Бекет ата
Рахат Қосбармақ
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Республика жұртшылығына ақын, журналист ретінде танымал Рахат Қосбармақтың бұл кітабы Ұлыс Ұранына айналған әулие, пір Бекет Ата хақында. Автор тек ел аузындағы естіміш аңыз әңгімелер мен айтылмыш оқиғалармен ғана шектеліп қоймай, тарихи деректер мен ауызша-жазбаша материалдарға сүйене отырып, әулиенің өмір сүрген уақыты, ұстанған ілімі мен қадір-қасиеті туралы ғылыми тұжырымдар жасайды. Кейбір да
Рахат ҚОСБАРМАҚ
тарихи-танымдық зерттеулер, аңыз әңгімелер
(2000 жылы Бекет Атаның 250 жылдығына орай жарық көрген кітаптың
сәл өзгертіліп, толықтырылған төртінші басылымы)
«Информ-А»
Алматы
АННОТАЦИЯ
Республика жұртшылығына ақын, журналист ретінде танымал Рахат Қосбармақтың бұл кітабы Ұлыс Ұранына айналған әулие, пір Бекет Ата хақында. Автор тек ел аузындағы естіміш аңыз әңгімелер мен айтылмыш оқиғалармен ғана шектеліп қоймай, тарихи деректер мен ауызша-жазбаша материалдарға сүйене отырып, әулиенің өмір сүрген уақыты, ұстанған ілімі мен қадір-қасиеті туралы ғылыми тұжырымдар жасайды. Кейбір даулы мәселелер турасындағы сындарлы пікірлері де көкейге қонымды. Кітап көпшілік оқырман қауымға арналған, тарихи-танымдық, имандылық тағлымы мол.
ӘРУАҚҚА ТАҒЗЫМ
Бекет Ата – Жаббар Ие жарық дүниеге әкелген адамзат баласының ішінде ерекше қасиет дарытқан ұлы тұлға. Ол – жылағанды жұбатқан, жығылғанды тұрғызған, сыйынғанды сақтаған, қысылғанды демеген халық қамқоры, алдағыны болжап, айтқаны келген абыз, көріпкел, әулие, қан төгіспей жауын жасқаған құдіретті батыр, елін имандылыққа, сауаттылыққа, ақ жолға, адалдыққа үндеген ағартушы, сұңғыла сұпы, ғұлама ахун, сыры да, құпиясы да мол жер асты ғимарат-мешіттерін жасаған сәулетші! Оны бабадан балаға ұласқан әңгімелер айтады. Ертелі-кешті қағаз бетіне түскен некен-саяқ жазбалар растайды. Атадан қалған аяулы ескерткіш-ғимараттар көз алдымызда. Қасиеттілігін халқы айтып отыр. Ұрпақ-әулеттерімен бір жүріп, бір тұрып, бір дастарханнан дәм татып, Ата рухына дұға етіп отырмыз. Қысылсақ та, қуансақ та, сыйынарымыз – бір Құдірет, Бекет Ата! Біз ғана емес, ғасырлар бойы бүкіл Ел, Халық сол сенімде келеді: Жар бола гөр, Бекет Ата! Көзі тірісінде-ақ қасиеттілігі мен әулиелігі ерекше танылған Бекет Ата, оның ескерткіш-мешіттері туралы деректер қалдырған Үстіртті зерттеуші ғалымдарға мың да бір рахмет! Олар Бекет Ата дәуіріне бізден гөрі бір табан жақын өмір сүрген адамдар еді. Әрине, кеңестік кезең асылдарымызды ардақтап ауызға алуға мүмкіндік бермеді. Айтарымызды сыздықтап, сызаттап, өзге мәселемен астастыра жазуға мәжбүр болдық. Үстіртті зерттеушілерден кейін, көп жыл үзілістен соң олардың пікірлерін келтіре отырып, Бекет Ата ескерткіш-ғимараттарын сөз етуге бел будық. Бұл 1970 жылдар еді. Маңқыстау, Шевченко мұраларын көп жыл зерттеген Есбол аға Өмірбаев екеуміз жазған «Сәулетті мұра» тарауында Бекет Ата хақындағы мәліметтер жарияланды. Бұл жазба 1973 жылы С.Шалабаев, Е.Өмірбаев үшеуміз жазған «Маңғыстау» кітабында жарық көрді. Бұдан жиырма жеті жыл бұрын жарық көрген бұл кітапты қазір біреу білсе, біреу білмейді. 1979 жылы Ә.Кекілбаевтың «Ұйқыдағы арудың оянуы», 1987 жылы архитектор М.Меңдіқұловтың кітабы шықты. 1991-1992 жылдары «Маңғыстау», «Жұмысшы», «Рауан» газеттерінде, «Жалын», «Парасат» журналдарында, 1993 жылы «Мәдениет» газетінде Бекет Ата туралы материалдар берілді. 1993-1994 жылдары арнайы жинақтар жұртшылық қолына тиді. 1999-2000 жылдары Ислам Мырзабекұлы жұртшылыққа «Бекет Ата» атты үш кітап сыйлады, А.Ершуовтың, т.б. қаламгерлердің жинақтары мен мақалалары жарияланды. Демек, «Бекет Ата хақында ізденістер жоқ, ештеңе жазылмады» деуге негіз жоқ.
Ізденістер бар, дәуірдің, уақыттың, рухани өсу, жетілудің әрқилы сатысына орай жазылып жатыр. Бірақ қалай жазылып жатыр, түйіні шешілмеген қандай мәселелер бар? Мәселе сонда. Жұртшылық назарына ұсынылып отырған Рахат Қосбармақтың «Бекет Ата» атты кітабының ілкі жазбасы, өзі айтқандай, студент шағында жазылса да, енді жарық көргелі отыр. Қолжазбаның жазылуы бар да, жарияланып, халыққа тарауы бар. Оқырман жарияланса ғана біледі. Р.Қосбармақтың кітабы екі бөлімнен тұрады екен, Бірінші бөлімде – Бекет Атаға қатысты ой-толғамдар, екінші бөлімде – Ата хақындағы ертеден ел аузында келе жатқан әңгімелер. Р.Қосбармақтың ой-толғамдарынан байқалатын сыр – оның көп жылдан бері осы тақырыпқа құштар көңілде ізденісте жүргендігі. Жас ақын, журналист Маңқыстау жеріне қатысты 360 әулие, суфизм, Ата мешіттері, Көк аса, Бекет Атаның өмір сүрген жылдары, Атаға арналған жыр-толғаулар, А.Ершуов ұсынған толғаулар, т.б. мәселелер хақында ой толғайды, шолу жасайды. Жай ғана баяндамайды, қызуқандылықпен, іңкәр көңілмен, жанкүйерлікпен ашық айтады, өзінше жазады. Әрине, бұл «жас қаламгердің саралы ойлар түйіндеуінің бәрі-бәрі мін-мүлтіксіз» дегендік емес, таудай талабын, іргелі талпынысын мақұлдау деп түсінген абзал. Р.Қосбармақтың кітабында айтылатын кейбір ортақ мәселелерге түсінік бере кету артық болмас. Маңқыстаудың ойында үш жүз алпыс әулие... Бұл тіркес «атам заманнан» демесек те, бағзы бабалардан бері айтылып келеді. Ақын біткен солай жырлаған. Соңғы жылдарда біреулер «362», «363 әулие» дейтінді шығарыпты. Ешкімнің сыйлығымен не қаулысымен әулие болмайды. Ел, халық мойындаса ғана әулие атанады. «362», «363» деп жамап-жасқап, желбуаздану жарамсыз-ақ. Үш жүз алпыс па, одан көп пе, әлде аз ба – бәрібір, «әулиесі қойдай күңіренген» деп Нұрым жырау айтқандай, «әулиесі көп, қасиетті жер» деген ұғым емес пе?! Мұсылман әлемінде, түркі халықтарында бір жылдағы күн санындай көптікті, киелі, қасиеттілікті танытатын символикалық сан болуы мүмкін ғой. Бұл – бір. Екінші, Бекет Атаның өмір сүрген жылдары туралы. Тарихи тұлғалардың өміріне қатысты ой-түйіндері белгілі бір дерекке негізделуі керек. Үстіртті зерттеушілерден өзге мәлімет қалдырғандар бар ма? Жоқ. Бекет Атаның жеті-сегіз ұрпағының қай жылы туып, қай жылы өлгендігін айтушылар ол деректерді қайдан алды? Жазба бар ма? Жеті атасының туған, өлген жылын жатқа білетін кісіні әзір кездестіргеніміз жоқ. Ал енді бір дерек айтушы Сүйесінов қандай кітапқа сүйеніп отыр? Дерек көзін нақты көрсете алды ма? Айта алған жоқ. Және ел аузындағы, халық жадындағы әңгімелерде «Бекет Ата Табын Барақ батырмен тұрғылас, сыйлас болған» делінеді. Олай
болса, ол қалай Барақтан жүз жас үлкен болады? Ол қисынсыз. Демек, Үстіртті зерттеушілер мәліметін бірден-бір дұрыс дерек деп санаймыз. Сол деректерге сүйеніп, «Бекет Ата 1750-1813 жылдары өмір сүрген» деген пікірді 1991 жылы «Маңғыстау» газетінде жариялаған едік. Р.Қосбармақтың және одан бұрын жарияланған И.Мырзабекұлының кітаптарында біздің бұл пікірлерімізді қуаттауының қисыны бар деп есептеймін. Енді бір мәселе – Аманқос Ершуов ұсынған өлеңдер хақында. Жақсы ақын, менің шәкірт інім Аманқос 1999 жылы күзде маған телефон шалды. Оның алдында: «Аманқос Бекет Ата өлеңдерін тауыпты. Соны Ата ұрпағы Аяпбергенов Рахмет екеуі баспа орындарына ұсынып жүрген көрінеді» дегенді естігенмін. Жаңалыққа елеңдесем де, «Пір Атаның сөзі» дегенге аса үлкен жауапкершілікпен қарауымыз керек-ау деп ойладым. Бұл ойымды Аманқосқа ашық айттым. Қазақ поэзиясының мәтінін саралау, жариялау, зерттеу ісімен қырық жылдай айналысқан кісімін ғой. Сол өлеңдерді маған жіберуін, әзір жарияламауын сұрадым. Ондағы ойым – Бекет Ата дәуіріне келетін өлеңдер ме, әлде қолдан жасалған жалған нәрсе ме, соны анықтау еді. Аманқостан хабар болмады. 2000 жылы көктемде Алматыға Бекет Атаның Ақмешітінің имамы Ислам Мырзабекұлы келді. Атаға қатысты екі кітабын баспадан шығарды. Үшінші кітабы Атаға арнаулардан тұрады екен. Бірінші тарауда Ата толғауларын бермекші екен. Асықпай оқып шығып, қайран қалдым. Аманқостың Атыраудан шыққан «Пір Бекет пен жыр-зекет» (1998) және «Оғыланды» (2000) деген екі жинағын да Исламнан алып оқыдым. Екі жинағында да Бекет Ата толғаулары ретінде ұсынып жүрген өлең, толғауларды жариялапты. Исламға өз пікірімді айттым. Бекет Ата дәуіріне маңайласпайтын қазіргі ақынның сөзі. Және логикалық жағынан Құдайдың ақ жолын ұстанған кішік, ақ, адал, иманды кісінің ой-санасына кереғар, арзан, жалған мақтангөйлік, астам сөздер кездеседі. Апырмай, Алшын аға он бес жыл сыйлас жүргенде бұл туралы бір ауыз сөз айтпап еді. Мың бетке жуық шежіресінде де бір жол ондай дерек айтылмаған. «Аманқос әуелі поэма жазып, бұл толғауларды Бекет Ата монологы жасағысы келді ме екен? Енді «Ата толғауы» деп ұсынуы қалай?» деп, қатты қынжылдым. Қалай болғанда да, Аманқос ұсынған толғаулар мені иландыра алмады. Рахат ашына айтса да, ақиқатын айтқан. Рахат, реті, Аманқостың бірінші жинағындағы алты толғауды көрген, екінші жинақ қолына түспеген болса керек. Онда да «Ата толғаулары» деп ұсынған «Ұлық адам», «Батырлық керек жігітке», «Қазтуған», «Түркістан», «Асатаяқ», «Сарайшық», «Тоба», «Таза болсын көңілің», «Теңестірер көр ғана», «Кекірік атса кеуделер», «Қозғалыс», «Дүние кезек», «Жаратқан Ием жебеген», «Ардақтайды тас биік», «Жоқ туралы», «Нақыл», «Кейбіреу», «Бұйрықтың ісі», «Соңғы сөз», «Жақсы
адамның белгісі» дейтін толғаусымақтар бар. Бәрі де – бүгінгі ақынның айтатын сөзі, қазіргі ұғым көрінісі. Қандай мәселе болса да, асығыс іс аранға жығады. Әсіресе, әдеби, мәдени, тарихи мұра жөнінде адалдық керек. Оның ішінде Бекет Атаға қатысты мәселеде жалғандық, жаңсақтық жараса ма?! Мұндай маңызды мәселе, ұлы тұлғаларға қатысты мұраларды жариялау бір кісінің ғана жеке меншік шаруасы ма екен? «Ақылдасқан тон келте болмайды» демейтін бе еді?! Р.Қосбармақ кітабында Бекет Атаға қатысты Атаның ұлы тұлғасын бейнелейтін халық жадындағы әңгімелерді өзінше баяндайды. Әңгімелері жатық, қисынды. Әрине, бұл әңгімелерді әркім өзінше айтады, әркім өзінше жазады. Бірақ негізгі мазмұны бір. Кітапта Бекет Атаның Шопан Ата мешітіне айтатын сыны бар. 1991 жылғы жарияланымда мұндай материалды біз де бергенбіз. Ондағы ойымыз – «Халық жадындағы аңыз ғой, ел өзі таразылай жатар» дегендік еді. Бірақ Шопан Ата дәуірі әрірек. Сондықтан ондай әңгімелерге де тарих көзімен қарағанымыз абзал. Бекет Атаның мешіттері мен Көк асасы туралы мәселелер де келешекте бір арнаға түсер ғалымдар, зерттеушілер пікір айтар деп ойлаймын. Иә, Бекет Ата Адайдың Қосқұлақ руынан шыққан. Бірақ бір ғана Қосқұлақтың, не бір ғана Адайдың Бекеті емес, Бекет – қалың қазақтікі, бүкіл адамзат баласынікі. Ел жадындағы әңгімелер соны дәлелдейді. Себебі, Ұлылар ұлтқа, руға меншікті емес. Бүкіл адамзат баласына игілік, имандылық тілеген ұлы жүрегімен мәртебесі биік тұрады. Ұлан даламыздың Ұлы перзенті Бекет Ата рухы халқымызды қолдай жүрсін! Ата аруағына арнап ой толғаған Рахат інімнің ниеті қабыл, талабы оң болсын!
Қабиболла СЫДИЫҚҰЛЫ.
2000 жыл, 2 тамыз, Алматы.
«Бекет Ата Мырзағұлұлы (1750-1813) – халық батыры, абыз, көреген, сәулетші. Туып-өскен жері – Жем өзені бойындағы Ақмешіт-Құлжан, Маңғыстау өңірі. Мүрдесі Маңғыстауда – Оғыландыдағы өз мешітғимаратына қойылған. Бекет Атаның тегі – Адайдың Келімберді-МұңалЖаулы-Қосқұлақ-Жаналы-Мырзағұл деген әулеттері. Өз әкесі инабатты, момын, шаруа адам болыпты. Бекет Ата жастайынан оқу-білімге құмартып, білім іздеген, өз еңбегімен күнелткен, жігерлі, қайсар, ерекше дарынды, көріпкел, әулие адам болған. Хорезм ойында Пақыржан қажыдан оқыған. Жем бойынан (Ақмешіттен), Бейнеуден, Баялыдан, Оғыландыдан жер асты медіресе-мешіттер жасап, бала оқытқан. Ел тәуелсіздігі үшін басқыншы шапқыншыларға қарсы жорықтарға қатысып, ақыл-кеңес беріп, қол бастаған. Бекет Ата – жер асты ғимараттарын қашап жасаудың ежелгі дәстүрін дамытқан сәулетші. Бекет Атаның білімдарлық, батырлық, әділдік, еңбексүйгіштік, абызкөріпкелдік қасиеттері өз дәуірінде ерекше танылған. Халық оны айрықша қадірлеп, әулие тұтқан. Адай елі өзінің ұранына айналдырған. Халық Бекет Ата өмірін, оның қысылғанға жар болған ерекше қасиет-қадірін, әулиелігін ықыласпен әңгімелеп, ұрпақтан-ұрпаққа ұластырған».
(«Маңғыстау» энциклопедиясы, 1997 жыл, Алматы, «Атамұра»).
СӨЗ ЛӘМІ
Қадірлі оқырман қауым! Маңқыстау түбегінің маңдайалды жүйріктерінің бірі Түмен Балтабасұлы атамыздың: ...Маңқыстау, білемісің, неғылған жер?! Қашаннан қалың дәулет бағылған жер. Бұл жерден кімдер кетіп, кім қалмаған, Қара жер қаза жетсе, кімді алмаған?! Қызылбас, қыпшақ, қырғыз, қытай, қырым, Айладыр – алтау болса, қалмақ – жеті, Ерлерден ертедегі қалынған жер, - деп жырға қосқан, «Жеті жұрт кетіп, жер ауған, Асанқайғы, Қазтуған, Орақ, Мамай, Телағыс, Қалған да екен солардан» (Мұрат Мөңкеұлы) деп айтылатын, бүгінде сертіне берік, семсер тілді, сері мінез сегізінші жұрт жайлап отырған Маңқыстау деген майлы қиян, кең түбекте, шындығында, кімдер өткен жоқ, кімдер келіп-кеткен жоқ?! Алайда сол арғы-бергіде өткен әруақты бабаларымыздың ортасынан оқшауланып көзге шалынып, Отман таудай тұлғасы танылып тұратын Бекет Атаның орны бір бөлек. Әулие Бекет Ата туралы қазақ тілінде қағаз бетіне түскен жазба деректер 1973 жылдан бастап жариялана бастады. Біздің айтайын дегеніміз – қолдарыңызға тиіп отырған бұл кітаптың дені, негізгі сүйегі осыдан сегіз жыл бұрын – 1992 жылдың қыс айларында, автордың студенттік кезінде жазылған болатын. Ол кезде қазіргі күні жарыққа шығып, жариялылықпен жүздескелі бері көпшілік арасында қолдан-қолға тимей таралып үлгерген, белгілі ғалым Қ.Сыдиықов құрастырған «Бекет Ата» кітабы (1994, Алматы, «Арыс» баспасы) мен Ислам Мырзабекұлы Қосқұлақтегі құрастырған «Бекет Ата» жинағы (1993, Гагарин қаласы) әлі баспа бетін көрмеген еді. Материал да аз, дерек те жұтаң, біртұтас ғылыми тұжырым да жоқтың қасы. Сол себепті ел аузындағы естіміш әңгімелер мен әредік-әредікте баспасөз бетінде жарияланып жүрген мақалаларды пайдаланып жазылған, жалпы көлемі 86 беттік жазбамызды жинақтап, 1993 жылдың 26 қаңтары күні сол кездегі жаңа ашылған баспалардың бірі «Қазақ университеті» баспасына бардық. Баспа директоры, журналист, жазушы Серік Әбдірайымұлы қолжазбамызды екі аптаның ішінде оқып шығып: «Құрметті Құсайынның Рахаты! Талабың таудай екен. Риза көңіл мынадай байлам жасатты, қабыл алсаң аяғына жеткізерсің» дей келіп, 10 бөлімнен тұратын ескерту, ақылкеңестерін айтып, «..Қолжазбаңа өтініш жаз... 1994 жылға жоспарлайық.
Егер насихаты болса, «демеуші тауып, қаражатына қол ұшын берейік» деген ағайын болса, ұзартпас жағын ойластырып көрелік... 1993 жылдың шілдесіне дейін қолжазбаны баспаға тапсыр» деген ағалық ілтипатын білдірді. Амал не, жастық шаққа тән жалқаулық пен салдыр-салақтық, салғырттықтың салдары тағы бар, ең бастысы – елге келіп, іздестіріп көргенімізбен, баспа калькуляциясында көрсетілген 2 млн. 549 мың 170 сом қаражат ешбір ел азаматынан табылмай, қолжазбамыз сол күйі суырмада шаң басып қалып қойды. Әйтпесе, екі миллион жарым сом ақша ол кезде мекемекәсіпорындар үшін пәлендей көп қаржы да емес еді. Ол – сомның әбден құнсызданып, топан ақшаға айнала бастаған уақыты болатын. Бұдан кейін ол жазбаларымыздың кейбір қысқа-қысқа үзінділері «Жалын» және «Парасат» журналдарында жарияланып, 1993 жылы республикалық «Мәдениет» газетінің бәйгесін жеңіп алды. Кейін кейбір үзінділері (атап айтқанда, 14 хикаясы) Қ.Сыдиықов құрастырған «Бекет Ата» жинағына енгізілді. Осымен бұл қолжазбамыз толығымен еш жерде жарық көрместен жата берер ме еді, қайтер еді – егер ел басындағы ер-азаматтардың бірі бізге ақыл салып, Атаның алдағы 250 жылдық тойы тұсында жеке кітап етіп шығару туралы ұсынысын айтпағанда?! Содан кейін біз жазу үстеліне отырып, қолжазбамызды толығымен өңдеп, қысқартып-қиып, кеңейтіп-толықтырып, бас-аяғы бір-жар айдың ішінде қайтадан жазып шықтық. Қолдарыңыздағы кітап – сол мехнатты еңбектің нәтижесінде дүниеге келген қолжазбамыздың соңғы нұсқасы. Біз мұның бәрін не үшін айтып отырмыз? Ондағы мақсатымыз – қолға алған кітабыңызда бұған дейін, бұрынғы жарияланған жазбаларда айтылған әңгімелер кездесіп жатса: «Өй, бұл да сол баяғыны қайталау ғой», - деп өре түрегеліп, жаба салмаңыз. «Ол – осыдан 8 жыл бұрын, студенттік кезде қағазға түскен ой ұшқындары, Ата туралы аңыздар мен хикаялар» деп білерсіздер. Ертеректе жазылса да, ерсі ештеңесін көрмегендіктен, бозбала шақтың қызу табы қалған қолжазбамыздың кейбір беттерін қысқартуға қимай, қайтадан өңдеп-жазу үстінде өзгертпестен, сол күйі қалдырдық. Ал енді мына жазбамызда артық-кем айтылған жерлері болса, алдымен Алла Тағала, сосын Ата әруағы кешірсін! Біздің біліміміз сіздерден артық емес. Бұл кітап – Ата туралы айтылған және айтылатын әңгімелердің алғашқысы да, ақырғысы да емес. Сондықтан оқыған бойда: «Ойбай, дұрыс емес, бұл не масқара?!» - деп алқынып-аптықпай, айқай-шу көтермей, ұстамды түрде ұлағатты ақыл-кеңесіңізді айтып, есті ескерту жасап, ұсыныспікірлеріңізді білдіруіңізді өтінеміз. Біз әрқашанда ондай байыпты әңгімені тыңдауға және керек жерін келесі жолы кәдемізге жаратуға дайынбыз.
Сөз соңында кітапты қайта жазу үстінде кішкентай да болса қолғабысын тигізіп, көмегін аямаған, Ата туралы жазбалары жарық көрген (ол кісілердің аты-жөндері «Дерек көздері» деген тарауда көрсетілген) барлық ел азаматтарына, өз отбасымыз бен еңбек ететін ұжымымыздан бастап, ақылшы болған ағаларымызға, әсіресе Ата мұралары жөнінде алғаш рет ғылыми тұжырым жасаған Қабиболла Сыдиықов ағамыз бен соңғы екі жылда жарыққа шығарған «Бекет Ата» имандылық тағлымының екі кітабы арқылы елеулі септігін тигізген Ислам Мырзабекұлы Қосқұлақтегі ағамызға шын жүректен шыққан алғыс сезімімізді білдіреміз. Баршаңызға Алла Тағаланың ақ нұры жаусын! Әрдайым Бекет Ата әруағы жар болғай!
Құрметпен: ҚОСБАРМАҚ ҰЛЫ ҚҰСАЙЫННЫҢ РАХАТЫ.
2000 жыл, мамыр,
Ақтау қаласы.
Бірінші бөлім
«..МАҢҚЫСТАУДА – ЕР БЕКЕТ..»
«..Жекелеген зерттеу дүниелері бойынша, Бекет Ата XVІІІ ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген, сопы болған, мұсылман балаларын оқытқан, батыр болған. Түрікпендермен даулы мәселелерді шешерде екі жақты да келісімге келтіретіндей даналығы, би-көрегендігі болыпты. Ол 1813 жылы дүниеден өткен, мүрдесі Оғыландыда, өзі орнатқан мешітке жақын маңда..». М.МИРЗОЕВ.
ҮШ ЖҮЗ АЛПЫС ЕКІ ӘУЛИЕЛІ МАҢҚЫСТАУ
«..Маңқыстау сонадайдан тозаңытқан, Жүрегін талай ердің қобалжытқан..». Осы бір ел аузындағы ескі ән жолдарында қасиетті Маңқыстаудың Қаройын мекендеп жатқан үш жүз алпыс екі әулиенің әруағы мен сесі атойлап тұрған секілді. «Асылы, Маңқыстаудың жер кіндігі екені рас болар. Үш жүз алпыс екі әулие бұл өлкені тектен-тек жерленіп жатқан жоқ, бір қасиетті біліп жатыр ғой» деген бұрынғылардың сөздері бұл күндері қайқайсымызды да қасиетті Маңқыстауға тәу етуге мәжбүр етеді. Талантымен талайды тамсандырған тарлан ақын Уәйіс Қайралапов: Бастан кешкен жортуыл, жорықты көп Айта алмаймын «ер халық қорықты» деп. Халық аңыз қылады: «Маңқыстауда Үш жүз алпыс әулие болыпты» деп, - деп неге толғанып, толқыды дейсің?! Қолпаштағанға қолқ ете түспейтін, қолқалағанда қолына домбыра алмай, шікірейіп, шіреніп те қалмайтын Қосымбаев Мэлстің: ...Қара жер де тісін маған қайрасын, Қасқиғанда иілмейді Ай-басым. Үріп-үріп, қаламын ба ит болып, Үш жүз алпыс екі әулие, қайдасың?! – деп аласұрғанының астарында да «айтпай біл» ақиқат, «ішің білсін» ілтипат, шыңыраудағы шындық жатыр. Бірде «үш жүз алпыс», енді бірде екі саны үстемеленіп, «Үш жүз алпыс екі әулиелі Маңқыстау» делініп жүрген халық аузындағы қанатты сөздің қалай болғанда да қапысы жоқ. «Аталған санның санатына кіретін әруақтардың аты-жөндерін атап, анық санап шыққан адамның арғы-бергі тарихта болғаны аян» деп болжам жасай алмаймыз. Бүгінде олардың есімдерін жатқа біліп, жатқызып-өргізетін көмбелі кеуде, көреген кісі жоқтығы тағы да рас. Қалай екенін қайдам, біздің естіп-білгендеріміз екінші тіркестің ақиқаттығына ат байлата береді. Яғни «Үш жүз алпыс екі әулиелі Маңқыстау» дегеніміз жөн шығар. Үш жүз алпыс екі әулие!!! Неге тек қана үш жүз алпыс екі?! Неге бес жүз алпыс екі немесе бес әулие емес?! Неге екенін қырық бірінші періштеміз Кеңесхан білер, біз білсек, мұнда бір мұхиттай терең сыр бар. Халық қараптан-қарап «Үш жүз алпыс екі әулиелі Маңқыстау» деп айта салмайды. Анық кімдер екені белгісіз, атын атап, түсін түстеп берер кісі болмаса да, бұлдыр-бұлдыр бұрынғыдан келіп жеткен бұл сөздердің астарында
астрологиялық ақиқат, жағрапиялық жалпылық, өнерге тән өлшем, әдебиеттік әдіптеу, математикалық дәлдік бар. Қазақша айтқанда қасиет бар! Соңғы кезде «Үш жүз алпыс екі әулиелі Маңқыстау» деген сөз қайдан шыққан? Сонда Маңқыстауда соншама көп әулие жатыр ма? Ал солай болған күнде, олардың атын атап, түсін түстеп беретін адам баласы табыла ма?» деген сұрақ жұртшылық арасында жиі айтылып жүргенін құлағымыз шалып жүр. Тіпті талай жерде бұл сөзді кім болса сол қазбалап, кез келген отырыстар мен жиындарда әңгіме арқауы етіп, осы топырақта туған азаматтардың кейбірін қажағысы келгендей сыңай танытып, түртінектеп отырғанының да куәсі болдық. Бұл жерде басы ашық нәрсе – «Қалай десең де, бұл – қатып қалған цифр, оны ешқашан өзгерте алмайсың. Өйткені, Маңқыстауда осыншама әулиенің жатқаны рас. Оған күдік-күмәніңіз болмасын!» - деп, «айттым – бітті, кестім – үзілді» пікір айтуға хақымыз жоқ. Бұл – тек ел аузындағы тіркес, фраза ғана. Сондықтан «Соншама әулиені бас-басына ұрып, көзінен тізгендей көгендеп әкеліп, санамалап шығатын саналы тіршілік иесі бар» деп тұжырым жасауға болмайды. Ол мүмкін де емес! Дегенмен, бұл жайдан-жай айтыла салған әңгіме де емес. Оны да ескеру керек. Дана халқымыз далбасалап, аузына келгенін сандалап, айтарға сөз таппай қалған ештеңесі жоқ. Немесе кез келген бос былшылбай, бөстекі әңгімені жадында жаттап, қадым замандардан бері, қаншама ғасырлар бойы қастерлеп, осы күнге дейін жеткізбейді. Ел санасы естігені мен көргенін елеп-екшеп, қатаң сын мен қатал талқыдан өткізіп барып, ең бір ақиқатқа жақын айбозым сөздерді ғана ұрпақтан-ұрпаққа ұластырып, заманнанзаманға, қоғамнан-қоғамға қаймағын бұзбай, саф тап-таза қалпында сары алтындай сақтап, жеткізіп отырған. Біз білсек, бұл тіркес Маңқыстау топырағының қасиеттілігін меңзеген халық ықыласын білдіретін, шынайы сезімге толы, шын жүрек түбінен шым жібекше ширатылып, сүзіліп шыққан сөздің сөлі, мақалдың мәйегі, қанатты сөздің қаны сорғалаған шындығы секілді. Сондықтан да бұл жерде тырнақ астынан кір іздеп, «Сол үш жүз алпыс екі әулиені жіктеп-жіліктеп, санап бер!» - деп санасыз сұрақ қойып, иә болмаса, «Ендеше, оның – өтірік. Үш жүз алпыс екі әулие шын мәнінде жоқ болса, бұл сөз неге айтылған? Демек, бұл – қызды-қыздымен қымыз ішіп, қымыранға тойып алған әлдебіреудің желпініп отырып, желігіп айта салған әңгімесі» деп, жел сөзге ерік берудің де қажеті жоқ. Халықтың сенімі мен нанымын, әруақтар мен әулиелерге деген ыстық ықыласын, қасиет пен киеге деген қалтқысыз көңілін қадірлеп, бағалай білген жөн. «Маңқыстау түбегінде 362 әулие өмір сүрген» деген сөз рас па? Бұл туралы болжамдарға қалай қарайсыз?!» деген сұрақты 1999 жылдың қараша айында 60 жасқа толған тойын атап өту үшін елге келген сапарында
заманымыздың заңғар жазушысы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы, әйгілі жерлесіміз Әбіш Кекілбаевқа қойғанымызда, ол кісі өзі туып-өскен өңір – Мырзайыр-Басқұдық жерінде тұрып, асығыс сапар кезі, атүсті болғандықтан, ойланып-толғанып жатпастан, қысқа ғана қайырып, бізге былай деп жауап берген еді: «Бұл туралы болжамдарға келетін болсақ, «360 әулие» сөзі – басы Мекке-Мәдинадан бастап, ар жағы Синай түбегінен келе жатқан дәстүр – «Құдайдың 360 күнінің иесі бар» дегеннен шыққан болуы керек деп есептеймін. Алғашында Синайда, оның бергі жағында «Мекке-Мәдинаның жанында 360 әулие жатыр» деген есеп болған. Бір кездерде әр тайпаның өзінің пірі болған, сол пірлердің барлығы «әулие» деп саналған. Сол дәстүр барлық Орта Азия территориясын мекендеген халықтар сияқты біздің Ұлы Тұранға да келіп жеткен болуы керек. Бәлкім ол діннен де бұрынырақ жеткен болуы мүмкін. Кейін таза ислам діні келген де, сол дәстүрді жалғастырып әкеткен. Біздің ислам дінінің ерекше бір түрлері болған. Оның ең ерекше жетілген түрі – суфизм. Суфизм – шығыс философиясының ең үлкен тармақтарының бірі. Осы ағымның жолына түсіп, Түркістан, Бұхарадан тараған шәкірттер бұл ілімді жер-жерлерге таратқан. Ал Маңқыстауға келетін болсақ, Маңқыстау – сонау пұтқа табынушы, киеге табынушы замандардан бастап үлкен киелі орындар орналасқан жер. Өйткені, Маңқыстаудың осы жатқан ландшафты, жер реңкінің өзі осыған итермелейді. Адам, ежелгі адам өзінен күштіге, өзінің рухы жетер-жетпесін білмейтін жерлерге табынған. Шындығында да, алғашқы адамдардың ең бір тоқайласқан, ұштасқан жері – осы Атырау (Хазар, Каспий–Р.Қ.) теңізінің маңайы. Сондықтан да бұл жерлердегі әулиелердің көбі – сол алғашқы адамдар заманынан бермен қарай келе жатқан киелі орындар. Соны осы маңайға соққан барлық діндер өздеріне меншіктеп, әр жерге өздерінің әулиелік белгілерін орнатқан. «Маңқыстаудың ойында – 360 әулие» сөзінің ар жағындағы ең түпкі маңызы осындай деп есептеймін мен. Бірақ оның бергі жағында осы жерді жайлап жатқан елдердің барлығы, оның ішінде біздің қазақ халқы да осы өлкені жаулап алу кезеңінен бастап өзінің көсемдерін әулие тұтқан. Бұл тұрғыдан келгенде, Маңқыстаудың ойында, шындап келгенде, 360 емес, мыңдаған әулие жатуы мүмкін». Бала шағынан болашағына жол салып, елу жылдан астам уақыттан бері ел тарихын зерделеп келе жатқан кемеңгер Кекілбаевтан асып біз де ештеңе айта алмаймыз. Десек те, ғұлама жазушының терең білімді, парасатты пікіріне қосыла отырып, ел ішінде жиі айтылып жүрген «Ертеде бұл жерге сонау Арабиядан мұсылман дінін тарату мақсатымен 362 шәкірт келіп, жерленіпті. «362 әулиелі Маңқыстау» сөзі содан қалған» деген де пікір бар екенін келтіре кеткенді жөн көрдік. Бірақ арғы тегі сол дін таратушы
қожалардың тұқымы Ахметхан Омар қажы бұл пікірге үзілді-кесілді қарсы болып: «Мекке-Мәдинадан 362 шәкірт сондай мақсатпен шыққан күннің өзінде, барлығы бірдей бір жерге келіп, шоғырланып, қалып қоюы мүмкін емес», - деген өз ойын айтты. Түбек тарихынан аз-кем хабарымыз бар екендігі болмаса, дін тарихынан анау айтқандай терең сауатымыз болмағандықтан, біз бұл пікірге де төрелік айта алмаймыз. Қалай десек те, Ресей мен Үндістанды, Париж бен Пекинді жалғап жатқан Ұлы Жібек жолының алтын-күміс, асыл заттар арқалап адамы шұбырған, текше-текше тең тиеген киелі керуендерін өз үстінен өткізіп жатқан өлкенің, Исантүбек, Бозашы, Түпқараған атты үш түбектен тұратын бір түбектің, бұл да бір – күні бүгінге дейін күрмеуі шешілмей келе жатқан күрделі түйіндерінің бірі. Кір жуып, кіндік кескен киелі қазық – атажұртта «жақсылығымен жан біткенге жарқын үлгі болып кеткен атақты әулиелер арғы-бергіде аз өтпеген» деседі. Ақын ұлдарының жүрегіне алапат шабыт, ақтеңіз тасқын әкелген атамекен Маңқыстауда әйтеуір әулиелер әулеті өмір сүріп, өсіп-өніп, өркен жайып, өрбігені өтірік емес. У.Қайралаповты қайталап сөйлетсек: Ойландырып, оятып ой сананы, Халық сөзі көңілге ой салады. Қазір де ел біреуді құрметтесе,
«Ол адам әулие ғой» дей салады, - дегендей, екінің бірі, елдің аузында айтылып жүрген, «өлкеден шығып, өнер қуған өрелі азамат Әбіш Кекілбаев үш жүз алпыс үшінші әулиеміз болады» деген қалжыңы аралас халық ықыласы, маңдайалды азаматына Маңқыстау елінің үлкен сенім білдіріп, үміт артуы әсте кездейсоқ емес. Мұның өзі түбек жұрты түгел жатқа білетін «Маңқыстауда үш жүз алпыс екі әулие бар» деген немесе «Маңқыстаудағы әулие саны – 360, қырда – Бекет, ойда – Саназармен 362» деген қағиданың қатесіздігін айғақтай түседі. Демек, «Үш жүз алпыс әулиелі Маңқыстау» сөзі бертінде емес, Бекет Атаның заманынан да әріде айтылған әңгіме болуы керек. «Үш жүз алпыс екі әулиенің ұзын санының ұшығына шығып «мынау, мынау» деп бармағын бүгіп, саусақпен санап берер сарабдал көңіл жан жоқ» десе де болады. Ешкім олардың ешқайсысын Айды нұсқағандай ап-айқын етіп айтып бере алмасы хақ. Алайда, тарихшы Серікбол Қондыбаевтың: «Халық арасында айтылып жүргендей, түбекте 362 әулие бар екен. Мәселе – олардың дәл санында емес, олардың бар екендігінде», - деп жазғанындай, әңгіме оларды тізіп жазып, тін тартып өргізуде емес, бар екенін мойындап, басыңды иіп, бағалауда емес пе?! Нағыз әулие қайсысы, нақты кімдер екенін, бірнешеуін ғана атай алғанымыз болмаса, біз де білмейміз. Әйтеуір «Үш жүз алпыс екі әулиелі
Маңқыстау» дегенде алдымен аузымызға Шопан Ата, Шақпақ Ата, Қошқар Ата, Қараман Ата, Қаңға Баба, Кенті баба, Сұлтан Епе («Сұлтан Үфі»деп те жазылып жүр), Сисем Ата, Сислам Ата, Масат Ата, Темір баба, Алтықұлаш әулие, Бекет Ата, Бекбаулы Ата, Бердалы әулие, Мәті әулие, Мыңкісі Ата, Асар сұпы, Долы Апа, Есенаман, Ұланақ, Жамбауыл, Қалың Арбат, Данысман, Үйтолы, Ақшора-Белтұран, Қыз әулие, Есмәмбет Ата, Қалипан, Үштам, Үшқатын қорымдары, Шілкөз әулие, Бала әулие, Барақ әулие, Періште әулие, Жалғызағаш әулие, Қарағашты әулие, Қаракөз әулие, Құлбарақ, Құсшы, Құрманалы әулие, Әуеталық әулиелердің аттары түсері анық. Үш жүз алпыс екі әулиеге қосыла ма, жоқ па – ол жағын біз білмейміз (өйткені, «Үш жүз алпыс екі әулиелі Маңқыстау» деген сөз бұлар өмір сүрген кезеңнен бұрынырақ туған болуы да ықтимал), бұған ағайынды, тумалас тұлғалар Айназар мен Саназар, Кіпия мен Кілжан, Несібек пен Нұрды да қосыңыз. Немесе кереметтігінің кемі жоқ Сәдуақас баба, Айтқұл Ата, Есімқұл есепшілер ше?! Сондай-ақ кейін туған, кеше ғана өткен кісілер Оразмағанбет ишан, Айдар ишан, Түйте ахун, Нұрнияз ахун, Ержан хазіреттердің де әулиелігінің кемі жоқ, бұлар да құр адамдар емес. Бұған әлгінде Әбіш ағамыздың дуалы аузынан шыққан дұғадай сөздегі «..оның бергі жағында осы жерді жайлап жатқан елдердің барлығы, оның ішінде біздің қазақ халқының өзі де осы өлкені жаулап алу кезеңінен бастап өзінің көсемдерін әулие тұтқан..» деген сөзіне ден қойып, жүздеген қол бастаған көсемдер мен сөз бастаған шешендерді қосатын болсақ, әулиенің алды мыңнан асып жығылып, әріге кетуі мүмкін. Қазіргі күні адам жерленген ескі қорымдар мен ата-баба қойымшылықтарының бәрін халықтың «әулие», «әулиелік орын» деп атайтынын ескерсек, сол тұрғыдан қарастыратын болсақ, Маңқыстаудағы әулиелердің саны үш жүз алпыс екі әулие түгілі, үш мың әулиеден де асып кетуі кәдік. Сондықтан «үш жүз алпыс екі әулиелі Маңқыстау» сөзіне күдікпен қарап, күмән келтіруге де, «әрбір әулиені тізбелеп, санамалап шығам» деп, өнбейтін істі қуудың да керегі жоқ. Маңқыстау қаншама ғасырлар бойы «Үш жүз алпыс екі әулиелі Маңқыстау» деп аталған және солай болып қала береді де. Ал оның асқақ бағасын түсірем деп астамшылыққа барып, тыраштанудың керегі жоқ. Одан түк те шықпайды. Сайып келгенде, бұл сол қасиетті өлкені мекендеп, жерленіп отырған жергілікті халықты және олардың наным-сенімін, көзқарасы мен ата дәстүрін, салт-санасын сыйламағандық болып шығады. Ал мұндай абыройсыз істің ақыры қашанда жарға жығары сөзсіз.
Қалай болғанда да, олар (әулиелер) – Құдай берген қасиетінің арқасында сіз бен бізге қарағанда Алла Тағалаға бір табан жақын тұрған ерекше қасиет иелері. Оны мойындау керек. «Бәзбіреулер айтты екен, жағасына жармасты екен» деп, үш жүз алпыс екі әулиелі Маңқыстаудың үрейі мен сұсы, атағы мен айбыны ешқашан аласармақ емес. Ендеше, мәртебең мәңгілік биік болсын, үш жүз алпыс екі әулиелі, қасиетті Маңғыстау!!! Сол жоғарыда аттары аталған айрықша қасиет иелерінің ішінен Бекет әулиенің берер тағлымы мен әруағынан алар ғибратымыз ұшан-теңіз. Жеңіл салыстыру, желікпе теңеуіміз де емес, қара жер хабар айтпасын, өзге әулиелерден өресі биік, оқ бойы озық тұрған оқшау шыңымыз Бекет Атаның жөні бір бөлек. Журналист, ақын Жұмабай Құлиевтің: «Осы өңірдегі арғыбергі әулиелердің ішіндегі ең әруақтысы – Бекет» деуі де сондықтан. Әрине, әулиелердің қасиет-қабілетін салыстыруға хақымыз жоқ. Олай етер болсақ, орасан үлкен айып арқалар едік. Алдыңғы аталғандардың қай-қайсысының да жұмысыңның бәрін жиып тастап, жуынып-шайынып, тазаланып, арнайылап бармасаң, аударып-төңкеріп жіберетіндей қасиеті болған ғой. Алайда, біздің біршама білетініміз және әңгіме өзегі еткелі отырған әулиеміз Бекет Ата болғандықтан, тақырып арнасын тағы да сол кісіге бұрсақ...
АТА НӘР АЛҒАН АСЫЛ ҚАЙНАР
(«Суфизм» дегеніміз не?)
Ата туралы айтпас бұрын, алдымен ұлы қасиет иесінің соның уызын ішіп, алғаш дәмін алған, артынан бүкіл өміріне өзек еткен білім бұлағының қайнар көзі хақында қалам тербегенді жөн көрдік. Біздіңше, Бекет Атаның 14 жасынан 21 жасына дейін Хиуадағы «Шерғазы хан» медресесінде (ол туралы кейін кеңірек әңгімелейтін боламыз) ілім-білім үйреніп, ізденіске жол ашқан кезеңінде нәр алған негізгі бастаубұлағы – исламның сопылық ағымы (суфизм). Суфизм дегеніміз не? Тереңірек үңіліп, індетіп іздесек, бұл ұғымның тамыры тым әріге, тарихи жыл санауымыздың VІІІ-ІX ғасырларына қарай кетеді. Бұл кезде ислам діні әлі кең қанат жая қоймаған болатын. Суфизмнің атасы – әйгілі ортағасырлық оқымысты, ғұлама Зунун әл-Мысри. Педагогика ғылымдарының докторы, профессор Құбығұл Жарықбаев өзінің «Қазақ психологиясының тарихы» атты еңбегінде: «..Ортағасырлық Шығыс философиясында сол кезде басты үш бағыт болды. Мұның біріншісі – ортодокстік ислам (халифаттағы үстем таптардың идеологиясы), екіншісі – неоплатондық ағым (суфизм), үшіншісі – перипатетизм немесе аристотелизм, яғни Аристотельдің жолын қуушылар», - деп жазады. Филология ғылымдарының кандидаты, иассауитанушы Мұхамедрахым Жармұхамедұлы: «Сопылық жол – діни идеалдың көрінісі, соны іске асырудың тәсілі. Мұның арғы шығу тегі – «Суфия» партиясы мен «Ассари-Ас-сакати» («ескі мата жинаушы» деген ұғымда) тобындағылар өз жұмысын тастап, дін шындығы мен Аллаға деген тазалығын, махаббатын білдіру үшін ел-жұртын, үй ішін тастап, азап-қиыншылығы мол кезбелікті таңдап алады. Сол арқылы Құдаймен табысуды мақсат етеді», - десе, мұсылмандық үлгіде салынған ғимараттарды зерттеуші, Колорадо университетінің профессоры, американдық ғалым Джон Хейг 1977 жылы Нью-Йоркте «Дүние жүзінің сәулет өнерінің тарихы» сериясы бойынша жарық көрген «Ислам архитектурасы» атты кітабында: «..Бұл ілімнің ислам діні тарамай тұрған кездегі түркі шаманизмімен туысқандық байланысы бар. Түптеп келгенде, Анатолиядағы (Түркияның Кіші Азия түбегінде орналасқан негізгі бөлігі– Р.Қ.) дәруіштер ортасына (әсіресе Бекташ ағымына) сопылық мистицизмнің таралуы негізінде Иасы (Түркістан қаласы) мен Анатолия арасында байланыстар үзілмей, сақталып отырған болуы керек», - деп дәлелдейді. Ал түрік бірлігін жан-тәнімен насихаттаушы, төрт кітаптың авторы, түркиялық ғалым Ердоған Аслыйүже 1980 жылы «Коневи» журналында жарияланған
«Әулиелердің әулиесі» мақаласында: «..Иассауи әскер арқылы қаншалықты таралуын анықтауға келмейтін ісләм дінінің неғұрлым кеңірек таралуына, мұсылмандардың жүрегіне бұл діннің барынша терең ұялауына ықпал етті. Хикметтер арқылы, өзі нұсқаған тазалық жолы – иассауилік жол арқылы түріктердің жүрегінде ісләм сәулесі берік орын алады және осы сәуле арқылы әлем жап-жаңа нұрға бөленеді, жарыққа кенеледі. Осы сәуледен түрік-ислам сопылығының кезеңі басталады», - деп, қазақ топырағына суфизм ілімін таратушы, осы ағымның ірі өкілі Құл Қожа Ахмет Иассауи өмірінің бүткіл мән-мазмұнын ашып көрсетсе, белгілі шығыстанушы Ақбота Ахметбекқызы: «Шығыстық Қайта Өрлеу дәуірінде ағартушылық, жалпы ғылыми прогресс ислам дінімен қанаттас өркендеп, бір-бірімен тығыз байланыстылықта дамыды. Сондықтан білімсіздік құрсауын бұзып шығар, жақсылыққа, гуманистік қоғам мен жарқын болашаққа жеткізер жолды мұсылманшылықтан іздеу, оның идеяларымен байланысты тану – орта ғасырларға тән заңдылық», - дей келіп, «Сопылықтың негізгі мәні, түпкі мақсаты неде?» - деген сұраққа: «..адам хақтың бір бөлшегі болғандықтан, өмір сүру мақсаты – хақпен бірігу (таухид) болып табылады. Бұған кедергі болар нәрсе – оның материалдық жағын белгілейтін нәпсілік қасиеті. Сондықтан адам өмір сүруде осы нәпсілік, тәнилік қасиетінен арылуы қажет... Ал бұған жеткізер бірден-бір жол – дәруіштік сипатындағы тақуалық болып табылады», - деп жауап береді. Тізе берсек, мұндай пікірлер көп. Бұларға қоса сопылық ағымды терең зерттеген белгілі шығыстанушылар М.Е.Массон, Сәрсенбі Дәуітов, Мақсұт Шафиғи, «Түрік әдебиетіндегі софылық ағымның өкілдері» еңбегінің авторы, түрік ғалымы Фуад Көпрұлұ, ақын және аудармашы, зерттеуші Әбіраш Жәмішұлы (Абраһмат Жамалиддин), филология ғылымдарының докторы Әбсаттар Дербісалиев, т.б. ондаған ғалымдардың осынау ағым туралы айтқан ойларынан үзінді келтіріп отырсақ, ұзақ-сонар әңгімеге кетеміз. Біз тек оқырман қауымға суфизм туралы жалпылама мағлұмат бере алсақ, болғаны. Айналып келгенде, айтылған пікірлер алуан түрлі болғанымен, барлығының айтар ойы біреу ғана. Сонымен суфизм дегеніміз – Шығыстық Қайта Өрлеу дәуірінде, орта ғасырларда дүниеге келген, ислам дінінің ұрығын шашқан дәні есепті, інжудей асыл, ілкі бір ілім. Сопылық ағымның негізгі төрт тірегі іспетті төрт ұстыны бар. Олар: 1) Тариһат (өзіңді тану); 2) Мағриһат (айнала әлемді тану, сұлулық); 3) Шариһат (осыған жетудің жолы); 4) Ақиқат (Алланы тану);
Осы төрт шарттың өзінің әрқайсысының он-оннан мақамы бар. Ол – өз алдына бөлек, ұзақ әңгіме. Бір ғана мысал: туған топырағымызға түркіліксопылық ағымның сәулесін таратушы Құл Қожа Ахмет Иассауи өзінің «Диуани хикмет» («Даналық кітабы») атты ұлы еңбегінде барлық ойтұжырымдарын: 1) Тәубашылдық; 2) Ғибадатшылдық; 3) Махаббат; 4) Сабырлылық; 5) Шүкірлік; 6) Ризашылдық; 7) Заһидшілдік (анықтық); 8) Ғаріптік деген сегіз қасиеттен тұратын сегіз жүйеге негіздейді. Бұл қасиеттер оның «Хикметтеріндегі»: Сүндет емес – кәпірге де берсе азар, Көңілі қатты, ділі азардан Құдай безер, Ондай құлға Алланың азабы даяр, Даналардан бұл сөзді естіп айттым, міне.
