Сыбызғы сарыны
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Авторы: Ермұрат Зейіпхан
Ермұрат ЗЕЙІПХАН «Сыбызғы сарыны» проза жинағы
КӨНЕ ҚОРЫМ
Қырық күн шілде қырына алып, Телғара жазығының апшысын қуырып тұр. Тірлік атаулы шағырмақ күннің жалынынан жасқанып, бір сәт салқын жайға жайғасып, тынып қалған шақ-тұғын. Аудан орталығынан, 28 аткүшіндік жүрдек трактордың сүйретпесіне отырып шыққам. Ауылдың тұсына келгенде айғайлап белгі беріп едім тоқтады. Осы кезде бағанадан бері, соңымыздан шұбалаңдап, еріп келе жатқан шаң, мә, керек болса дегендей, лоқсып алдымызға өтті де, түк көрсетпей көміп кетті. Мен жандәрмен сытылып шықтым. Жол бойында, арықта мөлдір су ағып жатыр. Қайнары сонау тау баурайынан бүлкілдеп шығып жататын. Бесқалмақ деп аталатын мың сан бұлақтан бастау алатын. Қағынып, сілкініп, жуынғаннан кейін, сонадайда, түскі ыстыққа мүлгіп, маужыраған туған ауылыма бет алдым. Бұл араға бір жарым жыл салып оралуым еді, айнала танымастай өзгерген. Қан жолмен түйісер қара ағаш, көк терек отырғызылып, саяға жарап қапты. Шағыл төселді дегенмен, жол тағаны борпылдақ топырақ. Абайламасаң, қонышыңа құйылады. Бітік өскен жүгері, атам заманғы ауаны ат шаптырымға созылған, қорымға сұғына кірген. Қорым үстінде, жондары күнге шағылысып, жалт-жұлт еткен бір үйір шошқаны, сабан қалпақты бір қытай қаннен-қаперсіз жайып жүр. Жетпіс жеті атамнан бергі дәстүр, қасиеті бар деп, қастерленер молалар үстінен арам тұяқтар төпелеп, қорсылдаған тұмсықтар түрткілеп, қорыс қопа еткен. Қорлаудың көкесі – маңдайға соққан алғашқы әсер еді. «Әттең!» ауылым деп, ала жөнелген астам көңіл, енді май ішкендей мазасызданды. Қара жер қойнын мәңгілікке мекендеп, қараң-құраң ниеті түзу пенделерге иман сәулесін бағыштаған аруақтар тұрағының қорлануын көріп тұрмын. Аһ, қара жер, ақмартулы аруақ, келімсектердің кесапатты табанынан жиіркеніп жатырмысың? Көнгішім-ай! Көнпісім-ай! Әлде жеріп бәрінен жиделі байсын жер іздеп, шұбап кеттіңдер ме бір жаққа? Жер жегісінен безіп, шошынып?! Өндіршектеген өлермендерге ескертудің бит шаққан ғұрлы әсер етпегені ме? Қай жыл еді ол? Дәл осы жүгері егілген жерде болып еді бір оқиға. Иә, барысы былай болған... Заман дамуының бөгенайы – техника дүрілдетіп Телғара жазығына да жетті. Саусақ нілі жұқты дегенше, әр істі дөңгелек айналдырып әкететін Айдар, біздің ауылға бөлінген алғашқы жыланбауырдың тізгінін ұстаған. Қасына Әлдибек деген досын алып, сәуірдің ортасында жер жыртуға кірісіп те кетті. Бүгінгі кезек, қорым жақтағы алаңқай еді. Алыпқашты әңгіменің, аңыздың ұйығы еді, бұл жер. Түн қараңғысын қақыратып, әндетіп, билеп, жын-пері көшіп жүреді – дер еді. Орталарына көгілдір жалынды от жағып, алқа қотан қоршап, жын ойнақ жасайды – дер еді. Жалғыз-жарым жолаушыға құбыжық көрініп, сұлу қыз боп құбылып, басын айналдырады дер еді. Кішкене
кезімізде естіп алып, көрер таңды қоян көзденіп атырушы едік. Ойын қуып, ауылдан қанша ұзасақ та ол жаққа аттап баспау әрқашан есімізде жүретін. Айдарлар мұнда келіп соқасын батырғанда, күн ұясына отырып, аспандағы шарбы бұлт, қызыл шапақтанып тұр еді. Ауаны кең алаңқайды тік төрт бұрыш жасап, айналып шыққанша, көз байланды. Қанша дегенмен көңіл шіркін күпті; Бір әлденеден сезік алып алаңдайды. Дін, наным, сенім, аруақ дегендерді көңілдерінен түп-тамырымен жұлып тастаған комсомол, жаңа заман жастары, көңіл түкпірінен белең берген үрейдің төркіні не екенін білгенде, бір-біріне қарап, күлісіп алды. – Менің көзіме ұйқы тығылып тұр, Айдар, – деді аузын кере есінеген Әлдибек, – бір мызғып алмасам болатын емес. Анау араға тоқтат. – Қорымның тұсы ғой, дегенмен... қорықпайсың ба? – Ауру қалса да, әдет қалмайды деген бекер емес-ау, ә! Ал, жарайды, ұйқың келсе оятарсың, алмасармыз. Айнала тастай қараңғы. Сипаланып жүріп, кішілеу төбешіктің күнқақты құрғақ жағын тауып алып, тонын қаусырынып, шалқасынан жатты Әлдибек. Алғара аспандағы жұлдыздарға көз тастап еді, кірпіктері ілгіштене берді. Тірәктірдің үні бірте-бірте алыстап өшті. Қорғасындай ауыр ұйқы бойын улап, құшағына тарта берді, қор ете түсті. Жер әлем жап-жарық болып кетті. Маңайдағы көп төбешіктер бейне жан біткендей баяу қозғалып, ақ кебінге оранған үрейлі сұлбалар, сүйектері сықырлап, иін тіресе таяп келді. Дәл кеудесін тесіп шыға келген аруақ бейне. Көкірегіне мінбелеп отырып алып, етсіз қолдарын бұлғады. Ай, осыны күткен болу керек, қара нөпір, қалың тобыр, тістері сақылдаған қу бастар қаптады дерсің. Өткір тістер, пышақтай тырнақтар тонын дар-дар айырып, ащы етіне ауыз салады. Қанын сорғалата жұлып алған жерінен аппақ қаңқасы көрінді, арса-арса боп. Өзінің қу сүйекке айналғанын сезіп жатыр. Айғай салайын деп еді басында төніп тұрған ірі сұлба етсіз жалпақ табаны мен аузын нығарлап, баса қойды. Енді барлығы жиналып, зілдей салмақ салып үстіне шыға бастады. Жан дегенді ол алғаш көрді. Бұзаубас көбелек секілді бір нәрсе қуыс тәнінде ары-бері дызылдап ұшып жүрді. Бақай-бақайларын аралап, бірде тас төбесіне келіп соғылды. Енді, міне, дызылдауық жан, мұрнының ұшына жетті. Жан мұрнының ұшынан шығады деуші еді, өлген деген осы шығар деп ойлады ол. Осы кезде құлағына таныс гүріл естілді. Тірәктірдің гүрілі. Үлкен тау жасап, үстіне шығып алған сұлбалар, топырлап түсіп, жай-жайына тарасты. Бұл бар күшін жиып қозғалайын деп еді, таныс дыбыс алыстап, аруақтар қайта анталады. Екі жағына ыңғайланған екеу бұны қазулы көрге таятып, қаңбақ құрлы толғап-толғап тастап жіберді. Қуыс тәнінде бұзаубас көбелек реуішті жан шығарға тесік таппай аласұрды. Шексіз бостықта, зымстан қараңғылықта ақты-ай! Қазір жерге түседі, күлпарша болады. Бұзаубас көбелек ұшып шығады. Әне... міне... Айдар-р... – Әлдибек! Көзін ашып алды Әлдибек. А-А-Айда-а-рр! – Иә, мен. Жүр кеттік! – Қолынан тартып тұрғызған Айдардың бойынан діріл білінеді.
– Сен де бірдеңе көргеннен саумысың? Дірілдейсің ғой, а! Екеуі жан ұшыра ауылға зытты. Айдар ентіге сөйлеп келеді. – Сонымен... алдыңғы терезеге тарс етіп, бірдеңе тиді. Жарғанат шығар деп мән берген жоқпын. Және де қайталады. Тірәктір соқасының үстінде біреу жүрген секілді. Бір заманда тура алдымнан шапшыған от көрінді. Мотор өртенді-ау деп ойладым, тоқтап, кабинадан түсіп, жүгіріп алға шықтым. От тұрмақ шайтан да... көңіліме шайтан сап ете түсті. Жаным түршігіп, зәрем ұша бастады... Жандәрмен кабинаға ендім де дізгінге жармастым. Қозғалмайды тірәктір, құлақ түруге жарадым-ау, әйтеуір. Мотор сөніп қалыпты. Дәл қасымда бірдеңе ағараңдайды. Жалт қарадым, қорыққанымды көрсең ғой, әппақ ағуздай қуарған, әйел-ау деймін, шамасы, маған қарап тістерін ақситып, ыржиып отыр екен. – Жетер енді, тоқтат! – Үйге жетейік. Екі шекесі шаншып, ауырып орнынан меңіреу тұрған Айдар ертеңгі шайға отырар-отырмаста, асыға басып, Әлдибек кірді үйге. Бастықтар іздеп жатыр екен екеумізді. Ашулы дейді, тез жетсін депті, Барайық, киін. Екеуі кеңсеге келіп кіргенде, ауыл бастығы Шынасыл, үгіт бөлімінің бастығы Әмет, ауданнан жаңа келген партком секретары Уаң Жүн отыр екен. Сөз кезегін Уаң секретарь өзі алды. – Әмет жолдастың айтуынша, сағат, түнгі бірден 55 минутта моторды сөндіргенсіңдер. Жоғарының, партия ұйымының жүктеген міндетін орындамауға, нендей себеп болды? Ашық сөйлескенді ұнатам. Қане. Баяндаңдар. Қырым ет жоқ қан-сөлсіз жүзі, тым тәкаппар, орсақ тістері дүрдитіп жіберген қалың еріндерінің айналасы батыра қырылған. Таңдақтанып, көгереді. Сары бұлдан тігілген әскери киім, талдырмаш денесіне жарасқан. Тіп-тік отыратын әдетімен, сіресіп қатып қалыпты. Ызғар кіреукелі ала көздері иманыңды айтқызардай, тынымсыз тімтінеді. Айдар мен Әлдибек болған жайды тәптіштеп баяндап шықты. Әмет ерекше қағылездікпен қағып алып қытайшалап шыққанда, Уаң секретарь бөлмені басына көтеріп күлді-ай кеп. – Әй, боқмұрындар-ай, сендерді де партияның қолқанаты деп сенім артып жүріппіз. Ескілік бұғауынан тазармаған санадан, жаңа идея көрерміз дедікау. Қазірден бастап жүргізушіліктен тоқтайсыңдар. Тексеру жазыңдар. Комсомолдан қуу мәселесі кеңейтілген жиылыста қаралады. – Уаң секретарь, бұл ауылда осылардан басқа тірәктір тілін білетін жан жоқ – сөз қыстырған ауыл бастығы еді – бұлай болғанда қараң қалып, міндет орындалмай жүрмей ме? – Қараң қалмайды, өзім жүргізем. – Жөн, жөн, дегенмен... көмекке бір адам керек қой. – Әйелім, жолдас Шиау Лианды көмекке аламын. – Сөз сонымен бітті. Шынасыл мен Әмет еміріне, Уаң секретарь ер екен-ау, десіп бара жатты. Айдар мен Әлдибек сүлкіндері түсіп, жасып қайтты. Ертеден қара кешке дейін, көне қорым маңындағы жердің ұлы бөлегін бөксеріп тастаған Уаң секретарь апақ-сапақта бейіт маңына соқасын қадады.
Соқа дізгінін, әдемі келіншегі Шиау Лиан ұстаған. Мойылдай қара көзіне шаттық тұнып, аппақ тістерін көрсете, күйеуіне еркелей, күлім қағады. Сабан қалпағын шүйдесіне қарай сыра киіп, шаң тозаңнан қорғанып, аққу мойнына аппақ орамал орап алған. Онысы өзіне сондай жарасымды еді. Тірәктірдің артқы жағында сұлу сымбаты көзге ұрады. Асты-үстін қопарған бағзы жер, қарауытып көрінеді. Енді бірде сәуірдің қою қараңғылығы кеуледі маңайды. Зиыны сергек Уаң секретарь арт жағына уақуақ қарап қояды. Әйелінің сымбатына қызығатыны бұл. Заманына сай сұлу, сымбатты, еңбек сүйгіш жар тапқанына масайған көңіл шалықтап, биіктей түседі. Әлгі бала қазақтардың жын, аруақ деп шатпақтағаны есіне түсіп еді. Еріксіз езу тартып, басын шайқады. Өзі бір мал секілді халық екен. Бұл да бір есептен дұрыс болды. Айтқанға көніп, айдағанға жүргенінің өзі жұлдызымның оңынан туғаны ғой. Ауылдың биылғы жоспарын асыра орындасам, нағашым айтқандай жоғарлап, облысқа, тіпті орталыққа астанаға өсіп баруым ғажап емес. Содан кейін бұл жабайылар болсын, көрмегенім. Жаныма Шиау Лианымды ертіп Пекиннің көшелерінде сайран салып... Тәтті қиял желісін тірәктір гүрілінен бөтен, оқыс шыңғырған дыбыс бөліп жіберді. Бақаның шұрылы болар деп, топшылап, арт жаққа қарап еді, әйелі орнында отыр. ...Сосын Шиау Лиан екеуміз ұлы қорғанға шығып, алдыңғы терезеге бір нәрсе шақ етіп, қатты соғылды. «Жарқанат» деп күбірледі, шіркінді ұстап алып, қазанда қайнап тұрған майға тастап жіберсе, дәмі тіл үйіріп, араққа табылмайтын басытқы болар еді. «...Сөйтіп, Шиау Лиан екеуміз және...» Дәл осы кезде тура алдынан тірәктірдің алдыңғы бөлігін көме, көк түсті жалын көкке үшкілдене шалқыды. Уаң секретарь қас-қаққанша өз-өзін барлап үлгірді. Жүрегі өрекпіп, сәл саңылау тапса ытқып шыққалы тұр екен. Жалт етіп, артына қарады. «Шиау Лиан? Шиау Лиан көрінбейді ғой?» Кабинадан секіріп түскен Уаң Жүн әйелінің атын шақырып айқайлап, маңын шолып шықты. Жоқ! Мүмкін, дүзге отырғалы кеткен шығар. Мүмкін емес. Тоқтаған жоқ едім ғой... Ол енді шындап саса бастады. Ұлылы-кішілі шеңбер жасап, маңын тінте бірнеше рет айналды. Жоқ! Жоқ! Енді бірде тірәктірдің күшті жарығымен айнала қараңғылықты тілгіледі. Жоқ! Өзінің де дымы құрып, көзі қарауытып кетті. Тән өзінікі емес тәрізді. Тек, жүрегінің атқалақтағаны жаманат хабаршысындай сезіліп, тісі-тісіне тимей, қалшылдап ала жөнелді. Ұмтылып кабинаға кірді де, бір тұтқаны жан дәрмен өзіне қарай жұлқа тартты. Ендігі кезек, бағана өзі аударып тастаған солға қарама-қарсы соқа тісін батырды. Телғара жазығын шұғыласына бөлеп, жарықтық күн көтерілгенде, Уаң секретарьдың өндіре істеген еңбегіне тамсанғалы, аударылып түскен кесеккесек жас топырақты уатқалы, кетпен-күректерін алып, жапалы еңбекке келген жергілікті халық, үш ұйықтаса түстеріне кірмеген, ешкімнің басына тілемес, оқыс жайды көріп, бір-біріне үрейлене қарады. Мотор әлдеқашан сөніп қалыпты. Соқаның төрт тісі жер қойнында, қылтиған мойнына қанмен шыланған қызыл қоңыр топырақ жабысқан. Лай суға бөккен кендір жіп секілді шұбатылған ішек. Адам ішегі. Шиау Лианның ішегі. Адамнан гөрі қорқынышты мақұлыққа ұқсайды Уаң секретарь. Үсті-басына
қан аралас қарабалшық жабысқан. Мойнына шумақтап, ішек қарын іліп алған. Құшағында қара сабындай домаланған адам басынан, ұйысқан әйел шашы бей-берекет дудырайды. Онсыз да бадырақ көздері шарасынан шығып кеткен. Тістерін тынымсыз қайрайды. Езуінен қанды көбік бұрқырайды. Тырнағының көбесі сөгілгенін сезбейді де, тот басқан темір айыр тақылеттес, саусақтарын көстеңдетіп, қопсыған топырақты тынымсыз тырмалайды. Анадайда шынтағынан үзілген қол, борша-борша боп, сүйегі көрінген балтыр, ырсия қақыраған қабырғалармен ілініп аппақ сан жатыр. Түске таяу, орталықтан үсті жабық автокөлік кеп тоқтады. Келген заң адамдары, дәрігерлер еді. Аныққа қанықты. Кешікпей есі ауысқан Уаң секретарь мен қапқа салынған Шиау Лианның сүйегін алып, келген іздерімен кері қайтты. Ат бойлағысыз жүрегінің шығысы бөлек. Қара көк жапырақтары сүйірленіп, бір-бірімен бітісіп кеткен. Аруақ бір шапағатын енді осы күнәсіз көк жүгеріге арнаған сияқты. Жүдең тартқан көңілімді сәтке болса да сергіткен көк түс, көк жапырақтарды аралап келемін. Шеті менің ауылым.
САРЫ АПА
Заманғы әдеті шығар, мен ес білгелі бұл өңірдің қысы ерте түседі. Қазан айы қақырамай, терістіктен бетқаратпас үскірік ұрып, дізені дендеген қардың беті қасаттанып тұр. «Жалаң пұт» асуы арқылы қатпарлы Күнес тауының кезеңіне ілінгенде сонау теріскей етекке қар үстіне тастай салған тоқымдай, Қаратөбе ауылы қарауытып мен мұндалайды. Сол ауылда менің нағашы жұртым тұрақтаған. Жылына бір рет барып, аунап-қунап қайту мен үшін бұзылмас шөре. Тіпті жылдар өткен сайын межелі мезгіл таяғанда көңілім елегізіп, Қаратөбеге аңсарым ауады да тұрады. Сонымен таңертеңнен бері гүж-гүж етіп, өкпесі өшердей өзеленіп, кезеңге көтеріле демін бір алған шағын автобус тау желі жалап-жұқтап тастаған, қалтарыс-бұлтарыссыз кең айналмалы жатық жолмен ылдилап берді. Ер жігітте үш жұрт болады екен. Қайын жұртқа жете қойған жоқпын, түбі болады ғой. Ал өз жұртым, өз үйелменім – Жер бетінде қыбырлап жүрген тірі жан үшін ауа өмір мәйегі. Онсыз тірлік болмайды. Бірақ сол ауаның қасиетін елеп, ескеріп айта бермейміз де. Тіпті бар екенін де естен шығарып қоямыз. Өз жұртым туралы толғана қалсам сөз осы. Мен үшін орны бөлек өмірлі орда – нағашы жұртым. Жастайымнан бауыр басқандығымнан болар демалыс алып қайтқанда, туған ауылым жол үстінде болғасын бірінші табан тірерім, ал сосын Қаратөбе қайдасың деп тартып отырам. Әсіресе сағынарым сары апам, мен білетін жұрттың бәрі «сары апа» деп атағасын мен де солай атап кеткем. Ер мүсінді, етжеңді, сарғыш жүзінің бүйрек беттеу ұшына қан орнаған, жанары көкшіл, бірақ, қасы қап-қара, қоңырқай, жаулық тартатын. Қарасынан ағы көп, бірақ, сиремеген шашы самайынан сусып шығып тұратын. Еркелей құшағына ататынмын өзімді. Аналық мейірман аймалап үйрілетін. Қаймақ қатқан күп-күрең қою шайын айтсайшы. Шайшыл болатын. Сол әсерден болар мен де шайқұмар болдым. Дастарқандағылар тұрып кетсе де шәугімнің қақпағы қисайғанша сораптаудан танбайтынбыз апа, немере. Автобус жүрісін баяулатып барып тоқтады. Міне, келіп те қалдым. Өзіме таныс Қаратөбенің көшелері, жатағандау там үйдің қақпасына әкеп кідіртті. Ішке ендім, аулада ешкім көрінбейді. «Ассалаумағалейкум» деп, ежелгі әдетіммен үйге енгенде пеш жанынан 4-5 жастар шамасындағы тұлымды қыз бала ұшып тұрып, маған үрке қарады. Өзге ешкім шалынбағасын шешініп төрге озып, назарымды кішкене қызға шоғырландырдым. Тым арық та емес, көнетоз шыт көйлегі бар екен, көкшіл жанарының кірпіктерін қақпастан, оң қолының бармағын сорып, үнсіз тұр. Сары апама ұқсай ма қалай? Қалтамнан тәтті алып ұсындым, жасқаншақтана таяп келді. – Атың кім, қалқам? Сары апамдар қайда? – Атым Жазира... Мұз ойғалы кетті. Түсінікті. Қаратөбені Қас деген өзен орай өтеді. Қыс күндері, буыншақ-буыншақ боп қатқан мұз, арнаны керней тарылтып, онсыз да асау өзен қызыл суды жағаға жайып жібереді. Ерте бастан қамданып, уақ-уақ шауып, мұздан арылтып тұрмаса, мал жанға, тұтас ауылға әлек әкелетін.
Ояна келсем қыстың күні әлдеқашан батқан. Отбасы мүшелері келіп алған. Басымды көтерісімен жамырай келіп қоршап алды. Қал-жай сұрасып шұрқырасып жатырмыз. Шайға отырдық. Қазанға салынған соғымның сараласы қайнай бастағанда, апақ-сапақтың әбігер тірлігімен өзгелер тысқа беттегенде, біздер әдеттегідей дастарқан басында қалып қойдық. Бұл жолы сары апам екеумізге кішкене Жазира қосылды. Шай іше отырып, біраз жайлардың басын шалдық. Мен сары апамның дізесіне жайғасып, бармағын сорып отырған Жазираны иегіммен нұсқадым. – Сары апа-ау, мына өзіңе ұқсаған қонағыңды таныстырмадың ғой. – Қонағы несі-ей! Қызым ғой, Жазира. – Сәл еңкейіп, сарғыш майда шашынан иіскеді, мейірлене сүйді. – Сен танымайсың, жоғары Ластай жақта інім тұратын. Осыдан біраз жыл бұрын ауырып қайтты өмірден. Жазира сонда емшекте еді. – Апам күрсініп, сөзін сабақтады. – Осы 9-айда ошарлы жанды аңыратып әлгі жаман кеселден келін дүние салды. – Қолын жайып күбірлеп, аруақтарға бағыштап, қысқа ғана дұға қайырды, мен бетімді сипадым. Жетімдердің көз жасын сүртіп, кенеуі кеткен шаруаларын жөндеп дегендей, бір мезгіл сонда болып қайттым. Сап-сары болған сары алтыным ғой, Жазира. Алып келдім. Көптен бері тамағынан қасықтап қана қорек өткізген науқас, енді мүлде нәр татудан қалған. Өзі талдырмаш еді, аруақтай арыған тән, жер төсекте жермен-жексен. Асты көкшіл ноқталанған жанары ашық. Ұзарып кеткен кірпіктері әлсіз қыбырлайды. Бүгін таңға жақын Ғазиз жанның үзілер мезгілі таяу екенін көзі қарақты сары апа сезді. Үлкен-кіші, жеті-сегіз жан көздеріне үрей ұялатып, бір үміт, бір күдік жетегінде қораланып, қыбырсыз отыр. Жүрегінің шектеусіз мейірімін тұшына ма, әйтеуір сары апам келгелі екі елі ұзамаған Жазира қазір де бір уыс болып, қолтығына кіріп кеткен. Сәби санасы сараптаған бір жайды көзінен аңғартып, ол да үнсіз. Таң атады-ау деген мезгілде қоңырайған там үйден, ер-әйелдің, бала-шағаның бір мезетте шу еткен зарлы үні, жылауы, ауыл адамдарын ұйқысынан оятты. «Кеткен екен ғой пақыр ақыры», «жанын қинап-қинап, ақыры жай таптырдың-ау жаратқан», «шиеттей балаларына қиын болды-ау!» десіп, аһылап-уһілеп, қаралы үйге қарай ілбіп шұбырды ауылдастары. Торқалы той, топырақты өлімде ағайыншылығын ала ұшатын қайран қазақы мінез-ай! Көресіні көп боп көтеріп, мәйітті арулап ақиретке орады. Күн көтеріле оң жаққа орнықтырылып, қоңыр үйдің түндігі жабылды. Осының бәріне жөн-жоба сілтеп жүрген сары апам, көзінен боталаған жасты жаулығының ұшымен сығып тастап, тынымсыз жүгіріп жүр. Кішкентай Жазира қалмайды соңынан. Сәтке аялдаса ару анасынан көз жазып қалатынын сезген ботадай жан дәрмен бүлкектейді. Боздайды. Бұл жайға көзі түскен кісі, етжүрегі елжіреп, еңірей теріс айналады. Қара жер қойнын ашты. Тірілерге және бір жақсы адамның елесін ғана қалдырып, тәнін суық бауырына тартты. Төбе, төбе, төбелер... Жас топырақтан үйілген және бір төбе көбейді. Осылай қосыла бермек. Тек соңғы бір адам қалғанша, иә, солай болмақ.
Марқұмның қырқын бергеннен кейін, сары апам қайтуға қамданды. Оған түгел ауыл риза еді, алғыстарын жаудырып, қимай-қимай қоштасты. Жазираны әкетем бе, деген ой жоқ еді онда. Үлкен әпкесіне ілесіп, дүкенге кеткен орайда атқа қонған. Жыртық үйдің құдайы бар деп, қалғандарды бір аллаға тапсырып, ауылдан ұзап шыққаны сол еді. – Сары апау-ау... мені ала к-е-е-ет – деген Жазираның жан даусы құлағына жетті. Атының басын бұрды. Қара жолдың ортасымен ақ шулан шаңды бұрқылдатып, сүріне-қабына дызғаяқтанып келеді екен. Аттан қалай түскенін ойлап тұрған жоқ. Сары апам, тұра жүгірді. Қимастай қиюласқан екі сезім, екі жүрек бір-біріне жақындай берді, жақындай берді... «Сап-сары болған сары алтыным ғой менің». Алдында отырып тәтті ұйқыға кеткен Жазирасын төсек орнын жайлап, жатқызып жүр екен сары апам, шайым суып қалыпты. Бірақ төңкердім де тысқа беттедім. Далада аяз. Көкке көз салдым. Бұл өңірдің жұлдызы жақын болды, қолың созсаң жететіндей, сәл қозғасаң тамып кететіндей. Таяудан музыка, әдемі ән, қыздардың күлкісі естілді. Кешкі отырыс өтіп жатса керек. Құлақ қойып тыңдай түскің келедіақ, басқа бір дыбыс басып кетіп, басып кетіп тұр. Бұл алапат аязбен алысып жағаны сабалаған, онсыз да тентек Қас өзенінің сарыны еді.
ӨЛІАРАСЫ КӨП ӨМІР-АЙ...
Шөлдеп, қаталап келіп, көлдің шетіне бас қойды. Сіміріп жатыр, сіміріп жатыр. Кепкен кенезесі тойып болатын емес. Су астындағы балдыр, жалбыздар көріне бастады. Үріккен шабақтардың бұлаңынан бұрқ еткен тұнба балшық бұлттай өрлеп, сумен бірге жұтқыншағынан өтіп жатыр. Тартыла-тартыла көлдің жағасы қашып, балдырлар сояулана бастады енді. Бірақ, бәрібір тұтас көлді сарқыса да сарығы басылып, кенезесі кепкеннен, дүлей шөлден арылар түрі жоқ. Ол көзін ашып алды. Айнала тастай қараңғы. Тілі аузына симай, денесі от боп жатыр екен. Төсегінен тұрып жүре беріп еді, бойын билей алмай теңселіп кетті. Бас құрғыр атылып, екі шекесі бүріп алып кетіп барады. Қорғасындай зіл басқан қабағын зорға көтеріп, көзін ілгіштендіре ашты. Шырақты жағып, шүмектегі суды ағытты. Жанында тұрған стаканды тосып, қылқылдатып жұтты-ай дейсің. Орнына кеп қайта жатты. Өрт жалман бәдні басылып, көзі еркіндеу ашылды. Шекесінің солқылы саябырсып, жаны жай тапқандай болып еді бір сәт,бекер екен. Көптен бері қасіреттендіріп омалтқан ой құрсауы – мастығы тарқап, өз қалпына қайта келе бере, жарадар жан әлемін бүрістіріп қысып кеп қалды. Итекпен-ақ барып еді, сорына барыпты. Тек құрбыларымен басқосуы бейбаян болды. Бұрындары «сен кім», «мен кім» деспейтін, арғы беттен келдік деп, екі жарты бір бүтін өмір сүруге дағдыланып келе жатқан дос, тамырлардың мына отырысынан бірден байқағаны, бір-біріне ашық болмаса да, айпарлана бастаған екі жік, екіншідей жамап-жасқауға жөбшенді келе қоймайтын сызат еді. Даңғайыр қаланың қалаған жерінен көңіл көншітер баспана алып, оны жиһазға толтырып үлгеріп, енді көлік жайға апарып қаңтарып қойған басы бүтін иелігіндегі көліктерін өздері дөңгелетіп кету үшін дізгіншілік куәлігін алуға құлықтанған көмейлер асып бара жатқанын көрнеу көрсетіп, санаңды жасытады. Рас-ақ, «заман түлкі болса, тазы боп шал». Бұла заманның бұлаң мінез адамдары оқу-тоқусыз-ақ қалыптасады екен-ау. Тапқан табыс, құралған мал, алдағы келер олжаның оңатын көздерінен күпсітіп, оңаша көңілдерін ортаға салып, дуылдасқан – кеше ғана бір-бір ағаштың көкөндір мәуесі енді – алабөтен көкте құйғытып, жер иіскеместей шағы. Ел, жер болашағы, өнер-ғылым маңында ой өрбітіп, әрқайсысының сол жолдағы арман-мұратына ақ жол айтатын сүттей ұйыған орта енді – жаңағы, қолдың кірі, бес күндік тірліктің аста-төк баяшат байлығын айтып, келгінбай байлыққа керіле түскен қарындар тағы-тағы шелдене түс деп тілесіп жатыр. Көңіл қуаң тартты. Өзін мына дуылдақтың ішінде бір жалғыздай сезінді: алдында бокалдарда шүпілдеп тұрған шарапты қалай көтеріп, қағып салғанын аңғармады ол. Ләззәтті мастық емес, жаныңды жегідей жейтін бір азапты мастық иектеп бара жатқан басын сілкіп, маңын шолды. Иә, байқағаны – жалғыз емес сияқты. Өзі текті ой әлемін ойрандаған оңғақ азапта отырған бір ақынды, бір археологты және бір тіл ғалымын – өзімен көңілі шендес достарын оңай ғана тауып алды. Шынтағы бір нәрсеге тиіп
кетіп дың еткен дыбыс естілді. Өзінің жан серігі – домбырасы. Иә, бұл да бар екен-ау, біздің қатарда, – деп, аялай қолына алды. Ол да мынау түсі бөлек думаннан түңілгендей қоңыр үн шығарды, өксікке бергісіз күңіреніп. Қасқалдақтың қас-қабағын баққалы біраз. Енді көзі еркін жете бастағандай. Жеткені құрып кетсін және бір қуанышынан арылып, құлан тазаланған жанын кеулей бастаған жаңа қасіретін сездірмеуге тырысты. Күні кешеге дейін емеуріні ыстық, жанын жақыннан ұғып, жанасан жүретін, өзін де, өнерін де ерек құрметтеп, бұған қол созып, құшақ айқастыруға ынтықтығын танытқан. Бұл да өмірдің ыстық-суығын көріп, жақсы-жаманды аңғара, албырттығын – ақылға, асқақтығын – салқынқандылыққа жеңдіріп, әй, енді, осы бір үріп ауызға салғандай, исініп тұрған шырынды жеміс – Қасқалдақты қалағаным жөн-ақ шығар дей бергенде... Бүгін таныған қабағы қол жетер жердегі құсын алыстатып жіберді. Бүгін екі елдің арасын екі ауылдың арасы құрлы көрмей сабылып жүрген, жүрген соң жөргем ілініп, ана бір топқа еркін дендеп бара жатқан Нарменнің маңынан айналып, үйіріліп шыға алмай-ақ қойды. Бұған әлі бірде-бір рет көз тоқтатып қараған да жоқ-ай, зәндемі! Сол бір әніңді кереметтей ұнатам, өтінем, айтып берші, – деп қиылатын еді-ау, ол ән де орындалды. Не қайран, есікке беттеген Нарменнің соңынан еріп кете барды Қасқалдақ. Алдында кезек күтіп тұрған шынылардың бірін және төңкерді. Түу, қандай ащы еді. Көзіне кептеліп жас келді. Тегін кім ұғар дейсің бұл жастың. Осынау ортадан ілезім бөлініп шыққан ұшқыр қиялы, сона-о-оу жырақта қалған туып-өскен өлкесін, ұлтанды жер төсін, алқара көк барқытқа оранып бәлденген тауларын, сылдыр-сылдыр бұлақ, күмбір-күмбір ормантоғайларды шарлап, етбауыр, жақындарының әрбіріне бір-бір аялдап қайта оралды. Өркештене қалған өлермен заманның қыр-сырын барлап білсе де, одан қарадай үркектеп көшіне ілесе алмайтын болған соң неге келдім екен топалаң ортаға, өз дәргейімде жүре бермей, не қылған шаруа? Әуелде табалдырығын аттағанда төбесі көкке жеткендей қуантқан өнер ордасының уықтары опырылып, күлдіреуші бүлініп, сағанағы сынарға шақ. Ол қуантпайды – қорлатады. Кілең жолы тайғақ өнермендердің тұрағы, қауымдық жатақта өзі. Өзі ашып кіретін, тозыңқы болса да, бір бөлмеге ие болғанына балаша мәз болып еді о баста. Оның үстіне жаныңды түсінетін өз тобың. Өнермендер. Келе-келе бұл жердің сұрқылтайы да түңілдірейін деді. Бір бөлмеде перзент сүйіп, бір бөлмеде-ақ қыз ұзатып, сонда келін түсіріп жатқандарға куә болды. Кез келгенімен тілдесе қалсаң болды. Салған жерден таршылық пен жоқшылық шырмаған жанайқай, өнерге сыртын берген қу өмір жайлы шешіліп, шерленіп кетеді. Жығылғанға жұдырық дегендей, газы тоқтап, суы себезгілеген жайсыздық. Жамбас ақы жалақыңды орап кетеді. Ал сонан кейін көңілденіп көр. Оның үстіне жоқтан ілік тауып мазалайтындарды қайтерсің! Бір ант ұрғандар арақ ішіп, такси жалдап, осы араға келгенде ақшасын бермей төбелес шығарып, жүргізушіні сабап дей ме... кетерінде, қандай оймен екенін итім білсін, бұның бөлмесінің нөмірін сілтеп жіберіпті. Содан бері бір бәле болды.
Сақшы істерге басқа жұмыс таппағандай, дікеңдеп, келеді де тұрады, келеді де тұрады, қашанда. Қылқ еткізіп жұтқан шараптың дәмі білінбеді. Маңында отырғанда олардың не айтып, не қойғанын бұл ұмытқалы қа-а-аш-ан. Олар да мұны ұмытса керек. Теңселіп орнынан тұрды. Домбырасын қабына салды. Үй қабырғасына сүйеніп далаға шықты. Айлы түн секілді. Ағараңдап көрінген жол сорабын бағамдап, тым алыста емес тұрағына тартты. Таныс қақпа зарықтырып ашылды. Таныс кемпір аузы-аузына жұқпай бірдеңе деп жатыр. Бұл ұғып тұрған жоқ. Тек қана шоқпардай қабағынан райын танығандай болды. Тұрып су ішіп, қайта жатты. Әттеген-ай, күзетші кемпір тағы да мас келді деп көйітеді-ау,е ?! Сақшыларға жолықпағаным жақсы болған екен. Бәлкім... Домбырасына сүйеніп сенделектеген өнер адамы деп аяған да шығар. Өздері әкеліп тастады ма екен, әлде?! Енді ұйқысы келмейді. Бір суыртпақтаған ой сорабы оны бұрлықтырып, мұрнынан қан дірдектегенше ерте береді. Ерте береді...
АЙЛЫ АЛМАЛЫ
Алмалының сары күзі. Тәңірдің көзі оң қараған жыл биыл. Шаршауды білмейтін көнбіс келімсектердің ырысы жұқты ма, немесе намыстарын қайрады ма, ауылдастарым ерен тер төккен-ау деймін. Ақ түйенің қарны жарылған. Қамба біткен аузы-мұрнынан шығып, мұрты бұзылмаған қырмандар да мол. Ошарлы жанның ортаншысы болғандығымнан, оның үстіне жоғары оқу орнына түсе алмағанымнан «дертім» бар. Зақанның әнші баласымын. Күндіз ұйқының көкесін көрсетіп, күн сәулесі біздің үйдің артқы терезесінен сығалағанда, барымды киіп, бақанымды қолға алып, тобымның ортасында той-тамашалардың біріне гитарамды арқалап бара жатам. Алмалы да кереметтей жомарт. Кешінде төбемізден қарап тұратын Көкшоқыдан өрмелеп шыға келген ай толық не жарты болсын, маңайды жарқыратады. Көксай жақтан самал еседі. Жайлап желпіп өткенде, көңілді көтеріп, асқақтатып жібереді. Тал-терегі ұйысқан көшелердің өзі «Сендей жерді Алмалы, әлемнен іздеп таппаспын» дегізеді. Жетіқарақшыны сусытып түсіріп, тас төбеңе өрмелеген Үркерді үйіріп алып, сендікпін деп мойныңа асылған Алмалының кез-келген қызына сыйға тартқың келеді. Мен Балқымызды жақсы көрем. Ж-о-оқ, кәдімгі қымыз емес, ол – қыз. Аты солай. Ол да мен сияқты дертті, оқуға түсе алмаған. Өздері ауқатты. Әкесі ауыл бастығы. Өзі жалқы, бөлеудегі ханша. Ауылға келгелі екі ай өтсе де әкесі ұсынған тәп-тәуір қызметтерге қол сілтеп, қайтсем де жоғарлап оқимын деп, оқулық кітаптардың ортасында баптанып отыр дейді дос қыздары. Ерке қыз сымбаты көз сүріндіреді. Балқымыз десе дегендей. Алмалының маңдайына біткен жұлдызы. Бұрала басып жүргені, ірілеу аппақ тістерін ақситып күлгені, қолаң шашы, нәркес көзі, қиғаш қасы, аршын төсі, алма мойыны... Ішім сезеді Алмалының ығай-сығай жігіттеріне, жо-о-оқ мына маған бұйырмай, шөлден ерні кезерген жат ауылдың бір сұғанағының жұтқыншағын бүлкілдетіп, жұтылып кетермісің, Балқымыз?! Жоқ, олай болмауы керек. Өзім сал, өзім сері, кімге зармын дегендей, жо-жоқ, қолдан шығармау керек дедім-дағы, інім Нұрмыңнан хат жолдадым. Балқымызға ақтарылдым-ау, ақтарылдым! Майраштың ұзатылатын тойына келмесең – өкпем қара қазандай болады дедім. Нұрмың маған тете. Ол да ән салады, маған еліктегені шығар. Мен үшін жанын беруге даяр тұратын алғадайлығы сүйсінтеді. – Бердім, – деді ентігіп, – Бақтарында алма теріп жүр екен. Қабаған иттері барын білесің. Ол мені көрсе мысықтай болады. Қасына жетіп бардым, «мә» – дедім. Ол: – «Не?» – деді. «Хат» – дедім. Сен берді дедім. – Ол сосын қайтты? – Ол ма, ағашқа шығып кетті. – Ал, әрі қарай ше? – Ой, әлгі бар ғой, бітік алма ағаштары жапырағының арасынан көрінбеді. – Оқыды ма өзі хатты?
– Білмеймін, оқыған шығар?! Мен күттім. Айқайлауға болмайды. Тұра берем бе состиып, ол әлі ағаш басында. Сонымен мені дегбірсіздік биледі. Жаңа модамен тігілген бір киер жейдем мен кең балақ шалбарымды киіп, таранып-сыланып, Майраштың үйіне келдім. Мұнда да төрдің қақ ортасы менікі болды. Жайғаса бере, кең, жарық бөлмеде қоралай отырғандарды сыдырта шолдым. Балқымыз жоқ. Енді екі көзім есікті бағып, елегізген жан дүниемді жасырып, гитараға жармастым. Жастардың ауызынан түспей жүрген жырға бастым. Күнес қайда, Күнес қайда, Топырағы бек майда. Енді бізге оқу қайда, Ойнап-күлген сол пайда. Бәрі ықыласпен тыңдап отыр. Мен ғана емес, осындағы көбінің тағдыры осылай. Іштей ширығып, «айта түс» дейді олар. Бір кезде асаба жігіт кірді: «Ермың, мүмкін болса оң жағыңды босатсаң. Қонақ қыздар келді, солар отырсын!, деді. Ойымда Балқымыз. Солар шығар. Жігіттерге қарадым. Олар әрі ығысты. Балқымыз емес, басқа. Талдырмаш денесі тартылған сымдай түп-түзу. Ұялы жанарын қайқы кірпігі көмкерген, қою қара қасы керілген, ерніне қызылы солғындау бояу жағылған, оймақ ауыз қыз. Езу тартқанда миығындағы шұқырына көлеңке түсіп, мінсіз ару екеніне айғақ болғандай. Орнымнан тұрып, қысқа амандықтан кейін бос орынды ұсындым. Жанында жолдас қызы, өзі менің оң тіземді баса отырды. Қоңылтақсыған көңілім жайланар емес. Балқымыз әлі жоқ. Оң жақ бүйірім жылынып барады. Рахат сезімге бой алдырғандаймын. Кәмшат деп таныстырды қызды. Құлжадағы өнер мектебін би мамандығы бойынша бітірген. Сондағы ән-би үйірмесіне жолдама алыпты. «Бақытты екен» дедім ішімнен. Сабыр мен ақыл ұялаған жанары сүйкімді-ақ. Мен бұрын-соңды болмаған толқыныс шылауымен шырқадым. Кәмшат та кезегі келгенде домбыраға қосылып барқыт даусымен ән сорғалатты. «Маған қосылыңыз» деп те қояды. Қосылдым. Өмір бойы қосылып өтсем арманым жоқ. Тәнімнен үміт тірілді. Біз тез шүйіркелесіп кеттік. Нағашылары осы Алмалыда тұрады екен. Оқуы бітіп, жұмыс жайы анықталған соң, көптеген көрмеген нағашы жұртына амандаса келген. Мен де өзім жайлы дерек беріп жатырмын. Қоздана бастап, өзекті өртке айналарға шақ тұрған ынтызарымды бағалап, бақыт әуенін сызылтқан аққұсым бол деп сыбырлады жүрегім. Кәмшат биде көрсетті өнерін. Бұл маңға бейтаныс өнердің кереметін тамашалаушылардың бірі өзіммін. «Вальс» билегенде Кәмшатқа әріптес болып ем, жаңылыса бердім. Бірнеше рет добалдай табаныммен нәзік аяғын басып та алдым. Бұған қатты ыңғайсызданғанымды байқап, Кәмшат сықылықтап күлді. Кәмшат өзінің еркін, емен-жарқын мінезімен биіктеп бара жатқан еді. Маған өзімсіне қараған көзқарасы қанатына қондырып, шексіз әлемді шарлатқандай әсер етті.
Кешегісінен де сүйкімді көше, сұлу тал-терек әсем. Ай айналаны сүт сәулесіне бөлеген. Міне, қарсы алдымда ыстық дем бетімді шарпып, Кәмшат тұр. Мен жеңіл дірілдеген қолыммен оның сүйрік саусақтарын аялай ұстап, бетіме бастым. Қаршығаның топшысындай екі иығынан еппен қымтып, өзіме қарай тарттым. Бірінші рет тірліктегі рахат сезіммен көзімді жұмып, ерніне ернімді тигіздім. Ол талықсып кетті. Үйге қарай жан ұшырып жүгіріп келемін. Гитараны тартып келемін. Қуанышымды көкірегіме сыйғыза алмай, күбірлеймін. Бара сап Нұрмыңды оятам. Мына жайымды жыр қып айтам. Ол түсінеді. Сүйінші сұраймын. Ол да қуанады. Мен Құлжаға барамын. Өнер ордасына, Кәмшатқа. Кенет бір жақтан арсылдап ит үрді. Селк ете қалып, күліп жібердім. Нұрымның бағанағы сөзі есіме түсті. Қарсы алдымнан бақ көрінді. Мәуесі майысқан алма ағашына көзім түсіп еді, Балқымыз есіме оралды. Ол әлі отыр ма екен? Ағаш жапырағынан айырылған соң состиып қаларсың, әлі... Мен Құлжаға барамын, Кәмшатыма!.. Дұға оқыған адамдай күбірлеп, үйге тақай бердім.
«МЕН ОНЫ ӨЛТІРДІМ»
Базар – сол баяғы базар. Алушыдан сатушы көп. Күн шайдай ашық. Күздің соңғы күндері. Жалаңаш жеріңді инемен шабақтағандай дызылдатқан құрғақ суық тіміскілейді. Шынтағына қашқан жеңін әлсін-әлсін тартқылап, қолын аузына апарып үрлегенде, демі буланып, мұрты мен кірпігіне шық қонып қата қалады. Сырық бойлы Мейірбектің ертеден бергі күйбеңі осы. Ал Алау көлбақаның терісіндей алабажақ жасыл әскери шапанның рақатын бір кісідей көріп-ақ тұр. Тек тоңа бастаған құлағын жағасына тыққыштап, сигаретін үсті-үстіне бұрқылдатады. Бір кезде Мейірбек тіл қатты: – Аноу, тері куртка сатып тұрған семіз әйелді көрдің бе? – Алау басын изектетті. – Мен соны айналдырайын. Сен тұсымыздағы нөркі малақайларды торуылда... Орайы келіп қолыңа іліксе, әлгі жерде тос. Алау басын изектетті. Мейірбек жайлап жалпақ сары қатынның жаймасына бұрылды. Алау қасында тұрған малақайларға таяды. Маңын барлады. Малақайлардың бірінен соң бірін көрген болып тұрды да қара нөпірдің арасынан сытылып шығар саңылау іздеді. Қалыпты әдетімен демін ішіне тартты. «Бір, екі...» тарс еткен ащы дауыс соңғы санды айтқызбады. Жалт қарады. Жүрегі ойнақ салды. «Мейірбек!» Оң қолында қымтап ұстанған тері куртка. Адамдарды кие-жара тура өзіне қарай атылып келеді. Қасынан жанап өте бере жалт қарады. «Тарс!» Аузы-мұрнынан қан бұрқ етті. Алауға қадалған қос жанары шатынаған күйі құлап бара жатып та бұдан көзін айырған жоқ. «Құтқаршы, қол ұшын берші?» дегендей аянышты жанар. Иегі кемсеңдеп, бірдеңе деді. Онысы лақылдап аққан қанның ар жағында қалып қойды. Алау теріс айналды. Ығы-жығы адамдар арасынан сытылып шығып басы ауған жаққа кете берді. Етбетінен құлаған Мейірбектің аузынан, желкесінен саулаған қан сусып барып арықтағы лай суға қосылғанын, түтігінен түтіні үзілмеген тапаншасын кезеніп жеткен өндірдей сақшының абдыраған жүзін, қарысып қалған Мейірбектің қолынан быттиған сары қатынның тері курткасын айырып ала алмай әлекке түскенін көрген жоқ. Қайда барып, қайда тұрғанын бағамдау Алау үшін қажетсіз еді. «Қайран, Мейірбек» деді қайта-қайта. Қашаннан бері жылап жүргенін өзі де білмейді. Көкірегінен қайнап шыққан ащы өксікпен ауыр күрсінді. Езуіне құйылған көз жасының кермек дәмін алып тамсанды. Оң қолының мұздай бастағанын сезді. Қарады да, селт ете түсті. Қарғыс атқыр әлгі нөркі малақайды ала кетіпті. Бар пәрменімен қарымын жазып сілтеп еді, қарысып қалған саусақтар малақайдан ажырасашы... Сол ажырамаған күйі сенделіп кете барды... Күздің күні де ерте батады. Батты дегенше қас қараяды. Қараңғы түн Алматы аспанын қымтап үлгереді. Мейірбек екеуі тұрып жүрген маңды аттап басуға жүрегі дауаламады. Сүлдерін сүйреткен Алау әлденеге сүрініп кетіп, есін жиды. Сұңғақ бойлы, жұпыны киімді әйел қарсы алдына тұра қалды. Кешкі алакеуімде қанша үңілсе де, аппақ тістерінен басқа түсін көрмеді. Күліп тұрған сыңайлы. Жерге қарады. Жарты қаптай бірдеңе қарауытады. Неге бұлай істегенін өзі де білмейді, еңкейіп көтеріп алды. Әйел бұрылып жүре
берді. Алау соңынан ерді. Әйел жатақхананың үшінші қабатына көтеріліп, бір есіктің құлпын ашты. Шам жағылды. Қоңылтақтау бөлменің бір қабырғасын тұтас алған сөреде кітап сықасып тұр. Есікке тақау стол қойылған. Еденге көнетоз палас төселген. Төсектің аяқ жағында көне үлгідегі добалдай телевизор. Бойын жия бастаған Алау әйелге көз тоқтатты. Бұйралау шашы сабалақтанған. Көзінің алды ісіңкі. Нұрсыз жанарын домбыққан қабағы көлегейлеп тұр. Қырлы мұрны, түріңкі еріндері бір кезде аққұбаның әдемісі екенін айғақтағандай. Тістерін ақсита күліп тұрған әйел ақылының ақаулы екенін бағамдаған Алау зорлана езу тартты. Әйел ыржиған күйі бұдан көзін тайдырып әкетті де, қалтаны бұрышқа сүйреп апарып қотара салды. Іріліұсақ кәртөшкелер төрге қарай шашырады. Күні бойы нәр татпаған Алау қызыл бұрыш аралас қуырылған картоп қуырдаққа қасығын апара бергенде, көз алдына қан елестеді. Кеседегі шәй де қызыл күрең қан. Зорланып нәр татқаны болмаса, жүрегі лобылып, қатты қобалжулы күй кешті. Бөтен бөлме, ақылы дімкәс әйелдің жанында түнеп шығу жан әлемі тапырақ Алауға жайлы емес еді. Көлбақа терісіндей алабажақ жасыл шапанын жамылып, іргеге жата кеткен. Көкірегі шерленіп, көзіне жас тығылды. «Өлтірдіңдер ғой, қанішерлер... Қайран, қызым сол. Алмам менің... Қандарын ішем әлі, олардың...» Әйел сөйлеп жүр екен. Сөзінің соңы күбірге айналып барып тынды. Күйбеңдеп жүріп төсекке жайғасты. Жарық сөнді. Алау Алматыдағы балалар үйінің бірінен қашып шығып, кезбелік жолға түскен. Он неше жылдан бері кімдермен дәмдес, жолдас болмады... Біразын бұл алдады, біразы бұны алдады. Соның бәрінен соңғы екі жылда істес, дәмдес, үзеңгілес болған Мейірбектің орны бөлек еді-ау! Ол да балалар үйінде өскен. Зерек, ақылды бала еді. Орта мектепті алтын медальмен тәмамдап, Алматыдағы жоғары оқу орнына қабылданған. Оның өміріндегі ең бақытты кезі жанартаудай алауланған алғашқы махаббаты еді. Аршыған жұмыртқадай меңсіз, аппақ дидарлы, қап-қара шашын желкесінен шорт кертіп, ұялы қара көзін көмкерген қайқы кірпіктерін назбен қайшылап, нәзік денесін құйқылжыта басып жүретін балғын қыздың аты затына сай – Нәзік еді. Бақыттарының тым келтелігіне көрінді ме, бірден ашық-машық күй кешті. Екеуі де соңғы курста оқитын. Махаббатқа мастанғандарға таптырмайтын жаннат жай – Алматы! Екеуін еркелетті-ай дейсің... Зымыран ұшқыр күндердің бірінде Мейірбек жатағында ойға шомып отырған. Нәзік үш күн бойы таптырмады. Отырса опақ, тұрса сопақ жайсыз күймен жүр еді, жылауық есік әдеттегісінен бөлек «баж» етіп, шалқасынан құлады. Еңгезердей екі жігіт көрінді. Шымқай қара киініп, қара көз әйнек тағынған. Ай-шайға қаратқан жоқ, алдарына салды. Сыртта тұрған мерседеске отырғызып, қаланың сыртын бетке алған машина Алатаудың қойнауындағы салтанатты саяжайдың бітеу қақпасынан зып берді.
Көзі бұлаудай боп ісінген Нәзікті көргенде, жүрегі зырқ ете түсті Мейірбектің. Мұны көріп өксіп-өксіп жіберді. Тұра ұмтылайын дегенше шомбыл жігіт иығынан басып отырғызды. – Иә, бәтірекесі, Мейірбексің, ә? Дұры-ы-ыс. Бұл шаруаны басқа да жолмен шешуге болатын еді, дегенмен. Нәзік – жалғыз қызым. Соның көңілі деп, өзіңді алдыма әкеліп отырмын. Мейірбектің жүрегі тағы зырқ ете түсті. Нәзіктің әкесін ірі саудагер деп еститін. Аққұба өңі Нәзікке келетін, шөтке бас, қалқан құлақ, орақ мұрын, көзінен ызбарлы леп ескен, сом денелі кісі. – Иә, бала сонымен... біраз қыдырыпсыңдар. Оны қозғамай-ақ қояйын. Ақылды көрінесің өзі. Бұдан былай абайларсың. Өзің тектес детдомда өскен қыздар көп мына Алматыда. Солар да тақияңа тар келмес. Жарайды, бұл алғашқы және соңғы кездесуіміз болсын, жақсылықпен қоштасайық! Қалай жеткізілсе, солай жөнелтілді Мейірбек. Өзі өртеніп және өзінен-өзі сөніп жататын шердің қысымына төзіп, көндіккен бас мынандай қысымға, алпауыт басымдылыққа қарсы келудің жолын таппады. Нәзік оқу орнының табалдырығын қайта аттамады. Із-түзсіз ғайып болды. Ендігі өмірі өмір ме Мейірбекке? Күні сөнді, Айы шағылды. Жұлдызы ағып түсті. Бал дәуренін, білім ордасын тәрк етіп, елес қуған мәжнүн күйде кезіп кетті. Жұбату үшін арақ-шарапқа үйір еткен достары қойдыруға келгенде қолдарын жайып, иықтарын қиқаңдатты да, бет-бетіне тайып тұрды. Сыраханада даяшы болып істеген Алау алғаш Мейірбекті сонда көрді. Тақтайға сүйеніп тұрып, бір-екі саптаяқ сыраны тартып алып, бір суретті ішкі қалтасынан шығарып, «Нәзігім...» деп, көз алмай қадалды. Екеуі ұғысты. Жақсы достарға айналды. Жоқты сылтауратып сырахана қожайыны Алауды жұмыстан шығарды. Екі жылдан бері тағдырлас екі бейбақтың жұптары жазылған жоқ. Қалада тұрақты тіркеуі жоқ болғасын оң-теріс жолдармен тапқан табыстарын тірліктеріне арқау етіп жүре берді. Екеуі «Бізді тағдыр да, адам да айыра алмас» дейтін. Ал, бүгін ше? Құдай айырды ма? Қай-ран Мейірбек! Алау көмейіне тығылған өксікті тежей алмады. Түні бойы қиялмен жатып аңғармады ма, әйел жақтан күбір естілді. Құлақ түрді. «Жендеттер! Қызымды жеп қойдыңдар ғой! Қолыма түстің бе, ақыры?! Қаныңды ішемін. Алматайым-ай! Мен оларды түгел өлтірем... Сөзінің соңы күбірге айналып барып тынды. Терезенің көнетоз жұқа пердесінен таңның бозамық сәулесі біліне бастағанда, Алау ұйқылы-ояу еді. Есіктен жайлап басып Мейірбек кірді. Үстінде кеше өзі ала қашқан курткадан да әдемі әппақ тері куртка. Таяп келіп езуінен аққан қанды қолының сыртымен сүрткілеп тұрып тіл қатты: – Алау, мен жұмаққа кірдім, – деді. – Сен де, Нәзік те жұмаққа кіресіңдер. Нәзікке айттым, кешікпей ол да барады. Мен саған келдім. Жүр, алып кетейін. Бұл тіл қатты: – Мен тірімін ғой. Мейір... Оның үстіне өзің білесің, менде жұмаққа тұрақтайтын пропискі деген атымен жоқ, қалай барам?
– Ол оңай Алау, – Мейірбек қазан жақтан пышақ алып бұларға қарап төсегінде ыржиып отырған әйелге ұстатты да жетелеп қасына ертіп келді. – Ол оңай, Алау, мына қаламмен сол прописканы жүрегіңе жазамыз. Қане, жүрегің қайда? Алау жейдесін көтеріп, сол жақ кеудесіне көз салды. Жүрегі көрінді. Жайлап соғып тұр. Емшегінің астын сұқ саусағыман нұсқап: – Тура мына жерге жаз. Алматыда берілмеген пропискіге жұмақтың өзінде қолым жететін болды-ау! – деп көңілдене күлді. Әйел мен Мейірбек бір адамға айналғандай болды. Пышақ жалт-жұлт еткен алтын қаламға айналып, жүрегіне жазылғалы келе жатты... Міне, жазылып та үлгерді. «Ал, кеттік!» деді Мейірбек. Екеуі құшақтасқан күйі есікке беттеді. – Қызым, сені жегендерді өлтірдім. Көрдің бе, міне? Мамаңа разы шығарсың. Ыржия күлген әйел Алаудың көкірегіне қадалған пышақты жұлқа тартқанда, терең бойлап кеткен темірден ажырамай, былқ-сылқ еткен дене түрегелді. Әйел сол қолымен кеудеден итеріп тұрып, әзер суырып алды. Алау сұлқ түсті. Бұл кезде бөлме ішіне жарық түсе бастаған. «Мен оны өлтірдім!» Әйел пышақты тазалап сүртті. Сөзін тағы қайталады: «Мен оны өлтірдім!» Әйел сол жатақхананың тыныштығына жауапты сақшы жігіттің есігін қағып тұрып, тағы да қайталады: «Мен оны өлтірдім!».
СЫБЫЗҒЫ САРЫНЫ
– Түсіме ылғи сары қурай кіреді. Қазір жетінші ай ғой, дер шағы – деді ақын. Көзінен ұшқын атты. Сосын: «Мына самсап тұрған жарықтық солар ғой, даланың жырын да, сырын да айтады бұлар. Боздағаны, боздатқаның қалыпты құлағымда, әнеу біреуін көрші, маған ұмсынып тұрған секілді», – деді. Рымбек ескілеу қайыс белбеуіне ілген, түгі сыртына қарап барқыттанып тұрған қынаптан кездік суырды. Сабы күмістелген қылқимас қиялап кертіп түсті. Сырт еткен өткір үн ақын жүрегіне жетті. Кеңсірігі дызылдап, бір-екі жұтынып алды. Бөктерде-ақ жеңілденіп алған ақын тау самалына қарсы өрлеген сайын, рахаттана дем тартып күлбіреген ақ торғын жейдесінің түймелеріне жиі қол апарған. Барқыт жиекті, борланған ақ қалпағын дізесіне қондырып, алтын зерлі тақиясын желкесіне жіберіп, білегін жастанып, көкке қарап жатты. Өңірі ашық. Солыңқы төсі көкшілденіп, терең алынған демнен көтеріліп басылған арса-арса қабырғалары санап аларлықтай.Сыбызғы жонып отырған Рымбектің көзі шалып өтті: «Екі тамшы қылқимастың бетіне қонды. «Ер арыса – аруақ, ат арыса – тулақ» деген осы-ау. Ақын жақтан қоңыр әуен естілді. Құлақ түрді: «Көп заман көкірекке шер байланып, Еріксіз елден алыс жерді айланып, Адасқан туған елден шерлі Тәкең, Саламат жеті жылда келді айланып». Рымбек жұмысын тоқтатқан жоқ. Ойға кетті. Атажайлау – Ақөзенге асатын, жалғызаяқ көш жолымен осыдан жеті жыл бұрын, құралды әскерлердің қоршауында қолы кісендеулі ақын құлдилап бара жатты. Ұмытпаса, онда жел етек жатқан-тұғын. Алтын күз еді. Елу қадамдай аралық тастап, соңдарында келе жатқан Рымбек осынау сары қурайлы текшеге келгенде аялдаған алдағыларға таяу келіп тоқтады. Жақындауға болмайды, – қабақтарынан ызғар тепкен. «Дәрет сындырам» деген сылтаумен кідірткен ақын екен. Шымырлап қайнап жатқан бастаудың төңірегі қияқ шөп пен қараөлең нәрленіп, ұйысып тұр. Шекеге тебер судың бүлкілдеп жатқан жерінен құшырлана сімірді, сімірді де шалғынға гүрс етіп құлады. Бірден жатты. Әскерлер шүлдірлесіп, жұлып тұрғызды. Итпектеп апарып, ат беліне көтерді. Ұзақ жылдар жанында еріп жүрген сыралғы Рымбек ақынның көзінен үзілген тамшыны алғаш шалып қалды. Тау-даласы мен қоштасқандағысы екен ғой сондағысы. Атына қона беріп сары қурай тартты. Таудың қара мақпал топырағы оңай жіберген тамыр жағын шауып тастап сыбызғы жонды. Өзіне ұзақ-ұзақ тартқызатын күйлерді, бұл бірінен соң бірін боздатты енді. Рымбек өзін ұмытқан. Сары қурай сарнады. Сары әуен ақын мен аралықты тұтастырды. Боздаған күй боз мұнарға айналып ен даланы жайлады... Жайлау – өмірі. Өмірдің мәні де сәні Жолдының жолбарыс баласы Таңжарық. Сөзі семсер сері, биігіне еншілесі саяқ – дала баласы... Сыбызғы
күйі – Аймаңдай, ашаң дөңгелек дидарлы сом жігіт. Қара тастай салмақты, даладай дарқан... Сыбызғы күйі – сұлу біткеннің албастысы той-думанның көсемі арқалы ақын әнші... Рымбек ендігі жерде күй тартып келе жатқанын да естен шығарды. Айнала алапты жаулаған алуан көріністердің жүлгежүлгесінен ақынның өмірін сүзді... Қыранға мансұқ қиядан қытымыр қиықсыз. Таяз тапалдарды көрді, мұндайда үйге отырар Таңжарық па еді; Ұлы тілден от тұтанды, от алапты шарпыды. Бір беткей адам мұндайда жалғыз қалады. Кешегі жанына ергендер қасының қасына аунап түскен. Осы бір сергелдең шақта тақымына ілінген боз бұрқақ үзілгенді жалғады. Асаубайдың мұқым Ілеге даңқы кеткен боз бұрқағы мен араға ат шалдырып, Мұқыр жырғалаң басып, Моңғұлкүре арқылы Аспантау асты. Қарлы шыңдары күміспен күптелгендей аңсарындағы Алатауды көк жалқын сағым арасынан сонда бір көріп еді. Бір арманның – жанына қадалған тікенін жұлып тоғайып қалған; Басын шалмақ түгіл, қасына бара алмады. Атамекен топырағына үш-ақ жыл тұрақтай алды. Қызылдар қысымындағы Албан арасына Нұрила мен айтысын, бірнеше дастандарын қалдырып, туған жері Күнесіне бағыт түзеді. Ақбұрқақтың ендігі жүрісі бөлек еді. Аспантау аса кең көсілген Іле алқабын Үшбурылды көргенде кісінеп-кісінеп жіберді, жануар. Жүрген сайын осқырынып, оқыранып, шаужайымен алысып, адуындады-ай. Елге жайлау үстінде жетті. Күпті көңіл – салқындық сезетін еді қарсысынан. Базарлыққа әкелген екі қоржынбас кітапты естілер еншілеп, есерлер күлкі етті. Бәрінен де ері алынып, жүген ноқтасы сыпырылған ақбұрқақ күмбірлете кісінеп алды да, күрс құлап көкалға аунап-аунап жіберді. Дүр сілкініп орнынан тұрып, сондайда мен мұндалап тұрған алты қанат Асаубайдың ақ ордасына тратып кеп берді. Жылқы адам мінездес емес, адам әсілінде жылқыға тартқан. Қайран ақбұрқақ боз жұлмай екі күн екі түн ақ орданың белдеуіне иек артып тұрып алғанын Рымбек айтып келгенде «жануар-ай! Менен де ары болған екен ғой» деп іргеге аунап түсті Таңжарық. Елге деген сағынышымен қосанжар, әлде қалай бір келеңсіздікті тұспалдаған ақын түйсігі аусай кетпепті. Екі мың жылқысынан алабөтен аяулы ақбұрқақты Жолды баласының әкеткенін білгелі қабынған өкпе ісігінен арылмаған асау – асаудың өшкені жанғандай болды. Малының құты оралды. Белдеуіне иегін артып тұрып алған ақбұрқаққа мезгіл-мезгіл таяп, жалынан, сауырынан аялап сипап, мойнын қаусыра көз жасын сығып-сығып алды. Көкірегіндегі ащы запыранды өксігімен шығарып, тоқмейілси бастағанда құрты өлмеген кәрі жын қайта қозды. Атбегі атын арытпай, жадатпай мінседе, атының тұрпатына көңіл тоқсынбады. Әсіресе тақыр кедей Жолдының әкеку-сәкеку перісінің тақымы тиген арқасына көзі түскенде қалшылдап кетті Асау. Ердің құны бір жақсы сайгүлік деген қазақы қасқа заңға сүйеніп, ат қазасына ақын жазасы кесіліп қойғалы қашан. Ат тірі, бірақ, қорланған Асау намысы ат-шапан айыпсыз шерден арылмақ емес. Онсызда өткен-кеткен кінәлары жетерлік күнәкәрі үшін де қойны-қонышын кернеген ызғар еттен өтіп, сүйегін кемірді.
Рымбек селк ете түсті. Шырт ұйқыдан оянғандай маңын тез шолып өтті. Қолында қурай жоқ. Өзіне бірдеңе-бірдеңе деп шіңкілдеген әскерге көзі түсті. Сыбызғыны дізесіне салып майыстырды да, ызбарлана бұрады. Жас қурайдың көбігі, көкілжім нілі әскердің сарғыш шалбарының дізесіне құйылды. Әскер енді үзеңгіге шірене көтерілді де қурайды сай табанына қарай лақтырып жіберді. Сосын бұған ата қарап бір шіңк етті де тобына қарай шаба жөнелді. Өз-өзіне келген Рымбек шаңды қаба қамшылады. – Сол жолғы сен тартқан сыбызғы күйі, мына бұлақтың бал дәмі, шалғынның нілі жеті жылғы тозақтан аман алып қалды ғой мені. Өңімде де түсімде де жаңғырыға берді. Әсіресе боз даланың сарыны. Туған жер мен жанымды жалғаған үзілмес жіп секілді. Жер тіріде мен тірі болатындай сезілді. Ал, жер ананың мәңгілік екені қуат болды. Өз қаныма тұншығып жатсам да осы бір үміттен арылмадым. Қарашы енді, сүлдерім жетсе де көзіммен көрдім. Әне Күнес өзені – сол арна. Сол ағыс. Менің ғұмырым да сол секілді ағысынан жаңылған жоқ, аға береді аға береді. Анау Өрікті арал анда тау қапталдай Жаутоғай жатыр. Алмалы мен Телқара. Ары қарай өзім туған Бестөбе, шалқар Күнесім, Қас, Текесім, Үшбурылым... ау, Рымбек! Осы сен Күнес өзенінің қайда құятынын білесің бе? – Ілеге құяды да. – Ал, Іле ше? – Іле ме? Іле... – Іле ары өтеді. Балқаш деген үлкен көл бар, соған құяды. О, өтіп бара жатқан өмір-ай! Бұдан он жыл бұрын мен болдым онда. Ежелгі аты Көкше теңіз деп аталады екен. Ұшы қиыры жоқ ақжалданып жататын еді-ау сабазың. Ақын қиял шарлап кетті, өзі айтысқан ақын қыз Нұриланы, Қойдымды, Нарынқол, Асы, Жәркент, Үшкіл шоқылары күміспен күптегендей көз қарықтырар Алатауды көк жалқын сағым арасынан шолып өтті. Ой тұманынан арылып күрсінді. Енді, орнынан жайлап тұрды да баяғыдай бүлк-бүлк шымырлап қайнап жатқан тұманың жанына барды. Сүйегіне жабысқан бозғылт терілі саусақтары мен іліп алып бетін жуды. Екпеттеп жата кетіп аңқасы кепкен адамдай сімірді-ай, бері қарай бір домалап, шалғынның ұйығына жайланды. – Ал, бастай бер енді Рымбек! Рымбек оң жақ үстіңгі ерніне сары қурайдың бір ұшын тіреген сол еді боздап қоя берді. – Боздаланың сарыны ғой. – Сол ғой аға. – Рымбек саған бір өтініш болып тұр?.. – Айтыңыз аға. – Орындаймын деп уәде бер? – Сіз айтсаңыз орындамағанда, енді... – Мен өлген соң бейітімнің басына келіп осы боз даланың сарынын үзбей тартатын бол. Бақида да пәниді біліп жүрейін, тілегім болсын саған. – Аға-айІ.. Рымбектің көзінен жас ыршып кетті. – Жә, ары қарай тарта бер, ризамын саған Рым.
Бұл, Таңжарықтың өзегіне өзек болған сыбызғы күйіне тірліктегі соңғы еміренуі еді. Содан үш күн өткенде ана жайлау Ақөзеннің төрінде Шақпы өзенінің шақпы сарынына қинала құлақ түріп жатып ақынның демі үзілді.
ҒАЙЫП ЖАҢБЫР
Берекесі кеткен ұйқының терезе пердесінің аржағын ағараңдағанда бұйыратын лездік тынымынан ләзаттана алмады. Әлі қашқан буындарын зорға тежеп, ұйқылығын белбеулене, сандалып тырпылдата басып үлкен бөлмеге өтті. Тұтас тұлға сиятын айнадан әр күні әзер танып алатын өзін бүгін де жатырқап тұр. Екі ай бойы жалғасқан аштық азабына енді бойы үйрене бастаған тәрізді. Жанары көз сүйегіне омырылып батып кеткен. Қыр мұрны қусырылып, жүзінен шашырай андағайлаған ірі сызықтардың дені жағынан көктей өтіп, қылша мойнын құлдап көкшулан ұйқылықтың жағасына барып жасырынған. Етінен айырылып, жіктері мұндалаған ақ қағаз түсті саусақтарының дірілін зорға тежеп, жарты рюмка коньяк құйып алды. Ерніне апарып шым-шым жұтты. Сұқ саусақтай қоқасы тамақ теріні шерте бауыздауға таяй беріп шұрқылтайға құлады. Жұтынды. Қиямет. Бірер тамшы өтті-ау. Көзі суланып, кірпіктерін әлсіз қимылдатты. Екі айдан бергі таңғы нәсіп-қоректің ырымы осы. Бірер тамшы кермек дәмді коньяк әлсіз тәнге арқау. Бүгін және сәл кірпік айқастыруына Қайша кіріпті түсіне. Сахнадағы қойылым кезі екен дейді, бас кейіпкер Қайша текше сыртынан сүлесоқ қарап тұр. Бұның көзіне бір үңірейген бостық шалынды. Шықсаңшы енді, анау орынды толтырмасаң бәрі жұтылады ғой сол үңгірге, дейді бұл. – Мен шығам ба? Мына мен бе? Ал, өзің ше, сенің орның да иесіз үңірейіп тұрған жоқ па? – дейді Қайша. – Мен аурумын, екі ай болды астан қалдым. – О, сен тазарып жүр екенсің ғой. Менің соңымнан кел! Бәрінен арыласың, жазыласың. – Ары бұрылған Қайшаның соңынан бірге кетуге оқталып еді, сахнадағы қара барқынданып тұрған үңгір алмағайып құбыжық құйынға айналып бұны іліп әкетті де, шыркөбелек айналдырды. Басы зеңіп, жүрегі қобалжып, лоқсып оянған. Жуыну бөлмесінде қырынып тұрып, Қайшаның басына барып қайтайыншы деген ойы әмірін орындатып тынды. Таза жуылып дезімалданған киімдерін ыңғайлап тез-тез киіне бастады.
Қайшаның басына барып қайтайыншы. Өкпесін кемірген жегі саябырсып, буындырған жөтел сәл сап болғанда басына келетін орындауға болатын бірінші ой осы еді. Көктөбедегі телемұнараның басын шалған қызыл арайға тесіліп тұрып, ойға көмілді. Өзіңнің қашан, неден өлетініңді білуден артық қасірет бар ма екен, сірә?! Бара жатырмын соңыңнан асыл Қайша! Қазқанның да жайы белгілі болды: Ол да кешікпес. Қайсымызды қалай қарсы алар екенсің? Пейілің орта жолдан киліккен оған ба, әлде, өзіңе өмірін бағыш еткен маған тартар ма? Қан-жоса болдым, өлмедім. Татар талқан, тауқыметімнің таусылмағаны да. Бірге тартты ма тағдырыңды ол сұм. Қас жалғанның шер құмарын оппалап,
сәттік өмірге жанарыңның жарқылын сыйлап өттің-ау! Үзілдің-ау! Кімге қотарылмас қуаныш сыйладың? Анау алакөз Қазқанға ма? Итшілеп жиған ат-атағына арқаланып, әлім жетті ғып, махаббат додасында өзіңді өңгеріп кетті ғой. Атым мертігіп, жігерім құм болып мен қалдым. Сонаудан бері өршімесе, өшуін ұмытқан жан жарым ғұмырыммен шектесер түрі бар. Театр сахнасында өзіңмен ғашығына қауышқан бақытты кейіпкерді ойнағаным есімде. О, ол бір керемет шақ еді ғой. Бұйырған жалқы бағым... Көз алдым бұлдыр шыныланып тұрып, сол бір ғұмырыма төлеу қас-қағым сәтте, тамыр-тамырымды иіттім. Өзің де кейіпкер жанды едің ғой. Әлде... Мені шындап құшып қалғың келді ме, бауырыма ене түсіп ең. Тынысым Қайша! Тірлікті тірлік деп жүргенім жоқ, сенсіз төрт төңірегім түнек. Қапас қайғы... Қойылымнан ауа осылай күбірлей бастағанымда сен аузымды баса қойдың. Мен көзіңнен үзілермен жасты көрдім. Содан көп өткен жоқ, Қазқан екеуміз төбелестік. Еркекшілегенде ұтылса да аты мықты ғой, мен сахнамен қоштастым.
Егер, ол, Қайша, Сәрсекемен тағдыр қосқанда ғұмырлырақ болған болар ма еді, әлде... Қазқан шыға берісте көлденеңдеп тұрған машинасының дізгініне отыра ойланды. Меңсіз кеңістікке әудем көтеріліп қалған күннің жасытқыш нұры қиғаш қағылып қоймалжыңдандырған әйнекке су бүркіп, сыпырғысын іске қосты. Осы бір, төбе басындағы ат шаптырым аумақта мәңгілік тұрақтаған жандардың біразын, біразын біледі екен. Мынау қас тасынан қашалған мүсінді құлып тастың алдында әйдік жазушы жатыр. Шексіз билік иесі болған көкесінің пішіні қоладан сомдалған. Шым болаттан соғылып, алтын мен әрленген және бір мықтының ескерткіші... Бәрі де тірлікте біз былай едік, деп тұрғандай әсер береді. Темір шарбақпен жөнсалдау қоршалып қалақтай темірге аты-жөні жазылған сары топырақ төбешік осыдан үш жыл бұрын өлген ақындікі. Өлеңі ойлы еді, біразын жатқа біледі. Еһ! Мен пақыр да кешікпей орнығармын осында. Кеткен соң елендің не, еленбедің не, кім хабар қып жатыпты... Қолайына көнгіш машина дізгінін еркін меңгеріп, қабыр қаланың ара-арасын көктей өтіп, мұнтаздай таза жолдың кеп тірелген қабаққа кідірді. Одан ары басқышпен жаяу өрлеу керек. Мына белден асса оқшау мұндалаған Қайша қабыры күтіп алады. Сөлсіз асқазаны удай ашып, дем жетпей алқынған көкірегін алақанымен баса, асасының ат басты тұтқасын сықырлата қысып басқыштан өлдімталдым көтеріле, зорға белін тіктеді. О, құданың құдіреті, мынау да мында отыр ғой, а! Неге отыр, а! Қабырдың алдында шарт жүгініп Сәрсеке отыр еді. Иықтары селкілдеп жауырын құрысып жазылады. Жылап отыр өзі. Е-еенді қалай? Кері қайтсам ба екен, ә? Ол бола қояр ма екен? Мен ғой оған кінәлі, бірақ... Ол да мен де... Мен де... Ол да бір аяғы жер де, бір аяғы анда... Тағдырдың жазуы-ай! Он жыл бойы жүздеспесек, мына күйде жолығармыз
деп кім о-о-ойлаған. Мейлі Қайшаның алдында кінәләсіп алғанымыз жөн шығар, былай... Кеш болар, кешірер ме екен? Тәуекел етейін, аяғын құшсам да... Мейлі. Кәне буыныңды бекіт Қазқан. Бас аяғыңды Қазқан. Тәубаға кел Қазқан. Сәрсекенің сол жағына барып дізе бүге бергенде, әлсіз буын еркіне көнбей қолындағы таяғын жерге түсіріп алды. Селт етіп бұған жалт қараған Сәрсеке бұған таңданыспен назар салды да, жүзін қайта Қайшаның ақ мәрмәрдан қашалған бейнесіне аударды. Есіл Қайша танбайтын күлкісі миығында, үлкен ашылған жанарын шаншу жарыққа көлегейлеусіз тіктеп, Алатаудың ақ қар алқапты жондарына қадап тұр. Көркемдік пен нәзіктіктің асқақтығын сезінді Қазқан. Дәл осындай, кісі санасын еріксіз мойындатар табиғи асқақтықтың алдында өзін түкке тұрғысыз сезінді Қазқан. Дұға қайырып болып, Сәрсеке жаққа жасқана қарады. Неге жасқанады? Жаңағы асқақтық мұның да бойынан мұндалап тұр ма, құдай-ау! Дүние кезек... Дүниеде тәңірдің көзі біреуге кеш, біреуге ерте түседі. Дүниеде алыптың аяғы көктен кеп, әлсіздің азуланатын күні туады. Дүниеде... Бірақ, Сәрсекеңнің менде кеткені қайтпай бара ма? Дүниеде осындай тұнық сезімде, таза, адам күйінде өмір кешетін жан барына сенбейақ өтіп ем, сол тазалықты сезіп, пенделіктен безгені де, маған бағыш ішін өлтіргені содан да шығар!? Қап! Сонда менің өмірім... Қодарлық, Бекежандық тірлік болыпты да. Құрбандықты Сәрсеке өтепті. Әт-т-тең! Кешермісің Сәрсеке! Көзін қара шел басқан зұлым есерлікпен ие болған бақытым, асылы, сенің бақытың екен ғой. Ол сені күтіп жүр екен. Ал, мені тозақ...
О дүние деген бар. Мен оған сенемін. Таңда маһшарда кез болармыз. Сонда, есіл Қайша-ай, кімге бүйрегің бұрылар екен? Әйелдік аңғалдықпен телініп қалған Қазқанға ма, әлде маған... Сен хабарсызсың. Театрдан кеткеннен кейін біраз сенделіп жүріп заң қызметкері болдым. Тәнді далдалаған кек кетер емес. Күйік қарып, ызғар үсірген күлді-көмеш жаным күлкіні ұмытқан. Ұйқысыз түндер. Зар шағыма келгенде, тапаншаның таңдайын оққа сықап, үйлеріңді торыдым. Ол немені сахнада жүргенде-ақ маңдайдан көздеп сеспей қатырайын дедім. Бірақ... Бірақ сенің күлкіңді құлағым шалып жанарыңа іліксем, мәжнүндей қаңғылестеп келген ізіммен қайтып бара жатқанымды соңынан бірақ білетін едім. Сен менің Қазқанға деген өш, қастығымды, арманымды ала кетіпсің Қайша. Тірі жүре берсін дедім. Кетерінде маған қалдырған аманат хатың амандады итті. Түу баста маған арнаған адал сезіміңнің екі дүниелік екенін хатыңнан біліп қасіретім мен қуанышым кезектесіп таңға егілтті-ай! Біз қасыңа барғалы жиналып отырмыз. Қазқанды айтам да. Ол да келіп отыр ғой, тірлігімізде біліселік, ала көздесіп бармаспыз алдыңа. Ол дүние барына
сенемін. Тәңір таразысы көз алдыңда болар. Мен келіп тұрамын. Күт мені, ардағым. Орнынан жер таяна барып түрегеледі. Қазқанға көз тоқтатып еді шөмейген тән жермен жер, шөгіп барады екен. – Кірерің жер болса да аз күндік татарың бар, көресіңді көрмей ол жақ асықтырмас. – Иә, мен... Сен маған тіл қаттың ба? Көбін көпсінбеуші ек, жұрнағын да сезінейік те! – Сен маған тіл қаттың-ау Сәрсеке! Қазқанның үніне толқынды тебіреніс араласты – не айтарымды білмей қалай бастарымды... Не деп... Кешірермісің? Мен мұнапық, аруақтың алдына барарда сенің кешіріміңді алуға... Нетіп... Кешір мені!! – Жүр қайтайық. – Қолтығынан демеген қолдың әупірімімен орнына таяғын сықырлата түрегелді. Көз алды күреңіткендей болды. Құлағына күн күркірі естілді де, ірі-ірі тамшылар сытырлап түсе бастады. Енді бір сәтте, бір аршын жерде тұрған Қайшаның мүсінін көлейгейлеп құйып кеп берді. Жаңа ғана меңнен ада аспан ғайыптан нөсерлетті. – Мен қала тұрсам. – Еркің білсін. Аспан жылап тұр. Осынау жарық дүние жылап тұр. Көз жасы таза болады деуші еді, жаңбыр да таза ғой. Жарық жалғанның көзі аспан жылап тұр. Мені тазартамысың жауын?! Көз жасы! Тазартамысың көңілімнің кірін? Ұсақтық, пенделік, өктемдік ғайып емес, сен ғайыпсың жаңбыр. Ғайыпсың шын сезіну. Басын көтерді. Қайшаның бейнесі мың сан ақшыл сызықтың арасынан көрініс берді. Сол баяғы, жылы жымиып, жанарын Алатаудың қарлы бастарына қадап, асқақ тұр.
ҒАЙЫП
Үшкіл төбелі үйлер әредік көрініп қалатын орман қойнаулы аралдар бұлдырап барып, көк бұйра теңізбен орын ауыстырды. Ақ кимешекті Фудзияма шоқысы көлбеңдеп тұрды да, мақта бұлттардың ар жағына жасырынды. Шуаққа қанатын тосып,шым қалқыған аққұстың дөңгелек терезесіне таяу отырған Құрметтің бойын кернеген тынымсыз түйсектің тегі – Жапон теңізінің ту биігіне көтерілгендігінде емес-ті. Қойнауы қопалы Қобданың арғы бетіндегі кіндік жұрт – Алтаймен бөгетсіз байланысып жататын Пекинге жолай соғатын алмағайып сапардың сәті-тұғын. Маңындағы жолаушылардан иығы озып отырған қызыл шырайлы кісінің тамыр-тамырын қуалаған қандағы – ежелгі мекеннен мәйек жиған, көзге шалынбас түйірлерде қопарылыс тудырып келе жатқан сағыныш еді. Көз алдынан өңшең бір шошақ төбелі, жабасалма Керей тұмағын киген, жылы тондарын қаусырына, белдерін шарт буынған ұзын қонышты саптамалары тебінгені сарт-сарт соғып, үзеңгіге шіренген қапсағай, қызыл шырайлы, қыран жанарлы кісілер көлбеді. «Шіркін-ай, – деді Құрмет, – шіркін-ай Пекиннің көшесінен дәл сондай кісілерді ұшыратып, бас алып құшақтап, бауырына еніп, ағыл-тегіл көз жасыма ерік берсем бір. Мына, есімді алған есер сағыныштан арылар ма екем. Әттең! Күрсінді. Онысы ықылық атқанға ұқсаңқырап кетті. Ыңғайсызданып, жананыдағыға қырындай көз салды. Кеуде тұсындағы өзіне таңдана қадалған қос жанарға сәл аялдап жымиды. Басқа не істеу керек оған. Енді өзімен өзі. Ыңылдап ән салып келеді. «Шөңгілдің мөлдір суындай, деп салған әннің сұлуы-ай...» Екі шекесі торсықтай, қан тамып кеткелі тұрған бүйрек бетінің ұшы жел қақты жарылған, қозы терісі тұмағын желкесіне сырып, бусанған. Маңдайын жеңімен сыдырып тұрған бала Құрмет өңкей бір құйрығы тегенедей қойлардың балауса жұлысын қызықтап біраз тұрды да, оқшаудағы қызыл қозыны қуып кеп берді. Ойынмасы қызыл қозы текіркетер зытты-ай. Бұл әне жете бергенде, сиыр жапасына дүп келген етіктің жалақ табаны еркіне көндіріп, екпетінен түсірді. Мұрнына жусанның сондай бір күшті иісі келді. Танауы түшіркеніп кетті. У-у-һ! Кеуде тұсындағы қос жанар енді жылы кіреукеленіп тұр екен. Әуе айлаққа табаны тигенде жүрек соғысының жиілеп кеткендігі өзіне анық сезілді. Амандық-саулықтан кейін дайым емен-жарқын жүретін Доржыин мәшинеге әкеп отырғызды. Ол ығы-жығы адамдар арасынан қанша сүзсе де, шошақ төбелі, жабасалмалы керей тұмағын киген өңді, қапсағай кісілерді көре алмады. Мұңғыл елінің жалауы қадалған елшілік ауласына енгенде күн тас төбеде тұрды. Іштегі қыжылын ауыр мінезінің тасасында жасырып, сапар барысын әңгімелеп отырған. Бұрыштағы абажадай теледидардағы ұйғырша, қазақша әндер орындалып жатты. Әскерше киінген орта жастардағы қазақ әнші: Алтайдай жер қайда-ай! – деп өзінше бір мәнермен асқақтата шырқап берді. Бұл ұйып тыңдап қалған.
– Мерекелік концерт қой. Бүгін құрбан айт, соған арнап беріліп жатқан. Осында мұсылмандар да тұрады екен. Екі мыңнан астам ұйғыр, қазағы бар. Рас, бізге де бір құрбандық қой берген. Сенің келгенің мұндай жақсы болар ма? Тілек тілеп, өзің бауызда, сорпа-суын ішіп, жырғап қалайық. Тірі қой көрмегелі қашан. Өзі бір іркілдеген семіз жануар. Кесерге қара табылмас. Түстіктен соңғы тынымнан кейін мәшине қоятын үйге ерте жөнелді. Доржыин мұны. Қашанда қазақы жүретін Құрмет бәкісін алып, дүзін бармағымен басып көрді. Шашқа түседі дейтіндей қылпып тұр. Мұсылманшылықтың қыр-сырына қазақ арасында көп жүріп, бойын үйреткен Доржыин сол баяғы ақ жарылқап мінезімен қолын жайып: – Ал, бата сізден, – деп, иегімен нұсқаған маңға көзі түскен Қуаттың денесінен діріл жүгіріп өтті. Тидаусыз қиял – Өр Алтайды шарлап кетті... Әйтіп тауының ұшарымен шендес қалықтаған ақиық шаңқылдайды. Қыран өзені көк барқытқа тастай салған күміс кіседей жарқырайды. Ақ жұмыртқа ауыл, қапсағай денелі кісілер. Төскей толы мал. Құйрығы тегенедей қойлар. Торсық шеке, бүйрек бет бала ойынмас марқаны тұра қуады... Жусанның сондай бір күшті исі... Құрметтің қолынан бәкісі түсіп кетті.
ТАС БОРАН
Жер шарының тоқсан миллион есе тарылтқан көшірме шаршасын барлап кеп отырдым. Қазақ елінің шектемесінің шек сызығы үстімен шығыс солтүстікті бетке алғанда қамшылар жағында қалатын Құлжа қаласының орны ізсіз. Іле дариясының жобасына қарап, «осы жер болар-ау» деп топшылап, шығысқа қарай милли метр жылжып Күнесімді көрдім, оны көргенім – кіндік қаным тамған Алмалыны көргенім ғой. Туып өскен ортадан адасу – шер. Шер – мұз. Қайтсе де мұз еруі мүмкін. Көрмегенім – көрмеген жер мен байланысқан жүрекке байланған шеменші? Шемен ери ме? Ерімейді. Ал, сылыса шы? Жүрекке талақтай жабысқан шеменді сылау – жанға жазым. Менің бір тамшы көз жасым көрген жер емес, көрмеген жерім – Балтық теңізінің сұғына кірген мүйісіндегі көздің қарашығындай қызғылтым бояуға тамып сағымданып тұрды. Кувейт, қарғыс саған Кувейт! Қарашықтай-ақ болып, Қарашығымды жалмаған қарғыс саған Кувейт!!..
– Пошымыңа қарап қазақ қызы дегім келіп тұр? – Дей беріңіз. – Әдемісің. Көз тойғандай. – Бұлдап жүрмін. – Бұлдап па, пұлдап па? – Байқағыш екенсіз, соңғысына келеді. – Атыңды сұрамаппын. – Қарашық деген болады атымыз. – Ім... иә... Қарашықпын де, қара көздің өзі де емес, қарашығымын де?! – Көз, қарашық... қадірін біліп-ақ жатырсыздар ғой. – Мұндайда көпке топырақ шашпас болар дегенмен түсініп тұрмын. Ал енді... анау шүңірек көз қаба сақалдарың кім болды екен? – Тілмәшімін, Кувейттік бизнесмендер, бізше айтқанда қалталылар. – Қарашық-ау, Қарашық! Қалмайыншы адасып. Сыр алыссақ жанасып, кетер едік жарасып. Қарашық мен өзіңа ғашық боп қалсам керек, Қарашық рас айтам, көзің жетеді әлі. – Айттым болды айдай келе қалды, көргеннен көз ақы дәмететін әдеттеріңе бастыңыз, міне. – Мен жайлы аусай кеттің Қарашық. Қара сақал ұзынтұрамен сүйіскеніңде мен сені көрдім. Сен мені көрдің. Назарың ауғаның қалай жоққа шығарарсың? Шын айтам ғашықпын саған, бері таман сөйлесейік. – Қарашық ырқыма көнді. Қолынан ұстадым, қарсы болған жоқ. Өндіршектеген ұзынтұраны кеудесінен итеріп жібердім. Өре түрегелген серіктерін жігіттер бөгеп қалды, біз сыртқа шықтық. – Жаңағы Салихты айтам, ренжитін болды. – Адам деген бір уақ шаңыраққа қарауы керек емес пе?
– Сен... сіз де шетел қазағысыз, шаңырақ туралы бір уақ ойлану артық болмас еді. Жаңағы Салих... – Мен оралманмын. – Оралдыңыз, бірақ жүрегіңізді тас ететіндей таудан арқаңыз қане? Тоқтаңыз, тыңдаңыз. Мен ерігіп жүрмін бе бұлардың қасында? Бір күштінің бір күштіден атын оздыру үшін араға тасталған қара лақпын мен деген. Түсіндіңіз бе? Арашалап алыңыз қане? Мына ісіңіз қатер, енді бір қадам бастыңыз... Мен айтпай-ақ қояйын... – Қарашық, сенің жолыңа мен-ақ қара лақ болайын, кішкене тұра тұршы, айтып болайын... – Екі ай бойы білем мен сізді, жаныңызды ұқтым... Жеткізе алмас ем... Көзсіз батылдығыңызға сүйіндім. Бұл мейрамханаға енді аттап басушы болмаңыз, сөйтіңіз? Рэкет дегенді білесіз ғой, аяушылық күтпеңіз. Әне, үлгерген, осылай келе жатқан екеу көрдіңіз бе? Жә, кетіңіз, кетіңіз дедім ғой мен сізге.
*** – Осындайда бір жаратушы құдіреттің бар екеніне шек келтірмейсің. – Кездестік-ау, ғайыптан. Жоғалтып алып едім өзіңді Қарашығым. –Жаным аласұрып жарым жыл іздеп еді, Қарашығың көзіне сенбей тұр. – Алматыда болмадың-ау. Сірә? – Салихтың тоқалы болғанбыз, еліне барып оралғанымыз осы. Кісі қолыңдағы тағдырдың жөні де. – Абайласаңшы, қызыл шырақ жанып тұр ғой. – Таксимен жүрсің ғой өзің? – Сен болар деп ойламап ем... – Қолың бос па? Менің қасқарайғанға дейін еріктілігім бар. – Дізгін қолыңда. Машинаң сүліктей екен. – Боқ дүние деген... ***
Кісі көп, мейрамхана қапырық екен. Түу, ернің от па дерсің күйдіріп барады. – Ал, мынау теріскей, рахат. Құмырсқа бел дейді мұндайды. Өзіңді бірақ жұтып қойғым келіп тұр. – Өмірі қысқа ләззәттің қызығы бір ғұмырдай болар ма, жастықты былай тасташы, сені бекерден-бекер сағынбаған екем ғой. – Шөліркеп жеткен кәусарым, Қарашығым, жанымды суырып әкетсеңші өзіңмен бірге. – Ерім... Ерен биігім... Үзіліп барам, үзіп кетші бір жола... – Неге жылайсың? – Неге жыладым де. Бәсе неге. Тағдырыма атар оғым жоқ. – Мен біреудің оқшантайындамын, шүріппе басардың ұңғысындамын.
– Біз және кездесеміз бе? – Кездесеміз бе, оны кісі қолындағы тағдырым шешеді. – Енді... Біржола кетпексің бе? – Білмеймін. Білетінім ондағының шырайынан көрі мұндағының ырайы! Араға жік түссе бұйырған жағы тозақ. Қайда қалмаған сорлы бас, өзіңді аманда. Мұнда келген өзің, тамыр тартқан жер сағыныш қой қашанда. Елжұртыңды ойлап шырқыраған жаның бар, сезем. Ер қайғысын тұлпардың тұяғы жазады деген. – Сұлудың құшағы де. – Мынаны міне кет, аз да болса жеңілерсің?! – Керек емес, керегі сенімен кездесуді жазса екен. – Сені құшып, көкірегіңе дамылдаған күйі өліп кеткім келеді. Мынау топ қайыңның әдемісі-ай, бұрсам қайтеді? – Менен сұрама... ***
Оралманмын. Музыкантпын. Тиын-тебен үшін
Алматыдағы мейрамханалардың бірінде гитара ойнаймын. Кетуге себеп табылады. Келесісіне барасың, келесісінен-келесісіне. Қарашықпен солайдан солай кездесіп, солайдан солай қоштасқам. Өзі іздер деп күттім, зарықтырды. Көшеде қаншалаған шетел маркалы машиналарды тоқтатпадым деші, Қарашық болмай шығады. Жөнін келтіріп шетел фирмаларын сүздім, ізім – ғайып. Қара басқанда мекен-жайын сұрап алмаппын да. Күні кеше ғана Қарашықпен ғана түрленіп тұратындай Алматы, түк білмегендей сазара қалған. Тіпті, Қарашық дегенің кім өзі деп өзіңе дүдәміл қарайтын секілді. Сол жолғы кездесуден бері міне, жыл өте шығыпты дәл бүгінгі кешті қосып есептегенде. Гитарамды арқалап жатаққа да жеттім. Қарауыл әжей түр-түсі өзгеше конверт ұстатты. Сені осында тұра ма деді. Қайдан деді?.. Әйтеуір шетелден кеше келдім, – деді. Бере сал, – деді. Бөлмеме келіп хатты аштым. – Бахұлдасу хатың не айтып тұрған? – Мен ғой Қарашығың, адасып жүріп арманда, алыста көз жұмайын деп жатырмын. – Не деп кеттің өзі, дұрыстап түсіндірші былай?.. – «Тас боран» дегенді естуің бар ма? – Не айтып кеттің өзі?.. – Тыңда былай – күнәсі ауыр адамдарды таспен атып өлтіреді. Соны бұл жақта «тас боран» деп атайды екен. – Сенімен не қатысы бар «Тас боранның» сонда? – Болғанда қандай. Салихтың зұлымдық кеспірі апанында ашылады ғой. Мен оның он төртінші әйелі болып шықтым. Туладым. Мұнда әйел болып туылу бізде тозақтың өтіндегі өмір екен. Туладым дедім ғой жаңа, туладым да тулағына айналдым. Жасырын долықханасы бар екен, тән сататын орын да, баяғы. Елге қайтар деп аяғына оралдым. Көзімше паспортымды отқа тастады.
Түсініп отырсың ба? Солай істеді ғой оңбаған. Менің жолым бір жола кесілді. Жә, өңің бұзылып кетті ғой, жүрегің ауыратын ба еді? Маған бола таусылма, сабыр ет. Жолым кесілді. Долықханада мен «жұлдыз» болдым. Атағым аспандады. Соңғы кезде, күніне қанша «қонақ» қабылдағанымды көптігінен шатастырып алатын болдым. – Аһ, қайран Қарашық!.. – Мен үшін аһ ұрма, көзіңе жас та алма. Күндер өтіп жатты. Тән қызуымен дегдіген төсек жайма, түс қайта сығып алардай болады. Бұл жердің еркектері үйір-үйірімен қатын алса да, түк көрмегендей өлермен. Топтылы қасқыр талағандай дал-дұл боп жатқан бір іңірде, ақшалмалы кісілер мен сақшылар далаға айдап шықты. Орыс, армиян, грегі және мен бар бір тор қара жүз «тас боран» күтіп абақтыда отырмыз. Осы хат жеткенше, қайдам, жетер ме? «Тас бораны» да тапап өтер, шыбыным шырқырап ұшар.Қаншалықты күнәһар адам болса да өлер алдында тәубеге келетін көрінеді. Жазса – бұл шыбыным табатын шығар бейбақ өмірім өрілген, өзің жүрген қаланың ғарышын. Көз салып қоярсың... Иман ұйыған ел ғой, соңғы тілегімді орындап, қағаз-қалам берді. Сенімен сыр айтар соңғы кісім ретінде тілдескім келді; тілдестім де. Жүзі қараларды ел көрсін деп мезгіл-мезгіл жұрт алдына шығарып масқаралайды екен, сондайда хатты өзіммен бірге ала жүретін болдым. Саяхаттап келіп қалған қара көздердің бірі болмаса бірі таяу келіп қалар деймін де. Мен де жылай білемін, ал, сен мен үшін жылаушы болма. Соңында айтарым: Обалым – көкек ата-анама, көшеге тастап кеткен өгей өміріме. Обалым – обыр мүддесі үшін бір басымды құрбандыққа байлаған екі аяқты хайуандарда. Жанымның жайлауын өзіңе силай алғаным бір арманымның орындалғаны екен. Қош бол! Мәңгіге қош бол. Таңда махшар айырар ақ қарамды. Қош бол...
Жер шарының тоқсан миллион есе тарылтқан көшірме шаршысын барлап көп отырдым. Қазақ елінің шектемесінің шек сызығы үстімен шығыс солтүстікті бетке алғанда қамшылар жағында қалатын. Құлжа қаласының орны ізсіз. Іле дариясының жобасына қарап, «осы жер болар-ау» деп топшылап, шығысқа қарай милли метр жылжып Күнесімді көрдім, оны көргенім – кіндік қаным тамған Алмалыны көргенім ғой. Туып өскен ортадан адасу – шер. Шер – мұз. Қайтсе де мұз еруі мүмкін. Көрмегенім – көрмеген жер мен байланысқан жүрекке байланған шеменші? Шемен ери ме? Ерімейді. Ал, сыласа ше? Жүрекке талақтай жабысқан шеменді сылау – жанға жазым. Менің бір тамшы көз жасым көрген жер емес, көрмеген жерім – Балтық теңізінің сұғына кірген мүйісіндегі көздің қарашығындай қызғылтым бояуға тамып сағымданып тұрды. Кувейт, қарғыс саған Кувейт! Қарашықтай-ақ болып, қарашығымды жалмаған қарғыс саған Кувейт!!...
ЖҰМАШ ЕЛЕСІ
Біздің үй қазақтар «қоржын там» деп атайтын, кәдімгі қара май топырақтан Тамағаш арқылы көтеріліп, тас түйгімен тұрғызылған үш бөлмелі-тін. Тау аңғарынан шыға батысқа жалт беріп орап өтетін Шақпы өзенінен бері далиған жазық. Жазықта Бестөбе қаласы, содан төмен теріскейге бағытталған бес төбе – ежелгі Сақ қорымының ізі – бес төбешіктің үшіншісі, әлде, төртіншісінің шығыс аумағындағы тұрақтың қақ ортасында. Ағаларым да, мен де осыннан аяқтанғанбыз. Қарындасымды құтты орнына ұшырып қондырып, аяулы анамызды ақтық сапарға шығарып салған қасіретті күндердің де куәсі осы босаға. Біз әулетті болған ата ұрпағы дәулетті емес-ек, бірақ. Пешенемізге солай жазылған-дағы. Мақтанышымыз тектілігіміз еді. Кезінде осы елді аузына қаратқан, белді бидің кіндігінен тараппыз. Сол қасиетті бабамыз аруағының шарапаты болар – шайқалып барып төгілмей, қалбалақтап барып қаз тұрып, жүріп кететін едік. Төрт жыл өтіп, бесінші жыл болады, келімді-кетімді кісілердің хат-хабары демегенде, отан-ошағымнан тынысым да, ырысым да оқшау. Бейнелеп айтқанда. Мәуелі бір бәйтеректің жалқы жапырағы шығыстан соққан қара желдің ығымен қаңғылестеп кетіп, басқа орта, бөтен топыраққа түсіп, күн өте келе жермен жексен қауышып бара жатыр. Қалам жолақтаған алақағаз кімге серік мына алмағайыпта. Ааласапырансапырынды да әйтеуір, мен – қаламшыл бола қаппын. Сорым, не бағым. Жаңғақтың қатты қабығын біріне-бірін соғу арқылы кұлпарша етіп дәнін қаузап отырып ойладым.Тіршілік дүниесінде мидан – түпсіз, мидан – күрделі, одан шексіз қатпарлы не бар екен. Тылсым да тиянақсыз, баяндыбаянсыз мына жалған, сол, бір тынғанша – тынымсыз бүлкілдейтін ақ қоймалжыңның әр қатпарында тіріліп, өліп және тіріліп жатады екен. Қалам серік. Қысқа түн сол миша былыққан сан-сапалақ ой-қиялмен әлейімтәлейім жағаласып отырған өліарада, сүлдерің сүйретіліп қап барып, сүлеленген жылт сәуленің алданыш, иненің жасуындай саңылауға өндіршектейсің кеп. Иненің жасуындай жарық саңылауға жетіп ары өтесіңау, өтесің де әлемдік жоқ, әлемдікті қоя тұрып, өзіңе жақындау, түркілік аумаққа қойып кетесің. Ол деген өз миыңның бір қатпары ғана екенін ұмытып та кетесің. –Біз көк түріктің ұрпағымыз. Күннен жаралдық, күнге табынамыз дейді Америка үндістері: белдерін жалаңаштап құймышақтарындағы оймақтай көкшіл таңбаларын көрсетеді. Тапалтақ, қысық көз жапондар шалбарларын шешіп көрсетеді. – Көк түркілік таңба бізде де бар, міне, және міне – туымызда күн бейнеленген. Біз де ежелгі Орта Азиядағы атқа мінген жауынгер ұлыстардың ұрпағымыз. Ал, керек болса. Оянып кетем. Ғұмыры қысқа көз ілу. Саусақтарымды шашымның арасын бойлатып, сол жақ шекемді құшырлана ысқылаймын кеп. Енді аз болса сергек тартқандай жеңілейіп келе жатыр едім, дәл көз алдымнан бір елес көлбең етті. Зейінімді шоғырландырып сәп салдым: Жұмаш!?. Құдіретің күшті жаратқан-ай! Ай тоқыраған түн зымыстынын да бөлмеге Жұмаш пайда
бола кетті. Сонда қалай, Жұмаш сол, жаяулатып Алматыға да жеткені ме?.. Күнестің басы мен аяғын жалаң аяқ, жалаңбас ұзына көлденеңінен кезіп жүретін санасы зағип, дімкәс Жұмаштың – бала кезінде Асаудан құлап миы зақымданған бейбақ Жұмаш мені іздеп жетіпті-ау, ақыры... Жарықты жақтым, елес кетер емес. Өзімді сезінуге шамам келді, әзер. Көз жасыма ерік беріп, боздап тұр екемін. Жұмыртқа қабығындай ақ қабырға аржағындағы мазасыз келіншектен ыққам жоқ, төпештей берсін мейлі, асса сындырар-да. Көкірегіме кептелген шер тұмасын бір ағыттым-ай. Қыл аяғы дімкәс Жұмаш, жиен ағам – нақұрыс аталған Жұмаш мені іздеп... мені есіне алған екен де. Мен қағидалар мен идея қайшыласқан кеңістіктен, миымның бір бөлшегінен және бір бөлшегіне өткен деймін. Жаныма жақын, жақын болғасын қасіреті көп бөлшегі. Мен туып-өскен жеріме, ел-жұртымның арасына кеткім келді. Мен – өзен-бұлақтарды, жасыл шалғындарды борпылдақ май топырақты, ақ қар, көк мұзды жалаңаяқ кешіп кезгім келді. Мен – Жұмашқа ұқсап... турасы – Жұмаштың дәл өз боп сырт көзге жұмбақ, өзіме ғана мағлұм бақытты жаныммен сезініп кезіп кеткім келді... Үшінші... Төртінші ме, әлде... Бір жағы үңгіле келе ырсиып, сары топырағы ашылып, көрініп жатқан Бес төбенің бір төбесінен тіке шығысқа бұрылған жолға түсті. Енді екі жүз қадамдай басып алға қарасаң «қоржын там». Алдымен ана жаққа, Менің... Жоқ, оның – анасы жатқан жерге барайыншы... Жұмаш қар қымтаған егістікті сызып өткен жаңа ізге түсті. Жалаң бақайларының ара-арасынан еніпті де, оңашалау қабырға тіреліп тоқтапты. Із иесі жоқ, жаңа ғана кері қайтса керек. «Молда аға ғой, сағынып келіп жүрген» күбірледі Жұмаш. Ауыр кісінің қос дізесі қатқақтап тастаған қарға бүгілді. Сағындың ба мені шеше-тай... Жоқ-а, оны. Мен де кезбе, ол да кезбе, топырақ сала алмай қалдық. Ренжіп, көңілің қалды ма, беу ана!.. Мен... Ол келмеген бе, әліге?! Алматы қай жер ол! Алыс па, жақын ба? Маған бәрібір ғой, көрсетіп бағыттап жіберсең қазір-ақ барам де ертіп келе қоям. Үндемейсің ғой. Өйткені сен өзің ана жаққа кеткенсің, сондасың – сен. Басын көтеріп көкке телмірді – Жұмаш. Қапалақтаған қар гүлдері қона бастады. Қас қарайғанда қимылсыз отырған бәденін қар тұмшалап үлгірді. Оны қабырдың құлпытасы екен деп қалар еді, былайғы кісі. – Міне, жетіп те қаппын енді. О дарбаза ашық екен, жақсы болды ғой. Болмағанда биік дуалдан аттап өтіп, әуреге түсіп... Ий, ақтөс қой мынау. Мен ғой, ағай ғой Жұмаш, үрме болды, жаманнан қатты... – Қойнынан бір жапырақ қатқан нан алып тастады. Есіктен жарық түсіп тұр саңылауланып, жайлап тартып еді ашық екен, бісіміллә деп оң аяғымен аттап кірді. Оң жақтағы Оның... жоқ оның емес тете бауырының отауы, үйленгелі көп те болған жоқ. Ал мына сол жақта оның кәрі әкесі – Молда аға тұрады. Үй, мынау әлгі... оның баласы ғой?! Бұларда келіп қалған ба, не еді... Құлжадан. Өзіне қосүрей көз тастап тұрған бес-алты жасар қара домалақ балаға қарады. Ұқсамасаң тумағыр – өзі, аумаған өзі. Шешесіне қарасам жүрегім ауыратыны несі екен, е? Үйде көңілділік бар секілді. Арақ ішкен-ау, іргеге қарап қорылдап жатқан ағасы оның. Сүт кенже қарындасы қалың бір кітапты парақтап, жаңа үйленген тете бауыры домбыра тартып отыр. Кіші бауыры
әлгі, ұқсамасаң тумағырға төбелес тәсілін үйретіп әуре. Молда аға төрде, құлағына шағын радио қабылдағышты тосып, мүлгіп қалған. Радио – Астана... Алматы дей ме... Әлгі Алматыда дейтіннен бір хабар күтіп отырғаны-ау... Кейқуаттың денсаулығы жақсы екен, әйтеуір. Онысы келгенше аман-сау тұра тұрса екен. Жұмаш әр келгенде отыратын орнына жайғасты. Шайды домбырашының келіншегі емес, Алматыдағының әйелі құйды. Өзіне қарамауға тырысты, қараса Жұмаштың жылағысы келеді. Жыласа – түрі жаман боп кететінін өзі біледі Жұмаш. – Мынау, тап соның өзі ғой. Үйдегілер абы-күбі жармасқан радиодан ән шырқалды. Я, сол Көңілдене шырқап тұрған. Бірақ... Бірақ мыналарға қалай әсер етерін білмес-те. Әне, қарашы ұқсамасаң тумағырдың шешесі күрсініп, ауыз үйге беттеді ғой. Көз жасына ерік берді енді. Өй, мына неме неменеге томпая қалған, жаманнан қатты... – Жұмаш сен білдің бе, әкем ғой. Алматыдан шырқап тұрған. Жұмаш шайға шашалып қала жаздады. – Оның жұмыстары көп дейді, сонда. Бірақ, келеді деді, мама. Мені сүндетке отырғызу керек. Теріс қарап жатқан ағасы оянды. Әнді үнсіз тыңдады. Ені оны жатып кеп сыбасын. Сосын ал кеп жыласын. Сол жылаған күйі сыртқа беттеп бара жатып Жұмашты байқап қалды. Дүниеде өлердей қорқатыны мас адам да, жиренетіні соның аузынан шыққан иіс еді, өзін әзер тежеп отыр. Келді, құшақтады. Маңдайынан сүйді. Бетінен құлдилап ыстық тамшы құлап бара жатты – оныкі ме, өзінікі ме, біле алмай әрі-сәрі күйге түсті – Жұмаш. Ай тоқырауының зымыстаны жайлаған бөлме. Кірпігі айқаспауға қарысып қалғандай. Ұйқы деген жоқ енді. Оны ол жүрген өңірді көз алдына елестетіп жатыр. Я... Ол сонда... Неғып жүр екен онда? Тума-туыс, қатын-бала... Құдай-ау. Үш жұрты да осында екен, не бағып жүр онда, а? Қазақстан, Алматы дей ме? Не бар екен байланып қалардай... Домбыра тартып ән салуға – Бестөбедегі ел-жұрттың арасы да былай жетпей ме.... Сонда ол анау айтқандай тас жүрек, қайырым, мейірімнен ада болғаны ма? Жоқ мен білгенде ол – ондай болмас еді ғой?.. Жә, мен әлгі Алматысының жөнжобасын сұрап біліп алайын да, жолға шығайын. Күніне бір барып келіп жүрген Алмалыдан алыс дейсің бе осыдан?! Барайын да айтайын. Көндіріп алдыма салып айдап келейін. Басын көтерді. Тып-тыныш. Бәрі ұйқы құшағында. Тек әлгі ұқсамасаң тумағыр қара домалақ ұйқысырап әндетіп жатыр. Қайдан естіп еді... Ә, бағана радиодан екен ғой. Киімшең жатқан, тұрып, мысықтабандай үйден шықты. Енді үшінші, әлде, төртінші төбеге тұспал жолмен екі жүз қадамдай жүрсе үлкен көше кезігеді Жұмаш соған кеп түсті. Жалаң бақайларының арасынан жаңа түскен ұлпа қар сығыла, соқталанып шығады. Қансонарға із қалдырып маңып кетті... Тоңып ояндым. Аяғым тас боп қатып қалғандай. Түнгі кеулеулік жел ілгегі салынбаған терезені ашып кетіпті. Бөлмеде Жұмаштың елесі жүр көлбеңдеп. Үстелде жатқан қаламсап өзіне шақырғандай. Мен – Басымның сол жақ бөлігінің шанышқақтағанын ұмытып, жоқ, ұмыту үшін жазуға отырдым. Түн аунады. Үйдегі жарықтан түздегі жарық бел ала бастағандай...
ЛОБНОР ЖОЛБАРЫСЫ
Досымды ұзатып салып қайта оралдым. Аядай бөлмеге тұнып қалған көгілжім түтін балконға шығар есік маңдайшасынан сүзіле ары қарай қараңғылыққа сіңіп жоқ болып жатыр. Ол өзі ала келген ашты арақты ішкенді, мен оған «Отан суы» деген жаңа өлеңімді оқып бердім. Жылады, уатпадым. Әуелі, өзім де майырылып отыр едім. Оны екі мұхамның үнтаспасын тыңдағанда менің ойыма Асқар Сүлейменов орала берді. Оған әңгімелеп бердім. Шығармаларының бітім-болмысының даралығын әсіресе Мұхам сазына ден қойған ілкі қазақ екенін айтқанымда – досым серпіліп қалды. Қотарсам деген ниетін де жасырмады. Мен құп көрдім. Жөн дедім. Көңілім алабұртып әлдене іздегендей бөлмеге сыймай жүрмін. Қабырғаға жапсырылған, досым сыйлаған Ипархан арудың дулыға, сауыт-сайман сайланып, алмас қылыштың алтын балдағынан нәзік, бірақ қайратты саусақтарымен қымтай ұстаған бейнесіне еміндім. Қандауыр қайқы кірпік, ұялы жанар ағынан қарасы молаң бота көз. Шың патшасының өмешегін үзе өндіршектегені бекер болмаса керек-ті. Май бояумен салынған сурет – сурет өзі емес әрине. Әрине – жаныңды желпіп, арбайды. Тәнтісің. Менімен бетбе-бет тұрды. Ерніне ернім тиді. Кешіргей... Мұхам сазына қайта ден қойдым: Шаңқай түстегі күн қызуындай нар кескен, ғаламаты алапат күшті дауыс; бірақ мүлгіген мәжнүн талды елестетін беймағлұм мұң теуіп тұр. Ах ұрармән, ах ұрармән, Ахлирим тұтқай сини. Көз ишим даря болұп, Билиқлирим жұтқай сини. Көз алдыма асқар шыңдар көсілді. Күннің шығуы мен батуын бәрінен бұрын сезіп, көріп куә болатын ақ жол асқар шың. Асқар шың – Асқарға... Асқар Сүлейменовке еріксіз назар жетелейді. Көгерген көл көрінді, Көлден үйрек көрінді. Көгерген көл – көз жасым ба екен?! Көрінген үйрек – өз басым ба екен?! Тарым ойпатын қаусырған Алтынтау асқары мен қаратау асқарының үні, тынысы, тау көкірегі, күмбірінің бойдағы қанды тасытар құдірет күшін үндескендей. Мұхам сазы қағидаға бағынбаған. Әуелі, қағидашылықтың өзі оның алдында бас білгі, момақан.Жүрек қылын қағады. Жетегіне ере бересің. Мұхам сазы – жетсе де қиналып, талып жетер, не жетпес биік. Бағыну емес. Бағындыру бағыш етілген бір, пешенелі құбылыс. Арал бойының әу деп асқаққа тартар әуені, қаратаудың шер-толғау шертпесі, Арқаның астам құлашты үні, Жетісудың бойға желік бітірер мақамы жапа-тармағай емізіп өсірген Асқар – жоғарыда айтқанымыздай, ұйғырдың он екі мұхам толғау сазын тұшынған ілкі қазақ. Асқарлығы дегеніміз сол. Ал мен, сол мұхам мөлдерімен тай-құлындай тебісіп, таласып емшек еміскенімді айтпағанда,
дәл бүгінгі тағдырларының көз қарақтысы болып бара жатқандығымның себебі – сол мұхам. Ипархан арудың көркіне байланып, ой оспағында отырғанымда – кенет... Шұп-шұбар елес бұлаң етті, алмас азудың жарқ еткені. Тебен мұрттар тербеліп, қызыл шоқтанған көзінен жай түскендей болды. Күркір – көмейден емес, көкіректен, жоқ, қос бүйірден, сонаудан тартылды. Дауылды күнгі теңіз толқынына бергісіз саржал құм. Шұп-шұбар елес ары бұрыла беріп сол сар жал құмды жеңді білектей құйрығымен салып жіберді. Көміліп барып, көмейімді толтырған сап-сары құм қиыршықтарынан әзер арылдым. Бір түрлі ес жиып, сергек тартқандай хал. Көрдім. Шығыстықтардың Шерханы. Шерхан – жолбарыс. Тұлғасы атан өгіздей теңбіл Жолбарыс – Лобнор жолбарысы. Мағрұптан қылаң берген таң белгісін сезіп, дәу басын кегжите Алтынтауға бұрды. Шоқпардай сом қабағын жазып, түйіп, тебен мұрттарын қозған иіс алып мүлгіді. Сосын ту төменде жатқан сары қамыс ойпаңның бел ортасында шымырла-а-ап жатқан етбауыр ене сүтіндей, Лобқа, Лоб өзенніе жалпақ жоны бағзор толқынданып аяңдады. Мен... Мен ғажайып күйге еніп, бірде қалқып, бірде ұшып, бірде онымен жанасалай ілесіп келем. Таңданам. Бірақ бұл болуға тиісті де секілді. Тәнім емес, жаным екен деймін. Ғайыптан құдіретті күш дарыған рух шығармын, әлде... Сезем. Сезген де... Шерханның басқа, менен басқа үшінші бір күш иесі, үшінші бір жансебіл бейне бізбен бірге келе жатыр. Сезем. Дәл солай. Көре алмаймын әйтсе де. Не кім болды екен баймағлұм сапарлас. Шерхан білетін секілді. Иә, ол біледі ғой. Күздің қоңылтақсыған қамыс-қоғасы, қияқ-өлеңі сыбдыр-сыбдыр. Арасы – бұқпан. Үйренген жолымен жағаға жетті. Шомбал бақайларының асты күрт етті. Қабыршақ мұз емшектене суға төне қапты, қыс ерте түседі-ау, өзі... Дыз етпе ызғар білінді табанына Лобтың суы да күндегіден салқын тартқандай. Жұптаған қос алақандай күлгін тілін шығарып, іліп алып шіміркенді. Тура жон арқасынан қоздаған толқын жеңді білектей теңбіл құйрықты да жайына қалдырмаған, иіріле қап, қаудыр қамысты жапыра барып жазылды. Және де іліп алды, және бір неше мәрте қомақты күлгін тіл су жалады. Дүр сілкініп, тірсегін соза керілді, сонан соң келген ізіне түсіп, қамысты жаға-жайға сұғынған дөңеске көтерілді. Беті қабыршықтанған құмға көш жүріп өткендей із түсіріп, иірім-иірім тораңғы өскен дөңеске беттеген. Жарылған зымырандардың дүмпуі келіп жатқан маң – Алтынтау сілемдері сіңген батыс көкжиектің аспанына шоғырланған бұлттардың жер бет жағы қызыл нарттанған. Өрт. Өртті ораған күшті жарық тұтас алаптың өзін оқтын-оқтын қақыратып кетіп тұр. Гүріл – өзеннің арғы жағалауына бұрды. Шерханның қазандай басын. Қара қорымданып жатқан балқыма – атом бомбасын сынаған зәулім темір мұнаралар қалдығы. Қалдықтың өкпесін сызып өтіп барады. Бағдары жаңағы нарт бауырлы бұлттардың асты. Қаружарақ, әскер алып барады ғой. Шерханның шоқпардай қара тебендеген түкті қабағы ашылды. Көзі оттай, жай түскендей болды. Ұрты түріліп ақ алмас көрінді. Жағын еркіне жіберіп еді үңіреген көмей көрінді. Гүріл – қос бүйірден тартылды. Басын кегжите сол жағында көлбеген Алтынтауға қарағыштап алып бірден алға тартты.
Сілемденген дөңестерді бірінен соң бірін артта қалдырып, әскери машиналарды оң қапталына алып жортып келеді. Мен... Мен ғажайып күйге еніп, бірде қалқып, бірде ұшып, бірде онымен жанасалай ілесіп келем. Таңданам. Бірақ бұл болуға тиісті де секілді. Тәнім емес жаным екен деймін. Ғайыптан құдіретті күш дарыған рух шығармын, әлде... Сезем. Сезген де... Шерханнан басқа, менен басқа үшінші бір күш иесі, үшінші бір жансебіл бейне бізбен бірге келе жатыр. Сезем. Дәл солай. Көре алмаймын әйтсе де. Не, кім болды екен беймағлұм сапарлас. Шерхан білетін секілді. Иә, ол біледі ғой. Сансыз дөңес артта қалып, санаулы дөңестер алды еді. Өртеніп нарттанған бұлт таяп қалды. Енді, міне, от тасып ойнаған сәби қыз көйлегіндей жырымданған қоймалжың бұлт төбеден өтіп барады. Тамшылар... Ірі тамшылар түсе бастады. Жүзімді осып өтті – тамшы. Ізін сипап алақаныма қарадым, қара бояу қосқандай, бірақ, ірімтіктенген, дәрінің исі келеді мұрынға. Шерханның және баймағлұм жолдастың көндіккен ісіндей бәрі. Қабағына қонған қара бажақ тамшыларды сілкіп тастап тартып келеді – Шерхан. Тіршіліктің, сол – тіршілік қауымның тұрағы жұмыр жер жаралғалы-ақ басталған ала көздік, қызғаныш, қытымыр, қазымырлық, бақталастықтың тума перзенті – Соғыс. Қас-қағымда-ақ тұтанып, қара орманыңды жалмайтын тебінді от текті жалмауыз – Соғыс. Сол соғыстың тынысы тоқтап, тоқтап емес, зіл-зала арқаулы дауыл алдындағы үрейлі, өлі тыныштыққа ұқсас бір сәт еді, мынау. От орап тұрған тораңғы мен кешіге жарылған миналардың әредік дүмпуі болмаса. Тып-тынық. Асығыс үйілген жас қабірлерге кез келдік. Өңірді алып жатыр өзі. Аллаху әкбар! Аллаху Әкбар... таныс үн, танымал дауыс. Кімдікі болды екнен... Қайдан естідім екен... Иә... Иә, Мұхашымның даусы, нақ сол. Көз жібердім. Төбенің аржақ бетін ала, бір топ кісі ақ аруланған бірнеше мәйітті алқа қотан қоршап жаназасын шығарып тұр. Бәрі дерлік қару асынған,киінісі әрқилы бірақ. Сапқал-мұрттары өсіп кеткен, дегенмен көбісі балиғаттағы жастар екені көзге ұрады. Ақ сәлде, ақ шекпенді сұңғақ біреуі қолын жұптап, құран оқып тұр. Шерхан қабырғаға иек артып мүлгіп қалған. Зілмауыр, өлі тыныштық. – Шерхан ғой. Шерхан!.. – Жолбарыс, Шері... – Лобнор жолбарыс!!.. – Тарымдағы рух... – Мәйіттерді жер қойнына беріп болып кері қайтакрда әлдекім көріп қалған. Топты кісі қайта бұрылып, бері назар салды. Ауыздарында жаңағы қысқа қайырым сөз. Шаршаңқы, қажыған жүздерінен серпіліс нышаны біліне бастағанын көрдім. Әлденеге арқалана түсіп, қайрат шақырғандай. Сәлделінің жанында тұрған ұзынтұра иықты жігіт ағасы суырып алға өтті. Сең-сең бөркін кейін сырды, маңдайы кереқарыс екен; Екі арасы қосылып кеткен қою қара қасының астындағы қос жанары Шерхандікі тақылеттестеніп ұшқын атып тұр. Сопақша жүзі қомақты мұрынға қара көмірдей қара сақалы тым жарасымды-ақ. Қолын көкірегіне қойып саңқ етті. – Еркіндік аңсаған Шері! Бұғалықты, бұлғақты бізден де бетер танып, сезінген Шерхан! Ғазауат жолындағы рухтасымыз. – Бұл біздің Лобно
жолбарысы!.. Біздің жанымызды шүберекке түйіп, Алтынтау сағалағаннан бергі жанымызда жүрген тіндес, тілдес, ділдес, жан серігіміз, рухтасымыз емес пе бұл. Я, бұл – Тәңірінің жіберген желеп-жебеушісі, сарқылмас ақ тілеуі. Оқ кеудемізден ғана дарысын деп күш, дем беретін паруана. Құдірет! Біз жеңеміз! Шыбын жан – жаратушінікі, алса өзі алады. Шетінесек шейітпіз. Қағанаттан амантақ қалған түйір топырақтың бодауы үшін тамшы қанымызға дейін атаулы. Лобнор Жолбарысының – Шерханның күш-жігері, рухы қонсын көкірегімізге, қолдасын өлмес рух!.. Бәріміз Жолбарыстармыз енді. Шерхандармыз! Әмин! Аллаху Әкбар! Аллаху Әкбар!.. Қолбасы жігіт ағасы қолын көкірегінен алмаған күйі басын төмен иді. Қолбасы жігіт ағасы – қолын түсіріп ары айланды. Басқалар соңынан ерді. – Жаратушымыз бір Алла, біз үмбетіміз дегені. Бір мақсат, ниеттіліктің, береке-бірліктің бұлжымайтынын білдіретін мығым серттік белгі – тосын жайға тап болып тұрғанымда, мына үн тіптен әсерлі болды. Аңтарылып қалдым. Шерхан қабырларды аралап жүр, дауыс құлағымның түбінде күмбірлеп тұр. – Өзің естідің жаңа, беттері сол. Қайырылмас бір бағытта бәрі. Шерхан және Мен – мәңгілік рухпыз. Басқа да рухтар бар. Бәрі осы топырақтың нілі, жақын жан – жағалап жүр тірі ұрпақтарын. Ал сені, мені мұнда әкелген не дейсің ғой, ол – Мұхам. Он екі мұхам – ұлы саз әуенінің құдірет күші. – Сонда, мен де мәңгілік рух болғаным ба? Мен сіздің бет-бейнеңізді көре алмай тұрмын-ау!.. Сезгем бірақ білгем әлдекім, нені... – Сен әзірше мәңгілік рух емессің. Сенің жаның – тәніңнен бір сәтке ғана ажырап ұшып шықты. Себебі – Мұхам сазы, Ипарханға деген кіршіксіз берілу, өзіңмен сұхбаттасқан досыңның көңіл-күйі, шер-қасіреті, асылы – Шерханның назары түсіпті. Мені көп оқиды екенсің. Тағдыр-талайыма ой жүгіртеді екенсің. Ризамын. Тағдыр тауқыметін жөргегімде татып үлгірдім. Көп соқпақ, қилы орта тез есейтті мені... Ерте... тым ерте сүйіп, ерте кектендім. Ерте кеттің пәни жалғаннан. Мынау бақи – мәңгілік. Мұнда да жан шіркін жайланар емес. Көрдің, көзайым болдың. Тағдыр талқысына, ғасырдың өліара безбеніне түскен қыршын да қыршын ғұмырлар ғой, жағадап жүріп, жылаған, қансыраған жандарына жұмақ жарығын түсіргіміз келеді, Шерхан екеуміз, екеуміз тілекті көп рух. Жан – бек ардақты екен. Ол үшін ауыратын, отқа, суға түсіп, жел қағып суық қаритын тән екен. Тәнде жүрген жанның мәңгілікпен сабағы бір екен. Жеті қат көк пен жеті қабат жердің арасын байланыстырып жүретін сол тәндегі жан, пәнидегі жан мен бақидағы рух болмақ. Ақ адал тілектің қабыл болып, көлеңкелі көңілдің жығылатыны содан. Ал балақай тірліктегі жол жобаң өзіңе байланысты. Өзіңе сен де, өзіңді бағалай біл. Өзіңе назар салған да, ең қауіпті жауыңның көзімен қара. Осылармен қаруланған жүрек қана – елі мен жерін шексіз сүйе алмақ. Сен кешікпей Алматыдағы жатақ-жайыңда боласың. Жаның тәніңді барып табады. Мені есіңе ала жүрсең әлі талай сырласамыз. Лобнор жолбарыстарының тағдыр-талайына көңіл бөле жүр. Қай түріктің баласы қан төкпей жеткен мұратқа. Өзің мұқалма. Әумин!.. Аллаху Әкбар! Аллаху Әкбар! Аллаху Әкбар!
Бөлме ішінен саз берген таң белгісі әнші ала бастапты. Көзім Ипарханның бейнесіне түсті. Қандауыр кірпікті ұялы жанар – бота көз. Бір дәуірдің арман, мақсатын, тағдыр-талайын паш еткен ойлы – Ботакөз. Алматының бір шетінен таңғы азан жетіп тұр. Таныс дауыс. Мұхамшының даусы. Алтынтауда жаназа шығарған кісінің даусы...
ШАНХАЙ КӨШЕСІНДЕГІ ДАНКО
Шанхайға қар түсуінің өзі мереке. Ондай күн көптен тілеген бақыт байлығын тәңір көктен бере салғандай сезіледі әркімге. Қуаныштарында шек болмайды. Иә, сол қар түскірді көрмегелі де, төртінші қыс өтіп, көктем, міне. Тынық мұхит дауылы өтіндегі Шанхай жауын-шашыннан кенде болмайды бірақ. Қыс көзі қырауда, жемір сиырдың тіліндей жалақтаған Тайфың дауылы мұхиттың жал-жал толқындарын жұлып алап, жасамыс қаланың ұшы-қиыры жоқ аумағын көміп кетіп тұрады. Қызықсыздау қыс өтіп көктем желі басталғанда, тіршілік басқа бір қырымен жанданады. Жап-жасыл бамбук орманымен көмкерілген қала маңын айтпағанда, қала ішіндегі ұлылы-кішілі бау-бақшалар сәнді көйлек киінген қыз баладай құлпырып шыға келеді. Құжынаған халық харекет қамымен қайшылысады. Сайтан арбаларына қарғадай қонып-қонып алған. Жүйткіп жүреді. Сонау Бұланай тауы баурайында туып өссе де жартылай жабайы тірлігін ұмытып, қала өмірімен қоян-қолтық араласып сауда көзін игеру біртоға Тибеттіктердің да қанына сіңе бастаған. Қыстай бордақыланған он бес қодасын машинаға тиеп алған Ганбо алты жасар ұлы Ердениді қасына алып, Тибет үстіртінен ирелеңдей еңістейтін тас жолмен шығысты бетке алды. Күн жүріп, түн жүріп көгін қара қошқыл мұнар көмген Шанхайды да көрді-ау алыстан. Қала маңындағы қасапханаға таудай-таудай семіз он бес қодасын әуре-сарсаңсыз-ақ бірден өткізді. Ганбо ақшасын санап алғанда таңертеңгі сағат он мөлшері еді. Жүк машинасын сондағы бір танысының қорасына жайлап, ұлымен бірге қалаға кіретін автобусқа отырды. Машина орнынан қозғалғанда Ганбоның көңілі көбеңси бастады. Бұған себеп те бар еді. Алғаш келіп жүргенде Шанхайда бір рет болғаны бар. Көшеде, магазинде, асханада болсын, бұған үдірейе, жиіркене қараған қала халқы, тіпті Бұланайдың кісікиігін, қар адамын көргендей, тым-тырақай қашқандары да болды. Әлеуметтік орындардың маңын бастырмай ұрысын түкірінді де, аздап үйренген қытайшасының керегі тек боқтық, қорлау сөздерін түсінуге ғана жарады. Еміреніп ас та іше алмай жасып қайтқан. Қайтқанда, енді көрмегенім Шанхай болсын деген. Сонан бері алты жыл өте шығыпты. Уақыт қандай тез. Сол жылы дүниеге келген ұлы Ердени, міне, маңындағы елдердің өздеріне үдірейе қарасқан, салқын көзқарасынан именбей Тибет тілінде көргендерін әкесіне ауыз жаппай айтып келеді. Тау халқы дәстүрінде ер бала алтыға толғаннан кейін азамат болды, ат жалын тартып мінді деп, өмірге араластыра бастайтын әдет бар. Қалай болмасын олардың тілегін де орындауға тырысатын. Бұл жолы кішкентай Ердениді де ерте шыққанда, ел көрсін, жер көрсін, көзі ашылсын деп ойлаған Ганбо. Оның үстіне өзі де ескі жарасын ұмытып Шанхайға аңсары ауа бастаған. Шалқар түс әлетінде автовокзал маңындағы ығы-жығы халық. өздерін хайуанаттар бақшасында жүргендей сезінді. Таңғұт қойы терісімен жиектелген, күнқағары бір жағына қараған ұлттық кепеш киген. Қырқылған қодас терісінен жүнін сыртына қаратып тігілген күпісін түймелеусіз қаусырынып, белін ою-өрнекті белдікпен буынған. Қынабы тізесін соққан
Тибет қанжары. Қайқыбас етігінің қонышы қодастың мойын терісінен жүнін желкілдете сыртына қаратып істелген. Басынан аяғына дейін ұлттық үлгіде киінген. Көлденең көзге қонжығын ерткен қоңыр аю тұрды тажалдай. Ганбо ыңғайсызданып қара қоңыр жүзінен теуіп шыққан тер тамшыларын күпісінің жеңімен ебедейсіз сүртінді. Ұлына көз салды. Ол сасар емес. – Оу, әкетай. Не деген көп ел. Қарашы. Бізден қорқады ә, өздері. Қодас құртын берейін бе? Әкесінің етегінен тартқылап, сәби тілімен былдырлайдыай келіп. «Қайран сәби жүрек мыналардың не деп тұрғанын түсінсең ғой» – деді Ганбо. Бірақ ішінен айтты. – Ей, жабайылар көктен түстіңдер ме, әлде жерден шықтыңдар ма? – деді ұзынтұра жас жігіт. – Жыртқыш аңдарды мұнша еркіне жіберген хайуанаттар бақшасының бастығын сотқа беру керек! – деді бір үлде мен бүлдеге оранған жас қыз. – О заманда бұ заман, адам бетті хайуанды көргенім осы, – деді тұтамдай ғана аяғы, беті бір уыс болып қалған кемпір. – Өздерінің иістері қандай жаман. Мүңкіп тұр. Сақшы шақырыңдаршы. Мұндай ортадан аласталуы керек қой, қанішерлер, – деді тісі дерлік түсіп қалған шал. Былшықты көздерін жыпылықтатып, екі ұртын бүлкілдете қорқорын қомағайлана тартты. Ганбоны намыс кернеді. Бойындағы қаны өрге, басына шапшып, жүзі оттай ысыды. Жанып кетердей. Қарсы алды қарауытып, бір кезде өзі алып ұрған қодастың қанға малынған бауыздауы келді көз алдына. Кернеген намыстан сақылдап ала жөнелгелі тұрған тісін-тісіне басып, көтеріңкі, бірақ сабырмен бар білген қытайшасымен саңқ етті. – Ей, бауырлар, өйтіп қорламаңдар, біз де ұлы Жунгоның бір бөлшегіміз. Тибет жерінің атам заманғы иесі таңғұт елінің перзентімін. «Түсінік жасасын!» демеуші ме еді, ұлы көсеміміз. Әкелі-балалы Таңғұттарды жүзден астам адам, қызықты ойын көргендей қоршап еді. Тұс-тұстан былапыт, мазақтау сөздер жауып кетті. – О, шіркін-ай, мынаның көсемді айтуын қарашы, ей! – Ей, жабайы неме , маймыл қалпыңмен адамға маслихат айту қай асқаның? – Анау күшігіңмен қоса бензин шашып тұрған жеріңде өртеп жіберу керек. Оба ауруы тарайтын шығар бұлардан. – Ойбай-ай, Тибеттің иесіміз деп тұрған жоқ па, қара жүрек мүттәйім! – Қорлама дейді түге, қор болып туған хайуан, Түсініңдер дейді және. Әттең суырып алып жүрегін көрер ме еді өзінің. – Қазанның түп күйесіндей қап-қара шығар-ау. – Дұрыс айтасың, жүректері қап-қара бұлардың! – Иә, қап-қара! – Қара жүрек! – Жүрегі қара! – Жаңа ғана көз алдына көлбеген қодастың бауыздауы көбейіп, маңын тұтас жауып кетті. Шапшыған қып-қызыл қан тәнін көміп, жүрегі атқалақтап аузына тығылды. Әттең шығып неге кетпейді екен деп ойлауға мұршасы әзер
келген Ганбо әрі қарай бәрін ұмытты. Тізесін соққан өткір қанжарды суырып алды да, ұлының күпісінің сол жақ жеңін шешіндірді. Ар жағынан сәби тәні жарқ етті. Сол қолымен құшақтап тұрып, бұғананың әнтек астынан орып жіберіп, кездігін кірш еткізіп қара санына қадай салды. Сосын Тибеттердің дағдылы қой өлтіру тәсілі бойынша қарыс мөлшері пышақпен орылған жерге қолын жүгіртіп жіберіп. Кішігірім алмадай ғана әлі тіршілігін тоқтатпаған бала жүрегін оңай ғана суырып алып көкке көтерді. Істің тез біткені соншалық анталаған халық не болып, не қойғанын білмей де қалысты. – Ал, жауыздар көріңдер міне. Тибеттер жүрегінің қызылдығын. Көріңдер! Ұлының жүрегін сол қолына көтере ұстаған Ганбо, санына қадалып тұрған қанжарын жұлып алып, қалың топтың бір шетіне келіп араласты. Дүниенің жотасы аталған үшкіл шоқылары көк тіреген Бұланайды белуардан қымтаған қою бұлттардан осы көктемгі алғашқы жасын оты көрініп, күн күркіреді. Жартасты төбеден орын алған будда дінінің құбыласы Бұдалағу сарайы сонадайдан қарауытады. Жүзін жасырарға таяу күн, оның ақ мәрмәр қабырғаларын қызғылтым нұрмен сәулеттендіріп тұр. Сарайға бір сәт қарап тұрған Ганбоның келіншегі жалғыз аяқ жолмен қырқаға беттеді. Қырқадан әрі ирелеңдеген тас жол алақандағыдай көрінеді.
ЖОҢҒАР РОМАНТИКАСЫ
Оның жүзі толған айдай толықситын.Оның қиғаш қасы, қиық көзі шәрифлы қаламмен тартқандай. Оның мөлт қара шашы қойны ләззатқа толы қара түнді елестетер еді. Оның жұп-жұмыр аршын төсі, бір ұстамдай-ақ белі мың бір түндегі шахизада еді. Оның жай жүріп, әсем басқаны қандай еді шіркі-і-ін!.. Оның... Иә, оның ұлы болмысы, жаратылысы ашық әлемге бір тәңірі ғана жіберген теңдессыз, шеңдессіз сыйлықтай еді. Өкініші – осының бәрін шыпшырғасыз тарту етіліп, шып-шырғасыз лезім ғайып етті. Өзекке ұялаған қасірет, нала мәңгілік еді. Жылдар жылжып өтті, қара жер қаншама мәрте түледі. Тән түледі. Жан да жаңғырықты. Жүйкенің жел-құзындай ізі қалса да, терең түкпірінде тұнбаланып, уақыт безбені без бүйректігін сылыған сайын сарайың ашылып, кең... кең тыныс ала бастайсың екен. Өткеннің жабулы қақпағын ашарға жетіп, тегін тектеп, тереңіне қауға тартсаң ғана жаның ауырып қалады. Ойлайсың. Толғанасың. Кескін уытты мұңнан – тәтті тәбәрәк мұңға өңірі айналған өтмішті ойлай бересің екен. Іле дариясынан онша қашық емес, Құлжа қаласынан шыға батысты бетке алсаң кешікпей Қорғас қалашығы. Мұнда қарсы алдыңнан Құтлық темірдің (Ақсақ темірдің болуы да) айбатты кесенесі көзге ұрады. Бұл ҚытайҚазақстан бекетіне таяп шынтақ айланба жасайтын жолдың қақ үсті. Содан кенет шығысқа бағытталған жаңағы жол Кеңсайдың түймемойынданған қысаңынан үдіре өрлеп, сан сарқыраманы, текше самырсынды қыдыртып, талқы асуы – Талқының кезеңіне алып бара жатады. Мінген көліктің де өзеннің де өкпең өшіп, өшіп емес, өшерге шақ қалған да, аспанға төбең тиет те, таңғажайып бір әлемге тап боласың. Алғашқыда өзің шың құзарына жалғыз табандап қана ілініп қап, маңдайыңнан ту төмен алқаракөк аспан екен дерсің. Бұл деген көкке ұласқан көл еді. Сиқырлы Сайрам көлі деген осы болады. Сөз жоқ аңыз қанатын тоса қалады, өзің сол қанатқа қауырсын мамығындай жымдаса кетесің. Кеткеніңді аңғармай да қаласың. Жау тобын жамсатып, жамсатқанда жара дарытқан тәнінен қан ыршытып, жансебіл Ақымет тіріде бір төбеде, өліде бір шұңқырда болуға серттескен жан жары Бисараның, қорымдағы көктасты қабіріне жетеді сүлдерін сүйреп. Көкірегінен арманы аласталып, бейітті соңғы демінің күшімен бөгетсіз, айқара құшып көз жұмады. Жан тәсілім болады, турасы. Жанары ашық қалады, жаңсақ түйсікпен кеткен-ді бірақ. Өзінің емес өзгенің өкініші бұл. Әсілі, Ақыметтің күдерін біржола үзу үшін жасалған Бисараның жалған қабірі еді. Туыстары жағынан істелген айла. Қитұрқылықты артынан білген Бисара. Бейшара еді Бисара. Ақыметтің соңынан қуа жетеді. Жансыз тән алдынан тартылды. Осы мезгіл қуғыншы да жеткен-ді, анасының мүрдесі де осында-тын. Тірліктен біржола түңілген ентелеп жетіп қалған жаудың бірін болса да жайратып кеткісі келген, келген де, анасының қабіріндегі сайғақты жұлып алады. Осы кезде, иә, осы кезде ашық күн ала бөтен мінез көрсетеді. Жаумай жасын ойнап, аспан құлағандай күркір естіліп, ана қабірінен суырылған сайғақ орынына орасан тебінмен су атылады көкке, тұма аузы үй
орнындай кеңіп, ересен екпінмен жайылған топан аумақты демде жайпап өтеді, қорымдағы өлі, маңындағы тірі жан-жануар асау толқынның астында қалды. Бәрі бітті, солай. Шығыс түркістандық жырау Сұлтан Мәжит дәл осылай тәмамдар еді «Сайрам аңызы» дастанын. Алып жылатқан ғарыптың көз жасы – Көл. Ғашық жүрек қасіретінің өшпес ізі, бұл – Сайрамкөл. Сұлтан Мәжит жырау солай дейді. Тәңіртау шыңындағы мәңгі қар шілдеде етегінен ғана аздап сүмеленер. Ол жылтыраған бұлақ құрап, жаңбыр суымен там-тұм толығады. Сайрамның ықылымнан бермегі нәрі сол. Адуынды арна құлап көрген емес. Арна қайта Ақбайтал биігін орап, Сайрамның өзінен жоңғар жазығына суыралады. Саябыр таппайды. Ортаймайды. Шені керіліп, шегі шетке тартады. Бұған деген, кезінде көл жағалаған күре жолдардың қаншасының көл құшағында қап қойғаны куә. Сайрамкөл – Көкше теңізбен жылдыздас дейді, аңыз ақиқаты айтады бүйдеп. Мұз көбесі сөгілмеген ерте көктемде айлануды алыс санап, төте тартқан салқар көш түгелімен опырыла Сайрамға тоғытылған. Жазында көш мүрдесі көкше теңіз Балқаштың айдынында қалқып жүріпті. Көкше теңіздің тұңғиығы зәлгіген үйірлі жылқы, Сайрамның ақ қиыршықты жағасына теңкиіп-теңкиіп жатыпты. Көл ортасына күні – бүгін кеме, қайық барған да емес. Тіршілік жоқ еді, соңғы жылдары балық салған. Бір ғажабы сол балықтар түр-түсін өзгертіп, бұрынғыдан басқа кейіпке енген. Дәмін көріңіз. Көз жасы секілді кермек, ашқылтым. Күн ашықта көк мөлдір қас тасындай тыншиды. Аспанына тоқымдай бұлт ілінсе, түтігіп, түнере қалады. Бұрқ-сарқ қайнайды, от күшті алып қазан ба дерсің оны. Бұлттары да қызық өзінің: тез ілінеді, тез ыдырайды. Жағасына сәттік аял жасасаңыз жан дүниеңіздің қырық құбылған аласапыранына куә боласыз. Еріксіз-ақ, кісі жанының табиғатпен қаншалықты етене, тіндес екенін тұшынасыз. Алқаракөк аспан дегеніміз – көл, Сайрамкөл екеніне қаныққаннан кейін, жіті көз жүгіртіп, аумағын шолдым. Қарсы жақ жиегі күнгей бет тау жоталары шоқысын бүркеп саяқ бұлт мамырлаған, тынық айдынға шағылысып, сағымданып тұр. Біз мінген көлік жолдың көл жағалауына иіндей сұғылған жеріне ентік басып тұрған көліктер көгеніне қосылды. Көлде кідіріп көзайым болу дізгіншілердің де бұзылмас шөресі текті. Сайрам кіндігінен жанға жайлы ерке жел жетіп тұр екен. Көкірегімді толтырдым. Хош иіс – күн қақты тұз дәмі білінді. Сергіп, серпіліп сала бердім. Бәтеңкемді шешіп, балағымды түріндім. Ірі құм қиыршықтарын жалаң табаныммен бастым. Жылы. Су жылы. Діземді дендеп кідіріп, қолымды малдым, сақар қосылғандай. Жылпылдақ. Дәмі – көз жасындай кермек, ашқылтым. Түбінен бірнеше малталанған тас алдым, тұмар ғып тағатын «Сайрам тасы». Басымды көтергенде... қарсы жағалаудан тауға мамырлаған бұлт екен, маған қоянқолтық көбіктеніп жетіп қапты. Енді, міне, тас төбемнен өтіп барады. Түтетүте қара сұр. Көл кіндігінен толқын жүгіріп келеді. Алдыңғы өшкін уағын артқы алпауыты шайнап жұтып, бүркеді. Табаныма жаңа ғана жылы жағып тұрған тұма зәрлене қапты. Жүрегім тулап, денемнен діріл жүгіріп өтті. Кейін бұрылдым. Жағаға жетіп үлгіріп, құрғаққа бірақ ырғыдым. Жарлауытты «шарт» еткізіп толқын перді. Тұла бойымды тамшы көмді. Тағы
да жер дүние нұрланды. Көлге көз сүздім. Қас тасындай мөлдір көк. Бұлт аунап кетіпті. Сонаудағы жағалау тау бауырында жаңағы бұлттар мамырлап жатыр, қалпы. Көлге қайта беттеуге зауқым шаппады. – Аға, сізді шақырды, анда, шұбат ішсін деп. Жүріңіз? Бәтіңкемді киім байлағаным сол еді, дәл жанымнан шыққан жіңішке бала даусына елітіп, бұрылдым. Төбесінен желкесіне дейін оқтай жарып екіге бөле мұқият таралып буылған қысқа бұрымы қарама-қарсы бағытта селтиген, тәмпіш танау, дөңгелек жүз, бидай өң, түріңкі ерін, селдір қасты қиғаш көз әлдекімді елестетіп еді, қапелімде. Қасқа тістері түсіп қапты, күле беріп, онысын көрсетуден ұялып, қолының сыртымен баса қойды. Қайда деген емеурінімді танығандай сұқ саусағын шошайтты. Жолдың қыр жақ беткейі. Алыстау, қыз тұр. Жағажайдан көлік дізгіншесін шолдым. Белуарына дейін жалаңаштанып алған. Керіліп-созылып, рахаттанып жүр. Жуынар сыңайлы. Қимылы асығыстық танытпады. «Жарайды» деп тісеген қыз баланың соңынан ердім. Таяудан жылы ұшыраттым. Дәл қасына жетіп таныдым. М ен оны... оны, Жұлдызды Сайрамның жағажайынан кездестірем деп мүлде ойламаған едім. Және де, шұбат сатқан қыз кейпінде, ғайыптан. – Толқыннан қашқандай боп құтылдыңыз. Ұрып жығып кетеді. Абайламаса өзімен бірге ала кетуі де мүмкін. Бірақ сізді қайдам... көміп қана өтер еді. Менің аузыма сөз түспей қалды жөпелдемеде. – Көріп тұрған екенсіз ғой. Үйіңіз осында ма еді?.. Мен... – Дәл осында емес. Анда... Сонаудағы қыратты меңзеді. Бітік самырсындардың балағын ала бірнеше ақбоз үй бұлыңдады түтіні билеген. Шұбатқа бас қойдым. Бал текті қою, сырадай салқын, шәрбаттай татымды, қымыздан жуастау, шайдай батымды екен. Бәрі де, бір Жұлдыздың пейіліндей еді мұндалаған. Туған даламның ой-қырын еркін кезген екі ай да, санамда саңлақтанған бейне. Түндермен ұйқысыз алпарыстырған – көрік, мінез. Күнә көлегейлемеген көкірек көзімнің зар-тілеуі – ғайыптан бір-ақ сәтте көк пен көк Сайрамның... Сайрамның жағасында көрінгеніне мас ақ марту жүрек байыз таппай, төбесіз аспанға, түпсіз айдынға ала қашып тұр. Сайрамдай көк пен көк кәрлен кесені босатып қайырдым. Қайырғанда өзімсініп, өзегім иіп қайырдым. – Мен жаздай осында болдым. Ата-анаммен Бұратала қаласында тұрам ғой. Аға-жеңгем көл жиектеп түйе бағады. Сара солардың кішкенелері. Тісеген Сара қиық жанарын жалт еткізіп маған сосын Жұлдызға қарады, күле беріп, қолының сыртымен аузын баса қойды. Қалада тусам да дала жандымын. Қашанғы көл, тау, бұлттар, самырсындармен бірге жасасып келем. Уақыт озған сайын күйініш-сүйініш күшейгендей. Табиғатқа етенелік деген осы шығар, әлде... Белін қызыл жібек белдікпен қынап, қылша мойнын айқарған қан күрең торғын жұрындаған жағасы көкірегін қиғаштай қуалап қолтығынан түймеленген жасыл асыл бұлдан тігілген киіміне таңдандым. Бірақ, өзіне сондай жарасымды еді. Басына аппақ шайы орамал байлапты да, қиық қасына таяу шорт кесілген кекілін түсіріп қойыпты. Ол қас ұшын жасыра тарақтанып тұр. Жоңғарлық! Жоңғар аруы! Өкініш емес, жоқ, таңырқау да емес. Тамсану мендегі хал.
– Өзің қашан барар едің? (Сенге көше бастадым, енді). Шабан үйрек бұрын ұшар деп, мен алдын ала қозғалып кеттім-ау деймін, шамасы... Дегенмен, ертерек барған да жөн. Жатақтың жайлысына орнығып аласың дегендей... Мен өзіңді сол жолдан кейін көп іздедім, кездесе алмағаным өкініш болды, маған. Жаз бойы мен де жайлауда болғам. Өзіңді ойламаған күнім жоқ. Бірге жүрсең қандай жақсы болар еді?! Онда... тезірек жет, жарай ма? Мен күтіп қалам ғой. Сөзімнің берекесі қашты. Бөгеле алмадым. Айтып жатырмын. Хат... хат бергем Баярдан. Алдың ба? Берді ме?.. Жұлдыз миығынан жымиды. Шұбат құйылған құмыраны қолыма ұстатып жатып, иығын әсем көтерді. – Хат алған жоқпын. Ал, екеуіңнің «жекпе-жегіңді» кейін естідім. Татуласыпсыңдар ғой. Сол кезде сыртынан көргем оны, мұрынның үстін таңып алыпты. Көзілдірік тақса да таяқ таңбасы білініп тұрды. Мені сыртымнан қарайлап жүрсе керек жүзбе-жүз келе алмады. О, анда, көлікке міну болып жатыр. Сендердікі. Мә, мынаны алып ал, ас әрі сусын. Бүгін сәрсенбі. Келесі сәрсенбіде күтіңіз. – Кешікпекші, иә? Жұлдыз! Мен сағынып... Күтіп қалам ғой?! – Ұят-ай! Сен... Сара... Ары бара тұршы?! Жә... Енді... Машина белгі беріп... Мен оны шұбат құйылған құмыралы қолынан ұстап өзіме тартып едім. Кішкене, сәл-пәл түрулі еріндері алабұрта манаурап келіп қалып еді. «Шөп» еткізіп сүйіп алдым. Тым тез тараған қызыл ніл мойнына дейін шауып кетті. Тағы... тағы бір мәрте қадала сүйдім. Жоқ! Қарсылық емес. Ырыққа көнген әлсіз ғана бұлқыну. Есіме түсе қалды. Жанымда жүрген үш бұрыш күміс тұмар қалбырын алып мойнына тақтым. Жазда жайлауда жүргенде бір көріпкел, молдаға өзім және Жұлдызға арнап жаздырып, дем салдырған дұғалық еді. Тіл-көзден, бәле-жаладан сақтайды деген. Жұлдыз аңырып қалды. Мен қош айтыстым. Көлік озандатып тұр. Табалдырығынан аттар-аттамас қозғалып кетті. Мені бала кезімнен жеңіл атлетика қызықтырған емес. Басқалар ақ тер, көк тер, екі иінінің етін жұлып жеп жүргенде, мен мектеп ауласындағы мәуелі алма ағаштардың біріне өрмелеп шығып, алтын таққа бергісіз орындығына бақ зор жайғасып алып, кітап оқимын, өлең жазамын, сурет саламын. Сексенінші жылдардың басында, қытай – ата-бабасынан аманат, енді өздері ұмыта бастаған төбелес тәсілінің сан түрімен қауышып, танып, өзгелерге үйрете бастаған-ды. «Шау Лин», «У Лин» монахтарының шығыстық жекпежек өнер жалғастығы кең етек жайды. Бұл деген нағыз спорт болатын. Мен бірден ден қойдым. Икемденіп, игере бастадым, енді. Менің туып-өскен Алмалымның тауы жақын. Тау мен Алмалының арасында шалғыны шүйгін, жыра-жықпылы сулы, қоңыр дөңдер төңкерген қазандай айқаласып жататын. Қай бір заманда су шайып, дөп-дөңгелек тақия кейіпті еткен, өзіміз «Дегараз» деп атайтын биік текше менің шынығу алаңым болатын. Ат шаптырым аумағын айнала жүгіріп келіп, сосын ұлылы-кішілі тастармен алысатынмын. Белгілі бір аралыққа атып үйіп, оны қайта орнына ататынмын. Өзіммен бойлас дөңбек әкеліп орнатып қарсылас есебінде ұрып жаттығатынмын. Сол кезде қаптап кеткен сан түрлі жекпе-жек тәсілдері
жіктелген кітаптарды парақтап, қаңғатынмын. Қимыл-әрекет, шабуыл, қорғану, жалаң жұдырық, алақан және оның қырын қолдану, екі аяқты орнықты, тез пайдалану, бойдағы энергия көздерін тыныс арқылы кез келген дене мүшеге лезім шоғырландыру, тағысын-тағыларды өзімше зерттеп, оңаша жаттықтым. Бұл дегенің көрнеу де елеусіз, көмескі толысып, орайлы сәтінде дос, дұшпанды таң тамаша қалдыртып, ғайыптан жарқ еткізіп суырылған алдаспандай еді. Құпия. Жанұям да білмейтін еді. Ауыл арасында көше-көшеге бөліне қап мақсатсыз төбелестер болғанда мен болмайтынмын. Құдай сақтасын қорыққаным емес. Мен шығыс өнерінің жекпе-жекке тән тәсілдерімен бірге оның бұзуға болмас қатаң шөресіне де барынша ден қойдым. Онда – орынсыз соқтығуға, көргенсіз күш көрсетуге, әшкере менмендікке жол жоқ-тын. Мен өстім. Маған сақтық сергектік дарыған еді. Тұла бойыңды теңдессіз күш кернеп, шеңберек атып, бұлқынып тұратын. Бұлшық еттерің шертіп, жарау аттай саңлақтанып жүресің. Денсаулығыңа ризасың. Бұдан артық не керек енді. Шетін көзді мысың басатын. Кезеніп қалғандардың өзі ішінен тұралап, тынатын. Сен оны іщіңмен-ақ турап тұрасың. Мен меңгергенімді Алмалыда бір қатым, тек бір қатым ғана қолдандым. Оның үстіне елеусіз еді. Арақ ішіп алып, масайғанда көрші-қолаңға бұлғақ боп, ілінісе кететін еңгезердей «қара дәу» аталатын есерсоқ бар еді. Тандыр жағып тұрған кіші ағайымды тамал тамнан аттап келді де құлақ-шекеден көмді. Ұшып кетті анадайға. Беріректе отын бұтап тұрған үлкен ағаның балтасынан жасқанған жоқ, жұмарлап бүркіттей бүріп барады екен, іштей жиналып, әр адымды еппен алып таяй беріп ем назарын маған аударып бері бұрылды. Йогілік тәсілмен бар күшті алақаныма жиып үлгірдім де жүрек тұсын кезеп, сол аяғымды оқыс ұмсына періп жібердім. Тапал тамға барып соғылды. Мен енді оң аяғымды алға жібере тағандадым. «Қара дәу» құтырған бурадай арсыл-гүрсіл жетіп үлгіргенде, қол қырымен иектен бір қағып, іле сол иекті нысаналап, табан сыртымен көтере теуіп жібердім. «Қара дәу» ғайып болды. Тапал тамның аржақ түбінен шаң көтерілді. Енді, ол біздің қораға аттап басу емес, қарауға дәт етпеді. Менен тіпті алыс айналып жүрді. «Қара дәу» Ермыңнан ығып қалыпты деген лақап Алмалыны шарлай бастағанда, мен жазда емтихан тапсырған оқу орнынан шақыру қағаз келіп аттанып та кетіп ем. Күйтің – Жоңғар даласындағы тоғыз жолдың торабы жасамыс қалашық – дулы, шулы Шайхуға батыс жағынан еміне орын тепкен жас қала еді. Оңтүстік қапталынан алыс емес шойын жол, елуінші жылдары Кеңестер одағына достық байланыстар үшін тартыла бастап, дүрдараздыққа байланысты кідірген. Кеңес одағы ыдырап, Қазақстан жеке ел болғанда «Достық жолы» болып, бабындағы домбыраның қос ішегіндей перне қуған қос болат шыбық алатау сағасына барып иек артқан. Мен түскен оқу орны – өнерге баулитын шаңырақ, сол шойын жолдың айғай жетер жеріне таяу, кірпілері қыдырған, құбылғыш кесерткесі зымғыған, жантақ, түйеқарын бытысқан, тораңғы селдірі селтиген сары керіш топырақты аумаққа бір-бір қабат етіп, екі қатар төрт-төрттен көлденеңдеген
сегіз үй еді. Жаңа болғасын жұпыны, жұпыны болғасын елеусіздеу-тін. Төрт құбыласы алаң-ашық, сол жағымыз әскер казарма. Көршіге өзіміз кіріге ірге тепкеміз. Көркемөнерде ән мамандығына қалыптасу үшін он жеті, он сегіз жас өлшем етіледі. Қабылдауда да осы мөлшер негізге алынады. Өспірім мезгіл мен өскен мезгіл даусының арасы алшақтар шақ бұл. Аймаққа «Әнші бала» аты шығып, шығандағанның барынан айрылып, «әу» деп ауыз ашпайтындардың әншілік дақпырты артатын кез де осы. Менің сақа тартып әнші болғаным да осыдан. Ал, би мен саз аспаптарын меңгерудің жөні басқа. Еркебұлан он үшақ жаста. Талдырмаш бітімімен, бала тілі көрер көзге онан да кіші көрсететін. Бірақ, бойы сұңғақ-тын. Танысып көп өтпей ақылды, бәрінен де текті екенін аңғардым. Маған бірден бауыр басып алды. Сырт көзге бет пішіні, жүрістұрысы маған тым ұқсас еді де, сабақтастар арасында Еркебұлан екеумізді «әкелі-балалы екеу» дейтін-ді. Бұған мен де, ол да ырза едік. Дос деуге бойымыз бен жасымыз әзірге келіңкіремейтінімен, әке бала арасындағы сезім-достықтан да тереңірек екенін түйсінетінбіз. Еркебұлан зерек, елгезек. Таңмен таласа тұрамыз. Мен – сары керіш топырақты ашыққа тартам да, ол – машық залына тартады. Шәкірттік өмірдің шыжығынан қызығы асқан ғой. Сыры сан мың, қыры сансыз мың өнер керденіне шөліркеп жетіп бас қойсаң ше?.. Дәмін, жанын аңдайсың. Бәрібір қанбайсың. Жұта бергің келеді. Жұта бересің. Топтар ара суық кештерге, кездесулерге қатысу, өзіңді кәсіпқой әнші ретінде ұғыну, кірсіз сезіміңнен туындаған балаң жырларыңды ақын жүректі толғаныста оқу, шығарған әндеріңнің тәтті толғағына мастанып, оны өзің орындап, ұстаздарың мен сабақтастарыңның жақсы бағасын есту... Кермек татыған, бірақ, ерменнің тәтті дәмі бар тобылғы торы «Күйтің сырасына» ауызданды. Күллі әдемілікті көкірегіне қондырып, ақ етті, күн бетті, ән лебіз арудың қыпша белінен қымтып ұстап, жүйежүйкеңді мас етіп, жаныңды жаулаған жұмақ текті демін жұтып, құшыр қандырар ләззатқа беріле билеу; қатарыңнан иығың өсіп, нұрлы болашақты түйсіну. Пессимистердің – бүгін тұман, ертең күмән, немесе шайнағаным дүдәмал, жұтқаным ғана емсе іспетті теорияларын сынау, өшігу. Қасиет дегенге құлап, қасірет дегенге бейтарап қалатын сана мәңгілік секілді. Дәл осылай. Күндер келіп жатты. Кетіп жатты. Және... Және де жалғаса беретініне менің күмәнім жоқ та еді. Бөлмеде басқа жігіттер жоқта, есікті жауып алып, оңаша ой кешіп өлең жазып отырғам. Мен – оңаша, жалғыздан жалғыз толғануды өте-мөте ұнататын едім. Машық киімімен терге шомған Еркебұлан келіп кірді. «Шабыт» бөлініп кетті. Ренжуге болмайтын. Кінәмшіл еді, өзі. – Хал-ахуал нешік, ұлым? – Хал қалпақтай. Алдымда тұрған шыныдағы салқын шайдан қылқылдатып жұтты. Орамал ұсынып едім, алған жоқ, мұрнын, маңдайын, аузын алақынмен сыпыра салды. – Менің Шәуешектен екенімді білесің ғой, Әке?! – О, білгенде қандай. Ал, білдік...
– Білсең бар ғой, Әке! Бүгін кешке ана жақта, пединститутта Шәуешектіктер отырыс ұйымдастырмақ екен, біздегі Шәуешектіктерді де шақырыпты. Соған менімен бірге барсаң... Бұл дегенің жалпыласқан жай еді. Әр оқу маусымы сайын қаладағы оқу орнындағы жерлестер «Ілеліктер», «Алтайлықтар», «Тарбағатайлықтар», «Күнестіктер» өзді-өзді бас қосып, ойын-сауық, думанды отырыстар оздыратын. – Біздің Шәуешектің қыздары шетінен көрікті, өнерпаз келеді. Танысасың. – Ойпырмай, деген боқ мұрын. Қыз-қыз деп сарнап қапсың ғой өзің? – Енді мына киіммен... – бір аяғын басынан асыра көтерді.– Біздің қыздар да дәл осылай киінеді, ал. Осылай көтереді аяғын, ал. Ойламай көр сонда қарап тұрып, дені сау кісі. Ал. – Қарай бер онда, ал. Таныстырасың. Дұры-ы-ыс, бірақ мен Шәушектігің емеспін ғой? – Әкесің? – Әкеңдей бар ма онда? – Әкемнің әкесіндейін көресің. – Жә, болды, тілмарсуын, өзінің. Кешкі сабақшы? – Абақтыда ай мен күннен жаңылдым... Мағжанды білуші ме едің, өзің? – Өлең жазып отыра берсең өміріңнің қалай өте шыққанын білмей де қаласың ғой, қайра-а-ан, әкем... Бүгін жартылай қызыл күн. Сенбі! – Тілмарсыма демедім бе тентек ұл. Жарайды, Шәушектіктеріңді де көрелік. – Күнестіктеріңді де көргенбіз. Шеттерінен тау қопарып келгендей-ақ, сөзуар деген, нақ солар, өзің ауызданғаныңмен қоймай, маған да жұтқызғансың сыраны. – Бар, енді. Мұрныңды тазалап, бір киеріңді киіп кел. Күн еңкейіп барады. Тойға барсаң тойып бар. Асы үй ашылыпты тамақтанып алалық. – Құп әкетай, Мама тауып алармыз?! – Бар!.. Біздің мектептен тым қашық емес-ті, пединстиут. «Шәуешектіктердің» отырысы мектеп ауласындағы студенттердің қауымдық дәмханасында дүрілдеп өтіп жатты. Еркебұлан балалығына қарамай көшелі-тұғын. Кез келген ортаға үйлесе кететін. Салмақты, салиқалы қалып танытып жанымда отыр. Дастарқанға баптана, сирек қол жүгіртеді, өзі. Мөлдір шыны бокалдағы сырадан жайлап жұтады. Назары қыздар жақта. Аузын құлағыма тақап сыбырлайды. – Анау қызды көрдің бе? Шашы табиғи бұйра, татар қаны болу керек. Жасы сенен үлкендей, сол болмайды, апа қыласың ба, оны. Анау, жоқ... ананы айтам. Сұлу. Бір өзі ғана сөйлеп, маңын жайпап отыр. «– Сен сол әпкеңе тартқансың ғой, – дедім мен. – Тұра тұр, сұлу ма, сұлу. Сұңғақ бойлы ма, бойлы. Әй, бірақ, қол емес. Өсекші. Еркебұланым жағалай қыдыртып әр қызға сын-сипат, мінездеме беріп. Саптап саралап, даралап келе жатыр. Менің күлкім келсе, бір жағы оған таңданысымды жасыра алмай отырмын. – О, – деді ол даусы қаттырақ шықты. – О, мынаны, енді... құры жіберуге болмайды. Қас қандай – қиғаш, шаш қандай –мөлт қара... Ім... Көз... Көз қандай – Әлгі... Әке мұндай қыз Шәуешекте жоқ. Мен білсем, бұл, Ілеңде де,
Алтайыңда да жоқ. Бұл, періште! Ғайыптан, көктен түскен пері қызы шығар... Маған-ақ ылайық, әттең! Бастан емес жастан, ойдан емес, бойдан қорлық көріп тұрмын-ау, әйтпегенде, өзім жөнін келтірер едім. Жарайды, әке саған бердім. Саған лайық. Танысу ма... Үзілісте тігісін өзім жатқызам. Осыдан қара да тұр. Байғазыға мынана ішіп қояйық. Ал, енді шүйіншіңді, жеңгетайға сауғаңды дайындай бер. Мен Еркебұланға шын-ақ таңдандым, рас, қыз да көріктінің көкесі еді. Асылдар арасында орны бөлек алтын тәждей, көп ару арасындағы көз арбар хор қызы. «Қарсысында отырған жігіті шығар, сусынын құйып, асын әперіп отыр ғой». Басқада шаруаң қанша, бар, асаба әнге шақырып жатыр. Өз әніңді айт. Анау, жұлдызың құлап түсетіндей қып айт. Бар!» Жаңа да көп алдына шыққам, қысылмай да қымтырылмай шырқағам-ды. Бұл жолғы айту басқаша болайын деп тұр-ау... «Жұлдыз» деді ме жаңағы, жүгермек?.. Күбірлеп келем. Жүрегімнің қағысы жиілеп, өзіме анық естіліп тұр. Көзім... Көзім түспесе де, бар ындын, көңілім қыз жаққа ауған. Өзімнен өзім түйткілси, алабұртып, ән бастадым. Мен жүрген жайлаудың, Тауының биігі-ай! Арудан аймайтын, Аяулы киігі-ай!... Менің әніммен бірге, асаба үзіліс жариялаған екен, тамашалаушылар биге ұсыныс етіпті. «Жұлдыз»... «Періште» орында отыр. Байқағаным: жанары мен жақта, назары әуенде. Ән қанатында қалықтап басқа әлемге сапар шеккендей. Еркебұлан дәл қасында тұр, езуі құлағына жетіп, кішкентай жұдырығын түйіп ауаны пергілейді. Саусақтарын «ОК» белгілік бейнесіне келтіріп, мәз-мейрам. Орнында шыркөбек айналып, билеп ала жөнеледі, бір сәт. Еркебұланнан бәрін күтуге болар еді. Қызды биге тартты, енді. Масқара! Еркебұланның бойы сол заматта өсіп кеткен бе дерсің. Қыз сықылықтап күліп алды. Тартынған жоқ. Еркебұлан кәсіпқой, тәрбие алған биші екенін көрсетуге тырысып бақты. Сөйлеп қалғыр... аузы-аузына жұқпайды-ай! Ортаға шығып дөңгеленіп кетісті. Жұрт назар бөліп аңырып қалған. Қыз сымбатына тәнті болғандай. Сұңғақ, жіптіктей жас баланың өз болмысына кереғар қимылмен, бойжеткен қызды еркін меңгеріп, шыркөбелек айналдырғаны қызық еді. Еркебұлан иегімен мені нұсқайды. Қыз назары шолады мені. Айттым... Айтып болдым. Болған да енді болар бір, бұлыңғыр сағым ішіндегі бақ жұлдызын бағдарлап талпынған ой әлеміме мастанған... мастанған көңілмен айтып болдым, әнімді. Қызды қолынан жетелеп ертіп жетті жаныма. – Мен айттым, бағана-ақ. Жұлдыз – аты Жұлдыз. Қалай-қалай билейді, өзі... Бізге әлі үйретпеген тангоның қиын иірімдерін меңгерген. Әкем – Ермың, – деді сосын мені меңзеп. – Танысып қойыңдар. Өй, қол алыспай ма екен, былай. Бойы иегіме жетеқабыл. Қолы нәзік, ып-ыстық. Сақинасыз саусақтарының табы қалсын алақанымда деп ұзақ ұстап қалсам керек. – Үгітіп жіберерсің, сондай нәзік қолды. Әкесі баласынан өтіпті... деген осы енді. Жә, босат, мен жайыма барайын. Еркебұлан құлағыма таяды. Айырылып қап жүрме. Білсем: маған емес, саған ғашық бұл қыз. Мейлі,
маған мама керек боп жүр еді. Өзіңді танытып, барыңды айтып қал. Адуынды әуенге елтіп Еркебұлан топқа сіңіп кетті. – Әуен бояуыңыз қанық, ырғағы келісті, асқақ аңсардай. Мұндалап тұрған мұң бар. Дала сазы азып, шолақ иірімдене бастап еді, сіздегі леп, тау табиғатын, қарағай шайырының, ермен, жусанның, әсіресе, түтін, қи жағылған от түтінінің иісі. Таң-тамаша болдым. Маған тіке қарамай, белгісіз бір әлемді көріп тұрғандай қиық көзі кіреукеленіп, қайратты қайқы кірпігіне шық қонақтап қапты. Кішкене танауы қусырылып, өзін – кәдімгі өзі емес, басқа бір әлем кісісі сезінгендей. Әлде... ойсоқты, қияли (ондайлар кездеседі) шығар деген күнәһар ойдан тез арылдым. Көзайым көркінен айпара ақыл ұрып тұр. Бой түзеген қыздарға тән соңғы үлгідегі қынама бел камзол мен қынама юбка, ашық сары түсті, қайың жапырағы кейіпті қара жолақтар көлденең тартылған. Май тоңғысыз мамыр айына лайық күңгірттеу жұқа шұлық – оқтай түзу сирағы мен тоқ балтырына сондай қонымды. Сырғалығынан шорт кертілген мөлт қара шашы – ертедегі бабилон грек аураларын еріксіз көз алдыңа әклетені. Шақырайған жарық өшіріліп, есесіне әлем-жәлем, сан түсті қойыртпақтанған мейрамдық жарық жапғылды. Өткір нұр қайшыласып маңайды тілгіледі. Даңғаза, адуындаған әуен шығандар кетті, енді. Электронды гитараның ышқанба бажылы жүйкеме түрпі боп тиюші еді. Сауықшылар опыр-топыр биге басқанда, біз тұрған жақ көмескіде қалды. Қолынан еппен ұстап, таяу тұрған қайырмалы есікке беттедім. Өзі де тілесе керек, қарсы болған жоқ. Тек... тек, сезгенім – жүрегі өрекпігендей. Саусақтары бір ысып, бір суып, терши бастаған алақанына жеңіл діріл кеп жетті. Ауладағы шырша көмген тар жолдардың біріне түсіп аулағырақ кеттік. Үнсіздік. Тентек Еркебұлан да өз ойын орындады. Жұлдыз да сөзін айтты. Ал, енді мен... мен бірдеңе айтуым керек қой. Неден бастасам екен?.. Бауырыма басып аймалап сүйсем бе екен? Жоқ! Ол болмайды ғой. Бірден.. үркітіп алармын. Жеп-жеңіл шығар, өзі... Қауырсындай... Көтеріп алып, алақаныма – көкке қақпақылдап... Түу, неткен сарамастық бұл. Бірдеңе... А? Бірдеңе... – Кішкене босатыңызшы?! Өнердің қолы емес-ау, спорттікі ме? Нәзік саусақтарын ой арпалысымен болып қысыңқырап жіберіппін. Тартып алдым. Ал, енді қайта ұстауға бата алмай тұрмын. – Кешіре ғой, мен байқамай... Спорт болғанда, енді... онымен де аздап айналысқам. Былай, өнер ғой жаныма жақыны. Алғашқы әнім еді, жұрт мақтаған сай айтып жүрмін. Әйтпесе.... Ең көңіліме жаққан баға өзіңізден болды. Өзіңе... өзіңе жолықтырған тағдырыма дән ризамын. Қолын қайта тауып алдым. От боп тұр екен. Қыз толқынысының куәгеріндей. Енді, абайлаймын ғой. Абайлап өтем. Аймалай... – Киінісіме таңдандыңыз. Көз сұғыңыз өтер, тіліңізді тістеңіз, ауырып қалармын. Мен күлдім. Ырымын жасадым. – Мен нанымға иланам. Ата-анам да солай жол көрсеткен. Үйренгенім де. Биыл барыс жылы. Барыс – биіктіктің, ұлы рухтың баламасы. Қадір тұтсаң – қасиеті, ескерсең – ерендігі дариды. Көк Хұттан туыстарымыз жіберіпті. Мұнда матасы қат. Бабалар
жолы – аңыз болса да, шындық төркіні. Бүгін елемейді, ертең керектенеді ел. Фанат деңіз, мейлі, көп жайда, ескілікке бейіммін. Мендегі халды көңіл көзімен көріп-ақ тұр. Сөйтсе де толғанысын бүркеншектеп беймарал көрінгісі келеді. Менің бағалауым. Көп түйген, көп біледі. Өте ақылды. Тумысынан солай боп жаралған. Оның үстіне, сезімталдылығы ұшан-теңіз. Төзімталдылығы – алдырмас қамал. Жүрегі нәзік. Тал бойындағы қонымды тәкаппарлығы үшін айыптай алмассың, оны... Менің өзімше түйгенім: қасіреттенудің қасиеттенуге жеткізетіндігі, ненің де себеп-салдары бары, астары бойлауық – ойлағанға. Көңіл көгімді көмкере түсті. Дәл, жаңағы Жұлдыз айтқан, ұлы рухтың төтемі – осы барыс жылына дейінгі өмір... Момақан өмір айдынының асты зымиян ағысты екенін, кісі жанының да күні-түні барын, мамыражайдың ақтүтек бораны, аптаптың ізі ақпаны барын ойламаған екем. Және, Жұлдыз соның бәріне тас-түйін сайлаулыдай. Жұлдызға ниет білдіру үшін, оны сүйе білу үшін, оның өзіндей бағам, бағыт керек екенін аңғал бас аңғарғандай. Осынау сүйкімді қуыршақ, әдемі нәзіктіктің алдымда ғана саналап өсіп, еңселене түскеніне таңдандым. Шын ғашықпын. Ғұмырға шендес құмармын. Жаным жолында, барым – садағасы. Енді, не айтармын? Айта алмадым. Айтқаным: – Жұлдыз, біз және кездесейікші? Жиі-жиі көрісіп тұралық. – Әніңіз ғұмырлы, мәңгілік. Оны тек тыңдай білу керек, тыңдай білу керек. – Мен сен үшін... Сен үшін дала үнін, кеңдік әуенін іздейтін болам. – Мен үшін бе... Ол жанарын маған қадады. Ай да бізге қарап қалғандай екен. Ақ түбіттеніп тұрған көгілжім бауырлы бұлттан шыға, дөңгелене қапты. Қыз жүзі де дөңгелене толқып тұр. Аппақ сүт сәуле айдан қонды ма, әлде, оның ай текті жүзінің ән нұры ма... ажыратқысыз. – Алғыс тілегім: дала әуенін, дала үнін, өзіңдей түрлендіріп, өзіне бердіңіз. Туған топырақ одан өзге сый күтпес. Өзі қандай ақылды – ұлыңызды айтам, сықылықтап күліп алды, майда қоңыр барқыт күлкі. – Ұлы даланың қай түкпірінен де еншілестер табылады. Қандарың бір ғой. Қанымыз бір демеді – тектеп үлгіре алмадым, езуі құлағында Еркебұлан жетті. Келе бір-ақ қарғып мойнымызға асылды. – Қосақтарыңызбен қоса қартайыңыздар. Құттықтаймын сені, әке. – Сені де Бұланым. Бақыт күлкісі шығандады. Жұлдызға көмкерген тап жол аумағы жаңғырық қосты. Жыл – Барыс. Көктем – жаз. Мен ғашықпын. Жұлдызға ғашықпын. Есейіп кеткендеймін. Әлеуметтік жұмыстардан, комсомолға тән белсенділіктен бой тартам. Кітап құмарлығым шығандап кетті. Өлең жазып, әуен іздеу машақаты иектеген-ді. Өнердің қыр-сырына ден қойып, спорттың да қажетінен шығып жүрдім. Коммунистік партия қатарына дайындап жүрген мұғалім менен үрке бастады, енді. Уағызы далаға кетіп, тәрбиесі дән бермегесін күдерін біржола үзіп, «Санасы уланып, бұзылғандар» қатарына қосып тынды. Өмірдің мәні: айбар шегу емес екенін, табиғаттың бермесін тартып алу емес екенін, ой-санаға үстемдік етуге болмайтынын, теория мен практиканың арасы ұзақ жол екенін, сана мен материяның анау айтқандайдан басқаша бағамы барын мұғалім білмес еді. Оның диалектикасы: жер күнді
айналады. Темір қазық мәңгі жылжымайдыға саятын. Сонда, темір қазық жылжымаса мен тұрған жер де жылжымайтын болды. Иә, мен көп есейдім. Жүрек жарды қуаныш сыйлайтын шәкірттік күндердің сенбісі келді. Еркебұланды тауып алып, екеуміз Жұлдызға тарттық. Жоңғар-моңғол сөзі. Сол қанат дегенді білдіреді. Күйтің – суық, аяз дегеннің моңғолшасы. Қыста қар қалың түсіп, жазық – тынбай үскіріктеніп тұрады. Еркенқабырға тау сілемі оңтүстік жақта көсіліп жатады. Жаз – ми қайнатар ыстық, көктем – жайлы. Мамыры – туған жерім Күнесті, Алмалыны есіме салатын. Күн еңкейіп барады. Шихудың үстіне құларға біраз бар. Бойы өсіп сақалана бастаған Еркебұлан бүгін ой соқты. Жарытып ештеңе айтпайды. Жұлдыз көп күттірген жоқ. Сауық кештерге киетін «барыс баламасын» (осылай атайтынбыз) киіпті. Білгеніміз: бүгін «Бұралатылықтар» бос қосады екен, соған шақырылыпты. Бізді қолқалады. Бас тарттық. Бір түрлі ыңғайсыз көрінгені – қолқалауында әлденені аңғартатын түйткіл бар-ды. Қаланың қайнаған ортасына ендеп, өзімізге жайлы асханаға кірдік. Дүнгендердің әзірлген асы – бұрышты әрі дәмді келеді. Шөшіреге тапсырыс берген едік, асыға күтетін сенбіміздің Жұлдызсыз өтер кеші Еркебұлан екеумізге ауырды. Үнсіздікті бұзып, көңілсіздікті сейілткім келген. – Ауылда бір ағамыз таудан қалаға түсіп, асханаға кіреді ғой, баяғы. Қазекем мұны шөшіре демейді, мына құлағына қарап, «делдең құлақ» атайды. – Содан буы бұрқырап алдына келе қалған делдеңқұлақтың мелжемділеу біреуін жалаңаш қолының күйгеніне қарамай көмейге тастап жебереді. Шоқтай қарып, қоламтадай күйдіреді аузын, жандәрмен жұлып алып атады, шөшіре қабырғаға барып жарғанаттай жабыса кетеді, қараса буы бұрқырап тұр екен, ағамыз үстелді бір салып шыға жөнеледі. Содан қасында әлгі асханаға жолы түсіп кірсе, баяғы делдеңқұлағы әлі тұр. Сонда айтқан екен «сыртың қырауланып тұр-ау, ішің жанған от-ау» деп кері бұрылыпты. Еркебұлан күлкіге булығып, қақалып қалды. – Ат, қабырғаға, – деді мәз болған Жұлдыз. Сілеміз қата күлдік. Бір-бір саптыаяқ салқын сырадан кейін көңіл жайланып арқа-жарқа күй кеше бастап ек, Жұлдыз сағатына қарады. – Маған рұқсат болса сіздерден? Барсам деймін. Сендермен бірге болу қызық та мәнді. Олардың да көңілдерін жығуға болмайды ғой, енді. Жерлестер. – Барар жеріне дейін шығарып салып, кері қайттық. Қып-қызыл шартабақ Шихудың үстіне балбырай төгіліп, жарымдап қапты. Ғимараттар, ағаштар қан қызыл бояуға қанып тұр. – Ашық далаға барсақ, – Еркебұлан осылай деді. Екеуміз құмыралы сырадан көтергенімізше алдық. Оқу орнынан кең айланба жасай, орағытып өтіп, сарыкеріш топырақты аумаққа бет қойдық. Жылтырап су ағып жататын ойпаң жылғаның жағасы отау-отау көк балауса болушы еді, соған жайғастық. Құмыраның аузын қолыммен жұлып оған бердім.– Күштісің, – Еркебұлан сыраны мойнына сығымдап басына көтерді. – Сөзің ішіңе түсіп, тілің байланып қапты ғой. Мен білсем, сен – біреуге ғашықсың, осы... – Қайдан білдің? Ғашық екенім рас.
Қойшы ей, кімге, сонда? – Мұғалім апайға, Ма фаң сұлуға. – Мына, сен бе-ей! Ғашық?!. Сыраға шашалып қала жаздадым. – Неге болмай ма екен? Біз де адамбыз. Сөзінің сарыны өкпелі. Қатайа қалған. – Бұртима, енді... Анық-қанығын білейін дегенім ғой, қалай? Жеңгетайға жүрейін бе араларыңда? – Көкірегін кере күрсінді, аяп кеттім. Осы оқу маусымында мектептің өзі ұсыныс етуімен сонау астана – Пекиннен би мұғалімі келген. Бәтірің миллиардтан шыққан сұқсырдың өзі еді. Өзі балет шебері, ішкен-жегені тамағынан көрінетін ақ қағаз етті қаз мойын. Жүрістұрысы қолмен қойғандай, орнықты көркем. Қысық көз емес, тана көз. Менмендік жоқ бірақ астам қарап көндіккендей. – сонымен ғашықсың, ә? Бұл дегенің болатын жай. Несі бар, Еркебұландай қаршыға жігіттің астана қызын іліп түсуге құдіреті жетеді. Сонымен қайтпексің? – Білмеймін. Өзі... өзі мені жақсы көреді. Сабағына үлгірімділігімнен шығар. Ал, мен ғашықпын. Осы маусыммен бірге бәрі бітейін деп тұр. Кетеді. Қайта көре алмаспын. Бүгін маған машық киімін, бален шақайын сыйлады. Тіл қата алсамшы... Тек... Тек қолынан ұстап, бармағын ерніме тигіздім. Таңданғандай болды, ашуланған жоқ, бірақ, қасынан әзерге қозғалуға шамам келді. Күрсініп жіберді. Көкке қарап шалқасынан жатқан, ықылық атқандай. Жылап жатыр, шамасы. Бірақ, үнін шығарған жоқ. Мен – аспан сүзіп жатырмын. Қараңғы қоюлана түсіпті. Алқара көк кеңістік шешек ата бастапты. Мен өз жұлдызымды. Еркебұлан өз жұлдызын іздеп жатыр. Ожау кейіпті жетіқарақшының ернеуін бағыттай темірқазықты тауып алдым. Неге... Неге ғана түн ұзаққа жылжымайды? Жер айнала жылжиды ғой. Онда жермен бір бағытта айнала жылжығаны да?! Сонда деймін-ау, темірқазық бір орында мәңгілік тұрады деген не сөз?.. Мен өз Жұлдызым жайлы, Еркебұлан өз жұлдызы – Ма фаң жайлы ойлап жатыр. Дәл солай. Қазір, ол кім бьіледі, бала жүрегін кернеген ғашықтығының жетегіне еріп, Пекин театрларында Ма фаңды сыңыраны алып, қос қарлығаштай қалықтап балет билеп жүр-ау. Өмір өлкесіндегі қасіретін – Арман өзегіндегі таңғажайып бақытына мансұқ етіп, елегізген есіл сезім-ай... Жұлдыздар молайып, айпарлана түсіпті. Жымыңдайды. Олар да пенде ме екен: «жылайтын, күлетін». О, суық қараңғылықта жанатын суық жұлдыздар. Суық оттар!.. Түн зымыстанында молыға, жақындап, таң сазарғанда – алыстап, өшетін беу, жұлдыздар, жұлдыздар!.. Мен жаңа жазған өлеңімді оқи бастадым:
«Қараңғы зымыстан түн еді, Қорқыныш алып ырқымды. Күтемін шығыстан кімді – Ең соңғы жағып шырпымды. Ең соңғы шырпы жанып тұр, Ол бітсе үміт кесіледі. Түн – баспалап бағып тұр, Әзірейіл секілді. Жанды ұзақ шырпы бағыма, Айландырма кет, өлім. Жайып тұр жүрек маңына, Жарықтың қымбат екенін. Құрбандық па бұл мықты, Еске алам да таңданам. Саусағым екен тірлікті, Келесі таңға жалғаған».
– Поэзияның тым ашық кетпей, күңгірт болғаны жөн секілді. Қалай, өлең жақсы ма? – Жақсы екен. Ойы мен бойламас тереңде жатса керек. Шығыс... қандай шығыс, ол? – Шығыс деген – батысыңның басы. Ал, батысың – шығысыңның шығысы. – Олжас Сүлейменов... – Тірлік атаулы шығыстан тіріліп, батыста өледі. Шығыс – Үміт, Шығыс – Әл құдірет! Батыс – жарық сәуленің ақыры. Ақыр – Түн, ол бүгін мен ертеңнің күмәнді өліарасы. – Ойшылсың. Ақынсың, өзің. – Сен кереметсің. – Отарбаның бұқасы өкіріп жатыр. – Шойын жол – советке тартылып жатқан... – Қазақстанда менің нағашыларым бар. Біреуі жазушы дейді. – Ертеде қызылдардан қашып өткен кісілер Іледе көп. Жерлік қазақтар оларды: арқасында «тыртығы» бар деп әзілдейді. – Арқасындағы тыртығы несі, сонда? – Өр Іле дариясынан күзде ауланған балықтардың арақасынан ұзына тыртық сызықтары болады екен. Уылдырық шашып тұқым қалдырарда – ағынға қарсы жүзіп, су қайнарын, таза, тұнығын аңсап тартады. Көкшетеңіз – балшақтан өрлемей ме; Шекараға жеткенде болат тордан өтуі керек. Сонда жараланады, тыртық боп бітеді екен. Жаңағы әзілге арқау болған шекара бұзушы «қашқын» дегеннің баламасы. Уылдырық шашып болғаннан кейін қайта алмайды, себебі әлсірейді. Бір жағы балықшыларға жем болады. Тұқым – ағынмен бірге Көкше теңізден бірақ шығады, есейеді. Олар – тағы ағынға қарсы жүзуді бастап, болат тордан өтуге тырысады. Осылай балықтар өмірі екі ел шегінде жалғасын тауып жатады. – Жұлдыздар көрінбей кетті ғой?! – Міне, алғашқы тамшылар. Өткінші келеді, ірі өздері, жүгірейік. – Кеттік! Ендеше... Жұлдыз бұлттың аржағында, Ма фаң ұйқыда. Ах-ха-ха-а....
Қайдан көрдім деп, таңданып тұр едім, есіме түсті. Жұлдызбен танысқан күнгі қасында отырған жігіт екен. Есікті серпе ашып кіріп келе тез басып маған бетпе-бет тұра қалды. Жақын келгені соншалық, ыстық демі шарпып тұр. – Сөйлесуіміз керек, – деді қараторы, жалпақ бет, екі тесігі алдымен көрінетін талпақ танау, керме төс, кең иығына мойынсыз қондыра салған бас кегжие қапты. – Одыгеріл менікі – қазақшаға тілі ауыр, бөгеліп барып – Жұлдызды айтам. Мен бәрін түсіне қойдым. –Қалай сөйлесеміз? Ізденуші сен, қалау да сенен. – Жекпе-жекке шығамыз. Төбелестің қағидасыз түрімен. Менен сыбағаңды ал да Одыгерілдің маңын екіншідей баспайтын боласың. – Керісінше болса ше? – Онда Жұлдыз сенікі бола берсін. – Келістік. – Мен жаттығудан келіп отырғаным еді, спорт киімімді ауыстырмағанмын. Сыртқа беттедік. Бұрыннан білетін достарша қатар келеміз. Ішкі жан-дүниемізді ешкім аңғара алмас еді. Батысымызда жаңа отырғызылған бақ бар болатын, кесіп өтіп тасаға жетіп тоқтадық. Айтқанымыздай ешқандай жол жобаға келмейтін ұрысқа сайып бара жатқанын бірден аңғардым. Қарсыласым қара күштің иесі екен, бокспен айналысатыны көзге ұрып тұр. Оқыс қорғануға өтіп, бірден шабуылдады. Мен де жиналып, тас түйін болғаным сол еді, бүйіріме және оң кеудеме соққы дарытып алдым. Бүйірімдегі ауырлау болды ашу тепті. Келесіде иегімді нысаналаған оң жұдырығын көз ілеспес жылдамдықпен ұрып тойтардым да, ашық қалған көкіректі дәлдеп, басынан асыра бере аяғыммен тарпып тептім. Сол жақ қабағын сүре, мұрнын талқандап кеуде тұсына келгенде, оң аяғыма салмақ түсіре қалт бұрылып, діземді барынша бүгіп, толық табандата бар серпінмен періп қалдым. Тойтарыс кезінде қарымын қаққан соққыны қосқанда, екі жай бір толық шабуыл оны қайта беттеуге жібермеді. Бір қолы салбырап, ентіге сүйеніп тұруға әркеттенгенін көріп, қол ұсынып едім өзі де ұмсына берді. Ауырлау көтерілді. – Енді не істейміз? – Қолың ауыр екен. Аяғыңды көтергеніңді аңғарып үлгіргенімше... Жә, Жұлдыз сенікі. Онсызда түнде арылғанбыз. Сені сүйеді. Менікі тауы шағылған ессіз ғашықтық боп қалады. Саған біржола берілгенін айтқан-ды. – Мені неге іздедің, онда. – Сенің жұдырығың тартқан шығар... Және, күйік, намыс қамшылап... – Анда болайық. Жатаққа жүр? – Мен жараланып қалдым. Ал, андағылығыңа міне қолым. Көзілдірігіңді, велосипедіңді бере тұр. Мұрын дегенің онсыз да жоқ дүние еді. –Күлді. – Көзім қараңғыланып барады. Таңдырайын, барып. Өзің келермін, не... Мекен-жайын айтты. Келістім. Күтіп жүрген жағдаят болып тынды, ақыры. Бір алаңнан арылып, көңіл көтеріңкі. Қанымда – өзіме ғана аян бағзор өплік ойнақ салады.
Жазғы демалыс мезгілі таяп қалып еді. Ерентау бауырындағы қазақ ауылдарын аралап ойын қойып қайтқамыз бір жетідей. Біздің келуімізге Баяр – («Жекпе-жекке» шақырып, татуласқан жігіттің аты – Баяр болатын.) Велосипедім мен көзілдірігімді табыстап жатып айтқаны, Жұлдыз үйінен жеделхат алып, сол бойда-ақ аттанып кеткеніне бесінші күн екен бүгін. Өзім сөйлесе алған жоқпын деді Баяр. Бірге оқитын қыздар айтыпты, тым асығып кеткен. Өзі бүгін, ертең жүретінін айтты. Жұлдызбен бір көше бойында көрші боп шықты. Көңіліме алаң жүгірді, маған арнап хат-хабар қалдырмағаны несі екен? Үлгірмеген де, шамасы. Менің хатымды өзімен бірге ала кетті, тапсырам, – деді Баяр. Біздің де ел жаққа тартар күніміз толды. Еркебұланды Шәуешекке баратын көлікке мінгізіп жіберіп, өзім Күнеске бет түзедім. Тамыз тоқырап, күз басы – қыркүйек көрініп қалған. Аптабы сына қоймаған. Күйтіңге оқушы дейтін қауымның ой-қырдан құйылатын кезі. Қалыңдап келген қалталарына ерік беріп, мейрамдатып, тобылғы толы сыраға бас қоятын кезі. Мен орын қамдап бола бере Еркебұлан да жетті. Бойы өсіп маған таяп қапты өзінің, ақшыл жүзі бидай өңденіп, бетінің ұшын қызыл жіпшелер торлаған, бал-бұл нұрланып тұр. Өзі жаз жайлауда болған. Алдымен жеткен бірнеше сабақтастармен қауыша, қаланы думандатып жатқан шәкірттер қауымының қатарына барып қосылдық. Сайланды күндер тез-ақ өтеді екен. Мен асыға күткен сәрсенбі бүгін. Алып ұшпа көңілмен құс ұйқы таң атырып тұрып, жуынып, шайындым. Бір киерім сайлалы-тын. Галстук тағындым. Еркебұлан – кеше хат алған. Астана – Пекиннен Ма фаң жолдапты. Қазан айына келуін өтініпті, балет-би институтына қабылдану мүмкіндігің бар депті хатта. Жудық. Еркебұланым тағы бір мәрте Пекинге «барып» қайтты. Оятпадым. Жүрегімнің қағысы жиілеп барады. Екі мәрте қақтым, енді үшінші мәрте қаға бергенімде есік ашылды. Жұлдыз... Жұлдызым менің! Жайлап шегінді. Жайлап есікті жаптым. Жұп-жұмыр төсі жаңғақтай қатты екен, кеудеме соғылды. Шағаланың аппақ қанатындай айқара керілген құшақ мойнымды көмкере асылды. Қайқы, қандауыр кірпігі шықтанып жанарына құлады, ақ ұлпа бетін бетіме басты. Мен – ернін іздедім. Таптым. Көкірек өзегімнен тараған сиқырлы толқын шартарапқа жүгіріп кетті. Қадала өпкен күйі көтеріп алдым. Расында жеп-жеңіл екен. Бір аттам жерде төсегі... Біз – ессіз едік, еріп, балқып бара жатқанбыз. Құладық. Ақ жібек көйлегінің жоғарғы бірнеше түймелерін ағытып, иығынан қаусыра төмен түсірдім. Күміс тұмар көзіме оттай басылды. Былай алып қойдым. Кішкене ғана қара барқыт түймелі қос анарына қатты бастым. Кішкене ғана қара барқыт түймені тісіммен ептей қасып, ақ қағаздай тамағынан аймаладым. Онан ары... Онан ары екі тән, екі жан бірігіп кетті. Бұрын-соңды татып көрмеген тәттіден де тәтті пәни ләззәтінің шамырқана шеңбірек атқан толқынымен қоян-қолтық айқалас кетті. Ту жүректен суырылып, тамыр-тамырды едел-жедел шарлаған ғажайып ағынның ақыры түпсіз терең, шексіз кеңістікке құлаш сермеген шағы. От пен от тайталасқан, бар дүниені жалын жайлап кетті. Онан ары...
Онан ары мамыражай жұмақ төрінің өзі – мәңгілік ләззәтті мастық қалықтап алып бара жатады. – Бақыт дегеніміз осы шығар, Ермың... – Сенің бақытың, менің бақытым – Жұлдыз. – Одыгеріл де. – Баяр сені осылай деп атап еді. Одыгерлі... Жұлдыз ба сонда? – Жұлдыз сәулесі деген. Мен – моңғол, сендерше – қалмақ қызымын. – Мен білем. – Түбіміз бір ғой, е? ! – Тегіміз де. Сен секілді періште басқа әлемнен келсе де, бәрібір мен қол созған болар едім. Енді сен менікісің. Ғұмырлық құмарым, қуанышымсың. – Сүйем сені! – Сүйем сені. Одыгерілім, менің... Тағы бір жаңа оқу маусымы басталды. Уақыт зымырап өтеді, баяғыша. Біз етене болғанда, Одыгерілдің менсіз, менің Одыгерілсіз күніміз жоқтай. Көз ала берсек-ақ сағынысып қалатынбыз. Қауышып тоя алмайтынбыз. Біз қаладан бір бөлмелі үй майлап алдық ақыры. Жас отауымызды тек Еркебұлан ғана білетін. Қытай заңында – оқушылардың махаббаттасып, үй болып бірге тұруы емес, тым жақындап кетсең тектелетін. «Айыбың» білінсе оқудан қуылып, ауылдан бірақ шығасың. Қайталай маңын басу мүмкін емес. Мүлде! Біз көзден таса, баяшат тірлік кешіп, ерлі-зайыпты күй көріп жаттық. Өзіміз тамақ даярлайтынбыз. Бірден бір қонағымыз да, жанұя мүшеміз де Еркебұлан еді. Ол астанаға бара алмады. Қаражаттың жоқтығы қолбайлау болды, оның үстіне оқу орны да рұқсат етпеген. Бірақ үзбей хат жазысып тұрды Ма фаң екеуі. Түбі сонда барып оқуын жалғастыратынына сенімді еді Еркебұлан. Кейінгі кезде жиі-жиі хат алмасатын. Одыгеріл – Ішкі моңғал орталығы Көк Хұтта, сыртқы моңғол елінің астанасы Ұланбатырда тума-туыстары барын айтып жүретін. Қандай шақырту келгенін ол айтқанда мән бермегенмін, өзі де ол жайлы тереңдеп білмесе керек. Әкесі астанашыл боп кеткен еді, айтатын да ізінше қоятынбыз. Жоңғарға тағы бір көктем келді. Менің де, Одыгеріл – Жұлдыздың да соңғы жылымыз. Диплом алған күнді үйлену тойымыз деп жариялап, сосын ата-анамыздың алдынан өтеміз деп шешкенбіз. Жұлдыз талғақ-ты. Бүгін сабақтан ерте босанып бірден үйге тарттым. Айына бір мәрте берілетін тұрмыс пұл тиіп, жолай жылқының қазыны сатып алдым. Жұлдыздың сүйікті асы еді. Қазан көтеріп, өзі келгенше балқытып асып қоймақпын. Әне өзі де келе жатыр. (Үйдегіміз алдынан шығып сүйіп қарсы алу әдетіміз-тін). Есік аштым. Аштым да аңтарылып қалдым. Ақ жүзі қан-сөлінен арылып бозарып кетіпті. Ауыр басып қасымнан өтіп кетті, маған мән берген жоқ. Шешінбестен төсекке сылқ етіп отыра кетті. Мен әбігерге түстім. Мұндай мінезі өмірі болған емес-ті. Сұраулы жүзбен тімтіне барлап, қасына отыра аймалап сүйе бастап ем. – Әкемдер келіпті, астыда тұр. – Шақырмаймыз ба, кірсін. Барып өзім ертіп келейін, онда. – Кететін болыппыз, біржола. Көз жасына ерік берді.
– Бір жола... Қайда, сонда... Ішім мұздап сала берді. – Сыртқы моңғол еліне кетуге берген өтініші қабылданып, Жүңго азаматтығынан шығып та қойыппыз... Шекарадан өтер күн де белгіленіп болыпты. Ағыл-тегіл боздады... Мен қайтем... енді... Ермың... Бүгін мектептен мені босатып алды. Үйдегілер Үрімжіге тартып кетіпті. Әкем мен ағам жолай мені ала кетуге түсіпті. Осыдан тура – Пекинге... Ары кешікпей Ұланбатырға ұшамыз екен. Айтшы, Ермың, мен қайтем енді?.. – Жүр әкеңмен сөйлесейік. Бар жайды айтайық. Ет жүректі пенде ғой. Жүр! – Қайран жоқ. Қатайып алған. Мінезі сол. Баярдан бар жайға қаныққан. Жалындым. Жалбарындым. Қалдырып кет дедім. Бар болған жайды айттым. Жібімеді ғой... Ах, Ермың-ай!.. Менің өлгенім артық қой, сенен тірі айрылу, маған – өлім... Жүзі татарып, аппақ шөлмектей болып құбылып ішін саусақтарымен бүре құлап бара жатты. Мен қапсыра құшақтай алып бауырыма баса түстім. Қайту керек мұндайда? Есім шығып кетсе керек, аузыма сөз түспейді, мәңгіріп қалғандаймын. Қайратты қолдар... Бірнеше қайратты қол құшағымды жазуға тырысып, Жұлдызды... Жұлдызымды суырып алып бара ма. Бейтаныс екі кісіден басқа Баярды танып ұмтыла беріп ем, құлақ шекеме ауыр соққы кеп тиді. Көз алдым лап етіп отқа оранып барып ұшқынға... мың сан ұшқынға айналып тарап, өшкін тарта берді. Қараңғылық масылдай басып төніп келеді. Түпсіз тереңге тартты, енді. Уақыт емдеп жазбайтын жара жоқ дейді. Баяр шекара асардың алдында ғана орындықпен ұрып салып кеткен жара жазылды. Қазір ізі де жоқ. Ол – тән жарасы ғой. Жан жарасының ем-домы тек, уақыт болмаса керек-ті. Оқушылық өмірмен бірге – Күйтіндегі күндерде тамат-тамам. Онан кейін де бірнеше мәрте Сайрамнан ары-бері өттім. Аялдадым да. Сол баяғы мінез – Сайрамға ғана тән, сырлы да сиқырлы мінез. Өзгермеген. Өзгерген тек – шұбат сатқан қыз жоқ, енді. Анау самырсындар етегіндегі жаныма жақын ақбоз үйлер жоқ енді. Жоқтығы – бір жола жоғалған менің үмітім. Көлге көз салу – ауыр. Жұлдызға қарау – тым, тым ауыр, ең абзалы, қарамауға тырысу керек екен. Еркебұлан дегеніне жетті. Енді ол, сонау Пекинде, Ма фаңның қақ жанында жүр. Оқуын аяқтап, астанада жұмыста қалды. Бақытты ма? Бақытты. Менің де зар тілегім орындалған. Қазақстанға қоныс аударып, Алатауымның бауырында, Алматымның... Ғажап Алматымның төрінде – ән шырқап, өлең жазып. Атамекеннің Айкерімі, Жетісудың бір аруын жар еттім. Өмір кітабының жалғасы жазыла бастағандай. Бірақ... Ойлай бересің... Оның жүзі толған айдай толықситын. Оның қиғаш қасы, қиық көзі шәрифлы қаламмен тартқандай. Оның мөлт қара шашы қойны сарқылмас ләззатқа толы қара түнді елетестетер еді. Оның жұп-жұмыр аршын төсі, бір ұстамдай-ақ белі ше?! Мың бір түндегі шахизада дерсің. Оның жай жүріп, әсем басқаны қандай еді шіркін!? Оның... Иә, оның ұлы болмысы, жаратылысы жарық жалғанға бір тәңірі ғана жіберген шеңдессіз, теңдессіз сыйлықтай еді. Өкініш – осының бәрін шып-шырғасыз лезім тарту етіп, шып-шырғасыз лезім ғайып етті. Өзекке ұялаған қасірет, нала мәңгілік-тұғын. Жылдар жылжып өтті. Қара жер қанша мәрте түледі. Тән – дәнденіп, жан-
жаңғырықты. Мұңның жүйке жел-құзындай ізі терең түкпірінде тұнбаланып, уақыт безбені без бүйрегін сылған сайын сарайың ашылып, кең... кең тыныстай бастайсың екен. Шер толқып – өткеннің жабулы қақпағын қозғап ашып, тегін тектер, тереңнен қауға тартар күн туғанда ойлайсың, ширық ата толғанасың. Сосын кескін уақытты қасіреттен гөрі, Тәтті тәбәрәкті мұңға өңірі айнала берген өтмішті мәнді түрде еске аласың...
СОРКӨЛ
«Мен – бұл – тырнақ алды туындымды Хан-Тәңірінің бергі бет, арғы бетіндегі елін, жерін сүйіп, қадір тұтқан ұл-қыздарға шын ниеттіммен арнаймын. Автор.
Таң біліне қалыпты. Әлсіз жарық лыпасыз терезе көздерінен ішке құйыла бастаған екен, жан-жүйеңді кеулейтін азап таңбалы бебеу – Әлімсейітті орнынан тұрғызды. Еңбектеп барып Сауырдың үстінен сусып түсіп қалған тулақты бөксере қайта жапты. Алакеуіммен мен мұндалаған ақселеу сақалдан діріл білінеді. Сырыл едел-жедел көтеріліп басылған көкіректен тартылып тұр. Маңдай терісі жиырылып, қабаққа шоғырлана тарс жұмулы көзге төнгені едәуір салмақты науқастың таңбасындай еді. Қасына жүгініп отыра тұрайын деп оқталған Әлімсейіттің көкірегіне қордалана қалған ащы өксік лезім кеңсірсігіне теуіп көзінен бұршақтады. Езуіне ілінген ашқылтым тамшының дәмін алып Сауырдың жанынан ажырады. Жылауық есікті еппен ашып-жауып сүреңсіздік жайлаған лашықтан ұзай берді. Тән әлемін жайлаған жан ауыруының шабуылымен тіресіп кірпік ілмеген Сауыр Әлімсейіттің әр қимылын сезіп жатқан, терезе жақ қырына әупірім аунап түсті. Лек-лек қиялдың ендігі бір тұсы – Әлімсейіттің тағдырына ойысты. Көп жылдар бұрынғы Семей сапары суыртпақталып жалғаса берді... Көктем кетіп сары күзде қажылықтан оралған Сауыр қажы Жетісуына, аспан таудың күнгей бетіндегі кіндік қаны тамған топыраққа табан басып, кәусардай ауасын жұтып, жаны жай тапқалы да көп бола қоймаған. Көр азабы аталатын жол азабының белгілері көмескіленіп үлгермей, бірге қажығаласқан Мекке жолдас Мұхаметжан қажыдан үшбу хат жетті, Семейде. Осы жолы Меккеде Орта Азиядан оның ішінде Қазан, Уфа, берісі Қызылжары бар, қазақ даласының түпкір-түпкірінен келген бірқауым көп қоналқыда басқосқан. Сол сұхбаттасуға Стамбұлдағы түркі діни орталығы Шайхул исламның шоң діндар ғұламалар шақырылып уағыз айтқан. Олар. Түркі тілдес мұсылман сүниеттерінің мақсат түйістіріп, бас біріктіру жолында қауымдасып, шаруа жасалық деген ұсыныстарын ортаға салған. Ал енді Россия мен Қытайға табын отыз бес миллион мұсылман үмбеттерінің жайы сөз болғанда, Татар, Ноғай, Өзбек, Қазақ, Ұйғыр және басқасы бір пікірлескен болатын: Сонау шалғайда жатқан Шайхул исламды темір қазық етеміз бе немесе, өз отанымыз орынққан Орта Азияның мәлім бір жерінін бас бірлік орнын сайлаймыз ба деген екі ұдай пікірмен тарасқан. Хат – осы шаруаның келер жөн-жобасына орай өткізілетін бас қосуға атап шақырылған жайды баяндапты. Сонымен отбасы өрістеріне өзі жоқта үнемі бас-көз болып жүретін туған інісі Манасты шақыртып алып бар гәпті түсіндірді. Аға көңілін, ой ауанын қапысыз түсінетін қайырлы бауыр үнсіз келісті де, бір бозалатаңғы сәресіден соң, сәт сапар айтып, атқосшымен аттанып кетті.
Жолай Алматыға соғуды ойға алмаған еді, жайылма ағысты Іленің көп өткелінің бірінен қапысыз өтіп алды. Алатау сілемдері бұлыңғырланып алыс қала бере, ауданды жазықайлар таусылып бермейді. Елді – күнді мекендердің үстімен Сарыөзек, Үштөбені қалдырып, суыт жүріспен Матайға ілінді. Осында ат ауыстырып мініп ілгері озды. Алда Көкшетеңіз – Балхаштың шығысқа сұғынған жағалауы жатты көлбеп. Бітік селеулі төбелердің көл жол қырқасына басып көкшіл толқындарға таяу келе жатқан бұларға үйме-жүйме тұрғызылған лашықтар кездесті, таяй келе байқады жыртылып айырылған Көкше теңіздің балығына тарта орныққан қарашекпендер болып шықты. Кісінің санындай табандарды ұзыннан жарып, керме тартып іліп тастапты. Жайлап жанған оттың түтіні теңіз желімен шалқып, шалып тұр кебе бастаған кешегі су еркелерін. Мұжықтар айдынға дендеп әуре болмай-ақ, жағалаудан ау тартып тұр. Қара қоймалжыңданып толқыған шағын ау аумағынан көкке секірген көк серкелердің бауыры жарқ етіп көрініп қалады. Құмдаққа жайрата жайып тастаған көп балықтың шетінде күс басты бақал саусақтарымен мелжемді балық сүрінен сарғыш етті жұлмалап аузына нығарлап, малжаңдап тұрған жирен сақалды, ет-жеңді қартамыс мұжық алдарынан көлденеңдеп тұра қалып, ет сықалған аузы сөйлеуге келмей, қолдарын ербеңдетіп бірдеңені меңзегендей болады. Сауырдың онысынан межелегені мына балықтан қанша алсаң ал да, ана, жетектегі аттарыңның бірін бер дегендей еді. Қоңырсыған түтін мен ысталған балық иісінен онсыз да асқазаны әлемтапырық боп келе жатқан қажы, мынау ісі, іргесі бөлек жатақтан арылғанша асық еді, атына үсті-үстіне қамшы басып желіп кетті, атқосшы бала қолымен мұрнын басып ілесе жөнелді. Көл жиегі сонауда қалып, бұлар енді белеске көтерілді, етекке ілінсе, одан ары Семей топырағы, Ақтоғайдан Аягөзге дейін әредік ұшырасар күзеу, қыстауларға келіп ірге көмген ауылдар қолайлы қоналқы. Аягөзден ары төте жол елсізбен тартады. Семейге дейінгі ұзақ аралық та енді басталды. Алла жазса деп, ойлап қойды Сауыр қажы, қар суымен қояберіліп, жаз бойы шөп түйгінімен су тұнығын жайлаған жетегіндегі сәйгүліктеріне сүйіне көз тоқтатып, аман-есен Семейге де жетерміз? Жолға деп алған азығымыз да молынан. Қосшы балаға көз қыдыртып еді оның жан дүниесінен де өз ойын оқыды. Аттарынан түсіп, айылдарын тартып, бөктеріншектерін мықтап, қайта міне, зар желіске салды. Оң мен солға қара Ертіс қақ бөліп жататын Семей қаласы. Сауыр қажыға мағлұм болатын. Құм, топырақ араласпа борпылдақты көшемен аттарын аяңдатып отырып, ауқаттылар қоныс тепкен темір шатырлы ағаш үйлердің қызыл, көк, сары бояулармен безелген дарбазаларын шола, келе, Ертістің солығы жетіп тұрған маңнан, әйдік төрттұғырлы, темірленген төбесі бар танымал сарайды айдынға күн құламай тауып алды. Мұқаметжан қажының қонақтан кенде болып көрмеген құтты мешін шаңырағы, бұл кешті де алқақотан отырыспен өткізетініне шүбә келтірмеген. Айқара қақпадан кіре, дізгіндеріне жармасқан жансебіл жігіттердің қошаметі арасында, үй иесінің де төбесін танып қалды. Қара барқыт төбетейін сәндеп қондырған кере қарыс маңдайлы, әдемілеп басылған дөңгелек сақалды ашаң жүз көзі күлімдеп,
Сауырға құшақ жайды. Ыстық аман-саулық ұғысудан кейін, қағыныпсілкініп, жуынып, дәрет алған-ды, жол киімдерін тастап атқосшы баланың көмегімен шыт жаңа Жетісулық үлгідегі тақыр құндыз бен жиектелген, бозғылт түсті шұға бешпет шалбарын иініне іліп, кең мол тігілген зер кестелі шапан жамылды. Алыс жол, атқа соқты боп жеткен досын – үй иесі бірден қонақтардың үстіне апармай, оңаша бөлмеге ас-суын әзірлеткен екен, ұшыпқонған жансебіл жігіттердің күтімінде, Сауыр қажы мен қосшы бала ас мәзірінің бар түрі табылатын қоян жон дастарқанның төр жағына жайғасып, қаймақ қосқан күрең шайды сораптап отырды, енді. Қонақтар отырған кең бөлмеге үлкен тамақ тартылар мезгілге жолай ұсыныс етілген Сауырға, орнынан тұра жамырай келісіп амандық-саулық сұрасты бәрі. Мұндағылардың дені өзімен қажылас жолдастар болып шықты. Сыйлы астың алды-артын да қол шаюға арналатын бабы мен жылытылған судың өзіндік ырымдық тәртібі бар. Ас келерде шай құюшы жайғасатын шеткі орыннан бастап есікке қарай құйылады. Кір кетсін дегені. Ас желініп бата қайырылғаннан кейін, есік жақтан шай құюшыға қарай керісінше болады. Май қалады дегені. Қолының қарына жібек шілтерлі түкті орамал ілген жігіт-шылапшын мен жез құманды қонақтар алдынан қыдыртқанда осы тәртіпті бұзған жоқ. Ақарыс аға баласы жолымен басқа батаны Сауыр берді, биылғы марқаның бірнешеуінің тұтастай еті алдарына келген-ді. Жаз жайлауда сойылып, баппен кептірілген мейіздей тайдың семіз телшесі, қазысы, басқа да сыйлы мүшелері, жапырақтай туралып, нарын мен тұздық араласқанда дәмі тіл үйірер еді. Тұлыпта тоңданған қышқыл сүзбе қатылғып, сырлы аяқтармен қыдырыстаған сорпаны тамсанып сораптады. Межлемді ақ қыш кеселердің керденінен аса меймілдеп, кеңсірікті қытықтаған күздің пісуі жетіп, бабы келген қымызы дастарқан жаңаланып, қол майдан арылғанда келіп еді, әңгіменің тиегі ағытылды. Қажыда сапарлас болған кісілер бару-келу кезіндегі айта қалсын әңгімелерін айтысып, біраз гуілдесіп алысқан. Кеп ел жайына ауысқанда Семей, Өскемен, Зайсан, Балқаш бойы, мұқым Жетісу алқабына құлаш сермеп бара жатқан келімсектер қарасының күн санап көбейіп бара жатқандығы, ақпатша кезінде, жол-жөнімен, шекті санымен келетін-ді, мынау қызыл патшасы солардың шеңберінен шығып, үстін көме төгіп жатқандай. Қазірше қалт-құлт ақтар билігі жүріп тұрмағанмен, құрдымға кетер жері де көрініп тұр еді. Ел жайсаңдарының көкейінде түйе бастағаны жолындағының бәрінің өңін теріс айналдырып бір дүрмек, дүрмек болғанда да орасан күш алған тегеурінді дүрмек жөңкіліп келе жатқан. Қаланың беделі асқан, бардамды кісілерінің аяқ астынан тонауға түсіп қалуы, өзінің малшы-жалшыларының өре түрегеліп, тіл безеп, шоқпар сілтеуі, неде болса жақсылықтың нышаны емес еді. Жетісудағы ақ атамандары мен Қазақ орыстарының соңғы кезде қақпан қапқан тағыдай, өзімен-өзі алпарысып, бөріге қалғаны тегін емес екен ғой деп түйді, Сауыр. Ана бір жолы інісі Манастың, Жәмеңке болыс шақырған жиында Әбдікәрім, Өмірұзақтармен сыр алысып қайтқанда өзіне айтқан жайдың шындығы алдынан шыққандай. Ақпатшаның тыңдаусыз кетіп бара жатқан аранына тосқауыл қойып құлашын кертіп, қарымын сындыру сөз болыпты, Ғазауаттан
ада, таза дін жолындағы Сауыр түршіге тыңдап, түпкілікті ой айтпаған, бірақ. Көңілдеріне алаң жүгіріп, көкіректері күпті тарасты. Бір-бір рудың басындағы өңшей ығай мен сығай. Діндарлар мақсұт еткен іс шешімін таппады. Қазаннан, Уфадан келеді деп күтілген істі бастауға түрткі болған, қонақтар келе алмайтын болды. Аумалы-төкпелі заман. Жағдайлары түсінікті еді. Дінсіз өкіметтің кәрі мен зәрі, тобы мен оғының көзеу, көксеуі бірінші кезекте құдай үйі мен құдай құлдары болмақ-тын. Айтқыш темірді, алтындаған күмбездері айбатты еңселі ғимарат – жергілікті ел аузындағы Ақшіркеу – Славяндардың шоқынатын орны-тұғын. Бертінде аш-арықтарды, кәріп, кәрілерді желеп жебейміз деп, он беске тарта қазақ, ноғай балаларын жинаттырған епископ оларды өз дініне шоқындырып алыпты деген дақпырттың шындық екеніне көз жеткізген мұсылман мешітінің молда, қожалары, имам, хазіреттер және ел ағаларының ат салысумен көз алда-ақ, кәпір боп бара жатқан қара көз, қара домалақтарды тегіне тарту, мұсылмандық, бәрінен бұрын адамдық парыздары санап, даудамай ырғасулардың нәтижесінде ата-анасыз, бейпана өспірімдерді Ақшіркеу епискобының қамқорлығынан айырып алған-ды. Мешітке шәкірттікке қалғаны бар, қала кісілері белсеніп шығып бауырына басқаны бар, бір шаруа болса да сәтімен жөнін тапқан. Жас шамасы тоғыз ондардағы АлексАлиюшка аталып кеткен, Мойылдай қара көзі жаутаңдаған Әлімсейтті балам деп мейір танытып, жалбыраған қоңырқай шашынан сипап, маңдайынан иіскеді. Әкелік қамкөйлілік Жетсіуға өзімен бірге ала келді. Лашықтан ұзап күн шығар жақтағы қырқаға беттеген беті күндегі машығымен қыр жотадағы ақ мөлдір текше тасқа шықты. Жаңағыдай емес еді, қоймалжың күңгірттік ыдырап, бозамықтанған маң, тегіс көзге ұра бастаған. Сонау да, Үйсінтау көлбеп жатыр. Үшкіл, сүйір шыңындағы мәңгілік қар нарттанып тұр, шығып келе жатқан күн нұрын осы өңірдегі бәрінен бұрын көріп, бәрінен бұрын куәдар болатында сол – Хантәңірі. Әлімсейіттің көзі де, көңілі де тау жақта. Қасқыртіс шоқылардан ыра төмен бел ортада текшелік. Текшелік тепкішектеніп көлбейді. Қабақ көзге анық. Аржағы «Соркөл» жиегі күн қақты сорланып жататын тұздақты, ауданы атшаптырымға жете қабыл қазаншық көл. Табиғаттың ығына қарай бейімделіп, бірде толы, бірде орта. Сайсала қуалаған қар суы бастаулы бұлақтар кернеген көктем, қақтап арнасынан шегерген шіліңгір ыстық, күз жауынымен молыға келе қара күзде – ақ көк жалтыр мұз құрсанып үлгерді. Қыс бойы қармен қымтанып ақшаңқан мидай жазық көз алдайды. Аң-құс жуымайды өзіне. Маңына қылтанақ өспейді. Соркөл – сорлы көл атанғаны да содан болар деп түйетін Әлімсейіт. Тоттанған темір түстес қорым, қожырлы қойтас, көлден сәл төмен орныққан. Бұл тастар да үйсін тауында сирек, тіптен жоқ десе де болғандай, жұмбақ дүние. Содан қашқандай жыра, жықпылды өзектей ыстыққа төтемді ырғай, тасжарған, тобылғы, топаңғылы орманшылар етектей келе ені тарылып, қысаңдана беретін «Нөсерсайына» саятын. Жазықты қақ жарған Нөсерсай Әлімсейіт отырған текше ақтастың тұсына келгенде жазықтай тартады. Жазықайда бей-берекет орныққан,
қалай болса солай тұрғыза салынған лашықтар, жазықай тарыла келе қысаңданған тұсына дейін созылған. Ана бір үй сымағы Әлімсейіттердің – Сауыр қажының от жаққан орны саналмақ. «Маңқ» еткен дауыстан оқыс селт етті. Алдыңғы бір аяғы жарақаттан шорланып біткен қара төбет екен, өзінен жоғарырақта отыр. Мына жатақта қалған жанды жәндікпен қалған жалғыз көз осы ғана. Оқ тұрып қалған аяғынан ауырсынып, үй іргесінен ұзамаушы еді байғұс, міне, мына жерге шығып алыпты. Төбет қазандай басын кекжитіп тау жаққа қарап үздік-создық ұзақ ұлыды. Қосүрей Әлімсейіт тілін кәлимаға келтірді. Төбетті тыйған жоқ, өткен күндердегі өзі, өмірі ойына орала бастаған-ды. Шыңғыс сыртын қазақ, ноғай аралас жайлайтын. Күндердің күнінде, жайлау үстінде, үріп ауызға салғандай уылжып тұрған әйелі бар жас жігіт пайда болды. Тегі былай болған: Серілердің жолын қуып біраз өнердің жөнін білген пысық жігіт, өзі бағатын жылқының иесі, байдың ұзатылайын деп отырған қызына ойы кетеді, өлердей ғашық болады. Дертінің емі табылып, ебі келген сәтте екі көңіл жарастық танытып, екі жүрек бір соғады. Таңда табысып, талықсып татысулары жиілей келе, ғұмырлық қосақ болуға серттескен. Серттесіп қана қойған жоқ. Қыз құрсағына түскен тамшы қан қайрар жыйып, жандана бастап еді, сәтті кезін күтіп жүріп, түннің бір зымыстан қараңғылығында Ақмола үйесінен ауа, шегінген кетіп, Семей паналады. Көлденең көз сұғынан таса іздеп, ақырында Шыңғыс сыртын ес тұтып ықтасын сезінген. Өнерлі жігіт, он саусағы іскер де, ісмер сұлу келіншек көрші-қолаңмен тез-ақ шығысып кетті. Үйір айқастық көпке жеткізді. Көп көмек қолын созуға қашан да дайын емес пе. Құрап, қынап дегендей, қара қос бой көтерді. Шаңыраққа шаттық әкелер сәби де кешіккен жоқ, шекесі торсықтай Әлімсейіттің шыр еткені шілдехана бастатқан той-торқаға, жұпыны, бірақ, шын көңілмен жалғасын тауып жатты. Араға жыл салып тағы сол жайлау үстінде көрші-қоламды «жылқышы,жылқышы келді!» дегізіп , қыз келді жарық дүниеге. Қабақпен ұғысатын ерлі-зайыптылар сәби күлкісін бөлісіп, қара қостарында қоңырқай тірлік етіп жатты. Сақараның өз шөресі бар. Барымта сарымтасы. Шауып кетті, алып кеттісі. Таусылып берген бе?.. Тыныш түнді кернеп кеткен сондай бір дүрлігу тік тұрғызған отағасы иініне ілінгенін іліп тысқа шықты да құлақ қойған-ды. Аттанданған дауысқа қосанжар азынаған айғыр мен шу асау биелердің ышқына кісінегені тепті. Жылқыға жау тигені белгілі болды. Қостан ұзай қоймаған атының тұсамысын ағытып, жүгенін іле жайдақтай қарғып мінді, босағада шаншулы тұрған шоқпарын ала сарт та сұрт сойыл үні жаңғырыққан тұсты бағамдап, қараңғылыққа батты. Ел қайсы, жау қайсы, алғашында қай топқа кірерін ажырата алмай аңтарылған. Сәл тұрып бағамдай бастады жарақтылардың бір тобы шегіншектей сойыл сілтеп барады екен, тайсақтаған жау болды. Бір бүйірден киіп кеткен. Қарсы келгеннің бірін шекелей құлатып, тағы бірін дізеден қағып өтті. Сол жағы қараң ете қалып еді үлгірмей қалды. Қара құстай шүйліккен қара алпамса сұлба сойылын сілтеп те қойған еді, қатты соққы шүйдені ойып ішіне түсіріп жіберді. Дене зілмауыр тартып, былқ-сылқ етті, жансызданып ат сауырынан жайлап
сырғып жерге түсті. Миға қан құйылған, тіл тартпады. Тағдыр байлам жасаса шара тауып боларма, екеуі де кішкентай көген көздерімен зар жұтып қала берді жас ана. Дәм тұзы тірліктен сарқылып, сөнген шырағы қайталап жанбас, енді. Жалғыздықтың тақсыреті де, қол ұшын берер жақсының жақсылығы да осындай қара жамылған кезде сезіледі. Көптің көмегі арқасында бақилықтарға бағышталатын пәниліктердің парызы – өлген ерінің жетісін, қырқын жөнелтті. Туған ай тураған еттей деген, басшысыз бас, ерсіз үйелмен қайта үйірге қосыла алмас еді. Күйрегеннің үстіне күйрей түскен күй. Мал соңында, от жалында өтер дала тірлігі жалғызілік, жесірге ауыртын. Қылар қайран бар ма!.. Екі шикі өкпені қалай асырар екен. Арысының орнын басар кім бар бұл жалғанда. Жоқ! Жоқ! Қырына алып сөз тартқандар да, өзелене өңмеңдеп әлім жетті жасағысы келгендер де жетерлік еді, ой толғамының иірімденген тоқ етері күйеуімен андалығы бар келімді кетімді, бұлғақсық көрінген саудагер ноғайды жағалап, қала кету болды. «Қайратым қайта қойған жоқ, екі кішкентайымды бағып қағуға қаужал болар екі қолға бір жұмыс табылар» деп сендірді өзін. Әлсіздіктен әлдену оңай бола қойсын ба, оның үстіне жолы жіңішке әйел заты, ерлерше апырып-жапырып жіберу қайдан дейсің. Ноғай саудагердің тар бір бөлмесіне жайғасқан-ды. Қыс бойы ет тоңазыту орнын төңіректеп, жазында қолымен тіккен тақия, тұмақ, кәзекейлерін көтеріп, Әлімсейіті мен өзінің тамағын асырап жүрді. Өзі де әлсіз тұлып еді, кішкене қыз қалаға келген алғашқы қысында шешектен шетінеп кетті. Әлімсейттің сегізге толғанында, жасына жетпей кәрілік дендеп арса-арса болған жансебіл анаға айықпас дерт жабысқан. Ет тоңазыту орнында ұзақ қыстарға көк аяз ішек қарын мен алысудан сүйекті қапқан суық көкіректі алған екен. Өкпе пен қабырғаның арасынан кернеген сары су өте келе жан жегісі құрт ауруына айналған. Жуан-жіңішкеріп, жіңішке үзілермен көкек көкиіп туғанда мұрттай ұшты. Қарайласып тұратын ноғай да жоқ. Жақсылық жасап бір бөлмені бұларға басы байлы қалдырып, басқасын сатып бір жола Ресей асқан. Лоқсық аралас жөтел көкірегін буып тынысын тарылтты. Естүссіз қала беретін аурудың жайын білер пенде баласы жоқ еді. Кәмелетке толмаған Әлімсейіт не істей алар еді, көзі ісіне көгілжімденіп, ерні кезеріп, тілкімденген хал үстіндегі анасының аузына қасықтап қана жылы су тамызуға жарап, боздап отырған боз ала таңда ана, жан анасы тілге келіп еді. – Құлыншағым... Сейітжаным.. кешір мені. Жалғыз қалдырып барамын... тапсырарым кім?... Қарайласар кім бар?... Күнің не болар екен бейшара балам? Жал құйрықсыз жетімегім... құ-ұ-лы-ы-ыны-ы-ым... сыбыры да естілмесе айналып буылып өшіп бара жатты. Кеудесін алған сырыл күшейіп, көздері шарасынан шыға, ең соңғы қайратын танытып ыңыранды. Басын әнтек кекжитіп барып сұлық түсті. Ана үзілді. Ерте көктемде басталған Әлімсейіттің қорғансыз күндері жалғаса берді. Ертеден қара кешке дейін кішкентай қарнының қамы байыздатпай кезе беретін. Төрт құбыласы толық тоқ адамдар сезіне қоймас, бірақ өмірге келгеннен кеткенге дейін қыбырлаған көзге көрінбес жәндіктен тіршілік иесі адамға дейін бір тойыну үшін жан ұшыратыны ақиқатты жағдай-да.
Кішкентай жетімекті де қараптан қарап жатып ашығу, ашығу арты үрейлі өлім екені қамшылап мойнына қайыршы дорбасын салғызған. Қайыр көріп, асқазанына түйір түспеген аш бала қаланы кезе-кезе әлі құрыған. Көз алдында қызыл ала жалқаяқ сағым ойнап, дәрмені сарқылып, там бұрышына сұлап түсті. Тәнін жер тартып, ауыр ұйқы тапап барады, өлген деген осы шығар әлде деп ойлады, жан ауырмай тек қарнының ашқанын сезініп жатып жан тапсыра салмақ па сонда... Ойлады. Өшіп барады... Рас!... – Тұр орныңнан балақай, – деген дауыс түсінде естіліп еді, белінен демеп тұрғызып жатқан қайратты қолды сезінді. Көзін ашты. Тұманданып тұр. Тұман ішінен ұзынша қара бөрікті, маңдайындағы жарқыраған айшықты таныды. Ақшіркеу мұнарасынан сан көрген айқыш көкше көзден басқасы жирен сақал. Белі қыналмаған ұзын қара шапан. Мойнында жалтылдақ бау, бау түйіскен кеуде тұсында және бір жылтырақ айқыш. Одан ары байқауға шама келе қоймады, өзіне белгісіз қараңғылық тартты. Өзінен недәуір үлкені де, өте кішкенесі де бар, бір топ балалармен қауышты. Ыстық бұлауға тоғытылып, бір қабат терісі, жоқ кірінен арылды. Су жаңа қара түсті матадан тігілген киім кигізіп, қарны тойғанша тамақтандырды. Аз уақыттан кейін балалармен орысша сөйлесе бастады. Дені қазақ, ноғай балалары екен тез-ақ үйірілісті. Орыс тілінен басқа тілде сөйлеуге болмайды деп түсіндіреді. Епископ әкелері ұзақ-ұзақ уағыз айтады. Інжілдің ұлылығын христиан дінінің абзалдығын, Мәриям ұлы Христанның адал құлымыз дейді. Әлімсейітке бәрібір еді, тамағы тойса, киімі бүтін болса ненің болса да ығына құлай бермек. Таңғы намазға шығатын мезгіл өтіп бара жатыр, ешкім келіп оятқан жоқ. Өздері тұрып киінді, жуынды. Тамақтың да қоңырауы қағылмады. Аң-таң. Түс таяй бере әкелері келді, қабағы түнерулі, – бәрің қақпаның сыртына шығыңдар, – деп бұйырды. Ақшіркеу сыртындағы кісі шоғыры молаң екен, ақ сақал, қара сақал сәлделілер бай, мырзалар, білікті, беделді ел адамдары да келген көрінеді. Әлімсейіт еш нәрсенің байыбына бармады, қайтерін білмей аңтарылып тұрған. Ісмер қолдан шыққан қамшысын сүйретіп, өзіне таяп келген дөңгелек қызыл шырайлы дөңгелентіп қойған әдемі бурыл сақалын баппен саумалай, тікше сұңғақ денесін сәл иді. Қоңырқай жанарынан шапағат төге, өзін барлап тұрып тіл қатты. – Атың кім балақай? – Алиюшка, Алекс... жо-о-қ, Әлімсейіт – аузына түскеннің бәрін айтпақ еді. – Ата-анаң қайда? Руыңды білесің бе? Анасын есінен екі елі шығарып көрмеген, Әлімсейіт. Кеңсірігі ашып, көзі буланды. – Бәрі өлген, шешем осы көктемде өлді. Әкем ерте өліпті. Қарындасым да өлген. Шешем айтатын орта жүз деп, орта жүз руы... Сауырдың көзіне жас келіп қалған, мұрнын кеулеген өксіктің бір ұшы көкірегінен тартып тұр. Жалбыраған қара шашынан сипап, маңдайынан иіскеді, бетінен сүйді. – Сен енді менің балам боласың, – арқасынан қағып еді, өзіне таятып, қолынан ұстады. Саусақтары салалы, сондай жылы екен, жұмсақ алақанның ішінде қалған кішкене қолымен шексіз мейірім сезініп жанына ерген.
Қара кездемеден дайындалған шіркеу киімін тастап, қазаққа тән ою-қиюлы базар киімімен, тобықты үлгісіндегі құндыз бөрік, сықырлаған сақтиян етік кигізген, кәдімгі бай мырзасы дерсің. Жетісуға, Хантәңірінің күнгей бетіне жетіп, көзайым болды. Сауыр қажының бәйбішесі өз ұлдарынан кем қабылдамаған. Жәй-жапсарына қанығып, аналық аяушылығымен балаға бағыш – мейір, шапағаты тең қоздады. Өз кіндігінен өрбіген егіз ұлы Сағынтай, Қайратжан, кішкентай Айбөпемен ұялас, үйірлес санап, еркінен қақпады. Бесіктен белі шықпай-ақ, қырына алған тәлкекті тағдыр жазмышын бала жүрегінен тез-ақ шығарды. Сауырдың інісі Манастың балаларымен де жаны жарасып, таласып емшек еміскендей, тай құлындай тебісіп кете барды. Өскен, өнген күндерінің арқауы, жүйесі, әке. Асыл әке Сауыр қажының орны тінімен біте қайнасып, қара таудай қалқасы, алатаудай арқасы барлығын мақтан ететін. Қас-қабағынан танып маңынан шықпауға тырысатын. Енесіне ете құлындай еді. Діндәр әкенің ат-көлігін баптап, бипаздап, ертұрмандап, сапарында атқосшысы, атқосшысы емес көлеңкесіндей-тұғын. Ыстық суы мен орамалын әзірлеп дұғасына пәк те рахатты кеппен мүлгитін. Қолайына жаққан қол-қанат, көңілін баққан көз-құлақ. – Үйлену қашпас дейтін – оңғақ тағдырым орыс етіп, шоқынып бара жатқанымда шуағыңыз түсіп тегімді тауыппын. Мұңсыз мырза күн кешіп жүрмін, әуелі алла сосын сіз, асыл әке. Жолыңызды ұстағым, өріс, өнегеңізден ғибрат алғым бар. Жүзіңізге мұқым Жетісуыңыз жел боп келмейді, әке. Алалау, бөлу білмейтін хас-халал жолыңыздың өтеуі шығар. Шарапатыңыз шарпып, дұғаңызға ілікпеген пенде баласы жоқ та. Жаныңызда жүріп қызметіңізге жарасам одан артық бақыт іздмеспін. Қарсы дау айтқанымды ауыр көрмеңіз әке. Үй болу қашпас, тұрмысқа байланып қалармын, сізден ажырағым келмейді. Есейдің, ел қатарлы үй болып, отау көтер деп қолқалаған әкесіне, еркелік назбен осылай ақтарылатын. Өр-қиялы өріс ашқан, қарсы шапқынды шайнап, жұтып, үдіре қашқанды өкшелей байратып, берілгеннің белінен баса ілгері сұғынуды ғана білетін болат бұғаулы, ұзын құрықты большевиктер хан көтерген қызыл өкіметтің дақпыртының ізінше өздері де жетіп отау құра бастаған, Жетісуға. «Бай бағландардың ұлын құл, қызын күң етіп, дүние малын тәркілеп, өздерін болса Сібір айдап, итжеккенге жібереді-міс». «Жаңа қызыл патша жарлы жақпайлардың өзінен шыққан кемеңгер көсем, кедейлердің жағдайын жасады-міс». «Ас ортақ, қазан бір, қатын ортақ, шаңырақ жалпы, жер-су қазынаға, мал өкіметке өтеді-міс». «Жаңа өкіметке қылдай қиянат жасағандар кім болса, ол болсын сұраусыз ата салады-міс», Көсіліп жатқан көп жатақтан тараған гу-гу «міс» тың болмысы шындыққа сайып бара жатқандай. Мал, жанын, әуелі, арын таптатқысы келмеген ел жуандары, сол үшін бәріне барып жатты. Ағымен алысып, аңдысып, өткен өмірінің қалғанын қызыл өкіметтің құзырына қалдыруды намыс санады, ағы да, қызылы да түсі демесең іші таныс кәпір жұрты, жетпіс жеті атамыздың алысқаны да сол емес пе еді деп, қатайғандар – Жылқылы Омарбай, Болыс Дарқан, Наймантай Бектер ауылдарының бас-аяғын жинап бір түнде мұзарыт кесіп, арғы бетке
өте шықты. Көптен, үйірден қалмау керектігін айтып, айтса да жеткізе алмаған Манас, Сауырлармен қош айтысып қарашы қосшысы бар қотарыла жаңа тартылған көш сүрлеуіне түсті. Пенде баласына зәредей қиянаты жоқ, пәни әлемнің берекетін, бақидың хақтығын жан жалауы көретін батагөй көңіліне алаң түсірмеген, оның үстіне ұлы Сағынтай Уфадағы Ғалия медресесінде дәріс оқып жатқан-ды. Туып өскен топырақ та тарытты. Қимаған. Қызыл өкіметке қолда бар дүние, малын санап беріп, ата мекенде отыра бермек. Жер ұйық Жетісудың тау-тасы, ой қырын неше мәрте шарлап, қағазға түсіріп, келіп-кетіп жүретін Ермаковский еді бұл. Сыбай салтаң да, тоғанақ жүкті керуен тобын бастап жортып жүретін Ермаковский еді бұл. Мына келісі тіптен бөлек боп шықты. Қызыл әскерше киініп, қолы басы шенімен толық қару жарақты қырық шолғыншы солдатымен сау ете қалды. Қазақ, ұйғыры аралас отырықшы мекенге ат басын тіреп, қысымшылығын бастап жіберді. Дүмбіреген көк темір шатырлы Сауытбек, ұйғыр байы Сауытбек байдың үйін тез-ақ босатып қызыл өкіметтің толық қанды штабын жасақтап үлгірді. Ертерек Іледе ауған тараншылардың ұрпағы саналатын Сауытбек – Бақалшы саудагерден қордаланып қырық қалта сатымсақтығынан, ірі-ірі саудаларға көшіп, ары-бері керуен жөнелтетін күйге жетіп алған-ды. Қазақ байыса қатын алар, сарт байыса там салардың керімен осы үйді мал-пұлының біразын жұмсап, Құлжадан ұста жалдап салдырған еді-ау. Тірі айырылғысы келмеген, жағаласқа белсеніп шыққысы келгені сол-тын, Ермаковскийдің зілдей ауыр, темірдей қатты жұдырығы сарт етті, қасқа тістері төгіліп алдына түсті. Байырғы жұрттың бауырына кіріп, әкей-көкейі мәтеліне айналған, ұзынтұра бадырақ көкше көзді, істік танау, жағы қырғыштай суалмалы, ыңыршақтанған арбақай денелі, су мұрын самогоншы, денесінен сол самогон иісі бір айықпайтын ішкіш Ұстақанның айғыр жалдана одыраңдап шыға келерін кім ойлапты. Ұйғырларда еті сылынып салынған сүйек-саяқты ұстақан дейді. Ат қойып, айдар тағуы кімнің болса да дәл түсіп, нақ жетіп жататын әзілкеш халық. Қырып алар қызылдан аман, және Степан атына жақын қиюы келе қап ұстахан болғалы өз ныспын ұмытқан. Енді ол Ақтарға қарсы жақты да, маңызды, астыртын тапсырма арқалап жүрген большевик, жолдас степан Кузьмич атанып шыға келді. Самогонға ауыздандырып, өзіне жақын дос етіп алған жетімек өскен қазақ Жалғабайға өзі үстінен тастамайтын етек-жеңі қажала ақжемтіктенген жарғақ тонын сыйлап, өзі қызыл жұлдыз жапсырылған солдат құлақшыны мен қызыл жағалы сарғыш сым-мешпет киді, қалың тері белдікпен қынай буынып. Жалғабайын жалбаңдатып жанынан тастамай, Ермаковскийдің штабы, көк үйге абы кіріп, күбі шығады-ай. Ел арасын кезген жоғарыдағы алып қашты кеп шыпшырғасыз шындыққа айналып жүре берді. Бір жетілік жан алып, жан берген шаруаның беті бері қарап, Ермаковский, Ұстақан (ел аузында сол атымен қалды), Жалғабай бас болып осы өңірдің барлы, басты кісілерін қаттап, шоттап, малдарын, дүниелерін ортақ қазанға атап, өздерін көгендеп өкімет бұйрығына сай қатаң күзет арқылы қойша айдап «Нөсерсай» жағын бетке
алды. Ежелгі етенелес мал, мал ашу мен жан ашуы қысып атқа мінген Көлбай, Есқара батырлар сойыл сілтеуге үлгірмеді, кезеулі көк темір ұңғысынан отқа орана ыршыған бармақтап қорғасынды қақшып алған денелері ырқынан айырылып ат жалын құша барып жер жастанып қалды. Тағдыры жоғары жақта шешіледі дегенсіп, оқу-тоқуы бар он шақты азамат Алматыға айдалды, ішінде Уфадағы Ғалияны тәмамдап кеше ғана келген Сауыр баласы Сағынтай да кетті. Өзінен қылша қиянат көрмеген кедей қауымы бұл жолы әділін айтқан Сауыр қажы отбасы Сағынтайын қоспағанда, кеңшілік алып, бейтарап қалды да, қанаушы шонжар, Хан, Бек тұқымы, Алаш ордашыл бұлік, кеңестің қаны қарайған қаскөйі саналып «Нөсерсайға» айдап апарылып түсіріліп, қатаң қоршауда тұрды. Бар шаруаны тез де, тыңғылықты тындырған мезгіл – Сұпсұр қалпынан бір жазбаған Ермаковский , бар іске барын сала, атта шаптың майталмандары Ұстақан, Жалбағай, шаш десе бас деп тұратын тәртіпті солдаттардың қан, тері Жетісу өңірінің атам заманғы қалыпты жүрек соғысын, өмір ырғағын бірақ сәтте өңін айналдырып, жөнге сала салды. Ойындағысын орнына келтіріп, көңілі орныққан Ермаковский Степанды оңашалап жанына келтірді. Оған міндет жүктелді. Сансыз сайлы дала, далалықтарға сайлар ақыл кеңесін бүгіп қалған жоқ. Совет өкіметінің отауы, ұлы отанның бөлшегі, осы өңірдің жүрегіне ие болып отырсаң деді. Артыңда ұлы Ленин тұр деді, күн көсем, күндей жарқырап. Кедейіне кең бол, байларын басынан сипаушы болма. Бар жасақтан екі сенімді серік алып өзі Алматыға кетті. Арғы бетке елден бұрын қамданып атбасын бұрған Өмірұзақ байдың жалшысы, жетімек Жалғабайдың осы жолы сіңірген ұшан теңіз еңбегі ескеріліп, жалшылар қосынының төрағасы, өзіне орынбасар етіп алған Степан – Ұстақан күзет көмкермелі көк үйдің оңаша бөлмесіне жайланып, самогоннан көсіп ішіп, Жалғабай орынбасары екеуі шешіле шер тарқатысып, бөрігіп отыр. – Шіркін! Садағаң кетейін жаңа өмір, жеті әкем көрсетпегенді көрсетіп, аспанға бір-ақ шығардың ғой. Жаңа, жаңа. Киім де жаңа, иін де жаңа. Шелектегі самогонын аяқтап көсіп алды. Мынау да жаңадай, қане дос, бастық, сарқып ішелік. – Түк көрмедің ғой сен жалбағай. Степан қазақшаға судай желіп тұрған – хан сарқытын сары бал, сәнденіп татар ма екенбіз.... деуші ме еді, феодал бабаларының шашбауын көтерген ақындар. – Ақтанберді менің бабам емес, тіптен мүлде баба болмаған, ата-анада... менің бабам Ленин! Жақыным большевик өкіметі. – Молодецсің Жәке, бұл-бұл ма, несін бал деп жүр екен сол ақындар. Нағыз арақтың төресін татасың әлі, татқызамын. Мәскеудің төрінен бір-ақ шығасың, өйтпесең арғы қолыңды бері әкел. Арақ өзеніне тоғытып алайын мен сені. – Ап! Бәрекелді-ай, Ұстеке, Ұстақан жолдас... – Тәйт! Шірік неме, ірігеніңді. Дәл осы жерде жалғыз салып жаққанамға жіберейін. Мен Степан. Степан жолдас. Степан десең тіліңе шиқан шыға ма?! Қазағына тартқан қаскөйлігін қарай гөр, әй...
– Алда сорлы басым-ай, құдай ұрды ғой мені, шын ұрды. Жаздым, жаңылдым, ендігәрі бүй десем, тілімді кесіңіз, Степан жолдас! – І, ім. Солай демей ме екен, қарғыс атқыр ешкі бас. Қане жаңа өкімет үшін, селбесе жасаған борышты жұмысымыз үшін көтерелік. Саптаяқтарын түбіне дейін көтерісті. Ашырқанып, ықылық ата, Степан – шіркін тұзға шыланған қияр болар ма еді, құлақшынын алып ер қақтанған ішкі дағын иіскеді – бір кесегін тастап жіберіп күртілдетсең, рахат! – тамсанды. – Степан жолдас, менде құрт бар еді, өзі аппақ, сүзбеден, нетіп... – Өй құртыңмен құрып қана кеткір, қайда өзі шығармайсың ба, неге?!. Тұзы ащылау құрттың бір кесегін етсіз ұртында қыдырта толғап сорғыштады – Таң қалам. Анау Сауыр деген пан исламисті тайраңдатып қойғанымызға таңым бар. Аңқау ел алданады. Дін – апиын. Ой сана уланған-дағы, әйтпесе нағыз уды тануы керек еді. Рас, Жалбағай жолдас, ана өгей баласын көндірдің бе, берілетін бе? – Қайдам жалына қол апартпайды өзі. Әлгі... немене еді! У соған қатты... апиынға уланған. Сауырға, әкем Сауырға опасыздық еткенше өле қалайын демеді ме, жетімек қу. О, сорлы дедім, аяп кетіп. Айтқанға тоқтар Әлімсейіт емес. Біржола берілмес жаулыққа бет алған екен. Әлгі нетіп... қызды... Сауырдың қызын көрдім. Ақбөпені айтам. Қызжібек қой. Ондай жоқ бұл өңірде. Уылжып тұр-ау, уылжып. Әттең... Олай болса жас ғашық, қызын келтір қолға. Әкесіне қарсы сілтер бір соққы өзі табылды. Бұл большевиктік жеңісіміз болмақ. – Әй, бекер-ау, мұнымыз. Қыз көнер де, әке, тарпаң әке ат тонын ала қашады, айтпадың деме. – Айттым. Ал айттым. Шіріксің. Коммунистің жаудан тайсақтай қалуын қара. Бар да шаштан ал да сүйреп шық. Қарсылас қанына мынау жалынсын – бұтының арасына орнығып салаңдап тұрған маузерінің қынабын тарсылдатты. – Сонда да бейбіт отырған... дегенім ғой, нетіп... – Нетіп? Нетеміз! Өледі! Бұйрық бар. Көшіреміз «Нөсерсайға». Жалшы ұстаған. Туған інісі Манасты қашырған ол емес деп айтып көрші қане. Алаш ордашыл баласын өз қолыңмен көрсетіп, өз қолыңмен бұғаулаған өзің емес пе едің, Жалбағай жолдас. Өлуге керегі өледі, өшуге керегі өшеді. Қасқырды қанша асырап жағатсысаң да, тауға қарап ұлығанын қоймайды дейтін, өздері. – Жөн ғой, өздері солай деген қасқыр... – Олай болса ертең Сауыр көшіріледі. Біз бұйрықты орындаймыз. – Дұрыс қой, енді... бұйрық кімнен екен, ә? – Жоғарыдан, Мәскеуден. Ұлы көсеміміз Лениннің тапсырмасы. – Қасиетіңнен айналайын-ай! Лекеңнің денсаулығына ішерміз, енді. – Найсап! Жабайы! Басұрман! Қателігіңді білемісің? Көсемнің, күн көсемнің ардақты атын сасық қазақпайлығыңа телігенің, бұрмалағаның не, малғұн! Степанның бұрын-соңды мұндай қаһарланғанын көрмеген-ді, Жалбағай. Жын буған бақсыдай арық беті талаурап шыға келді. Жалмажан маузерін суырып алып тақыр шекеге үңірейген ұңғысын қадады. Ұрты суалып, көкше көзі қарауытып кеткен. Тіліне оралғаны, бейберекет кетті.
– Қасық қаным... шабын жанымды кеш... жаздым, жаңылдым! Көңіл жықпас до-о... жолдас емес... ққ-қаза-екем-м... жақсы көррр-генде, пәленше екең, түгенше екең деп... сыйлап... аңқау басым... мен де солай айтса... болама деп... жаздым, жаңылдым... бір жағы, мас болғам... – Сарнама! Қазақ... біздің қазақ дейді ғой. Сол қазағыңмен бірге біржола неге құрымайсың, өңшең бейдауа, саппастар. Сынақтасың. Байқа, жаза бассаң енді өз обалың. Шық далаға, шірік! Солдаттарға хабар бер аттарын әзірлеп сайлансын де. Аттанамыз, тап жауларымен күресуге. Қырамыз бірін қалдырмай. Жөнел состимай. Ашу арыны басылған. Десе де, шүңірек көкше көз бір жаман атты аңғартып. Шақырая қапты. Етсіз, бірақ, арбиған салалы сауақтарының дірілін тежеп, шелектен көсіп алып саптаяқты басына бірақ көтерді. Жалбағай ненің болса да обал-сауабын, қатер, байқатерін тереңнен ойлап жатпайтын, болжамайтын. Табалдырықтан аттай бере мырс етті, мырс еткені бір ұйғыр танысының төбелесінің неден туындағаны турасында айтқаны еді: «Анаңни... диди, гәп қилмидим. Дадаңни... диди гәп қилмидим. Сиңилиңни... диди гәп қилмидим... Хотиниңни... дигәнде жиним шиккәтти». Жалбағай. Жырық-жырық күліп, солдаттар орналасқан үйге алшаң басып бара жатты. Ендігі көші-қон өз билігінде емес екенін Сауыр білді. Алты қанат ақ орда, сәулетті үй, жеңілейіп, төрт қанатқа алмастырылған-ды, Күн қиыс бара жатқан, ірге түрулі. Үй мүкәмәлдері тәркіленген, жұпыны көрініс. Қажы, жанынан тастамайтын жайнамазынан да ада болған. Өзіне киерге ғана қалдырған қаптал шапанын өңірін айналдыра жайнамаз орнынан жайып, екінті оқып отыр. Дұғаға ұйыған сыртқы дүниені сап ұмытқан сәті. Даладағы ат дүбірі, орысша, қазақша аралас тебінді, тергеулі үн өрген жәйді бетін сипап орнынан тұра бере аңдады. Қамауға ұрынған елік көзденіп, кенжесі Ақбөпе бауырына тығылды. – Солдаттар, әке. Мылтықтары бар. Ұстақан, Жалбағай бастап жүр. Түсіп жатыр. Өздері... Ақбөпенің сөзі ары қарай естілмеді. Оюлы есікті серпе қайырып, он неше кісі ентелей қалды. Алда Степан: – Жинал! Жиналыңдар! Көшесіңдер «Нөсерсайға». Үйің, қалған мал-мүлкіңді санап өткізесің. Ім, алдымен тінту керек шығар. Қане, қарап тұрмаңдар. Мұқият қарап шығыңдар. Аузынан шыққаны сол болды, бір солдат Сауырды мылтық дүмімен желкелеп сыртқа айдап шықты. Бауырына кіре жабысқан Ақбөпеде зәре жоқ. Үй, үйдің ішінде топалаң басталды да кетті. Қалғанқұтқан сандықтар жұмыртқа қабығындай-ақ, быт-шыт шашылып, тең сымақтар қылыш жүзінде туралып жатты. Сауыр, Сауырдың көңілі оқыс өрекпіп кетті. Көргені – бір солдат қобдишаны алдына әкеліп атып ұрды, ішінде Сауырдың бар асылы-тұғын. Асылы – өмір бойы тірнектеген қисса, дастан, жырлар мен қасиетті құран кітаптары, өзі жазғаны бар, аяғының астында бей-берекет шашылып қалған. Солдат ары таман тұр, дегендей өзін итеріп жіберіп, баға жетпес дүниелерін аяғымен тепкілей үйіп, енді... ендігі кезекте жанынан сіріңке шығарды, Асықпай шаққылап тұтатты. Төрт тағандап, жата қалып үрлемек. Үрледі, Сауырдың жаны шырқырады. Кеудесі қара баждақтанып, түтікшелене тұтанған кітап парағындай пара-пара, жана
бастаған. Шыдамады. Төзім шыдас бермеді. Қара қоймалжыңданып көкке озған түтінді тусыра құлады. Отты тәнімен өшіріп тастамақ. – Айналайын балалар, балаларым, өзіме... өзіме қалдырыңдар. Басқаны сендерге... мыналарды, Алла сөзін, қасиетті құранды, бабалар өсиетін өзіме қалдырыңдар, жақпаңдар. Кейпиеті атады ғой! Сүйтіңдер!.. сіріңке тұтатқан солдат, басқа басқалары да мұндай жанкештілікті күптеген-ді. Аңтарылды. Абдыраған солдатқа Степан иек қақты. Өкпені дәледеген ауыр керзі етік, күлді көмеш, бірақ, өшіп тынған кітап үстінен Сауырды анадай жерге ұшырып жіберді. Толқи орағытқан қағаз күлі соңынан ере жетіп, лықсый тұнып үстін жаба қонақтап жатты. Көзі атыздай, ана жерде Ақбөпені құшып тұрған бәйбіше шыңғыра жетті. Сауырдың үстіне төніп басын құшты. Құлындағы даусы шыға, шошынған Ақбөпе бейшара күйде тыпыршып қалып еді, талдырмаш тәнді уыз қыздың ақ білегіне, ындыны кебе Жалбағай жармасты. Құшып, сүйуге икемдеп, өзіне тартып бара жатты... Үй жанында әлде қандай сұмдықтың болып жатқанын сонаудан байқап, танып, атына қамшы үстіне қамшы басқан Әлімсейіт, Сауырға қоса бәйбішеі де орталарына лып тепкілеп жатқан солдаттарды бетке ала шапты. Шетінен килікті. Ат кеудесімен соқтырып екеуін қаңбақтай ұшырды. Айнала бере қалғанына қамшы жаудыра бастаған, тағы екеуі өкіре жер құшты. «Атпаңдар» деді, кім, «ұстаңдар» деді, кім. Атына міне таяп жеткен қапсағай денелі солдат, мылтықтың ауыр құндағын қалай ұрып үлгірді, құлақ шекені көзей. Ат жалын құшып қалып еді, соққыдан ес жиған нешеуі жерге тартып түсірді.Керзі етік дейсің бе, мылтық құндағы дейсің бе, қолдарына түскен тас, ағаш жаңқасы дейсің бе көміп кетті, енді. Төрт қанат үй өртелді. Жалын ораған шаңырақ жанына медет тілегендей, еңіске дөңгелеп, көрінбей кетті. Солдаттардың түртпегінде, қалған-құтқанды арқалаған Сауыр мен мен бәйбіше өлі мен тірінің арасында. Сүлесоқ. Әлімсейіт өлгендер санатында. Өштері алынып, кек тарқап, қол қышуы басылған солдаттар, оны оңаша қалдырды. Жансыз тұлыпты тепкілей біреу бос әуре-тұғын. Қайда? Жоқ? Айбөпе. Айбөпешім... жоқ... қайда? Ата-ана зары құлағына жетпес жерде Айбөпе. Жалбағай алай айланған, солдаттар былай айланғанда мақсатына жетті. Шырқыраған үн құлағына тиген Әлімсейіт үлгіре алмаған, бірақ, беліне қапсыра құшақтап атына өңгергелі жатқан Жалбағайды көрген. Ақбөпеш... дей беріп еді, соққы да сонда килікті, ары қарай, жоқ. Бары, бозқараған. Бозқараған болғанда бір үйірім ғана оқшау. Көрді. Уыз тән, жан ұшыра шыңғыру, жыртылған киім, талдырмаш денені майыстыра сілікпелеген Степан, Жалбағай... сосын... сосын солдаттар. Уыз тән. Белуарынан төмен қып-қызыл қан, сартап өлең шөптің де шөлін басқан кіршіксіз қан. О, қанның көкесі – соңы болып қимылсыз, лыпасыз қыз тәнін қара құстай шөге басқан солдат шалбарын көтере, қолына алған мылтықтың көк сүңгісін әлі жетіліп болмаған қыз анарының сол жаққысын көзіне, періп қалды. Тән ештеңе сезінбеді. Солдат ештеңе сезінбеді. Мамықтай балын етке түк кедергісіз еніп, суырылған көк сүңгінің болымсыз орнынан кіршіксіз қан тұма көзіндей ытқып тұрды. Көрді бәрін. Куә бозқараған. Көрді. Тілсіз. Сыр шашпайды, ол. Бозқараған.
Арқауы алғысқа, қарғысқа толы тіршілік заңы деген, бұл. Адам-ата ұлдары Әбілді Қабыл өлтіргеннен басталған, бастауы беп-белгілі заңдылық. Бірде жақ, бірде кері жақ. Әлді, әлсіз деп сараптап отырмайды. Ештеңені кесіппішпейтініміз сондықтан. Біреуге зауал тілеп, біреуге амандық тілеп, шарасыз хал кешетініміз сондықтан. Бәрін бір тағдырға ғана тапсырып, маңдайға жазғаны болады дейтін аярлығымыз сондықтан. Әлсіздің жайын, асқан билесе, асқанға зауал құдайдан болсын. Өзгереді, орны ауысады, айналып соғады, сондықтан. Жайлау өмір жайына қалды. Жайына қалған жоқ, бір қолдан бір қолға өтті. Төрт түлік төскейден ауған жоқ, басқаға ауды. Сауырдың өзі, көзі – көк жайлау, алты қанат ақбоз үй көзден кеткен. Жоқ, көзден кеткен жоқ көңілден өшті. Міне Үйсінтауының батыс көк жиегіндегі орқаш-орқаш шоқыларға, қан қызыл сағымға төгіліп таусылып бара жатқан күн ананың соңғы шапақ нұры сары даладағы сары жұртқа, сары жұртқа емес, сары жұртта қызыл қанға бөккен Әлімсейіттің денін ұзына қырынан бір қыдырта шомылдырып, сөніп бара жатты. Күн ертең қайта шығып бар әлемді шуағына малуды мақсат етіп батады. Түн тіршілік атаулының жарыққа деген құштарлығын сезіне түсу үшін әмір жүргізеді. Темірқазық бағыт сілтеуші, шолпан таң хабаршысы. Ал, басқа жұлдыз біткен не мақсат көздейді? Жылытып жалыны, түсіп жарығы жоқ, жұлдыздар беймұра, әуелі бейбақ десе де болғандай. Ымырт қоюланып, сол мақсатсыз жұлдыздар біріне бірі еліктеп туа, молыға бастағанда – өлген Әлімсейіт тірілді. Жансыз дене қыбырлады. Ештеңе болмағандай. Тәтті ұйқыдан тұрған адам дерсің. Екі аяғы ерге тимей қалқып жүр. Ұстақанның сүйегі, дізгін сүйегі көлбеңдейді. Жалбағай жапалаққа өзгерген бе? Жалбаң-жалбаң етеді, жарғақ шапаны қанатқа айналыпты. Кейіпсіз ұсқынын мазақ етіп, ішек-сілесі қата маңын жаңғырықтырды. Тағы... ары қарай көріп келеді. Жалын отқа құлаған Сауыр, кезене тепкен керзі етік. Әйел дауысы құлағының түбінде жаңғырықты. Ақбөпені қапсыра шеңбектеген жапалақ ұзап, ұшып барады. Аш балапан торғайдың шыр-шыр үні. Еңіреп жылағысы келді, жылады-ау деймін. Жер дүние шыр көбелек айналды. Өте тездікпен айналды. Аспан жерге түсті. Жер аспанға шықты. Жер жұп-жұмсақ екен. Қолына ілінген қағаз парақтарына сәл салды. Қайдан көрген? Көрген. Жазулары таныс. Жел тербеді. Парақтар ақала кептерге айналды да, қанат қағып ұша бастады. Ұшты. Ақ кептер, ала кептерлер сондай көп, тұтас аспанды жауып кеткен. Шіркін кептерлер-ай! Кептерлер! Мен неге топтарыңа қосып ала кетпедіңдер, кептерлер... Әлімсейіт – жылады, күлді. Сосын тағы жылады. Күлді... еш, не, ауру, қамқасірет сезінбейді. Тегінен солай секілді. Ары қарай да, дәл солай жалғаса беретін шексіздіктің ғажайып, нақұрыс елесіне алданған. Әлімсейіт – отаулы бозқараған жаққа бара жатты. Бозқарағаннан айналғанда жар қабақ кездесті. Жар қабақ тағанында лыпасыз, жалаңашталған Ақбөпенің жас мүрдесі жатқан-ды. Мамасының түймесінен аққан қан, әлдеқашан сарқылып біткен, қабырғасынан құлдай төмен қанның қызғылтым ізі байқалады. Ұйымаған. Ұйымай ағып таусылса керек. Боз ала кеш. Бозарған тән. Жанары ашық.
Сонау жеті қат көкке кірпік қақпай телміріп қалыпты. «Ұйықтай ғой бөпем, ұйықтай ғой, ұйықта. Үйдегілер бізді оятпапты, өздері көшіп кетіпті. Бізді ұйықтап алсын деген-ау, е?!. Мені сені осы ұйықтаған күйінде, соңдарынан көтеріп апарайын мақұл ма?..» Ақбөпенің қан сөлсіз, қаңбақ құрлы тәнін көтеріп алды. Әлди, әлди ақ бөпем, Ақ бесікке жат, бөпем. Құнан қойды сой, бөпем, Құйрығына той, бөпем... әлди өлең – жай, баяу айтылып барады. Жар қабақтан шығып, (Әлімсейіт үшін маңай жап-жарықтай) жолға түсіп, бөгелмеді. Ілгері тартып кетті. Шекесіне тиген ауыр соққы, қалыпты ойлау сана сезімін жоғалтқан, түс секілді күйде ғана қалған Әлімсейітті, азанда отын шабуға, тау беттеген бір топ көрген. Көргенде зәрелері ұшқан. Өлік көтеріп алған, киіміне, сіңіп сауыс боп қатқан қан, өзі кісі танитындай емес-ті. Кеше болған хабарды бір отыншы, жолдастарына іс мәнін ұқтырған соң, өз жұмыстарын доғарып, бейбақтарды «Нөсерсайға» жеткізді. Не, қарулы солдаттардың қоршауынан шыға алмаған, не, жұртта қалған, не өлісі, не тірісі белгісіз Ақбөпе мен Әлімсейіттің нақты хабарын ала алмаған шер көкірек ата-ана кезеніп түскен жайдан жайрап қалды. Ұл – жынданған, қыз... қыз – өшкен. Ана зары деген, ол тасты жібітеді. Жан шыдамастай! Шашын жұлып, ақ жүзін тырнаған ана қасіреті «Нөсерсай» дағы елдің еңсесін жаншып, біржола жер еткен-ді. Түн асқан сұп-суық қызының тәнін құша жығылып еді, көк желкесі құрыстыра тартты, енді. Көз қарашығы төбесіне қашып, жүзі қуара құбылды. Арқасына әлде бір алапат күштің шеңгелі, найза тырнақтарын бойлата, бүргендей, енді, қайта босатпастай. Шалқалап барып құлады да, селкілдеп алды. Сауыр есінен танған. Бір-ақ күнде ағарған мұрт-сақал. Сақал көкке шошайып, шаншылған. Адамдар мұндайда не істей алушы еді, отыншылар да дел-сал. Селкілдеп жатқан Сауырдың бәйбішесі, басын ышқына көтеріп барып сұлық тынды. Сүт кенженің жолы тартты. Жанындай жақсы көретін Ақбөпесінің соңынан рухы ұшып кетті. Дәл солай болды. Ес-ақылы кіресілі-шығысылы Әлімсейіт. Не болып, не қойғанын сонау алыстан, бұлдыр сағым ішінен елестетіп, ізінше жоғалтып алып тұр. Күбіркүбір сөйлейді. Жыбыр-жыбыр әрекеті. Күңіренте күледі, қояншықтана. Ағыл-тегіл жылайды, қасіреттене. Ыңырсуына ыңылы жалғасады. Ән, бесік әні. «Әлди, әлди, ақ бөпем, ақ бесікке жат бөпем... әлди...» Жығылғанға жұдырық деген, бұл. Бір айналдырғанды, шыр айналдырған қырсық деген, бұл. «Нөсерсайдағы» ел, кідіріссіз килігіп жатқан бәле, қазаны көтермес еді. Жоқ, көтермеске қайрансыз-тын. Мүрделер мұраты – қан дағынан арылып, тазартылған-ды, қайдан тауып әкеліп құрым киізге оралған, бірі үлкен, бірі кішілеу мәйіт Нөсерсай басындағы Сор көлге қол созым жетіп төніп тұрған қорымға бақилық орнықты, енді. Бауыры суық қара жер кімді жатсынбапты, жан иесінің өзінен жаралып, нәр алып, таралып және өзіне қайтып баратынын біледі. Бәрі де біледі оны. Енді ше?! Енді міне, тумысы қаракөк, жалын от, жоқтан құрай білетін, барды жасай білетін еті тірі
қауымның шетінен де, шебінен де бауырына тартып жатыр. Пенде қолы мен пенде баласын тартқызып жатыр. Бәрі де біледі, оны, тағы. Ажал ғайыптан. Бірі өледі, бірі көмеді. Көмеді. Өнеді. Өледі. Сауыр шөмейген, шөккен. Жер мен жексен хал. Тірлікпен байланысын үзген. Тірінің ісі тіл қату, ол жоқ. Қарға тамырлы қазақ дейді мұндайда, «қолдағының» құдайы бір, жарлы-жақтас, әлсіз-әндес. Сауырға арналып, көп, көп емес, көптен саяқ кепке түскен топ, тобыр лашық тұрғызған. Есалаң Әлімсейіт пен өтіп жатқан қиямет-қайым, күндердің қиянат-майпы – тірі өлік, белден төмен жансыз – Сағынтай келген жандарына. Алаш ордашыл, апайтөс бөрі. Кеңеске жау пантуркист – бір қотан айып-анжысы бар мүгедек. Барса келмеске бұйырылған. Ауыр кісенін сүйретіп, сұрақшы, жендеттердің соңғы бұйымтайы, соңғы жауаптасуға кіргізілді. Қырынған көк иек, тығыншықтай төртпақ, қозы қарнының төменінен бос буылған былғары белдікке қолын жүгіртіп, шіренді. Қой көздерімен мұны ішіп-жеп қоярдай тұрды қарап. Жылтыр қара етігінің шәм табанын сықырлата толғатылды, сосын ары-бері жай адымдап қыдырыстады. Шәм табан көк тас еденді тарсылдатты. Бөлме күңгірт. Бірақ. Отыздың жуан ішіндегі қазақ жігітінің кейіп-кеспірі анық-тын. Ақыры сөзге келді. – Так, сонымен сөйлесіп көреміз бе, Сауыров мырза? – Сөйлесіп болмадық па, сұрақшы мырза. – Алашшыл екеніңді, Алашшылармен қарым-қатынасыңды, ішкі ниет, мақсат, мұраттарың, ұлтжандылық дегеннің артында не, және кім тұрғанын әшкерелеуіңді соңғы рет! Тағы айтамын, соңғы рет бұйырамын! – Алаш орда партиясына мүше екенім рас. Бірақ оның уставында зәредей де Россияға, Кеңестер одағына қарсы іс-қимылдарға итермелейтін сөз болмаған. Бұл да менің соңғы! Қайталап айтамын, соңғы жауабым! – Сен «Қазақ» журналының шығарушыларының бірісің. Аталған журналға шыққан бір мақалаңда: Мың да тоғыз жүз он жетінші жыл – дегенсің. Сол 1917 жылы 44 болыс ел де, 47 759 түтін барын жазып, содан соңғы кезде, шетел ауғаны 40 мың 250 түтін. Қырғынға ұшырағаны 95 мың 200 кісі деп жазыпсың. Ал айыпкерің кім сонда? Қанды қол қарақшы дегенің кімді меңзейді? – Сырттан кім келсе ол келсін, өзінің өз халқының мүддесі, өз жағдайын ойлап келері хақ. «Өзіне, өз туысқанына бүйрегі бұрмаған кісі, ақыл, санадан жетілмеген кісі» депті бір данышпан. Қазақ менің халқым, әуелі сұрақшы мырза, ол сенің де халқың, біле-білсең. Істің себеп-салдары өзіңе айқын анық. Біз таразылап, безбенге салмасақ та, болашақ, тарих шындығы – орынорнына қоятынын ұмытпалық. – Жап! Андағы бейпіл ауызыңды. Сайрауықсың ғой өзің, Революцияға адал кісімен арбасқың келеді, ә? Сен тектілерді тамырымен отамай, кеңес жаудан тазармас-та. Өзі де бас еркіндігіңнен ғұмырлық айырылғансың. Бұл кеткеніңнен қайта оралу түсіңе де кірмесін, сенің. Пролетариат диктатурасының дұшпанын түймешіктердің бірін басты. Келген еңгезердей, жендетің қайсы десе, мынау дейтіндей екеу.
– Мына мырзаны қайта әуреленбейтіндей етіп безендіріңдер. Соңынан моншаға түсіріңдер. Күлкі. Зәрлі күлкі. «Безендіру» басталып та кетті. Шомбал ағаштан мұқияттап жасалған отырғышқа әкеліп тырыстырып байлады. Дізесінен жоғары шандып, өкшесіне бір-бірлеп кірпіш қаланып биіктей түседі, қылтаң қиылмас, не үзілмес. Бірақ, әдеттен тыс созылады. Сүйегің қалпынан ауытқып, шыбының көзіңе көрінеді. Бұл басы. Қан, бар қан басына теуіп, көзі шатынаған шақта қып-қызыл қызған қалақша темірді төсіңе басқанде ше?! Май шыжғырғандай; шыжықтанған етіңнен қоңырсық иіс мұрныңа жетеді. Екі иініңді жұлып жерге шақ сын, жан дауысың жаһанамға барып қайтып тұрады. Саусақтарыңның арасына сақпы темір қыстырып қайыс жіпті екі жақтап тартқанда, жан алғыш әзірейілді көзіңмен көресің. Тырнақ көбеңнен тебен ине сұққаны – тамыр-тамырыңа жүгірген шаншу, тұтас тәніңді шабақтаған қандауыр. Өлесің. Жоқ, өліп кетіп қайта тірілесің. Еркектік мүшеңнің үрпісінен ұшталмаған ши жүгіртеді. Денеңді толқынды діріл қармап, тер басады. Есің бары – азап, есің жоғы – тозақ. Біржола тозғаның, енді; Біржола біткенің. Суырады шиді. Қайта жүгіртеді, шиді. Аталық ұясы ажал, өзіңе ажал шашады. Құрып бара жатсың. Лыпасыз шешіндіріп, іріліұсақы әйнек шынылары салынған науашаға жатқызып тербетеді. Қан науаның жапсараларынан тамшылап тұрады. Сағынтай есін жоғалтты. Тітіркеніп, есін тапты. Су, мұздай су шашылып асты көлденіп жатты. Жазалау қайта жалғасын табады. Талады. Су. Жалғасады. Тағы «өледі», «тіріледі». Тәнге жаза, жанға азап толас бермейді. Сазарып таң біліне бастаған шақта аспаққа асып қойып екі жендет кезектесе дырау қамшы жұмсап жатты. Қарым талғандай. Болдырғандай. Ырс-ырс дыбыс шығарады. Бірі, енді, қолына дойыр алды. Аспақта, аяғының ұшы жерге тимей соққы ырқына көне дөңгелек айналып тұрған Сағынтайды белдемеден періп жіберді. «Уһ!. Үн шықты. Жендетте «уһ! деді. Салбырап кеудеге құлаған басты дойырмен көтеріп көрген. Былқ-сылқ. Су. Қайран жоқ. Енді «монша». Кісі беліне дейін шендеген, күн көрмей шырыштанған қабырғалы, су жайған жер асты бөлмеге сүйретіп алып барады. Көлшіктің қақ ортасындағы діңгекке таңып тастады. Су кіндігін дендей толқынданып тұрып, сабасына түсті. Бір сөткеден соң шығарылған Сағынтайдың жылтыраған екі көзінен басқа тірлік нышаны жоқ еді, дәрігер қарады. Қарады да айтты: белден төмен жан кеткен. Ұзақ ем керек. Ғұмыры күнәға тартылған оны емдеп не керек. Қауыпты күйінен ада болған масылды, жер аудару артық күш, бос әурешілік. Абақты басшылары жоғарымен байланысқа келіп, келісім алғасын. Келген жағына «шығарып» салған-ды. Күндер өтіп жатты. Жаз жаңбырсыз. Қапырық ыстық. Құйын. Шаң-топырақ, қоқыс құмнан тінделген құйын құйғымасы, саңырау құлақтана, жер мен көктің арасын қосып сенделіп жүреді сайын далада. Айнала тіршілікті сезіне бастап еді, соңғы шақты Әлімсейіт жан ауырыуын да енді ұққан. Сол жақ шекесі шаншып, құлағынан бір гуіл кетпейді. Сол жақ көзінің сүйегі сырқырап тұрады. Ауыруын сезіну – маңын сезінудің «ақ
жолтайы» болды. Сауырды таный алмады. Бұрынғыдай, бұрынғы тұлғаны, жарқын шырайлы Сауыр бұл емес-ті, мүлде! Таныды. Бір уыс-ақ, қаңбақ шал, шаш-сақалы аппақ қудай бейқайрат әке. Басқан ізі түсіп кетердей ілбіп, кіріп, шыққаны болмаса, жата беретін сартап. Мынау кім еді, түсі жылы. Бұрышта шоқайған үймешікке таяған еді, үлкен кіші дәреттің мүңкуі қолқасын қапты. Таныды; Астағыпыр алла! Сағын... Сағынтайым менің?!. Бауы-ыры-ы-е-м!... не күй , не қыссақа ұшырағансың көкем-ай! Й... нені көрдің шыққыр көз-ай!?. Темір үзер тебінің қайда қарғам-ай... о, жаратқан!... жасағандағың осы ма еді?... Не жазған! Сағынтай тілден, естуден біржола қалыпты. Болғанды Сауыр баяндап берді. Екеуі ұзақ жыласқан. Кім қой-ақ қой дер еді... кім? Сағынтайдың көзінен домалаған ірі тамшылар сөлсіз бетін айғыздап, омырауына сіңіп жатты. Уақыт жылжыды. Жаздың соңы жаңбырсыз жалғасты. Күн төбеден тайғаны мен, жалыны жаңылмаған. Ендігі бар тірлік, ермегі, Сауыр – әкесін күтімге алу, Сағынтайдың астын тазалап, киімдерін ауыстыру. Бір уақ күн қызуына шығарып, желге қақтыру болған, Әлімсейіт – әкесінің, ағасының өсіп кеткен сақал, шашын жөнге келтіріп, от жағып, қолда бармен ас су әзірлер еді. Тірі адам – тіршілігін жалғастырадының кері-дағы. «Маңқ» еткен төбеттің үнінен селт етіп, ойдан арылды. Күн арқан бойы көтеріліпті. Тақ, тақ жөтелден сай тағанына көз салып еді, таяғын таяныш етіп, әкесі сыртта садақтай иіліп қалыпты. Қап, әттеген-ай, су жылымай қалыпты ғой, оймен отырып есімнен шығарыппын. Ақ текше тастан қарғыды. Қабырға жолмен еңіске жүгіре жөнелді. Жүріп, тұруға жарғалы жасырып, намаз оқып, парызын өтеп жүр еді, кейқуат. Төбет орнында қалған, «маңқ» етті де қойды. Ай өліарасы. Зымыстан қараңғылық жайлаған Нөсерсай. Шырт ұйқы кезі. – Тұра ғой, білші, барып. Біреу есік қаққандай ма?!.. әлде... Әлімсейіт те ояу жатқан-ды, біліп жатқан. Таяп барып үн қатты. – Кім? – Мен. Манаспын. Тез ашыңдар есікті. Сыбырға жақын үн. Ашты. Күз маусымына ылайық ықшам, жол киімін киген мылтық асынып, сапы байланған кісі жағылған май шамның көмескі жарығында Сауырды бауырына басты. – Арысым! Ағатайым-ай! Сорлаған екенсіңдер ғой. Ақырзаман орнапты ғой бастарыңа. Иттер-ай! Қызыл иттер-ай! Бәрін естідім, жынданып кетер ем, қайтер ем, – Сағынтайын құшаққа алды, енді. Көктей солыпсың ғой! Солдырыпты ғой, қарашығым-ай! Көз тіріде, көр азабын тартардай, не жазып ең балақаным-ай! Бауыр етім-ай! Сенің көрген тауқыметіңді де естідім, Сейітжан бауырым Әлмақанның Баяны асқанда айта барған. Қайран ақ жеңешем! Аяулым, алтыным Ақбөпемді шырылдатып талаған қандышелек қасқырлар-ай! Төрт еркек қушиған тар лашықты күңірентті. Көніккен көмпіс Сауыр, тез басылды, басу айтты, өзгелерге. – Ана бетке алып өтейін, енді, сендерді. Жиналыңдар. Мынадай қорлыққа төзім болмас – Манас жасқа шыланған қара сақалын сығымдады. – Онда қазір бейбіт ел, берекелі тірлік дегендей, қандастармен қауымдасып қабысып,
табысып барады. Үкіметіне елші жіберіп, келісімдерін алдық. Түртпек жоқ тұрғылықты жұртпен жұғысымыз жарасты. Сағынып жүр Қайратжан аузынан тастар емес. Қайрат Сағынтаймен егіз-тұғын. Манас ауылы үдіре көшкенде асуға дейін шығарып салғалы малдарын айдасып кетіп еді, қайта орала алмады. Соңдарынан түскен қуғыншы солдаттарға қарсы шауып жол табу мүмкін емес те еді. Сауыр ойлады. Ой түйіндеді. Арыздасу. Арылу. Бәрінің ашық болғаны жөнді. – Әзірге бейбіт заман дедің бе? Баянды болғай. Алдан жар болсын. Мен пайғамбар жасынан асып барам. Төрден гөрі көрім көрініп тұр. Тозақ боп өртесін, құтырына таласын, бара жатқан топырақ, жарым мен Ақбөпемді бауырында дамылдатқан ата-мекенді енді, тастап ешқайда бармаспын. Аранды аранда отырған алпыс үй, селкеусіз күтер талай тағдырын. Селкеуге өзі де жібере қоймас. Қайда да қазанда төрт құлақ екен, жаман аттан аулақ. Оң көзбен қарарға да келер ме жаңа үкімет?! Сағынжанның күйін көзің көрді. Қозғап қинап қайтер ең. Жыртық үйдің құдайы бар екені рас болса, енді... Әлімсейіт... Сейітжаным жетім қозы еді, жетіліп келе жатыр еді, көргенінен көрмегені көп боп шықты. Енді мынау. Баяшат күн, бақытты шақ болса осы көрсін. Осыны ала кет өзіңмен. – Жоқ! – Әлімсейіт бір-ақ кесті. – Жоқ! Мен ешқайда кетпеймін. Жаныңыздан ұзамаймын. Жаным. Сағынжаннан артық емес. Қалғаным осы. Онсыз да сізге, оған да қолғабыс керек. Мені қозғамаңыз, әкетай! Сауыр күрсінді. Десе де мейірлене қараған. – Екі дүниеде де ризамын саған Манасжан. Қайратжанға арнарсың, бізден тайған, біз еркімізден тайдырған мейір шуағыңды. Көрсетерін көріп те болған шығармыз. Енді өлтіре қоймас. Таң да атып қалар, шолпан тумай аттан, енді, сенде. Өліспеген көрісер. Қауышар күнде болар... Ал, енді, сенде.. Ал, енді, солай істе. Өзің жалғыз келдің бе? – Қорым маңында жігіттер қарауылдап қалған. – Кешікпеңдер, онда. Алдарыңнан жарылқасын. Бір құдайға тапсырдым. – Не етермін, енді? Мен шарасызбын. Күн қолайына, сәтіне дәлдеп келермін, және. Сағынжанның науқасы жеңілейіп, тұрып кетсе алып кетуге оралам, бәріңді де. Ұмытпай тұрғанда ескертейінші – Сор көл жағалап жүріп ек, мұзарттар еріп көлге молаң құйып жатыпты. Ауаны кеңіп, кернеп келеді екен. Жаманның бетін ары қылсын, алда-жалда ағытылып кетсе бар төнері Нөсерсай ғой, абай болыңдар. Ал, енді мен жылжиын. Аламандар тықыршып тұрған шығар. Орақтанған жылқы түлігінен сәті түссе айдай кететіндерін жасырып қалды Манас батыр. Сауыр қол жайып бата берді. Әлімсейіт қолтығынан демеп аттандырған. – Саламат болыңыз Манас аға, сәлем айтыңыз бізден. – Ал, көріскенше, жаралы жандарға бас-көз бола тұр. Аманатым! Атқа қамшы басты. Қалғаны – ұзай берген ат дүбірі, көзге түртсе көргісіз өліара қараңғылығы. Жаз тоқырауының санаулы күндері. Беті қайтпаған аптап. Күн шыға тысқа беттеген Сауыр ілби басып, әредік тыныстап, қыр беттегі ақтешке тасқа
жетті. Әупіріммен шеніне шығып, маңын шолды. Соңғы кезде осында орнығып алып, тау жаққа тұмсығын соза «маңқ» етіп қойып жатқан қара төбет Соркөл тарапқа телміріп қапты. Үй таланған алмағайыпта, өздеріне өзелене ұмтылған төбетті Степан атып салған. Оқты алдыңғы оң аяғына дарытып, қашып құтылды. Шорланып бітті. Жер баспай шойнаңдай жүреді. Түн бойы ұлып шықты. Там түбін тырналап, қазып тастапты. Тауға көз салды. Мұзарт шыңдар басына ақшылауыш ілініпті. Қатпарлы қалың қою бұлт. Күз. Жаңбырлы шақ келе жатыр. Ұзына көлбей көзге ұрған сары керіш көл жиегіне көз тоқтатқан, Манастың ескертпесі оралды. Тынышы кетіп, көңілі қобалжи бастады, енді. Сай тағанына асыққан Әлімсейіт қарсы жолықты. – Сейітжан, тауға бұлт ілініпті. Жаңбыр жауар. Шайдан кейін Соркөлге барып қайтуға жиналарсың? Манас ескертіп еді, сақтықта қорлық жоқ байқастап орал. Қапы қалмайық. «Тауға бұлт ілініпті» – Беті ісіңкі, көкше көзі домбығып сығырайған Степан – сынып кетердей болған басын еңбектеп терезеден кері оралды. Тілі аузына симай бөрітіп, таңдайына жабысып қапты. Шелектегі суға таяп, аяқтап іліп алды. Өңіріне құлата, ағызып-тамызып жұтты-ай. Бірге сілтескен Жалбағай тырайып жатыр. Сенделе жетіп теуіп қалды. Сезбес. – Тұр иттің баласы, ешкі бас. Жапалақ. Қайда әлгі бас жазарың? – Кебежені ашып, бір шиша арақ шығарып, аузын қарш еткізіп тістеп жұлып алды да, стаканға толтыра құйып, терезе алдына жетті. «Тауға бұлт ілініпті» күбірлеп тұрып төңкерді. Қан ағысын тапты. Көзі шырадай ашылды. Ұлы денесін буған қауіпті діріл сап болып, қалпын тапты. Терезені серпе ашқан, салқын ауа – арақтың, тағысын-тағы иіс-қоңысты түріп шықты. Бұлт. Кәдімгі, тауға ілінсе болды құлашын жая лезім тұмшалап, ақжауындататын, өзі күтіп жүрген сүйікті бұлты. Қимылдар сәт жеткен екен. Жетіпті. Қорылы күшейе түскен Жалбағайды қабырғадан теуіп қалды – тұр, шірік! Солдаттар тамақтанып, ат-әбзелдерін тап-тұйнақтай әзір етсін. Міндет өтеуге шығамыз. Жетісудың қойны-қоншы, қопалы қойнауын ендей де, көлденеңдей де сүзгісінен өткізген Ермаковский Соркөл маңынан алтын және күміс ұшығын кезіктірді қазба жұмыстарының негізінде – көл тағаны кең кіндігі болып саналды. Көлді судан арылту сонда-ақ шешілген-ді. Бұл, деген қолайға жаққан, тунел қазу машақатынан ада, ашық кенішке бірден қол жеткізу деген сөз еді. Ермаковскийлер көлдің Нөсерсайға емінген ернеуін толық талқандар дәріні мол етіп көмді. Көл суы қотарыла, Нөсерсаймен елсіз инеге кетпек. Білтелік тез тұтанар, оңайға өшпес-ті. Енді партылату бастарымыз деп белсеніп тұрғанда, ақпатша мен большевиктер арасы ушықты. Ұшқын өртке ұласып, маңын шарпи, шалқып бара жатты. Тау-кен кісілері де екі жікке бөліне қалғандай күн туды. Шар Россия тау-кен министрлігінің ғылыми қызметіндегі Ермаковский, енді, қызыл командир болып шыға келді. Ішкі есебін жүзеге асырды, қырын келгендер дерлік тырапай асты. Өзі орталыққа жиналып жол жүріп кетті де, қазылар қазынаның кімге тәуелділігі жұмбақ қалды. Дәрі жарылмады.
Қызыл үкімет айқын ырықтылыққа өтіп, міндет айқындалған шақта, Ермаковский қиян далаға өкімет әкімиятын орнатуға белсене, өзі сұранды. Таңдағаны Жетісу өлкесі-тін. «Жағдаят – адам болса туындайды. Жағдаят – адам болмаса туындамайды» деген жоғарыдан жеткен астарлы нұсқауды бірден аңғарған ол – «Мал болмайтындарды» Нөсерсайға көшірген-ді. Әшкере қан төгу емес, қол қандалмайтын іс, шара бірден қолдау тапты. Бір оқпен екі қоян ату. Өзі аттанып, Степанды оңашалағандағы негізгі тапсырма осы еді. Орайлы сәті туып, бір нөсерлі күні тындыра салу болатын. Зауал табиғаттың қатаң мінезіне артылып кете бармақ. Әлімсейіт жаяулатып, түске таяу қорымға жетті. Қорымнан көл ауаны тұтас көзге ұратын. Расында, бұрынғыдан арнасы кеңіп, молыққан. Аспан төңкеріліп түскендей, шоқ-шоқ бұлттар көл түбінде жүзіп барады. Желсіз. Өлі тыныштық. Жанына жетіп, бағамдаған жөн болар деген. Қорымдағы «шарапатты мола» аталған көне бейіттің оң қапталындағы топырағы сұр тартқан қабырлардың арасынан ана мен қыз қабырын тауып алды. Жүгініп, құран бағыштамақ еді. Степан тобы Соркөлге таяп келген. Тот басқан темір түстес қожырлы, қойтастар арасына енгенде, жанындағыларға белгі беріп тоқтатты. Аттан түсісті. Өзін мазалап жүрген жай – бірде ішіп отырып «Соркөл» құпиялығын Жалбағайға жайып салды ма, әлде, түсі ме, көңілінен күдік кетпей, жаны жайланбай-ақ қойды. Түптің түбінде осыдан, Жалбағайдан жақсылық болмас деп шешкелі біраз болған. Қазақ. Қазақ – қарға тамырлы. Және қарға қарғаның көзін шұқымайдысы тағы бар. Көзін жою керек. Күдік-күмәннан біржола, біржола арылу керек. Соркөл шәйіп кетет те, бәрін. – Жалбағай, біздің мұнда неге келгенімізді білесің бе? Білмесең айтайын. Енді кішкенеден кейін, Соркөл ыра жөңкіліп, Нөсерсайға құйылатын болады. – Так.. сонда, сонау төменде ауыл отыр ғой?! – Ауыл дейді ғой, шірік! Жаусыңдар. Бәрі. Дерлік. Қазақ атаулы жау. Қай жолмен болса да құртылуы керек. Миыңа бірдеңе кіре бастады-ау деймін. Қалтырап кеттің, өзің. – Мейлі ғой. Дегенмен... жоғарының нұсқауы болса... орындаған ләзім... – Ләзім болғандықтан сені де осында қалдыруға тура келеді. – Қалғаны, қалдырғаны қалай? Степан жолдас не үшін?.. – Қарға тамырлы болғаның үшін! – І...ім... мен... сенбейсіңдер ме? .. мен деген сендерге барыммен берілген коммуниспін ғой... – Доғар сөзді! Үлкен мақсаттар жолында құрбандық болады. Күнәсіз болсаң сол құрбандықпын деп есептей бер өзіңді. Байлаңдар! Жалбағай жалынды, жалбарынды. Текеше бақырды. Солдаттар елемеді. Алып ұрып тырыстыра байлады. – Аттандыра салыңдар – Степан қысқа бұйырып, атқа қонды. Біреуінен басқасы соңынан ерді. Ішкі Россиядан бермен төңкерістің сан сынынан өтіп көре-көре, көсіле-көсіле Жетісуға дейінгі қанды жол, қасап жорықтың бел ортасындағы солдат, кәнігі, дәнігі қатыгез, жау атаулыға қаны қарайған солдат, мына орайлы сәтте мергендігін бір сынап алғысы келген-ді. Жалбағайды көк сүңгімен жеңіл
сұққыштап, қойтасқа шығарды. Шегінде «Он қадам. Жоқ тым жақын. Жиырма, жиырма бес қадам». Көп болған-ды, қарауылына тірі жан ілікпей қан тілеп, көзі қарауытып жүрген, аузына тола қалған сілекейін құмарлана жұтынып алып, бұтына жіберіп қалшылдап тұрған қарауыл, Жалбағайды екі қастың арасынан кезеді. Оқ атылды. Маң жаңғырыққа жаңғырық қосты. Жалбағай қойтастан домалай, ары ауып түсті. Солдат қойтасқа шыққанда, ол, сырғыма қиыршықпен жайлап ағып бара жатты. Шақпағын қайырып, жезін ытқытып жіберіп, мылтығын иығына сала, артына қарай аяңдады, солдат. Қорымнан түскен соң, қабырғалап тартатын жолға түсіп, көлге беттеген Әлімсейіт, алқынып қалды. Тер басып, зорға ілгерілеп келе жатыр еді, темір түстес қойтастарға жете бергенде тар жол үстінен қиыршық сырмаға малтыққан шала-жансар кісіні көрді. Жалбағай болатын. Солдат көзеген. Мүлт кептесін, кетпегенін сезінді. Мүлт кетіпті. Жалбағайдың оқ қағар ақмартулы болғаны оған себеп емес-ті. Түсі бөлек, сырлы қойтастардағы магниттік өрісті, ғажайып күш оқты шалқытқан. Шалқыған оқ – екі қастың қақ ортасына емес, оң құлақ жарғағын талқандай тесіп өтіпті. Тастан ұшқанда аяғы қарасаннан жарқышақтана сынған. Есін жиған соң екпеттей, жамбастай осында жетіпті, тасқын аранынан сытылмақ ниетте. Әлімсейіт тіл қатпады. Айналып өте шықпа-ақ еді, аяғына орала кетті. – Маған енді бәрібір. Өлген адаммын. Өлікпін. Сен ізіңмен кері қайт. Менің атымды ұстап ауылға шап. Өз ауылыңа деймін! Көл суы жарылады. Дәрі қойылған. Бар, бар енді, бөгелме. Әлімсейіт аңырап қалып еді, тез түйінді. Көлдің бер жақ қырында, үймелеген солдаттар қарбаластыққа түскен. – Бол дедім ғой мен саған әне, олар көреді, атып тастайды ғой. Онда бәрінің біткені. Атқа қарай ұшты Әлімсейіт. Аяғының астын түтеді – оқ. Басынан аса зуылдайды – оқ. Күрең қасқа азбан әуреге салмады, жалына қолы тие қарғып мініп құйын-пері шаба жөнелді. Шыңдағы шөкпе бұлттар қанатын жайған алып қара құстар тобындай. Тұтас аспан түнере қалған тып-тынық шақ еді, бұл. Ірі тамшылар топыры түсе бастағанда ұйтқып жел тұрды, енді. Жел – бірте-бірте күшейіп жай ойнады. Қасқағымда-ақ, көкті тітіретіп күр-күр жайлады да ізінше жер дүние сабалды. Сабаған жаңбыр. Шылбырмен борбайлай төпеп, тепкіленіп келеді – Әлімсейіт. Ұйқы-тұйқы жел, көз аштырмай сабалаған ірі тамшылар, жолды бағамдауға әупірім мұра береді. Бір үміт, бір күдік. Ой дүние ойран асыр. Төніп келген ажал аранынан хабарсыз ауыл, ауылдағы әке, бауыр. Жетуге асыққан сайын, жүрісі мандымай қойды. Азап! Өзі ғана сезініп, көтеріп келе жатқан қанды ауыз зілмауыр азап! Нөсер толастар емес, ауыл қайда? Қаншалық қалды? Біліп болмас тылсым бәрі. Борпылдақ топырақ миша езілген. Сүргенек жолда қорғана бүгежектеп, текіректеп келеді жануар. Естілді, дыбыс. Тура маңдай беттен. Ышқына ұлыған қара төбет, қыңсылай шиыршық атқан қара төбет ұлыған. «Сезіп, біліп жүр екенсің-ау, бейшара. Айтарға тілің жоқ». Ауыл, ауылға таяған екем, аусай кетпеппін. О, тәңірім, жар бола гөр, жоқ-жітік, бейкүнә жандарға. О. Тәңірім...»
Зіл-зала! Нағыз зіл-заланың өзі. Құлақ тұндырған өткір дыбыс соңы ауыр гүрілге ұласты. Гүріл, суыл, шығыл. Алапты кернеді. «Қап! Әттеген-ай! Күн күркірі болғай да...» Гүріл, суыл, шыңыл араласып кетті, қорқынышты мақұлық таяп қалғандай, өкшелеп жетіп, өзіне ауыз саларға жақын. Сезінді. Түршігіп кетті. «Шынымен бірінің біріккені осы ма? Жоқ, бола қоймас, ондай...» Бір... әлде ненің сұлбасы қараңдады, алдынан. Қара төбе! Текше тастың үстінде өрлі-қырлы өрекпіп қаратөбет жүр. Ышқына ұлиды. Қыңсылай ұлиды. Ылдиға түсер жолды межелеп тапқаны сол еді, құлағын қақыратқан ашты үнге іле, буырқанған тау тақылетті алып толқын, қара қошқыл қойыртпақ жын бүркіп, қас қағымда-ақ дөңбекши бүктетіле, жиырырлып-жазыла, өтіп кете барды, тура алдынан. – Аһ! Қураттың-ау, Құдай-ай! Кешіктім-ау! Әке-е-е!.. Сағы-ы-ын!.. Әлімсейіт енді, ештеңе ойлап жатпады. Табанының астында ғана көз ілеспес жылдамдықпен жүйткіген есер ағынға өзін атты. Көбігі көкті жалап жұқтаған оңаза, аш, қорқау толқын, тау-тау толқын оны қақшып ала қойды. Ендігі кезек-қақпақылдан, атып, көміп бара жатты. Осылайша – әлі картаға да түсіп үлгермеген, Сор көл – Осы өңірдің қасқажайсаң, қаракөк, марқасқаларының соры болып тынды, ақыры. Ізі өшті. Өзі өшкенімен қоймай, үміт оты тұтанып келе жатқан көкіректерді де өшіріп кетті.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру