Қазақ шежіресі. 7-нұсқа
Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Мәшһүр Жүсіп Көпеев ел тарихын көп білетін шежіреші ретінде танымал. Шығармаларында әлеуметтік, адамгершілік мәселесін ашып көрсеткен. Адам бойындағы теріс қылықтарды сынаған, адамның мінез-құлқындағы жақсылық пен жамандықты салыстыра бейнелеген. Достық, ақыл-ой, ақыл туралы жазған ғибратты сөзде...
БҰЛ ҚАЗАҚ ҚАЙ УАҚЫТТА «ҮШ ЖҮЗ» АТАНҒАН?
(төртінші нұсқа) Қырық сан Қырым, отыз сан Рум, он сан Оймауыт, тоғыз сан Торғауыт, он сан Ногай бүлгенде, Орманбет би өлгенде, Ноғайлының елі бір алаша тайдан бүлініпті [220]. «Ала тайдай бүлдірді» - деген соз сонан қалыпты. Сол замандарда Құндыкер (Қондекер), Құбаш (Қобан), Қотан (Құтан), Қоғам дегендер болыпты. «Түгел сөздің түбі бір, // Түп атасы -Майқы би» - деген болыпты. «Тоғыз ханды қолынан таққа отырғызған кісі» - дейді. Қырық ханның бірі болған «Қызыларыстан» - деген хан сол уақыттарда Бұхарада тұрып, уақытында Бұхараны түгел билеп: «Осы күнгі бір өзінде он бес азаншы азан айтатұғын мұнараны сол Қызыларыстан хан жасатқан екен!» - деседі. Бәйбішесінен бала болмай, Қызылаяқ деген бір елді шауып, ат көтіне салып келген бір қызға хан аяқ салып, онан бір бала туып, сауысқанның аласындай ала туып, - «аяқ салыпты» - деп, неке қидырмай алғанын айтады - бәйбіше өзінен тумай, тоқалдан туғандығын іштарлық қылып, күндеп: − Бұл балаңды «балам» - деп, сақтама, көзін жоғалт, қарашығын батыр! Мынау өскенде, жұртыңды алақылып, «алатайдай» бүлдіреді! - деген соң, хан қырық жігітке бұйырыпты: − Мына баланы да, тапқан шешесін де Сырдариядан әрі өткізіп қоя беріңдер, өлсе, өлсін; өлмесе, өз бетімен қаңғып, күнін көрсін! - деп, жер аударыпты. − Зынһар қайтып, бұл жұртты мына қатын мен бала да көрмесін, сендер де көрмеңдер! -депті. Бұлар Сыр суынан өтіп, Алатау, Қаратаудың алыбына келіп, жан сақтап, күнелтіпті. Бала өз асын өзі алып ішерлік болған соң, ешкіммен ісі жоқ болып, бетімен қаңғып кетіпті... Дәл он екі жасында Майқы бидің баласы Үйсінге оқтай кез болып, бір ауыз тіл қатпапты. Бала қала беріпті, Үйсін үйіне барған соң, Майқы биге айтыпты: − Бүгін далада ағаштың көлеңкесінде отырған баланы көрдім. «Ай дейін десем, аузы бар, // Күн дейін десем, көзі бар», көрген кісі «бір қасық сумен, қызығып, жұтып жібергендей» - құсбегі пішіп тіккен томағадай құнысып тұрған бір бала. Өзінде Әзірейілдің анық бір түгі бар, маңайына жан батып бара алмаса керек. Жалғыз-ақ айыбы - тілі жоқ екен! - деді. Майқы би өзі ақсақ: өмірі арбамен жүреді екен. Арбасын көлікке салдырмайды екен, жаяу кісіге тартқызады екен: − Сенің мына айтуыңа қарағанда, бая[ғы] «Сағымнан пайда болған Шыңғыстың шын ұлын да көріп едім. Мынау сонан соңғы жалғанға жалғыз қара болып келген жан екен! Мені арбаға мінгізіп, барыңдар, көрейін! - деп барыпты. Бала Майқы биді көрген соң, ұшып түрегеліп: − Ассалаумағалейкум, «Хан біткеннің қазығы, бұқара жұрттың азығы!» - деп, сәлем беріпті.
Майқы би: − Әлейкумассалам, әмсе аман бол! Болайын деп тұрған ұл екенсің! Қолына алып, қайырып салушың жоғынан түр екенсің! Кел, балам, қасыма мін! - деп, арбасына мінгізіп, үйіне алып келіп: Төрткіл ошақ қаздырып, Төбел бие сойдырды, Төменгі елді шақырды. Жорға бие сойдырды, Жоғарғы елді шақырды. Ала бие сойдырды, Аймақ елді шақырды. «Ердің ері, егеудің сынығы!»- деп, баласы Үйсінді бас қылып, жүз жігіт қосып берді: − Қаратаудан арман (әрмен) қарай асыңдар! Ұлытау, Кішітау деген таулар бар, Қаракеңгір, Сарыкеңгір, Жүздікеңгір, Айдаһарлы, Құдайберді деген жерлер бар. [Сол ] жерлерге барып, ірге теуіп, салық салыңдар! Ақ найзаның ұшы, ақ білектің күшімен ел болуды, жұрт болуды ойлаңдар. Күндердің күнінде осы бала хан болады, сендер қарашы боласыңдар. «Хан әділ болса, қарашысы табанды болса, қара жерден кеме жүргізеді!» -деген - деп, батасын беріп, жүргізіп жіберді. Бұл жорықшылар Алатаудан асып, Шу мен Сарысудан көктей етіп, Майқы бидің айтқан жерлеріне келіп, ұйқы бөліп, бұзып, жылқы алды. Күймені бұзып, қызды алды. Көш елді көш - жөнекей шапты, еру елді отырған жерінде шапты... Өз алдына мал малданып, жан жанданып, үйлі-баранды бола бастады. Сатусыз дүние алған соң, қалыңсыз қатын алған соң, ел болмасына немене, жұрт болмасына немене?! Бұлардың мұндай [болғанын] баяғы Қызыларыстан хан естіпті. Қотан, Қоғам, Құндыкер, Құбаш, Майқы билерге кісі салыпты, елші жіберіпті: − Менің баламды жігіт-желең беріп, желіктіріп жібергені не қылғаны?! Баламды өзіме қайырсын! - деп, - Алып келіп берсін, менен қалағанын алсын! - [деп].
Сонан соң бұлар Қотанұлы Болатты жіберді:
− Сендер барып, шақырып кел! - депті.
Бұлар келген, бұрынғы келгендер:
− «Қайт!» - деген сөзді бізге айтпа,өздерің де қайтпа! Атыбестісің - де қартаятын, жігіті жиырма бесінде қартаятын; тауықтан басқа құсы жоқ, көк шөпті жұлғаннан басқа ісі жоқ; еркегі ат болатын, ұрғашысы жат болатын; тымақты тақияға айырбастап, пышақты қасыққа айырбастап; тәлімі бидайдың нанын жегенге, ожаумен көженің суын ішкенге құтыратұғын, титтей бөдененің біте санын жегенге күпті болатұғын, сарттың жаз болса, тұзын; қыс болса, отыны мен көмірін тасығаннан басқа көретұғын қызығы жоқ жерде не ақыларың қалды?! - деген соң:
− Рас-ау, рас! − Рас-ау, рас! - деп, шақыра келгендердің өзі де қайтуды керек қылмады дейді. Қызыларыстан хан қайта-кайта кісі жібере берген соң, Қоғамұлы Алшынды қосып, жүз жігітке бас қылып, тағы жіберді, он үш ақсақал қосты. «Есеп санын үш жүз он үшке жетсе, дүние жүзі жиылса, бетіне шыдамайды - деген», - деп. «Үндемесе де, Бабыр еңбегі, үйден шықпаса да, Бабыр еңбегі», - дегендей, белгілі ақсақал шал жатып жұмысты бітіріп, жайлап жатқандай аңыз да бар. «Түгел сөздің түбі бір, // Түп атасы Майқы би» - аталған кісі осы болса керек. Бұлар: − Енді ел болғанымызды, жұрт болғанымызды жұрт көзіне түсірелік! - деп, баяғы ала баланы алашаға салып, Ұлытаудың басына алашамен көтеріп шығарып, хан сайлады. Оған: «Алаша хан» - деп ат қойды. Бастапқы бір келген жүз жігіт: оның бастығы - Үйсін «Ұлы жүз - Үйсін [ді] атап: − Түп қазығы - салықшысы: Жауға шапқанда, бұлар шаппасын, тас-түйін болып тұрсын! -депті.
Ортаншы келген жүз жігіт, оның басшысы - Болатқожа. − Бұл Орта жүз тосқауылшы, орта буында жүрсін, ханның бақташысы болсын! - деп, «Орта жүз - Ақжол» - атады.
Соңғы келген жүз, оның бастығы - Алшын. − Беті қайтпайтын, жаужүрек, жан [қадірін] білмейтін бұлар кезеуілші болып, қарсы алдында жүріп, жауға шабатын болсын! - деп, «Кіші жүз - Алшын» - ат қойды. Қазақтың «Үш жүз» аталған жері - осы. Бұрынғы заманда қазақтың «Жүз» - деген аталарының да аты болған, «Алаш» - деген де аталарының аты болған. «Жүз» - деген атты руға, «Алаш» - деген атын ұранға қойып: «Жауға шапқанда: «Алаш, Алаш!» - деп, шабыңдар! «Алаш» демегенді, әкең де болса, ұрып жыға бер!» - деп, бата қылысыпты. «Кеше Алаш - Алаш болғанда, // Алаша хан болғанда, // Үйіміз - ағаш, ұранымыз Алаш болғанда, // Үш жүздің баласы - қазақ емес пе ек?!» - деп айтылған сөз сонан қалған. Бұл Алаша ханнан бұрын қазақ ел болып, жұрт болып, көзге көрініп, ауызға ілінген емес, өз алдына отау тіккен емес. Әр жұртқа қоңсы, бұратара болып жүрген ел. Енді бұл үш жүз басын қосып, ел болып, жұрт болып, кейінгі шақырып жатқан Қызыларыстан Майқы биге баруды қойып, ұмытып, өз алдына хан сайлап, жұрт болды. Ішкені - жылқының сүті, сапырулы сары қымыз, жегені - қазы-қарта, жал-жая: жылқының еті Құдайдың құтты күні; құшқаны - сұлу қыз, келіншек, бұлар да орнығып тұрып алды. «Қазақтың бетімен жайылған қойдай емін-еркін, өз тізгіні өзіне тиіп; қатын керек болса, ноғайлардың қыздарын еріксіз, сұраусыз алып кете бергендіктен, Ноғай халқы қазақты бұл күнге [шейін] жек көріп кеткені сол», - дейді. Қалмақ ежелден атасының асындай болған, онан олжаға ұл түссе, «құл» - дейді, қыз түссе, «күң» - дейді. Бет[пақ] шөлінде «Таңбалы Нұра» - деген жер бар. Сонда тасқа басылған таңбалар бар. Үш жүздің баласы - қазақтың таңбаларында талас болса, сол тастан барып қарасады: «Алаша ханның тұсында басылған таңба» - дейді. «Мұнан бұрын «Сағымнан пайда болған» Шыңғыс хан да «Тоқсан екі баулы Қыпшаққа» таңба үлестірген, ұран қойып берген екен!» - деседі.
АРҒЫН-СҮЙІНДІК-ҚАРЖАС ТАРАУЫ
Қаржас: 1. Құлыке. 2. Бегім. 3. Алтынторы, Құлыкеден: Әлімбет, Телі, Тілеу, Ойым (Ұйым). Теліден - үлкен қатынынан: Тоқсан, Талас. Телінің екінші жеңге алған қатынынан − Анай. Жеңге алған қатыны - Бегім өлген соң, алған - Бегімнің қатыны екен деседі. Тілеуден: Әлдеке. Әлдекеден: Жаулыбай, Сақау. Сақаудан - Шалабай, мұнан - Пісаспан. Ойымнан: Өтен, Баян. Анайдың бірінші қатынынан - Нияз, екінші қатынынан: Мырзақұл, Құдайқұл. Анайдың үшінші қатынынан: Жәдігер, Жаңқа. Анайдың төртінші қатынынан - Құл. Мырзақұлдан: Ақмырза, Сәті, Баймырза, Жанмырза, Наурыз. Ақмырзадан - Азнабай, Азнабайдан: Тайжан, Сейтен. Сәтіден: Байкісі, Күшік. Күшіктен - Шорман. Байкісіден - Ордабай, онан - Мақан, онан - Омар. Баймырзадан: Айдос, Жандос. Айдостан - Дәстүр молда. Жандостан - Омар, Омардан: Мағауия, Рахымбек. Жанмырзадан: Мықтыбай, Сәтбай. Мықтыбайдан -Қасен, Қасеннен - Мағауия. Сәтбайдан: Ақан, Қадыр (Кәдір). Қадырдан - Садық. Наурыздан - Алпысбай. Алпысбайдан: Жақыпбай, Түсіпбай. Түсіпбайдан - Пәуен, Жақыпбайдан: Пиғая, Фаһым. [Қаржас - Құлыке - Телі - Анай - Нияз] Нияздан: Құттыбай, Қаттыбай, Бөгенбай (Бөгембай). Бөгенбайдан: үлкен қатынынан - Аманжол. Аманжолдан: Атығай, Әшірбек. Әшірбектен - Жұмабек, онан - Әбдіғапар. Бөгенбайдың кіші қатынынан: Жансары, Байсары, Қойсары. Жансарыдан: Сарбас, Қошан, Төменбай, Жалбыр. Байсарыдан: Байшұқыр, Көшкімбай. Қойсарыдан - Ғаділбек (Қаділбек), Ғаділбектен: Нұрғали, Мерғали. [Қаржас - Құлыке - Телі - Анай - Мырзақұл] Мырзақұлмен туысқан Құдайқұлдан -Құттық, Құттықтан: Жиенбай (Жиембай), Бәди. Жиенбайдан: Тайшық, Ахмет. Ахметтен -Сағынтай. [Қаржас - Құлыке - Телі - Анай] Анайдың үшінші қатынынан: Жәдігер, Жаңқа. Жәдігерден: Сасық, Шөтік. Шөтіктен - Сәтбай, Сәтбайдан: Имантай, Жәмін. [Қаржас-Құлыке-Телі-Анай-Жәдігер-Шөтік-Сәтбай] Сәтбайдың кіші қатынынан - Әмен, Әменнен-Әбікей. Жәміннен: Мағаз, Әпсәләм. Имантайдан - Қаныш. [Қаржас - Құлыке -Телі - Анай - Жаңқа] Жаңқадан - Айбат, Айбаттан - Кәрібай. [Қаржас - Құлыке-Тілеу] Тілеуден - Әлдеке, Әлдекеден: Жаулыбай, Сақау. Жаулыбайдан: Алтыбасар, Әлкей. Алтыбасардан: Алтай, Құлтай, Құрман. [Жолмұрат ескертуі]: «[Қаржас]: Бегім, Алтынторы таратылмады. Ақша, Жанысбай, Боранбай қалып қойды. Тоқсан мен Таласты тарата алмады. Өтен, Баян таратылмады. Құттыбай, Тәттібай таратылмады. Әлімбет таратылмады. Құл тұқымы таратылмады. Байболат - Ақша бабасы, - бұлар да таратылмады. Бай Жанысбай, Ақбесік қалып қойды». Қаржастан - Құлыке, Құлыкеден - Телі. Теліден - Анай, Анайдан - Мырзақұл. Мырзақұлдан - Сақи, Күшік; Күшіктен - Шорман, Шорманнан - Мұса, Мұсадан - Біләл, Біләлден - Жаржан, - он бір атаға келді. Баянаула[да] Қаржас өз алдына бір болыс. «Сатылған» - аталған бұлар таратылады. Жоғарыда «Мықтыбай» - деп атап кеткен Мықтыбайдан туған көп болу керек. Үш [жүз]дің аталары: Ақарыс, Жанарыс, Бекарыс. Орта жүзден бергі аталар: [Айдабол шежіресі]: 1. Жанарыс. 2. Қарақожа. 3. Арғын. 4. Құтан. 5. Мейрам. 6. Сүйіндік. 7. Суғыншы. 8. Шуманақ. 9. Құлболды. 10. Айдабол. 11. Жүзқозы, 12. Төлебай. 13. Еламан. 14. Тұрсынбай. 15.Бәзіл. 16. Шегебай. 17. Илияс. 18. Мансұр. 19. Қожақайыр. Күлік шежіресі: 1. Жанарыс. 2. Қарақожа [немесе Ақжол] [Жолмұрат ескертуі: «Қарақожа бабамызды: «Ақжол» - деп те айтады екен бір себептермен»] 3. Арғын. 4. Құтан. 5. Мейрам. 6. Сүйіндік. 7. Суғыншы. 8. Шуманақ. 9. Құлболды. 10. Күлік. 11. Тілеуімбет. 12. [Жолмұрат ескертуі]: «Аты жоқ». 13. Бесім. 14. Ақжігіт. 15. Сермұхаммед (Сермағамбет). 16. Көпей. 17. Мәшһүр Жүсіп. 18. Шарафи. 19. Бап [221]. Қаржас: Алтынторы - Өтебайдың заманында келіп, ел ішіне сіңісті болып кеткен екен. Түбі, тегі - Тама: Есен (Хасен), Қарағай, Шөкей, - деген. Онан - Тоғызбай, онан -Жұмабай, онан - Ахмет - Керегетаста, Жыландының түбінде мекен қылған. Асылдың әкесінің аты - Тоғызбай, шешесінің аты - Назым: Тарақты – Сағал - Сапаққызы екен. Боштай Боштай болып тұрған күнінде сұлулығына қызығып, Асылды 60 жылқы, 10 түйе беріп алған екен. Сонда Асылдың айтатұғын өлеңі мынау Боштайға:
Ауылымның қонғаны - Қарабүрген,
Сол бүргенді паналап түлкі жүрген.