Сүндеттерін бекем ұстап, үмбет болдым, Жер астына жалғыз кіріп, нұрға толдым, Сопылардың мақамына жақын болдым, Нәпсіні көңіл найзасымен жаныштым, міне, - (1-хикмет) деген жан сырларынан айқын аңғарылады. Яғни суфизмнің түпкі тамыры сонау «Дәдам Қорқыт» аталған Қарақожаұлы Қорқыт бабаның (VІІІ-ІХ ғ.ғ.) «Ғұмыр философиясынан» бастау алып; Қу нәпсіге құлқыныңды ете көрме кіріптар, Алдында ысрат көпір барын ақыл-оймен біліп бар, - деп ескерткен Шамсуддин Мұхаммед Хафиз Ширази (Хожа Хафиз, XІV ғ.) ғазалдарына ұласып, одан күні кешегі Көкілташ медіресесінде оқыған Көпеев МәшһүрЖүсіптердің жырларына (XІX ғ.) жалғасып; «Бар, - дейді, - Жаратқанның көрген нұрын», Нұрды көрген пейіштен алады орын. Ұлбике, сен сұрасаң – мен айтайын, Кәф пен Нұнды жаратты ілкі бұрын... ...Әуелде Мұхаммедтің нұрын қылған, Он сегіз мың ғаламнан бұрын қылған. Он сегіз мың ғаламның тұтқасы ғып, Сегіз пейіш ішінде орын қылған... ...Әуелде жаратқанда жан жаратқан, Дарияның түбінде мың жыл жатқан. Дарияның түбінен шығарған соң Нұрдан алып, Ай менен Күн жаратқан, - деп күңіреніп еткен Күдеріқожалардың толғауларымен біте-қайнасып; - Кетті, келді, Толды, семді,
Өзгеленді бұл ғалам. Туды, өлді, Жанды, сөнді, Өршіп, өнді қайтадан... - «Жан» деген не, Мүлде өле ме, Шын жоғалып, сөне ме? «Дене жөн» деп, Жоғары өрлеп, «Жаның – мен» деп келе ме?! – деп, шағала-ойы шарқ ұрып, сансыз сауалдар санасын найзалаған Шәкәрім қажылардың «Ақиқатты іздеу» деген асыл мұраттарына сабақтасады. Айналып келгенде, мұның бәрі сол баяғы осыдан 850 жыл бұрын ғұмыр кешкен Құл Қожа Ахмет Иассауидің: Менің хикметтерім – Алладан пәрман. Оқып-ұққанға – Бар мағынасы: Құран, - деген темірқазықтұжырымына келіп тіреледі. Міне, суфизмнің күні бүгінге дейін күміс тіні үзілмей келе жатуының сыры осында: адамзат баласының Алланы тану жолындағы ауыр да азапты «Өмір шындығын іздеу» сапары өзі жер бетінен жоғалып кеткенше тоқтамақ емес. Бекет Ата да – сол тарих көшінде талмай ізденісті мұрат еткен, бар ғұмырын Алланың ақ жолына арнаған суфизм өкілдерінің бірі де бірегейі. Атаға дейінгі сопылық ағымның басты-басты ірі тұлғаларын санамалап айтар болсақ, ол сонау «Сайрамда – сансыз баб, Түркістанда – түмен баб» делінетін, арғы тегі Арабиядан бастау алған қожалар әулетінің көрнекті көсемі, атышулы Арыстан бабтардың (ХІ ғ.) да ар жағына – әл-Жаһиз (ІХ ғ.), Ысқақ баб (VІІІ ғ., Иассауидің жетінші атасы) дәуірлерінен де әрі кетіп, Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбардың немере інісі әрі күйеу баласы, төртінші халифа Әзірет Әлілердің кезеңінен бастау алады. Әлхисса, ел аузындағы аңыздың айтуынша, Әзірет Әлі бір күні келіп, Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбардан: «Мен қалай еткенде Аллаға жақын бола аламын?» - деп сұрапты. Сонда ардақты Пайғамбарымыз: «Аллаға күндізтүні үздіксіз жалбарынар болсаң және ол мінәжатыңды жердің үстінде тұрып емес, көпшілік көзінен оңаша, жер астында отырып жасасаң ғана Алла Тағалаға жақын бола аласың», - деп жауап қайтарыпты-мыс. Міне, содан бастап Әзірет Әлі жер астына (қылуетке) түсіп, Алла Тағалаға жалбарынуын жалғастырған екен. Сопылық ағымдағы ілімнің ең бір ұшар шыңы іспетті «қылуетке түсу» ұғымы сол Әзірет Әлі заманынан басталады. Әйгілі Құл
Қожа Ахмет Иассауи де сол Әзірет Әлінің баласы Мұхаммед Ханафиядан тарайды. Тарихтан белгілі, Қарахан мемлекетінің негізін салушы, қазіргі қазақ жерінің оңтүстігін мекендейтін дуана қожалар, аққорғандық қожалар, хорасан қожалар да – сол Мұхаммед Ханафияның ұрпақтары. Ал оның бергі жағындағы Қожа Ахмет Иассауидің ұстазы Әбу Жақып Юсуф Хамадани Бузанжирди (1048-1140), оның екі халифасы – Қожа Абдулла Барки (ХІ ғ.), Қожа Хасан Андаки (ХІ ғ.), өз заманының көрнекті қайраткері және ұлы ақыны Әлішер Науаи (ХІ ғ.), әйгілі «Құтадғу білікті» жазған Жүсіп Баласағұни (ХІ ғ.), «Мулкаматул-сурахты» жазған Жамал Қарши (1230-1305), Шығыстың жеті жұлдызы – «Шахнаманың» авторы Фирдоуси, «Жеті арудың» авторы Низами, «Бостанның» авторы Сағди, ұлы «Рубаилар» қалдырған Омар Хайям, ғажайып «Ғазалдар» жазған Хожа Хафиз, Әбдірахман Жәми мен Руни сияқты ұлы ақындар немесе Қожа Ахмет Иассауидың тұстастары – «Диуани лұғат-ат-түріктің» («Түркі халықтарының сөздігі») авторы Махмұд Қашқари, «Хибатул хакаиктің» («Ақиқат сыйы») авторы Ахмет Йүгінеки, «Мұхаббат-наменің» («Махаббат дастаны») авторы Реванди Хорезми, «Гүлстанның» авторы Сайф Сараи, «Таза шындық» атты 50 тараудан тұратын еңбек жазып қалдырған, Отырар қаласынан шыққан 12 Фарабидің бірі Имам-ад-Дин Әбу-л-қасым әл-Фараби (1130-1210), сондай-ақ Софы Аллаяр, Сүлеймен Бақырғани, имам Сейд әли-Раис Катиби, Қожа Хафиз Нақшбанди, Шейх-Күбірә (ХІІІ ғ., кейде «Шәкібір Ата», «Чекапатар әулие» деп те жазылып жүр), халық аузында «Қарабура әулие» атанған Ахет Тама сияқты ондаған сопылық ағымның ұлы тұлғалары сонау VІІІ-ІX ғасырлардағы суфизмнің атасы Зунун әл-Мысриден бастау алған, тамыры терең, бұтағы биік бәйтеректей һәм ағысы қатты асау өзендей асыл ілімді айдынды дарияға айналдырып, біздің Бекет Атамыз өмір сүрген XVІІІ ғасырларға дейін үзбей сабақтастырып, алып келген. Ал мұның өзі: - «..Адамзат алдында екі нәрсе – шіркеу православиесі немесе мұсылмандықты ұстау қажеттігі тұрса, ондай таңдауда кез келген адам жалғыз Тәңіріңді мойындайтын мұсылмандықты қалайтынына күмән болмасын», - деген, Ресей ормандарында тік өскен емендердің ең алыбы Лев Толстой; - «Мұсылмандық – дүниенің ұйытқысы болған дін. Бұл діннің қайнар көзі – Құран. Ал Құран болса – әлем мәдениетінің негізгі іргетасы. Егер мұсылмандық жер жүзінен жойылар болса, дүние шайқалып кетер еді», - деп мойындаған Ф.Гостонкер; - «Құран үйреткен негіздерде ешбір кемістік жоқ. Адамгершіліктің бүкіл қағидаларын Құраннан артық дамытуға, ілгерілетуге болмайды», - деп үзілдікесілді байлам айтқан Иоганн Вольфганг Гете;
- «Құран ең жоғарғы, ең пайдалы, ең шынайы пікірлерді қамтиды», - деп баға берген У.Ирвинг; - «Оны (Мұхаммедті (с.ғ.с.)) адамзатты сақтап қалушы деп есептеуге болады. Егер сол секілді адам қазіргі заманды басқаруды өз қолына алса, әлемге қаншама мұқтаж тыныштық пен бақыт әкелу жолын сөзсіз табатынына мен сенемін», - деп таңдай қаға тамсанған Бернард Шоу; - «Адамзат қауымы Мұхаммед (с.ғ.с.) сияқты ардақты да таңдаулы, құрметті жанды бір-ақ рет көрді. Ол енді ешқашан қайталанбайды. Сол үшін онымен замандас болмағаныма өкінемін», - деп бас иген Пренс Бисмарк, Америкадағы Шіркеулер одағы директорының орынбасары және «Қара түстілердің өркендеуі» одағының басшысы Бенджамин Тоуис, христиандықтан бас тартып, мұсылман дініне кірген орыстың ұлы ақыны Александр Сергеевич Пушкин, әлемді дүр сілкіндірген әйгілі боксшы Мұхаммед Әли (шын аты – Кассиус Клэй), атышулы «Темір Майк» атанған Майк Тайсон (мұсылманша есімі – Мәлік («жеңімпаз» деген мағынада) Әзиз), ислам дінін қабылдаған соң 20 миллион долларға Чикагодан мешіт салдырған Америка поп-музыкасының жұлдызы Майкл Джексон сияқты түрі де, тілі де өзге, тіпті діні де, ділі де өзге бола тұра мұсылмандық жолды мұрат тұтып, жер шарындағы 1,5 миллиард мұсылманның қатарын толықтырған жүздеген тарихи тұлғалардың әлемдегі ең жас дін – ислам дінінің құдіретін, ақырдың Пайғамбары – Мұхаммедтің (с.ғ.с.) ұлылығын, Көктен түскен қайталанбас қасиетті, теңдесі жоқ төртінші кітап – Құран Кәрімнің Алланың ақ сөзі екендігін мойындап, бар ынты-шынтымен, жан-тәнімен бағалай білуіне мәжбүр етті. Ал исламның мұндай зор мәртебеге ие болуы үшін біз сөз етіп отырған суфизм ағымының да, оның жоғарыда аттары аталған ірі өкілдерінің де атқарған ролі мен еткен еңбегі өлшеусіз болатын. Атамыз Бекет әулие нәр алған асыл қайнар да – осы теңіздей терең, теректей ерен, дариядай арналы, даладай кең, мұхиттай шалқар, мұнарадай биік мұсылман дінінің сұлу да сұңғыла сырларға, сұмдық қызық құпияларға толы ағымы – суфизм болатын.
БЕКЕТ АТА – СҰПЫ
Суфизмді зерттеген түрік ғалымдары Фуад Куприлизаде (Көпрұлұ), Кемал Арслан, орыс ғұламалары А.Н.Самойлович, В.А.Гордиевский, В.В.Бартольд, қазақ шығыстанушылары Х.Сүйіншәлиев, Н.Келімбетов, Ғ.Айдаров, Ә.Құрышжановтар, әсіресе «Суфийские ордены в исламе» еңбегінің авторы, ағылшын ғалымы Дж. С.Тримингэмдер сұпылық ағымның өкілдеріне әрбір мақамдарды меңгерген сайын беріліп отыратын «ғашық», «сақы», «ғалым», «месжид», «сақып кемел», «асхаб» («сақып» сөзінің көпше түрі, арабша «сұхбаттасушы» деген сөз), «мүршид» («ұстаз» деген мағынада), «пір», «баб» сияқты бірнеше сатылы сопылық ордендері, лауазымдары болатынын жазады. Бұл сөзімізді ХІ ғасырда түркі топырағына сопылық ағымның дәнін еккен Құл Қожа Ахмет Иассауидің: ...Бес жасымда білім бағлап, қызмет қылдым... ...Жеті жаста Арыстан бабқа қылдым сәлем, Хақ Мұстафа аманатын қылды әнғам (тарту–Р.Қ.), Құрма беріп, басым сыйлап, назар қылды, Бір мұрсатта ақбы сырын сапар қылды... ...Сегізімде сегіз жаннан жол ашылды, «Хикмет айт!» деп бұ басыма нұр шашылды. Бихамдилла пір маған мей (шарап–Р.Қ.) ішірді, Ол себептен алпыс үште кірдім жерге... ...Мен жиырма жеті жаста пірді таптым, Әр сыр көрдім, пердеменен бүркеп жаптым, Астанасын жастанып, ізін өптім, Ол себептен Хаққа сыйынып, келдім, міне... ...Мен жиырма сегіз жаста ғашық болдым, Отыз үште сақы болып, мей ұшладым, Отыз төртте ғалым болып, дана болдым, Отыз бесте месжид кіріп, дәурен сүрдім, Отыз алты жаста болдым сақып кемел, - деп жазған, «Хикметтерінің» әр жер-әр жерінен теріп алынып, беріліп отырған терең мағыналы жыр жолдары беркіте түседі. Біз мұның бәрін неге айтып отырмыз?! Бажайлай қарап, байқап отырсақ, біздің Піріміз Бекет Атаның өмір жолдары да осы Иассауидің ғұмырбаянымен өте ұқсас. Мәселен, айтушылардың аузындағы әңгімелердің ақиқатқа жақын жерін алып қарасақ, Бекет Ата бес жасында Пайғамбар сүндетіне отырып, алдымен атасы Жаналыдан, сосын ауыл молдасынан хат танып, діни сауатын ашады. 8 жасында айнала әлем, қоршаған орта туралы таным-түсінігін кеңейтіп,
ғылым жолына құмартады.14 жасында Хиуадағы «Шерғазы хан» медіресесіне оқуға аттанады. 16 жасында алғашқы билігін айтып, ақсақалдарды аузына қаратады. Медіреседе 7 жыл оқып, 21 жасында «сақып кемел» атанып, шатырхат алып, елге келген соң Ақмешіттен алғашқы мешітін салып, бала оқытады. 22-23 жасында жау жасағын қасиетімен қайтару арқылы ұлысқа ұран болып, қашқан да «Бекет!», қуған да «Бекет!» дейтіндей дәрежеге жетеді. 24 жасында қазіргі Ескі Бейнеудегі мешітін қаздырып, 28 жасында Оғыландыдағы мешіт құрылысын бастайды. 40 жастан асқан уақытында Хиуадағы шайхы-пірлердің алқалы жиынында арнайы сынақ тапсырып, пірленеді. Яғни «Бекет сұпы», «Бекет Пір» атағын алады. (Мұның бәрін біз көз жоба, көңіл долбарға салып, ойдан шығарған ештеңеміз жоқ. Атаның жас шамасы туралы деректердің бәрін Атаға жекжаттық жағынан жақындығы бар қадірменді қария, халық емшісі Тасқара Қаратайұлы Өтешовтің жазбаларынан және Ата ұрпағы Ислам Мырзабекұлы Қосқұлақтегінің 1999 жылы Ақтаудан жарық көрген «Бекет Ата» кітабынан алдық). Енді осы деректердегі Атаның жас шамаларын, атақ-лауазымдарын салыстырып отырсақ, Қожа Ахмет Иассауидің «Хикметтеріндегі» өзінің өмірбаяны туралы айтқан жыр жолдарындағы жас жобасынан анау айтқандай алшақ кетпейді. Бұл – бір. Екінші бір айрықша айта кететін нәрсе: Бекет Ата – ең алдымен сұпы. Арғы шығу тегі ортағасырлық Қайта Өрлеу мәдениетінен бастау алған сопылық философияның Маңқыстаудағы бірден-бір бірегей өкілі. Өкінішке қарай, бұған дейінгі бізге жеткен жазба деректерде Атаны кезінде ел-жұрты «Бекет сұпы» деп атағаны жөнінде көп айтылмайды. Соған қарамастан, Бекет Ата – сұпы. Олай дейтініміз – Бекет Ата тәлім алған Хиуадағы «Шерғазы хан» медіресесі сол кезде Орта Азиядағы исламның суфизм ағымын тереңдетіп оқытқан бірден-бір білім ордасы болған. Ал Атаның ұстазы Пақыржан қажы Пір – сонау VІІ-ІX ғасырларда Зунун әл-Мысридан басталған, бер жағында Юсуф Хамадани, Арыстан баб, Қожа Ахмет Иассауи, Сопы Аллаяр, ШейхКүбірәлар, т.б. жалғастырған суфизм ілімін ілгері дамытушы, ірі ғұламалардың бірі. Кейбір көне деректерге сүйенер болсақ, Пақыржан қажының өзі Шейх-Күбірәның шәкіртінің шәкіртінен тәлім алған көрінеді. Сол себепті исі мұсылман әлеміндегі төрт мазһабтың бірі – Имам Ағзам мәзһабын ту еткен Юсуф Хамаданидің жолын берік ұстанған, Бекет Атаның өзбек ұстазы Пақыржан қажы да өз шәкірттеріне осы ілімнің қыр-сырын меңгертіп, қырық құпиясына бойлатады.
Өйткені, ел аузындағы ескі әңгімелерде айтылатын Бекет Атаның жеті балапанын ерткен ақ сары бас аққу болып ұшуы немесе адасқанда айқын жолға салатын ақ киік болып жортуы һәм әруағының бірде қызыл жолбарыс, бірде сарыүйек жылан, енді бірде қарақашаққа айналуы – осының бәрі – суфизмнің ең биік шыңдарын бағындырып, киелі кереметтерін меңгере білген кісінің ғана қолынан келетін нәрселер. Сондай-ақ Бекет Атаның Хиуа мен Бұхараға, Түркістан мен Сайрамға, Мекке мен Мәдинаға кез келген уақытта ұшып бара алатын қабілетке ие болуын да осы қасиеттерінің қатарына жатқызуға болады. Өйткені, біздің қолымызда бар мағлұматтарға қарағанда, сопылық ілімнің барлық мақамын меңгерген жан керек болса өзінің тәндік формасын өзгертіп, Алла Тағала жаратқан аң-құс, өсімдік атаулының кейпіне кез келген уақытта ене алатындай қасиетке қол жеткізген. Екіншіден, Бекет Атаның Хиуаға оқуға бара жатып, сонау Жем өзенінің бойындағы Ақмешіттен арып-ашып, арнайылап келіп, әулиелері сыңсыған кең байтақ Маңқыстаудың даласынан таңдап жүріп, күнгейдегі Шопан Ата әулиеге түнеуі де тегін емес. Себебі, Шопан Атаның өзі – қазақ топырағындағы суфизмнің атасына айналған Ысқақ бабтың жетінші ұрпағы, Арыстан бабтың шәкірті Құл Қожа Ахмет Иассауидің қолынан дәріс алған, кейінірек дін тарату мақсатымен көне Хазар (Каспий–Р.Қ.) теңізінің бойын жайлаған қалың елге келіп, жерленіп қалып қойған, аса білімдар, діндар кісі. Шопан Ата бейіті басындағы күні бүгінге дейін сақталған тар қылует – сол сопылық дәстүрден қалған соңғы жұрнақтардың бірі. Ал Атаның Шопан Атаға соғу себебі аян арқылы жүзеге асты ма, әлде басқалай бір себептері болды ма – ол жағы бізге күңгірт. Әйтеуір болашақ Пірдің келешегіне жол ашқан кеңісті қадам болғаны ақиқат. Үшіншіден, Бекет Ата иеленген «шәкірт», «сұпы, «шайхы», «Ата», «ұстаз», «Пір» сияқты лауазым-атақтардың барлығы да – суфизмнің сатылы мақамдарын меңгерген білімдар жандарға берілетін сопылық ордендер. Төртіншіден, топограф Алексеев жазған деректердегі: «..өз ағайындары Маңқыстауға көшіп кеткенде ол (Бекет Ата–Р.Қ.) азын-аулақ тағаммен жалғыз қалып қояды екен. Ол диуана сияқтанып, тоңғанына, ашыққанына қарамастан, сол үңгір-мешітте жалғыз қала берген. Жаз шыға туысқандары өлдіге санап, қайта көшіп келсе, ол бұрынғысынан да сау-саламат күйде оларды қарсы алады екен. Оны көрген ел «Оны бағушы Құдіреттің күші бар» деп түсінген, «нағыз әулиенің өзі» деп сенген..» деген жолдар мен халықтың аузындағы ақиқатқа бергісіз аңыз-әңгімелердегі Бекет Атаның бір жолы қатты қыста қара құманға еңіреп қатып қалған мұзды қолын тигізіп, сақырлатып қайнатып жіберуі сияқты қасиеттер – тек қана суфизмнің ең жоғарғы асқар шыңын бағындыра білген адамның қолынан келетін іс. Ресей баспаларынан шыққан жазба мәліметтерге жүгінсек, сопылар сынақ
тапсырғанда қылуетке түсіп, қырық күн бойы ас-сусыз қырық тамшы суды ғана қорек етіп, жер астында өлімсіреген жалғыз шырағданның жарығымен әртүрлі діни кітаптарды оқып, танымын кеңейтіп, сонымен бірге үздіксіз Жаратқанға жалынып-жалбарынатын болған. Нәтижесінде барлық сыннан сүрінбей өтіп, өз еркін өзіне бағындыра білетіндігін дәлелдеген нағыз сопы үш-төрт құлаш тереңдіктегі жер астында, төбесі тас бітелген көр қараңғы қылуетте отырып-ақ жорғалап бара жатқан құрт-құмырсқа, жәндікті көре алатындай немесе үй ішінде отырып-ақ 20-30 қадамдай қашықтықтағы адамның яки аңның аяқ басқан дыбысын естіп, демін сезініп, қандай аң, қандай жан-жануар екендігін айыра алатындай дәрежеге жеткен. Бұл сопылықтың ең қатал да ауыр сыны болып есептелген. Кей кездерде мұндай сынаққа шыдай алмай, шәкірттердің өліп кететін жағдайлары да кездескен. Ал Бекет Ата – суфизмнің сондай ең қиын деген ерекше сынақтарының бәрінен абыроймен өтіп, Алла Тағаланың айрықша шапағатына бөленген жан. Реті келгенде айта кету керек, сопылық ілімнің бұл дәстүрі – бүгінгі күні жер шарына кеңінен тараған, «Адамның мүмкіндігі шексіз, ол бәрін де істей алады. Адам Жаратушы Иеге жақындау қабілетіне ие. Тек өзінің барлық мүмкіндіктерін сарқа пайдаланып, табиғатпен туыстаса білуі керек» деген идеяны уағыздайтын үндінің йога ілімінің бастау-бұлағы болуы да мүмкін. Оны осы саланы тереңірек зерттеп жүрген зерделі ғалымдар айта жатар, біз тағы да тақырыбымызға қайтып оралайық. Бесіншіден, Бекет Атаның салдырған бес мешіті (кейде «жеті» деп те айтылып жүр) де орналасуы мен салынуы, құрылысы мен құрамы жөнінен қазіргі физика, химия, математика, жағрапия, астрономия, биология сияқты жаратылыстың барлық ғылымдарынан хабары бар және оны терең игерген ілкі қасиет иесінің қолынан шыққан туындылар екенін айғақтайды. Ол туралы кейін Атаның мешіттері туралы тақырыбымызда кеңірек сөз ететін боламыз. Әзірге бізге белгілісі – сопылық жолына түскен барлық талапкерге де дүние-әлемнің осынау барлық ілімдерін жүйелі түрде жүргізіп, тереңдетіп оқытатыны және Бекет Атаның сол ғылымдардың бәрін толық меңгеріп шыққандығы. Әсіресе барлық мешіттердің де төбесі ашық болып, ғарыштан түсетін ақпараттар мен энергиялардың (космостық информациялардың) бәрін тұп-тура, өзіне тіке, дәл қабылдайтындай қасиетке ие болып орналасуы – осы сөзімізге даусыз дәлел. Ал мұның өзі – сонау өзінің пайда болу, өсіп-өну тамырын ортағасырлық Шығыстың Қайта Өрлеу дәуірінен алған сопылық ілімнің ең биік құзар шыңдарының бірі болатын. Алтыншыдан, Ата туралы қалам тербеген бірқатар көзі қарақты, көкірегі сәулелі азаматтар соңғы бес-алты жылдың бедерінде Атаның сұпы болғандығын аракідік болса да айтып қалып жүр. Мәселен, өлке тарихын
зерттеуші Ізбасар Шыртанұлы «Пірдің соңы – Бекет Ата» атты мақаласында: «..Ата – Шығыстан білім алып, Шығыстың поэзиясымен, діни ілімімен сусындаған адам. Біздіңше, ол кісінің бойында Шығыстың, яғни суфизмнің ықпалы күшті болғаны даусыз. Сол арқылы өз творчествосында да, ілімінде де жаңа бағыттар туғызған адам», - деген пікір айтады. Ал халық тарихына өлшеусіз үлес қосып жүрген қарақалпақстандық қария Өмірзақ Қалбайұлы өзінің «Мүсірәлі пір» деген мақаласында бүгінде бейіті Түркістан қаласынан 40 шақырымдай қашықтықта жатқан, ар жағы Арабиядан келіп, Түркістан қаласына имам-пір болған, халық «Қарабура әулие» атап кеткен Әбуали Дыхахидың Ықылас Ата Шашты Әзиз, Марал ишан, Мүсірәлі пір Сұпы Әзиз деген үш атақты сұпы шәкірттері болғандығын, сол үшеудің бірі – 12 ата Керейіт ұрпағы Жәдікұлы Мүсірәлі 14 жасында пірленіп, сұпы атағын алғанын, сол Мүсірәлі пірдің қалмақ қызынан туған Қосым деген баласы Бекет Атамен тұстас екендігін, екеуі Хиуадағы «Шерғазы» медіресесінде 3 жылдай бірге оқығандығын жазады. Бұған қосымша ретінде Орта Азиядағы сұпылық бағыттағы Шығыс поэзиясының жарық жұлдыздары Мақтымқұлы Кемине (1733-1793), Әжнияз Қосыбайұлы сияқты атақты ақын, дін адамдарының сол медіреседе Бекет Атамен бірге оқығандығын, Шығыс философиясының шыңдай биік, шынардай әсем, мұхиттай терең мұраларынан сусындағанын айтсақ та жеткілікті. Бекет Атаның суфизм өкілі екендігін Атаның жер асты мешіттерін зерттеп жүрген зерделі азамат Базарбай Әбдірахманов та жоққа шығармайды. «..Жалпы, Бекет Ата ұстанған және уағыздаған суфизмге келер болсақ, оның тамыры сонау Ідіріс пайғамбардан нәрленіп басталып, оның идеологиясы, формасы, механизмдері замана талабына сай өзгеріп отырған деуге болады», - деп жазған ол Атаның Оғыландыдағы жер асты мешітінің маңына жерленген адамдардың құлпытастарында сол кезде Атаның көзі тірісінде-ақ (1780-1810 жылдар аралығында) «Бекет сұпының шәкірті», «Бекет сұпының баласы», «Бекет сұпының жиені» деген жазулар бар екендігін, «сынық құлпытас бөлегінен айқастыра салған айбалта, олардың қиылысу тұсындағы дорба пішіндес белгісі» де осы ағымға тән таңба екендігін және Атаның қимылсыз зікір салу ілімін меңгеріп, құс болып ұшатындай қабілетке ие болуы сияқты толып жатқан қасиеттерін дәйекті дәлел ретінде келтіре отырып, оның сұпылық ағымның Ниматулла қауымдастығына жататындығын айтады. «..Самарқанд, Бұхара, Ташкент музейлерінде кездескен силсиллалардың барлығында дерлік Ниматулла шахтың есімі бар. Олай болатын себебі – Ниматулла шах (1330-1431) Египетте білім алғаннан кейін Орта Азияда (Бұхара, Самарқанд, Ферғана) өзінің мектептерін ашып, сұпылық ағымның негізін қалайды. Бекет Атамыздың ізденіп Бұхараға
барып, Пақыржан пірден білім алғанын ескерсек, онда «Ниматулла ағымында тәлім-тәрбие алып, өзінің шәкірттерін тәрбиеледі» деуге толық негіз бар», - деп түйіндейді Б.Әбдірахманов өз сөзін. Осы пікірдің өзі алдыңғы айтқан әңгімелеріміздің шындыққа жанасатындығына айғақ бола алады. Осының бәрін қорыта келгенде айтарымыз: Бекет Ата – ең алдымен сұпы. Оның естіген жанның есін шығарған, тыңдаған кісінің тынышын алған небір ғажайып, ғаламат қасиеттері мен сан алуан керемет киелерінің түптамырын біз сол суфизм ілімінің қатпар-қатпар қасиетті құпияларынан іздеуіміз керек. Тек Бекет Атаның алдыңғы өткен Арыстан баб, Қожа Ахмет Иассауи, Юсуф Хамадани, Шопан Аталардан бір айырмашылығы – ол соларға ұқсап тақуалықты таңдап алып, дүниенің бар қызығынан баз кешіп, кезбе болып кетпеген және жер астына түсіп, жарты ғұмыр жасын қылуетте өткізбеген. Соған қарағанда, Атаға ілім-білім үйретіп, тәлім-тәрбие берген Пақыржан қажылардың жолы – кейін кеңейе келе тармақталып кеткен сопылық ағымның өз алдына бөлек, жеке соқпағы болса керек. Оқырман қауым бұл пікірлерімізбен келісер-келіспес, бірақ оны індете зерттеп, іздеу жұмыстарын жүргізу – келешекте келе жатқан білімдар ұрпақтың еншісі. Біз тек өз ойымызды ғана білдірдік. «Бекет Ата бір жерден екінші жерге қоныс аударғанда, 11 (он бір!) түйеге артылған кітап-қағазбен көшеді екен» деген сөз бар. «Сол ескі діни кітаптар мен қолжазбалар осы ғасырдың кешегі елуінші жылдарына дейін Оғыландыдағы мешіт ішінде шашылып жатыпты» деген дерек айтты бізге біреулер. Әттең, арада екі жарым ғасыр өткенде бізге сол мұхит-мұраның бір парағы да жетпегені өкінішті-ақ. Егер табыла қалған жағдайда біздің жоғарыдағы пікірімізді бір дәлелдесе, сол кітап-қағаздар мен Атаның қолымен жазып қалдырған жазба мәліметтер ғана жан-жақты дәлелдеп, жарқыратып ашып көрсете алатыны сөзсіз. Ескерте кететін бір нәрсе: бұл – әлі ғылыми жүйеленген, дәлелдеуді қажет етпейтін аксиомаға айналған ақиқат түйін, ақи-тақи ақырғы шешім емес. Бұл – тек бізге әлі беймәлім болып келген «Бекеттану» ғылымының беташар кіріспесі ғана.
ӘУЛИЕНІ ӘЗ ТҰТҚАН
Киелі Маңқыстаудың әулиелер әлемі жайлы әңгіме қозғағанда, белгілі Бекет Мырзағұл баласын ауызға алмай кету мүлде мүмкін емес. Жебе таңбалы жергілікті халықтың ұғымында Маңқыстау – жер кіндігі болса, Бекет Ата – Маңқыстаудың зор кіндігі, атамекеннің алтын діңгегі, желепжебеушісі, сенім-сүйеніші. Бекет Мырзағұлұлы – ел қорғаған ерен ерлігімен, медіресеге татыр мешіттер салдырған сәулетшілігімен, ұрпақтың көзін ашқан ұстаздығымен, алдына келген ауруларды ажалдан арашалап алған емшілігімен, болашақты болжап, алысты аңғарар әулиелілігімен аты аңызға айналған көреген абыз, көріпкел пір. Атырау, Маңқыстау, Ақтөбе, Орал, Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарын былай қойғанда, Ауғанстан, Иран, Түркіменстан, Өзбекстан, Қарақалпақстанды жайлаған қалың елде Бекет Атаның есіміне екі қазақтың бірі қанық. Ташауыз қаласының тұрғыны Көбейсін Батырұлының: «..Ондағы елдің Маңқыстауға деген, соның ішінде Бекет Атаға деген ықыласы ерекше. Кез келген жанұя әруақты Атаның жолынан ештеңе де аямайды. Бекет Атаға келіп, зиярат етіп қайтқан жанды біздің жақта қатты қадірлейді... Алла Тағала ізгі ниетті ешуақытта да ескерусіз қалдырмайды деп ойлаймын», - деуі де осыны аңғартады. Бекет әулие – тарихта болған адам. Бүткіл бір ұлыстың ұранына айналып, бір тайпа елдің айнымас сенімінің алтын қазығы болған ол кісінің ұрпақтары – қазір жоғарыда аталған аймақтарда өсіп-өніп, өркен жайған, үрім-бұтағы дүреген, үбірлі-шүбірлі үлкен қауым. Ол туралы 1997 жылы «Атамұра» баспасынан жарық көрген «Маңғыстау» энциклопедиясында: «Бекет Ата Мырзағұлұлы (1750-1813) – халық батыры, абыз, көреген, сәулетші. Туып-өскен жері – Жем өзені бойындағы Ақмешіт-Құлжан, Маңғыстау өңірі. Мүрдесі Маңғыстауда – Оғыландыдағы өз мешіт-ғимаратына қойылған. Бекет Атаның тегі – Адайдың Келімберді-Мұңал-Жаулы-Қосқұлақ-Жаналы-Мырзағұл деген әулеттері. Өз әкесі инабатты, момын, шаруа адам болыпты. Бекет Ата жастайынан оқубілімге құмартып, білім іздеген, өз еңбегімен күнелткен, жігерлі, қайсар, ерекше дарынды, көріпкел, әулие адам болған. Хорезм ойында Пақыржан қажыдан оқыған. Жем бойынан (Ақмешіт), Бейнеуден, Баялыдан, Оғыландыдан жер асты медіресе-мешіттер жасап, бала оқытқан. Ел тәуелсіздігі үшін басқыншы шапқыншыларға қарсы жорықтарға қатысып, ақыл-кеңес беріп, қол бастаған. Бекет Ата – жер асты ғимараттарын қашап жасаудың ежелгі дәстүрін дамытқан сәулетші. Бекет Атаның білімдарлық, батырлық, әділдік, еңбексүйгіштік, абызкөріпкелдік қасиеттері өз дәуірінде ерекше танылған. Халық оны айрықша
қадірлеп, әулие тұтқан. Адай елі өзінің ұранына айналдырған. Халық Бекет Ата өмірін, оның қысылғанға жар болған ерекше қасиет-қадірін, әулиелігін ықыласпен әңгімелеп, ұрпақтан-ұрпаққа ұластырған» деген қысқаша мәлімет берілген. Ықылым дәуірлерден бері ызыңдап бізге жеткен құпия әңгімелерге құлақ түрсек, халқымыздың қадым замандардан бергі тарихында Бекет Атаның есімін ешқашанда тікелей атап көрген емес. Әрдайым есіміне «Ер Бекет», «Пір Бекет», «Бекет Ата», «Бекет әулие» деген қосымшалар жалғау арқылы атайды. Алда-жалда ақ екендігін айтып, ант-су іше қалса да, алдымен аузына Алланы алып, сонан соң «Бекет атсын!» деп қарғанады халық. Бекет Атаны бағзыдан бері табаны Маңқыстауда отырған бір рулы ел пір тұтып, құты қашып, қорыққанда да, әруағы асып, айбыны артса да, есі шығып, екі етек болып қуанғанда да «Иә, Бекет!» деп сыйынуды дәстүр еткен. Тіпті кей кездері жоғалған малы мен тоналған мүлкін де Ата әруағына сыйыну арқылы адаспай тауып, алжаспай біліп отырған. Осы орайда «Сонда бертінде өткен Бекеттен (1750-1813 жж.) бұрын Адайда ауызға алып, атын ұран қылып шақыратын киелі кісілер болмаған ба?» деген заңды сұрақ тууы мүмкін. Болған, әрине. (Журналист Тәжіназар Шадықұлов: «Рас, Адай елі Бекет Атаға дейін де ұрансыз болмаған. Бірақ қандай ұран екенін әлі тап басып айта алмай жүрміз. Орыс оқымыстылары қалдырған қолжазбаларға қарағанда, «Тегелен!» деп ұран көтерген. Әйтсе де, бұл сөз орыс тілді оқымыстылар тарапынан қағазға қате түсірілген болуы ықтимал» деп, бұлдыр-бұлдыр бұрынғыдан келіп жеткен бір сөздің шетін шығарады. Мәселен, Адай руы бұрынырақта Қосай Атаға сыйынып, атын ұран қылған, қазір де қасиет тұтады). Алайда олардың көпшілігі жекелеген ұсақ рулар мен тақталардың деңгейінен аса алмаған секілді. Бүткіл Адайға ортақ ұран болып, беделді болған белгілісі – Бекет әулие ғана. Сондықтан да «Мәдинада – Мұхаммед, Түркістанда – Қожа Ахмед, Самарқанда – Саид Ахмед, Бұхарада – Шейх Ахмед, Маңқыстауда – Ер Бекет» деп басталатын сыйыну сөздерін көздерінен жас саулай тұрып, күбірлей қайталамаған «мен – мұсылман» баласы сирек шығар. Адамзаттың асылы Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбармен қасиеті қарайлас, Қожа Ахмет Яссауимен әруағы иықтас болмаса да, Бекет Атаның әулиелік, зайырлық қасиеттері «осал» деп ешкім айта алмаса керек. Осал болса, осындай мәтел сөз мәңгі-бақи ел есінде жатталып, сан ғасырлар бойы сары алтындай сақталмас еді. Осының өзі – Бекет Атаның биік беделін, тарихтың өзі тарту еткен тәж-тақытын таразылай білген қаймана халықтың ыстық пейілі мен ынта-ықыласының қаншалықты зор екендігінің белгісі. «Адайға Құдай берерде Бекет Атаны берді» деген нақыл сөздің де нағыз мәні тереңде жатыр.
Атағы алты Алаштан асып, исі мұсылманға шапағаты шашылған Ата туралы асылық айтқан адамның аузы қисайып, аяғы көктен келгенін талай жерде құлағымыз естіп, көзіміз көріп, «бөгелегіміз» біліп жүр. «Ердің соңы – Есет, Пірдің соңы – Бекет» деген екі ауыз сөздің ел ішінде кеңінен таралуы – кейінгі туған кемеңгерлердің қасиетін төмендетіп, қадірін кетіру емес, қайта Атаның әруағын асырып, айбынын зорайту мақсатында айтылған дер едік. Түбектің төкпе дарыны Түмен Балтабасұлының: Маңқыстау – Ер Бекеттің туған жері, Кетіріп, кіндік қанын жуған жері. Кіндігін қожа-молда қолмен кесіп, Тамырын тарамыспен буған жері. Бекеттен берекелі дұға тиіп, Жауызды жамандасқан қуған жері. Шайқының шарапатты дуасымен Тентекті тек жүрмеген тыйған жері, - деп келетін сегіз жол өлеңінің астарында талай тарих пен шет-шегі жоқ шежіренің ұшығы жатыр. Атышулы айқын жүйрік Нұрым Шыршығұлұлы: Тіл таңбалы Адай бар, Әулие Бекет ұранды... Маңқыстауда берекет, Әнеки, сонда керемет. Кетсе – кемін толтырған Адайда бар Ер Бекет! – деп шалқыса, басынан сөз асырмаған Бала Ораз ақын: «Бекет», «Бекет» дегенде, Белгілі болып жүргенмін, - деп сыйынады. Ал Атырау-Жайық өңіріне атағы жайылған нақыл сөздің зергері Насхат Сүгірұлы: Бабаларым әруағы Қара бұлттай торлады. Қысылғанда қамығып, Атам Бекет қолдады. Бұраң-бұраң жолдардан Неше дүркін оңдады, - деп тәу етеді. Қызыл сөздің қылышын оңды-солды сермеп, қаруы мен жырын қатар ұстап өткен, өз тұсында өлке бойынша онымен ой салыстыратын отты ақын табылмаған, Шалбар руының шандозы Қалнияз жырау Шопықұлы қасиет иесі хақында: ...Біздің елдің ішінен
Ар жібермес ашулы, Ерлерім өткен көңілді. Мен мақтасам, мақтармын Алашқа тегіс танылған Адай сынды елімді. Қара тасты қақ жарған, Оғыландыдан жай алған, Әулие Бекет Пірімді. Үш жүз алпыс әулие Мекен еткен жерленіп, Маңқыстау түбек жерімді, - деп толғайды Кете Тәжібай ақынмен кермалдасқан кезінде. Ешкімнен сөз сұрамаған Есен Жеменей руының белгілі биі Ермембет Тұрұлының: Адайлар әруақтанса, «Бекет!»» деген, «Бекет!» десе, Құдайға жетед» деген, – дейтін сөзінің де дерегі жоқ емес. Діни сауатымен дүнияға мәшһүр болған аса білімді адам, Адайдың Қараш руынан шыққан ахун Ыбырайым ата Құлбайұлының Орта Азияда орасан зор беделге ие, өлеңмен жазылған «Шежіре» шығармасында Бекет Ата бейнесі былай сомдалады: ...Алты Алаштың ішінде Кереметті адам болған жоқ Жаналыдағы Бекеттен. Бекет деген атағы Жеті жұртқа шашылған. «Бекет!» деп ұран шақырса, Дұшпанның көңілі басылған. Сансыз мейман келсе де, Қазаны толық асылған. Әруағы мықты жасынан, Шариғат сөзін сөйлеген Хиуада пірі – Зәкіржан. (Пақыржан-Р.Қ.) Нағашысы – Тобыштың Киіксауған қожасы, Пайғамбардың тұқымынан. Күндіз-түні үйреніп, Шариғат жолын тұтынған. Мәжіліс құрып алқада, Жері жоқ сөзден ұтылған.
Құзырында Бекеттің Кеселінен жазылды Жынданып, талай құтырған. Нешелер жақсы өткен жоқ Жаналы деген тұқымнан. Олардың жүрген жерінен Жын-шайтан қашты жұмылған... Жалпы, Бекет Атаны әулие санап, әз тұтпаған қазақтың қаймаққа шығар өнер адамдары өз білуімізде өте аз. Айталық, ақсақал ақын Ғафу Қайырбеков, әйгілі жазушы Әбіш Кекілбаев, арқалы ақын апамыз Фариза Оңғарсынова, Батыс Қазақстанның бар дүлдүлін жалпақ дүнияға жария етіп жүрген ғұлама ғалым Қабиболла Сыдиықов сияқты біртуар перзенттер Атаның әруағына сыйына жүріп, алқалы жиындарда ол кісі туралы ойлы пікірлер білдіріп жүр. Қарт қаламгер Ғафекең Маңқыстау сапарынан: Туғанда қауіп-қатер күн зымыстан, Немесе кездескенде қиын дұшпан; Кезінде ер басына бұлт айналған Бекетке ел тірісінде-ақ сыйынысқан.
Кісі екен сәлемінің өзі рахат,
Кететін кездескенде шерің тарқап.
Көзінде көкшіл жалын жанады екен
Қапыда қалса біреу атын атап.
Сондықтан оның атын көп айтпаған,
Күні жоқ қасиетін молайтпаған.
Алдында жатады екен жолбарысы,
Ит-құсты маңайына жолатпаған...
...Осы аңыз естігенде есімді алған,
Сондай бір ел жадында есім қалған.
Адайлар «Иә, Бекет!» деп сыйынғанда,
Кеңейіп сала берген есіл жалған.
Біз-дағы пендеміз ғой бұлт кешкен, Сауыңда қауіп-қатер шығыпты естен. Құлдилап сондай құздан құлағанда, Арман не – «Иә, Бекет!» деп тұрып кетсем! – деп өлең өріп оралса, Фариза апамыз әруақ атаулыны аластаған сонау бір соры қалың уақыттың өзінде:
Әуелі Алла,
Сонан соң Бекет әулием!
