Аудармалары. А.С.Пушкиннен
Сырбай Мәуленов
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Сыршыл сезімді, шынайы, көркем бейнелі өлең жазу үлгісін дамытқан Сырбай Мәуленовтің шығармашылығы қазақ поэзиясының алтын қорына қосылған зор үлес болып саналады. Әр жайтқа, құбылысқа өз қатынасын, көзқарасын, сезімін, ойын лирикалық кейіпкер арқылы, көбіне өз атынан сөйлеп білдіретін ақын шығар...
НАТАШАҒА
А. С. Пушкиннен
Жайдары жаз күңгірт тартып,
Кетті өтіп күндер ашық.
Қарағайлы орман қалғып,
Тұр тымырсық тұман басып.
Егін жайлар жатыр сұлап.
Салқын тартты асау бұлақ.
Бурылданып бұйра орман.
Көк күмбезі тұр тұнжырап.
Наташажан! Жүрсің қайда?
Көзге түспей, болдың ғайып,
Келмей ма әлде сырласқың да,
Оңашада жанды жайып?
Толқынды көл жағасында,
Жеке ағашы саясында,
Ертелі-кеш келмей орай,
Жүрмін саған кездесе алмай.
Көп ұзамай қыс та түсіп,
Жатыр басып дала, орманды,
Лашығыңнан түтін ұшып,
Жарық берер от ойнағы.
Көре алмаспын сұлуымды,
Сары шымшықтай торда қалып.
Отырармын үйде мұңлы
Наташаны ойға алып.
Сақта мені, бойтумар,
Сақта мені тар күннен.
Сақта жаным қайғырыр
Ауыр кезде алдым мен.
Асау мұхит бұрқанса,
Ойнақтаса толқындар,
Нажағайын бұлт атса,
Сақта мені бойтумар.
Қасиетті, тәтті алданыш,
Жан сәулесі жарқырар.
Жоғалды енді ол да алыс,
Сақта мені, бойтумар.
Жарасымен қалсын жан,
Соқпа өткенге ой-қиял.
Қош бол үміт, ұйтқа, арман,
Сақта мені, бойтумар.
1826
Астында өз елінің аспанының,
Күйреді ол күңіреніп қайғы-шерден.
Біржола солды гүлі жас жанының,
Кетті ұшып жас көлеңке тас төбемнен.
Жанымыз екен біздің екі бөлек,
Бекерге тұтатыппын сезімімді.
Өлімін айтты біреу әңгімелеп,
Тыңдадым сақтап мен де төзімімді.
Сүйіп ем жанымменен жалындаған,
Тартып ем азаптың мен ауырын да.
Сүйіп ем қайғы үйсе де бәрін маған,
Сүйіп ем ессіз батып ауыр мұңға!
Сол қайғы, сол махаббат қайда, қайда!
Арналмай сорлы жанға қалды жайға,
Ләззәтпен өткен күнді ойға алуға
Тағат жоқ, жоқ тамшы жас жанарымда.
1829
Грузия қырына түн түнеген,
Қарсы алдымда Арагва күркіреген.
Құлазиды, көңілім жабырқайды,
Өзің салған жанымда жатыр қайғы.
Бір өзіңсің... жанымның ойлағаны,
Еш тәңірінің келмейді оған әлі.
Жүрек қайта сүйеді, тұтанады,
Сүймесіне өйткені жоқ амалы.
ҚАЗБЕКТЕГІ МОНАСТЫРЬ
Қазбек, сан таулардан асқақ қарап,
Шатырың құдіретті жайып қанат,
Жарқырап тұр жүзінен нұр төгіліп.
Бұлттан да әрі асып монастырың,
Керемет кемесіндей көк аспанның,
Самғайды тау үстінен сәл кқрініп.
Алыста оқшауланып жатқан жаға!
Кетер ме ед қош айтысып шатқалдарға,
Асқақы еркін шының басар юолсам,
Жетіп ап бұлттан арғы құжыраға,
Құдайға көрші болып тасалансам!..
Атымның саған сонша керегі не?
Қайғылы шудай тынып өледі де,
Тебіренген тас орманда түнгі үндей,
Толқындай соққан жардың кемеріне.
Естелік бетіне бұл нысыбымыз,
Көмескі қалдырар бір түсіріп із.
Секілді құлпы тастың өрнегіндей,
Жазылған бөтен тілде түсініксіз.
Табар не? Біржола ол ұмытылды,
Жаңа бір тебіреністің күні туды.
Есіңе сала алмас пәк, таза күнді,
Үзілген жалғай алмас үмітіңді.
Тыныштықта көз жасыңды құяр уақыт,
Ата оны қапаланып, мұңға батып.
Деші сен: өшпейді аты мәңгілікке,
Бір жүрек келеді оны ұялатып...
ҚОШТАСУ
Соңғы рет сенің бейнеңе,
Қиялмен құшақ жайдым мен.
Ояттым ойды кеудеде,
Жасқаншақ, ұяң қайғыммен.
Махаббатыңды еске алдым мен.
Жазымыз кетті тез өтіп,
Өмірді, бізді өзгертіп,
Ақынның үшін сүйгенім,
Көрдей түнек кигенің,
Сен үшін сөніп, күйредім.
Қабыл ал, құрбым, елжіреп,
Қоштасқан сөзді соңғы рет.
Жесірдей қалған зар жылап,
Досыңдай құшқан қалжырап,
Айтылар зындан алдына,
Жүректің сөзі бар мұнда.
ПАЖ НЕМЕСЕ ОН БЕС ЖАС
Жақында мен он бес жасқа шығамын,
Сол шат күнге жете ала ма шыдамым?
Ол күн мені әрі асырып тастамақ!
Жұрт ішінен ала бөліп ешкім де,
Көрсете алмас енді бөтен қас-қабақ.
Бала емеспін бүлдіршіндей бір күнгі,
Сылап-сипап ширатамын мұртымды.
Салмақтымын шалдай енді тісі жоқ,
Естисің бе еркін, қатал даусымды,
Енді мені кері итерер кісі жоқ.
Жаратады қыздар. Ұяң түрім бар,
Сол қыздардың арасында бірі бар,
Жанарында жатыр қайғы тығылып,
Жүзінен де байқалмайды жылылық,
Өмірде де артық маған сыры бар.
Тіл қата алмас ешкім жетіп батылы,
Таң қалдырды мені оның ақылы.
Адуынды қызғаншақ олкеремет,
Тәкаппар жан басқалардан бір бөлек,
Сөйлеседі жалғыз ғана мені елеп.
Айтты маған кеште апшымды қуырып,
Сертін байлап, ашуыңа тығылып.
Оңды-солды қарасаң тек бұрылып,
Өз қолынан беретінін у құйып,
Махаббаты қандай оның тым биік!
Шөл далаға әзір бірге кетуге,
Жұрт қарғысын таптап тәрік етуге.
Тәңірімдей тірлік берген денеме,
Севиль графинямды білгілерің келе ме?
Жоқ! Есіміне паш етейін мен неге!
ЦЫГАНДАР
Орманды өзен сабатында,
Кешкі тыныштық сағатында.
От алаулап, шатыр жүзген.
Шумен әннің қанатында.
Сәлем саған, бақытты ұрпақ!
Отын таныс, жақыным ең,
Берсе шіркін уақыт пұрсат.
Кетер ем бір шатырыңмен.
Ертең таңғы сәулеменен,
Еркін ізің қалмас мүлде.
Кетесіздер – сендерменен,
Ақыныңыз болмас бірге.
Жонға түнеп жанға рахат,
Жүрмейді еркін серілікпен.
Село өмірі жайбарақат,
Үй тыныштығы оны күткен.
Сұрапыл дауылда өсіп мен ер жеттім,
Күндерім зымырады түсі күңгірт.
Ал қазір қас – қағымға қалды мүлгіп,
Сұрланды ұсқынындай зеңгір көктің.
Осы күн тұрар қанша? Кеткендей бір,
Дауыл күн, азапты күн кеудесі зіл.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру