Арқаның Бетбақ деген даласы бар
Әдебиет порталы
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Жазушы Алдан Смайылдың «Арқаның Бетпақ деген даласы бар» атты повестер жинағында XX ғасырдың қасіретіне айналған, Кеңес Одағы атты ұланғайыр кеңістікте үстемдік құрған қызыл идеологияның тұтас ұлтты қалай рухани жұтқа ұшыратқаны жайлы көркем баяндалады. Жинаққа енген «Күзде тасыған өзен», «Қыз бен Наурыз», «Соңғы жаз» повестерінде сомдалған кейіпкерлердің қиын тағдыры терең философиялық ойларға же
Алдан Смайыл
Арқаның бетпақ
деген даласы бар
ПОВЕСТЕР
Астана
«Елорда» 2000
ББК 84 (5 Қаз) С52
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ МӘДЕНИЕТ, АҚПАРАТ ЖӘНЕ ҚОҒАМДЫҚ КЕЛІСІМ МИНИСТРЛІГІНІҢ БАҒДАРЛАМАСЫ БОЙЫНША ШЫҒАРЫЛЫП ОТЫР
А.Смайыл
С52 Арқаның Бетпақ деген даласы бар. Повестер.
Астана: Елорда, 2000.-320 бет.
ІSBN 9965-06-007-Х
Жазушы Алдан Смайылдың «Арқаның Бетпақ деген даласы бар» атты повестер жинағында XX ғасырдың қасіретіне айналған, Кеңес Одағы атты ұланғайыр кеңістікте үстемдік құрған қызыл идеологияның тұтас ұлтты қалай рухани жұтқа ұшыратқаны жайлы көркем баяндалады. Жинаққа енген «Күзде тасыған өзен», «Қыз бен Наурыз», «Соңғы жаз» повестерінде сомдалған кейіпкерлердің қиын тағдыры терең философиялық ойларға жетелейді. Қазақ әлемінде ұлттық нышандардың бірте-бірте жоғалуы, халық тарихының тоналуы, табиғи даму жолынан жаңылу ғасыр трагедиясына айналғанына иландырады. Қазақ әдебиетінде ашып айтуға мүмкіндік болмаған, енді-енді батыл көтеріле бастаған кешегі коммунистік режимнің расизм мен фашизм сарындары астасқан саяси астарын көркем сөзде бейнелеу өткеннің бағасын пайымдау үшін ғана емес, ұлттық тәуелсіздікті ұран еткен жаңа дәуірдің құндылығын сезіну үшін де қажет. Жазушы еңбегінің қөңіл аударар бір парасы да осындай. Халық трагедиясы сыртқы қысым рухани зұлматқа айнала келіп, ұлттың өз ішінен сол сайқал саясаттың сойылын соғушыларды тудырғанда қалыңдай түседі. «Арқаның Бетпақ деген даласы бар» повесін оқи отыра бұған шүбәсіз көз жеткізесіз.
Жинаққа енген шығармалардың тілі көркем, ғасыр қасіретіне айналған санадағы жұт, рухани құлдырау секілді толғағы қиын құбылыстар әркімнің басынан өткен күнделікті өмірдегі көріністер арқылы нанымды өріледі.
С 33-2000 ББК 84 (5 Қаз)
КҮЗДЕ ТАСЫҒАН ӨЗЕН
Әлгінде ғана жылы жаңбыр жауып өткен, айналадан сыз топырақтың исі білінеді. Өзен жақтан салқын самал соқса, қою қараңғылықтың құшағында тоқымдай болып тарылған даланың тынысы кеңиді. Аспанды қалың бұлт тұтаса тұмшалап алған, анда-санда дүниені дүрліктіре күн күркіреп тас меңіреу түннің түңілігін найзағай жарқ-жұрқ тілгілейді.
Мана бір әзірде қабағынан қар жауған түні даланың күн батысынан талмаураған өңсіз сәуле білінген тәрізді еді, енді ол да біржола сөнген, шудалана ұйысқан бұлттың тігісі сірә да сөгілмейтін тәрізді. Сыз тартып, бетке жұққандай болып қоюланған ауа уақыт өткен сайын салқындап барады.
Аяғына шалыс өре салынған торы ат үйреншікті өрісін таба алмай біраз жерге дейін шоқалақтап барды да, қарсы алдында қарауытқан заттан үркіп тоқтады. Қос құлағын қайшылап үрейлене осқырынды, айналадан тың тыңдап түнгі даланың алыс қойнауына сескене көз тікті.
Ол бүгін құлын күнінен үйреншікті өңірді мүлде танымай қалып еді, баяғыдан бауыр басқан өрісі мұны, бұл оны жатырқайтындай өгейсіген. Осы таяуда ғана мына ен жазықтың төсінде қырық жылғы көде төңкеріле ұйысып, қияқ пен тарлаудың жұпар исі бұрқырап жататын, бұлтсыз түнде ақ селеу ай сәулесіне шағылыса ажарланушы еді. Алысқа ұзамай-ақ ат арқан бойындай жерді айнала жайылғанда оты қанатын, бірен-саран кезігетін өлең шөп пен шыралжыңды үзуге ерінетін.
Енді тізерлігін соғатын көде де, қышқылтым қияқ та жоқ, түнгі дала қара барқынданып, топырағы қопсып жатыр. Әлдене қыртысты жердің қалың құйқасын егесе тілгілей берген секілді, ұлан өңірді дүрліктіре, тау-тасты қаңбақша домалатып, жанды-жансызды торғайдай тоздырып, жолындағының бәрін астан-кестен етіп сұрапыл дауыл соғып өткен секілді, бәрі жым-жылас.
Торы ат ішін тартты.
Жер-көк тас керең, тылсым тыныштық тымырсықтанып, тұрып үрейлендіреді. Қарсы алдында жұмбақ қарауытқан зат қозғалақтағандай болды, әлдеқайдан, бәлкім алыстан, бәлкім дәл жанынан бөрінің қоңырсық исі білінген тәрізденіп, осқырына секіріп түсті. Қос құлағын қайшылап, айналасына сезікті көз тіккен. Көңірсіген леп әлгі беймәлім зат жақтан шығатындай, енді одан аулақ кетуге асығып, дүркін-дүркін пысқырынып алып алға жылжыды.
Мұндайда оқыстан шыққан дыбыс шөп арасының қыбыр-қыбыр тірлігін жанынан түңілдіріп, көде түбінен шүйкедей бозторғай шырылдай
ұшушы еді. Қырдың су жүрек қояны бұғып жатқан жерінен қос құлағы едірейе атып тұрып, басы ауған жаққа безе жөнелетін. Қураған ши сытырсытыр сынып, сарышұнақ бүлк-бүлк жортар еді.
Қазір соның бірі жоқ, бәрі жұмбақ, бәрі тылсым. Жер дүниені қара топырақ қаптай орап, қаумалап көміп келе жатқандай түршіктіреді. Бір жағынан шалыс өре адымын аштырмай зығырданын қайнатып біткен. Күзгі түн де қасарыса түнеріп, маңайды тұншықтыра бүркемелеп, жүрер жолын жасыра еңсесін езіп барады.
Ол қою қараңғылықтан әбден мезі болып еді, бұрынғы шүйгін өрісті жоқтап, айсыз меңіреу түнге егесе үздіге кісінеді, салбыраған дел-сал тыныштықты дар-дар айырмақ болды. Ал, жылмиған реңсіз дала жаңғырықпай тұнжырап, мең-зең талмаурап жата берді.
Бұдан әрі тіске басар қылтанағы жоқ сүреңсіз өңірде жалғыз қалу тасқапқыр қамағаннан да ауыр-ды. Көптен бері алғаш рет сонау есте жоқ ескі күндерде жоғалтқан үйірді қыстыға аңсады. Ол дәл қазір, мына безбүйрек түнде қай жерде жүр екен. Сірә, ойдым-ойдым тарлауы, биік-биік қияғы тұнған шүйгін өрісте пыр-пыр пысқырынып, таңдаған шөбін ғана үзіп, тайқұлыны байыз таппай желігіп, өз қызығы өзінде болып, мұның бұл дүниеде бар-жоғын қаперіне де ілмей алаңсыз жайылып жатқан шығар.
Кезінде бұл да ен жайлауда талай-талай дәуірлеп еді-ау. Құлын болған, енесінің уызына қанбаған. Тай болған, желмен жарысқан, ала құйын шабыстың қиқуына тоймаған. Дөнен күнінде ғана ет қызуы аздап басылғандай болып еді. Бүкіл үйірді бидайықтай қуыратын адуын құла айғырдың қас-қабағын бағып, сондай бір биліктен дәмеленіп, өзінше жалқұйрығын түзеген. Ал, дөненінде оған айбат шегуге жүрегі дауалағаны есінде. Құла айғырдың ығына жүргісі келіңкіремей, тіпті кейде құлағын жымита дөң айбат көрсеткенсіп, кесірлі мінез таныта бастаған-ды. Омырауы аяқ қаптай, жалы тізесіне түскен, қос жанары үнемі қанталап, қаһарланып тұратын, шәңгірлеген үні естіген құлаққа түрпідей тиетін сол оспадар немені жылқы біткен неге есіртіп қойғанын білмей, жыны құрысатын еді. Бірақ тұрқы есік пен төрдей мама биелердің өздері ығатын айғырға бұл не істей алмақ, оның кәріне іліксең, шыбын жаныңнан күдеріңді үзе бер. Құдай оның бетін аулақ қылсын, қуып жүріп шайнайды.
Бірде солай болды да. Онда бұл құтырынған құладан үйірдегі боз
байталды қызғанып еді.
Жылқы түсте бұлақтың басында үйездеп тұрған. Боз байтал құлынды биелерден бөлініп келіп, жанына тоқтады. «Дөнен дегеніміз осындай болады
екен ғой» деп таңырқағандай бұған біраз қарап тұрды да таяла түсті. Әуелі жорта үркектегенсіп пысқырынып қойды. Содан кейін алқымымен сүйкеп өтіп, онысын бұлдағандай құлағын жымитты. Бәтшағардың түгі жылтырап жұтынып тұр, тұла бойынан даланың, күннің исі бұрқырайды.
Бұл әлі енесінің сүтінен дәмелі ашық ауыз тай да, құлындармен жарыса жөнелуден именбейтін далаңдаған құнан да емес, жал-құйрығы төгілген, әр нәрсенің парқын пайымдап үлгерген әжептәуір дөнен ғой. Боздың мына қылығына кәдімгідей марқайып қалды, оны іш тартып, елжіреген тәрізденіп, өзі де жанаса сүйкенді.
Байтал сырғақтамай, жанары тұманданып бара жатқан секілденіп тұра
берді. Торы соны малданып, енді бұрынғысынан еркінси түсіп, жалын
қасыған. Боз қытығы келгендей дір етіп барып тыншыды.
Міне, осы кезде құла айғырдың шәңгірлеп жетіп келмесі бар ма. Бұлар ес жиып үлгерген жоқ, тарпа бас салды. Екеуі екі жаққа жырыла қашқанда, байталдың соңына түсті. Ол шұрқырап, бей-берекеті шығып суырыла жөнелген, анда-санда үрейлене кісінейді. Адуын құла алысқа ұзататын емес, қаһарына әбден мінген, сапты аяқтай төңкерілген тұяқтары қара жерді дүңкдүңк ұрғылап, тап-тап береді. Боздың жанұшыра үсті-үстіне тепкілегеніне қарамай, омырауымен өршелене соққанда, ұшырып жібере жаздайды.
Жылқы біткен екеуіне үрке көз тігіп, едірейісіп тұр. Құланың тізесі батып, зәрезап болып қалған кейбір тай-құлын мама биелердің тасасынан шошына қарасады. Үйірге таяуда әкеліп қосылған арқасы жауыр күрең ат өзінен-өзі үрейленіп, құладүзге безіп барады.
Торы дөнен бас сауғалап тұра қашқанына қорланғандай болып, байталға қарай бұрылды, оны жанамалай шауып, айғырдың бетін бұрып әкеткісі келді. Бірақ құла мұны көзіне де ілген жоқ, боздың алдын орап барып, оқыс жалт бұрылды да, сауырына азуын көміп жіберді. Анау бөксесі шөмиіп сүрініп кетті, жанары жансызданып, бойын зорға тіктеді. Үстіне қайтадан ызғар шаша төнген айғырға жүні жығыла, мүсәпірсіп қарап, қалшқалш етті.
Сол кезде торының қаны басына шапқан, бүйткен күні құрысын, қолында өлмекке бекініп, зығырданы қайнап, ағызған күйі құланы алқыммен соқты да өтті. Соғып өткен бетте тілерсегі дір-дір етті, омырауы қасқайған қара жартасқа тигендей қақырап, қақсап сала берді. Сонда да сыр бермегенсіп басын шұлғып тастап кері бұрылғанда, айғыр оқтай атылған. Оның ақсиған азу тістерін ғана көріп үлгерді, артынша шоқтығына удай ащы әрі өткір бірдемелер кірш-кірш қадалды. Жанарының алдында қызылды-
жасылды от ұшқындады, бел омыртқасын сықырлата езген зілдей салмақты көтере алмай жерге құлап бара жатты.
Айғыр осы бетінде жанын жаһаннамға жібермей тынбас па еді, кім білсін, тәңір жар болғанда, жылқышы сары шал келіп құтқарып қалған. Содан бері ол құланың тұяқ дүбірі естілгеннен-ақ үрейлене бастайтын, ал боз байтал бұған қайтып жоламай қойды. Мұның итше таланып, бүкіл үйірдің алдында масқара болғаны аздай, күндіз-түні әлгі айғырды сағалайды.
Біраздан кейін дөнен осы сүреңсіз оқиғаны ұмыта бастаған, басқа саяқтармен емін-еркін жайылып, бұрынғысынан да қоңдана түскен, тек енді құлай айғырдың билігінен дәмеленуді қойып еді, боз байтал да алаңдата бермейтін, көзіне шалынғанда ғана өз ырқынан тыс оқырынатын да басылатын. Адуын айғырдың да мұнымен ісі болған емес, егер жазатайым жақындағандай болса, одырая қарап, сескендіре жер тарпитын. Оның осы сесті кейпінен: - Батырым, қалай екен. Байтал түгіл бас қайғы болған шығар, - деген жігерді құм қылатын кесірлі кекесіннің ызғары білініп тұрушы еді.
Сол жылы жаз жайлы болды, араға төрт-бес күн салып жаңбыр жауады, жер-көк шаранасынан аршылған төлдей тазарып, алуан түрлі шөптің жұпар исі аңқиды да тұрады. Кең жайлаудың төскейі қоңыр салқын, түгі жылтыраған жылқылар қиқу естілсе ойнақтап шыға келеді, ен даланың шүйгінді жазығында тасқын судай құйылып ағады. Айға да, құлынға да ерекше желік біткен, кәрі сақа биелердің өздері әредік тасыр-тұсыр шапқан сияқтанып, кебеже қарындары шұрқ-шұрқ етіп, желге қарсы қасқая желетін. Ал, арқасы жауыр арық күреңге жал бітіп, қайдағы бір айғырсымақ қылық тауып, құланның көзін ала бере қулықтарға қырындайтын ерсі мінез шығарған.
Ал, мына қара топырағы көпсіген өңірде соның бірі жоқ, шашасына дейін малтығып, әрі шалыс өре адымын аштырмай ит әуреге түсірді. Әлгі көңірсіген исі бар қарайған зат оң жағында қалып барады, түн баласында сезікті деңкиіп алаңдата береді. Шіркін төрт аяғы бос болса, оған қайырылып та қарамай, баяғы ен жайлауды бетке алып құйындай құлдырар еді-ау. Бірақ оған дәрмен бар ма.
Түн бұрынғысынан да түнере түскен, денесін тітіркентіп жаңбыр себелей бастады. Аспанның астын шулатып күн күркіреді, жарқ еткен найзағайдың жарығы ұлан даланы көз алдына бар кескін-келбетімен жайып салып, сол заматта тастай қараңғылықпен шапшаң қымтай қойды. Әлгінде ғана жанарына сыйған ұлан өңірді көрдей үрейлі түн қылқ еткізіп жұта салғандай.
Торы аттың дегбірі қашты, ол мұны да жалмап қоятын сияқты еді, аспанға қарғымақ, көсіле шаба жөнелмек болып аласұрды. Алға өршелене ұмтылғанда шалыс өре шалып жыға жаздап, омырауымен топырақ қауып барып зорға оңалды. Әттең дүние-ай, құйын-перен шабуға ғана жаратылған төрт аяқтың шырмалып тасталғанын көрмеймісің, бұдан өткен қорлық болар ма.
Торы жеті түнде айдалада аласұрғаннан ештеңе шықпайтынын түйсінгендей саз балшықша иленген бос топырақтың үстінде бір сәт қыбырсыз тұрып қалды. Әлдеқайдан ...- ту... ту...у алыстан жылқы кісінеген тәрізденеді. Елеңдеп солай қарай бет түзеді. Жанарының алдына тағы да мама биелердің желіні шалғынын сызған, саумал самалы тұла бойды сергіткен, кәусәр бұлағының дәмі таңдайдан кетпеген, бұл күнде көзден балбұл ұшқан жайлау елестеді.
Ол мына тас керең түнде таптырар ма. Сол бір жайма-шуақ күндерде бұл құла айғырдан ығыр болып, тауы шағылып жүргенде, одан кейінгі тірлігінің бәрі сор татыған бейнет екенін қайдан білген. Оған өзі де, боз байтал да, жаздың күні шілдеде қамысты бұлақты жалдап барып, құйрығымен суды шапаттап, үйездеп тұратын көп жылқы да, әпербақан құла да кінәлі емес-ті. Мұның тыныш, беймарал күндерін судай сапырып, астанкестеңін шығарған даусы ащы, қолынан ұзын құрығы түспейтін денелі сары шал еді.
Ол бір күні жылқыдан оқшауырақ жайылатын саяқтардың арасында
қаннен-қаперсіз тұрған бұған бұғалық салды.
Міне, содан бері сары шал мұның үстінен түскен емес. Бұл мініске әбден үйреніп, ерге арқасын өзі тосатын көнбіс күйге жеткенде, ол жылқыны колхозға біржола тапсырып, Жаңаталаптағы ауылына келген. Торы өзінің ел Садақ, Сәке, кейде Шатақ деп атайтын, осы жылы жетпіске іліккен қарттың, ортаның жұмысынан қол үзерде сыйға алған малы екенін қайдан білсін. Күндіз соның астында сар желіп жүріп, түнде арқандалып тұрып құлын күнінен үйірсек болған жылқыларды аңсаумен болатын. Қалғып кетсе, соларды түсінде көреді, кейде боз байталмен қапталдаса шауып, табақтай күнді бетке алып, құйындай құлдырап шауып бара жатады. Енді бірде екеуін құла айғыр шыбын-шіркейін шығарып қуып ала жөнеледі де, ен жайлау жау шапқандай дүрлігеді. Әредік қыл арқан аузынан қанды көбік ағызып буындырып тұрып алады. Қайсы бір кезде сары шалдың ащы айғайын естігендей шошып оянады.
Ал, арқаннан аяғы босаса, үстіне ер салынады дей бер. Иесі үйде байыз тауып отыра алмайды, не бітіретінін, кімді іздейтінін құдай білсін, әйтеуір бұл маңайда ат ізін салмайтын жері кем де кем. Таң атса өрістен сауып отырған екі-үш биені айдап әкеледі, содан үйдің жанында күйбеңдеп біраз жүрген соң, қымыз аңқыған торсықты қанжығаға байлап алып, өзен бойын арылтады. Көбіне ауылдан недәуір жердегі ескі тоғанға баратын. Оған жеткенде торының арқасы босайды, шал аяғын тұсап қоя береді де, жалғыз өзі жаяу сенделеді де жүреді. Әуелі бөгеттің етек жағындағы түйедейтүйедей тарғыл тастарды жағалайды, одан жоғары өрлеп, су ағатын қылтаның ернеуіндегі шоқыға шығады. Сол жерден тоғанға таяу жерде салынып жатқан үйлерге ұзақ үңіледі.
Ол жақтан тарылдаған, гүрілдеген мазасыз үн үзілмейтін. Оны торы ат ұнатпаушы еді, ен даланың тыныштығы бұзылмай, жерінде аңы, көгінде құсы үрікпей, өз қызығымен өзі болып жатқанына не жетсін. Бәлкім иесі де беймаза дауысты жақтырмайтын шығар, қайтар кезде ердің үстінде отырып, төменге күрсіне қарайтын да: - Осының бәрі бекер, - деп қынжылатын.
Себелеп басталған жаңбыр күшейіп барады, ірі тамшылар қара топыраққа сыр-сыр құйылады. Манағы жұмбақ қарауытқан зат жақтан білінген күлімсі иіс енді жоғалған. Торыға оның не екенін білудің қажеті шамалы еді, жер жыртып жүргенде сынып қалған ескі трактордың атқа қатысы қанша, оған қазір өзінің аяқ астынан жоғалған үйреншікті өрісі керек. Тісің тиер-тиместен үзілетін көде, аузыңа салғанда бырт-бырт бөлінетін қияқ, жылқы малы қанша шалса да тоймайтын тарлау тұнып тұрса, одан артығының керегі не. Түн баласында шегіртке шырылдап, маңайында бозторғай мен сары шымшық ұшып жүрсе, таяу жерде жапалақ тышқан алып жатса, қандай рахат.
Ал, қазір жер-дүние жылан жалағандай, жаңбырдың астында иленген топырақтан басқаның бәрі із-түссіз жоғалған. Торы мұндай сұмдыққа алғаш рет душар болып, бір зобалаңның болғанын сезіп, үсті-үстіне пысқырды. Мына қу тақырдың үңірейген үрейлі көмейі бардай, маңына жолап кеткенді таңдап-талғамастан қорқ-қорқ жұта беретіндей шошынып тағы да аласұрды. Аяғына салынған өреден құтылғанша асықты. Ол әлденеге ілінді ме екен, бір кезде тапжылтпай сіресті де қалды. Бұлқынса қыр жіліншігіне батып, удай ашытады.
Торыға оның жанына батқанынан тіске басар сынық шиі жоқ жыпжылмағай көсе даланың сұсты кейпі қорқынышты еді. Жанталаса тартына берді, амалы таусылғандай болған бір сәтте қыстыға шұрқыраған. Соған ілесе, тас төбеден құйқаны шымырлата шатыр-шұтыр күн күркіреп, қара жерді қақ айырғандай зәрені алды. Қапсағай қара жартастар бір-біріне соғылыса құлап келе жатқандай есі шыға тулады. Барын сала жұлқына берді, қайыс өренің ағаш тиегі қыр жіліншігіне шегедей қадалып, шытынағандай болғанына да қараған жоқ, аспанға өршелене қарғыды. Сол бір сәтте алға ұмсынып барып, саз топыраққа омақа аса құлаған. Жалма-жан атып тұрғанда, өре үзіліп кеткен бе, төрт аяғының бірдей босағанын біліп дүр-дүр сілкінді.
Садақ қанына сіңген дағдысымен құлқын сәреде оянды. Далаға шыққанда сарша тамыздың таңы жаңа белгі беріп келеді екен, ауылдың желкесіндегі тастақ төбе мұнарлана бастапты. Шығыстан көтерілген көгілдір алау күмбездене қалған, төмендегі талды өзеннің үстінде тұман шөгіп жатыр, аспанда кіршең бұлттар шудалана жалбырайды. Жаңбыр таң әулетінде ғана басылған сияқты, ауа әлі сыз татып тұр, аяқ басқан жердің бәрі шылқ-шылқ етеді. Ауыл ұйқыдан тұрмаған, айнала жым-жырт, ит екеш итке дейін таңғы салқында жылы орнынан қозғалғысы келмей, бұйығып жатыр, қыбыр еткен жан жоқ. Бірен-саран торғай ғана үйдің алдындағы жазғы пештің жанында секектеп жүр. Дәл төбесінен ауа суылдағандай болды, бір топ дарқоңыр үйрек өзенді бетке алып ұшып барады. Қораның бұрышында жатқан қаздар қозғалақтады, көрші үйдің әтеші шақырып еді, оған басқалары жарыса қосылды.
Ауылдың кейпі жүдеу, әркім өзіне қолайлы деген жерге салған, іркестіркес орналасқан шым үйлердің сыртқы сылағы әр тұсынан жарылып түсіп, ағал-жағал. Іргелері шөгіп, аласарып кеткен, кейбіреулерінің төбесіне алабота қаптап өскен. Әне бір шеткі жақтағысының қу терезесі қу бастағы көздің орнында қалған қуысы тәрізді үңірейіп, суық қарауытады. Иесіз қалған шаңырақ оңушы ма еді, айналасында арбаның сынған дөңгелегі, ортасынан қақ бөлінген жетек, майысқан мосы, бүйірі ішіне кіріп кеткен жез самаурын, темір-терсек шашылып жатыр. Үйдің бұрышында жүндес ала мысық үрпиіп отыр. - О тоба! – деп күрсінді Садақ. – Күні кешегіге дейін бұл атырапта
осы ауылдан ажарлы қоныс болмаушы еді. Өмір қыз-қыз қайнап жататын. Мына көріп тұрғаным шын ба, өтірік пе?!
Қазір Жаңаталапта өзі секілді селкілдеген төрт шал мен совхоз орталығынан жұмыс таба алмаған дәрігер, ондағы орысша мектептен орын жетпеген мұғалім ғана қалған. Басқалардың бәрі қоныс аударды. - Адыра қалғаны да, - деді тағы да күрсініп – Біткені де! Таңғы көгілдір алау сұйыла бастады, шығыс кемерден тамыздың күні көтеріліп келеді. Ауылдың желкесіндегі төбе биіктеп бара жатқандай, кіршең бұлттар сәл жеңіл тартқан. Бұзауының жанында жатқан сиыр ыңырана тұрып, азынай мөңіреді. Жалпақ қораның төбесінен секіріп түскен төбет жан-жағына қарап алып, еріне маңқ етті де, иесіне қарап құйрығын бұлғаңдатты.
Садақ әлгі қаңырап бос қалған үйге қайта көз салған. Ол осындағы шөпшілердің бригадирі Шаяхметтің мекен-жайы болатын. Әкесі Ысқақ өзімен құрдас, тете өскен сыралғы жан еді, алты атадан қосылатын жекжаттығы да бар. Екеуінің ту-у баяғыда осы Жаңаталап колхозы шаңырақ көтергеннен бері жұбы жазылмай келді, күні кешегіге дейін ат үстінен түскен жоқ. Ортаның жылқысын бақты, өле-өлгенше шаруадан қалған емес. «Мен жылқыдан кетсем, ұзаққа бармаймын, - деуші еді марқұм. – Қол қусырып қарап отыру біздің маңдайымызға жазылмаған. Не қыбырлап жүру керек, не көз жұму керек. Екінің бірі ғана».
Байғұстың аузы дуалы ма, айтқаны келді, былтыр колхоз жаңадан ашылған тың совхозының құрамына еніп, жылқыны басқа бөлімшеге бергенде, амалсыз үйде отырып қалған. Содан арада ай өткенде ауырмайсырқамай дүние салды. Марқұмның денесін қара жерге бергеннен кейін екі жұмадан соң өзі де ауырды. Әуелде бойының ауырлап, ұнжырғасы түсіп бара жатқанын мойындағысы келмей бағып еді, келе-келе жүріп-тұру мұң болды. Денесінде қақсамайтын жері жоқ, сүйек-сүйегі сырқырағанда жаны көзіне көрінеді. Қыстың ызғарлы желі буын-буынын қуалай соғып, жаздың аптабы қақтағандай түсініксіз бір дерт жайлап алған. Ат үстінде жүргенде ауырғандай болса, бір бусанғаннан қалмай айығып кететін. Ендігі сырқаттың беталысы жаман сияқты, күн өткен сайын меңдеп барады.
Бір күні жаны қыстығып жатып Ысқақтың сөзін есіне алды, оның айтқаны келетін болса, мұның да ажалы жеткен шығар, жарық дүниеден баз кешейін дегені де.
Осы ой шынымен-ақ үрейлендірді, өлім табалдырығында аңдып тұрғандай, жастықтан басын көтеріп алды. «Қол қусырып қарап отыру біздің
маңдайымызға жазылмаған. Не қыбырлап жүре беру керек, не көз жұму
керек. Екінің бірі ғана» - деп күңіренді.
Осы суық сөзді қайталаған сайын тұла бойы түршікті. Тәубәсіне келіп, оң-солына көз салса, бұған дейін өлім жайлы ойланбаған екен. Оның баржоғын ұмытып кеткендей, жылқының соңында, күнделікті күйбең-күйбең шаруаның жетегінде салпаңдап жүре беріпті. Енді ажал деген жалмауыз үнтүнсіз келіп тарпа бас салғандай шошынған.
Ала-көлеңке үйде жалғыз өзі аласұрып, басын тауға да, тасқа да соқты. «Екінің бірі! – деді тістеніп. – Не бар, не жоқ болайын!»
Сүйретіліп есік алдына шықты, дала жап-жарық екен, басы айналып құлап түсе жаздады. Өзіне-өзі келгенше қабырғаға сүйеніп, тұла бойын ұсақ діріл буып едәуір тұрды.
Жанарының алды айқындалып, буыны сәл бекігеннен кейін, немересі Артықты шақырды. Дәтке қуат болғанда ол үйдің маңында жүр екен. - Не, ата? – деді жүгіріп келіп. - Торы атты ертте! Ол мұрны шуылдап жүріп айтқанын істегенше жаным шығып кетер ме екен деп үрейленген. Дәл қазір даланың ен жазығын дүрліктіріп, соңғы рет шауып өтуден басқа ешқандай тілегі жоқ болатын.
Өлдім-талдым дегенде, тағаты таусылып барып торы да ерттелді-ау. Аттың үстіне немересінің демеуімен зорға көтерілді. Әуелде бойын тіктеп отыра алмай, екі жағына алма-кезек ауған, жоғарыдан қарағанда жер шыңыраудың түбінде жатқандай қарауытты, тақымы босап, торының жалына жабыса кетті. - Екінің бірі! – деді кіжініп. – Өлсем аттан құлап өлейін! Жақ еті жиырыла тістенді, кеудесін зорлана көтеріп, тізгінді жинады да ауладан шықты. Артық бірдеме деп дауыстап еді, айтқанын ұққан жоқ, сөйтсе қамшыны ұмытып кеткен екен, жүгіре басып келіп қолына ұстатты.
Маңайда бөгде жан жоқ, ал қарсы алдында көделі жазық шалқиды. Соған іліккен соң, басымен алысып келе жатқан торыны еркіне жіберді. Әуелі ауылдан таяқ тастам жердегі өзенге қарай төтелей салған, оған жете бере талды арнаны қуалай шапты. Бастапқыдай емес, тақымы бірте-бірте бекіген тәрізденіп, денесін буған діріл басылайын деген. Аттың жалына жабысқанды қойып, түзеліңкіреп отырды. Ал, торы еркін көсіліп келеді: ойдым-ойдым қара су, тікенді шағын алаңқайлар бірінен соң бірі кейіндеп қалып жатыр. Біраздан соң шөбі шабылып, шөмеле-шөмеле болып үйілген шабындықтар кездесе бастады. Өзеннің жағасына төндіре салынған
бейіттерді де артқа тастады. Одан әрі сай-жыралы болып келеді, аттың басын оң жақ қапталдағы биік тауға барып тірелетін жалпақ жазыққа қарай бұрды.
Ол жердің табаны құмдақ еді, төрт тұяқтың дүбірі күшейе түсті. Қарсы беттен салқын самал соқты ма, бойы сергіген тәрізденіп, денесін тіктеді. Шапанының етегін жинап, айдалада жападан жалғыз атой салды.
Иесінің талайдан бері естілмей кеткен ащы айғайы шыққанда, торы құлағын жымып алып бүктетіле шапты. Ол да бойын еркін жазып, ащы терден бір арылғысы келгендей құтырына құлдыраған, жал-құйрығын жел шайған. - Аянбаймын, ерден сыпырылып түсіп қалғанша сілтеймін! – деп тістенді Садақ. – Бәлкім, бұл менің соңғы шабысым шығар. Торының сыры мәлім, осылай бір сарын сыдыртып отырады да, қозы көш жерден соң екпіні күшейіп, қолтығы сөгіледі. Содан түйе сойым уақытқа дейін алқынбайды, соңында сұйық шаң қалдырып, төрт аяғын тең тастап, жолай кезіккен қараған-тобылғыдан жеп-жеңіл қарғып өтіп соза тартады, көпке шейін айызыңды қандырады.
Мұнартқан таудың алқымына алақұйын іліккенде Садақтың денесі жіпсіді, маңдайынан шып-шып тер шығып, жанарының алдында бұлдыраған сағым ыдырай бастады. Тауды бөктерлей отырып, көз ұшындағы Қарауыл төбеге жеткенде, көйлегі етіне жабысып, қан сорпасы шыққан. - Сілтей түс, жануарым, шабысыңнан жаңыла көрме! – деді айғайлап, тасырлатып тауға шығып, құлдырап жазықты жалдайық! Маған тажалған ажал айдалада адасып қалсын!
Қарауыл төбеден еңіске қарай құлдилағанда торының алқымы көбіктенді, тізгінді кере тартып, үсті-үстіне пысқырды. Бұл жануардың бүгінгі шабыс ұзаққа кететінін сезгені еді. Ал Садақ бірнеше күн қатарынан дерттің тұтқыны болғанын ұмыта бастаған, қос тізесінің үзіліп ауырғанын, белінің ат соққан сайын сықырлап мазасын кетіргенін аңғармауға тырысты. Дүниеде желмен жарысқан жылқы барда, жылқының жігітті жындандырып, кәріні есіртетін желігі барда, қас тұлпар айлап шапса таусылмайтын көлкөсір дала барда сырқат деген немене тәйірі. - Құйындай құтырын, жануарым! Тұяғың тиген көк тастан от ұшқындасын! – деп елірді Садақ. – Дүбірің жеті қырдың астынан естілсін! Уай, құйғытайықшы! Түбі бір өлер болсақ, кібіртіктемей ағып өтейік!
Торы онсыз да ағызып келе жатқан, иесінің айызы сонда да қанбаған екен. Ал, мынасы несі, бұған ауыр болмасын дегені ме. Шапанын шешіп, жалбырата лақтырып жіберді. Оның артынан қамзолы да кетті, енді
басындағы пұшпақ тақиясын қолына алып әуелете бұлғап келеді. Ауық-ауық айғай салады, даусы бұрынғыдай шырылдап шықпайды, ащы да емес, өжет те өктем. - Заулайықшы бір! Сүйекті жасытқан кәрілікке егесе заулайық. Тез өте шыққан, баянсыз жастыққа ерегісе жүйіткиік! Өткінші өмірдің басын айналдыра құйғытайық!
Аттың көзіне тер құйылды, жасауратып, удай ашытып барады, бірақ шабысын бәсеңдеткен жоқ. Үстінде қырық жыл жылқы баққан иесі отырғанда, оны қай құдай аясын, қарсы бетті шала көрсе де аянбай сілтеді. Енді манағы бір салқын самал ұшты-күйлі жоғалған, маңдай тұсынан аңызақ жел азынайды, омырауынан моншақ-моншақ үзіліп түскен терді жылт-жылт еткізіп іліп әкетіп жатыр.
Әуелде иесінің тақымы бос еді, енді әредік кеудесін бүре қысып, қарсы кезіккен бұта-түбірден жалт-жұлт жалтартады. Еңкейе беріп жанарын сүртті, ат жаратып, жүйрік баптап өскен шал мұны қалай ұмытсын. Ол қазір торының құрбандығы болуға дайын-тын, көрден сүйретіліп шыққандай болып, үзеңгіге аяғын зорға тірегенде дәл осылай сергіп, желігіп сала беремін деп ойлап па еді. Осы сәтте барша дүниенің билігі өз қолында тұрғандай аруақтанған.
Жүйткіп келе жатып ұлан жазықтың таусылмауын тіледі, ол тарылмай, шапқан атқа апшысын қуыртпай шалқи берсе болғаны. Тұла бойын қыжылы тарқамаған ыза мен беймәлім кек, құрып кеткір кәріліктің қыжылымен қоса шегіне жақындаған өмірге деген егестің гөй-гөйі кернеп бара жатыр еді. Атқа үсті-үстіне қамшы басты. Сол бетінде қиыстай бұрылып барып, ескі тоғанға қарай құлдилады.
Енді ол осынау құйын-перін шабыстың үстінде маңдайдан азынап соққан желдің де бойға дәру екенін сезген. Денесіне жабысқан, тер сіңген көйлегін дар-дар айырғысы, әлі де сыздауын қоймаған тізесін, сырқыраған белін аттың көріктей қызған деміне қақтағысы келді. Жанарына жиналған жас бұршақ-бұршақ болып үзіліп, көкірегін жалын жалағандай күйіп-жанды.
Ескі тоғанға жетіп қайтты ма, жоқ па, есінде жоқ, торының қара жерге дік-дік қадалған төрт тұяғының дүрсілін ғана естіген, шыр айналған даламен бірге дөңгеленген.
Міне, осы күннен бастап Садақ торының терін кептірген жоқ, айдалада атойлап шабатын да жүретін. Ерден түссе еңсесі езіліп, атқа қонса, өзін өзі танымай қалады. Иен өңірде дертін ұмытып желігіп шыға келеді. Ен жазықта үйір-үйір жөңкілген киікпен жарысады, қиялай қашқан қарсақ пен түлкінің
ұзатпай алдын тосады. Бауырынан жараған торы қай қиянға салса да аузымен құс тістейді. Сар далада аттың алқымы ақкөбіктенсе, мұның сүйек-сүйегі қорғасындай балқиды.
Күн таяқ бойы көтерілгенше үй маңының күйбеңінен босаған жоқ. Бірлі-жарым ұсақ-түйегін өріске айдап салды, азынап мөңірей берген сиырдың бұзауын ағытты.
Екі-үш күннен бері осындай берекесіз шаруаны өзі жайғастырып жүр. Жетпістегі шалға лайықты іс емес, бірақ лаж қайсы, осы күнде құдай жалғыз, бұл жалғыз. Кемпірі таяуда түс шайысып қалып, жаңа совхозда тұратын ұлға кеткен. Бала болса, былтырдан бері өкпелі, орталыққа қолыма көшіп келмейсің деп жазғырады. Келіннің де, былайғы елдің де айтатыны сол, бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай. - Жарайды, бір жөні болар. Торыны тауып алайын, - деді күрсініп. Содан кейін атты іздеп таппаса, осы өңірде шын жалғыз қалатынын сезді. Дәл қазір оны мініп жүріп тындыратын шаруасы да жоқ, торы есіктің алдында көлденең байлаулы тұрса, қоңылтақсыған көңіл сәл де болса сабасына түсер еді.
Жайшылықтың өзінде атты ерттеп қойып, соның төңірегінде күйбеңдеп жүретін әдеті бар. Бұл жылқы малына үйірсектігінен бе, әлде осы жасқа жеткенше тақымы ерден босамағандықтан ба, кім білсін, әйтеуір торысыз күні күн емес.
Қолындағы жүгені сылдырлап, ауылдың шетіне қарай жүрді. Қарсы алдынан мектептің шатырлы үйі көрінді. Бүгінде ол да қаңырап бос қалған, есік пен терезеден жұрдай, ауласына алабота қаптай өсіпті. Бір кезде көк сырмен боялған, биіктігі кісі бойындай, кең етіп қоршаған шарбағы әр тұста құлап, сиқын одан әрі кетіріп тұр.
Жақындап келгенде мектептің кіре берісінде біреудің күйбеңдеп жүргенін байқады. Осы ауылда түтін түтетіп қалған төрт шалдың бірі Қабылға ұқсайды. «Ол мұнда таң атпай неге келді екен» - деп ойлады да, солай қарай бұрылды.
Қабыл бұған дәл жанына келгенше назар аударған жоқ, тоқымдай
тақтайды шүберекпен ысқылап сүртіп жатыр.
- Ау, батырекесі, бармысың?- деді ту сыртынан.
Ол оқыс жалт қарап, танымаған адамдай тұрып қалды.
- Құлқынсәріден бұл жерде не іздеп жүрсің? - Е, сен бе едің. Амансың ба? – деді Қабыл жерге шырт-шырт түкіріп. - Мынаны орнына қағып қоймақ болып жатқаным ғой.
Садақ құрдасының қолындағы тақтайға қарап, ондағы ірі етіп жазылған әріптерге көз тоқтатты. «Арыстан Жұмасейітов атындағы Жаңаталап жетіжылдық мектебі» деген сөзді ежіктеп оқып шықты. - Кеше кешке қой іздеп жүріп осында келсем, жерде жатыр, - деді Қабыл ерніндегі насыбайды сұқ саусағымен іліп алып тастап. – Содан үйге алып барып, қиуы қашқан жерлерін бүтіндедім. Енді қайта түспейтіндей етіп бекітіп тастаймын. - Ол қиын болып па, бірақ енді бұған кімнің назары ауады дейсің. Маңдайшаға ілінген қу тақтай түгілі мектептің өзін бұзып әкетеді әлі, - деп Садақ шым топыраққа жабыса өскен жоңышқаның үстіне отырды. - Солайы солай шығар, алайда көзім көріп тұрып, қалайша күл қоқысқа көмілдіріп тастаймын,- деді Қабыл тақтайды бұрынғы орынына бекітіп жатып. – Арыстан марқұмның бұл мектепке еңбегі сіңіп бағып еді ғой. Есіңде шығар, осының қабырғасын қалайтын тасты таудан жалғыз тасыған болатын. - Неге ұмытайын, - деді Садақ, - осы дәл қазіргідей көз алдымда. Қабыл жөткірініп, кеудесі сырылдап булығып қалды. - Ол кезде Жаңаталап әлі колхоз болып құрылмаған еді ғой, - деді Садақ күрсініп. Ал көз алдына сонау отызыншы жылдардың жүдеу кескіні елестеп еді, төрт-бес үйлі артельдің сұлбасы қылаң берген.
Үй дегеннен осы Қабыл мен Ысқақтың, Арыстанның, өзінің жеркепесі ғана болатын, былайғы екі-үш шаңырақ әлі баспана салып үлгермеген. Марқұм сөйте тұра мектеп ашамын деп отырып алды, оған шама жоқ екендігіне қарады ма. «Бұл осы өңірдегі алғашқы мектеп болады, тездетіп салып алсақ, жұрт артельге өзінен-өзі жиналады»- деп күбірлеп қоймады. Сонда бұлар да қасарысып бағып еді, оның ойына алғаны мүлде қисыны келмейтін шаруа сияқты болып көрінген. Ел аш-жалаңаш, тіске басар сынық бидай үшін кісінің құнын бересің. Ал артельде мал дегеннен жиырмаға тарты құлынды бие, азын-аулақ қой-ешкі ғана бар. Былайғы жұрт болса, қыс қатты болып жұтап қалды ғой. Әсіресе сол жылы ел азып кетіп еді, мамыр ортасынан ауғанша қарлы жаңбыр үзілмеді, ал содан туу сарыала күзге дейін жерге нәр тамбай діңкені және құртқан. Ана ескі тоғанның алдына салған азын-аулақ егін болмағанда, бұлар қырылып қалар ма еді, кім білсін.
Ал, Арыстан мектеп саламын деп дігерлеуін қоймайды. «Ау, осы сенің есің дұрыс па? Қыс болса, қыр астында, он екі де бір ұсқыны жоқ шаруаны кім реттейді. Жаздай шөп шауып, егін жинап, бір тыным жоқ, сіңірімізге ілініп отырғанымыз мынау. Одан да өлмес қамымызды ойлайық, ең құрыса басымызға күрке тұрғызып алайық. Тіпті осының бәріне уақыт жеткенмен, алдында асы, үстінде бүтін киімі жоқ өңкей аш-арықтың шамасы келе ме» - деп жөнін айтсаң, жатып кеп ренжиді.
Сондай күндердің бірінде мұның жер кепесіне бас сұққан. Екі кештің арасы еді, оны-мұны шаруа жайын сөз етіп, біраз отырды.
Арғы-бергіні арылтып келіп, әңгіменің бетін мектепке қарай аударды. «Садақ, сені көзі ашық, көкірегі ояу азамат деп білгендіктен ғана тағы да қолқа салып отырмын. Ертең менімен бірге тауға жүр, екеуміз іске кіріссек, қалған ел қарап қалмайды», - деген. Сонда мұның терісіне сыймай, шатынап шыға келгені. Ал, кеп жер тепкілесін, ал кеп абаласын. - Сен елдің қамын жемейсің, көзіңді шел басқан, - деді. – Осыны жұртты одан әрі тұралату үшін істемексің, - деді. - Барып тұрған зиянкессің, контрдің дәл өзісің, - деді. – Қойшы, әйтеуір айтпағаны жоқ. Ақыр соңында енді осы сөзін қайтып естісе, артельге қосқан құлынды биесін жетелеп тайып тұратынын ұқтырды.
Арыстанның өңі құп-қу болып кетті, тамағына тас тұрып қалғандай, әлде тынысы тарылғандай булығып, ерні көгістеніп бара жатты. Бірақ, сыр білдірген жоқ, үн-түнсіз отырып-отырып, бір кезде үйден шыға жөнелді.
Әй, ит еді ау бұл да, дүлейдің нақ өзі еді ғой.
Содан кейін Арыстан тірі жанға тіс жаруды қойды. Әртелдің сынық мүйіз қызыл өгізін арбаға сыңар жегіп, таудан тас тасуға жалғыз кірісті. Күніне екі рет қатынайды, тыным жоқ. Қай уақытта дамылдайтынын кім білсін, елең-алаңда қараңдап кетіп бара жатады, түнде сықырлап қайтып келе жатады, он шақты күнде өгіз де, өзі де әбден арыды. Ал, бұл болса, оның осы бейнетін көрмеуге тырысқан.
Бірде оған айдалада жолығып қалды. Кешке жылқыны өрістетіп бара жатқан, Арыстан құла дүзде арбаның жанында күйбеңдеп жүр екен. Жылқыны әдейі солай қарай айдап, таялып келгенде, қолындағы қыл арқанды, жетектің түбіне байлап жатқанын көрді. Сынық мүйіз қызыл өгіздің тілі салақтап кеткен, бүйірін соғып барып-келіп тұр.
Арыстанға сонда не айтқаны есінде жоқ, сірә сәлем берген шығар, бірақ тіл қатпай шаруасын істей берді. Арқанды мықтап байлаған соң, бір ұшын иығына асып, арбаға өгізбен қатар жегілді. «Шу, шу!» - деп шірене
тартқанда, күре тамыры білеуленіп шыға келді. Арба сықыр-сықыр етіп алға жылжыды, тасты тым көп салған ба, төрт дөңгелегі жерге батып барады.
Ол солай ілбіп ілгерілей берді, дөңгелектің шиқылына қосылып, андасанда «шу-шулеген» қарлығыңқы даусы естіледі. Бұл өз ырқынан тыс соңынан ілесіп, ат үстінде салбырап жүріп келеді. Қыл арқан Арыстанның жалаңаш иығына батып, қажаған жерінен шып-шып қан шыққан, тілерсегі майысып дір-дір етеді, қабырғалары санап алғандай, ал өгіз одан арық. - Мынадай да жанкешті болады екен ғой, - деді салы суға кетіп. Арыстанның қанталаған иығына, күтір-күтір еткендей болып майысқан омыртқасына, тілім-тілімі шыққан жалаң аяғына көзі түссе, жүрегі өрекпіп аузына тығылады. - Тоқта! – деп ышқына айғайлап жіберуге шақ қалды. Ал, арбаның шиқылы жүйкеге тиіп, төбе құйқасын шымырлатып барады. Ол осылай жүз қадамдай жер жүргенде, бұл ат үстінде келе жатып, атпай-шаппай қара терге малшынды. Ерден қарғып түсіп арбаға Арыстанмен қатар жегіле кеткісі келді, бірақ дәті жетпеген. Оның сіңіріне ілінген, сүйексүйегі шодырайған денесінен адамды еріксіз ықтыратын уытты ызбар тарайтындай қаймыққан еді.
Бір кезде сынық мүйіз өгіз басы кегжең етіп барып, кілт тоқтады. Арбаның алдыңғы дөңгелегі жыраға түсіп кетіпті. Арыстан оны шу-шулеп айдап, өзі де сіресе тартқанмен түк бітіре алмады. Бірақ, оған қарайтын түрі жоқ, алға қарай ышқына ұмтылады, жерге дізерлеп отыра қалып, тістене жұлқынады. «Тағы бір қимылдап көр, жырадан өте шықпасақ қара да тұр» - деп қырылдайды. Алайда зілдей арба қозғалмақ түгілі сықырламайды да.
Арыстан енді қыл арқанды тастай салып, алдыңғы дөңгелекке жабысты, оны көтермек болып барын салып жатыр. Күре тамыры білеуленіп, жанары қанталап кеткен, ерні тілім-тілім.
Бұдан әрі шыдап тұра алмады, атты тебініп жіберіп, жерде жатқан қыл арқанды қамшының сабымен іліп алды да, тақымға салып тарта жөнелді. Тың жылқы қойсын ба, арбаны жырадан жұлқа шығарып, өгізді қоса дедектетіп келеді. Осы бетінде тоқтамай ауылға жеткізбек еді. Ал, Арыстан қапталдаса жүгіріп келеді, әлден соң озыңқырап барып қарсы алдына қалт тұра қалды. - Әкел арқанды! – деді ақырып. Жүзі өрт сөндіргендей түтігіп кетіпті, жанары мұндай зәрлі болар ма, өңменінен өтеді. Бұл түкке түсінбей, оны естімеген болып атын тебіне бергенде тізгіннен ұстай алды. - Әрі кет! – деді қадала қарап. – Бар, жолыңнан қалма!
Өңі суық, ал өзі теңселіп зорға тұр, әбден қажыған. Көрден шыққан әруақ сияқты жанары жансызданып кетіпті, жүзі қан-сөлсіз құп-қу. - Әкіреңдеме, былай тұр! – деді сыр бергісі келмей. Ол райынан қайтатын емес. - Жөніңе кет! – деп шаңқ етті. – Жоғал! Марқұмның сондағы түрін көрсең, тұп-тура тірі өліктің өзі дерсің, көзіне тіке қарау мүмкін емес. Ызадан қалш-қалш етеді, егер айтқанына көнбесең, аянатын түрі жоқ. Ырқына қалай жығылғанын өзі де білмей қалды, атты қамшымен сауырға бір тартып, жылқыға қарай шаба жөнелді.
Арыстан, міне осындай адам еді.
Қабыл тақтайшаны орнына қағып болған, насыбай атып тұр. Оның сірә манадан бері аузы дамыл таппаған сияқты, бұл өз ойымен болып естімеген де. - Ол кезде дүлей едік қой біз, - дейді тісінің арасынан сыздықтата түкіріп. – Қатігез болатынбыз.
Содан кейін Садақтың жанына келіп отырды да, төс қалтасынан көзілдірігін алып киді. Тақтайшаға тесіле қарап, ондағы жазуды асықпай оқып шықты. Ал, Садақтың көз алдында марқұмның бейнесі тұрды. Атжақты, қойкөзді, жасы отыздан енді ғана асқан ұзын бойлы жігіт өзіне ойлана қарайды. Ол бұған қазір де риза емес сияқты, әлденеге ренішті еді. Бәлкім: - Садақ-ау, Қабыл екеуіңе не қара көрінді, ұлан өңірдің сонау қиынқыстау жылдардағы азып-тозған еліне пана болған, басын құрап жұрт қатарына қосқан ауылды қаңыратып қойғандарың қалай, - дегісі келген шығар.
Садақ көзін жұма қойды. - Біз оған бәрібір қолұшын бердік қой, - деді әлден соң. Мұнысы Арыстанның әлгі елесінің алдында ақталғаны сияқты болып көрінді. - Мектепті көп болып салғанбыз, - деп қосты іле. – Қар бір жауғанша бітірдік-ау әйтеуір. - Әуелде бір бөлмелі үй еді, артынан жыл өткен сайын кеңейте бердік қой, - деді Қабыл. – Марқұмның айтқаны келді. Ел мектебі бар жерге алдымен бірен-сарандап, кейін топтанып жинала бастады. Ал, енді мұның
ешкімге қажеті жоқ, Арыстан жайлы да тірі пенде жұмған аузын ашпайды, сөйте-сөйте бәрі де ұмытылады.
Аспанды бұлт торлап ала қойыпты, тағы да жаңбырлатайын деп тұрған шығар. Бұл өңірде күз кей жылдары әдеттен тыс жауынды болатын, ылғал көп түскендіктен өзеннің арнасы кәдімгідей толып, өткел бермей кетуші еді. Ал, ескі тоғанға келіп құя, таудан тасып ағатын Сарқырама гүр-гүр етіп құтырып, бөгетті талай рет бұзып өткен-ді. Сол себепті оны байлауды бұл ел ертеде-ақ қойған болатын. Ал, совхоз жаз бойы ескі тоғанды қайта көтеріп әуре.
Садақ орнынан тұрды.
- Қайда барасың? – деді Қабыл оған.
- Әлгі торы атты тауып алайын.
- Мынадай салқында жаяуға жылқы таптырушы ма еді. Онан да үйге
жүр, шай іш. Содан кейін менің күреңімді ерттеп мін де іздей бер.
Осы тұста мектепті қоршаған кең шарбақтың дала жақ бүйірі ойсырап
қалғанын көрді. Сынып құлаған емес, әлдекім бұзып алып кеткен.
- Кім болды екен, ә! Қандай ит екен? – деп құлазыды.
- Нені айтып тұрсың? – деді Қабыл.
- Ананы.
Садақ шарбақтың кетілген тұсын нұсқады.
- Ә, ол әлгі Тұрғанбектің ісі ғой.
- Қашан әкетіп жүр?
- Алдыңғы күні бұзып жатқан. Тиіспе дегеніме қарады ма? Қолды бір
ақ сілтеді.
Садақ ызадан қалш-қалш етті. Қаны басына шауып, Тұрғанбектің үйіне қарай алқына басып жөнелді. «Әй, төбет-ай! Құмның қи домалатқан сасық қоңызы»-деп тістенді.
Ол осында қоныс аудармай қалған төрт шалдың бірі. Бұрындары терітерсек жинайтын, бертін келе демалысқа шыққан соң почта таситын болған. Соңғы екі жылда одан да қол үзіп, өз шаруасын дөңгелетіп әкетіп еді. Жиырма шақты жылқысы, жүзге тарта қойы бар, қаз-үйректе есеп жоқ.
Жаңаталаптан бақ тайғаннан бері иесіз қалған үйлердің қора-қопсысын бұзып, керек-жарағын тасиды да жатады. Оны не істейтінін кім білсін. Мына құдайға да, адамға да көк тиын құны қалмаған ауылда елден жырақ отырып отар-отар қой, үйір-үйір жылқы өргізбек болар. Дәл қазір Тұрғанбек не істесе де, қолынан қағатын тірі пенде жоқ.
Үйге зығырданы қайнап ентелей енді. Іздеген кісісі төрде қос жастықты шынтақтап шалжиып жатыр. Келе тиіскен. Ол әуелде айылын да жинамады. Садақпен жастықтан басын көтермей қитықты. - Өзім алғалы жүр едім, алдымды орап кетіпсің демейсің бе. Неменеге алқынасың, - деп кергіді.
Онсыз да терісіне сыймай тұрған Садақ сабырын сарықты. - Тұр! – деген ақырып. – Бар! Апар орнына! Тұрғанбек теріс аунап түсті. Сол сәт әлдемді қол жауырынына сарт етіп тиген. Бүріп ұстап үйіре сілкіп қалғанда, басындағы тақиясы ұшып кетті. Сасқалақтап әрі қорланып қарсыласпақ болған, бірақ Садақ одан әлдеқайда әлуетті еді, қаңбақша көтеріп алып, еденге дік еткізіп қоя салды. - Дәл қазір орнына жеткізесің! Осыны екі етіп көр! Оңдырмаспын! Оныма өкінбеспін! – деп төнді.
Тұрғанбек жұлқынып барып босап, сазара қалды.
- Ал апармадым! Ал көнбедім!... – деп шақ-шақ етті.
Төрде ілулі тұрған мылтықты жұлып алып, кезеніп тұра қалды.
- Кәне, таялшы! – дегенде бет-аузы жиырыла жыртқыштанған.
Садақ жанына екі-ақ аттап жетті. Қос ауызды суық қаруды қолынан
жұлып алып, лақтырып жіберді.
- Айтқаным айтқан! Егер илікпесең, ана жиған-терген боқтығыңмен
қоса өртеймін! – деп нығарлады.
Содан кейін есікті бір теуіп шығып кеткен.
- Оңбаған! – деді ұзай бере. – Өз бойында қасиет болмаған соң
басқасының қадірін қайдан білсін.
Қабылдың дағарадай төрт бөлмелі үйінен шыққанда, жаңбыр шелектеп құйып тұр еді. Биыл жаз бойы осылай, күн көзі әредікте ғана жылтырап ашылады да, жер дегдіп үлгермей қайта түнеріп, зілмауыр бұлттар түйдектүйдек жөңкіледі. Мұндай ылғалды жазды бұл өңір талайдан бері көрмеген, әдетте маусым мен шілдеде аспаннан нәр тамбай, табақтай күн шақырайып алып, Арқаның онсыз қуаң даласын қақтайтын да жататын. Ақселеу мен көде көгеріп үлгермей сарғаюшы еді.
Соңын ала Қабыл да тысқа шығып, қорада тұрған күреңді есіктің
алдына әкеліп байлады.
Мына жаңбырда қайда барасың, онан да жылы жерде тыныш жатсаң
қайтеді, - деді атты ерттеп жүріп.
Садақ жауап бере қойған жоқ, үйіне барып байыз таба алмасын ойлаған. Қарақан басы қалқайып уақытты қалай өткізеді. Кейінгі кезде жалғыздықтан зәрезап болған. Өз қатарының селдіреп бара жатқаны мынау, осы күнде Қабылдан басқа сыр ашысып, көкейдегісін алдына алаңсыз ақтарып салатын ешкім жоқ, бәрі о дүниелік боп кетті. Ал, кейінгілермен тіл табысу қиын, тіпті өз балаң да айтқаныңды жүре тыңдайды.
Ауыл болса, ол да қамкөңіл, біраздан бері қабағы ашылмаған жаңбырлы күзбен бірге жабырқап, еңсесі езіледі де тұрады. Есік терезелері үңірейіп, төбелеріне алабота ұйыса өскен, іргелері іри бастаған үйлерді көрсе, өзінің кескінін танығандай болады, солармен бірге қаусап-құлап түсетіндей күйзеледі. Жоқ, дәл қазір жалғыз қалу мүмкін емес.
Атқа қонған бетте өзенге қарай шоқыта жөнелген, оны кесіп өтіп, одан арғы бұйратты даланы сүзіп шықпақ. Бұрын мал үй іргесінен ұзамай жайылушы еді, алдыңғы күні өңкей соқалы тракторлар қаптап кетті де, өзеннің екі жағын жосылта жыртты. Көз жетер жердің бәрі қап-қара. - Бұлар бара-бара үй-үйдің арасын да айғыздап тастайтын шығар, - деп күрсінді Садақ.
Даланың жон арқасына шаншудай қадалатын соқаның тісі ұлан өңірдің қалың құйқасын емес, өзінің бетін айғыздап тастағандай қынжылды. Өзеннің сырты тұяқты мал бас көтермей жайылатын от еді, оны осы маңайдағы Қоңырөлең деп атайтын. Шалғыны белден келетін, жусаны, өлең шөбі мен жоңышқасы айқаса өскен жазық мал баққан жұрттың құты еді ғой. Қыс қатты болған жылдары осы төңіректегі колхоздар өзара пәтуаласып, жылқыны сол жерге қаптата айдайтын, мың сан тұяқ күртік қарды күрп-күрп теуіп жатпаушы ма еді. Енді сөйткен Қоңырөлең жоқ, Садақтың жабығыңқы көңілі одан сайын құлазыды.
Жаңбыр басылатын емес, әлі жауып тұр, сай-жыралар жылап аға бастаған. Жер лайсаң, күрең шоқытып келе жатып тайғанақтайды, өзенге жете бере бір бүйіріне сүріне ауып барып зорға оңалды. - Иттің малы! – деді ұрынарға қара таппаған Садақ. Біраз күнгі жауын Тоқыраудың арнасын толтыруға жақындатыпты,
лайлана ағып жатыр. Күңгірт түстеніп, әр жерінде иірім дөңгелеп сұстанып алған, бір-бірін қуалаған толқындар жағадағы қоғаны алма-кезек жапырып, суға батырып-батырып жібереді де, алға жиырыла ұмтылады.
Осы тұс қылтамойын еді, енді арнасы тас лақтырым кеңейіп, өткел бермейтін сыңай танытады. Су бетінде құстың түте-түтесі шыққан ұясы, қу ағаш ағып барады, жаңбырдың майда тамшылары сыр-сыр құйылғанда, өзеннің айдыны шымыр-шымыр қайнайды.
«Торы ат бұл арадан өтпесе керек-деп ойлады Садақ. Өзенді өрлеп кеткен шығар». Осы байламмен талды жағаны бойлай жүрген, біраздан соң Қырсықтың қос шұңқырына ілікті. Бір бірінен таяқ тастам жерде қайдан пайда болғаны, кім қазғаны белгісіз, екі терең ор үңірейіп жатыр. Жиегіне аласа тікен, жалғыз жарым қурай өскен. Елдің айтуынша, баяғыда оларды егіз айдаһар мекендепті. Тағы бір жорамал бойынша бұл жеті қат жердің астына алып баратын жол екен. Оған кімнің көзі жеткен, әйтеуір қараған сайын шошындыратын түпсіз бір шыңырау, көктемде өзен арнасынан шыға тасығанда талай рет су астында қалса да, ернеуі сірә да толған емес. Маңайдағы елге ауық-ауық қырсығы да тиіп тұрады. Жиегіне шығып ойнап, қозы-лақ құлайды, қыста некен-саяқ мал жығылады, әйтеуір жырып алып, жұтып жатады.
Осы араға келгенде Қарауылтөбе жақтан жел тұрды, әуелде кеде басын қозғауға ғана жарап, жайлап соғып еді, бірте-бірте күшейе түсті. Аспанды торлап алған қорғасын бұлттар көктемде сарқырай тасыған өзеннің бетінде жөңкіле, аударылып-төңкеріле аққан сеңдей сапырылысып, іркес-тіркес көше бастады. Әр жерлерінен жыртылып айырылғанда, күзгі күн теңбіл-теңбіл көктің ұшар биігінен жетімсірей қарайды. - Жаңбыр енді басылатын шығар, - деді Садақ өзімен-өзі сөйлесіп. Содан кейін аттың басын Қырсықтың қос шұңқырының желке тұсындағы жалғыз терекке қарай бұрды. Ол бір зәулім ағаш еді, діңгегі кісінің беліндей, жуан бұтақтары қанатын кең жайып жіберген, арса-арса тамырлары әр жерде адырайып шығып жатады.
Соған жетіп барып күреңнен түсті, атты байлап, үстінің суын сілікті. Күйбеңдеп жүріп, осы араға талайдан бері аялдамағанын есіне алды. Тіпті ол жалғыз ағашты әдейі айналып өтетін еді ғой, аса жақындай қойғысы келмейтін.
Теректің түбі құрғақ екен, жуан діңгегіне сүйене бере әлдекім өзіне тесіле көз салған секілденіп, жоғарыға жалт қарады. Буынтық-буынтық бұтақтар дәл төбесінде самұрық құстың салалы тырнақтары тәрізді төне
тарбияды. Салқын жел жұлмалаған жапырақтар дамылсыз судырлап, құлағын тұндырғандай, қай-қайдағыны қоздатқандай мазасын кетірді. Ал, көз алдына сүйегі баяғыда қурап қалған Тоқабай марқұмның бейнесі елестеген.
Ол өзі қай жыл еді, қара басып соны да ұмытайын дегені ме.
Өзінен өзі қысылып, құдай аманаты саудырлаған сулығының қалталарын ақтарды. Саусағы тигенін суырып алып еді, жіңішкелеп өрілген шылбырдың үзігі екен, аяғының астына тастай салды да, жыланша иіріліпжазылғанын көріп, жанарын алып қашты. - Иә, енді есіме түсті, - деді күбірлеп. Жаңаталапта мектеп жаңа ашылған жыл еді ғой.
Қара бұлты қаптай жөңкілген аспанның асты тарылып бара жатқандай кеудесі қысылды. Мұнысы несі екен, айдалада ауа жетпегені сұмдық та, сырт киімінің түймелерін ағытып, суық тер шып-шып шыққан маңдайын сүртті. - Сол бір келмеске кеткір қиын жыл болатын, - деді дауыстап. Ал, көз алдында сапырылысқан көп елес. Артелге қараша туа топ-топ болып келе бастаған аш-жалаңаш ел, өңкей сіңірі шыққан, өлуге қолы тимеген, азыптозған жұрт. Қолына ұстатқан бір үзім нанды бұғынып жеген бала, он екіде де бір гүлі ашылмай солған бойжеткен, жасына жетпей семген бозбала, тірі аруаққа айналған кәрі-құртаң, жансыз, үмітсіз өлі жанарлар.
Садақ соның бәрін көз алдынан үркітіп жіберуге тырысты, күзгі жабырқау далаға қарады, саябырлай бастаған жаңбырдың әлсіз сырылына құлақ тосты, жапырақтың сыбдырын аулады, тоз-тоз болып жөңкілген кіршең бұлттарды түгендеді, - бәрі бір әлгі сұрқай көріністен құтыла алған жоқ. Бір-біріне ию-қию араласып, сағымдай бұлдырап, басын айналдырып бара жатыр. Ара-тұра Тоқабай марқұмның сұлбасы қылаң берген.
Ол ауып келген елдің ішіндегі сақалы ұйысып, сүрініп-қабынып жүретін ілмиген шал еді. Кемпірі өзінен өткен, арса-арса, құдды көрден шыққандай. Екеуінің соңына ерген жалғыз немересі бар, төрт-бестің шамасында. Айтуларына қарағанда, баласы мен келіні Қарағандыға кәсіп іздеп кетіпті, өлі-тірісін білмейді.
Арыстан оларды мектепке орналастырған, ал мұнда түпкі бөлмеде
астық сақталатын, кілтші Садақтың өзі.
- Сен абайла, - деп еді Арыстан оған қамбаны тапсырып тұрып. Көзі
қарауытқан ел бір үзім нан үшін ештеңеден аянбайды.
Астық дегенде бар-жоғы жиырма шақты қанар бидай ғана. Содан күн
сайын орта қазан ботқа пісіріледі де жұртқа қасықтап таратылады.
Садақ қолына әртелдегі елдің алдағы алты ай қыстағы талшығы тиген соң мазасы кетті. Үйінде не күндіз, не түнде байыз тауып отыра алмайды. Жұрт ақкөзденіп алып, мектептің үйін тас-талқан етіп жатқандай болады да тұрады.
Сөйтіп, төрт көз болып жүргенде бір күні астықтың ұрланатынын байқап, жүрегі тас төбесіне шықты. Оны кімнің қалай алып жүргеніне басы жетпей әбден дағдарды. Құлып бұзылмайды, есік сынбайды, терезе де бүтін, қолға ұстап көзбен көретін айғақ жоқ.
Үйге қайтып келе жатып, мұны әзірге өзінің ғана білгенін жөн көрді, ұрыны ұстамай ешкімге тіс жармауы керек. Жалғанның жазымы көп деген, біреу-міреу мұның өзінен көріп, ел оған сенер болса, тұқымы құрыды дей бер.
Сол күні сенделіп жүріп-жүріп, бір амалын тапқандай болған. Тоқабай мен кемпірін жорта бір шаруаға жұмсады да, әйелін ертіп мектепке келді. Алдын-ала кесіп-пішкендей өзі қамбаның ішіне еніп, сыртынан құлып салдырды.
Бұл екі кештің арасы еді, содан бидай исі аңқыған суық бөлмеде түн ортасы ауғанша жатты. Сандалып жүріп жылы киінуді ұмытып кетіпті, әбден тоңды, тісі тісіне тимей сақылдағанда, аңдыған ұрысы естіп қоя ма деп тістеніп баққан.
Сәт санап шыдамы таусылып барады, әрі-беріден соң осы қарекеті ақымақтың ісі секілденіп, жыны құрысқан. Ойына алмағаны жоқ, бір сәт бұл ұрлық өзіне қасақана жасалған айла-шарғы тәрізді болып көрінді де, төбе шашы тік тұрды. Бұған өштескен, не қамбаның кілтіне ие болуға ынтыққан әлдекім бидайды білдірмей қымқырып, мұның үйінің бір қалтарысына үйе берсе, артынан елді жинап көрсетсе, қалай ақталады? - Атасына нәлет! – деді іштей күйзеліп. Арыстанның айтқанына бекер көнген екенмін. Азын-аулақ жылқыны бағып жүрсем ғой, түк пәле жоқ.
Сөйтіп әрі тоңып, әрі қай-қайдағы күдік жүйкесін тоздырып, өзімен-өзі арпалысып жатқанда сырттан тықыр естілді. Демін ішіне тарта қойды, үйден ала келген балтаның сабын қыса түсіп, аңысын аңдыды. Біреу тура есіктің алдына тоқтады да, қыбырсыз тұрып қалды. Сәлден соң барып әлдене шылдыр-шылдыр етті де сап тиылды.
Жүрегі аузына тығылып, бойын үрей билеп бара жатқандай болды. Айдалада ат үстінде қандай жау тап келсе де, қасқая қарсы шабар еді, барымта еті өлген атыс-шабыс қой, ал мына қарақшының қандай қаныпезер
екенін бұл қайдан білсін. Ол да қамсыз емес шығар, қаруы да бар болар. Ашжалаңаш елдің аузындағысын жырып жеген залым кімді аясын. Тұла бойы бір ысынып, бір суынды, балтаның сабын сығымдайсығымдай саусағы қарысып қалды. Сол екі ортада әлгі шылдыр қайта естілген, ұры құлыпты ашып жатыр. Орнынан атып тұрып, есікті бір тепсе, ананы қоса шалқасынан түсірер еді, оған күші жетеді. Бірақ бір тылсым құдірет екі иығынан нығырлай басып тырп еткізетін емес. Әлдеқандай әзәзіл сыбыр: - Әліптің артын бақ, қозғалма! – деп бұйырады. Сөйткенше есік сықырлап ашыла бастады, әуелі ұрының қолы қараңдады, іле өзі де көрінген. Ішке енісімен босағадағы қанардың аузын шешіп, әлденеге бидайды салуға кірісті. Өзі пері соққан адамдай күбір-күбір етеді. - Уһ, аллай, енді қайтейін, - деп міңгірлейді. Екі иінінен дем алып тұр. Қойманың іші бұрынғысынан да қараңғыланып кеткен сияқты, мына адамның кім екенін айыру мүмкін емес. Әлгі күмілжіп шыққан даусына қарағанда мосқал тартқан жан тәрізді, қимыл да баяу, алқына дем алғанда, кеудесі сыр-сыр етеді. - Тәңірім, кеше гөр! – дейді тұншыға күбірлеп. Садақ оның енді әуелде көрінген кездегідей үрейлендірмейтінін аңғара бастады. Ұрының қарасы да қомақты емес, қапелімде бас салса, қару жұмсатып үлгертпей дода-додасын шығармай ма.
Осы шешіміне әбден бекініп, бой тасалаған жерінен ақыра атып шықты. - Тыпыр етпе! Өлтіремін! – деп тарпа бас салған. Ұры бұған бұрылып та қарай алмады. «Аһ!» - деп шошына дауыстап, қолы тиер-тиместен еденге құлап түсті. Сол сәтте шапанының жағасынан шап беріп, жерден тік көтерген, әуелі көргені оның ақсиып кеткен күрек тісі болды, одан кейін өзін де танып еді. - Мынау Тоқабай ғой! – деп айғайлап жібергенін өзі де байқамады. Ол жансыз адамдай былқ-сылқ етеді, тіршіліктің белгісі жоқ. Қараңғы қоймада әлдене қаһар шаша тұра ұмтылғанда, қорыққанынан жүрегі жарылып кеткен секілді. Бұл шалда не қауқар бар дейсің. Жалма-жан қанар қапқа сүйеп отырғызып, терезеге айқыш-ұйқыш қағылған ағаштарды жұлып тастады. Ішке айдың бозғылт сәулесі құйылғанда, оның жүзіне анықтап қараған.
Бейшараның денесі бір-ақ уыс, аузы аңқиып ашылған қалпы қыбырсыз жатыр. - Әй, қорықпа, мен Садақпын! – деді дауыстап. – Кілтшімін! Шал біреу буындырып жатқандай қырылдады, ерні жыбырлайтын тәрізді, әлдене айтқандай болды. Аузына құлағын тосқанда: - Лә...илла...һа.., - деген бірлі-жарлы күбірін зорға естіді.
Иманын айтқан түрі еді. - Мейлің, қалай сандырақтасаң да еркің, - деді Садақ, - тек өліп кете көрме, жалаңа қалармын. Маған өлі шал емес, тірі ұры керек.
Бойын түзеп отырғызбақ болып еді, денесін билей алмай құлап түсе берді. Байғұстың өзінде де түк салмақ жоқ, мұндай да арық адам болады екен-ау.
Бейшара үрейі ұшқан күйі өліп кетпесін деп, самбырлап сөйлей берді. - Мені жын-пері екен деп қалма. Кілтшімін ғой, - деді даусын жұмсартуға тырысып. – Өзің осыншама су жүрек болармысың. Кәне, есіңді жый, тілге келсеңші.
Шалдың күбірі күшейген тәрізденді, лә илла...һа-сын жиілете түскен. Сол иманын айтқан қалпы, әлден уақытта мұның жүзіне қарап аз-кем отырды да, арқасын сүйеген қапқа жабыса ысырылды. Бетін алақанымен көлегейлеп, сақалы ербиіп бұрынғыдан да құты қашты.
Сен... Садақ...кілтші...- деді үрейленіп.
Содан кейін оқыстан зарлап қоя берді. - Қарағым-ай! Өлтір мені, тірі қалдырма! – деп аяғын құшақтай жығылды. - Ә, тірілдің бе? Мұның жөн, - деді Садақ. – Кәне, тұр! Шал одан әрі жік-жапар болды. - Құдай үшін қатыра салшы! – деп үздікті. – Елге ұстап бере көрме. Садақ оның дәл төбесінен төніп, шабынған бурадай күркіреді. - Қорқасың, ә? Онда неге қамбаға түстің? Тоқабай енді сұңқылдап жылап жіберді, кері ысырылған Садақтың соңынан еңбектеп еріп жүріп жалбарынумен болды: - Елге қарабет ете көрме. Қара басты ғой мені. Ана ауру немеремнің қамы үшін шатастым. Ол хал үстінде жатыр. Қамбадан азын-аулақ ұрлаған бидай болмаса, әлдеқашан өліп қалар еді. Сен түсінші... тыңдашы мені!
-Сандалма! – деді Садақ ақырып. – Сенбеймін сөзіңе!
Шал енді қарғана бастады, даусы мұндай зарлы болар ма, ауыз жаппай сұңқылдағанда, қамбаның іші күңіреніп кетті. Айдың бозғылт сәулесі
бұрыш-бұрышқа жетпеген, қаптардың үстін ғана қылауландырып тұр. Сыртта әлсін-әлсін ит үреді, үйіріп соққан желдің ызылы естіледі, оған Тоқабайдың сарыны қосылады. - Бір атадан қалғаны мына төрінен көрі жақын сорлы қақпас пен ана әлжуаз бала ғана, - деп аһ ұрды. – Ол қыршынынан қиылса, әруақ кешпейді мені.
Содан кейін қылғына ұзақ жөтелді, қақалып-шашалып, үзіліп бара жатқандай ышқынды. Жүрелеп отырған жерінен тұрмақ болып еді, көтеріле бере қайтадан сылқ ете түсті.
Садаққа мұның бірі де әсер еткен жоқ, дәл қазір әбден қатайып алып еді. Қаусаған шалдың түрі кісі аяйтындай болса да қаншалықты қорғансыз, мүсәпір көрінсе де жібімеген. - Сен тұқымсыз қалады екен деп, қазақ атаулы құрып кетпес,-деді зілдене. Мен бір-ақ нәрсені білемін, оңбай адастың шал. Бауырына тартып, қол ұшын берген елдің бетіне түкірдің.
Тоқабай қанар қапқа сүйеніп, көзін жұмды. Жанында сымның кесіндісі жатыр. Садақ соны қолына алып, айналдыра қарады. Бір ұшы иілген, кілтке ұқсас, құлыпты осымен ашып жүрген ғой. Мына сүңкиген немеден мұндай өнер шығады деп кім ойлаған. - Тұр! – деді жекіріп. Шал селк ете қалды, орнынан жығыла-сүріне зорға көтерілді, безгек буған адамдай қалшылдайды. Түрі әлемтапырық, дәл қазір оның Тоқабай екенін бұдан басқа ешкім танымас па еді, кім білсін, қатты өзгерген. Шүңірек көзі сөнген оттың қоламтасындай күңгірт, шапанының жағасынан жұтқыншағы шодырайған мойны сорайып шығып тұр, сақалы дода-дода. - Әруақ кешпейді мені, - деді сандырақтаған тәрізденіп. Содан кейін әлдекімдерді, әлденелерді жұлына, ашына қарғай жөнелді. Ол ел-жұртты күйзеліске ұшыратқан қиын-қыстау кезеңге нәлет айтты ма, әлде басынан бағы тайған халықты қарғап сіледі ме, бәлкім сексенге келген селкілдеген жасына дейін сордан арылмаған өзін жерден алып, жерге салды ма, Садақ айырған жоқ, шалдың аузынан шыққан көп сөздің төркінін аңғаруға құлқы да болмады. Ол осы шүйкедей қарттың қылмысын тезірек әшкерелеп беруге ғана асыққан. Содан кейін әлдебіреудің мұң-зарын тыңдап тұра берудің ауыр екенін сезіп еді, Тоқабай аяғына жығылып жалынған сайын онсыз да сұрқай күндер бұрынғысынан да сұстанып бара жатқандай тітіркенген. - Кәне, кеттік! – деді зекіріп. – Сен мені бәрібір жібіте алмайсың.
Шал мұның илікпейтініне көзі жеткендей бірауық тыныштала қалды. - Тәңір-ай! – деді таусылып, - адамның ісі заманына қарай ғой. Аяу мен мүсіркеу тоқшылыққа ғана жарасқан. Не лаж бар. - Оны білгеніңе де тәуба, - деді Садақ. Содан соң қанар қаптың аузын байлады, қолынан әлі тастамай жүрген балтасын белдігіне қыстырып, шалды есікке қарай итерді. Ол бұл жолы да ырқына жығылмады. - Тоқташы! – деді даусы жарықшақтанып. –Сәл сабыр етші. - Тағы не айтпақсың? - Не деймін саған. Тек бір ғана өтінішім бар, мені ашыққан елдің алдына алып бара көрме. - Қорқасың, ә? - Қорқамын да, қорланамын да. - Өлтіріп салады деп үрейің ұшатын шығар. - Жоқ, өлімнен үрейленбеймін. Шал алқынып терезеге бұрылып, айдың бозғылт сәулесіне бетін тосты, жүзін жас жуып айғыз-айғыз. Додаланған сақал-мұртты, көзіне түскен ұзын қасы аппақ қудай, ұрты суалып ішіне кіріп кеткен. Жақ еті жыбыр-жыбыр етеді. - Өлімнен қорықпаймын, - деді тағы да. – Онымен осы ғұмырымда мың мәрте жолыққан шығармын. Аяқ басқан сайын кезігіп келемін, үйреніп кеткенім соншалық кейінгі күндерде оны өзім іздейтін болдым. Түр-түсіне дейін таныс маған, ажал дегенің онша үрейлі де емес. Оған әлі-ақ сен де бауыр басып кетесің.
Шал осылай тоқтамастан сөйлей берер ме еді, кім білсін, Садақ шорт кесіп тастады. - Жетер! – деп ызбарланды. – Сенің жарапазаныңды тыңдауға құлқым да, уақытым да жоқ.
Тоқабай қынжыла ыңыранды. - Сәл шыда, - деді өтініп. – Менің айызым өлім туралы айтқанда ғана қанады. Өмірден осылай өшімді аламын. Ажалмен күліп тұрып сөйлесетін адам бұл жалғанда жалғыз мен ғана шығармын. - Мынау сандырақтап барады, - деп ойлады Садақ. Ол шынымен де өзгере бастап еді. Даусы жәбірсіз, мұңсыз шығып, ыржиып күлген секілденді. - Ажал – қиналғанда қол ұшын беретін қайырымдылардың бірі ғана,
басқа ештеңе де емес, - деді саңқылдап. – Мен оны осы қазір де көріп тұрмын, әне, ана жерде. Үрпиіп сұрлана қалғаны кәпірдің.
Садақ оның нұсқаған жағына еріксіз жалт қарады да селк ете түсті. Терезеге қарсы қабырғаға жабыса әлдене қараң ете қалған. - Соның тәп өзі, - деді Тоқабай. Жалма-жан белдігіне қыстырылған балтаға жармасты, жаңағы қарайған тағы да қалбаң етіп, іле зым-зия жоғалған. Тұла бойы мұздап сала берді. - Ә, қалай екен, үрейің ұшты ма? – деп шиқылдады шал. Садақ сол тұсқа кірпік қақпай тесіліп, қаққан қазықтай қалшиып біраз тұрды да, өзін де, есі ауысқан Тоқабайды да боқтап жіберді. Қарбаң қарбаң еткен айдың бозамық сәулесінде қабырғаға түскен шалдың көлеңкесі еді. - Қорықпа, ол бізге таялмайды,- деді Тоқабай. – Мен оны өзім ұстап аламын, тыпыр еткізбеймін. Сексен жыл бойы аңдысып, енді тап келгенде, құтқарып жіберетін ақымағың мен емес.
Садақтың төзімі таусылды. Тезірек сыртқа шығуға асығып, шапанынан ұстай беріп еді, ол жұлқынып кеудесінен итеріп жіберді. Даусы шаңқ-шаңқ етіп, күш алып барады. - Сен мені жақсылап тыңдап ал, - деді қадала қарап. Шүңірейген көзінде жарқыл пайда болған, тесілген жерін қарып түседі. – Адамнан қорлық көрсең – кіжінесің, заманнан жапа шексең – езілесің. Тап солай.
Содан кейін шапанының жайылып кеткен өңірін жинап, желкесіне қарай ысырылған тақиясын түзеді. - Мен бәрібір өлемін, - деп саңқылдады. – Тек соған мұрсат бере гөр. Садақ оған таңырқай қарап, түкке түсінбей дал болды. Әлгінде ғана есінен айырылып, жылап тұрып күлген, күліп тұрып жылаған шал енді бір сөзінен де жаңылмай, айран-асыр еткен. «Жоқ, бұл тегін адам емес, мені манадан бері арбап жүр, - деп ойлады. – Шыдап көрейін, тағы қай қырынан танылар екен».
Тоқабай қайтадан сөйлеп келе жатты да, манағы бұрышқа тіксіне қарады. - Мен әлгінде өлімді көрдім, - деді сол тұстан көзін алмастан. – Әлде маған елестеді ме екен. Бәлкім есім ауысқан болар, жоқ, көргенім рас. Ал сен одан қорқынышты емессің. Маған енді бәрібір. - Онда ер соңымнан, - деді Садақ. – Ана аш-жалаңаш елге күнәһар болғаныңды өз аузыңнан айт.
Шал басын шайқады.
- Жалынамын, сөзімді бөле көрме, - деді өтініп. – Онда мен қайтадан шатасамын. Ал қазір аздап қалпыма келген сияқтымын.
Әжімді жүзі бұрынғысынша сұп-сұр, иегі дірілдейтін сияқты, бірақ жанары өткір. - Сен менің ұрлығымды жария етпе, - деді әлден соң. – Онда өлмелі кемпір мен ауру балаға қырсығым тиеді. Ұрының ұрпағына кім қол ұшын береді дейсің, көрген жерде көзге шұқиды. Ал, мен қарамды батырамын, кетемін бұл итаршы өмірден. Өлім маған осыны ұқтырды.
Садақ кекесінмен мырс етті.
- Солай да солай, шалым, - деп таяла түсті. – Мені алдап соққың
келеді, ә. Жер соқтырмақсың ғой.
Тоқабай қабырғасы қайыса күрсінді. - Исі адамға айтар соңғы өтінішім бұл,- деді күйзеліп. - Естимісің, ақырғы тілегім. Одан әрі тіл қатуға ырқы жетпей қыстығып, көкірегі сыр-сыр етті. Екі иінінен дем алып, кеудесін тырналады. - Мен ұры болып ұсталсам, ана сорлыларды тентіретіп жібереді ғой, - деді әлден уақыттан соң. – Түсінсейші соны!
Садақтың енді оның гөй-гөйін бұдан әрі тыңдауға зауқы жоқ еді, шыдамы да таусылып біткен. - Жетті! – деді долырып. – Түс алдыма! Тоқабай түкке түсінбегендей аңтарыла қарады. - Не? – деген қалтырап. - Жүр! Сенімен тәжікелесіп тұруға уақытым жоқ. Тоқабай сасқалақтап бетін алақанымен көлегейледі. - Жо....жоқ, тиіспе маған, - деп бүрісе қалды. Ол осы күйінде сәт санап кішірейіп, алакөлеңке бөлменің ішіне сіңіп бара жатқандай еді. - Тиіспе, - деп жалбарынды. – Сен өзің тұқымсыз өтудің қандай қорқынышты екенін білмейсің ғой, әттең. Оһ, ол жаналғыштан да үрейлі.
Содан кейін әлденені есіне түсіре алмағандай маңдайын ысқылап үнсіз қалды.
Садақтың қаны басына шапты.
- Өзің жүремісің, әлде дырылдатып сүйреп шығарайын ба? – деп тап
берді.
Шал әзірейілді көргендей шегіншектеп кері ысырылды, арқасы қанар қапқа тірелген кезде қойнына қолын сұғып жіберген. Жүзі керек қарыс кездік айдың бозғылт сәулесіне шағылысып, жарқ-жұрқ етті. - Жақындама! – деді қырылдап. Осы арада қан боламын. Кездікті тамағына тірей қойды, орып жіберуге дайын тұр.
Садақ не істерін білмей састы, өңешіне тас тұрып қалғандай жұтына да қалмады. - Ей, жындандың ба? Мұның не? – деуге шамасы зорға жетті. Ол безеріп тіл қатпады, дәл қазір тым сұсты еді, жыланша жиырылып, ысқырына айбат шеккендей сескендірген. Бір кезде қамбаның ішін жаңғырықтыра қарқ-қарқ күлді. - Сен өлімсің ғой, - деді үзіп-жарып. – Бәсе әлгінде анық көрген екенмін. Тіміскілеп жүріп тапқан жерін қарашы. Бәрібір сенің қолыңнан өлмеспін.
Сөзін аяқтай бере есікке қарай атылды. Садақ бір шетке қалай ыршып кеткенін байқамай қалды, қолындағы балтасы еденге дүңк етіп түскенде барып есін жинағандай болған. Соңынан тұра ұмтылып, сүріне-қабына далаға шықты.
Шал көрінбейді, сасқалақтап мектепті айнала жүгірді, құс болып ұшып кеткен бе, зым-зия. - Алда ит-ай! Қулығын асырып кетті! – деп кіжінді. - Енді оның қамбаға түскенін дәлелдеп көр. Сөйтіп, апалақтап тұрғанда мектепке таяу жердегі Қабылдың төбеті маңқ еткен. Солай қарай ұмтыла басып, аптыға жеткенде, иттің күресінде әлденені қажалап жатқан тазыға қарап, айбат шегіп тұрғанын көрді. Жалмажан кері қайтып, мектептің іші-сыртын тінтті, одан Тоқабайдың шырт ұйқыда жатқан кемпірі мен немересін дүрліктірді, қарамаған жері жоқ. Ауылдың ішінде шарқ ұрып, Қабылдың есік алдына үйіп қойған отынын қопарды, өкпесі аузына тығылып жүріп, қайтадан мектептің маңын сүзіп шықты.
Өзі түгілі, ізін де таба алмаған.
Ақыры салы суға кетіп, қамбаға келді де, есігін бекітіп, үйіне қайтты. - Қайда кетермін дейсің, ертең-ақ қолға түсерсің, - деп өшіккен. – Бәрі бір мойындатамын, түбіңе жетпей қоймаймын.
Содан жабулы қамбадан қалай шыққанын сұраған әйеліне: -Әбден тоңған соң, есікті бір теуіп ем, құлып бекітілген темір шығып кетті. Орнына
қайта салдым да, дедектеп үйге жүгірдім, - деп төсекке киімшең құлай кетті. Әйелі пештегі отты көсеп жатып бұған кінә тақты. - Қайдағы ұры ол, көзіңе қос көрінген де. Тонаған адам еңсеріп бір-ақ әкетпей ме, - деп жөн айтқансыды.
Қанша уақыт ұйықтағанын кім білсін, көзі ілініп кеткен тәрізді еді, Тоқабайды көрді. Шалдың шүңірек көзінен ұшқын шашырап, сақ-сақ күледі, қолындағы кездігі айдың сәулесіне жарқ-жарқ шағылысқанда, жанарының алдына жасын ойнағандай болды. Сирек тістері ақсиып, аузынан көбік бұрқырап, бурадай шабынды. - Сен өлімсің! Жаналғышсың! – деп аттандады. – Қыр соңымнан неге қалмайсың? Содан соң күндей күркіреп, оқ жыланша атылған. Кезенген кездігі тура алқымына төніп келеді, үрейі ұшып, жанұшыра айғайлаған, бірақ үні шықпады. Тұра қашпақ болып еді, екі аяғы зілдей, біреу жіліншігін үңги тесіп, ішіне қорғасын құйып тастағандай көтертпейді. Ал, есі ауысқан шал баж-баж етіп, жалаңдаған кездікті көкірегіне кіршкірш қадады. - Сен өлімсің! Жаналғышсың! – деп үсті-үстіне барқырайды. - А...а...а... Садақ қара санына қылбұрау салған құлындай шыңғырды. Тоқабай мүлде ақкөзденіп алған, енді кездігін лақтырып тастап, құлап бара жатқан мұны долдана сілкілей бастады.
Осы кезде оянып кеткен, әйелі жауырынан түйгіштеп-түйгіштеп алып бетіне үңілді. - Соншама айғай салғаның не?- деп үрке қарап тұр. - Жайсыз түс көрдің бе? - Құрып кетсін, - деді басы зеңіп. – Мезгіл қай тұс? - Әлі ерте. Жатқан жерінен сүйретіле көтеріліп, қазандықтың аузында тұрған шәйнектегі сумен бетін шайды, шөңкенің түбіндегі түннен қалған суық көжені ішті. Көз алдынан Тоқабайдың әлемтапырық түрі кетпей қойған.
Далаға шыққанда жапалақтап қар жауып тұр еді, аспан да, жер де бұлыңғыр, үф еткен жел жоқ. Қараша туа аласара түскендей болған көктен ақ
мамық қалықтай төгіледі, аяқтың астында тапталған шөптің, күресінде әредік қарқ етіп шоқақтаған қарғаның, иесіне құйрығын бұлғаңдата еркелеген тазының, ит әлдеқайдан сүйретіп әкелген жырым-жырым терінің, бұлтты күнде тарылып көрінген даланың үстіне жеп-жеңіл қонып жатыр. Ауа сусап келгенде шөліңді қандырғандай.
Есіктің алдында айналсоқтап мектеп жаққа қарады, маңайда тірі жан жоқ, бәрі жым-жырт, айнала тілсіз, жеркепелердің ұзынды-қысқалы мұржаларынан көтерілген түтіннің де исін сезбейсің, ал аппақ қар жапалақтап жауып тұр, жер-дүниенің мысқылдай да салмағы білінсейші, алақаныңа сал да жүре бер. - Міне, қыс та басталды, - деді тобықтан келген ұлпа қардың үстінде із тастап келе жатып. – Ол қандай болар екен?
Сол бетінде Тоқабайдың үйіне келген, кемпірі пешке от тұтатып жатыр екен, төрде тақыр тонға оранған бала көрінеді. Қарияға сәлем беріп, соның жанына тізе бүкті. Оның не ұйықтап, не ояу жатқаны белгісіз, әйтеуір жиі тыныстайды.
Кемпір бұған назар аударған жоқ, пештің көмейіне салған тал тұтанған соң, күйесі бір елі шәйнекті киіздің жыртығымен ысқылап, тазартуға кірісті. - Шеше, отағасы қайда? – деді жай жұмыспен келген адамның сыңайында.
Ол мұның айтқанын естімеді ме, әлде жорта тыңдамаған болды ма, шаруасын үнсіз істей берді. Енді әлгі сұрағын қаттырақ қайталаған.
Кемпір киіздің жыртығын сулап, күлге аунатып алды да, бүкіл денесімен бұрылды. - Бала көптен ауру. Сырқатының беті қайтпай қойды ғой, - деді. Садақ орнынан тұрып жанына келді. - Отағасы қайда деймін. - Ә, шалды айтасың ба? Жүрген шығар әлгі өзен жақта. Байғұс балаға ыстық сорпа ішкіземін деп, қоянға дұзақ құрады. Бірақ әлі өлі тышқан да ұстаған жоқ, ол өзі жолы болмайтын бір сорлы адам.
Бұдан әрі кемпірді сөйлеткісі келмеді, оны тыңдасаң, жағдайдың ауырлығын, Қарағандыға кәсіп іздеп кетіп, ұшты-күйлі жоғалған ұлы мен келінін, ауру немересін айтып шағынар, аяғында жылап-сықтап, қайқайдағыны қозғар, кеткені жөн.
Далада қар әлі жапалақтап жауып тұр, келген ізін жасырып үлгеріпті, жер биіктеп, жайдақ төбелерін ақ ұлпа тегістеген үйлер аласара түскен. Күн
аспанның қай тұсында екенін айыру қиын, қазір күндіз емес, бұлтсыз түнде он бесіндегі толық ай сүт сәулесін толқындата төгілдіріп тұрғандай.
Есік алдына шыққан бетте өзенге қарай жүрді, одан Тоқабайды кездестіре қоятынына күмәнді, шал бұл маңнан табанын жалтыратқан шығар. Бірақ, қайда барып паналайды, ана ауру бала мен қаусаған кемпірін тастап кете алушы ма еді. Әлде ол түнде шынымен-ақ жынданып кетті ме екен, ол да ғажап емес-ау.
Аппақ даланың үстінде қарауыта иретілген талға қарап келе жатып, шалды аяйтынын сезді. Түнде тым қатты кетпеді ме екен, ол байғұс өлердегі сөзін айтқанда да жібімей қойды-ау. Бұл соншалық қатыгез бе еді.
Қардың астында қалған жыраға тобығынан батып, сүрініп кетті, төрт аяғы төрт жаққа жайылып оңбай құлады. Маңдайымен жер сүзіп жығылғанда, тас па, әлде ағаштың сынығы ма, бетіне қатты тиген. Дызылдап қоя берді.
Бір мезет ауылға қайтпақ болды, сол Тоқабайдың соңына несіне түседі, одан да қазір кері оралып, түндегі оқиғаны Арыстанға айтса, ол бір жөнін табар. Елге дабыра қылмай, шалдың есін шығармай, тек ұрлығын тыйдыратын етіп қысып алса, болғаны емес пе.
Осы оймен аз-кем толқып тұрды да, алдымен Тоқабайды табу керек деп шешті. Оның біразға дейін ауылға жоламай кетуі де мүмкін ғой.
Өзеннің іші жапалақ-жапалақ қардың жерге қалай түскені естілетіндей тымық, бұтақтары сойдиған боз тал діңгегі әр жерінен майысқан қайың, тығыз өскен шілік пен ұйысқан тікен мұның аяқ дыбысына селт етпей мүлгиді. Арнасы бірде арқан бойы кеңіп, бірде қол созым тарылып, сыбдырсыз аққан судың беті қоймалжың тартқан. Жағалау бойы қалың қамыс, үстіне қонған қарды ауырсына майысады.
Өзенді өрлей жүріп, қыбыр еткеннің бәріне құлақ түріп келеді, қоянның соқпағы өтеді-ау деген тұстағы әр талдың діңгегін түгендейді. Әзірге дұзақ та, адамның ізін де көре алған жоқ.
Сол бетінде Қырсықтың қос шұңқырына дейін ұзады, бірде тоғайдың ішіне бойлап енеді, бірде жағаға шығып тың тыңдайды. Әредік төбесінен ала қанат сауысқан сезікті қарқылдап ұшып өтеді, кейде қол басындай боз тышқан қар астынан қылт етіп көрініп, іле қайта сүңгиді, қоян мен түлкінің ізі жарыса жосылады, ал шалдан еш белгі жоқ.
Енді оны кездестіретіндігінен күдерін үзе бастады. Қырсықтың қос шұңқырының желке жағындағы биік терекке қарай бұрылды. Осы жерде аяқ суытып алып, ауылға қайтпақ.
Бұл маң кедір-бұдырлы, сай-жыралы болып келеді, зәулім ағашқа таялғанша үш-төрт сүрініп тұрды, құдайдың бір қарғыс атқан жері. Өзіне қар ерекше түскендей, тері шоқайының қонышынан құйылады, ал қырық жыл шалғы салынбаған көденің қауы киіздей тұтасып алған, жүрген аяққа ол да тұсау.
Сөйтіп терлеп-тепшіп келе жатқанда, қарсы алдынан әлдене қарауытты, аппақ қардың үстіне біреу тері тулақ жайып тастағандай. Жүгіре басып тез жеткен, тысы әр жерінен жыртылып, жүні білтеленіп шыққан ескі шапан екен. Бұл мына жерге қайдан келуге тиіс? Аңтарылып жан-жағына қарады. Айнала жым-жырт, ойдым-ойдым майда қараған, түп-түп ұшқат көрінеді, жалғыз қара құс жерге қарай лақтырған тас секілді құлдилап құлап барады. Тышқан аулап жүр де. Ал, мұның іздегені добалдай адам.
Шапанды көтеріп алды да, қайтадан тастай салды, пәлесі жұғатындай сезіліп еді. Содан кейін биік терекке қарай асықты, бәрі де құрып кетсін, зәулім ағашқа жетеді де ентігін басқан соң ауылға тартады.
Ол қашық емес еді, әне зорайып, ту-у биіктен қиянға көз салып тұр. Міне, таялып та қалды, енді бір секірсе, кісінің беліндей діңгегіне сүйеніп отыра кетпек.
Алдынан кезіккен бір түп аласа тобылғыдан айналып өтіп, біреу тас төбесінен қос қолдап қойып жібергендей қалшиып қатты да қалды. Теректің түбінде Тоқабай қисайып жатыр, үстінде қамзол, екі аяғы екі жаққа кеткен, өлі-тірісін бір құдайдың өзі білсін. - Әй! – деді шошытып алмайын дегендей ақырын ғана. Мұны өзінің еркінен тыс жасап еді, манадан бері іздегені осы шал болса, енді жақындауға жүрексініп тұр.
Ол ешқандай белгі бермеді, ұзынынан сұлаған күйі қыбырсыз. - Ей! – деді тағы да. Шал қарайтын емес, содан кейін абайлап жақындай бастады, аяғын санап басып, есік пен төрдей жерге таялған. Әлдене сытыр ете қалды да шегіншектей беріп тоқтады. Теректің бұтағына қонып отырған қарға үркіп ұшып еді, бір тобы әуеге қарқылдай көтеріліп, азан-қазан дүрлікті. Атарға оғы болмай, зығырданы қайнады, ал Тоқабай көп құстың ию-қиюын естімеген тәрізді, басын көтермейді. Әлде бұған солай көрінді ме, әлде шынымен қозғалды ма, бір сәт жүзін өзіне қарай бұрған тәрізденді. Ұясынан шыға адырайған жанары өңменінен өтіп барады. Оң қолының саусақтары қара жерді шеңгелдеп бүрген қалпы қарысып қалғандай, ашық омырауынан тырнақтың ізі байқалады.
- Мынау жынды шығар... Өліп қалғаны несі, - деп түршікті.
Даусы тым қатты шықса керек, теректің бұтақтары зыңылдады,
төбесінде айналып жүрген көп қарға үрейлі қарқ-қарқ етті.
Шалдың түрі түсіне енген кездегіден де суық еді, әжімді беті тарғылданып кеткен, аузы ашылып, бұған да, қыр соңынан қалмай қойған өлімге де, ғұмырының соңғы сәтіне дейін қыспаққа алған өмірге де ащы не қарғыс айтып жатқандай. Жүзі кереқарыс кездік теректің діңгегіне қадалып қалған, көйлегінің омырауы өрім-өрім. Ол сірә көк жөтел қылқындыра буғанда, тынысы тарылып үзіліп кеткен тәрізді.
Сасқаны ма, қорыққаны ма, діңгектегі кездік пен Тоқабайдың жансыз жүзіне алма кезек шошына қарап, не істерін білмей дағдарды. Бір мезет артына қайырылып қарамастан тұра қашқысы келген. Шалдың ұясынан шыға аларған жанарына көзі түссе, иманы қасым болады, ол мұның әр қимылын қас қақпай аңдып, әне-міне бас салатындай үрейлі. - Қарғыс атсын! – деді ерні әрең икемге келіп. – Қарғыс атсын! Мұны о дүниелік болып кеткен қарияға ма, әлде үн жұрғасы түскен, дымы құрыған өзіне ме, кімге айтқанын білген жоқ, қайталай берді. Қайталаған сайын жүрегі алып-ұшты, бойы мұздап суынып барады. Жанарының алды тұманданып кеткен, енді не істеу керек, оны ойлаған да жоқ. Қолы қалтырап Тоқабайдың жанарына жапты, қамзолының түймелерін салған болды, содан кейін кездікті суырып, Қырсықтың қос шұңқырына қарай құлаштай лақтырды. Дәл қазір тегі кім екенін білмейтін айдаладағы шал емес, өз әкесі өлгендей күйзелген. Буын-буыны босап, көз алдындағының бәрі бұлдыр-бұлдыр теңселді, жүрегі сыздап, кеудесі қысылып бара жатты. - Оңба, Садақ, айуан жыртқыш! – деп сенделді. – Итсің сен! Әртелдің қабаған төбеті!
Есінен танған адамша жұлқынып биік теректің діңгегін тепкіледі, қолының терісі сыдырылып, қанжоса болғанына қарамай үсті-үстіне соққылады, төмен қарай иілген қу бұтақты шап беріп, бытыр-бытыр сындырды. - Ашкөз жаналғыш! – деді азынап. – Сезімсіз көрсоқыр албасты. Сол дүлей халде аласұрып келіп, Тоқабайдың жансыз денесін қаусыра құшақтап алып, жерден ашына көтерді. Иығына дік еткізіп сала салған, бейшарада түк салмақ жоқ-ты. Әлденеге, әлдекімге бәлкім, өзіне бәлкім айдалада аласұрып өлген шалға кіжінгені белгісіз жұлқына басып жөнелді. Қалың қарды қабырғалы қара атандай бұрқыратып, ауылға тік тартты. Ол
өзін дәл осындай әлдімін деп ешқашан да ойлаған жоқ шығар, бойына бір сұмдық күш буырқанып құйылған. Осы сәт дүниені төңкеріп тастайтын секілді еді, осы сәт өзімен өзі арыстанша алысқан. Осы сәт тілмен жеткізуге келмейтін бишаралығын да ұққан. Мына жансыз, қаңбақ құрлы салмағы жоқ сорлы шал бұдан әлдеқайда құдіретті сияқты болып көрінді. Ол мұны өлік қалпында-ақ басып-жаншып, тұқыртып бара жатқандай. Әне-міне алқымынан шап беріп ала түсетін секілді үрейін ұшырады. Иығынан төмен салбыраған, көгістенген саусақтары қазір бүре кететіндей сескендіріп, тұла бойы қалтырады. Көзі түскен сайын жаны алқымына келіп, қылғына тұншықты. Бұл өлген, өлексеге айналған шалды емес, өзінің жансыз денесін арқалап келе жатқан тәрізді еді. - Ашкөз жаналғыш! – деді азынап. – Атың өшкір жалмауыз!
Зәулім ағаш әлі де сол қалпы тым асқақ. Кісінің беліндей діңгегінен қырық жыл қырғын болса да қыңбайтын мықтылық, қара дауыл қаптай соқса шайқалмайтын ірілік танылады. Көкжасыл қабығы сай-сай тілімденіп, көпті көрген көненің әжімді жүзіндей сабырға шақырады.
Ал, Садақ осы жасқа дейін ел қатарлы аяғын асықпай басып, аптықпай өмір кеше алмай-ақ келеді, араласпайтын, алаңдамайтын шаруасы жоқ, сол үшін талай сөз де естіген, талай-талай таяқ та жеген, бірақ сабасына түспей-ақ қойған. Бұл да күндердің бір күнінде Тоқабай секілді басын тауға да, тасқа да соғып жүріп, ажалынан бұрын өлетін шығар. Арыстан марқұм айтатын: - Сенің ойыңнан әрекетің бұрын жүреді.
Марқұм сонда жаңылыспаған екен, бұлар сол бір аласапыран күндерде желмен жарысты ғой, аптыққандары соншама, ақ пен қараны, оң мен солды айырудан қалды. Жаусың деп жағадан ала кету оп-оңай болатын. Тоқабай алғашқы құрбандық еді.
Жаңбыр басылуға айналды, бұлт аздап сейілген, бірақ жел бірін қуып әкетсе, екіншісін айдап әкеліп сеңдей сапырылыстырады. Даланың алыс кемері тұтаса қарауытып тұр, нөсер құйып жатыр ма екен. Қарауылтөбе жақ ашық, таудың сауырын жанамалай кемпірқосақ керіле қалған, теректің бұтақтарынан домалап түскен тамшы күннің сәулесіне шағылыса жылт-жылт етеді.
Күреңнің шылбырын шешіп, ағаштан әрірек жетелеп апарды да атқа қонды. Алған беті – ескі тоған, бүгін торыны сал маңнан іздеп көрмек, табылмаса ертең басқа жерді арылтады.
Осы бойда әр жерге ат шалдырып, асықпай жүріп отырып, межелі жеріне күн түске тармаса жетті. Тоғанның аузында үш-төрт жеңіл машина тұр, бөгеттің үстінен бір топ ербиіп көрінеді. Үстеріндегі киімдеріне қарағанда атқамінерлер болуы керек. Өздері әлденеге келісе алмағандай қол сермесіп қызына сөйлеседі.
Таяла келе дауыстары анық естіле бастады, бөгеттің шетіне қарап тұрған орта бойлы жуантық біреу өзгелердің аузын аштыратын емес. - Николаевич, сіз мені тыңдаңыз, бұл тоғанның ернеуі толмағалы не заман, - деп төпелей жөнелді. – Мәселеге бүгінгі күннің көзімен қарау керек. Біз бәрін де есептедік, мұны қалпына келтіруге жіберген қаржы ертең мыңдап-миллиондап қайтарылады. - Миллионыңды қоя тұр, - деді ұзынтұра жігіт ағасы. Сірә, Николаевич сол секілді. – Мыңды айта бер, әзірге соған да қанағат.
Садақ аттың басын тура соларға бұрды, дәл жандарына келгенше олар назар аударған жоқ. Ішінде өзінің жалғызы Далабай да бар екен, сол бұрын байқап, қарсы жүрген.
Садақ аттың басын тура соларға бұрды, дәл жандарына келгенше олар назар аударған жоқ. Ішінде өзінің жалғызы Далабай да бар екен, сол бұрын байқап, қарсы жүрген. - Жол болсын, әке! – деді үркектеген күреңнің шылбырын ұстап. - Әлей болсын! Үстеріне өңкей қаудырлақ қара сулық киген топ бұған немқұрайлы қарады да, әңгімелерін жалғастыра берді. Орталарына ақсақалды шал келгені қаперлеріне де кірмейтін секілді. Бұл Садаққа ұнамаған. - Ассалаумағалейкум! – деп аттан түсті. – Сәлем беруге де ерінесіңдер ғой түге.
Олар сірескен қалыптары еріндерін жыбырлатты. Далабайға бұл сөзі орынсыз болып көрінді ме, жақтырмай қарап, ұзынтұра орысқа күлімсірей бұрылды. - Иван Ильич, ақсақал менің әкем, еңбек ардагері. Орденді жылқышы болған.
Иванды Садақ бұрыннан білетін. Тың совхозының директоры.
- Жақсы. Өте жақсы, - деді ол.
- Ал, мына кісі Петр Николаевич – аудандық ауыл шаруашылығы
басқармасының бастығы, аудандық партия комитетінің бюро мүшесі... – деп шұбыртты Далабай. - Жә! – деп тоқтатты Садақ ұлын. – Ол мені, не мен оны қызметке алғалы тұрғандай бәрін жіпке тізгенің не.
Шеткерек тұрған жасы отыздың ішіндегі жігіт мырс етіп күліп жіберді.
Садақ тоған жаққа қарады, жан-жағын қолдарынан келгенше бекітіп баққан екен. Таттанып үлгермеген болат тосқауыл көзге тым мығым болып көрінеді. Лайланған судың лықсып келіп ыңырана үсті-үстіне соққанына айылын да жинайтын емес. Бөгетті кісі бойындай биіктеткен, бірақ бұрынғы тар табаны баяғы күйінде қалыпты, қалыңдатылмаған. «Түбінде сол сыр беріп жүрмесе»- деп ойлады Садақ.
Кейінгі қалың жаңбыр Сарқыраманы тайдай тулатып үлгеріпті, тоғанның суы қазірдің өзінде мол. Ұстап тұра алса, құт екені анық, ал бөгетті бұзып кетсе, жолындағының бәріне қатер. - Мынауың кішігірім көл ғой, - деді Петр Николаевич. - Міне, жергілікті рерурс дегеніміз осы. Соны айтып совхоз директорының арқасынан қақты. - Сен бұған тегіннен тегін қызықпаған екенсің, Иван. - Рахмет, - деді ол толқынданып жатқан айдынға қарап. - Кезінде осыны қалпына келтіретін қаржыны әр мекемеден жүгіріп жүріп, қайыр сұрағандай болып жинадым ғой, оны сіз жақсы білесіз. - Сол күндерде саған қол ұшын бере алмағаныма өкінемін, - деп Николаевич қалтасынан шылым алып тұтатты. – Енді жағдай басқаша, істің тізгіні шаруашылық орындарының қолына тиді. Өзіміз шешіп, өзіміз атқарамыз, мүмкіндік көп.
Содан соң етектегі көсіліп жатқан ұлан далаға қарады. Оның ылдидағы совхоз орталығына дейінгі бөлігі бұрынғы кейпін бұзбаған, ал әрі қарай тегіс жыртылған, көз жетер жердің бәрі қарауытып жатыр. - Биыл қанша гектар тың көтеруге тиіс едіңдер? - Жиырма мың. - Аз, әлі қосу керек. Сына ұшан теңіз өңірде дала аруы – жүгері жайқалып тұрса, қандай ғанибет. Оның шегі де, шеті де болмасын. Міндет, міне осындай.
Садақ күреңнің шылбырын Далабайға ұстатып, оған таяу келді.
- Шырағым, - деді назарын аударып.
- Иә!
- Мен мына Жаңаталап ауылының тұрғынымын, бұрынғы колхоз,
білетін боларсың.
Петр Николаевич директорға қарады. - Осы арадан оншақты шақырым жерде, ескі қоныс, - деді ол. Садақ оларға тағы да жақындай түсті. - Қарағым, төтеден килігіп сөзге аралассам, бұл жақтың шалдары әдепсіз екен деп қалма. Өзіңдей басшылар қолымызға түсе бермейді. - Тыңдап тұрмын. - Әлгі ауыл азып-тозып барады. Петр Николаевич мұның сөзін тосып алмай, директорға бірер нұсқау берді. Шал сілтідей тынды. Айтпақ ойы ыдырап, тауы шағылып үнсіз түнерді. Апыр-ау, бұл ит те болса үлкен ғой, неге елеусіз етеді. - Сіз, жолдас маған жөндеп құлақ салыңыз, - деген енді тік кетіп. Ол сонда да көз тоқтатып қарамайды. - Құлағым сізде, - деді өзгермеген, аса илікпеген сыңайда. - Айта беріңіз. - Айтсам ауылымыз азып-тозып барады. Алдымен малды әкетті, артынан амалсыздан ел көшті. Бүгінде өзім секілді үш-төрт өлмелі шал, емдейтін жұрты жоқ дәрігер, оқитын баласы жоқ мұғалім ғана қалдық. Бізді осылай дүрліктірудің кімге қажеті болды екен? - Жері нашар шығар. - Үй-үйдің арасына егін екпесе, іргесі шүйгін. Өсіп-өнемін деген елге таптырмайтын-ақ қоныс. Баяғыда, ту-у коллективтендіру жылдарында Арыстан марқұм таңдаған жер. Шырағым, сен оны білетін шығарсың, большевик Жұмасейітовты айтамын.
Петр Николаевич көзін сығырайтты. - Естігем жоқ, - деді кідіріп барып. Содан кейін: Ондай белсенділер көп болған ғой, - деп қосты.
Садақ Арыстанды көп белсендінің қатарына қосқысы келмесе де қарсы
дау айтқан жоқ, бастапқы ойын тірілтті.
- Өтінерім біреу-ақ, Жаңаталап құлазымасын, бір жөнін табыңдар, -
деген. – Ең болмаса бригада ашуға болады ғой.
Ол совхоз директорына бұрылды.
- Шалдікі қысыр әңгіме, - деді Иван Ильич. – Жаңаталап келешексіз
ауыл, осылай кесіп-пішілген.
Садаққа бұл сөз шаншудай қадалды. - Келешегі жоқы несі, азған адам мен алжыған кәрінің ғана болашағы болмайды. Өйтіп шатаспа, шырағым, - деген шамданып.
Директор басын шайқады, кейігені секілді. - Сіз мені дұрыс түсінуге тырысыңыз, - деді қабағын шытып. - Тың игерушілер бәрін жаңадан жасамақ. Ескі жұртты қалпына келтіріп әуре-сарсаңға түсе алмаймыз. - Сонда сен үшін байырғы елдің қолымен жасалғанның бәрі тозған ба? - Бәрі болмаса да, көбісі көнерген. Ал, көне жұртта жаңаның көсегесі көгермейді. - Ашығын айтқаныңа рахмет. Мен де ақиқатына көшейін. Ескі дегенің – сылтауың. Өзіңе қолайлы оңаша жер іздедің. Байырғы елдің қамын ойлағың келмейді.
Директордың өңі сұрқай тартты. - Сіз..онда мынаны біліп қойыңыз, - деп шүйілді. – Жаңа атаулы ескіні қирата келеді. Әр игіліктің өз құрбандығы болады. Керек болса, ана Тоқырау мен мына Сарқыраманы да теріс ағызамыз. - Солай де. - Тап солай! Иван Ильич сыздана қалды. Садақтың да қаны басына шапты. - Шатысқан сендерсіңдер. Байырғы ауылдардың бәрін таратып жатырсыңдар. Ел жұмыссыз қалды. Әлгі тың совхоз дегендеріңе шұбырды. Онда барғанда бірінде үй, бірінде күй жоқ. Бала біткен қазақша мектеп іздеп тағы әбігер. Осы күні алды ауданға, соңы басқа ауылдарға шашырап тоз-тоз. Бұл неге батпасын шымбайға. Ол неге айтылмасын. Мұны неге жаны ашымастың ісі демеймін. Директор тұлан тұтты. Өңі бір қызарып, бір сұрланды. - Далабай! – деді шаңқ етіп. – Сен қайда қарап тұрсың. Мен енді бұл кісімен сөйлеспеймін.
Ол әкесі мен бастығына алма-кезек қипақтап қарап, әбігерге түсті. - Қойыңыз енді, артық кеттіңіз, - деп ескерткен болды. - Үйге қайтыңыз. Садақ бағанадан бері күреңді ұстап тұрған ұлының қолынан шылбырды жұлып алды. Бұдан әрі іркілудің өзі артық еді, атқа жас жігітше қарғып мініп, бөгеттің үстімен тасырлата шаба жөнелді. - Да! – деді Петр Николаевич оның соңынан қарап тұрып . - Батыл шал. Тоғанға тайып құлаймын деп қорықпайды. Қазақтар баяғыда батыр болған деседі. - Ақсақалды бекер ренжіттіңіз, - деді директорға манадан бері әңгімеге
араласпай үнсіз тұрған жігіт. – Біз елді не айтса да, қалай айтса да зер салып тыңдауға тиіспіз.
Иван Ильич шаңқ етті.
- Онда соңынан жүгір!
Садақ күреңді үсті-үстіне қамшылап, совхоз орталығына қарай құйғытты. Құлазыған көңіл жауынды күнгі алабұлтты аспандай әлемтапырық. - Көрдің бе... ей, су тиген кендірдей ширатылады, - деп күйіп-пісті. – Өңкей кекірейген неме. Бұл ел би-манаптан осыдан қырық-елу жыл бұрын арылған жоқ па еді. Ал, мына кесірлі төрелер қайдан шыққан.
Ат ылдиға қарай бүгіле шапты, төрт тұяғы иленген қара топырақты кесек-кесек лақтырады, қос құлағын жымқырып алған. Төменде көрінген шатырлы үйлердің үстінен ағызған күйі қарғып өтетіндей желігеді.
Осы бетінде Далабайдың отауына дейін шапты. Аттан домалап түсісімен: - Зылия, қайдасың! – деп айғай салды. Кемпірі сенекте жүрген бе, тез көрінді, есіктен сығырая қарап тұр. - Киін, ауылға қайтасың! Ол бірдеме деп күңкілдеп еді, түсінген жоқ. - Бол! – деп ақырған. – Аттың алдына салып қумасын десең, қимылда!
Торы ат таң атқанша сандалып, бұрынғы жайлауды таба алмады. Мұғдарлап келген жері де жыртылған, ұлан жазықта өркештеніп көрінген аласа белдерден басқаның бәрі қарауытып жатыр. Су сіңген май топыраққа шашасына дейін батып, еркін шаба да алмайды, шеті де, шегі де жоқ мый батпақтың ішіне бойлап енгендей, шығар жол іздеп аласұрды.
Алыста, ту... у көз ұшында бірдеме тырылдайтын секілді, дыбысы кейде талып естіліп, кейде үзіліп кетеді. Аударылып-төңкерілген томардайтомардай кесектердің арасында бір топ ұзақ әлденені шоқып жүр, әріректе жалғыз суыр қаққан қазықтай қаздиып тұр. Тамырлары қиылып жамбастай құлаған қараған-тобылғы, топыраққа жартылай көмілген түбір-түбір тарлау, желсіз таңда дөңкиіп-дөңкиіп қыбырсыз қалған қаңбақ байқалады.
Ауық-ауық кісінеп алып, желе жөнелді, әлгі суыр мұның әр қимылын бағып тұр екен, ініне сып берді. Сол бетінде іркілместен ұзақ шоқытты, түнімен шөп үзбегендікі ме, іші шұрқ-шұрқ етеді. Бір рет әлдене езіп кеткен кірпіні көрді, тағы бірде әр жерді тоқтай қалып иіскелеп, сүмең-сүмең жортқан қарсақ көзіне түскен. Бұған едірейіп қарап тұрды да, жөніне кетті.
Күн көкжиектен құрық бойы көтерілгенше тоқтаған жоқ, содан соқа тісінен аман қалған көделі ойпаңға жетіп, бірақ іркілген. Қарсы алдынан судың салқын исі білінеді, сонадай жерден күзде де өңін бермеген шалғынды алаңқа көрінді. Жерге басын салып, жаңбырдың тамшылары қонған бір түп қияқты үзіп алды да, бырт-бырт шайнады.
Мына ара көзіне жылы ұшырайтын секілді, ана көк майсалы алаңқайды құлын күнінен білетін тәрізді еді. Шілденің ыстығында енесінің сүтіне шөлін қандырып алып, исі жұпар аңқыған шалғынға кеудесін төсеп, алаңсыз ұйқыға кететін. Күндері елестегендей. Сонда жалы күлтеленген, жамбасында қиық таңбасы бар, кебеже қарын торы бие мұны айнала жайылатын.
Елеңдеп шалғынға қарай аяңдады, анық сол, сылдырап аққан судың күміс күлкісі естілді, даланың бүкіл бозторғайы осы жерге жиналғандай жыртылып-айырылады, шырылдап, шықылықтап, тамылжыта сайрап у-ду. Ал, айна бұлақ әлі бәз-баяғы қалпы жарқырап жатыр.
Торы салған бетте оның қайнар көзін тауып, тастай суды ұзақ ішті, әбден шөлдеген екен, біразға дейін бас алған жоқ. Содан кейін жағасында жайқалған құрақты күрт-күрт орып, алаңсыз жайылуға кірісті. Бозторғайы, шымшығы мен бұлбұлы араласқан көп құстың әуеніне құлақ түріп қарайған түбірлердің үстінде жарбиып отырған бақаларды пысқырынып үркітіп, көкмайсаның жұпар исіне тоймай, түні бойғы ұзақ жортуылдың азабын ұмыта дүр-дүр сілкініп алды.
Алыстан қарағанда бұл жер қап-қара болып шалқыған ұшы-қиыры жоқ теңіздің ортасындағы шағын арал секілді еді. Енді оның иесі аяғында үзілген өренің қайысы шұбатылған, құлын күнінен үйірсек даласын жоғалтып ала жаздаған, қыр арқасындағы ер батқан жеріне ақ қылшық өскен, тұрқы есік пен төрдей ат қана. Соны аңғарғандай дәл осы сәт ешқандай қауып-қатер ойлаған жоқ. Алқымының астынан ирелеңдеп өтіп бара жатқан сарбас жыланды, бір тарпып қақ бөлді, қайдан шыға келгені белгісіз, сонадай жерде үрпиіп, құлағын тіге қалған ор қоянды көзіне де ілмеді. Тек шалғыны бауырын жалаған бұлақтың маңынан баяғы көп жылқының көрінбегені ғана
түсініксіз болатын. Құла айғырдың шәңгірін естіп, боз байталдың жалын қасымағалы не заман.
Ал, бұлақ сылдыр-сылдыр ағып жатыр. Айдалада алақандай арал,
теңізсіз, көлсіз жетім арал, жалғыз ат.
Ертесіне Садақ таңмен таласа тұрып, кеше ауылдың сыртына арқандаған күреңді алып келді. Оны Қабылға қайтармаған болатын, атты тауып алғанша мінетінін айтқан. Торы ендігі жердің түбіне шығындап кеткен шығар, оңайлықпен таптырады дейсің бе, бұрынғы өрісін таппай маңып жүре береді де. Тек ит-құстан аман болсын.
Сиыр сауған соң жапа жинап күйбеңдеп жүрген кемпіріне шай қойғызды да, үйге кіріп, талайдан бері қолына ұстамай кеткен бердеңкені тазартты. Бұл да ескі жолдас, сан рет қажетіне жараған қымбат мүлік. Баяғыда артель колхозға айналатын жылы Арыстан марқұм жылқының санын көбейткен екпінді деп, май тойындағы жиналыста өз қолынан сыйға тартқан еді. Бүгінде бар-жоғы бес-ақ оғы бар, оның өзі атыла ма, атылмай ма құдай білсін.
Дастархан басында кемпірі кінәлі адамдай үнсіз отырды. - Е, байғұсым-ай, өміріңде менің ырқымнан шығып, алғаш рет өз дегеніңді істеп едің, ашуың алысқа бармады ғой, - деп ойлады. - Ана ынжық ұл саған тартпаса нетті. Оразасын ашқан соң керек-жарағын түгендеп алып аттанып кетті. Бүгін де ескі тоғанды орағытып өтіп, содан арғы өңірді арылтпақ. Совхоздың жылқысы кейінгі кезде сол маңда деген, торы үйірсек еді, қара тартып барып қосылуы да кәдік.
Күн бұлыңғыр, сылбыр соққан жел бар, бауырлары қоңырқай тартқан жалбыр бұлттар аспанда еріне жүзіп, баяу қалқиды. Күн шығыс жақ тұтасып алған, не қылса да биылғы күз қысқа ылғалды болып жалғасатын секілді. Даланың шөлін бір қандырған. Күрең кешегідей емес, тізгінді кере желмейді, сауырын сипай қамшыласа, шоқақтап барып қайтадан аяңға көшеді. Оты қанбаған ба, қолы сәл босаңсыса, мойнын созып жіберіп, су сіңген биік көдені үзіп үлгереді. «Әлгінде жем бермеген екенмін» - деп ойлады.
Одан кейін есіне кешегі әңгіме оралды да, кеудесін кере күрсінді. Сөзіңді балаңмен жастылар жүре тыңдаған соң, көк тыйын құрлы құның қалмағаны ғой. Тіпті көздеріне де ілгісі келмейді, жай айтсаң естімейді, қатты айтсаң шамданады. Ал қыбын тауып көр.
Пұшпақ тақиясын қолына алып, жіпсіген маңдайын сүртті, содан соң талайдан бері қинап жүрген бір ұзынсонар ойдың түйінін таппақ болған. Батыр-ау, Жаңаталап дайын тұрған бөлімше емес пе еді. Одан ат-тондарын ала қашып, ана Сүлейдің көк тасының түбінен жаңа ферма ашқанда, не ұтты? Ол жерде өзен де, бұлақ та жоқ, ел не жазда, не күзде жайламайтын өңір. Ана бір кезде арнайы барып көрген, жеті-сегіз үй салыпты, бір-екі қора тұрғызыпты. Ал, айналасы тап-тақыр, машина мен трактордың дөңгелегі қазып кеткен сай-сай жыра, селдір жусан, жерге жартылай сіңген қия-қия көк тас. Жаңбырлы күздің өзінде өңі қашып жатыр.
Ауылдың ортасынан өтіп бара жатып, есігінің алдында ағаш бұтап отырған жігітке бұрылды. Бұл маңның адамы емес, бұрын көрмеген кісісі. Жөн сұраса келіп, ту-у... Үркіттен қоныс аударғанын білді. - Ақыры ит өлген жерден келген екенсің, мына Сүлейдің көктасы емес, жайлы жер таппадың ба?-деп еді.
Ол бұған күле қарады, сірә айтқанын дұрыс түсінбеген тәрізді. - О каком Сулее говорите. Это Каменка. Вы заблудились, - балтасын жаңғырыққа кірш етіп қадап, орынынан тұрды.
«Каменкесы несі» - деп ойлады бұл. Осы не айтып тұр өзі. - Да, старик, вы не туда завернули. Ал керек болса, сонау қияндағы Үркіттен келіп бұған жөн айтады. - Шырағым, не деп кеттің. Адасқаны қалай? – деді таң қалып. - Мен мына ауыл түгілі, Сүлейдің өзін де көрген адаммын. Осы өңірдің қыбырлаған аңына дейін біледі мені. Қой, қайдағыны айтпа, Кәмеңкеңді ұмыт. Бұл жерге Сүлейдің көк тасы деген атты сен қойған жоқсың, ендеше өзгерте де алмайсың.
Жігіт маған бәрібір дегендей иығын қиқаң еткізді. - Ныспың кім? – деді енді Садақ. - Андрей. - Мен әкең құлағыңа азан шақырып қойған осы есіміңді ұмыт, енді сені Бөрібай деп атайтын боламыз десем, көнесің бе? - Нет. - Әне, бұл ұнамайды саған. Келіспейсің. Сүлей де солай, көнбейді ол да. Содан аттан түспеген күйі кері қайтып еді. Алаң еткен жайдың түйінін табамын деп барып, көңіліңе кірбің ұялатып оралған.
Күншығыс жақта тұтасқан бұлттың аумағы бірте-бірте ұлғайып келеді, аспан аласара аударылып кеткендей. Даланың селеуі мен көдесі
түбінен күлтелене көктеген, ат тізесін қағатын биік жусан көктемдегі бояуын қайта тапқандай жап-жасыл. Ал Қарауыл төбенің тарғыл тасты жалаңаш жоталары айналаға менменсіп сыздана қарайды, ұшар басына дейін тақыр, не сексиген жетім терегі, не қалқиған қарағай жоқ. - Сүлей, садағаң кетейін, абыз адам еді ғой, жарықтық, - деді күреңді сипай қамшылап.
Қашан жүріп-тұрудан қалғанша Жаңаталапта бала оқытты. Отырған жері шежіре еді, жаз шықса өзімен бірге қартайған бозжорғаны мініп, осы маңдағы елді аралайды, қазақтың көне қария сөзін, ескі жыр-аңызын жинайды. Естігенін майын тамызып айтушы еді.
Балалардың қысқы демалысында ылғи жылқышыларға келіп жүрді. - Қара қоста өткен әр күнім жылға бергісіз, - деуші еді марқұм. Бірде сол Сүлей айтқан: Ертеде, есте қалмаған ескі заманда осы өңірді Мық деген ел мекендепті. Бақса – малына, істесе – ісіне құт дарып, жоқшылықтың не екенін білмепті. Үйір-үйір жылқы, отар-отар қой өсіріп, таудан кен қазған. Тылсым тастың тілін біліп, алтын мен жезді қорғасындай балқытыпты, темірден түйін түйген деседі. Жеті қат жер астына үңіліп, аспандағы алыс жұлдыздан сыр сауған.
Сыйласқанға дархан, мұңдасқанға бауырмал болыпты, төресі мен бегі, ешкімге өші мен кегі жоқ екен. Жау мен дау деген ұғымды білмепті, талдан иіп садақ, болаттан шыңдап қылыш жасамапты. Даласы жомарт кең екен, төрт құбыласы тең екен.
Құстан әнші деп бұлбұлды, аңнан әсем деп маралды қастерлепті. Халықтың мұратын айтады деп ақынды, көптің қамын ойлайды деп қарияны құрмет тұтыпты. Биіктікке талпындырған тауды, дархандыққа үйреткен даланы ардақтапты. Бұлақтың сұлу сылдыры қызының тілінде, заңғар-заңғар шыңдардың тәкаппарлығы ұлының жүрегінде екен. Адамды адам құрбан етеді дегенге сірә да сенбеген деседі. Дүниеде күнә мен күпірлік атаулы қарасын батырғанда өлім үшті-күйлі жоғалады деп уағыз таратыпты. Мәңгілік деп күнге, тіршіліктің тұтқасы деп жерге табыныпты. Таңды шашу шашып қарсы алған, ақ отауды ай нұрына бөлеп көтерген. Осы өнері асқан елге өнегесі жоқ жұрт көрші болған деседі. Сол заманда оны Удайди деген залым хан билеп төстепті. Бір күні Удайди қатыгездігі өзінен бір де кем емес, өресі тар, кең емес, өңкей екі иығын жұлып жеген қолбасыларын жинайды.
- Уа, өздігі жоқ - өзеуреген, айтары жоқ – айғайлаған көп тобыр, не естіп, не көрдіңдер? – дейді. - Көреген сен тұрғанда, көз біздерге не керек! - Хан тағының алдында сөз біздерге не керек! – деп шулайды олар. Сонда Удайди сөйлейді: - Мық дегенің өнері асқан ел болды, Қақ жолымда сұлап жатқан бел болды, Қусам – жеткізбейтін жел болды Бөгесем – ағыны қатты сел болды. Жаулап алған жері жоқ – Атағы асып барады. Қосып алған елі жоқ – Мысы басып барады. Құрты болды көзімнің Таусылды енді төзімім. Кеудесін бір баспақпын Жойқын соғыс ашпақпын. - Иә,иә! - Еңсесін бір басамыз! - Қырғын соғыс ашамыз! – деп өзеуреді бәрі. Содан күндердің бір күнінде қаптаған қалың қол бейбіт елге тұтқиылдан тап берді. Жер қайысқан, аш қасқырдай жалаңдаған әскер жолындағының бәрін ат тұяғының астында таптап, кәрі-жас, бала-шаға демей қойдай қырды. Нәресте шырылдап найзаның ұшында кетті, сұсты қылыштар жай оғындай жарқылдап, азынай атылған сұржебе көзделген жеріне кірш-кірш қадалды. Ұлан дала ұлардай шулап, етекте орман, қырда тау күңіренді. Қызғалдағы сағағынан үзілмеген, құсының ұясы бұзылып көрмеген есіл өңір торғайдай тозды. Ашкөзденген алпауыт дұшпан бесікте бала, үйде әйел, түзде еркек қалдырмай жалаң қақты. Көкте күн тұтылды. - Шыққыр көзім не көрдің, жарқырамай сөнсемші! Жаһанда қара жердің қабырғасы қайысты. - Қан сасып қаңсып жатқанша, қақ айырылып кетсемші! Қайқы қылыш шалт көтерілсе, дүние жанынан безді. Бұлт үркіп шөкімдей, дала түршігіп тоқымдай тарылды. Кешке қарай жау жолында тірі пенде қалмап еді, жансыз денелерден аяқ алып жүру мұң болды, кесілген сансыз бас ұлан өңірде тарыдай шашылып
жатты. Удайди ат басын тартып, Мық елінің күлі көкке ұшқан, бағы тайған жеріне айызы қана қарады. - Ақын қайда? Ерлігімді жырласын. Мадақтаған ән-күйі айлар бойы тынбасын! – деп әмір етті. Дүниеде қарақан басының қамы үшін жендеттің шашбауын көтерген ақыннан өткен азғын бар ма? Жер-жаһанда әзірейілді әнге қосқан жыраудан өткен ез табылған ба? Тау олардың даусын естімеуге тырысып сырт айналды, қара орман қалың тұманға оранып тас бүркенді. Ал арсыз ақын жағы талмай сарнады. Оның үнінен жансыз мүрделер де жиреніп еді. Сол көп өліктің арасында анасы бауырына баса құлап, қорғап қалған Мық елінің соңғы тұяғы бой тасалап жатқан-ды. - Ақын әнге салса, жаудың беті қайтқаны, - деп ойлап орнынан көтерілді. Қаптаған қалың дұшпан қайтадан азан-қазан болды, тұс-тұстан анталай ұмтылып, тап-тап берді. - Шауып тастаймын! – деді біреуі. - Ат құйрығына байлаймын! – деп жұлқынды екіншісі. - Тірідей түту керек! – деп өршеленді өзгелері. Бірінің айтқанын бірі тыңдамай, қан сасыған даланы бастарына көтерді. Сонда Удайди орнынан тұрды. - Бәрің де ақымақсың! – деп күркіреді. – Мен оған өлімнен де зәрлі жаза таптым. Қынындағы қанжарын суырып алып, баланы бас салды. Шырылдатып, жерге алып ұрып, алқымынан бүре буындырды. - Міне, менің үкімім, - деп тілін кесті де лақтырып тастады. Қалың қол теңіздей толқып, құтырына қиқулады. - Өлтір тақсыр! Тірі жіберме! – деп шулады. - «Өлім!Өлім!» - деген үрейлі үн аспанның астын кезіп кетті. Қолында қанжары жалаңдаған Удайди ортаға жұлына шықты. - Тоқтат! – деп арс етті. Содан кейін омырауын қан айғыздаған балаға қарады. - Ал енді кете бер, жолың ашық. Сен бұл өмірден еліңнің қойдай қырылып, көктей солғанын тірі пендеге айта алмай күңіреніп өтесің. Көзің көрген сұмдығың көкірегіңе шемен болып байланып, адам жаны төзгісіз азап шегесің. Айдалада аш қасқырша ұлып, түнерген түнде
байғызға үн қоса сарнайсың. Тәңіріңнен ғұмыр бойы бір сәтке ғана тіл бітіруді аһ ұра өтініп, басыңды тауға да, тасқа да соғасың. Мен ақтық демің біткенше күндіз көзіңнің алдында тұрамын, түнде түсіңе енемін. Кегің алынбайды, қыжылың басылмайды. Ал одан өткен қорлық жоқ. Міне, Удайди осындай қорқау еді. Бала сенделіп кете барды. Аңырады – үні шықпады, зар иледі – даусы естілмеді. Сол бетінде тауды бөктерлеп, Сарқыраманың таудан шапшып ағатын қайнар көзіне жетіп жығылғанша тоқтаған жоқ. Осы жерде есінен танып ұзақ жатты. Көзін ашқан кезде аспанның асты қылаңытып тұр еді, жұлдыз сирек, Жетіқарақшыдан бастап Темірқазыққа дейін өңі қашқан. Түнгі көктің төрінде дөңгеленген ай жаудың оғы ысқырынып келіп өңменіне қадалатындай сұпсұр. Бозамық сәулесі тау арасына боздап төгіледі. Бала тәлтіректеп орнынан көтерілді, тау өзені тасып ағып жатыр, көкезу көп толқын бірін бірі баса көктеп, тастан тасқа ұрынып бүлік іздейді. Қырық бүктетіле көкке шапшып, аспандағы айға атылады. Жағада қалқиған кәрі терек бұтақтары үрейлене тарбиып, арса-арса тамырларын жақпар-жақпар тарғыл тастың қуыс-қуысына сүңгітіп жіберген, қатты ағыс қашан жұлып әкетеді деп қалтырайды. Мық елінің сорлы болған соңғы тұяғы өмірден күдер үзді, ол Удайдидың мұның пешенесіне жазған қайғы-қасіретінен азып-тозғанша өлуге бекінді. Жағадағы қия тасқа өрмелеп шығып, айдынында үйір-үйір жын ойнақ салған, көбік шашып алас ұрған долы өзенге қарғыды. Әуелде мұздай суға шым батып кетіп еді, тынысы демде тарылып тұншығып бара жатқан, сол кезде бір әулетті күш кеудесінен түйіп өтіп, серпе лақтырды. Алапат толқын қаңбақша домалатып әкеп жағаға топ еткізді. Бала не болып, не қойғанын да аңғарып үлгерген жоқ, Сарқырама күркіреп қоя беріп еді, әлгі дүлей толқындар, қырық бүктетіліп, жиырылып жазылды. - Мені енді ажал да алмайды, - деп күйзелді бала. Осы кезде етектен улап-шулаған, бейберекет жамыраған дауыстар естілді. Бала кеудесін көтеріп, сол тұсқа бұғына көз салды. Таудың бөктеріне келіп тірелетін ойпаңнан жыпырлаған сансыз жарық көрінді. Әр жерде лаулата жаққан оттың жалыны көкке шапшиды, айдың бозғылт сәулесіне болат дулығалар жылт-жылт шағылысқанда, жүрегі кеудесіне сыймай дүрс-дүрс соқты. - Удайди ғой бұл, - деп ыңыранды.
Ол қалың қолымен көк шалғынға қаптай қонып, қанды жорықтан соң думандатып жатыр еді. Шегірткедей құжынаған көп қарақшы қарқ-қарқ күліп мәз-мейрам. Бағанағы арсыз ақын Удайдиды жер-көкке сыйғызбай көкиді, әлденені қаңғыр-құңғыр қағып, оттың жарығында ербеңдеп жүр. Баланың көкірегі сыздады, тұла бойы безгек қысқандай қалшылдап бара жатты. Сонда оның не айтып аңырағанын, әттең дүние-ай тірі мақұлық та ести алмаған. Түнде көкті билеген, Күнге басын имеген, Ай тәңірім жалынам – Бәрінен еңсең асқан-ды, Есірген жаудың үстіне Жіберші тастап аспанды – деп жалбарынды ол. Ай бәз-баяғы қалпы өңі бозарып тұра берді. Енді бала қараңғы түнде қарауытқан тауға жүгінді. - Қара жерді таптаған, Жалғанда тең таппаған, Тауым-заңғар тәңірім Жетіміңді жұбатшы. Қалың жаудың үстіне Шың құзыңды құлатшы. Тау түнере түсіп, өркеш-өркеш биігі қараңдап тіл қатпады. Бала Сарқыраманың жағасына келді. - Айбаттанған, тулаған, Қаһарланған, шулаған Су киесі құдірет. Қойдай қырған елімді Көп дұшпанның үстіне Қаптатсаңшы селіңді.
Сарқырама жағаға шапшыды, арнасына сыймай буырқанғанда, жиектегі көк терек жанын шүберекке түйді. Жолына еміне төнген жартасты ақжал толқын өршелене сабалап ашу шақырды. Баланың көкірегі қарс айырылды. - Мені ешқайсы да естімеді, - деп қолқасы үзіле қамықты. Ал асау өзен бұрқ-сарқ қайнап, тау іші жаңғырығып бара жатты, баланың құлағына өктем де өжет үн келіп жетті.
- Сорлы жетім, сен мені қатыгез деп санама, Ер қырылып жатқанда барлығы да садаға! Сарқыраманың айбынды даусы жеті түнде зеңгір көкті шарлап кетті, жұлдыз біткен жыпыр-жыпыр жасқанып, Үркер бір бүйірге ауа көшті. Ай тоқымдай бұлтты тасалап, таудың биік шыңдары ербең-ербең елеңдеді. Өзен тас-талқан тулап, етекке қарай арқырай ақты, айналаны ақ көбік басып, тылсым түн түнере түршікті. Ал жау жасағы сол бәз-баяғы қалпы думандата берді. Мылқау баланың көкірегін шоқ қарығандай күйзелді. Удайди Сарқырамадан да құдіретті ме еді. - Асау-асау толқындар, айбаттылар толайым, Жауды жайпап өтсеңші, құрбандығың болайын, - деп егілді. Өзен долдана күркіреп жағаны жүндей түтті, енді бұрынғыдан да ширыға, қаһарлана күркіреді. - Әлде менің, әлде оның, білмей қойдым соры ма, Қара жартас қырсығып, жатып алды жолыма. Сол кезде түксиген тау дүр сілкінді, терең шатқал, жықпыл жыра қаңғыркүңгір жаңғырытып, шың-құз күтір-күтір шытынады. Тауға тіл бітті. Тентек өзен тектенсе, мен де өнерді бастайын, Қара жартас қырсыққан, қағайын да тастайын. Бөктерде әлдене шатыр-шұтыр қақырап, гүрс-гүрс құлады, түн құлағы тұнып, тынысы тарылды, жер теңселіп, аспан қуықтай қуырылды. Бірінің үстіне бірі құлап, аласұрған асау толқындар етекке қарай үдере лап қойды. Күндей күркіреп, жер-көкті азынатып, түйедей-түйедей тастарды допша домалатып барады. Бала өзенді жағалап құстай ұшты, түн ішінде бөктерден жанұшырған көп дауыс сарнап шыққан сайын барын салды. Ал Сарқыраманың құдіретті гүрілі жаһанды жаңғырықтырып, бәрін билеп-төстеп алған. - Уа, Удайди, сен дегеніңе жеткен жоқсың, мен мылқау емеспін! – деп айғайлады жүгіріп келе жатып. Садағаң кетейін Сарқырама оның даусын әуелете іліп әкетті. Жансыз деме, дұшпаннан Су-ана да жериді, Қайғысына елінің қара тас та ериді. Таудай толқындар ойпаңға лақ етіп құйылғанда, жау есін жиып үлгере алмай, алапат тасқынның астында қалды. Удайди дәл төбесіне құлап келе жатқан үйдей тасты көріп үлгерген, таудан күркірей аққан асау өзен емес, өзі
қырып салған қалың ел тәрізденіп қылғына шыңғырды. Сансыз көп мүрде жан-жағынан жармасып тірідей түтті ме, әлде өңкей тілдері кесілген мылқау балалар үстіне ұмар-жұмар құлап, сүйек сүйегі күтір-күтір уатылды ма, білген жоқ. Зілдей тас жаншып өте шықты.
*** Сүлей айтқан осы бір аңыз Садақтың жадында мәңгі бақи жатталып қалған, оны ескі тоған жаққа келген сайын есіне алатын. Марқұмның аузынан естіген қария сөзі жалғыз бұл ғана ма, оның тұла бойы тұнған жыр-дастан еді ғой, жұрт ертең де күн барын, бүгіннен қалдырмай істеп тастайтын шаруа барын, бәр-бәрін ұмытып ұйып тыңдайтын да отыратын. - Содан бері Сарқырама бөгет атаулыны тас-талқан ете беретін болыпты, басқа өзендердің арнасы көктемде ғана толса, оның жылына екі рет тасып ағатыны тегін бе, - деп бітіруші еді қиссасын. Марқұм дүние салар алдында Жаңаталаптың тайлы-таяғын қалдырмай үйіне жинады. - Мен сендерге өзім білетін аңыздың бәрін айтып бердім, ал сендер оларды ұмыта көрмеңдер,- деп еді жарықтық. Артынан жұртқа өсиет еткен. - Мық елінің сол жалғыз тұяғы ана ескі тоғаннан сыртқары жатқан оқшау көк тастың түбінде жерленіпті деседі. Мені сол араға арулап қойыңдар. Күреңді еспе аяңға салып отырып ескі тоғанға күн арқан бойы көтеріле жетті. Әлгінде жаңбыр сіркіреген еді, әйтеуір себездеп тұрып-тұрып басылған, көз алдында өзі талай-талай шарлаған өңір шалқып жатыр. Бұл оның қай жерінде жыра, қай тұсында сайы барын жатқа біледі. Ана бір жыртылған ойпаңда, бір шоғыр ұшқаттың түбінде түлкінің іні болушы еді, мына сол жақтағы қарағанды жазықтың арасында қысы-жазы қоян жыртылып айырылатын, ал Қарауылтөбенің сонау қия тастарынан арқар үзілген емес. Тоғанның етегіндегі шалғын дуадақтың өрісі болатын, қазір сол аң-құсты ілуде-шалуда көріп қалмасаң, іздегенде емге таба алмайсың. Осы күні аңнан аңшы көп. Ойы сан-саққа кетіп келе жатып, тағы да Сүлей марқұмды есіне алды. Оның есімімен аталатын көк тастың аяқ астынан Кәменке болып шыға келуі жынын қоздырған. Тәйір-ау, өзгертілген жер атымен бірге елдің тарихы ұмытылатынын бұлар неге ескермейді.
Сүлей марқұм айтушы еді: - Ертегіңді жоғалтсаң, ертеңіңді жоғалтасың. Ол көненің көп аңызын тегіннен-тегін қайта тірілтті дейсің бе. Садақ күреңді қамшымен сауырдан қалай тартып жібергенін білмей қалды. Ат шауып ала жөнелді, тізгін тартпаған, бағанадан бергі аяңға құшыры қанбағандай тақымын қыса түсті. Сол бетінде тоғаннан өтіп кеткенше күреңді еркіне жіберді, Сүлейдің көк тасына жалғасатын тақыр белге көтеріліп барып бір-ақ ірікті. Осы жерден айналаны шолып, мана үйден ала шыққан дүрбімен қарайған бұта, қалқиған қараған-тобылғыға дейін түгендеді, некен-саяқ жүрген мал көрінбейді. Ту... у алыста үш-төрт трактор жер жыртып жүр, одан беріде астығы жиналған егінжай көзге шалынады, сабаны әлі тасылып алынбапты, көпене-көпене болып үйілген қалпы жыпыр-жыпыр етеді. - Қой, жылқышыларға барайын, - деді күреңді тебініп, - солар бір жөнін білуі мүмкін. Бұл арада жер құмдауыт, шөбі сұйық. Осыдан бес-алты жыл бұрын кен іздеушілер жаз бойы табан аудармай жатып біраз зерттеген. Солар қазып кеткен шұңқырлардың жиек-жиегіне селдіреп тікен өсіпті. Кей тұс қылтанақсыз ақ тақыр, таздың төбесіндей жалтырайды, адам сияқты жер де ала-құла. Бірде шоқытып, бірде сар желдіріп отырып, Көлбайдың қасқа бұлағына жақындағанда, қарсы беткейде қаптай жайылған жылқы көрінді. Манадан бергі жолда осынау даланың бір кемдігі бардай, әлденеге елегізи берген еді, жетпегені ана қарақұрым мал екен. Астындағы күрең де елеңдеп, қайта-қайта пысқырып, құлағын қайшылады. Жапан дүзде қиқулап, шаба жөнелгісі келді, қалың жылқыға ұраңдап араласа кетуге асықты. Бытырап жатқан жануарлар жанарын алыстан арбап, делебесін қоздырды. Беткейден асып түскенде, бұлақтың жанына тігілген шатыр көзіне шалынған. Жанында үш-төрт ат байлаулы тұр, жеңіл арба көрінеді. Соның тасасынан екі төбет ит шыға келді, тыныш жатқан қойнауды арс-арс жаңғырықтырып қарсы ұмтылған. Таяла беріп, тұра-тұра қалысып, бауырының астындағы жердің топырағын бұрқ-бұрқ боратты. Аттың үстінде болмаса, тарпа бас салып, жүндей түтеген түрлері бар. Сол кезде шатырдан ұзын бойлы жігіт шыққан, жүзі таныс секілді, жақындап келсе, Ысқақтың Шаяхметі. Қарбаң-қарбаң етіп, аттың шылбырынан ұстап жатыр. - Ассалаумағалейкум, Сақа, жол болсын! - Әлей болсын!
- Үй ішіңіз аман. - Шүкір. - Ойпыр-ай, әкемнің өзі іздеп келгендей болдым ғой. Қалбалақтап асты-үстіне түсті, шатырға енгізіп, астына көрпе төсеп, жастық тастады. - Біздің ендігі кәсіп осы, - деді күбіден қымыз құйып жатып. – Жылқыға көшкем. Садақ шатырдың ішін шолды, баяғы қара қос емес демесең, жабдығы өзгере қоймаған. Шағын төсек-орын, іргеге сүйеген қосауыз мылтық, босаға жаққа тастай салған ертоқым, аяққап, ескі киіз, басы артық бір нәрсе жоқ. - Ақыры Ысқақ марқұмның жолын қуған екенсің ғой, - деді қолына ұстатқан сырлы аяқтағы қымызды баппен ішіп отырып. - Солай болды, - деді Шаяхмет. – Шөпшілердің бұрынғы бригадасы енді жоқ, жігіттер түрлі жұмыста жүр. Бірі трактордың тіркемешісі, бірі жүгеріші, тағы бірі құрылыста. Жылқыға өзім сұрандым. - Бағып отырғаның қанша тұяқ? - Үш жүзге тарта. - Бұрын бұдан көп еді ғой. - Осы күні жылқыдан қадыр кеткен жоқ па. Көрші совхоздарға таратты, сойды, сатты, әзірге қалғаны осы. - Неше адамсыңдар? - Екеу. Әр жайдан құлаққағыс бола отырып, қымызды сарқып ішті. Бір ашуы ішінде сияқты, жүрегін қыжылдатқан. Ер адам ұстаған дәмде қандай бап болушы еді. - Бұл жаққа нендей шаруамен келіп едіңіз? – деді Шаяхмет. - Ат іздеп жүрмін. Алдыңғы күні кешке өре салып жібергенмен, содан таптырмай кетті. Көзіңе түспеді ме. Қамшылар жақ құлағына ен салған торы. - Байқамадым. Жылқыға бөтен мал қосылған жоқ. Садақ ас қайырып орнынан тұрды. Шаяхметке ол бұрынғысынан шөгіп кеткен секілді болып көрінді. Даусы да жарықшықтанып шығады, тек жанары баяғысынша өткір. - Қайда асығасыз, қара қоста қадыр бар деген емес пе, қонып кетіңіз, - деп қолқа салды. - Рахмет шырағым, - деді шал есікке беттеп. - Әлгі атты тауып алуым керек.
Іштей бүгін осында қалғысы да келіп тұр еді, жылқыдан қол үзгеннен бергі уақытта қара қосты қатты сағынғанын аңғарған. Көптен жоғалтып, таба алмай сарсаңға салған асылына кез болғандай халде еді. Жерошақ жақта жатқан тері тулақ, шөптің үстіне тастай салған ағаш қазық пен тоқпақ, қыл арқан, сонау беткейде қаптай жайылған жылқы, тіпті сырты қап-қара күйе болған шөңкеге дейін көзіне оттай басылды. Ол өзінің осынау ұзақ өмірінде солардан қымбат, олардан әсем жиһазды сірә көрмеген шығар. Бұған, шындығына келгенде, жылқышының аласа қара қосы мен ана іргеге сүйей салған қайың құрықтан басқаның қажеті де шамалы еді. Түнімен жылқы жайып келіп, таң ата қостың іргесінде аттан түсіп жатқанда, аяқты малдың отын қандыруға ғана жарайтын өрісті ғана емес, бүкіл әлемді шарлап шыққандай, көз алдындағы ұлан далаға көсегең көгере, еңсең биіктеп бір қарағаныңның өзі неге тұрады. Сонда тобылғылы, көделі, бұйрат-жоталы, бұлақ пен өзенді, аясы мол, садағаң кетейін шалқар даланың иесі тек өзің екенін масаттана сезініп, жер-дүниең кеңіп сала берер еді ғой. Неге екенін кім білсін, ол осы сәт сар даланың бойын жалғыз кезіп кеткісі келді. Оның ат тұяғы баспаған бір де бір пұшпағын қалдырмай, аралап шыққысы, өмір бойы қас қағым уақытқа да жанарының алдынан жоғалтпай өткісі келді. Өзін дүние жаралғалы онымен бірге жасасып келе жатқандай сезінген, сонымен бірге мәңгі-бақи ғұмыр кеше беруге ынтыққан. Осы бір тосыннан келген құштарлықпен атына қарай жүріп еді. Шаяхмет өзінен озып барып, күреңнің шылбырын шешті де, алдына көлденең тартты. Қолтығынан демеп, ердің үстіне дік еткізіп қондырған. - Қонып кеткеніңіз де дұрыс еді, - деді шылбырды қолына ұстатып жатып. - Сізді қимай тұрғаным. - Ә, солай ма, деді Садақ. – Шал-суанды сағына бастаған екенсің ғой. Әлі көздеріңнен бал-бұл ұшармыз. Сарыла іздерсіңдер сонда. Қариясы жоқ ауыл – жетім, осыны ұмытпа. Содан кейін кетуге ыңғайланып барып іркілген. - Сен мына алдыңдағы малды дұрыстап бақ, - деді қадағалай тапсырып. – Ол әкең Ысқақтың да, мына менің де аманатым.
Даланың төсінде бірте-бірте күш алып келе жатқан күздің қадау-қадау белгілері байқалады: әшейінде түс әулетінде даланы сағым торлап, бұлдыр-
бұлдыр жөңкіліп жатушы еді, енді мұнарланып суына бастаған. Жалпақ жазықты қуалай өскен көп көде тоңазыған қара жердің сыртына шыққан түгіндей үрпиеді. Ат тұяғының дүсірінен бауырын жалата қалықтайтын кез – құйрық пен дала шағаласы зым-зия жоғалған, қылт етіп көрінгеннің бәрінен үркетін қоян да көзіне түспей, айналаға жабырқай қарады. Қара танытпай кетсе, түздің аңы да сағындырады екен, дәл қазір жылқы баққан көп жылдарының ұзына бойында жауша жағаласып өткен аш бөрі алдынан ойқастап шыға келсе, кәрі жыны қызып, қиқулап қуып бермес еді, ежелгі ескі жолдасындай іш тарта қарап, бүкең-бүкең жортқанын қызықтап, жанарының алдынан жоғалғанша құмарланар еді. Түз тағысы да адамның көз қуанышы, әуелде ырзығына бола жаратылып, соңынан ермегіне айналған ол да бір мұңлық. Аспаннан, ту...у ғарыштан тырау-тырау ән естілді, ат үстінде шалқая қарап, ештеңе көре алмай жанары жасаурады. Күзде қайтқан тырнаның үні адамның құлағында айлар бойы қалар еді, өтіп бара жатқан уақыттың жаңғырығы, келер күннің күмбірі болып тілдесетін. Әркімнің өз жүрегінің терең түкпірінде сақталатын, тірі пендеге сірә да айтылмайтын уылжыған аяулы сыры да сол. Мейлі, төріңнен көрің жақын тұрсын, мейлі тамыры суалған, күзгі жапырақтай қалтыраған кәріліктің соңғы күндерін тауысар кезің келсін, өмірден бәрі бір күдер үзгізбейтін тіршілікке құштар көңілдің мұңлы сазы да сол. Күзгі аспанның төрінде тыраулап ұшқан тырналар керуені жыл сайын адам ғұмырының бір үзігін бірге ала кеткенде, келер көктемде өзіңе қайтып берер болсайшы. Қамшылар жақ тұсынан Құланасқанның сыңар биігі көрінеді. Басына бүркіт ұя салатын еңселі, қия жартасты тау осы арадан ат шаптырым жерде. Етегі сайлауыт, ала жаздай шапсаң таусылмайтын шабындық, қойнауқойнауында бұлағы сылдырлап ағып жатады. Ал көш жер ұзап шықсаң, құмдақ тақырға кезігесің, содан қашан Сарқырамаға жеткенше шөбі сұйық қуаң дала таусылмай діңкеңді құртады. Баяғыда, ұмытпаса Жаңаталапқа мектеп салынғаннан кейінгі жылдың қысында Арыстан марқұмды осы Құланасқанға дейін айдап барған болатын. Сұмдық-ай десеңші, соған мұны өзі қояр да қоймай көндіріп еді. Сол жылы қыс қатты болды, екі күннің бірінде борандатып, желтоқсанның өзінде жылқының өрісін тарылтқан. Бұлар азын-аулақ тұяқты алысқа ұзатып жая алмай, Тоқыраудың екі қапталын шиырлай берген. Жаңаталаптағы артельге ол молынан жетер еді, күзге қарай күтпеген жерден өрт шығып, өзеннің қос өңіріндегі талай жылғы қауды тып-типыл етті. Оның қалай
болғанын, кім жасағанын Арыстан бастап, ауылдың барлық кедей-кепшігі жабыла іздегенімен, ұшығын да ұстай алмады. Тоқабайдың өлімінен кейін бұл кілтшіліктен безіп, қайтадан жылқы бағуға шыққан. Қыста малды Ысқақпен кезектесіп қарайтын, кейде Арыстан екеуін алмастырып, бір уақ тыныс беретін. - Атқа қонып, жылқы ішінде жүрсең еңсең биіктеп, адам болып қаласың, - деп күлуші еді. Ал қыс борандатып тұрып алғанда келуін тіпті жиілетті. Сол күні ол бұларға түс ауа жеткен, қанжығасында қоржыны томпаяды. - Бүгін сендерге ыстық сорпа ішкіземін, деді үшеуі қосқа кіргенде. – Кеше олай ойлап, бұлай ойлап, бір өгізшені сойдырғам. Ел қысыла бермесін дегенім ғой, суық түскелі ауыздары қызылға тиген жоқ. Соның етінен сендерге де ала келдім, қазір жақсылап тұрып асамыз. Күн желтең еді, жылқыны Ысқақ тоғайдың ықтасына қайырып келгенше, екеуі қостың ішіне маздатып от жақты, мосы құрды, оған шөңке ілінді. Біраздан соң пісіп келе жатқан жас еттің тәбетті ашатын хош иісі біліне бастады. Бұл еріксіз отқа қарай жақындап, етті істік ағашпен әредік қозғағыштай берген. Талайдан бері бидай көже мен қатықсыз қара шайдан басқа дәм аузына тимеген, суық сорған Ысқақ отты үстемелей жағып, қайтақайта жұтынады. Арыстан әр жайдан сөз қозғап отыр. - Қарағандыдан елге кәмәсиә шығыпты. Мал жинайды деген сөз бар. - Қой, бекер шығар, - деп Ысқақ ыршып түсті. – Елде мал қалып па еді. Арыстан насыбай шақшасын етігінің өкшесіне тық-тық ұрып отырып күрсінді: - Өзім де түсінбедім. Ресей жақтағы кедей-кепшіктен астық алып, зар еңіретіп жатса керек. Бізден мал сұраса, біткен жеріміз сол шығар. Көңілсіз әңгіме сұйылып барып өрбімей қалды. Дәм үстінде де әңгіме жалғасын таба қоймады. Ал сыртқа шыққанда күртік қардың үстінде сырғыма жүріп, мың сан ала шұбар жылан сумаңсумаң иіріліп жазылып жатыр еді. Аспанның асты шаңғытып, алыпты, батыс та, шығыс та, - төрт құбыла тегіс бозғылт мұнар, айнала ызбарлана құлазиды. Қостың ығына байланған аттардың үстіне қырау қонған, торысы да, күреңі де, бозы да қылаңға айналыпты. Танауларына сүңгі байланып, ауыздықтарын күтір-күтір шайнайды. Бәрі де жарау, қаншардай қатып қалған. - Сендер бүгін дем алыңдар, - деді Арыстан боз дөненнің шылбырын шешіп жатып. – Осы түн жылқыны мен бағайын.
Бұлар қарсы болған жоқ. - Жарайды, - деді Ысқақ. – Біз көз байланғанша тоғайдан тал шауып, отын дайындап алайық.
Іргесін белуарына дейін қармен көміп тастаған киіз қостың іші май тоңғысыз, лаулата жаққан қу талдың қызуы бетті шарпиды. Бураның тізерлігіндей жуан томар қып-қызыл шоққа айналған, әр жерінен сыртсырт етіп бөлініп түсіп жатыр. Тыста жел ызыңдайды, қара қосқа әлдене сүйкенгендей ме, ұшар бастары айқұш-айқұш айқастыра байланған тіреу ағаштар кей сәт сықырсықыр қажалады. Түтін сіңіп құрымға айналған киіз буланғанда, шайырдың исі білінеді. Аяқ жағында жатқан жұлым-жұлым болған тулақтың үстіне шоқ ұшып түсіп еді, көңірсіп барып сөнді. Отқа таяу тұрған ескі жез шәйнек бүйірі қызып ызылдайды. Ысқақ үзілген тартпаны жамап отыр, мұрнының астынан ыңылдап, әлде бір мұңлы әуенді естілер-естілмес етіп созады. Қайырмасына жеткенде, «Сағындырған сәулем-ай» - деп күрсінгендей болады. Сол әуенге бірте-бірте елтіген тәрізді еді, лаулаған жалынға қарап жатып өзінің де жалындап жаңғысы келе ме, сыбызғының үніндей сызылған бір ғажайып күй кешуге ынтыға ма, көз алдына оңаша қиялында үнемі көретін таң-тамаша арудың сиқырлы жүзі елестей ме, әйтеуір осы бір шақ аса әсерлі еді. Сірә ту...у ес біліп, етек жапқаннан бері көрген-баққаны бейнет болған қам көңіл өзін-өзі осылай жұбататын шығар, бәлкім қайқайдағы ыстық сезімді тірілтетін қиял да бір ғұмыр ма, кім білсін, дәл қазір бұл сан түнде сақылдаған сары аязда қатып-семіп, астан-кестен боранда талай-талай өліп тірілгенін ұмытып еді. Сөйтіп жатып қалғып кеткен болу керек, Ысқақтың ыңылы әсем әнге айналған тәрізденді, бір аса сүйкімді дауыс оны сызылта салады. Әлде мінсіз сұлудың ыстық лебі ме екен ол, бәлкім өз қиялының қанат қағысынан ескен саумал самал шығар. Бұл осындай тек қиялында ғана рахат күй кешетін. Өңінде өмір шіркін тәтті ғой дегізетін, шырайын шығаратын, өзіңді мүлде ұмыттырып, қайғымұң атаулыдан бір сәтке болса да аршып алатын бақытты шақ сірә да
кезікпеген секілді. Тіпті бар ынта-ықыласымен құлай сүйіп, ғашық та бола білмепті. Жар таңдау, құмарлану жоқ, әйел алу, үй болу ғана бар-ды. Ана кемпірін қыздай алғанымен, қызыққан, елжіреп еліткен кезі енді мүлде еске түспейді. Ол да құшақ жайып құлпыра алмай-ақ қойған бір жұмбақ жан. Ерінен имене білгені үлкен олжасы секілді қашанда төменшік, түн баласы табысып жатып күрсінер. Содан бұл өмір бойы жоқ іздеумен келеді. Тарқамаған құмарының, іңкәр сезімге балқымаған жүрегінің, ешкімге еліте айтылмаған арманының жоғы. Сүйе білмеген соң сүйіндіре алар ма. Құлай берілмеген соң қуандырып бола ма. Үйде алаң, түзде де алаң. Іздегені қиялында, сандалар да түңілер. Тек ендігі жерде осынау бір оңашада ұрланып табысатын тәтті сезім, бұлыңғыр түс, буалдыр суреттен арыла көрмегей. Қиял демесең, ол да бір ғұмыр, көсегеңді көгертпес, көңіліңді демдейді. Сол бір ертегі сәтте әлдеқайдан, мүмкін аспанның өрінен, әлде ғарыштың қиял жетпес қиянынан күн күркіреген тәрізденді. Әлгі әсем ән жұтылып барып, жоғалып айналасы қаңғыр-күңгір жаңғырығып тұрып алды. Біреу дәл жанынан күмбір-күмбір тіл қатты. Ол Ысқақ еді. - Мылтық атылды ма, қалай? – дейді. Осы дауыс қалғып-шұлғыған бей-жай кезінен аз да болса сергіткендей еді, көтеріліңкіреп отырып, жаңағы әсерінен толық айыға алмай балбырады. Қайдағы бір түсіне зорға енетін сұлу жайлы қиялдау не теңі десеңші. - Әлгінде сен не естідің? – деді Ысқақ. – Мен жаңылыспасам, мылтық атылды. - Иә, бірдеме күркірегендей болды, - деді бұл. –Жылқыға қасқыр шауып жүрмесін. Ысқақ иығын қиқаң еткізді. - Ол да ғажап емес. Садақ әрі-сәрі болып біраз отырды да, жылқыға бармақ болды. Түннің біраз уақыты өткен, енді Арыстанды алмастыру керек, онда қай бір күй бар дейсің. Дімкәс адам түнгі суыққа ұзақ шыдамайды. Осы ойын Ысқаққа айтты да тысқа шықты. Күндізгі жаяу борасын әлі басылмаған, аяз қатая түсіпті, бетін қарып түскендей болады. Қостың ығында екі ат сықырлап тұр. - Жануар-ай, сендерге обал-ақ, бірақ бүгінше шыдаңдар, - деді өзіне тиесілі күреңге мініп жатып, - Ертең басқа жылқымен алмастырамыз. Белдерің де босайды, отығасыңдар да.
Содан желе жортып отырып жылқының ізіне түсті, өзенді өрлеп біраз жүрген соң малдың қарасы танылды. Астындағы атын үркіте сол жақтан тарс етіп мылтық атылды, оған ілесе Арыстанның айтақтаған даусы естілген, күреңге қамшы басып шаба жөнелді. Бұл да белгі беріп, түнгі даланы дүрліктіре қиқулады. Сәлден соң үйірді анық көрді, қасқыр шабудан аман секілді, дөңгелене шоғырланып қар теуіп жатыр. Арыстан арғы бетінде ат шалдырып жүр. - Не болды? – деп дауыстады. – Неге мылтық аттың? - Мана бір әзірде қасқыр шапты? – деді ол өзіне қарай беттеп келе жатып. – Үш-төртеуін анық көрдім. Жылқы шұрқырап, тоз-тозы шықты, бытырай қашқан, зорға жинап алдым. Содан бері тыныш, бөрілер қайта айналып соға ма деп әлсін-әлі мылтық атып жүрмін. - Үйірді түгендедің бе? – деді Садақ. - Жоқ. Ат үстінде тұрып шолып, малды түр-түсінен танитын оған үйірден ылғи бөлек жайылатын қысыр қулықтың жоқ екені бірден белгілі болған еді. Арыстанға айтқанда, ол абдырап қалды. - Апыр-ай, ә. Түгел сияқты еді ғой, - деп қайталай берген. - Мен маңайдан қарап келейін, - деді Садақ атын тебініп. Әуелі шоқ-шоқ талдардың арасын арылтты, одан кейін өзеннің ту сыртына өткен, бұл жақтан да көзіне түспеді. Содан қайта оралып келе жатқанда астындағы аты осқырынды, оң қол жаққа құлағын тігіп бұлталақтай бастады. Анадай жерде әлдене қарауытып жатыр, үркектеген күреңді үсті-үстіне тебініп жақын келгенде, ішек-қарны ақ қардың үстіне ақтарылып түскен қулықты көрді.
Бұл оқиға Арыстанға мірдің оғындай тиеді деп кім ойлаған, таң ата жылқыны қостың жанына айдап келіп, үшеуінің басы қосылғанда, тосын шешімімен төбеден жай түсіргендей болған. - Садақ! – деді бұйыра сөйлеп. – Сен артельдің бастығы ретінде не айтсам да орындауға тиіссің. Мені, ортаның малын көпе-көрнеу шығынға ұшыратқан зиянкесті, ауданға айдап барасың. Жүрегі тас төбесінен шыққандай болды.
- Солай, - деді ол, - бұған сендер көз жұмып қарамаңдар. Әркім өз қателігін өз мойнымен көтеруі керек. Қара қостың іші тым-тырыс бола қалды. - Зиянкесің не? Есің дұрыс па өзі? – деп килікті бір кезде айран-асыр болған Ысқақ. – Тыңдамаймын сөзіңді! Естіртпе қайтып! Арыстан түнеріп алған, өңі қуарып кетіпті, іштей өзімен өзі арпалысып, қатты қиналғаны байқалады. - Зиянкес емей кіммін? – деді нығарлап. – Жылқыға қасқыр шапқаны сылтау бола алмайды. Білдей қулық арам өлді, ал ел оны көзінің қарашығындай сақтап келді ғой. Бұл қылмыс. - Ой, қайдағы жоқты айтады екенсің! – деді Ысқақ терісіне сыймай. - Қасқыр жылқы түгілі, сенің өзіңді де жарып кетер еді. Арыстан міз бақпады, күйбеңдеп жолға жинала бастады, тонын қаусырына киіп, белін буып жатқанда булығып ұзақ жөтелді. Қақалыпшашалып жерге отыра кеткен, қоламтада тұрған шәйнекті алып, қылқ-қылқ жұтты. Сол екі ортада әлі құрып болдырып қалған. - Мына бетіңмен орта жолда арам қатасың ғой, - деді Садақ. – Аудан осы арадан жүз шақырым жер. Азынаған қыс болса анау. - Ешқайда да бармайды. Жібермеймін, - деп жұлқынды Ысқақ. – Мұның есі дұрыс емес. Ол қос қолымен жер тіреп орнынан сүйретіле тұрды. Іргеде сүйеулі тұрған мылтығын алып, есікке қарай жүрді де артына бұрылып Садаққа қарады. - Айтқанымды орындайсың ба, жоқ па? Садақтың жүрегі шым ете қалды, Арыстанның жанары өңменінен өтіп барады. - Жоқ! – деді даусы жарықшақтанып. - Ендеше мен жалғыз кетемін. Сол кезде Ысқақ қостың есігіне арқасын беріп тұра қалды. - Жібермеймін! Қолыңда өлемін! –деп айғайға басты. Арыстанның өңі бұрынғысынан да сұрлана түсті. - Кет былай! – деп ақырып жіберген. – Мен өз кінәмді осылай жуа алмасам, ертең кімге жөн айтамын! Ысқақ кірпік қақпай қатты да қалды, жағы қарысқан адамдай тілсіз. Ал қостың ішін үрейлі тыныштық жайлап ала қойған, Садақ қозғалуға қаймықты. Қыбыр етсе әлдене гүрс етіп жарылатындай көрінген, бір мезет Арыстан ақылынан алжасқан жоқ па екен деп те ойлады.
Сол кезде ол Ысқақты жағасынан шап беріп, қостың төріне қарай лақтырып жіберді. Қимылы шалт болғаны соншалық, Садақ не істеп, не қойғанын аңғарғанша далаға атып шықты. - Жүгір! Ұста! – деп аттандады Ысқақ. – Жіберме! Сыртқа жүгіре-қабына ұмтылған, Арыстан атқа мініп үлгеріпті, тоғайды бетке алып шаба жөнелді. - Қап! – деп санын соқты. - Бұл енді тоқтамайды! – деп жер тепкіледі Ысқақ. Екеуі осылай аңтарылып біраз тұрып қалған, ол лезде өзенге жетіп, талдың тасасында көрінбей кетті. - Не істейміз? – деп аңтарылды Садақ. - Сен соңынан бар. Тағы да айт, қайтаруға тырыс. Көнбесе ауданға дейін серік боласың, ол жалғыз жете алмайды, - деді Ысқақ өзен жақтан көз алмай. – Жолға азық әкет, оқ-дәрі де ұмытпа. Мен Арыстанның райынан қайтатындығына сенбеймін.
Садақ оны Құрдымның қос шұңқырынан асқанда қуып жетті. Арыстан бұрылып та қараған жоқ, бозды еспе аяңға салып, алдына түсті де отырды. Мұның кері қайтаруға тырысып айтқан көп сөзінің біріне де құлақ аспаған, естімеген адам секілді тіс жармайды. Жақ жүні үрпиіп, қан-сөлсіз бозарып алған, аттың жалына қарай еңкейе отырған күйі анда-санда тық-тық жөтеледі. Бүгін жаяу борасын басылған, оның есесіне сақылдаған сары аяз бетті қариды, әйтеуір дәтке қуат болғанда жел жоқ. Талайдан бері тұтаса мұнартып алған аспан әр жерінен жыртылып ашылып, күннің көзі көрінген, аппақ қарға шағылысқан сәуле жанарды жасқайды. Екі ат танауларынан булары бұрқырап, бір-бірінен кейін қалмауға тырысып, күртік қарды күрп-күрп жалдап келеді. Желтоқсан үскіріктеніп тұрып алғанда, даланың аңына дейін басы ауған жағына маңып кеткен бе, қар үстінде бөгде із жоқ, әлгінде бір топ қара қарға ғана өзенге қарай қарқылдап ұшып өтіп еді. Бүгін таң атқалы қырда қарсақ пен түлкі жортпаса, аяздың әлі де қатая түсетіндігін аңғартқаны , ағаштың дініндегі шырынын мұзға айналдыратын суықта аш қасқыр да жыңғылдан ұзап шықпайды, жылқы да шашырамай, жабағыларды ортаға алып, дөңгелене жайылар еді.
Екеуі үнсіз жүріп отырып, ескі тоғаннан да асты, Садақ осы мәнсіз сапарының түбі итқорлықпен тынатынын күні бұрын сезгендей берекесі қаша бастады. Оған астындағы жүрісі жайсыз күрең де, бетті қарып, денеге шым-шымдап сіңген аяз да, ақ қарға шағылысқан күн сәулесі де, Арыстанның тоңмойындығы да, тіпті көз алдындағы қысқы бұйығы дала да ұнамады. Бәрі де салқын, бәрі де өгей. - «Енді не істесем екен? – деп тістенді іштей. – Мына дүлейді тағы да үгіттеп көрер еді, одан келер түк пайда жоқ. Әлде қапылыста бас салып байлап тастаса ма екен. Ауылға тыпыр еткізбей бір алып барса болды, одан арғысын ел өзі шешеді». Осы ойы жөн секілді болып көрінді, қатарында келе жатып, ту сыртынан шап беретін оңтайлы сәтті күтті. Бұл жол Арыстанға қатерлі екенін біле тұрып әрекетсіз қалғаны, оны өз қолымен байлап бергені. Ендеше бекінуі керек. Міне, қазір бойын жинап, жүрегін тоқтатса болғаны. Тек қимылы қате кете көрмесін. Күреңнің тізгінін тартып, сәл кейінді де, үзеңгіден аяғын шығарып жиырыла қалды. Іле күш шақыра айғайлай атылған, арам-қатқыр боз ат алға қарай қарғыды да кетті, астындағы күрең де бір бүйіріне үрке жалт берген. Қолы Арыстанның арқасына тиер-тиместен қардың үстіне жер бауырлай жалп ете түсті. Басын көтеріп жан-жағына қарағанда Арыстан күреңді қуып бара жатыр екен. Қақпайлап апарып омбыға қамады да, сүйретіліп жүрген шылбырын қамшымен іліп алып, бері беттеді. Бұл қардың үстінде әлі қимылсыз жатқан, әлгі ойы жүзеге аспай қалғанына қынжылулы еді, енді шынымен-ақ сонау ит арқасы қияндағы ауданға дейін салпаңдамақ па. Ал аман-есен барды делік, одан кейін ше ... Арыстан өзін ондағы үкіметке зиянкеспін деп әшкерелейді. Осылай да осылай дейді, бәрін айтады. Содан соң не болмақшы... Ондағылар не демек, қасақана жасаған деп тауып қамап тастаса, құрығаны ғой. Осы күні біреуге халық жауы, контр деген жала жабылса, ақ-қарасы тексеріле бермейді. Уақыт қатал, заман қатал, ел де қатал. - Тұр, деді Арыстан, - Атыңа мін. Бұл жерден құлықсыз көтеріліп, ерге қонды. - Сен бүйтіп босқа арамтер болма, - деді ол тық-тық жөтеліп. - Маған олай жаның ашымай-ақ қойсын. Жұрт бір уыс бидай ұрлағаны үшін жауапқа тартылады, ал менікі одан да өткен қылмыс. - Жарайды, солай-ақ болсын, - деді Садақ жұмсарған сияқтанып.
- Түбін ойласаңшы. Қайдағы бір қысыр қулық үшін түрмеде шірімексің бе?! - Ісіме қарай жазамды аламын. - Әңгіме көбейіп кетсе ше. Ауданда сені мұқатуға құштар оңбағандар табылса қайтпексің. Ойдан-қырдан қосып, ісіңді насырға шаптыратындар шықпас деймісің. Онда бір жола құрығаның. Арыстан ойланғандай болды, етігінің қонышынан насыбай шақсасын суырды да, оны не үшін алғанын ұмытқандай қайтадан тықты. - Ол да мүмкін, - деді қабағы түйіліп. – Бірақ алған бетімнен қайта алмаймын. Аяз қатая түскен сияқты, екі беті дыз-дыз етеді, әлден осылай қысса, соңыра сірестіріп тастайтын шығар. Тек жел соға көрмесе екен, онда арам қатырады. Ал жер әлі шалғай, барар жолда ел де кездесе қояр деймісің, қазір бұрынғы қыстаулардың бәрі қаңырап бос қалған. Осы бір қыжыл сәт санап күшейе берді, бара-бара бойына сыймай, көкірегін шоқтай қарыған. Іштей кешегі түнді, жылқыға шапқан бөрілерді, тұқымы құрыған қысыр қулықты, Арыстанды қоста қалдырмай, етке тойып алып шалқайып жатып алған Ысқақ пен өзі түгін тастамай сыдыртып өтті. Ойындағысын орындауға шамасы жетпей арпалысқанда, қолынан түк келмеген шарасыздығына күйіп-пісіп тұлан тұтқан. Қарсы маңдайдан Құланасқанның сыңар биігі мұнартады, бұлар іркілмей жүрсе, оған қонаға жетуі ықтимал. Жол ауыр, күртік қар кей жерлерде аттың тізесін қағып, еспе аяңның өзінен жаңылдырады, үнемі сар желдіртіп отыру қиын. Кешелі бері арқасынан ер түспеген боз да, күрең де тың емес, әрі оты қанбаған, бір болдырса, қайтып ширауы қиын. Шамасы түс әулетінде ме екен, батыстан жел көтерілді, күртік қардың бетін сыпыруға да жарамай сылбыр есті де тұрды. Бірақ соның өзі де аязды күшейте түскен, Садақтың қос тізесі мұздай бастады. Ұзын сеңсең тон мен тері шалбардан өткен ызғар бара-бара денесіне жайылса, ай далада, аппақ қардың үстінде уақыт өткен сайын суына бергенің де. Арыстанның кигені де тон, бірақ тым ескі, әр жерінен жамау салған, жағасының жүні қырқылып тақырланған. Ол қазірдің өзінде тоңып келе жатқан шығар, атқа отырысы да икемсіз, етек-жеңі олпы-солпы. Жайшылықтың өзінде қимыл-әрекеті қолапайсыз болушы еді, ұзын бойлы ашарық жігіт жазда шалғымен шөп шапсын, егін орсын, соның бәрінде көштен кейін қала беретін. Мұның үстіне сырқат болған соң, одан не күтесің.
Құланасқанның бергі тұсында тама Құдайменденің қыстауы бар, ол асыптасқан бай емес-ті, дөңгеленген орта шаруалы болатын, атқа мініп елдің даудамайын шешуге араласқан демесең, басқа артықшылығы жоқ еді. Сол бертін келе кәнпескіге ілікті, өзімен бірге әйел-баласы да жер аударылған. Кезінде мұның бұрыс-дұрыстығына бұлар көңіл қойған жоқ, кейін ойлап қараса Құдайменде осыншалық тоз-тозы шығатындай не жазып еді деп дал болады. Енді бәрі өтті-кетті, бұл басын қатырмаса да болады, әрі-беріден соң саясатта не шаруасы бар, жоғарыдағылар солай шешкен екен, ендеше өзге жолы қалмағаны да. Қазір бұған басқа мәселе қымбат, Құдайменденің үйжайы жинақы болатын, соны ел бұзып әкетпесе жарады. Түнеп шығып, бойларын жылытар еді. Арыстан жиі жөтелетін болып барады, түнімен жылқы жайып одан көз шырымын алмастан мына түбі немен тынары белгісіз қиын жолға шығу оңай тимеген де. Өз басын өзі әлекке салып қойса, оған не істемексің?! Біраздан кейін жер еңсесі көтеріле бастады, бұлар Құланасқанның бөктерін белдеулеп келіп, шөбі сұйық, құмдауыт жазыққа іліккен. Қар жұқарып, жол жеңілдейін деді, Садақ енді күреңнің жүрісін ширатып, сар желіске салды.
Қарлы дала етінен ет кесіп алса, қаны шықпайтындай безеріп жатыр, бұл маңда ұшқат та, қараған да жоқ, қайда қарасаң да көзің сүрінбейді. Атам заманнан бері қарай қырдың сұғанақ желі жайлаған ұлан өңір екі салтаттыны өгейсігендей сұп-сұр. Садақтың бойы мұздауға айналған, аяз зәрлі, қыс кәрлі болса, сеңсең тон да сыр береді екен, ал қос тізе сырқырайтын секілді. Екі беті бағанадан бері дызылдап келе жатыр еді, енді онысын қойған, сірә домығып тынған шығар, мұның бұрын да теңбіл-теңбіл жүзіне тағы бір таңба түскені де. Е, мейлі, әуелден кескіні келісіп тұрғаны шамалы, мына сапарға қыз көру үшін аттанған жоқ. Арыстан бұрынғысынан да бүгжиіп кетіпті, жанаса беріп өңіне үңіліп еді, ерні көгістеніп, қоңқақ мұрны бұрынғыдан да ұзарып, сұры мүлде қашып кеткенін көрді. Кірпігінің ұшына қырау тұрған, сұйық мұртына мұз қатқан, жанары жолда емес, боздың жалында, тізгінді сол қолының қарына іле салыпты. Енді жөтелуге де шамасы қалмағандай, ықылық атса, бүкіл денесімен селк-селк етеді.
«Маған не қыл дейсің, - деді іштей қабырғасы қайыса күйзеліп, - Сені осы жолға қояр да қоймай айдап салған мына бейнет қой. Тек әйтеуір үсіп өлмесең жарады». Күн кешкіргені ме қалай, даланың үсті бұлыңғыр тарта бастады. Бағана бір байқағанда, бесін ауып бара жатқан секілді еді, қыста таң мен түстің арасы таяқ тастам ғана, әне-міне дегенше көз де байланар. Оған дейін Құдаймендінің қора-қопсысына жетіп жығылу керек. Садақ осы оймен күреңді тебініп-тебініп қойды, жануар ұзамай бір пана таппай болмайтынын сезетіндей, қатты пысқырынып алып текіректей жөнелді. Омырауы, екі сауыры аппақ қырау, таңнан бергі суыт жүрісте болдыра бастағанын білдіргісі келмей тізгінді сүзе тартып, басын шұлғыпшұлғып қояды. Садақ еңкейіп мойынынан қақты. Өзінше демегені еді. Жылқы баққан талайғы уақытының ішінде, астындағы атының қыс көзі қырауда далаға тастағанын көрген емес. Сарышұнақ аяз бен ақтүтекте жануардың қайсысы болсын, межелі жерге жеткенше барын салушы еді. Күрең де сол дағдыға басқан секілді мұның емеурінін тақымының әр қимылынан танып келеді. Құланасқанның сыңар биігін көлегейлеген мұнар қоюланып барады., оған әлі де бес-алты шақырым жер қалған, ал мұның көзден келе жатқан қыстауы таудың бергі қапталындағы қыратта, қысы-жазы үзілмей ағатын үлкен бұлақтың дәл желкесінде. Енді есіл-дертін сол жайлап алған, тез жетуге тағатсыз асыққандығынан шығар, көрінбесе де көргендей болып елегізе берді.
Екеуі қыстауға іңір қараңғысында жетті, аттан алдымен Садақ түскен, күреңді жетектеп жүріп үйдің есігін тапты, үңірейіп шалқасынан ашық жатыр. Маңдайшасынан сорайып шығып тұрған арқалыққа атын байлап, ерден ауып бара жатқан Арыстанды сүйемелдеді. Дәтке қуат болғанда қыстаудың төбесі бүтін екен, терезенің орны бар, өзі жоқ, пештің мойны да құлаған, қазандық тұрған бөлменің ішіне жал болып қар түсіпті. Садаққа, қатты тоңғандықтан ба, соның өзінде аядай жылы секілді көрінді. Қазір ағаш тапса, лаулатып жағады, таң атқанша сөндірмейді, содан кейінгісі тәңірден. Сыртқа шығып, жапсарлас салынған қораны төңіректеді, төбесі ішіне құлаған, сырық ағаштар, майда шілік шашылып жатыр. Соларды керегінше
тасып алды да, от тұтатты. Әбден жаурап, тілі сөйлеуге келмей күрмелген Арыстанды лаулай көтерілген жалынға таяу отырғызды. Осылай бір жобаға келіп алған соң аттарды бұлаққа апарып суарған, шіркін енді бұларға аздаған шөп табылса тіпті қатып кетер еді. Оны кім берсін, жетектеп әкеліп өздері отырған үйге енгізді. Сол жерде қораның бұзылған төбесі есіне түскен, әдетте шіліктің үстіне шөп салынатын. «Бәрі ойлағандай болады, ендігісі түк те емес» - деп өзімен өзі сөйлесіп жүріп, шіріндіге айнала бастаған бір құшақ шөп жинап алды. Артынан қайта барып, тағы да әкелген, бұл жолы жөтелуден қолы босамаған Арыстанның астына төседі. Оның бойы жылынайын деді ме, жүзіне аздап қан жүгірген секілді, әлде қызуы көтерілді ме екен, біліп болмайды. Ескі дерт бағанадан бері мазаны алып бітті, - деді бір кезде. Содан соң денесінің қызбайтынын, кеудесі тарылып кеткендей көрінетінін, ауа жетпейтінін айтып, мұңайып біраз отырды. Садақтың дорбасын шығарып алдына қойған қара нанынан ауыз тиді де, өзіне қайта ұсынды. - Түк тәбетім жоқ, - деп шіріген шөптің үстіне қисайды. - Мен сірә осы жасқа дейінгі шеккен бейнетімнің зейнетін көре алмайтын шығармын. - Қайдағыны айтпа, - деді Садақ, - Кім ауырмайды. Бұдан кейін екеуі де үнсіз қалған, әбден қураған сырықтың бытырлап жанғанына қарап, жиі-жиі күрсінісіп қойып отыра берді. Түтіннің қышқылтым исі, кейде төбеге дейін жетіп лаулап, енді бірде өздеріне қарай шалқып құбылған жалын, сыртта ызылдаған жел, үңірейген терезе, қарауытқан төрт бұрыш, - бәрі дел-сал күйге түсіреді. Алдыңды от қыздырса, арқаңды тастай суық қабырғаның ызғары мұздатады. Шірінді шөпке алданған екі аттың тысыры мен өз тынысын да қазір бұрын-соңды естімеген жат дыбыс секілді, Садақ кейде мына қаңыраған қыстауда неге отырғандарын түсінбейтін мағынасыз хал кешеді. Ара-тұра ертеңгі күнгі қарекеті ойлайды, енді ауданға баруға мүлде жол жоқ, Арыстан көнсін мейлі, көнбесін мейлі, бұлар таң атқан соң ауылға қайтады. Ол мына өлмелі түрімен артельдің өзіне аман жетсе жақсы. Осылай әрі-сәрі күйде отырғанда, үңірейген терезенің тұсынан әлдене қараң еткендей болды. Анықтап көз салғанда, ештемені байқамаған, ал аттар осқырынып, бастарын көтеріп-көтеріп алып еді. Олар бірдемені сезсе керек, ендеше әлгі аңғарғаны тегін емес.
Сол екі ортада терезенің дәл түбінен ит қыңсылап өткен сияқтанды, әлде бұл қағыс естіді ме екен. Жалма-жан жанында жатқан мылтығын алып, оқ салды. Бәтшағар, тасқапқыр болып жүрмесін, олар әбден ашықса, кісіге тал түсте шабудан тайынбайды. Мүлгіп отырған Арыстан да қозғалақтады, әлгінде тыншыған сияқты еді, тағы да булыға жөтеліп әбігерге түсті. Өзіне өзі зорға келген соң, бұған жаны жүдей қараған. - Суық өтті маған, - деді кеудесі сырылдап, - Енді жуық арада оңалмаспын. Садақ әлі терезе жақты аңдып отырған, даладағы болымсыз дыбыстың өзін қалт жібермей, не нәрсеге болса да дайын тұру керек. Кім біледі, жалғанның жазымы көп, ел ішінде қашқын бар деп айтатын, тек оның бетін аулақ қылсын. Аттар тағы да осқырынды, терезеге әлдене қарғып шыққан тәрізді, мылтығын кезене беріп, қасқырдың жақтауға асылған екі аяғын, содан кейін өзін көрген. Қапелімде атып салуды ұмытқандай: - Арыстан! – деп бұғына дауыстады. Ол мұның иегімен нұсқаған жағына жалт қарады да, ұзын сырықтың біріне жармасты. Іле: - Атпа! – деп мылтығын ұстай алған. - Бөрі емес бұл. Құдай біледі, қасқыр емес. Садақ айырып үлгергенше, аң ба, жын ба, әлгі жоқ болып кетті. - Енді немене? – деді аңтарылып. - Ит, - деді Арыстан, - мен бірден байқадым, кәдімгі төбет. - Ол мұнда қайдан келеді? - Құдайменденің иті. - Немене? - Иә, сонікі. Оның кәмпескеге іліккеніне біржарым жылдай уақыт өтті. Ал әлгі төбет содан бері иесінің мекенін күзетіп жүр. Мен жазда ауданнан келе жатып өз көзіммен көрген болатынмын. Әуелде қыстауға таялтпай айбат шегіп, алды-артымнан абалап, біраз жұлынды, содан кейін үйдің төбесіне шығып ырылдап жатып алды. Ерте кетпек болып, қанша шақырсам да жерге түспеді. Мынау соның нақ өзі. Бағана біз келгенде аң қағып, далада қаңғып жүрген ғой... Садақ сенер-сенбесін білмей басын шайқай берді. - Қайдам, итке ұқсамайды, - деген терезеден көз алмай. - Солай, - деді Арыстан. – Ол иесінің өлгенін көрген жоқ қой. Түбі бір қайтып ораларына дәмелі, күдерін үзбейді.
Осы кезде ит терезеге тағы да асылған, бұл жолы мылтық кезенбегенін көріп батылданды ма, тісін ақситып айбат шекті. Өзі де тайыншадай екен, жалғыз-жарым адамға түн ішінде кезіксе, дода-додасын шығарар. Алқымы ісініп гүр-гүр етеді, көзі оттың жарығына шағылысқанда, ұшқын атып зәрені кетірді. - Кә! Кә! – деп шақырды Арыстан. Садақ мылтығынан қол айырған жоқ. Төбет арс етіп, терезенің жақтауын қапты, күтір-күтір шайнап, долдана қырылдады. Ешқандай құдірет жуасыта алмайтындай ызалы, әр қимылынан тұла бойын жалын болып қарыған долылық байқалады, тап беруге шақ тұр. Жалы күдірейе күркірегенде, қаңыраған үйдің іші қосыла жаңғырып, шулап қоя берді, аттар басымен алысып апыр-топыр болды, Садақ мылтығын оңталай бастаған. - Жат! – деді Арыстан төбетті алдаусыратпақ болып, - Долырма! Содан кейін қол созым жерде жатқан дорбадан нан алды да терезенің алдына тастады. Ит оған көз қиығын да салған жоқ, басылудың орынына бұрынғысынан да құтырына түсті, қабырғаны қарш-қарш тырнап аласұрды. Оттың жарығына шағылысқан көзі біресе жасылданып, біресе шоқтай қызарып үрейді ұшырды. - Қоя ғой, не болды сонша, - деді Арыстан, - Кел, кірсеңші ішке, өзің неткен долы едің. Төбет ырылдап заһар шашуын қойған жоқ, ол осы абалаған, жартқыштай жұлынған, терісіне сыймай қаһарланған шағында бұларды қыстаудан қуып шықпай тыншымайтынын ұқтырып еді. Терезенің жақтауын қайтадан өршелене қауіп, күтір-күтір уатты, ішке қарай ұмсына түсіп жиырыла қалды. -Қазір атылады, - деп ойлады Садақ. – Мынаның түрі жаман. Ит сол күйінде бұлардың әр қимылын бағып біраз аңдысты да, сыртқа қарай қарғыды. Арсылдап есікке келіп босағаны тырмалады, одан үйді айнала күркіреді. Әлден соң тыншығандай болып, дыбысы естілмей кетіп еді, артынша құйқа тамырды шымырлата ұлыды. Үні әрі зәрлі, әрі зарлы еді, Садақтың тұла бойы түршікті.
* * * Сірә қалғып кетсе керек, әлдене көк желкесінен төніп тұрғандай басын шошына көтеріп алды. Әлгі төбет шығар, үйдің төбесін қазып тастапты,
үңірейген ойықтан тісі ақсиып қарап тұр. Тесіктің жиек-жиегін тырналап қыстыға қыңсылайды, қанталаған көзінде ызғар да, мұң да бар. - Сорлы неме, - деді күрсініп, - енді бұл адыра қалған қыстаудың несін қорисың. Осылай шабаланып, аласұрып жүргенде, өткен-кеткен жолаушының бірі қаңқ еткізіп атады да тастайды. Төбет арс етті де ойықтың аузын аңдып жатып алды, бұл қимылдаса ырылдап сес көрсетеді. - Мейлің, - деді тонына қымтана оранып, - бар пәле менімен бірге кететін болса, талап тастасаң да еркің. Арыстан ұйықтап жатыр, анда-санда ауырсына ыңырынады, сандырақтағаны ма, әлдене деп дыбыстаған секілді болды. Байғұстың сырқаты меңдеп бара жатқан тәрізді-ау, өзі де бір шырайы шықпаған сорлы. Бала жасынан көргені мехнат пен бейнет, күні бүгінге дейін жаны бір жай тауып көрді ме екен. Енді айдалада, азынаған иесіз қыстаудың ішінде аурумен арпалысып жатқаны мынау. Садақ күйзеле күрсінді, оның осындай бір сүрінсе, қайтып тұра алмайтын дертке шалдыға тұрып, өзін өзі аямайтындығына жүрегі езіле қынжылып еді. «Зиянкеспін, қылмыс жасадым» - деп жанын қу шүберекке түйіп, қыс ішінде сабылатындай не әкетіп бара жатыр екен. Әбден мазасы кетті. Ана сырттағы ызғарлы жел не деп азынайды. Мына тағыланып кеткен төбетке қосыла ұлып, жазықсыз жапа шеккен Құдаймендені жоқтай ма, басқа қай зарды қозғамақ. Бейнет бар да, зейнет жоқ, соны сарнап меңзегені ме екен. Тоқтаса болар еді бір уақ. Өшсе еді үні. Ит оқыстан тағы да гүр ете қалды. Төбедегі тесікті кеңіте тырнап аласұрды. Арс-арс етіп ала бөтен долырған, иесін басқа біреу емес, бұл жер аударып жібергендей өлермендене өшігеді. Зәрлі көздерінде сірә да бір басылмайтын уытты ыза, көкбет кек, тарқамайтын зіл бар. Адам атаулыға қаны қарайған жаралы жыртқыштың жан шошитын кейпі. Алқымнан ала түспекке бекінген, өзгені де өзін де өлімге байлап берген бітіспес дұшпанның сұсы. Ықтырып барады, түршіктіріп барады. Садақ оған қарамауға тырысты, айдала, иесіз қыстау, ызалы ит бір сұмдықтың белгісі секілді түршіктірді. Арыстанды ауылға аман алып қайтса жақсы болар еді-ау. Өзі де әбден қажыған, бойы жылынды ма, әлде әлі мұздап отыр ма, айыра алмады, жігерсіз, үмітсіз бір бейбақ, бәрінен жеріді. Қазір тағаты таусыла күтетіні бір ғана нәрсе, келер таң. Мына түнерген түнмен жалғыз аңдысу оңай емес.
Ит төбені тағы да тырналады, ырылдап алас ұрып жүр, арс-арс етсе, жүрегі дүрс-дүрс соғады. Бір кезде сап тиылып, дыбысы білінбей кетті де, әлден соң қолқаны суыра ұзақ ұлыды. Үні мұңдай зарлы болар ма, құйқа тамырын шымырлатып, сай-сүйегі сырқырап барады. Бар маң ұлардай шулады, түксиген түн қосыла күңіреніп, сарнап бір бергендей құлағы тұнды. - Кет! – деді тұла бойы қалтырап. Бірақ даусын төбедегі төбет түгілі өзі де естіген жоқ. Шерлі ит дүниені түңілдіре зар шеккенде, мұның бүкіл әлемін ұлыта тоздырғандай үгіліп бара жатты. Жанарының алдында бұлаңдаған қызғылт жалын өн бойына жайылып өртеп бара ма, бір сәт алды-артын от орап алған секілденді. - Күйіп барам, күйдіріп барады, - деп ыңырсыды Арыстан. Ал төбет сарнауын қоятын емес. Айдалада айсыз түнде сая таптырмай ұлиды.
Таңды көз ұшында атырды, терезе жақ қылаулана бастағанда сенерсенбесін білмегендей бір уақ кірпік қақпай қадала қараған. Жаңылмапты, түн түнегі сұйылып барады. Тәңір-ай тек алдамшы алау бола көрмегей. Екі қолымен жер тіреп, орынынан зорға көтерілді. Жуан ағаш әлі бытырбытыр жанып жатыр, далада зәрлі жел азынайды, терезеден қар борап тұр. Арыстанға қарап еді, ол бүктісіп алыпты, тонының екі өңірі жайылып кеткен, дем алысы білінбейді. Мына қалпында тірі адамның белгісі жоқ. Жүрегі су ете қалды, жанына жүрелеп отыра қалып кеудесіне құлағын тосқан, бекер шошыныпты, қалжырап барып таң әулетінде ғана көзі іліккен болар, қатты ұйқыға кеткен. Тонын қымтады да, қоламтаны көсеп, шоқтың үстіне қу шыбықтарды тастады, отыра қалып үсті-үстіне үрлеп тұтатқан соң аттарға қарай жүрді. Күрең мен бозды жетектеп далаға шыққанда, үйіре соққан құйын теңселтіп жіберген, тонының етегі жалп-жалп етті. Қиыршық қар басқа-көзге сабалайды, айнала әлі қара-күрең, қыстаудың желке жағындағы қойнаудан гуілдеген, ызылдаған үн жетіп, мына азынай ұйытқыған желдің жуық маңда басылмайтындығын аңғартады. Аспанның қабағынан қар жауады, жұлдыз атаулы зым-зия жоғалған, айсыз, саңылаусыз, меңіреу түнек еңсесін езіп тұр. Есік алдына жал-жал қар түсіпті, содан сүріне қабына өтіп, бұлаққа қарай жүргенде, төбет ит алдынан шыға келді, бауырының астын бұрқырата, жұлына тырналап, ырылдап тұрып алды, аяқ бастыратын емес, әр қимылын аңдып, қадалып қалған.
- Кет! – деп ұмтылған болып еді, тістері ақсиып жақындай түсті, әнеміне алқымына қарай шапшығалы тұр, не істерін білмей састы. Аттардың омырауына қарай ысырылып, қорыққанын білдірмеуге тырысып, ақырын кері жылжыды. Төбет ере таялып, бұл есіктің алдына дейін шегінгенше айбат шегумен болды. Енді бұлаққа барып, көлікті суару туралы ойлаудың қажеті жоқ еді, екі көзін иттен айырмай жүріп ішке қайта енген. - Мынау кісі жер, - деді шарасыздығына қорланып. – Атып тастасам ғой, кімнен таптым дер едің. Ал іштей төбеттің түні бойғы қылығына тәнті еді, Құдайменде байғұстың артында қалған шын жоқтаушысы жалғыз сол шығар. Бұл оны сарыла күтіп жүр-ау, мына жын-пері ғана жайлауға жарайтын, азып-тозып қыстауды сол үшін сақтап қалмақ қой. Арыстан әлі оянбапты, енді тұрғызуы керек, жолға жиналғанша күн де көтеріледі. Жанына барып, иығынан қағып еді, белгі бермеді. Қаттырақ қозғап та тұрғыза алмады, басын көтеріп еді, ыңырсып былқ-сылқ етті. Демі жалын боп шарпиды, ерні кезеріп жарылып кеткен. Жалма-жан есік жақтан қар уыстап әкеліп, алақанында ерітті де аузына тамызды. Сол кезде аздап қозғалақтаған, көзін жартылай ашып, ернін жыбырлатты. - Апыр-ай, енді қайттім, - деп аңтарылды Садақ. – Мына түрімен атқа да отыра алмайды ғой. Үйдің ішіне абдырап көз салып біраз отырды, не іздегенін өзі де білмейді. Әлден соң ұшып тұрып, түнде алып келген, отқа жағудан аман қалған екі-үш сырықты айналдыра қарай бастады. Мыналардан шанаға ұқсас бірдеме жасауы керек.
* * * Бұл жолға әбден дайындалып болғанда, таң да ағарып атып еді. Арыстанды қолына түскен, іске жаратуға болатын заттың бәрімен шандып тастаған сырықтардың үстіне жатқызды. Оған әлгінде төбетпен арпалысып жүріп әкелген, қораның төбесіне салған талдан жетек жасаған. Соны бір қолымен ұстап тұрып күреңге мінді. Енді тоқтайтын не бар, ауыл қайдасың деп тартып кетті. Төбет біраз жерге дейін абалап еріп келді, қыстаудан ұзап шыққанша арсылдап қапталдаса жүрді де отырды. Мұның енді қайтып бұрылмайтынын сезген соң ғана өршелене үруін қойған.
Біраз жер жүріп барып артына қарап еді, ит аппақ қардың үстінде
қарауыта шоқиып отыр екен. Айдалада Арқаның зәрлі желі азынайды.
Совхоз орталығына жетіп, жалғызы Далабайдың үйіне соқты. Келіні де, ұлы да жұмыста екен, есік алдында дағдарып тұрғанда немересі Артық келді. Арсалаңдап мойнына асыла кеткен. - Айналдым, - деді елжіреп. – Жарығым менің. Бала тым көңілді еді, жайраң қағып жүр. Үйге еніп жайласып отырғанша біраз жайдан хабардар етіп үлгерді. Әкесі таяуда орден алыпты. Садақ марқайып қалды, соңына ерген жалғыз тұяғы абыройлы болып, тең құрбысының алдынан табылса, өз мерейінің үстем болғаны да. Кеше ескі тоғаның басында кезіккенде екеуі дұрыстап жөн де сұраса алмады ғой. Оған мұрша болды ма. Тегінде бұл Далабайды жас күнінен еркіне жібермей, тізгіндеп ұстап келеді. Еркелетсе де, елжіресе де, ұрсып, ұрса да, - бәрі өлшеулі еді. Ұзын арқан, кең тұсауға салмай, ыммен отырғызып, қабақпен тұрғызып, өз дегенін өткізуден әсте жаңылған жері жоқ. Сонысымен көп нәрсе ұтқан тәрізді еді, айтқанын екі еткізбейтін. Тек кейінгі жылдарда қызметке араласа бастаған кезде мұнымен санаса бермейтін мінез байқатып жүр. Ақыл етіп, шым-шылдап жеткізбек болса, сырғақсып сүлесоқ тыңдайтын әдет тапқан. Андыздап алдын орап, көпекөрнеу өзім білемге салмаса да, бірі жаяу, бірі ат үстінде тұрғандай ара жік көзге көрініп-ақ қалады. Тағы бір байқап қараса, жүрісі жорға, сөзі сақ болып барады екен. Өз атынан кесім жасауға батымсыз, басқаның айтқанын тірек етіп, соны демеу қылып көлденең тарта қоюға бейім. Сен бергіден қозғасаң, ол алысы облыс, жақыны ауданның құлағын шулатады. Өздігі көрінбейді, өзгелердің екі ортадағы айғайшысы секілді сыбай-сылтаң. Осындай әрі-сәрі ойда отырып, ұлының орден тағарлық қай ісі бар екенін сарапқа салған. Алып-жұлып бара жатқан ештеңе жоқ секілді. Оқу бітірді, одан жұмысқа кірді, небәрі екі жылдың ішінде бас агроном болып шыға келді. Бар-жоғы сол ғана. Ал өзі ғұмыр бойы жылқының соңында жанын жалдап жүргенде Арыстан марқұм баяғыда сыйға тартқан бердеңкеден өзге ештеңеге ие болмапты. Осы күнге дейін сый-құрмет туралы ойланбаған да екен. Кешегі өткен Ысқақ пен
бүгінде көз қимас көп құрбының соңы болып қалған Қабылдың да алғаны жоқ, бергені мол. Немересі төргі бөлмеге дастархан жайды. Ауылда жүргенде мұндай пысықтығы болмаушы еді. Жетіден сегізіншіге көшкен ер баланың үй ішіндегі ұсақ шаруаға күйбең-күйбең кірісіп жүргені ұнамай отыр. - Таста, әрі! – деген. – Аш емеспін. Осы кезде есіктен Далабайдың төбесі көрінді. Мұнымен киімін ауыстырып, шашын тарап, үсті-басын түзеген соң амандасты. Сөзді орденнен бастады. - Сондай бір қуанышымыз бар, - деді ол жүзі жылып. – Той сізден. - Оның жөн, - деді Садақ. – Мерзімін айт. Осы сәт өзінің босаңқырап қалғанын сезіп еді. Жалғыз баланың мәртебесі толқытпай қоймаған. - Осы аптаның аяғы, - деді ол. – Иван Ильич солай шешті. - Иваның кешегі жалпақ сары ма? - Сол кісі. Шаруашылығымыздың директоры ғой. - Ол неге сенің жеке ісіңе төрелік айтады? - Енді басшы адам болған соң, келісеміз, әр нәрсені ақылдасып шешеміз. Жұмыстың ыңғайына қарай өлшеп-пішеміз. - Жарайды. Өз билігің кісі қолында болған соң сөйтесің де. Далабай бұл әңгімені осымен доғаруға асыққан болу керек, шаруа жайына ойысты. Совхоздың биыл жиырма мың гектар тың көтергенін, жүгері бітік шыққанын сөз етті. Ескі тоғанның суы өздерінің ойлағанындай кәдеге жаратылса, келесі жылы табыс шаш етектен болатынын айтып, өсіңкіреп отырды. Содан атқарылған әр істі тәптіштеп келіп, осының бәрі Иван Ильич пен мына Петр Николаевичтің еңбегі екенін қызына дәлелдеп біраз орағытқан. Ара-тұра олармен өзінің жақын араласатынын, ауданнан келген басшының түнде осы үйде болғанын әңгімелеп, суыртпақтан таратты. Иван Ильич қайта-қайта тост көтеріпті. Болашағың бар депті. Өсесің депті. Арқасынан қағыпты. Келінін жанына отырғызып, ылтипат көрсетіпті. Бұған соның бәрі мерей. Болып-толып отыр. Садақ үнсіз тыңдады, сөзін бөлген жоқ. Іштей кешегі өзі қозғаған сөздің сол жерде ұмытылғаны ма деп отыр. Ол жайында бұлар кеңеспеген болып шықты ғой. - Сендер менің айтқандарымды кейін естеріңе де алмағансыңдар ма, - деген ол іркілген бір сәтте.
Далабай күмілжіді. Әлгінде жадырап, жайдақ отырған қалпынан өзгеріп, тамағын қырнай берді. - Сіз қатты кеттіңіз, - деді ақыр соңында. – Баяғы қызбалыққа саласыз. Садақ ұлының жүзіне зер сала қарады. Мынау не айтып отыр өзі. Сонда не демек? - Бүкіл елдің жалғыз жанашыры өзіңіз ғана сияқтысыз. Сізден басқаның бәрі тасбауыр. Жұрт таланып, жер қуарып бара жатқандай шабыласыз келіп. Жаңаталаптың жоғын жоқтап, сабылғаннан табарыңыз бар ма. Заман жаңа, ой-мұрат жаңа. Соны неге түсінбейсіз. Ал ескі ауылдар қаңырап-ақ қалсын. Одан дүйім жұрт ұтылды ма екен. - Сонда сен түк аңғармағаның ба? - Нені көрмекпін? - Көз алдыңда елдігіңнен айырылып барасың. Бүгінгі жоғалтқаныңды ертең немерең де түгендей алмайды. Қайда барсаң, өзгерген атау, туған жеріңде ай-күннің аманында адасасың. Айғыз-айғыз жыртылған дала дар-дар айырылған арысың ғой. Бала біткен өзге тілде шүлдір-шүлдір. Далабай орынынан тұрып кетті. Есікке таялғанда: - Мұны басқаларға айта бермеңіз, - деді. – Ең құрыса мен үшін солай істеңіз. Осымен сөз бітіп еді, Садақ одан әрі сыр тартуға болмайтынын ұқты. Босаға жақта аң-таң қарап қалған немересіне де бұрылып қарамастан үйден шықты. Сол бетінде атқа қонған, сол бетінде тартып кетпек болған. Оның қазір торыны іздеуге де зауқы жоқ еді. Көше жатқан әлдене жүйкесін жұқарта сықырлады, есіктің алдына ат жеккен арба келіп тоқтаған. Толтырып ағаш тиеп алыпты. - Ей, кому отын! Давай, кел мында! – деп айғайлады үстінде шошайып отырған біреу. – арзанға беремін. Даусы таныс сияқты, құланы аяңдатып таяу барды. - Мынау Тұрғанбек қой, - деген өзіне өзі. Ол қорбаңдап түсіп жатыр. Садақ арбаны айналдыра қарап, тиеп алғаны мектепті қоршаған шарбақ екенін көрді. Арасынан партаның бұрышы шығып тұр. Онсыз да тарылған көңіл біржола құлазыды. - Мынауың не? – деді саңқ етіп. Тұрғанбек сәлем бермек болып созған қолын тартып алды. - Сұрауы жоқ дүние де. - Саған иесіз деп кім айтты. Анада ескертіп едім ғой. Тиылмаған екенсің. Оңдырмаймын деп едім сонда. Тұрғанбек шегіншектеп барып іркілді.
- Сен, бұлай әкіреңдеме маған, - деп айбат шекті. – Байқап, байқап сөйле. Садақ оған тебіне жақындады. - Кәне, бұр аттың басын! Түс алдыма! Ол мырс етіп, жерге шырт-шырт түкірді. -Абайла, - деген зіл көрсетіп, - мен бәрін заңдастырып қойғанмын. Қойнын ақтарып, бүктелген қағазды суырып алды. - Мә, оқы мынаны. Садақ ұзақ ежеледі. Ұққаны бір-ақ ауыз сөз. «Тұрғанбек Көпжасаровқа отынға ағаш дайындауға рұқсат берілсін». Төменде дөңгелек мөр басылып, қол қойылған. - Ал енді не дейсің, - деп сызданды ол. – Ауылсовет берген қағаз бұл. Дөкімент. Мұнысы тосын жай еді, «Залым-ай!» - деген ішінен, - осыған дейін ойластырғанын көрмейсің бе?! Мейлі, кімге иек артса да мектепті талатып қоя алмайды. Онда тірідей өлгені, Арыстан марқұмның аруағын аттағаны, сол бір көп бейнетпен келген, ескіден қалған тас үйден өсіп-өнген ұрпақты, кешегі айналып кетейін Сүлей марқұмды қорлағаны. Ауылсовет мектепті бұзып отқа жақ демеген шығар, - деп соқтықты. – Бұр аттың басын. Тұрғанбек енді күш көрсете бастады. - Сен бұл үшін жауап бересің, мен ізденемін, - деп сес көрсетті. Садақ тіксініп қалды. Мұнысы одан ыққаны емес еді, әлгі бір жалғыз ауыз «ізденемін» деген сөз тітіркендірген. Оның естілмей кеткеніне не заман, баяғыда, сонау отызыншы жылдарда айтылатын. Бір түрлі ызғарлы болушы еді, түбі ылаңды, жарға соқтырар еді. Іздене кеткенде, іліктіре кететін, оны мына қаптесердің ұмытпай тілінің ұшында ұстап жүргенін қарасаңшы. Бұл қазір де аянбас еді-ау, сорына қарай заман басқа. Енді Тұрғанбекпен тәжікелесе берудің қажеті жоқ, ол ырылдасуға жалықпас. Құланы тебініп, арбадағы аттың шылбырынан ұстай алды да жетелей жөнелді. Анау шоқ басқандай шар ете қалған, алдын орап далбаң-дұлбаң жүгірді. - Тоқта! Соқтықпа! – деп жанұшырып көшені басына көтерді. Соның даусын естіді ме екен үйден Далабай атып шықты да аңтарылып тұрып қалды. Тұрғанбек арашаға түсер адам табылған соң батылданып кетті. Құланың тізгініне жармасып, бұрынғыдан бетер өршіге айғайлап, барын салып жүр.
- Ұрынба маған. Бүгінде, сенің де, мектебіңнің де құны бір тиын! – деп тап-тап берді. Садақтың көзі қарауытып кетті, ат үстінде қаһарлана ақырды. - Не дедің? Тұрғанбектің жанары шатынап, аузы қисаң-қисаң етеді. Көк долылығынан болар, езуі ақ көбіктеніп еліріп алған, қолында өлетін түрі бар. Өндіршегі сорайып аттың басымен ырс-ырс алысады. - Ал дедім! Ал айттым! – деп қырылдады. – Шіріп кеткен аулыңды тік көтере сатып жіберсем, қолымнан қаға алмайсың. Садақ құлаға қамшы басып, омыраулата таялды. Шар-шар еткен аттың астында қала жаздаса да тізгіннен айырылған жоқ. Енді бейпіл ауыз қатынша қарғап-сілеп жүр. Тиіспегені, соқтықпағаны қалмаған, еліре келе Арыстанның да бұл күнде елдің жадынан өшкенін, бәрі адыра қалғанын айтып, мұны өткеннің дақпыртымен пәле қуып жүрген залым деп құсталағанда күрт кетті. Қамшымен қалай тартып жібергенін білмеді. Ол әуелде не болып, не қойғанын сезбей, көзі алақ-жұлақ етті де, қиқалаңдап барып құлап түсті. - Доңыз! – деп тістенді Садақ. – Сендейлердің талайын осылай жер қаптырғанбыз. Содан кейін арбадағы атты жетелеп кете барды. Жүгіре жеткен Далабай әлдене деп күйінеді. «Тағы не бүлдірдің әке» - дейді. - Бүлдірген жоқпын балам, бүтіндеп жүрмін, - деп кесіп айтты. Енді оны ешкім де тоқтата алмайтын еді, жан-жағынан анталай қарап, манадан бері түкке түсінбей, әр үйдің алдында үймелесіп тұрған жұртқа көз қиығын да салған жоқ. Көшені өрлеп ұзай берді. Дәл қазір ештеме де ойламаған, басы әңкі-тәңкі, қарақұсы зырқ-зырқ етеді. Жанарының алдын анықтап көруден қалған, әйтеуір алған беті дұрыс, мына көшені бойлап отырып, селоның шетіне шығады да, Жаңаталапқа баратын қара жолға түседі. Одан әрі даңғыл желдіртер де отырар. Ауылға іліксе, тура мектепке бет түзейді, мына арбадағы шарбақты өз қолымен қайта тұрғызады. Енді ешкім қозғай алмайтындай етіп біржола бекітіп тастайды. Қажет десе, оны күндіз-түні күзетуге де бар, өзі көз жұмғанша тірі пендеге талатпақ емес. Тұрғанбектің айғайы әлі естіліп тұр. Не айтып шулатып жатқаны белгісіз, сөзі үзік-үзік жетеді. «Тірі қалған екенсің ғой, - деп кіжінді. – Сендей қаптесерлер итжанды келеді, маңайындағының бәрін аздырып-тоздырып
біткенше көзі құрымайды. Бірі өшсе, екіншісі дайын тұра қалады, көктемей жатып тез пісетінін қайтерсің, арамның бәрі өсімтал». Осы бетінде көшені көктей өтіп, жолға да іліккен. Әлгінің үні де сап тиылған, айнала жым-жырт, қырдың кезбе желі басылған, ауыр қара қошқыл бұлттар аспанның астында түксие салбырайды. - Бүгін де құйып бергелі тұрсыңдар-ау, - деп күбірледі. Арба сықыр-сықыр етіп ауыр қозғалады, ат аяңнан аспай қойды. Мына мимырт жүріспен Жаңаталапқа ел жата жетсе де жақсы. Е, мейлі, асығатын не бар. Шындығына келсе, бұл да бір біткен шаруа. Біраз жер ұтқан соң артқы жағынан машинаның гүрілі естілді. – «Далабай шығар» - деп ойлаған. Ол әлгі оқиғадан кейін мұнымен тілдеспей тек жата алмаса керек-ті. Әлде Тұрғанбекті салып алып, орталықтан аулаққа әкетпекші болды ма екен. Пәледен машайық қашады, елді дүрліктірмей бір жөнін табуды қарастыруы да кәдік. Осы түйінінің шегіне жеткенше машина қуып жетті, жанынан өте шығып, жолдың жиегіне кілт тоқтады. Ішінен Тұрғанбек, Далабай және бір бөгде адам түскен. Онысы милиция болар, екі иығы сарыала, басындағы қалпағы қоқиып, сүзе қарайды. Үшеуі қарсы алдында қаздиып тұра-тұра қалды. Тұрғанбектің аузында дамыл жоқ, суша сапырады. - Товарыш милисия, мынау опаснай шалабек! – деп барқырады. - Остарожнай, әйтпесе жарып тастайды. Милиция басқа ұлттың адамы екен. Айтқанының бірін түсінді, бірін ұққан жоқ. Әйтеуір бізбен бірге жүресіз дегенін аңғарған. - Мына атты қайда тастаймын, - деп еді, Далабай шырылдап қоя берді. - Ойбай, қасарыспаңыз! Мұндайда әр сөзіңізге дейін жіпке тізіледі. Милиция бұдан әрі жіті қимылдады, арбадағы атты доғартып, құла екеуін сол жерге байлаттырды. Содан кейін бәрі машинаға отырып, совхозға қайта оралған. Кеңсеге келісімен бірден жауап алуға кірісті. Тұрғанбек айыптаушы, бұл айыпталушы. Екі ортада Далабай безек қағады. Сарыала иықты аз сөйлейді, көп жазады. Бұл не болып, не қойғанын бүкпесіз айтып берді, ұлы аударып түгел жеткізді білем: - Да, серьезная, - деп басын шайқады. Онысы сірә «Оңбайсың» дегені болар, Тұрғанбек көтеріле түсті. Басқа – көзге төпелеп, бастырмалата сөйлейді. - Сынок, я так не оставит. Райком барамын, - деп қоразданды. – Бандының орыны түрме.
Милиция оған зер салып біруақ қарап отырды да, қабағын шытты. Содан соң қысқа тіл қатқан. - Дауды қазақ жолмен шешейік. Екі ақсақал бір бірінен кешірім сұрап бітіссін деп отыр, - деді Далабай. Тұрғанбек шоршып түсті. - Жоқ, көнбеймін бұған. Екі дүниеде кешу жоқ. Түрмеде шіріттіремін, деп шабаланды. – Сен, қарағым Далабай оны азғырып, өзді өзің ымдасып отырған шығарсың. Менімен олай ойнама, Тұрғанбек осал адам емес. Заң – законды біз де білеміз. Мынандай басбұзар әкенің ұлы үлкен қызметте жүре алмаса керек. Әлі аяңдап саған да жетемін. Далабай тілі байланып қалғандай біразға дейін ләм-мим демеді. Тұрғанбек одан әрі өршіді. - Жазықсыз жанға қол жұмсаған кісі кемінде екі жылға қамалады. Мына шал оған төзе ала ма. Сүйегі түрмеде шірір. Бірақ мен райымнан қайтпаймын. Көтермеймін қорлығын, жібермеймін кегімді. Садақ кекесінмен мырс етті. - Әй, сені өлтіріп тастасам да сот жоқ маған. Мына өзіңдей қорқау жалмауыздан елдің ішін тазартқаным үшін де қамалмаймын. Милиция Далабайға қарап бірдеме деп еді, ол ұзақ сөйледі. Содан кейін Тұрғанбекке бұрылған. - Тұқа, сіз сыртқа шығып кетіңізші, оңаша шешетін шаруа бар. Ол милицияға, одан Садаққа қарады. Көзі алара сызданды, жорта жөткірініп, сұйық сақалын салалады. Далабай екеуі сыртқа кетіп бара жатып «безобраз» деген. Содан олар біраз бөгеліп еді. Қайтып оралғанша сағатқа жуық уақыт өткен шығар. Ал есіктен көрінгенде ұлының өңі түзу еді, Тұрғанбек те әлгіндегі өрікпеуін сәл басқан, дегенмен әлі қораздана, аяғын шірене басады. Товарыш, милисия, - деді қарсы алдына тұра қалып. – Жібер мынаны. Бұлар біріне бірі қарамауға тырысып көшеге шыққанда, күн бесінге таянған еді. Тұрғанбек бірден ат-арба қалған жаққа тартты. - Әке, деді Далабай, - енді ұрынбаңыз анаған. Мен реттедім бәрін. - Не істеп едің? - Жайластырдым әйтеуір. Шарбақ та өз орнын табады, Сіз де боссыз. - Көмейіне құйдым де. Далабай басын шайқады, шындығында Тұрғанбекке дауды қоздырмай басу үшін біраз ақшаны бергені рас болатын.
* * * Торы еркіндіктегі екі күннің ішінде жұтынып шыға келді. Иесі онсызда күтіп мінетін аттың қазір түгі жылтырайды, не болса соған елеңдеп, не болса содан үркектеп, ала қашып тұрған желік бар. Ай даладағы күміс бұлақтың қос өңірін жалғыз жайлап, осы еділжайық күндері сірә да бір сарқылмайтындай мүлде алаңсыз. Кей кездері арқасына жылқы болып ер салынып көрмеген, құлын күнінен емін-еркін жүріп, бас асаулығынан әлі арылмаған секілденіп, аяғындағы шалыс өренің үзігінен тепкілене жериді. Өткен-кеткен ер қашты жылдардың жексұрын белгісіндей қытығына тиеді. Шабына айыл, төсіне тартпа батқан айлардың енді қайтып оралмасын бір бұлыңғыр түйсікпен сезгендей болады. Жер шүйгін, күн салқын, шыбынсыз жазға бергісіз сарыала күзде өзі күнде ертемен байланып, кеш түскенше қаңтарылып тұратын шарбақты, шылдыр-шылдыр мазалайтын жүгенді, иесі үстіне қона кетсе, сауырын суық сүйкеп өтетін қамшыны, сол бір беймаза, үнемі жолаушылайтын да жүретін шалды ойлаудың өзі күнә еді. Торы бәрін ұмыта бастаған, анығында ұмытқысы келген. Ол тіпті адам атаулыны көргісі келмей кергіп еді. Бірақ, онда не ерік бар, үшінші күні таң ата тіркемесі салдырлаған трактор бұлақтың басына жетіп тоқтады. Ішінен үш адам түсті. Торы оның ана бір еңгезердей, даусы гүр-гүр еткен ұзын бойлысы Степан екенін, шіңкілдеп сөйлейтін тәпелтек сарысы Матвей, ал ашаң жігіт Тұрғанбектің совхоз орталығына былтыр көшіп қонған ұлы Дүйсен болатынын қайдан білсін. Оған бір ғана нәрсе анықты, енді күміс бұлақтың өңірін еркін билей алмайды. Бұл адам деген екі аяқты пәленің тімтініп тінтпейтін жері болсайшы, ай далада аш бөрідей жортады да жүреді. Қайда барсаң да соларды көресің, қашып құтыла алмайсың. Көкте де, жерде де қаптап кеткен. Торы бұлақтың жағасындағы биік құрақты бырт-бырт орып тұрып, олар кешікпей кететін шығар деп дәмеленді. Бірақ Степанның ондай ойы да жоқ еді. Тегінде қара жұмысқа мықты, тас шапса да қажымайтын әлді жігіт елден жырақ осындай ен даланы жақсы көретін. Осы күнге дейін ол нені бастан өткермеді десеңізші. Көзі жылтырап ашылғаннан бері көріп келе жатқаны қу бейнет. Өмірді қалай жеңілдетсем екен деп арпалысып-ақ баққан, алайда әуелде бағы жанбайтын сорлы болып жаратылған соң, не істесе де шырайы шықпайды екен. Әйтеуір оңала алмай-ақ қойды. Әсілі ол әуелде тәп-тәуір жігіт болатын, мектепті ойдағыдай бітірді, одан туған колхозында трактор айдады. Әскер қатарында да жаманаты шыққан жоқ. Бар пәле елге келген соң басталды.
Сол бір қияпат күндерді Степан еске алғысы келмейтін, бірақ өзіңнен өзің қайда қашып құтыласың, ойламайын-ақ дейді, болмайды, көңілге орала береді. Кеше осылай қарай жүретін болған соң ана Матвей екеуі жолға қам жасаған. Мұндайда, әрине алдымен «ақаңнан» қамтып қаласың, оны молдау етіп ала шығу керек. Мына алдамшы, екі жүзді өмірдің ауыртпалығын сәл де болса жеңілдететін сол ғана. Сөйтіп бұлар жап-жақсы әзірлік жасап еді, жаңа осында келісімен қыл мойын шынының біреуін қылдай бөліп босатты. Сол-ақ екен Степанның кәрі жыны қозды. Ойына оралмағаны жоқ, әскерден келгеннен кейін жап-жас уылжыған Катяға үйленгені, оны құлай сүйгені, араға жарты жыл салмай жатып, жүзіктің көзінен өтетін жұбайының басқа біреумен көңіл қосқаны, дүниеден түңіліп, басын тауға да, тасқа да соғып, қатты азап шеккені, ақырғы аяғында әйелін соққыға жыққаны, сол үшін сотталғаны есіне түсті. Онда да ішіп алған еді, не істеп, не қойғанын артынан бірақ білген. әпәдемі катяны жүндей түтіпті, бет-аузынан сау тамтық жоқ, қабырғасын күйретіп, кемтар еткен. Бұдан кейін қайдан оңсын, жеті жылға бас еркінен айырылды. Содан мерзімін толық өтемей, осында мына тың жерге келген. Мұндағылар өзін аса өгейси қоймап еді, сотталған адам екеніне де мән бере қойған жоқ., сұраған жұмысын алған. Алайда, өзінде береке жоқ, ішеді де бәрін бүлдіреді. Әуелде автомашинаға отырып еді, аударып тынды. Одан тракторға ауысып, екі айдан соң өзі тастап кетті. Күндіз-түні тыр-тыр еткен пәленің ішінде итінесің де отырасың, бұдан да совхоз орталығында жұмыс істегені дұрыс. Үй жөндей ме, су таси ма, отын дайындай ма, шаруа жеткілікті, ең тәуірі дүкен жанында, қалаған кезде ал да іше бер. Бүгін мына бұлақтың маңын қоршаулары керек, осында тәрізі қорық болатын секілді ме анық білмейді. Тағы бір естігенінде бұл маңды жыртпай, келешек ұрпақ үшін сақтап қоймақ болған көрінеді. Е, мейлі, ойларына келгенін істесін, мұның шаруасы жоқ, жұмсады ма, орындайды. Айналаны барлап қарап шықты, қорша дегендері аумағы біржарым шақырымға толмайтын тоқымдай ғана жер, ен даладан бүтін қалғаны осы ғана. Өзі бір көркем өңір екен, шөптің неше атасы өсіп тұр, исі жұпар аңқиды, әр тұстан дала сарымсағының биік сабағы көрінеді. Ол дегенің таптырмайтын ащы басар ғой, ақаңнан тартып жібер де, күтір-күтір шайна, көзің шырадай жанады. Бұлақтың суы да мол, сылдыр-сылдыр ағып жатыр, жағасы жайқала шалқиды. Кешегі ішістен басы ауырып, таңдайы кеуіп тұр еді, жата қалып
құныға жұтты. Суы тастай екен, шекесінен шыққан. Орынынан тұрғанда, таяу жерде жайылып жүрген ат осқырына үркіп жалт берді. Дүйсен мен Матвей тіркеме арбадан керек-жарақты жерге түсіріп жатыр. Қой, енді іске кіріспесе болмас, өзі араласпай шаруа біте ме. Ана қазақ сыралғы емес, ал Матвей барып тұрған жалқаудың өзі, тұяғы қыбырласа үнжырғасы түсіп кетеді. Кезінде қаланың қалтаға түсетін ұрысы болған, өзін ақсаусақ деп білетін шыңылтыр неме мұндай қара жұмыста сенімді адам емес, бірақ бүгінде бұдан безіп кетпеген жалғыз жолдас сол ғана. Ұрса да, соқса да соңынан сүмеңдеп қалмайды. Торы ат таңатпай келген үшеуге сонадайдан үрке қарап тұрды да қайтадан жайылуға кірісті. Адам көрмеп пе, мейлі жүре берсін, бәрі бір оларға қылатын дәрмені жоқ, тек бұған жоламаса болғаны, мына шүйгіп өңірден түре қумаса жарады. Өздері күйбең-күйбең етіп, тыным таппай жүр, жуан ағаштарды сүйреп әр жерге бір тасиды. Трактор әлгінде қайтадан тырылдап еді, дүние тарылып бара жатқандай болды. Екі күннен бері жаңбырдың сырылы мен бозторғайдың шырылынан басқаны естімеген аттың құлағына түрпідей тиді. Бұл трактор әмбебап техника болатын. Дүйсен онымен қада орнататын шұқыр да қаза алады, арық та тартады, жер де жыртады, жүк те тасиды. Несін айтасың, қайда салсаң да оңтайыңа келе қалады. Қазір артқы жағына темір бұрғы орнатып алған, жерге қада да, газды басып қал, тереңдігі кісі белінен келетін шұңқыр дайын болды дей бер. Алда-жалда бірдеңесі сынып қалмаса, бұлар бұлақтың төңірегін түс ауа қоршап бітеді. Тек мына екеуіне сенім жоқ, өздері жолға тура бір сөмке арақ алған. Одан ауыз тисе бітті, жұмыс тоқтады дей бер, қашан сарқын тауысқанша басқа дүниені ұмытады. Дүйсен қорбаң-қорбаң етіп, жуан бөренелерді тасып жүрген Степанға қарады да басын шайқады. Тепсе темір үзетін алпамсадай жігіттің қара күшіне таң қалған. Зілдей ағашты жеп-жеңіл көтереді. Мынаның қолына түссең оңбассың. Күн мұнартып тұр, бүгін де жаңбыр жауатын шығар, жылауық күздің қабағы ашылмай-ақ қойды. Жер де сыз, ауа да сыз, таң әулетінде бойың мұздайды. Мал тұяғы тимей тұтаса өскен шалғын дымқыл, екі қадам жүрсең аяғың малмандай су болады. Дәтке қуат болғанда, мұның жұмыс орыны трактордың іші, шұқырыңды қазуды ғана біл, қалғанында шаруасы шамалы. Сөйтіп бұлар іске кірісті, ұлан-байтақ даланың соқа тісінен сау қалған тоқымдай пұшпағын қоршап тастаулары керек. Ол келер ұрпақ үшін, баяғыда мына өлкеде көдесі мен тарлауы, өлең шөбі мен жусаны жайқалған Арқа
атты ен дала болды деп айту үшін қажет. Кім біледі, болашаққа ие болатын ұл-қыз Сарыарқаның жазығында жер-жаһан жаралғалы жүгері өседі деп ойлап қалуы кәдік қой.
* * * Садақ түнімен дөңбекшіп шықты, сөзінің еш жерде өтпейтіндігі сарсаңға салған. Ең ақыры өз төлі Далабай да түсінбейді, жан бағып, күн көрістің қамын күйттейді. Оған мұның айтқандарынан ана Иван деректердің қолпаштауы қымбат, ел билігіне араласпай жатып, сіңірген еңбегін емес, өсер жолын ойлап әуре. Құдай біледі, бұлар алған өнім, келген табысқа көптің игілігі емес, қызмет бабымен көтерілудің көзі деп қарайды. Кешегісі не еді, қайдағы бір сұғанақ Тұрғанбектің алдында тіл-аузы байланды да қалды. Бұл сотталмас еді ғой, екі алжыған шалдың дауын басуға жарамаса, заңның да, заңды қолданатындардың да көк тиын құны қалмағаны. Ал мұның ұлы тұйыққа тіреліп, ана ашкөз итке пара беруден арланған жоқ. Сондағысы - өзіне кесірі тие ме деген қорқынышы. «Жасық неме!» - деп күрсінді. –Мол қармап, кең қамтудан дәмелі болып жүріп, әлі талай сұғанақтың жеміне айналарсың». Осылай өз ойымен өзі арпалысып жатып таң алдында ғана көз шырымын алған.Онда да бір сәтке қалғып кеткен сияқты еді, сиыр саууға тұрған кемпірімен бірге оянды. Тысқа шыққанда таңғы суықтан бойы тітіренген. «Ызғарың тәп-тәуір екен, шөп басына қырау қонатын күн алыс емес» - деп күбірледі. Содан кейін өз ырқынан тыс мектеп жаққа қарай аяңдаған. Тұрғанбек залым шарбақты оған жеткізбей күресінге үйіп кетіпті. Мұны мұқатқандағысы да. Садақ қабырғасы қайыса күрсінді. «Тәңір-ау, деген, - дүние қоңыздықта шек болмайды екен ғой. Пайғамбар жасынан асқанша түртіншектеп дүние жиғанда, қай қысылғанынан еді. Неге жанталасады сонша, қандай себебі бар? Он ойлап, жүз толғанса да шешуін таба алмаған. Елдің қамын ойлайтын ақсақал көртышқандай көрсоқыр болса, былайғы жұртта не жазық. Тағы бір пайымдап қараса, бұл күнде дүние-мал көздің құртына айналып бара ма деп топшылайды. Жоқтықтың зары өткен бұлар қызықпайтынға кейінгілер ашқарақ. Сонда заман қай қырына қарай ауып барады. Түпкі ниет дұрыс сияқты көрінгенімен, ішкі есеп шикі болса, ірілікті кімнің бойынан табасың. Ұсақтықтың тұсы – бақай қулық емес пе еді. Бүгінде соған жиі кезігеді.
* * * Таңғы асын ішкен соң құланы ерттеді. Бүгін торыны қалай да тауып алуы керек. Қазір осы жерден күміс бұлаққа төтелей тартады. Басқа жақты түгел арылтқан, сол арадан табылып қалуы кәдік. Айнала айғыз-айғыз жыртылып, тіске басар қылтанақ таппай сенделгенде сол шүйгінді жазықты іздеуі де мүмкін-ау. Ал егер ол маңнан кезікпесе, қолды болғаны. Білдей ат ел аман, жұрт тынышта үшті-күйлі жоғалып кетсе, басқа неге жорысын. Осы күні әржерде мал ұрлана бастапты. Тыңға келгендердің арасында химияға кесілген дей ме, немене, сотталғанымен қамалмайтын, күзетсіз жұмыс істейтіндер де бар деп естіген. Солардың ісі де, тоналған дүкен, соққыға жығылған адам да жоқ емес. Бұл пәлелерді неге әкелгенін түсінбей дал болды, өңшең содырсойқан жер жыртып, егін егіп жарытпас. Әйтеуір бәрі мидай араласып жатыр. Тоқырауды кесіп өткен соң, ұшан-теңіз жыртылған алқапқа тап болды, шеті де шегі де жоқ. Оң қол жақтағы ен жазықтың бойына жүгері өсірген екен, түгел шауып алыпты. Осы арадан аңызды кесіп, өтетін қара жолға түсті. Аспан түнеріңкі, кіршең бұлттар жалқау жүзіп барады, ауадан жаңбырдың исі білінеді, жер де, көк те сыз. Ұлан даланы суға малып алып, жайып тастаған секілді. Жолдың ой-шұңқырының бәрі шалшыққа айналған, кей тұстарын трактордың табаны сойып кетіпті, олар да бетімен бірдей, қолққолқ етеді. Ат үстінде ой көп. Күпті көңілдің түгендемейтіні жоқ. Ойлап қараса, тыңға ат басын тірегендер жердің реңін ғана емес атын да өзгерте келген. Әркім өзі туып өскен жұртының атауын қанжығасына өңгеріп жетіпті. Бұл не сонда. Ел сәбидің есіміне де таласып, өкпелесіп жатады, ал жердің жөні тіпті бөлек. Әр сүйемінде қазыналы қалың елдің тарихы жазылған. Ол да бір айтары көп, тағылымы мол шежіре. Атына қарап затына қанасың, бетіне шимай көп түссе, соңыра төркінін тану қиынға соғады. Мұны ойлап жатқан кім бар. Өзегін өртеген, жанын шүберекке түйгізген бір уайымы осы. Оны өзінен басқа ешкім түсінбесе, қалай қажымасын. Бажайлап қараған адамға мына даланың әрбір сай-жырасына дейін шежіре. Бұрынғы ел бүгінгі өмірді жалғастыратын ұрпақпен бірге қалың тарихты, ұлағаты көп аңыз-әңгімесін, көпті бір арнаға салып, бір түйінге ұйытатын салт-дәстүрді қалдырған. Оның дені қазақ жұртында қағазға емес, осынау ұлан далаға жазылған. Бұлар енді соны тонап жатыр, өткенінен айырып жатыр. Басқа-басқа, аты ата-бабаңның аруағындай естілетін Ақмолада несі бар еді. Бүгінде ол да жоқ, түгендейтін, аңсайтын жұрт та жоқ. Ен далада елдігіңе мұрынын шүйіретін өзгелер қойдай
өріп жүр. Күні ертең солардың: іргеңді әрі сал, бұл менікі-демесіне кім кепіл. Атпай-шаппай отарлап жатқан жоқ па?
* * * Жаңбыр құйып тұр, соқа тісі айғыздаған даланың үстіне сыр-сыр төгіледі, қара жолдың тапталған табаны да езіліп кеткен, ат тұяғы батады. Бет алған бұлағы бұл арадан жиырма шақырымдай жерді, түс ауа жететіні анық. Торыны сол маңнан ұзатпай тапса, кешке ауылда болады. Тек мына жаңбыр басылса екен, осылай тоқтаусыз құя берсе, қалың берзент плащы да пана болмайды, су өтіп кетеді. Кейінгі кезде белі жиі сырқырайтын болып жүр, оның да темірге айналып кетпесе сыр беретін уағы әлдеқашан жеткен. Осы күнге дейін шыдап келгеніне де риза. Жер-дүние жанарыңа сыйып, тірілердің санатында жүрген соң тәубаңа келе бермейсің, әйтпесе ендігі есендік те алдамшы. Өмірден жан қиналмай өту де бір дәурен. Таяуда радиодан бір ойлы ән естіп еді, сөзі де, әуені де салмақты. Тыңдағанын көкейге құйып алатын қазақы дағдымен есінде сақтап қалған. Қалай еді, Ай бозым, айхой бозым, даңғыл бозым, Ел шалғай жете алмаймын жалғыз өзім, Сүйкімді, сүйіскенді сағынғаннан Талады қарай-қарай екі көзім. Өзіңмен теңдес құрбың болмаған соң Өтеді енді кімге айтқан сөзім. Осылай бір аһ ұрып еді ғой, сай-сүйегіңді сырқыратып, қай-қайдағы ойды қозғап, ұмытылған, көнерген мұңды тірілтіп, күңіренте күрсіндіріп тұрып алған. Артта қалғанның бәрі қымбат, жоғалтып алған күйкі жүрек езіліп барып еңірегендей болған. Көзге жас толып, ақсақалдың бойымен тарамтарам аққанда, өзім шертер ендігі мұңды күй осы ғой, тәп өзі дегізіп, сан толқытқан. Дүние-ай десеңші, өміріңнің соңына достығы сатусыз, көңіл қаяуы бір, айтары көп, бөлісері бар ойлы құрбыңмен бірге жету де арман екен ғой. Ғұмырыңды ұзартатын нақ солар ғой, сол бір жан қимас аяулыларың ғой. Садақтың көңілі босады, ай далада күзгі нөсердің астында жападанжалғыз аңырады. Көз жасына бар болмысымен езіле ерік берді. Өзіне өзі ие
бола алмай, аттың мойынына құлап түсіп қолқасы суырыла егілді. Жүзін жаңбыр да, жас та жуған, өзегі өртеніп, денесінен әл кетті. Енді оған бәрі бір сияқты еді. Ал көз алдында баянсыз өткен, беймәлім бүгін. Көңіліне әлгі әуеннің сөзі, жүрегінде сол мұңды сағыныш әні. Ол мұның көкірегінен жоқтау сазы болып өрілген. Өмірден өтіп кеткен қайран асыл құрбылардың жоқтауы еді. Жаңбыр үдеп барады, Арқа аспаны өзімен бірге ағыл да тегіл төгілгендей. - Аңырайықшы бір! Бүкіл дүниенің қабырғасын қайыстыра боздайықшы, - деп өксіді Садақ. – Бұл жалғанда үнемі қайсар болып жүру үшін де осылай бір босап алу керек. Ал жауын екілене құйды келіп, сырылдаған дыбысы тоналған керуеннің сарынына ұқсап қам көңіл алау-далау. Аңсағаның не, қимасың кім, сүйенерсүйсінерің қайсы, - бәр-бәрін іздетеді. Ойың сарсаң, өзің дел-сал, өткен өмір мен бүгінгі күніңе риза болар-болмасың да жұмбақ, бір ауыр мұң қинайды келіп, баурайды келіп. Нөсердің астында тарылған далада өзінен басқа тіршілік белгісі жоқ, ұлан алқап дәл қазір жансыз. Жер де су, көк те су, тәңіріңнен зар илеп тілесең дәл бұлай көл көсір бере қоймас. Мына атыраптың бойына біткен бір мінез осындай жомарттығы – ас та төк, сараңдығы сағыңды сындырғандай. Бір жыл жал бітіп қоңданса, бір жыл – көтерем, нәр тамбай, аптап күннің астында есіл дала ақ тақырға айналған күндер де болған. Қай қылығын бақсаң да қазақы аумалы-төкпелі мінез танылады, жадыраса – түгі қалмай шашылады, тарылса – тарс жабылады. Егіле-егіле өзегі талды, көкірегі удай ашиды, сағынғаны оралмайтын, қимас күндері қайтып келмейтін қария күндер қажытады-ақ екен. Ойлай да толғай келгенде артыңда жоқтаушың қалса, ол да бір ғанибет. Түбінде бұ дүниеден өтіп бір кеткенде, «марқұм жақсы кісі еді ғой» дегізерлік қасиетің болса, көрген қиындық, шеккен бейнетің бәрі садаға. Күздің қалың жаңбыры басылатын емес, ал межелі тұс алыс қалған жоқты, күміс бұлаққа таяқ тастам ғана. Оған да жетер-ау, торы атты да табар, мал да болса, құлынында аунаған жердің топырағын аңсап, құйқасы сай-сай жыртылған ұлан өңірді кесіп өтіп тапты ма екен. Қайтсін енді, бұл атырапқа одан басқа оты қанар оймақтай жер жоқ. Бұл бүгін одан да айырмақ, басқа амал қайсы, ғұмыр бойы жылқы баққан, алпысқа алқынып жеткенше ерден түспеген шалға ат жалын тартып міну де бір ғұмыр екенін ол қайдан ұқсын. Торыға тақымы тисе, талай-талай жайдан сыр сауар еді. Баяғы тозығы жеткен, жамай-жамай теңбіл-теңбіл болған, Ысқақ марқұм екеуі тастамай
кәдеге асырап келген ескі қара қос, сол бір күндер, қызыққа балаған, қызығарлығы аз сәттер еске оралар. Бүгінде бұған өткен кезеңнің әр сағаты қымбат, мына даланың әрбір бедері, қарайған тобылғы, сүрлеуі мен соқпағы, жансыз тасы, - бәрі естелік. Иен өңірдің тоқымдай пұшпығы реңін жоғалтса, қимасынан айырылғандай қиналады. Ал жаңа атаулы әуелден ұшқыр, ауыздығымен алысады, артына зәудеде бір қайырылып қарауға зауқы болар, уақыты жоқ. Бара-бара өз екпініне өзі ілесе алмай алқынып, сірә бір аялдар шағы жетер, сонда мұның халін кешер. Құла елеңдеді, күміс бұлаққа жетіп қалған, Садақ қарсы алдына аңтарыла қарады. Тәңір-ау мына жерді де жыртпақ болғандары ма. Ана трактор қайдан келген, не істегелі жүр?! Атын қамшылап желдірте таялды, жақындаған кезде шүйгін алаңқайдың кең етіп қоршалғанын көрді. Сонда барып сабасына түскен, бәсе көне даладан да осындай бір белгі қалуы керек қой. Бұлары ақыл болған екен. Трактордың маңында тірі жан жоқ, жаңбырдан қорғалап кабинаның ішінде отырған шығар. Өздері көп жұмыс тындырыпты, жуан бөренеден қиылған қадаларды жиі орнатып, тікенек сым тартып тастаған, мал түгілі аң да кіре алмас. Садақ шүкіршілік етті, тегінде ұлтандай ғана жерді емес, тұтас бір алқапты жыртпай алып қалса да болар еді, әйтсе де бұл да дәтке қуат. Торы қоршаудың ішінде жайылып жүр, көзіне оттай басылды, оны іздегеніне бүгін үшінші күн ғой. Қазір әуре-сараңға түспей тез ұстап алса дұрыс, сырғақтап суси беретін кірпияздығы бар еді, бұлтаққа салатыны анық. Әне салтаттыны көріп, оқшырая қарап тұр, құлағын үкідей тігіп алған. «Мына сары шал ақыры тапты ма, бұдан сірә да құтыла алмайтын шығармын» - деп мазаланған секілді басын шұлғып тастап әрі қарай ойысты. -Әй, жануарым-ай! – деді Садақ, - қадырыңды білетін жалғыз жан мен болармын. Бұл шал алда-жалда о дүниелік бола қалса, қайтер ең. Қой, олай сырғақтама, тұра қал. Босқа шаршатпа мені. Ат үстінде ықшамданып, қанжығада байлаулы жүрген қыл арқанды шешіп алды, мойынына асынған бердеңкені түзеді, тұшпақ тақиясын баса киіп, ерге оңтайлы отырды. Қоршауды жағалап, ішке енетін ауыз іздеген. Бұл кезде Степан мен Матвей трактордың кабинасында бірінің сөзіне бірі қонақ бермей қызынып отырған. Олардың басы бар аяғы жоқ бей-берекет әңгімесінен екеуі қанша қолқаласа да арақ ішпей сау отырған Дүйсеннің құлағы тұнды. Тар кабина көкала түтін, шылымнан ауыздары босамайды, тысқа шығып кетуге жаңбыр құйып тұр.
Степан түрмеде отырған кездегі оқиғаларын айтып таусатын емес, сөзіне сенсе, істемеген пәлесі жоқ. Абақтыда екі күннің бірінде қырғын төбелес болатынын содан алғаш рет естіген. - Содан, - деді ол Матвей ұсынған темір күрешкедегі арақты аузына құя салып, - әлгі Бөрі екеуіміз аңдыстық та жүрдік. Ол қыбын тауып мені іштен сылқита тепкісі келеді. Қолынан гөрі аяғы оңтайлы, бір-екі рет тобықтан қағып қалып сүріндіре жаздады. Оған құлай салатын Степан қуыс қурай ма екен, қайта құтырына түстім. Тап берсем, ыршып кетеді, сілтеген қолым ауаны қармайды. Осылай біраз жүрген соң, басыма бір ой келді. Қалай да қоян-қолтық алысу жағын қарастыруым керек. Бөрі қашып жүріп ұрыс салуға машық, ұрымтал тұста соғып өтіп әлсірете бермек. «Бұлай болмайды қорқауым, - дедім іштей. – Білекті болсаң тартынба, қасқая қарсы шап». Мүмкіндігінше түрменің тар қуысына қарай тықсырып бақтым. Әттең қолым бір тисе, айырылмас едім. Ол соны сезіп тайқып шыға береді. Ал екеуімізді қоршап тұрған өңкей малғұн қасқырға ит қосқандай айтақтайды. Көбі Бөрінің, азы менің жағымда. Бір сұмырай төбелес басталғаннан бері түгімді қоймай сыбап жүр. Соған еріксіз көзім түсіп кетсе керек, аңдып тұрған жырынды төбет ішімнен тепті де өтті. Бойымды билеп үлгергенше екінші қабат соққан. Көзім қарауытып кетті, ол енді қайрат көрсете алмайды деп ойлады ма, сақтануын қойып ақыра ұмтылды. - Қап! – деп қынжылды Матвей. - Әттеген-ай! - Сол кезде, - деп күркіреді Степан, - жыртқыштанып кеттім. Сілтей берген қолынан шап беріп, үйіре лақтырдым. Қарғып барып қайта соқтым. Жерге алып ұрып, басқа-көзге қарамай төмпештей бердім. - Жаса, Степка! – деп есіре айғайлады Матвей. Степан дәл сол төбелестен жаңа ғана шыққандай буырқанып, кабинаның есігін періп-періп қалды. - Құй! – деді барқырап. Матвей әмірін әп-сәтте орындады. - Батыр туған Степка үшін! – деп сіміріп салды. Дүйсеннің жүрегі айныды, шылым мен арақтың исі қолқаны атады. Бұдан әрі отыра алатын түрі жоқ, бұлай қор болғанша жауынның астында жүргені артық. Есікті ашып, жерге секіріп түсті.
- Әй, қайда барасың! – деп шіңкілдеді Матвей. – Степка, қарай гөр мұны, бізді менсінбейді, мұрынын шүйіреді. Степан иығынан салып қалды. - Сен бар, үйретіп ал. Әлде жүрегің дауаламай ма, сескенесің, ә?! - Қорлама өйтіп, - деп күшейді Матвей. – Мен де талайды көрген сойқанмын. Соны айтып кабинадан жұлына қарғыды. Өзінше жерге дік етіп түспек болған, бірақ тайып кетіп, қалпақтай ұшты. Тұра беріп қайта жығылды, бойын арақтың уыты жайлап алған. Оған ана қазақ кінәлі сияқты болып, жыны құрысты. - Қазір! Тоқтай тұр! – деп тістенді. – Сен әлі Матвейдің кім екенін білетін боласың. Осы кезде көзі қоршаудың ішіне еніп бара жатқан аттыға түскен. Бұл қайдан жүр, жерден шықты ма, әлде көктен түсті ме. - Ей, қымбаттым! – деп айғайлады. – Мұнда кел! Салтаттылы бұған қарады да, естімеген адамдай жүре берді. Матвей одан әрі долырды, көрдің бе мұны адам деп санамайды. Қаңғырған алқаш дейтін шығар, кемітеді ғой, ә. - Степка! – деп шырылдады енді ол. – Бері кел! Ол қорбаңдап жерге түскенше, Дүйсен тайқып үлгерген еді. Мына екеуінің түрі жаман, арақты өлгенше ішті, қазір ештеңені айырмайды, сәл нәрседен ілік тауып түре тиіссе, қолынан не келеді. Абырой болғанда енді жалғыз емес, ана бір аттылының келе қалғаны мұндай жақсы болар ма. Солай қарай жылыстады. Өзі таныс секілді, мынау Садақ қарт қой. - Сақа!- деп дауыстады аяғын жеделдете басып. Ол аттың тізгінін тартып, тосып тұрып қалды. - Ассалаумағалейкум, ата! - Бар бол, балам. Сен екенсің ғой. Тұрғынбектің кенже ұлы жайдары амандасты, сірә кешегі оқиғаны білмейтін болуы керек. Өзінің киімі жұқа су өтіп тоңған , жақ жүні үрпиіп жүдеп тұр. - Тракторыңнан неге түстің? - Ата, ана екеуі дені дұрыс адам емес, қирай мас, шошынып тұрмын. - Не қылмайсың дейді? - Ішкен кісіде пәтуа бар ма. Сол екі ортада олар да жеткен, Матвей келе Садаққа шүйлікті. - Ей, шал! Сен неге қоршаудың ішіне кіресің! – деп қадала кетті.- Бұл араға аяқ басуға болмайды.
- Неге? - Мен айттым, бітті! Тайып тұр! Садақ оған анықтап қарап, тәжікелесуге болмайтынын ұқты. Жанындағысы еңгезердей біреу екен, түксиіп таялып келеді. -Дед, давай убирайся! –деп дүңк енгізді. -Неге деп сұрап тұрмын ғой. - Бұл жер қазынанікі. Қорғауға алынған. - Солай де. Жерге бас салып, жайылмақ болған құланың тізгінін жұлқи тартты. Сау қалған ұлтарақтай жерге мынау екеуі ие болса, жетіскен-ақ екен. - Сені мені дұрыстап тыңда, -деді оған. –Анау қоршаудың ішінде жүрген ат менікі. Соны ұстап аламын да кетемін. Матвей жынданған адамша шиқ-шиқ етіп ұзақ күлді. - Мына шал қай тілде сөйлеп тұр, ә? Ағылшынша ма, әлде испанша ма? Бәлкім немісше шығар..... - Содан кейін аттың шылбырынан ұстап , бір ұшын білегіне орады. Сен әлде французша тілдескен боларсың . Ал маған бәрі бір. Садақ шылбырды тартып еді, жібермеді , ұрынарға қара таппай тұр. Бір кезде атты басқа бір салып, қиқулап үркітті. "Хей, хей, хей!" деп далп-далп секірді. Құла осқырынып шиыршық атты, аспанға шошына қарғып жан ұшырды. Ал Матвей одан сайын құтырынған, өкіріп-бақырып ойына келгенін істеп жүр. Дүйсен қойғызбақ болып шылбырға жармасып еді, Степан бір ұрып ұшырып түсірді. Енді аянатын ештеме қалған жоқ-ты, Садақ мойнындағы бердеңкені жұлып алып, Матвейді жалпақ жауырынан салып жіберді. Ол қайқаң етіп барып, кескен теректей сұлады. Сол кезде Степан шалт қимылдаған, шалдың қолындағы мылтықты жұлып алып, серппесін шарт-шұрт қайырды. -Ей, кәрі қақпас! Қазір өлесің! Қарауылға алып, көздеп тұра қалды. Әне-міне дегенше шүрппені басып қалмақ. Әлгінде құлаған жерінен жанұшыра тұрған Дүйсен оқша атылды. Бердеңкені ұстай алғанда, «Аһ» деген дауыс қатар шықты. Степан түйенің табанындай шойын жұдырықпен маңдайдан ділдеп ұрып еді. Қағілез жігіт қаңбақша домалады. - Міне, енді дұрыс болды, - деді ол. –Қолымның қышуы бір қанды-ау. Содан кейін ызадан түтігіп кеткен Садаққа сүзе қарады. - Итше қыңсылатып атып тастаймын!
Қарттың бойы мұздап сала берді, өлген жері осы шығар. Қайдағы бір маскүнемнің қолынан мерт болғаны ма. Анау асығатын емес, әуелде жүрек тұсын көздеп ді, енді маңдай тұсына кезеніп тұр. Өңкиген алпамсадай денесі, шалбар-шалбар болған, ісінген беті, қарауылдың бойымен тімтініп келіп, тесілген қып-қызыл көзі, мылтықтың қарауытқан ұңғысы,- бәрі зәрлі. Арбап тастағандай қозғалуға дәрмені жоқ. Әуелде үрей билеп, денесі жансызданған тәрізденіп еді, енді ештеңені сезбейді, құлағы тарс бітелген. Тіпті өлім туралы да ойлай алмаған, мылтықтың гүрс етіп атылуын есеңгіреп күткен түсініксіз халде қатты да қалды. -А, сен қорықпайсың! – деді Степан. –Қарай ғөр мұны. Содан кейін басынан асыра атып жіберді, құла үркіп жалт бергенде , Садақ ерден түсіп қала жаздады. Степан даланы жаңғырықтыра қарқылдады. -Ал, қалай екен?! Жан керек, ә! Мылтықтың серппесін қайтадан қайырды. Садақ ыза мен қорлықтан қалтырап тұрып оның мұны ермек етіп, мазақ қылуға ойысқанын ұққандай болды. Бердеңкенің оқ саларында әлі төрт патрон бар, қайтпек керек. Қару қылса, шынымен басып салар. Әлгінде өзі ұрып жыққан жексұрын басын енді ғана көтерді, бірақ тұруға дәрмені жоқ болуы керек , алға ұмсына беріп қайта құлады. Оның есесіне тілі шыққан. -Степка, атып таста!- деп шәңкілдеді. – Ол мені оңдырмай сұлатты. Кегімді ал, Степан! Дүйсен есінен айырылып қалды ма екен, қимылсыз жатыр, байғұс өліп кетпесе жарады. Мына пәленің соққысы ат теккеннен кем емес шығар. Ол енді кеуде тұсын көздеп тұр. -Матвей , тірі екенсің ғой,-деп гүрілдеді. – Маған бір кружка арақ құйып әкелші. Ішіп алып мынаны жайрата салайын. Анау тұрмақ болып тырбанды да, ауырсынып қайта жатты. -Шамам жоқ, - деді ыңыранды. – Сәл шыдай тұр. -Әй, нашарсың ғой сен, Матвей,-деді Степан. –Көрінгеннен таяқ жейсің де жүресің. Сөзін аяқтай беріп тағы да атты, бұл жолы оқ оң иығының үстінен ысқырып өте шықты.
Садақтың төзімі таусылды, бірақ не лаж бар, атты тебіне ұмтылса, үлгере алмайтыны анық. Анау мылтықты қайта оқтаған. Енді іштей әрекет жасауға көшті. «үзенгінің біреуін ептеп босатып алуым керек» - деп ойлады. Степан мұны қарауылға ала беруден жалықты ма, бір кезде қоршаудың ішінде жүрген торыны көздеді. Мылтық гүрс еткенде, ат сүрініп барып оңалған. Жануар жаны қыстыға шұрқырады, аяғына тұсамыс салынған жылқы секілді шоқақтап қашпақ болды. Бердеңке екінші рет атылғанда омақа аса құлап түсті. - Бітті, -деп күйзелді Садақ. –Қош бол, қоңыр тоным! Қош, жануар! Бұдан әрі көзіне қан толған, үзеңгіні босатып ала сала Степанға ақыра ұмтылды. Мылтық та шаңқ етті, сол жақ қолы дызылдап қоя берді. Сол сәт өңкиген немеге төніп-ақ қалған-ды, алғашқы соққы басына басына тиді, қайырыла бере тағы сілтеді. Құла екпінімен өте шығып, тақымның ыңғайымен жалт бұрылғанда, ол жерге тізерлеп шөгіп бара жатыр еді.
* * * Күн ұясына қонуға бет алған, ал жаңбыр шүмектеп құйып тұр, бір сарын сырыл күшеймейді де, бәсеңдемейді де. Үстінен су өтіп әбден жаурады, бірақ дәл қазір оны елейтін шама жоқ. Біресе қабырғасы қайыса күйзеледі, біресе тас қосылып сыздауықтай сыздатады. Осы бір сәт жанын қоярға жер таппай сандалып еді. Өзегі өртеніп жүріп торының аяғындағы шалыс өренің үзігін шешіп алды, бұрқ-сарқ буырқанып жүріп қарсылық көрсетуге шамасы келмей, белі кеткен қаранар секілді шөгіп қалған Степанның қолын байлады. Ал Матвей қираландай қашып ай далаға ұзап кетті. Оны қуған жоқ, қууға зауқы да жоқ, мейлі, қайда барып оңады дейсің, қаңғырып келген екен, тентіреп жүре берсін. Дүйсен зорға оңалды, қатты соққы есінен тандырған, басын ұстап әлі теңселіп жүр, өлмей тірі қалғанына шүкіршілік. Бағана жанын жалдап ара түскенін ойласа, іші жылып қоя береді. Байғұстың дәм-тұзы таусылмайын дегені де, үшеуінің үстінен бұл түспегенде, күні не болатынын кім білсін, ана екеуі қасқырша талайды ғой. Сол қолы әлгінде ұйып қалған тәрізді еді, ал қазір қан қақсап шыдатпай барады. Дүйсен қояр да қоймай жүріп көйлегін жыртып таңып тастады.
- Оқ қара етті сойып өтіпті, ештеңе етпейді, әлі-ақ жазылып кетеді, деп жұбатып жүріп біресе қамығады, біресе күледі. Өңі боп-боз, оңған шүберектей қуарып кетіпті, әлгінде тракторын от алдырып еді, артынша сөндіріп тастады, не істеп, не қойғанын білмейтін сияқты. Ал Степан жүні жығылмаған екеуіне өшіге тісін қайрады. Тіркемеге сүйемелдеп мінгізгенде: - Малғұндар! – деп қырылдады. – Жер басып жүрсем, әлі кездесерміз. Оһ, сонда доңызша өкіртермін! Садақ етігінің қонышына тыққан қамшыны өз ырқынан тыс суырып алды, қақ бастан тартып-тартып жіберсе сауап болар еді-ау. Бірақ қолы батпады, онда кетер кегі жоқ, мына адам деп айтуға тілің илікпейтін азғын кектенуге тұра ма. Даланың үсті қарауытып келеді, ақшам жамыраған, кешікпей түн басады салбырап. Оның көзге түртсе көргісіз болатыны анық, жаңбыр әлгі бір әзірде күшейе түскен, бар маңды зілқара бұлт тұмшалап тастағанда, иең өңірдің тынысы тарылғандай, демі таусылып бара жатқандай еңсені езеді. Садақ осы жасында бұдан да сорақы түндерді көрген, сан мәрте адасқан да, сан мәрте өліп-тірілгендей болған, қайтып үйірге қосылмайтындай талай-талай қажыған да, тек сағы сынбаған. Бұл соның бірі ғана. Осы сәт ай далада оққа ұшқан торы сол шеккен бейнет, көрген мехнаттың құрбандығы дегісі де келген. Оған бірақ озбыр тірліктің қыбы сірә қанар ма, садаға деп қабыл алар ма. Қайран торы көз қуанышы еді, сыр бермесе сыралғы серігі еді, жұбанышы еді. - Қош, жануарым! – деді қабырғасы қайыса. – Қош, қоңыр тобым! Құлын кісінесе қуанып, жылқы көрсе уанып қалатын көңілді енді қайтып көтерер. Шеккен ғұмыры, аруағыңнан айналайын Ысқақ екеуінің шұрық-тесік қара қосындай жыртыла-жыртыла қырық жамау болса да, көнбеймін, мойымаймын деп, өрге салып өршелене беруден жаңылмағаны ғана медеу енді. Бұлар тағдырмен арпалысып туған, айқасып өтпек. Дүйсен тракторға отыруға бет алды. - Сіз Жаңаталапқа қайтатын шығарсыз, - деген. - Жоқ, - деді Садақ, - бүгінгі бағытымыз бір. Мынаны милицияға өзім тапсырамын. - Онда аттың ертоқымын алып қоя берейік. Кабинаға отырыңыз, мына жауында ауру табасыз. - Дым да етпейді. Ат үстінде мені ажал да ала алмайды.
* * * Қара жолға түскен соң сар желіске салды, осылай бір жортып бергенде, сақылдаған сары аязда да бойын суық сормайтын. Жылқы мінген жігіттің қашанда бір желігі ішінде, қайратты ердің ат үстінде азынаған ақтүтек боранда маңдайы жіпсиді. Бетін сары-шұнақ аяз қарымай, тал бойына аптап күннің қызуы дарымай есіл ұлдың есі кірген бе. Мал баққан қазақ мал соңында кетпеген, түн баласы ай нұрына шомылған, ала таңда ақ ниетін аппақ арман етіп жамыратқан, саумал самалмен жаймашуақ ән тербеткен, қоңыр кеште тәтті үмітін күмбір-күмбір қоңыраулатқан. Қызда иба, ұлда қылық қалған, жасып туып, жасық өткені аз болған. Садақ ширығып алды, тастай қараңғы түнді қақ жарып тартып келеді. Трактор артта, бұл алда. Тоқтының терісіндей тарылған даланы мотордың гүрілі дүрліктіріп тынышы кетті ме екен, ол да беймаза, ой да беймаза. Ат солқ-солқ желгенде, жаралы қол үзіліп түсіп қалатындай қинайды, лақтырып тастап кетсе, дәл қазір жоқтамас еді. Мынау тобылғы торы торғын түн емес, тылсым түнек түксиіп төнеді. Толарсақтан саз кештіріп, атты жүрісінен жаңылдырады, құла жиі тайғанақтайтын болды, тек тізгінді тең ұстаған тегеурінді қол сүріндірмей келеді. Садаққа біраздан соң сар желіс те аз көрінді, көкірегі бара-бар бүрқ-сарқ қайнап, шыдатпауға айналған, өткен екі-үш күннің дүрбелеңі өрт боп өршіген шығар, Жарып жіберсе, қараңғы түнде жарқ етіп жалындар. Кеудені қарыған отқа оранып ай далада аңырата шаба жөңелгісі келді, бұйыққан өңірді ат тұяғының астында гүр-гүр сілкіндіргісі келді. Лаулап жанып, ұшқын атып Сарқыраманың адуын ағысына қойып кеткісі келді. Ол қазір қандай күйде екен, талай күнгі жаңбыр арнасынан асырып, сау толқын аспанға шапшып жатыр ма, таудан күркірей құласа, көк долы өзен жолындағының бәріне бүлік іздеп соқтығады. Етінен ет кесіп алсаң қыңқ етпейтін көнтері өңірдің бойынан шарт сынар намыс, басқа салса қайтпайтын қайрат іздесең соған бар. Тар шатқалды шулатып жататын Сарқыраманың жағасында тұрып шамырқана алмағаннан ештеме күтпе. Қарабайыр даланың ерке өскен есті тентегі сірә да бір буырқанар болса, ойрандамай тынбайды. Садақ оның тұлан тұтып, бүлік салған қияпат кезін екі рет көрген. Көрген сайын шошынып еді, таудан гүрс-гүрс құлаған отау тас бөгетті құлпарша етіп бұзып өткенде, кернеп тұрған лай су төменге қарай күркіреп лап қойды. Арнасына сыймай аласұрып, жағадағы көп талды қоғадай
жапырды. Жер де, көк те қалтырап, ұлан дала жанынан безді. Ұрынған жерінде терең із қалдырып, тау етегін тілгілеп бағып еді, шалғай далаға дейін жайылып, сай-жыраның бәрін толтырған. Ал келесі жылы бөктердегі қалың шалғынды шауып болып, әне-міне тасып аламыз деп жүргенде құтырынып шыға келді. Онда да бүлік іздеп бүліндіріп тынған-ды. Мына нөсердің түбінде сондай бір ылаңға түрткі болмасына кім кепіл. Жаңбыр басталғалы қашан, толастамай құяды да тұрады. Ал түн суытып барады. Садақ ат үстінде бусана алмады, әлгі бір кезде қыз-қыз қайнаған көкіректің жылуы қайтқан секілді ме, алабұртқан көңіл сабасына түскен. Құла сар желгенде тұяғымен жер түйіп отырады екен. Тақымы сәл босаса екі етегі жалп-жалп етеді. Міністің малы емес, арбаға жексе сіңірі созылғанша жүре беретін тарамыс ат. Бір мезет трактордың кабинасына отырсам ба екен деп ойлады. Тізгінді тарта беріп қайта босатты. Оның іші де оңып тұрмаған шығар, бензиннің исі мүңкісе, жүрегі айнитынын ойлады. Совхоз орталығына көп жер қалған жоқ, кешікпей жетуге тиіс, мына жаңбырлы түнгі жол ауыр, әйтпесе, иек астында тұрған ауыл емес пе, төтелей тартса ендігі қарасын танытар еді. Асылында несіне асығады, болар іс болды. Қайран торы енді жоқ, бұдан былай Садақ қара жаяу. Баяғыда артельге кіретін жылы буаз қулықты мінуге аяп жетектеп жетіп еді, сондағы таз қалпына қайта оралған да. Бүгінде сауып отырған жалғыз биеден өзге байлығы жоқтың қасы. Одан артықты сұрап жатқан бұл жоқ, іздегені басқа, сағынары бөлек күй. Құланың тізгінін тартып, сар желістен аяңға түсірді, жолдың жиегіне шығып, жанына таяла бере кабинаның терезесінен қараған Дүйсенге тоқтама деп қолын сілтеді, Бір уақ тыныс алғысы келген, манадан бері жолда ер үстінде солқ-солқ еткен дене салдырай бастаған еді. Жаралы қол да қақсап, мазасын кетіріп бітті. Трактор біртіндеп ұзай берді, шамының жарығы түн қараңғылығын тілгілеп салдыр-гүлдір етеді. Алыстаған сайын мотор даусы жұтылып шығып, айнала тынши бастаған, жаңбырдың сырылы айқын естіліп тұр. Баяу жел есейін деген бе, бетіне салқын леп тиді. Ат аяңы шаршаған денеге жайлы келіп, кеудесін кере тыныстады. Бір мезет «түбінде мен бұ дүниеден ат үстінде өтетін шығармын» - деп ойлаған. Өзін соған сендіргендей болып еді, пешенесіне солай жазылған тәрізденген. Артынан өлім туралы жиі еске алатын әдет тапқанын көңілге
түйіп, мұңая күрсінді. Жападан жалғыз келе жатып өткен өмір жолын бастанаяқ сүзіп шықпақшы болды, қартайған жанға ол да бір ғұмыр. Содан соң Сүлей марқұм екеуінің осындай бір қараңғы түнде даланы ала таңға дейін кезгені есіне түсті. Жарықтық кей-кезде тосын мінез тауып, солай бір иен өңірде жүріп алушы еді. Ұмытпаса, кеш бата үйге келді. - Атыңды ертте, - деген. Бұл «қайда барамыз» деп сұрады ма, жоқ па, білмейді. Марқұм дегеніне көндіретін, сөзін жерге тастай алмайтынсың. Қашан да ұйып тыңдап, «е, бәсе» деп мақұлдап, бас шұлғып отырар ең. Екеуі әуелі Қаратөбе жаққа ұзап шығып, тауды бөктерлеп барды да, Тоқырау кесіп ағатын жалпақ далаға ойысты. Сүлей сөйлемейді, өзімен өзі үнсіз, ал бұл «осы жүрісіміз қалай?» деп сұрай алмайды. Сонымен түн ортасы ауғанша ауылға бет бұрған жоқ, мына иен өңірден не іздейтінін кім білсін. Шегірткенің шырылына құлақ түреді, байғыздың күңіренген даусы естілсе, ат басын іркіп тым-тырыс ұзақ тыңдайды, қараңғыда жапалақ жанай ұшып өтеді. Алыстан сарқыраманың тулап аққан сарылы естіледі, әредік үкі үн салады, бәрін қалт жібермей бағады. Садақтың бара-бара іші пысты, қайтуға ыңғайланып еді, Сүлейдің қабағы түйілді. Кінәлай қарап, тілсіз басып тастаған. Енді не істеуге болады. Әбден зеріккен соң кеудесін кере тыныстап алып, ащы бір әнге басқан. Оның әуенінен айғайы қалың еді, түнгі дала ұлардай шулап қоя берді, тау да, тас та жаңғырып жатқандай. Тұнып тұрған дүние бей-берекет көшіп бара ма, қалай, астындағы ат құлағын қайшылады. Сүлей аяғына дейін ден қойып тыңдады. - Кімнен үйрендің? – деді соңында. Садақ күмілжіді, қайдан естігені белгісіз болатын, әйтеуір жылқыда жүргенде осы әнді жиі айтатын, бәлкім бала кезінде тыңдаған шығар. Ол қайтып сұраған жоқ, атынан түсті де жерге құлай кетті. - Сен білесің бе, - деді бір кезде. – Мен түн баласы үйге сыймаймын. Есіл-дертім дала, күнде көріп жүрсем де аңсаймын да тұрамын. Сен мынау не айтып тұр деп таңданба. Оны көлденең көк аттының бәрінен қызғанамын. Бұл не? Өмірім өтіп бара ма, ай дала арбап алатын тылсым құдірет пе. Менің онымен ағымнан жарыла сырласқым келеді, еш жанға айтпайтын құпияммен қылаусыз бөліскім келеді. Құба дала тіл бітіп, күңгір-күңгір сөйлесер ме еді, сонда. Көне бір бағзы заманның шежіресін толғай да толғай шертер ме еді. Ұмыт қалған
ғасырларды шақырар ма еді қасыма. Ақындар өткен-бүгінге сөзі жетпеген, даналар өткен – тәңіріңнен де көрген. Қайда солар, тап-тап дейді көңілім. Садақ аң-таң, ал Сүлей ағыл-тегіл сөйлеп отыр, сөйлеп отыр. Бір кезде бұған жалт қарап, шарт жүгініп алды. - Қарғыс атсын! – деп саңқ етті. Даусы ащы әрі үрейлі еді, Садақ қаққан қазықтай қатты да қалды. - Қарғыс атсын! – деді ол тағы да. – Өткенін тәлкек еткен, өтіп бір кеткендерден есті болуға асыққан, тарихын талақ қылған ұрпақты қарғыс атсын! Содан кейін орынынан сүйретіле көтеріліп, атын жетектеп жүріп кетті. Садақ соңынан тұнжырай ілесті. Оның иығы салбырап жүдеп барады, ай далада аңырап жылап барады, әлдекімді азынап жоқтап барады. Үзік-үзік сөзі жетеді, булыққан қыстыққан үні жетеді. «Арысым дейді, ардағым дейді, айбозым дейді».
Садақтың көңілі босады, осымен бүгін екінші рет жасыған. Марқұмның сол түнгі кескіні көз алдына келсе, жүрегі шаншады. Ол кімді жоқтап еді сонда?
Сарқырама бір сойқанды бастамақ еді, таудан аққан су атаулының бәрі тастан-тасқа тайғанап келіп үсті-үстіне құйылып жатыр. Терең шатқал дәл қазір тулап тасыған, үйдей толқындар бірін-бірі басып-жаншып ырс-ырс араласады, ыңыранып келіп ышқынып соқтыққанда, ақ көбік аспанға атылады. Тоғанның маңын үрей жайлап алған, қарауытқан аспан да, түксиген тау да, толассыз естіліп тұрған сарын да қорқынышты. Өзеннің арнасын мекендеген аң-құс бір сұмдықтың боларын білгендей жым-жылас жоғалған. Тың көтерілгенде қаптап кеткен көп елдің дүрмегінен шошып ыққан қыр тағыларының бірен-саран қалдығы:сумаңсумаң жортқан қос түлкі, бұғына бұлт-бұлт жалтарған қарсақ, күшіктерін шұбырта ерткен сақ күзең, борпаң-борпаң бүлкілдеген борсық мына қатерлі жерден ұзап шыққанша асық. Құлаштай қара шұбар жылан жалтыр тастың бетінде жоғары қарай жорғалап барады, етектегі қалың талда ұялары қалған көп қарға бөктерді
қуалай ұшып қарқылдап, онсыз да зәрезап өңірдің құтын қашырды. Қия жартастың басында селтиген жалғыз арқар төменге сескене қарап тұрды да қарғып түсіп жоқ болды. Ұлан даладан сая таппай көп сандалып, өткен көктемде сарқыраманың бойындағы қалың жыңғылды паналаған екі қасқыр ойдан қоян қағып келе жатып қалт тұра қалды. Тау жақ ұлардай шулайды, бірде күтір-күтір қақыраған, бірде гүрс-гүрс жарылған сияқты болып үрейді ұшырады. Зілдей толқындардың аударылып-төңкеріліп келіп, жағаны ырсырс ұрғаны талып жетеді, табан астындағы қара жер теңселіп кеткендей болады. Арлан көкшулан жалы күдірейіп, арс етіп ауаны қапты, қаншық қыңсылап жер тырнады, айнала иіскеленіп алып қырға қарай бүкең-бүкең жорытты. Бұл маңнан да пана табылмағаны да. Бөгетті күзетіп жүретін Дәлду аңтарылып тұрып қалған Сарқырама кешке қарай құтырына бастап еді. Әуелі шымыр-шымыр қайнап, сан жиырылып, сан жазылған. Аунақшып толқып, тынши алмай алабұртқанда, көкала толқындар бөгетті толассыз соққылап, шатқалды қуалай, керней соққан жел албасты көрген бақсыдай зікір салды. Содан атына міне салып совхозға шапқан. Директордың кабинетіне алқынып кіріп, көргенін көлдей ғып айтып берді. Ол бұған елеусіз көз салып біруақ отырды да, орынынан тұрды, сырт киімін киіп, ләм-мим деместен шығып кетті. Дәлду түкке түсінбей, кең бөлменің ішінде алақтап қала берді. Бастық қайтып келетін шығар деген дәмемен біраз тосты. Бірақ ол оралған жоқ. Содан бұл да далаға шыққан, аулада Далабай мен тағы бір бөгде адам тұр екен. Енді көрген-білгенін соларға жеткізді. - Директорға айтып па едің? – деді олар. - Естіді. - Не деді? - Үндеген жоқ. - Жарайды, бара бер. Иван Ильич бұл кезде тоғанға жетіп те қалған болатын. Шоферін «тездет, тездет» деп үсті-үстіне асықтырып, бөгеттің үстіне көтерілгенше тағат таппады. Енді тосқауылдан асып түсуге шақ қалған, толқып жатқан суға қарап мелшиіп тұр. Бір қатердің бар екеніне көзі әбден жетіп еді, Сарқыраманың күзде таситыны шын болғаны ма. Қалың жаңбыр тай
қазандай қайнатып бұрқ-сарқ буырқанып алған, ие беретін түрі жоқ, көк долы өзен айбатты. Машинаға асығыс мінді, жүрегі аузына тығылып, іштей үрейленіп келеді. «Бұл не болды сонда, - деп мазасызданды. – Шынымен қателескені ме. Әлгі дауылдатып жүретін шақар шалдың айтқаны тура келгені ғой. Енді не істеу керек?» Кеңсеге қайтып оралғанша ойы торғайдай тозды, нақты бір шешімге келе алмай сарсаңға түсті. Сарқырама бөгетті тас-талқан етіп қалың су қаптай жөнелсе, жолындағының бәрін жалмайды, қаншама қаржы, қыруар еңбек бір-ақ сәтте далаға кетеді. Оның артында сұрау бар, тағылатын кінә, жазғыратын көп ауыз бар. Қара да тұр, күні кеше қостағандардың дені жалт беріп тайқып шыға келеді. «Бұл табиғаттың апаты емес, қолдан жасалған, тілеп алған қатер» - деп өре түрегелді. Кабинетіне кіріп, орынына отырысымен ауданға телефон соқты. Арғы жақтан: - Қабылдау бөлмесі, - деген үн сыңғыр етті. - Маған Петр Николаевич керек еді. - Ол кісі жоқ, әзір келмейді. Қырсыққанда қымыран іриді деген осы, тасқын болмай тұрғанда хабарлап, ерте қимылдағанын білдіру керек еді. Ақыл сұрай отырып, әрекетсіз емес екенін айтса, ертеңгі күні тілге тиек етуге жарайды. Маңдайына шып-шып шыққан терді сүртіп сәл ойланды да, өлкеге қоңыраулатты. Мұнда да сол жауап, «Соңыра таман хабарласыңыз» - деген жайсыз дауыс онсыз да жұқара бастаған жүйкесін жегі құрттай жеді. Бұл ел орнында отырып жұмыс істеуді қойған ба. Хатшы қызды шақырып алып, барлық мамандарды жинауға жарлық етті. Дәл қазір айтары да дайын емес, әйтеуір қармана беру керек, шулай беру керек.
* * * Сарқырама енді бетіне ешкімді қаратпаған, алапат толқын бөгетке жойқын екпінмен күркіреп соғылып, қайқан етіп қайырыла бере кері құлап түсті. Одан екіншісі ұрандап ұрынып, темір қалқанды шайқалтып-ақ тастаған. Сол сәт ернеуді кернеп тұрған су тар саңылау тауып ысқырына атылған. Мана қайтып келіп, осы маңнан ұзай алмай жүрген Дәлду енді біткен шығар деп шошынды. Көз байланып бара жатқанда жалғыз өзі жанұшырып ерсіліқарсылы жүгіріп жүр, бөгет жаққа ұмтыла түседі де,
жүрегі дауаламай кері ығысады, таза кетіп қалуға да ырқы жетпейді, біреу жіпсіз байлап қойғандай айналсоқтай береді. Ол осы араға емін-еркін қожа еді, мына тоғанның директордан кейінгі иесі жалғыз өзі, суды босата ма, жоқ па, екеуі ғана шешеді: Жүгерішілер: - Дәке! – деп сызылып тұрғаны. Темір қалқанды сәл-пәл көтеріп, сыздықтатып жіберетін су бұған әжептәуір бедел әкеліп еді, атқа отырысы да оңалып-ақ қалған. Енді бәрінен айырылғалы тұр, маңдайы терлемей табатын еңбек ақы да көзден бал-бұл ұшар. Ал совхоздағы көп бастық мана топырлап келді де, шуылдап тұрып-тұрып кетіп қалды. Сөздеріне құлақ түрсе, пәтуа жоқ. - Түрі жаман екен. - Бұзып ақпай тоқтамас. - Есіл еңбек-ай, десеңші. - Бүгін түн сақ болу керек. Осыдан басқа ден қоярлық бірдеме айтса, мұрынын кесіп берсін. Қысылғанда қайрат көрсетеді деген директор жиналыс өткізісімен бір жаққа кетіп қалыпты. Міне, осылай, ал бұл болса, жанын қоярға жер таппайды. Жалғыз өзінің қолынан не келсін, Дәлду қай жағына жетеді. Бөгетке таяу барып, шөптесінге дізерлеп отыра кетті. Алақанын жайып аспанға қарады. - Тәңірім, өзің жар бола гөр, - деді күбірлеп. Содан кейін көктегі жарылқаушы сыбырын естімей қалып жүр ме деп күдіктенді ме даусын көтере түсті. - Құдіретті қүшті құдай! Бір тілегімді бер!Ырзығымнан айырма. Сарқыраманы сабасына түсір!
* * * Тау өзені тас-талқан, жолына көлденең тұрып алған бөгетті бұзыпжарып өте алмағанына шамырқанып қайратына мінді. Терең шатқалдың биігінен өкіре-ақыра атойлап келіп, азыната соққанда темір қалқанның қос жақтауы күтір-күтір сөгілді. Толқыннан толқын іліп алып, қайқата бір көтергенде, көкпардың лағандай да салмағы сезілмеді. Қарсы келген қой тас, құба тал, қалың жыңғыл – бәрін талқандап, енді өзі бүлік салып бара жатты. Алапат тасқынның екпіні қатты, тау бөктеріне қарай құйыла жөнелгенде, табан жолын кеулей қазып, қарақошқыл лайланып, қылқ-қылқ жұтар құрбандығын құтырына іздеген. Тамырымен жұлынған тал, дода-
додасы шыққан үйір-үйір шілік, өкшесі әр жерден бір жылт етіп, бір-біріне шақ-шақ тиіп, лағып бара жатқан қой тастар, шөп шауып жүргенде сынып, сол орынында қалған бірді-екілі ескі трактор, сүйретіп әкеліп тастаған өлген сиыр, - ешқайсы жұмырына жұқ болған жоқ. Оған шыр-шыр етіп сауға сұрап, құландағы даусы құрақтан шығатын, шыбын жаны үшін өзінен өзгенің бәрін талақ қылатын тірі құрбандық керек еді. Сондай бір қанқұмар қорқаулықпен етектегі ауылға жеткенше асықты. Күркіреп, көк езуленіп келіп, міне оған да ілікті. Өзеннің жағасына салынған шеткі үйді айдаһар толқын жиырыла орап алып бүріп әкеткен. Арнасына сыймай, аулаққа құлаш ұрып, еңселі, қарасыны зор шатырлы үйге баса-көктеп кіріп келді. Бұл совхоздың кеңсесі еді, әдейі өзенге таяу көрікті жерге келістіре салынған болатын. Ырғап көріп теңселте алмай кектене шүйлікті, көп толқынды жындай құтыртып, қиқулап қосты да жіберді. Қалың қабырға әр жерінен шытынап барып жалп-жалп құлады, солақ екен алажын тасқын кернеп еніп, керіп әкетті. Суға төңкеріле күмп еткен тақтай шатырды алапат ағыс қақпақыл ойнатты. Ашулы ашкөз өзен осылай тағы біраз үйлерді қаусатқан, соның бірінен тірі пенде таппай аласұрды. Ауылдың шеткі жағындағы атшаптырым қораны да күлпарша еткен, соған жұтынып жеткенде, өкірген өгізді, азанқазан ұйлыққан көп малды көрмекке дәмелі болатын, кездестіргені өңкей көке-жасық, аузының дәмін келтіруге жарамайтын шылғи бұзау болып шықты. Не пәлеге ұшырағандарын аңғартып үлгертпей өңешінен апыр-топыр өткізді де жіберді. Тоғы басылмаған тасқын құтырына түсті, ол мына олжаны қанағат ете алмайтын, енді ылди қуып, қос қапталын қағына тінтіп айдалаға аттандай тиісті. Көде түбінде ысылдап, жиырыла қалған, сұр жылан, түн баласы бұғынып жатқан бөдене, таң атса тамылжытып ән салмақ ойы бар, ши түбінде бұйыққан бозторғай әп дегенде жоқ болды. Араламаған, арылтпаған сай-жырасы жоқ, түнгі даланың дамылға бой ұрған тірлігін жанынан бездірді. Жерден бауырын көтеріп, қанат қағып үлгерген кезқұйрық қиянға лағып кетті. Бұл қанша көкдолы болғанмен ұлан дала тарыла алған жоқ. Құлашын кеңге салып, төріне оздырмай жазық жерде жайып жіберді. Екпіні амалсыз басылып, сонау тар шатқалдан күркірей аққан, соңынан талып жеткен, бұрынғыдай бұрқ-сарқ буырқана алмаған, сиыр таңдайлана өзгерген толқындардың әупіріммен ғана ілгері жылжыған. Сондай бір сабырын тапқан
тұста алдынан терең сай келіп, бар аумағымен төңкеріле сар-сар құйылды. Бұл бір көзден таса қуысты. Тастай қараңғыда жын ба, пері ме, әлдене жылан шаққандай шырқырады. Ойпаңның бір шоқ тал өскен жайдақ табанында тұрған машинаға қарай екі адам далбаң-дұлбаң жүгіріп барады. - Ойбай, тез! Су құлап келеді! – деп айғайлады біреуі. Мотор гүр ете қалды, сол сәт лайланған тасқын алды-артын орап ала қойған, әп-сәтте дөңгелегінен асты. Әлгі екеуі енді есіктен жанталаса сыртқа атылып, қырға қарай малшына ұмтылды. Бұл мамандармен жиналыс өткізіп, әрқайсысына тапсырма берген соң жол жүретінін хатшы қызға ғана ескертіп, бүгінгі түн бойы тасалай тұруды жөн көрген, содан шөпшілерге соғып, артынан мына ағып жатқан бұлағы, көкорай шалғыны, көлеңкелі талы бар сайға жетіп аялдаған Иван Ильич еді. - Бөгетті ақыры бұзып өткен ғой, - деп ойлады қарсы қабаққа өрмелеп бара жатып. – Ауыл, ел аман болғай әйтеуір. Жеткен жеріне ентігіп отыра кетті, шофері қырға бұдан бұрын шыққан, киімін сығып жатыр. Су бірте-бірте молайып келеді, ұры сай кешікпей бетімен бірдей болатын шығар. - Сайтан алғыр! Машина құритын болды-ау! – деп күйінді шофер жігіт. Қимай қиналып тұр, алғандарына көп болған жоқ-ты, көз жауын алатын «Победа» су астында шіриді енді. Жыны құрысып отырған Иван Ильич оған ызбарлана қарады. - Қу темірің кімге керек! – деп жекірді. – Андағы елді ойла. Ол сайдан көз алмай тұрып естіртпей күңкілдеді. - Елді ойласаң, осылай қаңғып жүресің бе. Директордың басы қатты, бұл әрекеті түбінде немен тынар екен, тасқын болатынын біле тұра әдейі бой тасалағаны мынау. «Шаруа жайымен жүрген болып, бүгін түн ауылдан табылмау керек» деген ой еркін билеп алып, еңсерді де әкетті. Апат қырғын салғанда аулақта жүрсе, күні ертең жауап беру жеңілдейтін сияқты болды да тұрды. Сел кезінде орынында болсаң, «Неге үйтпедің, неге бүйтпедің?» - деген сұрақ жаңбырдай жауады, құтылып көр содан кейін. Мал-мүлік шығын болса, ештеңе емес, адам кетсе қиын. Осы байламмен екі кеште шөпшілерге барды, оларға күзгі қауды шапқызып жатқан-ды. Сол маңда біраз аялдады, істің барысымен танысып, үйіп-төгіп нұсқау берді. Бригадирді біраз тұқыртып та алды. Әуелде сонда
қонбақшы еді, бірақ еш жерде байыз тауып отыра алмаған, қайда барса да елегізи береді. Содан түнделетіп қайтадан жолға шығып, совхозға қарай келе жатты да, кенеттен мына ұры сай есіне түсті. Таң атқанша дем ала тұруға жарайтын жер. Оны бір кезде Далабай көрсеткен болатын, үстіңнен абайсызда шыға келмесе, тірі жанның көзіне шалынбайсың. Жұмыстан шаршағанда сырлас адамыңды ал да тартып кет, емін-еркін сайранда, ешкім таппайды. Енді бұл қуыс та пана болудан қалған, ай далада отыра берудің де жөні жоқ, қазір жаяу жүріп кетсе, таң ата ауылға ілігуі мүмкін. Солбырайып орынынан тұрды. - Жүр кеттік! – деді шофер жігітке. - Қайда? - Совхозға. - Машинаны тастап кетпеймін. Иван Ильич оған состиып қарап тұрды да, қолын сермеді. - Мейлің! Содан кейін сайды айналып өтіп, ауыл жаққа қарай бет түзеді, көптен бері былай жаяулап көрмеп еді, әрі үсті малмандай су, түн болса ызғарлы, құты қашты. Алға басқан аяғы кері кетеді, мұндай күйге душар боламын деп ойлап па еді, бірақ басқа түскен баспақшыл. Даланың әрбір түбіріне бір сүрініп, жүрісі өнбей салбырап келеді. Алыстан, бір қыдыру жердегі таяу жатқан аһылаған-үһілеген, әлде күңірене күрсінген үн естіледі. Жаңбырлы, қараңғы түн жігерін құм қылып ит әуреге салған. Бұл жердің, кеше ғана ырқына көніп, айдағанына жүрген өңірдің осындай да қияпат мінезі бар екен ғой. Жапан дала, құлазып жатқан қуаң дала, қараңғы дала деп сан атау тағылған ұлан атырап тулай да біледі екен, шулата да біледі екен. Біраз жүрген соң көлкілдеген суға тап болды, жалдан өтпек еді, арғы жағы тереңдеп, амалсыздан кері қайтты. Аяғының асты лайланып үлгерген екен, тайып кетіп шалқалай құлады. Тұра беріп қайта жығылды. - Атаңа нәлет! – деді зығырданы қайнап. Кімге айтқанын өзі де білген жоқ. Табанынан ызғар, денеден суық өтіп, тісі тісіне тимей кетті. Енді орағытып барып жол табу керек, бүкіл дала дарияға айналған ба, қайда бұрылса да шылқ-шылқ етеді. «Мұным бекер болды», - деді өзіне өзі жаны құрысып. – Ақымақпын мен». Осынысы не еді, жапан дүзде жалғыз тентіреп, әлі ит-құсқа жем болады.
Сүйретіліп жүріп аласа белге шықты, алыстан әлгі күңіренген үн әлі естіліп тұр. Дәл қазір жер де емес, аспан да емес, өзі де мүлде басқа адам. Мына түн мұны, бұл оны талақ еткен секілді жан дүниесі қаңырап босап қалған. Ештеңе ойлатпайды, бір мең-зең меңіреу әлем, мәңгіртіп барады. «Жүре беру керек», - деп күбірлеп белден етекке түсті, үрей ме, әйтеуір белгісіз бір сұрқай сезім біржолата билеп алған.
* * * Сарқырама әлі тасып жатыр, әуелде бөгеттің темір қалқанын жұлып әкетсе, енді оның өзін тас-талқан еткен. Жолын бөгемек болып, үйген таудың атан түйенің өркешіндей тарғыл тастарын сатыр-сұтыр домалатып, етекке айдап тастады. Қазір екпінін тежейтін ештеме жоқ, аттандап келіп, ұрандап ағады. Талай жылдан бері бұлай шамырқанған емес-ті, табанына лай тұнып, балдыр-батпақ тұрып көкірегін кір шалған, енді соның бәрінен арыла бір тазармақ. Тау өзені терең түбі алақанға салғандай анық көрініп, мөлдіреп ақпаса жараса ма. Мұны байлап-матап, сасық тоғанға айналдырмақ болғанда, соңғы екіүш жыл айдыны борсуға ойысып, желсіз кеште күлімсі иіс мүңкіп тұрар еді. Жазда жаңбыр айдынын қытықтаса, тереңінде сары сазан мен табан балық қозғала бастайды, беймаза, сабырсыз көкжон шолп етіп шыбын қағады, шұбар шортан зу етіп сүңгіп, қайқаң етіп көтерілсе, азуына май шабақты қыстыра шығады, Оның бірі де мұның алапат ашуы артында жатқанын, әлімсақтан бері арындап ағатын арнасы тарс бекітілгенде, өшпенді кек көкірегін тырнап, ақтық бір айқасқа түсер шағына тағатсыз асықтыратынын білмейтін еді. Өзімен өзі өсіп-өніп, қамсыз, қарекетсіз жүріп жатқан. Енді олар да құрбандық, тастан тасқа соғып әп-сәтте тоздырды да жіберді. Қайсының қайда кеткенінде мұның шаруасы қанша, тек бірер мәрте құлаштай қара шұбар шортанның толқыннан толқынға қарғып, кезігіп қалған құба тал, қия тас атаулыдан жалт-жұлт жалтарып, өзінше амал тауып арпалысып бара жатқанын көрген. Қазір бұған тең келетін құдірет жоқ, таң ата әбден күшейіп айдаһарша жаланған, төмендегі ауылдың жартысын тып-типыл етті, қапталдағы төбені бөктерлей салынған үйлер ғана аман қалды. Бірақ, тірі пенде қолына ілікпеген мұтқыл ел қыр үстінде азан-қазан. Мұны қарғап-сілеп жатыр ма, жерден алып, жерге салып жатыр ма, өштесті ме, кектенді ме, онда шаруасы қанша. Мейлі, құдіреті жетсе, Сарқыраманы теріс ағызсын. Әділіне жүгінсе,
оларға жауыққан жері бар ма еді, сірә дә өз ырқымен себепсіз ұрынған емес. Талайлар ауыздық тамақ болған, әлі жетпеген. Талайлар тоқтатпақ болған, тілін таппаған, бұлар не істей алсын. Жайына жүрсе, жауша жағаласып несі бар. Тау тау болғалы, таудан су аққалы бір-ақ рет өзі іздеп барып соқтығып еді. Онда жағасында жетім бала жатқан, етегін жау алған, ұлан өлке қан сасыған, ұлы дала ұлсыз қалған. Қайратты таси келе шалғайдағы иен алқапқа дейін жайылды, жыртылған қара жер саз балшықша иленді, дала толы құба бел, жатаған төбе су ішінде қарауытып мың аралға айналды. Жауын табанын ғана жылтыратуға жараған талай сай ернеуінен асып-тасып, Сарқырамаға еліктегенсіп, еліріп аққан сияқтанып әлек болды. Сан бұлақ телегей теңіз судың астында шымыршымыр қайнады. Таң қылаң бергенде жапандүзден жалғыз жаяу көрінген, үнжырғасы түскен біреу аяғын сүйретіп басады. Әбден қалжыраған, қарсы алдында шалқып жатқан суға жүні жығыла қарап, қайда барарын білмей дағдарады. Өңі сүзектен тұрғандай боп-боз, өзі ауру ма немене безгегі ұстаған адам сияқты қалш-қалш етеді. Сарқырама оның таң құлан иектегенше сабылған Иван Ильич екенін қайдан білсін. Ен далаға еркін жайылып, аптығы басылған кезде әшейін қараған да қойған. Ал жалғыз жаяу совхозға дейінгі жердің бәрін су алғанын енді ұғып, осы арадан он бес-он алты шақырым болып қалатын шөпшілерге жетіп жығылуды ғана ойлады. Түні бойы солай істесейші, ауыл қайда, бұл қайда. Оны тасыған өзен баяғыда орап алған шығар, су қайтқанша көктен түспесең, өзге жол жоқ. Шылқ-шылқ еткен, ауырлап кеткен киімін сығып қайта киді, суық сүйегіне жетіп, буын-буыны құрысып қалған, жүгіріп көрейін деп еді, ауыр дене икемге келмеді, алты аттамай жатып алқынды. Екі шеке, қарақұсы зырқзырқ етеді, жүрегі қыжылдап, аузы кермек татиды. Сірә, бұл бетінде оңбайтын шығар, мына ызғар алып соқпай тынбас. Біраз жүрген соң әлі кете бастады, өкпесі аузына тығылып, қараптан қарап үрейлене береді. Біреу мұны өкшелеп қуып келе жатқандай, әлде қарсы алдында бой тасалап аңдып тұрғандай жүрегі өрекпиді. Ай даладан аш бөрінің өзі құрып кеткені, бұл маңда тірі жан жүрмейтіні көңілге демеу емес, өзінен өзі безінгендей ме, әлдене шошына күткендей ме, әйтеуір сабырын таппайақ қойды. Ұзақ жүрістен аяғы талды, көзі қарауытып барады, бірақ іркілу ойына келген емес. Жүре беру керек, жүре беру керек, бір тоқтаса қайтып тұруы
қиынға айналуы мүмкін. Кейде жанарының алды бұлдырап, маңай мұнартып кетеді, бар күш-жігерін жинап, өзін-өзі қайрап, алға жылжи берді. «Мен осыншалық осал емес едім ғой, - деп ширыққан тәрізденді. – Жігерім қайда? Әшейінде бойға сыймай қыз-қыз қайнайтын қайрат қайда?» Түйіліп кеп берсе, талайды түңілдіруші еді, бетіңе жан қаратпау мұраты болатын, сөз бен іс кесек келсе, өзгелер үгітіліп сала беретін-ді. Бұл шаруашылықта қарсы тұрар жан таппаған, қайсы болсын жылмиып кіріп жылжып шығады. Оған үйренгені соншалық, әлдекім әлдеқалай тік келіп, тік кетсе, кек тұтар еді. Бір кезде мұның өзі де сөйткен, май жаққандай лыпып отыратын, сөз де, жүріс те жорға болатын, одан ұтылған жоқ, ұтқаны бар. Иіліп тұруды кішіпейілділік, жағына салуды көргенділік деп тонын айналдыра салатын ол да бір дәйексіз тайғанақ шақ еді. Қазіргі хал басқа, суық сорып қажуға айналды, таң атқанда күн көзіне шуақтауға дәмелі еді, ал аспанды қара бұлт торлап алған, бұған егесе қымтайды келіп. Қарсы алдынан бір үйір ұшқат көрінді. Сүйретіліп барып құлай кетпек болған, сол кезде ұшқаттың тасасынан біреу сумаң етіп шыға келді. Оның кім екенін, адам ба, жын ба, айырып үлгерген жоқ, көзінің оты жарқ ете қалды, бұдан арғысы тас қараңғы түнек, есі ауып сұлап түсті. Анау жіті қимылдап жатыр, талдыра ұрған жемтігін тонауға асығыс кірісті. Әуелі плащын шешіп алды, костюм шалбары жаңа екен, оны да олжалады. Қалталарын ақтарып, тырсиған күмәжінекті көргенде, көзі жайнап кетті. Қол сағатын да ұмытқан жоқ. Бұл күміс бұлақтың басында Садақ пен Дүйсеннен қашып құтылған Матвей еді. Жалғыз жаяуды бағана байқап, осы жерде тосып жатқан, дәл үстіне сор айдап келе қалғанын көрмейсің бе. Оны құр жіберу бұл үшін кешірілмес күнә. Жағаласа кетуге иіліктірмей, бір ұрғаннан сұлатып салғанына дән риза. Өзіне көңілі толып жымың қақты, жол болды деген осы, бағына қарай сіңірі шыққан сорлы емес, қалтасы қалың әлді екен. Күмәжінікті ашып қарап еді, сықып тұр, аспаннан шелпек жауғаны емей немене, біраз шайқауға жетеді. Ал мыналарының бұған түк те қажеті жоқ, көр-жер жазған қойын дәптерінің керегі қанша, паспортының құны да көк тиын. Әлде ала салса ма екен, кейде бұған зәрулер де табылады. Түрмеден қашқан, тығылып жүрген, ойға да, қырға да сыймаған өңкей жалаң аяқ, жалаң төстердің бірі болмаса
біріне өткізіп жіберуі де кәдік. Жарайды, ауырлығы жоқ, ал куәлігінің жөні басқа, іске жарап кетуі әбден мүмкін. Тоқтай қал, не дейді№ Сайтан алғыр-ау мынау совхоздың директоры ғой. Ал керек болса, бұл неғып танымай қалды екен. Пәтшағардың қатты өзгергені соншалық, анықтап қарағанның өзінде сол деп ойламас еді. Оны өмірінде бір-ақ рет көрсе, әрі ай далада кезіктірсе, қалай шырамытсын. Зіңгіттей бастық жапандүзде жаяу сенделіп жүреді дегенге, оллаһи, өлтірсе де сенбес. - Е, мейлі, кім болса, ол болсын, әлде мырза, әлде құл болсын, Матвейге пұл болсын. Одан өзгесінде жұмысы жоқ, өзі тыныстайтын секілді, қой табанды жалтырату керек, тұрып кетсе, жағадан ала түссе, бас жарылып, көз шығар. Тонап алғандарын буып-түйіп арқасына салды. Көйлекдамбалшаң қалған байғұс ыңыранып, басын көтере берді де қайта талықсыды. - Ештеңе етпейді, - деді Матвей. – Қазір-ақ тіріліп кетесің. Ал сау бол, мен зыттым. Артық кетсем, айып етпе.
* * * Трактор тоқтады ма, салдыр-гүлдірі естілмейді. Әлгі пәле босанып кетіп, қайтадан лаң салып жүрмесін. Садақ құлаға қамшы басты, шауып жетіп келсе, Дүйсен жерде қарсы алдына қарап қалшиып тұр. - Уа, не болды? - Қаптаған су, қайдан шыққанына таным бар. Дала көл-көсір. Атын тебініп озыңқырап барып тоқтады, шынымен көлк-көлк етеді. Көрген сәтте Сарқырама тілінің ұшында тұрды, ақыры бөгетті бұзып аққан екен ғой. Тәңір-ай, сезіп жүрсе де сенгісі келмей бағып еді, ақыры арқырап бергені ме. - Бұл тасқын, тау өзенінің лаңы, - деді Дүйсенге. Ол суды шолп-шолп жалдап жанына жетіп келді. - Қайдағы тасқын? Даусы жарықшақтанып шықты, дегбірсізденіп бұған бір, жерге бір қарайды. - Сарқырама тоғанды тас-талқан еткен ғой. - Жо... жоқ, атамаңыз! – деп шоршып түсті ол. – Бетін аулақ қылсын. Онда совхоз орталығын жайпап өтеді. Садақ та көңілі алабұртып сабырсызданып тұрған.
- Сен енді алға жүре алмайсың, - деді Дүйсенге. – Трактор батып қалады. Мен кеттім, аялдауға болмайды. - Жоқ, атамаңыз, - деді ол ширығып. – Анда ел шулап жатқанда өлсем де жетемін. Жүгіріп барып тіркемені ағытты, кабинаға отыра салып газды аңырата басты, жайдақ суды қақ жарып тартып барады. Шамның жарығы түскен жердің бәрі көлкіген су, көде басынан асып жайылған. «Апыр-ай! – деп қынжылды Садақ. – Жеті түнде тасуын қарашы. Ел сақтанып дайын отырса жақсы-ау, қапыда кетсе қатер-ді. Құланы қамшылап асығып-ақ келеді, сол қолының қақсауын ұмытқан, енді жүрегі сыздап, көңілін күдік жайлап барады. Көз алдында – су астында қалған үйлер, асау толқын үйіре лақтырып қақпақыл ойнаған адам, жан ұшырған шарасыз жұрт. Ию-қию араласқан үрейлі елестен шошынды, олай болмайтындығына, етектегі елдің қарекетсіз қалмайтындығына құлай сенгісі келді. Аздан соң Сарқыраманың сарылы да естілген, әуелде жұтылып жетіп еді, алға озған сайын айқындалып күшейе берді. Әредік әлден сатыр-күтір соқтығысады, бір-біріне шақ етіп тиген тас па, бар аумағымен қопарыла құлаған бөгет пе, айырып болғысыз, әйтеуір тоған жақ астан-кестен. Трактордың гүрілі қабаттаспаса, онда не болып, не қойып жатқанын шамалап білер еді. Мына сарынына қарап-ақ селдің күші жер сілкіндіргендей ме деп түршіккен. Құла ағысы кәдімгідей біліне бастаған, бірте-бірте тереңдей түскен суды осқырына жалдап үркектеп келеді. Осы ара еңіс болатын, бірақ көп ұзамай биіктеп, тау бөктеріне жымдасып кетеді, ол ештеңе емес, тек алдында көктемгі қар суы қуалап ағатын тар өзек бар, сол ғана тосқауыл. Ендігі лықа толған шығар, өткел бермей жүрсе, біраз жер бос сандалып, орағытуға мәжбүр болады. Кей тұста ат шатқаяқтап барып түзеледі, жыра ма, шұқанақ па, бәрі кедергі, ал су құланың бауырын жалауға жарап қалған. Дүйсен сонда да іркілетін емес, трактор азынай-сарнап келеді. Бар болғырды мұндай мықты деп кім ойлаған. Өзек өзі ойлағандай сарылдап ағып жатыр, құла беттей алмай бұра тартты. Төніп барып тоқтаған Дүйсен кабинаның есігін ашып, не істерін білмей жан-жағына аңтарыла қарады. Бір кезде жерге секіріп түсті де әй-шәй жоқ қойды да кетті. Садақ атты борбайлата тартып-тартып жіберіп, соңынан ұмтылды. Ағыс қатты екен, ананы үйіріп алып барады, енді кешіксе көз жазып қалуы
мүмкін. Не де болса, бірге көруі керек. Жануар иесінің ырқына шарасыз көніп, терең суға күмп ете түскен бетте Дүйсеннің ығын ала жүзді. - Бері қарай! Маған қарай! – деп айғайлады өңеші жыртыла. Ол барын салып жүр, бір сәт ағыс қуып келіп аттың алқымына соғылған. Садақ қыл шылбырды лақтырып үлгерді, бірақ Дүйсен көрмеді ме, құланың жалына жабысты. Ат екі адамды ауырлап, бір батып, бір шықты, енді бұл да тәуекел етіп, ерден сусып түсті де таралғыдан ұстаған күйі қатар жүзе жөнелді. Таудан құлап аққан су мұндай ызғарлы болар ма, сай-сүйектен өтеді, ал қазір бәрінен де жан олжа, таяқ тастам жерде қарауытқан кемерге үздіге қарады, соған бір іліксе, бұл, сірә, жүз жасар. Сол қолы таралғыдан айырылып қалмай шыдаса игі, күш салуға келмейді, үстіндегі киімі зіл қара тас па дерсің, тереңге тартып сілесін қатырды. Бір-екі рет су жұтқан, қақалып-шашалып дымы құрыды, енді біткен шығармын деп еді, Дүйсен жанталаса демеп, атқа қарай лықсытты. Құла да ышқынған, жануар ағысты қиыстай жүзіп, жағаға үздіге ұмтылады, шама келгенше оған күш салдырмай өзі қимылдап бағуы керек. Шіркін, мына шұбатылған плащын шешіп тастар ма еді, екі етік те су толып қор қылды. Ал көрініп тұрған кемер жеткізетін емес, жақын қалған секілденіп қараң-құраң етеді, бірақ екі аралық қысқармай сілені қатырады. Бұйраланған көп толқын бетті шапақтап, тынысты одан сайын тарылтқан, ықылық атып, жанарының алды тұманданып кетті. Кеудесін көтере бере ауаны апыл-ғұпыл жұтты, бүкіл денесімен алға қарай ұмсынып өзінше қайрат қылған. Ал Дүйсен аттың жалын қоя берген бе, осы сәт көре алмап еді. Құла тайғақтап сүрініп, жығылды,осқырына ұмтылғанда шоқтығы судан шыға келді. - Табаныңызды жерге тіреңіз, - дейді біреу. – Іліктік тайызға! Аман қалдық! Дүйсеннің даусы көрден шыққандай, күңгір-күңгір. Жағаға қарай сүймелдеп әкетіп барады, алқынып қақалып-шашалады, шөптесін жерге аяғы тиісімен сылқ етіп құлай кетті. Бұл да тізерлеп шөгіп барып сылқ түскен, есі кіресілі-шығасылы сияқты, өлім аузынан қалғаны ғана анық, одан басқасы бұлыңғыр. Қанша уақыт өткенін кім білсін, бойына аздап әл кіріп, басын көтергенде, Дүйсен құланы ұстап алып, өзімен өзі сөйлеп жүр екен.
- Жануарым дейді. Садағаң кетейін дейді. Сен болмағанда құрып едік дейді. Тағы бірдеңелерді айтады, қағылез жігіт қараңғы түнде аттың ар жағына бір, бер жағына бір шығады. Орынынан әупірімдеп тұрып, солай қарай жылжыды, діңкесі құрып әбден қажыған, екі жағына кезек теңселеді. - Ата! – деп дауыстады Дүйсен. – Атты маған беріңіз. Мен анда қалайда тез жетуім керек. Садақ бірдеңе демекші болып еді, аузын аша беріп булыға жөтелді, көкірегі удай ашып буынып қалды. Түнгі суық жаңбыр, мына мұздай су, екеуі қосылып тұралатқан екен, ал жаралы қол әне-міне үзіліп түсіп қалатын секілді жанын көзіне көрсетті. - Сен... тоқта... бірге барайық, - дей бере, тағы да тынысы тарылып тұтығып қалды. - Түсінсеңізші! – деді Дүйсен жалбарына. – Ел қырылып жатқанда қайтып шыдаймын. Садақ құлаға әрең жетті, ердің қасынан ұстап үзеңгіге аяқ салып еді, денесін көтере алмады, екі-үш ырғалып барып шаршап тұрып қалды. - Ал бардың... сонда не істейсің? Дүйсеннің даусы алыстан естілгендей, басы айналып, жер үстіне төңкеріліп келе жатыр. - Білмеймін... Бірақ тез жетуім керек... – деген үн әуелде жаңырығып шығып еді, тез жұтылды. - Демеп жібер, - деді тілі күрмеліп. - Таралғыдан ұста, - деді денесін әрең тіктеп. – Атқа ілесіп отырсаң жарадың. Құла текіректеп келеді, жануардың одан арғыға шамасы жоқ, мұнысына да шүкіршілік. Ал тау жақ у-шу, азынаған үн бойды тітіркентеді, Сарқырама қос қапталын арс-арс қауып, қопара жөнелді ме екен, жер де көк те дүңк-дүңк, тарс-тұрс, аяқ асты әне-міне қақырап қарс айырылатындай қарауға жүрегің дауаламайды. Мұнысы тағы несі екен, қарсы беттегі таудың етегі түріле көтеріліп барады. Өз еңсесі де сонымен бірге биіктей түсті ме, ер үстінде қомданып бір отырды. Тәңір-ау, таң атып келе жатыр ғой, күздің көп күттірген, сілені қатырып аңсатқан, әбден сағындырған таңы қылаң берді. Ал Сарқырама ақсайтанданып, бар маңайды жанынан бездіріп жатыр, ырс-ырс алқынған, арылдап дөң айбат шеккен зәрлі үн аза бойыңды қаза тұрғызып, ай далада әңгір таяқ ойнатады.
Таң сәулесі айқын білініп, әуелі тау беткейі қылаңытты, көз алдында қырдың сұйық көдесі, шоқ-шоқ қараған-тобылғы беткейді қуалай сусып бара жатқан көлеңке, естігені Сарқыраманың ұлы сарыны. Ал көкірегі толған запыран, сыздатып барады, кеулеп барады. Ат үстінде, сірә да былай қыстығып көрмеп еді, ала таңда дәл осылай шымырқына да алмаған. Тау өзеніне қосылып тасып аққысы келген, өз бөгетін тас-талқан етіп атойлап бір арқырай жөнелгісі келген. - Сарқырама! – деді бар даусымен. – Ей, сойқан Сарқырама, сарқыла көрме сірә да!
АРҚАНЫҢ БЕТПАҚ ДЕГЕН ДАЛАСЫ БАР
(Повесть)
Бұлай болады деп олар да, біз де ойлаған жоқ едік. Бұл өзі әрі шындық, әрі ертегі болатын. Осы заманның ертегісі еді. * * * Бетпақ даланың ұлан жазығына төрт үйлі қойшы ауылдың көшіп қонғанына бүгін бірінші күн. Қай қиырына қарасаң да көз сүрінбейтін кедірбұдырсыз дархан дала оны жатсынған жоқ, самал желін жамыратып қарсы алды. Құлан жортса таңы айырылатын қашаған дала қайта қуанып қалғандай еді. Таңы тамылжып атып, кеші балбырап батып, бір жаймашуақ қонақжай пейілде маужырады да тұрды. Төскейінде табын-табын киік жөңкілсе, дүңгір-дүңгір жаңғыратын ала көңіл атырап ел қарасы танылғанда, жанары талмай жалана қарайтын аспанның астында жалғыз жүдемейтіндігіне тәубә еткен. Өткен қыс қарлы болып, көктемде жетім соқпақ, бетке түскен болымсыз сызатқа дейін жылап аққан, мамыр туғанша тандыры кеппеген, түкті төсі көкбұйраланып, қырлауытта көде, сауырында ақселеу шалқып өсті. Жарыса жапырақ жайған қараған – тобылғының арасы ат тізесін соққан бидайық, аратұра үйір-үйір шайыр шырайланады. Арқа жақтан саумал самал ессе,
жазықта қалың сасыр бас шұлғиды, жусанның жұпар иісі маң даланы боталы түйедей иітеді. Бұл маң ажарлы, алда ерні кезерген шілде бар екенін, шілдеде мына жойқын өңір қуарып құлазитынын, көп көде күн көзінде сарғайғанда, шөліркеген Бетпақтың жанарында бұлдыр-бұлдыр сағым ойнайтынын ұмытқан. Жерде әлі де ылғал бар, ат тұяғы теуіп тисе дүңгір-дүңгір дүбірлемейді, сайын далада арқырай шапқан айғырдың соңында шаң өрілмей, айдарынан жел еседі. Қымыздың исін, құлынның үнін ала келген көктемнен кейін туған мамыржай күндер көсегені көгертіпақ тұр. Бетпақтың көкірегі шайдай ашылған гүлбаршын шағы еді. Төртүйлі қойшы ауылдың да еңсесі көтеріңкі, сайлау жердің көкмайсасына қаз-қатар тігілген киіз үйлер кешкі қоңыр салқында іргені түріп тастап тамсандырады. Жерошақта қазан бүлк-бүлк қайнаса, қоныс құтты болсын деген кең пейілмен молдау асқан сүр еттің исі алты қырдың астына тарайды. Көк ала түтін бұрала өріліп, бұрандап көтеріледі, желсіз кеште ен жайлау жерұйықпен терезе теңестіреді. Жарау күрең шымдауыт жерге сіңіре қаққан қазықты шыр айналып шалдуар. Қойға мінсе қорлағандай болатын, тақымы тисе тымақты алшы кигізетін әлемді ат байыз таппай аласұрады. Етжеңді, ел ағасы жасына келген Қанай есік алдындағы көк шөпке төрт бүктеп төселген құрақ көрпенің үстінде малдас құрып отырып құмартады. «Тәк, жануар!» - десе айызы бір қанып қалады. Күреңде «Тәк!» дегізетін желік бар, дәл қазір түяғымен тас үгер шағы, қиқу шықпай қызынады. Биыл бесті шыққанда үйірге түсетін үйірсек мінез тауып, құр-құрлауға көнбей кеткен, басы жүгеннен, аяғы арқаннан босаса, желінің маңын жынойнақ етеді, арқырап барып айғырмен айқасады, құйындай үйіріп тай-байталды түре қуады. Қазір де екі көзі өрістеп бара жатқан жылқыда, шәңгір-шәңгір кісінеп тұлан тұтқан, шөптесін жерді осқырына тарпыса, кеудесі көріктей ісініп, алпауыт ашу жанарында жасын боп ойнайды. - Паһ! Паһ! – дейді Қанай. Сүйсініп айтады, күрең түніліп тулайды. Ханағаң (Қанайды жұрт осылай атап кеткен) Бетпақдалаға көшіп қонған төрт үйлі ауылдың үлкені, айналасына жұғымды адам. Қолға таяқ ұстап қойшы атанғалы жаз жайлауы осы өңір. Мамыр аяқтала бере тастап шыққан
Мойынқұмға алдағы сарша тамызды таусып барып оралғанша, бәрі өзінің билігінде. Ханағаң ғұмыр бойы қой баққанда өрге шауып озған жері жоқ, төскейге өрлеп, төрге де шықпаған, атағы дардай әріптес ағайындарынан бірде кем, бірде тең түсіп жүрген қыруар жылдың ішінде есімі ел аузына ілікпей келсе, ескерусіз қалдым деп бұл шамырқанбайды, тасада қалдырдық деп басқалар ойламайды, барға қанағат еткен, бас амандығын олжа көрген жайдақ жан. Ауданда жылына бір рет дүрілдетіп өтетін шопандардың тойында мұның аты «Сол сияқты бәленше-түгеншелер де қысты шығынсыз шығарып салды» деп келетін, ешкімді селт еткізбейтін тізімнің ішінен табылады. Ханағаңа осы да жетіп жатыр. Кейін оған еті өліп кеткені болмаса, алғашқыда соның өзіне әжептәуір көтеріліп қалғанын бұл кісі қазір ұмытты ма, жоқ па, кім білсін. Бөлімшенің домалаңдаған өңкей қозы қарын басшылары ауылға келген соң тұс-тұстан кеу-кеулеп: - Ханағаң дөкейдің аузына ілікті, Қақаң көзге түсті - деп, ал кеп айналдырып, бір қойын жеп кеткені де есінде қалмаған шығар. Ондайондайды жіпке тізіп жүретін дағдысы жоқ. Ана қарсы бетте қаптай жайылып жатқан отар осы кісінікі, сонау ит өлген жерде қалған Мойынқұмнан жылжып көшкеннен бері тойына оттықпаған көп саулық бір орыннан қозғалатын емес, жерге қадалып алыпты. Сыртынан әлсін-әлсін қарап қойып отыр. Ал мына сол қол жақтан көрінген қой Құсайындікі. Ханағаңның талай жылдан бері аралас-құралас болып жүрген тұрғыласы. Ол да бар ғұмырын мал соңында өткізіп келеді. Бойы өзінен сәл-пәл аласалау, сөзі ептеп ұзындау, мінезі кішкене шапшаңдау демесең, басқа айырмашылығы шамалы. Қолға тигеніне ие, бұйырмағанына қынжыла қоймайды, зәудеде арық сөйлеп, семіз шығуды ұнатар еді. Жайшылықта мүлде жадағай, ал сөзден ұтып, қытығына тисең, «Әй, қайда қалмаған дүние» деп бір қойын атып ұрып сойып тастайтын мәрттігі де бар. Тек бертін келе пәлен жыл отасқан әйелі Ажар қайтыс болған соң, күйгелек болып кетті ме, кім білсін, кей кездері жоқ нәрсеге дызылдап, күйіп пісетін мінез тапты. Кіндігінен жалғыз қызы ғана бар. Ханағаңның Атбағарымен жасты. Құсайын Ажар дүние салған соң біразға дейін төсек жаңғыртқан жоқ, содан былтыр ағайындары сыртынан құда түсіп жүріп, күйеуі ішіп кеткен
дей ме, немене, бір жас келіншекті қолына кіргізіп берген. Онысы шаруасын бірден дөңгелетіп әкетті, иіс сіңді ескі емес, жаланып тұрған жас қой, тәйірі, бәрін тас қаяқтай қағыстырады. Үйі қашан барсаң да мұнтаздай таза, бәрі ықшам, бәрі кіршіксіз. Құсекең де бүгінде жинақы, бұрын алты ай жазда, әрі салғанда екі-үшақ рет ұстара тиетін сақал-мұрты енді емге жоқ, иегіне шыбын тайып жығылады, оны аз десең, әтір сеуіп алатын әдеті және бар. Бірақ Ажар о дүниелік болғаннан кейінгі мінезі онша өзгере қоймаған, жас әйелімен қалай екенін құдай білсін, бөгде жұртқа келгенде кісі киік, әзіл-қалжың, қыршаңқы сөзді көтере алмайды, қаужай берсең шарт сынады. Келіншектің ныспысы Нұргүл, жасы отызға іліге қоймаған, тәп-тәуір өңі бар, жүріс-тұрысы , сөзі - бәрі оралымды. Шаруасын істеп, кіріп-шығып жүргенде әредік көзің түсе қалса, иіруге оңтайлы оңқай асықтай көрініп, көңіліне жаға кетер еді. Зәуде де бір жанары жарқ етіп жымиып қараса, жүрегі бар болғыр соғысынан жаңылып қала жаздайтын. Ондайда Ханағаң: - Бәтшағар, қайтеді! – дер еді. Күрең тыпыршуын – қоятын емес, бір мәрте шылбырға аяғын іліп алып, қазыққа жығыла жаздады. Бұл ұшып тұрғысы келіп ұмтыла түсті де, қанға сіңген әдетпен жерошақ жақта жүрген әйеліне жарлық берді. - Әй, анау арам өле ме, барсаңшы! – деген. Мұндайда Сара қолдыаяққа тұрмай зыр жүгіруге дайын, қолындағы кепсерін тастай салып, аласұрған бестіге қарай бүкеңдеді. Қазанда бүлк-бүлк қайнаған сүрдің исі Ханағаңды тамсандырды, дала жұпар аңқиды, мамырдың қоныр салқын кеші бармағынан бал жалатады. Алыста табын-табын киік үрікті ме екен, маңай дүрлігіп басылғандай болды. Күрең бір сәт жұлқынуын қойып, елеңдеп құлағын қайшылады. Екіүш бозторғай киіз үйдің іргесіне дейін секектеп келіп, пыр етіп ұшып жөнелді. Жерошақтан әрірек жатқан тайыншадай қарала төбеттің екі көзі қарсы беттегі отарда. Ханағаң жұтынып тұрған күреңге де, түсі суық алпауыт итке де, қаптай жайылған қойға да бір рахат күй кешкен, бәріне риза пейілмен сүйсіне қарады. Мына тамылжыған кеш, шыбынсыз жазға бергісіз мамырда
толықсыған Бетпақдала, әредік баяу есіп барып жоғалатын саумал самал, талай күнгі көш-көлікті жолдан соң сабасына түсіп байыз тапқан көңіл, бабына келіп, мәйегі шыққан жайлау еріксіз елжіреткен. «Дүние шіркін, қандай жақсы еді» дегісі келген. Құданың құдіреті шығар, қараптан қарап отырып ән айтпаққа ниеті кетті, құрақ көрпеге жантайып жатып ыңылдады. Сонда батыр сөйлейді, Сөйлегенде бүй дейді.
Бар білетіні осы ғана, соны әлденеше қайтарса, даланы басына көтеріп, айызын қандыра шырқағандай желпініп қалады. Есінде жүрген екі жол көз алдына бес қаруы сай, қабағынан қар жауған жойқын батырды елестетуге жарайды. Кейде өз жанынан қосқан болып, көз алдындағылардың бәрін тізбелеп әкететін кезі де бар. Келістірмейді әрине, әйтеуір солай бір әндетіп алса, өзіне жетіп жатыр. Бұл жолы да сол дағдысына басқан, кешкі аспанға қарап шалқая жатты. Көк жүзінде шөкімдей де бұлт жоқ, шетсіз-шексіз бірдеме, көгілдір әлем көңілді көншітіп тұрып зеріктіреді екен. Еріне есінеп, керіліп созылды да, құлағын түре қойды. Құсайынның үйі жағынан майда қоныр ән естілді. Нұргүл әлгі магнитофон дей ме, немене, сонысын қосқан ғой. Жағымды бипаз дауыс тербетіліп көтеріліп, толқындап тарады, шымырлатып келіп балбырата баурап алғанда, Ханағаңа: - Өмір шіркін әдемі ән екен ғой, - дегізген. Әншінің домбыра шертісі де ерекше еді, әсем қағыстар көкіреген күмбірлетіп, құданың құдіретімен Нұргүлдің әредікте бір жалт етіп қарайтын жанарын көз алдына әкелген. Әуелде оған таңдана қоймап еді, артынан түкке түсінбей дағдарып, елегізи күрсінді. Бұл қалай болып барады өзі. Басын көтеріп, бойын тіктеп отырды, апыр-ай десейші, әдемі ән естісе, көзіне әйел заты елестейтін бір ауру пайда болған, сірә шатысайын деген шығар. Қартайғанда кәрі боз жорға шықтының кебін киіп жүрмесін. Көрші киіз үйдің есігі сықыр етті, ұзын бойлы ақсұр жігіт табалдырықтан бері аттап, бү дүниені жаңа көргендей түрып қалды. Ханағаң оған назар аударған жоқ, әлгі айтылып жатқан әннің ырғағына елтіп, өзімен өзі отыра
берді. Енді бойы ауырлап, мең-зең хал кешкендей. Әсерлі саз тербетіп барып қай-қайдағы ойды қозғады ма, әлденені зарыға аңсаған. Әлдебір кезде жоғалтып алған қимасын енді ғана еске алып, өкінген секілденіп, кеуде кере күрсінді. Жерошақ жақта жүрген әйелін көріп отырса да көрмегендей. Оның етегі шалғының үстінде сүйретілген ұзын шапаны, ебедейсіз қимылы, қолындағы ескі кепсер, кір шалған ақ жаулығы, әжім торлай» бастаған күнқақты жүзі, тіпті: - Уһ белі түскір-ай! – деген шаршаңқы сөзі, - бәрі мына ән мен мамыржай кешке, өз көңілінің уылжыған шағына мүлде үйлесімсіз екенін ұққандай болды. Ұққандай болып отырып. - Қайран, қатын-ай! Саған кәпремонт керек-ақ екен, - деп жерге шырт түкірді.
Ақсұр жігіттің дәл қазір ештеңеге зауқы жоқ еді, қойшы ауылмен бірге Мойынқұмды кесіп өтіп, Бетпақдалаға жеткенше әбден қаусап біткен. Өзі өз болғалы шындап бейнет шеккені осы шығар, бас-аяғы жарты айға созылған жолда құр сүлдері қалды.
Бұл маңның адамдары аспан айналып жерге түссе де селт етпейтін өңкей бір тоңмойын ба, кім білсін, баяғыда-ақ жетіп келетін жерге табаны күректей он бес тәулік жүрді. Ертелі-кеш ілбіген отардың соңынан сылпсылп ереді де отырады. Әйел-баланың қамы есте жоқ, алдарыңдағы қойдың қас-қабағын бағады. Ол іркілсе, тоқтайды, өрсе ілеседі. Адам емес, мал үстем болған бір түсініксіз өмір. Басқалар қалай түсінсе, олай түсінсін , өзінің кесімі осы.
Киіз үйдің қарсы бетінде көделі дала шалқып жатыр. Ұясына қонған күннің соңғы жалқын сәулесі батыс кемердің үстінде діріл қағады, ауа салқын тартқан. Аспанда шөкімдей бұлт жоқ, бірақ жаңбырдың исі білінетін секілді. Бұл араның ауа райын болжау қиын, ашық күңде айран-асыр өткізіп құя салғанын осы сапарыңда талай рет көрген. Ал теріскейден бір мазасыз жел ызылдап соғады да тұрады, не күшеймейді, не саябырламайды, ай далада құлақтың түбінде суылдап ығыр қылады.
Есік алдында тұрып керіліп-созылды.
- Бетпағың осы екен ғой, - деді күбір етіп. - Оны да көрдік. Мұның үғымынша ол қан-сөл жоқ безерген, тозаңы шыққан шөлейт өңір болуға тиіс еді. Төсінде өрген төрт аяқты аңына дейін арып-ашып, ат басын бұрған жолаушының шыбын жанын шүберекке түйгізуі, қадам басқан сайын қажытуы керекті. Бетпақ десе көзіне соры арылмаған, аһ ұрған дәрменсіз, шалажансар тірлік елестейтін. Ал мына даланың кескін-келбеті мүлде басқаша, ақ селеуі ту жылқының жалындай төңкеріледі, шалғынын құлын жалдаса, жоны қылт-қылт етіп, бір көрініп, бір жоғалады, шаңғытқан ай тақыр емес, аяқты малға өріс берген ен өлке.
- Жарайды, - деді есінеп.
Неге бұлай дегенін өзі де түсінген жоқ. Құрақ көрпенің үстіне малдас құрып отырған Ханағаң мұның даусын естіп мойын бұра қарағанын да байқамайды. Киіз үйдің ашық қалған есігін жапты.
Бұл алты қанат уыздай аппақ үйі еді, иелігіне жеке тиген. Бәрін алдын ала ойластырып жүретіндігінің нәтижесі. Астанадан осылай қарай аттанарда өзін іш тартатын атақты археолог ғалымға арнайы барып, жергілікті үкімет орындарының атына шәкіртіне көмек беруді өтінген, өйткені айналысатын жұмысы маңызды екені, ескі мазарлардың архитертурасын зерттейтіндігі айтылған тілек хат жаздырып алған болатын. Соны совхоз директорына көрсетіп еді, жайылып сала берді. Бірер күнде Бетпақдалаға көшетін Ханағаңа әкеліп таныстырып, сұрағанының бәрін тап-тұйнақтай етті. Тіпті өзінің ойында жоқ, мүлде күтпеген қамқорлығын да алдына көлденең тартқан.
- Шырағым, біз де студент болғанбыз. Білеміз, - деді жол жүрер алдында жолыққанда. - Қалтаң тесік шығар. Бұл нені мегзеп тұрғанын сезбей құр жымиды.
- Бетпақдалада екі ай болады екенсің. Біраз уақыт.
- Иә, аз емес.
- Осы мерзімде сен Ханағаңа көмекші қойшы болсаң қайтеді
- Қалай дейсіз?
Таң қалғаны соншалық, түкірігіне шашала жаздады.
Директор қарқылдап тұрып күлді.
- Біз былай істейміз, - деді арқасынан қағып. - Сені солай оформит етеміз. Ал өзің мазарларды зерттей бересің.
Сонда барып бір-ақ ұқты. Мұндайда аузыңа сөз түсуші ме еді.
Директорға қосыла қарқылдаған болды.
Денесінің қырыс-тырысы әлі жазылмаған, шіркін осындайда суы тастай өзенге сүңгіп шығар ма еді, құр атқа мінгендей сергіп сала бермес пе. Ал бұл даладан сақау бұлақ та таба алмайсың. Құдыққа барып жуынуы керек.
Мамырдың беймарал кеші сарқыла келе ақшам жамыраған, күншығыс жақ күңгірт тартып, кешікпей мына салқар далаға түн қонақ болатынын аңғартады. Дауыс жетерлік жерде екі ат жайылып жүр, сол тұстан әредік “Шәйт!” - деген үн ап-анық естіледі. Сонау қиян шетіне көлеңке жайылған ұлан жазықтың қос қапталы бірте-бірте қусырылып, тарыла бастағанын көзбен емес, көңілмен сезесің. Ал ымырттағы аспан аласарған, қол созым жерде ғана төңкеріледі. * * * Атбағар отардың алдын ауылға қарай бұрды, енді айдап апарып иіру керек . Бетпақдаланың мінезі шәлкес, осыңдай іңір қараңғылығында қасқыр үй іргесіндегі малға шабады. Елсіз өңірдің бөрісі қаймығуды білмейді.
- Қайт! - деп дауыстады жырыла жайылған ешкіге.
Күнбатыс жақта мана бір әзірде кемерленіп көрінген аласа бел жермен жексен, дала күндізгі реңін жоғалтып қара барқын тартқан, ат тұяғының астындағы жусанның түсін де айыра алмайсың. Қарсы бетте шошайған киіз үйлердің бозы кір шалып, қоңырқайы қарауытып, аласарып бара жатыр.
Ауылдың арғы шетінен Құсайынның айғайы шықты, әшейінде үндемейтін қойшының даусы ащы , алты қырдың астынан естисің. Құрығының ұшына қаңылтыр байлап алған ба, қаңғыр-күңгір етіп іңірдегі дел-сал даланың тынышын кетірді. Ал Бетпақтың алыс қапталы түнере түсіп тас бүркенген, сірә бүгінгі түн көзге түртсе көргісіз болатъш шығар. Гүлім қой күзетуге шығар ма екен.
Атбағар кең даланың қиян түкпіріндегі осы жайлауды уылжыған тымық түндер үшін аңсайтын. Шегіртке ғана шырылдаған, өзге тірлік селт етіп белгі бермеген, ауыл-үйді тегіс маужыратып ұйқыға бөктіретін бей-жай оңаша түндер алты ай қыс көзден бал-бұл ұшқан жоқ па. Ай жарықта сүт сәуле діріл қақса, ақ селеулі атырап сездірмей күрсінер. Оқта-текте байғыз күңірене үн салып, көкте жұлдыз аққанда, ұлан даланың төсіне күміс моншақ сыңғыр-сыңғыр шашылар еді. Ала бұлтсыз аспан мен ала құйынсыз түннің
уайымы жоқ екенін, ай астында қилы-қилы қиял әлдилейтінін, көрер таңды көруге асықпайтындығыңды сезерсің. Бүгін ол сондай бір ғажайып шақтармен қайта табысуға асық, өзі үшін де, Гүлім үшін де тағаты жоқ.
Қойдың алды құдыққа жетті, астауларды айнала тұра қалған. Құсайынның отары да осылай қарай шұбырып келеді, бір шетінде Гүлім, оған таяу жерде Мырзаш, Атбағардың жүрегі шым етті. * * *
Киіз үйдің іші суытып барады, іргеден анда-санда салқын леп білінсе, жерге төселген алашаның үстіне қоя салған шам жыпылықтап сөне жаздайды. Талмаураған жарығы меңзең етеді, қолындағы кітабына қарағаны болмаса, оқып отырған жоқ. Тіпті ол осы кітапты кім жазған, аты қандай екенін сұрай қалса, тап қазір айтып бере алмас еді. Мұқабасы тозғаны соншалық, бір кезде бадырайтып тұрып басылған әріптердің ізі де қалмаған, кейбір беттеріне су тиген бе, сарыала-торыала.
Нұргүл кеуде кере күрсінді. Қойдан шаршап келіп, жастыққа басы тиісімен ұйықтап кеткен Құсайынға қарап еді, көңілі одан сайын құлазыды. Елуден асқан, ғұмыр бойы мал соңында салпақтаумен болған күйеуінің ұстарамен тап-тақыр етіп қырған басы түйеқұстың жұмыртқасындай ғана. Тотыққан бетін әжім шимайлап, бүрістіріп тастаған, қоңқиған мұрны мен қалқиған құлағы, түріңкі ерні, сұйық қасы, - бәрі мұны сыртқа тебеді. Түн түнеріп мына төрт қанат киіз үйдің іші қара көлеңкеленіп, іргеге төсек салынса, келіншектің бойы мұздайды. Бойы мұздай жүріп көр-жер шаруамен айналысады, онысы сірә да таусылмайды. Құсайынның көзі ұйқыға кеткенше тізе бүкпейді. Одан кейін тозығы жеткен кітапты қолына алып, жүкаяққа сүйеніп отырады да қояды.
Кей күндері ол осы қалпында келер таңға дейін көз ілмейтін. Әредік күрсініп қойып, қай-қайдағы мұңға батар еді. Қайсы бір кездері бұрынғы күйеуі, отыздың ішіндегі қылшылдаған жігіт Сатыпалдыны өзегі өртеніп отырып еске алатын. Оны бұл құлай сүйіп еді ғой, бүкіл жан-жүрегімен егіле сүйген, күн сайын емес, сәт санап сағынатын. Сол бір тәуекелшіл, тік мінез, тәкәппар жігіттің алдында сай-сүйегіне дейін балқып тұрып, өзінің өрімдей жас екенін, жасқа тән жалыны бар екенін, сол жалынның ішінде лаулап жана алатын, өрттей алатынын қуна сезінетін. Онда кеш батса, ағарып таң ататын,
сол шақтарда әр түн сұмдық қысқа еді. Ешкім де дәл өзіндей сүйе алмайтындығына барымен сенгісі келетін, ешкімнің тап өзіндей сүйдіре білмейтіндігіне де күмәні жоқты.
Енді бәрі құр елес, құлазыған көңілдің түкпірінде Сатыпалды, көз алдында жасынан бұрын қартайған Құсайын. Ал ондық шам әні-міне сөнуге жақын, үй іші күңгірт тартып, есік жақта көлеңке салбырайды, бәрі делсал. Қолындағы кітапты қыса түсіп, өзімен бірге бүкіл әлем қаңырап бос қалғандай күйзелді. «Әттең дүние-ай, бұлай болатынын біліп пе едім!»-деп қажыды келіншек. Жанарына мөлт-мөлт етіп жас үйірілді.
Сатыпалды кейін ішіп кетті, айналасы бір жылдың ішінде бұрынғы өр
жігіттің құр сүлдері ғана қалды.
Нұргүл қинала көзін жұмды, иегі дірілдеп , өзінен өзі ағыл да тегіл аңырағысы келді. Ал бір сұрқай елес қаракөлеңке үйдің ішінде көлбеңдеп, онсыз да жарадар жүрегін қан жылатады.
Қарсы алдында Сатыпалды ербиіп тұрғандай, шашы ода - дода,
қанталап кеткен көзін айырмайды, үсті-басында сау-тамтық жоқ.
- Қандай қорқынышты еді, - деп түршікті келіншек.
Сол сәт оның көз алдындағы елес қана екенін ұмытып, қазір тарпа бас салатындай үрейленіп еді. Осы үрейдің тез билеп алғаны соншалық, тұла бойы дірілдеп кетті, жүкаяққа жабыса түсіп, айғайлап жібере жаздап, өзін зорға ұстады.
Ал сұрқай елес білте шамның әлсіз жарығында тағы да бір көлбең етті де ғайып болды. Бірақ көңілден біржола өшкен жоқ, келіншек Сатыпалдыдан көрген қорлығын бұл өмірде сірә де есінен шығара алмайтынын ұғып, бұрынғысынан бетер қажыды.
Ол мұны ішкен сайын жүндей түтетін. Қол жұмсағысы келсе сылтауы дайын “неге тымсырайып тұрсың” деп те ұрады. “Сенің менен кетіп қалғың келіп жүр” деп те тепкінің астына алады. Ал кейін өзіне қосыла арақ ішуге көндіре алмай соққыға жығатын болды. * * *
Киіз үйдің іші тарылып бара жатыр, ауа жетпей алқынды. Сатыпалдыны есіне алса, ылғи осы, жүрегі аузына тығылып, жанын қоярға жер таппайды. Айырылып кеткеніне жылдан астам уақыт өтсе де, одан сескенуден арылмай-ақ қойғаны ма. Кейінгі кезде өзі көңіліне жиі оралатын болып жүр. Онысы несі екен? Әлде бұл қазіргі өмірінен де ығыр болып, сая таппай сандалғанда, бір кезде табына сүйген жігітті іштей, өз ырқынан тыс соқыр сезіммен жасқана іздейтін шығар. * * *
Киіз үйдің іші тарылып бара жатыр, ауа жетпей алқынды. Сатыпалдыны есіне алса, ылғи осы, жүрегі аузына тығылып, жанын қоярға жер таппайды. Айырылып кеткеніне жылдан астам уақыт өтсе де, одан сескенуден арылмай-ақ қойғаны ма. Кейінгі кезде өзі көңіліне жиі оралатын болып жүр. Онысы несі екен? Әлде бұл қазіргі өмірінен де ығыр болып, сая таппай сандалғанда, бір кезде табына сүйген жігітті іштей, өз ырқынан тыс соқыр сезіммен жасқана іздейтін шығар.
Құсайын әлде не деп сөйлеп, аунап түсті. Әлгі елес те зым-зия
жоғалған.
Келіншек жүрегі үзіле уһіледі, жаңа бір әзірде бойын буып тастаған діріл тарай бастағандай, бәлкім осы сәт өзінің қандай күйде екенін ұғуға шамасы да жоқ шығар. Әйтеуір Сатыпалдының сұлбасы жоғалған, соған шүкіршілік етеді. Қорлықты көрген де бір, кейін есіңе алған да бір екен-ау, бүл сірә да айықпайтын дерт болар ма. Тегінде ана білте шам секілді сәт санап өшіп бара жатпасын, өткен-кеткенді қанша ұмытуға тырысса, сонша езіле жүдейтіні неліктен еді. Сергімек болады, еңсесін көтеріп әлекке түседі, бірақ серпіле алмай шерменде.
Дүние-ай десейші, Сатыпалды азып-тозып кеткен сол күндерде әбден жер болып жүрсе де, түбінде бір қайдағы қатыны өлген, егде тартқан қойшымен тағдыр қосамын деп ойлап па еді. Күйеуі араққа уланған сайын өзінің уылжыған жас екенін, осы кезге дейін аздаған қызық көрсе, онысы әрі кетсе тез ұмытылатын бұлдыр түстей ғаналығын, қараса көз тоятын өңділігі, отызға жетпеген дер шағындағы алып-ұшпа қашаған көңілі әлі де талайталай тәтгі қиялдарды оята алатынын, өзгелерді жанарымен билеткісі келетінін сезетін. Былайғы ел бетіне ылғи таңба түсіп жүретін келіншекке мүсіркеп қарауды шығарғанда да, мүсіркеп тұрып қатар отырудан қашатын
болғанда да өмірден біржола түңіле қойған жоқты. Оңаша қалған сәттерінің бәрінде келіншек көзінің өксіп өтпейтіндігіне, тірліктен түбінде өзіне тиесілі сыбаға ала алатындығына жылап отырып сенуге тырысушы еді. Ал киіз үйдің іші суып барады, шамның білтесін көтермесе, сөніп тынатын шығар. Бірақ қажеті қанша, бүған оның өлеусіреген жарығының керегі не. Мейлі сөне берсін, тіпті қайтып таң атпайтын, сәуле атаулы біржола өшетін, дүниені тастай қараңғылық мәңгі бақи тұмшалап тастайтын болса да қинала алмас. Онда бұл ана қойшының көк құйқа басын, бір уыс әжімді жүзін, көрпенің сыртында қалған жүндес білегін енді ешқашан көрмес еді. Соның өзі жақсы. Дәл қазір мына салқын түннің де, исі жұпар аңқыған жайлаудың да керегі жоқ. Айсыз түнде жұлдыз аулап, қиянды шарлайтын алып-қашпа көңілден де ада. Бетпақдаланың ұлан жазығы елге кең, бұған тар. - Неге асықтым, - деді келіншек қабырғасы қайыса күрсініп. Ауыр ойлардан құр сүлдері ғана қалды. Әлгі сұраққа қанша сабылса да жауап таба алмай басы қатты. Сірә Сатыпалды мұны мәңгүрт етіп жіберген болар. Азған күйеуінің қорлығы өтіп кеткенде, тік басып, түзу жүргеннің бәрі тәңірдей көрінді ме екен. - Ол өзін де, мені де сорлы етті, - деді қажып. Ондық шам ақыры сөнді, үйдің ішін тастай қараңғылық ауыр мұң боп торлап, тұншықтырып бара жатты. Ал Құсайын қорылға басқан. Жаны мұрнының ұшына келген, демі таусылуға шақ қалған адамдай үзіліп барып зорға тыныстайды. Қараңғыда біреу бас салып бауыздап жатқандай. Келіншек солқ-солқ еткен, қорғасын құйғандай ауырлап кеткен басын керегеге сүйеді. Қарақұсы зырқ-зырқ етеді, біреу қатты затпен тық-тық ұрып тұрғандай. Қол-аяғы ұйып, жансызданып бара жатқан секілді. Ештеңе ойлағысы келмей, көзін шарт жұмған қалпы есеңгіреп отыра берді. Сірә біреуге ықтиярсыз қосақталған өмірден әбден мезі болғаны шығар, осы бір кез өзін де, өзгені дебәрін өлердей жек көріп еді. Құсайын ұйқысырап жатыр.
- Шәйт, кебенек! - деп дауыстап барып қылғына жөтелді . Қылғына жөтеліп еді, үйдің ауасы бұрынғысынан да тарылды. Ауылдың қонған жері Бетпақдаланың ен жайлауы емес Сахараның қапырық шөлі секілді тандайы кеуіп барады. Жылымшы ойлар жанын да, өзін де шөлдетіп біткен. Түсінбейтіні көп, түсіңдірер ешкім жоқ. - Құдай-ау, - деді ерні кезеріп. - Сатыпалдының әлегінен кейін бұрын ешқашан көрмеген, әкеммен жасты, не өңі, не кісілігі жоқ, қайдағы бір қойшыға әйел болуға қалай келістім екен?!
Тағы да көңілі босады. Тастай қараңғы түнге, тыстағы шалғыны әлі жапырылмаған, дәл қазір тым-тырыс бұйығып жатқан ұлан далаға, өзіне, жанына сәл де болса жақын тарта алмай қойған Құсайынға, бәріне-бәріне нәлет дегісі келді. Көкірегінде көл-көсір тасқын, көңілінде - ала құйын, ию да қию соқты келіп. Отырған жерінен қыстыға атып тұрды, даусы да қысыла шықты. - Қарғыс атсын! Қарғыс атсын, бәрін де!
* * * Құсайын оянып кетті. Әлдекім дәл жанынан айғайлағандай болып еді, енді тым-тырыс. Үйдің іші көзге түртсе көргісіз, қыбыр еткен белгі жоқ, Нұргүл тағы да қасынан табылмағаны ма. Дел-сал болып төсектен басын көтерді. Осы қойға қасқыр шауып жүрмесін, бұл Бетпақдаладан оны күте бер. Бірақ ит неге абаламайды, күзеттегі Атбағар мен Гүлім жарыса айтақтаса керек еді ғой, мылтық атылуға тиісті. Сірә түсінен шошынған болды. Кейінгі күндері көзі ілінсе болды, қайқайдағы пәлелерді көреді, ылғи қыстығып, жаншылып жатқаны. Әлгінде Бетпақтың жусанды даласы бар аумағымен қопарыла төңкеріліп, дәл төбесіне құлап келеді екен. Дүниенің астан-кестені шықты. Үрейі ұшып, қайда қашарын білмей жанталасты, жер тоқымдай тарылып, енді біттім деген. Оның алдында қайдағы бір қайқы мүйіз ақ ешкі қыр соңынан қалмай қусын келіп. Қалай жалтарса да дәл алдынан шыға келеді де, құйқа тамырын шымырлата маңырайды. Иір-иір мүйізі жыланша иіріліп-жазылып үрейін ұшырады. Сүзбек болып тұра ұмтылса, бұл шыбын жанын қоярға жер
таппайды. Аласұрып, сытылып кеткісі келіп қанша бұлқынса да бір орыннан тапжыла алмай қор болады. Осы түсті әнеукүні де көрген еді, сірә жақсылық емес, қайта-қайта енгені тегін дейсің бе. Күбірлеп аят оқығансыды, баяғыда әкесі қоймай жүріп үйреткен, бүгінде шала-пұла есінде қалған түсініксіз сөздерді екі-үш рет қайтарып, уһ деп жастыққа қисайды. Бұдан әрі ұйқы жоқ, оянып кетсе болды, қайтып көзі ілінбейді, мең-зең жатады да қояды. Шамасы қыздай алған қосағы Ажар дүние салғаннан бері осылай болып келеді. Марқұмның көзі тірісінде ешқандай алаңы жоқ сияқты еді, ұйқысы да түзуді, түсі де түс тәрізді еді. Алдындағы асын ішіп, күнделікті шаруасын күйттеуді ғана білетін. Әйелі таусылмайтын күйбеңнен ығыр болып, күңкілдесе, күңкілдеп жүріп мұның айтқанын жерге тастамаса, бұл зәудеде бір қуланғансып: “Бүгін діттеген жеріңнен табылмасам, қара да тұр”десе, кемпірі сонда кекесінмен мырс етсе, бәрі түгел. Ал қазір ол жоқ, енді қайтып көру пешенесіне жазылмаған. Марқұм өзімен бірге дүниенің тең жартысын ала кеткендей жалғызсырайтынды шығарды. Бала бар-қарасын ғана, кәсіп бар-алданыш қана, ағайын-туыс, дос-жаран бар - мүсіркеуші ғана.
Кеудесіне қарай ысырылған көрпені тартып, қымтана жамылды. Жайлау түні салқын, денені тоңазытады. Іргеден самал соға ма қалай, сірә таңға алыс қалмаса керек, жарықтықтың өзінен лебі бұрын жетеді. Күн көтеріле бере ауа бұрынғысынан да суытып, шөпке шық түсер еді. Әулие дала буынынан бусынып, сайда шалғынның, төскейде қарағай мен тобылғының, қырда үйір-үйір ұшқаттың бояуы қалыңдап, көде түбінде бозторғай ұйқысынан оянар еді. Жайсыз ұйықтағандықтан ба, денесі құрыстанып қалыпты. Жата берсе, жамбасы тесілетіндей көрінген. Бүгінде мына қалың құс төсекте қадыр жоқ. Ол да бір, ат тері сіңген терлік те бір. Қағынан жеріген қүландай әйелің іргесін аулақ салып, түн сайын таң күзетіп шықса, төсек түгілі үйіңнен де безерсің. Ашық қалған шаңырақтан бірен-саран жұлдыз көрінеді, жеті түнде тастай қараңғыда жанарыңа ұялап шырақтай жанар еді, ал қазір таңның алғашқы сәулесі тарай бастаған аспанға бозара сіңіп барады. Қазақтың қанға сіңген дағдысында түн баласында түңілікті жаппау ырымға жаман болушы еді, сірә Нұргүлдің одан хабары жоқ шығар.
Өзі қайда, үйдің ішінен көрінбей ме, қалай?! Төсектен басын көтеріп отырды, айналасына қарап, әйелін таппады, бірақ аса қынжыла қойған жоқ. Оның кейде таң атпай тұрып, күзеттегі Атбағар мен Гүлімді ауыстыратын әдеті болатын. Тағы да сөйткен шығар. Енді жата берудің реті жоқ, орынынан тұрып, киінді де тысқа шықты. Дала көгілдір алауға малынып, ұйқысынан оянып келеді. Аспанның батыс жақ қапталы әлі күңгірт, жұлдыз атаулы түгел өшкен, ал айнала жым-жырт. Жерошақ жақта екі-үш қарға әлденені шоқып жатыр, бұзауының жанында күйіс қайырып тұрған сиыр әрекідік ыңыранады. Қой қамаған шарбақтың түбінде шоқиып отырған төбет иесін қөріп жанына келді, құйрығын бұлаңдатып, мүләйімси қарады. Гүлім мен Атбағар қотанның аузы жағына қойған ескі керуеттің үстінде бір-біріне сүйеніп ұйықтап отыр. Таңғы салқында бойлары мұздаған ғой, үлкен сеңсең тонға оранып алыпты. - Алда, айналайындар-ай, - деді Құсайын елжіреп, - қой, оятайын. Аяғын аңдап басып келіп, Атбағардың иығынан тартты. Ол көзін ашудың орынына тонға тығыла түсті. -Тұра ғой, таң атты, - деген. Одан ғөрі Гүлім сергек екен, басын оқыс көтеріп алып, әкесіне, содан кейін Атбағарға қарады. - Ә, - деді ұйқысын аша алмай. Құсайын қызының маңдайынан иіскеді. - Үйге бар, балам. Бұлардың дауысын естіп, Ханағаңның арқандаулы тұрған күрең бестісі оқыранды. Сол-ақ екен, Атбағар осылай қарай көшерде көрші ауылдан алып келген тазының күшігі шәу-шәу етті. Не үшін үргенін білмейтін болуы керек, айналасына жалтаң-жалтаң қарады да сап тиылды.
Қотандағы қойлар бір-бірлеп тұрып жатыр, дүр-дүр сілкінеді, қарағай мүйізді ақ серке шарбақтың есігіне сүйкеніп, қатты пысқырып еді, жерошақ жақта жүрген екі-үш қарға үркіл ұшты.
Нұргүл құдық жақтан келе жатыр, өңі қу шүберектей. Шарбақтың жанынан өтіп бара жатып, Атбағар мен Гүлім оранған сеңсең тоңды сілкіп тұрған Құсайынға қарады да, жүрісін жылдамдатып үйге еніп кетті.
* * * Бүгін күн түске қарай таза ысып кетіп еді, бесін ауа қызуы қайтып аспан алабұлттана бастады. Арқа жақтан көтерілген жел жаңбырдың исін жеткізген. - Аяқ астынан құйып кетпесе не қылсын, - деді отардың шетінде аттан түсіп отырған Құсайын. Қой қалың көдеге кенеше қадалып, бір орында айнала жайылып жатыр. Құйрықтары тегенедей төңкерілген кілең еділбай тұқымды саулық сайдың тасындай іріктеледі . Қыстан күйлі шығарып еді, бірнеше күнге созылған алыс жолда қоңын бере қоймапты. Енді Бетпақдаланың шұрайлы өрісіне іліккен соң, төрт құбыла тең, әлі-ақ майдан жатып қалады. Таяу жерде Ханағаңның отары көрінеді, осылай қарай ақырын лықсытып келеді. Қойдың алды бұған тас лақтырымдай жер қалғанда, иіре бір айналып шығып, қол бұлғады. - Батырдың іші пысқан екен, - деді Құсайын атына қарай жүріп бара жатып. Бұл келгенде ол бір түп биік тобылғыға сүйеніп отыр еді. - Кәне, отыра қал, - деді жанында жатқан қоржынды алдына алып, - жүрек жалғайық. Көк шөптің үстіне әуелі газетке оралған қойдың жамбасын тастай салды. Одан кейін бір жартылық арақ көрінген. - Мынауыңа жол болсын, - деді Құсайын таңырқап. - Біз де адам емеспіз бе, аздап көңіл көтеруге болатын шығар, - деді ол қоржынның түбінен тапқан, қоқым қонған кесені сүртіп жатып. - Бұрын мүндай әдетің бола қоймаушы еді, содан кейін айтқаным ғой, - деп Құсайын жанына жайғасты. Ол қалтасынан бәкісін алып, майлы жамбасты бипаздап турады. - Жарықтық, далада ішкен дәмнен не артқан, - деп бір кесіп ауызына тастап жіберді. - Сен ананы аша бер. Құсайын жартылықтың түбінен қойып қалып еді, қаңылтыр тығын күмпиіп шыға келді, екінші рет соққанда ұшып кеткен. Кесеге толтыра құйып, көршісіне ұсынды. Ол қолына ұстасымен аузына төңкере салды. - Бәтшағар ашып кетіпті, - деді тыжырынып.
Құсайын да іркілген жоқ, жылымшы арақ әуелде жүрегін айнытып еді, іле іш-бауырын қуырып ала жөнелді де, еттен қарбыта асады. - Осы иттің адамның құрыстырысын жазатын бір құдіреті бар, - деді мұртын сылап. - Кешелі-бері сіркем су көтермей жүр еді, дұрыс болды. Ханағаң қараторы өңіне қызыл жүгіре бастаған көршісіне қулана қарады. -Жас әйелі бар адамның уайымы болушы ма еді?! Құсайын жақтырмаған сыңай танытты. -Бос сөздің керегі не, ет же. - Әйтсе де айтшы, жас иіс құшу бір дәурен шығар. - Соны жайына калдырсаң қайтеді?! " Осының тоқалына шаң жуытқысы келмей ме, қалай, - деп ойлады Ханағаң. - Әйелжандысын қарашы.” Көршісінің жүзіне зер сала қарап, шынының түбіндегі арақты кесеге сарқып құйды. - Сен алып жібер, - деген. - Шыныменен қабағың келіспей тұр екен. Ол қарсы болған жоқ, бұл жолы да тез сіміріп салды. - Уһ! - деді содан кейін. - Жерім кеңіп қалды ғой. Әлгінде Арқа жақтан ескен жел күшеймеген, бұл жаңбырдың әзір жауа қоймайтындығының белгісі. Үзік-үзік бұлттар бір-біріне қосылмай, аспанның әр тұсында баяу қалқиды. Одан едәуір биікте соңына шұбатылған көкбурыл түтінін қалдырып самолет ұшып барады, гүрілі анық естіліп тұр.
Ханағаңа тиесілі отардың бергі жағында тайыншадай төбет шоқиып отыр, қойдың бір-біріне қосылып кетпеуін андыған түрі Бәлекеттің білмейтіні жоқ. Құсайынның мандайынан шып-шып тер шыққан, қолының майын етігінің қоншынына сүртіп отыр, анда-санда бұған қарап тамағын қырнайды, әлдене айтқысы келетіндей. - Осы бар ғой, - деді ол бір кезде. - Екеуміз о дүниеге не қызық көрдік деп аттанамыз? Мұнысы тосын сөз еді, Ханағаң иығын қиқаң еткізді де қойды. Көршісі аздап қызайын деген бе, қалай. - Өз басым, бейнеттен басқа түк көргенім жоқ, - деді енді ол. - Құдай куә, дәл солай. Қалтасынан “Беломордың” қорабын алып, шылым тұтатты, көк-ала түтінді құныға жұтады. - Көзімді жыртып ашқаннан бері малдың соңында салпақтаумен келемін. Қыста да сылп-сылп, жазда да сылп-сылп, көктемді бірде қарлы жаңбырдың
астында, бірде қара-суықтан өтінді күрк-күрк жөтеліп жүріп өткізесің. Міне, бар-жоғы осы ғана.
Ханағаң оның айтқандарына мән бере қойған жоқ.
- Сұлтан болсаң, біреу жолыңды кесті ме,-дей салды.
- Менің ешкімді жазғырып отырғаным жоқ, - деді Құсайын. - Тегінде өткен-кеткен күңдердің жұтаңдығын ойлағаным ғой.
- Оған несіне бас қатырамыз. Маңдайға жазылған сол болды. Ырқына жығыл да өлмес қамыңды күйтте. Әлде жас әйел алған соң, жақсы тұрмыс керек болды ма?! Құсайын күрсінді, қолындағы темекісін сөндіріп, өңі қуқыл тартты. “Әзілім дөрекі болып шықты ма, - деп ыңғайсызданды Ханағаң. - Әйеліне соқтыға беріп нем бар еді.”
Ұялған тек тұрмас дегендей еті түгел туралмаған жамбасты алып мүжуге кірісті. Екі-үш қарпығанда, қолында жалаңаш сүйек қана қалды ма Құсайынның көзін сүзіп мөлиіп жатқан тазысына тастай салды. Одан өзінің отарын бір шолып шыққан. Әлгі төбет шашау шығармай, сонадайдан айналып жүр. - Менің осы итім бір қаралық-ау, шіркін, - деп сүйсінді. Жел бұрынғысынша сылбыр есіп тұр, ала бұлт аспанның батыс жақ қапталына ауған күннің қызуы әлі де әжептәуір, әлде жаңағы ішкен арақтың буы ма, өне бойы жіпси бастаған. -Өзің айтшы,-деді Құсайын енді бұған қадала қарап.- Кімге керегіміз бар? Егер құдай ұрып өле-мөле қалсақ көп әктіп алдымен сені емес,иесіз қалған малды іздейді. Өйткені қойдың шығыны жанына бірінші батады. Ол үшін сөгіс береді, жазатайым орынынан алып тастауы да мүмкін. Ал сен қыс боранды ыққан отардың соңында ұшып өлсең, тірі пенде жауап берер ме екен. Арам қатқан қойға бәрі жабылып акт жасаса, сен жөнінде бір жапырақ қағаз да жазылмайды. Жақсылық қылса, жаназаңа соятын бір тай берер. Онда да ақшасына. Ал үй-ішіңе көңіл айтуға, мықтаса кәсіподақтан біреу келеді , әйтпесе ол да жоқ. «Мынау миды ашытты-ау»- деп зерікті Ханағаң. -Солай,-деді ол сөзін жалғап. –Бесіктен белі шықпастан қолына күрек ұстамаудың айла-шарғысын жаттап алған әлдебір жылпос төріңде шырт-
шырт үкіріп жатқанда , құдай біледі, сыйрағынан сүйретіп тастағың келеді. Осы күні совхоздағы он қойшыға жиырма бастық бар. -Сен тіпті тереңдеп кеттің ғой. Құсайын маңдайын ысқылады. -Мал баққаннан сөз баққан озған заман болды,-деп нығарлады. Ханағаң бұл жолы үндеген жоқ. Ол көршісінің манадан бері айтқандарына сөз атаулыдан бойын аулақ ұстайтын дағдысымен назар аудара қоймаған болатын. Шындығында бұларға әрі-сәрі ойдың керегі қанша. Рас, қойшының көрер қызығы жоқтың қасы.Бір-ақ солай екен деп бас қатырғаннан келер пайда бар ма. Одан ештеме өзгермейді. Мұның жүгінетін ақиқаты біреу: шамаң жетсе, сірә да жаманатқа қалма. Тапсырған ісіңе мығым болсаң, ешкімнің тізесі батпайды. Ал әлдекімдер өзін қойшы екен деп көзге іле қоймаса өзі білсін. Оған несіне кішірейеді. Бәлкім без біреулер бейнетсіз қалқып ішіп, шалқып жеп жүрген шығар. Қолынан келсе, қонышынан бассын. - Сұмдық-ай! Деді бір кезде Құсайын. Түсінен шошып оянғандай. –Мен өзімнің өмірім жайлы ғұмыр бойы ең құрса бір сәтке ойланып көрмеппін-ау. Кіммін, не нәрсе керек, маңдай терімнің өтеуі бар ма, жоқ па, не үшін бейнет шегіп жүрмін,- ешқайсысы алаңдатпапты. Өткен-кеткеннің байыбына бару, көзің көргенге көңіл тоқтату, өзің мен өзгенің ара салмағын ажырату, бағаңды білу сенің ісің емес, бәріне біреу жауап іздеп, әлдекім екшеп беретіндей. Бұдан қырық жыл бұрын осылайтын, әлі де солай. Ол кезде бұғанамыз бекімей жатып көк жұлын болдық. Соғыстың тауқыметі жасытып тастады. Қаршадайымыздан бейнет көргендіктен, еңсеміз түсіңкі еді. Қолында билігі барға көзсіз бағыну лазым деп білдік. Ауыр тұрмыс соған көндіктірді. Осы пұшаймандық келе-келе қанға сіңді. Ақыл қоссақ, «Сенен кім сұрады»-дер еді. Именіп төмен қарадық. Ал менің бұған енді көнгім келмейді. -Ал керек болса, -деді Ханағаң іштей. –Мынасы әлгі опыраулай баланың жиналыста оқып тұратын ұзынсонар сөзіндей түсініксіз бірдеме болып шықты. Ол да аузын ашса, қырық жылғыны қозғап, діңкеңді құртып тұрып алатын». -Анада осылай қарай көшерде,-деп сабақтады Құсайын. –Әлгі бөлімшеге ие болып жүрген Айдарханның үйіне бардым. Өз қолымызда өскен бала емес пе, көмектесер, Гүлім совхоздан бір жайлы жұмыс тауып берер деп дәмеленген. Келсем, сірә аудандікі ме, бір үсті-басы мұнтаздай
жылтырқара бар, әлгі бригадир Сайлау бар, қарта ойнап отыр екен. Сәлем беріп, шаруамды айта бастамаймын ба.
-Ақсақал, бұл кеңсе емес, жұмысыңызды сонда барып шешейік, - деді. - Барып күте тұрыңыз.
-Е, жарайды, - дедім.
Содан кеңсенің алдына барып тура екі сағат отырайын. Айдарханнан хабар жоқ. Төбесі көрінбей қойған соң, үйіне қайта барсам, әйелі ғана жүр.
- Олар орталыққа кетті, бүгін оралмайды, - дейді.
Ал енді менің кім болғаным, көзіне де ілмегені ғой. Қазынаның қойын отыз жыл баққандағы көрген құрметім осы ма. Маған қарағанда шөп басын да сындырмаған ол итке кісілік қайдан келді. Төре ме еді, әлде басшы атаулының қалтасында өзіңнен төменді адам деп санама деген нұсқау бар ма?.' Қорланамын соған. Заман өзгеріп жатыр, тәртіп өзгеріп жатыр, жағдай түзеліп жатыр... Еститінің ылғи осы, ал көретінің әлгі.
Қабағы түйіле түсті. Ол сол күннің ертеңіне Гүлімді ертіп Айдарханды тағы да іздеп барған болатын. Бұл жолы кеңседен тапты, жанында кешегі жылтырқара, екеуі де көңілді, қызара бөртіп алған. - Сен әлі осыңда жүр ме едің, - деді Айдархан бұл есіктен кіріп, бос орыңдықтың біріне жайғаса бергенде.
Құсайын өзінен жарты жастай кіші жігіттің “сен” деп тепсінгеніне тіксініп қалса да, ісі түсіп тұрған соң елемегенсіді. -Жіпсіз байлап қойсаң, қайтеміз енді, - деді жіпсіген маңдайын сүртіп. - Кеше күнұзын тостырдың. Ол кіржің етіп, жылтырқараға бұрылды. -Міне бұларға бірауыз сөз айтуға болмайды, өре тұра келеді. Шырылдай жөнелген телефонның тұтқасын көтере беріп тастай салды.
- Елдің асты-үстіне түсесің, бәйек боласың, бәрі бір жақсы ат жоқ. Қойшы қой баққанын, шөпші қолына айыр ұстағанын бұлдайды. Жылтырқара мақұлдап басын изеді. Айдархан столдың үстіне қонған шаңды үріп жіберіп, орындықты сықырлатып шалқая отырды.
- Шаруаңызды айтыңыз. - Кеше түсіндіріп едім ғой, - деді Құсайын. - Есімде жоқ. - Мына балаға қолайлы жұмыс сұрағанмын. Ол есік алдында тұрған Гүлімге қарады, бастан-аяқ шолып шығып; - Иә, - деді. - Қыз бала ғой, жеңіл жұмыс табылса, - деп анықтай түсті Құсайын. Айдархан Гүлімге тағы да қадала қарады, тінте тесіліп, көк-тұқыл иегін ысқылады. Столдың шетінде жатқан қораптан шылым алып тұтатып, көзін сығырайтты. Жылтырқараға бірдеме деп сыбырлап еді, ол әуелі иығын қиқаң еткізді де, артынан ырқ-ырқ етіп күлді. Анау қосыла жымың қақты. - Былай болсын, ақсақал, - деді бір кезде. - Келген жағыңа жүре бер, ал бала қалады. Жеңгесіне бірер күн қонақ күтуге көмектессін. Құсайын күмілжіді. - Бүгін-ертең Бетпакдалаға көшкелі отырмыз. - Тескентау өтіп кетсеңдер де өзім жеткізіп саламын. - Қайдам. - Қобалжитын ештеңе жоқ, ал жұмысты қазірден бастап реттей беремін. Осы кезде Жылтырқара сөзге араласты. - Мынандай үлпілдеп тұрған қарындасымызға қолайлы жұмыс тауып бере алмасақ, несіне жер басып жүреміз, -деді жымиып. - Айдархан айтса, орыңдайды. Содан кейін орынынан тұрып, Гүлімді айналып шықты. - Жақсы, - деді қарсы алдында аялдап. - Қазақ тегіңде өнді халық. Құсайын қызына бұрылды, ол боп-боз болып кеткен. “Атың кім?” деп сұраған Жылтырқараға жауап берген жоқ. Ернін тістелеп мазасы кетіп тұр. - Еһ! - деп күрсіңді Айдархан одан көз айырмай. - Бұ дүниенің түбіне кім жеткен. Гүлім әкесіне шаншыла жалт қарады. Ол жіпсіген маңдайын сүрткіштеп, тамағын қырнай береді. Мұны қалдыру керек пе, әлде өзімен бірге алып кету қажет пе, шеше алмай дал болып отырған секілді. Ал тұла бойын ана екеуінің ұры көздері тітіркенте тінтіп жүр. Жанына жақындай түсіп, әлденені айта бастаған Жылтырқарадан арақтың исі бұрқ ете қалды. Не дегенін ұққан жоқ, сірә танысқысы келген шығар, соза берген қолы денесіне оратыла кететіндей шошынып, сыртқа ата жөнелді.
Бөлменің іші тым-тырыс бола қалды, Айдарханның өңі суытып кеткен. Жылтырқара “маған бәрі бір” дегендей талтаңдап барып орындықтың біріне сылқ отыра кетті. Құсайын дал болып, тысқа шықты. Гүлім аулада жанары жасқа толып, дір-дір етеді - Оңбаған! - деді қыстығып. - Айуан өңшең! * * * - Кәззап! - деп тістенді Құсайын. - Азғын! Өз ойымен өзі болып кеткен Ханағаң селк етті. - Доңыз! “Жынды шығар, - деді Ханағаң іштей. - Мұнымен енді арақ ішуге болмайды екен. Байғұс қажиын деген гой, е, болдыратын кезі де жеткен жоқ па. Қартайғанда қатыны өлген адамнан бейбақ кім бар, не болса соған қорланады”. Осы ойын арылта бере, сездірмей мырс етті. Құйтырқы күлкі үйіріле қалған. Бұл итін жас әйелге қауқары жетпей, ішқұса болып жүрмесін. Ол да бір қайғы, жегідей жейді ғой. Әй, дәуде болса, нақ солай. Кейінгі кезде тырысқақ, сіркесі су көтермейді, тегін бе. Құсайынға не мүсіркейтінін, не әжуа ететінін білмей, екі ұдай күйде қарады. Ол анда-санда күйіне күңк етеді, терісіне сыймай отыр. - Көрдің бе, бұларды! - дейді түңіліп. - Әй, жер қылды-ау! Тірідей көмді-ау! Сонда екеуін де қанжоса етсемші, қолдарында өлсемші. Ал мен қорланған, бар ашуын көз жасынан алған қызымды жетелеп үнсіз кете бардым. Не деген ынжық едім, ә! Қандай сорлылық еді . Осы ғой, түбіме жетіп жүргені, дәл сол бейшаралық қой. Құрып қалғыр өмір ғүмыр бойы: “Тырп етпе! Көн! Төз!” - деп нығарлаумен болғанда, адамдық ар мен намыстан жұрдай етіп тонап алғаны да. Ханағаң оны тыңдаудан қалды. Ал Құсайын қалш-қалш етеді. * * * Бетпақдаланың шын келбеті енді танылды. Кешеден бері төс табаны қатқақ, шөбі сұйық, отсыз, өңсіз өңір таусылмай-ақ қойған, жалғыз аяқ сүрлеу қойнауына бойлап енген сайын сұрлана, сұстана түседі. Әредік құйын
көтерілсе, айдалада ала жын азынап ойнақ салғандай, бар маң ұлардай шулайды. Әр жерде селтиген майда қараған, әбжыландай шаншылған қурай, дөңкиген қаңбақ пен жел өтінде суылда-ған селдір ши көрген көздің құтын қашырып, айналаға жалтақ-жалтақ қаратады. Мына бір тұсы үйір-үйір көкпек, одан әрі ағарандаған сортаң, қарсы бет тілім-тілімі шыққан айт ақыр, - безерген шөл дала бәрін талақ еткен, бәрінен жерінген. Екі салт аттылы Бетпақтың ұлы шөлінде жетімсіреп келеді. Қуаң даланы бұлдыр сағым айнала орап алып, бүгін қонып шыққан жеріңнен, барар тұсыңнан жаңылдырды. Атбағар мана осы маңда құдық бар екенін айтып еді, ал арнайы іздеп шыққан мазарлары бағана қара танытқан, содан сағымға оранып көз ұшында бұлдырады да тұрды. Жеткізбей сіле қатырып, шалғайдан мен мүндалап емексітумен болған, түстік жерден мойын созып, ат басын тіреп тоқтағанша асықтырып еді. Енді ол да қашық емес, әне тікенді дөңнің үстінде жартылай опырылған күнбезіне дейін айқындалып, зорайып тұр. Соның бергі бетінен құдықтың тас шегені көрінеді. Мырзаш аттың басын солай қарай бұрып, төтелей салды, ұзақ жүрісте әбден шөлдеген әрі ат соғып болдырған. Құдықтың маңы да айтақыр, қылтанақ жоқ, маңында әлде аңның, әлде малдың сүйегі шашылып жатыр, бәлкім адамдікі де бар шығар, кім білсін. Мына иесіз сор жайлаған өңірде небір сұмдық болмады дейсің. Қайткен күнде де бұлар осы жерде біраз аялдамақ. Екеуі жіті қимылдап жүріп, тез арада күрке тігіп алды, онысына екі кісі зорға сыяды, әйтсе де пана әйтеуір. Ал күн бесін ауса да әлі күйдіріп тұр, терістіктен мазасыз өкпек жел ызылдап соғады, жер-дүниені қақтап, қаталатып барады. Бір медетің мына құдық барда шөлден өлмейсің, әйтпесе Бетпақтың қиян түкпірінде тірлік туралы тек үрейленіп тұрып ойлар едің. Аптап апшыңды қуырғанда, қарайған бұтасына дейін күдікті, бәрі жат, бәрі өгей. Мырзаштың ештеңе зауқы соқпай, күркенің көлеңкесіне үнсіз отырды да қойды. Атбағар дамыл табатын емес, құдықтан қауғамен су тартып, аттарды суарды, одан шай қайнататын, түнде жағып отыратын отын жинады. Қазір жез шәйнекті темір мосыға іліп жатыр, аузында дамыл жоқ. Бірде мына ыстықта ауруға шалдықпау үшін не істеу керек екенін айтады, бірде сәті түссе, осынау жансыз өңірден киік атып алуға болатынын, тұз тағысының
Шудан Арқаға әлі өтіп жатқанын, ал қоян сияқты басқа адал аңның мүлде кезікпейтінін, әредікте дуадақ қана қара танытатынын сөз етеді. - Осы кезде Бетпақта қасқыр көбейіп кетеді, - деді шәйнектің астындағы отты қолындағы тобылғымен көсеп қойып. - Табын-табын киіктің соңынан ереді де отырады. Түре қуып, қан-жоса қыра бермейді, аңдып ұстап, таңдап жейді. Өзі сөзге ұста, тілінің ұшындағысын сылап-сипап жеткізеді. - Сен білесің бе, жоқ па, - деді оттан кері ысырылып, -мына құдықты “Қыз күзелген” деп атайды. * * * Ертеде, бәлкім Ақтабаншұбырындыда, бәлкім одан беріде Бетпақта жалғыз құдық болыпты. Арқадан Шуға, Шудан Арқаға өтетін жолаушы сонда соқпай кете алмаған. Суы тереңнен шыкқан шыңыраудың түбінде алыстан жылқы қуып қайтқан барымташы да, жол тосқан, аш бөрідей жаланған қарақшы да, үдере көшкен ел де , тай-тай жүк артқан , қияннан қиянға жол тартқан керуен де сан тоғысқан. Бұл өңірде ызылдап соққан өкпек желмен бірге ысқырынып оқ атылса, кәрі Бетпақ таңданбас еді, таңдайын қақпас еді. Сан жолаушы сан тараптан ат сабылтып жетіп, ұлы шөліне тандыры кеуіп кезіккенде, бір жұтым суға зар етіп, қатігездене, кәпірлене түсер еді. Талайларды хан талауға салған, қанжығасына қан қатқан қарақшы емес, бұл бар болғаны Бетпақ қана, шөл дала ғана, табиғат безертіп, безбүйрек етіп жаратқанда, еш тәңірден рахым күтпейді, ешкімге жібімейді, ештеңеден сескенбек те емес. Құла дүзді дүбірлетіп үйір-үйір құлан жортса, еліре елеңдер, ай тақырда табын-табын киік жөңкілсе, қиқулап үркіткісі келер, тас қараңғы түнде каптаған аш бөрі ашына ұлыса, азынай қосылуға аңсары ауар, иесіз өңірінде жазықсыз пенде аһ ұрып адасса, аһ ұрып адасып жүріп, шөлдің жан түршіктірер азабынан ажалын тапса, шіміркенбес. Бетпақ безбүйрек болмаса, не қадірі қалады, безерлігімен аты шықпаса, ит те, құс та басынбай ма, Арқадан ат басын түзеген жолаушы аттанбай жатып сескеніп, қиямет қайымға бара жатқандай үйрейленгені керек, жанын шүберекке түйгені керек Шудан төбе көрсеткен сорлыны кедір-бұдырсыз, жота-белсіз ұлан
жазығында тападай тал түсте адастырып, көзінен сорасын ағызса, айызы бір қанбас па. Кеңдікті, кемеңгерлікті Сарыарқаға берген алақол тәңірдің өзін талақ ететін бетпақтық қана серік бұған. Бетпақ аты ұмытылса, бар қадыр-қасиетін жоғалтқаны. Мейлі, “Арқа! Арқа! Арқа! - деп тамсана берсін қалың ел. Мейлі, “Бетпақ! Бетпақ! Бетпақ! - деп бетіне түкірсін дүйім жұрт, сағы сірә да сынбас. Құрметтеп бақсын, аялап бақсын, аспандатып бақсын Арқасын. Әуезді әнін арнасын, күмбір-күмбір күйге қоссын, өліп-өшсін, тек аяғына бас ұра көрмесін, сескене көрмесін. Сарыарқаны ардақтаған ел Бетпақтың жонында еркін жорта алмай, именіп басып бара жатқанына не жеткен. Қастерлеу ығу емес, тәңірі қарғаған бір күні жағаңнан ала түспесіне кім кепіл, сескенудің соңында табыну бар, бетіңе тура қарай алмас. Бетпақ сол кезде дәл осылай ойлайтын, тас қүдайдай тас керең болатын. Алыс-алыс жолдарды, шалғай-шалғай елдерді артқа тастап, талай-талай жұртты ұлардай шулатқан, сан шайқаста қылышының жүзі тасқа тимеген, атан-атан түйеге тай-тай олжа артқан, құл болады деп ұлды тұтқындаған, күң болады деп қызды көгендеген қаһарлы қалың жасақ осы құдықтың түбіне жетіп тоқтаған күні де қатыгез еді, аптап боп жаланып, жалын боп қақтап тұр еді, қаңсып тұр еді. Жапырлап келіп аттан аунап түсіп жатқан, тандыры кепкен, үстеріндегі тоғыз қабат торқаны, қолдарындағы сала құлаш семсерді ауырлаған, шөлден шөгіп кеткен сарбаздарға, жондарын қамшы, білектерін қыл арқан тіліп, теңселген көп тұтқынға көз қиығын салуға ерінді. Мұндай қарулы қолды ол талай көрген, талайларын апталап азынаған қара құстырып, тоз-тозын шығарған, талайы ұлы шөлде ұлып қалған. Көп болса соның бірі шығар. Қалың қол Бетпақтың кәрінен әуелде ыға қоймап еді, ұлы шөл де қатал, ол да қатыгез.Атан жоталы, күдері жалды, сырмақтай жалпақ сауырлы, қос тілерсек серіппелі, қамшы тимей құшырлы-құла мінген қаба сақал күндей күркіресе, қарулы көп сарбаз аш бөрідей жалаңдайды. Бірақ Бетпақ ықтырмай қойсын ба. Жапан даладағы жалғыз құдық көміліп қалған болатын. Ал ұзақ жолда шөл қысып барады. Улы шөл , зәрлі шөл қуырып барады.
Қаба сақал қаһарлы еді. Сескенбей сес көрсетті. Түксиген қорқау қабақ, ызғарлы өткір жанар, қорасаннан қалған дақ жыланның бауырындай шұбарланған сұп-сұр жалпақ бет, желбезегі желп-желп еткен дөң мұрын, көнектей айғай ауыз, құланың төрт тұяғын қатқақ жерге алпауыт салмақпен қадаған алып дене ықтырмай қоймас-ты. -Бұл тегін болмады,-деп безерді Бетпақ. -Бұл сірә де сескенбес,-деп қитықты ұлы шөл. -Шира, ширық!-деп күркіреді қаба сақал. Бақандай қара найзаны қара жерді қақырата қадады, құладан күрп етіп түсіп, бұрқ етіп әмір берді. -Ұлы шөлді ұлылар ғана жеңеді. Ұл болып туған ұлып қалмас. Аршыңдар мына құдықты! Көп сарбаз шыңырауға қарай лап қойды. Тал түс еді сол кезде, бесінге дейін қазды, сағыздай иленген сазын тауысты. Кешке дейін қазды, қия-қикөк тасты тіліп түсті, түн түнерді, найза бойы тереңдеді, таң атты, шөлдің таңы айырылды, табан астында күрең құм шықыр-шықыр сусыды. Таңға ұлан дала талпынды, сусыған құмның бетіне шып-шып су шықты. - Жеңдім! Жеңілді! - деп барқырады қолбасы. Жең...ді! Жең... жең... деп жаңғырықты ай дала. Сол кезде... О, тоба! Мұндайды тағы кім көрген. Сусыған құм сау етіп түсті де кетті тереңге. Суды көріп сергіген, су шығарып сенделген көп сарбаз құрдымға күрп-күрп жоғалды, шыңырау жұтынып қана үлгерді Қорқырап, аждаһадай жаланып, аранын ашты. Ұлы шөл ұлылығын танытты. Ол ешкімге ешқашаңда есесін жібермесе керек-ті. Қырық құлаш сағыздай сазын тауысып, сағын сындырған, қия-қия көк тасын тіліп тауын шаққан, күрең де күрең құмына табанын жалатып, таңын айырған қалың қол тереңнен шыққан суына құрбаңдық шалмай кенелсе, шын жеңілгені емес пе, шын мұқалғаны болмас па. Шөлін қандырса, ұлардай шулап барып қаңдырсын, көнін жібітсе, қан жұтып отырып жібітсін. Бетпақ безерлігін істеді десін, Бетпақта өлімсіз өмір көктемейді десін. Бетпақты бейғам жеңемін дегеннің бәрі есекдәме екенін ұқсын. Шыңырау қорқ-қорқ жұтынды. Елдің үрейі ұшты. Жылқы біткен шұрқырап, түйе біткен боздады. Сау қалған сарбаздардан өң қашты, көгендеулі көп тұтқыннан ес кетті. Айдалада
аптап жел азынай есті, азынап жүріп, апшыны қуырды, ол ұлы шөлдің азап сарыны еді, аздырып бара жатыр еді. Қаба сақал алғаш рет ақыра алмай қақалды, аңтарылып тұрып қалды. - Қарғыс атты! - деді оң жағындағы шабдар шал. Үндемеді - Ант атты! - деді сол жағындағы қара шал. Тіс жармады. Шабдар алыс жолда қасынан табылатын ақылгөйі еді, қайтарып тастай алмады. Қара қалың қолды уысында ұстайтын қаһары еді, сағын сындыра алмады. - Тәңірі талақ етгі! - деп күңіренді сарбаз біткен. - Талақ етті! - деп іліп әкетті аптап жел. Ал шыңырау әлі қорқырап жатыр еді, қылқ-қылқ жұтынып жатқан. Қылқ-қылқ жұтынып барып, өңешіне тас тұрғандай қақалған. Тұңғиығы сарсар етіп сапырылысты, тереңі теңіздей тулады, сонау тылсым түңғиығыңда ұлы жын ұлып көшкендей. Қаба сақал талтаң-талтаң басты, бастан-аяқ көк сауыт, көк сауыт бойы далбағай қажала шыңылдап, шыңыраудың ернеуіне келіп тоқтады. Көз жетер жері саз бен тас, одан әрі қарауытқан үрейлі дүние. Сырылдаған үн толастайтын емес, тұңғиықта беймәлім дүрбелең. Сескендіреді, сезікті шулайды. Қалбаң-қалбаң Шабдар шал жетті. Күрп-күрп басып Қара шал келді. Шабдар жалп етіп, тәңіріне табыңды, қара қабаған қарс жауып алды. Қаба сақал арттағыларға мойын бұрды. -Құрбанын алған шыңырау, Енді қайтып жұғынбас. Кұты қашқан көк тобыр Суын ал да шөлің бас.
Шабдар жерден жеріне көтерілді .
-Шыңырау түбі түңғиық,
Суын қайтып аласың?
Тұңғиыққа бойлайтын,
Қандай қауға саласың?
Кара қақырынды.
-Қырық түйе жүк артқан,
Қырық арқан бар сонда.
Қырық арқан жетеді
Құдық түпсіз болса да.
Соны айтып, тәңірі тура келген ажалдан қағып қалған, шыңыраудың суын аршу кезегі тимеген, анадай жерде ошарылып тұрган сарбаздарға жарлық берді. Лездің арасында тай-тай жүк шашылып қалды, қырық арқан бір-біріне жалғанып, тұңғиыққа лақтырылды. Түбіне бірақ жетпеді. -Атта шылбыр қалмасын Бәрін-бәрін жалғасын, - деді Қаба сақал. Ол да қысқа болды. -Айыл-тартпа сайлаңдар, Қиыстырып байлаңдар!
Қауға сонда да суға тимеді.
-Қайда белдік белдегі,
Жіп атаулы елдегі.
Бұл да аздық етті.
Қауға сақал бөгелді,
Тұтқындарды матаған.
Әкелдірді көгенді,
Шыңырау маңайлатпады.
Қолбасы тұйыққа тірелді, енді дәнекер етіп жалғайтын ештеңе қалған жоқты. Сонда Шабдар күңк етті.
Күлтеленген, төгілген,
Аттан күдер үзейік.
Сусыз сірә бола ма.
Бәрін-бәрін күзейік.
Әп-сәтте жылқы біткен жүнін жұлған тырнадай болды. Бірақ бәрі бос әурешілік еді. Құйрық-жалдан есілген арқан да үмітті ақтамады. - Енді қандай амал бар? - деп түңілді Қаба сақал. Жұрт сілтідей тынды. Көптің айтары жоқ еді, еңселері түсіп кеткен, сарбаз атаулы ұлы шөлдің ұлылығына мойын ұсынып, тірліктен күдер үзе бастаған болатын.
Бетпақ салы суға кетіп сандалған, айдалада айдаусыз қамалған, шөліркеп шөккен, бекемі бөркемікке, жасығы тірі өлікке айналып, азыптозған көптің үмітсіз жанарына сыздана қарап, түксиіп жата берді. Тәңірі жарылқап тіл бітер болса, айтар еді бұл сонда: Шақпай өткен өмірден Жыланның не құны бар. Шықпай іште булыққан, Ызаңның не құны бар. Күн күйдірген әуеден, Қарғыс атқан әуелден. Безеріп жатқан Бетпақтың Өткен-кеткен байғұсты Қойдай қырып алмаса, Солай бір ылаң салмаса, Тарқамайтын жыны бар.
Ал қарулы қолдың титығы жеткен, оның енді қатыгез Бетпақтың бетіне түкіріп, қарғыс ататын да шамасы жоқ-ты. Сарбаз атаулы өлім жайлы ғана ойлаған, ұлан даланың жонында ажал аранын ашып, тімтіне жортып жүргенді. Қаба сақал осыны ұқты, бірақ өлгісі келген жоқ, ол өзін бұл өмірге өлу үшін емес, өлтіру, қырып-жою үшін келген жанмын деген бетпақ түсінікке әлдеқашан құл болған еді, ажалды мойындамауға тарысты. Дәм-тұзы таусылуға айналғаны тәңірдің хақтығыңдай шындық болса да көне алмайды. Алысады, аласұрады. Шыңыраудың ернеуінде тұрып бұрқ-сарқ етті. - Ей қара шал! - Тыңдап тұрмын, тақсыр.
- Бетпақты не жеңеді? - Төңірі ғана теңі еді. - Сол қолым сені десек те Тең екенсің есекке. Буырқанып шабдар шалға қарады, Ол аптап жел ода-дода еткен, шөпшалам қонып білтеленген сақалын тарағыштап, мұрынының астынан міңгірледі.
- Салсаң да тақсыр қылбұрау,
Мөлдіреген суына
Жеткізбейді шыңырау.
Қаба сақал қаһарына мінді. Сала құлаш қайқы қылыш қынаптан жарқ етіп суырылды. Қара жерді қарш-қарш шапқылап тұлан түтты. Көп сарбаз қанын ішіне тартты, көп тұтқын шыбын жанын шүберекке түйді. Шабдар шал жымып басып, жылыстап кетті. Қара қаншардай қатып қалды. Қолбасы қайта күркіреді.
- Бәріміз де бәріміз, Жер шетіне тақалдық. Бұл Бетпақты жеңетін Қаны қатқан қаталдық Мейірімділік - жасықтық, Иіп жүріп шіриді. Безер Бетпақ өзіңдей Жауыздарға жібиді. Қара Қаба сақалдың жанына жетіп барды. Шүңірек зәрлі көз ызғар шашып, ұмыр-жұмыр ұйлыққан көп тұтқынға қадалды. - Сездім тақсыр, мен емес, Сөз ұқпайтын шірігің. Қыл арқанға жалғайық Тұтқыңдардың сіңірін. Қолбасының жанары ұшқын атты. Тапты мынау, тапты көкейдегісін. Өзінің де айтпағы сол еді ғой, қайрап-қайрап зәрін төктірген жері осы. Қанып ішер қан таппаса, өз жүрегін жарып жеуден тайынбайтын қорқаудың
аузымен көп тұтқынға үкім айтқызды. Бұл түспейді араға, қолын да қақпайды. Билік сонда еңдігі. Бетпақтың шөл даласындағы шыңыраудың түбінде қазір басталатын қырғынның билігін басы бүтін береді Қара қатая түсті. - Шіміріксе жүрегің, Алам отқа қуырып. Тұтқындардың тірсегін Ширатыңдар суырып. -Ширатындар суырып! - деп жаңғырықты безбүйрек Бетпақ. Ол құрбандық көбейген сайын құшыры қанып, ширығып салып еді. Қазір ай далада адамның қаны судай ағады. Қаптаған қайқы қылыш сорлы тұтқындардың басын допша домалатар. Әлде бұлар байғұстардың сіңірін тірілей суарар ма екен. Ана қаншардай қатқан Қара одан тайынады деймісің, шіміркенеді деймісің. Әне күркіреп жүр, шабынып жүр. -Тұтқын деген құдайдың, Есебіне енбейді. Сұрауы жоқ, бауызда, Өрте мейлі, кес мейлі. - Өрте, өрте, кес мейлі! - деп сұңқылдады Шабдар. Онда өң де, түс те жоқ еді, ұзақ жолда, сан қырғын мен ханталауда аппақ қудай шал әбден арыған, титықтап ақылынан алжаса бастаған. Бір кездегі қиыннан қиыстырып жөн табатын сұңғыла енді жоқ, оның орнында қалт-құлт еткен, сіңіріне ілінген тірі аруақ қана бар. Кім не айтса, соған келісе кетуге әзір. Ара-тұра ескі сарынға салып, мақамдап, мақалдап сөйлеген болады. -Адам деген үрейлі, Ажалыңның өзінен. Шауып жатып басыңды Бал тамады сөзінен. Қаншардай қатқан Қара оны көзіне де ілген жоқ, адымдай басып тұтқындарға беттеді. Қолы беліндегі семсердің сабында, таяла бере жұлқына суырып алды. -Баста! Көп сарбаз алға аттап түсті, шың-шың еткен сан қылыш төбе құйқаны шымырлатып, күн көзіне айқыш-ұйқыш шағылысты. Қара қайрап салды.
-Қапта! Қарулы топ лап қойды. Тұтқыны біткен тірліктен күдер үзді. - Басталды, - деп қиястанды Бетпақ. - Қан тілеген қайқы қылыш тояттар шағын тапты енді. Тұтқындардың үрейлі тобына алдымен жеткен еңгезердей сарбаз қорқыныштан буынын билей алмай теңселіп тұрып қалған жігітті жерге алып ұрып, үстіне қона кетті. Кәнігі қасапшыдай епті қимылдайды, жалаңдаған тажал қылыш тиген жерін сыр-сыр тіліп, тілерсек бойын тімтіне кезіп жүр. - О, тоба! - деп сескенді Бетпақ. Бұл оның көк-көк болғалы, көкке бұлт қонғалы алғаш рет тітіркенуі еді. Еңгезердей сарбаз қорбаң етіп орынынан тұрды, қолында қамшы өріміңдей тілерсек Сорлы тұтқынды тірідей сойғаны ма, шырқырап тұра беріп, қайра жалп етті. Жандәрмен қеудесін көтеріп, сүйретіле қашпақ болды, екі аяқ сіңірсіз шұбатылды. -Сұмдық-ай! - деп шошынды Бетпақ. Бұл оның жер жер болғалы, жерде аң жортқалы тұңғыш түршігуі еді. Қара арс-арс етті. -Қапта! Тұтқын біткен ұлардай шулады. Ұлан дала азан-қазан. Шыңырау жақтан Қаба сақал шабыңды. - Қапта! Қапта! Аяма! Аялдайсың несіне. Өлгендердің өмірі Тірілерге несібе!
Аптап жел сап тиылды. Жанұшырған үрейлі үн ұлы шөлді ұлытты. - О жасаған! - деп күрсінді Бетпақ. Бұл оның су су болғалы, суда балық жүзгелі бірінші рет шошынуы еді. Енді тұтқын атаулының қойдай қырылатындығына көксеңгір көк бет көктің де, бетегесіз белдің де, шөлден өлер елдің де көзі анық жеткен-ді. Сол кезде қолбасы бөлек ұстап, бөлек айдап келген қырық қыз Қаба сақалдың алдына жетіп, аяғына бас ұрды. Қырық қыздың ортасында Қырмызы қыз сөз бастады. - Хан қызы едім кеше мен, Бүгін сенің құлыңмын. Сауға сұрап әкелдім Қырық қыздың бұрымын.
Қырық бұрым қырқылған, Қырық қыздың көркі еді. Қырық қызды құлдардың Қайғы дерті өртеді. Сорлылардың өмірін, Қалдырдағы сауғаға. Қырық қыздың бұрымын Байла ана қауғаға. Қырық бұрым қырқылған, Қырық өрім етем мен. Кырық құлаш су сонда Көтерілер тереңнен. Қолбасы тоқырап қалды. Қырмызы қыз оның мына жортудағы көзінің қарашығыңдай сақтап келе жатқан асылы еді. Ай бұрын албан елін андыздап шапқанда, хан ордасын қасқырша талап, тағын талқан, жұртын малқам еткенде, осынау он екіде бір гүлі ашылмаған аруды айран-асыр олжалап, оң қабағы тартқан. Көрсе көзінің нұры, көрмесе көңілінің мұңы еді. Көгілдір шатыр ішін көркейтіп, кіріп келе жатса дер еді. Ат тұяғы кетілген, атан табаны тесілген айшылық алыс жолда, өлім күліп, өмір түңілген қиын сапарда Қырмызы кыз қыбын тауып жымиса, жаһанда қырылып жан қалды, жапанда қатып қан қалды деп түңілместі. Қос бұрымда қос алқа қылықты сыңғырлап, бұраң бел ерке майысып, қылығы және жарасып, ерім десе еліте, егіле де алар, еріте де алар. Ал мынасы несі екен? Қырмызы қыздың қолында қылпылдаған кездік, кесе ұстап тұр. Қырық қыз тағзым етеді, қырық бұрым қыр арқада бұлаңдайды. Қолбасы тұйыққа тірелді. Тұйықтан зорға тіл қатты.
Қос бұрымның жанында,
Жер-жаһан да садаға.
Хан қызы едің, хан қызы
Қарайламас қараға.
Қырмызы қыз басын шайқады, ол осы сәт қолбасының өресі жетпестей
тәккәппар еді. Даусы да өктем шықты.
Қырық бұрым қырқылса,
Сұрамаймын төлемін.
Тұтқын түгел қырылса
Мен де бірге өлемін.
Қолбасы алға аттап түсті. - Таялма! - деді қыз. - Жақындама! - Қорықпа менен. Саған қол көтеретін қорқау бұл өмірге әлі келген жоқ, деп іркілді қолбасы. - Саған сенетін қаңдай жақсылығың бар еді? - Жасаған жақсылығымның жоғы анық, жасар жақсылығым алда. - Онда соның басы болсын, босат ана тұтқындарды. Қолбасы ойға кетті. Хан қызының айтқанын орындаса тағынан таймас, қырық бұрым есілсе, қыл арқан суға жетер, одан кейін не болмақ. Қырық қызды күзеген, Бетсіз осы демей ме. Қыздан көрік тонаған Ессіз осы демей ме. Ал қыз райынан қайтатын емес. Қолындағы кездіктің жүзі күн көзіне жарқ-жұрқ шағылысса, жанары ұшқын атады. Қолбасының тынысы тарылды. Қырмызы қызды кек кернеді.
- Сенің талауыңа түсіп аңырап қалған албан елінің барлық аналарының атынан ант етемін, айтқаным жерде қалса, мына шыңыраудың түбінде ажалымды табармын. Келмеске мүлде кетермін. Тең санайтын өзіме, Албандардың бегі ме ең. Жарасам деп ойлама Тозған елдің кегімен. Тындамасаң хан қызын, Тексіздігің, ездігің. Суарылсын қаныммен Қолымдағы кездігім. Қыз алға аттап түсті, жанарында жасын ойнайды. Ол өлімге бас тіккен еді Қырық қыз шулап қоя берді, қолбасы алдыңда айбатын асырған арудың
өлімінен сескенетінін сездіргісі келмей сұстанды. Құрбандық десе өзеуреп, өршеленіп тұратын, енді одан үріккені ме. Көзі қарауытты, шөл қажытқан болар. Құлағының түбі қаңғыр-күңгір. Әлдекім сыбыр-сыбыр тіл қатып тітіркендіреді. Үні үрейлі, сәт санап күшейіп, күңіреніп барады.
- Кетпеу үшін қатыгездік,
Жауыздықтың құлы ғып.
Жаралғанды шапағаттан
Күндей күліп сұлулық.
Қаталдықты қаны қатқан, Жүрегінде түлетпе. Сұлулықтан тарайды екен Бар жақсылық жүрекке. Қырық қыз оған жамырай қосылды ма, айнала азан-қазан. Бар маңай бірде дүңгір-дүңгір дүрлігеді, бірде тым-тырыс тына қалады. Ал Қырмызы қыздың қолындағы кездіктің жүзі күн көзіне шағылысып, тағы да үрейлі жарқ етті. - Тоқта! - деді ышқынып. - Тоқта! Қыз да, көп тұтқынды ұлардай шулатқан сарбаздар да жалт қарады. Қолбасы сала құлаш семсерін қара жерге қарш-қарш қадады. - Жасыны жарқ-жұрқ ойнаған, Жанарыңа таландым. Көндім айтқан сөзіңе Көндім қызы албанның. Буырқанды, бұрқ-сарқ етті, өзіне қадалған көп көздің алдында сезімге емес, ақылға жеңдірген ардақты болып көрінбекті. Қырық қыздың қырық бұрымынан қыл арқанды жылап есетін сәтін күтті. Қырық қыздың жанары Қырмызы қызға қадалды. Ол ширығып алған. - Қызылы едім алманың, Дәмі едім өріктің. Қорлау үшін жаралған Керегі не көріктің.
Еңсесі биік, қимылы шалт. Өткір кездік қолында, қос құлаш бұрымды
лып етіп кесіп түсті.
- Аһ,-деді қолбасы. Қыстығып айтты. - 0 тоба! - деді Бетпақ. Қимай айтты. Бұл оның жел жел болғалы, көргені жота-бел болғалы алғаш рет күрсінгені еді.
* * * Содан бері бәлкім жүз, бәлкім мың жыл өтті, кім білген Бетпақта ызылдап жел соғары, жел соқса ұлы шөл ұлып қоя беретіні ғана анық. Ұлы шөл ұлып тұрып, ішін тарта сарнайтыны шыңдық. Сазарған сал даланың салар сазы сол, созар әні бұл. Ол сонда не деп сарнайды, нені сағынады, кімді аңсайды?! Қырық қыздың бұрымынан қырық құлаш арқан ескен, қырық құлаш арқан қыруар елді ажалдан қаққан күнді іздей ме? Қырмызы қызды көксей ме? Арқада Бетпақ бар, Бетпақта осыңдай аңыз бар дей ме? Сарнайды ұлы шөл, сорлы сазын үзбей созады, үздіге созады. **** Солай, - дейді Атбағар қайнаған шәйнекті оттан түсіріп жатып. – Қырық қыз қырық бұрымнан жылап ескен арқан суға еркін жетіпті, шөліркеген, көні кепкен қалың қол тура келген ажалдан аман қалыпты. Содан бері бұл шыңыраудың суы тартылған емес деседі. Өйткені Қырмызы қыз одан күнде келіп су алады екен, өткен – кеткен жолаушыны желеп – жебеп жүреді екен.
Мырзаш Атбағарды ден қойып тыңдағанмен, әсерлене қойған жоқ. -Аңыз ғой, - дей салды. Серігінің қабағы түйілді. -Сендерге бәрі ертегі. Аңыз да, ақиқат та алаңдатпайды, - деп кейіді. – Ал мен сенемін. Құдайдай сенемін. Мына безбүйрек Бетпақ үшін, аруағыңнан айналайын Қырмызы қыз үшін сенемін. **** Кеш батып барады. Бетпақтың шөл даласына көлеңке қанаты мол жайылған. Дөңес үстіндегі мазар сәл аласарған секілді, жартылай опырылған күмбезіне қарақұс қонақтап отыр. Иең өңірдегі көнеден қалған бейітті күзетіп қалған жалғыз қарауыл сол ма екен. Манадан бері тапжылған жоқ.
Шыңыраудан су тартып жатқан Мырзаш пен Атбағарға қарап, дүр – дүр сілкінді. Қанат – қауырсынның сықыр – сықыр еткеніне дейін анық естілген. Жапандүзде оны көп құстың бірі ғана деп айта салмас едің. Күмбезбен бірге сомдалып, қоса өрілген, ықылым заманнан қалған қасиетті белгінің бірі секілді еріксіз көз салдырады.
Шыңырау терең. Ернеуінен тастаған қауға түбіне жеткенше бие сауым уақыт керек, қыл арқан уысында суылдап таусылмай қояды. Тас шегені әлі мықты, ойылған, құлаған жері жоқ. Еңкейе беріп әу десең шыңырау іші қаңғырқаңғыр жаңғырығып, күңіреніп қоя береді. Көмейі тылсым тіл қатады, күңгірлеп, есте жоқ ескі кезеңнен сыр сауғандай болады.
Әлде ол Қырмызы қыз туралы айтып қалуға асыға ма екен.
Жоғары тартқан қауғадан тереңіндегі суына тамған әр тамшының үні әр бөлек. Тырс – тырс, шолп – шолп. Бәрі қосылып шыңырау ішін сыңғыр – сыңғыр қоңыраулатады.
Кеш әулетінде зорайған мазардың тарихын айтып тауса алмай ма екен.
Мырзаш солай қарай жүрді.
Мазардың биіктігі екі түйе бойындай, оған күмбезін қоссаң, әжептәуір еңселі. Қабырғалары күйдірген кірпіштен өрілген, жел мен су аздап жұқартқаны көрініп тұр. Кіреберіс қақпаның қос жақтауы жұмыр, әр жерінен бедерленген. Екі кісі сиятындай енді. Тастан қаланған табалдырығы бүгінде шөгіп, топырақ басып кетіпті. Одан аттап түсуге жүрексінді, ақшам жамыраған шақта мазардың іші күңгірт тартып сескендіреді. Қараңғы төрінде әлдекім өзіне қадала қарап тұрғандай дегбірсізденіп кері шегінді. Сол сәтте әлдене дүр-дүр сілкінген, жартылай құлаған күмбез қаңғыр-күңгір жаңғырықты. Бетпақтың дамылға бой ұрып, делсал мүлгіген ұлы шөлі, бар маңай өзімен бірге селк етіп тітіркенді. Күмбездің үстінде манадан бері қаздиып отырған жалғыз қара құс қанатын жалп-жалп қағып ұшып барады. - Атаңа нәлет!- деп тістенді. – Үрейді ұшырды ғой!
*** Тағы бір таң атты. Ол Мырзаш бұрын – сонды көрмеген ерекше таң болатын. Көгілдір алау күмбезденіп өрілмеген, күн сәулесі шаңғыта қылаң бергенде, бозторғай боз көде түбінен шырылдап ұшып шықпаған, көкпек басына шық қонбаған, Бетпақ безеруін қоймаған өзгеше таң еді.
Шындығында таң деген аты ғана бар еді. Күн көтерілмей жатып, мазасыз құрғақ жел ызылдап қоя берген-ді, сұйық көде сүреңсіз селдіреген-ді.
Атбағар екеуі шыңыраудан су тартып, жуынып – шайынған болды. От
жағып шай ішті, арқандаулы аттар суарылды.
Содан керек - жарағын алып, мазарға келді. Ол да дәл қазір өңсіз, таң әулетінде марғау далаға қосыла мүлгиді, алғаш көрген кезіндегіндей еңселі емес, қара жерге төрт тағандап жатып алғандай ауыр. Арқада кездесетін, өзіне таныс қыш мазарлардан бәлендей өзгешелігі де жоқ. Қалың қабырғаларының түйісер жеріне алты қырлы етіп өрілген бағаналардың да, солардың өн бойындағы түрлі бедерлердің де бұған айтары аз, бәрі таныс, қолмен ұстап білген, зерттеген нәрселері. Тек күмбездің табанына қаланған, баспалдақ түрінде биіктетілген, жоғарылаған сайын тарыла беретін жеті қабат кемерді кездестіріп тұрғаны осы. - Мен сені төс табаныңнан бастап тінтемін, - дейді айналып қарап шығып. – Әр кірпішіңнен сыр сауамын. Қалың қабырғалар әлі мықты, жел мен суға жұқара қоймаған. Тек күнбатыс жағынан жарық пайда болыпты. Жоғарыдан іргеге дейін созылып, ырсиып тұр. Ішке абайлап еніп, төр жақта жатқан, жермен жексен болуға айналған қабірге ұзақ қарады. Беті жалаңаш, ештеңемен көмкерілмеген. Басына мынадай берік мазар тұрғызылған, елі ардақ тұтқан адамның қабірі осынша жұтаң болуы ақылға сыймайтын еді. -Бұл бейбақтың көрі талай рет ақтарылған шығар – ау,-деді өзімен өзі сөйлесіп. – Сан сұғанақ сұқтанды ғой. Түбінде тірісінде елді талағанның өлгенде қабірі тоналмағаны кемде кем.
Тұрып – тұрып, мазардың ішін өлшеуге кірісті. Адымдап жүрген сайын аяғының асты дүңгірледі. Мұнысы несі, қабірден төменгі жер қуыс болғаны ма.
Тоқтап теуіп көрді, секірді. Дүңк – дүңк, дүбір – дүбір. *** Бүгін қолынан күрек түспегеніне екінші күн.Қабырды топырақтан аршып біткені әлгінде ғана. Оның төрт қабырғасы да, беті де жалпақ көк тас, есте жоқ ескі Мық дәуірінен қалған, Сарыарқаның Атасу өңірінде жиі кездесетін гранит табыттарды көзге елестетеді. Сонда мына мазардың тарихы тым әріге кеткені ме, Мық мәдениеті осыдан үш мың жыл бұрын өзінің өрлеу
дәуірін бастап көшірген. Тастан кенді айырған, мыс қайнатып, алтын қорытқан. Шығысында Қытай, батысында грек елімен сауда – саттық жасаған, жұлдыздан сыр сауған, жер емшегін еме білген.
Көсегесі осылай көгерген өрелі жұртты тосыннан шапқан жау тайлы – таяғын қалдырмай қырып салған. Атақты академик мұны аңыз етіп айтар еді. Сол дуалы ауыздан естігендерін енді салмақтап көрсе, Атбағар шерткен көне әңгімеге шым – шымдап ұласатындай, үйлесім табатындай.
Кім білген, кімдер куәлік ете алған. Мына шыңыраудың түбінде қырық қыздың қырық бұрамынан қырық құлаш арқан естірген Қырмызы қыз сол Мық елінің соңғы тұяғы емес деп қайсы қарсы дау айтар.
Мазардың іші күңгірт тартып бара ма қалай?! Күмбездің асты көлеңкеленіп, түнере бастапты, енді көп кешікпей оның төбесіне жалғыз қара құс келіп қонақтайды. Қанат кұйрығының суылы алыстан естіліп, биіктен құйыла төмендегенін көрсе, қараптан қарап төбе құйқасы шымырлайды. Бітімі шомбал – тұлғалы, шоқпар санды – тұяқты, балақ жүні – шудалы, ай далада сесті құс қашан да айбатын асырады да тұрады. Оның қазір елудегі бел шағы ма, алпыстағы дер шағы ма, жетпістегі мәз шағы ма, сексендегі шер шағы ма, бұл қайдан айырсын, білетіні – мазарды қориды, екі күннен бері ішін шаңдатып жатқан мұны жаратпайды, басылмайтын қыжылы, өрши беретін ызысы бар.
Қолындағы күректі бос топырақтың үстіне тастай салды, бүгін шаршаған еді. Мына бесін кезінде қосқа барып жүрек жалғап келген. Содан бері бел жазғаны осы. Сірә әбден қажығандікі шығар, басы айналып кеткендей болды. Табаны тайғанақтай ма, қалай. Жоқ, аяғының асты төмен қарай сусып барады.
Жәндәрмен қабірдің тас қабырғасына жармасты, барын салып аза бойы қаза болып жоғары көтерілгенде бос топырақ сау ете қалды. Әп – сәтте кісі еркін сиятын қуыс пайда болды. Ал үстіне әлдене сатыр - сұтыр төніп келеді, үрейі ұшып, далаға қарай атылды. Табалдырықтан аттай бере артына қарап үлгерген, жалғыз қара құс күмбездің құлағын жерінен шаншыла құлай беріп, қайта көтерілді, тар жерде қанатын ебедейсіз қағып жалп – жалп етті. **** Кешкі шайды Атбағар екеуі үнсіз ішті. Кеше осы уақытта тамақтана салысымен әлі құрып жатып қалған-ды, бүгін берекесі қашып елегізи береді. Төменге сау ете қалған топырақ, үңірейген қуыс, тас қабір есінен бір сәтке де
кететін емес. Жер тереңіне тартып бара жатқандай болған, жанталастырған кездің қорқынышынан әлі арыла алмай отыр. Сәл кешіксе, жандәрмен етпесе, бос топырақпен бірге судай сіңіп кете берер еді. Бір ажалдан қалған жері осы шығар. Ана үңірейген қуыс түбінде қабірі тонаушыларға әдейі құрған қапқан емес екендігіне кім кепіл. Сан ғасыр өткен, күмбезінен басқа жері кетілмеген, кәрлі Бетпақ қаусата алмай қажыған, жазда аңызағы мен аптабына, қыста үскірігіне, көктемде көл – көсір нөсеріне сыр бермеген мазарды құрыштай етіп соға білген жан оны да ескерер. Ал бұл шын қатерге бетпе – бет ұрынғанша оны аңдаған жоқ. Әйтеуір аман қалды. Қарсы бетке арқандалған аттарға қарап отырып,көңіліне қонақтаған тағы бір күдіктен тұла бойы түршікті. Көзі көрген қуыстың арғы жағы ана тұңғиық құдық секілді түпсіз шыңырау шығар. Түстің бітті, сүйегіңді адам түгілі пері де таба алмайды. Оның жын ұялаған тереңінде талай көрқаптың қаңқасы қаусап жатпағанын бұл бал ашып біле ме. Түршігіп отырып, көрген – білгенін Атбағарға айтпақ болды. Ол қалай топшылар екен. Әлде әзірге өзі ғана білгені дұрыс па. Кешелі бері қабірді қазғанына титығып жүр. Қырмызы қыздың аруағы қорланғандай болып, бұл не айтса да тіксіне қалады. Ақыл қосамын деп біржола үркітер. Қытығына тисе, атты борбайға бір салып ауылға тартып отырудан тайынбайды. Онда ай далада жападан жалғыз қаңғып қалғаны да. Өзі маздап жанған отқа қарап үнсіз отыр, екі беті жалынның қызуынан нарттай. Қысыңқы жанары уытты, мазар жайлы бір ауыз сөз айтылса, ұстаса кететін сыңайда түйіліп, тұйықтанып алған. -Жоқ, бұған соқтығуға болмайды, - деп ойлайды. – Бүлдіріп тынады. *** Бүгін кеш тұрды, жуынып – шайынғанша күн арқан бойы көтерілген. Маңайдан Атбағар көрінбейді, аты да жоқ, мұның жатаған құласы түнде арқандалған жерінде жалғыз шыбындап тұр. - Мына әпенді мені айдалаға тастап, ауылға тартып отырмасын, - деді аңтарылып. - Одан бәрін күтуге болады. - Осы күдікпен күркенің ішіндегі заттарды түгендеді, бәрі орнында сияқты, тек мылтық көзіне түспеді.
Дел – сал болып жүріп, сөніп қалған отты тұтатты, шәйнектің суын жаңалап, мосыға ілді. Одан кеше күркенің іргесіне тастай салған күректі
алып, майырылып қалған жүзін шыңдамақ болды. Бүгін балта мен арқан, қазық керек болатын шығар. Атбағардың көмегі де қажет-ақ еді, қайда жоғалды екен. Бәлкім алакөбеде тұрып, киік аулап кетті ме, екеуінің аузы қызылға тимегеніне үшінші күн.
Аздан соң шай да қайнады. Оразасын ашып отырғанда, қабірдің түбінен пайда болған қуыс тағы да көз алдына елестетеді. Ол не екен, шынымен түпсіз құрдым ба? Неге үрейлендіреді соншама?!
Шайды сораптап ұзақ ішті, маңдайынан шып – шып тер шықты. Дене бусанса, ой да, бой да серігер еді, ал бұл әлденеден жасқанады, көңіл жападан жалғыз қалған кезінде құлазиды келіп.
Күн де қас қылғандай сәт санап ысып барады, безбүйрек Бетпақтың реңі құп – қу, ұлы шөл қуарып тарылып, қуырылып қинайды. Толассыз жөңкілген бұлдыр сағымына дейін баянсыздықтың, әрі де, нәрі де жоқ тұрлаусыздықтың сүреңсіз елесіндей жерітеді. Сұйық селеу аңызақ желдің өтінде әне-міне селдіреп ұшып жүре берер. Қан-сөлсіз Бетпақ тыр жалаңаш қалсашы.
Керек-жарағын алып, мазарға қарай жүрді. Жүрексініп келеді, әлгі
Атбағардың жоғалып кеткенін қарасаңшы.
Ілбіп басқан күйі табалдырықтан енжар аттады. Іштен салқын леп білінеді, тас қабір салқын, ал жұмбақ қуыс жанарды жасқап қарауытады. Жақындауға сескеніп тұрады да, жерден жұдырықтай кесек тауып алып, ішіне лақтырды. Ол әлденеге тық етіп тиді де, төмен қарай домалай жөнелді, қаңғыр-күңгір жаңғырықтырып барады.Әлден соң тынши қалды.
Бұл шыңырау емес, - деді қолына тағы бір кесекті алып жатып. Ол да қатты бірдеңелерге кезек соғылып, даңғыр-дүңгір дүрлігіп барып сап тиылды. Әлдекім жол ортадан қағып алып тұрғандай.
Ал енді не нәрсеге жорығаны жөн. Өзі сірә көлбеу қазылған, кесектің тақ-тақ етіп домалағанына қарағанда, баспалдақ бар тәрізді. Ендеше үркектей бермей байқастап көруі керек.
Сыртқа шығып, қазық жасауға жарайтын ағаш іздеді. Ол жуық маңда табыла қоймады, ақыры күректің ұзын сабын қақ ортасынан кесіп, бір басын балтамен үшкірледі де, табалдырықтың ішкі жағына сіңіре қақты. Оған арқанды байлап, екінші ұшын беліне орады.
Содан кейін аңдап басып қуысқа таялған , бір қадамдай қалғанда тоқтап, жиегін күрекпен айналдыра шекіп еді, қабыр жақ шеті опырылып түсіп, қою шаң бұрқ ете қалды. Сейіле бергенде көргені - қызғылт тастан өрілген баспалдақ еді, мазардың сол жақ іргесіне қарай көлбеу көсілген.
Енді тәуекел етсе де болғандай, күректі қолына оңтайлап ұстап, ішке түсуге ыңғайланды да, өз ырқынан тыс тұрып қалды. Жападан жалғыз екені есіне оралды, ал Атбағардан әлі хабар жоқ. Оны күте ме, әлде... Екіұшты ой бөгей берді. Өзін – өзі қарайды, өзін – өзін сақтандырды. - Мейлі, - деді бір кезде, - Мейлі! Буынын бекітіп айтты. Міне, тас баспалдақпен ептеп түсіп келеді. Төменгі жақ қаракөлеңке, күреңіткен, тым – тырыс тына қалған тұңғиыққа шым батып бара жатқандай. Әлдебір зәрлі күш тереңге, көрдей суық жер астына өн бойын мұздата баппен, сығымдап тартатын секілді, денесін ұсақ діріл жайлап алды. Бір қолымен сүйенген тас қабір үстіне қопарыла құлар ма екен, салмақ салса теңселеді. ал төменнен көңірсіген иіс білінді.
Бірде кері қайтпақ болып, бірде қасарысып, кісі бойындай түскенше, ойламаған қауіп-қатері жоқ. Ана қараңғы түпкірден әлдене ақыра ұмтылмасына кім келіп, аруақ деген бар болса, кектенері рас болса, көрін тінткен көрқаптан аянып қалмас.
Өз ойынан өзі шошыды. Шошынып тұрып, қайдағы бір сандырақ күдікке бой алдырғанына жыны келді. Аруағы несі, одан да бұл ішке түскенде қуыстың төбесі ойылып кете ме, жоқ па, соны байқауы керек қой. - Құлай қоймас, - деді бойын бекітіп. – Әй жоқ, шәй жоқ неге опырылсын. Бірте-бірте қаракөлеңкеге де көзі үйрене бастаған, баспалдаққа қарсы беттен тастан қаланған қабырғаны анық ажыратты. Қуыстан түскен әлсіз сәуле болымсыз шағылысады, әр жерінде бедері бар, әлде жарылған ба. Жоқ, қолдан салынған бейнелер секілді, мына біреуі қошқардың мүйізіне ұқсайды, одан төменіректегісі ошақтың үлгісінде өрнектелген. - Қара да тұр, бұл тегін емес, - деді Бетпақдалаға келгелі тауып алған әдетімен өзімен өзі сөйлесіп. – Ана тас қабырғаға мына мазар мен осында жерленген адамның тарихы жазып қалдырылмасын.
Баспалдақтан еппен түсті де жақын келді. Сол сәтте әлдене сықыр етті, жоқ бірдеме күтірлеп сынған тәрізді. Дыбыстың жоғарыдан, әлде ту сыртынан шыққанын аңғара алмай аңтарылды. Әйтеуір естілгені, бір ауыр заттың қозғалғаны анық.
Не болуға тиіс? Бәлкім баспалдақ шығар, тас қабір де орнықсыз
болатын.
Әлдебір мылқау түйсік күдіктіндіреді де, асықтырады да. Тас қабырғадағы бедерлерді тезірек анықтап алуы керек. Жаман айтпай жақсы жоқ, бұл мазардың астынғы қабатын бұзып ашқанда, оның төрт қабырғасына бөлініп түсетін салмақтың тепе – теңдігі бұзылуы ғажап емес қой, әр кірпіші есеппен қаланған шығар-ау.
Көйлегінің төс қалтасына салған қағаз – қарындашты алып, таңбаларды көшіре бастады. Мынасы – үш тармақ айыр, оның қатарындағысы пирамида іспетті, шолақ қамшыға, айға,аша тұяққа ұқсайтындары да бар. Қайсыбірі төрт – бес таңбадан кейін қайталанып отырады. Соған қарағанда бұл жазу, оған тіпті күмәнданудың реті жоқ. Осы ой әп – сәтте мендеп алды, әп – сәтте көңілін көлдей шалқытты. Жападан жалғыз екенін, тұрған жері қауіпсіз еместігін, күдік атаулыны ұмытып бара жатты. Тас іздеп жүріп алтын тапқандай, мына таңбалар мұның бүкіл ғұмырына жететін даңқ, естіні есер, есерді әңгүдік ететін атақ.
Қуаныштан шығар, тамағы құрғады, жүрегі тарс – тұрс соғады. Өзімен өзі сөйлесіп, тұрған жерін қаңғыр – күңгір жаңғырықтырып жатқанын сезбеді.
Ой – хой десейші. Ой – хой дегізетін Бетпақтан айналсайшы. Бетпақта береке қалдырған ғұлама елге құлдық ұрсайшы.
Ал таңбалар таусылар емес, қарындашының ұшы кетіліп барады. Оған алаңдайтын шама қайда . Қолында түгі болмаса да көшіріп алар еді бәрібір. Қанымен түсірер еді қағазға. Қып – қызыл қанмен.
Жүрегі әлі тарс – тұрс, кеудесіне сиятын емес, жарылып кетер ме екен байғұс. Қолы қалтырағандай болып, ісі өнбей тұр. Әлгіден бері жоғары қатардағы белгілерді ғана көшіріп үлгерген. Мына жердің ауасы тар, көңірсіген иіс қолқаны қабады, жүрегі айнып құсқысы келді. Тегі сыртқа шығып, сергіп алғаны дұрыс болар. Енді асығудың қажеті қанша.
Баспалдақпен жоғары көтерілді. Дала күйіп тұр, сағым иегіңнің астынан басталады, ұлан өңір аптап күннің өтінде балқып жатқандай. Жанарының алды қызылды – жасылды бояуға тұнып кетті. Тілерсегі дірілдеп бара жатқан соң, жерге тізе бүкті. Осы мең – зең күйі қанша уақыт отырғанын аңғарған жоқ, шекесінен күн өтіп бара жатқанын, қайта – қайта лоқсығанын, әлі құрығанын ғана біледі. Шамасы төменгі қабатқа газ жиналған, әйтпесе бұған не қара көрінді дейсің. Ақылға жүгінсе, бүгін осымен аялдай тұрғаны да жөн, ертең де күн бар ғой.
Орынынан теңселіп тұрып, мазардың ішіне енді. Көлеңкеде сәл отырады да қайтады. Бағанағы сықырлаған не нәрсе екендігін анықтай салса да артық емес.
Көзінің алды әлі бұлыңғыр, оған енді мән бергісі келмеді. Табалдырықтан бастап әр сүйем жерді қарап шықпақ болды. Егер төменгі қабаттың төбесі құлап түссе, ана таңбалы қабырға зақымданады. Онда бәрін жоғалтқаны.
Тас қабір сәл қисайған ба, қалай. Сықырлаған сол болса, жарасы жеңіл, күркенің ағашын жинап әкеліп, тіреп қойса да бір амалын табады. Ал мынасы несі, күн батыс жақтағы қабырғаның жарығы ашыла түскен секілді ғой.
Солай қарай ұмытылып барып қалт тоқтады, қабырғаға демеу болып тұрған іргетас шөгіп кетіпті. Біреу тас төбесінен қос қолдап соғып жібергендей сілейді де қалды. Көргені анық қатерлік белгісі еді, алда – жалда мазар құлайтын болса, тірілей өлгені, жанбай жатып өшкені. Ешкім де кешпейді онда, өзі де, өзге де қарғыс айтып өтеді, қарабет боп өтеді.
Не істеп, не қоярын білмей, табалдырықпен екі ортада ерсілі – қарсылы сенделді. шұбатылып жатқан арқанға аяғы оратылып жығылып тұрды. -Құлайды, қара да тұр, қопарылып түседі! - деп ышқынды. Дауысы қатты шығып еді, күмбездің асты зыңылдап кетті,тас қабірге дейін күңіреніп жүре бергендей.
Тегінде, бар пәле осыдан емес пе екен. Апыл – ғұпыл соған жармасты, қозғап көріп еді, шөккен іргенің жер табаны солқ – солқ еткен тәрізденді. Төменгі қабатта әлдене қосыла сықырлайды.
Дегбірі қашып солай қарай ұмтылды.
Бұл қырсықты қойсайшы, әлгі екі ортада таңбалы тас қабырға да қақ ортасынан шытынаған. Ірге шөккенде салмақ түскен шығар.Ал мына бір жалпақ көк тас қайдан келген, ішке қарай жарты құлаш сұғынып тұр.
Арғы жақ шеті мазардың іргесіне барып тірелген. Жан – жағын топырақтан ептеп аршып отырып, оның әуелде төменгі қабаттың төбесіне тіреу етіп қойылғанына көз жетті.Тас бастапқыда соған жапсарлас болған. Мұны өз орнына қайта тіктеп қоймай, шаруа оңбайды. Ол үшін алдымен айналасын тазарту керек.
Күрекпен кемерлеп шеки бастады, оң жақ бүйірін үңгіп көріп еді, аздан соң сабаның ауызындай қуыс ашылды. Сасық иіс те қатар білінген, қара көлеңкеде жүн – жұрқаға ұқсас бірдеңе байқалады.Сыздың салқын лебі еседі.
-Мынау ін, - деді күбірлеп. – Қасқырдың апаны ғой. Енді іргенің неге шөккені белгілі бола бастаған еді. Оның астын кеулеп қазылған ін уақыт өте келе үстінен түскен салмақтың зілінен құлаған. Күнбатыс жақтағы қабырғаның әуелде жарылған себебі сол. Ал ін арқылы талай уақыт бойы ішке қар мен жаңбырдың суы құйылып отырған да, мына тіреудің түбі бірте – бірте босаған. Оның осыған дейін тайып кетпегені тас қабірдің арқасы. Соған жапсарласып, күш алып тұрған. Егер бұл оны топырақтан аршып, қазіргідей былқылдатып қоймағанда, мазар әлі сан жылдар бойы бүлінбей тұра берер ме еді, шөкпес пе еді.
-Асығу керек, - деді жанығып, - үлгеріп қалу керек. Қалың гранитті бастапқы қалпына келтіру үшін барын салды. Ақ тер, көк тері шығып ышқынып жүр. Ал ол шет – шетіндегі топырақ алынған сайын өзіне қарай еңкейе түседі. Осылай біраз арпалысқаннан кейін бұл әрекетінен түк шықпайтынына әбден көз жетті. Гранит тіреуге арғы жақтан түсіп тұрған салмаққа бұл еш қайран ете алмайды. Ендігінің бәрі бос әуре. Құр сүлдері қалып, дымы құрып отыра кетті. Отыра беріп қайта атып тұрды. Бір дүлей ыза бойын кернеп алған, мына таңбалы тасты да, ана қалың гранитті де, қабырғасы қаңыраған мазарды да күл талқан етер ме еді. Не жазып еді бұл, неден күнәһар болып еді. Неге құламақ ол, ықылым заманнан бері без бүйрек Бетпақтың кәрлі жүзіне қасқайып қарап тұрып , айбатып асырып тұрып, дәл бүгін, өзінің көз алдында құрымақ па біржола. Жоқ, көнбейді оған, алысып өледі, не сақтап қалады, не бірге өшеді.
Ширығып тысқа шықты. Бетпақтың жарқыраған, өрттен бетер шарпыған күні жанарын қарып түсті. Ештеңе көрген жоқ, мазардың бұрышына беті соғылып, маңдайынан қан саулап қоя бергенін, сәл қия басқанда, іргеден әріректе өскен бір түп тобылғыға сүрініп жығылатынын, ал оның түбінен шөлдің жеңді білектей улы жыланы сусып бара жатқанын, іштей қыжыл, көкірегін сыздатқан ыза көзінен ащы жас болып аққанын, - ешқайсын аңғарған жоқ. Күнбатыс жақтағы жарылған қабырғаны жобалап тапқанда ғана даладағы самаладай жарыққа үйрене бастады, іргенің бұрынғысынан да шөге түскенін, жер табаны қақ айырылғанын шошына көрді, тұла бойы безгек буғандай қалтырап қоя берді.
-Бітті! – деді аңырап.
-Бітірдім ! – деді үрей билеп.
Пері соққандай тамағын жырта азынады,жарылған қабырғаны өшіге, өлермендене тепкілеп, ата жауының жағасына жармасқандай долырды. Қолынан тастамай жүрген күректің жүзі қыш кірпішті шақ – шұқ шапқылады. Аспан айналып жерге түсті ме, жер шыркөбелек дөңгеленіп, төңкеріліп кетті ме, заңғар мазар үстіне қарқырап қопарылды ма, білмейді. Әйтеуір бәрі астан – кестен, бәрі аласапыран.
-Мейлі ! – деді барқырап. – қаусаңдар шеттеріңнен! Тоз – тозы шықсын дүниенің! Жоқ қыламын қазір, өзім күйретемін! Қараң қалдырамын!
Дүлей қыжыл біржола билеп алған, тісін шақұр – шұқыр қайрады, жанары жансыз. Темір күрек құлаштап сілтеген сайын кірпішке тегеурінді тиеді, шаң – шұң, шақ – шұқ, сартсұрт. Өңі қуарып кеткен, көрден өкіріп шыққан аруақтай алақ – жұлақ етіп, есінен айырылып бара жатты.
Сабасына талықсып барып түскенде, таңбалы тас қабырғаны ұмытып кеткенін, манадан бері құр босқа жындалғанын, кешқалмай тұрғанда, ондағы жазуды түгел түсіріп алып қалу керек екенін ойлады да мазардың ішіне кірді. Тас қабір бұрынғысынан да еңкіш тартыпты. Дәл қазір астыңғы қабатқа бару қауіпті, бірақ мұнда басқа амал жоқ. Осы жолы ажалы тап келіп тұрса да кері шегінбейді. Мана ғана көсегесін көгерткен, көңілін көл – көсір шалқытқан, айхой да айхой атақтан дәмелеңдірген, даңғой да даңғой даңққа жерік еткен ғажабынан күдер үзгені – біржола өшкені.
Табалдырықтың түбіне қағылған қазыққа арқанды қайтадан мықтап байлап, бір ұшынан ұстады да қуысқа қарай жүрді. Ерні жыбыр – жыбыр етеді. Ол өзі өз болғалы, тәңірге бар ықылас – пейілін жамыратып, алғаш рет
сай – сүйегін сырқырата жалбарынып еді. Оның бар екендігіне құлай сенгісі келіп еді. Енді бұған қол ұшын беретін, сүйеу болатын басқа кім қалған.
Қуысқа аяғын сала беріп іркілген кезде Қырмызы қызға да құлдық ұрмақшы еді. Бірақ тілі байланып қалғандай сілейді. Қолындағы арқан қырық қыздың құлаш бұрымы секілденді. Қырық қыз қырық құлаш шыңыраудан шұбырып шығып келе жатқан сияқтанды. Қырмызы қыздың кеше алмайтынын шулап айтып келе жатқан тәрізді еді. Құлағының түбі шулап қоя беріп еді.
Ал күмбездің асты сықыр – сықыр етіп, төбе құйқасын шымырлатады. Мазар күнбатыс жағына әлсін – әлі шөгіп барады, тас тіреу ендігі бір жола құлаған шығар. Қуыстың шеті баланың еңбегіндей былқылдайды.
Тағы бір сілкініп көрмек болды. Арқанды қышырлана ұстап, қуысқа қарай аттап түсті. Сол сәт жиегі солқ етіп, қопарылып кетті, күмбездің асты қайтадан сықырлап қоя берді.
Таңбалы тас қабырғамен шынымен – ақ біржола қоштасқаны ма.
Өкініштен өзегі өртенді. Ол бұған бұйырмаған екен.
Сөйлеп тұрып өзін – өзі жерледі, өзн – өзі табалады. Көзсіздігіне қүйінді, әуел баста мазардың ішін зерттеп алмай, тас қабірді бұрқыратып қаза жөнелгеніне, екшеп – есептеп қарамағанына қабырғасы қайысты.
Енді бәрі кеш еді. Енді ештеңенің де қажеті жоқ болатын. Енді бұл
неден болса да тайынбайды.
Арқанды тастай салып, қолына балтаны алды. Тас қабірді тістене шапқылап жатыр. Гранит тақта шақ – шақ етіп, балтаның тиген жерінен от ұшқындап, жарқ – жұрқ алысты. Күмбездің асты күңіреніп жүре берді, мазардың төрт қабырғасы тұншыға дүңк – дүңк үн қосты.
-Қаусатамын түгел! – деп жыртқыштанды Мырзаш. – Құртамын!
Жоямын! Бұйыртпаймын ешкімге!
Жұлынған сайын ширыға түсті. Гранит тас орта тұсынан шытынап,
сынуға айналғанда одан әрі өршеленді. Темір балта қайратты қолда
қаһарланып алған, шалт көтеріліп, сарт етіп тиді.
Міне, дегеніне жетуге де жақын қалды. Қабірдің бетіне салған тақта тас қақ бөлінді.
-Ә, солай ма! – деп құтырынды. – Тоқтай тұр, қазір күлпарша етемін, қырық бөлемін!
Соққан сайын айызы қанады, әне тастың жартысы төртке бөлініп, астыңғы қабатқа топ – топ түсіп жатыр. Енді қабырғасын қаусатады. Оны тас – талқан етсе, ішінде жатқан қу сүйек саудырлап шашылады.
Ол кімнен қалған қаңқа екен? Қырмызы қыздан ба, қырық қыздан ба?
Е, мейлі, тәңірдің қалдығы болса да тартынар, тәубасына келер жайы жоқ. Жын жайлағандай етеді бәрін, Қаба сақал қатыгез жау қайта шапқандай ойрандайды.
Әбден ашкөзденіп алды, күнбатыс жақтағы қабырға күтір – күтір етіп шөге түскенін көрсе де табан аударған жоқ. Оны бір қорқау ой меңгеріп алып еді. Таңбалы тас қабырға үшті – күйлі құруы керек. Ешкім ешқашан таба алмауы керек. Бұған бұйырмаған атақ – даңқты тірі жан еншілемеуі керек.
Тас қабірдің қабырғалары гүрс – гүрс етіп құлап жатыр. Төменнен шақырлаған дыбыс жиі естіледі. Ол таңбалы тастан басқа не дейсің. Құрыған шығар ендігі быт – шыт болған шығар. Зілдей тас тіреу үстінен және басса, түгі қалмайды, құриды біржола.
Балтаның сабы жарылды, енді оның керегі де шамалы. Қабірдің қабырғалары күл – талқан болып, төменге құлап біткен, енді астыңғы қабаттың төбесі ойылып барады.
Табалдырыққа қарай секіріп түсті. Дер кезінде тайқып үлгерген екен, сол сәтте аумағымен қопарылып барып гүрс етті. Қою шаң будақ – будақ көтерілді. Қақалып-шашалып тысқа шықты, енді бұрынғыдай басы айналмайды, жүрегі де өрекпіп соқпайды, тас қабірді қаны қарайып тас – талқан еткенде айызы қанғандай, бар қыжылы тарқағандай.
Бірақ, мұнысы алдамшы сабыр ғана екен. Іле қайта өзгеріп, тұла бойы қалтырап қоя берді. Ой да, көңіл де, өзі де іркіттей іріген, көкірегін кернеп алған қыжыл сәт санап күшейе келіп, бәрінен жеріткен, бәріне өшіктірген түйсіксіз долылықпен өңешін жырта айғайлады. Құлағалы тұрған мазардың іші қосыла шулады. Бұл дегеніне жетпей азынап еді, ол жер бетінен өшетін шағы туып күңіреніп еді.
Тағы да ештеңені ажыратудан қалған, тағы да көр соқырланып алған,
жанары аптап күннің сәулесіне жарқ – жұрқ шағылысады.
Ол енді мазардың тезірек құлауын асыға күтті. Безерген Бетпақтың қиянындағы мына күмбезді ғимарат жермен жексен болса, көкірегін кернеп бара жатқан ызадан, жүрегін сыздауықтай сыздатқан өкініштен, есін кіресілі – шығасылы еткен күйіктен құлантаза айығатындай тағатсызданды.
-Құруың керек! – деп ышқынды. Қауса! Қаңыра!
Мазардың күнбатыс жағындағы қабырғасы күтірлеген сайын құтырына түсті. Ол енді екі – үш жерінен жарылған, жер табаны ырсиып тұр. Төменгі кірпіштері бырт – бырт сынып, жігі сөгіліп жатыр, жартылай құлаған ауыр күмбез солай қарай үрейлі еңкейіп, аумағымен төніп келеді.
-Тездет! – деп қалтырады Мырзаш. – Көз алдымда сатыр – сұтыр
қаусашы!
Төбеден жанышқан жойқын салмақ шыдатар емес, қиюы қашқан қабырға қақырап кетті. Бұлтсыз ашықта аспанның асты қақ айырылғандай, мазардың іші – сырты құлақты тұндыра күркірейді. Жер солқ етіп жарылып, қырық бөлінді ме екен, аяғының асты шайқалды. Зілдей күмбез алпауыт батырдың басынан ұшып түскен алып дулығадай көделі жазыққа дүңк етіп түсіп быт – шыты шықты. Әлдене төбе құйқаны шымырлата азынаған тәрізденді.
Бұл өзінің үні еді, жерге тізерлеп отырған күйі саутығы қалмай аңыраған еді, өзіне бұйырмаған атақтың күйігі өн бойын қарып бара жатқан – ды. Оның өзгеден қызғанған, біржола құртуға құштарланған бейшаралықтан енді айыққан, мына тас-талқан мазармен бірге кісілігін жоғалтқан, өзін күнәһар сезінген кезде ботадай боздап еді Бетпақтың қиян түкпіріндегі шыңырау маңы шулап жатты. Шулап жатқан Қырмызы қыз ба екен, қырық қыз ба екен. * * * Атбағар алакөбеде аң аулап шыққанда, ерге оралатындығына сенімді еді. Бетпақта не көп, киік көп, атады да қайтады. Кеше шыңырауды орағытып тура бір табыны өткен болатын, алысқа ұзауға тиіс емес. Қарасын танытса, қалғаны оңай, жел жағынан сездірмей жақындап, оқ жетер жерге іліксе болғаны, көздегені құтылмайды. Бетпақтың таңы салқын емес, тымырсық. Әзірге жел жоқ, айнала тыптыныш, жансыз өлі дала шырайы шықпай сүлесоқ созылып жатыр. Қазір көкжиектен күн көзі сығаласа, бәрі табан аузында өзгеріп сала береді. Әуелі майда есіп салқын леп білінеді, шөп басы сездірмей шайқалады, әлдеқайдан сарышұнақ шақ етіп үн салып, төбеңде қарақұс қалбаң етіп қанат қағады. Көгілдір алау бірте-бірте сұйылып, Бетпақтың қан-сөлсіз жүзін көлегейлеген көлеңке ыдырай бастайды. Қозы көш жер ұзап шыққанша алдынан аң жортып өтпеді, кешегі табынның өзі түгіл ізі де жоқ. Содан жан-жағын жіті шолып отырып, шыңыраудан он-он бес шақырымдай кашықтықтағы Ақдалаға дейін жортты. Бұл ара отты келеді, шөбі шүйгін, қауы төңкеріліп, қияғы мен тарлауы, бетегесі мен көдесі араласып, шалқып жатады. Атыңнан айналайын Сарыарқаның өзі демесең, өзіне бергісіз көзі. Кешегі табын бір іркілсе
осында аялдауға тиіс. Ат үстінде төңіректі асықпай шолды. Жорамалы қате кетпепті, дауыс жетер тұста қалың киік жайылып жүр. Соны көрісімен ерден секіріп түсіп, атын шідерледі де, мылтығын баптады. Қораптағы оқты жан қалтасына түгел төге салды, алуға оңай. Жолындағы әр түбірді қалқалап, еңбектеп келеді, жазық жерде басыңды сәл көтерсең, бәрі бүлінді дей бер. Мынандай үлкен табын күзетшісіз болмайды, әр тұсында бір-бір теке маңайын қыбырсыз бақылайды, қылт еткенді қиядан көреді, жерді тарпып-тарпып пысқырып қалса, жетіп жатыр, көп киік Ақдаланың шаңын аспанға шығарады. Таялған сайын жерге бұғына түсті, бауырымен жорғалап, арқан бойы жылжиды да, алдыңғы жаққа сығалай қарайды. Киіктер әзірге мұны байқамаған сияқты, алаңсыз жайылып жатыр. Бергі шетінде он шақты лақты ешкі оқшау жүр. Солардың сол жағына таман мүйізі қарағайдай марқасқа теке қаздиып тұр. Бұл сақшы еді, өзі әлденеден сезіктенген секілді, басын жерге салмайды. Әредік ауаны қармап иіс шалады. “Атты көріп тұр-ау, деп ойлады. - Бұл енді таялтпас, қыбырсыз жата тұрайын”. Бірақ кеш қалған екен, марқасқа аспанға секіріп түсті, үсті-үстіне пысқырынып, оқшау жайылған ешкілерді табынға қарай тұра қуды. Көп киік әп-сәтте ию-қию араласты, тұяқ дүбірі ай даланы аяғынан тік тұрғызды. - Қап! - деді санын соғып. - Бұйырмағанға дауа жоқ. Мылтығын мойнына іле салып, атына қарай жүрді, енді аң қуып тентіреудің қажеті жоқ, қайтар жолда кезіксе көре жатар. Бетпақтың аптап күні шыжғырмай тұрғанда елін табуы керек. Айдала ат үстінде зеріктіреді, күнде көріп жүрген қуаң өңірде мұны қызықтыратын ештеңе жоқ. Бетпақ әуелден тамсандырмайды, түңілдіреді. Бірде желдіріп, бірде шоқытып келе жатып Мырзаштың мұнда әлі аялдайтынын ойлады. Бұл соған дейін жүре бермек пе. Оның айналысатын шаруасы бар, ал өзі не бітірмек. Ертең ауылға тартып отырса кайтер еді, үштөрт күннен соң оралар. Білдей жігіт жалғыз калса, қасқыр жемес. Сол дұрыс, дәл осылай істейді, бұған анау келісе ме, жоқ па, шаруасы шамалы. Керек десең, бүл оның мазарды үңгіп жүріп тіміскілегеніне қарсы, өуелде басқаша айтқан, іші-сыртын өлшеп, қағазға түсірмек болған. Енді қараса, көрқаптан бірде бөтендігі жоқ, тас қабірді жалаңаштап тастады. Сонымен тоқтаса жөн ғой, тінтіп жатыр әлі де. Ештеңенің қадірін білмейтін дінсізге бәрі бір емес пе, мазарда садағаң кетейін Қырмызы қыздың мүрдесі
жатса да селт етпес, көрден қу сүйегін салдырлатып суырып алар. Ол үшін тарих, елінің өткені ғылыми атақка ие болуға жараса ғана бағалы. Қасиетті қырық қыз жайлы сұлесоқ тыңдағанда-ақ ұққан мұны. Аңыз қиялилардың ғана ермегі дей ме екен сонда. Өтіп бір кеткен заманның ертеңгі күнге жаңғырығы жететінін, ақиқат аңызға, аңыз шындыққа пара-пар болатынын, тарихы сыйындыра алмаса, пір тұтары қалмаса, елі жетімдіктен айрылмайтынын түсінбейді. Мейлі одан шығарсын, мейлі ертегісіне өзек етіп, қиялынан ағыл да тегіл жыр саусын, иландырса, еліте алса, несі айып. Халық өзі айтып, өзі табынғанда, өзін-өзі алдағаны ма, сірә да олай емес, барды көркейтіп, жоқты өрлеп-әсерлеп, жұртты елдікке, азаматты ерлікке ұйытқаны. Ертегісіз ел болмайтыны осыдан-ды. Ол қалай ұқса, олай ұқсын, бұл солай ойлайды. Аңызға аңырып отырып сенеді, ертегіден ұлылықтың нышанын іздейді. Қырмызы қыз болған деп, бар деп өтеді, ғүмыр бойы табынып өтеді. Шіркін десеңші, ақын болса, аңыздан басқа ештеңе жазбас еді. Қырмызыдай ардақты қыздың ерлігін дәріптеген, халықтың жүрегіне мәңгі ұялаған айбынды да ардақты жыр тудырған Сүлей ақындардың пайғамбары емес пе. Ендігілер неге солай кең толғай алмайды, неге отбасы, ошақ қасынан тімтініп шықпайды. Аузын ашса аһ ұрады, өлмейтін өлең жазуға қауқарсыз екендігіне жатып кеп күйінеді, әкесі өлсе ғана баратын, өзі талақ етіп баяғыда тастап кеткен ауылын зарлап жоқтайды, тірлікті қарғап қақсайды, бара-бара бәрінен жеріп, жағалай елге құрғақ ақыл айтуға кіріседі. Сөйте тұра бірін-бірі жағы талмай мақтайтынын қайтерсің. Белгісізі сірә жоқ, шетінен танымал, көрнекті, кілең дарын. Бүгінде қазақтан өңкей талант туатын болғаны да. Осы ойларын Мырзашқа айтса, бұған көзін сығырайтып қарайды. Айдалада жүрген мәңгүрттен мұндай сөз шығады деп тандана ма немене. “Қойшы екенсің, жарайсың, ендеше малдан өзгені білме, көзің ашық болса, жаратылыстың заңына қайшы келеді” деген нұсқау бар ма екен. Әр нәрседен хабарың барлығын сездірсең, буынсыз жерге пышақ салғандай, өзге тілде сөйлеп тұрған адамдай боласың. Пікірлесудің, ой жарыстырудың орнына албасты көргендей ежірейеді. Күн ысып барады, сағат оннан асқан, шыңырауға әлі алты-жеті шақырым жер бар. Таңертең торсыққа су құйып алып шықпаған екен, таңдайы кеберсіді. Құдайдың құдіреті, Бетпақта адамды шөл ерекше қинайды, бүкіл тал бойыңмен сусырайсың, ернің әп-сәтте тілім-тілім болады,
тілің аузыңа сыймай кетеді. Әлің сәт санап кеміп бара жатқанын сезесің, еркіңді үрей билеп ала қояды. Тегінде осынау ұлы шөлдің сыры ашылмаған өзге бір құпиясы бар, бәлкім, ауасы ылғал атаулыдан жұрдай. Алдынан аласа төбешік көрінеді, биіктігі әрі кетсе түйе бойындай ғана. Соған атын аяңдатып шыға бергенде, арғы беттен бір үйір киік көзіне шалынды. Тізгінді тартып қалып, ерден домалай түсті, сірә, бүгін құр қол қайтпайтын болғаны ма. Еңбектеген күйі төбешіктің оң жақ қапталына ілікті, үш-төрт лақ үйірдің бергі жағында секеңдеп жүр. Бір-біріне таялып келеді де, жалт беріп қашады, жүйткіп барып қайтадан кері салады, тұра-тұра қалып, бейберекет сүзіседі. Одан сәл әріректе бес-алты ешкі жайылып жүр. Солардың елу-алпыс қадам жерде екі теке қара танытады. Аса ірі емес, бірі қодыға болар, жанындағысынан пәс. Осы арадан атса, оғы жетпеуі мүмкін, екі ара қашықтау, ал киіктер ары қарап жайылып барады. Қанжығаны қайткенде де қамдау керек десе, ана ешкілердің біреуін қарауылға байласа болды. Олар өзінен әрі салса екі жүз метрдей ғана. Мылтығының шаппасын қайырып оңтайлай берді. Демін ішіне тартқанда, сұқ саусақ шүріппені іздеді. Қазір қасынып жатқан бүйірлі ешкі мұрттай ұшады. Қанға сіңген дағдымен күбір етті: сенде жазық жоқ, меңде азық жоқ. Сол кезде асыр салып жүрген лақтардың екеуі жарыса шауып барып, бауырына қойып кетті. Бір-біріне есе жіберіп алмайын дегендей апыл-ғүпыл еміп жатыр. Емшекті сылп-сылп сорғанына дейін естілгендей болды. Мылтықтың қарауылы қадалған жерінен тайып кетті. Жоқ, мұны ату обал, соңда қайсысын. Ана бір шыбышты олжаласа ма екен, оның да лағы бар болып шықса ше. Ал екі теке сырғи жайылып, әлгіден де ұзап кеткен, мұның қалтарыста аңдып жатқанын сезгендей алған бағытынан аумайды. Дымы құрып, орнынан тұрды. “Бұйырмаған ауыздан кетеді” деген осы. Қайткенде де бүгін сәтсіз күн, әйтпесе аңға шыққанда құр қол оралған жері жоқ еді. Енді ештеңеге алаңдамай, шыңырауға тура тартуы керек. Киік біткен қақ жолында жыртылып айырып жатса да аялдамайды.
Атының айыл-тартпасын дұрыстады да, ерге қарғып мінді. Төбешіктен түсе бере қамшы басты, Бетпақтың аптап күнінің астында айдаланы тұяқ дүбіріне толтырып қиқулай шапты. * * * Тәңір-ау, мынасы несі, бұл адасып келіп тұрған жоқ па, сонадайдан мен мұндалап қол бұлғайтын мазар қайда кеткен?! Мырзаш неге көрінбейді? Сасқалақтап жан-жағына алақ-жұлақ қарады. Жоқ, адаспаған, әне анау шыңыраудың тас шегені, мынау күрке, жер ошақтың жанына құрылған мосыға дейін өз орнында, кеше шауып әкелген қараған сол қалпында үйіліп жатыр. Тек мазар жоқ. Атты үсті-үстіне тебінді, өз көзіне өзі сенбей келеді, бұлай болуы мүмкін емес, бәрі бекер. Мұны айдалада жалғыз жортып жүргенде жын соққан, тұла бойын ібіліс жайлап алған, есі кіресілі-шығасылы. Әйтпесе не болыпты?! Атам-заманнан сақталған мазар бір кірпіші де кетілмей мәңгі бақи тұра беруге тиіс-ті, құлауға хақысы жоқ-ты. Көріп тұрғаны елес, мүлде басқа нәрсе. Астындағы жамандатқыр шыбындап, мазасын кетірді, ерден есеңгіреп түсіп, мазарды жаяу айналды. О, тоба қаңырап екі қабырғасы ғана қалған, өзгесі тас-талқан, астан-кестен. Қызғылт кірпіштер жан-жағында тарыдай шашылып жатыр, биіктен құлаған, күлпаршасы шыққан күмбезден ендігі қалғаны солар ғана. Ал бұрын тас қабір тұрған ірге ішіне қарай опырылып түсіпті, сорайған жалпақ көк тас, сынған арқалық пен қураған шілік көрінеді. Әр жерде бір сарғайған қу сүйек. Тіксініп тұрып қалды. - Жоқ, бәрі бекер, - деді күйініп. Көріп тұрғаны түгел жалған. Есі ауысқан мұның, дені сау емес. Өзімен өзі сөйлесіп жүріп қираған мазарды айнала берді, сау қалған екі қабырғаны сипалап еңсесі езілді. Өн бойы құрысып, қаны басына шапты, шөл әбден қысып тандыры кепкенін елеуден қалды. Жанары удай ашып, көкірегі қыз-қыз қайнады, бұрқ етіп тұтанған ыза қарып бара жатты. Құлаған, түгі қалмай қаусаған мазар емес, мұның өзі еді дәл солай еді, қабырғасы қаңырап, сүйегі шашылып қалғандай еді. Бар әлемі тарының қауызына сыйғандай тарылды. Өзегі өрт, жер - көкке сыймай аласұрды. Шыбындап
тұрған атына қарғып мініп, Мырзашты жанталаса іздеді.Мылтығының шаппасын сарт-сұрт қайырды. - Өлтіремін. Итше қыңсылатып атып тастаймын, - деп булықты, - тірі қоймайды. Мазарды құлатқан, күлталқан еткен сол, ақыры түбіне жетіп тынған екен, құртқан екен біржола. Атаңа нәлет көрқап, қайдан ғана келіп еді бұл жаққа, пнеге тімтініп еді соншама. Тоқтай тұр, оның да ақырзаманы жақын, құтылмайды бәрібір, жерден қазса да табады, көзіне көк шыбын үймелетеді, қасиетіңнен айналайын Қырмызы қыздың атымен ант етеді. Айналаны шарқ ұрды, жым-жылас, аты да, өзі де жоқ, зытып отырған ғой күнаһар, жалтыратқан ғой табанын. Бірақ қайда кетер дейсің, безбүйрек Бетпақ қанша кең болғанымен, ол паналайтын оймақтай да жер табылмас. Жаны тәтгі немегін, ұлы шөлде ұлып қалар еді, жапан түзге сіңе алмайды, жапан дүз оған жаһаннамен бірдей. Елге бет түзейді. - Құтылмайсың, - деп кіжіңді. - Бұл далада сенен менің құрығым ұзын. Қия бастырмаймын. Атын сауырға тартып жіберіп, шыңырауға тапырақтап жетті. Қазір суға қанып алуы керек, өзі де, аты да. Содан кейін құйындай ұйтқиды бұл, ұлан өңірдің төсінде желдей еседі, қара жердің апшысын қуырып, айшылық жерді алты-ақ аттайды.
Мырзаш ұлы бесінге дейін ат шалдырған жоқ, жатаған құланың аяңымен жүрді де отырды. Әредік алған бетінің дұрыс-бұрыстығын айқындайды, әредік қабырғасы қайыса күрсінеді. Қазір мазар құлаған кездегі долылық та, өзегін өртеген өкініш те, жүрегін қарайтқан уайым да жоқ. Ой да, бой да дел-сал, мең-зең меңіреу халде. Бар білетіні осынау қарғыс атқан өңірден тезірек кетуі керек. Бетпақтың қаһарына, елдің ызбарына ұшырамай тұрғанда көзін жоғалтқаны жөн, қалғанын тағдырына тапсырады. Бет алған жағы Сарыарқа, басқа қайда барсын. Шу бұл жерден алыс, оған ұшқан құс та қанаты талып жетеді, екі аяқты пендеге ғарышпен бірдей.
Әредікте әңгіме үстінде Атбағардан білген: Арқа әрі кетсе үш күндік жол, үш күңдік азапты сапар. Бәлкім үш түн, үш күн шығар. Жоқ, үш күндік деген, дәл солай айтқан, өз құлағымен естіген. Анда-санда артына қарайды, ұлан дала жым-жылас, сол баяғы бұлдыр сағым, бұлаң-бұлаң жортады, ию-қию араласады, аударылып-төңкеріліп теңіздей туламақ болады, безбүйрек Бетпақ толқынданып жатыр. Терістік те, батыс та, шығыс та жөңкіле көшіп барады, жүрісі өнбеген, жапандүзде соры қайнаған жалғыз өзі ғана. Енді бұған қолұшын беретін ешкім жоқ, ай далада адасар болса, адасып жүріп мүрдем кетсе, ит-құстың жемтігі емей немене. Мейірімсіз Бетпақ жұтқыншағы қылқ етер де тынар, сағымға орап жұта салса, жүзі жанбас. Жатаған торы тебінсе, аяңдайды, тақымы босаса жүре жайылады, мына ми қайнатқан ыстықта тұяқты мал шөп үзбес еді, бұл қай мәңгүрттігі екен. Жамандатқыр ұлы шөлдегі ұзақ жолдың қиямет қайымын, Сарыарқаға жетержетпесі екі талайлығын сезе ме, әредік ауыздығын қатыр-қатыр шайнап, ішін тартады. Әлгінде кездескен ойпаңда қамшылап-қамшылап алып, лоқ-лоқ желдіріп еді, қос қанжығаға байланған, су толтырылған екі торсық салаңсалаң етіп түсіп қала жаздаған соң тізгінді тарта қойған. Күн күйдіріп барады, ол осылай кешке дейін қуырмақ. Мейлі ғой, өртеп жібермесе, өзгесіне шыдап бағады да. Тек өзекті өртеген өкініштен арылса екен. Ең болмаса бір ғана сәтке. Жамаңдатқыр тағы да ішін тартты. Жамаңдатқырға қосыла өзі де күрсінді. Бұлаң-бұлаң жортқан сағымның арасынан, қаусап қалған мазардың сілемі көрінді. Әне қос қабырғасы ғана қалқиып тұр, ол бірде биіктейді, бірде аласарады, әредікте теңселіп барып түзеледі. Жаңа ғана көзге анық шалынып еді, енді сағым түстеніп алыстап барады. Қас-қағым сәтте ізім ғайып жоғалды. Күн өткені де, енді мұндай елестерге таңданудың қажеті жоқ. Ұлы шөлде қиырдағы қалалар жанарыңның алдында көшіп жүрер еді. Бұл оның алғашқы тәлкегі ғана. Бейберекет араласқан сағымға сұғына қарады. Құлаған мазар қайтып қара танытпас. Оны сонау Сарыарқаға шалдығып жеткенше көз алдында ұстап тұрғысы келіп еді.
Көңілінен
көшіруге
қақысы
жоқ-ты,
өзінің
мәңгілік
азабына
айналатыны анық-ты.
Жарылып кеткен ерні дірілдеді.
Азап мұңның да мәңгілігі болады.
Азап-мұңға ғана етің өлмейді.
* * * Митың-митың жүріспен безерген Бетпақтың тағы бір кешіне ілікті. Өзгергені - басты айналдырған сағым енді жоқ. Ал дала бір күндік жолда өңін жоғалтпаған, баяғы ақселеу, қарай-қарай жанары жауыр болған көкпек, ат шашасын тараған көде, ойдым-ойдым тобылғы. Ұлы шөлдің реңі өзгермей жақсылықтан дәметпе, Сарыарқа сағыңды сыңдырып барып қол бұлғайды. Сүйретіліп аттан түсті, су толы торсықты шешіп жерге қойды. Тандыры кеуіп барады, көнін жібітуі керек. Жылып кеткен суды қылқ-қылқ жұтты, торының аузына тосып еді, жануар оқыранып қоя берді. Қазір кеш ымыртқа ұласады, одан соң меңіреу түн. Ол бұл үшін дамылдың түні емес, мұның аялдауға еркі жоқ. Аз ғана тыныстайды да алға жылжиды. Тізе бүкпеуі керек, тоқтамауы керек. Түн қатар, түсі қашар, басқа не лаж бар, іркілу өліммен тең. Атты жетектеп кетті. Жетегіңдегі жатаған торы емес, еңсені езген, санаға салмақ салған зілбатпан сұрқай ой. Бұл енді қашқын, басқа ешкім де емес. Елдің қаһарынан, тарихтың қарғысынан бас сауғалаған, ұлан дала ұлтарақтай тарылған, өзіне-өзі кекті қарақшы, түбі үсталатынын білетін, еш жерден сая таба алмайтын өзіне-өзі кекті қарақшы. Соңында да, алдында да, төрт құбыланың бәрінде қуғыншысы бар. Құтқармайды олар, түсіреді тұзаққа. Безерген Бетпаққа келгеннен бері санасына еркінен тыс шым-шымдап сіңген, күн санап меңдеп бара жатқан қорқыныш Атбағар тәңіріндей табынатын Қырмызы қыздың аруағы алдындағы үрей болып, мына түнгі шөлдің төсін жалғыз кезген кезіндегі дәрменсіздік болып торуылдайды. Сонда бұл не жазып еді. Жауыз емес еді ғой, жамаңдықтан аулақ-ты. Тек ашынғаны рас, өзіне бұйырмағанды өзгеден өлердей қызғанғаны ақиқат. Бәрі үш күнгі бейнет, үш күн бойы телміреткен үміт, қолын көкке создырған
дәме бір сәтте тас-талқан болғанда, жындана жаздады емес пе. Ашкөзденіп кетті, ештеңені аямауға, қастерлемеуге бекінді, күлпаршасы шыққан тас табыт, қаусаған таңбалы қабырға мұның сойқаны емес. Тіпті де олай емес. Онда есі кіресілі-шығасылы болатын, санасыз болатын. Жатаған торы дүр-дүр сілкінді , бейшараның терлігі қыр арқасына жабысып қалған шығар, қайтадан ерттеу керек еді. Мына бір жердің шөбі қалыңдау екен, шалдырып алса да жөн. Бірақ тоқтауға болмайды, Бетпақтың түні қапырық болса да, өзі әбден қажыса да іркілмейді, сіңірі созылғанша жүре береді. Кеудесінде жаны барда ұлы шөлді артқа тастауы керек. Ауыр-ауыр ойларды да, жүрегін күңіренткен үрей мен жігерін құм қылған шарасыздықты да, көңіліне ұялаған, көз алдында елес боп көлбеңдеген Қырмызы қыздың тылсым бейнесін де, бәрі-бәрін адастырып кетуі керек. Торсықтан бір жұтым су ішті, өңеші удай ашыды, тілі кеуіп қалған ба, тандайына жабысады. Ернінің тілінген жері жараға айналған, ісіп кетіпті. Бағана мазармен ата жауындай алысып жүргенде бетінің терісі сыдырылған, сол тырысып, иегін қозғаса сыздап қоя береді. Қарақұсы біреу қос қолдап соғып жібергендей зырқ-зырқ, дәл қазір қуыс қурай құрлы қауқары жоқ, үстінен құйын үйіріліп өтсе, дөңгеленіп жүре берер ме еді. Ал дала қарауыта бастаған, ақшам жамырады, батыс кемер қанқызыл реңде талықсиды, түн алдында үйірілген көлеңкені жападан жалғыз кешіп келеді. Осылай күн-түн салбырап жүре беруге дайын, тек жүректі қарайтқан жылымшы ойлар, Бетпақ түнере түскен сайын ұлғая беретін қорқыныш ізтүссіз жоғалса екен. Олар әбден қажытып бітті ғой, діңкесін құртып барады ғой. Бұл қазіргі жыларман шағынан арылмаса, көңілін аты өшкір үрейден аршып алмаса, қаншардай қатып қалмаса, іздегені, аңсап шыққан Сарыарқасына екі дүниеде жетпес, қарасын да танымас. Үгілмейді енді, қайғырмайды да, сезім, күнә мен шүбә, ұят-аят атаулының бетіне қасқая қарап тұрып, жиіркене бір түкіреді де желе жортып тарта береді. Дүниеде өзі бар, мына қарғыс атқан, қуарып жатқан шөл дала бар, түнере үйіріліп келе жатқан тымырсық түн бар, жүре жайылған, жетекке ере қоймаған жамандатқыр жатаған торы бар, алдағы бұлаң күндерге деген жесір үміт бар, - бәрі бар, тек мейірім-шапағат өкініштер мен қынжылыс,
иман-сауап жоқ. Осыған біржола ұйығанда, соны әбден мойындағанда ғана қатарға косылады, әйтпесе тірі өлік те бір, бұл да бір. Бір түп тарлауға мойнын еміне созған торының шылбырын жұлқына тартып қалды. - Қаңырап тұрған көне мазар үшін ешкім де бас ауыртпайды, - деді. Өзін өзі сендіре айтты. Бүгінде өткенін еміріне іздейтін тірі пенде табылар ма екен, сірә . Әркім бір жырымдаған, шаң-топырақ басқан тарихын түгендегенше, өз керегін бүтіндегені олжа. Баяғыға бола қырқыспас, қазіргіге қанжоса болуға дайын. Бұл заман артына қарайламауға төселген заман. Тоқтап, қанжығаға байланған торсықты шешіп алды, жылып кеткен суды тағы да қылқ-қылқ жұтты. Бүгінгіге осы жетеді, енді таңға дейін ернін жібітпейді, үндемеуі керек. Сарыарқа әлі алыс. Жатаған торы оқыранды, судың исін сезіп тұр, аздап берсе ме екен, бұл да жан иесі ғой. Жоқ, шыдай тұрсын, өлмес, ертең де күн бар. Түн тез түнерді, әлде бұл әрі-сәрі ойдың шырмауында келе жатып қалай орнағанын аңғармады ма. Айналаны қою қараңғылық тұмшалап ала қойған, айсыз аспанда жұлдыз жиі. Бағытын айқындап алып, алға жылжыды. -Бәрі бекер, - деді күрсініп. - Күдік те, қорқыныш та. Бойы сәл жеңіл тартқандай, айдалада өзін күнәдан жанын сала аршып келеді. Ақталған сайын жері кеңи береді. Осы бір кез бүгін алғаш рет айналасына ұрланбай еміне қарады. Жанарының алды қою қараңғылық, безбүйрек Бетпақ үшті-күйлі жоғалған, бар маңай жым-жырт . Әредік торының жүгені ғана шылдырлайды, анда-санда сорғалап жұлдыз ағады, дала талықсып жатыр. Енді бәрі артта қалды, енді мұны шарасыздық билеп-төстей алмайды. Қазір ана бір қарайған тобылғы ма, ұшқат па, соған жетеді де тоқтайды. Торсықтағы суды шөлі қанғанша ішеді, қауіп-қатерді біржола ұмытады, асықпай аяқ суытып алып, екі үйлі қойшы ауыл қайдасың деп тартып кетеді. Тура сөйтеді, дүниеде қылмыс-күнә күнде жасалып жатқан шақта, араны ашылып, Аралы тартылып қалған таңда, кешегі көсем, бүгін құныкер болып шыға келетін аумалы төкпелі заманда, елдің тоғы аз, жағы көп дәуірде бұл түктен де қысылмайды. Мейлі, күстаналар, мейлі жазғығырар , алысқа бара қоймас. Бұл заман - кең заман, көңілшек заман.
Ал Сарыарқа қарасын танытпай қасарысса, айдалада арам қатса, құрып кеткір мазар үшін өлдім дей ме. Жоқ... Беті аулақ. Тап қазір кері қайтады, бетсіз Бетпақтың көп құрбандарының біріне айнала алмайды. Есіңді жи Мырзаш, есіңді . Қарауытқан нәрсеге жеткенше осылай деумен болды. Бір сөзді жаныға қайталаған сайын көңілге түйген шешіміне бекіне түсті. Бетке алғаны биік ұшқат екен. Атты соған байлап, түбіндегі қалың көдеге сұлай кетті. Жерден қышқылтым иіс білінеді, бұл маңда жусан өсетін болған ғой. Шалқасынан жатқан күйі аспандағы жапыр-жұпыр жымыңдаған көп жұлдызға тумысында алғаш рет көріп тұрғандай үздіге қарады. Темірқазықты, Жетіқарақшыны, Үркерді іздеді . Есекқырғанды да тез тапты, шаңғатқан құс жолы қашанғысындай бұлыңғыр, ғарыштың тұңғиығына әнеміне сіңіп жоғалатындай. Байлаулы тұрған торы елеңдеп басын көтеріп алды. Өзі келген жақтан машинаның гүрілі естілетін тәрізді. Тарс – түрс мылтық атылғандай. Орнынан тұрып, қараңғы түннің қойнауына үңілді, әлдене жылт етті де жоқ болды. Кешікпей қайта көрінді, тәңір-ау машинаның жарығы ғой. Әне түн түнегін тіліп түсті, ал гүріл сәт санап айқын естіледі. Торының шылбырын асығыс шешті, мына жарықтан көз жазып қалмауы керек. Жеті түнде ай даланы киік аулағандардан басқа кім кезуші еді. Ал бұл жаққа сонау қияндағы Сарыарқадан ешкім аң іздеп келмейді . Мынау , дәу де болса, екі үйлі қойшы ауылға ат басын тіреп, кешкісін Бетпаққа саятшылап шыққан шалғай Шудағы совхоздың тәуірлері. Көр де түр, дәл солай. Онда мұның жолы болды дей бер. Жатаған торыны ит мініп, ирек қамшылағандай етіп, тепеңдетіп жүргенше, ертең тағы да Бетпақтың аптап күнінің астында шыжғырылғанша, ауылға солармен бүгін жетіп бармай ма. Ерге тақымы тиісімен, атқа қамшы басты. Қараңғы түнді жарқ-жұрқ тілгілеген жарыққа қарай тасыр-тұсыр шаба жөнелді. Әредік гүрс-гүрс атылған мылтықтан сескенген жоқ, ай далада қаңғыған оқ жазатайым тиіп кетер деп те сақтанбады. Торсықтағы су шалп-шалп төгілгеніне де қарамаған, есіл-дерті машинаны қуып жету. Ол кейде шыр айнала жүйткиді, кейде әрі ұзап барып оралады, сірә киіктің үлкен бір үйіріне тап келіп, түнгі жарықпен арбап, баудай түсіріп жүрсе керек. Әлгінде өзіне қарай беттеп еді, енді қиғаш бұрылып барады. Екпіні қатты, жолсыз жазықта салдыр-күлдір етіп жұлдыздай ағады.
- Ұзап кетер ме екен, - деп аптықты. Торыны қос өкпеге тепкілеп барын салды, жамандатқырдың шабысы мұндай жайсыз болар ма, қопаңдап келе жатқанда басыңдағы қалпағы ұшып кетті Мәстек ат көрінген түбірге сүрінеді, құлағын жымитып алған, ыза болып қамшының астына алып еді, қос аяқтап тепкіледі. Сол кезде мылтық үсті-үстіне атылып, машина кері бұрылды, тура өзіне қарай жүйткіп келеді. Міне жарығы да жетті, қарсы алдында бір топ киік қылаңдайды, маңдай тұсында қасқайып қара жартас тұрса да қарайлайтын емес, дәл жанынан құйғытып өте шықты. Торы үркіп, бір бүйірге жалт бұрылды, ерден ауып барып бойын зорға тіктеді. Ал машина таялып қалған, жарығы көзді шағылыстыра-ды, тура өзіне түсіп тұр. - Көрді мені, - деп ойлайды. - Кезікті-ау әйтеуір. Жалма-жан айғайға басты. - Тоқтаңдар, ала кетіңдер! Машина бұрылыңқырап барып, жүрісін баяулатты, тежегіші құйқаны шымырлата шиқылдады. Шаңның исі қолқаны қапты. Қарсы алдынан шақырайған жарық ештеңені көрсетпейді, мотордың гүрілі ғана естіледі, әлдекім дауыстаған секілді. Бұл да бірдеңе деуі керек шығар. - Бұл мен ғой - Мырзашпын, - деді барлығып. - Кетіп қала көрмеңдер. Аялдай тұрыңдар. Торыны тепеңдетіп таяла түсті. Дәл алдынан әлдекім қараң етіп шыға келді, қолында қосауыз мылтығы бар, кезеніп тұр. Бұл сәлемдеспек еді, ол күрт кетті. - Түс аттан! - дегенде даусы әмірлі естілді. Ұмтылып келіп, шылбырдан ұстай алды. Арғы жағынан тағы біреу ербең етті, ол да қарулы, шайқала басып таялды да, бетіне үңілді. - Әй, мынаны танитын сияқтымын, - деді самбырлап. Осыдан жиырма шақты күн бұрын кеңседен көргем. Оны бұл да шырамытты, дембелше пысық жігіт шаруашылық директорының жанынан шыр айналып шықпайтын. - Сен әлгі, немене еді, архитектор, жоқ... археологсың ғой, деп жақындай түсті. - Иә.
Шылбырды әлі жібермей тұрған қара ежірейе қарады.
-Археолог деген не пәле! Көр қазушы ма? Ал мен охотинспектор екен деп ойласам. Онда бір ажалдан қалдың жігітім. Әйтпегеңде тура осы жерде қаңсылатып атып тастайтын едім. Кәне, кім болсаң да, түс аттан! Айтқанын екі етпей орындады, бұйыра сөйлегеніне шамданса да, қарсы ештеме деген жоқ. Бұлармен ай далада байланысудың қажеті қанша. Мейлі ғой, кекете берсін, ел ішінің жігіттері арзан әжуаға ұста, іліп-шатпаса көңілі көншімейді.
Дембелшесінің атын есіне түсірмек болып еді, тілінің ұшында тұрды да қойды. А-дан басталатын сияқты, Айдар ма, әлде Аймырза ма екен. Шылбырдан ұстаған жігітті алғаш көруі. Үсті-басы жинақы, сөйлегеңде аузындағы алтын тісі шақырайған жарыққа шағылысып жалтжұлт етеді. Тәрізі ауылдағы көп бастықсымақтардың бірі. Ондайлар шетінен қоңды келуші еді, ең сорлысының қозы қарны бар. Мынау да күйлі, бұлтиған бүйрек беті май жаққандай жып-жылтыр, жуан мойыны көйлегінің жағасын керіп тұр, мылтықты қыса ұстаған саусақтарына дейін сиырдың терткен емшегіндей ісіңкі. Өзі ішіп алған ба, ықылық атады. - Мұңда неғып қаңғып жүрсің, - деді ықтыра үңіліп. - Адасып кеттім. Дембелше ырқ-ырқ күлді. - Есектің миын жемесең, қалай адасасың, - деп мысқылдады. - Бетпақ жунгли емес. Тақтайдай жазық. Бағытыңды айқыңдап ал да, тарта бер. Жылтыр қара да қарқылдады. - Оттап тұр. Мынау бар ғой, дәу де болса, жеті қараңғыда айдалада перінің қыз-қырқынымен күліп-ойнап жүр. Осының дені сау емес. Мырзаш олар не айтса да шыдау керек деп түйді. Екеуі де масаң, жағадан ала түсуден тайынбайды. Қазір қарсы тіл қатып көрші, тарпа бас салсын. Ал мұның тірі пендемен жағаласатын шамасы жоқ, құр сүлдері ғана. Жылтыр қара торының шылбырын сілкіп тастады. - Соңымнан ер. Үшеуі машинаның жанына келді, кабинада жүргізуші бар ма деп дәмеленіп еді, басқа ешкім көрінбеді. Енді бұл екеуінің ырқында. Дембелше қорапқа шықты да, жерге киіктің текесін лақтырып тастады. - Әй, археолог, ананың терісін түсір. Өмірі мал сойып көрмеген, соны айта бастап еді, күрт кетті. - Айтқанымды істейсің ! Бітті !
Жылтыр қара от жағуға кірісті, өсіп тұрған бір үйір қарағанның түбіне бензин құйды да тұтата салды, жалын әуеге лап етіп көтерілді. - Ал енді жүрек жалғап алайық. Айдархан, керек-жарақты жеткіз. - Әуелі жаңа атқан киіктерді жинап алмаймыз ба? - Қайда қашар дейсің. Әкелші тез, бас сынып барады. Мырзаш ұмытқан есімі аталғанда жалт қарады. Иә , тап солай. Ал анау кім екен? Нобайына қарағанда, ол да Айдарханның о жақ, бұ жағындағы адам, ауылдың төңірегінен ой-өрісі ұзап кете қоймаған кеудемсоқ. Ресми түрде айтса, орта буындағы мамандардың қатарында. Бұл баға тегінде өздеріне әбден лайық. Көрген-білгені де орта, білімі-пайымы да орта, шаруашылықтағы дәреже мансабы да орта. Көбі қызметке пысықтығымен, не әлдекімнің шарапатшапаға-тымен ілігеді де, айдарынан жел есіп шыға келеді. Керек есігіне зып беріп кіріп, лып етіп шығады, өздері де домалақ, сөздері де домалақ. Айдархан кабинадан нән қара сөмкені сүйретіп шығарды, жылтыр қараның жанына зорға көтеріп апарды. - Атаңа нәлет, зілдей ғой. - Онда жеңілдетейік. Сөмкенің ішінен білектей қазы, таба нан, тырсиған шұжық шықты. - Бәрекелді! - деп тамсанды жылтыр қара. - Ханағаң қатырған екен. - Ол шал зымиян, кімге жағынарын біледі. Сыңғыр-сыңғыр етіп көкмойын шынылар суырылды. - Мынау да соныкі ме? - Енді менікі дейсің бе?! Ханағаң, ит қой. Бәрін табады. - Қойшы болсаң, сондай бол. - Ал, кәне, алып жіберейік. Екеуі арақты кеселерге бөліп құйып қағып салды. - Уһ! Жаным жаңа жай тапты ғой. - Айтпа. - Тағы бір-бірден сілтеп тастаймыз ба? - Давай! “Мыналар құдық қой” деп ойлады Мырзаш. Ал текенің терісі сыдырылатын емес, Айдархан ұстатқан пышақ лыпып тұр екен, қолын кесіп алды. Әй бекер жолыққан екен бұларға, аяқ астынан кіріптар болғанын көрмейсің бе. Оларға сен археологсың ба, әулиесің бе, бәрі бір пысқырып та қарамайды. Күні түскенге ғана құл. Күні түспеді екен, мейлі құдай бол, есекке теріс мінгізіп, ит қосып қоя береді.
Екеуі бұрынғысынан да қызып алды, бірінің сөзін бірі тоспайды. Өткен-кеткен қылықтарын судай сапырып отыр, әсіресе Айдархан сөзшең. - Әй, біз не істемедік, - деп бір кесек сарыала қазыны аузына тоғытып жіберді - Осы маңның қыз-қырқынына қырғидай тидік қой. - Е, соны айт. Өзгесінің бәрі бос сөз. - Есіңде ме, былтыр жазда ана Майшұңқырда отырған жалғыз үй қойшынікіне барып едік қой. - Оны өлсем ұмытайын ба. Жылтыр қара көтеріліңкіреп отырды. Айдарханға қораздана, жалы күдірейе қарады. Ол тамағын қырнай беріп еді, алдын орап самбырлай жөнелді. - Қараша үйге кіріп барсам, жалғыз келіншек кесте тігіп отыр. Есендесіп, отағасының қайда екенін сүрадым. - Қойда, - деді. - Онда кеш түспей келмейді екен ғой. - Көз байлана бір-ақ оралады. “Е, - дедім ішімнен. - Оған дейін кім бар, кім жоқ. Айналдырып көрсем қайтеді. Жалғыз әйел ұзақты күн зерігетін шығар, ермек керек емес пе”. Сол күні де біраз сілтеп алып едік қой, соның қызуы ма, жанаса кеттім. Діземді дізесіне тигізе жайғасып, сайрап ала жөнелейін. Келіншек әуелі шошынғандай еді, тегі сөзім майда болды ма, аздан соң үркектеуін қойып, жымиып тыңдай бастады. Өзі тартымды, мойыны қандай жұп-жұмыр, сағағы көзім түскен сайын дымымды құртады, дөңгелене қалған жанары жасқамай жайыңды табады. Содан қойшы, бір кезде, әй жоқ, шәй жоқ, бас салайын. Ал кеп аймалайын. Алыс-жұлыс басталды да кетті. Дауыстамайды, үнсіз қарсыласады. Бұлт етіп жалтарып, сынаптай сусиды. Қаны қашып, қасарыса, барын сала айқасты. Мен де құтырынып кеттім, шала естимін. Тұла бойым қалш-қалш етеді. “Аһ” дегенімді білемін. Келіншек қарала текеметтің үстіне бұралып түсті. Одан кейінгісі өң мен түстей. Бейшара орнынан көз жасына тұншығып тұрды. Мейлі ғой, іс бітті, қу кетті. - Ол әлгі Сапардың әйелі болатын. - Болса қайтейін. - Кәне, сол жолғы ерлігің үшін! - Кел!
Мырзаш текені үнсіз соя берді. Асықпай бір бітірер, тек шөлдеп барады. Аналардан су сұрағаны жөн шығар, оларда не жоқ дейсің. Ал екеуі бұған назар аударуды қойған, бөсіп отыр. - Менің көздеген бір сұлуым бар, - деп тамсанды Айдархан. - Ол кім? - Сен білесің. Анада екеуміз алып қалмақ болған қыз ше? - Есімнен шығып кетіпті. Әлгі Құсайынның бойжеткені ше?! - Сол ма, айтып отырғаның. Ол бар ғой, ол жайқалып тұр. -Көрерсің, күндердің бір күнінде түсіремін қолыма. Қайдам. Үркек пе деп қалдым ғой. - Қиқаңдап көрсін, Айдархан осал жау емес. Айдарханның айбатынан Бетпақ та ығады. Мырзаштың жүрегі шым ете қалды, мыналар Гүлімді айтып отыр ғой. Қолындағы пышағы текенің қара санына карш еткізіп қадай салды. Казір кетуі керек, бұлармен бірге жүріп оңбас. -Ағайындар су бар ма? - деді дауыстап. Жылтыр қара самарқау бұрылды. - Бері жүр. Аяңдап жандарына келді. Айдархан орын ұсынды. - Отыр, оқымысты. Жылтыр қара кесеге арақ құйды. - Иә, сіміріп сал, көзің шырадай жанады. - Мен су сұрағам. - Ал мен арақ беріп отырмын. Екеуі қос бүйірден таялды. Айдархан түсін суытып алған. - Кәне, менің денсаулығым үшін тартып жібер. - Алдымен тамақ жеп алайын, таңнан бері ашпын. - Асты артынан қаужайсың. Айтқаңды орындау керек. Амал жоқ, ішуге тура келді. Бұдан әрі шалқайса, жүдырық ала жүгірер. Арақ ішібауырын тіліп түсті, аш қарын удай ашып қоя берді. Жалма-жан кесек-кесек туралған қазыға жармасқан. Жылтыр қара қолын қағып жіберді - Біздің жақта бірінші кеседен соң закусить етпейді. Айдархан мақұлдап басын изеді. - Енді менің досым, кәнігі алаяқ, аудандағы жүн-жұрқа кооперативнің көсемі, атышулы Нарбайдың денсаулығы үшін көтересің.
"Мұның да атын білдік, - деді Мырзаш іштей. - Әттең-ай, қайдағы бір сұмырайлардың ермегіне айналғанын қарашы. Не істесе екен?!” Жылтыр қара тақымдап барады. - Кәне, бол. Сені күтіп тұратын шама жоқ. - Жігіттер, ең құрыса бір кесек ет жейінші, - деді амалы таусылған Мырзаш. Айдархан серігіне аузы-басы қисая қарады. - Әй, мынауың саппас екен ғой. Өзін реттеп алар ма еді, ә ! Жылтыр қара жылмия қалды. - Мына шірік бізді менсінбей тұр. Оқыған азамат қой. Көр қазса да оқығанның аты оқыған. Ал екеуміз қаратабанбыз. Мырзаштың қаны басына шапты, ызадан жарылып кетердей. Әлгі ішкен арағы секем атаулыны түре қуып барады. Қазір қолына ұстатқан кесені Айдарханның басына төңкере салады. Оңтайлана беріп еріксіз іркілді. Жылтыр қараның жанында қосауыз мылтық жатыр, ал қолыңда жузі бір қарыс кездік. - Давай, көрқап! - деп өңмеңдейді. Дымы құрып, жерге жиіркене бір түкірді . Қазір, бұған асығуға болмайды, сәл шыдай тұрады. Қолындағы арақты қағып салса, өжеттеніп шыға келмей ме! Бұл да қызуы керек, жігерленіп, аш-көзденіп алуы керек. Кесені қыса ұстап, қылқ-қылқ жұтты. Сарыала қазыларды алас-күлес асап жатыр. Шіркіннің дәмдісін-ай, тек шайнамай жұта бер. Исі қандай жарықтықтың, жұпар аңқиды-ау, көңілді көншітеді-ау. - Ал енді ортақ тост көтер. Мұны айтқан Айдархан ба, әлде жылтыр қара ма, аңғара алмады. Көзінің алды тұманданып барады, тұла бойы қыз-қыз кайнайды. Енді тәңірінің өзі қарсы қарап тепсініп тұрса да бас иетін, әміріне иіліп-бүгіліп шыбындайтын Мырзаш жоқ. Қаны бұрқ-сарқ тасып жатыр. Міне, арақ дегенің осындай, құдіреті күшті оның. Бағанадан бері сөйтсейші, көзді жұмып жіберіп қағыпқағып салсайшы. Қазір, көрдің бе, диланып, құр атқа мінгендей желігіп шыға келді. Шөл де басылайын деген, әлде өзін осыдан сәл бұрын ғана шөл қысқаны бекер ме. - Неғып мелшиіп отырсың! - деп дігерледі жылтыр қара. - Өзі бұлданады, еще! - деп нықыртты Айдархан. - Атаңа нәлет! - деді Мырзаш іштей. Екі иттің қорлығы, әр кекесіні жүректі шоқтай қариды. Жылтыр қараның ана май басқан бүйрек бетінен шапалақпен тартып-тартып жіберсе, айызы бір
қанар еді-ау. Айдарханның өңменімнен өткен, тікендей қадалан жансыз көзі де жирендіріп барады. Арақтан қабынып кеткен беті, ұйысқан, білтеленген шашы, көйлегінің өңірінен көрінген жүндес көкірегі, күжірейген бұқа мойыны, - бәрі жексүрын. Бұлтиған бұғағынан тер ағып, быршып отыр. - Құбыжық! - деді зығырданы қайнап. - Не! - деді жылтыр қара шаңқ етіп. Айдархан қолындағы кесені лақтырып тастады, жұдырығын түйіп алған. - Қайталашы! - деп күркіреді. Мырзаш арақты шалқая беріп қағып салды, ішіне біреу лақ еткізіп, балқыған қорғасын құйып жібергендей, тұла бойы күйіп жанды. Ағыл да тегіл сөйлегісі келді, дүниені асты-үстіне шығарып, сілкіп-сілкіп алар ма еді. Сілкіп-сілкіп алып, лақтырып тастар ма еді. Ежірейе қараған Айдарханға кекесінмен қарап, мырс етті. Мына адам бейнесіндегі құбыжықтың Гүлімде дәмесі бар ма. Жаңа не деп еді, сондай бірдемені шатып-бұтқан жоқ па еді. Безбүйрек Бетпақтың шөл даласында көктеген жалғыз тал гүлді таптап-жаншып өте шықпақ қой. Көзінің алды тұманданып кетті . Көп елес қалбаң-құлбаң, ию-қию араласқан бірдеме. Бір сәт Гүлім қара танытқан-дай, үсті-басы алба-жүлба, қос етек көк жібек көйлегі өрім-өрім. Жанұшырып жүр, шыбын-шіркей жалбарынады, әлдекімнен өлердей қорқады, жанарын үрей жайлап алған. Сұмдық-ай, мұнысы несі екен?! Ал мына бір өңкейген пәле кім? Айдархан ғой, жақ еті жиырылып, қорқаулана, даланы қарқ-қарқ жаңғырықтыра сорлы қыздың үстіне төніп келеді. Әне-міне қара жердің үстіне жанша салмақ. Жаншып жатып жай таппақ. Шыбын жаны шырқырап қоя берді. Орынынан атып тұрып, жылтыр қараның жанында жатқан мылтыққа ұмтылды. Еңкейе бергенде, қара құсынан тастай жұдырық сарт етті. - Аһ, әкеңнің! Жылтыр қара етпетінен түскен жігітті бүйірден тістене тепті. Бір ұрып сұлатқанына риза еді, өшіге тап-тап берді. Ол ыңыранып аунап түскен сайын жауықты. Өлтіреді итті, қан құстырады. Кімге сес көрсеткенін білсін, ғұмыр бойы қорланып жүретін болсын. Айдархан да есесін жіберген жоқ, желке тұсынан төніп келіп, шашынан уыстай ұстады да, басын қара жерге соғып-соғып жіберді.
- Әй, оқымысты! Мырзаш оның даусын естіген жоқ, тез тұрып кету керек, тұра сала айқасуы керек. Бұлар енді аямайды, тек есінен танып қалмаса екен. Жылтыр қара айнала беріп бір теуіп өтті. Жаңа ішкен арақтың уыты бойын жайлап алды ма екен, соққысын ауырсынбайды. Дәрменсіз қалғаны ғана жанға батып барады. Қазір! - деді кектеніп. - Құтырына тұр! Тек күш жинап алайын! Бір сойқанды саларым хақ. Есе жібере алмас, жастығын ала кетер. Булыға буырқанып, жерден ыңырана көтерілді. Айдархан өре тұрған, шашынан тас қып айырылатын емес. Жылтыр кара сол екі ортада тағы бір теуіп үлгерді. Зілдей етік жүрек тұсынан тиген еді, дем ала алмай тұншықты. Құты қаша қиналып, қайта-қайта лоқсыды. - Жетер! - деді Айдархан. - Өлтіріп алармыз. Ал бұл маған керек Нарбай ұмтыла түсіп іркілді. - Көзін құрта салу керек, - деп кіжінді. Мырзаш біразға дейін өзіне-өзі келе алған жоқ. Әлгі қатты тиген соққы ішібауырын езіп жібергендей, тынысы тарыла береді. Ана ит неткен қаныпезер еді. Ал Айдархан өзіне бірдеңе дейтін секілді, даусын еміс-еміс естиді. Жанарына шоқтай жанған қорқау көз тікендей қадалып тұр. Дәлдеп тұрып соққысы келді, бірақ қолы өзіне еркін бағынады, көтеріле беріп сылқ ете қалды. Гүлімнен дәмелі есірік үсті-үстіне айғайлайды. Жағдайы енді шынымен қиындайын деген шығар. Екеуі құлаған ма-зар үшін өш алмақ болса, ұрыпұрып айдалаға лақтырып тастап кетсе, өлгені емей немене. Қырық қызға бас болған Қырмызы қыз ұзатпаған екен ғой алысқа. Жеткен екен ғой. Айдархан бейнелі құбыжық, Нарбай пішінді жауыз болып кезіккен екен ғой. Жаны күйзеле ыңыранды. Зауал бұл. Қырмызы қыздың зауалы. Ал Айдархан зілдене күркірейді. - Айтпаймысың, ә! Ал мен білемін кім екенін. Ол мына сен. Тіпті неге құлатқаныңа дейін белгілі. Мырзаш бар қайратын жиып, тағы да бұлқынды. Мана бір әзірде пайда болған жігер, бойын керней жөнелген күш қайда кеткен. Неге дәрменсіз? Біткен жері, жеткен жері осы ма? Айдархан жұлқып қалып, дізесінен шөктірді.
- Тыпырлама, әйтпесе үніңді өшіре саламын! - деп зіркілдеді. - Көрдің бе, жанды жеріне тидім білем. Сен, Нарбай, қанша зымиян болсаң да, менен сұңғыла емессің. Мына көрқап жеті түнде жапандүзде неге жалғыз жортып жүр деп, сірә да ойланған жоқсың. Ал мен әлгіден бері соны сарапқа салдым. Бұл мазарды көртышқанша тіміскелеп жүріп бірдеме тапқан.
Содан кейін белгілі емес пе. Сіңіріне ілінген оқымысты байғұс қой. Жарымаған сорлының көзі қызарып шыға келмей ме. Өзі ғана олжалауы керек, тірі жанға сездірмеуі керек. Сонда қандай амал тапқан дейсің ғой, мазарды құлата салса болғаны. Қираған мола кімге қажет, қайтып ешкім көз салмайды. Ал қалқайып тұра берсе, өзі секілді тағы бір көрқап табылмай ма. Қарап кеп жібереді де, бұдан бұрын қазған адамның не нәрсеге кезіккенін біле қояды. Бұл оқыған иттерден ештеңе жасыра алмайсың.
Енді ұқтың ба?
Жылтыр қара еміне таялды. - Не? Қалай дедің? - Мына оқымыстыңда көл-көсір қазына бар. Ол соны айдалаға тығып, ауылға түк көрмегендей қайтып келе жатыр. Нарбай таңдайын қақты. - Әй, сайтан-ай! Сезбейтінің болсайшы. Ал менің қаперімде түк жоқ. Өлтіре салмақ болдым ғой. Мырзаш бұрынғыдан бетер түршікті. Бұлар енді өзінен көмбені сұрап әурелейді. Тап десе, жерден қаза ма. Шынын айтар, бірақ сендіре алмас. Мүлде біткені осы, одан да құлаған мазар үшін кек алса, Қырмызы қыздың зауалы деп өтер еді өмірден. Енді қайтпек. Айдархан болса, өзіне дән риза. Мұны дізесімен бір теуіп жалп еткізді де жанына жайғасты. - Қазір асықпай жауап аламыз. Дымын құртып отырып шынын айтқызамыз. Әзірге диланып алайық. Жылтыр қара да дізе бүкті. Жантайып жатқан бөтелкелердің біреуін ашып кеселерге арақ құйды. - Кайф проходить! - деп қағып салды. Анау да іркілген жоқ, өңеші қыр-қыр етті. Тыжырынып отырды да: - Қайтала! - деп иек қақты.
Кеселер бұл жолы да тез босады. - Айт! - деді Айдархан Мырзашқа бұрылып. - Сөйле! Ол кеудесін зорға көтерді, екі қолымен жер тіремесе, құлап кететін түрі бар. Қос бүйірі қан қақсайды. Мыналар тағы ұратын болса, өліп те кетер. Дәл қазір шыбын құрлы қауқары жоқ. Безбүйрек Бетпақтың бүгінгі құрбандығы сірә өзі шығар. Қырық қызға бас болған Қырмызы қыздың осыншама қатал екендігіне сенгісі келмеді. Араққа уланған , зәбір мен қорлықтан азып-тозып біткен мүсәпір шағында соңғы рет, бар ынтық-зарымен егіле, есеңгірей жалбарынбақ болды. Құлаған, астан-кестені шыққан мазар Арқадағы көп молалардың бірі ғана еді ғой деді. Қазақтың қара шаңырағын қаусатпағанын айтты. Осынау ұлы шөлдің ит байласа тұрғысыз қиянында кесір-кесепаты өзінен тегі кем емес, екі күннің бірінде күнәға батып жүрген қарғыс атқыр қарақшылардың қолынан жантәсілім болса, аруағыңнан айналайын Қырмызы қыз, әділдік пе осының деді. Әлденеге сенді, әлденеден күдерін үзді. Қырмызы қыздың бар екеніне, алыста емес, осы маңайда жүргеніне иланды, оның мейірім-шапағатына бас иді, мейірім шапағаттың да өлшеулі екендігіне ден қойды, кеше алатынына көзі жетеді. Ал Айдархан тақымдап, талап барады. - Сөйле, иттің күшігі! Жылтыр қара одан бетер екіленіп алған. - Айт деймін! Не таптың? Қайда тықтың? Кесеге сарылдатып арақ құйды да аузына тосты. - Мұны мас қылып қатырайық, есінен айырылсын. Солай бір мәңгүрттенсін. Саңылауы барда қасарысып өледі. Мырзаш басын алып қашты, енді ішпеуі керек, енді ішсе сауға сұрауға да жарамас, ит қорлыққа төзбей жантәсілім етуге өзі асығар. Бәрін бүлдірер. Ал әзірге есінен жаңыла қойған жоқ, екеуінің тепкісі мен мына тосын сұрақ арақтың уытынан айықтыра бастаған. Кеудесіне қонып алған жылтыр қара бүркітше бүрді, салалы саусақтар жағын қарыстара сығымдағанда, аузын еріксіз ашты. Сұп-суық арақ суылдап құйылды. Тынысы тарылып бара жатқан соң, қақала-шашала жұтты. - Тағы да, - деді Айдархан.
Бұл жолы іші-бауыры өртенген жоқ, дүние қайтадан астан-кестен болып бара жатты. Енді қорлана да алмайтын еді, жыртқыштанған екеуінен рахым да күтпейтін, жалғыз ғана амал қалған болатын. Алысып өлуі керек, есе жібермеуі керек. Бір сәтке Қырмызы қызды да ұмытқан, осы кез күлпаршасы шыққан мазар да, бұл дегенде тарыла берген қарау дүние де, басынан бағы тайған өзі де қуыс қурайдай құны жоқ әшейін бірдеме болатын. Қанын ішіне тартып, кеудесіне қонып алған жылтыр қараға өшіге, дүлейлене ақырды. Бойдан қашқан бар қайрат қайта қоздағаны ма, жерден қаһарлана көтеріле беріп, бір бүйіріне ауната салды да, өкпе тұсынан сілейте теуіп өтіп, Айдарханға ұмтылды. - Кел сұрқылтай, қасқая қарсы шап, сескенбе! - деп қырылдаған. Ол ыққан жоқ, еңкейе беріп, иегінің астынан ышқына соқты, Мырзаш теңселіп барып түзелді, қайтадан төніп келе қалған жауының жағасынан ала түскен сәтте діземен қағып жіберіп, итеріп тастады. - Қаныңды ішемін! - деп барқырады. Дауысынан өзге түгілі өзі де шошынғандай еді. Енді бәрінен: бүл үшін құрып-суалып бара жатқан жарық дүниеден, орындап үлгермеген тоқсан тарау ойлардан, жанбай жатып сөнетін іңкәр сезімінен, осынау азын-аулақ өмірінде талай-талай сарсаңға салған өкініштер мен күйініштерден, жақсылықтың жағасына жармасқан қараулықтан, қараулыққа қауқары жетпеген жақсылықтан, адам деген санасы бар, рахымы жоқ, жүрегі бар, жібірі жоқ жыртқышқа ғұмыр берген жарым ес жаратылыстан өшін алатын кезі келген. Әлгінде ет тураған кездікті тауып алып, ұрымтал сәтті аңдыған Айдарханға жасқанбай атылды. - Нарбай! Нарбай! - деп шырқырады ол. Сол сәтте дүние әлем тарс етіп жарылып, кақ айырылды. Өкпе тұсы удай ашып, іле күйіп-жанып жүре берді . Жанарының алдыңда лап етіп тұтанған қан кызыл жалыннан басқаның бәрі үшті-күйлі жоғалған. Әлде бір сойқан күш жағасынан ала кетіп, безбүйрек Бетпақтың қиян шөліне қарай сүйрете жөнелгеңдей, жоқ, табанының асты күрп етіп ойылып, тұңғиыққа құлдырап құлап бара жатты. - Шыңырау! - деп ьпшқыңды.
Оған қалай тап болды екен. Біреу дәл құлағының түбінен үсті-үстіне айғайлады. - Қайда? Қайда? - деген жексұрын үн өзі тастай батқан шыңыраудың ішін арсыл-гүрсіл жаңғырыктырды. Ал мұның тіл қатуға шамасы жоқ. Әлдекімдер сызыла сыңсып жанынан өтіп барады. Қырмызы қыз бастаған қырық қыз ба екен. Солар ғой, әне өздері де көрінді, бәрі қара жамылған, тек Қырмызы қыз ғана ақ торғынға оранып алыпты. Жүзі қандай нұрлы еді, шыңырау ішінде көгілдір алау өріліп, діріл қағады. Тобығынан аса төгілген көлдей көйлегінің етегі бүлк етсе, саумалданып самал еседі. Бетін сүйріктей саусақтарымен көлегейлеп, қалқып кетіп барады. Соңынан тұра жүгірмек болды. Ышқына, жалбарына дауыстады. - Тоқташы ! Сәл кідірші! Қырмызы қыз аялдаған жоқ, қырық қыз да қайырылмады. Шыңырау іші күңіренеді, тұңғиық құрдым сай-сүйегін сырқырата егіледі. - Тоқташы! - деді Мырзаш тағы да. Жүрегі езіле, емірене айтты. Жанарынан жас парлады.
* * * Нарбай қолындағы қосауызды жерге лақтырып тастады, айналасына алақ-жұлақ қарайды. - Не болды, ә? Не болды, ә? - деп қайталай берді. - Сұңқылдама! - деп ызбарланды Мырзаштың жанында отырған Айдархан. Содан кейін басын көтеріп, көзіне үңілді. Жігіттің жанары жансыз еді, жүрегі де соқпайды. Жантәсілім еткені ме. Бойы мұздап сала берді, жерден сүйретіле көтеріліп, Нарбайға шүйліге қарады. - Түбімізге жеттің! Ол сілейіп тұрды да, қанға боялып жатқан денеге ұмтылды. Үркектеп кеудесін тыңдады. Тамырын ұстады, көп бытыра шұбарлап тескен төсіне шошына көз тікті де шар етіп кейін серпілді. - Құдай куә, әдейілеп атқан жоқпын! Қорқытайын деп едім! Жазатайым болды! Өлтірген мен емес! - деп зарлады.
Айдархан далаға жайылған дастарханға барып, бір кесе арақты сіміріп салды. Бұрылып Нарбайға қарағанда, ол үрейлене кері шегінді. Қандыкөйлек серігінің беті қабынып кетіпті , екі көзі жаналғыштың жанарындай кадалып, қуырып ала жөнелген. - Әй! - деді өктем үнмен. - Енді ешкімнің алдында да ақтала алмайсың. Шегірткеше шырылдамай, есіңді жи.
Нарбай аяғын санап басып таялды. Мырзаштың сұлап жатқан жансыз денесіне қарамауға қанша тырысқанымен , ырқынан тыс көзі түсті, оны не аяйтынын, не қорқатынын не болған іске өкінетінін білмеген меңіреу кейіпте сілейді. Өлген жігіттің жанары ашық қалған, онда ызбар да, жанталастың белгісі де, азаптың табы да жоқ еді, олардың орынына әлде сағыныш, әлде мейірім шапағы, өйтеуір дүниеге жаны жыли қараған жанның елжірей қалған сәті танылатын. Сол бір шуақ бұрынғыдан бетер қалтыратты. Айдархан : "Бері кел!"- дегенде селк ете қалды. Ол жерде жатқан қосауызды алып оқтады. Нарбайдың тұла бойы қалш-қалш етті. Мынау не істегелі тұр, мұны қоса құртпақ болғаны ма?! Бірақ Айдархан бүған көз қырын да салған жоқ. Байлаулы атты көздеп басып салды, жануар шұрқырап та үлгермеді, қақ мандайдан тиген бытыра сеспей қатырды. - Бензин әкел! Нарбай айтқанын екі етпей жүгіре басып орындады, ат лаулап жана жөнелді, кәдімгі ағаш секілді бытырлап тұтанып жатыр. Айдархан Мырзаштың денесін сүйреп әкеліп, үстіне тастай салды. - Бұл үшті-күйлі жоғалуы керек. Тірі жан таппауы керек, - деді Нарбайға. - Біздің басқа амалымыз жоқ. * * * Безбүйрек Бетпақ осы сұмдықтың бәрін жанары жасқанбай көрсе де, түк сезбегендей еді, тек қабағы ғана түйілген-ді. Мырзаш бұ дүниеден өткен түннің ертеңіне сонау Шу бойынан шұбырған жаңбырлы бұлт түнеріп келіп, көк долы дауыл шақырып, өзгеше бір зәр көрсеткен, шөл даланы ықтырып алмақ болған. Бірақ оған кәрі Бетпақ көне қойсын ба, дөңестеу жерінде селеуі, сайлауытта шалғыны, қыр арқасында жусаны жапырыла шайқалғаны болмаса, сортаңыңда сұп-сұр қуарып, құмдауытта сарғая сызданған, айылын да жинамай, құлазып жата берген. Қайдағы бір қаңғырған қара бұлт себездеді
екен деп, несіне елеңдесін, әредікте бір жаңбыр жауса, көк тәңірі бетіне түкіргендей жиренетін қалпына басты, үн шығармай, ұлан өңірде киігі де үрікпей сазбеттеніп алды. Ши басында ысқырынған жел алпауыт шөлдің қойны-қонышын сумаң-сумаң кезіп, ұры итше тіміскіленіп жүрді де, түнде өртелген ат пен адамның күлін бей-берекет шашуға ғана жарап, жаңбырдың алдында сап тиылды. Сыр-сыр еткен жауын Бетпақтың жалаңаш денесін де тітіркендіре алмаған. Ұлы шөлге ұлы тасқын керекті, көл-көсір нөсер тілер еді. Ол осылай бір тіленгелі талай-талай зар заман да, қабағынан қар жауған тар заман да, қайтып оралғыр бар заман да өткен. Тілегін берсе кәне?! Бетпақ деп безертіп, әуелден ерінін кезертіп, сорлата беруден айныған жоқ қой. Ұлы шөл қабағын қарс жауып алды. Қара бұлт қаз бауырынан сөгіліп, берекесі қашты. Жаңбыр ертеңіне де себездеп қана тұрды, одан арғы күні де маңдытқан жоқ. Үшінші таңда сауыннан соң өріс іздеген інгендей Арқа жаққа маңып бара жатты. Арада апта өткенде екі үйлі қойшы ауылдан жалғыз салт атты сар желдіріп шықты. Жетегінде жүк артқан бақырауық түйе бар. Атан аяғын әр жерден бір тастаса, бос байлай салған шелек қабырғасын қаңғыр-күңгір сабалайды. Қос өркештің екі жағына ұзыннан таңылған керегелер біресе құйымшағына, біресе мойнына қарай ауғанда, бұйдасын үзіп жіберетіндей жұлқынып, айналасына жынын шашады. Бәтшағардың қиястануын! - деп қырсықты Құсайын. Екі-үш күнгі жаңбырдан ешқандай белгі қалмаған даланы жанарына сыйғызып тұрып күрсінді. Өңі сынық, шеке тамыры білеуленіп, әне-міне жарылып кеткелі тұр. Ол көңілсіз еді, өзінің осы уақытқа дейінгі қоңыр төбел өміріне де мүлде риза емес-ті. Не шалқып, таспайтын, не жалп етіп сөніп қалмайтын, тозған арбаға жеккен кәрі өгіздің митың-митың жүрісіндей өне де қоймайтын жылымшы күндер жерітіп бітіп еді.
Неге солай? Мұны түгендеп те болмаған, әйтеуір көңілі көншімейді, қоңалтықсиды, қызығы аз, шыжығы көп өмір түңлігі ашылмай, тірі пенде бас сұқпай құлазып қалған үй секілді түнереді де тұрады. Бұл көзін ашып, етегін жауып санатқа қосылғалы мына бұйдалы түйе тәрізді әлдекімнің жетегінде келе жатыр. Әлдекімдер бәрін өлшеп-пішеді, әлдебіреулер бәрін билеп төстейді, мұның пешенесіне бұйыртқаны бас шұлғи беру. Сан жылдар осылай өте шыққан. Мойнына қамыт кигізіп тыпыр еткізбей ауыздықтаған, шу десе желе жөнелер еді. Сауырына қамшы тимеуін ғана ойлар еді. Халықтың атынан айтып тұрмын деп, халықты ықтырап тастайтындардың көзіне қарауға дәті жетпес еді. Бүйткен тірлік кімге керек болған?! Басындағы тақиясын алып, сілкіп-сілкіп қайта киді. Құданың құдіреті шығар, міне ылғи осы, үнемі еңсесі түсіп жүргені. Оңаша қалсын, жол жүрсін, үй ішінде күйбеңдесін, - бәрі бір аршыла алмайды, өңкей қабаған ойлар жан-жақтан анталап, шабаланады да тұрады. Айдархан нысапсыздың ана күнгі иттігі де діңкені құртып біткен. Кәпір-ай десейші, Гүлімді арам ойлап алып қалмақ болды ғой. Сонда неге шарт сынбады, неге сойқан салмады. Жанында жылмиған жылтыр қара екеуін қамшының астына алсашы. Бар болғаны кіжінді, бордай үгіліп қорланды, терісіне сыймай тұлданды, бірақ күрт кете алмады. Бүгін де, ертең де күні түсетінін ойлап жер шұқыды. - Әй, шірік-ай, бұл ма, бұл да бір, мал да бір. Сол екі жын осыдан бір апта бұрын ауылға келгенде де ширыға алмай, айтқандарына бас шүлғи бермеді ме. Тегі қанға сіңген мүсәпірлік сананы билеп алатын болғаны ғой, өз намысыңды өзің таптай салуға кәнігі болғаны ғой. Сорлылыққа ұласқаны да. Қамшыны тістене сілтеп қалды, астындағы ат ыршып түсті. Түйе айдаланы басына көшіріп, қиястана бақырды. Қоңыр салқын күн арқан бойы көтерілгенше есті де тұрды, анадағы жаңбыр бұл маңға себездеп қана өтіп, басқа бір жерде төгіп салған болды.
Бәлкім шыңырау маңын ағыл да тегіл еткен шығар, жанға жайлы леп сол жақтан білінеді. Құсайын кеуде кере тыныстады, көкірегі сыздап кетіп еді. Қас қылғандай, Нұргүл де бауыр баспай қойды ғой. Ол түн баласы екі тізесін құшақтап үһілеп шыққанда, бұл дозақ отына шыжғырылып жатады. Жанын қоярға жер таппайды, сан мәрте үйден атып шығып, басы ауған жаққа безіп кеткісі де келген. Тек келіншектің қабырғаны қайыстыратын, сайсүйектен өтіп сандалтатын күрсіністерін естімесе болды. Бірақ қыбыр етуге шамасы келмей, ең болмаса төсекте аунап түсуге де дәті бармай сілейіп жатады да қояды. Нұргүлдің қиналған сәтіне куә болудан қорқатын. Әуелде келіншек осы күйіне көндігер, келе-келе үйренер деп те үміттенді ғой. Ал Нұргүл өзгермей дымын құртты, екеуінің арасы жақындаудың орнына алшақтай берді. Соған көзі әбден жеткенде, мұны басқа бір ой тұтқыңдады. - Байғұс-ау, тәуекел етсеңші, кетіп қалсаңшы, - дейтін болды. Іштей айтатын, оның мұңлы жүзіне қарап отырып, күн сайын сан мәрте қайталайтын. Әр кеште қойды ауылға қарай қаптатып келе жатып, Нұргүлдің үйде жоқ екендігіне, төркініне кеткеніне сенетін. Дәл солай болып шығуын жан-тәнімен тілейтін. Өзін де, оны да сағыздай созылған азаптан аршып алуға асығатын. Ал Нұргүл кетпеді. Ол да өзі секілді мұңсыз өмір кеше алмайтын, ауыр да ауыр ойларға малтыға-малтыға қажыған, қажып жүріп біржола көндіккен, алдағы күндеріне үміттенуден жасқанатын байғүс болар ма. Адам торықпасын, торыққан жан бәрінен, сенімнен де, мақсаттан да, мейірім-шапағаттан да, иман-сауаптан да жұрдай. Аспан бұлттан тазарып келеді, күн сәулесі өткірлене бастады. Бетпақтың төсін сергітіп өскен қоңыр салқын енді жоқ, даланың үстінде пәтуасыз сағым тіріліп келеді . Селеулі өңірде жолаушының серігі сол ғана, бұлаңдап шақырады, бұлдырап қашады, сірә да жеткізбейді.
Осы өмірде бір сенері Ханағаң еді, таяуда онымен де жүзшайысты. Бұл жөнін айтса, кергиді келіп. “Мазарды қайта көтерейік, қаусатып тастап қарап отырсақ, елдіктен кеткеніміз” - деген сөзі диуананың сандырағы болды да шықты. - Мен Бетпақтағы молаларға емес, алдыма салып берген екі отар қойға жауап беремін, - деп шалқайды. Шыңыраудың түбіне көшіп-қонып, мазарды ауыл-үй болып қолға алу туралы айта бастағаннан ат-тонын ала қашты. - Сен, сірә алжиын деген шығарсың. Ол жер қу тақырға айналғалы қашан, - деп шошыды. - Мұның арты не болатынын білесің бе?! Ана совхоздағылар тірідей түгін жейді. Әрине, сені емес, мені. - Онда, - деді бұл, - мені босат. Бар-жоғы екі ай. Соған дейін шаруаға бас бола түр. Қойды ана Нүргүл мен Гүлім ғой бағатын, тек көз қырын сала жүрсең жетеді. Ханағаң жібімеді. - Өйтіп жауапкершілігіме алмаймын. Ал тақа райыңнан қайтпайтын болсаң, менің ырқымнаи тыс кеттім деп есепте. Сұраған елге солай дерміз. Бұл сонда да сабырын сарықпаған, Бетпақ бір күн жауын, бір күн дауыл, екі әйел алда-жалда отарға ие бола алмай қалса, ел аман, жұрт тынышта басы дауға түспей ме. Сақтанғаны жөн-ақ, алайда мұны емеуірінен түсінуі керек еді. Ана жермен жексен болған мазар оны да өре тұрғызуға тиіс еді. Бұл далада екеуінің одан басқа қимасы қалмағанын ұғатын күнге жеткен жоқ па еді. Қой соңында өткен көп жылдардың іс-түссіз ғайып болып бара жатқанын, бұлардың өмірде бар-жоғы беймәлім екенін, адам шаруаны емес, шаруа адамды билеп-төстеп алғанын, дәйім солай бола беретінін, тәңірді былай қойғанда өзіңе өзің табына алатын бір лайықты ісің болмаса, бұл дүниеден еңіреп өтетіндігін түсінуі қажетті. Қайта көтерілген мазармен бірге мұның да өмірге жаңарып, бүкіл қам-қайғысынан аршылып, мүлде басқа пейілде қайта оралатынын білуі парыз еді. Былайғы ғүмырында көсегесін көгертетін одан өзге ештеңе қалмағанын сезіп аласұрғанын енді қалай ұқтырмақ. Риза емес қой бұл: күйбең-күйбең
тірліктің басыбайлы құлы екендігіне, сөзі есептеулі, қолға алар ісі есептеулі, ерік-жігері күрмеулі екендігіне риза емес. Құрышын қандыратын, құмарынан шығаратын әрекет іздеді. Бір сәт бәрін: өзін де, өзгені де әлді атаулы қойлы ауылға келіп-кеткен сайын бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай айна-қатесіз қайталайтын, құлаққа құя-құя ығыр еткен, әбден діңкелеткен құрғақ парыздар мен қарыздарын да ұмытқысы келеді. - Халық сізге көз тігуде. - Халыққа сіздің еңбегіңіз керек. - Халық бейнетіңізді бағалайды. - Халық үшін құрбан болайық. аяғы да жоқ жалаң ұран мезі етіп біткелі қашан. Соған қарағанда бұлар халық емес, халық деген қолмен ұстап, көзбен көруге болмайтын тылсым бірдеме. Халық осыны қалайды десе, қолыңмен от көсе. Өйткені сен халық емессің. Мен де тірі адам едім ғой деп реніш-күйінішіңді айтпа, жүре тыңдайды, себебі ол халықтың сөзі емес. Талайғы сырласы Ханағаңа да кейінгі кезде сондай-дерт жабысқан ба, аяқ астында аға шопандығын алдына тартып, шолақ белсенді бола қалды. Мұның іркілмейтіндігіне көзі әбден жеткен соң: “Қолхат тастап кет”, - деп шалқайды. - Қайдағы қолхат? - Тоқтатқаныма көнбегенінді, өз ырқыңмен кеткенінді жазып қалдыр. Түбінде екі отарға жауапты мен беремін. Сен қарамағымдағы адамсың. Шарт сынған жері осы еді. Үйге тұлан тұтып енді. - Гүлім! - деп айғайлады. - Жаз! Тура былай деп жаз! Қызы аңтарылып, жаутаң-жаутаң қарады. - Жаз! - деп дегбірі қашты. - Бір сөзін де қалдырма! Мен нөмірі екінші бөлімшенің қойшысы Салғара ұлы Құсайын, ендігі ғұмырымда бас еркім өзімде деп білемін. Маған тірі пеңде қожа емес. Совхоз директірі де, одан былайғылар да. Елуден асқанда өзіме азаттық жариялаймын! Ентігіп тұрды да: - Жаздың ба? - деді қызына. Ол таң-тамаша кейіпте басын изеді: -Оқы! Гүлім күмілжіп бастады.
- Дауысыңды шығар! - деп зекіді - Айғайлап оқы, естісін бәрі де! Қызы бір әрпін де қалдырмапты, түп-түгел. Міне, бұдан артық қандай қолхат болсын. Қағазды Гүлімнің қолынан жұлып алып, есігінің алдында әлі тапжылмай отырған Ханағаңның дізесінің үстіне атып ұрды.
* * * Сәске түсте ат шалдырды. Бесінде біраз жерді ұтып тастаған. Түнде айдалаға қонып шықты. Ертеңіне күн ысымай тұрып мазардың да қарасын таныды. Сол күні шыңыраудың түбіне күрке тігіп әбден орнығып алды. Оның алдында Қырмызы қызға тағзым етіп, мазарды төңіректеп көп жүрген. Шашырап жатқан кірпіштердің арасынан өлген қарақүс көзіне түсті. Айналдырып қарап еді, оқ тиген, ие аңмен жағаласып жараланған дейтін белгі табылмады. Биіктен сорғалап келіп құлаған тәрізді. Байғұс өзін өлімге неге қиды екен?! Кешкі салқынмен лайға ұра қазды, алақаны күлдіреп қалғанда да тоқтаған жоқ, құмдауыт қатқақ жерді қарш-қарш тілгіледі.Ал түнде талайдан бері алғаш рет тұяқ серіппей ұйықтады. Таң ата ат тұяғының дүбірінен оянды. Күркенің жаныңда Атбағар ерден түсіп жатыр.- Түнімен салдырттым, мына қүнанның жүйріктігі жеткізді мені. Жануар ақкөбік болды, - дейді. Құсайынның жүзі жылыды. - Ханағаң жібіген екен, - деді. Атбағар әкесінің келісімін алмай, ұрланып кеткенін айтқан жоқ.
* * *
Сарыала күзде Арқаның Бетпақ атты даласында, шыңыраудың түбінде
Қырмызы қыздың мазары қайтадан бой көтерді. Ол бұрынғысынан
қарабайыр еді. Құсайын қойшының қолтаңбасы байқалып тұратын еді.
Сонысымен де тартымды еді.
* * * Бұл өзі ертегі де, аңыз да емес-ті. Шындық еді, осы заманның ақиқаты болатын.
СОҢҒЫ ЖАЗ
(повестъ)
Ақшам жамыраған, қой қораланып, ел аяғы басылған шақ, төңірек желсіз мүлгіп, ұлан дала дамылға бой ұрды. Айнала келер түннің тынысын бағып дел-сал маужырайды, селт еткен бөгде дыбыс жоқ, тек анда-санда ауылға таяу жердегі талды өзен жақтан байғұздың күңіренген үні естіледі . Алыстан, әлде жақыннан үйірсек айғырдың шәңгірі талып жетіп, жусанды ен жазықтың төсінде мың сан жылқының тұяқ дүбірі көтеріліп басылғандай болады. Бар маңай сездірмей күңгірт тартып, кешкі аспан тұнжырай түскен, шалғайда зорайған Тасқоралы тауының ұшар биігіне бауырын жалата іркілген қазбауыр бұлт көрер көзге қорғасындай ауыр. Сол жақтан әредік әлде адамның, әлде басқа бір беймәлім жан иесінің үні ме, бір тылсым дыбыс жұғылып жетеді де, төңірек кеш қараңғылығында бұрынғысынан да тарыла түсіп, құлаққа ұрған танадай тына қалады. Есік алдында шоқиып отырған ақтөс ит ыр ете қалды, өрістен кеш қайтқан екі-үш сиыр қой қамаған тал шарбақтың жанынан өтіп барады. Қораның бұрышында сары ала мысық әлденені қыбырсыз аңдып жатыр, құлағын жымып алып, лып етіп атылғанда, қарсы алдындағы жапаның түбінен жалғыз бозторғай пырылдап ұша жөнелді, күңгірт аспанға көтерілген сәтте көзден ғайып болды. Кешкі шақта аулада бір үйлі жан бар едік. Атам әлгінде ғана ағытылған биелерді өріске айдап салып қайтқан, мініп келген күрең құнанның ерін алып, жүгенін сыпырып қоя берді де, іргеде жатқан жуан бөрененің үстіне барып отырды. Қолындағы тобылғы сапты қамшысын етігінің қонышына тығып, “уһ” деп аппақ сақалын тарамдады, екі көзі жылқылар қаптай өрген жалпақ жазықта. Әкем осыдан бір жыл бұрын сатып алған үш аяқты «Орал» мотоциклінің босап кеткен тетігін орынына қайта бекіте алмай әуре болып жатыр. Кілті жерге қайта-қайта сыңғыр етіп түсіп кетеді. Түсіп кеткен сайын шала бүлінеді. Әжем ұзын шибарқыт шапанын қымтана оранып, қарсы беттегі Айдарлы жотасының иығынан асып жоғалған жазғы күннің қанқызыл шапағына қарап үнсіз отыр, әредік “О, жасаған!” дейді, мұңлы күрсінеді. Жотаның үстіндегі биік тас мола алыстан зорайып көрінеді, қызыл іңірдің қаракөлеңкесінде анда-санда теңселіп кеткендей болады, біресе еңіске
қарай еңкейе аласарып, біресе етектегі ұлан жазыққа бой сала үңілген тәрізденіп, жанарды арбайды. Бәлкім былтыр, бәлкім одан арғы жылы атам маған ол туралы ертегіге ұқсас әңгіме айтып берген. Онысы қорқынышты еді, көпке дейін оңаша қалған сәттерде есіме сол оқиға орала кететін, көз алдымда қайдағы бір сұрқай елестер үрейлі көлбеңдеп зәрені алатын. Бәлкім сондықтан да болар, тас мола күңгірт шақта шынымен-ақ қараң-құраң қозғалақтап, алыста тұрып-ақ сескіндірді, есіме еріксіз атамның көне әңгімесі түсті. Ұзын саны жүзге тарта қарулы жасақ Айдарлы жотасының жонына шауып шыға келді де қалт тоқтады. Сығымдап қатты тартылған қайыс тізгіндер бырт-бырт үзілуге шақ калды, алқымдарын тер жуған, қаны қызып алған, мейіздей қатқан аттар мойындарын доғаша иіп, ауыздықты қарш-қарш шайнайды. Тағалы тұяқтар жотаның қиыршық тасын қашыр-құшыр тарпып, сирек көде мен жатаған бетегені топырақпен қоса бұрқ-бұрқ лақтырды. Топтың алдында оқшау тұрған, тұрқы есік пен төрдей әдемі құла ат мінген денелі жігіт қарсы бетке қас қақпай қарап қалған. Төмендегі жусанды кең жазықта қарасыны бір түмен атты әскер салып ұрып келеді. Ұлан жазықты шаңға бөктіріп, дулыға-қалқандары күн көзіне жарқ-жұрқ шағылысып, маңайды тұяқ дүбірімен дір-дір тітіркентіп, Айдарлыға жөңкіле тік тартқан. Өңмендеп, өшігіп ұмтылған, түсі суық, екпіні қатты, ұрынарға қара таппай бүлік іздеген қанқұйлы жаудың сиқы. - Батыр, не істейміз? Қарасұр дембелше сарбаз құла аттылының жанына келіп, етектегі жазықтан көз алмай, денесін жауып тұрған аймауыттың қаусырмасын түзеді. Ақ беренді тіл қатқан жоқ, үкілі дулығасын баса киіп, беліндегі қайқы қылыштың сабын сығымдады, шашақты найзасын ердің алдына көлденең тастағанда, өңі қан-сөлсіз қуқыл тартты. Қарақұрым қолдың алдында ақбоз ат мінген үйелмендей біреу оқ бойы озық келеді, соған тесіле қарап міз бақпаған, қарсы бетте қарулы жау емес, жадағай жұрт жатқандай сабырлы. Ал сұсты түмен өзеурей ұмтылып, екі ара сәт санап қысқарып, ұлан дала қусырыла тарылып барады. - Батыр! Қарасұр сарбаздың даусы бұл жолы қатты шықты. Құла аттылы селт етпеді, қайқы қылышты қынаптан сыңғыр еткізіп суырып алды. * * *
- О, жасаған! Әжем қабырғасы сөгіле күрсінді, көз алдымдағы сұсты көріністер сейіліп барады. Айдарлы жотасының жанындағы тас мола қоюлана түскен қараңғылыққа жұтылып, сұлбасы ғана танылады. Батқан күннің әлсіз шапағы діріл қаққан, батыс кемердің желкесінде, арқан бойы биікте жетім жұлдыз сөніп-жанады. Ымырт түнге ұласқан шақта отқа күйген терідей тарылған дала жым-жырт. Әкем мотоциклді жөндеп біткен болар, қолын жуып есік алдындағы жапырайған пештің түбінде жатқан жаңғырыққа барып отырды. Бей-жай мезгілде ешкімнің үйге енгісі келмейтін сияқты, бәрі үнсіз, бәрі түн алдындағы көлеңкелі далаға қарайды. Алыстан жалғыз жылқы кісінеді, дала күңгір-күңгір жаңғырықты. - Мынау әлгі күрең құнан шығар-ау. Үйірін таппағаны ма, әлде айғыр жолатпай жүр ме? - деді атам. Ешкім тіл қатқан жоқ, манадан бері бар-жоғы белгісіз болып көзіме түсе қоймаған шешем пештің жанында тұрған самауырынға су құйып, оттығына ағаш тұтатып салды. Тұрбасын кигізіп еді, қарағайдың қышқылтым исі көк түтінмен бірге көтерілді. Атам әлгі сөзі аяқ асты болып, жауапсыз қалғанына шамданайын деді ме, әкеме тесіле қарап тамағын қырнай беріп еді, жөтел қысып булығып қалды. Ол қолындағы жіңішке шыбықты бырт-бырт сындырып, өзімен өзі болып кеткен. Онсыз да шағын денесі кішірейіп кеткен бе, ұясына жете алмай, қанаты талған жеріне қона кеткен жаралы құс секілді жүдеу. Әкемнің мұндай күйге түскеніне біраз уақыт болып еді, жасы жүзге таялып, кейінгі кезде аурушаң бола бастаған атам ендігі көрер күні санаулы екендігін айтып, осы арадан екі жүз шақырым жердегі Жайылмаға көшуге, сүйегін туған топырағында қалдыруға бет бұрғаннан бері мінезі күрт өзгерген. Көп сөзге жоқ, шаруаға да қыры болмай, жоқтан өзгеге қабақ шытатынды шығарып алған. Осыдан үш күн бұрын аудан орталығына кетіп, мана түсте оралған, содан бері оның сөйлегенін көрген жоқпын. - Есекқырған туған ба? - деді атам Айдарлы жаққа қараған қалпы. Мұны әшейін айта салған тәрізді еді, артынша әкеме бұрылды. - Иә, ауданға барып, не бітіріп келдің? Әкем қолындағы шыбықтың соңғы сынығын лақтырып тастады. - Көшеміз! Дегеніңізге жеттіңіз ақыры! Бәрі, әжем де, шешем де оған жалт қарады. Ауа қоюланып, салқын тартып бара жатқан сияқты, айнала тым-тырыс бола қалған, әшейінде бір-
бірімен жарыса үріп, көлденеңдеп өткен көк аттылының бәріне үретін ауылдың сақ иттері де созбалаңдап түсіп келе жатқан түннің қабағын бағып бұғып жатқандай, әлде біз дәл осы сәтте төбемізден жай түссе де байқамайтын халде ме едік. - Көшпеске қойдыңыз ба, - деді әкем таусыла сөйлеп. -Бұл жерде жап-жақсы-ақ тұрып жатыр едік. Енді міне... Ол сөзінің аяғын жұтып қолын сермеді, бұл әңгімені әрі қарай соза түскісі келмеген шығар. Атам басындағы пұшпақ тақиясын алып, сілкіп қайта киді. - Рахмет балам! - деді содан кейін. - Көсегең көгерсін! Бұл менің соңғы тілегім еді ғой. Шешем самаурынның оттығына ағаш салуды ұмытқан сияқты, ол әлгінде сөніп қалған еді. Батыс кемерге жайылған қызылкүрең шапақ та суынып барады, енді даланың дидарын тану мүмкін емес, дел-сал тұнжыратып, бір беймәлім мұңды ойға бөктіреді. Сенің маған жасаған жақсылығың, ана немеремнен қайтсын, - деді атам даусы дірілдеген тәрізденіп. - Туған жердің қадыры бәрінен де артып, бәрін соның жолында құрбан еткізетін күн туар. Сонда тағдырдың тәлкегіне ұшырап, жолын кесіле көрмесін. “О, жасаған!”- деп күрсінді әжем. Енді маған таяу отырған ол кісінің түрін анық көру де қиынға айналған. Ақшам қызыл іңірге, ол ымыртқа қалай сездірмей ұласса, жазғы тымық түнде дәл солай жымын білдірмей жетіп, ауылды, оның іргесінен басталып шалқи жөнелетін ұлан жазықты тұмшалап тастаған. Мен оның салмағын да сезетін сияқты едім, ол өзіммен бірге тыныстайтын секілді, ара-тұра тұнжырай күрсіне ме қалай, әредік бетімді майда леп өбеді. Есіме тағы да атам айтқан ертегіге ұқсас әңгіме оралды.
* * * Бір түмен әскердің алдында оқ бойы озық келе жатқан үйелмендей найзалы Айдарлы жотасына ат басын тіреп бірақ тоқтады. Таудың кішігірім шоқысын көтеріп алып, ақбоздың үстіне қондыра салған секілді. Ақ беренді басындағы дулығасын түзеді, қынаптағы қылыштың сабын қолы еріксіз іздеді, атсоқты болып ұзақ жортқанда ауырлап кететін аймауыттың салмағы сезілмей, денесі бір сәт жеңіл тартты. Азамат атанып, ат жалын тартып мінгелі көріп келе жатқаны атыс-шабыс болса, қылыштың жүзі мен найзаның ұшында қалтыраған өмір талай мәрте сөніп жанған. Бұл жолы соның бірі шығар, иен даланың төсінде тағы да жан беріп, жан алысар, тек.
Тұтасқан қолдың дүбірі төбе құйқаны шымырлатып, жүректі дүрс-дүрс соқтырады. Ат тұяғы көтерген қою шаң ұлан даланың төсінде тұман боп тұтасып алған. Қалың қол таудан құлаған қара жартастай жөңкіліп келіп, жотаға тіреле іркілгенде, табанының астындағы тастақ жер сілкініп басылғандай болды. Үйелмендей найзалы оқыс гүр етті. Жекпе-жек! Жекпе-жек! Батыр тақымын қысып, құланы секірте алға суырылып шықты. - Біз жүз, олар мың, - деп үлгерді Қарасұр сарбаз. -Артын ойла батыр! Ол бұлай демекші емес еді, батырдың енді алған бетінен қайтпасын да білген, бірақ... - Доғар! - деп ақырды ол. - Доғар! Жүзің бас сауғалап кейін қайтқанда, қатарыңа қосылар мыңды қайдан табасың?! Сарбаз қаны қаша тістенді. Бір уытты ыза мен удай ащы өкініш өзегін өртеп барады. Мына сесті жаудың ел шетіне ілінгені туралы суық хабар бұларға әлдеқашан жеткен. Сонау Шу дариясынан шауып шығып, Бетпақтың безерген даласын кесіп өткен жаушы жігіт өзін ондағы елдің арнайы жібергенін, бұл жолғы қатердің беті жаман екенін айтып, мұндағы қабырғалы қазақты тізе қосуға шақыратынын жеткізгенде, батыр миығынан күлген-ді. Жауабын келте қайырған. - Қатын бөксе, қысық көз жоңғардан үркіп, үрейі ұшқан ел Алаштың қай жыртығын жамауға жарамақ. Қорықса тақымымның астына келіп тығылсын! Қарасұр сарбаз соны еске алған. Еске алып тұрып қылышын тасқа шапқан. Енді бәрі кеш. Батырдың қаһарлы даусы жер жарғандай болды. - Мен Толағай! Жекпе -жек! Жекпе-жек! Үйелмеңдей найзалы боз атын аспанға қарғытып, ауыздығымен алыстырды. - Мен Домбай! Жекпе-жек! Жекпе-жек! Қарулы түмен құтырына ұрандап, ұлардай шулады, аспанның асты екіжақтың “аруақтаған”, “домбайлаған” айғайымен жаңғырып бас айналдырды. Жоңғарлар қалқандарын шолақ шоқпарлармен еліре ұрғылағанда, жауынгерлердің астарындағы жарау аттар жанарлары шоқтай қызарып, үрке, шошына осқырынды. Бір-біріне қарсы шапқан құла мен боз таяқ тастам жер таялғанда қалт тұра қалысты. Үйелмендей жоңғар қысық, жымысқы көзін батырға қадап мырс етті, күшіне сенгені ме, әлде қарсыласының мысын басқысы келгені ме,
ат үстінде шалқая қарқылдады. Бүкіл түмен оған қосыла шулады. Қарасұр сарбаздың қаны басына шапты. Боз ат құлаға бүгіле атылды. Есік пен төрдей шашақты найза батырдың кіндік тұсын дәл көздеп төніп келеді. Жасы қырықтан асқанша мұңдай қоқайдың талайын көрген Толағай бойын тез жиып алды, болат сүңгісін оңтайлы ұстап, жауының найзасын шалт қағып тастады. Екі ат жанарлары жарылардай шатынап, бір-біріне өшіге құтырынып өте шықты. Едәуір жер ұзап барып қайта айналғанда, жалы иесінің кеудесін жаба жайылған құла аруақтанып алған еді. Батыр мына жекпе-жекті баяғыдан тағатсыз күткендей құшырланды, найзаны басынан айналдыра бұлғап, кеудесін керіп бара жатқан ащы айғайға басты. Бұл жолы кезек мұныкі еді, үйелмендей жоңғар өңкиген денесіне үйлесе қоймайтын ептілікпен жүрек тұсына тура кезелген найзадан жалтарып кетті. Тағы бір бетпе-бет келгенде, екеуінің найзасы сарт-сұрт қайшыласып барып екі жаққа ұшқан. Батыр қылышқа қол салды, жоңғардың қайқы семсері де жарқ-жұрқ етті. - Мен Домбай! Ажалыңа тап келдің!- деп қаһарланды шауып келе жатып. - Мен Толағай! Түбіңе жетпей тынбаспын! - деп тістенді батыр. Қайқы семсерді қағып түсірмек болып, құштарлана сілтеген қылышы қалқанға сарт етті . Сол сәтте... Сол сәтте біреу иығымнан жұлқып қалған. Шешем екен: ұйықтап қалғаннан саумысың, үйге кір, - деп самауырын жаққа кетті. Атам да, әжем де, әкем де жоқ, есік алдында жалғыз қалыппын. Түн қараңғылығы бұрынғыдан да қоюлана түскен, үйді айнала қоршаған шарбақ зорға көрінеді, пештің жанында ақтөс дүрегей, қайдан тауып алғанын кім білсін, сүйек кеміріп жатыр. - Тәңірі-ай! - деді шешем самауырынның тұрбасын алып жатып, - ақыры көшетін болғанымыз ба?! Балалар туып-өскен жерінде көктей алмағаны ма?! Салбырап үйге кірдім, туған жер деген сөзді естігенде жүрегім шым ете қалған, ештеңеге зауқым соғар емес. Күбінің жанында тұрған шелектен қымыз құйып ішкен болып, атамның ескі тонына оранып жата кеттім. Ес білгелі көрген-баққаным өзіміздің шағын ауыл ғана, одан басқа жердің мен үшін бар-жоғы бірдей. Осы арадан жүз шақырым шамасында аудан орталығы бар екенін, оған дейін ұлан жазық пен қия тасты биік жоталар алма-кезек алмасып жататынын, әр жерде қойшылардың бірліжарым қыстауы кезігетінін колхоз бастығы Иманның өзіммен түйдей құрдас
ұлы Аманнан естігенім болмаса, түсіме де енбеген нәрсе. Ол колхоздың бетке ұстаған жалғыз жүк машинасы тақымынан түспейтін әкесімен бірге жаз бойы қыдырады да жүреді. Көрген-білгендерін бізге жыр қылып жеткізеді, сансаққа жүгіртіп, сапырылыстырып айтқанда, аузымыздың суын ағызатын. Соны естіп, беймәлім жұртқа барымызбен қызығып отырып, ай даланың төсінде бұлтиған кішкене қоңыр төбенің беткейіндегі жұпыны ауылымызға бұйыға қараушы едік. Айшырақ деп аталатын осы шағын ауылда небәрі жиырма шақты үй бар. Күнде ертемен жиырма үйдің ауласындағы жерошақтан көгілдір түтін өріліп, күнде кешке жиырма үйдің терезесінен май шамның әлсіз жарығы жылтырайды. Біз үшін осы жатаған шым үйлердің өткені мен бүгінгісі, тіпті болашақтағы тыныс-тірлігі егіздің сыңарындай ұқсас болып көрінетін, ешкімді жатырқамайтынбыз, ешкімді
шеттетпейтінбіз. Ауылдың адамдары бір әке, бір шешеден туған ағалы-інілі бауырлар секілді еді. Мекен жайымызға сырттай қарасаң, бірі ақ балшықпен, екіншісі сиырдың жас жапасы қосылған лаймен сыланған аласа үйлер төбе басына тарыдай шашыла өрмелеп бара жатқан тәрізді болады. Олардың бірі етекте, бірі бел ортада, екі-үшеуі ғана төбенің басында. Кейін аңғарсақ, олардың бұлай әр тұсқа тарылып кетуі шаңырақ иелерінің бедел-атақтарына сай келеді екен. Ауыл колхоз орталығы болғандықтан төбенің дәл төбесіндегі үш бөлмелі үйде шаруашылықтың бастығы Иманның тұруы лайық қой. Сонымен қанаттасып есепші Жарылғап пен мал дәрігері Қуанышбектің үйлері бой көтерсе, несі ерсі. Жеті жылдық мектептің директоры - менің әкем заты жуастығын істеген шығар, қонысымызды олардан сәл төменнен салыпты. Қақпадан шыға келгенде, қолындағы добың жерге түсіп кетсе, домалап ала жөнеледі, жолыңдағы қатпар тастарға соғылып, секеңдеп барып, етекгегі майда қарағанға тіреле бір-ақ тоқтайды. Бізбен терезе теңестіре тұрған үй дүкенші Жарылғаптікі. Ал одан төменде мұғалімдер мен орманшы, кітапханашы, мектептің жанындағы интернаттың күзетшісі сияқты қатардағы адамдардың қора-қопсалары іркестіркес орын тепкен. Кейде олар аяқ астынан бөлектеніп: - Біз ой ауылымыз,- деп шыға келетін. Ондай кезде біздер қыр ауылы атанып, етек-жеңімізді жинап ала қоюшы едік. Шекараны бұлай ап-айқын етіп бөліп тастау көбіне түкке тұрмайтын реніштерден соң болады. Балалар төбелесіп қалады, немесе үйінің бұрышына сүйкеніп жатқан біреудің сиырына әлдеқандай шайпау әйел айыр лақтырады, не қонақ шақырысқанда орманшы, әлде күзетші жұрттың ішінде жоқ болып шығады, қойшы әйтеуір ит таласса да алакөздік
туады. Бірақ мұндай өкпе-дау бірер күннің ішінде су сепкендей басыла қалатын. Содан кейін ой-қыр деген ұғым мүлде ұмытылып, бұрын-соңды болмаған ерекше жарасымдылық сүттей ұйып шыға келер еді. Осындай өзіндік мінез-құлқы бар жиырма шақты үйді тарата қондырған төбенің күн шығыс жақ етегін жанап Ата-су өзені ағады. Бұл арада, тегі ағады деу артық та болар, өйткені өзен шілде айы тумай тартылып, бөлек-бөлек қарасуларға айналады. Көктемде су күркірей тасығанда ғана толатын, одан кейін құмдақ, тастақ табаны көріне сарқылатын өзеннің арнасымен жарыса қалың көк тал өскен. Ол ауылдың да, өзеннің де, соған орай біздің, барлық балалардың да көркі еді. Айшырақтан қырық-елу шақырым жердегі Қызылтаудан басталып, сонау шалғайдағы Қылшекеңнің су қоймасына жетіп жығылғанша үзілмейді. Тоғай ішінің хош иісті шалғыны, жанға жайлы салқын саясы, сырт көзден тез оңашалап әкететін тылсым қасиеті кімді болмасын қызықтырмай, еліттірмей қоймайды. Қалың шілігіне қыз-жігіт жасырын енсе, сиқырлы сыбырлар еді, сыбырлап басылып, түк көрмегендей қайта мүлгір еді. Дала бойжеткенінің мөлдіреген жанарындай тұнық, ойдым-ойдым, қоғалы қарасуларда балық көп. Ертерек тұрып келіп қармақ салсаң, еңбегің еш кетпейді, ашқарақ алабұға да, асау ақ балық та, үркек көкжон да, қомағай шортан да табылады. Олар көбіне-көп балалардың ермегі. Шешелеріміз таңертең сиыр саууға тұрмастан ұрлана басып, бір-бір тал қармақтарымызды алып тоғайға сіңіп жоғаламыз. Содан түс ауа арып-ашып, ұстаған балығымызды жас шыбыққа тізіп үйге жасқана ораламыз. Мұндай балықшылықтың аяғы көбіне таяқ жеумен аяқталатындықтан, үйге жеткенше алда тағы қандай сыбаға күтіп тұрғандығын ойлаумен жүрегің лүпіл қағып, берекең қашумен болады. Ондай кезде, әсіресе ауылға жақындаған сәтте: — Шіркін ана Әшірбай шал сияқты емін-еркін балық аулайтын күн қашан туар екен? - деп армандаушы едік, жабыға күрсінер едік. Орманшы шалда бізге мүлде таңсық неше түрлі желбезекті қармақ, шортан ұстайтын, көздің жауын алатын жалтырауық, су ішіңде балық байқай қоймайтын капрон жіп, тіпті жібек ауға дейін бар. Ол кейде көңілі түсе қалғанда, бұл мол қазынасынан бізге де беретін. Әрине тегін емес, әрқайсымыздың қолымызға бір-бір желбезекті қармақ ұстатып, мал қорасының айналасын тазарттырады, қой қамайтын шарбақтың қиын ойдырады, тоғайдан қу тал кескізіп тасытады. Бізге ол жүк болып па, ондайда шалдың баласы жоқ екендігі еске түсіп, жұмсаған шаруасын ықыластана істеп тастаймыз.
Қарт жұмысқа өзара жарыса, білек сыбана кірісіп кеткен бізге сырттай қарап тұрып, әредік қабырғасы қайыса күрсінеді. - Сендердей қолқанаты, үрім-бұтағы бар әкеде қандай арман болсын! - деп жанары жасаурап, аяқ астынан жүдеп қалады.
Оның бұл сөзін кемпірі, шайпау мінезді Қабира естісе, жаулығының ұшымен көзін сүртіп, әлденені айтып күңкілдеп, аяқ-табағын салдырлата бастайды. Кейде оның арты дауыс қойып, тұқым-тұяқсыз қалдырған тәңірдің жер-жебіріне жетумен тынады. Мұндай кездері Әшірбай шалдың құр сүлдері қалады. Жиі уһілеп, бүйірін таянып алып құдайды қарғай жөнелген кемпіріне ызалана әрі мүсіркей қарап, жанын қоярға жер таппай кететін. Ондай ауыр сәттер біз үшін де оңай емес. Ышқырымызға орап тыққан желбезекті қармақ жүрегімізге қадалғандай дегбіріміз қашып, бір-бірімізге ұрлана қарап берекеміз кетеді. Әшірбай шал соны байқап қалатын болар, мұндай кездері: -Жә, жетер үйлеріңе бара қойыңдар. Көп жасаңдар, айналайындар! - деп таратып жібереді. Кеше ғана дәл солай болып еді. Бұл жолы қарттан үш қармақты жалтырауық алып, есепші Жарылқаптың өзіммен түйдей құрдас баласы Боран екеуміз қорасының төбесіне қорда салып жүргенбіз. Қарт біразға дейін бізге өзі көмектесті де, әлден уақытта: - Белі құрғыр сынып барады, -деп анадай жерде тұрған арбаға барып отырды. Жай отырмай өзімен-өзі күңкілдеумен болды. Оның бүгін әлденеге ренішті екенін мана бізді ойнап жүрген жерімізден шақырып алып, жұмысқа жеккен кезден-ақ білгенбіз. Қабағы түйіліп, бетіндегі әжімі көбейіп кетіпті. Әлі де сол қатулы қалпынан өзгере қоймаған. Бір кезде даусы қатты шығып кетті. Жерошақ жақта жүрген кемпіріне айғай салды. - Арбаға бұзау байлама дегенім қайда?! Жетегін енесі басып сындырып тастапты. Саған айтылған сөз құмға сіңген сумен бірдей-ау! - деп ашуға мінген. Шалының сөзін аяқсыз қалдыратын Қабира бар ма, екіленіп шыға келді. - Осы үйде шыбық сынса да маған шүйліге кетесің! Қураған қу дүниені кімге мұра ғып қалдырайын деп едің! Алма мазамды! - деп шаңқылдап қоя берді Қарт қайта сөйлей бастап еді, аузын аштырған жоқ. Баяғы гөй-гөйіне басып, құдай қарғаған жан екенін, өмірден қу бас өтіп бара жатқанын, оны өзге емес, өз күйеуі күнде бетіне басатынын айтып зарласын келіп. Әшірбай
шал бұл жолы бұрынғысынша салы суға кетіп жүдеген жоқ, арбаның сынық жетегін ызалана бір тепті де, үйдің артындағы тоғайға қарай жөнелді - Не істейміз? - дедім аңғарылып қалған Боранға. Ол аяғын кіжіне басып қалың талға еніп бара жатқан шалға, сай-сүйектен өтетін сөзінің соңы жылауға айналған Қабираға кезек қарап желкесін қасыды. - Жұмысын бітіріп кетейік, - деді содан соң. - Қам көңіл адам ғой, осылай тастап кетсек одан бетер күйзелер. Оның бұл ақылы көкейге қона кетті. Іске бұрынғыдан да құлшына кірістік. Айналасы бір сағаттай уақыттың ішінде шаруа бітті де. Ентігімізді басып алған соң, қарт берген жалтырауықты сынап көргіміз келді, салып ұрып өзенге жеттік. - Ананы қара, - деді Боран өзіміз ылғи балық аулайтын үйреншікті жерімізге таяла бергенде. Бұл араның бұрынғы биік жарқабағы көктемде су тасығанда құлаған болатын, өзеннің арнасы осы тұста кеңіп, шымырлап ағып жатады. Жағаға таялған жері түйе бойламайтын терең, иірімдене дөңгеленіп, қаракөк түстеніп, қараған көзді сескендіріп тұратын. Иірімге тап келген ағаштың сынығы, қамыс, жапа, не болса да су түбіне шым батып кете барады. Бірде дүкенші Жарылғаптың киіз қалпағын да жалмап алған. Араққа сылқия тойған ол үлкен ұлы Кәкенді іздеп жүріп, балық аулап тұрған бізге келе қалмай ма. Аяғын зорға басады, тілі күрмеліп кекештеніп, ықылық атады. Бетаузы қазаннан жаңа ғана алған майшелпектей жып-жылтыр. - Әлгі біздің жүгірмек қайда? - дегенді үзіп-жұлып әрең айтты да, менің қолымдағы қармаққа жабысты.
- Әкел, жайын ұстап берейін! Қармақты өзінше шиыра лақтырмақ болып, құлаштап сермеп қалғанда, суға құлап кете жаздап, бойын әупірімдеп зорға тіктеді. Басындағы қалпағы ұшып кеткен, ағараңдап ағып барып, иірімге ілікті де, сол сәтте әлдебір жалмауыз аждаһаның аранына тап келгендей суға шым батты. Жарылғап қармақты лақтырып тастап состиып тұрып қалды, жып-жылтыр беті теңбілденіп, нарттай боп қызарып кеткен, көзі шарасынан шығып барады. - Қалай-қалай қыжытады? - деді танданып. Содан кейін костюмін асығыс шешіп, қалпақтың соңынан жөнелтті, ол да су бетінде көп аялдаған жоқ, иірімге батты да кетті. Артынша Жарылғаптың былғары етігімен көйлегі де соның кебін киді.
- Ғажап! - деп тандайын қақты ол суға төне үңіліп. - Қазір секіріп кетсем ғой, мені де қылқ еткізеді. Содан кейін қолын бір сілтеп, барқыраған зор дауысымен әнге салып, ауылға қарай теңселе басып жөнелді. Әшірбай шал тура сол иірімге қарап қимылсыз отыр, пұшпақ тақиясы көзіне түсіп кетіпті, бүгжиіп алғандікі ме, қыр арқасы құныстанып, құр сүлдері қалған. Бір кезде қос алақанымен бетін басып, қабырғасы сөгіле күрсінді. - О, тоба! - деді аһ ұрып. Біз не істерімізді білмей тұрып қалғанбыз. Мен қарт кемпірінің шайпау сөзіне, тәңірге ғана жарасатын жалғыздығына күйініп, суға кетіп қалмақ болған шығар деп шошына ойладым. Боран да солай топшылаған болар, өңі бозарып, берекесі қашып кетіпті. - Кетейік! - деді түршігіп. Шал осы кезде бізді байқап қалды. - Бері келіңдерші, - деді бір мұңлы үнмен. Біз оны аяғанымыз, әлде қорыққанымыз белгісіз, жасқана жақындадық. Қарттың екеумізге қараған, қызарып кеткен жанарында біз түсініп болмайтын, бұрын-сонды не өзімізден, не өзгеден байқамаған шарасыздық пен қынжылыс райы бар еді. Оның сақал-шашы бұрынғысынан да ағарып кеткен сияқты көрінді, аппақ қудай болатын. Мен Боранның артына қарай ығыса бердім. Қарт қайтадан шымырлап ағып жатқан өзенге қарап кетті. Бойын тіктеуге тырысып: - О, тоба! - деп күрсінді. Ал тура аяғының астында, жарқабақтың түбін ала иірім үрейлі дөңгелейді. - Бара беріңдер, - деді әлден соң. - Үйлеріңе қайтындар. Біз үшін онымен тілдесу дәл қазіргі шақта қияметтің қиыны еді. Мұнысына қуанып кеттік, жалт бұрылып жүгіре жөнелгенбіз. Бірақ онымыз бекер екен, сол сәтте қарттың: -Тоқатай тұрыңдаршы! - деген жарықшақ даусы естілді де, жеткен жерімізде сілейіп қаттық та қалдық. Қарт қос қолымен жер таяна орынынан көтерілді. “Сендер енді біздің үй жаққа келмей-ақ қойыңдар, - деді өңі қашқан, жүдеген күйі. - Мен шақырсам да жолай көрмеңдер! Сөйтіндер айналайындар! Салымыз суға кетіп, әлденеге тұлан тұта түйіліп, ауылға қарай енжар аяндадық. Арқамызға біреу мың батпан жүк артып қойғандай қажып, титықтап келеміз. Кімге ренжіп, неге кіжіне шүйліккеніміз де беймәлім, қалайша бұлай сілеміз қата шаршағанымыз да жұмбақты, әйтеуір ішкі
әлеміміз алай-түлей. Көз алдымнан Әшірбай шалдың мүсәпір кейпі кетпей, одан әрмән құлазытады. - Мен дүкенші Жарылғап болсам, ана жетімек қартқа көп баламның біреуін бере салар едім, - деді бір кезде басы салбырап, тұнжырап келе жатқан Боран. Оның бұл сөзі жабығыңқы көңіліме жұбаныш секілді естіліп , көкейге бірден қона кеткен. “Япыр-ай десейші, -деп ойладым іштей, ауылдың адамдары бас қосып, Әшірбай шалдың жалғыздығын ескеріп, неге сондай ғажайып үкім шығармайды екен”. Бұл ойымды сол заматта Боранға жеткізгем. - Әй, оған екі күннің бірінде ішіп алып, шабынған бурадай құтырынып жүретін Жарылғап көнер ме, - деді Боран күрсініп. - Әне, қара, ол тағы да тойып алыпты. Нұсқаған жағына жалт қарадым, тап соның өзі, ішіп алса жер-көкке сыймай кететін адуын Жарылғап. Көйлегінің омырауы алқам-салқам жайылып, шашы қобырап кеткен. Қолындағы қамшысымен жерді салыпсалып қалып, әлдекімнің жеті атасынан бері қарай қазады. Оған мынадай арсыл-гүрсіл шағында қарсы келетін тірі жан таппайсың, жыны басылғанша осылай екі иығын жұлып жеп жүргені. Шындығында ұзын бойлы, денелі, әпербақан Жарылғапқа жанынан безген адам болмаса, кім қарсы келсін. Кытығына тие берсе, колхоз бастығы Иманның өзінің шаңын қаға салады. Әлдекімнің оның жәбіріне ұшырап, бастыққа шағынатынын айтар болса, дүкенші қарқылдап тұрып, ал кеп күлер еді. - Алда байғұсым-ай! Ой-хой бишаралық-ай! - дер еді. -Оның кім-ей айтып тұрған! Әлгі өзегіне құрт түсіп, қураған ағаш секілді семіп қалған Иман ба? Мүсәпірім-ау, сен менің ана аудандағы дөкейлеріңнен өзгеге түкірмейтінімді білмейді екенсің ғой. Басекеңнің құны бізге беш тиын. Анау оның бұл ірілігіне жүнжи қоймаса, Жарылғап білекті сыбанып жіберіп, жұдырығын тұмсығына таяйды. - Мынау не! Жұдырық па, әлде гүрзі ме! - дейді тістеніп. Шағынған сорлының енді зіркілдеген шойын қарадан амалын тауып құтылудан басқа лажы қалмайды. - Гүрзі ғой, Жеке! Соның тап өзі! - деп кішірейеді. Ал осыдан кейін Жарылғаппен сөйлесіп көр. Әсіресе, зәру затты кемі бір жартылықтың құнын үстеп төлемей ешкімге босатпайтын, жай сөзге де, май
сөзге де, айтары көп бай сөзге де пысқырмайтын, ауыл-үйге үкімі жүріп тұрған пәленің бетіне келе көрме. Көңілі құлаған заты қолына түспесе, бұ дүниеден кенде болып өтетіндей құты қашып кететін әйелдер одан жарты шыны арақтың пұлын аясын ба, Жарылғапқа ым жасап үлгертпей-ақ өздері ұсына береді. Мұндай күндері оның думанды, оқиғалы дәуірі басталады. Кеңірдегінен келтіре ішіп алып, ойран-асырды салады-ай келіп, қайда ұрыскеріс, төбелес, іздеп барып ұрынады. Содан жұрт оны “қайда Жарылғап” деп атап кеткен. Ауылдағы екінші Жарылғаптың есепші екенін білесіздер. Ол содыр дүкеншіден де ірі, екі иығына екі кісі мінгендей балуан тұлғалы адам. Өтірік айтса, өз обалдары өзіне, ел: “Жарылғап ертеректе аудан орталығына барып, түнде қонақ болған үйінен кеш қайтып келе жатқанда киліге кеткен бес бірдей жігітті жалғыз өзі ұрып жығыпты. Тағы бірде құдыққа түсіп кеткен атты құйрығынан суырып шығарыпты. Батпаққа батып қалған жеңіл машинаны сүйретіп тастап жүре беріпті” - деседі. Кім білсін, рас та шығар. Оны өз көздеріңізбен көрсеңіздер, бұл қауесетке сенетіндеріңізге күмән жоқ. Атқа мінсе, шаба алмайды, астындағы жылқы зіл батпан салмақты көтеріп аяңдап отыруға ғана жарайды, Семіз қойдың табаққа төңкеріле салынған құйрығын алдына алып, ұзыншалап бес-алты бөлек етіп тіліп, бірінен соң бірін қылқ-қылқ жұтқанына куә болғанымыз бар. Абырой болғанда, қайда Жарылғаптың ұзын сойыл ұр да жық мінезін оған бермеген, әйтсе екеуі тізе қосып алып, қиғылықты салып кеп берсе, Айшырақта осы күні тірі пенде қалмас па еді, кім білсін. Ол жаратылысынан тұйық адам, өз шаруасынан басқаға араласа қоймайды. Жұпыны ғана шағын ауылымыздың кейде ынтымағы жараса қалатын ұйымшыл, кейде тасыған өзендей бұрқ-сарқ қайнап, арнасын бұзып ағатын құбылмалы тірлігінде оның біреумен түс шайысып, қатты сөзге келгенін көрдік деп күнәға батар жайымыз жоқ. Бүкіл ауыл адамдары сияқты біз де хал-қадырымызша сыйлаушы едік. Өйткені Жарылғап өзімізбен бірге ертелі-кеш өзен жағалап, үйге кейде ел жатуға ыңғайланғаңда, кейде ақшам жамырап, қой қораланғанда бір-ақ оралатын баласы Боранға біздің сіркесі су көтермейтін дызылдақ әкелеріміз сияқты таяқ ала жүгірмейді. Ұрысқан күннің өзінде дауысынан ызғар білінбейді, онысы майдалап ақыл айтқанға көбірек ұқсайды. - Тоғай кезіп, күнге қақталғанда не таптың. Балық аулағың келеді екен, жарайды. Тек балам-ау үйге мезгілінде келсейші, - деген тәрізді шыбынның шаққанына тұрмайтын бірдеме.
- Шіркін-ай, - дейтінбіз біз сонда, - әкеміз Жарылғаптай кеңпейіл болса ғой, екі дүниеде не арман бар?! Мұндай мұңлы қиялдан кейін әр бала өзінің әкесін жамандауға кіріседі. - Менің әкемнің бойы бір-ақ тұтам, ондай тапалдар шақар болады, - дейді кітапханашы Нобайдың баласы Аппаз. Ал соғыста болып, майданнан ауыр жараланып оралған мектеп-интернаттың күзетшісі Жақыптың ұлы Базарқұл бәрімізді шошыңдырады. - Біздің әкей қырғын соғыста өзінің де, өзгенің де қанын төккен. Ажалмен бірге түнеп, бірге тұрып жүрген. Ондай адамның ашуы алқымында тұрады, өйткені нервісі бұзылған. Ызаланғанда қолына түссең, фашистерді қойдай қырғаны көзіне елестеп, өлтіре салуы оп-оңай, - деп зәре-құтыңды қашырады. Әйтеуір Жарылғаптан оңды әке табылмайды. Бәріміз Боранға қызыға әрі қызғана қараймыз. - Сен бақыттысың ғой, - деген сөз аузымыздан еріксіз шығып кетеді. Бұған ол жалы күдірейе марқайып, жүніміз жығылып, салымыз суға кетіп тұрған бізге мүсіркей қарайды. Ауыл бұл Жарылқапты тағы бір мінезі үшін сыйлайтын. Ол арақты татып алмайды, шылым да шекпейді. Осы қылығын жақтырмайтын тек Қайда Жарылғап қана. - Еркек емес, үйіп қойған бірдеме, - дейтін ол аттасы жайлы сөз қозғала қалса. - Арақ ішпесін, шылым тартпасын. Жақсы. Ал неге өйтетінін білесіңдер ме? Ойбай-ау, есін біліп, етегін жапқалы тиын санап, саусағын жалап келе жатқан бәтшағар емес пе. Бәрі есепте ғой. Әгеркім шылым тартатын болса, күніне жиырма екі тиын, айына алты сом аллауәкпәр. Одан да өлгені артық. Тап солай. Ол қайда Жарылғаптың бұл қыңыр сөзін талай жерде естіп жүрсе де шамданбайды. - Е, ол не айтпайды, - дейді де қояды. Оның осындай көнтерілігі мен үстінен түйе жүріп өтсе де сыр бермейтін момындығына, үлкен мен кішіге бірдей сыпайлығына тәнті болған жұрт Майда Жарылғап атап кеткен. Ауылдың әредік болып тұратын ұрыс-керісінен шеттеп жүретін тұйықтардың бірі - кітапханашы Нобай. Жасы алпысқа таялған бурыл шашты, маңғұл пішінді бұл тапал қара кісінің әкесі азан шақырып қойған есімі Кәрім. Шаруаға қырсыздығына, қолға алған ісі шілдің қиындай тозатын олақтығына орай ел оған Нобай деп ен таға салған. Төбенің еңіс беткейіндегі етекке қарай
қисайып тұратын шым үйі мен сырт қарағанда дөң болып үйіліп жатқан қора ма, әлде атам заманнан қалған ескі қорым ба, не екені айырғысыз қоражайын, ұзынды-қысқалы қараған, тал, тақтайдан домбарлай салған шарбағын көрсеңіз, оған Нобайдың жұрт қатарлы мал ұстай алмайтынын, Айшырақтың өрісі үйір-үйір жылқы мен қойға толып, ел не ішіп, не жерін білмей отырғанда, тісі қызылға тимейтін кедейлігін қоссаңыз, Кәрекеңе бұл атты қойған адамның данышпандығына құлдық ұрар едіңіз. Сіздердің ауылдарыңызды қайдам, біздің Айшырақ біреуге қисыққыңыр ат қоюға келгенде алдына жан салмайды. Үлкендерден бастап қатын-қалаш, бала-шағаға дейін жанама есімдері бар. Соған құлағымыз үйреніп кеткені соншалық , өзіміздің бұрынғы атымызды бұл күнде ұмыта бастаған сияқтымыз. Ауыл адамдарын әуелгі есімімен Иман Қадыр, Ерден, Қуанышбек деп шақырар болмаңыз, олар: - Мына байғұс не тантып тұр. Бұлары кім? Жынымен сөйлесіп тұрғаннан сау ма, өзі, - деп бетіңізге шүбәлана қарауы, сізді есі ауысқан жанның қатарына қоса салуы ғажап емес. - Сізге ашарық Иман керек пе, оны Инелік деңіз де қойыңыз, жасыңыз кіші болса, Инеке деуге толық хақыңыз бар. Біз оны солай сыйлап, осылай құрмет көрсетеміз. Ал қара домалақ, қолды-аяққа тұрмайтын пысық мұғалім Қадыр бұл күнде жоқ, оның орнында Жылтыр деген, екі иығын жұлып жеп жалақтаған біреу жүр. Сөзіне де, ісіне де су жұқпайтын, көзіңізді бақырайтып қойып тұрып, тыр жалаңаш тонап алса да ізін кестірмейтін Қақаңа бұдан басқа есім қойып, есіміз кетіп пе. Оның ғажаптығы сол, малын қасқыр жемейді, ұры алмайды, бір жылқысын да шетінетпей соғым сояды, қолы да, сөзі де ұзын. Қайда жиналыс, қайда айтыс, соның нақ төрінде екі қолын кезек сермеп, көпіріп сөйлеп тұрғаны. Реті келсе айламен шалып жығады, не көрсетіп жіберетінін көлденең тартып, үрейін алып жығады. Ал бірде бағы жанып, мектеп-интернатқа директор болып шыға келген, ондағы көзге ілігіп, қолға ұстауға жарайтын жылы-жұмсақтың бәрін жылға жетпейтін уақыттың ішіңде өңешінен өткізіп үлгерген, көлденең жатқан көк жіпті қыстыра кетуді көп көрмейтін Ерденнің қай кезде Жылым болып шыға келгені есімізде жоқ. Әйтеуір бірде Жықа, бірде Жіке деп жүргеніміз хақ. Оған Ердекең бастапқыда жатып кеп тулағанымен, көптің аузына қалай қақпақ қойсын, бұл күңде лақап есімі аталса: - Әу! - деп елеңдей кетеді. Сарқа айтатын болсақ, осылай жалғасып кете береді, тіпті бесіктен белім шыққанына он үш, он төрт жылдың жүзі енді толған менің де желімдей
жабысып қалмай қойған құйтырқы атым бар. Оны айтуға жүрегім дауаламай отыр, өйткені оңып тұрған жоқ. Айшырақ ауылы туралы әрі қарай әңгімелегенде, оның малға да, жанға да жайлы жерге орын тепкенін айтпай кету күнә болар. Шағын төбенің сол жақ қапталында қалың қараған қаптай өскен, аумағы атшаптырым жерді алып жатыр. Арасы ойдым-ойдым көделі, қияқты алаңқай болып келеді, малдың қысы-жазы бірдей оты қанатын шүйгінді өріс. Аңға да кенде емес, қояны мен қарсағы, борсық пен күзені қойдай өреді. Осы қалың қарағанды қақ жарып өтетін қара жолмен тура тартып отырсаңыз, дала бірте-бірте биіктей береді де Бекбайдың қотыр тасты жонына тіреледі. Сол арадан бір шеті Қызылшоқы, бір шеті Ақтауға барып ұласатын тақыр жоталар басталады. Олардың әрқайсысының көкейге қона кететін көрікті аттары бар, Қорған, Қызылтас, Ақсай, Райыс ... осылай тізбектеле береді. Сол жота-жондардың арасы шалғынды сай-сала болып келеді, ел жаз бойы шауып тауыса алмайтын көлкөсір шабындық, ойдым-ойдым қайың мен терек, сылдырап аққан мөлдір бұлақ таяқ тастам жер сайын кездеседі. Қуысқойнауларда тұтаса өскен бұйра көк тал, арасына сыналап енсең, қарақаттың, мойыл мен бүлдіргеннің қышқылтым хош иісі аңқып қоя береді, шалғынын жалдай жүрсең, сарымсақ пен қымыздық көз тұндырады. Сай табанын кесіп өтіп, жонға өрлегенде, маңайын қалың қияқ, биік ши қоршай өскен, жерден қылтиып шығып түрған жал-жал қызғылт тастар көзге түседі. Олар елдің айтуынша бағзы замандағы қалмақ пен жоңғар шапқыншылығында шейіт болған сарбаздардың қабірі. Жұртты ханталауға салған жау да, жерін, жанын жалдап қорғаған қазақтар да өлген жауынгерлерді ұрыс даласының әр пұшпағына көміп кете берген.
* * * Атамның ескі тонына оранып жатып ауылдың, оны төсіне қондырған шалқар даланың өзім білетін ой-шұңқырын ойша кезіп келіп, сол тас молалар еске түскенде, Айдарлының етегінде бәлкім болған, бәлкім болмаған қанды қырғын көз алдыма қайта елестеген.
* * * Сол сәтте үйелмендей жоңғардың семсері батырдың дулығасына сарт етіп, қатты тиген. Толағайдың көз алды. мұнартып кетті, қалқанын көтере
қорғанып, тақымын қысып үлгерген, құла алға серіппедей атылып, суырылып шыға берді. Бір түмен жоңғардың елірген есірік шуылы жер жарады. Домбай! Домбай! Батыр терісіне сыймай долырды, бар күшін жинап тізгінді бұра тартқанда, жануар бір орынында осқырына шыр айналды, жанарының алдындағы жалпақ дала төңкеріліп түсті. Үйелмендей жауы осал болмады, бұған қарсы сілтеген қылыштың тұла бойын қақырата тигені осы алғаш рет шығар. Болат дулыға болмағанда қара жерде қанға боялып, жатар ма еді, Толағай деген айбатты аты мәңгілік өшер ме еді, құлынынан қолында өскен, талай аламан бәйгелерде көсегесін көгертіп, ұрысқа түссе тақымында ұршықша үйірілген қайран құла шылбырын сүйретіп, күлдір-күлдір кісінеп, шұрқырап шыға келер ме еді. Бойын тіктей беріп, дұшпанын тұлан тұта іздеді. Ол тау қопарыла қозғалғандай болып тағы да төніп келеді. Батыр енді бәрін де ұмытты, өлімді де, өмірді де ойлаған жоқ, жауының қайраттылығы да естен шықты, дүлей өшпенділікпен ақыры ұмтылды. Қарш-қарш қайшыласқан қылыштардың жүзінен жарқ-жарқ ұшқын атылды. Әулетті қолда айбыны асқан көк болат қан төкпекке аласұрды. Алқымын ақкөбік жапқан құла бозды омырауымен қағып өтіп, жалт-жұлт жалтарды. Айнала беріп қарсы ұмтылғанда, қатты тартылған тізгіннің ырқымен аспанға шұрқырай шапшыды. Осы сәт боз ат алқымының астында қалып еді, батыр үйелмендей жоңғарға бір мезет төбесінен қарап, қылышты қиялай сермеген. Домбай қалқанын төсеп үлгере алмады, көк болат сол жақ иығына сыр-сыр тіліп барып білезікті қолын шынтағынан қиып түсті. Жаралы жаудың тұла бойы суынып сала берді, іле отқа оранғандай күйіп-жанды. Қысық көзі шарасынан шығып, жауына сұғына қарағанда, ол қаруын қайырыла беріп тағы да сілтеп қалған. Жандәрменде аттың бауырына қарай төңкеріле бұқты, сол сәтте жырынды боз құланың құйрығын жанай сырғып, ту сыртына шығып үлгерген. Батыр күреңді тақымымен шалт бұрып алдын орады. Жоңғардың қалқаны жерге сусып түсіп барады, сол жақ иығын қан жапқан, бірақ жүні жығылмапты, жалаң семсерін бұлғай сермеп барқ-барқ етті.
- Қан! Қан! Толағай ессіз долырған, қан тілеген, ашынған жауына таяла беріп, іркілді. Оның енді қорғануды, сақтықты ұмытып, жаралы жыртқыштай тайсалмай шабатынын сезген. Өлерін білген ер жауының мүрдем кеткенін
көріп барып көз жұмудан басқаны ойламайды. Дұшпанымен қанын жалдап жүріп алысады. Мынау қазір сондай күй кешкен.
Күрең ішін тарта пысқырынды, есті жануар өлімнің исін сезді ме екен?! Сол сәтте жоңғар өкпе тұсынан ұмтылып дүрсе қоя берді. “Қан! Қан!” деген сүреңсіз үнінің зәрі өңменінен өтеді, семсерін оңды-солды сермеп, өлермендене емінген шағында бұрынғысынан да қаһарлы еді, тегеурінін зорға қайтарды. Күреңнің ептілігіне салып, қос бүйірге кезек жалғарып, сытылып шыға берді. Домбай мұның осылай ығысқанына айызы қанғандай көзсіз кимелеуін одан әрі үдеткен, семсерін жай оғындай жарқылдатып, жалғыз қолымен алапат қайрат көрсетіп жүр. Қарасұр сарбаз батырдың неге сырғақтай бастағанын білмей дал болды. Қалқансыз жаралы жоңғарды соншама еліртіп қойғаны несі? Әлгінде ғана мүлде басқаша ұрыс салып еді ғой. Кеудесін бір алапат толқын қақырата кернеп бара жатыр. “Аруақ! Аруақ!” деп ұрандап шауып етекке түсті, елеңдеп жотаға шықты. Толағайға қаңды көйлек серігінің даусы гу етіп көтерілген құйыңдай ұйытқып жетті. Сарбаз біткен даланы жаңғырықтырды. - Қан! Қан! - деп қырылдады жоңғар. Ол енді мүлде құтырынып алған еді, сұйық, селдір мұрты тікірейіп, семсерінің жүзіне тосқан қалқанды қарш-қарш тілгіледі. Батыр оның жиілеп кеткен соққыларына төтеп беріп жүріп, ұрымтал бір сәтте қару ұстаған қолын білезіктен салып өткен. Домбайдың семсері жарқ етіп барып жерге қадалды, боз ат шұрқырап қоя берді . Аспанға тік шапшып, иесін алқымымен қорғағандай аласұрды. Бірақ күрең сып беріп оң қапталынан шыға келген. Қайқы қылыш тағы бір сермелгенде, жоңғардың қазандай басы кеудесінен бөлініп түсіп, ердің қасына соғылды, одан тайқып барып қара жерге дүрс етті.
Таңертең мені атам оятты. Жастықтан басымды еріне көтергем, үйдің іші алакөлеңке, бүйірдегі төрт көз терезеден енген бозамық сәуле кешкі мұнар секілді бұлыңғыр, талмаурап ұйқыға шақырады. Төсекке қайта қисая беріп едім, тура терезенің түбінен сиыр азынай мөңіреді.
- Тұра ғой балам, әлгі дырылдағыңды дайында, жолға шығамыз , - деді атам. Ол кісінің анда – санда осылай аяқ астынан жолаушылай қалатын әдеті бар. Үйде отыра – отыра іші пысатын шығар, кейде маңайдағы қойшы ауылдарды аралайды, жапан дүзді кезіп, әр төбенің басына бір шығып, күнұзын сенделіп жүреді де қояды. Мұндай сапарларында мотоциклдің тізгінін ұстап, атқосшы болатын менмін. Әкем оны баптап беріп, жұмысы барлығын айтып үйде қалады, сірә, жүзге таялған шалмен бірге ел адақтап жүруден қашатын болар. Амалсыздан тұруға тура келді. Киініп ауыз үйге шықсам, атам күбіден кесеге қымыз құйып жатыр. - Бетіңді жу да, ішіп ал, - деді. Содан кейін пештің түбінде тұрған қоржынды көрсетті. – Ананы дырылдағыңа салуды ұмытпа. Аздан соң екеуміз үш аяқты Оралдың үстінде қара жолдың шаңын бұрқыратып, таңғы тыныштықты мотордың беймаза гүрілімен дар – дар айырып кетіп бара жаттық. Алған бетіміз – шалғайдағы Әділше, Қаратөбе таулары, олардың бергісінің өзі біздің Айшырақтан кемінде алпыс – жетпіс шақырым жер. Қайта айналып келгенше екі – үш күннің өтетіндігі хақ, ал ертең Боран, Аппаз үшеуіміз ауылдан қозы өрісіндей тұстағы ашық қара суға барып балық аулауға келісіп қойып едік. Түнеугүні Әшірбай шал одан құлаш – құлаш шортан ұстап әкеліпті деген сөзді естігелі мазамыз кетіп, аңсарымыз әбден ауған болатын. Ал менің құлқын сәріде жолаушылап бара жатқан түрім мынау. Қара жол ауылдан үш шақырым шыққан соң Атасуды кесіп өтіп, оң қапталындағы құмдық беткейге қарай созыла тартты. Оралды ұшыртып келемін. Екі жақтан да аласа белдер жарыса алға ұмсынып, біразға дейін ілесті де отырды. Содан кейін беткейінде киіз үй тәрізді бейіті қарайған сүйір төбе көрінген, қара жол соған қарай бұрылып барып, жалпақ далаға қайта шалқаяды екен. Тұсына жақындағанда атам бүйірімнен түртті. - Ана бейітке бұрыл. Төбені қиялай жүріп келіп, тамның дәл түбіне тоқтадық. Мотоциклдің үстіне азынай соққан жел сап тиылды. Бар маң тып – тыныш бола қалған шақта бозторғайдың шырылы естілді. Бейіттің төбесіндегі шаңырақтың орынындай дөңгелек тесіктен жалғыз қарлығаш ұшып шықты. Оқ жетер жерде тас обаның үстінде даланың қарақұсы жарбиып отыр. Ақтың асты ұсақ қиыршық тас, басқан сайын шықыршықыр етеді. Бәлкім кен іздеушілер шығар, төбенің әр жерін шұрқ – шұрқ етіп қазып тастапты.
Бейіттің биіктігі төрт – бес құлаштай бар, аумағы алты қанат киіз үйдің көлеміндей, қабырғасы қалың. Сыртының сылағы түсіп, кірпіштерінің жігі сай – сай ашылғанымен, әлі мықты сияқты, құлаған, үгілген жері жоқ. Маңайы тері сүйреткендей тақыр, тек кісі еңкейіп зорға кіретін кішкене есігінің алдына бір түп тобылғы өскен. Атам мотоциклден түскен бетте бейітке қарай жүрді, таялып барып жерге шарт жүгініп отыра кетті де құран оқуға кірісті. Кеудесіне түскен аппақ сақалын сипап, тамағын қырнап алып, қарлығыңқы мұңды үнмен ескі мақамды баяу тербей бастаған. Қырдың кезбе желі әредік гу ете қалса, дауысы үзіліп кетеді, ақ сақалын желпи тарап, айдалада адасқан тірі аруақ тәріздендіреді. Бір кезде алақанын жайды да әлдене деп естілер – естілмес ұзақ күбірледі, содан кейін бетін сипап мені жанына шақырған. - Мынау Еркебұлан деген батырдың бейіті, - деді тамға қарап. - Аты шулы ақтабан Шұбырындыда жаудың соңына шағын қолмен сонау Алатаудың бөктерінен түсе отырып осы арада дұшпанға қырғын майдан берген. Алапат соғыста садақтың оғынан қаза тауыпты. Өлер шағында сүйегін Арқаның топырағында қалдыруды өсиет еткен екен. «Қарасаң көзің сүйсінетін, жайласаң көсегеңді көгертетін тынысы кең жер екен. Осы араға арулап қойыңдар. Төрт құбылам сай болып жатайын» - депті жарықтық. Кейін ел жерін жаудан тазартып, есін жиып, еңсесін көтерген соң, басын қарайтыпты, мына бейітті тұрғызыпты. Осыны айтып, кеудесін кере күрсініп, тамға мұңая қарай тұрды да, іргесінен бір шымшып топырақ алып маңдайыма жақты. - Қолдап, қорғай жүр аруақтым! - деді дауысы дірілдеп. Бұл менің соңғы рет келуім шығар. - Ал сен, - деді маған, - батырдың атын да, ерлігін де ұмытпа, есіңде жүрсін. Алда – жалда мына өңірге ат ізін салсаң , бұл кім деп өте шықпассың, аруағыңа бас иерсің. Бейітке енді манағыдай емес, имене, кішірейе қарадым, оның күн мен жел тоздыра бастаған, сылағы түскен қалың қабырғасында бір қасиетті жұмбақ сыр тұнып тұнғандай сезілді. Неге бұлай өзгергенімді де ұға алмадым, әйтеуір енді ол мен үшін ұлан даланың төсінде көзге жиі түсетін көп бейіттің бірі емес еді. Даланың қара жолы таусылатын емес, кейде жалпақ жазықты ұзақ кезіп, шиырлап қиянға алып қашады, кейде құба белдерден қайқаңдай асып, көделі жондармен жарыса құлашын кеңге салады. Табаны бірде шаңдақ, бірде құмдақ, құлдилап терең сайға да құлайды, тарылып қалың қараған биік
ұшқаттың арасына сұғынады. Мына елсіз, сусыз өңірге бет түзеп алып, шалғайда көксеңгірленген Тасқоралы тауына қарай қайқайып еді, енді жалт бұрылып Атасудың талды арнасын қайта іздеген. Сол бойда көкбекті сортаң даланы қақ жарып отырып, Дараттың тақыр тасты биігіне төтелей салғанда, қарсы беттен екі – үш киіз үй көрінді. - Соға кетейік, - деді атам. Бір – біріне таяу тігілген қараша үйлердің маңында адам да, мал да байқалмайды, үріп шыққан ит те жоқ. Жерошақ жақта сабы сынған шалғы, машинаның дөңгелегі мен қу тал жатыр. Одан әріде таяуда ғана қазылған құдық көрінеді, сыртқа лақтырылған топырағы әлі кеуіп үлгермеген. Манадан бері тілім аузыма сыймай шөлдеп келе жатыр едім, Оралдан түсе сала солай қарай жүгірдім. Атам киіз үйге беттеді. - Кім бар – ау! – деді дауыстай беріп қыстыға жөтелді, сірә, таңнан бергі жүріс оңайға түспеген болар. Үйден басына қызыл орамал тартқан келіншек шықты да атамды көріп, босағадан ығыса сәл иіліңкіреп тұрып қалды. Бейтаныс қариядан именген сыңайда жүзін қырын бұрып әкеткен, оның осы ибалығына көңілі толды ма: - Бақытты бол қарағым! – деді атам. - Бұл қай ауыл? - Шөпшілердікі. - Сірә жақында келіп қонғансыңдар – ау? - Иә, кеше көшіп келдік. Келіншектің үні де биязы, жұмсақ екен, қойылған сауалға сызыла қысқа жауап беріп, атамды үйге енгізді де жерошаққа қарай жүрді. Ұзын көк көйлегінің етегі әлі жапырыла қоймаған шалғынның бетінде жүзіп келеді. Сәл шығыңқы төсінен аса құлаған ұзын бұрымын еппен көтеріп, арқасына серпіп тастап еді, құлағындағы сырға күн көзіне шағылысып жылт – жылт етті. Қынама кәмзолы тал бойына жараса қалған, оңқай асықтай ыңғайлы дене жеп – жеңіл қозғалғанда, гу етіп жел соқса, қауырсындай қалықтап ұша жөнелетін сияқты еді. Мен оған неге осылай қарап қалғанымды білмей, қауғаны құдыққа салған күйі аңтарылып тұрғанда, келіншек жерошақтың жанындағы самауырынға су құйып отты тұтатты. Көзі маған түскенде аққұба өңіне жұқалтаң қызыл жүгіріп, ұяң жымиды. Жанары мөлдіреп тұрып жасқандырады, еріксіз бұрылып кеттім. Бірақ сол заматта қайта қарағым келген, жүзі көптен таныс секілді, талай рет көрген сияқты едім. Бәлкім түсімде, бәлкім өңімде кезіктірген шығармын, әлде қиялымда осындай бір
сүйкімді бейнені талайдан бері еліте іздеген шығармын, оны кім білген, әйтеуір мына өзімнен әрі кетсе екі – үш жас үлкен талдырмаш келіншектің тұп –тұнық жанары жүрегімді шым еткізгені анық еді. Ол маған тағы да жымия қарап, жерошақтың жанындағы дөңбекке барып отырды. Осы қалпында қанатын қамдап қона қалған қарлығаш сияқты болатын, сырт етіп ши сынса ұша жөнелер ме еді. Сол кезде киіз үйдің сыртындағы сайдан салт атты желдіртіп шыға келді. Астындағы торының алқымы ақ көбіктенген, өзі де оңып тұрған жоқ, көйлегі терге малшынып, екі иығынан дем алады. Кеспелтек денесімен алға ұмсынып, жан – жағын тінте өңмен дегеніне қарағанда, не біреуді қуған, не біреуден қашқан жан ба дерсің. Торы ат лоқыта желгенде, ышқырынан шығып кеткен көйлегінің етегі желп –желп етеді. Осы алқам –салқам күйінде тізгінді келіншектің жанына барып бірақ тартты. - Мынау кім? Неғып жүрген адам? – бақа көзі бақырайып. Келіншек оған назар аудара қоймай үнсіз отыра берді. Аттылы енді ер үстінде аударыла еңкейіп төне түсті. - Кім деймін мынау? Үлпілдеген бір тал гүлдің үстіне қазандай қара тас төңкеріле құлағалы тұрғандай. Келіншектің талдырмаш денесі дір етіп басылды. - Менмін! – дедім ышқынып. Кеспелтек қара маған жалт қарады да, атын қамшымен тартып жіберіп жаныма жетіп келді. - Сен кімсің? - Алтаймын. - Руыңды сұрап тұрғам жоқ. - Есімім солай. - Жалғыз келдің бе? - Жоқ. - Тағы кім бар? - Атам. Ол ауыр бір күрсініп, ердің үстіне түзеліп отырды. Басындағы қалпағын алып тер басқан бетін, мойнын сүртті. Содан кейін маған бақырая бір қарап алып, қауғаны нұсқады. - Әкел! Шелек толы суды кеңірдегі қырқ –қырқ етіп ұзақ ішті де қалғанын үстіне құя салды. - Уһ!
Осы тұста келіншек орынынан тұрған, киіз үйдің сыртындағы сайға қарай кетіп барады. Жүрісі манағыдай жеңіл емес, иығы қусырылып, аяғын сүйретіп басады. Кеспелтек оған сүзіле қарап тұрды да, тағы да ауыр күрсінді, содан кейін атын тебініп соңынан ере аяңдады, енді әлгі екпіні жоқ. Қатарласа беріп күмілжи тіл қатқан. - Мен басқаша ойлап... Әлгі неме келді ме деп... Ол неге келгіштей береді деп... Енді өзіңді жақсы көргендіктен... – деп міңгірледі. Келіншек бетін басып жылап жіберді. Мен ештеңе түсінбей екеуіне кезек қарай бердім. Кезек қараған сайын салым суға кетті, көңілім құлазып, әлденеге зығырданым қайнады. Бар ұққаным: қос жанары мөлдіреп қарайтын әдемі келіншекті егіле аяп едім, сайдан қопаң – қопаң желін шығып, оған жоқ жерде дүрсе қоя берген кеспелтекті өлердей жек көріп едім.
* * * Шөпшілердің ауылынан шай ішіп шыққан соң Дараттың тауын бөктерлей жүрдік. Теңбіл – теңбіл таудың беткейі қылтанақсыз тақыр, жалаңаш жотасы маусымның ыстығына қақталып, бауырында бұлыңғыр сағым ойнап манаурап жатыр. Жол кейде етегін сүйкей жанасады, кейде шалқайып далаға алып қашады, қайсы бір тұста қойнау кезіп кетеді. Біраздан кейін шалғынды ойпаңға түстік, екі қаптал сыңсыған бидайық, ара-тұра үйір-үйір биік ши кездеседі, әр жерден сарымсақтың сабағы көрініп қалады.Таяқ тастам сайын көктемде таудан құлаған қар суы арна ғып аққан тайыз жыра тап болып, жүрісіміз өнбейді. - Ананы қара! – деді атам сондай жыраның бірінен Оралды ышқындыра гүрілдетіп зорға өткен кезде. Тауды бөктерлей үш – төрт арқар кетіп барады, алдындағы құлжа біз тұрған жаққа мойын бұрып тұра қалды да, іле қарсы беттегі биік тасқа қарғыды, одан екіншісіне секірген. Сол сәтте тұнып тұрған тыныштықты дүр сілкіңдіріп мылтық гүрс ете түсті. Тақыр таудың іші жаңғырығып жүре берді, дәл жанымнан, қалың шалғынның арасынан бір топ бозторғай әуеге шырылдай көтерілді. - Тиді! Оғы мүлт кетпеді! – деді атам арқарлар көрінген жаққа көзін көлегейлей қарап. – Бұл кім болды екен?
Сол екі арада таяқ дүбірі естілді, жалғыз аттылы тауды қиялап, шауып барады. Ал арқарлар зым – зия жоғалған, әлде мен жарқыраған күн көзі жанарымды жасқан ештеңе көре алмай қалдым ба? Олар тақыр тасты беткейде қалайша лезде қара танытпай кетеді. Аттылы аң құлаған жерге жеткен болуы керек, ерден домалай түсіп құнжыңдап жатыр. Тек осы кезде биікке өрлеп үлгерген құлжаны көзім шалды, соңында жалғыз ешкі мен екі лақ жанұшырып, тастан – тасқа қарғып барады. Таудың ұшар шыңында қатпарланған қия жартастар төменге жапатармағай үңілген тәрізді ербиіп тұр. Қайдан шыға келгендерін кім білсін, үш – төрт күшіген аспанда қанаттарын керіп тастап қалықтап жүр. - Бұл күнде таудың аңына да тыныштық жоқ, - деді атам. – Екінің бірі аңшы . Ең ақыры бала – шағаға дейін мылтық асынып алып, тау – тасты кезіп жүргені. Кәне, қозғалайық. Ойпаңның ойылып кеткен қара жолынан бірде шығып, бірде қайта түсіп жарты шақырымдай жер ұтқан кезде қалың шалғынға арқандалған ат көрінді. Одан сәл әріректе аумағы қойдың қотанындай биік ши байқалады, соның тасасынан қолында күрегі бар, басына қағаз қалпақ киген біреу шыға келді. Таныс кісі сияқты, көзіме жылы ұшырай кеткен, мынау дәу де болса өзіміздің Жылым. Айдалада ауылдың адамы кездесе қалғанына қуанғаным сонша, рульді солай қарай оқыс бұрып жіберсем керек, көлігім бір бүйіріне ауып түзелді. Ол бізге одырайып қарап тұрды да қарсы жүрді. - Ассаламағалейкум! – деп даусын шұбатылта созып жерге сүйретіле түскен атама қос қолын ұсынды. – Жол болсын, ақсақал! - Әлей болсын! Мұнда қайдан жүрсің? - Оны сіз сұрамаңыз, мен айтпай – ақ қояйын. - Е, не бопты соншама?! - Біздікі қаңғубайски ақсақал. Басқа ештеме де емес. Күн жаз, қол бос дегендей жағдай ғой. Атам оған түсінбедім деген кейіппен қарап, басындағы пұшпақ тақиясын алып, сілкіп қайта киді. Содан кейін шапанын шешіп шалғынға төседі де намаз оқуға кірісті. Күн бесінге ауған, әлі ыстық, қара топырақты, сызды ойпаңның қай тұсына қарасаң да бұлдырап сағым ойнайды. Шегірткенің шырылы, бозторғайдың әуезді үні, шыбынның ызылы астасып, өзгеше бір әуенге ұласқан. Аспанда шөкімдей бұлт жоқ, шаңғытып алыпты, манағы үш – төрт күшіген әлі қалықтап жүр. Шалғынның үстін жанай ұшып жалғыз кезқұйрық
қалбаң – құлбаң қанат қағады. Әлде алыстан, әлде жақыннан бытпылдық бұғынып үн салады. Арқандаулы тұрған ат елең етіп, басын көтеріп алды, жүгеннің шылдыры естілді. Сірә жаңағы аңшы болуы керек, алдына арқар өңгерген біреу астындағы торыны жорғалатып келеді. Оны да бір көргеннен жазбай танығам, бұл Қайда Жарылғап еді. Маған , намаз оқып жатқан атама шекесінен қарап , қалың шиге қарай өте берді де, өңгерген аңын жерге гүрс еткізіп тастай салды. Ерден қарғып түсіп, атын шідерледі, езуіне қыстырған, сөніп қалған шылымын тұтатып құныға сорды. Екі қолы қып – қызыл қан, шалбарына арқардың жүні жұғыпты. - Мына пәлелер қайдан жүр? – деді тыжырынып. Жылым иығын қиқан еткізді. Атам намазын оқып бітіп, шапанын киді де, жерде теңкиіп жатқан арқардың жанына барды. - Құлжасы тұрғанда, ешкісін атқаның не? – деді Қайда Жарылғапқа. Ол езуіндегі шылымды түкіріп жіберіп, мылтығын арқардың үстіне тастай салды. - Шалым, осы жасқа жеткенше құлжадан ешкінің еті дәмді болатынын білмеуші ме едің, - деп кергіді. Атам оған жақтырмай қарап жөткірініп қойды. - Аң – құстың төлі әлі аяқтанып кете қойған жоқ. Обалын ойламадың ба? Қайда Жарылғап қан – қан қолын бір сілтеп, аңды союға кірісті. - Обал – сауапты маған қалдыр шал. Жүзі бір қарыс қара пышағы жалаң – жалаң етеді шалқасынан салып шабына қарай ірігенде, ұшы емшегін тіліп өтті. Аппақ сүт саулап қоя берді. - Алда тәңір – ай! – деп күйінді атам. Сүт арқардың шабына толды, одан асып жерге сырт – сырт тама бастады. Қайда Жарылғап пышағын аңның қара санына кірш еткізіп сұға салды да, қос алақанымен көсіп алып қолының қанын жуды. - Не істеп жатырсың, бәтшағар! – деп айғалап жіберді атам. Ол қолын шөпке асықпай сүртті де, қара санға сағағына дейін қадалған пышақты суырып алды. - Шал, осы арадан кетіп қалсаң қайтеді. Атамның жүзі түтігіп кетті, бірақ сабырын сарықпады. - Тоқтай қал! Сенің де жайың табылар! – деген тіксініп. Содан кейін маған бұрылған. - Балам, бері жүр.
Мен оның соңынан селсоқ ердім, ұр да жық Жарылғапта есем кетіп бара жатқанын қорлана сезіп, тұла бойым құрысты. Бірақ оған не қайран қыларсың, әттең әлің жетпейді, әйтпесе... Ал Жылым әлгі екі ортада көзге түспей кеткен, қайда жоғалғаны белгісіз. - Мына шидің артында ескі қорым бар, - деді атам қатарласа бергенімде. – Баяғыда содан Қасым деген ұста алтын тауып алған. Оны мыс деп ойлап, елдің тесілген шәйнек, сынған аққұманын құрсаулай беріпті байғұс. Мен атамның сөзіне зер сала қоймағам, қайда Жарылғапқа әлі зығырданым қайнаулы еді. Артыма бұрылып едім, ол соңымыздан келе жатыр екен, жүрегім шым ете қалды. Еңгезердей дүкеншінің түсі сұсты болатын, осы сәт одан қорқатынымды білдім, бірақ жанымда атам бар екенін ойлап, сыр бермегенсігенмін. - Сол оқиғаны былтыр ауылға ел аралап, ескі аңыз – әңгіме жинап жүріп келген Әлікей деген ғалым адамға айтқанмын, - деді ол сөзін сабақтап. - Ертіп әкеліп көрсеткенмін де. Сонда: «Келер жазда арнайы аралап, қазып көру керек» деп еді. Бәлкім ат ізін салар. Қалың шиді айналып өткенімізде дөңкиген бос топырақты бұрқыратып жатқан Жылым көрінді. Бізге жалт қарап, құлаштап сермей берген күрегін тастай салды да, қолына қайта алды. Соңымыздан Қайда Жарылғаптың аяқ дыбысы айқынырақ естілді. Қорымның қызғылт тастары жан – жақта бей – берекет шашылып жатыр. Дәл ортасынан кісі бойындай екі шұңқыр қазылыпты. Соған таяу келгенде жерден шаң басқан шүберек көрінді. Атам таяғының ұшымен көтеріп еді, астынан екі – үш сарғыш зат шыға келді, күн көзіне шағылысып жылт – жылт етеді. Әуестігім жеңіп кеткен болуы керек, ұмтылып барып ұстай алғанмын. - Таста! Таста!- деп айғалап жіберді Жылым. - Бұл не? – деді атам. Салмақты затты қолына ұстата бердім. - Мынау алтын ғой, - деді ол айналдыра қарап. Ол екі ортада Қайда Жарылғап жанымызға жетіп келген, түрі өрт сөндіргендей түтігіп кетіпті. - Әкел! – деп атама қарай ұмтылды да аяғының астында жатқан тасқа сүрініп кетіп жербауырлай құлады. Орнынан қайта тұрғанша атам алтынды маған ұстатты. - Жүгір, дырылдағыңды от алдыр! – деді Қайда Жарылғаптан көз алмай.
Мен жүгіре жөнілдім, мотоцикльге барар жолда дүкеншінің бағана жерге тастай салған қосауыз мылтығының үстінен түстім. Енді әуселесін көріп алармын дегем. Артыма қарап едім, Жылым маған қарай салып ұрып келеді екен. Ал Қайда Жарылғап атамның жағасынан қос қолдап ұстап сілкілеп жүр, сірә алтынның менде екенін білмейтін секілді: «Әкел! Кеңірдегіңді жұлып аламын қақпас!» - деп қыр – қыр етеді. Бойымды ұсақ діріл жайлап барады, көз алдым тұманданып кетті. Жетіп қалған Жылымға мылтықты кезене қарсы ұмтылдым. Атамның манадан бері мына екеуіне кеткен кегін алуға барыммен құмартқаным анық-ты. Содан кейін: «Өлтіремін!» - деп ашына айғай салғанымды сеземін. Жылым әуелі қалт тұра қалды, содан кейін бір бүйірге секіріп түсті. - Мынау қайтеді – ей! Кісі өлтіре ме! – деп мылтықтың ұңғысына жапақ – жапақ қарады. Менің енді онымен ісім болған жоқ. Қайда Жарылғап сілкілеп жүрген атама қарай асықтым. Ол қарулы дүкеншінің қолында қаңбақша ойнайды. Тақиясы басынан ұшып кеткен, шапанының екі өңірі жайылып, тұншыға үн шығарады. Ерні көстеніп, талмаурап бара жатқан сияқты. - Қоя бер! Тиіспе! – деп жанұшыра айғаладым. Қайда Жарылғап маған көзде салған жоқ. - Әкел! Әкел! – деп өзеурейді. Оның осы кездегі түрі мен іс – әрекетінде адамға тән еш белгі жоқ еді. Көптен бері алынбаған сақал – мұрты тікірейіп, шашы додаланып, екі көзі ұясынан шыға аларып кеткен. Зірк – зірк еткен сайын аузынан түкірігі шашырайды. Атамды Жылым көміп үлгермеген шұңқырға қарай сүйретіп барады. - Тірілей көмемін сені! Көзіңді құртамын қақпас! – деп арс – арс етті. Енді аялдаудың реті жоқ, жеткен бойда мылтықтың дүбімен Қайда Жарылғапты басқа салып кеп жібердім. Ол артына жалт қарады да, атамды итеріп тастап, маған тұра ұмтылды. Аяйтын түрі көрінбейді, өңмендеп, жыртқышша жиырылып, үрейді қашырып келеді. Шегіншектеп бара жатып қосауыздың серіппесін қайырдым, бойым біресе ұйыған, біресе тоңазыған секілді болады, жанарымның алды тұманданып барады. - Атамын! – деймін тістеніп. Бірақ өз даусым өзіме естілмейді, оны ата алмайтындығымды да үрейлене сезетін сияқтымын, ал қолына түссем – құрыдым. Онда атамның да, менің де көрер жарығым біржола өшпесіне кім кепіл. Мынау адам емес, сезімсіз, жүрексіз қорқау, өңі қандай суық еді, тіктеп қараудың өзі күш.
- Таялма!- деп жанұшыра дауыстадым. – Жақындама! Ол бұрынғыдан да таяла түсті, екі қолын жайып жіберіп қаумалап келеді. - Сені ме! Тоқтай тұр! Қазір жайыңды табамын! – деп тісін қайрайды, жақ етін қатпар – қатпар жиырылып жазылады. Міне, үш – төрт – ақ қадам жерде тұр, енді бір атылса үстіме қона кетпек. «Өлдім» - деп ойладым, мылтықты қатты қысып ұстағаным соншалық, саусақтарым қарысып қалыпты. Қыстыққанда шыққан тер ме, әлде қорқыныш жасы ма, ерніме ащы тамшы тамып, тандырым кеуіп барады, жұтынуға да шамам жоқ. Жемін аңдыған жыртқыш секілді құнжия түскен Қайда Жарылғаптың ту сыртында әлденеде қалбаң – құлбаң етеді. Бәлкім атам шығар, енді одан қандай көмек болсын. - Аһ әкеңнің!.. – деп Жарылғап алға ұмтыла берді. Сол сәтте қолымдағы қосаусыз гүрс ете қалған. Айнала ұлардай шулап, дүрлігіп кетті, көзімнің алды бұлыңғыр түнек. Әлдекім: - Атпа! деп түршіге, барлыға айғайлайды. Оған ілесе тағы біреу! – Өлтірді! Құрыдық! – деп тамағы жыртыла байбалам салады. Тау жақ терең құзға қара жартас қопарыла құлағандай гүр – гүр жаңғырығады. Мылтық атылғаннан бері қанша уақыт өткенін білмеймін, әлгі бұлыңғыр түнек сұйылып бара жатыр еді. Күкірттің көңірсік иісі қолқамды қауып, тынысым тарылған. Енді ешқандай үрей жоқ, біресе егіле жылағым, біресе қарқылдап күлгім келеді. Дәл қазір қайда тұрғаным, әлгінде не болғаны шала – шарпы ғана есімде. Қайда Жарылғап қарсы алдымда жүрелеп отыр, атам сүрініп – жығылып келіп қолымдағы қосауызды жұлып алды, Жылым зым – зия жоғалған. **** Мен мұндай тымық кешті бәлкім әлі күнге дейін көрмеген шығармын. Қызарып батқан күннің тау үстінде соңғы шапағы жалқындайды, бояуы қанық, қан қызыл, күңгірт – сары, ашық көк реңде құлпыра кестеленген. Доғал таудың ұшар биігіне қонған кешкі шұғыла да алуан түрлі нақышта құбыла көз тартып, кестелі сезімге кенелтеді. Біз отырған, терең шатқалға барып ұласатын қойнаудың іші қоңыр – салқын, биік тау кешкі дамылда әредік күрсіне ме екен, анда – санда самал ескендей болады, мал аяғы тимеген қалың шалғын баяу тербелген тәрізденеді. Қарақаттың қышқылтым исі білінеді, тау бұлағы естілер – естілмес сылдырап, етекке қарай жылап ағып жатыр. Атам соған беті қолын жуып, үстінің шаңын қағып ұзақ жүрді де намаз оқуға кірісті. Ол баяғыдан осындай ма, әлде манағы дүрбелеңнен кейін
шөгіп кеткен бе, шүйкедей болып жүдеген. Тәңіріңе құлшылық етіп, маңдайын шаждаға тигізсе, кеудесін зорға көтереді, соның өзіне алқына шаршап, мұңлы мақамы үзіліп – үзіліп кетеді. Әділше тауының доғал биігі бірте – бірте қарауыта бастады, кешкі шақта айналаға жабыға көз салып, бір мұңлы ұсынсонар ойға бөккен сияқты, оның қазіргі тұнжыраған кейпінде ана кәрілік жеңген, өз денесі өзі ауырлаған атама ұқсастық бар еді. Екеуі де тап осы сәт ұзақ жасаған ғұмырының қалай өтіп, қандай мұратқа жеткізгенін ұға алмай, іштей тұйыққа тірелген тәрізді шаршаңқы еді. Екеуі де терең ойда болатын. Бірі әне – міне дәм – тұзы таусылатын күндерінің қайғы – мұңымен шөгіп бара жатса, бірі мәңгілік уақытпен бірге ықылым замандар бойы жасай беретінін, сол өлшеусіз, шексіз тірлігінің сірә да таусылмайтынын, оның да кей – кейде ішқұса етіп зеріктіретіндігін қамыға еске алып қажыйтындай еді. Тек таудың осы жадау келбетінің өзінде төркінін тануға өрем жетпеген тылсым ұлылық бар-ды. Ал атамның бойынан мұны көре алмай күрсінгем, оның да мына еңселі биік сынды сарқылмас ғұмыр кешіп, өзі күніне бес уақыт табынатын тәңіріндей ғажайып құдіретке айналуын сарқыла тілегем. Орынымнан сүлесоқ көтеріліп, мотоциклден керек – жарақ заттарды түсірдім. Олар көп емес-ті. Тамақ салынған қоржын, ескі шапан, балта, екі кесе, бүйірі майысқан жез шәйнек пен Қайда Жарылғаптың қосауызы. Адуын дүкеншінің мылтығын қолыма алғанда, бағанағы дүрбелеңді оқиға есіме түсіп, бойым дір ете қалған. Мен оны өлдіге санап едім, атам да солай ойлапты. Жүрелеп отырған Қайда Жарылғапқа шошына қарап тұра бердік. Егер оның өзі орнынан сүйретіле көтеріліп, бізге қарай қайталаған жүрмесе бұдан әрі не істейтіндітімізді кім білсін. Сол сәтте дүкенші маған өлі аруақ сияқты көрініп кетті, қаша жөнелуді, қолына түссем оңдырмайтындығын ұмытып, дел – сал тұра бергем. Ол әлгінде түк болмағандай аяғын нық басады, міне қарсы алдыма келді, қолын көтере беріп еді, көзімнің оты жарқ ете қалды. Бұдан кейінгісі ұмытыла бастаған түстен де бұлғыр бірдеме еді. Аяғымның астындағы қара жер әуелі шыр айналды да, іле төңкеріліп түсті, артынша үстіме қарай қопарыла құлап бара жатты.
* * * Керек – жарақ заттарды бұлақтың жағасына таяу өскен аласа тобылғының түбіне апарып қойып, маңайдан отын іздедім. Қойнаудың оң
қапталы жақпар тас, қиялап арша өскен, ауру адамның көкшандырланған тамырындай білеуленіп жатыр. Одан артық тамыздықтың керегі де жоқ. Аздан соң атам екеуміз батқан күннің соңғы жалқын сәулесіне қарап отырып тамақ іштік. Етектегі ұлан дала дамылға бой ұрған, тұтаса қарауытып, аумағы сәт санап тарылып барады. Әлсіз шұғылаға орана болымсыз діріл қаққан көкжиекке қарай еңкейе ұмсынған. Таудың бөктерінде тұнып тұрған қалың шалғыннан кейінгі тұсы тұтаса өскен ақселеу, соған бауырын жалата жалғыз кезқұйрық ұшып жүр. Ту сыртымыздағы биіктен анда – санда беткейге қарай тас домалайды, сытыр – сытыр еткен, сыңғыралаған үн біразға дейін басылмайды. Оған тау бұлағының нәзік сылдыры қосылып, манағы дүрбелеңнен кейін сабасына енді түсе бастаған дәйексіз көңілді алдаусырата жұбатқан тәрізденеді. - О, тоба! – деп күрсінді атам босаған кесесін маған ұсынып жатып. Бәле – жалаңнан сақтай гөр! Сүтсіз қара күрең шайды ішкен сайын маңдайы тершіп боп – боз өңіне аздап қан жүгірейін деген. Аппақ ұзын сақалын саусағымен салалай тарап, жаздың мына тымық кешінде сүттей ұйыған тыныштықтың құшағында маужыраған төңірекке ойға бөге қараған шағындағы кескін – келбетінде өзіне де, өзге дүниеге де риза кейіп бар. Әлгі бір әзірде ғана бойы да, ойы да тарыла шөгіп кеткендей еді, еңсесін қалай тез көтеріп ала қойғанына таңмын. - Балам, - деді, кеседегі ыстық шайды шайқап суытып отырып, - адамның болмыс – бітімін барлық ажарымен айқындап, алдыңа ақтара жайып салу үшін ар – намысың сынға түсетін қас – қағым сәт те жеткілікті. Мен сені бүгін таныдым ғой, көсегем көгере отырып таныдым. Ол осылай бір түптен қазып сөйлей қалса, әдетте ұзақ толғап кетуші еді, бұл жолы айтпағын қысқа қайырып, Әділшенің бұрынғыдан да күңгірт тартқан шатқалын ойлы көзбен үнсіз шолып отыра берді. Ал еңселі тау желкемізден қарауыта төніп тұр, доғал биігі қайратты қара нардың жалғыз өркешіндей болып көрінгенде, ол маған бір мезет қазір шөккен жерінен даланың қабырғасын алапат салмақпен қақырата, ыңырана көтерілетіндей сезілген. Қалай екенін білмеймін: «Қапсағай тау – қара нар, қозғала көрме сірә да », - деп іштей қайталай бергім келген. Одан кейін атамның жаңағы сөзінен өзімнің манағы дүрбелеңдегі бүкіл әрекетімнің дұрыстығын ұққандай болдым. Ол соны мезгеген шығар. * * * Қайда Жарылғаптың жойқын соққысынан кейін қанша уақыт есеңгіреп, жер құшып жатқаным белгісіз. Өзіме – өзім келгендей болып, басымды
көтерген кезде бір беймаза гүріл құлағыма талып жетті. Ол біресе алыстан, біресе дәл жанымнан естіледі. Сол сәтте әлгінде болған оқиға есіме түсіп, жатқан жерімнен шошына тұра бергем, шошына тұра келіп жан – жағыма үрейлене қарағам. Жазғы аптап күннің өткір сәулесі көзімді қарып барады, басым шыр айналып қоя берді, бойымды бірден билей алмай тәлтіректеп барып зорға түзелдім. Содан кейін әлгі гүріл ап – анық естілді, өзімнен таяқ тастам жерде екі «Белорус» тракторы тұр, қос бүйіріне бекітілген ұзын шалғыларын тікейтіп көтеріп қойыпты. Ту сыртымнан атамның барлыққан, әлдекімге жекірген даусы шығады, бейтаныс біреулер оған қосыла шуылдасады, бәрі ызалы. Сол жаққа жалт қарағам, бойшаң келген екі жігіт Қайда Жарылғаптың қолын артына қайырып ұстап тұр. Біреуін әлдеқайдан көрген сияқтымын мынау бағана шөпшілердің ауылында жолыққан шомбал қара ғой, ол мында неғып жүр? Сірә, мінезі оның тұрмаған болар, ырыққа көнгісі келмей бұлқына берген дойыр дүкеншіні көк желкеден батпандай жұдырығымен қатты түйіп жіберді. Қайда Жарылғап сонда да айылын жинайтын емес, қолы қайырулы болғанымен, тілі бос, аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығады. Атам қаһарына әбден мініп алыпты, әлгінде екеумізді жүндей түткен сойқанға төне түсіп бұрқсарқ етеді. «Әй, зығырданды қайнаттың – ау!». Қайда Жарылғап қарқылдап күлді, шалқалап, сап – сары тістері ақсиып ха – ха – халайды, жанары суық, қанталап, тірідей талайтындай болып қадала қарайды. Бір кезде, ерсі күлкісін тия берген сәтінде, екі жігіттің ортасында жын соққандай бұлқынды, үсті – басы алба – жұлба, жүзі қабынып кеткен. Әп-сәтте өзін ұстап тұрған екеудің қолынан жұлқынып шықты, жұлқынып шыға сала анадай жерде жайылып жүрген атына қарай ұмтылды. Шомбал қара соңынан тұра жүгіріп еді, атам: - Тоқта! – деп ірікті. Мен баяғы орынымда дел-сал болып тұра бердім, басым зеңіп, ойым да, көз алдымдағы көріністер де еңсемді езіп барады. Буын – буыным дірілдеп, тағы да бойымды билей алмай кеттім. Атам, шомбал қара, бейтаныс жігіт маған таяу маңда сөйлесіп тұр. - Апыр – ай, ақсақал – ай, әлгі періге неге киліккенсіз? Біз үстеріңізден шықпағанда, жазым қылудан таймайтындай ғой өзі! – дейді Шомбал қара. - Дер кезінде келгенімізді қарашы. Бригадир бізге бүгін осы жерге шалғы салғызбағанда, күндеріңіздің не боларын кім білсін, - дейді бейтаныс жігіт.
- Өзі алтын қазып алған ба? Ол ойына қайдан келіп жүр екен? – дейді Шомбал қара. - Табанымыздың асты толған қазына екен ғой, - дейді бейтаныс. Иесі бар, көнеден сауар сыры мен шертер шежіресі бар қазына, - дейді атам. Кейде дауыстары ап – анық естіледі, кейде күңгірлеп кетеді. Мең – зең халде отырып әлденеге қуанамын, әлденеге таусыла қиналамын. Біруақ ағымнан жарыла күлгім, бірде ағыл – да тегіл жылағым келеді. Жүрегім кеудеме сыймай дүрс – дүрс соқса, сыз жер солқ – солқ етеді.
* * * Тау бөктерінің түні салқын, атамның қарсыласқаныма қарамай үстіме жапқан тек шапанының астында тоңазыңқырап жатырмын. Ол барқыт бешпентін оранған қалпы бағана ұйықтап кеткен, бірақ сергек, түнгі даланың төсінен, терең шатқал жақтан байғыз бен үкі күңірене үн салған сайын қозғалақтайды. Әредік не құстың, не аңның даусына келмейтін бұғыңқы дыбыс талмаурап жетеді. Тастай қараңғы түнде жұлдыз жиі, ай әлі тумаған. Ұйқы келер емес, көңілім құлазып жатып жұлдызды әлемнен, түнгі томаға тұйық даладан, сүлесоқ қарауытқан қапсағай таудан осы жетімсіреген шағыма дәру болар демеу іздеймін. Жұлдыз біткен менің жадау тартқан халімнен бейхабар, жарыса, бірінен бірі өте қылаусыз жадырайды. Көз айырмай ұзақ қарағандікі ме, кейде бұрынғысынан да қашықтап, алыстап кетеді, кей сәт жерге қарай жақындай түсіп, жымың қағады, іле дүрліге кейін серпіледі. Анау жетіқарақшы, мынасы маған ес білгелі таныс темірқазық, сонау бүйірде жанып-сөнген оқшау жұлдыздың есекқырған екендігіне күмәнім жоқ. Ал үркер қайда жоғалған, әлі тумағаны ма, әлде бұлттың тасасында қалды ма екен. Міне, оны да таптым, әлденеден осқырына үріккендей түнгі аспанның оң жақ қапталына ауып кетіпті, үйірін жазбай шоғырланып оқшау тұр. Ол әуелде неден шошымалы болды екен, бәлкім Толағай батыр мен көкшулан Домбай жан алысып, жан беріскен, ұлан даланы ұлардай шулатқан, екі жақтың ала бөтен шайқасы күнді ұясына қанға бояп қондырып, айды аспанның астында қалтыратқан, көрген көз ағып түспей неге көргеніне, естіген құлақ таскерең болмай неге естігеніне өкінген, сол қырғын түнгі үрей үркек еткен шығар. * * *
Домбайдың қазандай басы қара жерге домалап түсті, қалың жау қабырғасы күйрей аһ ұрды, дүрлігісіп, күйзеле күңіреніп, сеңдей соғылысты. Бағанадан бері жұбы жазылмай түйіліп тұр еді, енді қатары бұзылып, қол бастаған баһадұрдың ат үстінен ауып бара жатқан бассыз денесіне шошына қараған. Толағай дұшпанның есін жиғызбай осы үрейленген сәтінде түре тиіссе, аз қолмен-ақ қатты соққы беретінін ұқты. Ауыздығын қарш-қарш шайнаған құланы тебініп қалып атой салды. - Қапта! Қапта! Астындағы сыралғы жануар тізгінді бұра тартқызбай-ақ қалың жауға қарай құлдырай шапты, қос құлағын жымып алып желдей есіп келеді. Үйелмендей алпауыт жоңғарды жер қаптырған, аруақтанған батырға оның осы құйынперен шабысының өзі саржелістей ғана болып көрінді, сілтеген қылышы көк болат сауытты сыр-сыр тіліп түсер сәтті тағатсыз күтіп, алға қаһар шаша асықты. Ту сыртынан шыққан көп аттың тұяқ дүбірі делебесін қоздырып, төбе құйқаны шымырлата үсті-үстіне ақырған, осынау ұрыста айы оңынан туатындығына сенген, ұлан дала төңкеріліп түспей, құладан құламасына көзін жеткізген. Домбайдан айырылып жүні жығылған жаудың алды Толағайдың арыстандай айбатына ыға жылыса берді. Сол кезде бұл да жеткен, алмас қылышы жарқ-жұрқ етіп, жалтарып үлгермеген көп дұшпанның арасында жынойнақ салды. Қайырылып келіп қайрат көрсетпек болғанның бәріне қырғидай тиген, шылбырын сүйретіп шыға келген, құлдыр-құлдыр шұрқыраған аттар көбейген сайын қыбы қанды. Оң қол жақтан бір тастай түйілген топ шүйліге ұмтылып еді, сол сәтте жетіп үлгерген сарбаздар лап қойып жайнап өтті. Талай сойқанды ұрыстарда дізе қосып шайқасуға әбден дағдыланған білекті жігіттер бірде дұшпанның ішіне сұғына енеді, іле жалт беріп, қатары жазылмаған күйі кері серпіледі. Олар ығыса берген тұста екінші лек киіп-жарып алға озады. Батырдың кілең сайдың тасындай іріктелген әулетті сарбаздары ұрысқа осылай кірісіп кеткенде, аз күшпен-ақ көп дұшпанды талай тоз-тоз қылған. Қайрат көрсетуге дәті шыдап, қару кезенгенге ат жалын құштырған сайын құрышы қанған Толағай жаудың қатары тым тез сирегенін, көпшілік бөлігі ұрыс даласынан сытылып шығып, әудем жерде сап түзеп тұра қалғанын аңғарған жоқ. «Ұр! Ұр!» деп үсті-үстіне атойлап, алға еміне берді. Манадан бері қылаң аттылы, кеспелтек денелі бір жоңғар қанын әбден қарайтып біткен. Найза мен қылышты кезек сілтеп, екі қапталынан үзеңгі соғыстыра қимылдаған қос жігітінің демеуімен талай сарбаздардың түбіне жетті. Соған
қарай өшіге ұмтылғалы қашан, бірақ таяла алмай-ақ қойды. Анау бұл жақындағанда жалт беріп, не оңынан, не солынан шыға келеді, кейде басқалардың тасасына сырғып кетеді. «Қайтсем де қолға бір түсірермін» деген ызалы қыжылмен соңынан ұмтылып, жолына кесе-көлденең тұрғанды турай берді. Жаудың қатары бұрынғысынан да ыдырап барады, қарасұр сарбаз жанына таялған бір сәтте тобын жазбай шоғырлана ұрыс салуға бұйырған. Жеңіс енді қашық қалмағандай еді, жоңғарлар жан-жаққа шашырай қашатын кез таялған секілді еді. Астындағы құла әлі ауыздығымен алысып, алқымы ақкөбіктеніп мүлде құтырынып алған. Өзі де қажуды ұмытқан, есіл-дерті қанды шайқас. Сол жақ бүйірінен оқыста лақтырған найзадан жалтарып кетіп, манағы кеспелтек жауын қайта іздеген сәтте жау күтпеген жерден қақ жарылды. Қарсы алдына қайран қала қарағанда, қаптай кезелген қалың садақты көрді. Не болғанын, мына көп қарудың қарауылына қалай ғана іліккенін айырып үлгермеген, астындағы құла сүрініп барып ұшып түсті. Сол мезет кеудесін жапқан ақ беренге бірнеше оқ ысқырынып келіп қатар қадалды. Жерге домалай құлап, қайта ыршып тұра келгенде, дәл көздеп атқан сансыз жебенің соңынан ерген сарбаздарын баудай түсіргенін көрді. Көз алдындағы сұмдық көрініс қанын одан әрі қарайтты, сойқан долы ызамен ақ береннен бірі өтіп, бірі ұмыр-жұмыр қадалған жебелерді шартшарт сындырып жұлып тастады. Астындағы құламен бірге домалап түскенде қолынан ұшып кеткен қылышын асыға іздеді. Міне, оны да тапты, әне жау да топтана, кіжіне төніп келеді. Мына бір жанынан безген кім екен? Тайсалмай, сескенбей тура тартуын қара, кел, жақында, өлер жерің осы болмаса, мұның Толағай аты өшсін. Өзіне қарай төтелей салған көк аттылы қатты екпінін тежей алмай орағытып барып оралды. Ердің үстінде еңкейе теңселіп, қыр-қыр етеді. Батыр көзіне қан толып, қылышын шалт көтеріп, қайқая шабар сәтті күтті. Сол кез ол да жеткен. Толағай өзіне қадала қараған, өңменімен өткен қос жанардан әлдекімді шырамытты. Мынау Қарасұр сарбаз ғой, ол не қыл дейді, неге қыр-қыр етеді, атынан неге түсіп жатыр. Сарбаздың өңі өрттен шыққандай әлемтапырық, сол жақ қолы жансыз салбырап жүр, жеңін бойлай аққан қан қара жерге сырт-сырт тамады. - Батыр! – деді даусы жарақшақтанып, - жау айласын асырып кетті.
Толағай тек осы кезде ғана оның оң жақ жауырына сұғына қадалған жебені көрді. Сарбаз батырға қарай талпынған, бірақ бойын бұдан әрі ұстап тұра алмады, көктің тізгінін ұстаған қалпы жерге гүрс ете түсті. - Атқа... атқа мін! Басыңның амандығын ойла!... Бұл оның соңғы сөзі еді, шарасынан шыққан, жансызданған жанарын ала бұлтты аспанға қадаған күйі үзіліп кетті. Ал айнала тасыр-тұсыр, азан-қазан, жанұшырған, жарық дүниеден күдер үздірген үрейлі үн төбе құйқаны шымырлатады. Шаң-шұң еткен қалқан, шыңылдаған қылыш, ауаны қақ жарып сұсты суылдаған оқ, - бәрі таяу қалған ажалдың хабаршысындай зәрлі. Батыр Қарасұр сарбаздың тас боп түйілген саусағын зорға жазып, көзіне тер құйылған, әбден болдырған көкке қарғып мінді. Есік пен төрдей жерде қанға малынып қайран құла жатыр. Қолына найза, бойына сауыт жарасқалы тақымын толтырған есіл жүйрік енді жоқ. Күнді түнге, түнді таңға ұластырған талай алапат шайқастарда шапқан сайын қолтығы сөгіле түсетін, жылқы біткеннің ерені еді, жүрегі дір етіп барып басылды. Қарсы алдында да, қос қапталында да қаптаған қалың жоңғар, жұп жазбай қаумалап келеді. Сарбаздар ұрыс даласында тегіс шейіт болған шығар, енді әлгі қиқу, үрейлі айғай тиылған, қара жерге дік-дік тиген ат тұяғының дүрсілі ғана естіледі. Соның өзі жүйкені тоздырып, тұла бойын ессіз кек буып тастаған. Маңдай тұсына тауы шағылмай, өшіге, өжеттене қарағанда, көзіне алғаш шалынғаны мана шайқас үстінде қару сілтейтін жерге жақындатпай қойған кеспелтек жоңғар болды. Енді аялдайтын ештеме қалмап еді, көкті тебініп қалып, соған жаныға ұмтылды. Ол бұл жолы тасқаяқтаған жоқ, қарсы шаппады да, астындағы қылаңның тізгінін тартып әмірлі үнмен шаңқ етті. Сол сәтте иін тірескен көп жоңғар дауылды күнгі теңіздей шайқалып, лек-лек толқынға ұқсап, жапа-тармағай лап қойды. Қиқу салмай, даланы бастарына көтере ұрандамай тым-тырыс төніп келеді, ең болмаса ат жүгені шылдырласайшы. Айнала құлаққа ұрған танадай тына қалғанда, тынысы тарылып бара жатты. Оған мына жандүниесі аласапыран, ызалы, кекті шағында маңайдың ұлардай шулап, жеркөктің асты-үстіне шыға мидай араласқаны, ұлан дала дәл өзіндей тұлан тұта сілкініп, аударылыптөңкерілгені керек-ті. Жоқ, дүние тыншымапты, тек бұған солай көрінген екен. Жүздеген тұяқ қара жерге қатар тигенде, иен даланың белі бытыр-бытыр үзіліп бара жатқандай болды, үзеңгілердің шыңылы, бір-біріне тиіп кетіп сарт-сұрт еткен найза, айдарларынан жел ескен жоңғарлардың дабыр-дұбыры, - бәрі анық естілген. Батыр олардың тобына шарт па шұрт араласуға тағатсыздана
асығып, көкті үсті-үстіне тебініп, сауыт бұзарлары ұясына қонған жазғы күннің соңғы жалқын сәулесіне шағылыса жылт-жылт еткен көп найзаға қарай қасқая қарсы шапты. * * * Атам «О,жасаған!» деп бір бүйіріне аунап түсті. Түн суытып барады. * * * Толағай есін жинағанда жанарының алдында айдың сүт сәулесі діріл қағып тұр еді. Маңайында тірі пенде жоқ секілді, әуелде жоңғарлар қолаяғын байлап, иесіз далаға тастап кеткен бе деп ойлаған. Онда түн баласында жортқан бөрінің жемтігіне айналар, не аштық пен шөлдің азабын тартып күйзеліп өлер. Бұл да бір жанды жегідей жейтін қорлық-ты. Қара жерге тірілей көмсе де көрер жарығын біржола өшіріп кеткені дұрыс еді. Осы ой түршіктіргенде, түнгі даланы жаңғырықтыра айғайлағысы келді, бірақ дәл қазір оған мұршасы жоқ-ты. Басы мең-зең, тұла бойы қыз-қыз қайнап күйдіріп барады. Өне бойында қан қақсамайтын жері жоқ, соған қарамастан кеудесін көтеріп көрмек болып еді, көкірегін біреу семсермен тіліп жібергендей удай ашып, жанын көзіне көрсетті. Қатты ауырсынғанда даусы шығып кеткен бе, аяқ жағынан біреу күңк етті. - Мынаның есі кірейін деді. Сол екі ортада жылқы кісінеді, ауадан түтіннің исі білінеді, дабыр-дұбыр сөйлескен дауыстар естіледі. Біреу аяғын сүйрете басып, жанына келді де бетіне үңілді. - Рас, есін жинапты, - деп сәл аялдады да бұрылып кетті. – Баһадұрға хабарлайын. Батыр қайтадан көзін жұмды, жоңғарлар ұрыс болған жерден әлі кетпегені ме. Бұл есінен танғаннан бері қанша уақыт өтті екен. Оны айыратын шама жоқ, әлгі көргендерінің өзі түс секілді. Үстінен зілқара таспен бастырып тастағандай жаншылып жатып, қаптаған қалың найзаға қарсы ұмтылғаннан кейінгі оқиғаны болжап көрмекші болды. Көкті үсті-үстіне тебінген бетте жоңғарларға дүрсе қоя бергені, оңтайына келе қалған бір-екеуін шауып түсіргені елестеген тәрізденді. Содан кейін көп найза ақберен сауытына алды-артынан бірдей кірш-кірш қадалған, аттың үстінен кісі бойы көтеріп алып, жерге тастап жіберген. Бұдан арғысы қанша ойланса да ұшығын ұстатпаған.
Шамасы бес-алты адам болуы керек, табандары тиген жердің қу шөбін сырт-сырт сындырып осылай қарай келе жатыр. Міне, жанына да жетті. Толағай көзін ашты. Ай сүттей жарық. өзіне анталай үңілгендердің жүзі анық көрінеді. Солардың ішінен мана ұрыс үстінде қолына түспей қойған кеспелтек жоңғарды шырамытты. Өне бойы сірескен көк болат, дулығасына қадаған үкі айдың бозғылт сәулесіне малына төгіліп тұр. Оң қолымен қынаптағы қылышының сабын ұстаған күйі күзетші жауынгерге иек қақты. Ол сол заматта ғайып болған, әлден уақытта алдына бір топ адамды салып оралды. Батыр соларға қараған сәтте кеудесін жерден тістене көтере берді. Қос жауырыны сытыр-сытыр сынып, шыдатпай бара жатқанын елемеді, күзетші жекіре айдағандар өзінің сарбаздары болатын. - Толағай! – деді кеспелтек тұтқындар есік пен төрдей жерге иін тіресе тоқтағанда, - сенің ұрыс үстінде өліп кеткенің дұрыс еді. Исі жоңғардың Домбайдың қазасын кешпейтінін білмедің бе. Сорыңа бола тірі қалдың. Ендігі көрер зобалаңың адам атаулыны өмір бойы үрейлендірумен болатын сол өлімнен де қорқынышты. Қазір өз сарбаздарының қолынан азаппен қаза табасың. Соны айтып жанында жалаң қылыш ұстап тұрған жауынгерге: -Баста! – деп бұйырды. Ол сарбаздың біреуін топтан бөліп шығарып, қолына қаруын берді. Бұл батырдың талай жылдан бері бір де бір жортуылынан қалмаған найзагер Жақып еді. Толағай оған, айнала үйіріліп тұрған, қынаптарынан суырылған семсерлері ай сәулесіне сұсты шағылысқан жоңғарларға қарады. - Онда арманым жоқ, - деді кеудесін жерден көтерген қалпы. – Сенің қолыңнан ажалымды таппағаным үшін, Толағайды жауы өлтірмегені үшін тәңіріме мың да бір рахмет айтармын. - Жауының салған жарасы жаныңды қинамайды, дұшпаннан күтер жақсылығың жоқ. Қандыкөйлек үзеңгілес қасқырша таласа, еліңнің елдігіне дақ түскені, оны еріксіз істесе де, аты біреу-ақ – сатқындық. Сенің кімнің қолынан өлгенің күні ертең-ақ мына иен даланың төрт бұрышына түгел тарайды. Толағай деген атың аталған жерде сарбаздарыңның сатқындығы тілге бірге оралады. Елің есіміңнен жиренеді. Оны неге ойламадың. Батыр кеспелтектің көкейін енді таныды. Бұл мұның өзімен қоса рухын да біржола құрбан етпек екен ғой. Неткен залым еді, қандай қорқау еді?! Жауынгер әлгі орынында тапжылмай тұрған Жақыпты желкеден түйіп жіберіп, бұған қарай итерді.
- Ал, сарбазым, өз өміріңді арашалап қалғың келсе, ананың басын шауып түсір! – деді кеспелтек. - Бол! – деп ақырды жауынгер. Жақып бір басып, екі басып таяла берді, қылышын оңтайлы ұстап алған. - Кеш! – батыр деді даусы жердің астынан шыққандай күңіреніп. – Шағын қолдан қалғанымыз мына үркердей топ қана. Бәрі қаза тапты. Енді сен де көз жұмбақсың. Тағдырдың жазуына амал жоқ. Бақұл бол! Қайқы қылышын басынан асыра көтере берді. Батыр көзін жұмды. Жақып шынымен-ақ мұны шауып тастамақ па. Бұл сондай ит пе еді, талай сойқанды қырғында өлімнің жүзіне өшіге қараған есіл сарбаз өзін мұндай қорлыққа қалай ғана қимақ. Қылыш ауада ыс-ыс етті, бірақ денесіне дарымаған. Қандыкөйлек сарбаздың жүрегі сыр беріп қолы тайып кеткен шығар. «Ештеңе жоқ, қайта шап! – деп кіжінді іштей. – Бұрын ұстамаған қаруың ба еді, дұрыстап сілте!» Көкірегі өртке оранып, Жақыптың сатқындығына қарадай қажып, жүзін көрмек болып көзін қайта ашқанда, ол бүктетіле құлап бара жатыр еді. Көкірегіне қадалған суық қаруды қос қолымен ұстап алған. Толағай жатқан жерінен атып тұратындай бұлқынды, әттең дүние-ай, он екі мүшенің бірі де икемге келмейді. Тәңірі соңғы рет қуат бермес пе, ақырғы ре оң көзімен қарамас па, бұл ана есіл ердің көкірегіне қадалған қылышты суырып алып, жауына арыстанша тап бермес пе. Қатты бұлқынғанда басы айналып кетті, жанарының алды күңгірт тартып барып қайта сәулеленген. Күзетші шалқалай құлаған Жақыптың кеудесіне табанын тіреп тұрып, қаруын күшпен суырды да, басқа сарбазға ұстатты. - Шап! Ол әшейінде иіні түскен момын, ал ұрысқа кірсе танымастай өзгеріп шыға келетін, зор қара күштің иесі Әлібай болатын. Батырдың жасағына қосылып жауға талай рет аттанған. Жақсы найзагер еді, оның әлі күнге дейін жарақаттанғанын да көрмепті. Көбіне айлалы Қарасұр сарбазбен дізе қосып қимылдайтын. Енді бұл да шарасыз тұтқын. Басы төмен салбырап топтан шықты, қылышты салмақтап көргендей білемдеп тұрды да күзетшінің аяғының астына тастай салды. Ол қаруды етігімен ысырып. – көтер! – деп арс ете қалған. Әлібай басын шайқады, сарбаздардың қатарына қарай бұрыла берген. Сол заматта жоңғарлардың бірі мысықша атылып келіп, қылышын құлаштай сілтеді. Найзагердің басы жерге домалап түсті, ірі денесі селк-селк етіп барып қопарыла құлады.
- Бақұл бол, сабазым! – деді батыр жан жүрегі күйзеліп. - Соңыма ез емес, өңкей ер ерген екен! Хош, қасиеттім! Оның күңіренген үнін өзінен басқа ешкім естіген жоқ. Тамағына тас тығылғандай болып, даусы шықпай тұншығып қалып еді. Сабасына сыймай жұлынған, дегені болмай долырған күзетші енді шет жақта тұрған дембелше сарбазды ортаға жұлқып шығарды. - Атаңа нәлет, дінсіз! – деді қыр-қыр етіп. – Мә, бауызда ананы, әйтпесе кескілеп өлтіремін! Тірілей жүндей түтемін! Бұл балуан бала атанған Әділ еді. Он сегіз жасқа келгенде топқа түсіп, белдескенін алып соға берген оны батыр арнайы шақырып алып, нөкеріне қосқан. Жолы мұндай ауыр болар ма. Өзіне еріп алғаш рет жортуылға шыққанда, жау қолына тұтқынға түскенін қарасаңшы. Жолымды қуар, түбінде орынымды басар деуші еді. Енді ажалын содан тапса, одан өтер қайғы да болмас. Әділ күзетші ұсынған қылышты қолынан жұлып алды. Айдың сүт сәулесіне тосып, жүзіне жұққан қанға қарады. - Сені жоңғардың ұстасы қазақтың қанын төксін деп соққанда, түбінде айналып келіп, менің қолыма түсетінін қайдан білген, - деді. Содан кейін күжірейіп төніп тұрған күзетшіге қараған. - Шабайын ба? - Шап! – деп тепсінді ол. Әділ манадан бері зығырданын қайнатып, жынына әбден тиіп біткен жоңғардың басын қақ айырды. Сол заматта кеспелтек баһадұр тұрған жаққа қарай оқша атылған. - Жабыл! Жастығыңды ала өл! – деген ащы даусы айлы түннің астанкестенін шығарды. Сарбаздар дүр сілкініп, айнала қаумалаған жауға өлімге бас тігіп тап берді. Батырдың әлемі ақпанның ақтүтек боранындай буырқанды. «Ұр! Ұр!» деп атой салып, қыр арқасына тас емендей жабысқан, кеудесін еркін көтертпей қойған қара жерді тырналай берді. «Аянба! Аянба!» деп айғайлаған сайын аяғынан тік тұрып кететіндей, жауының жағасынан ала түсетіндей арпалысады. Әділ жалғыз өзі арыстанша алысты. Күтпеген жерден тұра ұмтылған әлдемді сарбаздың соққысына алғашқы қарбаласта төтеп бере алмаған санаулы жоңғар азан-қазан болды. Сол кезде бүкіл қосын аяғынан тік тұрған, түн ортасында тосыннан қалың дұшпан шабуыл жасаған секілді көрініп, ұмыр-жұмыр араласты.
- Аруақ! Аруақ! – деп дем бере ұрандады батыр. Бір-бірін киіп-жарған, ерсілі-қарсылы сабылған көп дұшпан жау қайсы, өз қаруластары қайсы екенін айыра алмай сеңдей соғылысқанда, тұтқындардың ішіндегі қылышкер Әлімнің қолына да Әділ шауып түсірген бір жоңғардың семсері ілігіп еді. «Толағайлап ұрандап, ұрыс сала жүріп, балуанға қарай жақындады. Оның сұлбасын таныған тұста: - Сытылып шық. Мына қарбаласта, шамаң жетсе құтыл. Елге біреуіміз аман жетейік! – деп айғай салған. Әділ Әлімнің даусы естілген жаққа қарай ығыса ұрыс салып, соңынан өкшелей түскен үш жауынгерді қылышкер тосып алғанда, ұмыр-жұмыр топтан суырылып шыға берді. * * * Шалғайдан аттың дүбірін естігендей болдым. Атам да елеңдеп басын көтерді. Іле түнгі дала жым-жырт бола қалды, әлгі дыбыстан еш белгі жоқ. * * * Бозарып таң атып келеді. Толағай оны кірпік ұшында қарсы алды. Әуелі жанары қарсы беттегі аласа жонға тоқтаған, одан бергі жусанды жазықта ұйқыдағы жау сарбаздары тарыдай шашылып жатыр. Бірен-саран ат үстіндегі қарауылдар көрінеді. Аспан бүгінде алабұлттанып тұр екен. Әлі көкжиектен сығалай қоймаған жазғы күннің көгілдір сәулесі бірте-бірте ажарланып, күмбездене көтеріліп келеді. Дәл төбесінен түнімен қырдың бидайығына жайылып, таң ата суға қарай қаптай ұшқан бір топ қаз ағып өтіп барады. Ана жонның Атасу өзені жағындағы тұмсығында айналасы тай шаптырым көлшік бар. Қазір сонда барып қонар-ау, түн баласында қалың қамысты сағалап қалған қалған үбір-шүбір балапандарымен қиқуласып табысар. Ал мына таң бұл үшін тағы бір азапты күннің хабаршысы ғана. Түнде дегеніне жете алмай, оның үстіне тұтқындағы қазақ сарбаздары тұтқиылдан өздеріне тап беріп, қапелімде ала тайдай шулатқанда терісіне сыймай бұрқсарқ еткен кеспелтектің бүгін не сый көрсететінін кім білсін. Әлім қылышкер бастаған он шақты жігіт ай астында ылаң салғанын, талай жоңғарды қызыл қанға бояғанын көріп бұл марқайса, ол бұрынғысынан да өшіге, өршелене түскен. Ана бырдай болып сұлап жатқан көп мүрденің ішінде мұның есіл ерлері де бар. Кешікпей бұл да солардың соңынан аттанар. Оған енді өкінері
жоқ, қайта сол сәтті асыға күткен сыңайда. Жау жеңдім деп есірсе, бұл жеңілдім деп күйіне алмайтындығына көзі әбден жеткен. Жонның бауырына қонған көлеңкенің аумағы тарылып барады. Жоғары қарай өрлеген сәулемен бірге ол да биіктей түскен тәрізді. Қол созым жердегі биік шидің басына қонып отырған бозторғай әуеге шырылдай көтерілді. Қалың жусанның сабағына қонған шық жылт-жылт етеді, таң салқыны әлі тарамаса да булана бастаған. Жерде жатқан адам ұлан даланың төсінде кішкене сансыз шұғыланың кестелене өрілгенін көрер еді. Айнала ақ таңның арайына шомыла ажарланып, сәт санап сездірмей кеңіп келеді. Тек дауыс жетер жердегі Атасудың қалың талы мұнарта қарауытып тұр. Жоңғарлар ұйқыдан тұра бастаған, әр жерде от жағылып жатыр. Жылқының кісінегені, дабырласқан дауыстар естіледі. Шамасы он басылардың бірі болуы керек, әлдекімге шаң-шұң етіп жекіріп еді, онысы ыға қоймай шаптыға жөнелді. Тағы біреу жын соққан адамша қарқылдап ұзақ күлді. Ұзын бойлы, мойны қылқиған жауынгер төрт аяғын билеп басқан қылаң атты жетектеп барады. Батыр кеше оны кеспелтек жоңғардың астынан көрген секілді еді. Жануардың кең алқымы мен есік пен төрдей тұрқына, доғаша иілген сала құлаш мойнына қарағанда жоңғардың қылқұйрығына емес, түрікмен жағында болатын арғымақтарға көбірек ұқсайды. Соған қарап жатып есіне құла ат түсті, одан Домбайдың қара жердің үстінде домалап бара жатқан басы, өзін-өзі шаһит қылған Жақып, сол қолы иығынан шабылып түссе де қылышын тастамай алысқан Әлім, түнгі аласапыранда құтылып кеткен бозбала Әділ елестеген. Көз алдындағы бірбірін тез ауыстырған сол көріністерге қарап жатып, ақылымнан алжаса бастаған жоқ па екенмін деп күдіктенді. Тілі таңдайына жабысып қалған. Тұла бойы жалынға қақталғандай күйіпжанып барады, сол иығы қақсап ауруын әлі қоймаған, оң қолын күшпен зорға көтеріп еді, қаны сауыс-сауыс болып қатып қалған саусақтарын еркін жаза алмады. Жоңғарлар таңғы асты апыл-ғұпыл ішті, қайсыбірі аттарына мініп алған, онбасылар қалың қолды аралап, елдің бас-аяғын жинап жүр. Сауыт-сайманы күннің көзіне шағылысқан бір тобы өзіне қарай беттеп келеді, өңкей көк болат құрсанған, қабақтарынан қан жауған сұсты шоғыр, ішінде түндегі кеспелтек бар. Батыр жатқан орынынан тұрмақ болып жанталасты, қозғауға келетін оң қолымен жер тіреп, әуелі кеудесін көтерді, содан кейін денесінің қан
қақсағанына қарамай екі-үш ұмтылып барып бойын тіктеді. Қарғыс атқыр дұшпанын осылай, туған жерінің төсінде тік тұрып қарсы алмақ еді, тек құлап түспесе екен, көзінің алдын торлап тұна қалған тұман тез сейілсе екен. Табанының асты шайқалып барып түзелді, үстіндегі ақбереннің салмағы алғаш рет сезілді, бұрын қалай жеп-жеңіл көтеріп жүрген. Таяқ тастам жерде үкілі дулыға төңкеріліп жатыр, соның жанынан бассыз дене көрінеді, Әлібай марқұмның мүрдесі шығар. Одан әріректе өліп жатқан адамның кескінін айыру қиын, қылыш шаппаған жері жоқ. Бар маңайдан өлексенің қолаңса исі аңқиды, ала таңда сар дала қан сасыған. Сұсты топ екпіндей басып тез жетті. Батыр келгендердің бәрінен биік еді, төбелерінен аса қарап, қиянға көз тікті. - Тәкаппарын! – деді жоңғардың бірі. – Ана кекжиген басын қағып түсірер ме еді! Мұны айтқан тығыршық денелі, басына дулыға орынына күндіз бөрік киген қатын бөкселі көсе болатын. Кеспелтек оған салқын қабақпен қарады. - Бас кесу оңай, өз басын сақтап қалу қиын екенін кім ұғады бұл күнде. Көсе сұрланып кетті, беліңдегі жалпақ кісесін сипалап бұрынғысынан да зілдене түсті. - Толағай! – деді сызданып, - сен баһадұр болып тудың, құл болып өлесің. Батыр әлі қиянға қарап тұр еді, күн көкжиектен таяқ бойы көтеріліп, біртебірте ажарланып келеді, даланың үстінде бұлдырап сағым ойнай бастаған, шалғайдағы Тасқоралы тауы көксеңгірлене биіктеп барады. Сол қол жақта Саңғырудың айбатты шыңдары зеңгір көкпен таласады, көз жетер жердегі иен өңір тері сүйреткендей тап-тақыр, соны қақ жарып Атасудың талды арнасы ирелеңдей созылған. - Солай, - деді көсе сөзін сабақтап, - ұлан далаңды ұлардай шулатқан жоңғардың қойын қазақтың батыры бақса, тақиясына тар келмес. Толағай бұл жолы үнсіз қала алмады. - Маған баққызбақ болған қойыңнан жаназаңа союға қотыр тоқты да бұйырмай, ұлардай шулаттым деген ұлан далада арам қатпасыңа кім кепіл?! - Жоңғардың қалың қолы, еліңді торғайдай тоздырады әлі, - деді көсе. Батырдың тұла бойы қалшылдап бара жатты, көкірегін ызалы күлкі кернеген, қиянға көз тіккен күйі соған ерік берді. Жоңғарлар аңтарыла бір-біріне қарады, Толағайға таяу тұрған көсе қынабындағы қылышына қол салып шегіншектей берді. Басқалары да батырдың маңынан кері серпілгендей болып еді, алып денелі ер үрейді
ұшыра, таңғы ұйқылы-ояу даланы басына көтере қарқылдай жөнелгенде, ессіз халде тап беретіндей көрінген. Сескенбеген, орынынан тапжылмаған кеспелтек баһадұр ғана, қабағы түксиіп, жауар бұлттай түнеріп тұр. - Батырды құл қылған ел, ерліктен тұл болар! – деді әлден уақытта. Содан соң ойлағандай үнсіз қалып барып Толағайға көз тікті. - Сенің аруақты ноян Домбайды жеңген жойқын баһадұрлігіңді, сарбаздарыңның сатқындықтан өлімді хош көрген жанбоздығын ерлікке балай алмасам, он бесімде қол бастаған Берен атыма сын. Жауының қаһармандығын көкірегі көрсоқыр дұшпаны ғана көрмейді. Соңғы тілегіңді сұрасам, не айтасың? Толағай оған кешеден бері алғаш рет зер сала қарады, кескен дөңбектей шымыр жоңғардың мына сөзі елең еткізген, бірақ одан қандай тілек сұрарсың, осынау қан сасыған даланың қасіретін көріп тұрып, елің мен жеріңді ханталауға салған жауыңнан медет күтсең не еткенің. Кеткен есең мен алынбаған кегіңнің өтеуі дұшпаныңның алдында сынбаған сағың, жасымаған ызалы жүрегің емес пе. Жоқ, бұл ешқандай да тілек айта алмайды. Тек бір-ақ арманы бар, мына тағы бір жазғы таңды бұйыға қарсы алған ұлан даланың төсінде бұлдырай бастаған ала көңіл сағымына, баяу ескен саумал самалына, көгінде қалқыған ана шөкімдей ақша бұлтына айналып кетер ме еді... Сонау саңғырудың қапсағай қара жартасындай қасқая қатып қалар ма, етегінде тарыдай шашылған көп тасының бірі болып домалап жатар ма... Басқа тілек болар ма... - Мен күтіп тұрмын, - деді кеспелтек. Толағайдың көз алды қайтадан қарауытып кетті, қияндағы Тасқоралы бір бүйіріне қарай ауып барады, ұзын аққан Атасудың талды арнасы ирелеңдеп жылжи ма қалай. Ұлан далаға жан біткені ме... - Несін күтеміз! – деп бұрқ етті көсе. – Айтқаным айтқан. Көзіне көк шыбын үймелетіп құл етемін. - Ойлан! – деді кеспелтек. – Сені құл ету көктегі тәңірден басқаның қолынан келмес. Бетке ұстар азаматы болсаң, қай халық құшағын ашпас. Дұшпаным демесең, жоңғар да мал баққан көнтері ел. Сіңе білгенге жері кең. - Құлы да, ұлы да болмаспын! – деді батыр. – Тілегімді сұрадың, айтайын. Денемді туған топырағымда қалдыр. - Онда... Кеспелтектің сабырлы жүзі сұрланып бара жатты. Сол кезде көсе іліп әкеткен. - Онда сол топырағыңа тірілей көмілесің.
Батыр үстінен ауыр жүк түскендей кеуде кере тыныстады. - Мейлің! Көсе жанында тұрған еңгезердей жауынгерге бұрылды. - Мынаны ана жотаның басына апарыңдар. Ол Толағайға жүр деген белгі беріп еді, батыр аяғын аттап баса алмады. Құба даланың дізеден келетін жусанын жалдап соңғы рет жүріп өтуге қанша құштар болса да, тұрған орынынан қозғалу қиын еді. Құлап түсе жаздап, жанына келген жауынгердің найзасына сүйене кетті. Соны демеу етіп алға қарай әзер дегенде аттап түскен, бар қайратын жинап тағы бір қадам басты. Жамбас сүйегі сықыр-сықыр етеді, бел омыртқасы үзіліп түсер ме екен. Батырдың маңдайынан суық тер саулап қоя берді, таяқ тастам жерде сұлаған жонға үздіге қарады. - Тарт! Сүйрет! – деп ақырды көсе. Екі жауынгер қос қапталынан ала кетті, сүйреткен қалпы жонның үстіне апарып сылқ еткізіп тастай салды. * * * Айнала түйенің өркешіндей өңкей тарғыл тас. Гу етіп салқын жел соғып еді, судың сабынды исі білінді. Төмендегі ен даланың өңі сұп-сұр, қанын ішіне тартып алған. Шақырайған күн тоқымдай бұлттың тасасына жасырынды, бозторғайдың шырылы сап тиылған. Кеспелтек жоңғар жауынгерлер сүйретіп әкелген жерде сұлап жатқан батырға қарай аттап түсті. - Ойлан, баһадұр! Тарғыл тастың астында тірілей жаншыларыңды ойла! Толағай кеудесін көтерді, оның өңінде ажалымен бетпе бет келген жанның үрейі де, көзсіз ерліктің бет қаратпас айбаты да жоқ еді. Үні де сабырлы шықты. - Туған топырақтың тасы мамықтай жұмсақ. Кеспелтек оған таңдана қарады, жанарында зығырданын қайнатқан өшпенділік пен жауының қайсарлығына еріксіз бас идірген ризалықтың белгісі қатар тұтанып еді. Анталап тұрған жауынгерлерге иек қағып, сырт айналып кетті. Батырдың аяқ жағында тұрған көсе зілдей тасты күшене көтеріп алды, сарбаз атаулы оған жапыр-жұпыр ілесті. Біраздан соң жонның үстінде биіктігі қол созым тас оба пайда болды. Ол осынау қан сасыған ұлан даладай алып батырдың көк болат дулығасына ұқсап, етекке қарай шұбап бара жатып, артына жапақ-жапақ қараған көп жоңғардың көңілін секемдендіріп, бір тылсым үреймен үркітіп, сәт санап зорая түскен тәрізденіп сесті қарауытып тұрды.
*** Таңертең бетіме түскен күннің сәулесінен ояндым. Көзімнің алды түрлі түсті шұғылаға тұнып тұр, түтіннің ащы исі қолқамды қауып барады, әлі де жата түскім келсе де еріксіз басымды көтердім. - Тұрдың ба, ашық далада жатқан адамның ұйқысы тез қанады, - деді атам ту сыртымнан. Ал қарсы алдымда Әділшенің биік шоқылары зораяды, таудың ұшар басындағы кеншілер орнатқан ағаш бағана бұлдырап көрінеді. Содан сәл төменде жалаңаш қызғылт тасты жартас етекке қарай еңкейе төніп, әне-міне құлағалы тұрғандай сескендірген. Үстіме жапқан шапанды серпіп тастап, жатқан жерімнен серпіле көтерілдім. Бұлаққа барып жуынып келгенде, атамның шайы да дайын болған еді. Бүгін қимылы ширақ, майы сыртына шыққан қойдың құртын қажалап, бірер кесе ішкен соң жолға жиналды. Ұсақ-түйек заттарды мотоциклге салып жүріп, әлі де бойым енжар тартқан, керіліп-созыла берген мені асықтырып қояды. Кешікпей аттанып та кеткенбіз, атамның жөн сілтеуімен Әділшенің далаға қарай құлаған аласа иығынан асып түсіп, тобылғылы жазыққа тіке тарттым. Көделі жер тақтайдай тегіс екен, сонадайдан көрінген төрт құлақты тамдарға қарай заулатып келемін. Арада жарты сағаттай уақыт өткенде оған да жеттік. Осылай қарай бұрылғанда биік секілденіп көрінген бейіттер менің бойымнан аспайтын, қабырғалары мүжілген ескі зират болып шықты. Атам мотоциклден түскен бетте әдетінше жерге шарт жүгініп отыра қалған еді, бұл жолы дағдылы мақамын ұзақ созып, орынынан бие сауымындай уақыттан соң бірақ тұрды. Сол бетінде қорымның бергі жағындағы жермен жексен болған қабірге жетіп аялдаған. Өңі бозарып үнсіз қарап тұр, әлден соң дізесін бүкті, иегі дірілдеп, құмдақ топырақты ақырын сипап өтті. - Міне, мен де келдім. Сезіп жатыр ма екенсің, - деді естілер-естілмес күбірлеп. – Көп тосқан шығарсың. Өлілердің бәрі тірілерді күтумен болады. Қаздиып тұра беруді жөн көрмей, мен де дізе бүктім. Қабірдің үстінде шіріген бесіктің қалдығы жатқанын тек сонда барып аңғардым. Атам енді соның тұтамдай бір сынығын қолына алған, айналдыра қарап отыр. - О тоба! – деді біразға созылған үнсіздіктен соң. – Мұның да шіріп біткені ме. Мен аң-таң болып біресе оған, біресе қолындағы шіріген ағашқа қарадым о заман да, бұ заман, зираттың ішінен бесікті көргенім осы еді. Бір-біріне
мүлде кереғар осы екі көрініс әлдебір жамандықтың белгісіндей сезіліп, бұл жерден тез кетуге асықтым. Ал атам сол дізерлеген қалпы үзік-үзік күбірлейді. - Жаның жәннәтта болғыр Жамал марқұмды жерлегенде қабірінің басына әкеліп тастағанбыз. Шешей жарықтық осылай істетіп еді. Бұл бесікке бөлеген бала шетіней берді ғой. Көңілім құлазып отыра бердім, жел мен жаңбыр мүжіп тоздырған, іргелері шөккен қыш тамдарға қанша қарағым келмесе де көзім еріксіз түседі. Қайсыбірінің қабырғалары жер табанынан іріп құлай бастапты, айнала қаптап алабота өскен. Атамның күбірі еміс-еміс естіледі. - Мен сендермен қоштасуға келдім ғой... Соңғы рет келіп тұрмын... Ұзақ уақыт көрінбей кеткенімде, өлдіге жорыған шығарсыңдар, жоқ әлі тірімін. Бірақ менің де көрер жарығым өше бастаған. Көз тігіп қараған сайын менің ақ сақалы беліне түскен алдияр атам, ай далада, ескі қорымның ортасында өлі аруақтармен күбір-күбір тілдескен, әулиеге ұқсаған абыз атам жұмбақ жанға айналып бара жатты. Мен оның бір ғана сөзін ұқтым, Жамал дегені алғашқы әйелі екенін ғана білдім, әредік айтып отырушы еді. Ал қалғаны мүлде түсініксіз болатын, тіпті ол кәмзолының қалтасынан көлдей ақ орамалын суырып, қабірдің бетінен алған бір уыс топырақты бипаздап орап жатқанда да ештеңенің байыбына барған жоқпын. Тек күңгір-күңгір күбірін ғана естимін. - Өлгендерге тірілердің бәрі бақытты болып көрінер. Ал тірілердің кейкейде, зәудеде бір өлілердің ешуақытта бұзылмайтын мәңгілік тыныштығын барымен аңсайтынын қайдан білсін. Осынау ұзақ өмірімде сан өліп, сан тірілмедім бе. Тегінде азды-көпті ғұмырда бір-ақ рет өлу де бақыт. Мұнысы несі екен, дізесімен жорғалап барады, сол күйінде құбыла жағына қызғылт тас орнатқан бесікшеге жетіп іркілді. Одан әрі беткі қабаты опырылып ішіне түсе бастаған көп қабір. Атам соның бәрін адақтап өтті, әрқайсысынан бір-бір уыс топырақ алып, орамалына түйді. Содан кейін аңырады-ай келіп, көз жасы бетіндегі әжімдерін қуа ағып, ағыл да тегіл босаған, сай-сүйегімді сырқыратып ұзақ жылаған. Анда-санда әлденені булыға айтады, «Арыстарым, Алтындарым!» дейді күңіреніп. «Тіршілік иттің айдауымен ұмытып кеткен күндерім үшін ғайыпқа бұйырмаңдар!» - дейді қыстыға аһ ұрып. Жүрегім өрекпіп аузыма тығылды, «Ата!» - деп шошына айғайлап жіберуге шақ тұрмын. Ол тізерлеп отырған қалпы екі жағына кезек теңселеді,
теңселген сайын құлап кете жаздайды. Бұдан әрі шыдай алмай жанына жанұшыра жүгіріп бардым, енді менің де көкірегім қарс айырылған, кеудемді бір ыстық толқын кернеп бара жатты, тынысым тарылып атамның дізесін құшақтай құладым. Енді оның аңыраған үні жұтылып естілді, дір-дір еткен саусақтарымен шашымнан сипап, әлдене деп күбірлейді. Сөзінің бірін естимін, бірі жетпейді. - Кешір күнім... Ай далада өткен өмірін жоқтаған, алты бірдей арысын өлер шағында ғана іздеп келген, алжыған атаңды кеше гөр... Мен олармен бүгін мәңгілік қоштаспақпын ғой. Естимісің, біржола...
*** Біздің шағын ауылымызға тамыз айы да келіп жеткен. Осы уақыттың ішінде атам қайтып ешқайда шыққан жоқ, тек бір рет Толағай батырдың басына барып қайтты, ол жолы да мен атқосшы болғанмын. Екеуміз биіктігі қол созым тас обаның түбінде төмендегі ұлан далаға көз салып ұзақ аялдаған едік. Сонда атам маған баяғыда жыр қылып әңгімелеп берген аңызын еске алған. Еске алып тұрып, оны ұмытпауымды өтінген. Ақсақалын жонның үстінде сусылдай соққан желге таратып отырып, бастан-аяқ қайта айтқызып еді. Бұдан кейінгі күндерде бәлендей өзгеріс бола қойған жоқ. Айтпақшы, ауылымызға атам асыға күтіп жүрген Әлікей ғалымның келгенін, Қайда Жарылғапқа бұйырмаған алтынды сол кісіге табыс еткенін ұмытып барады екенмін. Тамыз орталана бергенде біздің үй атамның туған топырағына көшті. Балалық бал дәуренім өткен, кіндік қаным тамған жерімді қимай, жүк артқан машинаның үстінде артыма қарай-қарай кете бардым. Аласа төбенің үстіне салынған жайдақ үйлер көпке дейін көрініп тұрды. Алыстаған сайын қолқам суырылып, жанарымды жас жуып, жанымда отырған шешеме сездірмей үнсіз егілдім. Ал соңғы рет қарағанда, Айдарлы жонының үстіндегі Толағай батырдың тас моласын іздегем. Сол бір жаз маған туған топырақтың қадірін ұқтырған, есімде мәңгі қалған жаз еді. Атамның соңғы жазы болатын.
Қыз бен Наурыз
(повесть)
Тау суы өзекте тарыдай шашылған ірілі-ұсақты қойтастардың арасын қуалай ағып, еңіс етектегі айна көлге қарай сылдыр-сылдыр асығады, жіңішке арнасы қарсы кезіккен тарғыл жартастардан жалтара үркіп, кілт бұрылған тұстарда иірімдене-ақ көбіктенеді, жиырылып-жазылып бұрқ-сарқ қайнайды. Сонау мұз құрсанған заңғар биіктен алқына ұмтылған сәттен бері жеткізбей діңкелеткен шалқарға, жолында жиі ұшараса берген, маңдайы қайта-қайта соғылған тайғанақ, доғал тастарға, әлде арқыраған адуын дарияға айнала алмаған өзіне кектенері белгісіз, бүлік іздеп екі қапталын кезек сүзгілейді, долырып жағалауды жиектей өскен бойшаң құрақты жұлқылайды. Құрбандығына қай жерде қалай айналғанын кім көрген, шүйкедей сары шымшықты толқыннан толқынға лақтырып ермек етіп барады, екі иығын жұлып жеп, біресе дөңбек тасқа, біресе жалаңаш кемерге соғады. Одан да айызы қанбай , тар өзектің бойын тімтіне тінтіп, ашкөздене шарқ ұрады. Жоғарылаған сайын еңсесін көтере түсетін, жақпар-жақпар тасты, қапсағай қарағайлы таудың ортан беліне таманғы тұста биік жартас төменге сұстана төнген. Соның ұшар басынан күркірей құлаған сарқыраманың тұлан тұтып барып ентігін басатын жері еңістегі айна көл. Таудың құлаберіс беткейлерінен түнере қарауыл қараған найза шыңқұздардың сесі ызбарлы. Ұлан өңірде еңсе теңестіретін басқа дәмелі биік жоқ, қарлы шыңдарынан ала бұлты арылмайтын, тастақ төсін екі күннің бірінде жасын тілгілеп, от ойнап жататын, жалына қол тимеген тәкаппар тау етектен қарағанда ерекше сұсты, тәңірдей айбатты. Бауырында қыбыр-қыбыр қозғалған тірлік атаулыға көз талар биіктен тәкаппарлана қарап, шатқалшатқалда сұғанақ суық жел суылдаса, тұла бойды мұздата ысқырынады, қалың қарағай қабырғасы қайыса күрсініп, айнала күңіреніп жүре береді. Ұшар басына қыран қанаты ғана талмай жететін құз-жартастардан салқын леп тарап, бар маң тоңази жүдейді, құс біткен бұта-бұтаны сағалап бұғына қалады.Тақыр тасқа атылып шыққан тарғыл жыртқыш сияқтанып мың жылғы шіріген түбірлер қараң-құраң қозғалақтайды. Жіңішке өзектің қос қапталы жарыса өскен аласа бұйра тал кей тұстарда суға еңкейе төнген, арасы ойдым-ойдым шалғынды шағын алаң, көбі бос емес, демалыс күні тау бөктерінің салқын таза ауасына асыққан жұрттың иелігінде.
Осы тұс бос-ау деп аялдай берсең, дәл жаныңнан бұғыңқы күбір-сыбыр естіледі, не сыңғыр-сыңғыр күлкі төгіле жөнелді, кейде сырт дүниеден бейхабар, өзді-өзі ғана болып, риясыз аймаласқан қыз-жігіттің үстінен түсесің де, әлдебір әбес қылық жасап алғандай қымсына жалт бұрыласың. Мына бұйра талдың аясы солардың ыстық сезімімен көктеп, жайқалып тұр ма екен. Олар оңаша жер іздеп тау бөктерін өрлей берді. Біраздан кейін діңгектері кісі беліндей , қалың жапырағы күн сәулесін көлегейлеген заңғар қарағайлар кездесе бастады, ара-тұра кигіздей тұтасқан ойдым-ойдым жыңғыл ұшырасады, ал тау суының арнасы сездірмей тартылып, шалғын жұқалтаң тартқан. Қарсы алдарында аумағы шөккен түйедей екі тарғыл тас жатыр, маңайы балапан көк, соны жиектей өскен аласа шілік, аялдауға қолайлы-ақ орын. Биіктен құлап аққан судың сылдыры бұл жерге талып жетеді, маңайы үф еткен жел жоқ, айнала жым-жырт. Жігіт балапан көкке отыра берген сәтте бармақтай ғана ақ төс құс шілік арасынан үркіп ұшып, тарғыл тастың үстіне қонды. Айналаға, шыр-шыр етіп байыз табар емес. Аяқ астынан бүйірдегі шоқ талдың іші шулап қоя берді, әлдекімдер алқына алысады. Сытыр-сытыр етіп бұта сынып, әйелдің үрейлі үні тұншыға шықты. -Жоқ! Жібер! Әрі кет! Ер адам тамағын қайта-қайта қырнады, дем алысы жиілеп түсініксіз былдырлайды, үні тым жалынышты. Әлгі ақ төс шоқ талдың үстіне қайта орала беріп, іле аспанға лақтырған тас секілді тік көтерілді, тағы да бұта сынды. Таудың терең қойнауынан қысылып шықты ма екен, салқын жел гу етіп , биік қарағай күрсіне шайқалды, балапан шілік белі майыса иіліп барып түзелді. Шоқ талдың іші күңгір-күңгір. - Онда неге келдің? - Бұлай құбыла қалатыныңды кім білген. - Жібер. Бұл жерде енді бір сәтке де аялдаудың реті жоқ еді, тағы да биікке өрлеуге тура келді. Біраз жүрген соң тал ұйылып, оның есесіне еңселі қарағай қалыңдай берді, ара-тұра үйір-үйір ақ қайың мен көк терек кездесіп қалады, ал ауа дымқыл тартып, бірте-бірте суына түскен.Тастақ беткейге өскен шөптің реңі жүдеу, әр тұстан жерге жабыса тарамданған арша көзге шалынады.
- Ананы қара. Қызыл гүл. Жалғыз адасқан қызғалдақ!- деді қыз. Ол қызғалдаққа ұқсамайтын еді, жапырағы төгілген, сабағы ұзын бұл кездестірмеген жұмбақ гүл.Қыздың өзі секілді әлі сыры толық ашымаған, жанарды көркейте тұрып ынтықтыратын сұлулық. Айнала тарғыл тас, түксиген сесті жартас , түгін бермей сұстанған тылсым тау, жалғызсырай ма екен. Қыз гүлдің жанына отыра кетті, бағанадан бері жүрісте шаршады ма, өңінде кірбің бар. Маңайына жабырқау жүзбен қарап сездірмей күрсінеді. Жігіт оны өзінше ұқты.
- Оқуға түсе алмағаның өкінішті-ақ, әрине. Бірақ екеуміздің
қолымыздан не келеді, - деген.
Қыз тіл қатпады, енді жалғыз гүлге қарап бұрынғысынан да мұңая түскен.Тас төбесі көтерілген күннің өткір сәулесі көз қарықтырады. Аршаның қышқылтым хош иісі көкіректі шайдай ашады.
-Мына жалғыз тал гүлге үзіп алсаң, ештеме де өзгермейді. Қыздың сөзі жігітке түсініксіз болып көрінді.
Қостаған да, құптаған да жоқ, қыздың иығына батымсыз қол салып, сілкіп тастай ма деген күдікпен үнсіз отырып қалды. Ол бұрынғысынан да кішірейіп, бауырына тығыла түсті, ана жалғыз гүлдей қорғансыз еді, құшағынан босатқысы келмеді, осылай үнсіз, тілсіз ұғынысып отыра бергісі келді.
Қыздың көңілі бей-жай еді, кешеден бері қатты шаршаған. Бәрінен бұрын оқуға осымен екінші рет келіп, конкурстан өте алмай қалғаны жанына қатты батады. Дәл осы жолы ерекше үмітті еді, дайындығы да жаман сияқты еместін, соңғы екі сабақтың бірінен үш алғаны бәрін аяқ асты етті. Ауылдың осында жоғары оқу орындарында оқып жүрген жігіттері онда-мұнда барып, біраз шапқылап еді, ештеңе шыққан жоқ. Бар тапқаны мұны жұбата береді, енді қолдарынан басқа не келсін.
Ауылға барғанда ренішін бөлісе қоятын адамы да жоқтың қасы. Ағайыннан бүйрегі бұрады деуге келетіні басқа әкеден туған әкпесі ғана , оның өзі бірде бүк, бірде шік, қысқа күнде қырық құбылатын күйеуінен аса алмайды. Әйтпесе шешесі қайтыс болғанда он үш жаста қалған мұны мектеп-интернаттың қарамағына басы бүтін беріп, біржола безгендей болып кетпес еді ғой.
Бар жанашыры сол болса, аудан орталығында өз бетімен тіршілік етіп жатқан мұны іздеп те келмейтін, әйтеуір анда-санда ауылдан қатынаған адамдардан азын-аулақ тиын-тебен беріп жіберетін. Бұл үшін аса ауыр
болған сол бір жылдың жазында да қара танытуға жарамады. Үш күн интернаттың қаңырап қалған жатақханасында жалғыз жабығып жата берді. Түн сайын әпкесінің келіп алып кетуін тілеумен ұзақ таңға зор жететін. Сонда жалғыздықтың зардабын жаны күйзеле татып еді, содан бастап өмірге бір реніш пен мұңға толы көңіл көзімен қарауды тапқан. Өзінің осы қорғансыз шағына кім кінәлі екенін білмей, кейде әбден таусыла келе, шешесінің орны сірә де толмайтынын , ол үнемі аңсатумен болатынын ұғып тұрып, жүрегіне ұялап алған мұңлы сағыныш удай ащы өксікке ұласқанда, оны өмірден осылай ерте кеткені үшін бейкүнә , демеуі жоқ бала көңілмен егіле айыптаушы еді. Ал интернаттың алабажадай кең мұның әр дыбысын қағып алып жаңғырықтырып, зәресін алумен болады. Түнде сырттан есік сықырласа, өз есінен бір сәтке де шығармайтын шешесі аппақ киімге оранып, құшақ жайып кіріп келе жатқандай қалтырайды. Сол үрейлі ойы кейде әбден меңгеріп алып, оған үрке сенетін де, атша тулаған жүрегінің дүрсілімен бірге дірілдеп тұрып, көңіліндегі қорқынышты көріністің расқа айналуын шошына тілейтін.Онда бұл өзінің бүкіл қайғы-мұңын арқалап, анасымен бірге ғайыпқа жүре берер еді. Бәлкім мына жұртта қалған бұралқы күшік сияқты көтерем күндерінен сол ғайыптың өзі тәуір шығар.
Бұл жатқан бөлмеде он бір кереует тұратын. Енді олардың бәрі өзінің түйір демеуі жоқ көңіліндей жалаңаш. Ал үлкен қос терезеде перде жоқ, қоймашы баяғыда сыпырып алып кеткен.Түн болса содан ай сығалап тұрып алады. Бозамық сәуле бөлме ішіне дірілдей төгіліп, сырттағы биік ағаштардың көмескі көлеңкесі ішке қалбаң-құлбаң құлайды. Көзін жұмса болғаны мұны айнала қоршап алатындай, қоршап алып жапатармағай бас салатындай шошытады. Әдбен талып барып ұйқыға кеткенше олардан көз айырмай аңдысумен болады. Ал таң атқанда бүкіл ауыртпалығын бір сәтке болса да ұмытып, қайтып түн түнермейтіндей қуанатын. Таңмен бірге әпкесі есіктен кіріп келетіндей тәтті үміт қоса оралады. Әйтеуір алаулап атып, қос терезеден нұрлы шуақ болып құйылатын аппақ таң арманы да, демеушісі де еді.
Әпкесі үшінші күні де келмеді, интернаттың ауласындағы сынбай қалған жалғыз орындыққа елегізіп ұзақ отырды. Екі көзі кең қоршаудың қақпасында, оның арғы жағында қыз-қыз қайнаған өмір бар, содан әріде мұның жалғыз жетімсіреуіне кінәлі күпір көңілі де бар. Кейде соның екеуін де аңсайды, кейде екеуінен де түңіледі.
Арқасын беріп отырған жақтан сықыр естілді. Бұл келе жатқан күзетші шал Сәлім болар сірә. Әне булыға жөткірінді, «уһ» деп қабырғасы қайыса
терең тыныстады. Ағаш аяғы сықыр-сықыр етіп, екі иінінен дем алып жанына келіп отырды. Әжімді жүзі қан-сөлсіз, ал жасаураған көзі қанталап кетіпті. Оның бұлай тым жүдеу көрінетін жөні де бар. Шал ішіп жүруді ұнатады, ал аузына арақ тисе, одан ұрысқақ адам жоқ үлкенімен де, кішісімен де жоқ нәрсеге бола ұрсысып жүргені. - Сен бала әлі кетпегенсің бе? – деді көріп тұрса да. Бұл үндеген жоқ.
-Мен сенен сұрап тұрмын ғой, -деп кейіді ол.
Жамалдың онсыз да ұлардай шулаған реніші өршіп кетті.
-Қайда кет дейсіз? Көшеге ме?
Шал тіксініп қалды.
-Е, міне, бұлар беттен ала кетеді,--деп бұрқылдап келе жатыр еді, жөтел қысып булығып қалды.
Жамал ысырылып отырды. Шалды да, оның сөзіне де жақтырмағанымен кетіп қалмауын тіледі. Онда тағы да жалғыз қалады ғой. Ал жалғыз қалғанда көкейге кептелмейтін ой кем де кем, кейде өзінің бұл өмірде бар-жоғын үмытырып мәңгүрт етеді, іштей әлдекімдермен жауласып, әлдекімдерге мұңын шағып әлекке түседі. Оның өзі жанды жегідей жейтін азап. - Осы бесіктен белдерің шықпай жатып, неге қияли болғансыңдар? - деді күзетші шал түзеліп отырып. - Қызы да, ұлы да аш күзенге ұқсап шақ-шақ етуді ғана біледі. Бұ да болса, құданың нәубәті шыгар. Жамал оның енді ұзақ сөйлейтінін білді. Шалдың аузында тыным жоқ, бірді айтып, бірге кетеді. Ара-тұра қылғына жөтеледі де қалтасынан сырты кірлеген ақшыл дөңгелек дәріні алып, тілінің астына тастайды, іле қайтадан күңкілдейді . Біраздан кейін оның даусы ұзынсонар ызыңға айналды. Мұның екі көзі де, есіл-дерті де қақпа жақта болатын. Оның арғы жағындағы көшеден бірде атшылы, бірде жаяу, енді бірде шуылдасып балалар өтеді. Жалғыз тарғыл мысық әлденені қажалап жатыр. Күн ысып барады, бәлкім содан шығар басы ауырды, шөл қысқанын да сезіп отыр. Шал бір кезде бетіне қарады да, сөзінің далаға кетіп жатқанын біліп, иығынан тартты. - Осы сені ешкімнің іздеп келмеуіне қарағанда, ағайындарың алыста-ау. Жамал тіл қатқан жоқ. - Неге үндемейсің? - деді күзетші шал. - Алыста да, жақында да ешкімім жоқ, - деп шорт кесті бұл. Шал жалт қарады.
- Қой, құдайға күпір болма. Бірге туған әпкең бар дейді ғой. - Ол өліп қалған. Жамал неге бұлай дегенін өзі де білген жоқ. Бәлкім ол мұның көңілінде шынымен-ақ өлген болар. Осы сәт тірі әпкесінен қаза болған шешесі жақын жүрген секілді көрінді Қайырымы жоқ тіріден, шапағатты болып өткен өлі артық шығар. Шалдың қанталаған көзінде аздап жылы шырай пайда болды, балдағын орындыққа сүйеп, қолын жайды. Күбірлеп дұға оқып, бетін сипаған соң, не айтарын білмегендей үнсіз отырды. - Солай де балам, - деді әлден соң. - Ал басқа жекжаттарың жоқ па еді. Қарға тамырлы қазақ бұлай қысқа қайырылмаса керек. Жамал басын шайқады. - Апыр-ай, бұл қалай болғаны, - деп жөткірінді шал. - Мен болсам, сені уағында алып кетпегені үшін ағайындарыңды, құдай куә, біраз жерге апарып тастап едім. Интернәтте өзің қалмасаң, күзетіп нем бар. Жатпаймын ба үйімде. Мұндағы ескі-құсқыға ешкім қызықпайды. Аяғы бар болғыр да сыздайтынды шығарып жүр. Ал кемпір ішесің деп екінші жақтан жегідей жейді. Ол байғүс сайтан судан тартып жіберсем, аурудың біліне қоймайтынын қайдан ұқсын. Шал тағы да бетімен лағып кетті, жөтелі де жиілей түскен. Бара-бара біреуге үйіп-төгіп бере салатын, біреуді қу тақырға отырғызып, жан-жағын жым-жылас жұтатып қоятын құдаймен ұстасты. Жамалға сөзінің бірі жетсе, бірі жетпейді. Ол бірте-бірте қаттырақ естіліп келе жатқан машинаның үніне құлақ түріп отырған. Міне, ағаш қорабының сылдыр-гүріліне дейін анық жетіп тұр. Алабұртып орындықтың үстіне шықты. Мынау дәл сол, мұның күткен көлігі, жездесінің ескі жүк машинасы. Өзі тоқтауға шақ қалып, тым баяу жүріп келеді. Әне қақпаға да жетті, аялдаған да сияқты. Сәкіден секіріп түсіп, жүгіре жөнелді. Анық сол, 10-35 деген нөміріне дейін айна-қатесіз көрінген. Ақыры жеткен екен-ау, бәсе неге ұмытсын. Әпкесі де ере келген шығар, шешесінің бейіті осы жерде, басына барып қайтудың керектігін ойламады дейсің бе. “Қош бол, интернат, келесі күзге дейін мен қайтып оралмаспын! - деп іштей шаттана айғайлады. - Әпкем іздеп келді ғой, мені іздеп келді.” Машина әлі салдыр-гүлдір етеді. Мұнысы несі, интернаттың қай жерде екенін ұмытып, адасып жүр ме екен.
- Мен мұндамын! - деп бар дауысымен айғай салды. -Тоқта! Ала кет! Қалдыра көрме! Жездесінің 10-35 нөмірлі жүкмашинасы гүрілдеп кетіп барады. Бұл қақпаға жеткенше, тұрқы қысқа көшенің екінші шетіне де ілікті, аздан соң соңында будақ-будақ қою шаң ғана қалды. - Тоқта! - деп дауыстады бұл. - Тоқта! Мен мұндамын! Жамалмын ғой! Жанары жасаурап аяғының астын көруден қалды. Жүгіріп келе жатып сүрініп кетті де жер бауырлай құлады. Машинаның гүрілі ме, әлде дүние дүбірге толып кеткен бе, айнала салдыр-гүлдір, бар маң ызың-ызың шулайды. Тұла бойы қалтырап, буыны босап кеткен, құлаған жерінен көтерілмек болып көріп еді, бойын тіктеуге дәрмені жетпеді. - Тоқта! Бұл мен ғой! — деп шырылдай бергені ғана анық. Содан кейін... Одан соң күзетші шалдың жанында тұрғанын көрді “Бұл кім? Неге тоқта дейсің?”- дегенін естіп жауап берген секілді болды. - Әпкем дедің бе? Оның өлгені қайда?! - дейді ол. Тіл қатуға шамасы жоқ, өксік буып барады, лықсып келіп жатқан көз жасына ерік беріп, ағыл-тегіл аңырады.
* * * Көкірегіне ып-ыстық жас құйылып жатыр, дәл сондағы кездегідей жасып барады. Несіне есіне алып еді, қалай ғана ұмтылмай жүр, баяғыда өте шығып еді ғой. Ал құлағының түбінде ескі жүк машинасының гүрілі, содан кейін Сәлім қартты көргендей болды. Ел қыңыр шал атап кеткен қария туралы ойланса әбден орынды да еді. Сол күннен бастап бұл қарттың үйінде болды, өз баласындай өбектеп-ақ күтті. Кейін араға ай салып іздеп келген жездесін балдақпен бір ұрып басын жарғаны да жадында. Ол сонда қаусаған ақсақ шалға қол жұмсаудан тайынбап еді, мұрттай ұшырып шығып жүре берген. Қария оған күйінген жоқ, ежелден өштескен дұшпанын мұқалтқандай қайта күшейіп алды. “Әй, өзін де оңдырмадым білем! Басы қақ айырылған шығар!”- дей берген. * * * Тау іші аздап салқын тартқан сияқты, сылбыр ағып самал есті, тарғыл тастың түбінде өскен жалғыз тал гүлдің алқызыл жапырағы үзіліп түсетіндей
дірілдейді. Айналасы қиыршық ұсақ тас, күн көзінде жылт-жылт еткен құмдақ, бұл жерге қалай тамыр жайды екен. Сабағының төменгі жағы қабыршықтанып сарғая бастаған, тау қойнауына ерте түсетін салқын күздің белгісі шығар, әлде гүл ғүмыры әдетте қысқа ма. Жарқ етіп көрініп, жалт етіп тез жоғалатын сұлулықтың қадірі қашан да артық екенін сезіп, гүл атаулы өзін құрбандыққа ерте қиятын болар, әйтеуір дала қызғалдағы тез солатын. Мына жетім гүлдің де енді ұзақ жапырақ жаймасы анық. Қыз соған көз тігіп, отырып, тағы да жездесін есіне түсірді. Ол Сәлім қарттың үйінен басы жарылып кеткен соң, араға оншақты күн салып қайта келген. Есіктен кіре екі қартты бидайықтай қуырды. Босағадан аттай бере қаққан қазықтай қалшиып қатып қалған, шүңірек ұры көзі қадалған жерін қариды. - Сен шал мені ақымаққа балама. Жер қаптырып кетпексің ғой. Жоқ, оның бола қоймас! - деп тепсінді, -Жас та болсам, сендейлердің талайын көргенмін. Талатпаймын тал түсте. Қарт қанша қыңыр болса да, бұл жолы шыдап бақты. Сөзін аяғына дейін тыңдап, үнсіз отыра берді. Әпербақан жігіттің айтқандары шымбайына батып, төтеден киліге жөнелген кемпірін тез тиып тастады. - Сөйлесін, сарқылып болсын! - деген. Жездесінің зіркілі күшейіп барады. - Сіңіріңе ілініп жүріп, қара бақайыңа дейін арам екенсің. Ана жолы қалай сезбегенмін. Енді қарап отырсам, істеп отырған қылығың тұп-тура қылмыс. Сырт көзге жетім-жесірді жарылқаған болып көрінесің. Ал ішің толы бықсыған зұлымдық! - деп тұқыртып барады. - Ой, не деп тантып тұрсың! - деді кемпір шар етіп. Қарт тағы да аузын аштырмады. - Тәйт! Қосарласпа! - деп түнере түсті. Жездесі қалтасынан шылым алып тұтатты. Сіріңкенің шиін қасақана шалға қарай шертіп жіберді. - Балаға шын жаның ашыған-ақ шығар. Кім сенеді оныңа. Жүзіне суық күлкінің табы жайылып шыға келді, жақ еті жиырыла кекесінмен мырс етті. - Ешкім де сенбейді. Ең алдымен мына мен илана алмаймын. Көздеген жерің белгілі, балаға бауыр бастырып алып, ертең шешесінен қалған дүниемүлікке таласпақсың. Ой, сұмдық-ай, зымиян-ай! Кәне, өтірік деші! Жалған деп көрші ! Сәлім қарттың онсыз да қан-сөлсіз өңі қуарып бара жатқан. Іргеде сүйеулі тұрған балдағына қарай созылған қолы дір-дір етеді. Түрі
әлемтапырық. Сөйлей беріп еді. Жөтел қысып булығып қалды, даусы тарғылданып шықты. - Солай де сұрқылтайым! Содан кейін кемпіріне бұрылды. - Әй, осы үйде іліп алар нең бар, шығар бәрін! Сал қапқа! Кемпірі шоршып түсті. Шалына сөйлеп үйренген дағдысымен бұрқылдап келе жатыр еді, ол тез тиып тастады. - Әкел бәрін! Сал ортаға! Қартты дәл қазір тындамау мүмкін емес еді, өрт сөндірген адамдай түтігіп кеткен, өзін де, өзгені де аяйтын емес. Тасемендей қатайып, көңіліне алған кесіміне әбден бекінген, тым сұсты. - Ақтар түгел! Сен екеуімізге дүниенің не керегі бар! Боқтықтың зары өткендердің көмейіне тығындауға жарайтын бірдеме табылса, сол да қанағат! Кемпір кібіртіктей басып, төрде тұрған әбдіреге қарай жылыстады. Қалтасынан кілтті ұзақ іздеп, бөгеле берді. Шалының айтқанын орындамасқа лажы қалмай, құлыпты зорға ашты. Жерге төселген алашаның үстіне екі-үш шапан, оралған кездеме, бір түлкі ішік пен қариялардың көйлек-көншігін лақтырып тастады. - Ал, не қылсаң, ол қыл! - деп тауы шағыла күңк етті. Қарт шашылған дүниені балдағының ұшымен жігітке қарай ысырды. - Әй, сұңғыла! Жинап ал да тез тайып тұр! Әйтпесе айнып қаламын. Жездесі есікке қарай ысырылды, бағанағы екпіні аздап басылайын деген сияқты, бірақ кескіні әлі ызбарлы. - Керек еді маған, шіріп кеткен шүберегің. Мұныңмен мені жуасыта алмайсың, көрдің бе, ойлап тапқан амалын! -деп безерді. Содан кейін бұған бұрылған. - Жүр қалқам. Әпкеңе барайық. Ол сені үйде күтіп отыр. Маған қалдырмай алып кел деген. Жамал шалға қарай шегінді. Бұрын да онша жақтырмайтын жездесін ана жолы тоқтамай өте шыққанда мүлде жек көріп кетіп еді. Ал екі қартта үн жоқ, отырған жерлерінде қимылсыз қалған. Үйдің ішін бәріне де қолайсыз жым-жырт үнсіздік жайлады, тек төргі қабырғаға ілінген ескі сағат дамылсыз сырт-сырт соғады. Кішкене жалғыз терезеден түскен күн сөулесі бөлме ішіне еркін тарамай, бұрыш-бұрышқа көлеңке қонақтаған. Әбдіренің жанында отырған кемпір әлгі аласапыраннан кейінгі осы тыныштықты бұзып аламын ба деп қорғаншақтағандай анда-санда жасқана күрсінеді.
* * * Жамал селт ете түсті Әлдене сарт ете қалған. * * * Бұл жолы сартылдаған қатты дыбыс күшейе келе тау ішін жаңғырықтырып жіберді. Қай жақтан шыққанын айыру қиын, қас-қағым сәтте қойнау күркіреп кетті де, қарағай атаулы сыңсып қоя берді. Қатты ауыр зат жерге дүңк-дүңк соғылып, етекке қарай құлдырап барады. Құс біткен көкке дүрліге көтерілген, дәл төбеден бір үйір қара қарға үрей туғыза қарқылдап өте шықты. Манадан бері сыр бермей түксиген сесті тау аяқ астынан өзгеріп, әлденеге тұлдана кейіп, сілкініп қалғандай. Күркіреген қойнау сатыр-сұтыр етіп барып тыншығанша, бүкіл шың-құз етек жаққа өзеурей үйіріліп, жапатармағай қарауылдаған секілді қыздың көзіне бұрынғысынан да зорайып көрінді. - Таудан құлаған тас қой, - деді жігіт. - Мен жер сілкінді ме деп қорқып едім, - деді қыз. Содан кейін жігіттің осында келгеннен бері ашылып сөйлеспегенін ойлады, әлде мұның ауылға қайтатындығына шынымен қынжыла ма екен. Кеше бір ретте қалада қалуын өтінген, бірақ өзі көнбеп еді. Астана қанша үлкен болса да бұл үшін тар, осымен екі рет тауы шағылғандықтан ба, сірә да бауыр баса алмас. Оның үстіне ауылда үй-жайы бар, қыста совхоздан екі бөлмелі пәтер алған. Бұл баяғыдан тағатсыз күткен қуанышы еді, оны қалай қиып кетсін. Осылай өзімен өзі оңаша, алаңсыз тірлік құруды талайдан бері аңсап еді гой. Сонау жылы жазда жездесі Сәлім қарттың үйінен алып кеткен күннен бастап армандаған сәті болатын ол. Ал мұнда пәтер жалдап, тағы да әлдекімге кіріптар болуы керек, жоқ енді ондай қол-аяғы тұсаулы тірліктің бетін аулақ қылсын. Жігіт сол бәз баяғы қалпы, ашып тілдесетін емес. Өзінен үш класс жоғары оқыған, кейін бірте-бірте ыстық тарта берген ол дәл осы сәттегідей тұйық та еместі, енді неге серпілмейді. Көкейіндегісін жайып салудан қашанғы жасқанады. Өзінің қолы қандай әулетті еді, бауырына қыса тартпаса да, саусағы иығына батып барады. Бірақ босанғысы келмейді, осылай отыра беруден басқа көңіл қалауы жоқ. Ойы әр тарапқа кете берді, мүмкін тағы да жолы болмағандығынан шығар, өзін арқа сүйері жоқ қорғансыз жан секілді сезініп, көңілі босаған тәрізденді. Баяғыдан, сонау бала кезінен қуанышы там-тұмдап қана кезігетін
өміріне демеу іздеумен сарсылатын. Оның не екенін анық ұғып жатпай-ақ, әйтеуір аңсаумен болушы еді. Қазір де сол тіректі қайдан, қалай табатындығын жыға білмейді, тек ол кешікпей кезігуге тиіс. Сол ойына құлай сенеді, құлай сенген сайын тағатсыздана тосады. Бәлкім ол алыста емес шығар... Қыз өз ойына өзі елең етті. Жігіттің алақанына қолын салып, қайта тартып алды. Көптен күткен демеуі дәл жанында отыр ма екен, қиялын шарқ ұрғызған таянышы болар ма. Тек жаңылып, жаза басып отырмасын, тек алдамшы сезім, адасқақ қиял сүріндіре көрмесін. Заңғар тау тағы да түнере түксиіп алыпты. Оқшау шоқының бүйіріне шаншыла қадалған найза тас етекке қас қақпай қарайды, Қыздың тұла бойы бір ысып, бір суынды. Жігіттің кыстыға айтқан жалғыз ауыз сөзі тұла бойын өртеп бара жатқан. Не деп еді. “Мен сенсіз тұра алмаймын” деген сияқты еді ғой. Шыны ма екен... Әлде... Заңғар көкте ақ шарбы бұлт жеңіл қалқиды, ұланғайыр кеңістікте маңып бара жатыр, кейде жанарың түгілі көлдей көңіліңе сыймайтын даңғайыр әлемнен сая таба алмай сарыла сабыласың ғой. Дүние бірде тар, бірде кең. Қыз жігіттің жүзіне ұрлана қарады, ол алабұртып отыр, саусағын жасқана ұстаған қолы ып-ыстық. Дәл қазір мұның жауабын сарыла күтетін шығар. Тағдырын сол жауаптың өзегінде өріп, өзі де сарқыла ақтарылуға шақ қалып отырған жоқ па. Тек барын айдай әлемнің алдына осы қазір жайып салуға жүрегі дауаламай қойса не істесін, кейін шегінер жол қияметтен қиын екендігін қинала ұғанатындығына кінәлі ме. Жігіт шашынан еркелете сыйпады, ол мұндай батылдықты қайдан тапқан, тек тым батымсыз бола бермесе екен. Мұның ешқандай қарсылықсыз қалғанынан түсінбей ме бәрін де, көкейдегісін екі ауыз сөзбен білдіру қаншалықты ауыр екендігін өз басынан ұғып, еркін біржола билеп алмай ма. Әулетті қол өзіне қарай еңсергендей болды, қыз қарсылық білдірді, бәлкім іштей солай жасаған шығар. Әлде қорыққаны, әлде қуанғаны белгісіз, жүрегі кеудесіне сыймай бұлқынды, тамағына тас тұрып қалған, көкірегіне ып-ыстық жас құйылып күйдіріп барады. Көз алдында ақ шарбы бұлт шыр айналып, биікке, түпсіз заңғарға құлдырай сіңіп жоғалды. Көксеңгір аспан жанары жасқанбай үңіле қалған, жүзін жігіттің кеудесіне жасыра қойды. Ақбас Алатау, көксеңгір бұлтсыз аспан, қапсағай қара жартас, сыңсыған зәулім қарағай мен ақ қайың, тамыздың тал түстегі шар табақтай қызулы күні
куә болған арманымен табысып, қылаусыз еркелегісі келді, осы ақеділ шағын барша әлемнің қуана көруін тілеп тұрып, бүкіл дүниеден қымсына қызғанды.
* * * Аэропорттың ішінде жолаушылар көп, орындық жетпегені кең залдың ішін ерсілі-қарсылы кезіп жүр. Екеу-үшеу болып әңгіме-дүкен құрғандары, сағатына әлсін-әлі қарағыштап, ұшаққа отыратын сәтті асыға күткендері, есіктен кіріп, қарсы кездескенді кеудесімен қаға-маға билет тіркейтін орынға қарай жүгіре басып бара жатқандары бар, әйтеуір бүкіл қала осында көтеріле жиналғандай ығы-жығы. Емшектегі баладан бастап, еңкейген кәріге дейін табылады. Бұлардың ұшағы ұшатын уақытына көп қалған жоқ, әрі кетсе жарты сағатта отыру басталуға тиіс. Наурыз Жамалдың осында қал дегеніне қарамай ауылға кететіндігіне қынжылған күйде мәрмәр бағанаға дел-сал сүйеніп түр. Қым-қуат араласқан елдің абыр-сабыры, тұтасып ұзын сарынға айналған гу-гу сөз, сырттан естіліп тұрған матордың гүрілі, ұшақтан қалып қойған, манадан бері диспетчермен әлденеге келісе алмай безек қағып жүрген үш ала топылы өзбектің әуре-сарсаңы, қызды шығарып салуға келген, осында оқитын ауылдас жігіттердің әзіл-қалжыңы, - бәрі мұның қазіргі жетім көңіл күйінің жанында түкке тұрғысыз бос әбігершілік сияқты. Өзінен басқа ешкім өмірінде біреуді ынтыға сүйіп көрмеген, әлдекімге іңкәр болса, дәл мұндай құлай берілмеген шығар. Жамалды Қасым мен Сейіт әңгімеге қарық қылып тұр, бірінің сөзін бірі іліп алып мәз-мәйрам. Әсіресе политехникалық инстститутта оқитын Сейіттің аузы-аузына жұқпайды. Оны неше түрлі құйтырқы анекдоттың құйма құдығы дерсің, қайдан естіп, кімнен қағып ала қоятыны белгісіз, әйтеуір бұл орайда білмейтіні жердің астында, езуіңді жиғызбайды. Ал мұғалімдер институтының студенті Қасым аса сөзшең емес еді, қазір қыздың алдында ол да ширақ. Өзінің өлең шығаратын ауруы бар, мектепте оқып жүргенде бүкіл бала оған жалынып жүріп қыздарға өлең жаздырып алатын. Өлеңдері төгіліп-ақ тұрушы еді, таппайтын сөзі жоқ, жазғанын оқып отырып, көңілің болар-болмас ауған қызға егіле ғашық бола жаздайсың. Сол әдетін әлі күнге дейін тастамаған, бастары қосыла қалса, өлең оқып мезі қылады. Соның біреуі есіне түсті. Көңіл мынау Көтерілмей жүрсе егер,
Сен кінәлі екеніңді кім білген. Сен көз жасымЖанарымда іркілген. Үзіліп түстің Кеттің менің еркімнен. Аэропорттың радиоторабы күңгірлеп қоя берді, Алматы-Ақшоқы бағытымен ұшатын самолетке отыру басталыпты. Төртеуі де елең ете қалды, Жамал өзіне жалт қараған, жанары боталап сала беріпті. Қатарласа беріп қолынан ұстады, ақырын ғана қысып үнсіз қоштасты. Кейіндей берген екеуін үнемі аласұрып, құйындап жүретін Сейіт қояр да қоймай асықтырып, ұшу алаңына шығатын есікке елден бұрын жеткізді. Соңдарынан топтала келіп қалған ел екі ауыз сөзге келтірмей кимелеп әкетті. Жаутаңдап қарай берген қызға бар болғаны “Жолың болсын!” деп айтып үлгіріп, шетке ысырылып шықты. Жамал көптің дүрмегімен есіктен әрі өтіп көрінбей кеткенде, қолқасы суырылғандай ілгері ұмтыла бере тұрып қалды. Сен көз жасым – Жанарымда іркілген. Үзіліп түстің Кеттің менің еркімнен, - деп күбірлегенін өзі де аңғармады.
* * * Ауылдың іргесінен басталатын жусанды құба дала тай шаптырым жердегі жотаға жетіп бірақ іркілген. Сол жақ қапталын көмкерген қалың тал Темір өзенінің арнасын қуа өрлеп шалғайға құлаш ұрады, сонау бас айналар қияндағы ұлы теңізге дейінгі сортаң, шалғайы мен шүйгіні көзден бал-бұл ұшатын көсе даланы шиырлай кезігі ұзақ сабылады. Одан беріде даланы ойдым-ойдым сортаң ойпаң шұбырлаған, шөлейт алқап самалды салқын кеште де ерні кезеріп сусырап жатыр. Өтіп бара жатқан жаз жаңбырсыз болғанда, онсыз да қуаң атырап күн көзіне оңған шүберектей тозыпты, қолыңа алып сілкіп қалсаң, іріп жүре беретін секілді. Ақ тақыр, көкпекті шаңдақ қыратқа кезек ұласып барын, жал-жал толқынданған қалың құмға тіреле іркілген. Сол арадан әрі қарай ел аяғы сирейді, ырымға соқыр бұлағы, не сасық құдығы жоқ таңдайы кепкен ұлы шөл басталады. Шөлдің сумаңдаған сұр жыландай ирелеңдегі, жүз бүктетіле жиырылып-жазылып, аяқ басқан сайын мың құбылатын құмы шегіне
жеткізбей сілеңді қатырады. Қалыңдай келе шүпірлеген көп төбешікке айналады. Ішіне енсең, келген ізіңнен, барар жолыңнан жаңылдырады, қас қағымда іргесі сөгіліп өзгеріп шыға келеді. Алты ай жазда күйіп-жанып, отқа оранып жататын, қаңсыған, тозаңы шыққан жер. Жамал осылай қарай бесін ауа жол тартып еді, ақшам жамырағанша құмға да іліккен. Соңында ауыр тіркемесі бар шынжыр табанды трактор бір қалыпты жылдамдықпен ақырын жылжып келеді. Кеше ауылға таң алдында ғана оралған, шалғайдағы шөпшілерге жүк жеткізіп еді, содан бері дамылдаған жоқ. Бригадирдің өтінуімен тамақ іше сала қайтадан аттанды. Бүгінгі барар жері әлі шалғай, мына жүріспен үркер ауа жетсе жақсы, ал әрі кетсе таң біліне қара танытуға тиіс. Алыс жайлаудағы төрт отарға бөлінген қап-қап тұз, құдықтан су тартатын мотордың бөшке-бөшке жағар майы, азық-түлік, тағы басқа толып жатқан керек-жарақты жеткізеді де іле кері қайтады. Бұл осында бірінші рет бет түзеуі емес, өткен күзде бір рет қатынаған. Жолды ұмыта қойған жоқ, қазір қалың құмды айналып отырып, елу-алпыс шақырымнан соң, көкпекті жазыққа жетіп, мал ды ауылға тік тартады. Арғы жағы таяқ тастам жер. Батқан күннің соңғы күңгірт қызыл шұғыласы құм төбешіктердің үстіне жалқындана жайылыпты. Ұлы шөл қазір сарғыш реңін жоғалтып, қанқызыл түске боялған, тек қалың көлеңке мол жайылған шығыс қапталы күреңдене манаурайды, Шетіде, шегі де жоқ, жалғанды жалпағынан басқан ұланғайыр тылсым дүние. Әр тұста түн алдында бүғына тарылған далаға ереуілдей қарап, мойындарын созған құм шоқылардың беткейінен сирек тораңғы ербиеді. Иыр-қиыр бұтақтары сіңірлене тарбиып, қара көлеңкеде жанарды үркітеді. Қара жол оған аса таялмай, қиыстап жалтара берді, жақындаса жалмапжұтып қоятын секілді араға арқан бойындай жер салған. Осы арада ойын шофер Қадырдың “Құм ішінде алыс жайлауды төтеден қиып алатын ескі жол бар, мен қыста екі рет сонымен қатынағанмын” дегені сап ете қалды. Мұның бала кезінің өзінде машина айдап жүретін кәнігі шофердің бұл маңда білмейтін соқпағы жоқ. Содан естуінше мына жолмен жүрсе, кемінде отыз шақырым жер ұтады. Айдалада ұзақ сабылғанша, осымен тартып кетсе, қайтер еді. Тракторы бабында, қапыда қалдыра қоймас, тіпті адасқан күнде құмды жаз бойы зерттеп жатқан кеншілердің бірі болмаса, біріне кезігуі мүмкін. Тек оның бетін аулақ қылсын. Осы шешіммен тракторына отырды, педальді баса беріп, өзіне әбден жаттанды қара жолдан бұрылмаған дұрыс шығар деп бір ойланған, бірақ ескі
сүрлеуге аңсары ауды да тұрды. Оның үстіне ертеңдері Наурыз келіп қалуы тиіс, немере ағасы көптен бері төсек тартып жатқан, сол кісі қалжау болып, әкесі почташы қыз Зибагүлге телеграмма салдырыпты. Екі күннің бірінде түсінде жүретін жігіт бұ жайлауда бірер күн аялдаса, қайтып кетуі де мүмкін. Ал жолыға алмай қалса, өкініштен өртеніп те кетер. Зибагүл осы хабарды айтып тұрып қулана жымиған. Тегінде Наурыздың өткенде жазған хатын ашып оқыған сияқты. Мұны көрсе, сыр саумақ болып шыр айналдырады. Құрбыларының арасында кейінгі кезде жігіт пен екеуі туралы алып-қашпа сөз ұйтқып жүр, бұл почташы қыздың ісі екендігі анық, әйтпесе мұндай әңгіме басқа кімнен тарайды. Қыздың жүрегі дүрс-дүрс соғып кетті, жігіт жайында ойлаған сайын оны сағына түсті. Өзімен өзі болып кеткен осы сәтте газды қалай қатты басып қалғанын сезбеді. Трактор орынынан жұлқына қозғалып, көмескі сүрлеудің бойымен қалың құмға қарай тартты. Бұйрат-бұйрат толқынданған шөл қарсы алдында безеріп, ымырт түнге енді ұласқан апақ-сапақта жұмбақ қарауытады. Безбүйректене, таңдайы кебе сазарған сұлбасына көзі түскенде сескенейін деген, бірақ кері бұрылуды ойламады, тылсым құм шыжымдап тартып, саумалдап жетелеп бара жатты. Трактор шамының жарығы алдындағы тас лақтырым жерді айқын көрсетеді, сүрлеу қиыршық құмды қуып отырады екен, кей жерлері даланың тегіс жолына ұқсап, табанына шөптесін өскен. Жоталанған жал-жал сусыма құм жиектеп келіп, доғалдана іркіледі. Біраз жүрген соң төрт-бес киіз үй қона алатындай шағын алаңқай кездесті. Әр жерінде аласа тобылғы қарауытады, шамның жарығын қоян кесіп өтті. Бұл жерде де тіршілік тыныстай алады екен-ау. Жамалдың бойы жеңілдейін деді. Осылай соза тартып отырса, отызқырық шақырымды әрі кетсе үш сағатта жүріп өтеді. Тегінде төте жолға бұрылып дұрыс жасаған сияқты, 118 көне сүрлеу жан баспаған тылсым соқпақ емес қой, Қадырдың ескі машинасы екі рет өткенде, оның жанында тракторға құм бұйым болып па. Кабинаның іші қапырық, есік-терезесін ашып тастады. Тамағы құрғаған соң, үнемі жанынан тастамай алып жүретін, сырты былғарымен тысталған темір құтыдан су ішті. Шешесінен қалған дүние-мүліктен бұған бұйырғаны осы, оның өзін әпкесі бертінде әкеліп берді. - Ақкенжем, мынау әкеңнен қалған, осында келерде әдейі ала шықтым, көзіңдей көріп жүр, - деп орауын шешіп қолына ұстатқан.
Әпкесінің Ақкенжем деп еркелеткені, мына қаракеті онша ұнай қоймаса да, әкесінің аты аталған соң алып еді. Содан бері қайда барса да тастамайды, оны үйде ұмытып қалдырып кетсе, қайта айналып келуге ерінбейді. Темір құты жанында болса, өзін көрмеген, суретінен ғана таныс әкенің аруағы жебеп жүретіндей сезіледі. Әпкесі кейінгі кезде жиі келмесе де, анда-санда бір соғып кететін болып жүр. Бұдан небәрі алты-жеті жас үлкендігі бар, бірақ өз тұстастарына қарағанда көзге егде. Қыз күнінде ауылдағы айтулы сұлудың бірі еді, өткен күннен көп өзгермегені аясы үлкен мөлдіреген қарақат көзі ғана. Оның өзі күлімдей алмайды. Мұңданып мұнартады да тұрады. Жездесі кім көрінгеннен қызғанып жиі ұратын, сол сорақылығын әлі қоймаған. Сүрлеу шағын ойпаңнан әрі шыққан соң бұралаңдай бастады. Түн ішінде ұлы шөлге қаймықпай ұрынған мұның қытығына тиіп, сынап көрмек болғандай бірталай жер иыр-қиыр ирелеңдейді. Міне, сүрлеу тағы да бүктетілді, оң қол жақтағы аласа төбешікке кілт бұрылып еді, табан жолы суға сіңгендей зымзия жоғалды. Қыздың жүрегі суылдап қоя берді, бағанадан бері біраз жер жүргені анық, әйтсе де кері қайтқаны дұрыс шығар. Қапырық құмның құбылмалы мінезінен сыралғы емес, оның алда тағы қалай өзгеретіндігін кім білген. Ана айдаһардай бұратылған жоталар жолына сусып құлап, кесе көлденең жатып алса, құрсауынан босанып шығу неғайбыл. Трактор үлкен тіркемесімен еркін айналатын алаңқай іздеп жан-жағына қарады. Міне, қызық, жоғалтқан сүрлеуі ат-жалданған құмның арғы жағында көсіліп жатыр. Соған түсіп ілгері жүріп еді, жол табаны қатқылдана бастады, қарсы бетінде екі биік құм шоқы зораяды, олар сүрлеуден оқшау, ат арқанындай шетте түр. Одан әріде кісі бойындай ғана аласа белдер сиыртаңдайланып, жолдың бойымен жарыса жөнелген. Өрекпіген көңілі сабасына түсейін деді. Құм арасының жолы әлгіндей әредік адастыра жаздай-тыны болмаса, табаны теп-тегіс, ойы-қыры жоқ. Даланың қара жолында шоқалақтап мазаң кетуші еді, мына жер жүріске жайлы. Түнгі аспан да бұлтсыз, дәл бүгін жұлдыз біткен жамырап шыға келген. Ал шырқау биікте құс жолы мұнарта созылып жатыр. Есіне Қасымның бүкіл мектепте тентектігімен аты шыққан адуын қыз Жанбөпеге шығарған өлеңі түсті. Ол “Құс жолы” деген атпен қабырға газетіне басылған болатын. Қыздың есімін Жанбибі деп алыпты, ұмытпаса былай аяқталатын:
Кәусар сезім
Сарқылуға асықпа.
Құс жолындай Жүрсің менен қашықта Жұлдыз жүрек Жанып-сөніп дірілдер Біле алмадым, біле алмадым Ғашық па... Газет ілінісімен біреу өлеңнің тақырыбын “Қасымның Жанбөпеге айтқан зары” деп өзгерте қойыпты. Балалар жарыса оқиды да, шек-сілесі қатып жамырай күледі, бүкіл мектеп араның ұясындай гулеген. Бұл қыздың өзімен бір партада отыратын інісі Әлібекті мазақ етіп, мәзмәйрәм болып тұрғанда, елді киіп-жарып Жанбөпе жетіп келді. Әлгі у-шу күлкі пышақ кескендей сап тиылды, бәрі ауыздарына су ұрттап алғандай жым-жырт. Ол газетке көз салып тұрды да, балалардың біріне: - Қасымды шақыр! - деп бұйырды. Анау айтқанын екі етпей жүгіре жөнеліп, кешікпей ертіп әкелді. Балалар сілтідей тынған. - Мынау не? - деді Жанбөпе оған. - Өлең, - деді Қасым күмілжіп. - Кәне, дауыстап оқы! Қасым газетке таяу барып желкесін қасыды, Жанбөпеге көзінің астымен ұрлана қарап қояды. Тамағын қайта-қайта қырнап, салы суға кетіп тұрды да: - Басқа біреу оқысын, -деп естілер-естілмес күңк етті. Қыз жанына жетіп барды, жүзі суық. - Оқы! Әйтпесе... мені білесің ғой, оңдырмаймын! - деген. Қасым енді мүлде састы, көзіне түсе берген шашымен әуре болып, кірерге тесік таппай тұр. Ол түгілі мұғалімдердің алдында өз дегенін орындамай тынбайтын бір беткей, өр мінезді қыз бүкіл баланың көзінше абыройын айрандай төгуі әбден мүмкін. Жанбөпенің бір жігітке әл бермейтін қайраты да бар. Жақтан құлаштап тартып жіберіп, шөкеңнен түсіруден жүзі жанбайды. Дымы құрып міңгірлеп оқи бастады. - Тоқта! Елдің бәріне естіртіп шабыттанып оқы! - деп әмір етті қыз. Қасым өлеңді қайтадан бастады, үні жарықшақтанып кеткен, әр жолдың соңғы сөзіне демі жетпей ентігеді, маңдайына шып-шып тер шыққан. - Ал, қалай екен? - деп сұрады балалардан Жанбөпе Қасым тұтығып барып тоқтаған соң. - Жақсы ма?
Жанбөпеге арналған өлеңді жаман деуге кімнің батылы барсын: - Тамаша! - деп шу ете қалды. - Шіп-шикі өтірік! Түкке тұрмайды! - деді қыз, олардың сөзін лезде аяқасты етіп. Содан кейін Қасымға қайта шүйлікті. -Жырт! -Не? - деп таң қалды ол. -Пәршеле! Қасым енді қатты састы, жанары тұманданып жұтына береді. Қабырға газеті мен Жанбөпеге алма-кезек қарап, түсініксіз міңгірлейді. - Жоқ, жырта алмаймын. Жанбөпе жұлқына ұмтылып барып газетті жұлып алды да қолына ұстата салды. - Кәне! Әйтпесе өзім жыртамын, сенің де дал-далыңды шығарамын! Қасым айналасына бұғына қарады, қабырғаға қарай шегіншектеп, сытылып қаша жөнелмек болды, бірақ Жанбөпе қарсы алдына тұра қалған. Амалы құрып газетті ортасынан қақ бөлді. - Міне, енді бәрі орынына келді, - деді қыз. - Ал, давай, көздеріңді жоғалтыңдар! Ертеңіне бұлар “Екеуі де комсомол жиналысында талқыланып, Қасымды қызға ғашықтық өлең жазғаны, әрі қабырға газетін жыртқаны үшін интернаттан шығарыпты. Ал Жанбөпеге оны соған итермелегені үшін қатты ұрсыпты” деп естіді. Сөйтіп ақын жігіт қызға өлең шығарамын деп, мектепті әкесінің бір танысының үйінде жатып бітірген. Барған үйі малды болатын, Қасым сабақтан шыққан соң өзеннен сиыр мен қойды кезек суарып сабылатын да жүретін, өзі аз күннің ішінде жағы суалып жүдеп кетті. Кейін оның “Құс жолы” атты сол лаң тудырған өлеңі аудаңдық газетте басылып шықты. Оған жіберген өзі емес, Жанбөпе екендігі белгілі болғанда, бұлар ештемеге түсінбей аңтарылған.
* * * Манадан бері сағаттан астам уақыт жүрген шығар, ыстық құмның арасындағы жолда трактордың моторы қыза бастапты, радиатордағы судың қызуын көрсететін жіңішке тіл сексен мен жүздің ортасында дірілдейді. Тоқтап суытып алуды жөн көрді. Қуатты мотордың гүрілі сап тиылғанда, айнала құлаққа ұрған танадай тына қалды. Трактордың ішінде отырғанда байқамапты, сүрлеу жолдың
табаны түнде шамның жарығында көрінгендей қатқыл емес, борпылдақ екен. Бір сәт дәмін ішіне тартып, айналаға қыбырсыз құлақ түрді, меңіреу тыныштық өзін де, өзгені де дел-сал қалғытып, бар маң қою қараңғылыққа тұмшалана мүлгіген. Анда-саңда ұсақ құм белдер сыңғырлағандай болады, сірә ұсақ қиыршық баяу сусып, етекке тайғанақтай сырғитын секілді. Алыстан, күңгірт, мешеу түннің қойнауынан күшік шәуілдеген тәрізденіп елең ете қалды, бұл маңда ел болуы мүмкін емес, әлде құмды кезген кеншілердің қосы бар ма екен. Не болса да түнгі жалғыз жолаушының көңіліне демеу, бойы жеңіл тартты. Әне күшік ит тағы да үрді, бұл жолғы үні құм ішінде тұншығып, барлығыңқырап естілді, өзі алыстан емес жақыннан шыққан сияқты, қыз жатаған құм белге қарай беттеді. Егер кеншілердің қосыны таяуда болса, жеті түнде от жақпай отыра алмас. Онда әдейі бұрылып барып, алдағы жолдың жайын анықтап алар еді. Қарсы алдында жоталана созылып құм бел жатыр, соның төбесіне көтеріле алмай біраз әуреленді, ортан беліне дейін барады да, сырғып етекке бірақ түседі. Тік өрмелей қиялап шықпақ та болды, бірақ ештеме өндіре алмады, аяғының асты опырыла сусып, жерге қарай лықсыта жөнеледі. Боркемік, қиыршық бел жалына қол арттыратын емес, ақыры дымы құрып тракторына беттеген, сол сәтте таяқ тастам жерден әлдене қараң етіп шыға келді де, қаққан қазықтай қалшиып тұра қалды. Қыз қорыққанынан құм белге қарай шошына шегінді, тұла бойы қалтырап қоя берді. Ойына құмның ши бөрісі түсе кеткен, басқа не дейсің, егер ол қорқау торуылдаса, тракторға жеткізбей бас салар. Сасқалақтап құм белдің төбесіне ұмтылған, екі көзі белгісіз қарауытқан мақұлықта, ол орынынан қозғалатын емес, шоқиып отырған сияқты, жоқ ұрымтал сәтті андып, жиырыла атылмақ шығар. Әне, қозғалақтап бүктетіле бастады, қараңғыда жерге жабыса қалды ма, көзге көрінбей кетті, қыз енді оның қай жағынан шыға келетінін білмей бұрынғыдан бетер шошынды, қыстыға, үрейі ұша айғайлады, жүрегі тулап көмейіне кептелгендей тынысы тарылып бара жатыр. Осы дәрменсіз шақта өзі қорқау ши бөріге балаған белгісіз мақұлық тағы да қараң-құраң қорбаңдап жақындаған сияқты болды, жоқ есік пен төрдей жерде зытып барады. Қыз сусыма құмға сылқ етіп отыра кеткен, мұндай су жүрек болар ма, қараңғыда түлкіні азулы жыртқыш деп ойлапты ғой. Ол көз алдынан әп-сәтте жоғалды.
Өзіне де, әлгі жүрегін ұшырған түлкіге де кейіп, тракторына қарай аяңдады. Жаңағы қорқынышынан әлі толық айықпаған ба, тылсым түнде, айнала жым-жырт тыныштықта құм іші тым үрейлі болып көрінеді, қарауытқан тұйық аспан да көзге сұсты. Әредік құм сусып, сытыр-сытыр, сыңғыр-сыңғыр етіп үн қатса, жыпырлаған құм белдер аумағымен қопарыла жылжып, көміп өтетіндей сескендіреді. Тракторына отыра сала моторға от алдырды, демін ішіне тартқан меңіреу құм сілкініп жүре берді, ал жол әлі ұзақ болатын. Үркер жаңа ғана туған, жазғы таң енді қашық емес, әрі кетсе екі сағаттай мерзімде шығыс көкжиек сәулелене бастайды, оған дейін табан жолынан жаңылмаса, құмды көктей өтіп көкпекті жазық далаға да жетер. Жападан жалғыз отырып күліп жіберді. Адуын Жанбөпенің мектепті өзімен бір партада отырып бітірген інісі Әлібектің рабайсыз кескін-келбеті көз алдына келіп тұра қалған. Ол мінезі алақұйын апасына мүлде кереғар, үстінен түйе жүріп өтсе қозғалмайтын момын, қашан көрсең аузынан сөзі, қолынан бөзі түсіп сөлмірейіп жүргені. Екі ауыз сөздің басын құрай алмайды, бұл оның ел қатарлы сөйлегенін көрген емес. Сабақты да нашар оқыды, тақтаның алдына шықса болғаны, екі иығы салбырап, сорлайды да қалады. Ыза болған мұғалім: - Әй, ең құрыса фамилияң мен атыңды айтшы? - деп күйіп-піссе де Әлібек міз бақпайды, мелшиіп тұра береді. Күлгені, сол можантопай Әлібек таяуда інісінен хат беріп жіберіпті. Оқып шықты да шек-шілесі қатты. “Жаным Жамал, - деп бастапты ол, - сені менен артық сүйетін тірі жан жоқ. Маған күйеуге шықсаң, екі дүниеде өкінбейсің. Бұл құдайдай сөзім. Ойлан, жауабыңды асыға күтемін”. Бар болғаны осы, дәптердің бір бетіне шимайлағаны сол ғана. Күле-күле буыны босап, әлден соң сыртқа шығуға ыңғайланса, інісі есіктің алдында әлі тұр. - Сен кетпегенсің бе? - деді таңырқап. - Ағатайым, қыз қолма-қол жауап жазса, тосып тұрып ала кел деген, - деп төрге қарай жақындады. - Күтейін бе? - Жоқ, бара бер. Кейін келерсің, - дей салды. Әлібектен мұндай өнерді күткен жоқ еді, екі-үш күн бойы есіне түскен сайын күліп жүрді, бірақ құрбы қыздарына бұл жайында ләм-лим демеген. Момын жігітті олардың кейде шамадан шығып кететін әзіл-оспағына байлап бергісі келмеген. Жол табанындағы құм қалыңдай түсті ме, газды қосса да трактордың жүрісі өне қоймады. Әлгі аласа белдер жонданып, биіктеп алған тәрізді, кейбіреуі ескі сүрлеуге қарай еміне жақындаған, әне-міне басып қалғалы
тұрғандай. Трактор шамының жарығы қарсы алдында сұлап жатқан биіктігі кісі бойындай құм жалға түсті. Айналып өтетін ашық жер жоқ, оңға да, солға да бұрылып, із кесіп көріп еді, алдынан құм жоталар кес-кестеп шыға берді. Тек бір ұрымтал тұстан ғана трактор сиятын саңылау тапқан, сол жерден сыналап өтіп, әрі қарай жылжыды да кешікпей тағы бір белге кездесті. Бұл әлгіден қомақты, бергі беткейі тік жарланып біткен, шамның жарығына шағылысып жылт-жылт етеді. Тракторын тоқтатып, жерге секіріп түсті де, маңайды жаяу барлады. Алдымен кейін жүріп, сүрлеудің сұлбасын тауып алған, ол көмескіленіп келді де, әлгі жарлауыт биік құмға жетіп жоғалды. “Бәлкім, одан бөлініп шығатын басқа жол тармағы бар болар” деген оймен айналаны біраз шарлады. Жоқ, қайда барса да биік құм жоталарға келіп тіреледі. Салы суға кетті, маңайын үнсіз шолып аз-кем тұрды да, тракторына қарай беттеді. Енді кері оралудан басқа лаж жоқ, талай уақыт болса сенделгеніне өкінді, даланың таныс қара жолымен жүре бергенде, осы кезде тай шаптырым жер ұтар еді. Есіне Қадырдың сөзі қайдан түсіп еді, оған да илікпес еді-ау, Наурыздың ауылға келетіндігі ғой асықтырған. Айсыз түнді мотордың гүрілімен жаңғырықтырып кері қайтты, әйтеуір кежен ізі сайрап жатыр, енді ол да бойға құт. Құм арасы мүлде қапырық, кабинаның іші де ысып кеткен, шіркін осындайда қырдың салқын самалы есіп жүре берсе ғой, кеудесін төсеп бір рахаттанып қалар еді. Ал түн ішінде қайдан жел соқсын, ол тек таң алдында ғана көтеріледі.
* * * Біраздан соң ұйқы қыса бастады, жанары удай ашып берекесін қашырды, анда-санда қажып кетеді. Ендігі жетпегені осы еді, мүлгіп отырып, жолдан қиыс бұрылса, мына жыпыр-жыпыр құм белдердің арасынан қайтып жөн тауып шығу екі талай. Әртүрлі ойға кетіп отырды да, көңіліне алғаш оралған бір халық әнін өзін өзі қыстап бар дауысымен шырқай жөнелді. Аздан соң ән әуеніне беріліп, нақыш-сазына еліге шалқытты, қайырмаға жеткенде мотордың гүріліне егесе әуелеткен. Ах-ау, екі-ай жирен, Жалын түйген.
Жалғанда ғашығымсыңай Жаным сүйген. Өзі жиын-тойда ән кезегі келе қалғанда көп күттірмей-ақ шырқап қоя беретін әуенді қайта-қайта айтты. Бәлкім төрт рет, әлде одан да көп шығар, бара-бара сөзін қойып, құр әуенін ғана сызылтып отырғанын байқады. Екі жиреннің ырғағына үндесе кететін шумақтары көкейінде, әні аузында, сазды әуенге балқып отырып, соңында ыңғылға ауысқанын сезбеді. Сол бәсең ыңыл әлдилей тербеп, ұйқыға бөктіріп барады, өң мен түстің аралығындағы бұлыңғыр күйге түсіреді, әнді өзі емес, басқа біреу толқындата сызылтатын тәрізді. Даусы жағымды, үні әуезді, тоқтап қалмай тебіренте беруін қалайды. Енді біраздан соң трактордың гүрілі мүлде естімейтін сияқты болды, тек әсерлі ән ғана майда тербеледі. Енді ән тым алыстан естілді, айтушы бұдан сәт санап ұзап бара жатыр, онысы несі, ай далаға тастап кетпек болғаны қалай. Бұл жалғыз ғой, адасып кетсе қайтпек, оны неге ойламайды екен, әлде табан жолынан жаңылмайтындығына сене ме. Қалай болғанда да, кетіп қалуының жөні жоқ. Айғайлап шақырғаны дұрыс шығар, аты кім еді өзінің, неғып ұмытты, оны жақсы танушы еді ғой. Е, міне, жаңа есіне түсті. - Наурыз! Қайда барасың? Бұл мен ғой, Жамалмын! Ол қайырылып та қараған жоқ, мұны естімегені де, әйтпесе Наурыз тоқтайтын еді, өзін көре сала құшақ жая жүгірер еді. Алқына, сағына жетіп келіп бауырына басар, әлгі әуезді әнін төгілте қайтадан мамырлатып, еркелете әлдилер. Тап қазір бұған одан артық не керек, Наурыздың құшағында осылай сазды әуенге балқи тербеліп, барлық күдік-мұңынан тазарып отыра берсе болғаны. Тек ешкім екеуіне кедергі болмаса екен, тірі жан бұл жаққа аяқ баспаса екен, осынау ұланғайыр, шетсіз-шексіз дүниеде екеуден-екеу қалса екен. Ұйқы жеңген қыз осы күнәсіз арманына ұйыды, сол арман рахат сезімге бөледі. Көз алдында кең әлем. Кең әлемде Наурыз бен өзі ғана. Екі жирен әні қайтадан анық естіле бастады. Әнмен бірге саумал самал еседі, салқын, жанға жайлы леп жүзін аймалап, иығына төгілдіре жайып жіберген қолаң шашын қылықты желпиді. Түнгі бұлтсыз аспанда жеңіл қалықтап, толқындана ырғажан әуенге құм шағыл сыңғыр - сыңғыр қосылған, әлдекім ұсақ күміс теңгелерді жерге шашып-шашып жіберді ме, жоқ заңғар көктің алыс төрінде жымыңдаған сансыз жұлдыз аппақ меруерт
болып қылаулана төгілген шығар. Көз алды неше түрлі-түсті сәулеге бөленген. Әне, Наурыз әдемі әнін жамырата шырқаған қалпы өзіне қарай құшақ жая жүгіріп келеді. Екі аралық қашық та емес, бірақ жете алмай қойғаны несі. Жолын құм белдер бөгеп, кесекөлденең сұлай-сұлай кеткен. Жігіт бірінен соң бірінен көктей өтіп асығып-ақ ұмтылады, тек жүрісі өнбейді. Қыздың тағаты таусылып бітті, трактордан секіріп түсіп, қарсы жүгірді. Ту, у, ауа қандай қапырық, екі аттамай жатып тығылып ентіге берді. Әлгінде құм шағылдан басқа ештеме көрінбейтін сияқты еді, енді қақ жолда тарғыл қой тастар дөңкиеді. Міне, біреуінен аттап өтті, екіншісі де бөгет болған жоқ, тек келесі тас тым ыңғайсыз жатыр, секіре бере сүрініп кетті. Мұндай жаман құламас, ауада қалқып барып жер сүзе жалп ете қалған, маңдайы тасқа тиді ме, көзінің алды ұшқынданып кетті. Құлағанын Наурыз көрген екен. - Тұр! Тұр! - деп қинала айғайлады. - Тұр! Тұр! — деп жаңғырықты түнгі аспан. Көзін ашып алса, тұтқадан қолы шығып кетіпті, соған маңдайы тіреліп екі бүктетіліп отыр. Ұйқы әбден жеңген кезде бойын билей алмай сылқ түссе керек. Басы шынымен зеңіп барады, ал трактор тоқтап тұр, моторы сөніп қалған. Қарсы алдында сүйір құм төбе зораяды. Жүрегі су ете қалды, әлде қорыққаны, әлде мына оқыс көріністен қатты сасқаны белгісіз, делсал отырып қалды. Делсал отырып-отырып барып кабинаның есігіне ұмтылды. Жалғанның жазымы көп деген осындай-ақ шығар, ауыр трактор құм төбеге моторы көміле енген, артқы жағында да сондай тағы бір биік жота төніп тұр. Жолдан шығып кетіп, иыр-қиыр сенделгеніне біраз уақыт болған сияқты, мана келе жатқанда мұңдай жер кездеспеген. - Қап! - деп санын соқты. - Бітті, енді мына құмнан құтыла алмайсың! Дауыс өзге біреудікі секілді, ойында бір ғана қаракет, қайткен күнде бір амалын табу керек. Жанталасып жүріп тіркеме арбаны ағытып тастады. Сүрініп-жығылып жүріп, моторды көміп тастаған құмды онды-солды ысырды. Не істеп жүргенін онша түсінбей кабинаға қайта отырды. Дес бергенде, мотор аман екен, стартерді басып еді, тұншыға тырылдап барып от алды, енді бәрі сәтіне қарай болатын іс. Міне, кейін қарай жылжып барады, жоқ, шынжыр табан қалың майда құмда шыр айналғанда, ауыр трактор оң жағына сырғи жантаяды. Бүйте берсе, біржола аударып тынар, тағы да жерге түсті. Тағы да не істерін білмей
жүріп, сол қол жақтағы шынжыр табанның астын қолымен қаза бастады, ұсақ сусыма құмды өшіге, өршелене боратты. Сол бір есірік сәтте тіркеме арбада күрек бар екендігі есіне түскен. Орынынан серпіле атылып соған жүгірді. Бірақ бұл әрекетінің бәрі бос далбаса екен, сусыма құмнан бір күрек алса, орны сол сәтте қайта толады. Алайда қимылдай беру керек. Құммен тістесе алысты, алысқан сайын зығырданы қайнады. Не қоймағай құрдым құм мұны жұтады, не бұл құмды тоздырады, екінің бірі ғана. Күректі ашына, кіжіне сілтеп, құмды дамылсыз боратып жатыр. Боратқан сайын сүйір төбенің іргесі сөгіліп, төменге лықси төгіліп жатыр. Аңда-санда тракторға отырып, газды азыната басады, ауыр машина гүж-гүж күңіреніп, оң жақ бүйіріне жантая түседі. Өне бойын тер жауып кетті, жұқа көйлегі денесіне жабысып қалған. Біраздан соң - күректі лақтырып жіберіп, тіркемедегі қаптарды жерге лақтыра бастады. Трактордың оң жақ табанының астына соларды сыналап салмақ болды. Онысы да құр әурешілік екен, ауыр машинаның тісті шынжыры айналмай жатып, құмға сіңіп жоғалды. Обыр шағыл көмейіне не тықсаң да қақалатын емес, таңдамай, талғамай жұтады. Ол бара-бара бұған да ауыз салар. Таңғы салқын біліне бастаса да қызуын жоғалта қоймаған құмға сылқ етіп отыра кетті. Кісі қолы тисе етекке судырлап төгіле жөнелетін төбені күреп тауыса алмас, бәрін осы жерде қалдырып жаяу кете бергені жөн шығар. Еңсесі езіліп барады, тұнжыраған түнді болар-болмас сергітіп, таң алдындағы салқын самал ескен, жұлдыздардың өңі қашып бозара бастапты, тек темірқазық қана әлі ажарлы, ал үркер көрінбейді. Құс жолының орнында көзге зорға шалынатын тозаң ғана қалған. Дәл төбесінен бір топ торғай дүрліге ұшып өтті, таң сәулесін тоса-тоса тағаттары таусылып, шығыс көкжиекке қарай үйірімен асыққан секілді лезде із-түссіз жоғалған. Алыстан қасқыр ұлыған тәрізденді, әлде бұған белгісіз, құмның тылсым қойнауында ғана болатын жұмбақ мақұлық азынай жөнелді ме, құлағының түбі ызыңға толып кетті. Әлібір шешімге келмеген күйі орынынан сүйретіле тұрып, кабинаға көтерілді. Тракторды тағы бір жылжытып көрмек. Дағдылы қимылмен іске кірісіп те кетті, екі көзі сүйір құм төбеде. Апыр-ай, шыны ма, өтірігі ме, трактор баяу жылжып барады, сірә бұл жаза басып отырған шығар. Жоқ, ақырын қозғалғаны рас, міне кемі бір қадам кейін шегінді. Тәңір-ай, мұнысы несі, трактор шалқайып барып оң жақ бүйіріне ауа құлады. Құлап бара жатқанда жандәрмен жерге секірген, бірақ кеш
қимылдапты, сол қолын кабинаның жиегі басып қалды. Ет қызуымен жұлқа тартқан, қақпанға қаптырғандай сырқырап қоя берді, тістене айғайлап жіберді. Білегі сынып кетті ме екен, біресе удай ашып, біресе шыдамын сарқа шаншып, жанын көзіне көрсетіп барады, енді шым-шымдап тартып көрмек түгілі, қимылдау, түзеліп жатудың өзі мұң болды. Астындағы құмға сау қолының шынтағымен тіреліп, бүк түскен күйі қыбырсыз қалды, мандайынан сорғалаган ащы тер көзіне құйылып жатыр, өкпесі аузына тығылды, дем алысы жиілеп, ауа жетпей барады. Осы күйінде жарты сағаттай жатқан болар, ауру бұрынғыдан да күшейе түскен, білегі тез ісініп, қаракүреңдене бастаған. Өліп кетсе де, колын босатуы керек, әйтпесе тіршілігінің оты біржола сөнгені. Бүгінгі сапар мұның ең соңғы сапары шығар, дәм-тұзы таусылған жері құрдым құм жайлаған жапаңдағы шөл болып, ай далада көмусіз ит-құстың жеміне айналғаны ма. Шыбын жанын шүберекке түйгізген ауру, осы үрейлі ой барлық үміті мен төзімін шілдің қиындай тоздырып, әлде қапыда қалған өзіне, әлде қыр соңынан шырақ алып түсіп, аяқтан шала берген қатыгез тағдырына кейігені белгісіз дүние атаулыдан жүрегі шайлығып құладүзде күңірене егілді. Маңдайдан сорғалаған тер мен көзінің жасы сарғалт құмга сырт-сырт тамады, сырт-сырт тамып сіңіп жоғалады. Шөл енді бұрынғыдан да қатты қысқан, өне бойы өрт болып күйіп барады, тандыры кеуіп, жұтынатын түкірікке де зарыққан. Бара-бара құмга сіңіп жатқан көз жасын кұрдым шағылға қимады, алақанына жинап алып жұтып жіберсе, шөлі аз да болса қанар ма еді, әттең дәл казір оған да шамасы жоқ. Тілі таңдайына жабысып, тісінің түбі сыздайды, көкірегі удай ашығанда, аш мысық арпалыса тырнап жатқандай шошындырады. Соңғы күшін жинап, қолын тістене, өзін өзі азапқа сала тартты, мейлі мына қасіретке шыдамай өліп кетсін, енді бәрі бір. Көз алдында мұнартқан сасық тұманға, әлде көз жасына қақала-шашала алысты. Жанарында жасын ойнап, шатыр-шұтыр жарылғаңдай, үстінен зілдей салмақ жанша езгендей, бауырын басқан құмдақ жер төңкеріле аударылып бара жатқандай... Тұла бойында сау қалған сүйек жоқ секілді, бәрі қан қақсайды, азапқа салған ауру бірде сап тиылып, іле қайта күшейеді. Әл-шамасы таусылайын деген. Еңді бір сәтте оны да сезінуден қалған болатын. Соңғы күшін жиып қатты бұлқынған бетте шалқалай құлаған. Одан кейін ол екі дүниеде де жоқ еді. Есінен танып, бар азаптан уақытша болса да құлан-таза құтылып, қимылсыз жата берді. Ал, құм шағыл
рауандап атқан таңның алғашқы көгілдір шапағына малынып, түк
көрмегендей ажарланып келеді.
* * * Күн арқан бойы көтерілген, таң әулетінде сылбыр ескен жел басылып, құм іші күйіп барады. Тамыздағы ыстық күннің өткір сәулесі көз қарықтырып, бас сауғалар көлеңке іздетеді. Бұдан да түннің тұнжырап тұрып алғаны жақсы екен, әлде есі кірмеген күйі өліп кеткені дұрыс па еді, енді манағы азаптың бәрі қайта қыспаққа алады. Жаралы қолының ісігі ұлғая түскен, иығына қарай жайылыпты, білегі, бұғанасының түбі сырқырап әкетіп барады, сүйегі сынған болар, әлде шытынап кетті ме екен, айырып болатын емес, сәл қозғалса қанқақсайды. Шыбын жанын көзіне көрсеткен соң, ауруды сәл де болса басудың амалын қарастырды, басына тартқан орамалымен мойынына асып алды. Зорға дегеңде орынынан тұрды, аяғының астындағы құм сусып, тайып жығыла жаздады. Трактор оң жақ бүйірі шағылға көміле аударылыпты, төгілген солярканың исі мүңкіп тұр, күн мен құм ыси келе тұтанып кетсе, бәрі өртке оранады. Бірақ оған жасар қайраны жоқ, өз басын ажалдан арашалап қала алса да жарады, тек солай бола қояр ма екен. Безерген құм көңілден үміт атаулыны бездіреді. Дүние неткен безбүйрек. Анадай жерде күрек жатыр, барып қолына алды, әрі таяныш, әрі қару болар, бұл жерде қажетіне жарайтын басқа ештеңе жоқ. Тракторға жанары жасаурап қарап тұрды да, келген ізіне қарай аяңдай беріп кілт тоқтады. Әкесінің қара былғарымен тысталған темір құтысы қалып барады ғой. Сүйретіліп кері оралды, сусыма құмда тайғанақтап жүріп трактордың кабинасына да жетті, үстіңгі есік шалқасынан ашылып қалыпты, құты көрінбейді, сірә асты-үстіне шығып қопарылған орындықтың астында қалған-ау. Құрал-сайман салған кенеп дорбаның аузы ашылып кеткен, темір-терсек ыбырсып жатыр. Соларды күректің ұшымен түрткілеп жүріп тауып алды. Соны медет тұтып жолға шықты, теңселіп келеді, алға басқан аяғы кері кетеді. Трактордың құмдағы ізі сайрап жатыр, мұның ендігі үміт артатын серігі сол ғана, ол құм белдерді шиырлай кезіп барып, ұлан далаға алып шықпақ, содан үлкен қара жолға түседі, ал оның бойы жүргіншісіз болмайды, біреу-міреу кездесер, тек соған дейін қуатын сарқып алмасын. Қатты
шаршағанын бірде сезеді, бірде аңғармайды, көкейде жартымды ой да жоқ, көз алдындағының бәрі өгей, осы қазір ғана көргендей бейтаныс, мүлде жат, тіпті өзі де басқа жан секілді. Өмірде бар екендігіне дәл осы сәттегідей ешуақытта өкінбеген болар, азап-қайғысыз ізім-ғайым жоғалып кетсе, одан өткен қуаныш бар ма, тек ондай ұшан-теңіз бақытты бұған кім берсін. Өткендегі ауыртпалықтарыңды ұмыттыра беріп, шер-шеменін қайтадан жамырата қаптатып жіберетін тірлікке мұндай рахымдылық қайдан келсін, ол осындай азапты сәтте сағыздай созылып ұзара түспей ме. Артына бұрылып қарап еді, трактор көрінбеді, әлгінде өзі айналып өткен құм белдің тасасында қалыпты. Оны былтыр алған болатын, су жаңа күйінде қолына тиді, сонда өзіне басы бүтін берілгендей ерекше қуанған, тіпті кабинадан түскісі келмейтін, бригадир Мұрат қайда жұмсаса да ерініп көрген емес, ләм-лим демей жүре беретін. Әр сапардан оралған сайын, қанша шаршап келсе де, жалтыратып тазартып қоятын. Кабинаның ішін де әшекейлеп бақты, өзі әдейі арнап тоқыған кестелі пернеге дейін іліп еді енді тастап барады. Қыздың жүрегі шым ете қалды. Құм белдер теңселіп кетті. Жоқ, тепе-теңдігін жоғалтқан өзі болатын, алға қарай ұмсынып барып, бойын зорға тіктеді. Бірде сүйеніп, бірде сүйретіп келе жатқан күрегі қолынан түсіп кете жаздады. Соның сабына кеудесін тіреп, алқына тұрып қалды. Есік пен төрдей жерде білектей сұр жылан ирелеңдеп барады, бұдан сескенетін түрі жоқ, басы қақшаңдап өзін қаймықтырады, жиырылып жазылған сайын сұстана түседі. Әне жолын кесіп өтіп, сұрғылт құммен астаса жоғалды. Ентігі аз да болса басылған тәрізді, тағы да алға жылжыды, сонау бір биік құм төбеден асып түссе, арғы жағынан көкпекті дала ашыла кететіндей көрінді. Ал қазір қызға бәрі де: сырқыраған жаралы қолы да, ирелеңдеген, жуық маңда таусылмайтын ескі сүрлеу де, тамыздың аптап күні де, тиянағы жоқ сүреңсіз ойлар да, тіпті осы мехнатты шақтың әр сәті де жау болатын. Қыз бар азап-бейнетімен жалғыз алысып келе жатып, жадау ойына дәтке қуат болатын таяныш іздеді. Көз алдына Наурыздың бейнесі оралған. Ол келді ме екен ауылға, келсе іздеді ме екен мұны, бәлкім оралатын сағатын күтуге тағаты жетпей, мектепті бірге бітірген жолдасы Қайырбайдың былтыр алған жигулиімен соңынан қуа шыққан да шығар.
Осы ойдың ерік-жігерін баурап алғаны соншалық, бара-бара мотордың гүрілін естігендей болды, тоқтай қалып, айналасына құлақ түрді. Қателеспесе екен, тек құм төбелердің арасында адасып кетпесе екен. - Мен мұндамын! - деп айғайлады жанұшыра. Даусы жұтылып алысқа кетпеді. Осы қалпында түс ауғанша тыныстаған жоқ, анда-саңда күректің сабына сүйеніп, аз-кем дамылдағаны болмаса, сылбырап жүрді де отырды. Сол әбден қажыған уақытта ештеме ойламады да, тек бағытынан жаңылмауды ғана күйттеген. Қарсы алдындағы өзі жетуге асыққан биік құм төбенің етегіне іліге бере талмаурап бара жатқандай сезіліп еді, сол тұста қолынан күрегі түсіп кеткен. Таяқ тастам жер еңбектеп келіп сұлық түскенін аңғармады, тек әлде қайда алыстан мотордың гүрілі еміс-еміс естілгендей болды. Шымшытырық көріністер көз алдында шұбап жүр.
* * * Есін жиғанда денесінде жан жоқ тәрізді еді, қозғала алмады, әлде өзінің қозғалғысы келмеді ме, от-жалын тұла бойын шарпып тұр, бауырын төсеген құм да ыстық. Жаралы қолы сыздап барады, ал тілі таңдайына жабысып қалған. Осы арада қанша жатқанын мезгілдің бесін болғанынан айырды, сірә көзі ілініп кеткен-ау, сәл де болса тыңайған. Әупірімдеп орынынан тұрды, күрегінің жоқ екендігін соңда бірақ білді. Бір тұрып, бір жүріп келе жатып сүрлеудің үстінде қарайып жатқан затқа көзі түсті. Кеше жолда кездеспеген сияқты еді, не екендігін айырғанша тағаты таусылды, бәлкім кен іздеушілердің машинасынан түсіп қалған су толы бөшке шығар. Дүниеде кездейсоқтық аз ба, сәті түссе бәрі де мүмкін. Аяғын барынша жиі басып жақындай берді, қарайған заттың темір бөшке екеңдігіне еңді шүбәсі қалмады, ол бірақ бос еді. Бұл жолы да үміті ақталмады, соған қатты қынжылып тұрып, осы арадан оң жақ бүйірге қарай кеткен машинаның ізін көрді. Жүріп өткеніне көп болмаған сияқты, өйткені бөшкедегі жанармай әлі ағып жатыр. Әлгінде әлі құрып жатып қалмаса, онымен кездесуі де кәдік екен. Машина кеткен жаққа қарап, өкініш өзегін өртеп тұра берді, оның қай жерге аялдайтыны белгісіз, бәлкім түсіп қалған затын іздеп кері оралар. Әлде құм шағылды ұзақ кезіп, алған бетінен бұрылмай кете бере ме. Әлде таяу
жерде тоқтап тұрған шығар, ана құм жолдың арғы етегінде кеншілердің шатырлары бар шығар. Осы ойдың жетегімен жүре түсіп барып іркілді, құмнан құтыла алмай тұрып, оның тылсым қойнауына қайта енгені ессіздік емес пе, алған бетінен қайтпауы керек. Көйлегінің жеңін зорға жыртып алды да, темір бөшкенің үстіне тастады. Егер кеншілер қайтып оралса, соны көріп әлдекімнің осында болғанын, белгіні бекер қалдырмағанын сезер де, соңынан іздеп шығар. * * * Бүгін құм ішінің тылсым түніне екінші рет куә болып отыр. Күн батар алдында соққан қатты жел әлдеқайдан қуып әкелген жалбыр бұлттар аспанды тұмшалап тастап еді, айналаны аяғыңның асты зорға көрінетін тастай қараңғылық тұншықтыра қымтаған. Ауадан жаңбырдың салқын исі білінгелі қашан, бағана ақшам жамырамастан бұрын-ақ сезілген, содан бері ең болмаса бір тамшы тамбай, діңкені құртып бітті. Аспанның асты қақ жарыла күркіреп-күркіреп алып, телегей-теңіз нөсер шелектеп құйып берсе, дүниені астан-кестенін шығарып топан су ылаң салса, бұл сол тасқынды, адуын, аласұраған селге тұншығып өлсе, жаналқымынан алған шөлі бір қанса. Қорғасын бұлттар құм төбелерге тіреліп, маңайды түңіліктей тұмшалады ма екен, қыздың тынысы тарылып бара жатты. Ішке түскен ыстық түн баласында да басылатын емес, өне бойы күйіп-жануын қоймаған, алақанына дейін қыз-қыз қайнайды. Осы індетке айналып бара жатқан азаптан құтқаратын жалғыз ғана құдірет - бір жұтым су. Қыз тізерлеп отырды да көкке телміре қарады. - Тәңірім, ең соңғы тілегім болсын, жіберші ақ жауыныңды! Жылғажыраны көктемгі долы өзендей тасытып, гүр-гүр сарқыратшы! Айнала тым-тырыс, ештеңені көрмейтін су қараңғы соқыр, ештемені естімейтін таскерең. Безерген құм да, ол да безбүйрек, демін ішіне тартып тасқараңғыда жемтігін жұтына іздейді, ай далада мұны бар азаптан құтқаратын жалғыз жарылқаушы-жалмауыз ажал ғана. Ол да жуық маңда төбе көрсетер деймісің, келсе де сілеңді қатырып барып жетер. Көзіне тығылған ұйқы жанарын қариды, бірақ сырқырап жегідей жеген ауру дамыл тапқызатын емес, түнге қарай тіпті күшейе түскен. Бауырына да, ыстық құмға да басып көрді, одан өзгерген ештеме жоқ, қанқақсауын қоймайды, уыты шөлдің азабынан асып түспесе кем емес. Ажалдың бейнетсіз
келгені де бір ғұмыр екен гой, бәрін басқа түскенде бірақ білесің. Кеудесін кере күрсініп көзін жұмды, бәрінен күдер үзген, қайтадан талықсып кеткен. Есін жинағанда жерде етпесінен жатқанын көрді. Сол сәтте... Япыр-ай, сол сәтте машинаның гүрілі естілген сияқты болып, демін ішіне тарта қойды. Мотордың даусы қалың құмға жұтылып шығады, әлде тұйыққа тірелген өз әлемінің азан-қазаны ма екен. Жоқ, анық естіп түр, мына гүріл тегін емес, мұның кешеден бері сарыла күткен үні. Жаралы қолының ауырғанына қарамай барын сала ышқына жүгірді. Анда-санда айғайлап үн салған болып жанын жалдап келеді, мотордың гүрілі бір өшіп, бір тұтанады, бар азаптан еңді құтылмақ болған саяқ үміт бір сөніп, бір жанады. Тәңір-ай, шыны ма, өтірігі ме, таяқ тастам жерде жүк машинасы келе жатыр, гүрілі жер жарады, өн бойынан бүкіл үрейі мен азабын үркіте қуып дүр-дүр етеді. Міне, тіптен таяла түскен, әне кілт тоқтады, кабинадан екі адам шығып, өзіне қарай беттеді. Қыздың жүрегі атша тулады. - Мен мұндамын! - деп айғайлады. Алайда өз даусын өзі естіген жоқ, көз алды тағы да бұлдырап бара жатты. Одан кейін... Одан кейін қызға бәрі бір болатын.
* * * Өзін кен іздеушілер құтқарып қалғанын аудандық ауруханада жатқанда бір-ақ білді. Осында келіп түскеннен бері айдан астам уақыт өткен, оның алғашқы күндері де бұлыңғыр, не болып, не қойғанын елден естіді. Дәрігерлер әл-қуаты әбден таусылған мұның өмірін сақтап қалу үшін қолдан келгеннің бәрін жасапты, зардабы қанға шаба бастаған сол қолы шынтағының буынынан кесілген, абайсызда қозғап қалса, елден бұрын өзін шошытады. Көбіне қарамауға тырысады, бірақ көзі ырқынан тыс түсе береді. Ал кірпігі ілінсе, баяғы құм шағылдың ішінде жападан жалғыз адасып жүреді, шөл қысып, бір жұтым суға зар болады, құр сүлдері қалады. Қазір қос терезесі көше жаққа қараған кең бөлмеде екі-ақ адам: өзі және қырықтан асқан шопан әйел. Серігі сөзшең емес, көбіне үнсіз жатады да қояды, далаға да шыға бермейді.
Өткенде қолына әдеби журналдың бір ескі саны түсіп еді, соны парақтаудан жалығатын емес, кейде дауыстап оқып кеткенін байқамай қалады. Қазір де сол әдетіне басқан, күбірі естіліп тұр. - Ұят-ай! - деді күңк етіп. - Қыз баланың денесін көзімен көргендей етіп суреттегені несі. Оқитын жұрттан қысылсайшы. Күн кешкіріп қалған, бөлме іші көмескі тартты, иесіз кереуеттердің астына көлеңке үйірілген, қарсы беттегі бұрыш дымданып тұр, үстіңгі бөлмеден су аққан шығар. Қабырғалардың әгіне шаң қоныпты, тек терезеге кеше жаңартып ілген перделер ғана таза. Төргі қабырғада маңдайы кереқарыс көзілдірікті адамның суреті ілулі түр, сірә атақты дәрігерлердің бірі болуы керек, өзі бұдан көзін айырмайтын секілді, жоқ жанары басқа жаққа тесіліп қалған. Есіктің сыртынан біреу жүріп өтті, шамасы әйел болар, өкшесі тық-тық етеді, ұзап кеткенше естіліп тұрды. Терезенің түбінен әлдекім қыстыға жөтелді. Көшенің бойымен ат-арба өтіп барады, сықырлап, сыңғыр-сыңғыр етіп кешкі тыныштықты біразға дейін бұзып тұрды. Ауылдан әлі ешкім ат ізін сала қойған жоқ, апа-жездесі де, құрбылары да төбе көрсетпеген. Достарының жайы белгілі, қазір орақтың қызған кезі, қолдары тимей жатыр да. Ал туған бауыры неге үнсіз қалды екен, мұны жығылған жерінен қайтып тұрмайды дей ме, әлде баяғы салқындықтың жүзі әлі сынбағаны ма. Әйтеуір оны түсіну қиын, өмір бойы бұйығып келе жатқан, мұңлық еңсесін тіктей алмай-ақ өтетін шығар. Шопан әйел аяқ астынан шегі қата күлді. “Өзіне де сол керек, көктұқыл неменің қызда несі бар екен-ай” - деп сықылықтайды. Кешікпей ол да кетеді, мына түсте дәрігерлер солай деген. Бұл мына кең бөлмеде жалғыз қалмақ, мұнда жуық маңда кім келе қойсын, осы күні елдің көбінің өз көлігі бар, басы ауырып, балтыры сыздаса, облыс орталығына тура шабады, аудандағы дәрігерлеріңді менсіне бермейді. Дабырласқан даусы шықты да, іле есік ашылды. Қыз басын көтеріп алып таң қалды, мынау күтпеген адамы, адуын Жанбөпенің жуас інісі Әлібек кіріп келе жатыр. Өзінің екі езуі екі құлағында, мұның осы кемтар халінен хабарсыз жандай көңілді, қатарындағы бос кереуетке сылқ етіп отыра кетіп, күлімсірей қарады. - Амансың ба? - деді езуін жимаған қалпы. Жамалға ол бүкіл ауылды өзімен бірге ала келгендей көрініп, жері кеңіп сала берді, сағынған адамындай жаудырай қарады.
- Өздерің есенсіңдер ме? Елде не жаңалық бар? - деп асыға сұраған. - Сендерді де көретін күн бар екен ғой, келгенің қандай жақсы болды. - Ел аман, ешқандай жаңалық жоқ, - деді Әлібек. - Мен қойдамын ғой, өзгеріс бола қойса да ести бермеймін. Өзіңнің ауруханаға түскеніңді естігеніме үш-төрт-ақ күн өтті. Қыз оған барлай қарады, жігіт аздап ысылған секілді, ал жанары баяғыша ылғи күлімдеп тұрады екен. Жүзі күн мен желге тотыққан, денесі тола түсіпті. Қалың қабағында Жанбөпеге тән қайсарлықтың нышаны бар, бірақ ұяң, көзін тоқтатып қарай алмайды, тайғанақтай береді. Есіне оның өзіне беріп жіберген хаты түсті де ақырын жымиып қойды, қалай ғана батылы барып жазды екен, сонда мұны шынымен-ақ құлай сүйгені ме, әлде ауылдағы құрбы жігіттеріне еліктеп, өзінше бозбалалық жасағандағы түрі ме. Аяқ астынан соны білгісі келіп кеткен, бірақ дәл қазір оның түк те реті жоқ, Әлібекке күлетіндей бұл енді бұрынғы Жамал емес, кемтар Жамал. Онысын жігіт те білмей ме, бәлкім ол өзін осы қазір мүсіркеп отырған болар, әне жанарының тереңінде мұң тұнып жатқандай. Қыздың жүрегі шымырлап қоя берді, өзін Әлібектің алдында тым ыңғайсыз сезінгендігінен шығар, айтайын деген сөзін ұмытып қалды. Үнсіз отыра бергісі келмей: - Орақ кешікпей аяқталатын шығар, - дей салды. - Бітіп қалды ғой, - деді жігіт. - Бүкіл ел болып жабылып жатыр. Көмекке студенттер де келіпті. Туу... Алматыдан жіберілгендері де бар көрінеді. Алдыңғы күні совхозда Қайырбай кезіккен, сол айтты. Ол орақ кезінде шопыр болған, астық тасып жүр екен. Жамал елең ете қалды. - Алматыдан дейсің бе? Ауылдың сонда оқып жүрген жігіттері келмеді ме екен? - деп асығыс сұраған. - Онысын білмедім, - деді Әлібек. - Келсе келген шығар. Қыз оның жауабына іштей ренжіп қалды, мұның орынында естілеу біреу бар болса гой, бәрін де білер еді. Ораққа жіберілген студенттердің ішінде Наурыздың жүруі де әбден мүмкін ғой, тек солай болғай. Бөлменің іші бұрынғысынан да күңгірт тартқан, қарсы қабырғаға ілінген суреттің нобайы ғана танылады, шопан әйел журналын сонда да қолынан таcтамаған, күбір-күбір оқиды. Терезелерді батқан күннің қанқызыл шапағы бояған.
Қызға Әлібек Наурыздың да келгенін білетін секілді болып көрінді, ол әдейі айтпай отырған шығар, почташы Зибагүлдің өсек-аяңы бұған жетпеді дейсің бе. “Құдай біледі, сен жасырып отырсың,” - деді Жамал іштей. - Келді ғой ол. Жылда осы уақытта бригадир ағасының қарамағында бірер жеті жұмыс істеп, қалған уақытта ауылда бос жүретін. Әлібек қыздың жүзі аяқ астынан алабұртып кеткенін байқады, ол неге толқыды екен, мұның баяғыда жазған хатын есіне алды ма. Бәлкім өзінің мына жарымжан халіне қысыла ма, толысқан қыз күнінде кемтар болып қалу қандай азап. Әйелдің бойындағы мін көзге бірден ұрынып тұрады ғой. Қыз жігіттің үнсіз қалғанын бұрынғы ұяңдығына балады. Ол туралы тіпті ойланып та жатқан жоқ, көкейінде тек Наурыздың жайы ғана болатын, көз алдында соның кескін-келбеті тұрған. Көптен бері кездесе алмағанына іштей мұңайып отырып, оның биыл оқуын біржола бітіріп келетіндігін, соған орай жұмысқа жіберілмейтіндігін есіне алды. Қазір ғой, Наурыз институттан соң болатын әскери жаттығуда жүрген шығар. Ол да бітер, содан соң бұлар мәңгі бірге. Одан кейін осынау мұң-қайғысы мен күтпеген ауыртпалығының бәрінен құлан-таза айығады. Қос терезені соңғы шапағы бояп батып бара жатқан кешкі күн ертең-ақ мұның арайлы аппақ таңы болып жадырайды. Бүкіл әлемін жаңғыртып, дүр етіп тұтанған осы тәтті үмітімен Әлібекке жүзі нұрлана қарады, оған көңілін жадыратар бір ыстық сөз айтқысы келді. - Кешір мені,- деді іштей. - Саған ұнағандығым үшін кешір. Жазғыра көрме сірә да, ренжіме. Бұл өмірде не болып, не қоярын кім білсін. Маған деген жылылығың үшін тілектес болармын. Шопан әйел орынынан тұрып шам жақты, екеуіне үнсіз қарап тұрды да, шығып кетті. Қыз самалдай төгіле жөнелген жарықта бар ойы жария бола қалғандай қымсынып, Әлібекке қарап жымиып қойды. Ол да езу тартқан, күлген кезде жүзіне балалық аңғалдық ұялай қалады екен, ол осы қалпымен өмірден ешқандай күнә арқаламай өтетін шығар. - Әңгіме айта отырсайшы, - деді Жамал созылып кеткен үнсіздікті бірінші болып бұзып. - Өзің әлі өзгермепсің, сол баяғы тұйық қалпың. Жігіт тағы да жымиып қойды. - Не айтамын. Бәрі өзің көргендегідей, - деді бәсең үнмен. - Айтпақшы Зибагүл күйеуге қашып кетіпті. - Кімге? - Әлгі ауылға былтыр көшіп келген бухгалтер Әбіш бар ғой, соның шопыр баласына. Ол осы таяуда аудан орталығына ауысқанды. - Апыр-ай, ә? Үйінің іші қарсы болды ма екен. Неге айтпай кеткен.
- Осы күні қыз алып қашу әдетке айналды емес пе. - Өзің де соған дайындалып жүрген шығарсың. Жамал бұл сөздің аузынан қалай шығып кеткенін байқамады. Тез басқа әңгімеге аударғысы келіп еді, ойына қапелімде жөнді ештеме түспеді. Әлібек әдеттегіше жымиып отыр. - Сірә сөйтетін шығармын, - деді бір кезде. Соны айтты да қызарып кетті, қалталарын кезек ақтарып шықты, оған да тоқтамай костюмінің түймелерін түгеңдеді. - Сен басқаша ойлама, - деді әлден соң. - Қызы бар екен деп қалма. Ешкімім жоқ. Ол көкейінде: “Өзіңнен басқа ешкімім жоқ” - демекші еді, оған батылы бармады. Шопан әйел қайтып келді. - Кешкі тамаққа бармайсың ба? - деді Жамалға. - Кейін ішермін, - деді ол. Әлібек кететін кез жеткенін білді. - Мен енді қайтайын, - деген қызға. Жамалдың оны жібергісі келмеді, ауылдан ай бойы тірі жан қатынамағанда, Әлібек көңілін бір көтеріп тастап еді, қия алатын емес. - Отыра тұршы, - деді өтініп. - Елге дәл бүгін жүрмейтін шығарсың. Жігіт орынынан тұрды. - Аялдай алмаймын, түн болса да аттануым керек, - деп шынын айтты. - Қойда шешей жалғыз қалған. Астымдағы көлігім мықты, таң ата жетіп барамын ғой. Қыз еріксіз күрсінді. Дәрігерлердің айтуынша бұл әлі біраз емделуі керек, оған дейін кім мұнда ат басын бұра қояр дейсің. Әлібекпен де жарытып сөйлесе алмады, енді міне, ол да кетпек. Осында келгеннен бері аурухананың еңсені түсіретін, жанды жегідей жейтін күйкі тірлігіне көндіге бастағандай еді, енді қайта құлазиды ғой. Жанарына жиналған жасты іркуге ырқы жетпеді, иегі дірілдеп жүре берген. - Мен әлі келемін, - деді жігіт. Қыз үнсіз қоштасты, есікке беттеген оған қараған жоқ, көзі үлкен қос терезеге түскен. Дала тастай қараңғы сияқты, бәлкім бұған солай көрінген шығар. Ең құрыса алдамды сәуле болсайшы, тылсым дүние өзін де, өзгені де мұңға батырып бей-жай. * * *
Аласа белдің төбесіне құла ат мінген біреу шауып шықты. Айнала тұяқ дүбіріне жаңғырығып басылды. Бар маңай ақ ұлпа жамылып, қарашаның салқын таңында талықсып жатыр, күні кеше ғана қуаң жаздың аптап ыстығына қақталмаған, қазан жарым ортасынан ауғанша таңдайы жібімей, ерні кезермеген, күздің әпербақан құрғақ желі ысқырына соққанда, ұлан өңірінің шаңы қағылып, сілікпесі шықпаған тәрізді еді. Желсіз шақта ақша қар мамықтай қалқып, майда төгіледі, қысқы күннің өңсіз сәулесіне болымсыз шағылысып жылтжылт етеді. Қарсы бетте құлдырай жазылған ен жазықтың өн бойында қарайған қылтанақ жоқ, қараған-тобылғысыз атырап бетіне ноқат түсірмеген. Жаңбырсыз жаздағы суық көде қыс түсе қардың астында қалғанда, байтақ дала иегіне ырымға қылтанақ бітпеген көсеге айналған. Таңғы аспан бұлыңғыр, қиян даламен жымын білдірмей астасып, жер мен көк тұтасып алыпты. Оң қол жақта құм шағылдың доғал төбелері көзге мұнартып шалынады, таңғы аязда бұғына түскен. Аласа белдің төбесіне құланы құтырта шауып шыққан Наурыздың дәл қазір ойлап тұрғаны ол емес, ала таңнан атқа мінгізген мүлде басқа жәйт. Оны оңаша кезінде сараптап көрген сайын мазасы кетеді. - Бұл қай құйтырқылығы болды сонда. Менің қолыммен от көсемек пе, - деді даусы қалай шығып кеткенін байқамай, - Түбінде бәрі ретін тауып кететіндігіне сендіреді, қорқатын түк жоқ екендігіне иландырмақ болады. Ал ойға алғаны керісінше болып шықса ше... Онда құрыдың Наурыз, шыңырауға шырылдап кете барарсың. Атын тебініп етекке түсті де, осы арадан қозы көш жердегі шопан ауылына қарай аяңдады. Тоқ құланың тізгінін тарта ұстап, өзімен өзі алысып келеді. Осыдан оншақты күн бүрын совхоз директоры мұны жұмыстың аяғына қарай шақырып алған. Әңгімені әріден бастап, оқуды бітіре сала іргелі шаруашылықтың бас мал дәрігері болып шыға келгендігін, екінің бірінің жолы бұлай бола бермейтіндігін біраз сөз қылған. Одан кейін өзіне бір маңызды шаруаны сеніп тапсырғалы отырғандығын сездірді. - Сен жөн білетін жігітсің, - деді ақыр аяғында. - Ана егде тартқан әкең Құсайын екеуміз жасымыздың аздаған алшақтығына қарамай, ұзақ жыл ұғысып жұмыс істедік. Енді міне, орынын өзің басып отырсың, оған мен қуанбасам, теріс демеймін. Ал арамыз осылай сабақтасып жатыр екен, ойымыз да үнемі бір жерден шықсын.
Наурыз директордың іш тарта сөйлегеніне ұйып, басын изей берді, дәл қазір не айтса да жөн сияқты құптай жөнелуге дайын. Директор орынынан тұрды да, кең кабинеттің ішін кезіп кетті. Енді даусы әлгіндегідей жаймашуақ емес, нық әрі қатқыл. - Кеңесіп істеген шаруа ешуақытта келте болмайды, -деді желке тұсынан. - Ал менің ақыл қосар, айтқаныма тұрар адамым аз емес, бірақ саған тоқталдым. Соны айтып иығынан қағып қойды, алақаны да қатқыл, мінезі де ауыр шығар, әйтеуір дегеніне көндіретін бір зілі бар, оны әңгіме бастала бере-ақ аңғарған.
- Енді негізгі мәселеге көшейін. Жазда екі жүз тұсақты ебін тауып шаруашылықтың есебіне енгізбей қалғанбыз. Неге дейсің ғой, түсіндірейін. Совхоз болған соң, бетке ұстар бір атақты адамы болуы керек. Ал ондай атақты өздігінен суырылып шыға қоймайды, өзіміз оздырамыз. Мұның жолы аса қиын емес, әлгі екі жүз тұсақ көктемде төлдейді, соның қозысын көңілің қалаған қойшының есебіне жаз да жібер. Ол жүзінен жүз елуді алып, қайқаң етіп шыға келсін. Келесі жолы да солай. Міне, бар сыры осы ғана. Үлкен столды айналып келіп, қарсы алдына тұра қалды, қысыңқы, сәл қызарған көзі тым өткір, жанарын ырықсыз тайдырып әкетті. Айтып отырғаны бір есептен көңілден шығатын сияқты, бәрі шаруашылықтың қамы емес пе, оған қалай келіспесін, тек ортаның малы тегіс есепке енуі керек. Сол жері болмаса... Ойын аяқтай алған жоқ, директор қайта сөйлеп кетгі. - Сен сол тоқтыны ана Әлібектің отарына қосасың, мән-жайды өзің жеткіз, ол дүлейге бәрі бір, көнеді. Қалған мәселені кейін тағы өлшеппішерміз. Құп алғанын үнсіз білдіріп, ләм-мим деместен шығып жүре берді. Енді міне, Әлібек қайдасың деп жортып келеді, ол өзіне сыралғы момын жігіт, шала бүліне қоймас, айналып-үйірілгенде осының бәрі соның қамы емес пе, атақ-даңқтан кім ат-тонын ала қашсын. Қарлы далаға жүдей қарады. Кеше ғана оқуда жүргенде осы ұлан өңірге аяқ басқанша асығушы еді, тағаты қалмай өзін-өзі қамшылаумен болатын. Оның тынысыңды кеңітіп, көкірегіңді шайдай ашатын, ешкімге, ештеңеге тәуелсіз, қиялыңды еркін самғататын кеңдігіне барымен құмартушы еді. Ұлан өңірдің өз аясы ғана кең емес, соның төсінде өсіп-өнген тірлік атаулының бәрі ғұмырында тарлық көрмеген, ешкімді тарылтып
көрмеген бір тылсым қасиеттің иесіндей алдында еріксіз бас игізетін. Шалқар даланың жанында өзінің де, өзі көрген өзге дүниенің де тұрлаусыз екендігін иландыра сездіретін. Қазір ол да жабығыңқы, қараша үскіріксіз жалғасқанымен алдағы желтоқсан мен ақпан-қаңтардың бәрі бір тыныш қоймасын, талай аязды түнде долыра соғатын адуын борандарда ыққан аңмен бірге босып кетерін қынжыла ойлай ма?! Айнала жып-жылмағай, ат тұяғы сүрінер түбір болсайшы. Ұмытпаса, осы арадан ұзамай сортаң тақыр басталатын, жазда жаңбырдан соң бетіне тұзы шығып ақтеңбілденіп жатушы еді, кей тұсы ойпаңданып барып батпаққа айналады да, қыс түсе қар басып, үстінен абайсызда шыға келгеннің бәрін түбіне қорқырап тарта береді. Сол құрдымда осы ауылдың бірен-саран саяқ малынан бастап, адамы да жатыр. Мұның бала кезінде аудан орталығындағы интернаттан жаяу қашып шыққан екі оқушының ізі соған жетіп жоғалғаны, олардың ақыры еш жерден табылмағаны есінде. Осы жай ойына оралғанда, құланың тізгінін тартып ала қойды, айналасына секемдене қарап, алған бағытының дұрыстығына көзі әбден жеткенше тоқтаған жерінен қозғалған жоқ. Кім біледі, жалғанның жазымы көп, оның үстіне кейінгі кезде қолға алғанының бәрі қиуы қашып береке таптырмай жүр. Жамалмен екеуінің арасындағы сонау жазда басталған байланыс жібі тарқатыла келе шешілуі қиын шиеге айналып, қажытып бітті. Ол туралы ойласа, өзін қоярға жер таппайды. Ат үстінде аяқ астынан зығырданы қайнады, тұла бойын дәрменсіздік жайлап барады, бұл осыншалық боркемік емес еді ғой. Мына күйкі көңіл қашан, қалай мендеп алған, өзі еңсені күннен күнге езіп барады, ширығып бір серпілмесе таза тізгіндеп тастар да, уысынан қайтып босатпас. Құланың сауырына қамшыны көміп-көміп жіберді. Иен далада қасқыр қуғандай үсті-үстіне айғайлап, жападан жалғыз қиқулады, еділжайық кең дүние, өзін де, құланы да егесті, ессіз шабысқа кіжіне қайрап салды.
Қарсы алдында момақан қойлы ауыл томсырайып жатыр, жатаған жотаның ығынан аса қарағанда шатырсыз жайдақ үй жерге жабысып қалғандай. Етекті жиектей өскен көк талдың ықтасынына салынған ұзын қора да тапал, тек одан әріректе үйілген үлкен маяның еңсесі көтеріңкі, өзінің әлі мұрты да бұзылмапты, сол күйі тұр.
Ауылдан шеткеріректе үш-төрт жылқы тебіндеп жатыр, одан бергі беткейде тайлағын ерткен інген маң-маң басып от іздеп барады. Әзірге осылардан басқа қыбырлаған тіршілік белгісі жоқ, үй маңында қойшының аты да көрінбейді, Әлібек, сірә отарды алаң-пелеңде өргізіп кеткен болар. Жотадан асып түскенде, ауыл жақтан екі сарыала төбет аңыздап шыға келді, жарыса ұмтылып бөктерді жаңғырықтыра арс-арс етеді, қатты екпінмен түре тисіп, ат-матымен домалатып өтетіндей өшігеді. Астындағы құла құлағын қайшылап бұлтақтай бастады, тайыншадай қос төбетті өшіктіріп алудан жасқанып, атқа қамшы көтермей тебіне қиыстаған. Бірақ екі ит икемге келетін емес, шаужайдан ала кететіндей құтырына таялып, еңді шын үркітуге айналды. Осы кезде үйден Әлібектің шешесі Қайныкүл шыққан. Келе жатқан аттылыға сығырая қарап тұрды да, екі сарыалаға кезек зекіріп, тез жуасытты. - Тәйт әрі, сонша шабалағаны несі. Кісі жарар бұлар! -деп кәдімгідей кеиіді: - Амансыз ба, шешей? - деді оған ат үстінен сәлем беріп. - Күйлі қуаттысың ба? - деп кемпір бетіне зер сала қарады. - Танымай қалдым, қай баласың? - Құсайынның Наурызымын. - Алда тәңір-ай, өзіміздің төл екенсің ғой. Үй-ішің аман ба? Әкең әлі тың шығар? - Жүріп жатыр, сізге сәлем айтты. Наурыз кейінгі сөзді ойдан қосып жіберген, оған кемпір мәз болып қалды. - Сәләмат болсын, өзімді өкшелеп келе жатқан сыралғы қайным ғой, есіне алғанына рахмет, - деп ажарланған тәрізденді. - Ал, атыңнан түс, үйге кір. - Жоқ, асығыспын. Әлібекке жолығамын да қайтамын. - Е, не болды сонша қапылып. - Жұмыс қой, шеше, жайланып жүруге уақыт қайда?! - Осы сендерді үкіметтің шаруасы-ақ қолды-аяққа тұрғызбайды екен. Бастықтарың, немене, барған жерден нан ауыз тиме деп қайрап жібере ме? Наурыз не дерін білмей қалды. Кемпір оның жауабын тосқан жоқ, сырт айнала берді де: - Әлібек ана қырдың астында, ұзап кететіндей болған жоқ, - деп солай қарай қолын сілтей салды. Қоштасып еді, күңк етті де тиылды, сірә аттан түспегеніне ренжіген шығар. Ай далада жалғыз үй, кісі киік болып отырғанда, жолаушы есік алдынан көлбең етіп өте шықса, көңіліне келмей қайтсын.
Құланы желдіртіп отырып, жотаға тез көтерілді, тура алдында бір отар қой тарыдай шашылып жатыр. Әлібек ат үстінде жүр екен, қарсы беттеді. Үстінде шолақ тон, басында түлкі тымақ, аяғында байпағы тізесін жапқан саптама етік, қарына құрық ілген, шешесі осы қалпында қойшы етіп туа салғандай. - Сәлем бердік, - дейді күлімдеп. Екеуі есендіктен соң, аттарын шөп жұлдырта аяңдатып, отардың шетін айнала сөйлесті. Наурыз малдың қоңын, өрістің жайы мен басқа да ұсақтүйек шаруа жөнінде тәмпіштен сұрады да, негізгі жұмысына қарай ойысты. Әредік Әлібектің ау-жайын барлайды, ол әзірге сыр алдыратын емес, үнсіз тыңдап ойланып қалған. Ара-тұра шетке бөлініп бара жатқан тоқты-торымды айғайлап қайырып қояды. - Бар-жоғы осы, бұл директордың нұсқауы екенін ұмытпа, - деді көкейдегісін сарқа келіп. - Ол кісіні өзің білесің ғой, кесіп-пішсе, түбі қате болмайды. Қойшы жігіт қалтасынан шылым алып тұтатты, атынан түсіп айыл-тартпасын тартып, ерге қайта қонды. - Сәлемін жеткізіп болсаң, қайта бер, - деді күңк етіп. Наурыз аңтарылып тұрып қалды. - Бұл қай сөзің, түсінбей қалдым, - деді жорта аңқаусып. - Өзің әлденеге реніштісің-ау, айтшы кәне, не қажет болып жүр. Әлібек оған көзінің астымен жақтырмай қарады да, сездірмей күрсінді. "Осылар қойшының қабағына кірбің ұяласа, бірдеме сұрамақ болып тұр” деп ойлайды-ау тегінде. Жылаған баланы жылтырағанмен алдап жұбататын секілді көңіліңді көржермен көншітпек болады деп қорланды. - Сол әдеттерін қашан қояр екен, неге “бишара» қылады?! Наурыздың жыны құрыса бастады, мынауың шынымен-ақ нәдүріс екен ғой, опыр-ау ең құрыса не иә, не жоқ десейші. Қой қайырудан басқа қолынан келетіні жоқ, бұдан жөн сұраған өзі де сау емес. Түбінде әр шопанның алдында осылай телміріп жүретін болса жетіскен екен. - Сонымен не айтасың? - деді сызданып. Әлібек қолынан сусып шығып кеткен шылбырды еңкейе беріп, қамшының сабымен іліп алды. - Ойланайын, бұл өзі оңай шаруа емес сияқты, - деді ерге жайлана отырып жатып. Содан кейін тағы үнсіз қалған.
Наурыз енді одан жуық маңда басы артық сөз ести алмасын біліп, амалсыз қоштасты. - Алда ит-ай, жігерімді құм қылды-ау! - деп күпінді ұзай бере.
Совхоздың бір қабатты ескі кеңсесінің түкпіргі бөлмесіне почта орналасқан. Зибагүл аудан орталығында тұратын жігітке күйеуге қашып кеткеннен бері онда Жамал жұмыс істейді, бұрынғыдай тракторға отыра алмайтын болған соң осында ауысқан. Алғашқыда үлкен бір бөлмеде жалғыз өзі отыра-отыра қатты зерігуші еді, мұнда келетіндер некен-саяқ, хат-хабарға ел көбіне балаларын жұмсайды, әңгімелесіп уақыт өткізетін адам таппайсың. Келе-келе оған да үйренді, үйінен ала шығатын кітапты, не газет-журналдарды оқып, өзімен өзі болып отыра береді. Почта бөлмесінде көз тоқтатып қарай қоятын бөлтек-салтақ зат та жоқ, хат салатын темір жәшік пен ескі қара телефон, сыры да, сыны да кете бастаған ағаш үстел, бір-екі орындық қана. Көптен бері өктелмеген төрт қабырға кіршең, еден де көнерген, есіктен кіріп төрге өткенше сықырлап мазаңды кетіреді. Бүйірдегі кішкене терезеден күн сәулесі түстен кейін ғана құйыла бастайды, оған дейін бөлменің іші сыз тартып, бойың мұздап отырғаның. Әнеу күні электр жылытқышын алып келіп еді, бухгалтер Талас көріп қалып тиым салды. - Шырағым, осы күні үнем тәртібі күшейіп тұр. Талап бәрімізге бірдей. Тиыннан кәпек жасап, азды көп ету керек, - деп уағыз айта кеткен. Мұның бала кезінен бері есепшотпен айналысатын оның бұл тарлығына кейіген жок. “Тиыннан кәпек жасап" деген сөзіне күлді де қойды. Қазір сағат кешкі бес болып қалған, үлкен кеңсенің ішінде адам аз. Бүгін совхоз директоры ауданға кетті деп еді, ол жоқта басқалары мұнда байыздап отырмайды, не болса соны сылтау етіп ерте тарайды. Сірә мұның да үйге қайтқаны дұрыс шығар. Әлгінде оқып болып үстелдің үстіне тастай салған кітапты, ретсіз жатқан газеттерді жинастырып, кетуге әзірленді. Күндегі дағдысымен бөлменің ішін көзбен сүзіп, артық-ауыс қалған ештеме жоқ екенін көрген соң, сырт киімін кие бастаған. Әлдекім коридордың бойымен осылай қарай келе жатқан
сияқты болды, аяқ дыбысы жақындап келеді. Пальтосының түймелерін салып болғанша есік ашылды. Наурыз екен, табалдырықтан аттап түсіп, күлімдеп тұрып қалды. - Енді кешіксем орыныңнан таппайды екем ғой, - деді бас киімін шешіп. - Осы әлгінде екінші бөлімшеден келдім. - Жоғары шық, -деді Жамал оған. Өзі үстелдің жанындағы орындыққа отырды, жігітті үш күннен бері көрген жоқ еді, мына келісіне іштей қуанған. Ал Наурыз кейінгі кезде қызбен кездескен сайын қолайсыз хал кешетін, аузына жөнді сөз түспейді, айтайын дегенін Тіл қата келе шашыратып алады. Бұл күнде Жамалға өзінің қам-қарекетін, шынын айтуды артық көре бастаған. Жаңа да бір өтірікті қыстыра кетті, ол екінші бөлімшеге барған жоқ, директордың қайта айдап салуымен таңертең Әлібектің ауылына аттанған. - Бұл шаруаны қалай да реттеу керек, аяқсыз қалдыруға болмайды, осы жолы келіспей келме, - деп қатты тапсырған. Ақылға тоқтаса, күні ертең-ақ омырауына орден тағып шыға келеді. Бүгін-ертең наградаға ұсынылатындардың тізіміне қол қоямын. Соны дұрыстап айт. Егер оған көнбесе, амал не, менің кісі танымағаным. Бұл бастығының нұсқауын бипаздап жеткізіп бақты. Әлібек те пенде екен, орден жайы сөз болғанда жібиін деді. - Енді, директор солай шешсе, көнеміз бе, қалай?! - деп міңгірлеген. Содан совхоз орталығына келген беті осы, үйіне де соқпай, тура кеңсеге тартқан. Қызға жолығуға пейілі кетті, оған сонау жазда алғаш рет бар сырын жайып салып, еділжайық табысқан кездегідей тағатсыз құмартудан біртебірте арыла бастаса да, көңілінің түкпірінде әлі де қия алмайды.
Қыз орынынан тұрып шам жақты, бөлменің іші жап-жарық болып кетті. Міне, екеуі бетпе-бет тұр, Жамалдың демалысы жиілеп барады, жанары қандай мөлдір еді, үлбіреген еріні неге дірілдейді. Белінен орай құшақтаған, саусағы қолының тура кесілген жеріне тиіп тіксініп қалды. Құшағын қыса түсуге дәрмені жоқ, қолын қайта тартып алу одан да қиын. Қыздың демалысы жиілеп, көкірегі бір көтеріліп, бір басылып кеудесіне тигенде, еңкейіп келіп маңдайынан сүйген. Бар қимыл - әрекеті де сонымен сап тиылды, еркелете аялай алмай, оған ырқы жетпей, осы болмашы ғана уақытта қарадай қажытқан күйкі сезіммен кері шегінді.
Кері шегініп бара жатып, маңдайынан суық тер бүрқ ете қалғанын аңғарды. Өзімді неге азапқа сала беремін, әуелі жүрегімнің лүпілін анық ұғып алып барып келсемші мұнда. Өткенде ғана, қыздың алдынан тап осындай ауыр халде кеткенде, қайта айналып соқпастай болғаным қайда? Орындыққа сылқ етіп отыра кетті, қыз жаққа қарауға дәрмені жоқ, бөлменің ауасы тарылған секілді ме, алқынғандай болады, саусағының ұшы дірілдеп әлі қашқан. Осылай қанша уақыт сенделіп отырғанын да білген жоқ, есік сарт етіп жабылғанда ғана басын көтеріп алған. Қыз көзіне түспеді, кетіп қалыпты.
Жамал үйіне келісімен шам жақпастан диванға құлай кеткен. Әуелде көз жасына ерік бергені есінде, содан кейін бір уытты өкініш көкірегін қарып бара жатқан, енді ол тал бойына таралып мүлде меңдеп алды, әлсін-әлі жаны қыстыға қорланады, әлсін әлі ойсыз, түйсіксіз делсал күйде күйзеледі. Соның бәрінде тілінің ұшында Наурыздың есімі, көз алдында бейнесі тұрады. Ол бүгін бұған әрі жақын, әрі жат, қия алмай тұрып қиып кететін асылы, бір кезгі арманы мен қазіргі мұңлы қымбаты. Тағар кінәсі де көп, айтар реніші де жетерлік. Тек батылы барып айыптай алмайды. Мұны азапқа салып, аяусыз қинайтын жері де осы, жек көргісі келген сайын ынтық бола түсетіндігі, түршіге түңіліп тұрып іңкәр жүрекпен құлай сүйетіндігі. Бүгін ол неге келе қалып еді, көңіліндегі бұдан бұрынғы көп күдігімен алысаалыса жеңгендей болып, әлі де күдерін үзбеген кезінің ала бұлт аспанында жасын ойнатып кетті ғой. Бұл енді оның жүрегінде өзіне деген сезімінің сәт санап суып бара жатқаңдығына көзін әбден жеткізген кезде, талай түндерін соны ойлаумен тәтті еткен адамын күнде көріп жүрмек түгілі көңілінде ұстаудан да қашуға тиіс. Тек соған өзін қайрап сала білсін, тек мына тайдай тулап кеудесіне сыймаған, қақ жарылардай шошытқан жүрегін ауыздықтай алсын. Үйдің іші тастай қараңғы, таңертең терезелердің перделері ашусыз қалып еді, шам жағып күнделікті қарекетіне кіріскені дұрыс шығар. Мына күйкі ойлар осы бүгін біржола мәңгі етіп жібермесін десе, өзін ендігі келешегі жұмбақ, жүрер жолы бейтаныс тірлігіне қайрап салуы керек. Енді бұған бәрі жат. Тайғанақ тағдыры мұны әлі сынап болмаған екен. Үйдің іші теңселіп кетті.
Қыздың көкейін бір үрейлі шешім тесіп бара жатты.
Таңертең күндегісінен ерте тұрды, айнаның алдына барып қобырап кеткен шашын тарады да, нәр татпастан үйден шықты. Кеңсеге қарай асығып келді, дәл қазір, осы сәтте көңілдегі түйіні тарқатылмай тұрғанда бәрін айтып, бәрін шешіп үлгеруі керек. Одан кейін не өзі айнып қалар, не басқа біреу арашашы болар. Жан-жағына қарамастан табан жолын ғана көріп, жүгіре басып келеді. Кеңсе өз үйінен қашықта емес, тез жетті, есіктен кіре бергенде әлдекіммен қақтығысып қалды. - Мына қыз қайтеді ей? - деді ол кейіп. - Басып өте шықпағанына қуан, - деп, екінші біреу әзілдеген болды. - Бас мал дәрігерінің болашақ жары болған соң, біздей қағылған-соғылғаңдарды көзіне ілсін бе?! Қыздың онсыз да жаралы жүрегі шым ете қалды, жанары лезде жасқа толып, көз алды бұлдырап кетті. Бүл енді бүкіл елдің көзіне шыққан сүйел болғаны да. Өзін қоярға жер таппай күйініп, директордың бөлмесіне кіріп келді де, ентігіп тұрып қалды. Хатшы қыз көрінбейді. Осы кезде бүйірдегі былғары тысты есік жайлап ашылып, бастықтың өзі көрінді. - Мынау әлі жоқ па? - деді мұның сәлеміне басын изей салып. - Ылғи кешігеді де жүреді, не қылған адам, ә?! Содан кейін бұған көз тоқтатқан. - Жай жүрсің бе? - деп сұрай салды.
- Сізде жұмысым бар еді.
- Онда ішке кір. Кабинет тым үлкен екен, ішінде адамның мысын басатын бір ауыр салмақ бар. Бірақ Жамалдың қазір оны елей қоятын шамасы жоқ. - Мені алыс отарлардың біріне қойшының көмекшісі етіп жіберіңіз, деп түні бойы өзі әбден бекінген шешімін бір ауыз сөзбен ақтарып салды. Директор тесіліп қарап қалыпты, таңданған сыңайда көзін айыратын емес.
- Түсінбедім, - деді әлден соң.
- Шалғайдағы бір қойлы ауылға кеткім келеді, тіпті мал
қорасына күзетші
етіп жіберсеңіз де бәрі бір, - деп қыз өтіне тіл қатты.
- Қарсы бола көрмеңіз.
Бастық креслоға шалқая сүйеніп, терезеден сыртқа қарады, одан қызға бұрылып, көзін сығырайта ойланды. Бұған не болып қалды екен, мына сөзі сау адамның айтатын әңгімесі емес, мән-жайын білуі керек.
- Шыныңды айтшы, сонша неден жәбірлендің? - деді даусын барынша жұмсартып. - Жасырма, қолымнан келген көмегімді аямаймын. Жамал ерінін тістей қойды, осында кіргеннен бері көңілі алай-түлей болып, іштей босап отырған. - Бәрі орынында, - деді өзін барынша ширықтырып. - Маған жасаған бар жақсылығыңыз сол болсын, өтінішімді аяқ асты етпеңізші. Сізге осы совхозда жұмыс істегелі алғаш рет қолқа салып отырған шығармын. “Япыр-ай, мұнысы несі?” - деді директор енді қызбен бірге өзі де қобалжып. - Бұл бала қандай соққы көріп жүр, не қажытты екен. Өсек-аяңға ұрынатындай жеңілтек емес-ті, ондай сөз шықса, естір еді ғой. Енді неге қиналады. - Сен менен ештеме жасырма, саған әке орынындағы адаммын, - деді әлі де жібіте түспек болып. - Алыс отарға баруға ешкім қызықпайды. Бұл сөзінде, мен білсем, бір терең сыр бар. Жамал бұрынғысынан да толқыды, директор осылай іш тарта берсе, шынын ақтарып салатын шығар. Ол мүмкін емес, өзін айдай әлемнің алдыңда әшкере ете алмайды, тірідей өлтіре алмайды. - Соңғы өтінішім осы, сізден жалынып сұраймын! - деді даусы дірілдеп. - Қиян түкпірге болса да жіберіңізші мені. Енді маған өзімнен өзгенің бәрі өгей екенін түсініңізші. Бойын бұдан әрі билей алмады, қыстығып тұрған көз жасы төгіле жөнелді, әкесіндей адамның алдында қысылуды ұмытып, іштегі өксігін жамырата егілді. - Кетейінші қиянға, ұстамаңызшы мені! - деді қабырғасы сөгіле.
* * * Сәуір айы орталанып қалған, осыдан бір аптадай бұрын май боран соғып еді, сол басылған күннің ертеңіне шығыстан жылы жел есті. Аспан да, жер де ажарланып, таялып келіп қалған көктемнің алғашқы жаймашуақ лебіне жадырай иіді. Таң атса, күн құрық бойы көтерілмей жатып бойды ерітер шуағы төгіледі де тұрады. Семіз жылқының жалпақ жаясындай төңкерілген беткейлерге құмалақ батып, бұйрат-адырлардың жоны ойдым-
ойдым қарая бастаған. Еңкіш ойпаттар мен құлдыраған кең жазықтың төсінде киіздей тұтасқан қалың қар күндіз күн көзіне шағылысып жылтырап жатса, мезгіл бесінге тармасқанда көкшілденіп, кешкі салқынның алдында тоңази қалады. Зеңгір көк ұбап-шұбап көшіп жататын сұрғылт бұлттан арыла келе жер-дүние кеңіп сала бергендей, сәуірдегі сайын дала ұзақты күн қиянын көзден алып қашып, кеудесін кере шалқиды. Айналасы төрт-бес күнде қойлы ауыл қоныстанған құба белдің етегін кемерлей созылған сыңар өзектің қалың қары сөгіліп, су жүре бастаған. Бүгін соған тұс-тұстан жыра-жылғалардың арнасы сылдырай қосылып сең бұзылыпты. Аумағы киіз үйдің орынындай сірескен қаракөк мұз жолындағысын таптап-жайпап күтір-күтір етеді, терең өзектің жарлауыт қос жағасын алма-кезек сүзгілеп, маңайынан бүлік іздейді. Қарсы кездескен тоқымдай ұсақ сеңдерді өшіге соғып өтеді, қайқаң-қайқаң қуып, жеткен жерінде көпіршіген тастай суға көміп жібереді, бауырына тұншықтыра басып жуық маңда босатпайды. Жамалдың осы ыңшыңы, басы артық қам-қарекеті жоқ өңірге бауыр басқанына біраз уақыт өткен. Сонау қарашаның аяғында келгеннен бері талай ойларды да арылтқан, сан күдік пен қиындықты да артқа тастаған, тек бір-ақ нәрсені өзіне кеше алмаған. Ол Наурызды барлық өкпе-ренішін күнде ұлардай шулатып, одан өзін өзі алып қашып жүрсе де біржола ұмытпаған еді. Бір кезде тәңіріндей табынған адамы әлі де көптің бірі емес, көңілінің терең түкпірінде сақталып қалған мұңды бейнесі. Мезгіл бесін болып қалған, бұлтсыз көктің батыс бүйіріне қарай ауған сәуірдің сырлы тостағандай күні тал түстегі ажарын жоғалтып өңсіздене бастапты. Оң жақ қолда бұйраланып жатқан құм белдерді кемерлей іркілген кең жазықтың да реңі солғын, ымырт үйірілгенше салқындап үлгеретін көктемнің тоңғақ шағында өн бойынан ызғар табы білінеді Ал терең өзек кәдімгідей күкіреп ағып жатыр, енсіз арнасын қуалай ақ көбіктене тасыған су бірде толқынданып, бірде иірімдене дөңгеленіп әр тұста әркелкі құбылады. Беткейдің етегіне қарай таялған жерде қатты екпін алып, бетіңде қалқыған қараған - тобылғы, шіріген томар, ойдым-ойдым соқта қарды бір-біріне соғыстыра лақтырып бұрқ-сарқ қайнайды. Көзі құм белге ауса ерте жаздағы ауыр сапары еске түседі, дәл сондағыдай таңдайын кептіріп шөл қысқандай болады, безерген бетпақ шағылдың қары еріп теңбілдене бастаған, шұбарланған кескініне жасқана қарайды. Ол осы манда ертелі-кеш қой өргізіп жүріп, құмның ішіне еніп көрген емес. Еніп кетсе қайтып шыға алмайтындай жасқанады.
Отар өріс қуа отырып, ауылдан біраз жер ұзап кетіп еді, қайта айналып барғанша күн ымыртқа ұласуы мүмкін. Шалыс өре салып жіберген атын ұстап алып, ерге қонды. Қары кеткен беткейдің көдесі мен тарлауын жүре жұлып бытырап жатқан қойды зорға жинап алды, анау кезде, бұл осында келген соң көп кешікпей отарға екі жүзге тарта тұсақ қосылып еді, солар үйірлене бөлектеніп, айдауға көне қоймайды. Ішінде бір ала аяқ сыптығыр тұсақ бар, сол бұра тартып әлекке салды да отырды. Әбден ығыр еткен соң, аттың бауырына алып отардың ішіне қуып тықты. Осы бетінде қойды жая айдап, ауылдың желке тұсындағы аласа жонға сағат жарым уақытта зорға ілікті. Соның үстінде аттылы біреу қаздиып тұр, оның кім екенін айтпай таныған. Далаға көлеңке қанаты мол жайыла бастаған шақта жалғыз қарауылдаған Әлібектен басқа ешкім емес. Бұл қойшы жігіттің күндегі әдеті, осы дағдысынан әлі жаңылып көрген жоқ. Кеш сайын мұны жонның үстінде елегізіп қарсы алады, қарасы танылғаннан азыната ат қояды, келе отарды қоғамдап үйіре жөнеледі, өзі сөзге шақырмаса, өздігінен тіл қатпайды. Бұл жолы да солай болды, астындағы тортөбелін ұшыртып келеді, қары еріген көксоқта жерде аты тайып кетеді-ау деп жасқанатын емес. Міне жетіп те қалды, жанынан екпінмен өте шығып қайта қайырылды. - Соншама аптыққаның не? - деді Жамал. Әлібек атының тізгінін тартып жымиып тұр. Мұнысы да үйреншікті көрініс, жанары ылғи күлімдейді де жүреді, оның осы ауылда бірге болған төрт айдың ішінде қабақ шытқанын байқамаған шығар. - Күн құрғатпай іздеп шығатыныңа қарағанда, қойдан айырылып қалады деп қорқасың ба? - деді жауап бере қоймаған соң. - Жоға, - деді ол. - Неге айырыласың, күн ашық, өріс белгілі. - Енді ше? Жігіт жүзін бұрып әкетті, тортөбелдің шылбырын жинағансып бөгеле берді. - Әншейін... енді ауылда не бітіремін. Қыз одан әрі қазбалаған жоқ, жігіт те бұл әңгімені тарқата беруге пейілді емес-ті, шынын айтып қоюға жасқанатын. Ақиқатына көшсе, әуелде Жамалдың осы арада ұзақ тұрақтап қалатындығына өзін мүлде сендіре алмай қойып еді ғой. Күтпеген жерден келе қалған, келе қалып мұны көл-көсір қуантқан қыздың айдаладағы жалғыз үйлі қойшы ауылда қызығатын ештемесі жоқты. Қалай оңай келсе, тап солай қиналмай-ақ жүре бермесіне кім кепіл.
Қызды әкеліп, орналастырып кеткен бөлімше меңгерушісі Қабыл да осылай ұйғарып, оңаша шыға бергенде қулана көзін қысқан. - Бала, аузыңның салымы бар екен. Ал енді қимылдап қал, көп тұрақтамас, - деп шиқ-шиқ етті. - Әйтпесе мына мендей ағаларыңнан артылмай жүрер, саныңды соғарсың. Әлібек біреу төбесінен мұздай су құйып жібергендей тіксінді. Көктұқыл иттің айтып тұрғаны зығырданын қайнатқан, аранға сүйеулі тұрған айыр қолына түсе кетті. “Тайып тұр, жоғалт көзіңді” - деп тап берді. Қабыл сасқалақтап кейін ыршып түсті. - Мынау қайтеді-ей. Есі дұрыс па өзінің, - деп байлаулы атына қарай бүкшеңдей жөнелді. - Дүлей неме жазым ете жаздады ғой. Содан күдігі бір тарқамай-ақ қойды. Таңы атса ымырты жуық маңда үйірілмейтін жапандүзде көңілсіз қыстақ тез мезі етер деп қобалжыды. Осы сарыуайымы мендеп алғаны соншалық, Жамал көз алдында жүрмеген кездің әр сәті тағат таптырмауға айналды. Қой жайып кетсе, қайтып оралатын шағына зар болады. Тортөбелді апыл-ғұпыл ерттеп, қарасы танылғанша өзін де, атын да үсті-үстіне қамшылап, ай далада жын қуғандай далп-далп шабады. Отарды, оның шетінде атын жаяу жетектеп жүрген қызды көргенде, ат басындай алтын тапқандай қуанады, маңайдағы сай, не белге бұлт етіп жалтарып, бой тасалап кетеді. Осылай қарауылдап жүріп, өзінің осыншалық осалдығына, қыз ауылға келгелі біраз уақыт өтсе де көкейдегісін тамтұмдап сездіретін жалғыз ауыз сөз айта алмаған ынжықтығына зығырданы қайнайды. Өзімен тетелес жігіттерден әйел затын қалай айналдырып алғандығы жайында естіген әңгімелерін бір-бірлеп тарқатады. Олардың тәсілдері көп, бірі бетсіз болу жөн дейді, екіншісі кездескен сайын жылы-жылы сөйлеп, түлкі бұлаңға салуды дұрыс көреді, үшіншісі араға жеңгетайдың жүруін қалайды. Кейбіреулер: - Елемей қойсаң, өзі-ақ қылымсып шылбырыңа оратылады, - деп мүлде басқа жол сілтейді. Қайсысы болсын, мұның тақиясына тар келетін айла-шарғылар, тіпті осы қулық-жылпыңдықтың бәріне сайма-сай болып тұрса да, ешқайсысын Жамалға жасай алмас еді. Ол әр күнді осылай ат үстіндегі алаөкпе көңілмен өткізіп жүріп, Жамалды кешке ауылдың желкесіндегі жоннан қарсы алуды әдетке айналдырды, бұл дағдысынан жаңылса, мойнындағы бір парызы өтелмей қалатындай алаңдайды да тұрады. Енді мұның бәрін қызға қалай айтсын, түбінде өзі бір білер, сезбей кетсе өкініш, аңғара алса қуаныш.
Отардың алды жоннан асып түсіп, дағдылы ізімен қораға қарай шұбыра жөнелді. Қойдың көшін бастаған үлкен көк серке қарағай мүйізін маңғаздана шайқап қойып, соза тартып барады. Қатарында келе жатқан қыздың көзі батқан күннің соңғы қызғылт шапағына қарай қусырыла ұмсынған далада, басына тартқан түбіт шәлісі иығына ысырылып, қалың қолаң шашы толқындана қалған. Жанарында өзі талай көрген, неге үйіріле беретінін түсінбей қойған жұмбақ мұң, әредік кеуде кере күрсінеді. Сәуірдің құрғақ желі бетін тотықтырып, еріні кезерген, ат үстіне жайсыз отырғандығынан шаршағаны айқын аңғарылады. “Бұл әлі ештеңе емес, күні ертең қой төлдегенде түн ұйқымыздан жанылармыз, сонда шыдар ма екенсің? - деп ойлады Әлібек. - Әй, көндіге алмассың. Ол кездің аласапыранына мына мен де зорға төземін. Талай рет осы бейнеттен құтылмақ болып тайдай тулағанмын да. Тұнып тұрған сор ғой біздің жұмысымыз, таусылмайтан мехнаттан басқа не дейсің”. Әлібек осы байлам-түйініне өзін сендіріп, бір сәт жабығып кетті. Құлазып тұрып қыздың алдында кішірейіп бара жатты. Ол еншісіне совхоз орталығына жақын жөні түзу кыстақ та бұйырмаған жаман қойшыны қайтсын. Қабағына кірбің ұялап, кешкі өңірге самарқау көз салды, қарабайыр кескінінен көктемнің лебі есіп тұрған ұлан атырап дәл қазір сүлесоқ. Алыс шетін көлеңке қымтап, сызы әлден біліне бастаған сәуірдегі түннің салқыны алдында тоңазып, өзімен бірге жүдейді. Қиян даланың шалғай қойнауындағы қыстаққа тағы бір түн төніп келеді.
Ертеңіне қойды Әлібек өргізіп кетті, Жамал қарап отырмай саулықтарға бір мезгіл шөп шашатын аранның ашық-тесік жерлерін бүтіндеуге кірісті Сабы қысқа жеңіл айырды бір қолмен ұстауға дағдыланып қалған, жұмысы кәдімгідей өніп келе жатты. Жерде шашылып жатқан сабанды бір жерге жинап, аранның кетік жеріне тастай салу қиын шаруа емес. Қойшының көмекшісі болған соң, барлық қам-қарекетке бел шеше араласуы керек қой. Күн бүгін де шайдай ашық, Әлібектің шешесі біліп айтса, сәуір айы мамырға майтоңғысыз күйінде жалғасуға тиіс. Бірақ екеуі бұған онша сене қоймайды, көктемнің жылышырай беріп тұрып, бір-ақ түнде борандатып
шыға келетін тұрақсыздығын ұмытуға бола ма, тіпті майдың өзінде ақтүтек азынай соққан күндер кездескен. Әзірге ауа райы қойлы ауылдың діттеген жерінен шығып, өріс күн өткен сайын ұзарып келеді. Таң атса, түнгі ызғар тез тарайды, көктемде бұрынғысынан биіктей түсіп көксеңгірленген аспанның асты нұрлана ажарланады, дегдіген жерден көтерілген бу түс әулетінде қоюлана келе шудаланып тұтасып алады. Күн арқан бойы көтеріліп, түнгі ылғал дегдігенше жұмысын бітірді де, мана таңертең отардан бөліп алып қалған төрт-бес арық тоқтыны үйдің іргесіндегі ойпаңға қарай айдап шықты. Осы кезде екі сарыала төбет әупілдеп қоя берді, жота жаққа салып ұрып барады. Сол тұстан салт аттылы көрінді, үстіне шолақ қара тон киіп, мойнына мылтық асынған біреу ер үстіне тік қоныпты, таныс адамы секілді. Қыз қайырылып тұра қалды. Келе жатқан Наурыз еді, үй жаққа бұрылмай тура өзіне қарай беттеген. Астындағы құла тізгінін кере сүзіп басымен алысады, алқымы ақкөбіктеніп кетіпті, қанжығасы құралақан емес, түлкі ме, қарсақ па бұлғаң қағады. - Аман - есенсіңдер ме? - деді жанына келіп аттан түскен соң. -Жүріп жатырмыз, - деп кыз сәлемдескен болды. Жігіт қызылшырайланып бусанып тұр. -Жаңа бір әзірде жолда түлкі кезіккені, біраз әуреге түсірді. Зорға соғып алдым, - деді қанжығасын нұсқап. Жолым болады екен. Жамал түлкіге көз тоқтатып тұрды да мырс етті. - Құда түсуге бара жатыр ма едің? Наурыз жорта күлген болды, қыздың кекесіні оңай тиген жоқ. Түлкіні айтып несі бар еді: түлкібұлаңға салар жер де бұл емес. - Әлібек қайда? - деді тез жалтарып. Қыз жігіттің бүл келісінен ештеңе күтіп тұрған жоқты, екеуінің арасындағы дәнекер ол өткен жолы соққанда біржола үзілген. Наурыз ауылда күнұзын жүргенде шаруа жайынан басқаға мойын бұрмай, үнсіз аттанып кеткен. Бұл одан өзінің кінәмшіл күндерін өзгерте қоярлық жылылық күтпесе де, дәл осылай сырт береді деп ойламаған. Елеусіз қалдырғанына қорланған. Наурыз бұл жолы да сол ескі сарынын қайта тапты, малдың күйін, төл алу науқанына дайындық жайын қазбалай сұрады. Бас мал дәрігері ретінде ақылкеңес айтуды ұмытқан жоқ, ақырғы аяғында басқа отарлардағы жағдайға тоқталып, өзінің бүгін осы араға таяу жердегі Қарғабай қыстағынан шыққанын білдірді. Сөз арасында совхоз директорының есімін аузына жиі
алып, көбіне соның атынан сөйлейді. “Орекең солай шешті, Орекең әдейі тапсырды, бұл бастықтың кесімі” деп шегелей түседі. Осылай біраз арылтып барып, аяқ астынан мұның жүдеп кеткенін айтқан. - Қалай арылғансың, тіпті танымай қалуға болады, - деп осында келгелі жүзіне алғаш рет көз тоқтата қарады. Қыз үнсіз тұра берді, екеуінің арасында бір кезде сірә да ұмытылмайтындай болып көрінетін талай тәтті шақтардың болғандығына сенгісі келмеді. Бір-ақ нәрсе ғана сәуірдің ана қызуы сәт санап күшейіп бара жатқан шуақты күніндей анық болатын. Өткен айлар енді қайтып келмейді, ғайыптан қайра оралса да, көл-көсір қуанта алмайды.
Мамыр тумай жатып қой жаппай төлдей бастады. Науқан аяқталғаннан
соң оншақты күн өткенде Қабыл Әлібекті ертіп әкетті.
Арада екі күн толғанда ол кеудесіне орден тағып қайтты.
Шілде туғанда ауыл Темір өзенінің шалғынды мүйісінде еді, жаз шыға өріс қуа отырып, қонысты үш-төрт рет ауыстырған ауыл осы жерде біраз байыздауды ойлаған. Өзеннің көктемде суы мол жайылған екі қапталы өлі өңін бере қоймапты, қияғы, өлең шөбі мен көдесі, жусаны араласып тұнып тұр. Отардан басқа аяқты мал күндіз-түн үй іргесінен аулаққа ұзамайды. Жаз жайлаудың қызығы мен көркін биыл алғаш рет тамашалаған Жамалға мына жер қатты ұнап еді. Қолы бос уақытта атқа мініп, өзен бойын жалғыз аралап кетеді, су жағасын өрлей қоныстанған, аралары таяқ тастам ауылдарға соғып, ұзақты күнді таныс құрбыларымен бірге өткізеді. Аракідік олар бұған келеді, қона жатып, Қайныкүл кемпірдің үйінің түңілігін желпілдетіп кетеді. Кеш батса таң атқанша ән шырқалып, марғау даланың түн ұйқысын төрт бөледі. Қыздың талайдан бері көңілі көтерілген тұсы осы болатын, мына өңір сәуірдегі қарабарқыт тартқан, әлі еркін көсіле алмай, күн алабұлттанса тез тарылатын баяғы дала емес, көкжиектен көгілдір алау белгі берсе, түн түнегін сергек серпіп тастап, көгінде бозторғайдың тамылжыған әуезді әні болып шалқытып, алысы мен мұндалап, жақыны көз алдыңда қылаусыз
ашылатын, бұлдыраған сағымына дейін сыршыл жазира. Өзен жақтан самал ессе, киікотының жұпар исі көкірегінді шайдай ашады, судың салқын лебі өнбойынды сергітіп, үй іргесінде жайқалған көкорай шалғынға аунай кеткің келеді, сыздау жерге қаптай өскен қарандыздың шашақты гүлімен бірге құлпыртып, дария даланың өзіндей шалқытады. Осы күндері Әлібек те ерекше көңілді жүрді, орденді қойшы атанған жігіттің еңбегі жанып, әр жүз саулыққа жүз алпыстан қозы ерткен. Енді онымен терезе теңестіретін шопан совхоз түгілі ауданнан емге табылмас. Таяу ауылдардың жаз шыға қойды әйел мен балаға, қала берді тәңірге тапсырып, топ-топ болып қызық қуып кететін жігіттері оның осы оза шапқан кезін көл-көсір сөз етіп, бірінен бірі асыра мадақтап, талай рет шабылдырған. Алыс-жақынды адақтап келіп, қайта айналып соға береді. Бұған қажитын Әлібек жоқ, топ аттылы сау етіп түсе қалса құрақ ұшады. Сау етіп түсе қалғандардың: “Әлекеңе осы бастан жиі сәлем беріп, көңілін аулай жүрмесек... Әлекеңнің күні ертең кеудесінде жанғалы тұрған жұлдызына тілектес бола бермесек... мерейін өсіріп кетпесек...” деген іліп-қашпа дабырдұбырына қоғадай жапырылады. Осындай алды-арты жоқ думан шопан жігіттің көтерме сыйлыққа алған қойының біразын пышаққа іліндірді. Әлібектің даңғаза мырзалығы қу жақ, қыздырма тілдің ермегіне айналып, маңайға күлкі болып тарала бастады. Жамал соны көріп-біліп жүріп тоқтатсақ болса, қолдаушы таппайды. - Тәңірім ырзығымды тауыспасын, - дейді Қайныкүл кемпір. - Ден сау болсын, - дейді Әлібек. Жамал одан әрі таласпайды. Бүгін қойды өзі өргізді. Әлібек таң атпай тұрып кетіп еді, елу шақты тоқтыны отардан бөліп алыпты. - Мұны не істемексің? - деген сұрағына күмілжіді. Не айтқанын түсінген жоқ. Ауылдан көзкөрім жерде жалғыз төбе сағымға оранып бұлдырап тұратын, қойды соған қарай қаптатты. Бұл тұс өзен бойынан ұзаған сайын биіктей береді екен, өлең шөп пен қияқ қара топырақты қуа келе құмдақ беткейге іліккенде таусылып, қалың көде төңкеріле жөнелді. Әр жерден жапырақ атаулыдан жұрдай тарбиған аласа бұта кездеседі, кей тұста үйірүйір тобылғы ұйыса өскен. Құс атаулыдан даланың қаңғыбас кезқұйрығы ғана қара танытады, бауырымен жер сыза ұшып, көде түбін тімтіне аңдиды, анда-санда қалбаң етіп қона кетсе, әуеге қайра көтерілгенде тырнағына не
тышқан, не кесіртке ілініп бара жатады. Жалғыз төбеге таялған тұста жалғыз киік кезігіп, сала сар далада сары алтындай ағып, лезде ғайып болған. Қойдың соңынан сылбыр еріп отырды да, күн арқан бойы көтерілгенде алдын орады, бұдан әрі ұзатуға болмайды, түс әулетінде суға құлатуы керек. Отардың көш басында желдеп бара жатқан серкені қайырып тастап аттан түсті. Әлібек таңертең асығып жүріп алмастырып алған ба, торының үстіндегі мұның ері емес, жігіттікі, қанжығасында жарғақ сулығына дейін жүр. Соны шешіп алып жерге төседі де отыра кетті. Күн ысып барады, сағым таяқ тастам жерде бұлдырап, маң даланың алыс шетіне қарай толассыз көшіп жатыр, ұбап-шұбап, аударылыптөңкеріліп тыным таппайды. Жарғақ сулыққа қисая бере жанқалтасы томпайып тұрғанын көрді, не екенін білгісі келген. Онысы сырты кірлеген, ортасынан қақ бүктелген қалың дәптер болып шықты. Алғашқы беттерінде отардағы қойдың саны түсіріліп, совхоздан алынған керек-жарақ тізіліпті. Ай сайынғы еңбек ақысын түгендеген бе, бір тұста қаптаған есептен көз сүрінеді, одан кейін әлденені шұбыртып жаза берген, дауыстап оқи бастады. “Менің оған айта алмаған сырларым қандай көп, түбінде құса ететін шығар. Кейде кеудемді жарып шығып, өз арманымды өзіме тамылжытып айтып береді”. Қарындашпен жазылған жолдар осы араға келіп кілт үзілді. Одан кейінгілері танымастай етіп өшірілген де, келесі бетте қайта жалғасқан. “Осы күні бір күдіктен қатты қорқамын. Ол мені түсінбей-ақ кетер ме екен. Бәлкім сезетін де шығар, аңғарғысы келмейді. Өз көңіліңнің хошы болмаса, өзгенің мұңы күлкі етуге де тұрмайды. Біреудің қайғысы әлдекімдерге әжуа үшін керек”. Беттің аяқ жағында екі ауыз өлең жүр, онысы қиысып тұрған жоқ, әлгі ойларды шиырлап барып бітіпті.Соны қайтадан қара сөзбен жалғастырып әкеткен. “Оны көптен білетін сияқтымын, бірақ әлі күнге дейін бейтаныс адам тәріздімін. Ынтық етіп тұрып сескендіреді, жақында жүріп қашықтай береді. Мен елес қуып жүрген шығармын.” Әлібектен мұндай кінәмшіл ойларды күте қоймап еді, дәрігерге үңілген сайын, өзінің бір кездегі қиын халін танығандай болып құныға оқыды. “Әр нәрсенің түбінде сап тиылатын ақырзаманы бар, сезім де шексіз емес. Тауы шағыла келе бір күні қайта жылымастай болып суынса, біржола тоналғаным да. Одан кейін өзімді де жоғалтармын.”
Мына бір бетке газет қиыңдысын жапсырыпты, өзі туралы жазылған шағын мақала екен, айналасын сия қарыңдашпен әдемілеп сызған. Одан кейін орденінің куәлігін айна-қатесіз етіп көшіріпті. Соларды тез парақтап, әлгі ойлардың жалғасын тапқанша асықты. “Өзіме жылуы жоқ адамды неге осыншама ардақтаймын, - дейді Әлібек. - Оны түсінер шама жоқ менде, бір-ақ нәрсе айдан анық. Өз жүрегімнің үміті алдында кіршіксіз тазамын, оны кірлете алмайтындығыма құлай сенемін. Маған әзірге бұйырғаны осы бақыт қана.” Қойшы жігіт мұның барлық сырын бүге-шігесіне дейін білетін сияқты болып көрінді, әлде сезім атаулының бәрі үндес пе, мына бір жолдар мұның іштей сан рет қынжыла айтқан жүрек қаяуы ғой. “Сүйген адамыңның салқыңдығын сезіну қандай ауыр, одан қымбат ардағың, одан өткен дұшпаның жоқ.” Қыз мұңға батып отырып дәптердегі жазулардың бітіп қалмауын барымен тіледі, ондағы әр жолда айтылған сыр қайта-қайта оқыған сайын көкейіне қона кетеді, өзінің өткен-кеткен күндерінің бағасын анықтай түседі. Әлібектің көзі жеткен шындықты іштей мойындап, сүйе білген жүректің тәңірдей құдіреті бар екендігіне күрсіне иланды, оның ақеділ арман-тілегіне қайырылып қарамаған жан қандай қатыгез. “Шын сүйген адам ғана шын жек көре алады. Шын жек көріп тұрып құлай сүйеді, - деп толқыды дәптердегі жазу. - Өмірде біреуге сүйікті бола алмай өтуден асқан қорлық жоқ”. Бұдан арғы беттер таза, ақтарып шығып жауып тастады. Кішкене отырған соң қайтадан ашты, бәрін басынан бастап оқып шыққысы келді, Әлібектің осы оңаша сырлары тек өзіне арналғандай дәптерге күдікпен қарады. Жігіттің баяғыда, баладан беріп жіберетін хаты есіне түсті, ол содан бері мұны көңілінде қастерлеп келген бе. Ұмыта алмаған болды ғой, өзінің осы уылжыған сезімінің көкірегінде алай-түлей тулаған толқындарын қалай ғана жасыра алған...
Күн кешкіріп келеді, ауыл іргесіне қонған өзеннің кемерін жиектей өскен қалың тал тұнжырап қарауыта бастапты, ит-мұрыны, ұсақ бұта мен шілігі иін тірескен қойнауында қараған көзді күдіктендіретін тылсым қыбыр бар. Өзеннің не күшеймейтін, не бәсеңдемейтін сылдырына біраз уақыт құлақ түрсең, толассыз сарынға ұласып барып бірте-бірте өшеді, бетінді су
исі сіңген майда самал аймалайды. Аспанның шығыс кемерінен бері қарай таралып келе жатқан кешкі көлеңке қашықты кезден көлегейлеп, жақынды алыс етеді. Әлгінде алыстан бір жұмбақ сарын естіліп тұрғандай болып еді, тоғайдың іші бұрыңғысынан да күңгірттене келе мотордың гүріліне айналды. Тал арасынан қу бұтақ жинап біраз жүріп қалған Жамал ауылға жетуге асықты. Қыр жақтан екі өкпесін қолына алып жеткен ашкөз құйын тоғайға аптыға қойып кетті. Арқалаған жүгі ауыр, екі-үш жерге тоқтап дем алып, үйге жеткенше әлгі машина да көрінді, салып ұрып тура осылай қарай тартып келеді. - Мынау бөлімше басқарушысы Қабылдың көлігі ғой, - деді ағаш бұтап отырған Әлібек. - Екі кеште неғып жүр? Өзі тіркеме жалғап алыпты ғой. - Еріккен адамға таң не, кеш не, - деді Қайныкүл кемпір сиыр саууга кетіп бара жатып. Сол екі ортада қатты екпінмен соңында бұйра-бұйра шаң қалдырып келіп те қалған, қой қамаған шарбақты айнала беріп кілт тоқтады. Ішінен әуелі Қабыл, одан кейін Наурыз түсті, ол мұнда талайдан бері келген жоқ-ты. Өзі аздап толған сияқты, аяғын шіреп басады. - Озат шопан мен оның көмекшісіне сәлем! - деді бөлімше басқарушысы дабырлай сөйлеп. Наурыз есендескен ишарат білдірді, екеуінің де жүзі қызарыңқы, бір жерден лықа тойып шыққан секілді. Қабыл күліп келіп Жамалдың арқасынан қақты. - Осындай әдемі қыздардың қол астыда болғаны, әй қандай жақсы, көңілің көркейіп жүреді, - деп қулана көзін қысты. -Кейде бар ғой, Әлібектің орынында қойшы болмағаныма өкінемін. Қыз бұрылып кетті, келген сайын ұрықылықтанып, жанамалай тиісіп жүретін оны мүдде жаратпайтын, бір-екі рет бетін қатты қайтарып та тастаған, бірақ солай болды екен деп тартынып жатқан Қабыл жоқ. - Ал, Әлеке, біз шаруамен келдік, қазір қайтамыз, - деді самаурынның жанына жалп етіп отыра кетіп. - Қиын болмаса, осы жерге тіске басатын бірдеме әкеле қойшы. - Керегі не соның? - деп кіржің етті Наурыз. - Онсыз да көп ішілді. Қабыл қолын сілтеді. - Дың деме, бұл елде әзірге арақтан өлген ешкім жоқ. Бүгінгі билікті маған бер. Әй, ана машинаның ішіңде сөмке жатыр, соны да қамти келерсің. Әлібек оның айтқанын құлықсыз орындады.
- Так, - деді ол, - алдымен ауыз шаруашылығын жөнге келтіріп алайық, - содан ауыл шаруашылығына көшеміз. Сөмкеден суырған бөтелкенің тығынын жұлып тастады да екі стаканға толтыра құйды. - Кел, Әлібек, әуелі екеуіміз кетіп қалайық. Ол басын шайқады. - Менің ішкенімді қайдан көріп едің. Қабыл оған сүзіле қарап тұрды да Наурызға иек қақты. - Өзің серік болмасаң, мынау жолдастыққа жарамады. Дені сау адамның арақ ішпеуі оңған қылық емес, түбі шикі мұның. Наурыз стақанды қолына алды бет-аузы жиырыла беріп төңкере салды. Бөлімше басқарушысының көмейі қырқ-қырқ етеді, су ішкендей тамсанып, қолындағы сарымсақты құшырлана искеп отыр. - Енді шаруа жайына көшейік,-деді әлден соң. – Қазір тура жүз саулықты артып алып тайып тұрамыз. - Бұл кімнің бұйрығы?-деді Әлібек. - Совхозымыздағы дөкейдің. Давай қимылда, кеш батып қалды. Қабылдың сөзі де, қимылы да ірі. Босап қалған бөтелкені құлаштап лақтырып жіберді де екіншісін ашты. - Ал, бас дәрігер жолдас, ұрыста тұрыс жоқ, тағы да бір рет барып келейік. Наурыз бұл жолы да тартыншақтанып еді, қолды-аяққа тұрғызбады. Әлібек әлгі бұйрықты естімеген секілді, қозғала қоятын түрі жоқ. - Мен не айттым саған! - деді Қабыл сарымсақты қарш-қарш шайнап. - Іске кіріс! Осылар сөзіңді екі еткізбесе тағынан тая ма екен. - Жарайды, директор ұйғарған екен, - деді қойшы жігіт. - Бірақ қолхат жаз. Бөлімше басқарушының өңі сұрланып шыға келді. - Немене? Қолхатыңа жол болсын! Мынаның есі дұрыс па өзі! Енді әңгімеге Наурыз араласты. - Сен олай бұлтақтама. Бізге беретін малың есебіңнен алдын ала шығарылған, мойныма мінеді деп қорықпай-ақ қой. Әлібек ойланғандай болып барып басын шайқады. - Мүмкін солай шығар, бірақ қолхатсыз бұл жолы мал бере алмаймын. Оны сендердің қайда жұмсайтындарың маған белгісіз. Қабыл орынынан тұрып, қойшы жігіттің жанына келді.
- Біз саған қастық ойлайтын адам емеспіз, оны жақсы білесің. Сондықтан қиқаңды қой. Әлгі сөзіңді естімеген болайық. Әлібек бөлімше басқарушының қысыңқы көзінен өзімсінген адамның кейпін таныған секілденді. Шынын айтқан шығар, расында бұлар мұны жамандыққа қия қоймас, соншама не көрініпті. Дегенмен ығына жығыла беру артық. - Сендерден сұрап тұрғаным қиян шаруа емес. Жаза сал да, алып жүре бер, - деді райынан қайтпай. Кабыл енді ашулана бастады. - Сен есіңді жи, көзіңді ашып қара. Мен берсең қолыңнан, бермесең жолыңнан алатын адаммын! - деді ызбармен. Наурыз да шамданып тұрған, кездескен сайын сырт беріп, тымсырая қалатын жігітті әуел бастан ұнатпаушы еді. Енді бүйректен сыйрақ шығарғанда жыны құрысты. Өрі мынау көнбесе, шаруа шатасады. Біреу бұлар малдың басын есепке енгізбей артық ұстап, төлді соның есесінен көбейтетінін облысқа жазып жіберіпті. Ертең-бүрсігүні кісі келмек. Бүгін түнде сол артық малды көзден таса қылу керек. Ал Әлібекке қолхат берсе, тексерушілер қойшы атаулыны арылғып келіп мынаған жеткенде қолдарына ұстата салса, құрығаны. - Кәне, айтқанды істе, әйтпесе түбі қиынға айналады! -деп бұйыра тіксінді. Әлібек екеуінің қыздың алдында күш көрсеткеніне намыстанды, мұны көздеріне ілгісі келмейді. - Айтқаным айтқан! Қолхат жазылмаса, жетім қозы да жоқ! - деді шорт кетіп. - Ту ... у, мынау тірідей өлтірді-ау! - деп жерге түкірді Қабыл. - Әй, сен қашаннан бері заңшыл болғансың? Осы уақытқа дейін не істеп келгеніңді білесің бе? Әлібек одан мұндай сөзді күтпеген еді. Бөлімше басқарушысы бұған биыл есепте жоқ екі жүз тұсақтың төлі қосып жазылғанын тұспалдап тұр. Оның қылмыс екені рас, бірақ соған мұны көндірген Наурыз бен өзі еді ғой. Түбінде сырлары ашылса, таяқтың бір басы оларға да тиеді. - Білемін, - деді тосылмай. - Адасудың алды-арты осы болсын. - Не? - деді Наурыз. - Доғар! - деді Қабыл. - Жетті! - деді Әлібек. - Енді менің қолыммен от көсей алмайсындар.
Бөлімше басқарушысының жүзі түтігіп кетті. Мына нойыс немені бетпақтықпен жеңу қиын, жанды жерін дәл тауып барып сүріндірмесең сірә да икемге келмес. - Сен көтере білгеннің көтерем ете білетінін де ұғып ал!- деді тепсініп. - Біздің арқамызда адам қатарына қосылып едің, түбің шикі екен. Сол шикі өкпе күйіңде шіріп кетпе. Бүйте берсең, өз көріңді өзің қазасың. - Қазсам, бірге көмілесің! - Одан дәмең болмасын. Елдің бәрі сен секілді табан жолын ғана танитын миғұла емес. Түбінде осылай құбыла қалсаң, не істеп, не тындыратындығымызды баяғыда кесіп-пішіп қойғанбыз. Саған қазылған ор дайын, жалғыз құлайсың соған. Наурыз Қабылдың көкейін түсіне қойды. Әшейінде елге әпербақан, дойырлау болып көрінгенмен, ширыға келе қиыннан жол тауып кететін осындай сұңғылалығы бар. Қойшыны жан алқымнан ала түскенін қарасайшы. - Мынау бізді өзімен бірге маталған деп шатысып жүр екен ғой, - деді оны іле қостап. - Тапқан екен ақымақты. Әлібек екеуінің түбінде дәл осылай жіктеліп шыға келетінін мүлде күтпеген болатын. Олар аяқ астынан жалт беріп, зіл көрсете құбылғанда, тұйыққа тірелді . Айтып тұрғандары шын болса, бұған арашашы болатын тірі пенде жоқ. - Сен енді осы күнге дейін қылмысқа белшеңнен батып келгеніңді, оның ақыры немен тынатынын біліп ал, - деді Наурыз. - Есіңе салайын. - Жоқ! Тоқтал! Бүл жерде күйдірме! - деді Әлібек аптығып. Жамалдың алдында сыры ашылса, тірідей өлгенмен бірдей. Одан кейін жер басып жүрмей-ақ қойсын. - Кімнен үркіп тұрсың? - деді Қабыл өзеуреп. - Ана қыздың алдында абыройым айрандай төгіледі деп қорқамысың. - Жігіт емес пе. Бәлкім одан үміті бар шығар, - деді Наурыз кекете. Әлібектің тұла бойы күйіп-жанды. Бұдан өткен қорлық болмас. Жамал неге кетіп қалмайды екен, тапжылмай тұрып алғаны несі. Қиналғанын сезген соң, мыналармен оңаша қалдырсайшы. - Сен бара тұршы,- деді оған қиылып. - Біздің бір әңгімеміз бар еді. - Жоқ, ешқайда кетпейді, - деп килікті Қабыл. - Естісін, кемедегінің жаны бір. Ол да малдың иесі, кейін санын соғып жүрер. - Баршы! - деді Әлібек қыздан қинала өтініп. - Жеке қалдыршы бізді!
Жамалдың құты қашқан жігітке барымен жаны ашыды. Ол неге ығады мыналардан, не істеп қойды екен. Өзінен сабыры қалмай жасырғанына қарағанда, қиын шаруа болды ғой. Оны қаншалықты білгісі келсе де, сөзін дәл қазір тыңдамауға дәті жетпеді, бұрылып жүре берді. - Тоқта! - деді сол кезде Қабыл. - Бері кел! Бұл мәселенің саған да қатысы бар. Қыз еріксіз іркілді. - Бара бер! - деп алқынды Әлібек. - Кейін бәрін өзім айтамын. - Жоқ, менен естігені дұрыс, - деді Қабыл. - Сен қате жеткізерсің, бар пәлені бізге үйіп-төгерсің. Наурыз қойшы жігіттің шынымен қиналғанын көрді, бәсе негізі жасық неме шын тартысқа түсе алушы ма еді. Өзі ана қыздан сырын жанталаса жасырғанына қарағанда, ұнататын шығар, қылмысы бар адамнан іргесін аулақ салады деп қорқатын болар. - Мына алдыңда тұрған Әлібек бәрімізді тақыр жерге отырғызды, - деді Қабыл қызға. Қойшы жігіттің өңі құп-қу болып кетті, бөлімше басқарушысына қарап қатып қалған. Ол тамағын қырнап, ерсілі-қарсылы жүре бастады. Наурыз Қабылдың бұдан әрі шындыққа жақыңдамайтынын, Әлібек қашан өзі құлап түскенше жағалата өрбітіп жанын қинайтынын білді. - Бұдан ондай сұмдықты кім күткен. Бәріміз санымызды соғып қала бердік, - деп басын шайқады Қабыл. - Қолымызды кеш сермедік. Енді сенен жасыра алмаймын. Әлібек денесінен жан кеткендей сезінді. Мынау адам емес, азғынның дәл өзі болар, неткен қатыгез жан еді. Енді сәл кешіксе, бәрін жайып салғалы тұр. Қылмысы бәрі бір ашылатын болса, Жамал өз аузынан естігені дұрыс еді, әлдекімнің қаралағаны қандай қорлық. Қазір бұл бар еркін қолына алады, ақтармаған сыры қалмайды. Тек есін сәл жиса, тұла бойын буып бара жатқан дірілден аз ғана уақыт арыла алса болғаны. - Өшір үніңді! – деді тамағын қырнай берген Қабылға. -Аузынды ашсаң оңбайсың. Ол елеген жоқ, өршелене түсті. - Шошымай тыңда. Түбінде өзіңді арашалап алудың жолын да іздей отыр. Мынау сені іліктіре кетуден тайынбайды, - деген Жамалға. Әлібек оған жұлқына таялды. - Білсін ал естісін! - деді даусы барлығып. Одан әрі өзін өзі билеуден қалып еді, қыздың жанына жетіп барып әлденені аптыға, асыға айтып жатқанын біледі, ештеңені жасырмай ақтара
салғанын сезеді. Биіктен құлаған тау суындай төгіле жөнелген, төгілген сайын жері кеңи берген. Сөйлеп тұрған мұның өзі емес, көкейінде тұнып жатқан сан жылғы арманына ғайыптан тіл бітіп, бірде өкініш, бірде мұң болып сыр шерткен тәрізді бүкіл уайым мен күдігінен аршыла тебіренген. Аузынан шықса бар қасиетінен жұрдай болып тоналатындай көрінетін ең асыл құпиясына дейін жайып салуға еркінен тыс құмартқан. Ол ешуақытта тап осындай батыл, дәл мұндай сөзшең болып көрмеген шығар, көкірегін сарыққан сайын талайдан бері сарыла тосқан бақытына жақындай түскен секілденді, соған өзін құлай сендірді. Қарсы алдында тұрған Жамалды бірде көреді, бірде жоғалтып алады, Наурыз бен Қабыл әлденені жарыса айтып, өзін тоқтатпақ болады, олар мұны сөзінен жаңылдыра алар, бірақ ашынған, арманға толған жүректі жасқау мүмкін емес екенін қайдан білсін. Күннің көзін бұлт шалғанмен, өткір сәулесі жер бетіне бәрі бір жетеді, оны біржола өшіре алатын құдырет жоқ. Өз отына өзі күйіп, өртене-өртене күлге айналған құштарлықтан, айтылып барып азапқа салған арман артық. Қыз мұның сабасынан түсуін жалына өтінетін сияқты, дегбірі қашып, мұңдана әрі үрейлене қарайды. Ол неге бұлай толқыды екен, дәл қазір бұдан басқа ешкім қиналмауға тиіс қой, әлде мұның кейде өзінен де жасыруға тырысатын үміті ақталмайтынын ойлап жаны аши күйзелетін тәрізді ме екен. - Тоқташы! - деп қиылды қыз. - Сабыр етші, сонша неге таусылдың. Бұған үрке, әрі елжіреп қарайтын тәрізді жанары боталап, өзімен бірге тебіренгендей, әлде бұларға ақтарыла көз салған ана екеуінен қысылғандай, әйтеуір оның да әлемі алай-түлей, қыздың бұлай өзгергенін сірә де көрген емес. - Шының ба, неге олай еттің! - деп өкіне тіл қатады. Оның бір де бір сөзін жауапсыз қалдыра алмайтын еді, ақиқаттан басқа айтары да жоқ болатын. - Бар шындығым осы - деді күрсіне сөгіліп. - Онда мені де кінәлі деп сана! - Жоқ. Атай көрме! Сен білмейсің ғой! Білмейсің! Білем дей көрме. Білерің басқа шындық. Бәріне сен үшін бардым ғой. Иә... сен үшін. Енді маған бәрі бір. Әлібек киіз үйге қарай ентелей жөнелді, тұла бойын бір ересен қайрат кернеп барады. “Мынау не істейін деп жүр? Бүлдірді-ау бәрін!” - дей берген Қабыл мен Наурыздың бұл дүниеде бар-жоғын ұмытқан. Есіктен кірген бетте
төрдегі оюлы әбдіреге жетіп барды. Қабаттап салған маталарды лақтырып тастап, мұқият оралған орденін суырып алды. Далаға шыққанда әлгі екеуі соңынан ентелеп келе жатыр екен, орталарынан қаға-маға өте шықты. Сол бетінде машинаға отырған, моторды асыға от алдырып, газды азыната басты. Мына бір ербеңдеген Қабыл шығар, жолын кес-кестей ұмтылды. - Қайда барасың? Тоқта ! – деп ышқына айғайлайды. - Абырой – атақты кім әперсе, соның өзіне қайтарамын!- деп жаңғырықты Әлібек. Қой қамаған шарбақты айналып өтіп, лезде даланың қара жолына түсті. Ол жусаны мен көдесі кезектесіп шалқитын жазықта бұралаңдап барып, осы арадан төрт-бес шақырым қашықтықтағы төбеден өткен соң, аудан орталығына тік тартатын айдау жолға жалғасады. Сонымен тоқтамай жүріп отырса, екі-үш сағатта межелі жеріне жетпек. Алған күні шат-шадымен қуанған, тақса өңірін күйдіре жаздайтын, алғашқы кезде қойды өрістетіп шыққанда да тастамай, өңіріне қадай кететін орденін заң орынына алып барады. “Осылай да осылай” дейді. Сол сәттен мұның жаңа өмірі, өзегінде күдік пен күнә өрілмеген таза ғұмыры басталады, соған барын сала асығады. Машина әп-сәтте ұзап кетті, Жамал тұрған орынынан қозғалмай соңынан әлі қарап тұр. Көз алдында қою шаң будақтана көтерілген қара жол, ойында Әлібектің аткөпір ақтара салған сыры, көңілінде жабығыңқы мұң мен беймәлім қуаныш, сәт сайын толқиды. Кешкіріп қалған жазғы күннің қазіргі марғау кейпі өз көкейінің күмбірімен кейде үндес, кейде керегар, байтақ даланың алыс кемері алқызыл шапаққа бөленіп ерекше нұрланады. Ақшам жамырай оянатын Есекқырған жұлдызы сиқырлы күлімдейді. Ауылдан дауыс жетер жердегі сүйір төбе шөгіп бара жатқандай, ұлан дала күндізгі кеңдігінен айнымай төрт құбыласына құлдырай құлаш ұрып, қиянға шақырады, сол қиянынан әлдекімді сарылта күттіргендей болады. Қыз қара жолдың бойына еліте қарады. Нені аңсайтынын толық сезбеген, бір белгісіз тәтті үмітпен толқыған күйде алабұртты. “Әлібек”, сен осындай ма едің?!” - деп күбірлеген сияқтанды. Кеш ымыртқа ұласып, ақшамның соңғы жалқын шапағы сөнуге айналған. Әлгінде ғана бауыры қып-қызыл түске боялып, нарттай болып балқыған бұлт енді күлгінденіп суына бастапты. Есекқырғанның үстіңгі жағын ала тағы бір жұлдыз туған, көз алдыңнан бірде жоғалып, бірде қайта табылып, жанып сөнеді. Қыздың бір кезде жоғалған, енді қайта белгі берген адасқақ үміті секілді шалғайдан көңілді емексіте бұлдырайды. “Жоғалып
кетпесе екен. Өшпесе екен. Жаңылдырмаса екен. Ажарланса екен.” - деп толқыды. Ал ен дала күндізгі абыр-сабырын ұмытуға тырысып, көңілді ертеңгі келер күнге деген күдік атаулыдан тазарта манаурап дамылға шақырды.
МАЗМҰНЫ
Күзде тасыған өзен............................................................. ....... 3-110 б Арқаның бетпақ деген даласы бар.........................................111-188 б Соңғы жаз.................................................................................189-235 б Қыз бен Наурыз.......................................................................236 -296 б
Литературно-художественное издание
Алдан Смайыл
АРҚАНЫҢ БЕТПАҚ ДЕГЕН ДАЛАСЫ БАР
(На казахском языке)
Редакторы Б. Беделханулы
Техникалық редакторы С. Бейсенова
Корректоры Т. Хасенова
ИБ № 29 Теруге 23.05.2000 ж. жіберілді. Басуға 7.09. 2000 ж. қол қойылды. Пішімі 84x108 1/32. Қаріп түрі “Таймс”. Басылымы офсеттік. Шартты баспа табағы 16,8. Есептік баспа табағы 20,64. Таралымы 1000 дана. Тапсырыс № 3008. ___________________________________________________________
Қазақстан Республикасының Мәдениет, ақпарат және қоғамдық
келісім министрлігі
“Елорда” баспасы, Астана қаласы, Бейбітшілік көшесі, 25.
“Акмола полиграфия” жабық акционерлік қоғамы, 473000,
Астана қаласы, Бейбітшілік көшесі, 25.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру