо-
наққа сойған лағың терісін маған сат, осы күзеніңді маған сат, олда-білда осыдан көретін көк тиін пайдам жоқ, мə ақшаң, мə, айналайын ағеке» деп байлардың сауда қылғызып қойған «жындысы» болса, мешін, тауық жылдарындағы жұтта «аштан өлуге айналған үйлердің жасөспірім қыздарын бір табақ астыққа сатып алып», байлардың тоқалдығына қымбатқа сатып кəсіп етеді. Қазақстанда совет сайлаулары басталған кезде Қалман «жындылықты» тастап қулыққа көшті. «Бүгін əдемі сеңсең тон киіп отарбаға мінейін деп тұрғанын көресің, ертең жалбыр жаман тонмен қаланың көшесінде қайыр сұрап жүргенін көресің...Бүгін көшеде көрсең, ертең бір кеңсенің бастығына арыз беріп тұрғанын көресің. Бүгін Темірде, ертең Ақтөбеде көресің, бүгін мына кеңседе, ертең ана кеңседе көресің. Бүгін – жыртық, ертең – бүтін. Бүгін қазақы көйлектің шоқбыты, ертең галстукті көйлектің көне-тозы» деп сипаттай келіп, «өкімет кедейдікі болса арызымды орындап бер, болмаса босағаңда өлем» деп тұрған Қалманның негізгі іс-əрекетін – байлардың жалпылдағы, атарман-шабарманы екенін көрсетіп береді. Автор өзінің əңгімесін биылғы сайлауда да «талай байлар, жуандар үйде қалып, талай момындар, кедейлер Қалманның мінетін аты мен ішетін асына тұздық болып, қараңғыға қамалғанын» айтып, «жындылықтың да мəнісі бар екен» деп аяқтайды. Бұл қысқа əңгімеден жағымсыз кейіпкер Қалман мен автордың айбынды позициясын айқын көреміз. Мұнда эпикалық баяндау жоқ, тек ұтымды штрихтер ғана бар. Осылай суреттеу арқасында Жиенғали оқушыны Қалманнан безіндіре де, жеркендіре де алған жəне белгілі бір логикалық қорытынды жасауды оқушының өзіне тапсырған. Əңгімеден едəуір үзінділер келтіргенде, əуелі оқиға сырын ашу үшін, екіншіден шұрайлы тілін, сейлем құрау, көркем баяндау яғни жазушылық қаламының ұшталғандығын көрсету үшін алдық, Жиенғалидың көпшілік шығармаларының тілі жатық, сөздерді орынды қолданудың нəтижесінде сөйлемнің грамматикалық құрылысы берік, кесек пікірлерді көркем суреттеп, эстетикалық лəззат бергіш болып келеді. Жиенғали творчествосының шыңы – «Таңбалыларды» сөз етпей тұрып, ол əңгіменің негізгі кейіпкері Қалманның обра-
зын жасау жөнінде жазушының қаншалықты наброскалар, этюдтер жасағаның байқап өту де жөн. Жиенғалидың 1926 – 1930 жылдар арасында жазған оншақты əңгімелері мен көркем зарисовкаларында Қалман оқиғаны өрбітер кейіпкер. Егер «Мені де жаз...мені де жаз...» деген зарисовкада газетке жазылуға ақшасын қимай тұрған кедейлерге Қалман «көп болса, комсомолдарға оқытып алармын» деп бас болса, «Қымбат-арзанға қарамады» деген əңгімеде кооперативке өтіп кеткен бай құйыршықтарының совет саудасын бұрмалап отырғандығын əшкерелесе, «Наурыздық» дегенде Қалман ауыл кедейлерін ұйымдастырып, құрып, егін салуға мұрындық болады, «Қалман – жынды, Қалман қу» деген сатиралық əңгімеде Қалман жағымсыз, ұнамсыз келбетте көрсетіледі, ал «Шайдың кесірі...», «Есбикенің егіні» деген əңгімелерінде Қалман өте момын, қой аузынан шөп алмайтын жуас, өз еңбегімен күн керген адал жан болып суреттеледі. Қалманды өз ісіне мығым, сөзге болжыр етіп суреттегенде автор жасалмақ образдың эволюциясын айқындау үшін əдейі істеді. Қу Қалман мен момын Қалманның бойындағы қасиеттер «Таңбалылардағы» өз намысын өз қолынан бермейтін, ретті жерінде күреске түсе алатын пысық Қалманның образын жасауға керекті детальдар еді. Жиенғалидың «Таңбалылар» повестінде ауыл шаруашылығын коллективтендіру дəуірінің алғашқы кезеңінде болған асыра сілтеушілікті, бұрмалаушылықты тап жауларының қалай пайдаланғандығы, еңбекшілердің оларға қарсы күресі, ақырында əділеттің жеңіп шыққандығы баяндалады. Əңгіме Қалманның түрмеге түсуінен басталады. Артель ұйымдастыруға шыққан Жазықпаев уəкіл Тұяқпай дейтін байдың айтақтауымен колхозға кіретін кедейлердің ауқатына қарамай, сен ананы, сен мынаны колхоз орталығына өткізуге тиістісің деп бұйырады. Сонда тақыр кедей Қалман Құрманбай сияқты байлармен қатар енші қосатын болып шығады. Қалман менің үкіметтен, коллективтен аяйтын ештеңем жоқ, қолымдағының бəрін де ортаға саламын, ал жоқты жерден қазып таба алмаймын дейді. Жазықпаев сияқты үкімет қызметіне өтіп кеткен байдың құйыршықтары əдейі партияның сара жо-
лын бұрмалап, колхоздасуды көпшілікке құбыжық етіп көрсету үшін орынсыз шаралар қолданады. Қалманды қораға қамап, үстінен суық су құйып қинайды. Содан кейін түрмеге жөнелтеді. Істің ақ-қаралығына ешкім назар аудармайды. Қалманмен бірге талай жыл жалшылықта жүріп, ащы тер, ашулы ызамен достасқан жан жолдасы Таңатар байдың тоқалдығынан совет тұсында азат болып, көңілі қош көріп Қалманға тиген Мағрипа жоғарғы орындарға арыз беріп, тап жауымен күресуге, сөйтіп Қалманды азат етуге кіріседі. Осы уақытта 1930 жылы 15 мартта БК(б)П Орталық Комитетінің «Козхоз қозғалысында партия жолының бұрмаланушылығына қарсы күресу туралы» қаулысы жарияланып, практикалық істегі кемшіліктер түзетіліп, партия жолын бұрмалаушылар, асыра сілтеушілер жауапқа тартылады. Кедейлерге зəбір көрсеткен Жазықпаевтың сыры ашылып, түрмеге жабылады, Оны Қалман отырған камераға қамайды. Түрмеде отырғандардың ішінде зор беделге ие болған Қалман Жазықпаевты «түрме тəртібі» бойынша жазалатпай, арашалап алып қалып, өзінің моральдық артықшылығын көрсетеді. Ұйықтап жатқан Жазықпаевтың шоқша сақалының астындағы таңбаны көріп, баяғыда Тұяқпайдың итаршысы, соның сойылын соғып жүрген «оқыған, білімді» Жақып екенін таниды. Содан кейін Қалман өзінің қалайша түрмеге түсуінің сырын біліп, Совет өкіметінің адал адамды, оның ішінде еңбекші таптан шыққан адамды орынсыз жазаламайтынына сенімін күшейтеді. Қалманның «ісі» ақ-қарасына жете тексерілгеннен кейін оны босатып жібереді. Əділетті істің жеңгеніне шаттанған, тап жауының қолға түсіп орын алмастырғанына қуанған Калман қырық үйлі кедейден артель құрып, зор жігермен жер жыртып, егін егуге кіріседі. Шығарманың негізгі мазмұны осындай, бірақ осымен қатар екінші бір үлкен əңгімеге арқау, желі болып тартылатын тағы бір тақырып бар, ол – совет түрмесінің тəрбие мектебі екендігі. Автор бұл шығармада жалаң суреттеуден безіп кейіпкердің ішкі жан сырын ашуға көп ұмтылады. Сондықтан да көптеген психологиялық анализдер өте орынды да тартымды шыққан. Қалманның түрме есігін ашардағы келбеті кейіпкердің ішкі
сезімдерін ашу, ойлану процестері арқылы берілген. Бұл біздің жас прозамыздың сапалылық дəрежеге көтерілу кезеңін аңғартады. Өйткені 20 жылдардың бас, орта шенінде жазылған əңгімелер көбіне мазмұнның маңыздылығын жалаң суреттеп келсе, енді оқиға сырын ашуға, оған қатысушы кейіпкердің жан жүйесін, психологиялық өзгерістерін керсетуге ұмтылушылық процесінің басталғанын байқаймыз. Бұл процесс Жиенғали шығармасынан басталады деуден аулақпыз, өйткені Бейімбеттің көп əңгімелері, Ғабиттің «Тулаған толқында», «Көк үйдегі көршілері», «Өмір ертегісі», Сəбиттің «Қанды сүті», «Мырзабегі» жəне тағы басқалар жарыққа шыққан болатын. Жиенғали пейзаж жасауға шебер. Оның əңгімелерінде кейіпкердің көңіл-ауанының сырын ашатын шебер жасалған пейзаждар жиі кездесіп отырады. «Жоғары жағы сұрланып, төменгі жағы қап-қара болып күн батыс, оңтүстіктен көтерілген бұлт əлгіндей болмай жақындапақ қалды. Қара бұлт барған сайын кəрленіп, қайқайып, қалыңдап келеді. Қалың өрттің түтініндей бір бұлттан бір бұлт туып, қайнап өсіп келеді. Анда-санда гүр-гүр етіп даусын шығарып, қабағын түйсе, жыланның тіліндей жалақтап найзағай оты жарқ-жұрқ етіп, айбат шегіп те қояды. Жазы жадырап, күні күліп, жерінің беті қүлпырып тұрған дүние əлгінің арасынша сұп-сұр болып, өңі қаша қойды; жаңа ғана күліп тұрған ауыл үсті əлгіндей болмай томсара қойды; қара бұлттың кəрінен қорыққандай өңкей қараша үйлер түндіктерін жауып бүркене қойды» деген пейзаждан қараша үйлерге төніп келе жатқан бір кəрдің ызғарын байқауға болады. Бұл жүгенсіз кеткен, қарашаға тізесі батқан ауылнайдың ауылға жақындап келе жатқан кезі еді. Осындай пейзаждар арқылы Жиенғали өз шығармасының эстетикалық əсерлігін күшейтіп отыруға тырысты. «Таңбалыларда» Жиенғали лирикалық шегіністерді өте шебер қолданған. Əрбір лирикалық шегіністің мотивировкасы өте дұрыс беріліп, логикалық байланысы үзілмейді. Сондықтан да оқушы оқиғаның тез шешілуін ынтыға күтеді, ал бұл əдіс сол эпизодтың оқушының жадында қалып, эстетикалық əсер алуын күшейте түседі. Қалманның əйелі Мағрипа түрме бас-
тығынан күйеуімен кездесуге ұлықсат алады. Түрме қызметкері Қалманға əйелінің тосып тұрғанын хабарлағанда Қалманның көз алдынан Мағрипаның бүкіл өмірі елестеп қоя береді. Енді үш-төрт аттаса сағынысқан құшақ айқасады-ау деп отырғанда, автор Қалманның Тұяқпай байдың үстінен арыз беріп, көп жылғы еңбегін даулап қалаға келе жатқан кезінде байдың тоқалдығынан қашып шыққан Мағрипаның салт атты Қалманнан қорқып, бұтаға жасырынғандағы қимылын, психологиялық өзгерістерін суреттеп, көпке дейін оқушының ынтығын арттыра түседі. Осындай лирикалық шегіністер əңгімеде өте көп. «Таңбалылардың» осындай жетістік жақтарымен қатар, ірі кемшіліктері де бар. Автор сюжет желісін тартарда повестің композициялық құрылысын берік құруға мəн бермеген. Біріне-бірі тең, əрқайсысы əрбір əңгіме түгіл, повестің мазмұны боларлықтай екі тақырып «Таңбалыларда» қатар өрбітіліп отырады. Əңгіменің негізгі тақырыбы колхоз құрылысына арналғандықтан екінші тақырыпты – совет түрмесінің тəрбие мектебі екендігін негізгі эпизодтарға байланысты ашу керек еді. Алайда автор олай етпей, қатар жүргізіп отырғандықтан əңгіменің композициясы босаң болып шыққан. Сондықтан да, өмір бойы ұрлықты кəсіп еткен Ақмырзаның айтатын əңгімелері қаншалықты шебер суреттелгенімен шығарманың сюжеттік арқауына жанаспай, оқшауланып бөлек тұр. Ақмырза хикаясын «ұрының өмір қорытындысы» деген атпен бөлек əңгіме етсе əлдеқайда ұтымды да орынды болған болар еді. Осы негізгі кемшіліктен, композицияның берік құрылмауының салдарынан кейбір эпизодтар оқиғаның жалпы сырын ашуға қатыса алмай қалады. Сонсоң, «Таңбалыларда» жеңіске жету жолдарын мейлінше ұқыптылықпен шиеленістіре суреттеп, жаңаның ескіні жеңуінің қиын өткелдер арқылы өтетіндігін көрсете білген Жиенғали нақ үстемдік алатын, жеңіске жететін кезеңді солғын көрсетіп, финалды босаңсытып жіберген. Бұл арада шығармадағы тартыс-
ты онан əрі өрбіте түспей, жаңаның жолындағы кедергілерді күшейте түспей, оңай жеңіске жеткізіп схематизмге ұрынған. Соның салдарынан колхоз құрылысындағы бұрмалаушылықтар жөніндегі партия қаулысы шығарма түйінін шешуге онша орынды орайластырылмаған, яғни творчестволық мотивировкасы логикалық байланыста берілмеген. Сонымен, осы айтылған кемшіліктерге қарамастан, «Таңбалылар» Жиенғалидың үлкен творчестволық табысы болды. Мұнымен қатар, бұл повесть қазақ совет əдебиетінің, əсіресе проза жанрының қалыптасу дəуіріндегі көркемдік даму дəрежесін аңғартатын шығармалардың бірі болып табылады. Жиенғали 20-шы жылдарда əдебиеттің негізгі тақырыптарының бірі болған – əйелді азат ету мəселесіне де назар аударды. Бұл жөнінде «Есбикенің егіні» деген əңгімесі белгілі қорытындылық шығарма деуге болады. Егер «Перизат пен Рамазан» пьесасындағы Перизат тегіне қарап емес, теңіне қарап өзіне өмірлік жолдас іздеп, күреске түссе, «Шайдың кесірінде» Ырысты шайды қою ішеді деп атын шығарып, еңбегімен жарқырап көріне алмаса, «Есбикенің егініндегі» Есбике өзінің адуындығымен де, ақылымен де, іс-əрекетімен де көзге түседі. Бұл əңгімедегі негізгі əлеуметтік мəселе – қазақ байларының жерін кедейлерге үлестіру, шабындық бөлу. Есбике үшін өз қара басының азаттығын алу, сүйгеніне тию – шешілген мəселе, өткен процесс. Ол енді қай мəселеде болмасын əйелдің еркекпен тең праволы болуын, шаруашылық-саяси өмірге бірдей араласуын, ретті жерінде күреске түсуді қалайтын санасы өскен еңбекші əйел қалпында суреттеледі. Сондықтанда автор Қалманды момын, жуас етіп керсетіп, Есбикені адуынды, алғыр етіп көрсетуі өте орынды шыққан. Ауылнай келіп жер мен шабындық белісіне шақырғанда, Есбике күйеуінің момындығын, басқаның айтқанына көнгіштігін ескеріп, сен үйде қалып шаруамен айналыс, мен өзім барайын деп бөліс басына келеді. Жоғарыдан келген уəкілге ештеңе айта алмай іркіліп, бір-біріне қарап тұрған кедейлердің ішінен тіс жарып сөйлеген, «Мұқаш байды жамандап, əрі онда неше жыл күң болғанын» айтқан Есбике болады. Ол өзінің қалаған шабындық,
егістік жерін алады. Екі-үш қарасына шөп шауып алып, көктемде құнарлы жерге егіс егеді. Оның егіні жұрттың егінінен көлем жағынан көптігімен ғана емес, көшпелі халықтың көзі көріп, қолы ұстап көрмеген дақылдарды еккендігімен айналаға əйгілі болады. Еңбек сүйгіш Қалман мен Есбикенің егістігінде бастары бармақтай болып бидай, шашақтарын төге өскен тары, ат басындай қауын-қарбыз, күннің шығуы мен батуынан көз жазбай қалпақтары етектей-етектей болып тұрған күнбағыстар адал еңбектің жемісі екендігін танытады. Мұндай пейзаж Есбикенің характерін ашып, айқындай түседі. Жиенғали тек проза жанрымен ғана айналысқан жазушы емес, оның «Перизат пен Рамазан», «Тілші», «Теңдік», «Күнжан – кедей қызы», «Еңбек ата» деген пьесалары бар. «Перизат пен Рамазан», «Тілші» пьесалары 20-шы жылдардың аяқ шенінде, 30-шы жылдардың бас кезінде қазақтың академиялық драма театрында қойылды. Осы пьесалардың ішінде «Перизат пен Рамазанға» тоқталып өткен жөн. Бұл пьеса 1928 жылы жеке кітап болып басылып шықты. «Перизат пен Рамазан» – əлеуметтік тартыс негізіне құрылған пьеса. Пьесаның қысқаша мазмұны: байдың əлпештеп отырған қызы Перизат əкесі қалаған жерге бармай, жалшы-батрақ Рамазанды сүйеді. Қашып кетеді. Бірақ ата жолын аттап өткен, патриархалдық əдетті бұзған. Перизатты ұзатылатын жеріне қайтарып, Рамазанға қорлық көрсету керек. Осы үшін Перизаттың əкесі, ағасы мал-жанды төгіп, милиция органындағы қу өңештің құлы болып жүрген Ақылбайлардың аузын алып, Рамазанды ұстаттырады. Бірақ өзі бақташы болып жүрген орыс селосының азаматтары мен Перизат жоғарғы орынға арыз айтып босаттырып алады. Совет заңының байларды қолдамайтынына көзі жеткен Перизаттың ағасы сахараның тағылық əдетіне бой ұрып, жігіт жинап келіп, түрмеден Рамазан қайтып келген түні үйге басып кіріп, Рамазанды ұрып-соғып байлап тастайды да, жас сəбиімен Перизатты алып кетеді, баяғы ұзатпақ болған жеріне тапсырады. Рамазан ізденіп, милицияға хабарлауға келгенде өтірік жаламен
оны жаптырып тастайды. Патриархалдық қорлыққа еріксіз душар болған Перизат қаншама қарсылық көрсетсе де содырлы таяқтың жемі болады, байдың кемпірі сүйегімізге дақ түсірді деп сəбиді тұншықтырып өлтіріп, Перизатты қайғының қара түнегіне қамайды. Селодағы Степан, ауылдағы жарлы Қалман, Жарылғаптың ізденуімен советтің əділ заңы қолданылып, жəбірлеушілер ұсталады. Перизат пен Рамазан көп қиындықтан кейін қайта табысады. Пьесаның жалпы ұзын-ұрғасы осындай. Пьеса нақтылы болған оқиғадан алынып жазылып, көркемдік обобщение жасалған, совет өкіметінің алғашқы жылдарында əйел теңдігі мəселесі – талай қиындықтармен шешілгендігін реалистік позицияда суреттеген шығарма. Пьесада нанымды да тартымды насихатталған идеяның бірі – қазақ жалшылары мен орыс еңбекшілерінің достығы. Степан осы достықтың нақты да жанды бейнесі ретінде көрсетілген. Ол Перизат пен Рамазанның қуанышты күндерін қызықтап жүрген ғана адам емес, олардың талай азабына ортақтасып, ауыртпалығын көтеріп, қажымай күреске түскен, кіршіксіз достық ниетін айқын танытқан бауыр, туыс, жолдас. Село еңбекшілерінің достық ниетін тек басына іс түскен Рамазан мен Перизат қана емес, олардың аяулы анасы Мақыш шешей де айқын сезеді. Көңілдегісін көріктіліктен гөрі қарапайымдылықпен ашық айтатын ананың: «Мария келін де маған күн сайын келіп тұрды. Көмеш əкеліп береді, сүт əкеліп береді. Қазақ та мұндай жақсылық етпес» деген сөзі əр ұлт еңбекшілерінің бір-біріне достық ниетін осылай болуға тиіс дегендей қылып, əсерлі тұжырымдай салады. Драматургияның өскелең талабына бұл пьеса біршама жауап бере алады. Ең алдымен бас кейіпкерлердің образы шыққан ба? Күмілжімей ашық жауап берген орынды да əділетті. Рамазан өзінің таптық санасының əлі де болса биік деңгейге көтеріле қоймағандығына қарамастан, оңы мен солын танитын, ақ пен қараны айыратын, таптық салмағын жете болмаса да түсінген, адуынды жігіт. Перизат болса ғашықтықтың отына күйген адал жар ғана емес. Егер осы тұрғыда ғана суреттеліп
қойса, онда оның ешқандай қызуы да тартуы болмас еді. Перизат образын айқындай түсетін нəрсе – оның азаттыққа ұмтылуы, патриархалдық əдетті аяққа таптауы, кезі келгенде күреске бел шешіп түсуі. Автор трактовкасында Перизат тек сүйген жар ғана емес, сүйікті жолдас, азамат. Сондықтан оның сыпайы сөзі мен ер істерінің арасы алшақ жатпайды, қайта бірінің бірі заңды логикалық дамуы болып отырады. Пьесаны оқып шыққанда негізгі кейіпкерлер жөнінде осындай əсер аласың. Сонымен қатар дөп табылган ұтымды штрихтардың шыңдала түспеуі, өрбітілмеуі жазушының алғашқы еңбегі екендігін еске түсіріп отырады. Осы негізінен тартымды да нанымды шыққан бұл образдармен қатар аяулы ана Мақыштың образы бірсыдырғы сараланған. Оның жүріс-тұрысы, ойлаған ойы, сөйлеген сөзі жасандылықтан аулақ, шынайы қалпында көрсетілген. Сол сияқты ұнамсыз кейіпкердің ішінде Сайпеннің жылпостығы, Молдахметтің озбырлығы да айқын көрсетілген. Сонымен Жиенғалидің драматургия саласындағы бірінші қадамын сəтсіз деп атауға болмайды. Сахна заңдарын толық игере алмауы, диалогтардың кейде жасықтау болуы, қызықты да ұтымды тартыстарды шиеленістіре түспеуі сияқты кемшіліктер пьесаның құндылығын төмендете алмайды. Осыған орай пікір қозғау үшін бір мəселені айтып өтпеске болмайды. «Перизат пен Рамазан» пьесасы сияқты ертерек кездерде жазылған, советтік өмірдің алғашқы жылдарын өзінің бар бояуымен көрсете алған шығармаларға біздің театрларымыз творчестволық өмір беру мəселесіне назар аудармай келеді. Бүгінгіні ардақтау үшін өткенді жақсы білудің ерекше маңызы бар. Егер жақсы коллективтің, шебер режиссердың қолына түсіп, кем-кетігі сылынса, біздің өткен өміріміздің мейлінше мəнді жақтарын көрсетіп, болашақтағы ірі істерге талпындыратын, эстетикалық лəззатқа молықтыратын талай драматургиялық шығармалар бар. Солардың бірі – осы «Перизат пен Рамазан». Бізде театр репертуарын байыту проблемасы нақты шешілген мəселе деп айту қиын сияқты. Егер ілгеріде өткен дарынды адамдардың еңбектерін пайдаланбасақ,
бүгінгілердің творчествосымен қорландыра бермесек, бұл проблеманың шешуі оңай табылады деп айтудың өзі қиын. Жиенғали творчествосында сатира, публицистика елеулі орын алады. 1929 жылы «Еңбекші қазақ» газетінде «Зор бешпент», «Ел ішіндегі ерсіліктер», «Қырдың қызықтары», «Бөрінің бөлтірігі», «Советский атқамінер», «Күнде ертең», «Тоғыз байда төртеу», «Қармақшының қармақшысының қармақшысы», «50х11=?», «Ақсақалдар ауқымы күлкі болды», «Алдаркөселер», «Қырдағы қылықтар»; «Сыр бойы» газетінде «Су төресі», «Алыстағы артель», «Сырдағы сағат», «Бес күйеу», «Құдандалы арыздар», «Егістің егісі», «Көп сиырдың кекесі – көк ешкі», «Түлкі толғақ» сияқты фельетондары, «Жаршы» журналында «Көк көйлек», «Үш күн», «Ергежейлі», «Бас тері», «Əдепті сөздер», «Жаңа əдебиет» журналында «Сарайдағы сауда», «Сəуле» атты сатиралық əңгімелері басылды. Жиенғалидың өткір қаламы, уытты сөзі совет аппаратына ебін тауып өтіп кеткен тап жауларына қарсы, əкімшілік саласындағы кердеңдеген бюрократтарға, əсіребелсенділікпен даурыққан атқа-мінерге, сауда саласындағы қулық пен сұмдыққа, адал еңбек етпей жалдаптықпен күн көрген арамтамақтарға қарсы бағытталды. Осы ретте Жиенғалидың фельетондарына тоқтала кеткен жөн, Қазақ совет баспасөзінде 20 – 30 жылдар фельетон ерекше өркендеді, көркемдік дамудың көтеріңкі дөңгейінде болды деп тұжыра айтуға болады. Егер қазақ баспасөз тарихын жете тексерсек, онда сан жағынан болсын, сапа жағынан болсын журналистикада фельетондай мол да тартымды жазылған жанр аз кездеседі десек артық болмас. Бұған үлкен себеп те, негіз де бар еді. Біздің советтік өмір шындығы бір күнде қалыптасқан жоқ. Біздің елімізде социализм орнағанға дейін советтік өмірдің түбірлі принциптері ылғи даму, өзгеру процесінде болғаны жұртқа аян. Ол кезде фельетон мен сықақтың объектісі болатын əлеуметтік құбылыстар мол болды. Егер сол құбылыстардың негізгілерін алатын болсақ, онда олар мыналар: өзінің үстемдігі орныққан негіздің күл-талқан болғанына қарамастан
үстем тап өкілдері азамат соғысы кезінде қолына қару алып күреске шықты, ал НЭП заманында олар өз экономикасын өркендетуді ғана емес, сонымен қатар саяси үстемдікке жетуге де тырмысып бақты, ауылды советтендіру кезінде сайлау системасын өзіне тиімді етпек те болды, қосшы, кооператив, тоздар құру кезеңінде қожайын болу ниетін көздеді, егістік жер мен шабындықтарды бөлу тұсында өрістен айырылмауға тырмысты, конфискация заманында шапанын теріс айналдырып киюді, мүсəпір болып көрінуді тіледі, коллективтендіру дəуірінде аламан шаруа болып колхозға кіріп, іріткі салуды кездеді. Қысқарта айтқанда, қоғамдық өмірдің қай саласында болмасын адуынды жаңа мен күні өткен ескінің арасында күшті əлеуметтік күрес, тартыстар болып жатты. Осындай өмір шындықтары сатираға, сықаққа, фельетондарға мықты негіз болды. Жəне олар əрқашанда нақты өмірден алынып, тиісті шаралар қолданылатын дəрежеде болды. Тегінде əдебиеттің жаңаны орнықтыру, ескіні жою жөніндегі теңденциясы жадағай қаралмай, осындай нақты мəселелерде көрінсе керек. Амал не, əдебиет əлеміндегі болғандардың бəрін байыпты зерттеулердің жоқтығы біздің əдебиетімізде сатира жанры «кенже» деген дəлелсіз желеуге орын беріп, сыдыртып өте шығуды машықтандырып жүр, соның салдарынан барды көрсете алмай, жаңаның ілгері өркендеуіне мұрындық бола алмай келеді. Əрине, мұндай ірі проблеманы біз кейбір жеке автордың бірді-екілі фельетондарына тоқталу арқылы ғана шеше алмаймыз, ол үшін сол кезеңдегі сатиралық шығармаларды арнайы зерттеу қажеттігіне назар аударып, ой салып өтуді өз борышымыз деп танимыз. Жиенғалидың көптеген фельетондарын оқып, танысқан уақытта оның өткір де уытты тілі барлығын, сықақталатын көріністі тартымды да қомақты етіп құра алатындығын айқын байқаумен қатар, ауыз əдебиетіне əбден жетік екендігін, орайына қарай шебер қолдана білетіндігін анық аңғарып отырамыз. 1929 жылдың аяғында Сəбит Мұқанов əдебиетпен əуестенушілерге қазақ əдебиеті туралы кітап жазбақ едім, қолдарыңда жиналғандарыңмен уақытша болса да танысуға
мұрсат беріңдер деп «Еңбекші қазақ» газеті арқылы ашық хат жазғанда, Жиенғали «Əдебиет мұраларын жинау туралы» мақала жазып, тек əдебиет тарихын жазатын факті ретінде үзіпжұлып жинауды қойып, системалы жүйеге салуды ұсына келіп: «мен өзім бір том ертегі, бір том билер сөзі, бір том көргенсіз (боғауыз) сөз тауып беріп, бірнеше ақын, қария, жыршы, ескі, жаңа əдебиет кітап, журналдары, қиссалары толық табылатын кісілерді сілтер едім» деген еді. Тегінде, осы материалдардың біразы оның фельетондарын қызықты да өткір етуге көп септігін тигізгенге ұқсайды. Қысқасы, Жиенғали өзінің көптеген фельетондарында ауыз əдебиеттің талай өткір үлгілерін шебер пайдаланып, əжетке жарата білді. Сөзіміз нақты болу үшін Жиенғалидің осы тақылеттес жазылған фельетондарының ішінен «Түлкі толғақ» дегенін алайық. Жиенғали Елемес ұлы Төлегеннің қулық-сұмдығын əшкерелеу үшін Жиреншеге байланысты бір əңгімеге тоқталады. Қарашашқа ғашық болған хан Жиреншені өлтіру ниетін көздеп, Жиреншеге алпыс ісек беріп, осыларды қоздат, əйтпесе басыңды аламын дейді. Үрейі ұшып, өмірінен түңілген Жиренше Қарашаштың ақылымен қойларды сойып алады. Мерзімді уақыт өткеннен кейін хан келгенде, Қарашаш алдынан шығады. Жиренше қайда деген хан сұрағына Қарашаш: – Жас босанып, толғатып жатыр, – дейді. – Еркек кісі толғата ма екен?! – Төреңе құлдық, тақсыр, еркек қой қоздай ма екен! – деп Қарашаш ханды сөзден тоқтатып, Жиреншені аман алып қалған екен. Жиенғали «Түлкі толғақ» деген фельетонын осылай əсерлі бастап, əшкерелемек оқиғаға, адамға кіріседі. Бұл оқиға баяғыда болса, осы күні қулықты сұмдыққа айналдырып жүргендер бар, «Жиренше жанын сақтау, жаудан қорғану үшін толғатса, кəзіргі Тереңөзек ауданы 22-ші ауылдың Елемесұлы Төлегені өлмес үшін емес, қу құлқыны үшін толғатады, толғағы мал табады, малы маңыраған ақша табады. Кейде қой табад, кейде қой болып толғатып қозы табад та жоңышқа жейді. Кейде қой болып аурып өле қалып, ет болад. Кейде сиыр болып шөп жейді» деп
Төлегеннің патша заманында саудагер болып елді жегенін, зар илеткенін, кейіннен тегін жасырып партияға кіргенін, «Скотоводта» жұмыс істеп «күнде толғақ қысып» пайда табатынын, толып жатқан қулық, сұмдығын əшкерелейді. Жиенғалидың көптеген фельетондары осындай əсерлі, тартымды өткір болып, жаңаның жолындағы ескілерді құртуға, жоюға ат салысып отырды. Бұл арада айта кететін бір жəйт, Жиенғали фельетондарының үлкен обобщениелерге баруы, нағыз өткір сықақтардың атқан жеріне дөп тиюі. Осы тұрғыдан қарағанда, оның біраз фельетондары шын сатира дəрежесіне көтеріле алды деу артық болмайды. Біз Жиенғали Тілепбергеновтың творчестволық бетін айқындауға мүмкіндік беретін еңбектерін ғана атап, шолу жасап отырмыз. Бұл мақаланың мақсаты: біріншіден – эстетикалық талғамы өскен бүгінгі қазақ оқушыларына Жиенғалидың өмірі мен творчествосын таныстыру, екіншіден – біздің əдебиет зерттеушілеріміздің назарын Жиенғали сияқты өз кезінде жемісті еңбек еткен талантты адамдардың творчествосын зерттеу қажеттігіне аудару. Сонымен, қорыта айтқанда, Жиенғали Тілепбергенов қазақ совет əдебиетінің туу, қалыптасу дəуірінде еңбек етіп, осы күнгі профессионалдық əдебиетке айналған əдебиетіміздің ірге тасын қаласуға ат салысқан жазушылардың бірі. Оның негізгі шығармалары – өзі өмір сүрген дəуірдің көркемдік дамуы дəрежесіне белгілі бір шамада жауап бере алған, əсіресе проза жанрының қалыптасуына, марқаюына, өркендеуіне басқыш, саты болған шығармалар. Қазақстан Совет Жазушылары Одағының ұйымдастыру комитеті 1933 жылы 28 апрельде Тілепбергеновке арнап жазған некрологінде «Жолдас Жиенғали жаңа əдебиетіміздің жақсы қаламының бірі еді. Жиенғалидің өлімі бізге ауыр жоғалту болды» деп жазды. Сол күні ұйымдастыру комитетінің жəне «Социалды Қазақстан» газеті редакциясының инициативасымен барлық жазушылар, газет қызметкерлері қатысып, Тілепбергеновты еске алу кеші өткізілді. Бұл шаралар қазақ əдебиеті үшін елерліктей еңбегі болған соң істеліп еді.
Бірақ соңғы уақытта Тілепбергеновтың творчествосын арнайы зерттеу, қазақ совет əдебиеті тарихынан өзіне лайықты орын беру мəселесі əлі оңтайлы шешімін тапқан жоқ. Тілепбергенов Жиенғалидың шығармаларын жинап, жеке кітап етіп басып шығару қажет-ақ. Сонымен қатар, мектеп оқушыларына, жоғарғы оқу орындары студенттеріне арналатын əдебиет оқулықтарында, əдебиет тарихында Жиенғали творчествосының мəніне, көркемдік дəрежесіне қарап лайықты орын берілуі керек. ЕЛЖАС БЕКЕНОВ Қазақ совет əдебиетінің алғашқы буынының өкілі Елжас Бекеновтің творчествосы жөнінде біздің əдебиеттану ғылымында арнайы зерттелген еңбек жоқ. Əдебиет тарихының очеркі мен оқу кітаптарында, газет-журналдарда басылып жүрген кейбір ғылыми-зерттеу жəне сын мақалаларда аратұра аты аталып қана келеді. Елжас дүниеден өткеннен бері оның шығармаларына қайтадан өмір беруді ойластырған баспа орны, оған қозғау салған жазушылар одағы да болған емес. Осының салдарынан қазіргі оқушыларымыз əдебиеттің туу, қалыптасу дəуірінде еңбек еткен Елжас Бекеновті білмейді, ал бірлі-жарым білетіндердің өзі қазір ұмытуға айналды. Елжас Бекеновтің творчествосында бас бəйге алар шығармасы болмағанымен, əдебиет тарихында еленетін еңбектері аз емес. Елжас (Ильяс) Жүнісұлы Бекенов Ақмола губерниясы Петропавл округінің Көкшетау уезіне қарайтын Қарағаштағы №3 ауылда 1892 жылы кедей шаруаның семьясында дүниеге келді. Елжастың əкесі Жүніс он екі жасынан бастап ауыл байларының есігінде жалшылықта күнін өткізген адам, Сегіз, он жасында ауылдағы шала молдадан алған «білімі» қайғы мен шерден шайылып, 1909 жылға дейін бай тепкісінде тапталды. Ел ішінде көрген езгіден құтылмақ болған Елжас 1912 жылға дейін Петропавлдің саудагерлері мен купецтерінің қанды тырнағына ілікті. Капиталист Мұратовтың бу диірменінде жүк көтеруші
де болып «бағын» сынап көрді. Елжас есейген сайын өмір ауырлай берді, оның «жүгін» көтеру оңай болмады, бұлқынды, талпынды, бірақ сытылып кете алмады. «Маңдайға жазған тағдырды» жер астына көмбек болып Елжас 1912 жылы Томск губерниясындағы Судженск көмір кенінің шахтасына түсті. Өмір тауқыметінен арыла алмаған Елжас 1915 жылы Петропавлге қайтып оралмасқа шарасы қалмады. Темір жол станциясында жүк тасушы болып жүргенін көпсінгендей, патшаның 1916 жылғы июньдегі жарлығына душар болып, февраль революциясына дейін Пермь темір жолындағы «асығыс əскери» жұмысқа женелтілді, қиюы кеткен сор өмір темір жолдың топырағын қопартты, ауыр рельстерді ари сүйреуге көндірді. Октябрь революциясының арқасында елін əзер тапқан Елжас 1918– 1919 жылдары сырқатпен əлек болды. Тарихта тұңғыш рет 1920 жылы Қазақтың социалистік автономиялық республикасы құрылды. Елдің ер-азаматы Коммунистік партияның, Ұлы Лениннің сара жолын жүзеге асыруға жұмылды. Əр адамға жаңа қоғамның «кірпіші боп қалану» заманы туды. Социалистік революцияның арқасында теңдік алған ауыл кедейлері саяси жұмысқа тартыла бастады. Елжас қоғам ісіне араласты. Теміржолшылар мен шахтерлердің арасында жүргенде алған өмір тəжірибесінің үлкен пайдасы тиді, ауылдың жалшы-жақыбайларына большевиктер туралы өзі естігендерін айтып түсіндірді. 1920 жылы Сəбит Мұқановпен бірге Көкшетау уездік жəне болыстық ревкомына мүше болып, халық ағарту бөлімін басқарды. Сауаты кем адамның онша жарыта алмайтынына көзі жеткен Елжас сол жылдың күзінде Петропавл қаласында ұйымдастырылған үш айлық курсте оқыды. Оқудан оралғаннан кейін Көкшетау уездік Совдепының тапсырмасы бойынша Елжас ауылдарда ашылған ересектердің сауатсыздығын жою мектептерінде сабақ беріп жүрді. Істеген ісінде тиянақтылық пен белсенділік көрсеткен соң Көкшетаудың уездік партия комитеті Елжас Бекеновті Коммунистік партияның мүшелігіне 1921 жылы 19 ноябрьде кандидат етіп қабылдап, оны Советтерді қайта сайлау жəне салық, азық-түлік,
1922 жылғы көктем егісі науқандарын өткізуге нұсқаушы етіп жіберіп отырды. Өзінің пəрменді еңбегімен көзге түскен Елжас 1922 жылы уездік, губерниялық съездерге делегат боп сайланды. 1922 жылы 1 сентябрьде болған Ақмоланың губерниялық съезінде Советтердің бүкіл Қазақстандық III съезіне делегат болып сайланып Орынборға келді. Жергілікті ұйымдардың ұйғаруы бойынша осы сапарында Орынбордағы жұмысшы факультетіне түсіп, 1924 жылдың 5 декабріне дейін оқыды. 1924 жылы 23 ноябрьде Коммунистік партияның мүшелігіне өтті. Денсаулығының нашарлауына байланысты 2-курстің екінші семестрінен бастап оқуды тоқтатуға мəжбүр болса да, мəдениеті көтеріңкі астана өмірінен қол үзгісі келмеді. 1925 жылдың январынан бастап «Еңбекші қазақ» газетіне əдеби қызметкер болып орналасты, соңынан партия, кəсіподақ бөлімінің меңгерушісі болып 1926 жылдың 15 ноябріне дейін істеді. Осы уақыттан бастап Елжас тек жоғарғы орындар мен ұйымдардың ұйғаруымен қызмет бабын өзгертіп отырды. 1926 жылдың ноябрінде кəсіподақ жиналысында Рабпростың жұмысшы баспасөзі секциясын басқаруға сайланды, 27 жылдың апрелінде Қазақстанның жұмысшы-шаруа инспекциясы халық комиссариатына инструктор болып ауысты. Жергіліктендіру мəселесін шешу ісі Қазақстанның Орталық Атқару Комитетіне көшкеннен кейін Елжас оның Ұйымдастыру бөліміне ауысты. 1929 жылы Өлкелік партия комитетінің ұйғаруы бойынша Петропавлдің округтік «Кеңес ауылы» газетінде 1931 жылдың 1 апреліне дейін редактордың орынбасары, ал Сəбит Мұқанов Алматыға ауысқаннан кейін сол газеттің редакторы болып қызмет атқарды. Петропавл округтік комитетінің пленум мүшесі, Бейнетқор аудандық партия комитетінің пленум жəне бюро мүшесі болып сайланды. 1931 жылдың сентябрінен 1933 жылға дейін ВКП(б) Орталық Комитеті жанындағы марксизм-ленинизм курсінің редакторлық бөлімінде оқып келгеннен кейін «Ауыл коммунисі» журналының жауапты редакторының орынбасары жəне КНИМЛ-де ғылыми қызметкер болып істеді. 1933 жылдың декабрь айында Оралдың облыстық «Екпінді
құрылыс» газетінің жауапты редакторы болып тағайындалды. Батыс Қазақстан II партия конференциясында пленум мүшесі жəне обкомның бюро мүшелігіне кандидат болып сайланды. Өлкелік партия комитетінің ұйғаруы бойынша 1935 жылы июль айында Солтүстік Қазақстан облысының «Ленин туы» газетінің жауапты редакторы қызметіне ауысты. Декабрь айында болған Қарағанды облыстық партия комитетінің пленумында обкомның бюро мүшелігіне кандидат жəне пленум мүшесі болып сайланды. Бір жылдан кейін, 1936 жылы Қазақстан Главлитосына ауысып, 1938 жылдың 30 июніне дейін, яғни қайтыс болған күнге дейін саяси редактор болып қызмет атқарды. Елжас Бекеновтің өмірбаянына оның негізгі қызметімен қатар творчестволық ұйымдарда атқарған қоғамдық істері қалауын тауып қиысуға тиіс. Елжастың шығармалары 1922 жылдан бастап баспасөз бетінде көріне бастады. «Қызыл Қазақстан» журналында 1922–1923 жылдары басылған «Бидің жауыздығы», «Ұлтшыл», «Ж...ды көргенде» деген алғашқы еңбектеріне «Ильяс» деп өзінің шын атын қойып жүрді де, 1924 жылдан бастап «Елжас» деген псевдонимді қолданды. Немере бауыры Жақан Сыздықовтың жəне басқалардың айтуына қарағанда Бекенов ислам дінінің сұрқиялығын ерте біліп, жерінген адам көрінеді. «Мен қарапайым адаммын, маған Ильяс пайғамбар атының ешбір қажеттігі жоқ. Елім болса жас, жаңа өмірге енді ғана қадам басып келеміз» деп «Елжас» деген атты өзіне-өзі тағыпты. Содан былай Елжас атанып кетті. ҚазАПП құрылған уақыттан бастап Елжас оған мүше болып, оның жұмысына белсене қатысты. «Жыл құсы» альманағының екі номерін шығарысуға ат салысып, өзінің өлеңдері мен əңгімелерін жариялады. 1926 жылдың қысында Өлкелік партия комитетінің тапсыруы бойынша Елжас «Жəмила қалай сауатты болды» деген кітапша жазды, ол 1927 жылы басылып шықты. 1928 жылы ҚазАПП жиналысында Бекенов Басқарма мүшелігіне сайланып, жауапты секретарь қызметін атқарды. 1929 жылы Өлкелік кəсіподақ ұйымының тапсырмасы бойынша Турксиб темір жолының құрылысшылары өмірінен «Жаңа жол бойында» атты циклді əңгіме-очерк жинағын жазды.
«Кеңес ауылы» газетінде жүрген кезінде ҚазАПП-тың Петропавлдік бөлімшесінің секретары, соңынан председателі болып, «Жарыс» альманағын шығарушылардың бірі болды. 1933 жылы Орал қаласына барғаннан кейін Совет жазушылары одағының Ұйымдастыру комитетінің Батыс Қазақстан облыстық комитетінің председателі болып тағайындалды. 1934 жылы Қазақстан жазушыларының I съезіне арнап «Біздің еңбек» атты үлкен жинақ шығарды. Петропавлға ауысқаннан кейін де жазушылардың творчестволық ұйымынан қол үзбей жұмыс істейді. Облыстық «Ленин туы» газетінде əдебиет беттерін жариялап, Қазақстанның XV жылдығына арналған əдебиет бəйгесін ұйымдастырушылардың бірі болды. Елжас Бекенов өзінің өмірін жалшылықтан бастап, ең революцияшыл жұмысшы табының қатарында өсіп, Октябрьде туған жаңа заманды қуана қарсы алған, шиеленіскен таптық күресте, социалистік құрылыста шыныққан азамат. Өзінің негізгі жұмысын адал атқарып, творчестволық еңбекке уақыт таба білген, артына атын өшірместей бірқыдыру шығармалар тастап кеткен жазушы. Қазақ совет əдебиетінің негізін қалаушы Сəкен Сейфуллин 1929 жылы «Көкшетау» поэмасын шығарғанда, оны он жеті ақын-жазушыға тарту етіп тартқан болатын. Бейімбет, Ілияс, Сəбиттермен қатар Елжасты да творчестволық жарысқа шақырып, жаңа əдебиетті өркендетуге аянбай күш жұмсауға үндеген еді. Сəбит Мұқанов өзінің «Өмір мектебінің» екінші кітабына 1920 жылдардағы революциялық қызметке байланыстыра «жиырманшы-отызыншы жылдары кейбір шығармаларымен оқушыларға аты мəлім болған Елжас Бекеновты» атап өтеді. Əдебиетіміздің туу, қалыптасу дəуірінде еңбек еткен жазушының соңғы уақытта еленбеуін, тек жалпы шолуларда ғана аталып қоюын орынды деп айта алмасақ керек, қайта мұны əдебиеттану ғылымындағы ақтаңдақтың бірі деп есептеген жөн. Елжас Бекенов əдебиет əлемінде 1922 жылдан бастап көрінді. Баспасөз бетінде жарық көрген ең тұңғыш еңбегі – «Бидің жауыздығы» «Қызыл Қазақстан» журналының 1922 жылғы 13 санында, ал «Ұлтшыл» деген əңгімесі 1923 жылғы 15 санында жарияланды.
Бұл əңгімелерде жазушының көңілін қобалжытып, ой салған қоғамдық оқиғалар суреттеледі. «Бидің жауыздығы» суреттемесінде тоқалдыққа еріксіз ұзатылған Жəмиланың іс-əрекеті баяндалған. Судья М, оның хатшысы Б. жарлы-жақыбайлардан, еріксіз теңдігінен айырылған Жəмилалардан түскен арыздарды пара алып шешуге машықтанған. Бұлар алатын пара тек ақша, дүниемен ғана шектелмейді, Жəмила сияқты келбетті қыз-келіншектердің абыройын төгетін «лəззатты» пара да бар. Жəмиладай мұң мен шерге белшесінен батқан, «уһ» дегенде аузына еркіндік түсетін сорлылар мұндай сұмдардың қолына талай түскенге, олардан «азаттық» алғанға ұқсайды. Бірақ та, тап осы жолы, Жəмила арызын шешуде адам кейіптес бұл айуандардың ойлағаны жүзеге аспай, Жəмила өзінің адамгершілік арын сақтап, моральдық бейнесінің жоғары екендігін көрсетеді. Елжас өзінің осы тұңғыш шығармасында патриархалдық əдетғұрыпқа белшесінен батқан, кадр тапшы кезінде совет сотына еніп кеткен «бұрынғы ақжағалылардың» моральдық жағынан азғындалғанын, ал азаттыққа ұмтылғандардың адамгершілігі қол жетпес биікте екендігін айқын көрсете білген. Елжастың «Ұлтшыл» деген əңгімесі əлеуметтік өмірдің шырқын бұзушы топас «нашандікті» əшкерелеуге арналып, еңбекші халық өкілдерінің достығы суреттелген. Əрине, Елжастың бұл екі əңгімесінен жазушылық өнерге тəн көп қасиеттер тауып, көсіле сөйлеуге болмайды. Бірақ жазушы стилінің алғашқы нышандарын бірсыдырғы айқын аңғаруға болады. Елжас өзі айтпақ ойды, суреттемек оқиғаны еркін көрсете алған. Бұл арада дəйекті суреттеу, оқиғаны сабақтастыра өрбіту тəсілін қолданған. Оқиғаға араласқандардың іс-əрекетін мінездеу автордың айбынды позициясынан анық аңғарылып, қорытынды жасау оқушының еншісіне тиген. Əңгіме желісінің берік тартылуын айтқан уақытта жазушы тіліндегі етістіктердің молдығы мен диалогтардың көптігіне назар аудармасқа болмайды. Қиюын таппаған етістіктер, ұтымсыз диалогтар, сөз жоқ, əңгімеге ажар бере алмайды. Мұны тек Елжас əңгімесінің кемшілігі деу де орынды болмайды, өйткені біздің жас прозамыз өзінің туу кезеңінде екі адамның сөйлесуі, сұрау-жауап форма-
сын жиі қолданғанын, сөйтіп адам жанын ашудың орағытпалы жолымен жүргендігін естен шығармағанымыз жөн. Елжас Бекенов творчестволық еңбек майданына 1925 жылдан кейін түгелдей ден қойды. Өзінің негізгі журналистік қызметін атқара жүріп, əңгіме, өлең, сын жазуға уақыт таба білді. Елжастың таптық көзқарасы айқын болғандықтан оның мақалалары мен публицистикалық шығармаларына ерекше назар аударып жатудың қажеттігі аз. «Еңбекші қазақ» газетіндегі «Ленинсіз бір жыл өтіп, екінші жылға қарағанда», «Тап тартысы туралы», «Артель» (1925), «Жалшылар да үлесін алсын» (1927), «Кеңес ауылы» газетіндегі «Татарстандағы сұлтанғалиевшылдық», «Кітап ауылға тарасын» (1929), «Коллектив ішінде əйелдер еңбегі ұйымдастырылсын», «Астық науқанында кедергі жасаушыларға, керенаулыққа жол берілмесін» (1930), «Екпінді құрылыс» газетіндегі «Кеңес жазушыларының тұңғыш съезі» (1934), «Қазақ əдебиеті» газетіндегі «Миллиондардың тілегі» (1935) сияқты көптеген мақалалары Елжастың марксизм-ленинизмнің негізгі қағидаларын дұрыс ұққандығын айқын танытады. Алашордашылардың əуенімен қазақ аулында тап та, таптық жіктеліс те жоқ дегендерге қарсы Елжас «күн көріс тұрмысы əртүрлі, езуші байы, езілуші кедейі бар елде тап жігінің болуы тұрмыстың анық заңы. Сондықтан байы, кедейі бар қазақ елінде тап та, жік те бар, тартыс та бар» деп тұжыра жазды. Елжас Бекеновтің күндікте жүрген «Ж...ны көргенде» («Қызыл Қазақстан» № 22, 1923), төңкеріс құрбандарына арналған «Кім үшін?», («Еңбекші қазақ» 1926), Социалистік Ұлы Октябрь революциясының он жылдығына арналған «Октябрь алға басады» («Жыл құсы» № 1, 1927), ауыл тілшілерінің қызметтері мен міндеттерін баяндайтын «Қаламы өткір тілшілер» («Жаңа əдебиет», № 2, 1929), революцияның атақты шешені С.М.Кировтың жау қолынан қаза табуына байланысты жазылған «Оқ» (С.М.Киров туралы жинақ, 1936) деген өлендерінде шұрайлы ой, сəнді ұйқас, өткір сөздер кездескеніне қарамастан, бұл өлеңдер өзінің авторын ақын деп тануға аздық қылады. Елжастың творчестволық бетін та-
нытатын публицистикалық мақалалары мен өлеңдері емес, олар мұндай ауыр міндеттің жүгін көтере алмайды. Елжас – ең алдымен проза жанрымен шындап айналысқан жазушы, дер кезінде орынды пікір айтқан, əдебиеттің даму барысын бағдарлай, қажетті кезде жас əдебиетімізді қалыптастыру жолында күреске қатыса білген сыншы. Елжас Бекенов – қазақ совет прозасында алғаш қалам тартқан жазушылардың бірі. Проза жанрының ішінде көркем əңгімені қолға алған. Елжастың əңгімелерін жазылған мерзіміне қарай шұбыртып талдай бергеннен гөрі, тақырып жағынан саралап, ең түйінділеріне тоқталған жөн. Елжас творчествосында негізінен алғанда азамат соғысы жылдарының сұсты көрінісі, қараңғылықта қамалып келген, Октябрь революциясының арқасында жарық дүниеге, азаматтық теңдікке, еркіндікке ұмтылған қазақ əйелдерінің өмірі, қазақ пролетариатының туу, қалыптасу, саналы жұмысшыға айналу процестері, талай жылдан байдың езгісінде болған, өзімдік психологияның төңірегінде шыр айналған қазақ кедейлерінің коллективтік шаруашылыққа көшу кезеңдері өзінің белгілі дəрежеде шешуін тауып, көркем суреттер арқылы керсетілген. Азамат соғысы тақырыбына Елжас бірқыдыру əңгімелерін арнады. Əр кезеңде жазылып, соңынан «Жалшы сəулесі» (Ташкент, 1929) жинағында басы біріккен «Октябрь күндеріндегі қуаныш» («Ақындар шашуы,» жинақ, 1927), «Ескендір» («Жыл құсы» альманағы, №1,1927), «Ардақты жан» («Жаңа əдебиет» № 1–2, 1928) жəне 1937 жылы «Əдебиет майданы» журналында жарияланған «Большевик қызы» (№ 1, 2, 4), «Ана құшағында» (№ 10–11) деген əңгімелері азамат соғысының Қазақстанда болған көріністерін суреттеуге арналған. Осы шығармалардың ішінде «Большевик қызы» көлемі жағынан болсын, маңызы мен мазмұны жағынан болсын көркемдік қасиетімен көзге түседі. «Оң жағы таумен оралған, сол жағы өзенмен шырмалған» кішкене болса да əсем ескі қалада бақытты адамдар өмір сүріп, абыройлы еңбекпен шұғылдануда. Жаздың жадыраңқы аспанына бұлт торланбай көңілің көтеріліп, желпіне түсесің.
Далаға шықсаң да, үйге кірсең де дүниенің жарығы мол. Жабағыға оранып, бөстекті – жастық, құрымды – төсеніш қылатын сүреңсіз сор заман келмеске кеткен. «Екі бөлменің іші де тап-таза, европа тəртібімен жиналған. Үстел беттері ақ жайма, кестелі дастарқан жарасып тұр. Төргі бөлмеде барқыт тысты диван, қабырғаға ұстаулы, еденге төсеулі масаты кілемдер. Екі жақта екі жылтырауық темір кереует, төрде – жазу үстелі...Мəдениетті, бақытты адамдар тұратын үй екені» табалдырықты аттағаннан-ақ белгі береді деп басталады «Большевик қызының» «Суық хабар» деген бөлімі. Адам өмірінде болатын қуаныш ылғи жарқыраған нұрлы күндері, ал қайғықасірет пен реніш тек қара бұлтты бұлыңғыр күндері ғана болмай, кезі келген уақытта да бола беретіндігі кейінгі уақиғадан анық аңғарылады. Біздіңше, автор өз əңгімесін жайма-шуақ, нұрлы күннен бастауы өте орынды болған, өйткені алашорда офицері – большевик қызы Сағиланың сүйген жары – Сабыржан əшкереленді деп аспан айналып жерге түспек емес. Осы əсем көріністің шырқы Сабыржан жұмыстан оралған соң бұзылды. Кешігіп келген ақжарқын Сағила «сұп-сұр болып, бетінің түгі шығып, қабағы түсіп, шүңіректеу көзі одан да жаман батыңқырап» отырған Сабыржанды көргенде көңіліне қаяу алып, «бір жері ауырып отыр ма?» деп дегбірі қалмай, сүйгенінің сырын білгенше асығады. «Сенің қолыңа кірген шөңір, менің маңдайыма қадалсын» деп жүрген Сағиланың Сабыржаны алашорданың офицері, талай жазықсызды қолымен өлтірген қан ішкіш деп табылып, өзі алдап кірген партиядан аласталып отырғаны анықталғанда «қараторы əйел қатты күйінді. Таң атқанша кірпік қақпады. Жастыққа көздің жасы қанша аққаны белгісіз. Анда-санда қараторы əйелдің «уһ» деген дыбысы естіледі. Іштегі ызадан, өкініштен туған жалынның лебі ауыздан шығып жатқан сияқты». Совет тəрбиесін көріп, білім алған, бірнеше жыл комсомол комитетінің секретары, əрі аупартком бюросының мүшесі, кейіннен деткоммунаның меңгерушісі боп жүрген Сағиланың көз алдына «ес білгеннен бергі өмірі, əке-шешесінің өмірі бəрі елестеп тізбектеле берді».
1919 жыл. Азабы мол азамат соғысының ауыр жылының жазында он жасар Сағила «бет-аузы быртиып іскен, үсті-басын қан жапқан, басынан екі жерден, оң жақ иығынан қылышпен шабылған, кеудесінен штыкпен шаншылған» əкесі Серікбайдың оң жаққа қойылғанын көрген еді. Ол кезде əкесін кім өлтіргені аян болмасада да, не себепті қаза тапқанын шешесі мен ауылжұрттың сөзінен аңғарып, жас жүрегіне «байлар, жуан Ахмет, оның жендеттері – алашорда офицері, ақтың милиционері, Колчак» дегендер кекті беріш боп қатқан еді. Елжас осындай шегіністерден кейін əкеден жалғыз, бірақ азапты еңбекте, революциялық істе құйрық-жалы мол болған Серікбай ерлігін əсерлі баяндайды. Октябрь революциясын адал ниет, ақ жүрегімен қарсы алады. Елге тақымы батқан ауылнайды кұлатпақ болып, ауылдың қырық-елу жарлыжақыбайларын «сендер граждан» болдыңдар деп сайлауға алып барады. Бірақ дегеніне жете алмайды. Азамат соғысы орталықта басталғанымен əлі бұл аймаққа тамырын жая қойған жоқ, бірақ сүреңсіз суық ызғары сезілуде. Серікбаймен бірге өмір азабын тең бөліскен, майданнан қайтып келген тамыры Яков күтпеген жерден досына келіп, екі винтовка, бір наганды тыққызып қойды. Бұқараны жəбірлейтін ақтардың елге сыйыса алмайтындығын айтып, сақтықта қорлық жоқ екендігін ескертті. Яковтан хабар-ошар болмай кеткен соң Серікбай майдандас жолдасына жолығайын, жол-жөнекей Пошкентай сияқты кедейлердің шаруасын бітіре келейін деп Петровкаға келсе, Яковтің уезге кеткеніне кез болыпты. Уездік орталықта Совдеп құрылып, Жамантау қаласындағы Кузнецов бастаған ақ бандыны талқандау қамында екен. Пошкентайдың шаруасы біткен соң, Яков Серікбайға жалпы жағдайды таныстырды. Совдептің кішкене кеңсесіне сыймай тұрған жігер Серікбайға ой салдырып, қару ұстауға түрткі болды. Отряд жауынгері болу ойы жүзеге асып, Жамантауға түнделетіп жүріп те кетті. Барлау ісімен шұғылданды. Жау мықты, қапыда болмаса алдырмайды. Не істеу керек? Алдымен дыбыс беретін қарауылды құрту керек. Оны Серікбай өз міндетіне алды да, басқалар қалаға ұрлана кірді. «Лошит патирал, лошит уби-
жал» деп күзетшінің жайын тауып, винтовкасын Яковке əкеп берді. Ендігі кезек атаманды құрту, оған Яков екеуі барып: «Шкарей» аш есікті. Атаманға срошной пакет. Сапсем срошной пакет, открой» деп алдарқатып соғады Серікбай. Осындай айламен жаудың офицерлерін түгел ұстап алып, солдаттарды қарусыздандырады. Тапсырма орындалғаннан кейін Серікбай партия қатарына алынып, Совдеп мүшелігіне сайланып, ауылда жүргізетін ісін орындауға жүріп кетті. Жанғожа, Пошкентай, Жұмат сияқты кедейлерді маңына топтастырып, байларға бірлесе тізе көрсетпек қамына кіріседі. Бірақ Совдеп құлап, ақтар белең алды деген суық хабармен Яков Серікбайдікіне келіп, уақытша бас сауғалады. Серікбайлар Тасекең ауылындағы Жұмағұлдың шошаласында іс жағдайын сөйлесіп отырғанда ақтар қамап алады. Ентелеп келе жатқан біреуін Серікбай атып салып, енді кейін серпілген шығар деп шыға бергенде «оң жақ иығына қылыш кірш ете түсті. Екінші жағынан сермеген қылыш басына тиді. Қазақтың «қамқоры» алаштың азаматы Нұрым наганын тосып, шошаланың аузында тұра қалды. Қара милиционер Серікбайдың əлсірегенін байқап қоя берді де, винтовкасын алып Серікбайды кеудеден штыкпен мықтап шанышты». Төгілген қан зая кетпеді. Ақтар қашып, қызылдар қуды. Ақтар жүріп өткен ел үсті ақтаңдық болып, жұрттың үрейін ұшырды, əйелдерді зорлап, малын барымталады, қасарысқан адал жанды ғазиз бастарды оқ тесті. Араны ашылып, аждаһадай жалмаса да ақтар дегеніне жете алмады, адамдық кейпінен айырылып айуандық кебін киді. Осының бəрін жас болса да Сағила көрді, көңіліне тоқыды, буыны кекпен бекіді. Негізгі оқиғаның желісіне сыздықтай еніп, шебер өріліп отыратын көріністер – ауыл еңбекшілерін тек экономикалық жағынан ғана емес, моральдық жағынан да езіп, өзінің айуандық нəпсісін тимай жүрген Ахметтің ел алдында масқара болуы, долы тоқал Дүрияның Ахмет жатқан үйді өртеуі, Пошкентайдың əсем əні, Жанғожаның іс-əрекеттері көркем əңгіменің бояуын қалыңдатып, эстетикалық əсерін күшейте түседі.
Əңгіме оқиғаға бай. Елжас өр оқиғаны əңгіменің сюжеттік желісіне берік қабыстырып, композициясын ширата түскен. Салған жерден лирикалық шегіністерден бастау болған оқиғаны тез білуге оқушыны ынтықтырып отырады. Əңгімеде суреттелетін көріністер мен эпизодтар негізгі оқиғаны айқындай түсуге бағытталғандықтан Серікбайдың образы мейлінше толыққанды болмағанымен, жанды, нанымды. Ал большевик қызы Сағила өмірдің ең бір ұтымды кезеңдерінде көрсетіліп, тартымды шыққан. Сондықтан да автор Сағиланың өсу жолдарын, өмір өткелдерін толық суреттеп жатпайды, оның қажеті де шамалы. Оқиғаның логикалық мотивировкасының бəрі де, автор əңгімеде айтпаса да, Сағиланың дүние құлы Жантастан, майда тілді Дүйсенбайдан құтылып, советтің детдомында тəрбиеленіп, білім алатындығын оқушының өзіне топшылатады, автор айтпағанды оқушының өзі ойша толықтыра түседі де əңгіме геройларының тағдырына ортақтасып отырады. Елжастың азамат соғысы дəуіріне арналған бұдан басқа да əңгімелері баяндау тəсілімен жазылып, көріністі толықтыру қажетті болғанда кейбір лирикалық шегіністерге орын береді. Адал еңбегіне ақы төлеуді сұрап барған Ескендір байдан жəбір сөз естіп, таяқ жеп тарығып тұрған шағында қызылдарға жол көрсетуі, майданға араласуы, Арқадан Тарбағатайға дейінгі жеңіс жолдарын көруі, қазақ ауылында үгіт жұмысын жүргізуі, елге қайтып келген соң дұшпанын мұқатып, уезде қызмет істеуі нанымды суреттеледі. Ал «Ана құшағындағы» Мергеннің каторгадан қашып шығып, қызыл партизандар қатарында болуы, жау жеңілмей елге оралып, шаруа бағып отыра алмаймын деп майданға кетуі, баласының əділ істі жақтап, күреске түскенін көрген ананың «қарағымның ұлы сапары оң болсын, арманым жоқ, енді жыламаймын» деуі қазақ ауылындағы жарлы-жақыбайлардың, мұңдылардың көңіл-ауанын айқын аңғартады. Елжастың «Октябрь күндеріндегі қуаныш» деген əңгімесі азамат соғысына арналған шығармаларының ішіндегі ең солғыны. Мұнда автор схематизмге ұрынған, белгілі идеяларға өмір көріністерін іздестірген. Сондықтан да насихаттамақ
ой оқиғаның дамуы арқылы көрсетілмей, ойдан оқиға өрбіп, логикалық тұжырым жасанды болып шыққан. Жұмақұл тері заводында істейді. Қыстың ызғарлы суық күндерінің бірінде Василийдің досынан келген хат қуанышты хабар жеткізеді. Орталықта Октябрь революциясының жеңгендігі айтылады. Сол хабармен қатарлас Жұмақұлдың əйелі Сақып босанып, ер бала табады, оның аты «Кеңес» деп қойылады. Азамат соғысы басталып, завод жабылады. Жұмақұлдың үй-іші ашығады, Сақып өледі. Кеңес екеуі қол ұстасып елде жүреді. Содан орыс поселкесіне бақташы болады. Партияға кіреді, Кеңесті мектепке береді. Октябрьдің он жылдығы мейрамын өткізуге ауданнан үгіт бригадасы мен пионерлер келе жатады. Оны селолық советтің бастығы, Жұмақұлдың тамыры Молт екеуі қарсы алып, Кеңесті құшақтап тұрып Жұмақұл айдалада балаларға арнап сөз сөйлейді. Осымен əңгіме тамам болады. Осы көріністің бəрі «бізді совет өкіметі жеткізді, жасасын Октябрь» дегенді айту үшін суреттелген. Сайып келгенде, Жұмақұлдың өмір жолы, көрген қорлығы мен бүгінгі қуанышы жалпы идеяның жадағай ғана көрінісі боп, көркемдік нанымдылықтан іргесін аулақ салған. Өрбітілер оқиғалар шолақ қайырылады, əйтпесе алғашқы қуанышты хабар Жұмақұлдың келешек іс-əрекетіне негіз болып, айқын характерімен көрінуге тиіс еді. Алайда өзінің жолдасы Василий мен Хасендерге ере алмай, от басы, ошақ қасынан кете алмаған, жарқын ісі болмаған адамның аузынан шыққан ақылгөй сөздердің оқушыға етер əсері əлсіз болатындығын автор ескермеген. Елжас Бекеновтың қазақ əйелдерінің тұрмысынан алып жазған шығармаларының ішінде «Жəмила қалай сауатты болды» (Қызылорда, 1927) деген көркем əңгімесінің орны бөлек. Бұл шығармада талай ғасырдан бері азаматтық еріктен айырылып, сауда мүлкіне айналған қазақ əйелінің дағдыры суреттеліп, совет өкіметі жылдарында қоғамдық еңбек арнасына тартылғаны, сөйтіп мемлекеттік іске араласқандығы өте қызықты да нанымды суреттелген. Автордың бұл еңбегінде жаңа көктеп келе жатқан жаңалықтың нышандары ұтымды
көрсетіліп қана қойылмайды, қайта соны орнықтыру, нығайту, өмірдің əдетті құбылысына айналдыру тенденциясы басым жатады. «Жəмила – Құрманның тоқалы. Жасы жиырмада, Құрманға келгелі екі жыл болған. Содан бері Жəмила сол үйдің отымен кіріп, күлімен шығады. Қой, сиыр, бие сауу, отын əкелу, тезек теру, бұзау бағу, жіп есу, бұдан қолы босағанда іс тігу – бəрі Жəмиланың мойнында». Таңның атысынан күннің батысына дейінгі уақытта қолы бір босамайтын, оның үстіне Салиқа сияқты көк долы, азулы күндесі бар Жəмиланың көрген күні қаратүнек. Осындай күйде жүріп оқу Жəмиланың ойына оралып, қаперіне де кіріп шықпаған-ды. Биылғы жазда қаладан күйеуімен бірге келіп, еркін жүріп, дем алған сауатты ашық Мариям Жəмилаға аспандағы жұлдыздай боп көрінген. «Шіркін, мен де сондай болсам» деген арман Жəмиланы ілгері ұмтылтпай, əбден ұнжырғасын түсіріп жіберген. Қапсыра ұстаса қолыңды жұлып алатын Құрманнан, күндіз-түні шаптығып, кең дүниені шараяққа сидырып отыратын күндес Салиқадан еркіндік алып, олармен тең отырып тамақ ішсем, киім кисем-ау деген ой Жəмиланың тұла бойын қалтыратып, «құдай алдында күнə» жасап тұрғандай сезіндіретін. Патриархалдық əдет-ғұрып, исламның шариғаты қазақ əйелін осындай күйге түсіріп, ойсыз, сезімсіз, мақсатсыз жұмыс құралына, сауда мүлкіне айналдырған еді. Тарих заңдарының шегі бар. Бір заманда үстемдік жасаған заң енді бір заманда күні өтіп, жаңа заңға орын береді. Заман өзгергенде өткінші заң да, əдет-ғұрып та өзгереді. Ескі заман Жəмилаға əдет-ғұрыпты, шариғат жолын сіңдіріп, ақыры тоқалдыққа көндірсе, Октябрьде туған жаңа заман Жəмилаға санаңды көтер, оңың мен солыңды біл, оқу оқы, білім ал деп күлімдеді. Жаңа заман шариғат шылауындағы Жəмиланың жеке өз басына Құрманнан безіп, тоқалдықтан құтыл, күндесіңмен бет жыртыса бер деп келмеді, тереңнен, ең ұтымды жерден келді, оқу-білімсіз бəрібір қоғамға пайдалы адам болмайсың, одан да оқы, біл, жетіл, санаңды өсір, сөйтіп еліңе еңбек ететін ер азамат бол деп келді.
Елжастың «Жəмила қалай сауатты болды» деген əңгімесі 1925 – 1927 жылдардың арасындағы мерзімді қамтиды. Шілденің бас кезі. Балалардың оқуы бітіп, демалысқа шыққан. Халықты ағарту ісіне ден қойған мұғалім өзінің бос уақытын өткізе алмаған соң, ауылнаймен ақылдасып, ауылдың қызкеліншектерін оқытуға ниет қояды. Əкімшілік жолымен шеше салуға келмейтін мəселе екенін аңғарған мұғалім мен ауылнай ауылға сөзі өтетін Құрманды көндіру қамына кіріседі. Құрман өз əйелін оқытуға іштей қарсы, бірақ байсеркеш деп соңғы уақытта сөзге қалып, қағажу жеп жүрген соң қара басының қамы, ауылнай алдында жақсы атақ алып қалу үшін «е, жарайды» деген уəдесін береді. Ертеңіне ол жиналған еркектерге бас болады. Сəске түс кезінде ауылдың шетіндегі бес қанат қоңыр үйге тұс-тұстан əйелдер ағыла бастайды. Жəмила Гүлсімді ертіп шықпақ болғанда көк айыл Салиқа «өзің желіккеніңмен қоймай Гүлсімді желіктірейін деген екенсің, бар, жүре бер өзің. Гүлсімді саған сеніп жібере алмаймын. Сабағыңның керегі жоқ. Сабақ оқымай-ақ адам болып жүрміз ғой» деп өзінің тағылық «философиясына» басады. Жəмила келгенде үйдің іші лық толы екен, əйелдердің оқуға келгенін қызықтап жүрген балалар мен ауыл еркектері де бар. Қайнаға, аталарынан келіншектер қаймығып, ұяла берген соң мұғалім еркектер мен балаларды əдеппен шығарып жіберіп, отырғандарға қағаз, қарындаш, кітап үлестіріп берді. Сабағын бастамас бұрын қазақ əйелдерінің өмірінен, үй-ішіндегі жұмысынан көп мысалдар келтіре сөйлегенде шəкірт əйелдердің біреуі «япыр-ай, осының бəрі рас-ау, мұның бəрін қайдан біледі екен» – деп тамсанып қойды. Сабақ басталды. Төрт күнде он əріп үйретілді. Жəмила бұл əріптерді үйде жүргенде, бие сауа барғанда, бұзау қайырғанда жаттап, айтып жүрді. Үйде Салиқа мен кісілер жоғында қағазын алып, жазып, қолын машықтандырады, ара-тұра «Қалқажан-ау, менің оқығаным мынау» деп Гүлсімге де көрсетіп қояды. Ол да қызық көріп, үй оңаша болса Жəмиланың жазып жүрген əріптерін тап сондай қып жазып, үйренгісі келеді. Бір күні
«Ж» əрпін үйретті. Оқуға ынта қойған Жəмила ертеңіне дəптерінің мұқабасына «Жəмила» деп өз атын жазып келді. Тапсырманың орындалған-орындалмағанын тексеріп жүрген мұғалімнің көзі Жəмиланың дəптеріне түсіп, өз тарапынан ынта көрсеткен Жəмиланы шəкірт əйелдерге үлгі ете мақтап тұрғанда, Құрманның «бие сауыны өтіп барады» деген ызғарлы айғайы ауылды басына көтерді. «Құрманның дауысын естігенде Жəмила селк ете қалып, қағазын қойып, мұғалімге жалтақтап қарай берді. Құрманның даусын естіп тұрған мұғалім: əйелдердің сабақ оқығанын ойыншық көріп жүр-ау, кəзір сабақ бітеді, біржолата барарсыз, – деп Жəмилаға жауап бергендей болды» деп автор өз əңгімесінің психологиялық моменттерін қоюландырып, əсерлілігін күшейте түседі. Жəмиланың оқуына бөгет болатын тосқауылдардың бəрін Елжас өте орынды көрсетіп отырады. Соның бірі – күзекке көшкелі жатқан кезде өткізілетін ең ақырғы сабаққа үй албастысы Салиқаның əмірімен Жəмиланың құрт қайнатып бара алмауы. Мұғалім əдейі кісі жіберіп шақыртса да, Салиқаның қаперіне де кірмейді, осы арада Құрман «барып кел» деп ұлықсат беріп, бəйбішесінің тұжырымына алғаш рет қарсы келеді. Сабақты үлгілі бітіріп, хат танығандардың бірі Жəмила болды, мақтау естіді. Күзекке көшіп барғаннан кейін қолына түскен кітаптарды, «Еңбекші қазақ» газетінде басылған ел хабарларын, əсіресе «əйелдер тіршілігі» бұрышын оқып, оқығанын өз құрбылары мен мұңдастарына айтып беріп жүрді. Осы əңгіменің ең маңызды жəне психологиялық көріністері шұрайлы, адам характерінің сырын сыздықтап ашатын ұтымды бөлімі – «Жəмилаға жалынды» деген бөлім. Хат таныған «көзі ашықтардың» қатарына ілігіп, санасы өсе бастаған Жəмипа ауылдық сайлауда болыстық съезге делегат болып сайланады. Жəмиланың дуанға баратыны, оны Құрманның өзі апаратындығы күндес Салиқаның шымбайына батып жүргенде Құрман: «мынауың жыртық, жиналған жұрттан ұят қой, – деп Салиқаға қарап: – Бəйбіше, барқыт шапаныңды бер мынаған» – деді. Салиқа шап ете түсті, ашулы дауыспен:
– Мен үшін бара жатқан жоқ дуанға, шапаны жоқ болса дуаннан алып берерсің, болмаса, төре болды ғой, өзіне де берер, бермеймін шапанымды. – Бер деген соң бер! – деді Құрман. – Кісі өлімі қылмасаң бере алмаймын, тоқалың дəрі болса саған дəрі, маған дəрі емес, – деп одан жаман шаптыққан Салиқаның айғайымен Жəмила дуанға аттанды. Елжас Жəмиланың үй-ішінде кəдірі болмауын көрсетумен тынбайды, енді оны қоғамдық істер аумағына кірістіреді. Қасым деген байсеркешті болыс етпек ойлары бар байлар жақын ағайын, өз руынан келген делегаттардың басын қосып, ертеңгі сайлауда Қасымға шар тастауды тапсырады. Осы арада автор партия құрғыш байлардың айла-амалдарын қазбалай көрсетіп, сол кездерде өткізілетін сайлаулардың жай-жапсарын оқушыға айқын суреттеп береді. Сайлау басталды. Болаткомның мүшесі болатындардың тізіміне ілікпей қалған Қасымның орнына Жəмила сайланды. Құрманға іш тартып, сыбайлас боп жүргендер «қойыннан төгілсе қонышқа» деген. Не қылған күнде «Жəмила өз айтқанымыздан шықпайды ғой» деп Жəмиланы сырттан малданады. Болаткомның мəжілісінде Жəмиланы жер бөлімінің меңгерушісі етіп тағайындайды. Қайырлы болсын айтқан жұртқа Құрман: «Өзіміздің қолымыз жетпеген «баққа» аяғымызда жатқан қатынымыздың жетіп, болыс болғаны, əрине, таңқаларлық қуанышты іс қой», – деп іші тарлығын да, өкінішін де көмескі жауаптан аңғартып тастайды. Жəмила дуанда қызметке қалды. Күндіз жұмыс, кешке оқумен жүрді. Ауылға бармағанына бір жарым ай шамасы болды, «дуанға айында-жылында бір келетін Құрман жетісіне бір келеді. Келген сайын «Жəмиланы біраз уақыт үйге жібер» деп болатком төрағасына жалынады. Бір жағынан «үйге жүрсейші» деп Жəмилаға жалынады...Құрман бұрынғыдай Жəмилаға ұрсып, боқтап, ашуланып, зекіріп айтпайды. Не туралы сөйлесе де алдап, еркелетіп, не жалынып сөйлейтін болды». Қоярдақоймай жүріп Құрман екі жұмаға ұлықсат алып, Жəмиланы елге алып қайтты. Жолшыбай кездесіп қалған жастар жағы
«болыс жеңгей», үлкендер: «болыс келін» деп үйіріле амандасып, жалпақтап қалады. Қонған, түстенген үйлері Жəмиланың арқасында Құрманға бұрын көрмеген сый-құрметті көрсетеді. Жəмила ауылға келгенде Салиқадан басқа үлкен-кіші, қатынқалаш, бала-шағалар алдынан шығып, құрметпен қарсы алады. Елжас осы өзгерістердің психологиялық тамырларын дəл тауып, тереңнен қаза көрсету арқылы нанымды ете алған. Жəмиланың болатком мүшесі болуы тек қазақ əйелдеріне ғана емес, оқу-білімнің пайдасы жөнінде көпшілікке бірдей ой салады, ауыл адамының рухани жағынан өркендеуін өрге бастайтын нақты үлгі болады. «Аяғымда жатыр» деп адам құрлы көрмейтін Құрман да, қаншама күндес болғанмен Салиқа да моральдық жағынан Жəмиланың артықшылығын тани бастайды, күні үшін кейбір ретте жарбақтаудан да тартынбайды. Осы оқиғалардың көркемдік, логикалық мотивировкасы мен трактовкасы дəйекті де тартымды шыққан. Əрбір белеңді көріністен кейін Жəмиланың образдық тұлғасы тола түсіп, жаңа қасиеттерге ие болады. Ол үшін автор талай келелі мəселелердің шешуін Жəмила парасатына тапсырып, қоғамдық адамның қалыптасып келе жатқандығын көрсетеді. Əңгіменің соңына Елжас 1927 жылғы жер мен шабындық бөлісін мейлінше шебер қиюластырған. Қазақ кедейлерін қоллективтік шаруашылыққа тарту қарсаңындағы жүргізілген осы үлкен науқан ауылды экономикалық негізде тек таптық жағынан ғана жіктеп қойған жоқ, адам санасында Октябрь революциясынан бері қалыптасып келе жатқан озат көзқарастың, сананың тегеуріні қатты екендігін көрсетіп берді, бір үйдегі жанның дүниеге көзқарасы біркелкі еместігін айқындап берді. Елжас үлкен науқан тудырған сана өзгерісі мен эволюцияның дұрыс сабағын таба біліп, көркемдік нанымдылықпен əсерлі суреттей алған. Құрман құрған тосқауылдың салдарынан Жəмила дуанға тез қайта алмайды. Барлық ауылда жер мен шабындық бөлу басталған, əртүрлі арыз-мұңдарымен əрқилы адамдар Жəмиланы күтуде, болаткомдегілер де оны асыға тосуда. Кедейлерден жерді қызғыштай қорғап, ауыл іргесіндегі шұрайлы
шабындықты өз қолына түсіріп алуға жанталасқан Құрманның бай ағайыны Бейсекей дуандағы жайды білген соң, ауылдағы Жəмиланың Құрман жəрдемімен аузын алмаққа далақтап шауып келеді. Істің мəн-жайын Құрманға түсіндіріп, Жəмиланы тез дуанға жіберуді жəне осы істі оның өз пайдасына шешуді өтінеді. Жол үстінде Құрман Жəмилаға осы шаруаның басын қайырып бер деп жалынады. Қолқалап қоймаған соң Жəмила: «Барған соң қай жерді, кімнің жерін сұрайды екен, арыздарын көріп, ондағы жолдастармен ақылдасып, реті болса орындармыз. Енді бірақ мұндай жұрттың сөзін қолқа қылып айта бермесеңіз екен. Егер мүмкін болмайтын жұмыс болса, көңіліңіз қалады ғой», – деп байыпты да, екі-ұшты да жауап қайтарады. Болатком мəжілісінде Жəмила əр арызды нақты жəне əділетті шешу үшін жергілікті жағдаймен танысу, елге шығу керек деп ұсыныс жасайды. Бұл ұсыныс қабылданғаннан кейін өзі жолға дайындалады. Жəмиланың мəжілістен шығуын күтіп тұрған Құрман мен Бейсекей «не болды?» деп мүлəйімси сұрайды. Кəзір ауылға жүреміз деп, бір инструкторды қасына ертіп көлікке отыра берген Жəмиланың төңірегін Бейсекей мен Құрман қарақұстай торлап жүр. Аттың божысын ұстауға тіленген Құрманға Жəмила «мұныңыз ерсі болар» деп тастап кетеді. Құрманның кешегі-бүгінгі қылығын ажуалай күліп жалшы Қожақ тұр. Ауылға бет алған пəуескенің алдына шығуға дəті бармай, артынан бұралқы иттей сөмпеңдеп Бейсекей кетіп барады. Осы көріністің ішкі сырын көкірек көзімен ұғып тұрған Қожақ: «Мұғалімнің Ленин сөзі деп айтқан: сиыр сауып, ас пісіріп жүрген əйелдер де бір кеңсені меңгеретін болсын, дегені рас екен-ау. Кешегі сиыр сауып, тезек теріп жүрген Жəмиланың бір кеңсені меңгергені осы-ау», – деп шын жүрегінен қарқылдап күліп, қала берді. Əңгімені оқып шыққаннан кейін, осы көркем шығарманың сол кездегі тарихи шындыққа арқа сүйей отырып жазылғанын көреміз. Күнделікті өмірде белең ала бастаған жаңалықты Елжас қырағы көзімен көріп, жазушының көркемдік елегінен өткізіп, ірі обобщениеге бара білген. Жəмила өзінің ішкі-сыртқы қайшылығымен типтік жағдайда суреттеліп, образ дəрежесіне
көтерілген. Жəмила патриархалдық əдет-ғұрыптардан, шариғат жолынан түгелдей құлан-таза болып кете қойған жоқ. Өзінің əйелге тəн, əсіресе қазақ əйеліне тəн ерекшелігімен көзге түседі. Жəмила ақыл-парасаты, адамгершілік ары мол, əрбір құбылысты ақылға салып шешетін, артық-кем сөз айтпайтын, ұяты бар адал жан. Ол қызмет бабы мен өзінің тоқалдық өмірін саралай білген, əрқайсысына лайықты мінез көрсете білген. Құрманға қарым-қатынасы жағынан алғанда Жəмила кəзір толық еркіндікке қолы жетсе де өзінің зайыптық борышынан безе алмайды, тіпті көп жылдан бері Құрман қорлығын көрсе де оған «өзімнің күйеуім ғой» деген сезімін де аңғартып қояды. Шайпау сөзі мен шалдуар мінезі жоқ Жəмила қалыптасқан семьяның шырқын бұзу жөнінде ойланған да емес. Мұның өзі де оның адамгершілігінің молдығын аңғартып тастайды. «Əсіре қызыл тез оңар» дегенді жақсы түсінгендігін көрсетеді. Тегінде, Жəмила Құрманның адал еңбек жолына түсуіне, арлыұятты азамат болуына тілектес. Адам тағдырына ортақтас болу жөніндегі біздің моральды Жəмила іштей ұғынып, нақты жүзеге асыруға тырысқан сияқты. Осы жағынан алғанда Жəмила «теңдік, еркіндік» деген ұранды бетке ұстап, келешекте түзеліп кететін семьяның шырқын бұзған кейбір апасіңлілерінен моральдық бейнесі бір бас жоғары тұрғандығын көрсетеді. Осындай адамгершілік ары көтеріңкі Жəмилаға автор қоғамдық ірі мəселені шешуді міндеттейді. Бейсекейдің тапсырмасымен Құрман Жəмилаға жалынады, өтінеді, бірақ бұйыра алмайды. Осы эпизод Жəмилаға қол көпір, егер Құрманның көңілін қалдырмайын десе əділет ісі ойсырайды. Жəмила ауылға аттанып бара жатқанда Құрманның көңілі мен əділеттікті таразыға салып, өлшеп келе жатыр. Қай жағы басады? Мұны автор баяндамайды, оны оқушының өзіне тапсырады. Ал оқушы Жəмиланың əділеттілікке жығылатынын, ал Құрман көңілін басқа жолмен таба алатындығына ешбір шүбəланбайды. Əңгіменің нақ осындай эстетиқалық əсерлі концовкасы Жəмиланың образдық тұлғасына қиюласа қабысып, шынайы өмірді өрлеу барысында көрсетуге мүмкіндік бер-
ген. Сонымен, өз еркімен тимесе де, Құрманнан көңілі безіне алмаған Жəмила азаттық алуды тек тоқалдықтан құтылу деп түсінбей, еркін, қоғамға пайдалы азамат болу деп түсінген ақыл-парасаты мол, адамгершілік ары көтеріңкі, өз апасіңлілеріне үлгі боларлық өнегесі бар образ. Біздің данышпан партиямыз социалистік қоғам құру ісінде бұрынғы үстем тап өкілдерінің бізге іш тартатындарын қайта тəрбиелеп, пəрменді еңбекке пайдалану мəселесін қойған болатын. Тəрбиеге көнбейтін, ісімізге зиянын тигізетін, қастандық жасайтын элементтерге қолданылатын шара бір басқа, ал бізге ойысуға ыңғайы, адал еңбекші болуға талабы барлардың ілгері басқан қадамын мақұлдап, кемшілігін көзіне көрсетіп түзету, жолдастық қарым-қатынастың аясына алу шаралары бір басқа, мүмкін қадерінше мұндай адамдарды жау жағына шығарып алмау керек, олардың көңіл-ауанын еске ұстай отырып тəрбие ісін күшейту керек. Осыны Елжас Бекенов өз шығармасында көркемдік сазбен, əдіспен шешпекке ұмтылған. Оны автордың Құрманға көзқарасы айқын аңғартады. Құрманның жоғарыда сөз арасында айтылып өткен мінездемесі оны бірсыдырғы күңгірт жағынан көрсетеді. Автор осы кейіпкердің ішкі дүниесіндегі өзгерістерді сазына жеткізе қазбалай түспегендігін еске ала отырып, Құрман басындағы эволюцияның нышандарына назар аудару керек. Құрман – бірді-екілі жалшы ұстауға ғана шамасы жететін байсеркеш. Дəулетінің арта беруінен қаша алмайтын жекеменшіктік психологиясы басым. Егер Совет өкіметінің заңдарында тежеу салатын бабтар болмаса, ол ірі байлар қатарына қосылудан, өз ауылы түгіл, аумағына бірдей əкімшілік жасаудан тартынар кейпі жоқ, бірақ оның бұл тілегіне кəзір жағдай да жоқ. Мұны ол түсінеді, сондықтан да ол айла-амалдан тартынбайды. Ол өзінің жеке басына тиімді кезеңдерді аңдып жүргенде, Совет өкіметінің өкілдері оның осы ниетін пайдалы іске шебер пайдаланады. Мысалы, ауыл əйелдерін оқыту мəселесі Құрманның өзі ойлаған межеден асып түсіп, ауыл еңбекшілеріне көп пайдасын тигізді. Жəмила сияқтылардың аяғынан тұсауды алып, көзін ашты. Құрманның жақсы көрініп қалу ниеті, қаһарға
ілінбеу «саясаты» объективтік жағынан қоғамдық мүдденің арта түсуіне тосқауыл болмады. Жəмиланың қоғамдық іске араласуы Құрманға үлкен ойлар түсірді, оны ол іштей сезгенімен, сырттай тіс жарып, ешкімге айтпайды. Əлі де болса ескі психологияның көрінісі басым. Бейсекейдің жер дауына оның араласуы, істің нəтижесіз болатындығы Құрманды тағы да психологиялық эволюцияға кездестіреді, бірақ ол түңілу процесіне жеткізе алмайды. Өйткені Құрманның қара басы Жəмила іс-əрекетінің қайта тəрбиелеу моменттерінен шалқая бермейді, тіпті ыңғайлана береді. Əрине бұл аз, қуатты қоғамдық фактор керек. Елжас бұл процесті жақсы ұққанмен, оның шешуші буындарын өрбіте алмаған. Солай бола тұрса да, біздің елдің сол кездегі даму процесі Құрманды сыртқа теппей, өз соңына ертіп, ұлы арнаға құятын адал еңбектің аумағына тартатындығына оқушы сенеді. Елжас Бекеновтің «Жəмила қалай сауатты болды» деген əңгімесі – шынайы өмірдің алуан көрінісіне арқа сүйей отырып, реалистік планда жазылған көркем шығарма. Жас прозамыздың қалыптасу дəуірінде Жəмила сияқты жағымды геройлардың тууы – болашақтағы үлкен прозаның алғашқы қарлығашы еді. Біздің ақын-жазушыларымыздың сол кездің өзінде-ақ мəселенің үгіттік жағын шығарманың өзегі ете ұстап, құр суреттеулермен, жадағай баяндаулармен ғана əуестеніп кетпей, өзі дүниеге келтірмек геройлардың ішкі дүниесіне, өзгеріс эволюцияларына назар аударып, қоғамдық маңызы, эстетикалық лəззаты бар шығармалар беруге талаптанғанын айқын аңғарамыз. Əрине, олардың бəрі бірдей көркемдік шеберлігі, техникалық орындалуы жағынан мүлтіксіз, кемшіліксіз еді деуге болмайды. Елжас Бекеновтың творчествосында жұмысшы тақырыбы едəуір орын алады. Қазақ совет əдебиетінде жұмысшы өмірінен шығарма жазған ақын-жазушылардың ішінен Елжас көзге түседі. Елжастың азамат соғысы тақырыбына жазылған əңгімелерінің де біраз кейіпкерлері жұмысшы ортасынан шыққандар. Елжас еңбегінің осы жағын дер кезінде аңғара білген Сəбит Мұқанов 1927 жылы «кедейдің, жұмыскердің иісі
шыққан жерді тіміскілеп жүретін, соларды жазатын Елжас» деген болатын. Жұмысшы өмірінің ащы-тұщысынан дəм татып, басынан кешірген Елжас Бекеновке Қазақстан кəсіподақ басқармасы Түркстан-Сібір темір жолын салып жатқан жұмысшылардың тұрмысынан кітап жазуды тапсырып, ерекше назар аударылатын тақырыптарды белгілеп береді. Елжас осы тапсырма негізінде «Жаңа жол бойында» (1929) деген əңгімелер жинағын шығарды. Автор соңғы сөзде өзінің «əбден төселмеген жазушы» екендігін, «кітапшаның оқушылары көбінесе жаңа салынып жатқан темір жол жұмысшылары болғандықтан, жұмысшылардың өз тұрмыстарын көрсетуден гөрі, оларды саяси-мəдени жағынан аз да болса үгіттеу жағы еске алынып жазылды. Əсіресе жұмысшыларға түсінікті болу жағы» ескерілгендігін айтып өтеді. Осы жинақта көркемдік дəрежесі əрқилы сегіз əңгіме бар. «Өткендегі мен бүгінгі», «Ескіліктің кесірі, жаңалықтың жемісі», «Болсаң Жұмаділдей бол!», «Қызмет батыры» деген көркем əңгімелер барынша тартымды шыққан. Өзінің өткен күнін бүгінгі жарқын өмірмен салыстыра сөйлейтін Төлеу, етектен тартқан ескіліктен опық жеген Айтбай мен Қадиша, ел ішін екі дайға бөліп, кедейлерді сүліктей сорып келген байларға жұмысшылардың ұйымшылдығымен соққы беріп, əшкерелеген Жұмаділ, «домбыраның шегіндей қаз-қатар созылған темір жолдың» «денсаулығын» өзінің денсаулығындай түсінетін, өзгелердің тағдыры өзінің қолында деп ойлайтын, істеген ісіне ұқыпты Жаманбай сияқты теміржолшылар мен құрылысшылар кесек образдар дəрежесіне көтерілмегенімен, жанды бейнесімен көрінеді. Осы жинақтағы əңгімелердің дені контраст арқылы жазылған, яғни ескінің сүреңсіз көрінісі жаңаның айбынды суретімен салыстырыла, қарама-қарсы қойыла көрсетілген. Осы əдіс жұмысшылар өміріндегі əрбір жаңалықты айқын аңғартуға мүмкіндік берген. Сөзіміз нақты болу үшін «Ескіліктің кесірі, жаңалықтың жемісі» деген əңгімеге тоқтайық.
Теміржол құрылысының қатардағы жұмыскері Айтбай сауат ашқыш мектептен хат танып, газет, кітап оқи бастайды. Күндегі əдетімен қызыл мүйіске келіп «Ана мен баланың денсаулығы» жайындағы кітапты оқиды, тауыса алмаған соң ертең əкеп берейін деп сұрап алып, үйдің жанындағы көгалға етпетінен жатып оқи береді. «Əй, жүріп шайыңды іш» деген Қадишаның таныс даусы естілгенде Айтбай жалт қарап – «өзің мұнда келші» – деп шақырады. Аяғы ауыр Қадиша маң-маң басып келіп: – «Ал, айта берші, немене күні бойы жоламай кеттің», – дейді. Айтбай «отыр» деп етегінен тартты. Қадиша отыра бергенде: – Ана жылғы баланы өлтірген сенің балгер шешелерің екен, – дейді. – Оны қайдан білдің? – Оны мына кітаптан оқып білдім. – Ол не дейді? – деп езеурей сұраған Қадишаға Айтбай кітаптың керекті жерлерінің бəрін оқып берді. Ынтыға тыңдаған Қадиша «рас шығар-ау» деп тамсанып та қояды. Осыдан кейін автор лирикалық шегініс жасап, сіңірі шыққан кедейдің қызы Қадишаның Айтбайға тигеніне бес жыл өтіп, алтыншы жылға қарағанда жүкті болғанын суреттейді. Сəби сүюді аңсаған ерлі-зайыпты екеуі қуанышты күнді асыға күтеді. Байдың егінін басуға Айтбай кетіп қалған шақта Қадиша екі күн толғатып, босана алмайды. Əбден қиналған уақытта балгер шешейді шақыртады. Əйелді қазақша босандырудың ең жексұрын əдісін қолданып, өлді-талды дегенде босандырып алады. Ертеңіне Айтбайға хабар жетеді, бірақ бай «түнде барасың» деп босатпайды: «Əйтеуір Айтбай бір жағы қуаныш, бір жағы реніш оймен жүріп, жұмыс тоқтаған соң, қас қарая қоңыр өгізге жайдақ мініп Қадишаның халін білуге, көптен зарығып күткен нəрестенің шырылдаған дауысын естуге үйге тартты». Үйге келгенде ың-шың жоқ, тек шешесі ғана от басында қамығып отыр, құрым кигіз үйдің оң жағында шоқпытқа оралып Қадиша жатыр. Не қуанарын, не қайғырарын білмей келген Айтбайдың көңілі суып, Қадишаның қасына келіп, «қалың қалай?» деп отыра кетті. Көкірегі қарс айырылған жас ана «екеуіміз де əл үстіндеміз, құдай қайсымызға қармақ тас-
тар екен» дегендей жылаумен жауап берді. Сəби Айтбайды тосып жатқандай-ақ, бірден-бірге нашарлай берді, ақыры Айтбайға іңгалаған дауысын естіртпей таң ата қайтыс болды. Қадишаның да бір аяғы көрде, бір аяғы жерде. Қараша үйді қайғы-қасірет торлай түсті. Енді Айтбай Қадишасының өлім қармағына ілінбеуін тіледі. Бір ай өткенде Қадиша орнынан əзер тұрды. Октябрь революциясы арқасында өмір соққысы мен байдың тепкісінен құтылған Айтбай жаңа теміржол құрылысына келді. Еңбекте озат. Кешкілік уақытта сауат ашқыш мектепте оқыды. Хат танып, қызыл мүйістен газет-журнал, кітап оқи бастады. Қадиша да от басында отырып қалмай, қолынан келетін құрылыс жұмысында жүр. Аяғы ауырлаған соң Айтбай жұмыстан босатып алып, көрші ауылдағы туысқандарына апарып, толғағың басталғанда маған дереу хабар жеткіз деп кетіп қалды. Бір күні тай мінген бала борбайлап шауып келіп, жұмыс істеп жатқан Айтбайға хабар жеткізді. Акушеркамен күні бұрын келісіп қойған Айтбай бригадирден ұлықсат алғаннан кейін ауылға жетіп келеді. Ауыл əйелдері өздерінің бұрынғы сарынына салып жатқанда, Айтбай өн бойына сіңе қоймаған жаңа əдетке ұяла мойын ұсынып, анталап жүрген əйелдерді үйден шығарып жібереді. Акушерканың жəрдемімен Қадишаның жанын қинамай, аман-есен босандырып алады. Мұны ол жаңалықтың жемісі деп танып, өзі жүрген жерінің бəрінде медицинаның артықшылығын жария етіп, насихаттап жүреді. Қазіргі уақытта этнографиялық ескілікке айналып бара жатқан əйелді босандыру əдісін озат медицина тəсіліне қарамақарсы қоюдың арқасында жаңалық жарқын көрініп, əр адамды жаңалықтың жақтаушысы болуға үндейді. Сондықтан да Елжас осы əңгімелерінде контрасқа көп бой ұрып, айтпақ пікірін айқын да көркем көрсете алған. Елжастың «Қызмет батыры» деген əңгімесінің кейіпкері Жаманбай іс үстінде көрсетіліп, жан дүниесі кеңінен ашылған. Темір жолдың қастандықпен бұзылған жерлерін жөндеуге жан салуы, қолынан келмейтінін аңғарған соң келе жатқан жолаушы поездың алдынан жүгіріп, «мен көптің құрбаны, мен мына
қызыл белгі» деп қолын бұлғай рельске жатуы, «енді өлдім, енді келіп басты» деп жатқанда қақ қасынан паровоздың бірекі ақырғанынан сескенбей, жатқан жерінен тұрмай қолын бұлғай беруі Жаманбай тағдырына оқушыны ортақтас ететін психологиялық көріністермен шұрайлы суреттелген. Соның нəтижесінде айтпақ ой, эстетикалық лəззат оқушыны баурап алады. Елжастың осы əңгімелерінің ішінде жадағай жазылғандары да бар. Мысалы, «Кеңестер одағын қорғайық» деген əңгімесі жасанды, тартымсыз болып шыққан. Оқиғаға араласқан адамның не жанды келбеті, не ішкі өзгерісі жоқ. Оның айтып тұрған ұлы сөздері оқушыға ешбір əсер етпейді. Сонсын осы жинақтың қорытындысы ретінде берілген «Трактор келді» деген əңгімесі бірсыдырғы тəуір жазылғанымен, тап осы кітаптан орын алуы теріс болған. Өйткені бұл əңгіменің сарыны осы жинақтың негізгі мақсатына сай емес. Пролетариаты кешеу өскен қазақ халқын өндіріс саласына жұмылдыра түсу жағынан гөрі, назарды отырықшылықтандыруға аударып жіберген. Əрине, бұл да сол кездегі қажетті істердің бірі болды, алайда автор өз шығармасын жұмысшылар тұрмысына арнағаннан кейін сол теміржол құрылысының белгілі бір участогінде тұрақтап, қоныс тепкен жұмысшы семьясын көрсетумен аяқтаса, көзделген мақсат логикалық түйінмен тұжырымдалатын еді. Елжастың «Алтынды жүйе» («Жаңа əдебиет», 1930 ж. №11, 12) деген көлемді əңгімесі Қазақстанда өндірістің жетекші саласының бірі болған түсті металлургия жұмысшыларының өмірін көрсету мақсатын көздеген. Өзінің тақырыптық жағынан Сəбит Мұқановтың «Алтын аймағымен» қабысып жатыр. Бұл əңгімеде алтын іздеуші старательдердің тіршілігі мен еңбегі кестелі сөз өрнегіне арқау болған. Бəйкен, Ескендір, Заит сияқты алған бетінен қайтпайтын, жер астындағы алтын жүйесін көп жылдық тəжірибесіне сүйеніп топшылай білетін, келешек күннің бүгінгіден де жарық болатындығына сенетін, қиыншылықты жеңе білетін қажырлы жұмыскерлер өздерінің жанды келбетімен көрінеді. Адал еңбек абырой мен даңқтың
арнасы екендігі айқын аңғарылады. Елжас Бекеновтың творчествосында қазақ кедейлерінің өмірі мен ауылдағы тап тартысы біршама кең қамтылған «Жұмақұлдың теңдігі» (1927), «Бүгінгі ауылдың елестерінен» («Кеңес аулы» 1929), «Қан жаспен жуылды» («Жаңа əдебиет» № 10, 11, 1929), «Қоңырау» («Жарыс» альманағы, Петропавл, 1930), «Құрманның санасы» («Біздің еңбек» жинағы, Орал, 1934), «Талпақ» (Əдебиет майданы», № 12, 1935) сияқты бір топ əңгімелері Совет өкіметі алғаш орнаған жылдардағы жалшы-жақыбайлардың өз азаматтық правосы үшін күрескенін, сайлауға қатысқанын, егістік жер мен шабындық бөлісі, ірі феодалдар мен байларды конфискелеу кезінде таптық санасы өсіп, белсенділік көрсетуін, талай ғасырдан бері негіз тепкен жекеменшіктік шаруадан коллективтік шаруашылыққа көшу процестерін, жұт пен ашаршылық қаперіне кіріп шықпайтын, ертеңгі күніне сенімді колхозшының дүниеге келуін суреттейді. Қазақ ауылындағы үстем тап өкілдері кедейлерді тек экономикалық жағынан ғана емес, моральдық жағынан да езгіге салды. Кейде өздерінің айуандық нəпсісі үшін əлсіздерді құрбандыққа шалды. Елжастың «Қан жаспен жуылды» деген əңгімесі осы тақілеттес мəселенің ішкі тартысын суреттейді. Қартайған Құсайын қажының бар байлығын өз қолына түсіріп алу үшін Мұқан өзінен туған Сұлтанқожаны кісі өліміне итермелеп, семьясының шырқын бұзады. Рахиманың Сұлтанқожадан кек қайтармақ болып, жылқышы Төлеуді өзіне жақын тартуы, сөйтіп ел арасындағы сөзге қалдырып, масқараламақ əрекеті шынайы суреттеліп, өрбітілер оқиғалардың мотивировкасы барынша дəйекті берілген. Үстем тап өкілдерінің осы таластартысында Төлеу құрбан болады. Мұндай есуас қылықты əшкерелейтін патша өкіметінің мекемесі ме! Іс аяқсыз қалып қойды. Мұң мен шерге батқан Төлеудің шешесі Құсайын қажының конфискеге ілігіп, үрім-бұтағымен жер аударылып жатқан кездегі зарлағанына қарап тұрып: «кет жауыздар, жолыңа жуа шықсын. Қан қанмен жуылмады, қан жаспен жуылды, бірақ кек қайтты. Мұндай болғандарыңды тірі күнімде көзіммен көргеніме арманым жоқ» деуі талай ғасырдан еңсе
көтертпей келген езгіден пайда болған таптық кектің айбынды қаһары еді. Елжастың «Қоңырау» деген əңгімесі коллективтік шаруашылыққа бірігіп жатқан ауыл кедейлерінің өмірін көрсетеді. Əңгіменің басты геройы Талпақтың істеген ерлігі, тап дұшпандарының қастандығы, колхоздастыру жолында болған асыра сілтеушіліктер, адамдардың жаңа өмірге бейімделуінің киындығы нанымды суреттелген. Осы кішкентай əңгімедегі оқиғалар Шолоховтың «Көтерілген тыңындағы» көріністермен сабақтастығы барлығын аңғартады. Елжас өзінің Талпағын колхоз өмірі қалыптасқан кезінде де бір көрсетіп өтеді. 1935 жылғы «Талпақ» атты əңгіме «Қоңыраудың» кейінгі кезде жазылған бөлімі. Екі əңгіменің де негізгі кейіпкері болған Талпақ колхозды ұйымдастырғаннан кейін механизаторлар мектебінде оқып, комбайнер болады. Елжас Талпақтың өсу жолдарын кейіпкердің психологиялық өзгерістерімен көрсетуге ұмтылған. Алайда бұл əңгіме өзінің тіл бояуы жағынан жарқырай алмағандығын айтып өту керек. Сонымен, жоғарыда талданған шығармалар жас прозамыздың туу, қалыптасу дəуірінде пəрменді еңбек етіп, өзінің жазушылық шеберлігіне сай бірқыдыру көркем əңгімелер берген, негізі қалана бастаған қазақ совет əдебиетінің өркендеуіне белсене атсалысқан алғашқы буынның өкілі Елжас Бекенов болғандығын тануға мүмкіндік береді. Қазақ совет əдебиетінде сын жанрының туу, өркендеу жолдары басқа өнегелі марқайған əдебиеттерден бірсыдырғы басқарақ. Əдебиетіміздің бастапқы дəуірлерінде бірыңғай сынмен айналысқан сыншылар болған емес. Сын майданында қалам ұстағандардың басым көпшілігі ақын-жазушылардың өзі болды. Олар əдебиет айтыс-тартысы жөнінде ғана емес, жеке ақын-жазушының шығармасы жөнінде де бірқыдыру мақалалар жазды. Сын жанрының туу, қалыптасу кезінде игілікті еңбек еткен жазушының бірі – Елжас Бекенов. Елжас өзінің ең алғаш сынын 1924 жылы шыққан «Сауат ашқыш» оқу құралына бағыттады. Кітаптың негізгі мақсаты – елдің ересек адамдарының хат танымаушылығын жəне саяси
сауатсыздығын жою мəселелерінің төңірегінде болмағандығын, көп нəрселер əдейі бұрмаланып, саяси қателер жіберілгендігін көрсете келіп, «қазақ кедейлерін, қара шаруаларын партия жұртшылығына қарай жақындатып, дүниежүзілік коммунизм жолымен таныстырамыз деп жүргенде елдегі кедейге бұл кітап лайықты кітап емес. Менің ойымша бұл кітапты ел кедейіне оқы деп беру кешірілмес күнə, тарихтың дауылды, екпінді жүрісінен қазақ кедейін кейін сүйреу» деп тұжырымдады өз пікірін Елжас. 1926 жылы Орта Азияның В.И.Ленин атындағы Коммунистік университетіндегі (САКУ) қазақ студенттерінің жылына бір рет шығатын «Кедей айнасы» альманағының 3-ші саны шықты. «Бұл журнал қазақ əдебиетінің жаңа түрмен көркейіп келе жатқан кезінде үлкен олжа» екендігін айқын түсінген Елжас «Қызыл Қазақстан» журналында сын жазып, «қадамың қайырлы, қаламың түзу болсын!» деп құттықтады. Сəбит Мұқанов пен Шолпан Иманбаеваның еңбектеріне алғаш сын жазып, əдебиет дамуын бағдарлай алғандардың бірі Елжас Бекенов болды. Сəбит əдебиет айтыс-тартысына көп араласып жүргенде оның еңбегіне творчестволық тұрғыдан қарамай айтылған сындар көп болды, əр еңбегінің ішіне үңілу, творчестволық мəселелерді қозғау кемді-кем болды. Осы жағынан алғанда Елжастың «Кешегі жалшы мен бүгінгі жалшыны» – «қазақ əдебиетінде қазақ еліндегі жалшы-малайлардың тұрмысынан жазылған көркем шығарманың біріншісі, тұңғышы, əдебиеттің келешек ағымына сепкен тұқымы» дей келіп, жазу стиліне, сюжетіне, түр жаңалығына, өлең ұйқастарына, композициясына назар аударуын сын майданындағы қуанарлық жаңа нышандар екенін айтып өткен жөн. Сол сияқты Шолпанның 1927 жылы шыққан өлеңдер жинағына сын жазып, ақын Шолпанды – «Октябрьдің өсірген қызыл гүлі, егерде октябрь болмаса, бостандық, теңдік күні тумаса, мүмкін, Шолпан ақын да дүниеге келмес еді» деп, оның творчествосына толық талдау жасау Елжастың сын саласындағы жетістігі болды. 20-шы жылдардың екінші жартысында əдебиет айтыстартысы өте көп болды. Ұлтшыл-байшыл əдебиеттің өкілдері
қазақта пролетариат бағытындағы əдебиет болмайды, болуы да мүмкін емес дегенді уағыздап, жаңадан туып, қалыптасып келе жатқан əдебиетімізге қарсы шықты. Елжас бұл айтыстан тыс қала алмады. 1929 жылы «Жаңа əдебиет» журналының 2-ші санында «Кім не үшін күреседі» деген көлемді жəне проблемалы мақаласын жариялады. Бұл еңбегінде қазақ əдебиетінің сол кездегі дамуында екі үлкен күштің, яғни екі ағымның барлығын тұжырымдап, пролетариат əдебиетінің келешегі зор екендігін айқындады. Сол үшін əдебиет кадрларын дұшпандардан қорғау мəселесін қойды. Əдебиеттің даму заңынан хабарсыздар Сəкеннің, Сəбиттің жəне тағы басқалардың шығармасынан байшылдықтың «сарынын» іздемек болып, əлектенді. ҚазАППшылдар олардың бұл ниетінің ішкі сырын тез аңғарып, пролетариат əдебиетінің өкілдерін қорғап қалды. Əрине, жаңа əдебиет өкілдері ыдырап, əрқайсы өз басына қос тігіп жүрсе, байшылдар жеке-жеке жүрген жазушыларды өз ықпалына түсіруі де мүмкін еді. Елжас осы мақаласында мəдени мұра жөнінде партия саясатын ұққандығын көрсетті. ҚазАПП басшылары мəдени мұра жөніндегі өзінің теріс көзқарасынан əлі де безе алмай жүрген уақытта, Елжас «ескі мəдениеттен пайдаланбаймыз деу рас қателік. Социалдық тұрмысқа қарай өзгертіп алуымыз керек, ұлтшылдардың бұрынғы ескінің қаймағын бұзбай аламыз дегеніне қарсымыз, қарсы болып та келеміз» деп тұжырымдады. 1933 жылы «Социалды Қазақстан» газетінің бетінде Елжастың «Неге шабан өсеміз» деген күрделі мақаласы жарияланып, ақын-жазушыларымыздың социалистік құрылыс қарқынынан кейін қалып қоюының негізгі объективтік жəне субъективтік себептерін көрсетіп берді. Əдебиетіміз дағдарысқа ұшырады деп даурыққандарға: «ақын-жазушыларымыздың шабан өсіп келе жатқандығы рас. Бірақ дағдарысқа ұшыраған жоқ. Дағдарысқа ұшырауға жол жоқ. Өйткені қазақ əдебиетінің, оның ақын-жазушыларының өсуі шаруашылық, мəдениет істерімізбен байланыссыз өз бетімен өсетін, не өз бетімен дағдарысқа ұшырайтын нəрсе емес. Қай дəуірдегі қай елдің
болсын оның көркемөнері, əдебиеті сол кездегі сол елдің шаруашылығына тығыз байланысты. Оның ықпалымен өркендеп өседі» деп жазды. Елжас Бекеновтың сын майданындағы ең соңғы еңбегі – 1935 жылы жеке кітапша болып басылып шыққан «Ұлт қозғалысы жəне ұлтшылдық əдебиет». Бұл сын Сəбит Мұқановтың «XX ғасырдағы қазақ əдебиеті» деген кітабының 1932 жылы басылып шыққан бірінші бөліміне жазылды. «Кімге қандай тарих», «Тарихтың мазмұны, жазушының əдісі», «Байлардың, байшылдардың бұқарашылдығы», «Империализмге қарсылық пен социализмге қарсылық», «Ұлт қозғалысы, ұлтшылдық неден туды», «Ұлтшылдар кімнің жырын жырлады», «Ескішілдік пен жаңашылдың», «Жеке ақындар туралы бірнеше сөз» деген сегіз бөлімнен тұратын бұл кітапшада ұлт мəселесінің негізгі проблемалары сөз болып, Сəбит Мұқановтың кейбір ұшқары пікірлері мен қорытындыларын сынайды. Əдебиет тарихының негізгі мəселелеріне талдаулар жасалады. Қазақтың марксизм-ленинизм ғылыми-зерттеу институты осы кітапшаның алғысөзінде «əдебиет тарихы мəселесінде əлі бір тиянаққа келе қоймаған мəселеге бұл кітапша пайдалы болар деп ойладық. Бұл кітапта да кемшілік жоқ демейміз, өйтсе де негізгі мəселелерге əртүрлі болып жүрген көзқарасты бір ізге келтіруге бұл кітапшаның үлкен көмегі тимек. Бұл кітапша осы уақытқа шейінгі теріс түсініктердің көбіне дұрыс жауап береді» деп жазды. Елжас Бекеновтың сын майданындағы еңбегі де еленіп, оның творчестволық өмірбаянынан тиісті орын алуға тиіс, Əрине, мұндай мақалада Елжастың шығармаларындағы жетістік пен кемшіліктерді тəптештеп тізе беруге болмайды. Оны таныстыру планында жазылған мақаланың мақсаты да, көлемі де көтермейді. Ол келешектің ісі. Сонымен, қазақ совет əдебиетінің дүниеге келу, қалыптасу дəуірінде еңбек еткен, оның негізін қаласуға өзінің творчестволық мүмкіншілігінше ат салысқан Елжас Бекеновтің еңбегі əдебиет тарихынан өзіне лайықты орын алуға тиіс.
ШОЛПАН І Шолпан Иманбаева – Ұлы Октябрь революцияның жемісі. Алып арналық халық творчествосына тосқауыл болған кедергілер жойылып, қазақтың жазба əдебиетінде əйелдер арасынан Шолпандардай алғашқы қарлығаштар көріне бастады. Олар өз мұңдарын шағып қана қойған жоқ, апа-сіңлілерінің азаматтық арын, азаттық пен теңдікке ұмтылған тілегін, жарқын болашағын жырлай келді. Надандықты аяққа басып, күңдіктің шырмаулы торын үзіп, от басы, ошақ қасынан құтылып, алғашқы азаттық даусын ақындық дарынмен аңғартқан Шолпан Иманбаева – қазақ əйелдерінің жалынды жаршысы ретінде біздің қазақ совет əдебиетінен өзіне лайықты орын алды. Шолпан 1903 жылы Ақмола губерниясы, Ақмола уезі Майбалық деген жерде кедей шаруаның семьясында дүниеге келді. Жоқтық пен аштықтың азабын көп тартқан Иманбайдың семьясы 1918 жылы Шолпанды Соналы еліндегі Алдоңғардың қырықпа ақала Бекейіне тоқалдыққа сатып, қалың малын талғажу етті. Күңдік өмірдің азабына шыдай алмаған Шолпан 1921 жылы советтің əділ заңына жүгініп, азаттық алып Ақмола қаласына келеді. Қазақтың жетім балалар үйінде тəрбиеші болып, бір жағынан сауатын ашты. Ленин комсомолының қатарына еніп, уездік əйелдер бөлімінде нұсқаушы болып қызмет атқарады. 1924 жылы Орынборда өлкелік əйелдер курсы ашылады. Ақмоланың губерниялық əйелдер бөлімінің ұйғаруымен Шолпан осы курсте оқып, оны 1925 жылы бітіреді. Ақмола қаласында жүрген кезіндегідей, Шолпан курсте ойын-сауық кештерін ұйымдастырып, шəкірттердің шаруашылық комиссиясының мүшесі жəне қабырға газетінің редакторы болады. Шолпанның өмірбаянына байланысты талас екі мəселені шешіп алу керек: бірінші – Шолпан қай жылы туды, екінші – Шолпан біржылдық əйелдер курсын бітірді ме, жоқ па? 1950 жылы шыққан Шолпанның өлеңдеріне жазылған алғысөзде оны 1904 жылы туған делінеді. Ал 1926 жылы «Еңбекші
қазақ» газеті мен «Əйел теңдігі» журналында басылған некрологте 1927 жылы, «Советская степь» газетінде жарияланған естелікте жəне əйелдер курсы шəкірттерінің тізімінде Шолпанның 1903 жылы туғаны айтылады. Шындыққа жақыны жəне дұрысы осы соңғы дата. Ал Шолпан ауруы меңдеп кеткен соң 1925 жылы март айында курсты аяқтай алмап еді дейтін пікір де дəлелді емес. Курс шəкірттерінің сабаққа қатысу жəне үлгерімі жөніндегі ІІ группаның журналын алып қарағанда, январь айынан апрельдің аяғына дейін саяси сауат ашу жəне географияның 23 сабағы болып, апрельдің 20-на дейін Шолпан соның 13-іне қатысады, қалғанына ауру себепті қатыса алмайды. Май айында емтихан тапсырады. Курсты бітірушілерге мінездеме жазылғанда Шолпан Иманбаеваға 1925 жылы 10 июньде мынадай мінездеме беріліпті: «Сабақ үлгерімі қанағаттанарлық. Қабілеті жақсы. Дүние танымы – орта (Ауру салдарынан) онша көп белсенділік көрсете алмады. Тəртіпті, өте жақсы жолдас. Қоғам жұмысына (газет жұмысына) белсене қатысты. Уезд көлемінде өз бетімен қызмет істей алады» (ҚКП Орталық Комитеті жанындағы партия тарихы институтының архивы, фонд 139, ед. хр. 1259, 92 бет). Сонымен, Шолпан курсты толық бітірді, бірақ меңдеп кеткен аурудың салдарынан алған білімін практикалық іске қолдана алмай, 1926 жылы күз айында қайтыс болды. Шолпан – қазақ совет əдебиетінің алғашқы өкілдерінің бірі. Оның творчествосының негізгі бағыты – күңдіктен құтылып, азаттыққа қолы жеткен қазақ əйелдерінің арманы мен талабын, келешегін жырлау. Жасасын жер жүзіне күшті кеңес Бостандық бақшадағы піскен жеміс. Қазақтың қамаудағы əйелдері Еркіндік жемісінен жесін тегіс. Осы мақсатты өзінің творчествосына арқау еткен Шолпан қазақ əйелдерінің қалың малдан құтылған күніне арнап,
«Жолаушы мен əйел», нəлет атқан ескі өмірді ажуалап, жаңа тұрмысты шаттана жырлаған «Жалшы əйелдер аузынан», «Қазақ əйеліне», мəдениеттің биік деңгейіне қол сермеп, өнербілімге құмартқандарға жəне олардан үлгі алуға шақырған «Өлкелік əйелдер курсынан», «Жолдастарым» жəне тағы басқа көптеген өлеңдер жазды. Шолпанның қазақ əйелдерінің өмірінен алып, келешегіне көз тастап шығарған өлеңдері көбіне оптимистік бояуы қалың болып келеді, оқушыны жігерлендіріп отырады. Кешегі Николайдың заманында құның бес байтал болған қазақ əйелдері қарап жатпаңдар, еңбекке ұмтылыңдар, оқу оқып, білім алып ел қатарына қосылыңдар: Бəрібір білімдінің оң мен солы Теңдікке жетім-жесір жетті қолы. Талаптан, оян, ойлан, жас гүлдерім, Жоқталад бұл уақытта əйел кегі. Майданға түс, сыбаға ал, заманыңда, Ашылды маңдайыңның қалың соры, – деп қуана жырлап, советтің тең праволы азаматы болуға шақырады. Шолпан тек осы тақырыппен өзінің творчестволық аумағын шектеп қана қойды деу қателік болар еді. Шолпанның ақындық көз жанары Қазақстанда болып жатқан бірқатар жаңалықтарды да қамтыды. Совет өкіметінің орнығып, нығая бастағанына арнап жазған «Жолаушы мен жұмыскер» деген өлеңі 1923 жылы 7 ноябрьде «Еңбекшіл қазақ» газетінде тұңғыш рет жарияланды. «Еңбекші елдің ұланы, кеңестің ерке бұланы» болған жасөспірімдерге арналған «Пионер», Қызыл əскер қатарына алынып жатқан қазақ жастарына арнап жазған «Тұңғыш əскер», совет халқын азаттық өмірге жеткізген «Октябрь күні», «Октябрь мейрамына», апшысы қуырылып, үстемдігінен айрылып, жалшысына сөзі өтпей, совет заңынан опық жеген байларды ажуалап «Жəкең жаман сасады» деген өлеңдері мен саяси лирикалары, Коммунистік партияның ұлы көсемі В.И.Ленинге
арнаған «Естірту», «Бүгінгі күн» сияқты толғаулары 1925–1926 жылдары «Қызыл Қазақстан», «Əйел теңдігі» журналдары мен «Еңбекші қазақ», «Жас қайрат» газеттерінде басылып шықты. Шолпан өлеңдерінің айрықша көзге түсетін бір ерекшелігі бар: ол – контрастпен жазылуы. Оның қай шығармасын алып оқысаң да ескі өмірдің аң азапты көріністерін жаңадан орнығып келе жатқан советтік тұрмыстың жарқын суреттерімен салыстыра отырып, ескіден безіндіреді, жаңаны орнықтыруға ұмтылдырады. Осының арқасында айтпақ ойы, көрсетпек суретінің бояуы қалың болып, оқушының жадында сақталады, поэтикалық сөздің құндылығы мен пəрменділігі арта түседі. Шолпан өзінің өлеңдерін дəстүрлі 11 жəне 7 буынмен жазды. «Жолаушы мен жұмыскер», «Жолаушы мен əйел» деген өлеңдері сұрақ-жауап формасындағы айтыс стилімен жазылып, сахнадан айтылатын тақпаққа лайықталған. Ал «Жеттік міне», «Естірту», «Октябрь күні» деген өлеңдерінде айтылмақ ойды айқындай түсу үшін қорытынды пікірдің мəнін тұжырымдаған төртінші, соңғы жол əр шумақта қайталанып отырады. Шолпан өзінің соңғы кезде жазған өлеңдерінде диалогтар қолдана бастады, бірақ оның өлеңде атқаратын ролі мен мəнін онша толық игере алмаған. Абайдың «Сегіз аяғына» еліктеп: Үлгілі сөз Бола ма кез Оқып, біліп жазбаса? Алтын мен жез Алынбас тез Еңбектеніп қазбаса, – деген дидактикалық стильде жазған бір өлеңі бар. Шолпан өлеңдері осы уақытқа дейін жеткілікті насихатталды деуге болмайды. Əйтпеген күнде қазақ əдебиетімен айналысып жүрген Сармурзина мен Ахметов өздері құрастырған хрестоматияда Шолпанды Октябрь революциясына дейінгі əдебиет өкілдерінің қатарына жатқызбаған болар еді. 1927 жылы Есова
Сараның құрастыруымен шыққан, «Қызыл Қазақстан» журналының бетінде Елжас Бекенов көтеріңкі бағалаған Шолпан өлеңдерінің жинағы 1950 жылы қайтадан басылып шықты. Бұл басылуына Шолпанның 1925 жылы 21 январьда «Еңбекші қазақ» газетінде жарияланған «Лениннің жылы əм қазақ əйелдері» деген публицистикалық мақаласы мен үш естелік қосылды. Соңғы жинақты бұдан да гөрі қомақты жəне тəуір етіп шығаруға болатын еді. Біз архивтен Шолпанның «Малды қалай асырау керек», «Африканың халқы əм шаруасы» деген рефераттармен қатар «Əйел теңдігі» журналында (1926 жылғы 5–6 санында) басылған «Сіңліме» деген он шумақты өлеңін кездестірдік. Соңғы жинақтың бір кемшілігі – текстологиялық салыстырудың жоқтығы, əйтпегенде данышпан көсеміміз В.И.Ленинге арналған «Бүгінгі күн» («Əйел теңдігі» 1926 жыл, №1) деген өлеңінен: Соңынан ортақшылдың еретін күн Ұран салып, бірлесіп жүретін күн. Жолынан коммунизм айырылмауға Сенімді шын уəдесін беретін күн, – деген сияқты бірінші басылуында түсіп қалған екі шумақ өлең екінші басылуында толықтырылуға тиісті еді. Бірақ олай болмаған көрінеді. Біздің қазақ совет əдебиетін зерттеушілер өздерінің назарын Шолпан сияқты жаңа əдебиеттің алғашқы қарлығаштарына ерекше назар адарып, еңбектерін жинап, қайтадан толық жинаған бастырып шығарулары керек. Сонымен қатар Шолпан творчествосына арналған жеке ғылыми еңбектер жазып, əдебиет тарихынан өзіне тиісті орын алып береді ғой деп сенеміз. Жетімдік шерін тартқан Шолпан жетім балалар үйіндегі інісіңлілерін ерекше мейірімділікпен тəрбиелеп, өнерге баулуының арқасында абыройы артып, аты ауызға іліге бастады. Ленин комсомолы оған өз қатарынан орын берді. Іске ыңғайы барлығы аңғарылып, тиянақтылығы көзге түскен уақытта Ақмоланың уездік əйелдер бөліміне нұсқаушы болды.
Əлі де болса надандық торымен шырматылған құрбыларына, апа-сіңлілеріне Шолпан совет заңын түсіндіріп қана қоймай, оларды ездікті жойып, еңсені көтеретін өнерлі еңбекке, қараңғылыққа қамығып отыра бермей, жарқын таңға ұмтылуға күреске түсуге шақырды: Бəрібір білімдінің оң мен солы Теңдікке жетім-жесір жетті қолы. Талаптан, оза ойлан, жас гүлдерім, Жоқталады бұл уақытта əйел кегі. Майданға түс, сыбаға ал заманыңда Ашылды маңдайыңның қалың соры, – деген Шолпанның жалынды сөзі жапа шегіп жүрген шерлі жүректердің бəріне заман ұранындай болды, жаңа өмірге бастады. ІІ Шалғай болса да Қазақстанның орталығы – Орынборда болып жатқан елеулі жаңалықтар Ақмолаға «Сымсыз телефонмен» тез жететін. «Арманым жалғандағы өнер білім» деген Шолпанның құлағына сағымды қуаныштың хабары келді. Əйелдер курсы ашылатын бопты. Жаз ортасынан ойланған ойлардың, өлеңмен жазған арыздардың лебі тəуір болса да, Шолпан уездегі жұмыстан оңай босай қоймады. – Мария Трапемовна, – деді Шолпан Ақмола уездік əйелдер бөлімінің меңгерушісіне жалына да жабырқана сөйлеп, – кешігетін болдым ғой, мына біліммен менің қандай септігім тимек сіздерге, «босатайық» десеңізші. – Шолпашка, айтқаныңнан қайтпайды екенсің. Сенің орныңа кімді алмақпын. Кулян болса жас, Айманның білімі жоқ. Не істеймін, қазақ əйелдері арасындағы жұмысты тоқтатамыз ба? – деп мейірімді сұрақ қойды. Шолпанға біраз уақыт тесіле қарады да. – Қазір келемін, отыра тұр – деп шығып кетті.
Жауап күткенде минут – сағатқа, сағат – күнге тең емес пе! Он бес минутте оралған Мария Трофимовнаның жабырқаңқы келбеті Шолпанды жасытып тастағандай болды. Асықпайсаспай орнына отыра беріп, өкпелеген адамдай: – Дайындал! – деді. ІІІ Поезд Орынборға 1924 жылы 4 сентябрь күні таң ата келіп тоқтады. Қасында Семейден оқу іздеп шыққан Қамаш Ярылхамышева бар Шолпан зəулім биік үйлерге алаңдай қарап, Киробкомның үйін іздестірді. Əйелдер бөліміне қолдарындағы жолдама қағазды тапсырысты да, əйелдер курсының оқу үйі мен жатақханасы орналасқан Бухар көшесіне қарай бет қойды. Шəкірттік өмір басталды. Білімнің шипалы нəрін жұтпақ ниет ерте тұрғызып, кеш жатқызып, инемен құдық қаздырды. Қуанышқа толы көңіл, алыстағы арманына арбаламай жеткен талап Шолпаннан ақындық лебізді талап етті. Октябрь революциясының мерекелі кешінің бірінде Шолпан курс сахнасынан барлық шəкірттердің ойын білдіріп: Ұстаған коммунизм жолдан басқа Өсекке анау-мынау таңылмаймыз. Шет жерден оқу үшін мұнда келдік Жетілмей өскен елді сағынбаймыз. Лениннің өсиетін орындаймыз Жабығып əйелміз деп қорынбаймыз. Лениннің мəңгі берген туын алып Шақырып кедей қызын ұрандаймыз. Олай болса жолдастар Оқиық таза ниетпен Күңдікте қазақ əйелін Құтқарайық бейнеттен, –
деп ұран тастады. Ақ ниет, шаттық көңілден жарқырай шыққан Шолпан өлеңдері қабырға газетінде талай басылып, жолдастарына демесінін тигізді. Нəзипа апасының «Қызыл Қазақстан» журналында істеп жүргендігін естіген Шолпан борыштық сəлемін беруге асықты. Екі-үш күн бойы өлең жазып, тəуір дегенін қолорамалына орап, Рабиға Темірбаева екеуі қалаға шықты. Үлкен қалаға үйреніп, жай-жапсарын түсініп қалған бұлар редакцияны тез тауып, Нəзипа апасымен дидарласты. Амандық-саулық, ел жағдайын сұрағаннан кейін Нəзипа: – Өлең жағың қалай? – деді. – Жазғаным іске жарайтын болса жазамын ғой. Сізге бір жазғандарымды əкеліп едім, – деп жеңінің ішінен орамалға ораулы бір-екі қағазын берді. – Осы жазғаным қалай болар екен, өзіңіз оқып қарарсыз. Нəзипа «Жолаушы мен əйел», «Бұлбұл мен қарға» дегендерді оқып шықты да: – Жаза бер, Шолпан, жаза бер. Қазақтың аз ғана ақындарының ішінде əйелден жалғыз сенсің! – деп көңілін көтеріп жіберді. Көп кешікпей бұл өлеңдер «Қызыл Қазақстанда» басылып шықты. Шолпанның ақындық дарыны өзімен бірге оқып жүрген құрбыларына танылып қана қоймады, курс ауласынан шығып өлкелік газет-журналдарға жетіп, еңбекші елдің көзіне түсе бастады. 1925 жылы январьдің орта кезінде курс директоры Нағима Арықова Шолпанды шақырып алып: – Əлгінде «Еңбекші қазақ» басқармасынан телефон соғып, саған бүгін келіп кетсін деп жатыр, – деді. Бұрын есігін ашпаған газет редакциясына бара жатқанда Шолпан талай ойдың желісін тартып, ешбірін қазыққа қаға алмай дал болды. «Мені білетін кім екен? Қаншалықты керегім бар?» деген сұрақтар мазалап жол бермеді. Лүпілдеп соққан жүрекпен, имене басқан қадаммен бір есікті ашты. – Кір қарындасым, кір, – деген орта жасқа келген бір адамның дауысы естілді.
– Мені шақырған екенсіздер. – Аты-жөніңді білсек теріс болмас. – Өлкелік əйелдер курсының шəкірті Шолпан Иманбайқызымын. – Ə, олай болса жүр, – деп басқа бөлмеге алып келді де, төрде отырған жас жігітке қарап: – Құрбың Шолпан мына кісі, – деп жымиғандай болды. «Мыналар қалжыңдасайын деп тұрғаннан сау ма?» деген ой Шолпанды толғандырғанша болған жоқ: – Отырыңыз. Шаруаның жайы мынау еді: 21 январьда бабамыз Лениннің қайтыс болғанына бір жыл болады. Сізге мақала жаздырайық деп едік, оған қалай қарайсыз? – Өлең болмаса, мақала жазған пенде емен. Қайдам, қолымнан келсе. – Келеді, екі күннен кейін мақалаңызды маған табыс етерсіз. Редакциядан шыққанда Шолпан терең ойдың құшағында еді. Осындайда бар тапқан тірегі, айтпақ пікірі былтырғы қаралы күнде шығарған «Естірту» деген өлеңінің төңірегіне шырмалып қалғандай болып: Еңбекші елдің ұраны Жаңа дүние пырағы. Кедей елдің қамқоры – Өтті Ленин дүниеден, – деп мұңайып келе жатты да, еңсесін көтере түсіп: Өзі өлсе де сөзі өлмес Салған жолы өнермес. Мирасқоры өрен жас – Өтті Ленин дүниеден, – деп жатақханаға келгенін сезбей де қалды. Бұл екі күн Шолпан үшін тынышты да қуанышты болмады. Өзін осындай бақытты өмірге жеткізген ұлы Лениннің өліміне байланысты мақала жазу өте қиналтты. «Лениннің жылы əм қазақ əйелі» деген тақырыпты бірнеше рет жазып, көңілдегі шерді, болашақтағы
қуанышты айтуға тілі күрмеліп, қолы жүрмеген соң жыртып тастады. Бірақ жазбасына тағы да болмады. Ақырында мақаланы көсеміміз Ленинді жоқтаған мұңмен бастап, «алдағы уақытта қазақ əйелдерінің, жалпы əйелдердің оқуға, мəдениетке араласқандарын бірдің орнына мың, мыңның орнына миллиондап санайтын боламыз, олар байлардың күңдігінен əлі құтыла алмай, от басы, ошақ қасындағы бауырларын «ерінбей еңбек етіп, оқуға тартып, көзін ашып, Кеңес өкіметінің ортақшыл партиясының туының астында жетектейді деген сеніміміз зор» деп аяқтады. Шолпанның осы мақаласы 1925 жылы 21 январь күні «Еңбекші қазақта» басылып шықты. Орынборда бір жыл оқу Шолпанның білімін көтеріп қана қойған жоқ, сонымен қатар оның қоғамдық өмірдегі орнын да белгілеп берді. Жаңа ғана қанатын қомдап, алысқа самғауға ұмтылған қазақ əдебиетінің алғашқы қарлығашының бірі болуына жағдай жасады. Аз оқығанын көңіліне мол етіп тоқи білген Шолпан қазақ əйелдерінің, оның баспа органы – «Əйел теңдігі» журналының мақтанышы болды. Қазақ əйелдерінің бұрынғы аянышты өмірі, бүгінгі шаттық тұрмысын суреттейтін, қазақ жастарының тұңғыш əскерге алынуына шаттанған, қалың малдың құруына арналған, əртүрлі саяси тақырыптарға жазылған өлеңдерін үздіксіз жариялап отырды. Ақындық дарыны ұшталып, білімі арта бастаған шақта Шолпан құрт ауруына душар болды. Оқуын аяқтасымен еліне жүріп кетті, қызметке араласып, алған білімін апа-сіңлілеріне, құрбы-құрдасына жеткізе алмай төсек тартып жатқан шағында да: Өмір деген жазғы тұрғы жаңа бұлт Бүгін тұман, ертең болмақ ол жарық. Үмітті боп тез құтылып кетуге Шыдамды бол салқын қанмен қарсы алып, – деп өзіне өзі қайрат беріп, жасымады. Оның өлеңдерінің көбі бақытты өмірге ұмтылған қазақ елінің келешегіне, оның талапты жастарына арналды:
Ұран кетсін аралап Сардала сансыз ел ішін. Шашайық біз де ерінбей Бостандықтың жемісін. 1926 жылы август айында меңдеп кеткен ауру Шолпанды Ақмола ауруханасында төсек тартып жатуға мəжбүр етті. Келешекке көңілдене, зор үміт арта қараған Шолпан қолынан қағазқаламын тастамай өлеңдер жазып Қызылордадағы редакциялар мен жолдастарына жіберіп жатты. Август айында жазылып, сентябрьдің бас кезінде Қызылордаға жөнелтілген «Октябрь мейрамына» дейтін соңғы өлеңі көп малтығып, кешендеп жеткен еді. Ол өлең «Əйел теңдігі» журналының Шолпанның 18 сентябрьде қайтыс болғанын қайғыра хабарлаған некрологымен бірге 1926 жылғы 7 – 10 сандарында басылып, өлімді творчестволық өмірдің жеңгенін аңғартқандай: Ұмтылып артта қалған қазақ елі Жеңеді ері менен əйелдері. Мəңгі жасап Октябрь өзгерісі Жасасын жер жүзінің жұмыскері – деп ұран тастап, ілгері аттаған алып елдің ұлы қадамының айбынды атойы өлең кестесіне шебер қолмен қастерлене салынған халық ойымен ұштасып, бақытты болашаққа көз тастаған еді. 1956 жыл. ІV Өмір қыспағы мен ызғарына тап болған жанның көңілкүйін өкініш пен өксік аралас өлең шумағының өзі-ақ аңғартып тастамақ. Далба-дұлба, шоқпыт-шоқпыт киімім, Ауыр тұрмыс көрдім талай қиынын.
Өмір өтіп зарлау-жылау қайғыда Шеше алмадым көңілдің тас түйінін. Еңбегімнің бəрі кетіп далаға Шерлі жүрек толған қайғы санаға Ас орнына сару су, жуынды Итпен бірге сүйек аңдап қорада. Жазықсыздан жедім байдың таяғын, Кейде көсеу, кейде жұмсап аяғын, «Ата-бабаң оңбаған ит, доңыз» деп Сөзбен қосып басқа салған таяғын. Бұл – тоқалдыққа ұзатылған Шолпан Иманбаеваның əлеуметке аян болған алғашқы өлеңі. Адуынды қос қатынның үстіне бұғанасы қатпай келген Шолпанның көрген күні əлгі шағын өлеңнен анық байқалады. Шолпан бұл өлеңді 1921 жылы Қорғалжын өлкесіне іс бабымен келген талай уəкілдерге жазып, азаттыққа ұмтылады. Кейде аяқтағы тұсауды үзіп, тұзақтан құтылдым-ау дей бергенде құрығы ұзын байшыкеш Бекейдің дегені болған шақ та жоқ емес. Теңдік пен азатыққа ұмтылған Шолпан елге келген прокурорға жазған ең ақырғы шағым өлеңінде Сізге айтар қарындастың тілегі Сүймейді шалды алып қабыл жүрегі. Сумен кірпік, күлмен шығып, күн көріп Жасы – сусын, уайым болып қорегі. Тарс жабылып бар кеңсенің есігі Көз жетпейді сығалауға тесігі. Бəрі мені бұзылды деп жек көріп Сүтке тиген болдым елдің күшігі, – деп ашық жазады. Жарқын күнге ұмтылған қадамының саналы да адуынды екенін танытады. Бас бостандығын жасымай, қажымай іздеп, ақыры 1921 совет заңының қуатымен
теңдік алады. Ақмола қаласына келіп сауат ашу мектебінде 6 ай оқиды да, жетім балалар тəрбиеленетін коммунаға тəрбиеші болып қызметке орналасады. Коммунаның қабырға газеті Шолпан үшін қуаныш пен қасіретті, шаттық пен жаңалықты жария ететін орынға айналды. Ол аздық жасаса көркемөнерпаздар сахнасы əлеумет көңіліне барар жолдың төрі болды. Əн айтып, өлеңін оқыды. Жаңа өмірге талпынған жастарға жаттатып, жер-жерге жайды. Талапкер Шолпанның есімі Ақмола жұртшылығына танымал болып алды. Қазақтың тұңғыш публицист қызы, білімдарлығы алғырлығымен жарасымдық тапқан Назипа Құлжанова Ақмола уезінің еңбекші əйелдерін жаңа өмірдің өріне сүйреп, жарқын көкжиекке жетелеу жолында 1923 жылы Шолпанды өзіне серік етіп, оқу бөлімінің нұсқаушысы қызметіне көтерді. Енді Шолпанның көз жанары алысты шалатын, қиядағыны байқайтын болды. Апа-сіңлілерінің арасында күнде айтылып жатқан үгітнасихатты Шолпан кейде өлеңге еріп жеткізуге болатынын айқын түсінді. «Жолаушы мен жұмыскер» атты өлеңін екі бала сахна төрінен тақпақтап айтып, жұрт көңілінен шыққанын байқап жүрген Назипа тəтейі бір күні Шолпанға: – Осы сен, өлеңдеріңді газет-журналға беріп көрдің бе? Əлі ауыл-үй арасынан шыға алмай жүрсің-ау тегі. Орынбордағы «Еңбекші қазаққа» жіберіп көрші. Сəкен сол газеттің жетекшісі. Өзім хат жазып берейін...Ол кісі өнері барды, талабы барды баулып тəрбиелеп жүр ғой, – деді. Ақмола тұрғындарына көптен танымал болған өлеңін əдемілеп жазды. Редакцияға жөнелту үшін өзінің жай-күйін, тілекмақсатын айту қажет сияқты болған соң Сəкен ағасына арнап: Жүректе толып жатыр қайғы-арман, Бір ісім оңалмады көңіліме алған. Болар ма сізден жəрдем бұ турада Қыран ең төңірекке көзін салған. Ұмтылған талабыма төрт жыл болды, Болмады бұл бұлай деп жолға салған.
Оқу аз, білім саяз, талабым көп Тілекке жетпеген соң жүрек жанған, – деген екі шумақ өлең жазды да, «нар, тəуекел» деп хатты Орынбор аттандырды. «Еңбекші қазақ» газетінің шыққан санын құрғатпай оқиды, өлеңін іздейді. Сарғая күтіп-күтіп, өз ақындығына шүбəлана бастаған шақта «Еңбекші қазақтың» Октябрь революциясының бес жылдығына арналған саны жетті Ақмолаға. Қуанышшаттық Шолпанның жарқылдаған көзінен, саңқылдай сөйлеген сөзінен аңғарылады. «Жолаушы мен жұмыскер» міне енді бүкіл қазақ даласына əңгімелесіп келе жатқандай сезінеді Шолпан. Өзінің өрен даусын таныта бастағанда шағында дегеніне жетпей солған Шолпанды қазақ совет əдебиетінің көшбасшысы Сəкен Сейфуллин «Қайран Шолпан, қазақ қыздарынан шыққан бірінші ақын еді. Кедей табының ақыны еді. Шолпан – жыл құсы еді, жаңа ғана гүлденген қызғалдақ еді. Өсіп жетпей тез солды. Майданға шығып тарпынған, Арқанын үзген жас тұлпар. Бостандыққа талпынған Байлауын үзген жас сұңқар. Құлашты жазып ұзаққа, Аттай алмай қиырды. Шыға алмай шырқап биікке Үзіліп қанат қиылды. Қош қарындас, қош жолдас!» – деп жазуында қаншама үміт пен өкініш барын айқын көреміз. Өзінің аз ғана өмірін жыр шоғына бөлей білген Шолпанды құрбы-құрдастары, апа-сіңлілері Назипа Құлжанова, Сара Есова, Мариям Хакімжановалар естерінен шығармай, оның мұрасына қамқорлық жасап 1927, 1950 жылдары жеке жинақ етіп жариялады. Əскен Нəбиев «Шолпан» атты повесть жазды. Зерттеушілер де Шолпанға зор ілтипат білдіруде. Ендігі бір
ойланар жай М.Хакімжанованың соңғы кезде тапқан Шолпан өлеңдерінің басын құрастырып, естеліктермен молықтырып жаңа жинақ шығарса, кейінгі ұрпақ құныға оқып, өзінің таң шолпанындай болған апаларына құрмет көрсетер еді. 1956 – 1963 жылдар. АСЫЛДЫҢ СЫНЫҒЫ Қазақ əдебиеттану ғылымы қарыштап алға басып, талай идеялық-эстетикалық биіктерге көтеріліп келе жатқан кезде көне дəуірдің, не кешегі өткен заманның не бүгінгі бақытты шағымыздың сөз өнеріне өзінің үлесін қосқан əрбір дарынның қолынан шыққан туындыларды айрықша қадірлепқастерлейтіні сөзсіз. Ал данышпан Абай мен кемеңгер Мұхтарға байланысты дүниелік болса, оның қадір-қасиеті еселене түсуге тиісті. Өйткені қазақтың екі ұлы перзентінің даңқабыройын бір-бірінен ажырата қарауға болмайды. Абайдың кемеңгер шығармалары Мұхтар Əуезовтей ұлы қамқоршысын, жақтаушысын тауып қана қоймай, өнерпаздық бел-белеске көтерілуіне, өзінің орасан зор талантын жарқырата ашуына жағдай жасаса, екінші жағынан, М.Əуезовтің өнікті де қажырлы еңбегі арқасында Абай əлем əдебиеті классиктерінің қатарына қосылды. Сөйтіп, екі ұлы дарынның творчестволық бірлігі бүкіл совет əдебиетіне үлкен олжа салып, қазақ əдебиетін дүние жүзінің көркемдік сахнасына шығарды. М.Əуезов əдебиет табалдырығын аттаған кезден Абай творчествосын жинау, зерттеумен шұғылданғаны белгілі. Осындай ерен еңбектің арқасында қазақ əдебиеттану ғылымында Абайтану ілімі қалыптасты. 1918 жылғы «Абай», 1922 жылғы «Шолпан», 1924 жылғы «Таң» журналдарында М.Əуезов жинап бастырған Абай өлеңдері мен жазған мақалаларын былай қойғанда, 1925 жылы Қазақ республикасының оқу-ағарту халық комиссариаты Абай шығармаларының жаңа жинағын құрастыруды М.Əуезовке міндеттеген болатын. Осы жинақтың алғашқы
нұсқасы оқу-ағарту комиссариатының білім комиссиясында 1927 жылы талқыға түсіп, негізінен мақұлданған-ды. Айтылған сын-ескертпелерді мұқияттап жүзеге асыру жəне Абайдың ғылыми өмірбаянын жазу ісі бірқыдыру уақытқа созылып келіп, І.Жансүгіровтің көлемді алғысөзімен, М.Əуезовтің редакциясымен Абай шығармаларының толық жинағы 1933 жылы шықты. Қазақстан ұлт мəдениетінің ғылыми-зерттеу институты Абай шығармаларын екі том етіп шығару мəселесін 1938 жылы қолға алған. Осы үлкен жəне ғылыми мəні зор еңбектің бар қызметі М.Əуезовке жүктелген. Оған айғақты дəлел – Қазақ ССР Ғылым академиясының Орталық ғылыми кітапханасының сирек кітаптар қорында «№1. Абай Құнанбаев. 1939 жылғы баспаға кетерде түзетілуі» деген түсіндірмемен жəне «1913» деген рет санымен сақталып тұрған Абайдың 1933 жылғы толық жинағы. Бұл кітаптағы түзетулер мен М.Əуезовтің өз қолымен жазылған дүниелер Абайды да, М.Əуезовті де зерттеушілерге орасан зор мағлұмат беретін керемет құнды мұра. Абайтану білімінің туу, қалыптасу жолын бағдарлау мақсатымен қарағанда да, М.Əуезовтің ғылыми еңбек ету стилін айқындауда да осы қолжазбаның таптырмас мұра екенін анық байқаймыз. Əсіресе, 1938 жылғы жинақтағы «Абайдың туысы мен өмірі» деген еңбегін 1940 жылы шығатын екінші томға «Абайдың өмірбаяны» деген атпен өзгертіп, түзетіп, толықтырып жазған варианты қаз-қалпында, ешбір шеті шашау болмай, жоғалмай түгел сақтаулы тұр. Қолжазбаны көрген уақытта Мұқаң қолынан шыққан дүниенің бəрі де баспа бетіне түскен шығар деген ой жеңіп, салғырттандыра берсе де, жай салыстырудың өзі ол пікірдің жаңсақ екенін көрсетті. Кесек-кесек үзінділерді, ұзақ сонар баяндауларды оқып қараған уақытта Абайдың өмірбаянының 1940 жылғысына да, М.Əуезовтің 1959 жылғы «Əр жылдар ойлары» жинағындағы «Абай (Ибраһим) Құнанбай ұлы» деген монографиялық зерттеуінде де, «Қазақ əдебиеті тарихының» екінші томының бірінші кітабында ықшамдалып басылған вариантында да, «Абай Құнанбаев» (1967) атты жинағында да
мына қолжазбадағы материалдардың кейбір сілемдері ғана барын аңғардық. «Қызық екен. Сонда қалай болған?» деген сұрақты сауалдың көлденеңдеп алдымыздан шығуы заңды. Оған таңдануға еш болмайды. Оны түсіну үшін осы қолжазбаның өз тарихы еске алынуға тиіс. Абай шығармаларының 1933 жылғы жинағын ықтияттап қайтадан қарап, жаңадан қосқан, толықтырған М.Əуезов вариантын институт алғаннан кейін машинкаға бастырғаны сөзсіз. Абайдың екі томдығын шығаруды алқа мүшелері: С.Аманжолов, М.Ақынжанов, М.Бөжеев, Б.Жақыпбаев, С.Мұқанов, Е.Исмайылов, М.Əуезов томға енген шығармаларды жүйелеу, орналастыру жайын, əрбір енгізілер өзгерісті сарапқа салғаны аян. Ал Абайдың жаңадан толықтырылып, көптеген деректермен молыққан өмірбаянын осы екінші томның жауапты редакторы болған Есмағанбет Исмайылов қарап шығып, Мұқаңның өзімен келісе отырып, редакциядан өткізген қолжазбаны алқа талқысына салғаны тағы да сөзсіз. Қолымыздағы кітап-қолжазбада Абайдың өмірбаяны ғылыми жүйелеп желі-арқауы үзілмей біртұтас еңбек болып жазылған. Тегінде редакциялық алқа оны екіге бөлу қажет деп тапса керек. Абайдың тікелей өзіне қатысты тарихи-əдеби шындықтар томның бас жағына, ал Абайдың ата-тегіне байланысты жазғаны біраз ықшамдалып, томның ең соңына басылыпты. Сонымен, М.Əуезов жазған Абайдың ғылыми өмірбаянының негізгі бөлімі кіріспе бөлегінен, яғни Абайдың алдындағы заман, ата-бабаларының тіршілік əрекеті, олардан қалған мирас жыртыла айырылып, қосымша материалдардың сипатына авторы көрсетілмей ықшамдала, қысқартыла қосылған. Сөйтіп мəнділігінен айрылған. Сондықтан болар, М.Əуезовтің Абай Құнанбаевқа арналған мақалалары мен зерттеулері жинағын 1967 жылы жариялағанда жалпы тізімнің ішінен кездестіреміз. Ал Мұқаңның 1959 жылғы классикалық монографиясында осы еңбектің болмашы сілемдері ғана кездеседі, ұлы «Абай жолы» эпопеясында көркемдік електен өтіп, сюжеттік арқауға қиыстырылып кеткендері де жоқ емес.
М.Əуезовтің осы еңбегінің қолжазбасы өзіне қайтып оралмағаны айдан-анық, əйтпесе мына кітап-қолжазба кітапхана қорына өтіп кетпес еді. Əңгімеге арқау болып отырған осы кітап-қолжазбаны жалғыз біз ғана көріп-біліп отырған жоқ шығармыз, талайдың қолынан өтуі əбден мүмкін. Бірақ ұлы ғалым М.Əуезовтің жаңадан қосқан көп дерек-материалдарының біразы көпшілік назарына ілінбей қалып келеді. Сонымен, Абайдың 1940 жылғы екінші томында жарияланған «Абайдың өмірбаяны» атты ғылыми еңбектің əр тұсына қисынымен қосылған, бірақ редакциялық алқаның шешімі бойынша алынып қалған, біразы «Абайдың ата-тегі туралы» қосымшаға енген материалдарды М.Əуезов Абай өмірінің қай кезеңіне бағыштағанын айта отырып, ұлы ғалымның көп жылғы еңбекпен тырнақтап жинаған асылдың сынығындай материалдарына көз салайық. М.Əуезов 1933 жылы өзі жазған ғұмырнаманы Абайдың ата-бабаларын таратудан бастайтын бірінші беттің орнына мына вариантты ұсынған: АБАЙДЫҢ ӨМІРБАЯНЫ Абай осы күнгі Шығыс Қазақстан облысындағы Шыңғыс деген тауды жайлаған Тобықты руының ішінде 1845 жылы туған. Абайдың əкесі Құнанбай, оның əкесі – Өскенбай, үшінші атасы – Ырғызбай болсын – барлығы да ру ішіне үлкен үстемдік жүргізген адамдар» деп басталады. Оны 1940 жылғы редакциялық алқа қабылдап, Өскенбайдың ісін баяндаған тұсқа дейінгі баяндауларды түгелдей алып қалған. Ол мынау: «Өз заманының жуан сіңір феодалы, ру басы, биі, ел ішінде ата тегімен өмір иесі боп келген нағыз үстем тап өкілдері болады. Осылардың нəсілінен шыққан Абайдың қоғамдық орны, тіршілігі, өмірлік əрекеттері де сол ата салтымен, ескі сарынмен қалыптасады. Сондықтан болашақ ақын Абайдың өмір
жайын анық түсіну үшін, əуелі мəлім болған дəрежеде, мұның алдындағы буындардың да жай-күйін айта кету шарт. Бірақ сол мағлұматтарды талдап, тізбектеп жазбастан бұрын айтып өтетін бір хал бар. Ол Абайдың алдында өткен аталары мен Абайдың өз жайындағы біздің қолымызға жиылған материалдар турасындағы сөз. Абайдың өмірбаянын жазудағы қиыншылық қазіргі кезде бұрынғысынан пəлендей жеңілдеген жоқ. Оның күрделі себебі – сол жаңағы айтқан материалдардың түп-төркінінде, қалпы-мазмұнында жатыр. Ең əуелі Абайдың, ия басқа соған жанас адамдардың жайынан біз əлі күнге жазба күйде сақталған материал таба алмадық. Мəдениетті қоғамның ортасында болып өткен адам жайында ілгерінді-кейінгі замандарда жазылатын тарихи сөздің бəрі сол адамның өз уақытынан қалған хаттар, естегілер, неше алуан документтер сияқтыдан құралады. Бұған қосымша боп əлгі адамның өзі жазған хаттар, өзі қалдырған күнделікдневниктер жəрдем етеді. Ондай мағлұматтар болған уақытта пəлен жыл, пəлен ай, пəлен күнде істелген іс, сөйленген сөздің барлығының да жылы ізі суымайды, көмескі, бұлдыр, екі ұдай сөзге ойланбай дəл қалпында сақталады. Біз бұрын Абай жайлы да дəл бұндай күйдегі, төрт аяғы түгел, толық документтер болмаса да, соған ұқсаған азды-көпті материалдар табылар деп есептеуш едік. Бұл ретте сенген қордың бірі – Абай кезінен қалған Семей, Омбы архивтері еді. Онан соң Абаймен араласып қалған Михаэльс, Долгополов сияқты адамдардың істері табылар, Абаймен жазысқан ерсілі-қарсылы хаттары шығып қалап деп сеніп ек. Сол ретпен осы соңғы толық жинақты əзірлеу жолында Қазақстанның ұлт мəдениеті институтының айрықша тапсыруы бойынша қазақ ақыны Өтебай Тұрманжанұлы екеуміз Семей архивін, Алматы архивін жағалап қарап шықтық. Бірақ əлі күнге Абайдың дəл өз басына байланысты болған істердің ізін таба алмадық. Бірен-саран тапқан Құнанбай заманының істері мен Долгополов жайындағы Ғаббас мағлұматарына қосымша белгілер ғана бар. Оны тиісті жерінде осы сөздің ішінде келтіреміз.
Міне, Абайдың өмірбаянына азды-көпті бар дерлік жаңадан табылған документ ретіндегі қиқым суыртпақтық жəйі осындай. Бірақ осымен қатар документ те, жазба белгі де емес, жай ауызша айтылған ұзақ сүре сөз, үзінді естегі сияқты бір топ қосымша, тың əңгімелер жиылды. Бұны Өтебай екеуіміз биылғы Семейге барған сапарда жидық. Бұрын Абайдың өмірі жайындағы барлық сөздерді айтып берушілер Абайдың інісі, баласы, ия жолдасы болған Шəкерім, Кəкітай, Тұраш, Көкпай сияқтылар ғана еді. Осы жолы біз Абайды көзі көрген, кəрі құлақты адамдардың ішінен естіген-білгендерін ірікпей, бүкпей айтарлық көлденең адамның біразымен əңгімелестік. Бұлардың ішінде Құнанбай мен Абайдың өмір бойы жаулап (жауласып, Т.К) өткен руы – Жігітектің бірі Мəдияр Түсіпұлы деген кісі болды. Құнанбай заманында Ырғызбай тұқымынан көп зорлық көріп келіп, Абай өмірінің соңғы кезінде ғана бұлармен жақындасқан Торғай деген елдің адамы Тұмабай Наданбайұлы болды. Жəне Абай ауылында басында қозышы, қойшы боп қызмет еткен, бертін келе Абай ауылының жігіті боп жүрген Қатпа Қорамжанұлы да болды. Əрине, бұлардың да айтатыны документ емес, ерте кездерден бері көп ауыздан өткен, əртүрлі боп өзгерген ұзын сүре сөз сияқты мағлұматтар. Бірақ, солай болса да біз бұрынғы Абайдың ет бауырынан шыққан, шапшаң көтергіш жақындарының сөздеріне мыналар екінші тұрғыдан қарап жаңалық қосады дедік. Əрбір мəселеге көлденеңнің тың мағлұматтарын, өзгерек түйін, басқарақ шешімдерін де айтар деп сеніп ек. Алдыңғылардың жасырып, бүгін қалған жайларына бұлар кеп жаңа сөздер, тың, соны уақиғалар қосар деп едік. Бұл күткен үмітіміз көп жерлерде ақталған болды. Қазір де Құнанбайдың да, Абайдың да бұрын белгісіз болған көпкөп қосымша іс, мінездерін білдік. Сонымен Абайдың мынау екінші рет толықшалау боп жазылатын өмірбаяны енді біраз соны материалмен кезейіңкіремекші. Міне, Абай өмірін зерттеуге соңғы жылдар қосқан жаңалықтың жалпы мəні осындай. Бірақ осыны атаумен қатар тағы ескертетін нəрсе: бұрынғы өткен адам жайындағы кейінгі ауызда, ел ішінде жүретін
əңгіменің көбінде бір жағынан ертегі, легендаға ұқсаған үстеме мінгесінді сөздердің қоса жүретінін де ұмытпау керек. Документ пен жазба белгілерді таба алмағандықтан, əр жерден, əр жай, əр мезгілден аттап түсіп сөйлейтін ауызша əңгімелерді ғылыми жағынан қарағанда өткен күннің соқыр соқпақ, ескі сорабы сияқты санаймын. Ол белгілер кей жерде көмескі сүрлеу есепті болмаса, кейде желісінен айырылып үзіліп те отырады. Сондығымен іздеп адастырған шиырға ұқсап зерттеушіні қиындыққа да ұшыратады. Міне, осымен Абай жайындағы материал дегеннің көбінің іргесі қолмен ұстап, көзбен көргендей айқын факт, документке сүйенбегендіктен біз əлі де Абайдың өмірбаяны ойдағыдай төрт тарабы түгел боп шыға қояды демейміз. Бұл жолғы еңбекте ақынның келешекте жазылатын ғылыми толық өмірбаянына толықтау əзірлік есебінде болар. Сол себепті, жалпы тəртіпті өмірбаяндарда болатын машықты құрылыстардың бірталайына қайшы келетін болса да бұл жолғы еңбекте көптен-көп ескерткеніміз: Абай жайынан неғұрлым көп материалдарды тізе беру болады. Əрине, естігеннің көбін көпшілікке басын құрастырып, баян етіп бере отырып, орайлы жерлерінде сол ауызша əңгімелердің мазмұндары туралы өзіміздің қоғамдық-тарихи түсініктерімізді де қоса айтып отырамыз» деген кіріспенің орта тұсы «Абайдың ата-тегі туралы» қосымшада аздап келтірілген, бірақ М.Əуезовтің Абайға байланысты кейінгі еңбегінде қайталанбаған. Мұқаң осы ойын «Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы» (1959) атты монографиясында тұжырымдап айтқан. «Абайдың өмірбаянын зерттеп, толықтырып жазу жұмысы жетер өрісіне жетіп, аяқталған жоқ. Бірақ бұл күнге шейін ақын шығармаларының əрбір толық баспасының тұсында сол өмірбаянына кіретін тың дерек, жаңалықтар қосыла түсіп, өсіп келеді. Осы зерттеуде де ақынның өмірбаяны бұрынғы жазылғандардан бірталай өзгертіліп, тың редакциядан өтті. Абай өмірі туралы бұдан да ел аузынан жиналатын естегілер, жалпы əңгімелер жамала беруге тиіс. Сонымен қатар ерекше бір көңіл бөліп, кейінгі зерттеулердің есіне, əсіресе, са-
лып өтетін бір жай: ақын жөніндегі орыс тілінде сақталған деректер туралы. Бұл күнге шейін біз Абайдың достары болған орыс оқымыстыларының – Махаэлистердің не хат, не күнделік, не мақала сияқты еңбектерінде Абайды сөз қылған бөлімдерін жинай алмадық» (1959. 66-бет) дегенін соңғы кезде Джорэ Кеннанның «Сибирь и ссылка» атты кітабында Абай жайындағы дерек пен Семей архивінен табылған тергеу ісі ғана бар екенін, əлі де болса архивтерді тексере түсу қажеттігін ескертеді. Өйткені Мұқаңа М.Сильченконың «Абайдың творчестволық өмірбаяны» (1957), сондай-ақ Ə.Жиреншиннің «Абай жəне орыстың ұлы революцияшыл демократтары» (1959) атты еңбектерінде келтірілген деректердің бəрі де аянды. Абай жайындағы соны деректерді анда-санда академик Əлкей Марғұлан жариялап қойғаны болмаса, Мұқаң айтқанға тыңнан жаңалық қосқандар онша естіле бермейді. Бұған бірнеше себеп те бар сықылды. «Мұқаңнан қалатын іс болушы ма еді» деген көңілмен бірге, екінші жағынан, архивтік деректің қаншалықты қадірлі де құнды екенін түсінгенімізбен, шаң жұтып сарыла іздеп, архив ақтаруға құлшына бермейтініміз тағы да бар. Сондықтан Мұқаңның осы пікірі – яғни архив деректерін іздестіре беру керек. Ойы жас ғалымдар үшін өсиет-өнеге болуға тиіс. Архивтік деректен қандай ой өрбітуге болатынын дəлелдеу үшін Мұқаңның 1940 жылғы «Абай өмірбаянына» қосқан, бірақ «Абайдың ата тегі туралы» қосымшаға ықшамдала қосылып кеткен мына материалды оқып көрейік. «Сол Зереннің қолында бір туысқанның бұлар асырап алған баласы Бостамбек те өседі. Біз Семей архивін қарастырған уақытта Өскенбайдың осы Бостамбек деген баласының жөнінен бір үлкен іс таптық. Бұл іс 1835 жылы «Омбының облыстық сотының» тізімінде болған жəне «Аягөздің сыртқы округтік приказынан» өткен жұмыс екен. Сол архив материалында айқын көрінетін уақиға Өскенбай, Құнанбай жөнінен жəне сол замандағы ел аралары, ел мінездерінің жөнінен едəуір елеулі факттардың бетін ашады. Сол себепті біз бұл жерде Бостамбек ісіне көбірек тоқтаймыз.
Бұл істің тергеуі əуелі елден басталып, артынан Аягөздің округінде толықталып, содан 1835 жылдың аяғында декабрьдің 12-нен 30-на шейін, 18 күн бойында Омбының облыстық сотында тексерілген екен. Істің мазмұны Матай мен Тобықтының ел шабысқан жаулығын бағи етеді. Сондықтан бұл істің өзіне көшпестен бұрын, бұл уақиғаның алдында сол екі елдің арасында ертерек кезден шиеленісіп келген біраз жайларды айтып өтейік. Тобықты Кеңгірбай тұсында Арқаның көп жерін кезіп кеп Шыңғыс тауына орнады дегеміз. Шыңғыстың бұлар келместен бұрынғы иесі Матай болады. Сол Матайды Кеңгірбай тұсында Тобықты ру басылары алыс-жұлыс, соқтығыс арқылы алғаш ірге тепкен жерінен тайдырамын дегенде, көп шабуыл болады. Қазақ оқушысының көпшілігіне мəлім болған «Еңлік-Кебек» уақиғасы дəл сол алғашқы талас-тартыстың кезін көрсетуші еді. Тегі сол заманда ел билері, бектердің өз үстемдіктерін жүргізу үшін ру-руды бір-біріне айдап салған тартысы бергі замандарға шейін айықпай, желісі үзілмей келе берген сияқты. Өйткені Өскенбай тұсында сол бұрынғы жаулықтың бір кезеңі сияқтанып қазір біз айтқалы отырған уақиға шықса, Құнанбай ұлғайып келген кезде Найман мен Тобықтының жер дауы тағы да үлкен сүргін, ұлы дүбір сөз болады. Мұның кей-кей ұшқыны тіпті Абай ер жеткен кезге де кеп жетеді. Өскенбаймен, əсіресе Құнанбайдың Тобықты ішіндегі жер жайындағы зорлық өктемдігі, одан аса берсе маңайындағы көрші рулары Найман (Сыбан, тегінде Сабыр Т.К) Матай, Керей, Уаққа істеген өктемдігі кейін Абай заманына да көп-көп пəле бастайды. Абайдың өмір бойына азық болған ата жаулығы деген ескі жаулықтың көбінің тамыры сол Өскенбай, Құнанбай заманында жатады. Мынау Бостамбек уақиғасы Өскенбайдың егде тартқан кезінде, Құнанбайдың 30 жасқа кеп Тобықтыға ыстаршын боп тұрған уақытында болған. Бұнда жерінен айырылып шетке сырғып кеткен Матай Тобықтыға шабуыл жасайды. Əсіресе, Тобықты ішінде өзгенің бəріне дегенін істетіп, зорлығын жүргізіп тұрған Өскенбай, Құнанбай ауылына шабуыл жасайды.
Осы Өскенбай жағының кейін ұлыққа шағынуынан басталған Омбы сотының ісінде даугер Өскенбай, Құнанбай жəне Өскенбайдың туысқаны Мырзатайдың берген жауаптары бар. Іс ретіне қарағанда қуғыншы-даугер жақтың сөз иесі – ыстаршын Құнанбай. Бұның айтуынша уақиға былай болады. 1835 жылдың жазында Өскенбай ауылы жайлауда отырғанда бір түнде бұлардың жылқысына жау тиеді. Жау саны – жүздей кісі. Ол келген Садыр – Матай болысының қазақтары жəне Ресей қол астына ол кезде қарамаған Қалтағай – Матай болады. Бұрын Кеңгірбай, Өскенбайлардан көп уақыт есе ала алмай келген Матай бұл жолы Найманның бірнеше сыбайлас руының басын қоса келген болу керек. Құнанбайдың жауабына қарағанда бұл жақта күтіліп жүрген сияқты. Өйткені сол түнде Өскенбайдың 1300 қаралы жылқысын бағып жүрген жігіт саны 30 екен. Соғыс үстінде Матай қаша ұрыс салып жүріп байқалмай қалың елдің, Өскенбай аулының үстінен шығады. Бұның аулында қонақ боп жатқан жүргінші казак-орыстар бар екен. Солар мылтық атып айбар қылады. Жəне жиі отырған елдің көп қолы аттанға шабады. Сонымен бұл түнде Матайдың соңына түскен қуғын бұлар алған жылқыны айырып алады. Бірақ осы түнде қуғыншы жағынан Мырзатай баласы ƏзМухаммет деген жігіт өледі (Соғыста сол көзіне найза шаншылып, содан өлген). Матай бұл түні жылқы ала алмайды. Бірақ ертеңінде түнде сол ауылға тағы шабуыл жасайды. Əншейінде кісі өлімінен тез сескенетін елдің алдыңғы уақиғаға қарамай тағы соқтығып жүргені – бұл жақтың Өскенбайларға соншалық кекті, ызалы боп келгенін көрсетеді. Екінші түндегі соғыста аттанға Құнанбайдың өзі де шауып, Матай алып кеткен жылқының соңынан қалмай қуады. Тобықты жігіттеріне жылқыны түгел айырып алмай тоқтама деген болу керек. Қалмай ұрысып отырып бұлар соңғы түнде алынған мың қаралы жылқыны тағы да тұп-тұтас айырып алады. Жəне Матай жағынан Қожамберді Жапалақ баласы дегенді түсіріп қалады. Бірақ бұның орайына осы түнде Матайлар енді Өскенбайдың Бостамбек деген баласын өлтіріп кетеді. Бұған тиген – Жұбаныш Шөрекпайұлы дегеннің найзасы, төсінен тиіп кеудесін аралап кеткен көрінеді.
Осымен өзге Матай Ресей қол астына қарамаған ел болып ұлыққа жауап бермей кетеді де, барлық істе Матайдан осы шабуылдың жалғыз жауапкері болып Құнанбай қолына түскен Қожамберді қалады. Омбы сотының ісінде жаңағы үлкен іс бойынша айыпкер боп тергелетін жалғыз адам да осы Қожамберді. Бұл əуелі Құнанбай ауылында кісендеулі, керегеге таңулы күйде бір ай жатады. Содан кейін Қарқаралыдан тергеу шығып, заседатель Кузнецов жауап алғанда Қожамберді əуелі Матай болып Тобықтыдан жылқы ала келгенін мойынға алады. Бірақ артынан Аягөз приказына барып қосымша тергеуге ілінгенде алғашқы жауаптың барлығынан танады. «Өскенбай аулына жау тиген-тимегенін білмеймін, өзім үш кісі боп жоқ қарап келе жатқан жолаушы едік, Құнанбай ұстап алды. Аяғыма кісен салып, етімді отқа күйдіріп, жалған жауап бер деген соң Кузнецовқа солардың бұйырған сөзін айттым» дейді. Аягөз дəрігері қарағанда шынында да Қожамбердінің денесінде отқа күйдіргеннің белгілері бар боп шығады. Тегі, бұл істегі Қожамбердінің жауаптары сол Өскенбай, Құнанбай заманы болсын, кейін Абай заманы болсын барлығында патшалық соттың алдында қазақ жауапкердің қаншалық бұлтаққа салып, сотқа шындықтың құйрығын ұстатпайтын өте бір ерекше əдеттерін айқын көрсетеді. Қожамберді соңғы жауабында ең əуелі көп Тобықтының ішінде жалғыз болдым, маған сүйеу боларлық Аягөз жағының бірде бір кісісі болмады дейді. Екінші, «ол кезде жалған айтуының бір себебі, шыныңды айт деп үгіттеген молда да болмады» дейді. Сонымен Қожамберді сотты адастырып жауапты неше алуан шатқалаң, батқылға бір салса, екінші жағынан сол кезде Тобықтымен тағы да өз бетімен ұстасып жүрген Арғын болысының бір қазағы Сары Айдарбекұлы деген де бұның соңғы жауаптарын қостап ант береді. Осындаймен барып сот Матай Тобықтының шабуылынан ешнəрсені ұға алмайды да, Қожамбердінің соңғы жауабы бойынша оны ақтауға бейімдейді. Тегі құн дауының арты сотсыз, ел ішінде өз жолымен шешілген болуы керек. Ал əуелі Құнанбай ауылында байлауда жатып, артынан Аягөз абақтысында болған Қожамберді сот алдында əлгідей
бірде жауынгер, бірде жолаушы, бірде өтірік аңқау-монтаны боп көрінгенмен, істің шынына келгенде сол шабуылдың нағыз көрнекті жортуылшысының бірі болуы керек. Руының дəлелі ері, өз уақытының сүбе жігіті сияқты көрінеді. Өйткені Құнанбай ауылында тұтқында жатып көресіні көріп, тергеуші ұлықтан да соққы жеп жүрсе де Қожамберді жасымайды. Бір жағынан ұлықтарға жоғарыдағы сияқты «ақпын да саумын» деген «ақбезердің» жауабын бере жүріп Қожамберді өз жайын, ауыр күйін дəйемі елең етіп жатады. Бұл жағынан қарасақ сот қағазындағы Қожамбердіге нағыз Қожамбердінің он екі де бір нұсқасы келмейді. Өлеңінде Қожамберді тайсалмайды, жауапқа жазылып жатқан сөз мұның сөзі емес жəне не жазылып жатса да есеп емес. Бұның ықпай, бүркемей, айтатын шыны өлеңінде: Мінген атым астымда құла жорға, Өзім болмай шығып ем осы жолға. Қырық бес жігіт ішінде қолға түстім, Амал-айла болар ма қалың сорға, – деп бастап (осы шумақта М.Əуезов «Қожамберді өлеңі деген асыл сөзден құралған бір жақсы өлең болса керек. Бірақ біздің қолымызға əзірше тəуір түрі түспеді» деп ескерту жасаған. Т.К) кеп: Орыс кəпір қояды көтін таққа, (М.Əуезов «Бұнда «орыс» деп өзінен жауап алған тергеушіні айтпады» деп ескерту жасаған. Т.К) Жəне бізді сабайды жаққа-жаққа, Туар айдың соңында бізді айдайды. Қарындасым сəлем де бауырсаққа, Бұл қылығың Бөлкебай жарамайды. Жүйрік қылған арбаңды, қара майды, Қаз мойынын қазақтың мінуші едің Енді ат қып мінерсің қарағайды... –
деп ертең ұлықтың өзімен алысудан да таймайтынын айта отырып: Қысырақтың үйірі ақтан керше, Енді маған құдайым иман берші. Мені алған Тобықты сені де алар Қарамай-ақ Серікбай жүре берші, – дейді. Бұнда сол жылғы жорықтың басшысы, Құнанбаймен алысушы Серікбай болғанын айтады. Алғаш бұларды елден Өскенбайды жауламаққа алып шыққанда да сол Серікбай екен: Келді де қу Серікбай жылқыны алды, Теп-тек жатқан еліме бүлік салды. Құс төсектің үстінде жатқан басым Аяқ-қолым шегелеп байлап салды, – дегенінен көрінеді. Тегі осы ру арасының жанжалын үдетуші Тобықтыда Өскенбай болса, Матайда Серікбай болуға лайық. Осылардың жұртты бір-біріне айдап салып, қоздырып жіберген себебінен Қожамбердінің күні патшаның ел ішіндегі ұлығы Құнанбайға, қаладағы ұлығы Бөлкібайға түседі. Соларға бірде өтініш айтса, бірде ашынып кеп қатты мысқыл, мазақ аралас егес айтады. Айналайын Бөлкебай, шын берейін, Сомым əзір жоқ еді, соң берейін! Бір несие аузымнан сөз шығыпты Атымменен айыбына тон берейін. Айтамын айт дегенде Бөлкебай хан, Хан болғанда жегенің қап-қара нан! Азар болса мал менен бас аларсың, Ұрайын шын енеңді, шықты ғой жан! – дегені соған дəлел. Ұлық алғашқы тергеуде Қожамбердіні ақтауға бейімделсе де артынан Өскенбай, Құнанбай қағаздары
бойынша абақтыда ұстап қап, бұл бірнеше жыл тұтқында болады. Мінеки, ақын Абайдың дəл өзінің өміріне шамасы болмаса да бұның өз алдындағы жəне бұның өз уақытындағы қоғамдық жайларға айғақ болатын бір документті біз əдейі осылайша таратып айтып, толығыақ көрсеттік» деген үлкен бір кесегі бірнеше рет жарияланған «Абайдың өмірбаянына» қайтадан қосылмай қалып қоя берген. Рас, 1959 жылғы монографияда осы оқиғаның сығындысы ғана бар: онда ру аты да, кісі аты да басқаша болғанымен, осы уақиғаның Абайдың өміріне салқыны тигенін көрсетіледі. Мысалы Құнанбайдың 30 жастағы шағында Өскенбай ауылын Найман (алдыңғыда – Матай Т.К) шабады. Найман қолының мықты басшысы Серікбай көп қол жиып кеп, бекініс алып жатып, бірнеше күн ауыл ауып, жылқыға тиеді. Қатты қимыл соғыста Құнанбай тап ортада өзі жүреді. Найман көп кісі тұтқын қалдырады. Тобықты жылқыны алғызбайды. Бірақ осы соғыста Құнанбай жағынан көп кісі найзаға шаншылып, қатты жарадар болады да, Өскенбайдың бір азамат баласы қаза табады. Ол Болсанбек (алдыңғы – Бостамбек Т.К) деген асырап алған баласы болатын. Мұны Зере Құнанбаймен бірге бауырына салып өсірген еді. Найманнан Өскенбай ауылында тұтқын боп көп азап көрген жандардың ішінде Қожамжар (алдыңғыда – Қожамберді Т.К) деген ақын да болған. Осы шабуыл, зор пəлені Қожамжар өз уақытында көп өлең еткен. Бұл пəленің арты Қарқаралы приказының, Аягөз ұлықтарының қатты кіріскен ісі боп, ақыры Омбы ұлығының кеңселеріне шейін барады. Соңғы жылдар табылған архивте Тобықты жағының барлық жауабын, дауын айтып, бар тартысты басқарып жүрген кісі – би Өскенбай емес. Əкесі берген тапсырма бойынша бар тергеу-талқыны өз мойнына алған 30 жасар жігіт Құнанбай болады» 25 бет) деген пікірі архивтік документтен Мұқаңның есінде қалғаны ғана. Мұны келтіріп отырған себебіміз, тарихи дерек нақты да дəлді баяндауға, өнікті ой өрбітуге жағдай жасап қана қоймайды, сонымен бірге жазушылық шабытқа кең өріс тауып береді. Бостамбек оқиғасының өзі қызықты бір тарихи новеллаға айналуының сыры осында.
Болашақ «Абай жолы» эпопеясының алғашқы қарлығашы – 1936 жылы жарияланған «Татьяның қырдағы əні» қалың жұртшылықтан қоштау тауып, жоғары бағалануы жəне Л.Соболевпен бірігіп «Абай» атты трагедияны 1939 жылы жазған Мұқаң Құнанбай, Абай заманына байланысты уақиға, əңгімелердің бəрін тек ғылымдық мақсатпен ғана емес, көркемдік тұрғыдан да жинастырып, бұдан бұрынғы, яғни 1918 – 1933 жылдар арасында оқушы қауымға өзі ұсынған дерек-мағлұматтарды творчестволық електен өткізіп жүргенде, Абайдың өмірбаянын жан-жақты ашуға мүмкіндік беретін мəнді фактілер мен оқиғаларды 1940 жылғы басылымға молынан енгізуді көздеген. Бірақ, ол игі тілек түгелдей жүзеге аса бермей, тыңнан қосылғандардың біразы сол кезеңдегі талап тұрғысынан алынып қалынғаны байқалады. Осы қолжазбакітаптың қандай деректерге негізделгенін кітаптың материалдары «Абай жолы» эпопеясының қандай деректерге негізделгенін аша түсуге, дайындық жұмыстарының қандай арналармен жүргендігін айқындап алуға, Абайдың ғалым өмірбаянының қалай жасалғандығын түсінуге септігін тигізеді. Екінші жағынан, Мұқаңның ғалымдық-жазушылық сом тұлғасын танытып, «өмір шындығына арқа тіре, архивті ақтар, тарихи деректі қастерлей біл» деген өсиетінің үлгі-өнегелік сипатын айқындап береді. Жоғарыдағы ұзынды-қысқалы қосымшалар Абайтанудың əдеби-тарихи негіздері жəне Құнанбай заманындағы айтыс-тартыстардың Абайға салар салмағы жайында болса, ендігі көп қосымшалар Абайдың əлеуметтік іске араласуы, əсіресе, Абайдың аға-інілерінің елде істегендерінің бəрі де Абайға айнала соғып, творчестволық еңбектен қол үздіріп отырғанын көрсетеді. Күнтудың қалай болыс болғаны көпшілікке аян. Оның негізгі себептерін баяндай келіп, Мұқаң мынандай детальдарды қосқан. «Тегі Құнанбай балаларынан мезі болу тоғыз жыл ұдайымен болыс болған Ысқақ тұсында да мол екен. Ол болыс болған уақыт 70-ші жылдар іші. Бұл кезде бар тобықты ішін меңдетіп жеңіп ап тұрған Абай өз болысы Шыңғысқа Ысқақты
сайлаумен қатар, Тобықтының бұларға көрші екінші болысы Қоңыр – Көкшеге өзі де болыс боп тұрады. Сол жылдарда іні мен туысқанының бұның өз мінезінен үлгі алатын орайы да көп. Абай өзі сол Қоңыр – Көкшеге болыс боп жүргенде Əйгерім деген тоқалын өз қол астындағы Мамай деген рудың ішінен алған. Əйгерімді сұлу деп естиді де, қасындағы жолдасы Жиреншені «барып көріп, алу-беруді өзің байлап кел» деп жібереді. Əйгерім біреуге айттырылып, қалың малы алынып отырған бір əлсіздеу елдің жесірі болады. Бірақ, Абайдың кісісі бұны Абайға лайық деп байлаған соң, қолма-қол келісімін жасап, сұлу тоқалды болыс алады. Алдарынан ешкім шыға алмайды. Тіпті ондай əлсіз, момын ел түгілі, Қоңыр – Көкшенің өзі кеткеннен кейінгі болыстығында Абай өз биледі. Өз еркімен болыстықты тастап қайтарында орнына болыс етіп Шымырбай дегенді, кандидат етіп өз құдасы Дұтбайды сайлап кетеді. Бірақ бері келе Шымырбай əлденеден бұған жақпай қалғанда, қайта сайлау жасатып сол Шымырбайды өзі орнынан алып тастайтыны да бар. Ол ғана емес, бір жылдар Тобықтының екі болысы – Шыңғыс, Қоңыр – Көкше жəне осы болыстан бөлініп шыққан Қызылмола – үшеуіне бірдей Құнанбай балалары: Абай, Ысқақ, жəне немересі Шəкерім – қаз қатар болыс боп тұрғаны да бар. Осы орайларды Тобықтының қалған жалғыз болысы – Шаған ішінде екі ұдай партия болғанда соның екі жағының ру басылары Молдабай, Мүсірəлі дегендер қатарымен Абайға жағына келіп, екеуі де құда болатыны тағы бар. Сондайдың бəрі Құнанбай тұқымын асқақтатып, құтыруы ерекше болады. Шыңғысқа Шəкерімнің алдында болыс боп тұрған Ысқақ ойына келгенін істейді. Өз қолымен Жігітек ішіндегі көрнекті атқа мінердің бірі Бұланбай дегенді сабайды. Тоғалақ руының Нақысбай дегенін сабайды. Қатыны кез келген қостың семізін сұраусыз, тергеусіз ұстатып алып, сойғызып жатады (Осы абзац басқа басылымдарда бар. Т.К). Өздері апиын жеп, түске дейін тұрмайды. Осындайлары Абаймен жақын жүрген Жиренше, Оразбайларды да түңілтеді. Сондай кісілер болып жи-
ылып кеп Абайдан өтініш етіп, Ысқақты түсіртеді. Бірақ оның есебіне Шəкерімді сайлап, тағы да бұрынғы қалыпты сақтап қалады. Ысқақ түсіп, Шəкерім болыс болатын сайлау қыстың аяқ кезінде, Құнанбайдың үлкен қыстауы – Оспан ауылының үстінде болады. Абай осы араға барлық көрші болыстардың сайлауын бірақ жинап жасатады. Маңайдағы елдің бəрі сары қарда киіз үй əкеп тігіп, сонда жатып əлең болады. Сонымен қатар бір күні Оразбай, Жиренше, Күнту, Ербол сияқты барлық ру адамдарының қора маңында ерттеулі күйде жайылып жүрген аттарын Оспан жігіттері «жер қоримыз» деп қиқу салып, сойылдап қуып кетіп қораға əкеп тығады. Сонда-ақ қақпаға соғылып барлық ердің қасы сынады. Бұл да шектен асып кеткен жуандықтық бір сыры, бір соққысы есепті бағаланады. Бірақ бұл жерде наразылық айтып, ереуіл көрсете алмайды. Абай атаған Шəкерімді болыс етіп сайлайды. Сөйтеді де, сайлау басынан кете бере жаңағы Жиренше, Ербол, Абыралы, Күнту бастап бірнеше мықты ру басылар бір-біріне сыр шешіп, серт байласады. Енді Абайдың қарсысына бұрынғы досымын деген кісілердің өздері басшы боп, бел байлап шығысатын болады. Үндемей, сыр бермей келесі сайлауға қатты əзірленеді». Осының арты Күнтудың болыс болуымен аяқталып, тағы да тыныш отырған Абайды орнынан қозғайды, жаңа дау-таластың ортасына еріксіз тартады. Абайды үлкен өнерпаздық аңғардан шығарып алуға Оспан мен Оразбайдың тағы да ұстасуы себепкер болады. Осы араздықтың түбі тағы да Абайға кеп мықтап соғады. Сондықтан неден басталып, қалай өршігенін айта кетейік. Оразбаймен татулықтау, Шыңғыс ішіне қайта кіргізіп алғанда Абай жағы оларды ырзамалақ болып болыстың кандидаттығын Арапқа береді. Ол Оразбайдың күйеуі, досы. Ендігі араздық осы Араптың айналасынан шығады. Сол Арап пен Күсен үйге келіп атқамінерлердің бір жақындары Балтабек дегеннің жылқысын алады. Оспан болыс соны себеп етіп Оразбайдың 400 үйіне сиаз құрмақ болады. Бір елдің үстіне сиаз құру тегінде ол партия басылардың əдетінде салқындық, қырынқабақтық
белгісі болатын. Үстіне сиаз құрылған елден басқа бөгде елдің ақысын, есесін əперем деп құрады да, тігілетін үй, сойыс, қонақ асы, ылау дегеннің бар шығынын сол елдің мойнына артады. Болыстың өштесіп, қырына алам дегенінің белгісі. Бұндайда қарсылық қылуға шамасы бар ел болса өз үстінде сиаз бермеуге тырысады. Тегі осы орайда Оспан мен Арап, Оразбай арасы басқа бір себептермен де суысқан болу керек. Балтабек жылқысы деген сондайдың орайындағы бір сылтау. Ақыры үстеріне баса кеп сиаз жасайтын болған соң, Араптар кектенеді де, наразылық, қарсылық ойлайды. Оразбай сиазға келмейді. Ол да Оспанға көнбеймін дегеннің белгісі. Соған көрші болыс Оспан ашуланады да, ерегесіп барып Арап пен Күсеннің өздеріне абақты кескізеді. Осы сиазға келген ояз Трашоткин деген екен. Соған Оспан пара ретінде Қалишаш деген бір сұлу əйелді əкеп ұсынды деген сөз де бар. Қалишаш күйеуіне риза болмай, айрыламын деп арыз бере келген екен. Трашоткинге айтқанын істетін боп алған Оспан Оразбай жағын жауапқа кіріскен соң бұрынғы кекті еске алып, басқа жақтан Күнтуға да абақты кескізеді», деген қосымшаның мəн-мағынасы эпопеяда кездескенімен, ғылыми басылымда жоқ. Бұдан кейінгі 17 санды қосымшада, яғни Оспанның жесір қалған əйелі Еркежанды Абайдың алуы жайы таратыла баяндалады. Одан кейін 1897 жылдың уақиғасынан, яғни билікке қолы жетпей ашынған ру басыларының, əсіресе Оразбайлардың жанжал шығарып, Абайға таяқ тигізгенін, өз бауыры Тəңірбердінің Оразбайлармен сыбайлас екенін сезген соң «елден мүлде кетем» деп күн батысты бетке алып тартып кетіп бара жатқанда ағайын-тауысы шылбырына оралып, жалбарына өтінген соң сиаз болып жатқан ауылға қайтып келгеннен кейінгі Абайдың жай-күйін М.Əуезов былай баяндаған: «Абай алғашқы дерт үстінде не шара қыларын білмей дал-сал да болғанға ұқсайды. Абай осы уақиға үстінде өзі тəрізді ру басылар ортасының іштей шіри бастағанын жалғыз Тəңірберді мінезі емес, одан да жақын, тіпті өз баласы Ақылбай басынан да көреді. Шыңғыстың сайлауында Ақылбай «болыстықты маған бер, болмаса Оразбайға шағып кетем» деп қиғылық са-
лады. Тəңірберді пəле ұлғаймасын деп Абайға болыстықты өз балаңа бер», – дейді. Бұл күндерде қалай тартысып дəлді не қыларын байламаса да, ескі дағдымен Абай болыстық сайлауын тағы да өз қолына алады да, кіші баласы Мағауияны болыс, үлкен баласы Ақылбайды кандидат етіп сайлайды. Жəне елдің елу басыларына келіп: «Ей, елу басылар! Осы сайлауда бидің де бір шары ауыспасын. Бізде шар қате түспейтін. Егер тас ауыстырған елу басы болса менің осы ісімнің ауыртпалығы соның басында» дейді. Билерді өзі атайды. Бұрыннан елу басы шарға емес, Абайдың дегені болатын. Бұл жолда да солай болды. Бұл қамына қарағанда алғашқы күндерде Абай алысатын, өзгеше қимыл ететін кісі сияқтанады. Бірақ сайлау өткен соң өзіменөзі боп ойланып басылған соң, ол райынан қайтып, бір түрлі жуасып, шөгіп қалады» деп Оразбайдың ожар қылығына жаулықпен жауап бермей, үлкен адамгершілік мұнарасынан шешіп, əкімшілік ісіне араласып, ел сөзін ұстаған «Абайдың сыртқа көрсетіп жүрген тонын осымен өртегісі келді» деп Мұқаң өз ойын түйіндейді. Кітап-қолжазбада бұдан да басқа кішігірім өзгерістер мен толықтырулар көп-ақ. Оның бəрін ескеру салыстыра тексеру өз алдына жеке мəселе екені белгілі. Осы тұрғыдан алғанда 1933 жылғы Абай жинағында жарияланған өлеңдерді басқаша жүйелеу, орналастыру жайын былай қойғанда жаңадан енгізілген түзету-қоспалардың, сілтемелердің өзі шын ғылыми еңбектің не екенін анық көрсетеді. Сонымен қатар «Əбдірахман өлгенде», соның əйелі «Мағышқа Абай шығарып берген жоқтау», «Əбдірахманға», «Əбдірахман өлімінен соң өзіне айтқан жұбатуы», «Əбдірахманның келіншегі Мағышқа айтқан жұбатуы», «Жүрек теңіз», «Қызықтың бəрі асыл тас», «Сапсап көңілім» өлеңінің жалғасы, «Қатыным қалай демес ақсақал бай» деген жаңа өлеңдерді өз қолымен жазып, айрықша мəнді түсіндірмелер қосқан, томға енген өмірбаяндық көмекші деректерді жаңа естеліктермен толтырған, бұрынғыларына өзгеріс енгізгені Мұқаңның ерен еңбекшілдігін айқындайды. Сонымен, кітап-қолжазбаны жай ғана қарап шығудың өзі-ақ М.Əуезовтің ғалымдық тұлғасын, ғылыми стилін анық тануға
мүмкіндік береді. Мұқаң творчествосын, əсіресе ғалымдығын зерттеушілер үшін бұл жай айрықша қажет болса, екінші жағынан, Абай сынды ұлы ақынды əлемдік əдебиет сахнасына шығаруда қандайлық зор еңбек сіңіргенін көрсетеді. Енді кітап-қолжазбаның өзіне оралар болсақ, онда М.Əуезовтің екіге бөлініп кеткен осы ғылыми еңбегі тұтастық табуға тиіс. Қазір тарих ауқымына кірген, бұл еңбекті бастапқы қалпындағы ғылыми жүйеге келтіру, сөйтіп Абайдың алғашқы ғылыми өмірбаянын қайтадан жариялау қажет деп білеміз. Өйткені ұлы ғалым, асқан жазушы М.Əуезовтің əрбір қолжазбасына айрықша ілтипат білдіре зерттеу кейінгі буынның үлкен де абыройлы борышы. Мұқаңның ерен еңбегінің осындай асыл сынықтары басқа саладан да кездесуі əбден ықтимал. Көптің көзі көреген деген. Олай болса, ұлы жазушының қолынан шыққан қолжазбаға, хат-хабарға, жолдастық мəлемге шейінгінің бəрін осы күннен бастап құнттап, ықтияттап жинай беруіміз керек. КЕМЕҢГЕР ҒИБРАТЫ Ақын-жазушының алғыр ойы, толымды пікірі кез келген сəтте айтылып, жазыла бермейді. Нəрлі ой, салиқалы пікірлер белгілі бір шындық пен жағдайға байланысты туады, қанат жаяды, өнегелік сипатқа ие болады. М.Əуезов қалдырған көп үлгі-өнегенің сырына үңілген уақытта бірімен бірі жымдаса желімденіп жатқан жайларды байқағандаймыз. Табиғатына біткен данрындылық терең білім, тынымсыз еңбекпен жарқырай түскен. Білім мен еңбек алып таланттың екі қанатындай болып, бойға біткен дарындыкемеңгерлік, данышпандыққа ұластырған, сөзін уəлі, шешімін тиянақты, байламын берік еткен. Ғылым мен білімге қызықпайтын жан аз. Ет пен терінің арасындағы желік болса аздан кейін басылып, өз жайына қалады. Ал саналы қадамнан қанаттанса, онда елдің, халықтың мұрасына айналады. М.Əуезовтің ғұлама оқымыстылығы ел-
дің мерейін өсірген, ақыл-ойын толықтырған, парасатын əлемге танытқан кең дария. Өйткені Мұқаң өзіміздің əдебимəдени тірлігімізде болып жатқанға енжар қарай алмайтын қайраткер болып мəдениет майданында ой толғаса, өзгелер ортасында бір халықтың даналығын бойына жинап, оның ең бір жақсы жақтарын айшықтай танытып отырған ғұлама болды. Міне сондықтан Мұқаңмен дидарлас, табақтас, қызметтес болғандардың өзгеше бір мектептен дəріс алғандай өмір бойы тəнті болуының бір сыры осында болатын. Алысқа барсаң алдымызда көсем ұстайтын, ауылда жүрсек құнарлы ой-пікірлерінен нəр алатын, халқымыздың ұлттық мақтанышына айналған М.Əуезовтің кемеңгерлігі əдеби шығармаларында жарқырап жатқанмен оның арғы бастауы, қайнар көзі өз халқының рухани байлығынан, мəдени дəстүрінен, əсіресе сөз өнерін қадір тұтатын ұлттық қасиетінен нəр алып жатқанын жəне соның бəрі Мұқаңның творчестволық көрігінен өткен уақытта жаңа мағынаға ие болып жарқырап кететінін, нəрлі тұжырымға айналып жататындығын дəлелдейтін жайт ұлан-ғайыр. Қазақ совет əдебиетінің негізін қалаушылардың бірі Сəбит Мұқанов айтқандай, М.Əуезов алғашқы əңгімесінен бастап европалық мəдениет деңгейіне көтерілген жазушының құнарлы ойы, қомақты пікірі 20-шы жылдары-ақ өзіне айрықша назар аудартқан, құлақ түргізетін болатын. Ташкент қаласында академик Самойлович, этнограф-фольклорист Дибаевтермен бірлесіп қазақ мəдениетін өркендетуді мақсат еткен «Талап» қауымын ұйымдастыру кезінде болсын, иə «Шолпан», «Санада» жарияланған мақалаларында болсын, «Таң» журналындағы «Қобыланды» жырын талдаған зерттеуінде болсын, «Еңбекші қазақ» газетінің бетінде қазақтың театр өнерін өркендетуге бағышталған проблемалы да ойлы толғауларында болсын М.Əуезов əрқашан алғырлық қана емес, ғұламаға тəн парасаттылық танытып отырды. Оның кейбір үлгілерін дəлелге тартар болсақ, өзгеше толғаныс, кесек түйін, соны сипат байқағандаймыз. «Əу» деп қалам жебегенде «Мəдениет бəйгесінде алда келе жатқан жұрттың қатесі
кейінгіге сабақ» дейтін өрелі тұжырымды айтып, өмір бойы оны өзінің аттанар өрісіне айналдырған М.Əуезов əлеуметтік өмірдің, əдеби құбылыстың талай өңіріне көз сала білді. Осы ойдың өзегімен ақыл-парасат биігіне өрлеген дарын жиырмасыншы жылдардың бас тұсында-ақ «Қазақ оқығандарына ашық хат» жазып, «Қазақ қызметкерлерінің міндетіне» тоқталды. Əдебиеттің əлеуметтік мəн-мағынасын арттырып, ел ісіне емін-еркін араласу қажеттігін, халықтың көңілі табатын уəлі сөздерді баспасөз арқылы жариялау жайын, жаңалыққа ұмтылған елдің жан сырын паш ететін көркем шығармалар тудыру мəселесін «Қазақтың қалам қайраткерлеріне» арнап жазған ашық хатында үлкен екпін, зор парасатпен түйіндеді. Қазақтың театр өнерін өркендету жөніндегі қайраткерлігінің өзі бір төбе. Елдің рухани күшіне алып арна табу қажет болған шақта М.Əуезов «Ешбір өнерді құрғақ тілек, құрғақ бұйрық тудырмайды. Қай елдегі, қай түрдегі өнерді алсақ та сəн-салтанатпен ырғалып-жырғалып бір күннің ішінде ғайыптан көшіп келмейтіндігін», сатылап өсетіндігін, көш жүре түзелетіндігін сендіре айтты, нандыра жазды. Соның бір белгісі сияқты халықтық эстетиканың талай үлгілеріне үңіле қарап, ұнамды пікір айтып отырды. Оны өзінің қайраткерлігімен толықтырып, қазақ драматургиясының алтын қорына қосылған пьесаларын жазды. Халықтың қалың ортасынан жарып шыққан тума таланттарды əрдайым қолдап отырды. 1928 жылы Мұқаң «Шүйінші! Қазақтың сахна өнері туыпты» деп қуанады да, оның өркендеу өрісіне көз жіберді, халықтың дəстүрді жас өнеріміздің арнасын айқындайтын бірден-бір оң жол деп айрықша қастерледі. Қалибек, Серке, Жұмат, Елубай, Құрманбек сынды тарландардың қазақтың профессионалдық өнерін өрістетіп, ұлы олжа салатындарына кəміл сенім білдірді. «Қазақ труппасының пьеса, спектакльмен бірге жасап, дəуірлеп келе жатқан сенімді жақсы күштері осы болса, осымен қатар баяғы кəрі қазақ өнерінің анайы топырағынан келе жатқан асыл бұйымдай қадірлі ірі күштері тағы да бар. Бұл – Иса мен Əміре.
Иса желпініп, үзілмей соққан сар даланың желі сияқты, сол даладай кең, мол ақындықтың иесі. Осы күнгі Европаның сахна өнеріне мұндай сый жат болып, жоғалып кеткен. Бұл сахна өнеріндегі таза қазақ тумасы. Əдебиет, музыка, сахна өнерінің бəрі бірдей бас қосқан жері осы... Əр дəуірдің сахнасында Исалар туып отырса, осы түр қазақ сахнасының бір ерекше қызығы болып дəурен сүреді. Исасы жоқ болған заманда уақыт та үзіледі. Тағы бір Исаның келуін күтеді. Қолдан жасай алмайтын, оңайшылықпен қайта тумайтын сирек өнерді біз бүгінгі заманның адамдары – мəдениетті елше кəдірлей, бағалай білуіміз керек» деп көрегендік пікір айтқан болатын. Бұл əшейін Исаның суырып салма ақындығына, зор талантына тəнті болу ғана емес, жалпы қазақ өнерін өркендетудің негізгі арнасы, программалық жүйесі еді. Осындай мəнді де жүйелі көзқарастың арқасында қазақ елінің рухани байлығын өнегесі озық орыс, батыс мəдениет үлгілеріне ұластыру процесі басталған болатын. Осы бағыттың алдыңғы шебінде өзінің «Еңлік – Кебек» (1917), «Айман – Шолпан» (1934), «Қара қыпшақ Қобландысымен» (1942) М.Əуезов үлгінұсқа көрсетті. Қазақ сахнасына «Қыз Жібек» «Қозы Көрпеш – Баян сұлулардың» емін-еркін келіп, классикалық тұрақты репертуарға айналуының бір сыры осында еді. Демек, М.Əуезов өзінің творчестволық еңбегінде де, кемеңгерлік ой-пікірінде де жəттей айтқан, талмай қолданған нысанасының бір желісі халық өнерімен, елдің рухани дəстүрімен іштей байланысып жатқанын, ұлттық мəдениетіміздің социалистік жаңа мазмұнмен көркейе гүлденгенін, сөйтіп профессионалдық биікке көтерілгенін көреміз. Бұл – өнер саласында М.Əуезов қалдырған ұлы олжаның бір тармағы. Ұлы жазушының осымен өзектес 1923 жылы айтқан мəнді де құнды ойы – қазақтың «Ауызша əдебиеті бір заманда тəртіпті жазба əдебиетінің қызметін атқарғандығы білініп отыр. Сол міндетін атқарғандықтан ауызша əдебиет өз өрісін кеңейтіп жеткенін көріп отырмыз» деген пікірі. М.Əуезовтің қазақ ауыз əдебиетін зерттеу саласындағы еңбектерінің тізімін келтірсек келе құлаш болар еді. Жəне де ғұла-
малық қайраткерлігінің ең бір сүбелі саласы да фольклористикада жатқанын байқамау ұят болар еді. Осы ретте М.Əуезовтің 1927 жылғы «Əдебиет тарихы» атты монументальды еңбегінің түгелдей ауыз əдебиеті үлгілеріне арналғаны, оны іштей саралап классификациялауы əшейінгі бір қызықтаудан əлдеқайда мəні зор дүние болатын. Əрине, теріліп басылып, дайын болған зерттеудің практикалық істе қолданылмағанмен оның өзегіндегі кемелді ойлар М.Əуезовтің кейінгі фольклористік қайраткерлігінде жарқырап көрінді. Қазақ эпосы, ақындар айтысы, ертегі, жұмбақ, халық өнерпаздығы жайындағы мəнді зерттеулерінің бəрі де өзі басқарып шығарған «Қазақ əдебиет тарихының» бірінші томының (1948 жəне 1960) ажарлы да лұғатты беттері ғана емес, қазақ фольклористика ғылымының қалыптасуына қосылған зор үлес. Ауыз əдебиеті жөнінде түбегейлі көзқарасы бар М.Əуезов осыны өзінің ұстаздық қызметімен де жалғастырды. Қазақ университетінде ауыз əдебиетінен оқыған лекцияларының қағазға түспей, магнитофонға жазылмай қалғанын өкінішпен еске алмайтын шəкірт кəзір кемде-кем. Өз халқының сөз өнерін қадірлеген Мұқаң туысқан қырғыз халқының атақты «Манасының» зерттеушісі ғана емес, арашашысы да болғанын зор мақтанышпен атағанымыз орынды. Осы сүбелі ойлардың басым көпшілігін Москва университетінің профессоры ретінде М.Əуезовтің одақ деңгейіне көтере айтқанын да көңілге медеу тұтқанымыз абзал. Демек, М.Əуезов қалдырған ғибратты тағылымның бір сыры осында ғана емес, өзінің творчествосында халық даналығынан нəр алып отырған адал перзенттігін де қоса айту шарт. Қазақ əдебиеттану ғылымының шаңырағын көркейткен ұлы қайраткерлігін айтардан бұрын М.Əуезовтің бүгінгі əдеби процеске мұрындық болған жетекші ойлары, кешегі өткеннің қадірін түсінуге үндеген құнарлы пікірлері, əдебиетіміз бен мəдениетіміздің көкжиегін кеңейтіп, алымын молықтыратын ұстаздық арналарды дəл белгілеуі М.Əуезовтің өз алдына жыр етіп шертетін парасатты сыншылдығының бір үлгісі ғой. Со-
лай бола тұрса да Мұхтар Əуезов ұлттық рухани байлықты тек өз топырағында ғана өсіріп-жетілдіруге болмайтынын, өнегесі мол үлгі-өрнектерге творчестволық жолмен емін-еркін бойлап барып, қажеттісін жатсынбай пайдалануды əрқашан қайталап айтып, бой тұмардай тəнге жақын ұстауды өсиет еткен болатын. Сондықтан оның ғұламалық парасаты кең де алымды болды. «Тагордың кемеңгерлігіне» бас иіп, Тарас Шевченконы «Туысымыз, досымыз біздің» деп бауыр тұтқаны, «Литературная газетада» жарияланған ең соңғы мақаласында «Қазіргі роман жəне оның геройы» жайында өзінің өнегелік толғанысын бүкіл одақ, сол арқылы əлем оқушысына арнағанын кім естен шығарар дейсіз. Осының бəрінде де домбыраның əдейі құлақ күйіндей жан жадыратар бір ұлы əуен бар. Ол əуен М.Əуезовтің талай сөйлеген сөзінде, жазған мақаласында, жасаған баяндамасында, ауыз екі əңгімесінде Абай үлгісін мұрат тұтып айтатын өзекті ой, нысаналы мақсат – өзгенің өнерінен бой тасалама, үйрен, оқы, əсіресе ұлылығы мен кемеңгерлігі əлемге аян болған орыс əдебиетінен үлгі-өнеге ал, сөйтіп өзіңнің түрі ұлттық, мазмұны социалистік əдебиетің мен мəдениетіңді өркендет деген өсиет. Мұны біз «Орыс реализмінің дəстүрі жəне революцияға дейінгі қазақ əдебиеті», «Октябрь өркені», «СССР халықтары əдебиетінің өркендеуі» сияқты толып жатқан мəнді еңбектерінен анық көреміз, тұшына сезінеміз. Əлемдік əдебиет сахнасына «Абай жолымен» именбей барып, творчестволық байланыс орнатқан ұлы жазушы өзінің иман сырындай етіп «Ұлы Отанымыздағы рухани байлықтарды мол тану жөнінде Одақтағы барлық елдердің əдебиет жолындағы өсу, даму процестерін танып-білу – қасиетті міндет» екенін əрдайым қайталап отырды. Демек, бұл өзекті ой сыншы Мұқаңның ғылыммен ұштасар сəттегі əлдеқалай айта салған ғибраты емес, бар болмысбітімі, имандай сыры еді. Мұхтар Əуезовті Абайсыз ауызға алу əбес дүние. Өйткені оның кемеңгерлігі, ұлылығы, өміршеңдігі Абаймен өрістес.
Мұнысы ұлының етегіне жармассам ұлы болармын деген бақай есеп, қысыр қулық емес екенін, бар тыныс-тіршілігімен, жантəнімен беріле істеген қайраткерлігі екенін тарих куəлендіреді. Алғашқы албырт ойының 1918 жылы «Абай» атты журналда жариялануында белгілі бір символикалық мағына да, көрініс те бар. Одан кейін Абай өлеңдерін ел аузынан тірнектей жинап, баспасөзде жариялап, абайшыл болуы оған 1925 жылы Қазақстан оқу халық комиссариаты ресми түрде Ленинградта оқып жүрген дарынға Абай өлеңдерінің жинағын құрастыру міндетін тапсырғаны кездейсоқ жай емес еді. Абайдың 1933 жылы шығатын жинағына Мұхтар Əуезовтің көз майы, маңдай тері мол төгілген. Осы дəуірден бастап Абай данышпандығының сырына үңілу, оның қадір-қасиетін түсіндіру, насихаттау саласында Мұқаң атқарған істің шетіне шығу қиын, санын санап жеткізгісіз ұлан-ғайыр дүние. Осындай жəдігерлікпен еңбек еткен ғұлама Əуезовтің Абайтану ғылымының негізін салып, қазақ əдебиеттануында оңаша отау тіктіруі мақтанышпен айтатын қайраткерлік. Кейде «ұлыға кімнің жанасқысы келмейді дейсің тəйірай» дейтін берекесіз ой, қыңыр пікірлер кездесіп жатады. Ал шындығына келгенде кемеңгерді кемеңгер таныған шақта, олар бір-біріне əсер-ықпал жасаған тұста екеуі ғана жарқырап қоймай, елдің мəртебесі өсіп, шығар төбесі биіктейді екен. Осыны біз Мұхтар Əуезовтің ғибратынан көріп қуанамыз. М.Əуезовтің Абайтану ғылымының негізін қалаудағы еңбектері əмбеге аян болса да екі жайды айрықша атаған жөн сияқты. Бірі – Абай əлемін талмай іздеп, салиқалы ой елегінен өткізу арқылы М.Əуезов қазақ университетінде Абайтану дəрісін оқып, əдебиет ғылымының өрісін кеңейтіп қана қоймай, жаңа үлгі, өнегелі арна көрсетті кейінгіге. Екіншісі – ұлы эпопея жазуы. Сырт қарағанға мұның ғылыммен жанасымы жоқ сияқты. Ол жалған елес. Бұдан артық насихат, бұдан артық Абай жанын түсіндіру, ұғындыру болуы мүмкін емес. Сондықтан Мұқаң Абайды кинематография əлеміне де, қазақ сахна өнерінің төріне де шығарды. Абайды
танытты, өзі де танылды. Халқын əлемге аян етіп, бүкіл совет əдебиетіне зор абырой əперді, өзіндік ұлы дəстүр жасады. Бір кезде өнегесі мол орыс əдебиетінен тағылым алған М.Əуезов өзінің осындай еңбегімен, алып талантымен советтік жаңа дəстүр қалыптастырды, туысқан əдебиеттерге енді өзі өнеге шашты. Оған Шыңғыс Айтматовтың айтқаны мен мойындағанының өзі-ақ дəлел бола алады. Қазақ халқының сөз өнеріндегі үлесін еселей түскен Мұхтар Əуезовтің əлемдік даңқын іштей дайындаған, өрелі биікке көтерілуіне жағдай жасаған тынымсыз еңбекқорлық пен түпсіз терең білімдарлық халқымыздың сыни-ғылыми санасының өресін осылайша биіктетуге шапағатын тигізді. Осы үшін ғана емес, бүкіл рухани байлығымыздың əлем айнасында бар ажарымен көрінгеніне, советтік əдебиеттің алуан дəстүрмен жарқырай түскеніне қуанамыз, шаттанамыз. 1977 жыл. САБЫР ШƏРІПОВ Қазақ мəдениетінің бүгінгі деңгейі өрелі биікте. Октябрьде атқан алтын таңның арайлы сəулесі, Октябрьде шыққан қызық күннің бар жылылығы мен шапағатшыл нұры советтік Отанды мекендеген ұлттардың бəріне бірдей тарады, бəріне бірдей жылылық беріп, орасан зор қуаттың көзін ашты. Соның арқасында мəдени-экономика жағынан артта қалған аймақтар тез жетілді, өркендеді. Коммунистік ұлт саясаты ешкімді алалаған жоқ, қайта демеп, қолдап отырды. Міне соның арқасында аз ғана уақыттың ішінде ілгерінді елдермен терезе теңеліп, еркін өркендеу процесі басталды. Ал орынсыз күйінген, маңғазданған, өз ескілігінің қойнынан шыға алмай іріп-шіріп жатқан елдердің талайын басып озып, үлгі-өнеге алар, көз қызықтырар, көңілге түрлі ой салар жаңалықтар аз емес. Осындай сəтті шақтың аспаннан түсе қалмағаны, оны болдыру жолында талай ұрпақтың аянбай еңбек еткені айдан-
анық. Қазақ совет əдебиеті мен мəдениетінің туу процесінде Əліби Жанкелдин, Сəкен Сейфуллин, Сəбит Мұқанов, Мұхтар Əуезов, Тұрар Рысқұлов, Нығмет Нұрмақов, Абылқайыр Досов, Абдолла Асылбеков, Ораз Жандосов, Сейтқали Меңдешев сынды қайраткерлердің əр саладағы пəрменді еңбектерін ілтипатпен еске алмасқа болмайды. Алғашқыларымыздың алдыңғы легінде болған дарындардың бірі – Сабыр Шəріпов. Коммунистік партияның айбынды ұлдарының Қазақстанда совет өкіметін орнату, лениндік ұлы идеяларды қалтқысыз жүзеге асыру жолында атқарған істері барды жалғастыру, жетілдіру емес, жоқты табу, жаңаны орнату, оның жарқын келешегін бағдарлау сияқты мəні зор міндеттермен астарласып жатты. Сондықтан алғашқы қадамның сəттілігі мен мəнділігі келешектегі көп істің игі қарлығашы болып, абырой-даңққа бөленді. Бірінші болу, бастаушы болу, мұрындық болу əркімнің маңдайына жазыла беретін бақыт емес, жəне ол бақытқа ісəрекетсіз ие болу да мүмкін емес. Сабыр Шəріповтың өмірі мен творчествосы бүгінгі қазақ оқушыларын бірнеше түбегейлі мəселелерден: біріншіден, Октябрь революциясының Қазақстанда жеңуі жəне Совет өкіметін орнату жолында аянбай еңбек еткен ірі революционер, қоғам қайраткері екіншіден, өмір сырын, кезең мəнін терең барлап, қоғам шындығын көркем шығармаларына арқау еткен тамаша реалист жазушы болғандығы қызықтырады. Қазақ халқының революциядан бұрынғы жəне соңғы дəуіріндегі өмірін айқын, ашық суреттей білген дарын тұлғалы жазушыларымыздың құрметті қатарынан заңды түрде орын алуының себептері бар. Сабыр Шəріповтың сырт көзге бірден шалынар ерекшелігі де жоқ емес. Оның іс-əрекеті өзінің кіндік қаны тамған аймақтан алыстағы қазақ даласында өтсе, өзінің ой-пікірін, өмірден көрген-білгенін сезіп-түйгендерін Сабыр қазақша жазуды қажет деп тапты. Бұл жайлар интернационалистер үшін əдетті құбылыс. Халық үшін, жаңа заман үшін, ел еңбекшілері үшін қайрат көрсеткен революционерлер өзінің жүрек қалауымен əрекет етіп көңілдегі көрікті ойын өз ортасына лайықты бояумен суреттеуді парыз санаған. Сондықтан
Сабыр қоғамдық өмірде болсын, көркем əдебиетте болсын интернационализм туын биік ұстаған қайраткер. Оған оның өмірі мен ісі, творчествосы айқын дəлел. Дүние жүзі əдебиетінің тарихында бір ұлттың адамы екінші бір ұлттың адамы, екінші бір ұлттың жазушысы болып кеткен мысалдар өте көп. Бұл көбіне тарихи, қоғамдық жағдайларға байланысты. Əрине тіл бауырластығының да зор мəні бар, алайда шешуші емес. Бұл арада əр адамның өсен ортасы, творчестволық тұлғасын толықтыратын жағдайлар шешуші роль атқарады. Осы тұрғыдан алғанда украинец Гогольдің орыстың ұлы жазушысы болуының тарихи шындығы творчестволық өмірдің заңдылығына бағынған. Өйткені əрбір дарынды адам өзінің көңілдегісін, көрген-білгеннен алған əсерін, көрікті ойын қай тілде көркем етіп жаза алуына тікелей байланысты болмақ. Міне сондықтан да Илья Эринбургтің, Маргарита Шагинянның, тағы басқалардың орыс совет əдебиетінің өкілі, Мəжит Ғафуридің башқұрт жəне татар əдебиеттеріне ортақ классик болуы, тəжік совет əдебиетінің атасы Садриддин Айнидің өзбек əдебиетінің негізін қаласуға ат салысуы, тағы сондай көптеген мысалдар творчестволық өмірде жиі кездесетін жəне белгілі заңдылыққа бағынатын құбылыс. Əрине, көрінген адам мұндай дəрежеге жете бермейді, тек үлкен дарындар ғана өзі қызмет етіп жүрген ұлт мəдениетіне өшпес із қалдырып, еңбегінің мəн-маңызына қарай өзіне тиісті орын алады, қошамет көреді, құрметтеледі. Қазақ совет əдебиетінде осындай зор абыройға Сабыр Шəріповтың ие болуға правосы мол, тіпті артылып та жатыр. Адамзат тарихындағы ең бір белеңді кезеңде қоғам өміріне араласып өзінің революциялық ісімен ғана емес, жалынды өзімен, ақындық жанымен қазақ совет əдебиетінің негізін қаласуға араласқан Сабыр Шəріповты ерекше қадыр тұту, оның өмірлік нəрі мол творчествосын халыққа жеткізу, насихаттау біздің интернационалдық борышымыз болуға тиіс.
- * Революционерлердің лениндік гвардиясының əрбір айбынды жасағының өмір жолы кереметтей қызық қана емес ғибратты да. Олардың шырғалаңы мол, азабы мен бақыты көп бұралаң жолдарындағы өз соқпақтарын танып-білудің кейінгі ұрпақ үшін айрықша мəні бар. Өйткені олар өздерінің кешегі ата-бабаларының басып өткен сорабын көріп, бүгінгі шат заманның сырын ұғады, тағылым алады. Сабыр Шəріпов өмірінің қайғылы беттері де, қуанышты кезеңдері де мол. Өзінің шиыр соқпақ, кең даңғылдарына, əсіресе революция жылдарындағы қайраткерлігіне қарағанда Əліби Жанкелдин мен Сəкен Сейфуллиннің басып өткен өткелдерін еріксіз еске түсіреді. Сондықтан оны егжей-тегжейлі баяндаған орынды. Сабыр Шəріпов 1882 жылы 24 июньде (7 июль) Вятка губерниясы Елабұға уезі Салауыш болысына қарайтын Варзей аулының Атау дейтін жерде (кəзір Татар АССР-ының Агрыз ауданына қарайды) тоқыр кедей татар семьясында дүниеге келді. Сабырдың əкесі Шəріп Дəулетшин Има мен Кама өзендерінде жаз бойына бурлак болып, қыс айларында жөкеден шəрке тоқып, ара-тұра балық аулап дамыл таппай жүрсе де, өз семьясын ішер ас, киер киімге жарыта алмайды. Аштық пен жоқтыққа төтеп бере алмаған Сабырдың шешесі 1892 жылы, əкесі 1895 жылы дүние салады. Сабыр бастаған үш жетім «тағдырдың» таптауында қалады. Сабыр татпаған өмірдің ащысы болмайды. Оны өзінің бір естелігінде: «өз бетіммен күн көрмек қамына кірістім. Өзіме аяушылық сезімін білдіріп, тамақтандырған адамға жаз бойы ақы-пұлсыз жұмыс істедім, қысты күні медреседе (жатақханасы бар татар мектебі) оқыдым. Бай татар балаларының тамағын пісіріп беріп, қалған-құтқандарын жеп күнелттім. Сөйтіп деревняда 1898 жылға дейін болдым. Оқуға зерек болдым, сондықтан мен орыс мектебіне орналасуға талаптандым. Бірақ оған қалай түсудің жөнін білмедім» дейді Сабыр балалық шағын еске алғанда. Оқысам, адам болсам деген алыс арман жетектеген 15 жасар Сабыр Елебұға, Сарапул, Мамадыш, Қазан қалаларының
бəрінде болады, бірақ ешбір жылы емеурін көре алмай, арыпшаршап Нижний Новгород (қазіргі Горький) қаласына жетеді. Павлодардан сауда-саттық жөнімен жəрмеңкеге келіп жатқан Фаттах Рамазановқа қол бала болып жалданып, қазақ сахарасына жетеді. Алыс жолдың азабына Фаттахтың айғайы мен таяғы қосылып, əбден қажыған Сабыр паспортын тастай қашады, бірақ ол кезде құрығы ұзын купец ұстатып алып, түрмеге жаптырып қояды. Жазықсыз түрмеге түсіп ашынған Сабыр өзін-өзі өлтірмек те болады, белбеуге асылып тұрған жерінен уезд бастығының тілмашы босатып алады. Бір демократтық ой сыңайы əрбір инабатты іс-əрекетінен байқалатын И.Олашевскийге көшір болып жүріп түрмеден босайды да, Павлодардың ауылшаруашылық мектеп-интернатына оқуға түседі. Оны 1903 жылы ауыл шаруашылық машиналары мен саймандарының механигі, ағаш шебері жəне кітап түптеуші мамандығын алып тəмамдайды. Мектепті бітірер жылы патша министрі Сепягинді өлтіруге қатысқан студенттен жер аударылып осында келеді. «Мен оларға қызмет еттім. Бастапқы кезде олар менімен сөйлеспеді, бірақ түсінісе келе олар маған саясат жайынан əңгімелер айта бастады. Осы уақытта панисламдық идеялар да маған аян болды. Үкіметке жəне дін басшыларына наразылық туралы əрқилы əңгімелерді еміс-еміс естіп жүрдім. Бірақ солардың мəнісін онша жете ұғынбасам керек» деп есіне алған Сабыр оқуды бітірген соң Баянауыл жағындағы Шақшан ауыл мектебіне мұғалім болып орналасады. Бірақ Батыс Сибирьдің халықтық училищелері директорының миссионерлік саясатына сай қызмет жүргізбегені жəне татар ұлтынан болғандығы үшін Сабырды тағы да Павлодар түрмесіне жабады. Іс аяқталғанша кепілдікте жүріп, ауыл шаруашылық қоймасында істейді. Еш кінəсі жоқ болғандықтан Сабыр азаттық алып, 1904 жылдың жазына дейін Екатеринбург пен Каинск қалаларындағы ағаш шеберлерінің мастерскойларында жұмыс істеп жүргенде өзімен бірге оқыған адамға кезігіп, соның жəрдемімен Ақмоланың ауыл шаруашылық қоймасының меңгерушісі қызметіне тұрады. 1905 жылдың бас кезінде одан Атбасарға ауысады.
Ауыр өмір азабы айыға қоймайтын туберкулез ауруына шалдықтырған соң Сабыр қымызбен емделуді көздеп 1909 жылға дейін Сарысу жəне Ұлытау болыстарының писері болып жүреді. Қымыз, шипалы ауада қызмет істеу Шəріповке тəн азабынан тез айырылуға жағдай жасап қана қойған жоқ, келешек уақытта зор мəнді істер атқаруға, революциялық шаралар жүргізуге мүмкіндік берді. Атбасарға қайтып оралған соң Шаруа начальнигінің тілмашы болумен қатар, шкаф, үстел, орындықтар жасап сатып, күнін көреді. 1911 жылы қайтадан Екінші Жорған болысының писарлігімен қатар, Бүтімбаевтың Савниково селосында кездеме сататын сенімді адамы жəне Курск селосындағы кредит серіктігінің счетовод-председателі қызметін қоса атқарады. Бірінші дүние жүзілік соғыстың ауыртпалығы мен ылаңы күшейіп, əскерге алу басталған кезде Сабыр баспаналау қамымен Атбасардан кетіп, қазына заводтарына жұмысқа орналаспақ болады. Бірақ ол ойын жүзеге асыра алмай, 1916 жылы сентябрь айында писарьлерді əскерге алмайды деген лақаппен Көкшетау уезінің Балықтыкөл болысына орналасып, февраль революциясына дейін істейді. 1929 жылы жазған өмірбаянында Сабыр «1905 жылдан 1910 жылға дейін мен біршама жасырын жұмыстар істедім, əсіресе 1905–1906 жылдары насихат ісін қолға алып, прокламациялар мен үндеулер тараттым: бірақ 1910 жылдан 1915 жылға дейін бұл жұмысымыз тоқтап қалды. Революциялық сыңай 1915 жылдан бастап қайтадан күшейе бастады, бірақ көпке дейін мен революционермен қалай кездесудің, олармен байланыс жасаудың орайын таба алмадым. Осы мақсатпен 1915 жылдың жазында Москва, Қазан, Пермь, Тюмень, Омск қалаларында болып, ешбір революционерді кездестіре алмадым. Тек 1916 жылдың аяғында ғана РСДРП-ның Көкшетаудағы мүшесі Демецкий жолдаспен байланыс жасадым» – деп баяндаған болатын 1917 жылға дейінгі қоғамдық саладағы өмірін. Февраль революциясының алғашқы күнінен бастап Сабыр революциялық қозғалысқа белсене қатынасты. Патшаның тақтан түскен хабары Көкшетауға март айының бас кезін-
де жетеді. Саяси ұйымдар бас көтеріп, əлеумет ісіне белсене араласа бастады. Демецкийдің арқасында Сабыр Көкшетау социал-демократтарымен танысып, 1917 жылдың апрель айында РСДРП мүшелігіне қабылданды. Біраз уақыт өткеннен кейін Көкшетаулық социал-демократиялық топтың секретары болып сайланды. Орыс, қазақ, татар тілін жетік білетін Сабыр Шəріпов қала тұрғындары арасында үгіт-насихат жұмысын пəрменді жүргізді. Ел еңбекшілерінің тілегін тілеп, мұңын жоқтаған азаматтар əсіресе Əділбек Майкөтов, Ершік Тоқпаев, Тəшмағамбет Хамзин, Əбілқайыр Досов сияқты жергілікті халықтың ұландары күрес жоына тартылды. 1917 жылдың октябрь айында РСДРП-ның Көкшетау тобында 47 адам мүше болды. Қазақ, татар Комитеттері мен əскери гарнизонға Сабырдың ықпал жасағаны, прогресті жақтаған қауымның көз құлағы Көкшетау өңірінде С.Шəріпов болғаны айдан анық. Көкшетау Совдепі 1917 жылғы декабрь айында бар билікке ие болды, бірақ оның құрамында не идеялық жағынан, не ұйымдастыру жағынан ауыз бірлік болған жоқ. Тіпті социалдемократтың топтың өзінде тұтастық аңғарылмады. 1918 жылдың мартында қалалық советке депутаттыққа кандидаттар ұсыну кезінде большевиктер жəне меньшевиктер болып екі жарылды да, Совдеп жұмысына шырық бітірмеді. Осындай жіктеліс кезінде Сабыр өзінің табанды большевик, əлеуметтік өмірде болып жатқан уақиғалардың сырын парықтай алатын қайраткер екенін анық танытты. Большевиктер тобынан 1918 жылы 21 майда ашылатын Батыс Сібірь коммунистерінің бірінші съезіне делегат болып сайланып, Сабыр Омбыға аттанады. Революциялық талай қозғалыс-ереуілді өткізген Омбы ұйымы осы съезге Косарев, Апин, Усеевич, Шляхтер, Лобков сынды ірі революционерлерді жолдаған екен. Сондай-ақ Томск, Алтай, Семей, Петропавл, Курган қалалары мен губернияларынан да айбынды делегациялар келіп, бəрі де бұрынғы кадет корпусының жатақханасына орналасады. Өмірдің əр белестерін артқа салған, талай саяси күрес-тартыстың көрігінде қайнаған адамдармен бірге болу, олардың үлгі-өнегесін көріп, жалынды сөздерін есту Сабыр Шəріповке мəнді мектеп болды.
Сонымен қатар осы съезге Ақмоладан келген Жұмабай Нуркинмен, Омбы қаласында ломовой болып жұмыс істеп, жаңа заманды орнату ісіне араласып жүрген Угар Жəнібеков, Мұқаметқали Татимов, Зікірия Мукеевпен де танысып, əңгімедүкен құрған сəтінің де мəні аз емес. Батыс Сібір коммунистерінің съезі жүріп жатқан кезде өз еліне Қиыр шығыс арқылы қайтып бара жатқан чехословак корпусының 32-ші эшолоны Омбыға келеді. Келісім бойынша олар осы қалада карусыздануға тиіс. Бірақ ішкі контрреволюционерлердің, керітартпа күштердің азғыруымен жəне шетелдік интервенттердің арандатуымен қару тастаудан бас тартып, Мариновка станциясына шегінеді. Омбы губерниясын қорғау бөлімінің комиссары Успенскийдің отряды жақындағанда қарулы чехословактар қарсылық көрсетіп, осы кездесуде 48 адам қаза табады, 113 адам жараланады. Чехословак легионының алғашқы лаңының тұңғыш құрбандары осылар болды. Сөйтіп тарихта теңдесі болмаған ақ гвардияшылардың қанды қырғын терроры басталды. Сабыр Шəріпов 25 майдан 6 июньге дейін Омбы қаласын қорғағандардың қақ ортасында болды. Қорғанысты ұйымдастырып жүрген партия комитетінің тапсырмасымен Сабыр 7 июнь күні ертеңгі сағат тоғызда Атаман хуторына тексеру комиссиясының мүшесі ретінде келеді, бірақ уақыт өтіп кеткеніне яғни Совет өкіметінің уақытша құлағанын көріп, комиссия мүшелері жан сақтау қамына кіріседі. Қызыл əскерге қосылу үшін Сабыр əуелі Петропавлға, одан кейін Челябинск қалаларына келеді, бірақ ол мақсатына жете алмайды. Амалсыздан кері қайтады. Қиыр шығыста дұшпандармен күресіп жатқан Сергей Лазоның партизан отрядына қосылмақ ниетке бекінеді. Иркутскіге жетеді, əрі қарай тағы да өте алмай, Красноярскіге шегінеді. «Үш күн бойына нəр татқан жоқпын, қалтамда көк тиын қара бақыр жоқ. Аштық пен қажығандық екі жақтан қарақұлақ (цынга) ауруына душар етті, тістерім босап, көбесінен қан ақты, анда-санда есімнен адасып қала бердім» деп есіне түсіреді Сабыр сол күндерін. Осындай күймен июльдің бас кезінде Тайга станциясына жетіп, ағаш кесушілерден жəрдем көреді.
1918 жылдың 1 авгусында Есілкөл маңына жетеді. Қазақ ауылдары арқылы Атбасар жетпесе, үй-іші сондағы ағайынтуыстарына көшіп кеткенін естиді. 17 августа арып-ашып өзі писарь болған болыстардың шетіне ілігеді. Сентябрьдің бас шенінде бағаналы хандығының бүкіл діни ісін басқарған Ахмет ишан Оразаевтың аулына жетеді. Бұл төңіректің адамдары Сабырды ұмыта қоймаған екен, қолынан келер жəрдемдерін жасайтынын аңғартады. Осы өлкеге келгенше Сабырдың өзі де білмеген, бізге тек С.Шəріпов еңбектері арқылы жеткен бір жайға тоқтала кеткен жөн. Бағаналы елінің жай-күйі Сабырдың 1923–1924 жылдары мен «Қызыл Қазақстан», «Красная Киргизия» журналдарында қазақша, орысша жариялаған мақаласында, əсіресе ҚКП Орталық Комитеті жанындағы Партия тарихы институтының архивінде жатқан, əлі жариялана қоймаған, өзінің көркемдік дəрежесі, тарихи шындығының молдығы мен қызықтығы жағынан Сəкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешуіне» иықтас болатындай «Естелігінде» баяндалған. Бағаналы хандығы 1916 жылғы ұлт азаттық қозғалысы кезінде құрылған. Патшаның қара жұмысына əскер бермейміз деп ереуілдеген елді баспаққа отряд шыққан. Оны Ешкіөлмес пен Арғынаты тұсында бағаналы жігіттері қарсы алып, соғыс ашқан. Бірақ мұздай қаруланған отрядтың тегеурініне шыдай алмаған ереуілшілер Бетпақ далаға сіңіп, 1917 жылдың майына дейін қаннан қаперсіз жата берген. «Патша тағынан құлапты» деген қуанышты хабар бүкіл бағаналы елін дүр сілкінтеді. Өз бетімен хан бола бермек ниетіне əбден бекиді. Сол кезде жер-жердегі хандықтар жойылсын, Алаш-Ордаға бағынсын, əр үй 100 сом салық төлеп, əр ауыл əскеріне 10 адам берулері керек деп даурыққан ұлтшылдарды ұнатпайды, олардың айтқанын елемей өз бетімен тіршілік ете береді. Совет өкіметінің орнағанынан да бұлар жөнді хабардар емес, оның мəн-мағынасын түсіндірушілер де болмайды. Сабыр Шəріпов бағаналы елінің алашордашыларды жек көріп, ұнатпай отырғанын пайдаланып, совет өкіметінің жай-күйін түсіндіреді, онымен жақсы қатынас орнату жағын ептеп ескертеді.
«Хандықтың» құрылысымен танысып, мəн-жайды білу, əсіресе сыртқы істер министрі болып жүрген Хасан Бекхожинді көптеп танитындығы Омбының жұмысшы, солдат депутаттарының губерниялық советінің мүшесі болғандығы С.Шəріповке көп ой салады, бұл «хандықтан» іргені аулақ салмау қажеттігін ұғынады. 40 мың халқы бар елді Түркістанға қосса астығы мол Сибирьмен қарым-қатынас жасау жеңілдейтінін ішке түйеді. 1918 жылы 17 сентябрь күні Перовский совдепіне келіп, мəн-жайды түсіндіреді. Совдеп басшылары сенімсіздік білдіруіне Бағаналы хандығынан алған мандаты себепкер болады. Əсіресе Совдептің председателі Гержот Сабырды Дутовтың тыңшысы шығар деп түрмеге жаптырады. Күніне бірнеше рет тергеп, «шындығыңды айт» деп қинайды. Уездік азықтүлік комиссары Червяковтың ұсынысы бойынша астық сатып əкелетін экспедицияға қосып жібереді. Анау-мынау теріс іс-əрекет білдірсе атып тастаңдар деген тапсырма да алады. Қарсақпайға келген жерде қарт большевик П.Холмецкий кездесіп, С.Шəріповтың совет өкіметі жолындағы күрескер, шын революционер екенін айтып түсіндіреді. Сол жерде экспедиция бастығы Перовский совдепының атынан Бағаналы елімен саудасаттық жайын жəне Бағаналы жері арқылы Сібірьден тасымалданатын астықты алып жүруге ұлықсат алу мəселесін шешуді міндеттеген мандатты тапсырады. Сабыр бірден іске кірісіп, екі мың пұт астық артылған 150 түйе керуенін өткізуге ұлықсат алады да, 300 қойды ешбір кепілдемесіз-ақ Перовскийге айдатады. Қайтып келгеннен кейін Сабыр Сібірьден 1919 жылдың январь-июль айларында Түркістанға астық тасудың жобасын жасайды. Оны директорияға бекіту мақсатымен Ташкент қаласына келгенде Осипов бастаған эсерлердің көтерілісіне кезігеді. Қолға түсіп, атылатындар тобына қосып қойған жерде Омбыдан таныс Апин құтқарып алады. Қайтадан Перовск келгенде оған тағы да жылы қабақ көрсетілмей 75 контрреволюционердің көзін жою жөніндегі «жоспарға» кезігеді. Оны орындай алмай жүрген бір жасауыл Сабырдың үйіне себепсіз бірнеше рет келіп кетеді. Оның қолына басқа біреу түсіп, Сабыр аман қалады.
Азық-түлік комиссариатына беделді жəне əрекетті адам керек болған уақытта С.Шəріпов екі күннің ішінде үлкен тапсырманы орындап, сенімге қайтадан ие бола бастайды. Атбасардан астық жеткізу жөнінде тапсырма алып, елге беттеп келе жатқанда Аманкелдінің Сардары Нұрқамысовтан Торғайда совет өкіметі орнағанын, оған Əліби Жанкелдин уезд комиссары етіп Аманкелді Имановты тағайындағанын естиді. Атбасардан келген соң партизан отрядын жасақтауға кіріседі, Колчак тылында көтеріліс ашуға дайындалып жүрген Мариновка азаматтарымен астыртын байланыс жасай бастайды. 1919 жылы 20 майы күні ақгвардияшылар мен алашордашылардың Торғайда жасаған лаңын, Аманкелді мен Таран отрядының қаза тапқанын естиді. Мариновкадағы көтеріліс қанды қырғынға батады, Əділбек Майкөтов сынды революционерлер қаза табады. Колчак жасауылдарының қылышынан қан тамғаны соншалық, тіпті Түркістан жақта өлу мынаған қарағанда бақыт болып көрінеді» Сабыр Шəріповке. Азын-аулақ жинаған астықпен 10 июль күні Перовскіге оралады. Сонда Түркістан майданының айырықша бөлімінің бастығы Дунаевқа, Ташкент келгенде Түркістан республикасының революциялық-əскери советінің председателі Целиновке, Халық Комиссарлары советінің председателі Апинге Сібірмен солтүстік Қазақстандағы хал-жағдайды баяндайды. РКП(б) Түркістан өлкелік Комитеті 1919 жылы 23 июльде С.Шəріповке Омбы партия ұйымымен байланыс орнату жөнінде тапсырма беріп, жол-жөнекей шаруалар мен əскер арасына 15 000 дана үндеуді таратуды қоса жүктейді. Петровск–Атбасар–Омбы арасында жасырын бекет, паналар жай, тығылатын орындарды белгілеуге міндетті болды. Сабыр Сібірьге саудагер адам болып өтпек. 1919 жылы 2 августа сапарға шығып, назарға алуға тұрарлық жай-күйді хабарлай отрып, бар істі тиянақты тындырғаннан кейін 15 октябрьде Ташкентке қайтып оралды. 27 октябрьде реввоенсовет С.Шəріповты Батыс Сібір жағдайын жақсы білетін адам деп Қазалы қаласындағыв І армия штабы жанындағы комиссияға жолдайды. Қазалыда Сабыр армия штабын таба алмайды, оның есесіне председателі Элпава, мүшелері – Фрунзе, Куйбышев, Рудзутак
болған Түркістан ісін басқару жөніндегі ВЦИК комиссиясына кезігіп, мəн-жайды хабарлайды. Комиссияға қызметке алынады. Оны əуелі Бухарға жібермек болады, бірақ істің пайдасын ойлап екі бірдей мандатпен Қазақстанға жібереді. Түркістан ісін басқару жөніндегі ВЦИК комиссиясы С.Шəріповке «Атбасардың оңтүстігіндегі, Түркістан жақтағы бағаналының 11 болысында, Қарсақпайдағы ағылшын заводтарында, Байқоңыр мен Жезқазғанда совет өкіметін орнату» міндетін тапсырады. Міне осымен революционер С.Шəріповтың Бетпақ даланы шарлауы, көрген азабы тамамдалады. Атбасарға келгеннен кейін Сабыр ең əуелі партия ұйымының жұмысын жандандыруға кірісті. Алғашқы жиналыста секретарь болып сайланып, уездің еңбек комиссариатының председателі міндетін қоса атқарады. Азамат соғысы жылдары көрген азап пен бейнет текке кетпегенінің белгісі – Сабырдың 3-4 ай бойына төсек тартып ауруы болды. Атбасардың уездік ревкомы 1920 жылы 1 мартта «бағаналының 11 болысы мен ағылшын заводтарында болыстық, ауылдық, заводтық ревкомдар жəне олардың бөлімдерін ұйымдастыру, контрреволюция мен саудагерлікке қарсы бітімсіз күресу ашу, сондай-ақ халықтың қолындағы қаружарақтарды жинап алу Сабыр Шəріпов жолдасқа тапсырылсын» деп қаулы шығарды. Бұл тапсырманы да Сабыр зор абыроймен орындады. Осы кезеңдегі Сабырдың революциялық ісəрекеті өзінің мағыналылығы да айбындылығы жағынан Əліби мен Сəкеннің өмір жолдарына қатты ұқсайды. Олар өтпеген қияметқайым жоқ, соның бəрі де еңбекші елдің бақытына арналған. Сондықтан да революционерлердің бəрі де: Қайраттанар кез келді – уақыттарың Өз қолыңмен жасалар бақыттарың жолдастар! Асты-үстіне келтіріп сұм дүниені Жаңа тұрмыс, бақытты қолмен жасар жолдастар! Кедей ұлы жігерлі Бірігіп ұран салып қал.
Қызыл тулы майданда Бостандықты алып қал, – деп жаңа заманның жырын əлемге жайды. Жаңа дəуірдің қадасын өз қолдарымен қағып, негізін қалап, жаңа өмірдің шаңырағын көтерді. Совет өкіметі орнап, қанатын кеңге жая бастаған кезде Сабыр Атбасар ревокмының председателі болып істейді. Өзінің үлкен де арналы қайраткерлігін танытқан С.Шəріповті Ақмола губерниялық атқару комитеті председателінің орынбасарлығына 1921 жылы март айында сайлап, артынан председатель қызметіне жоғарылатады. Осы мемлекеттік ісінде ол өзінің парасаттылығын əбден танытты. Соның нақты бір көрінісі – Ақмола губерниясындағы қазақтарды отырықшылық тұрмысқа көшірудің алғашқы шараларын қолдану ісі болды. Нақты үлгі-өнеге көрсету мақсатымен Ақмола уезіндегі Қорғалжында, Атбасардың өрнегінде, Петропавлдың Баженовке уческесінде, Көкшетаудың Еңбекшілдер ауданында қазақ қалалары – Казгородтар салып, оларды егіншілікке керекті құрал-саймандармен, тұқым, қаражатпен қамтамасыз ету мəселесін Қазақстанда тұңғыш рет қолға алған Сабыр Шəріпов болды. Оның осындай озат идеясын үкімет басшысы ретінде Сəкен Сейфуллин «Еңбекші қазақ» газетіндегі «Қазақ қаласы» деген мақаласымен қолдап, арнайы қаражат бөлсе, өздерімен Октябрьдің бар өткелінен бірге именбей өткен З.П.Катченко құрылыс ісіне нақты басшылық етті. Сол Казгородтер күні бүгінге шейін жаңа заманның алғашқы мəнді ескерткішіндей болып жылдан-жыл өткен сайын көркейіп, гүлдене беруде. Тың игеру эпопеясы тұсында бұлар дала төскейіндегі қарт батырлардай тұлғаланып, мүлде іріленіп кетті. Орман-тоғайлы, алтын астықты алқаптың өркешті биігіне айналды. С.Шаріповтың 1924 жылдан бастап өмірінің соңғы күніне дейінгі екі-үш жылды есептемегенде жаңаша қайраткерліктің үлкен бір саласы бар. Ол осы кезеңде республиканың мұнай өнеркəсібін өркендету, қазақ пролетариатын өсіру, мəселесімен қатты шұғылданды. Ол бұл салада дипломы бар маманы
болмағымен, өзінің зор іждаһаты, тынымсыз дайындығы мен нақты ісі арқасында ірі қайраткер деңгейіне көтерілді. Қазақстан партия ұйымының лайықтауымен СССР Халық шаруашылығының Жоғарғы Советі С.Шəріповты Орал – Ембі мұнай өнеркəсібі басшысының орынбасары қызметіне тағайындайды, Доссордан басқа кəсіпшіліктің бəрі де тоқтап, Доссор – Ракуша невтепроводы істен шығып тұрған шағына тап болады. Мұнай өндірісіне жетекші болып жүргендердің біразы совет елі мұнайға жари қойсын деген тілекте болмайды, қайта қолынан келген кесірді жасауға талпынғандары аз емес екен. Партия ұйымында не бары үш коммунист, бірнеше адам мүшелікке кандидат көрінеді. РКП(б) Қазақстан облыстық комитетінің арнайы өкілі міндетін қоса атқарып жүрген Сабыр Шəріпов партия ұйымының жұмысын жандандыруға кіріседі. Партияға лениндік шақыру басталады. Мұнай өнеркəсібінде баяғыдан істеп келе жатқан жергілікті халықтың өкілдері де, басқа жұмысшылар да бұл ұлы науқанда белсенділік көрсетеді. Бұл жай бұрыннан өздерінше билеп-төстеп келе жатқан ескі басшылыққа ұнамайды, əкімшілік шаралар қолдана бастайды. С.Шəріповтың облыстық комитетке 1925 жылы 16 майда жазған бір хатында өзі жоқ кезде партияға енген 53 мұнайшыны онымен ақылдаспай маусымдық жұмысқа, ал 20 адамды жер қазу ісіне, ал сегіз коммунисті болмашыны сылтау етіп жұмыстап шығарып жібергендігін хабарлап, жəрдем берулерін өтінген шағы да жоқ емес. Осындай пəрменді күрестің арқасында мұнай кəсіпшілігіндегі коммунистердің саны азғана жыл ішінде екі жүз елуге жетеді. Доссорда аудандық партия комитеті құрылып, енді барлық мұнай кəсіпшілігіне жоспарлы басшылық шаруашылыққа ықпал жасай бастады. Сабыр Шəріпов өзі 1928 жылы Москваға қызмет ауыстырғанша жыл сайын аудандық партия комитетінің бюро мүшесі болып сайланып отырды. Ембі-нефтіге барған сəтінен С.Шəріпов мұнай өндірудің ең шешуші саласына, яғни қазақ пролетариатын өсіріп өркендету жайына айрықша назар аударды. Сондықтан да оның мұнай шаруашылығымен танысуының алғашқы қарлығашы «До-
ссор жұмысшылары», «Доссор жəне ұлт мəселесі», «Жер май жұмысшылары», «Орал – Жем ауданының келешегі», «Қазақстанда өнерлі жұмысшылар дайындау туралы» мақалаларға айналып əлеуметке жар салып жатса, екінші жағынан осы сияқты мамандық беретін мектептер мен курстерге ұласып та жатты. Кəзіргі кезеңде сол мектептің түлектері ірі маман, қайраткерлерге де айналғаны аз емес. Өйткені жергілікті халықтың өндіріске араласуы əшейінгі ғана тілек емес, пəрменді партия саясатының бір саласы екенін Сабыр ісімен де, сөзімен де дəлелдеп отырды. Сондықтан ол су мұқтаждығын да, пəтер аздығын да, тəн-жан да өзінің жалынды публицистикасына арқау етіп, үлкен саяси-экономикалық міндеттерді атқарта білді. Оның нақты көрінісін мынадай цифр айқын дəлелдейді. Эмба-нефть 1923–1924 шаруашылық жылында 125,5 мың тонна мұнай өндірсе, 1928–1929 жылы оны екі еседен асырып, 269,1 мың тоннаға жеткізді. Ал соғыс қарсаңында сол өлкеден 700 мың тонна өнім алынды. Осы цифрларда Сабыр Шəріповтың маңдай терінің тамшылары, қажымас-қайтпас қажырлығының үлестері бары айдан-анық. ВКП(б) Орталық Комитеті С.Шəріповті 1928 жылдың аяқ шенінде тұрағы Москвада болған «Эмба-нефть» тресі басқарушысының орынбасарлығына ұсынады. Ол трест мұнай өндіруге мүмкіндігі бар жерлерді геологиялық барлаудан өткізуге тиіс болды. Жұмыс ауқымы үлкейгеннен кейін Гурьев–Доссор жəне Темір аймағы болып екіге бөлінгенде, Сабыр 1930 жылдың басынан Темір бөлімшесінің басқарушы болып бекітіледі. Шұбарбұлақ, Кейкібас, Жаманағаш, Ескене, Қосшағыл, Байшұнас, Шұбарқұдық сықылды жерлердің бəрі де барланып, келешегі айқындалады. Осындай пəрменді де құнарлы еңбегінің арқасында Сабыр мұнай өндірісінің ірі маманы дəрежесіне көтеріліп, мемлекеттік ірі тапсырмаларды орындай алатындығын танытады. Совет өкіметі «Вевир – Хуриан Лиматед» есімді совет – иран акционерлік қоғамының директоры басқарушысы міндетіне тағайындайды. 1932 жылдан 1934 жылға дейін иран жерінің мұнайлы аймақтарын айқындауда айрықша жəдігерлік таны-
тып, зор абыроймен елге оралады. Иран еліндегі көрген-білгендерін, түйін-сезгендерін бірде «Иранға саяхат» сынды сапарнамаға бірде көрікті ойды көркем де қызық жеткізетін «Рузи Иран» сықылды новеллалар циклына, «Лəйлə» атты повеске айналдырып жазғаны өз алдына. 1934 жылдың сентябрінен 1935 жылдың майына дейін СССР Сыртқы сауда халық комиссариатының Оңтүстік Қазақстандағы өкілі, одан кейін 1937 жылдың аяғына дейін ҚКП Орталық Комитеті жанындағы партия тарихы институтының аға ғылыми қызметкері болды. Творчестволық жағынан осы кезеңнің айрықша құнарлы болғанын кейінірек əңгімелейміз. Содан кейін əуелі Құлсары, кейін Доссордың терең бұрғылау мекемесінің директоры, 1940 жылдан 1941 жылдың 15 майына дейін «Эмба-нефті» тресінің геологиялық барлау кеңсесінің директоры болып қызмет атқарды. Өзінің үлгісімен мамандықты таңдап алған, Пермь облысы Верхночусовой кенінде жүрген инженер-геолог қызы Фаридаға 1942 жылы 19 апрельде жазған хатында «Совет өкіметі алдында менің арым таза. 25 жыл коммунист болдым. Мəңгі-бақи коммунист болып қаламын» дегені Отанымыздың шын патриоты, табанды лениншіл, үлкен жүректі интернационалист, революционер, қоғам қайраткері екенін анық танытады. Аяулы азамат 1942 жылы 17 июльде өзінің іс-əрекеті мен өтелген парызына риза болып жарық дүниеден аттанды. * Дүниеде таңқаларлық құбылыс көп, соның бəрінің де себепсалдары мен дəлелдемесін табуға əбден болады. Өйткені əрбір қайраткерліктің өз жоралғысы əрқашанда қасында, бірақ соны дер кезінде ұштай, қанаттандыра білу, сырын ұға білу шарт. Өмірдің өзі ұсынғанды жетелі адам əрқашан тек өзінің ғана үлесі етіп қалдырмай, өзгелерге жеткізуге асығады. Міне осындай жағдайда көркем бейнелеуге ыңғайы бар қалам өзінен өзі жебелі айтсам-ау, жазсам-ау деген ниетті еріксіз тудырады. Са-
быр Шəріповтың шығармаларымен танысқан уақытта осы ой əрқашан өзіңді жебей қамшылап отырады да, өмір шындығын реалистік жəдігерлікпен қалың жұртшылыққа шынайы жеткізе білетініне қуанасың. Өйткені ол жазушы үшін емес, өмірдің еріксіз жаздырған шындықтарын қастерлеуші болып, шынайы қарапайымдылығымен, тарихи дəлдігімен, нəрлігімен оқушыны еріксіз тартып алады. Сабыр Шəріповтың өнерпаздығы да оның революциялық ісі мен қоғамдық қызметі сияқты өрелі де өнегелі. Жаңа өмірді орнықтыру мақсатынан туған, Революционер жазушы өз көзімен көрген қоғамдық өмірді шынайы қалпында суреттеп, оқушыға эстетикалық лəззат қана емес, сонымен қатар арнасы кең білім, тұрмысқа қажетті үлгі-өнеге де береді, қазақ халқының революция қарсаңындағы тіршілігімен, Иран елінің əдет-ғұрпы, өмірімен таныстырады. Қайсыбір шығармаларында шын қаламгерге тəн шабытпен сілтейді. Сабырдың өнерпаздық жолға түсу соқпақтарына көз жібергенде оның жеке қара басына тəн бір ерекшелікті тағы да қайталап айту қажет. Сабырдың шыққан тегі – татар ұлты, өскен ортасы – қазақ елі. ХІХ ғасырдың аяқ шенінде қазақ даласына жоқтық айдап келген Сабыр мүлде өзгеше тұрмысқа, əдеп-ғұрыпқа, жаңа ортаға тап болды. Ақылы алғыр, көңілі жүйрік, көзі көреген, жүрегі сезімтал Сабырға қазақ өмірінің өзіне тəн өзгешеліктері ерекше əсер берді. Көп жылғы өмір қазақ тілін ана тіліндей білуге мəжбүр етті. Көрген-білгенді, ақындық сезімге əсер еткен құбылыстарды сыртқа шығарудың, өз білгенін өзгеге таныстырудың, ортақ етудің творчестволық қажеттігі туған шақта Сабыр қаламды қазақша тартты. Сөйтіп, Сабыр Шəріпов қазақ совет əдебиетіне интернационалдық байланыстың туын ұстап келген талантты жазушымыздың бірі болды. Сабырды қазақ əдебиеті жатсынбады, өнерпаздық қадамының алғашқы күннен-ақ достық құшағын жайып қарсы алды. Осының айқын көрінісі етіп Сəкен Сейфуллиннің өзімен тағдыры да, революциялық ісі де, қоғамдық қызметі де бір бағдарда болған Сабырдың 1926 жылы «Еңбекші қазақ»
кітапханасынан «Алтыбасар» атты əңгімесін шығаруға достық көңілін, өнерпаздық жəрдемін аямай, кіріспе жазғандығын дəлелге келтіруге болады. «Алтыбасардың» алғашқы нұсқасы 1918–1919 жылдары қуғын-сүргінде жүрген кезде нобайланып, 1923–1924 жылдары «Қызыл Қазақстан» журналында жарияланды. Жеке кітап етіп бастыру үшін Оқу комиссариатының білім орталығына тапсырған жерінен қолжазбасы жоғалып кетеді. Осыны естіген Сабыр журналда жарияланғандарын жиып бастыруды Сəкенге тапсырады. Жолдастық парызды бекем ұстанған, қасиетті борыштай санаған Сəкен «Мен Алтыбасарды» журнал номерлерінен құрастырып, аздап жөндеп, қайта көшіріп, мемлекет баспасына тапсырдым. «Алтыбасар»қазақ тұрмысынан жазылған əңгімелердің ішінде шебер жазылған кітап. Қазақ тұрмысынан, қазақ-крестьян тіршілігінен нұсқа, үлгі, мысал боларлық кітап, тілі таза, түсінікті, сөз қалаулары əдемі. Суреттері айқын, толық. Бояулары ашық. Жазушының қазақ тұрмысын жақсы білетіндігі анық көрінеді. «Алтыбасардың» өзінше мақтауға сиятындығын оқушының өзі де көрер. Бұл күнге шейін қазақтың шаруашылығын, тіршілігін суреттеген кітап жоқ еді. Бұл ретте «Алтыбасар» бірінші кітап» деп Сабырдың тырнақалдысына ақ батасын беріп, қалың оқырманға ұсынды. «Алтыбасар» шыққаннан кейін «Еңбекші қазақ» газетінің бетінде 1926 жылы 27 сентябрьде рецензия жариялады. Кітаптың бірқыдыру жетістіктерін атай келіп, рецензент «Бұл əңгімеде қазақ пен мұжық шаруасы жақсы суреттелген. Қазақтың жалқаулығы, байғамдығы дұрыс жазылған. Қазақтың еңбекке көзқарасы бұлжымай түскен. Бұл күнге шейін қазақша шығып жүрген кітаптартың ішінде шаруаға пайдалысы осы «Алтыбасар» деуге болады. Хат танитын шаруа бұл кітапты алып оқыса қызық та, пайдалы да» деп Сəкен пікірін əрі қарай жандандыра түсті. Сабырдың тұңғыш еңбегінің Сəкен мен «Еңбекші қазақтан», оқушы көпшіліктен көтеріңкі баға алуы оның творчестволық
қадамның сəтті басталғандығының айғағы болса, екінші жағынан, өнерпаз кадрға зəру болған дəуірде қазақтың пролетариат бағытындағы əдебиетіне үлкен үміт артар өнімді қаламгердің келгендігін көреміз. Сабырдың ылғи көркем туындымен айналысуға мұрсаты бола бермеді жəне өзі көріп-білген өмір шындығынан қия баспады. Сондықтан осы екі жайдың екеуі де оның қаламгерлігіне ізін түсіріп отырды. Оның қолынан шыққан повесть, əңгіме, новелла, сапарнама, очерк, публицистикалар бір-бірімен іштей байланысып, бірінен бірі туындап жатады. Əрине, оларды хронологиялық жолмен баяндап шығу оңайырақ, алайда үйірлей, топтай əңгімелесек, Сабырдың қаламгерлігінің ішкі сыры анықтала түсетінін ескеріп, жүйелей əңгімелеуді орынды таптық. Өйткені оқушы жұртшылықтың Сабыр творчествосымен азды-көпті таныс болатындай уақыты да, мүмкіндігі де болды. Сабырдың қазақ елінде бармаған жері, баспаған тауы жоқ, оның байқағыш көзінен өтпеген қазақ тіршілігінің əдеп-ғұрпы, рəсімі жоқ. Көрген-білгенін, сезгенін, көңіліне түйгенін жазып тастауға құмарлық оның қаламын уақыт өткен сайын ұштай да түсті, ажарландыра да берді. Қазақ халқының психологиялық сыр-құпиясын да, этнографиялық жай-күйін де, қоғамдық-əлеуметтік тіршілігін де жіті бақылауынан Сабырдың тұңғыш «Алтыбасары» туды. Көлемі жағынан да, өмір құбылыстары мен оқиғаларын кең қамтуы жағынан да повеске я романға арқау боларлықтай өмір шындығы бар. «Алтыбасар» əңгімесінің алғашқы нұсқасы 1918–1919 жылдары жазыла бастаған. Осы көлемді шығарма революцияға дейінгі қазақ елінің өмірін əдейі аралап көрген адамның жол əңгімесі сияқты. Автор белгілі бір сюжет бойынша сапарнаманы өрістетпей, нақты тақырып бойынша қоғамдық құбылысты суреттеп отырғандықтан өзінің өрелі ойына онша өріс бермей, реті мен жөніне қарай түйіндеп, тұжырып тастап отырған. Мұны Сабыр қаламының жастығы, тəжірибесінің аздығы деумен қатар, оның жазу стилінің сүбелі бір тармағы деп таныған жөн. Ұзын сүрлеуі оннан аса жылды қамтитын осы сапарнамада кейіпкер ролін атқаратын – автордың бекем позициясы. Бұл
позиция көргенді көрген күйінде батпай салатын натурализмнен аулақ, қайта заман ағымының олпы-солпысына маркстіклениндік таным тұрғысынан талдау жасауға, көркем бояу мен жинақтай, түйіндей көрсетуге талаптанған айбынды позиция. Шытырманды өмір оқиғаларына толы осы шығармада мəні үлкен екі келелі мəселеге ерекше назар аударылған. Ең алдымен, «Алтыбасарда» революцияға дейінгі қазақ халқының өмірі, əдет-ғұрпы, рəсімі, шаруашылыққа бейғамдығы, елжұрттың титығына жеткен ру айтыс-тартысы, партиягерлік, шенқұмарлық, сауда жəне өсімқорлық капиталдардың сыздықтап еніп, феодалдық-патриархалдық қатынастың шырқын бұза бастауы, көшпелі тіршіліктің күні өтуге айналып келе жатуы, тағы сондай əлеуметтік құбылыстардың бəрі де көркемдік бояуын тауып, дəл жəне нақты суреттеледі. Бұл жағынан келгенде Сабырдың «Алтыбасары» этнографиялық мағлұматтарға ерекше бай. Бұл əңгіменің құнын төмендетпейді, қайта оның мəнін арттыра түседі. Қазақ еліндегі осындай құбылыстарды жіті байқауына, көре білуіне автордың басқа ұлт өкілі болуы себепті болса, екінші жағынан əрбір əлеуметтік құбылыстың оңы мен солын, ойы мен қырын сарапқа сала білетін позициясы мен көзқарасының бекем де айбынды болуы – оның шығармасының эстетикалық құндылығын арттыра түскен. «Алтыбасарда» жеріне жеткізіле суреттелген үлкен мəселенің бірі – орыс пен қазақ халықтарының достығы жəне шаруашылықтарының өркендеу жолдары. Патша өкіметінің сабырлық саясатының зардабынан орыс шаруалары өздерінің ата-мекенін тастап, күнкөріс қамымен Сібір мен Қазақстанның байтақ өлкелеріне қоныс аударғаны көпшілікке аян. Шығармада столыпиндік аграрлық реформа бойынша қоныс аударған мұжықтардың Қазақстанға леклегімен келуі суреттеледі. Жоқтық қыспағына түсіп, титығы шыққан адамдарға жаның ашиды. Есіл атырабына арып-шаршаған, тұрмыс қажытқан орыс шаруалары келіп қоныс тебе бастады. Қасірет құшағындағы шаруаларға қазақ еңбекшілері əлі келгенше жəрдем көрсетсе, даланың жыртқыштары – бай мен би, болыстар – озбырлық қолын сұғады, жібі түзу киімкешектерін, мүліктерін алдап алады, еңбегін қанайды.
«Алтыбасар» əңгімесінің негізгі идеялық нысанасы – ұлттар арасындағы қарым-қатынастары, тіршілік жағдайларын шынайы көрсете отырып, көшпелі тұрмыстың адыра қалуы керектігін, қоғамдық дамудың алып бара жатқан бағытына жанаспайтындығын, əлеуметтік прогреске оралғы болатынын суреттеу, отырықшылықтың артықшылығын, егіншілікпен айналысудың қажеттігін дəлелдеу. Осы келелі мəселелер орыс пен қазақ шаруашылығының аз жылғы өркендеуі жолдары арқылы нақты көрсетіледі. Мұнымен қатар жазушы дүниежүзілік бірінші империалистік соғысты тұтатып, елді қансоқтаға салған, əбден күйзелткен, «антын» бұзып қазақтан қара жұмысқа əскер алған патша өкіметінің саясаты сияқты ең тағы озбыр өктемдік, үстемдік еткен кезеңде адам баласына бостандық пен теңдік, бақытты өмір жоқ екендігін көркемдік нанымдылықпен айқын суреттеп береді. Сабыр осы «Алтыбасардағы» өмір шындығын енді көркемдік електен өткізуге, нақты образ жасау қажеттігін айқын сезген уақытта қазақ жазушылары жіті аңғара бермеген жайларға айрықша назар аударды. Соның алғашы сілемін 1929 жылы жарияланған «Сүлік», «Қала шығу» атты шын мəніндегі көркем əңгімелерінен Сабырдың жазушылық шеберлігінің қаншалықты биік деңгейге көтерілгенін айқын аңғарамыз. Бұл екі əңгіменің тақырыптары біздің əдебиетте бұрын-соңды жазылмаған мəселелер деп айтуға болғандай мүлде жаңа трактовкада берілген. Қазақ еңбекшілерінің бай, молдадан, атқамінер қулардан қорлық көруі, езгісінде болуы, қаналуы 20–30 жылдардағы шығармалардың өзекті мəселелерінің бірі болатын. Көптеген ақын-жазушылар осы тақырыпты қолға алғанда көбіне ашық, бадырайып тұрған қиянат пен зұлымдықты көрсетумен шектелетін. Осы ретте Сабырдың жауыр болған көріністерден бойын аулақ салуы оны творчестволық табысқа жеткізген. Оған əлгі екі əңгіменің оқиғасы дəлел. «Сүлік» əңгімесінде Ысқақ қажының ел еңбекшілерін сүліктей соруы бір ғана мысал арқылы көрсетіледі. Жаздың ыңғайы нашар, шөп шықпай, қуаңшылық болып тұр. Қыста жұт бо-
латыны əлден-ақ белгілі. Не істеу керек? Ысқақ қажы көп малын қалай асырамақ? Дін сөзімен жинаған мүлікті шашуға бола ма? Қалай етсе аман қалмақ келе жатқан жұттан? Міне тек осы жалғыз ой Ысқақ қажыны түнде ұйықтатпайды, күндіз күлдірмейді. Тапты амалын! Қуандық молда сияқты итаршысы арқылы ел арасына қауесет таратады. Сауын малға қолы жетпей, ақтан тарылып отырған жұрт қажыдан арық-тұрық бір сиыр алып мəз болады. Құдайы адам ғой, жақсылық жасауын көрдің бе, иманың өзіңе жолдас болсын, бала-шағаңның игілігін көр деген тілек-алғыста шек жоқ. Қажы көздеген мақсатына жетті, енді малынан шашау шықпайды, өліп-жітіп қалса шариғат жолымен де, заң жолымен де төлетіп алатынына көзі жетеді. Кедейлер əзірге мəз. Шөбін шауып, жанын сала қимылдап қажының малын күтуде, өсіруде Бəкір ауылына берілген 40 сиыр бес-алты жылдың ішінде 200 бас болды. Мұндай өсім басқа ауылдарда толып жатыр. Еңбегі сіңген еңбекшілер бұл малдың қажінікі екенін де ұмыта бастаған уақытта Ысқақ жауар бұлттай түнеріп, қаһарын төгіп жината бастайды. Заң мен дін сөзі қатарласа шауып, елді мəңгіртсе де, Бəкір ауылы жанын салып қарсыласып бақты, бірақ өсірген малына ие бола алмады. Ақырында, бір ауыл ел сойылға жығылды, сотқа тартылды, азып-тозып кетті. Ысқақ қажыдан қарыз алмаған Бəкір мен Шардарбек екеуі ғана жұртта отырып қалды, ағайын-туғандарынан айырылды. Елді осындай күйге түсірген қажының сүлік екенін көзге елестейді де, оның өзі əңгіме оқиғасына қазық болып, іске көп араласпағанынан көркем образға айналғандығын көреміз. Экономикалық негізі мықты, суреттегіш бояуы қалың, оқиғасы бай осындай əңгіме Сабырдың творчестволық бетін айқындай түседі. Сол сияқты «Қала шығу» əңгімесі де осындай көзге бірден түсе қоймайтын жəйтті баяндайды. Ел еңбекшілерін қанау мақсаты талай тəсілді туғызған. Қаладан, базардан алыс отырған көшпелі қазақ ауылы киім-кешек, қант-шайын тек қалалы жерден алғызады. Кедейлердің өзі барып келе алмайды, оған мұршасы жетпейді. Міне осыны білген Асырбайдың баласы
Жаңабай қала шығып, жұрттың тапсырмасын орындап, алғысбатаға белшесінен бата жүріп елді қанайды. Бұл «кəсіппен» шұғылданушы жалғыз Жаңабай ғана емес, толып жатыр. Сондай пысықтардың арам ниеті мен зұлымдығын жазушы былай əшкерелейді: «Он тоғыз үйдің ортасынан қала шығып едім. Үйден бір тиын жасамай, бірден екі жүз сомның пұлын, азық түлігін алып келе жатырмын», – деп Қасымбек мақтанды. – Жиырма бес үйдің ортасынан мың жарым сом пайда бар, – деп Тоқсейіт мақтанады. – Он төрт үйден қала шығып бес жүз сом пайда қылды – деп Жақып күйінеді... – Біреуімізден біреуіміз асып кеткен еш нəрсеміз жоқ екен ғой, мен де бір талай үйдің ортасынан шығып, солардың қосқан малдарынан мың сомнан артығырақ пайда қылдым. Айналасы жүз үйге толар-толмас екен. Солардың үстінен бес мың сомнан артық ақша бесеуіміздің қалтамызға кіріпті. Бұ да бір талай дүние ғой, – деп Жаңабай сөйледі. – Бұл сұмдығымызды ел біліп қалса жанымызды тірі қалдырмас. Ауыздарыңа берік болыңдар жарқыным, – деп Жақып қауып айтты. – Тəйірі мынау Жақып қорқақ екен ғой! Сорлы кедейлер маңайымыздан жүре алар ма екен? Олар не қылушы еді? Жүз үй жүз жерде бөлек, бет-бетімен бытырап жүріп, бізге не қылушы еді? – деп Қасымбек қайрат көрсетті. – Айғырдай жігіттер қыстай жылқы бағып, бір жылқы алады, біздің мұнымызды адал ақы деп ешкім де айта алмас. Қайткенмен ауыздарыңа мықты бола көріңдер. Бір айда жиырма жылқы олжа деген неғылған «батпан құйрық» дегеннің нақ өзі. Сақтық қылу дұрыс – деп Жақып тағы да ақыл айтты». Сабыр шығармаларында қазақ халқын сүліктей сорып қанаушылардың сүреңсіз кейпін көрсететін эпизодтар мен көріністер өте көп. Мұның өзі өмір шындығын шынайы қалпында суреттеу қажеттігінен туғандығы бір болса, екінші жағынан қазақ елінде тап болған емес, еңбекші мен бай деген жай шартты ғана атау, қанаушы мен қаналушы деген қазақ өмірінде
кездеспейтін құбылыс деп сандырақтайтын ұлтшылдар мен алашордашыларға көркем əдебиет арқылы жауап беріп, аузына құм құюдың бір амалы еді. Осы салада «Жер қазғандарды» жазған С.Сейфуллинмен, қазақ кедейлерінің тіршілігін суреттеген Б.Майлинмен Сабырдың идеялық-творчестволық принциптерінің бір жерден шығып, жаңа əдебиетті өркендетуге қосқан үлесі өзінен-өзі көрініп отырады. Сабырдың қазақи өмірдің шындығын үлкен полотно арқылы көрсетуге талпынған қадамы «Заң зəбірі» повесінен анық байқалады. Енді автор сапарнамадағы көп шындықтардың бəрін кейіпкер тағдырына орайластыра баяндап, көркем образ жасау қажеттігін өнерпаздық тұрғыдан сезгендей кейіп танытады да, бізді тағы да əлеуметтік зорлықтың, яғни өсімқорлықтың аюандық келбетімен таныстырады. 1929 жылы «Жаңа əдебиет» журналында əңгіме болып басылған, 1935 жылы екінші рет жарияланған уақытта повеске айналған «Заң зəбірі» атты шығармада қазақ халқының революцияға дейінгі өмірінде өсімқорлық капиталдың туа бастауы соған сəйкес қанау түрлерінің өзгеріске ұшырағанын, одан еңбекші тап өкілдерінің жапа шеккендігі суреттеледі. Талай адамның өмірі мен тағдырына пəле болып жабысатын нəрсе – не бəрі он қадақ тұз. Бұл шығарманы оқып отырғанда несиеге берілген он қадақ тұздың аз ғана уақыттың ішінде ақшаға айналу немесе он қой, екі өгіз болып кететін процесі нанымды көрсетіледі. Мұндайды заң қорғайды, бай тілейді. Адам тағдыры ойыншыққа айналады. Сенбай сияқты өз қолы өз аузына жетіп отырған еңбекқор семья он қадақ тұздың лаңынан азып-тозып, өліп-жітіп бітеді. Он шақты адамнан Ахмет пен Бидаш қана өмір қорлығына төтеп беріп, совет өкіметі орнағаннан кейін кісі қатарына қосылып, ел басқарады. «Заң зəбірі» атты повесте тап тартысы шынайы қалпында көрсетіледі. Əшірбек пен Сəлімнің озбырлығы мен қиянаты, зұлымдығы нақты іс əрекет үстінде əшкереленеді. Оларға қарсы қимыл жасаушы Ахмет шығарманың алғашқы бөлімінде, яғни Иркутскіге жер аударылып, татар тұрғындарының мейірбандығына кезіккенге дейін, көркемдік бояумен жан-дүниесі ашыла суреттеліп, оқушының аяныш сезімін оятып отырады.
Ал енді оның Жүніске кездескеннен кейін ірі тартыстың динамикалық қозғалысы жете көрсетілмегендіктен, өмір шындығының əшейін баяндалуынан образдың өсу процесі көрінбей қалған. Əшірбекті конфискелеу мен Сəлімді əшкерелеудегі ұтымды штрихтар типтендіру, түйіндеу мақсатынан тумай, дəлелдеу тұрғысынан алынғандықтан оқушыны баурап ала алмай қалады. «Бекболат» повесіндегі кезең сипатын дəл ұстап, бадырайта көрсететін тəсіл бұл шығармада толық сақталмайды. Оған тегінде 1910–1930 жылдар арасындағы дəуірді мүмкіндігінше түгел қамтимын деген талап кедергі болған сияқты. Осының нəтижесінде көркемдік бояулар мен приемдар қажетті жерінде қоюлана түспей жалаңдау шыққан. Алайда мұндай көркемдік кемшіліктер повестің алдына қойған мақсатын орындап шығуға кесірін тигізгенімен, оқушыға əлеуметтік жəне эстетикалық тəрбие беретін қасиеті барлығын жоққа шығара алмайды. Сабыр Шəріповтың қазақ елінің тұрмысынан жазған шығармаларының ендігі бір мол тобы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске, революция жылдарының шындығына байланысты. Бұл шығармалар өздерінің мəн-мағынасы жағынан болсын, сондай-ақ көркемдік електен өтуі жағынан болсын 30шы жылдардағы прозамызда көрнекі орын алатын туындылар. Солардың ішінде «Бекболат» повесінің мəн-мағынасы да, көркемдік өресі де алабөтен. Қазақ əдебиетінің тарихында өзінің алғашқылығымен ғана емес, көркемдігімен көзге түскен «Бекболат» повесінің тууына екі жай əсер еткен. Ең алдымен С.Шəріповтың қазақ өмірін бүге-шігесіне дейін білуі, ол жайында жоғарыда баяндалды. Екінші, 1935 жылдан бастап Қазақстанда патша өкіметіне қарсы көтерілген ұлт-азаттық қозғалысының 20-шы жылдығын атап өтуге дайындық жұмыстарына тартылуы. Осы бақытты кездейсоқтық Сабыр үшін айрықша мəнді болды. Өйткені 1916 жылдың бар оқиғасына Сабыр өз көзімен көргені, оның жай-жапсарын басқалардан бірқыдыру артық білетіндігі болса, екіншіден, көрген-білгенін айтып беретін қаламының жүйріктігі, ерінбей-жалықпай еңбек ететіндігі, шындықтан айны-
майтын адалдығы болды деу орынды. Міне осындай бірінебірі іштей жалғасып жатқан жайлар Сабырды творчестволық іске еріксіз жетелеп отырды. Соның арқасында ол Ырғызға барып, Аманкелді бастаған Торғай өлкесінің шын жағдайын, тарихи негіздерін растап қайтты. Көрген көрініс, кездескен көтерілісші, Аманкелді сарбаздары, олардың қарапайым да шыншыл əңгімелері Сабырдың ұшқыр қаламына жел бітірді. Көркем əңгімеге бергісіз очерктер газет, журнал беттерінен көрініп, тарихи-зерттеу еңбектеріне арқау бола бастады. «Ит терісі», «Бұхара көтерілісі», «Өлкейек жағасында», «Тайшым Орысұлы», «Алабас», «Албан бұғы» сықылды көркем очерктер жинақтай келгенде Сабырдың «1916 жыл» атты цикл жасауына негіз болды. Автор торғай-ырғыз төңірегімен ғана шектеліп қалмай, Баянауыл, Нарынқол–Қарқара жағына да көз салып, тарихи шындықты қаз қалпында баяндайды. Оның қайсыбірін айтушылардың естелігіне айналдырып, орыс тілінде шыққан «Восстание» 1916 года в Казахстане (национально-освободительное восстание казахских трудящихся против царизма в 1916 г. Сборник воспоминаний и материалов) деген кітапта 1937 жылы, «1916 жыл» деген кітапта 1941 жылы жарияланды. Өзінің бұрыннан көрген-білгені, естігені бар Сабыр Шəріпов осы экспедициялар кезінде жинаған материалдарды көркемдік тұрғыдан игеру қажеттігін сезінеді де, прототипі Аманкелді Иманов болған «Бекболат» повесін жазуға кіріседі. Сабырдың «Бекболат» повесті шын мəніндегі көркем шығарма. Автор Бекболат тұлғасы арқылы қазақ кедейлерінің күрес жолына түсуін, қоғамдық дамудың айбынды сферасына тартылып, жаңаны жасау, орнықтыру майданына белсене кіріскендігін айқын көрсетеді. Бекболаттың жатақтарға бас болуы, əуелінде ата-ру таласынан ушығып барып таптық күрестің жолына түсуі, айдалып жүріп Лена қырғынына қатысуы, оның əлі де болса жетіле қоймаған сана-сезіміне революциялық идеяның сыздықтап сіңуі Пермьдегі қуғын-сүргіндердің революционер болмасқа шарасын қалдырмауы, ел азаттығы мен халық бақыты жолындағы ұлы тілектің қолына қару алғызып,
азамат соғысының қанды майданына араластыруы – осының бəрі қазақ еңбекшісінің халықтық қозғалыстың ұлы арнасына тартылуының айқын көрінісі. Осы тұрғыдан алғанда Бекболат тұлғасының зор болуы типтік характердің типтік жағдайдан туғандығын, көркемдік бояу мен авторлық шешімінің жинақтылығын аңғартады. «Бекболат» повесінің идеялық арқауын айтқанда көркемдік қасиетіне тоқтала кету шарт. Сабыр Бекболат образын жасаған уақытта көркемдік шеберлікпен барлық оқиғалар желісін оның төңірегінде шыр айналдырады. Ауыл байларының озбырлық істері мен сұм мінез-қылықтарын Бекболатты қатыстыру арқылы ашып отырады. Адал еңбек, маңдай терге байлардың жаны ашымайтындығы елдің жайлауға көшіп бара жатқан көріністерінен айқын аңғарылып, эстетикалық шешімін табады. Сондай-ақ елге аты шыққан, бір тайпа елдің ісі түспей кетпеген ұста Бекболаттың барымтаға іліккен малды қуып келе жатқандағы ойы мен ісі психологиялық тұрғыдан алғанда өте нəзік суреттелген. Шынында да, өмір бойы сөзге араласпай, ұсталық өнерді кəсіп етіп, күнін көрген Бекболат өзіне арналған жылы сөзді, тартылған сыйды ерекше мархабатпен қабылдап, қасындағы жолдастарына мақтанып алатын кездері шын адалдықты, арамдықты білмеген ақ көңіл еңбек адамының жан дүниесін ашып тастайды. Бекболаттың əділеттік іздеп болысқа жүгінуі, Ақмешітке келіп арыз бермек болған əрекеті өзінің нанымдылығымен ғана емес, психологиялық пернелердің дəл басылуымен көзге түседі. Бекболат бойындағы марғаулық, ақжарқындық, кіршіксіз тазалық Сабырдың көркем суреттеуі арқасында қазақ кедейлерінің бойындағы ізгі қасиеттердің синтетикалық жиынтығы ретінде бой көрсетеді. Көлемі шағын, бірақ оқиғасы қалың повесте таптық көзқарастың қалыптасу жолдары да айқын суреттеледі. Бекболат əділеттік таппай, жалған жаладан жер аударылып кеткеннен кейін жатақтардың жасаған стихиялық əрекеттері – таптық сананы оятарлық сипатты көрініс. Бірақ оны өрбіте, ілгері тартып қалыңдата түсетін күштің болмасына өкініш білдіресің.
Егер бастайтын күш болса Бекболаттарға жəрдем қолын созатын жалшы-жақыбайлардың көп екендігі, əсіресе Қазбек пен Жаңғаораз сияқты байлардың жылқышыларының ең қысылшаң кезеңде таптық тілекке ойысуы – қазақ кедейінің шыдамы таусылып, өз езушісіне тап беруге дайын тұрғандығын көрсетеді де, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің тұтануына патша жарлығының тек жеделдеткіш себебі болғандығын айтқандай түседі. «Бекболат» повесті шұрайлы идеяларға толы. Əке-шешесінен айрылып, қазақ кедейінің жылы қойнында тəрбиеленген Осиптің мінез-құлқы, Бекболат оқиғасына қатысып, онымен Пермь қаласында кездесуі, түрмеден құтқаруы, əкесіндей бағыпқағуы ұлттар достығын қазақ əдебиетіне машықты болмаған бояумен суреттеудің тəсілі деп тапқан орынды. Сондай-ақ повестің финалындағы Бекболаттың іс-əрекеті, ерен ерлігі, тап жауынан кегін алуы, өзінің аңқаулығынан, адамға сенгіштігінен қаза табуы – көркемдік тəсілдерді шебер қолданудың нəтижесінде үлкен эстетикалық мəнге ие болады. Міне повестің осындай идеялық-творчестволық қасиеттері шығармаға ұзақ өмір береді жəне қазақ совет прозасының 30-шы жылдардағы өркендей белесінде «Бекболаттың» өзінді орны бар екендігін айқындайды. Сонымен, Сабыр Шəріпов қазақ қоғамының көшпелі дəуірінің шындығын көркем сөз полотносына түсіріп, қазақ совет əдебиетіне орасан зор үлес қосты да, тұлғалы жазушыларымыздың қатарынан өзіне лайықты орын алды. Сабырдың тұлғасын, ұшқырланған қаламын қанаттандырған жəне өзіне үлкен абырой-даңқ əкелген тағы бір мəнді саласы бар. Ол – шетел өмірін көзімен көріп, оның саяси-əлеуметтік сырын ашуы болды. Бұл тұрғыдан келгенде С.Шəріпов қазақ əдебиетінде аңызына түрен түспеген тың тақырыпты игерудің алғашқы қадамын жасады. Ираннан оралғаннан кейін Сабыр өзінің көрген-білгенін 1935 жылы «Əдебиет майданы» журналында «Иранға саяхат» деген атпен жариялай бастады. Бұл нағыз сапарнама үлгісінде жазылған туынды. Автор бар оқиғаны бірінші жақтан баян-
дап, өзінің жора-жолдастарын шын аты-жөнімен көрсетіп отырады. Өзінің жары Хадишаны, ортаншы ұлы Раульді оқиға желісіне араластырып, олардың дүниетанымы деңгейі арқылы да шындық сырына ой жүгіртіп, көріністі жандандыратын сəті аз емес. Алғашқы «Жолдағы көрініс», «Кілем тоқушылар», «Айпетрян» сықылды тараулардың кейбір тұстары «Рузи Иранмен» бір ыңғайда көрініп, өмір шындығының жалпы сүлбесін қайталағаны болмаса «Иранға саяхат» сапарнамасының «Лəйлі мен Параждың сатылуы», «Отарба жолы», «Мазандаран», «Хорасан», «Қаджарлардың қуылуы», «Һəклəуидің дəуірі», «Шаң басқан дүкен», «Өндіріс жұмыскерлері» атты тараулардың бəрі де баяндалу жағынан болсын, оқиғаны өрбіту жағынан болсын мүлдем тың дүниелер. Өкінішке қарай Сабыр творчествосын зерттеушілердің басым көпшілігі жарияланған дүниелерді салыстыра тексеруге назар аудармағандықтан «Иранға саяхаттың» 1935 жылы жарияланғандары қалың оқушы назарынан тыс қалып келді. Енді сол олқылықты толтыру жəне өмір шындығының əрқилы творчестволық принциппен баяндалуының қаншалықты олжаға кенелтетінін ескеріп, «Иранға саяхатты» түгелдей жариялауды орынды тауып отырмыз. Өйткені оның «Лəйлə мен Параждың сатылуы» деген жалғыз тарауының өзінен «Лəйлə» сынды көркем повесть туып, авторын да, қазақ əдебиетін де қуанышқа кенелткен болатын. Қазақ қаламгерлерінен алғаш рет шет елге шығып, өзге тұрмыс-тіршілікті өз көзімен көріп жазудың алғашқы тəжірибесі айрықша сəтті болуының өзі де елеусіз қалатын жай емес. Күні бүгінге дейін ол шығармалардың қуаты мен жылуы сақталып келе жатыр. «Рузи Иран» («Иран күні») мен «Лəйлə» – Сабыр творчествосында ғана емес, бүкіл қазақ əдебиетінде ерекше орны бар шығармалар. «Рузи Иран» саяси астары қалың новелла түрінде жазылып оқушыны баурап алған туынды. Оның себебі – Иран халқының өмірі, əдет-ғұрпы, күн көрісі кино лентасына түсірілгендей көз алдыңнан тізбектеліп өтіп жатады. Қазақ оқушысы жаңа дүниемен танысады, басқа елдегі еңбекшілердің
өмір өткелдерінің талай тар жол, тайғақ кешулерін көзіне айқын елестете алады. Бұл арада автордың жазушылық шеберлігінің ұшталуын, ең алдымен əр новелланы логикалық түйінге жеткізіп, көркемдік бояуына сараңдық қылмауынан, сонсоң, жылуы жоқ жалтырауық экзотикадан бойын аулақ сала білгенінен айқын аңғарамыз. Батыстың кейбір жазушыларындай Шығыстың жалтырауықтарына үйір болмай, тамашалау дегеннің шегі мен жөнін білуі Сабырға өз əңгімесінің тартымдылығы мен көркемдігін көтеріңкі деңгейден шығаруға мүмкіндік берген. Мұның мысалы автордың əлемге əйгілі персі кілемдерінің жасалу жолдарын немесе «жер ұйығын» іздеген орыс эмигранттарының көрген күнін суреттеуінен айқын байқауға болады. Сабыр əрқашан сырты жылтырағанның ішкі сүреңсіз мəнін ашып, əдемілікпен əдіптелгеннің арғы айуандық нұсқасын көрсетіп отырған. Сабыр Шəріпов жəне оның Иран жайындағы екі кітабының да редакторы болып, көптеген өнерпаздық жəрдемін тигізген Ілияс Жансүгіров «Рузи Иранды» новелла түрінде жазудың көркемдік ұтымдылығын қатты ескеркенге ұқсайды. Сондықтан «Рузи Иранда» Балбек сынды кейіпкерге кезігеміз де, бар сюжеттік желіні соның көру-білуі, түйсігуі арқылы санамызға тоқимыз. Бір кейіпкердің ой толғанысы арқылы автордың позициясымен танысып, сюжеттік арқауы үзілмеген өмір шындығынан эстетикалық əсер аламыз. Сабыр Шаріповтың көркемдік шартын сақтай жазған шығармасы «Лəйлə» повесі – Иран халқының адал ұл-қыздарының арманын тарихи дамудың болашағы деңгейінде суреттеген тамаша туынды. Лəйлəнің істеген ерлігі мен көрген қорлығы немесе оның жары Ғабдолланың іс-əрекеті махаббат шеңберінен асып түсіп, халық бақытына жеткізетін азаттық күресіне ұласады. Бұл жөнінен оларға жөн сілтеп, темірқазық жұлдызындай бағдар берген орыс жұмысшыларының революциялық қозғалысы екенін автор қоғам заңдылықтарына сүйене отырып көркем суреттейді. Əрине, Сабырдың Лəйлəсі мен Ғабдолласы ұстаған бағыты əбден айқын болған жандар емес, арманда-
ры – азаттық пен бақыт болғанымен оған қалай жетудің жалпы нобайын оймен долбарлағаны болмаса, нақты жолды біле бермейді, саналы күрескерліктен гөрі санасыз əрекеттер басым, олардың күресі сəбидің тəй-тəйі деңгейінде, дегенмен жүру талабы, мақсатқа жету талабы күшті. Сəбидің өсу, ер жетуі қандай табиғи болса, шах пен шетел жыртқыштарының тепкісіндегі Иран халқының да азаттыққа ұмтылуы, осы жолда өсуі мен ер жетуі, көздеген мақсатының орындалуы сондай табиғи болғандығына автордың сенімі мол, оған оқушының көзін жеткізе суреттейді. Осының нақты бір мысалы бүкіл 1978 жылы Иран еңбекшілерінің толқуының бір басылмауынан анық аңғаруға болғандай. Алайда Ғабдолланың Баку жұмысшыларының арасында болып, революциялық тəрбие алуы көркемдік жағынан онша нанымды бейнеленбеген. Бұл арада автор шындық межесін ерте аттаған, Ғабдолланың іс-əрекеті мен санасы өресі жете бермейтін, оқиғалардың логикалық дамуынан тумайтын көріністерге бой алдырғанын айтып өткен жөн. «Лəйлə» повесінің негізгі қоғамдық жəне көркемдік мəні – Шығыс елдерінің ояну процесінің алғашқы кезеңін дұрыс суреттеуінде, оның болашағына ұлы нысана тұрғысынан қарай білуінде. Осыған орай «Рузи Иран» əңгімесі мен «Лəйлə» повесінің қазақ совет əдебиетінде шетел тақырыбына жазылған шығармалардың алғашқы қарлығаштарының бірі екендігін еш уақытта естен шығармаған жөн. Сондықтан да Сабырдың бұл шығармалары халықаралық тақырыптарды жалпы сарынмен суреттей салатын кейбір еңбектерден əлде қайда құнды да тартымды. Бүгінгі талғамы өскен оқушы жұртшылығымыздың Мұхтар Əуезовтей «Индия очерктерін», Сəбит Мұқановтың Қытай, Цейлон, Бауыржан Момышұлының Куба туралы жырларын құмарта оқуы да нақтылықтың əсерлілігінен, шынайы өмір суреттерінің танытқыштық бояуының қалыңдығынан болса керек. Сабырдың бүкіл творчествосымен танысқан уақытта оқиғасы шұрайлы да қалың, сюжет желісі нық, композиция-
сы берік келетіндігін анық байқаймыз. Оған дəлелді бір жағдайды айрықша атаған жөн: Сабыр шығарма жазумен үнемі шұғылданып, оның жолына сарылып түскен адам емес, өйткені оның мəдениет, шаруашылық саласындағы қызметтен бір күн қолы босап көрген жоқ. Тап осы жағдайдың өзі оның əр шығарманы жазардан бұрын əбден ойланып-толғанып жүретіндігін, жазбасқа ылажы қалмаған кезде творчестволық қажеттіліктің сыртқа шығар кезі туған уақытта ғана жазатындығын əрқашан аңғартып тұрады. Сондықтан да болар, жылтыр сөзді қара судай сапыратын кейбір шығармаларға қарағанда Сабырдың жазғандары көбіне жинағы қою, эстетикалық нысанасы биік болып шықты. Уақыттың аздығы, жазу керек деген ниеттің басымдығы талай шұрайлы жəне шынайы шығармаларды тудырған. Сабырдың реализмі өзінің нақтылығы жағынан, шын өмірден алынып жинақталуы, түйінделуі жағынан Бейімбеттің реализмінен бауырлас жатады. Егер Бейімбет шығармаларында өмір көріністері көркем бояулармен ойнақы, құбылмалы боп келетін болса, Сабырда динамикалық қозғалыстан гөрі кейіпкердің ішкі дүниесін ашу мақсатына бағындырылған шындықтан түнерген бұлттай сұсты суреттеледі жəне ол шындықтың этнографиялық сипаттары тəптештеле суреттеледі. Сабыр Шəріповтың «Еңбекші қазақ» пен «Советская степь», «Бостандық туы» мен «Мир труда», тағы басқа көптеген газеттерде, «Қызыл Қазақстан», «Красная Киргизия», Ауыл коммунисі», «Жаңа əдебиет», «Əдебиет майданы» журналдарында саяси-экономикалық тақырыптарға жазған көптеген мақалалары мен еңбектері өзінің ойлылығымен, проблемалығы жəне айшықты тілімен көзге түседі. «Бағаналы елінің жай-күйі», «Қызыл əскерге алты жыл толды», «Доссор жұмысшылары», «Суға мұқтаждық», «Сегіз жыл толды», «Қазақстанда өнерлі жұмысшылар дайындау туралы» мақалалары мен «Нефть» жайындағы ғылыми-публицистикалық еңбегі бұған дəлел бола алады. Сабыр Шəріпов таза шаруашылық сипаты бар нəрсенің өзін оқушыға қызықты да ғибратты баяндап берудің шеберлігін та-
маша игерген. Өйткені цифрлар мен фактілердің ар жағынан адам санасын оятып, білуге құмарлықты арттыра түсетін танытқыштық қасиет қылаңдап көрініп тұрады. Соның мəнмағынасын айқынырақ байқату үшін осы жолы, 1929 жылы шыққан «Нефть» кітабынан бірқыдыру үзінділерді жариялап отырмыз. Өйткені Сабырға тəн қаламгерліктің табы осы публицистикасынан да анық байқалады. Сабыр творчествосында осындай жетістіктермен қатар көркемдік толымсыздық та кездеспейді емес. Кейбір артық эпизодтар, орынсыз талдаулар, мəнсіз қайталаулар, тіл бояуының кейбір жалындығы барлығын аңғара, сезе, көре отырып, біз оның жалпы творчествосын жоғары бағалау əділетті деп есептейміз. Өйткені оның шығармалары қазақ совет əдебиеті дамуының негізгі арқауына сай келген, жас əдебиетімізді профессионалдық арнаға түсуіне септігін тигізген құнды да көркем туындылар, ал Сабыр Шəріповтың өзі – біздің тұлғалы жазушымыздың бірі. Өскен мəдениетіміздің жарық жұлдызындай болған Сабыр Шаріповтың ғибратты өмірі, алаулаған қайраткерлгі, революционер жазушылығы ұрпақтан ұрпаққа жетіп, жаңа заманның жаршысындай бола беретініне шүбə келтірмейтін қалың қауым оған құрмет көрсетуге əрқашан даяр. Жарқын келешектің қалаулысы болу жазушы үшін айрықша қымбат бақыт. Сол бақыт құшағындағы дарын – Сабыр Шəріпов. 1959 – 1982 жылдар. АЙНЫМАС ДОС Галина Серебрякова аты қазір əлемге аян. «Прометей» атты трилогиясы мен «Бастау» романы дүние жүзінің көптеген тілдеріне аударылып, жаңа өмір орнатуға ұмтылғандардың рухани қазынасы ғана емес, идеялық қаруына айналды. Əдебиеттің өскелең өмірімен жалғасар, өлмес арна табар сəтті шағы осы. Мұндай творчестволық бақытқа қажымай-талмай
еңбек еткен дарын ғана ие болатындығын Г.Серебрякованың өнерпаздық өмірі айқын көрсетеді. Жұмысшы қозғалысына əкесі мен шешесі бірдей белсене қатысқан революционерлер семьясында 1905 жылы дүниеге келген Галина Иосифовна 1919 жылы он төрт жасында Коммунистік партияның мүшелігіне өтіп, азамат соғысының қан майданына араласады. Азамат соғысы аяқталғаннан кейін əуелі рабфакты, соңынан Москва университетінің медицина факультетін тамамдап, өмірдің бұралаңы мол жолына шығады. 1925 жылдан бастап Г.Серебрякова «Комсомольская правда» газетінің меншікті тілшісі болып талай елді аралайды. 1927 жылы «Қытай көріністері», 1928 жылы «Ала-бажақ Бұхара» атты очерктер жинағын шығарады. «Известия» газетінің Англиядағы тілшісі боп жүрген шағында, «Француз революциясы дəуіріндегі əйелдер» атты кітабы 1929 жылы атақты тарихшы М.Покровскийдің алғы сөзімен жарық көріп, аз уақыттың ішінде қатарымен төрт рет басылады да, Батыс Европаның сегіз тіліне аударылады. Бұл кітабын жазарда, Г.Серебрякова Батыс Европаның революциялық дəстүрін мол зерттеп, талай тарихи деректермен танысқаннан кейін, данышпан Карл Маркс жайында тарихи-өмірбаяндық роман жазу ниетіне ойысады. Осы ойын совет əдебиетінің атасы М.Горькийге білдірген уақытта, ұлы жазушы жас таланттың игі қадамын қуаттап, қанаттандыратын жылы сөздер айтады: «Мұндай дүние туа қалса, жақсы болар еді. Əй, қиын-ау, қиын-ау. Қиындықтан қорықсақ, қалам ұстаудың қажеті қанша, ə?! Өте маңызды жəне өте керекті дүние. Бірақ есіңізде болсын, Маркс пен Ленин жайлы жазғанда, мəрмəрден жасалған ескерткішті көрмей, жан-тəні бар алып адамдармен дидарласатын болайық», – деп ескерткенін Галина Иосифовна еш уақыт жадынан шығармаған. Ұлылар жайлы ерен еңбекке кірісерде жазушы Германия, Франция, Италия, Англия, Голландия, Бельгия, Швейцарияны аралап, К.Маркс пен Ф.Энгельсті көрген-білген адамдармен сөйлеседі, жүздеген кітап оқып, талай елдердің архивтерін ақтарады. Алға қойған үлкен мақсат-танымсыз іздену, зертте-
улермен айқындала түскен шақта «Маркстің жастық шағы» атты көркем туынды дүниеге келеді. Бұл шығарма қазақ тілінде алғаш рет 1936 жылы С.Сейфуллиннің редакциясы, М.Дəулетбаевтың аудармасымен басылып шықты да, екі үлкен дарынның толастамас достығының бастауына айналды. Жиырма жылдан кейін өнерпаздық өмірге қайтып оралған Г.И.Серебрякова адамзаттың жаңа ұрпағы үшін мифтік Прометейді соны да тың мəн-мағынамен толықтырған екі томды «От берген» (1960 жылы) мен «Өмір өрінде» (1962) атты романдарын жазып, əлем оқушысын қуантты. Карл Маркс пен Фридрих Энгельс!..Адамзат ақыл-ойы алыптарының еңбектерін оқып, ғибратты өмірлерімен танысқанда, олардың данышпандығына, ұлылығына теңеу табу қиын, күнделікті тіршіліктің қамын ойлап, жалықпай-талмай еңбек еткен адамдар шығар деген пікір қапелімде ойға орала да бермейді. Адам деген сөздің əдетті мағынасы бұл екеуіне тар. Алайда олардың да жер үстін, аспан астын мекендеген кəдімгі пенде екені Г.Серебрякованың «Прометей» атты трилогиясы мен «Бастау» романдарында тарихи дəл, реалистік көркемдікпен суреттелген. Бүкіл дүние жүзі еңбекшілерінің көсемі К.Маркстің жастық шақтағы асыл арманынан бастап, революционерлік ерлігіне, данышпандық көрегендігіне дейін тарихи-өмірбаяндық романнан орын алған. Бүкіл Батыс Европа пролетариатының 1830–1890 жылдар арасындағы ұлы қозғалысының белсенді асулары – Лион тоқымашыларының көтерілісі, 1848 жылғы революциялардың дауылы, «Жаңа Рейн» газетінің К.Маркс қызмет істеген кезіндегі насихатшылық жəне ұйымдастырушылық ролі, «Коммунистік партия манифесінің» жазылуы, Коммунистер Одағы мен I-ші Интернационалдың құрылуы, даңқты Париж Коммунасының ұлы дүмпуі, социал-демократиялық партиялардың құрыла бастауы, адамзат ақыл-ойының алтын қазынасы – «Капиталдың» тууы... сияқты орасан зор оқиғалардың бəрі осы романда айқын да ажарлы бояулармен қастерленіп, К.Маркс пен Ф.Энгельстің алып тұлғалары зор адамгершілік қасиеттерімен көрінген.
Европаның саяси жəне рухани өмірін суреттегенде, автор К.Маркстің, оның төңірегіндегі адамдардың үй-іші тұрмысы мен тіршілігіне, махаббат сырларына, өнегелі өнердің сипатына үнемі назар аударып отырады. Галина Иосифовна көркем əдебиетте К.Маркс пен Ф.Энгельстің образын жасау мақсатына жетіп, бүкіл совет əдебиетіне үлкен олжа салды. Отыз жылға созылған ауыр да қуанышты еңбек абыроймен аяқталып, авторы дүние жүзілік даңққа бөленді. Лев Никулиннің сөзімен айтқанда «Карл Маркс пен Фридрих Энгельс туралы көркем эпопея болып табылатын Серебрякова романдары оның өмірінің нəрі, еңбегі мен дарынының ұлы жеңісі болып отыр». Өнер жолында үздіксіз өсумен, ізденумен келе жатқан Галина Серебрякова қазір өз өмірінен жаңа роман жазу үстінде. 1963 жылы «Өткен жылдарға саяхат» атты көлемі шағын, бірақ оқушы ойын өрге өрлеткен, қуаныш сезіміне бөлеген естелік-новеллалары дүниеге келді. Оны 1968 жылы «Өзім жəне өзгелер туралы» деген атпен өңдеп шығарды. 1975 жылы шыққан таңдамалы шығармаларының екі томдығында бұл естеліктер жаңа новеллалармен толығып, қызық та ғибратты тағдырлармен оқушысын таныстырып отыр. Автор өзінің естеліктерінде ұлы көсеміміз В.И.Ленинді көргенін, Н.К.Крупская жəне М.И.Ульяновамен дидарласқанын баяндайды. Революцияның жалынды да отты ұлдары Ф.Дзержинский. М.Фрунзе, С.Киров, халықаралық жұмысшы қозғалысының ірі өкілдері Г.Димитров, Клара Цеткин, атақты тарихшы М.Покровский, ақын-жазушы Д.Фурманов, Б.Горбатов, С.Сейфуллиндерді кітаптың «Жарық жұлдыздар» атты бөлімінде суреттесе, əлем əдебиетінің ұлы өкілдері М.Горький, Р.Роллан, Б.Шоудан ақыл-кеңес, өнер жолына жолдама алғандығын қызықты да тартымды əңгімелейді. Жазушының бұл естелік-новеллалары жазылып жатқан жаңа романының барлаушысы сияқты. Оны «Литературная газетада» жарияланған үзіндіден, «Октябрь» журналында басылған алғашқы тараулардан аңғарғандаймыз.
Талантты жазушының бұл жаңа романының тез жарық көруіне айрықша құштармыз, өйткені онда Қазақстан жайлы, оның ардагер ұлы Сəкен жайлы жазылатын соны да тың шындықтар бар. Оның кейбір детальдарын Галина Иосифованың өз аузынан естідік те, жазған хаттарынан оқыдық та. Таяуда алған бір хатта: «Сакен проходит много раз через мою книгу», – деп жазса, Е.Исмайылов екеуміздің 1962 жылы «От берген» романы жайында «Социалистік Қазақстан» газетінде жарияланған мақаламызды көріп: «Спасибо Вам и друзьям моим казахам. Очевидно, судьба моя через Сакена и по сей день тесно связана с Вашим чудным, добрым краем», – деп жазған еді. Аз еңбегімізді арқау етіп, Галина Иосифовнаға: «Тар жол, тайғақ кешуді» аудармайсыз ба?» – деп қолқа салғанымызда: «Конечно, ни при каких условиях я не взялась бы за роль переводчика, но для Сакена, с которым судьба так тесно свела, я не могу не сделать исключения» – деп келісімін бергенін, бірақ біздің баспалар пайдалана алмағандығын өкінішпен атамасқа да болмайды. «К.Маркс пен Ф.Энгельс жайында дүние жүзілік мəні бар шығарма жазған автордың алтындай уақытын Сəкен шығармасын аударуға қиюына қандай себеп бар еді?» деген сауалдың жауабын біз Галина Иосифовнаның жариялаған естелік-новелласынан оқыдық, өз аузынан толығырақ естідік. Оның қысқаша мазмұны мынадай: 1936 жыл. Москвада қазақ өнері мен əдебиетінің онкүндігі өтіп жатқан кез. Галина Иосифовнаға қазақ тіліне аударылған «Маркстің жастық шағы» атты кітабын А.Фадеевтің кабинетінде Сəкен табыс етеді. Бұдан кейін екінші рет, ақырғы рет кездескенде, Сəкерге піл сүйегінен мүсінделген жер бетіндегі жеті кереметтің бірі – Таж-махалдың бейнесін сыйға тартады. Оның шынашақтай əсем бағанасы Гүлбаһрам Сейфуллинаның үйінде əлі сақталуда. Сəкеннің творчестволық еңбегінің 20 жылдығы тойланғанда, Галина Иосифовна құттықтау телеграмма жібереді. Екі үлкен дарынның достыққа арқау болған шындық осы ғана болса да, кейінгі кездегі іс-əрекеттер Галина
Иосифовнаның өмірі есінен кетпес, Сəкенді еш уақыт ұмытпас оқиғаға душар еткен. Галина Иосифовнаның сөзі мен ісі – егіз. Азаматтық ары ақталған жазушы 1958 жылы «Простор» журналында Сəкен жайындағы естелігін жариялады. Оны қазақ баспасөздері талай рет аударып басты. Бұл естелік тосырқап қалған қаламның алғашқы туындысының бірі болғанын айрықша құрметпен атауымыз керек. Одан кейін «Өткен жылдарға саяхат» атты (1966 жылы қазақ тіліне X.Хасенов аударды) естелік-новеллалар жинағында Сəкен жарық жұлдыздардың қатарынан орын алды. Галина Иосифовнаның жазылып жатқан жаңа романынан жəне əрқашан жаңғырып, толықтырылып шығатын естелік-новеллаларынан Сəкеннің көркем бейнесін кездестіретініміздің өзі зор қуаныш. С.Сейфуллиннің 70 жасқа толуына байланысты 1964 жылы Москва қаласында өткізілген мерекелік жиналыста Галина Серебрякова колонна залының төрінен: «Сəкен – бүкіл совет халқының мақтанышы» – деп жар салды. Жарық дүниеге келгеніне 70 жыл, творчестволық еңбегіне 50 жыл толып отырған зор дарын мен қажырлы қайрат иесі Галина Иосифовна Серебряковаға əлі де талай соны шығармалар жазып, совет əдебиетіне қосқан үлесін еселей түсуіне қазақ достарының атынан тілектестік білдіреміз. 1975 жыл. САЙФИ АҒАНЫҢ ҒИБРАТЫ Қазақстанда башқұрт əдебиеті мен мəдениетінің онкүндігі болады деген хабар көптен бері көңілде жүрген, бірақ бастау таба алмаған ойларға өзек болып отыр. Мен өзім Уфада бір рет болдым, башқұрт əдебиетінің Сəбит Мұқановы – Сайфи Құдашпен екі рет дидарластым. Бар болғаны осы, бірақ осы таныстық-білістіктің алтын арқауы барған сайын ширап, əрбір жібек жіптері тарамдала да ысыла түсуде. Достық көңілге нұр түсіретін арналар молая беруде.
Жақын жора-жолдастарым ғана білетін, əлі қағаз бетіне түспеген бір хикаям бар. Оның аты – «Сандалтқан Садақ». («Жұлдыз» №10, 1982 ж.) Соның ең бір сүбелі тарауы Сайфи ағайға байланысты. Əңгіменің арнасына түсіріп жіберетін қысқаша мəліметдерек айта кетейін. 1955 жылы «Əдебиет жəне искусство» (қазіргі «Жұлдыз») журналына Жиенғали Тілепбергеновтің өмірі мен творчествосына арналған мақала дайындап жүрген кезім еді. А.С.Пушкин атындағы мемлекеттік кітапхананың қолжазба қорынан «Садақ» журналының бірнеше санын тауып алдым. Бірін 1921 жылы Алматыдағы қазақ-қырғыз ағарту институтының оқушылары шығарыпты, ал екіншісі – алақанның үлкендігіндей дəптердің бірінші бетінің сол жағында ағаш бұтағына қонып отырған құсқа жалғастыра қанатын жазып ұшқан алып қыранға ұқсата садақ жебесін салып, осы суреттерді айналдыра «Садақ» деп үлкен əріппен жазылған, мұны Уфадағы «Ғалия» медресесінің шəкірттері шығарыпты. 1916 жылғы 20; 21; 22-ші сандары екен. Жиенғалидің бүркеншек аты – «Жекей» көзіме оттай басылды. Журналдың редакторышығарушысы болып кол қойыпты, көптеген дүниелерін жариялапты. Сол сəттен «Садақтын» басқа сандарын іздеп сандалу басталды. Жақан Сыздықовтың ақыл-кеңесімен Алматыда «Садақты» көрді, біледі деген адамдардың бəрімен дидарласуға, архивтердің шаңын қағуға тура келді. Жым-жылас, ешбір із-түзі білінбейді. «Садақтан» басқа мақсаттар қабаттасқан соң, Петропавл, Уфа, Қазан, Москва, Ленинград, Ташкент қалаларына ғылыми командировкаға шықтым. Уфа қаласында 1957 жылдың 19–24 авгусында болдым. Уфа кітапханасына барсам, тау-тау болып үйіліп жатқан кітаптардың үстіне орысшалап: «на азербайджанском, узбекском, казахском, киргизском, кумыкском» деп жазып қойыпты. «Ағатай-көкетай, өртемеңіздер, мағап беріңіздер»,– деп «Қазақ тіліндегі» үйменің үстіне құлай кеттім. Башқұрт-татар əдебиеттері бөлімінің меңгерушісі София Мемлеева ішек-сілесі қата күліп алды да: «Бізге ресми қағаз керек», – деді. Рұқсат алайын деп Башқұртстанның
мəдениет министрлігіне жүгірдім. «Қазақстаннан телеграмма түрінде болса да қатынас қағаз алдырмай болмайды, əзірге іріктей беріңіз» – деп үміт отын жандыра сөйледі. Дайын тұрғанды іріктеу қиын боп па: XIX ғасырдың екінші жартасынан 1937 жылға дейін қазақ тілінде Уфа, Қазан, Ташкент, Петербург, Орынбор, Қызылорда, Алматыда шыққан кітаптарды, журналдарды, газеттерді іріктеп алдым. 700 атауға жетті. Ара-тұра өзбек, қырғыз тілінде деген үймелерге «қазақ кітаптары араласып кеткен жоқ па екен» деп қол салып қоям. Не керек, жұмыс уақытын мемлекеттік архив пен кітапхананың ыңғайына көшіріп, таңертеңгі тоғыздан кешкі тоғыз-онға дейін екі мекеменің арасында зыр жүгіріп жүрдім. «Садақтың» шығу тарихынан еміс-еміс хабарлар ести бастадым. «Ғалия» медіресесіндегі татар-башқұрт шəкірттерінің «Парлақ» журналының қазақ кітаптарына араласып кеткен санын тауып алып ем, онда «Садақтың» кезекті саны шыққанын хабарлапты. Демалыс сəтінде, тамақ ішер тұстарда кəрі-құртаңдарға жанаса берем. Сыр тартам, Мемлекеттік архивтің бастығы Салимов, кітапхананың директоры София-ханум «Ғалияда» оқығандарды іздестіре бастады. Кітап палатасының директоры Əміров, ұстаздықпен айналысып келе жатқан Закир Шəкіров, Ахмет Бекмурзин, Ахтам Мансуровтармен кездесу қажеттігі айқындалды. «Тұрмуш» газетінің 1916 жылғы 30 декабрдегі 567-ші санын оқып, біраз дерек алдым. «Ғалияның» ашылғанына он жыл толуы үлкен мереке болып тойланған екен. Осы он жылдың ішінде 950 шəкірт тамамдап шығыпты, оның 224 шəкірті татар-башқұрттан басқа түркі халықтарының өкілі екен. «Осының қаншасы қазақ баласы екен, білер ме еді шіркін?» – деп архивке жүгірем, ең болмаса класс журналын таба алмай, салым суға кетеді. Өстіп сандалып жүріп, СССР Ғылым академиясы Башқұрт филиалының тарих, тіл жəне əдебиет институтының сол кездегі директоры, қазір орынбасары, филология ғылымының докторлығын Қазақстанда қорғаған Ахнаф Харисовке барып жолықтым. Башқұрттың талантты ақыны
Шаихзада Бабичтің кітабында қазақ зиялыларының аттары аталады екен. Соларды анықтап алуға олар құштарланса, сандалта бастаған «Садақты» айтып мұңымды тарқатпақ болам. – Ипташ қазақ, онша қам көңілдене бермеңіз. Бізде живая энциклопедия бар. Ол – өзіміздің ұлы бабамыз, башқұрт əдебиетінің негізін қалаушыларының бірі – Сайфи Құдаш, – деп ескі телефонның кəрі жілікке ұқсас құлағын көтере берді. – Дачадан жаңа ғана келіп ем, қазір келсін дейді. Уақытың бар ма? – деп маған қарады. Уақыт табылар-ау, бір əдебиеттің ақсақалына қалай барам, қалай сейлесем, не деп қымбат уақытына ортақ боламын деп ойлана бергенімде: – Қазақ бауырым қазір келсін, кездесуге құштармын деп жатыр. Туған інісін де көрмек ниеті бар, Афзал Галлямович Құдашевты шақырыңдар, қазақ ипташты Сайфи-авзиге алып барсын, – деді А.Харисов. 50-ші жылдардың орта тұсында жаңадан ғана талаптанып жүрген шағымда, Сайфи Құдаштың атын естігенім болмаса, еш шығармасын оқи қоймаған ем. Ештеңеден хабар-ошарсыз қалай сөйлесем, ақын-жазушының қылтың-сылтың мінезі аз болмаушы еді деп жүрексініп келемін. Сайфи Фаттахұлы Құдашевтың Башқұртстанның Шымшын ауданындағы Кляшево қыстағында 1894 жылы туғанынан, 1917 жылы «Азаттық жырлары», «Ақ билеттілер туралы» өлеңдер жинағын жариялағанынан, Октябрь революциясын зор қуанышпен қарсы алып, өлең, дастандар жазғанын, жыр тиегін ағытып, «Қызыл жауынгер», «Дауыл шықты», «Соқа жырлары» (1926), «Күрес батыры» (1928), «Бақыт заңы» (1932), «Республика жырлайды» (1940), «Шын жүректен» (1944), «Менің махаббатым» (1956) атты өлең жинақтарын, «Октябрь», «Ұстаханада», «Салтанат», «Менің ауылдасым», «Ленин жəне жауынгер» поэмаларын жариялағанынан хабарсыз болатынмын. Сайфи ағайдың үйіне келе жатып, Афзал Галлямовичтен сыр тартамын. Ашық мінезді, аңқылдаған адам екен. Ұлы Отан соғысына қатысып, талай рет жарақаттанған, контузия алған, тарих ғылымының кандидаты Афзалдың едəуір шаршап жүргендігін сырттай байқап келемін.
– Сайфи-авзи қазір игі істің соңында жүр. 1954 жылы «Көктемді қарсы алғанда» атты повесін жазды. Онда Ғабдолла Тоқай мен Мəжит Ғафуридің достығын, екі ұлы адамның ғана емес, ағайынды екі халықтың бір-біріне шынайы махаббатын суреттеп берді, – деп бір қайырды. Кеше ғана Мəжит Ғафуридің пəтер-музейінде болғаным қандай жақсы болды деп іштей қуанып мен келемін. Сөйткенше болған жоқ, биік үйдің екінші қабатына көтеріле бердік. – Кел, кел, қазақ бауырым, – деген жылы сөздермен Сайфи Құдаш пəтерінің есігі ашылды. Ішім жылып қоя берді. Көптен бері көрмей жүрген алыстағы ағайыны келгендей келбет танытты Сайфи Құдаш. Жалпы, өңі əдетте көріп жүретін башқұрт-татар азаматтарына ұқсағанымен, маңдайы кереқарыс, қалың қастың астындағы баданадай мөлдір қара көзі, ерге бітетін келісті қыр мұрыны, танаудың екі ұшынан тартылған түзу сызықты əжім үлкендеу ауыздың езуіне тіреліп, кең етекті иекпен тұтасып кеткені қайратты адамның келбетін танытқандай. Шашы сұйыла бастапты. Тұлғасы əлі иіле, не еңкейе қоймаған, шымыр, қазанаттай жараулы кісі екен. Бір кезде жігіттің нарқасқасы болғаны бірден байқалады. Алпыстан асып кетсе де, қунақ, жүріс-тұрысы жылдам да сəнді. «Жоғарылат, төрлет, бауырым, – деп бəйек болып жатыр. – Өзің əлі жап-жас екенсін. «Түсі келгеннен түңілме» депті ғой қазақтар, қадамыңа гүл бітсін, шырағым», – деп Сайфи-аға таза қазақша бұрқыратып жүр көңіл хошын. Мен əлі лəмим деп аузымды ашқан жоқпын, Сайфи-аға інісіне қарап та, маған қарап та сөйлеуде. 1913–1915 жылдары, яғни «үш жыл қазақ даласында бала оқыттым. Ауылдан кетіп, қазақ даласында оқытушы болуым менің келешек өмір жолым мен тағдырымды айқындап берген бір маңызды оқиға болды деп білемін» (Сайфи Құдаш. «Жастық шақтың ізімен», Қазақшаға башқұртшадан аударған Сейітжан Омаров. «Жазушы» баспасы. Алматы, 1966 жыл, 8-бет. Бұдан былай тек жақша ішінде бетін ғана көрсетемін. Сол кездесудегі əңгіме-дүкеннің біразы осы кітапта жарияланған жəне документ іспетті сипаты бар дүниелердің шындық
деңгейінен онша алыстай қоймағандығын қоса ескеріп отырмын – Т. К) – деп бір қойды да, столдың үстінде жатқан конвертті ашып, бірнеше бетке жазған хатты парақтай бастады. «Таяуда менің «Хотерде қалған минутлар» атты естелік кітабым шығып еді. Соны қарт журналист əрі юрист Шакир ағай Мұхаммадияров оқыған екен, «өз өміріңді, əсіресе, жастық шағыңды көмескілей жазған екенсің, қазақ даласында болғаныңды сыдыртып қана өтіпсің. Қазақ сахарасы бұрынғы замандағы татар мен башқұрттың кедей шəкірттері үшін ырзық бұлағы, оқып білім алуына ақша қазынасы болды. Қазақ халқы біздің тамағымызды тойдырса, біз оған қолымыздан келгенше ағартушылық нұрын себуге тырыстық» (10), – деп жазыпты. Оллаһи, шын сөз, бір сөзі де қате емес, – деп өз ойын əрі қарай жалғай берді. – Мен өзімнің осы күнге жеткенім үшін, бір жағынан, қазақ халқына да борыштармын. Мен қазақтың баласын оқытсам, ол маған келешекте оқып, білім алуыма көмектесті (153). Үш жыл бойына қазақ халқымен етене араласып, қазақ əдебиетінен, оның музыкасынан жəне жырынан нəр алуым менің əдеби жол-сапарыма да игі əсер етті. Соның нəтижесінде мен кейбір бастапқы машық əдеби шығармаларымды қазақ ақындарына еліктеп қазақ тілінде жаздым. Мəселен, 1913 жылы «Жұмбақ», «Өзіме» атты алғашқы əдеби машық шығармаларымды қазақ ақыны Нұржан Наушабаевқа еліктеп жаздым (8), тыңдап көрші: Молда-еке, бүгін түнде бір түс көрдім, Түсімде ғажап, қайран көп іс көрдім. Сұңқардың тұғырында Қамам деген Сықылды қара қарға бір кұс көрдім. Егерде бұл жұмбақты шешіп берсең, Молда-еке, сені сонда шын дос көрдім – дегенді өзім шығардым деп жүремін. Қазақ даласында алғаш жазғаным осы болар-ау. Аштық азабынан құтылып, көңіл күйлене бастаған кезде жігітшілік те бір жағынан қыңқылдап қалмайды ғой. Оның үстіне, жайлаудағы жастардың тепкен
алтыбақаны да, ойнаған ақ сүйегі де, шырқап салған əн-күйлері де маза бермеген шақта: Қызарған қыз дегенім гүл емес пе, Бір тоят жігіт қыздан тілемес пе? Болғанда қыз – қызыл гүл, жігіт – бұлбұл, Бұлбұл құс қызыл гүлге түнемес пе? Қарағым, айналайын ойыныңнан, Ақ білек орай салдым мойыныңнан. Болғанда таң мезгілі туар Шолпан, Шығайық шырайланып қыз қойнынан, – деппін ғой. Осының көп жолдары, көп теңеулері, мақамырғақтары қазақ өлеңдерінен екенін қазір анық аңғарамын. Оны өзің де сезіп отырған шығарсың. «Сəлимаға» арнап ұзақ өлең шығарғаным да бар. Бүркенгенде қайғы шəліне, Өксіп-өксіп жылайт Сəлима. Ешбір кісі ойлап қарамайд Сəлиманың ауыр халіне, – деп башқұрт тілінің ырғағымен шұбыртып ала жөнелді. Мен əлі де Сайфи ағайдың қас-қабағына қарап, шерін тарқатып алуын тостым. Өзінің баласы, не інісіне жастық шағындағы қызықтарын əңгімелеп отырғандай кейіп танытты. «Өзінің алғашқы туындыларын қазақ поэзиясының ықпалымен жазған, сөйтіп кең өнер жолына шыққан жалғыз мен ғана емес, мен секілді өмірінің жастық шақтағы жолдары қазақ даласы арқылы өткен бірсыпыра татар мен башқұрттың егде интеллигенциясына ортақ жағдай. Оның бер жағында, реалистік жаңа татар һəм башқұрт поэзиясының алғашқы қарлығаштары – талантты ақын Ақмолла, кейінде Мəжит Ғафури, Шаихзада Бабич жəне Даут Юлтыйлар өздерінің алғашқы шығармаларын қазақ даласында, оқытушылық еткен шақтарында жазды. Ғабдолла Тоқай мен Ғалымжан Ибрагимов сияқты ұстаздарымыз да қазақ
халқының аса бай фольклорының кəусар бұлағынан сусындап, мол нəр алған... Сол жылдардан бастап мен жалпы қазақ əдебиетінен əсте қол үзген емеспін. Оның негізгі туындыларын əрқашан қызыға оқып, көз жазбай қадағалап келем. «Ғалия» медіресесінде бір сыныпта оқыған сабақтас серігім, жазушы Бейімбет Майлинмен 20-шы жəне 30-шы жылдарда мен жан-қияр дос болып едім... Қазақ жазушыларының шығармалары, қазақ поэзиясының антологиялары менің кітапханамды безендіріп тұр. Мен қазақтың əнкүйлерін радио арқылы Алматыдан рақаттана тыңдап, əрдайым құмарымды тарқатамын, жаныма лəззат аламын» (8–9), – деп шерін тарқатқандай болды. «Адам қартая бастаған шағында өзі сөйлеп, өзгенің тыңдауын қалайды екен деп отырсыңау, тегі. Жатсынбай сөйлеп жатқаным – қазақтарды сағынып жүрмін. Көптен бері ешкіммен кездесе алмай жүр едім, сенің тап болғаныңды көрмейсің бе?! Иə, біздің Уфаға қай жолмен, қандай мақсатпен келдің? Əуелі аты-жөніңді айтшы, сұрауды да ұмытып кетіппін ғой», – деп Сайфи ағай маған күлімдей қарады. Сынап та тексеріп отыр, баласынып отырған жоқ. – Қазір, қазір, – деп ас үйге барып шəйнек қойып келді. Атыжөнімді, мəн-жайды біліп алғаннан кейін, Сайфи-аға өзінің өмір жолын шертуге қайтадан кірісті. Əлі де болса ризалық көңілін айтуды парыз санаған адамдай алдағы айтқандарын жаңаша бір толғап, толғана қайталады! «Жастық шағымда өз тағдырымды қазақ халқының тағдырымен етене ұштастырған маған Қазақ Республикасы өте-мөте ыстық көрінеді. Қазақ халқы менің өмірден тура жол тауып, бақыт, өнер, білім жолына шығуыма аталық көмегін тигізді» («Қызыл сұңқар». Сəкен Сейфуллин туралы естеліктер. Алматы, «Жазушы», 1970, 29-бет). Əбден сағыныш мауқы басылды-ау деген кезде «Ғалияда» оқыған қазақ жастары, олардың іс-əрекеттері туралы сыр тарта бастадым. Сайфи-аға бұдан бұрын да талай ойланып, талай пікір толғап жүргендігін бірден аңғартты. – Осы жұрттың қайсыбірі медіресе десе болды, онда таңертеңнен кешке дейін дінді жаттататын, исламды насихаттай-
тын орын деп түсінеді. «Ғалияны» соларға қосақтап, бəрі де керітартпалықтың ордасы болып еді, одан шыққандардың бəрі де діншілдер болып еді деп соғады. Бұл білмей айтылған, байыбына бармаған сөз. Мына дерекке қарашы өзің, – деп, сəндік пен əсемдік үшін емес, жұмыс үшін жиналып тұрған кітаптардың арасынан біреуін суырып алды да, ішінде қолдан жазылған деректерді қарша боратты. – «Ғалия» медіресесінде сегіз ұлттың жастары оқыды. 1906 жылдан 1920 жылға шейін бұл медіреседе 1500 адам оқып шықты. Баспасөзде жарияланған ресми мəліметке қарағанда, осы медіресені бітірген сол мың жарым адамның небəрі отыз жетісі ғана молда болған, қалғандары халыққа, қоғамға пайдалы істермен шұғылданған. Мен осы медіреседе оқыған шəкірттер арасынан өзім жақсы білетін жүз кісінің тізімін жасадым. Бұл тізім халық ақыны Мəжит Ғафуриден басталады да, 1920 жылы кулактар азаптап өлтірген комсомолец, жас ақын Шамун Фидаимен аяқталады. Мұқият зерттеп қарағанда, бір ғажап көрініске тап болдым. Осы тізімдегі жүз адамның 59 проценті КПСС мүшесі, 20 кісі профессионал жазушы, 28 кісі журналист...8 кісі ғылыми атағы бар ғалым, 8 кісі Башқұртстанда, Татарстанда жəне Қазақстанда оқу, ішкі істер, азық-түлік өнеркəсібі жəне жер-су халық комиссары, алтауы агроном жəне зоотехник, төртеуі дəрігер, төртеуі дипломат, үшеуі артист, үшеуі юрист, үшеуі инженер, біреуі композитор, қалғандары – оқытушылар. Осы оқытушылар санына қосылғандардың ішінен бес башқұрт шəкірті 1922 жылы башқұрттың тұңғыш орфографиясы мен əліппесін жасап, тұңғыш оқулықтарды құрастырды (165–166), – деп маған шаттана қарады. Көзіндегі нұрлы от өзімен бірге оқыған замандастары үшін мақтанған, тасыған адамның белгісін аңғартқандай еді. – Ал енді осылардың біразы қазақтар, – деп маған енді тесіле де тексере қарады. – Сенің Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитеті жанындағы Партия тарихы институтында қызмет істеп жүргенің қандай жақсы болды. Партияның тарихи XX съезінен кейін жеке адамға табыну салдарынан нақақтан жазаланғандар ақталып жатыр ғой, соның алдыңғы легінде менің жан досым Бимұхаметтің жарқырап келеріне
сенімім зор, – деп маған тағы да тесіле қарады. «Айтсам ба, айтпасам ба екен бар сырды» дегендей, қатқылдау шықты даусы. Қолды бір-ақ сілтеді де: – Бимұхаметті білесің бе? – деп нұрлы көздері маған қадалды. – Бейімбет Майлин «Ғалияда» оқыған сияқты, – дей бергенімде, қолымнан шап беріп ұстап алды да, – оны қайдан білесің сен, жассың ғой сен? – деп тағы да қадалды. Мен архивтегі кейбір деректерді қызыға оқығанымды айттым. Əлі ақталу қағазының келе қоймағанын жасырмадым. Сайфи-аға аз ойланды да, маңдайы кереқарыс, екі шекесі торсықтай сопақша басын сілкіп тастады: – Əлгі тізімнің ішінде Бейімбет Майлин де бар. Міне, жазушылардың үшіншісі болып Бейімбет тұр. Ол ағаң қазақтың жаңа советтік əдебиетін өркендетуге ұлан-ғайыр еңбек сіңірген адам. Шығармасын оқымағанмен, атын білгеніңе көп рахмет. Жыр қылып шертер күн алыс емес, қарағым, – деді де, əлгі тізіміне қайта қарады. – Жиенғали Тілепбергенов өз ажалынан 1933 жылы өлді. Оны Бейімбеттен совет жазушыларының I-ші съезінде 1934 жылы естігем. Жиенғали қазақ жастарының басын қосып, ілгерінді іске жұмылдырушы, «Садақ» журналының Бейімбеттен кейінгі редакторы болған өте пысық та ұйымдастырғыш жігіт еді. Ал, Нұғыман Манаев, Хажым Басимов оқу-ағарту саласында комиссардың орынбасарына дейін өскен жігіттер ғой. Олардың тағдыры маған аян, – деп бір тоқтады. «Жиенғали», «Садақ» дегенде, менің құлағым елеңдеп, қоянның жымына түскен тазыдай, Сайфи-ағайдың көл-көсір естелігін сол арнаға қарай бұрмақ боп қақпаладым. Аңқылдаған ақ көңіл адамның екі-үш ауыз сөзге келген соң бар сырды жайып тастайтын əдеті ғой. Сайфи-ағай менің сусынымды бір-ақ қандырды. Ол жайларды, əсіресе, «Садаққа» тікелей байланыстысын 1958 жылы, Сайфи-ағамен кездескеннен бір жыл кейін, «Қазақ əдебиеті» газетінде оқиғаның ізін суытпай жазған едім. Енді «Қолжазба «Садақ» журналы» деген атпен 1958 жылы, 1-ші августа жарияланған мақаламнан үзінділер келтіруді орынды деп білемін. Өйткені бүгінгі сөздің төркіні ілгеріде басталғанын ғана емес, Сайфи-ағаның қымбатты да құнды кітаптары қалың оқушының қолына тимей
тұрған кезде жарияланған, шындықтың алғашқы сілемдерімен де таныстырған дүние болатын. Сол кезде кейбір кеуделі шала білгіштср қолжазба «Садақ» журналының жұмасына бір рет шығып тұрғанына, Бейімбет Майлиннің «Шұғаның белгісі» атты классикалық шығармасы осы журналда жарияланғанына шүбə келтіріп, тарихи деректерді теріске шығармаққа тырбанып, «Қазақ əдебиетіне» мақала жазғандары да болды. Өзі білмегенді «жоқ» дей салуға жақын тұратындарға да сабақ болсын жəне С. Құдаштың «Жастық шақтың ізімен» деген атпен 1966 жылы шыққан кітабындағы деректердің өзгеріске ұшырай қоймағандығын сол кезде жазылған мақаламен растай түскен де орынды сияқты. Əрине, қазір ол деректерді басқаша баяндауға, толықтыра да молайта түсетін жайларды тыңнан қосуға мүмкіндігім бар болса да, ертеректе жазылғанды қайталауды жөн көріп отырмын. «Башқұрт совет əдебиетінің негізін қалаушының бірі Сайфи Құдаш Майлин Бейімбет, Тілепбергенов Жиенғалимен бірге оқып, жолдас, дос-жаран болған. Қейін де олармен байланысы үзілмеген, қазақ жазушылары жайында естелігі бай адам екен. Медіреседе оқыған қазақ шəкірттерінің арманын, іс-қылығын əлі күнге дейін ұмытпапты. «Садақ» журналы жайында ұзақ əңгімеледі. – Медіреседе біз жəдитше оқыдық. Бұл қадимнен əлдеқайда тəуір, – деп бастады Сайфи Құдаш, – арабияттан тек қана құранның өзін оқыдық, ал басқа сабақтар – геометрия, алгебра, есеп, география, педагогика, тарих сияқтылар болды. Əдебиеттен татар əдебиетін оқыдық, оны бізге татар əдебиетінің классигі Ғалымжан Ибрагимов оқытты. Ғалымжанның ықпалы күшті болды – медіреседен ақын-жазушылар көп шықты. Сонсын, башқұрт мысқылшысы (сатиригі) Шаихзада Бабич бір жақсы өнеге көрсетті. «Парлақ» атты қолжазба журнал шығарды. Осыдан кейін татар-башқұрт балалары «Ай», «Без», черкештер «Нəруə», қазақтар «Садақ» журналдарын шығарды. «Садақ» байғұс көп қиындықтар көрді. Ғалымжан болмаса, жабылып қалуы да ықтимал еді. Жасыратыны жоқ, татар жігіттері медіресенің қожасымыз дегендей сыңай байқа-
тып, «Ғалияның» директоры Зия Камалиден қолдау да тауып жүрді. «Садақты» қызықты шығаруға Бейімбет пеп Жиенғали көп күш жұмсады, тіпті, жұмасына бір рет шығарып тұрған кездері де болды. Шұға деген бір қыздың тағдырын суреттеген əдемі новелласын Бейімбет өзінің «Шаңқан» деген жалған атымен шығарып, журнал оқырмандарын аса қызықтырған. Осыған іші тарлықтан ба, жоқ болмаса басқа бір себептен бе, əйтеуір, өркөкіректеу бір татар шəкірті мен молда баласы Мəжит Асадуллин кітапханада жатқан «Садақтың» екі санын жыртыпжыртып, лақтырып тастайды. Қазақ шəкірттері Камалиге барып арыз береді, бірақ оның жауабына қанағаттанбаған соң, педсоветке шығады. Сонда Ғалымжан бұл мəселені жалпы шəкірттік жиналысқа қоюды ұсынып, өзі баяндама жасауға келіседі. Оның сондағы сөзі 1916 жылы татардың «Аң» («Білім») деген журналының 5-ші санында басылды, – деп Сайфи Құдаш өзінің архивінде жатқан журналды оқи жөнелді. – Сендер əн мен күйге құмарсыңдар жəне ұста келесіңдер, – деп баспаға басылған ұзынша бір қағазды маған ұстата берді. Сайфи өзі 1917 жылы режиссер болып, интернационалдық сауық кешім ұйымдастырған екен, мына сарғайған қағаз соның программасы, онда қазақ шəкірттері «Ахау, Семейді», «Сырымбетті» хормен айтып, Əлмұхамед Жандыбаев сынды өнерпаз жастар жеке əн шырқап, күй тартатыны жазылған. Ғалымжан Ибрагимов «Садақ» жөніндегі мəселені «матбуғатта қазақ жастары тарапынан көтерілген тіл мəселесіне» айналдырып (бұл оқиғаға дейін «Ғалиядағы» шəкірттер мектептер ашу, əдеби тілді өркендету, ұлттық алфавит жасау, ана тілінде оқулықтар шығару мəселесін газет бетінде көтерген болатын. Жамалиддин Уалиди «Уақыт» газетінде бұл пікірлерге қарсы мақала жазып, біраз насырға шаптырған-ды), осы сөзін «Аң» журналына бастырғанда, «Тілдері басқа болса да көңілдері бір» деп ат қойыпты. Бұл мақалада, ең алдымен панисламизмге қарсы, Россия мұсылмандарын, оның ішінде қазақтарды татарландырамыз деушілерге қарсы батыл пікір айтуға, «қазақ мəдениеті мен əдебиеті жəне оның əдеби тілі тарихи сахнаға
шығып, өркендеп отыр, қазақ əдебиеті енді дүниеге келген бір факт. Қазақты татар əдебиетімен қанағаттандыру пікірі – ол халықты жəне тарих ағымын білмегендіктен туған, қоғамдық дамудың заңдылығын түсінбегендік» – деп тапты. «Өзінің соңғы заман тарихы, географиялық жағдайы, тұрмыс-тіршілігімен басқа түркі тайпаларының ешқайсысына ұқсамаған алты-жеті миллионды бір халықты татар тілі мен əдебиетіне тəуелді ету пікірі бұл өмірдегі табиғи дамуды түсінбеуден туып отыр. Тюркологтардың бəрі де қазақтарды көне түркілердің ең нық сақталған тайпасы дейді. Бұл кездегі қазақ халқы өзінің күн көрісі, тіршілік жағдайымен басқа тайпадан айрықша дараланады. Бұл халықтың рухында айрықша қуаттылық (самобытность) бар. Бұлардың халық əдебиеті ешбір түркі тайпаларына ұқсамайтын дəрежеде əрі бай, əрі көп. Бізге қазақтарды «татар тілі мен əдебиетіне» бағындыру қиялынан гөрі əдеби қазынамызды байыту үшін қазақтың халық əдебиетінен емінеркін мол үйренуіміз керек. Қазақтарды «татар əдебиетімен» қанағаттандыру пікірі ол халықты жəне тарихи ағымды білмеуден туған. Қазақ əдебиеті бар жəне ол мойындауды талап етеді. Бүтін қазақ сахнасына əдеби азық болып келген өлең мен жырлар, біздің бүгінгі ақындарымыздан бұрын туып, кең даланы даусы жаңғырықтырған Ибраһим Құнанбайлар, соңғы Сейфуллиндер... «Қазақстан», «Қазақ», «Айқаптар», қазақ мектептерінде оқытылып, тамыр жайып бара жатқан оқу құралдары – қазақ тілінде өркендеп отырған əдебиетті оп-оңай бағындыра қою ешкімнің қолынан келмейтін факт», – «Қазақтарды біразға дейін татар əдебиеті мен татар мəдениетіне шəкірт етуге болар. Бүгін қазақ зиялыларын татарша сөйлетуге, татарша жазуға мəжбүр етуге болар, ол ықтимал нəрсе. Бірақ бұл хал ұзаққа созыла алмас. Өйткені даму барысында олар өздерінің мұнтаздай таза рухымен самғап, майданға шығары анық. Бұған ештеңе де кедергі бола алмақ емес». Ғалымжан Ибрагимовтың осы пікірі аяқсыз қалмай, «Садақ» журналы уақтылы шығып тұратын болды. Татар əде-
биетінің классигі өзінің бұл пікірін айтумен тынбай, іске асырғанға да ұқсайды. Оны татар-башқұрт шəкірттерінің журналы «Парлақтың» 1917 жылы, ноябрь айында шыққан бірінші санынан көруге болады. Осы журналдың редакторы Ферхад: «Маған «Садақтың» соңғы номерін оқуға тура келді. Онда жазылған шынайы көркем əңгімелерді көріп, өте-мөте ғажаптандым. Осындай тамашалардың ешбірі де біздің татар журналдарына аударылмады (бұлай етудің ешбір орны жоқ еді), аудару қажет еді», – деп жазды. «Медіресе «Ғалияның» бұрынғы шəкірттері, Бейімбет пен Жиенғалидың жолдастары, Сайфи Құдаштың тілеулестері жəне «Садақ» журналын шығарысуға белсене қатысқан, 1924 жылдан бері Коммунистік партияның мүшесі, Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген мұғалімі, Ленин орденімен наградталған Имажанов Зейнел (республикалық дəрежедегі пенсионер, 1974 жылы қайтыс болды) мен Алматыдағы № 4 баспаханада қызмет істеп жүрген Мұстафин Əбдірахман (қазір пенсияда, Алматыда тұрады) «Садақ» журналының шығу тарихы жөнінде Сайфи Құдаш айтқан естелікті толығынан растап, өздерінің білгендерімен толықтыра түсті», – деп хабарлаған екенбіз 1958 жылы. Бұл оқиғаны Сайфи Құдаш өзінің «Язшы қаршылаған», «Хəтерде қалған минутлар», башқұрт тілінен 1966 жылы қазақшаға аударылған «Жастық шақтың ізімен», осының бəрі топталып 1974 жылы Москвадағы «Советский писатель» баспасынан «Навстречу весне». «Незабываемые минуты». «По следам юности» деген атпен жарық көрген кітаптарында жаңа деректер қоса баяндапты. 20 жыл бойы сандалтып, ақтармаған архив, сұрамаған адам қалдырмаған «Садақ» журналының 1915 жылы шыққан үшінші саны, 1917–1918 жылдың 18 саны таяуда менің қолыма түсті. Олардың мəн-жайын кейінге қалдырып, Сайфи-ағаның «Садақ» жайындағы деректерін енді журналда жарияланған материалдармен тірілтуге əбден болады. «Садақтың» үшінші саны 1915 жылы, 20 ноябрь күні шыққан. «Жазушы – Бекет, бастырушылар – көп» дегеніне қарағанда, журнал редакторы Бейімбет Майлин болғанын көреміз, өйткені «Бекет», «Толстый қазақ», «Қарсақ»
деген оның псевдонимдері екенін «Садақтың» 1918 жылғы 10 февральда шыққан 15-ші санында «Садақ» жазушыларының есебі һəм оларға қарауым» деген хабарламадан анық байқаймыз. «Садақ» 1915 жылы 9 ноябрьден бастап жұмасына бір шығып тұрған, 1915 жылғы үшінші санға берілген «Бас сөзде» мынадай жай баяндалған: «Ертеректе шыққан «Садақ» журналының бірінші, екінші номерлерінің шығысымен бақытсыздыққа ұшырап, ағайын-туған, қауым-қабиланы аралай алмай, арманда өткендігі газет оқушыларға мағлұм. Ана тілімізде бұл сықылды журналдың шығып, кенеттен жоқ болып кетуі һəр қайсымызға да оңай болмады. Өте-мөте жастарымыздың күйінгендіктері басқармаға жазған хаттарынан мəлім болды. Күйінгенмен де, кеткен нəрсенің келмейтіндігі белгілі. Алдағысы мұндай болды деп жігері қайтып, жол тоқтау қылатын жастар біз емес. Келешекке кеткенді іздемей, келістісін істейік деп, үшінші сан «Садақты» əлден келгенше қадірлі ажарлап, қауым-қабиланың алдына ұсынып отырмыз», – деп сабырмен жазған. Өздері тарапынан қолданылған əрекеттің ешқайсысын даурықтырмаған, қайта журналдың уақтылы шығуына күш салғанын көреміз. «Садақ» төңірегіндегі ұзақ-сонар əңгімелерді Сайфи ағайдың барынша дəлдікпен айтқан сөздерімен түйіндеген жөн сияқты. Өйткені ол кісі: «Қазақ баспасөзінде, хрестоматияларда жəне əдебиет тарихында берілген өмірбаянында Бимұхамет Майлин 1913–1914 жылдарда «Ғалия» медіресесінде оқыды» делініп жазылыпты. Бұл дерек дұрыс емес. Шындығына келгенде, Б.Майлин «Ғалия» медіресесінде 1914–1915 жəне 1915– 1916 оқу жылдарында оқыды» (85) – деп өте мəнді түзету жасап, қазақ əдебиетшілеріне жəрдем қолын созады да, «Садақ» оқиғасына байланысты жиналысты былайша суреттейді: «Журналдың редакторы Бимұхамет Майлин жəне басқа қазақ шəкірттері əлгі екі шəкірттің мұндай бұзақы қылықтарына тыйым салуын сұрап, медіресенің меңгерушісі Зия Камалиге шағым берді. Медіресенің басқарушылары, Ғалымжан Ибрагимовтың ұсынысы бойынша, бұл мəселені шəкірттердің жалпы жиналысында талқылап, тексеруге ұйғарды.
Жиналысты Зия Камалидың өзі басқарды. Күн тəртібіндегі мəселе бойынша Ғалымжан Ибрагимов баяндама жасады. Ол өзінің баяндамасында əлгі екі шəкірттің бұзақылығы жайында бір ауыз сөз айтпады. Бақсақ, онысының елеулі себебі бар екен. Дау-жанжалды ушықтырмай, оларды нақтылы дəлелдермен жеңгісі келіпті. Бəлки, ол əдеби тілдердің жəне ұлт əдебиеттерінің тууы, өркендеуі турасында аса дəлелді де тартымды пікірлер айтты. Осы пікірлеріне орайластырып қазақ əдебиеті тілінің, қазақ баспасөзінің жəне қазақ тілінде оқытатын мектептердің жарыққа шығуы өмір заңының өзі тудырған табиғи қажеттілік екенін ыспаттап айтып берді. Ғалымжан Ибрагимовпен пікір таластырып сөйлеген ешкім болған жоқ. Сөйлегендер оны түгелдей қолдап шықты. Жиналыстың аяғында барша татар-башқұрт жастарының ортақ пікірлерін жинақтап, бүкіл залдағыларды күлдіре-күлдіре Шаихзада Бабич шығып сөйледі. Ол талас мəселе қазақ халқының пайдасына шешілгеніне өз қуанышын білдіріп, қазақ жастарын құттықтап өтті. Мəселені осылай ғылыми жолмен дұрыс та терең талдап, екі жақты бітіргені үшін Ғалымжан Ибрагимовке рахмет айтты. Бабич соңғы сөзін бітірісімен, Бимұхамет орнынан ұшып түрегелді де, ең алдымен Ғалымжан Ибрагимовтың, одан кейін Бабичтің қолын қысты. Бимұхамет бастап, қазақ шəкірттері Бабичті құшақтап көтеріп алып, бетінен сүйді. Мəселенің шиеленіспей, оңай шешілгеніне бəріміз де қуандық. Біз қазақ бауырларымызды шын көңілден құттықтадық. Ғалымжан Ибрагимовтың баяндамасы кейін татардың «Аң» («Білім») журналында басылды (86) деп жазды «Жастық шақтың ізімен» атты кітабында. Сайфи аға ғибраты, біріншіден, халықтар достығына дəнекер болған фактыларды тірнектеп жинап, мəнділерін іріктей білуді үйретсе, екінші, «жүрген аяққа жергем ілігеді» дегеннің растығын дəлелдеп, қазақ интеллигенциясының туу процесінен көптеген құнды деректерді табуға болатындығын, үшіншіден, əдебиет əлеміне келгендердің сыр-құпияларымен таныса түсетіндігімізді осы сұхбатынан аңғартқан еді. 1964 жылдың 23 майы. М.Əуезов атындағы қазақ академиялық драма театрында Сəкен Сейфуллинге арналған салтанат-
ты жиналыс жүріп жатыр. Əлден уақытта сөз кезегі Сайфи Құдашқа тиді. – Қазақстанды мен өзімнің екінші туған жерім деп санаймын, – дегенде, шат көңілдің алғысын əммəге жаятын қолшапалақ басталып кетті. Адал ниет, ақ жүректің сырын именбей шерткен шешен қолшапалақтаудың басылуын ұзақ тосты. Көзіне жас оралып, даусы жарықшақтанып шықты. – Сондықтан да мен қарттығыма, науқастығыма қарамастан, замандасым, құрдасым Сəкеннің жетпіс жылдық тойына, өз бауырымның тойына келгендей, қуана-қуана құлшынып келдім. Сəкен Сейфуллин – сіздердің де біздердің де жəне бүкіл Совет елінің мақтанышы. Сəкен Сейфуллин менің ең алғашқы шығармаларын сүйіп оқыған, қадір тұтқан қазақ жазушыларымның бірі еді. Мен оның «Өткен күндер» деген атпен 1914 жылы шыққан өлеңдер жинағын Қостанайда жүрген кезімде оқыдым. Сəкен менің жас жүрегімде қазақ халқына деген сүйіспеншілік сезім туғызды, қазақтың бұрын-соңды əдебиет қазынасын ақтаруыма жол ашты. Мен Сəкенді ғұмырымда бір-ақ мəрте – 1934 жылы Москвада, совет жазушыларының бірінші съезінде көрдім. Оған мені Уфа шаһарында «Ғалия» медіресесінде бірге оқыған достым, қазақ əдебиетінің көрнекті қайраткері Бейімбет Майлин таныстырды. «Балдың дəмін білу үшін батпан балды асап көрудің керегі жоқ», дейді біздің башқұрт халқы. Менімен дидарласып, танысқаннан кейін, съезд мінбесінен шешен тілмен сөз сөйлеген, өзінің елден ерек əсем түр-тұлғасымен баршаның назарын тартқан Сəкен менің көкірегімде ғұмыр бойы өшпейтін із қалдырды. Сəкен Сейфуллиннің «Қызыл ат» дастаны маған «Қос қайың» дастанын жазуға игі əсерін тигізгенін осы арада атап айтқым келеді. Бұл үшін мен Сəкенге қарыздармын. Қазақ совет əдебиеті – өте бақытты əдебиет. Неге десеңіз, оның негізі Сəкен Сейфуллиннің партиялық, халықтық, социалистік асыл шығармалары арқылы салынды, («Қызыл сұңқар», 1970. 30бет) – деп ағынан жарылды.
Сайфи ағаға айтар бар алғысымды оған сый-құрмет көрсету арқылы жеткізбекке тырыстым. Аяқ-табақшы, атқосшы сияқты қызметтің бəрін Сəкен үйінде, Сəбит Мұқанов пəтерінде, үкіметтік қабылдауда атқарып, үйімнен бір шыныаяқ шай беруге де уақыт болмады. Тіпті, 1958 жылы «Садақ» жайлы мақала жазғанымды айтуды есімнен шығарып алыппын. Уақыт зымырап өтіп жатыр. Тынымсыз еңбек, тіршілік қамдарымен тырбынып жүрген шақта, Уфадан күтпеген хат келді. «Уфа, 10 ноябрь, 1972. Ардақты туысқаным Тұрсынбек! Осы жылдың көктемінде қазандық бір ғалым маған Сіздің қолтаңбаңыз қойылған «Қолжазба «Садақ» журналы» атты мақала басылған бір газеттің кесіндісін жіберді. Бірақ газеттің аты көрсетілмеген. Мақаланың жазылу жəне басылу даталары да қойылмаған, сол себептен мақаланың қайда жарияланғаны да мен үшін белгісіз болып қалды. Бірақ тілесе, кім жібермесін, тілесе, қандай газетте жарияланбасын, «Садақ» туралы мақаланың дүниеге келуі мені өте қуандырды. Осы туралы мен Сізге көптен хат жазуды тілесем де, мүмкіндігім болмады. Жылдың барлық төрт маусымында да науқастанып, ауруханада жатып, сырқатпен күресіп, жағаласып күн өткіздім. Осы күнде де қанаты қайырылған қырандай боп жатырмын. Жаным ашитын атқарылмаған жұмыстарым өте көп. Жүрегіме түйін болып түйнелген, қазық болып қадалған мəселелер толып жатыр. Кəрілік пен сырқат екеуі одақтасып алды да, менің саулығымның төбесіне тоқтаусыз сойыл сілтеп, шоқпар үйіріп тұр. Жалпы алғанда, бізде «Ғалия» медіресесі мəселесі, онда оқыған адамдардың тағдыры бір кезде өте даулы, өте талас мəселе болып келді. Бұл туралы шоқпардың қаттысы менің басыма тиді, өйткені əдебиетте, баспасөзде «Ғалияның» өз заманында прогрессивтік роль ойнағанын, Россиядағы
түркі халықтарына ағартушы кадрлар даярлап шығарғанын мен алғаш көтердім. Бірнеше тілде қайта-қайта баспадан шыққан «Ұмытылмас кездер», «Жастық шақтың ізімен» сияқты шығармаларымменен жəне басқа да мемуарлық естеліктерімменен «Ғалия» медіресесі жайлы, онда оқыған жазушылар, журналистер, артистер, мұғалімдер, т.б. туралы жазуымменен башқұрт əдебиетінде жаңа жанр туды. Бірақ менің ол жазғандарым жай ғана, майланған сынадай өтіп кетпеді. Ана жылдары қаламдары «ұшталып» қалған қолдар, шешенденіп қалған тілдер мен туралы əңгіме көтерді, арыз жазды, тіпті партия жиналысында сын айтты. Біреулер ашық жазды жəне сөйледі, біреулер астыртын жазды, сыбырлады. Бірақ мен өзім шындық деп түсініп, имандай ұйыған көзқарасымнан қайтпадым. Айтқан, жазған сөздерімнен танбадым. Тəуба қылмадым, өйткені бұрын жазғандарым, сөйлегендерім жалған емес еді. Партияның мəселені дұрыс бағалауына сенетін едім. Партияның Башқұртстан обкомына 40 беттік түсінік жазып бердім. Партия менің сөзімді қуаттады. Ана жалақорлардың сөзі іске аспай қалды. Қазір «Ғалия» медіресесінде музей ашылғалы отыр. Ол медіреседе оқыған татар, башқұрт, қазақ, өзбек, черкеш, адыгей жігіттері арасынан шыққан жазушылардың, ғалымдардың, үлкен журналистердің, жетекші қызметкерлердің жəне т.б. өмір жолдарын жарқырата көрсететін материалдар, суреттер, басқа да экспонаттар жиналып жатыр. Үйде науқастанып жатсам да, мен де музейді құру комиссиясының бір мүшесімін. Болашақ музейдің ең қымбат естеліктері, фотолар, журналдар, «Ғалия» туралы болған доностар жəне басқа да материалдар менің архивімде сақтаулы. Мен музейге 35 экспонат бердім. Бүгін көңілім көтеріңкі, шабытым шалқып тұрғандай: осы бақытты минутты пайдаланып, Сізге осы хатты жазу үшін қолға қалам алдым. Жазатын тілектерім де бар, түзетулерім де бар. Енді соған келейін: 1. «Садақ» туралы.
Мақалаңызда «Садақ» туралы менің жазғандарымнан келтірілген үзінділерде бірталай жетіспеушіліктер бар. Мəселен, Сіз мақалаңызда: «Садақ» байғұс көп қиындықтар көрді. Ғалымжан болмаса, жабылып қалуы да ықтимал еді. Жасыратыны жоқ, татар шəкірттері медіресенің кожасымыз дегендей сыңай байқатып, «Ғалияның» директоры Зия Камалиден қолдау да тауып жүрді», – деп жазыпсыз. Ол дұрыс емес. Зияддин əл-Камали қазақ журналын жыртқылап тастаған екі шəкіртті жақтаған жоқ. Ол – бір. Екінші, Зияддин қазақ шəкірттерінен арыз алысымен, оларды түңілдірерлік бір де сөз айтқан жоқ. Медіресенің екінші қабатында мұғалімдер бөлмесі болатын. Қазақ шəкірттері арыздарын, міне, осы бөлмеге кіріп, мұғалімдердің көзінше Зияддинге тапсырды. Сонда-ақ олар арызды оқып, мəселені оқушылар (шəкірттер) жиналысының ықтиярына беруге ұсыныс жасады. Ғалымжан қазақ шəкірттеріне тілектес болды. Əзірге айтайын дегенім: Зияддин əл-Камали қазақ шəкірттеріне қарсы адам емес. «Садақ» журналы 1915 жылы ғана туған жоқ. «Ғалия» қолжазба баспасы» 1907 ж. Ғалымжан Ибрагимовтың «Желім» атты гектограф газет басып шығаруына байланысты басталған. Содан үлгі алған қазақ шəкірттері Нығыметолла Күзембаев, Мəннан Тұрғанбаев, одан кейін Нұғыман Манаев, Сүгір, Бейімбет, Жиенғалилар шығарды. Міне, менің үстелімде қарт коммунист Хамза Дулатхазиннің хаты жатыр. Ол 1908-1913 ж. «Ғалияда» қазақ жастарымен бірге оқығанын, қолжазба «Садақ» журналында өлеңдерін жариялағандығын, оларын 1912 жылы Қазанда жеке жинақ етіп бастырып шығарғанын жазады. Содан соң, барлық татар шəкірттері қазақ журналы «Садаққа» қарсы емес еді. Журналды оқу залынан алушы екі татар шəкірті ғана, оларды Зия Камали де, педсовет те жақтаған жоқ. Жалпы жиналыста да қорғап-қолдамады. Қайта екі шəкіртті бар дауыспен жазалады. Айта берсеңіз, бұл екі шəкірт өздерін өздері де жақтап шыға алмады. Демек, «Садақ» журналын шығаруға Бейімбет күш салды. Ал, бұдан кейін сол журналға дирекция да, шəкірттер
де қарсылық жасамады. Қайта қолдан-қолға көше-көше, ол журналдың ең соңғы редакторларының бірі Жиенғали Тілепбергенов болды. Композитор, академик А.Жұбанов 1967 жылы Уфада болғанында, маған өзінің ауылында бала оқытқан кезінде Тілепбергеновтың «Ғалияда» шығарған қолжазба «Садақ» журналының бірнеше санын оқығандығын айтқан еді. Дұрыс болған екен. Қазіргі өтінішім сол: Алматыда сақтаулы «Садақтың» үш санының фотокопиясын Уфаға, музейге, мəңгілікке қонақ етіп жолдауыңызды сұраймын. Оны қалай аламыз? Менде «Ғалияда» 1916-17 ж. оқыған қазақ шəкірттерінің топтала түскен фотосуреті бар. Оны музейге тапсырдым. Бейімбет пен Тілепбергеновтың жеке суреттері керек. Зейнел Имажановтың да фотосуретін алдым. Тілепбергеновтің балалары Ақтөбеде тұрады екен. Бейімбеттің жеке суретін кімнен аларымды білмей отырмын. Оның үстіне, Бейімбеттің бірнеше кітабын да музейге қою керек қой, сол жөнінде маған жəрдем көрсет. Хат жаз! Саулық, ғылыми еңбектеріңізге жаңа табыс тілеп, туысқандық сырларыммен Сайфи Құдаш». Бұл хат тек менің білместігімді түзетіп, толықтырып қана қоймай, жаңа да құнды деректерді көрсетіп беріп отыр. Демек, 1915 жылға дейін де «Садақ» журналы шыққанын байқаймыз. «Садақтың» өзі болмағанымен, əйтеуір, бір қолжазба журналдың болғанынан тың хабар, тосын мəлімет алып отырмыз, енді оны іздестіруімізге тура келмек. Ал, 1912 жылы өлеңдер жинағы шыққаны рас, онымен танысқан, оқығандар қазақта аз емес. Екінші жағынан, Сайфи ағайдың бұл хаты маған үстеме тапсырмаларымен құнды болды. Соны орындау жолында тың деректерге кезігіп, «Садақ» журналының жоғарыда айтылған 575 беттік топтамасын (подшивкасын) тауып алуыма (оның хика-
ясы өз алдына жазылар) жəне Зейнел Имажанов ақсақалмен қайтадан табысуыма себепкер болды. Ардақты ағаның игі іске бастаған тапсырмаларын орындауға құлшына кірістім. Өйткені докторлық диссертацияны қорғап, Москваның «Молодая гвардия» баспасының «Тамаша адамдар өмірі» сериясынан шығатын «Сəкен Сейфуллиннің» ақырғы редакциясын қарап, мойын ептеп босаған кез болатын! Шапқылап отырып Зейнел Имажанов ақсақалға бардым. Ауруханаға түсіп қалған екен. Медіресе «Ғалияны» тамамдағаннан кейін, Батыс Қазақстан өлкесінде мектеп ашып, қазіргі СССР медицина Ғылым академиясының мүше-корреспонденті, профессор Ишанбай Қарақұловты, тарих ғылымдарының қандидаты марқұм Хабибулла Жабасовты, Ташкент қаласы мен оңтүстік өлкесінде мұғалім болғанда профессор Бейсембай Кенжебаевты, ақын Өтебай Тұрманжанов, мемлекет қайраткері Нұртас Оңдасынов, Жақыпбек Жанғозин, қазақтың өнер саңлақтары: Құрманбек Жандарбеков пен Қанабек Байсейітовтерді, атақты батыр, жазушы Бауыржан Момышұлын оқытып, үлкен өмір жолына шығарған Қазақ ССР-іне еңбек сіңірген мұғалім, Ленин орденінің кавалері Зейнел Имажановтың өмірі үлкен хикаяға лайық. Сайфи ағаның хатын, «Садақтың» топтамасын көрсеткенімде, Зейнел-ата ауруынан сауығып кеткендей болды. – Сексеннің төртеуіне келіп отырмын. Шыбын жан тəтті екен, құрғыр. Өлгің келмейді. Ал, енді сен Сайфимен табысып, «Садақты» тауып алсаң, менің үйге жазылып қайтуымды тоспа. Кім біледі, жел қатты соғып кетсе... Күнде сағат 11-де осында кел, мен оқып беріп отырайын. Есімде сақталса, түсіндірме жасап отырармын, – деп жік-жапар болды. Ауырып жатқан адамды мазалауға болмайды ғой, бірақ «ғайып болып кетсе, өкініші кетпес» деген ойлар жеңіп, ертеңіне, айтқан уақытта бардым. Аулада тосып тұр екен. – Сайфидың маған жазған хаттары бар еді, телефон соғып, соларды алғыздым, – деп көзі күлімдей жымиды ақсақал. Мына хатты 1971 жылдың 23 сентябрінде жазыпты. «Ардақты сабақтасым, табақтасым Зейнел жолдас! Хатыңызды жəне
фотосуретіңізді алып, балаларша қуанып отырмын. 1934 жылы Мəскеуде жазушылардың бірінші съезінде медіреседегі серігім Бейімбетті бір көріп шаттанған болсам, бүгін Сіздің хатыңызды, суретіңізді жəне Оқу министрі жазған мақалада Сіздің адреске қарата айтылған өте қымбатты жəне ықыласты сездерді оқып, төбем көкке тиді. 1965 жылы Қостанайда Бейімбеттің 70 жылдық мерекесінде болған кезімде, сені сұрастырғанмын, барлығыңды білгенмін. Бірақ онан кейін маған Алматыда боларға жазбапты. Осы жылдың жазында қазақ бауырларым жазушылар съезіне жəне Абайдың 125 жылдығына шақырып еді. Науқас едім, бара алмай қалдым. Бара қалсам, сені іздеп табармын, дидарласармын деп қиялданып ем», – деп ұзақ хат жазыпты. Бұдан кейін «Ғалияда» оқыған жігіттердің тағдырын тəптештей жазып келіп: «Қазақ шəкірттерінің бұл фотосуретін саған ескерткіш қылып жолдаймын. Өтініп сұрауым сол, осы суретте отырған 16 адамның атын, фамилиясын, мəлім болса, адрестерін маған жолдаңыз. Қатеріңізде болмаса, басқа білетін адамдардан сұратып біліңіз. Хат жазыңыз. Ақылым дұрыс болса, қолымнан қаламым түспесе, жауап берермін. Маған 3 октябрьде 77 жас толады», – деп жазыпты. Ол шəкірттердің аты-жөні не үшін керектігін айта қоймапты. Оның сыры Зейнел атаға 1972 жылы, 5 апрельде жазған хатында анық айтылыпты. «Ғалияда» музей ашу мəселесі қолға алынып жатыр. Экспонаттар байтақ жиналды. Жақында Қырым шəкірттерінің хаты, суреттері келді. Бір Қырым жазушысына Ташкентке хат жолдаған едім, содан жауап келді. 17 шəкірттің осы күнде бесеуі тірі болып шықты. Адрестерін сұрап хат жаздым. Енді сенен қазақ шəкірттерінің есімдерін күтемін. Сен, Зейнел аға, ұзатпай, тындырған ісіңді хабарлап тұр. Табылған мағлұмат бола қалса, түсіндірме жазып, маған жібер. Қолыңдағы фото саған болсын. Өзбек, черкеш, адыгей шəкірттерінің фотоларын өз елдеріне жолдадым. Жауап күтемін. Менің өз саулығым нашар, сол себепті өзім тірі шақта музейді тəртіпке келтіріп, істеп қалдырғым келеді. «Өзі жоқтың көзі жоқ», – дейді ғой. Біз өлген соң бұл туралы қайғырушылар
болатыны көзіме көрінбейді, Зейнел аға!» – деп күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айырылып жүргендігін, үлкен жүрегінің ел ісіне əбден берілгендігін осындай жан сөздерімен аңғартыпты абзал аға. 18 апрельде жазылған хатында «Жастық шақтың ізімен» кітабы шыққаннан кейін «Ұмытылмас кездер» де қазақшаға аударылып, басылып шыққанын хабарлап, «қолыңызға қаламды алыңыз да, өзіңіздің «Ғалия» туралы естеліктеріңізді қағазға түсіріңіз. Мен Бабич туралы Əбдірахман Мұстафинге естелік жаздырып алдым да, Уфада башқұрт тілінде шығатын «Ақ Еділ» журналына жарияладым», – деп қызықтырады да, «бізбен бірге оқыған замандастар қазір өте аз қалды», – деп ескерту жасап, қазақ шəкірттерінің аты-жөнін тез хабарлауды өтінеді. Дімкəс Зейнел ата бұл тапсырманы дер кезінде орындай қоймаған соң, Сайфи аға менің 1958 жылы шыққан мақаламды тілге тиек етіп, ол тапсырмаларды менің мойныма артатындығын кейінгі хаттарында жасырмапты. 1973 жылдың 2 февралында жазылған хаттың ұзын-ырғасы мынадай: «Қадірлі туысқаным Тұрсынбек! Жаңа жылмен құттықтағаныңыз жəне жақсы, ықыласты тілектеріңіз үшін алғыс айтамын. «Жарлыға жымиып қарасаң, жамаулық сұрайды», – деген бар ғой. Сіздің мендей науқас бір шалға шапағатты көзбен қарауыңыз маған осы хатты жазарға күш-қуат берді. Бізде «балық берсең, байлап бер, басы-көзін шайнап бер» – дейді. Сіз маған жəрдем көрсетуге уағда еткенсіз. Міне, мені сол қуандырды. Болмаса мен қазақ бауырларымнан екі ақсақалға ілтипат білдіріп, мына фотосуретті тапсырып, бұрын «Ғалияда» оқыған қазақ шəкірттерінен бірер тірі жан тауып берулерін немесе осы суреттегі жігіттердің фамилияларын жазып жіберулерін сұрадым. Екеуі де уəде берді, бірақ сөздерінде тұрмады. Алматыда осы күні бұрын «Ғалияда» оқыған екі тірі адам бар. Бірі – Зейнел Имажанов, екіншісі – Əбдірахман Мұстафин. Екеуі де менің сабақтастарым. Бейімбет Майлин төртеуіміз бір класта, сыныпта оқыдық. Сіз
ол қарттарды білесіз. «Садақ» туралы жазған мақалаңызда олардың аттары бар. Біздің «Ғалияда» татар-башқұрттан кейін көпшілік болып қазақ шəкірттері оқыды. Сол себепті «Ғалия» музейінде қазақ оқушылары өздерінің хақылы орындарын алуға тиіс. Бұл іске мен Сіздің жəрдеміңізден басқа ыңғайлысын таба алмаймын. Қазір мен өзімнің барлық творчестволық істерімді бір жаққа жиып тастап, осы музейді ұйымдастыру жұмыстарымен шұғылданып жүрмін. Бұл игі іске бəріміз жұмыла кірісу – біздің ортақ борышымыз, міндетіміз! Назым Хикмет айтқандай мен жанбасам, сен жанбасаң, біз жанбасақ, бұл мұкаддас дүниені кім басқармақ? Егерде біз сол замандағы патша самодержавиесінің отарлық саясатымен халық-ұлттарды бөліп, жер жүзінен жоқ етуге үкім етілген сегіз халықтың ғылымға сусаған жастарын жинап, көштерінен, ауылдарынан келген шамада білім беріп, келешекте болашақ зор мəдени, саяси өзгерістерге белсене қатынасатын кадрлар əзірлемеген болсақ, біз ескішілқадымшілердің есірткен қараңғылығында тұмшаланып қалсақ, бұл күнгі Ғалымжандар, Гафурилер, Бейімбеттер, Бабичтер, Туфандар, тағы көп дарындар болмас еді. Бұл музей бұдан 20–30 жыл бұрын ұйымдастырылса, қазір біздің бек көп нəрселеріміз жоғалып, атақты адамдарымыз өлім-жітімге ұшырамаса мұндай қиыншылыққа кездеспеген болар ек. Өз уақытында «Ғалияның» айтулы тарихы да жазылған еді. Ол да осы медіресені ашам деп, ашқаннан кейін оны өркендетем деп, мың түрлі ауырлық, полиция органдары тарапынан сұмдық жапа көрген, азап шеккен Камалимен бірге жоғалды. Біз музей ұйымдастыру ісін кешеуілдетіп алдық. Алайда «соң болса да, бар болсын» (ештен кеш жақсы), – дейді ғой. Кешеуілдегеніне қарамай, барымен жасақталған музей өз борышын атқарарлық тарихи бір мүйіс болатыны айдан анық. Сіз маған қазақ жігіттерінің «Ғалиядағы» орындарын толығырақ көрсетуге жəрдеміңізді қызғанбаңыз! Бұл хатпен бірге «Ғалияда» оқыған қазақ шəкірттерінің топтаса түскен бір фотосын жіберемін. Мүмкін болса, солардың есімін, фамилияларын анықтап жіберіңіз.
Сонсоң, Б.Майлин, Ж.Тілепбергенов, Н.Манаев жəне басқаларының фотосуреттерін табуға тырысыңыз! Кітаптары шыққан адамдардың кітаптарын да жібере салсаңыз, нұр үстіне нұр болар еді! Сізге саулық, ғылыми-əдеби жұмыстарыңызда үлкен, зор табыстар болуын тілеп, туысқаның сəлем жолдайды. Сайфи Құдаш» – деп жазған хатын алғанда, өзінің дімкəстігіне қарамай, ел үшін, халық үшін еңбек ететін үлкен де мейірбан жүректі қайраткерді көргендей болдым. Бұл хат келген кезде мен де бір кеселге кезігіп, аурухананың төсегін тоздырып жатқан көңілсіз бір шағым еді. Жай-күйімді айтып, Сайфи ағаға жауап жаздым. 1973 жылдың 7 апрелінде жан-сырын шертіп, енді кешеуілдетуге болмайтынын аңғартқан хат келді. «Мен Сіздің 25 январьда жазған соңғы хатыңызды алып оқыған сəттен бастап, жылдам сауығуыңызды тілеп, сағынбаған күнім болмады. Қазір мен Сізді жеңдерін сыбанып жіберіп, сауығып қайтуыңды күтіп жатқан көп жұмыстармен сиқырланып, дүниені ұмытып отыр деп, тамаша бір жайды көз алдыма келтіремін. Біздей қарттар: – «Уəде – иман», – дейтін бір кезде. «Ғалия» медіресесінде музей құрылып, художниктер өз жұмыстарын атқарып жатыр. Мен ойымменен де көздерімменен де алаңдай қарап, Тұрсынбектен хат, хат ішінде жазбалар, фотолар күтем, шырағым!!! Сарғайтпа қартыңды! Қартайтпа қартыңды!» – деп жазылған хат уəдені шұғыл орындауға мəжбүр етті. Жəне осындай ел адамы үшін қандай қиындықты болса да жеңіп, айтқанын орындауға күш-қуат табады екен кісі. Сайфи ағайдың бұл өтініші сырт қараған адамға онша қиын емес сияқты. Ал, іске кірісе бастаған уақытында, бірін-бірі білетін адамды Қазақстанның далиған даласынан тауып алу қияметтің киыны көрінеді. Сен де хат жазасың, сарғайып жауап тосасың. Уақыт болса, зымырап өтіп жатыр. Бейімбеттің бір томдығын да, алты томдығын да, 1969 жылы өзім құрастырып, алғы сөз жазған Жиенғали Тілепбергеновтің «Ізбасар» атты
жинағын да, т.б. қолға түскен дүниелерді жібере салу оп-оңай болғанымен, суреттегі шəкірттердің аты-жөнін анықтаудың азабы күшті болды. Алматыдағы көзі қарақты, егде тартқан адамның көбі ол суретті көріп, талай долбар айтқандары аз емес. Жаз ортасында тапсырманы бір ыңғайға келтіріп, Сайфи ағаға жөнелттім-ау. Бір күні түн ортасында почташы «молния» деп соғылған телеграмманы алып келді. Онда: «Дорогой Тұрсынбек. Бандероль для музея получил, сердечно Вам спасибо. С приветом Сайфи Кудаш», – деп қуанған ағаның алыстағы нұрлы келбетін көз алдыма елестеттім де, əр қилы ойға шомдым. Ел ісін өзінің өміріне азық еткен қадірлі қайраткерлердің бəрі де осы Сайфи ағаға ұқсас шығар-ау деп қиялдадам. Осындай ғибраттан үлгі алайыншы, өзгелерге айтайыншы деп талай ұмтылып көргеніммен, сəті түспеген істің туысқан башқұрт бауырлардың Қазақстанда өтетін мəдениет мерекесіне тұспатұс келгендігіне іштей қуанып жүргенімді жасыра алман! ƏДЕБИЕТІМІЗДІҢ ҚАЗБЕГІ МЕН ЭЛЬБРУСЫ Қазақ халқының рухани дүниесіне орасан зор үлес қосып, мейлінше мол мұра қалдырып кеткен Сəбит пен Ғабитті мен Кавказ тауындағы Қазбек пен Эльбрус шыңдарындай көремін. Неге дейсіздер ме? Екеуі де бір керейдің сибаны, ауылдарының арасы қозы көш жерде. Айы-күні жетіп отырған Балсары Елтін Жалға келгенде босанып қалып «үлкенге келін, кішіге жеңге, жастарға шеше, мінезі биязы, пейілі кең, асы дəмді, абысын-ажынға қадірлі (Сəбең сөзі) Дина əжеміз жарык дүниеге айғайлап келген Сəбит Мұқановтың кіндігін кесіпті. Ал Дина əжеміз – Ғабит Мүсіреповтің туған анасы, осы тұста Ғабит бойына біткен кез екен. Түркпен тұқымы өскелең деп Ғабиттің туған ағасы Сəбиттің атын Сəбеңе ырымдап қойыпты. Бірге өсіп, бірге ойнағандарын былай қойғанда, Сəбит пен Ғабиттің тұңғыштары ер жетіп, ат жалын тартып мінгенде екеуі бауыздау кұда болып, немерелерін
бірге сүйіпті. Ол аз болса, сиыр жылының (1901) басы мен аяғында туғандардың мемлекеттік əдеби-мемориалдық музей кешені бірігіп кеткені тағы бар. Сонда бүкіл қазақтың мақтанышына айналған Сəбит пен Ғабиттің ағайын-туыстығы қайсы, бөтендігі бар ма? Осындай жақындыққа не деп ат қоярымызды білмей дал боларымыз хақ. Əрқайсы өз мінез-қылығымен, өнерпаздық машығымен өмір сүріп, өз дəуіріне айшықты іздерін қалдырып кеткендері ЮНЕСКО арқылы əлемге жайылып жатқаны қандай қуаныш. Сəбеңнің əке-шешеден ерте айырылып, жетімдік тауқыметін тартқаны, бақыршы бала кезінде Ғабеңнің ағасы – Маханмен қостас болып, Ленин орденді мұғалім Хамитінен «сауатын ашқаны», сол тұста Сəбеңе Ғабит «орыс тілінің профессоры» боп көрінуі көпшілікке белгілі. Апалаң-топалаң заман келгенде Сəбит əлеумет ісіне белсене араласып, саяси мəселелерде Ғабитке «ұстаз» болғаны, соған «намыстанып» 1921 жылы «қызыл партизан Дмитрий Ковалевтің отрядымен бандаларды» жойысқаны, губерниялық милиция бастығы Зікірия Мүкеевке Сəбең, құлақ қағыс қылып, Жекекөл милиция штабы бастығының орынбасарлығына Ғабеңді тағайындатқаны, аз уақыт ішінде үстінен шағым қаптап түсіп жатқанда 30 шақты ауыл жастарымен бірге Орынборға ала кеткені Сəкен Сейфуллин пəтерінің қараңғылау кішкене бөлмесінде «бір кісілік жіп-жіңішке темір төсекте 4 – 5 ай бірге жатқандары» да жұрт есінде. Ғабеңнің «Автобиографиялық əңгімесінде» бұл кезеңнің қызық жайлары жып-жылы юмормен баяндалып, «Он жетінші жылдан бері Сəбит үлкен қалаларда, мен ауыл төңірегінде болдым да, ол менен озып кеткен екен. Қазақстан мəселелері түгел алақанында сияқты. Наркомдармен тең отырып сөйлеседі. Өзі бас наркомның үйінде тұрады екен, мені сонда алып келді» («Белдерде» 145) дегеннің де айтары аз емес. Бурабай орман шаруашылығы техникумында оқытушы болып жүрген Ғабитті Ленинград университетіне оқуға кетерінде Сəбит Мұқанов өз орнына, яғни Қазақстан мемлекеттік баспасының бас редакторлығына ұсыныпты. Сонда тілге тиек еткендері – Сəбиттің жəрдемімен шыққан Ғабит
құрастырған «Əмірқан бидайығы» (американский пырей) аты аударма кітапша ғана екен. «Өмір мен өнерді» қатар жебеген болашақ классиктер өздерінің алғашқы сəтті де өнімді қадамдарын қалжың араластыра отырып əдемілеп жазып кетіпті. Оқиық: «Сəбит көбінесе өлең жазады, мен сабақ əзірлеймін. Ол өлеңді іркілмей де қиналмай жазады, жағдай да талғамайды. Кейде оның өлеңге еріп, бұл бөлмеден шет дүниеде, алыстағы бір оқиғалар арасында, шытырман суреттердің ортасында отырғанын сеземін де қызығып қоямын. Ішімнен жазуға құмартсам да қалам ұстауға бата алмадым. Менің құмарлығымды Сəбит сезді білем, «сен жазуға кіріс» – деп мазалап жүрді. Бірақ, Сəбит секілді ақын атағын алып қойған адамның қасында өлең шығарып шатасуым адам айтқысыз масқара көрінді» деген естеліктің айтары да, сездірері де, ойландырары да бар. Жазушылар одағына екеуі алмакезек басшы болып жүргенде жазған еңбектерінде, жасаған ресми баяндамаларында айтқан ойларын былай қойғанда Сəбит пен Ғабит бір-біріне шыңдап бір-бірден мақала жазған екен. Сəбит Мұқановтың жазушылықпен айналысқанына 25 жыл толғанда 1946 жылы Ғабит Мүсірепов «Халқымыз таныған «жазушы» деген тамаша мақала, мəнді толғау жазыпты. Сонда айтқан ойлары бүкіл Сəбит шығармашылығына аттанар өріс болуға бүгін де жарайды. Ештеңесін қалдырмай, толық қамтып, бар шынын баяндап, келешекке керектінің бəрін ажарлап айтыпты. Сəбит еруліге қарулы деп 1959 жылы еркін көсіліп, «Ғабит Мүсірепов туралы» толғауында қомақты да шынайы ойларын естелікке орай отырып жария етіпті. Ғабеңнің жан-дүниесін, шығармашылық машығын тамыршыдай дəл басып айтыпты. «Ғабиттің жазушылығын тұтас алғанда өзіне тəн бірнеше өзгешеліктері бар: бірінші – бойына сіңбеген тақырыпқа жармаспайды; екінші – бойына сіңірген тақырыбын тез жазып тастауға асықпайды; үшінші – жазатын тақырыбына күй таңдайды, күй жетпесе, игерген тақырыбын да жаза қоймайды; төртінші – шығармасына өте ұқыпты, сондықтан хал-қадары
жеткенше, олпы-солпысыз шығарады; бесінші – тілге үнемшіл, сипаттап отырған оқиғасына жəрдемі жоқ сөзді қолданбайды; алтыншы – жарқылдақ сөздерді көбірек қолданып, шешен сөйлеуге тырысады; жетінші – адам портретін жасауда казақ жазушыларының ең шеберінің бірі» («Өсу жолдарымыз», 584) деген реалистік бақылау-бағалар Ғабеңнің қаламгерлік бейнесін танып-білуімізге айрықша пайдалы. Мұнда «ұлы, данышпан, кемеңгер суретші» деп орынсыз көпіртетін теңеулер жоқ. Тегі, біздің қазақ кеңес əдебиетін жасаған алыптарымыз өздерінің қадір-қасиеттерін білгендіктен кəзіргілердей бірінбірі өтірік мақтап, жалған ұлықтауды ұят санаған, əдебиеттің пайдасына шықпайтынын білген. Ал талғампаз Ғабеңнің «жазушы Сəбит Мұқанов жайындағы ойы қандай екен?» дегенге келер болсақ, əлгі жалғыз мақаладан (60;80 жылдықта айтқандары мұның көлеңкесі ғана) біраз ой өрбітуге тура келеді. «Сəбиттің еңбектері – халық казынасы, ел мақтаны. Сəбитті қазақтың елінен, елді Сəбиттен айыратын ешбір саңылау болған емес» деген негізгі түйіні айрықша мəнді. Себебі ол Совет Одағының «ең бір белгілі үлкен жазушысы» болғанымен өзінің бар дарынын қазақтың игілігіне жұмсағанын, елмен бірге өсіп-өркендеп отырғанын, мұнысы бүкіл советтік əдебиеттің үдесінен шығып, халқына абырой-бедел əкелгенін алдымен айтып алуды парыз санаған. Ал Сəбиттің өнерпаздық тұлғасына келгенде, оны бар шындығымен, жетістік-кемістігімен жанжақты керсеткен. Ғабең «Сəбит – ақын, жазушы, драматург, сыншы-ғалым» деп бірден көзге шалынар касиеттерін түйдектей айтып алады да, «Сəбиттің тарихтан алатын ерекше орны – егіз саламен келіп, бір арнаға құятын еңбегінің нəтижесі. Сол екі сала əр кезде жұбын жазбай қоса өріліп, үзілмей келе жатқан ерекше касиеті. Оның бірі – əдебиет қазынасына қосқан шығармалары болса, екіншісі – қазақ совет əдебиетінің қозғалысын ұйымдастыру, басқару жағындағы еңбегі» («Суреткер парызы», 229) деп нақтылай түскенде өзіне тəн көреген талғампаздығын танытады.
Ең алдымен Сəбиттің өнімді қаламгерлігін атауды парыз санаған. 25 жылда «Сəбиттің қаламынан шыққан бар еңбегін жинап бастырсақ, 25 том болар еді. Қалам деген қағаз бетіне қалай болса солай ойнақтай бермейді. Көркем сөз миға күш, ойға жүк салып, жүректен толғанып шығады. Сəбиттің шығармалары əдебиетімізге берік негіздің бірі болып кіреді» (219). Екінші – біздің өмір шындығымыз əрқашан Сəбит шығармаларының өзегі, үшінші – «Сəбит қашанда қалың еңбекшінің ұғымына барынша түсінікті болуға тырысады. Көпшілікке түсінікті болам деудің кейде шығарманың сапасын түсіріңкіреп жіберген уақыттары да жоқ емес» деп Сəбең қаламгерлігінде жиі кездесетін кемістікті сипай қамшылайды да, «бірақ мұнда көпшіліктің деңгейіне қарайлау сияқты бас себебі де бар» деп тығырықтан шығарып алуға тырысыпты. Төртінші – Горький мен Маяковский дəстүрлерін қазақ əдебиетіне сіңіру, орнықтыру жөніндегі талпынысына назар аударып, Маяковскийге келгенде «Сəбит өзге ақындарымыздан үздік алда тұр» деп табады. Сəбит Мұқанов поэзиясының алғашқы дəуірінде «көзің бір түссе айыра алмайтын суреттер, бір оқысаң есінде қалатын дəлме-дəл теңеулер, тұлғалы бейнелер сирек кездеседі. Бірақ ақынның идеялық тазалығы мен табандылығы көп кемшіліктерін жуып жіберіп отырады» деп бұлаңдатып алғаннан кейін, «бұл дəуірдің кесек корытындысы – «Сұлушаш» романы. Бұл өте көркем жазылған, кең тынысты, серпінді ақындықтан туған еңбек. «Сұлушаш» қазақ совет поэзиясының іргесін бекітті. Бұл тек қана Сəбиттің тұңғыш табысы емес, қазақ совет поэзиясының ең күрделі тұңғышы, жаңа белі» деп тұжырымдады. Сəбит поэзиясының өсіп-жетілуінің екінші кезеңінде «оқушыларына қатар отырайық демейді, маған ер дейді. Мұның аты – жазушы жаңа белге көтерілді» деген сөз деп ой түйеді. Ғабеңнің жете талдап, айрықша назар аударғаны – Сəбиттің проза жанрындағы қайраткерлігі. Бұл мəселеге кіріскенде судағы балықтай жүзеді, қиядағыны көреді, тындырылмағандарды бажайлайды. «Сəбит үлкен ақын болуымен бірге,
көркем қара сөздің де үлкен жазушысы, романист» деген жалпыма қортындысын кезеңді шығармаларын талдаумен беркітеді. 1929 жылғы «Адасқандар» романы Сəбиттің қара сөзге шеберлігін танытып, одан көп үміт күтуге болатындығын аңғартумен қатар «сол кездегі байшыл жазушылардың жазғандарынан анағұрлым жоғары еді. Сəбитті күнде кекетіп, күнде сықақтап жүретін байшыл жазушылардың өздері ондай роман бере алған жоқ. «Адасқандар» көркем түрде жазылған кесек еңбек» деп пролетарлық əдебиеттің бел баласы екендігін танытып та қояды. Сəбит қаламынан шыққан басқа туындыларды емеурінен аңғартып, «Жұмбақ жалау» («Ботакөз») романына айрықша тоқталады. «Қазақ совет əдебиетіне құнды қор болып кірген Сəбиттің «Жұмбақ жалау» атты романы – қаламы əбден ұшталған жазушының ойланып барып, жеті өлшеп, бір кескенде бере алатын шығарма. Романның бас геройларының əрқайсысы өзіндік ерекшеліктерімен берілген. Айрықша айта кету керек, демократиялық оқығандар арасынан шыққан Асқар образы қазақ көркем сөзінде бірінші рет осы романда жасалды. Сондықтан ол роман біздің қазақ совет əдебиетінің үлкен жеңістерінің бірі, қазақ романдарының төл басы» деп табуы əдеби-тарихи шындыққа сай. Оны дəлелдеуі де қызық. «Роман шыққан жылы Сəбит оқушылардан мыңнан артық мақтау хат, қуанған жұрттың алғысын алған екен. Ондай хаттар Ұлы Отан соғысының өн бойында майдандағы жастардан үзілмей келіп жатты. Ондай хаттар кəзірдің өзінде де Батыста Берлиннен, шығыста Сахалиннен үзілмей келіп жатады. Біздің жас əдебиетіміздің өмірінде мұндай факт бұрын болған емес. Жазушыға бұдан артық қуаныш, бақыт жоқ». Əдебиетіміздің 30–40 жылдардағы дамуына биік асу жасап, келесі өркендеудің негізін қалаған шығармалар қазақ тарихынан құрметті орын алары даусыз. Ғабит Сəбең жөнінде бір рет төгіле айтқанымен ғана шектеліп қалмаған екен. 1928 жылы 18 сəуірде «Тулаған толқында» атты повесін шығаруға жəрдемі тиген Сəбитке «кітапшаның басылғаны үлкен қуаныш. Қысқартып, түзегеніңе алғыс айтпасам, ренжімеймін ғой. Бара сала басу жағын қарастырғаның мені ілгері
сүйремесе, кейін кетірмес. Біраз елігіп, алғашқы екпінмен көр-жерді жазып тастауым да мүмкін» деп хат жазған Ғабең астанаға келген соң қазақ совет əдебиетінің ең бір сырбаз қаламгеріне айналып, 30-шы жылдардан бастап жанбасы қара жерге тигенше оқулықтар мен зерттеулерде, баяндамалар мен мақалаларда аталып, марапатталғаны əмбеге аян. Осы үрдістің алдында тағы да Сəбит болды. Ғабеңше айтсақ, «Сəбитпен тұстас я болмаса кейінірек шыққан қазақ ақын, жазушыларының одан ағалық қамқорлық көрмегені, тəжірибе алмағаны кемде-кем-ақ» дегені өзіне қатысты боларын білмеді емес, білді, соны ашық айтуды азаматтық парызым деп санады. Сəбит Ғабитті жазушы ретінде ең алғаш рет 1931 жылы «КазАПП алтыға толды» деген мақаласында пролетар ақынжазушыларының тізіміне кіргізсе, 1937 жылы 25 сəуірдегі «Соңғы үш-төрт жылда» деген шолуында «Тулаған толқында», «Ескі үйдегі көршілер», «Шұғыла» мен «Талпақтанау» əңгімелері, «Қыз Жібегі» көркемдік шеберлік деңгейіне қарай аталғанмен терең талданбапты. Себеп? Толып жатыр. Əсіресе 31–32 жылдарда ҚазАППты жандандырамыз деп жүргенде жікшілдік ауруына ұшырау, іштей ыдырау бір болса, екіншіден, пролеткульттік идеяны «Социалистік Қазақстан» газетінің редакторы болған кезде онды-солды сілтеуі, 1933 жылы Қазакстан кеңес жазушыларының ұйымдастыру комитетінің пленумында «Социалшылдық құрылыс дəуірі – түрі ұлттық, мазмұны пролетариаттық көркем əдебиеттің өркендейтін дəуірі» деген баяндамасында сын мен өзара сынды ешкімнің беті-жүзіне қарамай өркендетейік деген кезеңдік науқанның жетекшісі болып, Сəкен, Бейімбет, Ілиястармен қатар Сəбитке айрықша шүйліккен болатын. «Осы уақытқа дейін пролетарлық поэзияның көрнекті шығармасы есептелген «Октябрь өткелдері» поэмасының бас кейіпкері Теміртай кəдуілгі ренжитін, қуанатын, толғанатын саналы жұмыскер емес, тек бір ойсыз қара күш, көсеу секілді» дегенмен шектелмей «Адасқандарды» «көркем түрде жазылған кесек еңбек» дей отырып, талай күдікті, күпті ой-
ларды айтқан-ды. «Байдың баласы бір қызды алам десе, ол қыз тием десе, арадағы сөзге иланып, бірін-бірі өлтіруге жетсе, бұл адасқандық болып табыла ма байдың балаларына?» деген пəлені шығарды. 1935 жылы «Сын бая» болып Мəскеуден шыққанда «Литературная газета» мен «Комсомольская правда» əлгі мəселе төңірегінде қырқыса айтысып, ақыры «Адасқандар» романы литоның түрмесіне қамалған болатын. 1937 жылы Сəбит Мұқанов Жазушылар одағының басшылығынан алынып, партиядан қуылған сəтте Өлкелік партия комитетінің бөлім меңгерушісі жəрдем қолын созудың орнына басқа сыңай танытқаны бар. Осылардың бəрі Сəбиттің тартына пікір айтуына себепші болған сияқты. Сонда да Ғабеңнің қаламгерлігі ұштала түскен сайын Сəбеңнің пікірі қомақтала да қоюлана түскен. Біздің классиктеріміз реалистік бағаларды айта білумен қатар бірін-бірі қамшылап та отырған. «Ғабит сауатты жазушы. Ол саясатты да, əдебиетті де жақсы біледі. Отанымыздың саяси халі оған жақсы таныс. Халықтың отаншылдық рухын көтеруге əдебиетіміздің жəрдемі ерекше керек кезде Ғабиттің үнсіз отыруын əрине дұрыс деп айта алмаймыз» деп 1947 жылғы шолуында бір түйіп кетсе, келесі жылы арнайы тоқталар шығармасы болмағандықтан əшейінгі тізімнің ішіне кіргізе салыпты. 1948 жылы СССР Жазушылар Одағының желтоқсанда өткен пленумында жасаған «Тарихи қаулылардан кейін» деген баяндамасында бүгінгі күннің шындығын жазыңыздар деп жатқан партияның зорлықшыл талабының ыңғайымен «қазақ совет əдебиетінің бірнеше күрделі жазушылары – Мұхтар Əуезов, Ғабит Мүсірепов, тағы басқалар, өздерінің негізгі творчествалық күшін советтік дəуірдің ұлы бейнесін сипаттауға жұмсамай, революциядан бұрынғы қазақ ауылында болған оқиғаларды сипаттауға жұмсады» деп ол кез үшін бел қайыстырар сын айтыпты. 1949 жылы 30 қарашада Қазақстан Жазушылар одағының IVші пленумында жасаған баяндамасында Ғабең үшін іліп əкетер ойды алғаш айтты. «Алдыңғы қатардағы жазушымыздың бірі Ғабит Мүсіреповтің биылғы 1949 жылғы əдебиеттік егіні мол
өнім беріп отыр. Оның «Қазақ солдаты» атты шығармасы Ұлы Отан соғысы күндеріндегі совет адамдарының саяси жəне моральдық жүйесі жоғары екендігі көркем түрде сипаттады. Онкүндікке осы табыспен барған Ғабит, онкүндіктен кейін «Аманкелді» атты пьеса жазды, бұрынғыларынан көркемдік жағынан əлдеқайда жоғары» деп қуаныпты. «Қазақ солдаты» оқулықтарға кіріп, қалың оқушының рухани дүниесіне айналуына Сəбеңнің осы ұнамды пікірлерінің шапағаты тигенін ұмытпау керек, өйткені бұл дəуірде С.Мұқановтың аузы уəлі болатын. Сəбеңнің Ғабең жөнінде көсіліп те шешіліп айтқаны «Ғабит Мүсірепов туралы (қысқаша биографиялық очерк)» деген 1959 жылғы еңбегі. Онда Ғабиттің ата тегі, өмірі жəне жазушылығы туралы үш тараудан тұратын қызықты да ғибратты ойлары «Менің мектептерім» трилогиясындағы суретті баяндаулармен іштей қабысып, көп шындықтардың бетін ашады, үлгі шашады, кешегімен таныстырып, келешекке жетектейді. Өнерпаздық тұрғыдан келгенде Сəбең «өз дініне» беріктігінен бастапты. Қазақ əдебиетіне «Ғабит сіңірген жақсы екі еңбегі бар: біреуі – 20-шы жылдардың аяғында қатты шиеленіскен тап тартысы көркем əдебиетке əсерін тигізіп, алашордашылар мен байшыл-ұлтшылдар жанталасқан шақта Ғабит идеологиялық майданның алдыңғы қатарынан орын алды да, публицистикалық қаламымен қатты түйреді; екіншісі – осы бағытта көркем шығармаларымен қызмет атқарып, ауылдағы тап тартысының сол бір кездегі айқын жəне көркем бейнесін көрсететін бірнеше əңгімелер жазды» деп «сүйсінгеніне» азкем тоқтай кетейік. Совет өкіметі құлағаннан бері біздің көптеген зерттеушілеріміз, публицистеріміз, əсіресе партиягерлікпен даурығып жүргендеріміз таптық идеологияны насихаттаушы Сəкен, Тұрар, Сəбит деп қыр сондарынан қалмай, көрінген жерде байбалам салып жүр. Қазақ халқын басқа елдермен терезесін тең етеміз, мəдениетін марқайтамыз деп марксизм-ленинизм туы астына кіріп, сойылын соқпағандар некен-саяқ. Тіпті алаш азаматтарының ішінен советке іш тартқандары да бар. Солардың
ең ірісі – Мағжан. Ол «Тоқсанның тобын» жазып, «тоқсаннан сонау он аулақ, сонау оннан мен аулақ, мен тоқсанмен біргемін» деп иіліп келгенін кəзір ауызға алғысы келмейтіндер бар. Сол толғауды сол кезде «саясат сауғандар» əдейі дуылдатып, «жеңілгеннің белгісі» деп Голощекиннің кезекті көке мылжыңына жем қылып бергендер де өзіміздің ағайындар. Мағжанның шақша басын шарадай қылып, пəлеге қалдырдық. Осындай науқандарға, жасыратыны жоқ, əуелгі танылу, қатарға кіру кезінде Ғабит Мүсірепов едəуір араласты. Баспаның бас редакторы, партиялық газеттің жауапты редакторы жəне мəдениет бөлімін басқарған тұста – идеологиялық күрестің бел ортасында өзінің өткір де мысқылшыл тілімен басқалардың қарабайыр ойларынан асырып жіберген сəттері де жоқ емес. Дəлел керек пе? 1932 жылы жасаған баяндамасының бисмилласы «байшыл-ұлтшылдарды» мінеуден басталып, «біз – жазушылар тап тартысының, салт-сана майданындағы ең бір жауапты жерінде күресіп жатқан отрядпыз» деп сөз саптағаны, «Алашшыл оқығандар ұлт қозғалысына қарсы болып, патшаны жақтап шыққан. «Алаш» партиясы байдың партиясы екенін февраль төңкерісінен бұрын да, кейін де көрсетті» (78), əдебиетке жанастырғанда «байшыл-ұлтшыл ақындар насихаттаған сарындама – социалдық романтизм емес. Ол сарындаманың жемісі Мағжанның «Батыр Баяны», «Ертегісі», «Түркістаны», «Жүсіпханы» болған. Сарындаманы ұсынған ұлтшылдар сарындай-сарындай аруаққа, жынға, құдайға жалынатын мистикаға келген. Бұлардың бəрі қазақтың ескі хандық дəуірін үгіттеп, қазақты баяғы таз қалпына шақырған, ұлтшыл-байшылдардың саяси сарыны болып шыққан» (96) деген сездерді Ғабең айтудан тартынған емес. Тіпті 1974 жылы менімен магнитофон арқылы сұхбаттасқанда «негізі қаланып жатқан жаңа құрылысқа қарсы болған ұлтшыл интеллигенттер бір жағынан тұтас, қалың, барлық баспасөзді, газетті меңгеріп кетуіне шамасы келетін дəрежеде болды» деп білсе, Ғабеңнің де замананың бел баласы болып, партияның сойылын соға білді, тоқпағын да қолына ұстады. Сондықтан совет өкіметінің
орнағанына Сəкен мен Сəбит қана емес, социализм дəуірінде жасағандардың бəрі де жауапты. Осы тұрғыдан келгенде өзінің өткен жолын ерікті түрде (кейбіреулердің «амалсыз жəне Ахмет Байтұрсыновтың ақылымен» дегені емес) өзі айыптаған Мұхтар Əуезовтің «дəуіріміздің, кəзіргі адам баласының ақыл-ойының шамшырағы – Коммунистік партия, Ленин партиясы туралы ойдан артық ешқандай ой болуға мүмкін емес. Адамның да, қоғамның да, табиғаттың да бүкіл өмірлік дамуы, ғажайып өзгерістері осы партияның қуат-жігерімен, қырағы данышпандығымен барып ұштасады» (20.379) деп төгіле айтқаннан кейін əдебиеттегі ағым-бағыттар жөнінде айтар пікірін шамалауға болғандай. «Жұмабаев ақын қазақ əдебиетінде əралуан дертті: ыңырана күңіренуді, мистиканы жəне жұртқа жат эклектизм (əркімге еліктегіштік), декаденттікті екпек болды. Революцияның алғашқы жылдарында пантюркистік, ұлтшылдық саналарын дамыта түсіп, Шыңғысханның, Ақсақ темірдің, Кенесарының аттарын да əйгілей бергіш болған. Сонымен қатар кейбір жазушылардың буржуазиялық реакциялық романтиканы да үлгі еткісі келгені де мəлім еді. Абайдан бергі дəуірдің ішінде халыққа қарсы едəуір реакцияшыл ағымдар болғанын көреміз» (19.375-76) деген сот үкіміндей тұжырымдарды кəзіргілер оқудан шошынбаулары керек. Совет заманында «етегіне намаз оқыған» ақын-жазушы, қайраткер болмағандығын ұмытпайық, анық та ащы айтқаны үшін Сəкен мен Сəбитті орынсыз кінəламайық. Əңгіменің хас шебері Ғабит Мүсіреповтің үлкен прозадағы сапарын Сəбең дер кезінде атап отырған. «Ғабит «Көк үйдегі көршілер», «Бір адым алға», «Туннель» сияқты кең көлемді прозалық шығармаларға құлаш ұрғанмен, ол талабы сəтті бола қойған жоқ. Көлемді прозада Ғабиттің алғашқы сəтті еңбегі, меніңше, «Қазақ солдаты» (1949 жыл). Мазмұны қызғылықты, жазылуы көрікті болғандықтан бұл роман Совет Одағында да, шетелдерде де бірнеше тілге аударылды» деп жазушының табысына қуанған. Сөз арасында қамшылап қоюды да ұмытпаған. «Оянған өлке» (1953 жыл) Ғабиттің
прозадағы бойы бұрынғыдан да биіктей түскендігін көрсетеді деп ағынан жарылды да, «Ғабитқа қояр тілегіміз: «Оянған өлкенің» екінші кітабы да тезірек жарық көруі керек» деген Сəбең тілегі өте кеш, күш қайтқан кезде орындалуы өкінішті: «Жат қолында» романына қалың оқушының онша елең ете қоймағаны шындық. Міне Кавказ шыңдарының бір-біріне иіліп те шалқайып тұрып айтқан пікірлері осындай. Сəбең қазақ əдебиетінің классигіне айналған Ғабеңнің қазақ драматургиясы саласындағы ең өркешті шығармаларын айрықша атап көрсетіпті. «1936 жылғы «Қыз Жібек» аса қызғылықты жазылғандықтан күні бүгінге дейін театр көрушілерді өзіне құмарттыра түседі. Драмалық театрларда ойналатын «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» мен «Ақан сері – Ақтоқты» да сондай. Ғабит бұл үш пьесада, меніңше, қазақ драматургиясының ең күшті өкілдерінің бірі» деп желпілдетпей, жалаулатпай айтқан ойы Ғабеңнің драматургия саласындағы ғана емес, бүкіл қазақ əдебиетінің тарихынан алатын орнын дəл меңзеуімен құнды. Ұзақ өмір жолындағы өрелі белестердің бəрінде Сəбең мен Ғабең ағайын-туыстықты мықтап сақтағанымен, өнер айдынында көрген-білгендерін ашық та анық айтудан еш тартынбаған. Осы тұрғыдан келгенде менің көңілімде Кавказ шыңдарының бір-біріне қасқая қарап тұрулары ғана емес, өзіміздің «Оянған өлкедегі», Жұман мен Игіліктің «Тағы да таласып келіп, тағы да тақасып келіп, іргесін айыра алмайтын дос ағайындарша бір бұлақтың басына иық тіресе қонып жатқан» тірлігі болып көрінеді. Тап осындай сəтте Ғабеңнің бақыл сөзін еске алмау обал, өйткені сөздің қадірін білген классигіміз «бүгін қазақ совет əдебиетінің, қазақ совет мəдениетінің, қазақ совет ғылымының тағы бір алып арыстаны құлап түскен күн» деп ел-жұртқа өзінің сабырлы да сазды қоңыр үнімен бел қайыстырар қайғыны, санаға түсер күйікті хабарлағанда «бір өзі бір библиотека кітап жазғаны, онысы қайталап айтқанда, энциклопедияға тең» болғанын жасырмай айтып жұбатқаны жəне «халықтың сүйермен көзімен қарағанда, қазақ жазушыларының ішінде Сəбитпен теңдесері сирек кездесетінін» ашық айтуы тек Ға-
бит Мүсіреповтің аузынан шығар шындық еді сыңарынан айырылған сəтте. Əсемдігімен көз тартатын, ажарлы кестесі еш уақыт оңбайтын, сұлулығымен сүйсіндіретін туындылар қалдырып кеткен Ғабит Мүсірепов пен өз елі мол мұрасынан шөлін қандыра мейірлене сусындайтын Сəбит Мұқанов қазақ халқының жадынан шықпайтын, əдебиет тарихының қасиетті терінде қасқайып отыратын ұлы тұлғалар, Каспий мен Қара теңіз арасында əдейі шөгіп жатқан Қап тауының Казбегі мен Эльбрусына ұқсап, замана биігінен қарайтын классиктер екеніне шүбə болмасқа тиіс. 07.01.2002 жыл. АЛЫПТАР ТОБЫНЫҢ ЗЕРГЕРІ XX ғасырда жасағандардың мандайының бағы да, соры да бес елі. Уақыт ағымын дұрыс ұққандар толқынның жалына дер кезінде жармасты да елдің ойы мен сөзін сөйлеп, жарқырап көрінді. Ол аз күндік пе, əлде мəңгілік пе, онда шаруалары болмады. Өйткені тіршілік толқыны толастауды білмейді, маңына жақындағандарды өзінің иіріміне тарта береді, жұта береді. Дауыл күшті болса айғыржалды толқындар жер-көкті жұтып қоярдай бұлқынып, орасан зор күш-қуатпен жер-дүниені дүрліктіреді. Замана екпіні адамдарды қаңбаққа айналдырып, өзінің дегеніне көндіреді, жолындағының бəрін өзіне қосып алатын тасқынға айналып, өзіне жол салады. Тулап-дөңбекшіп барып басылатын да көрінеді. XX ғасырда жасағандардың іс-əрекеті, ой-санасы да осыған ыңғайлас болғандықтан пешенелеріне бақты да, сордыда батпандап сыйлағанын көзімізбен көрдік, ол аз болса тарих бетін парақтап білдік. Қуаныш пен шаттық сияқты өкініш пен опық та қатар жүретін көрінеді. Бұл ойлар Ғабит Мүсірепов сынды дəуір перзентін еске алғанда өзінен өзі оралатын сияқты. Өйткені Ғабит ғұмыры осы
XX ғасырдың тірлігін көзге көрсетуге əбден лайық толқынды теңізде жүзген пенденің қалпын аңғартқандай. Алғашқы мəнді шығармасының «Тулаған толқында» аталуы тегін емес. Бірде өмірдің жарқын да ажарлы бетін сүйсе, бірде тұңғиығына батып, қасірет шексе де өмір тауқыметіне иілмей, өз дағдысынан жаңылмай өтуге ниеттенуінің өзі оның адами келбетін, пенделік сипатын ажарландыра түскенін байқаймыз. Өмірден абыройлы аттанғандардың бірі болуының сыры өз болмысын заманаға ыңғайлай бермегендігінде ме деп қаламын. Соның нақты дерегін біз көбіне-көп сабырлы да салмақты ойдың иесі Ғабит Мүсіреповтің айрықша ажарлы шығармаларынан, сыншылық пікірі мен көзқарасынан табамыз. Дауылды заманда айтылған-жазылғандарды уақытынан бөліп алып қарап, бүгінгі түсінікпен баға беру кешегі əсіре тапшылдықтан қалған жаман əдет, өткеннің бəрін даттауға ыңғайланып тұратынымыз дұрыстыққа бастай бермейді. Сондықтан сабырлы мінезімен салмақты да қомақты ой айтуға талаптанған, не жазса да көзге елестеткен жəне көрінген жерде желпілдеп, көзге түсейін деген пиғылдан аулақ болған, немесе жантəттілік жасап бұралып-иілмеген, иманын сатпаған дарынның тактикалық бұрылыстарын емес, стратегиялық мақсатын көз жанарымызда ұстасақ қана, орынсыз даңғазадан, ажарсыз қимылдан аман боламыз. Əйтпесе ауыр ойын əдемі де сұлу жазып бере білген ұлы қаламгердің жетегіне еріп кетіп, қайдан шығарымызды білмей қалу қаупі де жоқ емес. Кəзір жұрттың құлағында ғана емес, аузында жүрген Бесеудің хаты, «Бейімбет жау болса мен де жаумын» деген батырлық сөздері, онан кейін қазақ тілінің тазалығын сақтауға үндеуі сияқты ұтқыр да өрелі ойларын теріп тізгеннен Ғабеңнің бар қасиеті айқындала бермес. Оның жан дүниесін ел-жұртқа жайып қойған көркем шығармаларынан, əсіресе ой-толғаныстарынан іздеген абзал. Ол үшін тер төгу, тереңге сүңгу қажет. Жақсы айтты ма, жеткізіп айтты ма, əлде қысастықпен айтты ма, маған Əлжаппар Əбішевтің Ғабең жаназасында айтқан сөзі əлі құлағымнан кеткен жоқ. «Біз алыптар тобының ең соңғы тұяғымен қоштасып тұрмыз» деген-ді. Əрине, өмір
тоқтамайды, қазақ мəдениеті суалып тартылмайды, бірақ дауылды заманда арпалысып өткен алып топтың ең бір зергерінен айырылғанымыз рас. Кəзіргі бұлыңғыр, аумалы-төкпелі, етпелі заманда «Əй, қойсаңдаршы!» деп тоқтам айтар ақсақалға зар болып отырғанымыз рас. Бұрын ақсақал деген атауға мысқыл қосып, қазақтың жетесіздігінің белгісіндей «аксакализм» деп таңбаладық қой. Ақыл айтып, жөн сілтей білетіндерден теріс айналғанда тапқанымыз пəтуасыздық, берекесіздік екенін енді мықтап аңғарып отырмыз. Алыптар тобы несімен қымбат еді қазақ еліне? Ең алдымен, көл-көсір даналығымен қымбат еді. Бұл үшін жоғарғы білім, кандидат-доктор, профессор-академик болу шарт емес. Бұдан олардың қайсыбірі кұр алақан да емес, алайда құдай берген түсінік-түйсіктері күшті, ақыл-парасатқа кемел еді. Төңкерістер заманында алаштап ат қойғандардың табиғи таланты халықтық негізден бастау алғандықтан əрі зəмзəмдей қасиетті, тасбұлақтың суындай нəрлі, əрі жаралы жүрекке дəру, ер көңілге қажыр-қайрат, шабыт дарытқаны даусыз. Сондықтан Əлихан, Ахмет, Міржақып, Шəкəрім, Мағжан, Жүсіпбек есімдерін сағыныш сазына бөлеп қамыға айтатынымыз, Сəкен, Ілияс, Бейімбетті зор өкінішпен еске алатынымыз, Мұхтар, Сəбит, Ғабиден, Ғабиттерді медет тұта сөйлейтініміз, тындырғандарына қуана пікір білдіретініміз кəзір уақыт таразысында. Олардан дала кемеңгерлігін тартып ала алмаймыз, сондықтан олар қазақ дейтін бағы қайтадан жана бастаған халықтың рухани көсемдері болғанын ашық айтуға тиіспіз. Олардың əрқайсысы өз заманына лайық бола білді. Уақыт пендесі екендіктерін еш ұмытқан жоқ. XX ғасырда білектің күші, найзаның ұшы емес, ақыл-сананың қуаты мықты екенін олар алдымен түсінді де, қайраткерлік жасады. Аумалы-төкпелі заманда ел ісіне араласқан Тұрар Рысқұлов, Смағұл Садуақасов, Сұлтанбек Қожанов, Əлихан Ермеков, Абылқайыр Досов, Нəзір Төреқұлов, Абдолла Асылбеков, Сейтқали Меңдешев, Жанайдар Садуақасов, Ыдырыс Мұстамбаев, Ғаббас Тоғжанов, Қаныш Сəтбаев, Нəзипа Құлжанова, Сара Есо-
ва, Халел Досмұхамедов сынды толып жатқан ер-азаматтардың айбынды толқындарын еске алғанда, олардың қазақ мəдениеті мен əдебиетіне етене жақын болғандығына қуанайық. Бұлардың қай-қайсысы болмасын қазақ тарихы, мəдениеті, əдебиеті дегенде ішкен астарын жерге қойып, өз ойын тартынбай, қиналмай айтып, жазған кемеңгерлер еді. Тəңертеңнен кешке дейін саясат сауып отырмай, қолына домбыра алып күй шерткен, өлең айтқан, жыр шығарған, сын жазған, ғылыммен айналысқан. Аузынан сөзі, қойнынан бөзі түсетін, дым сыза білмейтін, төрдегі орындығын ғана бағып, кім-көрінгенге жалтақтап күн кешкен кейінгілер бұл даналарымызды мəдениетіміздің төмен кезіндегі «универсаддар» деп кекете сөйлеп, олардың мұрасын төмендетпек болғаны өтірік емес. «Универсализмнің» соңғы тұяғы Ғабең еді демегенмен, ақылпарасаты əрқашан аузын ашқаннан-ақ аңғарылатындардың ең ірісі болғандығын ешкім жоққа шығара алмайды. Сондықтан Ғабеңнің көркем шығармалары өзінің ажарымен, сұлулығымен, əдебиет жайындағы ойы шұрайлығымен мəдениет теңізіне құйып, қазақ тарихына ұласып жатқанымен қадірлі. Түбі көрінер таяздардың шығармасы жайында тақ-тұқ сөйлеп, тез аяқтауға асықсақ, Ғабеңдей хас шеберге кезіккенде не істеріңді білмей пəлсафа соғып, айдынға түсіп кетуге жүрексінетін сəт те аз кездеспейді. Өйткені зергер соққан дүниенің қыр-сырын біле қою оңай емес, сұлулыққа сұқтанған уақытта оның басқадан өзгешелігі мынау деп дөп басып көрсете қою, өз көңіліңмен сезгеніңді өзгенің көзіне елесте қоюдан киын нəрсе жоқ. Қазақ əдебиетінің кенжелей дамыған драматургия саласына өмірі қартаймайтын, əрі таймайтын «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш пен Баян сұлу» берген, замана тақсіретін өнерпаздар арқылы көрсеткен «Ақан сері – Ақтоқты» қазақ сахнасынан түспейтін классикалық туындылар. Əрі-беріден соң біздің əдебиетіміздің тарихында Ғабиттің орнын жарқыратып көрсететін ұлы шығармалар. Оны мен емес, Мұхтар Əуезовтің өзі мойындаған жəне ағынан жарылып былай деген: «Ғабит Мүсіреповтің айрықша атап өтетін ірі пьесалары: «Қозы Көр-
пеш – Баян сұлу» жəне Ақансері туралы жазылған «Ақан трагедиясы» атты пьесалары. Біздің жұртшылық анық жоғары бағалайтын Мүсіреповтің бұл драмалық шығармалары адамның сезімін, көңіл, мінез құбылысын, аңсау-арманын ақындылықпен сипаттайды. Қазақ драматургиясы Мүсіреповтің сол трагедияларының табыстары арқылы жалпы драматургиялық мəдениеттің биік сатысына көтерілді». Шынайы ойда желбуаз көпірме сөз болмайтынын осыдан-ақ аңғарамыз. Əлемдік драматургияның биігінен көріну қаламгер үшін аз олжа емес. Алдыңғы ағалардың «универсализмі» жөніндегі ойдың екпінімен Ғабеңнің проза саласында тындырғандарын тізе бермей, өзі үшін де қазақ прозасының өсіп-жетілуі үшін де үлкен əсері болған «Қазақ солдаты», «Оянған өлке» романдарын қарасөзбен жазған «Кездеспей кеткен бір бейне» поэмасын, «Ұлпан» повесін атаудың өзі-ақ ұлы қаламгерлікті танытса керек. Ал өзі зергер суреткер болған соң өзгелердің жазғандарына өз биігінен, өрелі таным-білікпен баға бергені белгілі. Акынжазушылардың ішінен қиястығы мен кытымырлығы қасынан жүргізбейтін сын саласына жүрегінің түгі барлар, өзгеге айтар ақыл-парасаты барлар ғана жақындайды. Ол заманда да, бұл заманда да айтары барлар ғана, өзінен өзгеге бөліп берері барлар ғана ескексіз қайықпен көркемдік теңізіне түседі. Солардың ішінде ең талғампазы Ғабит Мүсірепов болғаны əмбеге аян. Жалпы əдебиетке, оның ішінде жауынгер жанрда тұңғыш тартқан қаламы 1924 жылы «Еңбекші қазақ» газетінде жарияланған «Қисық сынға əділ төре» деген мақаласы еді. Атының өзі Ғабит қаламгерлігінің қаншалықты айшықты да сұлу боларын аңғартқандай. Онан кейінгі сансыз мақалалары, сөйлеген сөздері, жасаған баяндамалары филология ғылымдарының докторы, Ғабең мұрасының шын жанашыры Əбдіхамит Нарымбетовтың құрастыруымен «Суреткер парызы» (1970), «Уақыт іздері» (1977), «Заман жəне əдебиет» (1982) атты жинақтарына еніп, Ғабеңнен қалған сыни ойдың үлгісін көрсетіп тұр. Əдебиеттің əр саласында өз қолтаңбасын қалдыра білгеннен артық қандай бақыт болмақ.
Өмір бойы бірге өсіп, қазақ əдебиетінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан Сəбит Мұқановтың Ғабең жөнінде атап-атап көрсеткен ерекшеліктеріне назар аудармай өту мүмкін емес. «Ғабиттің жазушылығын тұтас алғанда өзіне тəн бірнеше өзгешеліктері бар: бірінші – бойына сіңбеген тақырыпқа жармаспайды, екінші – бойына сіңірген тақырыбын тез жазып тастауға асыкпайды, үшінші – жазатын шығармасына күй таңдайды, күйі жетпесе игерген тақырыбын да жаза қоймайды, төртінші – шығармасына өте ұқыпты, сондықтан хал-хадары жеткенше олпы-сопысыз шығарады, бесінші – тілге үнемшіл, сипаттап отырған оқиғасына жəрдемі жоқ сөзді қолданбайды, алтыншы – жарқылдақ сөздерді көбірек қолданып, шешен сөйлеуге тырысады, жетінші – адам портретін жасауға қазақ жазушыларының ең шеберінің бірі» деп ағынан жарылып, білімдарлықпен айтқанын естен шығармайық. Бұл түйінді ойларымды тарамдатып жатпай-ақ, зергерліктің қайнар көзі – көркемдік шеберліктің сырына аз-кем үңілейік. Жəне өзгеден емес Ғабеңнің өз аузынан естиік. 1974 жылы 25 шілдеде Ғабеңмен үш жарым сағат магнитофон арқылы сөйлескенде жазушының жан сарайына, шеберлік зертханасына кірерліктей сұрақтар қойып ем. Оған Ғабең іркілмей жауап берген-ді. Шеберлік сырының ішіне кіріп, жұрт көзіне көрсеткен жайлары бар екен, соған назар аударыңыздар. Ғабит Мүсірепов: – Əркімнің творчестволық қолтаңбасы деген нəрселер əрбір фразада, əрбір подтексте жатады. Əдебиет дегеннің идеясы анау, адамдары мынау дейміз ғой. Мұның негізі ішінде жатады. Міне, зерттеушілер соған зер салулары керек. Тұрсынбек Кəкішев: – Манадан бергі əңгіме Сəкен жөнінде ғана емес, Сіздің творчествоңыз төңірегінде де болып отыр. Бірімен бірі байланысып жатқан дүние. Ғабит Мүсірепов: – Менің жазайын дегенім «Оянған өлкенің» екінші кітабы еді. Мынау «Ұлпан» соның бірінші тарауы сияқты. Шағын көлемде бір повесть жазып, арнаға түссем бе деп едім, көптен
бері үзіліс жасап алғаным бар ғой менің. Очеркке, əңгімеге ауысқан кезім бар. Сонсын, бір бүйірде драматургия жүреді. Кино жүреді бір жағында. Менің өзім үшін жанрға жанр араласып кетсе, қиын болып қалады. Тұрсынбек Кəкішев: – Алдымен бір саланы бітіріп алып барып, содан кейін екінші салаға көшеді екенсіз ғой. Ғабит Мүсірепов: – Иə, мысалы, «Қозы Көрпеш» пен «Ақан серіні» жазған кезде мен бір де əңгіме жаза алмас едім. Бір жанрдан бір жанрға ауысудың психологиялық жай-күйі əркімде əр түрлі болады. Шығарма жазғанда кісі стилистикалық бір бағытта болуы керек. «Оянған өлкенің» баяғы бірінші кітабының стилін табу үшін, яғни сол стиліме оралу үшін «Ұлпанның» маған көп пайдасы болайын деп тұр. «Ұлпан» 10–15 күнде бітеді, екі бөлімі «Жұлдыз» журналының 6–7 сандарына шығады да, соңғы бөлімі 10–15 күннің мөлшерінде біткелі тұр. Содан соң əлгі киносценарийді бітіремін. Тұрсынбек Кəкішұлы: – «Ұлпаныңыз» əдемі дүние. Мен басынан аяғына дейін бір-ақ күнде оқып шықтым. «Жазушы» баспасының директоры Əбілмəжін Жұмабаев: «Осы күнге дейін шабысынан танбаған мұндай керемет шығармаларды қадірлеуіміз керек қой», – деді. Айтпақшы, Ғаббасты да кездестірдім, орысша жолма-жол аударма жасап жатырмын деді. Қазірдің өзінде жарияланған жарты дүниенің өзі қалың оқырман жұртшылығының арасында үлкен əңгіме туғызып жатыр. Ғабе, Сіздің шығармаңызды оқып отырғанымызда бір артық сөз кездестірмейміз, сол сөйлемнен бір бунақты алып тастасақ, кеміп қалатын сияқты болып көрініп тұрады. Осындай стильдік дəрежеге жеткенде, Сіз көп түзетесіз бе, жоқ болмаса бірден жазасыз ба? Ғабит Мүсірепов: – Мен егер бір бетті жазып шыққан болсам, оны енді қайтып түзетпеймін. Бірақ осы бетті жазып шығу үшін 3 – 4 бетті бүлдіремін. Менің бір бетім өзіме оңайға түспейді, ең кемі 3 – 4 бет жазылып барып, содан бір бет шығады.
Тұрсынбек Кəкішев: – Сонда оны қайтадан түзетіп, тазартып жазып отырасыз ба? Ғабит Мүсірепов: – Қайта жазамын. Тұрсынбек Кəкішев: – Ал алғашқы қолжазбаларыңыз сақтала ма? Ғабит Мүсірепов: – Қалады жыртылып-жыртылып. Тұрсынбек Кəкішев: – Расымен жыртып тастайсыз ба? Ғабит Мүсірепов: – Жыртып тастаймын. Тұрсынбек Кəкішев: – Апыр-ай, көп байлық қой ол. Оның ішінде талай дүниелер кетеді ғой. Ғабит Мүсірепов: – Соны жинайын деп талап етіп едім. Жинауға реті келмей қойды. Əйтеуір мен бір бетті өмірде таза жазып шыға алмаймын. Екінші рет таза бет шықса, үлкен табыс: Мен үстінен түзетуді білмеймін. Бір-екі жолы сыйыспай тұрса, қайтадан көшіріп жазамын. Тұрсынбек Кəкішев: – Ойбай-ау, онымен уақытыңыздың бəрі кетеді ғой? Ғабит Мүсірепов: – Оның пайдасы көп. Үстінен түзетсең болмайды. Біздің жігіттерде бір түсінбестік бар, амандық болса, жазайын деп жүрмін. Əр тілдің өзінің заңы бар. Біздің қазақ тілі маған қоңыр дауысты адамның үні сияқты естіледі. Қазақ тілінің кəдуілгі дауысты дыбыстары бар ғой, соған обал жасамау керек. «Боп», «көп» дегендер, «боп қалды», «көп қалды» дегендер, тілімізге келтіріп отырған зияндық десең де болады. Тұрсынбек Кəкішев: – Таза əдеби тілді қолданғанды ұнатасыз ғой. Ғабит Мүсірепов: – Иə, «Райкомтұғын», «сосын» дейтін сияқты сөздерді естігенде, төбе шашым тік тұрады.
Тілді ауылға бөлмеу керек, тілді жүзге бөлмеу керек. Қазақтың тілі ортақ тіл, ортақ байлығымыз. Қай жерде қандай жақсы мағынада пайдаланылады, сол біздің ауылдың тілі болуы керек. Прозада да ритмика бар, бір сөзді орнынан алып, былай қойсаң, сол əдемі құрылған фразаңның өзі бұзылып кетеді. Сол сөздердің өзінен құралған сөйлемнің иін келтіру керек. Бұл ешкімнің мен əбден шештім деген мəселесі емес. Мен сөз қарастырғанда нені жақсы көретінімді ғана айтып отырмын. Тұрсынбек Кəкішев: – Сонсын тағы бір мəселе. Сіздің шығармаларыңыздың бəрі де əдемі, сұлу болып келеді де, ал орысша аударған уақытында ажары солғындап кетеді... Ғабит Мүсірепов: – Е, солай болады. Пушкинді Абай аударғанда қандай, болмаса басқалар аударғанда қандай. Тұрсынбек Кəкішев: – Олай болғанда орыстың бір үлкен жазушыларымен достас, пікірлес болып көрмейсіз бе? Ғабит Мүсірепов: – Шығармаларымның көбін мен өзім аудартпаймын, журналдар аудартады. Өздері аудармашы тауып, менен тек рұқсат сұрайды. Ал «Оянған өлкені» Дудинцев қайта аударып, қайта жазып шығып еді былтыр. Оныкі бұрынғылардан анағұрлым толық, анағұрлым жақын. Бірақ енді Дудинцевтің аударуы маған қиынға түсті. Жолма-жол аударма жасаған жігітті екі рет Москваға жіберіп алуыма тура келді. Сонда барып түсіндіріп отыру үшін. Бұл қиын ғой. Оның аудармасы жақсы. Ал мына «Ұлпанды» Белянинов аударамын деп жүр. Өзі жақсы жігіт. Тұрсынбек Кəкішев: – Белянинов жақсы жігіт болғанмен, жақсы жазушы ма? Ғабит Мүсірепов: – Кім білсін енді?.. Тұрсынбек Кəкішев: – «Кездеспей кеткен бір бейнені» аударды ғой.
Ғабит Мүсірепов: – Иə, ол шыққан жоқ. Тұрсынбек Кəкішев: – Шықпады дейсіз. Енді оған тағы мына «Ұлпанды» беретін болсаңыз, сонда не болмақ? Ұзақ сұхбаттан алынған осы үзінділер Ғабеңнің суреткерлігінен хабар беріп, көркемдік шеберлікке жетудің аз да болса шымылдығын ашқандай. Қазақ əдебиетінде Ғабеңдей стилист болған емес, сондықтан ол алыптар тобының шашасына шаң жұқпас жүйрігі болды, қолынан шыққандардың көбі шын зергер ұста соққан бұйым. Бұлай дегенде Ғабең қаламынан шыққандардың бəрі мүлтіксіз, кемшіліксіз деген ой тумасқа керек, шығарманың сюжеті көркемдік шартының талаптарына жауап бере алмай жатқан сəттері Ғабеңде де кездескенмен, тіл қолдануы, оның сұлу да ажарлы болуы, суреттеген көріністің көзге елестетерлік қасиетінен айырылмауы, сөздің бір буыны түсіп қалса, не бұрыс айтылса, сөйлемі ақсақ адамдай шойнаңдап қалатын сəті көп кездеседі деп айта алмаймын. Осы тұста тағы да Сəбит Мұқановқа жүгіну шарт: «Абайдан кейін тіл өнегесіне Мағжаннан асқан ақын қазақта жоқ» дегенін Ғабит Мүсіреповтің прозасына, қара сөзіне жанастыра айтып, стилист ретінде Ғабеңнен асқан қазақ жазушысы болған жоқ деуден еш қысылмауымыз керек. Алыптар тобындағыларды сырттай шолғанда жаңа замандағы қазақ поэзиясының Асау тұлпары Сəкен, қара сөздің майталманы Бейімбет, қазақ өлеңінің құлагері Ілияс, өз елінің рухани өресін əлемге танытқан Мұхтар, советтік сөзге қаламы еш мұқалмаған Сəбит, сараң сөйлеп, сазбенен жеткізген, қара судан шырын шығарып, майдан қыл айыратын, əшейінгі қара сөзге жан бітіретін шеберлікті игерген Ғабеңді қалайша зергерге теңемессің. Бұған бүкіл қазақ қол қояры сөзсіз. Қолына қалам алғандардың өз келбеті, өз қолтаңбасы болғанына не жетсін. Оған ие болғандар биік өреден көрініп, халық махаббатына бөленгендер ғана оның абыройын əлемге танытады. ЮНЕСКО сондай дарындарға ғана құрмет көрсетеді. 09.03.2002 жыл.
ҒАБЕҢМЕН ҚҰПИЯ СҰХБАТ 1974 жылы 25 шілдеде Ғабит Мүсіреповпен магнитофон арқылы үш жарым сағат сөйлестім. Оның мəтіні бірнеше дана болып талай архивтерге тапсырылды жəне «Жалын» журналында (№5, 1989) шетжағасы жарияланды. Үзінділері М.Əуезовке арналған кинофильмде пайдаланылды. Сұхбат негізінен Сəкен Сейфуллиннің туғанына 80 жыл толуына арналғанмен оның құрбылары Бейімбет пен Ілияс, Мұхтар, Сəбит туралы да қызықты да ғибратты деректер айтылған еді. Қазақ мəдениетінің ірі қайраткеріне жəне бос сөзге бармайтын талғампаз əрі ойлана сөйлеп, сабырмен сақтана пікір толғайтын ұлы жазушыға кездескен соң ол кезде ауызға алғанымыз үшін жазықты болып қалатын алаштың ұлы ақынжазушылары жөнінде ойын біліп алмақ болып, сұрақтар қойдым. Тіксініп қалды. Сөніп қалған сигаретін қайтадан тұтатты. Ұзақ ойланды. – Қажеті қанша? – Тарих бізбен ғана шектелмейтін шығар. – Ə..р..и..н..е, – деп даусын соза түсті де бір шешімге келген адамдай маған сынай қарады. Күні бойы сөйлескенде бой үйретіп алсам да Ғабеңнің сұсы жібермеуінің үстіне мəселенің қатерлігі де еркін кетуге мұрсат бермей отыр. «Шешінген судан тайынбас» дегендей, өз ойымды айналдыра, дөңгелектей сөйлесуіме тура келді. Ғабең өз жауабында ойлы пікірлермен қатар қызықты да мəнді мəліметтерді іріктей айтты. Одан сұхбаттасқан жандардың ой əлемі мен парасатын аңғарасыздар. Мəтіннен бұрын, тағы бір жайды айта кетейін. 1974 жылы Совет жазушыларының бірінші сьезінің 40 жылдығы болды. Мəскеудегілер шен-шепкен алудың сылтауы табылды деп сол кездегі Жазушылар Одағының бірінші хатшысы Л.М.Марков бас болып, он шақты жазушы «Социалистік Еңбек Ері» атағын алды. Ұлт республикаларының өкілдері де бар деген сылтауды айту үшін Бірінші сьезге делегат болып қатыспаған Ғабит
Мүсіреповті кесек көркем туынды берген жазушы деп қатарға қосқан болатын. Мұхтар, Сəбиттің қолы жетпеген мадаққа ие болдық деп қазақ жұртшылығы мəре-сəре. Шын қуандық. Сондай шаттық күндердің бірінде телефон шылдырлап қоя берді. Ғабеңнің сабырлы үні: – Тұр...сын...бек – деп атымды буындап айтып, ойын жалғастырды. – Ана жолы сөйлескенімізде, үзілістен кейін, сен маған бір ауыр сұрақтар қойып ең ғой. Соны таратып жібермесең, соңғы жағын маған қырқып əкеліп берші, – деді. «Жарайдыдан» басқа сөз айтуға шамам келмеді, өйткені Ғабеңнің қайымдасуға ниеті жоқтығы дауыс ырғағынан бірден аңғарылды. Өзімдегі магнитофон баспасының соңғы оралымын қырқып алдым да, белгілеген жеріне апарып бердім. – Тарап кеткен жоқ қой, – дегеніне бас шұлғып жауап бердім, өйткені бірнеше дана етіп М.Əуезов атындағы əдебиет жəне өнер институтының кинофонотех зертханасына, архивке тапсырып қойғанбыз. Қайтадан пысықтауға Ғабеңнің шамасы келер емес, төңірегінде тұрғандардың құмартқыш көңілін оятқысы жоқ. Келесі жылы ғой деймін, Бейімбет пен Ілиястардың тойлары өтейін деп жатқанда осы сұхбатты «Жұлдыз» журналы бермек болды. 40 шақты бет дүниені машинкаға бастырып, Жайсаңбек Молдағалиев апарып бергенін Ғабеңе айтыпты. «Жұлдыз» журналының редакторы Бекежан Тілегеновке телефон шалып, сұхбатты басуға ұлықсат бермейтінін нығыздап айтыпты. Маған бір кездескенде: – Ғабит əшейін сөзін де бастыртатын болыпты деген қауесетке қалдырма! Уақыт келеді ғой əлі, – деп өкпелеген адамдай сырт айналып кеткені əлі көз алдымда. Одан бері талай заман өтті. Арыстар ақталды, тарихымыз жайнай түсті. Ауыздағы құлып алынды. Сонда қыстырылақымтырыла айтылған ойларға назар аударыңыздар, мүмкін, тың дүниелерге кезігіп, қаларсыздар. Тұрсынбек Кəкішев: –Ғабе, тағы бір мəселе бар. Ол тарихқа байланысты. Біздің қазақ əдебиетінде шықпай, жарияланбай жатқан біраз дарындар бар... Ғабит Мүсірепов: – Мысалы?
Тұрсынбек Кəкішев: – Мысалы дейсіз бе? Орыс əдебиетінде Иван Буниннің 9 томдығы, Марина Цветаеваның, Гиппиус, Мережковский, Бальмонт, тағы басқаларының кітаптары шықты. Осылардың көбі шетелде өмірін өткізіп, сүйектері сонда қалған адамдар ғой. Ал енді біздің əдебиетімізде де əр түрлі себеппен əдеби мұрасы халыққа жетпей жатқан тұлғалар бар. Мəселен, Шəкəрімнің, Мағжанның, Жүсіпбек Аймауытовтың шығармаларына бір козғау салатындай жағдайды ойластырса қайтеді. Ғабит Мүсірепов: – Оған қозғау салынбай жүрген жоқ. Бір кезде мен, Одақта отырғанда Мағжан Жұмабаевтың, Жүсіпбек Аймауытовтың мəселелерін койып, тіпті комиссия да құрғанбыз. Іріктеп алуға, жауапты бір редколлегия құрып, түсіндірмелерімен, алғысөздерімен басқымыз келіп еді. Оған тиісті жоғарғы орындар ризашылық та берген. Соны енді жүзеге асыруға келгенде, баяғы өзіміздің тарапымыздан, жазушылардың тарапынан көлденең тұрушылар көп болды, яғни жазушыларымыздың бір жағы басамыз десе, енді бір жағы құбыжық көріп, қарсы шықты. Сонымен бөгеліп қалған бір жағдай бар. Екінші жағдай, сондай жаңалықтың хабарын естіп, соның абырой-атағын ала қояйық деп, осы сіздің КазГУ-дің жігіттері даурықтырып жіберді. Жоғарғы жақ бір қаулы алса, солардың дегенімен алғандай етіп көрсетпекке тырысты. Сол бір қырсық болды. Одан соң Аймауытов туралы бір шала, бір шикі нəрсе бар. Мен өзім сенбеймін оған. Аймауытов 1932 жылдары мына Сарысуда ма, басқа жерде ме, «көтеріліңдер» деп хат жазған дейді. Сол хат біздің қолда дейді. Тиісті бір мекеме айтады. Сол хаттың көшірмесі мен аудармасы бар да, түпнұсқасы жоқ. Аудармаға қарағанда, тіпті соның хаты болғанда да, кешірілмейтін күнə емес еді. Оны сот ақтады, реабилитация болды. Шындап келгенде, мен ол хатпен айналыстым, сол хатты Аймауытов жазды деп ойламаймын... Мен Жазушылар одағында отырғанда соның түпнұсқасын таптырып ала алмадым. Тұрсынбек Кəкішев: – Фабрикация болуы мүмкін ғой.
Ғабит Мүсірепов: – Мен солай ма деймін. Өйткені бір кезде оның көтіріліңдер деп жазған хаты бар деп айтқан адамдар соның ізіменен барып, сұрастырғанда, ондай хат жоқ деген тиісті орган дейтұғын жеріміз. Артынан сол хат сонда болып шықты. Одан бері неше бастық өзгерді ғой. Сол екі арада фабрикация да болған шығар, фальсификация да болған шығар деймін. Хаттың түпнұсқасын көрсем, мен, мысалы Аймауытовтың жазуын таныр едім... Тұрсынбек Кəкішев: – Ахмет Байтұрсынов мұрасы, оқулықтары жөнінде не дейсіз? Ғабит Мүсірепов: – Бұған ғалымдарымыз қарсы. Тұрсынбек Кəкішев: – Тілшілердің өздері ме? Ғабит Мүсірепов: – Тілшілер қарсы. Өйткені шындап алғанда, тілшілердің пайдаланып отырған есімдік, етістіктері, негізгі терминдердің барлығы Ахметтікі ғой. Ахметтің өзіне қайтарып берсең, оларға не қалады? Сонсын, оның соңғы жазған кітабы болатын. Оның қолжазбасын өзімнің қолымнан алып кеткен. Кітаптың аты – «Қазақ тілінің теориясы». Тұрсынбек Кəкішев: – Жарық көрмеген бе? Ғабит Мүсірепов: – Жарық көрмеген. Мен 1928 жылы күзде Қызылордаға бас редактор болып келдім. Сонда қолжазба Мемлекеттік қауіпсіздік мекемесінде екен. Соның Шығыс бөлімінің бастығы Əбдірахман Бегішев деген жігітке Сəбит жіберіпті. Маған дейін баспаның бас редакторы Сəбит қой. Бір күні сол Бегішев келіп өзі айтты: «Маған жіберген сондай бір қолжазба бар. Менің оны шеше алатын жайым жоқ, өздеріңе жіберейін», – деп. Ол менің таныс жігітім емес еді. Телефон соғып, «Жіберіңіз», – дедім. Содан олар қолжазбаны маған əкеліп берді. Сосын мен ол қолжазбамен таныстым. Қолжазба – кəдімгі ғылыми еңбек. Төрт жүз беттен астам. Соны біз басу-баспаудың амалын шеше алмай қойдық. Сол кезде Ахмет бір ұсталып шыққан.
Тұрсынбек Кəкішев: – Жиырма тоғызыншы жылы ғой... Ғабит Мүсірепов: – Иə, иə. Сонсын, аяғында, менен сол қолжазбаны Сапарбеков сұратып алды. Ол сол кезде Крайкомның үгіт-насихат жөніндегі секретары болатын. Оқып шығып: «Жақсы екен, бірақ басуға болмайды», – деді. Екі жылдан соң Ахмет қайтадан ұсталып кетті ғой. Кейін материалды Мемлекет қауіпсіздік мекемесі қайтарып алды. Тұрсынбек Кəкішев: – Ал енді осы мекемеде жатқан архив дүниелері көп. Сəкеннің, Бейімбеттің, Ілиястың, тағы басқа да көптеген адамдардың дүниелері. Солардың ешқайсысын қайтармайды, соңына түсіп көрдім. Жазушылар одағы, мəдени мекемелер болып, соларды қайтаратын жағдай жасауға болмай ма? Біз шаршадық ол тарапқа бара-бара. Ғабит Мүсірепов: – Меніңше, қайтарып алуға болар еді. Ол қолжазбалар, кітаптар неге керек оларға. Ғылыми-əдеби қолжазба ғой, кінəлайтын документ болса, мəселе басқа. Айтып отырмын ғой. Бейімбеттің «Қызыл жалау» романының қолжазбасы сонда, тағы бір пьесасы, либреттосы кетті. Олардың аты менің бір жазғанымда болу керек. Солардың енді ешкімге керегі жоқ, кінəлайтын документ емес, оның үстіне ақталғаннан кейін документ емес, керегі жоқ. Соларды біздің жігіттерден ізіне түсіп, сұрап алып жүрген кісі жоқ қой деймін. Тұрсынбек Кəкішев: – Мен талай рет талпынып ем, бірақ жолатпады ғой маңына. Ғабит Мүсірепов: – Сендерге енді частное лицо деп берілмейді ғой. Мысалы, Мұхтардың материалдарын алдыру қиын емес. Мына музейі бар, оған сұрап алу қиын болмайды. Ішінде саяси бірдеңелер болмаса, олардікі қайтарылуға тиіс. Əдебиет музейін құрамыз, үй салдырып береміз деп жүр ғой. Сонда алдыруға болар, əзірге сонда жатқанының өзі теріс болмас.
Тұрсынбек Кəкішев: – Сосын, Ғабе, мынадай тағы бір сұрақ ойға оралады. Отыз екінші жылы Алашордаға, ұлтшылдық қозғалысқа байланысты үлкен жиналыс болды. Оған дейінгі зерттеулерде, əдебиетте, Октябрь революциясына дейінгі ұлтшылдық қозғалыстың ептеген оңды ролі болды деген көзқарас айтылушы еді ғой. Сол жиналыстан кейін, тіпті, олар шешесінен туғаннан бастап ұлтшыл болды деп танылып, суреттеліп жүр. Осы көзқарас күні бүгінге дейін сақталып келеді. Бұл жөнінде пікіріңіз қандай? Ғабит Мүсірепов: – Байқайсың ба, патшалық құрылыс тұсында қазақ даласы өзінің мəдениеті, əдебиеті, тұрмысы жағынан оқшаулықта болды. Вельяминов-Зернов, Алекторовтардың материалдарын оқығанда, өзгені былай қойғанда, солардың өздерінде үстірттік аңғарылады. Демек, бұл елдің ішкі дүниесінің жасырынып жатқан жері болған. Сонан соң Алтынсарин, Шоқан сияқты адамдар бұл елдің ішкі дүниесін ашып, бəрін жарқыратып береді. Олай емес, былай деп ашады. Елдің ішкі жағдайын сипаттаудағы əлгіндей орын алуына белгілі бір дəрежеде ыкпал етпей қалған жоқ. Осы жағдай «Қазақ» газетінің айналасындағылар кейде ұлтшылдықты айтам деп көбіне-көп демократиялық нəрселерді соғып отырады. Сұлтанмахмұттың «Социализм» деген мақаласын білесің ғой? Тұрсынбек Кəкішев: – Иə, білем. Ғабит Мүсірепов: – Соның ішінде социализмнен ештеңе жоқ қой. Идеясы бар сияқты басында, бірақ ешнəрсені анықтай алмаған. Сол сияқты изолированная интеллигенцияның көпшілігі басқа партиялардың əсіресе коммунистік мағынадағы ықпалдарда болған жоқ қой. Интеллигенцияның көпшілігі ол кезде байлар табынан, дəулетті топтан шықты. Тіпті сол Сəкен де кедейліктен барып оқыған жоқ. Білдіңіз бе?! Ол орта шаруаның баласы, байдың баласы емес. Сол кезде шамасы келгендер оқыды. Сонсоң «осы біздің елден біреу неге оқымайды!» – деп намыспен оқытқандар да бар. «Мынау адам болады, сол барсын деп» оқытқандар болды.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру