TELEGEI

Home

Дала комиссары

Қалижан Бекхожин

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Дала комиссары

Қалижан Бекхожин табиғатты суреттеу арқылы адам көңіл-күйін, қимыл-әрекетін бейнелейді. Оқырманға жеткізер лирикалық толғаныстары да жетерлік. Шығармаларында тілдік көркемдік-эстетикалық талғам деңгейін биікке шығарды.

Толғану
Жайғанда Алатауға күн қанатын,
Жыр аңсап, әдетім бар толғанатын.
Басынан қарлы құздың қыран көрсе,

Солай бір саятшы да тан, қалатын.
Көргенде күмбездерді мұз құрсаулы,
Осы бір кек аршалы құж-құж тауды,
Сүйсінем шыңдарынан жыр ұшқандай,

Қанатын сермегендей гүл атаулы.
Айбынды Алатауым, аға тауым,
Арқаңа ақын тіккен ақ отауын.
Есіме түсті сонау ақ басты қарт,

Ағытып ұмыт қалған жыр матауын.
Болса да сонда сырқат ауыр күйде,
Бас болып, бауыр басқан ауыл үйге.
Отырды ойға батып ата Жамбыл,

Шерткізіп әңгімесін Әлібиге.
Салты жоқ өз даңқына еліккенде
Әсілі тасымайтын керіп кеуде, —
Әлекең тербелді бір, жырау қарап,

Отырдым сол сырына еріп мен де.
Түнектен тебірентіп өткен күнін,
Сөйлейді қалай жапа шеккендігін.
Албырт жас қиял құсқа мініп бір кез,

Қиялға кезіп алыс кеткендігін.
Жыр болды жорықтарын өткен бұрын,
Ойына Ленин дана төккен нұрын.
Қырандай көк дауылда түйілгенін,

Көтеріп азаттықтың көкке туын.
Атой сап Аманкелді батыры да,
Қырда жау ойран болған ақырында.
Түнекті туды жарып Республика,

Қызыл гүл жайнап дала тақырында.
Сол күндер елес қағып алыстағы,
Тізілді толқындай көп таныс шағы.
Өнеге айтып отыр бұл қауымға,

Лениннің ту көтерген комиссары.
Әлі де сол бір сурет тұр есімде:
Ақ орда Алатаудың іргесінде,
Жар салды Октябрьдің өрені сол,

Отанға шапқан жаумен күресуге.
Қайран ер майдан десе мәңгі таймас,
Сол бір шақ ағарыпты аққудай бас.
Отырды тарлан боздай елегізіп,

Жатқандай дабыл қағып жақын айқас.

— Халқыңа қадірлісің, батыр інім,

Қалайша жаңғырмасын атың бүгін?
Өзім бір жырлар едім, қарттық жеңді,
Қайдасың арыны бар ақын ұлым? —
Деп солай ата жырау қалды қарап,

Түйілді қауырсын қас, қалың қабақ.
Тап маған қадалғандай қыран көзі,
Сол жырын қарияның алдым қалап.
Сертімнен содан бері айрылмастан,

Мойныма мінді менің қарыз — дастан.
Көз жұмып кетті есіл Әлекең де,
Қарт жырау жатыр үнсіз қабір басқан.
Оқушым кешігіппін, кінәлімін,

Шын тарих шертілмесе, кінә бүгін.
Қалайша толғамадық қосыла бір,
Халықтың тағдырына куә жырын?
Тек өзің ашқандай бак дүниесін,

Уа ,жігіт, несіне сен шениесің?
Алысып Әлібилер еккен баққа,
Бұл күнде алшаңдаған сен иесің.
Хақың бар, болса қала, мұра тасын,

Соқ соған өшпес белгі мұнарасын!
Көрейік Ленин нұсқап тұрған жақтан,
Комиссар, Қызыл тулы қыр баласын.
Ерлігін мәрмәр сөзбен ақын сызып,

Тарихшы шежіресін жатыр тізіп,
Мүсінші болсам мүсін соғар едім,
Астына граниттен ат мінгізіп...
Сол ердің өз аузынан білдім өзім,

Ғажайып өткендерін, сыр мінезін,
Сүйікті Республикам, келдім сақтап,
Ашайын саған осы жыр күмбезін...
Шырмаудан шығанға

І

«Түс кеудемнен бұғау крест,
Албырт жаным көрді қысым.
Тағдыр мұндай тұман емес,
Еркіндіктің бер тынысын!

Жүрегімнен тартқан зәбір,
Иман біткен мейлі тайса,
Жоғал мәңгі жұмбақ тәңір,
Жұм көзіңді, келгір Айса!

Мүлгіген сұм, елік икон,
Құдайының сиқын қара!
Неге маған төндің екен,
Монтаны қу, сиқыр — ана?

Уа, қиялым, өршіте бер,
Дауылыңды дарқан жолға.
Кетсін аулақ періштелер.
Жын-шайтандар жоғал, жонға!

Шулы шіркеу, түнек қамал,
Шырмалыппын шынжырыңа.
Жетпедім мен медет табар
Дүниенің шын сырына.

Ал, хаяр поп, кетем мүлде,
Табынбаймын құдайыңа.
Шоқынғанша шіркеуіңе,
Шыңырауға құлайын да!

Серпіл бұлттар аспандағы,
Аш әлемнің кең қақпасын,
Қайда шындық баспалдағы, —
Сонда жаным ойнақтасын!

Кеттім міне, жаным азат,
Сүйре мені қиял өрге.
Құдай, пірлер, пейіш, дозақ,
Шаным біткен — көміл көрге!»

...Шықты үйден. Икон қирап...
Еден құшып жатты құдай.
Жастың неге жаны тулап,
Тебіренді қатты мұндай?

ІІ

Түн жамылып тұр Москва,
Асқар таудай мұнары бар.
Қараңдайды бұлт астында,
Крест басты мұнаралар.

Жарқылдайды сансыз шырақ,
Күнгірлейді қоңыраулар.
Жалбыр шаштар жатыр шулап,
Қандай ғана қалың жау бар?

Жауы әлгі жалғыз жігіт
Жат көрінген тәңірге де.
Бұл неткен жас сөзі бүлік,
Бұл тәңірден танды неге?

Степнов қой! Я, Николай.
Бірақ сөзі қыр түлегі.
Аты солай, жөні қалай,
Неге бөлек сыры тегі?..

Келеді ғой өзі міне,
Көшеде бір күбір қағып.
Қиял құсы кезіп түнде
Сонау қырға кеткен ағып...

ІІІ

...Өсті бала Қайдауылда,
Кезіп Торғай топырағын.
Бақташы боп бай ауылына,
Естіп байдың ақырғанын.

Босағасы қысаң дүние,
Төрі алыс жарлы жанға.
Тоғжан ауыр түскен күйге,
Жан тынысы тар заманда.

Жеті бала жемді тілеп
Балапандай аузын ашқан.
Қайран жоқтық — қара түнек,
Көкірегін зілдей басқан.

Сүйеніші — Әлібиі,
Сол қисайған тірлігіне
Қыңыр бала болып игі,
Қой соңында жүрді, міне.

Қыңыр неге? Сары бала,
Неге сынық жастай түсің?
Қытымыр бай қаны қара,
Соқты талай шыбыртқысын...

Содан кек те туды бірге.
Шерін бала тұрмыс жайлы,
Өзегіне түйді мүлде...

ІV

Өзі жүрген тар көшеде
Көп үйлердей ой тізілді.
Өзі аулақ жөнелсе де,
Әлі жақын сол қызығы...

Жүгіретін екі сырлас,
Асыр етіп алаң жерді.
Қандай мерген, өткір сол жас,
Асық досы — Аманкелді.

Cap сағымға көзін қадап,
Қайдауылдың қырларында,
Екеуі де тартқан садақ
Киіктерге, қыр аңына.

Арман еді өссе сөйтіп,
Бірге көріп алыс танды.
Қолдарына түссе мылтық,
Атса бір күн арыстанды.

Жүйткігендей құлан киік,
Қиял қандай асқақ еді?!
Екі тентек құйын қуып,
Обалардан аспақ еді.

Мүмкін, сонда қойдай жусап,
Жұмбақ сырлар жатқан шығар,
Мүмкін, сонда құдай жұмсап,
Жарлыға таң атқан шығар...

Солай еді арман бір кез,
Ойнағанда, сырласқанда, —
Түйе құмы — тұйық күмбез,
Торғай жерін бір басқанда...

V

Жалтылдайды қалған артта,
Шіркеу шамы жанып ұзақ.
Tap көшеде түнгі шақта,
Ойға батқан ол жалғыз-ақ.

...Неге қашты Қайдауылдан
Өзге жаққа бұл жас бала?
Медет тапты қай бауырдан,
Шоқынғаны не масқара?

...Ақ тоқтыны жеді қасқыр,
Шапқыншыдай жортқан қырда.
Қайда кетті қара басқар,
Жүгірмекті әкел мұнда!

Сөйлеп солай бай бажылдап,
Құм обаның тұр басында.
Әке сорлы шықты жылап,
Қайдауылдың қырқасына.

Ал Әліби кеткен алыс,
Асып сонау обалардан.
Алды сағым, толқын ағыс,
Жетелеген соған арман.

Кез болды да бір отряд,
Қырды шолып қарақтаған, —
Тұрды біраз ол жатырқап,
Қызықты көп қарап та оған.

Шпорлары жарқыл қағып,
Үзеңгіде ойнар сағым,
Қарады ол қайран қалып,
Патшалықтың бұл жасағын.

Тұлпар аттар секіреді,
Ауыздықтан атып көбік,
Желмен ойнап кекілдері,
Жебелетіп қатты желіп.

Сірә, сонау жат бір жаққа,
Қайтқан шығар жорық жасап.
Қалың жауды шырмап оққа,
Келген шығар батыр жасақ...

Болжап солай бір төбеден,
Бала көзін тұрды қадап.
Қаршығадай жем тілеген.
Қанат қомдап, түйіп қабақ.

Көріп қалды жас офицер,
Бүркіт не бұл, не бала ма?
Жансыз ба бір жолды кесер,
Жалғыз неге жүр далада?

VІ

...Жас офицер сөзін тыңдап,
Танысындай қатар сырлас,
Соқты бала тез тақылдап,
Шүлдірледі татар тілмаш.

Айтты бәрін — жауыз байдан,
Зәбір-жапа шеккендігін,
Еңсесін көп езген қойдан,
Қашып жонға кеткен бүгін.

Енді кейін қайтпақ емес,
Әке мейлі қатулансын,
Қиялында еткен елес,
Жақсылықтың оты жансын...

— Ал жүр, бала, атқа мін де,

Жүрме қашып сен бұлайша,
«Кездік жатпас қап түбінде», —
Жайнарсың бір Ыбырайша.
Мүмкін біздей cap жағалы,

Бір офицер боларсың да.
Ел-жұртыңды арбағалы,
Мүмкін, шенді тағарсың да.
Бірақ қырдың қоры болма,

Ізде білім, тентек шіркін.
Жөнел бізбен Орынборға,
Жол табарсың ертең бір күн.
Мін бұл атқа, тұл қалдырған,

Туысқаның кегін түйген,
Атты иесін тебе қырдан,
Жұмбақ мерген, сағым киген.
Өлтірілген өткен айда,

Барлаушымыз тосын жерден.
Іздеп келдік, кетті қайда?
Оны да атқан осы мерген.
Болды ғайып сол бір қазақ,

Жын ба, әлде жел-құйын ба?
Қандай мерген өзі ғажап,
Дәл тигізген бір қиырға.
Қырық қазақ абақтыға,

Қамалды сол мерген үшін.
Шын атты ма, жай атты ма,
Қызғанды ма кең өрісін. —
Кегі бар ма әлде қатқан,

Ескі күні жүр ме есінде?
Туыстары айтар жатқан,
Торғайдың тар түрмесінде... —
Мін, балақай, міне сол ат, —

Бұл жорықтың парқын түсін:
Құм құшақтап қалды солдат,
Империя даңқы үшін...
Жетім торғай жан сауғалап,

Қонақтайды әр бұтаға, —
Кетті бала,— не сор, не бақ,
Кетсе мейлі барымтаға.
Кетті есінде әлгі мерген,

Қандай батыр, нендей кекті?
Бір сыр жоқ па белгі берген? —
Соны бала білмей кетті...

VІІ

...Жас Әліби — күзгі қаңбақ,
Заман дауыл оны қуған.
Жат қаланы жүрді шарлап,
Базары бар қызық-думан.

Қызық қайда бірақ оған,
Жүрді шаршап тілін шайнап,
Секілді бір қу жапырақ,
Қырдан құйын келген айдап.

Ақ жағалар, cap мырзалар,
Өтер мұнда басып тақ-тақ,
Қандай сыр бар, не ыза бар,
Кететіндей жұртты таптап.

Осы қала онда зор да,
Даламызға шөккен айбат,
Қараушы еді Орынборға.
Момын қазақ басын шайқап.

Шіркеулердей осындағы,
Төрелері қандай асқақ?
Қару-жарақ асынғаны,
Әскер кіммен тай-таласпақ?

Жас офицер ақырғы рет,
Құм көшеде ұшырасты,
Көзінде тұр бір қасірет,
Әлде иеге түсі қашты?

— Жандаралға жазалымын,

Кетем, шырақ, аулаққа тым.
Сендей сорлы қазақ ұлың,
Мүсіркейтін жан таппадым.
Қош, балақай, не көрсең де,

Жаси көрме тағдырыңа!
Қиын жолға түссең сен де,
Жетерсің бір бақ нұрына.
...Құйын атқан қу көшеде,

Қыр баласы қалды қаңғып,
Шана басын құм жесе де,
Шабатасын алды шандып.
Мүмкін өмір жұтар мына

Талды өзегі, солды жүрек.
Міне шіркеу, жұрт алдында
Шоқынғандар тілеу тілеп.
Тіленбеді жалбыр бала

Шоқынбады, шошынды да,
Жаутаң қағып жалғыз ғана,
Жұртқа қарап отырды да,
Шырақ шамдай көз бұлдырап,

Жанары да жұмылды тез.
Сар масадай ызың дулап,
Күңгір қақты шіркеу бір кез.

VІІІ

Жатыр еді ол маужырап,
Көріп туған Қайдауылды.
Шошып кетті тұрды жылап —
Шіркеу қатты қоңырау ұрды.

«Ізгі алла, әулие, рух,
Уа, Христос жанын биле!»
Жалтыр крест асаны ұрып,
Бір жын төнді Әлібиге.

Жын емес-ау, албастыға
Ұқсаған бір жалбыр шашты.
Сарнап тұрды дәл қасында,
Балақайдан зәре қашты.

Көре қалып бір көшеде,
Қыр баласын қаңғып жүрген
Көп азғырып ол кеше де,
Аяғандай халін мүлдем,

«Керек бала, оқығаның,
Оған тегі жол бар бір-ақ,
Жүрегіңе жағар шырақ,
Христосқа шоқынғаның.

Сонда саған — білім тегін,
Кеудең нұрын үдетеді.
Тағы қырдың жетімегін,
Православный ұл етеді!»

Қалың қасқыр қамаласа,
Қайтер еді сорлы көжек?
Жан-жүрегін қаһар баса,
Қақты сондай бала безек.

Жарқылдады жын отындай,
Төбесінен шоғыр шырақ.
Икон жанын алатындай,
Кетті бала талмаусырап.

Есі кетті мүскін ұлдың,
Дәрмені жоқ тырмысуға.
Пәрменімен сұсты қолдың,
Тоғытты оны күбі суға.

Айбарлы поп крест сілтеп,
Өшірді атын атаның да;
Кітабына қойды тіркеп,
«Коля Степанов» атануға.

Мойынында мұзды судай,
Түсе қалды суық крест.
Қайран дарқан жан осылай,
Зымыстанға түсті бір кеш...

ІX

Көндікпей ме бала бүркіт,
Ұстап бақса бір саятшы.
Алғашқыда алабұртып,
Болар тауға шырқамақшы.

Қиял көзін кейде қадар,
Ұясы бар тас қияға,
Тас түйіліп бір күн қалар,
Сол қатулы жас қыранда.

Көк түлегі ашынар да,
Көкке қарап жаяр қанат.
Торда қажып ашығар да
Жат жемінен табар тоят.

Сондай-ақ бұл шырмалған ұл,
Талай тулап бұлқынса да,
Көндікті жат сырларға бұл,
Көнді оқуға құлқын сала...

Оқыды ол ұзақ жылдар,
Шөлден келген жандай сусап,
Тек сорына дұзақ дін бар,
Дарқан ойды қойған тұсап.

X

Еске түсті өткен күндер,
Осы түнде сол ызадан.
Тұңғыш жанған кек пен жігер,
Семинария, шулы Қазан.

Дін иесі үміт еткен,
Шанымын тек асырмаққа
Қыр баласын сол тілекпен,
Жіберген-ді осы жаққа.

Міне, бір күн жұрт ағылған,
Көшелерден шаң жүгіріп.
Көтерілген шу дабылдан,
Қазан қала жаңғырығып.

Өтті халық қатар-қатар,
Тез бұзылған сеңдей ағып.
Қышқырады жаяу татар,
Сусағандай таңдай қағып.

Жұмысшы мен жастар мұнда,
Адымдарын қатаң басқан,
Мұғалімі Ашмаринға
Әліби де қатарласқан.

Ұстаз енді сол бір ғажап,
Жүрегіне жұлдыз жаққан.
Сүйіп соны бала қазақ,
Өнегесін ұғып баққан.

Енді міне, өзі мұнда,
Жүр көшеде ереуілдеп.
Жұртпен бірге қызып дұға,
Құлағына ерен үн кеп:

«Көтер туын еркіндіктің,
Аттан алға, езілген жұрт!
Босат, патша, еркін жұрттың,
Бұғауыңды тезінен құрт!

Кенет міне, соқты дауыл,
Лaп қойды да салт аттылар.
Айқай шықты: «Сақтан, бауыр,
Жазалаушы солдат бұлар!»

Міне, біреу түсті құлап,
Оқ тиген кім, Ашмарин ба?
Жас жүрегі жанып тулап,
Тұр Әліби бас жағында.

Ұстазының басын сүйеп,
Тұрмады көп қарап мұнда.
Полиция соғып, сүйреп,
Жапты оны абақтыға...

Сонда басын тасқа бала
Соққандай бір күйінді ме?
Онда он алты жаста ғана,
Жас шыбықтай иілді ме?

Оқудан да қуылды жас,
Солай жолы кесілді бір,
Солай оған болды сырлас,
Мың тоғыз жүз бесінші жыл...

XІ

Содан кейін сенделгені,
Қамалғаны тұр есінде.
Семсерді бір сермер ме еді,
Сұм өмірдің күресінде!

Бірақ жалқы қаңғырған жас,
Таппай орын дүниеден,
Тағы торға қамалды бас,
Тағы кез боп дін иемен.

Көп оқуға құмар басы,
Тағы қайда басты қадам?
Академия — дін ордасы
Ашты есігін Москвадан...

Енді міне, таң алдында
Қиялына көшкен ұзақ.
Бүгін түнде қараңғыда,
Мойынынан түскен дұзақ

Келе жатыр іздеп міне,
Лебі бірге сырластарын.
Асау ойлар тізбектеле,
Аунатқандай түн аспанын.

Уа, сол достар, туман жарған,
Құйған нұрды жүрегіне.
Бетінше ақса мынау жалған,
Жоқ тәңірдің тірегі не?

Айса — шата, кімнен туған?
Мынау Енжіл неткен мылжың?
Бір белгі жоқ құдай қудан,
Түскен де жоқ көктен бір жын?

Тәңір шығар патша мүмкін,
Мынау елге жатқан сорлап?
Соның тісін қақса шіркін,
Қанды шоқпар қара солдат!

Еркін солай сырлы жастар,
Оңашада айтар еді,
Сондай сөзді бұрын бастар,
Петр қандай қайсар еді!

Әліби көп тосқан құлақ,
Ереуілді отты сөзге,
Бұл жігіт те жүрісі жат,
Тез шалынды сұқты көзге.

Осы біреу қыр түлегі
Қиқаңдайды неткен қыңыр!
Христосқа күлді тегі.
Әлдекімге етті күбір.

Сөйлеп қалды әзіз қалпе:

— Тұр, жауап бер, қисық лақпа!

Шоқын да айт, сөзді келте, —
Айса діні шым ба, хақ па?
Сенесің бе, кереметке,
Айса күнді тоқтатты ма?

Ғайып құдірет жүр ме көкте,
Шайтанға көк оқ атты ма?

— Жоқ сенбеймін, бәрі жалған

Бәрі алдау! — деген еді.
Әлібиді қандай арман,
Енді қайда жебеледі?
...Шіркеу соты қазір, түннен

Жайды сұмдық бір жаманат:
Коля Степанов азды діннен
Ол — малғұн, ол — лағнат!»

XІІ

Терезеге Лена төніп,
Әлдекімді түннен күткен.
Түн ұйқысын неге бөліп,
Қандай сырлы тұр үмітпен?

Жазғы түн ғой жақын таң да,
Кешікті ол мұнша неге?
Ерік алып албырт жанға,
Кездесті ме бір бәлеге?

Осылай қыз абыржыған,
Түнгі бұлттай көңіл бұлдыр.
Тек суреттен күліп тұрған,
Кеудесіне төгілді нұр.

Сүйкімді ғой сол бір сурет,
Орыс қызы сүйген қалап.
Ұзын шашты бұл студент,
Тұр өмірге күле қарап.

Осы бір қыз жігітке сол,
Жүрегінен сыр қозғады.
Қыз жанына үміткер ол, —
Өзіміздің қыр боздағы.

Осынау үйде сыр алысқан,
Тұтанысып ұшқын көзден
Қызу жастар жиналысқан,
Гуілдескен ұшқыр сөзбен...

Сол бір сөздер дуылдаған
Әлібиге болды сабақ.
Қыр ұлына көз қадаған,
Аққұба қыз, күлім қабақ.

XІІІ

Өзі қайда? — Міне отыр,
Шеткері бір қоңыр үйде.
Қарқылдайды неге Петр
Шашын қырған Әлібиге?

Уа, архиерей, діндар тақсыр,
Шаштан неге болдың жұрдай?
Жын-шайтанға мұны тапсыр,
Күйінбесін қыңыр құдай.

Құтылғанда, күлген қатты,
Демон, құдай құлдығынан.
Қуан сен де жұт шарапты,
Ащы емес қой дін уынан.

— Ал көтердім Мефистофель,

Қайдасың деп дауыстаймын.
Кетсін менен кеңіс тобыр,
Қайта туған Фаустаймын.
Күліп солай екі боздақ,

Таң алдында құрды кеңес,
Сол бір таңда қиял маздап,
Шет қиялар берген елес.

XІV

— Туар таңмен кеңестім мен,

Маған жаңа жан берді күн.
Коля Степнов емеспін мен,
Енді Әліби Жанкелдинмін! —
Деді жігіт достарына,

Күлімсіреп тұрды қарап.
Лена соны қостады да,
Оған назбен қойды талап:

— Жабырқадың жерде бөтен,

Өз еліңнен кетіп алыс.
Зарықты ғой туған Әкең,
Сен үшін көп етіп намыс.
Құмар едім естіп сырттан,

Момын жұрттың мерейіне.
Сағынып көп сен ынтыққан,
Сол қырды мен көрейін де...

— Сүйкімді ғой серуен дала,

Жайнап тұрса жалтыр аспан,
Маған ыстық сай-салада
Қой-қозылар жамырасқан.
Көрінеді ыстық маған.

Сонау қалған жалбыр лашық,
Келсе соған туыс-туған,
Жалбағайлар жабырласып,
Сағындым мен әкемді де.

Құм төбеден қалғам жылап.
Достарымды өскен бірге,
Сағындым кеп, толғандым-ақ,
Бірақ сонда мұздар жүрек, —

Көрінсе сол ел елесі;
Тулар мүмкін ыза тілеп,
Жанға түскен көлеңкесі.
Түксиіп құр жатқан шығар,

Сұрсыз сонау түйе құмдар.
Сорға мәңгі батқан шығар,
Байға басын иген құлдар.
Жүрген шығар қалбалаңдап,

Қой соңымда әкем сорлы.
Бажылдап бай алған жалдап,
Көтерді ме сойқан қолды?
Еңкейді ме, есіл жұртым,

Түйілген соң жат жұдырық?
Ұлық-төре бұзып шырқын,
Жатса қайттім атып-ұрып?
Сонда менің — дәрменім не?

Қайнар мүмкін, құр зығырдан!
Қайралдым ба ел кегіне,
Әбжыландай ыза буған?
Өнерім не, білімім не,

Қайда маған қару — қайрат?
Сорға батқан сол еліме,
Қалай барсын қиял жайдақ!..
Айтып соны тұр мұңайып,

Жас Әліби жаны күйген.
Албырт Петя сыры ғайып
Өзгеше бір ойлар түйген.
Кенет сөйлеп қалатын да,

Ақындарша қолын сермеп.
Мініп қиял қанатына,
Кетер еді қияға өрлеп.

— Қырға барсаң жаның жүдеп,

Қайта тағы күйінеді,
Ізгі бақыт жолым тілеп,
Кел, кезейік дүниені!
Кел, жаһанды аралайық,

Әлем сырын ашайық бір,
Қиындыққа қарамайық,
Кереметті жасайық бір!

— Ұшқыр досым, қаржы қайда?

Қарға мініп кетеміз бе?
Жұрттан қайырым табылмай ма
Ізгі ниет етеміз де!
Күншығысқа жаяу кетіп,

Ораламыз күн батыстан.
Дүние біткен қалған бекіп,
Емес шығар тар зымыстан.
Мүмкін ашар дарқан әлем,

Алдымыздан кең қақпасын.
Ғайыбы көп сырлар терең
Алдымызда ойнақтасын.
Әділ шындық қай тарапта,

Қайда бақыт сағымдалған?
Барамыз біз сондай жаққа,
Көрсін соны сағынған жан.
Шулы батыс, сырлы шығыс,

Жат өлкелер таң-тамаша...
Қандай қызық жаяу жүріс,
Төтелейміз таудан аса...
* * *

Қиял жүйрік кетті бірге,
Қанат қақты екі сырлас,
Ленаның көз түкпірінде,
Мөлтілдеді моншақтай жас.

Қыз ба Лена жігіт қияр? —
Төк жалынды, жанын биле!
Тоқта, ұшқыр үміт-қиял! —
Тік көзіңді Әлібиге...

Ақиқат кілті

І

— Женева! — Сұлу қала, маңы ғажап,

Саяхат еткендерге жаны қалап.
Орманнан тыңдап жырын әнші құстың,
Екі жан келе жатыр көл жағалап.
Серуен, жағада жұрт жабырласқан,

Алуан тілдер мұнда да жамырасқан.
Бетінде біреулердің жұлдыз ойнап,
Жандар көп ақ жүздерін зәбір басқан
Жан сауға саясындай осы бір жақ,

Болатын қуғындарға таса, тұрақ
Тоғысқан мұнда нелер өрен ойлар,
Асылдай әр қиядан түскен құлап.
Бар шығар жасағандар саяхатты,

Судай бір сапырғандар саясатты.
Россия талмаусырап тұрған шақта,
Бұл жақтан ұлы адам сая тапты.
Келеді меңзеп алға кең маңдайын,

Басына қанатты ойлар қонғандайын.
Қарайды сұңғыла құс ән шырқаса,
Шерткендей шалқыған бір орман жайын.
Табиғат қызық қой, таң қаласың да,

Taп болған адамзаттың таласына.
Осындай әнші құс та, ну тоғай да,
Бар еді сонау Еділ жағасында.
Осынау көк аршалы көл маңы да,

Ұқсайды сонау
Орыс орманына,
Бірақ та жаны
Сүйген сағыныш бар, —

Отаны — үміті де, арманы да.
Қайықтай Женеваның көліндегі,
Жүйткіді жүйрік ойлар көңілдегі.
Кемедей өтсе жарып қара бұлтты,

Қаптаған Россиянин көгіндегі.
Болмаса дүниеде нала-қайғы,
Болса өмір — осы жаздай ғажап айлы.
Құрсауын қиратуға жауыздықтың,

Төндірсе құдіретті нажағайды...
Бұрқ етті жанар таудай бесінші жыл,
Әлі де ұшқын атып есіңде жүр.
Осынау жат қияға келді ұлы жан,

Елінің лайсан бейуақ кешінде бір.

ІІ

Сайысып шықты кеше жиналыстан,
Әлі де кеудесін сол ойлар қысқан.
Қалса да шын қастары Россияда,
Аз емес еріп келген мұнда дұшпан.

Бөлінсе жұмыр бір күш не себепкер,
Сынығын сығып қайта өкшелеп көр.
Сондай-ақ ашындырды Ильичті де,
Жалтақтар, жойымпаздар, меньшевиктер.

Барлап ол алыстағы өр қиялы,
Тұтқиыл түйілгендей бар қияны, —
Еңкейіп жазып жатып, деп. қойды ол:

— Жасаймыз жеке, жаңа партияны!

Сүйсініп сол бір қайсар сеніміне,
Қарады қасындағы серігіне:

— Тыныштық аясы ғой осы жаға,

Володя, ой басты ғой сені мүлде.
Ермекке минутыңды қиясың ба?

— Келдік қой тынығуға, я осында.

Ал, Надя, міне гүлдер,— деп Ильич,
Қағады бұталардың миуасында.
Тереді жидегін де, шиесін де,
Қызық қой қызыл моншақ бұл несібе.

Жасында сонау Еділ тоғайында,
Тергені бүлдіргенді тұр есінде.
Осылай Ильич бүгін дем алады,
Түспейді бұл саяға күн алауы.

Кездессе түбірден бір саңырауқұлақ,
Балаша кәдімгідей қуанады.

— Ал, Надя, бұларды мен пісірейін,

Кезекті бұл да менің ісім дейін.
Оқы сен французша кітапты бір,
Өзіңдей мен де талдан түсінейін.
Жайылды көкорайға көп кітаптар,

Қолжазба, алтын ойлар, не қымбаттар.
Парижден, Россиядан, Каприден,
Көк қанат қарлығаштай келген хаттар.
Мүмкін, сол шомылғанда мұхит ойға,

Толқынын жиған шығар кең маңдайға.
Томдардың түкпіріне жасап жорық,
Шыңдалған шығар өзі зор майданға...
Табанда саңырауқұлақ қуырылып,

Жатқанда қақпағына буын ұрып,
Ильич мәз, — шіркін солай қуырылса,
Сибирьден келген болса буылдырық1.

— Ә, міне, келді біздің қыран құстар,

Сендерге күніменен болдым құштар! —
Осылай келе қалған бес адамға! —
Деп жатыр, — кел, туыстар, кел, туыстар!
Көргендей ағаларын көп сағынған,

Тағы да кетті маздап сөз көрігі.
Ұшқындап Россияның ошағынан,
Майданның қия таулы баспалдағы,
Алдағы күрестердің асқарлары —

Сөз болды елестеді көздеріне,
Жеңістер нажағайдай аспандағы.
Патшалық қол астынан қиыр мүлде,
Сонау бір Европаның бүйірінде.

Осынау аз ғана топ ақ семсерді
Қайрады капиталға түйілуге.
Бар, ия, құдіретті өрен алып,
Мұхиттай тебіреніп жатыр халық.

Бар, ия, құдіретті — ұлы Ленин!
Жалынды жас партия — батыр анық.

— Жоқ, достар, Ильич енді тынықсын бір.

Шертілсін сергітетін тыныштық жыр.
Шырқайык, кәне, Ильич бастаңызшы,
Кеудемде орыс әні толықсып тұр.
Деп бірі, бәрі соны қостай кетті,

Ильич те кетпек еді бастай көпті,—
Есіне түсті, мүмкін бір керегі,
Жекетке қолын салып тоқтай кетті.

— Қайда жүр, кешегі бір қыр адамы?

— Ол сізге кездесуге құмар әлі,

— Ендеше, келсін маған, жіберіңіз.

— Қалайша табады ол бұл араны?

— Өзгерді, Ильич енді пәтеріңіз.

— Білеміз бұл қоныстың қатерін біз,

— Оңаша, аулақ жақтан таптық үйді,

Сол үйді енді қызық етеміз біз...

— Ал, шырқа! — деп өзі бір дауыстады,

Жаңғыртып мұнар тауды алыстағы.
Шарбы бұлт Швейцария аспанында,
Шарықтап шыға келді орыс әні,
Осы хор шыққан шетте некен-саяқ,

Өршіді қалың нөсер жауындай-ақ.
Ильич те көтерілсін құлаш сермеп,
Қыранша, қалған кезгі дауыл таяп.
Кенеттен көкті бұлт жапты бірақ,

Ашуын алыс таулар жатты бұрқап,
Мейлі, енді аспан торы айырылсын,
Уа, дауыл, соқ қаттырақ, соқ қаттырақ!

ІІІ

Келеді осы жігіт әлде қайдан?
Уа, оның жер бетінде көп іздері,
Жаһанды кезіп жігіт не іздеді?
Қалды ізі мұхиттардың аралында,

Жағада, сонау Орта теңіздегі.
Қалды ізі жердің қиыр шығысында,
Үндінің жыңғыл орман жынысында,
Шөлінде Африканың шоқты басқан,

Бұл табан жылдам еді жылысуға,
Алауы сахараның қақтағанда,
Альпадан аяқ талған аттағанда,
Таң болып тауда аңға, келде құсқа,

Болды оны мақтаған да, даттаған да.
Жерді бұл диуанадай ақтаған ба?
Тыныстап бір қуыста жатпағанда.
Әлемді кезді неге осы жаяу,

Маңдайын соғып талай шатқалаңға?
Бұл қай жан жаяулаған және бүгін,
Сыртына көк орманды Женеваның.
Жиһанкез өзіміздің Әліби ғой,

Демі — жер, көлігі — жел, жебеуі — күн.
Қос боздақ қиял атқа мінген кезден,
Қаңбақтай жел қуалап жерді кезген.
Тартылып табан тамыр, кейде талып,

Аш өзек қуырылған, жанын езген.
Сонау бір Африканың терісінде,
Екі жас келіп жаңа келісімге,
Қиялдың қанатына мінген Петр,

Жөнелген жердің басқа өрісіне.
Сенделіп серідей бір қуған сағым,
Әліби сездірсін бе, сынған сағын?
Жырласа болар еді жеке дастан,

Шанхайда талмаусырап тұрған шағын.
Жолаушы шертер сырын кейінірек,
Болсам да өзім соған бейімдірек —
Бөгелдім бөлмейін деп бұл сапарын,

Келеді оны өзге пейіл билеп.
«Апыр-ау, нені сездім, не байқадым,
Құйындай қағып өттім, жер байтағын!
Қу жалған қайда барсаң сұп-сұр өмір,

Қалай деп қалың жұртқа сыр айтамын?
Әлемнің көрік берген айдынына,
Жарқылдақ жайындардың байлығы ма?
Сәні мен салтанаты таң ба маған,

Жарлы жұрт батып жатса қайғы-мұңға?
Апыр-ау, ақиқаттың кілті қайда?!
Түнектің пердесі бір жыртылмай ма?
Әлде шын әділет құр бұлдыр сағым,

Жалынан ұстатпайтын толқындай ма?
Жоқ, тоқта! Кереметті кешегі сөз,
Тарқатар бұл жұмбақтың шешуін тез.
Есіне түсті: жиылыс, даулы зал сол,

Жиһанкез болған соған тосыннан кез.
Өзгеден шағын, шымыр тұлғасы да,
Мынау кім сөйлеп кеткен тым ашына?
Сөйлейді өктем және құдіретті,

Теңіз-ой толқығандай бір басында.
Сөйлейді сермеп қолын қанатындай,
Қыранша күйкі құсты қағатындай.
Сайысқан жандарды бір жатыр тежеп,

Майданнан жаны тоят табатындай.
Жиһанкез келген мұнда қаңғалақтап,
Сөздерін көкейіне қалды сақтап.
Келеді іздеп міне, адамды сол,

Орманды көл шетінде жедел аттап.

ІV

Құж-құж тау, қалың жыныс осы бір маң,
Әлемнен таса жердей жасырынған,
Сол түкпір жолаушыны тартып жиі,
Сәлем хат ұшқан жердің қашығынан.

Шеттегі гүл оранған шағын үйге,
Ақ пейіл қарт етікші өзі би де.
Ильичтің мекені бұл іздеп мұнда,
Жаяулап келді міне, Әліби де.

— Ол кісі, сірә қазір үйде шығар, —

Деп жауап берді оған пейілді шал.
Бөлмеге еніп еді жолаушы бұл,
Ішінде бір топ бала, нендей шу бар?
Мұнда жүр егде бір жам бетін бүркеп,

Саусағын мүйіз етіп, бүгіп сілтеп,
Сүзем деп балаларды қуалайды,
Соған мәз жас бөбектер күліп жүр тек.
Ол өзі келген жанды аңдамады,

Балаша ойынға сол алданады.
Толғаған ел тағдырын осы адам ба?
Ғажап қой!— деп Әліби таңданады.
Ия, сол, әлем сыйған пейілінде,

Сай еді, қызығы да, сейілі де,
Ұлы жан сүйе білген, күйе білген,
Толы еді бөбектерге мейірімі де.
Ал бір сәт көзі шалып қалды білем,

Жігітке қарай қалды әлгі кірген:

— Ия, білдім, хош келдіңіз, отырыңыз,

Деп Ильич оған көңіл қойды бірден.
Сезгендей соны бөбек достары да,
Тарады, ым қағуды тоспады да,
Қасына жиһанкездің отырды ол,

Сұрағын өзі бірден бастады да,
Жолаушы айтып кетті бөгелместен,
Жолдарын жаһандағы жүрген, кешкен,
Ақиқат, әділдікті таппай бірақ,

Сол үміт ойындағы сөнген, өшкен...

— Ия, солай дүниені кездім деңіз... —

Әділдік жоқ екенін сездім деңіз.
Табатын әділдікті алып күш бар, —
Тек содан ойыңызды бездірмеңіз.

— Жаһанда жойылмаса қанау мүлде,

Түзелмес әділетсіз ала дүние.
Әлемде ақиқат сол, жояр күш бар,
Капитал қожалығын таяу күнде.
Сол бір күш Россиянин — жүрегінде,

Жұмысшы, шаруаның — жігерінде.
Торына патшалықтың тегеурінді
Тасқындай бұрқағалы тұр елің де!
Россия абақты ғой талай жұртқа,

Шыдасын енді халық қалай жұтқа?
Бұлқынса үзер патша бұғалығын, —
Соны біз бұлқындырып қалайық та!
Азабын қыр елінің білемін де,

Ұқ, досым, соның мұңын, тілегін де.
Табады езілген жұрт еркіндікті,
Қол артса пролетардың білегіне!
Россия достық бағы болар ертең,

Бақытқа барлық халық бөленер тең.
Жетілер жарты жұрты өнер табар,
Толықсыр ен дәулетпен өлкелер кең.
Уа, сонда жақсылықпен жайнар заман,

Көрерсің жаңа жұртты жайраңдаған.
Құрамыз коммунизм — Россияда,
Сонда тек ізгілікті ойлар адам...
Жүзінде үміт, шырай, көзде шаным,

Көргендей ғасырлардың болашағын,
Сол ойлар Әлібиге — түнді жарып,
Ашқандай алдан өмір кең құшағын.

— Жігітім, ой көзімен байқап қара,

Қалайша жайнар еді, байтақ дала? —
Деп Ильич жетектеді жолаушыны,
Қазіргі біздер жүрген аулаққа да...
Бәріне күрес керек — қуат қайда?

Жұмылса халық тауды құлатпай ма?!
Сол күшке жалын берер партия бар,
Түс оның қатарында, дулап қайна!
Жиһанкез кезді солай оймен алыс,

Ғажайып өмір сыры болды таныс.
Кемеңгер барлап күрес қияларын,
Нұсқады майдандарға жолы шалыс.

V

Адасса, жалғыз қаздың үні шықпас,
Балуан бірді жығар, мыңды жықпас.
Асқар тау жоталарын төсер көпке,
Қияға қалың қолмен бірігіп бас.

Дүние сыр ашпайды қаңғырғанға,
Көктен бақ түспейді екен жарлы жанға,
Қалың қол қосылайын қатарыңа,
Бағынсын талабыма тағдыр алда.

Уа, Ленин!— Қандай ойлы ұлы дана,
Әлемнің құпиясын білдім жаңа,
Түнерген төбелерім жарқ еткендей,
Келгендей көз алдыма күллі дала.

Сол сәуле қуар енді дала бұлтын,
Арылар азабынан нала жұртым —
Лениннің шамшырағы, жан жанымда, —
Берілсін сол қуатқа талап ырқым!

Құдірет сезіліп тұр сенімінен,
Алданыш сағым ойдан сейілдім мен.
Көсемі езілгеннің осы дана,
Жолыңа түстім мүлдем, сендім мүлдем.

Көрінбес тозаң басып қалған ізім,
Несіне шимайладың жалған жүзін,
Ойласам аяр жаным дін шырмаған,
Жастықтың өткен кеше арман күзін.

Белгісіз ғайып үміт бастап мені,
Ұстатпай бақ құсындай қашқан еді,
Жаһанды кездім жаяу — тапқаным сол,
Лениннің ой-санама ашқан кені.

Бойымды биле, биле сол құдірет,
Лениндік партияда сенім, тірек!
Естілді құлағымда майдан даусы,
Жатқандай Россияда сел күркіреп!..

Сол оймен асып талай қырқа белден,
Шыққанда күрес даусы шырқап өрден,
Әліби тартты Питер қаласына,
Зор күрес солдатындай бұрқап енген.

Торғай құйыны

І

Шарықтап құм жосалы жалаң белді,
Шаңдатып келе жатыр Аманкелді.
Аңқытып ақ тұйғындай астындағы
Алды — жел, арты — құйын жарау керді.

Артында Аяп бала шаң бүркенген,
Келеді көк бестімен қалқып ерден.
Шоқытып құм төбеге шықты өзі,
Аңшыдай адырдан бір түлкі көрген.

Жоқ, аңшы емес қазір жөні бөлек,
Жарысып жүрген де жоқ жел жебелеп.
Дүз барлап келген де жоқ жауды бағып,
Жорыққа шыққан да жоқ елден ерек.

Селебе соғар шақта төгіп қаһар,
Сұңқар да алдын ала қанат қағар.
Таянса қалың нөпір шағала да,
Саңқылдар жағаларға жайып хабар.

Аспанда әбжыламдай түсі бейне,
Шықса бұлт түп қабағын түйіп кейде.
Лашығын лақтырып бір кете ме деп,
Жарлы жұрт басқұр бауын түйінбей ме?

Сондай-ақ Аманкелді түйген қабақ,
Бұлт басқан даласының кегін қарап.
Қасқырдай қанды көзді ұлық-төре,
Қадалған қойдай момын елді талап.

Соғыстың сұрапылы жедел есіп,
Жұлқысқан жиһангерлер төбелесіп.
Бетіне дүниенің жалын бүркіп,
Әлемді таламақшы тең үлесіп.

Алыста майдан оты жарқылдаған,
Жер бар ма сол бір өртке шарпылмаған?
Осындай алапатта аулын ойлап,
Жігіт пе оймен самғап шарқ ұрмаған?

Ол әлі жорық кешкен батыр емес,
Ауылда бай-төремен тату емес.
Өзінен асқан ойлы аға да жоқ,
Алатын осындайда ақыл-кеңес.

Ойлап тұр Аманкелді құм төбеде,
Әліби кешікті көп мұнша неге?
Ауылға әрекетін тигізе ме,
Батыста бұрқ-сарқ еткен қан селебе?

Сарғайтты асық досы, сағынышты,
Алыс, жат қияларға не қып ұшты?
Келгелі бір сәлем хат аз күн болды,
Сөзінен ұшқандайын жалын күшті.

Талай жыл жоғалса да кетіп жырақ,
Мекені бұл күндегі Петроград.
Жұмбақтап әлденендей сыр білдірген,
Сенетін күші бардай бекім бірақ.

Ол сірә мұнарадай биік шығар,
Теңіздей терең ойлы тұнық шығар.
Өлеңмен ақыл терген жиһанкез ғой,
Сырына бұл дүниенің қанық шығар.

Қазір ол асқан менен мерген шығар,
Ғайыпты нысана қып келген шығар.
Күреске епті шығар шалысы бар,
Білегін балуанша жеңнен сыбар.

Дариға, кетті сонау балалық шақ,
Ойлап ек айрылмастай бала құшақ.
Айырды қатал тағдыр, жоғалды ол,
Құлазып қалдым мен де далаға ұқсап.

Бұл қырдан кетті ол да қашты киік,
Түнеріп жатыр дала тас түйіліп.
Алысып әлділермен албырт жаным,
Кек буды жүрегімді басты күйік.

Жағаңа жат жармасса қайтер едің?
ЬІзасы өтті елге бай-төренің.
Сүліктей ұлықтары жұртты сорып,
Қансырап тұрған жоқ па байтақ елім.

Сұм болыс сындырған сен елдің сағын,
Сол үшін шыдамадым, қол жұмсадым.
Сол үшін солар мені қаралады,
Бұзық деп ұлықтарға берді шағым.

Осылай толғанды да Аманкелді,
Көзімен тұрды шолып жалаң белді.
Артынан Аяп бала келді жетіп,
Аптығып, далаңдатып балақ-жеңді.

— Ия, батыр, келе жатқан қажың қайда?

Ол өзі патшаға да бағынбай ма?
Шоқынды, орыс болды деп еді ғой,
Қалайша табынды екен ол құдайға?
Ол үнсіз тұр төбеде қарауылдап,

Майдан жоқ, мінген аты жарау бірақ.
Шығанға ұшқан сұңқар оралса тез,
Ашуын көтерсе тез, қыр дауылдап!

ІІ

Осындай мереке бар қай ауылда,
Қуаныш лебі соқты Қайдауылда?
Желпіді түндіктерін қоңыр үйлер,
Қонғандай келіп жаңа жайлауына.

Жайнаңдап жер ошақтар жанып жатты.
Жайраңдап жарлы жүздер жалын атты.
Ауылдың ортасында алқа-қотан,
Соған жұрт жапырласып барып жатты.

Мейлі, жамырасып кетсе төлдер,
Кекселер, келіндерің өтсе жол бер.
Бәрің де жиналыңдар бұл жиынға,
Келіңдер, әділдікті көксегендер.

Айналып ауыл үйді албырт Аяп,
Айтып жүр жаңа келген жарлықтай-ак,
Әліби қазір кеште сөйлейді сөз,
Әкелген сыйлығы бар жарлыны аяп...

Өткен түн қоңыр үйде ортадағы,
Мәжіліс таң атқанша тарқамады,
Әліби шертті бастан кешкендерін,
Айтылды арманы мен бар талабы.

Екі дос кездескенде кеңіс белде,
Соғысып кеуделерін көріскенде,
Ғашықтай таңырқасып бірін-бірі,
Ой жұмсап өткен сонау өрістерге.

Келсе де кезіп өзі талай жерді,
Көп әлем көрген жандай Аманкелді,
Сөйлесе ыза жанған лебізімен,
Ен төстегі жүргендерге талап елді.

Қалың қас, қара мұртты, кең иықты,
Тұлғасы тығыршықтай толығыпты.
Жұлдыздай жанарынан ұшқын атып,
Өзіне қаратқандай қауым жұртты.

Ауылда Аманкелді солай өскен,
Озық боп даладағы баяу көштен,
Ал сонда таңданады Аманкелді, —
Досына жердің жүзін жаяу кешкен.

Ақсары, жүзі жылы аяулы жан,
Алыстан барлаушыдай ой аңдыған.
Көзінде үміт күліп, әлем сыры,
Ашылып тұрғанда бір таяу бұғап.

Алдында саз бергендей таң әлемі,
Сол сырға Аманкелді қанған еді,
Жинады ауылдасын жаңалықты,
Білсін деп бүркемеде қалған елі.

Жиынға келді түгел жарлы қыпшақ,
Жан-жақтан жапырласып жайып кұшақ.
Ағытты өлеңін де ақын Омар,
Батырын мадақтаған жырау құсап.

Күлімдеп жадау жүздер алды қоршап,
Шақырған Аманкелді бәрін жар сап.
Әліби айтып кетті әңгімесін,
Іздерін елестетіп қалған алшақ.

Ал анау ақбоз үйде жатаң сыр бар,
Жиналған істік мұрттар, сақалдылар.
Сабадай кешкі піскен күмпілдетіп,
Сабалап жатыр сөзді мақау қулар.

Бәрінен бойы биік, түрі қатал,
Атандай ортасында отыр Қапар.
Түксиіп отыр ойлап, тұман басып,
Қадалған көзі қайда төгіп қаһар?

Делдиген кең танаулы қара сұр жақ,
Керілген кірпі шашты, қасы қияқ,
Паңсынған Орынбордың оқығаны,
Мәдияр міңгірледі мұртын сипап.

— Ол өзі шоқынды бір, безген діннен,

Кезеп ол, дүниені кезген күннен.
Орысқа жанын сатқан азғын қу ол,
Алаяқ ылғи жалған сөзбен жүрген.
Түріктің тонап келген саудагерін,

Шот емес, оған сотың, дау дегенің.
Кәпірден қатын алған, шошқа жеген,
Найсап ол зілін артқан тау бәленің.
Келді ол жұртымызды азғыруға,

Елдікті тоздыруға, аздыруға.
Ата жол, дін, ақсақал, соты қайда,
Бұл қуды азғынсың деп жазғыруға...
Солай бір басып жатыр сөз көрігін,

Маздатып өсектерін өздерінің,
Ал мұнда Әлібиді алқалап жұрт,
Айтқызған дүниені кезген жырын.
Әлемнен әділдікті іздегенін,

Сапардың сыры қилы тізбелерін.
Сезгенін, түйсінгенін, күрсінгенін.
Кейде көп үміттерді үзгендерін...

ІІІ

Қараша үйді жапқан ақ шымылдық, —
Соған бір елес беріп жатты шындық.
Олжасы Әлібидің саяхаттан —
Киноскоп, фото-сурет — жалғыз мүлік.

Міне, бір пленкасы елес берді:
(Жиһанкез мұны неге әуес көрді?)
Арқалап жас бөбегін қайыршы ана,
Нан іздеп кезген талай белестерді,

Сондай көп сурет берген барша қала,
Қандай көп сұлу үйлер Варшавада?
Міне, бір мыжырайған өңшең лашық
Тұрады мұнда кімдер, ал шамала!

Қараңдар құдай берген кереметке —
Мұхамбет мекен еткен міне, Мекке.
Аш-арық айналасы Қағбаның,
Қол жайған бір напақа тілемекке,

Қарашы қара борбай бәдәуиге,
Түсірген құдай неге нала күйге?
Қажылап келген қартты жатыр тонап,
Біреулер таяу жерде тауап үйге...

Мінекей шұбырған жұрт Стамбулда,
Мына бір түйілген қол мыстан қол ма?
Тізесін бүккен түрік отыр мүлгіп,
Торғайдай төзіп қана қысқан торға...

Уа, ғажап, жайнап жатқан шай даласы,
Ну жыныс аққан бұлақ айналасы.
Қамшымен ұрып жатыр үнді қартын,
Ағылшын әлеуетті, бай баласы.

Қолында иірілген күміс жылан,
Мынау кім пілге мініп, тыныш тұрған?
Созып тұр түйе сандай тұмсығын піл,
Соқсайшы ақ түстіні үндісті ұрған..

Қосаяқ арбада бір күлген мырза,
Адамды ат қып жеккен, соған ырза.
Майысып сүйрелеген мүскін жаяу —
Аш қытай кеудесіне толған ыза.

Мұхиттың жағасы бұл қызық сурет:
(Шанхайда суреттен де қызық сыр көп).
Жүк тасып тәлтіреген өңшең қара,
Зембілде шетелдік бір жатыр сұр бет.

Тағы да таңғажайып көріністер —
Алуан ақ сарылар, қоңыр түстер.
Орағын жалап тұрған аш шаруа,
Көшеде шуылдаған көп жұмыскер...

Көргенді тебірентіп бұл ауыр күй,
Өршітіп әңгімесін тұр Әліби.

— Жаһанда көрмедім бір әділдікті,

Жауыздық жайлап жатқан шырмау ылғи.
Осындай ауылдасын ойландырып;
Қалды бір киноскобын айналдырып
Бір адам өр маңдайлы, тік тұлғалы.

Сөзімен сермелгендей майдан құрып,
Саңқылдап тұрғандай бір ол дауыстап.
Алыстан көрсетіп тұр нені нұсқап?

— Әділдік кілтін тапқан осы дана,

Шыққан сол күрестің де туын ұстап!
Заманның ел бастайтын данышпаны,
Көреген, көзді шолған алыстағы.
Батыр ол, қол құраған халық үшін,

Патшамен — бай-төремен қағысқалы.
Көрдім сол кемеңгерді аты — Ленин,
Теңіздей терең сырға батып едім.
Бақытқа жарлы жұрты жетер жылдам,

Барласа кең айдындай ақыл кеңіп.
Сондай бір дүниеге адам келді,
Білерсің кереметін Аманкелді.
Патшаның құлдығынан құтылуға,

Тек соның жолы ғана табар жөнді...
Жұтып жұрт Әлібидің сол бір лебін,
Тамсанып, деді бәрі — Ленин, Ленин!
Әліби шертіп ұзақ әңгімесін,

Ұйқыдан арылтқандай мең-зең елін.

— Ия, солай, оянсын ел ұйқысынан!

— Ашынса оянбай ма жан қысылған!

Солай бір желпінді жұрт тыңдап сырды,
Қиядан қайтып келген жыл құсынан.
Ал біреу көзбен ылғи арбасыпты,
Түнерген сұр жүзінен қан қашыпты.

— Жоқ, жалған айтқандары,— деп қырылдап

Мәдияр алшаң басып алға шықты.

— Жасынан діннен безген, елден безген,

Әліби — алаяқ бір әлем кезген.
Ермеңдер оның тантық тәліміне,
Бүлдіргіш, елді бұзған желеу сөзбен.
Сөзіне сенбе мұның бүтін қыпшақ,

Қыпшақты етпек мынау қырық пышақ.
Қаны бір бай-кедейді атыстырып,
Не болмақ пәлекетке ұрындырсақ?..
«Алашпыз, ала болып жарылмаймыз,

Бай-кедей өзегі бір бауырдаймыз.
Қамқор бар қазақ қамын ойлар қазір,
Панаң біз, жұртым, асқар тауыңдаймыз!
Сондықтан сенбеңіздер бұл кезепке,

Азғынның айла сөзі елге сеп пе?
Адасқан Аманкелді ерсін соған,
Ермейді ұйтқысы бір ел өсекке...

— Бар күзет босағасын бай-патшаның,

Соларға жарық бол да жайнат шамын.
Біледі жарлы жұрты сүйенерін,
Біледі өлмеудің де қайрат-қамын.
Не пайда бізге сенің алашыңнан,

Білеміз қамқорыңды ағасынған. —
Шұлғиды елін езген ұлықтарға,
Бой сақтап елдің тартыс-таласынан.
Әрі жүр, Әлібиге тіл тигізбе!

Әкелді ол әділеттің кілтін бізге!

— Әліби тұйғынымыз түлеп қайтқан,

Сонымен бірге енді сертіміз де!
Ол аң-таң көзі шығып шарасынан,
Өзі де момын жұртқа ағасынған.
Жан-жақтан зілді көздер қадалғанда,

Мәдияр зытты жұрттық арасынан.

ІV

Бірталай содан бері күндер өтті,
Қан соғыс бүріп жатты жер мен көкті.
Апшысы қуырылды патшалықтың,
Төсіне төндіргендей зеңбіректі.

Әліби ауылдарын жүр аралап,
Түтінді түндіктерін түре қарап.
Түтіліп құрымдары тозған лашық,
Лашықтай жарлы жандар жүдеу қабақ.

Түксиген баяғыша түйе белдер,
Керуен заман зілін сүйрегендер,
Замана — бұрқыраған құмды жапан,
Шөлінде керуендей күйреген ел,

Түйілген қара бұлттай билегендер.
Иленген күбісінде күйбелеңдер.
Солай бір мал соңында қатқан әке.
Көмілген құм кебінге, тимеген көр.

Еңсесін езген елдің бай ғана ма,
Момын жұрт топалаңнан жай қала ма?
Өрт шалса бетегесін осы қырдың,
Құм батқан шаңырақтар шайқала ма?

Жанында жалғыз ғана сенімі бар —
Жарлы жас өрендері жанын ұғар.
Қасында жүрді бірге Аманкелді,
Ашынса айбатынан жауы бұғар.

Әлемнің ашып талай сұр беттерін,
Әліби жайды жұртқа суреттерін
Жиһанкез енді кезді қыр жапанды,
Жапандай жүдеу жұрттың тербеп кегін...

Шығып бір мәжілістен бүгін кеште,
Әліби тұрды міне, бір белесте, —
Қой баққан құм төбелер үн қатқандай,
Қашқан сол балалық шақ келіп еске.

Жөнекей жас офицер хабар берген,
Қайда жүр солдат атқан сонау мерген?
Сол мерген осы құмда жортқан жұмбақ,
Талай жыл қиялынан қалмай ерген?..

Сол елес бұлдыр кеште кетті жырақ,
Есіне түсті енді Петроград.
Жасырын жиналыстар, жүз таныстар,
Жатқан қол, революция кілтін бұрап.

Ия, солар, солар ыстық туысы да,
Солар ғой жебеуі де, тынысы да.
Лениндік құдіретті ұлы қолдың
Әліби қырдан туған тұңғышы да.

Сол сәті туған күнге тең емес пе?
Өтті жыл, осындай тап қоңыр кеште.
Петроград, завод та бір таса жиын, —
Сол жиын мәңгі-мәңгі қалар есте.

Ақ шашты жұмысшы қарт, сұсты қабақ,
Көп тұрды Әлібиге көзін қадап.

— Ильичтің шын ден қойса ақылына,

Бұл жігіт құлшынса шын өзі қалап.
Берілсе еңбекшінің мұратына,
Қанаудың қожалығын құлатуға.
Сапына партияның қосылсын бұл,

Халқының жалын берсін қуатына, —
Дегенде жанып жігер кеудесінде,
Күреске, бақытқа да теңдесуге.
Берген ант партияға перзент болып,

Елестеп сонау сорлы ел есіне.
Жүрсе де өзі қазір бұл алшақта,
Сол қолдың солдаты да жүрген сапта.
Партия — лебізі де, сенімі де,

Ел үшін тулап жүрек күйген шақта.
Сорлы жұрт зорлық деген не жеңген,
Шатақ көп шырмауықтай шиеленген.
Ата, ру, ақсақал бар жігін жапқан,

Ұлықтай соған басын сүйеп ерген.
Өзгеше мұндай майдан, өзегі жат,
Әліби кезенер бір кезегін тап.
Апыр-ау, неден соны бастау керек,

Питерге айтып соны жазамын хат...
Осылай ойланды ол дөңге келіп,
Төменде ауыл жатты дөңгеленіп.
Иірілген түтіндері түндіктерге,

Мал мен жан бейуаққа тең бөленіп.
Түнерген бейіттердей құрым лашық,
Қой сауған келіншектер сыбырласып.
Сонау бір шаңқан үйден шаңқылдаған,

Бәйбіше ашуына шұғыл басып.
Сондай-ақ шәуілдеді Аламойнақ,
Әлдекім келіп қалды құйын айдап.
Тынышын бейуақыттың бұзып міне,

Салт атты түсі суық тұр айқайлап.

V

— Жандарал ашу-зілін шашып шаң қып,

Келеді алып бізге тосын жарлық.
Бай-болыс кілем төсеп жүр жолына,
Сескеніп әлпетінен шошынарлық.
Мен өзім көрдім оны құм төбеден,

Аң қуып жүргенімде ертеменен.
Жандарал отыр екен пәуескеде,
Үш күрең алын қашқан ентелеген.
Отырды ол артта жеке бетін сүртіп,

Қонақтап тізесіне отыр бүркіт.
Мылтықты қалдым басып, бүркіт құлап,
Аттары алып қашты оқтан үркіп.
Жандарал шалқасынан түсті бірден,

Бәлемнің зәресі бір ұшты білем.
Жөнелді зымыратып ат-арбасын,
Жолы жоқ, Жыланшықтың үстіменен...

— Жарайсың, батыр аға, бәрекелді!

Ұлыққа көрсетіпсің «мерекеңді».
Мергеннің берген мынау сәлемі ғой,
Жандарал білсін әзіл, келекеңді...
Солай жұрт жортуылды қостап жатыр,

Кім мынау жанжал жолын тосқан батыр?
Бурадай салқам дене, бөрі көзді,
Сірә, бұл емес шығар бостан батыл.
Әліби тұрды солай төне қарап,

Сол адам алпамсадай түйе қабақ,
Құшаққа алды қысып Әлібиді,
Әкедей көңілін бір ие қалып.

— Жапанға қаңғып ұшқан қарлығашым,

Жел жетпес жер түбіне бардың ба шын?
Ағаңмын, атқан сонау шапқыншыны,
Арқаның арқалаған бар күнәсін.
Қуғыннан ұлық мені арылта ма? —

Қырғидай қонақтадым әр бұтаға.
Қорқып ем — мен өлтірген солдат үшін,
Орысқа сен кетті деп барымтаға...
Есіне Әлібидің түсті мерген,

Естіген жайын сонау офицерден.
Тағы да таңдана ол қалды қарап,
Мергенге алдындағы төсін керген.

— Ақиық, қиғыр қанат бүркіттей тап,

Жауына оғын кезеп атын баптап.
Қасқиған арыстандай Мерке мерген,
Осы деп Аманкелді кетті мақтап.

— Жігітті шешенсінген — дауда сына!

Атқа мін, Әліби мен Аманкелді,
Ер болса батырсынған — жауда сына!
Төндіріп жайдық оғын жау басына!
Жандарал алып келді бүлік-жарлық,

Солдатқа алынсын деп жігіт барлық.
Қазақты қорлап келген жауыз патша,
Қасапқа айдамақшы елді мал ғып.
Жоқ енді шыдамаймыз мазағыңа,

Түспейміз көгендеген аза-мұңға.
Арқада аруақты көтеремін,
Жар салып орта жүздің қазағына.
Келдім мен кеңесуге екеуіңмен

Патшаның айла-сырын жете білген.
Шығайық қанаттасып жауға қарсы,
Немесе өзім жеке кетемін мен! —
Деп Мерген атқа мініп тепсінеді,

Батқандай кеудесіне кек сілемі.
Сол бір сәт теңіздей бір тебіреніп,
Елінің естілді ме өксігені?
Солай бір ойлап елге батқан мұңды,

Асығып Аманкелді атқа мінді.

— Ал, мерген, кезене бер садағыңды!

— Ал, батыр, баста бізді, қақ дабылды!

Осылай жиылғандар сеңше толқып,
Кеткенде ашулары қырға көлкіп,
Орнынан ұшып тұрды Әліби де,

— Бұл жерде қорлық көрген Қайдауыл ма?

Отырған жорықтарға оймен жортып.
Қайдауыл төтеп берер қай дауылға?
Жиналсын Торғай құмын басқан түгел,
Патшаның бағынбаса айдауына.

Қалың жұрт қаптай барсын жандаралға,
Ауыңа түспейміз деп арбағанда.
Ресеймен елдік құрсақ теңдік қайда? —
Жемтікпіз жеті басты жалмағанға.

Бай, болыс бәйек болар алдағанға,
Өздерін өңешінен алмағанға
Домалар дауыл соқса құрым күрке,
Қақтығар өртке жарлы қарбалаңда...

Сөйлеңдер сондай сөзді сыры мықты,
Бұрқанып жүргендей-ақ бұрын тіпті.
Айбатын білсін қырдың елемесе,
Түйіңдер жандаралға жұдырықты.

Тежеп тез астындағы жарау керді,
Мақұлдап сөйлеп кетті Аманкелді.
Алқынған ат үстінде Мерке батыр,
Алысқа алабұртып қарай берді..

VІ

Мұнда жоқ арғын-қыпшақ маңғаздары,
Ас емес берілетін әр жаздағы.
Көлінде Ақмырзаның қалың жиын,
Келешек майданның бұл сарбаздары.

Әліби, Аманкелді жар таратып,
Жігіттер жалаңдаған ат жаратып.
Толқындай желді күнгі жамырасып,
Өрттей бір алауларын жатқан атып.

Алдына жандаралдың барған бұлар,
Бай-болыс бұйрығына басын иіп,
Айтысып ақтарылған арман-сырлар,
Жағынып жандаралға қалған қулар.

— Бүлдірдің талай жылдар талап елді,

Сақтаймыз сұрапылдан аман елді.
Қор тұтты патша бізді, қорғамаймыз! —
Деп сонда айбат шекті Аманкелді.

— Жігітін апат төнсе ел қияды,

Ресейдің тарылып тұр кең қияны,
Парыз ғой, бар жігіттер селебеге! —
Деп соқты Дуылдақтың Мәдияры!
Жандарал құзғын көзі шақырайып,

Шұқшиған жұртқа сұсты шартын жайып.

— Сап құрып шықпасаңдар аттануға,

Айдалып кетесіңдер тартып айып.
Сөгіліп керегедей алты қанат,
Жөнелді сол бір жиын толқып тарап.

— Айдатам әскерменен қойдай қуып! —

Деп кеткен жандарал да түйіп қабақ..

VІІ

— Жинал! — деп айқайлады албырт Аяп,

Жау келіп жағалауға қалғандай-ақ.
Сап түзеп Аманкелді сарбаздардан
Қамдап жүр шабуылға қалған таяп.
Жігіттер сапырылысып иірілді,

Толықсып көл суындай жиын тұрды.
Қамшысын сілтей сөйлеп Мерке мерген,
Көзімен өтті шолып қиыр қырды.

— Осы қыр, осы біздің ата бесік,

Ашылған мұнда бізге отау есік.
Жат жұрттың айналды ғой асырына,
Қартайдық қаталдықпен қатар есіп.
Патшасы жұртымызды аңдай бүріп,

Тастады басымызға бұғау-құрық.
Барғанша соғысына — осы қырда,
Жасаймыз жауымызға шырмау бүлік.
Шабайық қалаларын, қорғандарын,

Өртейік егіндерін, орман, бағын,
Лап қойып жасағына жоталардан,
Қуайық жау біткеннің қырдан бәрін.
Мынау бай, демей мынау жарлы-кедей,

Билікке жолдамасын арғын-керей.
Қыпшақтан Қапар батыр қол бастасын,
Жау көрсе қадалатын cap жебедей...
Әліби ат үстінде теңселді бір:

— Мынау сөз басқандай ғой еңсеңді құр

Уа, батыр, өзге халық қозғала ма,
Қыпшақ деп мынау қырға берсең дүбір?
Ойла сен, патшалықтың бұғауына,
Орыстың халқы түгел кінәлі ме?

Қаласын қарақшыдай шапқанменен,
Ежелгі елдің кегі тынады ма?
Керек пе қырғын жорық ойладың ба,
Алысқа әскердің зор майданына?

Жұртыңнан жігіт бермей жау жолатпай,
Онан да қорған болшы аймағыңа.
Естідім, Татырдың көк төскейінде,
Шүйілсін сарбаз біткен түнде соған,

Келіпті жазалаушы әскері де.
Патшаның қаһарына сес беруге.
Ежелгі елдің соры арылмай ма,
Бөлінсе арғын-қыпшақ жарлы-байға?

Бай ұлы бар ма найза ұстаған бір,
Солардың жұртым десе ары қайда?
Қыпшақ па көкке өзін арнаған тек,
Арғында майдан шебін барлаған көп.

Бастасын қалың топты намысы бар,
Шақшақтан жалбыр тымақ Жармағамбет.
Балама бір қыпшаққа ала елді,
Теңеме көк майсаға жалаң белді...

Серкесі арлы жұрттың, жарлы жұрттың,
Бастасын бұл жорықты Аманкелді.
Сол бір сөз сарбаз тобын серпіп өтті,
Сыбанды кек буғандар ер білекті.

— Бастасын Аманкелді! — деген даусы,

Көл бетін тербеп өтіп, өрге кетті.
Ұрандап Әліби де кетті жайнап,
Алдында Аманкелді шеккен айбат.
Лап берді Татырдағы лаң әскерге,

Торғайдың түлектері кекпен қайнап.
Жалаңдап жарқылдады найза-қылыш
Далаға дауылдады айбарлы күш.
Патшаның жасағына тиіп өрттей,

Басталды содан талай майдан ұрыс...
Жырлар көп Аманкелді қылышында,
Сырлар көп сарбаздардың тынысында.
Солардың құйындатқан жорықтарын,

Жырлады жыршысы да, туысы да.
Әлі де талай сыры болар жарқын,
Әлі де аңыздарын жырлар әркім.
Айтыста сөз бермейтін ақыны көп,

Торғайдың тумалары толғар бәлкім.
Соларға қалдырдым бұл сыбағаны,
Әзіл ғой жүргенім жоқ сынағалы.
Осылай қағытсаң бір кейбір досың,

Сыртыңнан сұсты қолын сыбанады.
Жүргем жоқ сондайды бір сырлағалы,
Қалдырдым ду көтеріп, құм даланы.
Өлеңмен көштім өзім Орынборға,

Жорығын Әлекеңнің жырлағалы...
Дауыл алдында

І

Орынбор. Станция. Қалың жиын.
Гулеп сөз, соққандай бір дауыл құйын.
Жарыса сөйлеп жатыр ызалы жұрт,
Замана ағысымен даулы қиын.

— Жоқ, енді басқа майдан бастау керек!

— Советті «Уақытшаға» қоспау керек!

— Өршісін Отан үшін әлі соғыс!

— Уақытша үкіметті қостау керек..

Мазағы буржуйлардың жетті бізге!

— Беріңдер бостандықты нанға бөлеп...

— Болмаса, аласыңдар қанмен елеп.

Солай бір шуылдасқан ашынған топ.
Айқайлар көпке дейін басылған жоқ.
Тосын бір мұртты жігіт сөйлеп, міне,
Сөзімен асып кетті асудан көп,

— Бүйірін толқын ұрған заман-кеме,

Тарихтың ағысынан озар деме.
Россия отты басып тулап еді,
Күйреді патшалық сол, тозған дене.
Қирады кереметті күшпен бірақ,

Халықтың қаһарымен өскен тулап.
Шыңынан державаның ұшты патша,
Құзғындай қарлы құздан түскен құлап.
Қуанған соған халық алақайлап,

Құтылған құбыжықтан баладай тап.
Қуанды ойда мұжық, қырда малшы,
Содан бір кеткендей-ақ дала жайнап.
Жоқ әлі, жұртқа заман түйген қабақ,

Аспаны Россиянин, тұр қанталап.
Төбеге капиталдан төре шығып,
Азабын әлі халық жүр арқалап.
Әлі де өршіп жатыр қанды майдан,

Патша жоқ, алапатты кімдер жайған.
Тірескен тонау үшін текешіктер,
«Үрит соқ!» деп төрелер — ұрыс, ойран.
Сүйкенсе екі түйе — шыбын өлер,

Жоқ, халық шыбын емес, соған көнер.
Түйілсін пролетардың жұдырығы, —
Жарлы жұрт, қамқорың сол, сенің сенер!
Сенбе, жұрт, Уақытшаның арбауына,

Түспе, жұрт капиталдың қармағына!
Билікті ал өз қолыңа Совет құрып,
Жетесің сонда ғана арманыңа!»
Мынау кім батыл сөйлеп тебіренген,

Сөзіне естігендер еміренген?
Ол жарып сөйлеп жатыр айқай-шуды,
Адамдай айбатымен әмір берген.
Ол ойын буырқанған басындағы,

Халыққа жеткізуге асығады.
Ол әзір дауыс жетсе шырқар еді,
Сол ойын жеті қырдан асырғалы.
Торғайдың құйын тұрған тақырынан,

Әліби астанаға шақырылған.
Шіріген тақытынан патша құлап,
Саясат судай қайта сапырылған.
Жалтылдап заводтарда қызыл байрақ,

Семсерін жұмысшы тап жатты қайрап.
Қажыған солдат онда ойға батып,
Ақырған офицерге, шеккен айбат.
Самалдай бір жел есіп апрельден

Жаңа үн жамырасып жатыр елмен.
Әліби алып келді Ленин даусын,
Халыққа нажағайдың отын берген...

ІІ

Орынбор көңілге кеп сыр жаяды,
Мінеки, қоңыр шіркеу тұр баяғы.
Жатқанда талып соның іргесінде,
Баланы қырдан қашқан кім аяды?

Қоңырау баяғыша әнге басты,
Тірі ме баяғы поп жалбыр шашты?
Жүр әлі баяғыша шенді төре,
Жұрт жүдеу көтергендей ауыр тасты.

Мінеки, алаңның бір бұрышында,
Сап құрған атты казак бұрынғыша.
Кезейді жарқылдатып қылыштарын,
Бармақшы қандай жаумен ұрысуға?

Соларды, мылтықтарын жатқан оқтап,
Әліби көріп, міне, қалды тоқтап.
Хат жазған Аманкелді Әлібиге, —
Қырда жүр әлі жасақ, қанды тоқпақ.

Қара бұлт жарлық басып ел түндігін
Жортқанда аңсаған жұрт еркіндігін.
Патшаның қанды балақ жендеттері,
Төндірген даламызға өртін, зілін.

Шүйілтіп жігіттерін талай мерген,
Талай бір Аманкелді атой берген.
Қойсын ба қансыратпай қалың тажал,
Жасындай зеңбірегін төпей келген.

Солай бір көтерілген көкпен елі,
Соққыдан талай жасын төккен еді.
Айдалып қан соғысқа қанша боздақ,
Қозыдай көгенделіп кеткен еді...

Енді не? Патша тақтан қуылғанда,
Тұтқанда азаттықтың туын алға.
Не сыр бар қансыратып сорлы жұртты,
Апшысын Әбжыландай қуырғанда?

Патшаның жазалаушы жасағы бұл,
Әлегін қырға талай жасады бұл.
Әлі де барса сонау мүскін қырға,
Заһарын айдаһардай шашады бұл.

Сол ыза қайнап көптен жүр басында,
Жаны ашып сорлаған көп тумасына,
Әліби айтып соны тебіренткен,
Зор жиын Петроград думасында.

Несіне қыр қыраны жасқанады?
Ол солай таң қалдырып астананы.
Уақытша үкімет бұл масқараны!
Талабын қойған еді — жойсын тез деп,

Жоқ, әлі жойылмапты мынау жасақ,
Тағы да жұрт кеудесін келер қашап.
Әліби кетті соны білдіруге,
Питердің Советіне хабар жасап...

Почтадан шығып еді ол көшеге,
Тосыннан бір танысы кездесе ме?
Жат біреу берді бұйрық:

— Жүр!— деп оған,

Ол кетті, тілдесе де, тергесе де...

ІІІ

Тағында отырғандай аталы хан,
Шалқайып отырғанның аты Әлихан.
Жалғыз ол төре қазақ Россияда,
Бақ қонған қазір өзі аталыдан.

Ол төре, алаштың ол — оқығаны,
Кадеттің әдетінде тоқығаны.
Сонау бір айбарлы хан атасынша,
Өзіне ұнайды сол отырғаны.

Отырып губернатор осы төрде,
Аяғын даламызға көсілгенде,
Әлихан арман еткен төрелікті,
Патшаға, аруаққа тосып кеуде.

Енді ол төрге мынау қоныстады,
Уақытша үкіметтің комиссары.
Болса да жандаралдай аңсайды ол,
Атакың аруағын алыстағы.

Замана, қазір бірақ, Талас қолда,
Ата емес, атаманға жанасты ол да.
Дауылда қалтыраған шаңырағын,
Тұр еді сүйрегенсіп Алашорда.

«Қазағым, қалың елім, қайда жақтар,
Орданың тар ма жолы тайғанақтар?
Тығылмай осындайда қолтығыма,
Бетіме қарсы келер қай қазақ бар?»

Ол солай күмпиеді, бардай салмақ,
Абырой-атағының алдын барлап.
Телефон шылдыр етсе шүлдірлейді,
Әлдебір атаманды алдиярлап.

Әліби келіп міне, тұрды қарап,
Әлихан соны көріп түйді қабақ.

— Сен өзің қазақпысың, кәззәппісің,

Жат жолды жұртымызға жүрген қалап?
Еліңде елден безген атанасың,
Қарғайды сені түгел аталасың.
Жазыпты «бұзақы» деп сені газет,

Оқы сен Мәдиярдың мақаласын.
Алашты бетін жыртып жаралапсың,
Уақытша Үкіметті қаралапсың.
Қазақтан қайдан шықты сойқан мұндай?

Алдымда аға бар деп қарамапсың.

— Расында аға бар деп қарамадым,

Білемін ағалардың қараларын.
Ұлтым деп өксігендер болды қайда,
Төккенде кеше сорлап дала зарын?
Қазақты қанды патша жалмағанда,

Жендет қып жасақ берген жандаралға,—
Қалайша шыдайсың сен, енді солар,
Қырдағы момын жұртты қандағанда?
Ұқсайтын құтырынған қатал аңға. —

Неліктен қол қусырдың атаманға?
Қазаққа қамқор ма сол қанды жауыз?
Бағынса соған дала батар қанға...
Сөздері Әлібидің сұсты неден?

Еңсесі Әлиханның түсті төмен.
Көзіне іліп қайта көз әйнегін,
Қарады енді соның үстіменен.

— Заманың түлкі болса, тазы боп шал,

Дәуренің аз да болса, қазы боп қал!
Дегендей аума-төкпе замана ғой,
Ия, сондай амалымыз азырақ бар...
Жөн емес жат жолында қаңғырғаның,

Жақсы ғой өз жұртыңмен жаңғырғаның.
Саған да шенім әзір ордамыздан,
Көтеріс алашымның шаңырағын.

— Жоқ, өзің көтере бер бай ордасын,

Бай біткен бақаныңды даярласын...
Еркіндік күмбезінің іргесіне,
Жарлы жұрт өз бетінше жаяр тасын.
Орданың өршіте бер сөз кәдесін,

Құрамыз кедейлердің өз кеңесін.
Берілсін барлық билік Советтерге! —
Билікті Алаш қырдан көздемесін.
Әлихан түрегелді қарап тура,

— Өзіңді қамайын ба абақтыға?

Питердің Советінің өкілімін,
Хақың жоқ жазалауға қамап мұнда!

— Ендеше бара көрме ауыл жаққа,

Аулыма большевиктің дауын жақпа!
Бес сағат мерзім бердім — қайт ізіңше,
Далаға дақпыртыңды дауылдатпа!..

ІV

Ол бірақ кері қайтып жөнелмеді,
Тартты оны жұтаң дала белеңдері.
Тыңдады оның сөзін жиындарда,
Жарлы жұрт — орыс, қазақ әр елдегі.

Толқытып ол сөзімен Ақтөбені.
Жақтады Ырғызда ығып жатқан елі.
Қостады Торғай, Шалқар, Қостанай да,
Азаптың батпағына батқан елі.

Әліби жайып елге солай ұран,
Ауылдың өтті міне, талайынан.
Көрінді бір белестен Батпаққара,
Қалғандай жаутан, етіп қарай бұған.

Қалың жұрт, қаптаған мал, бұл ауылда,
Той бар ма, ақсақалдың құр дауы ма?
Әліби желе жортып келді жетіп,
Кеңеспен кездесерге бұл қауымға.

Белеске бес үй жеке тігіліпті,
Жан-жақтан жарлы-жақпай жиылыпты.
Төрінде төре беріп сақалдылар,
Кешегі сарбаздарға түйіліпті.

— Шатақты шығарғандар кеше сендер,

Сендерсің жаулық өртін көсегендер.
Шабылды, байлар тартты тауқыметін,
Қайтарып шығындарын еселеңдер!
Осылай сақалдылар үкім беріп,

Төр-төрде кеуделерін отыр керіп.
Жан-жақтан, жарлы жұрттан жырып алған,
Қалың қой, топ-топ жылқы жатыр келіп.
Жыр етіп тауы солай шағылғанын,

Айтты жұрт Әлібиге шағымдарын.
Келмепті Аманкелді қасақана,
Біледі мұнда ылғи жауы барын.
Анау кім көк майсада жатқан дара,

Әлгі бір кім еді ол, қатқан қара?
Аяғын айқастырып көкке қарап,
Өзінше ұлық ойға батқан дана.
Тұрды өзі мынау неткен қытымыр, паң?

Көбелек үріккендей сықырынан.
Өзінен өзге дүние аласадай,
Танауын түре қарап ытырынған.
Мінекей, жиын жұртты өтті жарып,

Қарамай ешбір жанға қиқарланып,
Қайқиған қысқа бойлы сол тәкаппар —
Жазушы!— Олай болса декір анық!
Сын тағып қайтеміз сол сызды паңға?

Мейлі ғой өтсе-кетсе сол заманда.
Келеді ыза шіркін кейде маған,
Кейбіреу кергіп солай сызданғанға...

— Сорлатқан осы бізді! — деді халық,

От берген бай біткенге осы барып.
Жазған сол сарбаздарды жазалы қып,
Сот құрған сақалдыны қосып алып.

— Ей, тоқта!— деп шақырды қыңыр жанды,

Ол әрең: — Немене?— деп ыңыранды.

— Жауыздық жазушыға жараса ма? —

Мәдияр жауап қатпай тұрып алды.

— Соншама бар ма менде өмір кегің,

Соңыма түсіп неге зәбірледің?
Менсінбей халықты бұл мықшиясың,
Шіркін, бір жұлынса ғой кеңірдегің!
«Мең біткен ойпаң жерге аласа ағаш», -

Өзіңсің сол ағаштай елде қораш.
Қысқанда кеше патша мына жұртты,
Қай жақта амалдады сендей алаш?
Аласа бойларыңмен бұғып қана,

Жорғалап жағындыңдар ұлыққа да.
Уа, ұлтын сүйген сендер не дедіңдер,
Жатқанда жау өртіне күйіп дала?
Аямай аңырап сол көшкен елді,

Ескермей қан селебе көшкендерді,
Жаумысың сенде мынау сорлы жұртқа,
Сот құрып, таптың қайдан тексергенді?
Мәдияр іліп қойды көз әйнегін,

— Сен қайдан қу тіліңді безей келдің?

Алашқа абыройлы зиялымын,
Тап сендей тентек бар деп сезбей келдім;
Ел дауын бітістіру бізге ләзім,
Бұл іске бөгет жасап болма жазым.

Алашорда атынан келдім мұнда,
Бұл жақта билік бізде, бар ма лажың?
Сен өзің әлгі сойқан кезбемісің,
Әлі де біздің жолдан өзгемісің?

Ермейді саған жұртым, бар жөніңе,
Жайым жоқ қыздыратын сөз керісін...
Солай деп қайқаң етті шытып қабақ,
Жол бермей шырмап алды жұрт қамалап,

Әліби мырс етті де саспай ғана,
Сөйледі қаумалаған жұртқа қарап.

— Ал, халық, айтқанына еремісің,

Мынаның әділдігін көремісің?

— Жоқ, аулақ әкет, алаш әлегіңді,

Тендірдің қорлықты бай, төрең үшін!
Солай жұрт қамшыларын үйіргенде,
Әліби жар салғандай жиын елге.
Сөйледі, сұсты сызбен толқындай тап,

Тыңнан бір екпін берген тиірменге.

— Ия, халық, түсін солай ерік сенде,

Мұндайлар басынбасын керіп кеуде.
Сендерге Совет қана теңдік берер,
Ермеңдер «алашым» деп желіккенге.
Питерлік Советтің мен өкілімін,

Сондықтан бөгделерге өкім үнім —
Малдарын алсын қайтып сарбаз біткен,
Айтылған ел атынан — үкім мұным.
Осы сөз серпілтті де жұртты тұрған,

Айқай-шу көтерілді кенет тынған,
Мәдияр қарай қалды Әлібиге,
Сасқалақ сақалдылар зытты жылдам.
Мәдияр қандай ыза-жалын жиды,

Уа, оның қазір қандай жаны күйді?
Оқ болса көзіндегі қызыл шоғы,
Атуға әзір еді Әлібиді.
Көкшіл жан тістенді де үн қатпады,

Қатты қан, мұз жүрегі тулап тағы.
Кетті ол ойлап кетті қиястанып,
Күш болса, жұртқа тауын құлатқалы.
Ол отыр, екі ай болды абақтыда,

Қойыпты Әлихандар қамап мұнда.
Қапаста томағалы қыран отыр,
Тойтарып тастағандай қанатын да.
Апыр-ау, тұтқындады неге мені,

Кінәсін тақпай неге бөгеледі?
Сұрау жоқ, сұрғылт үйде тұман басып,
Өте ме көрінбей күн төбедегі?
Уа, нәлет, Дуылдақтың Мәдияры,

Шонжардың қол шоқпары, жан қияры.
Сол болар жапқан бәле, тоқта бәлем! —
Деп оның құйындады өр қиялы.
Жалындап жатқан шығар Петроград,

Азаттық күресінің кілтін бұрап.
Жеңістің жолын сызып Ленин өзі,
Штабын қойған шығар бекем қурап.
Уа, шіркін, қақса қанат сол майданға,

Сол дауыл көтерілсе Торғайдан да!
Төбедей Әлихандар төңкерілсе,
Даламыз кең тыныспен толғанбай ма?!
Сол үміт кеудесінде сөнетін бе?

Ол оған туар күндей сенетін де.
Осынау тұтқын жанды, дариға, бір,
Жеткізсе Петроград Советіне...
Басынды-ау Уақытша мен мынау Алаш!

Халыққа қаһар шашып қан аралас.
Бостандық деп соғады қайран жүрек,
Бітеді қашан мынау ойран, талас?
Әліби отыр ойын шығанға атып,

Түрме тұр төңірегін тұмандатып.
Күзгі жел ызыңдатып Торғай құмын,
Қағады терезені күй тыңдатып.
Ашылды есік міне, жел де кірді,

Тұтқын жан таңырқады әлдекімді.
Офицер егде тартқан, жүзі жүдеу,—

— Ұмыттым мұны қайда көргенімді?

— Сені мен көрдім кеше аула ішінде,

Маған бір таныс нышан бар түсінде.

— Мен де бір көрген түстей шырамыттым,

Ұқсайсың ұшырасқан қай кісіге?
Офицер күлді сол сәт алып еске...
Кездескен сары бала бір белесте...

— Ертіп мен кетіп едім Орынборға,

Ұқсайсың, со балақай сен емес пе?

— Апыр-ау, сіз бе, сонау мейрімді жан,

Әкеткен мені түнек қиырынан?!
Әліби баяндады өткендерін,
Халін де қазір отқа қуырылған.

— Ия, оған өтті қазір талай жылдар,

Менің де қыңыр тартқан талайым бар.
Жандарал қуған мені Сібір жаққа,
Жазаны шеккен сонда талай мұндар.
Майданға содан кейін ендім мен де,

Ақыры жаралы боп келдім елге.
Құтылдым жандаралдан патша құлап,
Мінеки Уақытшаға болдым пенде.
Өстім ғой, бұрынғыдан асты білім,

Мұндағы тұтқындардың бастығымын.
Лермонтов болжағандай тез қартайдым.
Жөнелді ойсыз, бақсыз жастық күнім...
Біліп қой — мен капитан Загаровпын,

Жігітім, кетіпсің ғой жаңарып тым.

— Ия, солай тәңір бізді қағып доптай,

Айдады әр кезіне жауар бұлттың.
Есіне алып сонау көк белесті,
Екеуі сыр ағытып көп кеңесті.
Офицер тыңдап жайын Әлібидің

Шырмаған оны мынау көпке көшті.

— Мен үшін Уақытшадан сен өтінбе,

Ұждан жоқ оларда мен сенетін де.
Берейін телеграмма соғасың ба?
Питердің жұмыскерлік Советіне.

— Сол ғана болар сірә, көмегім де,

— Мен де бір кез болармын керегіңде.

Қол берген тар қапаста сол бір елес,
Ойының ұйып қалды тереңінде...
Дала дауылы
Неваның толқын сыймай арнасына,

(Қарап тұр соны біреу жар басында)
Дауыл қысып тұрғандай долданады,
Аспанда аңдай бұлтпен арбасуға.
Шымырлап моншақ беті ширық атып,

Шың қаққан толқындарын шуылдатып.
Адмирал мұнарадан асып асқақ,
Тұр жайнап қызыл маяк — шұғыла тік.
Тәкаппар дария бұл дүниеге,

Болмаса көк дауылы түйіле ме?
Тулаған көк төсінде төтеп толқын,
Шүйіліп ескі жаға бүйіріне.
Көгінде пролетардың буырқанған,

Бұл өзен Октябрьге ту атанған.
Күркіреп «Аврора» қияндарға,
Алыста жалындары жүр тұтанған.
Толқып тұр Қызыл тулар астанада,

Жағада сөздер өктем басқа, жаңа.
Революция қорғаны болды бұл кез,
Кешегі Россияға патша қала.
Мұнда Ұлы революция туын ұстап,

Большевик партиясы құрған штаб.
Мұнда Ленин жаңғыртып жер-жаһанды,
Халыққа теңдік туын тұрды нұсқап.
Құздардан аққан селдей соғылысқан,

Бұл жерде кереметті күш тоғысқан.
Қырымнан келді міне Әліби де,
Ел үшін көкірегін ашу қысқан.
Алаштың азаптары тұр есінде,

Тарыққан Торғайдың ол түрмесінде.
Питерлік Совет оны азат етіп,
Шақырған еркіндіктің күресіне.
Қырымға ұшырған бұл қыран құсы,

Болды онда партияның ұраншысы.
Шақырды Ленин оны сол қиядан,
Әліби — жағада бұл тұрған кісі.
Күтіп тұр, бір сағат бар кездесуге,

Кесеммен сырласуға, кеңесуге,
Абыржып Әліби де ойланып тұр,
Қалайша түстім екен мен есіне?
Әмірдің қақтығысып шатқалында,

Жиһанкез жалқы жүрген шақтарында.
Өзімен Женевада кездескенін,
Есінде көсем әлде сақтады ма?
Есінде сонау дала жатқан алшақ,

Торлаған лаңды Алаш, қанды Колчак.
Апыр-ау, ордалы жау өшіре ме,
Есімде атқан жаңа таңды қоршап?
Ойлап тұр өзендей ол толқып бәрін, —

Көтеріп Октябрьдің өр туларын,
Әкетсе сөндіруге жаудың өртін.
Неваның тулап жатқан толқындарын,
Далаға керемет бір күш дарыса,

Зымырап «Аврора» оқтарынша,
Жарқылдап нажағайлы Октябрьдің,
Түнегі тұңғиықтың ақтарылса...
Бөлмеде ойға батқан тек бір өзі

Көріп тұр оймен қыран Россияны,
Айна боп Смольныйдың көк күмбезі.
Алдында ағытылды тасқын міндет,
Советтік Россияға қастық тілеп,

Антанта ақ генерал құтырынды,
Аранын ашты бірге аштық індет.
Алдында ауру дүние ыңырсыған,
Соғыстың жарасынан қан ыршыған.

Анталап айналадан капитал сұм,
Еліміз даң-дұң еді қалың шудан,
Құбылтып кәрі дүние азғын түсін,
Әр жерден ақситады азу тісін.

Осынау күз күнінде отыр Ленин,
Шарықтап заманының жазы-қысын.
Қолбасшы үстінде тұр өр жағаның,
Көруге келешектен болжағанын,

Кемеңгер ақыл барлап айқындап тұр,
Тағдырын жаңа туған державаның.
Қанатын қағып ойлар қиялында,
Шарықтап жөнелгендей қия-қырға.

Тоқтады ойлы көзі, Қазақ жері,
Тапталған ақ бандының тұяғына.
Өмірі жұт түнеген іргесінде,
Осы жұрт Россиянин, кірмесі де.

Талықсып тұтқын жандай келіп еді,
Қат-қабат патшалықтың түрмесінде.
Толғанып ойы кеткен тау мен қырға,
Бөлеуге халықтарды таң нұрына.

Солардың ағысына түйді Ленин,
Қазақтың аянышты тағдырын да.
Көтеріп ойлы басын құдіретті,
«Азат ел болады!» деп күбір етті.

Сағат үш, Жанкелдин де келіп еске,
Орнынан шапшаңырақ жүріп кетті.
Кең маңдай көрінгенге алғы үйде,
Солдатша ұшып тұрды Әліби де.

Көзінен қуанышы жарқ етті де,
Ильичке беріп сәлем қалды иіле.
Ұсынған Әлібидің қолын ұстап,

— Жүріңіз, бөлмеге, — деп қалды нұсқап.

Қашанғы сырласын бір көрген жандай,
Алдынан ашылғандай кең бір құшақ,
Арманы жайнағандай күндей күліп,
Ильичтің сөздерінен нұр себіліп.

Жүзінде жалын ойнап Әлібидің,
Сол бір сәт көтерілді еңсе биік.

— Сізді бір көрдім білем...

— Ия, көрдіңіз.

Сергітіп сонда мені жібердіңіз.
Сонау шет Швейцария өлкесінде,
Өшпестей жүрегіме от бердіңіз...
Халқымның адал ұлы атануға,

Өзімді арнап күрес сапарына,
Келер жыл солдат болдым сапқа тұрып,
Айбынды партияның қатарында.
Содан соң күрес жылдар...

— Білем бәрін...

Ақтайтын жауынгерсің ел арманын! —
Деп Ильич айтып кетті Әлібидің
Ел үшін ереуілді ту алғанын.
Қолбасшы майдандасқан әлемі кең,

Болса да әр солдатын біледі екен.
Ол риза Жанкелдинге, — деді түйіп: —
«Майдан тұр алдымызда әлі төтен»...
Адымдап жүріп қайта алға қарап,

Қолбасшы солдатына берді қанат.

— Сіз қазақ даласына комиссарсыз! —

Деп Ленин Әлібиге қойды талап:
Қорлықтан қазақ елі құтқарылсын,
Жеріңнен жау жасаған жұт арылсын
Берілсін барлық билік Советтерге!

Ұстасын солар елдің тұтқа күшін.
Сырылсын қыр бетінен өңкей пандар —
Колчактар, алашшылар, — Бөкейхандар.
Тек орыс пролетары халқына дос,

Жұртыңа жеткіз соны, бар ақыл қос!
Тез алсын еркіндікті қыр-атырап,
Ерлерден ерікті бір құр отряд,
Майдан аш революция жауларына,

Береді құрал-күшті Петроград! —
Деп Ленин, желеткеге қолын қадап,
Картаға тағы да бір қалды қарап.

— Республика болады қазақ елі!

Өз еркін еңбекші жұрт алсын қалап.
Солай деп қолын көсем қалды нұсқап,
Сол дауыс жөнелгендей дауыл ұстап.
Қырына бақыт құсын ұшырғандай,

Жерінен қуылғандай жау алыстап.
Қиялы Әлібидің тасып сол сәт:

— Міндетім партияға болу солдат, —

Деді ол, сеніп қарап көсем өзі,
Қолымен Әлібиге берді мандат.
Бастады Ильич тағы сыр кеңесін,
Келтіріп келешекті қыр елесін.

Ұқтырып ұмтылысын күрестердің,
Тарихтың аттандырып тура көшін...

ІІІ

Құйында қар әлемге, қапта боран!
Дүбірлетіп дүниені соқ барабан.
Мұз құрсанған сұр дала қақпасына,
Атой берді коммиссар сап құраған.

Пролетардың ашуы, бора қардай,
Жауларды ақ кебінге орағандай.
Күркіреді, лап берді селкілдеді,
Бәйтеректер сілкініп буралардай.

Азап зілі баттасқан бұл атырап,
Көтер кегін сұрапыл, соқ қаттырақ!
Құйындады қалың қол Орынборға, —
Әліби құраған бұл атты отряд.

Мұрты мұзды комиссар түсі қатал,

— Ей, бөгелме, зымыра саппен қатар!

Қаптай шапты борандай ашу бұрқап,
Топтасқан орыс, қазақ, башқұрт, татар.
Тұтқасын даланың сол тұрды тұтып,
Атаман аң шұбыртқан шулы Дутов.

Аламан Алаш жүрді айдауында,
Атаман айналасын бүрді тұтып.
Ысқырып Орынборда сұр атаман,
Сыртында құтырынып соқты боран.

Әне, Сырт станциясы сұстанады,
Аяздай атты қазақ сап құраған.
Қайыңдар қалтырайды, шайқалады,
Шартылын зеңбіректер қайталады.

Комиссар қол көтерді: алға атой!
Қылышты серме жауды жайпағалы.
Бұл әскер зор майданның тармағы да!
Қарулы қанаты бар ар жағында.

Қобызын нажағайдың жатыр тартып,
Комиссар Кобызов та Қарғалыда.
Aт қарғып, аласұрып, қар қабынған,
Ақ қала алау шашқан бар маңынан.

Атака берді әне ер Кобызов,
Қасқыр жау қашты білем Қарғалыдан.

— Ей, Аяп, қылышыңды көтер, серме,

Шық алға! Шабуылға! Ырық берме!
Комиссар тастап жарлық жігіттерге,
Өзі де озып шықты қарлы белге.
Сарсаңды сарбаздармен шеккен Аяп,

Маталып майданға да кеткен Аяп,
Ақыры жұмысшы боп темір жолға,
Бұл маңда жүрген еді көптен Аяп.
Ақ, қызыл көк пен жердей қабысқанда,

Қосылған өзі келіп комиссарға.
Жинасқан еріктіні елге шығып,
Жар салып алыстарға, таныстарға.
Жау көрсе жалындайтын қызығып та,

Ерлікпен аты шыққан Бұзылықта.
Сырттандай сұсты жігіт атой берді,
Енуге мұз құрсауды бұзып Сыртқа.
Шүйілді отряд та ақ борандай,

Құздан бір қалың тасқын қаптағандай.
Лап берді атты қазақ алдарынан,
Ордалы індерінен атқан аңдай.
Өңшең бір мұз папахты қатпа маңдай,

Екпіні тау-тасты да таптағандай.
Жалаңдап қылыштары, көк сүңгісі,
Атымен бастан асып аттағандай.
Айқасты екі жақтан найза-қылыш,

Әп-сәтте аласұрды майдан ұрыс.
Қырқысып қылышпенен оқ та бүркеп,
Асырын салып жатыр ойранды күш.
Ат тулап Аламанның айқасымен,

Ақ боран, азан-қазан, айқай-сүрең.
Дауысы комиссардың саңқылдады,
Азаттық үшін жауды жайрат мүрдем!
Қылышпен көбін Аяп, шауып өтті,

Үстін қан талайының жауып кетті.
Штыкпен түйрелеп жүр татар жігіт,
Жұлқысқан жауынгер көп жау жүректі.
Сұрапыл сілкінткендей жер мен көкті,

Жас орыс жатыр төпеп зеңбіректі.
Қылышын талай шапты Әліби де,
Қарғытып астындағы теңбіл көкті.
Боялып қызыл қанға қар алабы,

Жарылды атаманның аламаны.
Комиссар тік көтерді Қызыл туды,
Отряд ақ бандыны қамалады.

ІV

Жүздерін боран шымшып, ызғар шалған,
Отряд жау бұғауын бұзып-жарған.
Келеді саппен міне, айбатынан
Орынбор қалшылдады мұз құрсанған.

Жеңісін жөнекей жұрт жатыр қостап,
Қалаға екі тұстан кірді міне,
Жанкелдин, Қобызовпен қолын бастап.
Қашаннан қарақшыдай әккі Дутов,

Сол түні сұрапылда кетті зытып.
Мүмкін бір сұмырайлар қалған шығар,
Кезеңнің аума-төкпе бетін күтіп.
Көшеде ереуілді сұстылар бар,

Буржуйға көтерілген сұсты қолдар.
Жұмысшы мылтықтарын кезей сөйлеп,
Жүр шалқып Қызыл туды ұстағандар.
Әскер де адымдарын қарыштады,

Әсем ғой, музыкасы, марштары.
Тұрса да қолды қарып қарлы мылтық,
Толқытты жұртты даусы алыстағы:
«Басыңдар, жолдастар, аяқты,

Туғанда төңкеріс таңы.
Жайыңдар құлашты жан-жаққа,
Жойылсын залымдар заңы!»
Орынбор үзген жаңа қан құрықты,

Сілкініп сол дауыспен жаңғырықты.
Сыртында түн иектен жатқан ауыл,
Селк етіп қызыл арай таңды күтті.
Жанкелдин қалада бұл құрып штаб,

Жан-жаққа бұйрық-жарлық жатыр нұсқап.
Ол солай жарлық жазып отыр еді,
Аяп бір капитанды әкелді ұстап.

— Мінеки, атаманның көк соққаны,

Тегі бұл жасырынып жан сақтады.
Ұстадым түнде мұны бір бұрыштан,
Бұл бізге тыңшы болып қалған дұшпан!
Комиссар көтерді де басын жерден,

Қарады капитанға осы келген:

— Ах, Загаров, хош келдіңіз, кездестік пе? —

Қуанды адамдай бір досын көрген.

— Ия, мен езім келіп түстім қолға,

— Сізге бір ізгі қиял түскен онда.

— А, Аяп, сен бара бер, — дегенде ол,

Таңдана қарап Аяп шықты зорға.

— Торғайдан Орынборға шақырылдым,

Дутовтың дүрмегінде сапырылдым.
Айуан әлегінен жаным безді,
Ұзақ жыл адасқанға қапы ұрдым...
Сенсеңдер сендерге мен берілмекпін,

Сендер ғой тарқататын шерін көптің...—
Дегенде Әліби де сөйлеп кетті,
Мақұлдап тілегіне беріп екпін.

— Бір тобын отрядтың меңгеріңіз,

Ел үшін енді қайта сермеліңіз.
Айқас көп алда талай болсын азат,
Алапат жаудан түгел кең жеріміз,
Комиссар айтты солай сыр-кеңесін,

Енді ешкім капитанды тергемесін.
Загаров разы болып шығып кетті,
Бойынан сіліккендей зіл бәлесін.
Күрестің әлі де көп өр белеңі,

Әліби ойлап соны тербеледі.
Айнала аласұрған Колчак, Дутов,
Ауылға Алаш құрттай өрмеледі.
Съезін өткізіпті ордашылар,

Жиналған шонжар, төре, ру басылар.
Көтермек бидің қара шаңырағын,
Апыр-ау, қашан кесір, шу басылар!?
Жоқ, жаңа съезді біз шақырамыз,

Сол ғана революция шарты нағыз.
Құрады республика жарлы қазақ! —
Советтің берілеміз салтына біз,
Қыруар мәселе тұр, қиясы тар,

Қырсықтың елде талай ұясы бар.
Жайылған жаугершілік, аштық апат,
Сондықтан жарлы жандар ұяң шығар.
Серпілер... Буырқанар олар енді,

Сыбанар ел бастауға солар жеңді.
Әзірше баулу керек оқығанды,
Ақылды Ленин бізге солай берді...
Съезд тез шақырылсын, уақыт қымбат,

Алаштың әлегі көп еліме жат.
Далаға жар таратып толғап бәрін,
Комиссар жазды міне, Ленинге хат...
Отырды толғап солай ауыр халді,

Торлаған қара бұлт көп әлі таңды.
Мылтығын кезей сөйлеп албырт Аяп,
Мінеки, айдап келді Әлиханды.

— Алаштың ханы мынау, ақсақалы,

Ауылға атаманның ат-шабары.
Ұстадым отыр құрып мәжілісті,
Өзіндей төрелер бар басқа тағы.
Комиссар, кек алайық бұл қазақтан,

Осы ғой абақтыға сізді жапқан, —
Деп Аяп кіжінеді мылтық таяп,
Әлихан сұрланып тек, сөзін баққан.

— Рас, Аяп, сөздерің шын тегі сенің,

Оңаша бұл кісімен кеңесемін.
Аңыра Аяп қарап шықты үйден,
Мынаған жасайды деп неге сенім?..

— Уақыт аз сөйлесуге «сіз» деп, «біз» деп,

Кінәң көп, көрін елге істеп қызмет.
Советтің күш-қуаты құдіретті,
Лай судан әуреленбе балық іздеп.
Таудан сел тасқын атса тас аралас,

Шыдай ма, тосқауылға тосқан ағаш?
Шыдай ма, шірік шаңырақ сұрапылға,
Тап сендей қазір құты қашқан алаш.
Егер сен езілгенді жұртым десең,

Солардың тағдырына нұр тілесең, —
Бақытқа жеткізетін Совет қана,
Кел соның қызметіне, іркілме сен.
Көрерсің, өмір әлі болар ғажап,

Жоғалар жоқтық, қорлық, қалар азап.
Жасаймыз Қызыл тулы республика,
Үлесін заманадан алар қазақ.

— Мұның тек, қысыр қиял, ала сағым,

Кім білген сахараның болашағын?
Қамауға қайран жұртым түсті қазір,
Сорлаған еліме енді араша кім?

— Араша болатын біз, большевиктер,

Солармен өз тағдырын өлшемек ел.

— Қазақтың жөні бөлек. Арамызды

Ашуға болып жүрсің сен себепкер.

— Ал, төре, қылмыстысың жұрт алдында, —

Апатты төндірген кім қыр халқына?
Қанішер Колчакқа сен қидың елді,
Мойында сол кінәңді, құр шалқыма!
Сол үшін сені қазір атса мақұл,

Ал ойлан, кешіреміз, тапсаң ақыл.
Республика құрамыз қолғабыс ет,
Шіріген арманыңды таста батыл.

— Менің де ой толқытар өз тобым бар,

Заманда мінез бар ма тез танылар?
Аума-төкпе уақыт қой ойланайық,
Бізде де абырой бар сөз тағылар.

— Ендеше кеңес барып топтарыңмен,

Сыртыңнан саған талай оқталып ем.
Бір жолға босатайын алдамассың,
Ел қамы үшін тұрмын тоқталып мен...
Ол кетті әлде мені алдады ма?

Ағысын замананың барлады ма?
Көзі көр, көңілі көмір бай емес қой,
Оқыған, парасаты бар жанында.
Халыққа туады алтын тең заманы,

Тарихтың өрге тартқан доңғалағы.
Зырылдайды экспресс екпініндей,
Күйіме барлық әлем таңданады.
Түсінсе Октябрьдің сол ағысын,

Тасқын күш әкеледі далам үшін,
Үн қоссаң бақыттысың — тұрсаң қарсы,
Мейілің, — мәңгілікті қаралысың!
Айып жоқ жөнін тапса адасқанға,

Қаталмыз қаскүнемге талас барда.
Зымыра тарих көші — бөгет болар,
Азғана ала, саяқ алаштар ма?!

V

Күнімен қала сыртын аралады,
Көп қарап жортқандарды даладағы.
Күркіреп әлдеқайдан атылған оқ,
Мазасыз бұл күндерде қала маңы.

Отряд қарауылдап жүрді тыста,
Азуын сақылдатып тұрды қыста.
Комиссар қайтты міне штабына,
Ашылмақ ертең съезд асығыста.

Мұртынан мұзды қағып шешінді ол,
Жазуға жөн-жобаны шешімі зор.
Қысқы түн, ұзақ сонар, ой жорығы,
Шаршап бір диванға кеп көсілді ол.

Ол жұлдыз, Аяп шіркін, осы қайда?
Әлек сап жатқан шығар кесір байға.
Алыста, қайран Лена, жүр қызметте,
Болсайшы сырласуға осындайда.

Қосылар, жайнар өмір бәйшешекше,
Көретін ол бір шақты түсінде де,
Ұйқыға сондай тәтті оймен кетсе,
Көшеде немеңе бұл дауырықты?

Қалаға салды білем жау бүлікті.
Дутовтың бандысы ма түйілген бұл,
Қалайша төнді төтен қауіп тіпті?
Тоқта, не дүбірлеген есік жақтан?

Естілді жат дауыстар есіп атқан.

— Тап, қайда комиссарың, — деп сақшыны,

Кімдер бұл қатал сөйлеп қысып жатқан?
Келеді айдап сонда, оқ кезеніп,

— Жүр ендеше!

— Большевик алаяғы! Ерші, бәсе!

Төрт бандит Әлібиді айдап кетті...
Ақ боран, алды таса, күңгірт көше.
Әліби үнсіз ғана басты аяғын,
Басса да қалың aшу қас-қабағын.

Қайда жүр жауынгерлер қамалды ма,
Апыр-ау, мынау неткен масқара түн?
Алдында сұп-сұр алақ мынау тұрған,
Талай ер тұтқындалған, сонда атылған.

Жарқ еткен Кремльден жұлдыз-отқа?
Төрт жендет көздері тек қанға тұнған.
Ажалдың қалды таяу алаңына,
Сөнді ме енді үміт, талабы да?

Гүрс етті снаряд бір алдарынан,
Бұларды орап оттың алауына.
Иә, сәт! Әлде сор ма, әлде бақ па?
Төртеуі жалын басып бұққан шақта

— Тордан бір атып шыққан арыстандай,

Әліби зытты атыс шыққан жаққа...
Құм жорығы

І

Құрымдай қап-қара бұлт түр көгінде,
Қорғандай құм төбелер түнеруде.
Келеді керуендеп бір қалың топ,
Мамырлап Маңғыстаудың түбегінде.

Керуен атты және түйелі де,
Келгені кеше ғана құм еліне.
Артқаны, асынғаны қару-жарақ,
Өзгеше бұл әскери бір бөлімде.

Теңделген түйелерге зеңбіректер,
Қақиған қапты тиеп теңбіл көктер.
Әскери — орыс, қазақ, татар, башқұрт,
Жау көрсе жалындаған ер жүректер.

Болса да құм түтеген ер мен ылди,
Омбылап ұмтылады ерен ылғи.
Бастаған бұл жорықты қияндағы,
Қыраны даламыздың ер Әліби.

Қашқанға паналайтын орын болған,
Құм таулар құдды биік қалың қорған;
Осынау өлі шөлді көрмес еді,
Комиссар айрылмаса Орынбордан...

Қасқырдай құтырынған қанды Колчак,
Қапыда сол қаланы алды қоршап.
ЬІғысты, құрал-күші шағын еді,
Дариға, өкінішті болды сол шақ.

Ыза бар күшті тағы кеудесінде;
Әлихан құмдай зырғып келді есіне;
Сол енді торын тосқан даласына,
Босатты көлгір қуды ол несіне?

Жоқ, әлі жүрегінде берік арман,
Ол қашып шыққан да жоқ Орынбордан.
Өтті ол оттың талай өрмегінен,
Өрт еді даласының өрі толған.

Ия, солай дұшпан қазір тор жаюда,
Қырына, Қызыл тулы Торғайына.
Комиссар ат үстінде теңселеді,
Толғанып елге батқан сор жайында.

Не күйде Аманкелді, қоршауда ма?
Уа, Торғай, дүниеден оқшау, дала!
Мәдияр шырмады ма? — Жоқ қиялым —
Жетемін сенен бұрын шапшаң ғана!

Ол солай ой қуалап асығуда,
Жетпеді-ау, сонау төбе асуына.
Тас тобыр ойнағанда ширақ атып,
Ұқсайды айдаһардың асырына.

Сол тиіп комиссардың ашуына,
Қарайды сұспен қырдың қашығына.
Келді өзі қуғыншы боп құйындарды,
Келген жоқ сұрапылдан қашып мұнда.

Өткенде, көк айдыннан аласұрған,
Қуғанда жауды теңіз жағасынан, —
Жауынгер отрядтың мынау құмда,
Жүрісі баяу болды-ау қалашыдан.

Арылмай адыр сайын адасудан,
Айрылды көрінгеннің қарасынан,
Қалған ба адайлардан адаланып,
Қу мекен, құлазыған қара шыған?

— Отряд, ұмтыл алға, аялдама!

Айдынын алдымыздан жаяр дала.

— Комиссар су, су керек! — деп тамсанып,

Басады аяқтарын баяу ғана.
Жауынгер көздеріне шаң ұялап,
Көмбеге көмілгендей талып аяқ.
Талай құм таңдағына түртінсе де,

Тамшы су қойды тіпті табылмай-ақ.
Шеруін тас қамалға тартып енер
Қайран ер бұл жүрісің қайтып өнер?
Аттары ахалтеке, тілін шайнап,

Майысып құмды қапқан нар-түйелер.
Су қайда?— деген дауыс қайталаған,
Қақталған жігіттері қаталаған.
Комиссар тоқтай қалды, әлде өзі,

Басты ма осы маңға қата қадам?
Жүргенше шырматылып шөл тұзақта,
Қайтсын ба әлде қайта теңіз жаққа?
Сол бір сәт қиял көзі қалды тоқтап,

Жарқ еткен Кремльден жұлдыз-отқа?
Көзіне құмды жарып елестеді,
Ленинмен кездескені, кеңескені.
Жол сызып жұмсағаны қолбасшының,

Жорыққа осынау құм белестегі.

— Даланы жау басты деп күйінбеңіз,

Қайтадан құдіретпен түйілеміз.
Болады торлы дала жаудан азат,
Сол үшін ойымызды түйіндеңіз.
Күш керек революция майданына,

Тұтанған Түркістанның аймағында,
Сол үшін қажет қазір, құрал тасып,
Теңізді, құм аралды айналуға...
Соны ойлап тоқталғаны түр есінде,

Картадан осы құмның белесіне, —
Қарады Ленин сонда көзбен барлап,
Комиссар қиындықты жеңесің бе?
Айнала жау қаптаған жолы қиын,

Аңдай көп асыр салған қалың құйын,
Аралдай құм түбекке, бұл жорыққа,
Жұмсаған Ленин өзі Әлібиін.
Жоқ, ешбір жорықтан ол шегінбейді,

Өрт шашсын, бұл даланың шөлі мейлі.
Азаткер армияның қанаты бұл,
Сұрапыл соқса мейлі, сөгілмейді.

ІІ

Орғытып астындағы арғымақты,
Комиссар барлап қайтты атырапты.
Жапанда жан көрінбей құмнан басқа,
Бөгеді бір төбеге отрядты.

Тарасып жауынгерлік салтыменен,
Сілікті шинельдерін шаң бүркеген.
Қағады құтыларын тамар ма деп,
Бір тамшы, таңдайына шөліркеген.

Комиссар мақтап жатыр шыныменен,
Ерлерін құм жорықта шегінбеген,
Жайнаңдар жабырқамай билеп, жырлап,
Жігіт пе шырқап әнді керілмеген.

Осы бір жігіттері айғағы да,
Жеңіске Астраханның майданында.
Бұқтырған бүліктерін ақ бандының,
Соғыста Атыраудың аймағында.

Елігіп ағылшынның айбарына.
Эсерлер еніп құмның қойнауында.
Орнатқан өкімдігін,— бұл отряд.
Сөндірген соның оттай ойнағында.

Сол ұрыс Александр портындағы,
Жауынгер көздерінен жарқылдады.
Көрінді үміт, жеңіс шеруіндей
Гармоньның шалқып қазір тартылғаны.

Ән десе әрқашан да әзір Лена
(Үгітші отрядта қазір Лена).
Киінген жауынгерше бұл жорықтың,
Шертеді шеруі мен назын Лена.

Комиссар қақса кейде қас-қабағын,
Асылып иығына бастар әнін.
Солай бір кетті шырқап енді Лена,
Тербетіп құмдай ойлар басқан жарын.

Ерлері алқаланып, қосылысып,
Ән кетті адырлардан асып, ұшып.
Айбын да, қуаныш та үндерінде,
Кеткендей бүкіл қырды жастық құшып.

Жас орыс гармонь тартып, қатар жүріп,
Билейді сан сабалап татар жігіт.
Осылай серпілмесе мынау шөлде,
Құм жұтқан сонау күндей батар үміт.

Беріліп жатыр бәрі жыр-өлеңге,
Қызумен ұмтылғандай дүрбелеңде.
Комиссар көрді әне бөгде қызды,
Келеді Аяп алып бір белеңде.

Жігітше тап-тұйнақтай киініпті,
Сұрша қыз, құс мұрынды, кемиекті,
Тайсалмай келе жатыр еріп қатар,
Торғайлық Аяппенен, кең иықты...

— Шырағым, сұрағымды қалаймысың?

Қай елсің, өзіміздің адаймысың?
Қалайша кезіктің сен біздің қолға,
Бұл жонда қаңғып жалғыз қалай жүрсің?
Шындықты, өтірікті талғаймысың!

Шын ерсең, бізге, қалқам, талайлысың, —
Ауылың, әкең қайда, айт шыныңды!
Бұл құмда жөн табуға жараймысың?

— Адаймын, әкем аты Атанияз,

Елімде жаугершілік — ата мирас.
Адайдың айбындысы әкем менің,
Қасына қайырымсыз қатал-қияс.
Мекені еліміздің осы құмда,

Үстірттің теңіз тепкен асуында.
Атекем құм құйындай ашу бұрқап,
Төтеген талай жаудың тасырына.
Бір кезде алапаттан қашық шыған,

Бұл кезде кеткен маза басқын-шудан
Қорғады ауылдарын әкем бастап,
Бүлікшіл баспашыдан, басқыншыдан.
Әкемнің жан серігі, жан қызығы,

Бар еді батыр туған жалғыз ұлы,
Бастаған жораларын жортуылға,
Өзіндей өрен еді жауға зілді
Бір күні ауылымызды әскер бүріп,

Сол аға шықты жауды сескендіріп.
Атыста жау оғынан тапты қаза,
Әкемді кетті өлімі кектендіріп.
Жанында жағып ыза, өшпенділік,

Жар салды адайына өктем жүріп.
«Бәрі жат, әскер біткен адайға қас,
Бәрі жүр басымызға оқ төндіріп.
Ата бер, әскер болса, құрт бәрін де,

Жау қаптап жөңкілмесін құт жерімде
Әкемнің айбатына сеніп елі,
Серт еткен әскер көрсе тап беруге.
Бораған тас құйындар бұл асуға, —

Әлде сол адайлардың ызасы ма?
Әкемдер жүрген шығар осы маңда,
Ауылы көшкен еді Бозашыға.
Мен өзім алты қыздың кенжесімін,

Солардың еркесімін, өзге сырым.
Әкеме ерген еркін бір жігітке,
Беріп ем, сүйемін деп сөз кесімін.
Ол өзі адайдың бір ер ұлы да,

Жұлқынған еркіндіктің жорығына.
Дауылды аңсап ұшқан ақ сұңқардай,
Жүрмеген жан сауғалап жел ығында.
Ішінде көп жігіттің зерегі де,

Дейтін ол жауығудың керегі не?
Жау емес, әскер біткен Қызыл тудың
Аясы аялайтын кең еліме.
Мені де құшпай ыстық құшағына,

Алаштың түспей, қашты құрсауына,
Кетті ол іздеп Дала Комиссарын.
Адайға азаттыққа күш алуға...
Бір күні аулымызды басты банды,

Әкеміз жүрген еді басқа маңда.
Тоналған түліктей бір мені әкетті,
Ұқсаған қарақшылар қашқан аңға.
Әкетті мені Каспий белесіне,

Тап болдым Алаштың сұм төресіне.
Тұйғындай торға түскен бұлқындым мен,
Берілдім дуылдаған дәмесіне.
Кенеттен теңіз жарып кеме келді,

Тулары жағалауға ене келді.
Болғанда опыр-топыр порттың басы,
Басқанда үрей-қайғы төрелерді,—
Қаштым мен атқа мініп жапаныма,

Осы құм бесігім де, отаным да,
Әкем мен жар қайғысы қырға тартты,
Жортпадым жауынгер қыз атануға.

— Жарыңа асық болсаң қосылуға,

Бұл маңның жетікпісің жосығына?
Қаталап отыр мынау туыстарың,
Судың бір көзі бар ма осы құмда?

— Құдық бар біздің ауыл көшкен жерде,

Ол сонау қара дауыл ескен жерде.
Жарыма жеткізсеңдер жөн сілтер ем,
Тек сонау әкешімнен сескенем де...
Ежелден әскер біткен әкеме жау,

Төндірер сендерге де төтен тұсау.
Мені де атар жауға берілдің деп,
Қақтыққан қаһарынан кете ме cay?

— Сөйлесем сол кісімен, сен үндеме,

Әкеңе тапсырамын сәлемдеме...
Сол сөзін Комиссардың қостап Аяп,

— Су қайда! Баста!— деді,— Сәулем, кәне!

— Су қайда, айқай сұлу, баста бізді,

— Киігім, тарт бұлаққа тастап ізді,—

Осылай жауынгерлер жамырасып,
Көтеріп отырғызды атқа қызды.
Адай қыз жанарынан жағып шырақ,
Жөнелді үзеңгісін қағып бір-ақ.

Суалған сұқ көздерге жайнай қалды,
Құпия қырқалардан ағып бұлақ...

ІІІ

Құламен құм төбеден қарғи өтіп,
Комиссар құлдилады шақ билетіп.
Келеді Аяп пенен адай қыз да,
Жүйрікпен жүйткіп жанын әлдилетіп.

Омбылап топан бұлттан қалғи өтіп,
Шаршап күн шатырына қалды кетіп.
Түксиген заңғар оба ар жағынан,
Аттылар шыға келді әңгірлетіп.

Танып қыз шауып келе жатқандарды,
Сескеніп, атын тартып тоқтай қалды.
Айбарлы ақ боз атпен алға шығып,
Арыстан әке даусы аттан салды.

Көзі де Комиссардың оттай жанды,
Анталап алдарынан жау тақалды.
Оқталып өз қызына төне қалған,
Көрді сол алпамсадай ақсақалды.

«Мен едім келген сіздей батырды іздеп,
Атсаңыз, мына мені атыңыз!— деп,
Комиссар аттан түсті — тек қария,
Тыңдаңыз, айтатын бар датымыз»,— деп.

— Айта бер, атам кейін, тұтқынымсың.

Қашқынсың, сенің сірә көп қылмысың.
Адайды адастырған арал құмда,
Құйындай құйқылжыған әккімісің?
Әлдебір сүмеңдеген сатқынбысың?

Еліме, бұралқылар батты тісің.
«Ақпын» деп сендей сұмдар елді шапқан,
Байқаймын, бұзақыдай батыл түсің.

— Олардың бірі емеспін, мен басқамын,

Ақсақал, аян маған адасқаның.
Алыстан іздеп сені алып келем,
Ақ сырын ақиқаттың ең асқарын.'

— Атекең адаспайды!

— Қай мазағың?

— Атекең емес сенің жай қазағың!

Адайдың албырттары Әлібиге,
Төндірді сойылдарын, найзаларын.
Аптығып айтып жатыр ақсақал да:
«Әдет қой айла табу қашқан аңға,

Адасса адай білер өз жосығын,
Жөн тапқан талай қырғын сасқалаңда.
Жоқ шығар біздей қуғын басқа маңда,
Сойылды көрдік ханнан, патшадан да.

Айналдық ақ пен қызыл асырына,
Тәңірім торын мәңгі тастаған ба?»
Мақұлдап қариясын екпіндеді,
Адайдың өрендері, кекшілдері.

Таланған ел жұрт үшін, балаң үшін,
Мынау қу құрбандыққа кетсін!»—деді.
Туыстар,— деді Әліби,— тоқтаңыздар,
Асығып ажалға шаң қақпаңыздар.

Емеспін қашқын-бұзық, халқым үшін,
Дұшпанға қабағымда қатқан мұз бар.
Қарулы әскерім бар құм сыртында,
Сендермен келгенім жоқ қырқысуға,

Келемін Москвадан қуат алып,
Езілген өздеріңдей қыр жұртына.
Бұл әскер қуанышың, оң қанатың,
Ант етем айтып ұлы адам атын!

Сендерге Ленин — мені жұмсап еді,
Айтайын сол кісінің аманатын.
Толқынды кеме жарып өткендей бір —
Ленин!—деп топты серпіп кетті дүбір.

Алпамса ақсақал да бір қозғалды,
Қаққандай құдірет күш көктен күбір.
Адайлар абыржыды, гуілдесті,

— Қарашы бұл қазақтың қуын,— десті,

Ленинге қайдан барсын бұл әмтйейін,
Тіміскі тінтіп жүрген құм-белесті.

— Білеміз сендейлердің ебін,— десті,

Сендейге кетті бізден сенім,— десті.
Ленинді айтып бізді алдап тұрсың,
Сендеймен сөйлесе ме Ленин,— десті.

— Рас мұным, куә бес жүз солдатым бар,

Лениннің өзі берген мандатам бар.
Лениннің өкілімін, Ленин сөзін
Тыңдайық аттан түсіп, кел батырлар!
Көтерді Атанияз ақ семсерін;

— Осыдан алдау сөзді айтсаң,— сенің

Басыңды қырқамын мен қанжарыммен,—
Ақ сөйле, адай жөнін, айтса Ленин.—
Қағылған қабақпенен қатал, сұсты,
Адайлар ақтарылып аттан түсті.

Сөйле деп Әлібиге әмір етті,
Аңсағай Атанияз — аттан түсті.
Қадалды өткір көздер оқтан күшті,
Қамалап Әлібиді қаптай түсті.

Ленин!— деп сөйлегенде Комиссардың
Аузынан айбарлы сөз оттай ұшты.
Шалқып ол айтты — Ленин даналығын,
Ақылмен тебіренткен адам ұлын.

Бастаған күрестерге — жою үшін,
Дүрліккен дүниенің алалығын.
Танытып өз жолының саралығын,
Көтерген езілгеннің талап үнін.

Даусымен Октябрьдің сергіп әлем,
Үн қосты дауылына дала бүгін.
Айбыны ол — ұмтылғанның азаттыққа,
Қамқоры қамалғанның азап, мұңға.

Лениннің өз аузынан келдім естіп,
Бақытқа жеткізеді қазақты да,
Кездестім көсемменен Кремльде,
Күлімдеп жылы шырай тұр өңінде.

Деді ол: «Жарлы-жақпай дала жұртың,
Бөлейміз еркіндікке, кең өмірге.
Советтік сәулетпенен өзгеруге,
Бар халық өзі қожа өз жерінде!»—

Дегенде адай біткен теңселді де,
Жұлдыздай от жайнады көздерінде.

— Сабазда бәрін білген ақыл қандай!

— Тұлғасы алып шығар батырлардай?

— Болса да бойы мендей ақыл-ойы,

Айдыны шалқып жатқан Атыраудай.
Бақыттың теңізі бар пейілінде,
Күні бар кеудесінің биігінде...
Комиссар айтып жатыр Ленин жайлы,

Адайлар тыңдап соны иілуде.

— Атеке, енді маған нанасың ба?

Қазақтың қансыраған даласына,
Жұмсады мені Ленин, қызу майдан
Торғай мен Түркістанның арасына.
Ырғалып жүреміз бе адасуда?

Ақсақал әлде бір жөн табасың ба?
Жау торлап туыстарың жатыр сорлап,
Солардың ем табайық жарасына.
Атекең серпілді де мына мұңға,

Семсерін қайта салды қынабына.

— Ленинді естіп едім, бүгін ғана

Шын даңқы енді жетті құлағыма.
У жұтып еңіреген ел кегінен,
Жаралы жолбарыстай зілденіп ем.
Серт еттім алдау, арбау әлегіне,

Бір әскер жүрмесін деп құм белінен,
Сен келдің кеудемізге жарық бердің,
Лениннің ақ пейілін алып келдің.
Бізге бер Ленин туын, әкетеміз

Кең қырға түнектерін жарып белдің.
Жанымда Ленин сөзі қалды бекіп,
Барасың аманатын артып өтіп.
Мың жылқы, мың түйені берсін адай,

Лениннің әскеріне тарту етіп.
Адайда батырлықпен асқан өзім,
Белгілі әр төбеде басқан ізім.
Жігітін, шақыр қайда әскеріңді,

Шалқарға апарамын бастап өзім,—
Дегенде дуылдасты адай біткен,
Келгендей бақыт құсы талай күткен.
Ел етіп еркіндікті Ленин берсе,

Қосып ал, ерлеріңе болайық тең.
Комиссар, баста бізді, қақ дабылды!—
Деп бәрі шуылдасып атқа мінді.
Алдында айбарлысы Атанияз,

Қаққандай қабағымен аттан үнді.
Шерткендей серпілетіп күйді нәзік,
Сергіте сілкінткендей құмды жазық.
Адайлар лап қойғанда алға шықты,

Комиссар қызыл арай туды жазып,
Жөнелді қиқуласып, қырдан асып.
Алыста, ұрған белге тұман басын,
Адайдың адуынды өр ұлдары,

Артынан комиссардың ұрандасып...
Бастады ол әскеріне қосылуға,
Сап құрған сонау қырдың асуында,
Уа, шапшаң әкетсе ғой ат тұяғы.

Бұл құмның құйынын да, ашуын да,
Тез жетсе Торғайына торға түскен,
Түйілсе жауға тағы өр дауыспен.
Қосылса Аманкелді батырына,

Құрылса даласына қорғаныс кең,—
Жалауы азаттықтың желбіресе,
Жаңаша өз тағдырын ел билесе,
Аясы еркіндіктің — Республика,

Орнаса, елдің жанын әлдилесе,—
Уа, сонда! Солар әне, қаққан елес,
Жарылсын құм топанға батқан белес.
Комиссар бастап алға зымырады,

Тосқауыл төбелерге тоқтар емес...
Эпилог
Бұл жырым әлі ұласар,
Майданда шыққан шерумен.

Әлі талай бел асар
Мылтықты сол керуен.
Комиссар жортар жол ұзақ,
Ізінде жосып жыр қалар.

Куә ме жырым жалғыз-ақ,
Кітап қой сонау қырқалар,
Оқушым, өзің ашып көр,
Тарихтың тарғыл беттерін.

Осынау біздің асыл ер
Көрсетер өмір дәптерін.
Сұстанар, сүйер, қуанар,
Жорыққа талай бастар да,

Замандай ұзақ сыр олар,
Сыя ма бір дастанға?
Соңы да емес, жырымның,
Емес те шығар дәл басы.

Әдейі шұғыл бұрылдым,
Әрине, бар жалғасы.
Аңыз болар хақы бар,
Өмірі оның ғажайып.

Үн қосыңдар, ақындар,
Жарыса бір жазайық.
Жазармын тағы жырларын
Бұрқанған сол дауылда,

Түнектің қалай тынғанын,
Түнекті біздің ауылда,
Толқындар қырда тоғысар,
Шалқардан тасқын атылар

Атой берер Комиссар,
Ашуын қайта шақырар,
Тыңдарсың да дауысын,
Тебірене түскен Торғайдан,

Өшпені бітпес дау үшін,
Өртін шашар сол майдан,
Бұқпада қайрап қанжарын
Кезенер бір кез Мәдияр.

Аманкелді тарланын
Ажалға қайтіп ел қияр?
Қабірсіз, қанды төбеде,
Түнеріп кім отырған?

Әлдебір күбір келе ме?
Аманкелді батырдан
Қапыда қанға батырып,
Асырды жау арманын.

Комиссар соған аһ ұрып,
Тістейді бір кез бармағын.
«Кешікті, әттең, кешікті-ау,
Қиыр жол болды бөгесін.

Қанатымды кестің жау,
Кешікпей сен де өлесің!—
Қылышын солай суырар,
Шақ бүркеген қынаптан.

Солай да жұмбақ сыры бар,
Батырды сол кім атқан?
Торғай құмын шаңдатып,
Аңдар қайта ұлысар,

Ауылды Қапар қандатып,
Талай боздақ құм құшар.
Рақым жоқ елдің жауына,
Ереуілдеп ергенге,

Жортып жүр қарсы дауылға,
Кәдімгі Мерке мерген де...
Қорада жатса өрт жанып,
Бәрі бір аяқ баса ма?

Әлихандар оқталып,
Тұрған шығар тасада.
Комиссар соған ашынар,
Жарқылдатып қылышын.

Кенет бір шұғыл асығар,
Республика туы үшін!
Қуанар қазақ, тегінде,
Бақыты бар ел екен,

Жөнейді сонда Ленинге,
Комиссар біздің Әлекең.
Желпілдер сол күн түндіктер,
Қызыл ту тігер шаңырақ,

Жалындар еркін жігіттер,
Өр дауыстар саңғырап.
Жарлы қазақ жалауы,
Көтерілер аспанға.

Жаңғыртып күллі даланы,
Қосамын соны дастанға,
Жоқ, Комиссар, асығыс,
Жырымды сәл үземін.

Алдымызда — ғасыр іс,
Асықпай бәрін тіземін.
Республика ұлымын,
Туғандаймын екі рет.

Ұмытылмас ұлы күн,
Жазылар бүгін декрет.
Уа, сүйікті Октябрь,
Мәңгі бізге тойлы бол.

Республикам сапқа тұр,
Ұлы Ленин қойды қол!
Ал, поезым, зымыра,
Жұлдыздай үш, жар тарат,

Республика сырына,
Бөленеді шартарап.
Қабылдар қазір Кремль,
Комиссар біздің елшіні.

Кең Россия — кең өмір,
Ініге берер еншіні.
Басталар содан сыр жаңа,
Басталар ұлы заманым.

Құлпырды содан нұрлана,
Гүлдері біздің даланың,
Ес қуаныш, елімде
Еркіндіктің гүлін ек —

Алғыс айтып Ленинге,
Комиссар түр күлімдеп...

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