Сен мені алам дейсің, ау, Бошеке,
Қарауылдың Даржаны иттей үрген.
Боштай өлген соң, Асылды Бәзіл алып, Исабек сонан туған.
Олжабай батырдың бір ауыз мақалы:
Бұтынан ет кеткен соң, ат желмейді,
Мал үшін жігіт адам қайда өлмейді?! – деген екен.
Қиғарадан - Нақ, бәйбішеден Шаржау жалғыз. Шаржаудың бәйбішесінен Добан (Дубан) жалғыз. Осы Добанды қатыны Балдай үш бала тапқаннан кейін, Шоң бидің тоқалынан туған Қорабай Балдаймен ойнас болып, Өлеңтінің Қарасеңгірінде Бозталда мойнына қыл шылбыр салып буындырып өлтіріп, Қарасуға тастап, сүйегін ошақ салып тауып алған. Балдайды Қорабай алғаннан кейін, Садық туады. Добан өліп, Балдай Қорабайға қатын болғанда, Балдайға ақын Шөженің бір ауыз айтқан өлеңі: Қызы едің сен Байыстың, атың - Балдай, Іс қылдың естіген жұрт таң қалғандай. Жігіттің өзі құрбы сарасы еді, Дегенге не айтасың: «Добан қандай?» Төкі - Шоңның баласы, Добан-Шаржау баласы. Шөркен-Ақын баласы, - үшеуі де Ерейменде бір көлдің басында өліп, сол көлдің басына қойылғаннан, уақытында «Үш мырзаның көлі» - атанған. Күлік-Өтеміс абыз да сол көлдің басында. Моласының басында қайың шыққан екен. Оразкелдінің бір аты - Қаржас. Қаржастың үш қатыны болған. Үшеуінен үш жалғыз: 1. Алтынторы. 2. Құлыке. 3. Бегім. Құлыкеден: Ойым, Телі. Теліден - Анай. Анайдың қазақ қатынынан -Нияз, сарт қатынынан - Құл, қалмақ қатынынан - Жәдігер, Тәйтеке қызы Аққабақтан: Мырзақұл, Құдайқұл. Мырзақұлдан: 1. Ақмырза. 2. Баймырза. 3. Жанмырза. 4. Сатыпалды. 5. Тәти. 6. Наурыз. Ақмырзадан - Азнабай, онан: Тайжан, Сейсен. Тәтидің бәйбішесінің аты Баяу екен, пұшпағы қанамаған кісі. [Тәтиден]: Байкісі, Жанкісі, Әбтеш; тоқалдан: Мамыр, Шымыр, Байқұлақ. Төлебай, Қосқұлақ - бір қатыннан, бәйбішеден; Лапақ, Сары - бір қатыннан. Құлболдының қара шаңырағы Лапақ баласы Мамытта қалып, бәрінің кенжесі Сарыбайдікін заманындағы қариялар: - Бабамыздың қара шаңырағы - осы - деуші еді. Мамыт, Көсте - Лапақ баласы. Бір Есағасы деген болыпты, болымсыз.
ҚАРАКЕСЕК ШЕЖІРЕСІ
[Арғын - Құтан - Мейрам - Болатқожа (Қаракесек) - Ақша - Бошан - Таз - Бұлбұл -Құбакемпір - Шаншар] Қаракесек ішінде Шаншар деген кісі аты бар. Үш қатын алған кісі дейді: Қызданбике, Айбике, Нұрбике. «Шаншар абыз» - атанған кісі - осы кісі. Қаракесек ішінде Тілеке -Бертістің Бертісі «17 ұлды Бертіс» атанған [222]. Он жеті ұл ат аркасына мініп, соңынан ерген соң, жалғанның жарты (жаты) пәлесі болған. Басына құстың қауырсынын қадап алып, «Қарқаралы хан Бертіс» атанған. Ташкентті барып шапқан, талаған. Мұны Бұхар ханы естіп, соғысуға келгенде, сонда Бертістің Бұхар ханына айтқан сөзі: − Он жеті ұлым бар, сен түгіл Құдайдың да өкпесі қабынып, алса да, зорға алар, - депті.
Бұхар ханы: − Мынау Құдайдан қорықпаған екен. «Құдайдан [қорықпағаннан] қорық» - деп еді, - деп қайтып кетіпті. Бертіс үйіне келіп түскен соң, он жеті ұлы үш күннің ішінде «ақ тышқақтан» сап болыпты. Бертіс дым сызбай жатып алыпты. Ас-су ішпей, Бертіс тарс жатып алыпты. Сол заманда Қаракесек ішінде «Бегімысық» атанған әулие қожа бар екен. Өзі сыйынғанда: «Сақмар әулие!» - деп, сыйынады екен. «Сақмар баба» - деп жүргені - Шаххан Каһордың әкесі Шайхым Ғымыр баба екен. Соның жұрағатынан шыққан қожа екен. Бертістің балаларына бата, көңіл айту үшін Бегімысық кіріп келгенде, жанға басын көтермей жатқан Бертіс басын көтеріп, ұшып түрегеліп, қожаға қол беріп: − Сенің әулиешілігіңе сенемін деп, жоқ жерде асылық айтып ұрылып қалдым-ау! Сенің әулие еместігіңді білсем, айтпайтын едім, - дегенде, Бегімысық: − Теректің өзіне түскен өрт еді, бұтағына қағып жібергендігім о да қолдағаным емес пе? -деген. - Түр, бір тоқал ал, үш ұл туады, біреуінің атын Бектемір қой. Бектік, байлық үрім -бұтағынан тепкілесе (текпілесе), кетпейді. Бірінің атын Қызылқұрт қой, құртша құжынап, битше быжынап мал бітеді. Үрім-бұтағы бай болады, - деген. - Бірінің атын Әуез қой. Байлық мұның ұрпағында болады. Бірақ сылдыр моншақ секекшіл: ертеңгі уәдесі түске жетпес болады. Солардың ұрпағы бұл күнде дәл Бегімысық айтқанындай болды да қойды. Қаракесектің сөз тапқыш, сөйлемпаздары осы Бертіс ұрпағынан шығады. Бектемірден туады: Бейтен, Шейтен, Мұшеке. Мұшекеден - Қазанғап. Қазанғаптан: Тәттімбет, Рысымбет, Жақсымбет. Тәттімбет Мұса, Секербай заманында Қаракесекте үштің біріне қосылған: өзі бай, өзі өнерлі, өзі бет біткеннің сұлуы, өзі шешен, ер көмей, темір жақ; домбыра тартып, ән салғанда, алдына адам түспеген; күні бұл күнге шейін «Тәттімбеттің сылқылдағы» - десіп тартады. [Қаракесек - Ақша - Бошан - Таз - Бұлбұл - Құбакемпір - Шаншар - Бертіс (Бердібек) - Бектемір - Құлатан] Құлатан, Қожатан, Қантай, Тонтай, - олар да осы Бектемірден шыққан. Байлықта бірінен-бірі өтеді. Соның ішінде Тонтайдың сөйлемпаздықпен аты шыққан. Қаракесек ішінде айтылып жүрген сөз бар: «Айбикенің аулына қонғанша, Нұрбикенің көшіп кеткен жұртына қон!»- деген. Және Қаракесек ішінде «Қарашор» - атанған ел бар: «Қараға қонғанша, далаға қон, // Далаға қонба, молаға қон!» - деген. [Болатқожа (Қаракесек) - Ақша - Бошан - Таз - Бұлбұл - Құбакемпір - Шаншар - Келдібек -Қазыбек - Қазымбет - Қанай (Қайнар) - Бәзіл]. Қайнардан - Бәзіл, Бәзілден: Жылқыбай, Саржан. Саржаннан - Жаманкөт қажы. Жылқыбайдан: Қорабай, Шалабай. [Болатқожа - Ақша - Бошан - Таз - Бұлбұл - Құбакемпір – Шаншар – Келдібек – Қазыбек – Қазымбет - Жанай] Жанайдан: Соқыр, Бибала. [Шаншар – Келдібек – Қазыбек -Қазымбет- Анай] Анайдан - Жолшара - бұ да қазы болған. [Шаншар-Келдібек-Қазыбек-Бекболат] Бекболаттан - Тіленші би. Тіленшіден: Тоқсанбай, Алшынбай. Алшынбайдың бәйбішесінен - Жүсіп, мұнан туады: Слиабек, Тоғамбек. [Шаншар – Келдібек - Қазыбек – Бекболат - Тіленші - Алшынбай]. Алшынбайдың тоқалынан - Қақабай, бұл бес ағайынды. Айбике - ежелден толық бір болыс: «Қаз дауысты Қазыбек» туған соң, не кемдігі болсын?! Қаракесектің шын аты - Болатқожа, әкесінің аты - Мейрам сопы, шешесінің аты — Қарқабат.
АРҒЫН-СҮЙІНДІК-АЙДАБОЛ ТАРАУЫ
[Арғын - Құтан - Мейрам - Сүйіндік - Суғыншы – Шуманақ - Құлболды - Айдабол -Жанқозы - Сары - Нар - Майқара].Майқарадан: Бекет, Жылқыайдар, Бекайдар, Жылқыбай. Бекеттен: Ахмет, Оспан, Машай, Омар, Асан. Жылқыбайдан: Арын, Қареке, Нұрқа. Арыннан: Әбілда, Ерқали. Бекайдардың үлкен қатынынан: Үкімет, Әділ, Мүлке, Ақай. Ақайдан: Әлі, Әкпар, кіші қатынынан - Бексейіт. [Айдабол - Жанқозы - Сары - Нар -Майқара - Жылқыайдар - Иса]. Исадан:Саудагер, Қырықбес. [Айдабол - Жанқозы - Сары - Нар - Қосан] Қосаннан: Қыстаубай, Жүзбай, Тілеубай. [Тілеубайдан]: Садуақас, Айнақара, Құлшәріп. [Қыстаубайдан]: Құнанбай, Бұланбай, Нұрекеш, Әбікей. [Жүзбайдан]: Түнмұрат, Бишік (Піспек), Телқара. [Айдабол - Жанқозы -Сары – Досалы - Қабас - Босқынбай] Босқынбайдың үлкен қатынынан: Шықай, Шағала. [Айдабол - Жанқозы - Сары - Нар - Қосан - Сүйін - Түсіпбек - Асқар] Асқардан - Баязит. Босқынбайдың тоқалынан: Көбен, Қара, Тұтқыш. [Босқынбай - Шықай] Шықайдан: Тәштай, Есім, Байта, Жакен. Босқынбай, Кигізбай, Тәттібай, Тайпан, Шоқан, Қали. [Кигізбайдан]:Сердәлі, Айтбай, Теңіз. Теңізден: Атан, Үлкен. [Тәттібайдан]: Нұрке, Сағындық. [Тайпаннан] - Мақажан. [Айдабол - Жанғозы - Сары]. Сарының үлкен балалары: Нар, Жосалы. Нардың бәйбіше қатынынан: Ботбай, Шымыр, Жапан. Нардың ортаншы қатынынан: Майқара, Қосан, Лаба. Лабадан 5 бала: 1. Малдыбай. 2. Тайжан. 3. Төменбай. 4. Шөкі. 5. Қаспақбай. [Нардан]: Лаба Майқара, Қосан.
Жүнісбек диуанадан естіген бұрынғы[ның] мақалдары:
Шариғат шынға тоқтар,
Асыл қынға тоқтар.
Тентек көпке тоқтар,
Жомарт жоққа тоқтар. [Айдабол - Аққозы] Аққозы[дан]: Байтен Ысқақұлы - Рымжан деген кенже қарындасын алған; Әбіл Аяпбергенұлы, Сәду Бергенұлы бұлармен немере туыс екен. Әбіл қайтыс болып, соның орнына келгеннен кейін естіп, сонан келді... [Айдабол - Малқозы - Толыбай - Олжабай]. Олжабайдың қазақ қатынынан: Бектен, онан -Тоғай, онан - Төктібай, онан - Төлепберген. [Олжабайдың] қалмақ қатынынан - Дәулет, онан - Арыстанбай, онан: Жанқұлан, Марғұлан. Арыстанбайдан: Имамбек, Мұсабек, Қара, Дүржан. Тоғаймен туысқан: Көшім, Байжан, Бекжан. Малқозыдан: Сарыбатыр, Толыбай, Жаманай, Байымбет. Олжай батырдан туған: Бектен, Дулат, Есенаман, Жалаңтөс, Өтебай. Қазақ қатынынан - Бектен, қалмақ қатынынан -Дулат, Есенаман, Жалаңтөс, Өтебай. Жалаңтөстен - Былшық, онан - Жүніс, онан: Әшірбек, Рысбек.
АРҒЫН-СҮЙІНДІК-АҚБУРА ТАРАУЫ
[Жанарыс - Қарақожа - Арғын - Құтан - Мейрам - Сүйіндік - Суғыншы – Шуманақ -Құлболды – Ақбура - Аққошқар] Ақбурадан: Аққошқар, Тілеулі, Жетібай, Кенже, Көкен. Жетібайдан - Есен тентек. Есен тентек балалары: Батырбай, Ербай, Асан, Шөкіл, Қарамырза, Балта, Атабай. Батырбайдан: Балғажан, Қожа, Қошай. Балғабайдан (Балғажаннан) - Мәдібек, онан: Қайып, Законшы, онан - Ахмет, онан - Судыр, Мағзұм. Бұл екеуінің шешесі - Ыстықмұрт - Мұстафақызы. Бұқабай, Өкірбай мен Әбен.
АРҒЫН-СҮЙІНДІК-АЙДАБОЛ ТАРАУЫ
[Арғын - Құтан - Мейрам - Сүйіндік - Суғыншы - Шуманақ - Құлболды - Айдабол]. Құлболдының бәйбішесінің аты - Мақпал. [Мақпалдан]: Күлік, Тұлпар, Айдабол. Айдабол он үш жасында би атанып, аты шыққан. «Артың болса, Айдаболдай ұл тап», - деп, Мақпал бәйбіше айтқан екен. Сол Айдаболдың бәйбішесінен: Жанқозы, Малқозы, Кенжеқозы; ортаншы тоқалдан: Аққозы, Бозқозы, Қарақозы; кіші тоқалдан: Қожакелді, Тайкелтір. Айдабол би Қошшетерді Тайкелтірге: «Енші орнына қарабауыр қылып ал!» - деп берген. Қошетердің шешесі Шанышқылы - Қошетердің қызы екен. Айдабол би нағашы атасының атын қойған екен. Шанышқылы сартқа бір атасы жуық: Қаңлы Шанышқылы - Қатағаннан қалған ел тегіс ұста болғандығы бұл сөзді растайды. Кенжеқозы жастай өліп, қайыны Ұлы жүз - Қаратай батыр екен, қалыңдығы оң жақта қалған. Айдабол би: «Тайкелтірге қосамын» - деген соң, Жанқозы онысына көнбей: «Көттесімнің жесірін тоқал[дың] баласына беремін!» - деп, тетелес інісі Малқозының баласы Толыбайға алып беріп: Олжабай, Құлжабай, Орман, Рысқұл (Ырысқұл) - төрт бала туған. Батыр Олжабай - Үйсін: Қаратай батырдың жиені. Шешесін қыс ішінде ұзатып келе жатқанда, босанғаннан: «Осы жолдың олжасы болды ғой!» - деп, атын Олжабай қойғаны сол екен. Қаратай батыр Шанышқылы - Қошетер деген елден қызына қызметкер қылып бір күң қосады. Ол қыз да жолда босанып: «Бұған ат болуға қостың аты да жетер», - деп, атын «Қосжетер» қойғаннан, «Қошетер» атанып кеткен. Айдабол би Тайкелтірге еншілес қылып берген. Сонан Тайкелтір, Қошетер әуелден ыңғайлас, қоныстас, сыбайластығы сол.
ҚАЗАҚТЫҢ ҮШ ЖҮЗГЕ БӨЛІНГЕН ЖЕРІ
Ақарыс, Жанарыс, Бекарыс - үшеуінен үш басқа болып тарайды. Ақарыстан - Ұлы жүз, Жанарыстан - Орта жүз, Бекарыстан - Кіші жүз тарайды. Жанарыс баладан зарығып, қатыны да, өзі де күдер үзіңкіреп бара жатқан кезінде алты қожа: «Құдайы мейманбыз» -деп ( болып), сау етіп түсе қалыпты. Сонда Жанарыс қуанғаннан, алтауына алты қой сойып, күтіпті. Қожалар әбден риза (разы) болып: − Осы алтауымыз да атымызды саған бердік. Алты ұлдың атасы боласың! - депті. Қожалардың аттары: Қарақожа, Ахтамбердіқожа, Дарақожа, Момынқожа, Смағұлқожа, Қосымқожа. Сонан соң Жанарыс алты ұлды болып, алты қожаның атын қойыпты. Төртеуі − бәйбішеден, екеуі тоқалдан: Смағұлқожа, Қосымқожа. Қарақожадан - Арғын, Ахтамбердіқожадан - Қыпшақ, Дарақожадан - Қоңырат, Момынқожадан - Найман. Смағұл, Қосымқожалардан: Керей, Уақ. Тарақты - қыздан туған жиен. Орта жүздің жеті арысы - осылар. «Ел жаманы - Тарақты, ит жаманы - барақ-ты» - деген де сөз бар. «Төре жоқта - Тарақты, // Төре болуға да жарар-ды» - деген де сөз бар. «Тарақты Арғынның апасынан туған бала екен» - дейді. «Қыз күнінде бір төремен шатысып, сонан тауып, « Бұл бала кімнен пайда болды?» - деп сұрағандарға ұялып, үндемей, шашын тарай берген. [Сонан] соң баласының атын «Тарақты» қойған екен» - деп сөйленеді. Өзі Арғынның баласына ноқта ағасы болатын да жері бар. Не нәрсенің анығын Алла біледі. Мен солардың қасында бірге жүріп - тұрыппын ба?! Біздікі: «Естіген құлақтың жазығы жоқ» -деп, соға бермек. Қазақтың өзінің кигіз кітабы - ауыздан-ауыз айтылып, бірден - бірге қалып келе жатқан сөз. Бұл жоғарыда айтылған сөздер қазақ ішінде бұдан бұрын қазақ еліне нұсқа болып жазылмаған. Пайғамбарымыз айтқан Хадис Шәрип Алла санап: «Каззабұн күнән жоқ болса, күн есепте, // Жазуың жоқ болса, жер өрте»- дегендей, әдемі (ғадемі) құдірет, бағышы тауфиқ, ұрлық, өтірік, ойнас қолымнан келмеген соң: «Тіпті күнәсы жоққа Құдайдың рахматы жоқ», - деген сөзден қорқып, «Май жесең, тойғаныңша» - деп еді ғой, -деп надандықтың бейпіл байлығына тартынбай-ақ кіріп кеткенім ғой. Алла өзі фазылына алып, рахматынан иаумит қалдырмасын! Қарақожа бабамыз жас бала күнінде жалаңаш жүреді екен. Үстіне киім кигізсе, жұлып лақтырып тастай береді екен. Бұл Қарақожаның бала күнінде бір хадиша хикая болыпты. Ол әңгімесін қоя тұрып, кейін айтармыз. Арғын бабамыздың бәйбішесінің аты - Аргүл. Мұнан: Құтан, Бұтан деген екі ұл туған. Бұтан қыршын жасында өліп қалып, нәсіл - тұқымы қалмаған. Құтаннан - Мейрам сопы жалғыз. Бұл туралы бұрынғы ақындардан қалған бір ауыз өлең бар:
Сұрасаң, арғы атамды ер Құтан-ды,
Сұлтаны бек әзизден ол бата алды.
Мейрам ұлы Қарашаш бір қыз туып,
Қуандық, Сүйіндік боп сонда атанды –
деген сөзін дәлел қыламыз. Және де Көтеш ақыннан Уақ-Жарқын би сұраған екен:
− Бұл ақындық ата-бабаңызда бар ма? Иә, нағашы тегіңізде бар ма? - деп.
Сонда Көтеш ақын айтқан бір ауыз өлең:
Қазақта Арғын аға болған зерек, Өзгеден ол кісінің жөні бөлек. Біздердің түп атамыз -ақын Құтан, Өзгеден өлеңге ұста болса керек. Осындай сөздерден біздің Құтан деген атамыз бар болғанын білеміз. Бұқарекең айтыпты деген бар:
Барымызды (Бәрімізді) сұрасаң,
Құтан байдың баласы.
Қарақожа бас болып,
Қабыл да болған тәубесі (тобасы) – деген.
Арғынның тоқалының аты - Момын. Бұл Момыннан туады: Ақсопы, Қарасопы, Сарысопы, Арықсопы, Нәдірсопы. Ақсопыдан - «Толыбай» ұранды Қанжығалы, «Маябоз» ұранды Тобықты. Қарасопыдан - «Қарақай» ұранды Қарауыл, «Барлыбай» ұранды Бәсентиін. Сарысопыдан - «Ұшыбай» ұранды Атығай, он екі атаның ұлы Дәуіт. Арықсопыдан, Нәдірсопыдан үрім-бұтақ, жұрағат жоқ. Арғын бабамыздың жүз алты [106] жасында алған бір тоқалдан - аты - Айнакөз, онан туған баланың атын «Тәнбіс сопы» - қойған. Тәнбіс сопыдан: Үсенбай, Елемес. Елеместен
- Ерман, Ерманнан: Шағыр, Бөлтірік. Шағырдан: Ақай, Жолдыбай, Тағыншы, Аманжол, Сомжүрек. Аманжолдан - Көшей, Көшейден - Шақшақ батыр. Шақшақұлы Қошқар, Қошқарұлы Жәнібек батыр. «Өр Жәнібек» атанған: мойны бұрылмайтын, беті кайтпайтын жан болыпты. Жәнібектен - Дәуітбай, мұнан туған Мұса батыр. Мұнан кейінгілері: Бірімжан, Қазыбек. Бірімжаннан: Қорғанбай, Дәуренбек. Дәуренбектен - Ғазымбек. Шағыр - Бөлтіріктің Бөлтірігінен: Сырлыбай, Сары. Елемеспен туысқан Үсенбайдан -Қара мерген. Мұнан Байташы. Ауыл тілінде әңгіме болған: «Байташының есепшісі-ай!» -деп, осы Байташыны айтқан. «Ақташы, Бұғышы, Байташы, Тағыншы, Шар жетім Шақшақ» - десе, білмейтін жан жоқ.
Қараман, Төлек, Қырықмылтық - дегендер де бар. - «Тоқал Арғын» - деп бөлінеді. Орынбор жақта алты болыстан асатын шығар. «Тоқал Арғыннан» екі Жәнібек шыққан. Бірі - Шақшақ Жәнібек, бірі - қара балуан Жәнібек.
АРҒЫН-МЕЙРАМ ТАРАУЫ
Мейрам сопының бәйбішесінің аты - Нұрфая екен, Алшын - Құдысбайдың қызы екен. Өзін қыс ішінде ұзатқан екен. Нұрфаяның өз шешесі өліп қалған екен. «Бикешке шешесінің жоқтығын білдірмеймін», - деп, Нұрфаяның ағасының әйелі - жеңгесі еріпті. Түйенің басын жетектетуге бір жетім қыз қосыпты. Көш ілгері кетіп, күйеу жігіт артта қалып, көштің ізімен келе жатса, көштегі үш әйел бір жерге отырып с...ен екен. Қараса біреуінің сі...гі тонды қарс айырып жіберген екен. Түнде қойнына жатқанда, Нұрфаядан Мейрам сұраса:
− Ол кім? - деп. − Ол Қарқабат еді, - депті. - Отыра қалып күрілдеткенде, қасындағы өзіміз де шошып қаламыз, аттар да үркеді, - депті. Елге келіп орныққан соң, екі елдің арасы жаугершілік болып, Нұрфаяның жеңгесі еліне қайта алмайтын болыпты. Сонан кейін Нұрфая: − Ағайдың төсі тиген жеңгемді басқаға қимаймын, - деп, - өзің ал! - деп, Мейрамның өзіне қосыпты. - Мына күңді де өзің ал: жатыны асыл, өсіп-өнейін деп тұр. Бір жұрттан келген үш әйел бір жерде болайық, - деп, оны да алғызыпты. Нұрфаяның өзінен: Қуандық, Сүйіндік туады. Жеңгесінен: Бегендік, Шегендік туады. Қарқабаттан Болатқожа туады. Бесеуі де өсіп-өніп, «Бес Мейрам» - аталған. Сүйіндіктің қайынатасы Ұлы жүз: Үйсін - Өгіз бидің қызы екен. Бұл қызды да жеңгесі ертіп келіп, еліне қайта алмай қалған екен. Мейрам сопы өлгеннен кейін, Нұрфая бәйбіше болып отырыпты. Қара мал еншісі бөлек басқа екен де, жылқы еншісі бөлінбеген екен. Сонда Қуандық жылқы бөліп алуға келгенде: − Өзім бір сыбаға, алты балам алты сыбаға алады, - деп, - Қарашаңырақтағыларың бәрің бір сыбаға боласыңдар, - деп, дау қылыпты.
Сүйіндік Болатқожаны оңаша шығарып алып: − Мына Қуандық алты баласын арка тұтып, маған көптік қылды. Сен маған жақтасып, жасаққа шықсаң, қалай болады? Сен маған болыссаң, мен өлмей, артық мал бергім келмейді, - дейді.
Болатқожа Сүйіндіктің қолындағы жеңгесін сұрайды.
Сүйіндік айтады:
− Өзің қыз аламын демесең, сенен бір таңбалы байталды аяймын ба? Қазір алсаң да, ешкім таласпайды, - [деп], жеңгесін беріп, Болатқожаны өзіне ертіп алып Қуандыққа қарсы жасаққа шығады. Қуандық келеді, алты баласы қасында, алты ұлдың кенжесі - Сүйіндікпен тұстас. Қуандық, Сүйіндік арасы сирек туған. Сонда Болатқожаның істеген жұмысы: жерден алты томар шымды қопарып, жұлып, Қуандықтың алты ұлын алты шыммен ұрып жығып, Қуандықтың өзіне жетіп: − Айтқан сөзге көніп, түзулікке келесің бе, иа болмаса, балаларыңның қасына қосайын ба? - деген соң, Қуандық: − Сен бәрімізден кіші болсаң да, сенің ырқыңа көнбеске болмады. Бұрынғылар айтқан сөз бар еді: «Қой асығы деме, қолайыңа жақса, сақа қой, // Жасы кіші деме, ақылы асса, аға қой!» - деген. Енді мен аға емес, сен аға болдың. Жылқыны қалай бөлсең де, билігін саған бердім, - дегенде, Болатқожа айтты: − Мына жақтан жылқының ортасынан қақ жарып жүремін. Сен аға едің, таңдаған жағын сен ал, қалған жағын Сүйіндік екеуміз алайық, - деген соң, алты сыбаға артық алмақ былай тұрсын, жанынан қайғы болып, қорқып тұрған Қуандық қорыққаннан:
− Құп болады! - деп көніпті.
Айтқанындай, қаптап жер қайысып жатқан жылқының ортасы¬нан қақ жарып жүріп, бөліп берген.
Осылай бөлген соң, Сүйіндік Болатқожаға өкпеледі дейді: − Сені мен жеңгемді беріп, өзіме тартқанда, істегенің осы ма? Өзің, екеуміз бір-ақ сыбаға болып қалдық. Және жылқының көп жағын ол алып кетті, - деп.
Сонда Болатқожа айтыпты: − Жылқының бытырап жатқан, шашырап жатқан жағын алды. Артық болса, бір-ақ айғырдың үйіріндей артық шығар. Ондық ағалығы жоқ па? Біздің тумаған күнімізде, жас күнімізде ол бізден бұрын еңбек сіңірген шығар, - деп, Сүйіндікті сөзден тоқтатып қойыпты. Артынан санап тексере келгенде, Болатқожаның айтқанындай, бірлі-жарым айғыр үйірі ғана артық болып шығыпты. Еншіні екі ағасына Болатқожа бөліп берген екен. «Сонан кейін Қуандықтың алты баласын алты шыммен ұрып жыққаннан, кесекпен ұр[у]ды, кесекпен ұрғанды шығарғаннан, «Қаракесек» атанып, «Болатқожа» - атынан «Қаракесек» аты даңқты болып кеткені - сол!» - дейді.
АРҒЫН-СҮЙІНДІК ТАРАУЫ
Нұрфая бәйбіше [Мейрамның бәйбішесі] Сүйіндік, Бегендік, Шегендік, Олжакелді деген асыранды бала, - төртеуін де өз қолынан үйлендіріп, енші бөліп беріп, сол төртеуін «Төртуыл» - атаған. Бегендігі - Қозған, Шегендігі - Қақсал, Олжакелдісі - Қаржас. Туысы басқа - басқа болса да, («Төртуыл» - дегенде, қосыла кетеді. Бегендік қыршын жастай өліп, қатынынан бір бала туып, атын Оразкелді қойған. Бегендік өлген соң, ол қатынды Сүйіндік алып, Сүйіндіктен бір бала тауып, атын Суғыншы қойған. Оразкелді, Суғыншы, -екеуі де Сүйіндік баласы болып, Оразкелдіге қатын әперіп, енші берген - Сүйіндік. Оразкелдіден екі бала: Тәңірберді, Сәрік. Суғыншыдан екі бала: Шуманақ, Мәжік. Тәңірбердіден үш бала: Ораз, Малқар, Жұлым сопы. Сәріктен екі бала: Қожамберді, Тоқтас. Қожамбердіден: Байназар, Есназар, Қозыбақ. Тоқтас екі қатын алған: бәйбішесінен - Есіл бойындағы Қарақозған. Тоқалының аты - Сарықыз, онан туғандар: «Сарықозған» - атанады. «Қозған» - деген кісі аты жоқ, қозғала берген соң: «Шіркін, қоза берді ғой!» - деп, «Қозған» - аталған. «Қақсал» - деген кісі аты жоқ, қақсай бергеннен, «Қақсал» - атанған. Қуандық, Сүйіндік екеуі енші алысқанда: «Қарабауыр қылып аламыз!» - деп, таласып, асық қаржысып алғаннан, Олжакелді (Оразкелді) «Қаржас» - атанған. Сүйіндіктен - Суғыншы, онан: Шуманақ, Мәжік. [Шуманақтың] (Суғыншының) [223] қатынының аты - Жолбике. Бұл Жолбикеден: Жанболды, Құлболды, Жолболды туады. Жолболдысы - Орманшы. Шуманақ өлгенде, Жолболды емшекте қалған бала екен. Жолбикені Қаржас алып, Жолболды шешесінің құшағында кетіп, оған қатын әперіп, енші берген - Қаржас. Артынан өз қолы өз аузына жеткен соң, ез бауырларын тапқан. Құлболды балаларынан зорлық көре бастаса, Қаржаспен ыңғайласа бастайды. -«Жолбике» - легенде. Шуманақпен бір туысқан Мәжіктен: Малай, Жәдігер. Малайдан: Қатке, Дәулет, Жәнібек, Тыныбек. Жәдігерден: Байтік, Шақай, Сары. Бұл Малай, Жәдігер өзге Төртуылдан аз болғандықтан, күні бұл күнге шейін Төртуыл атында. Құлболдымен туысқан Жанболды аз болғандықтан, күні бұл күнге шейін Жанболды атымен аталады. Бұрынғы ақындардың бір ауыз өлеңі: Мәжікпен бір туысқан ер Шуманақ, Қойыпты Құлболдыны құдай қалап. Құлболдының бәйбішесінің аты - Мақпал. Мақпал бәйбішенің үлкені - Күлік, Тұлпар, кенжесі - Айдабол. Айдабол он үшінде «би» - атанған екен. Ол замандарда Арғын Сырдарияның күнбатысында мекен қылып жүреді екен. «Арғындар Сырдариядан өтіп, Қаратауды жайлайды» - деген сөзді естіп, Қарақалпақ, Алшындар: − Арғын бұл жаққа келсе, таң атырып, күн шығармайды! Өткелден өткізбейміз! - деп, өткел аузын қамап, тұра қалғанда, Сыр суында аяқтап өтетін өткел болмайды. Сонда Мақпал бәйбіше астында торы жорға аты бар, сексен нар жетелеп, судан өтерде қара шұбар манат белдемшесінің етегін жинап алды да, іркілместен аты да үйректей қайқаңдап, жүгімен нарлары да шегініп қалмай байпаңдап, өте шығыпты. «Өткізбейміз!» - деп тұрғандар ләм-мим дәнеме айта алмапты
− Пай, пай, бәйбішенің бөксесіне болайын! - десіпті.
Сонда Мақпал бәйбіше:
− Күлсең, күлерсің! Күндердің күнінде күлкіңді тыя алмай жүрерсің! Бұл қай бөксе десең, Айдабол шыққан бөксе. Артың болса, Айдаболдай ұл тап! - деп жүре берген екен. Құлболдының бәйбішесі Мақпалдан: Тұлпар, Күлік, Айдабол. Айдабол он үш жасында «би» атанып, аты шыққан. «Артың болса, Айдаболдай ұл тап!» - деп, Мақпал бәйбіше айтқан екен. Сол Айдаболдың бәйбішесінен: Жанқозы, Малқозы, Кенжеқозы; ортаншы қатынынан: Аққозы, Бозқозы, Қарақозы; кіші тоқалдан: Қожакелді, Тайкелтір.
Айдабол би Қошетерді Тайкелтірге:
− Енші орнына қарабауыр қылып ал! - деп, берген.
Қошетердің шешесі Шанышқылы - Қошетер батырдың қызы екен. Айдабол би нағашы атасының атын қойған екен. Шанышқылы сартқа бір атасы жуық, Қаңлы, Шанышқылы -Қатағаннан қалған ел тегіс ұста болғандығы - бұл сөзді растайды. [Жанқозы балалары]: Қосқұлақ, Төлебай, Лапақ, Сары. Төлебайдан: Жолан, Еламан, Едіге; тоқалдан: Елкелді, Малкелді. [Айдабол - Жанқозы - Төлебай - Еламан] Еламаннан: Мәулімнен - бәйбішеден туады - «Қарақалпақ қызы» атанған: Атан, Жәуке, Тұрсынбай, Шонты, Текебай, Көрпебай; тоқалдан: Ботан, Нұралы, Жауқашар, Бақыбай. «Он ұлды Еламан» - атанған. Атан жастай өліп, қатын[ын] Жәуке алып, онан туған баланың атын «Ізден» қойып, онан Өтеміс туған. Өтемістен - Белгібай жалғыз. Белгібайдан - Ахметбек. [Айдабол - Кенжеқозы] Кенжеқозы жастай өліп, қатыны - Ұлы жүз: Қаратай батыр екен. Қалыңдығы оң жақта қалған. Айдабол би: «Тайкелтірге қосамын», - деген соң, Жанқозы онысына көнбей, тетелес інісі Малқозының баласы Толыбайға алып беріп: Олжабай, Құлжабай, Орман, Рысқұл - төрт бала туған. Батыр Олжабай - Үйсін: Қаратай батырдың жиені. Қыс ішінде ұзатып келе жатқанда, жолда босанғаннан, атын «Олжабай» қойған. [Жолмұрат ескертуі: «Мәшһүрдің өзінің үлкен баласы Шарафи жазған. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы 1931 жылы, ноябрь айында, ережептің 17-ісінде [қайтыс] болған»].
ҚАРАКЕСЕК: АПАЙ-БӨРІ ТУРАЛЫ
Жесір қатын «Апай» атанған, Қаракесек қатыны еді» - деседі. Байы өлген жесір қатын үйінен қара торысымен төркініне келіп, артынан Қаракесек іздеп келіп, бұрында тапқан баласы бар болу керек. «Буаз екіқабат кетіп еді» - деп, даулаған. Еркек бала тапқан екен де, оны бөтен бір жерге асыратқан екен. «Екіқабат келмеді!»- деп, жан беріп, нандырып алып қалған екен. Қаракесек көзі бар балаларды алып қайтыпты. Жесір қатын байсыз отыра ала ма, бұл жақта тиген байынан бала тауып, «Апай-апай» - аталған атпен үрім-бұтағы «Апай» атанып, Апай, Бөрі оттас, ұрандас болып кеткен.
БӘСЕНТИІН ШЕЖІРЕСІ
[Жанарыс – Қарақожа – Арғын – Кенжесопы - Бәсентиін]. Арғынның жолаушылары сол уақыттарда бір ұзақ жолдан жолаушы келе жатып, бір жас қатын тауып алыпты. Соңынан еріп жүрген бір кішкене баласы бар екен.
− Бұл балаң кімдікі? - дегенде,
− Өзімнің күшігім, - депті.
Ол қатынды Бәсентиін алыпты. Қойнына жатқанда, буаздығы білініп:
− Бұл қалай? - дегенде,
Бұл бір жанға айтпайтын сырым - деген екен.
Сол баланың атын Сырым қойған екен. Осы екі бала ер жетіп, қатын алып, өсіп-өніп, бірінің тұқымы - Күшік, бірінің тұқымы - Сырым атанып кеткен. Күндердің күнінде осы қатынның артынан жоқшы келіп, белгілі бай жоқ, қыз күнінде бала тауып, тағы буаз болып, өзінен-өзі ұялып, қашып шығып кеткен екен. Бұрын белгілі байы болмағандықтан, ешкімнің де сөзі пұл болмай, екі бала да, қатын да Бәсентиін олжасын -да қалған. [Бәсентиіннен]: Ақмайдан, Бекмайдан, Тоқмайдан. Ақмайдан[нан]: Көкшекөз, Көкшекөзден: Байымбет, Жолымбет. Байымбеттен: Бейсен, Жаманай, Қоянбай, Көшен, Шүрек, Таңатар. Бейсеннен: Таз, Бөкі, Шоқай, Өтеп, Матай, - «Бейсеннің бесеуі» - дейді. Матайдан: Қаржау, Өмір, Қойбақ. Бұл Өмір би болып, «қара қылды қақ жарып», әділ болып, атағы шығыпты. Мұның бір қара төбеті болыпты. үйінің төрінде жатады екен. Төрт аяқты демесең, «ит» - деп айту[ға] болмайды. [Жолмұрат ескертуі: «Осы сөздің басы - басқа қағазда, мынау аяғы. 35-[і]] Мәшһүр Жүсіптің екінші томынан алынған сөздер»]. Өмір би: «Құтым, құтым!» - дейді екен. Сонан «Құтым» - атанып кетіпті.
Бір күні өзімен сөзі бір бастас адамы қонып отырып сұрапты:
− Мұны мұнша ардақтап, күткеніңіз қалай? - деп.
Сонда Өмір би айтыпты:
− Бұл ит емес, ырыс - «Жеті қазынаның бірі» - деп айтқан анық сөз, анық - осы. Бұл жарықтық[тың] әкелмегені жоқ. Жазғытұры мал балалап жатқан уақытта төрт түлік малдың төлінен әкелмегені жоқ. Әкелгенінің бәрі де өсіп-өніп, үйірге қосылып, оралып, айналып өсе берді. Осы аз ғана ораза ашар дәулет осының арқасында болды деуге лайық болды. Сондықтан «құтым» - деп еркелетемін, - депті. - Өзімді әбден байытты. Жалғыз-ақ бір басты, екі аяқты адам әкелген жоқ, одан басқаны түгел әкелді, - депті. Осы сөзді айтқаннан кейін Қаратөбет жоғалып кетіпті. Бір жұмадай жоқ болып кетіп, бір күні құндаққа ораған жас бала алып келіп тұр дейді.
Өмір би:
− Бұл құтым алып келген Құтымбайым - деп ат қойған.
Сол Құтымбай өзі өсіп: «Қаржауды көбейтіп, берекелендірген осы Құтымбай» - деседі.
Күшіктен: Жылқыайдар, Итемген, Ханкелді, Қайып, Кенжебай, Байымбет. Құнанбай қажының өлген жылы - 1885 жылы, 81 жасында тауық жылы өлді. Құнанбай қажының қажыға барған жылы - 1874 жылы. Меккедегі Тәкие әуелі Құнанбай атына жазылды. Арғын атынан болғандықтан. Орманшыдан барған Хасен шайқы даулап алған. Онан кейін «Тоқал Арғыннан» барғаннан Ешмұхаммед қажы даулап алған. Бұл күнде Кіші жүз - Досжан халфе атында жазылып қалыпты.
АРҒЫН-СҮЙІНДІК-КҮЛІК ТАРАУЫ
Күліктен: Тілеуімбет, Наурыз, Дәулет; тоқалдан - Өтепберді, Данияр, Сексен. Наурыздан: Шобалай, Шобай, Ақай, Түкей (Дөкей). [Шобалайдан]: Өміртай, Жаңабатыр. «Ханкелді» -деген біреу қыстырылып қалмайды: Қарақұс, Шырын. Шобайдан:Тәттімбет, Байтөбет, Жаманқара. Ақайдан: Санмырза, Бекмырза, Есбол, Ессейіт. [Күлік - Өтепберді - Ақыл] Ақылдан: 1. Бейбіт. 2. Жапалақ. 3. Мырзакелді. 4. Дербісәлі. 5. Айбас. Ақылдың қалмақ қатынынан туған: Қойкелді, Жылкелді, Дулыға деседі. Өтепбердіден: Ақыл, Қошқар. Сексеннен: Рай, Райымбек, Қараша, Базар. Тілеуімбеттен: Айтқожа, Жаңабай, Күнту, Бесім, Қойтан. [Күлік - Өтепберді - Ақыл -Айбас] Айбас бай болған, құт болған, сүйегін әзірет Сұлтанға апарып қойған, Ұлытауда жер аты болған. Өтепбердіден Ақыл мен Қошқар бір туады. Ақылдың қарашаңырағы -Бейбітте [Ақылбаласы] қалған. Сұлым - қалмақтан алған тоқалы. Сұлым мен Айбасты [Күлік - Өтепберді - Ақыл - Айбас] еншілес қылып шығарған. Дулыға [Күлік - Өтепберді -Ақыл - Қойкелді – Дулыға] балалары: Тоқанай, Топай. Тоқанайдан - Өтебай молда. Сұлым қалмақ қызы заманында «Сұлымқара» атанған. Айбасты Сұлымқарамен бір шаңыраққа ие қылған. Айбастың өз кіндігінен үш бала бар: Байтемір, Бектемір, Жантемір. [Күлік балалары]: Данияр, Өтепберді, Сексен - үшеуі біртусада, Данияр «Ашданияр» - атанған. Өтепбердіден - Ақыл, онан: Бейбіт, онан - Күнтай, Таңат, Шыбай. Онан - Құтан, онан -Молдабай, Ноғай. «Бұхар балуаны» атанған Қоңыраулы балуанды жыққан Қойкелді балуан. Дулығаны бала күнінде алып қашып келген. Атқа отырысы дулығадай болғандықтан, атын Дулыға қойған.
АРҒЫН-СҮЙІНДІК-АҚБУРА ТАРАУЫ
[Жанарыс - Қарақожа - Арғын - Құтан - Мейрам - Сүйіндік - Суғыншы – Шуманақ -Құлболды [тоқалынан] - Ақбура] Ақбурадан: 1. Аққошқар. 2. Кенже. 3. Тілеулі. 4. Жетібай. 5. Көкен. Жетібайдан - Есен тентек.
АРҒЫН-СҮЙІНДІК-ҚАРЖАС ТАРАУЫ
[Арғын - Құтан – Мейрам – Сүйіндік - Олжакелді (Қаржас)] Қаржастан: 1. Алтынторы. 2. Құлыке. 3. Бегім. Мұның бір аты - Сатылған [224]. Сатылғаннан: Айтымбет, Таңат, Қоныс, Мәмбет, Жансары. Құлыкеден - Ойым, Телі. Ойымнан - Әлімбет, Әлімбеттен: Байболат, Ақша. Телі тентектен Анай туады. Анайдың сарт қатынынан - Құл; қалмақ қатынынан - Жәдігер; казак қатынынан: Нияз; Тәйтекеқызы Аққабақтан: Құдайқұл, Мырзақұл. Таңаттан: Батырбек, Атанбек, Тауасар. Тауасардан: Қосағал, Қоске, Қожаберген. [Қаржас – Бегім – Сатылған – Таңат - Батырбек] Батырбектен: Өтеужан, Қылыш. Телі тентек Анайға да бес қатын алып берген, Сатылғанға да бес қатын алып берген. Сатылған бұрынғы әкесінен туып қалған бала. Мұның шешесін Телі тентек алған соң, Анай туады. Сатылғанның әкесі Бегім болуы... некесіз туған, буаз болып қалған соң, алған екен.
ҚАНЖЫҒАЛЫ ШЕЖІРЕСІ
[Жанарыс - Қарақожа - Арғын - Ақсопы - Қанжығалы - Ішпек - Қармыс- Бозым- Әжібай – Ақтамақ – Қара - Елібай]. Қарадан: бәйбішесінен - Елібай, Сары; тоқалынан - Жәдігер. Жәдігерден: Тоқсанбай, Сатыпалды, Мәмбетбай. Тоқсанбайдан: Жанұзақ, Байұзақ, Құлжан, Бертіс. Жанұзақтан - Бегайдар, тоқалдан - Сазан. Байұзақтан - Айдабол, онан -Өтес, онан - Еркінбай [Еркімбай], онан - Әлмағамбет, онан - Асқар. Бертістен - Тезекбай. «Берелтай [Тезекбай] соры» - деген жер аты бар. Сарыдан [Қанжығалы - Ішпек - Қармыс - Бозым - Әжібай – Ақтамақ – Қара - Сары]: Жылкелді, Қойбас, Айбас. Жылкелдіден - Ақжігіт, онан - Тұман, онан - Күлен, Бәйті, Шақар. [Шақардың асырап алған баласы - Мұстафа] Мұстафаның әкесінің аты - Салпаң. Шақар деген кісі, баласыз болған соң, Мұстафаны қолына кіргізіп алып, сонан «Шақардың Мұстафасы»- атанған. Мұса, Секербай заманында болыстың қақ маңдайы болған, жалғыз баласы қыршын жастай өліп қалып, ақыры тұяқсыз қалды. Жақсыатта «Мұстафа тамы» атанған. Мәмбетбайдың төбел бие сойып, төрткіл ошақ қаздырып, бала қылған баласының аты -Алдаберді. Тегін-түбін жан білмейді: жігіт күнінде душар болған. Өзінің екі баласын былай қойып, қарашаңырағына Алдабердіні ие қылған. Ол Алдабердіден - Құттықожа, онан - Маңабай, онан - Сарыбел, онан - Молда, онан - Лекер қажы. Мұнан - Жақып: Шақшан еліне исполком председателі болып тұрды. «Тексізді төрге шығарып, // Теңдік тимес құлыңнан!» - демеді ме?! Шақшан елінің ішінде сіңіп кеткен Қарақалпақ та бар, Қызылқұлақ та бар. Қанжығалы - нағызы менен шата-бұтасы көп ел. Сондықтан сүттей ұйып, қатықтай қатып тұра алмайды. Ең мақтаулы зоры - Бөгенбай. Бөгенбай әкесі - Ақша, Ақша әкесі -Әлдекүн. Әлдекүн әкесі - әлде кім? - деген бұрыннан айтылып жүрген сөз болатын.
Жұрт аузы уәлі.
Құдияр - Қанжығалы [Қанжығалы - Ішпек - Қармыс - Бозым – Әжібай – Ақтамақ -Құдияр]. Құдиярдан: 1. Ақдәулет. 2. Келдәулет. 3. Ақтайлақ. 4. Қатпа. 5. Құрамыс. 6. Жент (Жанат). Ақдәулеттен - Алтыбасар, онан: Жүндібай, Шара. Жүндібайдан - Әбен, онан: Есімбай, Бесімбай.
АРҒЫН-СҮЙІНДІК-АЙДАБОЛ ТАРАУЫ ЖАЛҒАСЫ
[Арғын - Құтан - Мейрам - Сүйіндік - Суғыншы - Шуманақ - Құлболды - Айдабол -Жанқозы - Олжабай]. Олжабайдың тұңғышы Есенаманнан: Күлен, Үйсінбай, Қожабай [225]. Күленнен: Шәуке, Осыжан. Үйсінбайдан: Самырза (Санмырза), Баймырза. Қожабайдан: Қабыл, Жанқабыл. Жанқабылдан: Сағын, Дүйсен. Есен, Төлебай, - бұл екеуі - Дүйсен балалары. Есен: Аман, Бұлан. Бұланнан: Айбас, Күңбас. Айбастан - Әкімбек. Күңбастан - Ибрай ұста. Мұнан бір жалғыз бар. Көшбикеден - Тоқжігіт - Шата. Көшбикеде белгілі бай жоқ. Бұлардың қатынының «жетімі[не]» келген Бөкетті: «Малқозы ата ұлы Баймырзаның баласы» дейді... 2 - том 249-беттен: «Толыбайдан: Олжабай, Орман. Олжабайдың қазақ қатынынан: Дулат, Бектен. Дулаттан: 1. Арыстанбай. 2. Ма... 3. Жанқұлан. [Арғын - Құтан - Мейрам - Сүйіндік - Суғыншы - Шуманақ - Құлболды - Айдабол -Жанқозы - Қосқұлақ]. Қосқұлақ, Төлебай бір қатыннан, бәйбішеден; Лапақ, Сары - бір қатыннан. Құлболдының қарашаңырағы Лапақ баласы Мамытта қалып, Бауменнің кебежесі (кепесі) Сарыбайдың қариялары: − Бабамыздың қарашаңырағы - осы Қарашаш бәйбішенің отырған шаңырағы, - деуші еді.
Кеше Мұса, Секербай заманындағы қариялар:
− Бабамыздың қарашаңырағы! - деп жүруші еді.
Ол Сарыбайдың бәйбішесі - Қарауыл - Сарының қызы еді. Өзім кергенде, Тұрсынбай баласы Тасыбекпен бірге барып қонып, аттанарда Тасыбекпен қоштасып айтқан бір ауыз өлеңі мынау еді, Қарашаш бәйбішенің айтқан өлеңі:
Торышам, аяңдай бер алдыңда ел жоқ,
Арқада Сарытайдай үлкен қол жоқ.
Көргенше, көріскенше, қош аман бол,
Енді айналып келгенше, кім бар, кім жоқ?!
БӘСЕНТИІН: БҰҚА, КҮБІР ТАРАУЫ
[Жанарыс – Қарақожа – Арғын – Кенжесопы - Бәсентиін]. «Бәсентиін ішінде Бұқа, Күбірміз»- дейді. «Бұқа, Күбір кім баласы?» - десең, әкесінің атын жан білмейді. Көзбен көріп, қолынан туғызған ешкім жоқ. Айтушылардың айтуы: бұрынғы замандарда Бұхар, Самарқан хандарының бір мұңы болса керек. Татарбай деген құл екен, «бөгеуіл» - дейді. Ас басшылары сол бөгеуіл атаулыға қожайын екен. Қазанға қинаяты білінген соң: «Елге, жұртқа жолама!» - деп, жер аударып жіберген екен. Ол заманда жер аударғанда, Сырдариядан арман өткізіп тастайды екен. Қаңғып жүріп, «жетекке - саяқ» бір қаңғып жүрген қатын кез болып, екеуі қосылып, ерлі-байлы болып жүргенде, қатын кез болып, буаз болып, егіз ұл тауып, бірінің атын «Бұқа», бірінің [атын] «Күбір» қойыпты. Екеуі ер жеткен кезде бір қоңыр бұқалары болып, үйде ол артылатын сиыр жоқ, қаңғып кете беріпті. Сол кеткенде, бір тауды жатақ қылып жатады екен. Соған бара беретін болған соң, сол тау «Қоңырбұқа» - атаныпты. Басқа сиыр жоқ, өзі жалғыз бұқа болған соң, бір кесу білетін жан кез болған соң, кестіріпті. Бұқаның ені жалғыз сыңар ен екен. Туысқан екеуі таласып:
− Мен пісіріп жеймін, - деп, − Мен пісіріп жеймін, - деп, - екеуі төбелесіп, айырар жан жоқ, бірін-бірі көргісіз болып, бірі - Сырға, бірі қырға қашыпты. Бұқа қырға қарай қашып, жолдан бір қатын килігіп, ерлі - байлы болып жолда келе жатып, жұртта қалған бір қара күшік еріп, Сарыарқаға келіп, Бәсентиін – Маңдай - Байымбеттің малының өрісіне келіп, балығы көп бір қара суға тастан кепе қылып жатыпты. Қара күшік төбет болып, бұларға түн болса, елден тамақ тасып, майды қарнымен, ірімшік - құртын боғжамасымен ап келіп, тамақтан тарықтырмапты. Малшы - құлшы көргендер елге айтып, Маңдай, Байымбеттер әдейі келіп көріп:
− Сендер бүйтіп жатпаңдар елсізде, - [депті].
Асқа барған жерінде атын Маңдайдың атының мойнына байлаған [соң], Маңдай қарабауыр қылып, қосып алған. [Бәсентиін – Ақмайдан - Көкшекөз - Байымбет - Жаманай: Бұқа, Күбір] Бұл Бұқадан - Майемер, Майемерден - Тауасар. Бұлардың түпсіз, тексіз екендігі мынадай жұмыстан білінеді. Тауасар өлгенде, шулап, жылайтұғын ағайын жоқ, үш күн жаназасыз жатыпты. Кім болса, ол болсын, бір жолаушы:
− Мен жаназа шығару білемін, - деп, жаназа оқыпты.
Сонда жаназа оқыған дұғасы:
− Мұның тегі - бұқа-ды,
Бұқа шабы жұқа-ды.
Өзің, өзің, өзіңе,
Өзіңді екі де қара көзіңе,
Бар, Тауасар, бара бер,
Жаназаңды кеше қылғанмын, - депті.
«Тауасар жаназасы»- делінген сөз Бәсентиін ортасында күлкі болған. Мұнан да жақсылап айтушылар бар еді, өліп қалды.
Шалқаңнан жатқан екенсің,
Серейіп қатқан екенсің.
Өзің де жату ақылын тапқан екенсің!
Ренжімесең болады,
Көп күнәға кіпарат,
Дәл бір жұма жатқан екенсің!
Деген сөз бар: «Ат аспаннан»,
Кісі өлтірген жоқ тасқаннан,
Атың ат-ақ, Тауасар,
Бағыңа ешкім жоқ таласар.
Енді осы бетіңмен
Барғаның жарасар
Жаназаң жаныңда
Сыбағаң саныңда,
Жет жаныңның барында,
Бар, Тауасар, бар,
Ешкім жоқ сенімен дауласар.
Дәл осындай жаназа
Кім оқиды жарасар?!
Бар, бар, Алла-акпар! –
деп, бетін сипап, бата істепті де, жүре беріпті дейді.
Ақкөсе екі ағайынды, інісі - Мәлік [226].
ҚАНЖЫҒАЛЫ ШЕЖІРЕСІ
Қанжығалы - Бөгенбай (Бөгембай) батырдың бәйбішесінің аты - Баяу. Мұнан: Тұранәлі, Тұрымбет. Тұранәліден - Бапан би. Мұнан - Саққұлақ, мұнан жеті ұл: біреуі - Нұралы, мұнан: Барлыбай, Олжабай. Барлыбайдан - Төлебай. [Бөгенбайдың] қалмақ қызы – Қамырқаннан - Жылқыбай, мұнан - Төлеген, Төлегеннен толып жатыр. Біреуі - Жұман, Жұманнан: Ахмет, Әлиакпар және қалмақ қызы бір қатынының аты - Лаба. Мұнан да кісі білмейтіндері, уақ-түйек толып жатыр. Қалмақтан олжаға түскен екі қыз: бірі - Лаба, бірі - Лаға. Лабаны Бөгенбай алған да, Лағаны Олжабай алған екен. Екеуі де жайсыз оңбаған қыздар болса керек. [Бөгенбай -Жылқыбай - Төлеген] Төлеген - бай, «Төлеген мырза» атанған, ас сайын алты атанға қымыз артып барады екен. Қыстауына қырық сан тастап кетеді екен: «Әркім алып пайдалансын» - деп. Өзі - көксау, түні бойы жөтеліп шығады екен. Жөтеле-жөтеле жалығып, тіріліктен күдер үзіп, безер болып:
− А, Құдай, иман бер! - дейді екен.
Онда қой күзетіп жүрген жалшысы Бестемше:
− Бердім, бердім! - дейді екен.
− Құлдық, құлдық! - деп сүйсінеді екен.
Ертең ауыл-аймағы, балалары жиылып:
− Ол Бестемше ғой! - дегенде,
− Кім болса, ол болсын, беруші берді де, мен алдым, - дейді екен, иман алғанына айылы берік, әбден сенімді екен. [Төлеген] өмір бойы қатынға жатқанда, суға түспейді екен, суды білмейді екен. Оны ұнатпағанға беретін жауабы: − Бұқа бұтын жуа ма, айғыр бұтын жуа ма, қошқар жуа ма? Бұтын жуған оңа ма, құтын жуған оңа ма?! - дейді екен. Әлдекүннен - Әлдібек, Ақша. [Бөгенбай әкесі] Ақшадан: Қолбай, Бөгенбай. Қолбай есер есалаңдықпен бала күнінде бір аста Әлібектің үстін майлай берген. Сонда Әлібек:
− Мынау өскенде, менің тұқымыма таң атырып, күн көрсетпес! - дегенде, Ақша: − Мұны айтасың, үйде бір шойқара бар. Тұқымың соның тепкісінде шіриді, - деген. − Ендеше мен тұқымымды оның тепкісіне шірітпейін, - деп, бөлініп көшіп кеткен. Сол бойымен бөлек өсіп-өніп кеткен. Көкшетаудан әрі (ары) «Әлібек қараған[ы]» - деген жер бар. Сонда ол айтқан «Шойқарасы» Бөгенбай екен. «Бөгенбай әкесі - Әлдекүн, Әлдекүн әкесі - әлде кім?» - делінген бұрынғыдан айтылып келе жатқан сөз бар.
Қазақ мақалдары, бұрын естімеген оқшау сөз:
Үлкейіп барып, сыпайыны көр,
Кішірейіп барып, шынайыны көр.
Дос болып, ауру болғанша,
Сауда қылып, сау бол.
АРҒЫН-СҮЙІНДІК-АЙДАБОЛ ТАРАУЫ
[Арғын - Құтан - Мейрам - Сүйіндік - Суғыншы - Шуманақ – Құлболды – Айдабол – Жанқозы - Төлебай] [Жанқозы]: Төлебай, Қосқұлақ, Лапақ, Сары. Сарының Төлебаймен туысқан - туыспағанын анық білуші жоқ. Кейбіреулер: «Жеке жігіт екен, Төлебайға еншілес болып, сіңіп кеткен екен, өзі бай болған екен. Сонан Төлебай тамат қылу үшін: «Сарым, Сарым!» - деп, еркелетіп жіберген екен» - дейді. Төлебай «Қу жарғақ Төлебай» - атанған екен, «Пәлі, Төлебай» - атанған екен. «Пәлі, Төлебай» - атанған себебі - бұрынғы заманда Арғынның қосынан өрт кетіп, Ұлы жүз: -Үйсіннің бірнеше кұнан қойлары күйген екен. Соны Ұлы жүз - Үйсін - Арғыннан даулаған екен. Сонда соның бітіміне Ұлы жүз - Үйсіннен Теле би шыққан екен де, Арғыннан Төлебай шыққан екен. Үйсін - Төле би: − «Қолыңмен салған өртті етегіңмен қалай сөндіресің?» - деп келдің, Төлебайым, -дегенде, Төлебай: − Алладан деп білсеңіз, қойыңыз да; адамнан деп білсеңіз, алыңыз! - деген екен.
Төле би: − Пәлі, пәлі, Төлебайым, жарайсың, жарайсың! - деп, Төле би тақ тұра қалған екен. Сонан: «Пәлі, Төлебай» - атанған екен деседі. Және бір дәлелі: атқан оғы далаға кетпейді, жаза соқпайды екен. Өзі атып, өзі: «Пәлі, пәлі!» - дейді екен. Өзін аң көрмейді екен. Бір топ киік жолықса, біреуін жібермейді екен. Қара бойын аң көрмеген соң, қанша атып, қиратып жатса да, алдынан аң ешқайда қашып құтылып кетпейді. Сонан: «Пәлі, Төлебай!»- атанған екен. Тама - Сарбас мерген: «Менен мергендігі асқанда, жалғыз-ақ: «Пәлі, Төлебайдың» мергендігі асты» - дейді. Айқандық Бабабек деген сартқа жалшылыққа жүрген жерде болған екен. Сонда Бабабек қатынына айтқан екен: − Осы қазақтың, ұйықтап жатқанда, үсті жап-жарық болып жатады. Бойында жанып тұрған шамшырағы бар екен, - депті. Сол уақытта Бабабектің бір бойжеткен қызы бар екен: «Қалайша мұның үсті жарық [боп] жатады екен?» - деп, есікті ашып, сығалап, қараңғы үйдің іші - өзге жері бәрі қараңғы. Жатқан қазақтың үсті шам жаққандай жарық болса, онан да жарық. Өзі жатқанда, ашылып-шашылып, ханнан - қауіпсіз бейғам жатады екен. «Бері кел!»- деп, қол бұлғап шақыратын қолы жоқ болса да, «Мені көрдің бе?» - деп, қатқан қазықтай қатып тұрған «батырды» көрген соң, аяғын кейін салуға шамасы келе алмай, жүгіріп келіп:
− Бейәдеп қазақ! - деп, шап беріп ұстап отыра қалды, - дейді.
Жан жерін біреу бүркіттей бүріп, шеңгелдеп жатқан соң:
− Бүрген олай емес, былай! - деп, бауырының астына басып алып жұмарлай бастағанда, − Ей, бейрақым қазақ, ей, бейрақым қазақ! - деп, бір жаққа кетіп қалар дегендей екі қолын аш белден қысып алып, шамасы келгенше босатпасқа тырысты дейді. Бұл жұмыс болған [соң], көп кешікпей-ақ сол қызды алып, Арқаға қарай жөнеліп берді дейді. Сонда кез болып, жолдас болып, үшеуден - үшеуі жапан түзде оттас, ораздас болған. Елге алып келген соң, «Енді мал керек!» - деп, Төлебай жапа-жалғыз Орал тауындағы Естек деген елге аттанбақшы болды. «Естектің ен малы бар дейсің бе?» - мәтел болған. Сонда сарт қызы: − Сіз кешіксеңіз, мен қанда қышын қыламан? - деп, қайта-қайта айта берді дейді.
Сонда Төлебай: − Мені бір жыл күт. Егер бір жылда келе алмасам, Қосқұлаққа тие бер - деп, солай демесе, жібермейтін болған соң:
− Қой, хош - есен аман бол! - деп, жөнеле берді.
Төлебай сол кеткеннен кете берді де, бір жылда келмеген соң, сарт қызы Қосқұлаққа тиіп кетті дейді. Сол жорығында 3 жыл жүрген екен. Сонда айтқан Төлебай сөзі:
Көк көгершін, көгершін,
Көк кептер ұшар жем үшін.
Қара сабам жоқ үшін,
Қатын-бала қамы үшін.
Тең құрбыдан ке[мі] үшін,
Ерлер жортар мал үшін! – деген екен.
− Елде менімен теңмін деген көп еді, сөйткенмен, менен басқа теңінен өткенінен өткені жоқ еді! - деген екен. Үш жылдан соң жапа-жалғыз өзі 300 жылқы айдап, жолшыбай биесін байлап, қара сүйретпені қымызға толтырып, ырғап-жырғап келе жатқанын естіп, ағайын-аймағы жүректері лүпілдесіп, қуанысып тұрды дейді. Қосқұлаққа тиген соң, бір ұл тауып, талпынып, еңбектеуге тырмысып қалған баланы: − Мұны ұялмай, не деп көрсетеміз? Және не бетімізді айтамыз, айтамыз? - деп, қатын-қалаш бетін үзіп алып, бір-біріне күңкілдесе бастады дейді. Сонда сарт қызы: − Сіздер өз амандасуларыңды түзеңдер, мен не деп амандасуды кісіден сұрамаймын. Менімен, баламен ісіңіз болмасын! -деді. Төлебай келіп аттан түсіп жатқанда, сарт қызы баланы көтеріп алып шықты. Үш жыл жоғалып кеткендегі сіздің олжаңыз қандағы, менің олжам қандағы? Көріңіз мына менің олжамды! - дегенде, − Жарайды, жарайды бұ да - осы жолдың олжасы ғой! - деп, атын «Жолан» қойған екен. Сонан кейін қатын[ын] өзі қайта алып, Еламан, Едіге туған. Онан кейін Ырыс тоқалды алып, онан: Елкелді, Малкелді туған екен. Бұл балалар туған соң, енді Төлебай дөкейленді, «Қандай Төлебай?» - десең, сондай Төлебай болды. Бұхарай - Шәріф шаһарында әмірінің әрігінде «Пәлі, Төлебайдың» қамшысы хала осы күнге шейін ілулі тұр. Ғаділе хан салдырған шаһи батшайы дүриа сатылатұғын тамда тартқан жағының оғы шеге болып, қадалып тұр. Басқалар оғын кіргізе алмағанда, бұл кісінің оғы кіріп кеткен. Ешкім қайта суырып ала алмаған. Өзі үлкен зор қасиетті кісі болыпты. Өмірінде кісі қарғамаған, сіле қылмаған. Бар қасиеті бойында түгел кеткен бір жан - осы кісі. Өзі өлерінде айтыпты: − Қырық төрт кейоларым бар еді. Соның қырқы Елкелдіде қалды, - депті. Біреуі - Сары -Тастенде қалды, - депті, - үшеуі Тұрсынбайда қалды, - депті. − Ана қырық бірі де - бір бас, Тұрсынбайда қалған үшеуі де бір бас, - депті. Және айтыпты: − Менің тұқымымның малы-басы аса дәуірлеп өсіп, жұрт алдына озып түсіп кетпейді. Неге десең, менің тұқымым[ның] шешесі - сарт қызы ғой! Сарт сықылды күншіл: біздің басы, не малы ілгері басайын десе, бірі күндеп, атып жыққанша асығады. Сол үшін бірінің көзі, бірінің тілі сап ете түседі де, ілгері бастырмайды, - депті. Ей, жігіттер, әулиенің сөзінде жалған бар ма? Төлебайдың баласында болмаған бар ма, болғанында солмаған бар ма? Толарына келгенде, аспанға ұшады. Соларына келгенде, мұрттай ұшады. Үш жүздің баласы қазақты араладым. Күншілдікке келгенде, бүл Төлебайдың баласындай ешқайда ешбір жанды көргенім жоқ. Әз Тәйтеке, би Тәйтеке, құт Тәйтеке, дайыр Тәйтеке, бір өзіне жеті ат қойылған Тәйтеке би айтқан ғой: − Төлебайға қонған бақ - күншіл бақ: біріне бақ қонса, бірі күндеп, кетіргенше асығады. Бір тұқымда бақ тұрақтап тұра алмайды. Бақ деген - көшпелі қыз: алған күйеуге де кетеді, қыздан туған жиенге де кетеді. Кеше Жанқозы екі бөлініп, Секербай мен Хұсайыннан бақ тайып жүрген күнде Ерейменде Шоқыбайдың қызын алған Кәрібайға кетіп, Далбада және Шоқыбайдың қызын алған Есентайға да кетіп жүрді ғой. Білуші Құдай ғой: « Ел аралаған - сыншы, ағаш аралаған - үйші» - дейді. Бақ паналайтын кісінің түрі жоқ дәл осы күнде уа Алла ағым бастап мұнан былай не боларын Алла біледі. Өзінде де бұрын бақ орнаған жер еді. Бір қыз барған жерге барып тұр - Ерейменде. Өзінде 17 жылқы бар - үш мың біткен Азына баласымен жағаласып қалмай жүр. Соған қайдан барып жүрген бақ деп білесің?!
БӘСЕНТИІН ШЕЖІРЕСІ
[Жанарыс - Қарақожа - Арғын - Кенжесопы - Бәсентиін]. Бәсентиіннің бірінші қатынынан: Ақмайдан, Бекмайдан, Тоқмайдан; екінші қатынынан: Актілес, Күшік. Күшіктен -Жылқыайдар; үшінші қатынынан - Бөрі; төртінші қатынынан - Сырым [227]. Ақмайданнан - Көкшекөз, мұнан: Байымбет, Жолымбет. Бекмайданнан - Апай, Тоқмайданнан - Қатыс. Байымбеттен - Жаманай, Жаманайдан: 1. Қойсары. 2. Қозыбақ. 3. Рысбек. 4. Сағынай. 5.Бұқа. 6. Күбір. Бәсентиіннің төртінші қатынынан - Сырым дедік. Сырымнан тарайды: 1. Танаш абыз. 2. Жабық. 3. Мұрат. Мұраттан алтау туады. Жабықтан екеу туады: 1. Болай. 2. Самай. Самайдан: 1. Сексенбай. 2. Тоқсан. 3. Досым. Досымнан: 1. Төлебай. 2. Нарымбай. 3. Тәуірбай. 4. Ибрай. 5. Қыстаубай [228]. [Досымнан]: Қазанғап, Дөненбай, Маса. Тоқсаннан - Қара. [Болайдан] - Тілеу, онан - Өтебай. Жолымбеттен [Бәсентиін - Ақмайдан - Көкшекөз - Жолымбет] - Маңдай. Мұнан - Сәмеке. Байымбеттен [Бәсентиін - Ақмайдан – Көкшекөз - Байымбет]: 1. Бейсен. 2. Жаманай. 3. Қоянбай. 4. Рысбек. 5.Көшен. 6. Шүрек. 7. Таңатар. Жаманайдан - Қойсары, Қойсарыдан... Бейсеннен: 1. Таз. 2. Шоқай. 3. Өтеп. 4. Матай. [Бәсентиін-Тоқмайдан-Қатыс] Қатыстан-Бөрі. Бөріден: 1. Келден. 2. Қыстау. 3. Қақа. 4. Сатыпалды. 5. Жаңбыршы. Жаңбыршыдан - Жәнібек. [Бәсентиін - Күшік] Күшіктен - Итемген. [Бәсентиін – Ақмайдан – Көкшекөз - Байымбет, мұнан - Ханкелді, мұнан - Байбол, мұнан - Жетібай. [Бәсентиін] - Бекмайдан - Апай. Апайдан - Нарбота. [Бәсентиін – Ақмайдан – Көкшекөз – Байымбет – Бейсен - Матай]. Матайдан: Құтыбай, Қаржау, Өмір, Қойбақ. [Бәсентиін - Сырым – Жабық - Самай - Тоқсан - Қара]. Қарадан - Рысқұл Сүгірәлі баласы, бұл - Жанқожабаласы.
ҚАНЖЫҒАЛЫ ШЕЖІРЕСІ
[Жанарыс - Қарақожа - Арғын - Ақсопы - Қанжығалы - Ішпек]. «Толыбай» ұранды Қанжығалы. [Қанжығалы] Ішпек[тен]: Қамбар, Жапар, Қармыс [Қармыс-Бозым-Әжібай] -Әжібай, яғни Сары Әжібай: Қарабұжыр, Есен, Бозым. [Қанжығалы – Ішпек - Қармыс - Бозым - Әжібай - Қаратілес - Айтуар - Әжіке]. [Айтуардан]: Әжіке, Дәнен. [Әжікеден] - Байдалы, [онан]- Тәшім. [Әжібай – Ақтамақ -Құдайберді]. [Ақтамақтан]: Құдайберді, Құдияр Қара, Амалдық, Сары. Әжібай: Қаратілес, Қарабұжыр - «Тентек Қанжығалы». [Қарабұжырдан]: Мұрат, Байболат, Шыңғыстың Жамабеті. [Қаратілестен: Айтуар] Көшпен, Құдайсүгір, Өтеген. [Қанжығалы - Ішпек -Қармыс - Әжібай - Қарабұжыр - Мұрат - Дөнен]. [Мұраттан]: 1. Дөнен. 2. Сасық. 3. Алтыбай. 4. Тоғызбай. 5. Теңізбай. б. Бестібай. 7. Сегізбай. 8. Құнан. ... Туған үшеуі: Қорлыбай, Қойлыбай, Алмашы, - «үш жиен» - деп сөйлейді: біреуі қыздан туған, екеуі күңнен туған. ... «Тентек Қанжығалының» қызынан туған Ақкөл болысында. Елқонды[ның] қайдан шыққаны белгісіз. Елқондыны алып келген - Өтеген батыр.
АРҒЫН-БЕГЕНДІК (ҚОЗҒАН) ТАРАУЫ
[Арғын - Құтан - Мейрам - Бегендік - Оразкелді - Тәңірберді - Ораз]. Оразкелдіден -Тәңірберді, Сәрік болған. Тәңірбердінің үш баласы бар: Ораз, Малқар, Жолым (Жұлым) сопы. Сәріктің балалары: Қожамберді, Тоқтас, Қожағұл. «Қозған» - деген кісі аты жоқ, қозғала берген соң қойған: «Шіркін, қоза берді ғой!» - деп, «Қозған» қойған. «Қозған -тозған», «Қозғанның қозылы - қойлы залалы болады» - деген. «Қақсал» деген де кісі аты жоқ, қақсай бергеннен, «Қақсал»- атанған. [Арғын - Құтан - Мейрам - Бегендік - Оразкелді - Тәңірберді - Сэрік-Қожамберді]. Қожамберді балалары: Байназар, Есназар. Қозыбақ- Шолактың түбі-Рамадан. [Мейрам - Бегендік- Оразкелді – Тәңірберді – Сәрік - Тоқтас]. Тоқтастың бәйбішесінен -Есіл бойындағы «Қарақозған»: 1. Әбіл. 2. Тілеу. 3. Құлтай. 4. Тыныбек. 5. Төлек. 6. Темір. 7. Сәдібек. Әз Тәйтеке - Әбіл - Тілеуден - бір өзіне жеті ат қойылған: Әз Тәйтеке, би Тәйтеке, дайыр Тәйтеке, құт Тәйтеке, «Алшын Тәйтеке би, Арғын-Тәйтеке би» - атанғандар. Сарықыз - Тоқтастың тоқалының аты, оның балалары «Сарықозған» - атанады. Бәйбіше балалары зорлық қылып, күн көрсетпеген соң, Айдабол, Күшіктің қолына кіріп кеткен, сонан бұл жақта қалған. Ербай деген бір атасы бар. Қозыбақ балалары: Матай, Құдайқұл; тоқалынан - Жылқыайдар. Матай балалары: Сатай, Жұмат. Осы Қозғандардан бір қатын қалмаққа пленге түсіп, Малқар батыр алып келіп, қайтадан қазақтың ... құрғандардың өзіне келіп, қалмақтан буаз келіп, еркек бала тауып, атын «Қалмақшы» қойып, Қозған ішінде: «Қалмақшы Қозған» - деп аталатыны - солар.
АРҒЫН-СҮЙІНДІК-АЙДАБОЛ ТАРАУЫ ЖАЛҒАСЫ
[Арғын - Құтан - Мейрам - Сүйіндік - Суғыншы - Шуманақ - Құлболды - Айдабол -Тайкелтір]. Тайкелтір: Жиен, Төлен. Бұл Әлсейіт - Жиен баласы. Әлсейіттен - Оразбай, Оразбайдан - Кеншімбай, Кеншімбайдан - Белгібай. Тайкелтірдін бәйбішесінен - Өмірзақ тентек, мұнан - Дәуітбай. Дәуітбайдан: Мантен, Құтан, - екеуі де ебедейсіз бай болған. Мантеннен - Есбай, Есбайдан ұрпақ көп. Әлсейіттің тоқалынан: Қасболат, Тоқболат, Байболат, Мықтыбай, Шектібай. Қасболаттан − Аян, Аяннан сегіз, ең үлкені - Анай. Бұл сегізбен туысқан жиен қызы - Маңдай -Жандайдың Маңдайы дуанбасы. Күнінде аяғынан барып, соған тиіп қалған. Маңдайдың бәйбішесінен: Шәбді, Қапар. Қапары - қазы, Шәбдісі - болыс екен. Сол күнде сонда Аянның үш баласы Маңдайға қоңсы болып, жанында отырып қалған. Елеңке деген өткір шоттай берекесіз иашың-жылпың біреу болған. Он жасар [күнінде] Кемпір-қызбен айтысқан өлеңі бар. Байболаттан - Байбатыр, онан - Шалқарбай қажы. Тоқболаттан - Байқұттылар. Мықтыбайдан: Бектұрсын, Сағырбек, Қырықбай. Шектібайдан: Нысан, Ақпас. Ақпастан -Асқар, онан: Мұрабай және Шектібайдан - Азына, Азынақызы - Кенже. [Кенжені] Қаржас - Досан дегенге берген. Бұл күнде Павлодарда.
ОРТА ЖҮЗ ШЕЖІРЕСІ БАСЫ
Жанарыстың екі қатыны бар болған. Бәйбішеден төртеу, тоқалдан екеу туады. Бәйбішеден туғандар: Қарақожа, Аққожа, Ақтамбердіқожа, Дарақожа. Қарақожадан - Арғын, Аққожадан - Найман, Ақтамбердіқожадан - Қыпшақ, Дарақожадан - Қоңырат. Тоқалдан туған екеу: Смағұлқожа, Қосымқожа. Біреуінен - Керей, біреуінен - Уақ. Естіген құлақтың жазығы жоқ. Арғынның апасы [әпкесі] қыз күнінде оң жақта отырып, буаз бо[лып], бір төремен айқасып, еркек бала тауып: − Бұл қалай? -деушіге дәнеме айта алмай, ұялып, шашын тарай бері[пті]. Сонан баланың атын Тарақты қойыпты. Төреден пайда болғаннан, «Төре жоқта Тарақты төре болуға да жарайды» - деген сө[з]. «Қыздан туғанның қиығы жоқ» - деп, «Арғынның балаларына Тарақты ноқта ағасы болған» - деседі. «Орта жүз Тарақтымен қосылып, жеті арыс ел болған[ы] аталған» - дейді.
«ХАН СҮЙЕГІ» АТАУЫ ТУРАЛЫ
(екінші нұсқа) Нұра бойында «Хан сүйегі» - дейді: Жамантай хан әкесі Бөкей хан қойылған екен [229]. Қамбар - Жанақ ақын қаңғып жүріп, сол жерде өліп, «Хан тамының» ішінде қойылған екен. Жамантай Қамбар дегенге елді бидайықтай қуырыпты: − Қаңғып жүріп өлген шалыңды әкемнің қасынан әкет аулақ! Қамбардың қаңғыған шалына бола салынған там емес! - деп. Сонан Қамбар қарсы айтар қаруы болмаған соң, Алшынбайға айтысыпты. Алшынбай кісі жіберіп: «Қойсын, қозғамасын!» - десе, Жамантай болмапты. Сонан кейін: «Бас қосқанда сөйлесейік!» - деп, соған қаратып, Жамантай ханмен Алшынбай көптің басы қосылған бір қалың жиында: − Өлген кісінің сүйегін алдырып, әуре қылмаңыз, - десе, Жамантай болмапты. Сонда Алшынбай айтыпты: − Ақ патшаға сен де барып едің, мен де барып едім. Сонда саған: «Қалағаныңды ал!» -дегенде, «Атамның баққан елін берсең, болды» - дегенде, «Бердім!» - деп еді ғой! Маған: «Сен не қалайсың?» - дегенде, «Жеті атамнан қоныс қылған жайлау, қыстау жерімізді берсеңіз болады!» - дегенде, «Бердім, жайла, қыста» - деп еді ғой, - жеріңді». Сен елді алып едің де, мен жерді алып едім ғой! Бұрынғылар айтқан екен: «Шөлде жүрген дуадақ қол қадірін не білсін, // Көлде жүрген қоңыр қаз шөл қадірін не білсін?! // Жарлыдан жаңа байыған // Жалғыздан туып көбейген // Ел қадірін не білсін?!» - деген. Садағын сағымға ілген хан Шынғысхан емес ең! «Қатаған ханы - хан Тұрсын, // Қас еткенді ант ұрсын!»-деген ант ұрған Тұрсын ханның тұқымысың ғой! Ата-бабамыз айтады екен: «Төренің түбі - сарт, // Сарттың түбі - сары ит». Сондығыңа кеткенің ғой! Әкеңнің моласын с...н, ал әкеңнің сүйегін! Қай кенттің қаңғырған сарты екеніңді Құдай білсін. Бар, өзіңнің ұлтыңа апарып қой. Қазақтың өз жерін өзінен қызғанамысың?! - дегенде, Жамантай ләм-мим деп, аузын аша алмапты. Қамбар тірі күнінде қобыз тартады екен. «Қобызын тартып, әкемнің мазасын алады!» -деп азап салған, көрін ақтартқан жері де болған.
ТӨРЕЛЕР ШЕЖІРЕСІ ЖАЛҒАСЫ
Уәли ханнан соң, [оның] бәйбішесінен туған баласы - Абайділданы хан қойған. Осы Абайділданың тұсында қазақ орысқа қараған. Осы Абайділданың бәйбішесінен - Болат, Болаттан - Сұлтанғазы төре. Уәли ханның Айғаным деген тоқалыман - Шыңғыс төре. Сұлтанғазы мен Шыңғысбаласы Шоқан орысқа қолбасылық қылып, Ташкенді орыс алғанда, Черняев жандаралмен (генералмен) бірге тұрып, бірге жүрген. Айғаным «Шапшаңшыл тоқал» - атанған. Ақындардың аузына Құдай салады деген: Мағжан Жұмабайбаласы айтқан: «Уәли анау қар қатынмен басы қатқан» - деп, рас айтқан.
ҚОЖАЛАР ШЕЖІРЕСІ ЖАЛҒАСЫ
Диуана қожаның балалары: Қозжан, Қылыш. Бұл Қозжан диуана атанған. Бұл Қозжан балалары: Төленқожа, Ниязқожа, Заманқожа, Сүлейменқожа, Хауатқожа, Қажықожа, Қожакелдіқожа, - тоғыз ұлы болған. Тоғыздың бірі - Сейітмұхаммедқожа, мұның балалары: Бекмұхаммедқожа, Досмұхаммедқожа, Сұлтанқожа. Бұл Сұлтанқожадан -Құлболды ишан. Бұл кісіден: Фазыл, Мағзұм, Күлеш-ныхзым мыхрұблардан болып өтті. Қозжан, Қылыш, Қожакелді. Мұнан тоғыз, кенжесі - Қажықожа. Қажыдан.Байторы, Патса. Байторыдан: Күнқожа, Айқожа. Күнқожадан - Қиғаш - бәйбішесінен; тоқалдан: Ашамай, Қорғанбай, Келгенбай. Қиғаш қожадан - бәйбішеден бесеу: Жүніс қожа, Жүсіп ишан, Садық қожа, Сыздық қожа, Риза қожа. Тоқалдан: Әлжанқожа, Мырзақожа. Әлжанқожадан - Сапаралы қожа. Қылыш қожадан: Оспанқұл, Әздер. Мұнан - Шобалай қожа, мұнан - Қарауыл қожа, мұнан − Байжұма, жұрт «Тазқожа» - деуші еді. Мұнан - Жұмаділла қожа: қазақ «Қызылқожа» -дейді. Қарауыл қожаның кенжесі. − Кенжеқожа Бораншоқы бауырында, Сынтас құдықтың шөлейт жағында оқу оқып жүргенде өлген.
АРҒЫН-СҮЙІНДІК-КҮЛІК ТАРАУЫ
[Арғын - Құтан - Мейрам - Сүйіндік - Суғыншы - Шуманақ - Құлболды - Күлік]. Әкесінің аты - Құлболды, шешесінің аты - Мақпал. Бәйбішенің тұңғышы - Күлік, ортаншысы -Тұлпар, кенжесі - Айдабол. [Айдабол ] он үшінде «Айдабол би» - атанып, аты әлемге жайылып, Сырдариясынан Сарыарқаға қарай өткенде, өткел аузында тұрған Алшын мен Қарақалпак Мақпал бәйбішенің: «Артың болса, Айдаболдай ұл тап» - деп өте берген. «Күлік» - қырғыз тілі, «жүйрік» - делінген сөз. «Ат - арыстан, // Нұр - пейіштен» - қазақ мақалы. «Ат асманы ғарыштан құйылады», - делінген сөз. Күліктен шыққан жүйріктен заманында жан озған емес. Шобалай баласы Жаңабатырдан би асқан емес. Күнту баласы Жанақтан қасиетті ер асқан емес. Жанайдар баласы Өтеміс абыздан бір басты, екі аяқтының әулиешілігі асқан емес. Көтеш ақыннан ақын асқан емес. Кеше Мұса, Секербай заманында Ақжігітұлы Ізден абыздың алдына қара сөзде жан пар келмеген. Күліктің бел баласы Ақылдың байлығы үзілместен үрім-бұтағына бұл күнге шейін келеді. Наурызды туған Ақайдың байлығы үзілместен үрім-бұтағына бұл күнге шейін келді. Мырзалықта Ақай немересі - Санмырза баласы Байғанадан мырзалық асырған қазақ жоқ. Күліктің бәйбішесінен: Тілеуімбет, Наурыз, Дәулет; тоқалдан: Өтепберді, Данияр, Сексен. Сексен Күліктің сексен жасында туған. Орманшы баласы - Қайдауыл Күлікпен құрдас екен: «Сексендегі сенікі бала болушы ма еді?» - деген[де], Күлік Қайдауылды қарғаған екен. Сонан мәтел болып қалған: «Қайдауылға қарғыс кеткен», - деген сөз. Қайдауыл ортасына: Есенқұл - Мәуке ұрпағына келіншек болып түскен Тоғжан ақынның өлеңінде бар:
Мәукеннің жасы өспейді, шалы өседі,
Түндіктің жары өспейді, талы өседі.
Қозының бұты, қой саны - көздей іске
Ертеден кешке дейін гулеседі.
[Сүйіндік - Суғыншы – Шуманақ - Құлболды – Күлік – Тілеуімбет - Бесім]. Бесімнен: Жанжігіт, Ақжігіт, Қармыс. Ақжігіттен: Құлмұхаммед, Сермұхаммед, Досмұхаммед, Ізмұхаммед. [Ізмұхаммед] - «Ізден абыз» атанған - осы кісі. Сермұхаммедтен: Шаншар молда, Мыңжасар, Көпей [Көпжасар], Мағриб. [Көпей] өзі қырық екі жасында, жылан жылында, дүниеге қой жылы, ережеп-әлміржіп айында жұмға күні [Мәшһүр Жүсіп] келген. Бес жасында ғылым мектепке берген. Алты жасында Шар (Шахһар) кітап оқып, сегіз жасында Баянаулада молда Қамардин ахунның алдында Сырып ой бастап, тоғыз жасында Ғылым фатқа, Мұхтасар, Әлукаяға широх қылып он бес жасында шағырлық илан шоһырат тауып, жиырма тоғыз жасында Бұхарай-Шәріпке барып, медресе Шоқырда астқамат етіп, мырза Ұлықбекте мүдәріш Хамза қожадан, Пайстанада ноғай мүфти Сырахдин мүфтиден дәріс оқып, Мерекенде хазірет ишан Миан, Мәлік ишан Сауыт немересінің тәрбиесінде болып, отыз жеті жасында Ташкент шаһарында Бесағаш махалласында Әбілқасымхан ишан және қасында тұрып, пірада[р]лары Әкірамхан төреден тағылым алып, жүруі тұрсын көп болып, оқып-білуі аз болып, Сахарай мірік апаты риан ғирымзық дариясына...
ШЕЖІРЕ ЖИНАУ ТАРИХЫ
Қазақта хатқа жазылып, нұсқа болып қалған шежіре жоқ, ауыздан ауыз айтылып, біреуден біреу естумен: «Естіген құлақтың жазығы жоқ» - деп, сөйлей берген сөз. Өзіміздің бала күнде оқыған ұстазымыз - Кіші жүз - Бөкейлік-Қамар хазіретте қазақтың қара биіндей тілді кісілер еді. Қаракесекте - Беделі қожа Құрманбаласы Қасен қажы «Шежіре» атанған кісі еді. Онан сұрасаң, Мұса, Секербай дуа тиген кісілер еді. Қанжығалы - Бөгенбай ұрпағы Саққұлақ та «Шежіре» атанған кісі еді. Өзімнің сөз ұғып, үлгі-өнеге алған жақсы айтқандығым. Туған жылым қой еді. Жиырма үш жасымда жылан жылы Атбасар үйезіне қараған Мейрам Жанайдаров еліне барып, бір қыс, бір жаз жұрт бас қосқан жиында сөйлеп: «Баянаула, Қызылтаудан Мейрамға бір шежіре келіпті» - деп, жұрт аузында «Шежіре» атанған Мәшһүр еді. Үш жүздің баласын араладым, Бұхарай - Шәріп, Ташкентте, Түркістандай шаһарларда әр жүзден шыққан жүйріктермен мәжілістес болдым. Қай жерде болса да: «Бәрекелді, естуіміздей бар екен!» - деді. Бұл өмірде кісі аузына қарап, көргенім жоқ. «Ай кірсіз, Құдай мінсіз». «Айдан басқада кір көп // Құдайдан басқада мін көп». «Келін киімсіз болмайды» - деген бар ғой. Жас күнімде қариялардан естіп едім. Бұл күнде көп жасағандық па, болмаса, жазуға сеніп жаңылшақ болғандық па, оқуға сеніп ұмытшақ болғандық па, - көбі ойда жоқтай сезіледі. Науан, Шуан деген аталары бар еді. Қаракелімбет, Сарыкелімбет, Ақсақкелімбет, - деген аталар бар еді. Ақарыс, Жанарыс, Бекарыс деген аталары бар еді. Жастықта талай нұсқа қылып жазып жүрген сөздер еді. Осылар бәрі бұл күнде ұмыт болыпты. Ақарыс әңгімесі бар, өзгесінен әңгіме жоқ. Мен өзім әңгімесі жоқ атаны айтқым келмейді. Тамам осы - менің болған шамам.
АРҒЫН-СҮЙІНДІК-КҮЛІК ТАРАУЫ ЖАЛҒАСЫ
[Арғын - Құтан - Мейрам - Сүйіндік-Суғыншы - Шуманақ - Құлболды - Күлік - Тілеуімбет - Бесім]. Бесімнің бәйбішесінің аты - Бөктік-Қыпшақ: Қатықұлақ мергеннің қызы үлкен зор тәуіп болған кісі. Үшкіргені ем болып, айтқаны айтқанындай келеді екен. Келіншек күнінде қалмаққа түсіп кетіп, ішінде көтеріп барған баласын қалмақ ішінде тауып, сол бала қалмақ қолында тірі қалған. Өзі қашып келе жатып, жаяу-жалғыз елдің шетіне келіп, өз ауылына жуырда жете алмай жүрген жерінде өлі жүн түтіп, екі кесек кигіз басып алған дейді. Бұл Бесім заманында көшпелі Төртуыл Ұлытау, Кішітауды жайлайды екен, Сор қара, Сортыны жайлап жүреді екен.
Баянаула, Қызылтауға ел аумақшы болғанда, Бесім Ақжігіт, Жанжігітке: − Биыл көшпеңдер, мен өлемін. Мені осы Ұлытауға қойыңдар, ендігі жылы көшіңдер, -деді.
Балалары:
− Жерден құр қаламыз. Алдыңғы барған ел алып қояды, - десіпті.
− Ендеше биыл - менің өтетұғын жылым. Мені осы «Ұлытаудың басына әкеліп қоямын!»-десеңдер, көшулеріңе рұқсат беремін! - депті. Балалары уәде қылып, көшіп барып, Қызылтауға Ашамайтасқа қыстаған жылы өліпті. Алып келіп балалары қойыпты. Сонан «Бесім дарасы» атаныпты. Тілеуқабыл дарасының өре басында. [Бесімұлы] Ақжігіт абыздың ең үлкен қызының аты - Зарауха. Онан соңғы қыздарының аты: Дәме, Дәне. Зарауханы Қозы-Керейге ұзатқан. Бір қызынан туған жиені - Төртуыл халфе. Бір қызынан туған жиені - Керейіт - Шөкей абыз деген кісі. Бесім қатынын «Құдағи» - деп сөйлейді екен. Үлкен қызы Зарауха сегіз жасар күнінде, онан соңғы қыздары үйелмелі-сүйелмелі, еркек бала көрмей тұрған уақытта екі туысқанның екі қызын нәдір қылып, қалыңсыз беріп, Оспанқұл әздерді мектепбасы молда қылып ұстап, оның үйінің сыртына ақ қос тігіп, Құдай үшін бала жинап, дүкен қылған екен. Қазақта әуел кітап, молда ұстап, бала оқытуды бастаған осы екен. Сонда бір күні өзі намаз оқып тұрса, от басында отырған кішкене қыз балалар төрт ши шаншып от басына: бірінің аты - Құлмұхаммед, бірінің аты - Сермұхаммед, бірінің аты - Досмұхаммед, бірінің аты - Ізмұхаммед деп, намаз оқып ойнапты.
Акжігіт абыз намазын оқып болып: − Құдағи, байқадың ба? Құдай береді екен, сен торт ұл табады екенсің, осы төрт атты қояды екенбіз. «Баланың аузы - періштенің аузы» - деп еді, - деп, - ырым қылыпты. Айтқанындай, құдағиы кідірмей буаз болып, бала көтеріп, ұл тауып, жоғарыда айтылған аттардың бәрі де орнына қойылды. Сол шағында Ақжігіт абыз қырық тоғыз жасында екен. Ел жайлауда отырғанда, Көкшетау баурында «Қыздың қарасуы - Шүртік қараған» - деген жерлерде бір жақтан жолаушы келе жатып, түсте ат шалдырып, ұйықтап жатқанында түс көріп, оянысымен, астында жирен жорға аты бар. Атын «Түс садақасы» деп[ті]: − Түсімде көк кептер келіп ұят жерімнің басына қонды. Ол - жұмақ (ұжмақ) құсы, енді мен өлемін. Осы түс көрген жеріме қойыңдар! - депті.
Сол күні үйіне келе ауырыпты. Қатыны екіқабат екен: − Мына ішіңдегі еркек бала туар, атын Ізмұхаммед қой, менің ізімді жоғалтпас, − депті. Кешікпей опат болып, айтқан жеріне алып барып қойыпты. Өзі өлген соң, құдағиы еркек бала тауып, атын Ізмұхаммед қойып, «Ізден абыз» - осы кісі болыпты. Ендігі жылы ел жайлауға келгенде, ауыл-аймағы басына бата қыла барса, моласының үстіне үйрек ұя жасап, жұмыртқалап қойған екен. Заманындағы қариялар:
− Мынаның арты жақсы болады екен! - деп, ырым қылыпты.
Айтқанындай-ақ, Ізден, Дос заманында Ақжігіт абыз ұрпағы бір түрлі бай болып, өзінен жақсы кісі шығып, Алашқа білікті болды.
АРҒЫН-СҮЙІНДІК-АЙДАБОЛ ТАРАУЫ
[Арғын - Құтан - Мейрам-Сүйіндік - Суғыншы - Шуманақ - Құлболды - Айдабол]. Айдабол би Қошетерді Тайкелтірге: «Енші орнына қарабауыр қылып ал!»- деп берген. Қошетердің шешесі Шанышқылы - Қошетер батырдың қызы екен. Айдабол би нағашы атасының атын қойған екен. Шанышқылы сартқа бір атасы жуық. Таңай Шанышқылы -Қатағаннан қалған ел тегіс ұста болғандығы бұл сөзді растайды. Батыр Олжабай - Үйсін: Қаратай батырдың жиені. Шешесін қыс ішінде ұзатып келе жатқанда, жолда босанғаннан, атын Олжабай қойған: «Жолдың олжасы» - деуге лайық көріп. Үйсін-Қаратай батыр қызын ұзатқанда, Шанышқылы-Қошетер батырдың қызын қызының түйесінің басын жетектетуге берген. Жолда келе жатып, бала тапқан соң: «Бұған ат болуға қос жетер», - деп, атын «Қосжетер» қойған. Шешесінің аты - Бөктік, қосты жидырушы.
АРҒЫН-СҮЙІНДІК-ҚАРЖАС ТАРАУЫ
[Арғын – Құтан – Мейрам – Сүйіндік - Олжакелді (Қаржас)]. «Толыбай ұранды Қанжығалы» - дейді. Сол Қанжығалыда ұран болған Толыбай сыншы заманында бір жаққа жорыққа бара жатып, бір көлдің басынан бір тірі еркек бала тауып алыпты. Аяғын - апыл-тапыл басқан, тілі шықпаған баланың мойнында алтын сакигілі шұбар төсі бар, асулы бір алтын сақа бар. − Өзіміз жолаушы, өзі қысқа қараған суық күн, бұл қиын болды-ау! - деп, дағдарып тұрса, көз ұшында бұлдырлап қара көрінген соң, соған келсе, түйе екен, бақташысы бар.
− Бұл кімнің түйесі? - десе,
− Нұрфая бәйбішенің түйесі, - деген соң,
− Менің атым - Толыбай, мына бала - жолдан тауып алған олжам. Мойнындағы - баланың өзінікі. Нұрфая бәйбішеге байлағаным. Екі баласына серік қылып асырап алсын! - деп, түйешіге беріп кетіпті.Сонда түйенің үстінде жабуы бар екен, басын қылтитып, түйенің өркешіне тығып, ауылға алып келген соң, Нұрфая бәйбіше:
− Бұл өзі олжа келді, Олжакелдім! - деп, атын «Олжакелді» - қойыпты.
АРҒЫН-СҮЙІНДІК-АЙДАБОЛ ЖАЛҒАСЫ
[Арғын - Құтан - Мейрам - Сүйіндік - Суғыншы - Шуманақ - Құлболды - Айдабол -Жанқозы - Төлебай - Жолан]. Төлебайдан: Жолан, Еламан, Едіге; тоқалдан - Малкелді. Еламаннан - Мәулімберді, бәйбішеден:1. Атан. 2. Жәуке. 3. Тұрсынбай. 4. Шонты. 5. Текебай. 6. Көрпебай.Меңдібике – қарақалпақ қызы тоқалдан:7.Ботан,8. Нұралы, 9. Бақыбай, 10. Жауқашар. Атан жастай өліп, қатынын Жәуке алып, онан Өтеміс туған. Өтемістен - Белгібай жалғыз, онан - Ахметбек, онан ол тұқым бітті. Еламан заманында «Он ұлды Еламан» - атаныпты.
АРҒЫН-СҮЙІНДІК-ҚАРЖАС ТАРАУЫ
[Арғын - Құтан - Мейрам - Сүйіндік - Олжакелді (Қаржас)] Қаржастың үш баласы: Құлыке, Бегім, Алтынторы. Бегімнен - Сатылған. Сатылғаннан: Тілеуімбет, Таңат, Қоныс, Мәмбет, Жансары. Таңаттан: Батырбек, Атанбек, Тауасар. Батырбектен: Өтеу, Жанқылыш. Тауасардан: Қосаған, Қоске, Қожаберген. Атанбектен - Қожамберді. «Қожамберді - Дорбауыл» - дейді. Дорбауыл түбі - Найман. Қалба тауындағы - Дорбауыл - Найманнан Айтымбет деген төрт қос жылқымен келіп, Қаржас ішінде бір қыс қыстап жатып, Атанбектің Mөp деген қызын тоқалдыққа сұрап, сонда Мөрдің ағасы Қожамбердінің қатыны. Жылқышының ішінде: Аткелтір, Шарық деген екі жылқышы құл бар екен. Шарық өзі балуан, өзі жылқыұстампаз. Құрығына екі жылқы қабатталып түссе де, Шарықтың тартып қалған күшіне шыдамай, екеуі де мұрттай ұшады екен. Сол Шарықты жеңгетайына: «Бер!» - деп сұраған соң, беріпті.
Сонда Аткелтір: − Мұны берсең, мені айырма, қоса бер. Егер айырсаң, Найман, сен де оңбайсың, Қаржас, сен де оңбайсың! Екеуіңнің де түбіңе жетемін, бастарыңды мүжимін деген соң, Аткелтір, Шарық екеуін де беріпті. Айтымбеттің бәйбішесінен бала бар болса, өз елінде, Мөрден туған балалар «Дорбауыл» атанып, Қаржас ішінде қалған Аткелтірден - Жақсылық, Жақсылықтан - Үсен батыр. Үсеннен - Араб, Арабтан нәсіл тұқым жоқ. Үсеннен - Ержан, білмеймін не бар, не жоғын. Шарықтан: Бекжан, Мамай, онан: Балжан, Жақып. Мұса, Секербай заманында ас, той, жиын топта бас бәйгені алысып, Мұсаның өз асында бас бәйгесін алып және ас тарқарда Қуандықтың бір балуаны Саққұлаққа арыз қылып күресіп, Жақып оны да жығып, жауырыны жерге тимей қартайды.
АРҒЫН-СҮЙІНДІК-АЙДАБОЛ
[Арғын - Құтан - Мейрам - Сүйіндік - Суғыншы – Шуманақ – Құлболды - Айдабол – Жанқозы - Төлебай - Еламан]. [Жанқозыдан]: Қосқұлақ, Төлебай, Лапақ, Сары. Төлебайдан: Еламан, Едіге; Ырыс тоқалдан: Елкелді, Малкелді. Жолан - Қосқұлақ баласы. Еламанның Мәулім бәйбішеден: Атан, Жәуке, Тұрсынбай, Шонты, Көрпебай, Текебай. Міндібике - Қарақалпақ қызы тоқалдан: Ботан, Нұралы, Жауқашар, Бақыбай. Еламан заманында «Он ұлды Еламан» атанған. Атан жастай өліп, қатынын Жәуке алып, онан туған баланың [атын] Ізден қойып, онан Өтеміс туған. Өтемістен - Белгібай жалғыз, Белгібайдан Ахметбек жалғыз. Ол тұқым сонымен бітті.
«ТОҚАЛ АРҒЫН» ШЕЖІРЕСІ
1778-інші жыл - Абылай ханның Орта жүзге хан болған шамасы. 1821 - жылда Уәли хан өліп, ас берілген шамасы. Бұл Айнакөзден тарағанды «Тоқал Арғын» - деп атайды. «Жоғары Шекті», «Төменгі Шекті» де екі руға бөлінеді. Таңбалары - Арғынның дөңгелек таңбасы. Жоғарғы Шекті - сабағын жоғары, Төменгі Шекті төмен қайырады - оқшантай таңба. Жоғарғы Шекті-Қазыбек би, Төменгі Шекті-Бекен, Шоқай батыр. Және Бекен - Жазының баласы. Сары, Шекен, Қара, Жазы катар шыққан. Қара - балуан Жәнібек баласы. Шақшақұлы Қошқар, Тұршақарұлы Жәнібек батыр. Қара балуан Жәнібек басқа, батыр Жәнібек басқа, - екеуі де «Тоқал Арғыннан» шығып, бірінен-бірі дөкей болған ерлер. Батыр Жәнібектен - Дәуітбай. Бұл Дәуітбайдан - Мұсабай, Мұсабайдан: Бірімжан, Қазыбек. Бірімжан балалары: Қорғамбек, Дәуренбек. Қазыбектен - Әбдібек жалғыз. Қуандықтан алтау: Аманқарт, Есенқарт, Алтай, Қарпық, Борыш (Бұрыш), Темеш. Екі қарттан: Ағыс, Қалқаман.
ҚАНЖЫҒАЛЫ ТАРАУЫ
Алтай жігіт күнінде жүгенін беліне байлап алып, жаяу барып Піспек байдың жылқысын баққан. Ішпекбай, Піспекбай деген ағайынды екі байлар екен. Сонда Піспекбай іңірде өз қолынан арқандаған атын түні бойы қарап, таба алмай, әуре болды. Таң атса, шөптің үстінде, судың тұнығында көреді екен. Себебі Алтай жылқының өрісінен келіп, жылжытып отырады екен. Қазақ орысқа алғаш қарағанда, Иван Семенович деген полковой келіп, Баянауладан қала салдырып, дуан аузын ашқанда, дуанбасы қазы, болыстарға Шоң би дуанбасы, Сейтен Тайжанның қазы болып, Қанжығалы атындағы ел ойдағы - қырдағы бір болыс болып, болыстықты кейін Анай, Малай Борай баласы Жолға [байлаған]. Жол: − Байлағандарың рас болса, мен Әжеке - Дәненнің Дәненіне бердім. Дәнен күндердің күнінде кімге [беруін] өзі білсін! - деген. Сондықтан Қанжығалыға ең алғаш Дәнен болыс болған. Дәнен өлерінде өз бала[сына] байламай, Жол баласы Әлдебекке берген. Әлдебек болыс күнінде Ерейменнің Қызылағашында отырып, айтып отырады екен: − Осы Қызылағашқа Қараөткел, Аққол, Құрмандоғалақ - үшеуі бірдей үйден шыққан Қараөткелге де қонаға барамын, Ақкөлге де қонаға барамын! Құрмантоғалаққа да қонаға барамын! - деп. Әлдебек өлерінде болыстықты Дәнен балаларына байламақ болғанда, Мұстафа деген баласы тілін алмай, өзі болыс болған. Соған өкпелеп, Қанжығалы екі айрылған. Жеті румен Әжібай Баянаулаға қарап қалып, Қама, Жапар, Қарабұжыр - «Тентек Қанжығалы» Ақмолаға қарап кеткен. Қанжығалының қақ жарылған жері сол себептен. Қанжығалыдан Бөгенбай батыр шықты. Үш жүздің баласының кәрі құлақтысынан ақымыз бардай қадалып сұрадық - түбі-тегін білуге. «Бөгенбай әкесі - Ақша, Ақша әкесі - Әлдекүн, Әлдекүн әкесі - әлде кім?» - дегеннен басқа білмейді.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру