Ер Тарғын
Сәкен Сейфуллин
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Қазақтың қаһармандық батырлар жыры «Ер Тарғын» желісінде жазылған Сәкен Сейфуллиннің драмалық, эпостық туындысы.
Ерте заманда Тарғын деген ер болыпты. Елінде кісі өлтіріп қылмысты болып, қырық сан Қырым жұртына кетіпті. Ол уақытта Қырымда қырық мың мешіт, қырық хан бар екен. Қырық ханның үлкені Ақша хан екен. Тарғын Ақша ханның елінде жүрді. Айдан - ай, жылдан - жыл өтті.Тарғынның батыр екенін ешкім білмеді. Ол уақытта Қырымның ар жағында бір жау бар еді: Он сан оймауыт, тоғыз сан торғауыт. Осы екі елді алам деп, Ақша хан талап етіп аттанды. Тарғын ешбір адам жүр демей – ақ қолмен бірге аттанып кетті. Тарғынның әскермен бірге келе жатқанын тағы ешбір адам көрген жоқ. Әскер торғауытқа барып жетті. Бұлар барып жеткен соң, торғауыттан шын қағып, дабыл соғып неше мың адам шығып соғыс қылды. Жер жүзіне қан сейіл болды. Ақша хан қамалды бұзып ала алмады. Тарғын әлі ұрысқа кірген жоқ. Ешбір адам соғысқа кір деп Тарғынға айтқан жоқ. Ақша хан көп әскерін қырып, торғауытты ала алмай кері қайтпақ болды.
Тарғын сынды батырың
Қайтарын жұрттың біледі,
Алладан пәрмен тіледі!
Екі айылын берік тартып,
Енді атына мінеді!
Үлкен жақсы құдай деп,
Он санды оймауыт,
Дабыл соғып, шың қағып,
Алдына әскер жүргізіп,
Аллалап батыр шабады.
Сары ала туы салбырап,
Шабады батыр тебініп,
Жалмауыздай емініп,
Қарамайды бүл батыр.
Тарғын қамалға кірген соң, Ақша ханның әскерлері мұның Тарғын екенін танымаса да: «Біздің Ноғайдың бір батыры той» деп, қамалға Тарғынның артынан әскер де кірді. Қамалды бұзып алып көңілдері ашылып тынды. Ақша хан қуанып еліне кайтты. Елге келген соң, таранып, тыныштап көңілі хош болған соң, хан тағында отырып үкім қылды:
— Жауды алған батырды тауып маған алып кел! — деді. Тарғын батырды тауып ханға алып келді. Хан көрісіп:
— Сен кім боласың? — деді.
— Ханымыздың бір биін өлтіріп, жұртқа сыйымсыз болдым... Сіздің қол астыңызға қашып келдім, — деді Тарғын батыр.
— Сен кешегі қамалды бұзған, жауды қырған қайратыңды, тынышыңды алған жұртыңа көрсетпедің бе? — деп хан тағы сұрады.
— Тек, өз жұртымды жылатуды шариғат қоспады, — деп, ертерек жауап қайырды. Ақша хан Ер Тарғынды әскер басы қойды.
2
Шашын талдап тараған,
Билер мінген бедеудей,
Бауырынан жараған,
Жазғы түскен сағымдай;
Ет ажарын қарасаң,
Терісінен айырған,
Қас жадайы керілген,
Кірпік оқтай тігілген,
Бел бұралып бүгілген,
Қолаң шашты, қой көзді!
Ақжүніс атты қыз еді.
Ер Тарғынның батырлығын, ерлігін, қайратын қарауылшы құлдар, даяшылар Ақжүніс сұлуға түсіндіріп айтты. Ақжүніс бір құлын шақырып алып, қолына мың ділдә ұстатып:
— Ділдәні беріп тіліңді кестім, осында бір Тарғын деген жігіт бар еді. Сол ерді ешбір адамға сездірмей маған шақырып алып кел. Егер де өзіңнен басқа біреу білсе, неше жерден кескілеп өлтіргенімді көр! — дейді Ақжүніс ару. — Кісі жатпастан бұрын менің ашпалы алтын тереземнің тұсына келерсіңдер, — деді тағы қыз. Құл Тарғынға барып қыздың жарлығын айтып, ерді алтын терезенің алдына алып келіп қойды да, қызға хабар берді. Қыз ерді терезеден үйіне кіргізіп алды: ойнап-күлді, ер қайтпақ болды. Ақжүніс тұрып, Тарғынға:
— Осы біздің, елде, сіздей болмаса да қырық - сан Қырымның мырзасы Жалмамбет дейтін бір жігіт бар еді. Мен сол жігітпен ,ашына едім. Бұл жігітті, бөтен бір жігіт екен деп, жаңылыста өлтіріп алдым. Соның қысасынан тамақтан, ұйқыдан айырылып жатушы едім... Енді сізбен ойнап күлдім. Сізден бөлек Жалмамбет өлгеннен бері бір адаммен ойнап күлгенім жоқ... Мен шақырғанда келіп тұрыңыз, — деді қыз. Бұл жарлығыңызды қабыл алдық, — деді де, Ер Тарғын қайтты. Ақжүніс Ер Тарғынды шақырып алып жүрді... Бірталай заман өтті. Ақжүністі бір ханның баласына айттырам деп бір күні елші келді. Ақша хан күйеуге бара ма екен деп, қызынан сұратып еді. Ақжүніс: «Әкем жауапқа үш күн мұрсат берсін», — деді.
— Мені бір ханның баласына айттыруға елші келіп жатыр. Әкем мені бермек болып, менен рұқсат сұрапты. Мен хан баласына таңсық емеспін,езімде хан баласымын. Сұлуға таңсық емеспін, өзімде сұлумын. Кімнің бақыты зор болса, соған барам... Енді мені біреуге қор қылғанша, батыр екенің рас болса, сен мені ал да қаш. Мен саған тием. Сенен басқа ешкімге тимеймін. Көңілім саған ауды, сені сүйдім, — деді.
3
Ер Тарғын Ақша ханның қанатты қара жорғасына Ақжүністі мінгізіп алып қашты. Үш күн, үш түн өткенде қарауылшы құлдар ханның бір қазысына барып:
— Ханның қызы Ақжүніс сұлу сарайда жоқ. Білмейміз кіммен қашқанын, — деді.
— Қыз жалғыз қашқан жоқ шығар, бір жігітпен қашқан шығар. Жігіттерді түгендеңдер!, — деді. Тарғын батыр жоқ болды. Тарғын батыр жоқ деп ханға хабар берді.
— Мен қызымның ол қырғызбен кеткеніне разы емеспін. Ол қар қызым кетсе керек еді хан баласымен, сүйек қорлап қарамен кетті. Қызымды кім қуып жетіп айырса, сол алсын! Қүй бай бол¬сын, қүй жарлы болсын, құй жас болсын, құй қарт болсын, кім болса сол алсын қуып жетіп өлтірсе, құны жоқ болсын. Тек Тарғыннан айырыңыздар. Өзіңіз алыңыз... Қызыма көңілім қалып өкпеледім, — деді. Хан мұны айтқан соң, жұрт Ақжүніс пен Тарғынды қуды. Біреу екі атпен, біреу үш атпен. Тапқанын жетелей берді, бір аты болдырса бір атпен қуып жетермін деп ойлады.