Әруағың бас идім!
(Сыйынарым өзің болғанда, мен неменеге жасимын?!)
...Жоқ, жоқ! Көңілім, жасыма, Пендешілікпен сайқал дәуренге құмартып, Өмірдің өзі қарақшы қылса, өкінерім жоқ бұған түк. Иә, Бекет әулием! Жаныма жігер бере гөр! Итшілеп өмір сүргенше – көкжал боп өлгенім мың артық! – деп, замана қаһарынан жасқанбастан жыр толғаған еді. Осы тұста ол кісінің «Оғыланды» атты өлеңіне де ойлы көзімізді кідірте кеткен жөн секілді: Адасып келем, дала асып келем елсізде, Түн менен ойға қамалып, Жусан исінен нәр алып. Жұлдыздар көктен қарайды самсап қадалып. Алдымда тұтас көкжиек құшып тау жатыр – Ықтын болардай жолаушы жетсе жаны арып. Ойымша, сонда маған да пана болатын Жылы бір ұя бары анық.
Құлама құзы тайғанақ,
Тәубама келдім – қарап ем.
Қатерін төгіп тұрғандай маған бар әлем.
Қастерлі тауда қасиет бардай жарылқар
шықпай жүргенді жаны әрең.
Келесің мұнда сырласу үшін сақтанбай
өзіңмен, армен, даламен.
Түн құшып жатыр бұл маң да... Жарқ етер екен таң қашан?! Сенімсіз түнде үмітімді немен жалғасам?! Ал менің әлі сапарым қанша алдымда, Күш құяр жанға жолымда сәуле – бар ма шам?! Әлі де біраз жолым болмайтын секілді-ау, Оғыланды тауда бір түнеп, қуат алмасам, - деп бекінеді ақын. Көкірегі дария, көзі тірі ғұлама Әбіш Кекілбаев: «..Жақсы заманда да, жаман заманда да Оған деген ел сүйіспеншілігіне қылау түсіп көрген жоқ.
Өйткені, Ол – тірісінде елінің жел жақтағы Панасы, ық жақтағы Саясы бола білген Азамат, жаудан елді арашалаған Батыр, дауда әділетті арашалаған Қази, озбырлықтан обал мен сауапты арашалаған Пірәдар. Оның қыранның қанаты талар қиян даланы жайлаған Ата Жұртының, Ата Мекенінің барлық шекарасында қырандар түлек түлететін қия шыңдардан өз қолымен тас қашап, тауды үңгіп, жер асты ғимараттар салып, мешіт-медіреселер ашуы да ескі аңыздардағы Прометей мен Фархадтарды, Киелі кітаптардағы Мұса мен Әзірет Әліні еске түсіретіндей ерен ерек. Шөл кезіп, ерні кезерген еліне асасының ұшымен тас шұқып, кәусар бұлақ тауып берген Мұса пайғамбардай Маңғыстау мен Үстірттегі Бекет Атаға байланысты жердің бәрінде де балдай бұлақ, көк құрақ, маңыраған арқар, таутеке. Олар – Елдіктің шебі, Елдіктің төрі. Оларды жауға алдырған жұрт Ел болып тұра алмайды... ...Ендеше, сондай асқақ жұртының ақар-шақар шың басындай тәкаппар жүрегінен мәңгілік жәннат тапқан, Әлсізге – Медет, Күштіге – Айбар, Зарыққанға – Жебеу, Тарыққанға – Демеу, Асқанға – Тосқан, Сасқанға – Сая, Ұрпаққа – Ұстаз, Ұлысқа – Ұран, Ел Иесі, Жер Киесі Пір Атаға қанша тағзым қылсаң да, артық емес деп білеміз», - деп тебіренеді. Әбекеңнің бас редакторлығымен жарық көрген «Маңғыстау» энциклопедиясының алғашқы бетіне «Әулие Бекет Атаның рухына арналады» деп жазылуы да тектен-тек емес. Бұл – Атаға деген асыл сезімнің айғағы, перзенттік бас июдің белгісі, ұлылыққа деген ұлттық құрметтің шынайы көрінісі. Ата жөнінде алғаш рет баспасөз бетінде жан-жақты зерттелген жазба материалдар жариялаған филология ғылымының кандидаты, ақын Қабиболла Сыдиықов: Бекет Ата! Қасиетті бір есім, Қайда барсам, қасымда сен жүресің. «Жоқ» деп сені айта алмаймын ешқашан, Жүрегім мен санамда өмір сүресің...
...Бір өзіңе бас иетін көбейді ел, Жаным жүдеп, жабырқасам – жебей гөр! Тайғақ кешу, тар жерлерде, уа, бабам, Жар бола гөр, қолтығымнан демей гөр! – деп Атаның әруағына бас исе, қайталанбас сәулет туындыларын дүниеге әкелген қазақ халқының біртуар ұлы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Шота-Аман Уәлихан: Бекет Ата Адайдың болған басы, Ұрпағына үзілмес берген асы. Лувр мен Эрмитажға қоярлықтай
Көздің жауын алады әрбір тасы.
«Неткен адам өмірде өткен!» деймін,
Болашаққа кір шалмай жеткен» деймін.
«Әруағын аттаған жамандардың
Бүгін-дағы түбіне жеткен» деймін.
Жүрегімді гүл етіп алып қолға, Жалаңаяқ жол кештім барар жолда. Дұға оқыдым, бас идім мәйітіңе, Мені-дағы, уа, әруақ, өзің қолда! – деп табынады. Бүгінгі күннің білгір жырауы Есенғали Раушанов өз өлеңдерінде: Бекеттің бел жайлауы жоннан әрі, Созылып Ащыағар сай ол қалады. Бейнеуде қойтасы көп қорым жатыр, Бейіті біздің елдің сол болады, - деп, әулие есімін әрқашан тілге тиек етіп отырса, Атаға деген асыл сезім тұла бойын билеген туған жер ұланы Сапарғали Оңайбаев: ...Құдіретіңе, Аталар, «тәуба» дейім, Тұңғиықтар, түңілтпе зәуде дәйім. Ел ұраны – Ер Бекет, жар болып жүр, Еншілетпей тірліктің дау-дамайын.
«Табам ба, - деп, - шешуін, бүгін емін»,
Тереңіне тарихтың үңілемін.
Қуансам да, әлде бір қиналсам да,
Алдыменен өзіңе жүгінемін.
Дұға еттім, әз Ата, басыңа кеп, Ойға кеттім, жақындап қасыңа кеп: «Көрудей-ақ көрдік қой жамандықты, Жақсылықтың бастауы осы ма?!» деп, - дей отырып, баба рухына бас иеді. Маңқыстау аймағы қайтадан ұлыс дәрежесін иеленген ұлы оқиға қарсаңында өлкеден шығып, өлеңді жанына серік еткен Өтеген Оралбаев ағамыз да: ...Маңқыстау – маржан далам түлегендей, Қадірің түсіп еді, біле бермей, Тізерлеп қалып едің, түрегелмей.
Басыңа бағың қонды, тілек – қабыл, Басына Бекет Ата түнегендей, - деп, Атаның әруағын аузына ала тұрып, ақ дария-жыр толғады. Бейнеулік белгілі айтыскер ақын, марқұм Уәйіс Қайралапов та: Әулиенің болмаған дұшпаны көп, Айтады «Халық туын ұстады» деп. Асау, Барақ, Құлбарақ, Бекеттерді Айтпайды ел «халықтың дұшпаны» деп, - деген өлең жолдары арқылы өз әлінше әулие Бекеттің әз есімін аялауға айтарлықтай үлес қосып кетті. Ел аузындағы ескі шежірелерді бүгінгі ұрпаққа жырмен жазып жеткізіп жүрген Өмірзақ Қалбайұлы ақсақал өзінің «Адай жайсаңдары» атты ұзақ өлеңінде: Қашаннан қара шаңырақ Мұңал аулы: Бәйімбет, Әли менен Шоғы, Жаулы. Ер Бекет ұран болып Адайыма, Көп жанның құштарлықпен көңілі ауды, - деп толғаса, осыдан он шақты жыл бұрын республикаға белгілі ұлағатты ұстаз, «Ерен еңбегі үшін» медалін алғашқылардың бірі болып алған Шәрелхан Әленов сазгер Шәміл Әбілтаев әнін жазған «Адай» атты жырында: Айтады басты тәлім – Құран қылып, Айтады «Бекет Ата!» – ұран қылып. Айтады Алаш, Адай, Абылайды, Айтады шежірені жыр-ән қылып, - деген жүрекжарды сырын қағазға түсірген болатын. Оңтүстік Қазақстан облысында тұратын Жәкен қажы Омаров деген азамат Атаның Ескі Бейнеудегі мешітіне зиярат ете барған сапарында: Теңіздің түбі болған ең, Алланың нұры қонған ба ең?! Пейіштен қарап біреуі, Періште көзін салған ел. Мырзағұлұлы Пір Бекет Аллаға сәжде қылған жер, Соңынан мешіт болған жер, - деген жыр жолдарын тақтатасқа қашап жаздырып, қалдырып кетті. Қара бұлт торлаған қазіргі қоғамның қою пердесін қолымен емес, жырымен сыпыруға талап қылған талантты ақын Айтуар Өтегенов: ...Запыранды төкпей, сірә, тоқтаман, Көп күнәдан қалай адам ақталар?! Қасиетті қайран Бекет Атам-ай,
Жапырақты жұлуға да батпаған.
Адамзатқа алда апат, қауіп тұр – Шомылмаса Алла Нұры жауып бір. Тілейтінім сенен – Ұлы Әулием, Ұрпағыңның жанын жаман кеселден Сауықтыр! – деп, «сана экологиясын» сауықтыру үшін Хақтағаладан қайырым күтіп, қасиетті Бекет Атадан жәрдем тілесе, қазақ поэзиясына сексенінші жылдардың аяқ шенінде сері көңіл-күй мен сергек сезім ала келген қуатты толқынның өкілі Жұмабай Құлиев тіршіліктен түңілген сәттерінде: Күнпаякүн жақындаған сияқты, Көзі азайған көп асылдың тұрақты. Оғыландыға – Бекет Атам басына Бәрін тастап, болсақ па екен шырақшы?! – деп, белін бір іске бекем буады. Ал Абай мен Шәкәрімнің, Абыл мен Досанның, тағы да басқа қазақтың қасқа мен жайсаңдарының басына күңгірлеген күмбез орнатқан құрметті құрылысшы, «Құрмет» орденінің иегері, сәулетші, ақын Сайын Назарбекұлы Тоқтамыс бұдан бес-алты жыл бұрын: Бір ұлың – Бекет демеген елін қолтықтан, Ер Қармыс деген ерлігі асқан зор шыққан. Кешірші, Ата, даңғойлау кейбір ұлыңды, «Құдайдың өз мен едім» деп те қорқытқан, - деп келетін немесе: ...Кешегі ұлы бабалар Атымен елі емделген. Райымбек атамыз, Арыстан баб бабамыз, Маңқыстауда – Пір Бекет, Қысылғанда дем берген, - деп, ішінара өлең жолдарының арасында кірістіріп кетіп жүрсе, 1997 жылы «Бекет Ата» деген көлемді шығармасын жазып, оған шымкенттік сазгер Өмірзақ Оспан көпшілік қауым жиналған салтанатты шараларда шырқауға лайықтап, екпінді, марш әуенімен саз шығарды. Өмірзақ Оспанның айтуына қарағанда, бұл ән әруақтардың аянымен, сілтем бойынша дүниеге келген көрінеді. «Бір күні маған Шымкенттен Өмірзақ телефон соқты. Солай да-солай, «Қалайда сөз жазу керек, тапсырма алдым» деп, - деп еске алады Сайын Назарбекұлы кейін бізге берген сұхбатында. – Мен әуелгіде кішкене сасып қалдым. Бекет Ата туралы не жазуға, қалай жазуға болады? Бірақ енді,
біріншіден, әруақтар жар болған шығар. Екіншіден, Бекет Ата туралы аңыз әңгімелер мен өмірде болған оқиғалар, хикаялар – бала күнімізден қанымызға сіңіп, денемізден өткен нәрселер. Сондықтан да болар, әннің тексі осы өлкенің азаматтары сыйынып, арқа сүйеп айтарлық сөзі болатындай, бір жобада шыққан сияқты. Сонымен бір күннен кейін өлеңді жазып бітірдім де, Өмірзаққа телефон арқылы оқып бердім. Өмірзақ бір айдың ішінде сазын жазып шықты. Сөйтіп, бұл ән Шымкентте, 14 наурыз – өзіміздің атақты мейрамымыз Амал күні алғаш рет орындалды». Осы ән кейін мерекелер мен жиындарда, әртүрлі салтанаттар кезінде, әсіресе мектептер мен жоғары оқу орындарында көпшілік дауыспен (хормен) бүкіл халық тік тұрып қосылып айтатын асқақ әуен ретінде жиі-жиі шырқалып, ақыры бүгінгі күні екінші әнұранымыз есепті болып кетті. Сол себепті біз бұл әннің сөзін толығымен келтіре кеткенді жөн көрдік: Ер Бекет Ата, өзіңсің елдің ұраны, Көтерген туың желбірей жайнап тұр әлі. Маңқыстау ойы, даласы қазақ Пір тұтты, Өзіңе арнап лаулайды жаққан шырағы.
Жұртың мен елің сыйлапты «ер» деп найзаны,
Ақтады соны, жау көрсе – көзі жайнады.
Ту ұстап талай, қол бастап, жауын қашырған,
Өзіңсің, Ата, Адайда ердің айбары.
Қайырмасы:
Шұғыла шашып, мейірін маңға тарата,
Алысты жақын етеді ғажап бір Ата.
Желей гөр, Ата, жебей гөр, Ата, бата бер,
Ер Бекет Ата, әулие Ата, Пір Ата!
Әулие Ата, өзіңсің басы дәулеттің,
Өзіңсің демі тентектеу туған әулеттің.
Жатырсың сәндеп әлі де жанның сарайын,
Төрт мешіт соққан, өнері асқан сәулетшім.
Анттасқан шақта ары да болған елінің,
Ұл-қызын қорғап, арқасын тосқан керімім.
Адассақ – бағдар, нұр шашқан Темірқазығым,
Жасыса намыс – суарып алар көрігім.
Қасиет дарып, тіріде «Пір» деп аталдың,
«Иә, Бекет!» демей, бастауға ісін батар кім?!
Сенімді жанға пейілін Тәңір танытып,
Жайраңдай күліп, Сіз жақтан ғана атар күн.
Пір Бекет Ата, ізіңді басқан сүйгіздің, Сәждеге аппақ маңдайын елдің тигіздің. Оғыланды – ордаң ниетін кісі тартарда Еңселі ердің, ханның да басын игіздің, - деп, ақын бас-аяғы жеті шумақ өлеңнің өн бойында Атаның барлық асыл қасиеттерін атап айта келіп, әулиенің халқына жасаған қайыр-көмегі мен зайыр-көмегін жан-жақты ашып көрсетуге тырысады. Тізе берсе, мұндай мысалдарды мыңдап келтіруге болады. Оғыландыдағы Бекет Ата мешітін жөндеу және қалпына келтіру акциясына арнап облыстық телерадиокомпанияның редакторы, журналист Гүлнәр Науыршаева: Бардым Ата басына, Қарадым биік тасына. Тіл қатқандай ол маған: «Батыл бол, қызым, жасыма!».
...Өзіңе, кием, табынам, Табынам және жалынам, Мұңымды айтып, шағынам. Мінәжат етед ұрпағың, Түсіре көрме тағынан! – деп, нәзік жүрегінен жан сырларын ақтарып, Ата рухымен тілдескендей болады. «Мен» деген қазақтың мерейін үстеп, мейманасын тасытып жүрген Мэлс Қосымбаевтай әруақты ақынның: ...Ақтауға келсең – ақ тілек айтып, тойлап кел, Отбасы емес, орданың қамын ойлап кел! Адайдың Пірі – әулие Бекет Атаның Әруағымен ойнап көр!
Көзін көрсетсең бәйгеге тігер көмбенің, Көсіле шабар көкмойнақ аттан кем бе едім?! Берен жырменен берекелі іске бел буған Бекеттен қалған белгі едім! – деуі де тегін емес. Осы орайда нағыз бір назар аудартатын жай – көптеген ақындардың Ата туралы жыр жолдары көбінесе Маңқыстау жайлы шығармаларында шаң береді. Асылы, қасиетті Маңқыстау жайында қай пенде баласы сөз қозғаса
да, Бекет Ата хақында бес-алты ауыз әңгіме айтпай кетпейтіні сондықтан болуы керек. Әбу Нәсір әл-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік Ұлттық университетінің түлегі, Ізтұрған Ахметов ағамыз 1993-тауық жылы «Баспасөз және дін» деген тақырыпта диплом жұмысын қорғаған болатын. Осы еңбектің негізгі бөлімінің екінші тарауы тұтастай Ата есімін ардақтауға арналды. «Жар бола гөр, Бекет Ата!» делініп, ұлыс ұранының атын иеленген бас-аяғы он беттік ойлы дүниеде оқушы қауымға осы бағытта мол мәлімет, біраз білім беріледі. Автордың аудандық газетте жарық көрген Ата жайындағы көлемді дүниесінің айтары да көп ретте осы еңбегімен орайлас. Әулиені әз тұтып, «ұлы діни ағартушы», «дін жолына өзі беріліп қана қоймай, кезінде халықты да соңына ерте білген, бұл бағытта бүгін де елге шапағаты тиіп отырған қайраткер» деп аса жоғары баға берген автор: «..Өкінішке қарай, Құдайға, әруаққа сенетін аға буын адамдардың жадында жүргені болмаса, кешегі солақай саясат Бекет Атаны да кейінгі жас ұрпақтың жадынан шығарып жіберуге айналған. Бір қуанарлығы сол – соңғы жылдарда Бекет Атаның аты халыққа қайтып оралды... Бекет туралы әңгіме – Құдай жолына бастайтын әңгіме... Бекет Атаға сыйыну – ислам дінін мойындау, ал дінді мойындау – оның негізін салушы Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбарды, дүниенің әміршісі, ұлы күш Алла Тағаланы тану болып табылады», - деп, құдірет иесі жайында қуанышы мен өкініші аралас өз ойын өрбітеді. Бекет Атаның бел ұрпағы, әруақ сыйлаған азамат Ағайдар Базарбайұлы: «Бекет – өмірінің соңғы күніне дейін ұрпағына дін мен білімді, өнерді, адамгершілікті уағыздап өткен кісі. Соның айғағы – Ата мешіті басының адамсыз болмауы», - деп жазған еді. Бүгінде бұ дүниеден озып, жер асты патшалығына енген жерлес ақынымыз, марқұм Қыдырбай Тұрмағанбетұлының «Бекет Ата басында» деген төрт шумақ жырын түгел келтіре кетсек, артық болмас, Атаға деген қадір-құрметіміз болар қайта: Басыңа келдім «Жағайыншы, - деп, - жасыл от», Төбемнен менің тірліктің дәнін тасып өт! Жұртыңды жебеп, халқыңды демеп жатырсың, Үш ғасыр бойы үш жүз алпыстың басы боп...
Басыңа келдім,
Енді арман қандай бар еді?!
Әдемі екен ғой әулиелердің әлемі!
Күн де ұясына керемет болып өзгеше,
Әдемі болып батып барады, әдемі!..
Ернекте сен боп ер мүсін тастар қалғиды,
Ел-жұрты жайлы ойларға батып әрқилы.
Жалау боп жанға жағылар шырақ керексе,
Оғыланды жақтан от болып келіп шарпиды.
Сан ғасыр бойы халқына берген керегін, Солмасын сенің сындарлы, сеңгір терегің! Құс жолы жақтан қабыл алса егер тілекті, «Құдіретіңе қылап түспесін!» дер едім, - дейді ақын тереңнен тебіреніп, теңіз боп төгіліп. Ғасырдың иығына ғаламат ауыр салмақ салған тоқырау тұсында да тот басып, тозбаған әулиеміздің енді бүгінгідей еліміз еңсесін көтеріп, ұмыт болған ұлттық дәстүрлерін жаңадан жаңғыртып жатқан заманда құдіретіне қылап түспесіне бек сенеміз. Сеніміміздің алтын қазығы – Ата әруағы. Ұлы Атаның есімі ұрпақтарына әрдайым қысылғанда көмек, қиналғанда медет болып, кереметімен кейінгілерді жығылтпай желеп-жебеп, құлатпай қуат-күш беріп отырады. Осы жайында ой түйген ақын Темір Мыңжасов: Тас қорымдарға айналып, Жатсың ба, баба, жайланып?! Мінәжат етем, о, әруақ, Кешеңдеу қайта ойға алып.
Төбемнен заман торланып,
Ұрпақ ем жүрген сорланып.
Балапаныңбыз, әулием,
Ұша алмай жүрген қомданып.
Үстемдік көріп, жасқанып,
Жанардан мұңлы жас тамып;
Бар тапқанымыз – даурығып,
Бас шұлғулардан аспадық...
...Еліңді сөйтіп тоздырдық,
Тұлпардан тұғыр оздырдық.
Жер бетін жайлап барады
Мейірімсіздік пен озбырлық.
Өшпеген енді қалды нем,
Тобырды қалай сендірем?!
Шапағатыңды бер, баба,
Ер Бекет, қолда, әулием, Ер Бекет, қолда, әулием! – деп, әруаққа алғаусыз сеніп, Атаның атына сыйына отырып жыр жазды. Түбектің түгел халқы төбесіне көтеріп, төре тұтқан абыз Ата Бекет Мырзағұлұлы туралы түмен сөздің түйіні ағытылып, түйдек-түйдегімен төгілген тұсы – осыдан он жыл бұрын ордалы ел болып атап өткен қазақ қара өлеңінің тұлпары Қашаған жырау Күржіманұлының туғанына 150 жыл толу тойы болды. Осы жолы байтақ Қазақстанның барлық тұсынан алыссынбай, ат сабылтып жетіп, Форт-Шевченко шаһарында бас қосып, байрақты бәйгеде бақ сынаған атышулы айтыс дүлдүлдері, ақтаңгер ақындар Қашағанмен қатар Атаның да атына арнап ағыл-тегіл шабытты жырдың шалқар мұхитын шайқады. Сөзіміз дәлелді болу үшін солардың бірнешеуінің әулиенің атын әуезе етіп айтқан сөздерін айны-қатесіз, қаз-қалпында қайталап ұсынайық. Алдымен түбектің төл перзенттерін тыңдайық: Ақтаулық Қамбар Оразов: Айтайын осы жерде бұйырғанын, Күмістей көмейімнен құйылғанын. Бүгін бір «Халқым түгел көрсінші» деп, Үстірттің ұшырайын құйындарын! Ежелден сыйынатын Пірлерім ед – Ер Қосай, Ер Бекетке сыйынайын!..
...Жүйріктей домбыраң да құрал болсын,
Биікке қанат қағар қыран болсын.
Жиналған осындағы қазақтарға
Ер Бекет, ата-бабам ұран болсын!..
Оралдық Мэлс Қосымбаев:
Әуелден Бекет болып сыйынғаным,
Бәйгінің алып жүрміз бұйырғанын.
Бұл күнде Маңқыстауым тойлап жатыр
Қайтадан Қашағанның туылғанын.
Аңдасақ, айтыс деген – алып мұхит,
Көріңдер бұлақтардың құйылғанын.
Ассалаумағалейкум, ағайындар,
Бүгінгі құтты болсын жиындарың!..
Алысты арғымақпыз жақын қылған,
Шайырмыз шарболаттай батыл туған.
Айналдым, атамекен Маңқыстауым,
Әруақтар аян беріп, ақын қылған...
...Қолымда – қолдап жүрер Құран болған, Құраным – Құдайымнан мұрам болған. Мойнымда – Бекет Атам топырағы, Көздерді өткізбейтін тұмар болған... Қызылтөбелік Нұрлан Қосымбаев: ...Қырандай қанатыңды қомдап жібер, Тұлпардай бәйгелерде самғап жібер. Қос ұлың сахнаға шығып қалды, Әулие Бекет, бізді қолдап жібер!.. Ал енді алты Алаштың ардағына айналған Ата хақында өзге өңірлерден келген ақындардың өзекжарды өлеңдеріне көз жүгіртіп көрелік: Керекулік Бейсенбі Мұқажанов: ...Алдымен әруағына басымды ием, Әйгілі Бекет Ата әулиеге... Жамбылдық Серік Қалиев: ...Құлақтың қашпас деймін қануы әлі, Алда ғой жүрегіңнің жануы әлі. Ағалық ақ жүрекпен тілек айтам: Қолдасын Бекет Ата әруағы!.. Керекулік Ермек Жұматаев: ...Қашағанға той жасап, мақтанды елім, Шопан Ата, Шақпағым, Ақтанкерім. Қашағаным және де Бекет Ата, Үш жүз алпыс екі әулием жатқан жерім. Бармысың, бауырларым, Жаңаөзенде Келімсектердің шаңын қаққан жерім!.. Ой желісін үзбестен, осылайша жалғастырып жаза берсек, Ата турасындағы аңыз әңгімелер мен ақиқат сөздердің шетіне шығу үшін шексіз көп уақыт керек болар еді. Елін сүйген, Ер Бекетті ардақ тұтқан әрбір азаматтың әз-көңілі осынау ақындарша ой толғап, сезімге толы тебіреністі сәттерді бастан кешеріне сеніміміз кәміл. Сеніміміздің алып бәйтерегі – тағы да Ата әруағы. Зейінмен жанар жүгіртіп, зерделей зер салсақ, аталған ақындардың қайқайсысы да қасиет иесінің әруағына бағыштап, ақмоншақ-жырлардан алқа тағады. Қай-қайсысы да қазаққа мақтан, халқына қалқан болған белгілі Бекет әулиенің есімі тіл ұшына оралған сәттен-ақ құдіретіне құлдық ұрып, сырсипатына сыйына бастайды. Олай болуы заңды да. Маңқыстаудың қасиетті Қаройын мекендеп жатқан үш жүз алпыс екі әулиені алқара аспан астындағы
алып тауға теңесек, Бекет Ата Мырзағұлұлы – сол ақбас таудың ақ сахар шыңы, үш жүз алпыс екінің ұшар басы іспетті. Сол себепті де біз қанында асау ағындар тулаған қазақтың қаракөз қызы Ақшагүл Рамазанованың: ...Сыйынар Пірім – Ер Бекет! Елдікке бетті түзедік. Ұрпаққа бата бер, Бекет! Намысы елдің біз едік.
Сұңқарың ұшар тауында, Жігерді қайрап елдік ар. Шамырқансам – қанымда Шабайдан қалған белгі бар... – деген, шын жүрек түбінен шыққан шумақтарының шынайылығына имандай иланамыз. Иландыратын да, иманымызды нұрландыратын да – айтқаны келіп, атқаны тиген Ата әруағының асқақтығы. Алуан әндер мен асау күйлердің авторы, атақты сазгер Шәміл Әбілтаевтың «Бекет Ата» атты белгілі күйі, академик Шаһмардан Есенов атындағы Ақтау университетінің аға оқытушысы, филология ғылымының кандидаты, Ата ұрпағы, ақын Рахмет Аяпбергенұлының жалпы ұзақтығы тоқсан шумаққа жуық толғауы бар. Көркемдік деңгейі жөнінде көп ештеңе айта алмаймыз, бірақ осыған дейін Ата туралы жазылған поэзиялық туындылардың ішіндегі ең көлемдісі – осы шығарма. Ал Шәміл Әбілтаевтың «Бекет Ата» күйі 1989 жылы сазгердің Оғыландыдағы Ата зиратына арнайылап алғаш рет сапар шеккен кезінде, қайтар жолында Алматыға тіке ұшатын ұшақ болмай қалып, Нөкіс қаласында 18 сағатқа кешігіп, отырып қалғанда әуежай басында әруақтың жебеуімен, құдіреттің күшімен дүниеге келген көрінеді. Бұл туралы кезінде 1994 жылы «Арыс» баспасынан шыққан «Бекет Ата» кітабында белгілі тіл маманы, ғалым Аманқос Мектептегі «Сиқырлы әуез, сырлы саз» деген тақырыппен жан-жақты жазған болатын. «Егер мен сол жолы кідірместен Үргеніш, Жамбыл қалаларын көктей айналып ұшқанымда, бәлкім күйдің ізінен адасып, жаңылып қалуым ықтимал да еді. Алла Тағала мені әдейі Нөкісте қалдырып, сәтін келтіріп тұр ғой. Бекет сияқты әруағына халық сыйынған қасиетті әулиеге қанша күй арнаса да артық емес. Ол өзі – ұлтымыздың қолға ұстар туындай, ар-намысындай тұлғалардың бірі ғой. Сондықтан «Бекет Ата» күйі – менің азаматтық парызым, бағасын тыңдаушы халайық бере жатар», - дейді Шәміл осы оқиғаны есіне алып», - деп баяндаған автор артынан осы күйдің 1993 жылы Ташкенттегі «Шығыс сазы» фирмасынан шыққан Шәмілдің «Ордабасы» атты күйтабағына енгізіліп, талантты дирижер Жалғасбек
Бегендіков тұңғыш рет оркестрге түсіргенін айтады. Сөйтіп, бұған дейін де «Мұхаммед Пайғамбар», «Домалақ Ана» күйлері мен «Күй-Ата», «Баба түкті Шашты Әзіз» әндерін дүниеге әкелген саңлақ сазгер әулиелер әлемінің құпиясына енуге тағы бір мәрте талап қылып, «Бекет Ата» күйін шығарса, артынан оның зайыбы Өтеміс Жаныс Өрікгүл «Ақмешіт» әні мен Есләм Зікібаевтың сөзіне жазылған «Бекет Ата» әнін жазды. Қазіргі күні халық арасында бұл шығармалар да орындалып жүр. Ал түбекте тұңғыш болып, «Адай» деген атты айқайлатып тұрып жазып, айдар етіп таққан жаңа газет те (бас редакторы – Сайын Әділханұлы) «Жар бола гөр, Бекет Ата!», «Ұлыс ұраны – Бекет Ата!» деген сыйыну сөздерімен шығып жатса, ол да болса – Атаға деген аппақ сенімнің айнасы.
АТА МЕШІТТЕРІНІҢ АЛУАН ТҮРЛІ ҚҰПИЯ СЫРЛАРЫ
Бекет Атаның бел ұрпағы Рахмет Аяпбергенұлының «Бекет Ата» атты толғауы түбек жұртшылығына түгел таныс. Ақын: Ашылмаған құпия көп тірлікте, Әрбір адам – зерттелмеген бір нүкте. «Бекет!», «Бекет!» дейді әркім әр жерде, Бірақ біздер оны терең білдік пе?! – деп сыры терең сұрақ қоя отырып, ой отына көсеу болады. Иә, шындығында да, біз әлі күнге дейін Адайға қорған, Алашқа арман болған ардақты әулиенің сырын ұғынып, әруағын толық түсінген жоқпыз. Біз түгілі, білімі бірнеше кісіге татитын Ә.Кекілбаев та осыдан жиырма бір жыл бұрын Атаның Оғыландыдағы орны туралы: «..Оғыланды тауындағы шыңнан ойылып салынған ғимаратта қазір Бекет деген кісінің мүрдесі жатыр. Ол – ХІХ ғасырдың орта тұсында өмір сүрген тарихи тұлға. Ендеше, ол ғимарат Бекетке арнап салынған ба? Солай болса, сол тұстағы тарихи оқиғалардың көпшілігі туралы тарихи деректер бар. Мәселен, Бекет – 1858 жылы адай, табын, түрікпендердің анттасуында адай жағынан Қожаназар Жаңаев деген әулетті қазақтың кенже баласы Қошан Қожаназаровты антқа ұстауға алып барған кісі. Ол анттасудың жай-жапсарын ел әлі күнге жақсы біледі. Ендеше, Оғыланды тауының бауырындағы ғимараттай күрделі құрылыстың қалай салынған тарихының есте қалмауы неліктен? Ол кезден бері Маңқыстаудың табан жұрты ешқайда қоныс аударған жоқ. Олар 1832 жылғы Қызылтастағы қамалдың қалай салынғанын жақсы біледі. Олар 1846 жылғы Ново-Александровск қамалының қалай салынғанын жақсы біледі. Ал одан көп беріде, 1858 жылдан кейін қайтыс болған Бекетке салынған Оғыланды ғимараты құрылысының қалай жүргізілгенін неге білмейді? Біздіңше, Оғыланды ғимараты ХІХ ғасырда емес, көп бұрын салынған көне құрылыс болуы әбден мүмкін. Оның Оғыланды аталуы да тегін емес сияқты. «Оғыланды» деген сөз бен бір кезде Маңқыстауды билеп, Ақсақ Темір заманында саяси күрестің құрбаны болған Түйе Ходжа Оғыланның арасында байланыс жоқ па екен? Бейбіт кезде өзі билеп отырған өлкеде өлтірілген Түйе Ходжа Оғыланның зираты қайда?..» - деп күдікке толы ойларын күмәндана жазған еді. Ата туралы алғаш жан-жақты жазба деректер қалдырған орыс саяхатшылары да оның құпиясын түгелдей түсініп, түбегейлі қорытынды пікір айта алған жоқ. Елі пір тұтқан Ер Бекет туралы ең бірінші болып қалам тербеген ірі ғалым Э.Эверсман ХІХ ғасырдың басында (1820-1821 жж.) Үстірт үстіне жасаған экспедиция барысында Ата жайлы аса бағалы ойлар айтқан.
«..Мұндай ескерткішті Бекет төрт жерден жасаған. Оның бірі – Оғыландыда, екіншісі – Бейнеуде, үшіншісі – Жем бойында, төртіншісі – Арал жағасындағы Баялыда. Оның бірінде – қыста, бірінде – көктемде, бірінде – күзде, бірінде жазда болады екен..» деген зерттеуші сөзінде зейінді адамға үлгі боларлықтай үлкен шындықтың ұшығы жатыр. Ел аузындағы естіміш әңгімелерге құлақ түрсек, Атаның әруағы әлі күнге әлгі аталған мешіттерді мекен етіп, түнеп-түстеніп, қонып кетіп, қоныс етіп жүреді екен. Алайда олардың қайсысында қай мезгілде болатынын, бір өкініштісі, біз білмейміз. Айта кететін аса бір маңызды мәселе – Бекет әулие тек төртеу ғана емес, бірнеше жерден мешіт салдырған көрінеді. Бұл турасында «Маңқыстау» газетіндегі мақаласында Атаның Оғыландыдағы мешітінің бұрынғы шырақшысы Базарбайұлы Ағайдар баян еткен еді. Оның айтуынша, жоғарыда аталған төрт мешіттен өзге Бекет Ата Ақтөбе облысында, Тиген маңында, терістік Ақтау жерінде де медіресеге татитын мешіттер қалдырыпты. Сондай-ақ маңқыстаулық азамат Т.Нұрлыбаев Бейнеу аудандық «Рауан» газетінде жарияланған қысқаша жазбаларында Атаның Қызан селосынан 25 шақырымдай жердегі «Тобықтыда» да түнеп кеткенін, сол жердегі ақ шатқалдың бір жақ бүйірін үңги тесіп, киіз үй тәріздес киелі мешіт қалдырғанын, ескерткіш жайлы ескі аңыздарды ел-жұрттың ерекше жыр қып айтатынын тілге тиек етеді. (Осыған жалғас материалында ол Бекет Атаның ел ішіндегі ауру-сырқауларды емдеп жазған емшілік қасиеті болғанын да баяндайды). Ақтау қаласындағы М.Әуезов атындағы орта мектептің мұғалімі, тарихшы Мақсұт Нығметуллаев осыдан сегіз жыл бұрын жазылған «Ойланайық, ағайын!» атты мақаласында: «..Бекет Ата – біреу, мешіті – жетеу (кейбір басылымдарда «төртеу» деп жазылады). Сол мешіттердің бәрінде кезінде Атаның өзі болған, шәкірттеріне дәріс берген. Солардың ішіндегі ең қадірлісі – Атаның мүрдесі жатқан жер. (Әрине, бәрі де қасиетті орын деп саналады ғой). Менің пікірімше, Атаға деген сый-құрмет сол өзі айтқан мешіт-мектептерінде болуға тиіс», - деп жазды. «Қаражанбасмұнай» акционерлік қоғамы кәсіподақ комитетінің төрағасы Базарбай Әбдірахманов «Маңқыстау» газетінде жарияланған «Діни-ғылыми еңбектері зерттелсе..» деп аталатын көлемді еңбегінде: «..Бекет Атамен байланысты төрт мешіт бар. Олар: біріншісі – Жем бойында, Ақмешітте, екіншісі – Бейнеуде, үшіншісі – Боянлыда (боян – емге пайдаланатын шөп аты, сол маңайда көп өседі), төртіншісі – Оғыландыда», - деп, алдыңғы айтылған пікірлерді қуаттай отырып, біз бұған дейін орыс зерттеушілерінің жазбаларынан оқып-біліп жүрген «Атаның үшінші мешіті Арал жағасындағы Баялыда» сөзі дұрыс емес, «Боянлы болуы керек» деген пікірін білдіреді. Ал зейнеткер Ақшабай Көпешов деген ақсақал: «Әруақты ардақтайық!» деген мақаласында ертеректе Ержан хазіреттен біреулер: «Неге Бекет Ата
өзінің Оғыландыдағы бірінші мешітін ұшпаның бетіне салдырды?» - деген сауал қойғанда, Ержекең: «Бекет Ата алдын болжайтын қасиетті адам болған, өзінің тірі күнінде қашан дүниеден көшетінін, оны қайда қоятынын, оны кім жерлейтінін құпия түрде бұрыннан тапсырып қойған адамы болған. Бекет Ата қауымға қойылмай, өзінің мешітінде қойылуы – көп мағыналы жай», - деп жауап қайырғанын айта келіп: «Сонымен Бекет Ата әруақты, олардың сүйегін қорлайтын заманның болатынын болжаған көрінеді. Қайтыс болғаннан кейін денесі қайда қойылғаны құпия болып қалған әулиелер де көп. Мысалы, Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбардың денесін ұрлап кетуге үш рет әрекет болған, сондықтан да басына «шырақшылар» деп атап, бақташы қойылған», - деп жазады. Осындай сан алуан пікірлерді сараптай келгенде, ақыры жүздеген білімдар адамдардың жүзінің терімен, жүрегінің қанымен жазылып, бір ортақ түйінді пікірлер жинақталған энциклопедияға жүгінетініміз бар ғой. Бұған дейін – кеңес дәуірінде шыққан «Қазақ совет энциклопедиясында» бұл туралы бір ауыз да пікір жоқ. Ал 1997 жылы Алматыдағы «Атамұра» баспасынан жарық көрген «Маңғыстау» энциклопедиясының 231-232беттерінде: «..Ол бұлардың әрқайсысында, Э.Эверсман айтқандай, елдің көші-қон жағдайына орай жылдың әр мезгілінде болуы да, яки өмірінің әр кезеңінде болуы да мүмкін. Ел жадында сақталған әңгімелерде Жем бойындағы Ақмешітте – жас кезінде, Бейнеуде – жігіт шағында, Баялыда – елдің көші-қон уақыттарында болған. Өмірінің соңғы көп жылдарын Оғыландыда өткізген... Бекет Ата жер асты ғимараттары – оның дарынды сәулеткерлігінің, биік толғамының куәсі. Олар бағалы ескерткіш мұралар болып табылады», - делінген жалпы көлемі бір беттей ғана шағын мәлімет беріліп, Атаның төрт мешітіне қысқа ғана сипаттамалар жасалған. Яғни энциклопедияны жасаушы адамдар да осыған дейінгі деректерді негізге ала отырып, «Бекет Атаның төрт мешіті болған» дегеннен әрі аса алмайды. Атырау облысына қарасты Құлсары поселкесінің тұрғыны, марқұм Ж.Сүйесінов бұрынғы Ералиев, қазіргі Қарақия аудандық «Түлеген түбек» газетіндегі «Атаның Ақмешіті» атты шағын шығармасында: «..Бекет Атаның бір мешіті біздің Құлсарыда болған-ды. Ол кезінде «Атаның Ақмешіті» деп аталған. Асыра сілтеу кезінде құлатып тасталған қасиетті орынды құлсарылықтар өздері арнайы өткізген жиында қалпына келтіру жөнінде шешім қабылдап, әркім өз мүмкіндігіне қарай... қаржы жинады... Біздің бұл бастамамызды Ақтөбе облысының Байғанин ауданы, өзіміздің Қызылқоға ауданы, Ресейге қарасты Орынбор облысының Ақбұлақ ауданы және қарақалпақ жеріндегі ағайындар қолдап, қаржылай көмек беруде», - деген дерек келтіреді. Ж.Сүйесінов қазір бой көтерген Жем өзені бойындағы Ақмешітті емес, Құлсары басынан салынатын мешітті меңзеген. Сөйтіп,
«Жұмысшы» газетіне де мақала жазған. Егер осы сөздер рас болса, Бекет Мырзағұлұлы біз білетін төртеу ғана емес, бақандай тоғыз жерден елеулі ескерткіштер қалдырған болып есептелер еді. Алайда «Атаның негізінен өз қолымен жасаған төрт-ақ ескерткіші бар» деп санайтын өлке тарихын зерттеуші Қабиболла Сыдиықов: «..Бекет Атаның атын кез келген мешітке таңып, оны бітпеген істерді жеделдетуге пайдаланушылар ұятқа қалуы мүмкін. Оған сақ болған дұрыс. «Ақтау мешіті», «Өзен мешіті», «Құлсары мешіті» деліне берсін. Асылы, әр нәрсені лайығымен, өз атымен атағанға не жетеді?!» - деп, келтіріліп отырған кереғар деректерді жоққа шығарады. Қабекеңнің көзқарасына қосылатындардың қатарына Маңқыстау облысының Қарақия ауданындағы №5 Теңге орта мектебінің директоры Құрмаш Игібаев пен Қарақия аудандық «Түлеген түбек» газетінің тілшісі Ізтұрған Ахметовті де жатқызуға болады. Қ.Игібаев: «..Жалпы, Бекет Ата атағының тиражын көбейте беру қажет емес. Мысалы, Ақтау қаласындағы салынғалы жатырған мешітті «Облыстық мұсылмандар мешіті», ал Жаңаөзен қаласы мен Құлсары поселкесіндегі мешіттерді «қалалық, поселкелік мұсылмандар мешіті» деп атаған жөн. Себебі, Ақтау, Жаңаөзен қалалары мен Құлсары поселкесінде өзге ұлттың мұсылман өкілдері де тұрады ғой. Біз, әрине, Бекет Атаға бұл есімдерді көп көріп, қызғанып отырғанымыз жоқ. Керісінше, халықтың мың жылда бір туар биік тұлғасының есімін кез келген жерге қойып, оның қадірін кетіргіміз келмейді», - десе, І.Ахметов: «..Сондайақ жаңадан қаланып жатырған мешіттерге де Атаның атағын беріп, беделін пайдаланбау керек. Бекет Атаны пір тұтып, құрметтеген жандар үшін Ата – біреу, ол – Оғыландыда. Сондықтан Атаға арналған қаражатын ел Оғыландыға бағыштағаны жөн», - дейді. Өткен ғасырдың орта шенінде (1852-1853 жж.) Маңқыстау маңайы мен Үстірт аймағына саяхат жасаған Ресей мемлекеті Бас штабының топографы, подпоручик А.С.Алексеев өзінің «Солтүстік Үстірттен Ембіге дейінгі аралықтың топографиялық сипаттамасы» деген зерделі зерттеуінде әулиенің Ақмешіті жайындағы құнды деректерді қуаттайды. «..Жемнің жоғарғы жағындағы Ақмешітті... Бекет... бұдан 50 жыл бұрын (1803 жылы) жазда қоныстануға жасатқан екен. Осы мешітте... Бекет ер балаларды оқытып, хат танытқан», - дейді ғалым. А.С.Алексеевтен кейін, жылы Үстірт аймағын зерттеген А.О.Дюгамель де алдыңғы ғалымдардың айтқандарына қосыла отырып, Атаның Ақмешіт ескерткішіне қысқаша сипаттама береді. А.О.Дюгамель еңбегінен үзінді: «..Ақбор төбенің бетінен қасқырдың үңгіріндей тесікке бір адам зорға сыйып, үш құлаштай үңгірмен жүргенде, диаметрі екі жарым құлаш, биіктігі кісі бойындай, дөңгелек, киіз үй формасындағы үй мешітке
кіреді. Сыртта құдық бар. Оның оң жағында тағы бір бөлме бар. Осылардың арасында сырық тұр... Бекет өлген соң Оғыландыға қойылған», - дейді А.О.Дюгамель. Ұлтымыздың тарихын зерделеу ісіне үлкен еңбек сіңірген марқұм ғалым Малбағар Меңдіқұлов өзінің «Памятники народного зодчества Западного Казахстана» атты еңбегінде Бекет Атаның бір мешіті орналасқан Ескі Бейнеу қорымы жөнінде: «..Каспий өңірінің сор топырақты шөл даласын шаршапшалдығып қиып өткен жолаушы, жиһанкездер осынау берекелі бұлақ басына аялдап, тыныққан. Асылы, бұл арада керуен сарайының болуы әбден ықтимал. Бірақ онан әзірге дәлел-айғақ табылмады», - дей келіп, «Атаның қанша мешіті болған?» деген сұрақ төңірегінде өз пікірін: «..Маусымдық жайылымға қолайлы Бейнеу (Ескі Бейнеу-Р.Қ.), Ембідегі Ақмешіт, Арал теңізіне таяу Үстірт пен Оғыландыда ол төрт жер асты мешітін салдырды. Оғыландыдағы мешіт ғимараты – көлемі жағынан осылардың арасындағы аумақтысы», - деп қорытады. Мұндай пікірді арғы ата-бабалары Отбай, Қаржау, Бөлебайлар Жеменей болысының имамы болып, 62-ші болып қажыға барған қазақтардың тізіміне тіркелген, Айрақтыда мешіт салдырып, бала оқытқан, Солтүстік Үстіртте сұпылық ілімді уағыздаған, дін жолын ұстанған атақты ахун-ишандар болған, жетінші атасы Көшбайұлы Қабайдың сүйегі (бұл кісі Атаның құрдасы көрінеді) Бекет Атаның Оғыландыдағы жер асты мешітіне кіре беріс жерге қойылған, өлкемізге танымал тарихшы Әбілқайыр Спанов та қуаттайды: «..Дін өкілінің бірден-бір мойнындағы парызы – елге имандылықты уағыздаумен қатар сауат ашу да ғой, - деп жазады ол өзінің кітапқа кірген «Пірдің соңы – Бекет» атты мақаласында. – Осыны берік ұстанған Бекет Ата ел жаз жайлап, қыс қыстайтын ұрымтал тұстардан мешіт салдырады. Біз білетін анық төрт мешіті бар, - дей келіп, ол Жем бойындағы Ақмешіт, Ескі Бейнеудегі және Оғыландыдағы жер асты мешіттерімен қатар алдыңғы жазылған деректердегі «Арал жағасындағы Баялыда» деген деректі ауызға алмайды. «Үшіншісі – Бозашыда, Тобықты аталатын ойдың күншығыс жақ шетіндегі төбенің баурайынан үңгіген шағын үңгір», - деп, көзбен көріп, қолмен қойғандай, басын ашып, анық айтады. Халық емшісі Тасқара Қаратайұлы да өзінің «Жорамалдың жол бастамасы анық» деген мақаласында, сөз арасында: «..төртінші мешіт – Бозашыда, «Сердалы» деген әулиенің маңындағы Тобықтының ойы деген жерде. «Бұған бала оқытты» деп айтпайды. Ол қазір де бар. Өзім көріп қайттым», - деп, Ә.Спанов сөзін растай түседі. Енді осы әңгімелерді індете іздеп, тереңдете түссек, түмен сөздің түйіні есепті нағыз ат байлар айқын қазықты Ислам Мырзабекұлы Қосқұлақтегінің 1999 жылы жарық көрген «Бекет Ата» имандылық тағлымының 1-кітабынан
тапқандай боламыз. Осы кітаптың 111-бетінде ол: «..Бекет Атаның төртінші мешіті, шынында, Арал теңізіне таяу орналасқан Шығыс Үстірттегі Байшағарға жақын Ақшұқыр маңындағы Қарабауыр деген жерде екендігі осы жақында ғана анықталып, айтыла бастады. Сірә, ғалымдар өздері өмір сүрген дәуірлерде тілмәш арқылы естелік жазарда «Байшағар» сөзін «Баялы» («Байалы») деп қате көшірген болуы керек. Ол жазулар ол кезде дұрыс көшірілгеннің өзінде, одан бері өткен екі ғасырдай уақыт ішінде қағаздары сарғайып, көмескі тартып, қайта баспаға әзірлегенде қате жазылып қалуы да мүмкін. Сондықтан бұдан былайғы тарихымызда Байалыны «Қарабауыр» деп өзгертіп жазғанымыз ақылға қонады», - деп жазса, 202-бетінде өз аяғымен барып, көзімен көрген көне мешіттің сыртқы сипаты мен орналасқан орнын: «..Оғыланды мен Қоңыраттың арасы шамамен 500 шақырымды құрайды. Бұл мешіт үйі Жаңаөзеннен шамамен үш жүз шақырым шығыста, Қарақалпақстанның Шоманай ауданы орталығынан 350, ал Қоңырат қаласынан 340, Шақпақты газ құбырынан 40 шақырым қашықтықта, Бесқалаға баратын жол бойына орналасқан. Ішіне он шақты кісі еркін сыйып, намаз оқу мүмкіндігіне ие бұл мешіт үйі көнеден қалған көз іспетті әліге дейін сақталған. Шамамен бұдан екі ғасырдай бұрын тау тастарын кесіп, қалап тұрғызылған мешіттің бүгінде төбесі ойылып, әбден тозығы жеткен. Үйдің алдыңғы жақ маңдайшасының тұсына әлдекім «Бекет Атаның намаз оқыған жайы» деп металдан дәнекерлеп жаздырып, сауапты іс жасаған... Жапандағы жалғыз үй сияқты мешіт үйіне бару үшін Маңқыстаудағы Қараған-Босағадан шыққан жолаушы Қарабауырға алып келетін үлкен сүрлеу жолмен жүріп отырып, Бәймен тақыр, Елтәжінің тоғайының бір қабат ішімен жүріп отырып, Кендірлі тау асуынан асып, төмен түсуі керек. Содан кейін шамалы жүрген соң Байлепес-Мешітсу деген жерге аяқ басады. Одан әрі едәуір жүргенде Атаның кішігірім мешіт үйі менмұндалап көрініп тұрады. Мешіт үйінің алдыңғы жағында «Байжан құдық», ал артқы (солтүстік) жағында «Ақпан құдық» деп аталатын құдықтар бар», - деп, қолға ұстатқандай нақпа-нақ айтады. Хош, «Бұл – әулиенің төртінші мешіті» делік. Ал жаңағы Әбілқайыр Спанов жазған, Тобықтының ойындағы Бекет Атаның бесінші мешіті қайда? Бұл сұраққа да толыққанды жауапты осы кітаптың 203-206-беттері аралығындағы текстен, автордың Тасқара Қаратайұлының көрсетуімен тапқан сапары туралы жолжазбасынан кездестіруге болады: «..Аудан орталығы Шетпе кентінен Таушыққа бардық. Таушықтан оңға бұрылып, шамамен жетпіс-сексен шақырымдай жол жүргеннен кейін тағы да оңға бұрылып, Тасымның бейітіне жақын жердегі Базарбай есімді бір шопан үйіне барып, түстендік... Ендігі бағытымыз – солтүстік-шығыс. Осы бағытта жолды-жолсыз жазықтықпен жиырма шақырымдай жүргенімізде,
алдымыздағы терең сай – Тобықтының ойынан бейне бір теңізде жалғыз жүзіп келе жатқан ақ кеме секілді биік ақ төбешік мұнартып көрінді... Мешіт үйіне кіре берісте көне заманнан қалған жәдігерлік іспетті бір сырық шаншулы тұр. Үй әбден бүлініп, төбесі тесілген. Ішіне су ағып, жартылай топыраққа толған. Яғни замана желі өз дегенін жасағанға ұқсайды. Сырттай бажайлай, ой көзімен қараған кісі мешіт үйінің үш бөлмеден тұрғандығын байқауы қиын емес», - дей келіп, Ислам Мырзабекұлы одан әрі Өмірзақ Озғанбайдың 1996 жылы жарық көрген «Дәуір бел-белестерінде» кітабында да Атаның Тобықтының ойында уақытша мешіт ашқандығын дәлелдейтін пікір бар екендігін айтып, сол еңбектен сөзбе-сөз үзінді келтіреді. Осы жерде айрықша айта кету керек, Орта Азияның жартысынан астам жерін дерлік табанынан таусылып, аралап шыққан осы Ислам Мырзабекұлы ағамыздың Ата жолындағы адал еңбегіне мың мәртебе алғыс айтсақ, артық емес. Өйткені, Атаның алтыншы және жетінші мешіттері де қай жерде екендігін қапысыз тауып, жіптің бір ұшығын ұстатқан Ислам аға: «..Бекет Ата осы қалың ел отырған Мұғалжар (дұрысы «Мұңалжар» болар-Р.Қ.) тауының етегінен және Маңқыстаудағы Тигеннен де... мешіттер салған көрінеді..» - деген деректі айта отырып, ертеректе Мұңалжар тауындағы мешіт үйінде жас жігіт шағында қазақтың қабырғалы дарындарының бірі Әбу Сәрсенбаевтың болғандығы жөніндегі әңгімені келтіреді. «..Іздегенге – сұраған» деген, міне, дерек, міне, куә керек болса! Енді тек ізденіп, Әбекең үйінің келісімімен марқұмның архивін ақтарып, әлгі айтқан қағазды табу, қосымша зерттеу, сондай-ақ Мұғалжарға (Мұңалжар-Р.Қ.) жолсапарға шығу қалды. Содан соң Маңқыстау облысының Тиген жеріне сапар шегіп, бұл маңнан да зерттеу жұмыстарын жүргізіп, Ата мешітінің орнын табу», - деп, алдына айқын мақсат, асқаралы міндет қояды автор. Реті келгенде айта кеткен жөн, «Тиген жерінен Атаның алтыншы мешіті табылыпты. Облыстық туризм және спорт басқармасының қызметкері Франгиза Кисаевна Таимова бастаған бір топ адам экспедиция құрып, сол жаққа сапар шекпекші. Бірге барасың ба?» - деген ұсынысты осыдан бір-екі жыл бұрын жергілікті сазгер, ақын Талғат Атшыбаев бізге телефон арқылы хабарласып, айтқан болатын. Өкінішке қарай, бір дүнияуи шаруалардың ретімен біздің қолымыз тимей, ол экспедицияның сапарына қатыса алмадық және ол азаматтардың не бітіріп, не қойғанынан, нендей нәтижеге жеткенінен де хабарсызбыз. Бәлкім, бар саналы ғұмырын Атаны ұлықтау ісіне арнаған Ислам ағамыз аяқтай іздеп барып, ол мешіт орнын тапқан да болар. Сонымен Бекет Атаның бізге белгілі жеті жерде жер асты мешіттері бар. Олар: біріншісі – Жем бойындағы Ақмешітте, екіншісі – Ескі Бейнеуде, үшіншісі – Үстірт үстіндегі Арал жағасына таяу Байшағар маңындағы
Қарабауырда, төртіншісі – Оғыланды тауында, бесіншісі – Тобықтының ойында, алтыншысы – Тиген маңында, ал жетіншісі – Мұңалжар тауында. Әрине, талас-тартысқа толы қым-қиғаш пікірлер мен шешімі қиын, шиеленіскен дау-дамайдың арасынан ақиқатты аршып көрсетер сындарлы көзқарасты табу тағы қиын. Әйтсе де, Бекет Ата туып-өскен топырақтың жергілікті тұрғыны ретінде жеке пікірімізді айтар болсақ, бізге «Ата мешіті жетеу. Оның атын азайтып-көбейтіп, атағын даңғаза шу, дабыра-даңққа қолжаулық қылудың керегі жоқ» деген соңғы тоқтамның салмағы басым сияқты. Қайсы тұжырымның қатесіз екенін уақыт көрсете жатар. Ерте ме, кеш пе – уақыт бәрін өз орнына қояды емес пе?! Ал әзірге асықпайық. Енді Ата салдырған жер асты мешіттерінің алуан түрлі құпия сырлары туралы азғана сөз. Бірден айта кету керек, Бекет Ата барлық мешіттерін көшпенді халықтың көшіп-қонатын жайлау, қыстау жолдарына және керуен соқпақтары тоғысатын сүрлеулер бойына салған. Әрі мешіттердің барлығы да қазіргі үйлеріміз секілді төрт бұрышты емес, кәдімгі киіз үй пішіндес, дөңгелек етіп салынған. Мұның өзі мұсылман дінінің «Бұрышта шайтан ұялайды» деген түсінігінен туған болса кеек. «Құлқуалла» аяты («Ықылас» сүресі-Р.Қ.) бір рет оқылғанда жетпіс мың шайтанды қашырады екен» дейді ежелгі исламдық ұғым. Аталарымыздың ас қайырып, бата бергенде «Құлқуалланың» қуатын бер, «Алхамның» («Фатиха» сүресі-Р.Қ.) берекетін бер!» дейтіні де содан қалса керек. Олай болса, Ата да барлық мешіттерінің құрылысына «Алладан тіле, әулиеге түне!» деген қадымнан бергі қағиданы негіз етіп, қандай да бір қарапайым заңдылықты басшылыққа ала отырып жасаған секілді. Ата мешіттерінің қырық құпиясы мен тылсым сырларына үңіліп, тынбай ізденіс үстінде жүрген азамат, мамандығы – геолог Базарбай Әбдірахманов үстіміздегі (2000) жылдың 18 сәуірі күні (біз осы еңбегімізді қайтадан толықтырып жазып жатқан кезімізде) Маңқыстау облыстық телерадиокомпаниясының эфирінен берілген «Жар бола гөр, Бекет Ата!» атты хабарда осы бағыттағы ойларын ортаға салды. Оның журналиспен жарты сағатқа жуық сұхбаты үстінде айтылған, біздің санамызға түйген сан алуан пікірлері осыған дейінгі ойларымызбен қабысып, бұрын күдік-күмәнге толы, болжам сияқты болып келген көзқарасымызды бекіте түскендей болды. «Атаның Ақмешіттегі, Оғыландыдағы, Байшағардағы, Ескі Бейнеудегі мешіттерінің әрқайсысын үш-үштен түзу сызықпен қосқанда, тік бұрышты үшбұрыштың биссектрисасы шығады, - дейді ол. – Ал Тобықтыдағы, Ескі Бейнеудегі, Оғыландыдағы мешіттерді түзу сызықпен қосар болсақ, тең бүйірлі үшбұрыш пайда болғанын көреміз. Бір қарағанда, бұл өрмелеп бара жатқан кесірткеге немесе ұшып жүрген аққұтанға да ұқсайтын тәрізді. Тең бүйірлі үшбұрыштың жоғарғы нүктесі «Ақыл» деп есептейтін болсақ, сол
қанатын «Нәпсі», оң қанатын «Рух» деп түсінуге болатын сияқты. Қай қанаттың салмағы басым болса, яғни қай жағына ерік берсек, ол екінші жақты басып кетеді. Екі жақты тең етіп ұстап, адамға өзінің нәпсісін жеңе білер биік рух дарыту үшін Ақыл мен Парасат ауадай қажет. Ата осындай бір қағидаларды да басшылыққа алған секілді. Осы тең бүйірлі үшбұрыштың табанына зер салсақ, 18 цифрі шығады. Бұл арабша «Алхамдулиллаһи раббил ғаламин», яғни «Сансыз мадақ тек қана Аллаға тән» деген сөз» дегенді білдіреді. Бір қызығы – осы тең бүйірлі үшбұрыш Египеттегі Хеопс пирамидасының көшірмесі секілді, яғни ол Хеопс пирамидасының үштен бір бөлігіндей биіктікте жатыр. Ал Тобықтыдағы мешіт үйі сопақша келген тобық сияқты фигураға ұқсайды немесе сопақша келген тарелканың шетіне орналасқан секілді. Ал мұның өзі Иркутскідегі ашық аспандағы галактикалық жүйеге келіңкірейді. «Ата әртүрлі көрегендік болжамдарды осындай, мешіттердің орналасу ретіне қарай космостық энергиялардан алып отырған» деуге негіз бар. Сол кезде Бекет Ата айтқан ауа райы туралы немесе әртүрлі болашақта болатын оқиғалар туралы жорамалдардың дәлдігі соншалық, ондай нақпа-нақ болжамды қазіргі күні қарыштап дамыған заманның метеорологтары мен көріпкел ғалымдары да тап басып, тауып айта алмайтынына қайран қаласың. Мұның бәрін «Үштік заңдылық» дер болсақ, Атаның Оғыландыдағы жер асты мешітіне «Жетілік заңдылық» салтанат құрған тәрізді. Бұл мешіт үйі 7 бөлмеден тұрады: 1) дәліз; 2) түндігі бар бөлме; 3) өзінің мәйіті жатқан бөлме; 4) қарындасы Әпуаштың бейіті бар бөлме; 5) меһрабы бар бөлме; 6) сырық секілді белағаш тұрған бөлме (Ата бұл бөлмеде қыз балаларға, әйел адамдарға дұға оқып берген болуы мүмкін); 7) төрт кісінің сүйегі жатқан бөлме. Бұл бөлмені «Шіл бөлмесі» деп те айтуға болады. (Ертеде сұпылар шіл ұстаған). Осы бөлмедегі табиғи жарықтан (сызаттан) қарағанда, түнде аспаннан Сүмбіле (Сириус) деген жұлдыз көрінеді. «Бұл бөлмеде әртүрлі сұпылық ритуалдар жасалған» деп болжам жасауға болады. Ал шырақшының үйінен тіке түзу сызықпен жүргізсек, төбеден Темірқазық жұлдызы көрінеді. Мешіттің жан-жағындағы төбешіктердің өзі біреу әдейі қолмен үйіп қойғандай әсер береді. Мұның бәрі тегін нәрсе емес. Мұнда бір астрономиялық зигзаг жатыр. Және бір ғажабы – барлық мешіттердің де меһрабы тұп-тура Меккеге қарап тұр. Сәдуақас Ағатаев деген азамат екеуміз арнайы өлшегіш құралмен өлшеп қарағанымызда, топографиялық картадағы 18 градустық ауытқуды дәл сақтап тұрғанын көріп, таңғалдық. Осыдан екі ғасыр бұрын, компасы немесе басқа да қажетті құрал-жабдықтары жоқ кезде дәл мұндай нақтылықты сақтау кез келген ғұлама адамның қолынан келетін іс емес.
Тағы бір таңғалатынымыз – мешіт бөлмелерінің акустикасы керемет, адам қай бөлмеде отырса да, азаншының немесе дұға оқушының даусы алдына микрофон қойғандай барлық бөлмелерге бірдей, анық естіледі. Сосын Атаның тау жыныстарының құрамын дәл есептегендігі соншалық, мешіттерде жылдың төрт мезгілінде де ауаның ылғалдығы, санитарлықгигиеналық жағдай сақталады. Барлық мешіттердің де есігі мен түндігі (төбесі) ашық тұрса да, ешуақытта ішіне кірген адамды желорай (сквозняк) ұрмайды, салқын тимейді. Ылғалдылық көбейген жағдайда пайда болатын өкпе, тұмау, сүзек ауруларының, әртүрлі инфекциялардың таралуына жол бермейді. Демек бұл – «Ата физиканың аэродинамика заңын (ауаның бір бағытта қозғалуын) да жетік білген» деген сөз. Мешіттердің орналасу бағыттарына зер салар болсақ, Оғыландыдағы да, Ескі Бейнеудегі де мешіттерде 10 сантиметрлік, 3 сантиметрлік жарықтар кездеседі. Мешіттерді салу кезінде Ата осы жарықтарды пайдалану арқылы бөлмелердің орналасу бағытын дәл мөлшерлеп отырған сияқты. Аңыз әңгімелерде айтылатындай, «Ата әрбір тастың қайда қаланып, қай жерге қойылып жатқанын, әрбір қайла-күректің қай бағытта кетіп бара жатқанын осы жарықшақ, сызаттар арқылы бақылап, біліп, жұмыс дұрыс жүріп жатса, «Әуп! Әуп!» деп демеп, дем беріп отырған» деуге келеді. Осының бәрін қорытындылай келгенде айтарымыз – Ата салдырған жер асты мешіттерінің барлығында да белгілі бір заңдылық бар. Бейнелеп айтсақ, олар – ашық аспан астындағы астрономиялық лабораториялар тәрізді. Сол мешіттердегі әрбір сызат-сызық, жарықшақтар, түрлі тесіктер арқылы Ата аспан әлеміндегі ғарыштық жүйеден алуан түрлі ақпараттар (космостық информациялар) алып отырған. Барлық мешіттердің де киіз үй тәрізді төбесі доғал, түндігі ашық болып келуі – осыған дәлел. Ата космостық энергияның сыну теориясын негізге алған болуы керек. Адамзат тарихының өткеніне көз жіберсек, Нострадамус сияқты жұлдыз жорамалшылар мен Пақыржан Пір, әл-Бухари, әл-Хорезми сияқты ұлы ғұламалар да – осындай үлкен ілімді меңгерген, теңдесі жоқ терең білімді жандар», - дей келіп: «..Бекет Ата ислам дінін терең меңгеріп қана қоймаған, сонымен қатар ол география, геология, медицина, астрономия, физика ғылымдарын да жетік білген деуге негіз бар», - деп түйеді өз ойын Базарбай Әбдірахманов. Жарты сағатқа жуық әңгіменің ұзын-ырғасынан біздің түсініп-түйгеніміз осы ғана. Біз бұл кісінің пікірін екі-үш бетті алып неге беріп отырмыз? Оның себебі: кейбір келісетін, келіспейтін жерлері бола тұра, бұл пікір біздің замандастарымыздың Бекет Атаның сан алуан сырларына тек қана сырттай қызығып, құр табынудан арылып, құмар қылған құпияларын жете зерттеп, ғылыми тұрғыдан зерделеп, жүйелеуге талаптана бастағанын көрсетеді.
Құптарлық, қуанарлық қадам. Бұл пікірлер сонысымен құнды, сонысымен де назар аударарлық, нағыз мағыналы ойлар. Бұл – әлі болашақта ұлы айдынға ұласатын үлкен дарияның жыра-жырамен сыналай аққан жылға-сулары секілді бастау-бұлағы ғана. Бүгінде Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының екінші хатшысы, ақын Темірхан Медетбек 1990 жылдары «Егемен Қазақстан» газетінің Маңқыстау облысындағы меншікті тілшісі болып қызмет етіп жүрген кезінде республикалық беделді басылым бетінде Ата туралы аңыз бен ақиқаттарды оқырман қауымның назарына ұсына отырып, Атаның Оғыландыдағы мешіті маңында жатқан бір құлпытастағы сурет хақында: «..Мен ол жерді аралап жүріп, бір құлпытастың бетіне қашалып салынған, үлкен бір философиялық мәні бар сурет көрдім. Құлпытастың ең төменгі жағына текшеленген тастармен көтерілген қабірдің суреті салынған. Сонан кейін сол қабірге тамырын жіберген алып мәуелі Дарақ бейнеленіпті. Ал Дарақтың үстінде Күн, оның шашыраған шапағы қашалыпты. Бүкіл тіршіліктің тамыры – өткен өмірде ғой. Дәлірек айтсақ, тіршілік тамыры – қабірде! Яғни адам баласы атабаба рухынан, әруақтардан ғана нәр алып, көктей алмақ. Асылы, тарихи ескерткіш әңірейген үлкендігімен емес, мән-маңызымен, рухани арқалар жүгімен құнды болса керек. Оның үстіне шап-шағын құлпытастың бетіне қашалған әлгі суреттің орындалу шеберлігі қандай дейсіз ғой?! Тасқа емес, қағазға салғандай! Соншалықты еркін, соншалықты әуезді, соншалықты жеңіл. Тасты қамыр ғып илей алатын құдіретті шеберліктің қолынан шыққаны көрініп тұр», - деп жазды. Иә, Атаның тек жер асты мешіттері ғана емес, мешіттер маңындағы әрбір тастың да тұла бойы – тұнған тарих. Тереңдей үңіліп, теңіздің түбіндегі інжуін іздеген адам небір құм басқан құпияларға кезігіп, сиқырлы сырларына қаныға түсері сөзсіз. Біз, әрине, ғалым да, тарихшы да, маман физик те, астроном да, геолог та, химик те емеспіз. Сол себепті бұл тақырыпты кеңейтіп зерттеуді келешектің үлесіне, кейінгі қолына қалам алған әріптестеріміздің еншісіне қалдырдық.
АТАНЫҢ АТА ТЕГІ МЕН ДҮНИЕГЕ КЕЛГЕН, ҚАЙТЫС БОЛҒАН
ЖЫЛДАРЫ ХАҚЫНДА
Иә, сонымен Бекет Атаның мәңгілік мекені Үстірт қыратының үстінде, Сенек селосынан жүз шақырымдай қашықтықта жатқан Оғыланды тауында. Атаның жатқан жері жайында ғалым Қ.Сыдиықов көлемді еңбегінде көп нәрседен хабардар ете отырып баяндап берді. Біз оны қайталап жатқымыз келмейді. Тек әулиенің басына қойылған тақтатас туралы азғана сөз. «Мырзағұлұлы Бекет (1650-1713). Бәйтелі – Құлманбет – Самалық – Қойбағар – Көкен – Аяпберген – Мұңал – Адай. 1986 ж. тас қойылды» деген жазудағы Атаның туған-өлген жылдары туралы аттай жүз жылға жаңылысуға Қабиболла ағамыз дәйекті дәлелдерге сүйене отырып, дәл жылдарын көрсетіп, түзету енгізді. «..Бірер сөз Бекет Атаның туған-өлген жылдары хақында. Бұл хақындағы жазба деректер біз атаған орыс зерттеушілерінің еңбектерінде ғана. Бірақ олар да ел әңгімелеріне негізделген. Өз дәуірінде хатқа түсіп, не атадан балаға ұласқан, туған-өлген жылдары көрсетілген шежірені әзір кездестіргеніміз жоқ. Сондықтан топограф Алексеев жазбасы қисынға келетіндей. Оның жазуынша, Бекет Ата 1813 жылы өлген. Ел аузындағы «63 жаста дүние салыпты» деген әңгімені негізге алсақ, Ата 1750 жылдары туып, 1813 жылдары өлген болады. Ал Оғыландыдағы Бекет ғимаратындағы тақтатаста жүз жыл әрегірек жазылып кеткен», - дейді ол. Бұл турасындағы біздің біліміміз ол кісіден үлкен емес. Жалпы, Атаның туған-өлген жылдары туралы төрт түрлі болжам айтылып келгені белгілі. Олар: 1) 1650-1713; 2) 1720-1783; 3) 1740-1803; 4) 1750-1813 жж. Алғашқы цифрды айтушылардың бірі Тасқара Өтешов: «..Мен Бекет Ата жайында бабадан мирас болып келе жатқан нақты анықтамашежірені Ата ұрпағы Аяудан жазып алдым... Енді Бекет Атаның кіші ұлы Бәйтеліден өрбіген ұрпағының таралу жолдарын тізбелегенде, жылнамалардың өзі-ақ айны-қатесіз Атаның 1650 жылы туғандығын дәлелдеп-ақ тұр. Бұл ұрпақтан-ұрпаққа жазылып келе жатқан анықтамашежіреден алынды. Бәйтелі – 1698 жылы туып, 76 жыл ғұмыр жасаған адам, 1774 жылы дүниеден өткен. Бәйтелінің баласы Құлмәмбет 1754 жылы туған, 82 жыл жасаған. Оның баласы Самалық 1812 жылы туып, 87 жыл жасап, 1899 жылы қайтыс болған. Оның баласы Қойбағар 1866 жылы туған, 1956 жылға дейін өмір сүрген. Ал Қойбағардың баласы Бекбай – күні кешегі 1984 жылға дейін арамызда болған адам. Оның баласы, 1938 жылы туған Аяу қазір Маңқыстау стансасы, Қызылтөбе елді мекенінде тұрады», - десе, екінші деректі айқын қазық етіп, ат байлар тоқтам санайтын марқұм Жолдасқали Сүйесінов неміс саяхатшысы Шульц деген кісінің «Қырғыздар» атты кітабында 1820 жылы Бөкей Ордасына саяхат жасаған сапарында Бекет
Атаның жиені Құлшаннан «Атаның туғанына биыл – 100 жыл» деген дерек естігенін айта келіп: «..Бекет Ата Әбілқайыр ханның Қожахмет деген баласымен құрдас екен. Еділ қалмақтарымен болған соғыста Бекет Ата 20дағы жігіт болса керек. Қалмақ әскерлеріне қарсы Бекеттің жалғыз өзі ту көтеріп шыққанда жау быт-шыт болып, жан-жаққа қашады. Бұл оқиға 1740 жылы болған. Осы жеңісі үшін ханның әйелі Бопай Бекеттің бетінен сүйеді. Бекет Атаның 1740 жылы 20 жаста болуы, демек, Шульцтің Бекет Атаның туған жылын 1720 жылға меңзеуін анықтай түсетіндей», - деп дәлелдейді. Өкінішке қарай, «1740 жылғы Еділ қалмақтарымен болған соғыста қазақ жасағының құрамында Бекет Ата болыпты, жалғыз өзі ту көтеріп шапты» деген тарихи оқиғаны біз Ж.Сүйесіновке дейін де, Ж.Сүйесіновтен кейін де еш жерден кездестіре алмадық, ешкімнен де екінші мәрте ести алмадық. Жатқан жері жайлы болғыр Жолдасқали ағамыздың бұл әңгімені кімнен естігені бізге әзір беймәлім. Сондай-ақ бізге жеткен деректер бойынша, 20 жасында Бекет Ата елде болмаған, 14 жасында Хиуадағы «Шерғазы хан» медіресесіне оқуға кеткен ол 21 жасында ғана жеті жылдық оқуды аяқтап, еліне оралған. «Ал Тасекең жазып алған Аяу ақсақалдағы аталық шежіреде әлдекімнің қателігінен кейінгі кезде ауызша жаңсақ айтылып, Атаның туған жылы 100 жылға кейін шегеріліп кеткен болар» деп топшылаймыз. Олай дейтін себебіміз: бұл кезең (1650 жылдар шамасы) – Адай түгіл, Алшын руларының әлі Жем бойына аяғы тимеген, Түркістан мен Сауран айналасында шоғырланып отырған уақыты. Ел тарихының көне шежірелеріне көз жіберсек, біздің ата-бабаларымыз 1720 жылдардағы «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» қасіреті кезінде ғана Жем бойына келіп, Мұңалжар тауының маңайын мекен ете бастаған. Бұрынғылардан жеткен бұлтартпас деректердегі: «Ата Жем бойындағы Ақмешітте дүниеге келген» деген әңгімеге сүйенсек және халық аузындағы шежіре есебі бойынша Атаның Адай бабамыздан есептегенде сегізінші ұрпағы екенін ескерсек (әр атаға шамамен 25-30 жыл есептеледі), «Бекет Ата ХVІІІ ғасырдың екінші жартысында дүниеге келді» деуге толық негіз бар. Бұл – бір. Екіншіден, Қарақалпақстанның Хожелі ауданында тұратын ақын, жыршы Өмірзақ Қалбайұлы ағамыз: «..Бекет Атаның туысқан ағасы Алдоңғардың Жәрмембетінен туылған Асар сұпы Шалбар Қалнияз ақынның замандасы екен... Қалнияз 1816 жылы туған ғой. «Ал Асар сұпы жасы бойынша Қалнияздан үлкендігі бар екен» деседі жасы үлкендеріміз. Сол жағын еске алып, анығын білмесек те, «Асар сұпы шартты түрде Қалнияздан он жас үлкен, яғни 1806 жылы туылған» деп-ақ қоялық. Әр атаның арасын отыз жастан мөлшерлеп, Асардың әкесі Жәрмембетті 1776, ал оның әкесі Алдоңғарды 1746 жылы туылған делік... Сонда Атаны «1750 жылдар
шамасында туылған» деушілерге ойланбай-ақ қосылуға болады... Және бір деректеме сөзіміз – Атаның үлкен баласы Жайлау ұрпағынан тарайтын Іңір есімді ақсақалдың айтуынша, Бекет Ата Барақ Атадан сегіз жас кіші екен. Ал қазіргі таңдағы Табын ағайындардың тарихшылары мен шежірешілері Барақ Атаны «1743 жылы туылған» деп, өткен 1993 жылы 250 жылдығын атап өтті емес пе?! Олай болса, біздің Атамызды «1750 жылы туылған» деп дерек келтіруіміз шындыққа келетін сияқты», - деп жазды осыдан алты жыл бұрын өзінің «Әулие анасы – Жәния» атты жазбасында. Үшіншіден, осы пікірді қолдайтындардың арасында белгілі журналист, жазушы Әбілқайыр Спановтың да дәлелі назар аударуға тұрарлық. Ол көзі тірі шежіре Өтежан Алшынбайұлының Бекет Атаның Сәуле есімді ұрпағы Атаның алтыншы ұрпағы екендігін айтқанын, марқұм жазушы Маршал Әбдіхалықов «Ата 1812 жылы, қайтыс боларынан бір жыл бұрын Ресейдің Напалеон әскерімен арада болған Отан соғысы кезінде «Қанаттас халықпыз ғой, қайғысы да ортақ», - деп, сауын айтып, садақа шалғызыпты» деген әңгіме айтқанын келтіре келіп: «..Атақты Балуанияз батыр шейіт болатын Қараған-Босаға шайқасының 1856 жылдың жазында екені ақиқат. Сонда Адайдың туын ұстаған ерлерге бата берген Асар сұпы – Бекет Атаның немересі. Бұл – Бекет Атаның 1813 жылы дүниеден өткенінің бір дәлелі», - дейді. Төртіншіден, Ислам Мырзабекұлы Қосқұлақтегі алдыңғы айтылған Өмірзақ Қалбайұлы келтірген дәлелдерді толығымен қуаттай отырып: «..Баршаға мәлім, 1992 жылы Ақтөбе облысында Тама Есет батырдың туғанына 325 жыл толу мерейтойы атап өтілген болатын. Егер алғашқы пікірді («1650 жылы туған» деген пікірді-Р.Қ.) жөн санасақ, онда сол жылы Бекет Атаның туғанына 342 жыл толған болып шығады. Сондай қалай, жиені нағашысынан 17 жас үлкен болғаны ма немесе нағашысы тумай жатып, жиені дүниеге келгені ме? Ал ғылымға негізделген екінші дерек бойынша, сол 1992 жылы Бекет Атаның туғанына 242 жыл толды. Бұл есеп бойынша, сол жылы 325 жасқа толған Тама Есет батыр Бекет Атадан 83 жас үлкен болып шығады. Ендеше, бұл жас айырмашылықтары Тама Есет батырды «Бекет Атаның кәрі нағашысы» деуге сыймай ма?!» - деген риторикалық сауал қояды. Одан әрі ол жылы Алматыдан шыққан «Маңғыстау» энциклопедиясында еліміздің бетке ұстар атақты ғалымдары мен зерттеушілерінің «Ата 1750 жылы дүниеге келіп, 1813 жылы қайтыс болған» деген ортақ бір шешімге пәтуаласқанын айта келіп: «..Жылдар бойы ауызекі және баспасөз құралдары арқылы жеке адамдар тарапынан ғылыми тұжырымға қарсы дау-дамай туғызып, күн тәртібінен түспей келе жатқан, Ұлыс Ұранының туған жылы мен нағашы жұрттары туралы мәселені осымен
доғарайық, ағайындар! Өлі әруақтарды орынсыз мазаламайық, тыныш жатсын! «Жеке шауып, жол табам» деп тыраштанып, шаң қауып қалмайық! Адассақ – көппен адасайық. «У ішсең – руыңмен» деген, көпке қосылайық. Қай-қайсымыздың да ой-өрісіміз бен білім дәрежеміз «Қазақ энциклопедиясы» мен «Маңғыстау» энциклопедиясын шығарушылар алқасымен салыстырғанда көш кейін жатқанын ескеріп, «Аяз, әлімізді біліп», «көрпемізге қарай көсілейік!» - деп, ақырғы уәжін, ақтық байламын айтады. Сондықтан біз де сол пікірлерге қол қойып, қостай отырып, «Бекет Ата 1750 жылы туып, 1813 жылы қайтыс болған» деп тұжырымдаймыз. Ал енді атаның арғы тегін таратар болсақ, шежірелер сырын шешілте сөйлетуге тура келеді. Шежіреге сенсек, Кіші Жүздегі Он екі ата Байұлының кенже баласы Адайдың екі ұлы Келімберді мен Құдайкеден сегіз перзент өсіп-өрбіген. Адайдың екі баласы – Келімберді, Құдайке, Құдайке еді ағасы, - деп жырланатын Құдайкеден Тәзіке мен Қосай атты екі ер бала туады. Келімбердінің арыстай алты ұлы Құнанорыс, Ақпан, Балықшы (Шыбынтай), Бұзау (Жеменей), Тобыш, Мұңалдың ішіндегі кіші бала Мұңалдың тіке тұқымы Бекет әулие үлкен үй, қара шаңырақтың қасиетті тірегі болған. Мұңал Алақұнан, Әли, Бәйімбет, Шоғы (Қырықмылтық), Жаулы есімді бес перзент көреді. Кейінірек кенжесі Жаулыдан Ескелді, Қосқұлақ, Жары деген екі-үш немере сүйеді. Қосқұлақтан Төленді, Тоғызақ, Жаналы деген үш ұл тарайды. Үш ұлдың үлкені Жаналының Атағұл, Өтеғұл, Байдығұл (кейбір деректерде «Еділбай» делініп те жүр), Жарылғап, Мырзағұл деген бес баласының бірі Мырзағұлдан – Алдаберген, Алдоңғар, Меңдіқұл, Бекет туады. Кенже ұлы Бекеттің бес баласы болған: Жайлау, Тоғай, Байнияз, Қодар, Бәйтелі. Одан әрі қарай тін тартып, тізіп таратар болсақ, ұрпақтарының ұзын санын білу үшін ұзақ әңгімеге кетеміз. Бекет Атадан тараған бес баланың күні бүгінге дейінгі ұрпақтарының кімдер екенін білгісі келген әрбір адам Ата ұрпағы Ислам Мырзабекұлы Қосқұлақтегінің 1999 жылы Ақтаудан жарық көрген «Бекет Ата» атты имандылық тағлымының 1-кітабының 100107-беттер аралығын парақтаса, жетіп жатыр. Сол себепті біз Бекет Атаның бел балаларынан тізгін тартқанды жөн көрдік.
АТА АҚЫН БОЛҒАН БА?!
Өткен 1999 жылдың 1 ақпаны, дүйсенбі күні біз қызмет істейтін Маңқыстау облыстық телерадиокомпаниясының қазақ редакциясына Ата ұрпағы, ақын Рахмет Аяпбергенұлы «алақайлап», алқынып жетті. Қолында – жылыойлық ақын Аманқос Ершуовтың Атыраудағы «Ақ Жайық» баспасынан жақында ғана жарық көрген «Пір Бекетке – жыр-зекет» кітабы. Ол бізге осы кітаппен бірге «Бекет Ата ақын болған көрінеді. Алты бірдей өлеңі табылды!» деген жаңалық хабарды жеткізді. Рахаң бұл хабарды осыдан 14 күн бұрын – 19 қаңтар күні естіпті. Қапелімде тосырқап қалсақ та, көптен бері көңілімізде «Бекет Атадай жан-жақты ғұлама кісіден жазба деректер қалмауы мүмкін емес» деген ой жүрген біз бүгінгі күнге бірер жәдігерінің болса да жеткеніне қуанып, Ата ұрпағы ұсынған Аманқос Ершуовтың кітабындағы аталған бетті асыға-үсіге ашып, жанар жүгірттік. Кітаптағы «Пір Бекеттің ақындығы да ақиқат» деп аталатын мақалада автордың 1972 жылы Ә.Кекілбаевтың анасы Айсәуле әжемен, ақын Дүйсенбек Қанатбаевтармен бірге атыраулық арқалы ақын Әбу Сәрсенбаевтың шаңырағында атақты шежіреші Алшын Меңдалиевпен кездескені және сөз арасында Аманқостың Ата туған Жылыой өңірінің жігіті екенін естіген Алшекеңнің елең етіп: «Атаның толғауларын жазып ал», - деп, алты бірдей өлеңін айтып бергені баяндалады. (А.Ершуовтың айтуынша, мұны Алшекеңе ар жағында Оразмағанбет Тұрмағанбетұлы ахун айтыптымыс). Одан әрі «Замана», «Арқарым», «Қара жер», «Байсалым», «Мешіт», «Мұсылманның баласы» атты 6 шығарма «Пірдің толғаулары» деген атпен оқырман назарына ұсынылады. Хош, сонымен қуана-қуана қолға алған кітаптағы: Заман да-Заман, Замана, Заманым бір күн аза ма? «Қара бет» демей, кім дейсің – Қайрылмай кетсе қазаға?! Шайтанға ерген пендені Шариғатпен жазала. Заман да-Заман, Замана! – деп басталатын «Замана» өлеңін; Оғыландыны жайлаған, Табаны тасқа таймаған. Күнмен бірге ойнаған, Құздың мұзын шайнаған. «Жетілер, - деп, - тұяғым», Қошқартастарға қайраған.
Тәңірге қылдым құлшылық, Бағыма сені байлаған. Сен тұрғанда қайтемін Арамның малын айдаған?! Ай мүйізді арқарым, Дыбысты сезгіш жалтаңым. Жау келгенде – қалқаным, Дос келгенде – салтаным! – деп келетін «Арқарым» толғауын; Байсалым, уа, Байсалым! Байыппен сөйлер жайсаңым. Сен дегенде – бұлақпын, Сен дегенде – майсамын. Тамұқта жатып өртенер Уәдеден тайса кім. Байсалым, уа, Байсалым! Қажуды білмес қайсарым. Қуантады Тәңірің – Тәңірге құшақ жайса кім! – деген шағын ғана «Байсалым» жырларын оқығанда, өз көзімізге өзіміз сенер-сенбесімізді білмедік. Сенейін десек, «Бекет Ата әулие абыз, көріпкел пір, көреген қолбасшы, ел сыйлаған емші болған» деген тұжырымды жиі айтатын туған өлкенің көшелі кеуде, көкірегі көмбе, көзі тірі қарияларының көбісінің аузынан «Бекет Ата ақын болыпты» дегенді естіген жоқ едік. Оның үстіне, артынан сұрастырғанымызда, мұндай мәліметті жалпақ еліміздің жалпы тарихын жазба дерексіз-ақ жатқызып-өргізіп, жатқа айтып беретін абыз аталарымыздың бірде-біреуі білмейтін болып шықты. Бұл хабарға сенбеуіміздің бір себебі және ең бастысы – алдымызға келген алты өлеңнің техникасы мен сөз саптау мәнері де, құрылымы мен ұйқас, буын ырғақтары да осыдан 200 жыл бұрынғы ескі дін өкілдерінің жазбаларындағы стильден гөрі қазіргі заманғы өлең өрнегі мен ХХ ғасырдың 70-80-жылдарындағы поэзияның үлгісіне көбірек ұқсайды. Ал енді сенбейін десек, бұл жаңалық хабардың рас-өтірігін, бүткіл обалсауабын мойнына көтеріп, Атыраудағы «Ақ Жайық» баспасынан «Пірдің толғаулары» деп жариялап отырған ақын ағамыз Аманқос Ершуов анаумынау адамды емес, ешкімнен сөз сұрамаған Шоңай аулының шоқтығы биік перзенті, «Адайдың Алшыны» атанған айтулы Алшын Меңдалиевтей ақсақалды куәлікке тартады.
Осындай күмән-күдікке толы ойдың үстінде отырсақ та, «Жақсы хабар жерде жатпасын» деп, сол күннің ертесіне – 2 ақпан күні облыстық телеарнаның «Дидар» ақпараттар бағдарламасы арқылы халықтан сүйінші сұрағандай болып, Р.Аяпбергенұлымен сұхбатымызды эфирден беріп жібердік. Бірақ сөз соңында әлгі күмәнімізді де жалпақ жұртшылықтан жасырмай айтып, «Қалай болса да, қатесін түзеп, қалтқысыз төрелігін беретін халық үнсіз қалмас, бір пікірін білдірер. Біздің міндетіміз – «Естіген құлақта жазық жоқ», елге хабар жеткізіп, сүйінші сұрау ғана», - деп, өз көзқарасымызды білдіруді де ұмытқан жоқпыз. Ертесі күні редакциямызға телефон шалған ақын Шабаз Иманалиев те, артынан біраз уақыт өткесін бірер ауыз пікірін білдірген белгілі өнер зерттеушісі, жыршы Ізбасар Шыртанов та, тағы да басқа өлке тарихынан және әдебиет ауылынан хабары бар бірқатар азаматтар да бұл өлеңдердің дәл Бекет Атанікі екеніне күдік келтіріп, «Беріректе жазылған жырлар сияқты» деген көзқарастарын ашық айтты. Бұл әңгіме осынысымен, «Жабулы қазан – жабулы» күйінде қала берер ме еді, қайтер еді – егер 1999 жылы Ақтау қаласынан жарық көрген Ислам Мырзабекұлының «Бекет Ата» атты имандылық тағлымының 1-кітабында «Бекет Атаның ақындық қасиеті» деген арнайы тақырыпша беріліп, Р.Аяпбергенұлының арнау жыры жарияланбағанда?! И.Мырзабекұлы ағамыз Атаның ақын болғандығын дәлелдейтін дәйек ретінде орыс жазушысы Алексей Брагиннің 1984 жылы Алматыдағы «Жазушы» баспасынан шыққан «Третье рождение» кітабынан үзінді келтіре келіп: «..Ол кездегі ғұламалардың көпшілігінде ақындық қасиет болған ғой. Мысалы, Қожа Ахмет Яссауи, Әл-Фараби, Науаи, Фирдоуси, Физули, Абай, т.б. «Біреудің жоғын біреу табады» деген, ал бұған сіз не дейсіз, ағайын?! ...Алшекеңнен қалған «Пірдің толғауларын» Бекет Ата туралы келесі жолы шығатын жинақ кітаптардың біріне енгізгеннің артықтығы болмас», - деп түйеді. (Сөз арасында айта кетейік, келесі кітаптарға енгізбей-ақ, Ислам ағамыз бұл «толғауларды» 1-кітаптың өзіне әр жер-әр жеріне жырымдапжырымдап, үзінділерін енгізіп-ақ (109-б., 219-б., 437-б., т.б.) жартысына жуығын жариялап үлгеріпті. Сөз соңында ақын Р.Аяпбергенұлының: Жаңалыққа мен де, халқым, жаршымын, Бай қазынам мол екен-ау бал-шырын. Жыр жиһазын Әбу ақын үйінде Аманқосқа тапсырыпты Алшыным!
Жарылғалы тұрмын мына бақыттан,
Өсер ұрпақ бұл байлықтан шабыттан.
Толғаулары жатқан жаңа табылып,
Бекет – ақын жыр бұлағын ағытқан... – деп келетін бес шумақ өлеңі қоса беріліпті. Әрине, бұл жерде «Өтірік айтасың» деп, И.Мырзабекұлын да, Р.Аяпбергенұлын да кінәлауға болмайды. Арада 250 жыл уақыт өткенде атабабаларының алтыншы қыры ашылып, алты Алашқа мағлұм болып жатса, қалай қуанбасын?! Ағаларымыздың «алақайлауы» да, ақ көңілмен жалпақ елге жар салуы да заңды. Бәрі де – орынды, түсінікті жәйт. Бірақ бірден басын ашып айта кету керек, «Бекет Ата ақын болған жоқ» деп айта алмаймыз, алайда мына алты өлең Бекет Атанікі емес!!! Неге олай деп кесіп айтып отырмыз?! Ата әруағы атағын саудаға сала бастаған артқы толқын ұрпақтарын кешірер, біздің бұған айтар бірнеше дәлеліміз де, дәйегіміз де бар. Біріншіден, алдында айтқанымыздай, «Атадан осындай өлеңдер қалғаны жөнінде Алшекең айтыпты» деген деректі осы күнге дейін Маңқыстаудың ойынан да, қырынан да ешбір тірі пенде баласы естіген емес. Тіпті Алшекеңнен қалған ауызша мол мұраларды түгелге жуық білген туған баласы, марқұм Рзабек Меңдалиев те, көзі тірі ұлы Бурабек Меңдалиев те мұндай мәліметті білмейтін болып шықты. Мұны бізге сол кісілердің тумаласы, әйгілі әнші, жыршы Ізбасар Шыртанов айтты. Ал сонда әшейінде мінезі ауыр, сабырлы, сарқылмас төзім иесі, өмірдің соқпағын да, тоқпағын да бір кісідей басынан өткерген Алшекеңдей абыз ақсақалдың Ақмешіт пен Жылыойдың адамын көрмей жүргендей, аяқ астынан елең етіп, желпілдеп, ауылда сеніп айтатын адам құрып қалғандай, Алматының төрінде айдаладағы Аманқосқа құсы түсе қалуына жол болсын?! Бұл – енді болмасты болдырып, толмасты толтырып, арзан атақ жинау үшін ойдан шығарылған қисынсыз өтірік, қияли әңгіме. Екіншіден, Аманқос Ершуов ағамыздың отыз жылға жуық уақыт бойы – осы күнге дейін «бітеу жара» болып келіп, бір пенде баласына айтпай, іштей булығып жүруі де, сосын Алшекеңдер дүниеден өткесін, аяқ астынан ағытылып, ашылып кетуі де күдік тудырады. Үшіншіден, А.Ершуовтың куәлікке тартып отырған адамдарының көпшілігі – әлдеқашан о дүниелік болғандар. Оразмағанбет Тұрмағанбетұлы да, Алшын Меңдалиев те, тіпті Әбу Сәрсенбаевтың өзі де – бұл күнде фәниде жоқ, ана дүниенің адамдары. Ал енді бүгінде көзі тірі Әбекеңнің анасы мен ақын Дүйсенбек Қанатбаевқа біздің аяғымыз жетіп жатқан жоқ, қолында дерегі бар, тиісті азаматтар неге хат жазып, иә аяқтай барып, хабарласып, айтылған әңгіменің анық-қанығын білмеске?! Әй, қайдам, бірақ Аманқос ағамыз: «Мен ол толғауларды жазып алып жатқанда бұлар басқа бөлмеде болды. Олар Алшекеңнің айтқан сөзін естіген де жоқ, менің көшіргенімді көрген де жоқ» деуден де жүзі жанбайтын шығар.
Төртіншіден және ең басты сүйенер, тілге тиек етер дәлеліміз – Ата жыр жазған күннің өзінде, ол кісіден мұндай «мұралар» қалуы мүмкін емес. Өйткені, ол кездің ақындары мен шайырларының стилі мұндай емес. Бұл өлеңдерден 1970 жылдары қазақ поэзиясына жыраулық дәстүрдің сарынын алып келген ақындар творчествосының исі аңқып тұр. Тіпті бұл өлеңдерді құрастырған («жазған» деп емес, «құрастырған» деп сөз саптауымыздың мәнін сәлден кейін түсінесіз-Р.Қ.) Аманқос ағамыздың өзі болуы да ғажап емес. Олай дейтініміз – Ата ақын болған күнде де, өлең жазғаны рас болған күннің өзінде де, ол кісінің сұпылық ілімнің ірі өкілі екенін ескеруіміз және ешқашан естен шығармауымыз керек. Сондықтан Ата жыр жазса да, алдында өткен ұлы ұстаздарының бірі Қожа Ахмет Иассауидің «Хикметтеріндегі»: 553. «Шайыхпын» деп уағыз айтып, жолда қалдым, 554. Сәлдемді соқыр тиынға сатып келдім. 555. Нәпсім мені алдап кетті, жолда қалдым, 556. Алаңсыз жер астына кірдім, міне.
557. Басым – топырақ, өзім – топырақ, тәнім – топырақ, 558. «Хақ Пайғамбарға жетемін» деп рухым аңсап; 559. Күйдім-жандым, бола алмадым әркез шапақ, 560. Терлеп-тепшіп, жер астына кірдім, міне, - деп келетін (9хикмет) немесе сол суфизмнің көрнекті тұлғалары болған «Шығыстың жеті жұлдызының» бірінің, яки Хожа Хафиздің «Ғазалдарындағы»: Дарынсыздық орансын, мейлі, үлде менен бүлдеге, Бәрібір ол танытады өзінің жасық сүйегін. Сұлтандардың қазынасынан артық көңіл байлығы, Жаратқанға жалбарыну – жанға араша, сеп емес...
...Өзегімді өрт жайлайды, қалай табам дәруін, Көтерісер кім бар екен мендегі жүк ауырын?! Құбылмалы қу дүниеде жоқ қой жанға тыныштық, Одан да өзің шарап құйып, шапағат қыл, бауырым!.. – деп келетін стильде жазуы мүмкін. Егер «Иассауилер, Хафиздер өмір сүрген дәуір мен Бекет Ата ғұмыр кешкен кезең арасында ондаған, жүздеген жылдар, тұтас ғасырлар жатыр ғой. Сондықтан уақыт айырмашылығына байланысты стиль де өзгеріске ұшырамай ма?!» - деп таласушылар табылса, оған да жауабымыз дайын. Ендеше, Бекет Атадан көп кейін көз жұмған данышпан Абайдың: Физули, Шәмси, Сайхали, Науаи, Сағди, Фирдоуси, Хожа Хафиз бу һәммаси,
Мәдәт бер, я шағири фариад! – дейтін Шығыстың жеті шайырынан бата сұраған сөздері мен Шәкәрім Құдайбердіұлының: ...Пәнші дейді: - Қайда Тәңірі? Дінші дейді: - Менде тұр. Екеуі де сөзге нанды, Таза ақылдан жоқ сұрақ. Пәнші нанды бес сезімге, Дінші адасты жолынан. Сал ақылға, дұрысы не? Дәлелін тап жақсырақ, - дейтін, сондай-ақ: Отыз жылдай жиғаным, Сау ақыл – менің иманым, Аламын соған сыйғанын, - деген философиялық ойтұжырымдары мен А.Ершуов ұсынған «Пірдің толғауларының» стилі арасында жер мен көктей айырмашылық бар емес пе?! «Бекет Ата жазып қалдырды» делінген «толғаулардың» стилі тым құрыса, күні кеше ғана, ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың бас кезінде өмір сүрген, терең діни сауаты бар қазақ ақыны Әсет Найманбайұлының: ...Дүниеге адам болып жаралған соң, Білімсіз құр жүрісің – бейне есек. Тірлікте жақсы-жаман қылған істен Періште мақшар күні алады есеп...
...Ақылдының сөзінде жұпары бар,
Ғылыммен тән тазарып, жанданады.
Оқудың түзетпейтін адамы жоқ,
Қараңғы мінбарларға шам жанады...
...Рахматтан наумыз болып, құры қалмақ
Бұрмаған Хаққа мойын дін бұзықтар...
Бай, патша бұл күндегі есеп емес,
Мақшарда кім артылса, соны мақтар, - деп келетін
толғанысқа толы ойларына немесе Әсеттің замандасы, ауыз әдебиеті
мұраларын жинақтаушы, ақын Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының:
...Еске түсті-ау басымнан кешкен күндер,
Талай уын жалғанның ішкен күндер,
Неше түрлі көкейді кескен күндер,
Текке шаршап, зарықпа, қызыл тілім! – деген жыр
жолдарының стиліне неге маңайламайды?!
Ал егер «Біздің Батыс Қазақстанда ғұмыр кешкен ақын-жыраулардың сөз саптау мәнері мен жырлау үлгісі бұл үзінділер келтірілген Шығыс Қазақстан, Семей, Оңтүстік Қазақстан және Орталық Қазақстан шайырларынан мүлдем өзгеше» деп дау айтушылар болса, онда өзіміздің туған топырақтың төл перзенті Қашаған Күржіманұлының: ...Иманнан жарық болмайды Таспихқа айтып, санаған. «Жұмаққа барады, - дейді, - тергеусіз Алласы анық қалаған». Дүниенің басы әуелі Меруерт тастан жаралған. Меруерт тас еріп, су болған, Судан түтін, бу болған, Аспан, Жер содан жаралған. «Адам, лаухы, ғалам, абзал – баршасы Сол заттан, - дейді, - жаралған», - дейтін Нұрым жыраумен айтысындағы суырыпсалма өлең өрнектері мен Мұрат Мөңкеұлының: ... Еділдің бойы – қанды қиян, Жайықтың бойы – майлы қиян, Маңғыстаудың бойы – шаңды қиян, Адыра қалғыр үш қиян! - деп төкпектетіп келетін, төгілген кестелі тілге толы «Үш қиян» дастанын оқып көріңіз. Біз мысалға келтірген барлық дәуірлердегі ақындардан да сол өздері өмір сүрген уақыттың сарыны, дәстүр-салты, тіл қолданысы, өлең өрнегі «менмұндалап» тұрған жоқ па?! Ал Аманқос жариялаған «Пірдің толғауларынан» мұның бірі де байқалмайды. Жалпы, өтірігіне береке берсін, өтірікті де артынан жалғандығы жалпақ жұртқа әшкере болып, ашылып қалмайтындай етіп, қиыстырып айту керек қой. Әйтпесе, «Өтіріктің құйрығы – бір-ақ тұтам» демекші, келістіріп айтылмаған өтіріктің де кеспірі кетіп, өзін-өзі ашып береді емес пе?! Бесіншіден, «Бекет Ата мұндай өлең жазуы мүмкін емес» дейтін себебіміз: «толғаулардың» стилінің «су жаңалығы» былай тұрсын, мағынамазмұны мен поэтикалық көркемдігі де көп төмен, ортаңқол ақынның деңгейіндегі дүниелер. Дәлел керек пе? Мәселен, «Толғауларда» жиі қолданылатын «Тәңірі» сөзін Ата аузынан тастамай айтты» дегенге күмәніміз бар. «Тәңірі», «Көк Тәңірі», «Ұмай ана» сөздері – түркі халықтарының ежелгі шамандық наным-сенімінен туған түсінік. Сол кезде жиі қолданылған бұл сөздер екі аралықта Орта Азияға ислам дінінің ықпалы ене бастауына байланысты күнделікті қолданыстан
ығысып шығып, тек ХІХ ғасырдың аяқ шенінде ғана қайтадан тілдік қорымызға оралды. Сондықтан ХVІІІ ғасырда өмір сүрген Атаның ол сөзді «қайта-қайта айта беруі» күдігімізді күшейте түседі. Шамасы, бұл – Аманқос ағамыздың «Тәңірлік таным-түсінігінен» туындаған «шедеврлер» болуы керек. Ата суфизмнің өкілі болғандықтан, «Тәңірден» гөрі «Алла Тағала», «Жаратқан Ием» сөздерін жиі қолданған болуы ықтимал. Ал алты өлеңнің де өн бойында «Тәңірі» сөзі өріп жүр де, «Алла» сөзі бірде-бір рет ауызға алынбауы неліктен?! Бұл – «толғаулардың» лексикондық жағы. Ал сөз қолданыстағы сауатсыздыққа келсек, қате деген өріп жүр. Мысалы, ақын: ...Бұлақтың көзі бітелсе, Бастаудың суы – бозала (?), - дейді «Замана» толғауында. Осындағы «бозала» сөзі не мағына беріп тұр? Қазақ қай уақытта «бозала су» деп айтып еді?! «Бозала таң», «бозала тұман» десе, бір сәрі. Келесі екі жолдағы «бозбала» сөзі мен «бозаға», «өзара» сөздеріне ұйқастыру үшін Атаны соншама сауатсыз етіп көрсету кімге керек болды?! Мұңлық болған шермендер (?) Мұны да жерден көрмеңдер, - дейді ақын «Қара жер» өлеңінде. Осындағы «шермендер» сөзін келесі жолдардағы «белден бер», «келмеңдерге» ұйқастыру үшін «р» әрпін жалғаудың қаншалықты қажеті бар?! Немесе «Арқарым» атты өлеңді алайық. Атаның: ...Тәңірге қылдым құлшылық, Бағыма сені байлаған, - деп арқарларға «еміренуі» де тым жасанды. Күллі дүниенің ілімін игерген ғұламаның өз құдіретімен өргізіп-жусатып отырған арқарларын «басына қонған бақытқа» санауы, арқарлар үшін Құдайға құлшылық етуі – кісі күлерлік жай. Сондай-ақ оның арқарларға «Жау келгенде – қалқаным» деп жалпаңдап, арқа сүйеуін қалай түсінеміз? «Арқарлар Атаны жаудан құтқарып жіберіпті» немесе «құтқарып қалыпты» дегенді ес білгелі ешкімнен естігеніміз жоқ. Қайта «Арқарлары арқылы Ата өзіне сыйынып, көмек сұрағандарға қол ұшын беріпті» деп естіп өскен сияқты едік. Ал «Дос келгенде – салтаным!» деген не сөз? Бұдан бұрын естіген болсақ, екі құлағымыз керең болсын, «салтаным» деген қазақтың қазыналы тілінде жоқ тіркес болар. Шамасы, автор «сән-салтанатым» деп айтқысы келген болуы керек. Егер нағыз ұйқас қуып, келесі жолдардағы «балпаңым», «дарханым» дегендермен үндестіру керек болса, тым болмаса (негізінен адамзатқа арнап айтылатын болса да) «салқамым» деп сөз саптамады ма екен?
...Қозыкөш жерге кеткенде, Қосымды саған артамын, - деген де «дімкәс» жолдар бар осы өлеңде. О заман да-бұ заман, «Адам баласы арқарға жүк артып көшіпті» дегенді естуіңіз бар ма?! (Бұғы болса, бір сәрі. Тіпті ит екеш ит болса да). «Ата арқарларына қосын артып көшкен екен» деген деректі осы күнге дейін бізге бірде-бір адам айтқан емес. Құдайға шүкір, қолында төрт түлік малдың төресі – түйе тұрғанда, Атаға арқарға жүк артып көшетіндей не басына жоқшылық туыпты? Әлде бұл өзінің құдірет-қасиетін көрсету үшін керек болды ма екен? Құдай сақтасын, әруаққа күпір болмайық, Ата ондай өркөкірек, мақтаншақ, даңғой мінездерден ада кісі болған. Әрі десе, әулиенің зайыры мен құдіретін әркім-ақ әр кездерде (арқарға жүк артып көрсетпей-ақ!) көзімен көріп, көңілімен сеніп, мойындаған көрінеді ғой. ...Ашыққан жанның алдына Жаяңды (?) сенің тартамын. Сорпаң да тәтті, кем емес Сорпасынан марқаның, - деп тамсанады автор. Астапыралла, арқардың етін жеп, сүйегін мүжіген қайсыңыз бар? Ал сонда арқардың ішінен Құдай Тағала жаратқан бүкіл жан-жануарлардың арасынан тек жылқыда ғана кездесетін «жал-жая» дегенді көргеніңіз бар ма? Бұл да – орнын таппай, адасып жүрген, орайсыз қолданылған сөз тіркесі. ...Айыпты боп, ағайын, Алдыма менің келмеңдер! – дейді автор тағы да. Біз білсек, Ата ешуақытта өзінен шапағат-медет сұрап келген жандарға шалқайып қарап, тоңқайып жатып алып, тоң-теріс мінез көрсетпеген. Қайта «Әділдікке Арашашы, Ақиқатқа Қази» (Ә.Кекілбаев) болып, дауласқан ел мен жауласқан жандарды қара қылды қақ жарған билігімен бітістіріп жіберіп отырған. Тізе берсек, мұндай мысалдар жетіп-артылады. Бұл нені көрсетеді? Демек, бұл «толғауларды» (әрі-беріден кейін бұлар «толғау» деген жанрға да жатпайды, жәй өлең қылып құрастырылған сөздер жиынтығы ғана. Отыз жылдан астам уақыттан бері жыр жазып келе жатқан Аманқос ақынның осыны да білмегені ұят болды) «Ата жазды» деп айдар тағу, әрісі – арымызға сын, берісі – ұлтымызға ұят. Барлық өлеңдерде де бастан-аяқ жинақылықтың жоқтығы, ой шашыраңқылығы, бірді айтып, бірге кетушілік бар. Ол – өз алдына жеке бір тақырып. Біздіңше, А.Ершуов ағамыз Атаның өмірбаяны мен қасиеті хақында шала-пұла естіген мағлұматтарын (Мыңкісінің әкесі Байсал туралы, Оғыландыдағы мешіт құрылысы, Атаның киелі арқары жайлы, т.б.
деректерді) пайдаланып, осыдан 200-220 жыл бұрынғы ескі заманға қиялмен шегініс жасап, «ақындық қуатын» бір сынап көру арқылы «Ата өлеңдерін біздің дәуірімізге жеткізуші» атанып, арзан атақ иеленгісі келген сияқты. Құдай-ау, сонда ол кісі тым құрыса әулиенің әруағынан қаймығып, құдіретінен сескенбегені ме? Бізді бәрінен де осы жағы ойлантады. Сөз соңында айтарымыз: Атаның ақын болғандығын біз түбегейлі жоққа шығара алмаймыз. Бекет Ата – өз кезеңінің жан-жақты қабілетке ие ірі тұлғасы. Сондықтан ол ақын болған болуы да мүмкін. Ол кісі бәлкім өз кезіндегі сұпылық ағымның дәстүрінде рубаилар, ғазалдар немесе хикметтер жазып қалдырған да шығар. Әйтеуір Ершуов стилімен ештеңе жазбағаны анық. Жалпы, негізінде, Абайдың туғанына 150 жыл толған торқалы тойы тұсында республикамыздағы бірқатар газет-журнал беттерінде «Абай – ақын», «Абай – данышпан» деген тіркестерге қоса «Абай – физик», «Абай – математик» деп айдар таққан мақалалардың қаптап кеткендігі сияқты қыпқызыл науқаншылдыққа, әсіреқызылдыққа ұрынудың әсте керегі жоқ. Өйтіп, біз Атаның абыройын арттырып, беделін биіктете алмаймыз. Қайта қолдан қуыршақ атақтар жасап, жапсыру арқылы Атаны арзан әңгімелерге арқау қылып, қорлап, қолжаулық етіп қоюымыз мүмкін. Асылы, Атаның ақын болмай-ақ та, химик, физик, географ болмай-ақ та, әулиелігі мен көрегендігінің өзі де бізге алдағы екі ғасырға емін-еркін жететіндей азық бола алады. Сондықтан бұл жерде аяқ астынан Америка ашып, «алақайлап» жатудың қажеті жоқ деп санаймыз. Одан біз ештеңе ұтпаймыз. Мұның бәрі – әрине, біздің жеке өз пікіріміз. Біз өз ойымызды ешкімге таңған емеспіз, таңғымыз келмейді де. Сондықтан бұл мәселе туралы сіздер не ойлайсыздар, қадірлі оқырман қауым?! «Кеңесіп пішкен тон келте болмас» деген, келіңіздер, кеңесейік! Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс – ақиқатын айтайық! Сіздердің сындарыңызды көтеріп, пікірлеріңізді тыңдауға біз әрқашанда әзірміз. Ал Аманқос ағамызға айтарымыз: Ақиқаттан ешкім де қашып құтыла алмайды, Шындық ерте ме, кеш пе, бәрібір шыңыраудан жер бетіне шығады. Сондықтан әлі де болса кеш емес, Ата әруағының алдында кешірім сұрап, алты Алаштың алдында Ақиқатын мойындағаныңыз дұрыс болар!..
АТАҒА ҚАНДАЙ ҚАДІР-ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ?
Осыған дейін алдыңғы тарауларда аттары аталған адамдардың сөздеріндегі алуан түрлі құнды деректерге құлақ түре отырып, қуанасың. Қуана отырып, қынжыласың да. Қуанатының – неше ықылым замана өтіп, небір тағдырдың талайын басынан кешірсе де, халық жадының қажетті нәрсені қаз-қалпында сақтап қалатын қарапайым құпиясына риясыз риза боласың. Ал қынжылатының – «Өсер ел өз тарихын таспен жазады, өшер ел өз тарихын жаспен жазады» дегендей, сол халықтың сорғалаған қанымен, сойдақтаған ізімен жазылған, қаншама ғасырлар бойы жадында жаңғыртып келе жатқан кемел тарихының кейбір беттерін кейінгі кезде шыққан керекті жазба дүниелерден жарық күнде шам алып іздесек те шаршап, таба алмайтының тауыңды шағады. Мәселен, ең басты ерекше дерек көздері болып саналатын «Қазақ ССР тарихының» көне заманнан бүгінге дейінгі кезеңдерді қамтитын 5 томдығында да (1964, 1980, 1981, 1982, 1984 жж. шыққан), 7-8-кластарға арналған оқу құралында да (1984 ж.) Бекет әулие жайлы бір ауыз әңгіме жоқ. Тіпті қазақ тарихының терең білгірлері саналатын, телегей-теңіз мол мұра қалдырған Ә.Марғұлан, К.Ақышев еңбектерінде де Атаның аты ауызға алынбайды. Ал «Қазақ совет энциклопедиясында»: «Бекет – ертедегі жолаушылар мен жүргіншілер аялдайтын орын. Бекеттердің ара қашықтығы – атты кісіге шамамен түстік жер. Бекетке аялдағандар ат шалдырады, тынығады, ресми адамдар аттарын ауыстырады», - деп, сондай-ақ: «Бекет батыр» – патша үкіметінің отаршылдық саясатына қарсы Есет Көтібаров басқарған Кіші Жүз қазақтары көтерілісінің (1855-1858 жж.) батыры Бекет Серкебайұлына арналған жыр. Жырда Бекеттің Арыстан сұлтанды өлтіру себебі, содан соң Сібірге айдалуы, артынан оған анасының іздеп баруы, әйелінің көмегімен түрмеден қашып шығуы баяндалады», - делініп, мүлде басқа Бекет пен станса, разъездің анықтамалары берілген. Екеуінен де бұрын ерекше орын алуға тиісті Ер Бекеттің есімі тағы да «ұмыт қалған». Энциклопедияның XVXVІІ және ХІХ-ХХ ғасырлардағы қазақ архитектурасына шолу жасаған тұсында да Бекет Ата жатқан белгілі ғимарат – Оғыландыдағы мешіт үйі туралы тірі жан баласы тіс жарып бір ауыз пікір айтпаған. Бекет Ата мешіттері туралы деректер Үстіртті зерттеуші орыс ғалымдарынан кейін араға аттай бір ғасырдай уақыт салып, С.Шалабаев, Е.Өмірбаев, Қ.Сыдиықовтардың «Маңғыстау» кітабында (1973 ж.) және М.Меңдіқұлов еңбегінде (1987 ж.) берілді. жылы шыққан Ә.Кекілбаевтың «Ұйқыдағы арудың оянуы» деген атамекен туралы еңбегінде Оғыланды тауындағы Бекет Ата жер асты ғимаратының жарма схемасы
берілген болатын (123-бет). Біздің білгір ғалымдарымыз бен ғұлама зерттеушілеріміз Бекет Ата жайлы осынау деректерді ғана көңілдеріне тоқ санайтын тәрізді. Бұл не? Менсінбеушілік пе? Әлде ел тарихын жазушы ер-азаматтардың еріншектігі ме? Біздіңше, мұның екеуі де емес. Бұған белгілі бір дәрежеде саясаттың да салқыны тиген болуы керек. Кешегі кемеңгерлерімізді «кейінгі ұрпақ білмей өссін» деген озбыр ниет пен отарлау идеологиясының құрбаны болған қазақ халқының тарихында мұндай қаралы таңбалар мен қасіретті белгілер қазіргі күні де аз емес. Бекет Атаға қатысты шындықты халық санасынан сызып тастауға тырысушылық – сол кездегі солақай саясаттың сыңаржақ көзқарасының салдары. Бұған қарап «Бекет Ата жайлы белгілі, беделді кісілер өте аз айтыпты, көптеген тарихшылардың көне мұраға көзқарасы тым сараң болған екен. Атаның аты санадан шалғай, көңілден жырақ, қалтарыста қалып қойған болды ғой» деген ұғым да тумауы керек. Алдында аты аталған адамдарға қоса, Маңқыстау тарихын зерттеушілер А.П.Медоев, М.Меңдіқұлов, археолог Л.Л.Галкин, тарихшы ғалым А.Сейдімбеков сияқты есімдерін ел білетін адамдардың біразы ерекше қасиет иесі Бекет Ата туралы белгілі бір деңгейде көңілге қонымды көптеген ойлар айтқан. Оның бәрін қазбалап айтып, қайталап жатқымыз келмейді. Сонда да болса, Бекет Ата жөнінде бірер сөзді әртүрлі саладағы әр мамандық иелеріне беріп көрсек. Олардың көпшілігі кезінде орыс ғалымы А.П.Медоев «Ғасырдың ғаламат архитектурасы» деп атаған Бекет Ата бейіті мен жер асты мешіті жөніндегі ойларын, ескерткіш туралы естігенбілгендерін ел назарына ұсынады. Оқып көрелік: Зерттеуші М.Мирзоев: «..Бейнеуде тау жондарынан ойып салынған жер асты мешіті бар. Жекелеген зерттеу дүниелері бойынша, Бекет Ата XVІІІ ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген, сопы болған, мұсылман балаларын оқытқан, батыр болған. Түрікпендермен даулы мәселелерді шешерде екі жақты да келісімге келтіретіндей даналығы, би-көрегендігі болыпты. Ол 1813 жылы дүниеден өткен (Бұл дерек те Атаның туғанөлген жылдары жайлы Қ.Сыдиықовтың, И.Мырзабекұлының дәлелдерін қуаттайды-Р.Қ.), мүрдесі Оғыландыда, өзі орнатқан мешітке жақын маңда..». Тарихшы Сисен Демеубаев: «..Маңқыстауда мұсылман мәдениетінің дамығанын дәлелдейтін ірі ескерткіштің біріне жақында ғана бүкіл облыс, сондай-ақ басқа аймақтың да өкілдері бас болып, бірігіп, асын өткізген Адайдың пірі Бекет Ата мешіт-ғимараттары жатады. Бекет Ата салдырған мешіт төртеу... Бұл мешіттердің барлығында да Бекет Ата бала оқытып, мұсылманшылықтан дәріс берген... Бекет Ата Хиуада оқып, білім алған, өз
заманының білімді, алғыр адамы болған. Ол өзі салдырған төрт жердегі мешітте мұсылманша дәріс берген, көптеген адамдардың сауатын ашқан. Бекет Ата ғимараттары да – XVІІ-XVІІІ ғасырлардың төлтумалары..». Сыншы, әдебиетші Бақыт Сарбалаев: «..Өкінішке қарай, адамзат тіршілігінің ежелгі бір бесігі – Маңқыстау өңірінің осынау ұланғайыр да ұлағатты тарихын, көне де керемет мәдениетін біз тым аз білеміз. Бір Сұлтан Епе, Шерқала, Бекет Ата жер асты ғимараттарының өзі, бір Шопан Ата, Қамысбай зираттарының өзі, Жібек жолының тармақтары, ескі де жаңа құдықтар, Қапансай қарнауы (каньоны) тілдесіп, көре білген, зерттеп, жаза білген адамға жеке-жеке қалың кітаптар емес пе?!». Сатирик жазушы Сайымжан Еркебаев: «..ХІІІ ғасырдың үлгісіне жататын жер асты ғимараттарының бірі – Қараман Ата. Одан кейінгі атақты жер асты мешіті – Бейнеудегі Бекет Ата мешіті... Жер асты мешіттерінің, басқа ғимараттарының Маңқыстаудан басқа мұсылман дүниесінде кездеспейтіндігін бәрі мойындады. Демек, бұл да – Маңқыстау ғажайыптарының бірі... Жергілікті тұрғындар түсінігінде де, жазба дәйектерде де Бекет Ата XVІІ ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген, жастық шағында Хиуаның медіресесінде оқып, дәріс алған, шамамен 1813 жылдары дүние салған. Оғыландының шығысындағы жер асты ғимаратына жерленген. Бекет Атаның Оғыландыдағы жер асты мешіті біз жоғарыда атап өткен жер асты ғимараттарының ішіндегі ең күрделісі болып есептелінеді». Журналист Тәжіназар Шадықұлов: «..Иә, «Маңқыстау жерінде үш жүз алпыс екі әулие бар» дегенге тоқтайды біздің ел. Әманда иманды боп, әруағы қолдай жүрсін бәрімізді! Соны айтқанда, көз алдымызда Бекет Ата бүткіл қадір-қасиетімен сана-сезімімізді еріксіз баурап алады. Сондықтан да «Иә, Бекет, өзің жар бола гөр!» деп сыйынамыз». Журналистер Асан Әбдіров пен Лебен Сәдуақасов: «..Бекет Ата жер асты мешіттері – өз алдына бір жүйе. Бейнеудегі мешіт елдің қақ ортасында, оны жиі көріп, аралауға, жай-күйінен хабардарлықтан үзіліс жасамауға мүмкіндік баршылық. Ал Оғыланды тауындағы мешітке жол түсуі бұрыстау. Кезінде зерттеушілер болып, құрылыстың жоспарын зеуірттеп, жүйеге түсірген, кескіндеген... Ғасырларды артқа тастаған, жақпар тасты қашап салған бұл ғимараттардың уақытқа сыр алдыруын да бекерлеуге келмейді. Аңызақ жел өті мен жаңбыр, қар астында, жөндеу, жаңарту көрмегендіктен, әрине, қандай құрылыс болсын, ақауға ұшырайды... Бекет Атаның Оғыландыдағы мешіті – құдірет пен қасиет иесінің атындағы жер асты құрылысының ішіндегі ең күрделісі». Өлкетанушы Серікбол Қондыбаев: «..Ұлттық зират ретінде төрт объектіні атар едік: Бейнеудегі «Бекет Ата», Оғыландыдағы «Бекет Ата»,
Шетпедегі «Қамысбай», Үстірттегі «Сисем Ата». Алғашқы екеуі – қазақ (Адай) халқы үшін қасиетті орын..». Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та «Халық бірлігі мен ұлттық тарих жылында» атқарылған істерді саралай келіп: «..Ең алдымен тарихи әдебиет шығарудың аса зор ауқымын айрықша айтар едім. Қазақстанда бұрын-соңды мұндай көлемде тарих, этнография мен мәдениет жөнінде кітаптар шығып көрген емес... Тарих жылының ауқымында бірегей тарихи ескерткіштер – Қожа Ахмет Иассауидің кесенесі, Алаша хан мен Жошы ханның мазарлары, Бекет Ата мешіті мен басқа да көптеген ескеркіштер жаңғыртылды», - деп атап көрсетті. Осылай жалғастырып жаза берсек, елі қадір тұтқан Ер Бекет жайлы ұшан-теңіз пікірлердің ұшығына әзір шыға алмасымыз ақиқат. «Алайда бұл жазбалар тұлға туралы тұтас туынды емес, ішінара ізет, ілтипат нышаны болғандықтан, тікелей Бекет Ата туралы көлемді дүние көпшілік назарына осыған дейін ұсынылып көрмеген» деуге болады. Осы тұрғыдан алғанда, біздің бұл еңбегіміз осы саладағы орны бөлек, мүлде тың дүние болмағанмен, Бекет Ата туралы беймәлім сырларды ашудағы алғашқы ірі қадамдардың бірі деуге әбден хақымыз бар», - деп жазған екенбіз біз 1992 жылы жазылған осы еңбектің алғашқы нұсқасында. Тек бұл Ата жайлы айтылар әңгімелердің ақырғысы болмағай! Бір ғажабы – біз осы еңбегімізді жазу үстінде қаншама қағаздарды қопарып, архивтегі деректерді ақтара жүріп, Бекет әулиенің бет-бейнесі, тұлға-тұрпаты туралы бірде-бір маңызды мәлімет ұшырастыра алмадық. «Бекет Ата мынадай болған» деген сипаттама деректер де, бет-пішінін бейнелейтін орыс тарихшыларының сызба-суреттері де назарымызға ілікпеді. Бұған қарап «Бекет Ата өмірде болмаған» деген ұшқары пікір түюге болмайды, әрине. Халық қашанда жанындай жақсы көретін адамның жарқын бейнесін жүрегінде сақтап, көңілінде тұтып, көкке көтеріп келген ғой. Сондықтан да «Бекет Ата әркімнің ой-қиялында өзі сүйген қалыпта өмір сүріп жатыр» демекпіз. Ал енді «Атаға қандай қадір-құрмет көрсетілді?» деген ащы сауалға ат байлар болсақ, ауыз толтырып айтарлықтай емес. Сексенінші жылдардың шенінде Атаның зираты басына «Қара» станциясында тұратын азаматтардың, қарапайым халықтың күшімен қоңторғайлау қонақ үй салынды. Келімдікетімді кісілердің түнеп-қонуына жағдай жасалған ол қонақ үйді де кезінде – кешегі тоқырау кезеңі тұсында қиратпақшы болған қитар көз, қиқар мінездер аз болған жоқ. Бұл туралы арада жиырма жылға жуық уақыт өткен соң еске алып, естелік жазған сол кездегі Ералиев атындағы кеңшардың директоры, аймаққа белгілі азамат Еңсеген Жүнібекұлының баласы Аманқос Жүнібек
«Маңғыстау»» газетінде жарияланған «Құдіретті күш иесі» атты көлемді мақаласында былайша баяндайды: «..Сол 1976 жылы жаз айында бұрынғы әдетімізбен соқсақ, қотыр тастан салған шағын мешіттің күншығыс қасынан бір күн демалыста «Қара» станциясының бір топ азаматтары сенбілік жасап, кескен тастан жап-жаңа қонақ үй салып кетіпті. Еденін ағаштап, сырлап, ішіне үй жиһаздарын қойып, жарға атын жазып, кілемшелер, қапталған Құран іліп кетіпті. Сыртқы жарына «Бұл игілікті жасаған – «Қара» станциясының азаматтары. Бүлдірмей, ұқыпты ұстауларыңызды сұраймыз» деп жазыпты... ...Бір күні облыстық атқару комитеті жаңа салынған мешіт-үйді құлатуға шешім алып, оны Ералиев аудандық атқару комитетіне тапсырыпты. Тиісінше Ералиев аудандық атқару комитеті біздің кеңеске (Аққұдық аудандық кеңесі), төрағасы Бегенішов Бесімбай мырзаға шешім жолдапты. Ал Бесімбай мырза – елдің азаматы. Жоғары білімді ұстаз, ақын, ел ішіндегі әңгімелерге қанық, ойы жүйрік жігіт еді. Бірақ, қайтсін, жоғарыға топырақ шашсаң, өзіңе шашырайды емес пе, қинала-қинала ол да өз шешімін алып, «Техникасы, адам күші бар» деп, кеңшар директоры – маған құлатуға шешім берді және өзі келіп, баян етті... ...Иә, «шешімді» алып, ойланып қалдым. Тапқан айлам: «Мен техниканы да, адамды да берейін, құрылыс бұзып жүруге уақытым жоқ, науқандық жұмыстар бастан асады, өзіңіз ұйымдастырыңыз», - деп, ауылдық кеңеске қайта хат жаздым. Оным – «Дау қартайса, ақыл табады» дегеннің кері. Осымен біраз жан создық. «Жақсының жақсылығын айт – мерейі тасысын» деген. Біздің ауданның бірінші хатшысы, діні басқа болғанмен, елмен жүрегі бір Ю.Г.Казаченко, атқару комитетінің төрағасы Қ.Нұрғалиев мырзалар бір күні бізге кеңес берді: «Мешіт-үйдің бір бөлмесіне шымыраудан су шығаратын ВЛМ-100 агрегатының істен шыққан артық бөлшектерін жинап, есік сыртына «Склад» деп жазып қойыңдар. «Жол бойындағы оңдау пункті» деп түсіндірейік басшыларға», - деді. Біз дәл солай жасадық. Облыстың түсінетін басшылары іштей ұғынып, әңгіме айтпастан өтіп кетіп жүрді. Сөйтіп жүргенде, облаткомдағы Б.М. деген қызметкер «іскерлік» танытып, қайта-қайта шешім алдырды. Бәрібір оны орындаған біз жоқ. Айтпақшы, сыртқы жарға жазылған «Қара станциясының азаматтары» деген жазуды «Оларға қырсығы тиер» деп, өшіріп тастадық», - деп жаны күйіне жаза келіп, автор артынан әйтеуір сол кездегі атқару комитетінің төрағасы В.Д.Горшенин сияқты діні басқа болса да, ділі таза азаматтардың арқасында, халықтың Атаға деген алғаусыз сезімі арқасында кейбір ұрда-жық, топас, қатыгез партия қызметкерлерінің ойдағысы орындалмай, қонақ үй құлатылмастан, аман қалғанын қуанышпен еске алады.
Ол өз алдына, бірер жыл бұрын Оғыландыдағы Ата басының алаңдатарлық дәрежеде екенін айтып, күтімсіз жатқандығына күйзеліс білдіріп, дабыл қаққан материалдар жергілікті басылымдар бетінде жиі жарық көргенін де жоққа шығара алмаймыз. Жақын жылдардың бірінде Жетібай поселкесінде Атаның атына көше берілді. Көше туралы көшелі ойын ортаға салған Ата мешітінің бұрынғы шырақшысы, марқұм Ағайдар Базарбайұлы: «..Күзде Жетібайда болып, кешкісін көрші-қолаңның әңгімесін тыңдап отырғанмын. «Пәленшенің баласы (...) Бекет Атаның бойында арақ ішіп, мас болып, жығылып жатыр», - деді біреу. Осы әңгімені естігенде төбемнен біреу су құйып жібергендей әсерде қалдым. Сонда барып: «Атамыз Бекет сияқты халыққа қадірлі есімді кез келген жерде қолжаулық етудің керегі жоқ екен-ау» деп ойладым», - деп жазады. Ойланарлық, ой саларлық мәселе. Сол сияқты журналист І.Ахметов те Бекет Ата тәрізді парасат иесінің қасиет-қабілетін парықтай білетіндігін танытып: «..Жалпы, Бекет Атаның атын әр жерге қойып, қадірін кетіру жөн емес. Мұнайшы поселкелік кеңесі жаңадан құрылған шағын кварталға Атаның есімін беріпті. Бір күндері «02 хабарлайды» бұрышынан «Бекет Ата кварталында мынадай қылмыстық іс болды» деген жолдарды оқу Атаның әруағын айшықтай түспесі анық. Әрине, Мұнайшы поселкелік кеңесі Атаның атын қойып, оның беделін көтермек ниетте болған болар. Қажеті жоқ, онсыз да Атаның беделі, абырой-атағы бір басына жетіп артылады... Кейбіреулер Маңқыстаудағы әулие-әнбиелерді саяхат орнына айналдырып, қаражат жинамақшы. Әрине, қаражат жинап, тарихи орындарды қамқорлыққа алуға ешкімнің де қарсылығы жоқ. Бірақ әулиелерден аулақ! Онсыз да оларға жасаған қиянаттарымыз жетерлік емес пе?! Әулие – халықтың ұғымында кіршіксіз таза, биік тұлға. Халық ұғымын ешуақытта саудаға салмас болар. Кейбіреулер «Бекет Ата» қоғамы жанынан «Этно» атты филиал ашуға талаптаныпты. Оның жарғысына үңілер болсақ, «дәстүрлі өнер, қолөнер туындыларын, ауыл шаруашылығы өнімдерін, халық тұтыну бұйымдарын өндіру және сату, түрлі делдалдық қызметтер көрсету» деп жазыпты. Енді тек Бекет Ата атымен делдалдық жасау ғана қалып еді», - деп, алдыңғы пікірге қосылатындығын айта келіп, мың жылда бір туатын дегдар кісінің қылапсыз тұлғасына қиянат жасамауға шақырады. 1991, 1992 жылдары Маңқыстау мен Шымкентте өткен, Бекет әулиеге берілген үш астың да елеулі маңызы болғанымен, елдің көңілін қалдырған «әттеген-айлары» да аз емес. Әсіресе 1992-мешін жылының маусым айында Маңқыстауда өткізілген маңызды діни шара – Атаға арналған астың ауыр зардаптары аз болған жоқ. Ол туралы біз «Сәлемнің де сәті бар» дегендей, сәл кейінірек, сөз орайы келгенде айтатын боламыз.
Ал әзірше қасиет иесіне деген халық құрметінің бір белгісіндей бірнеше нақты деректерді назарға берейік. Мешін жылы (1992 ж.) маусым айының 5жұлдызында Оғыландыда тұңғыш рет, ал 9 тамыз күні Мырзашөлде екінші рет – бір жылда қатарынан екі рет Атаға ас берілді. Алғашқы берілген асқа тек Маңқыстаудың өзінен 70-тен астам киіз үй тігіліпті («Былай халықтың өзі тігіп жатқан киіз үйі, шатыр, палаткалар қаншама» дейді көзімен көргендер). Исі мұсылман қауымының ең қасиетті екі мерекесінің бірі – зүлхижжаҚұрбан айты қарсаңында өткізілген бұл астың ұйымдастырылуы жаман болмаған сияқты. Асқа келе жатқан адамдар бұрын жүріп көрмеген болса, адаспас үшін Үстірт үстіне шыққан жолдың 35 жеріне жол көрсеткіш қада қағылып, жүздеген автокөлік, техника бөлінген. Атаға деген ақ ниет пен пейілде шек болмаған. Бір ғана дәлел – Бекет Атаға берілген асқа Маңқыстау облысының бүткіл территориясы мен түкпір-түкпірінен келген түзу ниетті, оң мақсаттағы ондаған, жүздеген адамдарды айтпағанның өзінде, Ираннан, Түркиядан, Өзбекстаннан, Тәжікстан мен Түркіменстаннан, Қазақстанның Жамбыл, Шымкент, Қызылорда, Атырау облыстарынан 600-ге жуық құрметті қонақтар келді. Ұзын саны 5-6 мыңға тарта мұсылман қатысқан бұл жиында Атаны еске алып, 47 молда құран шықты, жұма намазына 90 молда қатынасты. Міне, елі сүйген Ер Бекетке деген Адай жұртының алғаусыз сенімі мен адал қызметі осындай. 1991-қой жылының 15 сәуірінде Маңқыстау облысының Қарақия ауданында «Бекет Ата» атты имандылық қоғамы заңды түрде тіркеуден өтіп, жарғысын қабылдады. Оның басқа діни ұйымдардан өзгешелігі – жаңа ғана құрылып жатқан жас қоғам болса да, алдына асқаралы биік міндеттер қойып отыр. Атап айтқанда, Бекет Атаның белгілі-белгісіз қасиеттерін санаға сіңіре, ұғымға ұялата отырып, ұрпақтың рухын көтеру, жастардың діни сауатын ашу. Оның ішінде Ата мешітін ардақтап ұстау, аялап сақтау және кем-кетік жерлерін жөндеп, келешектің қолына тарих алдында таза қалпында тапсыру. Сондай-ақ ұйым жарғысында Шопан Ата, Қараман Ата ескерткіштеріне де қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу сияқты көпшілік болып атқарар көшелі істер де көзделген. Бір сөзбен айтқанда, имандылық қоғамының ең басты мақсаты – жас ұрпақты әулиелер әлемін құрметтеп, әруақты сыйлай білуге үйрету. 1993, 1994, 1999, жылдары И.Мырзабекұлы мен Қ.Сыдиықовтардың құрастыруымен және жазуымен Бекет Ата туралы төрт бірдей кітап басылып шықты. Атаның Ақмешіті мен жер асты мешіттері хақында көркем безендірілген күнпарақ шығарылды. жылы республикалық телерадиокорпорация ұжымы Бекет Атаның жер асты мешіттері жөнінде 35-40 минуттық кинофильм түсірді. Ол алдағы уақытта
орыс және ағылшын тілдеріне аударылмақ. Осының бәрі – кейінгі келешек ұрпаққа Атаны таныту жұмыстарының алғашқы қадамдары. Осыдан он шақты жыл бұрын біз: «Осы айтылған оң мақсаттағы өзгерістермен қатар Атаның артында қалған азғана мұрасын аялап, көзі тірісінде тұтынған көп емес, санаулы мүліктерін сақтап қалу үшін шара алынбай отырғаны жан ауыртып, көңіл қынжылтады. Естуімізше, елі сыйынған Ер Бекеттің Оғыландыдағы жер асты мешітінің бүгінгі таңдағы жайы адам аярлықтай ауыр күйде көрінеді. Сыйынар Піріне деген сырт орайлықтың сызы қалың секілді. Дереу қолға алып, дер кезінде қамқорлық жасамаса, әруақтың қарғысына ұшырап, әбден масқара болуымыз мүмкін», - деп жазған болатынбыз. «Сабақты ине – сәтімен» демекші, соңғы бір-екі жылдықта бұл мәселені шешудің де реті келіп, ел азаматтары тарапынан шұғыл қолға алынды. Келесі кезектегі әңгіме, яғни осы бөлімдегі соңғы тарауымыз сол туралы.
АТА РУХЫНА БАҒЫШТАЛҒАН АКЦИЯ
Бекет Атаның мәңгілік мекен-жайы – Оғыландыдағы жер асты мешітінің жан ауыртар жағдайы туралы жалпақ жұртшылықтың жанайқайына құлақ асқан Қазақстан Республикасының Үкіметі жылы тарихиархитектуралық маңызы зор ескерткішті жөндеу және қалпына келтіру ісіне бюджеттен 41 млн. теңге қаржы бөлді. Бұл қаражаттың қолға тиюі де оңай болған жоқ. Осы ретте қыруар шаруалар атқарып, жоғарғы жақты жайлаған кеңселік қағазбастылық пен кедергі атаулының сан түріне қарамай, жарғақ құлағы жастыққа тимей еңбек еткен сол кездегі Премьер-министрдің орынбасары, қазіргі Атырау облысының әкімі Иманғали Тасмағанбетов, сол кездегі Республика Мәдениет министрі Талғат Мамашев сияқты ел азаматтарының ерекше еңбек сіңіргенін атап айту лазым. Хош, сонымен 1996 жылы бөлінген қаражат араға бір жылдай уақыт салып, 1997 жылдан бастап облыстық мәдениет басқармасының есепшотына түсе бастады. Атаның жер асты мешітін жөндеу және қалпына келтіру жұмыстары бұл кезде де бірден басталып кете қойған жоқ. Алдымен Ата мешіті орналасқан кішкене бөлек тау және оның айналасындағы ғимараттарды жан-жақты зерттеу жұмыстары жүргізіліп (тіпті бұл жұмыстар бірнеше мәрте қайта қаралып, қайта есептеліп, қайтадан зерттелді), байыпты байламдар жасалды. Осы жұмысқа жауапты адамдарға бірнеше мәрте Алматыға шапқылауға, сол кездегі астанадан арнайы мамандар шақырып, мешіт орналасқан тау жынысының сейсмикалық жағдайын, мешіттің ішкі көлемінің өлшемі мен тау түзілімдерінің құрылымын «жеті рет өлшеп, бір рет кесіп» дегендей, сан қайтара зерттеп, ғылыми негізде тұжырым жасауға тура келді. Бұл бағытта Алматыдағы жер сілкінісін зерттейтін институт пен Маңғыстау геологиялық орталығымен, Алматы қаласындағы ғылыми-зерттеу жобалау институтымен келісімшарт жасалды. Аталған мекемелердің арнайы мамандары Ата мешітінің басында айлап жатып жұмыс істеді. Атаның жер асты мешітін жөндеу және қалпына келтіру жұмыстарына мұншалықты маңыз берілуінің бірден-бір басты себебі – мұндай ғимаратты бекіту ісі Қазақстан бойынша тұңғыш рет тәжірибе жүзінде сыналып, қолға алынып отырған болатын. Сондықтан осы істі қолға алған азаматтар бұл жұмысқа орасан зор жауапкершілікпен қарап, барлық білімі мен қажырқайратын, күш-қуатын сарп етті. Сол себепті Атаның жер асты мешіттерін зерттеу жұмыстарының өзіне алдыңғы бөлінген 41 млн. теңгенің үштен бірінен астамы – қыруар қаражат жұмсалды. Ақыры 1999 жылдың сәуір айында еліміздің көрнекті сәулетшілері мен құрылысшыларының, методикалық кеңестің мүшелері мен ғалымдарының қатысуымен өткізілген Республика Мәдениет министрлігінің алқа
мәжілісінде Ата мешітін жөндеу және қалпына келтіру жұмыстарының жоспары бекітіліп, құрылыс жұмыстары басталып кетті. Арнайы ерітінділер дайындалып, ақырын ғана, аса сақтық пен нәзіктікті қажет ететін жүйелі жұмыстар жүргізілді. Мешіт ішіндегі сала-сала, сай-сай болып тұрған жарықшақтардың бәрі бітелді (әрине, кейбір табиғи жарық, сызаттар өзгертілмей, сол күйінде қалдырылды). Бұл жұмыс кейбір жерлеріне тасқа инъекция жасау (кейде «тасқа укол салу» деп те айтылады) арқылы, ал негізінен мешіт қабырғасындағы тастың құрамына сәйкестендіріліп, арнайы жасалған ерітіндіні пайдалану арқылы жүзеге асырылды. Жүргізілген жұмыстардың қаншалықты ұзақ та ауыр, жауапты да жанкешті болғанын өзіңіз осыдан-ақ бағамдай беріңіз – Маңқыстау облыстық мәдениет басқармасының бас маманы Тұрлан Есқуатовтың айтуына қарағанда, кейде тіпті химиялық құрамы өзгеше арнайы ерітіндіні пайдалану үшін, ол отыз күнде бір дайын болатындықтан, бір ай бойы күтуге де тура келген. Нәтижесінде өткен жылдың қараша айында Атаның Оғыландыдағы жер асты мешітін жөндеу және қалпына келтіру жұмыстары аяқталып, Ата мешітіне жоғарыдан түсетін, ұзындығы 1,5 километрдей жалғызаяқ жолдың 250 метрдейі жөндеуден өткізілді. Жалғызаяқ жол бойындағы үш жерге тау жынысының беріктігін бекіте түсу мақсатында арнайы көпір салынып, мешіт алдындағы алаңның жеріне Жетібайдың қызыл тасы төселіп, адам құлап кетпес үшін биіктігі 80 сантиметрлік қорған салу жұмыстары қолға алынды. «Қолда бар қаражат осы шаруаларды ғана атқаруға жетеді» деп жобаланғандықтан, Ата мешітінің жұмыстарын аяғына дейін жеткізу үшін халықтан көмек-күш сұрау қажеттігі туындады. Ол туралы сәл кейінірек, жан-жақты сөз ететін боламыз. Осы жерде айрықша айта кететін бір мәселе – Пір Бекеттің жер асты мешітін жөндеу және қалпына келтіру жұмыстары талай алқалы жиын мен аламан дүрмек үстінде айқай-шу мен дау-дамайға арқау болды. «Ата мешітінің жұмыстары тез біте қоймады, тым ұзарып кетті», «Істелінген іс те көзге көрініп түрған жоқ», «Осы істі қолға алған азаматтар мемлекет қаржысын ішіп қойған екен, жеп қойған екен» деген тақылеттес қаңқу әңгімелер халық арасында кеңінен тарады. Тіпті «Ата мешітіне жөндеу жұмыстарын жүргізіп керегі жоқ. Бекет әулиенің өзі кезінде осы ұшпа шыңға ғимаратын салдырғанда «Менен тілек тілеп, мейірім-шапағат күтіп келген адам қиындық көріп, шаршап-шалдығып, қажыр-қайратын сарп етіп, еңбектеніп келсін» депті ғой» деген сияқты қисынсыз «өсиет» соғушылар да аз болған жоқ. Әсіресе мұндай өсек-аяң, гу-гу сөздердің «шабуылынан» осы істі бастап қолына алғаннан бері тыным таппай, бар жігерін, мүмкіндігін сарқа пайдаланып жұмсаған Маңқыстау облыстық мәдениет басқармасының
бастығы Нұрнияз Мұқанов көбірек «таяқ жеді». Ол кісіге өзінің ақ екендігін айтып, дәлелдеп, бөлінген қаражаттың бір тиыны да желге ұшпағанын, бәрі де өзінің орны-орнымен жұмсалып жатқанын, ал Ата мешітін жөндеу жұмысының ұзаққа созылып кету себебі әртүрлі ғылыми-зерттеу жұмыстары мен химиялық қоспалардың дер кезінде дайын болмағандығынан, жөндеу жұмыстарының жүру барысы ауа райы мен жыл мезгілдеріне де қатысты екендігін баяндап, облыстық телеарна мен жергілікті газеттерге жиі-жиі сұхбат беруіне тура келді. Бұл мәселе туралы кезінде жан-жақты баяндап, қанша ақшаның қандай мақсатқа жұмсалғандығын, қаншалықты ауыртпалықтар мен қиындықтар кездесіп отырғандығын бастан-аяқ байыппен түсіндіріп берген «Маңқыстауреставрация» қазынашылық кәсіпорны директорының міндетін атқарушы, сәулетші Мақсұт Нұрқабаев: «..Бұндай әңгімелер жүріп жатыр деп ренжуге болмайды, қайта өз басым құптаймын да. Бұл елге біздің істеп жатқан жұмысымыздың қажеті болғандығынан, «Осы жұмыстар абыройлы, сапалы болсын» дегендіктен туған әңгімелер ғой деп ойлаймын», - деп, салқын ой мен сабырға жеңдіре отырып жауап жазған болатын. Әулиенің мешіті жөніндегі әртүрлі алыпқашпа әңгімелердің әлі де болса өрттей өршіп, бәсеңсімей тұрғаны да рас. Дегенмен, көзбен көріп, қолмен ұстамағасын жерде құр айқай, құрғақ даңғазаға нүкте қоятын уақыт жеткен сияқты. Өйткені, істелген жұмыс көзге көрініп тұр. «Ата мешітін қалпына келтірудің басты-басты жұмыстары толығымен аяқталды» деуге негіз бар. Әлқисса, мана әңгіме арасында біз «Қолда бар қаражат Ата мешітін қалпына келтіру жұмысына жеткіліксіз болғандықтан, ел азаматтары жүмлә жұртшылықтан көмек сұрауға мәжбүр болды» деген болатынбыз. Енді соған келейік. Осы екі аралықта Орталықтан «сүйіншілеткен» хабар жетті. 1999 жылғы 31 наурыз күні Республика Үкіметінің «1999-2000 жылдары республикалық деңгейде өткізілетін мерейтойлардың тізімі туралы» №344-ші, сол кездегі Премьер-министр Нұрлан Өтепұлы Балғымбаев қол қойған қаулысы қабылданды. Онда республикалық деңгейде өтетін мерейтойлар қатарында Бекет Атаның 250 жылдық мерейтойы да атап көрсетіліпті. Енді істі жеделдетіп, мешітті қалпына келтіру жұмысын тез аяқтау және алдағы жылы болатын Атаның мерейтой-асына дайындық жұмыстарын жүргізу қажет болды. Міне, осы кезде, дәлірек айтсақ, 1999 жылдың 11-12 тамыз күндері Ақтаудағы Абай атындағы мәдени-демалыс кешені мен Маңқыстау облыстық телерадиокомпаниясында «Бекет Ата мешітін жөндеу және қалпына келтіруді қолдау» тақырыбында екі күндік акция өткізілді. Іс басындағы азаматтардың:
Сыйынады «Бекетім» деп кім-кім де,
Сарқылмайды өзің жайлы жыр мүлде.
Ұрпағыңның рухани ордасы
Сызат түсті мешітіңе бұл күнде.
Жарқырасын сенің мәңгі нұр-таңың,
Болашақты бозторғайша шырқадың.
Мешітіңе күн туғанда бұл күнде
Жамау қылмақ жанын келіп ұрпағың.
Ұлдарың көп қыран мінез, дарынды, Ерлер де өткен егескенде алымды. Атамыздың Ақ ордасын тіктеуге Қалың қауым, шақырамыз бәріңді! – деп жырмен жолдаған үндеуін қабыл алған үш жүз алпыс екі әулиелі елдің үмітін Бекет Ата үрлеген атпал азаматтары екі күн бойы акция өткізілген ғимараттардың есігі алдынан үзілмеді. Осы акцияны өткізуге тікелей басшылық жасаған Маңқыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Сақып Бүркітбайұлы Керелбаев ағамыз екі күнде де ел алдына шығып сөйледі. Ол Оғыландыдағы Ата жер асты мешітіне 1994 жылы Республика Президенті Н.Назарбаев келген сапарында осы әңгіме қозғалып, Елбасы тарапынан қолдау тапқанын, оның бергі жағында бірталай жұмыстар атқарылып, жүзеге асырылғанын, алда да әлі қыруар шаруалар күтіп тұрғанын айта келіп: «Бекет Атадай әулие Піріміздің бұрын атын атауға да тыйым салынып келсе, бүгінде ол кісінің есімі бүкіл түбегімізге, қала берді, исі мұсылман қауымның төрт тарапына да белгілі. Республикалық көлемде аты аталып, Үкімет тарапынан арнайы шешім шығарылуы да – жарықтық Бекет Атаның құдірет-қасиетінің тағы бір мәрте көрініс табуы деп білеміз... ...Ендігі міндет – мына жаздың жылымық күндерін пайдаланып, ойға алған ісімізді ойдағыдай аяқтауымыз, сөйтіп, дүниенің қай бұрышынан келген қонақтарға да ұялмай көрсете алатындай дәрежеде құрылыстар салынып бітуі керек... ...Атаның зайыры, қасиеті белгілі. Оны қайталап жатудың, уақыт алудың қажеті жоқ. Акцияға қалай, қаншалықты дәрежеде үн қосу мәселесіне келсек, бұл енді әркімнің өзінің таза көңілінен шығатын нәрсесі болғандықтан, ешкімді де зорлап, «Қалайда ақша аудар!» деп қыстап жатудың керегі шамалы. Сондықтан Ата әруағын қадірлейтін әркім де өзінің көңілінен шыққан көмегін аямайды деп сенемін», - деп аяқтады өз сөзін. Акция кезінде:
...Әруақтарға құшақ ашқан жан бабам,
Қиялымсың қияндарға самғаған.
Ұрпақ үшін тілек тілеп мәңгілік,
Елдің жүгін көтеруден талмаған.
Өзің қолда, Бекет Ата, жан бабам!..
...Бір өзіңе сыйынудан талмайды ел, Бар үмітін Бекетіне жалғайды ел. Жалбарынып, тәу етеді жан біткен, Бекет Ата, өзің бәрін қолдай гөр! – деп келетін ақын жырлары оқылып, 1400 жылдық Мұхаммед саллалаһу әлейһи уа сәлләм, 850 жылдық Құл Қожа Ахмет Иассауи, 250 жылдық Пір Бекет құдіреттері жиіжиі қайталанды. «Өткенін ескерген – өскендіктің белгісі» демекші, ел тарихында маңызы зор елеулі тұлғаның артына қалдырған аманат-мұрасына енжар қарамай, Алланың үйі – асыл жәдігерімізді сақтап қалуға аянбай атсалысқан азаматтардың қатарында «Арман» қазақ-американ бірлескен кәсіпорнының бас директоры Құбайдолла Махутов, «Қаражанбасмұнай» акционерлік қоғамының президенті Майкл Палмер, «Акцепт» республикалық жабық акционерлік қоғамы Маңқыстау бөлімшесінің директоры Саналыбек Бергенқұлов, «Қазтрансойл» тасымалдау мекемесінің басшысы Амандық Құлтумиев, «Маңқыстау технологиялық көлік серіктестігі» мекемесінің директоры Қибадулла Сәтмағанбетов, «Каспиймұнайгаз» зейнетақы қорының директоры Бақытжан Есенғалиев, «Маңқыстау-ХХІ» қоғамдық қозғалысының төрағасы Мұхтар Жарылғапов, т.б. ондаған озық ойлы, санасы сәулелі, сергек жандар бар. Олардың бәрінің бірдей осы жерде аттарын тізбелеп, тізіп шығу мүмкін емес. Сонымен екі күндік акцияға 25 мекеме-кәсіпорын басшылары және бірнеше жекелеген адамдар мен отбасылар қатысты. Оның ішінде 600-ге тарта адам аяқтай келіп, 166 мың теңге көлемінде қолма-қол ақша берді. Сөйтіп, Ата рухына бағышталған акция нәтижесінде «Маңқыстауреставрация» мекемесінің шотына барлығы 2 миллион 242 мың 700 теңге қаражат түсіп, 433 мың теңге көлемінде құрылыс материалдары жинақталды. Көпшілік қауым мен көрермен жұртшылықтың сұрауы бойынша облыстық мәдениет басқармасының бастығы Нұрнияз Мұқанов мырза бұдан былай жалпы барлық қаржының қайда кеткені, қандай шаруаға жұмсалғаны жөнінде ұдайы есеп беріп отыруға көгілдір экран арқылы уәде берді және ол уәдесін орындады да… Сонымен өткен жылы күз мезгілінің аяқ шенінде Атаның Оғыландыдағы жер асты мешітін жөндеу және қалпына келтіру жұмыстары аяқталды.
Ата мешіті орналасқан шағын тау бөлігі негізінен сақталып қалды. Әрине, Қазақстанда тұңғыш рет бортауды бекіту ісін тәжірибе жүзінде сынап көргендіктен, бұл жұмыстың олқылықтары да болуы мүмкін. Оны жоққа шығара алмаймыз. Десек те, арнайы мамандардың «Атаның мешіті осы күйінде алдағы 20-30 жылға дейін анық шыдас береді» деген тұжырымына сүйенсек, жалпы алғанда, «Ата мешітін алдағы жарты ғасырға дейін анық осы қалпында сақтап қала аламыз» деп айтуға болатын сияқты. Ендігі мәселе – «Ата мешіті орналасқан осы тауға жапсарлас тұрған келесі таудың мүжіліп, тозып, құлау қарқыны осыған дейін жасалған жұмысты бұзып кете ме?» деген қауіп те жоқ емес. Ал оны да сол орнында бекітіп, сақтап қалу үшін тағы да көп мөлшерде қосымша қаражат керек. Бұл – енді келешектің шаруасы. Әзірге «Ұрпақтары жасаған ұлы шаруаға Ата әруағы риза шығар» деген үмітті ой көңілге медет ұялатады.
Екінші бөлім
«..ПІРДІҢ СОҢЫ – БЕКЕТ-ТІ..»
«..Жақсы заманда да, жаман заманда да Оған деген ел сүйіспеншілігіне қылау түсіп көрген жоқ. Өйткені, Ол – тірісінде елінің жел жақтағы Панасы, ық жақтағы Саясы бола білген Азамат, жаудан елді арашалаған Батыр, дауда әділетті арашалаған Қази, озбырлықтан обал мен сауапты арашалаған Пірәдар. Оның қыранның қанаты талар қиян даланы жайлаған Ата Жұртының, Ата Мекенінің барлық шекарасында қырандар түлек түлететін қия шыңдардан өз қолымен тас қашап, тауды үңгіп, жер асты ғимараттар салып, мешіт-медіреселер ашуы да ескі аңыздардағы Прометей мен Фархадтарды, Киелі кітаптардағы Мұса мен Әзірет Әліні еске түсіретіндей ерен ерек. Шөл кезіп, ерні кезерген еліне асасының ұшымен тас шұқып, кәусар бұлақ тауып берген Мұса пайғамбардай Маңқыстау мен Үстірттегі Бекет Атаға байланысты жердің бәрінде де балдай бұлақ, көк құрақ, маңыраған арқар, таутеке. Олар – Елдіктің шебі, Елдіктің төрі. Оларды жауға алдырған жұрт Ел болып тұра алмайды... ...Ендеше, сондай асқақ жұртының ақар-шақар шың басындай тәкаппар жүрегінен мәңгілік жәннат тапқан, Әлсізге – Медет, Күштіге – Айбар, Зарыққанға – Жебеу, Тарыққанға – Демеу, Асқанға – Тосқан, Сасқанға – Сая, Ұрпаққа – Ұстаз, Ұлысқа – Ұран, Ел Иесі, Жер Киесі Пір Атаға қанша тағзым қылсаң да, артық емес деп білеміз». Ә.КЕКІЛБАЕВ.
СӘУЕГЕЙ СӘБИ
«Бекет Атаның әулиелігі бала күнінде-ақ байқалған» деседі. Тоғыз жасында топ баламен бірге ойнап жүріп, Бекет: «Жаманат болғалы тұр – жау жақындап келеді. Абай болыңдар, ағайын! «Сақтансаң – сақтаймын» деген Құдай, сақтаныңдар!» - деп үп-үлкен кісіше мақалдап, үрейлі үнмен шыр-пыры шығып, шыңғырып жүгіре беріпті. Жаман ырымды жақтырмаған ересектер: «Ей, мына жағы қарысқыр не дейді? Аузына қан толғырды аулақ әкетіңдер!» - деп, жан-жақтан ұрсып, жабыла қуып жібереді... Айтқандай, апта өтпей-ақ, түстері суық, жүрістері суыт, түгелдей басынан бақайшағына дейін қаруланған түрікпен қолы келіп, Адай ауылдарының бұйқыт тыныштығын бұзып кетеді. Үй-ормандарын үйтіпөртеп, шаңырақтарын ортасына түсіріп шауып, адам қанын судай төгіп, аяусыз қырады. Қара ормандарының ту-талақайын шығарып, қатынбалаларын тұтқын етіп, он шақты ауылдың орасан көп мал-мүлкін олжалап кетеді. Жамандықты алдын-ала сезіп, жаны шошынған бала Бекеттің айтқаны айдай анық болады да қояды. «Қап!» деп сан соғып қалған қамсыз Адайлардың аман қалғандары жау кеткесін жасақ жиып, артынан аттанбақшы болады. Тағы да бала Бекет: «Әзірше аттанбаңдар, әруақ қолдамайды, жолдарың болмайды. Қашан аттану керегін өзім айтамын. Шыдай тұрыңдар!» - деп шырқырап айқайлай береді. Қырын кетсе де, ырым етуін қоймайтын таяз ойлылар тағы да: «Қап, мына қасқырдың күшігі жаңа бір жаман ырымын бастады-ау. Тіліне шоқ түскірді тізгіндейтін біреу бар ма өзі?!» - деп, қапы қалғандарын қаршадай Бекеттен көріп, тасыраңдап тап береді. Сонда баланың басқа жұрттан бөгенайын бөлектейтін бір ерекшелігін байқап қалған байсалды біреулер: «Осы бала бірдеңені біледі. Өткенде де ескертіп еді, өзіміз өркөкіректік пен өзімбілемдікке салып, мән бермедік. «Асыл – тастан, ақыл – жастан» деген, бір жолға ақылын алып көрейік, ақыры не болар екен?!» - деп, басу айтып, басалқыға шақырыпты... Бірнеше күн өткен соң біреу құлағына сыбырлап кеткендей, тауық шақырмай, таң алакөбеңнен тұрып алған Бекет: «Алладан хабар келді, ал аттаныңдар! Жау жеңіледі!» - деп жар салады. Адайлар атқа қонып, асығыс жетсе, ар жағынан жаңадан жау келіп, бүткіл түрікпен бір қолын екі ете алмай, бүлініп жатыр екен. Дұшпандарын дүркірете қуып, жауда кеткен малы мен жесірін қайтарып алған жеңімпаз қазақтар елге есен-сау, мол олжамен оралыпты.
НАҒАШЫ БАРЫП, НАР МІНГЕН…
Бекет Ата жоқ-жітіктеу, жарлы-жақыбайлау шаңырақта туып-өскен. Бірақ «Кедейлік ер жігітке кемшілік емес, өнер мен ақылға кенделік – кемшілік» дегендей, жоқ-жұқаналау отбасы болса да, бұларды тіршілікте ешкім бетіне мін қылып басып, кемсіте қоймаған сияқты. Әкесі Мырзағұл Жаналыұлы мен анасы Жәния (кейбір деректерде «Жаңыл» деп те жазылады) Алдаберген, Алдоңғар, Меңдіқұл, Бекет атты төрт ұл мен Әпуаш, Ақмаңдай деген екі қыз тәрбиелеп өсірген, ауыл-аймаққа қадірлі, абыройлы адамдар болған. Атасы Жаналының айрықша назары түсіп, құйттай күнінде-ақ құр еместігін байқап, болжай білгенінің, қадағалауға алып, қамқорлай білгенінің арқасында бала Бекет ауыл молдасынан хат танып, діни білімге құштар, ізденімпаз, зерек те зерделі, алғыр да ақылды болып өседі. Нағашысы Назарқожа басына батпандап бақ қонған адам екен. Алдыңғы ағалары Алдаберген мен Алдоңғар бірер жыл Назарқожаның тәрбиесінде болып, тәлімін алған. Кіші ағасы Меңдіқұлды әкесі Назарқожаға басы бүтін бала қылып бергендей болады. Ол кезде Бекет әлі жарық дүниенің жамалын көре қоймаған екен. Он бес жылдай уақыт ішінде ол үйге әбден сіңісіп кеткендей болған Меңдіқұл орала қоймайды. Ер жетіп, есейген соң Бекет ағасы Меңдіқұлды іздеп, атасының ақ батасын алып, аманатын арқалап, алыс жолға шығады. Арада біраз уақыт өткен соң арып-ашып, Назарқожаның үйіне келсе, нағашысының ауылында еркек кіндіктіден ешкім жоқ екен. Ел ішінің қашты-қуды барымтасырымтасымен жорыққа аттанып кеткендерді жолдан қуып жеткен Бекет нағашысымен дидарласып, мауқын басқан соң ағасының азғана жасақпен алға озып кеткенін естіп-біледі. - Маңқыстаудан кеткен мал мен жесір қантөгіссіз қайтарылады. Бұл жолы бұрынғыдай шығын да, сойқан соғыс та болмайды. Ағам да аман-есен келеді екен, - деп сәуегейлік айтады ол сәлем-сауқаттан соң. «Жақсы сөз – жарым ырыс», жиенінің сөзі жүрегін жібітіп, риза боп қалған Назарқожа бай нағашы айтар ақ тілек атаулыны аямайды. Айтқандай, арада аз уақыт өткен соң ұзаққа созылған ұрыс-шайқас түгілі, ешқандай егес-даусыз, келісім арқылы кейін қайтарылған мал-жанды алдарына салып, ағасы Меңдіқұлдар да аман-сау жетеді. «Бітер істің басына, жақсы келер қасына» дегендей, бұл, бір жағы, нағашысының ауылына алғаш рет келіп тұрған ақ ниетті Бекет жиенінің ақжолтай қадамынан болса керек. Көңіл қуантар көрегендігі үшін нағашысы Бекетке нар мінгізеді.
НАҒЫЗ ҚАСИЕТ ИЕСІНІҢ НАҒАШЫСЫ КІМ?
Осы ретте ойда жүрген бір сауалға жауап бере кеткіміз келіп отыр. Көзінің тірісінде-ақ көпшілік мойындап, екі тайпа елге даңқы шашылған ерекше қасиет иесінің «нағашысы кім?» деген сұрақ төңірегінде бұдан бұрын да жергілікті баспасөз беттерінде жөн білетін бірқатар адамдар бірталай уақыт бойы қызу айтыс-талас жүргізді. Ақыры көпшіліктің көзі анық еш нәрсеге жете алмай, айран-асыр болды. Соның бірі – есімі елге мәлім емші Тасқара Қаратайұлы Өтешов ақсақал: «Атаның нағашысы – Назарқожа», - десе, Құлсарыдағы «Бекет Ата» қорының төрағасы болған марқұм Жолдасқали Сүйесінов: «Бекет Атаның шешесі – Тама Есет батырдың қызы» деген әңгімені екі мәрте естідім», - деп жазады. Ақыры бұл мәселеге 1999 жылы Ақтау қаласынан жарық көрген «Бекет Ата» туындысының 1-кітабында Атаның ұрпағы Ислам Мырзабекұлы Қосқұлақтегі де араласып, тек Бекет Атаның нағашысы туралы әңгімелердің өзіне осы кітаптан ойып тұрып 26 бет орын беріп, арнайылап тоқталып, аталған даудың ақырғы нүктесін қойғандай болды. Көптен бері көңілімізді күпті етіп жүрген жайтқа жан-жақты тоқталып, нысанаға дәл тиетін дәйекті дәлелдермен ақиқатты аршып айта білген Ислам Мырзабекұлының әңгімесіне біз де қосыламыз, анау айтқандай алып бара жатқан алып-қосар пікіріміз шамалы. Тек сондағы айтылған сөздердің біразын кітап жарыққа шықпай тұрып, бұдан бұрын, бозбала жігіт шағымызда білімдар кісілерден біз де естіген едік. Енді соны есімізге түсіріп, жадымызда жаңғыртқаны үшін ағамызға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Иә, «Жігіттің үш жұрты бар, - дейді қазақ. - Өз жұртың – күншіл: бар болсаң – көре алмайды, жоқ болсаң – бөліп бере алмайды. Қайын жұртың – міншіл: қолыңның ұзындығына, жағаңның қызылдығына қарайды. Ал нағашы жұртың – сыншыл: жақсыңды асырады, жаманыңды жасырады». Сондай-ақ «Нағашың – бір асқар тау секілді, сен – жарға ойнаған лақтайсың», - деген екен баяғы бабаларымыз. Тұлпардың жүйріктігі – тағасынан, Тұманың тазалығы – сағасынан, Ақ тонның жақсылығы – жағасынан, Арудың жақсылығы – анасынан, Базардың жақсылығы – бағасынан, Молданың жақсылығы – тобасынан, Інінің жақсылығы – ағасынан, Сәбидің зеректігі – санасынан, Айналып келгенде, ағайын,
Жігіттің жақсылығы – нағашыдан, - деген, астарына алмас-ойды ораған қағидалы сөзді айтқан да – сол қазақтың қақсап өткен ақберен ақындары. Жігіттің шыққан тегін білген соң-ақ: «Нағашысы кім еді мұның?» - деп сұрайды қазақ. Сондықтан «Бекет Атадай белгілі әулиенің нағашысы кім екен?» деген сұрақтың туындауы да заңды. Алдында айтып өткеніміздей, Атаның шешесінің аты – Жәния. Ол – Қыдыр дарып, бақ қонған, арғы тегі арабтан шыққан Сейітқожа ұлы Назарқожаның қызы. Демек, Бекет-Атаның нағыз нағашысы – Алшынның шежіресінде айтылғандай, «Тобыштың қоңыр үйлі қожасы» атанған, Хиуадан ілім-білім үйреніп келіп, қиянда жатқан Маңқыстаудай маң өлкеге ислам дінінің шұғыласын таратқан, атақты оқымысты, айтулы ғұлама Назарқожа. Назарқожаның Маңқыстауға алғаш келу хикаясы, алдап тастап кеткен керуен адасып қайтып келгенде кереметін көрсетуі, Әлмембет үйінде ешкім елеп-ескеріп, адам санатына қоспаған соң: «Бас, орныңды тап!» - деп, қасиетімен табақтағы басты ұшырып, өз алдына қондыруы, артынан Әлмембет байдың әрі-сәрі, әбі-тәбі болып, әсіреңкі күй кешіп жүрген қызын емдеп жазып, әйел қылып алуы туралы хикаяларды бірнеше жыл бұрын біз де естіген болатынбыз. Бірақ ол туралы Ислам Мырзабекұлының «Бекет Ата» кітабында (29-32-беттер) егжей-тегжейлі жазылғандықтан, қайталап тоқталып жатуды жөн көрмедік. Ал Көкінің ұлы Тама Есет батырға келсек, ел қорғаған ер бабамыз, әрі әруақтан да құр емес, үлкен қасиет иесі бұл кісінің есімі Үш Жүзге мәлім. Оның Бекет Атаның кәрі нағашысы екендігі де рас. Олай дейтініміз – 95 жасқа келген Есет батырдың 13 жасар Бекетке берген батасындағы: Ақ-қараны айыратын ұл екенсің, Аламанды қайыратын дүр екенсің. Халқыңа шуақ шашар күн боларсың, Үш жүзге аты мәшһүр Пір боларсың, Әттең, екі араны қыр бөліп жатыр-ау! – деген сөздерін асық атып, айран ішкен, арманның аясында сағым қуған, алаңсыз балалық шағымызда солардың қолына су құйып жүріп, төр жағалай малдас құрып отырған шалдардың аузынан сан мәрте естіп едік. Сондықтан «Осы сұраққа жан-жақты жауап іздеп, табанынан таусылып, талай жерді аралаған, Назарқожа мен Есет батырдың ұрпақтарымен тілдесіп, нағыз шындыққа көз жеткізген Ислам Мырзабекұлының еңбегі ересен» дей келіп, «Бекет Атаның нағашысы – Назарқожа, шешесі – Жәния (Жаңыл), ал кәрі нағашысы – Тама Есет батыр, оның қызы Меңсұлу – Бекет Атаның әкесі Мырзағұлдың шешесі. Оған енді ешкімнің дауы болмауы тиіс. Осымен бұл мәселе туралы басы артық әңгімені қойып, артық күшіміз бен асыл
қайратымызды басқа бір пайдалы істерге жұмсайық!» деп түйіндегіміз келеді.
АТАҒА ӘРУАҚ ҚОНУЫ
Бекет Ата жас кезінде тұрмыс тауқыметімен тура жолдан тайып, әртүрлі күнкөріс жайын күйттесе керек. Бір жолы сондай бір сапарынан келе жатып, Жем өзенінің тұсынан өте бергенде әлдекім: - Бекет! Бекет! – деп айқайлайды. Айналасына қараса, адам баласы көрінбейді. Сонда өзенге көзі түскен Бекет су ішінен әуелі бір саусақ, сосын бес саусақ көтеріліп, ақыр аяғында ол да көрінбей батып кетіп, орнына отыз саусақтың шошайып шыққанын көріп, ойға қалады. «Е-е, Алла Тағаланың ақ жолға бағыттаған аяны шығар бұл. Жасаған Иемнің жалғыз саусақ көрсеткені – «Бір Құдайыңды біл!», бес саусағын көрсеткені – «Бес уақыт намазыңды қаза қылма!», отыз саусағы – «Отыз күн оразаңды ұста!» дегені екен ғой», - деп толғанған Бекет осыдан бастап нағыз Құдай жолына түсіпті. Содан кейін-ақ әулиеге әруақ қонған көрінеді.
ӘРКІМНІҢ ДЕ ӘУЛИЕСІ БАР
Бекет Ата, Өмір, Барақ деген кісілердің қай-қайсысы да әруақты адамдар болыпты. Үшеуінің де ұшатын қасиеті бар көрінеді. Бекет Ата жеті балапанын ерткен аққу бейнесінде ұшады екен. Жұрт оны: «Әруағы жеті атаға жетеді», - деп аңыз қылыпты. Барақ жерді үш теуіп ұшса, Өмір жалғыз-ақ рет тебеді екен. Барақты ел: «Әруағы үш атаға дейін тарайды», - деп, ал Өмірді: «Әруағы өзімен бірге кетеді», - дейді екен. Бекет Атаның ақылшы пірі, ағартушы ұстазы Пақыржан қажы деген кісі көрінеді. «Пақыржан қажы Бекет келе алмай қалып, кешіккен бір сәтінде намазды да бастамаған» деседі.
«ЕЙ, ХИУА, ЕСІГІҢДІ АШ!.»
Бекет он төрт жасында ой тоқтатып, оқу іздейді. Әкесінің айтуымен әулие Шопан Атаға төрт күн түнеп, басына аят оқып, бар ниетімен тағзым етеді.
Алғашқы күні-ақ аян берген Шопан Ата бала Бекеттің түсіне еніп, түнеген күндерінің бәрінде де: «Хиуа деген қисапсыз халқы бар үлкен шаһар бар. Сонда ұстаздық ететін ұлы кісі Пақыржан қажыны барып сағаласаң, сауап болады», - деп сан мәрте қайталайды. Үшінші түннен соң үмітпен оянған Бекеттің алдына Шопан Ата ақ арғымақты көлденең тартып, сый етіп, шығарып салады. Жібек құйрық, желден жүйрік пыраққа қарғып мінген жас Бекет жанарынан шоқ шашып, құйғытқан күйі Хиуадай қилы-қилы құпиясы мол жұмбақ шаһардың есігінен екпіндей енеді...
ОТЫН ОҚИҒАСЫ
Әлқисса, Хиуадағы «Шерғазы хан» медіресесінде өзбек ұлтынан шыққан өте білгір ғұлама Пақыржан қажының қолынан жеті жылдай дәріс алған Бекет Пірдің айрықша ықыласына бөленіп, артықша құрметке ие болады. Зерделі шәкірттің зейінділігіне риза болған ұстаз оған екі айда бір рет үйіне барып, аунап-қунап қайтуға рұқсат етеді. Бекет сонда да оқудан қалып қоймайды, үлгермеген жеріне үлкен күш салып, жолдастарына жетіп алады екен. Пірдің бұған деген бөлекше көзқарасын қызғанып, іштарлық танытқан ішінара шәкірттер күншілдікке салынып, күңкілдей бастайды. Кезекті жыл аяғы да жетіп, келесі оқу жылына керекті ас-су, ағаш жинап алу керек болады. Ұстаз барлық шәкіртіне балта мен ара беріп, орманнан отын алып келуге жұмсайды. Шәкірттердің бәрі шама-шарқынша ағаш кесіп, арқалағанынша көтеріп келеді. Тек Бекет қана тезек құрлы салмағы жоқ, қурап қалған қу түбіртектерді теріп әкеледі. Мұны көрген мұндар шәкірттер Бекеттің берекетін кетіріп, кейбіреулері келеке ете бастайды. Тіпті тілінің тікені бар біреулері Пірге шағым айтып, шала тастауға тырысады. Не үшін бұлай еткенін сұраған Пақыржан қажыға Бекет: - Жаңа өскін жас тал біткен зар илеп, «Бәріміз де асқақ болсақ, бәйтеректей биік болып өссек» деп едік, ажал сеппе, адамзат баласы!» - деп жылап тұрған соң ешқайсысын қор етуге қолым бармады. Өмірді қиюдан өткен өлшеусіз күнә бар ма, ұлы ұстаз?! – деп жауап береді. Мұқият тыңдап болған соң мұндай кең ойлылық пен кемелдікке көңілі толған көреген Пір: - Адам баласына алдымен керегі – аяушылық пен мейірім. Бекеттен басқаларың отындарыңды орманға апарып тастаңдар! – деп бұйырған екен.
«ӘЙ, ҚЫРЫМҚҰЛ, ЖОЛДАСЫМ!..»
Маңқыстау төңірегіне мәлім, «Қырымқұлдан қырық би шыққан. Олардың ең кішісінің өзі тоқтылы қойдың төрелігін айтады» деген мәтел сөздегі руы Бәйімбет, би Қырымқұл мен Бекет әулие Хиуада білім жолына түсіп, бірге оқиды. Ата оқуды абыроймен аяқтап, үздік бітіріп, үлкен беделге ие болып, арнайы шатырхат (диплом) алып қайтады. Ал Қырымқұл оқу оқып оңдыра алмағанына намыстанып, елге қайтпай қалады да, жамбасына жат топырақ бұйырады. Атамен бірге барған атақты би де анау-мынау адам емес, «аузымен құс тістеген» дерліктей айтулы шешен кісі екен.
ПАҚЫРЖАН ҚАЖЫНЫҢ БАТИҚАСЫ
Жеті жыл бойғы берген білімнің нәтижесін білмек болып, Пақыржан қажы барлығын жинап алып, көп шәкірттің көзінше мешіт терезесінен ауыр, көк Асатаяғын асыра лақтырып жібереді де: - Кімде-кім тауып алса, тап сол адам – Асаның иесі, - дейді жұмбақ жымиып. Шәкірттердің бәрі уақыт өткізбей, улап-шулап, жан-жаққа жапатармағай жүгіре жөнеледі. Мешіт ішінде ұстаз Бекет екеуі ғана қалады. - Сен неге олар сияқты іздемей, отырып қалдың? – дейді Пір оған. Сонда Бекет: - Асатаяқ алысқа кетті. Жабыла іздеп, тауып ала қоятындай жақында емес. Әзірге ол ұшып бара жатыр, әлі жетер жеріне жеткен жоқ. Азық пен астыма мінер көлік беріп, ақ батаңызбен аттандырсаңыз, мен іздеуге шығайын. Рұқсат етіңіз, ұлы ұстаз! – деп, қолын жайып, қолқа салады. Арыдан болжап, алысты ойлайтын ақылды Пір Бекеттің құр адам емес екенін сезіп, асыл тысты ауыр кітап және қара балта мен қасиетті тымақты тарту етіп тұрып: - Жеті ұрпағыңа жетер азық бердім ғой, азықты неге сұрадың?! Астыңдағы көлігің – Шопан Атаң берген пырағың. Алдыңнан ақ күн тусын, шырағым! Жортқанда жолың болсын, жолдасың Қыдыр болсын! – деп, бетін сипап, белгісіз бір дұғалар оқып, бар ғұмырына нұр болар бата береді... «Пақыржан қажы берген Асатаяқ пен асыл тысты кітап әлі күнге дейін Ата ұрпақтарында сақтаулы тұр» деп естиміз. Ол туралы кейінірек кеңінен әңгіме болады.
АСАНЫҢ АНЫҚ ИЕСІ КІМ?
Ұзақ жол шегіп, ұстаз аманатын арқалаған жиырма бір жасар Бекеттің алдынан Пірі жіберген бір оғыланды бала көз көрінім жерден көлбеңдеп, қашады да отырады. Не жеткізбейді, не жоғалып кетпейді. Осылайша жүріп отырып, оғылан осы күнгі Бекет Ата мешітінің орнына келген соң көзден ғайып болады. Сол жерге балтасын қадап, бағдарлай қарап тұрған Бекеттің көзіне шың басында шаншулы тұрған Асатаяқ шалынады. Жақындап келіп, Асаны алмақ болып қарекет қыла бергенде аспан астын жаңғыртқан айқай шығады. Артына бұрылып қараса, анадай жерде қой жайып жүрген түрікпен жігіті қолын безеп жүгіріп келеді екен. - Асатаяқты алғаш көрген – мен, - дейді ол келген бетте. - Алайда ала алмадың ғой, - дейді Бекет те беріспей. - Жоқ, бәрібір де ол сенікі емес, - деп қасарысады қойшы. – Мен оны біраз уақыттан бері сыртынан бақылап, қарауылдап жүрмін. - Жарайды, ендеше мынаған келісейік: Асаны кім суырып алса, Алла Тағала соның жағында, Аса да соныкі болсын, - деп сөз түйінін айтады Бекет. – Алдымен көрген сен ғой, алғашқы кезек – сенікі. Қойшы жігіт бас салып жабысады да, бар күшін жұмсап, ырғай бастайды. Суырылмақ түгілі, сүңгіп кіріп бара жатқан Асатаяқты әрі қозғап, бері қозғап, әл-дәрмені біткен түрікпен келесі кезекті Бекетке береді. Пірдің сүйікті шәкірті Алланың атын аузына алып, аят оқуы мұң екен, Асатаяқ атып шығып, қолына тиеді. Ғажайып дарын иесінің ғаламат «сиқырын» көзімен көріп, көңілі сүйсінген қойшы табан астында табынып: - О, оқуы терең, қасиетті ғұлама! «Мыңның жүзін білгенше, бірдің атын біл» деген, келіңіз, танысайық, - дейді. – Менің атым – Оғыланды. Жасың кіші болғанмен, өнерің озық жан екенсің. Алла Тағала жар болса, ақиреттік дос болайық. - Болсақ – болайық, - дейді Бекет... Оғыланды тауы осы түрікпен қойшының атымен аталады екен. Артынан ажалы жақындаған сәтін алдын-ала сезіп, Ата: - Мен өлген соң мешітіме жерлеңдер. Ал сен менен бір саты биік – қыр үстіне жатарсың. Себебі, сенің жасың үлкен, әрі Асатаяқты алғаш көрген – сенсің, - деп екеуара отырғанда ескерткен көрінеді. Туыстарына да өстіп өсиет қалдырған Бекетті тауды қашап, тасты ойып салған мешітіне, ал Оғыландыны қыр үстіндегі биік белеңге жерлепті. «Атаның қалдырған өсиеті бойынша, адамдар алдымен Оғыландыға зиярат етуге тиісті» деседі халық.
СӨЗ СИҚЫРЫ
Әлқисса, ұлы ұстазының ұзақ жолға шығарып саларда айтқан: - Таяқты тапқан жеріңнен мешіт ашып, медіресе саларсың. Бала оқытып, барша жұрттың көзін аш, - деген тапсырмасы құлағында қалған Бекет Оғыландыдан орасан үлкен мешіт құрылысын бастайды. Ата қалдырған асыл ескерткіштердің ішіндегі ең ауыры да осы Оғыландыдағы мешіт жұмысы болыпты. Тасқа тақ-тақ тиген қайла-күректің қайтып қалмауы үшін әлсін-әлсін: «Әуп! Әуп!» - деп дем беріп тұрған әулие қасиетімен қара тауды да қашап, үңгіген екен. Бірде мешіт жұмысының мехнатын тартып жүргендер: - Жұмысты біз жасаймыз да, ештеңе істемей, елді сыртынан бақылап тұрған әулиенің әшейін «Әуп! Әуп!» дей беретіні несі екен?! Сол арқылы бізге дем беріп, демеу болам дей ме екен? – деп, әзілге сүйеп әңгіме айтады. Бұл сөздерді құлағымен естімесе де, құдіретімен сезген Бекет Ата бір сәтке «Әуп!» деп айтпай, үнсіз қалғанда тас оятын құралдардың бәрі де жүзі қайтып, майырылып қалыпты. Ата «әупін» жалғастырғанда әлгі өтпей жатқан қайла-күректер қара тасқа қайтадан кіршілдеп кіре жөнеліп, жер қыртысы жеңіл ойыла беріпті. Мешіт жұмысы осылайша құпия құдіреттің күшімен біткен екен.
АЯН
Оғыланды тауының қаптал тұсынан қашап салынып жатқан мешіт жұмысы кезінде әулиенің түсіне әдеттегідей Шопан Ата кіріп, аян береді. - Мешіт салмақ болған таудай талабың оң болсын! Алайда адам баласы тұрақтап тұра алмайтын тұл даладан алдымен су көзін ашпасаң, қонысың қолайлы болмайды, - дейді қолдаушы Пірі. Бекет Ата ояна сала орнынан тұрып, мешіт маңындағы бір тасты көтеріп, таяғымен тау омырауын түртіп қалғанда Алланың әмірі, Құдайдың құдіретімен тастай суық, сүттей ақ, балдай тәтті кәдімгі кәусар бұлақ пайда болған екен... Бір ғажабы: Бекет Атаның басындағы бұлақ суы жар жағалай өскен қамыс-құрақ сияқты өсімдіктердің тамырынан тамшылаған судан жинақталады. Ал «ішуге жарамайды» делінетін ащы, кермек суы бар екінші құдықтан шелекпен су алсаң, орны лезде толып отырады. Бір ғана мысал – Маңқыстау облыстық мәдениет басқармасының бас маманы, Ата мешітін қалпына келтіру жұмыстарына аянбай атсалысқан азамат Тұрлан Есқуатов 1999 жылдың күзінде бірге барған сапарымызда
бізге: «Осы құдықтың суын төрт жігіт түске дейін кезекпен тұрып төгіп, тазаламақ болғанымызда, бір қарағанда бір көзе сыятындай болып көрінетін құдық суы сәскеге дейін сәлсіретіп, діңкемізді құртып, тауыстырмады. Ақыры түк өнбейтін болған соң түс әлетінде бұл жұмысты доғардық», - деген болатын. Демек, қара мұздай қайнар суы жер астынан шымырлап шығып жататын болғаны.
АЙТҚАНЫ АЙНЫМАЙ КЕЛГЕН
«Бекет Ата ұстаздық етпек ниетпен бірнеше жерден: Оғыландыдан, Ескі Бейнеуден, Жем бойынан және Арал жағасындағы Байшағардан, т.б. жерлерден мешіттер салдырған» дедік. Осылардың ішіндегі ең күрделісі Оғыландыдағы мешіт құрылысы болыпты. Қара тасты қарш-қарш ойып, қатты тауды үңгірлей салған мешіт жұмысының алапат ауырлығына анаумынау атпал азаматтардың өзі шыдас бере алмай, тайқып шыға берсе керек. Сол себепті құрылысшылардың құрамы да құл мезгіл жаңарып отырыпты. Солардың ішінде барлық жұмыстың басынан аяғына дейін болып, төзімділік танытқан Байсал деген кісіге әулиенің назары құлапты. Айналасындағы жиылған жамағаттан: - Құрылыс басталғалы бері қолынан сүймені түспеген, белін жазып, бір демалмаған мына кісі кім? – деп сұрағанда: - Бұл – Адайдың ішіндегі Бөкен Жеменейден тарайтын Байсал деген азамат. Жасы елудің төртеуіне келгенше ер перзент көрмей, егде тартқан бір мұңлық еді, - деген жауап естиді. - Ендеше еліңе қайта бер, ер Байсал! Бәйбішең бала көтеретін уақыттан ұзап кетсе де, Алла Тағаланың ақ жазуымен маңдайыңа бір перзент біткелі тұр. Қыз бала болса – өзің білерсің, ал ер бала туса – есімін «Мыңкісі» деп қой. Бұйыртса, балаң мына жүргендердің мыңына татитын болады. Жаратқан Ием мың ұрпағына дейін ұласатын, бүткіл үрім-бұтақ, зәузатына жетерлік үлкен қасиет-дарын сыйлайды, - дейді Бекет Ата. Атаның айтқаны айнымай келіп, дүниеге келген Мыңкісі Ата мың жылда бір туатын асқан дарын иесі, мықты сынықшы, ғажайып шебер оташы, алысқанын жыққан алып балуан болыпты. Бүгінде Мыңкісінің ұрпағы назары түсіп, қол тигізген кез келген сынық қисынын тауып, қиюласа қалады. Және бұл қасиет оның барлық ұрпағына, тіпті жиендері мен жиеншарларына да берілген. Мыңкісінің есімі тек қазақ қана емес, исі мұсылман елдерінің біразына етене таныс, ерекше ыстық.
ЖАҚСЫДАН – ЫРЫС, ЖАҚЫННАН – ЖҰҒЫС
Бабық тайпасының батыр ұлы Майемер аңшының шешесі Кете руының қызы екен. Адайға белгілі, айтулы Нұр мерген Оңдағанұлы – Майемердің шөбересі. Батырдың анасы да қасиеттен құр адам болмаса керек. «Қалпе әже» атанып, халықтың ықыласына бөленер тұста қайран анамыз қатты науқасты болып, әруақ қонбай, азапқа түсіпті. Маңдайы жарқыраған Майемердей марқасқа перзентті дүниеге әкелген соң аз күннен кейін ауруға шалдыққан әйел қатты қиналып, Атаның әруағына сыйынады. (Емізуге ешқандай жағдайы болмай, емшектегі нәрестесін кішкене күнінен қойдың құйрық майын сорғызып ер жеткізгендіктен, баланың атын «Майемер» қойыпты). Бекет Ата көзге көрінбейтін, көздеген кісісіне ғана байқалатын киелі құс болып ұшып келіп, шалық тигендей болып, шашын жайып жіберіп, есі кіресілі-шығасылы күйде отырған әйелдің үйінің шаңырағына қоныпты. Атаның келгенін сезген ана үмітіне сәл де болса сеп көріп: «Үйге түссеңші, әулием!» - деп үн қатады. Бекет Ата: «Беу, балам-ай! Таза жерді ғана тақ қылып өскен жан едім. Үйіңді кір басып, үніңді мұң шалған екен. Түсе алмаймын, түрегел де, айта бер арызыңды», - дейді ақырын ғана. «Енді қайтейін, Ер Бекет?! Отбасының жүрегі, ошақтың иесі әйел емес пе?! Бұған кімді кінәлайсыз? Науқас мені ме, назары сынған нар тұлғалы азаматымды ма?» - деп, естіген құлақты тітіркентердей ащы дауыспен айғайлап, еңіреп жылап қоя береді әйел. Үндемеген күйі ұшып кеткен Бекет Ата қанатының суылы халықтың төбесін жанай өтіп, көпшілікке көрінбеген күйі көзден ғайып болады. Осы түннен кейін-ақ оңалып, беті бері қараған Майемердің шешесі артынан маңайға мәшһүр әруақты адам, көпшілік сыйлаған көріпкел кісі болыпты. Ата келіп кеткен түннен соң әруақ қонған анамыздың балаларынан кейін атақты аңшылар Сүйіндік, Оңдаған және Нұр мерген сияқты таңғажайып өнер иелері, талай ұрпақ тараған. Өзі тоқсан жылдай өмір сүріп, ақарлы-шақарлы болып, ауыл-аймағына абыройлы қалпында дүниеден озыпты.
АЛЛАНЫҢ НАЗАРЫНДАҒЫ АДАМ
Ата Ақмешітті жаз мезгілінде жайлау есебінде мекен еткен. Бірақ кей кездері осында қыстап та қалатын көрінеді. Ағайындары ақ қар, көк мұз, ала боранды қыс маусымын ойдағы елде өткізу үшін Маңқыстауға қарай маңдай
түзегенде көріпкел Пір көп дүние-мүліксіз, азғана тағаммен Ақмешітте қалып қояды екен. Ашыққанын ауырсынбай, тоңғанына да тоба қылып отыра беретін Бекет Атаны жаз шыға жайлауға көшкен туыстары «Әлдеқашан ана дүниелік болған шығар», - деп, аза тұтпақ болып келсе, Ата оларды ауырып-сырқамай, аман-сау күйде қарсы алатын көрінеді. Кісі ақылы жетпейтін кереметке қайран қалған халық: «Оны бағушы бір күш бар. Жаратқан Иенің назарындағы адам ғой. Иесі бар, киесі зор кісі», - деп, алуан түрлі аңыздарға арқау етіпті. Бұл – Ата туралы айтылатын аңыздардың бір парасы ғана.
АҚМЕШІТ ҚОНЫП, ЖЕМ ЖАЙЛАП...
Ақмешітте жалғыз өзі қалған кезінде қылышын сүйретіп келген қыс қаһары да Атаның сағын сындырып, жанын жасыта алмаған. Қайта табиғатпен туыстасып, жаратылысқа жақын болып кеткен әулие қажет кезінде одан керегін де ала білген. Ақпанның ашулы аязы тақтан түссе де, аттан түспей, ақырып тұрған бір күні Ата шәй қайнатып ішейін десе, көзедегі суды көк мұз құрсап, қара беріш болып қатып қалыпты. Бекет Ата Аллаға сыйынып алып, сарнатып аят оқиды да, саусақтарының ұшын шелекке тигізеді. Сонда Құдіреттің күшімен қатқан мұздың көбесі қақырап сөгіліп, астына алаулатып от жақпай-ақ, шелектің өзі селкілдеп, қара мұздай су қайнай жөнеліпті.
«АДАЙҒА ҚҰДАЙ БЕРЕРДЕ..»
Ел аузындағы ескірмейтін аңыздарға сенсек, Бекет Ата белдескен жауының белін сындырған, ержүректігімен еліне даңқы жайылған құдіретті қолбасшы да болған. Қас дұшпанға қарсы қанды жорықтарға қатысқан кезінде ол Адайдың сүйек сапты, ауыр туын көтеріп тұрады екен. Ата ту ұстап барған шайқастардың бәрінде де Адайлар жағы әрдайым жеңіске жетіп отырыпты. Қазақ жағы жауға шапқанда қасиетімен желеп-жебеп тұратын Бекет Ата бірде қолдан дауыл тұрғызса, бірде дұшпан ордасына дүлей өрт тастайды екен. Немесе ақсары бас аққу болып, Адай жасағының алдында бағыт нұсқап, бағдар беріп, бастап ұшып отырады екен. Енді бір жорық-жортуылдарда егескен жаудың көзіне сағым боп шалқып көрініп, қазақ қолының қарасын көбейтіп көрсетіп, алдарын ақ киік боп орағытып отырыпты. Ал енді бірде ақ шаң болып шұбап, дұшпанның
әруағын басып, айбынын аласартып тастайтын көрінеді. «Адайға Құдай берерде Бекетті берді» деген халық аузындағы қанатты сөз де содан қалса керек. Сыйынғанның сүйеніші, тілегеннің тірегі болған Бекет Ата қара орманы мен қасиетті мекенін қорғаған, атажұрты үшін атқа қонған батырлар болмаса, анау-мынау ауыл-үйдің телі-тентектері мен оңай олжа үшін жорыққа шыққан жолбике барымташыларға көмек көрсетпеген. Атаның әруағын шақырып, атын атауға ондайлардың батылы да бара қоймаған.
АҚЫЛ
Атаның қалай жау қайтарғаны хақында желісі бір-біріне өте ұқсас, ел аузында екі әңгіме бар. Екеуіне де ортақ оқиға – Бекет әулие беркініп қару асынып, қоңыраулы найза қолға ала жүріп соғыспайды, қарсы жақты әруағымен арбап, құдіретімен жасқап, құпия күшімен бұғаулап отырады. Сол екі оқиғаның бірі халық жадында мынадай мазмұнда сақталған: Бір жолы бір белгілі қазақ батыры Бекет Атаны қалмаққа қарсы шайқасқа ала кетпекші болады. Ата ажал сағаты соғар сәт те алыс емес екенін, қазір қартайғанын, жорыққа аттануға жағдайы жоқтығын айтып, бас тартады. Қатты ренжіп, қабағы түсіп кеткен батырға әулие абыз: - Осы уақытқа дейін Алаштың жеңісі үшін ақылым мен күшімді аяп қалған жерім жоқ, ақ жолдарыңа тілеулес болдым. Бұл жолы да баруға күйім көтергенде, бас тартпас едім. Керегіңе жараса, кеңес берейін. Тілімді алсаңдар, түс кезінде шабыңдар. Бір шөкім болып, шоғырланып-шоқтанбай, қатарларыңды жазып, қараларыңды көбейтіп, араларыңды сирек қылып, әруақ шақыра андыздап қоя беріңдер, - деп ақыл айтады... Арада біраз уақыт өткен соң жауды жеңіп, жалауын желбіретіп келген қазақ қолы қарсы жақтың талай мал-жанын талауға салып, олжалы қайтады. Баяғы батыр Бекетке деген беріш боп қатқан өкпесін білдіріп: - Сен бармасаң да, сеніміміз суалып, сетінегеніміз жоқ. Әуел баста-ақ «әулие ғой» деп, саған жалынбай-ақ қоюым керек екен, - деп жалы қыңыр сөздер айтады. Бекет Ата жауап қатпастан, жайлап басып келіп, шеткерілеу тұрған шерлі тұтқыннан: - Сендер анау-мынауға алдырмайтын ауыр қол едіңдер, қалайша қапы соғып, қантөгіссіз берілдіңдер? – деп сұрайды. - Түс әлетінде түнерген бұлттай болып, қарақұрым қалың әскер шабуыл салғасын, шайқассыз-ақ берілдік. Қарсы тұруға қайратымыз, алдын бөгеуге
айбатымыз жетпеді. Адам көрмеген алапат сел секілді ағылған көп қолмен алысуға тәуекеліміз тұрмады, шыдай алмадық, - деп шынын айтады тұтқын. - Ә, солай ма?! Қалай екен, батырым?! Кекті боп кетсең де, кеңесімді тыңдап, атымды атамасаң да, ақылымды алған екенсің. Талма түстің шағында сағым көтергенде тастың өзі тау болып, жанның бәрі жау болып, көбейіп көрінетінін білмеуші ме ең?! Бір батырың онға, он адамың жүзге, жүз сарбазың мыңға татып, мыналарды састырған да сағымның күші ғой, - депті сонда Бекет Ата батырды ұялтып...
ЖЕБЕУ
Осыған ұқсас оқиға Бекет Ата мен Бегей Өмірдің арасында да өтіпті. Өмір батырдың өзі Атамен түйдей құрдас, зілсіз әзіл, астарсыз қалжың айта беретін, аралас-құраласы күшті адам екен. Бірде басым түскен дұшпан жағы барымталап кеткен малды қайтару үшін сапарға аттанбақ ниетпен салып ұрып Бекетке келген Бегейдің батыры өзімен бірге еріп бару жөнінде өтініш жасайды. Тірек тұта отырып, тілек білдірген батыр сөзінен бас тарта алмаған әулие аз-кем уақыт ойланып отырып қалады. Мешіт жұмысының нағыз қызған кезі болса керек, «Менсіз тоқтап қалады-ау» деп уайымдап тұрса да, Бекет Ата көңілжықпастық білдіріп, көп жалындырмай, келісім береді. Атаның «Артыңнан қуып жетемін» деген уәдесіне арқа сүйеп аттанған Өмір батыр жекпе-жекте құба төбел ат мінген Құбақай батырын өлтіріп, басшысыз қалған барымташыларды ойсырата жеңіп, олжалы оралады. Жолай Бекетке соғып, қалы кілем мен қара нарды сауғаға беріп тұрып: - Өз сөзіңде тұрмадың, өтірікші екенсің, - деп кінә тағады. - Қан майданда мен қасыңда тұрдым ғой, батыр, - деген Бекет әулие қалмақ батырының атын атап, арғымағын түстеп, сипаттап береді. – Бәлкім саған ұмтылған сардардың аяғы ала арғымақ атын шалып құлатып, шапшаң найзалап үлгеруіңе мүмкіндік берген де мүлдем мен емес шығармын?! «Ойда жоқта сүрінді» деп ойлайсың ба, Өмір?! – дейді ол. – Олай болса, батыры өлген басшысыз қалмақтың зәресін зәр түбіне кетірген тұтасқан қалың шаңды көтерген кім сонда?! Мұндағы шаруа да мұрынға су жеткізбей, үлгермей жатқандықтан, мұршам болмай, ала дөңде өріп жүрген ақ киік пен аң біткенді топ-тобымен топылтып, арттарыңнан айдап өткенде, әруақты қоздырар айқай-шаң тұрып, айбарыңды асырды емес пе?! Мұны көріп, көзі қорқып, көңілі басылған көп дұшпан берекесі кетіп, бет-бетімен безіп жөнелді ғой. Ақиқатты мойындауға арың жете ме, батырым?! Айтқанымның бірі жалған болса, бұлтарып көр, - деп барып тоқтайды әулие.
Қыңыр сөйлеп, қисық әңгіме айтқаны үшін кешірім сұрап, келісімге келген Өмір батыр осыдан кейін Атамен арадағы әзіл-қалжыңын кілт тыйып, қасиет иесіне қарсы келмейтін болыпты.
АТАН НАРДЫ ДА АУЫРСЫНБАҒАН
Атаның әруағына шек келтіріп, сенбей жүретін бір қалжыңбас құрдасы бар екен. «Сіңірі шыққан кедейге сіңе қалған қайдағы әруақ?! «Әулие, әулие» деп, әлдекімдерді пір тұтатыны несі екен осы жұрттың?» - деп қағытады екен ол. Ол кезде ел көшкенде барлық жүгін, бала-шағасын нар түйені жазылап, соған артып алып жүретін болған. Бір жолы әлгі құрдасының үйі көшіп келе жатып, тік құлама жартастан атан түйенің аяғы тайып кетіп, үстіндегі әйелбаласымен қоса жардан ұшып кетеді. Тіліне «Иә, Бекет!» деген сөз ғана оралған әлгі кісі күдер үзіп, күйінген күймен төменге көз салса, Құдіреттің күшімен атан түйесі аман-сау, жалаң жартастың үстінде жайбарақат тұр екен... Әулиенің қасиетіне әбден көңілі сенген құрдасы Атаға алғысын айтып, Құдай жолына садақасын бере келгенде Бекет Ата: «Бері кел», - деп шақырып алыпты да, анау жақындап келген соң арқасын ашып көрсетіпті. Сонда жарықтық Пірдің жауырынында қызылталақтанып, түйенің төрт табанының ізі тұр екен. Қасиетіне қалың елді қайыл қылған қайран әулие жардан ұшып бара жатқан нарды жауырынын тосып, қағып алса керек.
ТҮРІКПЕННІҢ ТОБАСЫ
Атаның ұлылығы ұлт таңдамайтын көрінеді. Оғыланды тауының қасында «Жабай ұшқан» деген тау бар. Сол жерде түрікпеннің тоғыз жасар баласы әкесіне ренжіп, «Өлемін» деп өршеленіп, құлама құзға қарай жүгіріпті. «Дүниеде түрікпеннің ақкөз ашуы жаман» деседі ғой. Тұла бойы тұңғышы, перзент шіркін шыдатсын ба, алдында ашуланып отырған әкесі райынан қайтып, «Иә, Аллалап» артынан қуса керек. Ақыры жете алмаған түрікпен құздан құлап бара жатқан ұлын көргенде, қапелімде Бекет әулиенің есімі есіне түспей: - Атыңды білмедім, тұт, қазақ! – деп айқай салады. Асығып-аптығып, алқынып жеткен байғұс әке жартастан шығып тұрған жалғыз түп қу бұтаға қолымен жабысып, ілініп тұрған ұлын көріпті.
ТҮРІКПЕННІҢ ТӘУБЕСІ
Көзі тірі кезінде-ақ әулиелігін әрбір адам мойындаған Бекет Ата енді қайтып егеспеске, жан қиып жауласпасқа ниет етіп, Қараман Атаның басында қазақтың атынан түрікпенге ант береді. Адайдың атақты байы Жаңай Қожаназардың жанындай жақсы көретін бір пырағына түрікпендер жағы дау айтып, қоныстары бірге, қолтықтасқойындас жатқандықтан, «Абайсызда жылқышылар ауыстырып алған біздің малымыз», - деп, бірнеше рет айқай-шу шығарады. Бұл құлын бұрынғылардан бітімі бөлек, су перзенті Суын айғыр мен Адай жылқысының араласуынан туған будан тұқымнан көрінеді. Сондықтан да аламан бәйгелерде алдына қара салмай, оқ бойы озық келіп отырыпты. Сол пырақты түрікпендер түрткілеп, көз аларта берген соң амалсыз ант беруге және олардың талабы бойынша антқа байдың кенже ұлы Қошан Қожаназарұлын ұстауға тура келеді. Сонда ғана анттың ақиқаттығына көз жеткізуге болар еді. Өйткені, «Малым – жанымның, жаным – арымның садағасы» деп ұққан көшпелі халықтың ұғымы бойынша, басы алтын, аяғы күміс болса да, байдың тұлпар үшін туған ұлын құрбандыққа шалмайтынына түрікпендер шексіз сенеді. Өз ісінің ақтығына көзі жетіп отырған Қожаназар да ақырына дейін тұруға бел байлайды. Екі елге де ортақ билік айтушы болып Бекет Ата белгіленеді. Ел аузындағы ескі әңгімелерге сүйенсек, «Қараман Ата – қатты әулие» делінеді. Сондықтан оның басында анттасуға тәуекел ету – екінің бірінің қолынан келе бермейтін ерлік. Түрікпендер жағы осыны жақсы білген. Білгендіктен де, «Қазақтар Қараман Атаға барып, ант бере алмайды» деп сенген. Ата арқалаған жүктің оңай болмағанын осыдан-ақ аңғаруға болады. Сонымен екі жақтың да ерге отыра алатын ер-азаматы түгел жиылып, түмен істің түйінін шешуге аяғы жеткен адамдардың бәрі келіп, Қараман Ата әулиенің басында бас қосады. Басынан аяғына дейін қап-қара қылып киіндірген бала Қошанды қолынан жетелеп әкеліп, қара ер-тұрманды, түн түстес қара арғымаққа мінгізіп, алқалы топтың алдына алып шығады. Ата сонда аспанға қарап, алақанын жая дауыстап: - Уа, Алла Тағала! Айтысқан екі жақтың дауының ақиқатын сен айт! Адай жағы ақ болса – ер басына шаншылған бізді, қолы қаралы болса – Қошанды ат! Ант! Ант! Ант! – деп үш рет айқайлайды. Құдіреті күшті Жасаған Иемнің әмірі шексіз ғой. Сонда бір шөкім бұлт жоқ, шайдай ашық аспанда ақ найзағай жарқ етеді де, сол күйі сорғалап келіп, қазақы ердің қасынан қара тастай қып ұстап алған екі жасар сәби Қошанның қолына да тиместен, ер басындағы біздің сабын екі айырып,
жарып жібереді. Қалтырап тұрған қара арғымақ омақаса құлап, оңбай жығылады. Оң жақта дайын тұрған бірнеше жігіт дереу арғымақты адалдап, бауыздап жібереді. Айнала жұрт у-шу. Адайлардың мерейі үстем, мәзмейрам. Түрікпен жағы түнеріңкі. Тұрып-тұрып, түрікпендер Атаға сенімсіздік көрсетіп, Адай арасында өткендіктен, анттың әділдігіне күмән келтіріп, күдік білдіреді. Өздерінің өлердей құрметтейтін Пірі, қасиет иесі, Хорезмнің ойындағы Шәкібір Атаның (Кейде «Чекапатар әулие», кейде «Шикәбір Ата», «Шәкібір Ата» деп айтылады. Дұрысы – Шейх-Күбірә болуы керек. Бейіті Көне Үргеніш қаласының маңында) басында ант беруді талап етеді. Бекет Ата бұған да келісіп, «Таң намазында тағы да сол жерде кездесейік», - деп, ұшуға қамданады. Кенет қара киінген қаршадай бала Қошан қолдарын бір сілкініп, аққу құсқа айналады. Тұлпарларының тұяғы алтын болса да, таң намазына дейін Шәкібір Атаға жете алмасына шәгі қалмаған, әрі Атаның ұлылығын өз көздерімен көріп, қасиетіне ғасыл болған қалың түрікпен сонда: - Ойбай, Ата, жаздық-жаңылдық! Осында берген антыңызға да ризамыз, - депті. Сөйтіп, қанды оқиғаға ұласа жаздаған Қараман Атадағы ант соңы екі жақтың да Қожаназардың қара арғымағының етінен ауыз тиіп, енді қайтып жауласпасқа бата жасап, бәтуаласуымен, бейбіт бітіммен біткен екен.
АЛДЫМЕН АЙТҚАННЫҢ – ЖҰЛДЫЗЫ ЖОҒАРЫ
Бекет Атаның әруағы қай ұлт пен қандай руға болсын, ортақ екен. Ерегескен екі жақтың қайсысы бұрын ауызға алса, соған көмек көрсететін көрінеді. Бірде ол кемпірі екеуі шәй үстінде отырып, мазасыздана беріпті. - Неге тынышың қашты? - дейді зайыбы. - Бір түрікпен қазақтың қара ала атын алып қашты. Қашқан да «Бекет!», қуған да «Бекет!» дейді. Қайсысына болыссам екен? – дейді Ата. - «Қанына тартпағанның қары сынсын», қазаққа болыс, - дейді кемпірі. - Жоқ, түрікпен менің атымды алдымен атады, - депті сонда әулие. – Оның үстіне қуғанның қашанда мерейі үстем, айбыны астам. Ал қашқан адам жетіскеннен «Желеп-жебе!» деп сыйынбайды. Сөйтіп, қазақ қапы қалып, түрікпен қашып құтылыпты.
ӘУЛИЕ МЕН ӘЙЕЛІ
Атаның да асылық айтып, пендешілік жасаған кезі болған. Ол Оғыландыдан Хиуадағы намазға ылғи да ұшып барады екен. Бірде әйелімен әлденеге келіспей қалғанда: - Сені таң намазына үлгертіп, тазалап жіберіп жүрген – менмін. Бойыбасыңды күтіп, күнде осылай етіп тұрмаған болсам, ол намаз туралы ойлауға да жағдайың болмас еді, - депті зайыбы. - Қолыңнан келгенінен қапы қалма. Сенсіз де намазға үлгеріп, ұшып жетемін, - дейді Бекет. Ертесі күні елең-алаңнан дәретін алып болған соң дәрменін жиып, көкке көтерілмек болады. Бірақ жерді жеті рет тепсе де, желімдей жабысып, айырылмайды. Сонда Бекет «Ұстаз алдында ұятқа қалдым-ау» деп уайым жеп, тәубесіне түсіп, Тәңірісінен кешірім сұрапты. Әулиеге қиянат жасай жаздағанын ұғынған әйелі де түсіністікпен қарап, түске қалдырмай, сәске намаздан сәл бұрын жеткізіпті.
БЕКЕТ АТА МЕН БЕКБАУЛЫ ӘУЛИЕ
Адайдың ішінде Шоңай руының шоң тұлғалы перзенті Бекбаулы Ата мен Бекет әулие қатар өмір сүрген, қалжыңы қатты құрдастар болыпты. Пенденің пендешілігі қалған ба, екеуі де ел сыйлаған қасиет иелері бола тұра, замандас жандар болғасын сапарлас жүріп, сан рет әруақ салыстырып, бірбірін біраз жерде сынап, байқайды. Соның бәрінде де Бекет Ата үлкен жүректі кісілікпен құрдасын құрмет тұтып, бақ сынасса да, басы артық қылық көрсетпепті. «Мойындаудың өзі – мықтылық» дер болсақ, Бекет әулие Бекбаулының халқы ардақ тұтқан қадір-қасиетін биік бағалап, өзінен ілгері, өресі зор екендігін асқан адамгершілікпен мойындай білген. Әрдайым әруағына шек келтірмей: - Беу, Бекбаулы-ай! Сенің менен әруағың артық, айбының үстем-ау. Тек өз қадіріңді өзің қашырып, қалай болса-солай, қам-қайғысыз, ылығу, лас жүре беретінің бар-ау. Құдайдың құдіретін мойындап, Құранға жығылған хақ мұсылманға қажетті нәрсенің бірі – тазалық, яки қылапсыздық пен дегдарлық қой. Саған осы қасиет жетіспейді. Сосын ғой, сені айналадағы елдің жаман тымақ, жалбағай тондыға санап, асыл қасиетіңді адамдардың бағалай бермейтіні, - деп жақын тұтып, жанашыр болып, жан жолдасы ретінде ақылын айтып отырады екен. Соның мыңнан бір мысалы – мына хикаялар:
Бекет Ата Оғыланды тауын ойып, қашап, жер асты мешітін салып жатқанда ақ тілегін білдірейін деп, арнайы сәлемдесе келген Бекбаулының алдынан салақұлаш сарыүйек жылан көлденеңдеп, сес көрсетіп, есіктен енгізбей қояды. Бекбаулы Ата сескеніп, шімірікпестен, сегіз өрме қамшысын алып, қақ бөліп тастардай қатты екпінмен сарыүйектің басынан салып жіберуге ыңғайланады. Сонда жылан сол арада дереу Бекетке айналып, демін баспастан атып тұрып, құрдасқа деген құрметін білдіріп, қолын алған екен... Бірде Бекет Ата шалғай қиянға сапар шегіп келе жатып, діттеген жерге жақындағанда жанындағы Бекбаулыға қарап: - Қап, әттеген-ай! Қалай ғана есімнен шығып кетті екен?! Бет сипап, бесін намазын оқыған жаңағы жерге жайнамазымды қалдырып кетіппін ғой. Сен атыңның ауыздығын алып, азғана уақыт бой жаза тұр. Мен қазір-ақ барып келем, - деп, қапылады да қалады. Әулиенің әдейі істеп, жорта жасап тұрғанын сезген Бекбаулы Ата: - Бекет, сен күте тұр, мен-ақ барып келейін, - деп, атының басын артына бұрады. Қасиетімен қанат байлап ұшып, көңіл де жетуі қиын жерге көзді ашыпжұмғанша жетіп келген Бекбаулы әулие Бекеттің жайнамазды «ұмытқан» жеріне жақындап келсе, жуандығы білектей, жұп-жұмыр қос сарыүйек қоршап жатқанын көреді. Бекбаулының бей-берекет жүре беретін таза еместігінен жерінді ме, таяп келгенде екеуі де қақшитып бастарын көтеріп алып, қадала қарап, айыр тілдерін сумаңдатып, арбасып тұра қалады. Ақырын жылжып, асықпай қозғалған Бекбаулы Ата: «Біссімілла рахманирахим», - деп бастап, бір Аллаға сыйынады да, саусақтарының ұшын сарыүйектерге тигізіп, бастарынан сипап, басу білдіреді. Екі жылан да дереу жуасып, еріне қозғалған күйі әулиенің жайнамазынан әрегірек барып жатыпты. Жайнамазды жайлап бүктеп, қолтығына қысқан күйі күбірлеп, қолдарымен бетін сипаған Бекбаулы Ата сары жал арғымағын сараң қамшылап, ұлы жолға түсіп, ұзай береді... Тағы бір сыннан құрдасының құламай өткеніне қуанышын білдірген Бекет Ата Бекбаулының басым түскен әруағына басын иіп, бауырына басып, қатты құшақтап қарсы алады... Бұрын астыртын сынасып, «аңдысып» жүрген атақты екі әулие енді ашықтан-ашық әруақ салыстырмақ болады. Қасиеттерін сынатпаққа халық сыйлаған бір сұңғыла сыншыға келеді. - Адайдың ай мүйізді қос құлжасының басы бір қазанға сыймай, ақ билігін сұрағалы алдыма келіп отыр екенсіңдер ғой. Әулиелердің әділ бағасын бере алар ма екем?! – деп, аздап қобалжыған айтулы сыншы ертесі күні екеуінен ауыл сыртындағы биік төбеге бір мезгілде барып-қайтуын сұрайды.
Халқына бірдей бағалы қасиет иелері әп дегенде қатар бастап, қадамын бірге алса да, қайтар жолында Бекет Ата тез оралып, терін сүртеді. Ал Бекбаулы асықпай аяңдап, артынан келеді. Сонда қарт абыз: - Ал енді Алланың аузыма салған сөзін айтып көрейін, - депті. – Бекет балам, сенің «шыдамыңның шынжыры бостау ма» деп қалдым. Мінезің тыз етпе, мінің көзге ұрып тұр. «Әруағың әріге кетпес, тұқымыңа тарамай, өзіңмен бірге өле ме» деп қорқам. Ал сен, Бекбаулы, терің кең, темір төзімді, текті жан көрінесің. Кереметің кейінгі балаларыңа да мұра болып, жеті ұрпағыңа жетіп-артылады. Екеуіңнің де еш кемің жоқ, елдің бағына туған жандарсыңдар. Тек қасиеттеріңді халықтың қамы үшін жұмсай біліңдер! Сендердей ұл туған сегіз арыс Адайымнан айналып кетпейсің бе?! – деп батасын беріп, шығарып салыпты. Кереметтігінің кемі жоқ, кең көңілді екі әулие де еш өкпе-ренішсіз, алаңсыз аттаныпты... Бұл хикая – бір жағынан, алдыңғы айтқан Бекет Атаның жеті балапанын ерткен аққу бейнесінде ұшатындығы мен «Қасиеті жеті атасына жетеді» деген халық аңызына қарама-қайшылау әңгіме. Қалай болғанда да, бұл да – Ата туралы аңызға бергісіз әңгімелердің бір нұсқасы. Ал кімнің әруағы қанша атаға жетіп, халқына қанша жыл шапағатын шашатынын бір Алла мен халық қана біледі.
БІР АҢЫЗ
Маңқыстауда өткен әулиелердің бірі де бірегейі – Шопан Ата. Ол – осы өлкеге ислам дінін таратушылардың бірі, әйгілі түркістандық әулие Құл Қожа Ахмет Иассауидің шәкірті. Қазіргі Шопан Ата қорымында ел қорғаған ерлердің біразы жатыр. Осының өзі-ақ Шопан Атаға деген қалтқысыз халық құрметін қапысыз аңғартады. Халықтың қиялында шек жоқ қой. Ел аузындағы ескі аңыздарда ХІ ғасырдың орта шенінде – оғыз-қыпшақ дәуірінде өмір сүрген Шопан Ата мен одан жеті жүз жылдай кейін туған Бекет әулиені беттестіріп, ақыл сұратады. Ал шын мәнінде Шопан Ата – Бекеттің ақылшы Пірі, аян беруші ұстазы. Аңыздың айтуынша, сол Шопан Ата мешіт салып жатып, Бекет Атаны шақырып, көрсетіпті-міс. - Мешітіңнің жасалуының кемі жоқ. Бірақ болашақта осы маңда қанды қасап қырғындар болып, аяқ асты болып қалады екенсің, - депті-міс әулие.
Артынан алдағыны айнытпай болжаған Атаның айтқаны келіп, мешіт
жол бойында болғандықтан, сол жерде соғыстар көп болып, сұрапыл
шайқастарды басынан өткеріпті.
ІЛТИПАТ
Бекет Атаның тұстас-тұрғыласы Бейнеу бабамыз өз күшімен күнелткен, қарапайым шаруа адамы болыпты. Оның ең бір ерекше қасиеті – ерінуді білмейтін еңбекқорлығы екен. «Бейнеудің қонысы иен даладағы жалғыз үй болған» деседі. Ары өткен-бері өткендер мен арып-ашып жол шегіп, алыстан шаршап-шалдығып келе жатқан адамдардың ат шалдырып, аялдайтын тұсы Бейнеудің үйі болыпты. Жапан далада жан баласы көзге түспей, зарығып жеткен жолаушы байғұстың жан шақырып, қуат жиятын құтты ордасы болған Бейнеу шаңырағы қонақжайлығымен маңайдағы елге мағлұм болады. Бейнеудің көзі тірісінде-ақ сол аймақты жергілікті жұрт «Бейнеу маңы», «Бейнеудің жері» деп атап кетіпті. Бейнеуді Бекет Ата да қадір тұтып, қатты құрметтейді екен. Қаймана қазақ жөн сұрасып: «Қайдан келе жатырсыз?» - дер болса, «Бейнеуден келе жатырмын», «Қайда бара жатырсыз?» - десе, «Бейнеуге барамын», - деп асқақ үнмен айтады екен. Бекет әулиенің Бейнеуге деген ынта-ықыласын қызғанып, күндеушілер мен Бекетке беріле құлдық ұратындар мұнысын қош көрмей, қонысқа жаңа ат қою жөнінде қолқа салып: - Уа, әулием! Бейнеуден гөрі беделіңіз биік қой, Сіздің қасыңызда Бейнеу кім болыпты?! Сондықтан осы жерді Сіздің есіміңізбен атасақ, қалай болар екен?! – деп ұсыныс білдіргенде, ұлы Атамыз: - Жоқ, қарақтарым! Олай етуге болмайды. Ары өткен-бері өткеннің атын тынықтырып, адамын тоғайтып, ақ жүрегімен алдына ақ дастарханын жайғаннан өзге оның жазығы бар ма?! Бір кісі болса, Бейнеудей-ақ болсын! Керек десе, Бейнеуге бұл ықыластың өзі аздық етеді. Әуелі өздерің Бейнеудей болып алыңдар! Ел берген есімге мен билік айта алмаймын, - деп, берекесіздердің бетін қайтарып тастапты. Адамға деген адалдық, ізгілік пен ілтипат, кісіге деген кішіпейілділіктің үлгісі осындай-ақ болар! Бүгінде Маңқыстау облысында Бейнеу бабамыздың атында, басқаны былай қойғанда, бір емес, екі бірдей елді мекен бар. Оның бірі «Ескі Бейнеу» делінсе, бірі жай ғана «Бейнеу» деп аталады. Екінші Бейнеу – білдей бір ауданның орталығы, қала типтес поселке. Аудан атына да Бейнеу есімі берілген. Ескі Бейнеуде де ел бар, азын-шоғын Адай перзенттері тұрады. Ең бастысы – Ер Бекеттің мешіті мен ескі қорымдар да осында.
КӨРЕГЕН АБЫЗ, КӨРІПКЕЛ СЫНШЫ
Маңқыстау облысының Маңқыстау ауданындағы Ақшымырау, Қызан елді мекендерінен солтүстікке қарай 40-45 шақырымдай жерде «ҚарағайлыТұрым» деген Дәулеталы Жары руының қауымы бар. Білетін кісілердің біразы: «Бұл жер кезінде үлкен орпалық болған», - деседі. «Сулы жер – нулы жер», су бар жерде – ел бар. Заманында бұл жерді де аталған рудың азыншоғын ауылы мекен етіп отырыпты. Бұл оқиға осыдан 200 жылдай бұрын – ХІХ ғасырдың бас кезінде болған көрінеді. Дәулеталының әйгілі Досан батыр шыққан Төлебай тақтасынан тарайтын шөпшегі Өтеміс деген кісі ол кезде еңбектеп жүрген бала екен. Жаз мезгілі. Жаңадан көшіп-қонып жатқан ауыл-үй абыр-сабыр, әрқайсысы өз қамымен әуре болып жатыпты. Жаңа тігіліп жатқан ағаш үйлердің арасында еңбектеп жүрген сәби Өтемістің қолына «құсқонбас» деген қатты тікенек шөп кіріп, жылай бастапты. Әркім өз шаруасын күйттеп, әлекке түсіп жатып, еңбектеген балаға ешкім мән бере қоймайды. Сонда Тобықтыдағы мешітінен келе жатып, ағайын арасына аялдаған Бекет Ата анадайда ауыл ақсақалдарымен әңгімелесіп тұрған жерінен арнайылап бұрылып келіп: - Ай, мына бала жылап қалды ғой, - деп, кішкентай Өтемісті жерден көтеріп алып, қолына кіріп кеткен тікенегін суырып, жұбатыпты да, баланың жүзіне барлай қарап тұрып: - «Тура биде – туған жоқ, туғанды биде – иман жоқ» деген. Мына бала кім болса да, би болатын, білгіш болатын, билікті тура айтатын да, «тура айтамын» деп туғанына жақпайтын да бала болады екен, - депті. Сосын сәбиді үш мәрте «Тіфә-тфә» деп ұшықтап, аузына түкіріп кетіпті. Ата айтса айтқандай, Өтеміс өз заманында таңдайынан жарылған тілмар, талай даулы жиындарда билік айтқан шешен болыпты. Бүгінде одан тараған бірқатар ұрпақтарында да сол Өтеміс атасынан қалған, қазақы қара тілге жүйріктіктің жұрнағы бар. Айтпақшы, сол жолы Атаның дәрет алған жеріне кейін алып қарағай ағаш өсіп, қауымның бұрынғы аты ұмытылып, ол жер «Қарағайлы-Тұрым» атанып кетіпті. Осы әңгімені бізге айтып берген Қызан ауылының молдасы, жаңағы Өтемістің ұрпағы, халқына қадірлі қария Естерек Жаманбайұлы: «Сол қарағай ағаш көпке дейін, күні кешеге – бертінге дейін бар болатын. Кейін жоқ болып кетті», - деді.
КӨРШІ ХАҚЫ
Бекет әулие көрші елдерге көз алартып, жанындағы жұртқа жаман ниет танытқандарды құптамаған. Ата жарық дүниеден көшерден жарты жылдай уақыт бұрын: «Көршілес орыс халқы көп бәлеге душар болды. Ар жағынан алып бір ел соғыс ашып, сорын қайнатып жатқан көрінеді. Көрші хақы – Құдай хақы, көмектеспесек болмайды», - деп, біздің елдің біразын құлақтандырып, сауын айтып, садақа шалғызған екен. «Жанашырлық танытқан жалпақ ел жылу жинап, жылы-жұмсағын ұсынған» деседі. Сөйтсе, бұл 1812 жылғы Наполеон Бонапарт бастаған француз әскерлерінің орыс елін отарламақ болған, жаулап алу мақсатындағы жабайы шапқыншылық жорығы көрінеді. Жалғыз өз ұлты емес, жаны бөлек, діні басқа, түрі де, тілі де өзге, бөтен елдердің де мұңын мұңдап, жоғын жоқтай білген жанашыр әулиенің жан дүниесінің кеңдігіне бас игеннен басқа амалымыз жоқ. Алысты аңғаратын Ата орыс халқы ойранға ұшыраса, қазаққа да қасірет тықыры таянатынын сезіп, алдын-ала қам жасаған секілді.
КИЕ
«Дүниенің диірменінде, Жасаған Иемнің зырылдауығында шаршау жоқ» дегендей, алпыс үш жыл уақыт аттай зулап өте шығады да, Атаның мынау фәни дүниеге «Қайыр-қош!» айтатын қаралы сәті де келіп жетеді. Пірдің өлер алдындағы өсиеттерінің бірі – «Басыма ит сарытып, басындырмаң! Жаттың табаны таптамасын!» болыпты. Әулиенің әңгімесі бұлжытпай орындалыпты. Қазір Атаның басына баратын жалғыз аяқ соқпақ қана бар. Ол соқпақтан басқа еш жерден пенде баласы маңайлап бара алмайды – не атпен, не машинамен немесе ұшақпен де төбесіне қона алмайды. Тек қана екі аяғына салмақ салып, жаяу баруына тура келеді. Сосын бір ғажабы – қаншама халық шұбырып, сан мыңдаған адам сапырылысып келіп-кетіп жатса да, Атаның басында ызыңдаған шыбын баласы болмайды екен. Табиғаттың өзіндей тазалық тап сол қалпында сақталатын көрінеді.
ӨСИЕТ
Көзі тірісінде көпшілік ықыласына бөленіп, бүткіл бір рудың әрі Пірі, әрі ұранына айналған Бекет Ата Пайғамбар жасына жетіп, алпыс үш жасында
дүниеден озыпты. Өлер алдындағы өсиетінде өзін Оғыландыдағы мешітіне жерлеуді тапсырып: - Қарқараға жандарың келіп, қашан қиын жағдайда қалғанша атымды атамаңдар. Ондай ауыр халде ауыздарыңа алсаңдар, әруағым жар болып жүрер, - деп көз жұмыпты.
АТАНЫҢ СҮЛБІЛІНЕН, АНАНЫҢ РАХМАНЫНАН
Өзі өлген соң да Атаның әруағы ұрпақтары арқылы ұласып, үзілмей жалғасып отырған. Әулие мәңгілікке сапар шеккен соң Бекет Атаның бел ұрпағы Асар сұпы Адайдың туын ұстап тұратын болыпты. Ту – халықтың ар-намысы. Намысын нандай ардақтаған ұлт үшін желбіреп тұрған тудың құлауы – өліммен тең. Туы биік, тұғырында тік тұрған ел ешқашанда еңсесі түсіп, жалы жығылмақ емес. Әсіресе қабырғадан қан кешкен, ат ауыздықпен су ішкен, алыс-жұлыс, арпалыс-ұрыстарда желбіреп тұрған ту жеңіске деген сарбаздардың сенімін оятып, қолдарына қуат, бойларына жігер-қайрат құйып, асқақ рухын аспандата түскен. Осы тұрғыдан қарағанда, қарусыз-дымсыз, жалаңаш қолмен жау өтінде ту ұстап тұратын Асар сұпының қасиетін «Алла Тағаланың жан біткеннің бәріне жасай бермейтін, мыңның ішінен жалғыз адамға бір-ақ рет берілетін кереметі» деп бағалауға болады. Асар сұпы ту көтеріп тұрған ұрыстарда да қазақтар атамекенін абыроймен қорғап қалып отырған. Мәселен, ХІХ ғасырдың орта шенінде болған (1856 жылғы) ҚарағанБосаға қанды қырғынында қазақтың туын Асар сұпы көтеріп тұрған. «Осы қиян-кескі шайқаста қазақ жағынан әуелі ішінде қырық мергені бар үш жүз сарбаз, тағы да бес жүз адам жер құшқан» деседі. Сегіз жүз Адайдың қанымен қайтарылған қатын-бала, мал-жан мен ар-намыстың азабы қаншама шаңыраққа қасірет әкелді десеңізші! Басынан сөз асырмаған Балықшы Балуанияз батыр мен оның от жүректі інісі Балтеке осы соғыста опат болды. Түрікпендер жағы байтақ Орта Азия мен барша Маңқыстауға атағы шыққан жүлделі жүйрік – Балуанияздың құла айғырын осы жолы олжалаған. Ішек-қарны ақтарылып қалғанда өлген жауының дулығасына сала жүріп соғысқан Шегем Мәмек батырдың мәңгілікке көз жұмғаны да осы сапарда болатын. Алдаспаны жарқылдап, аламан-ойнақ салған Әли Балта батыр да осы жолы орасан зор ерлік көрсетті. Екі жаққа да елеулі шығын келтірген, елі мен жері үшін болған ең ұлы қырғында Ескелді Тұрмәмбет батыр жау жасағының басшысы, қатыгез Қарабақының басын шауып, артынан сүйегін сүйген жарына табыс етеді.
Қанша боздақтың қаны төгілген аяусыз майданда Асар сұпының әруағы да аз септігін тигізген жоқ. Бекет Атаның бел ұрпағы шейіт болғандар үшін шерлі дауыспен күңірентіп құран оқыған. Сосын сұпы атамыз мойнына сәлдесін салып тұрып, марқұм болып кеткен Маңқыстау ерлерінің жаны жәннатта болуын Жаратқаннан жалбарына тілепті. Айрықша айта кетер бір керемет қасиет – Асар сұпыға атқан оқ дарымайды екен. Ұрыс біткен соң шешінген кезде шұрқ-тесік болған киімдерінің арасынан жау оқтары шашылып түсетін көрінеді.
ҰРПАҒЫНА ҰЛАСҚАН
Атаның тегінен тараған әруақты шөбересі Мұрын баба да құдіреттен құр емес екен. Ол кісі өз қасиетін өлген соң көрсетіпті. Бес күн тірлікте берекелі өмір кешпей, бар ғұмырын ойын-сауықпен өткізген Мұрынды ағайындары: «Ата әруағына кір келтірдің», - деп, алыс жерге аластап жібереді. Ұзақ уақыт бөтен елде бөрбелтай күй кешкен Мұрын әулие ажалы таяғанын алдын-ала сезіп, ағайын-туыстарына адам жіберіп, шақырып алады. Туыстары топталып келсе, Мұрын өлмек түгілі, бұрынғыдан да қунақ боп көрініп, сергек боп сезіледі. - Е-е, бұл жынды бұрынғы әдетін әлі қоймапты ғой. Кісіні қаншама жерден шақыртып, қалжыңының қаттысын-ай берекесіздің! – деп әбден ренжіген ағайындары әулиенің: - Мен бүгіннен қалмаймын. Жарық дүнияның жамалымен қош айтысып, жанарымды жасырған соң, жаназамды осыннан алыста болса да, Омар ишан келіп шығарар. Тілімді алсаңдар, тірі кезімде қасымда болып, халыққа қарабет қылмай, ақ жуып, арулап аттандырыңдар! – деген сөзіне құлақ аспай, келген іздерімен кері қайтып кетеді. Қапаланып қала берген Мұрын баба соңдарынан сорғалаған көз жасын тыя алмай, көп қарапты... Жолда кетіп бара жатқан оларды қайтарып алып келген хабаршы жігіт Мұрынның сол күні жұлдыз туа үзілгенін естіртеді. Өкпеге қиса да, өлімге қимайтын ағайын амалсыз аттарының басын артқа бұрады. Көріпкел бабаның айтқаны айдай анық болып, көпшілікті таң-тамаша етіп, Ыстамбұлда оқып жүрген Омар ишан келіп, намазын оқып, нағыз мұсылмандардың дәстүрімен парыз-міндеттері мен жөн-жоралғысының бәрін парасаттылықпен атқарып шығады. Кейін оған сенімсіздікпен қараған кейбіреулер: - Сонша жерден сен қалай жеттің? – дегенде, жарықтық Омекең Жаратқан Ие мен Бекет Атаға бір сыйынып алып:
- Ол жағын өзім де білмеймін. Марқұм соңғы сапарға аттанатын күні түнде бір қара бүркіт қанатына мінгізіп алып, құдіретті бір күш қос қолтығымнан демеп, ұштым да отырдым. Аз өтті ме, көп өтті ме – аңғара алмадым, көзімді ашсам, көрген түстей болған көгілдір сағым, көк мұнар сейіліп, туған жердің топырағына табаным тиіп тұр екен. Әулие Бекеттің әруағы жебеп, қазалы ауылдың қақ ортасынан бір-ақ шықтым. Естуімде, «Ер Бекеттің әруағы жон арқасында жолақ қара сызығы бар жолбарыс болып көрінеді» деуші еді. Қара ормандай қалың қауырсынды, қанаты алып шаңырақтай қара бүркіт те – қасиетінің бірі шығар, - депті... Мұрын баба: - Мен өлгесін, мәйітімді ақ түйеге артып, бұйдасын түріп, қоя беріңдер. Атан түйе қай жерге аялдаса, сүйегімді сол жерге қойыңдар, - деп, өлер алдында өсиет еткен екен. Марқұмның ақырғы аманатын орындамақ болған ағайын-туыстары ақ түйенің артынан еріп жүріп отырады. Түйе тұп-тура Оғыландыға қарай бағыт түзейді. Жолда тау арасының тастақ табиғатына үйренбеген атан оқыс құлап, орнынан тұра алмай қалады. Сонда өлік басын көтеріп алып: «Шүу, жануар!» - деген екен. Ақ түйе әруақ демеп жібергендей аяқ астынан қуат алып, алшаң басып жүріп кетеді. Жерлеуге бара жатқан жандардың мынадай ғаламатты көріп, жүректері тас төбесіне шықса да, жөпелдемеде сыр бере қоймапты. Атан түйе Ата мешітінің жанына келіп шөгеді. Еріп келген ел-жұрт сонда дайын тұрған қазулы қабірді көріп, қайран қалыпты. «Атаның қауымына адам қойылмағалы сексен бес жыл уақыт өткенде Мұрын баба осылай жерленген» деседі жергілікті халық.
АТАМҰРА
Пақыржан қажыдан сыйға алған сыры мол Көк Асаны Атаның ұрпақтары осы күнге дейін қасиет тұтып, қадірлеп ұстап келеді. Асатаяқ Ата ұрпақтарының ауызбірлігін сақтап келген аса киелі мүлік болған. Атадан қалған асыл дәстүр бойынша, қасиетті Аса қара шаңырақтың иесі – кенже баланың төрінде тұруға тиісті екен. Ата өлген соң арада біраз жылдардың бедері өткенде ағайын арасына алалық кіріп, Асатаяқты кім ұстау керектігі жөнінде талас болады. Ата ұрпақтарының ішінен Асаны меншіктенбек болған біреуі Көк Асаны ұрлап алып, сандығына салып, сақтап қояды. Сөйтіп, қасиетті таяқ қай-қайсысына да бұйырмай, қолды болады. (Кейбір деректерде «Керісіп, керілдесіп жатқан «кеңес» үстінде киелі Аса өзінен-өзі зың етіп үн шығарып, көпшіліктің
көзінше көкке ұшып кеткен екен» делінеді. Әйтеуір Асаның әркімнің де үмітін үзіп, жоғалып кеткені анық). ...Ағайын азып, заман тозған ашаршылық жылдары Хожеліге қоныс аударған Қойбағар балалары (Бекет Атаның бел ұрпақтары) күнкөріс қамын күйттеп, түрлі кәсіппен тұрмыс қажетін табады. Кереметтей дарыны жоқ кенже бала Жантұрлы адал еңбек етіп, аңшылықпен айналысады... ...Қараша айының қабағы ашық бір күнінде қақпан құрып жүріп, түз түлкісіне кез болған ол алтайы аңның айласына арбалып, артынан ере береді. Ақыр соңында әлдебір інге кіріп, жоқ болған әлгі түлкіге әбден аңсары ауған аңшы апанды кеңітіп қаза бастайды. Аз қазды ма, көп қазды ма, әлден уақытта қолы Көк Асаға ілінген кенже ұлдың кереметке таңғалып, табынғаннан басқа шарасы қалмайды. Ес біліп, етек жаба қоймаған бала кезінде жоғалып кеткен баба мұрасын тауып алған Жантұрлы мен жар қосағы Бөпежан екеуі осы Асаны өлеөлгенше ораулы ши арасында ұзақ уақыт бойы сақтап, ұрпақтарына қалдырады.
АСАТАЯҚ
Асыра сілтеу, «Айда, шап!» асқынып тұрған ана бір жылдары Атадан тараған аз тайпа елге қауіп төнеді. Шолтаң мінезді шолақ белсенділердің көрсетуімен құрығы ұзын өкіметтің қутақым бірнеше шенеунігі Атаның Асатаяғы сақтаулы тұрған қасиетті қара шаңыраққа тіл тигізіп, тінту жүргізеді. Сонда мынадай ғажап оқиға болыпты: Өкімет адамдары өңмеңдеп үйге ене берген сәтте киелі Аса өзінен-өзі жоғалып кетеді де, табандарынан таусылып қанша іздесе де, таптырмай қояды. Әбден күдер үзген әлгілер кетіп қалған соң қасиетті мүлік қара шаңырақтың төрінде қайтадан пайда болыпты.
КӨК АСАДА КӨП СЫР БАР
Ата ұрпақтары ауызбірлігінің айнымас сақшысы ғана емес, күллі көшпенді жұрттың ғылым-білімге ұмтылып, көкке құлаш ұрған көгілдір мұнарасы іспетті болып келген киелі Көк Асаны біз әлі көрген жоқпыз. («Алла бұйыртса, жетібайлық ақсақал Шәкірт Саханов дегеніне жетіп, Атаның 250 жылдық мерейтойына дейін Асаны Оғыландыға алдырар болса, алдағы уақытта көру мүмкіндігіне ие болып қалармыз» деген үміттеміз).
Алайда Аса туралы алыпқашпа сөздер мен алуан түрлі аңыз-әфсаналарды құйттай күнімізден құлағымызға құйып өстік. Оған қоса бертіндегі – тоқсаныншы жылдардың басынан басталған «Асаның анық иесі кім?» деген сұрақ төңірегіндегі әртүрлі әңгімелерден де хабарымыз бар. Облыстық «Маңғыстау» газетінің 1992 жылғы 4 маусым күнгі санында Тасқара Өтешов ақсақал «Киелі Атаның көзіндей» деген мақала жариялап, нағыз Көк Асаның Ата ұрпағы Салиұлы Аяпбергеннің үйінде сақтаулы тұрғаны жөнінде халықты хабардар еткен болатын. Кейінірек баспасөз беттеріндегі бірқатар материалдар мен Ислам Мырзабекұлының «Бекет Ата» кітабы арқылы көпшілік қауым Көк Аса туралы ақиқаттың анық-қанығына жетіп, Көкенұлы Аяпбергендегі Ақпан Ержан ұста қолдан жасаған, берідегі Аса екенін, ал Асаның біреу емес, екеу болғандығын, оның бірі әлгінде айтқан Салиұлы Аяпбергеннің баласы Бердіханда, екіншісі Кете Шектібай әулиенің тұқымы Тұрсынғали Латыпұлында екендігін оқып-білді. Қайдан естігендерін қайдам, «Ата Асасын Әлім Шектібайға тастаған екен» деген әңгімені осыдан бірер жыл бұрын Оғыландыдағы мешіт басында бізге бірқатар адамдар да айтқан болатын. Біздің айтпағымыз бұл емес. Бұл біз жазбасақ та, басы ашылған ақиқат болды. Біздің айтайын дегеніміз – Атаның Аққошқар Кете Шектібайға қалдырған Асасы мен Аяпбергенұлы Бердіханда сақтаулы тұрған Асасының қайсысы баяғы Хиуада Пақыржан қажы Бекетке берген Аса? Міне, әңгіме осында. Әрине, біз екі ғасыр бұрынғы, ертегіге айналып кетуге шақ қалған оқиғаларды ой елегінен өткізіп, кешегі мен бүгінгіні болжайтын көріпкел емеспіз. Десек те, көңіл түкпіріндегі әлдеқандай бір түйсік «Атаның Әлім Шектібайға берген, бүгінде Тұрсынғали Латыпұлында тұрған Асасы, нақ сол Аса – Пақыржан Пірдің Бекет Атаға берген сыйы, ал Ата ұрпағы Аяпбергенұлы Бердіхандағы Аса – Бекет Атаның беріректе өзі жасатқан Асасы болуы керек» деген пікірге қарай бұра береді. Өйткені, киелі Көк Аса құр әшейін қу таяқ емес. Ол – бүкіл дүние-ғалам, жаратылыстың күллі құпиясын ішіне бүккен ілім-білім қазығы. Ал ілім-білім тұнған қасиетті қазына жеке бір әулеттің ғана меншігі болып қалмауы керек, ол әрі қарай да халықтың қажетіне жарап, ұласпалы уақыттың ұзына бойында ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын ұлы мұраға айналуы керек. Оның үстіне Ата – көпшіліктің адамы, халықтың ұлы. Оның барлық білімі мен білігі, жиғантергені мен көрген-түйгені – бір ғана әулеттің ырысы емес, бүткіл адамзаттың игілігі. «Осыны Ата ойлаған жоқ» дей алмаймыз. Сол себептен ол «Ендігі менің ісімді жалғастырар ізбасарым – осы. Көк Асаның кереметі мен киесін де осы ғана түсініп, түйсіне алады. Сол арқылы еліне білім
шуағын шашатын бірден-бір шәкіртім – осы Шектібай» деп, зерделі де зейінді рухани мұрагеріне ұлы жәдігерді табыстаған шығар. Бұған Шектібай Ата ұрпағы Тұрсынғали Латыпұлының: «Қазақстанның белді де белгілі ғалымдары: «..Аса тек араб елдерінде жасалуы мүмкін. Себебі – сол замандарда ислам дінін тарату мақсатында араб елдерінен қазіргі Қазақстан мен Орта Азия республикаларына діни сауатты, білімді кісілер – қожалар жіберілген. Мұндағы осы қалай деген ұлағатты, ғұлама кісілерге сыйға тарту мақсатында олар өздерімен бірге ең құрметті сыйлық – Аса алып келген болуы мүмкін», - деді», - деген сөзі де айқын айғақ бола алады. Әрине, «Аяпбергенұлы Бердіхандағы Аса да одан осал» демейміз. Дегенмен де, логикалық ойлау жүйесі мен сарабдал ақыл, сабырлы парасат таразысына салып қарасақ, Көк Аса өз орнын осылай тапқан секілді. Ал «Аса неліктен екеу болды?» дегенге келсек, сол замандарда сопылық жолды ұстанып, ілім-білім үйренуге бет бұрған әрбір діндар кісінің ұстазынан алған сыйы болмаған күннің өзінде, өзінің ой-өрісі өлшемінің негізінде жасаған Көк Аса секілді киелі мүлкі болған. Ата сол өзінің меншік-мүлкін «Ұрпақтарым да ренжімесін. Жолымды қуған талапкер ұрпағым табылып жатса, осы Асаға иелік етсін» деген оймен екінші Асаны әулетіне мұра еткен болуы керек. Рас, біздікі – әзірге тек долбар ғана. Әйтеуір осыны оқыған ойлы жұрт пен Ата ұрпақтары түпкі ойымыздың «Ана Аса киелі де, әулеттегі Көк Аса – әшейін мұра» деген пікір еместігін түсінсе, жарады. Аса туралы екінші бір ерекше айта кететін нәрсе: ол – Көк Асаның бойындағы көп сырлар хақында. Осыдан бірнеше ай бұрын осы тақырып төңірегінде ой бөліскен Қызан ауылының құрметті қариясы, ескіше де, жаңаша да сауаты бар Естерек Жаманбайұлы ақсақал бізге: «Асада шыжбайлы құпия жазулар бар екен. Оның сырын ана бір жылдары Алматыға апарып оқытқанда Рәтбек қажы бастаған қазіргі қазақтың дін саласында жүрген қаймаққа шығар қасқа мен жайсаңдары, тіпті Ресей мен Татарстан, Башқұртстаннан шақырылған басы қазандай, оқуы терең ғұламаларының өзі шеше алмапты. Тек бір татар молдасы ғана Асаны арлы-берлі аудара қарап, ақтара тексеріп отырып, «19» деген цифрді оқи алуға шамасы жетіпті. Сонда ол кісі: «Бұл – арабша «Бисмиллаһ ир рахман ир рахим» деген сөз. Әпсет жазуымен жазылған. Оны оқу оңай емес», - депті», - деген дерек айтты. Ал осы 2000 жылдың 18 сәуірі күні Маңқыстау облыстық телеарнасынан берілген «Жар бола гөр, Бекет Ата!» атты хабарда Атаның жер асты мешіттерінің қырық құпиясын жете зерттеп жүрген жерлесіміз Базарбай Әбдірахманов та: «Атаның үш мешітін (Тобықтыдағы, Бейнеудегі, Оғыландыдағы) түзу сызықпен қосар болсақ, тең бүйірлі үшбұрыш шығады. Ал осы тең бүйірлі үшбұрыштың астында 18 цифрі жатыр. Бұл 18 саны –
араб тілінен аударғанда «Алхамдулиллаһи раббил ғаламин», яғни «Сансыз мадақ тек қана Аллаға тән» деген сөз», - деп, осыған ұқсас ой-пікірін білдірді. Осы айтылған екі пікірдің де жаны бар. Дүниеде еш нәрсе де тегіннентегін жаралмайды және жасалмайды. Атаның жер асты мешіттеріндегі жазулар мен заңдылықтарда және Асатаяқ екеуінің арасында анау-мынау адамға ұғынықсыз, біз сияқты жәй пенделер түсіне алмайтын бір құмбыл құпия бар. Ал мұның өзі Атаның Әлім Шектібайға қалдырған Асасының бүгінгі иесі Тұрсынғали Латыпұлының Ислам Мырзабекұлына айтқан: «..Асадағы күмістен ойып жазылған таңбаларға шұқшия көз тігіп, қарап қалған татар ұлтының бір ғалым кісісі: - Бұл таңбаларда болашақта не болатындығы, елді нендей жағдайлар күтіп тұрғандығы туралы сыр бар. Мен оның шешімін дәл тауып айта алмайтындықтан, әзірге жабулы қазанды жабулы күйінде қалдыра тұруды жөн көріп отырмын, - деді», - деген әңгімесіндегі ақиқаттың арнасына саяды. Демек, ендігі бір кезек күттірмейтін келелі міндет – Асатаяқтағы алуан түрлі сызықтар мен шимай-жазулардың бізге жұмбақ сырын аша алатын адамдарды іздестіру және ол үшін қандай көлемде қаржы-қаражат пен күшжігер, көмек керек болса да, аянбай атсалысып, қызмет ету. Өйткені, егер Атаның Асатаяғы мен жер асты мешіттеріндегі құпия жазуларды оқи алсақ, біздің алдымыздан Алланың ақ жолы ашылып, бүткіл дүние-ғаламның кілтін қолымызға ұстарымыз шүбәсіз.
ДЕМІККЕНДІ ДЕМЕГЕН
Жем бойындағы Ақмешіт жерінде дүниеге келіп, атакүлдігі Маңқыстау жерінде көз жұмған Атаның сүйегі облыс орталығы Ақтаудан үш жүз шақырымдай қашықтықтағы Оғыланды тауында жатыр. «Алладан тіле, әулиеге түне!» дегендей, ол кісінің әруағына бас иген әрбір адам Атаның басына келіп түнеуді өзіне парыз санайды. Арасында шипасы түсіп, дертіне дауа тапқандары ауру-сырқауларынан айығып жатады. Анамыздың айтуынша, ойға орналасқан әулиенің басына жеткенше әлсіреп, аяғын әрең алып келген сырқат кісі Атаға тәуеп еткен соң қайтар жолдағы қыраңға ентікпей, еш қиналыссыз, еркін шығады екен. Бұл да болса, Бекет әулиенің бір жұмбақ қасиеті-дағы.
ТАРЫҚҚАНДЫ ТАЯҒАН
Анамыз үшінші баласына аяғы ауыр шағында ауыртпалықты көп көріп, күнделікті тұрмыс қанжілік қып қажытып, еңсесін езіп жіберсе керек. ...Түн ортасы ауа төр алдында қисайып жатқан анамның жүзіне ағаш үйдің жыртық үзігінен аппақ айдың сынық сәулесі сығалай түсіп тұрыпты. Аракідік нұрға шомылған ағаш үйдің іші алакөлеңкелеу екен. Шаршап келіп, шалдығып жығылған анам көзі ілініп кеткенде өңіне пара-пар өте ғажайып түс көреді. Ақ киімді, ақ сақалды, абыз қария есіктен енбей, еңкейіп қарап тұрып: - Жә, балам, жасыма! Ақыры қайыр, арты жақсылық болады. Әлі-ақ бала-шағаңның қызығын көріп, бақытты боласың. Дүниеге келер нәрестеңнің атын «Тұщыбек» қой, одан кейінгісін «Жолбаян» деп атарсың. Тағысын тағы көрерсің, - деп, ап-анық үнмен аян береді. - А?.. А?.. Не дейсіз, ата? Не дейсіз? – деп айқайлап оянған анама ақсақал абыз әлгі айтқанын тағы қайталапты да, табан астында ғайып болыпты. Анам аң-таң болып, ағаш үйдің ортасында отырып қалыпты. Түн ортасы ауа бастаған мезгілсіз уақ екен... Аман-сау босанған соң анамның өзі аттарын «Тұщыбек», «Баян» деп қойған ағам мен апам бүгінде жоғары білімді, қара үзген қатарының алды болмаса да, жуан ортада, өмірден өз орындарын тауып, жанұя құрып, жарасымды тірлік кешуде. Ал сол аян берген ақ сәлделі, ақ киімді әруақ Атаның өзі ме, әлде жұрт жиі айтатын Қыдыр ма – қайсысы екенін осы уақытқа дейін біз білмейміз. «Мүмкін Бекет әулие жаны қиналғанда жар болған шығар» дейді бір ойымыз. Мүмкін... Бәрі де мүмкін... Әйтеуір Тұщыбек пен Баянның аттары әулие жебеп, әруақ қойған есімдер екені анық.
СҮРІНГЕНДІ СҮЙЕГЕН
...Алыс сапарға аттанбақ болған бір ақсақал Атаның басына бара кетуді баласына ескертеді. Қиқар ұлы қитығып, әке тілін алмайды. Амалсыз көнген ақсақал мұның арты жақсылықпен тынбасын жанымен сезіп, мұңға батқан күйі ұлымен бірге ұзақ жолға шығады. Жолай дүлей дауыл дүниені шайқап, аяқ алып жүрудің өзі азапқа айналып, аттап басқызбақ түгілі, ат құлағы көрінбейтін ақ кірпік боранға ұшыраған ата мен бала қатты қиналып, қалжырай бастайды. Қаһарлы суық жел қанжардай қадалып, өңменінен өткенде өркөкірек ұл да Атаның атын атап, Алла Тағалаға сыйынып, Жасағанға жалбарына бастайды. Ата әруағы желеп-жебеп, алдарынан ақ киік боп қашады да, адасқандарды айқын жолға салып жібереді. Асып-тасқанды арнасына салып,
шалқақтағанды сабасына түсірген қасиетті Бекет Ата сол күні Қосқұлақтың қос ұрпағының келуін күтіп, кәдімгідей дәметіп жатса керек. Ақыры алдарынан қашқан ақ киік адасқан бейбақтарды Ата мешітінің басына алып келеді. Сол жерде ықтап, солығын басқан сорлылар әулиеге мың мәртебе тағзым етіп, боран басылған соң таң ата тағы да жолдарын жалғастырады... Осыған ұқсас оқиғаның желісін кейін Ата ұрпағы, ақын Рахмет Аяпбергенұлы «Бекет Ата» атты толғауына арқау етіп, жыр жазды.
ЗАУАЛ
«Шаш ал!» десе, бас алдырған сайқал саясаттың сойылын соғып, шоқпарын арқалаған содыр белсенділер кешегі бір кері кеткен кезеңдерде Атаның әруағына шек келтіріп, басына орнатылған ескерткішті басқаға емес, тап сол әулиенің өзінің ұрпақтарына бұзуға бұйрық береді. Ата-бабасының ақырғы мекенін арамдап, ордасын бұзып, ойран етуге кім көнсін?! Баба ұрпақтары бас тартады. Ақтың отын ақымақ өшіре алмайтынына, Алланың өзі жар боларына сенген олар: - Ата әруағы ақыр түбі зауалын жіберіп, жауабын берер, - деседі бір ауыздан... Әулие атаулыны әйкәпір санап, діннің діңгегіне балта шапқысы келген басшылардың бірі машинасына мініп, Маңқыстаудың кіндігіндей болған Оғыландыны ойран етпекке ниеттеніп, тауды бетке алып тартып отырады. Бір сойқанның боларын біліп жатқан Ата әруағы әлгі әумесер басшыны тау баурайында апатқа ұшыратып, тас-талқанын шығарыпты. «Аса бір айуан болмасаң, әруаққа тас атпа!» деген осы да.
АТАНЫҢ АРҚАРЫ
Қаншама ғасырлар бойы қалыптасқан қатаң дәстүр, қазақи сенім бойынша, Ата бейітінің айналасындағы аң-құстарды аулауға, атып алып, асып жеуге болмайды. Оғыланды маңайында өсіп-өнген оларды «Бекет әулиенің өзі бағып, өсіреді» деседі. Жергілікті халық: «Пірдің өзінің малы, тиісуге болмайды», - деп, ол жерде саятшылық құруға тыйым салған. «Атаның өзі қорғап-қолдап, желеп-жебеп отыратын арқар, киік секілді асыл текті хайуандарға қол көтергеннің әулетіне жақсылық келмейді», - дейді ел. Бірде құртып-жоюды ғана мақсат етіп, құнығып алған бір әдісқой, әккі аңшы Ата зиратының маңындағы арқарды атпақ болғанда мылтығы өзін
«теуіп», мүлт кетеді. Есер аңшы екіленіп, екінші рет көздегенде оқ тағы да біреу бұрып жібергендей қарауылға тимей, қаңғып кетеді. Бұл – Атаның ең соңғы ескертуі екен. Ыза кернеп, ыстық қаны басына шапшыған, көздемей көзден тигізер мерген мылтығының үңірейген аузын үшінші рет кезей бергенде бұл жолы мылтық маңдайынан «теуіп», оң көзі ағып түсіп, ойбай қағып, жата кетеді. Алайда тәубесіне түсе қоймай, Атаның атына ауыр сөздер айтып, балағаттай бастаған аңшы басымен қайғы болып, жүгіре жөнелем дегенде, қылтиып шығып тұрған қырлы темірге сүрініп құлап, аяғын сындырып, ақыры мәңгілік мүгедек болып қалыпты. Кейін қаншама рет «әулиеден әулие қоймай қыдырып, етегін шеңгел сыдырып», талай бақсы-балгерлерге барып, қаралса да, ешбір қайран болмапты. Ел ішіне есімі кеңінен тараған небір дарын иесі, дәупірім сынықшылар да Алласын танымаған ақымақ аңшының жан дертіне дауа тауып, жаза алмапты.
НАЗА МЕН ЖАЗА
Алдыңғы тараулардың бірінде («Атаға қандай қадір-құрмет көрсетілді?» деген тарауда) айтып өткеніміздей, 1992-мешін жылы маусым айының 5жұлдызында Атаға арнап ас берілді. Алайда Оғыландыда өткен осынау бүкілхалықтық қасиетті іске қатысушылардың көбі жағасын ұстап, жаман әсермен оралғанын айтпай кетуге болмайды. Біз ол астың басы-қасында болған жоқпыз. Бірақ артынан хабарын естігенімізде, асқа барған кісілердің көпшілігі онда болған оспадарлықтарды өз көздерімен көріп, өлердей шошынып келді. Бұл жағдайды білетін кісілердің бірқатары кейін облыстық «Маңғыстау» газетінде мақалалар жариялап, ішкі ойлары мен реніштерін білдірді. Естуімізше, Ер Бекетке берілген ас үстінде Атаға деген алғаусыз сенім мен қадір-құрметпен қатар кейбір санасы саяз, танымы таяз кісілердің бетімен кеткен бейпілдігі, адамгершілікке жат ақымақшылықтары мен жөнжосықсыз, жүгенсіз іс-әрекеттері де көп болғанға ұқсайды. Адам аузы барып айта алмайтын айуандықтардың бәрін бірдей тізбелеу мүмкін емес. Сонда да болса, кейінгіге сабақ болу үшін кейбірін келтіре кеткен жөн секілді. Айталық, астың қашан басталып, қашан аяқталатыны алдын-ала хабарланбағандықтан, қатысушылар қалай болса-солай, бірі келіп, бірі кетіп, сапырылысып жатыпты. Белгісіз «имамдар» мен бетсіз «ақсақалдардың» араласуымен садақаға берілген сансыз ақша желге ұшқандай сұраусыз, жерге кіргендей із-түссіз жоғалыпты. Ата мешітін қалпына келтіру жұмыстарына
арналып берілген бұл қаражат бір орталықтан басқарылған жүйелі бақылау мен қадағалаудың жоқтығынан ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кете барады. Ол аздай, әруақтар күзеткен, Атаның сүйегі жатқан мешіттің үстіне шығып, ойына келгенін істеген оспадарларға «Отыр!» деп тыйып тастайтын ойлы адам, тентектерге «Тек!» дейтін текті кісі табылмай, қалың қауым қарабет болған жайы бар. Ата әруағын сыйламаған, діннен безген дүниеқоңыздар қабірінің басындағы қара топырақтың да бір уысын жеті сомнан сатып, жерге кіріп кетпей, тірі отырыпты. Сөйтіп, асқа жиналған 4-5 мың адамның әрқайсысы әулиені әз тұтқан болып, «тонналап» топырақ көтеріп кетіпті. «Қасиет иесін қадірлегендерің дұрыс қой. Бірақ өлген адамның басынан топырақ алуға болмайды, әруаққа ауыр болады, ағайын! Өздеріңе де жеңіл болмайды, тастап кетіңдер! Кейін бәрібір қайтадан әкелуге мәжбүр боласыңдар!» - деп шыр-пыры шыққан шырақшының сөзіне де ешкім мойын бұрып, «Мұныкі де жөн-ау» демесе керек. Тіпті Атаның мешітіне алдымен кіру үшін айқай-төбелес болып, қызылшеке қырғынға ұласа жаздапты. «Әулиеге барғанда қырық қадам кейін тұрып, зиярат ету керек» деген аталы сөз адыра қалады. Ең сорақысы сол – жәшік-жәшік арақ арқалап барып, қона жатып карта ойнаған санасыз сауыққойлар да аз болмапты. Ұрпақтарына «Басыма жаттың иті сарымасын, басынбасын» деген өсиет қалдырған әулиенің әруағы әлгіндей қиянатты көтере алмай, жат емес, жақыннан көрген жауыздыққа төзбей, қатты ашуланып, қаһарын төксе керек. Дауылға бергісіз долы жел соғып, артынша дария-нөсер құяды. Қатты желдің әсерінен мешітті қалпына келтіру жұмысына арнап жиналған шиферлардың бірі ұшып, кінәсіз бір әйелдің қайғылы қазасына себепші болады. Астан соң абыройсыз оқиғамен тараған қалың жұрттың көпшілігінің қайтар жолда көліктері бұзылып, біраз адам жолда қалып, жаяу-жалпылап, ел шетіне әзер ілігеді. Сөйтіп, Ата әруағының назасына ұшыраған кейбіреулердің кемақылдығы Алланың жазасына ұшыратыпты. «Әруақ сыйламаған әулекіден, Ата сыйламаған ақымақтан без!» деген ойлы сөз осындай орайсыз оқиғаға арнап айтылған болса керек.
ҚҰДЫҚТЫҢ ҚҰДІРЕТІ
Ескі Бейнеудегі Бекет Ата мешітінің есігі алдында басына сырық шаншылған, ішкен кезде шекеңді жұлып алатындай суы мұп-мұздай, мөпмөлдір, тереңдігі үш-төрт құлаштай құдық бар. Құдық аузында өлкемізге кеңес өкіметін орнату кезеңінің көзі тірі куәгеріндей «Бұл жерден 1918 жылы Әліби Жанкелдиннің отряды су ішкен» деген жазуы бар тақтатас күні кешеге
дейін тұратын. Таяуда, бір-екі жылдықта барғанымызда, кім екені белгісіз, біреу оны алып тастапты. Бұл құдықтың бір ғажабы – дәл қасында, бес-он қадамдай жерде ағып жатқан, сай табанындағы су ап-ащы да, ал мына құдықтың суы анау айтқандай тұп-тұщы болмаса да, аздап кермек дәмі болғанмен (кейбір білетін кісілер: «Сол кермек дәмнің өзінің сырқат адамға шипалық қасиеті бар», - дейді), ішуге жарамды. Демек, Ата ащы судың қасынан ауыз су үшін құдық қазған уақытта жер асты суларының ағысы мен арнасының бағытын да дәл болжап-білген секілді. Сосын бұл құдықтың тағы бір кереметі – дәрет алмай, дәм болсын келген адамға немесе ниеті бұзық, немкетті жандарға құдық түбінен қарақашақ жылан бас көтеріп, ысқырынып, ысылдап, жолатпайтын көрінеді. «Бұл – Атаның әруағы» деседі көпті көрген, көкірегі сыр-сандық, көнекөз қариялар. Ал Ата әруағы назары түсіп, жақсы көрген, жарылқағысы келген кісілерге ілуде бір, шанда-шанда сарыүйек жылан болып көрінеді екен.
НИЕТІҢ ҚҰБЫЛА БОЛМАСА...
Жақын жылдардың бірінде сонау Канада елінен мұхит асып келген мұсылман балалары Маңқыстау жерінде болып, мазар-ескерткіштерге зиярат етеді. Атамекенін аңсап келген канадалық қазақтардың азғана уақыты Атаның басына арнайылап баруға жете қоймайды. Аттанар алдында: «Асығыс болсақ та, Атаға соға кетелік», - деп түйген олар Оғыланды тауының үстімен ұшып бара жатып, жеке меншік тікұшақтарын жерге қондыруға әрекет жасайды. Алайда алапат дауыл тұрып, алай-дүлей құм бораны көтеріліп, көз алдарын көрсетпей, көп әуреге түсіреді. Осылайша арнайылап келмей, атүсті соқпақшы болған қандастарына назаланған әулие қабылдамай тастапты. «Қой, Ата жаман ырым санап, жақтырмай жатыр екен, келесі жолы келгенде бір реті болар», - деген канадалық қазақтар аман-сауында аттарының басын алыстағы елдеріне бұрады. Елдің айтуынша, сапарыңды оңдап, ниет құлатып, арнайылап бармасаң, Ата осылай етеді екен. Бұл оқиға бұрыннан белгілі «Атаға тек айдау соқпақпен ғана баруға болады, басқалай жол жоқ. Не үстінен, не қапталынан бармақ болып, қарекет жасағандарды қасиет иесі қабыл алмайды» деген қағиданы растай түседі.
БІР ҚҰПИЯ
Бекет Атаның Оғыландыдағы өзі жатқан мешітін суретке түсіргісі келген кісіге Атаның өзінің әруағы жар болмаса, ол сурет ойдағыдай болып шықпайды екен. Естуімізше, Оғыландыдағы ол мешіттің өте тамаша, айқын шыққан фотокөшірмесі академик ғалым, атақты түрколог Ғұбайдолла Айдаровта ғана бар екен. Ол кісі осыны: «Атаның оң көзімен қарап, өзі ықыласын білдірген мешітінің суреті», - деп, ылғи да мақтан етіп отыратын көрінеді. Мұның сырын әлі күнге ешкім біле алмай келеді. Бекет әулиенің бұл да бір біз үшін құпия кереметі болса керек.
СӨЗ СОҢЫ
Біз бұл шағын дүниемізде сан қырлы талант иесі Бекет Атаның барлық қадір-қасиетін бар бояу-мәнерімен бере алмаспыз. Алайда бар білгеніміз бен барша жиған-тергенімізді ортаңызға салдық, ойлы оқырман! Ең болмағанда, жалпы жұртшылықты тарихта осындай адам өткені туралы таныстырып, там-тұмдап болса да, ел аузындағы естіміш әңгімелермен түсінік бере алсақ, түгел мақсатымыздың орындалғаны. Ең бастысы – Маңқыстаудың ойында – Үш жүз алпыс әулие! Шын күнәлі болмасам, Қолтығымнан бір сүйе!!! – деп қанша жүйрікке қайыртпай кеткен Қашаған жырау айтпақшы, үш жүз алпыс екі әулиелі, үш жүз мыңнан астам халқы бар, майлы қиян Маңқыстаудың мұңды мұрағаттарын тебірентіп, шерлі шежіресінің шемен-сырларының шетін шығарып, шешілте сөйлете алсақ, болғаны... 2000 жыл, мамыр. Ақтау қаласы.
ДЕРЕК КӨЗДЕРІ
(Пайдаланылған материалдар)
Айтқұлов П. «Қысқа жіп күрмеуге келмейді» мақаласы. «Түлеген
түбек» газеті, 1991 жыл, 12 желтоқсан, 1-бет.
Аслыйүже Ердоған. «Әулиелердің әулиесі» мақаласы. «Түрік бірлігі»
газеті, 1992 жыл, №1.
«Атақты тұлғалар дініміз жайлы». «Ислам әлемі» журналы, 1997
жыл, №2, 1-бет.
Ахметбекқызы Ақбота. «Иассауи тағлымы» мақаласы. «Қазақ
әдебиеті» газеті, 1992 жыл, 28 тамыз, 4-5-беттер.
Аяпбергенұлы Рахмет. «Бекет Ата» толғауы және «Бекет Ата
күмбезі» жыры. «Маңғыстау» газеті, 1991 жыл, 11 қазан.
Әбдірахманов
Базарбай.
«Діни-ғылыми
еңбектері
зерттелсе..»
мақаласы. «Маңғыстау» газеті, 1999 жыл, 10 маусым, 3-бет.
Әбдіров
Асан,
Сәдуақасов
Лебен.
«Ғимараттар
тағдыры
толғандырады» мақаласы. «Маңғыстау» газеті, 1991 жыл, 26 ақпан.
Әбілов Меңдібай. «Бекет Ата және оның ұрпақтары» мақаласы.
«Азия» газеті, 1993 жыл, маусым, №25 (53) саны.
Әленұлы Шәрелхан. «Адай» өлеңі. «Адай» газеті, 1997 жыл, қаңтар-
ақпан, 8-бет.
Әмірбекұлы Сейсен. «Бекет Ата» мақаласы. «Ұлан» газеті, 1992 жыл,
12 ақпан, 3-бет.
Әріпов Бисембі. «Ақтау мешітіне Ержан есімі лайық» мақаласы.
«Маңғыстау» газеті, 1992 жыл, сәуір, 3-бет.
Базарбайұлы Ағайдар. «Бекет Ата мешіті» мақаласы. «Маңғыстау»
газеті, 1990 жыл, 3-бет.
Балтабасұлы Түмен. «Маңқыстау» дастаны. «Рауан» газеті, 1991
жыл, 1 мамыр, 5-бет.
Балхаев Сұлтан. «Бекет Ата ескерткішіне сапар» мақаласы.
«Маңғыстау» газеті, 1991 жыл, 3-бет.
Бегенішов Бесінбай. «Жебеушіміз – Ер Бекет» мақаласы. «Түлеген
түбек» газеті, 1992 жыл, 12-16 маусым, 1-бет.
«Бекет Ата» жинағы. (Құрастырған – Ислам Мырзабекұлы). 1993
жыл, Гагарин қаласы.
«Бекет Ата» жинағы. (Құрастырған – Қабиболла Сыдиықов). 1994
жыл, Алматы, «Арыс».
«Бекет Атаға ас беріледі» атты хабарландыру. «Егеменді Қазақстан»
газеті, 1992 жыл, 3 маусым, 4-бет.
«Бекет Ата зиратына!» атты хабарландыру. «Маңғыстау» газеті, 1992 жыл, 12 мамыр, 4-бет. Болатов Мырзатай. «Өнердің өлшемі – біреу» мақаласы. «Түлеген түбек» газеті, 1991 жыл, 19 қазан, 2-4-беттер. Даңұлы Мақсат. «Бекет Атаға арнап ас беріледі» мақаласы. «Адай» газеті, 1992 жыл, 18-23 мамыр, 1-бет. Демеубаев Сисен. «Маңқыстау мұсылман ренессансы дәуірінде» мақаласы. «Маңғыстау» газеті, 1992 жыл, 18 тамыз, 3-бет. Демеубергенұлы Қожахмет. «Ұлы қасиетке тағзым» мақаласы. «Адай» газеті, 1992 жыл, 13-20 маусым, 1-бет. Домбаев Қыраубай. «Әруақты қорламайық!» мақаласы. «Маңғыстау» газеті, 1991 жыл, 24 қыркүйек, 3-бет. Домбаев Қыраубай. «Бекет Ата әруағын бұлай сыйламас болар» мақаласы. «Түлеген түбек» газеті, 1991 жыл, 25 шілде. Еркебаев Сайымжан. «Даланың тілсіз сақшысы» мақаласы. «Қазақ әдебиеті» газеті, 1992 жыл, 16 қазан, 14-бет. «Жамбылдық Серік Қалиев пен маңқыстаулық Мэлс Қосымбаевтың айтысы». «Түлеген түбек» газеті, 1991 жыл, 22 қазан, 1,3беттер; 24 қазан, 3-бет. Жандарбеков Зікірия. «Насабнама» жайында бірер сөз». 1995 жыл, Алматы, «Өнер», 15-бет. Жарықбаев Құбығұл. «Қазақ психологиясының тарихы». 1986 жыл, Алматы, «Қазақстан». Жетібаев Мұратхан. «Парыз» мақаласы. «Маңғыстау» газеті, 1991 жыл, 24 қыркүйек, 3-бет. Жүнібек Аманқос. «Құдіретті күш иесі» мақаласы. «Маңғыстау» газеті, 1999 жыл, 27 сәуір, 3-бет. Иассауи Қожа Ахмет. «Диуани хикмет» (Ақыл кітабы). 1993 жыл, Алматы, «Мұраттас» орталығы. Иассауи Қожа Ахмет. «Хикметтер». 1995 жыл, Алматы, «Өнер». Кекілбаев Әбіш. «Ұйқыдағы арудың оянуы». 1979 жыл, Алматы, «Қазақстан», 122-бет. «Кете Тәжібай ақын мен Шалбар Қалнияздың айтысы». «Рауан» газеті, 1992 жыл, 13 тамыз, 4-бет. Көңілімқосұлы Жақсылық. «Нұр мерген» мақаласы. «Маңғыстау» газеті, 1992 жыл, 25 маусым, 3-бет. Көпеев Мәшһүр Жүсіп. «Ел аузынан жинаған әдебиет үлгілері». 1992 жыл, Алматы, «Ғылым». Көпешов Ақшабай. «Әруақты ардақтайық» мақаласы. «Маңғыстау» газеті, 1994 жыл, 10 қыркүйек, 2-бет.
Күржіманұлы Қашаған. «Адай тегі» дастаны. «Ақберен» жинағы, 1972 жыл, Алматы, «Жазушы». Күржіманұлы Қашаған. «Топан». 1991 жыл, Алматы, «Жалын». «Қазақ совет энциклопедиясы». 1973 жыл, Алматы, ІІ том, 242 және 595-599-беттер. Қайралапов Уәйіс. «Әулиелер әулеті» өлеңі. «Маңғыстау» газеті, 1991 жыл, 21 мамыр, 3-бет. Қайырбеков Ғафу. «Бекет Ата туралы аңыз» балладасы. «Маңқыстау маңғаздары», 1983 жыл, Алматы, «Жазушы», 14-16-беттер. Қалбаев Өмірзақ. «Адай жайсаңдары» толғауы. «Адай» газеті, 1997 жыл, №15, №16, 5-бет. Қалбаев Өмірзақ. «Әулие анасы – Жәния» мақаласы. «Маңғыстау» газеті, 1994 жыл, 10 қыркүйек, 2-бет. «Қашаған Күржіманұлының туғанына – 150 жыл!» атты мақала. «Түлеген түбек» газеті, 1991 жыл, 17-19 қазан. Қашқари Махмұд. «Түбі бір түркі тілі». 1993 жыл, Алматы, «Ана тілі». Қойшыбаев Айтжан. «Бекет пен Өмір батыр» мақаласы. «Түлеген түбек», 1992 жыл, 26 маусым. «Қорқыт Ата кітабы». 1994 жыл, Алматы, «Жазушы». Қосбармақов Бақытжан. «Маңқыстаудың ойында – үш жүз алпыс әулие» мақаласы. «Ақ желкен» журналы, 1992 жыл, қыркүйек. №9, 19-22беттер. Қосымбаев Мэлс. «Маңқыстау» өлеңі. «Жанартау», 1992 жыл, Орал облысы, Чапаев аудандық баспаханасы. Құдайбердіұлы Шәкәрім. «Үш анық». жыл, Алматы, «Қазақстан» баспасы және «Ғақлия» ғылыми-әдеби орталығы. Құлбайұлы Ыбырайым ахун. «Шежіре» дастаны. «Рауан» газеті, 1991 жыл, 9 мамыр, 4-бет. Құлиев Жұмабай. «Бекет Ата мешіті» мақаласы. «Иман» газеті, 1993 жыл, 3 маусым, 3-бет. Құлиев Жұмабай. «Қонайға» өлеңі. «Жас алаш» газеті, 1992 жыл, 3 қараша, 3-бет. «Маңғыстау» энциклопедиясы. 1997 жыл, Алматы, «Атамұра». «Маңқыстаулық Нұрлан Қосымбаев пен атыраулық Салауат Исақаевтың айтысы». «Түлеген түбек» газеті, 1991 жыл, 24 қазан, 1-3беттер. Медетбек Темірхан. «Маңғыстауда – Ер Бекет» мақаласы. «Егеменді Қазақстан» газеті, 1992 жыл, 1 шілде, 4-бет.
Мендикулов Малбагар. «Памятники народного зодчества Западного Казахстана». 1953 жыл, Алматы. Меңдіқұлов Малбағар. «Батыс Қазақстан халқының сәулет өнері ескерткіштері». 1987 жыл, Алматы, «Өнер». Мирзоев М. «Маңқыстаудың көне ескерткіштері». «Маңғыстау» газеті, 1990 жыл, 13 сәуір, 4-бет. Мұратбаев Жұбатқан. «Қарабура әулие қайда жерленді?» мақаласы. «Қазақстан әйелдері» журналы, 1998 жыл, ақпан, №2, 6-8-беттер. Мыңжасов Темір. «Ұрпақ үні немесе Бекет Ата рухына сыйыну» өлеңі. «Маңғыстау» газеті, 1991 жыл, 26 шілде. Мырзабекұлы Ислам Қосқұлақтегі. «Бекет Ата» имандылық тағлымы, І кітап. 1999 жыл, Ақтау. Мырзабекұлы Ислам Қосқұлақтегі. «Бекет Ата» имандылық тағлымы, ІІ кітап. 2000 жыл, Алматы, «Дәуір». Назарбекұлы Сайын Тоқтамыс. «Абай басқан Жидебай топырағы». 1995 жыл, Алматы, «Ер-Дәулет». Назарбекұлы Сайын Тоқтамыс. «Маңқыстаудың ойында – 360 әулие..» мақаласы. «Маңғыстау» газеті, 1992 жыл, 2 қыркүйек, 2-бет. Назарбекұлы Сайын Тоқтамыс. «Шерқала». 1996 жыл, Алматы, «Қағанат-ҚС». Найманбаев Әсет. «Шығармалары». 1988 жыл, Алматы, «Жазушы». Нәбиев Б. «Бекет Ата мешітіне – 100 сом» атты қысқа хабар. «Жаңа өмір» газеті, 1991 жыл, 21 мамыр, 4-бет. Нұрқабаев Мақсұт. «Бекет Ата мешіті» мақаласы. «Маңғыстау» газеті, 1999 жыл, 11 наурыз, 3-бет. Нұрлыбаев Т. «Бекет Ата Бозашыда да болған» және «Бекет Атаның емсектігі туралы» мақалалары. «Рауан» газеті, 1991 жыл, 16 тамыз, 6бет. Нұрмағанбетов Совет. «Бекет Ата әруағы жебеген сәттер» мақаласы. «Жаңа өмір» газеті, 1991 жыл, 17 қазан, 2-бет. Нұрмағанбетов Совет. «Бекбаулы Ата және оның ұрпақтары» мақаласы. «Маңғыстау» газеті, 1990 жыл, 29 қараша, 4-бет; «Жаңа өмір» газеті, 1990 жыл, 28 шілде, 4-бет. Нығметуллаев Мақсот. «Ойланайық, ағайын!» мақаласы. «Маңғыстау» газеті. 1992 жыл, 31 шілде, 4-бет. Оңайбаев Сапарғали. «Оғыландыдағы ой» өлеңі. «Жаңа өмір» газеті, 1991 жыл, 19 қазан, 4-бет. Оңғарсынова Фариза. «Сыйыну», «Оғыланды» өлеңдері. «Таңдамалы», 1987 жыл, Алматы, «Жазушы», І том, 174-175-беттер, ІІ том, 153-бет.
Оралбаев Өтеген. «Мәртебеңмен, Маңқыстау!» өлеңі. «Маңғыстау» газеті, 1990 жыл, 22 тамыз, 3-бет. «Өлі риза болмай..» атты қысқа хабар. «Жас қазақ» газеті, 1992 жыл, 16 шілде, 8-бет. Өтегенов Айтуар. «Алланың сүйген құлы боп..» өлеңі. «Маңғыстау» газеті, 1992 жыл, 3 қараша, 4-бет. Өтешов Тасқара, Әбдіров Асан. «Ұлыс ұраны – Бекет Ата» мақаласы. «Рауан» газеті, 1991 жыл, 1 мамыр, 1, 4-5-беттер. Өтешов Тасқара. «Жорамалдың жол бастамасы анық» мақаласы. «Маңғыстау» газеті. Өтешов Тасқара. «Киелі Атаның көзіндей» мақаласы. «Маңғыстау» газеті, 1992 жыл, 4 маусым, 3-бет. Өтешов Тасқара, Қойшыбаев Айтжан. «Бекет Ата мен Өмір батыр» мақаласы. «Рауан» газеті, 1991 жыл, 6 қыркүйек, 4-5-беттер. Рамазанова Ақшагүл. «Өзенім» өлеңі. «Түлеген түбек» газеті, 1991 жыл, 12 қараша, 3-бет. Раушанов Есенғали. «Әңгіме» өлеңі. «Ғайша-бибі», 1991 жыл, Алматы, «Жазушы», 82-бет. Раушанов Есенғали. «Сарыөзен» дастаны. «Шолпан жұлдыз туғанша», 1988 жыл, Алматы, «Жалын», 129-бет. Сағиева Қ. «Аруақты сыйлайық, ағайын!», С.Сейітқалиева. «Менің ойым», Ж.Көңілімқосов. «Ас беруден алған әсерлерім» мақалалары. «Маңғыстау» газеті, 1992 жыл, 9 маусым, 3-бет. Сарбалаев Бақыт. «Жүрегін талай ердің қобалжытқан..» мақаласы. «Қазақ әдебиеті» газеті, 1989 жыл, 16 маусым, 2-3-беттер. Сәтінұлы Едіге. «Баба рухымен тілдесу» әңгімесі. «Жаңа өмір» газеті, 1991 жыл, 15 қазан, 4-бет. Серікбаев Шайхислам. «Әулиелер өмір сүрген өңір» мақаласы. «Парасат» журналы, №7, 1993 жыл, шілде, 7-бет. Спанов Әбілқайыр. «Құпия күштің иесі – Бекет» мақаласы. «Маңғыстау» газеті, 1992 жыл, 3-бет. Сүйесінов Жолдасқали. «Бекет Ата қай жылы туған?» мақаласы. «Маңғыстау» газеті, 1992 жыл, 27 қараша, 3-бет. Сыдиықов Қабиболла. «Бекет Ата туралы деректер». «Жұмысшы» газеті, 1991 жыл, 4 шілде. Сыдиықов Қабиболла. «Бекет Ата туралы деректер мен аңыздар». «Рауан» газеті, 1991 жыл, 17 мамыр, 4-5-беттер. Сыдиықов Қабиболла. «Бекет Ата рухына» өлеңі. «Маңғыстау» газеті, 1992 жыл, 4 қараша, 3-бет.
Сыдиықов Қабиболла. «Есте болар есімдер» мақаласы. «Маңғыстау» газеті, 1991 жыл, 20 қыркүйек. Тебеген Темірхан. «Ахуналар – Алаштың ағартушылары» мақаласы. «Ислам әлемі» журналы, 1997 жыл, №2, 22-24-беттер. Тримингэм Дж. С. «Суфийские ордены в Исламе». 1989 жыл, Москва, «Наука». Тұрмағанбетұлы Қыдырбай. «Бекет Ата басында» өлеңі. «Маңғыстау» газеті, 1992 жыл, 4 маусым, 3-бет. Тұрмағанбетұлы Қыдырбай. «Бекет Ата бейіті басында берілген ас» мақаласы. «Рауан» газеті, 1992 жыл, 12 маусым, 3-бет. Хафиз. «Ғазалдар». 1986 жыл, Алматы, «Жазушы». Хейг Джон. «Түркістан даласындағы Ахмет Иассауи мазары». «Жібек жолы» журналы, 1991 жыл, №1, 6-бет. Шадықұлов Тәжіназар. «Әулиенің бірі – Есімқұл» мақаласы. «Маңғыстау» газеті, 1993 жыл, 29 қаңтар, 3-бет. Шалабаев С., Өмірбаев Е., Сыдиықов Қ. «Маңғыстау». 1973 жыл, Алматы, 106-107-беттер. Шәкіратұлы Ысқақ. «Дара дарындар». «Маңғыстау» газеті, 1992 жыл, 3-бет. Шыртанов Ізбасар. «Пірдің соңы – Бекет» мақаласы. «Маңғыстау» газеті, 2000 жыл, 21 қаңтар, 2-бет.
МАЗМҰНЫ
Қабиболла СЫДИЫҚОВ. Әруаққа тағзым (Алғысөз) ........................................ Сөз ләмі ....................................................................................................................
І БӨЛІМ
«..МАҢҚЫСТАУДА – ЕР БЕКЕТ..»
Үш жүз алпыс екі әулиелі Маңқыстау ................................................................. Ата нәр алған асыл қайнар (Суфизм дегеніміз не?) ............................................ Бекет Ата – сұпы ....................................................................................................... Әулиені әз тұтқан ................................................................................................... Ата мешіттерінің алуан түрлі құпия сырлары ..................................................... Атаның ата тегі мен дүниеге келген, қайтыс болған жылдары хақында .......... Ата ақын болған ба? ............................................................................................... Атаға қандай қадір-құрмет көрсетілді? ................................................................ Ата рухына бағышталған акция ............................................................................
ІІ БӨЛІМ
«..ПІРДІҢ СОҢЫ – БЕКЕТ-ТІ..»
Сәуегей сәби ............................................................................................................ Нағашы барып, нар мінген... ............................................................................... Нағыз қасиет иесінің нағашысы кім? ................................................................... Атаға әруақ қонуы .................................................................................................. Әркімнің де әулиесі бар ......................................................................................... «Ей, Хиуа, есігіңді аш!.» ........................................................................................ Отын оқиғасы .......................................................................................................... «Әй, Қырымқұл, жолдасым!..» .............................................................................. Пақыржан қажының батиқасы ............................................................................ Асаның анық иесі кім? ........................................................................................... Сөз сиқыры ............................................................................................................ Аян ........................................................................................................................... Айтқаны айнымай келген ......................................................................................
Жақсыдан – ырыс, жақыннан – жұғыс ................................................................. Алланың назарындағы адам .................................................................................. Ақмешіт қонып, Жем жайлап... ........................................................................... «Адайға Құдай берерде..» ...................................................................................... Ақыл ......................................................................................................................... Жебеу ....................................................................................................................... Атан нарды да ауырсынбаған ................................................................................ Түрікпеннің тобасы ................................................................................................ Түрікпеннің тәубесі ................................................................................................ Алдымен айтқанның – жұлдызы жоғары ............................................................. Әулие мен әйелі ...................................................................................................... Бекет Ата мен Бекбаулы әулие .............................................................................. Бір аңыз .................................................................................................................... Ілтипат ..................................................................................................................... Көреген абыз, көріпкел сыншы ............................................................................. Көрші хақы .............................................................................................................. Кие ............................................................................................................................ Өсиет ........................................................................................................................ Атаның сүлбілінен, ананың рахманынан ............................................................. Ұрпағына ұласқан ................................................................................................... Атамұра ................................................................................................................... Асатаяқ .................................................................................................................... Көк Асада көп сыр бар ........................................................................................... Деміккенді демеген ................................................................................................ Тарыққанды таяған ................................................................................................. Сүрінгенді сүйеген ................................................................................................. Зауал ........................................................................................................................... Атаның арқары ........................................................................................................ Наза мен жаза ......................................................................................................... Құдықтың құдіреті .................................................................................................. Ниетің құбыла болмаса... .................................................................................... Бір құпия .................................................................................................................. Сөз соңы ..................................................................................................................
Дерек көздері ...........................................................................................................
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру