TELEGEI

Home

Әсет

Құрманбай Толыбаев

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Әсет

Жазушының “Әсет” романы халқымыздың аса дарынды перзенттерінің бірі Әсет Найманбаевтың өмір жолындағы тағылымды тұстарды жан-жақты аша суреттеуімен де құнды. Ұлы әншінің қат-қабат оқиғаларға толы қиын да қызықты өмірі, әншілік, сазгерлік өнерінің қыр-сыры оқырманын бейжай қалдырмайды. Сонымен бірге бұл ХХ ғасыр басындағы қазақ ауылдарындағы тіршілік тынысын да жап-жақсы көрсеткен туынды.

Құрманбай ТОЛЫБАЕВ

Роман
Алматы
“Жазушы”

Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитеті “Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару” бағдарламасы бойынша шығарылды ІSBN 978-601-200-419-9 © Толыбаев Қ., 2013 © “Жазушы” баспасы, 2013 ІSBN 978-601-200-419-9 УДК 821.512.122 ББК 84 Қаз 7–44 Т 56 Т 56 Толыбаев Қ. Әсет: Роман. – Ал­ма­ты: “Жазушы”, 2013.– 400 б. – “Көркем әдебиет. Проза” сериясы. УДК 821.512.122 ББК 84 Қаз 7–44 Жазушының “Әсет” романы халқымыздың аса дарынды пер­зент­ терінің бірі Әсет Найманбаевтың өмір жолындағы тағы­лым­ды тұс­ тарды жан-жақты аша суреттеуімен де құнды. Ұлы әнші­нің қат-қабат оқиғаларға толы қиын да қызықты өмірі, әншілік, саз­герлік өнерінің қыр-сыры оқырманын бейжай қалдырмайды. Сонымен бірге бұл ХХ ға­сыр басындағы қазақ ауылдарындағы тіршілік тынысын да жап-жақ­ сы көрсеткен туынды.

ЖАЛҒЫЗ АҒАШ Іркес-тіркес шұбалған ұлы таулардың біріне-бірі тұтасқан тізбегі түйе жон Майлы мен жайылма Жайыр жоталарынан тоғыса­ ды да, арғы шеті Тарбағатай асқарынан асып, ақ жал Алтайдың шеткі тармағы Сауырмен жалғасады. Жалпақ даланы кемерлей созылған Жайырдың шүйгінді қойнауындағы қалың қатпарлы сайсаланы мекендеген елдің ішіне Әсет жер бетінің тоңы сарқыла еріп бітіп, шөбі жетіле бастағанда, көктемнің ортасына таман жетті. Мұндағы елге атағы мен аты ғана қанық емес, талайға жүз таныс. Бұрын да екі-үш дүркін шарлаған. Сырлас-білістері де бірсыпыра. Әні мен өлеңі де көп тараған. Қай үйіне түссе де, төбесіне көтеріп, төріне шығарары анық. Соны біле тұра Әсеттің әдейілеп іздеп келіп, ат басын алғаш тіреген үйі – ескі досы, Маңдайшаның түкпірінде отырған Тұрысбектің отауы болды. Ол албырттау жас кезінде өз шама­ сынша әнмен, өлеңмен әуестенген, арғы-бергі елдің дүбірлі тойдуманын жібермей, араласып өскен сауыққой жігіт еді. Мүшел жас кішілігі бар. Осыдан бес-алты жыл бұрын Бақтының күнгей бетінен теріскейіне асып, Әсетке біраз ілескен. Өлеңін жаттап, әнін үйренген. Тарбағатай мен Тоқта тауларының қойын-койнауындағы елді аралаған. Сонда әннің небір саңлақтарын, өлеңнің жанды балқытар оттыларын көкейіне тоқып қайтқан-ды. Ақжарқын, ашық мінезі баураған соң, Әсет те бұған ықыласпен бауыр басып кеткен. Әдейілеп келуінде өзімсінген сенімі, сағынышы бар-тын. Бет көрісуді аңсау – адам санасының жетекші сезімі сияқты. Сол ниет оны осылай бастап, анталата жетелеген. Ықтасын қойнауға тігілген киіз үйдің қарсы алдына ор­натылған мама ағаштың түбіне тоқтаған Әсетті көргенде шолақ қара шапан­ ды, жуан мойын толықша жігіт орнынан елпелектей түрегелді. Қалбалақтай адымдап барып, атын ұстады. – Салау-мәликем, Әсаға!.. – деп, қолтығынан сүйемелдеп түсірді қазақы салтпен. Атын мама ағашта тұрған ұзын жал, қақпан бел құланың қасына байлады. Мәз боп, ауыз жаппайды. – Түу, сағынып жүр едім, тәңірдің мына жақсылығын қараңызшы!..

– Амансың ба, Тұрысжан? – деп, Әсет те еркелете құшақтап,

төс қағыстырып көрісті. Шоқша қара сақалды, қою мұртын тегістеп
басып, білеулей қойған шойындай шомбал қараның тұла бойын
барлай шолды. Байқауынша, денесі толысып, шарлана бастаған
түрі бар. Салмақтылығы, ұстамдылығы артыпты. Балпаңдай

баса­ды. Даусы ашық, сөзі тиянақты. Күлкі ұялаған қоңыр көзінің
оты мол. Қысқы аяздың табы әлі тарай қоймағандықтан ба, қызыл
шырайы май сіңген терідей қызыл күрең тартқан. Етегі жалпақ қара
елтірі тұмағының астындағы дөңгелек жүзі албырай бөртіп, ақсия

күледі. Жүрегі алып-ұшып тұрса да, елбіректемей, қуанышпен ғана
жай­раңдайды. Байсалды кейіппен ойлана қарайды. Күні кеше ғана
өрттей қаулап, шалқып жүретін жігіттің құлқы өзгерген. Өткен
уақыт табын тастамай кете ме? Адамның жасы ұлғайған сайын

сабыр-салмағы да артады екен-ау деп өкіне топшылады Әсет
мұңданып. Ақыл тоқтатудың нышаны осы шығар...
Босағаға жеткенше Тұрысбек ел-жұрттың жосығымен Әсет
ауылының жай-жапсарын сұраумен болды:

– Бала-шаға, ауыл-аймақ аман ба, Әсаға?..

– Шүкір, Тұрысжан, шүкір... Бәрі де өзің көргендей!

– Үйге кіріңіз!..

Тұрысбек ілгері бастады. Іргесі айналдыра қазылып, морланған
көнетоз қоңыр үйдің есігінен сұңғақтау, сұлуша тобылғы торы
жастау әйел шықты. Аппақ кимешегінің жағы төрт елідей шым
кесте. Шолақ жең қара мақпал камзолының өңірі сары жез оралған

оқамен көмкерілген. Бүрмелі етегі шұбалған ұзын қызыл ала
көйлегі жер сызады.

– Есенсіз бе, Әсаға? – деп ізетпен иіле еңкейді. Оң қолымен

оң тізесін басып, сәлем жасады да, есікті ашты. Мұның да жөні
бар-тын. Осыдан он төрт-он бес жыл бұрын Әсет сонау Барлықтың
теріскей бетіндегі күзеуде осы келіншектің бетін ашқан. Содан
былай осы отаумен жиі араласып кеткен. Сондықтан сыйлы. Оған

қоса жасының үлкендігі үшін де ерекше құрметтейді.
Қарға тамырлы қазақ емес пе, Тұрысбектің әкесі Бейісбай бір
жолы Майлы жотасының күн шығыс бетіндегі елді қы­дырып жү­
ріп, көне көз танысының үйінен сымбатты, ізетті, мінезі жібектей

сызылған қыздың әдепті қылығына сүйсінеді. Адамдығынан үміт
күтіп, қыздың әкесіне қолқа салады да, сөз байласады. Үкі тағып
қайтады. Ал келесі жылғы жазда келісіл­ген малын айдап, баласын
ерте барады да, тойын жасатып, бір жола ұзатып алып қайтады. Өз

ауылына оралғаннан кейін алыс-жақын елді шақырып, Еміл бойын­
да үлкен той жасайды. Өйткені, өзі жалқы өскендіктен, баласының

бағын базарлап, қуанышының қызығына бөленуді мұрат тұтады.
Қос ат шаптырып, Алакөлдің арғы жағындағы Көктұма-Ақшиден
Әсетті арнайы шақыртады. Ақын келгенде қошаметпен қарсы
алып, мақсатын айтады. Ізгі ниетпен қолқалап отырып келінінің

бетін ашқызған. Содан бері Әсет бұл ауылдың ет-жақын адамына
айналған. Ақ ниет қабыл болғандай келесі жылы Бейісбай немере
сүйген.
Арада біраз жыл өткен соң Бейісбай келінінің көңілін аулады

ма, әлде құдасының шақырған тіліне ерді ме, осы өңірдегі жек­
жаты­ның арасын бір жаз жайлап қайтпақ боп көшіп келіп еді, жері
ұнады ма болмаса құдасының қалауынан аса алмады ма, тұрып
қалған. Содан бері Әсеттің бұл өңірге ат ізін салғаны да, таныс

адамдарын көргені де осы. Зор ілтипатпен иілген келіншекке:

– Амансың ба, Зияшжан? Ізетіңе рақмет, көп жаса! – деп ағалық

ықыласын білдіріп, іркілмей табалдырықтан аттады. Үйдегі үш-
төрт баланың ересектері жамырай сәлем беріп, жапырлай сыртқа
ығысты. Балаларға алғыс айтты да, төрге барып жайғасты.
Зияш сопақша ақ самауырынды есік алдына шығарып, су

құйды, түтігіне жерошақта жанып тұрған оттың қып-қызыл
шоғын қысқашпен шымшып алып, бір-бірлеп салып жатыр.
Шешесінің қимылынан асыққан сыңайын байқаған ересектеу қара
бала отын бұтарлады, басқалары самауырынның түбіне тасыды.

Зияш шай қамына кіріскен. Сәлден кейін Тұрысбек киіз қалпағын
киіп, түрегелді де, кереге басынан жоғарылау уықтың қарына
қыстырылған қамшысын қолына алып:

– Әсаға, сіз аз ғана демала тұрыңыз! – деп сыртқа беттеді. Іле

дүңкілдетіп желе жөнелген ат тұяғының дүбірі естілді. Аздан
кейін иығына аппақ сүлгі асқан Зияш сары жез легенді ала кіріп,
Әсеттің қолына су құйды. Дастарқан жайып, тостаған-тостағанға
салынған ақ май, бал қаймақ қойды. Табақтай дөңгелек таба

нанды турады. Сақырлай қайнап, буы будақтаған ақ самауырын
үйдің дәл ортасындағы оттың басына қонжиды. Зияш ақ шәйнекке
бықтырылған қызыл-күрең шайға қою кілегей қатып, кәрлен кесені
қадірлі мейманға қос қолдап ұсынды. Кесенің ернеуіне жұққан қою

шай бал татиды. Шөлдеп келген Әсеттің маңдайынан шыпшып тер
шықты. Шай ішіліп бола бергенде Тұрысбек кірді. Семіз ақ сары
бас тұсақты есік алдына көлденең тартып, бата сұрады. Қолын
жайған Әсет қысқа қайырды:

– Көсегең көгерсін, көрмегенің көп, көргенің аз болсын! Ал­­

дыңнан айың тусын, төбеңде күнің күлсін! Бала-шағаңның қы­
зығын көріп, мұратыңа жет! Аллауәкбар! – деп бетін сипады.

Қойды жетелеп сыртқа шыққан Тұрысбек он екі-он үш жас шамасындағы тығыншықтай қара балаға шұғыл тапсырма берді. Ол соны күтіп тұрғандай қақпан бел құлаға міне салып, тасырлата шауып үйдің артындағы белден асып кетті. Тұрысбек кең жазық­ тың желкесіндегі Абдыраның тауға иек артқан кербез белінің етегін көктеп, төлін ширатып алу үшін жалғыз үй оңаша отырған. Бесін ауа кәрі-жасы аралас бір топ адам сау ете түсті. Үй ішіне сығылыса жайғасты. Ішінде ескі танысы Бейісбай да бар. Төс қағысып көрісті. Оның қонысы келесі сайдың табанында екен. Шүйіркелесе үйірілісті. Ел мен жер жайлы сұрасып, көңілдерін сусындатысты. Мамыржай отырып, ас ішіліп болғаннан кейін: – Әсетжан, елдің әуенін, сенің даусыңды сағынып қалдық,  – деді Бейісбай емірене өтініп. Үнінде ынтықтық сарын бар. Әл­ денендей әлсіздікті сезген Әсет байқатпай шолып өтті. Сақалмұрты аппақ қудай. Бір кездегі торсиып тұратын топ-толық бетін айқыш-ұйқыш әжім торлаған. Таудай бойының еті қатып, сүйегі сорайған. Жотасы күжірейіп, еңсесі түскен. Ішін мұң торлады. Ой, дүние-ай, өткен уақыт адам баласын қалай мұжиды десеңші. Ескен желдей сырғи сусып, өмірді көшкен құмдай ұйпалайды екен-ау. Жүзінен қаны тамып тұратын қайратты кісінің халін-ай... Бір түрлі жадау. Ең тәуірі – көңілі жарқын... Бейісбайдың қалауын қайталаған үні ойын бөлді. – Қане, алысқа сілтемесең де, әзірше жаяу жарысыңа разымыз, бірдеңе дей отыр. Бұл күні Әсет түн ортасына дейін желдірме әуенмен төгілме өлең айтып, көптің көңілін аулады. Аспандата шырқаған жоқ. Сырын білетіндер мұнысын жол соқтылыққа жорыды. Сонда да ансаған әуендеріне сусындаған жұрт жадырап тарасты. Ертеңінде-ақ тұс-тұстан аңдаған атты кісілер екіден-үштен Тұрысбектің үйіне ағылып келіп жатты. Сәлемдесушілердің арасында осы өңірдің білікті кісілері де бар. Үйге лықа толып, сыртта сығылысып тұрғанымен, ән шырқалмады. Әзірше әнге бара алмайтынының себебін Әсет осы ауылдың аузына қарай­тын қариясы, өзі де ылғи ән мен өлеңге шөлдеп жүретін ескі танысы Жәмеңкеге айтты: – О, жұртым, көңілді мұң торласа, ән өрістей ме? Менің де жүрегім жаралы. Кешегі көз көргенім бүгін жоқ. Демежан халықтың арыстай ұлы еді. Дастарқанынан талай дәм-тұзын татып, сый-сияпатын көріп ем. Менің болжауымша, оның ауылы осы маңнан онша қашық болмауы керек. Ошағының басына барып бата жасамай, іргесінде айқайлап жатқаным елден ұят болар. Адамдық

арыма сыя қоймас. Өзі өткенімен, орны бар емес пе? Алдымен сол
ауылға барып, ағайын-аймағымен бет көрісейін... Сонан кейін ба­
рып әнге оралайық. Сонымыз елдің салтына лайық шығар. Солай
емес пе, Жәке!..

– Бұл қылығың – жөн білген адамның ісі, Әсетжан! – деді

Жәмеңке сүйсіне қуаттап. – Демежан бір елдің ғана емес, осы
аймақтағы барлық қазақтың жоқтауына татитын жігіт еді ғой.
Маңдайымызға сыймады, қайтейік... Ойыңды ұқтым, Әсетжан,
адамдығың жар болсын! Демежан ауылына ертіп алып барайық!..

Бұл тоқтамды естіген жұрт таңдайларын тақылдата тамсанып,
тарай бастады. Аңсағандары болмаған соң мойындары былқ-сылқ
етеді. Әлпеттеріндегі көңілсіздік Әсетті де толғантты. Көптің
көңілінен қайғының тұманы да ыдырап, сейілген түрі бар. Көзден

кетсе, көңілден өшеді деген осы ма? Қарасы көрінбегеннен кейін
суынғаны ма, әлде іштен тынғаны ма? «Өлген арыстаннан тірі
тышқан артық» деген осы да! Кім біледі, тілегі қабыл болғандай,
Демежан өліміне шоқ-шоқ дейтіндер де бар шығар. Жалған атақ

үшін бірімен-бірі қасасуға әуес қазақтың шен құмарлары арасы­
нан ондайлар да табылады. Алты бақан ала ауыздығы қалған ба?
Қайран ел-ай, ауыз бірлігің жарасатын күнің туар ма екен?..

– Әсетжан, жүр, сыртқа шығып, бой жазайық, – деді Жәмеңке

орнынан қозғалып. Әсет селт етіп басын көтерді де, төңірегіне
жаутаңдай көз салды. Үйде жасы үлкен және өзіне көптен таныс
бес алты адам ғана қалыпты. Сыртта біраз жүріп, қайта оралысты.
Оңаша үйде еміл-жай әңгімеге кірісті...

Келесі күні сәске әлетінде Жәмеңке бастаған бір қауым
салт атты кісі Әсетті ортаға алып, Абдыраның етегінен аттан­
ды. Жайпақ адырлы Маңдайшаны сағалай жүріп, ылдидағы
Қараүңгір аңғары­на құлады да, Боздақ даласына қарай бет түзе­

ді. Жалпақ жазық жасыл нуға бөленіп, көлдей көлбеп жатыр.
Еміс-еміс үзіп-жарды естігені болмаса, Демежан өлімінің себеп-
салдарына Әсет әлі қанық емес еді. Мына жол үстінде соны ұға
жүруге ыңғай іздеді. Топтың алдына Жәмеңке екеуі оңашаланып

озыңқыраған. Қарияны сөзге тартты.

– Жәке, мен адам танысам, Демежан халқы үшін өзегі өртенетін

жігіт еді. Соншама ауыр жазаға тартылатындай қандай айып
тағылды оған?..

– Ой, Әсетжан-ай, пәле-жала табаныңның астында емес пе,

пәлен дерің бар ма? Ықылым заманнан бері елдің аузына ілінген,
төбесіне көтерген кісісінің досынан дұшпаны көп болмаушы ма

еді? – деп мұңдана күрсініп жіберді де, Жәмеңке қарт сол тұстағы
оқиға жайлы сыр толғады... Сол кездегі қазаққа салынған салық
халықты қатты сансыратты. Оның үстіне құнарлы, шұрайлы жерді
жаңадан көшіп келген манжудың байлары баса-көктеп иемдене

бастады. Қазаққа тізгін қақтырмады, қомсынып, қорлады. Демежан
әкімдерден сол алалықты жүйелеуді талап етті. «Үйренген жау –
атыспаққа жақсы» дегендей, бала жасынан қолында өсіп, ержете
келе алдында қызмет еткен Ши-амбы бұл араның әкімдігінен ауы­

сты да, орнына Іле жақтан Мәтен амбы деген келді. Ол бір қанды
балақ екен, қазақтың басына әңгір таяқ ойнатты. Бұрын қанша
қиқарланса да Ши-амбының қыбын тауып, сабасына түсірудің
ебін білетін Демежанның бұған тілі өтпеді. Бақталастары жаңа

әкімге мықтап жамандап тастаған сыңайы бар, тіпті жер туралы ел
ішіндегі наразылықты да Мәтен амбы сол баладан көріпті. Тегінде,
Ши-амбымен бақталас, бақас болуы керек.

– Байы қырын қараса, бәйбіше байтал мінедінің кері кесір боп

жабысқан екен ғой.

– Не десең де, мен өзіміздің ішіміздегі аш өзек, қызыл көзде­

ріміз қолшоқпар болды ма деп ойлаймын...

– Күмән қылатын кісіңіз бар ма?

– Болғанмен, тақымын бұрауға қауқарым жоқ... Жалғыз мен

емес, барлық елге аян.
Жәмеңке одан әрі түкпірлеп ештеңені аша алмады. Бүкіл
Қытайды қуырып, үш жүз жылға жуық билеп-төстеген Манжу
империясының шет өлкедегі әкімдерінің тежеусіз кеткеніне

ойы жетпеді. Бар білетіні – ара-тұра Іле жақтан келгендерің су­
ырша шақылдап, ауыл-ауылдың апшысын қуыратыны ғана. Ал
Демежанның дарға асылуының себебін әркім әр саққа жүгіртеді.
Алайда, бұл құрбандық сырының аса құпия қастандық екенін

жүргіншілердің қатары бір қысаңға келгенде созалаңдап, арала­
ры ажырай қалған мезетте Әсетті топтан бөліп, жеке шығарып
әкеткен, Үрімжіде оқитын, осы ауылға нағашылай келіп жүрген
сөзі байыпты, мінезі салмақты Жұмәділ деген жігіт баяндап берді.

...Демежан қазасының салдары тереңде екен. Соны түп-
тамырын ақтара баяндаған Жұмәділдің туған өлкесінің басынан
кешкеніне қанықтығы, білгірлігі көп оқиғаның бетін ашты. Әсетті
талай сырға қандырды. Зорлықтың қалқасында қулық та жүреді

екен... Өлкенің жаңа басқарушысының қолданған айла-тәсілінің
терең қатпарына қырдағы ауыл адамдарының ешқайсысы үңіле
алмапты. Саналы жігіт салалап ұқтырды. Одан әрі Әсет те қазбалап
жатпады. Дәмежан өлімінің себеп-салдарын түсінді.

– Ой, сұмдық-ай!.. – деді Әсет қамыға күрсініп. Кеудесіне қайғы ұялады. Қысаңнан өтіп, төбеге шыққан кезде аты жүрдек бір-екі кі­сі тақап та қалған. Қабағы қалыңдау, дөңгелек жүзді, қызыл шырайлы кісі Әсеттің өксігін құлағы шалып, өзінше жорыды. – Бұл дүние кімге серік болушы еді? – деп, қазақы тұжырыммен тұнжырады. Қатарласа берген Жәмеңке бұлардың көңілдерін аулаған ниет танытты: – Жазмыштан озбақ жоқ, Таңғытжан... – Әй, қайдам, – деді үмітсіздік билеген Таңғыт мұңайып. – Демежанның басына төнген қара бұлт күні ертең біздің де төбемізді құрсаулап, найзағайын ойнатпасына кім кепіл?.. Бұған бәрі де мойынсал болғандай, ешкім үндемеді. Онысы да рас-ау. Алдағы күнге сенім жоқ, ұрпағымыз не күйге душар болар екен?.. Жәмеңкенің көзі қарауытып, жүрегі сыздады... – Сөз сүйектен өткенде, жалаға да жарайды. – Е, кім біледі, солай да шығар, – деп қайғыра күрсінді Жә­ меңке. – Сөзден де қалғанымыз ғой, шамасы... – «Сөзден сөз туады, жүйесін таппаса – бәле боп қуады», – дейді екен бұрынғылар... Таңғыт ойын жұмбақтай айтты. Аңғарында өшпес өкініш, бұр­ қанған ыза жатқандай, Сыртқа тепсе де, шығармай булықтырған. Сонысы жанына батқан сықылды. Әсет өзінің көптен бергі сырлас-мұңдасы, әр жайды байыппен ойлайтын бұл кісінің соншама күйзелегеніне іштей таң қалды. Дүниеден үміт үзгендей мұнысы несі? Әкесі Еңсе бір кезде Манжу басқыншыларына қарсы соғысқа қол бастап шығыпты. Көтеріліс жеңіліске ұшыраған соң, біраз жыл Еренқабырға тауларының құшағын паналап жүріпті. Кейін үзеңгі бауын қайта бекемдеп, іргесін бекітеді де, Саты мен Сайболат елінің басын қосып, Еміл бойына қоныстандырған, ағайынды жұмылдырған сыйлы адам атанған. Әсеттің есіне 1910 жылдың көктемінде Барлықтың күнгейіне бір келгені түсті. Ел ішін аралап жүрген. Сол тұста Еміл бойындағы Обалы жазығын көктеп отырған осы Таңғыт арнайы кісі жіберіп шақыртқан, сый-құрмет көрсеткен. Әзілдері жарасып, көңілдері табысқан. Бірде Әсет: – Оу, Таңғыт, мыңғырған малың жатыр Обалының жазығын­ да, – деген-ді сыр тартып. – Енді шұбар тайларымды шұқыратып алдыма салатын шығарсың? Таңғыт та сөздің төркініне түсініп, әзілдің салмағын оның өзіне қарай аунатқан:

– Несі бар, қалауын тапсаң, айдап кете бер. Бірақ әлі жігің ашыл­ май жүрген адамсың ғой. Айтқаның-ақ болсын, мынаны айырып ұқтыршы: сен найманға жиенсің бе, күйеусің бе?.. – Мен жеңілдім, – деп Әсет сонда еркелей аунай кетіп еді. Былай тартсаң – өгіз өледі, былай тартсаң – арба сынадының кері менікі. – Қайтесің, адастыратын ескі жолды, – деп Таңғыт мұңайтпай жебеген. – Сен күллі қазаққа ортақ Әсет емеспісің? Сый-құрметтен кенде қылмаспыз. – Мына ақылыңа көндім. Одан әрі Әсет те таласпаған, әзіл жүйесін тауып, жарасымды тынған. Тағы бір әзіл үстінде орайы келген соң Таңғыт өзінің ойындағы тілегін өтінішпен айтқан: – Әкемнің жылы таяп келеді. Ол кісіні сонау Семей мен Өскеменнің, анау Алтай мен мына Іле өңірінің, өзіміз отырған осы Тарбағатай сағасының елі түгел біледі. Жайлауға шыққан соң жалпақ елге жар салып, ас беріп, перзенттік парызымды өтемек ниетім бар. Өзіңнен өтінерім – жоқтауын жазып бер... Елдің салты. Оны орындау – баланың борышы. Адамға тән жақсы ниеттің нышаны шығар... Осылай болжаған Әсет жоқтаудың мазмұнына тыңдаушы тәлім алатындай сипат қосып жазған еді. Жеке Адамның қара басын мадақтаудан гөрі елдік үшін күйінген ердің ісін өнеге еткен. Жалпақ Тарбағатай тауының күн шығысқа созылған түйе жон жотасындағы Ой жайлауға ел шығып болған. Сол кезде Еңсенің жылына сауын айтылып, ас дүбірлі салтанатпен өткен. Жақсылықтың артынан жамандық та ере жүрмей ме? Сонда: «Таңғыт әкесінің аруағын аялап отырған жоқ, күллі қазаққа өз ай­ бынын танытып, абыройын асырмақ», – деген сыбысты Әсеттің де құлағы еміс-еміс шалған. Ой, жалған-ай, өсекшінің аузын бассаң, арты жыбырлайды. Мына сыбыс та мойны озғанды көре алмайтын кереғар кесірдің қырсығы-ау. Осы елдің ішінен Таңғыттың біреуге жасаған қиянаты мен зорлығын естіген емес. Ас берсе – ата дәстүрі, астамсудың жолына жатпайды. Ол ақ ниетке қайшы қылық. Қайта бұл ас шашылып жатқан жалпақ қазақтың кең жайлауда бас қосып, дидарласуына мұрындық болған жоқ па? Жақсылығыңды асыруға ынтымағың жетпейді-ау, шіркін!.. Ойын өкінішпен түйген Әсет кейін өлең айтқан сайын адамдық қасиетті, береке-бірлікті көбірек дәріптеп, өнеге ұсынуға ден қойған. Қалай да ізгілік ұрығын шашуға талаптанған. Содан бері төрт-бес жыл өтіпті. Бірақ ештеңе өзгере қоймаған. Мына Таңғыт та елден озбапты. Баяғы өзіне тиесілі есесіне ие боп

жүрген көп үкірдайдың бірі. Ең жақсысы – еліне қиянаты жоқ. Қолда барына қанағат етіп, шүкіршілікпен күн көретін секілді... Әсеттің келген хабарын естіп, кеше әдейі іздеп барған. Тұрысбектің үйінде бірге түнеп шыққан. Түнімен елдің жай-жапсарын сұрап, көңілі көншіген. Міне, енді жүрегі сыздап тұр, қайғының қаяуы бар. Кеудесінде шемен боп қатқан бір қасірет еңсесін басқандай. Жұмәділ айтқан оқиғалардың астары бұған да мәлім сықылды. Алдағы өмірді құрдымдай қараңғы санайды. Бір күні болмаса бір күні Демежанның басына түскен қасіреттің өзін де шарпитынына күмәнданбайтын түрі бар. Мұңы да содан шығар... Таңғыт жігіт аталған шағында әкесінің жолын ұстап қалғаны рас. Бірақ бұра тартпады. Ел ішінде өз бетін, өз бағытын танытты. Елге иелігі ағалықтан аспады. Арыз айтушыны тыңдап, ақыл қос­ ты. Адамды жатырқамады. Көргенді көргенін істемей ме?.. Алғаш таныс боғаннан бастап Әсетке ықылас қойып, бауыр басып кетті. Балаша үйіріліп алған. Қалжыңдары жарасады. Бір әзіл үстінде Әсет: – Осы сен Еңсенің өз кіндігіненсің бе? – деп қиыстық аралас­ тыра сұрады. – Е, күмәнің бар ма? – Күмәнім сол – атың қалмақша сықылды. Соған қарап асыран­ ды ұл ма деп ойлай берем. – Күмән да көңілді күпті етеді, бірақ дәлел емес, – деді Таңғыт ақ сары дөңгелек жүзі қызара бөртіп. – Сонда да шыныңды айтшы?.. – Қазақтың әйелдеріндей жанама ат қойғыштар сирек кездеседі. Бала күнімде атымды атай алмаған жеңгелерім біздің ауылмен қатарласа көшіп-қонып жүрген қалмақтың таңғыт руының адамда­ рына түрімді ұқсатып, Таңғыт атап кетіпті. Оған мені еркелеткісі келген ағаларым қосылыпты. Ақыры ел қызық көрді ме әлде айтуларына оңай болды ма, кім білсін, өзімнің азан шақырып қойған атым Нұрпейіс мүлде ұмытылды да, Таңғыт атанып қалдым. – Е, бәсе, бір шикілігіңді сезіп ем, – деп күлді Әсет. Дес бергісі келмеген Таңғыт та орағыта соқты. – Ол шикілік пе екен? Қалмақтың белді тұқымының аты. Ал арабтың, парсының атын арқалап жүрген қазақтар да аз емес қой. Сонда олардың да түбі шикі ме? – Дәлелің дұрыс. Әзілім ғой. Көбіміз соны да айыра алмаймыз. Шынында, атыңның түп-төркінін білгім келген-ді...

Сол ақ жарқын Таңғыттың бұл күнде қабағы қату, жүзі жүдеу.
Түптің түбіне үңілетін тәрізді. Әзіл-қалжыңы аз, ойлануы басым.
Өз қамы ма, ел қамы ма, аша қойған жоқ.
Қарақүңгір аңғарын құлдап келіп, Қызбейітіне бұрылатын

сүрлеумен қиялай өрлеген топ жіңішке бір бұлақты жағалай жүріп,
Түлкілінің жотасына шықты. Қарсы алдыларында Боздақтың қара
барқын кең жазығы көлбеп жатыр. Көз ұшында о баста Жалғыз
ағаш атанғанымен, кейін келе өрбіп, үйірлі қара ағашқа айналған

Демежанның қыстауы бұлдырайды. Бір түрлі жүдеу, сұрқай. Соған
үнсіз қарасып, мұңайып тұрып қалысты.

– Қане, Әсет, – деді Таңғыт қиялды серпілтіп. – Демежан ау­

ылына барғанда құран оқырсың, ол әдеттегі салт. Ал сенің жөнің
басқа, сөзің қалсын. Әне, Демежанның елге үлгі етіп егіп өсірген
ағашы көктеп тұр. Ол да көрген сайын көкейге ой салатын бір
белгі. Соған арнаған сөзіңді айтшы!..

Әсет алыстағы шоқ ағашқа қадала қарады да, ойға шомды.
Көз алдына қапсағай денелі, күлімдеген дөңгелек қоңыр көзі ақ
құба өңін нұрландырып тұратын, аңқылдақ, әр сөзін байыппен,
сабырмен сөйлейтін байсалды жігіт ағасы елестеді. Ол жерді

игеріп, қазынасының қызығына батудың жайын көп айтушы еді.
Тіпті кіндік қаны төгілгенімен, ешбір сипат-сынын көрмеген сонау
Алтайға жапсарлас жатқан Кішкенетаудың да артықшылықтарын
айырып отыратын. Ақыры, осы жердің құрбандығына шалыныпты-

ау, сабаз...

– Ал, Әсетжан, айта ғой, – деген Жәмеңкенің биязы, жұмсақ

үні Әсеттің ойын бөлді. Іштей толғанғандай танауы желбіреген.
Тамағын кенеді де, қанжығасындағы қоржыннан қолтоқпақтай
кысқа мойын домбырасын суырып алды. Құлағын бұрап, үнін
баптаған соң, безілдеген қоңыр күйді бір қайырып тастады да, баяу

әуенмен мұңды әнге басты:
Ассалау мұғаликүм, Жалғыз ағаш,
Сып-сидам болып қапсың, жап-жалаңаш.
Басыңда бақ-дәулетің тұрған кезде,

Саяңа келуші еді тамам алаш.
Саяңа байланатын биең қайда,
Боталап, боздап жатар түйең қайда?
Сапырған тегенемен сары қымыз,

Аулында күнде базар иең қайда?

Ордадай үйі қайда қоңыр салқын,
Асыл тас – арқалығы, тіреуі – алтын.
Боздаққа ақ боз үйін тіккен кезде,
Келген жан көруші еді салтанатын.

Ақ үйің тұрушы еді қатар-қатар,
Сыртынан көрген адам көңіл сатар.
Қарадан хан боп туған қайран Демең,
Саған сол қас қылғанды Құдай атар.

Жарасқан ақ үйлері қайран Боздақ,
Көшірді құдайдан соң сібе зорлап.
Ханым мен ханша болған қатын-балаң,
Көл қылып көз жастарын қалды-ау боздап.

Пақыр мен мүсәпірге қарасатын,
Өзгеден артық еді-ау парасатың.
Таусылмас дүниедегі қазына едік,
Пейліңе жомарттығың жарасатын.

Қу ағаш, разы емен бұл күйіңе,
Жарасып тұрушы едің боз үйіңе.
Көкпеңбек көк-жасыл боп көрінуші ек,
Шыққанда Түлкілінің биігіне...

Кеудесін өксік қысқандай даусы қалтырап барып тынды. Қа­
сын­дағылардың көздері жасаурады. Үнсіз ой кешкен. Шеттеу тұр­
ған Жұмәділ қытайдың үлпершектей жұп-жұқа қағазынан жа­сап
алған дәптеріне қара қарындашпен сойдақтата жазып жатқан. Әсет

өлеңін аяқтағанда ол да жазуын тоқтатқан. Бір іс тындырғандай
төңірегіндегілерге қуана қарады.

– Ұмытылып қалмасын, мен де жазып үлгердім, – деді масай­

рап. Жиеніне сүйсіне қараған Жәмеңке мақсаты орындалғандай
қайталап оқытты.

– Міне, Әсетім, бұл өлеңің Демежанға айтқан жоқтауың іспетті

есімізде сақталады, – деді Таңғыт сәл көңілденіп. – Арысынан
айырылып, аңырап қалған елдің жүрегіндегі жалынына тамшы
боп себелейді.
Ақылдас серігінен айырылып қайғы шеккен, қоңылтақсыған

кеудесі қаңсып жүрген Таңғыт жадырай бастаған.

Әсет үндемеді. Әлі егжей-тегжейлі жеткізіп айта алмадым-ау
деп қынжыла қиналды. Өйткені өзінің Демежаннан естіп-білгені
көкейіне үлкен сабақ болып қалған. Ол білімімен, ашық санасы­
мен дараланатын. Күнделікті өмір ағысын ғана емес, осы өлкенің

тарихын да ежелгі дүниеден бергісін жайып салып отыратын.
Осыдан екі мың жылдан астам уақыт бұрынғыны білетін. Осы­
нау таулар мен даланы сол тұста-ақ қазақтың түпкі ата-бабалары
үйсін жұрты мекендеп, ірге жайыпты, қуатты мемлекет құрып

тұрыпты. Содан бері іргесі аумаған. Сондықтан ол бұл өлкені ата
мекені санайтын. Өз үйінің мүлкін талап жатқан тонаушының
зорлығына төзе алмаған-ау, қайран ер... Ұлан-ғайыр даланың
шығыс оңтүстік қапталына көлденеңдей сұлаған Еренқабырға

аталатын таулар тізбегінің құшағынан батысқа қарай созылып
барып, сонау Шу өзені мен Қаратау жоталарына дейінгі көл-
көсір көгілдір жайылым үйсін бабамыздың байырғы өрісі екен.
Бұл күнде сол ежелгі қоныс сонда туып-өскен ерінің басын кесуі

үшін жауларының сылтауына айналғаны ма?.. Көзі жасаурап,
қарсұра күрсінді.

– Қане, енді ілгері жүрелік... – деген Жәмеңкенің қоңыр үні

Әсеттің шұбалған қиялын бөлді. Қария атын тебінгенде бәрі
соңынан ілби ілесті. Айтар сөздері таусылғандай ешқайсысы
жақ ашпады.
Жер бетінің гүл-гүл жайнап, жаныңды елжірете баурайтын

сұлу көріністері де адамның шалқыған көңіл күйіне байланы­
сты екен-ау!.. Көктемнің тусырап толысқан кезінде теңіздей
тербеліп, көздің жауын алатын, тамсандыра құлпыратын осы­
нау жалпақ даланың өңі сұрқай, суық сорғандай боп-боз. Шөбі

құрысып, бұталары бүрісіп, жерге шөккен. Жалдана жайқалып,
алыстан назарды аударатын көк-жасыл ағаштар да мөлиіп, жер­
ге шөге мүлгіген. Үсік ұрғандай әлі жандана алмаған. Иесінен
айырылған үй-жай да, қора-қопсы да қаңыраған, қыбырлаған

жан көрінбейді маңынан... Қараң-құраң болмаса, жердің де сәні
қашатын секілді. Есіз қалған есіл дүние-ай, деген күйінішті
сезім билегенде, Әсеттің тұла бойы мұздай суып, шіміркене
тітіркенді. Қызығы өтіп, қызуы сөнген дүниенің де көркі суық

тартады екен...

ПӘЛЕ-ЖАЛА Ала жаздай мейманы болып, үлкен сый-сияпатын көрген ауылдан күн арқан бойы көтерілгенде аттанған Әсет суыт жүріп кеткен. Биік жоталардың баурайына шеккен дымқыл тұманы сірескен Барлық тауының көкпен астасқан ұшарына, көгілдір қырқасына, мұнарлы жондарына, шөбі сарғыш тартқан ойпатта­ рына, тілім-тілім қырқалары мен мүлгіген сай-саласына, кереге қиялардың төбесіндегі жалпақ жазыққа тігілген ақ шаңқан үйлерге енді бұрылып қарамады. Көкейінің терең түкпірінен жақсы адам­ дарды қимаған көңілшектік мұңы қозданып, іштей қобалжыған. Көңілді елегіздіретін елжірек қимастық желеуімен өз жүйкесін өзі босатқысы келмеді. Айналасына бұрылып қарамағаны да сол. Тек екі-үш белден асқаннан кейін ғана астындағы сидам торы төбелді тебініп, арынын үдетті. Семіз ат денесі қызған сайын екпіндеді. Та­ лыстай омырауын желге тосып, адымын кере аяғын ширақ сілтейді. Жүрісін жеделдетті. Қарсы соққан желге желпінгендей басын шұлғи изеп, жайнаң қағады. Қамыс құлағын қадалта тікірейткен. Елеңдей тың тындайды. Алақандай дөңгелек көзі шоқша жайнап, оңы мен солын жіті шолады. Қарсы алдындағы Көкжонның аласа белінен шаңқай түс әлетін­ де асқан Әсет сары қырқаның етегімен жалғасып жатқан Күптің даласы аталатын кең жазықтың шетіне ілікті. Қат-қабат жатаған адырларды шарлаған қасқа жол бұдан әрі қаңыраған елсіз даланы шиырлап, бір қиырға созылады. Қара жол үстінде жападан жалғыз жортқан қазақтың әлденендей қиял шегуі некен-саяқ құбылыс. Одан гөрі айналасындағы бел-белестердің түр-түсіне, шөбінің қоюсұйықтығына, көз ұшында бұлдыраған қараң-құраңға көбірек ден қояды. Өзі құшағында өскен табиғаттың қилы-қилы құбылысын ынтыға қызықтайды. Содан рақат тауып, соны мерей санайды. Тек жан дүниесін күйзелткен, ауыр сергелдеңге салған төтенше дау-жалаға ұшырап, жазықсыз жәбірленген кезде ғана күйінішпен қиялға шомады, іштей күңіренеді. Сонда адамға тән парасаттың қасиетін саралап, тұңғиықша тұнады. Ішін өртеген жалынның қалай тұтанғанының себебіне ой жүгіртеді де, соның жұм­бағын шешу үшін шытырман толғаныспен ширығады. Басы­нан кешкен оқиғаларды көз алдынан тізбектеп өткізіп, бір-бірлеп санамен сүзеді. Әр ісін ақылмен өлшейді. Өзі араласқан әрекеттердің қылт еткен қылаңын таса қалдырмай, аударып төңкереді. Ақ-қарасын айыруға талпынады, өзінің шын адамдығына көзі жетсе, жүрегіне

шаншудай қадалған опығы сейіліп, күмәнді кінәраттан азап шек­
кен жаны жадырайды. Одан әрі тулаған толғанысы көңіл күйін
тербететін жол серігіне айналады. Жазықсыздығына иланса, жел
шайқаған құрақтай ырғалады. Масайрап, ыңылдай әндетеді. Ма­

надан бергі Әсетті ширықтырған көңіл күйі де осы тақылеттес еді.
Қалың шиге ілінгенде табаны жалпақ қара жол едәуір
жіңішкерді. Үстін шөп басқан. Жаз басындағы көші-қон кезінде
малдың тұяғымен тапталған ши түбірлері қайта көктепті. Жаз

бойы жүргінші сирек жүргендіктен бе, бүрлене жетілген. Атты
кісінің тізесін соғатын ұзын ақ ши өскен Ақдала жазығын қақ
жарып өтетін таспадай тартылған жолға түскенде Әсетті тағы да
қым-қуыт өкінішті ой билеген-ді. Өзінен-өзі елегізіп, шиыршық

атады. Жазықсыз жалаға ұрынуының себеп-салдарын іздейді. Көз
келген қазақтың аузынан: «Ер жігіттің басынан не кешпейді...»
деге сөзді жиі естисің. Сонда мұнымен нені меңзегені?.. Ұштықсыз
шырғалаңнан шыға алмаған соң, қыспаққа түскен адамдардың

өзін-өзі алдарқатқан түрі ме? Жоқ әлде, басына төнген қиянат пен
қасіреттің тығырығына амалсыз мойын сұнып, ықтиярсыз көнгені
ме?.. Ол да тайғанақ сүрлеуді жұбаныш қып жүр ме? Жоқ, жолы
бөлек, басқаша мақсаттың жетегінде.

Соңғы кезде өзінің күн сайын немен шүғылданғанын ойша
шолып, салмағын саралаған Әсет шексіз шиырды шарлағандай
түңғиыққа шөккен-ді. Көңілін сұрғылт тұман торлағандай. Қара
басының қамын күйіттей бастаған сыңайы бар. Кеудесіне тастай

түйілген реніштің суық табы денесін түршіктіріп, бүйірінен
түртпектейді. Анықтап ештеңені қармана алмаса да, өзіне
жабылған жалаға зығыры қайнайды. Ойы астан-кестең. Ызалана
шамырқанады. Бойын долданған ашу қысқан. Жазығы жоқ қой,

ендеше сонша қорлағаны несі? Әлде шеттен келгенін желеу қып,
есерлердің қаңғыбасқа санағаны жанына батты ма? Күйінішін өзі
де түсіне алмай әлек. Бір-ақ құбылысқа қатты ызалы. Ол – қазақ
ішіндегі жымысқылардың өсекшілдігі. Олар біреуді жасыту үшін

жанын салады. Мұны біле тұрып несіне күйінеді?.. Әлде шалғай
кетіп, бірнеше айлардан бері көрмегендіктен үйін, ошағының ба­
сын сағынғаны ма, соған ауған аңсарының ауаны ма?.. Мұндайда
адам не ойламайды...

Іштей бұрқанған Әсет осы сарынмен өзін-өзі демейді: Қайтейін,
жаратылысым солай, түздік болып туыппын, түздік болып өтетін
шығармын. Ел араламай тұра алам ба? От басында омалып отыруға
дәтім жете ме? Халқым қалайды. Даурықпа қошаметпен емес, шын

пейілімен ұйып тыңдайды әнімді, өлеңіме елтеді. Көңіліне жақ­ қаны ғой. Сол әннің әуенінен тіршілігінің тынысын табады. Соған орай елдің қамы үшін емес пе бұл ісім? Сондағы айыбым қайсы? Ел ықыласы мені де жебейді. Халықтың қалауын орындамасам, өлеңімнің, әнімнің мәні не, сәні не? Даңғазамен далақтап жүргем жоқ. Мұны сезбесем, түйсіксіз топастан айырмам қайсы?.. Онда ақындығымда, адамдығымда парық та қалмас еді. Айдаладағы қу қазықтай сорайған сиқым кімге керек?.. Малдың соңына еріп, ойсыз-күйсіз күйбендеп көше беруге төзем бе? Ондай ақынның тірі өліктен несі артық? Мал бағуға да амал керек. Ақыл-ойым ән мен өлеңге ғана жұмылған... Рас-ау, кейде үйден бір шықсам, артыма қарайлай алмай, жүрісімді ерепайсыз ұзартып алатыным да бар. Қайта оралуымның өзі талайға созылады. Екіүш айдың, тіпті жылдың жүзіне ұласады... Бұл да көңілшектіктің салдары шығар. Өйткені қай ауылына барсам да, қазақ баласы ере түрегеп, құрақ ұшады. Аңқылдап, ағынан жарылады. Сол ыстық ықыластары ырқыма қоя ма?.. Орталарына шегемін де кетемін... Буалдыр болжаммен ғана Әсет өзін-өзі ақтайды. Қазіргі сәтте кеудесінде тулап, қазандай қайнаған мазасыздығы неден, қалай пайда болды? Күйінішінің түбіне көбірек үңіледі. Адамның күні адаммен. Алайда, біреудің көзі жақсы, біреудің сөзі жақсы деп, көрінгенге жағынып, жалпақтаған, өлеусірей өмінген жері жоқ. Бұл елді қастерлесе, елі мұны төбесіне көтереді. Соған дағдыланған. Ел сый-құрметінің арқасы шығар, артында қалған үй-баранына қамқоршылары да көп. Жолдас-жораларының ақ пейілі, ықыласниеті аруағын аспанға ұшырған. Сол дос-жаранын, ағайынаймағын, құрбы-құрдастарын сағынған сарын ба жан-жүйесін шарлаған, ой-санасын тебіренткен? Өзі кешкен өмірден бірсыпыра көргені де, білгені де бар. Тіршілік сипатын түсініп, көкейіне түйгені де желілі. Ой үстінде соның бәрін елеп-екшеп, жіліктеп жату шарт па? Жүрегінде жүретіні – елі. Тау-тасқа бытырай жайылған қой құсап, сай-сайға шашырай қонған қазақты жіктеп, бөліп-жара қараған пенде емес. Бұл тұрғыда өз байламы бар. Тұтас елді боршалайтындар да, жырымдап-жыратындар да, әлде біреуге арқа сүйеу арқылы қара басын өрге сүйеп, билікке жету үшін жанталасатындар. Ондайлардың ойында қаншама пәле-жала жатады десеңізші!.. Бір биеден ала да, құла да туады. Сөйтсе де, еш­ қайсысы үйірден бөлініп, оқшау кетпейді, бірге жайылады. Адам баласының да түр-тұрпаты, порым-пошымы ұқсас болғанымен,

әрқайсысын даралап қарасаң өзіне тән мінез-құлқынан, ісәрекетінен кереғарлықтар байқайсың. Сонда да қоғам-тобынан, өзі өмір сүрген ортасынан алыстап, лағып кетпейді. Жалғыз адам жалпақ далада өмір де сүре алмайды. Әйтсе де адамдардың кереғар әрекетерінің қырсығы да елді бүлдіреді... Ойлап қараса, Әсет жарық дүниені жалпағынан басып жүріп, еш бір мұңды елемей, жайраңдай беріпті. Соның салдарынан жүрегін жаралаған қиянат соққысына душар болғанын сезбей де қалыпты. Аяғын қанша аңдап басса да арандапты. Алдынан қазып, бетін жауып қойған орға ұрыныпты... Жабырқаса да жарылқауды тілеп, жауығушыларға жалбарынбады. Олай еткені бейшаралық болмас па еді?.. Басын шалған бұлттың айығуын тосып, бас бағып жата беруге де ары бармады... Е-е, өткен істің зардабын айтқанда алғы күннің түбін ойлап: ер жігіт, не көрсең де шыдап бақ, басыңды имей қасқайып тұр, ауыртпалықты арқалап ал да, жүре бер. Пәле жабысқан жерден ұзаған соң аударып тастауың оңай дегені ме, осынау иен даланың төсінде талай тайталасты, аумалы-төкпелі тауқыметті басынан көп кешірген қазақ пақырдың?.. Кешегі қанжайлау үстінде көлдей көлбеген Қоңыраба сазының төрін жайлап отырған Қоңыр төренің қонағы болды. Оның атақ-даңқына жығылып, жылу сұрай барған жоқ. Елдің тізгінін ұстағанына елірмейтін, қайта сол елдің іргесін қымтағысы келетін білікті, саналы, білімді кісі деп естіген соң, көңілін жықпай барған. Онымен сыйласа келе бір елдің қатардағы басшысы ғана емес, айналаны тұмшалаған қараңғылық мұнарын сейілтіп, надандық тұманын айықтыру арқылы халықтың көкейін ағартудың жолына айырықша күш-қайрат жұмсап жүрген, ел мен жердің тарихына қанық, әлсіздің мұң-зарына құлақ асатын, халық өнерін, өнерпаз адамдарды қадірлеп, шынайы адамдықпен аялайтын жарық сананың иесі екеніне көзі жетті. Майлы-Жайыр жоталарының ұланғайыр алабындағы қалың елдің ішінде думандатып жүрген Әсеттің ақындық, әншілік даңқын естіген Қоңыр қос ат жіберіп арнайы шақыртқан. Мұндай ілтипат қазақ баласының бәріне ортақ емес, ішін ара біреуінің ғана сирек көретін сыйы. Халықтың құлай қастерлейтін ардақты адамына ғана арналатын құрметінің белгісі, игі дәстүрі. Мұны білетін Әсет те бәлсінбеді. Шақыртушының тілегін қабыл алған. Осынау қалың қатпарлы таулардың төбесіндегі шалғыны ширатылған жалпақ жайлауға осылайша төтенше қалаумен келген. Мұнда бір адамның ғана емес, күллі елдің қошаметіне бөленді. Мейіріне қанды, мерейі

өсті. Қоңырдың әдейілеп шақыртуында да мән бар екен. Өнердің
артықшылығын еліне тереңірек танытып, жастарын жебеу үшін
істеген бір шарасы сықылды. Елдің арғы-бергі жай-күйін барлап,
болашақ тағдырына сарыла ой жүгіртетін Қоңырдың арманы

сырласа келе Әсетке де ықпал етті. Күн сайын әр қилы оқиғалар
желісін әңгімелесе жүріп, мұңдас досына айналды. Ой-пікірлері бір
арнаға тоғысты. Адамның талай саңлағын көрген, небір тіл безеген
ділмарлардың сөзін естіген Қоңыр мына ақынның алғырлығына,

тәтті тіліне, аңғарлы ойына тәнті болды. Алғашында асқан
әншілігіне ғана сүйсінгенімен, қоғамдық ой өрістің ағысынан ірі
білгірлікті күтпеген еді. Қазақ арасындагы жымысқылықты қас
жауындай даттайды. Ел меселін қайырмайтын дархан көңілін,

мейірімділігін Қоңыр да ұққан. Сыйластық-жарастықтан туған
сыпайы мінездерімен біріне-бірі жанасып алған-ды. Әсеттің бір-
екі жас үлкендігінің өзін таудай санаған Қоңыр оны ағасындай
қадірлеп, шынайы адамдық санамен құрметтеді. Өз ауылының

талапты, ынталы жастарын қасына қосты. Өнерін үйреніп қалуды
тапсырды. Сай-сайдағы ауылдар күнде той етіп жатқандай қалыпқа
ауысқан. Әр кеш сайын бір белдің, астынан ән шырқалып, күй
сарыны күмбірлейді де жатады. Ән думаны апта сайын Қоңыр

ауылына қайта оралады да, тымық түнді сыңғырлаған әуенмен
тербейді, күлкінің базары қызады.

– Әсаға, – деді көңілі шалқыған Қоңыр бір күні өз үйіндегі

салтанатты мәжіліс үстінде. – Сізге бір тілегім бар еді?..

– Е, айта ғой, қолдан келсе, орындайын.

– Еліміз қараңғы, білім шырағы жанбай тұр. Жетекшіл тайлақ

секілді, кім-көрінгеннің бұйдасына байланып жүре береді. Кім не
айтса, бәрін шын көреді.

– Арамдығы, айласы жоқ, аңқылдаған ақ көңіл, сөзге сенгіш

халықпыз ғой, Қоңыржан, – деді Әсет күліп. Оның ойын шашы­
ратпай жебеді. Мұны Қоңыр да қостады.

– Содан да шығар... елді аралап, қаңғып жүрген ала аяқтар

Алланың атын айтып, азан шақырса, жанымен сенеді.

– Өздері білмеген соң қайтсін?..

– Соны көп ойлаймын, бірақ қол ұшын беретіндер аз.

– Дүние бір-ақ күнде жаралмаған, табанды бол.

– Қашанғы салпақтап жүре береміз.

– Табандылық тапжылмай жатып алу емес – ойыңды тиянақты

іске асыру.

– Талап бар-ау, кедергі көп.

– Содан баса-көктей өтуге әрекет ет!

– Өзіңіз себіңізді тигізіңіз.

– Қалай, қайтіп?..

– О баста біреу осы өңірге Орал тауларының етегінен кәсіп

іздеп келіпті, – деді Қоңыр алыстан орағыта жіпселеп. Әсет
те бір сырды сезді де, сөзін бөлмеді, Қоңыр асықпай, қаптап
айтатын әдетінше сыздықтата айтты. – Оның аздап оқығаны
бар екен. Кең қолтық елдің алаң-ашық құшағына енген соң,

аңқаулығын байқап, қулыққа басқан. Молда халықты ақ ни­
етке, адамгершілікке баулымай ма? Ал біздің шала молдамыз
жылы-жұмсаққа тұмсығы тиген соң, ық іздейді. «Таннымаған
періштеден бой үйренген сайтан артық». Көз үйренген ел

оның білімімен санасып жатпайды. Не айтса да, бас шұлғиды.
Бүгінгі күні молданың ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс.
Айналасында шек жоқ. Ел ішіне ши жүгірте жүріп, анау-мына­
уды шеніне маңайлатпайтын май табандарға арқа сүйеп алды.

Шама-шарқын шамалайтын кісі шықпаған соң, молдамыз далаға
құлаш жайды. Бірде-бір ғұламаның алдынан өтпей-ақ, хазірет
атанды. Түгін қалыңдата түсті. Елдің құлағына сіңіп, ауыздары
үйренгенше, хазіреттік атағын жақ жаппай уағыздады.

– Аңқау елге істейтін арамза молданың қылығы солай бо­

ламай ма?

– Өздеріне қолайлы болған соң ба, бірте-бірте пайдақүнемдер

жамырып қолпаштайтынды шығарды. Молданың қолымен
от көсейтіндер де желкесі күжірейіп, жүнін тікірейтті. Мол­
даны қолшоқпар қып, шариғаттың көлеңкесін саялау арқылы
білгендерін істеп жүр. Тізгін қақтырмайды. Қаттырақ мытып

жіберсең, елді бүлдіріп, дау қоздырады. Амалсыздан көніп, ел
тыныштығын ойлаймыз.

– Қысымға түекен түрің бар ғой?

– Өз басым емес. Атақ құмарлар шала молданың уәжін сау­

далайды. Сол ораймен молдамыз діннің ізгі жосығын лайлап,
бисмилланы мал жинаудың құралына айналдырды. Қырық
жылдан бері қыр қазағының сүйегін кеміріп, етін қырнай мұжып
келеді. Жалы қалыңдап, қоңы майланды.

– Байқауымша, мұнысы шариғат шартына сыймайтын қылық

қой...

– Ол ғана емес, енді өлім-жітімді де, той-томалақты да сауда­

ға са­латын қағида шығарып алды. Медреседе оқыған адамсыз,
жөні болмаушы ма еді?

– Ондай істерге белгіленген анық нарықты естіген емеспін.

– Жаназа шығарса да, неке қиса да молдаға ақы төленуге

тиіс. Халықтың ақ-қараны айырып, етек-жеңін жинауына себін
тигізген ісін білмеймін. Алғашында бала оқытыпты, алдынан
хат таныған бір адам шықпапты. Бала кезімде менің де бір жыл­
дай салпақтағаным бар. Әріптің қарасын айыра алмай кеттім.

Соған көзі жеткен әкем Үрімжіге ап барды да, заманға лайық
білім үйрететін мектепке орналастырды. Амал қанша, көп оқи
алмадым. әкем дүние салған соң, елге оралдым.

– Е-е, Қоңыржан-ай, біздің өренсіз халқымыз ондай-ондайды

елей қоя ма? – Әсет өзінің де түгесілмес өкінішін ақтарып. –
Байқауымша, азулыларға арқа сүйеп алған шала молданы тежеу­
ге де күш керек. Құдайшылықты надан халықтың аяқ-қолын,
ой-санасын матап тастайтын құлдық шынжырына айналдырған.

Жемтікке ұмтылмайтын құмай жоқ...

– Оған көзіміз жетті.

– Діннің бұлжытпай орындалуға тиіс парыздарының ішінде

баланы оқытып, білім үйрету де бар.

– Сол парыздарды насихаттап жүрген молда да жоқ, бетімен

кеткен, ойлайтыны құлқын ғана. Иттің де иесі бар емес пе? Елді
қорғағым келеді.

– Кейбір молдалар әнді сайтанның азаны санайды. Ойын-

күлкіні тежеу үшін арпалысады. Сол да біліктілік пе? Олай
болса, арабтардың ән салып, өлең айтпауы керек қой. Біздің
дініміз солардан тарамады ма? Жо-оқ, небір дана ақындар араб­
тан шыққан. «Шала молда дін бұзады» деп тегін айтылмаған.

Дін жайын мен де аздап білемін. Оның парыздары адамды тек
жақсылыққа ғана үндейді. Жалған уағызға мен көнем бе?
Себебі әншілерді жұрт молдадан артық көреді. Сол үшін олар
үрейшілдерді шошытып, өздерін қорғауға амал іздейді... бәрібір

ән өзінің асыл қасиетімен асып түсіп жатады.

– Олай болса, Әсаға, – деді Қоңыр ойын айтар ыңғайын тап­

қандай қуанып. – Өзіңізден өтінеріміз мынау: ақынның сөзі
дауылдай күшті, төз тарайды да, елді дүр сілкіндіреді. Жаңағы
айтылған шала молданың қылығын, тек мал жинау үшін ғана
жүрген дүние қоңыздығын, аңқауларды алдап соғатын айла­

сын, құм санайтын қулығын айтып, бір мысқыл құрастырып
беріңізші.

– Мен айтқанды ұнатамын, мысқыл шыға қоймас.

– Мейлі, әйтеуір, сойылыңыз дәл тисін. Өлеңге, әнге әуес та­

лапкерлер жаттап алсын. Ауыл-ауылды аралағанда айта жүрсе,
елдің сенімін өзгертер. Құлағына сіңер.

– Бұл кереғарлықты мен де сезіп ем.

– Сол ісіңіз титтей де болса көз сүзген мақсатымызды жебер

ме еді. Тым құрыса «бақаның саруы көлге сеп» деген құрлы
себі тиер. Қараңғы елдің көкейіне бұл шараның жылтылдаған
шырақ жарығындай ғана елесі түссе де жақсылық емес пе?..
қытай халқының: «Тас қараңғыны шырақтың да жарығы бір

серпеді» деген сөзі бар.
Ойын бажайлай айтқан Қоңырдың сөзін қостағандай жігіттер
Әсетке өтінішті үмітпен қиыла қарасты.

– Ызасы қатты батып тұр, Әсаға!.. – деп кіжінді тоқпақтай

шымыр, бойы аласалау, басына үкілі тымақ киген қызыл шы­
райлы жігіт бұлқынып. Оның қасындағы қияқ мұртты, дөңгелек
жүзді, кербездеу ақ құба жігіттің тізесінен басып-басып қойды
да, әзілдей күлді:

– Сабыр, Әсейін, сабыр!.. Алып-ұшып аптықпа. Ондай өлеңді

сенің аузыңнан естісе, хазірет ауылының маңына аяқ басуың
мұң болар.

– Әлсейіт-ау, білмей жүреің бе?.. – деп таңдана бұрқанды

Әсейін. Қысықтау қара көзіне мұң ұялады. Еңді маған бәрі
бір!.. Айтсам да шауып ала алмайды. Тас ошағының талқаны
шықсын!.. Мені елейтін хазірет те жоқ...

– Өз болжамың ба, Әсейін, әлде, ұйғарымы солай ма? – деп,

Қоңыр қасіретті жігіттің күйініштен жабырқай қызарған жүдеу
өңін шолып өтті. Мұның жүрегін тербеген асыл арманын естіген.
Енді сол үміттің құрдымға құлап бара жатқанын сезіп, өзі де
қи­налды. Қайғы-қасірет құрсаулаған қайран жас дәурен-ай.

Әсейінге аяныш­пен қарады. Қатты жабырқаған, қаны ойнап
тұратын жүзі сол­ған, ұйқы көрмегені шығар, қабағы қатқан.
Әсейін мұңая жауап берді.

– Мен ондай байламға бара алармын ба, Қоңыр аға... Шамам

да, шарам да жоқ қой...

– Ендеше батыл кіріспей, неден қорқасың? – деп, Қоңыр сыр

тартты. Жігіт күрсініп, жіберді.

– Мұның ойлаған мақсатын тұман шалып, аяғы насырға

шауып тұр, Қоңыр аға. Хазіреттің қызына Шүленбей құда тү­
сіпті, – деп, ашаң ақ сары жігіт жолдасы үші жауап қайырды.
Мұң шаққандай жабырқады. Даусында бір тілектің сарыны бар.

Соны сезген Қоңыр жастарды жадыратып, Әсейінді жебегісі
келді де, молданы мысқылдаған кейіппен күлді.

– Е-е, май табан семіздің жалына жармасқан екен ғой. Шылқа

майға бөккісі келген қорқаудын айласын қара...
Өзінің де қолданар шарасы жоқтығын айта алмады, Әсейіннің
айналасындағы жолдастары да жүдеу. Үнжырғалары түсіп, жүн­
дері жығылған. Жаутаңдаған жанарларын үмітсіздік мұнары

торлаған. Жастарыды осы күйініштен сергіткісі келген Әсет
серпіле төз қимылдады да, домбырасын сыдырта қағып-қағып
жіберді. Бойын тосын шабыт керне-гендей алабұртып алған.

– Қане, жігіттер, тыңдаңдар!.. Мен де өмір бойы зорлық-зом­

былықпен арбасып жүрмін. Молдалықтың адамдық тәрбиеге
ти­гізетін пайдасы да зор. Арамдықтан аулақтатып, ар-намысты
таза сақтауға баулиды. Сол үшін ел ұйиды. Шала молдалардың ісі
бұған кереғар. Сондықтан олардың өз шоқпарларымен өздерін соғу

үшін шариғат тарауларының игі жолын шиырлайтыным да бар.
Оныммен дін жосығын қуалап, уәж-парыздарын ұдайы уағыздаған
емеспін, жақсылықты ғана жақтаймын. Мына хазіреттеріңнің
құлқын құмарлығын шет-жағалап естігем. Ел арасында да нара­

зылар көп-ау, шамасы... Осынау кең пейіл жұрттың дәмін татып,
сыйын көріп жүрген соң, ұйып отырғаны ғой, тиіспей-ақ қояйын
деп, іштен тынатынмын. Ақыры, өздерің қалап қалдыңдар ғой,
несіне іркілейін. Ерік берсендер, ерінетін мен емес...

– Іркілмеңіз, Әсаға!.. Дуалы аузыңыздан шыққан сөзіңіз

дер­тімізге шипа болғай!.. – деп, қозғалақтаған Қоңыр шынайы
ықыласымен қайрай қостады. Көптен көкейін тұмандатып жүрген
ойының жарыққа шығатынына сүйсінгені еді бұл. Қараңғы елді
Құдай атымен арбап, шариғат шартына жанаспайтын сөзімен

алдампаздықтың айласына ысылып алған хазіретті қалай да ауыз­
дықтағысы келетін. Бірақ қуыршақша қолтықтарына қысып алып,
басынан сипалай қолпаштау арқылы оның дүғасымен өз атақтарын
асыруды, тіпті пейіштің төрінен емін-еркін орын алуды көксейтін

майтабан көрсоқырлар мен көкжал бөрідей азулы айбаттылар
тістерін ырсита ырылдап, ырық бермейтін. Ал ақын айтса – елге
жағады, ақ санайды. Сеніп қостайды. Сөзін жерге тастамайды.
Шариғат қағидаларының сан қилы бұралаң соқпақтарының

тарау-тарау ережелерін тәп-тәуір білетін, мағынасы мен маз­
мұнын шешіп, түбін түсіндіре алатын Әсет діннің атын жамы­
лып, өңешін толтыруға қүныққан қудың қылығын жүйелі
дә­лел­дермен ап-айқын айтып шықты. Өзгеше әдіс қолданып,

мол­даның өзі боп Құдайға шағынды:

Илаһи1 падишасы күллі жайдың,
Барша ғалам, аспанда күн мен айдың.
Өзіңнен бір жақсылық көрем бе деп,
Тіленіп күндіз-түні қолды жайдым.

Тағдырда жазылған сол әміріңмен,
Татырдың дәмін маған үшбу жайдың.
Хазірет – Ахметкамал менің атым,
Әсілде башқұрт еді нағыз затым.

Қайғыдан қан құсатын болғаннан соң,
Аллаға жеткен шығар мінәжатым.
Тілеуім қабыл болып, айтқаныма
Жүргіздім бұл қазақтың жамағатын.

Тау-тасын араладым, бала оқыттым,
Байқадым пиғылағын надан жұрттың.
Қазақта жақсы да бар, жаман да бар,
Теңесіп жақсысымен төрге шықтым.

Кей-кейде даң қылады құлағыңды,
Сөзіне басым қатты талай қырттың.
Сұрайды шариғатты білмесе де,
Құмартып қүнығады білгіші де.

Сұрайды да, шетінен ду күледі,
Қазақтың ғажаптандым бұл ісіне.
Сан саққа жүгіртеді әр сөзіңді,
Көп екен арасында ілгіші де.

Ат таптым, түйе таптым, ақша таптым,
«Аллалап» аузымды аштым, таспих тарттым.
Ауру деп Қалдан қажы естіген соң,
Тағы да а Құдайлап соған шаптым.

Бұл жолы қырсық шалып, өлмей қалып,
Ауырып Сейдекеде бір ай жаттым.
Өлетін енді кім бар бұл маңайда,
Кісі өлмесе табатын ақша қайда?

Халі біткен Іргебай, Исабай бар,
Бірі өлер, тым құрыса, туар айда.
Құдай-ау, шыныменен құлым десең,
Бірін емес, екеуін қабат жайға...

1 Илаһи – жаратушы құдірет иесі.

Алты қанат ақ үйдің босағасынан төріне дейін иін тіресе
сығылысып отырғандардың біреуі таңдай қақса, біреулері тым-
тырыс. Сөздің мән-мағынасын, түп-төркінін үғып алғылары кел­
гендей терең тебіреніспен ойға шомған. Әркім әр қилы жорамал­

дайды. Сол үнсіздікті Қоңырдың биязы үні серпіді.

– Құпия сырын молданың өз аузынан айтқаны тіпті қолайлы

болды-ау. Жалған жыртыс жыртқыштар да қарсы дау көтере
алмайтын шығар, – деді іштей қауіптенген бір жанжалдың түбін
ойлағанына жауап тапқандай. Сонан соң мақсаттары орын­дал­
ғандай жайраңдай жымың қаққан жастар жағына назар салды. –

Қане, жігіттер, қайсың айтасың қайталап? Ұғып үлгергенің ба ма?

– Мен байқап көрейін...

Манадан домбырасын кеудесіне қысқан қалпы тастай түйіліп,
құлағын түре ынтамен тыңдаған Әсейін ұшуға қомданған құстай
тыпыршыды. Екі иығынан дем ала қозғалып, оңды-солды ырғалып-
ырғалып қойды. Өлеңді түйдектете төккен жүрдек әуеннің сары­

нын Әсет тоқтатқан заматта-ақ іліп әкетуге әзір еді, әдеп сақтап,
артын тосқан. Қоңырдың үмітпен жебей сұрауы демеді де, ба­
стай жөнелді. Әсет салған ырғақтың сарынын бұзбады. Өлеңді
де өзгеріссіз, бөліп-жармай төгілте қайталады. Жүріс-тұрысы

жеңілтек әрі еркелеу Әсейіннен мұндай алғырлықты күтпеген
Қоңыр да, ентелей тыңдаған жолдастары да сүйсіне тамсаны­
сады. Өзіміздің салғырттығымыз-ау, осындай адамымызды да
байқамайды екенбіз деп ойлады Қоңыр мұңайып. Албырт жол­

дасын ыстық ықыласымен жебегісі келген Әлсейіт әзілге басты:

– Хазіретке тісіңді қайрап-ақ жүр екенсің-ау, сабазым!..

– Енді қайтсін... – деп оның сөзін жуан сары іліп әкетті. –

Өртенген жүрекке оңайлықпен ем қона қоюшы ма еді? Ал мұның
қасіретін хазірет елеп жүр ме? Қара жартастай асу бермей,
көлденең түсіп жатып алған жоқ па?..

– Жасыма, бауырым!.. – деді Әлсейіт енді шынымен қайрап. –

Мейлі, хазіретімен қоса қызы да сенің садағаң кетсін!.. Қадіріңді
білмеген адамнан не қайыр күтесің?
Суық сөздер арқылы ғашық жігіттің көңіліне салқындық
салудың амалы еді бұл. Өздері арқа тұтып, тірек санайтын үй

иесінің қабағы қатып, әлденеге қамыққандай үнсіз ойға шомғаны
әзіл-оспақтың өрбуін тежеді. Өйткені Қоңыр бұл кезде бір жағынан
Әсейінге жаны ашыса, екінші жағынан Әсет салған жаңағы әуеннің
су жорғадай жосылған жаңа сарын екенін байқаған. Сол әуенмен

әп-сәтте тың әннің туғанына қайран қалып, таңданыс әуестігі
тебіренткен. Әлден уақытта сол сезімін сыртқа шығарды.

– Әсаға, өлеңмен қоса жаңа бір әуен де құрадыңыз ба, қалай?

Мынауыңыз біз әлі естімеген сарын ғой?
Елеуреткен құштарлық жетелеп, дөңгелек көзі ұшқындады.
Албыраған бетінде таңданыс нышаны басым. Ақынның өлеңі мен
әнінің сырына құлап түскендей.

– Е-е, сарын ба?.. – деді Әсет желпінбей, жайбарақат түрмен.

Мұнысы өзіне әдеттегі іс сияқты. Солай болуға тиіс деп санайтын
түрі бар. Бұл істегі ұғымын түсіндірді.

– Әр өлеңнің желісіне лайық ырғағымен қоса, естіген кісіні

баурап, құлаққа безеп жеткізетін, зейін зересіне шашпай – төкпей
құятын әуені де болғаны абзал. Өленнің бәрін бір-ақ сарынмен
айтсаң, тындаған жұрт жалығады. Сөздің сыны бұзылады, құны
төмендейді. Әсерлендірмеген соң, мазмұны қалмайды. Ой ағысына

сай келетін әуенмен айтылған енді ел ұйып тыңдайды да, санасына
сіңіріп алады.

– Ондай құдірет барлық ақыннан табыла бере ме, Әсаға?..

– Төрт аяқтының бәрі тұлпар емес. Әр жүйрік әліне шабады да.

– Сөйтсе де, өлең мен әннің туын көкке көтеретін дара жаралған

дарынды адамдар ғана емес пе?..

– Жел еседі, құм көшеді, Қоңыржан. Ел қалады. Елмен бірге

ән де, өлең де шалқиды тынбастан. Менің етек басып отыры­
сымнан гөрі жүрісім көп. Қайда барсам да соңыма ерген мына
Әсейін сықылды өнерпаз жастарға сенемін де, үйреніп қалғанын
қалаймын. Өлең де, жаңа әуен сарыны да осылар үшін ғой.

– Сіздей дархан адамы барын халық та біледі, Әсаға, – деп

көтермеледі жүзі жайнаған Қоңыр. – Бірақ, шіркін-ай, әніңіз бен
сөзіңізді тыңдаған халықтың тамсанғаннан басқа қолынан келер
ештеңесі де жоқ, амал қанша?..
Мұңая қамыққан Қоңырдың көңілін енді Әсет аулады:

– Әй, Қоңыржан-ай, оның несіне қынжыласың? Өзіңде жоқты

кім ұстата қоюшы еді жарылқап?.. Артын тосамыз да...

– Қашанға дейін қол қусырып мүлги береміз? Одан серпілетін

күн туар ма, кім білсін? Тіпті жалпы тізбегі екі мыңыншы жылға
аяқ басқан жиырмасыншы ғасырға кіргенімізді білімді жұрттарда
екінің бірі білсе, біздің қазақтың оны ойлайтыны да жоқ...

– Бұрқансақ та бүтіндеуге шама бар ма?

– Заман озып барады, қара үзіп қалу да адасқанымыз...

– Қазақтың көкірегі ояу, көзі ашық деген азаматтарының көбі

осы күнге дейін тек надандықты ғана даттаудан әрі аса алмай жүр.
Соған қарсы өзінің іске асырып жатқан шарасы тағы жоқ. Енді

қайтеміз?.. Тек Абайымыз ғана мыңмен жалғыз алысып өтпеді ме?.. Серік шықты ма? – Өзіңіздің де бұл жайға қиналатын түріңіз бар. – Менің қолымнан бар келетіні – ән мен өлең ғана, оны хал­ қымнан аяған емеспін. – Ол да адам санасының сәулесі ғой... Шіркін-ай, арамыздан осы сарындар мен әндерді жазып алатын да адам табылмайды... Мына қытай жұрты кәдімгі есептің жай сипырларымен-ақ кезкелген әннің әуенін қағазға түсіреді. Ал біздің көбіміз әлі хат та танымаймыз. Есеп-қисап білетіндеріміз де саусақпен санарлық... – Хат танымаса да, бұл жігіттердің көкірегі ояу, талабы таудай, – деп, Әсет әңгіме желісін өзгертіңкіреді де, Қоңырдың жастарға ықыласын шыңдай түсуге әрекеттенді. – Көрмейсің бе, аузыңнан шыққанды жерге түсірмей қағып алады. Сарайлары кең, зерек. Сезімдері тұнық. Асыл сырды таза сақтайтын алтын сандық сықылды. Бұлар үйренген ән де, өлең де өлмейді, өшпейді. Ұрпақтан ұрпаққа жалғасады. Ел де қашанғы манаурап қалғи берер дейсің. Түбінде бір оянар ұйқыдан. Ондай күннің таңы атады. Өнеріміз өссе, ән мен күйді де жазып алатындар шығады арамыздан... – Сол күнге жеткенше жемтікке айналмасақ... – «Өгіз аттай желмейді, заман екі келмейді» деген гәп бар, Қоңыржан. Заман ағымы бір қазықты шыр айнала бермес. – Естідіңдер ме, жігіттер? Әсағаң сендерге үміт артады, әбден се­неді, – деді Қоңыр әңгіме ағысын бұзбай, әдеппен тыңдаған талапкерлерді жігерлендіріп. – Ендігі салмақ өз мойындарыңа түседі. Жауыр өгізше қайқалақтамай, қасқия көтеріп әкетуге шамаларың жете ме? Талпынсаңдар, өнердің кілті өз қолдарында тәрізді, мұны ұмытпаңдар!.. – Аянбаймыз, Әсаға! – деді Әсейін уәде берген раймен. – Сіз айтыңыз, біз жаттаудан жалықпаймыз!.. Осы ойларын дәлелдегісі келгендей жігіттер өтініш етіп, әлігі өлең мен әуенді бірінен кейін бірі кезекпен қайталап айтты... Апта өтпей-ақ ел іші дүңкіп сала берді... Сұмдық санап, жағасын ұстағандардан гөрі мысқылдай күліп, әзілді көпірте қостағандар көп. Әр ауылдың үркек болыстары мен өздерін Құдайдай санайтын қара шоқпарлары ғана тыжырынып, түнере тұнжырасты. Қандарын іштеріне тартып, сұр жыландай түстері қашты. Жақ сүйектері құрысып, кіжіне тістеністі. Қабақтары қарс жабылған. Көздері қанталай жанықты. Тістерін қайрап, ойын-сауық үзілмейтін Қо­

ңырдың ауылына өштікпен шүйіле қарасады. Бірақ олардың зілінен
өнерпаздар сескенбеді. Әндерін әуелетіп жатты...
Күн балбырай шуақ шашып тұрған. Ән мен өлең думанының
көрігі гулеп, оты маздаған Қоңырдың үйіне қамшыларын жер

сыздыра сүйреткен, түстері суық екі-үш адам тымырая сұрланып
келіп кірді. Қызыл кілем, оюлы текемет төселген үйдегі жігіттер
түрегеліп, жасы үлкен кісілерге изет көрсетті де, орын босатты.
Әлгілер балпандай басып барып, төрге тақау босатылған орынға

жайғасты. Қабақтары қату, мерездей сызданады. Үйдің ішін суы­
тып, ызғар шалды. Сыймен ұсынылған қымызды да шытынаған
қабақпен шермие кергіп, сыздықтата жұтысты. Бітеу жаралары
тұла бойларына жайылып, дерті жандарына батқандай қиналысқан.

Айналаға сүзе қарасады. Тымырайысып, тастай түйілген. Сол сәт
ән де тынған.

– Ал, ағайындар, түрлеріңіз суық қой, не шаруамен жүрсіздер?

Ел іші аман ба, жұрт тыныш па? Арыздарыңыз болса айта оты­
рыңыздар? – деді Қоңыр үлкен-кішінің бойларын кернеп бара
жатқан салқындықты таратпақ оймен.
Әдеп сақтап, тоң қабақ танытпады. Жайдары қалпынан аумады.

Қара шибарқыт пешпет, сырма шалбар киген қу тұқыл томар­
дай жылтыр қара қасындағыға мойын бұрды. Түйе жүн шекпенді
қоңқақ мұрын, добал ерін, жалпақ бет шикіл сары сөзін неден,
қалай бастарын білмей қипақтап, сәл бөгелді. Сойдақ-сойдақ

тырбық мұртын сипалады да, иегінің ұшындағы селеудей селдір
сарғыш сақалын уыстады. Серіктерінің жүрегі дауаламай отырған
осалдығын сезді де:

– Ей, Қоңыр, анық тыңда!.. Сен хан тұқымы едің қабырғасы

қа­лың, – деп, дөрекілеу зілді үнмен уытты бастады түйенің жар­ты
етіндей тұлғасы жуан, кәрі өгіздей өңкиген қара сұр кісі. Қоңыр
оған жалтармай қарағанымен, сөзін бөлмеді. Дәу қара да жыл­
тыңдай ойнақшыған қысық көзін сығырайта қадалды. Жем іздеген

тазқараша мойнын құлқита созып, жігіттерді шолып өтті. Әсеттің
көзіне көзі түскенде отына шыдай алмағандай тез тайқыды да,
сөзін әрі жалғады. – Несін жасырайын, ел сенің қабағыңа қарайды,
жолыңды кеспейді. Алдыңда – мал, аузыңда – май. Осы өңірдегі

қазақ біткеннің тізгіні сенің қолыңда. Не істесең де еріктісің.
Шаужайыңнан қағатын пенде жоқ...

– Тым қазбалап кеттің, Мақан тәйжі, менімен дауласқалы келіп

пе ең?.. Түлкіше бұлаңдатпай-ақ айтшы төтесінен?.. Ешкімнің өті
жарылмас.

– Айтсам, былай: бұзақы мен тентекті тыятын да, дүрелеп жөн­ге салатын да сенсің. – Ұстаған айыпкерің қайсы, жоқ әлде, біреуден күмәнданасың ба? – Қайдағы бір бұзақылар басынып барады. Осы күнге дейін құлағымыз естімеген сұмдықты естідік... – Не болды сонша, айтпайсың ба ашып? – Ақ дінімізді алқап отырған хазіретті мазақтаған сөз тарады. Ол қайдан шықты, күлдіргі өлеңді айтқан кім? Соны тап та, жа­ зала! Тыйым сал бұл шатпаққа! Құдайдан безгендер хазіретімізді қорламасын!.. – Е-ей, Мақан-ай, жөн білетін кісі ме деп жүрсем, түбің таяз ба еді тықырлаған?.. Азынай соққан желді кім бөгей алмақ? – Сол желдің екпіні ел ішін шаңдатпасын... – Кеудесін дауылға тосып, қарсы жүгірген кісіні жұрт жындыға санамаушы ма еді? – деді Қоңыр бұлардың пиғылын таныған соң, еңселерін басып, «Ашыққан – ұры, ашынған – долы». Аяғына оралтпауы керек... Бұлардың санасы да, шарқы да жетпейтін шалғайдан орағыта кеп желкеден соқты. Мақан тәйжі де – талай тартысқа түскен, бұлталақ айламен сілкілесіп тіс қаққан қу тақым. Дау десе сөз сапырған зар жақ, жылпос еді. Жылпың бұлтарыспен сусыды. Өзіне тапсырылған міндетті ақаусыз орындау арқылы мықтылардың алдында абы­ ройын асырып қалмақ ойы да бар. Соның үддесінен шығу үшін қулығы мен амалын іркілмей жұмсады. – Бұл қылық желіп өте шығатын жел емес. Шаң-тозаңды сапы­ рып, көң-қоңырды суыратын қара дауыл!.. – «Желді күні бала құтырады, өлексе жеген ит құтырады» де­ гендей, сен, немене, мені дауылға қарсы жүгіртпекпісің?.. – деп, Қоңыр мысқылын әзілге араластыра мырс-мырс күлді. Мұнысы қарсыласының еңсесін басып, состиған жігіттерді жебегені еді. Осы қабағымен-ақ қайнаған ызасын сездірді. Сонда да даукес тоқтамады. – Қайдағы біреу елдің ішіне от тастады. Хақ жолын ұстаған қара халықты иманға үйірген хазіретіміздің бетіне әлдекім күйе жағып, масқаралап жатса, қалай теріс қарап отыра береміз? Елдігіміз қайда сондағы?.. – Мақан тәйжі, сен елдің сөзін емес, басқа біреудің жоғын жоқтайтын сықылдысың ғой? – Хазірет елге жат емес...

– Қораның шетінде арпылдап үрген ит бүкіл ауылды мен қорғап

тұрмын деп мақтанады екен. Қорланып, жаны күйзелсе, хазіреттің
өзі неге айтпайды арызын? Мына сендердің сонша жаныққандарың
қалай?..
Қоңырдың ызалы үнінен тайқыған Мақан тәйжі мойнына су

кеткендей сөлбірейіп, жуасып қалды. Сесі басылып, даусы да
бәсеңдеді.

– Тексіз тентектерді тыйып беріңдер, қасиетімді қорлады деп,

хазірет ел ағаларына шағыныпты. Алла сөзін ел жүрегіне құятын
ғұламаны даттаған адам күнәкар, жазасын тартсын!.. Соны саған
жеткіз, елдің тізгінін ұстаған адам ғой, шара қолдансын деп,
ақсақалдар бізді жұмсады.

– Е-е, Қоңырды елдің аузына қақпақ еткілерің келген екен

ғой, – деп, үй иесі түсін суытты да, қинала қабақ шытты. Бұлардың
аяқтарына түсау салу үшін ұтқыр, ұтымды тәсіл табудың жолын
іздеді. Қанша зығыры қайнаса да, ашу шақырмады. Сыпайы
биязылығынан жазбастан сипай қамшылады.

Артыңнан біз сүйейміз, именбе деген желіктірушілерге сеніп,
өзінің дөрекілік жасап алғанын енді аңғарған Мақан тәйжі құй­
рығымен артын майқаңдап, ізін жасырған түлкідей қипақтай
бұлаңдады. Бойы жетпейтін өреге қол созғанын сезіп, үріккен

сауысқандай қыпылық қақты. Екі ортада мерт боп қалмасам игі
еді деп, жүрегі суылдады.

– Мен үлкендердің тапсырғанын орындадым. Айт дегенін айт­

тым. Ендігісін өзің біл... Олардың да бет-беделін ескер. Әйтпесе,
сенімен дауласқалы келгем жоқ.

– Ондай істі орындау менің қолымнан қайдан келе қойсын, –

деп Қоңыр ұзын ырғаққа салды. – Ауыл-ауылдағы өлең айтқан
қазақтың аузын алақаныммен қалай баспақпын? Ән салып, өлең
айтқанның көмейіне құм құйып, үнін өшір, дүреге жық деген
жарлық осы өлкенін әміршісі Яң зиңшиңнен әлі түскен жоқ.

Жазықсыз адамдарды беталды жазалай беруге құқығым жетпейді...
Дау туады, шатақ шығады. Жазалыны тауып әкеліп, кінәсін мо­
йынына қойыңдар, онда істің жөні басқа...

– Үкірдайсың ғой, өз үкімің болмаушы ма еді?! – деп булықты

өрісі тарылған Мақан тәйжі қызарақтап. Қоңыр сол байсалды
қалпы, бұған да дәлелді сөз айтты.

– Үкірдайлық ұр десе сойылға жығатын сиқырдың қолындағы

ұртоқпақ емес. Үкіметтің тапсыруы бойынша мен ұры-қарыны,
елді тонап, лаң салған бұзақы, алаяқтарды жазалап, ауыздықтай

аламын. Бұған үкімім жүреді. Сондай істі атқар деген бұйрық
қағазым бар...

– Мына қылық бұзақылыққа жатпай ма?

– Олай емес. Істеген ісіне ел күліп жүрсе, хазірет өзін-өзі ақтап

алсын. Қарақшы да сот алдында ақталу үшін жанын салады. Басқа
шара жоқ. Мен оның сойылын соға алмаймын.

– Е-е, сенің де мойның қисайып тұр ма еді?..

– Е-ей, Мақан тәйжі-ай, – деп Қоңыр реніш білдіргендей зілсіз

ыңыранды. – Ұқпадың-ау, айтайын анықтап, құлағыңды сал!..
Бір заманда құдіретімен әлемді қалтыратқан Шыңғысханның
әкесі Ясукей деген хан еліне жайлы, ісіне пайымды, ақ көңіл,
қайырымды адам болыпты. Ізгілік пен адамдықты ардақтапты.

Бақсы-балгерлерге де ерекше пейіл береді екен. Ел ақтаған бір
бақсы арыз айта Ясукейге барыпты. «Мені мазақтап, күлкіге ай­
налдырды» деп, жастайынан өзімен қатар өскен жігіттің үстіне
шағым жасапты. Ясукей әлгі жігітті шақыртып алады да: «Мына

бақсыға айтқан сөзіңді қайталашы, біз де естиік,» – дейді. Жігіт
тайсақтамастан шынын айтады: «Бұл екеуміз құрдас едік. Құлын-
тайдай тебісіп өстік. Біразға дейін қойды да бірге жайдық. Кейін
келе бұл бақсы атанып, ел ақтап кетті. Үй-үйді аралап, әзір асқа

тойды. Бірге өскен құрбы құрдастарына кекірейе қарайтын мінез
тапты.
Өзін елден артық жаралған жан санады. Бір кездескенде
сәлемімді алмай қойған соң, былай дедім:

Бала жастан тел өскен құрдас едің,
Қайғы-шерді бөліскен мұңдас едің.
Мал өргенде пырылдап жататұғын,
Түрткілемей орныңнан тұрмас едің.

Жын жетелеп бұл күнде тойып жүрсің,
Бұл кәсіпті қиналсаң қылмас едің...
Осыдан бөтен ештеңе айтқам жоқ, тақсыр,» – депті жігіт. Сонда
Ясукей бақсыға бұрылып: «Ал, осы сөзге өзің жауап қайыршы,» –

дейді. Жұрттың көңілін аударып, өзін ақтай алатын сөз таппаған
бақсы ауыз аша алмапты. Сонда Ясукей: «Жаны таза, ар-намысы
бар адамның өзіне таңылған пәле-жаланың қандайынан болса
да ақталып кетуге шамасы жетеді. Өз кәсібінің қасиетін әрбір

кәсіпкер қорғай алады, дақ түсірмей сақтауға тиіс, – депті, үнсіз
жер шұқып мылқиып отырған бақсыға. – Демек, бұған қайтарар
жауабың жоқ болды. Өзің кінәлі екенсің. Жолдасыңның қадірін,

кәсібіңнің қасиетін білмейсің. Менің бақсы-балгерге ілтипатпен қарайтыным рас. Соны арқаланып, мына жігітті жазықсыз айыптағансың... Анық-қанығына көзім жетпесе, бейкүнә кісіні нахақтан жазалауға менің хақым жоқ. Әділ болмасам, көк Тәңірі соқпай ма? Халқымның қарғысына ұшырамаймын ба? Басыма күн туса, жалғыз сен қалқа бола аларсың ба? Қорғаным – халқым, қалың ел. Бұдан былай, бақсым, сен де өз жөніңді біліп жүр...» – деп ханның түсі бұзылыпты. – Ханның әділ болғаны елдің бақыты ғой, – деді Әсет осы арада сөзге араласып. Қоңыр ойының желісін түйіндеді. – Ясукейдің сұсты түсінен шошыған бақсы үйден сүйретіле шығып, өз жөніне кетіпті... Сол сияқты, хазірет біреудің үстінен арыз айтқаннан гөрі пәктігін дәлелдеп, өзін-өзі ақтап алғаны дұрыс шығар... Енді ұқтың ба, Мақан тәйжі?.. Қоңырдың сөзі зіл болып, даукестердің еңсесін басты. Сызда­ нып, кергіп келгендер салы суға кеткендей сүмірейіп қалысты... Өткен-кеткен тарих пен алуан-алуан аңыз-әңгімелерге жүйрік Қоңырмен үзеңгі қағыстырып, тайталасуға дәрмені жоқтығын сезген Мақан тәйжі де үнсіз. Ясукейдің сөзі қып, өздерін іреп сойғанын сезді. Тағы бірдеңе айтса, пілге қарап шабаланған күшіктей күйге түсері анық. Қазір де қанын шығармай бауыздап, терісін білдірмей сыдырып тастаған жоқ па?.. – Мен парызымды өтедім... Сенің айтқандарыңды да ақса­ қалдарға жеткіземін, – деп Мақан тәйжі енді өзін қалтарысқа жасырғысы келді. – Тағы не айтасың? – Ұға білген адамға әңгіме көп қой, – деді Қоңыр ойын сал­ мақпен желілеп. – Ата-бабамыздың өнегесін ұмытпайық, ағайын, оны да ойға салайын. Баяғыда Қаз дауысты Қазыбек би мен Әйтеке би екеуі жасы үлкен ағасы Төле биге сәлем бере барыпты. Сый-құрметін көріп, бірсыпыра жатыпты. Бір қызу әңгіме үстінде Төле би он саусағын санап: «Әр санда бір-бір мағына бар. Соны табыңдаршы», депті. Алдымен сөз алған Әйтеке былай жауап беріпті: «Бір дегеніңіз – білімсіз туған ұл; екі дегеніңіз – ерте шапқан жау; үш дегеніңіз – үлгісіз өскен қыз; төрт дегеніңіз – төрелігін бұзған би, бес дегеніңіз – қаза болған намаз, алты...» дей бергенде Қазыбек сөзін бөгепті: «Тұра қал, ендігісіне мен жауап берейін. Алты дегеніңіз – алты қарысқа атылмаған ақ берен; жеті дегеніңіз – жетімнің желінген ақысы; сегіз дегеніңіз – серкесіз өскен қой; тоғыз дегеніңіз – тозбай қалған тоғыз қабат торқа; он дегеніңіз үстіңе жұққан лас...» Төле би: «Лас жұқса кетер-ау,

басыңдағы жоқтық қалай кетер?», – депті. Ойға шомған биден сыр
тартқысы келген Қазыбек: «Бақ деген не, байлық деген не, бала
деген не?» – деп сұрапты. Төле би: «Е, оның сипатын әркім тани
бермес. Бақ – ұзатылған қыз; байлық – еритін мұз; бала – артта

қалар із. Өмірдің адамға ең асыл сыйы – сыйласқан сіз бен біз», –
депті...

– Ата-бабаларымыздың арманы-ай, шіркін!.. – деп қалды Әсет

тағы да өкінішпен сөзді бөліп. Жуан қараның мойыны қисайды.
Енді Қоңыр байламын айтты:

– Осы әңгімені де айта бар. Ақиқаттың парқын айырсын.

Салмақты жалғыз менің жотама арқалатпай, өздерінің де таразыға
салып, салмақтап көргенін қалаймын!..
Қоңырдың шырғалаң шиырдан жол тауып кеткеніне сүйсінген
жігіттер іштерінен күлісті. Көздері ұшқындап, жымың-жымың

етеді. Жеңістеріне мәз. Әлгі бір әлетте кеуделерінде бұрқанған
ызалары да басылды. Қоңыр ешкімді ұрындырмады, даукестердің
бетін қайырды сипалап отырып.
Бишікештердің арандататын сойқанды аманатын алып келген­

дердің де ем қонбайтын мерездері жарылмай, сыздаған күйі
іштерінде кетті...
Қоңыр көзін алысқа қадап, үнсіз ойға шомды. Домбыққан
бітеу жараның сыртқа білінгені де жөн болды. Қаншалық

асқынып бара жатқанын көзбен көріп, тесілетін үлдірек жерін
болжай аласың. Оған ем-дом жасауың да оңай... Алдынан осын­
дай дау-жанжалдың шығатынына іштей дайындалған тәрізді.
Айқастың майданын па­йымдап, тосқауыл қойып үлгерген Қо­

ңырдың көңілі жай тауып еді...
Қастандық ашық арбасумен тынбады, індет боп жасырын
тарады. Аяқ астынан жанды кеміріп, ойды улайтын сасық сыбыс
бықсыды. Хазіреттің қара тіреулері де қарап жатпапты. Сұмдық

айлаға көшкен. Аузы жыбырламаса жүре алмайтын сумақай,
желөкпе өсекшілерді іске қосыпты. Қолдарына жаланың сырымен
боялған пәленің орамалын ұстатыпты.
Сол сыбыс өсекті еміс-еміс құлағы шалған Әсетті де намыс

өрті булықтырып, зықы шықты, іштей қиналды. Адамдық пен
арамдықтың айқасы біткен бе бұл өмірде? Ар-намыстан гөрі қара
бастарының қамын ту қып ұстаған жауыздар жерге қарап қалмау
үшін қандай сұмдықты болса да қолданудан тайынбайды. Елдің

сеніп, төбесіне көтерген ер-азаматының бетіне күйе жағып, қаралау
арқылы өздерінің пасық кісілігін бұлдау мақсатымен жанталасады.

Көңілі кең, жаны жайсаң адамды жотасынан сипалаған боп тұрады
да, сыртынан күледі. Өсектің, жаланың тұманын қаптатады. Сонда
бұлар кімдер? Адам ба, аң ба? Тағылық дағдыдан арылмаған жан­
дар. Нендей жақсылық күтерсің ондайлардан? Адамның намысын

тырналап ойнайтын арсыздар емес пе?..
Бірақ елдің бәрі бұлай түсіне ме? Қаңқу сөзге ереді. Сөз
сүйектен өтеді, кімнің жыбырлаған ернін басасың. «Қос қатынды
Қоңыр қаңғып жүрген жалғыз атты қашқынды қолпаштап,

қолбаладай қолына қондырып алыпты», – деген өсек-жаланың
түбінде қаншама зіл жатыр. Басқа амалы құрыған зұлымдардың
қарсы қолданған қаруының түрі ме бұл? Бейкүнә адамның жанын
жаралап, жүрегін езетін жауыздық, қаныпезерлік осы-ақ шығар.

Міне, бақастықтың жемісі, қара жүректердің айласы. Инабатты
адамның арын аяққа баспақ. Тегі кезі қанталаған пасықтардың,
буына семірген желбуаздардың білікті кісіні аяқтан шалатын
жабайылық қылығы бұдан аспас. Қаңқу сөз сыртынан аңдып

жүрген жауларының байқатпай жауырынынан сұққан қанжары
сықылды болды. Қанша төзіп бақса да, есіл жүректе жарақаттың
дағы қалады-ау... Өсек-жаланың зардабын осылай болжаған
Әсеттің де кеудесі ашып, іштей қобалжи берді. Шайпаулығым

болғанымен, шалыс басқан жерім жоқ. Сонда да адам мінезі
аумалы-төкпелі келеді ғой, Қоңырға да дерт болып жабыспасын кім
білсін?.. Қылыштың жүзіндей қылпыған көңілге қаяу оңай түседі.

– Әсаға... – деді Қоңыр ойға шомған ақынға мойын

бұрып, таңертеңгі шай үстінде. Алмадай албырап, нарттай
жанып тұратын қызыл шырайы бозарыңқыраған, өңі жүдеу
тартқан, көзі кіртиген, сағы сыныңқы, қабағы қатыңқы, түрі
жабырқау. Жүрегін мыжғылап, тұла бойын сыздатқан күйінішін

сырбаздығымен сездірмеуге тырысады. Байсалды қалпын
сақтаса да, үнінде жарықшақ бар. Қиналысын сері мінезімен
жуып-шаяды. Мұң шаққандай күйіне ақтарылды. – Ақ-қараны
танығаннан бері талай-талай зұлымдыққа тап болдым. Бірақ

мұқалмадым. Қара ниеттермен жауымдай жағаласып келемін.
Осы елдің көзін ашып, алды-артын танытсам-ау деп арман еттім.
Алдымда қазылған ор да, аяқтан шалатындар да көп. Ақыл-
ойымыздың асқары Абай ағамыз айтқандай, мен де осынау

меңіреу түкпірде көздерін қан жапқан ашқарақ арландармен
алысып жүрмін. «Жалғыз аттың шаңы шықпас» дейтін именіске
еріп, тоқтап қалғам жоқ. Сүрініп жығылсам да, тұра салып
қайтадан ілгері ұмтылдым. Жауларым қыбырлаған қыбырымды,

басқан ізімді аңдып, қисық түскен табанымның табын сылтау
қып, пәле жабады. Ар-ұятты ойламайды. Беттері шімірікпейді.
Сүрінгеніңе қуанады. Бетіңе күйе жағады. Адалдығым өзіме аян,
қасқайып тұрамын қайыспай. Амал қанша, сол салғыласта абай­

ламай сізді де жалаға ұрындырып алдым білем... Соңғы күндері
жанымды сол езіп түр.

– Мені қойшы, Қоңыржан, қиыс ойлап қамықпа!.. – деді Әсет

жарасыммен табысып, сыйласып-сырласып ұғысқан дос адамының
мұңын түсініп. Зұлымдар кіршіксіз адамдықтың, шынайы дос­
тықтың қарапайым қадірін де білмегені ме? О, адам деген атты
қор еткен айуан пиғылды әумесерлер-ай... Жабырқаған Қоңырдың

көңілінде дық қалдырмауды ойлады. Жебей көтермелеп, жайдары
түрмен ашыла сөйледі де, өзінің байламын қоса жариялады. – Мен
бір көшіп жүрген керуенмін. Алдынан ондаған ит кескестей қарсы
шығып, жабыла үргенімен, керуен жолдан тая ма! Ит – үреді, ке­

руен – көшеді. Шаңға қақалған төбеттердің үні өшсе, оған ілесе
шәуілдеген күшіктері де жым болады. Мен кетемін. Жала мен
өсектің бір қабырғасы құлайды да, оты өшеді...

– Аңсап дидарласқан асыл адам едіңіз, намысыңызды қорғай

алмадым. Арсыздар ақ жүзіңізге кір жақпақ болды-ау... Мен соған
күйінемін, күйзелісім де сол. Әлгі өлеңді бекер айтқыздым ба?..

– Жоқ, ол бекер емес. Қайта нысанаға дәл тиді. Кейбіреулердің

жүрегіне тікендей қадалды!..

– Үнін өшіре алмады ғой...

– Беті қайтты. Өсек – өрт, қу шөптей лап ете түскенімен, жа­лы­­

ны қауламай төз сөнеді. Күні ертең-ақ көмейлеріне тас тығылады.
Ал шала сауатты хазіреттің арамдығын жұртқа жария еткен әлгі
өлең әлі талай тұсқа жайылады. Оны айтқан жұрттың аузын
алақанымен баса алатын адам жоқ.

– Мен де сол тұспалмен сіздің өлеңіңізді қалап едім. Шолақ

піштім бе, ақырында ұятқа қалдырғаным жаныма батады.

– Елдің сеніп сыйлайтын азаматысың ғой, Қоңыржан, байламың

дұрыс. Көзің – ашық, көкірегің – ояу. Халқыңның қамы – ой­
лағаның. Істің ақ-қарасын жұртың да парықтай алады, жасыма!
Өрендерің де бар қолдайтын.

– Елім сізге сый көрсете алды ма, оны да шамалай алмадым...

– Қос ат шаптырып, арнайы шақырғаныңда азаматтың абыройы

артсын деп, тілегіңді қабыл алғанмын. Ел-жұртыңның да, өзіңнің
де ықылас пейіліңе разымын, рақмет!.. Менің қаңқу сөзге ілініп
жүргенім жалғыз бұл емес. Зұлымдар мені де өздерінің жауы

санайды. Қараңғыда құбыжық боп қорқытқысы келетін құқайлар аз ба? Қанша шабынып, жаныққанымен, қара ниеттерге есемізді жібере қоймаспыз, ол – анық. Ал менің көңіліме қарасаң, дақ жоқ, соған сен! – Сол ақ ниетіңізді ақтай алдым ба?.. – Ой, Қоңыржан, сен неге сонша күйінесің?.. Қайтады кегің. Жалақорларды мына жігіттердің жалынды өлеңімен өртете бер, қайыспа. Үнін өшіретін қаруың сол. Маңайыңа үйірілген талапкерлерді қолда. Жебеушің де, жебең де осылар... – Ағайын арамдық жасайды, Құдай жолын ұстаған кісінің қылығы анау... Менің де ендігі үмітім, сенетінім осы жігіттер. – Құдайдан гөрі хазіретке құлқын жақын болып жүрген жоқ па! «Алтын көрсе – періште де азады» демей ме жұрт. Айтпақшы пайымдап қараңдаршы, осы арамдығымен жалақор залымдар өздерінің айласын өздері әшкерлеп, масқаралыққа ұшырады. Әлгі өлеңді естіген ел оларға сене ме? Соны ойлаңдаршы. Енде ше, сол сұмдықтарын сендер де беттеріне басыңдар!.. – Сондықтан да жігіттерге хазіреттің құлқын құмарлығын паш ететін өлеңді жиын-тойда, ел бас қосқан жерлерде салмай айтындар деп тапсырдым. Мейлі, шыдамағандары жынданып кетсін, өңшең төбеттер!.. – Көмейлеріне құм құятын әдісің сол. Залымдарың жүрегіне қадалатын найза емес пе, ызалы өлең... – Әсаға, осы өсиетіңізді өле-өлгенше орындаймын! – деп құлшынды осы арада манадан үнсіз тыңдап, булыға бұрқанып отырған Әсейін. – Ақын мен әнші – елдің еркесі, әділін айтсаң, аспанға көтереді. Әздектеген еркелігің есерлікке ауыспай, халқынды қуантсын. Халқыңа қызмет ет, шырағым! – Аз да болса өзіңізден үйренген тәлім бар ғой, ендігі көңіл аша­ рым да, арқа сүйерім де осылардың өнері, – деп, Қоңыр өзі бекінген түпкі ойының шетін шығарды. Әсет енді жас талапты қайрады. – Менің де мәслихатым сол. Осы әдісің әлгі маубастардың адымдарын қуырады... Қимылдай бер, Әсейін!.. – Мен әзірмін бұл іске... – Ал енді мен өзімнің жөніме кешейін, – деп Әсет қошаметтей қаумаласқан көпшілікті қыдырта шолып өтті. – Жайлау сары тап тартып, шөбі қурай бастағанда ел ой жайлауға қайтпай ма?.. Армансыз араладым ауылыңды. Бір кісідей-ақ құрмет көрдім, Қоңыржан. Жайраңдай қарсы алдың, жарқылдап қасыңда жүрдім.

Мына жігіттердің де көкейіне азды-көпті білгенімді сіңірдім. Сал­ тымыз ғой: кел демек бар, кет демек жоқ. Уақыт желкенді қайық сықылды сырғып барады. Күздің де төбесі қылтиды. «Есің барда – еліңді тап» дегендей, рұқсат ет, жарқыным, мен енді аттанайын. – Еліміздің көкейін көлдей көлкітіп, көңілін жаздай жайнатып едіңіз, Әсаға. Біздің тілегіміз – әніңіз аспандай берсін!.. – деп Қоңыр ағыл-тегіл ықыласын білдірді. – Тек сөге жамандамаңыз... – Е-е, ей, Қоңыржан-ай, сен де сарыуайымшыл жан ба едің? Бет-алды мұңая бермесеңші. Не себептен сөкпекпін сендерді? Сый-құрметтерің, ақ пейілдерің, ашық құшақтарың үшін бе? – Еңсемді басып, бейжай қылған сұрқия қылық әлсін-әлсін ойыма орала берген соң, қайталаймын. Қайдағы бір обыр молдаға сөзіңізді шығындатып, соның кесірінен датқа қалдырғаным арым­ ды қытықтайды кінәлағандай. Көңіліңізге қаяу түсті ме, қайдан білейін? Ақынның жүрегі елжірегіш, көңілі қылдай нәзік келеді деуші еді. Бір атым насыбайдан қалатын көңілдің серілігі қалай алаңдатпасын? Мұңым да, өкінішім де сол. Оңайлықпен айыға да қоймас... – Қара нардай қайыспайтын қайсар ма десем, осындай осал­ дығың да бар ма еді? – деп әзіл тастаған Әсет елжірей күлімсіреді. Тақтайдай жалпақ кеудесін кере желпініп, Қоңырдың өңіндегі құбылысты бақылады. Ол да жылы жымиды. Кенет қайта түнеріп барып, тез серпілді де, жайдары үн қатты. – Қайсарлық пен қайраттың жұмсалар орны бөлек қой. Ал мына қылық күшті қор қылуға татымайтын қоқыр-қоқсық емес пе! – Е, бәсе, жөніңе енді көштің білем, – деп, жадырады Әсет ашық шыраймен. Жан-жағын шола қарады. – Жауырды жабу жабады, шаң-тозаңды жаңбыр суы шаяды. Мен ашық аспанның төрінде ойнақ салған көкала бұлт сияқтымын. Бір жерде тұрақтауым аз, жел ессе сырғи беремін. – Сөзіңіз көңілді желпіген қоңыр самал ғой. – Кейде басқаша. Ашулансам сөзім мылтықтың оғындай зу­ лайды. Ешкім қарсы шығып бөгеп, тосқауыл қоя да алмайды. Молданың сыры ел ішіне тарап та кетті. Енді үдемесе, өшкіндеп өлеусіремейді. Ел ұнатқан өлеңді кері жинап алуға Құдайдың да құдіреті жетпейді. Тау-тасты шарлап, желдей көше береді. Бұл біздің бетімізге жұққан кір емес, бізді даттағысы келген жауыздардың маңдайына басылған қара таңба, ол өшпейді!.. – Сендім сөзіңізге, Әсаға, сендім... Әйтеуір, сөге жамандамай аттансаңыз, ризамыз!

– Оу, Қоңыржан, ақын азаматты даттаушы ма еді, ардақтамаса!

Өркендерің өссін үлкен-кішіңнің!..
Әсет орнынан қозғалды. Қоңыр да қатарласа түрегелді. Төз
бұрылып, оң жақ іргедегі керегенің басында ілулі тұрған қара шұға
жағалы қоңыр түйе жүн шекпенді алды да, қонағының иығына өз

қолымен жапты.

– Халқымыздың салты ғой, аяулы адамына ат мінгізіп, шапан

жабатын. Сізге деген ықыласымыздың белгісі болсын!..

– Рақмет, пейілдеріңе разымын, ағайын! – деді де, Әсет

шекпеннің жеңіне қолын сұқты. Беліне ұзын қара мата белбеуін
орай байлап, бипаздап буынды да, сыртқа беттеді.
Далаға шыққанда өзінің құранды ері ерттеліп, ердің үстіне
қара көк шибарқыт аткөрпесі салынған сүліктей торы төбел атты

Әсейін көлденең тартты. Қоржынын ердің артына, киім-кешегін
шиыршықтап, қанжығаға бөктеріп қойған. Ауыздықпен алысқан
жүнттай торы тыпырши жер тарпиды, жол жүруді тілеп, жұтынып
тұр.

Мақпалдай құлпырған мойыл қара жал-құйрығы сүзілген,
құндыздың түгіндей жылтылдайды. Ұрадай үңірейген танауы
желпілдеп, ауыздықты қашырлата шайнайды. Алақандай қара
көзінен жасыл ұшқын шашырайды. Әсеттің сәл аңырыңқырап

қалғанын байқаған Қоңыр көптің атынан ниетін айтты:

– Бұл ел боп мінгізген атымыз, Әсаға. Ал өзіңіздің атыңызды

бізге мұраға тастап кетіңіз, ырым болсын. Сетер2 қып жылқыға
жіберейік. Ол да, біз де сіздің келесі жылы қайтып оралуыңызды
күтіп, жолыңыздың түсуін тілеп жүрейік!..

– Ниеттерің қабыл болсын! – деді Әсет сырттағыларға күле

қарап. – Мен мақұлмын, айтқандарыңа көндім..
Өзін аялап, өнеріне бас иген азаматтардың осынау шалқар
пейіліне сүйсінді. Халқымның жомарттығы кең байтақ мекенінің
о шеті мен бұ шетіне түгел дарыған екен-ау деп, іштей масайрай

сүйсінген Әсет қамшысының бүлдіргесін білегіне ілді де, торы
төбелге жақындады.

– Қолтығыңыздан демеп, өзім аттандырайыншы, Әсаға!..

Дарыныңыз дарыр ма екен?..
Әсейін сол қолымен тізгінді сулығынан қаусыра қымтып ұстады
да, ердің үстіндегі қара көк шибарқыт аткөрпені оң қолымен
2 Сетер – ежелгі сенім бойынша тәңірге арналған мал, оны адам

мінбейді, еркімен жібереді. – Қ.Т.

бір сипап қойды. Ырғала басып атқа таяған Әсет ердің алдыңғы қасынан ұстады да, үзеңгіге сол аяғын салды. Әсейін қолтығынан демей көтерді. Дік етіп ерге қона кеткен Әсет өзіне қиыла, кимай қараған топқа мойын бұрды. – Ықылас-пейіліңе рақмет, жұртым!.. Ортаңда аз күн күліпойнадым, төбем көкке жеткендей армансыз серуен құрдым. Артық-ауыс қылығым болса, кешіріңдер! Ал, Қоңыржан, сен де разы бол! Менің атымды жылқыға сетер қып жіберіп, көзімдей көріп жүрсеңдер, разымын! Қош, көріскенше күн жақсы болсын!.. – Қош, Әсаға!.. Әсет тізгінді қымти ұстап, атын оң жағына кілт бұрды да, ақ таңдақ көш жолына қарай бағыттады. Әсейін бастаған бір топ жігіт те үдере атқа қонып, соңынан ілесті. Ел-жұрт телміріп қалды қимағандай. Маңқиған қоңыр төбелер, қожыр тасты мелшиген жо­ талар, сай ішін кернеп, тау қапталын жапқан шымылдық қарағай­ лар дөңгелене томсарып қалып барады. Ауылдан тай шаптырым ұзағаннан кейін Әсейін көңілдерін торлаған қимастық мұндарын сейілту үшін Әсеттен үйренген аса ерке, үлбірек назды, нәзік сазды, арманға толы ақ жарқын әнді үзілте шырқады. Өлеңін өзінің сол сәттегі көкейін кернеген сезімге бейімдеп, сәл өзгертіңкіреп айтты: Көл жағалай бітеді көкше құрақ, Не деп әнге сал дейсін, қалқам шырақ? Қоңырбайдың үйінде мәжіліс боп, ей, Ән екен Әсет салған-ай, уа дариға-ай, жайма шуақ! Өтті-ау жалған, Көңілде арман. Жастықтың қызуымен-ай, Салды-ем сайран-ай! Ерке әуенді маңқиған тау-тас қалт ұйқыдан оянғандай қақпа­ қылдата жаңғырықтырып, көкке көтеріп әкетті. Ән ырғағына еліккендей аттар да жүрдек адымдады. Жас жүректердің оты жай­ нап сала берді. Әсет те еміренді: Жас өркен құлпырады. Төбесінен басқан зіл қара тасты да, темірдей қатқан қара топырақты да жарып шығады. Сол өркеннің біреуі – мынау Әсейін!.. Арманы жетелеп аласұрады. Ылайым, талабы таса берсін!.. Дүрмекті топ ду-думен үш-төрт белден асты. Ауылдан қара үзіп қашықтап барады. Күн батыс қапталдағы сайында құлын жал орманы сыңсыған жотаның боз тарлан төскейіне өрлеген

қасқа жол тақиядай шошайған жеке төбенің басына шыққанда көз
ұшынан көк сағымға оранған жазық дала бұлдырап көрінді. Сол
жақ қаптал ойқы-шойқы қожыр тасты шолақ тұмсық. Оң жағы
балық жон ұзын жал.

– Ал, жігіттер, – деді Әсет төбенің басына шыққанда тізгін

тартып. – Әне, енді менің алдым – мидай жазық, сары дала.
Рақмет осынша жерге дейін шығарып салғандарыңа!.. Осы арада
қоштасалық...

– Әттең дүние-ай, Әсағаңа атқосшы болып, ілесіп-ақ ке­

тер едім, – деп желпінсе де, Әсейін мұңын бүркей алмады. –
Артымдағы кемпір-шалға қарайлаймын...
Ылғи да жарасымды әзілімен жолдас-жорасын жадыратып
тастайтын құрдасы Әлсейіттің жұқа қабағы жыбырлады. Аққұба

бетіне күлкі табы ойнап шыға келді. Қалжыңын бастар алдындағы
әдетінше қаймақтай майысқан ернін жымқыра жымиып қойды.
Тебіндеген үлпек мұртын бас бармағының ұшымен баса сипады.
Ол соңғы күндері Әсейіннің әр сөзін әзілге қосып, қалайда қам

көңілін желпу арқылы ойын басқа жаққа аударғысы келетін.

– Әй, қайдам?.. Кемпір-шал емес-ау етегіңе оралған, айнал­

шықтай беретін қазығың басқа болар?..

– Ол қазығы жұлынып, асауы орға құламады ма? Енді оның

мазарын бақпас? – деп күлді тағы бір күлімкөз жылпың қара
төңірегіне көзін қысып. Ойнақы қалжыңға оңайлықпен дес
бермейтін орақ ауыз Әсейіннің басылыңқы көңілін, өзегін өртеген
күйінішін сезген Әсет ағалық кесімін айтты:

– Жасыма, шырағым... Жүрегіңдегі сырға қанық емеспін.

Қасыңдағы жолдастарыңның емеуірініне қарағанда, қолың жет­
пей жүрген құсың бар сықылды. Іскектеп суырып қайтейін. Олай
болса, осылардың өзінен көмек сұра, қолқа сал. Жастың жаны бір.
Қисынын тауып, арманыңа жетуіңе ұшын жалғар.

– Біз оған дайын едік-ау, – деді Әлсейіт енді өзі де мұңая

кібіртіктеп. – Бірақ мұның қол созғаны табан тірейтін бұдыры
жоқ жалама жартас сықылды еді. Хазіреттің қызы болатын,
маңайлатпай қойды..,

– Әнеукүнгі бір айтқандарың сол ма еді?

– Сол... Хазірет қызын тоқалдыққа бермек боп, Шүленбай деген

байға атастырып та үлгерді. Енді ол біреудің басыбайлы адамы.
Әсет қиналып, нендей ақыл-кеңес айтардың ыңғайын таппады.
Сонда да сыпайы сөзбен жебеді.

– Бұған қайран жоқ екен, Әсейінжан... Қол жетпеске күйінбе,

өмірің алда. Арманыңды әнге қос та, аспандата шырқай бер. Нағыз

ақ сұңқарыңның өзі тіленіп келіп қонады қолыңа. Бағың жансын,
шырағым.

– Айтқаныңыз ақ болғай, Әсаға! – деп қуанды Әлсейіт қостап.

– Ал, қош бол!.. Қош, жігіттер!..

– Қош, Әсаға!..

– Жолыңыз болсын!..

Әсет тебінді де, тізгінді ілгері бағыттап еді, тықырши елендеген
жылпың торы төбел көлде жүзген қаздай қалқып, леки жөнелді.
Жайпақ беткейді қабырғалай еңістеген көш жолына бұрылып, лез­
де ұзап кетті. Қоңыр ауылының жігіттері жазыққа түскен Әсеттің

қарасы үзілгенше шошақ төбенің басында ұйлығысып тұрды да,
көз ұшына барған қара ноқатты көгілдір сағым бүркеп алғаннан
кейін аттарының басын ауылға қарай бұрды. Әсейін «Жаймашуақ»
әнін аңырата шырқап бара жатты... Ерке әуен әуелей қалықтады.

Бұл өңірде айдан артық тұрақтап қалған Әсет соңғы күндері
қоңылтақсып, мама ағашқа байланған жарау аттай елегізе
бастаған. Алағыза жүрегі тулады, көңілі жүріс тіледі. Көрсем
деген елі, барсам деген жері әлі көп. Сол тұстардағы халықтың

да тұрмыс-тіршілігіне әуестенді. Хал-жайлары қалай? Солардың
пейіл-пешенін парықтамақ ойы тыншытпады. Сана-салтында,
тұрмыс-тұрағында, әрекет-тірнегінде өзгеше айырма бар ма? Әр
тұстағы талай елдің жай-жапсарын көріп-білген ақын бұл жақтағы

ауылдардың да ауқат-ауқымымен танысуға ынтықты.
Ал тағдырына, болашақ болмысына жаны қиналатын, басынан
кешіріп жатқан ауыр азабына күйінетін көзі ашық адамдардың
айтуына қарағанда, мұндағы ел өмірінің өрісі тар, алды тұйық,

тығырыққа тірелгендей сергелдең. Аттаған адымы ілгері жылжы­
майды, батпаққа батып, титықтаған мал сықылды. Жолы оппа, тай­
ып жығылсаң, тереңге тартатын жылымы көп. Тап баспасаң, түпсіз
ұйыққа батасың да кетесің. Өзі тұншығып, жанталаса қарманып

жатқан елдің басқа біреуді құтқарып алуға шама-шарқы бар ма?..
Осы бір аласапыран құбылыстардың сипатын жіктеп, сырын
жіліктеп ұғуды мақсат еткен Әсет жарға тығылған жапалақтай
жарбиып жата алмады. Алғашында осы ниетін айтып, төз аттанып

кетуді ойлағанмен, Қоңырдың ашық-жарқын көңілін қимай біраз
бөлінген. Тосыннан тараған өсек, таңылған жала жүрегіне біздей
қадалды да, орнынан түртпектеп тұрғызды. Қоңыр мезіретпен емес,
шын-ақ тілегін айтып, аялдауын өтінгенімен, Әсеттің қабағынан

енді бөгелмейтінін, тас түйін сыңайын байқаған. Сонан кейін асты­
на ат мінгізіп, иығына шапан жауып аттандырған... Қолымыздағы
асылымызды бағалай алмайтын неғылған сормаңдай ел едік?..

Қазақтың қанат жайған жер-суы соншама жалпақ болғанымен, бірімен-бірі сыйыса алмай, неге тіреседі осы? Алайда, сол жерге иелік етіп отырған өздері тағы жоқ... «Ары жат, бері жат – төсектің тарлығы, ары отыр, бері отыр – көңілдің тарлығы». Әлде көңіліміз тар ма?.. Жо-жоқ, бұлай болжау – қиянат. Халқымыз жомарт, алды ашық, құшағы кең. Шырықты бұзатындар – ат тебеліндей тобыр ғана. Байлығына мастанған ондай қаныпезерлердің ішіне қасық айналмайды. Олар өздерімен кетсін. Семірген мал құсап, қарны тойғанына мәз. Әлгі жала мен өсек те сол обырлықтың нышаны... Зұлымдықты тапқырлық санайтын залымдар елді жік-жікке бөледі. Ел-елдің тентек текешіктерін сүзістіріп, итше шайнастырады да, төгілген қанды өздері жалайды. Бұл да көп жерден байқаған сұмдығымның түрі. Сондай есерлерді ит таласқа айтақтайтын айлакерлер бұл елде де бар екен... Жініккен төбеттер жөн таппай есеңгіреген елді жүнше түтіп, қасқырша шабады... Әсет қым-қуыт қиял құшағында. Оның осы толғанысын бұз­ ғысы келмегендей торы төбел де қамшы салдырмады. Қиыршық құмға тиіп, табанының қышыры әлі қажала қоймаған, тұрасын қайрақ тас тілмеген, шашасына шаң жұқпаған тың ат бір сарын аяңнан танбады. Түс ауып, күн батысқа еңкейген. Ақ шиі сықасқан жалпақ жазықта жел жүйткиді. Арғы шетінен ойдым-ойдым көгал, сағымға оранған топ-топ ағаш қарауытады. Әсет қадала алысқа көз тігеді. Ойша діттегені – сол маңдағы бір ауылға жетіп түнемек. Аптығып, асыққан жоқ. Қалың шиді қақ жарып өтетін қара жол иір-қиыр. Бір айланбадан бұрылғанда қарсы алдынан сары ала қылыш асынған, сағасына қызыл-жасыл қыл шашақ таққан найза, доғал қара мылтық ұстаған бір топ жасауыл ұшырасты. Түр-тұрпаты әскерден гөрі жол торыған қарақшыға ұқсайды. Ебіл-себіл. Әсет бөгелмеді. Жолды жиектей шеттеді де, ілгері жылжи беріп еді, басына шошақ төбелі, кернейдей жұмыр, топатайдай сопақша қара тақия киген, желкесінде селтиген жіңішке қос бұрымы салбыраған, селдір сақал, тырбық мұрт қатқан қара бажылдай ербеңдеді. Қорыққан мысықша шарылдап, бажырая қарайды. Әсет жынды ма мынау деп ойлады да, таңырқай мойын бұрды. Еркек кісінің шаш өсіріп, бұрым қып өріп қойғаны да ерсі көрінді. Сонда барып есіне түсті: Манжу әкімдері өздерін ақ сүйек есептеп, сал­ тын жұрттан ала бөтен ұстайды екен. Айбынын асыру үшін айдар өсіріп, бұрым қояды деген. Ал мына қатпа қараның бойынан ақ сүйектік сипат та, адамға лайық парасат та байқалып тұрған жоқ. Тек айтаққа қана жүгіріп, ит мінез боп кеткен адам сияқты. Қысық

көзі сығырайып, әлденеден шошығандай ежірейген. Қылғына
бажылдаған күйі жайпақ шом салған арбиған күрең атынан
сырғанап жерге түсті де, ербеңдей елпектеп келіп, Әсеттің шыл­
бырына жармасты. Торы төбел осқырына үркіп, көкке шапшыды.

Түкке түсінбеген Әсет тізгінін тартқылап жүр. Осы апыр-то­
пырдың үстіне қос қара ат жеккен нән қара пәуеске жетіп тоқтады.
Әлгі инеліктей ілмиген қатпа қара Әсетті қоя бере салды да,
тоңқандай елпелектеп арбаның қасына жетіп барды. Басына торғай

қонған шише иіліп, тұмсығымен жер иіскегендей бүгілді. Арбада
жұп-жұмыр қара ала кепкелі қара сұр кісі отыр. Желкесіндегі
білеудей жалғыз бұрымының түбіне қызыл-сары, жасыл-көкшіл
жібек жіп орап, сәндендіре безеген. Аяғын айқастырған қалпы

арбаның қара былғарымен кептелген арқалығына шалқая сүйенген.
Езуіне тістеген ұзын түтігін еріне сорып, темекінің түтінін үсті-
үстіне будақтатады. Айналаға еріне көз салды. Жер сызған басын
сәл көтерген қатпа қара екі қолын кеудесіне қойып қусырды да,

иіліп тұрған күйі бірдеңелерді міңгірледі. Шошақ кепкелі қара сұр
Әсетке үн-түнсіз бедірейе қарады. Сығырайған көзі жылтыңдай
қозғалақтап, жолаушының өзінен гөрі астындағы сүліктей торы
төбелді ішіп-жеп барады. Езуінен сілекей шұбырғандай ерінін

сылп еткізіп тамсанып қойды. Қатпа қара сөзін бітіргендей, басын
жерге тигізе қайта иілді.
Әсет не жазып қалғанын, неге кінәлі болғанын айыра алмады.
Бұлардың бостан-босқа тиіскеніне қайран. Біреумен-біреу жанжал­

дасып, шатақ шығарғысы келсе, қалайда соған бір сылтау іздейді.
Қарақшылардың өзі де тіке тиіспейді. О жер, бұ жеріңнен нұқылап
ызаландырады да, тым құрығанда, қолын қағып жібергеніңді
қарсылыққа санайды... Өзін айналдыра қоршап алған әңгілердің

қылығын осылайша жорамалдаған Әсет нені сылтау етер екен
деп ойлап, аттан түспей тұр. Бұл жақтың салты бойынша манжу
әкімдері қарсы ұшырасқанда барлық адам көліктен – атынан не
арбасынан түсіп, қол қусырып бас июге тиіс. Әйтпесе айып тар­

тады. Әсеттің аттан түспегені, қол қусырып, тәжім етпегені зор
күнә. Қылмыскердей жазаға тартылады. Ол мұндай жайлардан
бейхабар еді... Бұлардың өзіне арадай жабылғанына түсінбей әлек.
Әлден уақытта арбадағы ала кепкелі шелпек бет үнсіз ымдап,

өзіне қарай шақырып еді, Әсет бір жақсылық күтіп, атын тебіне
аңғалақтап, арбаға тақады. Ала кепкелі тесірейе қадалып қалған.
Үстіне қолпылдаған кең, сөлбірейтіп ұзын қара атлас көйлек ки­
ген. Қолының ұшын жапқан жалпақ жеңін сыбанды. Ұйғыр, қазақ

сөздерін араластыра, тілі күрмеле сөйлеп, тергей бастады.

– Сен қайдан келеді?.. – Қоңыраба саз жайлауынан шығып ем, жолаушымын, – деді Әсет қазақи жайбарақат қалыппен жөнін айтып. – Мына ат кімдікі?.. – Е-е, мініп жүрген соң, өз атым емес пе? – деп күлімсіреді Әсет. Ала кепкілі бедірейген түсін суытты да, қысық көзін ежірейте төнді. – Жоқ!.. Сенде мұндай ат болмайды... Мұны сен ұрлаған!.. – Ұрлағаны несі-ей, мынаның! – деді Әсет абдырай күйініп. – Түс аттан!.. – деп бұйырды шелпек бет ысылдай зекіп. Әсет асығыс үсігіс аптыға жай-жапсарын айтты: – Өмірімде ұрлық жасап көргем жоқ. Мен ақынмын, әншімін... Мұны маған Қоңыр төре мінгізген. Жаздай ауылында мейманы болдым да, бүгін аттандым... Құлақ аспады ма, әлде, түсіндібеді ме, бұл сөзі безерген шелпек бетке әсер етпеді. Сазарған қалпы тесірейеді. – Сен қайдан келдің, ауылың қайда? – Ауылым Алакөлдің жағасында... – О, сен қашып жүрген ұрысың... – Ұрысы несі-ей, мынаның?.. – деп аңырған Әсеттің даусы қаттырақ шығып еді, оған ала кепкелі көңіл бөлмеді. – Және Қоңыр төре қаңғып жүрген кісіге мынадай ат та бермейді. Сен ұрлағансың мұны. Мен біледі төрені... – Оу, мырза, бұл жала ғой! – деп, ышқына ашық айтып салды ызаланған Әсет қарсы алдындағы кісінің кім екенінің байыбына бармастан. Бұған қара ала кепкелі шамданғандай көзі шатынап, шақшия бажырайды. – Ә, мен жалақор ма!? – Қойыңыз, мырза, қалжыңды, жолдан қалмайын... Мұны түсінсе де, болжыр бет сұстанды. Қысық көзі қанталай бағжаңдап, тұманданып кетті. Сопақша жағының қамырдай болбыраған еті жыбырлады. Қушық танауы қусырылып, қан-сөлі сарқылғандай беті бозарды. Күлдей көгілдірленген добал ерінін жымқырды. Ба­ стары салбырап, жерге төне сөлбірейіп тұрған шеріктеріне бірдеңе айтып, бажылдады да, қолын ербеңдете жекірді. Жолаушыны да ұқсын дегендей, оған түсінікті тілмен сөзін әрі жалғады. – Неғып тұрсыңдар! Мынау мені танымады, бас имеді. Бұл қашқын!.. Дутыңның3 адамын білмейді!.. Ұстаңдар!.. 3 Дутың – Әскери әкім.

Сол-ақ екен, селдір сақалды шерік етегінен жұлқылады да, бір
қолымен шаужайына жармасты:

– Түс аттан!..

Шелпек беттің суық түсі мен бажылдаған сөзінен кейін ғана
Әсет бармағын тістеді. Осы өңірдегі елдің үрейі ұшып, есі шыға
шошитыны Дутыңның адамдары. Мына арбадағы қара сұр кісі де
бір дөкей сықылды. Соны аңғармай қалғанын қарашы. Бұларға

қарсы ұшырасқан кісілердің бәрі қол қусырып, тәжім етуі
бұлжымайтын заң деуші еді. Сол тәртіпті орындалмаған соң темір
шеңгелге түскенін білді. Енді бұған істер қайласы жоқ.
Әй-шайға қаратпады. Дөкейдің өктем даусына арқаланған

селдір сақалға тағы бір дембелше тапал шерік болысты. Ол Әсеттің
атына жармасып, шаужайынан ұстағанда, найзасын шошаңдатқан
жуандық сығыр көз түбетектен алып, ерден аударып түсірді.
Селдір сақал аспанға шапшып, асаудай атырылған торы төбелдің

ер-тоқымын сыпырып тастады да, ойнақтата жетелеп шетке шыға
берді. Сығыр көз жуан айбаттана төніп:

– Шеш мынаны! – деді Әсеттің үстіндегі шұға жағалы су жаңа

түйе жүн шекпенін тартқылап. Шешпесіне де қоймады. Бір жеңін
босатқанда-ақ екінші жеңінен өзі жұлқи тартып, өңірін жиыра
төмен ысырды да, апыл-құпыл сыпырып алды. Көзі қанталай
ежірейген шелпек бет тістене бұйырды:

– Жамбылға4 айдап апарыңдар!..

Біреуі шашақты найза, тағы біреуі сойылдай ұзын қара мылтық
ұстаған екі шерік Әсеттің қасына жетіп барды. Арбиған арық шерік
жерде жатқан ер-тоқымын арқала дегендей ымдады. Әсет шашы­
лып жатқан мүліктерін жинап болған соң, ұшына қызыл шашақ

қадаған найзасымен қақпайлап, көз ұшындағы шоғыр ағаштың
арасынан бозарып көрініп тұрған сұрғылт үйлерге қарай айдап
әкетіп бара жатты...
Зорлыққа ұшыраған адамның ойы да қым-қуыт сергелдеңге

ұшырайтынын Әсет осы жолы анық сезінді. Дала желі өзімен бірге
күрсінді. Жауыздықты көріп тұрып ара түсе алмағанына ұялғандай
күн де қызарып кетті. Дәті шыдамағандай лезде таудан әрі асты.
Ендігі көретінің осындай түнек, көндіге бер дегендей қараңғылық

басына үйіріле төнді. Алдағы күнінің не боларын болжай алмай
есеңгіреген Әсеттің басы әңкі-тәңкі, ойы быт-шыт. Тек қара
дауылдың өтіне, зұлымдықтың кәріне ұрынғанын анық байқады.
Енді қалай құтылмақ?..

4 Жамбыл – абақтыны, түрмені бұл өңір елі осылай атайды.

АДАМДАРДЫҢ МҰҢЫ БІР

Адам тағдырының әп-сәтте ойпыл-тойпыл өзгеріске, шы­
тырман шиырға ұрынуы оп-оңай екен. Жарқырап тұрған күннің
көзін сүрғылт бұлт жауып, дүниені қара дауыл жайпап өте
шыққаны сықылды өмірдің ағысы да тосқауылға ұшырайтынын

аңғармапты. Шалқыған көңіл мұздай қатып, жалыны лаулаған жү­
ректің оты су сепкендей бәсеңдейді. Тығырыққа тұйықталған­дай
тұқырады. Бір адам жасаған зорлыққа қарсы қолданар шарасы жоқ
екінші адамның мүсәпірлігі – өмірдің теңсіздігі. Бұл да тағылық

пиғылдың тәсілі емес пе? Қасқыр қойға шабады, онысы – шамасы
еркін жететіндіктен. Жылан бақаны жүтады, өйтетіні – бақаның
қарсыласуға қауқары жоқ. Сол сияқты билігі бар, әмірі жүріп
тұрған адам әлсізді тонайды. Өйткені қолында күші бар. Әлсіздер –

айуандық пиғылдың құрбаны.
Дәл осындай бейшаралық халді басымнан кешірем-ау дегенді
ойлап көрмеген Әсет айдалада аяқ астынан тап болған озбырлық­
тың салдарынан тағдыр тауқыметіне амалсыз көндікті. Асауды

тұқыртқан ноқта емес пе?.. Ат-тонынан айырылды. Өктемдіктің,
зорлықтын, тауқыметін тартып, абақтыға қамалды. Ақыры, азып-
тозып жүргенде, Құдай иіп, тажал тылсымының шеңгелінен босан­
ды. Бұған да адамның себі тиді. Адам тағдыры жіпселесе түйіліп,

шатысып жатқан жұмбақ, ұшығы табылмай сергелдеңге салатын
қытымыр. Сол шырмаудан құтылды-ау ақыр. Ә дегенде, қайда
барарын, не істеудің жөнін білмей, дағдарып қалған. Бар ойлағаны:
айналасы биік дуалмен қоршалған, мылқаудай мелшиіп, түнектей

тымырайған үлкен қара қақпаның маңынан тезірек алыстап кету
болды. Беті ауған жаққа жүре берді. Сыртқы дүниеден мүлде оқшау
тұрған осы бір балшық қорғанды ел «Жамбыл» дейді екен. Бәрі
де бұл тұсқа үрке қарасады. Қара қақпадан шыққан адамды көрсе

мүсіркеп, аяйды. Іштей тілектес боп қуанышына ортақтасады.
Әсетке де есіркей қарағандар бар еді. Бірақ оны елемеді.
Сәске түс. Ағаштың қураған жапырақтары саудырай төгіліп,
шөп сарғыш тартқан. Тамыздың соңғы күндері. Түстікке таман

еңістеп, қиғаштай ауытқыған күннің ыстық табы әлі де мол. Әсет
ешқайда бұрылмастан сол бетімен терістікке қарай созылған ұзын
көшенің басына жетті. Көлденеңдей қазылған үлкен арықта тұнық
су ағып жатыр. Жолдан бұрылды да, арықтың бойындағы қаз-қатар

тізбектелген ағаштарға барды. Жуан, көлеңкесі қалың сөгеттің
түбіне тоқтады. Қабығы жоңқаланған жұмыр діңіне арқасын сүйеп

отыра кетті. Кеудесін кере күрсінді де, ышқына дем тартты. Соғанақ тынысы кеңіп сарайы ашылып сала берді. Мұңға араласқан қуаныш сезімі бойын сергітті. Басынан кешкен тосын оқиғаға әлі қайран: Ой, тоба-ай, бұ не қылған сұмдық?.. Адамның ғарып болуы оп-оңай екен-ау. «Жау жоқ деме жар астында» деген даналық ескертпе осы шығар. Бұл елді билеп отырғандардың өздері қаныпезер қарақшылардан ­аумайды ғой. Байқұс ел қалай сорламасын? Әй жоқ, шәй жоқ, тапа-тал түсте астымдағы атымды тартып алды. Бұлардың қолын қағатын ешкім жоқ-ау, шамасы. Тіпті, онымен қоймай, өзімді жазықсыздан жазықсыз абақтыға жапқаны несі?.. Тежеусіз зорлықты көріп жүрген елдің үрейі ұшатыны осындайдан екен ғой... Кәдімгі адамша сөйлесіп, жай-жапсарын анықтайыншы деп жөн сұраған да кісі жоқ. Кім біледі, әлгі тілмаш жігіт кездеспегенде, бәлкім, қамауда айлап-жылдап қала берерім де күмәнсіз еді-ау... Айдап барған бетте тастай қараңғы үйге қамалған Әсетке көңіл бөлген жан болмады. Әйтеуір, аштан өлмесін дегендей, ертелі-кеш бір аяқ қара су мен бір үзім қатқан нан береді. Бір аптадан кейін ғана сыртқа шығара бастады. Онда да ауланың ішіне су септіріп, қоқыр-қоқсықты сыпыртады. Бұл күні де сол жұмысын өтеп жүрген. Екінді кезі. Аула іші қапырық. Далада басқа адам жоқ-тын. Қараңғы үйге кірмеу үшін жұмысты әдейі соза түседі. Ұзын бойлы, басына гүлді қызыл мақпал тақия киген, шалбарының балағын қоншына салған қара былғары етігі құндыздың түгіндей жылтылдаған, қою қара қасты, ат жақты жігіт сыртқы қақпадан кірді де, бөгеліп қадала қарады. Сыртынан жүрген қарауылшының қасына барып, бірдеңе сөйлесті де, сол жақ бұрыштағы тапал үйге кіріп кетті. Ылғи да томсарып жүретін қарауылшы сүйретіле басып, Әсеттің қасына келді де, сені шақырады, бар дегендей, әлгі үйді иегімен нұсқады. Әсет жылт етіп тұтанған үмітпен жебей адымдады да, қиғаш саңлау қалдырылған есікті ашты. Іші тас қараңғы екен, аюдын апаны сықылды үңгір. Тақтайдан жасалған тор көзді терезеден мандымды жарық та түсіп тұрған жоқ. Қара көлеңкеге көзі әбден үйренгенше босағада кідірді. Төр жақтан: – Бері жақындаңыз... – деген салқын да, жылы да емес, қа­ рапайым қазақи қоңыр дауыс естілді. Әсеттің жүрегі жылынды. Бөлмедегі мүліктердің түстері түгел қап-қара. Төр жақтағы сопақтау қара үстелдің арғы қабатында жаңағы жігіт отыр. Сүрініп жығылмау үшін кібіртіктей аттап, үстелге тақады. Жігіт сыпайы үнмен орындықты нұсқады. – Отырыңыз...

Әсет үстелдін алдына қойылған ұзын тақтай отырғышқа име­
не тізе бүкті. Артық жасалған қимылы пәлеге ұрындыратындай
сезілетін сықылды. Аздан кейін өзінің жайғасып болғанын
білдіргісі келгендей:

– Үһе, үһе!.. – деп, өңешін соза бір-екі дүркін құрғақ жөтелді.

Жігіттің өңінен өзгеше құбылыс байқалмайды. Дағдылы тымпиыс.
Даусы ғана анық естіледі. Салмақты, ызғарсыз.

– Қайдан жүрген адамсыз, аты-жөніңіз кім? – деп тергей бас­

тады.

– Атым – Әсет, Найманбайдың баласымын. Жолаушы едім...

Мұны естігенде жігіт басын қалт көтеріп, жалт қарады да,
қадала көз жүгіртті. Сәл қыбырсыз отырып барып, дауыс ырғағын
өзгертпестен қайыра сұрады:

– Жолаушы болсаңыз, мұнда неге қамалдыңыз?

– Соған өзім де таңмын, шырағым...

– Жол-жөнекей иен далада жатқан малды айдап кетуге әрекет

жасаған жоқсыз ба?..

– Өмірімде біреудің ала жібін аттаған кісі емеспін.

– Айыпталушылардың бәрі ақталу үшін қилы-қилы айла жасап,

ант-су ішіп жалтарады.

– Ондай адамың мен емеспін! – деді Әсет жалтармай. Жігіттің

талап етуі бойынша басынан өткен оқиғаны бастан-аяқ баяндап
берді. Әлгі жігіт орнынан түрегелді де, аядай тар бөлмені шарлап,
әрлі-берлі ұзақ сенделді. Бір кезде орнына қайта барды.

– Атыңызды да, ақын екеніңізді де естігем, – деді мұңая қа­

мығып. – Менің атым – Қайдар. Қытайша оқып ем. Осында
дүңшімін. Тіл білмейтін айыпкерлердің айтқанын тергеушіге,
тергеушінің сұрағанын айыпкерге аударып беремін.

– Е-е, тілмаш екенсің ғой, – деді Әсет өзімсіне жайылып. Жігіт

үндеген жоқ. Әлденедей күйінішке ұрынған секілді. Қабағы қатып,
өңі сұрланды... Қазақтардың тартқан азабы, көрген қорлығы жа­
нына батып жүргенін айта алмады. Әсеттің де халіне күйінген, дер
кезінде мұнда болмағанына өкінген.

Қазақшылығы қойсын ба, Қайдар жайлауға кетіп, содан салқын
түсе оралған. Енді өзінің жайын айтты. Әсетті де тыңдап, көп
сөйлесті. Ақырында:

– Атыңызды қайтартып бере алмаймын, – деп, шынын айтып,

шама-шарқын танытты. – Ал абақтыдан босануыңызға шара
іздейін...

– Бастан құлақ – садаға, шырағым, – деді қуана қалбалақтаған

Әсет, – Өмірімде мұндай күйге түсіп көрмеп ем, тірі пендемін ғой,
тіршілік қамын жасармын. Құтқаршы, айналайын, мына көрден?..
Содан қайта көрінбей кеткен Қайдар екі күннен кейін бір
жапырақ ала қағазды әкеліп, Әсеттің қолына ұстатты.

– Міне, дутыңның қағазы, босандыңыз... – деді Қайдар сел­

қостау жабығыңқы түрмен. Қуанышын да, мұңын да сездіре алмай
қиналды. – Босағасын аңдып жүріп зорға алдым. Қолдан келгені
осы болды, ағасы...
Қолы қалтырай қағазды ұстаған Әсеттің даусы да дірілдеді.

Көзі жаудырап, өңіне қан жүгіріп, сәл әрленді.

– Рақмет, шырағым, көп жаса!..

– Өзімді де сіздің алдыңызда айыпты адамдай көріп тұрмын, –

деп мұңайды Қайдар.

– Сенің қатысың қанша бұған?

– Қолымнан түк келмейтін қуыс қурай сияқтымын...

– Басқаларға да осылай себіңді тигізсең, ол да жақсылығың.

– Ол да оңай емес... – деді Қайдар қиналып. – Қош болыңыз...

Тезірек шығып кетіңіз...
Содан кейін ер-тоқымын асығыс жинап, арқалаған күйі сыртқа
шыққан Әсеттің мына үлкен арықтың бойындағы жуан сөгеттің
көлеңкесіне келіп демалған беті еді.

Дүниені белінен басып, шайқап жүрген Әсет мына қалпымен
әлдекімге көз сүзіп, мүсәпірдей сүмірейгісі келмеді. Енді жаяу
ақын атанбайын. Біреудің мүсіркегені төрт мүшесі түгел адамға
жақсы сый бола қоймас. Ер-тоқымымды арқалап, арып-ашып

Қоңырдың ауылына қайта барсам, оның жаулары басына көтерген
адамының сиқын қара деп, масқаралай күлмей ме?.. Адамның қор
болмағы осындайдан. Жаның езіліп, сағың сынады. Өсекшілердің
отына өзім май құймаймын ба?.. Көштен қалсам да, аштан

өлмеспін. Не де болса өз бетіммен әрекет жасайын. Бір амалын
табудың жолын іздейін. Ойын осылай түйіп, осыған бел байлаған
Әсет орнынан ырғала түрегелді де, әрі жүріп кетті... Жамбыл
қорғанынан екі шақырымдай шалғайдан өтетін үлкен қара жолға

жетті. Жаяу жүріске шорқақ адымы онша өніңкіремейді, аяғын
балпаңдай басады. Арт жағынан қос ат жеккен бір арбалы жетіп
еді, көзін сүзе қарады. Арбалы озыңқырап барып тоқтады.

– Қайда барасыз, отағасы? – деп сұрады артына бұрылып,

сұрғылт бөз жейделі, мыжырайған киіз қалпақты бозбала.

– Өзің қайда барасың?

– Дөрбілжін жаққа... – деді бозбала ілгері қол сілтеп. Жаяуды

тосып тұр. Өзінің жайын да ашып айтып жатыр, сөзуар екен. – Бергі
жақтағы елден жиналған астық салығын анау Маңпаңға апарып
құйып келемін...

– Мені де ала кет ендеше.

– Е, отырыңыз, әлі талай жер бар. Мына жүрісіңізбен бір аптада

да жете алмассыз... Атыңыздан айырылып қалғансыз-ау,ә?..

– Иә, шырағым, бұл өңірде тонаушылар көп екен...

– Соны жаңа біліп жүрсіз бе? – деп ақсия күлді бозбала сөз

нобайына түсіне қойып. Әлдекімді мысқылдағандай ернін шүйіре
жымқырды. Қысықша қара көзі алысқа қадалады. Жұқа қабағы
жиырылды.

– Адамның көргенінен көрмегені көп болады, шырағым...

Жолдың да қисыны келе кетті-ау, Құдай оңдап. Әйтпесе, далада
қалатын шығармын деп ойлап ем.

– Иә, аға, бағыңыз бар екен...

– Бағымның сиқы осы ма? – деп, Әсет мұңая езу тартты.

Балпаңдай басып келген бойы арбаға мінді.
Ауыздықпен алысқан жарау қос қарагер жүксіз арбаны
даңғырлата әңгелек аттырып барады. Арбаның салдыр-гүлдірі
кедергі болды ма, бірсыпыраға дейін үнсіз отырысты. Бұл томсары­

сты ыңғайсыз сезінген Әсет жасы үлкендік жосығымен бозбаланың
жөнін сұрады. – Әке-шешең бар ма, шырағым?

– Әкем Қойбағар деген кісі. Атын тауып қойған секілді, – деп,

қоңыр көзінде күлкі ойнаған бозбала әзілге басты.

– Самарбайдың қойын бағады.

– Жан бағу – парыз, шырағым, атына байланысты емес...

– Әй, кім біледі, менің атымды Елебек қойған екен. Көрмейсіз

бе, міне, жердің бетін шарлап, елпендеп жүрмін. Алым-салық
жинаушының қос қарагерін айдап, тыным таппаймын.

– Бұған жасыма, Елебек, – деді Әсет бозбаланы қайрағандай

сыңаймен. – Еңбек ет – мал тап. Сонда өз тізгініңді өзің ұстай
аласың...

– Ой, аға-ай, қашан сол мал табылғанша етіміз сылынып, қу

сүйегіміз ғана қалатын түрі бар, – деді әзілқой, ақ жарқын жас
жігіт ойнаса да ойындағысын бүкпей.

– Еңбегің жансын, шырағым, сабыр ет...

– Сіз де мал табамын деп жүріп, батпаққа батқан сықылдысыз,

абақтыдан шыққансыз-ау, ә?..

– Оны қайдан білдің? – деді Әсет аңғарымпаз бозбалаға барлай

қарап. Үлкен кісінің таңданысын байқаған Елебек жөніне көшті.

– Екі-үш жылдан бері осы арбаны салмай айдап жүрмін. Қожайын елден астық, мал салығын жинайды. Соның астығын ап­ тасына екі-үш дүркін Маңпаңға, өкімет қамбасы тұрған қалашыққа тасимын. Сонда анау «Жамбылдың» тұсынан әрі – бері өткен сайын абақтыдан босанған қазақтар кездеседі. Бір пәлеге ұрынбаса қазақ баласы жаяу жүруші ме еді?.. – Байқампаз екенсің, Елебек, – деді Әсет сүйсіне еркелетіп. – Зорлыққа ұрынып, жазықсыз қамалғаным рас. – Айттым ғой, босанғаныңыздың өзі олжа, шүкір етіңіз. Ныспыңыз кім аға? – Менің атым – Әсет, жолаушы едім... – Әсаға, аман-есен босанып шыққаныңызды олжа көріңіз. – Кінәм жоқ болған соң, босатпай қайтсін? – Ой, қызық екенсіз, Әсаға. Қара қақпаның арғы жағына бас сұққан соң, кімнің кінәлі, кімнің кінәсіз екенін ешкім айырып жатпайтын көрінеді... Біздің бір жақын ағайынымыз былтыр бажы жинаған кезде жаңылыстан бір сиырын жаздырмапты. Кейінгі санақта сонысы білініп қалды да, абақтыға жабылды. Міне, жылдан асып барады, әлі босатар емес... Әрі-бері өткен сайын сол кісі емес пе екен деп, көрінген кісіге тоқтамай кетпеймін. – Солай да шығар... Құдай оңдап, маған бір тілмаш жігіт бо­ лысты. – Қайдар ма?.. – Иә, сол. Танушы ма ең? – Бір-екі көргенім бар. Жақсы кісі дейді. Қолынан келгенше ара түсетін көрінеді. Бірақ қамаудағы көп қазақтың қайбіріне болыса береді. Жазаға тартылғандарда есеп жоқ... Қымс етсе, қамап та­ стайды. Ақша бермесе босатпайды екен. Сізден пәлендей бір ілік табылмаған ғой... – Астымдағы атымды әкімдердің өздері тартып алды. Өзімді абақтыға жапты. Одан басқа қандай ілік іздейді. – Атыңыз аса жақсы ат екен, ә?.. – деп тамсана басын шайқады Елебек өкінгендей. – Иә, жақсы-ақ ат болатын... – Әкімдердің көзі түспесін деңіз... Қызыға қалды ма, сылтауы да табыла кетеді. Барлық асылыңыздан айырыласыз... – Оны сен қайдан білесің?.. – Күнде көріп жүрмін ғой. Соның бірі – менің қожайыным. Анау Маңпаң мен Жамбылда таныс-білісі көп. Соларға арқа сүйейді. Олар мұның қолын қақпайды. Өйткені бұл арқылы ауыз­

дарынан май үзілмейді. Осы елді сүлікше сорып жүр. Бірдеңеге
қызықса, алмай қоймайды. Абақтыда жатқан жаңағы мен айтқан
кісінің есік пен төрдей көк жорғасына көзі түсті. Жақауратып
сұ­рап көріп еді, аттың иесі көне қоймады. Ақыры әлігі сиырдың

бажысы төленбегенін сылтауратып, Жамбылға айдатты да жіберді.
Айыбының өтеуі деп көк жорғаны қоса алды. Қазір Маңпаңдағы
бір ноян мініп жүр. Енді онымен иесі қалай дауласпақ. Шамасы
жете ме? «Бәледен машайық қашыпты» дегендей, ордан құ­

тылғанына қуанбай ма? Әбден сансырап, сағы сынған соң барып
шығаратын көрінеді...

– Мұндай да зұлымдықтар болады екен-ау?.. – деп күйінді Әсет.

– Иттің күні ғой көріп жүргеніміз...

Елебек те, Әсет те соған мойын сұнғандай жабырқасты. Айна­
лаға үнсіз қарап, ойға шомысты. Боз дала сазарып, мұнартады.
Алыстан сойдақ-сойдақ ағаштардың қарасы мен үйлердің төбесі
қылтиды. Күн батып, іңір қараңғылығы үйіріліп келеді.

Қара жолдан будақ-будақ шаң көтеріледі. Қалашықтың үйлері
андыз-андыз, сирек екен. Дуалдары қиқы-жиқы. Кеңдеу бір
көшенің мүйісіне жеткенде Елебек арбаны тоқтатты.

– Ал, Әсаға, сізді қайда апарып салайын?

– Таныс-білісім де жоқ еді, кім біледі?

– Ертіп алып баратын өзімнің үйім жоқ. Қожайыным бөтен

кісіні қақпадан қаратпайды.

– Ой, айналайын, рақмет! Маған бүгінше түнеп шығатын бір

жерді нұсқап жібер.

– Мұнда қазақтың үйі жоқ. Анау бұрышта наубайхана бар.

Наубайдың үйі де, дүкені де сол. Салт басты, сабау қамшылы
жалғыз. Өзі ақ көңіл, кең пейіл кісі. Соған барсаңыз, далаға та­
стамас...

– Ал, ендеше, аман бол! – деді Әсет арбадан созыла түсіп.

Елебек қош айтысты да, сол қол жақтағы кеңдеу көшеге бұрылды.
Даңғырлай зымыраған арбаның артында бұрқыраған шуда-шуда
шаң қалды. Ашқылтым иіс қолқаны қабады.
Әсет ер-тоқымын арқасына салды да, ілгері адымдады. Қараңғы

көшеден тірі жан көрінбейді. Қаңырап түр. Түтін мен борсыған
судың иісі мүңкіген тапал үйлерді түн қараңғылығы тұмшалаған.
Жылт еткен жарық жоқ. Қалалы жерде танымайтын кісіге үрке
қарасады, Түн ішінде қайыршы құсап кімнің есігін қақпақ.

Құбыжық келетіндей барлық үй есік-терезелерін тарс бекітіп алған.
Тіпті үрген иттің де даусы естілмейді.

Қаңырығы қаңсап, шөлден қаталаған Әсет кеберсіген ерінін тілінің ұшымен жалады. Топырағы борпылдап, шаңы бұрқыраған көшемен үмітсіз жылжып келеді. Көше жиегіндегі ағаштар да сыбдырсыз, мүлги сілейген. Желсіз түн қыбырсыз. Көше мүйісіндегі есігі арса-арса, іші қара көлеңке жатаған үйден болар-болмас жылтылдап, сөніп-жанған оттың әлсіз жарығы көрінді. Әсет тақап келіп, ашық есіктен қарады. Бет-аузын кірқожалақ орамалмен орап алып, тізерлей шоқиып отырған кісі оң жағындағы жалпақ тақтайдың үстіне әзірлеп қойған дөңгелек тоқаштарды тандырға жыпылдата тез-тез жапсырып жатыр. Оның жұмысын аяқтауын тосып, босағадан аттамай тұрып қалды. На­ убай тоқаштарды ыстық тандырға жапсырып біткеннен кейін тандырдың аузын киіз қапталған дөңгелек себетпен жапты да, бетаузын ораған орамалды шешті. Әсет жөткірініп, дыбыс шығарып еді, есік жаққа мойын бұрды. – Бұл қайсың-ей?.. – деп дауыстады жайбарақат. Табалды­рық­ тан кішкене аттаған Әсет: – Ассалаумәлейкүм, кіруге бола ма? – деп, рұқсат сұрады. – Уағалайкүмсалам, кір, кір... не шаруамен жүрсің? – деп, қаза­қи кейіптегі кісіні көрген наубай таңдана көз жүгіртті. Түн іші тұрмақ, шаңқай түсте қазақтар нан сатып алуға келмеуші еді – Қандай шаруа болсын... – деді Әсет асықпай, қажыған үнмен. Үй иесі сөзіне ден қойған соң өзінің өтінішін айтты. – Қырдан келіп ем, сізге бір өтінішім боп тұрғаны. Наубай босағада состиып тұрған кісіге денесімен аударыла бұ­ рылды. Орта бойлы қара торы кісінің тұлғасын бастан-аяқ шолып өтті. Шолақ пешпетін желбегей жамылған, бауырсақ мұрнының үсті тершіген дөңгелек жүзді кісінің жолаушы екеніне көзі жетті де, байсалды түрмен жылы шырай танытты. – Отырыңыз... Демалып, аз ғана тоса тұрыңыз. Мен мына тандырдағы нанды шығарып алайын... Наубай көтерме сәкіше биіктеп орнатқан тандырдың дөңгелек аузын ашып, ішіне үңілді де, білегін шынтағына дейін жауып тұ­ ратын жеңлігін киді. Піскен тоқаштарды бір-бірлеп ала бастады. Әсет үнсіз барып ыс басқан тап-тар дүкеннің дәл ортасындағы тандырдың іргесіне тақай салынған балшық текшеге тізе бүкті. Жүгін босағаның ішкі жағындағы тоқымдай бос жерге тастай сал­ ды. Төбеге іліп қойған аспалы шырағданның ернеуіндегі жуантық білтесінің лапылдаған жалыны үй ішіне күңгірттеу сәуле шаша­ ды. Әлден уақытта наубай қызара бөрткен дөңгелек тоқаштарды

жалыны бет қарыған тандырдан шығарып болып, жеңлігін шеш­
ті. Жүрелей бүгілген аяғын жазып, жайланып отыр­ды. Жалын
шарпығандікі ме, көзі қызарып, шарасының еті қанталаған. Жұ­
қалап қырыққан мұртының жалын жалаған үшін ширата уқалап

қойды да, қонағынан жөн сұрады.

– Қане, не айтпақ едіңіз?

– Сіз осында түнейсіз бе? – деді Әсет алақандай тар бөлменің

ішін шолып.

– Иә, жатар-тұрар орным осы. Соры арылмаған адамдарға

жалпақ жердің бетінен тоқымдай жер де бұйырмайды екен...
Наубай әзіл тастамақ еді, онысы мұңға ұласып, қайғыра
күрсінді. Қасіретін одан әрі қоздыра бергісі келмей, Әсет өзінің
өтінішіне көшті:

– Менің сізбен бірге түнеп шығуыма болар ма екен?..

– Қайран қазағым-ай, – деп жайыла күлді наубай жадырап. –

Етегі жалпақ ел едің, сенің де өрісің тарылған ба?..

– Қырдан осында бір жұмыс істейін деп келіп ем, зорға жеттім...

Кеш батып кетті.

– Атың қайда?

– Ұрлатып алдым... Мұнда ешкімді танымаймын, – деді Әсет

өз жай-жапсарын басқаша ыңғаймен түсіндіріп.

– Қауіптенетіндей, түрің адам тонаушыға ұқсамайды, – деп

әзілге басты наубай. – Өй, тіпті, сол қарақшылар менің немді
алады, ха-ха-ха!.. Қырдың кең құшағында емін-еркін аунап-қунап
жүрген тарланға мына үңгір тарлық етер. Несі бар, аспан асты кең.
Төбедегі шөптің үстіне жатарсың...

– Маған бәрібір, жантайып жатып, көз шырымын алсам, сол

жетеді, шаршап қаппын.

– Сен басқаша ойлап қалма, ағайын. Сол жер тыныш. Мұнда мен

түнімен қамыр илеймін, от жағамын, нан пісіремін, мазаң кетеді.

– Ықыласыңа рақмет, ағайын!.. – деді Әсет қалжыңға әуестігін

күлкі ойнаған ашаң жүзі танытып тұрған наубайға жылы шырай­
мен.

– Менің де асып-таситын ештеңем жоқ. Жалшымын. Қамыр

илеп, нан пісіремін. Қызығын басқа біреу көреді. Сатылған наннан
түскен қаржының иесі – қожайынның өзі...
«Бір таз бір тазды көрсе, басын қасиды» дегендей, наубай
өз жағдайын сыдырта айтып шықты. Әсеттің көңілі тыншыды.

Әйтеуір, көшеде қалмады. Кеберсіген ерінін жалап, су сұрап еді:

– Бері жақында, шай қайнап тұр. Есімің кім? – деді наубай шай

қамына кірісіп.

– Атым – Әсет... Біліскен жақсы, ағайын.

– Менің есімім – Тоқты. Кәсібім – наубай, міне, көріп отырсың.

Бері кел. Пақырдың жайы пақырға мәлім ғой. Мұңдас екенбіз,
қысылма...

– Неге қысылайын, жайлы отырмын...

Тоқты шет-шеті отқа күйіп, сарғыш тартқан орамалды жай­
ып, тандырға жапсырғанда ұстамай, ағып кетіп, күлмен араласа
күйелеш боп піскен тоқашты турады. Ернеуі қалың ежірге5 шай
құйып, алдына қойды. Әсет ып-ыстық сарғылт суды сораптай

ұрттап, шөлі қанғанша көп ішті. Маңдайынан тер моншақтады.
Тоқты қонағына жомарт пейілмен қошамет көрсетіп отыр.

– Іш, шөліңді қандырып ал. Барым осы, разы бол...

– Қарны ашқанға қара су да бал татиды дегендей, кенезем кеуіп

келіп ем, шөлім әбден қанды. Пейілмен берген қара су да бойға
қуат. Рақмет ниетіңе, Тоқты!..
Әсет ежірді дастарханның шетіне төңкерді де, мандайының
терін сүртті. Тамағының түймесін ағытып, желпініп қойды.

– Мұнда не жұмыс істемексің? – деп сұрады Тоқты түрі жал­

данушыға ұқсаңқырамайтынын байқап. Бұрын ондайға бармағаны
анық. Ондайдың жөнін білмейтін Әсет сілтей салды.

– Табылған жұмыстан бас тартпаймын.

– Пайдалы жұмысты табу да оңай емес. Тамағы үшін ғана

жалданатындар толып жатыр. Алайда, білегінің күші бар, қарулы
жігітке қызығатындар да шығады.

– Жөнін білсең, ыңғайлас... – деді Әсет өтінгендей. Өзі жал­

данып жұмыс істеудің жай-жапсарын ұқпайды. Соны сезген
Тоқты бірдеңені есіне түсіргісі келгендей ойланып қалды. Кірпігі
үйтіле-үйтіле сиреп қалғандықтан бақырайып оқшау көрінетін көзі
сығыраяды. Аз үнсіздіктен кейін бетін бұрып:

– Бір амалы табылар... Арба айдай аласың ба? – деп сұрады.

– Қандай жұмыс болса да мейлі. Әйтеуір, аз-тола қаражат жи­

насам, бұл жерде тұрақтап қала алмаспын...
Әсеттің ойына түсінгендей Тоқты үнсіз күрсінді.

– Әй, кім біледі... Менің де сонау Қашқардан осы маңға

келгендегі мақсатым сондай еді. Міне, бес жылдан асып барады,
ештеңе де өндіре алмай жүрмін.

– Бала-шағаң осында ма? – деп сұрады Әсет еркін сырласа

бастаған Тоқтыдан.
5 Ежір – балшықтан істелген керамикалық ыдыс, кесе.

– Ондай бақытқа әлі қолым жете қойған жоқ. Сонан соң ғой,

желге мініп, жер бетін кезіп жүргенім. Бірдеңе өнер ме екен деп,
күн сайын артымдағы ізге қараймын... Қылтиған түк те көрінбейді.
Өзіңде ше?..

– Менің бала-шағам алыста қалды. Мұнда өзім жалғыз келдім, –

деп Әсет қысқа қайырды да, өзегін жалаған қайғы дертімен арпалы­
сты. Сағынышы да кеудесін кернеп, жүрегінде шым-шым қайнады.
Қонағының бұл ширығуын Тоқты шаршағандыққа жорыды:

– Ал, Әсет, сен жатып дем ал!.. Мен таң атқанша тыным тап­

паймын. Төбеде бауланған шөп бар. Сол ара жайлы болар... Анау
түкпірде саты тұр.
Көңілі жарасқан адамдар тез табысады екен. Сол түннен бастап
Тоқты арып-ашып жүрген Әсетке ыстық ықыласын аямады.

Оның аузынан Әсет өмірінде құлағы естімеген сөздерді
есті­ді. Жалданудың да соқпағы көп екен. Соның бірі – малай.
Бұл – жалданған жұмыскер, басыбайлы бағыныштылықтың бір
түрі. Біреуге мөлшерлі мерзімге жалданған жалшы. Ең кемінде

үш айға немесе алты айға, не, бір жылға тұтас уағдаласуға тиіс.
Бұл – өзіңнің емін-еркін жүріс-тұрысынан айырылған, біреудің
қас-қабағын баққан жалтақ-жалтаңы, ауыртпалығы көп, тауқыметі
тара­зыға тартылмайтын қатыгез қараң өмір. Мұның бұлжымайтын

шарты да бар. Алда-жалда сөз байласқан мерзім ішінде жалшы
ауырып қалса, не болмаса, жұмысты тастап кетсе, оның жұмыс
­іс­те­ген күндеріне келісілген кесімді ақының тиісті-ау деген
мөлшері төленбейді...

– Сені ондай жұмысқа жолатпаймын, – деді Тоқты өзінің бай­

ламын айтып. Батыл, ақ жарқын жігіт мұндағыларға сенімді де
секілді. Куәгер болып, Әсетті бір құржаға6 тұрғызды.

– Жұмысының жөні қалай?.. – деп сұрады бұл жайды ұққысы

келген Әсет. Өзінің шешімін Тоқты түсіндірді.

– Тоғыз айға келістім, мамырдың аяғына дейін. Алты ай болса,

не қыстың аяғы үзілмейді, не жаз шықпайды, әрі-сәрі. Оған керегі
де сол мөлшер. Жер кеңіп, көк молая босанасың. Қайта жасарған
дүниемен бірге сен де түлейсің.

– Е, мейлі...

Тоқты келесі күні Әсетті сөз байласқан адамға ертіп барды.
Момақан кісі екен, жүзі жылы, аз сөйлейді.

– Жері, ат-көлігі бар демесеңіз, менің де күйім шамалы, – деді

арық қара жігіт мұңын шағып. Көзі кіртиіңкі, қабағы қатыңқы. –
6 Құржа – өз жұмысын өзі істейтін жері бар шаруа.

Шиеттей жанбыз. Қолқанат боп қалған балам жаз ортасында безгектен қайтыс болды. Басқалары әлі жас. Қатты-қайырымға жарамайды. – Шамам келгенше аянбаспын! – деді Әсет ағынан жарылып тұрған жігітті аяғандай. – Иә, тұрмыс тапшылығы – адам баласының мойнына кигізіл­ ген сірі қамыт сықылды. Жалғызілікті кісімін. Жерді күтіп-бап­ тауға жалғыз шамам жетпей, қиналып қалған соң, осылай ұйға­рып ем. Мына Тоқты еңбекқор, адал адам. Өзі сенбесе, көрінгенге куә болмайды. Бұған мен сенемін. – Сунуазы, айттым ғой, бұл кісіге де мендей сен, – деп илан­ дырды Тоқты. – Мұңдаспыз, жаман ойы жоқ. Шаруаңның да асыптасып жатқаны шамалы. Қолыңды ұзартады. – Маған да керегі сол. Мына өгіздер мен аттарды қарайсыз. Жем-шөбін салып, уағында суғарасыз. Қиын тазалап, бір жерге үйе бересіз. Молайған кезде арбамен егінжайға тасисыз... – Оны кейін де түсіндірерсің, – деді Тоқты тықыршып. – Уәдеге тұрсаң, мен қайтайын. – Үйге кір, шай ішіп кет... – Рақмет, асығыспын, жұмыс қалып барады. Жігіттің шайға шақырған ниетін келісім деп ұққан Тоқты жалт бұрылып, қақ­ паға беттеді. Сунуазы мен Әсет жалпақ ауланың бір қапталын алып жатқан мал қораны аралады. Сонан соң жапсардағы қағаз жапсырылған жалғыз терезелі үйдің алдына жетіп тоқтаған Су­ нуазы есікті ашты да, ішке кірді. – Міне, осы үйде тұрасыз. Отын өзіңіз жағып, күлін өзіңіз шығарасыз. Үй ішінің басқа жұмыстарымен айналыспайсыз. Малға ғана қараңыз. Қазақ баласысыз ғой, мал жайын менен жақсы білесіз. Көктемгі тұқым себетін науқан басталғанда көліктерім күйлі болса екен. Ол – егінді мұқият егіп алудың негізі. Ал тамақты өз үйіңіз секілді бізбен бірге, бір дастарқан басында отырып ішесіз. – Күтемін, шырағым, оған қам жеме. Көңіліңді түсіндім. Тоқ­ тының айтуынша, Сунуазы қолы аузына еркін жетпей жүрген орта қазанды дүнген шаруасы. Ірі байларға жалданса жалаға ұрындыратын сылтауы көп екен. Ақы төлемек түгіл өзін қарызбен матап, қолынан шығармай шырмайтын көрінеді. Сол қақпанның сырын білетін Тоқтының Әсетті жұмысқа тұрғызудағы ойы да басқаша еді. Өзіне мұңын шағып, жанашыр, қолқанат болар біреуді іздеп жүрген Сунуазы есіне бірден түскен-ді. Сондықтан алдымен өзі сөйлесті де, артынан Әсетті ертіп алып барған.

Кыс сылбырлау басталды. Алғашқы қар жауып еді, күн райы
қайта жылынды да, төз еріп кетті. Бірақ жердің беті лайсаң
батпақ­қа айналды. Сағыздай созылған сары балшықтан аяғыңды
алып жүре алмайсың. Соның зардабын Әсет те тартты. Көктемге

дейін ілдалдалап төзуі керек. Далаға барса, табаға ұшырайды.
Жаны ашитындар мүсіркегенімен, қайдан есіркей қойсын. Жа­
улары қарқылдап күлмей ме?.. Мұнда, әйтеуір, өз бетімен еңбек
етеді. Ешкімді танымайды, ешкім сырын білмейді. Құлағы ты­

ныш. Тамағы тоқ. Жылы үй. Ақырын күтеді.
Әсет кішкене қазан асулы тұрған ошақтан әрі төрге қарай
созылған көтерме кәңнің7 үстіндегі бойраға8 арқалай келген
ерінің тоқымын жайып, ат көрпесін төсеніп жатып жүрді.

Сунуазының әйелі берген құрым киізді жайып, құрақ көрпені
жамылады. Төсек-орынын таза ұстады. Үйдің іші сәл қара
көлеңкелеу. Осы көрініске бойы үйреніп те қалды. Ер жігіттің
басынан не өтпейді!.. Осы ой кәдімгідей жебеп, ширай бастады.

Сунуазы – қырықтың үстіндегі сақа жігіт. Мінезі биязы, көзі
мұңлы. Өзі де, үй ішіндегілер де қытай үлгісімен киінген. Бірақ
желкесінде бұрымы жоқ. Сақал-мұртын да, шашын да ұстарамен
мұнтаздай қып қырып жүреді. Тез тіл табысып кетті. Әсет ерте

тұрып малдың қиын тазалайды, шөп салады. Түс кезінде қаланың
оң қапталын жанай ағатын Еміл өзенінің суатына айдап барып,
суғарып қайтады. Кешке таман өгіздер мен аттарды жемдейді.
Анда-санда кіл ағаштан жасалған дөңбек арбаны бір өгізге жегеді

де, үйіліп қалған қиды Сунуазы көрсеткен аңызға апарып, әр жерге
үйіп-үйіп қояды. Басқа түскен соң пенденің көніп, көндікпеске
амалы бар ма? Өз тағдырының күйзелісіне күйінсе де, іштен ты­
нып, келер күнін күтті. Апатқа ұшыраған адам өзін-өзі өлтірмейді

ғой. Өксісе де, өмірге әуес. Өлі арыстаннан тірі тышқан артық.
Қазақ санасы осыған тәуелді. Дүрілдеген дәуренің де желдей есіп
өте шығады екен. Мен де тағдырдың жетегіндегі жетім тайлақпын
ғой, елпектеп жылжи берейін ес жиғанша... Орнында бар оңалар­

мен қанағаттанатын қазақ тұқымы емеспін бе?..
Әсет қам көңілін тұрлаусыз қимыжық ойлармен демеп бақты.
Сонда да жүдей берді. Қабағы қатып, кірпігі жабысып кіртиеді
де жүреді. Осы қалпынан жазбайтынын, ылғи да жабырқаңқы

түрін байқаған Сунуазы бір күні мұңдасып, көңілін аулау үшін
қасында отырып, ұзақ әңгімелесті.
7 Кәң – іші қуысталып жасалған, оттың жылуы өтіп тұратын сәкі.
8 Бойра – қамыстан тоқылған төсеніш.

– Әсеке, – деді ол қазақшаға жатықтығын аңғартқандай,

қазақы үлгімен. – Ылғи да мұңайып жүретініңіздің себебі не?..

– Е-ей, шырағым-ай, қасіретсіз адам бар ма бұл дүниеде,

оның несін сұрайсың?..

– Сонда да өз жайыңызды ұқтырыңызшы?.. – деп, қиыла

өтінді Сунуазы. Аздап еті үйреніп, бауыр басып қалған әдепті,
ибалы, адамды сыйлай білетін жігітке Әсет бастан кешкенін
жасырмай шешіле айтты. Тек әнші, ақын екенін бүгіп қалды.

– Солай, шырағым... Құдай оңдап Тоқтыдай ақ көңіл адамға

кездестім. Одан өзіңмен дәмдес-тұздас болдым. Менің қабағыма
қарама, шырағым. Пендеміз ғой күйгелек. Көңіліңе жақпай
жатқан ісім болса, ескертіп қой... Мұндай шаруаға орашолақтау
екенім рас...

– Олай емес, қысылмаңыз, Әсеке. Сіз бір жұмбақ адамдай

көрінуші едіңіз, сол болжамым рас боп шықты. Менің де
қасірет-қайғымды білесіз. Мұңдас едік, енді сырлас болдық.
Өз шаруаңыздай көріп істей беріңіз, мен разымын. Сізді де
ренжітпеспін...

Әсет жұмысты өзі біліп, өз қалауымен істеді. Бұл үйдің үлкен-
кішісі түгел оған бауыр басып кетті. Ілтипатпен құрметтейді.
Мұндайда адамның өзі қолға алған шаруасының ыңғайына
бейімделгеннен басқа амалы бар ма? Құзға құлаған адамның да

үміті үзілмейді. Құлан өтпес шөл далада қалған адам да соның
арғы шетіне жету үшін тырмысады. Өмір сүруге құштарланады.
Бәрінен де тіршілік қымбат! Қызықты күнің жаңбырлы бұлттай
дүркіреп өте шығады екен. Сол тұтамдай өмірде пенденің

көрмейтіні жоқ. Қанша азап шексе де қаймықпайды, әрекет етеді.
Бірдеңе тындыру үшін талпынады. Ал, мен не бітірдім, осы?.. Әсет
күндіз-түні осы шылаумен көңілін жіпселеп, толғанып жүрді...
Көктем шықты, күн жылынды. Тұқым да себіліп бітті. Әсет

шаруақор Сунуазының сенімді серігі саналды. Жер айдасты, егін
егісті. Жұмыс аяқтап, көңілдері жай тапты. Мал төлдеді. Жердің
бетін шалғын жапты. Келісілген күні де толды. Сонда да Әсет
асығып, тықыршымады, ауыз ашпады. Үй иесінің көңіліне қарады.

Бір күні түс ауа Сунуазы аулаға жабағы жүні әлі түсіп
бітпеген, сүйегі ірілеу буырыл құнанды жетелеп кірді де,
көлеңкеде отырған Әсетке күле қарады.

– Әсеке, жақсылығыңызды, өзімсінген ағалық пейіліңізді

көрдім, рақмет!.. Келісіміміз бір тай еді. Таныстық, тарлық
етпедім. Ауыздықпен алысқан ат мінгізетін-ақ адам едіңіз. Бірақ

«көрпеңе қарай көсіл» демей ме қазақ атам. Шамамның жеткені
осы болды... Шіркін-ай, қазақшалап сый жасай алмадым. Қазақтың
жомарттығы, қытайдың еңбекқорлығы адам баласының бәріне да­
рыса, бойларындағы ортақ қасиетін асыра түсетін ұлы ізгілік боп

қызмет етер еді-ау... – деп, ризашылық ықыласын білдіріп жатыр.

– Сенің осы ықыласың да атан түйеден кем емес, шырағым...

Көп жаса, бала-шағаңның қызығын көр, өркенің өссін!..
Әсет өзін аға тұтып, адамдығын ардақтай бағалаған Сунуазы­
мен төс қағысып қоштасты. Өзіне еркелеп, қасынан шықпайтын
кішкене балалардың беттерінен сүйді. Осы пейілге Сунуазы да мәз.

– Разы болыңыз, Әсеке!..

– Сен де разы бол, шырағым. Мұңы бір жандармыз ғой. Ал,

келін қарағым, – деді, босаға түбінде үнсіз қарап тұрған ажарлы
қара торы келіншекке бұрылып. – Саған да рақмет!

– Асыңды іштім, наныңды жедім. Бағың ашылсын!.. Мен

даланың қанаты сынған құсы едім. Жарам жазылды, енді ұшпай
тынши алмаспын!..

– Жолыңыз болсын! – деді келіншек даусы сыңғырлап. Әсет

бурыл құнанды ерттеді. Жүзі нарттай жанып, көңілі желпінді.
Аялай жетелеп, сыртқа бет алды.

– Әсеке, мұнда да бір үйім бар деп есептеңіз. Жолыңыз түссе,

келіп тұрыңыз, – деді қақпаға дейін шығарып салып, қош айтысқан
Сунуазы.

– Сені ұмытпаймын, шырағым, аман бол!..

Күн батып барады. Қалашықты ымырт қараңғылығы қоршаған.
Жіңішке, тар көшенің қос қапталындағы аласа балшық үйлердің
қақпалары жабық. Жүргінші де аз. Күн батар алдында жауып өткен
жаңбырдан кейін көшелер ми батпақ болып, ботқадай езілген. Әсет

жылпың құнанмен батпақты іркілмей кешіп келеді. Жүзі жайда­
ры. Өмір де мына батпақ секілді қойыртпақ-ау. Сілекейіңді сірне
етер шөлі де, табаныңнан тартатын лайсаңы да кездеседі. Адам
баласына соның бәрі табиғи құбылыс сықылды. Алайда тұралап

қалатындар да көп. Мен де бір сүңгіп шықпадым ба тереңге. Енді
құшағымды жазып, алысқа құлаш сермейін...
Көзі қанық, әбден үйреніп алған үлкен көшеге шықты. Ай­
наласы алаң-ашық Тоқтының наубайханасына жетті де, дік етіп

жерге секіріп түсті. Қиюы қашқан арса-арса есікті шалқайта ашты.
Балаша арсалаңдап, қуанышын жасыра алмай тұр.

– Амансың ба, Тоқты?!

– О, Әсет, кел, кел... – деді тандырдың аузын қымтап қойып,

мүлгіп отырған Тоқты басын қалт көтеріп. Әсет жайраңдай күлім
қағады.

– Тоқты, міне, мен бір белден астым!..

Әшейінде бұйыға жабығып, түйіле тұйықтау жүретін Әсеттің ақ
жарқын, алып-ұшқан кейпіне Тоқты таңдана да, қызыға да қарады.
Адамның көңілі шалқар дария-ау, шіркін!.. Бірдеңеге қуанса ағыл-
тегіл ақтарылады. Ренжісе тастай түйіліп, жігін білдірмейді...

Әсеттің сонау күздегі еті тығыздау толықша денесі біраз ысылып,
орталанып-ақ қалыпты. Дөңгелек жүзі сопайыңқырап, екі жағы сәл
суалған. Көзі де ішке шегініп, шүңірейе түскен секілді. Қуаныштан
ба, әлде, табиғи оттылығы ма, тек өткір жанары ғана жалтылдап,

ұшқын шашырайды. Тоқты күле тұрып, әзілін ақтарды:

– Немене, «қожайының» жарылқап жіберген бе? Ұшып

кететіндей елпелеңдеп тұрсың ғой?..

– Бұл болжамың жөн емес, Тоқты, – деді Әсет әлденені

көңіліне тоғытпай. – Сунуазыны «қожайын» деп тәлкек етпе.
Ол сені мен мен секілді қарабайыр адам. Адал, ақ көңіл. Мына
сөзің мазақ сияқты естіледі екен.

– Иә, оның рас... Ойнағаным ғой. Көңілдерің жарасып қалған

түрі бар. Ол адамның қасиетін танитын жігіт.

– Сыйластықпен ажырастық. Сендердей жаны таза адам

тапқаныма қуанбай қайтейін. Қарашы, әне.. Келісіміміз тай еді,
құнан мінгізді. Ол да жомарт көңілдің белгісі емес пе!..

– Иә, еңбегің жанды. Ол көңілі түскенге көлдей жайылатын

жігіт... Кел, отыр... – деді Тоқты тандырдың аузын ашып жатып.
Ошақтай ойықтан шыққан қызыл шоқтың ыстығы үйдің ішіне жай­
ылды. Торсиған дөңгелек тоқаштар үлкен астауға торс-торс түсіп
жатыр. Әлден уақытта Тоқты басын көтеріп, белін жазды да, ора­

малмен бетінің терін сүртті. Бір сәт Әсеттің тұлғасын шола қарап
алды да, қамыға үн қатты. – Енді ауылыңа кетесің, ә, бөгелмей?..

– Иә, далаға, кең дүниеге барамын – деді Әсет сағынышы та­

сығандай ширығып. – Қарлығаштай самғап тоқтамастан ұшамын!

– Өзім де солай ойлап ем... Жөн, жөн.. – деп басын изей

құптады Тоқты. Көзі жаудырап, мұңая күрсінді. – Мұның да бір
қуаныш қой, Әсет. Жалпақ елің жайыла қоныс тепкен жасыл
тауларың да қашық емес. Шіркін, осындай еркіндікке шығатын
менің де күнім туар ма екен?..

– Сен басыбайлы емессің ғой. Жиған-тергенің болса, бір ат

сатып алып, қайтып кетпейсің бе бөгелместен!..

– Барыма ат алсам, жолыма қаражат жоқ... Оның үстіне елге

құр алақан не бетіммен барамын?..

– Қамықпа, бауырым – деді Әсет досының өксікке ұласып,

дағдартқан шарасыздығының бұлтын сейілткісі келгендей
көтермелеп. – Өмір бойы осы күйде қалмассың. Орайы келер,
төбеңнен бұлт айығар. Сонда бөгелмей аттанып кет!..

– Қайда барамын?.. – деп күрсінді Тоқты өксіп.

– Е, еліңе бармайсың ба?

– Басыңды қалай бұрсаң да тасқа соғылатын заман ғой бұл.

Онда не жақсылық күтер дейсің. Басқа шара да жоқ. Қашқарға
жету де оңай емес. Екі ортада асқар-асқар тау бар, жалама жал­
тыр тас бар. Сусыған көшпе құм мен жұтым суға зарыққан шөл
дала бет алдың. Естіп пе ең Тақламақан деген жерді?

– Оңтүстіктегі жалпақ құм емес пе?

– Ол – тау-тау құмы сусыған шөл дала. Соның жықпыл-

жықпылын шарлап, ай жарымдай жол жүресің. Елсіз иен. Бір
есекке артқан азығың қаншаға үнем болмақ? Қожайынмен есеп
айырысқанда, оның түбі неге соғарын кім білсін?.. Қолыма не
тиеді?

– Кім білгенің, не тиедің не?..

– Бәлкім, еңбек ақым қарызымнан аспас.

– Қанша қарыз алғаның белгілі емес пе?

– Ой, Әсет дос-ай... Елдің бәрі Сунуазы ма? Құдай оңдап саған

сондай адам кездесті. Ал мен қаржы жинамақ тұрмақ, жанымды
зорға бағып жүрмін. Мынау тандырдан ағып түскен тоқаштардың
да құнын мен төлеймін. Тандыр бұзылса, оны да мен жөндетемін...

– Соның бәріне сені кінәлі санай ма?

– Солай, ағайын... Тіпті жұмысынды уағында тындырмадың

деп те айып төлетеді.

– Ой, тоба-ай, бұл қорлыққа қалай төзіп жүрсің?..

– Амал қанша, о баста қақпан басыппын. Енді байлаудағы

бұзау сықылдымын. Дауласып, соттассаң, одан бетер пәленің
астында қаласың..
Қайғыра күрсініп жіберген Тоқты бір мұңды әуенді аңырата
шырқай жөнелді:

Жаныма сая болған, –
Қашқарым саған қалды.
Қайтар ем, сәулетайым,
Сапарым оңалмады.

Көкірегі қарс айырылып, булықтырған қасіретін сарқырата
ақтарды. Даусы да ашық тұнық екен. Аңсау, арманның тәтті лебі
жүрегін тербегендей теңселе ырғалады. Көзін тарс жұмып алған.
Кеберсіген ернін жымқыра тілін сорып, шөлін басқандай. Адам

баласы көкірегін кернеп, сеңдей соғылысқан мұң-зарын сыртқа
ән сазымен, өлең ырғағымен толғау арқылы шығаратын сықылды.
Тоқты елпілдеген жеңіл әннің ерке әуенін тоқтатып, сәл ты­
ныстады да күңіренген қоңыр үнге қайта басты:

Телім-телім ғарып боп,
Әл кеткен соң жылаймын.
Шетте жүріп тентіреп,
Сән кеткен сон жылаймын...

Ән үйірілген қараңғы түнді қалтырата күңіренді. Тынысы
тарылып, жаны қиналған Тоқты әуенін үзіп, ышқына күрсінді.
Оның мұң торлаған көңілін аулаған Әсет:

– Бүйтіп күйіне берме күйзеліп!.. – деп жұбатты жанашыр­лық­

пен. – Бірақ әніңді де үзбе! Жаныңды сол жадыратады.
Есеңгіреп жүрее де екінің бірі есінен адаспай, осылайша ән
шырқайды. Ащы, зарлы үннен қуат алып, қамыққан көңілін, жүдеу
жүрегін тербейді. Көзінің жасын көл қып төгеді. Басқа лажы жоқ.

Зарлы әуен қасіреттің көңілді торлаған түнегін ыдыратады. Удың
зәрін у қайтарады дейді ғой. Ішкеніміз – у емес пе өмірден...
Қайғылы жандар әнмен ғана қатқан шерін тарқатады...
Тоқты мұңға шомды. Дәт-дәрмені таусылғандай тарыққан.

Осы күйзелістің тегі – өзінің өмір бойы тартып келе жатқан азабы
еке­ніне ол үңіліп, парықтап жатпады. Тандырдың жалыны қақтап,
қызара ісінген көзі жасаурап, мөлиіп отыр. Тұрмыстың тұңғиығына
шөгіп, қол-аяғының сіңірі тартыла тереңге батып бара жатқандағы

жанталасы сықылды. Бөренеге тас қып таңып тастаған адамша
сілейіп, бәріне үнсіз бағынады екен. Бұлқынысқа әлі де келмейді.
Іш құсталықтан құса боп, өкпесі қуырылғаны да аңғарылады.
Бұрқанған ызасы сыртқа тепкен.

Шарасыз жанды жылы сөзбен жебеген де демеу ғой. Әсет
іштей азап шеккен досын аялап, күйзелісіне ортақтасқан ақ
ниетін білдірді.

– Қолымнан келсе, қолтығыңнан демеп-ақ жіберер ем, менің

де дәрменім жоқ, өзің көріп жүрсің...
Тоқты қинала қайғырған Әсеттің бетіне емірене, аса ризалық
раймен күле қарады. Жүзі де жадырады.

– Сахисың-ау, Әсет! – деді жүрегі елжірей ақтарылып. – Адам­ ның бәрінде осындай көңіл болса-ау, шіркін!.. – Жоқшылық – жомарттың қолын байлайды. Адасып жүріп сендей ақ дала, дарқан адамға кездестім. Бұған дейін мен тұрысым аз, жүрісім суыт адам едім. Елім еркелететін. Еркелікке елтіп жүріп көп көріністің көлеңке жағына көз салмаппын. Аңқау күйімде аңқылдап өмір сүріппін... Қатыгездердің ашық зорлығына ұрынған соң, ашындым. Апыл-тапыл басқан баладай тәлтіректеп, теңселіп қалдым. Қисық-қыңыр соқпақтарды басып, таусылып келіп, тау­ ым шағылғандай есеңгіреген сәтімде сен жөн сілтедің. Қорысқа ұрындырмадың. Мына қимыжық өмірден түйгенің көп екен. Ебін де тауып кетесің... Әсет төгіле сөйлеп барып тоқтады. Шалқып жүрген күндерін есіне алды. Елдің қайғы-қасіретін сырттай ғана бақылаппын-ау. Оның неден басталып, қалай өрбіп жатқанына зейін аудармап­ пын. Көзім енді ашылғандай. Бір талай тақсіретін өзім тартып, ауыртпалығын арқалаған соң ғана зұлымдықтың шексіздігін аңғардым... Тежеусіз зорлық, тепсінген зомбылық – жұтқалы төнген айдаһардың аранындай үрейлендіреді. Жауыз адамның қолына билік тисе, қара басының рақаты үшін бүкіл дүниені жал­ мап, шайқап өтуге ұмтылады екен... О, дүние, ашқарақ обырлардың көмейіне неге тас тығып, өңешін бітемейсің?.. – Әсет, сен бір жұмбақ адамсың, – деп, ойын бөлді Тоқты өзіне айтылған жұбату-жебеудің байыбына бармай, үнсіздікті бұзып. Расында да, ол Әсет туралы аз біледі. Тек адал, қайырымды адам екеніне көзі жеткен. Көкейінде жүргенді бүкпеді. – Былай қарасам, бірде аңқаусың, бірде албыртсың. Кейде әлденеге ашуың бұрқанғандай түнерген тұңғиықсың. Ондайда тілің – от, азуың – өткір... Орға құлаған жолбарыстай шиыршық атасың буырқанып. Түсінбеймін, ішінде шымырлаған судай қайнап жатқан бір телегей теңіз бар сияқты болады да тұрады маған. – Е-ей, Тоқты-ай, ондай күй кімде жоқ, несін сұрайсың? – деді Әсет қинала күрсініп. Жанының жарасын тырналап, азапқа салдым ба деп ойлап, Тоқты да әрі қарай қажамады... Қайтадан жұмысына кірісті де, жалыны ұрып тұрған тандырдан тоқаштарды шығарып алуға кірісті. Түн жарымынан ауған кез. Әтештердің таң алдындағы алғашқы дауыстары да естілді. Маңай тым-тырыс. Көше бос, қаңыраған. Дүкеннің ірге жағына түкпірлете көлденең қойылған тақтайдың астынан шырылдаған жалғыз шегірткенің нәзік үні Әсеттің бойын

балқытты да, бір түрлі тәтті сезімге бөледі. Неткен әсем, қандай
жағымды естіледі, жанға сағыныш ұялатады. Иен даланың елесі
секілді. Үміттің лебіндей тербейді. Жүректі шымырлатуын
қарашы...

Басы салбырай ойға шомып, ештеңені сезбей, мелшие қалып
еді, Тоқтының қарлығыңқы, қажығаннан жарықшақтанып
тұратын қоңыр даусы селт еткізді.

– Әсет, бері кел, төбеге шық!..

Тоқты үйдің төбесіндегі жаңа шабылған, иісі аңқыған жас
шөптің үстіне ескі құрым киізді жайып, киімдерді жастап,
төсек салып қойыпты. Қасына барған Әсет төсекке шалқасынан
сұлай кетті де, қалың жұлдызы самсаған қара көк аспанға

құштарлықпен қадала қарады. Әлден уақытта:

– Күннің ашықтығы біздің де жанымызды жадыратады, ә,

Тоқты, – деп, жеңіл ғана күрсінді. Өзегін шарлап өткен салқын
леп бойын сергітті. Оның бұл толқуына көңіл бөлмеген Тоқты
өз ойының ауанымен арпалысып, өзінше қиял шегеді.

– Ара-тұра келіп-кетіп, жабырқаған жанымды жадыратып

жүруші ең, – деді ол жанын езген мұңы мендеген бәсең дауы­
спен. Дөңбекши аунақшыды. Қимастығын ірке алмады. – Бауыр
басып қалыппын. Сені көргенше асығушы ем...

– Мен де сені өзім санадым... Бірақ жаны басқа адамбыз ғой,

тіршілік ағысы бөлек-бөлек арнамен сырғиды.

– Иә, иә, оның рас... Бүгінгі тұнық түн біздің бірге жатқан

ақырғы түніміз болар. Сен ертең кетесің... Қайта дидар көрісе
алар ма екенбіз?..
Тоқты қимасынан айырылатындай ашына ширығады. Жал­
ғыздықтың азабын тартып, жетімдей жәбірленіп жүргені рас.

Жа­нашыры, сырласы аз адамның жайы осы емес пе? Әсет осы­
нау көңілі көлдей, ақ шелек адамды аяйды, қимайды. «Ендігәрі
кездеспеспіз» деген мұңын естігенде жүрегі езіліп кеудесі
ашыды. Оның айтқаны шын да болуы мүмкін-ау... Баспанасыз

қаңғып қалған Әсетті, бір кездегі елдің еркесін, дүлей заманның
түнек түні әлі талай адастырар. Қара дауылы қаңбақтай домала­
тып, қай сайға апарып тастары да белгісіз... Сондағы сүйеніші
осындай адамдар ғой.

Әсет аунап түсіп, өзін-өзі жұбатты да, ширай түсті. Есіңді
жи, Әсет!.. Өмірден өксіп өтетін ынжық па едің? Ит қапқаннан
кісі майып болып қалмайды. Асыранды төбеттің азуы арланның

азуына тең келе ме? Арқырай аққан өзенім – әнім, сылқылдаған
бұлағым – өлеңім еді, бұлар сарқыла ма кеудемде жаным барда?
Үнім өшсе тірлігімнің құны не?.. Қой, басым иығымда, өңешім
үзілген жоқ, қолқам сау. Бір қарақшы тонады екен деп, жаным­

ды тозаң шалғаны ма? Қайсар, арынды адуын едің ғой, Әсет!..
Есінді жи, босқа егілме!..
Бойын билеп алған Әсет осы серпіліс сарынымен досын да
жұбатты:

– Жасыма, Тоқты!.. Тіршілік болса, әлі талай кездесеміз. «Ат

баспаймын деген жерін үш басады» дейді қазақ. Айналып тағы
бір соғамын саған!

– Ұмытпа, Әсет, мен пақырды!.. – деді Тоқты үні қалтырап.

– Ұмытпаймын, бауырым, өмірбақи ұмытпаймын!.. Тосынан

тағдыр табыстырған екі дос бірін-бірі аяласады.
Біріне-бірінің мейірі түсті ме, әлде, қара тартып, арқа
сү­йегендіктен бе, ажырасар осы сәтте жүректері елжіреп
іштей ұғынысқан адамға ғана тән қимастық сезімде еді. Әсет

өзін-өзі тежей ұстап, сабыр сақтағанымен, мынау бір көңілі
жарым адамның күйзеле мұжылғанына қиналды. Өмірінде
ешкім маңдайынан сипап, сыйлап көрмеген байқұс Әсеттің
қадірлеуінен ерекше шапағат шарапатын сезінетін. Енді одан

да айырылып қалатынына нали ма? Қасіреті қаусатқан көңілі
қаяу адам ғой. Өмірде бағы жанбапты, бауы көктемепті. Қазақ
ішіне ерте кетудің де ыңғайы жоқ. Сөзіне қарағанда, босана
да алмайды. Оның үстіне Әсет өз күй-жайының ел арасына

барғаннан кейінгі көпшілік қалауына орайласатынына сенеді.
Ол әнші, ақын. Бір думан-тойда көптің алдында ән шырқаса,
әрі қарай тасы өрге домалап, елдің алақанына түседі де, жел қа­
йықтай сырғи жөнеледі. Қазақ біткеннің қара шаңырағы төріне

шығарып қастерлейді. Әсеттің бұл қасиетін Тоқты білмейді. Осы
уақытқа дейін өзі де тұйық жүрді. Жария етпеді. Намысы қысты
ма, әлде, күйзеліс үстінде баяғы дүрілдеген даңқын қорғағысы
келді ме, әйтеуір, өзі жайлы ешкімге тіс жарып, сыр ашпады.

Түнді шайқап, салқын леп еседі. Үнсіз қиялға шомған Тоқты
аспан төрінен көз алмайды. Сөніп-жанып жылтылдаған үлкен-
кіші жұлдыздардың жыбырлағанынан бір нәрсені іздейді. Ол
не? Өзі де айыра алмайды. Жаны нені көксейді? Ол да беймәлім.

Ақ таңдақтанған құс жолы шұбатыла созылып барып, шалғай
түстіктегі Қашқардың төбесіне төнгенде сейіліп кетеді екен...
О, қайран Қашқар... Сен де бұлдырап ұштың-ау көз алдым­

нан елес боп. Құшағың тас қараңғы қапастай көрінетін-ді. Басымдағы бағымды әлдекім тонап алғандай сезілуші еді. Сол жемірлерден қашып құтылмақ ем... Бақытымды басқа жерден іздедім. Үмітпен болжағаным құр елес, көлбеңдеген сағым боп шықты. Не таптым? Қаңғырып қалдым. Мұнда да тонаушылар көп екен. Мына Әсетті де тонаған солар ғой. Баяғы қорлықтан құтылмадым, баяғыша жәбірлендім. Қайда барсам да, не істесем де ашыққан балықтай қармақ қаптым. Жер үстінде мен сықылды азып-тозғандар, қашқындар, панасыздар, босқындар қаптап жүр... Мынау Әсет те соның бірі. Ауылынан бақыт іздеп шыққан даланың аңқау қазағы қалаға келіп, торға шырмала жаздады. Сондай апатқа ұрынбау үшін амалын табуына себім тиді. Бір адам болса да, еркіндігіне қайта орала берсін... Міне, енді сол еркіндігіне мәз. Даласын аңсайды. Кең дүние-ай, қысымшылық аз ба онда? Бірақ қаншаға созылар дейсің қуанышы, еркін жүрісі ұзаққа бара ма? Тағы бір орға ұрынбасына кім кепіл?.. Шеңбердегі дүние, шеңгелдегі адамбыз ғой, тұрмыстың талқы­ сы тұқыртқан... Тоқты осылай топшылаған ойын Әсетке айтып, сақтандыр­ ғысы келді де, ақырын үн қатты. – Әсет, ұйықтадың ба? – Ояумын, әлденеге алағызып, ұйқы оралар емес. – Ал, енді не істемексің? – Тұп-тура қазақ ішіне тартамын!.. – деді Әсет әлде қашан бел байлап, бекініп алған кескінмен. – Енді бұт артар көлігім бар ғой. – Оның да жөн шығар... Бірақ қайда барсаң да, аяғыңды аңдап бас... Аңқаулық та арандатады. – «Аузы күйген үріп ішеді» дейді қазақ, бастан кешкенім де бір сабақ болды. Тоқты мен Әсет сарғайып таң білінгенше сыр шертісті, көз шырымдарын алмады. Әсет өзінің кім екенін, бұл күйге қалай душар болғанын ашып айтып берді. Досының сөзін бөлмей, үнсіз тыңдаған Тоқты әлсін-алсін күрсінеді. – Қазақ ән десе атынан аударылып түсетін халық қой, – деді ол қанағат па, өкініш пе, бір түрлі үрдіс, ширақ әуезбен. – Со­ лай барғаның дұрыс... Саған ілесіп-ақ кетер едім, амал қанша, ондай өнерге өрем жетпейді. Тандырға қақталу ғана пешенеме жазылыпты. – Ұнжырғаң түспесін, бауырым, – деп қайрады Әсет көңілін аулап. Өзі сергіп, ширап алды. Құлшына сөйлеген сөзі өткір. –

Жасыма, сонда сеңді жарып өтесің. Өмір – асау өзен, арнасы
кең. Тасқыны түйедей тасты да домалатады. Ал адам баласы
сол өмір үшін жаралған, алыс-жұлыспен шынығуы керек. Басқа
түскенге мойып, шөге берсең, малта тастай мұжылып бітесің.

Босқа таусылмайсың ба?

– Ұқтым, Әсетім. Мен жасып көрген емеспін, біліп қой. Тек

сенімен айырылысатыныма ғана жабырқаймын.

– Өмір соқпағының тарауы солай ғой...

Наубай кәсібінде ұлы қасиет бар, адамды аштықтан құт­
қарады. Ал сенің әніңнен адам баласы жанына нәр алады.
Тандырдағы қызыл шоққа қақталып піскен наның тәтті иісі күллі
қайғыны ұмыттырады. Ән көңілді шалқытады: Міне, екеуміз де

адам үшін еңбек етеді екенбіз...
Тоқтының ойы Әсетті ойландырып, іштей толғантты. Әр
адамға өзі құштар кәсібі қымбат-ау. Қанша қиналса да содан
жақсылық­тың нышанын сезіп, жаны жай табады екен. Бұл да,

мен де сол күйде­мін. Пақырлық көрсек те қалауымыз сол. Одан
бас тартып, қол үзіп кете алмаймыз...
Шоқтай жайнап, көжиекті көгілдір сәулеге малындырып
шолпан туды. Екеуі де аспанды нұрландырған алақандай ақ

жұлдызға ынтызарлана ұзақ қарады. Таңғы самал желпи тербеді.
Бойлары сергіп, еңселерін көтерді. Аздан кейін:

– Ал Тоқты, мен жүрейін, – деді Әсет басын көтеріп. Үні

қалтырап, тамағы жыбырлаған соң қатты-қатты қақырынды. –
Қош бол, көріскенше!..
Тоқты да орнынан ширақ түрегелді.

– Қош, Әсет! – деп құшақтады. – Жолың болсын!

– Аман бол, бауырым! Сенің де Қашқарыңмен қауышуыңа

тілектеспін.

– Әттең, әніңді ести алмағаныма өкінемін. Не деген тас-түйін

адам ең...

– Өкінбе, келемін қайтып... Жұрттың тәтті ұйқысы бұ­

зылмасын.

– Айтқаның болсын, сенемін саған. Келсең, той жасаймын.

Міне, таң да атты. Енді мен қамыр илеймін. Ал сен анау жалпақ
далаға кетесің...
Төбеден төмен түскен екеуі қараңғы, мелшиген көшенің қақ
ортасында тұрып, құшақ айқастыра көрісіп қоштасты...

ЖОЛАУШЫ

Кей-кейде адам өзіне өзі кіжінеді екен. Топ жарған басының
допша домалағаны Әсеттің де зығырын қайнатты. Бір ой жанын
қажайды, бір ой түртпектеп, сезімін оятады. Сарылтқан ұзақ
жолдың азабы жанына батса да, сансыратып, қажырын қайыра

алмады. «Адымда, Әсет, адымда!..» – деп, ілгері жетелей берді.
Сергек ой аялай еркелетеді. Тұяғың сүрінсе тоңқалаң асып, қылжия
кететіндей не күн туды басыңа?.. Нені аңсап қоңқылдайсың?..
Ара-тұра Әсет өзінің аласапыран көңіл күйіне бағып, қинала

қамығады. О, жалған... Бала-шағам не халде екен? Мына
қалпым­мен жұттан қалған кәрі құлжадай қалқиып жетіп барсам,
тоз­ғындаған түрімнен шошымай ма?.. Тірі жанмын ғой, тырба­
нып бағайын. «Үй күшік бала батыр болмас» демекші, бұйыға

бү­ріскенде ұшпаққа шықпаспын. Әлде жалған намыстың құлы
боп жүрмін бе?..
Тағы да сергек ой санасын сипалады. Алдында – елің. Ел іші –
алтын кеніш. Жалғыз шыбындай шыжылдап қайда ұшасың? Жетім

тайдай сырғақтап, топтан сырттама. Қалың дүбірді естісең, делебең
қозбаушы ма еді?.. Өзіңді өзің жеме, қайта жебе!..
Басына мұндай күн түседі деген үш ұйықтаса түсіне кіріп
пе еді... Өмірдің ағысын байыппен болжай алмағаны ғой. Пат­

шасы соқыр бұл елде бір көзін қысып жүруі керек екен. Бетіне
бажырая қараған ешкім болмаған соң, жайыла шалқыды. Әй,
аңқаулық-ай, арандайтын оппаны аңдамапты. Өр кеудесін тік
ұстап, орғып жүргенде орға құлапты. Айласыздығына ғана

өкінеді. Аңғырттық аяғына түсау салды. Елдің қошамет-қол­
пашының сүреңіне елеу­реп, тереңде қайнаған қасірет-сордың
қайдан шығатынын көрмепті. Залымдықтың қара тіреуі өзі
кіріп-шыққан қара қақпаның ішінде екен. Соны мойнына тұзақ

түекенде білді. Бұған дейін ештеңені сезбеген сана өрісінің
салғырттығына қынжылады. Бұрқанған уытты ыза өне бойын
кернеп, жалындай шарпып өткенде: «Қайран елім-ай!..» – деп,
көкірегі қарс айырыла қатты күрсінді. Ендігі түйсігі де басқаша.

Еліне беретін сыйын тереңнен толғап, бекемдей түйіндейді.
Аңқасы кеуіп аңсайтыны – ел құшағы, думанды орта. Айтары
көп сияқты соларға. Бірақ қыран құсынан айырылып қалған
аңшыдай көңілі жабырқау. Қызықты күндері көз жаздырып,

алыстап көрінбей кеткен соң, қинала күйінеді. Елдің «өмір –
теңіз шалқыған, адам – қайық қалқыған» деген сілтемесі осы

шығар. Жел айдаған қаңбақтай қаңғалақтаған күйге түскенім
бе?.. Мынау тақым толмас құнанды мініп жүріп тайраңдасам,
көрген жұрт күлмей ме әулекіге санап?..
Қотанашы мен Қожыртай тауының қыр-қырқасын, Қырықо­

шақ сайын аралай ілбіп келе жатып шексіз қиял қиянын кешкен
Әсетті сабырлы ой көбірек жүгіндіреді... Көк жасыл Сауырдың
құшағы­нан ескен самал сыбырлайды... Ел шетіне ілінсең –
пейішке кіргенің емес пе?! Даусың дабылдайды әлі, үнің біткен

жоқ. Кеудең күмбірлеп тұр. Арқыраған әніңді, дүрілдеген
дау­сыңды естісе, қай қазақ қайырылмай өтеді?.. Тау елі өре
түрегелмей ме? Сонша жер болатындай неге қорланасың осы!..
Әсет сергек ойына кері сауал қояды: мына қалпымда күлкіге

қалып жүрмес пе екем?..
Табақсай асуына ілінгенше ойлы-қырлы Дүрім, Бесқоржа,
Күйтің адырларын артқа тастаған Әсет үш күннен бері арғы
беті ұлы тауларға ұласатын асқар Сауырдың етегіндегі ұзынды-

қыс­қалы жыра-жылғаларды аралап келеді. Елсіз иен, тусырап
тұр. Бірде екі аяғына жалынып, арық құнанын жетелесе, адымы
ауырлағанда аяқылаулап қайта мінеді де, ілбіте тепеңдейді.
Бет алысы – көкпен астасқан көгілдір Сауыр. Сұрап білуінше,

Сауырдың солтүстік етегін жанап Қара Ертіс ағады. Азияны
қақ ­жарып барып, Мұзды мұхитқа құятын ұлы Ертістің басы.
Оның арғы бетіндегі ақ бас таулардың тізбегі – Өр Алтай. Көк
мұз құрсаған шыңдардың құшағынан Қара Ертіс, Ақ Ертіс, Бала

Ертіс, Құры Ертіс, Қыран аталатын үлкенді-кішілі салалары та­
рамданады. Осы атауларға қызыққандай тамсана басын шайқап
қойды. Бұл да туған мекеніне адам құрметінің айғағы-ау. Асқақ,
әсем аттарды таңдап қойған... Сол өзендердің аңғарларымен

алқаптарына, қатпар-қатпар жон-жоталарына Абақкерей елі
ірге жайған. Ойы солай ентелетеді. Оған дейін Сауырдағы елге
жетсе де бір түлегені...
Сауырды оңтүстік етегінен өрлеген Әсет алыстан көгіл­

дірленген Қарағайлы жайлауына жеткенше ұзақ жүрді. Жаздың
айлы түндерін ақ шөпті иен далада, елсіз түзде, адырлар ара­
сында жалғыз өткізді. Бұл да осы күнге дейін басына түспеген
бір көлденең құбылыс. Серігі – арық бурыл құнаны. Оның

пышақтай өткір тісімен балауса бетегені қыршып алып, күрт-
күрт шайнауының өзі сөйлесіп тұрғандай әсер етеді. Елегізген
адамға елес үйір, қыбырды мият тұтады. Түнгі аспандағы қалың
жұлдыздың жымыңдаған жылтылы, күндізгі қыр-қырқадағы

шегірткелердің шырылы жүрегін тербейді. Күн батқан соң құ­
нанының шылбырын жамбасына басып жатып, мызғып алады.
Бірте-бірте бекімі күшейген. «Басқа түскен – баспақшыл» дейтін
сүреңмен емес, енді қасқайып тұрып, қиындыққа мойымауға бел

байлаған. Сол құлшыныспен қарайды мынау ту сиырдың жонын­
дай былқылдаған жұмыр дөңдерге. Адамның көз сүзген үміті – көз
ұшында жылтылдаған жарықтың сәулесі секілді. Соған жету үшін
көз жазбастан тоқтамай ұмтылуың керек. Қонақтап, табан тірейтін

тұғырыңды іздеп табуға тиіссің. Осы ой ғана қажыған жанын
жабырқатпай, жігерін қайрады...
Бұған дейін аласа таулардың бөктеріндегі ойдым-ойдым мол
сулы ойпаттарға, сай аңғарларына орналасқан егінші, жатақ

жұртының қыстақтарын сағалай тақап барып түнеп жүрді.
Айдаладағы моладай шошайған күреге9 оның маңындағы ығы-
жығы шоғыр үйлерге бұрылмады. «Сырын білмеген аттың
сыртынан жүрме» дегенді қағида қып ұстанды. Тағы бір пәлеге

ұрынып қалам ба деп шошиды. Тынысы кең далада өскен қазақ
қой, кей қыстақтың сұрқынан қытымыр, қысталаң тіршілігін
де таныды. Сондықтан бірде-бір үйдің қақпасын қақпады.
Анда-санда жайқалған көк астықты суарып, лай көміп кеткен

арықты тазалап жүрген бірлі-жарым егінші кездессе, қасына
аялдап, әңгімелеседі. Тіл-аузы бар адам емес пе, үндемей жүруге
қашанғы төзбек. Біреумен сөйлессе – сарайы ашылып, тынысы
әжептеуір кеңіп қалады. Үн-түнсіз өткізген күндерінде кеудесіне

жиналған запыранды сыртқа ақтарып та тастайды. Адам бала­
сына жақ ашпай жүру де ауыр дерт екен-ау. Өкшесі тілім-тілім
боп жарылған диханның да ала жаздай жер шұқылағанымен,
бүйірі шығып ас ішпейтінін сол жолда білді.

Ел серісі Әсет өз өміріндегі осы сапарында адам баласына тән
қайғы-қасіретпен иықтаса жақындасып, бетпе-бет кездескен еді.
Санасы да сан саққа ауды. Жиі-жиі тереңге шегіп, шытырман
қиялмен тебіренеді. Бұл күйімнің теңіз бетінде қалқып жүрген

жаңқаға ұқсағаны ма? Ақ көбігі жентек-жентек асау толқынның
лықсыта серпіген жағына қарай аунақши берем бе?..
Өре түрегелген сергек ой басқа сарынға жетелейді. Жо-оқ, ендігі
қимылың басқаша болсын. Жайдақ ағысқа ыға берме. Жағалауға

шығу үшін әрекет жасау – адамның парызы. Ажалды тып-тыныш,
тырп етпей жатып қарсы алатын тіршілік иесі жоқ. Мықтылығың­
9 Күре – моңғолдардың діни мекені бар қыстағы.

да, қайсарлығыңда алдыңдағы кедергіні бұзып-жарып етуге
ұтмылған талабыңнан көрінеді. Адам өз қасиетімен, қолынан
келетін ісімен ерекшеленбей ме? Сенің артықшылығынды елге
жария ететін демеушің, жаныңды көкке самғатар қанатың –

әнің!.. Соның арқасында өмірдің ой-шұқырын, түні мен түнегін
айырмай, төбесінен аттап өтіп, қалқып ұша берген түрің бар.
Пайымдап болжағаның, башайлап көкейіңе түйгенің аз екен.
Екшеп елеуге де келмейді. Түбің да таяз. Көл дегенің – көлшік

емес пе? Соны болжадың ба?..
Өзіне серік боп алған сергек ойдың сыбырына Әсет еліге
құлақ тосады. Жүрегінде үміт оты қозады. Ілбісе де тоқтамай
жылжыды. Кешеден бері қарсы алдынан заңғар таулардың

көгілдір сұлбасы көтеріле берді. Ақ тұман оранған төбесі
сағымдай бұлдырайды. Өркеш-өркеш өр. Қия-қияндағы жар­
тастар шалжиып жатыр. Жүрегі тулап, көңілі қобалжыды. Осы
әлемді аңсағаны ма? Түйдек-түйдек бұлтпен құрсанған асқардың

құзар шыңындағы ұясына қарай асыққан қыранша делебесі
қозады. Алабұрта ентелейді. Соған жетуге асығып еді. Ал
бүгін сай-саласын қалың орман жапқан Қарағайлының жалпақ
жонының шалғынды қырқасына аяқ басқанда сарыла көксеп

келе жатқаны құшақ жая қарсы алғандай өне бойы жадырады.
Маңдайын тау самалы аймалап, ыстық сезімге бөледі.
Көктегі шақырайған күн құлдилап, батыстағы көк жотаның
желкесіне мінді. Сол қол жағындағы ат шаптырым алқап

сыңсыған бұйра тоғай. Үйір-үйір таңқурай сабағының алақандай
жапырағының бетінде күміс сәуле жалтылдайды. Қалың бұта
жасыл мақпалдай құлпырады. Жайпақтау төскейдің әр жерінде
киіз үйдей дөп-дөңгелек, бұтағы ұйысқан қызыл қарағай. Осы

өңірдің ғана еркесі секілді. Бұрын көрмеген ағашы. Қапталды
тұтас жауып, кілемдей сірескен шымыр сары қарағай мен
көк бұйра шырша иін тіреседі. Қою бұтақ арасынан секеңдей
секірген қызғылт тиін жылтыңдайды.

Тізбектеле біріне-бірі ұласқан сұлу салалар – арғы биік таудан
бері суси төгілген жібек көрпенің сырмасы секілді білеу-білеу,
қатпарлана созылып жатыр. Жалпақ жонның жиегіндегі ағаш
сирек. Шөбінің көбі қызыл шірік, сіресе шымданған. Өрлеген

сайын көк қасқа бетеге, теңге жапырақ қоюлана түседі. Тіктеу
беткейлердегі ойдым-ойдым арша күннің көзіне жайып қойған
жасыл желектей жайқалады. Екі ортадағы алаңқайды кемерлей
сағалап барып, тіктеу төбені қиялай өрлеген қасқа жолдың бір шеті

түйе жон дөңнен әрі асып, қиырға шұбалады. Самал ессе – гүлдің
иісі аңқиды. ІІІөбі тапталған көш жолына түскен жалғыз жолаушы
асықпады. Айналасындағы кең әлемге құштарлана көз салады.
Аңғары жалпақ сай алқабындағы зәулім самырсын, күржиген

қарағайлар сыңси теңселеді. Жота-жонның жақтауындағы қалың
көк теректің жапырағы сатырлай желпінеді. Тектұр-тепсең, одан
өргі жайпақ үстірт жалаңаш, бұтасыз. Жартасты шоқылардың
алқымындағы шабдар керлерді көкшіл перде жапқан. Сай-сайға

көлеңке шөге бастаған. Жердің етегіндегі кең қойнаулардың
төсінен шоғыр-шоғыр киіз үйлер ағараңдайды.
Әсеттің кеудесін қуаныш сезімі кернеді. Көңілі жадырап,
желпіне алағызды. Өне бойы шымырлап, алқына тыныс алады.

Сусағандай тамағы жыбырлады. Мастанғандай көзінің алды
бұлдырады. Ынтызарлана еміреніп, қадала қарайды. Осы әсем
әлемді сағынған жүрегі лепіріп, көңіл күйі тасқындады. О, асқар
тау, қайырымды ел! Осынау байтақ дүниенің құшағы сенің

құтты мекенің. Манаурауын қарашы әлемнің!.. Қайран ел, ұйқың
қашан ашылар екен?.. Бейғамдығың бағыңды байлап тастағанын
сезесің бе? Санаң ашылар ма екен? Мына қалпың неге болса да
қарсылықсыз бас иетін көнбістікке, қыңқ етіп үн шығара алмайтын

мылқаулыққа ұқсайды... Дүр сілкініп, сергитін күнің туар ма екен?
Жұлдызыңның жарқырай жанғанын көре алмай кететін шығармыз
көбіміз... Бағымыз қашан жанар екен?..
Қамыға күрсінді. Қабағы қайтадан қарс жабылды да, ілбіген

аяңмен жотаға шықты. Алыстан ағараңдаған боз үйлер мен өзі
тұрған белдің аралығын көз мөлшермен шамалады. Қас қарайып,
ел орынға отыра жететін шығармын. Тосқауыл болып, жүрісімді
тежейтін ұңғыл-шұңғыл терең сай, шағылды жыра көрінбейді...

Қай мезгілде барсаң да қазақтың қонақжай көңілі, кең құшағы
ашық, жатырқамайтын салты.
Құнанын шалдықтырмау үшін біраз шалдырып алуды ұйғарды.
Жолдың жиегіне бұрылды, киізден сықасқан бетегелі беткейге

тоқтап, аттан түсті. Құнанының ауыздығын алып, отқа қойды.
Ұзын шылбырын шұбалтып жіберіп, ұшынан ұстаған бойы сіреу
шөптің үстіне шалқасынан аунай кетті. Жол жүрістің бұл тәсіліне
буырыл құнан да үйреніп алған. Ұйысқан бетегеге бірден бас

қойып, ернімен орай үйіріп, пышақтай өткір қасқа тісімен бырт-
бырт үзеді де, ұртын бұлтита күрт-күрт шайнайды.
Кешкірді. Тау жақтан салқын самал есті. Лебі жұп-жұм­
сақ. Үлпілдеген мамықтай бет-аузын сипалайды. Омырауының

түй­мелерін ағытып, құшырлана кеудесін тосты. Ернеуі қара
мақ­палмен көмкерілген дөңгелек ақ қалпағын басынан алып,
өр­теңге өскен шөптей қайратты қою шашын уқалай сипады да,
қайта киді. Осы қимылымен өзі де денесін тыныстатып отырған

сықылды.
Күн таудан асты. Бірте-бірте қараңғылық қоюланды. Аспан
ашық. Шашыраған ұшқындай жылтылдаған жұлдыздар самсады.
Іңір қараңғылығының бүйірін түрткілеп, түс-түстан шоқ-шоқ оттар

жанды. Бейне көлдің бетіне түскен ай сәулесіндей діріл қағады.
Әсет асықпай орнынан тұрды. Құнанының шылбырын
шумақтап, жақындатып алды да, ауыздығын салды. Лып етіп жеңіл
мінді де, жолға түсіп сырғи жөнелді. Көлденең кездескен тастақ

белден асып, әрі еңістеген кезде қарсы алдындағы төскейден ла­
пылдай жанған үлкен от көрінді. Соған тура беттеді. Жақындаған
сайын жер ошақтардағы оттардың қатары да молайды. Соның
маңында сұлбалары қараңдап әйелдер жүр. Ылдидан түсіп, адам­

дары қыбырлаған үйлерге төтелеп өрлегенде бір топ ит жарыса
абалап, алдынан шықты. Кейбіреуі өршелене өрепкіп, алды-артын
орағытады.
Әсет іргелері жапсарласа тігілген үш-төрт боз үйге тақады.

Жаңа қоныс екен, қотанының ортасы әлі қордаланбапты.
Қоралана тігілген үйлердің ортасындағы қотанда бір қора қой
жатыр. Иттердің даусымен араласа үзіп-үзіп ысқырған дыбыс
естілді. Қойдың үркіп кетпеуін қадағалаған күзетші болар. Ауыл

арасындағы келімді-кетімді кісі шығар деп жорыса керек, дауыстап
ешкім жөн сұрамады. Көңіл бөлген де жан жоқ.
Боз үйлердің сырт жағына арқан тартылып, керме керілген.
Соған бір топ ерттеулі ат байланыпты. Әсет солай таман барды

да, кермедегі аттарды жанап өтіп, оңаша жер іздеді. Жеке тұрған
бос мама ағаштың жанына тоқтады да, жерге түсті. Өрге қарсы
жүргендіктен ентіккен буырыл құнанның танауы желбіршекше
желп-желп етеді. Көпке дейін тыныс алатын жерінің осы ара екенін

сезгендей ауыздығын қашыр-құшыр шайнап, дүрілдете сілкініп
жіберді. Ат теуіп, зақым жасамасын деген сақтықпен Әсет құнанын
сол оңаша мама ағашқа байлады да, айналасына назар салды.
Оң жақтағы шеткі үйден ду-ду күлкі, соған араласа сызылта

салған ән әуені естіледі. Тойдың үстінен шықтым ба деп ойлады
Әсет. Мұндай жерге кім келіп, кім кетпейді. Екі беті қошқар мүйіз
иір-иір өрнекпен безелген қаусырмалы ағаш есік ашық тұр. Сыртта
адам аз. Әсет әлгі үйге қарай бұрылды. Есікке таяп барып бөгелді

де, үйдің ішіне көз жүгіртті. Шаңырақтан төмен салбыраған желбауға байланған аспалы шиша шамның жарығы мол. Босағадан төрге дейін иін тіреекен адам. Жасы үлкендерінен гөрі жаста­ ры көп. Төрге түкпірлете жиналған жүктің үстіндегі тырсиған жастықтар тайлақтың өркешіндей тікірейген. Керегенің басынан асып, уыққа тіреліп тұр. Үйдің іші жап-жарық. Іргеге тақай орналасқан қыздардың бөркіндегі үкілері қамыстың үлпегіндей шайқала үлпілдейді. Ығы-жығы отырған жігіттердің көздері отты, жүздері нұрлы. Албырай балқыған. Төр алдындағы жасы үлкен кісілер айналасына байсалды жымиыспен қарайды. Сырттан бақылаған Әсет біраз іркілді... Бүгін бір қуанышты күн секілді. Той десе – қу бас домалайды. Келген кісіні кім сөгуші еді. Ән мен күйді әуес көріп, құмарланбайтын адам бар ма? Осы думанға араласып, көңілімді бір демдеп алайын... Ән тыңдауға әуестенген кісі құсап, табалдырықтан елеусіз аттады да, даусын көтере сәлем берді. – Асса-лау-мәли-кө-өм!.. Төрдегі үлкен кісілер сәлем алып, ықылас қайтарды. Бозбалалар орындарынан төмен сырғып, жасы үлкен кісіні жоғары шағарды. Әсет үнсіз барып, бос орынға тізе бүкті. Өзіне ерекше ден қойған ешкім байқалмады. Әлгінде, тастақ белден бері асқанда бір қыздың сызылта салған ерке, сылқым әні, тұнық даусы естілген. Сол аруды көруге әуестенгендей үйдегілердің өң-түсін көзінің қиығымен шолып, байқаусыз сүзіп шықты. Сұлу ән тез үзіліп еді. Соның артынан бір еркек даусы тұтыға барылдап, күмілжи құмыққан сарынмен өлең айтқан. Тұзсыз тамақ жегендей аузының дәмін қашырған. Дәл қазір әлгі әсем әннің иесін таба алмаған соң, өзінің көңілі де жадады, тұйыққа тірелгендей бейжай күй кешті. Еркек даусын естігенде іштей күліп жіберген. Қайран кеуде-ай, шамасы келмеске қол созып, қатардан қалмауы керек қой, әйтеуір... Өзі ойлағандай емес, ешкім тосырқамады. Жұрттың ықыласындыны да, ынтасы да басқаша сезілді. Түн қатқан жүріс-тұрысын қадағалап сұраған адам болмады. Сауықтың тәртібі де өзгеше. Төрдегі жүк аяққа арқасын сүйеп, ақ сары жігіт отыр. Екі бетінен қаны тамған қызыл шырайлы. Қияқтай қасы ұзын. Жіңішке сарғылт мұрты дөңгелек ақ құба өңіне үйлеспей тұр. Домбыра­ ны қолына жаңа ғана алған болу керек, жалғыз сұқ саусағымен астыңғы ішекті саумалай қағады. Дыбысын сызылта бұралтып, сылқылдата шертеді. Назды, әсем бір әннің желісін үйірілте

құйқылжытты. Іздегені ойына орала қоймағандай басын тұқырта
қиял шеккен. Жұрттың назары түгел соған ауған. Отты үмітпен
ынтыға қарасады. Аздан кейін шыдамсызданған қызба жігіттер
дауыстай көтермеледі.

– Ал, бастап жібер!

– Сарылтпай болсаңшы-ей!

– Кеудесі толған ән емес пе, қайсысын айтарын білмей отыр.

– Қойыңдар, даурығып көңілін алаңдатпандар!... – деді жуан

денелі кісі тыйым салып. Сонан соң домбыра ұстаған жігітке
күлімдей мойын бұрды. – Қане, Мұқаш, көп тежеле берме!..
Ағалық тілек демеу болғандай жұрт қаумалаған әнші тамағын
кенеп еді, добыраға күмістей сыңғырлаған аса нәзік әннің сарыны

орала кетті. Әсеттің де бойын өрт шалды. Үйдегілер тына қалды.
Өткен қыста Жайырдың күнгейін қыстап отырған елге барып
ем, – деді әнші жігіт айтпақ әнінің жайын түсіндіріп. – бұл әнді
сондағы ел аузынан тастамайды екен. Тойдың сәні, думанның гүлі

секілді көреді. Содан үйреніп қайттым.

– Кімнің әні екен? – деп сұрады әлгі кісі.

– Әйгілі әнші Әсеттің әні дейді айтушылар.

– О, бәрекелді!.. Мұның үлкен олжа, талабың өссін! Қане, за­

улатшы айналайын, біз де сусындайық!..
Әнші жігіт домбыраны безілдете қайтадан бір сыдыртып өтті
де, ерке әнді аса назды ырғақпен бастай жөнелді:
Ақ маралдай керілген қиясында, ей,

Бала құстай талпынған ұясында.
Еркем, сені-ай сағындым!
Созған қолым жетпей жүр ентелетіп, ей,
Көз алдымда елес боп тұрасың да.

Сағынбасқа не шара!?.
Кеудесін сағыныш жалыны кернеген жас жанның өшпес ар­
манын ақтарған әннің сазына ұйыған жұрт іштерінен толғанып,
таңдайларын сора тамсанысады. Жастықтың албырт сезімі мен

тәтті үмітін сорғалатқан әннің қайырмасын әнші жігіт айырықша
үзілтіп, бұлқынған серпінмен құйқылжыта ырғай жөнелгенде
бәрі қалт жадырап, елжірей серпілісті. Жүздері бал-бұл жа­
нып, көздері ойнақшып шыға келді. Ұшқынды жанарлардың

оймақтай шанағында күлкі күлімдеді. Делебелері қозған, ақсия
жайраңдасады.

Жібектей сусыған қоңыр ән сұқсырша сымпылдап, көкке
өрле­ді. Тау-тасты тербеді. Қыранша қалықтады. Шексіз аспа­
нына еркелеген секілді. Шырқау биікке іркіліссіз самғап ба­
рып, кілт бұрылады да, күміс қоңыраудай сыңғырлап, жерге

сорғалайды. Балбырай балқып тыңдаған жұрт бал татқандай
тамсанысады. Ағыл-тегіл ақтарылған әнші жігіт әнін де, дом­
бырасының үнін де құбылта саумалады, сыздықтата сызылтып
барып тоқтады. Сол кезде:

– Паһ, дүние-ай!.. – деп, қарс ұра кеудесін сипалады дөңгелек

қара тақиялы, қоңыр шибарқыттан тігілген жұқа пешпетінің
ішінен қақпақ жағалы ақ жейде киген сұлуша қара торы жігіт. –
Көкейге тұнған сезімге май тамызады екен.

– Сабыр, Қайыр, сабыр. Абайла, өртеніп кетіп жүрме, – деп

сылқылдай күлді қарсысында отырған талдырмаш, көзі отты,
қалақтай жұқа жігіт әзіл тастап. Қайырдың оң тізесін баса бір
тізерлей отырған, дөңгелек қызыл тақиясының үкісі бұлғақтаған,
қос етек, қатарма жағалы ақ көйлек киген екі қыздың қыр

мұрынды, ашық маңдайлы дөңгелек жүзді, талдырмаш денелісі
жігіттің санынан шымшып алғандай болды. Қайыр еркелей
күлімсіреп, қыздың қолын аялай сипалады. Әнге елтігендердің
әр қимылын сырттай бағып ыңғайларына зер сала бақылаған

Әсет қана байқады мұны. Басқа жұрт ондайға ден қоятын да емес.
Ән сазына елтігендер өз көкейлеріндегі арман-арзуларын
саралағандай үнсіз қиялға шомған. Жаңағы жігіттің әзілі де
өрбімей қалды. Қылт еткенді іліп-қағып, қақпақылдай өрлетіп

алып кететін әзілқойлар да әннің дәміне қанбаған кісіше
еріндерін жалайды, үнсіз тамсанысады. Осы сарынға Әсет
те елтіді. Мына бала талабы таудай әнші екен, әуен ырғағын
бұзбады. Тек өлеңді өзінің көңіліндегі қайнаған құштарлықпен

үйлестіріп, өз қалауынша өрді. Несі бар, тілеуін ақтап тұр. Елге
ән артық. Бұл бала да осы өлеңі арқылы өз жүрегінің түкпіріне
тұнған сырды сыртқа естірткісі келген шығар. Менің де жалын­
ды шақтағы арман-тілеуімнің үні еді-ау бұл әуен. Есіл күндерім-

ай қарасы өшіп бара жатқан. Өрттей қаулаған оты мол сәттерді
қалай ғана ұмытармын?.. Сұңқардай самғаған ән қанат бітіріп,
көкке ұшырып еді-ау. Асыл ән, жақсы өлең адам жүрегінің үні
мен тілі емес пе! Жаныңның сыры, мүдде-мұратыңды әнмен

айтсаң ұқпайтын адам бола қоймас. Бәрі де елжірейді. Сондай
асыл қасиеттерді арқалаған менің әнім де өзімнен бұрын самғап

же­тіпті-ау бұл өңірге. Жас дәурен әуенінің төл иесі саналатын
мы­на жастардың көкейіне ұялай кетуін қарашы! Қайран дәурен-
ай...
Әсеттің көкейін сағыныш пен өкініштің сарыны тұмандатты.

Көз алдына қалың қойы қаптаған адырлы өлке, үйір-үйір
жылқысы шашырай жайылған жалпақ дала елестеді. Жүрегі са­
зып, көзі қарауытты, басы тұқырып, іргеге қарай елеусіз шегінді.
Тәтті қиялға шомып, жүрегі алқымына тығылды.

Өткен күндердің ізі өшпейді екен. Ол елі алақанына салып
әлпештеген ақ ниет еді-ау... Қоянды жәрменкесінде орақ тілді
арда ақын, талғамы терең тапқыр қыз Ырысжанмен айтысып,
топты жарған Әсеттің де оң мен солға атағы жайылған. Өлеңге

әуес елдің құрметіне бөленген. Содан кейін өлеңге біржола
беріліп, ауыл-аймағын шаттандырды. Той-думанның төріне
шықты. Аузынан өзгеше сарындардың әуені өрбіді. Даусы да
құстай әуеледі. Өрісі де кеңейе бастады. Бір жолы Семейге бара

қалып еді, ақындар мен әнші-күйшілердің ортасына түсті де
кетті. Семей қаласының ішіндегі және қала маңындағы қазақ
үйлерінен күн сайын ойын-сауық үзілмейді екен. Жан-жақтан
мал айдап базарға келген қазақтар сауық өтетін үйлерге бас

қосып, ақындар мен әншілердің өнерін тамашалайды. Сонда
үлкен-кішінің бәрі бас шұлғып, аузына қарайтыны – кәрі тар­
лан, төкпе ақын Кемпірбай. Өлеңді түйдек-түйдегімен төккенде
сөз маржаны тізбектеліп, сауылдай сорғалайды. Халқының

арманын айтып, мұңын жоқтайды. Тарлан ақын өзін қоршаған
жас талаптардың арасынан Әсетке ерекше пейіл аударған.
Оттылығына, тапқырлығына қызықты, дарынын таныды.
Жұрттың қалауы бойынша өзі біраз өсиет-тәлімін айтады да,

тыныстайды. Кезекті алдымен Әсетке береді.

– Қане, Әсетжан, сенде ән де, өлең де бар. Салшы ортаға аян­

бай! – деп жебейді ағалық қамқорлықпен. Басқаларды білетінін
де сездіру үшін алдыңғы өткен үлкен ақындардың айтқандарын
қайталай бастаса, тізесінен қағып тоқтатады. – Ескі сүрлеудің
адастырмайтыны рас. Бірақ сен әлі жассың, әрі ақынсың. Өз

бойыңдағы қайратыңның бетін аш. Арғымақтай арының, қара
нардай қауқарың бар. «Иттің сорлысы көш басшыға ереді».
Сенен біз өзіңе тән артықшылықты күтеміз. Өзіңнің өзгеге
ұқсамайтын өнеріңді көрсет. Ізіңді жұрт танысын. Жол анасы –

із. Басқаның сөзін екінің бірі қайталап айта алады. Сен ақынсың
ғой, өз сөзің болуға тиіс. Ол Әсеттің ғана сөзі аталып қалсын...

Сол күндерде Әсет жұрт алдында өз сөзін, өз ойын айту үшін
барын салған. Жастық жалынын, қабілет қауқарын, арман-ала­
уын өлеңмен өрген. Әннің де жаңа-жаңа сарындарын естірткен.
Ағалық ақыл-кеңесін қабылдап, Кемпірбайға бас иген. Ескі

сүрлеумен жүрмей, жолсызға қадам басуға бел байлаған. Түптеп
аңғарса, дүбірлі дүлдүл Кемпірбай момақан көк кептерді, су
еркесі көк ала үйректі, қалықтай самғайтын тау қыранын,
желдей есетін сұңқарды, арынымен жер апшысын қуыратын

тұлпарды өлеңінің өрнегі етеді екен. Сонысымен ойдың өрлігін
дәріптейді. Алабұртқан жас сезімнің желігі ме, әлде, талабын
танытқысы келді ме, Әсет өлеңін көңілдің лепірме күйіне бұра
берген. Өлеңге өрілген ой-сезімін айқын жеткізуге ден қойған.

Әні де сол сарынмен жымдасып жатты.
Бір отырыста Әсет ырғағы өрім талдай бұралып, бұлақтай
сыңғырлаған бір сұлу әнге басты да, аяқтағаннан кейін алқына
дем алып:

– Аға, осы әннің атын өзіңіз қойып беріңізші, – деп, Кем­

пірбайға өтініш етті. Көпті көрген ақын қарт бірдеңені сезген
екен, екі беті албыраған Әсетке сүйсіне қарады.

– Әй, айналайын-ай, мынауың самал желпіген көк құрақтай

ырғалып тұр, адамның жүрегін тербейді, «Ырғақты» болсын!
Әсет домбырасын қайыра қағып, әнді нәзік дыбыспен бе­
зілдетті де, желпіне түсіп, арындата шырқады:
Ақ тұйғын құс қолымда зыр қақты да,

Басып-басып алайын «Ырғақтыма».
Саған айтар, бозбала, өсиетім:
Әлпештеген жақын жүр ардақтыға.
Е-ей,

Өтеді-ай жалған-ай,
Шіркін-ай, арман-ай!..
Жұрт тым-тырыс, жаңа әннің сипатына ой жүгіртіп, сұлу
сымбатын тануға ынтыққан. Іле:

– Ардақтымыз Кемпірбай емес пе, оның ойын ұқтыңдар ма,

жігіттер! – деді үй иесі, сауық-сайранның ұйтқысы, Кемпірбай­
дың құрдасы Қаумен қария желпініп. Бұл ойды басқалары да
дулай қостады. Ағаға інінің ізеті ғой.

– Ағасы әніне ат қойып берсе, оның орамалы болмаушы ма еді?

– Мына сөзі сыйға сый секілді.

– Рақмет, Әсетжан, рақмет! Өркенің өссін! – деп

Кемпірбай кеңк-кеңк күлді мәз болып. Сеңгірдей сидам,
арықша ұзын тұрқы түгел қозғалып, қоңырқай көзінің оты
ұшқындады. Ат жақты сопақ бетіне қызғылт қан жүгірді.
Бірақ біздің көңіліміздегіні дөп баса алмай отыр, – деп күлді

жастардың талабын білдіргендей жауырыны жал-қара жігіт.
Соған жауап қайырғысы келгендей Әсет басқа сөз күтпестен
даусын қайта көтерді де, әнді әрі ұластырды:
Жанып тұрған жас өмір – алқызыл гүл,

Сипаттауға қызығын жетпейді тіл.
Желбіреген жауқазын жастық шағың,
Мағынасын өмірдің түсіне біл!..
Е-ей,

Өтеді-ай жалған-ай,
Шіркін-ай, арман-ай!

– Е, бәсе, осыны айтпайсың ба! – деп желпіне күлім қақты

жаңағы жігіт.

– Талабың жансын, Әсетжан, талмай самға! – деп, барлық

ықыласты түйіндеген Кемпірбай батасын берді...
Қоңыр күз. Суықтың табы біліне бастаған. Суық түспей еліне
жетіп алғысы келген Әсет енді көп бөгелмей Семейден аттанып
кетті. Ел күзекте. Шар өзенінің бойын өрлей жылжып, Аягөз

маңына жеткенде, Семейге базаршылай барып, Әсетке ілесе
қайтқан Әзімбай деген салауатты жігіт шаужайына оралды.

– Әсетжан, енді біздің ауылға жүр, сый-сияпатымды көріп

қайт, – деп жабысты.
Серігінің көңілін жыға алмаған Әсет атының басын аңызға
айналған Таңсық даласына бұрды. Қалың ауыл сары даланың
сайқын құшағындағы бастау-бұлақтың көздерін сағалап, жайы­

лымы шүйгін күзекте отырған. Қаптаған қой, шашырай жайылған
жылқы, топ-топ сиыр, андыз-андыз түйе жер қайыстырады.
Әзімбайдың ауылы Ай өзенінің Балқаш көліне тақау жазыққа шыға
беріс алқымындағы жалпақ сазда екен. Әсеттің атағына құлағы үйір

ел қуана қарсы алып, төрін ұсынды. Осы маңда Әсет ай жарымдай
әннің туын желбіретті. Қазақ баласы махаббат тәңірі санайтын
Қозыкөрпеш пен Баян сұлудың күмбез-мазарына барып зиярат
еткенде іштей тебіренді. Тарихи белгіні көзімен көріп, өмірдің

уын ішкен ғашықтар тағдыры ашындырды. Ұлы мақсатқа бас иді..

Әсеттің Таңсық өңірінде жүргенін құлағы шалған Ғапари кісі
жіберіп, Лепсіге шақыртты. Ол Қоянды жәрменкесіне Әсетпен
бірге барып, Ырысжанмен айтысының куәсі болған кісі еді.
Енді үйінде әнін, өлеңін тыңдамақ. Талай жыл өтсе де, бұған

орайы келмей жүрген. Бұл хабарды алғаннан кейін Әзімбаймен
қоштасып, Лепсіге қарай аттанған Әсетті жусанды бозадырда
жылқы жайып жүрген бір бозбала тоқтатты. Басына жалпақ етегі
желкесін бүркеген өрттей қызыл түлкі тұмақ киген. Аяғында

қонышы тізесін жапқан саптама етік. Жеңі ұзын, көтерме жағалы
сеңсең ішігі талдырмаш нәзік денесіне қабыспай, қолпылдап
тұр. Уыздай бозбаланың албыраған бетінде қылпық түгі жоқ.
Жолаушының алдынан шығып, қиыла өтінді:

– Әсаға, осынау Таңсық даласын дүр сілкіндірген әніңіз маған

Қозы мен Баянның арманы, арызы секілді боп естілді. Біз де әнге
құштар жанбыз. Бір-екі күн менің қонағым болыңыз. Атым –
Жөкен, шаруа баққан Күзембай деген кісінің баласымын.
Жаудыраған мөлдір қара көзінен үмітті ұшқын шашырайды.

Күмістей сыңғырлаған даусы Әсетті еріксіз баурап алды. Аса
ынтықтықпен өтінген баланың тілегіне амалсыз көнді.

– Жүзің жылы, көзің өткір бала екенсің, мұратыңа жет. Бетіңді

қайтармайын, айтқаның болсын!..
Сол арада бұлардың қасына үш-төрт атты кісі келіп сәлем
берді. Жөкен қуана таныстырды.

– Мына кісі – Әсет ақын... Екі-үш күн менің қонағым болыңыз

деп қолқа салып, жолын бөгеп тұрмын.

– Е, мұның жөн... Шырағым, атыңды да, әніңді де сырттай

естіп жатырмыз. Мен – Жөкеннің әкесімін. Бетінен қақпаған
еркем еді, қалауын мақұл көрсең, үйге жүр.

– Ақ тілеулі бала ғой, қабыл алдым тілегін...

– Көп жаса, айналайын, – деп, шоқша қара сақалды кісі

балпиған жуан қарагер атын тебінді де, қайтадан тізгін тартып,
артындағы жігіттерге бұрылды. – Қажытай, сен шауып барып
бір қой өңгеріп келе ғой!
Жөкен мейіздей қатқан жылпың торысын дедектетіп, алға

түсті де, ауылға бет алды. Әсеттің ұзын бел жирені ырғала басқан
Күзембайдың қаракерімен қатарласа адымдады. Іргесі морланып,
айналасына айналдыра қамыс пен шеңгел көмілген үлкен ақ боз
үйге алдымен жеткен Жөкен атын мама ағашқа байлай салып,

ішке кіріп кетті. Әсет пен Күзембай түсіп, аттарын торының
қасына байлады да, бүлдіргесін білектеріне ілген қамшыларын
сүйрете үйге қарай адымдады. Жөкен қарсы шығып, есік ашты.

Төрге түкті қызыл кілем салыныпты. Үстіне ұзынша құрақ
көрпеше төселген. Оң жақта шайы шымылдығы желбіреген ағаш
төсек. Бетіне сүйектен ойып, өрнек салынған. Сол жақ іргедегі
киізі қалың жер төсектен орта жастағы қызыл шырайлы, ұзын

бойлы әйел түрегелді. Шұбалған көк көйлегі тобығына түседі.
Әсет сәлем беріп табалдырықтан аттады.

– Жоғары шық, қарағым!.. – деп, ізетті әйел байсалды түрмен

ілтипат көрсетті. Төрдегі жүкаяқтың үстінде – кілемге оралып
байланған үш-төрт тең, қабаттап жиналған көрпе, тырсиған құс
жастық.

– Мына бала Әсет ақын, – деді Күзембай жер төсектің шетіне

малдас құрып жатып, төрге шығып жайғасқан мейманды нұсқап.
Әйел қызыға бір қарап алды.

– Е-е, Таңсықтың елі табынып жүрген ақын бала осы екен ғой.

– Ал, Бәкіш, қамдан!.. Жөкен бұл баланы арнайы шақырып

келді.

– Лепсіге бара жатыр ем, – деп Әсет жөнін айтты, – жолдан

Жөкендеріңіз жолығып қалды да, қолқалап тұрып алды. Талапты
баланың тауанын қайтармай, аттың басын осылай бұрдым.

– Құдай тілеуіңді берсін, қарағым! Біздің жалғыз қарашы­

ғымыздың тілеуін орындағыныңа разымыз, тәңір жарылқасын!
Ел-жұрт та Күзембайдың ауылында өткен сауықтың қызығын
бір көрсінші!..

– Ой, дүние-ай... – деп мұңая күрсінді Күзембай әлденеге

шағынғандай. – Солай, шырағым...
Сырттан жүзі жайнап Жөкен кірді. Тұмағын шешпегенімен,
ауыр киімдерін тастап, жеңіл шолақ тон, кестелі шалбар киіп
алыпты. Шымыр денесі тіп-тік, бойы сұңғақ.

– Апа, нағашымның ауылына кісі жібердім...

– Ал, балам, ел жиналғанша қонаққа ас беріңдер, – деді

Күзембай. Жаңа сойылған қойдың өкпе-бауырынан қуырылған
қуырдақ пен шай әзірленді.
Түс ауа үлкен үйдің іші жігіт-желең, қыз-келіншекке лықа тол­
ды. Әсет ұзақ сарылтпай әнге басты. Сүйек төсек жақта қыздармен

араласа отырған Жөкен әншіден көз алмайды. Күлімдей жымиған­
да қызғылт жұқа еріні жымқырылып, ақ маржандай тістері жалт-
жұлт етеді. Құпия бір ынтызарлықпен сүзіле қарайды. Ара-тұра
Әсет кезекті ауыл жастарына ауыстырғанда қыздарға қосылып

ән де салды. Даусы таза, аса бір құштар ынтамен егіле айтады.
Әлі бойынан еркелігі арылмаған бала ғой. Даусы қыздың үніндей

жіңішкелеу, нәзік. Сондықтан қыздарға қосылғаны шығар деп ой­
лады Әсет өзін сыйлап отырған Жөкеннің еркелігін қызықтап...
Сауық таң ата тарқады. Елмен бірге Әсет те сыртқа шығып,
біраз бойын сергітті. Денесі сәл тоңазыған соң қонақтарын ат­

тандырып болған Күзембайға ілесіп үйге кірді. Сүйек төсектің
шымылдығы түсірілген. Төр алдына Әсетке төсек салып қойған.
Шешінді де, жүнін қалыңдап сырыған жібек көрпеге оранды.
Бұл шаңырақтың қара нары Бәкіш есіктің іргенегін жауып,

бекітті де, жалыны будақтаған май шамды сөндіріп барып
жатты...
Әсет мал тұяғының дүбірінен оянды. Өзінен басқалардың
бәрі тұрып кетіпті. Сүйек төсектің сары ала шайы шымылдығы

түріліп, тап-тұйнақтай жиналған. Нән екі жастық бірінің
үстіне бірі қойылған. Төсектің етегіне көлденең тартылған
жібек шаршаудың шашағы төгіліп тұр. Бейне қыздың жасауы
секілді. Бұл үйден қыз көрмеген соң, таңырқап қалған. Етігін

киіп бола бергенде сырттан Жөкен кірді. Қынама бел шолақ
тонның ішінен қызыл мақпал қамзол киген, кестелі шалбарының
балағын былғары етігінің сыртына салған. Басында шоқпардай
үкі қадалған камшат бөрік. Сала құлаш қос бұрымы арқасында

бұлғаңдайды, оған жалғанған күміс шашпауы сыңғырлай сыл­
дырлайды. Әсет аң-таң, аузы ашылып, аңқия қарайды. Көзі
жыпылықтай қағылды.

– Танымай қалдыңыз ба, Әсаға? – деп, еркелей күлді Жөкен.

Назды, ашық даусы Әсеттің жүрегін баурады. Өн бойына ұшқын
тарады. Сымбаты қуыршақтай. Бетінің қызылы көбейіп кеткен.
Маржандай тістері ақ күріштей тізілген. Бұл көріністің сырын
сезе қойған Әсет те тез сергіп, әзіл тастады.

– Түс көріп отырған сияқтымын...

– Анықтап қараңыз ендеше, мен бе екенмін?

– Танадай отты көзің, оймақтай аузың, қаймақтай ерінің

ұқсайды, бірақ...

– Тым сұқтанбаңыз, көзіңіз тиер, – деп сылқ-сылқ күлді Жөкен.

– Сұқтанысымнан таңданысым басым...

– Мен үйде – қызбын, түзде – ұлмын. Қыз атым – Жәміш.

Басқа баласы болмаған соң әке-шешем еркек балаша киіндіріп,
еркекшора қып өсіріпті.

– Е, еркем-ай, солай ма?.. – деген сөздің аузынан шығып кет­

кенін Әсет абайламай қалды. Не мағынада айтты, қандай мүддесі
бар, өзі де сараламады. Жәміш әзілмен қағытты:

– Кездескеңіздің бәрін еркеңізге балайсыз ба?

– Е, жо-ғә, өзіңдей асыл ерке жолыға бере ме? – деді қыздың

албыраған ұлпа бетіне телміре төнген Әсет.

– Байқаңыз, еркелердің шолжыңдығы да бар, таптап кетіп

жүрмесін атырылғанда...

– Өмір бойы алақаныма салып өтер еркем болсаң, шолжың­

дығыңды желкеме салып көтерер едім...

– Ұшқалақсыз-ау, шамасы.

– Кеудеме шоқ түсіп, өртеніп бара жатсам, алабыртпай қай­

тейін... Ендігісін өзің біл!

– Өртенбеудің амалын табыңыз!..

– Басымды иіп, қыл мойынымды өзің кес деймін де...

– Бұл күнде мен де еркекпін ғой, – деп Жәміш сылқылдай

күлді.

– Бәсе, үлбіреген бетің ұлға ұқсамайтын сияқты сезілген.

Бетің албырап, жанарың танадай қадалып еді.

– Сабыр, Әсаға, сабыр...

Еркелей күлімдеген Жәміш сыртқа беттеді. Көзінің ұшқыны
өрттей қаулады. Сол күлкіден адасып қалмайын дегендей
абдыраған Әсет соңынан ілесе шықты. Жәміш шошалаға барып
кірді. Үй маңында адам жоқ. Шошаланың төбесінен қою түтін

будақтайды. Күзембай қара-керінің ортан беліне қонып, малын
өргізіп барады. Түбін жерге көміп, бау-бау қып белдеулей буған
дөңгелек қамыс қора жақтан Жәміштің шешесі бір шелек сүт
көтеріп келеді.

Әсет ілгері жылжыды да, үйдің қарсы алдындағы құм тө­
бешіктерге барып, тыныстап тұрды. Айналаға көз жіберді.
Күн таяқ бойы көтерілген. Керіліп-созылған соң қайта оралып
келіп, жуынбақ болып еді, Жәміш шәугім әкеліп қолына су

құйды. Үйге енген соң дастархан жайылды. Бәкіш қозы қарын,
бүйрегі шығыңқы сары самауырынды алып кірді... Шай ішіліп
біте бергенде түлкі тұмақты, қара сеңсең ішікті екі жігіт кірді
сәлем беріп. Аман-саулықтан кейін дастархан шетіне тізе бүгісті.

– Әсаға, – деді қою қара қасты, көзі ойнақшыған дембелше

жігіт. – Сізді шақыра келіп ем, Енді менің қонағым болыңыз.

– Қасым, – деді Жәміш еркелей шолжиып. – Әсағаң менің

қонағым, алдымен рұқсатты менен сұра.

– Бәсе, осындай жойыттық істемесең, Жөкен боларсың ба? –

де­ді Қасым жаутаңдай мырсылдап. Ақсия күлген Бәкіш ара түсті.

– Жә, ағасына еркелегені ғой.

– Бүйтіп кергісең, жөніңді тап, – деді Жәміш ырық бермей. –

Мен Әсағаңды анау Лепсіге жеткізіп саламын. Керек болса, сол
жерден өзің барып шақырып кел!..

– Тақсыр, тақсыр... ашуыңды бер. Бәрі өз ауылың, өз абыройың

емес пе?

– Е, осылай жөніңе көш... Әсаға, мына Қасым менің нағыз

нағашы ағайым. Міне, он жетіге аяқ бастым, әлі күнге дейін қырық
шұбар тайым мойнында жүр.

– Берейін айналайын, дауласпашы. Сені ұзатқан күні санап

тұрып алдыңа айдап салайын.

– Өй, ағасы, өйтіп созбайлама, уәделі күніңді кесіп айт. Әйтпесе,

Әсағанды жібермей қоямын.

– Өй, тақсыр, қорқыта бермей, ертең-ақ айдап алшы!..

– Ә, қуын қарай гөр. Даладан айдап алмасам, Күзембайдың

баласы жылқымды шауып кетті деп, өзімді барымталамақсың ғой...

– Мына апам куә, Әсағаң куә, дауым жоқ... – деп Қасым сылқ-

сылқ күлді. Жарасымды қалжыңға үйдегілер де мәз.
Бәрі де жадырап қалысты.
Сәске әлетінде Әсет пен Жәмішті ертіп Қасым өзінің ауылына
қарай жүрді. Жәміштің дөңгелек албыраған жүзін қызыл түлкі

тұмағы одан бетер ашып, ажарландырып жіберген. Бота көзіне
назды күлкі, еркелік нұры ұялаған. Қатарласа жүріп, Әсетке ашық
та, астыртын да қарай береді...
Қасым үйінде өткен думан Әсеттің шабытын шалқытты.

Көңілі алып-ұшып, еліге өрледі. Жастардың мейіріне бөленді. Ел
орынға отыра тарқасты. Жәміш өз үйімнен аттандырып саламын
деп, Әсетті алып қайтты... Түн тастай қараңғы. Жазық дала тым-
тырыс. Желсіз болғанымен, қара суықтың табы күшті. Саржеліспен

келеді. Ауылдан ұзағанша үн қатыспады. Кешеден бері Жәміштің
ерке қылығы, өткір көзі, қайсар мінезі Әсетті жіпсіз матап, қатты
толғандырған. Қоңыраудай сыңғырлаған үнін естісе, жүрегі шы­
мырлап, денесі қыз-қыз қайнайды. Сол сырын сездіруге қанша

оқталса да, батылы жетпеді. Ауызына өтімді сөз түспей, денесі
қалтырап, іштен тынды. Қазір де сондай қысталаң күйініштің
әлегінде. Әлден уақытта Жәміш:

– Әсаға, әңгіме айта жүріңіз, – деді үзеңгі қағыстыра жақындап.

Назданған ерке даусы Әсеттің бойын балқытты.

– Айтарым көп-ау, бірақ ауызыма сөз түсер емес...

– Ақын да сөзден тосыла ма?.. – деген қыздың әрі қайраған, әрі

қайтер екен деген оймен сынаған сөзі қамшы болды.

– Ынтық жүрек арманға тұншықса, еріннің қиюы қашып, жанға

сеп болатын сөз шықпайды екен...
Жәміш тізгінін тартып тұра қалды. Әсеттің аты да қатарласа
тоқтады. Қыз мойын бұрмады, үнсіз. Сәлден кейін түлкі тұ­ма­
ғының маңдайын көтеріп, Әсеттің бетіне тайсалмай қарады.

Жаудыраған тұнық жанарынан ұшқын шашырады.

– Шыныңыз ба?.. – деді үні қалтырап.

Әсет қалай иландырудың ебін таппай, кеудесін кернеген
құштарлығын лақ еткізіп ақтара салды.

– Өлтірсең де өзің біл, сенсіз өмірім қараң, шын сырым...

Жәміштің басы салбырап, сеңсең ішіктің қалқия көтерілген
жағасына шөкті. Түгі үлпілдеген түлкі тұмағы милығына сырғып
түсіп, бет-аузын жапты. Жотасы құнжыңдап, алқына дем алады.
Кенет атын тебініп еді, орғып кетті. Бұл қылығына Әсет мұңая

бастаған. Ұзап бара жатқан қыздың сықылықтаған күлкісі естіл­
ді. Таяп келгенде:

– Ертеңнен бастап қызша киініп жүремін, – деген даусы

қуанышпен қосылды. Әсет осы лебізінен-ақ бір жақсылықтың
нышанын сезгендей еліге сөйлеп кетті. Өзінің көргісі келетін
кейпін айтты.

– Алқызыл гүлдей албыраған ұлпадай уыз бетіңе, сүйріктей

саусағыңа, сүмбіл қолаң шашыңа, тал шыбықтай бұралған
мүсініңе інжу-маржан, лағыл алқа, күміс шашпау, жұмыр білезік
қандай сән беріп, жараса кетер еді, шіркін!..

– Бұл бағаңызды сондай қалпымды көзбен көргеннен кейін

айтарсыз. Бәлкім, соның бәрі кейпіме келісе қоймас...
Сүліктей жылпың торы қаздай шайқала аяңдайды. Ат жалында
өскен қыз күміс ердің үстінде қадаған шегедей тіп-тік отыр. Сұлу
жирен де ентелей ұмтылып, қатарласа адымдайды. Әсет қызбалана

алқынып, аптыға дем алады. Қыздың ыстық буына балқығандай
аузынан будақ-будақ бу атқылайды.
Дүбірді естіген иттер абалай үрді. Кешегі қой әкеліп сойған
Қажытай сыртқа шығып, аттарын ұстады.

– Қажыаға, аттарды отқа қоя сал, – деді Жәміш өтінген үнмен.

Бұл жігіт Күзембай малына бас-көз боп жүрген немере ағасы еді.
Бұлар үйге кіргенде жамбастап жатқан Күзембай:

– Е-е, сауық тарқады ма? – деп басын көтерді. Жәміш сүйек

төсектің аяқ жағына барып, сырт киімдерін шешті де, керегенің ба­
сына ілді. Әсет шапанын жер төсектің бас жағындағы адалбақанға
ілді. Жәміш бір тізерлеп бүгіле беріп еді:

– Шай әзірлейін, – деді шешесі орнынан түрегеліп. Әсет

ықылас айтып тоқтатты.

– Әуре болмай-ақ қойыңыз, қазір ғана ас-су ішіп шықтық.

– Шаршадыңыз ба, – деді Жәміш момақандау түрмен, – онда

төсек салайық...

– Тынығайық, талай уақыт болды ғой.

Күзембай мен Әсет сыртқа шықты да, аттарды жайғап жүрген
Қажытайдың қасына барып, едәуір уақыттан кейін оралды.
Төр алдына көлденеңінен екі төсек қатар салыныпты. Баста­
ры үй иелерінің жер төсегі жаққа қаратылған. Сүйек төсектің

шымылдығы түсірулі. Жәміш жатып қалыпты. Әсет шешінді де,
іргеге тақау орынды иеленді. Әлден уақытта Қажытай келіп, от
жаққа жайғасты.
Жәміштің шешесі сығырайған білте шырақты сөндіріп,

бәрінің соңынан жатты.
Әсеттің кірпігі ілінбеді. Бас жағынан Күзембай қорылға бас­
ты. Қасындағы Қажытай көрпемен қымтана бүркеніп, бүк түсіп
жатыр. Жәміштің пысылдап, жеңіл дем алғаны естіледі. Бірақ

ояу сықылды, әлсін-әлсін ақырын күрсінеді. Қыз тынысының
дыбысы Әсеттің жүрегін арбап, от шарпығандай денесі қызды.
Шоқ түскендей кеудесі өртеніп барады. Жәміштің жайраңдай
күлгендегі ақтамағының жұмыр бұғағы шұғыла оранған ұлпа

бұлттай көрініп еді. Оңаша шыққан соң Әсет тағат таба алмай
іштегі арманын ақтарған. Онысына қыз ашық ыңғай танытпаған.
Әсет сол жұмбақты шешу үшін ширыға толғанды. Қолға
ұстатқан жауабы жоқ. Ендеше қадала қарай беретіні несі? Ал

әніме естен тана елтиді. Сонысына бола сырттай құлағаным
ба? Қисыны келмеске қиырдан көз сүзгенім жөн бе? Алып-
ұшпайтын құмарлық бола ма? Құштарлықтан арман тумай ма?..
Осы оймен Әсет те алабұрта алқынған...

Ұйқысы қашып сарылғанда Әсет әбден талығып барып
мызғып кетті. Қасындағы Қажытай таң ата тұрып, киіне бастаған
кезде абайсызда шынтағы тиіп кетіп, шошып оянды. Тыстан
Күзембайдың қақырынған дыбысы, аяқ басысының сықыры

естілді. Ұйқысы бұзылған Әсет те киініп, далаға шықты.

– Ерте тұрып алғаның не, шырағым? – деді дәрет алып, беті-

қолын жуып отырған Күзембай.

– Ертерек аттанайын...

– Е, мұныңа Жөкен көне қояр ма екен?..

– Жөн білетін бала ғой, разы болар.

– Той жасағандай қуанышқа баттық. Көңілімізді көтерді,

алдыңнан жарылқасын, айналайын!
Үйге кіріп, намазын оқып болған Күзембай сыртта тұрған
Әсетті ертіп, күн таяқ бойы көтерілгенше үйдің сыртындағы құм
төбешікке барып, әңгімелесіп тұрды. Үй маңында қыбыр молайған

кезде Әсет қалың ши арасында жүрген тұсаулы атын ала оралып,
шошаладан ер-тоқымын әкеліп, ерттей бастады. Сол кезде ғана
сыртқа шыққан Жәміш:

– Мұныңыз қалай, Әсаға?.. – деп, мұңды түрмен қиыла қа­ра­ды.

Бота көзі мөлтеңдей жаудырайды. Қыз өңіндегі бұл құ­бы­лысты
тартпа тартып жатқан Әсет байқамады да, өз жайын айтты.

– Жолаушының жатып алғаны жараспайды, Жөкен-жан.

– Тым көп емес қой, сонша асыққаныңыз не?

– Жолым ұзақ. Қыс түсіп, жер аяғы тарылмай тұрғанда ауылыма

жетіп алайын.

– Қыстап шықсаңыз да ауырламас едік...

– Ықыласыңа рақымет, Жөкенжан! – деп Әсет артына бұрыла

беріп еді, қыздың көзіне көзі түсті де, сұқтана қарады. Тотыдай
құлпырған. Басында үкілі кәмшат бөрік, тобығын соққан жуан
бұрымына күмістері жалтылдаған ұзын шашпау таққан. Құлағында
алақандай ай құлақ алтын сырға.

Қос етек қызыл торғын көйлегі жер сызады. Кеудесін қынаған
қызыл мақпал қазекейі қыпша белін үзілдіріп тұр. Елтірі жағалы
шолақ тонын желбегей жамылған. Талдырмаш денесіне құйып
қойғандай қона кеткен. Әсеттің таңырқай сұқтанысын қыз да сезді.

– Ал, қалай, маған қыздың киімі жараса ма екен?.. – деп сылқ-

сылқ күлді.

– Гүлдей жайнатып жіберіпті!..

Емінген жігіттің құмарлық қызбалығын өршітпей, сөзді бөлді:

– Үйге кіріңіз, тамақ әзір.

– Қазір... – деді де, Әсет жуынбақ болып еді, қыз шошаладан

шәугім әкеліп, қолына су құйды.
Астан кейін Әсет алғысын айтып, аттанып кетуге қамданды да,
орнынан түрегелді.

– Мені тоса тұрыңыз, қызша күттім, жігітше шығарып сала­

йын, – деді Жәміш табалдырыққа барып қалған Әсетке. Аздан
кейін еркек киімін киіп, нәзік денелі бозбала боп шыға келді.
Әсет атына мінді де:

– Қош болыңыз, Күзеке, қош апа! – деп қоштасты да, атының

басын жолға бұрды. Жәміш те қатарласа аяңдады. Күзембай мен

әйелі бұлар екі-үш қырдан асып, көрінбей кеткенше арттарынан қарап тұрды. – О, дүние-ай, Жөкемнің еркек бала боп тумағанын қарашы... – деп күрсінді Күзембай. Әйелі үн-түнсіз шошала жаққа бұрылды. Өркеш-өркеш құмдауыт кырқалардан асып, ауылдан ат шап­ тырым ұзағаннан кейін Әсет тізгін тартты. Үнсіз мұңайып келе жатқан Жәміштің жабырқаңқы жүзіне қиыла қарады. – Жәмішжан, жалт етіп қыз қалпында көріндің де, жүрегімді алау боп өртедің. Кешегі тілегім – ақ тілек. Айтшы бір жауабыңды, арманда кетпейін аңырап. Қыздың екі беті өрттей жанды. Батылдығын да, қайсарлығын да, еркелігін де мұндай сәттегі қызға ғана тән ұяңдық, нәзік сезім тұншықтырып тастағандай. Басы салбырай тұқырған. Салпы етек тұмағы бетін жауып, жаутаңдаған жанарын қалқалаған. Ынтызар үмітпен телмірген Әсет ындыны кепкендей тамса­ нады. Сол сәтте Жәміш жерге секіріп түсті де, үнсіз келіп, бір қолымен Әсет атының сағалдырығынан екінші қолымен үзеңгісінің таралғы бауынан ұстады. Содан кейін аса байыпты түрмен даусы қалтырай сөйледі. – Халқымыздың ежелгі салты бойынша қазақ әйелдері қимасын, асыл адамын алыс жолға шығарып салғанда, міне, осылай істейді екен. Мұнысы атың арымасын, үзеңгі бауың берік болсын деген ізгі тілегі көрінеді. Ат-тұрманы бүтін жігіт аңсаған арманына жетуге құлшынады. Көксеген адамының сағынышын басу үшін көп тостырмай қайта оралуға тиіс. Көктем шығып, жер жүзі жайнағанша күтемін... Менің байлауым осы, Әсаға!.. – Еркем менің, қабыл алдым шартыңды!.. – деп өбінген Әсет ат үстінен еңкейіп, қыздың албыраған бетінен құшырлана сүйді. Қыз жасап тұрған салт бойынша ер жігіттің аттан түсуіне болмай­ тын да ырымы бар еді. Әсет те сертін айтты. – Кеудемде жаным бар болса, жыл құсымен бірге оралып, айтқан кезіңде жетермін!.. Енді Жәміш те именбей сырын ашты. – Әзірше басым бос. Бірақ тұс-тұстан әкеме кісі салып жүргендердің сыбысын да естіп жүрмін. Ұзақ күтуге шамамды келтіре ме, жоқ па, оны да ойлаңыз! Қыздың жолы жіңішке, табаны тайғақ. Қашанға дейін еркекше киінер дейсің. Мана қыз киімдерімді кигеніме әкем де қатты қуанды. Оның сыры не?.. – Е, несі бар, қыз болып-ақ жүре бер, еркем! – деп жұбатты Әсет қыздың күдігін түсінсе де, көңілін аулаған раймен. – Саған қыз киімі кереметтей жарасады екен.

– Маған енді ол да қорқынышты., Бойжетіпті деп көз сүзетіндер

бұрынғыдан бетер көбейеді. Оданда барлық сырымды ішіме тастай
түйіп, қашан сіздің қайтып оралғаныңызша еркек бола тұрайын.

– Жәмішжан... – деді қыздың сыр жасырмай соншама ашық

сезіммен үміт артқанына қысылған Әсет өзінің шама-шарқына
қынжыла қибыжықтап.

– Сен арман-сырыңды бүкпей жайып салдың. Мен жария етейін

шынымды, қалтарыс ештеңе қалмасын. Алдымда мыңғырған
малым жоқ қалыңыңа төлейтін. Түбінде жер шұқып қалам ба деп
шошимын.
Қыз біраз ойланып барып жауап қатты:

– Бұл жайында бізге қайта оралғаныңызда ойласайық. Ел

ардақтаған адамсыз ғой, арманыңызға жар болатын жандар да
табылар. Мен әке-шешеме тілімді өткізе аламын. Әкем ешкімге
тәуелді емес.

– Арамызға аздырушылар кіріп кетсе, жарға құлататыны анық.

– Айттым ғой, маған сеніңіз!..

– Сендім, еркем! Арманыма жету үшін бір әрекет жасау менің

де парызым...

– Жаман айтпай, жақсы жоқ. Тіпті тағдыр теріс қараған күнде

бір түнге жалынармыз. Қол ұстасып кете барамыз. Артынан
әке-шешеммен табысуымыз қиынға соқпас. Тек сұқ көздерден
құтыламыз.

– Ақырғы байламың осы ма?

– Осы!.. Басқадай ештеңе ойламаңыз! Ал жолыңыз болсын,

сүйіктім!..

– Қош еркем, күт мені!

– Сағына қараймын жолыңызға. Сарғайып ұзақ сарылтпаңыз,..

Осы қуанышты қауышу Әсеттің ойына қанат бітіріп, аспанға
өрлетті. Лепсідегі Ғапари ауылында оншақты күн думан құрды
да, Алакөлмен екі ортадағы адырлы сары құмның арасын қыстап
отырған елді аралай өрлеп, Сасық көлге жетті. Сондағы құлын-

тайлай айқасып өскен құрбы-құрдастары төбесіне көтерді.
Әсеттің кеудесін бірте-бірте сағыныш торлай бастады. Жүрегі
шымырлай тулап, елегізе берді. Алыста қалған Жәміштің мұңды
жанары жиі-жиі елестейді. Арман, аңсау тербетіп, тебірене

толғанады. Ойынан бір тәтті сарын кетпеді. Жігіт-желең көп
жиналған аса қызу бір думанда дүрілдете балқып отырған Әсет
буырқана ышқынып, «Інжу-маржан» әнінің ырғағын сылқылдата
төгілтіп еді, өрттей дулаған жас қауым іліп әкетті. Жаңа ән жан-

дүниелерін жаңғыртты. Қайта-қайта айтқызды қолқалап... Әр
кеудеде бал тамғандай ?...әсер қалды...
Қиялға шомып кеткен Әсет қайғыра күрсінді. Әсем әуенге
елтіп, ләззатқа бөленген жұрттың үнсіз қалпын күжілдеген жуан

дауыс сергітті. Өз әнінің сарынымен түс көргендей мүлгіп кет­
кен Әсет те басын қалт көтеріп алды.

– Әнім-ақ екен, шіркін!.. – деп тамсанды төрдегі орта жас­

тағы тұлғалы кісі сүйсініп.

– Мұқатай, мұны кімнің әні дедің? – деп сұрады сол

қатардағы жігіт ағасы.

– Сонау төменгі жалпақ қазаққа әйгілі Әсет деген ақынның

әні, Әлеке! – деп өз білгенін айтты әнші жігіт. –
Құлағыңыз түрік адамсыз ғой, естуіңіз бар ма еді?

– Ол жақтың әншілері айырықша дарынды жандар ғой!..

Бәрі де жұлдыздай жарқырап туған. Біржан сал, Ақан
сері, жаңағы сен айтқан Әсет – күллі қазақтың үні мен тілі,
мақтанышы! Әндері арқырай аққан өзен секілді. Бірінің өнері
біріне ұласып, теңіздей шалқыса, соңына ерген өрендері әннің

шаңырағын биікке көтеріп жүрген жоқ па!..

– Әлібек дұрыс айтады, солардың әнін үйреніп, үлгі

алыңдар, – деді теңкиген жастыққа шынтақтап жатқан жуан
дауысты, жылтыр қара кісі басын көтеріп. Ендігі жерде ән
жайындағы әңгіме бірсыпыраға созылды. Осы құштарлықтан
туған ойды түйіндеп, өз қызықтарын жалғай түспек болған

Мұқатай пікірін ортаға салды.

– Әсетті көзімен көріп, өз құлағымен тыңдаған кісілер

бөлекше айтады, ауыздарының суы құриды. Қазақ әнінің қазіргі
көшбасшысы санайды. Әндерінің өзі де төгіліп тұр-ау, шіркін!..
Мен барған ауылдағылар осы «Інжу-маржаннан» басқасын шала
біледі екен. Ұятқа қаларсың деп үйретпей қойды. Әнді ерекше

қадірлейді, сынын бұзатындарға жол бермейді.

– Олары жақсы әдет. Селдің суы жер бұзады, шала молда

ел бұзады. Шалалықтан сақтан. Осы білгеніңнің өзі де сені
жебейді, – деп көтермеледі Әлібек. Бұл пікірді қасындағы қара
кісі қолдады. Ықыласын білдірді:

– Сен де әнді жақсы саласың. Бірақ ұстазың жоқ. Ендеше

елдің әнін тізбектеп үйрен. Сонда жетілесің. Біздің Сауыр мен
Алтай жоталарының құшағынан да бір ақиық самғасын да...

– О-о, айтасыз-ау... Біздікі олардың қасында әншейін бір

хауләй-лау шығар.

– Туа сап тұлпар да шаппайды. Жорға да жүре түзеледі, – деді

Әлібек ағалық сезіммен. – Ширай келе талмай самғайсың әлі.
Анығын білдің бе, Мұқатай, әлгі Әсет ақын қазір бар ма екен өзі?
Біз, әйтеуір, сырттай атын ғана естиміз.

– Иә, бар. Былтыр Тарбағатайда болыпты. Қазір Іле жақта

жүрген көрінеді.

– Тарбағатайға қайта оралса, бері, біздің елге де бұрылары хақ,

құлағыңды түре жүр. Ел шетіне ілінгенін білсек, алақанымызға
салып әлпештейік!..

– Былтырғы жазды Барлықта өткізіпті. Одан кейін Еміл бо­

йындағы елге соғып, үйіне қайтпақ екен. Ауылына қайтқан-
қайтпағанын ешкім білмейді. Тәуекел деп, артынан іздеп баруға
уақыт көтермеді. Әкемнің жылын беру үшін тез қайттым.

– Әлі де кеш емес... Осы жақта жүргенін анық білсең, кісі

жіберіп, арнайы шақыртайық.

– Өзім-ақ барып ертіп әкелер ем, қайтып та кеткен шығар.

– Арманыңа жет, айналайын... Сондай әншіден тәлім алсаң,

сенің де өнеріңнің көзі ашылады.

– Елдің айтуынша, Әсет ақын әлі Еміл өңірінде жүрген көрінеді.

Бірақ ол жаққа барып жүргендердің ешқайсысы анық хабарын
айта алмайды,

– Аттың терін аямасаң, табасың. Дүрілдеп ұшқан сұңқар ғой,

дыбысы алыстан естіледі.

– Аттың терін аямас ем-ау, Әлеке. Бірақ... – деп, әнші жігіт

бөгеліп еді, оның ойын түсінген Әлібек сөзді өзі аяқтады.

– Ие, жер шалғай, жол алыс... Тапсаң – жақсы. Әншілер бір

жерде тұрақтап жатпайды. Ұшқан құс секілді. Елден-елге көшіп,
тау-тасты шарлайды да жүреді. Қолыңа түсуі қиын.
Мұқатайдың қаны ойнаған қызыл шырайынан құштарлықтың
сәулесі елес берді.

– Жүрген жерінің нобайын білсем, тапқанша іздеймін! – деді

құлшынып. Даусынан ынтықтық лебі еседі.
Бұлардың ортасында отырған Әсет сыр білдірген жоқ. Іштей
қуанды да, қайғырды да. О, дүние-ай, ондай дәурен де өтті-
ау тұманға сіңіп. Әлі күнге дейін өзімді-өзім таразыға салып

бақпаппын-ау... Қамыға мұңайып, күйзеле бастап еді, сергек ой
жебеді жігерлендіріп. Естідің бе, еліңінің сыртыңнан қаншалық
қадір тұтатынын? Осындай ақ пейіл адамдардан неңді аяушы
ең. Бұлданып, кергіген жерің бар ма? Мұнда сөз қылады-ау деп

күдіктенетін көз таныстарың да кездеспейді... Қашанға дейін

бұғасың? Қарақшы қорлады деп, қара жамылып жүре бермексің
бе?.. Мына жұрт дидарыңды көруге, әніңді өз аузыңнан естуге
шөлдеп отыр. Айқайлап жіберші бір кеудеңді тік көтеріп...
Жо-жоқ, мен асықтым, қоя тұр, Әсет!.. Мұның келіспес. Сабыр

түбі – сары алтын, артын бағайық аздап. Орайы келер. Күнің
туады әлі, қажыма, қайраттан!.. Аңсаған адамы болсаң да, мына
түріңмен үркітіп аларсың. Өмірі бір дүркін көрмеген адамды
кім танысын. Қазақ көзімен көрмегенге нанбайды. Аты-жөнің

маңдайында жазулы тұрған жоқ. Түрің мынау жадап-жүдеген...
Аңсап отырған Әсеттерің менмін десең тосыннан, дақпыртыңа
бас иген қызба жастар күлкі етіп жүрер.
Бұлардың көзіне Әсет теңдесі жоқ керемет адамдай елестейді.

Сөзіне иланбай, мақтаншақ атауы да мүмкін. Алжасқан біреу
дер. Сондықтан дүрсе қоя беріп, үміттерін суытпа, сабыр ет...
Құдай оңдап, реті кеп тұр. Анау домбыра қолыңа бір тисе,
басқа бір әдіспен тегін адам емес екеніңді сездір. Ішіңді кернеп

тұрған дауылдың шетін шығар. Ақтарылып дабылдатпа, іркіле
айт. Одан арғысын ыңғайына қарай тағы көрерсің... Әсет сергек
ойдың ұйғарымына бақты.
Мұқатай қара үзіп, оза шабатын жүйрік әнші болмаса да,

сұлу, сылқым әуенімен жұртты үйіріп алған. Әлі уыздай жас
қой, шынығар, шыңдалар. Талабы зор, сол жебейді. Әсет
балғын жігітке көзінің астымен қарады. Думан қыза түсті. Енді
кезектесіп өнер керсететін ойын басталды. Кезегі келгенде біреу

ән салды, біреу өлең айтты. Түк айта алмаған босбелбеулердің
алақанына соққы да тиді, біреуі аспалы арқанмен шаңыраққа
да көтерілді.
Дүр-дүр етіп, өрттей қаулаған әзіл-оспақ дабыры үстінде дом­

быра жылжи-жылжи сырғып Әсеттің қолына тиді. Сағынышы
ду етіп тұтанды да, денесі қызынып, жүрегі алабұртты. Ар­
манда айырылған ғашығымен қайта қауышқан жандай ыстық
сезімге бөленді. Емірене уыстады. Байқауынша, думанға

қатысқандардың бәрі, тіпті төрдегі жасы үлкендер де, шама­
сы келсін-келмесін өз кезегі жеткенде өлең айтып, ән салды.
Дым білмейтіндер азапқа түсті. Әсет алқына дем алды. Көптен
ақтарылмай, кеудесінде тұнған ән нөсері жел айдаған бұлттай

аударылып-төңкеріліп, жөңкіле аунақшыды. Домбыраны сүйіп
алғысы келіп, құшырлана еміренді де, тосын адамдардан амал­
сыз именді. Осындай астан-кестең сезіммен ұзақ толқып отырып
қалған соң, жұрт кеу-кеуге басты:

– Кезегіңізді көп күттірмей, бірдеңе деңіз, отағасы, ойын

суып кетпесін.
Әзілқойлар ілмелеп, жан-жақтан қылжақтайды:

– Әу деп даусыңызды естіртсеңіз, құтыласыз.

– Үн шығармай кете алмайсыз, отағасы.

– Ойынға оты бар адамдардың ғана келетінін білмеп пе едіңіз!

– Біздің мына ағаларымыз да білгенін айтып, міндетін өтеді.

– Дым айтпасаңыз – оқтауға мінгіземіз... Кезектің тосылғанына

жастардың тақаты таусылып барады. Бұл бөгесіннен өтсе,
шалғыны жайқалған белеске шығатындай аптыға асығысады.
Қынжылған да түрлері бар. Әсет бойын жинап, еңсесін сәл
көтерді де, домбыраның құлағын қатайта бұрады. Бір-екі дүркін

пернелерді басты. Қатардан қалмай, білгенімше бірдеңе дейін...

– Е, жөніңіз сол.

Әсет домбыраның үнін баптап, құлақ күйді бастағанда
сылқылдаған сұлу сарынның лекіген әуенінен өзіндік бір ерекшелік
естілді. Жаңалық күткендей жұрт тына қалды. Әуен сазын
байқағыштар елеңдей құлақ түріп, ынтыға қарасты. Сарынның

айырықша лебі айқын байқалды. Жұрт ықыласы ауды. Сол
құштарлықты пайдаланғысы келген Әсетте үздіккен ынтық ша­
бытпен ширыға буырқанып, мұңы терең, сағынышы сорғалаған,
назды да ерке әуенді бір қайырып тастады. Өзінің де денесі балқып

кетті. Кеудесін сал көтеріп, үзілте суырылтты.

– Аман-есен жүрмісің, Ләйлім шырақ,

Жаңа таптым ауылыңды көптен сұрап.
Жел тимесе, жан тимес деп жүргенде,
Қол ұстасып жатпенен кеттін жырақ.
Именіспен шырқалса да, өрім талдай ырғалған ән лебі самал­

дай желпиді. Арманмен өрілген. Манадан айтылған әндердің
сарыны үй іргесінен әріге ұзамай шашырап жатқан-ды. Мы­
нау мұңға, сағынышқа, арманға, өкінішке толы өксікті әуен,
зарлы ән тордан босаған торғайдай баяу қалықтап, ауыл үстін

жапқан қара көк аспанды шайқай тербеді. Тымық түнді әлдилеп,
жұбаныш тілегендей. Жаздың тып-тыныш кешін күңірентіп,
аққудай сыңсып биікке самғады. Осы ырғақ арқылы Әсет те
көңіліне тұнған ащы запыранын бір ақтарып салып еді, көкейі

кеңіп қалды, зіл қиялдан аршылып.
Бұған дейін естіп көрмеген, сарыны бөлек, ырғағы жібектей
есілген сұлу әнге жұрт тамсана бас шұлғыды. Сауыр мен

Алтайдың сай-саласында айтылып жүрген көп әндерден арыны
да, жалыны да басқаша. Үзіліп бара жатқан үміттің үздіккен үні
секілді. Оның үстіне мына бейтаныс кісінің қоңыржай тұнық
даусы бозторғайдай безілдеп, шырқау биікке өрледі. Жалпақ

жайлаудың мүлгіген қара түнін шайқай тербеді. Әннің соңғы
үйірімін құйқылжыта құбылтып, бұралта толғай төгіп барып
тоқтағанда, ұйып отырған жұрт тәтті ұйқыдан оянғандай тамсана
таңдай қағысты. Рахат құшағына енгендей тыныстады. Сылқым

әнге, майда қоңыр дауысқа мастана елтіді. Әсіресе, елеуреген
Мұқатай іздеп жүргенінің ізіне түскен аңшыдай елеңдеді. Алы­
стан қараңдаған қарасынан адасып қалғысы келмей ентелей
құштарланды.

Мойыл қара сақалын қырғанымен, білеудей мұртын сипаған
дөңгелек жүзді қара кісі жағы суалып, иегі сорайған жолаушыға
үңіле, үздіге ықылас аударды. Бұл ауылдан, тіпті Қарағайлы
өңірінен көрген адамы емес. Киім киісі де, порым-пошымы да

өзгеше. Өнерінің көзі ашылмады дейтін жас та, жағы түсіп, сүйегі
қаусаған кәрі де емес. Жер ортасына жақындаған жасамыс. Кім
біледі, жаны тыншымай, бас сауғалап жүрген жан ба? Мына
айтқаны өз мұңы болар, бәлкім? Қалай қарасаң да көкірегі ашық,

жүрегінің оты бар саналы кісі-ау, тегі.
Басқалардан бұрын Мұқатай жөн сұрады қызығып:

– Отағасы, бұл маңнан біз көрмеген адамға ұқсайсыз, кім

боласыз? Әніңіз де тың екен.

– Жолаушымын, шырағым, – деп жалтара жауап қайырды

Әсет, арғы жағын, аты-жөнін айтып жатпай, – Анда-санда топқа
кірсем, осылай қыспақтан құтылатын желігім бар.

– Желігіңіз мынау болса, сарнай ескен желіңізді көрер ме

еді шіркін, – деп, өтінген сыңаймен қарады Әлібек.

– Ондай өнер қайда... Алыстан ән әуенін естіген соң бұрылып

ем. Қажып келем. Жолаушыға қайда түнесе де бәрбір емес пе?
Кезек келген соң көпшіліктің көңілі үшін білгенімді айтып,
парызымды өтегенім ғой...

– Жігіттердің жаңағы қалжыңын көңіліңізге ауыр алмаңыз,

ойын ғой, – деп, жолаушының көңілін демеді Әлібек жуып-
шайып.

– Ештеңе етпейді, қазақ баласымыз ғой, түсінеміз ондайды...

Мұқатай елегізулі. Тосын, жан-жүйені шайқайтын назды,
сазды әннің жай-жапсарын сұрады:

– Аға, салған әніңіз жайында не білесіз?

– Естуімше, бұл әннің аты «Ләйлім». Қазақ сахарасын әдемі әнімен тербеген Ақан сері деген әйгілі әнші өткен. Сол кісі осы әнді шығарыпты. Жайрандай шалқып жүретін сары даласы, жайқын көлі, қалың қатпарлы тауы есіне түсті де, Әсеттің жүрегі сыздады, өзегі талды. Сағынышы тасқындады. Кеудесі шымырлай қайнап, көзі жасау­ рады. Кенет жанданып, жанарынан ұшқын шашырады. Сол дала, шалқар көл, асқар таулар менің әнімді аңсап, тосып жатыр ма екен?.. Лапылдаған ала құйын арпалысының бағытын көпшіліктің жамырай дулаған өтініш-қалауы басып кетті. – Тағы да бір қайталап жіберіңізші, ағатай!.. Әсет қызып кетіп, бүкіл түнді өз басыма аударып алам ба деп, имене жалтарды. Оның үстіне жол соқты боп қажып, шалдыққан да жайы бар еді. Бірақ қыз-келіншектердің жаудыр кездері еркіне қоймады. Сонда да бірден айтпады. – Кезек күтіп қалады ғой, – деп күлді Әсет. Жаңағы өзіне немкеттілеу қарағандардың сөзін мысқылдау үнмен қайталады. Бұл ыңғайды түсінген Әлібек жастар атынан үздіге өтінді: – Аңғырттыққа аландамаңыз. Тағы бір қайталаңызшы, талап­ тылар үйреніп алсын... Әрі қарай зорламайық. Осыдан кейін Әсет жұртты сарылтып, зарықтырған жоқ. Әлігінде ғана ойына үйірілген сағынышын қоса ақтаруды ұйғарды. Кеудесін кере басын көтеріп, ышқына дем алды да, тербетіле есілген әсем әуенді сызылта жөнелді. Сыңғырлай сорғалаған сұлу ән тыңдаушылардың жан-жүйесін балқытты. Кейбір мұңды жанарлар өз жүрегімен сырласқандай мүлгіп кетті. Үйездеген жылқыдай бастарын шұлғиды. Ән сазына елти құлақ тосады. Ән ырғағындағы ерке наз, аіңы өксік, бұрқанған сезім, аңыраған арман, қасіретті қайғы, түнек мұң тымық түннің аспа­ нында жел шайқаған бұлттай аударылып-төңкеріледі. Тұнық дауыс ақ пейіл анадай әлдилеп, тындаушыны бесіктегі баладай тербеді. Қабағының кірбіңінен жол азабы байқалатын бұйығылау жолаушыға елден ерек қызыға назар аударып, құлай құмарланған Мұқатай болды. Орын ауыстырып, қасына тақау отырды. Ілтипатын аңғартты. Өз жүрегінде бұл кісіге деген сүйіспеншілік мейірімнің қаулай оянғанын сезді. Тегін адам болмас-ау. Көпті көрген сұңғылалығы сөз саптасынан-ақ көрініп тұр. Ән салысын­ да жасандылық жоқ, ышқынбайды, табиғи өріс. Даусында жанды балқытатын, ойды оятатын сиқырдай бір саздылық бар. Екі-үш күн қонақ қып күтейін. Тым құрығанда, осы кісінің өзі білетін жаңа,

бұл өңірге тарамаған әндерін үйреніп қалармын... Ойын осылай
түйген Мұқатай жолаушыны жылы шыраймен қошаметтеді.
Сауық кешінің думаны түн ортасы ауғанша созылды. Одан
ке­йін арнайы әзірленген табақ тартылды. Ас ішіліп болған соң

көпшілік тарауға ыңғайланды. Дүркірей түрегелісті. Есік жақтағы
жастар сыртқа лап қойды.
Елге ілесе далаға шыққан Әсет қайда барарын білмей аңыра
ойланып тұр еді, қасына Мұқатай жетіп келді, арсалаңдай күліп.

– Аға, біздің үйге жүріңіз, мына белдің астында.

– Осында-ақ қона салайын да.

– Жоқ, менің құрметті қонағым боласыз! – деп қолқалаған

Мұқатай қояр да қоймай жолаушыны ертіп алып кетті...

АУЫЛ ТАҢЫ

Есік пен туырлықтың етегінен, түңлік пен жабықтың саң­
лауынан үйдің ішіне көгілдір жарық түсті. Төр алдына салынған
төсекте жатқан Әсет сырттағы абыр-сабыр дабырдан, дүркірей
өрген мал тұяғының дүбірінен оянды. Тегінде, жолаушының

қонған үйінде шалжиып жатып алуы қазақ салтына әбестік сана­
лады. Мұндай әдет ережелеріне қанық Әсет сыбдырсыз түрегелді
де, тез киінді. Шекпенін желбегей жамылып, тысқа шықты.
Көрмеген жерінің түр-түсін қызықтаған адамның кейпімен ай­

наласын шола бақылап, есік алдында сәл кідірді.
Дала салқындау екен, дымқыл ауа кеудесін шарлап, ты­
нысын кеңейтті. Асықпай адымдап, үй орнындай алаңқайға
барып, маңайын байыптай барлады. Ұзын сайдың бас жағы

қайқия созылып, қыр арқасына қожыр тастар шоғырланған биік
шоқыға ұласады. Шатқалдың ішін қою көлеңке жапқан. Өзен
аңғарындағы қойнау-қойнаулы дөңгелек текшелерге топ-топ
киіз үйлер қатар-қатар тігілген.

Мұқатайдың үйі төменгі шеткі қойнауда жеке тұр. Шымда­
уыт алаңқайларда жартылай жерге сіңген қойтастар жусаған
қойдай теңкиіп-теңкиіп жатыр. Құйқадай сіреу көде күнге
жайған мақ­пал көрпедей былқ-былқ етеді. Сай табанында үлкен

су сарқырайды. Қатты сарыл кернеген шұңғыл өзектің үстінде
бозғылт мұнар желбіреген жібек орамалдай дірілдейді. Су
жағасы қалың көк тал, бұйра бұта. Әр тұста топ-топ қызыл шілік.

Үлпілдей еекен самалдың лебі де ұлпадай жұмсақ. Сағынышпен
елжіреген жү­регі лүпілдей соқты. Көңілін торлаған мұңы
сейіліп, көзі ұш­қындана нұрланды. Өзінен-өзі еліге елегізді. О,
кең дүние... Се­нің күллі құбылысыңа бейімделген қазағымның

дархан пейілін айтсаңшы!.. Туған даласындай адам баласын
жатырқамайды-ау ешқашан. Қонақты құт санайды. Кім екені­
мен жұмысы жоқ, тәптештеп сұрамайды, ішіп-жемін де есептеп
әуреге түспейді. Бір түнеген жолаушының алдына барын жай­

ып салады. Өмір бойы тау-тасты шарлап, дала кезген ел басқа
пенделерді өздері көрген ауыртпалыққа ұшырамасын дей ме
екен?.. Әлде тұрмыс-тіршілігі үйреткен сабағы сол ма? Әйтпесе,
жалпақ дала, иен тау өз құшағын мекен еткен адамдардың

пейіліне кеңдік, жомарттық нұрын себе ме?.. Былайша, өз басым
бұл елге жат, Құдайы қонақ емеспін. Түбім бір. Осылар үшін ой
қуып, осылар үшін ән салып жүрген өз баласымын ғой. Маған
қазақтың бөтені жоқ. Өзегім өртеніп, аңсап келгенім осы елдің

құшағы. Барлық қайғы-мұңымды сылып тастайтын да осы елдің
ақ көңілі...
Аңғары кең, жалпақ сайдың күнге қарсы беті тіктеу,
солтүстіктен оңтүстікке қарай көлденеңдей созылған ұзын жал.

Қыр арқасын қызғылт шапақ шала бастапты. Шалғынды, бұталы
күнгейдегі қою шөптің бетіндегі шық тамшылары күмістей жыл­
тылдайды. Кейі ұзын, кейі шолақ жыралардың жотаға тақау бергі
желкесінен үйдей-үйдей сом тастардың шеті қылтияды. Терең

сайдың айланба тұмсығынан құдиып, өзенге төніп тұрған арса-
арса тастарда көп. Ал теріскейдегі жуан жонның кереге қапталы
сықасқан сүмбіл шырша, зіңгіттей сары қарағай, сіреекен қалың
шөп. Өргі қылтасын жиектей өскен көк теректердің алақандай-

алақандай дөңгелек жапырақтары бұтақтарға іліп қойған
желбір-желек секілді. Боламысыз леп тисе, сытырлай шырай­
налып, көбелектей бұлғаңдайлы. Аңғарына түйедей-түйедей
жұмыр тастар құлаған сайды қақ жарып аққан ақ жал өзеннің

суы үлкенді-кішілі тастарға соқтығады да, маржандай ақ көбік
шашады. Иірімі көпіршіген сабын сықылды. Қазан шұңқырда
сақырлай қайнаған судан аумайды. Өзеннің ілмектеу иініндегі
жайпақ текшелерде түнеген сиырлардың, жусаған қойдың

қордалары жатыр. Таза көгалдағы үйлер ақ шаңқан шатырдай.
Ауылдың бас жағындағы аумағы кең, суға жақын оңаша саз­
дауыт биік бау екен. Бір үйір жылқы иірілген. Өзі түнеп шыққан
үйдің төменгі жағындағы тағы бір тепсеңде де сондай қарбалас

қимыл. Ұзын құрық ұстаған екі-үш адам ат үстінде. Ұшына ілмектеп арқан байлаған құрықтарын кезенген самдағай жаяу кісілер атырылған құлындардың мойнына бұғалық салған кезде ноқта ұстағандар қасына жетіп барып, тулағанына ырық берместен басына ноқта кигізеді де, жетелеген күйі ұзыннан ұзақ тартылған желіге сүйрелеп апарып, байлап тастайды. Атты кісілер басқа жылқыларды еліктірмеу үшін селтеңдеген саяқ байталдарды та­ қымдай қуып, үйірдің ішіне қайырады. Аралары қашық болмаса да, үйлер екіден-үштен топтанып, іргелес тігілген. Әр үйдің есіктерінің алдындағы қазықтарға жеке-жеке байланған бұзауларға, көгенге тізілген қозылар қарасына қарағанда сауындары да мол сықылды. Бір қора қой аңғардың төріндегі төскейді өрлеп, тағы бір тобы таңғы шапақ шашырай бастаған күнгей бетіне қаптап, бытырай жайылып барады. Сол тұстан мал қайырған кісілердің ысқырғаны, зекіген даусы тымық сайдың ішін жаңғырықтыра әуелейді. Осы құбылыстарды сағына аңсап, енді көріп тұрған Әсет айна­ласына емірене көз жүгіртті. Тыныс тапқысы келгендей, бірсыпыраға дейін қадала қарады. Кенет тау-тасты күңіренте жаңғыртқан тосын дауыстан серпілді де, ілгері адымдады. Сай табанындағы өркештене жөңкіген судың жағасына барды. Мөп-мөлдір тұнық. Түбіндегі малта тастарына дейін бадырай­ ып көрінеді. Бөгесін тастары жиілеу тұсы ашыған айрандай көпіршіген. Бір қалыпты сарылының өзі ән сарынындай әсерлі. Бірде арқырай жоғарыласа, бірде уілдей бәсеңдеп, үздіксіз сарқырайды. Жел лебіне қосыла шайқалатын тәрізді. Әсет өзен жағасының жайпақтау тұсына барды. Тұнық суға құмарлана үңілді де, жұқа сырма шекпенін иығынан сырғытып түсірді. Қабаттап бүктеді де, қазандай жұмыр тастың үстіне қойды. Ақ қалпағын киіздей ұйысқан көк қасқа бетегеге тастай салды. Қара көк шибарқыт пешпетін асықпай шешті де, шекпенге қосты. Жалпақ қақпақ жағалы жейдесінің тамақ түймелерін ағытты да, жеңін қайыра бүктеп түрді. Білегін шынтағына дейін сыбанып, суға төне жүрелеп отырды. Тұнық суға саусағының ұшын малды. Сәлден кейін алақанымен екі қолының іші-сыртын кезек-кезек үйкелей сылап, ұзақ жуынды. Суды қос уысына толтыра ұрттап, аузын шайқады. Еңкейіп тұрып бетін, мойынын ысқылады. Әлден уақытта айызы қанғандай ақырын түрегелді. Пешпетінің жан қалтасынан шаршыдай далиған ақ орамалын алып, бипаздай сүртінді. Осының өзі жанын жадыратты. Сөйтіп тұрғанда ту сыр­ тынан шөпті сытырлата басқан аяқ дыбысы естілді. Әсет артына

бұрылды. Өзімсінгендей еркелеп, арсалаңдай адымдаған Мұқатай
екен. Басында дөңгелек бөрік, кірсіз ақ көйлек, шолақ жең қара
пешпет киген. Ақсия күледі. Ұйқыдан жаңа ғана тұрғандікі ме, екі
беті албыраған, уыздай балқып тұр. Көкпеңбек тұнық аспанның

астындағы көк-жасыл таулардың көзді сұқтандырған көркіне бір
сәт сүйсінгенімен, іштей күйзеліп, мұңая жабыққан Әсеттің қабағы
кіртиіңкі, еңсесі басылыңқы, жүзі солғындау еді. Осы түйсігін
қабағынан байқаған Мұқатай қонағының жай-жапсарын сұрап,

қөңілін аулау үшін жарқылдай күлді.

– Аға, ерте тұрып кетіпсіз ғой, ұйқыңыз жайсыз болды ма?

– Ә, жо-ғә, – деді Әсет ықыласын ұқтыра ақталып. – Қажып

жүр едім, алаңсыз ұйықтаппын. Бойым сергіп, денем жадырап-ақ
қалыпты. Жайлы тынықтым, шырағым.
Үні пәстеу шыққан Әсеттің қас-қабағын баққан Мұқатай
көзінің қиығымен өң-түсін барлады. Қонағы да жадырап, өзіне

жымия назар салды. Жігіт бұл кісінің томсарыңқы түрінен, аз
сөйлейтін тұйықтау кейпінен өзінше ой түйді. Мінезі қызық
адам-ау сыңайы. Жаңа ғана қабағына кірбің ұялап, кіртиіп тұр еді,
лезде құбылып сала берді. Сөйлескен адамының ауқымын болжап,

шама-шарқын емеуірінінен тани ма? Соны білген соң ыңғайына
жығылып, қыбын іздейтін тәсілі ме? Өресі тарларды өршелендіріп,
желіктірмей, сабырмен басып әдеттенген-ау тегі. Мені көрген за­
матта қаймақтай жұқа ерінінің ұшы жиырылып, езуіне жымиған

күлкі де тез үйірілді. Дағдыға айналған сыпайыгершілігі ме?
Әсет өңіндегі осындай ауыспалы құбылыстарға іштей таңданған
Мұқатай момақан кейіптегі қонағының отты, ұшқынды, өткір
жанарынан сиқырдай арбайтын тұңғиық сырларды да байқады.

Бойында құдірет бар-ау. Қалай да тегін адам емес-ау өзі...
Қайтсем де сол сырды ашуға тырысып бағайын деген үмітпен
Мұқатай тебіндей өсіп келе жатқан қияқ мұртын мәпелей сипап
қойды да, мырс етіп, үнсіз күлді. Міне қызық, әліге дейін бұл

кісінің кім екенін, аты-жөнін сұрамапты. Қайдан келе жатқанын,
қайда баратынын да білмейді. Айдалада ұшырасқан қазақ бала­
сы бірінен-бірі жөн сұрасып, шүйіркелесе кетпеуші ме еді? Со­
дан әрі ата-тектерін айырып, біріне-бірі, ең болмағанда, қарын

бөле боп шығады. Жөн сұрау – қазақтың бойына дарыған әдебі.
Түнде сауық думаны, одан қайтқанда соның қызығы меңдетіп,
бірдеңе сұрау да ойына келмепті. Қазір сұраса да айыбы жоқ...
Өзінің қылығына өзі қысылғандай екі беті дуылдады да, ақ

сары жүзінде қызғылт қан ойнап, маңдайын сипады. Қалай

қисынын келтірерін де білмей тұр. Әсет те талдырмаш, сұңғақ
бойлы уыздай жігіттің тұрпат-тұрқын көзінің астымен барлай
шолды. Еркелеу еркіндігі басым-ау, бетінен қайтпайтын албырт.
Тебіндей қылтиған түбіттей жирен мұртының кейбір талшығы

сойдия сорайып өскен, балғын жүзіне үйлеспей, сиқын бұзып
тұр. Қырып тастап, мұнтаздай таза жүргені әлдеқайда жарасым­
ды, ажарын әрлендіре түсер еді-ау... Әуестігінің келісімі жоқ.
Осы болжамын ашып айтпаса да, жасын сұрады:

– Нешедесің, шырағым?

– Жиырма бірге шықтым, – деді Мұқатай өзінің де жөн

сұрауына ілік тапқанына қуанып. Тең-тұсы емес, жасы үлкен
кісіден бірден жайын сұрау да әдепке жатпайды Одан әрі
өз үй-ішінің хал-жағдайын сұратпастан-ақ тәптіштеп айтып
берді. – Асып-тасып шалқыған дәулетіміз жоқ. Мал баққан

елміз. Басқадан озбасақ та, қолымыз аузымызға жетеді, көштен
қалмаймыз. Әкемнің аты – Дәулеткелді. Дүние салғанына екі
жылдан асып барады. Қазақтың Абақ керей аталатын руының
Меркітіне жатамыз.

Ағайынды алтаумыз, мен кенжесімін. Қазақ дәстүрі бойын­
ша, үлкен үйдің қара шаңырағын көтерген иесімін.

– О, бәрекелді, жолың үлкен екен ғой. Ойың да зор болсын,

шырағым, елдің ағасы атан!..

– Осы аңғармен жапсарлас жатқан екі-үш сайды қоныстанған

ел тұтас бір әулетпіз. Мына үйлердің бәрі Дәулеткелдіден
тараған тұқымбыз.

– Е-е, ынтымағы жарасқан іргелі ауыл болды ғой. Ырыстан

ынтымақ озады. Берекелерің арта берсін, шырағым... Ағайын-
туғанның сыйластығы да бір ғанибет.

– Әке аруағын сыйлағаны ма, әйтеуір, ағаларым бетімнен

қақпайды, әкіреңдеп жерге қаратқан жері жоқ.

– Бетіңмен кетіп, бірдеңені бүлдірмесең, неге қақпайласын?

Әрқашан өзі жөн білген жігіттің өрісі кең емес пе?

– Мен ән салып, өлең айтуға әуестеумін. Ат үсті жүрісім,

қыдырысым көптеу. Шаруа жайында ағаларыма арқа сүйеймін.

– Оның зияны жоқ, шырағым. Ағасы бардың – жағасы бар,

інісі бардың – ырысы бар. Бірақ ылғи иек арта бермей, сүйеніш
те бола біл. Ал ат үстінде көп жүрсең – жер көресің, ел танисың.
Ән мен өлең – ойдың бесігі, тербетіп өрге жетелейді. Талабың
жебесін!.. Кеудеңде өнердің көзі бар сықылды.

Қонағының бұл жебеуі Мұқатайдың ынтықтығын одан бетер
қоздырды. Ұзақ жолдан шаршап, қажығаны айқын байқалып тұрса

да, жүрісі кербездеу, ойы аңғарлы, сөзі шымыр. Енді бұл кісінің
жөн-жосығын білуге құмартты.

– Ағасы, өзіме ыңғайсыздау сезіліп тұр... Түнде сауықтың

­сайранымен алабұртып жүріп, сіздің аты-жөніңізді де сұра­
маппын,.. Түріңізге қарасам, ұзақ жолдан келе жатқан сияқтысыз?..

– Е-е, шырағым-ай, бұл бір қыжыры көп әңгіме, – деді Әсет сол

сабырлы қалпында. Әлденеге қиналғандай қабағын сәл шытынды
да, бетін бұрып, төңірегін қызықтағандай шолды.
Жолаушының жүріс-тұрыс сипатына қанық қазақтың елгезек
баласы емес пе, өзінің кейпін Мұқатай да айнытпай таныды. Ауыл

арасының қыдырмашы адамына ұқсамайтыны рас. Көңіліңде көзің
болсын деген осы да. Қабағыңның қыбырынан, жанарыңның жыл­
тылынан ішіндегіні көреді... Ендігі жасырынысының жөні бар ма?
Сол сәтте Әсеттің көкейінде сергек ой бұлқынды. Жетер енді.

Апырау, осынша қиқар қылығың не? Қашанға дейін қырсық көріп,
қырғидан бұққан торғайдай бүрісесің? Артыңда қалды емес пе
қиын кезең?.. Неге, не үшін именшектенесің осы? Шыңырау
шатқалдан шығып, биік белге аяқ бастың ғой.

Өңешің үзіліп, кеудеңнің оты өшкен жоқ қой мұнша қинала­
тын. Бұл торығуыңның тегі қалай? Басыңнан кешкендеріңнің
жақсы­лығына масаттана желпінсең, жаманшылығына да бас
имей қасқайып тұруың керек емес пе? Өмір – ағысы қатты

асау өзен, адам баласын жаңқаша аунатып, тауға да өрлетеді,
домалаған тастай құзға да құлатады. Соның ырқына құлай
берсең, адамдық санаңның құны, немен өлшенеді? Ынжықтық
нышаны сол шығар бәлкім? Қашанда қарсы келеді-ау деген селге

ұрынбау үшін сайды өрлеген кісі ақылмен артын да, алдын да
болжайды. Мұнысы жан сақтаудың ғана тәсілі. Бірақ адам ұдайы
жүріп өткен ізін шиырлай бермейді. Ілгері жылжиды, басқа-басқа
соқпақпен жүреді. Балық та қиналғанына қарамастан ағынға

қарсы жүзіп, өріс іздейді, уылдырық шашады. Адам баласы
ауыртпалықтан құтылудың жолын өзі ойлап табуға тиіс. Рас, бұл
жолда дертке шалдықтыратын қиындық та, ауыртпалық та көп.
Соған бас имей басып өтуі керек. Жаны жараланса да, мақсатына

жетеді. Дерт айыққанымен, денеде дағы қалады. Алайда, ол
жаныңды қинамайды бұрынғыдай, азапқа салмайды. Әлде сен
батыл шешімі жоқ дәрменсізбісің? Шама-шарқыңның жеткені,
қолыңнан келгені осы-ақ па? Шалқыған шалқар санамаушы ма

еді елің? Сол абыройдан айырылып, қақ суындай суалғаның
ба? Құрдымға құлаған судай сарқылғаның ба? Не боп барасың

осы?.. Жат елдің билігі бөлекше зорлық-зомбылығынан басыңа
төнген озбырлықтың зардабынан мүлде естен танып, зағиптік
шеккенің бе? Әкімдердің зұлымдығынан қорланған, айуандық-
тағылықтың тепкісіне ұшыраған жалғыз сенбісің? Мұндағы

барлық адамдардың басындағы ем қонбайтын қасіреті сол ғой.
Жығылып жатқандар сүрінгенге күле қоймас... Ауыртпалықтан
да құтылдың. Қазіргі жағдайың басқаша. Міне, кең қолтық
еліңнің құшағына кірдің... Жабы мінсең – қолда барың, оған

несіне жабығасың? Бұрын сыйын көрмеген, араласпаған елдің
ішінде өнеріңді ортаға салмай, өзіңді-өзің жасырғаның – түбі
жалған намысқойлық шығар, ақылға салшы. Етегіңнен тартқанға
құлай кеткенің дәрменсіздігіңді танытпай ма, оны да мөлшерле.

Тоналып қалдым екен деп қашанғы қара жамылып жүрмексің?
Тонау, талау – өңеші толмайтын обырдың ісі. Көзбен көргеніңді
күңіреніспен емес, толғаныспен айтсаң, ел сенеді. Жерлемейді,
жебейді. Алтынды жер астында қанша жатса да тот шала ма?

Көңілің көл, кеудең көрік емес пе еді гулеген? Ендеше жү­
регіңдегі отты, жаныңды мазалаған ыза-кектің ұшқынын кім
шаш­пақ ұйпалап? Сонымен елдің жүрегін жылт. Елің – ырысың.
Кеше ғана жалпақ қазақтың көгінде самғап жүрген қыраны

едің ғой. Қайтадан шарықтай самға сол қиырға. Саңқылдаған
даусыңды жұрт естісін! Әлде шырақтың сығыранған жарығын
шырайналған көбелек құрлы әуестігіңнің қалмағаны ма? Көбелек
те жарыққа құштарлығының құлы болған соң жаны құмар асы­

ғын қиып кете алмайды. Айналшықтап жүріп жалынға шарпыла­
ды да, отқа жанып өледі. Сенің де арманың – ел іші, ел ықыласы.
Күні кеше елің ірге жайған қатпар таулардың жыныс
тоғайында күркіреп жүрген қайсар қара аюындай айбарлы

едің ғой. Сол бет қаратпас айбатың қайда? Арысаң да қыстан
шықтың. Енді көкке тойған арық жабағыдай түлейтін күнің
туды... Күңіреністі қой, ­жолбарыстай сілкін! Қараңғыны
қармалатқан қалың тұманды жарып шығып, кең дүниеге құшақ

жай да, еркін құлаш ұр. Ел аспанының төріне өрлеп, асқарының
төбесінде тапжылмай тұр!.. Арқа сүйер жартасың – елің... Міне,
сол еліңнің ішіне іргесінен кірдің, енді төрін ұсынады. Әні бар,
сәні бар, ары бар. Көз сүзіп, аңсаған өнерпаздарының бірі еке­

ніңе көздері жеткен соң, төбелеріне көтеретініне күмән жоқ!..
Неге еңсең түседі?.. Елсіз өнердің күні қараң. Өнерсіз өмір бар
ма саған?! Қимылдайтын кезің келді!..
Рас-ау, мұнша торыққаным несі, жабырқай бергенім оңдырмас

деп, қалт серпілген Әсет шындап ширай бастады. Сергек ойдың

лебі көңілін желпіп, аңыраған сары желдей сарайын шарлай
жүйткіп өткенде, шабыт қысқан қырандай шиыршық атты. Тос­
тағандай дөңгелек көзінен жалын лапылдап, қан жүгірген жадау
өңі балбыраған нұрға малынды. Ноқталанған асаудай бұлқынып,

қаймақтай жұқа еріні дірілдеді. Кеудесін дауыл кернегендей
сілкіне желпінді. Жел қағып, аптап еті қарыған қоңырқай жүзі де
құбылып, ажары айшықтанды. Қонағының өңіндегі осы бір ала­
сапыран өзгерісті әлденендей жан қиналысына жорыған Мұқатай

бәйектене елбіректеп, шырқ үйірілді.

– Аға, неге қиналдыңыз, бір жеріңіз ауырып тұр ма? Күлімдей

жадыраған Әсет еңсесін түзеп, басын жоғары көтерді де, қал­
балақтаған жас серігіне ашық шыраймен жымиды.

– Жо-жоқ, абыржыма, айналайын. Ауру-сырқатым жоқ, денім

сау, еш жерім ауырмайды. Жәй әншейін, сенің сұраған жайларыңа
орай өткен күндерімді, бастан кешкен оқиғаларды еске түсіріп,
қиялға еріп кетіппін.

– Кешіріңіз, менің сұрағаным жаныңызға батса... Тек танысып,

жай-күйіңізді білуді ойлап, жөніңізді сұрап едім...

– Сұрағанның айыбы жоқ, шырағым, оның дұрыс. Өзімнің көңіл

күйімді айтам. Біліскен жақсы. «Бір күндік жолдасқа қырық күнге
дейін сәлем айт» демей ме біздің қазақ.

– Жүздің жүзін танығанша, бірдің атын біл деген ақылы тағы

бар ғой.

– Иә, дұрыс айтасың, білсең – білігің артады.

– Түнде сіз бұл маңнан біз естімеген жаңа бір ән салдыңыз.

Әуені неткен әсем еді. Өне бойымды майдай ерітіп, жүрегімді ба­
урап алған соң, сол әннің тегін ұғып, толық үйреніп қалайын деп,
өзіңізге арнайы қолқа салып үйіме шақырып едім. Бар ойлағаным
сол... Әнге әуестігім...

– Мен де талабыңды таныдым, зерделі бала екенсің. Ал енді

өзімнің жай-жапсарымды ұқтырайын. Түндегі қызу – думан
үстінде өздерің қайта-қайта атын атап, дақпыртына сырттай елтіп
жүрген, бірлі-жарым әніне емірене тамсанысқан Әсеттерің менмін
десем, жадап-жүдеп, арық таймен тепеңдеп келе жатқан бейтаныс

жолаушыға сене қояр ма едіңдер?.. Қазіргі тыпыршуым да сол
күйінішті жайға қиналып, жанымның күйзелген түрі.

– Тай мінгеннің несі айып, бары сол болса?..

– Құштар адамын көзбен көргеннен гөрі жұртқа сырттай

дақпыртының желігі әлде қайда әсерлі, елесі ерекше болады.

– Ой, тәуба-ай!.. – деп, таңырқай таңдай қақты Мұқатай

қуанып. Қонағының көңілін қалай аулаудың ығын таппай, абдырай

елпектеді. Ойнақшыған қоңыр көзі жалындап, сенерін де, сенбесін
де білмей, ан-таң. – Шынымен Әсетсіз бе? Анығын айтуға неге
сонша қиналасыз?..

– Жадап жүрген адам не ойламайды, шырағым.

– Атағына бас ұрып, дидарын көруді аңсаған армандай

Әсетіміздің өзі елімізді іздеп келсе, тақиямызды аспанға атпай­
мыз ба! – деп ақ пейілмен ақтарылды Мұқатай алабұртып.

– Ендеше, өздерің күтпеген, бірақ атына-атағына қанық, әніне

әуес Әсетің мен боламын, шырағым!

– Ой, жаным ағатай-ай, шыныңыз ба?! Аспаннан нұр жауғандай

керемет болды ғой бұл! – деп, масайрай арсалаңдаған Мұқатай
құлашын жая ұмтылып, қонағын қапсыра құшақтай алды. Албырт
жігіттің ерке қылығы, ыстық ықыласы, кең құшағы Әсеттің де тұла
бойын жалындай шарпыды. Осылайша қауышуды, төс қағысты

көксеп жүргендіктен бе, денесі қалтырап, жүрегі атша тулады.

– Көп жаса, айналайын! Рақмет пейіліңе, рақмет! – дей берді

жаны елжіреп, аузына басқа сөз түспей.

– Құдайдың оңдағаны ғой бұл, мен бақытты екенмін!..

Мұқатай қолды-аяққа тұрмай алды-артын орайды. Құмартқан
сүйсініспен қадала қарап, балаша жайраң қағады. Қуанышынан
таңданысы басым. Көрсем-ау деп көксеп жүрген адамымен
ойламаған жерден табысқаны сиқырдай әсер еткен. Әсетке

еркелеген сыңайы анық. Арман еткен қыраны қолына қонған
аңшыдай мәз, мерейі үстем. Иә, Құдай жарылқады... Қабағын
торлаған мұңы тарай қоймағанымен, жанарының оты мол
екен... Мұң мен шер кімнің басында жоқ. Біздің елді бетке алған

ұзақ ­сапарда қажыған шығар. Сонда да бетінен қайтпауының
өзі нағыз қайсарлық емес пе! Жүдеулігі жол азабының әсері.
Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің созылып барып үзілетін
кезі – көктемнің лайсаңындағы жауын-шашынға қарамастан

арық жылқымен жол жүру оңай ма? Түсім бе, өңім бе бұл?..
Біреудің атын жамылып, басқа біреу өмір сүре ала ма? Солай
болған күнде де Әсеттің орны тіпті бөлек, оған кім ұқсайды? Пар
келер адам қайда? Әні де, даусы да ерекше. Мына тұр-тұрпаты

да кезбе жолаушыға ұқсамайды. Мінезі биязы, сөзі сыпайы,
ойы терең. Тебірене толғағанда табындыра жүгіндіреді. Өзін-
өзі қадірлейтін адам асқақ болмауға тиіс. Ондай менмендік
байқалмайды бойынан. Менің әнге талпынысымды танып,

сүйсінуі де ән өнерінің сипатына жетік алғырлығын аңғартады...
Іштей қиналысына қарағанда, жан төзгісіз бір қиянатқа ұрынған-

ау, шамасы. Өзі қоян-қолтық араласып, біте қайнасып өспеген
жат өмірде сүрінісі де көп болған-ау. Қажыр-қайраты мол,
ақылы теңіздей терең адам басына түскен жәбір-жападан морт
кетіп, күрт күйремеуге тиіс... Сонау Барлықтың арғы баурай­

ында түлеген түз бұлбұлының жалпақ даланы шарлай жылжып,
Қарағайлыдан бері өрлеп, Сауырды бетке ала іздеп келе жатқаны
да – бүрленген бәйтеректей елінің бір тамырлы тармағы. Оған
медет болуға тиіспіз. Қазақ әнші-күйшілері, ақын-серілері

елін араламай отыра алған ба? Мына кісінің жүрісі де соңның
айғағы. Серіге сергектік керек. Атақ-даңқын саудалап, мұрынын
шүйірмейді дарын иесі. Барын еліне арнайды. Мұқым қазақты
өзімсініп, бауыр санайды, не деген алып жүрек, дархан көңіл

десеңші... Міне, енді өзінің ауылына келгендей жаны жай тау­
ып, жайдары қалыпқа түсе бастауын қарашы. Өнерінің құдіреті
мөлдіреген көзінен, сызылған мінезінен емес, жаныңды сусын­
дататын сұлу әнінің ырғағынан анық танылар. Сол әнге қанған

ел бір жасап қалмай ма!.. Бұл да ұлы арман еді-ау. Әншінің
астына ат мінгізіп, иығына шапан жабу – игі салтымыз. Сол
жорамен жебесек, тез түлемей ме! Өзім ертіп жүріп кең құшақ
Сауырдың өрі мен қиясын жайлаған елді аралатайтын. Осынау

қиырдағы ел ақынын көрсін, өнердің құдіретін білсін. Қашан
қайтқанынша қасынан қалмай, тәлім алайын... Алдағы істің
өрісін ойлап, осылайша тебіренген Мұқатай мейманын ізетпен
құрметтеп, ықыласын айтты:

– Әсаға, сізге қолдан келгеннің бәрін жасауға әзірмін!

Шаршап жүрсеңіз, қамсыз жатып, еркін тынығыңыз!

– Көп жаса, айналайын!.. Жолы болар жігіттің жеңгесі алды­

нан шығады дегендей, ұзақ жолдан жүдеп, түнделетіп арып келе
жатқанда өзіңдей жас серіге жолыққаным менің де өрісімнің
кеңігені ғой, Апай төс Сауырдың ақиық бала қыраны қолыма
қонса, арманым не!..

– Талғамыңызға татысам, талпынған еңбегімнің жанатынына

сенсеңіз, қайырып баптаңыз, үмітіңізді ақтауға бойымдағы күш-
қайратымды аямаспын!..

– Сенген соң қол артып тұрған жоқпын ба!

– Ендеше мен дайынмын!.. Сізге атқосшылыққа жарағаным­

ның өзі үлкен абырой маған!

– Атқосшы емес, алғыр түлегім бол!

– Құп, Әсаға, айтқаныңызды орындаймын!..

– Орындап қана қоймай, үйреніп қалуға тырыс...

– Сөзсіз үйренемін!.. Көп бөгеліп қалдық-ау. Қане, үйге жүріңіз,

мен ағаларыма хабар жеткізейін. Арқаның ақиығын көздерімен
көріп, таңертеңгі асты бірге ішсін!

– Адам сөйлеcкенше, жылқы кісінескенше үдірейіседі.

Пейілінде тарлығы жоқ қолтығы кең елдің баласымыз ғой. Ауыл
ағаларымен де дидарласқанымыз абзал. Жақсы сөз – жарым
ырыс. Шүйіркелессек, көңіліміз өсер...
Қатарласа адымдаған Әсет пен Мұқатай көгалды текшедегі

жұмыртқадай аппақ үйге тақады. Сайдың ішін жапқан кө­
леңкенің етегі түріліп, теріскейді ықтай бастаған. Күнгейдегі
қапталға өскен табақтай-табақтай жаужапырақтар самал лебіне
ырғалып, қақтаған ақ күмістей жарқырайды. Түнгі салқында

бетіне түскен шық әлі кеппеген, жылт-жылт етеді.
Алты қанат жұп-жұмыр ақ үйдің шиге қапталған киіз
есігі шиыршықтала түріліп, маңдайшаға байланған. Есіктің
алдындағы жер ошақтың басына тақау қойылған бүйірлі сары

жез самауырынның түтігінен сыздықтаған көк шулан түтін
ұйтқымай тіке жоғары өрлейді. Қарағай түтінінің ашқылтым
иісі аңқиды. Күн де көтеріліп келеді, шуағы шашырады. Үйге
тақа­ған соң Әсет еңкейіп, табалдырықтан аттады. Төсек-орын

жиналған. Үйдін іші мұнтаздай таза, сынық сүйем шөп жоқ.
Төрдегі оюлы текеметтің бетіне қара шибарқыт көрпеше тө­сел­
ген. Оң жақтағы ағаш төсектің тұсына қызыл-күрең шұға кілем
ұсталған. Екіге жарыла түрілген шайы шымылдық желбірейді.

Төсектің алдына кестелі шаршау керілген. Қақпағы өрнектелген
жүкаяқтың үстіне рет-ретімен қабатталған көрпелер тізбектеле
жиналған. Тұлыптай теңкиген жастықтар қаз-қатар қойылған.
Сол қанатта текеметпен жапсарластыра төселген ақшыл ала

сырмақ. От жақта ақ киіз бен қара киізді қиюластырып сырыған
қара ала сырмақ. Үйдің ине шаншым жері бос емес. Сықаса
толған әсем бұйымдар көзді сүріндіреді. Босаға тұсқа жолағы
анық әр түсті алаша құрым киізді жаба жайылған. Керегелердің

басын термелеп тоқыған өрнекті шым басқұр жапқан. Өрнекті
ағаш төсектің бас жағында күмістелген адалбақан. Түндігі
жартылай ашық тұрған шаңырақтың жиегі де, күлдіреуіштері
де әшекейлі. Шаңырақтың екі шетіне қарама-қарсы байланып,

төмен салбыраған дөдеге де безелген. Ұшы шоқпардай шашақ
желбаулар да, үзік пен туырлықтың ішкі баулары да термеленіп
тоқылған төрт елідей шыжым құр. Бәрі де асқан шебер қолдан
шыққан асыл бұйымдар. Қазақ әйелдерінің өз үйін сәндеп-

безеп ұстаудағы қайталанбас өнері. Әрбір зат өз орнын тауып,
жиһаздардың келісімін асырып тұр.

– Әсаға, жоғарылатыңыз! – деп төрді нұсқады соңынан кірген

Мұқатай. Жәй басып, көрсеткен тұсқа барған Әсет жүкаяққа
арқасын сүйеді де, малдас құрып отыра кетті. Мұқатай жүктен
жастық алып, шынтағына қойды. – Мен үлкен ағайымды шақырып
келейін.

– Бара ғой, айналайын.

Мұқатай асыққандай жалт бұрылды да, жеделдете адымдап
сыртқа шықты. Әсет жалғыз қалды. Әуестеніп үйдің жасау­
ын тағы да бір шолып өтті де төбеге қарады. Жартылай ашық
шаңырақтан тұп-тұнық көгілдер аспан төнген. Ауыл үстіне ты­­

ныштық орнаған. Жел де жоқ. Сайдағы өзеннің күркіреген са­
ры­лы ғана тау-тасты жаңғырықтыра тербеген. Басқа дыбыс жоқ.
Әлі арылмай іркес-тіркес шұбатылған ойдың желісі Әсетті
қайта тебірентті. Қайран қазақ әйелдері-ай!.. Қаншама өнер,

тапқырлық жатыр бойында. Өз тұрмысыңа лайық сән іздейсің...
Дабыра-даңқ шығармаса да, ыждаһатпен жасаған бұйымдары
көзіңе қуаныш ұялатады. Осыны да танып, бағалай алмай келеміз-
ау. Бұл да орны толмас өкініш... Ал анау керегеде ілулі тұрған

жүген-құйысқанды, күміс шапқан ер-тұрманды жонып-соққан
зергердің құдіретін айтсайшы!.. Ол да бір үйдің сәнінен аса алмай
тұр. Өрістемеген өнердің де өкініші көп...
Тегінде, адам өміріндегі ең азапты күйініші – іштей жылау

екен-ау. Өңімде ойламақ тұрмақ, түсіме де кірмеген сұмдық
күйзеліс менің де басымнан өтті. Көзімнің жасы парлап төгілмесе
де, деміме тұншығып, үнсіз өксідім. Әлде өмірдің екі беткейлігі
осы ма? Шағылға өскен өсімдік ыстыққа төзе алмай, тез қурайды.

Теріскейдің саясы мол. Сондықтан шалғыны қою, ағашы да
қалың. Сол тәрізді біздің қазақ елі әлеуметтік аласапыранда
қасқыр шапқан қойдай тоз-тоз боп шашыраған. Далада қалып,
арса-арсасы шығып қаңсыған астауға ұқсайды. Қайда барсаң

да қағажу көріп, қайнаған ортаға араласа алмай, жетімсіреп
жүргенін көресің. Айтақырда адасқан жалғыз адам да төбесінен
аптап қақтағанда жан сауғалар көлеңке іздейді арпалысып. Ал
біздің қазақ сая таппай жүр. Мен өмірдің шуағын да, саясын да,

шағылын да көрдім. Сонда не істеп, не тындырдым. Тас басып,
тау астым. Өмір жолының бұралаңы көп екенін ғана білдім.
Қиырдағы арман еткен нысананың елесін көзбен шамалағанмен,
жеткізер емес. Бұл да өкініш... Өмір шолақ, жол ұзақ. Жүріс тын­

байды. Кімді таныдым, нені болжадым? Адамның бәрі жұмбақ.
Бұрын өзім санаушы ем, олай болмады. Мінез-құлқы басқа-басқа.
Біреуі ашық, біреуі тұйық. Қайсыбірінің ішіне үңіліп үлгіресің.
Кейбіреуінің көзі күлімдеп тұрғанымен, кеудесін жайлаған

мерезін сездірмейді. Жақсысын да, жаманың да қымтап жауып,
тымпиған қалпынан жазбайтындары тағы бар. Енді біреулер көз
алдында көлкілдеп, алды-артыңды орайды да, өзі пайдалы деп
діттеген сәтіне жеткенде жалт бұрылып, орға итеріп тастайды.

Момын елді де сондай сумақайлар мен қомағайлар жем қып
жүр. Ал ой баққан адамдар қарманар бұтасын таппай томсарған
толғаныспен дүние сырының тұңғиығына сүңгиді. Сонда да
қолына ұстағаны қанағаттандырмайды... Осы болжамдар менің

де көзімнің шелін сылып, шарасын кеңейткен секілді. Адал да,
алғыр да, арам мен алдампаз да, айлакер де адам баласының
арасынан шығады екен. Жақсылық пен мейірімнің, зұлымдық
пен жауыздықтың қайнары да сол тұста ма? Жапалақ құсап

өмірдің сәуле түспейтін қараңғы түкпірін паналайтындар да,
тізеден қан кешуді аңсайтындар да бар. Осы сұм пиғыл адам
баласынан арылмай-ақ қойды-ау... Жауыздық – озбыр, обыр
ниеттен туады. Құлқын құмарлық өктемдікке бастайды. Арманға

ілескен адамның бойында қатыгездік болмауға тиіс. Мақсат-
мүддесін жария айтып, дүниені дүр сілкіндіргісі келсе, Хауа
ананың ақ сүтімен дарыған қасиеттен қуат алғандар болар. О,
дүние, осыншама ала-құлалықтан тазарар күнің туар ма екен?

Не таптым бұл өмірден? Намысы жоқ адамнан парасаттылық
күтуге бола ма? «Бақыт – өз басың үшін көксейтін ізгілік» –
депті бір ғұлама. Бар құны сол-ақ па? Ән салсам – жұбаттым,
күйзелгеннен күңіренген көңілін көтердім. Өлең айтсам – мұңы

меңдеткен жанын тербедім. Көкейлеріне мейірім дәнін сепкім
келді. Тіршілік бағдарын ұқтыруға тырыстым. Өлең-жырымда,
қисса-дастандарымда жауыздықтың, озбырлықтың, арамдықтың,
зұлымдықтың сырын аштым... Адамдықтың, ынтымақтың, ауыз

бірліктің туын көтердім... Түу, мұнша күңіргенгенім не?.. Өмірсіз
адам болмайтыны сияқты, адамсыз өмір де жоқ қой. Дүниенің өзі
адамнан құралмай ма? Бар білгенім – күллі жақсылық та, жауыздық
та адамның өз ішінен шығады екен. Бұл ала-құла сананың жемісі

болар. Қайғысы мен қасіреттің бірге жүретіні содан ба? Жарақаттан
қатқан қан қайта еріп, жүрегіңе тамшы боп құйылмайды. Елдің
ақ жарқын ықыласы ғана – менің жаралы жанымның шипасы.
Жүректен аққан қанның тыйылар күні де туар. Адам қаны суша

аға бермес. Қан сасыған дүние де төңкерілер... Жақсылық пен жамандықтың шайқасы бітпейді онсыз. Адамды үміт жебейді. Ақын мен әнші – үміт пен арманның жаршысы. Аузыңды баққан ел езуіңдегі күлкіден, қас-қабағыңның құбылысынан көксейтініңді, ынтыққан құштарыңды, ойыңның нышанын сезе қояды. Запыс болған қашаған жылқы сықылды тосын қараға елегізе береді. Қиюын таппасаң – сенімінен күдігі көбейеді. Ақынның кеудесіне ізгіліктің терең бойлайтыны содан ба?... Ех, сорлы ақындар-ай... Өзіңнің қара басың үшін емес, еліңнің, халқыңның мұң-зары үшін күйесің-ау әманда. Сол жолда азап та шегесің. Кейде қара басыңа қатер де төнеді. Өзі туып-өскен ортасынан пана таппай қуғынға ұшыраған ақындар қаншама дүниеде. Бірақ үн-түнсіз, жақ аш­ пай жүруге ақын жаны төзе ала ма? Ақтарылып, төгілмесе шері тарқай ма? Қазір жұрт жиналып, қолқа салса, ауыз ашпай қалай шыдаймын?.. – Асса-лау-мәли-кө-өм!.. – деп күрілдей созалаңдаған жуан дауыс Әсеттің қым-қуыт сапырылысқан қиялын бөлді. Өзіменөзі сырласып, шиыршық атқан толғаныспен отырып, сырттағы дабырды аңғармай қалыпты. Табалдырқтан еңкейе аттаған ұзын бойлы, шоқша қара сақалды, сусар бөрікті кісі баяу адымдап келіп, тізерлене көтерілген Әсетпен қол алысты да, қасына малдас құрды. Оған ілесе кіргендер де кезекпен қол беріп, іргені жағалай жайғасы. Алтай тиінінің үлпілдеген сұрғылт түкті терісінен сыздықтата жаға салған, өңірі оқалы қызыл барқын қамзол киген, етегі жер сызған көк жібек көйлекті, аппақ кимешегінің құйрығы шұбатылған, әжімсіз толық беті қып-қызыл, денесінің еті қалың орта жастағы бәйбіше қара сақалды кісінің тізесін баса келіп отырды. Жұрт тегіс орнығып болған соң, әлгі қара сақалды, қапсағай денелі кісі сөзін жалғады, – Е, Әсетжан, құлақ естігенді көз көреді дейді екен бұрынғылар. Сыртыңнан даңқыңа қанықпыз. Жаңа Мұқатайжан­ нан осында келгеніңді естіп, төбеміз көкке жеткендей қуандық. – Менің де көптен көксеп, келе алмай жүргенім осы ел еді!.. – деді Әсет те әлгі кісінің көңілін жебеп. – Күллі Сауыр жұртына біздің ауыл сауықшылдығымен әйгілі. Ағайымыз Дәулеткелді асқан күйші еді. Жас кезімде мен де тойдуманнан қалмайтынмын. Сауық-сайранды аңсаушы ек. Ендігі кезек Мұқатайға тиді. Құдай айдап келіп, атыңның басын біздің ауылға тіреген екенсің, туымыз көкке өрлер... Аруағың жебесін артыңдағы өреніңді. – Қолдан келгенін аямаспын, – деді Әсет жайдары күліп.

– О, айналайын ақ сұңқарым, біз де бабыңды табу үшін бары­

мызды салып бағармыз.

– Онда мен де самғайын қалықтап.

– Е, міне, сөз бітті... Ал, енді өз жөнімді айтайын, мен осы

Дәулеткелді аулының ендігі қариясымын. Мұқатайдың әкесімен
бірге туған ағасымын. Дәулеткелдінің туған інісімін. Атым Қаби.
Мына кісі Бибіш бәйбіше, біздің ардақты жеңгеміз. Осы үйдің
тұтқасы, құты.

Аңқылдаған Қаби іркілмсетен ақтарылып, ауыл-аймағын түгел
таныстырып барып тоқтады. Ашық пейілге Әсет те жадырады.

– Қабеке, ізгі ниетіңіз жадап-жүдеген, шөлден қаталаған жа­

нымды сусындатып-ақ тастады!

– Е-е, жүдегенің не?.. Алдында елің, жұртың бар емес пе?

Айдалаға қонып отырған жоқсың. Шаршасаң – тынық.
Құдайға шүкір, адам сыйлай алатын салтымыз бар.

– Ұзақ жол қажытқан сықылды, Қабеке. Бүгін сәл тыныққанға

денем сал-сал боп қапты.

– Жол азабы – көр азабы деген. Тынық, әкем, қысылып-

қымтырылма. Өз үйіңдей көріп, емін-еркін көсіліп жат. Еркелігіңді
көтереміз!

– Ықыласыңызға рақмет! Өзімнің ойлағаным да сол, екі-үш күн

тынығып, ес жинап алайын.
Жалпақ қызыл-ала жолақты дастархан жайылды. Сары ірімшік,
сықпа құрт араласқан қызыл бауырсақ төгілді. Үлкен сырлы
тегенемен шүпілдеген қымыз келді. Хош иісі анқып, үйдің ішін

кернеді. Дастарханның оң жақ шетіне қойылған тегенені талыс
кеуделі, шымыр денелі, қара шибарқыт пешпет, қайырма жағалы
ақ жейде киген қара торы жігіт дөңгелек бүйірлі, қос ауызды,
сабы күмістелген, май сіңіп күреңденген, қайыңның безінен ойып

істелген ожаумен құлаштай сапырды. Быжылдай көпіршіген сары
қымызды сырлы тостағандарға құйып, өзінің оң жағындағы кісіге
ұсынды. Тостаған қолдан-қолға сырғи-сырғи Қабидың қолына
тиді. Ол зор ілтипатпен Әсеттің алдына қойды. Барлық көз соған

қадалған. Қонақ қымыздың үй ішіндегілердің бәріне құйылып
болауын тосты да, ұмсына қоймады. Келесі тостағанды өзі ием­
денген ауыл ағасы:

– Қане, Әсетжан, дәм ал, – деп, майы кілкілдеген сары қымызға

ерінін матырды. Бұл кезде жасы үлкен тағы бір-екі кісі тостағанды
қолына ұстап үлгерген-ді. Әсет те алдындағы сырлы тостағанды
жерден көтерді. Түбінен шымши ұстады да, ернеуінен сыздықтата

сімірді. Өңештен әрі асып, өзегін аралай сырғыған қымыз
ішін жылытып жіберді. Сәл тыныстаған соң тостағанды түгел
сарықты да, дастархан шетіне қойды. Қаби бос тостағанды қымыз
құюшыға қарай ұсынды. Сөз аз, қарқындарын басып алғылары

келгендей, бөтен қимыл да жоқ.
Шаңырақтан үйдің ішіне күн сәулесі шашырай түсті. Қымыз
ішушілердің сарығы басыла бергенде жұнттай ақ сары бас қойды
жетелеп кірген Мұқатай табалдырықтан аттады да, көлденең

тартып тұра қалды.

– Ардақты Әсаға, ақ батаңызды тілеймін! – деді қойдың мойнын

тақымына қысқан күйі алақанын жайып. Үйдегілер де қостағандай
жапырлай алақан жайысты. Үлкенді сыйлап әдеттенген Әсет
қасындағы Қабиге бұрылды. Оның ойын сезген ауыл ағасы:

– Ауыл менікі, жол сенікі, Әсетжан, аумин!.. – деді жарқын

қабақпен қол жайып. Әсет екі қолын жоғары көтерді.
Ескі сарынға салмай, өзінің ниетін ашық жариялап тақпақ­тай
жөнелді:
Ал, батамды берейін,

Арта берсін мерейің.
Қойға толып өрісің,
Алшы түссін кенейің.
Құлын-тайың шұрқырап,

Тассын бағың Керейім!
Басыңа бұлт қонбасын,
Өрім гүлің солмасын!
Төбеңе күн ұялап,

Тірлігіңді оңдасын!
Қиындыққа қайыспа,
Арың болсын жолдасың!
Ел бастасаң – батыр боп,

Ер Жәнібек қолдасын!
Дұшпандарың жер шұқып,
Сағы сынып сорласын!
Судай тасып дәулетің,

Еш жамандық болмасын!..
Шынайы ықыласпен ниетін айтып бітірген Әсетке ілесіп,
үйдегілер тегіс «Аллауәкпар!» деп беттерін сипасты. Тілек жыр
тебіренткендей көздері ойнақшыған үлкен-кіші масаттана кү­

лімдеседі. Олардың көңіліндегіні жариялап:

– Айтқаның келсің, Әсетжан! – деген Қабидың жайдары үні

жұрттың тілеуін үстей түсті. Жүзі албыраған Бибі бәйбіше де разы:

– Өркенің өссін, қалқам!..

Күн көтерілген, қозы өрген шақ. Қыдырмашы қымызшылар­
дың да қарасы көбейді. Бірлеп-екілеп сәлем беріп кіреді де, да­
стархан шетіне орныға бастайды. Жиналғандар лезде ел аузына
іліккен қонақтың ерекше артықшылығын іздегендей тұла бойын

тінте шолады. Бұл кісінің кім екенін құлағы шалған-ау, шамасы,
кейбіреулер табалдырықтан аттаған заматта оның қоңырқай
жүзіне құмарлана көз тастайды. Өзіне шынайы қызығушылықпен
ынтыға төнген жанарлар Әсеттің де көкейін түрткілеп, делебесін

қоздырды, тұнып тұрған көл бетін жел шайқағандай жан дүниесін
сапырылыстырды. Іштей елікті, О жұртым, сенсің ғой менің
бақ-талайым... Осынау жаудыраған үмітшіл жанарларың емес
пе аңсағаным шөліркеп. Білемін не тілейтіндеріңді. Қанша

қалжырасам да, сендер үшін бір қайырымға әл-қуатым жетер.
Қалау-тілеулеріңді момақан жүздеріңнен көремін, анау жау­
дыр көздеріңде бәрі сайрап тұр... Мына бір момақан сылқым
қара-өткен түнде салған әнімді естігендердің бірі. Бүгін төне

қарайды маған. Жанын жадыратар ән тілей ме? Телміре қарайды
үздігіп. Нендей артықшылығы бар дей ме? Серіктері неге оны
сонша қошаметтейді? Асты-үстіне түсіп: «Қайыр, Қайыр» деп
елпек қағысады. Құрбыларына өнегесі үстем-ау тегі. Өңінде

әлденеңдей мұң бар. Байғұс баланың жаны жаралы ма? Көп
ойлап, аз сөйлейді. Ондай сәттс отты жанары жайнап, әр сөзін
қадай нығыздап, орнын тауып айтады. Әдейі іздеп келді ме екен?..
Әсеттің ойын сезгендей сылқым қара да ақ жарқын түрмен

үміт арта сыпайы жымиды. Өзінің әлденендей қуанышының куәсі
болуын тілейтін тәрізді. Қажыған жанар мен үміткер жанар та­
быса қалғанда екеуі де осындай сыр ұғысты. Біреуі жаутаңдаған
жанардағы мұңды таныса, екіншісі – дархан парасаттан жәрдем

тілеген кейіпте еді. Қасіреттен қамыққан қайран жастық-ай деп
өксіген Әсет ақырын күрсінді.
Бата берілген қойды сыртқа шығарып, союшыға тапсырған­нан
кейін Мұқатай қайтып келді. Төсектің бас жағындағы керегеде

ілулі тұрған үкілі домбырасын қолына алды да, еркелей келіп
ағасының қасына отырды. Елдің делебесін қоздырғысы келгендей
ұзын сүйір саусағымен қос ішекті саумалай қағып, ойнақы бір
әннің сарынын безілдетті. Сол сәтте Әсетке қарай еміне қараған

жұрттың қалауын жақаурата аңғартқысы келген Қаби:

– Тұлпардың тұяғы сазға басса – кетіледі, тасқа басса –

жетіледі, Әсетжан, – деп, бипаздай сипақтады. Бұл кісінің
алыс­тан орағытып, нені меңзегенін сезгендей үйдігелер де
қозғалақтап, қобыраған қимылдарымен қостады. Қаби шыңдай
түсті. – Сені бүгін көп қинамаспыз. Ал бір-екі күннен кейін өзің

алғаш аяқ басқан мына Кексеңгір жотасының ой-қырындағы, сай-
саласындағы ел осылай ағылады, соны ескертіп қояйын. Мына
тентегімнің қалауы солай. Аулымызға думанның туын тігеміз.

– Сол туды Әсағаң көтереді, – деді көзі мұңды сылқым қара

жадырай қолқалап. Әсет аңқылдақ Қабиға бұрылды.

– Ақиық аспанға ұшпай өмір сүре ала ма, Қабеке. Жас қыран

көкке талпынса, қанатының астынан демеп, арынын асыру – біз­
дің парызымыз.

– Е-е, бәрекелді, Әсетжан!.. Ақылды адам емеуірініңнен біледі.

Алайда, қазірше алдыңдағы мына көген көздер бір ауыз лебізіңе
құмартып, шөлін басар сусын тілеген ниеттері бар. Құры ауыз
қайтпасын таңдайларын қағып, разы қыл.

– Онысын сездім, Қабеке...

– Сезсең, арғы жағын өзің біл.

Тілегі қабыл болған Мұқатай лып етіп, ұшып түрегелді де,
үкілі домбыраны Әсетке көлденең тартты. Бұл да әншіге құрмет
көрсетудің бір жолы. Әсет қызыл аршадан жонылған домбы­
раны ұстап, мәпелей сипалады. Сәл кідірістен кейін ырғала

теңселіп, ыңғайлана орнығып отырды, Жанындағылар ығыса
шеттеп, қимылына кедергі жасамаудың қамын ойластырды. Әсет
білегін сыбанып жеңін түрді де пернені лыпылдата басып, қос
ішекті сұқ саусақпен ілмелей қағып-қағып жіберді. Домбыраның

дыбысын байқады. Бабында екен. Делебесі қозып, көңілдене
желпінді. Шабыт шақырғандай ойнақы, арынды бір желдірме
күйді құйқылжытты. Домбыра қақпағының бетінде жорғалаған
саусақтардың ұшынан күмбірлеген үн төгілді. Сылқым са­

рын тыңдаушылардың жүрегін тербетіп, шалқи желпіді. Күй
аяқталғанда:

– Ал, жұртым, құлағың сал! – деді Әсет жайдары түрмен.

Бұрқақтай атқылаған өрен үн тау суындай сарқырайды. Көл
бетінде қалқыған аққудың сыңсыған дыбысындай ауда­рылып-
төңкеріледі. Үйдің ішін жайнатып, сәуледей құбылады. Ағыл-тегіл
сорғалаған әуеннің ырғағы баспалдақтай өрлеп барып, атырылған

арынын бірте-бірте бәсеңдетті де, ақырын қалықтап кеп тоқтады.
Үйдегілер ұйып қалған, сиқырланғандай тым-тырыс.

– Бұл күйіңнің аты қалай, Әсетжан? – деп сұрады ойға шом­ған

Қаби әлден уақытта білуге құштар қазақи әуестікпен.

– Ән салар алдында осы сарынмен серпіліп, бой жазып алатын

әдетім еді. Бұл «Кертолғау» деп атап жүрген құлақ күйім.

– Құлақтың құрышын қандырады-ақ екен, шіркін!..

– Абай айтқандай, айқайдың бәрі ән емес, – деп Әсет әнге өз

ілтипатын танытты да, өнердің, сырына жұрттың назарын аудару
мақсатымен ойын көсіле айтты. – Әннің рухты жебейтін қасиетін
тыңдаушының жүрегіне жеткізу үшін алдымен олардың сезімін
оятып, санасын игеріп алған жөн. Құлақ күйі сол үшін керек.

Одан әрі көңілі ауған жұрт өзінен-өзі-ақ ынтығады. Салған әніңе
зейінмен құлақ түреді.

– Е-е, мұндай да кереметі бар ма?..

– Адамның жаны сонда ғана ләззат алады.

– Естідіңдер ме, балалар, – деді Қаби өрімталдай бозбалалар­ға

ой түсіргісі келгендей. – Беталды барқырап, жаттығудың қажеті
жоқ екен. Әнге де бап керек болғаны ғой.

– Ондайды бізге үйрететін адам кезікті ме? – деді

Мұқатай жоқтыққа өкпелегендей бұртиып. Ағасы мұны
құптады:

– Иә, рас айтасың, ондайға біздің шамамыз жетті ме?.. Енді

Әсетжаннан үйреніп, тәлім алып қалыңдар! Сендерге бұл да үлкен
сабақ. Біз тоқал ешкі сияқтымыз. Бұрын шыққан құлақтан соңғы
өскен мүйіз озады. Тәңір жарылқап, жаңа өнегенің есігі ашылды,
тәлім алыңдар!... Бұл – Әсет мектебі.

– Тас түлектерді баулуға мен әзірмін, – деді Әсет те пе­йілде­

ніп. – Әрімізді кіргізетін жал-құйрығымыз солар ғой...

– Құдай тілеуіңді берсін, Әсетжан!

– Ал, әзірше көптің қалауын орындап, бір-екі ән салып берейін.

Жұртым, бүгінше соған қанағат ете тұрыңыздар!

– Иә, Әсетжан, сөйт. Зорланып қиналма,– деп қостады Қаби

басқаларға да көп талап етпеуді ескерткендей.
Сыртта да аяқ дыбыры көбейген. Туырлықтың босаға тұсын,
іргесін түріп те үлгеріпті. Іштегілерді дүрліктіргісі келмей үйді
маңайлаған кемпір-шал, қыз-қырқын, келін-кепшік, бала-шаға сол

тұсқа ұйлығысып, керегенің көзінен сығаласады.
Әсеттің әруағы қозды. Домбыраның қос ішегін термелей
қаққанда былқылдай сылаңдаған коңыржай әуен күмбірледі.
Соған ілесе самалдай сусыған екпіні жүрдек бір әнді ырғалта

жөнелді. Қалықтай әуелеген ән сазы сұңқардай сымпылдайды.

Ырғағы жібек орамалдай желбіреп, көкейді желпіді. Бір сәт кілт
өзгеріп, көк шыбықтай бұрала теңселді. Айдында жүзген арудай
аунақшып жалтылдайды. Бір мезет шиыршық ата ширатылады.
Шымырлай қайнап, жүрекке сіңіп жатыр. Шөліркеп сусаған

жерге дәл тиеді. Әуен сарыны дала гүліндей ырғалады. Елтіген
жұрт мүлгіген, теңселе бас шұлғиды. Сусылдай есілген сұлу
сарын бірте-бірте бәсеңдеп, қонуға қомданған құстай төңкеріле
төмендеді. Сыңғырлаған күміс қоңыраудай созалаңдап барып

тынды.
Мұндай құбылмалы әнді, жарықшақсыз тұнық дауысты
естіп көрмеген қариялар әншіге тамсана сүйсінсе, егде әйелдер
еріндерін сылп еткізіп, тандайларын қағады. Әнші құдіретіне бас

иген. Жастар өбіге тамсанысады. Осыны аңғарған Әсет тағы бір
сарынды қайырды да:

– Енді жас түлектердің көңілін жебейін де, ырықты өздеріне

берейін, – деді маңдайының терін сүртіп. – Бұлардың да талап-
талпынысын, аяқ сілтесін көрейік те!

– Дұрыс, Әсетжан, солай болсын, – деп мақұлдады Қаби бұл

ұйғарымды. – Ал, қамданыңдар, балалар. Тұлпар шабысынан
кейін құнандар жарыссын, арындарыңды байқасын Әсетжан!..

– Бұл жолы өзім бастайын да, сыншы емес, тыңдаушы бо­

лайын.

– Қыранның қиқуы қара құсқа медет береді дегендей, тырба­

нып бағар. Содан-ақ танырсың шамаларын.
Әсет домбыраны ырғай шайқады да, желісі майда, үлбіреген,
екпіні еміндіретін бір қоңыр сарынды суырды. Тамағын ақырын
кенеп қойды да, лекіген ырғақпен термелей жөнелді:

– О, о-о, о-оу!..

Шілденің жанға жайлы күн шуағы,
Жайқалған гүл-бәйшешек құлпырады.
Қоңыржай баяу желпіп самал ессе,
Ағаштың сыбырлайды жапырағы.

Жайылған жасыл кілем жер-әлемге,
Жадырап жайраңдайды жанның бәрі.
Көз тартса алыстағы қарлы тауы,
Желкілдер жерде жуа, сарымсағы.

Әуеде әнші құстар сайрағанда,
Шымырлап қуат балқыр бойыңдағы.
Жағалай өзен бойын ауыл қонса,
Жарасар көгалдағы бие бауы...

Нөсердің нөпіріндей сорғалаған өлеңге сай әуенді толғай
қайырды да, сәл тыныстады. Бірақ домбыраның сағасындағы
сыңғырлаған үн үзілген жоқ. Жайлаудың жайқалған көркі көз ал­
дыларынан суреттей тізбектеліп, үйдегілер де желпіне жай­наңдады

да, арадай гулесті. Шаттана масаттанып, желпіністі.

– О, бәрекелді, көп жаса!

– Міне, төкпе ақынның құдіреті!..

– Па, шіркін, таудың исі келді-ау танауға!..

Әсет мақтау-мадаққа елікпеді. Сабырлы қалпымен ырғалып
қойып, әрі қарай шырқады. Өлеңін айтқан сайын кеудесі кеңіп,
көңілі өсті. Денесінің құрыс-тырысы жазылды. Тот басқандай
тұтығып жүрген өңеші шаң-тозаңнан аршылғандай даусы да үдеді

арындап. Маңдайы тершіп, денесі жіпсіді. Көзінде ұшқын, езуінде
күлкі ойнады. Екі беті қызара бөртіп, кең мандайының кірбіңі
жазылды. Қолтығы қызған сайын үдеген бәйге атындай анталады.
Танауы желбіреп, басын сәнмен шұлғыды. Толқындай ширатылған

сарынға қосып әуенін де шайқалтады. Ұзаққа сілтемей, бір
қайырып тастап, тоқтамақ болған Әсеттің ырқын тасқындаған
ойы билеп, әрі қарай жетеледі. Айтпақ межесіне жетіп, түйіндеуді
ұйғарды да, әуенін жебелей жорғалатты.

– О, о-о, о-оу!..

Жаз шығып, жаманшылық тоналғанда,
Тас гүлдеп, өмір шалқып оңалғанда
Оранып жердің беті көк орайға,
Самалы салқын сая болар жанға.

Бүлдірген қарақатпен тереміз деп,
Сай-сайға қыз-келіншек жоғалғанда;
Жылыстар соңдарынан бозбалалар,
Ғашығын іздеп табар со барғанда.

Қауышып емін-еркін ен далада,
Айқасып жұмыр білек оралғанда;
Оларға тас – шымылдық, шалғын – төсек,
Басына жастық табар томардан да...

Домбыраның құйқылжыған үні жебеген ерке дауыс сырғанай
төмен құйылды да, тағы да тыныстады. Даурыққан дауыстар
естілмеді. Қызулына қозғалақтай бастағандардың қошамет дабы­
рын қоздырып, у-шумен көңілдерін босқа алаңдатпау үшін көп

бөгелместен даусын лезде қайта әуелетті. Күлімдей жай­наңдаған
көздер ұмсынғанмен, ниеттерін айтып үлгермеді.

– О, о-о, о-оу!..

Жасырып құшағына кемер сонда,
Оларды қалқалайды шоқ орман да.
Өзімнің халал жарым болар ма деп,
Сенісер жас жүректер қол алғанда.

Сағынып сарғайысқан бұл кездерде,
Бір-бірін көре алмаса, о да арманда.
Жігіттің бір құмары осы-дағы,
Армансыз кім бар дейсің бұ жалғанда.

Барында оралыңның ойна да күл,
Қызықсыз жігіт адам оңалған ба?!
Бойында қуат барда қарыштап қал,
Бұлданып өз-өзіңнен қоразданба!..

Ел-жұрт көп жиналған осындай қызу жиын үстінде адам
қасиетінің артықшылықтарын баса айтып дағдыланған тәсілінен
танбады, жастарға ой тастай толғады.
Жайдары жүз, ырғақты ән, ойнақы өлең көкейдегі сезімді дөп

басып, тыңдаушылардың сусаған жанын сусындатты. Жастардың
көзінде күлкі. Жүздері бал-бұл жанған. Үлкен кісілер ойға шомған.
Қара үзіп, алыстап кеткен қызығы мол күндері бұлдырлана еле­
стегендей мұңайысқан. Әлденендей сағыныштың табы қайта

қоздағандай үнсіз толғанысады. Қартайған сайын өмір де тозып,
қаңсыған қара далаға айналатынына өкініп, соған амалсыз сенген
кейіпте мойын сұнған. Әр жүректің түкпіріндегі арман пердесін
желпіген ән самалы сипалай аймалады да, бірте-бірте арынын те­

жеп, жер бауырлап сұлай кетті. Өкінішті күрсіністер де, жайдары
күлкілер де естілді.

– Ой, көп жаса, Әсетжан! – деді мүлгіп кеткен Қаби шұлғы­ған

басын қалт көтеріп алып, жайнаңдаған қуанышты кейіппен. – Ал
балалар, енді ағаларыңды зорламаңдар, демалсын!.. Алыс жолдан
келіпті. Кезекті өздерің алыңдар!

– Сен басташы, Мұқатай! – деді Әсет үміттене тебіреніп,

ұшатын құсша елпелектей алабұртқан ақ сары жігітке домбыраны
беріп. – Талабына қанат бітіретін мына домбыраны менің өзіңе
алғаш ұсынғаным болсын!..

– Ниетіңе құлдық, қарағым! – деп көңілі желпінген Бибі бәйбіше

баласына сеніммен қарады. Мұқатай сәл қибыжықтады.

– Мен осы елге таныс, бәрі білетін әндерді ғана саламын, Әсаға!

– Ел әні – алтын қазына. Соны игерсең – ырысың! Бабымен,

нақышын бәз қалпында айта білудің өзі де екінің бірінің қолынан
келе бере ме?!

– Бір әнді айтып көрейін, өремді өлшерсіз... – Именбе!.. Жасқаншақ адам – жаңғалақтыққа ұрынады. Шабысыңды, арыныңды таниық та әуелі. – Баста, Мұқаш, құйқылжытшы!.. – деп өтінді қымыз құйып отырған шымыр қара ентелеп. Мұқатай сәл бөгелді. Қабағы жыбырлай ойланды да, пернені қағып, ән ырғағын іздеді. Домбыра шертісі сылқым екен деп ойла­ды Әсет. Балғын саусағы майысып, әннің сарынын қуалай жүйткиді. Домбыраның қақпағын тасырлата соққыламай, даңғырлатып төмпештемей, майдан қыл суырғандай термелейді. Қос ішекті өрім шыбықтай бұралтады. Домбыраның үнінде «Бір бала» әнінің сарыны ырғалып аз тұрды да, ысылмаған балғын, кіршіксіз мөлдір дауыс ерке назбен қалқыды. Талдан таяқ жас бала таянбайды, Бала бүркіт түлкіден аянбайды. Угай-ай, Ән салшы, бір бала-ай. Қос етек, бұраң бел, Қуалай соғар қоңыр жел... Көкейдегі тәтті сезімді үміт жебеп, көкке ұшқандай. Шабытты қырандай саңқылдап, таудың көгілдір аспанының төріне шырқап шықты. Кеудеге ұялаған асыл сырдың лебі еседі. Әнші жігіттің сызылған ерке-назды үнінен алау арманның да сәулесі себелейді. Көзін қадай елтіген күйі құштарлана құлағын тосып, мүлги тыңдаған Әсет үнсіз. Терең қиялға батқан. О, дариға, жас дәуренай!.. Шешек атып, жайқала ырғалған гүлсің-ау. Мына баланың ойы мен сезімі де, сенімі мен мұраты да нұрлы. Ізгіліктің ізгі сәулесі жүрегін кернеген. Өнерінің алды ашық. Ән тербелісінің бунағын дәл басып, нақышын өзіндік тебіреніспен өреді. Ой мен сананы бағындырған нәзіктігін де шыңдап, сырлай білген. Талаптанушы ғана емес, қиянға самғайтын жас сұңқардың өзі. Іштей өзімен-өзі сөйлесіп, сүйсінген тебіреніспен ой кешкен Әсетті жұрттың дүр ете қалған даусы сергітті. Кәрі-жасы түгел Мұқатайды мадақтап жатыр. – Бүгін бабыңа келіп, құлшынып-ақ тұр екенсің! – Әсағаңның әруағы жебеген ғой! – Көп жаса, айналайын!.. Әнді аяқтаған Мұқатай алқына дем алып, айналасына қа­райды. Сол кезде есіктен басын сұға сығалаған біреу оған ым қақты.

Мұқатай ұқтым дегендей басын изеді де, орнынан түрегелді. Дом­ бырасын төсектің үстіне қойды да, ағасына қарады. – Ас әзір екен... – Әсетжан, далаға шығып, біраз бой жазып келіп отырайық – деді Қаби козғалып. Үйдегілер орындарынан қопарыла көтерілді. Босаға жақ­тағылар сыртқа лап қойды... ШАЛҚЫҒАН ӘН Апта бойы Қаби мен Әсет жұптарын жазбады. Таңертеңгі астан кейін және кешкі салқында ауылдың күнбатыс жақ желкесіндегі шолақ төбенің басына шығып, кең-молынан көсіле әңгіме-дүкен құрып жүрді. Осы ашық райдың арқасы ма, Әсет жан азабынан арылып, көңілді қалпына түсе бастады. Мұндай кездерде ауылдың басқа егде кісілерінің қолы бос, әңгімеге әуестері болмаса, көбі мал қамынан босана алмайды. Екі ағасының қасынан қалмайтын Мұқатай ғана. Қабидың ақылы бойынша әб­ ден тынықсын деп, қымызды да қыдырмашыларға араластырмай, оңашалап құяды. Мұнысын жұрт Әсеттің бабына келуіне жағдай жасағаны деп ұғып, көп сарылмай тарасады. Әдетінше, бүгін де ерте тұрған соң, өзен жағасын серуенде­ ген Әсеттің бойы сергек, жүрегіне жұбаныш ұялаған. Бетіне қан жүгіріп, әрі кірген. Ажары ашылған. Денесінің құрыс-тырысы жазылып, едәуір қунап қалған. Кеудесіне тастай қатып, сұрқын қашырған мұз да жіпсіп еріген. Соған қуанады. Осы сәтте сергек ой тағы да жебеді. Сілкініп шира. Болдырған жылқыдай қиралаңдап, борсыған еттей болбырап зорға жетіп ең, осынау ың-шыңсыз салқар дүниеден тыныс тауып, оңалып қалған түрің бар. Серілердің жан бағысы да қызық-ау өзі. Басқаға ұқсамайды... Өзінен гөрі өзгенің көңілін аулайды. Ұшып жүріп қыран да күн көреді, жор­ тып жүріп құлан да күн көреді, жорғалап жүріп жылан да күн көреді. Бірақ әрекеті басқа-басқа. Осыған сайғанда сенің күн көріс әрекетіңнің түрі қай тұғырда?.. Дәл қазіргі сүлесоқ қимылыңның жорғалағаннан несі артық? Бәлкім, сені жол емес, қыжыр қиял қажытқан болар. Қырандай самғап, құландай құйғытушы ең, сол күніңді аңсағаның ба? Қайта оралмас па екен деген күдік пе ұнжырғаңды түсірген?.. Ой, тоба-ай, өткінші құбылысқа соншама қара жамылып, күйрей жаздағаныңды қарашы... Пенде не көрмей­

ді, сонда да тіршілігін істеуге тиіс. Күйгелектік адамның ең осал
сипаты, соны ұқ. Міне, кешегің бүгін жоқ, өтті де кетті. Көшкен
бұлттай бәрі де көзден таса болды. Қарасы да өшіп барады... Енді
қарайлай бергенің жараса қоймас. Уақытты көп созба, арала елді.

Артыңда сарғайып күтіп отырған үйің бар, елің бар...

– Оу, Әсетжан!.. – деп арт жағынан күркіреген Қабидың жуан

даусы ойын бөлді. Мойын бұрып еді, еңсегей денелі қара кісі жебей
басып, жайраңдай күліп келеді.

– Ассалау-мәликүм, Қабеке!

– Әликі-салам, Әсетжан!.. Құтты қонақ қонса, қойың егізден

табады деген. Сен ақжолтай болдың, табаның майлы екен. Етегіңе
оралып, біздің ауылдан бір бала жарық дүниеге көзін ашты, келінім
босанып, ұл тапты!..

– О, қуанышыңыз таудай екен ғой! Ат ерттеріңіздің бауы берік

болсын! Өмір-жасы ұзақ болсын!..

– Айтқаның келсін, айналайын, аузыңа май!

– Сүйіншіңізге не берсем екен?..

– Сүйіншім сол – шілдехананың туын өзің көтер! Жиналған

ел-жұртты әніңмен сусындатсаң, жетіп жатыр, басқа қалауым жоқ.

– Бұл айтқаныңызды орындайын, Қабеке!

– О, бәрекелді... Осы дарқан пейілің ғой біздің көксейтініміз.

Ондай көңіл көл-дария емес пе!..

– Елбіректеп, даңғырлай сөйлеген Қабидың күрілдеген даусы

жаңғырығып айналаны күмбірлетті. Осы дабырдан оянды ма, жаңа
ғана шырт ұйқыда балбырап жатқан Мұқатай да қастарына таяды.

– Жайлы жатып, жақсы тұрдыңыздар ма?..

– Өркенің өссін, айналайын! – деді Әсет сыпайы жігіттің

ниетіне алғыс айтып. Мұқатай көңілі алып-ұшып алабұртып
тұрған ағасына қарады.

– Аға, балаңыздың бауы берік болсын!

– Айтсын, әкем, айтсын!.. – деді Қаби қысқа қайырып. Әлдене

есіне түскендей тағы да Әсетке өтініш кейіппен көз салды. –
Әсетжан, халықтың бір асыл сөзі бар: жақсының аты жебейді,
жаманды елге теңейді. Қомсынбасаң, осы нәрестеге сенің атыңды
қойсам ба деп ниет қылып ем...

– Бала – адамның бауыр еті, көз нұры, Қабеке, – деді Әсет

ризалығын да, қуанышын да аралас ұқтырып. – Жарық дүниеден
жаңа ғана тыныс алған сәбидің алдына кім шығыпты. Күнәдан пәк
нәрестені қорашсынуға менің хақым жоқ, өйткенім күнә, арыма
дақ емес пе? Маңдайы айдай жарқыраған азамат болсын!

– Ақ ниетіңе мың да бір рақмет, айналайын!.. Жүр, таңғы асты біздің үйден іш... Үшеуі өзеннің бойына барды. Асықпай жуынып-шайынып алған соң, сайды өрлеген шөбі таптауырын жолмен қатарласа адымдады. Айналасы абыр-сабыр боп жатқан, іргелері тақау тігілген екі ақ боз үйге жақындады. Күн көтерілген сайын көлеңке де теріскейге ығысқан. Мал өрген, қора бос. Үш-төрт сары жез самауырын қатар қойылған. Біреуінің қақпағы сел­кілдеп, буы бұрқырайды. Төбесіне бүйрегінде алақандай көгілдір гүлі бар ақ шәйнек шоқия қонақтаған. Басқасы ыңырана ызыңдайды. Ылдилау оңашаға қазылған жер ошаққа асылған қазандағы ет шұрқ-шұрқ қайнайды. Бір-екі жігіт ұзын қу қа­рағайды жарып, отын дайындап жүр. Үлкен кісілерге жамырай сәлем беріп, құрмет көрсетті. – Тойға әзірлік басталған екен, Әсаға, – деді қатарындағы Мұқатай сыбырлап. Ауыл қонағы ретінде Әсет көпке естірте ықыласын білдірді: – Той тойға ұлассын!.. – Айтқаның келсін, Әсетжан!.. Қане, төрлет! – деді алты қа­нат ақ ордаға озыңқырап барып, есігінің алдына тоқтаған Қаби. Табалдырықтан сәлем беріп аттаған Әсет төрге өрледі. Кілемнің үстіне төселген құрақ көрпеге тізе бүкті де, малдас құрды. Бұл үйде де әлем-жәлем жасау мол екен. Кестелі жібек тұскиіздің, терме­ леп тоқыған басқұр мен бау-шудың, өрнекті текемет-сырмақтың түр-түсі көз тұндырады. Тоқылған бұйымдардың бәрі бір кісінің қолынан шыққандай әсем. Соған әуестеніп, оң жағына орналасқан үй иесіне бұрылды. – Қабеке, ауылдарыңызда үйдің терме бұйымдарын тоқитын бір шебер бар-ау, тегі? – деді қызыққан түрмен. Қаби нені білгісі келетінін түсінді. – Иә, Бибі жеңгеміз – он саусағынан өнер тамған адам. Осы ауылдың әр үйіндегі келісті бұйымдардың бәрі де сол кісінің қолымен жасалған. Тиіп-қашты болса да, қыздарымыз бен келінкепшіктердің де қолтаңбалары бар. – Теңдесі жоқ игілікті іс қой бұл... – Соны мақтаныш тұтамыз. – Біз қолымыздан келетін өнерімізді сатпайтын халықпыз ғой, – деді Әсет бірдеңе есіне түскендей ойланыңқырап барып. – Қалалы жерде бір жапырақ шүперектен бастап, кестеленген орамалға дейін сатып жүргендерді талай көріп ем. Мына басқұрлар мен ызба құр, сырма сырмақ пен оюлы текемет әлгі орамалдан әлде қайда құнды емес пе!

– Е-е, ондайға біздің бойымыз әлі үйрене қойған жоқ, жа­тырқай

қараймыз. Сауда-саттық келмейді қолдан. Қалада тіпті сүтті де
сатады. Қазақ салтында сүт сатқан жаман ырым саналады. Он­
дайды естісе, ел құтырған иттен шошығандай үркер еді.

– Сүт тұрмақ, малын да жөндеп сата алмайтындар толып

жатыр.

– Сауда білмегені – елдің соры боп жүр. Соның салдарынан

­малын мал базарындағы «бедек» аталатын жең ұшынан жал­
ғасатын жалдаптарға өткізеді. Олар малдың иесі боп саудала­
сады. Сол қызметі үшін сатылған малдан ақы алады.

– Соны көріп тұрып талпынбаймыз-ау... Тіршіліктің көзін

білмейміз. Ол да жанбағыстың шарасы. Соған ой жетпей ме?
Маубастық па, мақаулық па бұл?..

– Ол да емес, бұл да емес, өренсіздік шығар...

– Шіркін, мына бұйымдарды көрмеге қояр ма еді! – деді

Әсет үйдің ішін қызыға шолып. Қаби бұл сөзге түсінбей қалды
да, қайыра сұрады:

– Көрме деген не?

– Мынадай асыл заттарды, әсем бұйымдарды жайып қойып,

барлық жұртқа көрсетіп, тамашалататын жер, – деп, Әсет өз
ұғымы бойынша түсіндірді.

– Ондайды көзбен көргенің бар ма?

Сонау бір жылы бүкіл Жетісудың әр тұсынан ел жиналған
сондай бір үлкен көрмеге қатынасқаным бар. Ел-елден алу­
ан-алуан бұйымдар жиналыпты. Іле өзенінің Алматыға тақау
жағасындағы жалпақ жазыққа жүздеген киіз үй тігілген. Қора-

қора қой, үйір-үйір жылқы, сиыр. Кездеме-маталарын арбаға
тиеген, түйеге артқан саудагерлер де қаптады. Әлгі жазық қан
базарға айналды. Үлкен той сияқты. Ақындар мен әншілер де
шақырылған. Палуан күресі, көк­пар тартыс, қыз қуу ойындарды

думанды қыздырып жіберді. Ақындар айтысты, әншілер әнін
аспандатты. Қазақтың небір жезтаңдай әншілерімен, ор ауыз
ақындары­мен сонда дидарластым. Ал ұсталар жасаған үй, алтын-
күмістен түйін түйген зергерлер соққан сақина-жүзік, білезік,

ер-тұрман, шебер әйелдер тоқыған мына секілді терме бұйымдар
жиналған елді тамсандырды...

– Ондайды біз көрмек тұрмақ, естіген де емеспіз, – деді Қаби

таңырқап. – Сона әлгі бұйымдар сатыла ма?

– Сатылғанын көргем жоқ. Көрмені өзім қолөнер үлгілерін

көпшілікке танытатын жер ме деп ойладым. Сол арқылы кімнің

қандай өнері барын білетін секілді. Одан әрі алушы да, сатушы да
өздері келісіп жатады.

– Шіркін-ай. Біздің Биекеңнің қолынан шыққан заттарды да

жайып қойып, күллі жұртқа көрсетер ме еді!.. Қазақ арасында
ондай шараны ойлайтын да адам жоқ-ау әлі. Дүниеден адам өтеді,
жасаған бұйымдары да тозады. Өнердің ізі өшеді-ау...

– Өзіміз әрекеттенбесек, біреу үшін біреу күйіне ме?

– Ол да бізге жат әрекет секілді.

– Жылдан-жылға мынадай өнеріміздің өрісі тарылып, өнегесі

өшіп бара жатқанын да сезбейміз. Мұндай бұйымдар басқа
жұрттың көбінен кездеспейді. Ең болмаса, Биекеңнен кейін
жалғастырушылар шығып отырса да, ғанибет қой. Ол жағы қалай?

– Е, Құдайға шүкір, әуестеніп үйреніп жүрген балаларымыз

баршылық!.. – деді Қаби көңілге тоқ ілік табылғанына қуанып.

– Ол да жақсы, үміт үзілмейді ғой, әйтеуір...

Әсетті бір ой толғантты: «Өнерді үйрен де жирен» деген сөз
біздің халқымызды кері тартып жүрген жоқ па осы? Өйткені мы­
надай шеберлікті әрі қарай дамытуымыз аз.
Көбінің үйрендім, болдым-толдым деген қанағатпен ғана қала

беретін түрі бар. Қанат жайдырып, өрісін кеңейтуге құлық жоқ. Өз
затының құнын да білмейді. Әлде алып-сатумен айналыспағанның
кесірі ме? Сауда – есеп-қисапты, затты бағалай білуді үйрететін
бір мектеп қой. Мына асыл бұйымдарды базарға салып, қаншалық

құны барына көзі жетсе, артықшылығын ұқса, оны молайтуға
құштарланар ма? Сонда бір ауылдың ғана мақтанышы саналған
көп бұйымдардың елден-елге таралатын өрісі де кеңейер еді-ау...
Қымызға қанды-ау деген шамада май қуырдақ тартылды.

Әңгіменің бұл тұстағы арқауы көбіне елдің жай-күйі, заман ағымы
төңірегіне құрылып, ұзаққа созылды. Ет желініп болғаннан кейін
үлкен кісілер бата жасады да, дастархан жиналды. Жұрт сыртқа
шықты. Күн арқан бойы көтерілген, сәске түс. Күнгей беткейлер

мол шуаққа малынған. Ал теріскейді жапқан көлеңкенің етегі
қысқарған. Қоңыр самал желпиді.
Судың жағасына тақау бір қойнаудағы жайпақтау дөңгелек
сазға қатарынан екі үйдің керегесі керіліп жатыр. Боз балалар

мен қыз-келіншектердің көбі сол маңда жүр. Келіншектердің бәрі
бүрме етек қызыл гүлді көйлек, өңіріне оқа көмкерілген шолақ
жең қара мақпал пешпет киген. Етегі жер сызған ақ көйлекті,
қызыл доқаба қазекейлі, үкілі тақиялы қыпша бел қыздардың сәні

бір қиырдан көзге оттай басылады. Сала құлаш бұрымдарына

жалғанған шолпыларының сыңғыры күміс күлкілеріне қосылып,
жарастықтарын еселеген. Кереге сағаналары жазылып, дөңгеленте
керілген соң жапсарлары таңылды. Екі үйдің нән шаңырағын
екі жігіт ұшы аша ұзын бақанмен қайқия жоғары көтерді. Қыз-

келіншектер тұс-тұстан шаңырақтың жақтауындағы көздерін
сығалап, қолдарындағы уықты дәл шаншуға ден қойған.

– Сыртқа шыққандар сол қимылдарды тамашалағандай есік

алдында аз ғана бөгелісіп еді.

– Аға, – деді Мұқатай қасында тұрған Қабиге бұрылып. –

Шілдехана әзірлігі біткенше Әсағаңды әурелемейік...

– Иә, сөйтіңдер. Оңашада тыныға тұр, Әсетжан. Мен осын­

да болайын. Ойын-сауық өтетін үй тігіліп біткен соң, жасау-
жабдығын реттейміз. Елдің көзі үйдің ішін қорашсынбасын. Жүдеу
көрінбейік, көңілді жадатып...

– Ендеше, сізді алаңдата бермейік, – деп Әсет ілгері жүрді.

Арқыраған суды жағалай аяңдап, Мұқатайдың отауына жетті.
Түндігі жабулы қоңыр салқын үйге кірді. Төрдегі қара барқыт
көрпенің үстіне жайғасты да, кереге басында ілуді тұрған
домбыраға назар салды. Мұқатай шынтағына жастық қойды.

– Тынығыңыз, Әсаға!

– Мұқатайжан, домбыраңды әперші, үнін байқап көрейін. Бүгін

болмаса да, ертең-бүрсігүні ұзақ шабысқа түсетін түріміз бар
ғой, баптана берейік, – деді қолын созып. Домбыраны алғаннан
кейін пернелерін баспастан ішегін ғана ысқылады. Қойдың аш
ішегінен ширатылған, кей тұсы тозғындап, түтелене бастапты.

Ұсақ қылшық түктер тікірейіп сыртқа тебіндеген. Мұқатай бұл
кимылдан Әсеттің ән салуға дайындалғанын сезді. Қолтығын кере
алысқа шабатын жүгіріске бел байлаған түрі ме? Әншіні аспаптың
мына қалпы онша қанағаттандырмады. – Жаңа ішегің бар ма?

– Бар, қазір әперейін... – деп, Мұқатай қызыл торғын шы­

мылдығы төгілген, бетіне сүйектен өрнек шапқан ағаш тө­сектің
бас жағына барды. Қара шүберектен қиып, қошқар мүйізді
ою жапсырылған, ернеуі шашақты ақ киіз дорбаны ақтарып,
шумақталған ішекті алып, ұсынды. – Мінекиіңіз!..

Тегістеп қырқап, шыжымдай есілген, кедір-бұдырсыз, сымдай
сидам екен. Мұқатай домбырасының бабына көңіл бөлмегеніне
қысылғандай екі беті қызарып, үнсіз тұр. Әсет ескі ішекті ағытып
тастады да, жаңасын тақты. Домбыраның құлағын бұрап, сымдай

керді де, күйге келтірді. Үсті-үстіне шертіп, әлсін-әлсін бұрады.
Бір кезде құйқылжыған әуендерді іркес-тіркес сорғалатты. Діттеген

үнін тапқанша құлақты әрі де, бері де бұрады. Әлден уақытта
өзінің «Кертолғауын» сыдырта сымпылдатты. Бұл ішектің әбден
созылып, домбыраның бабына түскенінің белгісі сияқты сезілді.

– Мә, сен шертіп көрші!..

Мұқатай өзі дағдыланған әдетінше қос ішекті кезек-кезек
жалғыз сұқ саусағымен термелей іліп-қағып, желпілдей лекіген
ойнақы әннің әуенін безілдетті.
Бұлар өстіп, домбыра үнінің бабын, қалыпқа түсуін тексеріп

отырғанда:

– Асса-лау мә-ликө-өм!.. – деп созалаңдата сәлем берген

екі жігіт кіріп келді. Сұңғақтау сылқым қара аяғын әсем басып
барып, Әсетпен қол алысты да, көрпешенің шетіне отырды.
Жарқын жүзбен еркелей қарайды. – Аз да болса тынығып,
көңіліңіз жайланды ма, Әсаға?..

– Шүкір, ел-жұрттың арқасында, әйтеуір... – деп Әсет тұйық­

тау жауап қатты да, жігіттің майлаған қасықтай жылтыраған
қара қошқыл жүзін байыппен барлады. Тығыншықтай тапалдау
жігіттің де ұсынған қолын алды.

– Ұмытпасам, сенің есімің Қайыр ғой, ә?..

– Әнеукүнгі әніңізге құлай бас шұлғығаным есіңізде қалған

екен-ау, Әсаға. Еліне қайыры тисін деген тілегіме, әке-шешем
атымды Қайыр қойыпты.

– Жақсы тілек – жарым ырыс, шырағым. Сол үмітті ақтасаң –

ата-анаңның арманына жеткені.

– Менің де ойымнан шықпайтыны сол, Әсаға! Бірақ көп жай­

ды санамен болжасақ та, сынын өңдеуге шама жетпейді. Асылды
да дер кезінде бағалай алмай, артынан өкінеміз. Тіпті сіздің де
жай-жапсарыңызды кейінірек ұқтым. Алғашқы күнгі біздің
қылығымыз есіме түскенде қатты ұяламын. Қыл жұтқандай

кеудем жыбырлап, берекем қашып жүргені...

– О, неге, шырағым? Көңілге түйткіл салатындай ешбір оғаш

мінезіңді байқаған жоқпын ғой.

– Әдепсіздеу көріндік пе, кім біледі? Ел жайлауға шығып,

орныққаннан кейінгі алғаш өткен сауық кеші болған соң ба, сол
күні тым еліріп кетіппіз...

– Сауықтың сондай қызулығы жақсы емес пе?

– Әдептен озбауы да керек қой. Енді ойласам, әбестеу қылық

көрсетіппіз. Танымағанын сыйламас деп, жолаушыға жөнді
ықылас бөлмеппіз. Адам сыйлай білмейтін әумесерлер секілді
сүлесоқ кейпімізді сөлекет санаған шығарсыз?

– Ойын-сауық өтетін жер – біреуге біреудің сый-құрмет жа­

сап, бәйектенетін орны емес, Қайыржан. Думанға қатынасқан
кісілер біріне-бірі абырой-атағын сатып, бөлініп-жарылмауға
тиіс. Ондай топта әрбір адам өнерін ортаға салады. Ерекше
ұнағанын жұрт ілтипатпен тамашалайды. Елдің бәрі сондай

қызық үшін жиналмай ма? Кіріп-шығып жүргендерге, келіп-
кетіп жатқандарға көңіл бөлудің де қажеті жоқ.

– Құдайы қонақтың орны бөлек емес пе? Сіз де алыстан

арып-ашып жеткен қонақ едіңіз.

– Солай болғанмен, сауықтарыңа мен де араласып, қолдан

келген үлесімді қоспадым ба?

– Сол дархан пейіліңізді бағалай алмаған сықылдымыз...

– Е, неге? Елдің бәрі Құдайы қонаққа табыну шарт емес,

ондай салтты санат етуге жарамас. Ас-суын бергеннің өзі құр­
мет. Міне, өзі қолқалап үйіне алып келген Мұқатайдың сый-
сияпатына бөленіп жатқан жоқпын ба? Қаби ағаларыңының
ықыласы тағы бар.

– Сіздей ақиыққа ол аз!.. Сіз бүкіл Сауырды жайлаған елдің

қонағы болуға тиіссіз. Алдағы уақытта Қаби ағаның үйін­де
дүниеге келген сәбиге арналған қуаныштың сайраны өтеді. Одан
кейін осы өңірді ғана емес, Ертістен ары өтіп, Өргі Алтай елін
де түгел аралатамыз.

– Өзім атқосшы болмын! – деп құлшынды Мұқатай желпініп.

– Уақыт жетсе – ол да ойда бар...

– Адам ойына уақыт кедергі, – деді Қайыр мұңая бұйығып.

Әсет үндемеді. Байқауынша, Қайыр бұл елдің жөн білетін
жігіттерінің бірі сықылды. Ал, тұйықтау жүретіні несі? Ашылып
сөйлегені бүгін ғана. Көзінен мұңы арылмайды. Бір шырғалаңға
ұрынып, сергелдеңнен шыға алмай жүр ме? Ол нендей сұмдық

жас адамның жанын күйзелткен? О, қу дүние, ақ пейіл, адал
жандарға сонша тар ма едің? Қулық пен сұмдықты мұратына
айналдырғандар ғана алшаңдай баса ма? Адам баласының ізгі
ақыл-ойының өзі жер бетінен қулық-сұмдықты, зорлық пен

зұлымдықты жою үшін жұмсалып келе жатқан жоқ па? Әлде
арамдық алалықтан ақиқат әлсіз бе?..
Сырт көзге ашық-жарқындық танытқысы келгенімен, іштей
жүдеген, қасіреті жылымдай қайнаған жігітті Әсет барлай шолып,

ойша болжамнан аса алмады. Қайыр да өз қиялының сарынымен
әлек. Ол – аз да болса оқыған, санасы ояу көзі ашық адамның бірі.
Біліміне, адамгершілігіне бас иетіндер көп. Құрбы-құрдастарының

еліге қадірлеп, өнеге тұтатыны содан. Шетке кетіп, бір та­
лай жылдан кейін ауылына өткен қыстың басында оралған.
Мұндағы жұмысын өз ауылының балаларын оқытудан бастаған.
Жастармен қоян-қолтық араласа жүріп, озық артықшылығын

танытқан. Қанша талпынса да қатал тағдыр талқысына салмай
қоймады. Бұл ортада жүзеге асуы екіталай арманға ілесті... Бір
тойда ақ торғынға малынған ақ балықтай аққұба қызды көріп,
бақытының жұлдызындай көз тікті. Аршыған жұмыртқадай

аппақ тамағы үлбіреп, албыраған алма бетінен тараған қызғылт
сәуле жүрегіне от салған... Ақылды жігіт көз ілмей сарылып,
алды-артын ұзақ болжады. Заманынан озып туса да, елден қара
үзіп кетсе, жалғыз қалмай ма? Әлгі қыз – аттылыға жол, жаяуға

ырық бермейтін бір желбуаз байдың мәпелеген үкісі. Байлық
та сор, арман арқалаған жас жанға қасірет боп жабысып, қол
созған ізгілігіне ентелегенде аттап өте алмайтын қара тастай
кедергіге айналады екен. Сол байлық шалқытады деген қыздың

да тағдыры қыл үстінде. Аузы алты қарыс Жұмық зәңгі10 жеті
жасар баласына айттырып, ба­сын байлап қойған. Бұл күнде
жалынды жастар ортасының көз сүз­ген гүлі саналғанымен,
күні ертең үсіген шөптей солып, қурай­дай қурайтынын да

біледі. Сондықтан өз босағасындағы аз ғана еркіндігінің
қызығына қанып алғысы келеді. Ойын-сауықтан қалмайды.
Ешкімнің ырқына бағынбайтын батыл. Жас топқа араласып
жүріп, әр думанда Мұқатай салған сылқым әндердің сазына

елтіді. Ел мақтаған Қайырмен жиі-жиі ұшырасты. Бірте-бірте
жақындасып, сырласты, бірін-бірі ұнатысқан. Түбін барлағанда,
Қайырдан гөрі Қамиланың халі қиын екен. Қатал тағдырдың
байлауына бас иген қыз бипаздамады.

– Мен басы матаудағы адаммын, – деп, бір оңаша сөйлескен­

де ашығын айтты. – Темір құрсаудың ішіндемін. Соны тас-
талқан қып бұзып, тұзақтан құтқаруға шамаң жете ме?..
Осы арада Қайыр тұйыққа тірелген. Махаббатына да, аза­
маттығына да үлкен сын. Жаны қиналды. Бұл кім?.. Мал баққан

ортақол шаруаның баласы. Рас, ақылды әкесінің беделі ешбір
зәңгі-пәңгіден кем емес. Алайда, бұл күнде үкіметтің қолдауы­мен
қолындағы мөр-таңбасының күші артқан зәңгімен тайталасып,
жұлқыласа ала ма? Қоңыр күйлі әкенің мал жұмсап, арпа­лысқа

түсер шамасы тағы жоқ. Жасы жеткен адам, сілкілес­ке шыдар
10 Зәңгі – ауылнай, жүз шақты үйдің билеушісі.

ма? Оның үстіне жауы жала жауып, мөрін басса, әкімдер таңбаға
табынады, пәлеге ұрындырады. Қиналмай қайтсін...
Алайда батыл қыз тұңғиық қиялға шомған Қайырды үркітіп
алдым ба деген оймен еркелей күліп, жұбатып жүрді. Қанша жан

азабын шексе де, бірінен-бірі қол үзіп те кетісе алмады. Екеуі
екі жартастың басында тұрса да, бірінен-бірі көз жазбады. Тек
үміттерінің өрісі тар, құмға сіңгендей бұлдыр. Қайырдың жанын
жабырқатып, еңсесін басқан зіл батпан мұңы осы еді.

Бүгін ертерек ат ерттеп, Қаби ауылына әдейі келген. Әсетпен
әңгімелесіп, сергіп алмақ ойы жетелеген. Сөзден ой туған соң
жаңағы байламын шыңдай түсті.

– Келесі кезек – менікі, алдын ала ескертіп қояйын, – деді сәл

жымиып. – Менің үйімнен де дәм татыңыз, Әсаға!

– Айтқаның болсын, шырағым! – деп уәделесті Әсет өзі сырына

қызыққан Қайырдың тілегін екі айткызбай қабылдап.

– Ал, бүгін сен біздің қонағымыз бол! – деді Мұқатай

жолдасының көңілін аулаған сынаймен.

– Қашан той өтіп болғанша бұл ауылдан қусаң да кетпей­міз, –

деп түйіп тастады Қайырға ере келген шымыр жігіт бір сырды
сездірмек ниетпен.
Мұқатай шаншыла бір қарады да, оның қылығын жуып-шайды:

– Болмыс-ау, сендей жыршы емес, ол көпшіл. Өйткені ел бар

жерде – Қайыр бар. Осынау Көксеңгірдің арғы-бергі са­ласындағы
қыз-қырқын, жігіт-желеңнің бәрі енді осы ауылға жиналады. Ағам
Әсағаңның абыройы үшін елді шақырмақ еді, оған шілдехана
қосылды. Жан-жаққа жар салып жатыр. Мұқатайдың күлкі ойнаған

жүзіне тесіле қараған Қайыр өз қалауын тапқан жанашырына разы
болып, жаны жадырады.

– Ән мен жырдың туы тігілген жерден есалаң да кетпейді!..

Әсет домбыраны біркелкі ырғақпен үзбей шертіп, үніне үңі­леді.
Анда-санда құлағын бұрап-бұрап қояды. Мұнысы – жаңа тағылған
ішектің созылып, шегіне жетуі үшін істеген ша­расы сықылды.
Қымызды сыздықтата ұрттап, сырлы шараны дастарқан шетіне

орнықтырады да, домбыраны әлсін-әлсін қузайды.
Сыйлары жарасқан бұлар кеш батқанша қозғалмады. Күн­
дегідей төбеге де шықпады. Болмыс қана аттарының ер-тоқы­мын
алып, бір көгалға тұсап қайтты. Мал келген мезетте біраз сыртта

жүріп, өзенге барып жуынды да, іңір үйіріле үйге қай­та кірісті.
Әсет жас достарымен түннің жарымына дейін әңгімелесті. Бибі
бәйбіше де ерекше ықыласты.

– Мына тентегімді үйретіп кет, Әсетжан, – дейді баласын ыстық

үмітпен еркелетіп. – Жақсыдан тәлім алса өмірлік сабағы болар.

– Үйретемін, жеңеше. Бұл әлі Сауыр мен Алтайдың бау­

райындағы қазақ әнінің туын көкке көтереді! Талабы таудай!..

– Көп жаса, қарағым, айтқаның келсін, ылайым!..

Бибі бәйбішенің тілеуі жігіттердің де сезімін қоздырғандай,
мәз... Осы байламмен Әсет жастарға бір-екі күн ән жүйесін
үйретіп, ақыл-кеңес қосты. Өзінің де қаңырап бос қалғандай
қуыс кеудесіне ыстық жалын тұтанды.

Тымық кеште, тұңғиық аспан астында тыныққан меймандар
таңертең өрген малдың дабырынан оянып, түрегелді де, өзен
жағасын шарлады. Қайыр мен Болмыс әлденеге елтігендей
Әсеттің қасынан бір елі қалмады. Мұқатай үй жақта мал жайғап

жүр. Әсетке қошамет көрсеткен жігіттер оралғанда шай да әзір
екен. Шайдан кейін қуырдақ тартылып, қымыз құйылды. Жа­
расты әңгімемен ұзақ отырысты.
Күн арқан бойы көтерілген мезгілде үріккен танадай танауы

желпілдеген қара бала үйге алқына кірді. Мұқатайға қарап:

– Аға, сіздерді шақырып жатыр!,. – деді ентігіп.

Қызықтан құр қалатындай жүгіріп келген секілді. Осыны
айтты да, жалт бұрылып, сыртқа сып берді. Кімнің шақырғаны
бә­рі­не де белгілі. Үйдегілер алдарында тұрған тостағанда­рын­
да­ғы қымызды сарқа ішті де, орындарынан түрегеліп, желбегей

жамылып отырған шапандарының жеңдерін киді.
Үйдегі мөлшердей емес, күн сәскеге өрлеген екен. Аспан
бұлтсыз ашық. Биік шоқылардың арғы жағынан түйдектеле
қайнаған аппақ бұлттардың шоғыры көрінеді. ЬІлдиға қарай

созылған иір-қиыр адырлар көз ұшындағы көгілжім мұнарға
ұласады да, сағымға оранып, шайқала қозғалған сияқтанады.
Кеудесі шалқақ, төбесі қадау қапсағай таулардың ұңғыл-
шұңғыл қойын-қойнауына көпсіген торғындай ақшулан тұман

шөккен. Арқыраған өзеннің сарылы да таңертеңгі арынын
бәсеңдеткендей, күрілі құмық.
Жігіттерді ілестіріп, жалғыз аяқ соқпақпен жай басып келе
жатқан Әсеттің алдынан Қаби қарсы шықты. Осы өңірге алғаш

қадам басқанда тап болған әнеукүнгі сауықта көрген Әлібекті
қасына ерткен. Ол көз танысына кездескендей ақсия күліп сәлем
берді.

– Асса-лау-ма-ғалай-кө-өм, Әсеке!

– Мал-жаныңыз аман ба?..

Әсет сол түні өзіне қиыла өтініш айтқан байсалды қара кісіні
көз қиығымен шолып өтті. Әлібек жарқылдай күліп, қазақи
аңқылдақ көңілмен ақтарылды.

– Құзырыңызға құштармыз, Әсеке!.. Бәсе, анада даусыңызды

естігенде-ақ денем балқып, тегін кісі емес-ау деп, ішім бірдеңені
сезіп еді... Ең алғырымыз Мұқатай болды. Тұлпарды тани кетіп,
әй-шайға қаратпай ала жөнелді. Содан бері тамсанып жүрміз.
Сіздін осы ауылда жатқаны­ңыз­ды естігем. Әдейі сәлемдесе

келгелі жатқанымда, Қабекеңнің шақыртқан хабарына мұндай
қуанбаспын. Қабеке, бала-шағаңыздың қызығын көріңіз!
Тойыңызға Әсеттей тарланның араласуы үлкен абырой!..
Нағыз ақын­ның дидарын көріп, менің де арманым орындалды,

абыройы­ңыз артсын Әсеке!..

– Ниетіңізге рақмет, ағайын!

– Әлібек, орта жолда бөгемей, мейманды үйге кіргіз, жігіт

ағасысың ғой, – деді Қаби бұл тұрысқа ыңғайсызданып.

– Қане, Әсеке, бері жүріңіз... – деп Әлібек ілгері адымдады

да, Әсетті жап-жасыл дөңгелек сазға тігілген үлкен ақ отауға
бастады. Басқалары соңынан ілесті.
Арғы шетке орнатылған мама ағаш пен оңашаға әдейілеп
керілген кермеге сымбатты аттар да тізіліп қалыпты. Күмістел­

ген жүген-құйысқан, тізбекті өмілдірік, ер-тұрмандары күнге
шағылысып, жалт-жұлт етеді. Ат көрпелерді басқан жалпақ
пыстан тартпалар да сәнді. Кейбір аттардың сауырына
өрнектеп тоқылған шашақты кежім жабылған. Үй-үйдің ығына

шоғырланған қыз-келіншек жайқалған қызыл-сары, көк ала
гүл секілді. Әлденеге құштарланғандай үйге таяған кісілерге
жалтаңдай қарасады. Ақ қалпақ, сусар бөрік, шолақ жең пешпет,
жұқа шекпен киген жігіттер есік маңында тосып тұр. Екіден-

үштен қатарласа аяңдаған атты кісілер тұс-тұстан ағылып кеп
түседі де, топ-топқа қосылады.
Оңаша тігілген үйдің алдына жеткенде Мұқатай мен Қайыр
ілгері озып, үлкендерге ілтипат көрсетіп, Әсетке жол нұсқады.

– Әсетжан, оң аяғыңмен атташы табалдырықтан, ырым бол­

сын! – деп өтінді Қаби.
Әсет бұл тілекті орындады да, артындағылардың қолқа­
лауымен төрден орын алды. Жүк жоқ, жасау аз. Бірақ есікке
дейін қалың кілем, текемет, киіз, алаша төселген. Төрдегі қызыл

кілемнің үстіне ұзыншақ жіңішке көрпешелер салынған. Іргеде
бес-алты жастық жатыр. Керегенің басына айналдыра шоқ-шоқ

қызыл гүлді жібек мата тартылған. Жел өтіне қарсы қапталдағы
туырлықтың етегі түрілген. Шаңырақ жартылай ашық. Төбеге
шыққан күннің сәулесін жабулы шеті көлегейлеген. Үйдің іші
салқын. Тапталмаған жас шөптің хош иісі аңқиды.

Қаби мен Әлібек орталарына ала Әсеттің екі жағына жай­
ғасты. Олардаң кейін жасы үлкендеу екі-үш кісі екіге жарылып
барып орын алды.

– Сен де мұнда кел, – деп Әсет түрегеп тұрған Қайырды

өзіне жақын отыруға шақырды. Мұқатай ала келген домбыра­
сын төрге тақау оң жақтағы керегенің басына ілді де, сол тұсқа
орналасқан Қайырдың қасына малдас құрды. Сымбаттары ұқсас.
Егіз қозыдай жараса кетті. Ерекше бір жылылық тарайды.

– Міне, Әсетжан, іздеген еліңмен жүздесуіңнің басы осы! –

деп, Қаби көңілдене күлімдеді. Осы ыңғайды тосқан Әлібек бұл
ықыласты әрі жалғады. Сырттағыларға жөн сілтеді.

– Бұл үйге талапты, өнерге әуес жастарды ғана жіберіңдер!..

Басқалар сырттан да тыңдар, топырлата бермеңдер!

– Ән мен өлең естуге құштарларға тыйым салынбайды,

Әлеке! – деп күлді Әсет.

– Тыйым емес, Әсеке, бедел таңдаған. Талапкерлерге орын

тисін! Сізден солар өнеге алсын. Құр топырдан не пайда.
Қолымызға күнде түсе бересіз бе?! Осындай мөрті келіп тұрғанда,
ынталы балалар шетке қағылып қалмасын да...

– Ол жағын өздеріңіз біліңіздер, әйтеуір, ешкім өкпелемесін.

– Біздің жас кезімізде мұндай оқиға болған жоқ. Сондықтан

тұйықтан шыға алмадық, өрісіміз тарлау. Ал сіздің келуіңіздің өзі
бұларды Құдайдың жарылқағанымен бірдей. Көп дабырдан гөрі
алдымен аз топтың көкірегіне құйып қалайық. Артынан солар
арқылы бұны ел тыңдай жатар...

– Осыған тоқталық, Әсетжан, – деп шешті Қаби. – Жәй

тыңдаушылардың отыруына басқа үйлер де жетеді. Қайтадан
осындай күн бола ма, жоқ па, балаларымыз тәлім алсын өзіңнен!

– Мен көндім, жұрт көнсе, – деп Әсет жастыққа шынтақ басты.

Жөн-ау бұлары да. Талапты жастарын жебеген ағаларының ниеті
қандай жақсы!.. Қалыптасқан дәстүрі болса – игілік екен. Ақылды
ағаларының ізгі үміті жебейді.
Лездің арасында үйге сыйлы кісілер, бозбалалар мен қыз-

келіншек лықа толды. Төрге көлденеңінен ұзын дастархан жа­
йылды. Соның екі ұшынан жалғастырып, тағы да екі дастархан
жоғарыдан босағаға қарай созылды. Қайыр мен Мұқатай ортадағы

ашық қалған бос орынға барды да, Әсеттің қарсы алдына жайғасты.
Қонақтарды ыңғайлы орналастырып жүрген әзілқой, шымыр
денелі сіріңке қара жігіт бұлардың қасына бес-алты жігітпен қоса
бөртпе салы салған үш-төрт келіншекті және тақияларының үкілері

бұлғаңдаған, тоқпақтай бұрымдары тобығын соққан бір топ қызды
шығарып, аралас-құралас отырғызды.

– Осы жөн емес пе, ұрысқан адамша томсарыспай, ойнап-

күліңдер! – деп, бұл қылығына ақталып та қояды. Оған дем беріп,
демегісі келгендей:

– Соның дұрыс, Болмысжан, тең-теңімен... – деп кесімін та­

нытты Қаби.
Дастарханға шақпақ қант, мәмпәси араластырылған астау-
астау бауырсақ төгілді. Үлкен сабадан қотарылған тұлып-тұлып
кымыз босаға жақтағы кереге кездеріне тікесінен байланған. Сол

тұлыптан ернеулері күмістелген сырлы тегенелерге құйылып, әр
тұсқа қойылды. Қолдарына жеңіл ожау ұстаған самдағай жігіттер
бір-бір тегенені иемденіп, қымызды құлаштай сапырады. Хош иісі
үйді керней аңқиды. Үлкен-кішіні еріксіз тамсандырады. Сырлы

шара, дөңгелек тостаған, оймыш саптыаяқ қолдан-қолға өтіп,
өз иелерін тауып жатыр. Үлкендер жағы көп тосқызбай бір-екі
тостағаннан төңкеріп тастады. Жастар біріне-бірі қарайлап, онша
өзеуремейді немесе жұтқанының дыбысын шығармауға тырысып,

еріндерінің ұшымен ғана сыздықтата сіміріседі. Көзі күлімдеген
жылтыр қара жігіт сырттан кірді де, сөзді қоздырғысы келгендей:

– Ал, меймандар, – деді бірдеңе ұқтыруға бейімделіп, – қане,

енді шілдехананы бастайық!..
Күбір-сыбыр қостаған үн естілген соң:

– Болмысжан, бастамасын өзің айт!.. – деді Қаби көзі ой­

нақшыған оймақ ауыз жігітке. Болмыс көп қолқалатпады, босаға
жақтағы керегенің басында ілулі тұрған домбыраны алды да,
даңғырлата қағып-қағып жіберді. Күмбірлеген коңыр даусы бар
екен. Сарыны жүрдек елпілдеген желдірме әуенмен кішілікті,

әдепті, ар-намысты дәріптеген мадақ термені сорғалата төкті. Аз
ғана бөгеліс жасап еді, Әлібек:

– Енді сәби тойын өзің баста, – деген қалауын айтты. Көп­шілік

бас шұлғып құлақ тосты. Болмыстың әуені шілдехана жырының
сарынына көшті.

– Ау, халайық, тыңдаңдар,

Босқа қарап тұрмаңдар!
Қуанышқа қосылып,

Күнің бүгін думандар!
Нәрестенің жолына
Шашу шашып шулаңдар!
Бүгін мұнда сән бөлек,

Себілетін дән бөлек.
Ағын судай арқырап,
Төгілетін ән бөлек
Тамылжыған шапағы

Балқып атқан таң бөлек.
Айдай туып ақ бөбек,
Шаттандырды елді ерек.
Бәйшешектей құлпырған,

Құтты болсын балбөбек!..

– Айтқаның келсін, айналайын – деп Қаби масайрай қоз­

ғалақтап, алғысын айтты. Жұрт та дулай қостады. Жаңа басталған
Болмыстың игі тілегін әрі жалғастыруын күтіп, телміре қарасты.
Ол домбырасын қайта безеп, сырғыта ырғады:
Шекер ме екен, бал ма екен,

Шынар ма екен, тал ма екен?
Тамсандырған ел-жұртын,
Қарта ма екен, жал ма екен?
Үлпілдеген жібектей

Қолаң шашы бар ма екен?
Арқаласа ауыр жүк,
Қайыспайтын нар ма екен?
Ұл ма, қыз ба нәресте,

Айтатын жан бар ма екен?..

– Оу, жұртым, немерем ұл, ат ұстарым! – деді Қаби дауыстай

бойын көтеріп. Тұс-тұстан ыстық ықыластар да жауды:

– Өмір жасы ұзақ болсын!

– Таудай азамат боп өссін!

Тілектер сәл саябырлаған кезде Болмыс жырын әрі жалғап
әкетті де, дабыраны басты:
Айдарынан ай сүйіп,
Күнге күйсін маңдайы!

Жотасына май сіңіп,
Құрғамасын таңдайы!
Ұлы болсын елінің,
Ар-намысын сақтайтын!

Гүлі болсын жерінің, Шаң-тозаңға батпайтын. Алды болсын теңінің, Арынменен аттайтын!.. – Аузыңа бал, Болмысжан! Бәріміздің тілегімізді жеткіздің! – деді Әлібек аңқылдай қуанып. Көпшілік жырдың аяқталғанын біліп, жаутаңдай шешімін күтіп еді, ол ендігі меженің түйінін айтты. – Ал, ағайындар, нәрестеге ат қоялық. Ер балаға лайық, сымбат-сынына сай ат ойлап, таңдаңдар! Жастар біріне-бірі мәслихаттасып, сыбырласа бастады. Көпке дейін ешкім өз пікірін жария етпеді. Бұларды ұзақ таласқа салмайақ Қаби тоқтамын жариялады: – Оу, халайық, мені тыңдаңдар!.. Біздің ауылға қолымыз жет­ пей жүрген ақиық келіп қонып еді, табаны жақты. Іле келінім босанып, ұл тапты! Бұл да жақсылықтың нышаны! Ақиығым – жалпақ қазақтың алақанына салып әлпештеген әншісі Әсет. Менің қалауымды қабыл етсеңдер, нәрестеге осы Әсеттің атын бермек ойым бар!.. – Болсын!.. Әсеттің дарыны дарысын, әумин! – деді Әлібек алақанын жайып. Үлкен-кіші түгел қолдарын жоғары көтерді. Үлкендер бата жасады. Әлібек есік жаққа бұрылды. – Қане, осы атты нәрестенің өзіне естіртейік. Алып келіп, атасының алдына салыңдар! Аздан кейін сауырлары ту сиырдың жонындай былқылдаған, оқ жыландай сусыған екі келіншек құндақтағы нәрестені көтеріп кірді. Қаби тізерледі де, екі қолын қатарластыра жайды. Ақ орамалға оралған бөбекті қызыл шырайлы келіншек аялай апарып, алақанына салды. Даусы қалтыраңқырап: – О, бөбегім, естисің бе, ұғып ал, сенің атың – Әсет!.. Әсет!.. Әсет!.. – деп үш дүркін шақырды. Үйдегілердің бәрі бұл есімді іштей қайталады. Ауыл-ауылдағы әуесқойлар «атын кім қойды?» деп сұраса, айтулары керек. Қаби өзінің бөбекті қайтарып беруін тосып тұрған келіншекке ұсынды да, орнынан түрегелді. Керегенің басында ілулі тұрған жеңіл қара мауыты шекпенді алып, Әсеттің иығына жапты. – Әсетжан, мынау балғын Әсетіңнің кигізгені! Ал өзі ержеткен соң, астыңа атыңды мінгізеді! Құдай соған жеткізсін!., – Рақмет, Қабеке! Әсетімнің абыройы арта берсін, ылайым! – деп ақ батасын берді. Көңілдері тоғайған жұрт тыныштала беріп еді, Әлібектің жайдары даусы естілді:

– Ал, Болмысжан, енді біздің балғын Әсетіміздің құрметі үшін

өз ауылымыздың әнін шырқаңдар!..
Болмыс қоңырқай бір әуенді созыңқырап барып тоқтағанда,
Мұқатай іліп әкетті. Оған Қайыр қосылды. Сылқым, назды, ерке
әуенге таза дауыстардың үйлескені сонша, бір ауыздан шыққан

үн секілді. Желкілдеген жеңіл ырғақты өрім шыбықтай бұралтып,
тамылжыта сорғалатты. Бірте-бірте арынын тежеп, үндерін
бәсеңдетті де, өздеріне аса ынтызарлықпен еркелей назданып, бота
көзі жаудырай қараған, ақшыл жүзі алаулай албыраған қызға үкілі

домбыраны көлденең тартты. Болмыс та әзілдей демеді.

– Қане, Қамилаш, көптен бері естімей, даусыңды сағынып

қалдық!.. Іркілме!
Домбыраны амалсыз қолына алған қыз өзін мақтағанға қы­
сылғаны ма, екі беті нарттай қызарып, қымсына берді. Тос­тағандай
тана көзі нұрланып, төр жаққа имене ізетпен төң­керілді. Әдеп

сақтап, үлкендерден рұқсат сұраған түрі еді. Соны аңғарған Әсет:

– Қысылма, қарағым!.. Топ бастаған қоңыр қаздай самғашы

әуелетіп, – деді ықыласты құштарлықпен.
Қамила домбыраның үнін қоңыржай, сарыны майда ырғаққа
келтіріп, бір қайырды. Қызыл мақпал тақиясының төбесіне қадалта
қадаған қозалы үкісі ән тербелісінің толқынына қосыла шайқалады.

Жаудыр көзі ұшқындап, қасындағы алма бетті тобылғы торы, ақ
жібек салысы сусыған уыздай үлбіреген келіншекті шынтағымен
түртті де, әнді сызылта шырқады. Даусы сыңғырлаған келіншек те
іркілмей қосылды. Қос дауыс жұптасып, бүкпесіз әуеледі:

Аппақ шыңы ай сүйген, ей, асқар Алтай,
Арайлы күн алтын нұр шашқан, Алтай!
Ағажай,
Алтайдай жер қайда-ай?!

Анам болып әлдилеп, ей, күндіз-түні,
Бесігімдей тербеттің жастан, Алтай!
Ағажай,
Алтайдай жер қайда-ай?!

Қыздың балбыраған ақ маңдайынан маржандай тер түйір­
шіктері өріп шыға келді. Бота көзі шоқтай жайнап, екі бетінің
ұшына қызғылт қан үйірілді. Үлпілдеген мамықтай тамағының
асты бүлкілдеп, айлы түннің ақ сәулесіндей дірілдейді. Даусы

тұнық жез қоңыраудай сыңғырлайды. Шалқи тербелген биязы
әуеннің лебі самалдай желпиді. Көк жүзінде қалықтап, шудадай

шұбатылған ақша бұлттай қалқиды. Жүрегіне түйген сырын да,
мұңын да осы сарынмен ақтарды. Өзі де қалқып алған. Қамила­
ның бұл сәтте соншама егіле шырқауына Қайыр да қайран...
Жаны езілді. Бейне алысқа ұзатылып бара жатқан қыздай

аңырап, елімен, жерімен қоштасқаны сықылды. Қайырдың жүрегі
шанышқылап, тұз сепкендей ашыды. Көкейін күдік кернеді.
Сондай қайғылы күн жақындап қалды ма? Әлде аруақты ағаның
алдында артықшылығын асырғысы келгені ме?..

Әсет ынтамен құлақ түріп, ындынын сала тыңдады. Әннің
айырықша мәнеріне, ерекше тербеліс сазына ден қойды: Өзінің
үніне, жастық сезіміне лайық жарасымды әнді таңдап айтқаны
қандай келіседі!.. Алтай жерінің қасиетін мадақтау арқылы

жүрегінің сезімін де шертеді. Ағыл-тегіл төгіліп, тасқындай
сарқырап ақпаса да, қалқыған тербелесімен-ақ ойыңды бау­
райды. Ән – адам жанының қылын шертіп, жүрегін желпитін
төгілме сарын. Санасына сіңіп, халықты да ұйытады. Ән әуенінің

желісінен ой-қиялы, мінез-құлықы да байқалады. Ақ жүректің,
таза сезімнің үні. Момындық, аңқаулык, сенгіштік, сезгірлік,
құш­тарлык, құмарлық, сүйіспеншілік – қазақтың бойына сіңіп,
қа­лыптасқан қасиеті. Біздің әндеріміздің қандай сарындағысы­

нан болса да, осы сипаттардың табы ашық аңғарылады. Қуаны­
шымыз да, қайғымыз да, мұңымыз да, естілігіміз бен есерлігіміз
де сол әндердің сарындарымен аралас. Адам мен әннің үйлесімін
екіге бөліп, ажыратып ала алмайсың. Гүл өскен жерге тікен

де өспей ме? Сол тәрізді бір ән арманның үніндей естілсе,
екіншісі – күйініш зары... Бізде таудың, жердің сұлулығын аялап,
артықшылығын дәріптейін әндер аздау болушы еді, бұл да қажет
дүние болып шықты. Мына қыздың әні жаңа лептің бетін ашты-

ау. Өзі туып-өскен Сауыры мен Алтайының аспанында қалықтай
ұшқан аққуы секілді. Алтай – бұл елдің ұраны екен-ау. Кіндік
қаны сіңіп, жан сезімі біте қайнасқан. Бұларды басқа бір өңірге
апарып, жетім қозыдай жағып тели де алмассың. Жер – адам

тіршілігінің кіндігі деген осы ма! Ата мекеннің қасиеті де соны­
сымен танылмай ма? Боз ала таңның алқызыл шапағы сауырын
жуған жасыл жондар – осы елдің ырысы, тынысы. Жастардың
жүрегінде туған тауына арналған мақтаныш, сүйіспеншілік сезімі

де шешек атқан. Бұл да біздің сарыла аңсаған ғанибетіміз!..
Дуылдаған дабырға қосылған күлкі Әсеттің қиянды шарлаған
қиялын бөлді. Қарсы алдында қатар отырған Мұқатай мен Қайыр
да мәз-мәйрам. Ақ жібек көйлегінің желбірлі жеңі сусылдап, ақ

жібек орамалмен маңдайының терін сүртіп отырған Қамилаға
бірі сүйсіне, бірі емірене қадалады. Қыздың албыраған ажа­
рының нұры ынтық жүректі жұтынта баурап алған.
Кер маралдай керіле қозғалған Қамила аса сәнді қимылмен

орнынан түрегелді. Екі самайындағы ұшын тегістеп қырыққан
төрт елідей тұлымы құлағын жауып, дөңгелек бетін аша
түскен. Қыпша белін үзілдіріп, кеудесіне қалыптай жабысқан
әсем қазекейі ақ көйлекке еккен гүл секілді. Қыздың тосын

қимылынан бір қызықты қылық күткендей таңырқай телмірген
жұрт аңырып қалған.

– Әсаға, мына ел біздің ари-айдайымызды күнде естіп жүр,

құштар да емес, – деді Қамила үні қалтыраса да, ойын батыл
жеткізіп. – Аңсағанымыз, арманымыз – сіздің әніңіз, әлемді
дүрілдеткен даусыңыз! Сондықтан мына домбыраны беталды
қыдырта бермей, өз иесіне ұсынуға рұқсат етіңіз!..

– О, бәлі, тауып кетті!.. – деп жайраңдады үлкен-кіші. Қайыр

мен Мұқатай ығыса шалқайды да, Қамиланың ілгері жылжып,
Әсетке жақындауына жол ашты. Қамила имене аттап, ізетпен
еңкейді де, домбыраны көлденең тартты.

– Көп жаса, қарағым! – деп Әсет қолын созды. Өрім талдай

ма­йысқан Қамила домбыра Әсеттің қолына көшкеннен кейін
бо­йын кербез тіктеп, орнына қайтты, Ойланған ақынды Қаби
қайрады.

– Жүрегі пәк бала ғой, ақ тілеуін қабыл ал!..

– Мұратыңа жет, қарағым, қабылдайын тілеуіңді! – деді

жүрегі елжіреген Әсет тебірене толқып, Қолы қалтырағанын
өзі ғана сезді. Қатты толғаныс тақатын сапырған.
Ән мен өлең айтушылардың жағдайын білетін Қаби мен
Әлібек сырғып, Әсеттің емін-еркін қимылдауының қамын

жасады. Арынды ақынның сөзін асыға күткен көптің үмітін
Әлібек жария етті.

– Жұртыңыз тамсанып, сіздің өлеңіңіз бен әніңізге сусап

отыр, Әсеке!... Көңіліміз де, көзіміз де өзіңізде ...
Ой бесігіне бауырын басып, шабытын жұмдаған Әсет қолына
домбыраны алған соң ширыға ширады. Өзіне үңіле қараған
үмітті жанарларды қыдырта барлады.

– Жарайсың, Қамила!.. – деп қуана дауыстады Болмыс көп­

шіліктің делебесін коздырып.
Жұрттың ықыласы шабытын тасытқан Әсет пернені құ­
шырлана басты. Қос ішекті күмбірлете қаққанда өне бойы

шы­мырлап, сарайы кеңіп сала берді. Көкейінде сапырылыс­қан
сағыныш толқуын басып, аз кідірді... Көптің тілек-қалауы үстем,
бойы үйреніп алған Мұқатай еркелікпен өтінді.

– Әсаға, алдыңыздағы халқыңыз шөлдеп отыр!.. Сізге үміт

артады.
Әсет әлі де тулаған ойын игере алмай, теңселе қозғалақтады
да, нығызданып шарта малдас құрды. Қаққан қазықтай қаздиып,
денесін тіктеді. Жүзі жалындап, домбыра үнін төкпе сарынға

бұрды. Пернені алқымның өргі сағасына дейін сыдыртып жосылта
басты да, ышқынтқан ащы айқайға басты:
Е-е, е е-ей!..
Арғынмын, атым Әсет арындаған,

Арындап ән сала ма, о-оу, дарымаған?
Аспанның аясында ән шалқытқан,
Бұлбұлмын даусым көкте дамылдаған.
Көмекей көк қабысын әнмен ашсам,

Төгіліп меруерт-моншақ сауылдаған.
Тұлпармын топтан озған, тасырқаман,
Шаршы топ, қарсы өрім жоқ шабылмаған
Жорғамын, жортарманмын майталмаған,

Майдамын, майда желіс мамырлаған.
Жұртымның аса қызу жиынында,
Бір күнге, оу, ән адыра салынбаған!..
Әннің басталуы ерекше арынмен көкке тіке шапшып, биікте сәл

бөгелді де, тез құбылып, шайқалған тербеліс ырғақпен жорғалай
сырғыды. Аяқ жағы лекіген желіспен сусып барып тыныстады.
Ширатылған бунақтар көлдің бетін шайлаған самалдай есті.
Ақынның ақтарылғанына жұрт та бас қойды. Бұл – Мұқатайдың

Тарбағатай баурайынан еміс-еміс естіген әні еді. Сол жорға әнді
шығарған кісінің өз аузынан тыңдау қандай ғанибет десеңші!..
Бәрі де сілтідей тынған. Әнші көптен айтпай, кеудесін кернеген
өлең шумағын түйдектете төгіп, дүбірге қызған тұлпардай аты­

рылды. Әуеннің сәуледей құбылған сарыны бесіктегі балаша
маужыратып, ғажайып сиқырлы әлемнің құшағына енгізді. Жұрт
әлдиге ұйыған сәбидей танаулары пысылдап, қозғалуға шамалары
келмей сілейген. Басқа дүниені ұмытқандай елтіп қалған. Арқасы

қызған ақын ойына тұнған өлеңін түйдегімен төкті де, бір қайырып
тастады. Тамсанған ел есін жиып, маржанын екшеп үлгере алма­
ды. Төменге сорғыған ағындай төніп, қайқаң етіп жалт бұрылған

сұңқардай арқырата қайта шырқады. Айдынды аунақшытқан
дауылдай гулеген ән найзағайдай жарқылдаса, өлең түйдегі
тас бұлақтай суырылып, сарқырай ақты. Әсет те ойын түйіп
айтуға құлшынды. Өзінің сырын ғана күйіттеместен елді тұтас

қамтуға бой ұрды.
Е-е, е, е-ей!..
Тауықпын тары терген Найман шалдан,
Найман ел айы туған, о-оу, Маңдайшадан.

Үйректей, қаздай қалқып жүрмін жүзіп,
Көп елде, көп жұртымда Қыдыр шалған.
Ертіс, Сыр, Есіл, Іле – өзендерім,
Тау өтпес алып Алтай, Тәнь-шаньнан.

Ми дала, меңіреу шөлдер, күміс көлдер,
Мекенім – ертеде елім ірге жайған.
Құм – қыстау, өлке – көктау, өзен – күзеу,
Жайлауым – жалпақ дала, қарлы таудан.

Ойда орыс, қырда қытай – қоныстасым,
Аулым бар Ауғанға да ауып барған.
Жел қабыз осы ортаның зар жанымын,
Толқытып тоқсан бунақ әнге салған.

Асқақ ән аспанға өрлеп, асқар тербеп,
Күңіренткен сардаланы күндер жалған.
Ән құмар әлеуметім анталап тұр,
Сайра, тіл, оу, аңыра әнім – інжу-маржан!..

Ұшқыр әуен ақ көбік атқан тау суынша сарқырады. Тау мен
тас сыбдырсыз тынып тұр. Әншінің ашық даусы биіктен-биікке
секіріп, қақпақылдай жаңғырығады да, алысқа самғайды. Тау
құшағын дүбірлеткен жалғыз үн. Бұған дейін мұндай ағынды

өлең, айшықты ән естіп көрмеген жұрт қайран. Оның құдіретіне
табынған, сұлулығына тамсанысады. Жүректерінің түкпірі шым-
шым қайнайды. Рахат тыныштығына батқан. Балдай тәтті ұйқы
маужыратқандай мүлгіскен.

Ыстық ықыластарын ақтаруға, қызбаланып дулай көтермелеу
арқылы дем беруге де шамалары келмейді. Өздерін-өздері
ұмытқандай сілейіңкі. Мең-зең күйде қалғып-мүлгіген. Жара­
сымсыз даурықпа дақпыртты әнші де күткен емес. Көкейіндегі

сығылысқан ойды түйіп, бір бел жазды да, қайтадан құлшынып
ызғыта құлаш сермеді. Әннің келісім-ырғағын, табиғатын
та­ныстырып, үйренушілер мен айтушыларға нұсқа көрсетіп
отырған­дай.

Е-е, е, е-ей!..
Ән салсаң, өзімдей сал аңыратып,
Қаптаған қой-қозыдай, о-оу, жамыратып.
Көктемде бүрін жарған бәйшешектей,

Түйіндеп, туындатып, тамырлатып.
Тербеліп көлде жүзген жел қайықтай,
Күлдіріп, күлімдетіп, жадыратып.
Жайлантып, жайнаңдатып, қоңырлатып,

Орғытып, орағытып, дабылдатып.
Самалдай өрлей соққан сай-саланы.
Ырғалтып, бүлкілдетіп, дамылдатып.
Аққудай аспандата әнді өрлетіп,

Күмістей көмекейден сауылдатып.
Қондырып қоңыр қаздай айдын көлге,
Сұңқардай сыпсыңдатып,сағымдатып.
Боздатып саулы інгендей, күңірентіп,

Нөсердей, оу, нөпір төккен жауындатып!..
Шөлі сәл қаныңқырап, есін жия бастаған жұрт жыбырлай
қозғақтап, ентелей елеңдеседі. Қатты ұйқыдан ән әуені шайқап
оятқандай. Дегбірсіздене елеуреген кейбір қызба жігіттер

алабұрта ширығады. Ықылас-ниеттерін білдіргісі келіп, қопақтай
қозғалысып еді, сөз айтуға орай таппады. Әнші іркілісін көпке
созбай, құлашын сермей жүйткіді:
Е-е, е, е-ей!..

Қазандай қарсы соққан дауылдатып,
Қамыстай дауыл жыққан, о-оу, сауылдатып.
Соқтырып ай астынан алтын күрек,
Көтеріп күн көзіне жалындатып.

Бұрқатып, бұлғақтатып, буырқантып,
Қақтырып,бұрқақтатып, қағылдатып.
Жүйткітіп, сонарлатын, саяттатып,
Қырандай қиқулатып, шаңқылдатып.

Жүгіртіп, жүрдектетіп, жорғалатып,
Аңқытып,аңқылдатып,алқымдатып.
Тербетіп, тебірентіп, тамсандырып,
Желпінтіп, желпіндіріп, салқындатып.

Қаусырып, қағып-сілкіп, әнді төгіп,
Қайырып, оу, қалтыратып, қалшылдатып!..
Ақын үлкен жарыста қара үзіп шыққан тұлпардай өршеленіп,
танаулай орғыған арынын тежей алқына тыныс алды. Манадан

тығыны ағытылмай, аптығыстары алқымына тіреле тыпыршыған жастар тобы қалт серпіле желікті де, дулы сүреңге басты. Көңілдері көтеріңкі жігітттер көкпардың дүбіріне елеурегендей лепіріп, сүйсіністері мен ықылас-пейілдерін жаудырды. – Айтсаң, осылай айт! Қырандай самғадыңыз-ау, ағатай! – деп, қуана дауыстады Болмыс. Әлібек те: – Жаным жаңа жай тапты-ау, шіркін!.. – дейді ерекше ша­ быттана. – Саңлақ дарынның орны бөлек болады екен-ау! – деп таңданды Қайыр. Іргенің туырлығы түгел түрілген. Керегенің көзінен, босаға саңлауынан сығалаған әйелдер мен балалар да мәре-сәре. Шиыршық атқан Мұқатай танауы желбіреп, үріккен тана­ дай одыраңдайды, қуанған баладай абдырай сөз бастағанда, дуылдаған жұрт тына қалып, өз ықыластарын той бастап жүрген жігіттің ойына бағындырды. – Хұзырыңызға құлдық, Әсаға!.. – деді ол аптыға, асыға сөйлеп. – Аңсағанымыз осы еді. Дарқан дарыныңызға бас иеміз! Арманымызбен қауышып, ақыл нұрына бөлендік!.. – Абыройың арта берсін, Әсетжан!.. – деп елжірей тебіренді Қаби. Бұл тілекті Әлібек әрі жалғады: – Самға, қыраным! Жанымыз жалындады! Осы ықылас-тілектердің бәрі демнің арасында, сәл ғана ты­ ныс мезгілінде айтылды. Әсеттің күн қақтап, жел қаққан қоңырқай қатқыл жүзі жұм­ сарып, балбырай жіпсіген. Қабағы ашылып, бетіне қызғылт қан жүгірген. Ақ жейдесінің тамағындағы түймесін ағытып, омырауының қақпағын ашып тастаған. Тамыр-тамырын ыстық леп аралап, суарылған балаусадай шайқалады. Түймедей танауы желбіреп, иегі болымсыз қалтырайды. Жанары жаудыраған. Буырқана толғанып, ой-мүддесін сарқа айтуға анталаған. Бой­ ын желік билеп, иығынан басқан тауқымет тауы төңкеріліп түскендей өңіне арайлы рай енген. Жүрегі өршелене соққан сайын екпіні де үдеді. Саусақтары домбыра пернесінің үстінде тынымсыз жорғалайды. Ойына түйгенін жүйелеп жариялауға бар ынтасын салды. Сапырып-сапырып құйып, алдына қойған сырлы тостағандағы қымызды шөліркей бір сімірді де, еңсесін көтеріп, ындыны ауған құмарлықпен домбыра шанағына қайта үңілді. Салып отырған әнінің ырғағын үзбей желдірте бір сы­ дыртып өтті. Аздан кейін арқаланған арынмен шырқады. Өлең

желісі үзілмей, әрі созылды. Денесі қызған сайын құлашын жая,
бәйге атындай екпіні үдеді.

– Е-е, е-ей!..

Ән салсаң, ерінбей сал әсемдетіп,
Қоздырып делебені, о-оу, дәсерлетіп.
Шырқатып, шығандатып, шарықтатып,
Шапшытып, шүмектетіп, нөсерлетіп.

Талдырып, талықсытып, тамылжытып,
Жүйткітіп, жүгіндіріп, көсемдетіп.
Орғытып, ортекедей ойнақтатып,
Таңдантып, табындырып, шешендетіп.

Самғатып, саңқылдатып, сар желдіріп,
Өргізіп, өршелентіп, бәсеңдетіп.
Серпілтіп, сумаңдатып, сексен ырғап,
Қырық қарпып, тоқсан толғап, баса өрлетіп.

Қарқынды ән қан қайнатып, жүрек жылытып,
Жан жалмап, көңіл тербеп, әсерлетіп.
Сүйріктей суырылтам ән сұлуын,
Тілім – бал, сілекейім – шекерлетіп.

Сарайым – сабам, құям пісіп-пісіп,
Қойдырман ән нөсерін ой кернетіп.
Сөз – жаңбыр, даусым – дауыл, әнім – ескек,
Ойнақтап, оу, басылайын аз желдетіп!..

Сарқырай себелеген нөсердің бұлтындай аунақшыған әуен
жебеген өлең жаңбырша сарқырады. Құйқылжыған әнге, бөгетсіз
ағылған өлеңге елти кызып алған жұрт та еркін лепірді.

– Ой, пәле, міне, шын сөз!

– Шыны да сол сияқты!

– Маңдайыңнан күнің сүйіп, даусың аспандай берсін,

Әсетжан! – деп кеудесі қоздана қозғалақтады Қаби. Бұл ықыласқа
ерген Әлібектің сүйсінісі жүрегін жарып шықты:

– Көкейдегені дәл басқанын айтсайшы, шіркін!

– Төгеді-ақ екен, сабазың! – деп тамсанды босаға жақтағы

керегенің көзінен сығалаған тағы біреу рахаттанып.
Әсет шұбырта сырғып келіп, тыныстаған заматта жұрт та
қошамет-құрметін білдіріп, дуылдаса өрекпиді. Бірақ әнші масай­
рап, бөгелген жоқ, бәз қалпында. Тыныс сәтінде домбырасының

ызыңдаған үнін аздап тыңдап алады да, басын қақшита тіке ұстап,
лепірген арынмен ентелеп, алысқа ұмтылады. Көп кедергіні
ұнатпайтынын байқаған жұрт тына қалысты. Өлең әрі сусыды:

– Е-е, е-ей!..

Әнге сал, жан мейірі қанғандай қып,
Жарқырап баста бағы, о-оу, жанғандай қып.
Әуенін жүрегіне балдай сіңіп,
Үйреніп жастар ғибрат алғандай қып,

Ұшырып көкейінен әннің құсын, –
Шырқатын ертелі-кеш салғандай қып. _
Тәтті әннің арасына жақсы сөзді,
Тоқысаң меруерт пен маржандай қып.

Сөйлеген грамафон табағымдай,
Мирас боп бозбалаға қалғандай қып.
Бір сағат сандуғаштай сайрап берсең,
Құлаққа қайта естілу армандай қып.

Шықпай ма құмарынан шөліркеген,
Биесін, оу, көк жайлауда сауғандай қып?!
Арман-тілегі ән ырғағына өрілген. Жүректі жылытып, жанды
тербейді. Жақсылық атаулыны халқына тілейді. Өзінің асылын

шашу қып шашып, соған ие болуды тапсырады. Өрен жүйріктің
дүбірі, құлақ құрышын қандырған үні тыңдаушылардың ой-сезімін
баурап алды. Талапты жанға міндет жүктеп, талап қойған ақылды
сөз жүрекке шық-шық тиеді. Көптің көзі ақынға емірене қадалса,

көп ерін құмарлана тамсанысады. Адам кеудесіне де небір құдірет
сыя береді екен-ау. Саналы жүрек тозбайды, ой қозғайды.
Сазбай соқса, халқыңа қуаныш қана сыйлайтын сықылды.
Көріктей гулеген көмей, мың бұралған ырғақ, бунақты дыбыс,

ақпа өлең толассыз сусып, адам сезімін аймалайды. Биязы
қоңыр сарын әр жүректі сипалайды. Арманға елтіген үмітшіл
жанарлар бірін-бірі жасырын іздеп тауып, түйісіп қалады да
сырларын іштей ұғысып, жайраңдай күліседі. Бірінен-бірі ізгілік,

жақсылық қана күтіседі. Ақын өлеңі сол балғын сезімдерді жебеп,
мәпелей тербейді. Сондай үнсіз қабақпен ұғынысып, бірін-бірі
аялап отырған Қайыр мен Қамиланы көзі шалған ақынның ойы
бұрқанып, ақ ниеттен өрбіген жалынды сезім ілгері жетеледі.

Өлі денеге жан бітіретіндей серпіліспен шабыты көкке көтеріп
ала жөнелді. Апатқа тап болса, жайнаған қызыл гүл де солады-ау
мезгіліне жетпей. Дәл қазір мына қыз не тілейді екен? Мұратының
ақыры немен тынатынына көзі жете ме? Сене ме соған? Жігіт ше?

Көз сүзгеніне қол созса, қарсы келген кедергілерді қайырып тастай
ала ма? Сырларын сырт көзден жасыруы әдептілік. Бірақ біздің
жастарымыздың үміті жалт етіп, тез сөнетін найзағай жарқылы

секілді. Қазір ойларына ештеңе алмайды, әнге елтіген. Сол сезім
ғана бар медет тұтары. Шырқайын, көңілдері көншісін!..
Ақынның өзі де көптен ішқұста боп, кеудесі мұңға толған.
Кемеріне сыймай, ішке тұнған ән мен өлең бұлқына тулаушы

еді. Енді айырықша арнамен ақты. Тасқа құлап, жарасы айыққан
соң, жарық дүниенің өріне қайта қанат қаққан сұңқардай ұшқыр
әуен аспан аясына самғады. Шексіз кеңістік шалқытқандай. Әсет
дағдарған санасын осы серпінмен тыныстатты. Барған сайын

денесі жеңілденді. Кеудесі кеңіп, еркін тыныс алды. Еңсесін
басқан зіл салмақ төңкеріліп, арқасы босап қалды. Жаңа дүниенің
құшағына енді. Қыбыр-сыбырға көңіл де бөлмеді. Дуға қызып
тұраламай, алқынбай шапты. Мерейі өсіп, төбесі биіктей түсті.

Әнін бәсеңдетпей, өлеңін әрі жалғады.
Е-е, е, е-ей!..
Ән салсаң, аянбай сал арындатып,
Өзегін тыңдаушының, о-оу, жалындатып.

Жаңғыртып, ағын судай гүрілдетіп,
Орман, сай, тау, өзенді жамыратып.
Көтерсем әннің туын, маңайым той,
Қойдырман көңілімді қаңыратып,

Әніме әлеуметім анталап тұр,
Мен жүрмін ортасында бағып артып.
Төгемін сарқыратып ән нөсерін,
Жүректі жай күніндей жарқыратып.

Ағызып, арқыратып тасқын-селдей,
Көзіндей армандының жаудыратып.
Арынды ән арманымның періштесі,
Ақтардым түгел сарқып, саудыратып.

Мерейің үстем болсын үлкен-кіші,
Әнімді, оу, айтып бердім аңыратып!..
Ойын түйіндеген ақынның өзі де масайрады бір іс тын­дыр­ған
кісіше. Сарынды бұзбай, одан әрі ән ырғағының аяғын жортақтата

лекітіп, жорғалата шайқалтты да, иірімдей шы­рай­налған қайырма
сарынын құбылта сарнатты. Бұнысы манадан сорғалаған әуенінің
тыныс алар алдындағы жайлы орын іздеген тыпыршуы секілді.
Әри-дәри, әри-дәри, дәри-дай,

Әри-дәри, дәри, дәри-дем,
Хау-лила, ли-лау,
Хали-ләли, лә-ли-лау,

Хали-ләли, лә-ли-лау, Хали-ләли, лә-ли-лау, Әри-дәри, дәри-дай, Әри-дәри, дәри-дай, Әри-дәри, дәри, дем!.. Айқын мағыналы сөзі болмағанымен, ойнақ салған үннің өзі сөйлегендей, жүрекпен тіл табысқандай, сақ-сақ күледі. Ырғағы көмейден былқылдай төгілгенде әншіліктің сырбаз қырын, өрлігін, құдіретін танытқандай еді. Еркелей, сылаңдай тербел­ ген қайырманы аунақшыта ширатып келіп тоқтады да, әннің де, өлеңнің де аяқталғанын сездірді. Домбыраның үнін шалқыта қайырып тастап, үздіккен ынтамен үзілте тоқтады. Ел ду етіп өрттей қаулап еді, Әлібектің даусы басып, тыныштандырды. – О, бәрекелді!.. Көксегеніміз осы еді, мейірімізді қан­дыр­ дыңыз-ау бір... – деп тамсанып, рахаттана ырғалды. Көзі жайнап, өңі нұрланған Қаби да тебірене күлді. – Әсетжан, мына сөздерің кәрілердің көңіліне сағыныш ұялатса, жастарға үлкен ғибрат болды!.. – Солардың ұққаны керек қой бізге... – Ұқтық, Әсаға!.. Енді біз де басқаша сайраймыз! – деп жайраңдады Мұқатай елеуреп. Әлібек өңі албыраған жігітке сүйсіне қарады қуанышпен. – Біз саған сенеміз, Мұқаш!.. Ән сарыны желпіндірген қызбалық кезінде айтып қалмаған соң, жастардың көкейлеріне ұялаған көп-көп жылы сөздері мына жайбарақаттықта қожырап кеткен. Ниеттерін қысқа-қысқа қайырғаннан әрі аса алмады. Жаның балқыған мезетте оралған ойлар тебіреніс қалпын ұзақ сақтай алмайды екен-ау... Айтқандай әлі жетпей жатқандай бәрі де қынжылысады. – Әсаға, өсиетіңізді де, ғибратыңызды да ұқтық, – деді Қайыр байсалды түрмен. – Осынау ұлы таулар мен жалпақ дала сіздей перзентін өмір бойы мақтан етеді!.. – Құр мақтаннан не пайда! Мен санама жинағанымды орталарыңа салдым, – деді Әсет ойын нығыздай салмақтап, жасжелеңді босқа желіктіргісі келмеген раймен. – Көкейлеріңе қонса тәлім аларсыңдар. Сонда менің де мақсатыма жеткенім!.. – Көргеніміз сіздей кісілер болса, көсегеміздің көгергені емес пе! – Мына сөзіңіз тап осы арада туды ма, Әсаға?.. – деп, Мұқатай тамсана сұрады. Тыныстай желпінген Әсеттің жұрт жиналған

жерде маңдайы тершіген сайын өтімді сөзді төгіп салатын әдеті. Сол ыңғайдың емеуірінін білдірді. – Ел-жұртымның қалауын айттым!.. Неге екені белгісіз, Әсет мұңая ойланды. Жаңағы айтқан өлеңін сараптады. Бұл жолы аздаған жаңа сөз қостым. Рас, бұл сөздің бастауын алғаш сонау бір жылдары, жастау кезімде, Қызылағаш өңірін күздеп отырған Маман ауылындағы осындай бір үлкен жиында өзімді көпшілікке таныстыру үшін айтып ем. Жұрт қызу қолдап, көтеріп әкеткен, араларына сіңдім де кеттім. Одан кейін бұл ойға қайта орала қоймап едім. Елге танылдым, өрісім кеңіді. Ол шеті мен бұл шетін шарлап, біте қайнасып кеттім. Ал шалғайдағы мына елдің ән мен өлең сұранысы сол сорапты қайта жаңғыртты. Өйткені алдымен өзімді таныстыруым керек қой. Сол мақсатпен осылай бастадым. Бірақ ескі сарындағы оймен ғана шектелгем жоқ. Жаңа ой жебеді. Халықтың санасын тербейтін сөз қостым. Ел жүрегін балқытатын ән мен өлеңнің қасиетін аялап, орнын нықтадым. Өлеңді қазақ баласы жанымен түсінеді. Анасы өлеңмен әлдилеп, бесігін өлеңмен тербетеді. Дала сарыны, тау жаңғырығы өлең боп сезіледі. Солардың көркінен қуаныш табатыны содан шығар. Майлы-Жайырдың бергі бетіне өткеннен бері қаншама сырға қандым. Еліге берсең – ештеңе сезбейді екенсің. Мұндағы елдің күй-жайына үңіліп едім, қайғы-қасіретін таныдым. Өзімнің де әлі күнге білмейтінім тіпті көп боп шықты. Енді көзім ашылған сықылды. Түйген ойларымды осы жолы өлеңіме сіңіріп, сырымды ақтардым. Бұл да бір болжамды істің өріс сыңайы. Ел ықыласы жабыққан жанымды емдеп, шабытымды қозғады. Ой-арман өлең боп шұбырды... Жоқ, ескі сарынмен емес, түлеген серпінмен құлашымды жаза сілтедім. Демек, бұл ел ниетінің мені жебегені!.. Мына Қайырдың ойы да аңғарлы. Жастарымыздың жақсылыққа құштарлығы бізді, алдындағы ағаларын арқа тұтады, өнегелері санайды. Ізімізден ізгілік іздейді. Соны қалдыра алдық па?.. Көп нәрсеге көңілдері көншімейтін тәрізді. Ескі сүрлеуден мезі болған ба? Жаңалық күтеді. Аз күн болса да, шамамның келгенінше қимылдап бағайын... Осы сарынмен алысқа үңіліп, абыр-дабырды мүлде сезбей, терең қиялға батқан. Көзі алысқа қадалып жаудыраған. – Әсаға, далаға шығып, біраз самалдаңыз... – деген Мұқатайдың өтініші ойдан сергітті. Үйдегілердің алды сыртқа беттеген. Қаби мен Әлібек те тосып отырғандай Әсетке ілесіп түрегелді. Қызкеліншектер іргеге қарай ығысып, үлкен кісілерге жол берді.

Күн таудан асып барады. Кешкі салқынның қоңыр лебі айма­ лады. Бусанып, ыстықтан булыққан дене жадырады. Бұл күнгі думан түн ортасы ауа тарқады... Кермеде ширығып тұрған аттарына мінген үлкен-кіші, жас-желең дабырасыз та­ рап барады. Көкейлеріне құйылған ләззәтті шайқап, бос сөзбен лайлағысы келмегендей сыңайда. Биік таудың түкпірінен бері көтеріліп, туып келе жатқан айдың жүзі табақтай дөп-дөңгелек. Шарасының бетінен шашыраған ақ сәулесі сүттей жарық. Бозғылт аспандағы жұлдыздар да тарыдай шашыраған. Қалғығандай дөңкиген жон-жота манаурай шайқалып тұрған секілді. Түн желсіз. Еңсесін басқан ауыр ойдан арылғандай Әсет те қуанышпен ширап, серги бастаған. Бұл түні тәтті ұйқының құшағына еніп, алаңсыз тынықты. ҚАСІРЕТ ТҮБІ – СЕРГЕЛДЕҢ Таңертеңгі шайдан кейін Әсет сыртқа шығып, алаңсыз бой жазды. Ауа тұнық. Күн сәскеге көтерілген. Күркірей аққан өзен үстінде болар-болмас бозғылт сағым желбірегендей. Әсет солай беттеді. Сол тұс тыныс алатын жеріне айналған-ды. Соңынан ілескен Мұқатай топтан ұзаңқырап, оңашаланған сәтте: – Әсаға, ат ерттесін бе?.. – деп, әлденені ескерте сұрап еді, нені меңзегеніне түсіне қойды. – Ә, айтпақшы, бүгінгі Қайыр шақырып кетіп еді-ау, – деді жүрісін тоқтатып. – Жарайды, тосып отырған шығар, көп кешікпейік!.. – Ендеше, ат ұстатайын... – Тездет, ертерек барғанымыз жөн болар... Мұқатай артына бұрылды да өзінің не бұйыратынын күтіп тұрған бозбаланың қасына барды. Қандай-қандай аттарды ұстап әкелуі керек екенін тапсырып, өзі судың жағасына таман еңкейген Әсетті жалғызсыратпау үшін соңынан барды. Асықпай жуынып-шайынып, қайта оралғанда мама ағашта ерттеулі екі ат байлаулы тұрды. Жуан бел, ұзын мойын қара қасқаға мінген Қаби да келді. – Әсетжан, жеңешеңнің шапанын кейінірек кие жатарсың, – деп, әдетінше әлдекімді ойландыра міндет артқан күйі аңқылдай сөйлеп, ерттеулі аттар тұрған жаққа аяңдап барып тоқтады. – Ал,

мынау құла – Мұқатайдың өзіңе мінгізгені. Ат – ердің қанаты ғой, ел ішінде жайнап жүр, көңілің өсіп. – Көп жаса, айналайын, бақытты бол!.. Әсет қиыла қарап, Мұқатайға ризашылығын білдіріп еді, сөзді кысқартқысы келгендей Қаби киіп кетті. – Қане, Мұқаш, ағаңды өзің аттандыр, ырым болсын! Ағасының ырымшылдығын білетін Мұқатай жымия күлді де, қонағының құранды ері ерттелген, сұйықтау қара бұйра жалы күлтеленген шоқтығы биік сүліктей сидам құланың шылбы­ рын шешті де, жетелеп келіп, көлденең тартты. Әсет желбегей жамылған жұқа шекпенінің жеңіне қолын сұқты. Талдырмаш бозбала үйден алып шыққан қамшысын ұсынды. Дөңгелек көзі оттай жанған атқа жақындаған Әсет қатты толқып, ыстық сезімге бөленді. О, дархан елім!.. Жомарттығыңда шек жоқ-ау. Өзім санасаң, өзегің өртеніп жатса да, ауызыңдағыны жырып беруге әзірсің. Талып келгенімде таңдайымды жібіттің, арығанымды біліп, астыма мінетін атыңды да сайлап тұрсың!.. Кім-көрінгенге мұндай қошамет көрсетіле бере ме? Ас-суын берер, тынықтырып аттандырар. Ал мынадай кеңпейілдік өнерді қадірлеуінің арқасы шығар. Соны қастерлеген салтыңнан айналдым... Өнер – менің өмірімнің арқауы, санамның саясы... – Келіңізші, Әсаға, оң қолыммен қолтығыңыздан демеп аттан­ дырайын, – деген Мұқатайдың ерке үні сергітті. Қазақ салтында оң жағынан атқа міну – аса ізгі ниеттің белгісі. Әсет ілгері адымдап ба­ рып, жайнаңдаған құланың тізгінін сол қолымен қымқыра ұстады. Үзеңгіге аяғын салған заматта-ақ, Мұқатай сүйемелдей көтерді. – Бағың жансын, айналайын! – деп, ағалық ықыласын білдірді Әсет, ердің үстіне нығарлана отырып жатып. Осы әрекетті тосып тұрған Қаби атын тебінді. – Ал, кеттік!.. Қара қасқа мен жылтыр құла иықтасып, қатарласа сырғыды. Жылпың торыға мінген Мұқатай да жетті. Өзенді өрлеген аға­ сымен жанаса аяңдады. Өзен аңғарының басы Сауыр тауының бел ортасындағы жаядай жалпақ жонның қапталындағы жылғажылғадан басталады. Қожыр тасты сол биік – Тасқайнар. Содан бері созылған ұзын жалды бауырлай жүріп, жотаға шыққанда қарсы алдарында көгілдір мұнар оранған Құзғынды тауының жа­ лама тастары ағараңдады. Соған жалғас Жасылқия қойнауының жайқын текшесі көсіліп жатыр. Өркеш-өркеш таулардың шошақ төбелеріне түбіттей көк-сұр бұлт шөккен. Терең шатқалдардың

қуысында ақ тұманның жүлгесі кілегейдей қатпарлана қалқып тұр.
Ол шеті мен бұл шетіне көз жетпейтін алқаптың үйірім-үйірім
ойпаттарындағы бұлақ басына шоғырлана тігілген киіз үйлер
ұядағы жұмыртқадай ағараңдайды.

Еңселі жонның теріскей беткейін қиялай еңістеген соқпақпен
тізбектеле шұбырып, етектегі жазыққа түскен соң, жасыл ал­
қаптың бір иініндегі шымылдық қарағайды ықтай қонған үш-төрт
үйге тіке тартты. Ауылдың арғы шеті – биебау. Бір үйір жыл­

қы тұр. Жалпиған жаппалар үйілген топырақ сықылды. Бие­бау
басындағы биелер құлындарынан алыстап кете алмай айналсоқтай
береді. Ауылға тақаған салт аттыларға арпылдаған төбеттер қарсы
жүгірді. Екі-үш жігіт бұларды тосып, мама ағашқа қарай жылжы­

ды. Қонақтар солай төтеледі. Тақап кеп тоқтағанда:

– Ассалау-мәли-кем, Әсаға, қош келдіңіз! – деп, Қайыр өзі

танитын сыйлы мейманының атын алдымен ұстады.

– Амансың ба, Қайыржан?..

Сыртта жапырлап тұрғандар жамырай сәлем берді. Аттан
түскен қоңақтар біріне-бірі қарайлағандай еріне басады. Үлкен
боз үйдің есігіне тақағанда Әсет тоқтап, жасы үлкен Қабиді алға
салды. Сәлем беріп табалдырықтан аттағанда, оң жақ іргедегі

төсектен аппақ сақалды, сеңгірдей еңселі қария сәлемдерін алып,
қопақтап орнынан ебедейсіздеу қозғалақтады.
Алдымен кірген Қаби қарияның қолын алды.

– Жайлы жатып, күйлі тұрсыз ба, Шераға? – деді төрге өтіп,

малдас құрған соң үлкен кісіге ілтипатпен сыпайы амандасып.
Қариямен қол алысып, қатарына отырған Әсетке мойын бұрды. –
Бұл кісі Қайырдың әкесі, Шерубай ағамыз, Әсетжан. Осы маңдағы
меркіт елінің сыйлы қариясы.

– Е-е, аман ба, әкем? – деді қария аялы ала көзді, қыр мұрынды,

дөңгелек бетті бейтаныс қара торы жігіт ағасына денесімен
бұрылып. – Әсет сенбісің, айналайын?..
Ылпың-жылпыңы жоқ Әсет сөзін жұптағанша, Қаби жауап
берді:

– Күллі қазақ үніне құлақ түріп, аузына қарап тамсанған ардақты

Әсетіміз – осы, Шераға!

– О, бәрекелді, көп жаса, әкем! Сыртыңнан қанықпын. Міне,

енді дирарыңды да көріп отырмын. «Алыстан алты жасар бала
келсе, алпыстағы шал алдынан шығып сәлем береді» дейтін сал­
тымыз бар еді. Мен іздеп бара алмадым. «Тұрсам – отыра алмай­
мын, отырсам – тұра алмаймын» депті қаусағаннан қуаты қашқан

мыстан кемпір. Қулығы қанша көп болса да, кәріліктің зардабына
шамасы келмеген ғой. Менің де күнім соған жуық, әкем. Аяғы
құрғыр қарыс жерге бастырмайды. Қайыржаннан естідім топ ал­
дында айтқан сөзіңнің артықшылығын... Соған жете алмағаныма

қиналдым. Ақсақ қойдай бөлініп қалдым.

– Орнында бар оңалады демей ме қазақ. Ондай-ондайға

жабырқай бермеңіз, отағасы.

– Е-ей, айналайын-ай, жас жетіп, қатардан қалған соң жақының

да алыстайды. Қуып жетуге шама жоқ. Сексенің салмағын салып,
тұқыртып барады.

– Тоқсанында да тай үйреткен кісілер болған ғой, аға, – деп

күлді Әсет әзілдей қайрап.

– Әй, білмеймін... Менің де томырылмайтын қайратым бар

сияқты еді. Тепсе темір үзетін қауқарыңдай қайдан болсын.
Әшейін, далбаса да... Басқа түскенде біледі екенсің.

– Оу, көкесі, – деп еркеледі Қаби қалжыңға басып, – ағаға

қарап іні өседі. Неге ойламайсыз, артыңызда біз бармыз ғой,
жасытпасаңызшы көңілді!..

– Одан шошымай-ақ қой, Қабижан. Шындап кетсек, тар­тын­

шақ інілерді жетекке алып, біраз жерге тақыммен-ақ сүйрейтін де
қарқынымыз бар.

– Е, бәсе, осылай қайрат танытпайсыз ба, марқайып жүрелік.

– Шалдың қауқарына қарай қимылдасаң, сенің де хал –

жайыңның түбін байқадық...

– Қауқар салыстырғаннан гөрі қараңызды көріп жүргені­міз­дің

өзі дәтке қуат, әз аға!

– Міне, жөніңе енді көштің, ниетіңе жет, әкем!.. Үлкен кі­

сілердің жарасымды әзіл-қалжыңы сұйыла бере сыртта бөгеліп
қалған Мұқатай кірді. Қариямен құшақтасып көрісті де, Әсеттің
сол жағынан орын алды. Қайырдың өзі дастарқан жайды. Та­
палдау жылтыр қара қайқалаңдап, нән сары тегенеге шүпілдете

құйылған қымызды әкеліп, дастарқанның шетіне қойды да,
Мұқатайды ықтай отырды. Ол әнеукүнгі шілдеханада жыр
айтып, думанды қыздыр­ған Болмыс. Ойнақы, ерке қылығы
Әсетке де ұнаған. Тағы бір бозбала сырлы тостағандар мен

қайың безінен ойып жонған қос ауызды, бүйірі шығыңқы, күміс
ернеулі ожауды тегененің қырына сүйеді. Бүрме етек жібек
көйлегі сусылдаған, қыпша белі үзіле майысқан, басына гүлді
көк шайы орамал салған уыздай келіншек шолпыларын сылды­

рата жүріп, үлкен астаумен әкелген қызыл-күрең бауырсақты

төкті де, дастарқанды бойлата жаймалады. Аздан кейін ірімшік
пен құрт әкеліп шашып, әр түсқа кесе-кесе сары май қойды.
Осы кезде денесі толықтау, түңліктей күндігі шошайған, екі
беті қып-қызыл, өңі тайыңқыраса да, сыны кетпеген ақ сары

кемпір кіріп, үйдегілермен амандасты. Еркелей қараған Қаби
биязы үнмен сыпайылай саулық сұрады.

– Денің сау ма, жеңеше? Қажымай жүрмісің?

– Шүкір, әке... – деген кемпір өз ниетін де айтты. – Балаңның

бауы берік болсын! Немере сүйіп, төліңе төл қосылып жатса,
ол да үлкен куаныш қой!..

– Айтсын, жеңеше, тілеуіңе рақмет! – деп, кемпірдің көзіндегі

мұңды сезген Қаби көңілін аулады. – Өзің де сондай қуанышқа
бат!.. Арманыңа жет!

– Бибі аман ба? – деп, кемпір енді Мұқатайға бұрылды. – Оны

да көрмегелі талай заман өтті. Қыс бойы қатынаса алмадық.

– Жер етегі кеңіді, жалпақ жайлау. Қыдырмайсыз ба, апа,

осындайда. – деді Мұқатай еркелей жебеп.

– Оған боп жатыр ма? Мына шал менсіз аяқ баса алмайды...

Сүйеніші менмін... Құдай бір келінді де бұйыртпай тұр ғой.
Шешесі өкпелегендей Қайырға томсара қарады. Ол жымиды.
Сөздің түбіне түсінген Қаби жуып-шайып майдалады.

– Ол күн де жетеді, жеңеше!..

– Айтқаның келсін, күтеміз да...

Сырлы тостағанның алғашқысы сырғып көп Шерубай
қарияның алдына тоқтады. Екіншісі ақ сары кемпірді тапты. Ел
салты осылай. Жасы үлкендерден кейінгі кезек Әсет пен Қабиға
тиді. Одан әрі жастардың да өз ретімен қолдарына тостағандар

қонақтады. Шерубай қария қымыз іше отырып, әңгімені желіледі.
Семей мен Өскеменнен бергі елдің жай-жапсарын сұрастырып,
Әсетті едәуір сөйлетті. Бұл кісінің өзі де ат үстінде жүрген
шағында сол маңды көп шарлаған, жер-су жайына, ел-мекенге

қанық екен. Сол күндерін көксегендей күрсіне еске алады.
Аздан кейін бата сұралып, қой сойылды. Көп ұзамай майы
шылқылдаған куырдақ жетті. Сәлемшілер де жиіледі. Түске таман
үйге адам лықа толды. Сауықты Мұқатай бастады. Лекіген ән зула­

ды. Қайыр жайраңдаған кісілерге жаутаңдай қарайды. Көңілі алаң,
қабағы жадау, жалғызсырайтын сықылды. Сонда да сыртқа сыр
сездіргісі жоқ. Байсалды жігіттің қабағынан Әсет жанын қинаған
кірбеңін байқады. Думанның сәні – қыз-келіншек пен жігіт-

желеңнің аңқылдаған жарқын күлкісі, отты лебі, жалынды қызуы

емес пе!.. Жас-желең аздау, сондықтан ба? Көп адам жиналған үлкен топ болса, Қалимасы да келер еді. Бәлкім, ол көрінбеген соң, серігін іздеген аққудай қасірет шеккені ме?.. Қайран жас дәурен-ай!.. Мұның да іші түтін, сырты бүтін, алды мұнар ма? Шер-мұңын сыртқа шығаруға дәрмені жоқ. Байқұс бала-ай, есіл қыздар-ай... Ұнатқан жігіттеріңнің тірі күйіктерісіңдер-ау... Қайда барсаң да сол дерт. Былтыр да тап осындай бір қайғының табын Әсейіннің қабағынан көріп ем. Ол өзінің дертін әнмен ақтарып, жа­ лынын өлеңмен шығарып жүрді. Леп шықпаса, ішті жел кернейді. Ал, мына Қайыр ондайға жоқ-ау, ән салмайды, өлең айтпайды. Өзегін өртеген өртке үнсіз төзеді... Не деген шыдам. Басқаның айтқанынан медет таба ма? Мұқатайдың салған әні – аңсау, ар­ ман, сағыныш, еркелеген наз. Кей толғамы ойды тербейтін ыстық сезім ғана. Қайырға одан гөрі шиыршық атқан толғаныс, жалын­ ды шайқар ащы сарын керек. Қолыма домбыра тиген заматта «Қара көзге» басайыншы. Мұңымен үндесетін шығар. Бәлкім, бір желпінтіп тастар. Бұл да көкейімнен жалыны өшпей жүрген арманның лебі ғой. Қайран қара көздер-ай!.. Әсет ақырын күрсінді де, алысқа жетелеген қиялға ілесті. Тағы да көз алдына өткен күндері тізбектелді. Ақ қырау басқан буалдыр адыр. Қарақаттай жанары жаудырап, дөңгелек көзі жасқа толған, айырылғанына қиналып, мұңая қараған Жәміштің бұлдыр сұлбасы қарсы алдынан көлбеңдеп жаутаңдай қарап тұрғандай елестеді... О, жалған-ай... Қуанышы өткен күнмен бірге кетіп, қасіреті қалады екен. Батқан күн қайта шыққанымен, өшкен үміт жана ма? Өзін жолға шығарып салған Жәмішке қайтып оралуға уәде берген соң, Әсет Лепсіде ұзақ жатпады. Бөрілі құмының арасын, Сасық көлдің қопа-қойнауын қыстап отырған елді аралай ­жылжып, Алақөлге жеткен. Одан кейін Тоқта тауының етегіндегі елге қонақтай жүріп, дос-жарандарының көңілін алған. Сол жүріспен көлдің желкесін айналып, Жарбұлаққа өткен. Осындағы сырлас құрбы-құрдасына, дос-жарынына шы­ нын айтып, ақыл сұраған. Жаны жайсаң жігіттер де табылған. – Қыс өтіп, жердің беті кеңісін, – деген бала күннен тел өскен құрдасы Қабас – Көктем шыға нағашы жұртыңнан жиендік еншіңді жинап беремін де, өзім ертіп барамын... Қыстың көзі қырауда тарлық көрерміз... Соны медет тұтқан Әсет қыс бойы Таңсық даласына ат ізін салмады. Оған жағдайы да келмеді. Аядай Алақөлді шырайналып, өз көңілін өзі жебеп шалқыды да жүрді. Оның қамын досы Қабас

ойлаған. Көңілі жақын жігіттердің басын қосып, арнайы кеңескен. Сөйтіп, қолы ашық жомарт елден өзі мөлшерлеген мезгілінде он бес-жиырма қараның басын құрап алған. Өз Әсеті емес пе, ағайындар қолдап, ауыр жүгін көтеріп әкеткен. Күн жылынып, жердің бетін көк майса жаба бастағанда Әсет Барлық тауының жайлы бір қолтығын көктеп, малын ширатып отырған Қабасқа келген. – Қане, жиеніңді немен жарылқайсың? – деп, әзілдей на­ зын айтқан. Өз ойлағаны орындалған Қабастың көңілі тоқ-тын. Күлімдеп тұратын көзі жайнап, қара мұртын ширата қарқылдай күлген. – Несі бар, күйеу келсе – қыз дайын. Асықсаң – аттанайық!.. Қабастың сол бір ойының іске асар-аспасына Әсеттің пәлендей сенімі де жоқ еді. Қолы қысқа адамның іші қанша өртенсе де, төзімі берік болмай ма! Салт атты – сабау қамшылы қалпымен Жәмішке көрінуге намыстанған. Қабастың ақылы іске асқан соң, өшіп бара жатқан үміті қайта тұтанған. – Қабаш-ау, шының ба?! – деп таңдана абдыраған иланбай. – Мал дайын. Асықсаң алдымызға салып ап, ертең-ақ жолға шығайық!.. Айтқаны болған. Үшінші күні таң ата екеуі Барлық тауының етегінен жылқысы бар, сиыры бар – бір қора малды айдап, Алақөлдің оң жақ қабырғасын қапталдай Таңсыққа бет алған. Жол үстінде Қабас өзі емірене балқитын «Інжу-маржанды» қайтақайта айтқызып еді-ау! Қыздың ауылына арман-сертті ашық айтып бармақ еді. Малды саусылдатып айдамай, баяу жүріспен жылжыған. Бесінші күні Таскескен суының жіңішке жылғасынан өтіп, Шолпан адырларының арасына түнеген. Келесі күні түс әлетінде Ай өзеніне құлаған. Суы мол болмаса да жазық аңғардың шалғынды бір қойнауында жарау аттары ауыздықпен алысқан екі жігіт жолыққан. Жөн сұрасып, жол жайын біліскенде бұл жігіттер Таңсық жақтан келеді екен. Қазақи әдетпен үйіріле әңгімелесіп, хал-жай айтысқанда әлденеге көңілдері жасып, қиналған түрлері байқалған. – Оу жігіттер, тойдан қайтсандар, неге жабырқаусыңдар? – деп таңырқап еді-ау Қабас. Сонда күйінген ақ сары жігіт: – Ауруын жасырғанмен, өлімі әшкерелейді емес пе? Қайран Әсет ақынға жанымыз ашиды, – деген қиналып. Мұны естігенде жүрегі зырқ етіп, тұла бойын аяз шарпыған, кеудесі шанышқылап, тынысы тарылған. Қабас та аң-таң.

– Оның себебі не?

– Біз Күзембайдың қызы Жәміштің тойынан келеміз...

– Қай Күзембай?..

– Таңсықтың жалғыз Күзембайы. Шіркін-ай, қызы не деген асыл

жан еді. Әсет ақынды естуіңіз бар ма? Сонымен уәделескен екен.
Атын естігені болмаса, жігіт Әсетті танымайды. Барлық естіген-
білгенін жайып салған.

– Қап, әттеген-ай, уақытты өткізіп алғанымыз ба? – деп күйінген

Қабас. Әлгі жігіт ұққанын түгел айтқан.

– Қыс ортасында-ақ Күзембайдың аулына Ақсудың бойын

қыстап отырған Танабай баласына қызын айттыра адам салып­
ты. Күзембай ыңғай білдіргенімен, қызы Әсет ақынның бір ауыз
сөзін естімей, ешкімге бармайтынын айтып отырып алыпты. Жар
деген­де жалғыз қызының көңілін қимаған әкесі үш айға дейін тоса

тұруға мұрсат беріпті. Қыс сырғып, көктем келеді. Ел жайлауға
қарай жылжитын мезгіл жетеді.
Әсет ақыннан ешқандай хабар-ұшар ала алмаған. Уәделі күні
де өтеді. Әсет кетерінде үкі тағып кетсе де ырым ғой, қазақтың

салты, аттап өте алмас еді. Бесінші айдың жүзіне қарағанда, Тана­
бай малын айдай барып, Күзембайдың үйіне сау ете түседі. Әкесі
айтқан шартты күн өткен сон қыз да амалсыз қалыпты, Танабай
ай-шайға қаратпайды. Барлық жасауы әзір тұрған қыздың тойы

бұрнағы күні болды, Кеше ұзатылды...
Жүрегі сыздап, есі ауысқандай мең-зең күйге түскен. Қы­
бырлауға шамасы жоқ, сілейіп қалған. Өзегі өртенген. Кеудесі
жабайы мысық тырнағандай ашыған. Қолы жетпеген жетім

махаббатының қүйік дәмі аузын кермек татырған. Таңдайы кеуіп,
алып ұшқан қиялы жасыған темірдей майырылған. Дүниенің
қызығы алыстап, аспан асты суық тартып сала берген... Қанша
қасірет шексе де, адам көтереді екен-ау...

Күйіне жамбасын соққан Қабас кинала тұрып жұбатқан:

– Құсамен қасірет шегіп, мұңайма, бауырым! Дүние жалған

деген осы. Амал қанша, қазақтың қай жігіті мен қызы мақсатына
жетіп еді? Басың жас, көрер қызығың алда. Бағың жанады әлі...
Қабастың сөзін естіген жігіттер қақпанға түсіп, өзінің сирағын
өзі шайнаған қасқырша тыпыршыған Әсетті қатты аяп, басу айтқан.

Ауылдарына шақырып, сыйлап та жіберген.
Аңсап келе жатқан балының орнына у жұтқандай қасірет шегіп,
салы суға кеткен қайықшыдай дел-сал күйде кері қайтқан. Жолай
түнеген ауылдарында ән салынбаған, сөздерінің де қиюы қашып,

қиыспай қойған. Алакөлдің желкесіне шығып, Қабастың ауылына
жеткен түні шерін тарқатқысы келгендей таң атқанша ақтарылып
еді-ау лақылдап. Өкінішімен, өксігімен қоса сағыныш сазын да
төккен. Жасытып, жабырқатпау үшін жолдас-жоралары да демеп,

аялай әлпештеген. Сол қайғы тұманын тезірек айықтырудың ебін
ойлаған Қабас ауыл-ауылдан қыз таңдады да, үріп ауызға салардай
уылжыған, піскен алмадай үлбіреген, тал шыбықтай бұралған,
қолаң шашы сала құлаш, қарақат көзі ұшқын шашқан Тәті қызды

айттырып, тойын жасап, өз үйіне түсірген. Жаны жай тапса да,
Жәміштің қиыла қараған ұшқынды қара көзінің елесі арманының
алаулы сыры болып түйіліп қалып еді. Соны ойласа, әлі күнге дейін
жанын жалын шарпиды...

Бір сәтке Қайырдың қабағына бағамын деп, өз мұңының
тұңғиығына шөгіп кетіпті-ау...

– Әсетжан, енді өзің қимылда, – деген Қабидің өтініш сарынды

жуан даусы құлағының түбінен күмбірлегенде барып есін жиды.
Мұқатай домбыраны көлденең ұстап тұр екен.

– Әсаға, «Інжу-аржаныңызды» өз аузыңыздан естиікші!.. – деп

егіле қиылды. Әсет жымиып қойып, домбыраның құлағын бұрады
да, ұшырлана қағып-қағып барып тежелді. Көзі тағы да мұңайыңқы
Қайырға түсті. Шабыт қысқандай танауы жел­біреді. Шиыршық
ата қозғалақтады да, ышқынта шырқай жө­нелді. Әуелеген ән

тау-тасты жаңғыртып, көкке шапшыды. Сылқым әуен сылаңдай
бұралады. Біреулер ынтасын салып, мүлги құлақ түрсе, біреулер
елжірей елеурейді. Наз айтқан, мұң шаққан, еркелей сыр шертіп,
серт байлаған құштар жүректің үні. Біреулердің жүрегі жалындаса,

біреулер іштей күрсінеді. Алайда, толқи тербелген ырғақ самалдай
сипалайды. Мұқатай бар зейінін сала ұйып қалған.
Ән үйірімін көкейіне тоқып отыр. Қайыр терең ойға шомған.
Жабырқаңқы түрмен алысқа қадалады.

Әсет жас жігіттің кейпін бағып, аяп кетті де, әнмен жебеді.
Домбырасын безілдетіп, ойын түйді. Сенің де нені көксей­ті­ніңнің
сырына түсінемін. Бұл көздің көрмегені бар ма? Қа­ба­ғыңнан тани­
мын. Жүрегің тыпыршығандағы аңсайтының – осы назды, мұңды

әуенді сүйікті адамыңның ести алмағанына қынжылатының. Осы
сарын оған да демеу болар ма еді деп дәмеленесің. Естісе, әннің
ырғағы жебеп, бір ерлікке бел байлайды деймісің? Аңсағаныңның
түбіне, артының немен тынатынына, мұратыңның орындала­

тынына көзің жете ме? Өзіңнің байламың қалай? Бекінгенің не
бел буып? Іс-әрекетсіз қайғы шегіп, қарс ұрғанда нені жеңесің?

Қолданар шараң бар ма? Болса, тезірек іске асыруға ұмтылмайсың
ба? Бұйыққан бұл қалпыңмен не тындырмақсың? Булыққан сай­
ын ойың тұмандана береді. Сондағы зарың – сарғайып күту ғана
ма? Оны мен де бастан кешіргенмін. Әрекетсіз ештеңе бітпейді.

Бәлкім, осы бір арман ырғағы мұң шалған қиялыңды сергітетін де
шығар, құлақ сал...
Әсет осы тебіреніспен ерке, сылаңдаған назды әнді бір қайырып
тастады да, арасын суытпай, «Қара көзге» басты.

А-а, хо-о-оу!..
Мынау қолым, Қарақөз, саған созғам,
Махаббаттың жүректе оты қозған.
От-жалындай көзіме көрінесің,

Желбіреген көйлегің беренсоздан.
Қаракөз сәулем, көз көрген,
Түн ұйқысып төрт бөлген.
Шақырғанда бармаған,

Сұм басым, үйбай, сөзге ерген.
Жүрген жүріс, Қаракөз, күлген күлкің,
Жанған жүрек қасында болсаң, шіркін!
Сені ойласам, Қаракөз, ас батпайды,

Түнде ұйқым келмейді, күндіз күлкім.
Қара көзің қадалған,
Жалындай тиді жаныма.
Бойыма ұшқын таралған,

Судай сіңіп қаныма!
Қара таудың басынан түсер сағым,
Сағынғанда қайда едің, ғашық жарым?!
Туған айдай секілді көрінуші ең

Сенің сұлу болғаның деуші ем бағым.
Көзін сүзіп жылтылдап,
Кім жүр екен тың тыңдап?
Қаракөздің қасында

Қандай қу жүр, үйбай, қутыңдап?!
Бұл ән де тік самғап барып, төмен құйылды. Сылаңдаған ерке
ән. Сарыны жан-жүйеңді балқытады. Аңсау, сағыныш лебіне
бусанған тыңдаушылар жел шайқаған қамысша жапырылды. Осы

сәтте әруағы қозған Әсеттің өзі де лепірді. Әлденені шөліркей
аңсап, зарыға сыздаған жүрегі тулай соққанда, тұла бойын тосын
құлшыныс серпіні биледі де, еміренген ынтықтықпен мәнерлегені
сонша – өзіне-өзі таңданды. Басылып барады екен-ау, сезімі өре

түрегелген секілді. Жүрегі алып ұшып, буын-буыны дірілдеді. О, ғажап, бірте-бірте алыстап, қарасы үзілген сағыныштың қайта оралғаны ма? Орай соққан жел жаман деуші еді, адасқан қаздай қайырылмас арманның шоғы өшпей, сақталғаны ма? Мына еркіндікте қайта тұтанғаны ма? Қаншама жыл өтсе де, өкінішті махаббаттың оты сөнбейді екен-ау адамның кеудесінен?!. Күлге көмілген шоқтай қозданып, тереңде жалындап жатқаны ма?.. Әсет қабағы салыңқы, жүзі жүдеу Қайырға тағы да көз қырын салды. Ол жабыға бұйыққан. Қасындағы ашық-жарқын отырған топқа емес, керегенің басын көмкерген басқұрлардың өрнегіне қадала қарайды, Әннің тәтті әуеніне елтігендей білінер-білінбес қозғалыспен ақырын ғана теңселеді. Асыл жарын аңсаған албырт сезімі кеудесін кернегендей. Осы көрініс ақынды да толғантты. О, құдірет, қазақ баласының бәрі қолы жетпейтін сағым арманның құлы боп өте ме бұл дүниеден? Ата-бабаларымыздың жолжоралғысы неткен қатал еді? Бұл тас бауырлық па? Неге өзінің қызын өзі осынша қорлайды? Алақанына салып аялайтыны жалған аярлық па, әлде, өзін-өзі алдарқату ма? Әкенің аталық мейірі айла ма? Қазақ жалтылдақ атаққа неге сонша құмар? Қолына жылтырауық бұйым түссе, есіретін бала сияқты. Сол затымен абы­ рой табудың жолын іздейді. Қызды да соның жолына құрбандыққа шалады. Ондай жандардың жүрегі күйіп-жануды білмейтін тас па?.. Әлде адам баласының бойында мейірбандылықтан гөрі қаталдық, зұлымдық ұрығы көп пе?.. Байқұс баланың жүдеуі-ай... Кеше ғана гүлдей албыраған Қамиламен ымы-жымы жарасып, судай тасыған көңілі бүгін үсік шалған жапырақтай сазарған... Сағыныш әнінің сарыны басқалардың да көңілін шайқаған. Үй иесінің жасы үлкендігін сыйлағаны ма, дабыры аз. Соны сезгендей ақ бас қария кеудесін кере шіреніп, жайдары дауыспен ашыла күлімсіреді. – Бәрекелді, Әсетжан!.. Мына айтқандарың біз естімеген ән екен. Адамның кеудесінен арман жалыны өшкен бе? Сағынышынтық талпыныстың сағымы да бар секілді. Жө-өн... Қалқам, енді біздің кәрі жүрегіміздің қасаңы мен сірісін жібітетін бірдеңе айтшы? Қарияның ойы жебеген Әсет өзін ширықтырып жүрген қазақи өмірдің қиралаң бұрылыстарын тізбектей жайып сал­ ды. Жақсылығы да, жамандығы да қалтарыс қалған жоқ. Өзің салыстырып ал дегендей. Күнделікті тырбаныстың өзі ақын аузынан айырықша мәнді сипатпен айтылады екен. Соны қазір

ұққандай тамсана таңдай қағысады. Көпті көрген Шерубай қарт
та қиялымен алысты барлады. Қарттық жайын толғаған Әсет
тыныс алғанда қарияның мұңын байқаған Қаби:

– Қарттық қайғы ма екен, Шераға? – деді әзіл тастап. Оған

шал жасымады, шынын айтты.

– Е, күлсең – кәріге күл. Бойыңнан қуат кеткен соң, мойныңа

бұғалық түседі, бұлқынғаннан не пайда?

– Өкінбеңіз, Шераға, – деді бойы үйренген Әсет қайраттан­

дырған раймен. – Мәңгілік өмір жоқ. Аттың ізін тай басады. Мына
Қайырыңыз сіз жасаған өмірдің жалғасы емес пе?

– Ендігі үмітім де, арқа сүйерім де сол, Құдай жар болғай!

– Ендеше түлегімізге сенейік. Осы жас талаптарыңызды

баулыңыздар. Бір үміт артарым едің, Болмысжан. Манадан
сенің дауысың естілмеді. Мен сәл тыныстап алайын. Ортаға сал
білгеніңді, шынығасың.

– Алысқа шабатын тұлпарға бап керек, – деді Шерубай шал өз

қалауын аяқсыз қалдырмай, ескертпе жасап. – Әсетжан әлі оралар
арнасына, дем алсын. Сендер іркілмеңдер, сөз суымасын!
Босаға жақтан Болмыс түрегелді де, әдейілеп Әсет ұсынған
домбыраны алды.

– Я, сәт, жас түлекті ақын әруағы жебегей! – деп біреу ақ

тілеумен қалжыңын да кірістіріп жіберді.
Болмыс әнші емес еді. Жеңіл, ойнақы, шолақ қайырымды са­
рынмен термені, толғауды, жыр-дастанды жатқа айтып жаттыққан.
Домбыраны өзінің даусына бейімдеп бұрады да, пернені жыпыл­

дата басып, қос ішекті саусағымен ілмелей шетті. Арты-арты­
нан өсиет-өнеге ұсынатын ескі жырды төгіп барып тоқтады. Ел
қызбалана қостап, серпіле гулесті. Осы кезде есіктен бас сұққан
бір жігіт Қайырға ым қақты. Нені меңзегенін түсіне қойған Қайыр

орнынан түрегеліп, әкесіне қарады.

– Ата, асқа отырсақ...

– Ал, меймандар, сыртқа шығып, сергіп аласыздар ма?.. – деді

қария байсалды түрмен.
Үйдегілер қотарыла түрегелісті...
Астан кейін өнерпаз жастар кезектесіп ән салды, өлең айтты.
Қызықтың сарыны босап бара жатқан соң домбыраны қайтадан

Әсетке ұсынды. Бұл жолы ақын ән салмады. Болмыстың тала­
бын жебей түсу үшін төгілме жырға көшті. Одан кейін өзінің
былтырғы жаздың басында Жайырда жүргенде айтқан «Сәмсия»
қиссасын еске түсіріп, қайтадан жырлап берді. Алуан-алуан озбыр

құбылыстар арқылы зұлымдықтың сипатын көзге елестететін жырға жұрт бас шұлғыды. Жаңа бір қырынан бой көтерген Әсетке мейірі қанған Қаби сүйсіне қарайды. Ақынның ойында шек бол­ майды екен-ау. Кеше ән мен әншіліктің құдіретін мадақтағанда санамызды бір желпіп еді. Бүгін мына жырымен адамдыққа тән ізгіліктің түкпіріне үңілді. Мақсаты – елге тәлім алар өнеге ұсыну ма қалай да?.. Міне, ала-бөтен дарынның ауқымы қайда жатыр десеңші!.. Қара басын күйттемейді. Халқының көкейіндегіні тап басуға талпынады. Жақсылық пен жамандықтың сипатын біз айтсақ, жұрт ат үсті ғана тыңдайды. Ал ақынға құлап түседі, ұйып қалады. Құдіреті де сонда ғой. Тегі, ақын біткен осылай ма? Жоқ, екінің бірі бұлай емес. Кім көрінгенді мақтап, мал табу үшін тышқан аңдыған күйкентайша елбеңдеп жүретіндер де бар... Олардың ойы іргеден ұзамайды, ауылдан аспайды, ауқымы тар. Нағыз дарынның шалымы кең, өресі қол жетпестей биік болады екен-ау. Әсеттің аузынан естілген сөздің өзі жүрегіңді тебірентеді. Халқының мұң-мұқтажын жоқтайды. Елінің жоқтаушысы. Ортаға салған ойы бәрімізге ортақ... – Ал, жігіттер, бұл сендерге тартқан сыйым, айта жүріңдер! – деді Әсет жырын тамамдаған соң. Ойдан серпілген Қаби терме айтқыш шымыр қараға бұрылды. – Ұстап қалдың ба, Болмысжан? Ол да кім осылай талап қояр екен деп, күтіп отырғандай: – Қайталап айтайын ба? – деді сеніммен құлшынып. Шерубай шал басын изеді. – Иә, айта ғой, әкем! Кем-кетігін Әсетжан толықтап үйретер. Алып қал, балам!.. Қиссаны Болмыс түгел қайта жырлады. Жастар қызық көрсе, үлкендер риза боп еміренген. Ал Әсетті қуантқаны – елгезек қара баланың жаттағыш қабілеті. Құйма құлақ осы-ақ болар. Шашқан дәніңді теріп алатын алғырлардан айналмассың ба! Хатыңнан кем бе! Көкейінен өшер ме енді? Абырой табатын азығы ғой. Құдайдың өзі сол үшін жаратқан секілді. Осындай жебеушілеріме сенген соң ба, жазып тастамайтыным маған да әдетке айналды. Әй, қанағатшыл басым-ай. Хатқа не жетуші еді... Оған мұрша да жоқ-ау. Жазып жатуға мына жұрт ырық бере ме? – Осы бетіңнен қайтпа, шарағым! – деді Әсет тамағы бүл­кілдеп барып тоқтап, балбырай балқыған Болмысқа бата бергендей ыстық ықыласпен. – Сарайың кең екен, кеудең жырға толсын!..

Күн бата ән де, өлең де тыйылды. Жұрт тарады. Айналасын
заңғар таулар қоршаған Көкқия алқабын көлеңке құрсады,
Қойнау-қолтық, тектұр-текшеге тігілген шоқ-шоқ ақ үйлер
күннің ақырғы шапағына малынып, сағымдана дірілдейді. Атты

кісілер екіден-үштен жан-жаққа бытырап барады.
Сол күні Шерубай ауылына қонған Әсет те одан әрі ән сал­
мады.

– Әсетжан, көп жаса! – деді Шерубай шал разы боп. – Енді

Қаби екеуің сый табақ жеңдер...
Болмыс та аттануға ыңғайланды. Ол шалдың туған жиені
екен. Атасының мына сөзінен кейін рұқсат сұрады.

– Ата, Қайыр ағам біздің үйге барсын ба, апам келіп-кетсін

деп еді.

– Е, барсын, Әсетжанмен енді өзім оңаша кеңес құрайын...

Қайыр сырлас-мұндас досы Мұқатайды да ерте кеткісі келді
де, алдымен үлкен кісілерге өтініш айтты:

– Әсаға, сіздер тынығыңыздар, қасыңызда аға бар ғой.

Мұқатай, сен бізбен бірге жүр.

– Өз қызықтарың өздеріңде, барыңдар, – деп Қаби да же­лік­

тірді. Ашып айтпаса да, олардың сырын білетін секілді.
Жігіттер атанып кеткен соң, төбе басында біраз отырысты.
Іңір үйіріле үйге кіріп, отты ықтай жамбастап жатысты. Әңгіме
ұзаққа созылды, сөз тізгінін ұстаған Шерубай шалдың бармаған

жері, баспаған тауы жоқ көрінеді. Бұл түні ол өткен-кеткенін
ұзақ әңгіменің арқауы етті.
Үлкен үй мал қораланатын қорадан шеткерірек, шолақ
төскейдегі шымылдық қарағайдың етегіне тақау кішкене

төбешіктің үстіне тігілген. Әсет пен Қаби ерте тұрып, сыртқа
шықты. Серек тастары серейген қат-қабат таулардың арғы
түкпірінен қою қызыл шұғыла шашырады. Телім-телім ұшпа
бұлттардың бауыры бояу жаққандай қызарған. Сай-саланың

қуыс-қуысы қара көлеңке. Жақпардағы жая тастардың бетіне
түскен күміс шық әйнек сынығындай жылтылдап, сағымдана
бұлдырайды. Бірте-бірте таудың төбесіне өрлеп, шарадай
жайнаған күн табағының шеті қылтиды. Жалпақ аңғарға шөккен

көгілдір мұнар жылуға еріген мұздай ыдырай бастады. Айнала
тымық, жел жоқ. Дүние ың-жыңсыз тыныштық құшағында. Әсет
алыс түкпірлерге сарыла көз салды. Салқам дүниенің өлшеусіз
еркіндігі кеудесін кеңейтіп, салқын ауа өкпесін қапты. Тәтті су

өзегін мұздатқанда тұла бойы сергіп сала берді.

Мамыра-жай ішілген шайдан кейін қымыз құйылды. Сол
тұста сәлем беріп Әлібек кірді. Қымызға сарықтары қанғанда
барып бата жасалды. Әлібек үй иесінен рұқсат сұрады.

– Шераға, рұқсат етсеңіз, Әсекең біздің ауылдан да дәм тат­

сын.Ақын – елдікі, мен неге ұстайын. Рақмет, Әсетжан!

– Сізге де рақмет! Қайтқанша талай келемін.

– Көп жаса, әкем!.. Біздің көңіл қаудыраған тулақтай. Бір

майлап кеттің. Осының өзі талайға жететін шығар. Жүзің жарық
болсын, ылайым!..
Әлібек Әсетті Көкқия аталатын жасыл жотаның өргі жақпар
тасты Жаятас қиясына ұласатын алқымындағы ауылына алып

келді. Мал сойылып, қымыз құйылды. Сауық қызған. Түске
таман соңдарынан Мұқатай мен Болмыс жетті. Әсеттің жүгін
жеңілдетіп, бір шамаға дейін Мұқатай ән салды. Кешегі
естігеннен жадында сақтаған қиссаны Болмыс та төгілтті.

– Жақсының шарапаты тиіпті, – деп, мәз болды Әлібек

жүзі жайнап. – Аз күннің ішінде ауылымыздың әуені де
өзгерді, өлеңі де молайды. Құдайдың жарылқағанын қарашы!..
Әрқайсысы өзіне лайық жүгін арқалаған. Балаларымыздың
да бабы табыл­ды. Әсекеңнің қуатына қайран қаламын, жүздің

ісін бір өзі арқалап жүрген сияқты. Ән де, өлең де, қисса да
кеудесіне ұйыған.

– Әсетжан, өнер мен өнерпаздың артықшылығы жайында

айтқан өсиетің мына балалардың көкейіне әлі сіңе қоймаған түрі
бар – деп, Қаби нені тілейтінінің шетін қылтитты. – Өйткені сол
әуенді қайталап айтуға талпыныстары байқалмайды.
Меңзеген тұспалын Әсет те түсінді. Емеуірінмен ұғысу да

қазақтың өзіндік дағдысы, бұлар соған қанық. Мынадай үлкен
топтың ортасында тағы бір қайталап тастауды өзі де лайық көр­
ді. Сонда да бірден ақтарылмады. Өзіне төнген елді ойға үйіріп,
ынтамен тыңдауға әзірледі.

– Ол өзімнің өлшеуімдегі әнге, өлеңге байланысты толғау-

толғанысым болатын. Әуенінің бұлтарыс-бұралаңы көп. Өлең­
нің өрісі кең, талай маңды шиырлайды. Жастарда кінә жоқ,
қиындау. Тіпті өзіме де ауырлау тиеді. Сондықтан оған оралуым
аз еді. Ерекше бапты тілейді. Үйренеді әлі.

– Әсаға, – деді Болмыс айтпай қоя ма деген күдігі меңдей

қиылып. – Сол күні менің отырысымнан жүрісім көптеу болды
да, алаңдай берген соң, толық ұстап қала алмадым...

– Ал, тыңда ендеше!..

Әсет толғауын тасқындай жосылта ақтарды. Арынды әуен
ырғағына қосыла есілген өлең түйдек-түйдегімен іркіліссіз
сорғалады. Тұнып тұрған көлдің жағасындағы қалың қамысты
жайпай соққан өкпек желдей есті. Үйдегілердің бәрі сол өлең

арқылы Әсеттің елден ерекше артықшылығын саралады, ән мен
өлеңнің сырына таңырқай таңдай қағысады. Көңілі өскен, ойы
шалқыған ақынның толғауы жөңкіген бұлттай жосылып, әр
кеудені шымырлата сіңіп жатты. Әсет те буырқанған шабытпен

шырқаған. Екпіні үдеп, арыны ағын судай арқырады. Жалынды
сөзі жанды жадыратады. Құйқылжыған әуеннің аяғын жібектей
ширатып ширықтырды да, аударып-төңкеріп, бунақтата бұралтып
барып тоқтады. Шыбын да шырыны бар жерге қонбай ма? Ел

бал жұтқандай тамсанысып, сілтідей тынған. Іштей тебіреніседі,
сезімдері өрбіген. Ән мен өлең құдіретіне бас иген. Алысқа
жүгірген адамша алқына дем алған Әсет мандайының терін сүртті.
Мұны айтқанда өзі де өзгеше тебіреніске ұшырайды екен.

– Өмір жасың ұзақ болсын, Әсетжан! – деді Қаби айызы

қанғандай рахаттанып. Елеурей жүзі албыраған Әлібектің көзі
отша жанды жалындап.

– Нөсердей сорғалаған өлең, балдай тәтті әуен сазы жү­ре­гімізді

балқытты, разымыз! Бұл өнегеңді артыңа ерген жеткіншектерің
өмір бойы ұмытпас!..

– Айтып көрші, Болмысжан, – деді Әсет қызбалана тыпыр­

шып отырған балғын жігітке бұрылып. Ол әуенді де, өлеңді де
бәз қалпында жанын сала орындады. Әсет талаптының жігерін
жанығысы келгендей қайрап, көтермелей дәріптеді. – Көмейі кең,
көкейі алтын сарай. Қырандай алғыр екен. Осыныңнан жазба,

шырағым! Бұл да асқан ұғымталдықтың, сергектіктің белгісі.
Жұрт өз орталарында жүрген Болмыстың бойындағы өздері
әлі танымай жүрген артықшылығына көздері жеткендей қуанды.
Аузы дуалы ақынның бағасын батаға жорыды. Бәрі де соған

тілеулес еді...
Ойындағы үміті ақталған Әсет жаз ортасына дейін Сауырдың
қыр арқасындағы Жаятас, Көкқия, Семізтай салаларын жайлаған
қалың елдің ішін думанға бөлеп жүрді. Қай ауылға барса да ел

төбесіне көтерді. Содан жайлау сары жұрт тарта бастаған мезгілде
Жайпақсайдағы Қабидің ауылына оралған. Қасынан қалмай еріп
жүрген Мұқатай да мақсатына жеткендей мәз. Әсеттің ойы – осы
ауылда біраз күн тыныстап алғаннан кейін кері қайту еді. Бейғам

күндер өтіп жатты.

Бір күні Мұқатай түскі асты ішкен соң, Қайырға жолығып
қайтайын деп атқа қонды. Өйткені одан көптен бері хабар болмай
кеткен-ді. Содан ымырт жабыла оралды. Қабағында кірбің бар,
жүзі солғын, мұң тотығы шалған.

– Аман-есен бе екен, Шәкең қалай? – деп жөн сұрады Әсетті

жалғызсыратпай қасында отырған Қаби. Көңілі жабырқау Мұқатай
қысқа жауап қайырды.

– Жақсы, бәрі де аман...

– Қайырды неге ерте келмедің?

– Көнбей қойды...

– Онысы несі, әнеугүні сендер Ақжалдың арғы астындағы елде

жүргендеріңде қайта-қайта іздеп келгіштеп еді ғой?
Дені сау ма екен, әйтеуір?

– Оның жағдайы қиын...

– О, не дейді?..

Бәрі шошып кетіп, үдірейісіп қалды. Сұрлары қашқан. Тақақтай
сұраған ағасына Мұқатай өзі білетін сырды ашып салды.

– Қамила ұзатылғалы жатқан көрінеді.

Мұны естігенде Қабидың да қалың қабағы жабылып, қою бу­
ырыл қасы жыбырлады. Тастай түйіліп, түнеріп қалды. Қоңқақ
мұрны пысылдап, қинала дем алды.

– О баста-ақ қой деп едім сол балаға. Амал бар ма енді? Мұқым

Қожан елін бір шыбықпен айдап жүрген шақар зәңгі Жұмықпен
тіресерге шама бар ма? Мына сорлы Қабылбай қызын оның баласы­
на емес, атағына сатып отыр. Әйтпесе, жеті жасар бала он жетідегі
қыздың теңі ме? Оны қуыршақ қып ойнай ма? Атақ құмарлық

біздің қазақтың көзіне қапталған ақ шелі. Ойланып, жан-жағын
болжауға ырық бермейді. Сергелдеңге түскен пенделерміз ғой,
әйтеуір... Көзіміз ашылар күн болар ма екен?..

– Қыздың көз жасына қарайтын қазақ бар ма? – деп күрсінді

Әсет те жаны қиналғандай. Осы құбылыс оның емі табылмай келе
жатқан ескі дерті еді.

– Енді Қайырдың не істемек ойы бар? – деп сұрады Қаби

әлденеден секемденіп. Мұқатай естіген-білгенін жасырмай айтты.

– Қамиланың өзі хабар салыпты. Ел аяғы баспайтын, адам көзі

көрмейтін құрдымға болса да, саған еріп кетуге әзірмін депті.
Қайыр соған қамданып, ақырын бағып отыр. Сәті түскен түнге
жалынбақ. Атамыз батасын беріпті.

– Дүниенің түбін көрген сұңғыла кісі ғой, баласын аяған

шығар... Кім біледі не боларын?..

– Қайыр ауыл-аймағына өзін Үрімжі жаққа жолаушылап кетті

деген қауесет таратқызыпты. Үйіне де түнемейді екен. Жалғыз
өзі ел көзіне түспей, қарағай арасын паналап кетіпті. Болмысты
қыстап жүріп, сорабын біліп алдым да, жыныс арасынан зорға
іздеп таптым. Жол серік болайын десем, қара көбейтіп қайтеміз

деп, маңайлатпай қойды...

– О, Құдай, жалғызды жаралқай гөр!.. – деп өкси жалбарынды

Бибі бәйбіше қамығып.

– Қап, бітпейтін дауға қалмасақ игі еді-ау – деп күйзелді Қаби

күйгелектеніп. – Жесір дауынан асқан пәле бар ма қазақта?

– Қолға түсіп қалмасын деңіз.

– Одан басқа шарасы да жоқ-ау байқұс баланың...

– Арман еткеніне қол созған қазақ баласының бар тапқан амалы

сол ғана, – деді Әсет те мұңдана күрсініп. Мұқатай ағасына өзінің
тілегін айтты:

– Аға, ертеңге дейін Қайырдың қасында болсам қайтеді?

– Елдің көзіне түсіп, із тастайсың ғой.

– Иә, сен өйтпе, – деді Әсет те ақыл қосып. – Қайта түк біл­

мегендей елдің көзінше жайраңдап жүре бер. Тіпті Қа­был­байдың
ауылына бар да, сауық-сайран салып қайт. Расында да, ел-жұрт
Қайырды жолаушылап кеткен екен деп ойласын. Ізін аңдып жүрген
жоқ шығар. Қыз жағы одан күмәнданушы ма еді?

– Ондай сыбыс жата ма, Әсаға...

– Ендеше ешқандай ілік сездірмеңдер. Қайырдың ойы дұрыс,

көзге түспесін. Сендер күйеу қосшыларымен араласып, ойын-
қызықтың көрігін басыңдар. Болмыс та жиі барып жүрсін.
Ешкім Қайырды ойламасын. Уәдесі берік болса, қалай байланыс
жасайтынының амалын қыздың өзі-ақ табады.

Қайырдың тілеулестері осыған тоқтады. Аңқылдақ Қабидың
көңілі жабырқады, үйіне ауыр мұң арқалап қайтты.
Бұл күні Әсет пен Мұқатай келісімдері бойынша ертерек ат
ерттеді. Түске таман Қабылбай ауылына барып түсуді межелеген.

Жарқын көңілдерін, ашық жүздерін жұртқа көрсетпек.
Зәулім Жаятастың күн шығыс бүйірінің өкпе тұсындағы Ақтас
аталатын жалпақ текшенің төсінде отырған қалың ауыл абыр-
сабыр. Жерошақ басы толған әйел. Будақтаған көк түтін аспанға

шұбатылады. Тай мініп, ауыл сыртында жарысып жүрген балалар
тобы ызы-шу. Өз қылықтарына мәз. Үй-үйдің арасы сабылған
қатын-қалаш. Төскейді қаптай қалың қой жатыр. Жылқы қайырған
жылқышылар қашаған қуып, құйындата жүйткиді. Еркектердің

көбі шеткі ақбоз үйдің маңына жиналған. Күнбатыс қапталдағы Жаятастың жотасы жалдана созылып барып, ақ бас шыңдарға жалғасады. Шатқалы үңірейген аңғардың екі беткейі жалама жал­ тыр тас. Сайы шұңғыл, құлама терең құз. Шеткі ақ үйден ызыңдаған сарын естіледі. Лекіген ұшқыр ырғақты татар әуені. Алыстан құлағы шалғаннан-ақ тани кетті. Ойнақы жыр судырай төгіледі. Жырла десең, мен жырлайын, Таусылмайды жырларым. Жайнататын ортамызды Қайда кеткен қыздарың? Ақ қалпағым жарасады, Қырлап кисем басыма. Сылдырлаған шолпылары Қыз отырса қасыма... – Үй, бәлі!.. Айт соны!.. – деп дуылдаса жебеген дауыстар гу-гу етеді, жырға елтіп алған. Екі салт атты солай бет түзеді. Сонадайдан Әсетті таныған ауыл жігіттері жапырласа қуанып, жақындаған соң қошаметпен атын ұстады да, қаумалай ілгері бастады. Селдір шоқша сақалды, мысық мұрт шой қара: – Ассалау-мәликем, Әсаға!... – деп ақсия күліп кеп қол алыс­ ты. – Қош келдіңіз!.. Қатулы қабағы жазылып, сұрланған жүзі нұрланды. Жалт бұрылып барып, есіктен сығалады. Ішке басын сұғып тұрып бірдеңе айтып еді, әлгі ән сап тыйылды. Іле қалақтай жұқа сары сыртқа шықты. Мысық мұрт үйдің сыртына қарай жетелей жөнелді. Басқалары оның ойын түсінгендей: – Қане, үйге кіріңіз, – деп, Әсет пен Мұқатайды әлпештеген күйі ішке кіргізді. Жұрт өре түрегеліп, төрдің төбесінен орын босатты да, иін тіресе қайтадан жайғасты. Әлден уақытта есіктен бас сұққан қалақтай сары орын таппай аңырып тұрып қалды. Соңынан ере кірген мысық мұрт: – Ғафу етіңіз, Исхақ әпенді, – деді майдалай сипақтап. – Кемеші келсе, қайықшы судан шығады емес пе! Манадан жыр­ладыңыз, жырғадыңыз. Татардың жорға жырына рақмет! Енді қазақтың жалпақ табан қара өлеңінің қара салпағын, тасқындай арқыраған арынды әнін сіз де тамашалаңыз... Әй, жігіттер, орын босатыңдар!..

– Қулығыңды асырдың, Бүркітбай мырза, – деп жыпылдай

күлген қалақ сары қысылып-қымтырыла ірге жақтан орын алды.

– Исхақ әпенді, мына кісі қазақтың әйгілі ақыны Әсет, дауыл

әні ескенде, сіздің жорғаңыз жүрісінен адасады. Сондықтан сізді
саспасын дегенім ғой.

– Естігем, сыртынан. Ел мақтайды.

Мойынсал болған жыршы жапақтап Әсетке қарай берді. Ол осы
елге шығып, айна-тарақ,, иісмай-сабын сатып жүрген бақалшы
екен. Мына топтың ортасына түскен соң жыр жырлап, елді үйіріп
алған. Қызық үшін кеу-кеулеген еріккен жігіттердің дабырына

елігіп, сырттан кірген оған бейтаныс әншіні сыйламай, өзімшілдік
әсермен сөлекет мінез көрсетіп қоя ма деген қауіппен Бүркітбай
оны әдейі сыртқа шақырып алған-ды. Енді өзі кешірім сұрағандай
сыңай танытты. Бұған жыршы да разы.

Ойын одан әрі жалғасты. Жұрттың ықылас-пейілі де, қас-қабағы
да өзгеріп кетті. Бәрі де жандарын езген мұңды мүлде ұмытты.
Алдымен Мұқатайдың сылқылдақ, ерке әуені сусыды. Одан кейін
бұлардың ізін баса жеткен Болмыстың жорға термесі төгілді. Әлден

уақытта барып Әсеттің асқақ даусы гуледі. Тау-тасты жаңғыртып,
көкке самғады. Дүниені кернеген дауылдай аспан астын дүбірлетті.
Жұмық зәңгі әнді сайтанның азаны деп санайтын қас надан
көрінеді, өзінен-өзі тыжырыныпты. Әнді естіген сайын құрысып,

теріс айнала беріпті. Ал оның қасынан шықпайтын Қабылбай
делебесі қозса да, құдасының көңілін қимай қипақтап, үндей ал­
мапты. Үлкен үй жақтағы бұл жайларды естіген Бүркітбай:

– Мейлі, шыдамаса жарылып кетсін, әкеңнің!.. – деп тістене

кіжінді түсі бұзылып. Бірдеңеге қатты ашулы, зәрін шашып тұр.
Отауда оңаша отырған Қамиланың сезімі әнмен бірге әуеледі.
Әсет әніне жігерленсе, Мұқатай мен Болмыстың даусын естігенде
денесі бір ысып, бір суып, аласұра тыпыршыды. Кенет ойына то­

сын болжам кірді де, денесі мұздап, жүрегі сыздады. Әсет ақын
ел адамы, оның үстіне ештеңе білмейді біз жайында. Жұрттың
қалауын орындайды. Ал Қайырмен жаны бір Мұқатайға не жоқ. Ән
салып, есіп отырғаны несі? Біздің қайғымызға неге ортақтаспайды?

Салған әні арқылы-ақ жұбаныш сезімін білдірсе қайтеді. Мана­
дан жанға сая болар бір сөзін естімедім. Мұңды, зарлы әндерді
салса, көзімнің жасын төгіп, өкси жылап шерімді басар ем ғой...
Әй, Болмыс, Болмыс... Сенің терме айтып, тақылдайтын не жөнің

бар? Жалғыз ағаңа қол ұшын бере алмағаның ба? Неге бір хаба­
рын жеткізбейсің?.. Жоқ, өзім айтайын байламымды. Соны күтіп

жүрген шығар... Осыған бекінген Қамила орнынан атып тұрды
да, байлаудағы аңша үйдің ішін шарлап шарқ ұрды.
Жаныңнан жақсы көретін қайын сіңлісінің мына ақындардың
әнін естіп, күйзеліп отырғанын сезген сырлас жеңгесі – Бүр­

кітбайдың әйелі кіріп еді, Қамила ботадай боздап бас салды.

– Жылама, күнім!.. Көзіңнің жасы менің де жаныма батады.

– Малдай маталдым, қайтейін, жеңеше...

– Соза беруге болмас енді, байламыңды кесіп айт. Болмыс

соны білуге келіпті.

– Бүгінгі түннен қалмаймын, соны жеткіз!.. – деді Қамила

ширыға қатуланып. – Әзірше ағама сездірме.

– Ашып айтпаса да, ағаң сен жақта. Сендер әбден ұзап кетті-

ау деген шамада айтамын, сабылмасын.

– Бұзылып қалмай ма?..

– Ол құда келгелі бері у жегендей болып жүр. Тілеуі сенің

қамың. Кеше көз жасыңды көргенде өртеніп кете жаздады.
Көңілдері жай тауып, екеуі бастарын түйістірді де, ұзақ сы­
бырласты. Қайырдың тосатын тұспалын белгілесті. Үрей мен
қуаныш араласқан күдік келіншектің қызыл жүзін бозартты.

Сонда да көзіне сенім ұялап, жымия күліп шығып кетті.
Үкімі жүріп тұрған өзінің ауылы емес, басқа елге билігі өте
қоймайтынын сезген Жұмық зәңгінің ән мен сауықты тыйып,
тоқтатуға шарасы жоқ. Қабылбай құтырған қасқырша аласұрып

жүрген баласына батпайды. Ол сыныққа сылтау таппай жүр.
Құдасы келген күні-ақ әкесінің бет-жүзіне қарамай айқасып,
жараған бурадай зіркілдеген. Әлгі мысық мұрт Бүркітбай –
қара құлақ Қабылбайдың үлкен баласы. Бір бет, айтқанынан

қайтпайды. Бұл мінезі сырын білмейтін сырт кісінің көзіне
ожарлау көрінеді. Бірақ ақ көңіл, адал. өзім дегенге өзегін жарып
беретін жомарттығы тағы бар. Өзі ән салмаса да, сауық құмар,
сайраншыл жігіт. Бұған дейін қарындасының ел ішіндегі ойын-

сауықтан қалмай, араласып жүруіне мұрындық болып, ешкімге
ырық бермей келген. Қаби ауылындағы шілдеханада ол Әсетті
көрген-тін. Содан бір талайға дейін қолына түсіре алмады.
Сөйтіп жүргенде құда келіп, көңілі ойпаң-тойпаң сапырылып,

тыпыршыған. Ән бір саябырлаған кезде:

– Әсаға, алыстан ат арытып келген асыл ағамыз едіңіз, – деді

Бүркітбай орнынан түрегеліп. – Ауылыма шақыруға қамдансам
да қолыма түспей, қатты ұятты боп қиналып жүруші ем. Құдай
айдап, өзіңіздің жолыңыз тоғысыпты. Бір малға бата беріңіз!..

Соны айтқан заматта босағадан маңқиған бір қойдың басы
қылтиды. Әсет бата жасады. Ән мен өлең әрі жалғасты. Осы арада
Әсет қызбалықты басып, сабырлы ақылмен жұртты ойға үйірді де,
кеңесі кең бір толғауын толғай жөнелді.

Дүние бір қисық жол бұраңдаған,
Бақ тайса ерге дәулет құралмаған.
Айбаты арыстандай өшкеннен соң,
Батырдан айбын кетер ұрандаған.

Тұлпар да тұралайды арыған соң,
Орнынан сүйемелсіз тұра алмаған.
Үсіген қазан ұрып қызыл гүлдей,
Басыңнан дәурен өтер бұлаңдаған.

Қызығы кешегінің қайта оралмас,
Түлкідей төске өрлеп сылаңдаған.
Семірген өз буына әулекілер
Шулатып жүрген жерін лаңдаған.

Бос белбеу, бота тірсек бозбалалар,
Адамдай болбыр келер бұлаулаған.
Бүрісіп бұршақ соққан жапырақтай,
Бұзаудай бұралады қылаулаған.

Жүрсе де ел ішінде адасады,
Қайратын топқа салып сыналмаған.
Жігіттер, өрге самға тас қырандай,
Аспанның аясында қылаңдаған!..

Қамқор ағаның інілеріне шын тілегі осы екенін бәрі де сезді,
өздерінің қылықтарын іштей ой електерінен өткізе бастады. Кімнің
жақсы болғысы келмейді, бәрі де өздерінің кей қылықтарына іштей
әттеген-ай айтып, бастарын шайқайды.

Сауық тау басына түскен күн иек арта тарады. Біреу мәз, біреу
мұңды. Әркім өз ойымен тебіренген.
Күн бата қою бұлт ұлы таулардың аспанын тұмшалап, киіз­дей
сықаса қаптады. Тау басынан басталған жаңбырлы бұлтты жел

екпіні сайға қарай айдады. Ауылдан аттанған Әсет пен Мұқатай
төніп келген жаңбырдың астында қалатын болған соң, жолдан
бұрыстау болса да сол маңға жақын Әлібектің ауылына бұрылды.
Аттарын қамшылап, жеделдете сар желіске салды. Қалың жаңбыр

да бұлардың соңына түскендей дүркіреп жетіп қалды. Өздері
көздеген ауылға жаңбырмен араласа келіп жетті.

ЖАҢҒЫРЫҚ

Ж ердің бетін қара түнек басты. Әр тұстан найзағай
жарқылдайды. Бүкіл тау іші өртеніп жатқандай. Сатырлаған дау­
сы жерді солқылдатады. Бейне тау қопарылып, тас құлап астан-
кестең сапырылысқандай. Аспанға сыймағандай қою қара бұлттың

бір шеті жер бауырлап, соқыр тұманға айналған. Сорғалаған
жаңбыр тау-тасты жуды. Көлкіген су көл болып ақты... Аспанның
қоясы қопарылғандай сықасқан бұлт таудан төмен жөңкіді. Тау
көшкендей сықырлай сырғиды. Жер бауырлаған тұман қоюлана

берді.
Таң ата жауын басылып, бұлт ыдырады. Күн шыға аспанның
төрі шайдай ашылды. Түбіттей түтеленген бозғылт тұман заңғар
шоқылардың арса-арса жақпар тастарының арасына сұлаған.

Желімдей жабысып, жерге шөккен.
Сыртқа шығып, айналаны шолып біраз тұрған соң, бұлақ басы­
на қарай беттеген Әсетке Әлібек ілесті. Арт жақтарынан сылбыр
басып келіп, көңілсіздеу ерген Мұқатай әлденеге елегізеді. Бұл

кейпін байқаған Әсет сыр сақтады да, ештеңе сұрап жатпады.
Өйткені сол сәтте екеуінің де ойлағаны – Қайырдың жайы еді.
Тойға әзірленіп жатқан ауылға да Қайыр туралы ойларын
білгілері келіп барған-ды. Ештеңе сезіле қойған жоқ. Күні бойы

ешкім оның атын ауызға да алмады. Сауық тараған соң да Бүркіт­
бай шаужайларына оралды.

– Қонып кетіңіз, Әсаға!.. – деп қиылды. Ал Әсет сыр тарту

үшін Қайырдың әкесін сылтау етті.

– Қайырдың жолаушылап кеткеніне бірсыпыра болған екен.

Бүгін кешке қарай Шәкеңнің үйіне барып, көңілін аулауға уәде
беріп ек.

– Оқыған жігіттердің ауылда тұрақтауы қиын. Малға, жанға

қарауға ыңғайы жоқ.

– Адам баласының шаруасы біткен бе?

– Оқуым аз деп жүруші еді, тағы бір жолын іздеп кеткен шы­

ғар. – Бүркітбай ойындағысын ашып айтқан. Құптаған ниеті бар,
ілгегі жоқ. Әсеттің көңілі орныққан. Қамила жоғалып кеткеннің
өзінде де бұл ол ауылдан күмәнданбайды.
Ал Мұқатайдың мына кейпінен сезік алды. Неге қамығып

жүр?.. Бір хабар білді ме? Сонда да, сабыр сақтады.
Шайдан кейін төбе басында біраз тыныстаған соң, қайта
ора­лып, қымызға отырысқан. Сол тұста Болмыс келе қалды.

Әсет басқаға байқатпай барлады. Өңінде бірдеңеге абыржып, шыдамсызданған үрей табы бар. Тағатсыздана тыпыршиды. Бір-екі тостаған қымыз ішті де, ыдысының бетін алақанымен басып, іргеге қарай шегінді. Одан да тыныштық таба алмай, сыртқа беттеді. Қымыз ішуге келгендердің кіріп-шығысына көңіл бөлмейтін елдің әдеті. Мұқатай да болдым қып, Болмысқа ілесті. Екеуі оңашаға, бұлақ басына барған соң, Болмыс өзі білетін Қайырдың жайжапсарын айтып берді. Кеше ән тыңдауға жиналған жұрт Бүркітбайдың отауынан қаптай шығып, кермедегі аттарына беттегенде Болмыс асықпаған сыңаймен оңашалана шеттеген. Сонысын күтіп тұрғандай он бес – он алты жастағы тәмпіш танау қара бала жанаса беріп, алыса кеткен. Сонда құлағына сыбырлаған: – Тәтем бүгін кеште Қайыр ағаны Жаятастың төменгі өзен жақ етегіндегі қой тастардың арасынан күтсін, өзім ат мініп шыға алмаймын, сезіктеніп, секем алар, ат ала келсін деді. Осыны сен тез жеткіз!.. – Құйын боп ұшамын, сен де берік бол!.. – деп, Болмыс жұл­­ қыласа ойнаған боп, алыса бастаған. Ерке бала да күрескен кейіпте. – Аянба, шамаң келсе... – Алып ұрсам, ұят болар. Сенің жақсылығың таудай ғой. – Жаның ашымай-ақ қойсын... – деп күлген бала сіресіп тұра қап. Сонда тағы да сыбырлаған. – Жолдары болады. Тәтемді жұбатып жүрген жеңешем Бүркітбай ағаның да қарсылық көрсететін ниеті жоқ екенін айтты. Тұлыпқа мөңіреген сиыр құсап емексімесе, алдынан жарылқасын депті. Тездет енді. – Ағаңнан айналдым. Мен содан қорқушы ем. – Ей, ол аңқылдақ адам ғой. – Көп жаса, тентегім! – деп Болмыс баланы бауырына қысты да, жығылған боп құлай кетті. Бала да мәз. Болмысты қолынан тартып тұрғызды. Атына келген соң шылбырын ұстап аттандырып салған. – Келесіде мол күш жинап кел! – Сонда алып ұрсаң, астыңа ат мінгіземін!.. – Ей, мына мәстегіңді қайтем. – Құстай ұшатын, желдей есетін ат тауып берем!.. – Онда мен дайынмын... Бала да түсінген. Болмыс та аялдамай жүріп кеткен. Қуаны­шы кеудесіне сыймайды. Бұл хабарды жеткізуге асықты. Тау жақтан жөңкіген қара қошқыл бұлт ойға қарай ойысты да, Болмысты орта жолдан-ақ қуып жетті. Жер бауырлаған сұрғылт

тұманнан ештеңе көрінбейді. Текшедегі ауыл да жым-жылас.
Қалың жаңбырдың астында қалған соң, атының басын дітте­
ген жағына бұрған. Шымылдық қарағайдың оң қанаты терең
шат­қал. Керегедей керілген қапталы жалама тас, жыныс ағаш.

Құ­диған қызыл жартастың етегін көмкерген қарағайға тіке
тартқан. Бұл маң Қайырдың сырт көзден жасырынған бекінісі.
Қоныс жоқ, мал да келмейді.
Аспанның жаңғырығынан жер қалтырайды. Сатыр-күтір

етіп, оңнан да, солдан да найзағай жарқылдайды. Жаңбырдан
қорғалаған Қайыр құдиған нән тастың қуысын паналаған. Дәл
төбесінен түспесе, көрінбейді. Жыныс ағаш жапқан иен. Ал
мынадай жаңбырда тіпті қауіп жоқ. Сықасқан қарағайлардың

басын тұман шалған. Етек жағына шөккені сұйықтау. Арқан
бойындай шамадағыны байқауға болады.
Мал тұяғының дүбірі естілді. Үңіле қарап, тұман арасынан
ағаш ішін шарлай өрлеп келе жатқан салт аттыны көрді де,

баспалай сығалады. Өзінің аты ерттеулі тұрған. Шылбырынан
ұстап жүріп оттатады. Қарсы беттегі күржиген жуан қарағайдың
астында қаңтарулы тұр. Таяп келген аттылыны таныған соң,
жөткерініп дыбыстап, қуыстан басын шығарды. Болмыс та асты

қуыс қарағайдың түбіне атын байлады да, Қайырдың қасына
барды.

– Ал, не хабарың бар? – деп сұрады Қайыр сенімсіздеу

түрмен. Бұған да негіз бар. Қамиламен келісуі бойынша жола­
ушылап кеткен боп, ел көзіне түспей, елсіз жыныс шатқалда
жүргеніне екі аптадай болып қалған. Бірақ әлі қыздың нақты
байламын, бел буған шешімін естімеді. Үміті өше бастағаны

да содан. Бәлкім, құдасы келген соң басы байлаулы қыздың
соңынан аңду қойды ма екен? Тіпті тойдың да әзірлігі жасалып
жатқан көрінеді. Енді несі қалды, қашанғы күтпек?.. Қайырдың
қиналысы да осы еді. Нағашы ағасының жабырқау кейпін

байқаған Болмыс жайраңдай күлді.

– Хабарым сол – бүгін аттанасыз!.. – деп, Қамиланың сәлемін

жеткізді, Қайыр орнынан атып тұрды. Қуанғаны ма, абыржыға­
ны ма, белгісіз. Өңінде ешқандай өзгеріс жоқ, сабырлы қалпы.
Сәл үнсіздіктен кейін аспанға бір қарап алды да:

– Бүгін бізге Құдай да иіді шапағатын шашып, – деді қуана

күлімдеп. Ойланып тұрып, өзінің ұйғарымын ұқтырды. – Мен
мына қалың жаңбырды жамылып Жаятасқа жетіп алайын. Сен
ауылға қайт. Киіміңді құрғат. Түн ортасына дейін сол араға тағы

бір тың ат жеткізіп бер. Көзге түсіп жүрген аттарға тиме. Ол да
күмән тудырады. Өзім жоқта әкем қысымға ұшырамасын. Ел
түгел ұйқыға жатпай Қамила да шыға қоймас... Мінезі ойпыл-
тойпыл, тасырлау болған соң Бүркітбайдан іш жиып, қаймығып

жүруші ем. Байқұстың кеудесі кең жайлау екен-ау... Оның да
ниеті сабақтасқан сықылды, жолымыз болар!..

– Ақ жол тілеймін, аға!

– Мына қалыңнан шыққанда абайла, біреудің көзіне түсіп

қалма. Келеріңде де сақ бол!

– Қайтарда жоталай жүремін де. Шымылдықтан әрі асамын.

Тұман да қою, түн қараңғылығы да басып келеді. Жаңбыр үдей
түссе екен. Үйге жеткен соң астыма Сұркө­же­гім­ді мініп, Жұлдыз
қараны жетекке алсам, желдей еспеймін бе!.. Мынадай лайсаңда
кім дала кезуші еді...

– Жұлдыз қараң қайдан шыққан ат?

– Ол сіздің бәсіреңіз ғой, әлгі өзіңіз кейін мінемін деп

ұстатпай қойғаныңыз қайда?

– Ә, сол ма? Мейлі, сонда да ауыл-ауылдың тұсынан

орағытып өт. Мұндай күнде қой күзетушілер қасқыр шабады
деп сақ отырады.

– Ендеше елді шендемей, сырттап жүремін...

Жүрегінде үміт оты маздаған Қайыр қою тұманды жамылып
Жаятас шатқалына, ағасының арманына арқау боп жүрген Бол­
мыс Шымылдық қарағайдың желкесіне қарай аттанды.
Аспан астын көзге түртсе көрінбейтін түнек қараңғылық

басты. Шартылдаған найзағай жарқ ете қалады да, лып етіп
тез сөнеді. Сол сәтте айнала бұрынғыдан бетер тұңғиыққа
батады. Күркіреген жаңғырық бірте-бірте алыстап, аспанның
шалғай түкпіріне қарай сырғып барады да, созалаңдай жан-

жаққа тарап кетеді. Кейде жартасқа соқтыққандай сатыр-сұтыр
қақтығысып, құлап түскендей солқ етіп барып күрт тынады. Іле
қайтадан қаһарға мініп, жаралы айдаһардай күңіренеді. Жер үсті
тарлық қылғандай шиыршық ата тулайды. Дүние әлем-тапырық

шайқалып, бүкіл әлем сапырылысып жатқан секілденеді.
Қайырдың астындағы жарау жирен шүмектеген жаңбырға
ықпай, түнекті қақ жарып, аяғын лекіте басады. Көзі шоқша
жанған, қылт еткенді қағыс жібермейді. Адымы жүрдек.

Қолтығын кере адымдайтын жүрісті тілеп жүрген сықылды.
Жаңбырдан қорғанып, Қайыр басына қап жамылып алған.
Термелеп тоқыған қоржыны да тоқ. Сарқыраған жаңбыр сары­

лынан басқа дыбыс білінбейді. Жаятас шатқалының аузына ел
орынға отыра ілікті де, аздан кейін уәделі тұспалға жетті. Атын
бір шеті керегеленген үйдей шодыр тастың қалқасына бекітті.
Өзі жаяулап, Қамиланың мөлшермен айтқан қожыр қойтастың

төбесіне барды да, бір қуысты паналады. Тұтасқан жаңбыр
шүмектеп құйып тұр. Құлама шатқалдың етегін шайған үлкен
өзен құмыға сарылдайды. Суы молайып, тасыған сықылды,
тастарға соғылысы кемдеу болған соң сарылы да жоқ. Солғын

дыбысын жаңбырдың сарылы басып кеткен.
Қабылбайдың ауылы осы Жаятастың күн шығыс беткейінің
арғы етегіндегі тектұрда. Онша қашық та емес, бір шақырым ша­
масындай. Соқыр тұман көлегейлемесе көзбен көруге де болар

еді. Сол түстан көз айырмай қадала қарап жатты. Жамбасынан
өткен сызды да, төбесінен төмпештеген жаңбырды да елеген
жоқ. Соның бәрі табиғи құбылыс сияқты сезілді. Ойы басқада,
мақсаты бөлек. Қараңғы түнге үңілткен сол мүдде.

Түн ортасы ауған. Қара жаңбырдың бір сарын сытырынан
басқа дыбыс естілмейді. Уақыт өткен сайын жігіттің күдігі де
көбейеді. Біреу сезіп қалып, шыға алмай қалды ма? Неге кешік­
ті? Әлде соқыр тұманда бағытынан ауып кетті мс?.. Мұндай

қиын жағдайда күмән адамның жанына тыныштық бере ме?..
Қым-қуыт сезіммен, күмән-күдікпен тықыршып отырғанда
қарсы алдынан, арқан ойындай жердегі қойтастардың арасынан
қараңдаған адам сұлбасы елестеді. Қайыр сыз жерге етпетінен

жата қалды да, қадала сығалады. Елбеңдеген адам екеніне
көзі жеткен соң тастан-тасты қалқалай сырғып қарсы жүрді.
Басына қап жамылып алған адам қалталақтай тәлтіректеп, тез-
тез адымдайды. Сәт сайын елеңдей тың тыңдайды. Екеуінің

ара қашықтығы құрық бойындай жақындады. Қайыр естілер-
естілмес пәс дыбыспен жөткірініп белгі берді. Сол кезде:

– Қай-рош!.. – деп сыбырлаған қыздың қалтыраңқы нәзік үні

анық естілді. Сүйкімді таныс дауыс. Қайыр орнынан атып тұрды.

– Мен мұндамын!..

Қасына жетіп барды да, тоңғаннан ба, үрейленгеннен бе, тұла
бойы қалшылдай дірілдеген нәзік қызды кең құшағына қысып,
қапсыра құшақтады. Өзінің де буын-буыны босап кетті. Әлсірей
ентіккен қыз кеудесі көріктей күрілдеп алқынған жігіттің

омырауына басын сүйеді. Алабұрта соққан жүрек кеуделерін
дүбірлетеді. Жігіт сүйіктісін емірене кеудесіне қысты да, ын­
тызарлана үн қатты. Әлемнен көксегені құшағында тұрғанына

сүйсінді. Жүрегі атша тулап, көкейіне жинап жүрген асыл
сөздері ауызына түспей, аптыға айтқаны

– Қамилашым... жарық жұлдызым!..

– Арқа сүйер асқар тауым!.. Еркімді бердім, ердім соңың­­

нан!.. Ал, баста!.. – деді бойын тез жинап алған қыз жігерлене
сергіп. Шарт та шұрт екеуінің қолы айқасты да, Жаятас
шатқалының табанындағы қақпа тастың қалқасына бекітіп
кеткен Қайырдың атына келді. Жалғыз атты көргенде қыздың

жүрегі дір ете түсіп еді, соны сезгендей жігіт:

– Осында бол, мен былайырақ барып бақылайын. Болмыс ат

әкелуге тиіс еді, – деп, қарсы алдындағы айланба тұмсық жаққа
кетті. Ұзақ күттірген жоқ, Болмыс та жеткен-ді. Келе сала әсем
күміс ер-тоқым ерттелген Құндыз қараның үстіндегі жабулы
қапты сыпырып тастады да, Қамиланың алдына көлденең

тартты.

– Келші, жеңеше, ақ тілеумен аттандырып жіберейін, – деп

сыбырлады әзіл-шынын араластыра ойын жасырмай.

– Мына қара түн сұғанақ көздерден қорғасын! Мына қара

жаңбыр қасірет-қайғыңды жуып-шайсын!.. Қарсы алдыңнан
атқан таң жүрегіңді нұрға бөлесін!.. Қайта қауышып, ойнап-
күлетін жарқын күніміз тезірек тусын!..

– Еркелетіп те, еркелеп те орталарыңда жүруге тағдыр жаз­

бапты маған... Қош, Болмысым! – деді Қамила даусы қалтырап.
Көзінің жасы парлады. Аттың шылбырын ұстап тұрған Бол­
мыстың маңдайынан сүйді. Жеңгелікке мойын сұнған қалып
танытты. Соны сезген жігіт қайрай қалжың айтты.

– Жылай берме, жеңеше!.. Мына жаңбырда езіліп кетерсің!..

– Мұқатайға сәлем айт бізден!

– Оған сөз бар ма, ертең-ақ жеткіземін!

– Жел айдаған қаңбақтай елбеңдеп кетіп барамыз.

Қайроштың етегінен ұстадым, қайда апарса да көндім!..

– Жұлдызың жансын!.. Енді адаспайсың.

– Ал, Болмысжан, қош бол! – деді атына мініп алған Қайыр.

– Әкеме айт, өзім хабар беремін. Алайда, жолымыз ұзаққа

созылатын шығар, оған қайғырмасын. Үрімжіге жеткен соң,
жағдайға қараймын. Уайымдап жүрмесін, соны ұқтыр. Қане,
Қамаш, кеттік!..
Ауыздықпен алысқан сұлу жиренді тебінді де, ілгері аяңдады.

Қыз Болмысқа қиыла қарады.

– Қош, аман көрісуге Құдай жазсын!..

Ерге шегедей қадалған Қамила жиреннің соңынан ілесті. Екеуі де жауыннан қорғанып, бастарына бір-бір қап жамылған. Лезде түн қараңғылығына сіңді де, көзден тасаланды. – Қош, Құдай алдарыңнан жарылқасын! – деді Болмыс қимас адамдарының соңынан телміре қарап. Жалғызсырап тыпыршыған Сұркөжегіне ырғып мінді де, келген ізімен жедел кері қайтты. Жаңбыр үдей түскен. Тас төбеден найзағай ойнақ салады. Болмыс соған тілек айтты: «Жөңки бер, қара бұлт, жарқылдай түс, найзағай! Сарқыра, ақ жауын, жаңғыра түс, сеңгір тас! Маубастарды ұйқы бассын! Зұлымдардың жүрегін үрей езсін! Қайсарлар қасқайып кеудесі басылмасын!..» Үмітіне демеу іздеп, іштей жалбарынды. Осы дүниенің бәрінен жәрдем тіледі... Жігіттің ақ тілеуін қабыл еткендей, аспанның күрілі бұрынғыдан бетер үдеді. Жаңғырықтар да күшейді. Қошқар сүзіскендей сартсұрт етеді де, дүниені қалтыратады. Үрейлі сарын созалаңдай алысқа шұбатылып барып басылады. Кейде жанашырына зиян келмейтінін білсе, адам қорқынышты құбылыстардың да еселе­ не беруін қалайды екен. Болмыстың да сезімі осы тақылеттес. Жаңбырдың үзбей жауып, найзағайдың тынбай соққылауын, бұлттың қалыңдай түсуін көкседі. Мұны түн жамылған жаны бір адамдарына пайдалы деп түйді. Үйіне жетіп, атының ерін сыпырып, отқа жіберген соң да ұйқысы келмеді. Санасы санға бөлінді. Бір-екі күннен бері көрген-білгенін екшеді. Кеше кешкісін атына мініп жатқанда жауын да төнген. Сол кезде Әсет пен Мұқатайдың жолдарындағы Әлібектің ауылына бұрылғанын көзі шалған. Бүгін ояна салып, өзі білетін іс-әрекеттің бәрін жеткізу үшін сәске түс әлетінде әдейі іздеп осында келген. – Қабылбай ауылынан сыбыс естіле ме? – деп сұрады Мұқатай бір оңашаланғанда алабұртып. – Әзірше ың-жыңсыз... – Сен тым сасқалақтай берме абдырап. – Бүгін Әсағаң біздің үйде түстенсін. Оған дейін бір хабары да шығып қалар. Болмыстың өтініші бойынша, бірнеше адамды соңына ерткен Әсет күн түске тақағанда Көкқияның күн шығыс жағында­ғы етегіне қарай бет алды. Мұқатай мен Болмыс елдің соңында. Арғы шеті жалама жартасты қызыл қияға жалғасатын кең қойнаудағы ауылға жәй аяңмен жетті. Болмыстың әкесі қырықты қаусырған кісі екен. Құрақ ұшып қарсы алды.

– Міне, Мықтымбай, бүгін сенің дәмің тартыпты, – деп Әлібек

күле амандасты. – Болмысың зорлап алып келді.

– Құдай тілеулеріңді берсін! Баламның қызығынан немді

аяйын.Дүниені солар үшін жинап жүрген жоқпыз ба?

– Мына кісі ардақты ақын Әсет!

– Дидар ғайып, дәм ғайып! Қош келдіңіз, көргеніміздің өзіне

не жетсін!.. – деп, тапалдау шымыр қара қызыға қарады. – Қане,
үйге кіріңіз!..
Дастархан жайылып, қымыз құйылды. Лезде жұрт та жина­
лып қалды. Мал сойылып, қазан асылды. Қаз-қатар қойылған

самауырындардың түтіндігінен көк шулан түтін будақтайды.
Көңілдері жайдары ауыл адамдары бейғам, жүздері бал-бұл
жанған. Аңсаған әндерін естуге асық. Сол үміттерінің орындала­
тынына сенгендікі ме, көздері күлімдеп, жайнаң қағады. Жұртқа

ілесіп езу тартқанымен, Мұқатайдың да, Болмыстың да ойы
ойпаң-тойпаң. Қанша сездіргілері келмесе де, абыржыңқы. Аман
кетті ме екен деген күдік көкейлерінде құйындай жүйткиді. Бір
тыныс алған қаға берісте Мұқатайдан түндегі жаңбырды тасалап

Қайыр мен Қамиланың кетіп қалғанын білген Әсет те қуанды.

– Қуғыншы шықпап па? – деп сұрады күдігін жасырмай.

– Әзірше ондай сыбыс естілмей тұр.

– Жолдары болсын!.. Әлі сабылып жүргендері байқалмаса,

ендігі қуғыншы жете алмайтын жерге де барып қалған болар.
Әсеттің осы жобалауы тілеулес жігіттердің көңілдеріне
демеу болып еді, ән де шырқалды, өлең-жыр да ағылды. Ауыл
думанның дуына батты.

Күн шайдай ашық. Жасыл төскейлер керіліп жатыр. Біреудің
қайғысы біреуге бата ма? Тіпті, қыдырмашылардың ондайды
ойлаған түрлері тағы жоқ. Қымыз сапырылып, ән әуеледі. Үйдің
іші-сырты толған адам. Көз қылғаны ма, Мұқатай да, Болмыс

та сауық қызығына іркілмей араласты. Оларды Әсет қасынан
шығармай жебеді де отырды. Қилы-қилы шиырға салды.
Түс ауа қасына ерген екі-үш кісісі бар Қаби келді. Түтігіп
алған. Қабағы қату, түсі суық. Ызаға булыққан. Табалдырықтан

аттап тұра қалды да, көзі шатынай артына бұрылды.

– Ей, Сиқымбай, кір бері. Оң көзіңмен көріп ал, әне!.. –

деді зіркілдеп. Босағада қақшиып тұрған қалпы Мұқатайды
нұсқады. – Аузыңа келгенді оттап ең, енді көзің жетті ме?
Өңкиген арық ұзын тұра еңкейіп ішке кірді. Көзі жапақтап
үйдегілерді шолып өтті. Ешкінің құйрығындай сексиген селдір

сақалы шошаңдады. Қатты қысылғаннан қара қошқыл өңі одан
бетер күренденіп, сұрланған.

– Оу, Қабеке, бұл ойыныңыз ба? Бері төрге шығыңыз, – деп

күлді Әлібек қасынан орын босатып. Қаби бұрқылдап барып сылқ
етіп отыра кетті.

– Елді бүлдіретін осындай немелер... Айтаққа итше үреді. Өз

шамасын білсе қайтеді екен-ей!..

– Мұның сіздегі жұмысы не?

– Итаяқ жалап құтырған сорлы... Жаңа біздің ауылға жетіп

барып, Мұқатай қайда, тауып бер, зәңгі мен бай іздеп жатыр деп
зіркілдеп ызамды келтіргені. Әй, зәңгіңнің бізде несі бар-ей?
Мұқатай қатынының қойнынан шығып па? Міне, отыр Мұқатай!
Ал, айтшы айтатыныңды енді!.. Мына жұрт та естісін...

Не дерін білмей, босағада состиып тұрған арық қара қи­бы­
жықтап, ақталғандай міңгірледі:

– Әй, Қабеке, менің жазығым не?

– Монтанси қалуын, иттің!..

– Ей, Сиқымбай, бұл не, жөніңді айтшы, – деді Әлібек жан­

жалды басуға тырысып.

– Мұқатай үйінде ме, жоқ па, біліп кел деп, бай мен зәңгі

жұмсаған соң барып ем. Мұқатай үйінде жоқ екен. Қайда кеткенін
анықтайын деп сұрағаным рас...

– Оларға Мұқатайдың керегі не?

– Байдың қызы қашып кетіпті. Сәске түсте соны білген соң

жан-жаққа кісі шаптырған.

– Біз ешкімге құныкер емеспіз, білдің бе! – деп айбат шекті

Қаби түксиіп. Жұрт аң-таң, Мұқатайға үңіле қарасады. Қыздың
жайын білетін екі-үш адамның көздері күлім қағады. Қабидың
мына қылығына Әсет іштей сүйсінді. Әлде Қайырдың ізін жасы­ру
үшін әдейі істеген кулығы ма? Түрінен шындап-ақ ашуланғаны

байқалады. Мұнысы даудың алдын алу ма? Сесімен жұрттың на­
зарын аударды. Арамдық ойлаған Қабылбай мен зәңгінің жолын
кесті. Қалай да осынысы жөн...
Сырттан ат тұяғының дүбірі естілді. Бұл сабылыстың сырын

білетін Әсет пен Мұқатай біріне-бірі үнсіз қарасты. Көздері
күлімдегенімен, әлі де күдіктері көп. Болмыс сыртқа шықты. Ат­
тары қан сорпаға малынған, бауырынан ақ көбік шашыраған үш
атты кісі арындата келіп тоқтады. Сырттағы бозбалалар аттарын

ұстады. Үйге алдымен мысық мұрт Бүркітбай кірді. Өңінде ашудан
гөрі үрей басым. Төрге тақау тұстан босатылған орынға жете беріп:

– Салаумәликөм, Әсаға! – деді де, қажыған адамша сылқ етіп

құлай кетті. Сөзді Әлібек бастады:

– Оу, Бүкеш, бұлай ала шапқын боп жүргеніңнің себебі не?

– Не деріңіз бар ма, Әлеке... Қайырымсыз әкенің қаһарына

ұшыраған бауырымды іздеп жүрмін!..

– Қайда кетуші еді, балалық қып бір жерге тығылған шығар...

– Есі дұрыс ел бойжеткен қызын сән-салтанатпен ұзатып, ұлан-

асыр той жасайды, қуанышқа батады. Ал біз қайдағы бір зәңгінін
тәштегіне атастырамыз деп, әлекке түсіп жүрміз. Түн­дегі қалың
жаңбырда Қамила түн жамылып барып, Күркілдекке құлап өлді,
Құдай біледі. Тасқын алып кетті оны. Әйтпесе, жер жұтпайды. Со­

нау Сарыбастауға дейін барып қайтып келем. Жер бетіне тұяқты
малдың ізі түспеген. Қу әке құрдымға құлатып тынды ақыры...
Зәңгішіл бола қалып еді тепеңдеп, жетісті!..

– Қой, айналайын, жаман ырымға жорыма, – деді Әлібек өзінен-

өзі кіжініп, бұрқылдаған Бүркітбайға басу айтып. – Өле салу оңай
емес. Жаннан тәтті ештеңе жоқ.

– Қорлық тартпау үшін не істемейді. Арпалысуға шамасы

келмейді. Өліп құтылмақ болған ғой...
Ыза қысқандықтан көзінің жасы ытқып түсті. Жұрт аянышты
сезіммен жабыға мұңайысты. Осы саябырда:

– Әй Бүркітбай қалқам, – деді Қаби көзіне қадала қарап. –

Жаман айтпай – жақсы жоқ. Шатақ ушықпай тұрғанда бір істің
басын ашып алайық. Мына Сиқымбайдың айтуынша, әкең
Мұқатайдан көретін пиғыл танытыпты. Бұл не жала?

– Оны саған кім айтты, ей?! – деп шұқшиды Бүркітбай арық

қараға көзін сығырайта қадап.

– Бай мен зәңгі Мұқатайдың үйінде бар-жоғын біліп кел, оның

ілігі жоқ па екен деп еді...

– Байың да, зәңгің де оттапты! Әкеңнің аузын... өңкей төбеттер!

Иісшілдерін кәрі тазылардың. Бар, Мұқатайды осы ауылда отыр
де. Қалиманы сиқырлап, қалтасына салып алыпты... Қабе, қапа
болмаңыз. Адам итке өкпелемес болар...
Не айтса да орып сөйлейтін Бүркітбайдың адуын мінезіне біреу

сүйсінді, біреу күлді. Жұрттың өңі кіріп, жүздеріне күлкі табы
ұялады. Ұзын қара сырт айналды. Өзінің масқара болғанына көзі
жетті. Әлібек сипалай майдалап, Бүркітбайды жұбатып жатыр.

– Ашуыңды бас, айналайын. Бірге туғанын жат санайтын адам

жоқ... Бірақ әкеңе ерегісемін деп, араздықты өршітіп алып жүрме.
Албырт, адуын ең, тым аптықпа. Ендігі істі ойлап шеш.

– Сөйт, қалқам! – деп қостады Қаби. – Құдай қайырын берсін, тіршілігі сөнбесін!.. – Қалиманың садағасы кетсін. Зәңгінің малын алдына санап салып берем де, бүгіннен қалдырмай қайтарамын!.. Бауырымды тапсам, барлық ауыртпалығын өзім-ақ көтеріп, таңдағанына-ақ қосар ем... – Онда сенің қазақ өміріне жаңа жол ашқаның!.. – деді Әсет мадақтай жебеп. Бұған Бүркітбай желікпей, өзінің байламын айтты: – Шаян емеспіз ғой енесінің бауыр етін кеміріп жеп, шімі­рік­ пестен жорғалап жүре беретін. Адамдығымыз да танылсын да!.. Мінезі морт, ашуланса аюдай жайпап тастайтын Бүркітбай­дың мына жайылма жайсаңдығы Мұқатайдың ішін жылытты. Ішіне кіріп-шығып па деген екен-ау. Алып қашпа сыңар езуге, алаңғасар аусарға жорып жүрсек, нағыз ақ жүрек қайсар болғаны ма? Әлде шиін шығарып, індету үшін әдейі істеп отырған айласы ма? Жо-оқ, түр-түсінен қарындасына өшпенділігі, ыза-кегі байқалмайды. Тіпті, оны өлдіге жорығанымен, пәлендей күйініші де сезілмейді. Бәлкім, оның кеткенін біле ме? Ел көзінше әкесіне ызалы. Адамдықты басқаша түсінеді. Сөзіне сенсең, түбінде Қайыр мен Қамиланың арқа сүйері болатын түрі бар, жақсылық осыдан келер. Қара дүрсін, дөкірлеу көрінгенімен, ақ көңіл-ау тегі... Мінез – Құдайдың жаратқаны, оны қалай өзгерте аларсың. Ал ақ пейіл, адалдығы бір басқа. Қарындасынын қасіреттен құтылғанын жақтайтын сықылды... Осы ой Қабидің де, Әсеттің де көңілінде тұрды. Бүркітбайдың бұл сөзіне, ұйғарымына үйдегілердің біреуі там­ санды, біреуі жаны ашығандай күрсінді. Сенерін де, сенбесін де білмейді. Дәл қазір Қамила келе қалса қайтер еді деген жорамал сұраулар бастарына шоғырланды. Ақыры жұрт бей-жай кейіппен тарасты. Мұқатай мен Болмыстың жүрегіне сенім орнықты. Қайырдың аман-есен ұзап кеткеніне қуанысты. Үн-түнсіз түрегелген Қаби елден бұрын сыртқа шығып, атына мінді де, Әсет пен інісін тосты. Олар да атқа мінген соң: – Ал, кеттік... – деп, екеуін ілестіріп, ауылына төте тартты. Жол бойы Бүркітбай сөздерінің аңғарын топшылап, жорамалдады. – Ертең естиміз, зәңгінің қалай қайтқанын, – деп қорытты өз ойын Қаби... Бұл да Әсетке тосын әсер еткен оқиға болды. Осы бір тұрағы жоқ жанғырықтай сүреңнің, шешімсіз шырғалаңның жайына ой жіберді. Тіпті түні бойы шала ұйқыда жатты. Қазақ арасында қыздың қашуы таңданар іс емес. Мұндағы айырма қыз ағасының

көзқарасы. Өмірден түйгені басқаға ұқсамайды. Қайырға бүйрегі бұрғаны рас болса, оның артықшылығын танығаны. Қалай да екі жастың арманына жеткенін қолдаған. Әкесіне ырық бермеуі өзінің ниетін бүркегені ме? Бұл да түнекті серпігендіктің белгісі. Қазақ ішінде сирек кездесетін оқиға. Осыны өнеге қып таратуым керек. Жаңғырсын дүние. Мұнымен сергелдең, қасірет біте ме? Бұл жартастың жаңғырығы ғана. Әлі қаншама қайғы-зар қайнап жатыр? Ол талайды жұтады. Талайды тізеге қағып, орға жығады. Бірақ арман өлмейді... Танертеңгі шайдан кейін Әсет: – Мұқаш, – деді ширыға толғанған түрмен. – Қазақ қызда­ рының қайғы-қасіреті менің де талайдан қабырғама батып жүрген дертім еді. Міне, мұнда да тағы бір шырғалаң оқиғаның куәгері болдым. Бүгін-ертең тапжылмай жатып, қыз бен жігіттің арман-тілегін қағазға түсірейін. – Бұл ойыңыз өте игілікті, Әсаға! – Бәйіт құсатып, домбырамен сыдыртып өте шықпайын. Мөрті келіп тұр, жазып шығайын... – Жазыңыз, Әсаға!.. Қалай айтсаңыз да сияды. Қолтаңбаңыз бізде де қалсын, мұрагеріңіз боламыз... Шабыт қысқан Әсет қымызды тоспастан сыртқа шықты да, өзен жағасына барды. Ойын бөлмейін деп, Мұқатай есік алдында қалды. Өзі де сезді. Бұл Әсеттің көп заманнан кейінгі қағазға үңілісі болмақ. Оңаша жүріп ойын шумақтап, айтарын екшеді. Қалай, неден бастау керек. Қазақтың кежір тұрмысын, шолақ салт-санасын өз қалпында айтар сөзіме арқау етсем, бірдеңесі жанаса қалса шамданатын шадырлар да көп. Рулардың да ара қатынасына тиіспейін. Ол да бір жазылмас жара. Жалпы қазаққа тән сергелдең ғой. Іштен жеген құрт тәрізді лаңы қаншама. Рулар тартысы да соның бір ұшығы. Оған кесім айтуға шамам жете ме? Бір-бір руды қолшоқпарша уысында ұстап отырған үкірдайлар мен тәйжілерден тізгінді кім жұлып алады? Өкіметі солардың еркіне жүгінеді. Қажетіне қарай бұл қырқыстыруына қолайлы. Рудың қайшылығын тіке айтсам, соны сылтаурататындардың шамына май құйғандай күйге ұшырамаймын ба? Содан барып ел арасына жік түсуі мүмкін. Ал ертегі тектес қып айтсам, тын­ даушылар өткен күннің сарыны дейді де, сырына үңілмейді. Оқиғаның желісіндегі ойға көңіл бөлмейді. Ертегілік тұрғыдан ғана қарайды... Осылайша, айтар сөзіне желі іздеп шамырқанған толғаныста Қоңыр төре айтқан бір аңыз есіне түсті. Ертеде осы

Алтай тауларын мекен еткен Ясукей деген хан өткен. Бұла өскен
қызы әкесінің ырқына бағынбай өзі ұнатқан батыр жігітпен
тау арасына қашып кетіп, мақсаты үшін жанын қинап, басын
құрбандыққа шалады. Демек бұл сарын қазаққа бір табан жақын.

Оның үстіне осы арада Алтай табиғатының көз тұндыратын
көркін де оқиғамен қабыстыра өріп, сенімді шыңдауына болады.
Хан қызының тағдыры, қайсарлығы арқылы қазақ қыздарының
асыл қасиетін, жігіттердің жалынды арманын жырлауға

өте қолайлы. Қыздың атын Салиха, жігіттің атын Сәмен
деп қазақилап қоя салсам да, құлаққа сіңісті Ясукейдің ескі
атағының өзі-ақ талай көкіменің еңсесін баспай ма? Ясукейдің
үрім-бұтағын түгендеп жату қай қазаққа керек. Оларға ханның

не қажеті бар? Бұл жайды ойларына да алмайды. Әйтеуір, сол
желімен қазақ жастарының басынан кешіріп жүрген қайғысы
мен мұңын, ащы зарын айтып берсем, өртенген үйге тұмсығы­
мен су тасыған қарлығаш құрлы себімнің тигені емес пе?..

Жазуды мақсат еткен дастанының желісі мен жүйесіндегі
мұрат-мүддені ойша топшылаған Әсет түске дейін ағыны
сарқыраған, салқын лебі желпіген судың бойын шарлады да
жүрді. Үйінен шығып, сыртынан қарасын көрген соң солай

бұрылған Қабиге мән-жайды Мұқатай ұқтырды.

– Әсағаң өлең жазбақ, ойын бөлмей-ақ қойыңыз.

– Бәсе, кешеден бері ширығуы бөлекше еді. Іштей күйзелген­

дей боп жүргенін байқаған ем, – деді де Қаби ақын қиялына
жүгінген қалыппен үйге кіріп, қымызға отырды. Түске таман
қыдырмашы қымызшылар да сиреді.
Сол шамада Әсет үйге қайтып оралды да, желбегей жамылған

шекпенін шешіп, жүктің шетіндегі керегенің басына ілді.
Жеңілденіп алып, дастарханның шетіне малдас құрды.

– Қымыз ішіп ал, қарағым, – деп, Бибі бәйбіше шүпілдеген

сырлы тостағанды алдына қойды. Шөлдеп қалғандай екі
тостағанды іркіліссіз сіміріп салған Әсет:

– Болдым, әбден қанымды, – деп, артқа шегінді де, жүкаяққа

арқасын сүйеді. Мұқатай дастарханды жинады.
Манадан дайындап қойған, түбі жіппен көктелген ұзынша
дәптерді, жұп-жұмыр сия сауытты, ұшы моқал қаламұш бе­
кітілген сары қаламсапты әкеліп қасына қойды.

– Мұны қытайдың қара сиясынан езіп жасадым.

– Е, мейлі, жазса болды да.

– Қара майдай жұғады...

Әсет дәптерді алдына жайып, кеудесіне жастық төседі
де, етпетінен жатты. Мұқатай шығып кеткен, үйде жалғыз,
Ойланып барып, жазуға кірісті. Бибі бәйбіше де сыбдырсыз
түрегелді. Мұқатайға ілесіп, сыртқа беттеді. Үй-іші ың-жыңсыз,

оңашаланып қалды. Сай табанындағы судың сарылынан бөтен
дыбыс жоқ. Сыртынан бақылаған Мұқатай бұл үй жаққа қарай
бейсауат адамға аяқ бастырмады. Әсет енді басқа дүниені
ұмытқан. Алдындағы жаюлы қағазға шұқшия үңіледі. Айтар ойын

желілеп, оқиғаның өрісін шиеленістірудің сенімді жолын іздейді.
Оның тамырын тереңнен тартуды жөн көрді. Ерте заманда өткен
Ясукей жайындағы бір аңыздың сілемі ойына оралды.
Алдымен Ясукейдің жай-күйін, бір беткей безбүйректігін,

тастай қатқан қаталдығын қысқалау шолып, бір түйіп тастады
да, өзінің ойына арқау еткен Сәменнің көз тартып, көңіл тола­
тын тұрпат-тұлғасын келістіре сипаттады. Оқиғаның өрістеуі
үшін мезгілдің де әмбебап кезеңін таңдады. Ел жайлауға көше

Салиха мен Сәменнің жиі-жиі дидарласуы да, сұғанақ көздердің
қадалуы да, жастықтың жалынды құштарлығы да кәдімгі қазақи
қалыппен баяндалды.
Барлық арман-тілегі тоғысқан қыз бен жігіт бекініс іздеп, ба­

спана табу үшін ұлы таулардың құшағына еніп кетеді. Сұсымен
адамның сесін басқан алып сеңгірлердің қойнына ғашықтарды
күндіз күн аймаласа, кеш бата алтын табақтай жалтылдаған кү­міс
ай қараңғы түнді жарқыратады. Ай батқан кезде аспан төрінен

самсаған жұлдыз жымыңдап, жабыққан көңілдерін сергітеді.
Қоңыр самал аймалап, мұндарына ортақтасады. Таудың аясы
тағы түлектерін еркелетіп, әлдилейді, биікке өрлетеді.
Осы сезім ақынның қиялын шарықтатты. Сол сәтте-ақ көз

алдына заңғар таулар, сыңсыған орман, жасыл белдер елеетеді.
Енді мадағын айта алмай жүрген сұлу таулардың көркін төгілте
өлең шумағына айналдырды:
Жалтыр тау, шатқал өзен, заңғар биік,

Тұрғандай бұлттан асып, көкке тиіп.
Темірдей қара жартас сұрғылт түсті,
Қабағын, қаһар көзін қарс түйіп.
Мұңлы тау аспанменен бой теңескен,

Тұрғандай бейне мүлгіп, басын иіп.
Ақырған аждаһадай тасқынды өзен,
Сарқырап төмен аққан шатқа құйып.

Жүрегі тебіреніп, ыңылдай ырғалады. Өлең сарын тілейді,
әуенге үйіріледі. Селдей сығылысқан шумақтарды сусылдата жа­
зып-жазып тастап тоқтайды да, ашық тұрған есіктен сыртқа тесіле
қарайды. Бірдеңе іздегендей ойға шомады. Аздан кейін қайта

жазады. Сарғыш қағаздың беті шөп арасынан шегіртке ұшқандай
сытырлайды. Сиясауытты сол қолымен қымқыра ұстаған күйі
дәптердің аударылған парақтарын қозғалмастай басып алған.
Кейде тыныс алғандай қыбырсыз сілейіп қалады. Ондайда ты­

нысы тарылғандай алқынып, танауы желбірей пысылдайды.
Ал ойға шомғанда, ұшқын шашқан ала көзі бадырая үлкейіп,
дөңгелек қара торы өңі албырай нұрланады. Екі иығымен тұтас­
қан жуантық қысқа мойынын ширата толғап-толғап қояды. Ұдайы

жазып дағдыланбағандыкі ме, әлде, іштей бір сарынға түсіріп
отыр ма, кейде ыңылдаған әуенін үдетеді. Сыдыртып айтып
шыққаннан гөрі сарылып жазудың машақаты қиындау сияқты.
Бірақ өлең жолдары шымыр, теңеу мен балама да анық суретімен

айқын бейнеленеді. Ыңылдап әндетуі өлең жолдарының бір
қалыпты ырғақпен өрілуіне жетекші болып жатыр. Бұл жазудың
жүрдектігін де асыра түседі. Сезімі ширақ өрбиді...
Осылайша, толғаныспен тапжылмай ұзақ отырды. Түс ауып

барады. Үйдің іші қара көлеңкелене «Үһ!..» деп қуана дем тартты
да, жүзі жадырай күлімдеді. Жазғанын өзі үнсіз қалыппен қайталап
оқып шыққан соң, сиясауыт пен қаламсапты жинап, жүкаяқтың
астына қойды. Ұзынша сопақ дәптерді шиыршықтай ұстап, далаға

шықты. Сайды өрлей жел есіп тұр. Үй маңында қыбырлаған жан
жоқ. Күн көлденең жотаның жалына иек артыпты. Өрістен қайтқан
сиырлар шұбырып ауылға келіп жатыр. Үйдің қарсы алдындағы
беткейді өрлеп барып, түп жағы сарғыш тартқан шалғынның үстіне

қисайды да, аяғын созып жантайды. Шекпенінің етегін төсеніп,
шынтағымен жер тірей жамбастады. Сыртынан қарауылдап, бағып
жүрген болу керек, Қабидің үйі жақтан жебей басып Мұқатай
жетті. Әсет оған бір істі тындыр­ған адамша жайраңдай қарады.

– Міне, Мұқаш, бітті. Көкейімнен кетпей, жанымды қинап

жүрген оқиғаны қағазға түсірдім.

– Түгел бітірдіңіз бе? – деп таңданды Мұқатай. Өйткені

ол бұлай жылдам жазып тастайды-ау деп ойламаған. Әсет бұл
іске түске таман отырған. Бір-екі күнге созылатын шығар деп
мөлшерлеген. Жүзі албырай масайрап, мандайы тершіген Әсет
ақсия күледі. Көңілі хош...

– Иә, бітті. Ойда көп жүріп әбден піскендіктен бе, нені, қалай

айтудың шарты толғандықтан ба, қолды кідіртпеді.

Бұлардың қарасын көрген соң, балпаңдай басып Қаби да жетті.
Әсеттің ісінен хабары бар сықылды. Қабағы ашық, жүзі жай­
дары. Ақыннан осыны күтіп жүргендей, көңілін де аулап қойды.

– Шаршадың ба, Әсетжан? – деп төне еңкейіп, шөпті жапыра

қасына жантайды.

– Шаршағанымды да, қуанғанымды да білмеймін, Қабеке!

Әйтеуір, ойлаған жырымды қағазға түсірдім.

– Қуанғаның жақсы, Әсетжан. Қуаныш – бәрімізге ортақ. Біз

де сүйсінелік, оқып жібересің бе?

– Аға, бүгін Әсағаң өзі қалап оңашада жалғыз қалып еді, бір

дастан жазып бітіріпті, – деді Мұқатай таңданысын да, сүйсінісін
де жарқылдаған кейіппен аңғартып.

– Мынауың аса қадірлі іс екен, Әсетжан!..

– Елге жақса болды да...

– Ал, тыңдайық ендеше...

– Тыңдаңыз!.. – деп, Әсет қағазы сарғыш дәптердің бетін

әспеттей ашып әуендетіп оқи жөнелді. Қаби басын тұқыр­
тып, ынталана құлақ тосты. Хандығына мастанған әкенің қа­
йырымсыздығы, қыз бен жігіттің азабы, олардың өлер алдын­дағы
зары жүрегін езгендей қалың қасы жиырылып, қабағы түйілді.

Дастан оқылып болған соң, басын көтерді.

– Сөздеріңнен көп жайдың сыры аңғарылады екен, Әсетжан, –

деді алқына дем алып. – Біздің Қайыр мен Қамиланың да соры
осы өзің айтқан зұлым пиғылдың кесірі ғой.

– Ұқсап тұр ма?

– Неге ұқсамасын, көзімізбен көріп отырмыз ғой.

Дастаныңның атын «Салиха – Сәмен» дедің бе?

– Иә, қазаққа жаттау ма?

– Адамның мұңы адамға жат емес. Бәріміз жер бетінің

түлегіміз. Бағымыз да, сорымыз да ұқсас. Моңғолдың аңызынан
басталған соң, бізге қалай жанасар екен дегенім ғой.

– Дұрыс, Қабеке, дәл таптыңыз. Қазақтың өзін төтесінен

айтқым келмеді. Онда бір сөзің біреуіне шендей қалса, ру мен ру
арасына су жүгіртуге әзір тұратындарға сылтау табылады. Әдейі
алыстан орағытқаным сол.

– Оның да жөн шығар. Бірақ айтқаның алыс емес. Төбесінен

түсіп тұрсың. Әлгі өзің сырына қанық қулардан сақтанғаның да
жөн.

– Алайда, қанша қадалса да, ешкім ештеңеге бұйда таға ал­

майды.

– Е, сол дұрыс. «Қызым, саған айтам, келінім, сен тыңданың»

сыңайы болады да шығады.

– Жоқ, ондай ұзын арқан, кең тұсау емес. Адамның арманы да,

қасіреті де, қайғысы да ортақ. Айтарым сол...

– Оны айтыпсың, ұқтым. Енді қиссаңды бізге де беріп кет.

– Мұқаш қара таниды ғой, көшіріп алады.

– Сөйт, әкем. Әсетжанның лебізін өз аузынан естігендей көріп,

тыңдап жүрелік.
Мұқатай мектеп есігін ашқан емес. Тек Қайыр ауылға оралған
соң ғана соның көмегімен әріптердің қарасын таныды. Қисық-
қыңыр болса да, еркін жаза алады. Екі күнде зорға көшіріп болды.

Әбден қанып алғысы келгендей, Қаби бұл дастанды Әсеттің өзіне
салмай оқытып, құмарта тыңдады.
Елді жаңа сарынымен билеп алған «Сәлиха – Сәмен» дастаны
аз күннің ішінде-ақ қолдан қолға көшті.

ҚАЙТАР ЖОЛДА

Шаруаға үйір елдің алды шөп шауып, қыстың қамын ер­
терек жасау үшін жайлаудың шөбі сарғайғаннан-ақ етекке қайта
көше бастаған. Өйткені одан әрі егін орып, астық жинайтын мезгіл
де жалғасады. Жайлаудың шөбі сиреп, сары жұрт тартқан. Қаби

ауылының жігіттері де жылдағы әдеттеріншс арнайы жиналған
айран-қатықтарын мініс көліктеріне теңдеп, ойға түсіп кеткен.
Әсет те тықыршыды. Жер қара, күн жылыда Тарбағатай жағына
жетіп, одан әрі еліне асып кетудің жайын ойлады. Алайда, Қаби

жіберуге қимағандай біраз күнге аял сұраған. Сондықтан амалсыз
тосылған. Бұл күні Әлібек адам жіберіп арнайы шақыртыпты.
Көңілі жарасқан ақжарқын кісінің қалауын құп алды да, Әсет
бастады, Қаби қостады. Бұдан Мұқатай жаңа бір қызық күтті.

Әлібектің өзі атқа мініп, ауылынан бір-екі жота бері асып келіп,
тосып жүр екен.

– Жайлаудың балбырап тұрған шағында Қабылбайдың лаңы

елді бірталай дүрбелеңге салды, – дейді Әлібек кінәлі адамдай
қинала ренжіп. – Бүкіл елдің Әсеті едің, әздектей алмадық. Енді
қайтқалы жатыр деп естідім. Бір-екі күн жатып, мейманым бол!..

– Әлеке-ау, әр ауылдан думандатып қайтқан сайын айналып

келіп өзіңді таппаушы ма едім?

– Ту сыртыңнан біреу кіжіңдей желкелесе, ас бата ма? Көңіл

қобалжыса, көкейде күй қала ма?..

– Айтпақшы, – деп орағытты Әсет оның нені меңзегенін

түсініп. – Қабылбай мен құдасы қалай бітісіпті?

– Адамның ішіндегіні білуің қияметтей қиын ғой. Жақсы

санаған адамыңның жауыздығы жаныңды түршіктірсе, алара
қарайтыныңның ақтығына қайран қаласың. Біз Бүркітбайды
дөкірге, дойырға жоритынбыз. Обалы қане, байқұс бала,
жігіттігін танытты. Қыз сенікі болса, ол менің емшектес бау­

ырым деп, әкесінің аузын аштырмай қойыпты. Зәңгінің малын
санап, алдына салып беріпті де, ырду-дырдусыз қайтарыпты.

– Қыз табылып па? – деп, елдің ауқымын білу үшін сұрады

Әсет.

– Табылмаса да, кеткен жағының сорабын Бүркітбай сезетін

секілді. Адамның жоғалғанына қайғырып, қарсұрып жүрген
ешкім көрінбейді. Жалғыз Қабылбай ғана дүниеден түңіліп,
өрт жалағандай түтігіп алған. Бүркітбай тастай түйілгенімен,
баяғыша қам-қайғысыз, бөртіп жүр. Өзінің істеген қылығына

көңілі тоқ. Қарындасы ақылды бала еді. Жасытып, қор қылуға
көзі қимаған түрі бар.

– Бүркітбайың қазақ арасындағы қатқан сіңірдей сірі салтқа

қарсы шапқан нағыз батырдың өзі болды ғой.

– Шамасы, солай-ау. Заманның да тозғаны шығар. Ойымызға

кіріп-шықпаған оқиға өтіп тұр...

– Елдің де жаңаратын мезгілі жетті емес пе? – деді Қаби бұл

оқиғаның анық-қанығын біле тұра сыр шашпай. Құлағы түрік
жүретінін де сездірді. – Орыс елін үш жүз жылдан астам билеп
әбден сансыратқан ақпатша да, қытайды қынадай кырған Манжу
хандығы да құлаған жоқ па!..

Бұлар осылайша дүние ауқымын шарлап, баяу аяңмен
үйге жақындады. Жайқалып тұратын жасыл алқаптың шөбі
қурап, сарғыш тартқан. Аспан бозғылт. Желсіз тымық. Сабағы
сарғайған шөп жығылып, жерге жабыса жатып қалған. Көктем

кезіндегі қойдың жұлма-жұлма боп сабалақтанған жабағы жүні
сықылды. Меймандар мама ағашқа тақағанда Әлібек:

– Әсеке, аттан түспей тұрып, анау тайға батаңды бер! – деді

оңаша бір қазықта тықырши аласұрған тығыншықтай көк қасқа
тайды нұсқап. – Сен бұл жаққа бір руды немесе бір тайпа елді
ғана іздеп келген жоқсың. Осындағы қазақ атаулыны арқа тұтып,
туыс санап келдің. Сол қазағыңның аруағы үшін, ата мекеніміз

Алтайдың абыройы үшін жолыңа шалдым бір малды! Әй,
жігіттер, анау тайды бері әкеліп, көлденең тартыңдар, әумиін!..
Ауылдың үлкен-кішісі түгел жиналып, осы сәтті тосқан тәрізді,
бәрі алақан жайды. Елдің ақ ниеті Әсеттің жүрегін шымырла­

тып, ерекше тебірентті. Батаны да ескі сарынмен емес, өзінің
көмейіндегіні ашып айтуға ұйғарды.

– О, жұртым, жиналған жамағат! Жайылған алақаныңа нұр

жаусын! Менің батам – жүрегімді жарып шыққақ тілеуім!..
Алтынға балар тастарын,
Алтайың – бағың, асқарың.
Соның күллі қызығын

Көре берсін жастарың!,
Біріңе-бірің қорған бол,
Бөлінбесін бастарың!
Темір торға түссең де,

Дос-жаранды сатпағын!
Жұлдызың жансын төбеңде,
Кесірмен асып-таспағын!
Қариялар, ақылмен

Елді ілгері бастағын!
Тосқауылға торықпай,
Жолдан алып тастағын!
Көкжелкесі үзіліп,

Жер жастансын қастарың!
Айың тусын жарқырап,
Нұрға толсын аспаның!..
Әсет бетін сипады. Жаудырай қараған мөлдір көздер күлімдеп,

иірілген жұрт та қуана бет сипасты.

– Ақ тілеуіңе рақмет, Әсетім! – деп атынан ырғып түскен

Әлібек қонағының шылбырын ұстады да, ілтипатпен қолтығынан
сүйеп түсірді.

– Ал, үйге жүр енді!..

Сайланып тұрған жігіттердің біреуі Қабидың атын ұстады.
Мұқатай өзі қамданды.

– Әй, жігіттер, – деді Қаби артына бұрылып. – Әлібектің бізді

бір-екі күнсіз үйінен шығаратын түрі жоқ. Ана аттарға өздерің ие
болыңдар...
Расында да, үш күн бойы Әлібектің ауылынан ән сазы үзілмеді.
Ақ түйенің қарны жарылғандай бұл ауыл салтанатқа бөленген.

Ойын-күлкі шалқыды да жатты. Бұл сауыққа екі күннен кейін

Болмыс араласты. Әсеттің аузынан естіп, әп-сәтте жаттап алды
да, «Салиха-Сәменді» еміренген құштарлықпен үзілте жырлады.
Әуенінің ырғағында жаныңды аялай әлдилейтін бір сағыныш
сазы бар. Кейде өкси күңіренеді. Жердің беті тарлық еткендей

әлдеқайдан кеңдік іздеп сарылады. Тұңғиықтан жарыққа шығып,
шарқұра самғағысы келеді. Аңсағаны алыста қара үзіп қалған ар­
мандай мұңға батырады. Көксегені – көз алдынан кеткені, келер
күннің қуанышы.

Әуеннің бұл сырын елгезектер тез түсінді. Болмыстың бауыр
басқан бауырының тағдырына ашынғаны ғой. Қайырдың ауылдан
аттанып кеткеніне айдан асқан. Әлі хабар-ошар жоқ. Соны сезген
Мұқатай бір серпіліс кезінде оңашалап апарып, Болмыстан сұрады.

– Кеше Сарысүмбеге кетіп бара жатқан бір жолаушы атамның

үйіне келіп қонды, – деді. Болмыс әлденеге қуанған түрмен. – Ағам
сол кісіден арнайы сәлем айтып жіберіпті. Үрімжідегі бір сауда­
герге қазақ ауылдарына шығып, мал сатып әкеліп беріп тұратын
жұмысқа тұрыпты.

– Аман-есен жеткен екен ғой, – деді.Мұқатай да күмәні

сейілгендей көзі жайнап. – Енді әдейілеп іздеп барып, хал-жайын
біліп қайтамын.

– Ертерек емес пе?

– Сезік тумайды, шошыма. Әсағаң қайтқалы жатыр. Мен

шығарып саламын деп, ілесе кетемін. Бұл кісіні Шәуешекке
жеткізіп салған соң, өзім Үрімжіге қарай жөнеп бермеймін бе!..

– Бұл сырды ешкімге айтпаңыз!

– Шератаға айтамын, қам көңіл ғой, қайғырмасын! Қайырдың

іздейтін адамының да барын білсін!..
Уәде осыған тоқтады. Әлібек ауылындағы сауық үшінші күні
түске таман тарқады. Әсет қош айтысты. Бұл ауылдан ұзай бер­
генде:

– Қабеке, қайта айналып соғып жүрмей-ақ, Шерағаңмен де

қоштаса кетсек қайтеді? – деді әлдене есіне түсіп. – Қайыры жо­
лаушылап кеткелі бері ат ізін салмай қойдық қой. Оның үстіне
ертең-бүрсігүн мен де аттанбақпын.

– Болсын, барайық!

Шерубай шал бұлардың ниетіне бір жасап қалды. Қауқалақ­
тап, жайылып түсті. Баласының сәлемін айтып, қуанышын да
жасырмады.

– Жолың болсын, Әсстжан! – деді бір кезде оның қайтқалы

жатқанын білген соң. – Әйтеуір, аз күн болса да, Сауырдың елін

алқадың! Алдыңнан туар күнің жарқырай берсін, қарағым! Ылғи
да еліңңің аясына бөлен! Басқа не айтамыз... Адал тілегіміз осы.
Шерубай үйінен қуырдақ жеп, қымыз ішті. Күн бата қоштасып,
ел орынға отыра Қабидың ауылына оралды... Ертеңіне Әлібек

бір ат, Болмыс бір ат жетелеп келіп, Әсетке тарту етті. Мұқатай
ағасына өзінің ниетін ұқтырып, келіскен сықылды. Әсетпен бірге
ат ерттеді... қымызға қанып, ас ішіп болған соң, Әсет елмен қиыла
қош айтысты да, ілгері тебінді.

Сарылып суыт жүрмеді. Қайтар жол қамықтырған жоқ. Жол
бойы күзеу-күзеудегі елге түней, түстене жылжыды. Екі аптадан
кейін Қобық даласын басып, Буырылтоғай қалашығының іргесіне
жетіп түнеді. Сол арада жетектеріндегі үш-төрт атты сатты да,

жеңілденіп алысты. Әсет Шәуешекке бұрылмай, Дүрбілжінге
қарай ойысты. Ондағы ойы – шырғалаң кезде селбескен Тоқты мен
Сунуазыға соғып, бір-екі күн көңілдерін ауламақ. Олар осынысын
көксеп қалған-ды.

– Күн де суып барады, – деді өзіне ілескен Мұқатайды қайрап,

атымызды арытып алмайық. Онан кейін сені Дүрбілжіндегі бірі
ұйғыр, бірі дүнген – екі досыма ертіп апарамын. Олар менің әнімді
ести алмағандарына арманда еді. Осы жолы мейірлерін қандырып
кетейін. Сол арадан сен кейін қайтарсың.

– Жоқ, Әсаға, қыс ортасына дейін мен ауылға орала алмаспын.

– Е, неге, мен енді көп бөгелмеймін, елге қайтамын...

– Сізді аттандырып салған соң, өзім Қайыр мен Қамиланы

іздеймін.

– Олардың қайда екенін білуші ме ең?

– Білемін, Шератамнан сұрап алғам.

– Барсаң менің де тілеулес екенімді айт. «Сәлиха – Сәменді»

оқып бер. Әсеттің сендерге тартқан сыйы де.

– Амандық болса, сәлеміңізді жеткіземін, Әсаға!

– Оған дейін талай сайран саламыз әлі. Осы дастанның арқауын

құраған аңызды маған анау Бақтының бауырындағы Қоңыр төре
айтып беріп еді. Дүрбілжінге барған соң бір нұсқасын көшіріп,
соған беріп жіберейін. Керек қылғандарға сен де көмектес.

– Оныңыз осындағы қазақтарға тартқан тартуыңыз болмақ!

– Елге – шашуым. Қайыр мен Қамилаға жасауым!.. Шынын

айтшы, Бүркітбай мұны шынымен сезді ме?

– Сезген сияқты. Бірақ кедергі жасамаған. Алты ұлдың орта­

сындағы жалғыз қыздың қор болатынына намыстанған түрі бар.

– Қалай ойласан да, ер жігіт екен!..

– Осылай жүрерде әдейілеп үйіне кіріп шықтым.

– Айттың ба баратынынды?

– Өзі білді. Көрсең Қайырға сәлем айт, жасымасын деді де

қойды. Үні солғын.

– Жінікпегені жақсы екен, – деді де, ойға шомды Әсет. Ал­

ғашында оның қылығына өзі де сене қоймаған. Шолжаңдау
өскен бай баласының мінезі дөрекілеу деп, ел оған салқын
қарайтын. Сондай адамнан мынадай қылық шығады деп
кім ойлаған, Адамның ойы мен ісі әр басқа болады екен-ау.

Әкесіне ұқсамапты. Туыстың қаны намысын тырналағаны ма?
Кедергінің жолын кесіпті... Бүркітбайдың осы қыры Әсетке
ерекше әсер етті.
Жолшыбай ауыл-ауылға жата-жастана жүріп, ақыры Обалы

жазығына шыққан. Әсет қалың ақ шилі даланы шарлай жүрді де,
өзіне таныс жазықтың шалғайынан Таңғыттың ауылын дұрыс
тұспалдап, дәл тапты. Әлі қар түспеген, қыс кешеуілдеп тұрған
соң ба, ел қыстауға көше қоймаған. Мал Жазықтың боз шөбіне

тойғандықтан ба, шидің түбін түртпектемей көсіле жайылып
жүр. Иен даланы ендей шашырап жатыр.
Күн кешкіріп қалған. Үлкен ақ үйге төте беттеген қос салт
аттыдан секемденгендей сыртта жүргендердің бәрі үдірейе

қарасады. Мұндай көзқарасқа жолаушылардың бойы үйреніп те
қалған. Жолдағы елдің айтуларына қарағанда, осы күні жосыған
босқындар да, шошаңдаған шабармандар да көбейіп кеткен.
Біреуі телмеңдей телмірсе, енді біреуі ақшаңдап, ойқастай сес

көрсетеді. Адам баласы біріне-бірі үстемдік етуге неге сонша
құмар? Қайткен күнде де біреуі екіншісіне тізесін батырудың
қыбын іздеп, тіленіп тұрады.
Шам жамырай келген жолаушыларға ауыл адамдарының

одырая қарауы содан. Үлкен боз үйге тақағанда:

– Ассалау-мұғалай-көм!.. – деген жарқын дауысты естіп,

пұшпақ ішігін желбегей жамылған денелі қызыл-күрең кісі:

– Апырмау, мынау Әсет қой! – деді жадырай дауыстап. –

Атын ұстаңдар!..

– Амансың ба, Тәке? – деп Әсет қызарыңқы беті албыраған

шымыр денелі қызыл шырайлы кісімен құшақтасып көрісті.
Мұқатай сәлем беріп, оң қолымен кеудесін басты.

– Үйге кіріңдер, – деп артына бұрылған Таңғыт меймандар­

ды өзі бастады. Бір жігіт түсірулі тұрған есікті көтеріп, ілтипат
көрсетті. Әсет табалдырықтан сәлем беріп аттады. Мұқатай

үлкен кісілердің соңынан кірді. Таңғыт сыйлы ықылас білдірді. –
Қане, шешініп, еркін жайғасындар...
Бұл – Таңғыттың қонақ қабылдайтын отауы. Төрге тақау
қойылған дөңгелек үстелдің дәл ортасына алтылық шишалы шам

қойылған, жап-жарық. Босағадан бастап оюлы текемет, төрдегі
кілемді жаба көрпе төселген. Жүкаяқтың үстіне көрпе-жастық
қабаттала жиналған. Ыдыс-аяқ, қазан-ошақ, өреше жоқ. Тамақ
басқа үйде әзірленетін секілді. Әсет сырт киімін шешіп, оңтайлана

жайғасты да:

– Ал, Тәке, елдің жай-күйі қалай? – деп жөн сұрады. Малдас

құрып отырған Таңғыт ойланыңқырады да, селқостау жауап берді.

– Хадари хал, ел тыныш... Өзің қашан келдің бұл жаққа? Арғы

беттен өттің бе?

– Ауылыма ат ізін салмағаныма жыл жарымнан асып барады...

– Содан бері қайда жүрсің?

– Ол бір ұзақ әңгіме, Тәке...

– Былтырғы жазда Қоңыр төренің ауылында жүргеніңді естігем.

– Одан кейін Сауыр жаққа барғанмын. Содан қайтқан бетім.

Жұмыр басты пенденің бұл жалғанда көрмейтіні аз екен, Тәке...
Әсет соңғы жылдары басынан кешкенін жіпке тізгендей қып ай­
тып берді. Таңғыт сөзін бөлмей тыңдады да, арқырында өкінгендей
басын шайқады күйініп.

– Мына Дүрбілжінде жүргенде неге хабар білдірмедің, біз де

ел едік қой?

– Ой, Тәке-ай, сенің көңіліңдей ме бәрі. Қазақ қаңқу сөзге әуес

келеді емес пе? Оны естісем жаным жасымай ма? Не де болса
төзіп, амалын өзім табайын деп бел байладым. Күн жылынған
соң Алтайға бет алып ем, Сауырда мына Мұқатай сықылды
өрендерімнің ортасына түстім де кеттім. Ел әніме құлақ тосты.

Солардың демеуімен еңсем қайта көтерілді. Бұл жігіт Дәулеткелді
деген күйшінің баласы, талапты әнші. Мені осы ауылға дейін
шығарып салып келеді.

– Өркенің өссін, қалқам!.. Бұл ағаңнан өнеге үйренсең

– жерде қалмайсың...

Қолға су құйылып, дастархан жайылды. Әсет жолай еміс-еміс
құлағы шалған сыбыстардың жай-жапсарын анығырақ білуге
ынтықты.

– Арғы беттен не білесің, Тәке?

– Ақ патшаның тағын құлатып, Сәбет өкіметі орнапты. Бірақ

ақтардың ескі билікті жақтайтын әскери төрелері елге тыныштық

бермей жатқан көрінеді. Семейден шыққан бір атаман
Мақаншыдан бастап бүкіл Жетісуды шарлап жүрген көрінеді.
Елді шауып, мал-мүлкін талап алады екен. Жанын сақтап, бас
сауғалау үшін елдің көбі өз мекенін тастап, бет-бетімен тұс-

тұсқа қашыпты...

– Е, ел тозған екен ғой басын бұлт шалып. Енді тез қайтпасам

болмас...

– Алдымен анық-қанығын біліп ал. Бәлкім, сенің ауылың да

осы жаққа ауған шығар.

– Оны маған кім айтады?

– Осында Мақаншы, Алакөл төңірегінен ауып келгендер бар.

Ауыл-аймағыңның жай-жапсарын солардан сұрастыр.

– Менің үйім Тоқта тауының етегіндегі Көктұма маңындағы

қалың шиді қыстаушы еді. Сол тұстан келгендер табыла қойса...
Әсет қатты қайғырды. Ойпырау, неғылған еренсізбін, ар­
тыма қарайламағаным қиянат-ақ болды. Мұндай күйінішті кім
ойлаған. Дүрбелең, үркіншілік заманда әлдекімнің кәріне ілініп

босқындар табанының астында тапталып қалды ма? Ел-жұрт бар
дегенмен, торғайдай тозғындап кетсе, кімге кім қарайласушы
еді?..
Өзегі өртенді. Ас ішіп, сыртқа шыққан соң да санасы

санға бөлініп, ішкені – ірің, жегені – желім тәрізденіп, жүрегі
қобалжыды. Ақырында қайткенде де сол маңнан өткен біреуді
тауып, ел жайын білсем-ау деген зарлы ой тыныштық бермеді...
Әсеттің қатқан қабағынан қасіретінің табын сезген Таңғыт:

– Мына Емілдің бойында Жарбұлақтан бері ауған бір кісі

бар, – деді ойын дөп басып, үмітін жалғау үшін. – Ертең соған
барып жолық.
Бұл түні Әсеттің ұйқысы шала болды. Ерте тұрып, сыртқа
шық­ты. Жалпақ жазыққа таңғы шапақ шашырай бастаған.

Жу­сап жатқан сиырлар күрт-күрт күйсейді. Қорадағы қой да
өрмеген. Бой жазып, сергу үшін ақ шидің ішін аралады да,
ұзаңқырап барып қайтты.
Шайдан кейін өзін қадірлеп отырған Таңғытқа:

– Енді арғы беттен келген біреуді тауып, елдің күй-жайын

білмесем, жаным жай табар емес, – деді Әсет тыпыршып.

– Қайта соғасың ба?

– Келемін, Тәке. Бұдан әрі не істейтінімді ақылдасамын.

Әсет пен Мұқатай аттанып кетті. Таңғыт айтқан тұспалмен
Еміл суының бойындағы қалың шілікті бір иінге барды. Сол

арада жерден ұраша қазып, баспана жасап алған бірнеше үйді
тапты. Жөн сұрасты. Бұлар Жарбұлақтың бергі жағындағы
Барлықтауының қойын-қойнауын мекендеп жүрген адам­
дар болып шықты. Ақтардың талан-таражына ұшыраған соң

жан сауғалап босып кетіпті. Жалақтаған жауды қанды балақ
қарақшылар деп қарғыстарын жаудырды. Ал, Алакөлдің
жа­ғасын мекендеп жүрген елдің көбі Тоқта тауынан асып,
Бұраталаға қарай көшкен көрінеді. Әсеттің атақ-даңқына қанық

болғанымен, бала-шағасының не күйде екенін ешкім біле ал­
мады.

– Келесі түбекте Ақшидің өзінен келген бір жігіт бар. Жү­

ріңіз, ертіп апарайын. Сол бірдеңе білетін шығар, – деді топтың
ішінен ілгері таман аттаған орта жастағы жадау кісі. Жол
соқтылықтан ба, өңі қоңырқай тартқан, артқы етегі желкесін
жапқан елтірі тұмағын баса киген. Қара ішігінің өңірін екі

қолымен қаусырған тұлғалы шал:

– Сөйт, Қажыбай, бұл кісілер Бозтайдың кепесін іздеп әуре

болмасын, – деді пейілді кісілікпен. Қажыбай жер қорадан қарны
қампиған арық кер биені жетелеп шығарды да, тоқым салып,
жайдақ мінді. Әсетті ілестіріп, судың бойын жағалай төмен
құлады. Бір иіннен қалың көк талдың арасына қарай бұрылды.

Тоғай ішіндегі аумағы жүз қойдың қорасындай алаңқайдан бос
топырағы қопсыған төмпешік көрінді. Ат тұяғының дүбірін
естіген соң ба, әлде, бірдеңеден секемденді ме, көртышқанның
ініндей бір қуыстан инелікше имиген арық қара кемпір сыртқа

шықты. Күн салып үрейлене сығырайды. Ол есін жиып
үлгергенше, атты кісілер таяп келді. Басқадан бұрын Әсет:

– Есенсіз бе, бәйбіше? – деп амандасты жылы шыраймен.

Жіптіктей сұлу құла қасқаның үстіндегі кісіге қадала қараған
кемпір аңырып тұрып ернін сылп еткізді:

– Әкем-ау, мынау Әсет ақын ғой...

– Иә, бәйбіше, мен Әсетпін, мал-басыңыз аман ба? – деп аттан

түсіп еді, кемпір еңіреп келіп бассалды.

– Қарағым-ау, сен де осындай күйге түстің бе? Ел- жұрттан

айырылып, қаңғып қалдық қой... Үріккен аң құсап бұта түбін
паналадық...

– Сабыр, бәйбіше, сабыр етіңіз!..

Жер үйден қара елтірі тұмақ киген, жағы сорайып суалған
бозбала шығып сәлемдесті де, Әсеттің атын ұстап, қазыққа
байлады. Мұқатай да, Қажыбай да аттан түсті.

– Бозтай, Әсет ағаңды үйге кіргіз, – деді кемсеңдеген кемпір

кимешегінің етегімен көзінің жасын сүртіп.

– Бері жүріңіздер, – деп, түбіт мұрты қылтия бастаған жігіт

жерден қазып, есігіне киіз жабылған қуысты нұсқады. Шотпен
жонылған тақтайдың қию-жақтауы арса-арса. Ішінен тағы да
құрым киіз ұсталған. Күн жақтағы алақандай төрт бұрышты
тесіктен саңлау түскенімен, ұядай қуыстың іші қара көлеңке.

Жөн сұрасып, арғы-бергіні ұғысқанда Бозтай Алакөлдің
Ақшиінен ауыпты. Шешесі екеуі ғана екен. Жалғыз атпен зорға
жетіпті.

– Осы жазда ақтардың әскері елді қынадай қырды, – деді

Бозтай көрген-білгенін айтып. – Ел жансауғалап жан-жаққа
босты. Мен жалғыз үй қалғамын. Алатын малым жоқ, неменеге
қорқамын деп ойладым. Бірақ күні-түні тіміскілеп зықымды
шығарды. Амалсыздан көрпе-жастықты жалғыз атқа арттым

да, осылай тарттым. Барар жерім жоқ болған соң осы тоғайды
паналадым. Жинаған шөбім тағы жоқ, жалғыз атымды бұтаның
түбін аршып жайып, қыстан шықсам ба деймін. Қурап қалған
бұталарды жинап, курай теремін де, ара-тұра базарға апарып

сатамын. Соған талғажу қылатын тары-талқан әкелемін...

– Ал, Қаумен ауылының қалай көшкенін білесің бе?– деп

сұрады Әсет өз үйінің қалай кеткен тұспалын топшыламақ боп.

– Қаумен атамдар Тоқтадан әрі Бұратала асып кетіпті. Сіздің

үй де бірге көшіпті деп естігемін.

– Сол анық па?

– Ауылдың орнында адам қалған жоқ, нобайы солай.

Сол жақтан іздеңіз. Қашан кеткенше, Қаумен атамның
жұртынан қыбырлаған кісі көрген емеспін.

– Жақсы, түсіндім, Бозтайжан, – деді Әсет қобалжытқан

күдігін басуға ілік тапқандай. – Әйтеуір, сорабына түстім білем.
Енді біз жүрелік.

– Шырағым-ау, куыс үйден құры шықпаңдар, шай ауыз

тиіңдер, қайнап қалды, – деді кемпір сыртқа қайта шыққан
кісілерге қалбалақтап.

– Әуре болмай-ақ қойыңыз, бәйбіше...

– Енді қайттім, тамақ та ауыз тигізе алмадым-ау... Әй, қу

Құдай, құрттың-ау – деп кемпір ботадай боздады. Әсет зарлаған
кемпірді жұбатты.

– Қайғырмаңыз, бәйбіше... Бозтайыңыз сізді жүдетпейді.

Ер жігіт басынан не кешпейді. Бозтай, сен де қамығып жасыма.
Әлі-ақ ел қатарына қосылып кетесің. Аман бол!

Әсет қош айтысып аттанып кетті. Іштей күйзелгеннен басы
әңкі-тәңкі. Не істерін білмей әлек. Көлінен адасқан үйрекке
оңайшылықпен бұлақ та кездесе бере ме? Елдің іргесі шайқалған
түрі бар. Қайран Жетіарал иесіз қалғаның ба? Жоқ, елсіз жер

болмайды, иесіз ел болмайды. Қу мекиен шөлден де жан иесі
кездеседі. Ақ патшаның тағын шаққан ерлердің орнатқан Советі
әлі жас. Бірақ елді де қорғауға тиіс. Шет аймақтағы қорғансыз
елді тонап жүрген бүлікшілердің де құритыны анық. Өзіне қас­

тық жасағандарды халық та аямайды. Жақсылығың болмаса,
халық жеркенеді... Елдің босқаны – жанын сақтаудың амалы.
Соғыс бітіп, тыныштық орнаса, ел де өз жұртына қайта қонады.
Құс екеш құс та өз ұясына оралмай ма?.. Сол ғұрлы жоқпыз ба?

Аттары жарау Әсет пен Мұқатай салпаң жүрісті кер биеден
едәуір озып кеткен, қайда бет алғаны белгісіз, иен далаға шығып
барады. Әсеттің күйіне толғанып, ештеңені сезбеген кейіпте
сенделген түрін байқаған Мұқатай:

– Әсаға, ендігі беталысымыз қай жақ? – деп сұрады ойдан

арылту үшін. Әсет атының тізгінін тартып тұра қалды да ұйқыдан
оянған адамша айналасын шолды.
Барлыққа қарай ойысыпты. Сәлден кейін атының басын оңға
бұрды.

– Бүгін Таңғыттың үйіне қонып, әңгіме-дүкен құралық, біраз

көңіл ашалық...
Бұлар келгенде Таңғыт үйінде екен. Әсеттің қайта оралғанына
қуанып қалды. Өйткені қабағы жадыраңқылау көрінді. Жақсы­
лықтың нышаны байқалған тәрізді. Әйтпесе күйгелектеніп,

күйініштен ала көзі қызарып кетер еді.

– Қане, бір жақсылық ұқтың ба?

– Қуанатындай анық бір дерегі жоқ. Әйтсе де біздің ауыл

Бұраталаға асқан көрінеді... Бар білгенім осы-ақ.

– Бағыт-бағдарының сорабын тапқаныңның өзі үлкен ғанибет

емес пе? Көңілің орнықты ғой? Енді албаты абыржи берме.
Бұратала осы арадан салт атты кісіге бір-ақ күндік жол.

– Сол күніңнің өзі маған жылдай көрініп тұр-ау, Тәке.

– Асыққанда ол да бар. Бірақ сабыр да керек. Кеше кештеу

келдің де, сыбағаңды жей алмадың. Үй ішіңнің ізін тапқаның
да қуаныш. Соны құттықтап, бүгін тартайын сый табағыңды.

– Ойым он саққа ауытқып, мен де көңіліңді аулай алмадым.

Ондайда әннің де сәні келе ме? Бүгін аз да болса ойым орнықты.
Ән тыңдауды қаласаң, біз әзірміз.

– Әсеттің әруағы әнімен айбынды емес пе? Одан қалай бас

тартамыз. Аңсап отырғанымыз рас.
Қой сойылып, ауылдың қариялары бас қосты. Шай үстінде
Әсеттің қолдауымен Мұқатай біраз ән салды. Астың алды-
артын­да Әсет те бір талай көсіліп алды. Ел жатарға таяғанда:

– Менің жаңа жазған дастаным бар. Енді Мұқатай соны

оқып берсін, – деді жаңалығын айтып. Тыңдаушыларының не
айтатынын білгісі келді ме, әлде тынығып алмақ болды ма,
отырыстың бетін бұрды. Қариялар жаңа сөз естуге ынтығып,
қауқылдаса бас шұлғыды. Мұқатай домбырасын баптады да,

қоңыр әуенмен «Салиха-Сәменді» сорғалата жөнелді. Осы кез­
де қариялардың рұқсатымен біраз жігіттер мен бозбалалар да
босаға жақтан орын алған. Бәрі де үн-түнсіз. Әлденедей ойға
шомған. Жыр аяқталғанда:

– Алтайдың ауасы жаққан екен, – деді Таңғыт сүйсінген

раймен. – Қиссаларыңда ылғи араб елдерінің адамдары болушы
еді. Өз жерімізге, өз салтымызға ойысқан түрің бар.

– Араб ертегілері жат па? Онда жақсылық салтанаты,

зұлымдық шиыры именбей айтылады. Сол ізбен мен де адамның
ізгілігін ардақтауды ойлаушы ем...

– Бірақ басқа біреудің басынан кешкенінен гөрі, ел өзіне

таныс жайларға кебірек әуес. Оған тез түсінеді.

– Мына дастанның әлгіндей сипаты бар ма?

– Бар, ұғымға жақын. Қазақтың санасын түрткілейтін көсеуі

астарында жатыр. Маған көшіріп берші, балаларға оқытып,
тыңдап жүрейін. Ден қойғандарға тәлім болар!

– Айтқаныңды орындаймын...

– Тәңір жарылқасын, Әсетжан! – деп атжақты шалдың иегінің

ұшындағы шошайған сақалы шошаңдап еді, басқа қариялар да
ықыластарын жаудырып, орындарынан түрегелісті.
Ертеңіне Таңғыттың өтініші бойынша, Әсет пен Мұқатай
оңаша қалып, түске дейін дастанды көшірді. Түскі ас үстінде

Әсет:

– Тәке, мынау өзіңе, – деп қағазы сарғыш дәптерді ұсынды.

– Ал мынаны қатынаған кісіден Қоңырға бере сал, аманат.

Өзімнің бара алатын түрім жоқ. Бүгін Дүрбілжінге соғып, әлгі
өзіңе айтқан достарыммен дидарласамын да, одан әрі Бұраталаға
тартамын.

– Олай болса, бұйымтайынды айт.

– Берем десең, алмай кеткенім Таңғыт атыңнан ұят шығар. Ат

мінгізіп, түйе жетелетпей-ақ қой. Екі қой өңгертсең – разымын.

– Е, онда жараң жеңіл екен, – деп күлді Таңғыт. – Мен қырық

шұбар тайын даулай ма десем...

– Оны әзірше сен баға тұр, – деп әзілге басты Әсет. Жақыныңда

бардың зияны тие қоймас.

– Мейлі, қалауың білсін. Жиеннің назасына қалма дейді ғой

қазақ. Разы боп, қалағанынды ал.
Дастарқан жиналған соң Әсет пен Мұқатай атқа қонды. Екеуінің
алдына балықтай былқылдаған екі құнан қой өңгертті.

– Қош, аман бол! Жақсылықпен көріселік, – деді Әсет тебініп.

Әлдене ойланғандай Таңғыт сәл үнсіз тұрды да:

– Әсет, алда-жалда қонысың жайсыз болса, хабарлас, – деді

ықыласын сездіріп.

– Е-с, оны бара көрерміз...

Сұлу құла ілгері жылжыды. Жайнаң қаққан жылпың қарамен
Мұқатай да қатарласты. Сол беттерімен ауылдан алыстай берді.
Мидай жазық ақ даланы қақ жарып, желдей есті. Әлден уақытта
Еміл суының иін-иініндегі жалаңаш тоғайдың шоғырлары

қарауытты. Оның арғы тұсынан қадау-қадау ағаш көрінеді.
Жақындаған сайын сол ағаштардың арасынан соқпа тамдардың
дуалдары тізбектелді.
Дүрбілжінге күн еңкейе іліккен. Қисық-қыңыр көшелерді ара­

лап келеді. Бір жақ қапталындағы арықта үлкен су ағып жатқан
жалпақ көшеге түсті. Соның бойындағы Тоқтының өзіне таныс
мыжырайған наубайханасының алдына тоқтады. Аттан түскен
Әсет шылбырымен қойды қалқаның астындағы діңгекке байла­

ды. Балпаңдай адымдап барып, есіктен сығалады.

– Кіруге рұқсат па? – деп, баяғы алғаш келген кезіндегідей

жабырқаңқы дауыспен үн қатты. Тандыр басында мүлгіп отыр­
ған наубай самарқау басын көтерді.

– Кіріңіз, не шаруаңыз бар еді?

– Оу, Тоқты, аман ба, немене, танымай тұрмысың?

– Әсетпісің-ей! – деді де, наубай орнынан атып тұрды. Қасына

жеткен бойда қапсыра құшақтай алды. – Сені келеді-ау деп кім
ойлаған. Азамат екенсің, айтқаныңды орындадың!.. Ат-көлігің
аман ба? Әй, жігітсің-ей!..

– Өзіңнің хал-жайың қалай?

– Біздікі баяғы нанның күйігін, астың сұйығын ішетін заман

ғой өзгермейтін. О, өзің әжептеуір әрленіпсің. Айтпадым ба,
қазақ баласы қырға шықса түлкідей түлейді.

– Бері жүр, кең жерде сөйлесейік, – деп Әсет қалқаның астына

таман сырғыды.

– Болсын, даланың баласына мына қуыстың тарлық ететінін де білемін... Екеуі қалқаның астына келді. Ат үстінде тұрған Мұқатай наубайға сәлем берді. – Мына бала менің Алтай жақтағы Сауырдың баурайынан тапқан жанашырым, Мұқатай деген жігіт. – Жақсы, жақсы... Кештетіп қайдан жүреің, қайда барасың? – Сені іздеп келдім... – Тіпті жақсы, құшағым ашық! – Мына қой саған арнаған қырдың сарқыты. – Ой, рақымет!.. Жоқ – жомарттың қолын байлайды дейді ғой қазақ. Мәрттігіңді сезіп ем-ау, шынымен таныттың!.. – Қолың бос па? – Бай боп көргем жоқ, кедей боп өлгем жоқ. Сен келгенде та­ стадым бәрін де. Не істейін? – Мына қойды дүкеніңнің ішіне кіргізіп байла. Сонан соң үшеуміз Сунуазының үйіне барып, анау қойды соямыз да, таң атқанша әңгіме-дүкен құрамыз... – Құп болады! Әзірше бұл қойды көршінің қорасына қамай тұрайын. Қаланың шетінде бір жолдасымның үйі бар. Ертең сонда барып тамаша жасайық! – Сабыр ет, Тоқты. Үйтіп шабылма. Оның үстіне менің өте тығыз шаруам бар. Бүгінгі түнді бірге өткізгеніміз де зор ғанибет. – Асықпа, бәрібір күн өтеді, жел еседі. Уақыт та сол тектес, қайта айналып соқпайды. – Оның дұрыс-ау, – деді Әсет ақжарқын досының көңіліне бағып. – Бірақ арғы беттегі ел жан-жаққа бытырап кетіпті. Менің бала-шағамнан нақты хабар-ошар болмай тұр. Бұраталаға ауды деген сыбыс бар. Соларды іздеп тауып алуым керек, асықпай қайтейін. – Тұһ, басыңа қиын күн туыпты-ау тағы да... – Мен осындағы қазақтың ішіндемін ғой. Сен еліңе қайтам деуші ең, мына қой жолыңа қосқаным, разы бол! – Көп жаса, Әсет! Сені өмірбақи ұмыта алмаспын! – деді де, Тоқты қойды көшенің қарсы бетіндегі аласа дуалмен қоршалған аулаға қарай жетелей жөнелді. Мұқатай бұлардың бірін-бірі сон­ шама қадірлеген ықылас-пейілдеріне қайран. Адамдардың көңілі жарасса, туыстай боп кетеді екен-ау. – Әсаға, сізге ілесіп жүрген кісі ойға кіріп-шықпайтын небір қызықты да, аянышты да оқиғаларға ұшырайтын сықылды. Кез­ дескен адамдарымыздың қайғы-қасіреті де, түр – түсі де әр түрлі.

– Е-е, шырағым, кешелі-бері естіп-білгеніңнің бәрі менің де

ойлаған ісім емес. Жүздеген жылдар бойы бір таудың бөктерінен
аумай, айнала көшіп-қонып жүрген ел зобалаңға ұшырап, бо­
сып кетеді дегенді кім болжай алады. Міне, енді ұясы бұзылған
бозторғайдай тозғындық күй менің де басыма түсті.

– Бұраталаға дейін бірге барайын, Әсаға! – деді Мұқатай

адасқан қаздай сансырағанына іші ашып.

– Жолыңнан қалма, Мұқаш... мен бір көшкен керуен сықыл­

ды адаммын. Үйімді таба алмасам, тағы қалай аунарым белгісіз.

– Әй, достым Әсет, – деп аңқылдай жақындаған Тоқты

қамығып тұрғанын байқап, жұбата бастады. – Ізін тауыпсың
ғой, қауышасың бала-шағаңмен, қайғыра бермесейші!..

– Болдың ба, жүр онда, – деп Әсет естімеген кісіше атына

мінді. – Кел, менің артыма мінгес.
Екі адамның салмағын ауырсынғандай кербез құла қайқа­
лақтай аяңдады. Күн еңкейіп барады. Көше-көше көк түтін.
Өрістен қайтқан малдың тұяғы борпылдақ шаңды тозаңдата

сапырады.

– Күз түскелі бері жаңбыр тамбай тұр, – деді Тоқты шаңның

себебін ұқтырғысы келгендей. Әсет өз ойының ауанында.

– Сунуазыны көріп тұрасың ба?

– Кеше ғана базарда кездескем, үйінде шығар. Қалашықтың

оңтүстік жақ шетіндегі Сунуазының қақпасы ашық тұр екен. Қос
аттылы аулаға кіргенде айырын ұстаған күйі мал қорасы жақтан
өзі шықты да, бері қарай жүрді. Тоқты аттан сырғып түскенде
Сануазы ат үстіндегі Әсетке қадала қарады.

– Асса-лау-мәликем, Әсет аға! – деп, қасына тақады. Аттан

қарғып түскен Әсетпен төс қағыстырып амандасты.

– Аман ба, айналайын, балалардың дені сау ма?

– Аман, бәрі де сау-саламат, Әсет аға! Өзіңіздің хал –

жайыңыз қалай?

– Құдайға шүкір, жортып жүрмін, міне!

– Әй, Сануазы, – деп Тоқты жарқылдай күлді Мұқатайдың

өңгерген қойын жерге түсіріп жатып. – Әсет бізге той жасап
бергелі келіпті.

– Құтты болсын, Әсет аға! Ол ненің қуанышы?

– Сендермен аман-есен қауышқанымның өзі неге тұрады.

Мынау қырдың сарқыты. Осыны сой. Бүгін түнімен сырласып,
сайран салайық. Тоқты екеуің менің әнімді ести алмай арманда
қалып едіңдер. Құмардан шығара кетейін деп әдейі бұрылдым,

– Көп жасаңыз, Әсет аға!

Сырттағы дабырды естіп, үйден балалар дүркіреп шықты.
Жалбыр шаш кішкене қара қыз жүгіріп келген бойда Әсеттің
мойнына асыла кетті.

– О, айналайын, менін қызым ұмытпаған екен ғой, – деп Әсет

жерден көтеріп алды да, маңдайынан сүйді. Шыбықтай бұралған
тобылғы торы келіншек:

– Амансыз ба, Әсет аға, қош келіпсіз, – деп сыпайы аман­

дасты.

– Көп жаса, келінжан! Бақытты бол! Өзің де амансың ба?..

Мұқатай екі атты жетелеп барып төбесі жабық лапастың
астына байлады да, тартпаларын босатып қойып, қайта оралды.

– Үйге кіріп шешініңіз, Әсет аға, – деді Сунуазы өзі жақсы

білетін қазақы салтпен құрмет көрсетіп. Тоқты сыртта қалды.

– Пышақ бере сал. Мен Әсеттің бізге арнаған сыбағасын

сойып, етін боршалап берейін. Сен қонақтармен әңгімелесе тұр.
Сунуазы қонақтарды мейманханасына ертіп апарды да,
жердегі кілемнің үстіне ұзынша көрпешелер жайды.

– Кәдімгі қазақшалап отырайық, ә, Әсет аға! – деп күлді

ойын сездіріп.

– Е, жарап жатыр, – деп Әсет сырт киімін шешіп, босағадағы

тақтайға қағылған шегеге ілді. Өз үйіндей еркін қимылдайды.
Мұқатай да жеңілденді. Сунуазы сопақтау жатаған үстелді
ортаға қойды да, үстіне дастархан жапты. Әсет орнынан қайта
түрегелді. – Біз сыртқа шығып, жуынып алайық.

Тоқты қойдың терісін іреп те үлгеріпті. Үйден қайта шық­
қандарға күле қарады.

– Немене, сартқа сенбей қазақтардың өзі шыққан ба? – деп

әдеттегі қуақы әзіліне басты. Жанап өтіп бара жатып Әсет те
есесін қайырды:

– Бір қойға әлі келмесе, сарттың несі адам?

– Бәсе, соны айтпасаң Әсет болармысың, – деп қарқылдай

күлді Тоқты. Ат қора жаққа дейін барып бой жазған Әсет пен
Мұқатай қайта оралғанда, Тоқты қолына жұққан қанды шайып
жатқан. Бұлар да қол жуып үйге кірді.
Жатаған үстелдің үсті алуан түрлі тағамға толыпты. Аздан

кейін Сунуазы божылдаған самауырынды, Тоқты ақ шәйнекті
ала кірді. Дүнген салтында еркектер арасына әйелдердің бас
сұқпайтынын Әсет білетін. Бір-екі кесе шай ішкен соң Сунуазы
шығып кетті де, келімдәрі мен қызылбұрыштың иісі бұрқыраған

қуырдақ алып кірді.

– Ет піскенше ермек ете тұрыңыздар, – деп мезірет етті.

– Мынау Мұқатай мені сонау Алтайдың етегінен бері ертіп

келеді, – деді Әсет сөз бастап. – Әнді жақсы салады.

– Тоқтыны білмеймін, – деп әзіл тастады Сунуазы. – Өзім қазақ

әні мен өлеңіне әуеспін.

– Әй, өйтіп шалма, мен кейін араластым, – деп даулас­ты

Тоқты. – Сен осында туып, біте қайнасқан адамсың, артық­
шылығың сол.

– Иә, бозбала кезімде тойдан қалмай, қыз-келіншектермен де

айтысушы едім.

– Ендеше сен де осал болмадың... – деді Әсет барлай шолып.

– Қайбір тапқырлық дейсіз. Жаттап алған қара өлеңдерді ай­

татынмын. Араласып жүрген жігіттерден қалысқым келмейтін.

– Жаттағанды қиюластырып айтуға да ұғымталдық ке­

рек... – деп сүйсіне қостады Әсет. Іштей тебіренді. Адам ба­
ласы ұғынысса бірін-бірі жатсынбайды екен-ау. Барлық пәле
паңдықтан, менмендіктен, біреуді кемсініп, қорлаудан туатын
сықылды. Мына жігіттерде ондай пиғыл жоқ. Жастайынан басқа

жұрттың балаларымен араласып, солардың мінез-құлқына сай
қарым-қатынас жасап әдеттенгендікі шығар.

– Әсет аға, енді әніңіздің өрнегін де, даусыңызды да ести

отыралық, – деп өтінді Сунуазы қысықтау көзі жылтылдап.
Қоңырқай жүзіне қан жүгірді.

– Сол үшін әдейі қайта оралған жоқпын ба! – деп, Әсет

қоржынынан бүктеулі домбырасын шығарды. Бөлшектерін
орын-орнына орналастырды да, сыналарын бекітіп, құлақ күйін
келтірді. Домбыраның мұндай түрін көрмеген Сунуазы таңдана
қарап қалыпты.

– Әсет аға, осында жүрген кезіңізде де мына домбыраңыз

бар ма еді?..

– Жоқ болатын. Әлгі өзіңе айтқан зорлықшылармен атыма

таласып жүргенде домбырамның қақпағы жарылыпты. Іске
жарамайтын болған соң, жамбылына тастап кеткем.

– Не деген сырға берік адам едіңіз? Кейін білдім, қазақ

біткен­нің бәрі атыңызды естісе сілекейі шұбырады. Ол кісі
туған ағамдай болған жақын адамым деп едім, қазақтар маған
бұрынғыдан да бетер үйіріліп, таныс-білісім молая түсті. Енді
менің үйімде сіздің ән салып, тамаша құрғаныңызды естісе бар

ғой, таңдайларын қағады тақылдатып...

– Осы келісінің өзі төбемізді көкке жеткізген жоқ па? –

деді Тоқты жайраңдап. – Мен сияқты пақыр адамның Әсеттей
досының барлығы қазақтар арасындағы үлкен абыройым ғой!

– Сендердің кең пейілдерің, ақ көңілдерің мені де жебемеді

ме? Қанатымды қайырылтпай, қиырға ұшырдыңдар. Оны
ұмытсам адамдығым қайда?.. Пенделік істеу кім көрінгеннің
қолынан келеді.
Осыны айтты да, Әсет домбырасын безілдете қағып, айқайға

басты. Арқыраған дауыс үйдің ішін кернеп, қабырғаларды
қалтыратты. Үйдің іші күмбірлеп, терезелер дірілдеді. Тоқты да,
Сунуазы да таңырқай құлақ тосты. Арты-артынан арасы үзілмей
салынған әндердің әуені әсем, бірінен-бірі өтеді.

Аздан кейін маңдайы тершіп, жейдесінің алқымын ағытып
қойған Әсеттің даусы дауылдай гуледі. Аса зор құштарлықпен
айтқаны сонша бірде құйқылжыта мәнерлесе, бірде үзілдіре сы­
зылтады. Ән сол құбылмалы сазымен жүректің қылын шертеді.

Әсеттің мұндай шалқып, толғана ән салғанын Мұқатайдың да
алғаш байқауы еді, сүйсіне тамсанады. Бұл кісінің іркіліссіз
самғайтын сәті аса бір көңілденген кезінде ғана болады екен-
ау. Өзінің ауылында да, жолшыбай да, тіпті Таңғыт үйінде де

тап мұндай ақтарылғанын сезген емес. Әлде мына адамдардың
шынайы ықыластары жебеді ме? Бәлкім, елдің мұңы, кешегі
босқын адамдардың қайғы-зары, бала-шағасын сағынған
арманының кеудесіне сыймай ақтарылғаны ма? Әйтпесе, қарсы

алдындағы достарына көрсеткен құрметі ме? Адамдардың ақ
пейілі ақындарға қанат бітіре ме? Досқа деген ықылас та бір
шалқар көл сияқты екен-ау, шалқыған...
Кеш көңілді өтті, ел орынға отыра ән тыныстады. Маңдайы­

ның терін даладай ақ орамалмен сүртті де:

– Разы болдыңдар ма, достарым? – деді Әсет әнді аяқтағанын

сездіріп. Тоқты қарқылдай күлді де, орнынан атып тұрып тәжім
етті.

– Таңдайымнан дәмі кетпейтін бал жұтқыздың, достым.

Жарқырап таң атқанда, балбырап күн батқанда осы әндеріңді
аңсап, сені ойлаймын. Далада көкек шақырса, бау-бақта бұлбұл
сайраса, құлағымның түбінде сенің үнің тұрады сыңғырлап.
Енді бұл дүниеден Әсеттің әнін тыңдай алмай қалдым-ау демей,

өкінішсіз өтемін...

– Рақмет, Әсет аға! – деді Сунуазы да рахатқа бөленген

мерейлі тұрмен. – Өзім өз болғалы осындағы қазақтардың ара­
сынан мұндай әндерді естіп көрген емеспін. Тіпті қазақ әндерінің
сыр-сипатына түсіне бермейтін келініңіз де тамсана таңырқап,
алғысын айтып жатыр.

– Бақытты болсын, айналайын. Қабағын кір шалмасын, көңілін мұң торламасын! Жүрегін әндей әсем сезім тербей берсін! Сонда ғана жарық дүниенің қадыр-қасиетін айқынырақ ұғынады. – Адамның бәрі дүние сырын сіздей түсіне алса ғой, – деп күрсінді Сунуазы. Тілдері табысқан үш достың өзара ілтипаты, жасы шамалас Тоқтының Әсетке айтқан әзіл-қалжыңы, кейде өзінің қыжыр өмірін мазақтағандай сыңай танытуы, ашық күлкілері Мұқатайға өнегедей әсер етті. Табақ тартылғаннан кейінгі әңгіменің беті алдағы күннің жа­ йына ауды. – Мына Мұқатай осыдан былай қарай Үрімжіге дейін барып қайтпақ, – деді Әсет серігінің бағытын түсіндіріп. Сунуазы өрімдей жігітке барлай қарады. – Жалғыз өзі ме? Ол қауіпті-ау. Қазір осы өңірде де қашыппысып жүрген ақтар көп. Айдалада кездессе, атына қызығып, жазым қып кетуі де ықтимал... Жол білуші ме ең? – Бұрын барып көрген жерім емес... – Онда тіпті қиын. Сен асықпа. Ертең мен керуен сарайына соғып, солай баратын сенімді кісілердің бар – жоғын білейін. Бола қалса, өзім ертіп апарып арнайы табыстайын. – Мұның табылған ақыл, айналайын, – деп қуанды Әсет. – Онда мен алаңдамай Бұраталаға қарай жүре берейін... – Сізге де жол серік керек, Әсет аға. Оны да сұрастырамын. – Естідің бе, Мұқаш, енді Сунуазы ағаң екеумізге де қамқорлық жасайтын болды. – Ағаға таудай алғыс айтамыз!.. – Уақыт жетті. Балалардың мазасын алмай, жатайық, – деп, Әсет домбырасын бүктеп, қоржынына салды. Барлығы түрегеліп, далаға шықты. – Мен қайтайын, Әсет, – деді Тоқты қоштасып. – Білесің ғой менің жайымды. Бірақ жолықпай кетіп қап жүрме!.. – О не дегенің, әлбетте қош айтысып кетемін!.. Тоқтыны қақпаға дейін шығарып салысты. Сунуазы бауланған беде берген екен, Мұқатай ақырға салып, аттарды жайғастырды. Қонақ үйдегі жатаған үстел жиналып, екі төсек қатар салынып­ ты. Шайы көрпе, құс жастық... Сунуазы шаруақорлығымен, Әсет пен Мұқатай мал баққан қазақы әдетпен ерте оянған. Танертеңгі астан кейін: – Сунуазы шырағым, – деді Әсет әлденеге асыққан түрмен. – Біз жолдан қалмайық.

– Қазір барып келейін.

Сыртқа шыққан Сунуазы нән шабдар атқа тоқым салып,
жайдақ мінді. Содан шай қайнатым уақытта оралды.

– Ал, тынған шаруа бар ма? – деп Әсет лапастың астына атын

байлап жатқан Сунуазыға тақады.

– Неге сонша асығасыз, Әсет аға? – деді жайбарақат қи­

мастықпен.

– Бұрынғыдай жайылып жүретін заман ба, шырағым. Дүние

астан-кестен боп аударылып-төңкеріліп жатыр. Бала-шағамның
не күйде екенін де білмеймін, бар ма, жоқ па?.. Асықпасқа амал
қайсы?

– Елмен бірге кетіпті ғой, табасыз! – деп Сунуазы сеніммен

жебеді.

– Аузыңа май, айналайын!

– Бүгін түстен кейін Үрімжіге жүретін төрт салт атты кісіні

таптым. Мұқатайды ертіп апарып, соларға тапсырамын.

– Көп жаса, Сунуазыжан! – деді Әсет көңілі орнығып. – Бұл

ісің өте жақсы болды!

– Ал сізді Жыңға тұзға баратын адамдарға қосамын. Ертең

таңертең аттанасыз.

– О, бәрекелді! – деп қуанған Әсеттің көзі жайнап, жабыққан

өңіне қан жүгірді. Жүзі ажарланып сала берді.
Түскі тамақты ішіп алған соң үшеуі де аттарын ерттеп мінді
де, қалашықтың ортасына барып, даладай кең ауланың алдына
тоқтады. Сунуазы аттан түсті де:

– Мен біліп шығайын, – деп, ауланың төріндегі жатаған үйге

барып кірді. Әсет қасындағы Мұқатайға бұрылып:

– Ал, Мұқаш, айырылысар жеріміз осы ара болды, – деді

дауысы дірілдеп. – Аман барып, сау қайт. Қайырға көп-көп
сәлем айт!

– Әсаға, сізді өзім іздеп тауып аламын! – деп сендірді

Мұқатай ақ көңілмен.
Төрдегі үйдің есігі ашылып, бір топ адам шықты. Алды­
ларына көлденең тартылған аттардың үстіне қоржындарын
салды. Сунуазы жебей басып кеп атына мінді. Әлгі кісілер де

қақпа алдына тақады. Орта жастағы қытайлар екен. Сунуазы
бірдеңелерді айтып жатты. Олар Мұқатайға бір-бір қарап алыс­
ты. Денелі, толықша біреуі:

– Жүр, бала, – деп, қазақша сөйледі де, атын тебінді. Әсет пен

Сунуазы ілесе қоштасып, келесі көшенің мүйісінде қала берді.
Әсет ойланып біраз тұрды да, қасындағы жігітке мойын бұрды.

– Сунуазы шырағым, саған бір өтініш айтайын. – Айтыңыз, Әсет аға!.. – Кеше арғы беттен ауып келгендердің ішінен біздің ауылды білетіндерді іздедім. Еміл суының бойындағы түбектің тоғайында қартаң шешесімен бір бала тұрады екен. Жасы жиырмағы жет­ пеген. Біздің Көктұма-Ақшиден келіпті. Бала-шағамды қайдан іздейтінімді де сол бала бағдарлап берді. Жерден үңгір қазып, баспана жасап алыпты. Жалғыз аты бар көрінеді. Байқаймын, жағдайы қиын сықылды. Ештеңенің қыбын білмейтін ысылмаған жас жігіттің сансырап қалған түрі бар. Бәлкім, соған қарасарсың, өзіңнің қолқанатыңа жарар. Ағалық етіп, қамқорлық жаса. Жақсылығың жерде қалмас. Егінің бар, суың бар, қолбайлау болмас... – Айтқаныңыз болсын, Әсет аға, – деп көнді Сунуазы ойланбайақ. – Адам жалдайтын бай емеспін, өзіңіз де білесіз. Мейлі, селбесіп күн көрерміз, әйтеуір. – О, бәрекелді, көп жаса, айналайын!.. Солай істейтініңе өзім де сеніп ем. – Жүріңіз онда, осы бетімізбен барып сөйлесейік. Бозтай жер үйінің алында отын бұтап жатқан. Атты кісілерді көріп, секем­ дене үрпиді. Өйткені біреулер сатқан отыныңа салық төлемесең, отын жинауға берілген қағазың болмаса, бәлеге қаласың деген. Шошығаны сол. Тақағанда барып Әсетті таныды да, жүрегі орнына түсіп, қуана қарсы алды. Сәл жүдегені болмаса, еті тірі, жауырыны жалпақтау жігітті Сунуазы көзінің қиығымен шолып өтті. Жер үйден өңі солғын қара кемпір шығып амандасты. Әсет баласына ақыл айтып жатыр екен. – Ал, Бозтайжан, мына жігіт менің туған інімдей болған жақын адамым. Аты – Сунуазы. Ұлты – дүнген. Сен осы жігітке қолқанат бол. Ешкімге қорлатпайды. – О, қамқоршы Әсетім-ай!.. – деп қуанған кемпірдің көзінен жас парлады. – Бәсе, мұңайып кетіп ең, біздің де қамымызды ойлаған екенсің ғой, Тәңір жарылқасын!.. – Бозтай, сен енді бізбен бірге жүр, – деді Сунуазы жылы жүзбен. – Ат-арба әкеліп, жүгіңді тиеп қайт. Бозтай тоғай жақтан арқандаулы атын әкеліп ерттеді. Үшеуі қалаға беттеді. Аулаға кірген соң Сунуазы құлағы салпиған жуас қарагер атты қаңқалы арбаға жеге жүріп, арқан-жіпті қалай бай­ лайтынына дейін Бозтайға анықтап үйретті. – Бәрін біліп ал, – деп Әсет те тәптіштеді. Сунуазы аттың да сырын айтты.

– Жуас. Тек арбаны аударып алмай, тегістеу жермен абайлап

айда.
Бозтай кеткеннен кейін Сунуазы өткен қыста Әсет жатып
жүрген кішкене үйдің есігін ашты да, ескі-құсқы заттарды
шығарып, басқа бір үйге тасыды. Әсет әлгі үйдің ішін сыпырып,

тазалауға көмектесті. Екінті шамасында үстіне шом салып, жатаған
торы ат мінген Тоқты кірді аулаға.

– Оу, Әсет, мынау сенің маған мінгізген атың, – деді арсалаңдай

күліп. Тандырдың табы сорған бозарыңқы өңіне қан жүгіріп, әрі
кірген. Жалын шарпыған кірпігі дөңгелек көзінің айналасына
күйген қылдай жиырылып қалған. Ақтарылып, көңіліндегісін
сарқа айтып жатыр. – Бүгін сен берген қойды саттым. Өзімнің

жинап жүрген ақшамды қосып ем, мына атқа жетті-ау, әйтеуір.
Қожайынмен есеп айырысып, босандым. Енді мен де кетемін
Қашқарыма. Жүр, бүгін менің қонағым бол. Зәйімкедегі досыма да
айтып қойғанмын. Бізді тосып отыр. Сунуазыны да ерте кетеміз.

– Мен ертең жол жүремін ғой, қалай болар екен, – деп Әсет

екі ойлы раймен Сунуазыға қарады. Ол бұл көзқарастың мәніне
түсінді.

– Әсет аға, бұдан былай Тоқты екеуіңіз қайта көрісесіздер ме,

жоқ па, Құдай біледі. Екеуіңіз екі шалғайға кетесіз. Бара беріңіз
бүгін.

– Әлгі кісілерден қалып қоймаймын ба?

– Ертең ертерек қайтсаңыз, үлгересіз. Олар менен бір хабар

алмай кетпейді. Уәдеміз солай. Тоқты, сен маған өкпелеме. Бір
кісілерді тосамын. Оларға жай-жапсарды түсіндіруім керек.
Кететін күніңде өзім шығарып саламын!

– Ой, қойсаңшы, ағайын!

– Тоқты, зорлама, солай болсын, – деді Әсет те қостап. Том­

сарып қалған досына шынын айтты. – Сунуазыға мен үй-жайсыз
бір босқын жігітті табыс еттім. Ол көшіп келу үшін жаңа ат-арба
алып кетті. Енді соларға жөн көрсетуі керек қой.

– Түсіндім, Әсет, бопты. Сен адамға жақсылық етуді ғана

ойлайсың. Жүр ендеше, өзіміз-ақ барайық.
Сол түні Әсет қалашықтан жарты шақырымдай жердегі
құржаның үйінде түн жарымына дейін ән салып, алысқа кететін
досын разы етті. Келесі күні Тоқты екеуі күн шықпай жетіп еді,

Сунуазы мен Бозтайдың қора-қопсықты тазалап жүргенінің үстінен
түсті. Содан таңертеңгі асты бірге ішті де, уәделі жерге Әсетті
алып барды. Тоқты да ере келген. Тұзға баратындар әзір отыр екен.
Бөгелмей аттанды да, көліктерін айдап жолға түсті.

Әсет емірене қоштасты да, Сунуазы мен Тоқтыны құшақтап,
бауырына басып ажырасты.

– Қош, достым, жолың болсын! – деп Тоқты көзінің жасын

сықты.

– Қош, Әсет аға, Құдай тағы да дидарласуға жазсын! – деп

қиыла қарады Сунуазы.

– Қайда жүрсеңдер де аман болыңдар! – деп Әсет ақ тілегін

жаудырып кете барды..

ОЙ, ДҮНИЕ-АЙ!

Бойына туа біткен табиғи қасиеті ме, әлде көңіл күйінің
қылаудай қылпығы кілт өзгеретінінен бе, кей кездерде адамның
да өзінен-өзі бұрқ-сарқ қайнап, қою қара бұлты сапырылысқан
өткінші жаңбырдай ағыл-тегіл ақтарылатын сәттері болады

екен. Ешкімге жария етпей, ішке сақтаған ойлардың кеу­
деге сыймағаннан кейін сыртқа тепкен түрі ме немесе адам
толғанысының көзге көрінбейтін құбылысы ма бұл?..
Соңғы күндері мұндай шиыршық атқан құбылыс Әсеттің

де мінезінен жиі байқалып жүрді. Көкейіне қонақтап, жатып
алған ән құсы ұшуды көксеп талпынып, аласұрғандай. Аспанға
самғап, шарықтауды тілеген соң тынымсыз талпына ма, кім
білсін? Өйткені шалқар әннің ақтарылып төгілмей, бір қуыста

көлдей көлкіп жатқанына бірталай уақыт өтті?! Өзі сол өзгерісті
басқаға сездірмеуге тырысып бағады. Бұл егілсе, әр адымына
бағатын, үміт артатын өзге жұрт бордай тозбай ма?.. Осы ой
тоқтау боп, тежеле береді.

Әсеттің бойынан көзге ұрып тұрмағанымен, аздап білінетін
тағы бір өзгешелік – әлгіндей бұрқанған шағында өзін мүлде
ұмытып кететіні. Домбырасын қолына алса, ән салмаса да ша­
быты желпіндіріп, жараған бурадай бауырқанады. Тостағандай

дөңгелек ала көзі жасаурап, жанарынан ұшқын шашырайды да,
пернелердің үстінде ғана зарлы әуеннің бебеулеген сарынына
елтіп қалады. Көзі жабырқай сүзіліп, мұң торлаған жанары алысқа
қадалады. Қараңғы түн ішінде жылтылдаған шоқтай жайнайды.

Қара көлеңкелеу үйдің іші тарлық еткендей тыпыршиды. Өкпесі
қысылып, тынысы тарылғандай алқына дем алады. Ауызын аз ғана
ашады да, жиі-жиі ауа жұтады. Танауы қусырылып, балықтың
желбезегіндей үсті-үстіне желпілдейді. Бітімі сом, шымыр денесін

бір сиқыр арбағандай, оңды-солды ессіз ырғалады да, болар-
болмас қимылмен екі жағына алма-кезек теңселеді. Қақпақтай
жалпақ жауырыны тұтас қозғалады. Бітеу ағаштай жұмыр
кеудесін шалқалай керіп-керіп қояды. Айналасындағы қыбырды

мүлде ұмытқан.
Сол арада есік ашылды.

– Армысыз, Әсаға?!

Қуанышпен елбіреген дауысты құлағы шалғанда, алысқа
қадалған жанарына мөлдір жас іркіліп тұра қалды. Ашандау
арық, ұзын бойлы, сұйықтау қара мұртты сұңғақ жігітке бетін
бұрды да, сөйлеуге тілі келмей, үнсіз қалыппен ыржия күлді.

Аздан кейін құшағын ашты. Үні қалтырап, үзіле ұмсынды. Сөзі
де шашыраңқы.

– Бар бол, Қадешім!.. Сонша ұзақ сарғайтқаның не? Ат ізін

салмай, қайда жүреің? Амансың ба, бармысың?..

– Ел қайда, Еміл қайда еркелейтін... – деп, қара мұртты жігіт

қарс ұра күрсінді де, еңкейіп келіп, Әсетті қапсыра құшақтады.
Солқылдай өксіді. Әлгі сөзімен-ақ бар жағдайын ұқтырғандай
еді. Бойын қайта жазып барып сөзін әрі жалғады. – Іргеміз бос
қой, Әсаға. Қыстан қысылған соң үйден де шыға алмадым. Тұсау

болған баяғы мал-жанның қамы...
Іргесі айналдыра морланып, туырлықтың етегі топырақпен
көмілген төрт қанатты киіз үйдің іші күңгірттеу. Бірақ жылы
екен. Жиһазы да жұпыны. Барының өзі тең-тең боп буулы тұр.

Көшетін үй секілді. Манадан күйеуінің көңіл күйін сырты­
нан баққан Тәтіжан оң жақтағы іргеде балапанын бауырына
басқан тауық құсап, кішкене екі баласын құшағына кысып, үнсіз
отырған. Қонақты көре салып, орнынан ұшып түрегелді. Қара

торы жүзі қызара бөртіп, тұнық қара көзіне жас толды.

– Амансың ба, тентегім? – деді еркелеткен назды үнмен.

Көзінің жасын сүртіп келіп, құшақтасып көрісті.

– Амансыз ба, жеңеше? – деп қыстыға күлген Қадыриханның

да даусы қалтырады. Тәтіжан да мұң шақты.

– Сағындық қой сендерді!..

– Айдынын аңсамайтын құс жоқ. Бұдан әріге шыдай алма­

дым. Ауылдан әдейі іздеп шықтым...

– Кел, отыршы мұнда!.. – деді Әсет қасына шақырып.

Лезде жүздері жайнап, жанарларында салтанатты ұшқын
жылтылдады. Ауыл жігіттерінің өзін қадірлеп еркелейтіні
Тәтіжанның да төбесін көкке жеткізетін. Қадыриханның ерке

үнін естіп бір жадырап қалды. Сорғалаған жасы сағынышын да,
қуанышын да сездіреді.

– Сіздермен аман-сау дидарласып, шерім бір тарқады-ау, – деп

жайраңдаған Қадырихан көзінің жасын жасыра сүртті. Қайратын
жиды. Жер төсектің жиегінде өзін күтіп отырған Әсеттің қасына
барып, қайтадан қапсыра құшақтады да, еркелеген балаша
арсалаңдаған күйі тізесіне сүйеніп барып жантая кетті. Әсет те

еміреніп, күле берді. Ашық қабақпен қарасып, мейірлері қанғаннан
кейін дағдылы хал – жай сұрасуға көшті.

– Ел-жұрт аман ба?

– Тау қопарылып, тас шағылса да, қазақ баласы мекенсіз

қалмайды екен, Әсаға... – деді Қадырихан ойын шиырлата
жұмбақтап. Аз үнсіздіктен кейін анығын айтты. – Бұратала мен
Арасан жоталарының жыра-жылғасын паналап жүрген жайымыз
бар. Шөбі қалың, суы мол. Қалмақ пен қазаққа жететін сықылды.

– Ел тыныш болса – бағы сол, – деді Әсет басалқалы түрмен.

Оның есіне тағы да жер дауының, ру таласының құрбаны
болған Демежан түсіп еді. Мұндағы елдің күйіне көңілі көншіді.
Қадырихан ел жайын толығырақ шолып, күн көрістерінің түрін
түсіндірді.

– Қазірше тыныш, түртпек жоқ. Бірақ босқын елдің күйі

бұрынғыдай қайдан болсын. Ұясы бұзылған құс секілді.

– Елдің көшкені ғана емес, өмірдің өткені де жанға батып тұр-

ау, Қадырихан...
Қамыға күрсінді Әсет. Оның күйініш-күйігі көп еді. Бұған
дейін салған әнінің сарынымен делебесі қозып жүріп, дүрілдеп
өте шығатын. Ал соңғы жылдары көзбен көргендерін екшеді, әр

істің мән-маңызына ой жүгіртіп, сарылуы молайған. Өз әндерінің
ел ішіне кең таралғанына қуанғанымен, ақын тұрғысынан
тындырғанына қанағат етпейді. Елінің өміріне, мұң-зарына ара­
ласа алмапты. Мұны да көп қиындықты басынан кешіргеннен

кейін барып ұқты. Өткен күздің қара суығына дейін ол ұзақ сапар
шеккен. Сонау Өралтайдың бергі етегі – Сауыр елін аралып, Еміл
өңіріне қайта оралғанда елінің босқынға ұшырағанын білді. Өз
үйінің ауған елмен бірге Бұратала маңына барған тұспалын ести

сала еш жерге бөгелместен суыт жүріп жеткен. Қызылтұз көлінің
желкесін сағалай басып, Шайтанбұлақтың басын ықтаған ауылға
бір түнеді де, Бұратала өзенінің оң жақ бетіндегі Бөрілі сайын
қыстап отырған бір шоғыр ауылдың ішінен өзінің үйін тауып

алған. Сол қайта табысқан күннен бері босағадан аттап, ешқайда
шықпады. Қыстық пішен шауып ала алмаған елдің қолданған

шаралары да өзгеше. Осы алқаптағы түп-түп шиді көктемге дейін
азын-аулақ малдарына жетсін деген есеппен әр үй бірінен-бірі
іргесін алшақтау салып, оңаша қонған. Қыстан қысылмау үшін
әрқайсысы өз үйінің маңындағы шиге мал жаяды. Жылқы қалың

қасат қарды тұяғымен теуіп, шидің түбін аршып жайылады, Суси
сырғып, өрісін кеңейтеді. Ал сиыр мен қой жылқыдан қалған
тебінді шидің түбін кешке дейін қажалайды.
Әсеттің де күн көрісі осындай халде еді. Кейде өзі барып, ши

түбінің қарын күрейді де, сиырын жаяды. Мұндайды бұрын істеп
көрмегендіктен бе, қатты жүдеп жүрген. Қадыриханның келге­ні
жотасынан зіл батпан ауыр салмақты аударып тастағандай, жаны
жадырап-ақ қалды.

Төңіректегі үйлердің кісілері де елеңдеді. Әсет үйінің алдына
байланған бөтен атты көрген соң, қыс бойы бұл ауылға алғаш
келген жолаушыдан әлденендей хабар-ұшар естуге құмартқан.
Әр тұстан ағыла бастады. Тәтіжан дастарқан жайып, шай құйды.

Елдің жай-күйі ұзақ әңгіменің арқауы болды. Ақырында осында
жиналғандардың қалауын қаба сақалды қара шал жария етті:

– Әсетжан, өткен өмір – ескен жел. Алғы күнге үміт артайық.

Алыс жолдан арып жетті ғой, көңілі орнықсын, тынықсын деп,
сені әурелемей жүруші едік. Қашанға дейін бұйыға береміз... Бүгін
мөрті келіп тұр. Мына жұртың дауысыңды аңсап, зарығып отыр.
Бұл тілек Әсеттің де қамығыңқы жабырқау көңілін оятты.

Терісінің құрыс-тырысы жазылып, шешіле ақтарылды.

– Жапандағы жалғыз ағаштай сорайып қалып ем, саялайтын

жан болмай. Қадыриханды көрген соң, бойыма қан тарап, көңілім
бір өсті. Қүйініш азабынан құмығып, тұншыққан түрім бар. Елмен
бірге мен де тыңдайыншы ән сазын, бұйыққан жаным жадырар ма
екен? Дүние тынысының есігін сен ашшы, Қадырихан!..

Әсет өздерінің ескі дағдысына басты. Той-жиында ол өзінен
қалмай еріп жүретін Қадыриханға ылғи да жол беретін, сауықтың
бетін алдымен ашқызатын. Қадырихан да қаңсып жүрген сықылды,
түлегендей құлшына қимылдады.

– «Көңілді Әсет келді көтергелі,» – деп, Кемпірбай атамыз

айтқандай, Әсағаңның көңілін көтеру үшін шама-шарқымның
жеткенінше тырбанып бағайын...
Жүзі нұрланып, езуіне күлкі үйірілген Қадырихан домбы­ра­ның
құлағын бұрады. Қоңыр саз күмбірлеп, сылаңдаған ерке әннің

сарынын құйқылжытты. Сәлден кейін жіңішкелеу биязы даусы
үй ішін самалдай желпіді.

Ай, Бөпем, Әсем басып, а-хау, бұлаңдаған,
Аққудай көлде жүзіп, ай, сылаңдаған.
Көлбеңдеп көз алдымда, а-хау, әй-әй Бөпем,
Келбетің сәуле шашып, ай, тұр-ау маған.

А-хоу,
Бөпем, Бөпем,
Жаным еркем,
Жан сәулем,

Дидарыңды-ай,
Көрер ме екем-ай?..
Қадалған көздер жаудырады, мұңдары шайылғандай кү­лімдей
бастады. Кейбір кірпіктерде жас тамшылары су мон­шақтай жыл­

тырайды.

– Ой, дүние-ай!.. – деп дуылдай желпінді үлкен-кіші жүздері

албырап. Осы түрлерімен-ақ кешегі күндерінің қызығын аңсап,
арман еткендерін сездірді. Кеуделеріне қуаныш сәні қайта ұялап,
талпынғандарын тапқандарына мәз. Әннің ерке әуені бойларына
жалын сепкендей ажарлары әрленді. Әсет домбыра ішегін саума­

лай шерткен Қадыриханның сүйір саусағына ентелей қадалады.
Бейне адасып қалған асық дүниесі сол баяғы қалпынша қарсы
алдына келіп, еркелей шақырып тұрғандай ұмсынады. Әншінің
сылқым даусы қайта көтерілді.

Даусым Бөпем әнге, а-хау, ырғалады,
Күй толқып, көкейімде-ай, жыр жанады.
Шырқатып Бөпем әнге, а-хау, салғанымда,
Бал болып жүрегімде, ай, сыр қалады.

А-хоу,
Бөпем, Бөпем,
Жаным еркем,
Жан сәулем,

Дидарыңды-ай,
Көрер ме екем-ай?..
Жел шайқаған шыбықтай бұралған ерке ән кең көмейден суы­
рыла ақтарылып, тыңдаушының кеудесіне бал құйып жатқандай.

Ән әсері ме, әлде, қызықты күндерін сағынғандары ма, қыз-
келіншектердің бәрі күрсініп койды, солқылдай егіледі. Біраз
суырылып барып тоқтаған Қадырихан:

– Мен болдым... – деп, домбыраны Әсетке ұсынды да,

өтінішпен қиыла қарады. Оның ойын қара шал қостады:

– Шырқашы, Әсетжан, шөліміз бір қансын!..

Әсет домбыраны алды. Малдасын құрып, қаққан қазықтай тіктеніп ыңғайланды да, көп бөгелместен ышқынта ащы айқайға басты. Кеудесін жел кернеді, қысқалау мойыны көріктің алқымынша кеуіп, тырсия ісініп кетті. Домбыраның кейде безілдеп, кейде ыңырана бебеулеген қоңыр үніне ілесе құйқылжыған тұнық дауыс аспанға самғады. Мүлги бұйыққан шұңғыл сайдың ішін жаңғырта дүр сілкіндірді. Асаудай аты­ рылып, көкке шапшыған ән қырандай қалықтап, қиырға қанат қақты. Сарылы түнді кернеп, асқындай сарқырайды. Тынысы кеңи бастағандай барған сайын өршелене үдеді. Құштар жанды жадыратқан алмастай өткір, бұлақтай мөлдір дауыстың алғашқы серпіні құлақ тұндырардай өткір шыққаны­ мен, лезде төмен сорғалап, кеңістікте қалқи теңселген құстай баяу тербеліспен жосыла сырғыды да, ырғағын кілт өзгертіп, ширатыла есілді. Сол мезетте сыбызғыдай сыңғырлап, көңіл алқабына қарай жаймалана өріс алды. Әннің ендігі қоңыржай желісі жүрекке жылылық нұрын себелеп, желге желбіреген жібектей сусылдады. Көріктей гулеген көмейден төгілген ырғақ бұршақтай саудырап, шалғындай шайқалады. Мың бұралып, көл бойындағы көк құрақтай теңселеді. Сәуледей құбылған әуеннің сарыны тыңдаушыларды балбыратып, жан-жүйесін баурап алған. Әні мен дауысына халқының тәнтілігін біліп, соған шексіз сенгендіктен бе, әлде, әнді саудаға салып, бұлдап көрмегендіктен бе, қашан, қайда салса да – Әсет өз әндерінің бірде-біреуінің атын атап, түсін түстеген немесе тәптіштеп түсіндіруді салт еткен емес. Әннің тарихын баяндап, мазмұнын ұқтырып әуреленбейді. Оны артық санайды. Ән әсерлі әуенімен барлық сыр-сипатын өзі танытуға тиіс. Елге тарихынан гөрі әннің өзі керек. Жаратылысы солай ма, өздері шығарған әндерін дәріптеп, өліп-өшу дағдысы қазақ әншілеріне жат қылық. Ондайға менмендік, мақтаншақтық, даңғаза даурықпалық деп қарайды. Ал әннің қалай туғанын, қалай өрбігенін басқалар айтып жатса, оның жөні бір бөлек. Ұнатқандығының белгісі. Кейде Әсет те бұрын ел естімеген, басқа жақтан үйреніп қайтқан әндерді орындағанда, оны кімнің қалай шығарғанын өзі де атап айтады. Әншілік өнерінің салты осылай болуға тиіс деп ойлайды. Өмір бойы өзі әнін де, өлеңін де бұлдаған кісі емес. Елі қаласа – аянбайды. Қазақ ақындары мен әншілері өлеңін де, әнін де сатпайды. Әсет те соның бірі. Әннің көмейінен сарқырай ақтарылуы көбіне Әсеттің көңіл күйіне байланысты. Кейде қара дауылдай дүрілдейді күркіреп. Кейде зыр жүгірген бұлақтай сылдырап ағады. Сондықтан болар,

оның дауысын көп естіген, әні мен өлеңінің сырына қанық кісілер: «Әсет әбден қызып алған кезінде өлеңді қалай тоқтаусыз төпелей төксе, әнді де солай нөпірлетеді. Бір әуенін екінші қайталамайды. Таңға айтса да, салған әндерінің ырғағы біріне-бірі ұқсамайды», – десіп, таңданысады қайран болып. Онысын құдірет санайды. Осы отырғандардың ішіндегі үлкендер – бала жастарынан Әсетпен қатар өскендер. Той-думанға бірге барып, бір табақтан дәм татқандар. Ұзақ жыл үзеңгі қағысып, құлын-тайдай тебіскен құрбы-құрдастары, сыйлы ағалары. Ескіргеннен ел-жұртты бірге аралаған, қызықты бірге көрген. Оңашада сыр шертісіп, мұң шағысқан сырлас жандар. Үйлерінің іргесі ажырамаған. Әнші мінез-құлқының алуан қилы құбылысын, қылыштың жүзіндей қылпыған өзгерістерін бұлар қалт жібермей қабағынан таниды. Көп жылғы жүріс-тұрысы да, көші-қоны да ажырамаған. Кейде бір ауылға түстенсе, келесі ауылға қонағаға барып түсетін. Сол екі аралықтың қаншалықты алыс-жақындығы есепке алынып жатпай­ тын. Серуенді-сәнді жүрістерінен жалықпайтын. Сәні – әні. Оны өмірдің әдеттегі ағысы деп ұғысатын. Белес-белес белдерден, қатқабат қыр-қырқалардан асқанда, шөл-шөлейттерді, бұйрат құмды басқанда сұлқ жатқан сүлесоқ өңірді әнмен тербейтін. Ел аралағанды өзінің парызы деп есептейтін Әсет сарыл­ малы ұзақ жол үстінде өрттей лап етіп, қалт серпілетін де, бір әнді шырқай жөнелетін. Содан кейін қасындағы серіктеріне ән мен өлеңнің терең тамыры жайында шешіле әңгімелейтін. Бұл тәлім­ді ол Абай ауылынан үйренген. Ақын кейде өлеңнің сырын да ­шерте жүруге тиіс екен. Сол қылығымен әнге, өлеңге әуес жастарды жаңалыққа еліктіріп, өнеге ұсынатын. Ал дастар­қан басындағы мінезі бір басқа. Алғыр ойымен, тапқыр сөзімен, біл­гір пайымымен үлкен-кішіні ауызына қарататын. Мұндайда кө­біне басып өткен жолдарындағы көрген-білгенін, аралаған елдер­дің жай-күйін кең толғайтын. Айналып келіп сөзінің соңын өнерге тірейтін. Сонда өзі аялайтын өнердің ауқымын ұқтыратын. Қай ән қайсы өңірдікі, оны шығарған адамның құдірет-қуаты қандай, анықтап баяндайтын. Оқығантоқығанын да жайып салатын. Тыңдаушылардың білігін молайта түсу үшін тәптіштеп, бүге-шігесіне шейін тізбектеп айтатын. Әсіресе, Біржан мен Ақан серінің өнеріне тоқтағанда, мейлінше құрметтеп, құлашын жая сермейтін. Елдің ерекше туған перзенттері деп ардақтай аялайтын. Өзінің асыл ұстазы санайтын. Шынайы сүйіспеншілігін, ізет-ілтипатын, құрметін танытатын. Ал өлең-сөзге ауысқанда Абайды пірі тұтып,

білгірлігімен жұртты ­тамсандыратын. Одан бөлекше тағы бір өрісі – шығыс халықтарының ертегі, аңыз сынды қазыналары. Ол өзі өлең қып айтатын көп әңгімелерінің қайнар бұлағының сарқылмас көзі болатын. Бүгін де біраз әнге басқан Әсет ойысып кеп өлеңге көшті де, шешіле ақтарылды. Жүдеп жүрген елдің шерін тарқатып, мейірін қандырды. Көңілдері көншіген кісілер ел жата тарасқан... Соның әсері ме, әлде, жұртты сергіте түскісі келді ме, келесі күні Әсетті кешегі өткен сауықтың мұрындығы боп жетелеген Қаумен шал үйіне шақырды. – Қашанғы жабыға береміз, Әсетжан. Барымызды бөле жеп, көңілімізді жамайық. Бүгін осы ауылдың адамдары менің дастарқанымнан дәм татсын!.. – Қалауыңызды орындаймын, Қауке, барамыз, – деді Әсет разы болып. Бойын құрсап жүрген белгісіз мұңның тұманы айыға бастағандай. Қауменнің үйіне жиналған түні де сауықты Қадырихан бастады. Аяғын Әсеттің өзі қостады да, әннің туын түнгі аспанның төріне көтерді. Қату қабақтар жадырады. Мұңды жанарлар жайнады. Қаумен шал бастап берген сауық кеші одан әрі бірден-бірге жалғасқан кезекке айналды. Ел ықыласы Әсеттің бойын сергітті... Қарға аунаған түлкідей құлпыра жайтаңдады. Көңілі алағызып жүріс тіледі. – Түйенің құмалағындай шашырап, әр тұсқа бытырап кеткен елді біраз аралап, жұбатып қайтсақ қайтеді, Қадырихан? – деді Әсет бір оңашада. Шәкіртінің айналшықтап, айта алмай жүрген қалауы да осы болатын. Ол сондай іске бел байлап, арнайы қамданып келген. – Тамылжып көктем де шықты. Қар кетті, жердің етегі де кеңіп қалды. Жеңешем енді қысылмас... – деп, Қадырихан шаруа жайына ойысып еді, күйеуінің жабырқау, жадау түріне қинала алаңдай беретін Тәтіжан іркілмей демеді: – Шаруа дейтін неміз бар?.. Бір сиыр мен бір биені құйрығынан ұстап жүрсем де бағармын. Ағаң сарғайып бітті, қапасқа түспеген бұлбұл емес пе?.. Маған алаңдамай-ақ қойыңдар... – Айтпасам да сезеді екенсің-ау, Тәтішім, – деп елжірей қуанды Әсет әйелінің момақан жүзіне еркелете қарап. Тәтіжан ақсия күліп тұр. – Неге білмейін... Сен – дауылсың, мен – тұтқамын!.. Ары­ ныңның лебін сезуге тиіспін ғой...

– Дәл таптың!.. – деді Әсет басын изей мақұл боп. Қадырихан мұны келіскенге жорып, алдағы сапарларының бағытын айтты: – Өзіңіз сайрандап өскен Жетісудың бір айдыны – Іле өзені. Соның бойын қоныс еткен елге барыңыз, Әсаға. – Өзімнің де мөлшерім сол, – деді Әсет. Сәл ойланып ба­ рып, әйеліне аса ыстық мейіріммен, қимастықпен қиыла назар салды да, еркелете сипай айтты сөзін. – Тәтіжан, менің іштей күйзелгеніме, қинала қамыққаныма жаның ашып, азап шегіп жүретініңді сезетінмін. Сені де қоса күңірентпейін деп, үндемеуші ем. Ошағымның тұтқасы өзің екенің рас... Жаңағы байламың шын болса, мен Қауменге барайын. Осы ауылдың қариясы ғой, сендерді аманат қып табыстайын, көзінің қырын сала жүрсін. Далаға таста­ мас, сонда да... – Ауыз бірлігі берік ауылмыз ғой ежелден. Иә, сонда да «соқыр сорапты таңдамайды», жолға шығатыныңды ескерте сал... Әсет пен Қадырихан түс қайта Қауменге барды. Ақ пейіл, дарқан қария асын ұсына отырып, қуана құрмет көрсетті де, Әсет­ тің өтінішін ықыласпен тыңдады. – Әсетжан, бізге сеніп, арқа сүйеп өсіп ең... Сол көңіліміз баяғыша, – деді иландырып. Көңілі орныққан Әсет келесі күні жолға шықты. Күн батыстағы асқар таулардың құшағынан бас алған соң етектегі жалпақ аңғарды қақ жарып, шығысқа қарай ағатын Бұратала өзенінің оң қанатымен өрлей жүрді. Одан Арасанның қалың қырқалы жон-жоталарының етегін басып өтті де, саласы ұзын Қара бұқаның қойнауындағы елге жетіп қонды. Іздеп келгеніне қуанған жұрттың меселін қайтармау үшін біраз ән салып, қонақ кәде жасағанымен, отырысты ұзаққа созбады. Жолаушы сапарының алыстығын естіген соң, мұндағылар да онша қинамады. Күн шыға атқа қонған Әсет пен Қадырихан түс әлетінде Шұбырты кезеңінен асты. Бастау бұлағының басында отырған Ғабдырахман саудагердің үйіне түсті. Ол – күзге қарай қалың қазақ жиналатын Көктұма базарының құлағын ұстап жүрген кісінің бірі, ескі танысы. Әсеттің келгенін естіген ел бұл үйді де әп-сәтте басып қалды. Мұнда да көз таныстары көп екен. Көріспегелі талай уақыт өткендікі ме, өзеурей амандасты. Сарыла сағынып, аңсап жүрген түрлерін аңғартты. Үш күн бойы ырық бермеді. Әр үй барын ал­ дына жайып, ықылас-пейілмен аялады. Әншінің даусына қанбай ынтықты. Әсет те аянбады, күн-түн демеді, ауылды әнге бөледі. Төртінші күні ғана сәскеге таман аттанды.

Бұл ауылдан Әсеттің қасына Әріп ақын қосылды. Бала жасы­ нан соңына ерген серіктерінің бірі. Жасы кіші болғанымен көңілі жарасқан досы. Жақсылыққа құштар жігіт. Әсетті аға тұтады, қатты сыйлайды. Мінез-құлқының қыр-сырына қанық. Ренішін де, күйінішін де қабақ қағысынан таниды. Мұның да термелей ырғалтатын жол жорғасы бар. Әннің қасиетін, өзгешелігін айыра алады. Әсеттің әні мен өлеңіне мейлінше ден қояды. Қиссаларын жазып алып жаттап, айтып жүреді. Байқап қараса, Әсет сарылып отырып өлең жазған, қадалып отырып ән шығарған адам емес екен. Көкейі көл, ән мен өлеңнің алтын сандығы сықылды. Туа біткен дарыннан түлеген талант. Айқай-сүрең жебейтін тұлпар сияқты, жұрттың ыстық ықыласы еліктіріп әкетеді. Сондай кезде өлеңді де, әнді де нөпірлете төгеді. Жалыны лапылдаған аса қызу жиын-топтың ортасында гүлдей құлпырады құлшынып. Бейне анасына еркелеген балаша жайраң қағады да, топтан озған жүйріктей ойнақтайды. Шабыты арнасына сыймай шалқиды. Тасқындай жосылып, сарқырай сорғалатады. Осындай ән ағыны ақтарылған кездерде әлсін-әлсін тың, бұрын естілмеген әуен, жаңа ырғақ та өрлейді. Сол заматта Қадырихан сықылды ысқаяқ әншілер әлгі әуенді жадында сақтап қалу үшін бар зейіндерін салады. Үйреніп үлгергені мақсатына жетіп, қолына бақыт құсы қонғандай қуанады... Кешелі-бері талай арынды сарын ақтарылды. Алғаш рет Қадырихан: біз жоқ жерде мынадай әуендердің талайы бұлтқа сіңген жұлдыздай ағып өте шығады екен-ау деп күйіне ойла­ ды. Ал жатталғандары әр жерде, әр кісінің аузында айтылып та жүрген шығар. Оны кім айырып жатыр... Серіктері Әсет көңілінің шалқығанына мәз. Шырқау көкке самғап, сұңқардай әуелеген әнге айырықша ықылас қоймасаң, лезде адастырып, ізін білдірмей кетеді екен. Осыны Әріп аңғарыпты. Бұрын қоян-қолтық араласып жүргенде мұндай құбылысқа ден қойған кісі болмапты. Енді ұзақ уақыттан кейін сағынып, аңсап көріскендікі ме, әрбір әннің де, өлеңнің де өзіне тән сипаты анық байқалады. Бәрі жаңа. Бұрын естілмеген леп. – Мен өлеңін бағайын, сен әннің әуенін жадыңа сақтап қалуға тырыс, – деді Әріп таңырқап, сүйсіне еміренген Қадыриханға. Міндет бөліскен екеуі ән мен өлеңге ықылас-ынталарын салды, Төгілтіп отырып, кілт басқа сарынға ауысқан кезінде Әсеттің көзі шоқша жайнап, жүзі албырай балқиды. Алабұрта бұлқынып, құшырлана шырқайды. Осы қылығына қарап-ақ бұл әуеннің көкейінен жаңадан туған тың сарын екенін зерек шәкірттері

сезе қояды. Бір жақсысы, Әсет мұндайда сол сарынды бұзбай
қайталап, ұзағырақ айтады. Басқа ырғаққа ауыспайды, Ұғып
алыңдар дегендей соза түседі. Әлгі әуенмен жымдаса қабысқан
өлеңді де түйдектете төпейді. Маңдайы жіпсіп, денесі қызған сай­

ын құлшынады, нөсерлете төгеді. Мұнысы: «мен жаңа ән салып
отырмын» деген белгісі сықылды. Осы қылығын бұл түні Әріп те,
Қадырихан да айқын сезді.
Әсет өзі шығарған әндері секілді, жазған өлеңдеріне де, тіпті

желілі қиссаларына да өз ауызымен ат қойып, айдар таққан қісі
емес. «Мұны мен шығардым» деп жар салғанды өрекпе дақпырт
деп ұнатпайды. Оның ойынша – мұның бәрі ақынның істеуге
тиісті табиғи борышы. Әсеттің жаңа шығарған әндеріне, жаңадан

құраған өлең-қиссаларына ат қойып, азан шақыратындар –
доста­ры, шәкірттері, жанашырлары. Олар әуеннің ырғағы мен
сарынының көкейге қонымдылығын саралап, затына сай ат
тағады. Талапкерлер жаңа әуенді құлағы шалған заматта ынта

қойып, зейіндерін сала жаттап алады. Содан кейін ақынның бір
тыныс алған кезінде ұстазының алдында емтихан тапсырған
шәкіртше үйренген әнді, жаттаған өлеңді қайталап айтып береді.
Бұл әдет үлкен дарыннан баға алу ма, сыйлау ма немесе жүгініп,

сыннан өту ме, оны ешкім айырып жатпайды. Талапкер жігіттер
үйренгендерін айтқанда Әсет те ұйып тыңдайды. Сонан соң
құлшынған әуесқойларға әуенді бабына келтіре айтудың әдісін
түсіндіріп, кем-кетігін жетілдіріп үйретеді. Кедір-бұдырын ашалап

айырып, айқындап көрсетеді. Тақыстанып түртпектемейді, таба­
лап тапамайды. Мұндай қылықты жас талаптың бетін қайыратын
жағымсыз әдіс санайды. Көңілін қалдыратын, меселін басатын
өзімшіл озбырлық деп біледі. Зерделіні қамшылаудың қажеті жоқ,

жебеу керек. Тұлпарды бұзатын – зорлау.
Әсет анда-санда бір оңаша отырыстарда өзін төңіректеген
өрімталдай жастарға ән салдырады. Дауыстарының мәнерін
әдейілеп тыңдайды. Сөйтіп, әрқайсысының аужайын, шама-

шарқын байқайды. Олардан именіп жасқанбай, өздерінің өнерлерін
қаймықпай ортаға салуды талап етеді. Әр шәкірт өзі қалаған әнді
айтады. Кейбіреуі Әсеттің әнін салса, қибыжықтап қалады. Он­
дайда Әсет абыржытпайын дегендей, қыбырсыз отырып, пейілмен

ынта қояды. Қашан ән аяқталғанша бірде-бір кісінің дыбысын
да шығартпайды. Әуен сарынын бұзып, ортадан кимелегендерді
ұнатпайды. Ән салушылар түгел өнер көрсетіп біткеннен кейін
барып, сөз бастайды. Әннің әлі пісіп жетпей жатқан бұралаң

бунақтарын, қалай айтса дауыстың ашық, көсіліп шығатынын,

домбыраға үйлестіріп мәнерлеудің жөн-жосығын үйретеді. Шын
пейілмен ескертіп, жаймен ұғындырады. Ал Әсет жоқ жерде әлгі
әншілер «бұл Әсағаңның әні» деп, әуенді бастар алдында арнайы
ескертуді әдетке айналдырған... Сол Әсетті аңсап жүрген бір

қауым талапкерлер кешелі-бері бір-екі дүркін осылай сынақтан
да өткен... Шилісайды құлдаған тарлау соқпақ үстінде үнсіз
тізбектеліп келе жатқандардың ішіндегі Әріптің ойлағаны Әсеттің
осы артықшылықтары еді.

Жәй аяндаған үш салт атты сайдың аузына шыға бере оңға
бұрылды да, биіктеу жұмыр төбенің басына тоқтады. Бағыттарын
бағдарлап аз кідірді. Солтүстіктен оңтүстікке қарай көлденеңдей
сұлап, қиғаштаған қалпы бір қиырға шұбатылған, төбесі көкпен

астасқан ақ бас таулардың күн шығысқа тіке созылған етегі
бірте-бірте жаймаланып, жатаған адырларға ұласады екен. Тау
бөктерінен алыстаған сайын жер беті аласарып, одан әрі құмдауыт
төбелер мен жазық далаға жалғасады. Сол адырлардың солтүстік

шығыс етегін жанап ағатын Бұратала өзенінің алабы – ойдым-
ойдым ешкі тал, киіз терек, жиде ағаштары. Кей тұсы ұйысқан
қамыс, шоғыр-шоғыр шеңгел, селдір жыңғыл бұталары. Басқа на­
зар аударатын қылпық жоқ. Қыры – тап-тақыр тұлдыр. Шағылды

сарғылт дала күн шығыстағы Қызылтұз көліне тақағанда, үйір-
үйір сексеуілі сексиген шоқалақ құм төбелерге айналады. Күн
батыстағы заңғар таулардың алқымына тірелген Арасан жерінің
сай-саласы шұрайлы жайылым. Әр сайдың аңғарын қазақ пен

қалмақтың малшы ауылдары ықтай қоңыстанған.
Қары кетіп, күн жылынғаннан кейін ғана малшылар көктем
шуағына балқып, көгі тебіндей бастаған қырға көшіп қонған.
Ортақсарының сары қырқалары – олардың төлдері әбден аяқтанып

болғанша жылжымайтын көктеуі. Қойларының жабағы жүнін де
осы арада қырқады. Бұл да көшпелі ел тіршілігінің ағысындағы
елеулі науқан. Жүн – олардың киімі, үй жиһазы, ою-өрнегінің көзі.
Төл алудың қызығына батып, азабын бастан өткерген елдің көңілі

енді жайдары. Әсет біткен жұмыстың бәрін байқап, елдің көңіл
күйін іштей сезініп келеді.
Биылғы көктемнің шуақты күні жылт еткенде-ақ Арасан
өңіріндегі елді аралауға шыққан Әсет әр үйдің сыйлы мейманы

болған. Мұндағылардың бәрі де өзінің көнекөз таныс-білісі.
Құшақ жая қарсы алысқан. Өлгені тіріліп, өшкені жанғандай
қуанысады. Сөйтіп, ауылдан ауылға қыдырыстап жүргенде бір
сыпыра уақыт та өтіпті. Міне, енді күн жылынып, жердің бетін көк

майса жапты. Ауыл адамдары күні бойы мал соңында жүреді де,

кешке қарай үлкен-кішісі түгел бір үйге жиналады. Содан кейін
тамсана ынтығып, Әсетті қаумалайды. Ондайда көбіне сауықты
алдымен ауыл жастары бастайды. Жүйрікті баппен ұстап, зар
күйіне түскенше күтіп, мәпелегенде ғана бәйгеге қосуға жарайты­

ны сияқты, толғағы пісті-ау деген мөлшерде ғана қариялар Әсетті
ортаға алады. Еркелете әлпештеп, сылап-сипайды. Жаппай топыр
шабысқа қоспайды. Әнді жеке-дара айтқызу үшін жемге талпынған
құстай қызбалана тықыршыған кезде ғана қолқа салады. Сондай

аса ыстық ықыласты баппен мәпелегеннің өзінде де екі түрлі тәсіл
қолданады. Бірі – ыңғай ән салдыру, екіншісі – тек қана өлең не­
месе қисса-дастан айтқызу. Бұл дәстүр де ақынның сол күнгі көңіл
күйіне орай қалыптасқан еді. Құлшынып отырса – ән салудан

жалықпайды. Ал қабағына сәл ғана кірбің қонса – өлең айтады.
Ол шаршағанының белгісі. Ондайда адам өмірінің жайын толғай
шертеді. Ел өз талабының орындалуынан ұтқырлық күтетін.
Әсет ән салғанда немесе көпшіліктің қалауымен өлеңге көшіп,

қисса-дастан айтқанда бұлардың бірін-біріне араластырмай­
ды. Әрқайсысына бірөңкей кетеді. Ән салғанда қосып айтатын
өлеңінің ауанына сай әлсін-әлсін әуен ауыстырады. Ал қисса-
дастан айтса, «ә» деп бастаған сарынынан онша ауытқымайды.

Таңға танбайды. Желдірме сарынмен желеді де отырады. Бір
әуенді бастай салып, іле тағы бір сарынды қосып, сапырылысты­
рып жіберетіндерді мүлде ұнатпайды. Өзінің төңірегіндегілерді
мұндай қылықтан ылғи да сақтандырып жүреді.

Бұл күні Әсет өзінің бала күннен бірге өскен досы Омардың
үйіне қонған-ды. Кеше кештете кеп түнеген Тұйық тоғайдағы
елден шығып, шеткерілеу жердегі бұл ауылға кеш бата жеткен.
Аман-саулықты білісіп, көңілдері көншіген соң, беталысының

жай-жапсарын сұраған Омарға Әсет өз сапарының ендігі бағдарын
айтып, жөнін ұқтырды.

– Жер жүзі ашылды, мал көкке тойынды, өріс те кеңейді.

Жон-арқаның да құрыс-тырысы жазылды. Енді мына белдің арғы
астындағы елді аралап, Іле өңіріне де өтейін де. Содан әрі жөні
келсе, әйгілі Қас, Күнес, Текес өлкелерінің қойнау-құшағындағы
елмен дидарласпақ ойым бар. Солай бет алдым... Өзіңмен

сәлемдесе кетейін деп, әдейді бұрылдым.

– Адам ойламаған күйді бастан кешірдік қой. Өзіңді көзбен

көріп, көңіліміз өсті. Онда да көңілі жарым болғанымен, сені
аңсап жүргендер көп... Қайта оралғаныңша сағынып, жолыңа
қарайды-ау тағы... – деді Омар, қою мұртын ширата сипап. Үлкен

қоңыр көзі тұна қалды. Әлденендей қиялға шомып барып, қайта серпілді. – Онда екі-үш күн жат, атың тынықсын, өзіміз мұңдасып, шер тарқатайық. Көңілі босағандай даусы қалтырай жарықшақтанып, жа­ бырқаңқы естілді. Өтініш-тілегін сол мұңды да байсалды үнмен ұқтырғандай. Әсет сыралғы досының бұл кейпіне танданып қалды. Тесіле қарады да, өзі де толқып кетті. Нағыз ақжарқын жігіттің біреуі еді ғой, неге жабыққан? Адамның көңілі жасыса, еңсесі түсіп кете ме, қалай? Арман-ойымның арнасы тоғысқан қайран құрбым-ай... Енді досын жасытқан мұңды сейілтіп, сергіту үшін ашық қабақпен сергек, көтеріле сөйледі: – Өйтіп жата алмаймын, Омашым... Ал, бүгінгі түнімді түгел арнадым өзіңе, жина ауылыңды!.. – Көнбесең не шара... – деді қабағын сәл жаза күлімдеген Омар жуасып. Әсет өз жағдайын түсіндіріп, ақталып жатыр. – Ниет қылған соң, созбайлап қайтемін. Ырғалып – жырғалып жүретін күн қайда? Ертең Ілеге қарай асайын. Көп айналмай кері қайтамын. Енді үйге жиі айналсоқтамасам болмас. – Иә, өз отыңа өзің отын жинайтын заман бұл. Еркелік қалды ғой жайына... – Соған мен де бейімделейін. – Онда бүгін сарылып ән салу ауырлау тиер, – деді Оспан шал осы арада өз ұйғарымын кірістіріп. – Өзіңе де оңай, елге де ұнайды, қисса-дастан айтсын... – Иә, өзім де солай ойлап ем, – деп, Әсет өз пікірін қосты. – Жаңа бір әңгіме естіген түрің бар-ау, ә? – деді Омар білгісі кеп. Расында да, Әсет халықты қызықтыратын бір әңгімені құлағы шалса-ақ, соны қолма-қол өлеңге айналдырып айтып тастайтын. Омар сол тұрғыны меңзеген. Мейлі, ол да жақсы, ел бір сергиді, жаңа жыр туады дүниеге. Осыған тоқтады да, Оспан шалдың ұсынысын қабыл алды. – Болсын ендеше, қалауың білсін, қисса-дастаныңды-ақ айт. Мен талапты, ұғымтал жігіттерді шақырайын... Өз аузыңнан естіп, жаттап қалсын! – Әлгі Мәмет сері қайда, осы маңда бар ма? – деді Әсет біреуді іздеп. – Бар, өзі де жетер әлі-ақ. – Әйтеуір, қалып қоймасын, хабарла. Қисса жаттағыштың нағыз сергегі, зерегі сол. – Малда жүр. Сенің осы ауылға келгеніңді құлағы шалса, бай­ ласа да тұрмас... Жетеді алып-ұшып.

Қонақтардың қолына су құйылып, дастарқан жайылды. Уыз­ дай қою кілегей қатқан қызыл-күрең шай денені бусандырып, маңдайды жіпсітті, бой да сергіді. Сырттан абалай арсылдаған иттердің даусына араласа ат тұяғының дүбірі естілді. Үй сыртындағы мама ағашының түбіне барып тоқтады. Аздан кейін сау етіп бір топ жігіт кіріп келді. Жел қаққан жүздері күреңіткен. Әлі де болса түн салқындау болғасын ба, малшылардың үстінен қысқы киімдері түспеген. – Асса-лау-мұғалай-көм, Әсаға!.. – деп даусын созбайлата сәлем берді жауырыны қақпақтай, бойшаң шымыр денелі, басы­ на қып-қызыл түлкі тұмақ киген қызыл шырайлы аққұба жігіт. Бөгелместен арсалаңдай ілгері ұмтылды. Аптыға еркелеп барып, төрдегі Әсетті мол құшағымен қаусырып, қапсыра құшақтады. Жайнандай күлімдеп, ойнақшыған өткір көзінен мерейлі ұшқын шашырайды. Ол өзіне ұмтылғанда-ақ: – Келші бермен, Мәметім!.. – деп, Әсет те қолынан ұстап, бауы­ рына тартқан. Желпінген көңілі өрепки күлімдеген албырт жігіттің бетінен сүйді. – Отыр қасыма, бүгін осында бол! – Қуса да кетпеймін, Әсаға! – деді Мәмет маржандай аппақ тістері жарқырай жайраңдап. – Өлердей сағынып қалдым сізді!.. – Әй, Мәмет, күшіңді жина! – деді Омар балаша қуанып, ерке­лей елбіректеген жігітті қайрай түскісі келген оймен. – Босқа лепіріп, құйындай өрекпімей, көңіліңді бас. Бүгін Әсет ән салмай­ ды, тек қисса-дастан ғана айтады. Ішіміздегі алғырымыз өзіңсің, соны ұғып қалуға қамдан! Жолаушылап барады екен. Жер қашық, жол алыс. Қайта оралғанша сенің аузыңнан естіп жүрелік. – Басым аман болса, Әсағаңның бір сөзін зая кетірмеспін. Ау­ зынан шыққаны асыл емес пе! Соны сақтай алмаса, мына кеуек бас пен куыс кеудені несіне көтеріп жүрмін!.. Дастарқан жиналмады. Сауық басталды. Жастар жағы шабыт шақырып, думанның қызуын қоздыру үшін Әсеттің алдында біраз ән салып, өлең айтты. Ел орынға отыра жеңіл куырдақ желінді. Содан кейін барып қариялар Әсеттің өзіне қолқа салды. – Қане, еліңнің еркесі Әсет емеспісің, енді өзегі қаңсып, шөлдеп отырған мына жұртыңның жүрегін өзің сусындат!.. Мәпелей сипалаған Омар көпшіліктің тілегін білдірді. Әсет үнсіз. Пешпетін асықпай шешті. Екі жеңін бос салып, білегін сыбанды. Желбегей жамылған қалпы малдасын құрып, нығыздана ырғалып-ырғалып қойды. Домбырасының пернесін сыдырта шайқап өтті. Әдетінше жеңіл, ойнақы, желдірме күй сарынының ырғағын сорғалатты. Дайындалғандай, шойындай

шымыр денесін түзеп, тоқпақтай жұмыр мойынын оңды-солды
толғап-толғап жіберді. Сүйірлеу иегін аз ғана көтеріңкірей
шалқайды да, тамағын кенеді. Дауысын жайлап созды. Өлеңге
ауысқанда әуенді кілт бәсеңдетті де, шұбырма сарынның

желісімен бір қиссаны бастай жөнелді. Бұл жолы да айтатын
қиссасының атын атамады, түсінік беріп те жатпады. Өзінің
өлең бастайтын дәстүрлі дағдысы бойынша, ақыл-кеңесін қоса
қыстырып, желдірме аяңмен сырғыды:

О-оу!..
Сөйлейін бұрынғы өткен уақиғадан,
Үйрендім бала жастан ғибрат одан.
Қызығын тіршіліктің көрген артық,

Дүниеде ешкім қалмас өлмей аман.
Ойнап-күл баста дәурен тұрған кезде,
Қадірін білмейді оның кейбір надан.
Думанды дүниенің бағасы артық,

Айтайын мысал етіп жетсе шамам.
Мысырда бір хан бопты ерте кезде,
Тақ мініп, тәжі киген талай заман...
Жұмсақ сарынды сусыма әуенге түсіп алған Әсет өлеңді

бөгеліссіз төпеді. Қисынды сөз көмейінен тізбектеле суырылып
шығып жатыр... Бейне жаттанды сықылды. Біраздан кейін кең
маңдайы жіпсіп, тұла бойы қызды, елегізе құлшынды, екпіні де
үдеді. Жейдесінің алқымындағы түймелерді ағытты, омырауын

ашып тастады. Іркіліп, тосылған жоқ.
Әке-шешесі өліп, жетім қалған патша баласының басынан кеш­
кен азабын, көрген қорлығын, оның көзін жойып, тақ пен тәжді
иелену үшін неше түрлі айла қолданған уәзірдің арамзалығын,

жантүршігерлік зұлымдықтарын тізбектей баяндады. Кей тұстары
өмірде болып жатқан құбылыстарға ұқсап кетеді. Осы желі
арқылы адам тағдырының шырғалаңы, шытырман өмірінің ащы-
тұщысы кең қамтылып айтылды. Жауыздық пен әділет тартысы

жұртты қымқуыт аласапыран ішіне араластырып жіберді. Ізгілік
пен адамгершілік айызды қандыра дәріптелсе, озбырлық пен
жауыздыққа қара таңба басып, қарғыс айтады. Ақын осы арада
адамдыққа жат қылыққа қарсы өзінің өшпенділігін де қоса ақтарды.

Тыңдаушылар адамдардың арасындағы бітіспес қайшы­
лықтардың түбін танып, тегін терең ұғуға ден қояды. Іштерінен
әділетті жақтаса, зорлық-зомбылыққа қарғыстарын жаудырды.
Анда-санда түңліктей ақ орамалымен маңдайының терін сұртіп

қойғаны болмаса, Әсет жыр желісін бір сәт үзбеді, құлашын жазып,

бөгеліссіз көсілді. Өзін албаты қолпаштап, сөзін бөлгендерді
жаратпайды, мүлде ұнатпайтын қылығы. Сол бір кісі мінезіне
үйренген сыралғы жұрт өлеңге үн-түнсіз елтіді. Оқта-текте
адамдық әрекеттерге сүйсініп, зұлымдыққа күйінген кездерінде

ғана сүйініш-күйініштерін күрсіне айтып, қысқа қайырғанымен,
өрепки даурықпады, өзеурей далбалақтасқан жоқ. Содан түн
ортасына таман қисса аяқталды да, Әсет бір-ақ тыныс алды. Сол
кезде барып қариялар жамырай алғыстарын жаудырды.

– О, бәрекелді, көп жаса, Әсетжан!..

Мәмет жырды іштей қайталаған сықылды, үнсіз, ойлы
қалыпта. Төңірегіне онша назар салмағандай. Омар досын аялап,
өзінің ниетін қосып қойды:

– Рақмет, досым! Сен жоқ болсаң, көңіліміздің қараңғы тү­

нектей түнеріп тұратыны рас-ау... Санамызды оятатын да сенің
сөздерің ғой!

– Жалғыз ағаш – үй болмайды, – деді Әсет лепірмей, байсалды

қалпынан жазбастан өзіне емірене қараған үлкен – кішіге басу,
кеңес айтқандай сабырлы түрмен. – Мен біреумін, көлеңкем
жалғыз.

– Ай мен күн де жалғыз, жарығы көпке ортақ, Әсетжан. Сен

де сондайсың...

– Алайда, менің саямды өрендерім молайтады, осыларға иек

артыңдар!..

– Иә, бұларға артатын үміт те зор, – деді Омар қырғидай

қылмыңдаған жігіттерді қолдап. Сөзінің соңын қайтадан Әсетке
бұрды. – Сонда да сенің орның бір бөлек! Асқар тауымызсың,
төбеңді көрген сайын көңіліміз өсіп, бір жасап қаламыз. Міне,
бүгін де жанымызға тағы бір мол азық беріп кеттің. Несін

жасырайық, сен жоқ кездерде ортамыз омырайып бос тұрады
ылғи да.

– О, жұртым, сендерсің ғой қайыспайтын қара діңгегім! Мен

әрқашан сендермен бірге емеспін бе!

– Ақын мен әнші елдің баласы. Олар жортпаса жабығады.

Тұсап ұстасаң арқандағы тұлпардай жүдейді, – деді ауыл қариясы
Оспан шал қол жайып. – Қапаста бұлбұл сайрамас дегендей,
сендерге ел аралап, жер кезіп шалқып жүру керек. Сонда әнің
де, жы­рың да қанатын кең жаяды. Берер батамыз: самғай бер,

шар­лай бер, қыраным! Қиырға кетіп барады екенсің, бағың
жансын! Бізді де ұзақ сарғайтпа, есіңнен шығарма мына тілеулес
жұртыңды!..

– Қадірлі Осаға, ниетіңізге құлдық! – деді Әсет шоқша бу­

ырыл сақалды, көзі жасаураған қара шалды еркелей құшақтап. –
«Ат айналып – қазығын табады». Менің қызығым – өздеріңсіңдер
ғой. Қатын-бала, үй-жайым да өз орталарыңда. Оларға менің
жоқтығымды білдіріп көрген емессіңдер! Соған разымын,

жұртым!..
Омар егіліп бара жатқан досының көңілін аулады. Ол дүр­бе­
лең­ді көрген жоқ. Үйін жұртқа тастап кетпеген елге жүрегіндегі
алғысын қалай ақтарарын білмей жүрген сықылды, жасымасын.

– Оу, сен елдің Әсеті емеспісің! Асылымызды ардақтай алма­сақ,

елдігіміз қайда!.. Жолың даңғыл, ел құшағы ашық, шарлай бер!..

– Көптен түзге шықпадым. Алыс елді де араламап едім, – деді

Әсет бір түрлі жабырқап. – Тордағы торғайдай торықтым. Аз
күн болса да, маңдайымды желге тосып, жотамды күнге күйдіріп
қайтайын. Жарым көңіл толар ма екен...

– Соның жөн, шырағым, – деді ауыл ағасы Оспан қария

қамыққан Әсеттің қабағына бағып. – Көктемде жер де түлейді.
Өлген тіріледі, өшкен жанады. Арманың алып ұшқан шығар,
бетіңнен жарылқасын!

– Рақмет, Осаға! Осы ниеттеріңіз ғой мені жебейтін!...

– Қане, енді аз да болса көз шырымын алайық, төсек салсын, –

деді Омар ырғала орнынан көтеріліп. Сықаса иін тірескен жұрт
сең бұзылғандай дүркірей ошарылысты.
Жастар тобы әп-сәтте киініп, босаға жақты босатты. Мәмет
айналшықтап тұр. Басындағы қызыл мақпал тысты, құйрық жа­

ғы жайпақтау, көкжелкесін тұтас жапқан шошақ төбелі, мұқыл
құлақты түлкі тұмағы албыраған қызыл шырайына жараса
үйлескен, өңін ажарландыра түскен. Ақсия күліп келіп, түрегеп
тұрған Әсетті айқара құшақтады:

– Аман барып, сау қайтыңыз Әсаға! Ақ жол тілеймін!

– Көп жаса, тентегім! Өзің де сілкініп, сергек жүр. Мына

жұртыңды зарықтырма. Өлең мен әннің лебімен тербет...

– Тыңдаушым қаласа, мен әзірмін әрқашан! Айтқаныңызды

орындаймын, Әсаға! Бүгінгі қиссаңызды көкейіме құйып та алдым.
Сіз қайтып келгенше жетеді. Өйткені ауыр-азаптың бәрі соның ба­
сынан өтіп жатыр ғой. Мұның аты «Жамсап» болсын. Өзім айтып
беремін. Мына Әріп қағазға түсіреді.

– Мейілдерің, – деді Әсет қарсылықсыз басын изеп. – Мен ойға

тоқығанымды алдарыңа жайып салдым. Ендігісін өздерің біліндер.
Иесі сендерсіңдер!..

– Салмай айтамыз, талайдың құлақ құрышын қандырамыз

әлі! – деді Мәмет уәде бергендей нығарлап.

...Ал қызыл шапағы жалпақ далаға жайылып күн шығып келеді.
Ерте тұрған Омар мен Әсет ауылдың сыртындағы шошақ төбенің
басына барған. Желдің лебі ызғарлы, бетті шымшылаған суықтау
табы бар. Әлден уақытта осылай келген Қадырихан мен Әріп шайға

шақырып жатқанын хабарлады.
Дастарқан үстінде әңгіме-сөз аз болды. Омар қам көңіл ақын­
ның, ал Әсет жүзі жүдеу досының белгісіз қиналыспен жабырқаған
ішкі түйсіктерін шайқамады. Бірін-бірі қинағысы келмеген түрі

бар, мұң шағыспады. Ондайға уақыт та жоқ еді.
Меймандар сыртқа шыққанда ұзын бел, төгілме жал жарау
қарагер мен сүліктей сыптығыр жирен ат ерттеулі дайын тұр
екен. Әсет бүлдіргесін білегіне ілген қамшысын сүйрете жыл­

жып, қарагерге тақады. Шылбырын ердің қасына іліп, жүгеннің
сағалдырлығынан ұстаған жігіт көлденең тартты. Әсет үзеңгіге
аяғын салғанда оң қолымен қолтығынан демеп мінгізді. Алдыңғы
қасы шошайған шоқбас құранды ердің үстіне жайғасқан Әсет

жағасыз сырма шекпенінің шалғайын жинап, етегімен тізесін орай
қымтады да, ұшын тақымына басып, ырғала нығызданып отырды.

– Ал, көріскенше күн жақсы болсын! – деді көпшілікке,

ойнақшыған қарагердің тізгінін қымти ұстап. Жерге сүйретілген
ұзын сеңсең ішік жамылып, киыла қарап тұрған Омарға бұрылды
да, үнсіз иек қақты. Омар да ақ ниетін жаудырды:

– Жолың болсын, досым!.. Амандықпен көрісейік!..

Арасан бұлағының етегін қыстаған, күн жылына осындағы
көктеуге көшіп қонып, төл аяқтандырып отырған елдің ішінен
аттанған Әсет шығысқа қарай көлденеңдей сұлаған Ортақсары
белінен сәске шамасында асты да, суыт жүріспен Сайрам

көлінің жағасына құлады. Боз адырлар мен қыр-қырқаның шөбі
қою, мақпалдай жайқалады. Оң қол жақтағы Қазан тауының
төбесі – дағы жоқ ақ қар, сірескен көк мұз. Күнге шағылысып, ақ
қаңылтырдай жарқырайды. Сол заңғардың бауырынан тараған

тарам-тарам сай-саланың төсі кермеге жайылған жібек орамалдай
шайқалады. Ұзын бел қарагер оқ жыланша сусып, тайпалған майда
аяңмен – аяғын екпіндей сілтейді. Ал Қадырихан мінген сүліктей
жіңішке жирен таяқ тастам артта келеді.

Жолаушылар ойға шомған. Бірте-бірте биікке өрлеген көктем
күнінің шуағы балқытқандай денелері балбырап, жылылыққа
манаурағандай. Аспан ашық. Тіпті, алты ай жаз бойы төбесінен
көкала бұлты арылмайтын Ақбайтал шоқысының басы да тап-таза,

шөкім бұлт жоқ. Аппақ қарының бетінде күн сәулесі дірілдей
құбылады. Қарсы алдыларынан көрінген көлкіген көлдің айдыны
шар айнадай жарқырап, ширатыла теңселеді.

Көл жақтан салқын самал есті. Күні бойы үнсіз келе жатқан
Әсет көне иен даланы дүрліктіріп, ышқынған ащы айқайға
басты. Аяғын ырғалта созып, ән әуеніне ұластырды. Ел ішіне
«Інжу-маржан» деген атпен таралып кеткен жастық жалынына,

ынтықтық, құштарлық сарынына толы кербез әнді сорғалатты-
ай балбыратып. Кеудесіне сыймай, көлки кернеген сағынышын,
өшпей жүрген өкінішінің өксігін ақтарғандай. Толғақты, арынды
әнді аспандата шырқап, алыстаса да адастырмай жүрген арма­

нын тасқындата сарқыратып, арқырата төкті. Көкейін сыздатқан
құсасы сыртқа шыққандай жеңілденіп, серпіле күрсінді де, бая­
улатып барып тоқтады. Жастық шағының, ұмытылмас жалынды
күндерінің лебі қайта бір желпіп өткен секілденді.

Қаншама уақыт бірге жүріп, мінез-құлқына қанықпын десе
де, аяулы ағасының осынау тосын қылығы Қадыриханды да
таңдантып, сасқалатқан. Селдір қара мұрты жыбырлап, қара көзі
бақырайып кеткен. Әлденеден секемденетін тәрізді.

Әсет көптен бері өзінің осы әнін мүлде аузына алмай кетіп
еді. Жастық шағымен бірге алыстап бара жатқан. Қызықты да
думанды дәурені өткен адамға сүйіспеншілікті, махаббатты ай­
тып, қанша өзеуресе де, ағаш діңіндегі қураған жапырақ секілді,

ешбір жараспайды. Әр әннің қасиетін ерекше бағалайтын Әсет
ондай өрескелдікке бара бермейтін. Иендегі мына желпінісі көл
жағасының таза ауасы, көкорай шалғыны, желпіген самалы,
даланың жұпар иісі жүрегін тебірентіп, көңілін еліктіргеннен

шығар. Еміренген толғаныспен салған әннің екінші қайырымынан
кейін әуеннің соңын құйқылжыта үйірді:
Інжу-маржан секілді-ай,
Ал көрінген көркіңді-ай!

Гүл майысып, нұр жайнап,
Бір көрінсең, еркем-ай!
Сейфұл-Мәлік, Жамалдай,
Бейнетіңе көнсем-ай!

Қозы-Көрпеш, Баяндай,
Бір молада өлсем-ай!
Сағындырған еркем-ай!..
Жібектей есіліп, күмістей сыңғырлаған тұнық әннің аяғын

сызылта тербелтіп барып тоқтаған ақын көкірегін қарс айырған
өксікпен тағы да күрсініп жіберді:

– Ай-хай, дүние-ай!.. – деп, ышқына тыныс алды. Оның

жүрегінде өшпес от, айықпас мұң, ауыр қасірет жатқанын

Қадырихан осы жолы бір-ақ білді. Қыбырлап жүргеніне мәз
екенбіз-ау... Әлі күнге ұмытылмағаны ма?.. Аузына алмаған
соң, ұқпаппыз-ау, ішінде жатыпты ғой тұнып. Соншама уақыт
қозданып, өшпей жатқан не қылған дерт бұл?.. Адамның созған

қолы жетпеген арманының бәрі кеудесіне шемен боп қатып қала
ма әлде?..
Әсет еш уақытта біреуге, тіпті ең жақынына, мұң шағып, арыз
айтып көрген кісі емес. Сыртқа шықпаған сырды қалай ұғарсың?

Тіке сұрасаң, мінезі шадыр, шырт сынып, шарт ашуланады да,
мүлде ауыз ашпай қоюы да ықтимал. Ал жанашырлық білдірсең,
одан бетер шамданады. Мүсіркегенді мүсәпірлік санайды,
мұқатқандыққа жориды. Сондықтан таңданған раймен:

– Сонша неге өксідіңіз, Әсаға? Бір жеріңіз ауыра ма? – деп,

жақаурата сұрады Қадырихан.

– Тәнім – сау, жаным – жара!.. – деді Әсет өзінен-өзі тебірене

толқып. О, ғажап, адам баласы демнің арасында түрлі-түрлі күйге
түсіп, құбыла береді екен-ау?..
Әсеттің өз аузынан бұған дейін мұндай ащы күйініш сары­
нын естімеген, ішкі қайғысының табын сезбеген Қадырихан

шындап абыржыды. Қалай жұбатып, қайтіп көңілін ауларын,
немен демерін білмей, өзінен-өзі дал болды. Ең қиыны қадірлі,
қимас адамыңның қасірет-шерін, өкініш-өксігін сезіп-білу екенін
Қадырихан осы жолы анық ұқты.

Қадыриханның өңіндегі белгісіз мұңмен күйгелектенген
делсалдықты, жанашырлық ниетін жеткізіп айтуға лайықты тіл
таба алмай қиналған мүсәпір халін Әсет те байқады. Ұсқыны
қашқан серігін аяды. Қайда жүрсек те, бізден мұң арылмады-ау

деп, өзі де іштей қиналды өкініп. Көл жағасына тақап барып,
тізгін тартты. Асықпай аттан түсті де, тығыз өскен көк шөптің
бетін сипап қояды.

– Осы арада біраз ат шалдырып, өзіміз бой жазып алайық,

– деді Әсет ұзын жал қарагердің ауыздығын алып. Көңілі қаяу

ағасының қалауына үнсіз көнген Қадырихан екі атты шідерледі
де, отқа жіберді. Аттар балауса шөпті күрт-күрт үзеді.
Шекпенін шешіп тастай салып, мұрты сынбаған жас шалғынға
аунай кеткен Әсеттің жүзі біраз жадыраса да, қабағының кірбіңі

тарқамады. Қадырихан болса, бұл құбылыстың жөн-жосығын
сұрап білудің қисын-қыбын таппай абдырады. Осы тұста Әсет
тағы бір тосын мінез көрсетті. Көзін алысқа қадап, мұңын
шаққандай, өзі ақтарылды егіліп.

– Өкінбеске шара бар ма, Қадырихан?.. «Дүние жалған, та­

усылмайды іштегі қайғы-арман» деген тұрлаусыз өксік осы ма?

Біздің басымыздағы ауыртпалықты немен, қалай өлшейміз?
Бақыт іздейміз деп жүріп, батпаққа батыппыз. Өз басым,
елдің көңілін аулаппын да, өзімді ойламаппын. Көкейімдегіні
жарыққа шығаруға талпынбаппын. Бәрін өз қалыбымен болып

тұратын табиғи құ­былыс санаппын. Осыны енді сезгендеймін.
Абай айтқандай: «қолымды мезгілінен кеш сермегенім» қалай
өкінтпейді? Бұл өкініш көп адамның басында бар сияқты.
Аңқаулығымыз ба, өренсіздігіміз бе?.. Сонда да ештен кеш

жақсы шығар. Жанды езген, ішке тұнған қасіретімді, өзегімді
өртеген күйігімді жария еткім келмеуші еді. Өзіме-өзім істедім
ғой, азабына да көнейін, тақсіретін өзім ғана үн шығармай
тартайын, ауыртпалығын мыңқ етпей көтерейін дедім. Солай

істеуге тиіспін ғой...

– Нені айтып тұрсыз, Әсаға? – деп сұрады Қадырихан тү­­

сінбегенсіп. Сипақтай еркелеп, көңіліндегіні анығырақ айт­қы­
зудың амалын іздеді. – Күйректікті қайдан тауып алғансыз?
Құрыштай берік едіңіз ғой. Соншама өксіп, өкінетіндей орны
толмайтын опықты ештеңе өткен жоқ сияқты еді...

– Мекен-жайынан айырылып, тозып жүргендердің, мұңы

ше?.. Олар ойын-сауығынан да айырылып қалған түрі бар. Ол
жаныңа батпай ма?

– Адам өткенін ғана аңсап өмір сүрмейді... Еңсесін көтеріп

келеді. Сол еліңіз аялайды, қарлығаштай қалықтаған әніңіз
байтақ даланы кезіп, тау-тасты шарлап жүр. Қағазға түспесе
де, өлеңдеріңіз бен қисса-дастандарыңызды күллі жұрт жатқа
айтады. Тағы не керек?!

– Ой, дүние-ай!.. Сен де шар тартқан екенсің-ау, Қадырихан.

Түсінбегенің бе шынымен? Айдыны шалқар теңіздей дала, іргесі
тұтас ел қайда? Соны неге ойламайсың? Мен дария емес пе едім,
арқырай ағып барып қосылатын?

– Біраз шалғайлау кеткеніміз рас. Бірақ бөгелмеңіз, ақтарыла

беріңіз, алқалай тосып аламыз!

– Бұл дүниеден таңданып, таңырқаумен ғана өтетін адамдар

көп. Ем қонбас қасірет жалғыз менің ғана емес, осы жұрттың
талайының басында бар. Мына сенің де тағдырың солай.

– Ой, Әсаға, сіз де айтасыз-ау... Менің елден ерек қандай

артықшылығым бар? Қатардағы адаммын. Мойнымды созып,
кіммен теңесе аламын? Әсетпен бе? Бұлай өкірештенгенім
есуастық болар еді. Өмір-бақи басынан қайғы-қасіреті
арылмаған пендемін. Жаным рақат көрді ме?.. Ал сіздің жөніңіз

бір басқа! Сіз ел арманының туысыз!

– Бәсеңде, Қадырихан, есіртпе! Жел сөзбен айдалада бірімізді

біріміз алдарқатпай-ақ қоялық.

– Алданыш емес, шыны да сол! Әсеттің әнін қалың қазақ асыл

арманының ұраны санайды! Біліп те, көріп те жүрмін.

– Сен де желігіп кеттің, Қадырихан!..

– Желігім емес, ішімдегі жегімді айттым, ол өз дертім. Оған

қоса Әсеттің артықшылығына елі тәнті. Соны айттым. Сіз неге
сонша қамығасыз?..

– Ұқтым, жаным Қадырихан, ұқтым, – деп, Әсет енді жанашыр

серігін жұбата бастады да, өзінің жан сырын асықпай ашуды ұй­
ғарды. – Сағыныш па, өкініш пе, білмеймін, соңғы жылдары кеу­
деме өксік ұялай бастады. Өзіміз туып, думандатып өскен сонау
сайранды көл, сауықшыл ел, дүбірлі жер, қызығы түгесілмес ба­

зардай байтақ Жетісу, одан былай Семей, мынау белдің арғы астын­
да жатқан Қапал мен Сарқант ойыма жиі оралады. Көретін күн туар
ма, шіркін!.. Шалғайға кеткеннен кейінгі тағдырым – мұхитпен
жүзіп кеп, аяқ астынан бау-бақшасы балбыраған, жеміс-жидегі

уылжып тұрған аралға тап болған кемешідей таңғажайып ел мен
жердің тағдырымен ұштасса екен деуші ем. Арманым адастыр­
ды. Қазір суға кеткен адамдай тал қармап қалдым. Бір бұтағына
тырнағым ғана ілініп тұр. Қашанға дейін шыдарым белгісіз...

– Сүрінгеннің бәрі құлай бермейді ғой, Әсаға? – деді ойға же­

телеп, жұбатудың қисынын іздеген Қадырихан. Көңілін ауламақ
ниетін жасырмай сездірді.

– Ой, дүние-ай!.. – деп, ышқына күрсініп жіберді Әсет қарсы

алдындағы қара көк айдынның мөлдір суына қадала қарап. –
Ал мен сүрініп едім, қалпақтай ұштым, тұмсығыммен жер сүзе
құладым... Жығылғанға күлер жайым жоқ...

– Құлап-ақ жүрміз ғой, бірақ құзға қарай домаламайық та!..

– Ой, дүние-ай!.. – деді Әсет тағы да теңселе қамығып, – «Өгіз

өрепкіп аттан озбайды» деген осы... Сонда да ешкімге сездірмеген
қайғымды басып, сергіп алу үшін ән қанатына мініп, желпініп
жүріп келемін. Мен іздеген өмірдің қызығы осы ма еді?..

– Сіздің өміріңіздің қызығы өлеңіңіз бен әніңізде...

– Иә... сол болса-ау... Соңғы жылдары ұзаққа самғамасам

да, ат үстінен түскен жоқпын. Тұрақтар баянды мекенжай да
табылмады.

– Ел іші – алтын бесік, тарлық етпес, тербеле беріңіз.

– Ел теңіз де, мен желкенді қайық сияқтымын. Жел айдап

қаңқалақтай қалқып жүрмін. Тұман басқан теңіз төрінде жүзіп
бара жатқан қайықтағылар көрмеген соң, суға кеткен адамға
одан не пайда?..

– Жоқ, сіз суға құлағандарды көрмей кеткен жоқсыз соларға

қол ұшын беру үшін малтып жүрсіз.

– Алданып қайтеміз, Қадырихан? Менің өмірім де суға құла­

ған кемеші тектес. Міне, күйініш емей немене бұл? Туған жер,
ата мекен алыс қалды. Аштықтан жортқан көк бөрі де жаны жай
тапқанда өз апанына барады. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз
еліңде ұлтан бол» деген де сөз бар ғой. Туған еліме не жақсылық

іетедім?.. Сонау Алтай мен мынау Жоңғар даласын, төбесі көк
тіреген Іле тауларын мекен еткен ел ішін араладым. Сонда
оларды неммен қуантып, қаншалық жарылқадым? Бәрі де сырт­
тай дақпыртыма елтіп, қиырдан көз сүзеді. Көкейлеріне құяр

шәрбатым қайсы? Бал дегенім – балшық боп, кермек татымай ма
осы? Оны да анық білмеймін. Сөйтіп, дүдәмал күдікпен сергелдең
ой кешіп жүрмін. Бұл өкініш емес пе?!
Бұл күні Әсеттің опықты күйінішін, кеудесіне сыймай тол­

ғантқан ойын, құмыға ширығып, түйнектей түйнеген дағдарысқа
ұшыраған көздерінің сырын Қадырихан өз аузынан естіді.
Сағынышы да, күйініші де елге ортақ екен.

– Ой, дүние-ай!.. – деп, еліге күрсініп жібергенін Қадыри­

ханның өзі де абайламай қалды. Әсеттің жүрегін торлаған мұңның
лебі тербеген сарынмен бұл да өксіді.

– Жә, тым жасып, омырылып кетпе! – деп, Әсет енді серігін

өзі жұбатты. Қадырихан оның жадырай бастағанына куанды.
Әсет орнынан түрегеліп құлшына керілді де, айналадағы та­
уларды шолды. Теріскейдегі жон-жотаның төсі қалың қарағай,
жап-жасыл шалғын. Көлдің шығыс шеті жалаңаш адыр. Осының

өзі өмірдегі қарама-қарсылықтың белгісі сықылды. Осы бір аядай
жердің бір шеті құлпырып тұр да, бір шеті құлазып, тобарсып
жатыр. Теңелмейтін кереғар дүниенің сырын кім түсінген?.. Осы
ойдан арылғысы келгендей кеудесін кере ауа жұтты да, жосылта

аңыратып, «Қоңыр қаз» әніне басты:
Қоңыр қаз, көл жағалай қаңқылдаған.
Тізіліп көлге қонып салқындаған.
Көңілді басылыңқы оятқандай, оу,

Әнге сал «Қоңыр қаздай» саңқылдаған.
Ахау, иісің,
Қоңыр қаз бен шаһибаз11
Айтқанмен таусылмайды-ай,

Көңілде наз!..
11 Шаһибаз – лашын, сұңқар.

Даусы ашық шықты. Мейілінше еркін көсілді. Кербез әуен
тұ­нық аспанға самғады. Тау жаңғырығып, көл шайқалды. Қа­
йырмасын төбеден бір-бірлеп тамған тамшыдай сорғытып, желілі
бунақпен шиырды. Майда толқыны ақ шабақтай жал­тылдаған

көл бетінен көз алмай тұр. Қаз-үйрегі жыртылып айы­рылатын
көлдерін, қоңыр қазы байпаңдай жайылып жүретін сары даласын
аңсағандай ақтарылды. Соны бір көруді армандап тұрғандай
елжіреді. Сағынышы бал боп тамды. Жан тебіренісін іркімеді:

Коңыр қаз, көл жағалай ұшқан өрлеп,
Салғандай түрлендіріп әннен өрнек.
Ән салсаң, «Қоңыр қаздың» әніне сал, оу,
Көтеріп көңіліңді көкке сермеп.

Ахау, исің.
Қоңыр қаз бен шаһибаз,
Айтқанмен таусылмайды-ай,
Көңілде наз!..

Манаураған жердің беті ұйқыдан оянғандай сыбыр-күбір
көбейді. Кірбің қабақтар жазылып, қату дидарлар жадырады.
Қадырихан да қиялға шомып, «шері шықты-ау, оңашаға сергіп
алғысы келген екен ғой» деп, тереңге ой жүгіртті.

Әсет осы күнге дейін өзінің елге бергенін азырқанып, бар
дүниесіне қанағат тұтпайтын сықылды. Халқымды сүйсіндіре ал­
май келемін-ау деп күйініп, сол үшін жабырқап, өкси өкінеді екен.
Елдің басындағы ауыртпалықты айта алмағанына қиналады-ау,

тегі. Бар ойы соған саяды... Шіркін, дүние-ай десеңші...

ҚҰЛЖАДАҒЫ КӨРІНІСТЕР

Түс ауа Талқы кезеңінен асқан қос салт атты екі қапталында
көкөрім жасыл қарағайы сыңсыған, ақ жал өзені сарқыраған терең
сайды құлдап келеді. Иір-қиыр, ойқы-шойқы тар жолдың үстінен
егіз ат, кейде үш-төрт атты тізбектей жеккен екі дөңгелекті арба­

лар ұшырасады. Үстіне жүкті үйіп тиеген. Салт аттылар бөгелген
жоқ. Жалпақ беткейді жапқан сым қарағайлар сыңси теңселеді.
Еш жерге аялдамады. Күн еңкейе Кеңсай аңғарының аузындағы
жазыққа ілінді. Тау сілемі сол арадан төмен қарай жаймаланып,

одан әрі жазық далаға айналады екен. Оң жақтағы адырлардың
үсті ойдым-ойдым егіс. Кей тақтасы сұйық жағылған жасыл
бояу секілді. Кей тұсы бұйра шалғындай жайқалады. Алыстан
қыстақтардың сорайған ұзын ағаштары қарауытады. Жазықтан

қазақ үйлері көрінбейді. Айналасына қызықтай көз жіберген Әсет
әлден уақытта Қадыриханға бұрылды.

– Енді қалай жүреміз?

– Анау сол қол жақтағы шолақ тұмсықты Кетпентөбе дейді.

Соның арғы асты – Шыбық шаншыған. Шет-Сарбұлақ аталады.
Ел әлі қозғала қоймаған шығар. Бүгін сол маңға ат шалдырайық.
Әлі де сілемі үзілмеген сайды құлдилап кеп, аузына шыққан
соң, сол жақтағы Кетпентөбеге қарай ойысты. Жотаға шыға кел­

генде төбенің арғы астындағы кең жазық көлбеп жатты. Арғы
шеті белес-белес қоңыр жон. Соның етегін жуып үлкен су ағады
екен. Кеңсайдың шығыс қанатындағы тау жоталары тізбектеле
жалғасып, бір қиырға созылады. Адырлардың ара-арасында шо­

ғыр-шоғыр боз үйлер. Қадырихан атының басын солай бағыттады.

– Әзірше жолшыбай көп бөгелмейік, – деп ескертті Әсет сауық

құмар серігіне. – Қонған ауылымызға жолаушы боп түсейік.
Қадырихан әзілдей күлді:

– Әндете жүріп жетпейміз бе Құлжаға?

– Ән салсақ, аялдауымыз ұзаққа созылады.

– Несі бар, бізді біреу қуып келе ме?

– Қазір – жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілгелі тұрған кезі.

Ел қыстың қысымынан әлі жадырай қойған жоқ. Сәнің кіре қоймас.
Сондықтан алдымен Құлжаға жетейік. Сипат-сиқын қызықтайық.
Сондағы жұртпен дидарласып, танысқан соң, қырға шығармыз.

– Құлжа өзіңіз көрген Алматыға ұқсамайды.

– Әр жердің өзіне тән келбеті болады. Көрмегеніңді көрудің

өзі ғанибет. Оған дейін ел жайлауға көшіп болып, көңілдері тын­
шысын.
Әсеттің алдына шығып көрмеген Қадырихан ырқына үнсіз
көнді. Аздан кейін жебей сөйледі.

– Мейлі ендеше, Құлжаға дейін тынығып барыңыз. Не бір

саңлақтарға кезігесіз, ащы теріңізді сонда төгерсіз.

– Қаладан бізге серік болар ақын, әнші табыла қоймас, өз

күшімізге сенеміз де.

– Табылады. Жетісудың Дәшет деген бір перісі бар. Аузын

ашса – жыры суша сорғалайды.
Бұл өңірді Қадырихан бір-екі дүркін шарлап үлгерген. Жер
жағдайын да, қалада кімнің бар, кімнің жоғын да әжептәуір
біледі. Серігінің сөзі Әсеттің көңілін жадыратты. Жетісудың атын

естігенде жүрегі тулап, денесі шымырлады. Кеудесін сағыныштың
ыстық лебі кернеді. Сол жерден қанат қаққан жас түлектің төрдегі
Құлжаның аспанында шарықтай самғағанына сүйсінді. Алатау
қырандарының өзін қастерлеп, төбелеріне көтеретініне сенді.

Кетпентөбенің арғы астындағы жазықтың жырым-жырасына
екіден-үштен үй қонған. Шет-Сарбұлақ жазығында төлдерінің
еркін аяқтануын күткен түрлері бар. Қос салт атты Кетпентөбеден
асып түсті де, Сарыбұлақ суын иектеген жайпақ өзектегі ауылдың

иттерін абалатып, шеткі үлкен боз үйге бұрылды. Иттен сескенген
аттар жан-жағына жалт-жұлт қарап, аяқтарын нығай басып көп
тоқтады.
Ауыл маңы ызы-шу. Бала-шаға, еркек-әйел жабыла қозы теліп

жүр. Есік алдында сеңсең ішік жамылған, басына жайылма етек
елтірі тымақ киген, ұзын ақ сақалы омырауын жапқан қария тұр.
Жолаушылар ізетпен сәлем берді.

– У, шырақтарым, түсіңдер, – деді қария барлай қарап. – Бай­

қаймын, түрлерің алыстан келе жатқанға ұқсайды, жол болсын?

– Арасанның бергі жағындағы Ортақсарының етегінен шығып

ек, – деді Қадырихан жөндерін айтып. – Құлжаға бара жатырмыз.

– Түу, жүрістерің суыт қой тым. Ортақсарыдан бүгін шық­

тыңдар ма?

– Иә, мана таңертең шай ішіп, Сорбұлақтан атқа қонғамыз.

– Аттарың жарау көрінеді, ертең түс қайта Құлжаға да же­

тесіңдер. Құдайы қонақ – құт. Бүгін осында ат тынықтырыңдар.
Бұл ауылды ел Оразбай ауылы дейді. Сол Оразбайың – менмін.
Мал қыстатып, аң аулап, сендердің Ортақсарыларыңның жы­
ра-жымын талай аралағанмын... Жарықтықтың қарақұйрығы

жыртылып айырылатын-ды. Күн шығысындағы Шөладыр
жазығының бетінде қыста да қары жатпайды. Не деген жайлы
жер десеңші. Күні адайдай еріп тұратын... Аттарыңды байлап,
айылдарын босатып қойыңдар. Дәм айдаған қонақтың бұйырған

дәмін татқаны сауап болады...
Сөйлесуге адам таппай, әбден жалғызсыраған кісі-ау шамасы
деп топшылады Әсет. Өткен-кеткенін құштарлана еске түсіруіне
қарағанда, жасында едәуір серілік құрған түрі бар. Одан бетер

қыздыра түспек оймен:

– Ол жаққа бармағаныңызға көп болды ма? – деп сұрады өзі

де қызыққандай.

– Жасым жетпіс беске келді, шырағым, – деді қария қоңыр

даусын бір қалыптан өзгертпей. – Соның қырық жылының
қысын сол маңда өткіздім.

– Тәуір-ақ сайрандаған екенсіз-ау, аға, – деп күлді Қадырихан

таңданыспен.

– Қай бір сайран дейсің оны, шырағым. Малдың өрісін қуалай

барған түріміз да. Ол кезде жер кең, өріс мол еді. Қазіргідей шөп

те шаппай, иен далаға жайып жүре беретінбіз, бұл күнде шөпті
уыстап малдың аузына ұстаймыз. Қораға қамай-қамай үйкүшік
қып жібердік әбден. Содан ба, суыққа төзбейді. Маңдайына жел
тисе, бүрісіп тұрады да, қылжия кетеді... Оу, сендерді сыртта

көп ұстап қалыппын-ау. Көз байланып барады, үйге кіріңдер!..
Жолаушылар қарияның соңынан ерді. Малдың шұрқыраған
шуылы да саябырлап барып тынды. Қой-қозы табысып болған
сияқты. Үй ішіне шам жағылыпты. Үй ортасындағы от орнының

үстіне қойылған үш сирақты ошаққа қазан асылған. Көк сәтен
көйлегі шұбатылған ұзын бойлы ашаң кемпір түрегелді де,
ығыса шеттеп, сәлем беріп кірген кісілерге жол босатты. Әсет
пен Қадырихан жүк алдына салынған көрпенің үстіне барып

жайғасты. Төрдегі жүкаяққа көлденеңінен тізілген теңдерді ба­
стыра көрпе-жастық жиналған. Үйдің жасауы сәнді, көші-қонға
әзірліктері де сезіліп тұр.

– Осы арадан жайлауға бір-ақ көшесіздер ме? – деп сөз

қозғады Әсет сәл үнсіздікті бұзып.

– Жылжи-жылжи барамыз. Алдағы аптаның аяғына таман

Көпірлі суының басындағы орта жайлауға шығамыз.

– Үлкен жайлауларыңыз қашық па?

– Орта жайлаудан әрі бір көштік жер, Айқайжалдан ассақ,

арғы бетіндегі текше.

– Пәлендей алыс та емес екен...

Көрмеген жердің ой-шұңқыры көп. Әсет көші-қон ыңғайына
қарай мөлшермен айтқаны болмаса, әрі қарай тәптіштемеді...
Сәлем беріп толықша ақ сұр жігіт кіріп, от басының оң жағына
жайғасты.

– Малды табыстырып болдыңдар ма? – деді қария жігітке.

Оның жауабын тоспастан меймандарға өзі таныстырды. – Бұл
менің Дәулетбақ деген кенжем.

– Үлкен үйдің иесі деңіз, бақытты болсын! – деп Әсет қа­

рияның меселін өсірді.
Талдырмаш келіншек иіліп сәлем жасады. Үн-түнсіз жүріп,
жез леген мен мыс құманды әкеліп жігітке тақау қойды да,
боса­ға жақтағы керегенің басынан сүлгі алып берді.

Кемпір қазанды сабы ұзын ағаш ожаумен құлаштай сапырып
отырған. Қақпағын қиғаштай жауып, бір шетін ашық қалдырды
да, ожауды үстіне қоя салды. Жігіт түрегеліп, қонақтардың
қолына су құйды.

Ұзақ ішілген шайдан кейін де әңгіме бірталайға созылды. Ораз­
бай қария аңшылық, жүйрік ат, қыран бүркіт жайында көсіле, есіле
сөйледі. Ел жата ас келді.

– Мал арық, көңіл семіз, меймандар, – деді қария жағдай ай­

тып, – Барымен базармыз әзірше. Осыған разы болыңдар, мал соя
алмадық.

– Пейіліңізге рақмет, қария! – деп, Әсет ықыласын білдірді.

Қойдың қою айраны қатылған ақ сорпа ішіліп біткенше түн ор­
тасы да жақындады. Оразбай қарияның өзі бастап сыртқа шыққан
соң, Қадырихан екі аттың ер-тоқымын алып, үйдің іргесіне жинап
қойды да, аттарды шідерлеп отқа жіберді. Әлден уақытта Оразбай

қария мәнерлеп:

– Ал жігіттер, бір келіншек ұзақ отырған қонақтарға: «Жат деген

атамыздың аты, тырай қонақ, тырай» деген екен, – деп біраз күліп
алды. – Енді жататын да мезгіл жетті білем. Балалар төсек салып
қойған шығар, үйге кіріңдер!
Келесі таңда елден бұрын Әсет оянды. Сыбдырсыз киінді де,

далаға шығып, сарылы төңіректі жаңғыртқан Сарыбұлақ суының
бойына барды. Ақ көбік атқан көк қасқа өзеннің суы мөп-мөлдір.
Түбіндегі тастарына дейін көрінеді. Сырт киімін шешіп тастап,
асықпай жуынып-шайынды. Күн шыққанша су бойындағы

дөңгелек жасыл алқапты аралап жүрді. Қайтып оралса, аттары
ерттеулі әзір тұр. Оразбай мен Қадырихан есік алдындағы жуан
дөңбектің үстінде қатар отыр. Әсетті көрген соң қария өкінішін
айтты:

– Алжығаннан ақыл сұрама дегендей, сегіз ұлым сегіз үй боп

отау тіксе де, сендердің аты-жөндеріңді ұғып қалуды ойламаппын.
Ақыл жастан шығады... Ат әкелуге бара жатып Дәулетбақ жөн
сұрапты да, мына Қадыриханнан жай-жапсарыңды біліп алып­
ты, Әсетжан. Ұятқа қалған жайым бар. Жетілген мал жоқ. Бір

малдың басына бата қылатын-ақ азамат екенсің. Бүгін де еруле.
Қасымыздағы Сүйдіннің базарынан мал алдырайын.

– Ореке, аманшылық болса, сізді жайлауыңызға өзім іздеп

барамын. Ықыласыңызға разымыз!

– Кел, шырағым, құшағымыз ашық. Төбемізге көтереміз...

– Барамыз, Ореке, барамыз!..

– Көндім онда, жайлаудан тосамын...

Әсеттер Оразбай ауылынан сәске әлетінде аттанды. Сарыбұлақ
суынан өтті де, қарсы беттегі дөңді өрлеп барып, Рахаттың
Қарасуына қарай асты. Ұзын сайды құлдап біраз жүрді. Одан әрі
сол жақтағы Түйемойнақ кезеңін басып, Тамшыбұлақтың басына

жеткенде сәл аялдады. Онан кейін Әтікей шоқысының жалпақ
баурайындағы қасқа жолды өрлеп, Хангүл көмір кеніне апаратын
жолға түсті. Оң жақтағы найзадай шаншылған шошақ шоқының
төбесінен оқтын-оқтын көк түтін будақтайды.

– Анау шоқы өртеніп жатыр ма? – деп сұрады Әсет қадала қарап.

Қадырихан бұл жер жайында естігенін айтты.

– Шоқының ұшар басында жер астынан жалын атқылап, бу

шашып тұратын отты кеуек бар көрінеді. Анда-санда бұрқыраған
түтін де атқылайды екен.

– Жанартау болды ғой онда?

– Е-е, кім білсін. Арғы астындағы жазықта бір кезде осы

Іле өңірінің орталығы атанған Күре қалашығы бар. Айналасы
биік дуалмен қоршалған қорған. Жоңғарларды талқандағаннан
кейін қытай әскерлері салыпты. Одан бергі заманда қазақтың
Әтікей және Нұржекей деген екі батыры мына шоқының басын

мекендепті. Манжу әскерлерін төбесінен бақылап отырады екен
де, қорғаннан шықса, тұра шауып, адым аттаттырмай қойыпты.
Амалы құрыған Іле жаңжұңы ақырында бұлардың соңына
қазақтың өз ішіндегі құлқын құмарларды салыпты. Ат-шапан,

жалған атақ беріп, ізін аңдытыпты. Бір күні екі батырдың Қорғас
маңындағы оңаша ауылда қамсыз жатқан жерінен хабар алады.
Білдірмей барып, бас салып ұстайды да, Күреге әкеліп кескілеп
өлтіреді. Іле халқы шоқыны күні бүгінге дейін Әтікей шоқысы

деп атайды. Менің елден естігенім осы. Әсет үндемеді. Ала
көзі қанталай шатынап, алысқа қадалды да, іштей толғанды.
Қашан болса да, ел өзінің ішінен шыққан шұбар жыландарынан
қасірет шегеді. Ерлері қазаға ұшырайды. Өзінің жері мен елін

қорғаған адам сол сатқындардың қолы жеткен шенінің құрбаны
боп, жау қолынан өледі. Басқыншы мен ұрының айырмасы не?
Біреуі күшпен елді тонап, жерді тартып алады. Ұры көрсетпей
жымқырады. Зорлықшылдар есіктен кіріп, төр менікі деп, өз

үйіңнен өзіңді қуып шығады. Сол қорлыққа төзбей қарсыласқан
ерлерді қалай ғана ұмытарсың!.. Ал зорлықшылдардың әлгі итар­
шыларына қарғысымыз өтпей-ақ келеді. Тілегіміз қабыл болмай-
ақ қойды-ау... Сол батырларды жауы қорлап, өзінің халқына қас

деп жариялайды да, басын кеседі. Күш те жауыздыққа қызмет
ете ме? О, тоба, аңқау елді арамзалардың алдауы да оп-оңай
екен-ау... Қаншама боздақтардың қаны босқа төгілді десеңші!..
Жаулап алған басқыншы бағынышты халыққа қандай жақсылық

жасамақ? Өзінің қолын өзі кескен сорлы қазақ-ай...

– Маңдайымыздың соры арылмаған халықпыз ғой, – деп

күрсінді Әсет әлден уақытта. Қадырихан өз күйлеріне мұңайды.

– Азып-тозып жүргеніміз де соның кесірі болар... Одан әрі екеуі

де үнсіз ілбіді. Әтікей шоқысының Хангүл көмір кеніне қараған
бетінен төмен еңістегенде, Әсет ойдағы ұзындау тапал дөңнің
үстіндегі ығы-жығы төбешіктерді көріп:

– Анау не? – деп сұрады аңырып Қадыриханнан.

– Сол жердің астынан көмір қазылады. Жүріңіз, мәнтісіне бір

тойып алып, әрі кетейік.

– Болсын, оны да көрелік.

Жалғыз аяқ соқпақпен төтелей құлдилаған аттылар мыжырай­
ған аласа үйлердің өкпе тұсынан түсті. Ретсіз, көшесіз салынған
үйлер шашылған тарыдай быт-шыт. Ары-бері өткен адамдардың
бет-ауызы қап-қара күйе. Қара тышқанның көзіндей қос жанар­

лары ғана жылтырайды. Есік-терезелері алаң-ашық, төбесін ыс
басқан бір үйшіктің алдына тоқтаған Қадырихан:

– Осы арадан манты жейік, – деп аттан түсті. Әсет те бір

тіреуге атын байлап, соңынан ілесті. Тар бөлменің іші қара
көлеңке. Іргеге тақап орнатқан тақтай үстелдің үсті баттасқан
кір. Майға жабысқан топырақ сірнелене қатқан.

– Қандай тамақ жейсіздер? – деп жалаң төс, бет-аузын шаң

басқан қара жігіт қастарына келді. Оған қарап жатқан Қадырихан
жоқ, өз талабын айтты:

– Манты әкеліңіз.

– Қаншауын?

– Бесеуі баста да шүкір, – деді Әсет жеркенгенін жасырып.

– Он манты беріңіз!..

Жігіт буы бұрқырап, сақырлай қайнап тұрған қазанның
қасына барды да, қақпағын ашты. Саудасына басқа жұртты да
қызықтырғысы келгендей жайпақ ағаш табаққа:

– Бір манты, екі манты... – деп өңешін соза айқайлап сала

бастады. Онға дейін толық санаған жоқ. Бестен кейін сөзін кілт
өзгертті. – Буға піскен манты. Майы шылқып тұр. Жеген де ар­
манда, жемеген де арманда. Құры қалмаңдар!..
Таңырқай құлақ тосқан Әсет мырс етіп күліп жіберді:

– Мынауың тамағын да әндетіп, мадақтап сатады екен...

– Қалай да бұлдап өткізудің амалы да... Айқай-шудың көкесін

Құлжадан естисіз әлі.
Тамақтанып алған соң, арғы сайға түсті. Топырағы қопсыған
арба жолды жағалай жүріп, жазыққа шықты да, солға бұрылды.
Күн шығысты бетке алып, тіке тартты. Әлден уақытта су орған

терең жарға салынған көпірден етіп, Баяндай қыстағына кірді.
Жолдың сол жағы – қалың бейіт. Оң жағы – тұтас ұзын дуал.
Әр жерден қақпа көрінеді. Кей қақпаның маңы қалың қара ағаш.
Қыстақтың арғы шеті көлденеңдей аққан суға тіреледі. Сол жағы –

тақыр дө­ңес. Оң жағы – көкпеңбек егіс. Қарсы бетте биіктігі бес-
алты метрдей балшық қорған көрінеді. Қақпасы жолға қараған.
Қорғанның күн шығыс шеті жалпақ саз.

Қаланың шетіне ілікті. Қарсы алдыларынан үш қақпа кездесті.
Екі шеткісі тарлау, ортаңғысы кең.

– Анау не, күзетші тұра ма? – деп сұрады Әсет таңырқап.

– Бұрын күзетші тұрған ба, кім білсін. Қазір ештеңе жоқ.

Қаланың сәні сияқты әншейін.

– Сән үшін ғана жасалмаған болар.

– Естуімше, бір кезде осы қақпадан мал айдап, жүк артып

өткендерден бажы алған екен...

– Е, бәсе, сондай бірдеңесі бар шығар... Ал бүгін қайда түсеміз?

– Дәшет ақынның үйіне барайық.

Үш қақпадан әрі өткен соң, жіңішкелеу шұңғыл сайдағы
көпірге жетті. Көше оңға қарай қиыстай иілген. Шаңы
будақтайды. Сол жақта жалпақ сұр қақпа тұр. Екі босағасында
аузын ырситып, тісін ақситып, тастан қашаған екі арыстан

биіктеу тұғырдың үстінде шоқиып отыр. Қақпаның екі шетінде
сұрғылт қиімді екі шерік күзетте тұр. Кіріп-шығып жатқан адам
жоқ. Әсет солай мойын бұрып қарады да:

– Бұл жерде не бар? – деп сұрады Қадыриханнан.

– Сылың бу12 дейді екен. Осы елді билейтін әкімі тұратын

көрінеді. Шамасы, біздің генерал-губернатор дейтінімізге тұспал
келетін тәрізді.
Әсет үндемеді. Әрі өткен соң көше оңға таман әжептәуір
доғалана иіліп барып, оңтүстікке тура созылды. Екі жиегі

балшықтан соғылған биік дуал. Келесі үлкен көшенің қиы­
лысындағы Байтолла медресесінің мұнарасынан мәзіннің ақшам
намазына шақырған азаны естіледі. Осы тұста дүкен көп, ығы-
жығы халық. Көшенің шаңы қаптаған ақ тұмандай.

Келесі көшенің қиылысындағы көлденеңдей аққан үлкен қара
суға жеткеннен кейін Қадырихан аттының басын оңға бұрып,
арықты жағалай аяңдады. Судың бойы, көше жиегі қаз-қатар
ағаш. Жүргіншілер аз. Шеттеген сайын үйлер сирей берді. Кейбір

ауланың сыртқы соқпасы мұжылып, аласарып кеткен. Сондай
аласа дуалды, қақпаның орнына орнатылған қашаның алдына
тоқтады. Ауланың екі қапталынан жеке-жеке салынған екі-үш үй
көрінеді. Қадырихан аттан түсіп, қашаның көлденең қойылған

сырықтарының бір басын діңгектердің тесігінен шығарды. Сол
жерден атын жетелеп ішке кірді. Әсет тебініп еді, аты қисайып
жатқан шанжадан секіріп өтті. Сол жақ қапталдағы үйге жап­
12 Сылың бу – губернатор мекемесі.

сарластыра ашық қора салыныпты. Төбесін қамыспен жапқан,
Қадырихан екі атты сол қораның астына апарып байлады.
Ашық тұрған есіктен кеудесі кеңдеу қызыл шыт көйлек киген
тобылғы торы келіншек басын қылт еткізді де, қайта бұқты. Аз­

дан кейін орта бойлы, толықша ақ сары жігіт шықты. Ұйқыдан
оянғандікі ме, көзінің еті домбығыңқы. Үстінде ақ жейде, ақ
дамбал. Қонақтарға қарады да, елпелектей ұшты.

– Салаумәликім, Қадаға!.. – деп, жетіп келіп, Қадыриханды

қапсыра құшақтай алды.

– Амансың ба, Дөкеш?.. – деп, Қадырихан арқасынан еркелете

қағып, қасындағы кісіге бұрылды. – Мына кісі өзіңнің сыртынан
шөлдеп жүрген Әсет ағаң!

– О, тәубе, атына аруақтай табынған ағамызды көзбен көретін

де күн туады екен-ау... – деп, екі беті албыраған күйі Әсетке
тақады. – Келіңізші, ағатай, төсіңізге төсімді тигізіп, құмардан
бір шығайын!..
Әсет құшағын ашты да, балаша арсалаңдаған Дәшетпен үш

рет төс қағыстырып көрісті.

– Көп жаса, бауырым, – деді Әсет құшағын жазған соң. –

Көрмесем де, атыңа қанықпын...

– Жабығып жүргенде жайсаңдарымның келе қалғаны қандай

жақсы болды. Басымды шалған мұңымды төңкеріп тастады-ау!
Қане, Әсаға, үйге жүріңіз. Құтты қадамыңыз табалдырығымнан
аттасын, абыройым артар...
Жалт-жұлт еткен жез самауырынды көтеріп шыққан келіншек:

– Есенсіздер ме? – деп иіле амандасты да, шай қамына кірісті...

Өткен жазда Қадырихан осы үйде бір ай жатып, Әсеттің әнін,
өлеңдерін көп айтқан.
Дәшет қораға қарай бұрылып, қанжығадағы бөктерілген киім-
кешекті шешіп алып келді.

– Үйге кіріңіз, Әсаға...

Киімдерін шешін жеңілденген жолаушылар сыртқа қайта
шығып, суық сумен жуынды. Денелерін сергітіп алған соң
еркін көсіліп отырысты. Жұпыны екі ауызды үй мұнтаздай
таза. Текеметтің үстіне қызыл ала құрақ көрпе салынған. Қоңыр

салқын.

– Қырғызбай мен Саймасайдың үй-іші аман ба? – деп,

Қадырихан өзі білетін кіселердің жай-күйін сұрады.

– Бәрі аман. Өзіңіз көргендей, баяғы мал базарын айналшықтап

жүр...

– Сондағы істейтін кәсібі не? – деп сұрады Әсет қызықтап.

– Бұл дүниеде қисыны қабыспайтын іс болмайды екен ғой, Әсаға, – деді Дәшет басын шайқап. – Мал сататын базарда «бе­ дек» деген кәсіп бар. Қырдан келген қазақтар малын өзі саудалай алмайды, базар нарқын білмейді. Сондықтан шұбыртқан малын әлгі бедектерге өткізеді. Олар саудалап сатып береді де, ақысын алады. Тілді, сөзді, алпың-жылпың пысық жігіттердің көбі соны кәсіп қып жүр. – Ашық ауыз аңқауларды алдап соғатын қулардан арашалауға септері тие ме? – Обалы қане, малды бағасымен сатады, ақысын жібермейді. – Өзі саудаласа алмайтын қазаққа сондай қолқабыс керек қой. – Оның да ептілер істей алады... Жігіттер мені де салып көріп еді, оңдырмадым. Біреумен салғыласып тұрудың өзі ұят екен. Аш­ тан өлмейін деп, бейнемге егін егіп, жинап аламын да, монтиып жүре беремін. Тау-таудың етегіне егілген астық бейнем аталады. Суарылмайды. Арасына арам шөп те көп шықпайды. Көктемде тұқымын сеуіп тастап, күзде орып, жинап аламыз. Ойдағы жердің бәрі суармалы. Түгел иесі бар. Оған кимелеп кіретін жігі жоқ. Әсет жол бойы қыр-қыраттағы егілген астықты көрген. Жота жонның бәрі астық. Бейнемі сол болды ғой. Парсы тілі қайдан сіңіп жүр? Бұл дымқылсыз, сусыз деген мағына береді. Демек, сусыз жерге егілген астық дегені ғой. Адамның рыздығы да әр қилы-ау... Бұл күні Айша қонақтарды ащы-тұщысы мол дәмді лағ­манмен, маңызды мантымен сыйлады. – Бағанағың қанша айқайлап, мадақтаса да мантыны келіндей келістіріп жасай алмайды екен, – деді Әсет бірдеңе есіне түекендей мырс етіп. Сол аспаз үшін Қадырихан ақталды: – Ол сату үшін жасағаны емес пе? – Сатылатын зат сапасыз болуға тиіс пе екен? – Кім білсін, қолынан келгені де сол шығар... – Мен сол қолдан келетінді айтамын. – Әсаға, таңертең мал базарына барып, ту қой әкеліп соямын, – деді Дәшет қонағының көңілін аулап. – Бүгін осы жеңіл тағаммен тынығыңыздар. – Мына тамақ қойыңның етінен кем емес. – Алыстан ат арытып Әсет ағамыз келгенде бір қой сойып, Құлжаны думандатпай не көрініпті сонша! – деп желпінді қолы ашық, жомарт жігіт. Ән салынбады, өлең айтылмады. Ұзақ жолдан келген кі­сілерге Дәшет тыныштық тіледі. Келесі күні Дәшет пен Қадырихан жеңіл киіндіріп Әсетті мал базарына ертіп апарды. Ұзынға созылған биік қорған дуа­лының

қарсы алдындағы алаң құж-құж қайнаған халық. Иық­тарына
тігілген дайын киімдерді іліп алған, қолдарына бәкі-пышақ ұстаған
адамдар, жалпақ тақтайдың бетіне ине-жіп, айна тарағын жайып,
төрт бұрышынан байлаған жіпті мойнына асып алған бақалшылар

сеңдей соғылысады. Алушыдан сатушы көп сияқты. Алаңның бір
шетіне жылқы-сиыр қаз-қатар тізілген, қой қосақталған. Арба-арба
шөп, өгіз бен атқа артқан қурай. Зат­тарын мадақтап айқайлаған
сатушылардың даусы жамыраған қозы сықылды, ызу-шу...

Қаптаған қайыршы. Қолдарын жа­йып, садақа тілейді. Мал база­
рына келгенде қосақталған қой­лар­дың қасында тұрған ұзын бойлы
қызыл шырайлы жігіт Қа­дыриханмен құшақтаса кетті. Дәшет алгі
жігітке шұқшия қарады.

– Әй, Қырғызбай, маған бір ту қой таңдап бер. Әсет ағам келіп

қалған екен, той жасаймын!

– Салау-маликүм! – деді Қырғызбай, бейтаныс кісінің Әсет

екенін енді біліп. – Көксеп жүрген ағамызды көруге нәсіп еткен
Құдайға рақмет!.. Бұл бәрімізге ортақ той. Қойды қайтесің, тай
соямыз!
Базарды басына көтеріп, айқайлады.

– Әй, Саймасай, бері келші!..

Ұзын ағаш кермеге байланған жылқы жақтан қою мұртты шой
қара сытылып шығып, Қадыриханды көрді де, жебей басып жетті.

– Оу, Қадаға, мал-бас аман ба? – деп құшақтап көрісті.

Қырғызбай мұртты қараны иығынан тартып, Әсет жаққа мой­
нын бұрғызды.

– Алдымен былай қара. Мына кісі Жетісудың жарық жұлдызы

Әсет ағамыз, сәлемдес!

– Келіңізші, ағатай, мейірім қанғанша иіскейін! – деп, құшағын

жая ұмтылды. Екеуінің білегі айқасты. Саймасай аңқылдай
ақтарылды. – Аспанымыз кеңитін болды, Әсаға! Шулы қаладан
сұңқылдаған дауысты естігенде арқыраған даланың әнін аңсап,
жүрегім қақ айырылушы еді. Хош келдіңіз! Біз де сән-салтанаты

бар ел екенімізді танытайықшы бір!..

– Әй, сен тыңдашы, – деді Қырғызбай қақпайлап. – Мына

Дәшеттің қылығына менің бетім күйіп тұр. Қой соймақ. Жетісудың
ақ иығы Әсет ағамыз келгенде аянатын не бар... Осында аш-
жалаңаш қашып келгенде де өлгеміз жоқ. Жарлының бір тойғаны –
шала байығаны. Өзіміз тапқан малдың қызығын өзіміз көрелік. Бір

тайды таңдап алып кел!..

– Сен жөн біледі екенсің-ау, жуан басым, – деп қарқ – қарқ

күлді Саймасай ұзын сирақты арқадан қағып. Жігіттердің әзілі

біріне-бірі еркелегендей жарасып тұр. Жайраңдаған осы түрлері арқылы көңілдерінің кірін шайып жүрген сықылды. Жылқы жаққа кеткен Саймасай әлден уақытта бүйректей жұп-жұмыр буырыл қасқа тайды жұлқынта жетелеп қайта оралды. Әсет мырс-мырс күлді. Базардағы саудаға қолданатын ақпа сөзді әзілдеріне араластырып алған. – Малды да осылай мадақтап сатасыңдар ма? – Әсаға, біздікі желікпенің делебесін қоздыратын жел сөз ғой, – деп, Қырғызбай тайдың жібін Дәшетке ұстатты. – Әсағаңның батасын ал да, жәукемдей бер. Түс қайта қызкеліншек, жігіт-желеңді жинап біз де барамыз. Дәшеттің үйі онша қашық емес еді. Аулаға кірген соң тайды қораның бір тіреуіне байлады да, Дәшет пен Қадырихан үйге кіріп, киімдерін шешті. Жеңдерін сыбана сайланып қайта шықты. Көлденең тартылған буырыл қасқа тайға Әсет бата жасады... Тайдың терісі сылынып боп, іші жарылған мезетте талдырмаш келіншекті ілестіріп, етжеңді, толықша қара торы әйел аулаға кірді. Есік алдындағы көлеңкеде отырған Әсетке екеуі де иіліп сәлем жасады. Ақын алғыс айтты. – Көп жасаңдар, қарақтарым!.. Ибалы келіншектердің ізеті Әсеттің жүрегіне қуаныш се­ беледі. Өзін қадірлеген ортаның қошаметі жанын жадыратты. Елімнің ер көңіл азаматтарының арқасында шалқып келемін. Тосырқайтын адам жоқ. Ата мекенінен айырылып, азып-тозып жүргендеріне қарамастан ауыздарынан жырып, тай сойғаны мынау. Қой десең, көңілдеріне дақ түседі. Қазақтың салты. Үш жігіттің жомарттығы – қонағын Құдайдай сыйлайтын елдің салты. Жегеніме емес, жебегендеріне разымын!.. Арқам кеңіп, алдым ашылып қалмады ма!.. Түс қайта Қырғызбай мен Саймасай текеметке оралған екі кілем өңгере келді. Екі келіншек барып түсіріп алды да, үйге кіргізіп, еденге түгел жайып салды. Он жеті – он сегіз жас шамасындағы уыздай ұяң жігітті Саймасай аттан сүйемелдеп түсірді де, атарды өзі апарып қораның астына байлады. Қайта оралып кеп, домбыра ұстаған аққұба бозбаланы жетелеп келді. – Әсағаңа сәлем бер, Әбіш, – деді еркелетіп. Екі көзін ақ шел басқан бозбала именшектене сәлем берді. Әсет іштей аяп, жүрегі елжіреді, ықыласын ашық дауыспен айтты: – Бақытты бол, балам! Жігіт тұқырып, сөзге құлағын ғана тосады. Қаны аз, үлбіреген өңі бозғылттау. Саусақтары нәзік, білегі жіңішке. Саймасай жөнін ұқтырып жатыр.

– Әсаға, бұл бала Әбіш деген жас түлегіміз. Кеудесінде оты

бар. Сізден тәлім алып, бірдеңе үйреніп қалсын деп, әдейі ертіп
келіп ем.

– Жақсы бопты. Тілегіңе жет, балам. Жасымай, жасқанбай,

самға, – деді Әсет жебеп. – Баяғыда Шөже деген ақын атаң өтті.
Жарықтықтың екі көзі көрмейтін. Бірақ көкірегінің көзі ашық
еді. Өлеңді суша сапыратын. Көкірегіңде көзің болса, балам, қор
болмайсың. Елің аялайды, өлең-жырға құмар ғой халқымыз.

– Әсаға, бәрінен алтын дидарыңызды көре алмағаныма қи­

наламын, – деп мұңайды Әбіш үні қалтырап,

– Оған өкінбе, балам. Даусымды естіп отырсың ғой. Адамның

қасиетін бетіне қарамай-ақ, айтқан сөзі мен даусынан айы­
рып, тану қиын емес. Кейде адамның жылтыраған жүзін көріп
тұрып, жүрегің айнитын да кезің болады. Айнадай жарқыраған
сұлулығымен ішіндегі мерезін бүркемелейді. Ал дауыс жүрек­

тен шағады. Ештеңені жасыра алмайды.

– Мен көп адамды даусынан танимын...

– Ондай артықшылық барлық адамның бойынан табылмайды.

Әсет жас жігітті жебеп көп ақыл-кеңес айтты. Көңілін өсірді.
Бел ортасынан ауған май айының қоңыр кеші. Жел жоқ. Есік
пен терезе ашып тасталды. Қонақтарға үйге кіруге ұсыныс
жасалды. Әсет пен Қадырихан төрдің төбесіне жайғасты. Сай­

масай жетелеп әкөп Әсеттің оң жағына Әбішті отырғызды.
Қадыриханның тізесін баса Қырғызбай орын алды. Дәл ортаға
ұзыннан-ұзақ жайылған дастарханды жағалай тізілген қыз-
келіншек жігіттермен аралас-құралас орналасты. Шаймен қоса

куырдақ келді. Бәрі де көңілді. Жүздерінде күлкі ойнайды.

– Ал, Дәшет, енді Әсағаңа арналған тойды өзің баста, – деді

Қырғызбай әзілсіз байсалды тұрмен. Дәшет білегін сыбанды
да, домбыраның құлағын өзінің даусына лайықтап, қоңырлау
үнге бұрады. Желдірмелі жеңіл әуенді құйқылжыта шертті де,
даусын көтеріңкіреп, өлеңін сорғалатты:

Ақынмын Құлжадағы Дәшет деген,
Ешкімге айтар сөзін кесетпеген.
Қанбазар жүрген жерім – той мен думан,
Кунім жоқ сөзді сатып есептеген.

Жұртымның өзі айырар нарық-парқын,
Алтынды тең көрмейтін кесекпенен.
Сапырып сылдыр сөзді көпіршіген,
Пенде көп елді алдап жесек деген.

Суындай тас бұлақтың сөзім таза,
Дұшпаным былғай алмас өсекпенен.

Тұлпарды желдей есіп топтан озған,
Адам жоқ жарыстырар есекпенен...
Төгілтіп кеп бір қайырып тастағанда жұрт серпіле, жадырай
қостады. Сырын білетіндер артын тосып, үнсіз жымиысады.

Құрдастары лепіре көтермелейді.

– Заула, тұлпарым!

– Ақынмен есуас қана сөз таластырады, бөгелме! Әсет үнсіз.

Ойға шомған. Біздің ақындарымыздың көбі-ақ сөз қадірін
дәріптеуден бастайды. Бұл да дәстүр шығар. Халқымыздың өлеңге,
әнге құштарлығы ма бұл? Алайда, осы өлеңнің ішінде де көп ақиқат
жатқан жоқ па?..

Қырғызбайдың күжілдеген даусы күңгірледі. Кеудесін кө­
тере қозғалақтайды. Күлімдеген көзінен ойын-қалжыңға қарай
қисайғаны байқалады. Еліре танауы желбірейді.

– Дұрыс айтасың. Жабыны мақтап, оны сатып жүрген Сайма­

сай болмаса...
Жұрт ду күлгенде Саймасай басын көтеріп алып, қынжыла
қарады:

– Қылжақпен сөзді бұзбасайшы-ей!..

Дәшет ішіне ышқына дем тартты да, құрдастарының дауын
басып, қайтадан зулады. Қоңыр даусы құлаққа жағымды, сама­
ладай желпиді.
О, жұртым, ортаңдағы Дәшетіңмін,

Қақ жарып қара қылды кесетұғын.
Еркелеп тайраңдаған тайлағыңмын,
Көсіліп дарияңды кешетұғын.
Мұң шалса қабағыңды қара бұлттай,

Желіңмін түре қуып есетұғын.
Қалқыған аспаныңда ақ бұлтыңмын,
Ойнақ сап тау-тасында көшетұғын.
Шаңы ұшқан топырағыңмың бетін жауып,

Көгіңмін өрттей қаулап өсетұған.
Дұшпаның бір қуысқа матап кетсе,
Балаңмын шырмауыңды шешетұғын!..

– О, бәрекелді!.. – деп сүйсінген сыңай танытты Әсет.

– Ақын осылай сөйлер болар. Еліңнің ойын сергітіп, жүрегін

тебірентпесең, жел сөзден не пайда? Жасқанбай самға, шырағым!..
Ентіге дем алған Дәшеттің дөңгелек жүзі балбырап, қызара
бөрткен. Үлкен ақынға қымсына мойын бұрды да, ақтала айтты
ойын:

– Әсаға, осы өлеңімде сіздің ән мен өлеңнің артықшылығын сипаттайтын толғауыңыздың лебі бар, оны мойындауға тиіспін. – Бірақ құйылған қалыбы бір емес, өз жүрегіңнің дүрсілі анық естіледі. Даланың әшекейлі шөбін гүл дейміз. Бірақ олардың түртүсі әр басқа, біреуі көк, бірі қызыл. Сонысымен айырмасы білінбей ме? Өлең де сол сияқты, өзінің түрімен ерекшеленеді... Бәрі бір гүл ғой деп шектесек, гүлдің парқын білмегеніміз. Өлең де сол тектес. Тек мағыналап айта білу керек. Сен өз ойыңды айтқансың!.. – Оны біз қайдан білейік, Әсаға, – деді Саймасай енді құр­дасына өзі тиісе жымиып. – Өкірештеп жүрген мына Қырғызбай... – Әй, қайрап тұрмасаң, бұл жайбасар емес пе, өтпес пышақ құсап жаси береді, – деп ақталды Қырғызбай есесін жібермей. Қалжыңбас жігіттердің қылығына сүйінішін Әсет жасырмады. – Әзілдерің жарасып-ақ тұр. Тек ақынды қажай беріп, қажытып алып жүрмеңдер! Тұлпар күбірге шаппайды, дүбірге шабады. Дүбірің мол болсын. Дабыраға даурықпай, дарындыны дара баптаңдар... Дәшетке мен разымын! Ағаға қарап іні өседі. Біздің айтқанымызды Дәшет үлгі санаса, Дәшеттің сөзі мына Әбішті жетелейді. Батырларымызды да, ақындарымызды да өзіміз ардақтауға тиіспіз!.. Әсеттің пайымы жігіттерді ойлантты. Әзілдің де ауқымын абайлаған жөн екен. Бұл да тәрбие. Өзінді-өзің жебемесең, жігерің құм болмай ма? Игілікті ешкімнен күтпейді, адамның өзі жасайды. Ол үшін басқаның артықшылығын үйрен де, іске асыр. Сонда әлеуметтің де тынысы кеңиді. Әзілқой жігіттердің ұғып, көкейлеріне түйгені осы болды. Ойынды суытпай, Әсеттің делебесін қоздыра түсу үшін Қадырихан қимылдады. Арты-артынан үш-төрт ойнақы әнді тебірене сылқылдатты. Кеуденің сірнесін қоздыратын майда қоңыр әунге бас шұлғымаған кісі жоқ.. Сағынышпен дидарласқандай елжірей қарасады. Естіген әндері. Сонда да тыныстарын ашқандай. Күміс табақтай жарқырап туған айдың сәулесі желсіз түндегі самсаған шамдардың жарығын еселей түскендей. Дөңгелек ала көзі шоқша жайнаған Әсет те әуен ырғағына қосыла теңселеді. Әннің сонын «Қоңыр қазбен» аяқтаған Қадырихан тыныстап желпінді де, маңдайының терін сүртті. Қырғызбай таңдайын тақылдата тамсанды. – Поһ, шіркін, аңсап-ақ қалыппын, Қадеке, осылай анда-санда келіп тұрмасаңыз, қаталап өлетін түріміз бар. – Бұл сылпылдаған шабыстан танбайтын тарлан ғой, – деді Әсет қанағат тілегендей. Енді жас сұңқарды ұшырайық. Қане, Әбішжан, сен шырқашы!

Жас талаптың танауы желбіреді, беті албырады. Неден баста­
рын білмей аз отырды да, сусылдаған термеге басты. Жаттанды
өлең ауырлық қып, қинамады. Тоқтаған кезде Саймасай өтініш
айтты:

– Әсаға, рұқсат етесңіз, Әбіштің өзі бастан кешкендей бір

оқиғаны өлеңге қосқаны бар, соны тыңдасақ?..

– Тіпті жақсы!.. Бет алысын, шалымын аңдатады.

– Ал Әбіш, жібер тізгініңді, іркілме!

Әбіш қипақтай қысылып, жотасын қозғап-қозғап қойды.
Жеңіл домбырасың тізесіне жабыстыра қысып ұстап, шыбықтай
майысқан сұқ саусағымен ішекті саумалай іліп қақты да, төгілмелі
әуенді бастады:

– Соқыр ем домбыра алған Албандағы,

Ел-жұрттың ортасында жанған бағы.
Айтайын бір жағдайды бастан кешкен,
Қыдырып Құлжаға мен барғандағы.
Заманнан тарлық көріп, торыққаннан,

Қай адам қайғы шегіп зарланбады?
Еңіреп көзден жасын сорғалатып,
Кім өзін кінәрәттап қарғанбады?
Жүруші ем ел ішінде алшаң басып,

Күндерім арман болды жайлаудағы.
Думанын қыздырғанда өлеңімен,
Халықтың емес пе ақын тойда ардағы!
Мұнда да өлең айтып отыр едім,

Қозғалып шер-шеменім қай-қайдағы.
«Ел жинап, неге айқай саласың?» деп,
Жетіп көп бір шеріктің шамданғаны.
Алдына салып алды дедектетіп.

Бойымда қорыққаннан жан қалмады.
Кірмеске енді топқа қол қойғызып,
Сорлының сөйтіп көкіп сандалғаны...
Бір қайырып тастады да, ентігін басын, сәл тынықты. Ұлпа маң­

дайынан шып-шып шыққан терді сүртті. Үріккен танаша танауы
желбіреп, елегізе елп-елп етеді.
Әсет зейін сала тыңдап еді, енді жас жігіттің албыраған ақша
бетіне сүйсіне қарады. Ұдайы мұң торынан арылмайтын бозғылт

маңдайына қызғылт қан жүгіріпті. Кіртиген қабағынан мерей
нышаны байқалады. Бет алысы тәп-тәуір. Сүйеніш, демеу керек.
Жігерін жасытпай жетелесе, жетілетін түрі бар. Мейіріммен үн
қатты.

– Әрі жалға, шырағым, именбе!..

Домбырасын сұқ саусағымен шерте күмбірлеткен Әбіш жөт­
кірініп қойды да, майда әуенін жорғалатты.
Біреуі ұшып тұрып арбаңдады,
Тілмәші оны қостап жарбаңдады,

Басқызды бармағымды қағазына,
Мәз болып жырқылдайды қалғандары.
Әйтеуір, босанғанға шүкір еттім,
Жанымның сауға болып сау қалғаны.

Қастықпенен достықтың екі арасын
Адамның қиын емес аңғармағы.
Талапсыз тіршілікте іс біте ме,
Талайды табынғанмен тәубе алдады.

Жоқшылық тұралатып қысқаннан соң,
Адамның оңай екен алданбағы.
Құлжада құрып кетті шыт пен сәтен,
Қымбат көп, табылмайды арзандары.

Саудагер шатуарды13 жеткізем деп,
Қашқардан Құлжа жаққа далбаңдады.
Ырсиған арасынан күн көрінер.
Жарытып, қарық қылып ол да оңбады.

Жігіттің киген жаңа жейдесі жоқ,
Қыздардың қап сияқты дамбалдары...
Демі жетпей қысылғандай Әбіш алқына тыныс алып, тағы
да тынықтады. Тамағының түймесін ағытып, желпініп-желпініп

қойды. Әлі де еркін көсіле алмай, жүрексініп отырған жас талапты
Дәшет ақтай жебеді.

– Ащы тері алынбаған, шабысқа төселмеген бала ғой. Сонда да

аяқ сілтесі тәуір. Өмірдегі құбылысты дөп басқан...
Бала ақынға Әсет қамқор пейілмен назар аударды. Мадақтаса –
дандайсып еліреді. Ол – адамның бойын жайлаған қылық. Сондық­
тан өз пікірін оның айналасындағыларға батылдау түртпекпен

талапты күшейте айту арқылы ойын ұқтырғысы келді.

– Жасты баулып, баптау – парызымыз. Ұяңдығы сәл бөгеп

отырғаны рас. Сондықтан айтқанына мәз болмай, қанатын жаю­
ына себімізді тигізуіміз керек. Түйген пікіріңді жеткізіп айтудан
іркілме. Әбішжан!.. Байқаймын, лебізің жақсы!.. Енді ойыңдағыны
түгел айтшы, біткен жоқсың-ау, ә?..

13 Шатуар – гүл басылған бөз мата.

– Иә, айтып болғам жоқ...

– Бөле бердік-ау ойыңды, қане, әрі жалға...

Бұған арқаланып, жымия кеудесін көтерген Әбіш домбырасын
безеді. Аға сөзі дәтке қуат болып, батылдана түсті. Перне басысы
да ширады. Даусы да қалтырамай, еркіндеу шықты.
Кедейге қымбат мата тимейтұғын,

Мырза көп шыт-шыбырды сүймейтұғын.
Тым құрса, жарғақ жасар тері де жоқ,
Уқалап ұйқы көрмей илейтұғын.
Ол-дағы қолың жетсе лыпа болар,

Ыстықта денең күнге күймейтұғын.
Жасырар ұятыңды бөз табылса,
Адам жоқ кекірелеп кимейтұғын.
Қаңырап қаңсып қалды бұл дүние,

Болды ма заман ақыр күйрейтұғын?
Әйелдер шатуардан көйлек тігер, .
Тебендеп күнін күтті түйрейтұғын.
Сонда да көңіл шіркін алабұртты,

Үмітпен қайғыға бас имейтұғын.
Киімі қап сықылды болса-дағы,
Кісі бар тайыншадай күйлейтұғын.
Пақырлық көрінбестен көздеріне.

Сай-сайға құрбыларын сүйрейтұғын.
Жалындап жас жүректер қайыспастан,
Жоқтықтың көтереді үйдей жүгін!..
Даусын құбылта бәсеңдеткен Әбіш домбыраны жөпелдете

қағып барып, баяулай тоқтады. Қабағын мұң басқан Саймасай
күрсінді.

– Міне, Әсаға, біздің бастан кешіріп жүрген күніміздің сиқы.

Адамның түйсігі туған жерімен байланысты сияқты, ойымыздан
кетпейді. «Жетісу», «Жеті арал» әндерін үлкен – кішіміз қосыла
айтып, зар еңірейміз. Бұрын шыққан құлақтан соңғы шыққан
мүйізіміз озды. Әбіш заманның сырын бізден артық ұқты. Осы

өлеңін өзі көп айтпайды. Жас емес пе, лепірген әзіл өлең мен
ойнақы әнге әуес.

– Ақын көңіліндегі шалқарды сен өзіңнің қауашағындағы ша­

мамен өлшеме, – деп, осы тұста өз бағдарымен тұжырым жасаған
Дәшеттің ойына Әсет қосылмады.

– Әбіштің талабы таудай екен. Өз түйсігі, өз түйгені бар. Бәйгеге

шапқан аттың тізгінін тартпас болар. Езулесең, жолдан шығады,
аяқ сілтесі бұзылады.

Манадан өлеңге бағып, сарынды бөлмей өзінше қиял кешкен
Қырғызбай қалт серпіліп, құрдасына тағы да ауыз салды:

– Әй, маубас бойың жетпейтін өреге қолыңды созған неңді

алған, ей. Оданда Әсағаңның лебізін тыңдалық, созбайлама!..

– Әсаға, өтінеміз! – деп қиыла айтты Дәшет тілегін. – Өзіңіз

сусындатпасаңыз, шөліміз қанатын емес...

– Маған айтқызбай қоймайтындарыңды білемін... Ә дегеннен

өзім бастасам, Әбіш сықылды балалар именіп, ауыз ашпай қояр
еді. Сондықтан өрендерімізді де тындап алғанымыз абзал емес
пе?! Адымын да, шалымын да байқамадық па. Үмітіміз ақталды,
жадырап қалдық. Мен елді разы қылмай орнымнан тұрмаймын!..

Ойын қысқа түйді де, әрі қарай жұртты телміртпей, домбы­
раны қолына алды. Дағдылы құлақ күйін бір қайырғанда-ақ
делебесі қозып, кеудесін жел кернеді. Бұл жолы да өзін өлеңмен
таныстыра орағытып, ән мен өлеңнің сипатын дәріптейтін

жалынды толғауынан бастады. Оны іркіліссіз сыдыртып
өткеннен кейін әрі жалғап бір-екі ән шырқады. Үніндегі, қимыл-
қозғалысындағы ала бөтен артықшылықтарды анықтап байқап
қалуға ынтыққандай үлкен-кішінің бәрі телміре қадалысады.

Сылаң қаққан сұлу әуен көмейден суырыла атқылап, аспанға
шапшиды. Құлжаның манаурай қалғыған тымық көшелерін
қалтыратып, жер бетін шайқалта тербеді. Тасқындай сарқыраған
әнге ұйығандай айнала тым-тырыс. Маңдайы жіпсіп, денесі

бусанған сайын үдеді. Әлден уақытта ерке, назды, жаймашуақ
әуенді құйқылжыта төгіп барып тыныс алды. Көзі жайнап, ша­
быты жебегендей жүзі жадырады.

– Әруағыңыздан айналайын, ағатай! – деп Қырғызбай

қызбалана лепірді. Үлкендердің алдына шыға алмаған жастар
іштей мәз. Үндемесе де, ақынға аса зор ілтипатпен қарасады,
өнеріне сүйсінеді. Сол үнсіздікті тыңдап отырған елдің ұғымын
кеңейтуге пайдаланғысы келген Дәшет шешіле сөйледі.

– Менің байқауымша, Әсағаңның басқалардан арқан бойы

озық тұратын төрт түрлі артықшылығы бар. Өз басым, желісті
қоңыр әуенмен ғана өлең айтамын. Әсағаң болса, әнді өзі
шығарады да, сарынын сазына келтіріп тұрып, балбырата өзі
шырқайды. Оған қоса ойын да өлеңмен жеткізеді. Елдің аузы­

нан сілекейін шұбыртатын қыссаны да қолма-қол суырылтып
береді. Міне, бір басында қаншама өнердің көзі жатыр. Мұндай
құдіретке надандар ғана салғырт, самарқау қарап, кекіреюі
мүмкін. Біздің жанымыз осы өнермен ғана көгереді!..

– Алайда, Дәшетім, – деді Әсет бұйыққандай мұңая жуа­

сып. – Қанша мақтап, мадақтасаң да, мен арманыма жете алмай
жүрген жанмын...
Үлкен-кіші қайран қалысты. Сенерін де, сенбесін де білмей,
аң-таң. Әнге елти балқыған Қырғызбай әлденеге таңырқағандай

еріні жыбырлап, Әсетке жалт қарады:

– Е, неге?.. Күллі қазақтың басын шұлғытқан Әсеттің арманына

қолы жетпейтіні қалай?..
Әсет арманының не екенін, қандай сыры барын білуге құш­
тарланған жұрттың жапырыла өзіне төнген көздері таңырқай
жапақтайды. Соны сезді ме, мұның мәнін қасындағы ақынға

қаратып ашты:

– Армансыз адам мелшиген есек секілді, Дәшетім. Арманмен

өлген де талай тірліктен артық...

– Бірақ өкінішіңізге түсінбеймін.

– Ақын – елдің баласы, халық тілегінің жоқтаушысы. Мұраты

да сол болуға тиіс. Мен әлі елімнің мұңын мұңдап, халқыма дем
беретін сөзімді сөйлей алмай келемін. Бұл қол жетпеген арман
емес пе? Халқымыздың басында қара бұлттай сықасып, арылмай
жүрген қаншама қасірет бар.

Соған ем, шипа таптық па? Бұл да жамбасыңа бататын қара
тас. Ал өз жайыма көшсем, көбінше араб ертегілерінің ізін ши­
ырлаппын. Өзімнің ізім жоқ. Рас, әлгі соқпақпен жүргенде де
жауыздық-зұлымдыққа, қулық-сұмдыққа, алдау-арбауға қарсы

ойымды жіпселеп қостым... Бірақ өз халқымның сана-сезіміне
жақын, ақыл-ойын, қайғы-қасіретін, басынан кешірген азабын,
үміті мен тілегін ашық жария етер дүние жасай алмаппын?..
Халқыма керектіні бермеппін. Бұл арман емес пе орындалмаған?..

– Соншама ауыр жүкті бір адамның арқалауы оңай да болмас...

– Иә, қиын. Оның үстіне жас ұлғайған сайын одан әрмен тыпыр­

лап, ештеңе тындыра алмағаныңа өкінесің. Соны ойлан, Дәшетім!..

– Сөйтсе де, нар жолында жүк те қалмайды, әлі де үлгіресіз.

– Ондай күй бар ма бізде? Жан бағудың ғана әлегінде жүрген

жоқпыз ба?

– Еліңіз бар, өз ортаңыз бар, көңіліңізді жабырқатпау үшін

қолдан келгенді аямаспыз...

– Мен өткен күннің орын толтыру үшін қимылдап бағармын-ау,

сендер босқа өткізіп, артынан өкінбеңдер, – деп мұңдана күрсінді
Әсет. Барлық үмітін соңынан ергендерге артатын пиғылын таныт­
ты. Саймасай мен Қырғызбай бұлардың ойын бөлмеді. Ұғысып,
сырласып алсын деп ұйғарысты.

Ой-пікір бөлісі ұзаққа созылды.

– Әсаға, – деді Дәшет сөздің бағытын өзгертіп. – Көрмеген елді

аралап, баспаған тауға шықсаңыз, бойыңыз да, ойыңыз да сергір.
Текес жақта бір үлкен ас өтеді екен. Соған алып барайын. Бір-екі
ай сол жақтағы елді аралап, тынығыңыз.

– Мейлі, барайық. Менің де осы сапарым ел көруге арналған.

Мына Әбішті де ертіп аламыз.

– Мен де серік болайын, – деді Саймасай желігіп. Оның ойы

өзі қамын ойлап жүретін Әбішке бас-көз болу еді. – Ән салмасам
да, ат-көлікке қарау қолдан келетін шығар.

– Ол да үлкен жұмыс, – деді де, көзін қыса әзіл тастады Әсет. –

Сен қалай қарайсың, Дәшет, атқосшылыққа жарайтын жігіт пе?

– Әй, білмеймін, ұйқышыл маубас еді, үйретеміз де ерте

тұрғызып, ерсін соңымыздан.

– Сен өйтіп бұлданба!.. Мен саған емес, Әсағаңа еремін, сол

кісіге қызмет етемін. Жаяу қалғың келмесе, өз атыңа өзің ие
боласың, білдің бе?!

– Келістік енде ше, – деді Әсет тоқтамын айтып. – Алдымен

бір-екі күн Құлжаны аралатыңдар, түр-тұрпатын көрейін.

– Оны мына Дәшетке тапсырамыз...

– Бұлың-пұшпағына дейін түгел шарлатамыз. Бұрын Құлжаның

қақ ортасын балшық қорғанның соқпасы қоршап тұрады екен, қазір
тозып біткен, Заман өзгерген сайын ескінің бәрі де тоза беретін
секілді. Ел топырағын шетінен кертіп алып, кірпіш құйып жүр.

– Ол қорғаныңның соқпасын көрдім. Ішінде не бар?..

– Үй-жай, сауда дүкендері бар. Ал қорғанның сыртындағы

жерлердің сипаты басқаша. Раушан бақ, Айран бақ, Гүлшан бақ,
Дүйшан бақ деген төрт бақ Құлжаның сәні саналады. Мұның бәрі
қорғаннан тыс, жайқалған ағаш...
Тайдың былқыған еті желінгеннен кейін де бірсыпыраға дейін

өлең-жыр қайта қозды, ән салынды. Түн ортасы ауа тарады...
Келесі күні Дәшет қалауы бойынша Әсетті ертіп, қаланы жаяу
аралауға шықты. Ескі қорғанның көнеріп, әбден тозған қақпасынан
өтіп, астық сататын базарға бас сұғысты. Сол маңдағы кетпен-

күрек, балта-шот соғатын, ат тағалайтын дүкендерді көріп, қытай
базарына дейін барды. Қайтар жолда Қарадөңге қарай бұрылды.
Биік төбенің басынан қаланың жалпы аумағы көзге тұтас шалы­
нады екен. Дәшет елден естігені бойынша қала атының шыққан

тегін де әңгіме етті.

– Осы біз тұрған төбе ашылы жалақ болыпты. Иен жатқан

жалпақ алқапты жайлаған арқар-құлжа сеңдей соғылысып жүрген.
Сонау ойпатқа қорған соғылып, қаланың іргесі қаланған соң да,

жабайы аң жалағынан жерімей ұзақ жүріпті. Бұрын да бұл жер Құлжалы аталады екен. Кейін келе қала да Құлжа атанып кетіпті... – Ондай ат қою салтымызда бар ғой, – деді Әсет қазақтың балаларына кез-келген заттың, не аң мен құстың атын қоя са­ латын әдетін ойлап. Одан кейін қаланың Мойын-кесік аталатын көлденең көшесіне келіп түсті. Бір керуен сарайының алдынан өте бергенде Әсет қалт тұра қалды. Үлкен қақпа жабық. Оң жақ босағасындағы жанама кішкене есігі ашық тұр. Аула кең. Соның қақ ортасында кебеже сскілді іші қуыс, төрт аяғына төрт дөңбек бекітілген табытқа ұқсас арысқа бір кісіні етпетінен таңып тастаған. Қарны шертиген қауға сақал, қызыл тақялы біреу бас жағында төніп тұр. Қолдарына төрт елі жалпақ қайыс бекітілген таяқ ұстаған еңгезердей екі дәу қара арыс ағаштың екі жағында қарама-қарсы қарап, мөлиіп алған. Таңулы жатқан адамға өлексеге өзеуреген құмайша төнеді. Әсет тақтайдағы денені өлген адамның сүйегі ме жуғалы жат­ қан деп ойлап тоқтаған. Олай болмады. Қауға сақал бірдеңе деп, қолын ербеңдетіп еді, екі дәу қара келі түйген секілді кезектесіп, құлаштай таяқтың ұшына бекітілген жалпақ қайыспен таңулы адамды алма-кезек төмпештей бастады. Жаны түршігіп: – Анасы не сұмдық?.. – деп, Дәшетке жалт қарады. Ол бұған пәлендей таңданған жоқ. – Әсаға, осындағы байлар жалшыларына солай дүре соқ­ тырып тұрады. Дүрені жиырмадан жүзге дейін соғады, ана байқұсқа қанша дүре бұйрылғанын кім білсін?. – Дүре соғуға кім бұйрық береді? – Қожайынның өзі, әне тұр ғой мелшиіп... – Соғылған дүрені кім санайды? – Ұрып тұрғандар. Жаны ашыса, он – он бесін артық санап болысатын көрінеді. Ал өштесіп жүрген біреу болса, тірідей сойып салады екен. Арыс ағашқа таңылған кісі қайсарлығы ма, әлде, дүниеден безіп, өлгісі келгендіктен бе, қыңқ етіп дыбыс шығармайды. Екі дәу қараның өздері дүрені ұрған сайын ырс-ырс етеді. Дүреге жығылған кісінің жотасын қып-қызыл қан жауып кетті. Зығырданы қайнаған Әсет тісін қайрады. – Мұндай да зұлымдық болады екен-ау... Жыртқыштық қой нағыз. Адам баласы бірінің етін бірі жеуге жеркенбегені ме?.. – Жүріңіз, Әсаға, – деді Дәшет қолынан тартқылай жете­ леп. – Әр елдің заңы басқа. Жыртқыш та өзінің тәсілін әр басқа қолданады. Біреуі жұтып жейді, біреуі түтіп жейді. Жауыздық

та сол сияқты. Біреуді қараңғы қуысқа қамап қойып тепкілейді,
біреуді ашық аланда ағашқа таңып қойып кескілейді. Мұндай
оқиға мұнда күн сайын өтіп тұратын құбылыс, несіне күйінесіз...

– Не сұмдық, неғылған айуандық! – деп кіжінді Әсет. Сұрқы

қашып, өңі сұрланған. Денесі қалшылдайды. Көзі қарауытқандай
тәлтіректей береді. Ызаға булыққан, алқына дем алады...

– Әсаға, қиналмаңызшы, – деді Дәшет бұл кейпіне жаны аши

жұбатып, – бәрібір ара түсуге біздің шамамыз жоқ.

– Зұлымдықтың қайда жатқанын қара. Әр жауыздың өзі үкім

шығара берсе... Үкіметі нені қарайды, заңы жоқ па?..

– Бұл елде жалдап алған жалшыға қожайыны ғана ие.

Басқаның үкімі жүрмейді. Жарылқаса да, жаныштаса да соның
еркі... Ешкім қолын қақпайды, ара түсе алмайды.

– Әсаға-ау, сонша тозғаныңыз не? – деп батылдау айтты

Қадырихан өз дәлелін қосып. – Қазақта да малшы-жалшысын сабап
жататындар аз ба?.. Бұл да соның бір түрі емес пе!

– Соның бәрі адам баласының ішіндегі қара жүрек жауыздары!..

Екі аяқты аңдар өңшең!..
Әрі жылжыды. Бір қайыршы қарсы жолықты. Әсет қалтасына
қол салып, мыстан құйылған жармақ тиынды алды да, қа­йыр­
шының жайылған алақанына салды. Екі аттағанда тағы біреуі

кездесті. Оған да жармақ ұстатты. Үшіншісін көргенде жармағы
таусылып, қайтерін білмей абыржи сасқалақтады. Сырттай
байқап келе жатқан Дәшет:

– Әсаға, бері өте беріңіз, – деп жымиды жайдары түрмен. –

Екеуіне бердіңіз ғой, сауабы тисін!.. Құлжада қайыршыдан көп
ештеңе жоқ. Оның бәрін бәрібір асырай алмайсыз...
Ашуы тарқағаны ма, алде, ойы басқаға бөлінген соң ба, қабағы
сәл ашылған Әсет мырс етіп өзі де күліп жіберді.

– Адым сайын қайыршы, не қып жұтаған ел өзі?..

– Оны айта берсе, үлкен хикая...

– Хикаясы қалай?

Қашқардағы елдің ішінде Құлжаға барсаң, жатып жейсің де­
ген лақап бар екен. Оңтүстіктің алау аптабында жер өңдеп, сілесі
қата қажыған кісілер Құлжаға жетіп, жатып жеу үшін бір есекке
мініп Мұзарттан бері асып түседі. Қайда барса да Қорқыттың көрі

екенін қайдан білсін, әзір ас қайда?.. Аштан өлмеу үшін мұнда да
күш-қайраты барлар жалданып жұмыс істейді. Байлар жалданған
адамның күшін толық пайдаланып қалу үшін тыным таптырмайды.
Күні бойы жұмыс істеген кісі қалжырап, сілесі қатады да, кешкі

асқа зорға жетеді. Сонда тұла бойы сырқырап, белі қақсап отыра

алмаған соң, тамағын етпетінен түсіп не жантайып жатып ішеді. Ал
ондай жұмысқа жарамайтындар аштан өлсін бе, алақанын жайып
қайыр сұрайды. Әр үйдің есігін қағып, көше кезіп жүргендері де
көп. Біреу жарты нан, біреу ескі-құсқысын береді. Кем-кетік, шал-

шауқан болса, бір сәрі ғой, сойталдай жігіттер де бар соны кәсіп
қып жүрген. Жұмыс та табыла бермейді.

– О, тоба... – деді Әсет әлдекімді мүсіркегендей. Кенет

бірдеңе­ге күмәнданғандай Дәшетке жалт қарады. – Ауып
келгендердің ішінде қайыр сұрап жүргендер жоқ па?

– Құдайға шүкір, ондайлар шыға қойған жоқ. Аш-жалаңаш

тентіреп келсе де, малшы боп немесе құржаларға жалданып
кетті. Қайыршылықтың өзі адамның ар-намысына байланысты
болу керек... Оңай ас іздейтіндер ғана беттің арын белбеуге
түйіп, қол жайып телмеңдейтін сықылды...

Төрт көшенің қиылысқан мүйісі құжынаған халық. Бір
нәрсені қызықтағандай топтасып, жиналып қалған.

– Анау не, ақын ба? – деп сұрады Әсет шаршы топтың ор­

тасында тұрып ап, шұбырта бәйіт айтып тұрған біреуді нұсқап.
Аласа бойлы қара кісі даусын құбылтып, барынша қаттырақ
айтуға құлшынады. Кеудесі ашық. Жұқа шекпенінің жеңін түріп
алған. Құлағын тосып еді, сөзі түсініксіздеу.

Парсы тіліндегі өлеңдерді айтатын сықылды. Байыздап тоқ­
та­ған адам жоқ. Сәл ғана тыңдайды да, әрі өтіп кете барады.
Оның орынын келесі біреу басады...

– Біздегі өлеңшіге келеді. Мұны маддах дейді екен. Жаттаған

өлеңдерін айтады. Көне дастан түрін де, дін мен иманның
ержелерін де, адамгершілікті де дәріптейтін жырлары аралас.
Көңілі түскен кісілер тиын-тебен тастайды.

– Айтқанына ел түсіне ме? Парсы ғазалдары сықылды.

– Оның өлеңінен гөрі жұрт әуенінің мақамына қызығатын

болуы керек. Кейде таза ұйғыр өлеңдерін айтқанда ұғуға болады.

– Е-е, бұл да жан бағудың қаладағы айласы десеңші...

– Иә, қалада адамның қылмайтын кәсібі жоқ.

Түскі асты үйден ішті де, жатып демалысты. Бесін ауғанда
Қырғызбай мен Саймасай келіп еді, сыртта жүрген Айша:

– Қонақтар базар аралап, қатты шаршап келіпті, тынығып

жатыр. Бүгін әурелемеңдер, – деп қайтарып жіберді...
Келесі күні сәске шамасында үш ат ерттелді.

– Бүгін атпен жүрейік, – деді Дәшет ашық қораның алдына

тақаған Әсетке. – Айранбақты аралаған соң, Айдөңді айналып өтіп,
Раушанбақты көреміз де, одан бері асып, қара суды бойлай жүріп,

жазықтағы қорғанның сыртынан Гүлшанбақ пен Дүйшенбақты
тамашалаймыз. Түске таман мал базарына барамыз. Сол шамада
базар да тарқайды.
Саймасай сізді Баяндайдағы ағасының үйіне шақырып кетіпті.

– Келінді де ала кеткеніміз жөн шығар... Кешеден бері шаршады

ғой, демалсын.

– Қатындарды алып кетуге қазір арба келеді...

Үш салт атты ауладан шыққан соң Айша қашаны салып,
сынасын қақты. Жүріс тілегендей аттар да аршындады. Дәшет
өзі айтқан жерлерді көрсетіп, қаланы аралатты. Үйден шыға,
Байтолла медресесінің алдынан өтіп, жалпақ көшеге жеткен соң,

оңға бұрылды. Аздан кейін дүкені көп, адамы қалың көшемен
солға бет алысты да, Мойынкесікті басып, қаланың теріскейіндегі
үлкен қара судан өтті. Дөңестің үстінде биік қорған тұр. Күнге
қараған қаусырмалы қақпаның екі босағасын екі шерік күзеткен.

Қарсы алдындағы ойпатта тостағандай дөңгелек көл жатыр көлкіп.
Шеті қалың бау. Үйлер сиректеу, аула іші сыңсыған ағаш. Одан
әрі тілім-тілім жайдақ жыра. Күн батысындағы дөңестер жалпақ
сазға ұласады. Бұл тұста үй жоқ. Сайға тақау тұсы қалың мола.

Солардың арасынан сорайып екі-үш мазар көрінеді.

– Айранбағымыз осы, Әсаға! – деді Дәшет айналаны шо­

лып. – Енді анау қарсы алдымыздағы төбені ассақ, Раушанбақтың
төбесінен түсеміз.

– Мына қорғанның ішіне әскер тұра ма?

– Солай шығар... – дей салды Дәшет өзі де анық-қанығын

білмеген соң, долбарға жүгініп.

– Байқаймын, қалаңның аумағы онша үлкен емес секілді.

– Мұның бәрі ішкі қорғанның сырты, кейін ірге жайған түрі

бар...
Сол жүріспен Айранбақты айналып барып, желкесіндегі қара
суды кешіп өтті де, қоян жон дөңестің түстік қапталындағы қалың
ағашқа тақады. Раушанбағы сол екен. Жиектей ағып жатқан судың

бойымен құлдап келіп, қытай базарынан өтті де, қаланың қиғаш
оңтүстігіне ауысты. Ағашы қалың. Әр ауланың іші соқпа дуал­
мен қоршалған. Осы мүлгіген өңірдің бір шеті ыңғайына қарай
Гүлшанбақ аталса, екінші жеті Душанбақ аталады екен. Айтса,

айтқандай – гүл мен нуға батып тұр.
Біркелкі аяңмен жүріп, түске таман қорғанды бойлай жағалап
мал базарына тартты.
Әсеттің байқағаны – қала үйлерінің бәрі жалғыз қабат тапал.

Әр жердегі мешіттердің сорайған мұнаралары ғана көкке мойын

созған. Айранбаққа тақау тұстағы дүнген мешітінің ғана еңсесі
биік екен. Қытайдың үй құрылысы үлгісінде салынған. Төбесінің
етегі қайқима, жалпақ ернеулі. Жоғарылаған сайын қабаттары
жинақыланып, шошая береді. Қытай базары жақтағы бір көшенің

бойынан екі қабат үйлер кездесті. Бірақ айналасында бір түп ағаш
жоқ. Қорғанның ішіндегі қора-жайлардан да бірлі-жарым бол­
маса, көлеңке жайған бұта көрінбейді. Оның есесіне қорғанның
сыртындағы көшелердің бойы, үйлердін айналасы сыңсыған ағаш.

Аулалары да кең, төңірегі таза. Қаланың осы өңірі ғана жасыл
желекке бай...
Қырғызбай мен Саймасай сатылмай қалған малдарды ертеңге
дейін бағып келу үшін иелеріне қайтадан санап өткізіп жатыр екен.

Базар тарқаған, адам сирек, жалпақ алаң қаңырап қалған.

– Жақсы тынықтыңыз ба, Әсаға? – деп Саймасай жылқылардан

бері жылжып кеп сәлемдесті. Қаз-қатар қосақтағы үш-төрт тізбек
қойды санап жүрген Қырғызбайды асықтырды. – Қорбаңдамай,
болсаңшы-ей!

– Әсаға, ғафу ете көріңіз... – деп, жалынышты үнмен ақ­тал­ды

Қырғызбай. – Бұл да мына байғұс қазағымның қамы. Аузын­
дағысын алаяқтар жырып әкетіп жатса да, аңқиып тұра береді.
Біреу алдап, жер соқтырмасын деп, санап өткізіп жатырмын.
Ұқтыңдар ма, көшеге шыққанда шаужайларыңа оралса да, ешкімге

мал сатпаңдар!.. Үш күннің ішінде өз бағасымен өткізіп беремін...
Жұмыстарын тындырған Қырғызбай мен Саймасай аттарына
мінді. Ескі қорғанның шетіне шыға бергенде Саймасай мінер
жағында келе жатқан Қырғызбайға иек қақты.

– Былай бұрыл. Сәмет аспазға айтып қойғамын. Әсағаңды

майлы мантыға бір тойғызып алайық.

– Баста ендеше...

Еңсесі көтеріңкі асхананың алдындағы көлденең орнатылған
бел ағашқа қалың ат байланыпты. Бір шетіне барып тоқтаған Сай­
масай аттан түсті де, Әсеттің атын ұстап, өзі байлады. Бұларды
дөңгелек қара сақалды кісі қарсы алды да:

– Бері жүріңіздер, – деп, түкпірдегі оңаша бөлмеге ертіп алып

барды. Саймасай иығынан қақты.

– Сәмтахун, мына кісі бүкіл қазақтың аяулы адамы – Әсет ақын.

Ұятты боп қалмайық, еті мен майы мол, пиязы аздау манты алып
кел. Өйтпесең мына Қырғызбай қой бермей қояды.

– Хуп... айтқаныңыз болады...

– Бұларға да тілдеріңді өткізіп алғансыңдар ма? – деп күлді Әсет

елпеңдей бас изеп шығып бара жатқан сақалдың соңынан қарап.

– Қазақтың малы ғой бұларды мәйпеңдетіп жүр, деп шалқия

жымиды Қырғызбай. Бұл сөзді Дәшет іліп әкетті.

– Өз қойыңдай сөйлейсің ғой тіпті.

– Өз қойым емей немене өзімнің туыстарым бағып-қағып

әкеп отырған соң.

– Әсаға, мына Қырғызбай қой саудасының жалдабы. Қалада

сойылатын қойдың көбін өз қолымен береді. Желбуаз боп
шалқиятыны сол.

– Кісі ақысын жемесе, жегізбесе, сауабы мол емес пе?

– Таразыдан жесе – тасбақа болады дейді. Бұл малдан

жесе – аң боп жайылып кетпей ме?.. – деп жармасты Сайма­
сай. Оған Қырғызбай ықпады, әзілдің астарындағы шындықты
мойындағандай ақталды:

– Жемеген соң адам боп жүрмін ғой…

Көп күттірмей үйме табақ манты келді. Үлкен екі ақ шәй­нек­
пен шай берді. Былқыған мантыға сылқа тойып, атқа қонысты.
Қаланың күн батыс жақ шетінде оңтүстікке созылған терең
жыра бар екен. Одан әрі сықырлаған егіс, жайқалған беделдік,

со­райған жүгері. Тақталап еккен қауын-қарбыздың арам шөбін
отап жүрген кісілер тынымсыз бүкшеңдейді. Жалпақ егіс
алқабының ортасында қалың ағаш көмкөрген үйлер тұр. Соқпа
дуалмен қоршалған. Жіңішке арба жол салт аттыларды сол

ағаш арасына жетелеп кіргізді. Жатаған соқпаның іші кең аула.
Кіре берістегі үйдің алдына екі-үш самауырын қатар қойылған.
Кіріп-шыққан әйелдер абыр-сабыр. Есік алдына тоқтағанда
Әсеттің атын ұзын мұртты, сұңғақ бойлы, күн қақтап, өңі қара

күреңденген қапсағай қара кісі ұстады.

– Ат-көлігің аман ба, Әсетжан?

– Қуаттысыз ба?.. – деп Әсет те хал-жай сұрады. Атты қара

көлеңкелеу қораға апарып байлап қайтқан кісі жайраңдай
қарады.

– Жасым алпыстан асты, Әсетжан. Атыңды алғаш вестопке

болған жылы естіп ем. Алматыға барған кісілер ауыздарының
суын сорғалата айтқан.

– Иә, тұқым қуалаған Романовтар патшалығының үш жүз

жылдығы екен. Бүкіл Жетісудан бай-манаптар шақырылыпты.
Қапалда жүрген кезім болатын. Маманның Тұрысбегі қолқалап,
ме­ні ала барған. Сонда үлкен көрме өткен. Басқа да ақын-жыр­
шы­лармен бірге мен де қаптаған қазақты әнмен сусындатқаным

рас...

– «Құлақ естігенді көз көреді» дейді екен бұрынғылар.

Дәм айдап келіп қалыпсың, құрметті қонағымыз бол. Ішкен
суымыз, татқан дәміміз бір еді. Өнген топырағымыз – Жетісу.
Өгейсінбе, мұндағылар да өз елің. Қазағыңның жалпақ құшағы
ашық. Мына Саймасай – туған інім. Менің атым – Саржан. Қала­

ның қуыс үйінде пысынатпай, аз да болса ауасы кең, осында
алып кел, еркін тыныс алсын деген мен едім.

– Сіздердің пейілдеріңіз тынысымды кеңейтпесе, тарылтпас.

– Әсетжан, атаның ұлысың ғой, мына малға бата жаса да, үйге

кір, – деді Саржан інісі Саймасай дедектете жетелеп әкелген
қойды көрген соң.
Әсет ағынан жарыла бата жасады. Сонан соң Саржан мей­
манды үйге бастады. Шай үстінде Қадырихан ән салды. Дәшет

өлең айтты. Әбіш те бірсыпыра тер төкті.

– Сәке, – деді Әсет бұйығы қалыптан жазбайтын жанары

кем жас талапты жебеп. – Дәшет маған Текес тауларын аралап
қайтайық деп отыр. Саймасай да баратын болды. Менің Әбішті
де ала кетпек ниетім бар. Бұған сіз қалай қарайсыз. Ел танысын,
жер шарлап, үлкен-кішіден тәлім алсын.

– Мұның әкелік қамқорлығың, Әсетжан! Көкірегі ашылар.

Өзіңдей ақиыққа серік болса, арманы не?..

– Барасың ғой, ә, Әбішжан? – деп Әсет қамқор қормалдықпен

шыңдай түсті. Әбіштің солғын жүзі албырап сала берді.

– Ықыласыңызға құлдық, аға! Сіз ілестірсеңіз, қайда болса

да барамын!..

– Онда әзірлен. Бір-екі күннен кейін жүреміз!.. Әсеттің

пейіліне жұрт сүйсінді. Тіпті кейбір жастар Әбішке қызыға
қарасады. Өнерін таныды ма, әлде, мүсәпірлігіне жаны ашыды
ма?..
Астан кейін Әсет ән салды. Саудыраған сұлу үн бір өрлеп,

бір төмендеп толқыды. Бұрала бұраңдады. Ойнақ салып
орғыды. Аспан аясында аунақшып жүр. Жастар аңыра тыңдаса,
үлкендердің көздерінен жас парлады. Ән әуенінен сағыныш,
арман, өкініш лебі еседі. Соған қосылып күрсінісіп, күңірене

өксиді.

– Көп жаса, Әсетжан! – деп ақ ниетін айтты әнін аяқтаған

ақынға Саржан. – Өзің таратқан еліміздің әнін естіп, жүрегіміз
сусындады. Сағынышымыздың өртіне су септің! Көсегең
көгерсін!..
Әсет жұрттың неге боздап отырғанын түсінді. Оларды жұба­

ту үшін ойнақы әнді қайтадан еселеді. Жұрттың өксігін басып,
шөлін қандырды...

СЕҢГІР ТАУЛАР

Соңғы екі күн жанға жайлы өтті. Саржан үйінің айналасы ар­
найы егілген жалпақ беделік екен, шалғындай жайқалған. Осында
емін-еркін тыныс алып, ат шалдырған Әсет үшінші күні үй иесінен
рұқсат сұрап, Қадырихан мен Әбішті ілестіріп, қонаға қалаға орал­

ды. Дәшет те буынып-түйініп, атын баптап тосып отырған. Келесі
күні таңертең жолға шығатындарын Саймасайға хабарлады.
Күн шыға Саймасай жетті. Бөктергісі тоқ. Оқтаудай қатқан
қарагерге ерттелген ер-тұрманы әшекейлілеу. Ердің қасында,

тартпа-таралғының үстінде, үзеңгінің айналасында темірге
шегілген ақ күміс жылтылдайды. Шоқтығы биік қарагердің сәнін
асыра түскен. Қара шибарқыт аткөрпенің үстін пістелі пыстан
тартпамен бастырған.

Арнайы әзірлеген Айшаның таңертеңгі асын асықпай ішісті
де, бес салт атты саусылдап ауладан шықты. Есік алдынан
көлденеңдей ағатын қара суды жағалап, күншығысты бетке алды
да, жүріп кетті. Аздан кейін алдыларынан кездескен үлкен көшенің

қиылысына тақағанда Саймасай:

– Жалғызсайды асамыз ба, әлде, Жамантыдан өтеміз бе? – деп

сұрады Дәшеттен. Ол үндемей жол жағдайына біраз ой жүгіртті
де, жай-жапсарды айтты:

– Қазір елдің бәрі жайлауға шығып кетті емес пе? Жалғызсай

ассақ, алдымыздан қоналқаға үй табылмайды. Оданда Тоғыз­
тараудың желкесін басып, Мұқыр-Жырғалаңды қиялай жылжиық
та, алқымдағы елге жете жығылайық. Сонан кейін Ешкіліктен әрі
Қаражонға асамыз. Бүгін жолымыздан шұбалаңдай сырғып көшкен

қазақтың біреуі кездесер.
Осыған келісті де, Құлжаның күншығыс шетіндегі Қытай базар
аталатын жалпақ көшесін қақ жара жүріп, лезде арғы шетіндегі
Раушанбақтың тұсынан әрі өтті. Үш-төрт шақырымнан кейін Іле

өзенінің аңғарын жиектей жүретін қара жолға түсті. Бір қалыпты
аяңмен түс әлетінде Жамантының кемесіне жетті. Өзеннен ке­
мемен өтіп, жардың қабағына орналасқан қыстақтың шаңдақ
көшесінің бойына салынған ығы-жығы үйлердің қатарындағы

шағын асханаға аялдасты. Астан кейін атқа қайта міністі.
Түстік қабырғаны қапталдап, керегеше керілген Үйсін тауының
ылдиға созылған етегі жаймаланған кең жазық. Қаракөк бұйра
беделік, жасыл егін. Көз ұшындағы жоталардың қыр арқасынан

қалың ағаштың ұшы қылтияды. Түйеге жапқан жасыл-күрең
шашақты жабу секілді. Жол жазық, лекіген суыт жүріс. Екінті

шамасында Тоғызтарау қыстағының оң жағындағы қырқалардың
етегін сағалай өрлеп, күн бата Жырғалаң сайының бергі қой­
науында отырған бір үйге ат басын тіреді. Ешкілі қазақ екен.
Айран-қатықпен шөлдерін басты. Біраз тыныстан кейін-ақ қаймақ

қатқан шайға қанысты. Аттарын әбден суытып, тынықтырды да,
ел жата отқа қойысты. Әсеттің атына қарауды өз мойнына алған
Саймасайға Дәшет пен Қадырихан болысты.
Келесі күні Жырғалаңның күн батысындағы шеткі жотаны

өрлеп барып, Ешкілік қылтасынан Текес аңғарына қарай асты
да, Қаражон қырқасында астық бағып қалған бір үйге түстенді.
Содан аттанған соң, суыт жүріспен күн бата Аттың тауының
оңтүстігіндегі Көкжота жайлауында отырған ас берілетін Қой­

лыбай ауылына барып түсісті. Қойлыбайдың баласы Алмабай осы
асқа Дәшетті арнайы шақырған, қуана қарсы алды. Оңаша тігілген
ақ отауға бес кісіні өзі ертіп апарып орналастырды. Жайланып
отырған соң Дәшет:

– Атаңның әруағы разы болсын... Мұндағы елдің өңі тұрмақ,

түсіне де кірмейтін жағдай былай: мына кісі сыртынан атын естіп,
өзіміздің тамсана табынып жүретін аяулы ағамыз Әсет ақын, –
деп құрметпен таныстырды. Алмабай жалт қарады да, орнынан
атып тұрды:

– Аттан түсе салып неге айтпадың-ей?.. Қадамыңызға нұр

жаусын, асыл аға!.. Алтын дидарыңызды көргеніміздің өзі бізге
үлкен абырой!..

– Көсегең көгерсін, шырағым! – деп, Әсет өзінің осынау

алыс шалғайдағы елге де атақ-даңқының жеткеніне еңсесі өсіп,
марқайып қалды. Алмабай өзінің жайын, елдің күйін айтты.

– Әкеміз атағымен жер жарған кісі емес, көп жасаған адам.

Тоқсаннан асып барып дүнис салды. Артында жеті ұлы қалды.
Кенжесі менмін. Адамның аты ақыл-парасатымен де, зұлымдық-
зымыяндығымен де шығады емес пе? Әкеміз билік тізгінін ұстаған
немесе біреуге тізесін батырып, озбырлық жасаған кісі емес.

Қарапайым тіршілігімен-ақ ел-жұртына сыйлы болды. Алдына
мыңғырған мал салып айдаған жоқ. Өз қолы өзінің аузына еркін
жетіп өтті. Менің қолымда тұрды. Үйім – үлкен үй атанды. Өзімнің
босағамнан арулап шығарып салдым. Сондықтан әкемнің асын

оның тоқсан жасына лайық салтпен өткізгім келген-ді. Одан мен
жұртымды сипалап қалмаспын, атағым шығып та жер жармас. Әке
әруағын разы қылайын. Ойым осы.

– Ниетің қабыл болсын, шырағым!..

– Мына Дәшетті әкеме дауыс айтқызғалы шақырған жоқпын.

Құлжаға барып-келіп жүргенде таныс-біліс болдық та, көңіліміз

жарасты. Әкемнің асынан дәм татсын, ел аралап, жер көрсін деп
ойладым. Ақынға сондай серпіліс те керек дейді ғой.

– Мұның дұрыс! – деді Дәшет құптап. – Өзіміздің де ойы­

мыз сол. Әсағаңа ел мен жерді көрсетіп, біраз сілкініп, түлеп
қайтпақпыз...

– Ақыл тауыпсың ... Сәке, базарды тастап келгенің үшін саған

да рақмет!

– Ол Әсағаңның атқосшысы, – деп қалжыңға басты Дәшет, –

Ал мына кісі – ақын ағамыз Қадырихан. Ана ала жас түлек, темір
қанат ақын Әбіш інің. Ақындардың көңілін сергітуге әуес болсаң,
міне, тобымызбен келіп бастық ауылыңды!..

– Саймасайды мүйіздемей-ақ қой. Әсағаңа бәріміз де атқош­

шымыз. Асты өткізгеннен кейін мен де қосыламын. Ән салып, күй
шертпесем де, қошшы болуға жарармын. Бүгін-ертең Күнестен
Әшім келеді. Өзіміздің осы Текестегі Рақышымыз тағы бар.
Ақаяздағы атақты күйші Маздақ ағамыз да сырт қалмайды. Сөйтіп,

атамыздың арты қазақтың саңлақ өнерпаздары бас қосқан ұлы
жиынға айналғалы тұр. Әсаға, асты алдымыздағы жұмаға белгілеп,
елді сол күнге шақырып отырмыз. Оған дейін еркіңізше керіліп-
созылып жатыңыз, тынығып алыңыз. Ат-көліктеріңізге қарауды

ауыл жігіттеріне тапсырайын, алаң болмаңыздар...

– Ол да жөн... Астың алдында думандатып жатқанымыз жараса

қоймас,– деді Әсет те үй иесінің емеуірініне жығылып.
Ұзақ әңгімемен түн ортасы ауа жатса да, Әсет дағдыға айналған
әдетінше ерте оянды. Киініп, жүқа шекпенін иығына желбегей
жамылып, сыртқа шықты. Ауыл шетіндсгі биіктеу жеке төбеге

барып, айналаны барлай шолды. Қойлыбай аулы Нарат аталатын
заңғардың түстікке ойысқан үстіртіндегі Көкжота жайлауының
жалпақ жонында отырған. Қарсы бетте ақ қар құрсаған ұлы таулар
тізбегі. Күн батыс тұстағы жазықтау ойпатқа оңашалап он шақты

үй тігілген. Төмендегі текшеде – биебау. Бір топ адам үйір-үйір
жылқыны иіріп қойып, құрыққа байлаған бұғалықпен құлын
ұстап жүр. Оның арғы жағында – қой қорасы. Өрген қой шығыс
солтүстіктегі жайпақтау аршалы төскейге қарай шашырай өрлеп

барады. Сол маңдағы үйлердің белдеулеріне, есігінің алдындағы
қазықтарға екіден-үштен бұзаулар байланған. Жер бетінің шөбі
тақырлау болғанымен, киіздей тығыз. Бетеге мен білтешені бассаң,
киіздей былқылдайды. Табаныңның астында қалған шөп өкшеңді

кері серпіп, аяғыңды көтеріп алғанда-ақ қайтадан тікірейіп тұра
қалады. Күннің көзі шыға шуаққа балқыған жылқылар жусай
бастады.

Күн сырық бойы өрлегенде сеңгір тауларға таңырқай қарап
тұрған Әсеттің қасына Алмабай таяды. Ұзын бойлы, қызыл шырай­
лы аққұба жігіт иығына жағасыз қоңыр шекпен жамылған. Жалпақ
қақпақ жағалы ақ жейдесі кіршіксіз таза. Дөңгелек ақ қалпағының

етегі мен ернеуі қара мақпалмен көмкерілген. Төбесінде шоқпардай
шашақ бұлғаңдайды. Қоқырайтыңқырап, оң жақ шекесіне қисайта
киген. Ат жақты сопақша жүзін әрлендіре ашып түр.

– Жайлы жатып, жақсы тынықтыңыз ба, Әсаға?

– Шүкір, денем әбден-ақ сергіпті. Өзің ерте тұрып апсың ғой,

ой қажап жүр ме?

– Ауылына Әсет ағамыз келіп жатқан адамның ұйқысы келуші

ме еді?– деп ақсия күлді де, Алмабай өз жағдайына көшті.– Бата
оқырға, сауын салуға жан-жақтан ағайын-туған, жекжат-жұрат
келе бастайды бүгін. Соларға лайықты сый-құрмет көрсетудің
қамы ғой, Әсаға, ұйқыны қашырып, мазаны алған.

– Әр істің жүйесімен орындалғаны жақсы,– деп қостады Әсет

ықыласпен.– Біздің қазақ жылқы мінезді халық. Семіріп, жал бітсе,
еліре осқырып, анау-мынауға ырық бермейді. Мына жайлаудың
желігі кейбіреулердің құртын қоздырып, өкпесін кептіретіні анық.
Тіпті мүшеге таласып, дау-шар шығаратындар да бар. Алдын ала

межелегенің дұрыс, шырағым.
Әсеттің серіктері де оянған. Іркес-тіркес шұбатыла қасына
келіп, Алмабаймен амандасты да, ұлы таулардың сиқырдай арбап,
көлеңдеген көркін сыртынан тамашаласты. Қар жастанып, мұз

жамылған сұсына, сәуле ойнаған шыңдарына сүйсінгендей Дәшет
басын шайқады:

– Неткен айбынды!..

– Осы ұлы асқарлар жебеген елдің жүрегі де ірі болуға тиіс,–

деді Әсет жолдастарының ойын сезіп. Алмабай қинала мұң шақты.

– Тауы пана болса ғой, шіркін.

– Неге бұлай қынжыласың?

– Бұл таулардың құшағын мекендеп жүрген ел не көрмей жүр,

аумағы тар, Әсаға...

– Адамның шеккен азабы үшін тау кінәлі ме?

– Оның жайына кейін оралайын, айтатын гәп басқа...

Сөз тыйылып, бәрі де тау жаққа ынтыға қарасты. Теріскей
қапталына қалың бұйра қарағай өскен сайлардың құшағына
бозғылт мұнар шөккен. Жота-жонның қойын-қойнауы сықасқан
көк жасыл арша. Ақ бас таулардың омырауын ақ тұман ораған.

Мұз жамылған найзадай шыңдар томсыраңқы, түсі суық. Қардың
ызғарлы лебі еседі.

Бір-екі әйел қонақтар түнеп шыққан үйдін алдында самауырын қойып жүр. Бір жігіт жұп-жұмыр ақ сөңке Қарағайды жоңқалап жарып, отынды түтікке сыятындай қып бұтап жатыр. Бір топ атты кісі шалғайдан орағытып келіп сәлемдесті. Алмабайдың ағалары екен. Әсет ақынның өз ауылдарына қонақтап жатқанын мерей тұтып, алғыстарын айтты да, көп бөгелмей шаруаларына кетті. Шайдан кейін Әсет тағы да оңашада біраз бой жазды. Біріненбірі биік қат-қабат таулардың алыс түкпірлеріне дейін көз жүгіртеді. Қар басқан шақа тастардың жоны мұздай жалтырайды. Пышақтың қырындай жалдары қабаттап соққан тас қорғанның ду­ алы сықылды. Үй жаққа бұрылып бір қарап еді, арнайы әзірленген кермеге тізілген аттардың қарасы молая бастапты. Біразға дейін маңайламай, ойын бөлгісі келмей, сырттан жағалап жүрген серіктері де осы кезде қасына таяған-ды. – Әсаға, үйге таман жақындайық – деді Дәшет есік алдындағы топырдың Алмабайды қоршап тұрғанын байқатып. Әсет ойлы қалпымен үнсіз бұрылды. Кәрі-жасы аралас бір қауым адам ал­ дынан қарсы шығып сәлемдесті. – Ат-көлігіңіз аман ба, Әсаға? – деп, орта бойлы, шымыр қара кісі қасына тақады да, құшағын айқара ашты. – Өзіңіздей ардағымызды көзбен көруге нәсіп еткен Құдайға разымыз! Келіңізші, атам қазақтың салтымен көрісейін!.. Қырықтың қырқасына өрлесе де жігіттей жылпың. Үш рет төс қағыстырған соң, парызын өтегендей көзі жайнап, мерейі өсіп қалды. Алмабай оны таныстырды. – Әсаға, бұл кісі тұқым қуалаған күйші. Осы елде мынау ұлы таулар пана бола алмаған Қожеке деген күйші өткен. Сол кісінің бел баласы Рақыш ағамыз. – Көп жаса, бауырым! – деп Әсет қасында тұрған Рақышқа ілтипат білдірді. – Қожекені естуім бар... Е, сенің мына алып тауларға өкпең сол ма еді?.. Әкеге тартып ұл туса, ізі өшпегені ғой. – «Тауда бұғы мөңіресе, ойда сиырдың мүйізі сырқырайды» деген екен бұрынғылар, – деді Рақыш өзін сыпайы, байсалды ұстап, биязы түрмен. – Әсеттей ағамыздың алдында адыраңдасақ – ожарлығымыз. Ағасының алдын орап, інінің көсемсігені – көргенсіздік болар. – Бірақ именшек, жасық інілер абырой да әпермейді, – деп түйді Әсет сөз жүйесін. – Именісіміз – ізетіміз, жаутаңдағанымыз – жаныңызға үңіл­ ге­німіз. Алдыңызға шықпай, айтқаныңызды орындауға бармыз! – Көп жаса, Рақышжан, ырысым екенсің!..

– Әсаға, ішке кіріңіз, – деді Алмабай сырттағы бөгелістің ұзап

бара жатқанын ерсі көріп. Кең үйге жұрт лықа толды. Дастарқан
жайылып, тегене-тегене бауырсақ төгілді. Көпіршіген сары
қымыз құйылған сары ала тостағандар төрден бастап жағалады да,
төмендегілердің қолдарына дейін түгел тиді. Әлден уақытта өзіне

телмірген жұрттың ындынын байқаған Әсет отырыстың ыңғайын
сыпайы салтқа бұрды.

– Азалы аста дауыс айтылады, ән салынбайды. Даурығып жат­

қанымыз дарақылық болар. Әзірше көңіл ашып, қоңыр күйлерді
тыңдай отырайық, Рақышжан, өзіңе салмақ түседі енді...

– Қойлыекең тоқсан жылдың жүзін көрсе, менің әкем алпысқа

жетпей дарға асылыпты, – деді Рақыш мұң шаққандай. – Ата­
мыз сауыққой кісі еді. Әруағын күймен тербейін, разы болса,
бір аунап түсер.
Аршаның шымыр түбірінен ойып жасалған, қайыстай қатқан

қызыл-күрең домбырасын безей ұстады да, лекіген желдірме күйді
сорғалатты. Қоңыр сарын ширатылып, самалдай желпіді. Қиялды
түпсіз терең тыныштыққа жетеледі. Сезімді сипалай аялап, тәтті
арман құшағында қамсыз әлдиледі. Арасы үзілмей арты-артынан

шертілген сылқым күйлердің иесі аталып та жатпады. Тек бастар
алдында ғана қандай күй екені айтылады. Тарихына, мазмұнына
түсінік беріп жататын арнайы бір қалаулы кезеңдер болмаса,
мынадай суыт отырыстардағы дағды осы. Бұл Әсетке де салтқа

айналған қылық. Көп жағдайда әндерінің мән-жайын айтпайды.
Сондықтан күй сарынына қызыққанымен, бір мөрті келгенде, сол
сарындардың тарихын байыптап ұға жатармын деп ойлады да, күй
желісін бұзбады. Күй ағысы бірсыпыраға созылды.

Түске таман жауырыны қақпақтай, ақбөрте жігіт сәлем беріп,
табалдырықтан аттады. Төрге тақау топтың арасында отырған
Алмабай орнынан атып тұрды да:

– Бері, мұнда кел! – деп ақсия күліп, құшағын жая қасына

шақырды. Бүлдіргесін білегіне ілген қамшысын сүйрете өрлеген
сері жігіт жайғасқан соң, Алмабай төрдің төбесіндегі Әсетке мойын
бұрды. – Әсаға, бұл жігіт Әшім күйші. Тау асып, тас басып, сонау
Күнестен келіп тұр.

– О, бәрекелді... Ағайынның көңілін аулаған адамға жер қашық

па?! – деп Әсет қуана жымиды. Бірін-бірі ардақтаған жігіттерге
іштей разы. Әшім орнынан қайта түрегелді құшағын жайып.

– Әсаға, әруағыңызға сырттан сиынушы едім. Арманда кет­

пейін келіңізші, төсіңізге төсімді тигізіп қалайын!..

– Талабың таудай екен, кел, қарағым!

Әсет те түрегелді. Екеуі құшақтасып көрісті де, қайта тізе
бүкті. Әшім әйгілі әншінің бойынан қазақ жұртын тамсандырған
айрықша артықшылығын іздегендей, байқатпай барлап, әлсін-
әлсін сұқтанады. Күй әрі жалғасты.

Кестелі шалбар, ши барқыт шолақ пешпет киген он бес

– он алты жас шамасындағы қара бала сәлем беріп кірді.

Іргені жағалап барып, Алмабайдың құлағына сыбырлады да,
кері бұрылды, Рақыштың күйі аяқталғаннан кейін Алмабай
қоңақтарға күлімсірей қарады.

– Әсаға, үлкен ағамыз Тоқтар сіздерді түскі асқа шақырады...

Мұны естісімен есік жақтағылар жол босатып, сыртқа сырғыды.
Төрдегілер қотарыла көтерілді.
Әсет тобын бастаған Алмабай оңтүстіктегі кең койнаудың
шетіне тиіп тұрған қарағайы самсаған шұңғыл сайдың алқымына

тақау қонған екі-үш үйге қарай ертіп жүрді. Алпыстан асқан бу­
ырыл сақалды, жотасы күжірейген, әжімсіз бетінде қаны ойнаған
шой желке, дембелше қара-сұр кісі есік алдында қарсы алды.
Аман-саулықтан соң, салт бойынша, Әсет ықылас-тілеуін білдірді:

– Ниетіңіз қабыл болсын, Тоқа!..

– Айтсын, Әсетжан, айтсын! – деп елпелектеген Тоқтардың өзі

енді ілгері жол сілтеді. Қадырихан мен Рақыш басқалардан жасы
үлкендігін жасап, бұлардан кейін қатарласа жылжыды. Дәшетті
ортаға алған жігіт-желең соңдарында.
Бұл үйде де күй төгілді күмбірлеп. Рақышты жас Әшім қоста­

ды. Әлден уақытта манағы хабаршы бала есіктен басын сұқты.

– Ата, кісілер келе жатыр.

Бұл сыйлы қонақтар екенін сездіретін белгі. Алмабай сыртқа
шықты. Ат дүбірі тақап келіп тоқтады. Еркек-әйелдердің жамы­
рай амандасып, шұрқырасқан дауыстары естілді. Ақжарқын жуан
дауыс әңгірлей күжілдейді.

– Немене, Рақыш атасын күймен жоқтап отыр ма? Аттан түскен

әйелдерді ауыл әйелдері басқа үйге бастаған сықылды, дыбыста­
ры алыстай берді. Бұл үйге сәлем беріп, дөңгелек қара сақалды,
түйедей дөңкиген, ұзын бойлы ақсұр кісі кірді.

– Кел, Маздаш, төрлет! – деп, Тоқтар төменірек сырғыды да,

өзінің өр жағынан орын әзірледі. – Бітер істің басына, жақсы
келер қасына. Атам марқұмның ниеті қалыс екен. Қазақтың
игі жақсылары бас қосты. Маздашжан, мына кісі аңсап жүрген
Әсетіміз!..

– О, құдауанда, өңім бе, түсім бе?! Осынау шалғай түкпірдегі

елді іздеп келгені ме? Келші бері, Әсетжан! – деп таңданған әлгі
кісі тізерлей берді де, еңгезердей кеудесін қайта тіктеп, жасының

үлкендігін танытты. Таудай тұрқымен қапсыра құшақтағанда,
Әсет оның кең қойнына балаша көміліп, қалды. Қысып-қысып
қойып, мейірі қанғандай жайраңдай күлді де, орнына сөйлей
отырды. – Тәңірдей табынып жүрген Әсетіміз едің, қош келіпсің,

шырағым!.. Мына жігіттер өзіміздікі. Аман ба, Дәшетжан? Сай­
масайымыз Құлжадағы мал базарының Құдайы. Әшімім әшекейлі
күйдің сарбазы. Амансындар ма, айналайындар?!

– Жалғанды жалпағынан басып жүрміз, Мазаға, – деп бәрі үшін

Дәшет жауап берді. Маздақ шола қарады.

– Мына жігіт пен анау баланы түстей алмадым.

– Бұл екеуі де қара жаяу емес, Мазаға, – деді Дәшет таны­

стырып. – Бұл жігіт Қадырихан ағамыз, әнді де, өлеңді де суша
сапырады. Ал мынау – жас талап Әбіш деген ақын балаңыз.

– Өркендерің өссін, қарақтарым!.. Әсетжан, міне, жалым

да, құйрығым да бар. Бұл жалғанды шайқап өтпей Маздаққа не
көрініпті. Жалындай беріңдер, шырақтарым!

– Әсетжан, бұл біздің Маздақ деген саңлағымыз, – деді

Тоқтар қасына отырған жуан кісінің тізесінен басып. – Мұның
басқаға ұқсамайтын үш түрлі қасиеті бар. Кергіп, сызданбайтын
ақжарқын. Қайда жүрсе де осы аңқылдақ қалпынан танбайды.
Онан соң біздің сырт жағымыздағы Халық тауының бөктерін

қыстап, төбесіндегі Ханжайлауға шығатын қалың елдің ақылгөй
азаматы. Ақсу мен Ақаяздағы ақалақшылардың ішіндегі жуан
жіліктісі. Бірақ кейбіреулер құсап адыраңдамайды, бұлданбай­
ды, сызданбайды. Қашан да елдің қақ ортасынан табылады.

Ешкімге тізесін де батырмайды, біреулерден пұл да алмайды.
Сол кең кеуделігінің шарапаты шығар – асқан күйші!..

– Бүгін кіл күйшілер бас қосқан күн болды ғой, – деп жымиды

Әсет. Мұны азырқанғандай Алмабай ойындағыларды үстей атады.

– Әлі аз, Әсаға, әуперім Асанәлі мен әңгідей арқырайтын

Әтіхан деген ұшқырларымыз тағы бар...

– Рақыш, әкелші бермен! – деп Маздақ жеңін білегіне дейін

сыбанды да, домбыраға қол созды. – Ауылымызға Әсет келгенде
немізді аяймыз! Өзіміздің атамыз Қожекенің «Аққуымен» бал­
бырата бір тербетіп алайын!..
Ерке күй сырғи жөнелді. Сылқылдай бұралған әсем үн

жүректегі мұңды шайқайды. Судың сыбдыры, жүзген құстың
сусылы, әлденендей күрсініс-күңіреніс анық естіледі. Бірте-
бірте жоғары өрлеп, арқыраған арман лебі есті. Білеудей жұмыр
саусақтар домбыраның бетінде талша майысып, нәзік дыбы­

старды дәл басады, үзілте безілдетеді. Осы тұстағы аңыраған
арынды үн тұлабойды солқылдатады. Құйқылжи күңіренгенде

жәбір шеккен әлсіздің зары сұңқылдай төгілді. Сезімді баурап
алған. Күй тоқтаса да, біразға дейін қыбырлаған жан болмады,
елтіп қалған. Әлден уақытта:

– Бәрекелді, адамның жан-дүниесін балқытатын өнердің

қасиеті де осынысында ғой! – деп сүйсінді Әсет алғысын жари­
ялай серпілтіп.
Осылайша, күйге күй ұласты. Күн еңкейгенде қонақтар сыртқа
шығып, кең тыныс алды. Қилы-қилы күйлердің сарыны, ара-тұра

үзіліс тұсында айтылған елдің басынан кешкен қасіретті оқиғалар
Әсетті қатты толғантты. Жетім бала сияқты халық екенбіз-ау...
Зар еңіреп күңіренуден көз ашпай келеміз. Арманымыз жанарта­
удай жалынын атқылап тұрғанымен, ештеңеге қолымыз жетпей

жүр. Билеп-төстеушілердің тәсілі де жымысқы. Жердің атынан
біз сұғып, тамырыңды қырқады. Сөзі өтімді, көзі қарақты, тілді
адамдарды тұқыртып, құрта беріпті... Соның бірі – Қожеке. Ол
күйші ғана емес, елдің жоғын жоқтаған, жарлыға жанашыр болған

ақ жүрек адам көрінеді. Оның да тағдыры жан-түршігерлік, іс
әрекетінің түбіне үңілсек үкімет тізгінін ұстап отырған әкімдер
өз майыңмен өз етіңді қуырып, оны өзіңе жегізеді. Өз қолыңмен
өзіңді бауыздатады. Соған төзгеніміз – надандығымыз, ойдың

шолақтағы, өрістің тарлығы. Қожеке де сондай айланың жемтігіне
айналыпты. Бірақ қырық жылға жуық уақыт өтсе де, ел оның сол
қазасына күңірене қайғырады. Адамдығын, өнерін, ер көңілді
жомарттығын аңыз қып айтады. Демек, бұл – оның ісіне елдің

сүйсінгені, аялағаны. О, дүние, сарылтқан арманның асқарынан
асар күніміз туар ма екен?..
Іштей мұңайған Әсеттің қасына келген Маздақ күйші оны
оңашалап алып кетті. Сөзден сөз туындады да, манадан тиіп-қашып

айтылған Қожекенің тағдыры екеуінің ендігі ұзақ әңгімесінің
арқауы болды. Маздақ жіпке тізгендей қып айтып берді...
Қожеке өмір сүрген тұста Іле бойындағы дихандардың
билеп-төстеушілерге қарсылық әрекеті белең алып, ауыл-

аймақты түгел шарпыған еді. Бай-шонжарларға арқа сүйеген
Манжу хандығының жерлгілікті әкімдері алым-салық әдісін
тежеусіз қолданған. Бара-бара өлердей қалжыраған халықтың
наразылығы өршиді. Ақырғы тұяқ серпісі секілді, шаруалар

көтерілісі бұрқ ете түседі. Бұл қимылды бүкіл халық қолдайды.
Қарулы шайқас ұзаққа созылады. Ақыры, бүкіл халық
қолдаған шаруалар көтерілісі жеңіске жетеді де, Іле жаң-жұң14
14 Жаң-жұң – бір аймақты билейтін әскери әкім.

мекемесінің орталығы Күре қаласына басып кіреді. Ондағы
Манжу хандығының қорғанысшы әскерле­рін талқандайды.
Алайда, көтеріліс әрі қарай дами алмайды. ­Өйт­кені шаруалар
қозғалысының қарқынын пайдаланған шон­жар­лар биліктің ба­

сына шығып, тізгінін ұстайды да, одан айы­рылып қалмау үшін
қамданады. Көтерілісшілердің арасына іріткі салып, ала ауыз­
дық тудырады. Осы алалықты пайдаланған Манжу хандығының
әкімдері шонжарларды тарту-таралғымен жемдеп, Еженхан

аурағына бас игізеді. Шаруаларға қарсы қыруар әскер қаптатып,
аяусыз жаныштайды. Ел басына қара түнек қайта орнайды.
Осы әдіспен өзінің іргесін мықтап бекітіп алған Іле жаң-жұңы
Миң шу ой-қырдағы шонжарлардан өзі сенетіндерді, үміт арта­

тындарды Күреге шақыртып алады да, арнайы тапсырма береді.

– Еженхан әулетінің құлағы да, көзі де сендерсіңдер, – дейді

арыстан мен күн бейнесі қатар тігілген гүлді жібек шапан киген
Миң шу қан-сөлсіз бетіне шапқан ашуын жасырғанымен, өктем
даусы қырылдап. – Бұдан былай халық ішінде бақылауды шексіз
күшейтеміз!.. Қара ниетті адамдарға мейірім жоқ, табанда дарға

асылады!
Күреден Текеске Миң шу жаң-жұңның «құлағы мен көзі»
атанып қайтқан Дадай болыстың жарғақ құлағы жастыққа
тимейді. Есіріп, шолақ танауы бұрынғыдан бетер делдиеді.

Бітік көзі ақилана ақшияды. Үстемдігін асыра түсу үшін өзін:
«Жаң-жұңның көзі мен құлағымын» деп, мақтана да бастайды.
Ыңырана дем алып, елден ерекше сызданып жүреді.
Бүкіл Текес өңірінің елі жиналған Ханжайлаудағы үлкен

бір тойда Қожеке ақ сақал-қара сақалды, бет-беделді кісілер
бас қосқан үйде көптің қалау-талабымен күй шертіп отырған.
Сыйлы адамдардың бәрі сол үйде. Кешігіңкіреп келген Дадай
болысты даяшы жігіттер солай бастаған. Төрде жасы үлкен ақ

сақалды, құйысқаны берік кісілер. Солардың қақ ортасында
Қожеке. Ел жапырыла түрегелгенде бұл тұстағылар қозғала
қоймады. Өйткені бұлардың бет-беделі Дадайдан кем емес-тін.
Үрлеген қарындай шермиген, бойы бір тұтам, быттиған бүйрек

бет домалана келіп, төрге тақау тұстан босатылған жерден
орын алған. Қарсы алдындағы Қожекеге көзі түскенде өзінен
әжептәуір жоғарыға жайғасқанын байқайды.

– Немене, Қожеке, үлкен кісілерді үтілеп үкірдай болғалы

жүрмісің? – деп тиіседі қызғанышы ішін жалап. Біреудің сөлекет
сөзін басынан асырмайтын қайсар Қожеке де әзілдеген раймен
шымшылай жауап қайырады:

– Үкірдай боп үһілеп, болыс боп божымай-ақ қойдым, мына

үлкен кісілер қолқалаған соң отырғаным ғой. Андағы жер тарлық
етсе, кел, орнымды саған-ақ босатып берейін!
Ел ду күлісіп еді, Дадайдың өңі бозарып сала берді.

– Орныңа таласатындай сен кім едің-ей, сонша?

– Сен сияқты құлақ та, көз де емеспін, Құдай жаратқан

Қожекемін. Оған таласың жоқ шығар!..
Күлкі үдейді. Осы күлкі Дадайға өзін мазақтағандай боп
сезіледі де, жүрегіне шаншуша қадалады. Өңі бұзылып, ішіне
сұмдық бір арам ой түйеді. Таяқ мінген дуана есірген екенсің,

тартқызармын сазайыңды... Өзімшіл қара ниеттің кеудесін қара
тұман тұмшалаған...
Бір күні Текес суының үстіне салынған, бірақ әрі-бері жолау­
шы өткенде қозғала теңселіп тұратындықтан «Селкілдек» атанып

кеткен көпірдің аузына кештете жеткен керуен қараңғыда өтуден
қауіптеніп, өзен жағасына түнеп қалады. Таң ата керуеншілер
өріске жіберген жүк артатын, өздері мінетін көліктерін іздейді.
Тігерге тұяқ қалдырмай айдап кетіпті. Керуен басы осы өңірдің

шәң-жаңына15 арыз айтады. Аудан әкімі Күредегі жаң-жұңға
мәлімдейді. Елді алқымнан сығып, тұншықтыра түсуге ілік
таппай отырған жаң-жұң қаһарға мінеді. Әкімге үкірдайлар мен
болыстарға бұйырыңыз, ұрыны таппаса, саудагердің барлық

шығынын өздері төлейтін болады деген жарлық түсіреді. Әкім
өзінің қол астындағы үкірдай-болыстарды жинап алып, жаң-
жұңның жарлығын жариялайды.

– Бірақ дәлелсіз елді қысып, жанжал шығарып алып жүрмең­

дер! – деп өзінің қаупін де қатал сскертеді.
Үйіне келе сала Дадай болыс хатшысына өзі айтып отырып,
жаң-жұнның атына хат жаздырады. Ұрыны Қожеке қып көрсетеді.
Жалғыз емес, жасырын ұстап отырған тобы бар деп, Күредегілер­

дің де зәресін ұшырады. Бұл зұлымдыққа хатшының құйқасы
шымырлайды. Жазықсыз адамға соншама жаланы үйіп-төккен
не деген жауыз еді. Ар-намысы қайда мұның?.. Дадай болыс түн
ішінде-ақ шабарманын Күреге шаптырады. Жазықсыз күйшінің

нақақ күйетініне көзі жеткен хатшы ертеңіне бір ебін тауып, бұл
жайды Қожекенің досы, сырласы Бәйеке биге жеткізеді.

– Қожеке, аңқылдап жүріп, артыңдағы аңдушыны аңғармап­

сың, – дейді әдейілеп барған Бәйеке би бұл сырды қамыға хабарлап.

– Саудагердің малын сен ұрлады қылып, Дадай болыс жаң-жұңға

шағым жіберіпті. Босқа жатпа енді, амалын тауып,қамданып қал!..
15 Шәң-жаң – ауданды басқаратын әскери әкім.

– О, жаным Бәйеке, шеңгелдегі халықпыз ғой. Қайда барсам

да құрулы қақпан тұрған жоқ па? Ақ патша алқымнан алғанда
бір бұлқынып ем, ақыры қаңғып кеттім. Енді тау-тасты пана­
лап, қашқын бола алмаймын. Денемнің қызуы азайған, суық
қармап қалады. Тарбағатайға не Алтайға кетсем, бала-шағамды

құныкер бодам қып қамап тастайды. Қайтейін, басқа түскенді
өзім көрем де ...
Қожеке ойға шомып барып, әлденені аңсағандай домбыра­
сын безілдете толғады. Буырқанған дыбыс бұрқана гулеп, соңы

күрсінген өксікпен, сыңсыған бебеумен бітеді. Қиялға батқан
Бәйеке би күйшінің күйігін, ыза-кегін сыртқа шығарғанын сезеді.
Өзінің де талыстай жалпақ кеудесі удай ашиды. Үлкен көзінің
шарасына толған жасты байқатпай сығып тастайды. Даусының

дірілін сездірмеуге тырысқан соң, бар салмақ сақалына түскендей
иегі кемсеңдей шошаңдайды.

– Домбыраңның үнін мен ұғармын, қазағың ұғар, Қожеке.

Бірақ жаң-жұң оны тыңдай қояр ма екен?..

– Сен ұғып қалсаң болды, арманымның аңғарын білгенің.

Осыны өзің жеткіз Рабат төреге. Қолдаушым еді, енді жоқтаушым
болсын...
Шөп шауып алған соң егін жинау үшін Қожеке жайлаудан
ойға ертерек түскен. Үйін Қаражон адырының Текес суына тақау

ойпатына тіктіріп, шаруасымен айналысып жүрген. Түс кезінде
бір топ қарулы шерік16 үйін қоршап алды. Мылтық кезенген екі
шерікті ілестіріп үйге кірген Дадай болыс төрде малдас құрып,
мізбақпай қаздиып отырған Қожекені өрімін бүктеп ұстаған

қамшысының ұшымен нұсқады:

– Міне, мынау!..

Екі шерік Қожекені мылтық найзасының ұшымен түртпектеп
тұрғызды да, екі қолын артына қайырып байлап, сыртқа алып
шықты. Сұры қашқан Торғын үрпиіскен балаларын бауырына
басты. Көздерінен жас парлайды.

– Ей, Дадай, Құдай бар болса, сенің де бала-шағаңды шұр­

қыратсын!.. – деп кіжінді Қожеке тісін қайрап.

– Өзіңнен көр кәззәп! – деп әкіреңдейді Дадай қамшысын үйіріп.

Шеріктердің бастығы оны кеудесінен кері итерді.

– Тұтқындалған адамды көптің көзінше сабауға болмайды. Ол

қарсылық көрсеткен жоқ! Әрі кетіңіз енді!..
Заңға жоқ, айтаққа қана үретін Дадайдың еңсесін бұл бұйрық
қара тастай басты. Иесі жекіген итше сүмірейіп, теріс айналды.
Қипақтап шеттей берді. Бұл сұрқына Қожеке мысқылдай күлді.

16 Шерік – жасауыл, әсер.

– Таяқ жеген күшіктей сүміреюін, сорлының!.. Дадайдың көзі

қанталады... Шұрқырап бала-шаға қалды.
Мама ағашта жер тарпып тұрған қара аты оқыранды. Арбаға
салып, аяқ-қолын таңып тастаған әкесін көргенде шошып кеткен
кішкентай Рақыш шыңғырып жіберді. Үлкен баласы Нұрқа егін

жақта жүрген. Ауыл азан-қазан, қара жамылып, сұрқы қашты...
Күреге жеткізген күні-ақ тергеп-тексеру басталды. Ары-бері
бұлталақтатып еді, Қожеке мұның бәрі жалған жала деп, ештеңені
мойнына алмады. Ал тергеушінің бұлтартпас дәлелі тағы жоқ.

Мұны қаралап, қағаз түсірген адам жаң-жұңның құлағы мен көзі.
Соны анық білетіндіктен тергеуші мұның бір бәлесі бар шығар
деп жорамалдады. Өзі жаза тартып қалмау үшін қалай да жаланы
шынға айналдыруға тиіс. Сондықтан ежелгі заманнан бүгінге дейін

бұлжымай келе жатқан сірі тәсілді қолданды. Қасарма, тоңмойын
деп қарар жасауға бекінді. Жаннан тәтті ештеңе жоқ. Қасарманың
жүрегін таяқпен езуге рұқсат бар. Етіне батыра азап салса, амал­
сыздан өзі-ақ қылмысты болып шыға келеді.

– Қылмысынды ықтиярыңмен мойындамадың ба, енді өз оба­

лың өзіңе!

– Істемеген істі істедім деудің өзі Құдай алдында күнә...

– Сен Құдай емес, жаң-жұң алдында қылмыстысың!...

– Онда жаң-жұң айырар ақ-қараны.

– Бұлталақтауын бұзақының... – деді де, тергеуші үстелді

тақылдатты. Еңгезердей екі шерік кіріп еді, сөйлеуге ерінгендей
Қожакеге қарай иегін қақты. Әлгілер мұның ымын ұққандай
бұрышта тұрған керме тақтайға сүйреп апарды да, керіп тастап,
жалпақтығы төрт елідей қайыс қалақпен соққылай бастады. Әлден

уақытта Қожеке есінен танды да, тұңғиық қараңғылыққа сүңгіді.
Енді соққыны да сезбеді, ырсылдаған дыбыстарды да естімеді.
Үстіне құйылған суық судан тітіркеніп, қатты ұйқыдан оянғандай
селт етіп есін жинады. Тергеуші үстіне төнді.

– Саудагерді тонағаның рас па?..

– Жоқ, Құдай алдында ақпын... – деді Қожеке тістене ыңы­

ранып. – Істемегенімді мойныма ала алмаймын!..

– Жаһил!.. Жаның тас емес шығар, көрерміз әлі. Тас та уаты­

лады, үгіледі... Апарып тастаңдар зынданға!..
Екі жендет Қожекені дөңбекше сүйретіп ала жөнелді де, та­
стай қараңғы қуысқа апарып, лақтыра салды. Мылқаудай меңіреу
үңгір. Борсыған сыздың ашқылтым иісі қолқаны қабады. Төбедегі

оймақтай дөңгелек тесіктен түскен бармақтай жарық бозарып еден­
ге зорға жетеді. Бұл қуыста тағы бір адам бар екен, есік жабылған
соң, қасына жетіп келді.

– Қандай қылмыс таңылды екен, байқұсқа? – деп, етпетінен

жатқан Қожекені қапсыра құшақтап, босағадан әрі таман көтеріп
барды да, дымқыл сабанның үстіне жатқызды...
Осыдан кейін Қожекені бір талайға дейін қайтадан тергеу­ге
шақыра қоймады. Ұмытып кеткен секілді. Бірте-бірте дене­сінің

ісігі қайтып, жарасы қара қотырланып біте бастады. Сал-сал боп
ауырлап, сыздап тұратын денесі де ширап, икемге келіңкіреді.
Енді абақтының күзетшісі Қожеке мен қасындағы серігін
әжетханаларды тазалайтын, басқа да куыстардың іші-сыртындағы

ластарды арнаулы жерге тасып төгетін жұмыстарға жекті.

– Сені не үшін қамап отыр? – деп сұрады Қожеке бір күні

мұңдана сарылып жатқан серігінен.

– Салық төлей алмағаным үшін... Мені де алып келген күні

соққыға жықты. Содан бері, міне, айдан асып барады, мүлде
ұмытып кеткен түрі бар.
Еңгезердей ұзын бойлы ұйғыр жігітінің сақал-мұрты өскен,
бет-аузын қалың түк басқан. Қожеке қамыға күрсінді. – Құрттың

денесі былқылдаған жұмсақ болғанымен, тастай қатты ағашты
кеміріп, үңгіп теседі. Жаң-жұңның әкімдері де сол тектес. Ел ара­
сына барса, ыржың-ыржың күледі. Жусаннан аласа, қойдан жуас
бола қалады. Ал оңашада қолына еркін тисең, қанын ішіне тартып,

жыландай сұрланып алады екен. Дегеніне көндіру үшін жабайы
аңша талайтын көрінеді. Менің үстімнен біздің елдің болысы бір
саудагердің малын тонады деп шағым жасапты. Ойлап қарасам,
саудагерді емес, болыстың өзін тонаған сықылдымын. Өйткені

оның елге сүйкімі жоқ бір сорлы еді. Менің абыройым артық бола­
тын. Ол өзінің бет-беделін мен тонап жүргендей ойлаған түрі бар.
Өзі жаң-жұңның «құлағы мен көзі» саналатын. Елге сөзім өтімді
болған соң мені тұқыртқысы келген амалы-ау қудың. Әйтпесе, осы

жасымда, міне, бақандай елу сегізге келдім, біреуді тонайтындай
маған не көрініпті?.. Қайыр тілеп жүрген жоқпын.

– Уай, ақа, бұ доңыздардан қайыр-қайырым күтпей-ақ қо­

йыңыз! – деді жігіт зығыры қайнап. – Жала жабылды ма, бітті.
Енді құтыла алмайсыз. Садыр палуанды естуіңіз бар ма?

– Е-е, бұл өңірден Садырды білмейтін адам табыла қоймас!

Оның даңқы өшпейді!
Садыр деп атым қалды,
Даңзыда17 хатым қалды.
Хатымды оқып көрсем,

Бес балам жетім қалды.
17 Даңзы – тізім, тіркеу, пакет.

Осыны айтқан Садыр емес пе? Менің де балаларымның көздері
жаудырап, ботадай боздап қалды...
Қожеке қамыға мұңайып еді, жігіт жарқын үнмен көтермелей
жебеді.

– Сол Садыр мына түнектің де сырын шерткен.

Жамбылда ұзақ жатып,
Шашым бір құшақ болды.
Жамбылды тесер кезде,
Қабырғам пышақ болды.

Осыны айтқан Садыр қалың соқпа дуалмен қоршалған Күренің
осы қорғанының қуысына қырық алты рет қамалыпты. Сонда да
амалын тауып, ылғи да қашып шығады екен... Сол Садырдан мынау
алдыңызда тұрған Садық кем бе?!

– Е, атаңа тартсаң, сен де қаш... – деп күлді Қожеке оның ойла­

ған ойына сенер-сенбесін білмей.

– Қалжыңға айналдырмаңыз, Ғожа ақа! Жоқтаушыңыз бол­

маса, бұл қуыстан тірідей шығуыңыз екіталай. Оның өзін­де де
осындағылардың көмейін алтын-күміспен үстемелеп ты­ғын­дауы­
ңыз керек.

– Оны сен қайдан білесің?

– Мұнда қамалған екеуміз ғана емеспіз ғой. Көзі бозарып талай

көген көздер жатыр. Манжу әкімдері Күредегі мына қуыстарды
пара алу жолымен байлық жинайтын қазынаның көзі етіп алған
деседі. Әлгі сіздің Дадайыңыз сияқты қаныпезерлер басқа халық
арасында да бар. Олар өздеріне жақпайтындарға жала жауып,

кінәлілерді жинап беретін итаршылары.

– Менің параға төлейтін түгім жоқ, сонда қайтуім керек?

– Онда көртышқанша осы үңгірді мекендейсіз. Сізді ешкім есіне

алмайды. Менің де қалтам тесік. Сондықтан қашып құтылудан
басқа амал жоқ!..

– Шығатын тесік таптың ба?

– Соны іздеп, маңайды көп барладым. Сыртқа шыққан сайын

айналаны анықтап шоламын. Бізге ласты тасытатын, әжетхана
тазалататын кәрі шеріктен басқа ешкім жоқ. Әлі күнге оны бөтен
біреу ауыстырған емес. Тегі оның бар міндеті сол ғана болар.
Орайы келген заматта шалды әжетханаға сүйреп тығып, аузын

тығындап тастаймыз. Содан кейін дуалдың үстіне қарғып шығып
алсақ, куыс-қуысты қалқалап зытып кетеміз. Қорғанның Іле өзені
жақтағы қабырғасы аласалау секілді.
Садықтың бұл ойы Қожекені де еліктірді. Өйткені өзін қорғап,

құтқарып алады деп, сәлем айтқан Рабат төреден әлі хабар жоқ.

Ауыр соққы есіне түскенде денесі түршігеді. Ақыры екеуі қашып
кетуге бел байлады да, сыртта жұмыс істеп жүріп төңіректің
кедір-бұдырын қадағалай анықтады. Төбедегі қалтарыс-қалқаны
да шолып, есепке алды. Шеріктердің көп жүретін жері – тұтқындар

қамалған мына ауланың тоқымдай темір есігінің арғы сыртында.
Ішкі аулаға анда-санда бірлі-жарымы ғана бірдеңе іздеп кіріп-
шығады. Абақты ауласының төріндегі түкпірге орналасқан
әжетхананың төбесі аласалау. Одан әрі біріне-бірі жалғасқан

үйлердің үстімен қорғанның сыртқы қабырғасына жетуге болады.
Онша қашық та емес. Сол арадан-ақ арғы бетіне сырғанап түсе
салады. Одан әрі не бар екен?.. Осы күдік ойларын бөлді...

– Байқауымша, қорған қос қабат емес, – деді Қожеке енді бай­

ламдарын іске асыруға асыққандай. Садық тағы бір амал айтты.

– Бұдан былай қажығандай жұмысты ілбіп, сылбыр істейік. Күн

батқанша созайық. Бұған бір-екі күннен кейін шеріктің де бойы
үйренеді. Сонан соң орайын тауып, кешкі мезгілде іске кірісеміз.
Басқалары сезгенше біз де сытылып үлгереміз.
Келесі күні таңертең бұлар күтпеген оқиға болды. Қабат-қабат

қалың қорғанның алыс бір түкпірінде дабыл қағылып, сырнай-
керней тартылып жатты.

– Мыналардың бір қуанышы бар-ау, шамасы, – деді Қожеке

даңғыр естілген тұсқа құлақ тосып. Кенет Садықтың жүзі жайнады.
Дөңгелек қара көзі ұшқындап шыға келді.

– Сәті түсті, Ғожа ақа!.. Енді шеріктердің бәрі солай кетеді!

Сәске кезінде кәрі шерік Садық пен Қожакені күндегі мезгілінен
ертерек сыртқа шығарды да, лас тасытты. Шеріктердің қарасы жоқ,
қыбыры білінбейді. Әжетхананы тазалауға кіргенде бұлар көпке
дейін дыбыс шығармады. Тосып тұрған шерік не болғанын байқау

үшін есіктен сығалай бергенде-ақ Садық бір қолымен желкеден
сықты да, екінші қолымен ауызын басып, жүлқи ішке тартты.
Кіргізіп алған соң аузына мақта тығып, шеріктің өз белбауымен,
сирағына орап жүретін ұзын қиық шүперегімен шандып байлап

тастады. Екеуі де әжетхананың төбесіне қарғып шықты да, жан
ұшыра жүгіріп, қорған соқпасының жиегіне жетті. Сыртқа қараған
қабырғасы тік емес, бүйірлеу екен, сырғанап жерге түсті. Жіңішке
арба жол қорғанның іргесінен өтеді екен. Арғы шеті қалың ағаш.

Соны аралап барып, қою қамысқа кірді. Біраз жүргеннен кейін
алдыларынан екі жағасына бітік шөп өскен арық кездесті;

– Осы арықты жағалап барып, Додышандағы күріш егістігіне

жетейік, – деді Садық аз кідіріп. Қожеке жан-жағына мойнын соза
қарады.

– Ол да дұрыс...

– Сол арада күріштің су тоқтатқан соқпа қырлары көп. Қамысы

биік өседі. Соны паналай жүріп, күн батқанша Ханбиңге ілінсек,
құтылғанымыз. Ол маңда дүңгендердің жалпақ беделігі бар...
Сыбдыр шығармауға тырысқан қимылмен жыма басып, ілгері
жылжыды. Арт жақтарынан даңғыр-дұңғыр үздіксіз естіліп тұр...

Суы тартылған күріш танаптарынан адам көрінбейді. Биіктеу
соғылған қырдың үсті жал-жал қамыс. Бұға еңкейіп, сақтана адым­
дады. Күн бата күріштің арғы шетіндегі жалпақ қамысқа ілінді.
Жыныс арасында біраз демалып, әл жинады. Көз байланып бара

жатқан апақ-сапақта қарсы алдыларынан жылтылдаған от көрінді.
Көлденең арықтың табаны терең, суы жоқ екен. Соған түсіп, отқа
қарай ілгері жылжыды. Оттың екпе тұсына жеткен соң сығалай
бақыласты. Шөппен жабылған кепе. Оттың жарығында бір-екі

кісінің сұлбасы көлеңдейді.

– Қауыншылар сықылды...

– Мен жақындап барып байқайын. Қауыншы болса, өзек

жал­ғайтын бірдеңе сұрайын, – деп Садық орнынан қозғалды да,
сыбдырсыз басып кепеге қарай кетті. Әлден уақытта сәлемдескен
дауыстары анық естілді. Ұйғыр диқаны екен. Асқа шақырды. Са­
дық қарлығыңқы үнмен жолдасы да барлығын айтты.

– Е, шақыр, келсін, – деген қартаң кісінің пейілі Қожекенің

жүрегін жылытты. Қайран ақ көңіл адамдар-ай... Садық ақырын
дауыстады:

– Ғожа ақа, бері келіңіз!..

Қожеке сәлем берді де, жер ошақтың басына жайылған дас­
тарханның шетіне отырды. Саусақтарының буын-буыны тілімде­
ніп жарылған қатпа қара шал екі-үш тоқашты турады да, ыс
баттасып қара күйеге көмілген құм құманнан қара шай құйды.

Шалға тақау отырған жас жігіт ежірдегі шайды алдымен жасы
үлкен Қожекеге ұсынды.

– Е-е, ағайындар-ай, бұл дүние пенделердің басына не салмай­

ды, – деді шал арып-ашқан, қалжырап-қажыған жолаушылардың
көңілін аулағандай. Қожеке де қостаған сыңай танытты.

– Жалпақ жердің бетіне сыймайтын адамдар да көп екен, қария.

– Жер жебірлердің жемтігі боп тұр ғой...

– Міне, біз де пана таппай түн жамылып жортып жүрміз.

– Иә, адамның тағдыры шиыры шатысқан шытырман ғой.

– Рақмет, ақа! – деп Садық орнынан түрегелді шай ішіп болған

соң. – Біздің жолымыз жырақ, жүрелік.

– Мейлі, жолдарың болсын! Мен сендерді көрген жоқпын, сен­

дер мені білмейсіңдер!.. Мынаны жолда азық етіңдер...

– Хоп, қам жемеңіз, ақа! – деді Садық қарияның ұсынған нанын

алып жатып. Лезде ұзай берді.
Жарқырап ай туып келеді. Сүттей жарық. Түн салқын. Екі жаяу
қара жолға маңайламай, жалпақ егістің ара-арасындағы үлкен-кіші
арықты жағалай жүрді. Сілелері қатып, түн жарымы ауған мезгілде

қалың қурайдың арасына сұлай-сұлай кетті. Содан шекелерін күн
қыздырғанда бір-ақ оянды.
Үсті-бастарын кір басқан, киімдері көк сауыс. Қожекенің
аяғындағы саптама етігінің жұлығы ақ жоңқаланып түтеленген.

Садықтың аяғына ілген шақайының тұмсығы тесіліпті, бас бармағы
жылтыңдап шығып тұр. Қожеке пешпетін шешті.

– Өзіміз жуынып, киімімізді қара суға болса да шайып алайық,

көрден шыққан кісіге ұқсамай. Көрген елден ұят шығар...
Айдаладағы арықтың суына жуынып-шайынып, түске дейін
киімдерін кептірді. Диқан шал берген екі тоқашты суға матырып
жеп, жүрек жалғады.

– Көзге шалынбау үшін Құлжаға іңір үйіріле кірейік, – деді

Садық күмәнін жасырмай. – Таныс-білісіңіз бар ма еді?

– Бар ғой, ел іші емес пе!

– Сақ болғайсыз, – деп тәптіштей ескертті Садық. Күн еңкейе

шапандарын иықтарына салып, қалаға бет алды. Дөңмәлінің
іргесіндегі жырадан өте бергенде Іле өзенінің тоғайына бағылатын
паданың сиырлары да қайтты. Қалың сиыр тірсектері сыртылдап,
шаңды аспанға көтеріп барады. Бұлар да қою шаңды жамылып,

қаланың шетіне ілікті. Сай бойының арғы шетіне шыққанда
қаланың ішкі қорғаны көрінеді.

– Ал, шырағым, осы арадан айырылысайық, – деді Қожеке

бөгеліп, – мен мына сайды құлдап барып, кемені жағалайын. Сол
жерде бір танысым бар. Ертең таң ата арғы жағаға өтіп алсам,
Жалғыз-ағашқа түстенемін де, қонаға Жалғызсайға жетемін. Одан
әрі Сарыбелден ассам, сай-сайы қазақ пен қалмақтың ауылдары.

Жан сақтармын...

– Аман жетіңіз еліңізге, Ғожа ақа! – деп қоштасты Садық.

Сай ішіндегі суды жағалай жүріп, Іле өзенінің бойына жеткен
Қожеке жардың басындағы ағашты аралап келіп, айналаны тұтас
қараңғылық жапқан кезде кеме тоқтайтын иіннің сырт жағындағы
жар қабақты кеулеп салған тапал үйдің есігін қақты.

– Бұл қайсың-ей? – деген таныс дауысты естіп:

– Менмін ғой, Дауыт! – деді Қожеке ақырын ғана. Үй иесі есікті

ашты да, аңырып қалды.

– Оу, жаяу жүргенің не ?.. Атың қайда?

Танысы қуана қарсы алды. Ас үстінде Қожекенің басынан
кешкенін естіген соң:

– Қиын бопты да... Құйрығыңа қоңырау байланыпты, ағайын, –

деді өкінгендей басын үсті-үстіне шайқап. Тамақтан кейін
қонағының ендігі беталысына көмектесудің қамын ойластырды. –
Ізің суығанша, ешкімнің көзіне түспей, осында жасырына тұрсаң
қайтеді?

– Маған жалған жала жабылғаны белгілі ғой, ізімді аңдып

қуалай қоймас...

– Ендеше сен демал. Мана көрші қорада ертең Қашқарға асатын

жолаушылар жатыр деп естіп ем, біліп келейін... Мүмкін, соларға
қосылып кетерсің...

– Сенімді біреуді таптың ба? – деп сұрады Қожеке қуана кірген

үй иесінен. Дауыт өзінің ойын түсіндірді.

– Сен атын ұрлатып алып, жаяу қалған қазақсың. Жүк артқан

есектерді айдайтын екі-үш адамы бар екен. Соларға қосып
жіберетін болдым. Ара қонып, үйіңе жетесің.

– Жөні келген іс болды-ау бұл.

Дауыт қонағын таң сарғая өзі сөйлескен адамға ертіп барды.
Жиырма-отыз есекке жүк артқан судагерлердің тобына қосқан
соң, қош айтысты. Жолаушылар таң ата тараншы кемемен Іле
өзенінің арғы бетіне өтті. Қалың есекті айдаған саудагерлер

суыт жүрді. Түске таман қарсыдағы қарауытқан таудың етегіне
тақау бір бұлақтың басына тоқтады. Сол арада күн еңкейгенше
көліктерін шалдырды. Күн бата алқабы кең Жалғызсайдың бел
ортасындағы бекетке жетіп қонды. Келесі күні түс әлетінде Сары­

бел асуынан асты. Осы жерде Қожеке керуен басымен қоштасты да,
тауды сағалап күн шығысқа қарай бұрылды. Жаяу жүріске әбден
дағдыланып алған керуеншілерге оның бұл жүрісі таң емес еді...
Бірнеше күн бойы Қожеке тау етегін мекендейтін қазақ,

қалмақтың жеке-жеке оңаша отырған үйлеріне түнеп жүрді. Тіке
ауылыма барсам, Дадай тағы да соңыма түсе ме деп күмәнданды.
Бір күні елден шалғайлау, тау ішіндегі қорымда отырған қазақтың
үйіне қонды. Үй иесі елгезек жігіт екен, айтқызбай таныды да,

ықыласпен төріне шығарды.

– Айдаладағы Асанбайдың үйіне ешкім іздеп келе қоймас, –

деп күлді жай-жапсарды білген соң. Қожекенің көңілі жадырады.
Асанбай оны Күреге айдап кеткенің естіген екен. – Бала-шағаға
тапсырып қоямын, адам баласына ауыз ашпайды.

– Қой, Асанжан, білініп қалсам, кеселім тиер. Оданда сен біздің

үйге хабарла. Торғын бір амалын тауып, қара атты маған жеткізіп
берсін.

– Ертең-ақ хабарлайын. – Абай бол. Мен қашқаннан бері бес-алты күн өтті. Дадай ес­тіген де шығар. Ауылыма аңдушы қойып үлгерген болуы да мүмкін. – Ол жақта мені танитын ешкім жоқ. – Онда жоқ іздеген кісі бол да, ауыл шетіне ілінгеннен-ақ көрінгеннен малыңның түр-түсін айтып сұрастыр. Менің үйім оңашалау. Төте барма. Әр үйге тоқтап, жоғыңды сұраған боп барып түс... Көңілі орныққан Қожеке жүктің үстіндегі домбыраны алды да, термелеп шерте бастады. Маңдайы тершіп, қабағы түйілді. Ызакегі сыртына тепті. Бір кезде боздаған дыбыс ызындады да, ыңы­ ранып, ащы-зарлы әуенге ұласты. Астан-кестен төңкеріле жүйт­ кіген сарын жүректі солқылдатады. Ышқына боздап, күйзелген күңіреніспен тынды. Асанбай да мұңайып, мұртын сипай еміренді. – Аға, мына күйіңіз тым зарлы екен... – Іштегі жалын ғой, шырағым, сыртқа шығарған. Осындай күй болмаса, өртеніп өлер едім... Ісім кері кетіп, кесірге айналып тұрған соң, толғана берем. Домбыра қайта сарнады... Аунақши бұлқынған тасқынды сарын қара бұлт жөңкіп, алай-түлей дауыл соққандай күркірей гулейді. Барған сайын үдеп, таудан құлаған селдей сарқырайды. Жігеріңді қайрап, ұрандап тұрғандай... Асанбай ынтасын сала тыңдады. Кейін бұл күйлерге Қожекенің «Зары», «Кері толғауы» деген атты өзі қойып, үзбей тартып жүрді. Ертеңіне Қожеке әйелін тосатын тұспалын айтты да, тау асып кетті. Асанбай атын ерттеп «жоқ» іздеуге аттанды. Сәске түс кезінде Жырғалаң жақтан бері асқан кісі боп Қаражонға түсті. Әр жерге бытырай тігілген үйлерге ұрылды. Маңайды бақылады. Жердің беті сары-ала, күздің салқыны бар. Бір төбеден жиналып отырған топтың қарасын көрген соң, қастарына барып, әзілдей амандасты: – О, жігіттер, армысыңдар? – Е, жол болсын? – Мен сияқты жоқ іздеген біреу осындай топқа кезігіп, былай депті: – Ассалау-мағалайкүм, жиылған топ, Жылқымнан бүгін түнде төрт байтал жоқ. Біреуі сабай мінген сары байтал, Біреуі іш тастаған кәрі байтал. Бірінің аяғында сылтығы бар, Бірінің маңдайында тыртығы бар.

– Байталдарың қашаған екен, ә? – деп ду күлісті топтағылар. – Менің де жоқ іздеп жүрген жайым бар. Күрең қасқа тай ілестірген торы байтал көздеріңе түспеді ме? – Күйшіл ме еді, байталың? – Сабылтып мінген емеспін, ит біле ме? – Әй, сен жоқ іздеушіден гөрі әзіл-қалжың іздеушіге ұқсайды екенсің, – деп жігіттер тұс-тұстан түртпектеді. Асанбай да алған бетінен қайтпады. – Жау шапқан жоқ шығар, жамандатқырларды. Аяқты мал емес пе, қаңғып жүр де бір сайда. Күліп-ойнамай, мылқаумыз ба? – Ішің пысқан екен, ә? – Кешке дейін жападан-жалғыз сарылып келемін. Жиналған желді шығарып тастамасам, ішім кеуіп барады. – Онда қайтарыңда тағы бір соға кет... – Басқа да бір топ кездесер, соға алмаспын, жігіттер!.. Асанбай атының басын ауылға бұрды. Үй-үйді аралай шарлап, ең соңында Қожекенің үйіне тоқтады. Сыртта жүрген Торғын жолаушының атын ұстады. Үйде бөтен кісі жоқ екен. Асанбай өзінің әдейілеп келген шаруасын ұқтырды да, көп бөгелмей аттанып кетті. Қожекенің Күредегі абақтыдаң қашқаны туралы хабар жаңжұңның «құлағы мен көзі» Дадайға да жеткен-ді. Сондықтан ол сақ итше елеңдеді де, өзінің әмірін екі етпейтін бір-екі итаршысына Қожекенің үйін сыртынан бақтырып қойған. Бұл күні Торғын үйінен аттап шықпады. Келесі күні кешке жақын қара ат пен бір бедеу биені өрістен алып келіп, қораға бай­лады. Мұны аңдушылар байқап қалды да, Дадайға хабарлады. Жаныққан болыс сенімді адамдарын жинап алды да, әзір отыруға бұйырды. – Ол қатын екі атты тегін әзірлеген жоқ, ізінен қалмай аң­ дыңдар!.. Дадайдың адамдары Торғынның қимылынан көз жазбады. Үйінен бір жаққа шықса, ізіне түсіп, ілесіп отыратын боп келісті. Таң сарғая оянған Торғын торы биені ерттеп мінді де, ерттеу­лі қара атты жетектеп, Жырғалаң тауына қарай жүріп кетті. Аң­ду­шылардың біреуі қара үзбей соңынан ілесті, біреуі Дадайға шапты. Таң ата Торғын Күреңбел жонының қалың корым тасты бір қойнауына жетіп, ерін тосты. Жер жүзіне жарық түсе бастаған елең-алаңда Қожеке де жетті. Әйелімен шүйіркелесіп біраз тұрды. Сол кезде айналаны қоршай қаптаған салт аттылардың қарасы көрінді. Өргі жағы жалама жартас, етектегілерді бұзып-жарып өтуге шамасы жетпейді. Бұлар атқа мінгенше, қоршау да тарыла түсті. Әкіреңдей арсылдап

Дадай жетті. Қожекенің қолын қыл арқанмен артына қайырып
байлаттырды да, ерге таңдырды. Аяғын аттың бауырынан
өткізген арқанның ұшымен байлатты. Биедегі Торғынды біреуге
жетелетіп қойды. Сол бетімен Күреге тартты. Екеуін де табыс

етті. Дадай болыс бір ат, бір биені олжалап, кері қайтты...
Бәйекеден хабар алған Рабат төре Күреге келсе, Қожекенің
тағдыры қыл үстінде тұр екен. Абақтыдан қашқаны тағы да
кінә боп жамалып, өлім жазасына үкім шығарылған. Сонда да

Рабат талап қойып жүріп, Миң шу жаң-жұңның алдына кірді.
Түбі шикі, қарадан шыққан жаң-жұң төрені ақ сүйек тұқымы
санайтын да, іш жиып жүретін. Оның үстіне жоғарғы хандық
тағында отырғандардың төрелер нәсіліне ілтипаты да бар.

Рабаттың аты оларға да мәлім. Өз басының амандығын ойлаған
жаң-жұң амалсыз қабылдаған.

– Жаң-жұң мырза, – деді Рабат бәйек ұрмай, байсалды қалып­

пен. – Ұлы Ежен хан әуетінің әділетті шарапатына нұқсан келмесе,
Қожекенің үстінен шығарылған үкімді өзгертуіңізді сұраймын.

– Ол соған лайық қылмыскер. Ел тонаған, абақтыдан қашқан.

– Қожеке қарақшы емес. Ал абақтыдан қашқаны – білместігі.

– Бұл жазаны өзгертуге менің шамам жетпейді, Рабат мырза, –

деп сызданды жаң-жұң.

– Жаң-жұң мырза, бір мейірім жасаңыз...

– Үкімге ұлы хан ананың таңбасы басылып койылды... Енді оны

ұлы әміршінің өзінен басқа ешкім де өзгерте алмайды...
Түсі қашып, сұрланып кеткен Рабат не істерін білмей қиналды.
Сылтауын қарашы арамның. Мені өзіне бас игізбек. Қой, егесемін
деп, ушықтырып алмайын. Әлден уақытта жаң-жұңға қадала

қарады.

– Жаң-жұң мырза, егер үкім мүлде өзгермейтін болса, маған

сеніп, бір-екі күнге кепілдікке беріңіз...
Мұндай тосын талапты жаң-жұң күтпеген еді. Сығырайғаң
көзі жыпылықтап, ауызы аңқиды. Соншама батылдыққа қайран.

– Сол қарақшыға сенесіз бе, қашып кетсе қайтесіз? – деп сұра­

ды аңырып. Рабаттың өңінен ешқандай құбылыс аңғарылмады.

– Қашпайды, мен оған сенемін!..

– Байқаңыз, Рабат мырза, өзіңіздің абыройыңызға тозаң қонып

жүрмесін!..

– Жаң-жұң мырза, мен өзімнің абыройыма ненің, қалай нұқсан

келтіретінін білемін.

– Ә, қазақи жолмен тергемек екенсіз ғой, енді түсіндім, – деп

өзінше топшылады жан-жұң. Рабат өзі ойламаған бұл орайды
пайдаланып қалуға ұйғарды. Бәрібір өлімнен құтқара алмайты­

нына көзі жетті. Бірер күн болса да, жарық дүниенің құшағында
жатып, елімен, бала-шағасымен еркін қоштассын...

– Иә, тергеп, қалған сыбайластары болса, ізін ашамын!..

– Бұған мен көндім. Күзетші қосып берейін бе?

– Оның керегі жоқ, кедергі жасайды...

Сол келісіммен Қожеке екі күнге Рабат төреге кепілдікке
босатылды. Абақты жақтан екі шерік екі қолтығынан сүйеп,
дөңбекше сүйретіп алып келді. Аяғы басуға келмейді. Рабаттың
жігіттері көтеріп атқа мінгізді де, жетелеп ала жөнелді. Бұл

топтың ішінде Қожекенің ержетіп қалған баласы Нұрқа да бар
еді. Сол беттерімен Сарыбұлақ суының бойындағы Саумалбай
деген танысының ауылына барып түсті. Аппақ сақалды, қапсағай
денелі қарияның бұл жайдан хабары бар секілді, бөлек үй тіктіріп

қойыпты.
Рабат қажып-қалжыраған, шежіп жүдеген Қожекені қасына
алып, оңаша үйге орналасты. Көңілі ойпаң-тойпаң. Өлімнен
арашалай алмағанына бір қайғырса, өлімге бұйырылғанын қалай

естіртудің қыбын таппай одан бетер күйінді түтігіп.

– Төре, нағып түсің қашып отыр? – деп қалды жайшылықта

жайнаңдап жүретін Рабаттың сұрлана түнергенін байқаған
Қожеке.

– Немізге жетісіп қуанамыз...

– Қайғырма!.. Адам тағдырынан аса алмайды. Өзің білесің,

маған Еженхан алтын тәйжа беріп, әлпештегенде де аспанға
ұшқам жоқ, жер басып жүре бердім. Сыйға сый жасай алма­
дым ба, арамыз суыса берді. Бұл күнде жалаға ұрынғанда да,
жалбақтап кімнің табанын жаламақпын?..

– Кеш қалғаныма өкінемін...

– Енді мен оңалмаспын. Мына табанның тамырларын көмірдің

шоғымен күйдіріп, құрыстырып тастады... Бір домбыра алдыршы,
осы азаптың зарын сыртқа шығарып, сендермен қоштасайын...
Рабат кіріп-шығып жүрген жігітіне домбыра тауып келуді тап­
сырды да, Нұрқаны әкесінің қасына отырғызды.

– Айналайын, Қожеке, күйіңді естіп сүйсінуші едік. Өзіңді-өзің

қинама. Құдай ақырын оңдасын! – деп Саумалбай шал көңілін
аулады жақауратып.

– Әй, Сәке-ай, мен үміті өртенген адаммын... Кеудемді ыза-

кек кернеп тұр. Одан не пайда өлер шақта. Жұлқыласуым керек
еді. Жабылған жала жайына қалар деп сендім. Үмітім ақталмады,
өршіп кетті...

– Ашу – дұшпан, ақыл – дос. Сабыр, бауырым, сабыр, – деп,

Саумалбай қария басу айтты. Рабат жұмсаған жігіт домбыра алып
келіп еді, жамбастап жатқан Қожеке қолын созды:

– Маған бер, шырағым. Табаныма қып-қызыл шоқ басқанда

жан ашуы бүкіл денемді сірестіріп тұрып алды. Күйген терінің
қоңырсыған иісі қолқаны қапқанда, жүрегім айныған жоқ, ыза
мен кек өршіді. Сонда тіпті не болып жатқанын да сезбедім. Сол
күйініштің күйігін домбыра үні басар ма екен, өмірлік серігім

еді... Қиналғанда жүрегімнің түкпірінде қайсар қысас буырқана
қайнады. Соны енді сыртқа шығарайыншы!.. Нұрқа, саған да
аталық ақтық өсиетім осы, ұғып қал...
Арқасына биіктеп қойылған сүйеніш жастыққа сүйеніп, аяғын

созған қалпы домбыраны бабына келтірді. Пернелерді сыдырта ба­
сты да, ышқына сарнаған әуенге ауысты. Гулеген сарын біртіндеп
ширыға тулады да, өксіген зарға ұласты. Жүректі сыздатқан
күрсініс, өлеусірей ыңыранған күңіреніс, тасқындай бұлқынған

ашу-ыза ақ түтек борандай сапырылған екпінге жалғасты. Адам
баласына тән қасіреттің үні айқын естілді. Соңғы арыны үдеп,
көкейге қайсарлық ұрығын сепкендей. Аяғы ұрандаған айбынды
сарынға айналды да, булығып барып тынды. Саумалбай қария

қинала теңселді.

– Адамның санасын шайқайды екен мына күйің. Азаптың зар­

дабынан туған жан ашуы осы-ақ шығар...

– Адам кектенсе, жанының ауырғанын да сезбейді екен, Сәке.

Табаныма көмірдің жалындаған шоғын басқандағы шарасыз ыза
бүкіл денемді тастай қатырып тастады. Зорлық пен зомбылыққа
өштестім. Шімірікпестен айуандықты өз қолымен істеген қатыгөз
адамдарға қаным қайнады. Сол өштігімнің үнін естіртейін...

Қожеке домбыраны қайта сарнатты. Бұл жолы ышқынған
зар азап шегіп, қиналғаннан ыңырсыған адамның ықылық атқан
ақтық тынысын, үзіліп бара жатып, қимасымен қоштасқан
дауысының ызыңын естіртті. Әкесіне жаны езіле қараған Нұрқа

шиыршық ата шамырқанады, көзінің бұршақтай сорғалаған
жасын іркіп-іркіп алады. Күйге елтіді ме, әлде, бұл Қожекенің
ақырғы бұлқынысы болған соң ба, Рабаттың да көзінен жас пар­
лады. Зарлы сарын жүректерін езгілегендей үйдегілердің бәрі

ботадай боздады. Өліп бара жатқан адамның ақтық арыздасуын
естіп, сай-сүйегі сырқыраған сықылды. Ыңыранған күй ызыңдай
бәсеңдеп, күрсінгендей шұбалаңдап барып үзілді.
Томсара бас шұлғып, қоғадай теңселген Рабат еңсесін көтерді

де, Қожекеге қимастықпен ашына қарады.

– Билік тізгіні өз қолыңда болмаған соң кедергі көп. Тіліңді

тістеп, тізеңді соққылағаннан басқа шараң болмайды екен,
Қожаш, – деді бірдеңені айтуға аузы бармағандай қиналып. Мұны
Қожеке сезді де, есіркей, емірене қарады.

– Рабат, қалқам, сен төре тұқымы едің қазақ баласы аузыңа қараған. Бірақ төрің менікі болатын қашан барсам да... – Сол төрім қаңырап қалғалы тұр ғой... – деп жылап жіберді Рабат. – Қой, жылама, бауырым!.. Бірге тумақ болса да, бірге жүрмек жоқ. Жалғыз мен бе екем қазақтың күйшісі?.. – Барымызды қадірлей алмағанымыз не қылған қорлық еді... – Елде ер аз, ез көп. Ерлеріңді жебей жүр... Біле ме, білмей ме, екі күннен кейін дарға асылатынын? Әлде дүниеден күдер үзе түңіліп, өлімге біржола тас-түйін бекініп бас игені ме? Қожекенің өңінен үрей, абыржыңқылық, қорқыныш табы сезілмейді. Жанына батқан жараның зардабын ауырсынып, қабақ шытқаны болмаса, сол баяғы сабырлы, табанды қалпы. Рабат не де болса ашып айтып, достық парызын өтеуге бел байлады. – Қожаш, бар қолымнан келгені осы ғана. Жарық дүниемен, ағайын-туғанмен еркін қоштассын деп, екі күнге зорға алдым кепілге... – Білем, Рабатым, білем... – деді Қожеке разы болған раймен. – Ажалдан адам баласы құтыла ма? Құдай бағыңды ашсын!.. Бірнеше күннен бері мен үшін шапқылап жүрсің. – Сол еңбегім еш кетті ғой... Дарға асуға үкім шығарып қойыпты. Таңба басылған соң жаң-жұң өзгерте алмаймын деп қасарып отыр. Жеткен жеріміз осы... Қожекенің қабағы қарс жабылды. Үйдегілер шошынып, ыш­ қына ішектерін тартты. Нұрқаға қосылып әйелдер сыңсыды. Қо­же­ ке біразға дейін қозғалмастан үн-түнсіз сілейіп жатып, қиял шекті. – Өлетінімді өзім де білгенмін, – деді әлден уақытта ешбір үрейсіз, даусын көтеріңкіреп. Қалтырап, қарлыққан белгі жоқ. Сол баяғы байсалды үні. – Олай өлтірмесе де, бәрібір мына түріммен адам қатарына қайта қосыла алмаймын. Текке қиналып, азап шек­ кеннен гөрі солай еткені де бір есептен жөн шығар... – Кеш, досым, құтқару қолымнан келмеді!.. – деп Рабат үні қарлықты да, дірілдеген қолымен көзін сүртті. Іштей ширыққан Қожеке ырғалып-ырғалып қойды. Жан азабын байқатқысы келмесе де, тісі шықырлады. – Еңіреп жатып өлетін езің мен емеспін. Өкінетінім Дадайда кегім қалып барады... Еңселерің түспесін, жұртым!.. Ақырғы сыйқұрметіңе разымын! Көкейіңдегіні ұқтым, Рабатым! Сен де разы бол.. Ал менің ақтық арыздасқаным да, қолымнан келгені де осы. Жанның ышқынысы емес, жүрегімнің зары. Домбыра сарнай жөнелді. Сан мың жылқының жерді сол­ қылдата шапқан дүңкіліндей дүбірлеп, тау-тасты жаңғырта

соқ­қан найзағай дүмпуіндей үдеді. Дауылдата ақтарылған са­
рын біраз жүйткігеннен кейін бірте-бірте саябырлап, қайғылы
ырғақ ышқынған зармен тоқтады... Жүректерді торлаған мұң
жау­таңдаған көздерден жас боп ақтарылды. Жұрт Қожекенің қо­

балжымай, ажалды қасқайып тұрып қарсы алуға бел байлағанына
таң қалысты...
Қоңыр күз, күн салқын тарта бастаған. Жердің шөбі қурап,
ағаштың сары жапырағы төгілген... Уәделі күн өткеннен кейін Ра­

бат төре өзі кепіл болған Қожекені жаң-жұн мекемесіне тапсырды
да, қадала талап етіп, Торғынды босатып алды...
Дарға асылған Қожекенің сүйегін иелік етушілерге келесі күні
түске таман қорғанның сыртына шығарып берді. Саумалбай шал

бастаған Сарыбұлақ елінің кәрі-жасы, Рабаттың жолдас-жорасы
Қожекенің сүйегін аялап жуып, Күренің солтүстігіндегі Әтікей
шоқысының қапталын шая жылып ағатын Жанбұлақтың етегіндегі
зиратқа арулап жерледі...

– Міне, Әсетжан, біздің ортамызда өскен, кеудесінің оты

бар өнерлі адамдарымыздың көрген күні, – деді Маздақ қамыға
қайғырып. Оның сөзін тыңдай отырып, терең ой құшағына шомған
Әсет те қосыла күрсінді.

– Ой, тағдыр-ай!..

Сол толғаныспен екеуі де мұңға батты. Көпке дейін үн
қатыспады.

ХАНТӘҢІРДЕН ЕСКЕН САМАЛ

Маңқиған таулар кілкіген көк мұнарға бөккен. Әсет тау­
дағы құбылыстардың сипатына қанып алғысы келгендей қадала
көз жүгіртеді. Кеш батып бара жатқандықтан ба, әлде, қол
созымдағы қарлы шыңдардың басындағы мұздың ызғары ма,

денесін тітіркендіре салқын леп еседі. Ауыл іргесіне тиіп тұр. Ақ
қар, көк мұз құрсаулаған таулардың түсі суық та емес. Мұнарлана
ағараңдағанын болмаса, мұзға оранған тауларды дәп мынадай
жақын жерден көргені осы. Қызыға да, қинала да ой кешті. О, ұлы

таулар, құшағың кең, тынысың мол. Сонда да өрісің құрсаулы,
өзіңнің өрендеріңе қорған да бола алмайды екенсің-ау?.. Қазақ
халқы да сен секілді... Қараңғы қапасты бұзып-жарып шыққан асау
ұрпағына паналық қуысы жоқ. Анталаған жаулары итше талап

жатса да, болыса алмайды. Біздің көбімізде халықтың қамын ой­
лайтын өре жоқ-ау осы. Әркім қарабасының ғана күйін күйттейді.
Тіршілігіміздің титықтап-ақ тоқырағаны ма? Сол жігерсіздіктің

кесірінен қатарынан оза шыққан өжет жандар құрбандыққа ша­
лынып жатады. Қожеке кімге кесірін тигізді? Күйшіні, әншіні,
ақынды халық қастерлейді. Оның қасында биің де, болысың да
түк емес. Ел өнерге құштар. Өнер – шөлін басатын сусыны. Елдің

осы емірене үйірілісін Дадай тәрізді тоғышарлар өзіне қорлық
санайды. Ондайлардың бәрі әкімдердің асыранды иті, айтақтаса –
балтырыңнан ала түседі. Еркелетсе – шабалана үріп, құйрығын
қоқайта бұлаңдайды...

– Қастандық мұнымен тынған жоқ... – деді Маздақ қым-қуыт

қиялмен тебіренген Әсеттің ойын бөліп. Ол елең етіп жалт қарады.

– Тағы қандай сұмдық болды?..

– Ерке серінің қазасы тек Текес өңіріндегі ғана емес, Іле ай­

мағындағы күллі қазақтың қабырғасын қайыстырды. Азамат
арысына бүкіл ел аза тұтты. Күйшінің ақырғы арыздасқан күй­
лерін баласы Нұрқа еліне жеткізеді. Жиын-топта күңіренте шер­тіп
жүрді. Сонда Дадайдың жауыздығына ел қарғыс айтты. Жа­лын­

ды, өжет, зарлы күйге үлкен-кіші бас иді. Бірте-бірте Қожекең­
нің данқы бұрынғыдан бетер дәуірледі. Осы қошамет, өзінің
зұлымдығына елдің қарғысы Дадай болыстың жүрегіне найзағай
оғындай қадалады. Енді Нұрқаның үстінен шағым жасаған екен,

халық наразылығының өршіп кетуінен шошыған әкімдер қандай
амал қолданса да ерікті Дадайдың өзіне беріпті. Әйтеуір, ізін
білдірмейтін, дау-дамай тудырмайтын айла табуды тапсырыпты.
Расында да, ешкім жіп таға алмай қалды. Нұрқа уланып өлді.

– Оның уланғаны қалай білінді?

– Құрман айты күні екен. Ауыл-ауылды айтшылап қайтады.

Біраздан кейін басы айналып, құлап түседі. Қан құсып, тілі бай­
ланады. Содан таң ата үзіліпті. Біреу у берді ме, неден уланды?..
Мұның сырын күні бүгінге дейін тірі жан білмейді. Дадайдан
көргенімен, жіп таға алмайды.

– Адамнан да сондай жауыздар туады екен-ау!.. – деп Әсет

ызалана күйінді. Маздақ дөңгелек ақ қалпағын желкесіне таман
ысырып қойда да, жадырай көңілденді.

– Ақырында ойламаған жерден Дадай болыстың да басы

кесіліпті!..

– Қалайша, әкімдерге қылығы жақпай қалған соң ба?

– Жоқ, әкімдер өздерінің асыранды төбетін өлтіруші ме еді?

– Енді қалай?..

– Жүрек жұтқан бір ер...

– Ол кім сонда?

– Оның кім екенін осы күнге дейін ешкім білмейді, – деді де,

Маздақ бұл оқиғаның қалай болғанын айтып берді.

... Күйші дарға асылғаннан кейін арада үш жылдай уақыт өткен. Ал Қожеке мен Нұрқаның аты бұл кезде күйдің әруағына айналған. Домбыра ұстағандар олардың атын құрметпен атап, жиын-тойда әкелі-балалы екеуінің күйін үзбей шертеді. Қайғысының белгісіндей елі күңірене еске түсіреді. Бір күні аспанмен астасқан Хантәңір шыңының шығысқа Қарай жайылған етегіндегі Ханжайлаудың жалпақ алқабында үлкен той өтеді. Текестің басы мен аяғындағы елдің тізгін тартқаны түгел жиналады. Қайдан келгені белгісіз, сол тұста есік пен төрдей буырыл ат мінген, сымбаты сұлу, кеудесі талыстай, қақпақ жа­ уырынды Жанай деген жігіт серілігімен, ақ жарқын қылығымен елдің назарына ілігеді. Әлгі тойдан оның да төбесі көрінеді. Киімін шиыршықтап, қанжығасына бөктерген. Үстіне жеңіл жарғақ беш­ пет киген. Балағын саптама етігінің қонышына салған шалбары да тақыр жарғақ. Сайысқа арнайы әзірленіп келген сықылды. Дөң мұрынды, ат жақты жігіттің көзі отты, түсі айбынды. Сақал-мұртын қырып, мұнтаздай таза жүреді. Басында шү­ перектен сырып тіккен ернеулі жұқа сұр қалпақ. Күрескенді лақша лақтырады. Сайысқа түскенде қарсыласын аттан жұлып алып, қаңбақша аунатады. Ешкім пар келмей, түрлі-түрлі сайыстағы бас бәйгенің бәрін жеңіп алады. Көкпар ойыны басталған. Алдымен екі-екіден мықты жігіттерді шығарып, солардың тартысын тамашалауға әдеттеніп алған жұрт екіге жарылады. Содан кейін әр топ екіден адам шығарады. Лақты мөлшерлі жерге біреу арнайы апарып тастаған соң, таңдалған көкпаршылар барып, тартысқа кіріседі. Осындай сайыста Жанай араласқан жігіттер Дадайды қаумалаған топтың қарсыласы болады. Жеке тартыста Жанай қайта-қайта ортаға түсіп, қарсыласы жаққа лақты үсті-үстіне апарып тастайды. Соған намыстанған Дадай болыс көкпаршылар қоршауынан тағы да суырылып шығып, жеке дара жеткен Жанай тақымындағы лақты сылқ еткізіп топтың ор­ тасына тастай салғанда: – Ұры итше сумаңдаған мынау кім-ей өзі!.. – деп балағаттайды. Мұны құлағы шалып қалған Жанай атының басын кілт бұрып тұра қалады: – Ей, Дадай, теріңе сыймай тұрсаң, жарылып кет! Күш атасын танымайды!.. – Не деп көкиді-ей, мына қаңғыбас!.. – деп, Дадай атын тебіне ұмтылып, қасына жетіп барады да, қамшымен осып-осып жібереді. Арыстанша атылған Жанай оны асқабақша дөңгелетіп, атының үстінен жұлып алады. Лақтай өңгеріп тұрады да:

– Әлі қанға тоймай жүр ме едің, жауыз!.. – деп, қонышынан

суырып алған екі жүзді қанжарын жарқ-жарқ еткізеді. Аңырған
ел кірпік қағып үлгергенше, Дадайдың басы қара жерге допша
домалап түседі. Жанай ерінің алдына өңгерілген денені сылқ
еткізіп аударып тастайды да, атын ойнақтатып, қасқиып шетке

шыға береді. Әне-міне дегенше, көз көрім жерге ұзап та кетеді.
Мұзарттың жалтыр жалын бетке алып, арындата шаба жөнеледі.
Дадайдың адамдары қан-шұрқан болып жатқанда бірсыпыра
жігіттер Жанайдың соңынан қуған сыңай танытады да, топтан

аулағырақ ұзаған соң, ауыл-ауылына тарап кетеді...
Әсет таңырқай сүйсініп, басын шайқады. Ертегі естіп отырмын
ба деген сықылды. Тосын құбылыс, тосырқау оқиға.

– Жүрек жұтқан бұл жігіттің Дадайда қандай кегі болды екен, ә?

– Оның қандай қысас-кегі бары тұрмақ, Жанайдың өзін де жөнді

танитын адам жоқ, – деді Маздақ өзі де қайран қалған түрмен. –
Тұрақтап жатқан үйі де жоқ екен. Қайдан келгені де белгісіз.
Қауесет көп. Біреу Қожекенің Қызылсу жақтағы қырғыз досының
баласы екен десе, енді біреулер Қарқарадағы ағайындары кек алу

үшін жалдап, әдейі жіберген шеркеш екен дейді. Содан бері отыз
жылдан артық уақыт өтіпті. Жанайдың аты да ел арасында ерліктің
белгісіндей аңызға айналды да қалды. Ал оның өзінен ешбір сыбыс
та, сыбдыр да білінбей кетіпті.

– Не десең де, қас батырдың қылығы! – деді Әсет тамсана

таңдай қағып.

– Ал бұл оқиғаның арты тіпті қияметтей сабылыс болған, – деп

мысқылмен күлді Маздақ.

– Ол не тағы?..

– Іле жаң-жұңының адамдары Күнес пен Текестегі, Қорғас пен

Құлжа маңындағы қазақ пен қырғыздың арасынан Жанай атала­
тын кісілердің бәрін жинап, бір-бірлеп тексереді. Сөйтіп, елді
сергелдеңге салады. Ақыры таба алмаған соң, амалсыз тынады.

– Бәлкім, сол Жанай да Қожекенің кегін жоқтаған ер шығар?..

– Оның қылығына ел күйінбепті. Әлі күнге сүйсініспен айтып

жүр. Қожеке күйі шертілген жерде Жанай да ауызға алынбай
қалмайды.

– Әрине, кіжініп жүрген ел ер азаматының қылығын ұмыта ма!..

Шақыра келген балаға еріп, күн бата үйге оралған Әсет пен
Маздақ төрге шығып, жамбастап жатты да, Рақыштың, Әшімнің
күйлерін тыңдады. Рақыштың күйлері бұрқасынды, мұңды, кейде
тасқындай дүркірейді. Әшімнің күйлері ойнақы, ерке, мұңды, на­

зды. Әсіресе, желпіп шалқитын «Салтанат» күйі тыңдаушыларды
шұлғытып-ақ тастады. Балбырай сорғалаған сылқым сарын

күмістей сыңғырлап, таңғажайып әсем сазымен ырғалта әлдилейді. Алып ұшқан жас көңілді оттай ыстық лебі шарпиды. Кейде қуанышты күлкі естіледі. Елдің жайдары, жарасымды, салтанатты өмірі, қыз-келіншек пен бозбалалардың келісімді ойын-күлкісі, жайлау сәні, жер көркі, той-думанның дүбірі сананы билеп, ойды қоздыра еліктіреді... Қойлыбай асына көп адам жиналды. Ауыл ерекше салтанатқа бөленген. Елдің көңілін жадыратқан өзіндік сәнмен өтті. Жұрт жайраңдап тарасты. Түс қайта атын ерттеген Маздақ ілтипатпен қиыла тұрып Әсетке қолқа салды. – Әсетжан, бұл ауылға қайта тағы бір соғарсың. Қазірше, мұндағы абыр-сабыр басылғанша, менің қонағым бол! – Ол үшін алдымен Алмабайдан рұқсат сұрайық. – Иіріп қойдым-ау сіздерді, іштеріңіз пысқан да шығар, – деді мұны естіген Алмабай қысылыңқырап. – Маздақ аға да өзіміз ғой, сый-сыяпатын көріңіздер, мен арттарыңыздан барайын, ел аяғы басылсын! Әсет бастаған ақындар тобы мен Маздақ ілестірген күйшілер ат басын Мұзарт мұздағынан басталатын Ақаяз өзенінің көмейіндегі Халық тауына қарай бұрды. Өркеш-өркеш белдерден асты. Көк қасқа суы тастан-тасқа соғылып, ақ маржандай көпіршіген үлкендікішілі бірнеше өзен аңғарын кесіп өтті. Бір терең шатқалға түсіп, арғы қапталындағы жіңішке соқпақпен ұзын жалға шыққанда, сала-сала жота-жондардың ой-қыры шыжандай қалың ел екен. Күн еңкейіп қалған. Қора-қора қой сіресе жылжып, ауыл-ауылға қарай ойысып барады. Жайпақ беткейлер мен саздауыт ойпаңда сиыр­ лар шоғыры бытырай жайылған. Бие-баудағы желіден ағытылған биелер шұбатыла сырғып, бозғылт керге өрлеп барады. Осы арада Маздақ күрең қасқасын көлбеңдете алға түсті. Жатаған шолақ тұмсықтың терең сайға тақау жиегінде құдия шоқиып тұрған қожыр жартасты ықтай қонған ақ үйлерге – төте тартты. – Біздің ауыл осы, Әсетжан, – деді үлкен ақ боз үйдің алдында­ ғы мама ағашқа тоқтап. Ат дүбірін естіп, сыртқа шыққан ақ қал­ пақты аққұба бозбала үлкен кісілерге сәлем берді де, әкесі ілтипат көрсетіп аялаған Әсеттің атын ұстады. Аттан түскен Маздақ баласына қарады: – Мынау менің Дәулет деген балам, Әсетжан. – Бақытты бол, айналайын, өркенің өссін! – деді Әсет балаға ықыласын жаудырып. – Дәулетжан, мал алдыр. – Қазір... – деді де, өрімдей жігіт арсалаңдап барып, Рақыштың атын ұстады. – Амансыз ба, аға!

– Таудай жігіт бол, айналайын, өмір жасың ұзақ болсын! – деп Рақыш еркелете құшақтады да, мандайынан иіскеді. – Ой, дүниеай, келмегеніме, көрмегеніме көп уақыт өткен бе, тіл-аузым тасқа, зіңгіттей жігіт бопсың ғой. Әзілдей айтса да, бұған Дәулет те марқайып қалды. Үлкен кісілер ұрпақтарының көңілін аулау үшін де осындай ыстық ықыласпен жанитын сықылды. Соны ұққандай басқалары жымиып қояды. – Бұлар қаулай өсетін шөп сияқты емес пе?.. Қане, үйге кі­ ріңіздер, – деді Маздақ есігі түрулі тұрған үлкен ақ орданың босағасына барып тосып. Әсет табалдырықтан алдымен аттады. Төрдегі жүкаяққа түрлі-түсті құрақ көрпе, шыт, жібек көрпелер қабатталып жиналған. Оң жақта атлас шымылдығы судыраған сүйек төсек. Үстінде теңкиген мамық жастық. От орнынан басқа жерге тұтас алаша, сырмақ, текемет, кілем төселген. Төрдегі қалың кілемнің үстіне жіңішкелеу ұзынша тек көрпеше салынған. Қырықтың ішіндегі қараторы әйел қонақтарға жол беріп, өреше жақта түрегеп тұр. Әсет малдасын құрып, жүкке арқасын сүйеді. Оң жағына Қадырихан, сол жағына Рақыш жайғасты. Басқалары қақ жарылып, екі жақтағы іргеден жайыла орын алды. Сол кезде әйел сыртқа шығып кетті де, ас қамына кірісті. Аздан кейін дастар­ хан жайылып, қымыз құйылды. Күн батып, шам жағылған соң: – Ал, жігіттер, енді сауықты бастай беріңдер, – деді Рақыш әншілерге талап қойып. Әсет қасындағыларға мойын бұрды: – Қимылда, Қадырихан... Шиыршық атып жүр едің, өзің бас­ ташы бүгін. Қадырихан көп күттірген жоқ. Қара түнді қақ жарған ерке ән бұлқынып, аспанға самғады. Құлжадан шыққалы бері жақ ашпаған әнші осы сәтті сарыла күткен секілді, ақтарылуға ынтасын салды. Әннен әнге ауысқан сайын үдеді. Маңдайы жіпсіп, өршелене ерледі. Әсет те сүйсіне құлақ тосты. Аз уақыт үнсіз жүргенде тарығып-ақ қалған түрі бар. Әншінің елден ерек қасиеті де сол ғой. Аңсағанынан адасып қалып қайта табысқандай алабұртуын. Әлде үздіксіз тыңдаған күйлердің сазы қиялын шыңдады ма? Күйімен тербеп, елін тамсандырған Қожеке тағдыры ашындырды ма? Ол ашынбайтын адам ба еді?! Ән мен күй егіз. Өнерпаздардың ішкі сырын өнерпаз ғана ұғады. Сондай саңлағын қорғай алмаған халықтың көрген күні де жүректі сыздататын шемен боп жабыспай ма? .. Шырқа, бауырым, шырқа!.. Кеудеңдегі сірескен сіреу шерің тарқасын!.. Қайда барсақ та біздің ел қайғы шегіп, қан жұтып отыр... Бар көңіл ашары осы ән ғана... Дүниенің күллі қызығынан тиген есесі де сол... Соған ентелейді, үміті мен арманын соған

жалғайды. Біз соның жаршысымыз. Аянуға хақымыз жоқ. Ақы
тілеп, телмеңдеген жеріміз бар ма еді?.. Сал ортаға барыңды!..
Өзіне қадала қараған Әсеттің осы ойын ұққандай Қадырихан
әннің құйқылжыған серпінін бәсеңдете төгілтіп, әуеннің соңына

шықты да, маңдайының терін сүртіп, тыныстады. Сыртқы
дүниені ұмытқандай елтіп қалған жұрт кенет серпіле жадырап
желпіне дабыстады.

– О, бәрекелді, сарайымызды бір аштың-ау, – деп жайраңдай

көтерілді Маздақ, көзі жайнап. Әсет енді бұйығып, шеттеу
отырған нәзіктеу ашаң бозбалаға бұрылды.

– Енді бала сұңқар сермесін қанатын. Оны да самғауға баули

жүрейік. Әбішжан, мұндағы еліңнің де құлағына сіңсін әнеу­
күнгі өлеңіңді айтшы!..
Оның Әсет разы болған қандай өлеңінің бар екеніне қызығып,
әлі естімегендер ынтыға жалт қарасты. Үйдегілердің ішіндегі

жасы үлкені Маздақ та ықыласпен демеді:

– Жасқанба, шырағым!.. Бойыңдағы өнеріңді ортаға сал да,

мына ағаларыңнан өнеге үйрен! Кетігің жетіледі, кемің толады.
Әбіш өзі жаттыққан биязы желдірме әуенді домбырамен сы­
дырта саумалады да, өлеңін жентектете төкті. Тыңдаушылар кейде
жымиды, кейде ду күлісті, бір тұсында мұңға батты, қабақтарын

шытты шытынып. Өлеңнен өздерінің күнде көріп жүрген
қорлықтарының елесі көлеңдейді... Серпінді өлең біткен соң Әсет
күйшілерді де жебеді, қимылға шақырып.

– Әшім күйдің түлегі болса, Әбіш өлеңнің тұлпары. Ха­лықтың

көкейіндегіні айта біліңдер, шырақтарым... Ал, Дәшет, сен қамшы
салдырмайтын жорғасың ғой, жайнап түскін ортаға!..
Дәшет іркілмеді. Ұшатын құстай қомданып, малдас құрған соң,
шаншылған қазықтай қаздиып отырды да, домбыраны құлшына

қақты. Ұшқынды қара көзі оттай жайнаған. Қоңырқай жүзі қызара
бөртіп, алмадай албырайды. Жайдары көңілдерді одан бетер аспан­
дата түсу үшін құлшына қимылдады. Ойнақы бір әуенді әуелете
шырқады. Созыңқырап барып, даусын кілт өзгертті де, майда

желіспен ырғалта жөнелді.
Әсаға, бұйырсаңыз, барым дайын,
Бұлақтай таудан аққан ағындайын.
Жел сөзге алып-қапша әуес емен,

Көпіршіп бұрқыраған сабындайын.
Көңілін көпшіліктің, шайдай ашып,
Арқырап Ақаяздай арындайын.
Жылытып жүректерін, ойын тербеп,

Лапылдап өрттей өршіп жалындайын.
Қырандай көкке самғап дабылдатып,
Жер үстін дүрілдетіп қағылдайын.
Тасқынды өлеңнің әуені құйындай жүйткіп, түлкідей бұ­

лаңдаған сылаң тербеліспен үйіріліп кеп, сәл тыныстаған кезде
жұрт елеурей серпіліп, жапырлай дуласты.

– Уа, бәрекелді, өлеңің кеудеңде көлкіп-ақ қалған түрі бар, төк!

– Өйтпесе Дәшет бола ма! Арындат, тұлпарым, арындат!

Домбыра үні безектеп сәл бөгелді де, қайта күмбірледі.
Қошамет сөздер де тыйылды. «О-оу!..» деген ақынның шабыт
шақырған даусы сыбыр-күбірді басып кетті.
Май шықпас қара судан қайнағанмен,

Сауысқан бұлбұл болмас сайрағанмен.
Қылышқа қиып түсер теңеле ме,
Майысқақ жасық темір қайрағанмен.
Бәйге алмас жуан қарын жабы шауып,

Үстіне жібек жауып байлағанмен.
Жылқыдан шаршы өрде өгіз озбас,
Тақымдап қанша зорлап айдағанмен.
Көкейден қара түнді ысыратын,

Өлеңнің жұлдызымын жайнаған мен!..
Елдің дулаған дабырына Әсет пәлендей елікпеді, ден де
қоймады. Өзін толғантқан ойдың жетегіне ілесті. Адам жанының
сірісін жібітетін де, көңілдің қасаңын жұмсартатын да сөз-ау. Дөп

басып айтса, шіркін, тыңдаушының жүрегіне сары майдай шық
ете түседі. Сөз асылы – өлең. Адамның ішкі дүниесімен үндесіп
жатады. «Өлең сөздің патшасы, сөз – сарасы» деген Абайдың
ақылы бір кеніш-ау. Сол сара сөздер ұялаған ақындардың ыстық

кеудесінің өзі кең сарай емес пе!.. Жиналған сөзді ақтара алмай
іштей қыстығып жүрген түрлері болды ғой бұлардың. Бүгінгі
серпілістері де тым ұшқыр. Жаңа Қадырихан да құлшына
қимылдап еді. Енді Дәшет одан бетер буырқанды. Әйтпесе, ақын

іштен тынып жүре ала ма, жүнжіп кетпей ме? Менің де делебем
қозып отыр. Баяғы албырт кезім болса, суырылып жүре берер
едім. Бұл күнде елігіп кетсем, селтеңдеген байқұс-ай деп, даттай­
тындар да шығар... Өздері қалап-тілегенше шыдайын.

Дәшеттің де одан арғы сөздері құлағына кірмеді. Ақын енді
осы өңірдегі халықтың көріп отырған қорлығы мен зорлығын
қазбалай толғап, едәуір көсілді. Мұның да күйініші ел қамы. Ойы
сол деңгейді шолады. Тыңдаушылар бірде жабықса, бірде жады­

райды. Ыстық пен суық алма-кезек алмасты. Денелері де суынып,
қызынды. Қасірет зары естілгенде өне бойлары тітіркенеді де,
өжеттікті дәріптегенде қайтадан бусанып шыға келеді. Шабыста
денесі қызған тұлпардай ентелген Дәшет өлеңді шиыра есіп кеп

тоқтағанда, Маздақ дулаған жұрттың назарын басқаға аударды.

– Әсетжан, соңыңа ілескен өрендеріңнің өнеріне разымыз,

бағы жансын!.. Енді өзіңнің лебізіңді естиік те, тыныс алайық...
Дауысыңды таныт.
Атағы жер жарған Әсеттің әніне, өлеңіне, дауысына жұрт
ынтық. Демдерін іштерінен алып, қадалта құлақ түрісті.

– Мен де әдептен асып, әдетті бұзбайын, – деді Әсет маңайын

шолып. – Қонақ кәдесін жасамасақ, ұят болар...
Өзіне төнген үмітті жанарлар шабытын тасытты, қоңыр
әуенді лекіте жөнелді. Соңғы жылдары үнемі өзін таныстырудан
бастайтын әдетіне айналған толғауын желдірмелі сылқым са­

рынмен төгілте сорғалатты. Ән ырғағы сылаңдай бұлаңдап, өлең
сөздері жұлдыздай жалтылдады. Ой құдіретінің, ән қасиетінің
артықшылығы тамсантып, оны айта білудің мәнері әркімді-ақ ба­
урап алды... Бұдан кейін жастарға үлгі-өсиет тастағысы келді ме,

адамдық мінез-құлықты астарлай ақтарып, сыр тастауға ауысты:
Жігітке қисық мінез мінменен тең,
Жараспас тал бойына сынменен тең.
Надан бар көңілі қара, қолы сараң,

Жүрегі қап-қараңғы түнменен тең.
Саясын елге жайған жайсаң жігіт,
Бұлттан жайнап шыкқан күнменен тең.
Жайдары жігіт те бар қажымайтын,

Терісі жуан елі пілменен тең.
Әзілкеш, қалжыңға ұста жарқын жігіт,
Көңілдің бақшасында гүлменен тең.
Мәңгірген ойсыз, мисыз кейбір жігіт,

Етеді жігеріңді құмменен тең.
Ақылға атасынан асқан бала,
Сабы жез, сағасы алтын туменен тең.
Кейбіреу тұнжыраған қара бұлттай,

Қараңғы тұман басқан түнменен тең...
Өнеге-нышан тұтатын адамдықтың сипатын дәріптей ашып,
ұстамды ақыл-кеңесін жайып салды. Сұлу әнге, байсалды,
тағлымды өлеңге сусындаған жұрт Әсеттің оза шабатын тар­лан­

дығына таңдана тамсанысты... Думан түн ортасы ауа басылды.

Содан әрі екі күн бойы Маздақтың үйінен кісі үзілмеді, ән
аспанға өрледі, өлең өзенше арқырады... Үшінші күні кеш бата жет­
кен Алмабай келесі күні сәскеде Әсет пен Маздақ бастаған өнерлі
топты ертіп алды да, қалың қатпарлы таулардың жон арқасындағы

Ханжайлаудың төсінде отырған елді аралатуға аттанды.

– Мазаға, біз заңғар таулардың бел ортасында тұрғамыз жоқ

па, – деді Алмабай айналаны тұтас шолып. – Енді Әсағаңды осы
ұлы таулардың қар жамылып, мұз жастанған жалына шығарайық.
Сол таулардың Құдайы Хантәңірдің самалына кеудесін тоссын,
салқын ауасын жұтсын, құдіреті жебей жүрер!..

– Бұл ойыңды құп аламын, – деді Әсет құмарлана қоштап.

– Бұрын дақпырт-даңқын естіген соң сыртынан сипаттап,

өлеңіме қосушы едім. Құдіретті таулардың ұлылығын, тұрпат-
тұрқын көзіммен көріп, көркіне сусындайын, баста солай!
Думанды топ біраз жүргеннен кейін қос қапталын қалың
қарағай, жыныс ағаш жапқан шұңғыл сайға түсті. Алқабы тар­

лау, табанында ирелеңдеген үлкен су ағып жатыр. Қарсы беттегі
қарағай ішін қақ жарып, биікке созылған соқпақпен өрлеп, келесі
жотаға шықты. Бұл Ханжайлаудың бергі етегі екен. Серек тасты
сеңгірлермен астасқан қойнау-қойнаудың тектұр-текшесін қалың

ел жайлаған. Жасыл төскей мыңғырған мал. Арғы жалдардың қыр
арқасына ақ тұман шөккен. Шілденің аяғы мен тамыз басталған
бұл мезгілде жауын сирек, тек анда-санда ойнақтаған көкшіл
бұлттардың бауырынан өткіншінің жылы тамшылары сорғалайды.

Өнерпаздар тобын әр ауыл есігін айқара ашып қарсы алды.
Ән мен күй Хантәңір самалына қосыла сусып, жалтыр шыңдарды
жаңғыртты. Ақ қар, көк мұз құрсаған найза шыңдар әнге елтіп,
күйге балқығандай теңселеді. Төбесі күмістей жалтылдап, бусана

шайқалады.

– Жаздың шуақты күндерінде де көк мұздың дымқыл буын

иіскемесе, біздің елдің көңілі көншімейді, – деп күлді Маздақ, ақ
бас шыңдарға таңырқай қараған Әсетке қарап.

– Төбесі биіктің маңдайын күннің шапағы да бұрын шалады.

Құдай еліңді нұрдан айырмасын!..
Әсет тілегі кәрілерге ой салса, жастарды желпіндірді. Өздері
құшағында туып-өскен ұлы таулардың қасиетін мақтан еткен
желпініс сезімді де бойларынан алғаш байқағандай еді. Жерді

тұрақ қылатын мекен ғана деп ұғатын жігіттер, енді оны қадірлей
де білуің керек екен-ау деген тәтті қиялға бөленді. Ақын алғыр
ойымен өз соңына ерген өрендерге тәлім үйретті...
Осындағы екі-үш тойға салтанатпен топтасып жүрген ақындар

мен күйшілердің думанды шоғыры айырықша сәулет берді.

Сауықтың мерейін өсірді. Соның бірі келін түсірген той бол­
ды. Той иесі Әсет тобын арнайы шақырып, жас келіннің бетін
бір ақынның ашып беруін өтінген. Бұл ауыл Ұларлы қиясының
күңгейіндегі кең алқапта екен. Заңғар биіктердің ортасындағы

қазан шұңқыр сықылды. Ошақтың көк түтіні шайқалмай, көкке
шаншыла созылады.
Жүйткіген желі болмаса да, айналасындағы мұз құрсаған
шыңдардың салқын лебі шұңғыл алапты желпіп тұр.

Ақындар келгенде аса зор кошаметпен сый табағын татып,
құрмет көрсетті. Осының өзін абырой санады. Келіннің бетін аша­
тын кезек келгенде Әсет ойланып барып, жігіттеріне назар салды.

– Менің аузыма қарамаңдар. Балпылдап беташар айтып

жатқаным жастық жарастығына келісе қояр ма екен... Тең-теңімен
деген. Соған лайық біреуің ортаға түс.

– Ал, Қадаға, ендеше, сіз қамданыңыз, – деді Дәшет киіп-

жармай, қонағына жол беріп. Қадырихан да қипақтады.

– Әсаға, менің де өкірештенгенім онша лайық бола қоймас...

– Бұл да уылжып тұрған жоқ. Дәшет, өзің айт!.. Ескі шиырды

таптамай, өзіңше суырылып шық. Ақын ел салтанатына ылғи да
жаңа сарынмен сән беріп жүруі керек.

– Ұқтым, Әсаға. Рұқсат етсеңіз, іркілетін не бар!..

– Бердік ерікті қолыңа!.. Суырылтып төгіп сал! Тоқтам осы

болды. Ақындардың бұлайша ұйғарымы жұртқа да қызық көрінді.
Домбырасын безеген Дәшетті қаптаған қауым қаумалай қоршап
алды. Көк майсаға жайылған жалпақ кілемнің үстінде, ауыл
қарияларының қатарында отырған Әсет ақсия күледі. Ақындар

тобының басшысы деп ойлаған жұрт оған сұқтана қарайды.
Дәшет үкілі домбыраны безілдетіп, лекіген әнін сорғалата ілгері
аттады. Басына ақ жібек орамал бүркеніп, тал шыбықтай бұралған
келіншек топтың арғы шетінде тұр. Әлем-жәлем жасанған қыз-

келіншек қоршап алған. Ақын жас келіннің қарсы алдына тақап
барды да, термелей жөнелді:

– Е-ей!..

Келін келді, көріңіз,
Көрімдігін беріңіз!
Басыңа бас қосылып,
Мәз боп отыр еліңіз!

Бүгін шалқыр күніңіз,
Жайнайтұғын жүзіңіз.
Отау тікті оңаша,
Ұлыңызбен қызыңыз.

Ортадан жол ашыңдар,
Қане, шашу шашыңдар!
Той думанын асырып,
Ағын судай тасыңдар!..

Бір қайырып тастағанда-ақ жұрттың үлкен-кішісі дулап сала
берді. Делебелері қозып, қошаметтей көтермеледі.

– О, бәрекелді, ниетіңе рақмет!

– Заулат, тұлпарым, заулат!..

Ақ күндігі шаңырақтай шошайған әжелер, ақ шаршысы
желпілдеген сырбаз әйелдер тұс-тұстан уыс-уыс құрт-ірімшікті,
өрік-мейізді қарша боратты бытырата шашып. Соны аңдып,
жылтыңдап жүрген балалар лап қойысты. Әрқайсысы тілектерін

де қоса айтып жатыр.

– Жолың ашық болсын!

– Басыңнан бақ таймасын!

– Қосағыңмен қоса ағар!..

Үлкен-кішінің бәрі әжелердің тілегіне қосылғандай жай­наңдай
күліседі. Ақ тілеу жандарына сәуле шашқан. Ақын тілек-жырын
әрі жалғады:

– Е-ей!..

Айт келін-ау, айт келін,
Жұмыртқадан ақ келін.
Ел тілеуі қабыл боп,
Мерейіне бат, келін!

Кер маралдай керілген,
Мақтауыма шақ, келін.
Елдің салты осылай,
Айтқаныма, бақ, келін!

Ең алдымен бата алып,
Үлкендерге жақ, келін!
Құрбыларың ізгілік
Тілесіп тұр бір сенен.

Көл-дария көңілі
Көпшілікке бір сәлем!..
Келін қарияларды тұспалдап, қаумалаған көпшілікке иіліп
сәлем жасады. Үлкендер алғыстарын жаудырды.

– Көп жаса, қарағым!

– Өркенің өссін!..

Сәл тыныстаған Дәшет дулаған дабыраны ашық үнімен басып,
әрі сырғыды.

– Е-ей!..

Қолында айыр-күрегі,
Сом құрыштай білегі,
Ат жалында ержеткен,
Хантәңірдің түлегі,

Ақылшысы елінің,
Асқар шыңдай бір өзі,
Нені аяйық біз одан,
Қатарынан ұзаған,

Қайратына пар келмес,
Жаман-жәутік жүз адам,
Көрсетеді саған сый,
Қастерле де, басыңды іи,

Күтеді үміт ол сенен,
Қайын атаңа бір сәлем!..
Ақ қалпағын қоқырайта киген, қара шибарқыт пешпетінің
сыртынан күміс белдік буынған, кызара бөрткен жүзінде қуаныш

ойнаған ақ сақалды қарияға келіні басын жерге тигізе иіп сәлем
жасады. Қария ақтарыла батасын берді.

– Босағаңа шуақ үйірілсін, шырағым!.. Тілегің қабыл болсын,

армансыз өт дүниеден!..
Қария қолын жайып, бетін сипады. Бұл тұста дабыра-шу аз
болды. Жыр үзілмей жалғаса берді.
Е-ей!..

Қара дауыл соқса да,
Қайыспаған емендей,
Есік болған топсаға,
Тұрған берік шегендей.

Қара нардай қасқиып,
Өрге тартқан бөгелмей.
Мұратының нұрына
Қалған емес бөленбей.

Ердің ісін істеген,
Ойы терең кемердей.
Парасатты пайымы,
Шалқып жатқан өзендей.

Мақсатынан таймайтын,
Қайсар жан жоқ енеңдей.
Ол жебеушің, қамқорың,
Ісін қалмас еленбей.

Бұл да күні көксеген,
Сол енеңе бір сәлем!..

Екі бетінің ұшы қып-қызыл, топ-толық қоңырқай жүзі нұрлана
албыраған денелі әйел жайраңдай күліп тұрып:

– Мені қуанышқа бөлеген жарық күнім, жүзің ашық болсын! –

деп мейіріммен ақ тілеуін айтты. Кешіншек шыбықтай бұралып
тұрып сәлем жасады.
Е-ей!..
Нұрға толып жанары,

Гүлдей жайнап ажары,
Қайын ағаң қарап тұр,
Заңғар таудай салалы,
Аңқылдаған қолы ашық,

Күлкі кетпес жүзінен.
Балаларға жол ашып,
Жүргізетін ізімен.
Жеңгең мәз боп күліп тұр,

Сырын ішке бүгіп тұр.
Ақ ниетпен ақсиып,
Айтар сөзін жиып тұр.
Ағаларың ырғалып,

Баталарын үйіп тұр.
Сыйласатын адамың,
Мейірлене иіп бір.
Жел қабызша желпініп,

Үйге зорға сыйып тұр.
Айы туып оңынан,
Жүздерін күн сүйіп тұр.
Мерей күтіп тұр сенен,

Осыларға бір сәлем!
Осы тұстағы мұртты қара жігітті түртпектеген құрбы-құр­
дастарының әзіл-оспағы өрбіді. Тұс-тұстан сақылдаған күлкілер
естілді.

– Ей, Сіргебай, қартая бастағаныңды сезіп тұрсың ба?

– Енді алшаңдауды тастап, келініңнің алдында сыпайы боп

жүр!..

– Сұлухан, сен де тайраңдама енді!..

– Қап, жас келіннен именіп, сылаңдай алмай қор боласың-ау, ә?!

Дәшеттің арынды даусы тағы да дуды басты.
Е-ей!..
Мұнда аға, інің бар,
Балғын өрім гүлің бар.

Қатарларың қосылса,

Бірге шығар күнің бар. Жүрегіңді тербейтін, Айтылмаған жырың бар. Ағыл-тегіл төгіліп, Ақтарылар сырың бар. Құлын-тайдай жарысып, Шығатұғын қырың бар. Құрбы-құрдас қолдасып, Көтеретін нуың бар. Қуаныш қып жиналған, Өтетұғын сыйды арман, Көз алмаған бір сенен, Ел-жұртыңа бір сәлем!.. Аттылы-жаяу иін тіресе қаумалаған қалың топ мәз. Жас келін топқа қарай иіліп, сәлем жасады... Біреулері тілек айтса, біреулері әзілге басады. Бұл кәденің аяқтала бастағанын сезген жұрттың бір шеті қобырап, ыдырай жыртылып еді, Дәшеттің дауысы серпіле қайта көтерілді. Енді не айтар екен дегендей төне қалысты. Е-е!.. Көп созбайын сөзімді, Тоздырмайын төзімді. Тосып отыр жамағат, Тоқтайтұғын кезімді. Жаудыраған көздерден, Осы пиғыл сезілді. Сонда да айтып қалайын, Тойдың көрген талайын, Әсет ағаң қуансын, Ізетіңді құп алсын, Біздің топты ұмытпа, Оралмаймыз жуықта, Тер төктім ғой манадан, Сырт қалдырмай санадан, Домбыраға қосылған, Сәнің үшін жосылған. Тілегіміз бұл сенен, Бізге де ет бір сәлем!.. Мұндай түйінді күтпеген көпшілік ықыласпен дулай қостады. Жас келін Әсет пен Маздақ жаққа бір, әнші – күйшілер тобына бір иіліп сәлем жасады. Бұған ақындар тобы да разы.

– Тауып кетті!.. Ел ардағы Әсет ағамызға сәлем берудің орай­

ына тап келген бақытты келін екен!..

– Көп жаса, қарағым! – деп, қызыл шырайлы, денелі бәйбіше

ақынның иығына алтын зері жалтылдаған жібек шапан жапты.
Одан әрі ойын туын Қадырихан мен Әбіш көтерді де, жұртты
өлеңмен бір сусындатып тастады. Екеуі кезектесіп той баста­
ды. Бұл қуанышты құттықтап Рақыш пен Әшім сұлу күйлерді

сылқылдатты. Той иесі марқая шалқайып, далия жайылып түсті.

– Бұл топты бөліп-жаруға болмайды екен, – деп бәріне бір-

бірден шапан кигізді. Содан кейін түгі құндыздай жылтылдаған
сыптығыр жирен атты өзі жетелеп, Әсеттің қасына келді. –
Әсетжан, жолың үлкен, халқымыздың қалаулы адамысың, өзіңе
мінгізгенім! Тобың жазылмасын! Ойын-сауықтарың қыза берсін!..

– Қайынаға атандым ғой, менің де сыйымды қабыл алыңыз, –

деп, жиырма бестер шамасындағы сұлу мұртты жылтыр қара жігіт
тағы бір атты Қадыриханның алдына көлденең тартты...
Түс қайта той тарқады. Әсет тобы той иесінен рұқсат сұрап,
Маздақ ауылына қайтып келе жатты. Ендігі бет алыстары ылди.

Биік-биік жалдардан асқан кездерде көз ұшынан Текес аңғары
бұлдырай қылаңдайды. Сол ойпаңға қиялдана көз жіберген Әсеттің
ойын тербегісі келген Маздақ әңгімені өзі бастады.

– Әсетжан, адам баласының барлық іс-әрекеті, тіпті өмір

тарихы да жермен байланысып жатады екен.

– Жерсіз тірлік бар ма?

– Сонау төмендегі ағараңдай ирелеңдеген боз сызық – Текес

өзені. Онын басы мына көк мұзды Хантәңір шоқысы­ның күн ба­
тыс жағындағы қалың тау қатпарларының арасынан басталады
да, арғы қабаты өр болу керек, бері, күн шығысқа қарай ағады.
Одан Қарабураға жеткенше оң және сол қабырғасынан үлкенді-

кішілі талай су құяды. Сол бетімен көлденеңдей сұлап жатқан
Нарат тауына соқтығады. Одан кейін солға, тіке солтүстікке
бұрылады да, таудың етегі мен жартастарды қақ жарып өтіп,
Күнес өзенінің аңғарына шығады, соған қосылады... Бір заман­

да осы өзеннің басын қазақ, аяғын қалмақ мекендеп тұрыпты.
Сонау бір бұлдыраған қос төбені көрдің бе?..

– Киіз үй секілді шошайып, қатар тұрған ба?

– Иә... Соның өзі ізгіліктің белгісі.

– Қалай?..

– Қалмақ пен қазақтың өзара жаулығының да, татулығының

да куәсі сияқты.

– Мынауың бір жұмбақ болды ғой. Сонда жаулығың не,

татулығың қалай? Қарама-қарсы ұғым емес пе?

– Дәп сонда... – деді Маздақ аз кідіріп. Сонан кейін өзі бала

жасынан естіп келе жатқан әңгіменің желісіне кешті.
... Ерте заманда қалмақ пен қазақтың жауласып, атысып-шабы­
сып тұрған кезі. Текеске құятын Шаты суының бойын қалмақтың
Доңға деген батыры мекендепті. Ал Текестің бас жағындағы

Байынғол тармағының алқабын қазақтың Қаражал деген батыры
қоныс еткен.
Бір күні Доңға батыр шама-шарқын байқау үшін Қаражалдың
ауылын шабады. Өзеннің басталатын аңғары – Ілебасы қойнауында

жатқан жылқыға тигенін естіген Қаражал қару-жарағын асынып,
қара қасқа арғымағына мінеді де, Доңғаның жолын ториды.
Байынғол мен Текес суының тоғысатын иінінде екі батыр кез­
десе кетіп, шарт та шұрт ұрыс салады. Қаражал басымдау келіп,

ауылының жылқысын құтқарып қалады. Доңға қатты жарақатта­
нып кетеді. Шаты сайының аузындағы үйіне атының жалын
құшып, зорға жетеді. Әлі отау тігіп, түтін түтетпеген жас жігітті
қарындасы аттан көтеріп түсіріп алады. Әке-шешелері қайтыс

болған екен. Екеуі ғана тұрған. Қарындасы ағасының қанын жуып,
жарақатын таңады. Жайлы төсек салып жатқызады. Содан Доңға
батыр күннен-күнге нашарлай береді:

– Артымда жоқтаушым да қалмады-ау... – деген өкінішпен

қиналады. Мұнысына қарындасы намыстанады.

– Немене, қыз деп мені қомсынғаның ба?

– Жоқ, қомсынбаймын. Бірақ әлі жассың. Оның үстіне

Қаражалға пар келетін қалмақта адам жоқ.

– Онда маған не қыл дейсің?

– Саған ақтық тілегім: ерлігіңді сынаймын десең – өзің біл,

шайқасып көр. Ал шамаң жетпесе – сол Қаражалдың жан жары бол!

– Сонда сенің жауыңды құшуым керек пе?

– Мен есерлік жасап алдым, ойланбай істеген әрекетімнің

құрбаны болдым. Алдымен жылқысына шауып, ерлігімді
сездірейін, артынан өзі іздеп келсе, сырласып, достасайын деген
ойым бар еді. Ол жылқысына жау тиді деп ойлады.

– Ал жекпе-жек кездескенде, мақсатыңды неге айтпадың?

– Ерді намыс жібере ме? Айқаса кеттім. Нағыз көкжал екен.

Міне, оның соққысының зардабы мені көрге тыққалы тұр. Артымда
жалғыз қалып барасың... Ол қамқоршың болар. Қор қылмайды. Се­
нен өтінетінім сол. Осы ойымды жеткіз. Көрімде тыныш жатайын...
Доңға батыр қайтыс болғаннан кейін елі Көктөбенің желкесіне

жерлеп, қабырына төбе қып топырақ үйіп, белгі соғады. Содан
біраз күн өткен соң қарындасы ағасының сауыт-сайманын киеді де,
Қаражал батырдын ауылына аттанады. Ауылдың өкпе тұсындағы

биік төбенің басына шығып, жылқының ту құйрығынан жасалған
қара туды жерге шаншып қояды да, дабыл қағады.

– Менің Қаражалда кегім бар. Оны жекпе-жекке шақырамын.

Хабар айтыңдар, су жүрек болмаса, тез келсін!..

– Байқұс бала-ау, онда нең бар, өлесің ғой...

– Ол менің қанды мойын құныкерім!

Тепсініп тұрған жас жігітті аяса да, тіл алатын түрі болмаған
соң, әлгі кісілер Қаражалға барады.

– Батыр, бейтаныс уыздай бір жігіт қылқұйрық қара туын жерге

қадап қойып, сені жекпе-жекке шақырып тұр.

– Ажал айдап жүрген кім екен ол?

– Сені қанды мойын құныкерім деп, өрекпіп тұр.

– Соғыстың салтын білмейтін есалаң болды ғой. Ұрыста кім

өлмейді. Күші жетсе, жауың аяй ма сені?

– Өзің бармасаң, басқаны тыңдайтын түрі жоқ.

– Қуып тастамай, баланы да басындырғандарың ба?

– Жекпе-жекке шақырып, қасқайып тұрған батырды кім де

болса, сол шақырған адамынан басқа біреу кедергі жасап, араға
килігуші ме еді?

– Атты әкеліңдер! – деді де, Қаражал сауыт-сайманын киіп, най­

засын тақымына қысады. Бөрі басты көк туын көтеріп, бала батыр
тұрған төбеге жетіп барады. Туды жерге қойып, жас батырдан жөн
сұрайды. – Қане, сөйле, іздеген Қаражалың менмін!

– Сенен алатын құным бар!.. Шық жекпе-жекке, кегім үшін

шайқасамын! – деп, талшыбықтай бұралған жас батыр найза­
сын кезеніп тұра қалады. Батырдың бір айтып, шорт кесетін
салты. ­Сөз­ге жоқ Қаражал да қарсы ұмтылады. Бірақ найзаны
дәлдеп сілтемей, бопсамен жасқантпақ болады. Бір-екі дүркін

жас батырдың найзасын тайқыта қағып жібереді. Бір кезде
арындатып бетпе-бет жеткен жас батырды найзасының ұшымен
қабырғалата қағып, аттан аударып түсіреді. Домалана құлаған
жігіттің басындағы дулығасы ұшып кетеді. Сонда сала құлаш қос

бұрымы жыланша ирелеңдеп жерде шұбалып жатады. Мұны көр­
ген Қаражал атынан қарғып түсіп, қолтығынан демеп тұрғызады.

– Ей, мұның не?.. Әйел басыңмен ажалға қарсы шауып не

басыңа күн туды?..

– Мен Доңғаның қарындасы едім, – дейді қыз көзінің жасын

сорғалатып.

– Доңға батырдың өзі қайда?

– Ол сенің соққыңның зардабынан қайтыс болды. Өлер алдын­

да: Қаражалдың қайратын байқап, дос болайын деп ауылының
жылқысына шауып ем. Егесте елдік болмайды, соққысы қатты

тиді. Сен менің кегімді қумай-ақ, тілегімді орында, Қаражалға жар бол деп тапсырды. Үйіңе кіріп баруға әйелдік арым жібермеді. Онда сен де илігіп, қадірлей қоймассың. Не де болса найза сілтесіп көрейін деп, әдейі жекпе-жекке шақырдым. Сөйтіп, Доңғаның соңғы тілегін орындадым... – Айқаста кімді кім аяушы еді. Доңға аңғалдық жасапты. – Онысына өзі де өкініп өтті. – Найзаның ұшы батырларды табыстырмайды. Ақ жүрегін ұсынса, алдынан құшақ жайып шықпас па едім... – Маған айтқан өсиеті сол ақ тілеуі шығар... – Онда мен де қабыл алдым. Сөйтіп, Қаражал батыр қазақ пен қалмаққа жар салып, үлкен той жасайды да, Доңғаның қарындасын алады. Екеуі тату-тәтті ұзақ өмір кешеді. Екі ел арасындағы атыс-шабыс та тыйылады. Қаражал қартайып, өлер шағында өзінің сүйегін Доңғаның қасына жерлеуді өсиет етеді... – Анау бұлдырап көрінген қос төбе – сол екі батырдың қабы­ ры, – деп қолын шошайтты Маздақ. – Қос батырды Хантәңірінің самалы өмір бойы аймалай тербеп келеді. – Бұл да бір адамдарға жақсылық тілеудің нышаны секілді аңыз екен. Екі ел татулығының куәсі іспеттес, жүйкені босата­ тын жүйелі әңгіме... – Елдің бір-бірімен жұғысуына мұндай сөздің де себі тимей ме? Біз «Қалмақ-қазақ – бір туыс» десек, қалмақтар: «Керегеміз ағаш, туырлығымыз киіз, қалмақ – қазақ бір кісі» деп жылы шыраймен қарасады. Кейде «Ары жат, бері жат – төсектің тарлығы, ары отыр, бері отыр – көңілдің тарлығы. Ары-бері ырғаспайық, ағайын,» – деп, қариялары жиын-топта жиі айтады. Сөйтіп, Құдайға шүкір, ұзақ жылдан бері қақтығыссыз қатар көшіп-қонып жүрміз. Маздақтың әңгімесі Әсеттің ойын тербеді. Бұл да адам­ дықтың нышаны. Көп жауласқан екі халықтың татулық іздеуі – қара халықтың арманы. Қалмақтың үкірдайлары мен қазақтың Дадай сықылды әпербақандары мұндайға бара қоя ма? Екі халық өздері табысқан соң үміттері үзіліп, бармақтарын шайнап қалған ғой.. Кештете Маздақ ауылына түскен Әсет бір-екі күн думан­ датты да, өзінің аттанатын ниетін айтты. Жолаушыны жолы­ нан қалдыратын салт жоқ. Маздақ ыстық ықыласын білдіріп, Әсетке ат жетелетті. Сонан соң өзі Алмабай ауылына дейін ере келді. Мұнда да ел қошаметтеп, төбесіне көтерді. Бірнеше күн сауық-сайранның оты лаулады. Әсеттің көңілі күннен-күнге

шалқыды. Қайран ел, қайғыңды ұмытып, жақсылыққа жайылып
түсесің-ау.. Көңіліңді сергіту үшін шамам жеткенше мен де
аянбаспын. Мына тауларын­да үнім қалсын, жүрегінде сырым
қалсын. Менің берерім сол ғана. Осылай ойлаған Әсет тоқтаусыз

ақтарылған-ды.
Уақыт өтіп жатты. Қайтар мезгілдің де мөлшері толған.

– Ал, жұртым, – деді Әсет жайдары түрмен бір күні ертеңгі

ас үстінде. Толқығаны райынан байқалады. – Енді қайта көрісе
аламыз ба, жоқ па, дәм-тұзыңды таттым, сый-құрметіңе рақмет!..
Менің жерім – Жетісу. Көкейімнен кетпейді. Өмірімнің бар
қызығы сонда қалған сықылды... Амандық болса сол жерге,

жалпақ елге қайта ораламын ба деген үмітім бар...

– Әсаға, разымыз, сізге, – деді Алмабай даусы қалтырай ықы­

ласын айтып. – Біз де сізді ұмытпаймыз. Ізіңіз қалды жерімізде,
үніңіз қалды құлағымызда. Жүрегімізге ақылыңыз нәрін септі.

– Адамның көңілі – көзінің нұры. Арман – көкейдегі үміттің

жалыны. Адам баласы үміт ұшқынының айналасында шырай­
нал­ған көбелек емес пе!..

– Пенденің бәрі діттегеніне жете бере ме, Әсетжан? – деп

әлденеге қамыққан әншіні жебеді Маздақ.

– Жетпесе де қол созып, ұмтылғаны ғанибет қой, Маздеке! Құс

талпынып ұшпай ма? Сыйларыңызды көрдім.

– Енді мен де жоралғымды бермей, көкейдегіні айтпай кетсем,

атыма лайық болмас. Сіздерге ортақ сырым – сыйым. Әнмен ай­
тайын. Өздеріңізге тартқан тартуым бұл!..

– Ат аунаған жерде түк қалғанда, ақыннан сөз қалмай ма! – деді

Маздақ қуанып. – Жігіттер айтып жүрсін, өнеге тұтсын!..
Әсет домбырасын баптай безеп, сәл кідірді де, жайма шуақ,
келбетіндегі майда толқындай ширатыла есілген қоңыржай әуенге
басты.

Қош айтамын, айналып соға алмаспын,
Ендігәрі сый қонақ бола алмаспын.
Пенде едім ертелі-кеш өлең қуған,
Сонымен бір азырақ көңіл аштым.

Ахау, халі-гүлім,
Халі-гүлім-ау, үри-ай.
Өтті-ау, дүние-ай!..
Туған жерді сағындым, елге кетем,

Жалғаны жоқ сөзімнің ала бөтен.
Айтарым: қош, бауырлар, қош есен бол,
Зарығып сарғайсам да елге жетем.

Ахау, халі-гүлім,
Халі-гүлім-ау, үри-ай,
Өтті-ау, дүние-ай!..
Енді мұнда көп жүрдім, не көремін,

Елге кетпей несіне бөгелемін?..
Қош болыңдар, жігіттер, дұғада бол,
Ентелеп елге қарай жөнелемін...
Ахау, халі-гүлім,

Халі-гүлім-ау, үри-ай,
Өтті-ау, дүние-ай!..
Мұндай қоштасу сарыны қазаққа таңсық емес. Көбіне ұзатылған
қыздардың аузынан естіледі. Ал мына тебіреніс басқаша ырғақпен

өрбіді. Ата-баба қонысын алыста жүріп аңсаған адамның жан
сыры. Ойы алымды, ауқымы кең. Мұндағы елді де қимайды.
Сонда да түпкі мақсаты ата мекеніне ауған. Аңсары сол. Артында
қалып бара жатқандарды жасытпай, ақ көңілмен ізгі тілегін тарту

етті. Қазақтың қоштасу салтының шеңберін кеңейте түскендей.
Елдік санамен қоса әлеуметтік ой да қамтылған. Бұларға да
өздеріңнің туған-өскен ата мекендеріңді қадірлей біліңдер деп
өсиет шашқандай.

Сағыныш лебі ескен әуеннің жібектей өрілген тұнық сазы
жүректі шымырлата сипалайды. Кемпір-шалдардың көзі жасқа
шыланды. Жігіттер Әсетті қимағандай, оның сөзіне, әніне су­
сындап болмағандай қамыға күрсініседі. Қыз-келіншектердің де

үлбіреген жүздерін мұң шалған. Әсет әйелдердің де басындағы
ауыртпалықты, олардың көңіл күйін, арман-мүддесін айныт­
пай, жасқанбай жария ететін-ді. Сонда бұлар надандардың көзі
ашылар бәлкім, айта түссе екен деп, іштей тілесетін. Өз мұрат-

мүдделерінің сол жоқтаушысының енді алысқа кеткелі отырғанына
қынжылысады. Жанарларына мөлтілдеген жас үйірілді.
Әркім өз ойымен әлек болған соң ба, мұны аңғарған адам жоқ.
Бәрі де қонақтардың ығына жығылған.

– Ниетің ақ, тілегіңе жет, Әсетжан!.. – деді Маздақ дауысы

булыға қалтырап. – Бірге туған адамның да жолы басқа. Түбіміз бір
болғанымен, тұрағымыз бөлек. Тағдырымыз солай шығар. Қайда
барсаң да аман жүр!.. Алдың – той, артың – думаннан арылмасын!
Біздің берер батамыз осы...

Бұл тілекті қостап қариялар қол жайып, бата жасады. Әсет
тобының аттары ерттеулі әзір тұрған. Алмабай өз қолымен Әсеттің
иығына жанат ішік жапты.

– Атыңыз сыртта. Мұндағы еліңіз разы. Сіз де жайраңдап күліп

қайтыңыз!.. Көңіліңізді кір шалмасын!

– Ұлы тауларың, сол асқарларың жар болсын! Аман бол,

жұртым. Еңселерің өсе берсін!.. Ақ тілеуім осы!.. Аралас-құралас
боп жүретін күніміз де туар...

– Жолың болсын, Әсетжан!

– Бақытқа бөлен, айналайын!..

Қонақтар орындарынан түрегелгенде қариялар ниеттерін айтып
қала берді. Сыртта көп бөгелместен атқа қонысты. Ауылдың Алма­
бай бастаған сері жігіттері Әсет тобын Текес өзенінен әрі өткізіп
салды. Әсет тілеулестерінің өтініші бойынша қоштасу әнін осы

арада тағы бір қайталап шырқады. Жалпақ алқап жаңғырып, алыс
тауларға дейін күңгірледі. Арынды да айшықты әнді қақпақылдай
әуелетіп әкетіп жатыр. Кейін қайтқан топтың ішіндегі ашық дау­
ысты біреуі әлгі әнді аспандата аңыратып бара жатты...

СОҚПАҚТАР

Ұзақ қысты өзінің үйінде өткізген Әсет шөбі қалың, жайы­
лымы мол Шұбартөбекті қыстады. Тақия құмы мен Тұзды көл
маңынан ұзамады. Көктемде құлпырып кететін Шөладырды
сағалай жылыстап, ел жайлауға шыға үйін Сайрам көлінің төріне

қондырды. Ауылдың алды айдын көл. Арт жағы алажаздай
басы­нан қары кетпейтін Ақбайтал шыңы. Шүйкеленген ақша
бұлт үйіріледі де жүреді. Ақ нөсері ауық-ауық сіркіреп өтеді.
Қапталдардағы қалың қарайғай жасыл шұғаға тіккен кесте секіл­

ді, көздің жауын жейді. Ақ үйлер іргелес, қойлары қоралас.
Мұндағы күн сайын өтіп тұратын қалың думанға Әсет бел­
ше­сінен батты. Қадырихан да көшіп келіп, қасына көрші қонды.
Көңілі жай тапқан Әсет енді Көкқамырдағы қалың елді аралап

қайтуды ойлады.
Бір күні көл жағасындағы ауылдарды қыдырыстап жүріп,
көлдің шығыс жағындағы Жалғыз қарағай қойнауына жеткен-ді.
Оң жақтағы Талқының кезеңін әрі асып жатқан қасқа жолға қадала

қараған Әсет:

– Жыңтәй текшесі алыс емес пе? – деп сұрады қасындағы Қа­ды­

риханнан әлдене есіне түсіп. Ол көлденең жотаға қарай иек қақты.

– Мына белдің арғы астында.

– Онда солай асайық. Былтырғы Оразбай қарияның аулына

барып қонайық...
Сөйтіп, түс ауа екеуі Талқыдан асты. Көксаланың терең сайын
өрлеп барып, жотасына шыққанша күн де батты.

Бұлтсыз аспан тұңғиық түбіндей тұнған. Сиректеу жұлдыз
қараңғы қуыстың түбінде жатқан алтын түймедей о жер, бұл жер­
ден жылт-жылт етеді. Іңір қараңғылығы жер бетіне шөге бастады.
Барған сайын қоюланып, шатқал-құздың үкірейген қуыс-қуысына

шым-шым сіңіп барады. Батқан күннің соңғы шапағы сарқылып,
шұбалаңдаған бозамық сілемі түннің қараңғылығымен тоғысқан.
Қара барқытқа жапсырған қызыл шұға секілді.
Жалпақ аңғардың іші буға малынғандай мұнартып тұр. Соның

табанында Ақшат өзені күркірейді. Қияны кенерелеген көш
жолы ақтаңдақтанып, арғы бел-белесті асып, бір қиырға созы­
лып жатыр. Беткейдегі тастақ жолды дүбірлетіп, қос салт атты
жолаушы аяңдап келеді. Омырауын кешкі салқын, коңыр самал

желпіген аттар аяқтарын ширақ басады. Құлақтарын қайшылап,
түн қараңғылығына қадала үңіледі. Қиыршық тасқа соғылған
тағаларынан шашыраған ұшқын шақпақ отындай жарқылдайды.
Тау жолы иір-қиыр. Бірде өзенге төнеді де, кілт лықсып, қайтадан

өрге бұрылады. Енді бірде шымдауыт солқылдақ қыраттарды
асады. Осының өзі жолаушыларды қызықтыра түсетін секілді. Бір
тұмсықта жол екіге айырылды.

– Әсаға, Көксала артта қалды, – деді Қадырихан тоқтап. – Бергі

жотасына мана шыққамыз, енді күнгейін құлдап келеміз. Сол
жағымыздағы шатқал – Ақшат. Мына жолмен оңға бұрылып, анау
топ қарағайдың желкесіне шықсақ, Жыңтәй текшесінің бергі шеті.
Оразбай ауылы сол маңда болар, бұл жалпақ жайлау емес.

– Уақытты мөлшерлемей асқан екенбіз, ә, Талқыдан? – деді

Әсет түнге қалғандарына қиналғандай.

– Мұндағы ауылдар жиі отырады. Қоныстарының аралары да

қашық емес. Оңай тауып аламыз.
Жол топ қарағайды жанай өрлеп, ашық жазыққа шықты. Сол
тұстан екі-үш үй көрінді. Арсылдаған иттер қарсы жүгірді. Жола­
ушылар абалата тақап келеді. Қой шетінде жүрген біреу:

– Бұл қайсың-ей?.. – деп дауыстады. Қасына жетіп сәлемдескен

соң, Қадырихан жөн сұрады.

– Оразбайдың ауылы қайда отырады?

– Осы жолмен тура барған соң, үлкен дөңгелек қайнар кездеседі.

Сол арадан тағы бір жол оңға қарай созылады. Сонымен бұрылып,
бір бел ассаңдар, жалпақ төбенің үстіндегі ауыл Оразбайдікі.
Жолаушылар дәл тапты. Арсылдаған иттердің дауысы ай­
наланы дүрліктіріп жіберді. Үйге тақаған аттылардың алдынан

Оразбайдың кенжесі Дәулетбақ шықты.

– Оразбайдың үйі қайсы, шырағым?

Үңіле қараған жігіт Әсетті айнытпай таныды да:

– Ассалау-мәликөм, Әсет аға! – деп келіп атын ұстады. Үлкен үйден тонға оранған бір кісі қауқалақтап сөйлей шығып, есік ашты: – Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы шал алдынан шығуға тиіс екен. Ат-көлік аман ба, Әсетжан?.. Араға бір қыс салып барып көрістік-ау, әйтеуір... Осы жайлауда келетін-ақ шығар деп, жүр ем. Уәдеге берік жігіт екенсің. Төрлет, қарағым. – Сау-саламат тұрасыз ба, Ореке? – деп Әсет құшақтасып көрісті. – Тәңір тілеуіңді берсін, қарағым!.. Дәулетжан, ағаларыңның аттарын қара, айыл-тартпаларын босатып қой. Біраз терін басқан соң, шідерлеп отқа қоярсың. Үйдің іші тап-таза. Есіктен төрге дейін киіз төселген. Қонақтар кіргенде орнынан түрегелген қара кемпір: – Аман-есен бе, қарағым? – деп амандасты. – Сау-саламатсыз ба, жеңеше? Әсет төрге өтіп, шешінді. Шекпенін керегенің басына ілді. Қамшысын уықтың қарына қыстырды. Қадырихан да қамшысын солай орналастырып, киімі жеңілдеу болған соң ба, омырауының түймелерін ғана ағытып қойып отыра кетті. – Әсетжан, ел аралай шықтың ба, әлде ауылыңа қайтып барасың ба? – деп сұрады Оразбай қазақы әуестікпен. – Өзіңізге берген уәдем бар еді, Ореке, сізді іздеп келемін. Одан әрі Көкқамырды өрлеп, Ұланбураға дейін барып қайтпақ ойым бар. – Көп жаса, қарағым. Құрметті мейманым бол. Мұндағы еліңді де қуанышқа бөле. Қарияның айтқаны болды. Сол кеште-ақ ән гуледі. Қадыри­ ханның майда-қоңыр әуені айсыз түнді әлдиледі. Ара-тұра Әсеттің арынды дауысы арқырап, аспанға өрлейді. Оразбай қария басын шұлғи теңселеді. Көзін тарс жұмып тыңдайды да, әнге балқығандай ырғалады. Сары қымыз сапырылған. Шишалы шамның жарығы мол. Ораз­ байдың отауы бөлек балалары да жиналған. Үй толы адам. Бәрі қарияның ырқына бағады, көңілінен аспайды. Ата сыйлап өскен ибалы. Тәрбие көргендері байқалады. Даурығу жоқ, ынта басым. Бір кезде сарынын бәсең желдіртіп, шұбырмалы әуенге көшкен Әсет өмірдің бағдарын танытатын тәлімді өлеңді құйылдырды. Өткен күн қайта оралмас өкінгенмен, Қоя ма ажал алмай бекінгенмен? Түседі жер астына ақыр бір күн, Адам да тірлігінде кесірленген. Озбайды қалыбынан ешбір пенде,

Күпініп жұрт алдында көпіргенмен.
Жаманға ісің түссе – ол да қорлық,
Білмейді қадіріңді өтінгенмен.
Қайғы-мұң түгесілмес қара бұлттай,

Біте ме, жел шығарып көпіргенмен.
Бағасы алтын аяқ кемімейді,
Бір шеті сызат түсіп, кетілгенмен.
Наданнан ақылы кем пайда тимес,

Мал бітіп, кем-кетігі жетілгенмен.
Мәстектен мақтағанмен тұлпар артық,
Қан түсіп аяғына шекілгенмен.
Бөкеннен елік озбас жарысқанда,

Дамылсыз тыным таппай секіргенмен.
Болжалы дүниенің осылайша,
Таппайсың еш жақсылық есіргенмен...
Әсет терін сүртіп, шегініңкіреді де, жүкке арқасын сүйеді.

Бұл сөзін аяқтағанының белгісі екенін Оразбай қария түсінді де,
ықыласын білдірді.

– Көп жаса, Әсетжан!.. Әнмен де, өлеңмен де көңілімізді

көтердің...
Қолға су құйылып, табақ тартылды... Әсет екі күн бойы
Жыңтай текшесін жайлап отырған елдің жүрегін ән бесігіне
бөледі, өлеңімен әлдиледі. Үшінші күні Оразбай қариямен

қоштасып, Үлкен Көлденең судан өтті де, Суықтөбенің етегін
жайлаған Көлтекшедегі елдің ортасына түсті. Мұнда да үлкен-
кіші шаужайына оралып, екі күн ұстады. Осы арада жас түлек
Әбішпен қайта табысты. Сауық-сайранды бірге өткізді. Бірақ

әрі қарай ала кетудің орайы келмеді.

– Әсаға, сіздерге қолбайлау боламын ғой... – деп Әбіш көнбей

қала берді.
Әсет пен Қадырихан әрі аттанды. Кіші Көлденең судан өткен
соң, Борқора тауын бөктерлеп, Көкқамыр адырларын өрлей жүріп
келеді. Сырттай қарағанда жақындау көрінгенімен, бұралаңы,

кедір-бұдыры көп ұзақ жол екен.
Қат-қабат адырлар мен жасыл белдерді асып, бір қайқаңның
жотасына шыққанда арқырай тулаған үлкен су көлденеңдеді.
Шұңғыл арнаны қуалап, жыландай ирелеңдеген ағынды су түйе

тастарға соқтығып, жараған бурадай ақ көбік атқылайды. Кейде
иін-иіндегі дөңкиген дәу-дәу жартастарды ықтай ұйлығып, шырай­
нала үйіріледі. Тыныстағысы келгендей көк иірімдене көлкілдейді.
Өзен аңғарын қуалай соққан желдің лебі салқын, жібектей жұмсақ.

Адыр арасынан, дөңгелек дөңдерден дала гүлінің хош иісі
аңқиды. Айнала құлаққа ұрған танадай мүлгіген. Бөгде дыбыс жоқ.
Көз ұшында боз үйлердің сұлбасы ағараңдайды. Табиғаттың осы
бір тыныш құшағы жолаушыларды да баурап алған. Құлақтарын

қадалта тікірейтіп, елеңдей қайшылаған аттар үнсіздіктен секем
алғандай абыржиды. Жан-жағына үрке қарап, аяқтарын жүрдек
басады. Қарсы соққан самал омырауын желпіп, желіге екпіндейді.
Іңір үйірілді. Шоқтай жайнаған күн алыс таудан асып барады.

Қараңғылық бірте-бірте жерге шөгіп, алып қара құстай қанатын
жая сұлай берді.
Сүліктей сидам, жіптіктей сұлу жиреннің үстіндегі қақпақ
жауырынды, екі иығы тік, қырма сақал дембелше кісі әлденеге

алағызады. Ынтызар үмітпен маңайына шұқшиып көз тігеді.
Әдемі әшекейге қызыққан баладай алабұртып алған. Жұқалтаң
қабағы сәл шытынған. Аңсары ауған сағынышының табы
қызыл-күрең шырайынан айқын аңғарылады. Бірінің тәтті

қиялын екіншісінің үзгісі келмегендей ме, әлде, жол соқты боп
шаршағандікі ме, жолаушылар үнсіз. Әрқайсысы өзімен-өзі боп,
іштей ширықтырған оймен томсарысқан.
Қараңғылық жердің бетін қаусыра жапты. Алыстағы тау

етегінен, таяудағы ойпат-ойлардан жер ошақта жанған оттардың
жылтылы қылпылдап көрінеді. Барған сайын от жарығы көбейді.
Бейне қара түнде гүлден-гүлге ұшып-қонып, елбелектей қалықтап
жүрген от қанатты көбелек тәрізді. Сананы тербей еркелейді.

Ирелеңдеген қасқа жол шалғайдан орағытып келіп, жіңішкелеу
жыраны өрледі де, жайпақ белеңге шықты. Арынды өзеннің сары­
лы қайтадан күшейді. Аспан астын жаңғырықтырып, өршелене
сарқырайды. Түннің тыныштығымен тайталасқандай. Бір қа­

лыпты күркіреген сарылдың арасынан шәуілдей үрген иттердің
құмығыңқы үні естіледі. Бірінен – бірі озбай не кейіндеп қалмай,
аяқтарын тең басып, қатарласа ентелеген екі ат құлақтарын түре
ит үрген тұспалға жалтақ-жалтақ қарасады. Аялдар жеріміз осы

ма дегендей осқырына белгі беріседі.
Тығыншықтай шымыр, қаршығадай төртбақ денелі кісі тізгінді
қымқыра ұстағанымен, атының бұл сәттегі оқыс қимылындағы
құбылысты аңғармады. Тастай түйілген, толғандырған ойының

ауанына еріп алған-ды. Қасындағы жігіт ағасы да қатты ұйқыдан
шошып оянғандай осы арада елең етіп, төңірегіне жалтақтай назар
аударды. Маңайын жылдам шолып өтті де, серігіне көңіл жықпас
биязы өтінішпен тілегін айтты:

– Әсаға, осы ауылға бұрылсақ қайтеді?

– Кімнің ауылы екенін білесің бе?

– Жолаушыны жатсынбайтын еліміздің салты емес пе, аттап өтпейік. Әйтеуір, бір үйге қонамыз ғой. Бүгінгі жүрісіміз де ұзақтау болды... түнге сүңги бермейік. Басын сілтей шұлғып, серіппелі секең аяңмен сырғыған кү­ реңнің үстіндегі кісі бірталайға дейін үндемеді. Ауылдың өкпе тұсына тақағанда үй мұндалаған иттердің дауысы үдей түсті. Сол кезде баяу ғана: – Үй таңдайтын біз кімбіз?.. Өзің біл, – деді өзімен-өзі сөй­ лескендей оқшаулық түрмен. Сәл бөгелістен кейін өксік аралас ышқына күрсінді. – Әлдеқайда асыққандай жүрегім алып ұшады. Көзге көрінбейтін бір серпін көкейімде көлеңдеп, елірте ілгері жетелейді. Қайда асығамын, нені көксеймін өзім де білмеймін. Бәрі де күңгірт тұман. Үміт қуған пендеміз ғой елбеңдеп. Әйтеуір сеніміміз жебейді... – Арманшылсыз-ау, Әсаға, – деді Қадырихан қызықтай күліп. – Кейде баладай елпілдейсіз. Жүре берсе, жол таусыла ма? Астымыздағы аттарды да тынықтырайық та. – Оның да жөн. Көлтекшеден бері асқалы ат шалдырмадық. Тым суыт жүрген түріміз бар. – Мен сіздің көңіл күйіңізге бақтым, Әсаға. Жол жетеледі ме, әлде, самалдың желпінісіне еліктіңіз бе, маңдайыңызды тостыңыз да, жорта бердіңіз. Әйтпесе, бұрылып барып аялдар талай ауыл артта қалды. Сіз үн-түнсіз жылжи берген соң, мен соңыңыздан сүмеңдеп ердім де отырдым. Ойыңызды бөлгім келмеді. – Оның рас Қадырихан!.. Сағыныш па, зарығу ма, өзім де айыра алмаймын. Көңілім аласапыран. Алдымызда қандай жағдай тосып тұр. Былтыр Текеске барғанда қаншама қайғылы оқиғалардың тарихын естіп білдік. Мұнда да сондай-сондай болмыстардың сүреңіне тап боламыз ба, кім біледі? Кімді сағынамын, неге зарығамын? Менің көкейімдегі басқа. Ел мен жерді аңсаймын. Толғандыратыны сол ылғи да. Бұл күйік осы қалыппен өте бере ме? Дүние неткен теңессіз еді?.. Басымдағы мұң қара бұлттай бүркемелеп, өле-өлгенше арылмай кете ме? Көзіне қамшы тиген аттай шырайналумен қайтіп күн көрем?.. Бұл өңірге мен бұрын келген емеспін. Сен ғой бәрін білесің. Бой үйреніп, ойы тоғысқан адамдар көп деген соң, соларды аңсап келем бе, әлде? Әйтеуір, іштегі сапырылыстың шегі жоқ, сыры терең. Өзім де таңмын. Түптің түбін айыра алар түрім жоқ. Құлын-тайдай тебісіп, қатар тұрып қасынысып өскен жолдас-жора, жаны бір құрбы-құрдастарым да бар көрінеді. Тозаңдай тозған елдің күйі қалай? Ол қабырғама батпай ма? Менің сарылған ойым осы... Мейлі, Шіргеге бүгін анталамасақ

та болар. Қарақшыдай түн жамылып, жортуылдағанымыз сөле­
кет көрінсе, ертең сәскеде-ақ сәнімізбен жетерміз. Айтқаның
болсын, бұр атыңның басын, аялдайық осы ауылға.
Елпілдеп, төрт аяғын серпе жеңіл дедектеген атының тізгінін

жол шетіне қарай бұрған Қадырихан үйдің іргесінен жылтылдап
көрінген отты нысанаға алып, тұспалмен төте тартты. Әсеттің
жирені де осы сілтемеге түсінгендей тобылғы торымен қатарласа
ойысты.

Тастақ жолдан бұрылып, шымдауыт қайқаңға өрлегенде
аттардың тұяғы жерді солқылдата дүбірлетті. Астаудың жонындай
жұмыр төбешіктің асты кеуек үңгірдей күңгірлеп, дүңк-дүңк етеді.
Табаны таяз бірнеше жырадан өткен соң, қотан шетінде ыңырана

жусап жатқан сиырларды жанай жүрді де, төбешіктің күн шығыс
шетіндегі жайпақ тепсеңге тігілген оңаша боз үйге беттеді. Бұл
осы ауылдың қадірлейтін үйі екені жолаушыларға дара тігілісінен,
тыныш бөлек орналасуынан-ақ белгілі еді.

Дала тұрмысының ежелден сақталған осы бір көне ғұрпы өзгер­
местен аяланып келеді. Адам өміріне жақын, тіршілікпен қабысқан
қалпын танытқан. Арпылдаған иттер қос аттыны маңайлатқысы
келмегендей алды-артын орап, жолын кес-кестейді. Шегелей бас­

қан аттардың тұяқтары төбені солқылдатады. Именбестен бөгетсіз
жылжиды. Сонысына ерегескендей иттер де өршелене шапшиды.
Әсіресе, зіңгіттей ала төбет өрекпи арсылдап, үзеңгіге ұмтылады.
Тіпті тоқтата алмайтынын білген соң тартқылап тежегісі келген­

дей тобылғы торының құйрығына жабысты. Құлағын жымитып,
артына қиястай қараған ат бір сирағын соза серпіп қалды. Иегі сақ
ете қалған төбет шалқалай құлады, домалап барып түрегелді. Енді
аттың жасыл ұшқын шашып, артына жалт-жұлт қараған көзінен

сақтанды да, өкпе тұстан орғып, үзеңгіге атылды. Жасқай сілтеген
қарулы қолдағы алты таспалы қамшы шекесіне шып-шып тиіп,
осқылап өтіп еді, амалсыз шегініп, жасқаншақтай алақтады.
Алыстағы қарауытқан таудан асып, ай туып келеді. Жер бетіне

ала көлеңке шашырады. Сыртта адам көрінбейді. Қыр елінің салты
бойынша жолаушылар алты қанат ақбоз үйдің сырт жағын ала
келіп тізгін тартты да, дыбыс берді:

– Кім бар мұнда тіл қатысар?..

Үйден шымыр денелі бозбала шықты да, бейтаныс кісілердің
қарсы алдына келді.

– Салаумәликөм, жол болсын? – деп, сәлемдесе жөн сұрады.

– Құдайы қонақпыз...

– Түсіңіздер, – деп, жігіт ілтипат көрсетіп, аттарын ұстады.

Жо­лаушылар екені түрлерінен көрініп тұр. Егіз қозыдай қос

баранды үйдің сырт жағындағы ұзын діңгекке байлады да, өзін күтіп іркілген қонақтарға киіз қапталған ши есікті көтеріп ашты. – Үйге кіріңіздер... Қонақтар сәлем беріп, табалдырықтан аттады. Оң жақтағы ағаш төсектің үстінде жастықты шынтақтай қисайып жатқан кесек денелі, сүйегі ірі ақ сақалды кісі басын көтеріп, сәлем алды да, қонақтарға жылы шырай танытты. Ағалық ықылас білдірді. – Көрпе салыңдар!.. – деп мейіріммен биязы үн қатты. То­ лық­ша, қызыл шырайлы орта жастағы әйел қатпарлана жиналған жү­ктің арасынан ала-құла құрақ көрпелерді суырып алып, төрдегі оюлы текеметтің үстіне көлденеңінен төседі. Ақ сақалды кісі ырғалып қойып, жолаушыларды жоғарыға шақырды. – Төрлетіңдер, меймандар!.. Бұл қарияның бейтаныс кісілердің көңілін аулап, мейман достық көрсеткен ниетінің нышаны еді. Босағада сәл бөгелген қонақтардың соңынан ерген жігіт ілгері аттады да: – Жоғарылатыңыздар!.. – деп, төр жақты нұсқады. Қонақтар ілгері жылжыды. Қария да үстемеледі. Жолаушылар салмақпен басып, төрге жетті. Ернеуі қара мақпалмен көмкерілген, сайларының жиегі қиюласқан тұсы қара жіппен жөргемдей бастырылған дөңгелек ақ қалпақты, бойы аласалау болғанымен, иығы кең, жауырыны жалпақ, шымыр денелі қара торы кісі алдымен төрледі. Белін үштөрт орап байлаған ұзын қара сәтен белбеуін тарқата шешті де, бүктеп керегенің басына ілді. Ақ орамалға оралған жеңді білектей бір түйіншекті жүктің бұрышына қойды. Қимылы ширақ, қағылез адам сықылды, бәрін де шапшаң істеді. Қашқарша тігілген жағасыз жұқа көк шекпенін шешіп, желбегей жамылды да, етегімен тізесін қымтай орап, малдас құрды. Ұзын бойлы арық қара жігіттің жіңішкертіп басқан қара мұрты ат жақты сопақша бетіне әсемдік үшін әдейі жапсырғандай жарасып тұр. Қысықтау көзі күлімдеп, маңайын тінте шолады. Қамшысын екі бүктеп, уықтың қарына көлденең өткізді де, сыртқы шапанын шешіп керегенің басына ілді. Бейне өз үйінде жүргендей асықпай-аптықпай, жайбарақат қимылдайды. Жеңілденіп алған соң, бипазданған биязы қимылмен тізе бүкті. Сәнқой қозғалысы бойына жарасымды. Қызыл-күрең өңінде өткірлік нышаны бар, еріксіз көз тартады. Ол әдепті ізетпен өзінің жасы үлкен серігінің қатарынан орын алды. Қонақтар әбден жайғасып болған соң, үй иесі екеуіне сұқтана қарап алды да, жөн сұрады. – Жол болсын, меймандар, таныспадық қой?

Шынтағына тас­талған тұлыптай теңкиген жастықты іргеге та­
ман сырғытып, жас­тыққа жантайған үлкен кісіден бұрын қозғалы­
сы сылқым, мінезі сызылған ұзын бойлы жігіт жауап қайырды.
Солай істеу әдетіне айналған сықылды, жасы үлкенді тосқан жоқ.

– Сайрам асып келеміз, қария. Беталысымыз – Ұлан – бура.

Одан кейін Қайшы мен Шіргені де біраз қыдырмақпыз. Ел аралап
жүрген жайымыз бар.
Шал әлденеден секем алғандай көзі бақырая тінтіп, құбыжықтай
қарады.

– Онда көздеген жерлеріңе жетіпсіңдер ғой. Жәй қыдыр­ма­

шыларсыңдар ма, әлде басқа да жұмыстарың бар ма?

– Жекжатшылап келеміз, қария.

– Қазір қазақтың ағайын-жұртын іздейтін мезгілі ғой, күн

жылы, аспан ашық, көк жайлау, – деп, қария күдігі сейілгендей
жадырай шұбыртты. Жігіттің айтқанына қанағат еткендей әрі
қарай қазбаламады. Сонда барып жастыққа шынтақтай сүйенген
қара торы кісі тіл қатты.

– Білмек – парыз, сұрамақ – салт, өзіңіз кім боласыз, отағасы?

– Мен Шадай деген шалмын, қарағым, – деді қария сыпайы

жымиып. – Атағым аймаққа тарамаса да, осы тұстағылармен
маңайдағылар Шадай ауылы атайды. Іріп-шіріген байлығым
жоқ. Біреудің алды, біреудің артымыз. Көйлек – көк, тамақ – тоқ.
Көш­тен қалмаймыз, топтан озбаймыз.

– Барымен базар болғанның өзі үлкен ғанибет, Шәке.

– Құдайға шүкір, үйлі-барандымын. Балаларымның арқасында

шалқып отырған шалыңмын.

– Ырысы тасып тұр дейтіндердің де оңып жүргендері шамалы-

ау, – деп, төрдегі кісі әлдекімді мысқылдай жымиды. – Жұртқа
пайдасы тимеген соң, барынан жоғы жақсы. Қара құрсақ қазақпыз
ғой, қанағатшыл... Ықыласқа не жетсін.
Өскелең өскен аппақ қудай қою қасын үрпите тікірейтіп

қараған Шадай қария сабырлы кісі мен сыпайы жігіт ағасын тағы
бір барлай шолды. Бұл сөзімен нені меңзеп отырғанына түсінбеді.
Жұмбақ боп көрінді. Түрлері елдің апшысын куырып, зықын
шығаратын жасауылға немесе алқынған лаушыларға ұқсамайды.

Алым-салық жинаушылар болса да, сыздана сұстанып, есін та­
нытар еді. Жібі түзу киімдеріне қарап күмән еткенімен, жүздері
жылы, мінездері жұмсақ. Сөздері мәнді, түрлері момақан. Тіпті
қарабайыр қазаққа да ұқсамайды. Кім болды бұлар сонда?..

Қарияның көзі жыпылықтай берген-ді. Соны сезгендей күлім
көз сылқым жігіт төрдегі кісіге мойын бұра сөйледі.

– Қария, мына кісі, естуіңіз бар шығар, арғы-бергі елге әйгілі Әсет ақын. Мұны естігенде Шадай қария шынтағындағы жастықтан ба­ сын жұлып алды. Таңдана қарап, кеудесін тік көтерді. Жүзі балбы­ рап, жайбарақат отырған Әсетке құштарлана, тамашалай үңілді. Демін ішіне тартқандай үй ішін тылсым тыныштық басқан. Шалының қасындағы кемпір де, от басына тақау малдасын құрған жас жігіт те тамсанысып қалды. Көздерінде қуанышты сәуле бар. Жігіттің өткір көзі жайнап шыға келді. Беті жалындай күлімдейді. Қарияның да өңі құбылып, таңдана тамсанады. Даусы жарқын естілді. – О, бәрекелді!.. – деді даусын соза жайнаңдап. Әсет таңданыс тыныштығын серпіді. – Ел-елді аралап келеміз, Шәке... Абдырай қозғалақтаған Шадай қария бәйек болды. Сығырайған жанарынан әлсіз ұшқын көрінді. Кенересі қыртыстанған көзі шоқша жайнайды. Ұзын ақ сақалы қалтырайды. Бозарыңқы бетіне қан жүгірді. – О, Тәңірім, пейілің бір түскен екен-ау. Шүкір, шүкір... Із­ десем таппайтын арысым алдыма келіпті. Барымды аузыңа то­ сайын, Әсетжан!.. Бір-екі күн аялда. Бүгін мал күйіске кіріп кетті, сыбағаңды ертең же!.. Қол жетпейтін асылдың алақанына түскеніне мәз. Құмарлана тамсанады. Орнынан ширақ түрегеліп, Әсетпен тізесін түйістіре қатар отырды. Әлжуаз ұзын саусағымен кеудесін төгілген аппақ сақалын масаттана сипады. Өзім дегеніне өгізін соятын жомарттығы ұстап, ағынан жарылды аңқылдап. Әсет елпілдеген шалдың көңілін аулады. – Пейіліңізге разымын, Шәке! Шадай қария орнынан қозғалақтап, бірдеңесін жоғалтқан адамша абдырай сипаланды. Аңыра таңданған баласына бұйыра үн қатты. – Сенің аңсап жүрген ағаң осы, Байболат! Батасын алып қал! – Әсағаңнан аярым жоқ, ата! – Сөйт, шырағым, – деді қария ойын түйіп. Әсеттің өңіндегі мұңды шаршағандыққа жорыды да, өзінің көңіліндегіні бастыр­ малата айтты. – Әсет шырағым, атыңа қанықпыз. Былтыр Құлжа мен Текесті думанға бөлеп кетіпсің ғой. Қуаныш тарамай жата ма? Бармағын тістеп қалғандар қаншама соған қолы жетпей. Осы аймақта сенің атыңды білмейтін адам аз. Жақсының дидарын көру де бір ғанибет. Кәрі қойдың жасындай жасқа келгенімде

жүзіңді көргенім жілігіме май құйғандай болды. Рыздық осы үйден
бұйырған екен. Тағы айтамын, сыйлы мейманым бол!..
Қалбалақтаған ақ көңіл шалдың пейіліне Әсет емірене
сүйсінді. Жүрегі елжіреп, тұла бойына ыстық қан жүгірді.

Кеудесі шымырлай жыбырлады. Қайран аңқылдақ қазағым-
ай, басыңдағы азабыңды елемей, көңіліңе жақса, ағыңнан
жарыласың-ау... Көңілің түссе – көлдейсің. Бірақ бұл өмірде
көлсің де, шөлсің де.Көлдігің – пейіліңнің кеңдігі, шөлдігің –

мешеулігің. Кенжелеп өскен гүлдей шежіген күйің бар.
Құлпырар кезің болар ма екен?.. Әйтпесе, осылайша бұйығып,
арындылардың аршындаған қадамының астында жаншылып
қала берер ме екенсің!.. Қайтеміз, көңіліңе мәз боламыз да...

Жүзі сәл жадырап, жотасын басқан зіл-батпан салмақ сырғып
түскендей, азырақ сергіді. Өткір ала көзінен сүйінішті бір ұшқын
шашырады. Шадай қарияға ілтипатпен жауап қайырды.

– Ниетіңізге разымыз, Шәке... Қайда барсам да елімнен сый

көремін. Сол үшін әлім жеткенше аянған емеспін. Барымды елім
үшін жұмсап өтсем, арманым не?..

– Елің сенің үніңді, сөзіңді аңсайды, шырағым. Соған шөлдеп

отыр. Лебізіңе таңсық.

– Мен елімді аңсаймын...

– Ендеше қауышасың құшағың айқасып.

Дастархан жайылды. Көңілдері тамаққа ауған соң, сөз де сая­
бырлады...
Әсеттің Шадай ауылында қонақтап жатқаны Турасудың
сай-саласындағы ауыл-ауылға ескен желдей тарады. Ән құмар,

сауыққой қыз-бозбала, үлкен-кіші қыр-қырқадан осылай ағылды.
Тұзға ұмтылған қойдай шұбырған жұртты бөгеу керек болса, соны
орындауға ешбір құдіреттің шамасы жетпес еді.
Сәске түсте-ақ қалың ел басып қалды. Арнайы керілген

керме арқанға сәйгүлік аттар тізілді. Күміс ер-тоқымдар күнге
шағылысып, жалт-жұлт етеді. Сәні-салтанаты жарасқан. Үкілері
бұлғақтаған қыздардың бүрме етек көйлектері желбіресе, күміс
шолпылары қосыла сыңғырлайды. Бозбалалар кербез қозғалып,

көкейдегілеріне көз сүзеді. Қариялар аңқылдай келіп, жарқылдай
көріседі. Бәрі де өздерін ынтықтырған әншінің қызара бөрткен
қоңырқай шырайына құштарлана сұқтанады. Іргені ықтай
орналасқан қыз-келіншек кербез сызылып, қымсына именгенімен,

әншіге әлсін-әлсін жасырына көз қиықтарын тастайды.
Нән қызыл тегенеге құйылып, құлаштай сапырылған сары
қымыздың ашқылтым хош иісі аңқиды. Сілекейді шұбыртып,
тамақты жыбырлатады. Әсет аз сөйлеп, көп тыңдады. Өрекпіген

өзімшіл лепірісі жоқ. Көпті көрген көнекөз Шадай қария қонағының қас-қабағына бағып, қымызға қыштайды. Арғы-бергі ата-бабаларының жай-жапсарын, елдің қазіргі күн көрісінің сипа­ тын суырылта бір ақтарып тастады. Бұл елдің ірге жайған тірлігінен мандыған ештеңе сезілмейді. Бастарынан зорлық-зомбылықтың түнегі сейілмеген. Еттері өліп кеткен бе, әлде, ындындары басқаға ауған соң ба, бұл әңгімеге қызығушылар да аз. Елдің қалауы Әсетке белгілі. Айналасын үнсіз барлады. Төрге тақау жайғасқан аздаған жасамыс кісілер болмаса, көбі жасжелең. Отты жанарлары сүзіле қадалады. Тұстасым ғана емес, жеткіншектерімнің де ниеті қалыс екен деп ойлады іштей. Біздің гүліміз қурап барады. Орнымызға балғын гүл өседі. Сүйенішіміз де, сүйінішіміз де солар. Бүлдіршін жастардан медет тапты. Сонда да бірден бастап та кетпеді. Мұнысы елге жаққан ісіне паңданып, көкірелеген ер көкірек, өзімшілдіктен туған асқақтық емес, көптің көңіліндегіні табуға зейін аударған түйсіктің салмақты лықсуы еді. Әзірше қалау-тілек айтқан да ешкім болмады. Қымызға қанып алсын дей ме, тіс жармады. Бәрі таңырқаумен ғана тамсанысады. Қолы жетпей жүрген асылын тапқан адамша әр қырынан аудары­ стыра қарайды. Әр қимылын, әр сөзін бағып, мәніне барлайды. Айқай шықса анталай атырылатын қас жүйріктің мінезіне қанық ат қосшы жігіт те сыр бермейді. Құштар жұрт әйгілі ақынның келісті келбетін, көз үйірер көркін, тәлім болар қылығын әбден көріп алсын деп ұйғарған сыңайы бар. Ақынның дидарына табынып, мейірлері қанғандай манадан зарыға елтіп отырған үлкен-кішінің арасынан енді-енді сыбыркүбір естіле бастады. Ашып айтпаса да, шөліркегендей тамсаныста­ ры әруақты әншінің лебізін, әуенін, әнін тыңдауға құштарлықтарын сездірді. Сол ойдың пердесін топ тізгінін ұстап отырған Шадай қарияның өзі көтерді де, ақынға қолқа салды. – Әсет шырағым, қалың елің есіміңді естігенде елең ете қалушы еді. Бүгін дидарыңды көріп, мейірі қанды. Құмардан шыққан жайы бар. Ой жетпейтін қиядағы қыран ең, қолымызға қондың. Дауысыңды, әніңді тыңдап, рахатқа батпақ ниеттерін өзің де байқап отырған шығарсың. Әсеттің жүрегі лүпілдеп, көзі мұнартты, қалың нөпірден суырыла озып, желдей есетін шабысты сағынғаны ма, әлде жұрттың ниеті желіктірді ме, өрекпіп елегізеді. Осы тілек қой өзінің жебеушісі. Қайран менің ақ пейіл, аңқау елім-ай!.. Әдебің бе, әлегің бе, тым именшексің-ау. Барыңды қанағат тұтасың да, жоғыңды іздемейсің. Басыңды салбыратып жүре бересің.

Асы­лыңды ардақтап, дүниеге жар сала да алмайсың. Бұл дау­
рықпайтын дарқандығың да шығар. Сол қасиетің біздіңде бо­
йымызға дарыған. Даңғаза қып, дабыра салмаймыз. “Бақытым
да, ырысым да, көк жайлауым да – елім. Өзегімді ертеп, санамды

сарғайтқан осындай ортаның ықыласы емес пе еді?.. Елдің ақ
жүрегінің лебі ғой жаннын жарасын жазатын. Бірақ бұл ем аздау-
ау. Әттең, қалың ел қайда?.. Жазылмайтын кеселім соның қай­
ғысы. Жүрегімнің түкпірінде көрге бірге түсетін өкініштің дағы

бар... Бәлкім, Тоқтаның жонынан әрі ассам жазылар ма екен?..
Терең ой қармаған Әсет бір сәт өзімен-өзі болып қалып еді,
тосын дүбірден селт еткенде ынтыққан мөлдір көздердің өзіне
қадала жаутаңдағанын байқады. Жұртқа мұңын сездірмей,

жәй ғана күлімсірей барлады. Үлкендеу ала көзінің жанарында
қуаныш сәулесі жылтылдады. Байсалды, ұстамды сөздерді таңдап,
қорғасындай салмақтады. Тек шытырман толғаныстың сарыны әлі
тарай қоймағандықтан ба, үні жарықшақтанып, қалтырай шықты.

– Өнерім – елдікі. Сіздерден аярым жоқ, жұртым, – деп бір

тоқтады да, қасындағы сылқым қара жігітке бұрылды. – Үлкен
ат бәйгесінің алдында тыз етпе құнан жарысы етпеуші ме еді?
Бұл жігіт құнаннан үлкен. Бірақ көптен бері ән шылбырын ұстап,
талай сайысқа түскен тарлан. Өнерлі әнші, дауылпаз ақындармен

үзеңгілес боп жүрген көк перінің бірі. Аты Қадырихан. Ән құмар
ғана емес, нағыз әнші. Көпшіліктің алдында талабын ірікпеу үшін
алдымен соңыма ерген бұлбұлдарды сайратып алатын әдетім еді.
Әлеумет, Қадыриханды тыңдап, бір серпіліп алсақ қайтеді?..

– Ақындар салтын біз бұза алмаймыз. Ол да жөн, – деп келісті

Шадай қария барлығы үшін жөнге көніп. Жұрт бас изесті. Сусаған
көңілге көл орнаса арман не?.. Мұнысы тұманың көзі болар.
Шалқар көлге сай-саладан мыңдаған бұлақ құйылмай ма? Бұлақтар
біріне-бірі қосылып, өзенге айналады да, сарқылмай шалқып жа­

тады. Тұманың көзі бітсе – көл де құрғайды. Тұмасы суалмасын!..
Осы ниетпен жұрт дулай қостады.

– Бастасын, тыңдайық!..

– Шырқап, жібер, шырағым! – деді Шадай қария жайдары

түрмен.
Әсет сол жағындағы қырғидай қылмыңдаған мұртты жігітке
иек көтеріп, ым қақты.

– Ал, баста, Қадырихан!..

Сары зерден шеккен гүлі бар дөңгелек қазақи тақиясын жел­
кесіне қарай шалқайта ысырып қойған Қадыриханның қымызға
бөртіп, қызылшырайланған қоңырқай жүзі жайнап шыға келді.
Көзі күлмеңдеп, жанары аунақши жалындады. Танауы желбіреп,

шабыты қысқандай жан-жағын ашқарақтана тез шолып өтті.
Ентелей кеудесін керді.
Манадан осы сәтті күтіп, тынышсыздана тыпыршыған Байбо­
лат әншінің көзіндегі сырды ұға қойды. Орнынан атып тұрды да,

жүктің бұрышындағы керегенің басында ілулі тұрған жұқалау
жайпақ шанақты қарағай домбыраны алып ұсынды.
Қадырихан домбыраның үніне ден қоя отырып, құлағын
бұрады. Бабына келтірді де, Әсеттен үйренген дағдысы бойын­

ша ән шырқар алдында бір сыдыртып тастайтын «Кер толғау»
сарынын құйқылжыта сорғалатты. Сылаңдаған сылқым, желдей
екпінді, арудай ерке күйдің сарыны үйдің ішіндегілерді бас
шұлғыта бағындырып, сезімдерін тербей жөнелді. Одан соң ақ

бәтес жейдесінің тамағындағы түймелерін ағытып тастап, жем
жұтқан бүркітше мойнын оңы мен солына алма кезек толғап-
толғап алды да, желдірме әуенді безілдетті.
Әсеттің қасына талай-талай жас тарлан ерген. Соның бірі осы

Қадырихан. Ол Әсетпен бірге жүрген ұзақ жылдарының ішінде
бірін-бірі қимайтын дос болып кетті. Бірі ағасы, бірі інісіндей.
Аялай сыйласып, ізетпен қадірлеседі. Әсеттен небір өрнекті
әндерді үйренді. Ән салудың мәнерін, әуеннің нақышын безеудің

әдісін меңгерді. Сөйте жүріп Әсеттің артықшылығын да таныды.
Шалқып кеткен кезінде ол айтып салған кейбір әндеріне қайта
оралмайды екен. Бұл соның көбін жаттап қалатын әдет тапты. Со­
нысына ұстазының өзі де таң қалатын. Осындай айырықша ізі бар

өнерін жұрт алдында көрсетуіне ұстазы, ақылшы досы әрқашан
жол береді, өзінің алдына салып, алдымен айтқызады.
Бұл жолы да өзара салтқа айналған осы дәстүрі бұзылмады.
Ән құмар жұртты бірден еліктіргісі келгендей Қадырихан әзіл-

ойын араласқан әнге басты. Бұлай етуінің мәнісі де бар еді.
Отырғандардың көбі жастар, желігі өртше қаулаған. Солардың
ығына жығылды. Ойнақы екпінмен өрбіген қоңыр дауысты
желдірме ырғақ сырғи жөнелді.

А-хоу!..
Жүйрік ат, қыран бүркіт, ұшқыр тазы,
Жігіттің бұған құмар, о-оу, өнерпазы.
Күлім көз, оймақ ауыз, бір сұлуды

Таба алсаң айдын көлдің қоңыр қазы.
Бір қызық ит жүгіргіп, аң ауласа,
Мінген ат шабуылмен танауласа.
Ішіктің іші қызыл орман түлкі,

Құлпыртып жез сабаумен сабауласа.

Қарғылы тұрса тазың сылдыр қағып,
Керіліп сілкінгенде дүр-дүр қағып,
Бүктелтіп жылқыдағы жарау атты,
Жылқышы ертеменен келсе алып.

Думанмен бозбалар шықсақ аңға,
Өлеңші, домбырашы болса жанда.
Қыранмен кешке дейін түлкі қағып,
Бөлісіп байлық алсақ қанжығаға.

Аң аулап, түлкі қағып, тау айналып,
Болған соң кешке жақын, көз байланып
Оралсаң көңілге алған жерді болжап,
Қонуға қызды ауылға ыңғайланып,

Солайша, күн кешкіре қайтсақ елге,
Мінген ат қыраулатып батса терге.
Ақ тамақ, күміс иек, қарақат көз,
Бір сұлу кез болар ма ең бұраң белге.

Қолыңда бір мылтығың болса сонда,
Құрбылар өзің теңдес оң мен солда,
Сауықшыл бозбалалар сауық құрып,
Күн бата барып түссек қызды ауылға.

Байланып кілең жүйрік, өңшең жорға,
Ақ үйге кербезденіп кірсең зорға.
Паһ, шіркін, менің жарым болар ма еді деп,
Күлімдеп қыз-келіншек тұрса сонда.

Самауырын шәйнекпенен тұрса қайнап,
Бұраң бел күлімдесе көзі жайнап.
Сол күні қыз әкесі үйде жоқ боп,
Отырсақ, әзілдесіп, күліп-ойнап.

Ол қызға бір жеңгесі қастау келсе,
Шешесі желөкпелеу, жастау келсе.
Бір жігіт кездігімен түлкі сойып,
Қалжың мен әзіл сөзін бастай берсе.

Ол жігіт бастай берсе әзіл сөзін,
Қадалтып қыз отырса екі көзін.
Қиыннан қиыстырар сылтау таппай,
Амалы құрымай ма жігіттердің.

Балқытып құштарлығың өне бойды,
Жүректі тербемей ме ыстық сезім..
Әннің арыны баяулап, желге ұшқан жапырақтай төмен сырғыды
да, талмаурап барып, емінген ынтықтықпен бітті.

Үйдегілер ыстық күлкіге батты. Бозбалалар жағы желіге
дүрлігіп, лепіре күлімдейді. Әзілқойлар жеңгелерінің бүйірлерінен

түрткілейді. Қыз-келіншектер қысылған боп бірінің артына бірі
тығылысты. Бұқпантайлай теріс айналып, үнсіз ғана сылқылдайды.
Жас сезімнің иеменшек еркелігіндей жарасты, ел көзінен жасырған
жастық назындай адамдық парасатқа не жетсін, шіркін..! Соның

өзі жаныңды шексіз ләззатқа батырмай ма?
Шадай бастаған үлкендерге қосылып, Әсет те ақырын қоз­
ғалақтап, сылқ-сылқ күледі. Әсіресе, Шадай қария мәз. Қай-
қайдағысы есіне түскендей масайрап бір кетті.

– Көкейге қайта оралмас арманға айналған көріністерді

қопардың-ау, шырағым, – деп зымырап өте шыққан күндерін
ойлап, албырт шағының тәтті дәмі таңдайына қайта оралғандай
тамсанып қойды да, рахаттана желпінді. – Баяғыда мен де
аңшылықпен тәуір-ақ айналысып ем. Қайран қызықты күндерім-

ай!.. Көзімнің алдына көлбеңдеп тұра қалғанын қарашы!
Аңшылықтың қызығына не жетуші еді, шіркін!..

– Сөйтсе де, балам, – деп тағы бір қара шал қулана жыми­

ды. – Мына жастардың әуестігі жетеледі ме, жаныңнан қосып та
жібердің, білем! Сенің аңшылығыңның қалауы басқашалау ма,
қалай?
Көпке қосылып, ашыла күлген Әсет осы арада әлгі қарияның

сұрағанына өзі жауап қайырды:

– Өмірдің қызығына кім тойған, қария. Бәрін де құныға аңсайды

емес пе? Жастарымыздың арманшыл болғаны біздің бағымыз!

– Иә, оның несі мін, – деді енді Шадай қария жаймалап.

– Ортаңды толтырса, қалай айыпқа бұйырасың?

– Әй, Шәке, қойдым, қойдым, – деп безектеді әлгі шал әзілінің

өтпей қалғанын сезіп. Шадай да қалжыңмен қажады.

– Қолыңа құс қондырып көрмесең, оның қызығын сен қайдан

білесің-ей?..

– Шәке-ау, ұмыттың ба, тау-тасты кезіп, талай түлкі қағып

беріп ем ғой, – деп дәлел айта ақталды қара шал.
Мұндағы жұрт әлгі өлеңді әлі күнге дейін ешкімнің аузынан
естімеген-ді. Ән де, өлең де әншімен, ақынмен бірге жүретін
секілді. Мына әнші-ақындар ә дегеннен-ақ тың әуеннен бастады.

Өлеңі әзіл-оспақ болғанымен, астарында кәдімгі өмірде өтіп
жататын құбылыстардын бәрі бар.
Үйдегілер енді Әсетке назар аударған. Дуылдаған дүрмек
саябырлап, жұмбақ шешкендей үлкен-кіші ойға берілген.

Осы көзқарастың мәнін сезген Әсет орамалымен маңдайының
терін сүртіп отырған серігіне әрі қарай соза түс дегендей ым
қақты. Көңілді жиынды қыздыра түсуді емеуірінімен ұқтырды.
Қадырихан да түсінді. Сәл тыныстаған домбыраны қайта безеді

де, арманға, назға толы, өзі де балқи айтатын сылқым әуенді
«Үлкен Ардақ» әніне басты.
Қыз қайда Ардақжандай, туған айдай,
Күлім көз, оймақ ауыз, ақша маңдай.

Сағындым, еркем,
Ах, ах-ау, сені-ау!
Сөйлесе сөзі майда, лебі жылы,
Жанымның сүйініші бұлбұл таңдай.

Сағымдым, еркем,
Ах, ах-ау, сепі-ау!
Сені-ау, Ардағым,
Шақырғанда бармадым!

Болмас еді-ау, арманым,
Болса өзіңдей алғаным!
Ардақжан, сен ақ сұңқар бақшадағы,
Біреудін мәпелеген ақ тамағы.

Сағындым, еркем,
Ах, ах-ау, сені-ау!
Ерке өскен ел ішінде ерке сәулем,
Секілді айдын көлдің ақ шабағы.

Сағындым, еркем,
Ах, ах-ау, сені-ау!
Сені-ау, Ардағым,
Шақырғанда бармадым!

Емін-еркін сөйлесіп,
Тарқар ма еді-ау, арманым!
Самал шайқаған шалғындай ширатыла ырғалған әуен тер­
бетіп, жастардың өң-түсі сан құбылды. Кейбір көздер жаудырай

дірілдеп, үміт сәулесіне малынды. Әннің соңғы сарыны арманға
ұласып, сағынышын ақтара тоқтады. Қадырихан көлдей ақ
орамалымен терін сүртті де, іркілмей «Қара көзді» шырқады.
Жүректің зарын сездіретін үздіккен әуен жанның сырын жай­

дары айтқанымен, аяғы айла таба алмаған өксікке ұласты да,
мұңмен тынды...

– Көп жаса, шырағым! – деп Шадай қария алқына тыныс

алған сіріңке қара жігітке алғысын жаудырды. Қипақтай қоз­
ғалақтап, Әсетке бұрылды. – Ал, Әсетжан, мына бала біраз
демала тұрсын... Енді сенің де лебізіңді естиік!..
Әсет орнынан тұрды да, жүктің бұрышына өзі тығып койған

ақ түйіншекті суырып алып, қайта отырды.

– Мен өзімнің домбыраммен айтайын, – деді де, орауды

шешті. Бөлшек-бөлшек жонылған ағаштарды қиюластырып,
лезде домбыра құрастырып алды. Көрмеген заттың бәрі таңсық
емес пе, үйдегілер бұған да таңданысып қалған. Қайран болған
Шадай қария тамсанды.

– Мынауың да бір өзгеше өнер екен...

– Ат үсті жүріске ыңғайлы, Шәке.

– Иә, «алтынды шыққан жерінен қаз» деген осындайға айтыл­

ған сөз шығар...
Көпшіліктің қошаметіне делебесі қозды ма, әлде, өзінің
айырықша қуатын танытқысы келді ме, Әсет бұл жолы «Қысметін»
шырқады. Тұнық ән аспанға шырқап кетті.

А-ей!..
Салайын жұрт қалаған «Қысыметке».
Шарықтап даусым шықсын аспан-көкке.
Қалықтап жерге қонбай тұрып алар,

Шашқандай ән маржанын төңірекке.
Төгілте төңкеріліп бір шырқайын,
Сөйлеу бізден, міндетті тыңдау көпке.
Сүйсінген қалың қазақ дауысыма,

Ән десін Әсет салған арғы бетте.
Азырақ білгенімше сөз сөйлейін,
Жамағат, ұнамаса айып етпе!..
Сарқыраған әннің соңын бунақтай бұралтып, үйірілте тол­

ғады да, күміс шыбықтай солқылдатып, сыңғырлата бір қайы­рып
тастады. Домбыраның сарынын үзбей, безілдете безеген қал­пы
дауысын қайта көтерді аңыратып.
А-ей!..

Еліне ер арманда бара алмаса,
Су ішіп бұлағынан қана алмаса,
Қан түсіп аяғына тұралаған,
Бәйгеге ат арманда шаба алмаса.

Козыдай жамырасып көрісетін,
Топты топ, о да арманда таба алмаса.
Жетеді мұратына іздеген жан,
Тарығып қиян жерде қамалмаса.

Кетпей ме жыртық көңіл дал-дұл болып,
Осындай бір ілікпен жамалмаса?!.
Сұңқардай сымпылдаған ұшқыр ән аспанға самғады. Әуеде
бозторғайдай шырылдап тұрып алды. Жалпақ жайлау теңселіп,

тау-тас күңіренді. Мұны естіп, алыс-жақын ауылдардан таға да ел

ағылды. Ауыл үсті бейне той болып жатқандай қара-құрымға ай­ налады. Сұлу сарынды құлақтары шалғанда, алыстағылар елеңдей таңдайларын қағысты. Осы елдің биі Мешпет деген кісі тақуадай елден бөлектеніп, жиын-тойдың думанынан қашақтап жүреді екен. Үйі Шадай ауылынан бір-екі шақырымдай қашық, өзен бойынан сырт, тау бөктеріне тақау. Аспан астын қалтыратқан ән жамбастап жатқан мұның да төсегінің астын дірілдетті. Соншама күшті дауысқа сүйсінді ме немесе әншіні көзімен көргісі келді ме, сауыққой немересін шақырып алды. – Қарағым, Рақымберді, мына әнші қай ауылдан ән салып отыр? – деп сұрады. Сытылып кетуге сылтау таба алмай, ызаға булығып тұрған жігіт тырс ете қап өкпесін сездірді. – Оны қайтесіз, Шадай атамның ауылында... – Не дейді!.. Жаңағы ән көкке көтерілгенде менің төсегімнің асты қалтырап кетті ғой. Мынау бір құдіретті дауыс екен. Балам, барып шақырып келші!.. Рақымберді мама ағашта байлаулы тұрған оқтаудай торы атқа міне салып, Шадай ауылына қарай арындата жөнелді... Сәлем беріп үйге кірді. Әсет әнін қайырмалай үйіріп тастап, тыныс алып отырған, Рақымбердіні көрген Шадай қария талшыбықтай бұралған керім жігітті қасына шақырды: – Талаптының бірі едің, мұнда келші, балам!.. – Мен отырмаймын, ата, – деді Мешпет бидің айтқанын елдің екі етпей орындайтынын дағды көретін жігіт. – Мені атам осындағы әншілерді шақырып кел деп жіберіп еді. – Жүрегі жібіген екен ғой... – деп жымиды Шадай қария қуанып. Сауықтың бұзылатынына қынжылғандай көптің түсі суы­ ды. Томсара жапақтасты. Соны байқаған Әсет шырт сынды. Жұқа қабағы жыбырлап, көзінің оты жалт ете түсті. Мұндайда ешкімнің бет-жүзіне қарамайды. – Атаң кім еді сенің? – Атасы осындағы біздің елдің биі Мешпет деген кісі, – деп жаймалай жауап қайырды Шадай қария. Ақынның алдын алып, жаңағы жігітке бұрылды. – Балам, біліп қой, бұл кісі қазаққа әйгілі Әсет ақын. Жігіт ынтыға қарады қадалып. Көзіне құштарлық сәулесі ұялады. Соны байқап, Әсет те сабасына түсті. – Балам, айтып бар. Биге мен керек болсам, өзі келсін, көп­ шіліктен артық емес. Мына жұртты тастап кете алмаймын. Би елімен бірге болмаушы ма еді? Мен елді сыйлаймын!..

Әсеттің сәлемін естіген Мешпет би: – Онысы да жөн-ау... Адамды алкеуделік аздыратын секілді. Жаңылған жерімді қарашы, – деп санын соқты да, орнынан түрегелді. – Ақын елдің сөзін сөйлейді. Әділ би тура кесім айтады. Мен аяқты шалыс басып алдым, балам... Ат ертте, алдына өзім барып сәлем берейін. Дөңгелек буырыл сақалды, ұзын көк шекпенді денелі кісі сәлем беріп табалдырықтан аттады. Шадай қария аң-таң, Меш­ пет бидің өзі келгеніне қайран. Бірнеше адам түрегеліп, төрден орын сайлады. Балпаңдай басқан жуан қара кісі домбырасын жебей ұстаған дембелше шымыр қараның Әсет екенін дәл жо­ балады да, таяп барып: – Әсетжан, сен елдің аялаған баласы едің, менен бір әбестік өтті. Келші, құшақтасып, амандасайық – деді құшағын жайып. Әсет те орнынан күле түрегелді. – Биі әділ болмаса, елі тозады, отағасы. Ел менің аузыма қарап отыр, қалай тастап кетемін?! Екеуі құрметтесіп, көрісті де, тізелерін түйістіре қатар жайғасты. – Мына ел біледі, Әсетжан, – деді Мешпет би жадырай ше­ шіліп. – Ызыңдағанды ұната бермеуші ем. Қартайғандікі ме не­ месе өзімшілдік пе, соңғы жылдары шекем тырысып, дабырдан қашатынмын. Сенің әнің жанымды жібітті, жүрегімді елжіретті. Ел мені тақуаға жорып жүр. Молда да емеспін. Әніңде құдірет бар сықылды. Дүрілдете шырқағаныңда әнің дүниені шыр айналдыр­ ды. Ал, Шадай, ортаңа келдім, бастаған көшіңді жылжыта бер. – Ол тілегіңді Әсетке айт, – деді Шадай қария көптен бері бұғып жүрген биді жуасыта түскісі келгендей. – Көшті бастаушы сол. – Құдіретіңе тәнтімін, Әсетжан! Тілегімді ұқтың ғой, ендігісін өзің біл!.. – Биеке, елмен бірге отырсыз ғой, әнім ортақ, сәнім ортақ! – деді де, Әсет іркілместен дауылды әндерін төгіп-төгіп жіберіп басылды. Мешпет би емірене тамсанды. – Әннің қуатын танымай жүріппіз-ау. Соны бұзатын біздің ауылдағы бақырауықтар сияқты. Лақ текеше бақылдап мазаны алушы еді. – Мешпетжан-ау, – деді Шадай қария жымиып. – Шапқанның бәрі тұлпар емес, ұшқанның бәрі сұңқар емес. Әсеттің орны бір басқа!.. Аспаны кең, қалай самғаса да құлашы жетеді. – Сұңқар ұядан ұшады, Шәке, – деп Әсет дау айтты. – Бапсыз ат шаба ма? Талаптыларды баулып ұшырмайыздар ма?

Мешпет би ойланып қалды. Әншіге жаутаңдай қараған Ра­
қымбердіге көзі түсті. Оның домбыраны тыным таппай тың­
қылдатып жүргенін онша ұнатпайтын. Енді сол қылығын да кінә
секілді сезініп, іштей қиналды. Шадай қария әннің отын суытқысы

келмей, сөздің бағытын өзгертті.

– Қадырихан шырағым, Әсетжан тынықсын. Енді өзің әрі жалға.

– Қадырихан, сен баста да, одан кейінгі кезекті өнерпаз жі­

гіттерге бер. Талабын байқалық, – деді Әсет сауықтың бетін ауыл
жастарына қарай бұрып.
Қадырихан арасын үзбей екі ән салды да, домбыраны домалақ
қараға ұсынды.

– Қане, Байболат, осының иесі өзіңсің ғой, ән сал немесе күй

шерт. Содан кейін өзің сырын білетін біреуіне ер!

– Именбе, шырағым, – деді Әсет қайрап. – Абай атаң: «Болмасаң

да, ұқсап бақ» деген.
Байболат күй шертті. Қожекенің «Нұрға зары» сылқылдады да,
жүректі ымырлата делебені қоздырып, қиырға жетелей жөнелді.
Сонан кейінгі кезек Рақымбердіге тиді. Қағылез жігіт жеңіл, шолақ

қайырымды бірнеше әнді әжептәуір баппен айтып, мәнерін таныт­
ты. Осы арада ойын анықтап алғысы келген Мешпет би:

– Әсетжан, менің осы балам бұқа тайыншаша күжілдейді де

жүреді. Өзінен бірдеңе шығатын түрі бар ма? – деп сұрады бір
шешімге келгендей. Әсет қысқа жауап берді:

– Биеке, талабы бар баланы етегінен тартпаңыз!..

– Онда бүгіннен бастап шылбыр-тізгінін мойнына түріп қоя

бердім!.. Алдыңнан жарылқасын, балам!

– Биекең ерледі!.. – деп күлді Шадай қария.

Ән кезегі айналып Әсетке жетті. Ол енді асқақ әнге бармады.
Өлеңге ауысуды ұйғарды. Домбырасын сыңғырлата шерте қағып,
жеңіл желдірме сарынмен термелей жөнелді:
Надандар ел ішінде білінбейді,

Ел қостап, ережеге ілінбейді.
Тоймайтын куыс көмей обыр-жемір,
Тартқылап бір-бірінің жүнін жейді.
Денесін ем қонбайтын кесел жайлап,

Іркілдеп іші шіріп іріңдейді.
Алкеуде аңғырт жігіт алабұртып,
Жүйеге жұрт қостаған жүгінбейді.
Салсаң да қанша баптап, дөрегей ит,

Тазыдай зымыраған жүгірмейді.
Есерге елден ерек дәулет бітсе,
Селеудей отқа тиген дүрілдейді.

Шақшиып екі көзі шекесінен,
Қабандай жер шұқыған күрілдейді.
Есіріп езуінен көбігі ағып,
Азбандай жарды сүзген күжілдейді.

Мас болған сідігіне теке құсап,
Бақылдап көрінгенге кіжіңдейді.
Жау шауып жатса да елін, бас сауғалап,
Өзі аман қалғанына күлімдейді...

Үлкен-кішінің бәрі қатты ойланды. Кейбіреуі қибыжықтап,
әлгіндей мінездерді өзінің бойынан табылып қала ма деп
күмәнданды. Жұққан шаңды қаққандай сілкінді. Енді бір тобы
тазалығына мәз. Өзін іштей тексерген адамның бірі – Мешпет

би. Көзі түнерген, жүзі томсарыңқы. Кей қылығы ұқсайтын да
сықылды. Кіжінуім де, күмілжуім де бар. Бірақ біреуге жамандық
істеп, аяғынан шалдым ба? Өз басым үшін кімді құрбандыққа ша­
лыппын? Өзінен-өзі мырс етті. Апырау, ақынның бұл сөзін өзіме

жапсырғаным несі?.. Әлде қылығымды салыстырғаным ба? Кейбір
көздердің қадала қалғанын байқады да, тез жалтарды.

– Әсетжан, мынауың жастар ғибарат алатын асыл сөз екен!.. –

деп сипалай жуып-шайды. Шадай қария әлденеге қамыға назар
аударды.

– Е-ей, Мешпет-ай, жастарға ақыл үйрету үшін алдымен

өзіміздің ойланғанымыз жөн шығар...
Мешпет би дауласпады. Өзінен-өзі қипақтады. Әсет сөзді одан
әрі қоздырмады. Елдің көңілін бөлу үшін қазақ өміріндегі өкінішті
жайларды сыдырта өлеңге қосып, ойдың шеңберін кеңейтті. Біраз

ақтарылып барып, тыныс алды...

О, АҒАЙЫНДАР-АЙ

Әсеттің Турасу аңғарындағы елге алғаш басқан қадамы құтты
болып, Шадай қарияның ауылында өткен салтанатпен басталған-
ды. Одан кейін өз аузымен әдейілеп шақырып:

– Әсет шырағым, енді менін үйіме түсіп дәм тат! – деп

қолқалаған соң, бір күнді Мешпет бидің ауылында өткізді. Елге
сыйлы осы екі адамның сияпаты Әсеттің артықшылығын арттыра
түсті. Өйткені әннен бойын аулақ ұстап жүретін бидің ақынды
арнайы қонақ қып әлпештеуін жұрт оның айырықша адам болғаны

деп жорыды. Сырттай дақпыртына емес, көзбен көруге құмартты.

Мешпет би сөзден қашты ма, әлде басқа үйлерден шеткері,
оңашада жалғыз үй отырған соң ба, Әсетті үлкен баласының от­
ауына түсіріп, немересі Рақымбердіге күткізді. Өзі Шадай қарияны
ілестіріп, Әсеттің қасынан ұзамады.

– Ойпырмай, әннің сазы да адамның мінезіне ықпал етеді

екен-ау, – деп, үйге жайғасқан соң Шадай қария ойын-шы­
нын араластыра көкейдегісін айтты. – Біздің Мешпет сауық-
сайраннан ат-тонын ала қашушы еді. Әсетжан, әнің шын-ақ
құдіретін танытты. Жүрегін жібітіп, санасын ояттың-ау бір...

Мешпет би сылқ-сылқ күлді. Майпоздай есіп, өзінің оқшау­
лыққа бой ұруына мәжбүр еткен көңіл күйін түсіндірді:

– Күжілдегеннің бәрі бұқа емес, Шәке. Адамның жанын

балқытатын ән мен күйден есуас ғана қашады. Осы күнде мен
жан тыныштығын ғана күйттейтін жастағы пендемін. Әйтпесе,
тақуалық не теңім?..

– Елден безіп қайда барасың сонда?

– Елден емес, сөзден қашақтаймын.

– Сөздің де жөні бар емес пе? Сыламжан ақалақшы тапа-тал

түсте Есбосынның аяқ-қолын байлап-матап, өлімге айдатып
жатқанда да жаныңның тыныштығын күйттеп, сөзден қаштың ба?
Ел қамын ойлап, ер қайғысына неге ара түспедің?..
Шадай қария зілмен айтты. Сақалы қалтырап, қабағы қарс

жабылды. Іштегісін бүкпестен ақтарып салып, артын баққан
түрі бар. Мешпет би де түнерді. Қабағы қарс жабылды. Кінәсін
мойындағандай үнсіз сазарған. Өзін-өзі қажады. Серпіле бастап
ем, қайтадан жайылғаны ма өкпенің торы. Ол кезде де бел шешіп

кірісе алмай, осалдық, тайғақтық жасадым. Соның кесірінен
абыройым төгілді. Содан бері елдің бірсыпыра үлкен-кішісі
қырын қарап жүр. Әсеттің кешегі: «Елін жау шауып жатса да,
кейбіреу өз басының аман қалғанына қуанады» дегені бүкіл

елге тараған осы наразылық сыбысының сарынын естіген соң,
сипай айтқаны ма? Неге түсінбейді осы жұрт? Қолдан келмеске
өкірештенгенмен пайда жоқ қой. Соған қалайша көзжұмбайлық
жасайды бұл ел? Шадай көкейдегісін жасырмады. Дүрдиісіп

жүрмелік дегені шығар. Мен де айтайын бұқпантайламай...
Жегідей жеп жүрген ойын Мешпет би де осы жолы ақтарды.

– Әй, Шәке-ай, мен Іленің дутыңы18 емеспін ғой, осыны неге

ойламайсыңдар? Есбосынның дауы жалғыз қазақтың ішіндегі
жанжал болса, бір сәрі. Оның ізіне қалмақ та қоса түспеді ме?
Байқұс бала екі өрттің ортасында қалды. Сол қысталаңда дутың
18 Дутың – генерал-губернатор, әскери әкім.

кезеген найзаның ұшына ілінді. Қазақ ішінен Сыламжан ақалақшы әкіреңдесе, қалмақтан Лайдың үкірдай қабаңдай күркіреп шық­ пады ма? Өзіміздің ауыз бірлігіміз болмаған соң, сөзің кімге өтуші еді? Өзің айтшы, солардың қайсысы менің сөзіме құлақ салады? Екі басты айдаһардай жалақтаған озбырлар ырық берді ме, тыңдады ма? Айтпай қалған жоқпын, естігендер біледі. Үлкен-кішіңнің маған өкпелеп, теріс айналатын жөндерің осы ма? Менің де дертім ішімде. Еңірегенмен емің бар ма? Кейбіреулер мені тақуалық жолға түсті дейтін көрінеді. Сөзің өтпесе, елің өкпелі болса, жалғыз қалып, жан күйттемей қайтесің? Өзің айтшы, Шадай, қалыстығын!.. – Ұқтым жан сырыңды, бауырым, ұқтым!.. – деп Шадай қария көзіне жас алды көңілі босап. – Осыны елге неге ашып-жарып айтпай жүрсің? – Айтқанда тындырарың бар ма? Жалынғанмен жалының өше ме? – Қайғыңа ортақтасар едік қой... – Белгілі емес пе? Бала-шағасын шулатып, Есбосынды Күреге айдатып жіберген Сыламжанды ауыздықтап, шауып алғандарың қайсы? Мен күймей жүр ме екем? Соны неге білмейсіңдер? Көп жаса, Әсетжан! – деп ісінген көзі жалын шашқан Мешпет би сәл сабасына түсті де, ойға шомған ақынға бұрылды. – Ішімдегі мұңымды сенің асқақ әнің, шындықты айтқан өлеңің сыртқа айдап шықты. Соның әсері ме, шерімді ақтарып салдым. Денем жеңілдеп қалды ғой, шырқашы тағы, тыныс алайын!.. Көптен бері бұйығып, бұғып кеткен Мешпет бидің іштей сон­шама азап шегіп жүргенін сезбегеніне, осылай-ау деп ойла­ ма­ғанына енді Шадай қария да қысылды. Пайымына бармай бұртияды екенбіз-ау... Қасы мен досын айыра алмайтын қазақтың ерен­сіздігінің бір белгісі осы... Бұл әңгіменің сырына ішкерілей түсінбесе де, Әсет бір ақиқатты ұқты. Ол – адамдардың кеудесіндегі шеменді жібіткен әннің құ­ діреті. Бұл сезім өзін де жігерлендірді. Мешпет би ауылының аспанын жаңғыртып, күні бойы ән салды. Бұрынғы сұсты ауылды думанға бөледі. Сирек араласа бастаған екі ауылдың адамдары қайта табысып, мәз-мәйрам мамыражай боп жамырасты. Кешке қарай жүздері жайраңдай тарасты. – Байқұсты босқа кінәлап жүріппіз-ау... – деп қинала күрсінді Шадай қария өзіне-өзі кейіп, ауылдан ұзай бере. Әсет бұл араздықөкпенің түп-тегін сұрады. – Шәке, әлгі сөздеріңіздің мәнісін түсіндіріңізші?

– Үйге барған сон, жамбастап жатып бәрін айтайын... Ақыл­

дасайық.
Әсет үнсіз ілесті Шадай қарияға. Үйге жетіп, аттан түскен соң,
Қадырихан мен Байболат аттардың ерін алып, отқа жіберді. Әсет
жайғасып отырды. Шадай қария аяғын созып, қисайып жатты да,

Есбосын оқиғасын бастан-аяқ баяндады...
Есбосынның әкесі Жәментік бір атадан жалқы екен. Бор-
босын қыстауың түкпіріндегі Ластай сайы мен Аққысаң
шатқалын мекен тұтады. Аңшылықты кәсіп етеді. Жаз айла­

рында Еренқабырғаның бір жотасы Арыстан мен Алайғыр та­
уларынан арқар-құлжа, тау теке ұстаса, қыстыгүні Үш буырыл
алқабына барып, жыныс тоғай арасынан құндыз, бұлғын, сусар
аулайды. Ойға түскен елік пен киікке тұзақ құрады. Бұл өңір

ұлы таулардың арасындағы жалпақ аңғар. Оңтүстіктен Текес
өзені көкпен астасқан Хантәңірі шыңының айналасындағы мұз
таулардан көз алып, Нарат тауының қысаңын жарып өтеді де,
Күнес суына құяды. Күнес басын Жұлдыз асқарларының арасы­

нан көтереді де, күн батысқа тартады. Екі үлкен су Тоғызтарау
алқабында түйісіп, арынын үдетеді. Ал солтүстіктегі заңғарлар
арасынан тулап шығып, бүйірден қосылатын Қас өзені Ары­
стан мұздығынан басталады да, Абыралы тауын қақ жарып

өтіп, Жамантының тұсынан құяды. Осыдан төмен қарай Үш
буырылдың қосындысы Іле өзені аталады. Іленің басындағы
әлгі үш арнаны қазақтар Үшбуырыл дейді. Сол Үшбуырылдың
жалпақ алабы Жәментіктің жан бағатын күн көрісінің көзі еді.

Жаз шығып, қалмақ, қазақ жайлауға көшкен мезгіл. Көктеу­
де­гі жұрт қаңырап, қаңсып қалған. Аңнан қайтқан Жәментік
Байынтал жылғасының бойындағы қалмақтың жұртына тоқтап,
атының айылын тартады. Сол кезде елсіз жұрттағы жер ошақтың

ішінен қарны қампиған, қол-аяғы шидей, кір-қожалақ, бес-алты
жас шамасындағы бір бала шыға келеді. Жәментік таңданып
тұрады да, баланы қасына шақырып, басынан сипайды. Жөнін
сұраса, жұртқа тастап кеткен қалмақтың тұл жетім баласы екен.

– Жолдан табылған олжа емес, бауырым бол, – деп, Жәментік

баланы алдына мінгізіп, үйіне алып келеді. Оны тауып алған
жерінің атымен Байынтал атайды. Мәпелеп бағып өсіреді.
Соңынан ерген інісі санайды. Байынталдың құйрығы майлы
боп, Жәментіктің тұңғышы Есбосын туады. Оның артынан

үйелмелі-сүйелмелі балалар шұбырады.
Байынтал бура санды, жауырыны қақпақтай қарулы жігіт боп
өседі. Палуанға түссе – күрескенін алып ұрады. Сайысса – қар­
сыласын лақша өңгеріп әкетеді. Жердегі тайыншаны ат үстінен іліп

алады. Ел ішінде інісімен қоса Жәментіктің де аты шығады. Жасы жиырмаға толғанда Жәментік қыз айттырып, тойын тойлайды да, отаулап шығарады. Аймақты билеген әкімдердің елге қысымы күннен-күнге артады. Бір күні шабармандар Байынталды лауға айдап әкетеді. Содан арада үш жыл өтеді, хабар-ошар болмайды. Жәментік ар­ тына ерген інісін ойлап қатты қайғырып жүреді. Сондай қайғылы күндердің бірінде шабармандар бет-ауызы айғыз-айғыз тыртық, аяғын жамбастай басқан, белі шойырылған біреуді сүйреп әкеліп, Жәментік есігінің алдына тастай салады. Есбосын алпамсадай айбарлы жігіт боп қалған. Жерде жатқан кісіге үңіліп: – Кіші әке?.. – деп құшақтай алады бассалып. Терісі сүйегіне жабысқан, әл жоқ, кірпігі ғана қыбырлайды. Кеудесін кек кер­ неген Есбосын жолбарыстай атылып, шабармандарға тап береді. Бірақ көпке топырақ шаша алмайды. Әкімге арқа сүйеген сесі бар, тізесін батыруға десі бар шабармандар қол-аяғын байлап алып кетеді. Есбосын Күредегі абақтыға қамалады. Көктем шыға абақтыдағы қарулы, қауқарлы жігіттердің бір тобы іріктеледі. Қолдарына пышақ ұстатып, малдың терісін бүлдірмей союдың әдісін үйретеді. Қар кетіп, жердің беті кеңіген кезде бұларға Күредегі Жаң-жұңның өзі бұйрық береді: – Сендер енді қырға шығасыңдар. Ішінде қозысы бар қойды, құлыны бар биені жарып, қозы мен құлынның терісін бүлдірмей сылисыңдар. Ол кімнің малы екенінде жұмыстарың болмасын! Қашқаның да, жұмсаған жерден құры қол қайтқаның да дарға асыласың! Сырттарыңнан шеріктер күзетіп жүреді... Амал жоқ, бұйрық орындалмаса – басың кетеді. Ел малына ие бола алмай қалады. Қой мен жылқы қан жоса боп қырылады. Ел бұларды «жарғыштар» атап кетеді. Төбесін көрсе айдалаға қашады. Дүние қан сасиды. Аш қасқырдай анталаған саудагерлер құлын мен қозының терісі үшін жаң-жұң мекемесіндегілерге ақшаны тау қып үйіп тастайды. Осындай сұмдықты амалсыздан өз қолымен істеген Есбосынның зұлымдыққа зығыры қайнайды. Ақыры 1910 жылғы хандыққа қарсы көтерілісте Іле жаң-жұңы атылады да, тұтқындар бостандық алады. Бұл кезде өлкелік үкіметтің тізгінін қолына алған Ың зиңшиң орайды пайдаланып, Іледегі төңкерісшілердің бас­ шыларын айламен жойып жібереді де, үстемдігін нығайта түседі. Елдің басына қара түнек қайта орнайды. Астықты, малды ко­ йып, ішкен судан, жердің шөбінен, шапқан пішеннен салық жинала бастайды. Елдің көл боп аққан көз жасына шыдамаған Есбосын қолына қару алып, атқа мінеді. Ата мекені Ластайдың Аққысаңына сарбаз жинап, сап құрады. Аш-жалаңаштар, қуғынға ұшырағандар

Есбосынға қосылады. Бұлардың дүмпуі Іле өңірін дүр сілкіндіреді. Күреден шыққан шеріктер соққы жеп, қайта қашады. Тіпті бұлар әкімдердің өздерін ауыздықтайды. Зорлық-зомбылық жасағандар жазасын тартады. Бірде қазақ ішінен салық жинауға шыққан біреу әкірендеп, ел­дің апшысын қуырады. Көпе-көрнеу қорлап, масқаралайды. – Сен өзіңнің ісіңді білмейтін өгізсің, мына сиырға жақындай түс!.. – деп, Ілехан деген кәрі зәңгіні асау сиырға мінгізіп, сайқымазақ етеді. Мұны естіген Есбосын он шақты жігітімен келеді де, әлгі желікпені жатқан жерінен сүйреп сыртқа шығарады. – Елді неге басынасың?.. Ішің пысқан екен, күлкішілдігіңді көрейін! – деп, барлық киімін шештіріп тастайды да, арқасы пышақтай арық атқа мінгізіп, сар-желіспен ауылды айналдыра жетелейді. Елдің апшысын қуырған есердің жаны көзіне көрінеді. Құйрығы ошақтай боп ойылған жетекшілерін соңына еріп жүрген адамдары арқалап алып кетеді. Мұны көргендердің айызы қанады. Ел ішінде абыройы артып бара жатқан Есбосынды торға түсіру үшін әкімдер айлаға көшеді. Соғыс шығарып даң қылмай, қалқада тұрып, өздерін өздеріне бауыздатудың жолын іздейді. Ол үшін кейбір ашқарақтарды қошаметтеп, қолдауы керек. Ондайлар ман­ сабы үшін арын да, жанын да сатады, ештеңеден тайынбайды. Сол мақсатпен қазақтан Сыламжан ақалақшы, қалмақтан Лайдың үкірдай таңдалады. Екеуі елдің көзінше ерекше құрметтеліп, Күреге арнайы шақыртылады. Сый-сыяпат жасалады. – Қолдарыңды қақпаймыз, – дейді Іле үкіметінің бастығы Ғуаң фу жылы қабақ танытып. – Сендерге сенеміз. Ел ішін тыныш­тандыру үшін Есбосынды тұзаққа түсіріңдер. Ізін аңдыңдар. Жала жабыңдар. Мал жоғалмай тұрмайды. Соның бәрін ұрлаған Есбосын болсын!.. Осыдан кейін Сыламжан мен Лайдың ауылға келіп өздерінше кеңес құрады. Есбосынды ұстаудың амалын іздейді. Ұзақ сөзден кейін бір тоқтамға келісіп, үйлеріне тарайды. Ел жайлауға шыққан. Ұланбура мен Қайшының белі сы­ қасқан ауыл. Жер қайысқан мыңғырған мал. Ел бейғам тіршілік құшағында. Жаздың осы жаймашуақ күндерінің бірінде Сыламжан ақалақшы үлкен жиын өткізбек боп ел басқарып жүргендерді, Іле әкімдерінің өкілін, қалмақтан Лайдыңды, Лас­ тайдан Есбо­сынды шақырады. Келісім бойынша Есбосынның келер қайтар жолына, жиын өтетін төбенің қуыс-қуысына Күреден шақырылған шеріктерді жасырып қояды. Таза тұрсын деген сылтаумен арнайы белгіленген төбенің айналасына адам

жолатпайды. Уәделі күні жиынға Есбосын да келді. Күреден
шыққан үш дарын төбенің төрінде отырған. Есбосын солардың
қасына қарай беттейді. Осы кезде шеріктер тұс-тұстан лап қойып,
тарпа бассалады. Есбосынның соңынан ере келіп, сырттан бағып

тұрған жігіттер де ұмтылады. Қиян-кескі айқас салады. Сонда да
қаптаған қалың шеріктің қолынан Есбосынды босата алмайды...
Екі күннен кейін Күреден: «Есбосын дарға асылды!» деген
жарнама тарайды. Ел еңіреп, есіл ерін жоқтайды. Аза тұтып,

дауыс айтады. Ауылы жетісін беріп жатқан. Түн ішінде Ес­
босын үйіне кіріп келеді. Сөйтсе оның аман қалуына адамға
жанашырлығы, мейрімділігі себеп болыпты.
Есбосынды Күреге айдап барған күні үкімет бастығы: «Ертең

дарға асыңдар!» деп бұйырады. Келесі күнге дейін бір үңгірге
қамап тастайды. Абақтының іші тастай суық екен. Шылқылда­
ған сыз. Бір бұрышта қалшылдаған біреу бүрісіп отырады.
Ықылық атып, иегі иегіне тимей дірілдейді.

– О, Құдай қуат бере гөр, – деп жалбарынады ыңыранып, –

Дарынға параны аямай бергіздім. Бүгін түн ортасында шығарып
жіберетін болды. Соған дейін аман жетсем екен...
Осыны айтып, есінен танады. Бүрісіп, күрк-күрк жөтеледі.
Жаны ашыған Есбосын бөркін, шапанын, шалбарын кигізіп

қояды. Өзі жейде-дамбалмен отыра береді. Түн ортасы ауғанда
біреу зынданның есігін ашып:

– Тасболат, бері шық! – деп сыбырлайды. Есбосынның

киімін киген әлгі кісі есікке жетіп барады. Сыртта тұрған біреу
көкжелкеден періп жіберіп, мұрттай ұшырады да, суыққа тоңып,
қалшылдай бүрісіп отырған Есбосынды сүйреп ала жөнеледі.
Қақпа аузындағы бір қуысқа апарып, аяғындағы шынжырды

ағытады да, босатып қоя береді. Келесі күні Есбосынның орнына
Тасболат дарға асылады. Дарындар арамдығын жасыру үшін
Есбосын дарға асылды деген хабар таратады. Мұны естіген
Лайдың үкірдай мен Сыламжан ақалақшы Есбосын ауылын ша­

уып алады... Жерін сатып жібереді. Жайлау-қыстауын өздерінің
итаршыларына бөліп береді...

– Сол Есбосыннан әлі бір хабар жоқ, – деді Шадай қария.

– Сол дау-шардың басы-қасында жүріп ара түспеді деп, ел

адамдары Мешпет биге өкпелі. Байқұстың өзі де қиналады екен
ғой, бүгін бар шынын айтты.

– Есбосынның ұсталуына Мешпет бидің де қатысы бар ма?

Жоқ, ондайды құлағымыз шалмады. Ел сайлаған би болған соң,
тым құрыса бала-шағасын қорғай алмады деген өкпе ғой.

– Орынсыз өкпе ел арасына араздық тудырып жүрген жоқ па? –

деп, үрейлене сұрады Әсет. Ол ел арасының ашылмауын күллі
арманынан артық санайтын.

– Ел арасында емес, кейбір адамдар арасында салқындық бар.

Содан бері Жабықбай ақалақшы Мешпет бимен қырын қабақ. Со­
ларды табыстыруға өзің дәнекер бол, Әсетжан!..

– Шәке-ау, мен жалғыз атты жолаушымын жапанды кезген. Ол

қолымнан келе қоймас. Тіліме көне ме?

– Сенің жөнің бөлекше. Тастай түйіліп жүрген Мешпет бидің

жүрегі әніңе езілді. Ішінің мұзы еріп, өзі іздемеді ме? Сол игі
өнеріңнін нұры басқалардың да бойын балқытар.

– Мұны жалғыз мен емес, осындағы елдің қадірлеп-сыйлайтын

үш-төрт адамының басын қосып алып шешейік. Мен әніммен,
өлеңіммен жебеуші болайын.

– Ел-ағайыннан араласарымыз осында Ғапари деген татардың

қажысы бар. Қулық-сұмдығы жоқ адам. Мешпет би де, Жа­
бықтай да сөзіне құлақ асады. Көпті көрген кісі ғой, соны да
араластырайық...

– Ғапари дедіңіз бе, Шәке? – деп Әсет әлдене есіне түскендей

елегізді. Сол емес пе, қажыға барғаны ма? – Үйі қайда?..

– Үйі Құлжада. Жыл сайын осындағы жайлауға шығады.

Турасудың бойында ыстық қайтқанша жатады. Елмен араласы
да жақсы.

– Онда ертең сол кісіге барып жолығайық, – деді Әсет бұл кі­

сі­нің кім екенін де анықтағысы келген оймен.
Көңілге алған ісінің орындалатынына қуанған Шадай қарияның
да бойы сергіді, жүзі жайнады...
Күн арқан бойы көтерілгенде, Шадай ауылынан үш кісі атқа

қонды. Жасыл алқап көлдей көлбейді. Жолсызбен төте тартқан.
Гүлден-гүлге қонған алақандай қызыл-ала көбелектер көлбеңдей
ұшады. Әсет пен Қадырихан жуан бел шабдарға мінген Шадай
қарияны орталарына алып, белес-белесі мыжырайған кең жазықты

қақ жарып кетіп барады. Ойпаңдау жерлер былқылдаған саздау­
ыт. Жатаған қырқалардың шөбі жібекше есіледі. Алыстан қарлы
таулардың сұлбасы көгілдірленіп, мұнарға оранған. Жап-жасыл
адырларды аралай аққан көк қасқа өзеннің сарылы жер жарады.

Судың орай аққан кең койнауында екі ақ шатырға жанастыра
тігілген екі ақ боз үй тұр. Арғы шеттегі биебауға тақау тұста
шошайған қараша үй. Қымыз сол үйде дайындалатыны белгілі.
Сырттағы ақ самауырынның түтігінен көк шулан түтін будақтайды.

Кіріп-шығып жүргендердің киген киімдерінің порымы қалаша.

– Ғапаридың үйі осы, – деді Шадай қария өкпе тұсына тақа­

ғанда. – Әне, өзі де сыртта тұр екен.
Әсет дөңгелек қара мақпал тақиялы, шолақ жең қара қам­
золының ішінен ұзын жең ақ жейде киген орта бойлы, шоқша
сақалды ақ сары кісіге қадала қараған бойы мама ағашқа жетті

де, аттан түсті. Қадырихан қол созып, Шадай қария мен Әсеттің
атын ұстады да, асықпай байлап жатты. Әсет таныды. Өзі ойлаған
адамы екен. Сонадайдан:

– Ассалау-мағалай-көм!.. – деп сәлем берді де, таяп келіп қол

алысты. Сары кісі сығырая қарап:

– Апырау, мынау өзіміздің Әсет қой! – деді де, қуана құшақтай

алды. – Аман ба, бауырым?..

– Өзіңіз қуаттысыз ба?

– Сені Тарбағатай жақта жүр деп естіп ем. Қашан келдің?

– Дәм айдаса, адамның жүрмейтін жері жоқ көрінеді Ғапеке...

– Үй-ішің, бала-шағаң аман ба?

– Үйім – Сайрам көлінің бойында. Екі-үш жыл болды, Бұратала

ойпатын мекендеп, Шұбартүбек деген жерді қыстап жүрмін.

– Әбден жақсы болған. Шәке, бұл ақын менің ескі танысым...

Қане, үйге кіріңіздер!..
Ғапаридың үйінде алдымен шай келді. Арада аз ғана уақыт
өткен соң қымыз құйылып, тәтті қуырдақ тартылды. Қымыз
үстінде Шадай қария сөзін майдалай бастады.

– Қажеке, өзіңе бір өтінішпен келіп ем...

– Ғапеке, естімеген екем, – деп Әсет таңдана жымиды. –

Қажыға да барып үлгергенсіз бе, қайырлы болсын!

– Айтсын, рақмет, достым!..

– Құдай тағала ғарып-ғасырларға берген садақаның да

қайырын мол өлшейді деуші еді, сол сапарға жұмсаған
қаражатыңызды аш-жалаңаш жүрген Құлжадағы қайыршыларға
үлестірсеңіз де үлкен сауапқа қалатын едіңіз ғой.

– Сенің шақарлығың әлі қалмаған ба? – деп күле берді Ғапари

ашық жауап таппай. Сөздің бағдарын тез өзгертуге тырысты. –
Шәке, не айтпақ едіңіз?

– Ер-азаматтың қамы да баяғы. Мешпет биге бірталай адам

өкпелі, оны өзің де естіп жүрген шығарсың. Әсіресе, Жабықбайдың
өкпесі қара қазандай. Байқасам, Мешпет би де іштен тынып, өксіп
жүр екен. Мына Әсетжан салған әннің арқасында арызын өзі айтып,
мұң шақты. Мен Әсетжанға екеуін әніңмен, сөзіңмен табыстырып

кет деп қолқа салып отырмын.

– Бұл ниетіңіз өте жақсы, Шәке... Ағайынның тату жүргені де

елдің бағы. Ал мен не істеп бере аламын?

– Мен мал сойып, осы елдің игі жақсыларын шақырайын. Сол жерде Мешпет би мен Жабықбайды ортаға алайық. – Екі жаққа бірдей мен қол созбайын. Ал Жабықбайды ертіп барайын... – Сенен тілеуім де сол еді. Әсет ән салған жерге шақырса, енді Мешпет би де қалмайды. Оны өзім шақырамын. – Ендеше, қазір Жабықбайға барайық, – деді Ғапари бір бай­ лам жасағандай. – Әсет бүгін сол үйде ән салсын. Бәлкім, оның да жүрегі жібір. – Болсын, аттанайық! – деді Шадай қария қамданып. Өзен бойына тақау бір жайпақ төбеге тігілген үлкен үйдің сыртындағы кермеге бір топ ат байланған. Шадай қария мен Ғапари қажы бастаған кісілерді ауыл жігіттері қошаметпен қарсы алды да, аттан түсіріп, Жабықбайдың үлкен ақ ордасына бастады. Шадай қария алдымен, оның артынан Ғапари кіріп еді, үйдегілер өре түрегелісті. – Ассалау-мәликөм! – деп шыбықтай сидам, бидай өңді, отыз­ дың ішіндегі тұлғалы жігіт үлкен кісілерді құрметтп, қолымен жөн сілтеді. – Төрлетіңіздер, былай... – Мал-жан аман ба, Жабышжан? – деп Шадай қария сөйлей жоғарылады да, артындағы кісіге бұрылды. – Бері кел, Әсетжан... Қажы, жоғары өрле! Ырғалып-жырғалып жүретін қазақтардың жайғасуын тосқан Ғапари түрегеп тұрған. Жабықбай үлкендерге ілесе төрге жылжы­ ған екі кісінің қайсысы Әсет екенін айыра алмай жапақтап қалып еді. Барлығы отырып болған соң, өзінің оң жағына орналасқан жылтыр қара кісіге мойын бұрды. – Мына жігіт біздің Жетісудың бұлбұлы Әсет ақын... Көңлі жай тапқан Жабықбай күлімдей тізе бүкті өз орнына. – Іле бойын өрлей соққан самал сіздің әніңізді де жеткізіп тұрушы еді, Әсаға. Енді өзіңіз үйіме келіп қалыпсыз, құшағымыз жаюлы, құрметті қонағым болыңыз!.. – Әсет елдің қонағы, – деп қосты Шадай қария өзімшілдіктің алдын тосып. Жабықбай жайдары жымиды. – Дұрыс айтасыз, аға. Біз де сол елдің бір баласымыз ғой. – Е, жөніңе енді көштің. Осы жақтағылар да қазағым-ау, елімау деп, әдейі іздеп келген Әсеттің көңіліне қаяу түсірмейік, мәз боп қайтсын!.. – Елі азаматынан несін аяушы еді. Әсағаңмен қоса сіздер де сый табағымыздан дәм татыңыздар! Үй иесінің осы сөзі жарлықтай ұғылды. Сұлуша қара мұртты жігіт бір қойды жетелеп келіп, босағаға тұра қалды да, бата сұрады. Шадай қария қонақ ретінде Әсетке қарады.

– Әсетжан, ниетіңді айт!..

– Ағамыз тұрғанда, іні бата жасамас болар, Шәке. Жол сіздікі!

– Қонақасың ғой.

– Қонақ ағадан үлкен емес, алдыңызды кеспеймін.

Қойға бата жасалғаннан кейін үлкен кісілер тізелерін жазып,
жайланысты. Жабықбай алқымына бір буда үкі байланған дом­
бырасына қоңыр әннің әуенін баяулата қосып, қымызды еріне
сімірген қариялардың сөзін бөлмеді. Елпілдеп Әсетті де ән салуға

зорлаған жоқ. Өздерінің еркіне жіберді. Қабағы ашық, жүзі жайда­
ры. Мұндай кезде Жабықбай естіген-білгенін сұрағандарға ақтарып
салатын. Сол мінезіне қанық Шадай қария әдейі сөзге тартты.

– Шырағым, о жақ, бұ жақтан естігенің бар ма, айта отыр.

– Әңгіме көп, аға, – деді Жабықбай аппақ қудай қарияның қы­

зыл шырайлы жүзіне жымия назар салып.

– Ендеше, біз де естиік те...

– Әлі естімедіңіз бе, жоғалып кетті деп жүрген Есбосын жерден

шыққандай өзінің Аққысаңына жігіт топтай бастапты. Елдің көбі
оның ажалдан аман қалғанына сенбейді. Баяғыдағы жарнамаға
иланып жүр... Тіпті Іле дутыңының өзі жағасын ұстайтын көрінеді.
Есбосынды дарға асылды деп даурыққан дарындардың бірнешеуін

аямай жазалап та тастапты.

– Бір кезде Есбосынның ауылына оралып, өзіне арналған

Құдайы астан жеп кеткенін естігеміз, – деді Шадай қария өткенді
еске түсіріп. – Бірақ содан бері де талай жыл етпеді ме? Сыбысын
естіп, сырын білмеген соң, кейбіреулердің үкімет жарнамасына
сенгені рас.

Жабықбай әлдекімді мысқылдай күлді.

– Алғаш сол жарнамаға Сыламжанның өзі де сенген. Енді іші

өткен баладай қыпылықтап, Нұрсапа екеуі Күреге қарай күнде
шапқылайтын көрінеді. Есбосын тағы да адамдық жасапты.
Сыламжан талап алған малымды, жер-суымды қайтарып берсе,
тиіспеймін депті.

Есбосынның еліне оралғанын Шадай қария өзі ойлаған істің сәті
түсуіне тағы бір себеп болды деп есептесе, Сыламжанның лаңы
өршіп, ел ішінің тағы да дүрбелеңге ұшырайтынына қайғырды.

– Кім біледі, Құдай қайырын берсін!.. – деп күрсінді мұңайып.

Осы орайда Ғапари сөздің бетін басқаға бұрды.

– Ақындар мен әншілер жүрген жер дабырсыз болмауға тиіс.

Шәке, сөз кезегін соларға берейік.

– Қазақтардың дауына қажының іші пысты-ау, шамасы, – деді

Жабықбай ығына жығылып. – Ауылдың алты ауызын өзім бас­
тайын...

Домбыраның құлағын қайта бұрады. Ол әсем шертетін шебер
күйші еді. Үлкен кісілер мен сырын білетін құрбы-құрдастары
болмаса, басқа жұрт қолқалауға батпайтын. Мен күй қуған адам
емеспін деп көнбейтін. Өзінің көңілін өзі жебегендей оңашада бір-

екі күй шертетін де, өрекпіген жүрегін жұбататын. Қазір кенет өзі
тіленді. Қуанышы бар секілді. Жайдарылыққа шалқып көкейінде
күй толқығандықтан ба, немесе, қонақтарды күймен жетелегісі
келгені ме, сылқылдаған сылқым күйлерді шиыршық аттырып,

арты-артынан күмбірлетті. Сол қолының саусақтары пернелердің
үстінде ортекеше жорғақтаса, оң қолының сұқ саусағымен қос
ішекті саумалай қағады. Күй ырғағы кейде тулай тасқындағанда
бес саусақпен түгел түйіп-түйіп жібереді. Көңілі тасыған соң ба,

әлде, бүкіл денесі тұтас қимылдағандікі ме, қызғылт-қоңыр өңі
албырап, жалпақ маңдайын шыпылдаған тер басты.
Жұқа қабағы кейде түйіліп, қоңыр көзі мұңдана алысқа қа­
далады. Күй сазымен қосыла ырғалып, балқып кетеді. Осы қимыл-

қозғалысының бәрі жұртты ұйытып алған. Тербеле шалқып барып
тоқтады. Сылаңдаған сұлу күйдің сарыны құлазыта ызыңдап біраз
тұрды. Сүйсінген Шадай қария көптің лықсыған ниетін айтты.

– Бақытты бол, айналайын!..

Әсетті ой жетелеген. Ала көзі мөлтілдеп, әлденеге қызыққандай
құмарлана қалған. Күйді әсем шертетін жігіт екен, серілігі де бар
шығар. Ондай адам дархан, көңілі кірпияз, нәзік келеді. Жаны
тазалықты, адалдықты қалайды. Арамдыққа, жауыздыққа төзбейді.

Мінезі сыпайы. Бірақ жанарынан бетінен қайтпайтын қайсарлығы
да көрініп тұр... Еліне жұғымдылығы да содан болар. Төңірегінде
тобы көп. Қылмыңдап жағынушыларға ұқсамайды, жайдары
жайсаңдар сықылды. Қабағы ашық. Томырайған тұйық емес...

Ойын жинап, ниетін білдіргенше, Қадыриханның сыңғырлаған
қоңыр даусы көтерілді. Сыртқы киімін шешіп тастаған, құлшынып
отыр. Сол тыныста тілегін білдірді.

– О, ағайындар, қарсы болмасаңыздар, енді қонақ кәдені мен

жасайын!..

– Баста, шырағым, баста, – деді де, Шадай қария қызықтай қа­

раған Жабықбайға бұрылды. – Бұл да әнші жігіт. Аты – Қадырихан.
Сабаздың әні жібекше есіліп тұр.

– Аға, бұл кісілерді тыңдап, құмарыңыз қанған-ау, шамасы.

– Иә, Құдай айдап кеп ең алдымен менің үйіме түсірді де,

думанның туын көтерді.

– Сол думанға бізді де шақырсаңыз қайтетін еді?

– Шақырамын, үлкен думан алда...

– Менің салатын әндерімнің бәрі Әсет ағамыз шығарған әндер, – деп, сөзді бөлді де, Қадырихан айтатын әндеріне анықтама берді. – Бүгін осында білікті кісілердің басы қосылған екен, соны ұқтыра кетейін. Әнді жанынан шығаратын кісінің артықшылығын танығысы келгендей үлкен-кішінің бәрі жалт қарасты. Қарапайым монтиған адам. Елден ерекше сипаты жоқ. Желпініс-желігі байқалмайды. Өмірінде бұл маңнан естімеген әндерге екі-үш күннен бері Ша­ дай қария қайран қалушы еді. Әншілердің алыстан ала келген әні шығар деп ойлайтын. Анығын білген соң Әсетке сұқтана қарады. – Бәсе, кілең бір кербез әндерді қайдан теріп алған деп таңданушы ем... – Әсет бала кезінен-ақ әнге құмар болатын, – деді Ғапари өзі білетін жайлардың пердесін ашып. – Ал жігіттік тұлпарына мінгеннен бері ешкімнен ән үйреніп көрген емес. Біреудің айтып жүргенін қайталамайды. Жетісу қазақтарының бәрі Әсеттің әнін де, өлеңін де жатқа біледі. – Қазақ әндерін өзіндік мәнермен молайтқан кісінің бір – міне, алдыларыңызда отыр... Бұлардың көбі Әсетті әнші, ақын деп естіген. Ал оның әнді өзі шығарып айтатынын алғаш білді. Сол сырға Ғапаридың қанық екеніне Жабықбай таңданды. – Қажеке, Әсағаңды бұрыннан танушы ма едіңіз? – Бала жасынан білемін. Мен қазақтың арасында өстім. Ме­ нің жігіт кезімде, мұның бозбала шағында талай думанды бірге салғанбыз. Лепсі мен Сарқант, Қапал мен Алматы арасын дү­ рілдетіп жүруші ек... Қадырихан, сен бастай бер, шырағым. Әсетті тербеп, илһамын келтірші. Шабыттанбаса, қыран самғай ма? Делебесі қозса Әсет селдей тасушы еді... Ғапаридың айтқаны болып, Қадырихан түске дейін әннің туын желбіретті. Шадай қарияның мақсатына жетуіне себін тигізу үшін ол да құлшынды ма, бүгін тіпті жараған жүйріктей жұтынып алыпты. Ентелей үдеп, жақ жаппады. Бір уақытта сәл тыныстап, демін алды, – бұл баланың аңшылық жайында бір өлеңі бар, – деді Шадай қария құмартып. – Қадырихан шырағым, денеңді суытпай, осы қызуыңмен соны бір қайырып тасташы. Қарияның қалауы бойынша, Қадырихан өлеңді түйдектүйдегімен төгіп, әзілқойлық түрмен әуенді құйқылжыта үйірді. Ду-ду күлкі қозды. Жігіттер желпініп, жасы үлкендер жымия күлімсірейді. Адам өмірінің кейбір шақтарын келістіріп айта білсе, көңілді жайнатып, үлкен қызыққа айналатын сықылды. Бәрі мәз.

Түскі ас алдында қонақтар сыртқа шығып, біраз бой жазысты
да, қолдарын жуып, қайта жайғасты. Ас келгенше Жабықбай күй
шертті. Табақ-табақ ет тартылды, тегене-тегене қымыз сапырылды.
Елдің көзі Әсетте. Біраз әңгімемен ас та сіңді.

– Әсаға, біз шамамызша тырбаңдап болған сияқтымыз, – еді

Жабықбай сыпайылап. – Қыранның самғауын, тұлпардың ары­
нын аңсайды мына жұртыңыз.

– Елден немді аяйын. Манадан Қадыриханды тыңдап

сусындадық. Ендігі кезек маған келсе, мен де бірдеңе айтып
көрейін.

– Құлағымыз сенде, Әсетжан, құрышын қандыршы, – деп

тамсанды Шадай қария. Оны Ғапари қостады.

– Әсет, талайдан бері даусыңды естімей, көксеп жүруші ем,

шығаршы құмардан!..
Жаны жадыраған Әсеттің көмейіне бірден «Қысмет» үйірілді.
Сарыны өкпесін үрлеп, көрікше гулетті. Арынды әуен аспанға
шапшыды. Тамағын жел кеулеп алқымы кеуіп кетті. Көзінен

мерейлі ұшқын шашырады. Кеудесін кере мойнын созғанда-ақ ән
суырылды. Тұнық аспанды қалтыратқан әуен жаңғырығы алысқа
естіліп жатты. Өзен сарылы да тына қалғандай. Жел шөп арасы­
на бұғып, жер бауырлай шөкті. Теңіз толқынындай аунақшыған

әннің арыны дүниені бағындырып, өзінің қоңыраудай сыңғырына
табындырған. Айдындағы аққудай сылаңдап, алтынның күнге
шағылған сәулесіндей құбылады. Көл бойындағы көк қамыстай
сусылдап, жібек орамалдай желбірейді. Аспанды кернеген мөлдір

дауысқа бір қиырдағы ауылдардың адамдары да құлақ тосты.
Қойшылар таяғына сүйеніп тұрып тыңдаса, құрығына сүйреткен
жылқышылар атының тізгінін тартып, қыр басынан тапжылмады.
Турасу алабы бұған дейін естіп көрмеген әннің құйқылжыған

әуеніне елтіген. Арынды, асқақ әнге жұрт таңданды да, еріндерін
жалай тамсанысты. Биікке шырқаған ән қалықтай төмендеп, жерге
қанатын жая қонған құстай шайқала төңкеріліп барып тыныстады.

– Бұл әнді айту да анау-мынаудың қолынан келе қоймас, – деп

басын шайқады үннің сипатын танитын Жабықбай еміреніп. – Көк
дауылдай күркіреп, нөсердей сорғалайды екен... Қайырымының
өзі күмістей сыңғырлаған мың бунақ.
Шадай қария құштарлықты жебеп, даусы қалтырай сөйледі:

– Әсеттің елден ерекшелігі де сонда ғой!..

– Біздің бала кезімізде Іле өңіріндегі күйдің тұтқасы Қожеке

еді, – деді Жабықбай жабырқау мұңды түрмен. – Оның да
көмейіне зұлымдар қорғасын құйды. Көбіміз сол кісінің күйін

шерттік. Дара шыққан өрен әншіміз болмады. Әсағаңның әні –
енді осындағы талаптыларды жебейді.
Бұдан кейін Әсет қоңыржай әндерді едәуір төкті. Ұзақ
шабысқа жетелейтін ынтаның ыңғайын байқаған соң, желдірме

әуенге көшті. Адамның ізгі қасиетін дәріптейтін, соған қарама-
қарсы теріс қылықтарды бетке басатын өлеңге ауысты. Ара-тұра
Қадырихан ән салды. Сөйтіп келесі күні түске дейін екеуі алма-
кезек өлең мен әнді сорғалатты. Түскі астан кейін Шадай қария

өзінің ықылас-пейілін жария етті.

– Ал Жабықбай шырағым, әкең Бұлғыншының әруағы разы

болсын!..

– Дәміңді таттық, пейіліңе разымыз. Енді мен айтайын бұ­

йымтайымды.

– Айтыңыз, аға, бір әжетіңізге жарармыз.

– Мен бірдеңе сұрай келгем жоқ, берсем ала ма деп келдім.

– Ағаның қолынан алудан кім қашпақ, – деп еркелей күлді

Жабықбай.

– Алдымызда құрман айт та таяп қалды. Ол да елдің қызығы.

Соның алдында мен де көптің батасын алайын. Бүрсігүні осы
жайлаудағы елдің ақ сақал-қара сақалына дәм таттырайын деп ем.
Өзіңді осыған шақырамын.

– Ой, аға-ай, бір баланы шаптырып, жіберсеңіз де болмас па еді.

– Кім біледі, сылтауратып тайқи ма деп, өзім келдім.

– Сізді алдамайын, аға, – деді Жабықбай бірдеңе ойлағандай

қабағы қатуланып. – Ашып айтайын, Сыламжан келетін болса,
бармаймын!

– Өй, мен Жабықбайды шақырып тұрмын ғой.

– Онда барамын!..

– Мына қажы да, Әсетжан да болады.

– Жабықбай шырағым, – деді Ғапари қазақша майдалап. –

Орталарыңдағы жалғыз татарды сопайтпай, жолдан мені де ерте
кет!

– Қажеке, өзім соғайын...

– Енді біз аттанайық, – деді Шадай қария жиналып. Әсет те

қозғала бастаған. Жабықбай қиыла қарады.

– Әсаға, сіз жата тұрмайсыз ба тынығып?

– Дәм-тұзыңды таттық, сый-құрметіңді көрдік, рақмет. Бұйырса

тағы оралармыз. Шақырған жеріміз бар еді.

– Қашан келсеңіз де есігіміз ашық.

Үлкен кісілер мен меймандар қоштасып, сыртқа шыққанша
аттары ерттеліп қойылған. Жұтынып тұрған жігіттер бір-бір атты

иелеріне көлденең тартып, салт бойынша қолтықтарынан демеп
аттандырды.
...Сәске түс кезі. Көк жайлау баяу ескен самалға шайқалады.
Жердің беті осы көркіне масайрағандай. Шадай ауылына Әсеттің

үш күннен кейін оралған беті. Адамның қарасы көп. Мешпет
биді жағалаған қариялар бір төбешікте отыр. Жабықбай бастаған
жасы кішілер шоғары соларға тақау төмпешікте түрегеп тұр. Әсет
қарияларға барып сәлем берді. Жасы кішілер өздері келіп аманда­

сты. Шадай қария орнынан түрегелді.

– Ал жұртым, сендерді далада біраз тостырғанымның себебі –

малға бата қылып, бір жола үйге кірсін дегенім еді, – деді де, үй
жаққа бұрылды. – Әй, Байболат, алып кел бері!..
Желі жақта жүрген тығыншақтай шымыр жігіт өзі құрық са­
лып ұстап, ноқталап қойған семіз көк қасқа тайды жетелеп көпке

тақады. Үйіріне қарай ұмтылған тай жұлқынып, артына жалтақтай
кісінейді. Дөп-дөңгелек қара көзі күнге шағылысып, ұшқындай
жалт-жұлт етеді. Байболат топтың қарсы алдына көлденең тартып
тұра қалды да:

– Аумин!.. – деп бата сұрады. Үлкен-кішінің бәрі осы елдің

ең кәрісі, тоқсандағы Тоқпамбет қарияға қарасты. Ақ қалпағын
төбесіне түре киген, қаба сақалы ақ орамалдай желбіреп, омырауын
жапқан, сырма шекпенінің сыртынан кіселі күміс белдік буынған
қалақтай қария мұның мәніне түсінбей:

– Шадай-ау, қандай қуанышың, не ниетің бар, не мақсатың

үшін бата береміз, соны айтсайшы, – деді абдыраңқырап. Шадай
қария топқа қарады.

– Тоқа, тілегім – ел тыныштығы, азаматтарымыздың ауыз

бірлігі! Елдің жігі ашылмай, айрандай ұйып отырсын, ерлеріміз
елдің қамын ойласын деп бата сұраймын!

– Мынауың ақ тілек, жарқыным! Сен бастадың, басқа жұрт қос­

тасын. Бұдан былай жыл сайын осы мезгілде еліміздің ынтымағы,
еріміздің абыройы үшін бір тайды шалып отырайық!..

– Тоқа, бұл ниетіңізді қабыл аламыз! – деді Мешпет би басын

шұлғып. – Ел ырысына арналмаған сәулетіміз неге керек!..

– Ендеше, батамды берейін: О, ағайындар, іргең ажырамасын,

бірлігің бүлінбесін, азаматың абыройлы болсын, елдің намысын
ерің қорғасын, араңнан жік шықпасын, тізе қосып, тең басыңдар,
көсегелерің көгерсін!..
Тоқпамбет қарияға қосылып жұрттың бәрі бетін сипады. Екі-үш

жігіт тайды үйдің сыртындағы көгалға апарып, шұралап жығып
жатты. Шадай қария қонақтарды үйге бастады.

Төрдің төбесінен орын алған Тоқпамбет қарияның оң жағынан Ғапари мен Мешпет би, сол жағынан сыйлы мейман ретінде Әсет орын алды. Мешпет бидін етегін баса Шадай қарияның өзі және жасы сол шамаластар, Әсеттің қасына Жабықбай мен Қадырихан және жастау кісілер орналасты. Дастархан жайылып, астау-астау бауырсақ төгілді. Құрт пен ірімшігі тағы бар. Ыңғайына қарай әр тұсқа тегене-тегене қымыз қойылды. Бір-екі тостаған ішілгенше, бөтен сөз болмады. Қарқындары басылып, енді тостағанның ернеуінен сыздықтата жұта бастаған кезде: – Ал, ағайындар, – деді Ғапари сыпайы дауыспен. – Мен Шәкеңнің тапсырмасын орындайын... Үлкен-кіші елеңдей қарасты. Ғапари сөзін жұптағандай сәл бөгелді. Неден, қалай бастаудың қисынын іздеді. Сөз жүйесін табуы керек. Қазақтар бұған қатты талап қояды. Тауып айтылған сөзге мойындаса, астындағы атын түсіп береді. «Алдыңа келсе – атаңның құнын кеш» дейді өздері. Сонда қисынын келтіріп айтқан ақылды сөзге бас игені. – Шадайдың елден ерекшелеп, бір атаның ұлына жұмыс тапсырғаны бір мәнді гәп болды ғой, – деді Тоқпамбет қария құлақ түріп. – Сөйле, Ғапари, ішімізде кір қалмасын! – Дұрыс айтасыз, Тоқа. «Көңілдің кірі айтса кетеді» демей ме қазақ. – Менің ұққаным – Шадай елі мен азаматының абыройы үшін көк қасқасын шалды. Кінәласатын ешкім жоқ, кірі болса кетсін, сөйле, Ғапари!.. – Сөйлесем, мен де осы елмен біте қайнасып келемін. Кірбең қабақ көрсем, менің де жамбасыма батады, қабырғам қайысады. Апыр-ау, ағайындар-ау, жалт еткен қысқа өмірлеріңде неге жарқылдап өмір сүрмейсіңдер деп, зар еңіреп жылағым келеді. – Мынауың да ойланатын тілек екен, – деді сөзді қуалай жебеп отырған Тоқпамбет қария. – Бірақ тоқсанға келген Тоқпамбетке се­бі жоқ. Мен құлайтын жарқабағымның қырына жетіп тұрмын. Бүгін бар, ертең жоқ адаммын. Кейінгі жастар, сендер ойланыңдар!.. Сөйле, Ғапари!.. – Жердің үсті – жарық, асты – қараңғы. Жарық дүниенің қы­ зығы елге ортақ. Бірақ кейбіреулер соның бәрін жалғыз иеленгісі келеді. Мұндайларды ел жауыз дейді. Сондайдан сақтана жүріп, әлгі ортақ қызықты қырын қабақпен суытпайық, ағайындар! Шөкеңнің тілегі осы... – деді де, Ғапари бөгеліп барып, жан-жағына көз салды. Мешпет би иегін уқалап, төмен үңілген. Жабықбай ой аңғарына бойлағандай қиялға шомған. Осы толғанысты ширата

түскісі келді. – Шөкеңнің ниетіне сен де ортақ едің ғой, Әсет. Арғы жағына тілім жетпей тұр. Ақынның сөзі ақ. Ендігісін сен айтшы!.. Әсет те тебіреніп кеткен секілді, қалт серпілді де, жұртқа қасқия қарады. – Мен айтсам – естіген-білгенімді айтамын!.. – Сөйле Әсетжан, сен қалыс адамсың, – деді Тоқпамбет қария жетелей қолдап. – Осы елдің шетіне ілінгенде алғаш Шөкеңнің табалдырығынан аттап ем, төрін ұсынды, әнімді тыңдап, көңілі аспандады... Абай айтқандай, ән көңілге түрлі ой салады екен. Алыстан талып жеткен даусымды естіп, Мешпет бидің өзі іздеп келді. Осы тебіреніс Ша­ дай қарияны жебеді. О, ағайындар, кең дүниеге сыйыспағаныңмен, мәңгі-бақи тиетіні ошақтай ғана бір шұңқыр емес пе? Салқындық зардабы елге тарамай тұрғанда, жылылық тілейді Шәкең. Соны әдейі қалап Ғапекең мен маған ұқтырған-ды. Енді айтайын жұрт алдында. Мешпет би ініге, Жабықбай ақалақшы ағаға өкпелі көрінеді. Ағасы бардың жағасы бар емес пе! Ағаның ағаттығына алара қараған ініге жараспас. Ағасы өз ырысынан неге теріс айна­ лады? Адамға ізет жараспаушы ма еді? Шәкеңнің ниеті – жағаны жатқызбай, ырысты шайқамай сақтау... – Сендерді беттестіріп, біріңді ақтағалы, бірінді даттағалы шақырған жоқпын, – деді Шадай қария қабағы жыбырлай иегі дірілдеп. – Өткен іс өтті. Ендігі күндерің татулықпен жарқырасын!.. – Өй, Шәке, мен не жаздым, теріс айналып жүрген өздерің ғой? – деді Мешпет би өкпелі үнмен бұртиып. – Сен кінәласпа, әділін ел айтсын!.. – Ағайындар, – деді Ғапари бипаздау. – Біз дау кешкелі жиналған жоқпыз. Аға – ақылдан танбасын, іні – ізеттен қалмасын деп тілейміз... – Менің де тілегім – ел қамы, – деді Мешпет би енді жазыла жадырап. – Өз басым, Жабықбайға өкпем жоқ. Ол мені түсінбеді. Буынсыз жерге пышақ ұра алмағанымды менің осалдығым деп санап, теріс айналды. Жұртым-ау, қалмақтың Лайдыңы, қазақтың Сыламжаны лаңдап жатқанда өртті сөндіруге жалғыз өзімнің ша­ мам жетті ме?.. Тамағы қышығандай даусы тұтығып, жөткірініп барып тоқтады. Көзі жыпылықтап, көңілі босағандай. Жыбырлаған танауын уқалады. – Ол бір қара суықтай бүрген заман еді ғой, – деп күрсінді Тоқпамбет қария. Әсет көзінің қырын Жабықбайға салды. Қайсар қараның мұзы жібігендей томсара тұнған. Күйші ғой, іштей

ширықса да, қасарма мінезі қарсыласып отыр ма?.. Шайқап ояту
керек шығар. Әсет әріден орағытты:

– Ағайын араздықтан азады. Кісілік – бір басқа, кіділік –

бір бас­қа. Кісілігің халқыңа еткен қызметіңмен, істеген жа­
қ­сылығыңмен өлшенеді. Кіділік – жеке бастың қамы, өзім­
шілдіктің өресі. Өлшемі – бір тұтам. Арыздасар араздық жоқ
көрінеді. Сонда да арада қуыс қалмасын, айтыңдар ағайын

алдында. Дүрдараздықпен дүмбілез болмаңыздар!..

– Ағаның алдында айыбым жоқ, – деді Жабықбай қасқия қа­

рап. – Ұғыспай жүріппіз. Соны неге ашып айтпадыңыз осы күнге
дейін? Біз атысып-шабыспақ емеспіз. Араздаспаймыз да. Есбосын­
ды арашалап қалу қолынан келеді-ау деп сеніп едік, күткеніміз сол
болатын. Ойымыз іске аспады... Соған өкпелегенім рас. Мұнымды

кейіндеп түсініп, өзім де өкініп жүр ем... Алдына барып, аяғына
жығылар айыбым болмаған соң, сүле-сапа жүруші ем...

– Суырылып шыққан азаматымыз сүле-сапа солқылдақ болса,

қасқайып тұратын кім сонда? – деп, Тоқпанбет қария бажырая
шұқшиды.

– Кінәм сол, айыбымды мойынға аламын, ата!..

– Бәсе, жөніңе енді көштің. Бұлғыншы мен Жәнет осы елдің

екі шетінде қасқиып тұрып, ыстығы мен суығына көнген. Тізе қоса
қорғап, тірімізді сақтаған. Солардың балалары бірін-бірі ұғыса
алмай жатса – естіген елден ұят емес пе?

– Мына елдің, ағайындардың алдында айыбым болса ке­

шіргейсіз, аға! – деп, Жабықбай орнынан түрегелді де, екі қолын
кеудесіне қойып, ақ сақалдар жағына тәжім етті. Мешпет би де
түрегеліп:

– Айналдым, арысым! – деп, ілгері жылжыды да, өзіне қарсы

жүрген Жабыкбайды құшырлана құшақтады. Екеуі де солқылдай
көп жылады. Әсет орнынан тұрып, екеуін қатар қаусыра ұстады.

– Ағаның құшағы – інінің шалқар алқабы. Інінің ізеті – аға

көңілінің нұры. Ал Тоқа, мақсаты тоғысқан екі бауырыңызға
батаңызды беріңіз!

– Ақ тілеу де ерге жарасады. Жұптарың жазылмасын, түктерің

қалыңдасын! Жалқыға жәрдем бер, халқыңа қорған бол!..

– Айтқаныңыз келсін! – деп Шадай қария төменірек сырғыды. –

Қос құндызым, жұптарыңды жазбастан келіп мына жерге қатар
отырыңдаршы!..
Үлкен де, кіші де мәз, көздерінен қуаныш жасы парлады. Сырт­
тан құлақ түріп жүрген әйелдер де жастарын сорғалата сығып,

ақсия күліседі. Тілеулері қабыл болғандай. Ауыл адамдарының
жүздері жайнап сала берді.

– О, ағайындар, – деді Ғапари жадыраған жүздерді көрген

соң. – Міне, қараңдаршы, ынтымақ тілеген ел қуанды. Адамға
керегі осы емес пе! Әсет, осы жайдары көріністі өнегелі өлеңге
қосып, бір ақтаршы!..

– Бұл жайлы мен айтпағанда кім айтады!

Әсет домбырасын қағып-қағып жіберіп, тебірене құлшынды.
Тоқпамбет қария көзінің жасын сықты да, даусы қалтырай үн
қатты.

– Ал, баста Әсетжан! Ағалық ақылың болсын. Балалар айтып

жүрсін!

– Жапанды көп кезген Әсет жақсылық пен жамандықтың

парқын бізден әлдеқайда артық біледі, – деді Ғапари жұрттың на­
зарын аударып. – Ойына түйгені де мол.
«Қиыннан қиястырар ер данасы» деп, Абай бекер айтпаған ғой.
Ақындардың алғырлығы дана сөзімен танылады.

– Ғапеке, менің үш-төрт жылдан бері тыныстауымнан жүрісім

көп болды. Шәуешек маңында зұлымдық пен зорлықтың зар­
дабын өз басымнан өткіздім. Алтайда қазақтың арманшыл ұлы
мен қызының бастарынан кешкен мұңдарына ортақтастым.
Тәңіртауының құшағынан Қожекенің қайғылы қазасын естідім.

Енді, міне, Көкқамырда екі арыстың арасын суытқан өкпелерінің
үстінен түстім. Ойлап қарасам, осының бәрі қазақтың басындағы
ескі дерті сияқты...

– Көреген екенсің, шырағым! – деп сүйсінді Тоқпамбет қария

разылық пейілмен. – Түйген ойыңды салшы ортаға!

– Айтқанымнан айтарым көп, қария. Шәуешекте Демежан кім

үшін дарға асылды? Іленің Күресінде Қожеке күйші не себептен
шоққа қарылды? Әлгі өздеріңіз айтқан Есбосын неге қуғындалып
жүр? Оның сыры неде? Бәрінің артынан қазақтың өз төбеттері
шәуілдеп үреді екен. Қазақтың тайғанамай, табаны берік ел бо­

лар күні туар ма? Өзінің қара басы үшін арын ғана емес, халқын
қоса сататындар бар. Соларды неге көрмейміз? Көлеңкеде жатқан
ит балтырымыздан ала түссе, шошып қаламыз. Бірақ тұмсыққа
соғудан жасқанамыз, күшті болса, иесінен қорқамыз.

Әсет сөзін үзіп, түйіліп қалды. Жадырай бастаған қабақтар
қайта жабылды. Көкіректерін мұң шалғандай томсара төрыққан.
Бұл көбінің ойламаған жайы сықылды. Әлден уақытта Шадай
қария күрсінді.

– Сол қорқыныш қой талайымызды тұқыртып жүрген.

– Бүгінгі әңгіме мені де қуантты, – деді Әсет көпшіліктің ойын

сергітіп. – Жақсылықтың нышаны елге өң берді. Соны айта­йын
алдымен.

Жалғанның кім шықпайды сапарына,
Дәм айдап, жер үстінен татарына.
Көл орны, орда орны бос тұрмайды,
Демей ме бұрынғының мақалында.

Қызайда Лаба, Шіде кісі болса,
Кеңдігі абырой мен атағында.
Игі, Сәт, Қалендер де жақсы атанған
Өзінің бойға лайық мақамында.

Бұлғыншы, Жәнет өткен далбақтамай,
Аталған жақсылардың қатарында.
Жарқырап жай тасындай жарып түскен,
Сендерсің ұрпағы – орын басары да.

Жабықбай, Мешпет елдің дарабозы ең,
Халқына қиын жолды ашары да.
Екеуің қатар жүрсең нені алмайсың.
Таң қалам бірлігіңнің нашарына.

Жорғалай лекіген жеңіл әуенмен сырғытып келіп, бір тыныс
алды. Әннің аяғын өзінің әуенді аяқтағанда үйіріп тастайтын
шұбырмалы ырғағымен еселей қайталады да, жайдары леппен
тоқтады.

– Тауып айттың, шырағым! – деп, желпіне қозғалақтады Тоқ­

памбет қария. – Басыңқырай, батырып айт. Бұлар майда сөзді күнде
естіп жүр. Ащының да дәмін татсын. Арқасына ыңыршақ батқан
өгіздей қайқалақтатшы!..
Ел ақсақалының балаша елпелектегеніне үйдегілер қызықтай

жымыңдасады. Мешпет би мен Жабықбай біріне-бірі жымия
көз салды. Осы қылығымызбен елге күлкі боп отырған жоқпыз
ба деп, іштей күмән да ойлаған түрлері бар. Бір қызарып, бір
қуарысады. Бірақ көніп, салмағын көтермеске лаждары тағы

жоқ. Ел ағасы сөзін айтып болсын деп Әсет тосты да, әуенді үз­
бестен домбыра­сын термелей бебеулетті. Сыйлы қонақ ретін­де
Ғапари әлгі қарияны сабырға шақырды.

– Азаматты қажай берген де жарамас, Тоқа.

– Асауды шабына түртіп жуасытпайды, сипап-сылау да керек.

– Сылап-сипап-ақ отыр ғой. Аюға тіл үйреткен таяқ деген де

гәп бар.

– Өй, көке қабыңыздың аузы ашылып кетті ғой, – деп күлді

Шадай қария тізесінен басып. – Аяғына дейін тыңдайық та...

– Е, тағы бар ма еді? Онда қойдым, Әсетжан!.. Тостағандағы

қымыздан бір сіміріп тастап, тілін сорған Әсет әрі қарай сырғыды.

Жараспас жақсылардың адасқаны,
Айырмай ақ-қараны бал ашқаны.
Сыймастай жер бетіне шіренісіп,
Ақырын ойға салмай тау асқаны.

Бурадай қаңтардағы буырқанған,
Аларып бір-біріне қарасқаны.
Кім білген аз ба, көп пе өмірлері,
Сонымен жөн емес пе санасқаны.

Болғанмен қанша жалпақ табандары,
Дүние талайларды аластады.
Екеуің өз буына семіретін
Емессің хан мен төре алаштағы.

Білгенің айтыңдаршы ішке бүкпей,
Бұлардың немене осы таласқаны?..
Халықтың жігін ашып, шырқын бұзбай,
Өнеге болар еді жарасқаны!..

Тағы да үнін құбылтып, әуеннің соңын құйқылжыта шиырды.
Сарынды домбыра үнімен қосарластыра жебеді де, баяулатып
барып тыныс алды. Өңешін қырнай жөткерініп, даусына наразы
болғандай жұтынды да, тамағын сыртынан сипалады. Бірдеңе тілеп

отыр ма деп ойлаған Байболат орнынан түрегелді. Сыртқа шығып,
бір кесе шай алып кірді.

– Аға, ыстық шай ішіңіз.

– Болар, шырағым, қымыз бар ғой...

– Ағайынды ардақтаған ақ ниетіңнен айналдым,Әсетжан! – деп

жайылды Шадай қария осы тыныста. Үлкен – кіші сөздің түйінін
тосып ентелеседі. Бөтен сөз құлақтарына жақпайды.
Әсет қалтасынан бүктелген қағаз шығарып, орауын жазды да,
ұсақ ақшыл түйіршіктен шымшып аузына салды. Домбыраны

қайтадан сарнатып, жаңағы ойының жалғасын іздегендей сәл
кідірді де, даусын созды.
Опық жеп сеңдей соққан кері ағыстан,
Шайнаған бармақтарын не данышпан.

Кетпей ме ауыздағы алалықтан,
Асырмай сөзді бастан кек алыссаң.
Атылған қарма-қарсы жолбарыстың
Біреуі мерт болады өзі алысқан.

Алтынның қолда барда қадірі жоқ,
Басқаның сүзілгенмен көзі алыстан.
Не жетпей қырын қарап қырғиыстың,
Сыйып жүр жер бетіне көп арыстан.

Тәрбие-тәлім көрген бала едіңдер,

Апыр-ау, мінездерің неге ауысқан?
Атаның әруағынан аттамаңдар.
Елі үшін ұрандасып ер табысқан.
Орнықсын жұрттың көңілі бұдан былай

Бөлінбе, тілеуі бір ел-арыстан!..
Әуеннің соңын екпінді қайырмамен ширатып барып тоқтағанда,
Тоқпамбет қария:

– Айтқаның келсін, Әсетжан! – деп қолын жайды. – Саған да

берер батам – өмір жасың ұзақ болсын!..
Қоңырқай өңі қызара бөрткен Жабықбай көптің алдында өз
ойын айтты.

– Әсаға, ғибратыңызға құлдық. Аңғалдығымнан арандаған

түрім бар. Араздықпен ауызданған кісі емеспін. Ағама өкпемді
назым санап едім.

– Өкпе – наз емес, желік, – деп Әсет сөзін бөлді. – Біздің

халқымыз желіктің әлегінен құтыла алмай сансырап жүр. Дауыл
ықтырған елді құйынның арасынан өзіңдей қайратты азаматы алып
шығуға тиіс. Соны ойла ылғи. Мешеке, інілеріңізге бас-көз боп,
жақсылық жолына жетелеңіз. Бұл – елдің тілегі.

– Әсетжан, елден аянарым жоқ, ағаттығымды өзіңе де

айтқанмын. Ініммен табыстым, ырысым тасыды. Ел-жұртымның
ниетіне разымын!..

– Көңіліміз көншіді, – деді Шадай қария мәз болып. – Алды­

мыздан қуаныш тоссын!

– Енді далаға шығып, сергіп алайық, – деп қозғалақтады

Тоқпамбет қария.
Күн төбеден ауған. Сыртта да бір қауым адам топтасып
қалыпты. Жер бетін салқын самал желпиді. Мешпет биге ілесе
Жабықбай шықты. Көбінің көзі соларда. Ашық қабақтарын көріп,

көңілдері өсті. Шеттеген Әсетті жанай берген Ғапари:

– Әсет, тамағыңа суық тиген бе, қандай дәрі ішіп жүрсің? – деп

сұрады. Әсет шынын айтты.

– Кім біледі, қысқы суыққа ұрындырып алдым ба? Көбірек

ән салсам өңешім құрғай береді. Сондықтан анда-санда мүсәтір
салып қоямын.

– Оның үніңе зияны жоқ па?

– Зиянсыз, қышқылы да дәмді.

– Дегенмен байқау керек.

Бұлардың қасына Мешпет би келді де, сөз басқаға ауды.
Біраздан кейін үйге қайта кіріп, орын-орнына жайғасты. Тамақ та
әзір екен, табақ тартылды...

Астан кейін біраз тынықты да, Әсет домбырасын қайта қолына
алды. Толқи сөйледі.

– О, ағайындар. «Өз үйім – өлең төсегім» дейді екен бұрынғы­

лар. Менің елімнен шыққаныма бес-алты жылдың жүзіне
қарапты. Сағыныш па, аңсау ма, туған жерімнің тау-тасы, өзені
мен көлі түсіме жиі кіріп жүр. Сондықтан қалай да қайта оралмақ
ойым бар. Осы келісімде сіздермен дидарласып қана емес,

қоштасып та қайтуды мақсат етіп ем... Енді, бүгіннен бастап,
қоштасу әнін де айта жүрейін.
Бөгелмей шырқады. Бұл әнді былтыр Текестен қайтарда
сондағы елге де айтқан. Мұнда да қайталап еді, өзінің де сарайы

ашылды. Жұртты баурап алды.

– Қайда жүрсең де аман бол, Әсетжан! – деді Шадай қария

мұңайып. Бұл тілекке Тоқпамбет қария өз ниетін косты.

– Жолың болсын, шырағым!..

– Бізге тартқан сыйыңды асылдың көзіндей сақтаймыз! – деді

Мешпет би сеніммен. – Рақымберді, ұғып қал, балам!
Әсеттің қоштасу әнін Рақымберді сол арада қайталап айтып
шықты. Бейне қыз ұзатылатындай әйелдердің көзі жасқа шыланды.
Нені қимайды, нені аяйды, өздері де білмейді.

Ел тарағанда әлгі әнді жан-жаққа бытыраған топтың арасынан
кейбір жігіттер ынтызарлана шырқап бара жатты...

КӨРГЕН ТҮСТЕЙ СӘТТЕР-АЙ!

Қатпар-қатпар қалың таулардың арасын жарып ағатын
Турасу аңғарының екі шеті ат шаптырым. Кең алқапта шыжан­
дай ел. Сай-саланың қойын-қойнауы топ-топ ауыл. Қоян жон
жасыл қырқалардың беткей-белеңіне үйрек-қаз жыпырлата ұя

салып, әр ұяға шашырата жұмыртқа салып кеткен секілді. Жа­
йылма қойнаулар мен жұмыр жондарға шоғыр-шоғыр ақ үйлер
тігілген. Атқа мініп, аңдыздай шұбырған адамдар қайшыласады.
Саздауыт ойпаттағы, шалғынды тектұрдағы биебаулардың басы

үйездеген үйір-үйір жылқы. Самалға желпінгендей бастарын
ақырын изеп, еріне шұлғиды. Үш-төрт байталдан иемденген
қысырақтың айғырлары бұл топқа маңайламайды. Жылы­
стай аулақтап, алысқа ығысады. Тісқақты сақа айғырлардың

зорлығына ұшырамау үшін қашақтайды. Өзен бойының
жазығында, тау қапталының төскейлерінде қора-қора қой қаптай
жайылған. Бұл күні ел Еренқабырға таулары сілемінің ұзынға

созылған күнгей қапталындағы қатар жатқан Ламбура, Қайшы,
Шірге жайлауларының теріскей сағасындағы Қарлығаштының
бөктеріне қарай ағыла бастаған. Иін тірестіре тігілген боз
үйлердің салтанаты алыстан көз тартады. Онда ұзатылатын

қыздың тойы өтеді. Жорғаға мінген қыздар әсем безендірілген
аттардың үстіне қондыра салған әшекейлі қуыршақтан аумай­
ды. Дөңгелек бөріктеріндегі, шұға тақияларындағы шоқ-шоқ
үкілері қамыстың жел шайқаған үлпегіндей бұлғалаңдайды.

Сол жас желең топтың ортасындағы келіншектер қалың көк ала
үйректің арасында жүрген қоңыр қаздар сықылды. Ақ шаңқан
шаршылары ақ жалаудай ағараңдап бір қиырдан көз тартады.
Кимешектерінің жағы төрт елідей сіреу кесте. Алды да, арты да

біз кестемен өрнектелген гүлді безек. Маңдайларына үлкенді-
кішілі моншаққа ызбалап, күміс бауға бекітілген салпыншақ
таққан. Дөңгелек жүздері албырап, ақ орамалға жартылай орап
қойған алқызыл алмаға ұқсайды, қып-қызыл реңдерімен көзді

үйіреді. Саусақтарына асыл тастан көз орнатқан алтын-күміс
сақиналар салған. Білектеріндегі қақтама және жұмыр күміс
білезіктері күнге шағылысып, айнадай жарқылдайды. Күміс
шапқан жүген-құйысқанның, ер-тұрманның бетінде күн сәулесі

діріл қағып, ақша қардың қылауындай жалтылдайды.
Қайшының белінен терістікке қарай бұрылған жарау атты
жігіттердің тобы да сәнді. Аппақ қалпақтарын шекелеріне
қоқырайта киіп, ердің үстіне жантая сәнмен отырған. Тізгінді

ірке ұстап, аттарын лекіте аяңдатады. Тұс-тұстан аңдыздаған
адамдардың жолдары жалпақ төскейдегі қалың ақ үйлерге тоғысып
жатыр. Шұбалаңдай сұлаған Шіргенің қайқима белі бұрынғыдан
бетер қайысып, қаңылтырдай майысқан секілді. Жел шайқаған көк

шалғын судырай тербеледі.
Оң жақтағы Турасу өзенінің бойын қоныстанған ауылдан
сәскеде аттанған Әсеттің қасына ерген кісілердің жас шамалары
әр келкі. Жабықбайды төңіректеген жігіт ағалары артта. Меш­

пет биді қаумалаған жасы үлкен ағаларын алға салған. Әсет
осы алдыңғы шоғырдың арасында. Ал жас пері Рақымбердіге
үйірілген бозбалалар ең соңында. Бұлардың тобы дүрмекті,
думанды. Біреуі гүжілдеген гармонды сарнатса, біреуі үкілі

домбыраны безілдетіп, сән-салтанатпен төңіректі жаңғыртып
келеді. Аспан астын дүр сілкіндіріп, анда-санда ән де шырқап
жібереді.
Алғы топтың жүрісі баяу, салмақты. Аттары бастарын шұлғи

сілтеп, аяқтарын өз ырқымен басады. Сонда да қатарындағымен
ерегескендей иық қағыстара ілгері ентелейді. Төскейге өрлеген

кісілер үштен-төрттен қатарласқан. Орта жолдан ауғанда
бұларға артқы топ араласып кетті. Сол орайда жанаса аяңдаған
Жабықбай:

– Әсаға, елге биыл қайтпақсыз ба? – деп сұрады қимағандай,

әлденеге елегізіп. Кешегі айтқан қоштасу әнін естігеннен бері
іштей күйзеліспен жабығып қалған. Жаны қиналып, алағызған
көңілінің лебін сездірмеуге тырысты. Әсет жұмысы тынған
адамша жайбарақат жауап қайырды.

– Ел жайлаудан түсе, көп аялдамай арғы бетке асып кетуді

мөлшерлеп жүрмін.

– Рұқсат қағаз керек емес пе екен?

– Мұнда бізді ешкім қағазбен жіберген жоқ қой, – деп күлді

Әсет ондай рәсмиятты өлең қылмай. – Қайтқанда да қажеті
бола қоймас. Бұраталаның арғы қабырғасындағы Тоқтаның
белінен асып түссем, Алакөлдің өкпе тұсынан дік етіп жетіп
бармаймын ба!..

– Мықтап-ақ бел байлаған екенсіз, ә, Әсаға? Менің әлі де

бірер жыл аялдай тұрмас па екенсіз деп өтініш айтпақ ойым
бар еді.

– Қашпақ болсаң – зымыра дегендей, уақытты соза беріп

қайтемін...

– Осындағы ел-жұртпен бұдан да тығызырақ аралассаңыз,

жақсы-ақ болар еді, мейірі қанбай қалды ғой.

– Елдің көңілін аулап ұзақ жортыппын да, өзімнің кө­

кейімдегіні елемеппін...

– Адамның арманы таусыла ма?

– Әркімнің туған жері – Мысыр шаһары емес пе? Ең аяғы

Алакөл құсының шуылы, қамысының сусылы, бұйрат құмының
тозаңы, айдыны айнадай жарқыраған Балхаш, Ертістің аруы
Семей, көгалға көмкерілген Сарқант, нуға бөленген Алматы
ойымнан кетпейді. Асыл затын жоғалтып алған кісідей алаңдай

беремін. Жанымда тыныштық жоқ, көңіл күпті. Алағызған сай­
ын адамның тыныш өмір сүруі қиындайды екен. Есіме түссе,
жүрегім шымырлайды. Күндіз – түні сағынамын да жүремін!..

– Сонда да сабыр сақтап, сый-сыяпатымызды әбден көрсеңіз

етті.

– Сәті түссе, тағы бір оралармын. Құстың да жыл сайын қайта

айналып соғып, ұя салатын көлі мен шөлі болмай ма? Пенде де сол
тақылеттес. Өзі туып-өскен жерге бауыр басады, етене боп кетеді.
Алыс жүрсе аңсайды. Тіпті, бұтасына дейін сағынады.

– Ауып келгендердің бәрі де қайта ма?

– Менің елден кеткеніме бір талай жыл етті. Шәуешекке

бұрын да келіп-кетіп жүретінмін. Сол әуенмен осыдан төрт-бес
жыл бұрын сол өңірге өтіп ем. Осы жолғы келісімде ойламаған
сергелдеңге тап болдым. Тіпті азып-тозғаным сонша, елдің көзіне
көрінетін күйім қалмады. Содан Алтайдың бір жотасы Сауырға

дейін шығандап бардым. Ондағы елдің пейіліне бөлендім. Көңілім
жадырап кері оралсам, босқан елдің алды Емілдің күн шығысына
келіп те қалған екен. Солардан бала-шағамның Бұраталаға асқанын
естідім де, зорға іздеп таптым. Көшкен елде қадір қала ма, қашқын

атаныпты... Бұл жанға батпай ма?

– Оған несіне қынжыласыз, – деді Жабықбай әлденеге ыза­

ланғандай булыққан Әсетті жұбатып. – Есерлердің аузынан не
шықпайды?

– Шынында да, біздің күніміз сол ғой, оны қалай жасырарсың?

– Бірақ халық тағдырын тәлкек етуге жан төзе ме?

– Істің жайын ойласақ, бір қауым ел ақ патша әскерлерінің

шапқыншылығына ұшырап, жан сауғалап қашқан. Енді біреулер
дүние-мүлкін арқалап, мал сауғалап қашқан. Солайша, ел бүлініп,
халық тағдыры тайталасқа түскен...

– Өзіңіз ол жақтағы жағдайдың анық-қанығын айырып аң­

ғардыңыз ба?

– Естуімше, Совет өкіметі кедей-кепшіктің қолын есе-теңдікке

жеткізіпті. Он – он бес жыл малын баққан жалшыны қазақтың бай­
лары жарылқай қоюшы ма еді? Жаңа өкімет сондайлардың еңбек
ақысын алып беріпті. Бұл қазақ арасында бұрын болмаған іс қой.
Жауыздарды ауыздықтап, зұлымдарды тұралатыпты. Есе-теңдігін

кім жоқтамайды? Өзің айтқан әлгі Есбосын да есесі мен кегін
қуып, жанын шүберекке түйіп жүргеннің біреуі. Оны ел жақтайды,
әкімдер даттайды. Дүниенің кереқарлығы осында.

– Е-е, біз бір торғаймыз ғой, тозып жүрген...

– Есбосынның қазіргі күн көрісі мен беталысы қалай екен,

бірдеңе білесің бе?

– Қалың топқа араласпай, сырттаңқырап жүрген көрінеді.

Азап шеккендер, зорлықтан қашқандар соған барып паналайды
екен.

– Солай, шырағым... Ол да адамның қорғаны болғанының

белгісі. Халықтың қамын ойлаған ынта сондай ыңғаймен өрбиді.

– Бірақ зұлымдықтың қоршауында тұр ғой, құлашын жаза

алмас...

– Халқы бар емес пе арқа сүйер?.. Өз басым халқыма

жақсылық қана тілеген жанмын. Еліме барсам, құшақ жайып
қарсы алмаса, мандайымнан шертпейді.

– Демек, бір жола бел байлаған екенсіз, ә?

– Иә, осы жолы бұл өңірді көріп қайту үшін әдейі келіп ем,

бір талай оқиғаның басы-қасында болдым... Елдің азаматысың
ғой, шырағым, халықтың бірлігін берік сақтауға бар күш-
қайратыңды сал... Шолақ ойлама, байламыңды қазақи тесе
қайшымен кеспе. Заман ағымын, халықтың ауқымын барлай

қимылда... Менің түйгенім де, кеңесім де осы.

– Аяқты аңдап баспасақ, мұрттай ұшатынымызға көзіміз

жетті ғой, Әсаға.

– Есіңде болсын, қазақтың қолтығын жазып аттауына

ырық бермей, адымын аштырмай, кім көрінгеннің жемтігіне
айналуына себепкер болып жүрген кесел – рушылдық тәжіке.
Кейбіреулер сол сүрлеуді пайдаланып, өз қамы үшін топ құрады
да, қазақтың атын жамылып, жоғары өрмелейді, Қойдың терісіне

оранып, қораға кірген қасқыр сияқты. Ортаңа сіңіп кетіп, өзіңе
шабады. Іштен жеген жегі құрт секілді. Енді біреулер рудың аты­
мен атаққа бөленуді ғана көксейді. Ондайлар жалпы халықты та­
нымайды. Қара басының бағы үшін сәті түскен орайда жемтікке

тастап кетуден шімірікпейді. Біздің кең қолтық, иланғыш, аңқау
халқымыздың соры осы алалығында. Шамаң келсе, халқыңның
ынтымағын сақта, ақыл-ойыңды соған жұмса. Аштан өліп,
көштен қалмассың, біреудің көлеңкесін ықтап күн көрме...

– Бұл ақылыңыз әлгі өлеңмен айтқан өсиетіңізден де мықты

болды-ау, Әсаға!

– Өсиетім емес, мұңым бұл. Халқыңмен бағың жанады.

Кейінгі ұрпақ Есбосынды батыры санайды бір кезде. Ал Сылам­
жан сықылды құлқынның құлдарына қарғыс айтады...

– Соның шеті әзір-ақ шығып жүр.

– Таразынын басы теңеледі әлі...

Ауылға таяп қалғандықтан сөз үзілді. Аттарын ағындата
жүйткіген екі жігіт алдыларынан шығып, сәлем беріп қарсы алды
да, күрігейлей тізбектеліп тігілген оқшау үйлердің орта тұсындағы
үлкен ақбоз ордаға бастады... Меймандардың аттарын бір-бір жігіт

ұстап, мама ағашқа байлап жатты.
Дастархан жайылғаннан кейін қымыз құйылып, табақ тартыл­
ды. Сөз аз. Әлден уақытта үйдегілердің алды дүркіреп сыртқа лап
қойды. Ауылдың оң жақ қапталындағы аласалау жоны жалпақ

дөңге қарай шұбырып барады. Аттылы-жаяуы аралас. Атқа мінген
Әсет тобы да солай беттеді.
Кекілін түйген құнандарға мінген, бастарын шытпен таңып
алған балалар тобы бір төбеде. Жал-құйрығы сүзіліп, кекілдері

қызыл-жасыл жібек жіппен байланған жарау сәйгүліктерге

мінген ересектеу балалар шоғыры арғы шетте жүр. Сүліктей
қатқан қара жорғасын жосылтқан даяшы ызғытып құнандар
тобына, одан кейін сәйгүліктер жағына барды да, ат айдаушы­
лық­қа белгіленген жігіттерге тапсырма беріп, жайтаңдаған күйі

бергі биіктеу төбенің басына шоғырланған қалың топқа қайтып
оралды. Содан кейін дауысын көтере айқайлап, жар салды.

– Уа, халайық, құлақ салыңдар! Құнандар төменгі Дөңгелек­

саздан, аттар оның арғы жағындағы Шапқанжотаның еңкеймесінен
қайтады. Айтып қояйын, мәреге келгенде құнан да, ат та тартыл­
масын. Мәреге өз шабысымен кірсін. Кімде-кім жанамалап шау­
ып, шылбырға оралса, құнаны не аты озып келсе де, оған бәйге

берілмейді!. Осыған разысыңдар ма?

– Разымыз!.. Малдың қасиетін танытатын еркін шабыс

жақсы! – деп қалың топ шулай қостады. Даяшы қара жорғасын
сусытып барды да, құнан мен сәйгүліктер тобын жолға салып
жіберіп, қайтып келді. Алдыда аттар тобы, соңында құнандар.
Шашырай шұбалып, баяу жылжып барады. Ат айдаушы жігіттер

бәйге жолы өтетін аумақтың маңындағы малшы-қойшыларға
шауып барып, жолды малдан босатуды тапсырады. Сол-ақ екен,
жайылып жүрген жылқы да, сиыр да әрі-бері айдалып жатты.
Даяшы тағы да жар салды:

– Уа, халайық, енді күрес ойынын бастаймыз! Палуандарыңды

сайлап, ортаға шығарыңдар!
Топ-топтың арасынан самдағайлана сыбанған жігіттер шығып,
ортаға түсті. Аттылы-жаяу жұрт дөңгелене шеңбер құрып қоршап
тұр. Алдымен жас палуандардың сайысы басталды. Бұл шайқастар

әп-сәтте бітіп жатты. Одан кейін еңгезердей шой қара мен бұлшық
еті ұршыққа ойнаған бура сан шегір сары ортаға түскенде қалың
топ іштерінен дем алғандай тына қалысты. Екеуі де жарғақ шал­
бар киген, кеуделері жалаңаш. Төреші екеуінің беліне байлаған

мата белбеулерін мұқият тексерді. Екі кісі екі жақтан екеуін асау
өгізше бұлқынтып, ортаға жетелеп алып келді. Төреші күресуге
белгі бергенде-ақ сарт-сұрт ұстаса кетті. Кеуделерімен тіресе
қақиып, белдегі белбеуден ұстап, көтере сілкілеседі. Шой қара

қарсыласын жерден жұлып алып, жамбасқа сала тастап еді,
жуан сары мысықша ытқып, сытылып кетті. Бір кезде жуан сары
қапсыра құшақтап, жата беріс әдіспен лақтырды. Ит жығыспен
жерге қатарласа құлады. Одан кейін сирақтары айқасып, сіресе

қаздиып біраз тұрысты. Шой қараның қолы белбеуде, жуан сары
қапсыра құшақтаған. Іштен шалған шой қараның аяғы жуан
сарының сирағына жыланша оралған. Ол шалқалай тастау үшін
құлшынады. Жуан сары мықшия шіреніп, қарсыласын жерден тік

көтерді де, өзінің салмағын ауырлатудың амалын жасайды. Әлден
уақытта шой қара ырғап-ырғап тұрып, жамбасқа бұлт еткізіп еді,
жуан сары жып етіп бауырына кіріп кетті де, шой қараны жотасына
салып алып шыр айналдырды. Сол қалпымен жерге құлатты да,

астаудай кеудесімен баса қойды.

– Жаса, Тойбек, жаса!.. – деп шулады бір қауым жұрт.

Палуандар мадаққа бөленді. Әңгіме осы төңіректе қозды.

– Екеуі де біріне-бірі сай. Бұқабайда күш бар, айла жоқ. Ал

Тойбек әдісқой, сынапша сусиды.

– Ана жолы Бұқабай жығып еді, Тойбек бүгін есесін қайырды.

Біріне-бірі жеңістік бермей-ақ келеді.

– Содан ғой, ірі қараны көтерісуге бәстесіп жүргені.

– Қашан-ей, нені көтеріп жүр?

– Осы көктемде. Талас қыза келе Бұқабай құнан өгіз, Тойбек

тайлақ көтермек болды. Елге қызық керек. Біреу бордақылап
отырған өгізін, біреу қорасындағы тайлағын жетелеп келді.
Жиналған жұрт қаумалай жебеді. Бұқабай өгіздің артқы екі аяғын
тұсап байлады да, өзі бауырына кірді. Сонан соң екі қолымен

өгіздің төрт аяғын кеудесіне қыса ұстап, тік көтеріп әкетті де,
межелі жерге жеткізді. Кезегі бойынша Тойбек те қарқынға басты.
Тайлақтың төрт аяғын жіппен шандап тастап, қапша жотасына сал­
ды да, есік пен төрдей жерге арқалап барды. Бұл қылықтарына екеуі

де мәз. Бірін-бірі қапсыра құшақтап, қайраттарына сүйсініседі.
Ел таңдай қағып, қызыға қарасады. Бүгінгі күрестен кейін де екі
палуан құшақтасқан қалпы топтан жырылып шетке шықты. Ақсия
күліседі. Көпшіліктің көзі соларда. Бұлардан кейінгі палуандар

айқасының барысы шуылдаған дауыстардан ғана байқалады. Топ
сиреген. Ол маңда жас-желеңдер тобы ғана қалған. Көптің алды
қиқулап, оңға қарай ойысқан. Көз ұшында бір боз құнан зымырап
келеді. Соңындағы баран тақымдап, ентелей ұмтылады. Сол тайта­

ласпен әп-сәтте жақындады да, сөре тұсындағы қайқаңға ілінгенде
көшелене қақ жарылып тұрған топтың айқай-сүреңі делебелерін
қоздырған жас тұлпарлар егесе өршеленіп, құлшына атырылды.
Мәреге құйрық тістесе жетті..

– Уа, жараңдар! – деді даяшы дауыстап бәйгенің қызуы басыла

бергенде. Жұрт елеңдей құлақ түрді. – Енді ат келгенше бұқа тар­
тысты бастаймыз! Қане, мықтыларыңды сайлаңдар, бері келсін!..
Екі шеттен екі жігіт сайланып ортаға түсті. Сол маңдағы
кісілер ары-бері ығысып, тартыс өтетін алаңды босатты. Екі ұшы

тұйықталып байланған арқанның екі тұйығын төреші қарама-қарсы
бағытқа сүйрейтін екі жігіттің мойнына ілді. Белгі берілген за­
матта алға тартып, сырғуы керек. Жігіттер етпеттеген қалпы төрт

аяқтап, жерге еңкейіп тұр. Тартысқа белгі берілген соң әр қайсысы
алдына қарай жылжыды да, біразға дейін сіресе күш сынасты. Бір
кезде тығыншықтай тапал қара ұзын сирақ ашаң сарыны тоңқалаң
асырып, сүйреп әкетті. Бұған қарап тұрғандар мәз-мәйрам. Бұқа

тартыс осы кезекпен бірсыпыраға дейін созылды. Әлден уақытта:

– Аттардың да қарасы көрінді!.. – деген қуанышты дауысты

естіген жұрт лықсып, төменгі адырларға жалт қарасты. Көз ұшында
бір баран қараңдайды. Үстіне мінген баланын көк жейдесін жел
кеулеген, жалауша желбірейді. Қалың аттан қара үзіп шыққан түрі
бар. Қарсы алдындағы қайқаңға ілінгенде:

– Сұркөжек қой мынау! – деді бір жігіт тыпырши елеуреп.

Қасындағы қаба сақалды шал шыдай алмады ма, әлде, делебесі
қозды ма, ұрандай айқайлап жібермеді:

– Әруақ, әруақ!..

Сол арада Сұркөжек қалың ел тұрған төскейге ілікті. Айқай
сүреңді естіген соң арыны да үдеді. Артындағы іркес-тіркес
шұбатылған аттардың аралығы арқан бойы. Қара жорғалы даяшы
жоғары-төмен шапқылап, бәйге атының мәреге қарай бөгетсіз өтуі

үшін жол ашты. Аттылы-жаяу кісілер қақ жарылды. Сұркөжек
тақап келгенде елірген жұрттың қиқуы бұрынғыдан бетер ұлғайды.
Делебесі қозған тұлпар өршелене атырылды. Бойына тың күш
құйылғандай... Соның артынан іркес-тіркес мәреге жеткен аттарды

топ-топ адам тұс-тұсқа оңашалай жетелеп алып кетіп жатты.
Бәйгенің қызуы мен ду-дуы саябырлаған кезде қыз қуу ойны
басталды. Қариялар биіктеу төбеге жайғасты. Жастар төменірек
топтасты. Сайысқа әзір. Қос етек ақ жібек көйлекті, кеудесіне

жабысқан қызыл қазекейлі талдырмаш қыз жыландай сумаңдаған
тобылғы торысын ойқастата алға түсті. Шоқтығы биік, ауыздықпен
алысқан көк қасқа атты жігіт соңынан ұмтылды да, орта жолдан
асырмай қуып жетті. Қыздың белінен қапсыра құшақтағанда

торының тізгінін қоса ұстап, шабысын баяулатты. Сонан соң
ерке қызды құшырлана аймалады. Атына сенген жігіттің мерейі
үстем. Сол бетімен межелеген жасыл төбешіктегі ортан беліне
дейін жерге сіңіп жатқан үйдей тасты айналды да, қызды тастай

салып, артына жалт бұрылды. Көк қасқа қоянша зыта жөнеліп еді,
жіптіктей торы оқ жыланша атылын, арқан бойы оздырмай тарпа
бас салды. Енді қыз жаңағы сәтте масайраған жігіттің түбетегінен
алып, шиыршықтай ораған күйі тақымына мықтап басты да,

қамшысын үйіріп, жоталата көсілтті. Ысқырта шып-шып қадалтты.
Орта жолда аунап жатқанға намыстанған жігіт тілін тістеп шыдап
бақты. Топқа жете бергенде-ақ амалсыз атынан аударылып түсті.

Бәрінен қызығы ет-жеңді толықша қара қыздың қайта қуғанда
жете алмай, ботадай боздағаны болды. Мақпал қарасын сүзілтіп-ақ
зымырап еді, соңындағы жігіттің сүліктей сұлу жирені арындап
келіп, албастыша басты. Жігіт жүрісті қалағанынша баяулатты

да, әлгі белгі тасқа дейін қызды армансыз сүйіп-құшты. Кері
бұрылғанда сұлу жирен құйындай жүйткіді. Жүні жылтылдаған
мақпал қараны айдалаға тастап кетті. Ызаға булыққан қыз атын
басқа-көзге сабалап, өгіздей өкірді.

Бұл ойынның да қызуы суый бастағанда көкпар берілді.
Жұрттың ықыласы енді соған ауды. Қариялардың талабы бой­
ынша алдымен жеке тартыс өтті. Екіге жарылған топ аттарды
сайлап мінгізген екі-екіден мықты жігіт шығарды да, солардың

тартысын тамашалады... Бір уақытта бір бүйірден қалың атты
кісі төрт жігіт тартысып жүрген көкпарға лап қойысты. Сол-
ақ екен, дода басталды да кетті. Құмырсқаның илеуіндей
құжынаған шоғыр шырқ үйірілді. Араның ұясындай быжынап,

әрі-бері лықсиды. Сеңдей сығылысқан күйі біраз жерге сырғып
барады да, қайтадан ұйлығысады. Шырайнала сығылысып
тұрды да, бір сәтте сетіней жылжыды. Содан қораның орнын­
дай ойпаң шұңқырға түсті. Сірескен топтың қақ ортасындағы

көкпарға қолдарын соза анталаған көпаршылар тұс-тұстан итіне
кимелейді. Осы дүбірді сырттай бақылап, шоғырдың соңынан
ақырын ілескен Әсет тобы оқшау жүр. Тақымдары аттың
қабырғасына жабысып қалғандай сіресіп, бас-сирағы кесілген

серкені басып алған жалаң бас ұзын сары жігітке иірілген
шоғырдағылар мас кісіше елеуреп ұмтылысады. Қазақтың осын­
дай дуға қызып кететін албырт жігіттері өз өмірлерінің барлық
асыл қайратын осы додаға салып, жұлқыласа тартқылап жатқан

секілді. Басқа қызықтың бәрін ұмытқан. Өмір бойы көзі үйреніп,
қанына сіңген ойын. Өз бойларындағы қажырды осы сайыспен
сынайды. Кейбіреуі киім-кешегін шиыршықтай орап, ерінің
артқы қанжығасына бөктерген. Есесін жібергісі келмегендей

сыбанып алған. Енді біреулері көкпарға қолы жетпесе де, ілгері
ентелеп, атын тебінеді. Нән серкені тақымына басқан ұзын сары
қамшысын алақанынан көлденең тістеген. Екі қолы серкенің екі
сирағында. Алып көр дегендей жуан сары бауыр атының үстінде

шіреніп отыр. Тұс-тұстан елірме дауыстар естіледі:

– Әй, жігіттер, анау Қоғалбайдың атын тартыңдар, бері!..

– Енді оның тақымынан лақ шықпайды!

Әлден уақытта нән көк серке ортан белінен үзілді де, екіге
бөлінді. Сірескен топ та қақ жарылды. Бөлшекті ала қашқан­­

дарды жапа тармағай қуаласа жөнелді. Құжынаған топ та ыды­
рап, жан-жаққа шашырай тарап кетті.
Осы кезде өз тобының шет жағындағы Жабықбайдың қасына
сұлу торыға мінген ақ сұр жігіт тақады да, бірдеңе айтты.

Жабықбай өршелене жұлқыласқан топқа қарап, қиял шегіп
тұрған Әсеттің қасына келді.

– Әсаға, мына жігіт сізді той жасаған ауылдан өз сыбағаңызды

жеуге шақыра келіпті.

– Жүр онда, бізге оңаша үй қолайлы шығар...

Оқшаулау тігілген ақ отаудың төрінде Мешпет би, Ғапари,
Шадай қария отыр екен. Бұлар кіргенде басқа жұрт жарыла
түрегеліп, орын босатты. Қымызға қанып, шөл басқаннан кейін
ән тыңдауға құштарлық талабы естіліп еді, Әсеттің емеуірінімен

сауықты Қадырихан бастады. Бұл өңірдегі елге әлі таныс емес
«Кіші Ардақ» қалықтады.

– Ей, Ардақ!

Ат қайда Ақбақайдай ақсай келген,
Кыз қайда Ардақжандай, ай-ау, көзі күлген!
Алыстан әдейі іздеп келгенімде,
Айтқызбай ішкі сырды, ай-ау, өзі білген.

Хали-ләли, лали-лали,
Ләйлім-ай-ау,
Хали-ләли,ләйлім-ай-ау,
Хали-ләу, ләйлім-ей, ау!

– Ей, Ардақ,!

Ат қайда Ақбақайдай жарысарға,
Ардаққа қолым создым, ай-ау, алысарға.
Жайлауға ел қондырып, козы сойып,
Күн бар ма Ардақ, қызбен, ай-ау, табысарға!?

Хали-ләли,лали-ләли,
Ләйлім-ай-ау,
Хали-лали,лайлім-ай-ау,
Хали-ләу, дәйлім-ей, ау!

Сылқым әуен тымық тыныштықты тербей бұралып, аспанға
өрледі. Күмістей сыңғырлаған әуен аяқталғанда Жабықбай әзіл
тастай күлді.

– Қадеке, айтатын әніңізге ылғи Ардақ деген қызды қоса

бергенсіз бе?

– Бұл Ардақ үлкен және кішіге бөлінеді, – деді Қадырихан ойын

бүкпесіз ашып. – Оның түпкі сырын Әсағаңнан сұраңыздар. Мен
үйренгенімді айтушы ғана адаммын...

Бұл сырға ынтыққан жұрт жапырыла Әсетке мойын бұрысты.
Ол қысқа жауап қайырды:

– Аяулы асылымызды ардағым деп ынтығамыз ғой. Бұл да менің

ардақтаған адамыма арнаған екі әнім еді. Бірінен бірін айыру үшін
ғана үлкен-кішіге бөлінген, мазмұны біреу.
Тыңдаушылар қанағат тапқандай үндемеді, тәптіштей сұрап,
ішкерілеудің бұл жерде қисыны жоқ. Ән әрі жосылды. Сөз аз, ұйып

тыңдаған. Ауыл үсті ән сазына балқыған. Сол қатардағы келесі
үйде әйелдер шай ішіп отырған.

– Мынау біз әлі естімеген жаңа ән екен, – деп, құмарлана

құлағын тосты толықша қызыл шырайлы кербез әйел. Жүзі бал-
бұл жанған, тамсанып қояды. Ызылдаған нән сары самауырынның
тұтқасын ұстап отырған талдырмаш қара торы келіншек өзі білетін
бір жайды айтты.

– Бұл әнді салғандар би атам мен ақалақшы ағаның ауылындағы

қонақтар ғой.

– Е-е, әлгі Әсет ақын ба сонда? Ол да келген бе бұл тойға?

– Жаңағы әнді айтқан сол кісінің қасындағы серігі, – деді

келіншек түсіндіріп. – Әсет ақынның дауысы одан өзгеше. Әнеу
күні Жалқы атамның үйіне барғанымызда естіген едім...

– Шадайдың үйінде ме?

– Иә, ол кісі тай сойып, би атам мен ақалақшы ағаны татулас­

тырды. Сонда Әсет ақын өлең айтты, ән салды.

– О, айналайын қайырлым!.. Мә, бұл жолы Шадай ағалық жа­

сады. Елдің сауабын алды-ау, әйтеуір!..
Сол күнгі мәжілістің аяғы сауыққа ұласты. Елдің бәрі Әсет
ақынның аузына қарады. Бір қызығы ол кісі әнді алдымен серігіне
айтқызады екен.

Жолдасын сыйлағаны ғой...
Ән қайтадан аспандағанда әйелдер де сөзді тыйып, ынтыға
құлақ тосты. Содан әрі ән сарыны үзілмей жалғаса берді. Бір кезде
аса назды, шалғындай тербетілген «Інжу-маржан» құйқылжыды.

Денелері балқып, жүректері шымырлаған әйелдер де ұйый
ынтықты. Әлденендей тәтті қиялға шомысты.

– Мынау біздің Әсеттің әні ғой, – деді сылқым әуен аяқтала

бергенде төрге тақау отырған жүзі жүдеу, қабағы қатыңқы шы­
райлы әйел кенет елегізіп. Жел қаққан қоңырқай бетіне қызғылт
қан жүгірді. Дөп-дөңгелек қой көзі нұрланып сала берді. Осы
әнді алғаш естіген сәті көз алдынан тізбектеліп өтіп жатты. Сол

күндердің елесіне еліккендей тамсанып қойды. Тұла бойын жалын
шарпып, іштей толғанды. О, тоба, әлі күнге дейін сағынышымның
оты өшпегені ме? Суық құрсаған кеудемнің түкпірінде күлге

көмілген шоқтай қозданып жатыпты-ау... Қолым жетпеген ар­
маным еді ғой. Қарасы көрінбеген соң, күдер үзіп ем. Күнделікті
күйбеңмен жүріп, ойыма түссе, жүрегім шымырлайтын, көз ал­
дыма бейнесі елестейтін. Бірақ оны осы қиырдан кездестірем деп

ойлап па ем?.. Көретін күнім бар екен-ау. Бұл да Тәңірімнің мені
бір жарылқағаны шығар... Қасында қатар отырған сырлас, мұңдас
боп жүрген әзілқой келіншек құрбысына сынай көз тастады.

– Әсетті танушы ма едің, Жәміш?

– Егер сол Әсет болса, танимын...

– Ол қайда қалып еді? – деді толықша сырбаз әйел әлденеге

қызыққандай елти жымиып.

– Біздің ауыл Ай өзенінің төменгі сағасында, Таңсық дала­

сында еді. Әсет осыдан біраз жыл бұрын біздің ауылға келіп,
бір талай сайран салған. Содан қайтып көргем жоқ. Ауылы
Мақаншы, Алакөл маңында деп естігем... Ол қайдан келе
қойсын, аттас басқа біреу болар...

– Е, Жәмішжан, адамның басы тағдырдың добы дейді ғой... –

деп жұбатты сырбаз әйел мұңайған келіншекті. Сол кезде шай
құйып отырған өрімдей аңқау келіншек әлденеге қуана жайнаң­
дап, аптыға сөйлеп кетті.

– Тәте, сол айтқан кісіңіздің дәл өзі. Әнеу күні Жалқы атамның

үйінде енді елге қайтамын. Елімді, көлімді, тауымды сағындым.
Сендермен қоштасқаным осы болсын деп, бір ән салды да, елмен
арыздасты. Сол әнді Ерке бала үйреніп те алыпты.

– Рақымберді ме? – деп сұрады сырбаз әйел.

– Иә... Түн ортасында ауылға бірге қайтып ек, жол бойы

қайталап айтып берді...
Мұңайып отырған Жәмішке әйелдер мүсіркей қарасады. Әрі
аяп, әрі таңданғандай. Осы бір тосын көңіл күйін салиқалы сырбаз
әйел жебеді.

– Онда бүгін де осы ауылда ән салатын шығар?

– Тойда ақынның жағы сөнбейді, көпшіліктің қалауынан аса

ма? – деді үмітті жалғағандай ақ сары кербез әйел. Осы долбарлар
Жәміштің мұзын ерітті, үмітін жалындатты. Қасындағы құрбысына
қияла қарады.

– Күмісжан, кешке өлеңге келесің бе?

– Менің Кемешім қалушы ма еді жиын-тойдан!..

– Кемелбекке айтшы, сылтауратып молдадан мені сұрап алсын.

– Кемешім сені молдадан сұрап алып тойға әкелсе, мен қайда

қаламын! – деді Күмісжан қарқылдай күліп.

– Саған күлкі керек... Менің артқы елдің жайын білгім келеді.

– Ол сүмелегің жібере қоя ма? – деді Күмісжан құрбысының мұң шалған жабырқау жүзін көрген соң аяп. Сұрлана баста­ғанына жаны ашыды ма, шынына көшті. – Қынжылма, бір амалын табармыз... – Өзім-ақ кете берер ем, кейін қыңқылдап, құлақтың етін жейтін әлегі басымды айналдырады... Шаншудай қадалатын тілі жаман... – Е-ей, жазған-ай, – деді салиқалы қызыл шырайлы әйел дем беріп. – Соры қайнаған әйел байқұстың бірі екенсін ғой. Содан басқа еркек кіндікті құрып қалғандай, табына бермесейші!.. – Басқа түскен баспақшыл, жеңеше, не шара... – Өзіңді-өзің жасытпа, кеудеңді көтеріп жүр! – Жарайды, мұңаймашы! – деді Күмісжан көңілін аулап. – мен Кемешімнің тақымын мықтап бір мытып жіберейін. Сонда ол сені молданың үйі тұрмақ, құшағынан суырып алып шығады. Осы кезде ән қайта самғады. Думанға елтіген дауыстар естіліп жатты. Алайда Жәміштің өзеуреп, іштей сағына күткен дауысы естіле қоймады. Сол ма, басқа ма деген екідай күдікті ой санасында сапырылысты. Мал қайтатын мезгіл боп қалған. Әйелдер тарады. Күн еңкейіп, сай-сайды көлеңке жапқан. Аспан ашық. Ән салынып жатқан ақ үйді қоршаған ығы-жығы халық. Сыртта қыбырлаған адам жок. Күмісжан мен Жәміш бірге қайтты. Жайқалған шалғынды кешіп, ылдиға еңістеп келеді. Үйлері той өтіп жатқан ауылдан қашық емес, арадағы сайдың қарсы бетіндегі текшеде. Жол бойы Жәміш барлық сырын ақтарды. – Көрген түстей бір сәттің елесіне ентелегендей бірсыпыра жылдарым өтті. Қайта дидарласуға Тәңірім жазбапты.... – Жаным-ау, мынауың өмір бойы айықпайтын қасірет қой... – Қайтейін, адам амалсыздыққа көндіксе барлық сезімінен айырылады екен. – Мен Кемешіме айтайын осының бәрін. Қалай да бір ебін тауып жолықтырсын. Шеріңді тарқатып қал... – Ой, көп жасағыр!.. Дидарын көргенімнің өзі де дертке дәрмен емес пе?.. Мені ұмытқан да болар, сонда да.. – Шынымен жақсы көрсе, қайдан ұмытсын!.. Оның да шарты толмаған жағдайға ұрынған шығар. – Кім білсін... мен ұзатылған соң, іздеп келе жатып, жарты жолдан қайтып кетіпті деп бір естігем. – Онда ұмытпағаны ғой. – Іздепті, бірақ көрісе алмадық... – Жат жұрттық болған сон, сені аяғаны да... Екінді көзінде Кемелбек үйіне оралды. Аты қара тер. Көкпар­ дың соңынан бір сыпыра ілескен түрі бар. Жүріс-тұрысы сыпайы,

сері жігіт. Жайлау үстінде өткен той-томалақтан қалмайды. Сөзі
де бар. Қыз-келіншекпен қызыл кеңірдек боп айтысқа түсіп жү­
реді. Қара өлеңге дес бермейді. Үйге кірген сон Күмісжан икеміне
көндірген болуы керек, көп бөгелмей қайта сыртқа шықты да,

көршісінің үйіне барып кірді.
Бойы тапалдау арық сары шал төрде таспиық тартып, басын
шұлғи мүлгіп отыр. От басының оң жағындағы қатқан қара
кемпірдің қолында шоқпардай шүйке. Жіп оралған ұршығы зы­

рылдай айналады. Жәміш қазан-ошақ жақта жүр. Бұл үйде бала
жоқ. Сопайған үшеуі ғана. Қабақтары қатыңқы, түстері суық,
біріне-бірінің көзқарастары да салқын.

– Кел, Кемеш, жоғары шық, – деді кемпір іргеге қарай ығысып.

– Отырмаймын, жеңеше. Дәу апам бүгін қонақ кеп, сыйлы

кісілер бар. Күмісжан мен Жәміш келіп болыссын, ертіп алып кел
деп жіберіп еді.

– Е, барсын, мына молада омалғанша!.. – деді кемпір зілдене

бұйырып. Пейілінде күндестік өктемдіктен гөрі жанашырлығы
басым. Барлық құқық өз қолында тұрғандай келіншекке бұрылды
да, кесімін ашып айтты.

– Жәмішжан, бара ғой. Дәу апаң өкпелеп жүрер...

Сары шал сүзіле қарағанымен, безерген қалпы. Үн қатпады.
Бірдеңе айтса шап етіп бетінен ала түсетін адуын қара кемпірден
жасқанды. Сыр алдырмау үшін Жәміш қайтадан киініп те жат­
пады. Кемелбектің соңынан ілесіп жүре берді. Өз үйінің қасына

келген Кемелбек үн-түнсіз атына мінді де, кетіп қалды. Іштен
Күмісжан шықты. Жәмішті ертіп, тойлы ауылға жаяулап жетті.
Сол беттерімен дәу апаларының алдынан өтуге барды.

– Ниеттеріңе рақмет, айналайындар! Осында жап-жас келін-

кепшік қаптап жүрген жоқ па! – деді жасыл шұға шапанын жел­
бегей жамылып отырған денелі ақ кемпір. – Соларды секеңдетпей
бас-көз бола жүріп, өздерің ойын – сауықтан қалмаңдар...
Кең пейіл, жаны жарқын аңқылдақ апалары бұлардың

ықылас-пейілдері үшін-ақ далия жайылып түскен-ді. Қос құрбы
түтіні будақтаған самауырындар мен жалыны лапылдаған қазан-
ошақ жақты аралап барып, сыртта тұрған Кемелбекке таяды.
Ол Күмісжанның сөзін тыңдап алған соң, ән думаны дүрілдеп

тұрған үйге кірді де, қымыз сапырып отырғандардың жастау
біреуін тұрғызып жіберіп, орынын иемденді. Жуылған таза
ыдыс-аяқты тасыған боп Күмісжан да, Жәміш те бұл үйдің ішіне
бір-бір дүркін бас сұқты.

– Сол ма екен? – деп сұрады Күмісжан іштен өңі сұрланып,

көзі жасаурай қайғырып шыққан Жәміштен. Ол тамағына тас

тығылғандай мелшиіп тұр, аяқ-қолы дірілдеп, денесі қалш-қалш етеді. Көзі бақырайып сілейген де қалған. Әлден уақытта қан-сөлсіз бетін көзінен аққан жас жуды. Солқылдай өксіді. Даусы қалтырай булығып, естілер-естілмес күйде сыбырлады. – Сол... өзі... көзінің оты баяғыша, жалын шашып тұр... Жасы­ мапты, мойымапты... Ал мен болсам қасіретке тұншығып, жүнжіп жүрмін. Ол ма кінәлі осыған?.. Жоқ, менмін... Ақырына дейін қасарып отырып, тосуым керек еді. Оған шамам жетпеді. Матап жіберді бір малға, қайтейін... Жәміш үйді айналып, арт жаққа өтті де, кеудесіне тұнған қай­ ғы-шерін ақтарғандай егіле жылады. Түріне қарасаң, сай-сүйегің сырқырайды... Ел орынға отырған кез. Қараңғыда бұларға ешкім көңіл бөлген жоқ. Түн қараңғылығы барған сайын қоюланды. Күмісжан бәйек боп жұбата алмай әлек. – Осы жолы жүздесіп, сөйлесіп қал, шерің тарқар... Мен Кемешіме тапсырайын, жолықтырудың амалын тапсын. – Елді тастап шықпайды ол. Аузына өңкей сыйлы кісілер қарап отырған жоқ па?... Иісі қазақты қадірлейді. Мұндайда оның орны­ нан тапжылмайтын әдеті... – Немене, бітеу ме түзге отырмайтын?.. Сондай тыныс кезінде менің Кемешім іліп әкетеді. Қос құрбының тілеуі қабыл болды. Ай туа үйдегі кісілер қотарыла сыртқа шықты. Сол кезде Жәміш ошақ басына қарай жылыстады да, Күмісжан үйге кірді. Кемелбек қымыз ішілген тостағандар мен тегенелерді жинастырып жатыр екен. Әйелі қасына келді де, құлағына ұзақ сыбырлады. Кемелбек аузын аңқита ашып, таңданған кейіпте тамсана тыңдады. Күмісжан ұйқыдан оятқандай жұлқылады. – Неменеге меңірейе қалдың? Ана кісіге барып айт. Не дер екен? Жүгір, дастарханды өзім-ақ реттеймін. Кемелбек сыртқа шыға сала Әсетті іздеді. Оңашаланып, сырт жақтағы қалың қалақай өскен тұсқа қарай кетіп барады екен. Бұл да солай ойыстады. Әсет қалақай қалқасынаң бері бұрылған кезде алдынан қарсы жолықты. Күлімдей қасына барды. – Әсаға, сізге айтатын бір сөзім бар еді... – Айта ғой, шырағым. – Осында бір кісінің өзіңізбен оңаша жолығып, сөйлескісі келеді. Жүздесуге құмар. – Ол кім, неге жасырын ұшыраспақ? – Күзембайдың қызы Жәмішті білуші ме едіңіз? – Не дейді, Жәміш осында ма?.. Ой, тоба!..

Өңі қызарып-сұраланған Әсеттің елеске айналған ескі өкініші
қайта қозып, кеудесі ашыды. Белгісіз бір ұшқын найзағайдай
жарқ етті де, бүкіл денесін шымырлата жайылды. Қамыға ойға
шомып қалды. Кемелбек әңгіменің артын тоспады, бұл істе

өзінің қолданатын тәсілін айтып салды. – Табақ тартылып, тамақ
ішіліп болған соң, жұртты әніңізбен біраз сусындатып тастаңыз.
Содан кейін кезекті басқаларға беріңіз де, өзіңіз сыртқа бет
алыңыз. Мен ілесе шығып, ертіп алып барып табыстырамын!..

Әсеттің ойы сапырылысты. Бұл жолығуынан не пайда? Ескі
жарасы асқынып, жанын қинады. Бірақ сол бір аяулы адамына
қалай жолықпай кетеді? Онысы қиянат емес пе? Адам ғой, тым
құрығанда жылы сөзін айтып, жұбатқаны абзал шығар. Өткен

өмір қайта оралмағанымен, көңілі бар ғой, жасымасын... Осыған
бекінді де, қасындағы жігітке мойын бұрды.

– Атың кім, айналайын?

– Кемелбек, Бегімбеттің баласымын.

– Көп жаса, Кемелжан! Бала-шағаңның қызығын көр!..

– Қызығы осы боп тұр, аға! – деді жігіт әзіл араластыра күліп. –

Келініңіздің бұйрығын орындамасқа шарам бар ма?!

– Келінге де айт, айналайын, қосағымен қоса ағарсын!.. Енді

өзің айтқанды істейін...
Сағыныш сезімі қозданып, әлденеге елеңдеген Әсеттің жүрегі
өрекпіді, жүзі бал-бұл жанды. О, тағдыр, адасқан адам баласының
жолы бір қиырдан қалай-қалай тоғысады десеңші... Сонау бір

жылы қыраулы күзде айырылысқаннан қайтып көріспеген Жә­
мішпен осынау қиырдағы Ламбураның төсінде кездесем деген үш
ұйықтасам ойымда бар ма еді?.. Әсет қуанған жоқ, зіл батпан мұңға
батты. Өшкен жұлдыздай қараңғы түнге сіңіп кеткен тәтті арманы

еді ғой. Кеудесінен сол бір жалыны сөнген бе, әлде тағдырына
көніп, күйрегені ме, елпілдей өзеуремеді. Байсалды қалпынан
аспады. Сағыныштан гөрі қандай адам боп өсті екен деген жорамал
қалауы басым...

Табақ тартылып, ас ішіліп болғаннан кейін әннің туын Әсет
көтерді. Желпіне, сергек шырқады. Неге екені белгісіз талайдан
бері аузына алмай кеткен «Інжу-маржанды» балдай сорғалатып,
боздаған сарынмен аңырата төкті-ай келіп. Үлкендер адасқанын

аңсағандай, жастар алғы күндеріне ұмтылғандай ентелей ел­
жіреседі. Әнші де осы әуенмен мұңын шағып отырғандай.
Әуелетіп ән салдым саған арнап, ей,
Аспандағы аққуға қанат жалғап.

Көкем, сені-ай сағындым.

Аңыраймын дауылдай арманменен, ей, Желдей есіп сені іздеп жүрмін самғап. Сағынбасқа не шара?.. Таңсық даласындағы жаңа басталған қыстың қараңғы түні, өзіне қиыла қараған уыздай қыздың отты жанары, мөлдір тұнық көзі, еркелей жымиып, наздана күлімсірегені елестеді де, қайта оралмас сол сәтті аңсағандай асқан ынтызарлықпен құшырлана шырқады. Айта алмай, кеудесінде сақталып жүрген арызын сарқып тастағысы келгендей. Үйдің артында тыңдап тұрған Жәміштің жүрегі езілді. Жүдеу, етсіз бетін сорғалаған көз жасы жуды. Қасындағы Күмісжанның да көңілі босады. Жаны ашып, қосыла жылады. Адамның қайғысы жанашырына ортақ екенау. Қалай жұбатардың амалын таппай, балаша құшақтап тұрып, ақырын ырғай тербетеді. Әннің зарыққан зармен айтылғаны сон­ ша, еміренген жұрт тамсана таңдай қағысты. Адамда мұндай да құдірет болады екен-ау!.. Аспан асты назды, ерке өксікті әуенге балқығандай шайқалады. Әсет басқа дүниені мүлде ұмытқандай әнге ғана елтіген, шамырқана толғанған, өзімен-өзі. Есілте төгіп, қайырманың желісіне ауысқанда үздіге еміренді. Тілек-қалауын сарқа үйірді. Арманы да басқаша шертілді. Гүл-гүл жайнап көрінбей, Қайда жүрсің, еркем-ай?! Әнмен тербеп ерінбей, Түн ұйқыңды бөлсем-ай! Өртесе де құшағың, Құдіретіңе көнсем-ай! Ақ сандықтың кілтіндей, Үш бұралып енсем-ай! Сағындырған еркем-ай!.. Бұл не сиқыр? Шабыты тасығанда ескі арманы есіне түсті ме?.. Бұған осы әнді салмай айтып жүрген Қадыриханның өзі де таңдана қарап қалған. Бәрі ерекше, сарыны да, арыны да алып-ұшып тұр. Бұрынғы желіден өзгешеленіп, басқа арнамен ағылды. Тағы да сағынышы ма елді аңсаған? Мұны айтпаушы еді, неге желікті? Е-е, мына елге өзінің құдіретін танытып кетейін дегені екен ғой!.. Ән ырғағы әншінің көкейін кернеген үміті мен шаттығын жария етті де, мың бұралған бунақпен ширатылып барып тоқтады. Тыңдаушылардың кейбіреуі көкірегі қақ айырыла күрсініп жіберді. Ал, жастар жағы үмітке ілесе жымыңдасады. Әуеннен өздерінің қалау тілеулерін сезгендей желпініседі.

Әсет те бәйге атындай елегізе алабұртып алған. Шабыты
қысқан қаршығадай қылмыңдап, ала көзінің отты жанарынан
ұсақ ұшқындар жылтылдайды. Жұрт есін жиып үлгергенше
домбырасының үнін басқа бір сарынға ауыстырды да, «Қара

көзді» сылқылдатты. Көкірегін кернеп жүрген сағынышын на­
здана ақтарып, адастырған арманын іздегендей аңыратты. Әсем
әуен сыңғырлай есіліп, бойды билеп алған. Арыз қып ешкімге
айтпай келген өмірлік өкінішінің өшпес өксігін сорғалатты. Оны­

сы әлі жүзін көрмесе де осы маңда жүрген Жәмішке айтқан сыры
еді. Мұны сол ғана ұғады. Өзге жұрт ән деп қана сезеді. Адам
жүрегінің үнсіз тіл қатысуы осы ма әлде ? Сондықтан жүрегінің
түкпірінде ұзақ жыл ұйып жатқан ащы мұңды әнге қосты. Бұл

сырды Жәміш қана жанымен ұғып тұр егіліп. Кеудесі өртеніп,
өкси боздайды. Жаныма нұр боп құйылсын, дертімнің өртіне
жаңбырдың суындай себелесін!.. Суық бесікке бөленіп, өлеусіре­
ген жүрегімді тербетсін!.. Айта түс, айта түс, жаным!.. Осы оймен

қарс ұра күрсінеді өксіп. Әлі жүз көріспеген екі ынтық жан осы
әннің сарыны арқылы ғана сырттай мұңдасып, шер төккендей...
Елігіп алған Әсет сол ағынды сарынды әрі созып, төрт-бес әнді
арты-артынан сорғалата ақтарды да, тыныс алды. Сүйсінген жұрт

тамсана бас шұлғыды.

– Паһ, шіркін!... Әсаға, бүгін жанымызды шексіз ләззатқа

бөледіңіз-ау!.. – деді Жабықбай құшырлана масайрап. Қоңырқай
жүзі гүл-гүл жанған. Ұшқынды жанары елеурей күлімдейді. Ма­
надан қозғалақтап, қопақтай елбіректеген Шадай қария да қарап
қалмады, көңілдегіні сездірді.

– Өшкеніңді жандырып, сай-сүйегіңді сырқыратады-ақ екен,

сабазың!.. Бір жасап қалдық қой!
Өзі жасаған тойдың сән-салтанатына елдің назарын аударып,
ықылас көрсетпек болған жылтыр қара кісі жайнаңдай орнынан
түрегелді.

– Әсетжан, разымын! Мына елдің өмірі естімеген әнін салдың.

Көңілімізді ашып, жүзімізді жайнаттың, көп жаса!.. Әй, Әбеу,
қайда жаңағы айтқаным?!
Қияқтай мұрты тебіндеген ақ сары жігіт кірді де, бүктеулі бір
түйіншекті қолына ұстатты.

– Мінекиіңіз, аға!..

Үй несі ораулы затты ашты да, өңіріне зерлі оқа жапсырылып
тігілген қара мақпал шапанды Әсеттің иығына жапты.

– Шүперек тон болмайды, жол болады Әсетжан, кигізгеніміз.

Үлкен-кіші күле қарасады. Ел ағасы Мешпет би көптің ықылас
ниетін жеткізіп, алғыс айтты:

– Әсетжан, бұл еліміздің салты. Әлімжанның ықыласы. Елің

риза саған, өркенің өссін!..

– Әнді сыйлаған қауымға да рақмет!.. Енді мен біраз тынығып

алайын, – деді Әсет жастыққа шынтақтай жантайып. – Қане, жі­
гіттер, қашан да той жастардікі емес пе, салыңдар ортаға өнер­
леріңді! Рақымберді, сен басташы!
Жем тілеген құстай елпілдеп, осы сәтті күтіп отырған жұқалтаң

ақ сұр жігіт домбыраны қолға алды. Төңірегін қоршаған серіктері
қостады да, думанды әрі қарай дүрілдетті. Сол тұста Әсет тысқа
шықпақ, боп түрегеле беріп еді, Кемелбек те ұшып тұрып, ертіп
алып кетті.

Ай туған, шырадай жарқырайды. Сүттей жарық. Бозғылт
аспанда жұлдыз сирек. Айналадағы қалың тау қатпарларын
көгілдір жібектей буалдыр мұнар көмкерген. Самал да жоқ тып-
тыныш. Әсет пен Кемелбек қатарласа жүріп, ауылдың артындағы

тастақ төбенің баурайына өскен қалың аршаның арасына кірді.
Түкпірлеп барып еді, ашық қойнауда бұларды екі әйел қарсы
алды. Өңі-түсі жүдеу болғанымен, мүсіні бұзылмаған, қоңырқай
беті қызара бөрткен сұңғақ бойлы жас әйел үнсіз тақап келді де,

Әсетті құшақтай алды. Даусын шығармастан қыстыға боздады.
Әсет те үнсіз. Шашынан сипай берді. Әйел солқылдап ұзақ жы­
лады. Демінің ыстық лебі Әсеттің омырауын өртеп бара жатты.
Әлден уақытта:

– Мені тірідей тозаққа тастап кеткенің не?.. – деп күбірледі

Жәміш арыз айтып. Абдырап қалған Әсет сабыр сақтап, байсалды
сөйлеуге тырысты.

– Қой, Жәмішжан, жылама!.. Тіршілігіңе қуан. Тағдырдың басқа

салғаны солай шығар.

– Жұбаныш жоқ тірлігіме несіне қуанам?.. Осылай өксіп келе­

мін өмір бойы...

– Мені қиналмады ғой дейсің бе?.. Қара жерге кеудемді төсеп

ұзақ жаттым. Өлмеген соң, сүйретіліп қайта тұрады екенсің. Дос-
жараным жебеді. Кеш қалғаныма өкіндім. Бірақ амалым қанша?..

– Разымын, естігем оныңды... – деді Жәміш күрсіне жасын

тыйып. Әсет жотасынан сипап жұбатты. Кемелбек пен келіншегі
не істерін білмей состиып қалып еді, Жәміш күрсіне көзінің жасын
сүртті де :

– Мыналар менің жанашырларым!.. – деді. Кемелбек сол жер­

дегі қойтасты нұсқады.

– Әсаға, мұнда отырыңыз!

Әсет бұрылып, оның қасындағы толықша қара келіншекке
қарады.

– Мына бала келін бе, Кемелжан?

– Келініңіз осы, Әсаға!

– Көп жаса, қарағым!.. Сендер де отырыңдар, біздің мұң-

зарымызға куә болыңдар!

– Өйтпейміз, Әсаға... Оңаша сырласса, адамның шері тез

тарқайды дейді екен бұрынғылар. Біз бөгет болмайық, бері жүр
кемпір, – деді де, Кемелбек келіншегін жетелеп әрі қарай жыл­
жыды.
Көзінің жасы парлаған Жәміш толғана бұралып, Әсеттің мой­

нына қайта оралды... Әсет те құмары қозып, мауқы басылғанша
аймалады... Бұлар ұзақ сырласты. Ай төбеден ауғанда ғана орын­
дарынан түрегелісті. Жәміштің басынан кешкен ауыртпалығы
Әсеттің қабырғасына қатты батты. Тағдыры талауға салыпты.

Ұзатылған күйеуі осы күнгі молданың інісі екен. Жылға же­
тер-жетпес отасыпты да, дүние салыпты. Жастайынан өкпесі
қабынған дімкәс, бір күн ауру, бір күн сау күйеуінен нәресте
көрмепті. Ол қайтыс болған соң әмеңгерлік шырғасы бойын­

ша молдаға зорлықпен атастырыпты. Қойнында сұр жылан
жатқандай тыжырынса да, басқа түскенге көніпті. Одан әке-
шешесі де қайтыс болады да, жалғыз басы мүлде қорғансыз
қалыпты. Патша құлап, Совет өкіметі орнағаннан кейін малынан

айырылған байдың тұқымы Тоқтаны сағалай қашып, Бұраталаға
асып түсіпті. Одан жылжи-жылжи осы елдің ішіне келіп сіңіпті.
Содан бері аздап дұға оқи білетін молда жаназа шығарып, құран
аударумен жан бағып жүрген көрінеді. Бұдан да бала көрмепті.

Осының бәрін жіпке тізгендей қып айтып берген Жәміш:

– Сені елге қайтқалы жүр деп естідім, – деді айырылысар

сәтте. – Мені ала кет, жасаған жақсылығың сол болсын! Өлсем
сүйегім жаратылған топырағымда қалсын!.. Әке-шешемнің
қасында жатайын.

– Оны өзің ойлап шеш. Тоқтамыңды Кемеш арқылы біліп

тұрайын. Бел байласаң, ала кетемін. Мына жанашырларыңнан
көмек күт, қол ұшын берер...
Әсет орнынан тұрғаннан кейін қастарына келген жігіт пен
келіншекке күле қарады. Кемелбек уәде бергендей нық сөйледі.

– Біз дайынбыз, Әсаға!

Келісім осы болды. Екі әйел сол жерде қалды да, Әсет пен Ке­
мелбек үйге қайтып оралды. Ел қуана қарасты. Әсет отыра салып,
өзі-ақ домбыраға қол созды.

– Ал, жұртым, мен ертең аттанатын қонақпын. Ештеңе айтпай

кетті деп, сөгерсіңдер. Өлеңді де көксеген түрлерің бар, көкейге
түйгенімді төгіп кетейін...

– О, бәрекелді!.. Жөн білгенің осы, – деп қостады Шадай қария

мен Мешпет би қозғалақтап.
Әсет домбыраны желдірме сарынға салды да, безілдете бір
қайырып тастап, жорғалата жөнелді:
Сағындым артта қалған белдерімді,

Қанбаған қызығыма елде күнді.
Кетіппін сауық құрып, саят іздеп,
Өзімнің артқа тастап көлдерімді.
Аспандап жел айдаған ақиықтай,

Кім ұқты бұл бұрышқа келгенімді?
Ұшырған жалын-отым жай оғындай,
Қалар ма елім көрмей еңбегімді?
Тежемей аттың басын жүргенімде,

Ала алмай қалдым өзім бергенімді.
Ол күнде елден ерек еркін едім,
Бақ көріп, сый-құрметке ергенімді.
Есіме түссе енді еңіреймін,

Ұтылып уақыт сұмға көнгенімді.
Татымас мың кызығым бір тиынға,
Бір күні кім байқайды сөнгенімді.
Бұрқанған сарынмен ойын бір түйіп тастаған ақынға қызба

жігіттер таңырқай қарасады. Басынан кешкен күндерінің
ауыртпалығына күйінетінін түсінсе де, мұңына жығыла салмады.
Күйзеліске қимағандай. Мұндағы ел алақанына салып отырғанда
ескі жарасын қасымай-ақ қойса қайтеді екен?.. Бірақ үлкендердің

ой түйісі басқаша боп шықты.

– Уақыттың екпіні бөлек, ешкімнің шен-шекпеніне қарамай­

тыны рас, Әсетжан, – деді Мешпет би нығыздай қостап. – Ал сенің
артыңда сөзің қалады. Әніңнің оты сөнбейді.
Бұл сөзді домбырасын безей отырып тыңдаған Әсет тамағын
кенеп алды да, өлеңін желілей түсті:

Толқындай кімге керек шайқалғаным,
Өмірдің аттамасам қайқаңдарын?
Тел өскен құрбы-құрдас жебегенде,
Жорғадай ортасында жайтаңдадым.

Желге ыққан балапандай шалғай кетіп,
Өгіздей жауыр болған қайқаңдадым.
Адасып бұраң жолмен жүріп келем,
Оп-оңай елге оралып қайта алмадым.

Халқыма бала жастан әлпештеген,
Қарызын мойнымдағы қайтармадым.

Жүрсем де сыртқа сыйлап бар сырымды,. Еліме екі ауыз сөз айта алмадым. Арыным алып ұшқан бар көзінде, Жорғадай оза шапқан тайпалмадым. Тағдырдың талабына тізгін беріп, Бүр төгіп жапырақ жайып жайқалмадым. Арыздасып отырған жоқ, сыр шашып отыр. Көңілі көтеріңкі, дауысы жарқын. Үйдің артында тұрған Жәміштің де үміті тұтан­ ды. Е, елге қайтуға бекінгені рас екен, Құдай ақ жол бергей!.. Сол ойын мына жұртқа да жария еткені ғой. Айтарын сарқып кетпек. Несі бар, қайтар алдында мына қимас құрбым Күмісжанға да менің айтар сөзім осы емес пе? Шіркін, өз елім – өлең төсегім деген осындайдан шыққан-ау, сірә... Жәміштің ойын үйдің ішіндегі Жабықбайдың биязы сылқым үні бөлді. – Әсаға, қанатыңызды қанша жайсаңыз да құшағымыз кең, қысылмай сыя бересіз. Ел ықыласының шегіне көз жетуші ме еді. Қимай отыр деп ойлады Жәміш. Онысы рас. Жұрттың қалауы арманға ұласты. Шіркін-ай, әлі де жүре тұрса ғой, талай жастары­ мызды өнерге баулып, өнеге керсетер еді-ау... Бірақ аялдайтын түрі жоқ. Осы елге қоштаса келгені рас сықылды. Сөзінің ыңғайы осы сарынға ауыса береді... Жабықбайдың көкейіндегіні сезгендей Әсет өзінің байламын шыңдай түсті: Мәз қылдым біреуді елеп, бірін мақтап, Еңселі елін сүйген ерді жақтап. Жақсының жаман болар мезгілі бар, Қаларсың қайран тілім бір күн тоқтап. Білгенге бір ауыз сөз болар мысал, Білместер отырғандай бүгін жоқтап. Жол жырақ жүгім ауыр, жалғыз өзім, Осылай өтер ме екем айналсоқтап. Сонылап саяқ кету бекер екен, Жүргенде дүйім алаш үкі шоқтап. Асаудың шоқтығынан ұстасаң да, Кеткендей болады екен бір қонақтап. Бұлдамай бұлбұл тілді базарлаттым, Жайғандай жәрмеңкеге тоғанақтап. Тойғызбай не қалдырмай жұрт сусынын, Не таптым бұл жүрістен сырғанақтап?.. Әсет күрсініп жіберді де, сөзін тоқтатты. Айтылған ойды са­ ралағандай тыңдаушылар үнсіз. Әлден уақытта:

– Тілден тамған балға адам қана ма, Әсетжан! – деді Шадай

қария ақын сөзінің мәнін тереңдете қостап. – Рақмет. Аз күннің
ішінде -ақ көңілімізді қат қылдың. Бағың жансын, айналайын!..
Әсеттің көңілі шалқып алған. Мандайының терін сүртті
де, кеудесін жалын кернеп, бойына қайрат құйылғандай қайта

қозғалақтады. Одан әрі бір сыпыраға дейін ән мен өлеңді қосарлап,
тоқтаусыз сорғалатты. Үлкен-кіші жайдары түрмен ұйып тыңдады.
Ара-тұра басқа да дауыстар өрледі. Таң атқанша ән тынбады...

АМАНАТ

Бұл күндері мұндағы ән ырғағы да өзгергендей. Өркеш-өркеш
зәулім тау қатпарларының арасынан, шұңғыл-шұңғыл сай-саладан
тау-тасты жаңғыртқан Әсет әндер сарыны үздіксіз естіліп тұрады.
Енді жалпақ жайлаудың мәре-сәресше қосылатын құрман айтының

да қызығы жақындады. Ертең айт деген күні Ғапари қажы қазақтың
игі жақсыларын шақырды. Бұған Әсет те қатысып, меймандар
алдында ән салған. Ара-тұра Қадыриханды да желпіндіріп, өзі
тынығады. Елдің салтын сақтап, ізетке бас иген жастар жағы сыйлы

асқа қосқан үлкен кісілердің арасына қосыла алмады.
Соңғы кезде пайда болған бір дімкәстік Әсеттің мазасын ала
беретін. Көбірек ән салса, өңеші кеберсіп, тамағы құрғайтын да,
іркіліссіз көсіліп шырқауына кедергі жасайтын. Осы жолы да зықы

шыға бастаған соң, ондайды ұстамайтынын біле тұра:

– Қажы, мүсәтірім таусылып қалыпты, үйінізден табылмас па

екен? – деп сұрады амалсыздан.

– Оның керегі не?

– Тамағым құрғап, үнімнің сиқы бұзылып отыр. Мүсәтір салып

қойсам себі тиюші еді.

– Ондайды біз қолданбаймыз ғой.

– Қап, қиын болды-ау, әнді де бабымен айта алмаспын енді.

– Қасен, әлгі Маса молданың үйінде бір бақалшы жатушы еді,

сен соған шауып барып алып келші, деп, Мешпет би өзіне атқосшы
боп еріп жүретін сақа жігітті жұмсады. Мүсәтірді қазақтар суықтық
үшін езіп ішетін әдеті. Одан ешқандай зиян жоқ.
Қасен келсе, молда үйінде жалғыз екен, басқа адам көрінбейді.

Аласа бойлы мықыр молда жүзі таныс жігіттің іші-сыртын тінтіп,
сығырая қарады. Түсі салқын.

– Салаумаликөм, молдеке, бақалшы қайда?

– Оны қайтесің, жүр да ел кезіп.

– Би атам мүсәтір алып кел деп жіберіп еді.

– Би оны қайтеді?

– Ғапари қажының үйінде Әсет ақын өлең айтып отыр. Дауысы

қарлығып жүрген көрінеді. Тамағына мүсәтір салса, қиналмайды
екен. Сонысы таусылып қалып бақалшыны қайдан іздесем таба­
мын?..
Көзі мөлие жыпылықтаған мыржық сары тықыр маңдайы

жыбырлады. Бозарыңқы өңі құбылды. Әнеу күні Жәміш кешкі
сауығына қатынасқан тойда Әсеттің таң атқанша салған әні, төгілте
айтқан өлеңі жүрегіне қанжардай қадалған. Еңгезердей-еңгезердей
алып елестер төбесінен төніп, әлденеше рет шошып оянған.

Өмірінде көзбе-көз кездесіп, бір рет жүзін көрмесе де, Әсетке
сырттай кекті еді, өшіге жек көріп алған. Сонау бір жылы Жәмішті
інісіне айттырмақ болғанда бір байдың әлпештеген жалғыз ерке
қызы осы Әсеттің уәделі күнін тосамын деп, қыс бойы сабылт­

пады ма? Тек қарсы келгенге қаһары тегеуірінді, айбыны үстем
әкесі момын Күзембайға тізесін қатты батырып, зорлықпен алып
кеткен... Енді осынау бір түкпірде тып-тыныш жүргенде сайтандай
сап ете түсіп, іргесінде озандап отырып алғаны жынын қоздырды.

Түні бойы шала ұйықтай алмай дөңбекшіген. Әлсін-әлсін түстен
үрейі ұшқан. Содан таңды кірпік ілмей атырған. Ертеңіне соны
айтып, Жәмішпен қатты керіскен. Осы даудан кейін екі әйелі де
теріс айналып кетті. Бұған тіл қатпастан безеріседі. Бәрі де сол

Әсеттің кесірі... Ойына әлденендей арамдық кірді ме, әлде, қинала
қынжылып тұрған жігітті аяды ма:

– Бақалшы дүниесін арқалап жүрген жоқ. Ақшасын берсең

болды емес пе, – деп, орнынан түрегелді. Дауысы ызыңдаған нәзік.
Елдің «Маса молда» атап кеткені содан. Шын атын білетіндер аз.
Мүсәтірдің табылғанына қуанған Қасен бес сомды ұсынды.

– Мінекиіңіз, молдеке.

Молда жүктің бұрышынан кішілеу қара қобдишаны суырып
алды. Ілгегін ағытып, ағаш қақпағын ашты. Іздеп таппағандай біраз
аударыстырып ақтарды. Оның нені, қалай іздегеніне Қасен көңіл
де бөлмеді. Теріс қарап отырған молда ақшыл түйіршіктерді бір

парақ қағазға орады да, қолына ұстатты...
Қасен келгенде Әсет маңдайы жіпсіп, тебірене өлең айтып
отыр екен. Ораулы қағазды алдына қоя салды. Желдірме сарынмен
айтқан өлеңін аяқтаған соң, Әсет анықтап қарап жатпастан әлгі

қағаздың бүктеуін жазды да, бір-екі түйірді шымшып тамағына
септі. Тамсана жұтынды да, лекіген әуенін әрі қарай сырғытты.
Тамағы ашылмады ма, өлеңін бір қайырып тастаған соң, екінші
рет тағы да шымшып тамағына салды. Ештеңені елең қылмастан

сөзін соза берді. Бір уақытта үні тұтыға қарлығып, тынысы
бітелгендей қырылдады да қалды. Жанары бұлдырап, басы ай­
налды. Жүрегі айнып, қинала лоқсыды. Сонда барып бүктеулі
қағазды ашып, анықтап қарады. Мүсәтірге қосылған ерекше бір

ақ шаңқан түйірлер аралас жүр. Өңі бұзылып, бетінің қаны қашты
да, сұрланып кетті.

– Мынау таза мүсәтір болмады, – деді алақанымен маңдайын

сипап. – Жаңылған ба, алмас қосылғанын беріпті.

– Не дейді, сұмдық!

Қызара бөртіп, жүздері жайнап отырған кісілердің көздері
жапақтап, өңдері бозарып сала берді. Шошына үрейленісті.
Кінәлағандай Қасенге бақжия қарасады.

– Бақалшының өзі беріп пе еді?

– Бақалшы жоқ екен. Қобдишасын ашып, молда алып берген...

– Құртты-ау, қу молда!.. – деп санын соқты Мешпет би. – Тезі­

рек қойдың құйрық майын тауып әкеліңдер!
Жабықбай асыға түрегеліп, сыртқа шықты да, бір жігітті үйіне
шаптырып жіберіп еді, тегенедей екі құйрық алып келді. Май
шыжғырылып, суығанша сүт ішкізді. Әсет денесінің ауырлап,

буын-буынының құрысып бара жатқанын сезді. Түрегеліп отыруға
қиналған соң, жантайып жатты. Еркін тыныстауына бұл үйдің
тарлық ететінін байқаған Мешпет би өзінің ауылынан бір үйді
жықтыртып, осында алдырды да, оңашалау тіктірді. Әсетті соған

алып барды.
Майдың да, сүттің де денеге жайылған алмастың уытын
қайтаруға себі тиер емес. Жұлын-жұлыны сырқырап, сүйегі қақсай
бастады. Денесі құрысып барады. Өкпе-бауыры шанышқылап,

тамыр-тамырының тарамысы тартылып бара жатқан секілді. Басы
айналып, көзі қарауытты. Тілінің үсті удай ашып, өңеші отқа
күйгендей қолдыраған, ірімтік-ірімтік, жұтынса тамағына әлдене
тіреле қалады. Ауызынан ақ көбік төгілді. Іші өрт жалағандай

күйіп тұр.

– О, ағайындар, – деді шалқасынан сұлап жатқан Әсет

айналасындағы өзіне жаутаңдай қараған кісілерге қимас сөзіммен
қиыла, қинала назар салып. – Менің бұл дүниеден тататын дәмім
таусылған түрі бар. Батқан күнмен бірге сөнетін шығар қос
шырағым...

– Олай жорыма, Әсетжан, – деді Мешпет би жұбатып. Осындай

кенет жабысқан науқасты қазақтың мезгіл-мезгілге бөліп, артын
бағатын жорамалы бар. Бүгінгі таңнан қалса, оңалып кететінінен
қарт би де үміткер. Бірақ мұны айтпай, басқаша жебеді. – Бас ау­
ырып, балтыр сыздамайтын пенде болушы ма еді...

Ауыр тыныс алған Әсет қиял шегіп, алысқа қадалады, үнсіз.
Көзі талғандай сәл жұмды да, қайта ашты. Үй іші тым-тырыс.
Жұрттың өзіне құлақ түріп, ауызын баққанын сезді де, кеудесіне
ұялаған ойын жайып салды:

– Дүние осы, би, аға... Дерттің түбін сезгендеймін.

– Сен өйтіп ылғи теріске жори берме.

– Жасырғаннан не пайда?.. Исі қазақты өзендей сарқыраған

өлеңімен сусындатқан Кемпірбай ақын қатты ауырып, әл үстінде
жатқанда көңілін сұрай бардым. Сонда ол өлетініне өкінбеді,
өлеңінің иесіз қалатынына қайғыра қиналып еді. «Кеудемнен көк
ала үйрек қош деп ұшты, сол шіркін кәрі жолдас өлең білем» деп,

ақтық сөзін қынжыла айтқан-ды, Ақынға сөзден қымбат не бар,
би аға. Жан сезімі, ой-түйсігі сол, өмірінің қызығы... Дарға асы­
латын адам да ажалын қасқайып тұрып қарсы алмай ма? Ажалым
таяп келеді. Мен де ақыл-есімнің сау шағында жарық дүниемен

қоштасып, ел-жұртыммен арыздасып үлгірейін, ақтық сөзімді
айтып қалайын. Ренжімесеңіздер, Қадыриханға қағаз-қарындаш
тауып беріп, екеумізді оңаша қалдырыңыздар...

– Әсет-ау, ақылды едің ғой, неге сонша түңілдің бүйтіп, күдер

үзбей, сабыр етсеңші, – деп, өзінің қайғысын жасыра жұбатты
Ғапари. Әсет алқына, асыға сөйледі.

– Әй, қажы-ай, үмітке тиек болар бұдыр жоқ, ішім шоқ

түскендей өртеніп тұр. Дем алған сайын денем құрысып, тынысым
тарылып барады. Кеш қалмайын...

– Қажы, айтқаны болсын, ойы сергір, – деп, Мешпет би ор­

нынан қозғалды. Үйдегі кісілер ақынның көңілін аулағандай,
тілегін қабылдады да, қотарыла сыртқа шықты. Оңаша үйде Әсет
пен Қадырихан ғана қалды. Жанарына жас үйірілген Қадырихан
қипақтай қиналып, Әсетке қадала қарады. Сол кезде Ғапари қағаз-

қарындаш әкеліп берді. Қадырихан дауысы қалтырап, Әсетке
мойын бұрды. Ол көзін тарс жұмып, қыбырсыз жатқан.

– Мен дайынмын, Әсаға.

– Ендеше жайғасып отыр.

– Жайырақ айтыңыз, жазып үлгерейін...

– Е-ей, бауырым-ай, асықпаймыз деп жүріп, орға құлағаны­

мызды абайламай да қалады екенбіз ғой. Міне, татар дәм де
таусылды, жарық дүниемен қоштасатын да мезгіл жетті... – деп
Әсет ышқына күрсінді де, екі қолын біріне-бірін үйкелей уқалап,
сәл үнсіз жатты. Көзі қанталай қызарған, алқына ауыр дем алады.

Сапырылысқан ой мазалағандай тыпырши қозғалақтады да, асыға
үн қатты. – Көкейіңе тоқып, жаттай да отыр,.. Ал, жаз...

Болжаусыз осы екен ғой өлім деген,
Күн бұрын көзге келіп көрінбеген.
Артыма сөз қалдырмай ала кеттім,
Қаптағы дән сықылды себілмеген.

Тірліктің қызығына қызып жүріп,
Айқайға қайран даусым ерінбеген.
Абайдай арт жағына сөз қалдырып,
Жақсы еді-ау, әттеген-ай, өлу деген.

Зымырап бәйге атындай өте шықтым,
Жабығып көріп еді көңіл неден?
Ертең жазып, бүрсігүні бітірем деп,
Баянсыз тіршілікке сенуменен...

Үні бұрлығып, қырылдай бәсеңдеді де, өңешін соза лоқсыды.
Ауызын толтыра ақ көбік түкірді. Маңдайын шыпылдаған ұп-ұсақ
тер тамшылары басты. Көзін тарс жұмып алған, ентіге дем алады.
Қадыриханның қолы қалтырайды. Көзінде жас. Көрсетпеу үшін

теріс айналып, жеңінің ұшымен сүртті де, орнынан түрегелді.
Әсеттің үстіне төніп, бетіне үңілді. Қаупі жанын жеп, жүрегін
езді. Іші удай ашыды.

– Әсаға, қатты толғанбаңызшы!.. Тынығыңыз... Тағы да май

алып келейін бе?.. Не ішесіз?

– Керегі жоқ. Жаңағы ішкен майым кеудемде кілкіп, әлі сіңбей

тұр. Денеге жайылған уға құдіреті жетпейтін түрі бар. Одан не
пайда?

– Әлі денеңізге толық таралмай жатқан шығар. Азырақ

шыдаңыз, сіңсе уды шаяр.

– Тиянақсыз үмітке алданба, Қадырихан. Ол тірі жанды дә­

мелендірген елес қана... Әлім кетпей тұрғанда қамданып қалайын.
Жаз...
Гүлдерім қайта өнер ме өрім деген,
Жібегім қалды-ау талай өрілмеген.

Өнердің өрге басқан жолын қумай,
Өттім-ау бос үмітке сенуменен.
Қатын-бала асырау амалында,
Кетіппін соған көңіл бөлуменен.

Менен сорлы ақын да өтті ме екен,
Бір сөзі баспа орнына берілмеген?!
Осымен өмір бітті, дәм таусылды,
Ішімде көп сөз кетті-ау терілмеген.

Тіршілікте әрекет етпеген соң,
Сүйектен не шығады кебіндеген?..

Маңдайының терісі жиырыла қабағы түйілді. Тынысы та­рыл­­ ғандай ауызын аңқита ашып, ышқына ауа жұтты. Кеудесі ке­ ңігендей сәл ғана тынышталды. Енді суыққа жаурағандай құ­рыса қалшылдады. Соны байқаған Қадырихан үстіне жабылған көрпенің жан-жағын қымтады. Қалай да алдарқатып, көңілін басқаға аударғысы келеді. Ойдан ажыратса, тыныштық табар ма еді?.. – Қайдағы бір аласапыран қиялмен арпалысып, әлекке түспей, азырақ тынығыңызшы... – Оған уақыт жетпейді, Қадырихан. Сағатым санаулы, соны сезбейсің бе!.. – деді Әсет үні булығып. Қарс ұра күрсініп, ерінін жалады, – Түу, ақырғы демің мұрныңның ұшына тақалғанда жан­ таласа асығады екенсің-ау. Адам баласының ақтық тұяқ серпуі осы-ақ болар.. Іңірден қалсам, таңға жетем бе, жоқ па, ол екіталай... Қадыриханның жылы сөзбен демеп, қайраттандырғысы келеді. Қайрап қажырға бойсұндырмақ. Басқа амалы жоқ. Бұл жолы өкпелеген балаша бұртия сөйледі. – Өзіңіз тіпті емпеңдеп қайдағы бір ажалға бас шұлғып алды­ ңыз ғой... Сергісеңізші сілкініп!.. – Көзім жетіп тұрған соң, қайтейін... – Ешкім көріпкел емес, құры елеске ере бермеңіз. – Сен сөзге айналдырма. Ойым шашырамасын, алаңдатпа. – Жаныңызды қинамасаңызшы... – Тыныс біткенше айтып қалайын, жаз әрі қарай... Жолықтым дәм таусылар уақтысына, Ажалдың мейірімсіз қаттысына. Жүргенде елден ауып, есік қағып, Тұрмыстың тура келіп тапшысына. Кеудемнен тіршіліктің үні өшіп, Жанымның қош айтыстым ақ құсына. Төбемде жарқыраған сәулем сөніп, Лақтырдым қолымдағы бақты суға. Айбарлы өлі арыстан болғаныммен, Тышқандай бағам бар ма жақты ашуға. Ажалды ақша беріп сатып алып, Кездестім надан елдің бақсысына. Әу деген үнімді ел көп тыңдаған, Жиналып жаяуы да, аттысы да. Сөйлесем жүректегі шерін төккен, Арызды, армандысы, даттысы да. Сезімтал сергек туған көзі ашықтың Талапты, жалыны бар оттысы да. Ажал ма, арманда ма, қалайша өлем, Білетін дәрігердің жоқ жақсысы да...

Өмірдің, жарық дүниенің қызығын қимай, алқымнан алған
ажалдан құтылуға шара таппағандай әлсіздігіне өкіне күйініп
қабағын шытты. Басын сәл көтеріп, ашық тұрған есіктен алысқа
үңілді. Батып бара жатқан күннің алқызыл шапағы шалған көз

ұшындағы көгілдір тауларға тесіле қарады. Соны қимағандай
емірене жұтынып, шөліркей тамсанды. Түрегелмек боп ұмсынып
еді, болбыраған буыны былқ-сылқ етіп, ширақ қимылға әлі жетпеді.
Қадырихан ұшып тұрды да, қолтығынан демеп, тіктеу отырғызды.

Жастығын биіктеп, арқасына сүйеніш қып қойды.

– Орныңыздан тұрғызайын ба?

– О, жарық дүние, қош!.. – деп өксіді Әсет қиырларға қадалып.

Өркеш-өркеш жасыл бел, қадау шыңды ақ бас таулар маңқия
мүлгіген. Жанарынан баданадай-баданадай жас тамшылары ыр­
шып түсті. Адам баласының өмірде көрген қызығының барлық
ыстық-суығы жер бетімен байланысты емес пе. Тау мен дала

құшағында асыр салып өседі, уайымсыз ойнап-күледі. Тіпті қайғы-
қасірет шегіп, қорлығына да төзеді. Ақтық тынысы үзілер сәтінде
де сол жердің бетін қимай қиналады екен. Жер-ананың ерке түлегі
саналатын адамның осы бір соңғы зарын ұғып қалғысы келгендей

төбесінен аспан төнеді, бүкіл маңай сілтідей тынған. Жел де жерге
шөккен. Қадыриханның дауысы жарықшақтана күңгірледі.

– Әсаға, сабыр етіңіз, өзіңізді өзіңіз азаптамаңызшы... Сырттағы

кісілердің де сұрқы қашқан. Дегбірсіздене үй жаққа құлақ тосады.
Сәт сайын жанды түршіктіретін қорқынышты хабар күтіп, есікке
үрейлене қарасады. Қайғылары түтеніп, қасірет шегеді. Үлгере ме,
жоқ па, ел ағалары ақылдасып, мана-ақ қаладан дәрігер алып келуге

қос атпен адам шаптырған. Сабырсызданған Мешпет би күн бата
екі жігітке жетелетіп, тағы да қос атты жөнелтті.

– Арғы жақтан келетін аттар талып жетеді. Сендер шапқан

жотаның үстіртіндегі иінінде тосыңдар да, бері қарай дәрігерді
тың атпен жөнелтіңдер.

– Дәрігер үйінен табылса екен, – деп тіледі әрі-бері теңселе

сенделген Ғапари.
Әсет қалжырағандай қайтадан жастыққа шалқалай жантайды.
Аяқ-қолын созып жіберді. Ауызына толған ақ көбікті түкірді де,
ісінген тілін сорып, тамсанып қойды. Сілекейі кермек татиды.

Иегін сипалап, тамағын ысқылады.

– Қолыңызды мен уқалайын, сіз тыныш жата беріңіз...

– Қауқарым кеміп барады, Қадырихан. Сен қозғалмай отыр да,

мені тыңда... Уақыт тоспайды.

– Құлағым сізде, Әсаға.

– Тездетіңкіреп жаз ендеше!..

Алмасты мүсәтір деп татып алдым,
Дерт шалды өнебойды, жатып алдым.
Құдайдан тура келсе арманым не,
Ажалды бес теңгеге сатып алдым.

Өлімді ойламаған сорлы басым,
Дүрмекке елтіп жүріп қапы қалдым.
Өрнекті өлеңімнің гүлі қурап,
Сөгілген ескі етіктей қақырадым.

Қоштасар мезгіл жетті ел-жұртыммен,
Найман ел, жалпақ үйсін, қалың арғын...
Әлсірегендей сөзін үзіп, тыныс алды. Дауысында қырыл бар.
Кеудесінің сырылы да көбейген. Өңешін қырнай жөткерінді де,

кеберсіген ерінінің асты-үстін тілінің ұшымен айналдыра жалады.
Тыныс алысы да жиілеген, кеудесін кере алқынады. Сүйек-сүйегі
қақсап, тыншы кете бастады.

– Шөлдедіңіз бе, Әсаға? Ыстық шай алып келейін бе? – деп

сұрады Қадырихан сөзбен сергіте түсу үшін.

– Мейлі, бір кесе қара шай әкеле ғой. Өңешім құрғап, қа­қы­

рығым жабыса береді.
Қадырихан тысқа шыққан мезетте үйдің маңында әрлі-бер­
лі адымдап жүрген Ғапари жөпелдете басып, қасына таяды.
Бірдеңеден секем алғандай жаутандап қалт тұра қалды.

– Не болды, неге жалғыз қалдырдың?

– Шөлдеген сықылды, қара шай сұрайды.

– Сен қасына бара бер, шайды мен әкелейін. Қадырихан ішке

қайтып кірді. Көзін сүзілте алысқа қадаған Әсет қыбырсыз. Еңкейіп
төне үңілді. Бетін жалындай ыстық леп шарпыды. Жүрегі орнына
түсті. Әсет оның дыбысын сезіп, кірпігін ақырын қақты да, ернін
жыбырлатты.

– Шайың қайда, дайын емес пе екен? Ағайындардың да құтын

қашырдық-ау...

– Олай ойламаңыз, Әсаға! Бәрі сіздің қамыңызды жеп отыр.

Шайды қазір алып келеді.

– Әлсіреп барамын. Буын-буыным сырқырап, сіңірлерім

тартылғандай. Көзім қарауытып, айналам күңгірт көрінеді. Тілім
де домбығып, аузыма сыймай тұр, ісінген секілді. Күрмелісі анық
сезілмей ме?..

– Қойыңызшы, қайдағыны айтпай. Ештеңе де жоқ. Бәрі де қаз-

қалпында, ап-анық...

– Әй, Қадырихан-ай, алдарқатып қайтесің, бала емеспіз ғой.

– Жо-ғә, шыны сол...

– Қуатымның сарқылып, тынысымның тартылып бара жатқа­ нын сезбейсің-ау. Уақытты созба, жаз тағы! Сәлем де артта қалған туған елге, Ту тігіп, думан құрып өскен жерге. Жыртылып айырылатын үйрек-қазы, Самалы қоңыр салқын айдын көлге. Көре алмай ақтық рет өлерімде, Мойнымды сұнып тұрмын терең көрге. Ел-жұрттан алыс кетіп, ақырында Аяғын шалыс басқан мен бір пенде. Ән-күйдің қызығына елтіп жүріп, Кез болдым кері аққан тасқын селге. Таусылып бара жатыр қауқар-күшім, Шапқанда шапшитұғын шаршы өрге... Үні құмыға бәсеңдеді. Әлсірей бастағаны байқалады. Өңі сұрлана қуқылданып, қинала тыпыршыды. Көзі кіртиіп, ішіне шөккен. Кірпігі сірне жаққандай жабысып, әлсіз жыпылықтайды. Таңдайын сорып, тілін бұлғалақтата тамсанады. Үлкен ақ шәйнек мен дөңгелек кәрлен кесені көтеріп Ғапари кірді. – Ыстық-ыстық шай ішші, – деп, өзі құйып ұсынды. Әсет зор­ лана бір жамбасына аунап түсті де, қолы қалтыраған күйі кесені ұстады. Хош иісі бұрқыраған қызыл-күрең шайды аз-аздан ұрттады да, қасына тізе бүккен Ғапариге қимастықпен емірене қарады. – Ғапеке, өмірімнің ақыры мұндай шырғалаңға душар боларын ойламаппын. Ажал алқымнан алды. Көрдің ауызында тұрып-ақ елжұртымен емін-еркін арыздасып, армансыз өткен бір талай адам­ дарды көріп ем. Сонау бір жылы ақтық демі алқымына тақалған Кемпірбай ақын мені көрген соң домбырасын қолына алды да, соңғы сөзін айтып қоштасты. Сол сәттің қайта дидар көріспейтін мәңгі айырылысу екенін білді. Сонда оны ерекше жаратылған құдіретті адам-ау деп ойлап ем. Сөйтсем, өлетініне көзің анық жеткен соң кірпігің жабылып, тынысың тоқтағанша көкейіңдегі айтылмай кетіп барады-ау деген сөзіңді сарқып тастауға асығады екенсің. Сөзін үзіп-үзіп айтқанымен, ойын шашыратпады. Алқына дем алып, сабырлы, салмақты қалпынан жазбады. – Іш, Әсет-ай, өзіңді ұстап, тағат етсеңші, – деді Ғапари жебегісі келіп. – Дәрігерге кісі жібердік, көп ұзамай келіп те қалар... Та­ былар емі, – Одан пайда бола қойса, Ғапеке. Тамақтан улансам зорланып құсып тастап, ішті тазалаған соң ем-дом жасаудың қисыны келер

еді. Ал менің ішкен уым қаныма сіңіп, бүкіл денемді жайлап алған
жоқ па?..

– Сүт іштің, май іштің, оның да себі тиер, – деп иландыруға

тырысты Ғапари өз дертінің сырын біліп жатқан Әсеттің қайратына
таңданып. Өйткені оның өңінен үрей, қорқыныш табы ойсырай
білініп тұрған жоқ, өкініш қана жетелеген. Ойлағаны орынды.
Әсет өзінің түйсігін жасырмады.

– Соның бәрі денеге сіңіп, умен арпалысқанша менің де халім

бітетін шығар... Ғапеке, мен соңғы сөзімді әлі айтып біткен
жоқпын. Тілім күрмеліп, сөйлеуге келмей қалғанша қимылдап
бағайын... Қай мезгіл болды өзі?

– Күн батып барады, кеш кіріп қалды. Үйдің іші қараңғылау

болып тұр ма? Қазір шам жаққызайын.

– Дала күңгірттеу ғой, аспанды бұлт басқан ба?

– Күн ашық. Қиналған соң басың айналып, көзің қарауытқан

шығар, тынық біраз.

– Иә, көзім бұлдырап тұр, құжынаған қызыл-жасыл дөңгелек

шеңберлер шырайналып жүр... Ғапеке, сіз алаңдамай бара беріңіз.
Қане, Қадырихан, жаз...
Алашқа атым шыққан Әсет ақын,
Өлеңім – жан жолдасым болған жақын.

Ақтарып ағытқанда түйдегімен,
Мейірін тыңдаушының қандыратын.
Дәуірлер дәурен өтті желдей есіп,
Ел-жұртым қадірлейтін сөздің парқын.

Жігіттер, өксімеңдер әнімді аңсап,
Армандай еске түсер менің даңқым.
Сөздерді інжу-маржан ақтарғанда,
Нөсердей сорғалатып жаудыратын.

Аңыраған аспан-көкке асқақ әнім,
Саған да уақыт жетті-ау қарлығатын...
Булыға жөтелді де, ауызына толған ақ көбікті түкірді. Жағы
қарыса бастағандай тісін шықырлата қайрайды. Тыныс алысы

бұрынғыдан бетер жиілей түсті. Дауысы құмықтана сыбырлайды.
Көзін жұмып сәл тыныстады. Бойына қайратын жиғысы келгендей
ширығады. Бір кесе май алып Жабықбай кірді.

– Әсаға, мына майдан тағы да ішіп жіберіңізші...

– Әй, шырағым-ай, соныңның шипасы білінбей тұр-ау... Әкел,

батса бір жұтайын..,

– Ауру батпандап кіріп, мысқалдап шығады деген емес пе.

Шыдаңыз, шипасы тиер, ақырын күтейік. Қамығып қажымаңыз.

– Тажал қайдан келді дерің бар ма, Жабыш. Шалыс басқан

адымыңды аңдып, көлеңкедей қасыңнан қалмайды екен.

– Өкіне бермеңізші, ой да әлсіретеді адамды. Қайрат шақырып,

азырақ сілкініңізші!..

– Қайратымды ақылға қосып, көкейімдегіні түгел айтып кетуге

жұмсап жатырмын, Жабықбайжан... Бір темір шеңгел барған сай­
ын бүріп барады. Содан үлгере алмай қалам ба деп қорқамын...
Қайран әндерім енді аспандар ма? Жорғалаған домбыра күйімді
бәз қалпында өрнегіне келтіре ала ма? Өзімдей қайдан болсын?..

– Әлі талай-талай шырқайсыз, Әсаға!

– Оған тынысым жетсе... Жаз, Қадырихан!..

Бозбала осы әнімді үйренерсің,
Ырғаққа келтіре алмай күйзелерсің.
Білмесең сыр мінезін жақсы өнердің,
Домбыра қайдан жорға күйге келсін.

Асау ән жетегіңе жүрмеген соң,
Біріңнен бірің көріп сүйрелерсің.
Боршалап, іреп-сойып өз бетіңмен,
Тоқпақтап, найза сұғып түйрелерсің.

Оған да көнбеген соң, көңлің қалып,
Жуымай маңайына жиренерсің...

– Сіздің әніңіз халқымыздың алтын қазынасы, Әсаға неге

бүйдейсіз? – деді Жабықбай сенімін нығап.

– Иесін таба алса ғой, шіркін?..

Кіржие қабағын шытты. Көзі қызарып, ішіне шөккен. Шаралы
жанары ойсырап, орталанған. Өңі сұрланды. Танауы қусырылып,
кірпігі әлсіз қыбырлайды. Еріні кеберсіген, шиедей қызара үлбіреп
тұратын жұп-жұқа терісі қабыршықтанып, бозғылт сірнеге

айналған. Қабағы қатып, айналасына сүзіле қарайды. Жалын атып,
шоқша жайнайтын дөңгелек көзінің оты өшкіндеп, бұлдырлана
жыпықтайды. Денесі ұйығандай болған соң, керіліп-созылып еді,
Қадырихан сүйемелдей басын көтерді де:

– Шай ішіңізші, – деп кесені аузына тосты. Бір ұрттады да

қойды. Әлденендей үмітпен Жабықбай шым-шым ыстық май
құйылған кесені көлденең тартты.

– Майдан бір сіміріңізші!..

Денесі қалшылдай дірілдеген Әсет көңілін қимағандай бір
жұтты да, жастыққа сылқ етіп құлай кетті... Осындай жанталаста
жатқан ақынның арыз-арманын айтып кетуге соншама құлшынысы
ерен ерліктің, үлкен жалынды жүректің адамды еріксіз бас идіретін

құдіреттілігінің нышаны-ау. Ажалды қасқайып тұрып қарсы алып,

бұлағына бас имей кетуінің белгісі осы-ақ шығар. Ол дүниеден иман тілеп, зар илеп жатқан жоқ. Өзі өмір сүрген жер бетіндегі жарық дүниемен арыздасып, қоштасып жатыр. Халқына мұңын шағады, сырын шашады. Сол халқы үшін буырқана толғанып өтпеп пе еді! Осы қайсарлығының өзі ұрпағы ұмытпас өнеге емес пе?.. Ойға шомған Жабықбай қоңыр көзі жаудырай мұңайып, күрсініп жіберді. Соны сезген Әсет: – Мұңайма, бауырым, мұңайма, – деді үні булыға қырылдап, көзін жұмған қалпы. Сыйлы адамының қайғысы өзінің дертін ұмыттырып, енді оған өзі сабыр тіледі. – Мәңгі жасар адам жоқ. Ерте ме, кеш пе, түбінде бұл дүниеден әркім әр қилы жағдайда көшеді. Тек арманының, ойлағанының орындалмай қалғанына ғана өкінеді. Соған күйініп налиды. Өлімнің қасіреті де сол болар, бәлкім?.. – Бұл дүниеде өкінішсіз адам бар ма, Әсаға?.. – Адам әр қилы. Қомағайлар қорқақ келеді. Жей алмай қал­­ ғанына қынжылады. Мал-мүлкін қимай қиналады. Менің қазы­ нам кеудемде еді. Сол байлығымды халқыма үлсетіріп үлгере алмағаныма өкінемін... Енді, міне, ақырғы сағатымда шамамның жеткенінше айтып кету үшін арпалысудамын... Жаз, Қадырихан!.. Ішінде өсіп-өндім қызай елдің, Жерлерін Күнес, Текес мекендедім. Қандырған құлақ құршын тыңдаушының, Осы екен қайран даусым жетер жерің. Дүниенің қызығына тоямын деп, Көз жұмдың пақыр Әсет, бітті демің. Сыймайтын шалқығанда арнасына, Сарқылып бара жатыр тасқын-селім. Өмірдің шыңырауын құлдиладым, Сырғанап мойыныма кетті-ау ерім... Үні тұмшаланғандай қарлықты, өңешіне қақырық жабысқандай кіркілдеп, кеудесі сырылдады да, сөзі құмықты. Шыдамсыздана аунақшып, тамсана береді. Ауа жетпей, ауызын балықша ашып, ышқына дем тартады. Екі қолымен екі иығын мыжғылап, қысқа мойынын оңды-солды толғайды. Ерке күндері бұлаңдай елес берді ме, жан-жағына елеурей көз жүгіртті. Жиналған жүгі, әсем жиһазы, келісті жасауы жоқ қаңыраған үйдің іші үңірейген үңгір тәрізді. Батып бара жатқан күннің жер бетіне шашыраған қызыл шапағын түріп, бірте-бірте жақындап келе жатқан түн қараңғылығы барлық жарықты түпсіз түнек қуысқа қарай сиырғандай іңір үйірілді. Әлемдегі қызыл, жасыл, сары, көк бояулардың бәрі сұрғылттанып,

өңі қашқан. Көгілдір аспан да түнерген, сұп-сұр, көзінің айналасы
көкшілденген Әсеттің ыңқылы күшейді. Денесі қақсап, жотасы
шанышқылады. Қадырихан бетіне әлсін-әлсін үңіледі. Нашарлап
бара жатқанын сезді.

– Әсаға, бірдеңе керек пе?

– Жастықты аздап биіктетші, кеудем қысылып барады. Төмен

жатқандікі ме, басым айналып, жүрегім айнып тұр.
Қадырихан мен Жабықбай қатар түрегелді де, бас жағына
шығып, екеулеп жастықтың астына қабатталған тонды жаста­
ды. Шалқалап, соған арқасын сүйеген Әсеттің қолын Жабықбай

уқалады. Қалай да бір сеп болар шипаның жолын таба алмай
абдырасқан.

– Денеңіз құрысып жатса, маймен сылайын.

– Жанарымды тұман басып, бұлт қаптағандай қарауытып тұр.

Құжынаған қалың шыбын жүйтки ұшып жүрген секілді.

– Шаршағандікі ғой. Ыстық өтсе де адамның көзі бұлдырай

бермей ме? – деп жұбатты Жабықбай.

– Әй, қайдам... – деп қамыққан Әсет толғана шиыршық атты да,

аса байсалды қалыппен сөзін жалғады. – Кім біледі, көкейден ұшып
шығып жатқан өлең болар, көбелек құсап көлбеңдеп, кеудемдегі
гүлін қиып кете алмай жүрген...

– Әсаға-ау, бу боп тарап жатқан удың зардабы ғой ол...

– Түу, үнім де қырылдап, дыбысым өшіп барады. Аңыраған

әнім де қарлығады-ау осылай. Кеудемнің оты сөніп, жүректің гүлі
солған соң әннің қош айтысқан түрі ме?..

– Қит еткеннің бәрін өлімге жори бермесеңізші, Әсаға, – деді

Қадырихан бұртия көзі жапақтап.

– Одан шошыма, Қадырихан. Қараңғылық қоршап, денем

суынып барады сәт сайын. Кеудем құрт кеміргендей ашиды,
тынысымның жолы да тарылды. Көздің нұры азайды. Бұлыңғыр
мұнары молайды. Енді несіне өзімді де, өзгені де алдарқатамын.
Қапыда торға түскен арыстан қанша арпалысып, бұлқынса да

құтыла алмайды. Мен де түпсіз шыңырауға құлаған жанмын.
Елеске алданба... Жазып қал, Қадырихан, жазып қал...

– Жазайын, айта беріңіз.

Әлденеге асыққандай Әсет жанының қиналғанына қарамастан
бір нүктеге қадалған қалпымен өлеңін жұптады да, бар күшін
салып әрі жалғады:
Өлеңмен атақ жайдым оң мен солға,

Жүйрік ем сүрінбеген терең орға.
Еркелеп ел ішінде жүруші едім,

Қапыда құтылмастай түстім торға. Тірліктің нұры сөніп бара жатыр, Бір Алла сапарымды өзің оңда. Тарылып талыс кеудем күрілдеген, Шығады қырылдаған үнім зорға. Дертке дәрмен, көнлімнің гүлі болған, Осы өлең адастырды-ау ақтық жолда... Көзінен баданадай бір тамшы мөлдір жас домалана ыршып түсті де, тырс етіп жастыққа тамды, Қыр мұрнының тіктеу кеңсірігінің сағасында ирелеңдей сыздықтаған дымқыл із қалды. Шапақ батып, іңір қараңғылығы қоюланды. Лезде көз бай­ лан­ды. Қара көк аспанның төрінде самсаған жұлдыз жылтыл­ дайды. Бір жігіт жарығы мол, көзі шағылыстыра жарқыраған алтылық шамды бір қолымен ұстап, екінші қолымен өзі көтере кірген кішкене тақтай орындықты үйдің ортасына қойды да, үстіне шамды орналастырды. Сырттағы кісілер бір-бірлеп ішке кірді де, төр алдында ұзынынан сұлап жатқан Әсетті қоршалап, іргеге тақай орналасты. – Әсетжан, шамаң келсе, көз шырымын алшы, – деді Шадай қария ағалық ыстық ықыласпен үнсіздікті серпіп. Әсеттің өңі сұрғылт. Дауысы да мүлде бұзылыпты. Тамағы бітіп қалған кісіше қырылдайды. Сөзі де үзік-үзік. Үні зорға естіледі. – Шәке-ау, тынығар күн қайда?.. Тынысым бір жола тынатын секілді. Орталарыңызда дүрілдетіп жүр едім, міне, тағдыр тұсау салып, тұралатты да тастады, амал бар ма? – Қой, шырағым, сабыр сақтап, қайрат қыл. Өйтіп жасыма!.. Әлі-ақ оңаласың, үмітіңді үзбе! – деді Мешпет би де өзінің осында екенін сездіру үшін. – Сүрінбейтін тұяқ жоқ, күні ертең кең өрісіңе құлаш жайып, суатыңнан су ішіп қанасың. Әсет жаны қиналса да ағаларының сөзін бөлмей тындады. Жан азабын сездіргісі келмесе де, ентіге дем алады. Қажығандай көзі шүңірейіп, айналасы көгілдір тартқан. Беті талаурай күреңіткен. Кеберсіген ерінін жалап, қырылдаған үнмен өзінің ішкі жайын ұқтырды. – Өзегіме шоқ түсіп кеткендей жанып барады. Кеудемді өрт шарпыды. Қара құрт кеміргендей сүйек-сүйегім сырқырап қақсап тұр. Әлгі бір әзірде көзімнің алдында қаптаған қызыл-жасыл шеңберлер шырайнала дөңгеленіп жүр еді, енді жанарымды мұнар басып, пердесі қалыңдады... – Онда сөз қуалап, қинала бермесейші, – деді Мешпет би басалқалы ағалық ниетін білдіріп. – Ой да ауыр тиеді. Сау кісінің

өзі сөз қисынын іздегенде дертке шалдығады. Оңалып, әл жиған
соң айтарсың бар сырыңды...
Ашып айтуға батына алмаса да үйдегілер аяулы ақынының
жанына батқан азабына ортақтасқандай томсарысқан кейіпте,

үнсіз налыған. Жүректері сыздайды. Күдіктері де үрейге ұласып,
зәрелері ұшқан. Әсет күрс-күрс ыңқылдайды. Тыныс алысы
бұрынғыдан да жиілеген. Қатты аласұрып, дөңбекшімесе де,
тілін тістеп шыдап бағатын сықылды. Бұлардың алдында әлсіздік

танытқысы келмейтін түрі бар. Көзін ашып, төңірегін шолды.
Еті қызарған жанары бозарыңқы. Күл болып сөніп бара жатқан
шоқ сияқты, қызуы жоқ. Кірпігі әлсіз жыпылықтайды. Танауы
қусырылып, жағы солыңқырап үрпиген. Суық ұрған гүлдей со­

лып, еті толық беті болбыраған. Иегі дірілдеп, тұншыға күбірледі.

– Бұл елге еркелей келіп ем, ағайын. Шайпау сөзім, шалыс

қылығым болса, кешіре көріңіздер!.. Өз елім, тамыры бір, өзектес
жұртым санаған соң жалпы халқымыздың қамы үшін айтқан
шығармын кейбір ащы ойларды...

– Үзілгенімізді жалғадың, оған алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

– Мешаға... – деді Әсет бидің жайдары лебізіне балқығандай

сәл тыныстап. Осының өзі жанына батты. Осы асыл жанды
адамдар­дың артында егіліп қалатынын ойлағандай қабағын
шытты. Анығын жасырмауға тырысты. – Енді маған дұшпан да,
дос та жоқ. Барар жерім – тастай қараңғы бір қуыс...

– Оған асықпа, Әсетжан. Бәріміздің де түпкі тұрағымыз сол.

Бірақ саған әлі ерте...

– Міне, Мешаға, жүрегім де шанышқылады. Өршіген дерт

шеңгелдеді-ау, шамасы...

– Кімнің жүрегі сау дейсің, шырағым...

– Ой, дүние-ай... Әкесі үйінен алыста жүріп дүниеден өтсе,

бала-шағасы ауызына су тамызып, дәм татқыза алмағанын арман
етіп боздайды. Менің де бала-шағамның басында сондай арман
қалатын болды-ау...

– Артын күт, Әсетжан... Оны адам баласы болжай алмайды.

– Әйткенмен, ағайындар, ықыласпен берген дәмдерің, ішкізген

сусындарың тынысым үзілгенше мені зарықтырмайды. Мұңымды
емес, өкініш сөзімді айтайын.

– Айта ғой, Әсетжан, – деді Шадай қария дауысы қалтырап.

Басқалар да қостағандай бөтен сөз қоспады.

– Қадырихан, бармысың қасымда?.. Айнала неге қараңғы?

– Сізді тастап қайда барушы ем, Әсаға?.. Қараңғы емес, шам

жанып тұр...

– Кім біледі, түк көрінбейді.

– Қиналып көп сөйлеп кеттің, Әсетжан. Содан басың айналды

ма? Енді тыныш дем алшы... – деді Мешпет би әлсіреген түрінен
шошынса да, демеп.

– Ондай күн енді туа қойса... Қадырихан, тыңда!.. – Қа­сы­

ңыздамын, Әсаға!

– Ендеше, жаз...

Ел-жұртым, аға-іні – көңіл хошым,
Бұл менің арыздасқан сөзім болсын.
Даусымды ести алмай арындаған,
Сыбырым таңдандырар шыққан тосын.

Кешегі дүрілдеген заманымда,
Бастадым өз ортаңда әннің көшін.
Барады қарауытып қос жанарым,
Тағдырым сыйға тартты күңгірт кешін.

Ақырғы айтар сөзім осы болды,
Бәрі бір мейлі дұшпан, мейлі досым.
Артымда тірі қалған үлкен-кіші,
Бәріне осы ақтық айтқан қошым!..

Дауысы тұтыға сыбырлап барып шорт тыйылды. Көзі жұ­
мылды, иегі жыбырлай дірілдеді. Бүкіл күш-қуатын осы бір соңғы
сөзін түйіндеп тастауға ғана сарқа жұмсағандай әлсірей берді.
Аяқ-қолы созылып, денесі борсыған еттей болбырай бастады.

Тыныстағандай бір мезет дыбыр-дыбыссыз қыбырсыз жатты. Дем
алысы жиіледі. Ауызын ашып, үсті-үстіне ырсылдай алқынады.
Әлденеден сезіктенген Шадай қария құйрығымен ілгері сырғанап,
Әсеттің төсегіне жақындады да, тынысын тыңдап, күдіктене үңілді.

Науқастың дөңгелек жүзі қара-күреңденген, шықшытының терісі
жыбыр-жыбыр етеді. Танауы қусырылған. Қарысқан жағының
күйісін қайтарғандай тісін шықырлата қайрайды. Шадай қария
үнін соза дауыстап:

– Әсетжан, қандайсың?.. – деп сұрады. Әлсіреген Әсет енді мұң

шаққандай үзіп-үзіп міңгірледі:

– Шә-ке, тұ-ла бой-ым қақ-сап ба-ра-ды...

– Сабыр, Әсетжан... ақырын күт, айналайын... – деді де, қария

телмірген жұртқа қарап ақырын сөйледі. – Әй, қиын, әлі кетіп
барады. Өңі тым сұрғылт...
Мұны естігендей Әсет ширығып, ыңырана үн қатты:

– Қай-те-йін... қай-ла жоқ...

Тілі ауызына сыймай ісінген. Сөйлеуге келмейді, күрмеліңкі.
Иегі зорға қыбырлайды. Көзін сығырайта ашып еді, кірпігі
қалтырады. Еті қып-қызыл боп қанталаған, оты азайған, қарашығы
үлкейіп, жалыны өшкіндеген...

Алыстан шапқан аттың дүбірі естілді. Үйдегілер елеңдесе құлақ
түрді. Бірте-бірте жақындап, шапқан ат үйге тақады. Танауларынан
жел гулеген қос ат сол арынмен Әсетке арнайы тігілген отаудың
сыртына келіп тоқтады. Үйден жүгіре шыққан жігіттер ат ұстады.

Аздан кейін қолына кішкене қара қобдиша ұстаған, жұқа қоңыр
шекпен киген ақ сары кісіні ілестіріп Қасен кірді.

– Ассалау-мағайкүм, саламатсыздар ма?.. – деп амандасты да,

арықтау орта бойлы жұқа сары кісі шекпенін шеше бастағанда-ақ
Қасен іліп алып, керегенің басына ілді. Дәрігер состия мұңайып
тұрған Ғапариді көрген соң басын иді де, жөнін айтты. – Бари
абзи, сіздің хатты ала сала атқа міндім. Күн бата Шапқанжотаның

өрінен саржеліспен асып ек, мұндай жақсы шара жасапсыздар,
сол жерде тың аттар тосып тұрыпты... Бұл кісіге не болған енді,
неден уланған?..

– Абайламай мүсәтір деп алмас татып алған, – деді Ғапари

мұңды кейіппен жағдайды түсіндіріп.

– Би, болмаған енді, онысы қиын екен...

Басын шайқаған дәрігер Әсеттің қасына әдейілеп қойылған
жатаған кішкене тақтай орындыққа отырып, тамырын ұстады.
Төс қалтасынан күміс сағатын шығарып, көз жазбай сығалады.
Одан кейін қобдишасын ашты. Өзінің бір ауыз түйінді сөзін есту­

ге елеңдей құлақ түрген адамдарға көзінің қырын салды. Көптің
үмітін Ғапари жеткізді.

– Қалай, үміт бар ма?..

– Жүрегінің соғысы тым әлсіз. Не істесем екен, ә?..

– Қолыңнан келгенді аяма.

– Мұндайға ем қолданып көрген емен. У денесіне түгел жа­

йылған. Қараңыз әне, өтіп кеткен. Міне, бетінің қаны ұйыған,
күлдей сұрғылт тартыпты. Қане, туысқан, естисіз бе, ауызыңызды
ашып, тіліңізді көрсетіңізші...
Әсет қиналып, ауызын аша алмап еді, дәрігер қалайы қалағын

тісінің арасына сұғып жіберіп көмектесті. Күңгірлеген дауыс үсті-
үстіне талап еткен соң зорлана тілін шығарды. Қане оқталанып, өрт
шалғандай қызара бөртіп тұр. Дәрігер жұқа ақ қалайы қалақшамен
үстінен ептеп басып, таңдайына үңілді. Таңдайы ақ өзектеніп,

күйген құйқадай сірескен, қылаулана бозарған. Жұтқыншағы қаны
сорғалаған жас еттей күлдіреген.

– Күйдіріп жіберген бе?.. – деп абыржыды шишалы шамды

тақай ұстап тұрған Жабықбай мұны көріп. Шарасыздықтан
дәрігердің де көзі бақырайып, күйіне басын шайқады.

– Мүлде өртеніп біткен... тамағы да, өңеші де іріген...

– Ға-пе-ке... – деп Әсет қырылдаған буалдыр дауыспен

ыңыранды ерінін жыбырлатып. Қиюы қашқан, біріне-бірі жұ­
тыспайды. Ісініп, домбыққан, дүрдиіп тұр. Үні де бәсең, әлжуаз.
Көзін сығырайта ашты да, айналасына жапақтай бір қарап, қай­та­
дан жұмды. Тілі сөйлеуге оралымсыз. Сөзі де үзік-үзік. Ұқтырып

айтуға шамасы жоқ. Ғапари қасына тақады.

– Әсет, мен мұндамын, не айтасың?..

– А-ма-нат... қо-ш-ш.. – деді де, одан әріге шамасы жетпей, үні

ішіне түсіп, дыбысы өшті. Басын оңды-солды бұлғақтата толғады
да, қатты қиналды. Анда-санда бір ашылған көзі бозарыңқы.
Кеудесінің сырылы молайып, алқынысы бұрынғыдан бетер
жиіледі. Күрс-күрс ентігеді. Ғапари жебегісі келген сыңаймен

демеу болатын жылы ниетін айтты:

– Әсет, міне, дәрігер келді, енді қарап емдейді!..

– Ы-ың... – деп ыңыранды Әсет мұны түсінгенін сол ыңы­

раныспен ғана сездіріп. Есі кіресілі-шығасылы сықылды.
Дәрігер қайтадан тамырын ұстады. Ұш жағына іші қуыс
дөңгелек бекітіл­ген түтікшемен кеудесін тыңдады. Аздан кейін
басын көтеріп, өзіне аңтарыла қараған жұрттың көңілін аудара

басын шайқап, қынжылысын айтты жасырмай:

– Қолдан келер шара жоқ... Өте қатты уланған, халі ауыр...

– Ой, тағдыр-ай... – деп қайғыра күрсінді Мешпет би бұл

үмітсіздікке алаңдап. – Адам баласының жазмышы жаныңды
түршіктіретін шырғалаңға ұшырай береді екен-ау... Бағана ғана
ортамызда гүлдей жайнап отырған адамның күйі мынау...
Жұрттың жүрегін үрей торлады, ұсқындары сұрланды, сүреңсіз.

Әсет бір-екі рет лоқсыды. Өкпесін соға қатты, алқына дем алып
жатқаны болмаса, сөзден қалды. Көзін тарс жұмған. Ауызы сәл
ғана ашулы, аппақ тістері жылтырайды. Езуінен ақ көбік көпіршіп,
сілекей шұбырды. Қадырихан қолындағы орамалмен әлсін-әлсін

сүртіп, тазалап қояды. Дәрігер де тамырын жиі-жиі ұстай береді.
Жүрегінің тоқтағанын ғана бақылаған түрі бар. Әсетте қимыл жоқ.
Пысылдай тыныс алғаны ғана естіледі. Әлден уақытта қабағы
шытыңқы дәрігер орнынан созалаңдай түрегелді.

– Енді туған-туыстарына хабар салып, шақырта беріңіздер...

Көпке созылмай тынысы тоқтайды.

– Мұның туғаны да, туысы да, ең жақын адамдары да осында

отырғандар, – деді Ғапари қайғыра күрсініп. Дәрігер қазақтардың
жаудыраған мұңды көздерін айналдыра шолып өтті.

– Солай, ағайындар, қамдана беріңіздер...

Сол-ақ екен, үлкен-кішінің бәрі көздерінің жасын сықты.

– Қайран боздағым-ай...

– Арманда кетті-ау...

Арыстай боп созылып жатқан Әсетке қимастықпен емірене
қарады. Егделер тезірек тыйылып, біріне-бірі тоқтау айта бастады.

– Орны толмас есіл ер-ай...

– Топырағы торқа болсын!..

– Жазмыштан озбақ жоқ. Шыр етіп жерге түскенде топырағы

осы Ұланбурадан бұйырған екен...
Жаздың қысқа таңы сарғайды. Аспанның шеті бозарды. Жібек
самал жердің бетін желпіді. Үйдегілер үрпиісіп, науқастың соңғы
тынысын күтеді. Әр дыбысқа, қылт еткен құбылысқа қадала құлақ

тосады. Төсек жаққа қайғыра қарасады жаутаңдап. Қасірет уы
тырналағандай кеуделері ашиды, бауырлары езілгендей күйреген.
Бір кезде Әсет иегін көтеріңкірей қақты да, ышқына дем алды.
Аяғы созылыңқырап барып сылқ түсті... Орай соққан дауылдай

гулейтін өңештен шығып тұрған әлсіз тыныс шорт үзіліп, сап тына
қалды. Нұрлы жүз күлдей сұрланды. Жалынды жүректің алау оты
сөніп, денесі суыды, аяқ-қолы серейіп қимылсыз жатыр.
Шадай қария түрегеліп, төсекке таяды, Әсеттің жансыз аяқ-

қолын қалыпты түрге салды. Денесін түзеп, жөндеп жатқызды.
Мешпет би дұға оқыды. Қадырихан ой бауырымдап, тымық түнді
басына көтере өкірді де, қарс ұра өксіді. Басқа жанашыр кісілер
де көздерінің жасын сорғалатты...

– Қанша боздасақ та, енді Әсетті тірілте алмаймыз, – деді Шадай

қария ағыл-тегіл еңіреген жұртқа сабыр тілегендей. – Жылағанды
қойыңдар. Одан да ардағымызды аялап жер бесігіне қоюдың қамын
жасайық. Бұл да парызымыз.
Бұл пікірдің ықпалы жұртты сәл тыныштандырды. Үйсіз-

күйсіз аяулы азаматын ардақтап, ақтық сапарына шығарып салуды
өздерінің борышы санаған-ды.

– Міне, таң да атты, – деді Мешпет би осы оймен. – Бүгін құр­

ман айт қой. Жаназасын айт намазымен бірге оқиық.

– Иә. Оның сауабы үлкен, ақ көңіл адам еді, – деп, бұл ұсынысты

Шадай қария да қостады.

– Ендеше, күн шықпай жан-жақтағы елге хабар беріңдер...

– Жабықбайжан, осы істі өзің текте.

Жабықбай бұл жоралғыға ағалық еткен Мешпет би мен Шадай
қарияны қанағаттандырғысы келгендей ашық жауап қайырды.

– Оған қазірден кірісеміз...

– Қасен, сен ауылға шап, ел-жұртқа хабар тарат. Зиратқа

барып, қабыр қазатын жігіттерді сайлап жібер, – деді Мешпет
би көзі жасаураған жігітке өзінің ойын түсіндіріп. Жабықбай да

орнынан түрегелді. Ілгері аттады да, мұңайып тұрған Ғапариге
мойын бұрды.

– Ғапеке, сүйегі осы үйден шықсын, басқа жерге көшіріп,

тасымай-ақ қоялық, обал болар. Мен үй жаққа барып, сойыс малын,
қазан-ошаққа қарайтын қатын-қалаш, жігіт-желеңді жіберейін.

– Жабықбайжан, жөн білетін адамдарды да қалдырма, қазақы

әдетке біз шорқақтаумыз ғой.

– Оны білемін, – деді Жабықбай бұл сырға түсініп. Тағы бірдеңе

сұрағысы кеп Мешпет биге бұрылды. – Аға, зират басына біздің
ауылдан да адам барсын ба?

– Қолдың көптігі артықтық етпес. Әлгі ұстаға айт, құрал-

сайманын, балта-шотын ала барсын. Қарағай кесетін жігіттерді
қос. Елдің осындай жиын кезінде қабырының басына сағанағын
да біржола тұрғызып қоялық.
Осы кеңес-пішімнен кейін Шадай қария да ауылына жөнелді.

Ол да азаға өз үлесін қосудың қамын жасауды ұйғарды. Үйде
Мешпет би, Ғапари, Қадырихан, дәрігер және түн күзетіскен басқа
да үш-төрт адам сүйек бағып қалды... Шапағын шашыратып күн
шыға бастағанда тұс-тұстан осылай қарай аттылы-жаяу адамдар

ағылды. Аттарын оңашаға айқастырып байлап тастап, үй маңында
топ-топ боп шоғырланып отырысты.
Жігіттер жерошақ қазып, қазан асып жүр. Біреулер басын түйіп,
үш сирақтатып көтерілген бақанға іліп қойып, қойдың терісін іреп

жатыр. Өгізге отын артып келгендер оны түсіріп, өздері бұтарлады.
Әр алуан ырым-жырымға жұмсалатын ірілі-ұсақ мал да жиналған
екен, бөлек қосақталып қойылған.
Бір кезде қасында Шіргені қосыстаған елдің ағасы Әлімжан

бар, өзінің әйелі Күмісжан мен Жәмішті ілестіріп, арындаған
саржеліспен Кемелбек жетті. Басқалар құсап томсарып келмей,
сонадайдан «Ой, бауырымын» салып, ботадай боздап келді.
Бүйірін таянып, есік алдында жылап тұрған Қадыриханмен

көрісті. Оған қосылып екі әйел де дауыс салып жылады. Әсіресе
қай-қайдағыны, елі-жұртын айтып егілген Жәміштің зары үлкен-
кішінің сай-сүйегін сырқыратты. Қолы жетпеген арманын да,
ішін өртеген қайғысын да, орны толмас өкінішін де дауысқа

қосып, дағдылы жоқтау жырмен айтты:
Адырдан жылқы қумадым,
Анадан ұл боп тумадым.
Арманда кеттің, ағашым,

Болмадым неге құрбаның?..
Кынама мешпет кимедім,

Түймесін ызып түймедім. Арманы таудай, бауырым, Еліңмен бірге күлмедің. Жарқырап таңым атпады-ау, Аспанды тұман қаптады-ау. Аңсап та жүрген елінен Ақырғы дәмін татпады-ау... Тұс-тұстан жұбатып, басу айтқан лебіздер естілді. Соның ішінде Шадай қарияның дауысы басымдау шығып, жанашыр қамқорлығын танытты. Жан сөзін айтты. – Сабыр қыл, шырағым. Жалғыз сен емес, бәріміздің де қа­ бырғамызға батып тұр. Қайтейік, тағдырдың жазуы солай шығар. Ол біздің ғана емес, бүкіл қазақ елінің Әсеті еді. Қияғы бүтін сұңқар жоқ, тұяғы бүтін тұлпар жоқ. Қасіретіміз ортақ. Елі егіліп отыр, оны ұмытпайды. Тауық ұшса – тамға қонады, қыран ұшса – тауға қонады. Әсет қазақ халқының аспанына самғап шыққан қыраны еді. Біздің төбемізде бұлаңдап қалықтайды да жүреді. Тыңдаған өлеңіңнің ішінде Әсет бар. Салынған әннен Әсеттің дауысын естисің. Ол өлмейді, алтын дидары елінің жүрегінен өшпейді. Көз алдында жайнаңдап тұрады. Ұрпағы ауызынан тастамайды асыл әндерін... Үлкен кісілер ыстық ықыласпен тоқтау айтқан соң Жәміш жасын тыйып, беті-қолын жуды. Бойын ширақ ұстап, қазан-ошақ басындағы жұмыстарға барып араласты. Осы әрекетімен Әсетке ақтық қызметін етуді өзінің парызы санады. Кеудесі өртеніп, жү­ регі сыздаған Жәміштің сүрең-сұрқы қашқан. Бетінде қан-сөл жоқ, күлдей сұп-сұр. Көзінің жасы сорғалап, үнсіз егіледі. Неғылған сор маңдай едім мен бейбақ. Тым құрса, дауысын емін-еркін құмардан шығып тыңдай алмай қалдым-ау... Енді не күтемін бұл дүниеден? Өмір бойы сырттай елесіне табындым. Енді кездесіп, көзім қанғанша, міне, оның өзі де сағымға сіңгендей ғайып болды. Менің де басымды айықпас қара бұлт, жүрегімді қара түнек бүркеді. О, жалған, бұ дүниеден маған арналған түймедей да жарық сәулеңнің сілемі қалмағаны ма? Күндіз-түні көзімді ілмей телмірген шы­ра­ ғым сөніп, жанымды жылытатын үмітімнің бір жола үзілген жері осы болғаны ма?.. Қойныма сұр жылан сақтаумен қайтіп өмір сүремін? Тірі өлік боп өтемін бе?.. Бүйтіп қорланбайын, не көрсем де басымды бәйгеге тіктім!.. Әсет елге жетуді ұлы мақсаты етіп еді. Тым құрығанда сол арманын елге алып баруға шамам жетер... Өлсем жаным артық па, сол жолда-ақ өлейін... Іштей өксіген Жә­ міш осыған бекінді де, ерінін жігерлене жымқырды.

Жиналған кісілердің ішіндегі қариялардың ұйғарымы бой­
ынша Ламбура жотасының қыр басындағы Тасжота зиратының
төменгі етегінде, сол жердегі саздауыт ойпатта құрман айт намазы
оқылатын болды. Әсеттің жаназасы да сол арада шығарылады.

Сәске түс әлетінде қалың қауым сол тұсқа қарай сырғыды.
Дәстүр бойынша, сыйлы қариялар Әсеттің сүйегіне түскен.
Арулап жуды да, аппақ матадан пішілген кебінін кигізді. Кілемге
орап, табытқа салған денені Кемелбек бастаған қарулы жігіттер

иықтарына салып көтеріп алып жүрді. Сол беттерімен намаз
оқылатын сазға алып барды. Ғапари, Шадай қария, Мешпет би,
тағы басқа бір топ үлкен кісілер мен Әсеттің көңілдес, дәмдес
болған сыйлас-сырлас адамдары мәйіттің соңынан шұбыра еріп

отырды. Қара құрым адам жалпақ сазда иін тіресе сапқа тізілді.
Жүздерін мұң торлаған, ауыр қайғыға шомған, қамыға күйзелген.
Ашық аспанның төрі де шаң басқандай бұлыңғыр тартқан.
Күннің көзін бозғылт мұнар кіреукелеген. Көптің көңілін торлаған

қайғы тұманы көкті де жауып алғандай...
Айт намазы оқылып біткеннен кейін Әсеттің жаназасы
шығарылды. Қыбылаға жүздерін берген адамдардың алдына үстіне
ақ мата, қызыл кілем жабылған табыт көлденең қойылды. Бәрі де

іштерінен ақынға ақ тілеулерін білдірді шын ықыласпен. Содан
кейін төрт-бес жүздей кісі Тасжота зиратына ардақтай алып барды
да, зор құрметпен аялап жерледі.
Кеше ғана дүниені дүбірлетіп жүрген жалынды жүрек, талыс

кеуде, шалқи әуелеген арынды әуен ошақтай ғана қуысқа сый­
ды да, бетін тоқымдай қара қошқыл топырақ жапты. Жер беті
дым көрмегендей былқ етпестен тымырайып тұр. Сол бейғам
тұрпатынан көп сыр ұғылғандай. Менің құшағым – мәңгілік

бесігің адамзат!.. Мен адам баласын алаламаймын, жақсылықтан
басқаны тілемеймін. Соны сезесіңдер ме? Өздеріңе өздерің
істеген зұлымдықты менен көрмеңдер... Өлі денелеріңді далада
қалдырмаймын... Ол да сендердің қамдарың үшін. Күллі қайғы-

қасіреттің сипатын өздерің ұғып алыңдар. Құтылар шараны
да өздерің табыңдар... Одан мен құтқара алмаймын. Қайғы
өздеріңнен. Ал өзектерің талса – мен нәр беремін... Жер-ана
осылай сыр тастап, тіршілік әрекетінің салмағын адам баласы­

ның өзіне қалдыратын сықылды. Мұндай сәтте бұл жайларды
саралап жататын кім бар дейсің...
Қабырдың жас топырағы үйіліп біткен соң, арнайы әзірленген
бөренелерді айналдыра қалап, лезде ағаштан сағанағын да өріп

тұрғызысты. Ақырғы қоштасу дұғаларын оқып, беттерін сипап

қоштасқан жұрт та тарады. Төбе басындағы жас қабыр адамдар
алыстаған сайын төмен шөгіп, тұңғиық мұнар құшағына көміліп
қала берді. Оқшау әлемге ауысқандай.
Әсетке бағышталған бұл күнгі қатым-құран Ғапаридің ауы­

лында оқылып, соңғы асы ішіліп болғаннан кейін Мешпет би:

– Рақмет қажы, досыңды өз үйіңнен мәңгілік сапарына

шығарып салдың, ел разы. Ендігі кезек біздікі, – деп Ғапариға
алғысын айтты да, жетісін беруді өзінің мойнына алаты­
нын жа­риялады. Ел разы боп тарады. Әсеттің атын жетелеп,
Қадыриханды ауылына алып қайтты.

Қайғысы меңдеп, санасын түнек мұң торлаған Қадыриханға
ас батпады. Көзі жаудырап, жанары бұлыңғырланған. Басы
айналғандай теңселеді. Қабағы қарс жабулы. Тіпті ашық сөзден
де қалды, өңі бозарып, инелікше қатты. Мешпет бидің оңаша

үйіне кірген соң бауырын жерге төсеп, етпетінен түсіп жатып
қалды. Басын да көтермеді. Көпті көрген, талай ауыртпалықты
бастан ­кешкен кәрі би оның қайғылы жүрегіне жұбаныш себетін
қилы-қилы әсерлі сөздер айтып, сабыр-тақатқа үйірді. Көзден

кеткен соң көңіл де суынады екен. Күн өткен сайын буыны
бекігендей Қадырихан да біртіндеп есін жия бастады. Тірі
адамның көңілі жіпселеседі екен. Бала жасынан құлағына сіңген
қағидамен: «Жапырақ ұшып – желге кетті, аққу ұшып – көлге

кетті, тағдырымыз солай, Әсет те бәріміз баратын жерге кетті»
деп, өзін-өзі қайрап жұбаныш іздеді.
Әсетті жерлеп қайтқан күні ауылына келе сала-ақ Мешпет би
өзінің ерке-сылқым немересі Рақымбердіні шақырып алған.

– Балам, біраз күнге дейін біздің ауылдың маңайында дырдулап

ән салып, сауық құрмай тұра тұрыңдар, – деді жабырқаған түрмен.
Мұндай қолқа салмайтын атасына таңданып қалған жігітке өз
ойын түсіндірді.

– Мен бүкіл елге Әсет ағаңның жетісін өткіземін деп уәде

бердім. Соған дейін біз де аза тұтып, марқұмның аруағын разы
қылайық!..

– Бұл ықыласыңызға бас иемін, ата! Өмірбақи ұмытпаспын.

Әсағаңды ардақтағаныңыз, біздің елдің де абыройын асырады. Ол
да бір мерей емес пе!.. Осындай қаза үстінде ән салуға ауызымыз
бара қоймас, ата!..
Мешпет би қызына, қинала сөйлеген немересіне көзінің қия­

ғымен сүзіле қарады да, үндемеді. Бұл қаза бұған да батқан-ау,
шамасы. Қайтсін, құмардан шыға алмай қалды. Әлі үйреніп
үлгермеген әні де көп еді. Ол қалай өкіндірмесін? Жаңа табысқанда

мәңгі айырылып, жер сипалап құралақан қалғаны қандай қиын.
Өкініштің жалыны ішін өртейді... Азаның жүйесіне немересінің
санасы жеткеніне сүйсінді. Бұл да жөн білетін адам бопты-ау.
Баланың өскенін осындайдан байқаймыз да. Әсет ақын бата берген

бала ғой, талабы жанса екен!.. Бидің ойы тілекке ауысты. Әсеттің
жетісін өткізуге әзірленген Мешпет бидің ауылына межелі күні
Шылбыр-Шірге, Қайшы-Қайқаң жайлауларының ол шеті мен бұл
шетінен көп адам жиналды. Тіпті Көлденеңсу-Көлтекше, Жеті

Кертастан да адамдар келді. Сауын салған ауылдардан саба-саба
қымыз жеткізілді. Бөлек тігілген үйге қариялар жиналып, Құдай
жолын ада қылысты. Үй-үйге бөліп орналастырылған кісілерге
тегене-тегене қымыз сапырылды. Табақ-табақ ет тартылды. Барлық

ырым-жырым, иба-ізет жасалып, ықылас-ниет айтылып болғаннан
кейін Мешпет би жұртты ауыл іргесіндегі жеке төбенің басына
жинады да, өзі ілестіре барған Қадыриханға мойын бұрды.

– Қарағам Қадырихан, жақыныңнан айырылып, жаның

күйзеліп жүр, оны білеміз. Бәріміздің де қабырғамыз қайысады,
қайтеміз. Қайрат қыл. Өлгеннің артынан өлмек жоқ. Қанша
жақсы көрсең де, жаның басқа, көрер күнің бөлек. «Құс өліп, ба­
лапан қалса – қияқ қалғаны; ат өліп, құлын қалса – тұяқ қалғаны;

ата өліп бала қалса – мұрат қалғаны...» деген миятты сөз бар.
Әсет ақын алқымынан алып, бетпе-бет ұшырасқан ажалдан шо­
шымай, үрейленбей өтті. Аса сергек сезіммен, алғыр ақылмен
мына еліне арнаған ақтық сөзін айтып, саған жаздырып еді. Сол

елінің бір тобы, міне, қарсы алдыңда тұр. Сөзі өтпесе – ақын
ғарып. Әсеттің аруағы разы болсын, сол сөзін мына жұртқа
жария ет, тыңдасын, ғибрат үйренсін! Ұққаны көкейіне тоқып
алсын. Әсеттің сөзі бізге де тарасын!..

Қадыриханның да қалауы осы еді. Көзінің жасын сығып
тастады да, бойын тіктеді. Оң жағындағы топтың арасында
тұрған Рақымбердіге иек қағып ымдады. Өзі де осы сәтті күтіп,
әзірленіп жүрген секілді. Сондықтан елгезек жігіт түсіне қойып,

үйге қарай жүгіріп барды да, домбыра алып келді. Қадырихан
екеуі бірнеше күннен бері оңашада Әсеттің ажал ауызында жа­
тып айтқан сөзін әнге қосып, жасырын жаттығып жаттап жүрген.
Ал Қадырихан жазып отырғанда-ақ көкейіне құйып, есіне сақтап

алған. Енді домбыраны безілдете қақты да, көпшілікке назар
аударып, өзінің тілегін қоса айтты.

– Ал, жұртым, Әсағаң әл үстінде жатып елімен коштасқан

ақырғы сөзін маған жаздырып еді. Соны алдыларыңызға жайып
салайын да, парызымды өтейін!.. Мойнымда қарыз боп кетпесін.

– Сөйт, шырағым, Әсет еліне не айтты екен, естиік.

– Ұрпағына өнеге болатын жан сөзі ғой...

Шадай қарияны қостаған Тоқпамбет шал асыл сөзді ардақтап,
Қадыриханды жебеді. Көпшілік үнсіз құлақ тосады. Әсеттің қисса
не шұбыртпалы өлең айтқанда салатын жатық, шұбырынды,
мұңлылау әуенін боздата жөнелді. Ақын арманының зары жұртты

үйіріп алды. Біреулер көзінің жасын сықса, біреулер тамсана
таңдай қағып, әруағына бата беріп жатты. Өкініштен жаны күйіп,
күйзелген ел ауыр оймен тарасты...

– Осы қайғылы, қазалы күндерде көзіне түспеген соң, ішкі

күмәні күшейген Мешпет би көрші отыратынын білетін Кемел­
бектен бір қаға берісте:

– Маса молда қайда жүр осы? – деп сұраған. Жігіт те әлденеге

ызалы екен, кізіне ерінін жымқырды.

– Әсағаңа уды сол қу берген сықылды, – деп болжамын айтты. –

Сол күні-ақ Тақияға асып кетіпті.

– Біреуді сыртынан қайбаттама, күнәға батасың.

– Біреуге у берген күнә емес пе?

– Қой, Кемелжан, өсек боп кетер, – деп, Мешпет би басу айт­

ты. – Малдың аласы сыртында, адамның аласы ішінде. Оны қалай
айырасың. Кінәлайтын айғағың жоқ қой.

– Анығын білсем, шіркін, кеңірдегін суырып алар ем...

Кемелбек өзі көзімен көріп, мұң-зарын ауызба-ауыз естіген
Әсет пен Жәміштің бастан кешкендерін айтып беріп еді, Мешпет
би де түңіле басын шайқады.

– Құдай жазасын берер... – деді де, сөзін қысқартты. Жеркенішті

сыңай танытса, мына жігіттердің бұралқы молданы таптап тастай­
тын түрлері бар. Сол болжаммен Кемелбекке бұл сыбысты тарат­
пауды тапсырды. Елдің тыныштығы бұзылмасын деп ойлады...
Әсеттің жетісі берілген күннің ертеңіне таңертеңгісін

Қадырихан ат ерттеді. Ақынның иесіз қалған сұлу жиренін тұлдап,
кекілін түйді. Жал-құйрығын өріп, қара шүберек байлады. Әсеттің
киіп жүрген қоңыр шұға шекпенін ердің үстіне айқара жауып
қойды. Қамшысын ердің алдыңғы қасына ілді де, ақ қалпағын

қоса кигізді. Тамақ ішіп болғаннан кейін үлкен-кішімен қоштасты.
Мешпет биге де айырықша ілтипат көрсетті.

– Би аға, ақ ниетіңізге рақмет, бала-шағаңыздың кызығын көріп,

ұзақ өмір сүріңіз!..

– Әсеттің сөзін елге көбірек тарата жүр, қарағым... Жолың

болсын!..
Қадырихан сұлу жиренді жетекке алып жүріп кетті. Рақым­
бердінің қасында жүрген бір топ жас жігіттер де ілесті. Турасудың

бойын құлап келіп, Көкқамырдың қалың қырқалы қабырғасына
бұрылатын айналма жолға дейін шығарып салды. Сол жерде
Әсеттің атымен, артында қалған заттарымен қоштасты. Қадырихан
қанжығадағы домбыраны шешіп алды да:

– Рақымберді, сені әрқашан Әсағаңның әруағы жебеп жүрсін!

Мынаны көзіңдей көріп сақта! – деп, жас талапқа мұра қып ұсынды.

– Көзімнің қарасындай сақтаймын!..

Қадырихан ілгері кетті. Кері бұрылған жігіттер Әсеттің өздері
үйреніп үлгерген әндерін әуелете шырқап бара жатты.
Күн батысқа бет алған Қадырихан оң жағында жалдана сұлаған
Борқора жотасынан түстікке қарай созылып, көлденеңдей құлаған

ұңғыл-шұңғыл сайлардан өтті. Үлкен суы ақ жалдана сарқыраған
жалпақ аңғарға түскенде бүйірдегі қалың қарағайдың арасынан
жинақы киінген жастау әйел ортекеше орғыған жарау қарагер атын
ойқастатып шыға келді. Қадыриханның аттары елеңдеді.

– Есенсіз бе?.. – деп амандасты таяған соң. Мұң басып, қайғы

мендеткен Қадырихан салтты бұзбай, басын селқос изей салды да,
үн қатпастан жылжи берді. Әйел соңынан ілесіп жүріп отырды.
Әлден уақытта барып мұны байқаған Қадырихан жөн сұрады:

– Қайда барасың, жарқыным?

– Сіз асатын асудан мен де асамын... Жолдас болайын...

Қадырихан артына жалт бұрылды. Әнеукүні Әсетке дауыс
салып жоқтаған әйел. Селдірлеу қара мұрты жыбырлап, бірдеңе
айтпақ еді, әйел егіліп жылап келеді екен. Таңданып қалды.

– Неге жылайсың?..

– Тауым шағылып, үмітім үзілді бұл дүниеден. Соған жылай­

мын.

– Е-е, сен де шерлінің бірі ме едің?..

– Шерім шемен боп қатты кеудеме. Сіздің де қайғыңыз таудай

шығар?..

– Мен ардағымнан айырылып, аңырап қалдым.

– Менің көз жазбай қадалатын жарық жұлдызым сөніп, боз­

дап келемін, – деді әйел солқылдап. Қадырихан аң-таң, ештеңеге
түсінбеді. Бұл да жақынынан айырылып, жаны күйзелген байқұс
екен ғой деп топшылады. Өйткені қасіретті қазақ әйелдері басқа
бір өлікке жылағанда өзінің де қайғы-шерін қоса айтатыны бар. Бұл

шытырманды әйелдің қайырған жауабы шешті. – Сіз таңданбаңыз.
Жан жолдасыңыз еді, сырымды жасырмайын. Әсет менің өмір
бойы көз сүзген, қол созған арманым болатын. Он алты жасымда
Таңсықтың сары даласында кездесіп, жүрегіме шоқ түскен. Ебін та­

уып екі-үш күн ғана ойнап-күліп сырластым, тәтті сөзіне жанымды
суардым. Уәде байласып едік. Тағдыр табыстырмады. Ол айтқан

уағынан кешікті. Өмір бойы адасатынын сезбеді ме, кім білсін.
Әрі қарай сарылып күтуге маған ырық бермеді. Қалыңмалдың
құрбаны боп кете бардым. Әсет бейнесі мені жебеп, үмітімнің
темір қазығы болып қалып еді. Арада талай жыл сусып өтті. Тек

әнеу күнгі үлкен тойда, осы Қайшының белінде қайта кездестім.
Мұндай күйді ойламап едім. Мені ұмытпапты. Ұзақ мұңдастым,
шерімді төктім... Ақыры мынадай күйге ұшырадым...
Қадырихан әлдене есіне түскендей атының тізгінін тартып

тоқтады да, екі беті көз жасына жуыла, алмадай албыраған, көзі
қызарып, қабағы білеулене ісінген мұңды әйелге тесіле қарады.

– Е-е, естігемін, білемін бұл сырыңды... Сен сол Жәмішпісің?

– Әсағаң көпке дейін өксіп, сені аузынан тастамай, арман қып

айтып жүрді...

– Білемін, алыстан аңырадым.

– Әнге де қосып шырқады.

– Гүл сабағынан үзілмей тұрғанда ғана әсем ғой... – деп боздаған

Жәміш өксіді-ай келіп. Қадырихан басу айтып, жұбата алмай әлек.

– Сабыр ет, шара жоқ, қайтеміз...

– Басқа түскен соң көндік қой бәріне...

– Енді қайда барасың?

Соңғы кездескенімізде Әсет қайтқалы жүргенін айтып еді. Мені
де ала кетпек болған. Сорымды көрмейсіз бе? Жарық дүниеде
жалғыз қалдым... Енді Әсеттің арманын елге мен жеткіземін!..

– Қалай, қайтіп?

– Сіз маған жол көрсетіп, жөн сілтеп жіберсеңіз болды... Сүйе­

гім кіндік қаным сіңген жерде қалсын...

– Ендеше тұлданған аттың соңынан ілес!

Жәміш кимешегін шешті де, қос бұрымын ағытып, жайып
жіберді. Ұзын қара шаш қобырап, тұла бойын тұтас жапты. Басын
төмен салған қалпы сұлу жиреннің соңынан ерді...
Қадырихан ілгері жылжыды. Құсемшектің жуан жонын қа­

бырғалай жүрді. Сайрам көлінің өкпе тұсындағы белден асып
түсуді мөлшерлеп, атының басын Құсемшек жотасына қарай
бұрды. Қатпар-қатпар жасыл адырлар тізбектеліп артта қалып
барады. Қарсы алдыларында төбесі көк тіреп, аспанға өрлеген,

күнге шағылысып, күмістей жарқыраған ақ бас шыңдар қасқиып
тұр... Соған қараған сайын көңілдері жай тапты. Үміт асқарға
талпынтады екен...

МАЗМҰНЫ Жалғыз ағаш................................................................................3 Пәле-жала....................................................................................15 Адамдардың мұңы бір................................................................46 Жолаушы.....................................................................................69 Ауыл таңы...................................................................................97 Шалқыған ән...............................................................................120 Қасірет түбі – сергелдең.............................................................148 Жаңғырық ...................................................................................170 Қайтар жолда...............................................................................186 Ой, дүние-ай!..............................................................................208 Құлжадағы көріністер.................................................................232 Сеңгір таулар...............................................................................260 Хантәңірден ескен самал............................................................285 Соқпақтар....................................................................................306 Ой, айғайындар-ай!.....................................................................327 Көрген түстей сәттер-ай!............................................................350 Аманат.........................................................................................372

Редакторы Сәндібек Жұбаниязов
Техникалық редакторы 3айра Бошанова
Көркемдеуші редакторы Нұрлан Тазабеков
Компьютерде беттеген Дилярам Мансурова

ИБ № 7252

Теруге 20.05.2012 жіберілді. Басуға 28.06.2013 қол қойылды. Қа­­
лы­бы 84х1081/32. Офсетті басылыс. Қаріп түрі «Tіmes New Roman».
Бас­па табағы 25,0. Шартты баспа табағы 20,0. Таралымы 2000 дана.
Тапсырыс № .

Қазақстан Республикасы “Жазушы” баспасы, 050009.
Алматы қаласы, Абай даңғылы, 143-үй.
Құрманбай ТОЛЫБАЕВ

Роман
“КӨРКЕМ ӘДЕБИЕТ. ПРОЗА” сериясы

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