— Біз мұны қусақ та, қуып жетсек те Ер Тарғын қызды «Ала ғой» деп бізге бермес. Тарғынды біз ала алмаспыз. Қаһары келсе Ер Тарғын қырып та кетер, — дейді де, жұрт қорқып, қумай үйлеріне кері қайтады. Бірақ алпыс бестегі қарт бір адам кайтпады.
— Мен үйден бір қуам деп шыққан соң, қумай кері қайтқаным да өлім, қуып барып өлгенім де өлім. Қуам. Қазам жетсе өлермін, ал шамам келсе, Ақжүніс сұлуды алармын, — дейді де, қуып береді. Ер Тарғынның Тарланы пысқырады: Тарлан ат артынан жау келе жатса пысқыратын еді. Ер Тарғын артына қараса, бір жалғыз келе жатыр.
Сөйлегенде бүй деді:
Ақжүністей жолдасым!
Қолаң шашты, қой көзді,
Аш арыстан жүректі,
Балуан жолбарыс білекті,
Жігіттің мәрті мен едім!
Сындырмағай белімді,
Тарылтпағай жерімді,
Нендей жаман білмеймін?!
Қайнаған 0ара бұлттай,
Қайнап біткен болаттай!
Тұлғасына қарасам;
Қабағы тастай түйілген,
Лашын құстай шүйілген!
Жеңсіз берен киінген,
Жалғыз дара көрінді.
Аруағым менің басты дер,
Менен қорқып састы дер,
Ажалым болса бүл ерден,
Кіргізбей қоймас қазған көр.
Ақжүніс пен екеуі аз әңгіме құрады.
Қашатұғын қатын ба?!
Қасқая қарап тұрады.
Ылдидан шапса төске озған.
Біткен сүйек туланып,
Сауырсын бедеу сылаңдап,
Дауылдай жалы суылдап,
Төстен төмен желеді.
Көріп көңіл бөледі.
Қорқатұғын ер емес,
Салып жетіп келеді,
Келгенін Тарғын көреді:
Бұ да өзіндей ер еді.
Алпысты асқан ағасы,
Ақ сақалды бабасы.
Ақ сақалды бабам деп,
Тарғындайын беріңіз
Әлгі келген қартыңа
Иіліп сәлем береді.
Өз омырауы даладай,
Әлпетіне қараса:
Тамнан соққан моладай,
Жақсы құптап қалады.
4
Сөйлегенде бүй дейді:
«Батырсынып жүрмісің
Тамам таудың арасын?
Қаптаған қара борансың!
Көк бөрідей түйіліп,
Лашын құстай шүйіліп,
Сонда қартың сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
«Аспандағы жұлдызым,
Сұлу ашар көркімді,
Қыз да болса шіркінді,
Ақжүністей аруды,
Беліме семсер аламын,
Жазығым қарттау болмаса.
Қазам жетсе өлермін!
Егер қазам жетпесе,
Қасыңдағы Жүністі
Сонда Тарғын сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
«Асу-асу бел едің,
Жолдасымды бергендей
Қай батырдан кем едім?!
Менен қызды алғандай,
Айт жөніңді кім едің?»
Сонда қартың сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
Мен де өзіңдей кендірмін.
Қырық сан Қырым елінде
Ал - асыл жүрер белінде,
Арғы атам Ер Күлік;
Құйанақұлы Қартқожақ!
Оза шауып олжа алған,
Таласты жерде жолды алған,
Қартқожақ деген ер едім!»
Сонда Тарғын сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
Ерлігіңнен мінің жоқ!
Ер де болсаң бұл қызды
Не қылып менен аласың?!»
Сөйлегенде бүй дейді:
«Алда тізгін оңдаса
Көк сүңгіні алармын.
Қызыл қанға малармын!
Тәңір тізгін оңдаса,
Не көрмеген бейбақпын?
Жер жазығы төменде,
Сені қорқақ демен де,
Әуелгі кезек менікі,
Қалаған жерден атамын!
Аянбай тұрған ер болсаң.
Сонда Тарғын сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
Толғап мойнын бұрады
Әңгіме-дүкен құрады.
Кезек бабай алсын деп,
Қартқожаққа қасқайып,
Қарсы қарай тұрады.
Шошып тізгін жимады.
Жау жағадан алған соң,
Беренге батыр сыймады.
Қартқожақтай еріңіз
Атып тастауғы қимады.
Тарғынды Қожақ. сыйлады.
Қартқожақ жалғыз ақ тоқал оқпен атып, Тарғынның қорамсақтағы жүз алпыс кез оғын күл пара қылды. Тарғын, «Кезегім болды ма?» — деп, қылышын суырып Қожаққа дүрсе қоя берді. Қожақ: «Токта! Менің кезегім біткен жоқ. Мен сені аяғандықтан өзіңді атпай, оғыңды атып едім, өзімнің, ерлігімді білдірейін деп едім. Егер ақылы болса, менің аяғанымды білер де қызды тастар д.а, жүре берер деп едім. Сен мемін аяғанымды білмедің... Ендеше бар тағы тұр. Енді сені тура атамын!», — деді.
«Мұның мұнысы рас екен. Менің өзімді байлап атса таудай ініме, таудай атыма тигізбей ме? Аяғаны рас екен. Мен мұның қадірін білейін», — деді де, қызды тастап жүре берді.
5
Қожақ қыздың қасына келіп еді. Қыз атынан түсті де, киімін бүркеніп жылай берді. Қожақ: «Сен неге жылайсың? Мені карт деп жылаймысың? Жә, болмаса жаман деп жылаймысың? Әкеңнің айтқан уәдесі бар: кім қуып жетіп айырса сол өзі алсын деген. Егер де өлтірсе де құны көк деген. Көп жылай берсең, басынды қылышпен кесіп тастап жүре берем... Қартта болсам, мен жек көретін қарт емен! Ешкімнен кем емеспін! Сен бүйтіп жылай бергенше, түр, жылама! Бетіңді аш! Маған көрсет, бетіңді де, бойың да, қабағың да! Жараса аламын. Егер де бір жерің жарамаса алмаймын», — деді.
Толғағанда бүй дейді:
«Ей, Қартқожақ, Қартқожақ,
Атыңның басын тарт, Қожақ!
Бұқар барсаң құлан бар,
Қолаңды көр де шашым көр,
Зерге барсаң қасында
Түймені көр де басым көр!
Молдаға барсаң қасында
Қиюлы жатқан қалам бар,
Иһран барсаң пісте бар,
Пістені көр де мұрным көр!
Әр шаһарға қарасаң
Құрулы тұрған күзгі бар.
Күзгіні көр де көзім көр.
Сандалды көр де тісім көр.
Тартулы жатқан сымдар бар,
Сымды көр де қолым көр!
Тоғайға барсаң тоғайда
Қоянды көр де жоным көр!
Қара жерге қар жауар,
Қарды көр де етім көр.
Қанды көр де бетім көр!
Мен Қырымның ішінде
Ақша ханның қызы едім.
Асыранды қазы едім.
Жылқыда шаңқан бозы едім.
Тамам жақсы жиылса,
Аузындағы сөзі едім.
Бұл бір уақыт болғанда,
Бұл заманның шағында,
Жылап тұрған кезім бар;
Әуре болған басым бар;
Алғанымнан айырма!
Мені өзіңе қайырма!
Біз сықылды бейшара
Жылап тілек еткен соң,
Тілекті бермес болар ма?!
Бес жасында Қартқожақ
Жас шыбықтан жай тарттың,
Жалғыз шидан оқ аттың.
Кәне шыққан мүйізің?!
Он жасқа келгенде;
Қызыл-жасыл киініп,
Бала болдың бір кезде,
Кәне шыққан мүйізің?!
Жиырма беске келгенде:
Оймақтай аузың бүріліп,
Қарт бурадай шамданып,
Қасбатырдай қамданып,
Шыныменен арланып,
Қызды бақтың бір кезде,
Кәне шыққан мүйізің?!
Қоңыраулы найза колға алдың,
Қоңыр салқын төсті алдың,
Жауды көрсең шүйілдің,
Көк серке атты борбайлап,
Қамалды бұздың айғайлап,
Кәне шыққан мүйізің?!
Қырым деген шаһардың
Жел жағына панасың,
Жау жағына қаласың,
Еділге таман үңілсе,
Мың кісіге бір өзің,
Шошынбай жалғыз барасың!
Елу беске келгенде:
Топқа бардың бой түзеп,
Билік сұрадың бір кезек,
Алпыс беске келгенде:
Сақал-мұртың қуарып,
Бойға біткен тамырдың
Алайын деп тұрмысың?
Мені көріп қуанып!
Өлтірсең де тимеймін.
Бұрын батыр болсаң да,
Сенін басың бүл күнде
Жерде жатқан қу тезек!»
Қожақ Ақжүністі сүйгеніне қосайын деді де, Ер Тарғынға қосты да «Барыңыз! Менен озған дәурен екеуіңізге құтты болсын», — деді.
6
Ер Тарғын Ақжүністі алып, Еділдегі Орманбеттегі он сан ноғайлыға барады. Он сан ноғайлының он ханы бар еді. Сол он ханның ішінде бір Ханзада деген хан бар еді. Ханзада ханның қол астындағы бір бидің үйіне келіп, Ер Тарғын мен Ақжүніс қонды,
— Сіздің асылыңыз кімнен? - деді.
— Біздің асылымыз қырғыздан, асылым қырғыздан болса да, қырым жұртына жақынбыз, — деді.
— Олай болса, атыңыз кім? — деді.
— Менің атым ЕрТарғын, — деді.
— Қасындағы жолдасың кім? — деді.
— Жолдасым Ақша ханның қызы Ақжүніс сұлу, — деді.
— Ақша ханың қызы Ақжүніс сұлу бүл болса, сапарға шығып жүргені қалай?, — деді.
— Мен алып қашып жүрмін, — деді.
— Ақжүністей сұлуды алып қашып жүретін сен қай Тарғынсың?, - деді.
— Торғауыттың қамалын бұзған Тарғынмын, — деді.
Би Тарғынды қатты сыйлады. Ханзадаға барып мәлім қылды. Ханзада хан
—Тарғынды, Ақжүністі шақырып бір алтын сарайға кіргіз!. — деді.
— Тарғын он бес күн қонақ болып тыныққан соң елін сағынар, дертті болар, іші шерлі болар. Батыр Тарғынға менің қол астымдағы билерді, батырларды, шораларды аралатып үйір қыл. Аралатып болып, Ақжүністің қасына алып кел. Сонда өз елін сағынбас, — деді. Би ханның айтқанын орындап, Ер Тарғынға елін аралатып, билер, батырлар, шоралармен таныстырды.
— Тарғын батырды Шаған суының бойындағы қалмаққа жұмсалық, қалмақты Шағаннан қуып, бізге жерін тартып әперсін, - деді. Ханзада хан Ер Тарғынды шақырып алып: Сен өз жұртыңнан қашып Қырым бардың. Ақша ханға Торғауытты алып бердің. Мынау Еділден шыққан Шаған дейтін судың бойында қыл жалаулы көп қалмақты ығыстырып, жерін бізге тартып алып бер», — деді. Бәле, бас тақсыр! Жарар! Менің қасыма үш кісі жолдас беріңіз! — деді Ер Тарғын. Кімдерді аларсың? — деді хан. Бізге беріңіз; Қарасайұлы Көбенді, Алшағырұлы Тегенді, Омарұлы Себенді. Осы үшеуімен барып қарармыз. Жалғыз жері қалмас, — деді Ер Тарғын. Ер Тарғын жолдастарымен қалмақты Шағанның басынан бостырды. Ер Тарғынның басында белден асырды. Қонысын адыра қалдырды. Ер Тарғын қарауыл қараймын деп белдің үстіндегі жалғыз емен ағашқа барып, басына шықты. Көлденең бұтаққа атша мініп еді шірік бұтақ сынып, ерді ала жерге түсті. Ер Тарғынның бел омыртқасы буынынын шығып кетті. Батыр мертікті. Ер Тарғынды жолдастары найзаға салып, Ханзада ханға екі айда алып келді.
7
Қанша бақса да Ер Тарғын жазылмады, жатқан орнынан тұрмады. Ханзада ханның елі алты бұтақты Бұлғыр тауды жайлайтын еді. Бұлғыр таудан екі көшіп Ханзада ханның елі баяғы қалмақтың жайлауы Шағанға барып қонды. Ер Тарғынның бойына барып қонған соң, қайтып келіп аламыз деп алты-жеті күндік азық беріп, Ер Тарғынды, Ақжүністі, тарлан атты жұртына тастап кетті. Тамақ таусылды, елден кісі келмеді. Арқандаулы Тарлан атты бағатын кісі жоқ. Ер Тарғын мен Ақжүніс аштан өлердей болды. Ер Тарғын қапаланды: елі, жұрты, туған жері есіне түсіп Ер Тарғын жылады да толғады:
Бұлдырап тұрған қоңыр тау!
Қаптай қонар елім жоқ.
Сөйлесетін тілің жоқ.
Арысаң да жануар
Көрсетер едің бір қара,
Саған мінер белім жоқ!
Ажалым аштан болды ма?
Ауызда жерге жемім жоқ.
Сүйек ұстар теңім жоқ
Көк шалғынның үстінде
Көгеріп келіп жатырмын.
Үстіме киер кебін жоқ.
Қаптаған қара борандай,
Өткенің бе дүние боқ!
Ащылы тоғай ала бас,
Алтынды сарай қара шаш!
Ала бастан боран бораса,
Боз ағаштан боран борамас!
Телміріп қиқу таянса,
Қара терге боялса,
Найза бойы жер келсе,
Түсер жерін қарамас,
Қара да өткен дүние-ай!
Аяғына айдай таға қақтырып,
Сауып кетсем таямас!
Қарындас кімде бар болса,
Жамандық жер кез келсе,
Жанның жаман болмағы;
Жамандық жер кез келсе,
Ат сауырсын бір берсе,
Шаған бойын шандатып,
Кеше кеткен ит ноғай,
Жұртына тірі тастап кеткені,
Есімнен қалмас бұл еткені.
Болғаны ма мұның да,
Ит тигендей арам ас!
Көп көгершін, көгершін,
Кептер ұшар жем үшін.
Жатқан жолдас қасыма ертіп
Күн-түн қатып жортқан мен.
Жайлау, қыстау жер үшін
Тартып алып қалмақтан
Еділ шыққан ен Шаған
Арыстан туған ер үшін!
Атаңа нәлет ноғай - ай!
Елемеді өзімді,
Сыйламады сөзімді.
Тастап кетті жұртына,
Бір мертіккен бел үшін!
Қапада өткен дүние-ай!
Қолынан сарқыт жейтұғын,
Жамандық жер кез келсе
Қайырылмай кетпен дейтұғын,
Алшағырұлы Себенді,
Бірге жортқан жолдасым
Пейілі жаман оңбасын.
Келмей кетті не үшін?
Аю кеннің ауыр қолы
Алты күндей атысып,
Саяз шығып тұрғанда,
Балалы марал келгенде,
Қоянақ ұлы Қартқожак
Атқанға жығылмай баласы
Ақсай басып өткенде,
Біздің деңге жеткенде,
Қос сауырынан өткенде,
Иек сүйей жатқанда,
Қырық жігіт қасымдағы
Суыра алмады оғымды.
Қапыда да өткен дүние-ай!
Басымнан дәулет құсы ұшты ма?
Қайғысы белдің мұндай қысты ма?
Жалыны жүрек шалады!
Бүл істерді айтқанда
Дін кәпірге болмаған,
Арнау деген аз қала,
Алпыс атын бақтырған,
Аға-інісін жақтырған.
Ақжайлауды жуыттың
Атын алған мен едім.
Балта бердім тал үшін
Талды кестім сал үшін.
Ат тарланды талай-талай салғамын!
Еділдің арғы жағында
Атана нәлет қалмақтың
Аттанбадым олжа үшін,
Аттанғанмын кәпірге
Ата-бабам ежелден
Қолаң шашты қой көзді,
Қастауыс қасты Ақжүніс,
Айттым құдай жолына!
Мені тастап кеткенде
Көкіректегі жан үшін!
Айналайын тарланым!
Сен тұрғанда бармадым.
Еділге таман үңілсе,
Жалғыз-ақ сені қармадым
Қиялай қиқу болғанда,
Сенімен еді дәрменім!
Мінбей - түспей қажыдың,
Арқанда тұрып арының!
Қамысты көлдің құрағы!
Суаратын балам жоқ!
Тәңірі қылды шарам жоқ!
Қырғыз Қара тау бұлағы!
Қаламдай қасы сүрілген,
Оймақтай аузы бүрілген
Алғанынан айырылып
Сөнгені ме шырағы?
Күшті құдірет құдайым
Көз алдымда көлбектеп,
Аштығынан еңбектеп,
Көзіме менің көрсетпей
Киіктің жеті лағы!
Менің бүйтіп жатқаным,
Өз жерімнің жырағы!
Қырымда қалған ерлердің
Есіткей тағы құлағы!
Сол батырлар келмесе,
Кеткен жақтап қайырылып,
Екеумізге кім келсін?!
Атам қалды дейтұғын,
Өзімнен туған балам жоқ.
Атам менен анам жоқ.
Ағам менен інім жоқ.
Белімнен басқа жарам жоқ.
Ауызға жерге асым жоқ.
Біреу қайырылып келмеді.
Ер Тарғынды көрмейді,
Атаңа нәлет ақсүйек!
Ойлап-ойлап қарасам,
Асыл туған Ақжүніс!
Кекті бұлт құрсайды,
Күнді байқай қарасам,
Күн жауарға ұқсайды.
Айды бұлт құрсайды,
Түн жауарға ұқсайды.
Көлде қулар шулайды!
Шулағанға қарасам,
Кеткен сұңқар сұйылып,
Соғылғанға ұқсайды.
Қол-аяғым көсіліп,
Ауыз - мұрным ісініп,
Алланың ақ бұйрығы
Таянғанға ұқсайды.
Кептеп болмас не пайда?!
Көкте жұлдыз сырыса,
Септеп болмас не пайда?!
Шабысыңнан маған не пайда?!
Көріп алған көрікті ең,
Тандап алған текті ең,
Алладан әмір болған соң,
Мезгілі жаз болған соң,
Көремісің жатқанын
Қолаң шашты, қой көзді,
Алшаңдаған аруым!
Ажарың салма көзіме,
Өлейін деп жатсам да,
Қай - қайдағың құрсайды.
Арқанда тұрып арыдың
Айналайын тарланым,
Билер мінген бедеуді
Құлын емдің сен, тай емдің;
Құнан жаста арда емдің,
Дөнен жаста үйреттім,
Жібектен өріп сүйреттім!
Бесті жасыңа келгенде,
Бие қызығын көрсін деп.
Алты жаста актаттым,
Алшақтаттым аунаттым,
Арпа-бидай асаттым;
Жер дүңкілдей желгенде,
Дұшпан көзі қорықты!
Қандай қатып қинайды,
Иен Тарғын өлгенде,
От орныңдай тұяқтым,
Омыртқаң бар оқтаудай!
Сыпыра шапқан тақтайдай!
Құйрығыңа болайын:
Қынаптан шыққан қанжардай
Күлтелеген жібектей!
Шықшытыңа болайын:
Оралып жатқан көбектей!
Көлге біткен құрақтай!
Қабағыңа болайын;
Қара албасты қабақтай!
Піскен алма сабақтай!
Екі көзіңе болайын;
Жаққан қорқыт шырақтай!
Түбін алған шелектей!
Омырауыңа болайын;
Шыққан Еділ аңқадай!
Шұбар туды шұлғанып,
Қара терге бұлғанып,
Ақ сүңгіні қолға алып,
Жауырыныңа болайын;
Саны қара көмірдей!
Сүбелік жеріңе болайын:
Жамбасыңа болайын;
Ұста соққан сабдалдай!
Қартайғанша мінбедім!
Ойлап келіп қарасам:
Жігіттегі мен бейбақ
Болғаным ба сормаңдай!..
8
Ақжүніс Тарғын өлсе, көңілі маған қош болсын деді де толғады.
Оқалы байпақ кигенім,
Оқасын жерге төгілтіп!
Әлденеден зарыдың
Ерің жанынан түңілді
Атасы басқа жан ру
Жаман екен дүние-ай!
Екі бірдей асылды,
Асыл шыққан нәсілді!
Екеумізді түңілтіп!
Қатар-қатар қара нар
Көш болып қашан түзелер
Қыл жалаулы қалмақтан
Келіп тұрған көп жылқы,
Қашан келіп күйзелер?
Байлаудағы ақ сұңқар
Көлден үйрек ала алмас!
Күндердің - күні болғанда
Кетпек болсаң алғаным?
Артында қап нетейін?
Кетіп сен, мен қалсам,
Артында қап бейбағың
Қай шәһарда тіленер?!
Сүйіп мінген тарланың
Басын көкке қаратып,
Жерден ұшқан тозаңын
Жауған кардай боратып,
Аса соққан боранды
Некес - ата кәпірдің
Мәстегін ап келген ер!
Бақыра ойнар ақ теңіз,
Сіз өтейін дегенде,
Мәлім өткен болған ер!
Шыныменен тілесең
Тәңір тілек берген ер!
Баданаңды бөктеріп
Жаттан жолдасты ертіп,
Ерінбей жортып дүние!
Басы - аяғы көрген жер!
Ерлігінде жаман жоқ,
Жаман қара құлдарша,
Қорлық пенен өлген ер!
Қай батырдан кем едің?
9
«Мені жұрт ағаштан жығылып өлді демес, Шаған бойындағы көп қалмақты асырамын деп, жаудан өлді дер», — деп, Ер Тарғын ойлайды екен: «Қатыным бұлай деген соң, басқа жұрт мені ағаштан жығылып өлді деп, ойлап тұрсам: мұным бек ұят екен», — деп Ер Тарғын қорланды. Бұрын елшілерге белін қаратқанда белін бастырмайтын еді. Ашуланып: «Бүйтіп жатқанша, бір жолата өлейін!», — деп, Ер Тарғын белін қолмен басып қалғанда бел омыртқасы сырт етіп орнына түсіп кетті.
Алып белін орады,
Құдайдан медет сұрады,
Баба жәрдем болғай деп,
Ақжүніске сөйледі;
«Берер тәңірім тілекті,
Қуантар бүл сүйекті!
Алып келді Ақжүніс,
Құбыла басып Тарланды
Айуан бұ да зарланды.
Оңдалмаған не қалды?!
Тарлан атқа екеуі мінгесті. Ақжүніске бар қару-жарағын асындырды. Ақжүністі алдына мінгізіп, өзі артына мініп, Ақжүністен ұстап: Кешегі жұртына тастап кететін ноғайлының еліне қарай жүр! - деді. Жүрді.
Боз тарланы пысқырды;
Пысқырғанменен қоймады,
Жаңа жерді тебінді,
Сонда Тарғын
- Ақжүніс, бұл Тарлан қашаннан бергі жолдасым, айуан да болса , Тарланның сыры маған мәлім: Тарлан артынан біреу келе жатса пысқыратын, егер де алқынып терге малынатын болса, жер тебетін. Бүл екі әрекетін бірдей қылды. Жан-жаққа қарашы біреу келе жатпасын? Мен бұрылып қарауға әлім келмейді. Менің науқас әлім бар. Біз бүйтіп келе жатқанда жау келіп әуре - беймаза етіп жүрмесін!, — деді.
- Еш нәрсе көрінбейді, бірақ алдыңғы жағымызда бір-екі қара көрінеді, —деді.
«Ақ тағала құдайым!
Ақ тарыдай ақтарып.
Белім түсіп орнына
Тағы іздедім кешегі
Тастап кеткен елімді,
Емескі екі қара көрінді,
Сен Тарланым пысқырма!
Таудан үлкен күш қылма!
Еңкерістен жау қапса да
Бір шығарармын терінді!
Кімге сені қинаймын?
Жалғыздығым білінді,
Ару саған ұнаса:
Кел табайын жөнімді.
Ер Тарғын аттың басын тартып тұрды, сонда Ақжүніс тұрып: «Бұлай етпеңіз, беліңнің жазылғанын білдіріп, тастап кеткен ноғайлы ішіне барып, хан халқына көрініп жақсыларына ой салып, жамандарын қорқытып, қайтыңыз. Егерде бармай қайтып кетсеңіз, қырым халқынан Ақша ханның қол астынан бір Тарғын деген батыр келіп, бір омыртқасы сынған соң, қарға-құзғынға жем болып, Бқлғыр таудың құлағында өліп қалды дер», — деді.
— Ендеше жүр,— деді.
Екеуі ел шетіне келіп түсті. Елге бармады. Бұларды малшы - қосшы көрді де, таныды да елге шауып барып хабар берді: «Тарғын келді!» — деп. Ел биге, би ханға шапты. «Тарғын батыр ел шетіне келіп түсті»! — десті. Кешегі Ер Тарғын Шаған бойынан қуып шығарған көп қалмақ келіп, Ханзада ханның бір сұлу қызы бар еді. Сол қызды бер, болмаса еліңді шабамын деп тұр екен. Ер Тарғын келді дегенді естіген соң, хан, халқы, билері, мырзалары жиылып барып көрісті. Отырысты. «Айыпқа бұйырмаңыз! Біз бара алмадық». «Елімізге жау келіп қамап жатыр, өзіміз бек қайғыда болдық. Өзіңіз аман-есен келдіңіз бе»? — десті. «Аллаға шүкір келдім», — деді Ер Тарғын. «Бұл жауды әуелгідей барып қуып, бізді жаудан бостан қыл»,— деді хан. «Менің әзір жауға шабатын қуатым жоқ. Жау қашатын айланы мен сіздерге үйретейін. Өздерің барыңдар. Менің үйреткен айламды қылсаңдар, өздеріңнен де жау қашар», — деді Ер Тарғын. «Шабуға әліңіз жоқ болса үйретіңіз!» — деді хан.
Үйретерде сөйледі:
«Ауан, ауан, ауан су,
Ауадан балық жүзген су,
Туған бұған жанды су
Су өзен жымар данды су;
Су болғалы екеуі
Ерлер менен даулы су!
Даулы жерде тұрмаймын,
Мен кетемін, кетемін!
Айналып Еділ өтпеймін
Қадыр білмес сен итке
Қарашы болып нетемін?!
Иірілген сабақ не табар?
Қайымы жоқ сұлтанға
Ерген нөкер не табар?
Тәңір қайғы бермесін!
Алтыннан соққан кеудесі
Ат басын да жер табар!
Еділден кеткен ер жігіт
Алғы құқба жөнінде
Тәңірі жөнін берген соң,
Мінбей - түспей қарғыған,
Тұрып арқан арыған,
Тарлан жауға мінілмес!
Бұрынғыдай жүгірмес!
Қалған белім үзіліп,
Алтын балдақ ақ болат
Ерлік жауға білінбес!
Шығыршығы шираған
Көзді бада көруге,
Жау қарғыса жетпеген,
Жез айыр оғы жетпеген,
Сатуға басын сұраған,
Енді маған киілмес!
Батыр жауға қиылмас!
Неге десең сұлтаным?
Шілде түспей жібімес!
Жебір сұлтан білмейсің!
Аңқау туған бөрі мен
Несібе тәңірден көремін,
Бүл барғаннан барамын,
Қырымда қалған қырық құрдас,
Жұртыңа бүлік салармын!»
Мұны айтып болып:
«Жаудың қашатын айласы осы кез! Көзіме көрінбе» — деді Ер Тарғын.
«Олай болса, зәріңізден қайтыңыз; бұлдыр тауға сені жалғыз тастап кеткендігімнің ұятына Ақжүністің үстіне саған жалғыз қызымды берейін! Жұртымның саған бармаған айыбы үшін қолыңды бер!», — деді де қолын алды. Сонан соң Ер Тарғын райынан қайтып, Ханзада ханның ордасына келді. Бірнеше күнде белі жазылды. Қалмақ Ер Тарғын келгенін білмеді, қызын бермеген соң, атқа мініп ханның елін шаппақ болып, дабылдарын соғып ханның үстіне келді.
Бұл әскерді көрген соң,
Сары ала туы салбырап,
Сауыттың шашақтары
Қабағынан қар жауып,
Кірпігіне мұз тоңып;
Жауырыны жазық мойны ұзын,
Құланды қақтан қайырған;
Ертеңнен салса кешке озған,
Ылдидан салса төске озған,
Басын тартса болмаған;
Көк айыл болып көпірсе,
Алты басып аттауға
Артынан қиқу таянса,
Қара терге бой алса,
Домбауыл көрсе қарғыған,
Атқып барып тік түскен,
Аяғының дүбірімен
Казандай тасқа жік түскен,
Жауған қардай бейініп,
Жалмауыздай емініп,
Толып жатқан әскерге
Алты құлаш ала атпен,
Үсті толған болатпен,
Сайдан шықты болатпен!
Бүл айтулы ер еді,
Келе жатқан Тарғынды
Сонадан байқап көреді.
Домбауыл бір жайсаң
Жекпе-жекке Тарғынға
Соғысуға келеді.
Сөйлегенде бүй деді:
«Алайын десем оңайсын,
Атайын десем толғайсың,
Неғып жүрген ноғайсың?!»
Сонда Тарғын сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
Аса бір соққан жел дейді,
Сүт жөнімді айтайын:
Әкең Тарғын мен дейді,
Іздегенім сен дейді.
Қоғаңдаған өлім құл,
Мен бір жүрген ер дейді.
Қағысқалы кел дейді».
Сөйлегенде бүй дейді:
«Асу-асу бел дейді,
Соққан аса жел дейді,
Жасың кіші жас ұлсың!
Кезегімді бер»,— дейді.
Алладан пәрмен сұрады,
Қашатұғын қатын ба?
«Кезегім бер» деген соң,
Қасқайып қарап тұрады.
Қорамсаққа қол салды,
Суырып алған қу жебе
Көп оғына жол салды.
Созақандай алады:
Тарлан аттың басы деп,
Алтынды ердің қасы деп,
Өлер жері осы деп,
Толғап тұрған Тарғынды
Толғап атып салды.
Кірістен шығып кетеді.
Тарғынға таман жетеді.
Сегізінен өтеді.
Қатарланған жағасы,
Қабыл еді Ер Тарғынның
Ажал бермен тәубәсі.
Жібермеді бұл оқты
Сеніп жүрген Тарғынның
Жетінші бабасы.
Сөйлегенде бүй деді:
«Нәкес Ата, ит Домбауыл!
Атың мінген күймелі,
Кесе алмасам қарымнан,
Айырылмасам барымнан!
Қасқайып қарсы түр солай.
Бәлем саған дүниені!».
«Алла!» деді, ақырды,
Аруағын судай сапырды,
«Иә, бабам!» дей берді,
Жарандар қамын жей берді.
Бір салған жоқ мол салды.
Соза қандай алады;
Аласа аттың басы деп,
Қалмақ ердің қасы деп,
Өлер жері осы деп,
Толықсып келген қалмақты,
Толғап Тарғын қалады.
Қалмаққа таман жетеді,
Көкірек қашқан көбеден,
Қылмады қабыл жебеден
Бұған токтар қайрат па?
Мұнан да өтіп кетеді,
Бір төбеге жетеді,
Төңкеріп тастай кетеді.
Мықтылығын білген соң,
Аттанып келген әскердің
Көңіліне қайғы бітеді.
Домбауыл барып құлады.
«Лалай-лама лұқ!» деп,
Бәлем қалмақ сұлады.
11
Атына өпшін жабады, —
Ары-бері кеңесіп,
Ақыл-айла табады.
Тұрған жерде қамады.
Сонда Тарғын сөйледі,
Сөйлегенде бүй дейді:
Олайым да бұлайым
Алты мыңдай ауыр қол!
Өзіңнен медет болмаса,
Бұған не амал қылайын?
Алла әмірі осылай:
Қорлық берді жасыма,
Жақындап келді қасыма,
Алты қырлы ақ мылтық
Ата алмасам маған серт!
Қозы жауырын қу жебе,
Тартатұғын шақ болды.
Тарта алмасам маған серт!
Бермен талай жұмсаған,
Қан кермесе сусаған,
Кеудеге салсам бас кескен,
Алты қарыс ақ болат
Қынаптан лып суырып
Қанға тойсаң саған серт!
Айдаһардың тіліндей,
Салсам, кеткен білінбей,
Шұбар туға жалғаған,
Аруаққа көрсетіп,
Талай жауға мақтаған,
Толғамасам маған серт!
Толғауыма шыдамай
Толықсысаң саған серт!
Кебеже қарын қу құрсақ,
Қылша мойын төңірек,
Ұмтыла шапқан Тарланым,
Тіл жіберсең саған серт!
Сен желігіп жүргенде,
Тая шапсам маған серт!
Бітер тарлан бәйгісі!
Осындай жауды көрген соң,
Жау екенін білген соң,
Қаса қатын болмаса,
Бізге ұқсаған ерлердің
Жүрегінде бола ма?
Алтыннан соққан кісесі
Әжептәуір мүшелі».
Енді аттан түседі.
Өзінде жоқ Тарғынның
Алладан басқа туысқан,
Мұндай - мұндай жауларда
Жауысқан жаудың жүрегі
Мұз құйғандай суысқан!
Тартты бекем айылын
Білмесеңіз Тарғынның
Білдірейін зайырын!
Шабайын деп батыр тұр,
Алла берсін қайырын,
Мінді батыр еріне,
Іздеген жауға көріне,
Тарғын сынды бөріге,
Кеудеден жан кетпесе.
Тарғын намыс бере ме?
Ақыл-айла табады,
Келді қалмақ қамады.
Қабағы тастай түйіліп,
Аллалап Тарғын шабады.
Күн бетінен шығады,
Қойға кірді бір бөрі
Үркітеді, қырады.
Ер қайратын сынады,
Тарлан атты бұлады,
Атысқан жау артық көп.
Қай уақытта тынады.
Басты келіп дүрілді!
Талай қалмақ жиынды,
Қару қанға тойылды.
Салды келіп қамшыны - ай!
Сауырынан тер кетті,
Көктен құйған тамшыдай;
Қысылмай батыр не қылсын?
Сауытын қанға малшынды.
Толғады батыр найзаны,
Жалғыз жаумен ойнады,
Жауды еркіне қоймады,
Тіріде қанға тоймады.
Суырды белден қанжарды,
Жауға таман әл барды.
Жалбарлыны сермеді:
Іліндірді сағақтан,
Бауыздады тамақтан.
Адам шыдар ер емес.
Бір уақыт болғанда:
Қынабынан суырды
Қиялай тартып қылышты!
Жау қарасын көрген соң,
Ұмтылмай кетер ер ме еді?
Ер арқасы құрысты.
Жетінші күн болғанда,
Тарлан сонда түзеді,
Жылмия басып жүрісті!
Көп қалмақтың басына
Атпайтұғын түн болды;
Ер жігітке сын болды.
Қуалай тартып садақты - ай!
Келген қалмақ көп еді,
Көп те болса қалмақтан,
Азғантай қалды қадақтай!
Тоғызыншы күн болды:
Тарғын мойнынан алады
Атайын деп мылтықты.
Түтінін қосты түтінге!
Ентікті - ай батыр, ентікті!
Садақ санын үзгендер
Күсін тағдыр көрген соң,
Қашты сайға сылпылдап;
Тап он бір күн болғанда:
Күні-түні шабыспен,
Қиқу салған дыбыспен.
Тарланнан Мойынынан жал кетті,
Аяғынан әл кетті
Неше жүйрік болса да,
Болдыратын күн жетті.
Өкпе, бауыры, жалы бар;
Аяғын барлай қараса:
Болар-болмас әлі бар.
Болдырды дейді жануар:
Аруағы қашты кәпірдің,
Сұсы басты пақырдың.
Қары келді батырдың,
Басты келіп тебіне,
Сонда Тарлан ұмтылса:
Үй жыққандай екпіні,
Жауды қоймас білемін,
Бұл батырдың сықылды,
Ежелден жау құйылқы.
Қарайды да күн батты,
Сарғайды да таң атты,
Қызара келіп күн шықты.
Болған екен тамаша,
Қырылып жау батырдың
Өзі қапты оңаша.
Тұрпатына қараса:
От орныңдай тұяқтан
Оймақтай-ақ, қалыпты.
Екі елісі қалыпты.
Бір тұтамы қалыпты.
Жалғыз қарыс қалыпты.
Он жеті жерден жаралы
Сонда да тәңірім алмайды,
Ол жараға болмайды,
Қос тізгінін созады,
Артынан қиқу таянса,
Ет арқасы қызады.
Шаршады Тарлан десек те,
Жер басқаннан озады,
Отыру суынан болып,
Жүрген жері шан болып,
Көргендерге таң болып,
Түске таман желеді.
Ханзада сондай қанына
Қара ноғай билеріне
Аман-есен келеді,
Ханы, биі, мырзасы
Иіліп сәлем береді.
12
Ер Тарғын келген соң, Ханзада хан қуанышына ат шаптырып той қылып, арақ-шарап ішіп, тойдың қызығымен таңның атқанын, күннің батқанын халық білмеді. Олай да болса, хан қызын берем деген уәдесінде тұрмай, қызын бермейді. «Тегіңді сұрап келіп отырсам: қожа менен төреге ешбір атасқан жерің жоқ екен. Саған қызымды беруге аталарымның аруағынан қорқам. Енді он сан Орманбеттің ішін қыдыр. Қор, қандай сұлу қыз тапсаң, сол қызды алып берем»,— дейді Ханзада хан.
«Биылғы Бұлғыр таудың ішіне жалғыз тастап кеткеніңнің күнәсін кешіп едім. Енді бұл қызынды беремін деп, жауынды қашырып алып тұрып, қызыңды бермесең де кетемін», — деді де, Ақжүністі алдына алды да Қырымға қарай жүре берді Ер Тарғын. Ханзада хан, ханның елі Ер Тарғыннан қатты қорықты: «Бүл кетері кетті, қайтып келер... Бізді жаман қылар», — десті. Малын баға алмады, отын жаға алмады, асын іше алмады... Хан, халқы шыбын болды... Жұрт әбігер тартты. Ханзада ханның елінде жасы жүзден асқан бір Сыпыра жырау деген қарт бар еді. Сыпыра жырау өз өмірінде тоғыз ханды өткерген, толғау толғап, тоғыз ханды түзеткен еді. Жұрт сасқан соң, хан мен халқы жиылып Сыпыра жырауға барды да: «Біз Ер Тарғынды екі рет алдадық: әуелі Бұлғыр тауға тастап кетіп, қайтып келеміз деп, келмей кеттік, екінші қыз беремін деп, жауымызды қырдырып алып, қызды бермей қалдық. Ер Тарғын ашуланып, Қырымдағы қырық құрдасымды алып келіп, біздің елді шабам деп кетті; Қырымға барып мұнда қайтіп келер ме? Иә болмаса бізге өтірік айтып алдап, бізді қорқытып кетті ме? Соны болжап бізге айтшы, көпті көрген адам едің. Ер десең сенің ақылыңмен боламыз», — деп сұрады.
Сөйлегенде бүй дейді:
«Хан мен төрем келіпсің,
Би мен мырза отырсың;
Тарғындайын батырға
Жиылып бәрің барыңыз!
Қараң түгіл ханыңыз!
Етегіне бас салыңыз!
Егер кетсе еліне,
Тату болып қалыңыз!
Мұздай темір құрсанса,
Жыртпай кетпес жағынды,
Жаңылтар келсе тобыңды,
Бір түбектей бір қылар
Жалпы жатқан даланды,
Қырым деген ағады,
Ағаң ісі жаман - ды».
Сонда хан қызын Ер Тарғынға бермек болды да: «Біздің ханның да, халықтың да өтірігі шықты. Бізде Тарғын тіліне нанатұғын бір кісі қалмады. Енді не қылып тоқтатамыз? Осы Еділден Тарғын тіліне нанатын бір кісі тауып бер», — деді.
Сөйлегенде бүй дейді:
«Батырдың жіберіңіз артынан
Қызметін қылған бөлініп.
Қасына ерген баяғы
Қарасайұлы Көбенді,
Алшағырұлы Тегенді,
Омарұлы Себенді.
Уәдесі берген бар болар.
Тарлық жері тап келсе,
Тілегін бермей кетпен деген-ді».
Қуып Тарғынды кетті енді,
Қуып батырға жетті енді,
Етегін бас салды енді,
Еліне қарай жүрді енді,
Ел ішіне кірді енді,
Хан, халқы жиылып,
Бірін-бірі көрді енді.
13
Ер Тарғын ханның, үйіне келген соң, хан мен халқы жиылып келіп отырды. Хан ұялып, ешбір сөз бастап айта алмады. Ер Тарғын сөзді бастамады.
«Әй, батырым, батырым!
Тауда тарлан ақырса,
Тас інінен бөріні.
Көгілдірін ерітіп
Көлден қулар ұша ма?
Әділ туған хандарды,
Беремін деп бермеді,
Өтірік сөзден өлмеді.
Жалған созбен қысар ма?
Хан мен қара келген соң;
Сіз сықылды батырға
Әй, батырым, батырым!
Сөз айтады алдында
Сыпыра жырау пақырын:
Айтып отыр біздерге,
Құлақ салып тыңдасаң,
Біз айталық сіздерге
Не қыласың бір қызды?
Жас баладай жайтақтап,
Жас тайлақтай ойнақтап,
Мынау тұрған ханыңыз,
Қимылдаған жаныңыз
Сый қылады алыңыз!
Көлден көлге жүзсеңші!
Қара арғымақ береді,
Елден елге мінсеңші!
Балдағы алтын ақ берен,
Аш беліңе салсаңшы!
Бадана көзді кіреуке—
Баса келіп кисеңші!
Не қыласың бір қызды?
Бес жүз атан береді,
Бес жүз бие береді,
Желіліп мұны байлашы!
Не қыласың бір қызды?
Сүйген жерге жайлашы!
Неше батыр болсаң да
Алмаймысың бұл сыйды?
Осыны бір ойлашы!»
Ер Тарғын райынан қайтып, ханы, халқы берген сыйын алып, қара ноғайдың ханымен, халқымен татуласты, табысты да: Жан арыстан, Үш Тарғын деген тауға барып жайлады, осы жерді мысыр етті. Ер Тарғын осы жердегі елге хан болды. Тарғын қартайып тұғырдан түсті: ажал келіп дүниеден өтті. Ақжүністен Ардабай деген ұл туды; үлкені Әжіргерей мырза. Әжіргерей жиырма жасында дүниеден өтті. Жеті жасар Айқожа деген кенже баласы қалды. Айқожа бес қалада хан болды. «Ер Тарғын» — «Қара қыпшақ Қобыланды», «Ер Сайын», «Манас» қатарлы қазақ-қырғыз жырынын бірі. Бұл жырды В. В. Радлов жазып алған. Мен қара сөзбен жазғанын қысқартып, өлеңмен жазған жерлерін өңдедім. Ер Тарғынның барған елі қырық сан Қырым, төбелескені торғауыт пен қалмақ. Қырымның елінде жүріп Ер Тарғын торғауытты алады, ноғайлының елінде жүріп қалмақты шабады, қырады. 1438 жылы Қырым Алтын Ордадан бөлініп өз алдына хандық болған. Қырымның бірінші ханы Қажыгерей (1437 — 1466) хан болды. 1783 жылы Қырымды орыс алып, хандық жоғалды. 1437 — 1783 жылдардың арасында Қырымда 35 хан болған. Бұлардың ішінде Ер Тарғын қашып барған Ақша хан жоқ. Қырым Алтын Орданың қысымы болып тұрғанда ноғай Алтын Ордада барып Қырымды билеген. Ноғай, Мамай, Едіге, Жобан тарих белгілеген Алтын Орданың билері. Ноғай өзі Алтын Орданың ханы Толы Бұғы ханды өлтірген. Тоқта хан Ноғайды өлтірген. Алтын Ордамен алысып Ноғайдың аты шыққан. Ноғайлы деген ел осы Ноғайдың елі. Ноғайлы елінің жайы Дон, Қобан, Еділ, Жайық. Осы өзендердің аяғында атысып - шабысып, көшіп жүрген. Еділдің аяғында тұратын, осы күні тұрған қалмақпен Ноғайлы елі еріксіз көрші болған. Ақша ханға еріп жүріп, Ер Тарғын алған торғауыт қалмақ болады. «Ақтабан шұбырынды, Алқаөл сұлама» деген қырғыннан кейін Абылай ханның заманында Торғауыт алашты қақ жарып Еділдің аяғынан күншығысқа оз жеріне Зұңғарға қайтқан. Жолда босып бара жатқан қалмақты, торғауытты қазақ шауып, талап, қырып отырған. Жайықтан Ертіске дейін шашылып жатқан «Қалмаққырған», «Шүршітқырған» деген таулар сонда майдан болған жерлер. Шаған өзені Теке (Орал қаласы) тұрған жерде Жайық құяды. Шағанның басы Орал тауының Еділге қарай шөгіп, бел болып бытыраған, «Сырт» деген, етегінен шығады. Сырттың сайында, төбесінің бетінде қора-қора ел мен ағаш осы күнде де бар. Ер Тарғын басына шығып қарауыл қараған емен осы Сырттың емені. Біздің Бөкейлікте Тарғын қысымы деген аймақ бар. Бұлардың жерінде Үш Тарғын деген жерлер бар. Бұл жерлер сырттан келген далалар. Самара мен Бөкейлік губернияларының шегі Тарғын деген өзен. Бұл өзенді орыс «Тұрғын», қазақ «Тарғын» дейді. Тарғын өзенінің күн батысында Жанарыстан өзені, орыс «Еруслан» дейді, Еділ құяды. Астрахань теміржолының бойындағы Кырасінжі Құт осы Жанарыстан бойында болады. Тарғын өзенінің сол жағында сәуеңке деген мұжық қаласынан бір шақырым жерде далада үлкен жер оба бар. Осы жерді жайлап жүрген қазақ мұны Тарғынның обасы дейді. Ер Тарғын «Жанарыстан, Үш Тарғын деген тауға барып жайлады. Осы жерді мысыр етті» дейді жыр. Бұлай болғанда Тарғынның мысыр еткен жері біздің Бөкейлік. «Ер Тарғынның» жырын шығарған ақын Бөкейліктен. Тарғын сияқтыны өзі алып қоятын біздің жыршылардың әдеті; «Қозы Көрпеш — Баянды» Лепсі уезінде найман өзінікі қылып алып қойған Найман жырлап жүрген «Қозы Көрпеш — Баяндағы» жерлер, өзендер бәрі Найманның жері, жайы. Жырлар Тарғынды қырғыз дейді. Ер Тарғын ноғайлының елін, ханын қорқытқанда Қырымда қырық құрдасым бар деп, келеді. Ер Тарғынның қырғыздағы жырдағы «Аршын», «Сағат» сияқты жұқпалы бос сөз. Қара Тоқа Мұрат ақын Еділ — Жайықты ноғайлының жері деп жырлап келіп «Көліктің ұлы Қартқожақ, Естерек ұлы Тарғынның» тарыққанда ақыл сұраған жері. Ер Тарғын Қырымда болсын, Еділ — Жайықта болсын, ноғайлы елінің тумасы. Өнер қылған елі Ноғайлы, жүрген жері: Қырым, Еділ, Жайық. Алтынбел ханның ханымы қыз тапты: қызды көріп күн тұтылды, қызға түсіп ай тұтылды. Қызға қарап ханым талып қалды. Хан естіп дамға көрсетпей, жер астына сақтап, асыраңдар деп жарлық қылды. Ханым бір кемпірді алғызып, асыра деп қызды берді. Кемпір қызды алып, темір қараңғы үйге апарып асырады. Қыз бой жетті, бір күні қыз кемпірден қайда барасың, күнде кетесің, қайтасың деп сұрады. «Дүние бар, сенің әке-шешең бар, мен соларға барып қайтам» деп кемпір жауап берді. Қыз жалынып кемпірден тіледі: «Маған дүниені көрсет, мен ешкімге айтпайын» деді. Қыз далаға шығып еді, қызға тәңірдің көзі түсті. Қыз талып қалды: екі қабат болды. Қыз күні жеткен сайын жуандай бастады. Мұны кемпір кәрді. Кемпір састы; ханымға барып айтты: - Қыз ер көрмей, Тәңірдің нұры түсіп екі қабат болды. Ханым ханға барып айтып еді, хан қызды өлтіріп таста деп жарлық берді. Хан өз қызын өзі өлтірді деген жаман ат болады деді ханым. Олай болса, не қылсаң соны қыл, бірақ, менің үйімнен қыздың көзін жоғалт деді.Ханым қызын өлтіре алмады: қызды алтын сандыққа салып, қақпағын жауып, кілтті сандыққа іліп, суға салып қоя берді. Домдағұл соқыр мен Тоқтағұл мерген анда жүріп, теңізде жүзіп келе жатқан алтын сандықты көрді. Екеуі олжаны болды: Домдағұл сыртын, Тоқтағұл ішін алмақ болды. Садақтың оғына жібек шыжым тағып Тоқтағұл атып еді: оқ алтын сандыққа барып қадалды. Шыжым мен сандықты судың сағасына тартып алып, ашып еді: ішінен айдай сұлу қыз шықты. Ерлер көріп талып қалды. Қызды Тоқтағұл мерген алды. Қыздан Шыңғыс туды. «Бұл қазақтың ертегісі. Мұны қазақ буряттан алса керек»,— дейді Г. Н. Потанин. Ер Тарғынмен жекпе-жекке шыққан қалмақ Домбауылдан маңғұл Домбауылдың есі шығып түр. Шоқан Домбауыл деген қалмақтың ханы дейді. Ноғайлының ханы Тарғынға қосып берген үш батырдың бірі Қарасайұлы Көбен. Шоқан да Оралықұлы Қарасай бүл Қарасай да Домбауыл сияқты ертегіден көшкен, «Орақ батырдың» жырынан «Ер Тарғын» жырына көшкен - ау деймін.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру